Сарайшық - астана қала
Жанұзақ Ғизатов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жанұзақ Ғизатов - «Сарайшық - астана қала» шығармасы.
Тарихтан тағлым
Әлемдегі қандай ел, қай аймақ болсын оның бүгіні ертеңімен қоса ықылым заманғы өткені, соған сай қилы-қилы оқиғаларға толы ғажайып тарихы бар. Сайып келгенде сол тарихтың әр парағы елдік пен ерліктің, халықтың салт-дәстүр, мәдениеттің, сәулет өнері мен экономиканың сорапты ізі, салиқалы дерегіне толы. Ондай өнегелі өркен басқа жер сияқты Атырау топырағының әр сүйем белі, төбесі мен қырқасында бар. Олар туралы азды-көпті жазылып та жүр. Бірақ түбегейлі хатқа түсіп, тасқа басылды деп ешкімде айта алмайды. Өйткені ол әлемдегі бір-ақ дерекнегізінде дөңгелектеп тастайтын жалғыз-ақ мәселе емес, көп қырлы, сан түрлі тақырыптағы өркениет.Өз еліміздегі деректерді былай қойғанда батыс пен шығыс әдебиеттері, Қытай мен Рим кітапханаларының өзінде қанша деректер жатыр. Жыл сайын жеті қат жер астын қопарып, әр тас, дөң, құлыптастарға үңілген археологтар әкеліп жатырған жаңалықтардың өзі қаншама? Жоқты тауып, барды жаңғыртқанымыз да жетерлік. Барды жаңғыртып дегеннен шығады. Мынау қолдарыңызға тиіп отырған жаңа туынды сондай ізденістен туған. Туындыгері өмір бойы қағаз қопарып, тарихты қоздаған ғалым, болмаса қаласы мен даласының әр тасына үңіліп, зерделеген археолог емес, бар-жоғы туған ауылында ғұмыр бойы бала оқытып, шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Ұстаз болғанда тарих пен әдебиет, жағрапия мен жаратылыстануды жатпай-тұрмай қаужаған гуманитарлық емес, формула мен теорияны мүжіген физика мен математика пәндерінің мұғалімі. Бірақ ана сүтінен дарыған, туған жердің әр қурайынан тарих іздеген, жарғақ құлағы жастыққа тимеген өлкетанушы. Ауылының аз-мұз көнекөз ақсақалының ауызын бағып, аңызының маңызы, ертегісінің ертеңі, өлеңінің өткеніне үңілген құйма құлақ. Оқығанын жадында тоқып, көргенін көгендей тізген сұңғыла. Осы бір үйірсектік, осынау құмарлық пен ғашықтық оны Сарайшықтағы санаулы уақыт ғана ғұмыр кешкен мұражайға алып келді. Келе сала көрінгенге ауыз ашып отырған жоқ, осыған дейінгі есітіп білгенін, оқып-тоқығанын қағазға түсірді. Ақыры әп- әсем дүниенің басын қосты. Ол мынау «Сарайшық – астана қала» деп аталатын тарихи танымдық кітап.
Кітап үш тараудан тұрады.
Біріншісінде Атырау өңірінің он тоғыз ғасырлық тарихына тарихи шолу жасалынады. Аталмыш тараудың өзінде бірнеше бөлім бар. Оларда Каспийдің терістік бетін алып жатқан өлкеміздің Алтын Орда дәуіріне дейінгі тірлігі сөз болса, ғұндар мен хазарлар, оғыздар мен қыпшақтардың Атырау аймағындағы дәуірлеу кезеңін бақайшағына дейін шағып, бағамдаған басыбайлы еңбек әлі жоқ. Ал Жанұзақ Ғизатов болса, осы олқылықты кешелі-бүгінгі әдебиеттерде жариялаған деректермен күлтелендіріп, бір арнаға тоғыстырған. Әрине, бұл арада автор әкелген жаңалық жоқ. Әйтсе де тыныс ашып, тарамдаған зерттеу бар. Туған өлкенің ту арғы заманғы адамдары тірлігі көрінеді. Туған елінің тума таланты, көне деректерді тас табақша қағыстырған ғажайып қаламгер Әбіш Кекілбаев айтқандай, айдай әлемге американы ашқан Колумб, үш теңіздің аржағына ел ақтап, сапар шеккен Никитин аталған жалықтары мен сапарларын ат қалдыру үшін істеген ештеңесі жоқ. Бәрі де сауда, тесік тамақ үшін тегірені шарлаудан туған ашылулар. Ал, әйгілі «Жібек жолының» да түпкі мақсаты қытайлықтардың сауда дамыту турасындағы игі мақсатынан маңызын өсірген бастама. Оның Атырау топырағынадағы ізі «Сақ жолы», «Дала жолы», тағысын тағы болып, сан атауды иеленсе де, әлемдік өркениетті осы өңірге жалғастырған алтын арқау еді. Он алты ғасырлық тарихы бар осы жол Атыраудың әр торабында талай тарамданса да Сарайшықтан алшақтап көрген жоқ. Ендеше осы ауылда алуан түйенің ізі, тұлпар тұяғының таңбасы бар. Бұл жәйлі кітаптың алғашқы тарауының екінші бөлінде сөз болса, үшінші «Сарайшық – аңыз қала» бөлімінде туған елімізде соңғы төрт-бес жылдың беделінде ғана әңгіме бола бастаған орта ғасырлық көне қала жәйлі сыр шертіледі. Орта ғасырлықАлтын Орта дәуірі, одан кейінгі Ноғай ұлысы, Ноғай Ордасы жәйлі керек десеңіз бұл күнде әлемде тарыдай шашылған ноғай ағайындардың өзі бас-аяғын түгендеп, толайым дүние тудырған жоқ. Ал, оның Сарайшық, жалпы Алтын Орда тұсы, одан бергі тынысы жерлес өлкетанушының осы зерттеуінде біршама көрініс береді. Бірақ оның әділ бағасын беретін халық, көзі қарақты, көңілі ояу оқырман. Дегенмен біраз жайлардың осы еңбекте қамтылғаны анық. Орта ғасырлық қала – Сарайшықтың гүлденуі мен бүлінуі Ж.Ғизатов еңбегінің үшінші бөлімінде сөз болса, одан бергі ғасырда су тиген тұздай тоз-тоз боп тоналып, құлауы соңғы бөлімде әңгімеленеді. Сарайшық соңғы жылдарға дейін туған елімізде академик Әлкей Марғұлан болмаса, басқа ғалым атаулының аузына ілікпек түгіл, миына кірмеген қала. Ал Ресейліктердің ХУІІ ғасырданбастап там-тұмдап түртпегені жоқ. Бірақ солардың қайсысы да «Қазақстандағы көне Сарайшық қаласы әлі зерттеліп, тарихтағы орны жәйлі баға берілген жоқ. Ал бұл ертеңгі ұрпақ үшін аса қажет емес пе?» - деп қатерге салған бірі де жоқ. Тіптісалмақ түгіл көшпенді халықтың шоғырланып, тізе бүгер тұрағы, басын қосар басыбайлы қаласы болмады деп айқайлауы әуелденгі әдеті болып келіп келді. Міне, осындай олқылықтың орнын толтыруда бұл еңбек лайықты үлес қосатын шығар. Кітаптың екінші тарауы – «Алтын Орда хандары» деп аталады. Онда Ноғай батыр мен Едіге биден басқа алты хан туралы түрлі ғалымдардың пікірлері жинақталып, салыстырылады. Әрине мұнда автор тапқан тың ізденіс жоқ, бірақ аталған хандар туралы қай уақытта қандай баға берілгенін хабардар болуға әбден мүмкіндік бар. Үшінші тарау-ұлт мәдениеті, оның әлемдік өркениеттегі орны туралы бағамдар. Осы тараудағы «Өлкемізде исламды таратушылар» зерттеуі өзінің тақырыптық сонылығы, тіпті ғалымдар үшін тың ізденіс, зерттеу сорабын тауып беріп тұрғандай. Дін жолын ұстанған сейідтер мен Сейіттер әлі де түбегейлі зерттеуді қажет етеді. Жалпы, Қазақстан үшін басқа дінді былай қойып, исламның өзі қайдан тарады? Берке хан арқылы ма, оған Мысырда билік құрған Бейбарыстың ықпалы тиді ме? Әлде осыларға дейінгі хазарлар ше? Ж.Ғизатов зерттеуі осындай сұрақтарға жаңа ізденістің бір ұшын шығарып бергендей. Тегінде кітап туындыгері ислам діні, оның Атырау өңірінде таралуы, тұтас діни сауаттылық, оның өркениетке әсері төңірегінде оң пікірде, айтары көп. Сонымен, дүниеге жаңа кітап келді. Бірақ оны тарихтың ақ-қарасын айырып, шемішкедей шаққан бір тума ғылыми еңбек деп қабылдамау керек. Бар-жоғы жаны таза, көңілі ояу өлкетанушының өскен аймағы, ата жұрты жайлы арғы-бергі жарық көрген деректерді жинақтап, басын қосқан еңбегі. Былайша айтсақ – тарихтан тағылым. Ендеше ондай талпыныс, біршама мақсатына жеткен деп те айта аламыз. Өйткені, бүгінгі ниет – ертеңгі елеулі еңбек. Өзгерелерге ой түрткі, жанам дегенге от, жазам дегенге сілтеме. Олай болса, жақсыны жалғастырушы болса, жол ашық, бастама бар. Алкітап, оның авторына айтарымыз – жолың болсын «Сарайшық – астана қала». Қалған баға оқырманыңда, біздікі жаңа еңбекке жақсы, ақ жол тілеу ғана.
Өтепберген Әлімгереев
Махамбет атындағы сыйлықтың иегері,
ҚР Жаратылыстану ғылымдары
Академиясының академигі
АВТОРДАН
ХVІІІ – XІX ғасырларда Сарайшықтың, жалпы Атырау өлкесінің тарихын терең зерттеп, өз еңбектерінде құнды деректер қалдырған ғалымдар П.И.Рычков, А.Левшин, Н.М.Карамзин, И.Казанцев, Г.И.Пачевич, П.С.Паллас, Ф.Гебельдер, ал ХХ ғасырда Н.К.Арзютов, Әлкей Марғұландар болды. Әріректе, ХІІІ – ХV ғасырларда осы өлкеде болып, Сарайшықты өз көздерімен көрген шет ел саяхатшыларының естеліктері де бар. Жергілікті өлкетанушы Мұстажап Намазғалиев өмірінің біраз жылдарын Сарайшық тарихын зерттеуге арнады. Соңғы он жылдықта ғалым З.Самашев бастаған қазақ археологтары көне қала орнында қазба жұмысымен айналысуда. Бұдан бұрын Сарайшықтың тарихы, оның Алтын Орда мемлекетінде алатын орны туралы жергілікті тарихшылар М.Намазғалиев, В.К.Афанасьев, Х.Табылдиев, Ө.Әлімгереев және И.Тасмағанбетов пен З.Самашевтардың ұзақ жылдарғы ізденістен туған мақалалары мен кітаптары жарық көргені оқырман есінде. Қолыңыздағы кітапта ортағасырлық Сарайшық қаласы орналасқан Атырау, қос өзен сағасы, жалпы батыс өлкенің Алтын Ордаға дейінгі (І – ХІІ ғасырлар) және одан кейінгі (ХV – XІXғасырлар) тарихын ашуға талаптандым. Сарайшықтың өркендеу дәуірі, Алтын Орданың салтанат құруы, Бөкей Ордасы, ондағы халық көтерілістері, осы өңірде совет өкіметінің орнауы, Атырау Ұлы Отан соғысы жылдарында тақырыптарына жеке авторлардың бірі, кейбіріне бірнеше кітап арналғандықтан, оларды қайталамадым. Қосқан жаңалығым да жоқ. Бұрыннан бар тарихи материалдардан деректерді екшеп, саралап, туған өлке тарихының ашықтау қалып келген беттерін толықтыруға жұмыстандым. Бұл мақсаттың қай деңгейде орындалғанына өзіңіз төрешісіз, оқырман.
І ТАРАУ
АТЫРАУ ӨЛКЕСІ – АЛТЫН ОРДАҒА ДЕЙІН
Талайды туыс қылған, қандас қылған,
Төрінде талай мейман малдас құрған.
Сарайшық – Еуропа мен Азияның,
Арасын алтын көпір жалғастырған.
Бұл жерге даңқы тарап шетке небір,
Дулатып дүниені өткен өмір.
Дамылдап жатыр мұнда дала ұлдары –
Тоқтамыс, әз-Жәнібек, Мөңке-Темір.
Көтеріп тағдырының талай жүгін,
Бұл жерде хандар өткен талай мығым.
Сарайшықта тігіпті ер Едіге
Шұлғытып шұбар ала Ноғайлының.
Көк найза, сары садақ асынғандар,
Есесін жібермеген басынғанға.
Мәңгілік мекен тауып жатыр мұнда,
Қасқа жол салып кеткен Қасым хан да.
Алысқан дұшпанына асқан әлі,
Кеше де ел болғанбыз астаналы!
Қазақта елдік, бірілік өнегелі
Осынау Сарайшықтан басталады.
Нұралы Әжіғалиев
Атырау өлкесі – Алтын Орда кезеңіне дейін
...Шалкиіз жырау шалған жұрт,
Қазтуғаннан қалған жұрт,
Доспамбеттей қыршын ер
Соңғы демін алған жұрт.
Ақтамберді толғанып,
Махамбет атой салған жұрт
Дауға түскен тектінің
Таңдайынан түйірлеп
Сөз асылы тамған жұрт...
Жанат Әскербекқызы
Қос құрлықтың тоғысқан шекарасының біраз бөлігін алып жатқан республикамыздың батысы – Батыс Қазақстан өлкесі – Солтүстік Каспий, оның шығыс жағалауы, түстігі – Үстүрт, шығысы – Торғай даласы, терістігі көрші – Ресей, батысы – Еділ өзенімен шектесіп жатыр. Біздің көне тарихын әңгіме еткелі отырған Солтүстік Каспий, Еділ мен Жайық өзендерінің төменгі сағалары /Атырау/ аймағы осы батыс өлкеде. Бабалар мекені болған, қойны-қонышы байлыққа толы бүгінгі Батыс өлкеміздің «білсем» деген талабы бар жастарға тағлым берер терең тарихы бар. Кәрі Каспий, Ақ Жайық, Атырау өңірінің-ата мекенін жатқабермеу үшін талай ерлер «тебінгісін терге шірітіп, терлігін майдай ерітіп, ат үстіне күн кешті», талай боздақтар елінің тәуелсіздігі үшін қыршын кетті. «Бұл жерден халқына жайлы қоныс іздеп, желмаясымен арман қуып Асан Қайғы баба өткен. Жүрген жолын қан сасытып, құмырысқадай қалың қолмен өрт жайлатып Бату хан да өткен. Бостан туын көтеріп Сырым би өтсе, отаршылдықтың ордасын ойрандау армандары болған ердің соңы Исатай мен жалынды ақын Махамбет өткен арманда. Елінің қайғысы мен қасіреті, қайраты мен жігерін Құрманғазы мен Дина күй ғып төксе, Мұхит аспандаған әнімен шырқап, Мұрат ақын жырына қосқан. Алтай-Алатау қазақ жерінің шығыс жақ қалқаны болғаны сияқты Атырау елге батыстан енгеннің тосқауылы бола білді» (Б.Қорқытов). Бұл жерде Атыраудың ерлері «Еділ үшін егескен, Жайық үшін жандасқан, Тептер үшін тебісіп, Қиғаш үшін қырылған». Географиялық бір ғана аймақтың тарихын оған іргелес жатқан өлкелердің өткенінен бөліп қарауға болмайтындығы жұртшылыққа түсінікті жәй. Осыны ескере отырып, қолымыздағы бар деректерді барынша саралап көрелік. Тұран және Каспий маңы ойпаты тіршілік үшін мейлінше тұрақты жағдайлармен сипатталады. Каспий теңізінің жағалауымен Үстірт қыратында тас ғасырының алдыңғы кезеңдерінен қола дәуіріне дейінгі үздік эволюцияны дәлелдейтін көптеген тұрақтары сақталған. «Қазіргі Атырау обылысы жерінен табылған неолиттік тұрақтарды: Шатпакөл, Құлсары-1-5, Шыңдыауыл, Қыземшек, Жыланқабақ, Қойқара, Сарықамыс, Шаянды тұрақтарын мысалға келтіруге болады» Каспий маңы ойпаты мен Үстірт қыратындағы эволюцияның ұзақ уақытқа созылуына табиғи жағдайлардың тұрақтылығы: қолайлы климат, аң аулау обьектілері мен мекендеу орындарының көптігі, шикізаттың жеткілікті мөлшерде болуы, тұщы судың молдығы негіз болды. Атырау жері осыдан 10 мың жыл бұрын, жаңа тас ғасырының басында игеріле бастаған. Б.д.д. 3-мыңжылдықтың басында Солтүстік Каспий аймағында үй жануарларының алғашқы отарлары пайда бола бастаған. Атырау облысының бүгінгі күнгі Құрманғазы ауданындағы Қоңырқұдық, Көкмұрын, Үштаған, Қадірғали, және Сазды деген жерлерден ежелгі малшылар тұрақтары табылған. Жез және қола қорыту орындарының ескі қалдықтары Қаратон, Сарықамыс, Аралтөбе қорғаны мен Иманқара тауы маңынан кездесті. Бұл өлкеде б.д.д. ІV-ІІІғасырларда сармат тайпаларының қорғандары мен бейіттері болғандығын археологтар дәлелдейді. Қола дәуірі кезеңінде бұл аймақты арийлер мекендеген. Бұл- сол кезгі зороастризм дінінің қасиетті заңдар жинағы Авеста бойынша тайпалардың жиынтық атауы екен. Авестада бұл өлкеде болған сайрима, хьона тайпалары аталады. Ал белгілі ғалым Мэри Боис зороастризм дінінің отаны Еділдің шығыс бетіндегі дала деп көрсеткен. «....Парсы деректерінде Гиштасп патшаға Каспий теңізі маңындағы дала көшпенділерінен гарб дінін уағыздаушы Зардуш (Заратуштра) деген адам келген. Ол жыл-б.д.д. 1253 жыл. Осы жыл зороастризм дінінің (дуализм) шығу жылы болып есептеледі. Пайғамбарлық Заратуштраға 30 жасында келген екен. Ол Еділдің шығыс жағында көшіп жүретін, мал өсірген спитама (тама) деген көшпенді тайпадан шыққан. Гиштасп патшаға келгеннен кейін, осы жерден бастап зороастризм діні тараған». Біздің дәуірімізге дейінгі V-ІV мыңжылдықтар шегінде солтүстік Арал мен Каспий өңірінде жылқыны жерсіндіріп, қолға ұстау іске асырылған. Зерттеушілер М.А.Итина мен В.А.Алешкиндердің қола дәуірінде Орта Азиядағы шаруашылық түрлері туралы еңбектерінде Еділ-Жайық өңірінде б.д.д V жәнеІV мыңжылдақтар шебінде дамыған мал шаруашылығы болғаныайтылады. Өйткені суы мол, шөбі шүйгін өзен бойлары, теңіз жағалаулары малдың жайылысына, қыстығына өте қолайлы болған. Көне грек тарихшысы Геродоттың деректері бойынша өзінің солтүстік жағалауын мекендеген каспи деген халықтың атымен теңіз Каспий аталған. Сөйтіп, біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда осы аймақта «каспи деген тайпа өмір сүрген, олар біздің дәуіріміздің VІ-XІ ғасырларында өздерінің этнонимін тайпа «хазар» атауында сақтап қалған, бұл атау бізге белгілі «қазақ» формасына ұласады. Ғалым Диаров Мұфтахтың айтуынша, Каспий теңізінің өте әріде Тетис, кейін Геркан, Хазар, беріректе Жібек теңізі болып атауы өзгеріп отырған. Ежелгі көшпелілер заманындағы Қазақстан мен Орта Азия аумағында тайпалардың орналас уын көрсететін картадан б.д.д. VІІ-ІV ғасырларда Каспийдің солтүстігі, шығысы, сондай-ақ Еділ мен Жайық өзендерінің теңізге құйяр сағалалары маңында савроматтар жайлағанын көреміз. Геродоттың деректерінде (ІV том) савромат – Үлкен Плиний, Эфор, Псевдо-Скилак, Эвдокс сияқты тілі мен мәдениеті жағынан туыстас тайпалардың тобын біріктіретін атау. Савроматтар сол кезеңде Донның құйылысына Еділдің сағасына дейінгі аралықтарда да болған. Б.д.д ІІ ғ – б.д Vғ. дейінгі кезеңде тарихта Еуразия даласында шығыстан батысқа түрлі тайпалардың орын ауыстырғандарыайтылады. Бұл үрдіс ІІ-V ғ-да кең етек алған. Алғашқыда Ғұндардың қысымымен шығыстан батысқа басталған тайпалар қозғалысы Орталық Қазақстанды, Сырдария бойын, солтүстік аймақтарды қамтып, Арал, Каспий аймағына жалпылама Ғұн деген атпен ІІ ғасырда жеткен. Қоныстану қозғалысының Еуразия материгі үшін маңызы зор және Қазақстан халқының қалыптасу тарихына айтарлықтай әсерін тигізді. Ал Арал -Каспий даласының солтүстігі көптеген халықтардың шығыстан батысқа өтетін «дәлізі» іспетті болды деп жазады тарих ғалымдарының докторы С.Әжіғали. Табиғи ортаға мейлінше бейімделіп, мал шаруашылығынжақсы дамыта алуы сол дәуірдегі көшпелі тайпалардың өзін қоршаған экожүйемен үйлесімді өмір салтын қалыптастырып, әлеуметтік және саяси жағынан да кемелденіп, тайпалар бірлестігінен іргелі мемлекет болып бой көтеруге негіз болды. Қазіргі қазақ даласында пайда болған мемлекеттердің біздің дәуірімізге дейінгі кезеңнен бастап, бүгінгі күнге дейінгі үш мың жылдық шежіресін тарихшыларымыз мына кестемен түсіндіріп келеді: ертедегі Сақ, Үйсін, Қаңлы мемлекеттері, ортағасырлық Түркі, Түргеш Қарлық қағанаттары, Хазар, Оғыз, Қыпшақ, Қарахан мемлекеттері, Найман, Керей хандықтары, Алтын Орда ұлысы, Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай Ордасы және Қазақ хандығы.
Осы ойымызды тақырыбымыз шеңберінде өрбітелік.
Арал-Каспий, Еділ-Жайық аумағында дәуріріміздің бастауында және Азия мен Еуропаның ортағасырлық тарихында аса маңызды рөл атқарған мемлекеттер пайда болды.
Олардың қатарында:
ІІ – V ғасырларда – Ғұн (кейбір әдебиеттерде Хұн, Гүн, деп те аталады),
VІІ – X ғасырларда – Хазар,
VІІІ – XІ ғасырларда – Оғыз,
XІ – XІІІғ. басында – Қыпшақ.
XІІІ – XІV – ғасырларда- Алтын Орда мемлекеттерін атауға болады. (Тақырыбымызға байланысты кейінгі мемлекеттерді атамадық).
Ғұндар
Француз энциклопедиясында Ғұн ордасы ІІ ғасырда Каспий теңізі солтүстігінде, қазіргі Батыс Қазақстан жерінде, Еділ мен Жайық аралығында пайда болған делінеді. Ал, Ғұндар тарихын ұзақ жылдар зерттеген тарихшы, «Аттила» кітабының авторы С. Өтенияз Л. П. Гумилевтың жазбаларына сүйеніп, Ғұн мемлекетіне б.д.д 36 – жылға дейін салық төлеп келген Қытайлар осы жылы шабуылға шығып, оны жеңеді, сөйтіп Ғұндар төрт бөлікке бөлшектеніп кетеді. Сол бөліктердің бірі Еділ мен Жайық өзендері аралығына көшіп келіп мекендеген деп жазған. Біздің әңгіме жасап отырған тақырыбымызға байланысты болғандықтан әуесқой зерттеуші Жұпбаев Құмарбектің Құран Кәрімде және одан бұрынғы киелі кітаптарда келтірілген тарихи деректерді кейінгі ғылыми мәліметтермен ұштастыратын мақаласынан үзінді келтірсек: « ... Әйгілі Тұран билеушісі, бүкіл түрік дүниесін біріктіріп, 116 жыл билік құрған Оғыз қағанның өмір сүрген заманы б.д.д XІІ-XІ ғасырлар. Оның алты ұлы болған – Күн, Ай, Иұлдыз, Көк, Тағ, Теңіз. Үлкен ұлы Күн хан билеген түріктерді күндер (гүндер) деп атап кеткен. Сол атпен олар тарихқа енген. Олар Қытаймен көп соғысқан. Ғұн империясын құрған. Ғұндар Орталық Азиядағы ең күшті жауынгер тайпалар болған. Олардың заманы б.д.д ІІІ ғасырдан – б.д. V ғасырының ортасына дейін дәуірлеп тұрған. Ғұндар Еуропаға жорықтар жасаған. Ғұндарға оғыздар, қыпшақтар, қарлұқтар кірген». Еуразия даласында қалыптасқан көшпенділерді Қытайлар – Ғұн, Хұн деп атаса, грек тарихшылары – Скиф деп, ал парсылар – Сақ деп атаған. Ғұндардың тарихта аса жауынгер халық болғандығы айтылады. Сондықтан болар б.д.д 206 ж. Мөде басқарған Ғұн тайпаларына Қытай да, Хань мемлекеті де ұзақ уақыттар салық төлеп келген. С.Өтенияз айтатын бөлшектенуден кейін де Ғұндар ес жиып, ІІ – V ғасырларда батыста Судэ, шығыста Юбань деп аталған қуатты мемлекеттерін құрған. «Ғұндардың арқасында – деп, көрсетеді профессор Б. Ермұқанов, - түркі тайпалары мен халықтары Алтай тауынан Дунай өзеніне дейінгі орасан зор алқапты ата – мекені етті. Олар Ұлы даланы XYІІІ ғасырдың аяғына дейін мекендеді. Патша үкіметі (Ресейдің, Ж.Ғ.) даланы ноғайлардан «тазартты», оларды қырып – жойды, жер аударды, көбі жерін, елін тастап қашуға, босқын болуға мәжбүр болды. Қырым татарларының басым бөлігі, сол сияқты ноғайлар да Түркияны паналады». Тарихшы Абель Ремюза Қытай деректеріне сүйеніп, Ғұндар - түркі тайпасының арғы атасы десе, ұлтымыздың ғүламасы Әлкей Марғұлан Ғұндар тегісімен түріктер деп жазған. Құрамында Орта Азия мен Оңтүстік Сібірдің көшпенді түрік тілдес үйсін, қаңлы, дай, алан тайпалары бар Ғұн мемлекеті ІІ – V ғасырларда Каспий теңізінің солтүстік жағалауын мекендеген. Ғұн туралы А.Н.Бернштам: «Гуннский племенный союз в Средней Азии играл еще ту положительную роль, что он способствовал объединению кочевых племен Средней Азии и подготовлял сложение таких народностей, как киргизы, казахи, в известной мере и туркмены» - деп жазған. Ғұндардың өмірінде мал шаруашылығы үлкен орын алған. Олар жылқы малын ерекше құрметтеген, қой – ешкі өсірген, түйе, есек те ұстаған. Қойдың етін жеп, жүнінен киіз басып, терісінен тон тігіп, аңшылықпен де айналысып, аяқ киім жасап пайдаланған. Ғұндар егіншілігі С.И Руденко, В.С. Таскин жазбаларында айтылады. Н.Я. Бичуриннің жазуынша Ғұндарда әскери қуатының негізі тез орын ауыстыра алатын атты әскер болған. Қарулары – ағаштан иіп, аса ұқыптылықпен жасалған садақ, жеңіл және ауыр (сауыт бұзар) жебелер, оқтан қорғар қалқандар. Ғұндар 24 руға бөлінген, оларды рубасылары – ақсақалдар басқарған. Рулық құрылыстың ақсақалдар кеңесі және халық жиналысы сияқты жүйесі сақталған. «Ғұндарда жылына үш рет Лунциге жиналатын әдет болды, олар бірінші, бесінші және тоғызыншы айларда өткізіледі, «сюй» деп аталатын күні көк рухына құрбан шалынады. Сол жиналыстарда рубасылары мемлекеттік істерді талқылап, ат жарысы мен түйелердің жарысын қызықтайды». Уақыттың өтуімен Каспий жағасындағы Ғұндар оңтүстік – батысқа қарай жылжып, иелік жерлерін кеңейтеді. Өйткені мал шаруашылығыменайналысқанҒұндарды Қаратеңізжағалауындағы шұрайлы жерлер қатты қызықтырған. Бұл кезеңде Ғұн мемлекетінің нығаюына әйгілі қолбасшы Балаөмір (Баламбер) көп еңбек сіңірді. Оның тұсында Ғұн ордасының шекарасы батыста Дунайға дейін кеңейеді. Мемлекет басына 445 жылы дарынды қолбасшы Еділ (Аттила) Мыңзықұлы келуімен Ғұн державасы одан әрі дәуірледі. Дүниеге аты әйгілі Рим империясын бағындыратын да, бүкіл түрік жұртына енді қарсы тұрар ешкім қалған жоқ деп, Алтынжал деп атайтын арғымағынан түсіп, оның жүгенін сыпырып, босатып қоя беретін де осы Еділ. Аттила тұсында Ғұн мемлекетіне Еділден Рейнге дейінгі, Македониядан Балтық теңізі аралдарына дейінгі аймақ елдері бағынды. Оның батырлығы, кемеңгерлігі мен әділеттілігі Еуропада аңыз болып тарады. Өйткені Аттила жеңгенінің бәрін талаған жоқ және өз мемлекетінде де, бұған бағынған тайпаларда да адамгершілікке негізделген реттілік пен тәртіп орнатты, әр сарбазын өзімен тең ұстады. Еуропа әлемін аузына қаратқан Римді жеңіп тұрып, оны таламай, талқандамай, атының басын кері бұруы Аттиланың ұлылығын аңызға айналдырды. Әлемге аты әйгілі италия суретшісі Рафаэль Аттиланың Римге кіру сәтін өзінің сиқырлы қылқаламы құдыретімен тарихи суретке айналдырды. Баба заманындағы Сақтардың бір ұлының ұлылығына, дарқандығы мен кемеңгерлігіне бас иген Италия елінің бүгінгі ұрпағы аталған суретті Римде діни орталықтың төріне іліп қойған көрінеді. Ғұндар туралы құнды деректерді ІІ ғасырдың соңғы жартысында жазып, қалдырған грек жазушылары Дионис Перигет пен Кл. Птолемейді және Еділді өз көзімен көрген Прискні атайды өз еңбегінде С.Өтенияз. Ғұндардың Еділ мен Жайық, Қара теңіз арасындағы аумағын Еділдің ұлы Эллақ билеген екен. 453 жылы Еділ қайтыс болғаннан кейін әртүрлі ру – тайпалардан құрылған Ғұн ордасының бірлігі әлсіреп, ыдырай бастайды.
Хазарлар
Бұрынғы Ғұн мемлекеті иеленген аумақта келесі бір ғасыр бойы бірнеше хандықтар пайда болады. Солардың ішіндегі ірісі – 552 жылы Алтайдан Днепрге дейінгі алқапты түгел билеген Түрік қағанаты құрылды. Көшпелі тайпалардың басын қосып, іргелі мемлекетке айналдырған Бұмын (Елтеріс) қаған болған екен. Түрік қағанаты тарихында Құтылығ, Білге есімді кемеңгер қағандардың, Тоныкөктейдананың, Құлтегіндей асқанбатырдың болғандығымен қалың оқырман енді танысып жатырмыз. Түрік қағанатының 603 жылы Шығыз және Батыс қағанаттары болып бөлінгені тарихтан белгілі. Осы кезде, 651 жылдар шамасында Солтүстік Каспий, Еділ мен Жайықтың төменгі сағалары аймағында ежелгі көктүріктердің қолдауымен Хазар мемлекеті пайда болады. «Еділдің сағалық тұсында Хазария атты ұлы империяның – көшпелілер мемлекетінің астанасы дәуірлеп тұрыпты. Бір қызығы, сол ұлы елдің билеушілері ебірейлер еді де, айбаты мен қайрат – қаһары өз аталарымыз еді. Далалықтардың табиғи жауынгерлігін, ерлігін, ебірейлердің салқын, салиқалы ақылына әкеп қосақтаған тарихи тағдырдың нәтижесі тұсында Еуразияны тітіреткен қуатты мемлекет Хазария болатын» - деп жазған еді, халқымыздың тарихын насихаттауға үнемі көңіл бөліп келе жатқан Алтын Орда газеті өзінің алғашқы сандардының бірінде. Профессор С. Аманжолов VІІ ғасырда Каспий теңізі жағасында Хазар қағанатының болғанын, оны Алшын әулетінің басқарып отырғанын жазады. Хазар мемлекеті басшылығы туралы біз келтірген екі түрлі пікірді Лев Гумилев өзінің «Ежелгі Русь және Ұлы Дала»атты кітабында әдемі жымдастырады: «803 жылы Хазария қағанатында аса ықпалды иудей Обадия дейтін біреу күллі билікті өз қолына алып, Ашина (Алшын) династиясынан шыққан ханды қуыршақ – билеушіге айналдырды да, раввиндік иудаизмді Хазарияның мемлекеттік дініне айналдырады». Л.Гумилевтің аталған еңбегінде ебірей тұқымдастардың Хазар мемлекеті басшылығына келу жолы толық жазылған. Хазарлар – сақтардың тілі ерекше бір тармағы деп түсіндіреді тарихшы Ө. Панзарбеков. Хазар атауының өзі үнді – арийлердің ассар – хаззар немесе хазар деп дыбыстауынан пайда болған екен (Сақтар тілінде с әрпі ғұндар тілінде көмейлік һ әрпімен алмастырылып айтылатыны тарихшы М. Ақынжановтың 1957 жылы «Қазақтың тегі туралы» тақырыбындағы еңбегінде дәлелденген.) Славяндармен күреске толы өмір кешкен Хазар қағанаты – оңтүстік – шығыс Еуропадағы алғашқы феодалдық мемлекет, батыста Дунай, шығыста Маңғыстау мен Атырау және Арал өңіріне қанат жайып, қазіргі Батыс Қазақстан аймағын түгел алып жатты. Хазарлар Византия, Араб халифаты елдері санасатындай құдіретті ел деңгейіне көтерілді. Оның астанасы Еділ өзенінің төменгі құйылысындағы Еділ қаласы болған. Кейін, X ғасырда теңіз суының астында қалған астана қаланың орны қазіргі Астрахан қаласынан біраз төменірек (теңізге қарай) болса керек. Өзге тілдегі тарихи материалдарда Еділ өзенін де, Хазардың астана қаласын да Итиль деп атау кездеседі. Итиль сөзі – көне түрік тілінен аударғанда (Ит – собака, волк, иль – страна, родина) – Көкбөрі елі мағынасын береді. Сақ, сармат, ғұндардың арғы бабасын бала кезінде қаншық қасқыр алып кетіп, өз сүтімен асыраған деген аңызға соқтыратын сияқты. Махамбет Хакимовтың түсіндіруінше Ғұндардың батыс аймақтағы (Каспий жағалауынан Кавказға дейінгі) сармат тайпаларымен, Қара теңіз маңындағы скифтермен араласып, жергілікті халықпен бір этносқа кіруінен хазарлар, бұлгарлар, печенегтер және Солтүстік Кавказ халықтары шығады. І – ІV ғасырлар кезеңінде Ғұндар батысқа орын ауыстыра отырып, көне сақ және сармат тайпаларының Алтайдан Азовқа дейінгі қосындарымен бірігеді. Осы кезде «түрік» атауы пайда болды, оның сол кезгі мағынасы - әскери ақсүйек (военная знать) немесе әскери атақты (белгілі) адам. Кейін түрік атауы алдыңғы аталған тайпалардың қосындысының жалпы атауына айналады. Академик Бартольд және профессор Танйұ ең алғашқы мұсылман-732 ж. исламды ресми қабылдап, 68 жыл мемлекеттік дін еткен Хазар дәулеті болған дейді. Қазақстанның Атырау, Орал, Маңғыстау қатарлы батыс өңір аймақтарының бір кездері осы Хазар қағандығының жері болғанын ескерсек, исламияттың Қазақстанның батысына Хазарлар арқылы 732 жылы тым ертеде келгеніне көз жеткіземіз. VІІІ –X ғасырларда Маңғыстау, Үстірт, Арал өңірінде оғыздар мемлекеті де хазарлармен қатар өмір сүрді. Батыстан Маңғыстауға келіп тірілетін жазық далалардағы оғыздар мен хазарлардың қантөгіс соқтығыстары жиі болып тұратын. Х ғасырдың ортасында Каспий теңізінің солтүстік – шығыс жағалауларына дейін жеткен Хазар елінің шекарасы Маңғыстау далаларын да алып жатқан. Оғыздардың көшпелі ақсүйектері өздерінің отарлары үшін жаңа жайылым жерлерін, хазарлар жолын жауып тұрған Дон және Қара теңіз жазықтарын қажет етті. Оғыздар үшін Еуропа мен Азияны жалғастыратын және Еділ бойы, Маңғыстау, Үстірт арқылы өтетін сауда жолдарының да маңызы зор болды. Атаған жолдарға бақылау жасауға қызыққан ежелгі орыс мемлекеті де одақтасіздеді. Саяси және сауда – экономикалық мүдделері тоғысқан оғыз және орыс мемлекеттері Хазар еліне бағытталған әскери одақ құрды. Орыс елімен күш біріктерген оғыздар өз мүддесі жолында түрік тектес туысқаны – хазарларды құрбандыққа шалды. Сөйтіп, үш ғасырдан астам көршілерін мойындатқан қуатты Хазар елі 965 жылы тарих сахнасынан кетеді.
Оғыздар
Оғыздар – VІІІ – XІ ғасырларда өмір сүрген түркі тілдес тайпа. Оғыз тайпасының алғашқы ұйытқысы Жетісуда қалыптасады да, батысқа қарай жылжу кездерінде тайпа Оңтүстік және Батыс Қазақстан аумағындағы көшпелі және жартылай отырықшы халық есебінен толығады. Оғыздардың құрамына сол замандағы Сырдария аңғары мен Арал – Каспий даласындағы түріктенген тайпалар да еніп, оның этникалық қауымдастығы қалыптасады. А. Н. Бернштам оғыздарды иран – түркі элементерінің өзара араласуынан пайда болған дейді. Ал С. П. Толстов «Олар массагет-ғұндардың арасына эфталиттер белсенді араласуынан шыққан» деген пікірге жүгінеді. «Оғыздардың шығу тегі туралы мағлұматтарды сұрыптай келе, олар да Каспий өңірідегі жалпы түркі тілдес халықтардың, оның ішінде қазақтардың этногенезінде ерекше орын алады деген қорытындыға келеміз». Оғыз тайпалары – қазақ, қырғыз, татар, башқұрт, түркімен, өзбек, қарақалпақ халықтарының қалыптасуында негіз болған халықтың бір тобы. Махмұд Қашқари оғыздар 24 тайпадан құралған дейді. Оғыздың аталған тайпалары Ырғыз, Жайық, Жем, Ойыл өзендері бойы мен Арал өңірін қоныстанып, шығыста кейбір топтары Балқаш көлінің түстігіне дейін барды, Қаратау баурайы, Шу алқабында да мекендері болды. Дегенмен оғыздардың мейлінше тұтас қоныстанған жерлері – Каспийдің солтүстік өңірі мен Сырдарияның төмегі ағысы. Араб деректемелерінде Сыр бойы, Арал өңіріне келместен бұрын – ақ Оғыздардың ордасы болғаны, оның Ескі Гузия деп аталғаны, астанасы болғаны айтылады. Шамамен алғанда Ескі Гузия қаласы – Оғыздардың алғашқы астанасы – Тянь – Шанның Батыс сілемдері, Шу өзені және Сыр бойындағы Қаратау аралығында орналасқан болуы керек. VІІІ ғасырдың аяғы ІX ғасырдың бас кезіндегі кангар – печенгтермен соғыс, сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өмірлік қажеттігі оғыз тайпаларында мемлекеттік ұйым элементтерінің дамуына тікелей әсер етті. Оғыздардың ІX ғ. аяғы – Xғ. басында қалыптасқан өз мемлекеттілігі болды делінген тарихта. Х ғасырда Оғыздың астанасы Янгикент деп аталатын қала болды. Оғыздар иеленген Сырдың төменгі ағысында Жент, Жанкент және Хора деп аталатын қалалары болған. ІX – XІ ғасырларда Оғыз мемлекетінің басшысы «жабғу» деген атағы бар жоғарғы билеуші болды. Оғыз мемлекеті саяси және әлеуметтік табиғаты жағынан феодалдық мемлекет болды. Жоғарғы билікші «жабғудың» жеке – дара билігін ірі әскери – тайпалық ақсүйектердің кеңесі шектеп отырды. Оғыз мемлекетінің дәуірлеген тұсы – Әлихан мен оның ұлы Шахмәліктің ел билеген кезі. Көшпелі және жартылай отырықшы тайпалардан құралған Оғыз елінің шаруашылығының негізі мал болғандығы түсінікті. Өзендер аңғары, көл, теңіз маңын мекендеген тайпалары малмен қоса, егіншілікті де кәсіп етті. Х ғасырда Оғыз тайпаларының көпшілігі Арал мен Каспий теңіздерінің маңындағы далаларға қоныстанды. Сондай – ақ, Оғыздар Ырғыз бойында, Мұғалжар тауының баурайында, Жем мен Жайық бойында, Аралсор, Ойыл жағалауларында көшіп жүрген. Мұғалжар жотасы маңында Оғыздардың Нуджак және Бадағақ деген қамалдары, осы қамалдар мен оңтүстің Орал сілемдері арасында Даранда (Дендера) және Дарқу деген шағын бекіністері болғаны айтылады. Қазіргі Атырау облысының Индер ауданы орталығы Дендер қалашығы – сонау Х ғасырдағы Оғыздардың Дендера бекінісінің орны болуы жобаға келеді. Сөйтіп, Оғыздардың қоныстары мен қамалдарының батыс шекаралары Оңтүстік Орал мен Еділдің төменгі бойына дейін жеткен. Х ғасырда Оғыздардың Еуразия далалығында үлкен саяси күшке айналғандығы, олардың орыстармен одақтасып, хазарларды талқандағаны бұрын айтылды. Кейін ХІ ғ. ортасында қыпшақтар оғыздарды ығыстырды. Қыпшақтардан жеңіліс тапқан Оғыздардың бір бөлігі Маңғыстау түбегін паналаса, екінші бөлігі батысқа – Еуропа даласына ығысады.
Қыпшақтар
С.Аманжолов, М.Тынышбаев және Ш.Құдайбердиевтердің шежірелерінде қыпшақты – түркі тайпасы, түрік – қыпшақ бір ұғым деп түсіндіреді. Қыпшақ атауының тарихта әріден келе жатқаны айтылады. Профессор А.Бернштам қыпшақ сөзін б.д.д 201 жылы жазылған қытай тарихшысы Ши – Цзидің еңбектерінен кездестіргенін айтса, тарихшыларымыз Селенга мағынан табылған, 759 ж. орнатылған тас ескерткіште қыпшақ атауы бар екенін жазады. М.Қашқари ХІ ғасырда жазылған еңбектегінде: «Түркілердің бір тармағы – қыпшақтар Еділ мен Жайық бойын қоныстанған...» деп көрсетеді. Қыпшақ пен қаңлы тайпаларының қандастығы туралы Бартольд пен Аристовтың, қыпшақ руы туралы Рашид – ад – диннің, қыпшақ бірлестігінің тармақтары туралы Ибн – Халдуның, өзге де зерттеушілердің еңбектері бар. ІХ ғасырда өмір кешкен араб географы Ибн – Хордадбех те қыпшақтарды түрік тайпаларының қатарында көрсетеді. Қазақстан аумағында қыпшақтардың этникалық қауымының қалыптасуының ұзақ процесі үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – қимақ тайпалық одағы негізінің құрылуымен байланысты. Бұл кезеңде VІІ ғ. екінші жартысынан -VІІІ ғ. аяғына дейін, қыпшақтар маңызды рөл атқарады. Бұл уақытта қыпшақтар мен түрік тайпалары арасында тығыз мәдени әрекеттестік жүріп жатты. Екінші кезең –VІІІ ғ. аяғынан ХІ ғ. басына дейінгі аралықта қыпшақтар қимақ мемлекетінің ыдырауынан тарих сахнасына шықты. Бұл кезеңде қыпшақтар шығыста Алтай мен Ертіске дейінгі, батыста Оңтүстік Орал таулары мен Еділге дейінгі кең аумақты бірте – бірте қоныстана бастады. Оғыз даласы енді Қыпшақ даласы – Дешті – Қыпшақ деп аталды. Бұл атауды алғаш «Диван» деген шығармасында парсы тарихшы – ақыны Насыр ибн – Хұсрау қолданған. Дешті – Қыпшақтың тарихи – географиялық аумағын шартты түрде Еділ өзені бойымен екі ірі этнотерриториялық бірлестікке бөлуге болады: - династиялық ру билейтін Батыс Қыпшақ («половецтер даласы» аймағы) – хан тұқымы басқаратынШығыс Қыпшақ (Дешті Қыпшақ аймағы)Үшінші кезең – ХІ ғ. басынан – ХІІІғ. басына дейін – хан династиясымен заңды деп танылған қыпшақ хандарының қуатының өсуімен байланысты. Қыпшақ халқы қанды – туысқандық байланыстар негізінде емес, территорялық – шаруашылық қатынастар принципі бойынша біріккен көптеген рулар мен тайпалар негізінде қалыптасты. Орда деп аталатын хан ордасында оның мал – мүлкі мен армиясын басқаратын басқару аппараты орналасты. Әскери әкімшілік жағынан Қыпшақ хандары ертедегі түріктердің дәстүрлерін ұстанып, екі қанатқа: ордасы Жайық өзенінде, Сарайшық қаласы орнында орналасуы ықтимал оң қанатқа және ордасы Сығанақ (Сырдариядағы) қаласында орналасқан сол қанатқа бөлінді.1 ХІ ғасырдың басында Қыпшақтар әскери – саяси үстемдікке ие болды. Сыр бойындағыОғыз жерлерін, Арал – Каспий, Жайық пен Еділ аймағындағы бұрынғы Хазар иеліктерін басып алды. Қыпшақтар оңтүстік орыс даласын, Кавказ бен Қырымды өзіне қаратты.
Еуропадағы аз санды тайпалар қаптаған Қыпшаққа жұтылып кетті. Сөйтіп, Қыпшақтар ХІІІ ғасырдың басында Дон өзенінен сонау шығыста Қытайға дейінгі, Қара теңізден Оралға дейінгі ұшан – теңіз аймақты иеленді. Өз заманында дүниені тітіреткен Қыпшақтың осал жері – бір орталыққа бағынған мемлекет құрмай, әртүрлі ұсақ хандықтарға бөлініп, әр өңірде өмір сүрді. Сол бытыраңқылығы өздерінің түбіне де жетеді. ХІІ ғ. соңынан таман Қыпшақтың негізгі күші түстікте Хорезмшах әскерінен жеңіліс табады. Бұл үлкен апаттың хабаршысы еді, бірақ одан қорытынды шығарылмады. Билік жолындағы өзара қырқыс ақыры өздерінің монғолдарға оңай жем болуына соқтырды. Л.Гумилев жазғандай, ХІ ғасырда түркі суперэтнос санатында сөне бастағанда тоқсан екі баулы (рулы) Қыпшақтар тарих сахнасына шықты. М.Көпеев шежіресінде: «ХІІ ғасырда Қыпшақтар бүкіл араб, парсы, славян, роман – герман халықтарының үрейін ұшырған құдіретке айналды, Ертістен Еділге, Шу мен Таластан Каспийге дейінгі біртұтас ен далада Қыпшақ одағы үстемдігін жүргізді. 1055 жылы олар орыс шекарасына жетіп, Еділден Донға, одан Днепр мен Днестрге өтті. Енді бұл кеңістікті орыс шежіресі Поле половецкое деп атауға мәжбүр болды...» деп жазады. Біз атаған Ғұн, Түргеш, Қарлұқ, Хазар, Қарахан, Қимақ, Оғыз, Қыпшақ мемлекеттері бір негіз – Түріктен тарағандығын дәлелдейді тарихта. Түрік тектестердің Еуразия кеңістегіндегі жеңістеріне толы (жеңілістері де жок емес) үш мың жылдық тарихы босқа өткен жоқ. Батыс қыпшақ тайпалары оңтүстік орыс даласының, Еділ бойы мен Жайық өңірінің түркі тілдес халықтары – печенегтердің, оғыздардың, хазарлардың қалдықтары мен ертедегі болгар және башқұрт тайпаларының бір бөлігін қамтиды. Шығыс қыпшақ құрамында қарлұқтар, қимақтар, қарақытай және өзге де ұсақ тайпалар болып, кейін бұл кеңістікке қырғыз, қазақ, өзбек, қарақалпақ, түркімен халықтарының қалыптасуына әсер етті. Қыпшақтар өздерінің ана тілінде сөйлеп, ислам дінін ұстады. Қыпшақтың ана тілі дегеніміз – түрік тектестердің сонау Сақ, Ғұн бабаларынан бері келе жатқан орасан зор кеңістікте өмір сүріп жатқан тайпалардың ортақ тілі болатын. Сонымен бірге қыпшақ тілі сол бір кезеңде сонау түстіктегі Мамлюк мемлекеті мен Армян колониясында,
Қырым далалары мен Кавказ өлкесінде де қолданылғаны тарихта айтылады. «Түркі қағанатындағы саяи – әлеуметтік өмір салтының біртұтас болғандығы соншалық күні бүгінге дейін Қытай қорғанынан бастап Жерорта теңізіне дейінгі аралықтағы қырыққа тарта түркі тілдес ұлттар бір – бірімен аудармашысыз – ақ түсінісе алады». Реті келгенде айта кетелік, бүгінгі күні (ХХІғ. басында) Византияда 350 мыңдай қыпшақтар тұрады екен. Бұл мәлімет Қазақстанда ұйымдасып, 1999 жылдың мамырынан 2001 жылдың қазаны аяғына дейінгі кезеңде 5500 шақырымдық жол жүрген «Алтай – Дунай» халықаралық бейбіт ынтымақтастық экспедициясының деректерінен алынды. Қазақстан, Ресей, Украина, Молдова, Румыния, Башқұртстан және Венгрия елдерін аралаған бұл халықаралық экспедицияның олжалы оралғаны жөнінде жұртшылықты жақында ақпарат көздері хабардар еткенді. Шегіне құс қанаты талатын байтақ өлке – өзін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен үш мың жыл бойы қорғап келген түркі – қыпшақ тектілердің ата мекені болған бай өлке – бүгін солардың заңды мирасқоры ретінде біздің ұлтымыздың иелігінде. «...Қазақ – евроцентристер жазғандай, бұратана, қашақ, кезбе, қанғыбас емес, Шоқан айтқандай, даланың серісі, сарын даланың иесі, айбынды халық.Ол - құрама халық емес, тілі, діні, ділі бір, түбі мен түбірі бір Азия сахарасындағы іргелі халық. Аумақты жері бар, аруақ қолдаған, Қыдыр дарыған елі бар, айбынды халқы бар, айдынды салты бар, ұлы іс, аталы сөз қалдырған ата – баба орнатқан даңқы бар Қазақ ұлты жаңғыру дәуіріне жетті». Бұл – бүгінгі ұлтымыз жөніндегі Елбасымыздың сөзі.Ұлы даланы мекендеген көшпелі және жартылай отырықшы түркі тектестердің әлемдік өркениетте сан ғасырлық өзіндік қолтаңбасы бар. Олар көшпелі өмір салтымен үндес қайталанбас төлтума мәдениет әкелді. Әлемнің шағын үлгісіндей киіз үй, орындау шеберлігі үлкен өнердеңгейіне көтерген қолданбалы – кәделік, бағалы әшекей – әсемдік бұйымдар, ескерткіш – кесене түріндегі жоралық сәулеттер мен балбал тастар сияқты тарихи жәдігерліктер- бабалардан жеткен рухани құндылықтар. Көптеген этно – саяси сапырылыс – өзгерістерге қарамастан, Арал – Каспий, Еділ – Жайық аймағының тарихы мен мәдениетінің өзіндік ерекшеліктері бар. Мұның негізі экологиялық бағыт – көшпенді мал шаруашылығанда жатыр. Бұған сондай – ақ, Каспий өңірін мекендеген тайпалар мен халықтардың генетикалық жағынан ежелгі туыстығы да күшті әсер етті. Алғашқы кезеңде олардың арасында ирандық сипат, яғни массагет – дах, сармат – аландар үстемдеу болса, кейінірек түркілер: оғыз – қыпшақ, қазақ, түркімен басым бел алды. Арал – Каспий даласының өзіндік тарихы Каспий өңірінің тұрғындары мәдениетінің дамуына айтарлықтай әсер етті. Батыс Қазақстанда зергерлік өнер кеңінен дамыған, әрі ондағы «геометриялық дәлдік» стилі, метал бетін бедерлеу дәстүрі түрікмен, қарақалпақ пен Солтүстік Кавказ халықтарына ұқсайды. Каспий өңірі әу бастан ән мен жыр мекені, мұнда әсіресе күйшілік өнер мықты дамыған және оның бірнеше өзіндік мектептері бар. Бұл аймақта халықтық сәулетшілік, тас қашаушылық өнер ерекше дамыған. Бұл сала шеберлері ғасырлар бойы мешіт, кесене, сағана там, құлпытас, бейіт, басқа да ғажайып құрылыстар салып, өзіндік мемориалдық – діни ескерткіштер әлемін сомдаған. Көшпенділер мәдениетінде оның тап сондай баламасы еш жерде кездесе қоймайды.
ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ – ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ӨРКЕНИЕТ ЖОЛЫ
Өркениетке бастаған қадам
Ұлы Жібек Жолы дүниежүзілік өркениеттің ғажайып жетістігі болғанына адамзат тарихы куә. Әр елдегі ғылыми жетісіктің, жаңа ұтымды технологиялық шешімнің, әдебиет пен өнердің озық туындысының, құнды мәдени мұралар мен өмірлік маңызды тәжірибелердің бір аймақ шегінде томаға – тұйық қалып қоймай, дүниежүзілік өркениетпен араласуы, бірін – бірі байытуы үшін, сондай – ақ урбаницазиялық үрдістердің тездеуіне, қазақ даласында отырықшылық пен қала мәдениетінің жедел дамуына Жібек Жолының ықпалы зор болған. Мемлекет аралық экономикалық және мәдени байланыстардың ұйытқысы болған, сөйтіп адамзат қоғамының прогрестік дамуына қомақты үлес қосқан Жібек Жолының он алты ғасырға жуық уақыт бойғы керуені өз тарихын біздің заманымыздан бұрынғы ІІ ғасырдан бастайды. 1990 жылы Қытайдың Үрімші қаласында өткен халықаралық симпозиумда дүниежүзінің ғалым – тарихшылары, географ, этнограф және археологтарының көпшілігінің пікірлері – Жібек Жолының бастау алуы Қытай елшісі Чжань – Цяньнің («Батыс елдеріне саяхат туралы» кітаптың авторы.) Орта Азия, Ауғанстан аймағына барып қайтқан б.д.д. 138 жыл дегенге сайыды. С.И.Руденконың,Лубо–Лесниченконың,К.Байпақовтың еңбектерінде керуен жолының алғашқы бөліктерінің, жеке тармақтарының өте ертеде – ақ пайда болғандығы туралы деректербар. Геродот жазбаларында б.д.д. 1 – мыңжылдықтың орта кезінде жұмыс істеген. «Дала жолы», кейбір тарихшылардың «Сақ жолы» деп атаған керуен жолы туралы деректер кездеседі. Айтылып отырған «Дала жолы» Қара теңіз өңірінен Дон жағалауына, Оңтүстік Орал өңіріндегі савроматтар жеріне, Ертіске, одан әрі Алтайға, Жоғарғы Ертіс пен Зайсан көлі маңын мекендеген аригиппейлер еліне шыққан. Бұл жолмен аң мен мал терілері, иран кілемдері, қымбат бағалы металдардан жасалған бұйымдар таралған. Сақтар жолы одан әрі өркедей алмады, өйткені ұсынатын тауары өтімдірек, тұтынушылары да жиірек орналасқан, керуеннің жыл бойы тоқтаусыз жүруіне табиғи жағдайы да келісті Жібек Жолымен бәсекеге түсе алмайтын еді. Осы сақ жолының кезеңімен қарайлас және одан әрірек заманда (б.д.д. ІІІ–ІІ мыңжылдықтарда) Бадахшан тауынан өндірілген сапалы көктас алдымен Иранға, Месопотамияға, Анадолға, Мысыр мен Сирияға, ал кейіндеу Қытайға апарылып, өзге тауарға айырбасталады. Аталған «Көктас жолы», шығыс Түркістанды Қытаймен байланыстырған «Нефрит жолы» да Ұлы Жібек Жолының бастауы болатын. УІ ғасырдағы белгілі бөлігі құлықпен болса да Жібек Жолының бір тармағы десек, қателеспесбіз. Өйткені Бұлғын жолымен Византия, Иран, Түрік қағанаттары мен Соғды княздіктері Жапониямен байланыс жасаған.
Қытай жібегі туралы қысқа әңгімелесек:
Қытай археологтары Чжецзян провинициясында Тайху көлі маңында жүргізген қазба кезінде неолит дәуіріне жататын б.д.д. 2800 жылдар шамасында қабірге көмілген немесе тоқылғанына 5 мың жылдай болған жібек маталарды тапқан. (Ал бұған дейін Қытай жібегінің тоқылуы мен саудаға шығуы б.д.д. 1- мыңжылдық кезеңі делініп келген) Европаның оңтүстік және батыс аудандарындағы қазба кезінде б.д.д. VІ – V ғасырлардағы қабірлерден жүннен жасалған бұйымдарға тігілген жібек маталар шыққан. Жібек жолы қалыптаспастан бұрын Европаға жібекті жеткізген, алдында өзіміз әңгіме еткен Сақ (Дала) жолы болуы керек. Бұл – авторлар: Мя Юн мен А.П.Франкфордың болжамдары. Қытай ықылым заманнан жібек өндірумен аты шыққан ел. Қытай елінен шыққан керуеннің негізгі тауары жібек болды. Керуен жолының Жібек Жолы да аталуы сондықтан. Керуен жолының Жібек Жолы аталуы беріде, ХІХ ғ. екінші жартысында. Бұл атауды немістің ғалым – географы Фердинанд Фон Рихтгофен (1833 – 1905) өзінің «Қытай» (1877ж) деп аталатын зерттеу кітабында алғаш жазған екен. Жібек Жолы керуенімен он алты ғасыр бойына шығыстан батысқа, оңтүстікке, кейіндеу терістікке тасылған үлбіреген Қытай жібегі өз кезеңінде сан ондаған елдерді қамтып, олардың сән – салтанатын арттырды, ақсұйектері үле мен бүлдеге армансыз оранды, күлкісінен күн шуағы төгілген құралай көз арулардың көркіне көрік қосып, әлемді тамсантты. Бір кезде ел байлығының көрсеткіші болған, тауар айырбасында ақша орнына қолданылған Қытай жібегі күні бүгінге дейін сәні мен сапасы жөнінен өзінің қадірін кеміткен жоқ. Орта Азияда жібек өндіруші, қағаз жасауды Қытайдан үйренсе, ал қытайлықтар бұлардан жүзім, пияз, анар, грек жаңғағы, інжір ағашы мен қияр, мақта және жоңышқа өсіруді үйренді. Ұлы Жібек Жолының дүниежүзілік картасына көз жіберсек, шығыстағы Қытай мен Үнді елін, Орта Азияны батыста Европа әлемімен, терістіктегі Сібірді, Еділ бойын түстіктегі Араб, Парсы елдерімен байланыстырғанын көреміз. Саудамен қоса керуен жолы елдер арасындағы дипломатиялық бейбіт қатынастардың дамуына жол ашты. Сауда керуені үшін керуен жолындағы саяси тұрақтылық, қырғи – қабақ соғыссыз, дау-жанжалсыз, елдер арасындағы тыныштық пен бейбіт түсіністік қажет екені белгілі. Сол ауадай қажет тұрақтылықты, елдер арасындағы өзара сенім мен бейбіт қатынасты осы керуенмен ілесе жүрген жанкешті елшілер орнықтыра алды. «Елдестірмек- елшіден» деген нақыл осы кезде қалса керек. Керуен Жолы әртүрлі мемлекеттердің, түрлі діни сенімдігі ұлыс- тайпалардың, әртүрлі нәсілдердің бір-бірімен еркін араласуына, жақындасуына, саудадағы ортақ мүдделілікпен өзара түсінісуіне жол ашты. Батыстықтар шығыс адамдарының, терістіктегілер түстіктегілердің бейбіт экономикалық қатынасқа мүдделі екендіктеріне көздері жетті. Сауда керуені ел-елге әртүрлі тауарлар әкелумен ғана шектелмей, ғылым мен мәдениеттің, технология мен діннің, әдебиет пен өнердің озық туындыларын да ала келді. Шығыстан келген керуендермен ислам елдерінің жұлдыздары:Әбунасыр Әл-Фараби мен Ибн-Синаның сан салалы ғылыми еңбектері, Жүсіп Баласағұнның «Құдатқу білік» дастаны, көрнекті ақын, иссламның діни философиясының білгірі Қожа Ахмет Иасауидің«Диуани Хикметі», шығыс ғұламалары Рудаки,Фирдоуси, Бирунилердің інжу-маржан дастандары, Әбу-ар-Разидің, Али ибн-Аббастың дәрігерлік энцикло- педиялары, Мұхаммед ибн Мұса Әл-Хорезмидің математикасыәкелінді. Ал шығыста бағыт алған керуендермен Эвклид пен Архимед геометриялары,Аристотель, Сократ, Платон, Демокриттің ғылыми еңбектері жеткізілді. Талас аңғарындағы көне Қостөбе қаласының орнынан табылған VІІІ-ІX ғасырларға жататын ғибадатхананың қабырғаларындағы ою-өрнектер мен әшекейлердің салыну мәнері сол кезгі Бағдад, Афрасиаб, Варахша, Самарра, Фустат сарайлары қабырғаларын-дағы өрнектерімен өте ұқсас екендігі анықталған. Түрлі тауарлар-ды, қол өнердің, сәулет өнерінің, қабырғалық көркем суреттердің тамаша үлгілерін Шығыстан Батысқа, Түстіктен Терістікке және оған қарсы бағытта керуен жолы тасымалдап жатты. Музыка мен би өнер шеберлері, жабайы хайуанаттарды үйретуші мен сиқыршылар, акробаттар елден елге өтіп, өнерлерін тамашалатты. Жергілікті шеберлер өзге елден келген қол өнердің, сәулет өнерінің сүйектен, асыл тастардан, қымбат металдан жасалған әшекей бұйымдарының озық үлгілерін көріп тамашалаумен бірге оның жасау тәсілін ізденді, үйренді, өзінің, аймақтық ерекшелігін қосып, одан әрі байытты. Жібек Жолын терең зерттеген, ол туралы бағалы еңбек жазған К.Байпақов пен А.Нұржанов парсының шежіреші ақыныНәсір Ибн-Қысыраудың екі куплет өлеңімен әр елдің өнердегі ерекшеліктерін шебер келтірген.
...Жадыңа тұт, аль – арабтай кешегі,
Шабандоз жоқ жыр – бәйітке көшелі.
Ал гректің ежелгі есті ұлдары,
Жер жиһанды емшілікпен нұрлады.
...Қытай күшті – ақ суретке жырақта,
Бағдаттықтай қыл қаламнан гүл төккен
Шын шеберді көрмепті әлем бірақ та.
Керуенде саудагерлермен бірге елшілер, ғалым – саяхатшылар мен зерттеуші ғұламалар да, дін насихатшылары, тіпті тыңшы – жансыздар да болды. Мысалы, Жібек Жолымен 569 ж. Византияның Түрік қағанатына жіберілген елшісі Земархтың, VІІ ғасырда арабтың саяхатшы – ғалымдары:Әл – Масуди, Әл – Идриси, Ибн – Хаукал, Ибн – Рүстелердің, беріректе ХІІІғ. орта кезеңіндегі Плано Карпини, Вильгелм Рубрук пен Марко Пололардың өткенін, керуенде цирк әртістерінің де болып, талай елді аралағанын тарихи деректерден білеміз. Жол бойғы қалаларда Керуенсарай іші күн сайын мерекедегідей салтанатты. Өйткені сан түрлі елдің өкілдері көз жауын алар тауарлармен бірге өз елінің озық, өзгеге үлгі боларлық мәдениетін де ала келеді. Киім киісі, жүріс – тұрысы мен өзге адамдарға қарым-қатынастағы ұнамды ылтипаты, сәлемдесуі мен қоштасуы аралығандағы ұнамды жақтары, болып өткен жерлерінде өз үлгісін қалдыратын. ЮНЕСКО – ның бас директоры Фредрико Майор: «Жібек Жолы... озық өркениетті өзара бірлесіп байытуға септігін тигіздің – деген. Сөйтіп, кезінде Батыс пен Шығыс елдерін, Терістік пен Күнгейдің халықтарын бір – бірімен ағайын – туысқандай жақындастырған Жібек Жолы халықаралық сауданы дамытумен бірге халықтар арасында ғылым мен мәдениет, өнер мен әдебиет жетістіктерінің өзара алмасуын жасауымен әлемдік өркениет көшінің толығуына оң ықпал жасады.
Жібек жолы Қазақстан аймағында
ІІ – V – ғасырларда іщкі Қытайдан шыққан Жібек Жолы атақты Такла Макан шөлін терістігінен түстігіне айналып өтіп, үшке: жолдың оңтүстік, орталық және солтүстік бағыттарына бөлінген. Оңтүстік бағыттағы жолмен керуен Дунхуан, Хотан және Үнді елі арқылы Жерорта теңізіне шыққан. Жолдың орталық тармағымен жүргендер Карашар, Ақсу мен Бедел асуынан өтіп, Ыстықкөлдің түстік жағасына құлаған. Одан әрі сан саналы жол тармақтарымен Еуропаға асқан. Ал солтүстік тармақпен жүрген керуен Тұрфан, Бешбалық арқылы Іле өзені аңғарымен Қашғар, Ферғана, Самарқан, Бұхара, Мерв арқылы Сирия еліне шыққан. Бұл аталған жолдың тармағының Европаға төте және үйреншікті болғанына қарамастан, VІ – VІІ ғасырларда Қытайдан шыққан керуеннің батысқа - Жетісу, Оңтүстік Қазақстан жерімен жүруі етек ала бастайды. Ферғана арқылы өтетін бұрынғы төте жолдың Орталық Қазақстанға ауысу себебін тарқатып көрсек:
- VІ ғасырдың ортасында қазіргі Қазақстан территориясында Түрік қағанаты құрылғандығы, оның VІ – VІІ ғасырларда өмір сүргендігі, территориясының сонау Кореядан Қара теңізге дейінгі кеңістікті қамтығаны оқырманға тарихтан белгілі. Сол түрік қағандарының Жетісуда, Орталық Қазақстанда бірнеше ордалары болған. Олар Орта Азия арқылы өтетін керуен жолының қауіпсіздігін өз қамқорлықтарына алады.
- Түріктің бай қағандары, халқы керуен саудагерлерінің әр алуан тауарларының ірі мөлшерде тұтынушылары болды, - ең басты себеп, В.В.Бартольдтің мәліметіне сүйенсек, Ферғана арқылы өтетін жол өзара қырқыс салдарынан осы кезеңде қауіпті болған.
VІІ – ХІV ғасырлар аралығындатүстік Қазақстаннан өтетін осы жол бойымен жүрді. Жібек Жолының бұл бағыты араға сан ондаған жылдар, ғасырлар салып, белгілі бөліктері мен тармақтары үлкен маңызға ие болып, өз бойындағы қалаларды, бекеттерді өркендетсе, ал керісінше, кейбір бөліктерінде керуен жүрісі тоқтау салдарынан бұрынғы салтанатты мекендер құлдырауға ұшырап жатты. Оған мысал біздің Қазақстан жерінде де жеткілікті. VІ – VІІІ ғасырларда Жібек жолының негізгі бағыты Сирия – Иран Орта Азия – Оңтүстік Қазақстан – Талас аңғары – Шу – Ыстықкөл ойпаты – Шығыс Түркістан Қытай болса, бұл жолдың келесі бір бұтағы Византиядан Дербент арқылы Каспий өңірі – МаңғыстаудаласыАрал – Сырды бойлай отырып, Оңтүстік Қазақстанда негізгі жолға қосылатын болған. Оқырманның байқағанындай, Жібек Жолы керуені енді: Қазақстан жерін оңтүстік – шығыстан батысқа түгелдей аралап өтетін болды. Бұл – сол заманда көп елге бұйыра қоймаған бақыт! Жібек Жолы керуенінің Қазақстан территориясын шығыстан батысқа көктей өтуі қандай қажеттіліктен туды? деген сұрақ төңірегінде ой өрбітсек: керуен жолының аты айтып тұрғандай, Қытайдан келетін керуенде негізгі тауар жібек болған. Қытай дүниежүзінде жібегімен танымал ел және оны өте ертеден өндірген. Бертін келе жібек өндіру технологиясын өзгелері де игере бастайды. Түрік қағаны қалалары мен Соғдыда дайындалған жібек сапасы жөніненҚытайдікінен кем болмаған. Бәсекенің нәтижесінде батысқа бет алған керуендегі жібек тауарыныңбелгілі бөлігі Қытайдан болса, келесі бөлігі Түріктер мен Соғдылық болды. Жібек көбейді оны өткізу өткір проблемаға айналды. Жібектің ең ірі мөлшерінде тұтынушысы – Византия. Онда жібек сарай ақсүйектерінің қажеттеріне ғана емес, сонымен қатар жалдамалы әскерлер жасақтауда валюта ретінде қолданылады екен. Жалдамалы әскерін көбейтсе, Византия тарапынан өздеріне қауіп туатынын ойлаған Иран өз елі үстімен өтетін Жібек жолында батысқа жібек алып жүргізбеуге мүдделі болды. Енді батысқа жүретін керуен Иранды айналып өту мүмкіндігін қарастырды. Осындай себеппен Жетісудан өте оңтүстікке бұрылатын Жібек Жолы енді батысқа – Сырдария бойын бойлап, Арал – Маңғыстау арқылы Солтүстік Каспий – Солтүстік Кавказ – Кавказ жотасы арқылыКонстантинопольге бағыт ұстады. ХІІІ – ХІV ғасырлардағы Қазақстан жеріндегі Жібек Жолы картасына көз жіберсек, Қытайдан Көктал – Сүмбе арқылы Қашғария еліне асатын бір тармақ болғанын байқаймыз. Келесі тармақ Алакөлдің түстігін айналып өтіп, Көктума – Дүнгене – Жаркен – Талғар – Баласағұн, - Суяб қалалары арқылы оңтүстікке ойысатын. Үшінші тармақ – бұл Қазақстан жерін шығыс – оңтүстіктен сонау батысына дейін аралап өтетеін Жібек Жолы бөлігі – Каспийдің солтүстігін айналып өтіп, Алтын Орда астанасы Бату Сарайы, Сарайшық арқылы Сыр бойы қалаларын аралап, Жетісужолымен Таразда жалғасады. Сырдарияның оң қанатымен жүретін керуен жолының Тараздан бастап, сонау Аралға таяу Сунаққа дейін екі тармаққа бөлінгенін байқаймыз. Батыс бағытқа жүргендегі жолдың сол қол бөлігі Тараздан Фараб (Отырар), Иассы (Түркістан), Сауран, Сығанақ, одан Аралдың шығысындағы Қорқыт ата қаласына шықса, оң қол бөлігі Саудакент, Құмкент, Созақ, Ақсүмбе қалалары арқылы Сунақта сол қолдағы жолға қосылған. Қытайдан шыққан керуен Оңтүстік Қазақстанды аралай келіп, Отырар тұсындағы Сырдың өткелінен өтіп, Зернук (Васидж) қаласынан өтетін өзеннің сол қанатындағы керуен жолына шыға алатын. Сырдарияның сол қанатымен қапталдай жүретін керуен жолы Зернук, Үзгендетіп, Қызтөбе (Баршынкент) қаласына келгенде, Түркиядан Хорезм бағытынан, тіпті сонау Араб елінен келетін Жібек Жолының тармақтарымен тағысып, одан әрі Аралдың солтүстігімен батысқа бағыт алады екен. Бұл бағыттағы Жібек Жолының ХІІІ – ХІV ғасырлардағы ізі Маңғыстау даласы, Солтүстік Каспий өңірі, Сарайшық арқылы Алтын Орданың астанасы Сарай қаласынан әрі Каффа қаласына бағыт ұстайды. Сырдың сол қанатындағы жолдың Зернүктен түстікке қарайғы қарсы бағытын тарқатсақ: Сырдария өткелімен Зернүкке келген керуен түстік беттегі оғыздар қаласы Сүткентті басып өтіп, Шашқа бара алады. Бұл керуеннің Еуропа елдеріне жетуіне екі жолдың бірін таңдауна мүмкіндігі болған. Оның бірі- Жібек Жолының жоғарыда айтылған солтүстік тармағы (Бұхара, Самарқан арқылыөтетіні) Екіншісі- Шаштан Үргенішке,одан Үстіртті басып өтіп, Сарайшық арқылы батысқа асу, Жолдың соңғы, Үстіртпен өтетін тармағы ХІІІ – ХІV ғасырда жандана түскенін жазады тарихшылар. Жібек Жолының біз әңгіме етіп отырған тармағы іске қосылған VІ ғасырда керуен Қазақстан территориясында бұрыннан бар Тараз, Испиджап (Сайрам), Фараб (Отырар), Зернук (Васидж), Иассы (Түркістан) қалалары арқылы өтсе, уақыт өте келе жол бойында сан ондаған қала бой көтерді. Олар жедел дамыды. Өйткені, сан жүздеген адаммен, мыңдаған көлікпен керуен бір бағыттан келіп орналасып жатса, қарсы бағыттан сондай мөлшерлі керуен қалаға жақындап келе жатты. Жолдағы бекет біткен керуенді қабылдауға даяр болуы керек болды. Керуендерге сыйымды керуен сарай, тауарға сенімді қойма мен мықты күзет керек болса, адамдарға жайлы қонақ үй, дәмді тағам, сапалы тұрмыстық және мәдени қызмет көрсету қажет болды. Аталған талаптар-өмірдің өз талабы- қарапайым бекеттің ірі қалаға айналуын тездетті. Керуенді тамақ түрлерімен, көкөніспен, жеміс-жидекпен қамтамасыз ету үшін халықтың ежелгі кәсібі мал шаруашылығымен бірге өзен аңғарларында егін шаруашылығы дамыды, отырықшылық етек алды. Қазақ жерінде қала саны тез өсті. Жібек Жолы бойында орта ғасыр кезеңінде қалада халықтың 20 пайызы тұрса, Еуропа елінде бұл көрсеткіш сол кезеңде 12 пайыз болған. Сөйтіп, Жетісудағы, Оңтүстік, Орталық, Батыс Қазақстан жеріндегі өзен – көл, таңіз жағаларындағы қалалар өмірге келді. Ұлы Жібек жолының негізгі арнасында орналасқан қалалар мен керуен сарайлар туралы алғашқы толық деректі Араб географы Хордадбек 846 -847 жылдарығы жазбасында келтіреді. Онда Шаштан бастап Қытайға дейінгі жол бойғы бекет, керуен сарай атаулары және олардың араларының фарсах өлшемімен қашықтығы ұқыптылықпен берілген. Дәл осы деректер Х ғ. басында Бағдат халифінің сарай қызметкері Кудама ибн-Жафардың күнделік жазбаларында бар. Содай –ақ, 985 ж. Әл-Максидің жазбаларында негізгі керуен жолының жаңа тармақтарындағы қалалар жөнінде нақты мәліметтер келтірілген. Үш жазбада да керуен жолымен қоса пошта байланысы болғандығы айтылады. Мысалы: Құбалдан Қытай шекарасындағы жоғарғы Барыс ханға дейін жайылымдық және сулы жермен жүретін керуенге 15 күндік жол, ал Түріктердің поштасына 3 күндік жол, ...Испиджаптан Шавабқа дейін екі пошта бекеті, ...Шауғардан Таразға дейін екі пошта бекеті бар деген деректер келтіріледі. Бабалар заманындағы пошта байланысы қашан, қай елдердің арасында, қандай мақсатпен пайда болғандығы туралы деректерді зерттеуші тарихшылар үлесіне қалдырып, тақырыбымыздың сүрлеуіне түселік. Ұзындығ жеті мың шақырымнан асып түсетін жол бойымен керуен тізбегі толастамайтын. Қытайдан шығып Еуразияны қақ жарып өтіп жерорта теңізіне баратын керуен жолы бойымен келіп, кезінде оғыздар орта және төменгі Сыр бойындағы кангар – печенегтерді ығыстырып VІІІ – ІX ғасырларда өздері орнықты. Осы жол бойымен ХІ ғасырда қыпшақтың қалың қолы өтсе, одан екі ғасыр кейін, ХІІІ ғасыр басында құмырысқадай қаптаған қолмен монғолдар өтті батысқа. Жаугершілік кезеңдерде саябырсығанмен, жағдай тұрақтанған аймақтарда керуен жүрісі жалғасып жатты. Жоғарыда біз атаған авторлардың жазбаларында көрсетілген керуен жол бойындағы сәнді сәулеті, байлығы шалқыған қалалар түгелге жуық 1218-1219 жылдары Шыңғыс хан шапқыншылығынан қираған. Ол туралы 1246 ж. Ұлы Жібек жолының сүрлеуімен жүріп өткен римдік Плано Карпини «бұл жерде біз қиратылған, талан-таражға түскен көп қақпалы сарайлары бар сансыз қалалар мен қаңыраған бос көптеген ауылдарды таптық» деп жазған. Асқан ұқыптылықпен талап ететін кәсіптің иелері – археологтардың маңдай терінің арқасында біздер бүгінгі күні еліміздің мұражайларынан ерте дүниеде және орта ғасыр кезеңінде көсіле жатқан мынау Еуразияны мекендеген ескі жұрттың мәдени мұраларымен танысудамыз. Қазақстан жеріндегі, Орта Азиядағы орта ғасырлық шеберлер қалдырған сәулет өнері ескерткіштері ХХІ ғасырдағы дүниежүзінің талғампаз көрермендерінің өзін тамсантуда. Республикамыз аумағындағы ертедегі архитектуралық өнердің өзіндік үлгілері: ҚожаАхмет Яссауи, Айша бибі, Алашахан, Сырлытам, Жошыхан, Қарахан ескерткіштері неше ғасырлар бойғы жаңбыр мен желге, күн сәулесі мен температура өзгерістеріне сырында, сынында жоғалтпастан шыдасберген ғимараттар, хас шебердің қиялынан туған, ұрпаққа мақтаныш боларлық ұлттық мұралар екендігі халқымызға бұрыннан таныс. Бұлардан табиғатты өзге, ертеде қазақ жерінде көлемі жөнінен Египет фарауондары жатқан Хеопс перамидасынан да асып түсетін құрылыс болғаныдығы жөнінде дерек бар. Қазіргі Жамбыл облысы жеріндегі Жылықұмға үш фарсақтай(3х6=18км) еніп жатқан Қайрақтас тауы тасынан есте қалмаған ескі заманда Ақыртас қорғаны жасалыпты. Оның VІІІ ғ. кезеңіндегі керуен жолы бойындағы бекет ретінде Касрибас, Атлах деген атаулары болғаны айтылады. Тараздың шығысында 5 ферсах, шамамен 30 шақырым жерде орналасқан, құрылысы аңыздағыдай Ақыртастың не мақсатпен және қай кезеңде салынғаны жөнінде деректерді Жібек жолын зерттеген авторлар еңбектерінен кездестіре алмадық. (Бәрі бірдей қолымызға түспеген де болуы мүмкін) Ә.Байбатшаның «Қазақ даласының ежелгі тарихың еңбегіндегі 751 жылы Тараздыңи шығыс жағындағы Атлах (Ақыртас) қорғанының түбінде Қытай мен Араб әскері соғысты, жергілікті Түргештердің қолдауымен Арабтар жеңіске жетті деген дерегін ескерсек, Ақыртасымыз VІІІ ғасырдың ортасынан әріде салынған болады.
Енді аңыз- қорғанның ерекше құрылысын оқырманға таныстыра кетелік. «Ақыртас – сыртқы өлшемдері 185 метр және 205 метр болып келетін тік бұрышты алып ғимарат. Қорғанның терістігіндегі үлкен есік сопақша пішінді екі хауз (су бұрқақ) сәнін келтіріп тұрған ішкі сарайға әкеледі. Хауздарды айнала қоршай, әрбірінің табан ауданы 25 шаршы метр болатын 28 шомбал баған тіреулер сақталған. Бағандар тізбегіне күрделі жүйедегі коридор жолдары бар әртүрлі өлшемдегі жүз шақты бөлмелер жанаса орналасқан. Қалыңдығы 5 метрдей ғимараттың сыртқы қабырғасы, ұзындығы 150 см, ені 80, биіктігі 90 см болатын күрең – қызыл құмтас блоктарынан қаланған. Блоктардың жоғарғы бетіндегі астауша ойық пен астыңғы бетіндегі сопақша дөңес қаланғанда мықты ұстасып қалу үшін әдейі қашалып жасалған. V-VІІ ғасырлар архитектурасында бұндай әдіс кездеспейді. Ақыртас – инженерлік ой-шешімнің күрделілігімен және оның батыл іске асырылуымен адамды таңқалдырады. Салмағы бірнеше ондаған тонна ірі өлшемді тас блоктарды тасымалдау, әрлі-берлі қауіпсіз қозғап, қиюластыра орналастыру жұмыстары бүгінгі күннің өзінде күрделі инженерлік шешімді талап етер еді. Аталған ғимаратты тұрғызу үшін сол кезгі құрылысшыларда тәжірибеменұштасқан асқан шеберлікпен қоса, өте ауыр блоктарды көтере алатын механизмдер жүйесі де болған болуы керек. Ақыртас қабырғаларындағы блок тастар Египет пирамидасынының блоктарынан ірілеу, ғимарат ауданы да атақты Хеопс пирамидасынан көлемдірек – 4 гектар шамасында». Тарихшыларымыз айтатын Сақ-Ғұн-Түрік-Үйсін-Түргеш – Оғыздардың қайсысының өкілі болса да, Ақыртасты ғаламатты тұрғыза алған құрылысшы өз заманында физиканың механикалық заңдарын бес саусағындай білген және іскерлікпен пайдаланған! Алтын Орда жеріндегі құрылыстарға тән ортақ ерекшелік – құрылыс қыш тасының өлшемдерінің (24х24х5 см) бірдей болып келуі. Ғасырлар қойнауынан бізге жеткен сол қыш тастардың сынықтарының мықтылығы таңқаларлық. Орта ғасырлар заманындағы құрылыс қыш тасын жасаудың әдісін Дүкенбай Досжановтан тыңдап көрсек: «...Қышкер алдымен дарияның жарқабағын үңгіп, сары саз жинайды. Сазды құмнан, бөгде топырақтан бөліп, кең апанға салып, сағыздай созып илейді, иі қанған кезде ешкінің түбітін қосады, бетіне бие сүтін бүркеді, үстінен үйірлеп жылқы айдайды. Шымы тұяқ иін қандырады. Әзір болған қамырдай қоймалжыңды қыш қалыпқа құйып, қайыра қатар-қатар жерге төгіп, күн көзіне кептіреді, әбден кепкен қол басындай кесекті шатынаған шадыр көз сексеуіл шоғына өртейді. Осылайша қызыл күрең саңғыраған Сығанақ, Отырар қышы дүниеге келеді. Әлгі қышенді суға езіліп, соққыға сынып, ыза-ылғалға мүжілмейді, кәдуілгі Қаратаудың қайрақтасына парапар қасат мүлік қалыптан шығады екен.қышкерлер өз бұйымының мықтылығын қылышпен шауып сыннан өткізген». Қазақстан жеріндегі Жібек жолының шарықтап дамыған кезеңі VІІІ-XІІ ғасырда дейді тарихшы Ракип Насыров. Керуен жолында 6-8 кей жерлерде 12 түйе қатар жүре алатын таптанды сүрлеу пайда болды. Маңғыстаудағы Жібек жолы сілемінен байқағанымыздай, керуен жолы бойында мына шарт қатаң сақталған: әрбір 25-30 шақырым сайын жол бойында көлік ішерліктей су көзі (құдық) болады, ал әрбір 100-150 шақырым сайын тұщы сулы құдық немесе бұлақ көзі ұшырасып отырады. Бұның өзі керуеннің әр күн- сайын көлігін суарып жүруін, әр үш-төрт күн сайын тұщы су алатын ыдысын толтырып алуына жағдай жасаған. ІХ-Х ғасырларда Орта Азияда қымбат бағалы тастар мен металдар өндіру өркендеді. Жергіліктізергерлер мен қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан алтын, күміс, жақұт, гауһар тастардан жасалған әшекей-әдемілік бұйымдар Жібек жолы бойындағы Тараз, Сайрам, Түркістан, Отырар, Сығанақ, т.б. қалалары базарларының сән –салтанатын арттырды. Керуен сарайларда сауда қызып жатты. Орта ғасыр кезеңінде мал өсірумен айналысқан көшпелілермен қатар егін өсірушілерде болды. Егін егу отрушылыққа бет алу Ертіс, Сыр, Сарысу, Кеңір, Жезді, Байқоңыр өзендері жағаларында, бұлақты Ұлытаудың бауырайында етек алды. Кен қазып, одан мыс, қорғасын, қалайы, күміс балқытып айыру жолға қойылды. Оқырманның зерделеп отырғанындай, Жібек жолы Қазақстан аумағында сонау Сақ(Ғұн) дәуірінен–Хазар-Оғыз–Қыпшақ– Монғол дәуірі аралығындағы кезеңдерде керуен жолы бойында жүздеген қалалардың өркендеуіне, сол арқылы көшпелі халықтың белгілі бөлігінің отырықшылыққа дағды алуына, арнаулы кәсіпті меңгеруіне, шаруашылықтың барлық түрінің дамуына, оның өзге елдердегі озық тәсілдерін игеруіне тікелей ықпал етті. Қазақ жеріндегі құлдық, феодалдық қоғам заманында елді прогреске бастаған қуатты қозғаушы күш болды.
Жібек жолы базарларында
Керуен жолындағы шығыс базарлары ғасырлар бойына әртүлі тілде дуылдап жатты. Кезінде дүниені әдемілігімен тамсантқан талай қалалар қанқұйлы соғыстар нәтижесінде күлге айналды, кейбірі кері еңсе көтеріп, жұрттың керегіне жарады. Қазақстан аумағындағы көне қалалар – Жетісуда V ғасырға дейін болған үйсіндер астанасы Чига, Оңтүстік Қазақстанда қаңлылыар астанасы – Битянь болса, VІІ ғасырдың басында Суяб, Тараз, Испиджап, Фараб, Иассы сияқты қалалар гүлденіп өсті. Осы қалалардың біріндегі базар өмірінен тарихшы Ракип Насыровтың деректерін келтірелік. Үстіміздегі жылы 2000 жылдығы тойланғалы отырған Тараз қаласы Жібек Жолындағы ірі сауда орталығы болған. Бұнда дүниенің төрт бұрышынан дерлік керуен келетін. Шығыс – Қытайдан, түстігі – Оңтүстік елдерін аралап, сонау Жерорта теңізі жағасынан, батысы – Сарайшық арқылы өткен Еуропа керуені, терістігі – Ресей елінен. «Тараз базары – дүние айнасы» деп орынды айтылған. Бұндағы Үнді саудагерлері тұрған бөлімде әшекейлі ұзын құйрықты құстар, сырнай сазына билейтін жылан, маймыл, тіпті пілге дейін кездестіруге болатын. Бұл базарда Үнді елінің небір шеберлері жасаған сапалы бояулар жоғары бағаланған. Тек Инд суында ғана өсетін көз жауын алатын индиго гүлінен таза көгілдір түс бояуын жасайды. (Инд өзені Батыс Қытайдан басын алып, Үнді елінің терістік аудандарын басып өтті, Пакистан жерін терістігінен түстігіне дейін түгел аралап барып Араб теңізіне құяды. Солтүстік Үнді жерінен басын алатын бірнеше салалары бар.Ж.Ғ.) Бояудың әдемілігі мен тұрақтылығы жөнінен теңдессіз. Боялатын ашық түсті жібек те, индиго бояуы да Тараз базарына әкелініп сатылады. Индиго түсті жібектен киім кию ол кез үшін адамныңжоғары дәрежесін, байлық деңгейін көрсететін болған. Тараз базарының Қытай тауары бөлімінде: женьшеньнен жасалған емдік дәрілер, бұғы мүйізі, арыстан өті, маймылдың бауыры, Тибеттік құпия медицина жасаған дәрі – дәрмектер болса, Византия бөлімінде: түрлі түсті жіптермен кестеленіп тоқылған барқыт, мөлдір жұқа жібек, күміс бұйымдар, алтын жіпті оқалы жібектер, Парсы бөлімінде: тоғай жолбарысы терісі, бағалы тастар, әртүрлі емдік дәрілер. Ал жергілікті шеберлер тоқыған сапалы мақта маталарының бағасыжібектен кем түспеген. Тараз базарында жергілікті халықтың қолынан жасалған тауарлар да өзінің сапалылығымен беделді болған. Мысалы: қой терісінен иленіп жасалған, көрмеге атлас дерлік, көпшік тыстар өңделген, құлын терісінен керіліп жасалған, күміспен әшекейленген ер-тұрмандар, садақ, жебе, қақталған күміс, ақтышқан мен түлкі терілерін жібекпен тыстаған көрпелер, метал мен ағаштан шебер жасалған үй тұрмысы құралдары, түрлі-түсті түркістан шынысы, емдік дәрі-дәрмектер т.т. Тараз зергерлерінің бирюзадан (көгілдір асыл тас) және қақтаған (қарайтылған) күмістен жасаған әсемдік-әшекей бұйымдары Жібек Жолы базарларында әйгілі болады. Атай зергерлердің аттары ел-елге жайылады. Сол заманда түрік елінде аты шыққан зергерлер Мұхаш пен Елаштың есімдері әлі күнгі ел ішінде аңыз ғып айтылады. Кезінде Қаратаудағы Терісқаққан өзені маңындағы Қайрақтас тауынан тас құлатып, дирмен жасап, Тараздың ұн базарында сатылыпты. Тараз маңынан көп мөлшерде күміс өндіріліпті деген де деректер кездеседі. Монғол шапқыншылығына дейінгі кезеңде Ресей Жібек Жолы базарларынакөптеген өнімдер шығарған: көгілдір поляр түлкісі, сутышқан, ақтышқан, құндыз, сусар сияқты түбіт жүнді өте қымбатқа бағаланатын аңдар терілері, жұқа бәтес және кенеп маталар, мамонттың азу тісі, үйретілген қыран бүркіт, алтын түсті янтарь, бидайдың бірнеше түрлері, ара балы, қақталған күміс, асыл тастар, алмас қылыш, сауыт, қалқан, ұсталық құралдар жиынтығы- тағы-тағылар. Ол кезгі Еуропа базарларындағы тауарлардың айырбас құны туралы: қабылан терісі- бес қойға, жақсы кептірілген марал мүйізі – салмағы сонша тартатын құйма күміске айырбасталған. Керуен сарай қандай болған? ХІV ғ. екінші жартысындағы Маңғыстау Үстіртіндегі «Білеулі» керуен сарайы туралы жергілікті өлкетанушы Рахат Қосбармақов былай деп жазады: «Керуен сарай қақпасының ені 8м, биіктігі -10 метрдей. Бұрын алып қақпаның жоғарғы жағында бір–біріне қарсы қарап жатқан айбарлы екі арыстанның мүсіні болған екен. Керуен сарай қақпасы доғаша иіліп келіп, сәулет өнерінің арқа мәнерімен салынған. Керуен сарай ені 35м, ұзындығы 45 метрдей, ортасында адамдар алқа-қотан отыратындай үлкен алаңқай бар. Ал алаңқайды айнала 10-15 бөлменің есігі шығатын іргетастың іздері көрінеді. Шамасы бұл үш-төрт адамдық шағын бөлмелер бай-бағландар мен керуенбасылардың демалатын, қазіргі қонақүйлердегі люкс-номері рөлін атқарса керек. Ал ортадағы алаңқайға керуеннің малшы-жалшы, бақташы, қызметшілері, дәрежесі төмен адамдар жатып демалғанға ұқсайды. Керуен сарай екі қатарлы болған, баспалдақтар соны дәлелдейдің Керуенсарайда әдейі жолаушылар үшін жұмыс жасайтын монша, шаш қиятын, сақал алып, мұрт басатын тұрмыстық қызмет орындары болған.
Жібек жолы және Сарайшық
«Солтүстік Каспий арқылы өтетін керуен жолы ІХ-ХІІ ғасырларды маңызын жоғалтқанмен,ХІІІ-ХІV ғасырларда қайта жанданады». Жібек Жолының Солтүстік Каспий бағытындағы Сарайшық арқылы өтетін тармағының ХІІІ ғасырдың ортасынан бастап қайта жандануының бірнеше себеі болды. Біріншіден Дешті Қыпшақ пен Мауреннахр территориялары монғол жаулауы нәтижесінде бір саяси кеңестікке енеді де, тұрақтылық қалыптасады. Біртұтас саяси кеңістік пен тұрақтылық сауда қатынастарының дамуына қажетті ең басты шарттың бірі екені белгілі. Екіншіден, ХІІІ ғасырдың ортасынан бастап Алтын Орданың астанасы Бату Сарайы Еділдің төменгі ағысы бойында орналасуына байланысты Еуропа елдері мен Византия саудагерлері, елшілері шығысқа барар жолын Алтын Орда Сарайынан бастағанды ұтымды санаған. Осылайша Еділдің төменгі бойындағы Бату, Берке хан сарайлары, Жайық бойындағы Сарайшық қаласы сол кезгі халықаралық сауда жолындағы маңызды бекетке айналады да, Шығыс Түркістанға апарар ең қысқа, ең қауіпсіз бағыт болып саналады. Шығыс ұрпағы Батудың ХІІІ ғ-дың алғашқы жартысында Қыпшақ даласын батыста сонау Дунайға дейінгі жерді басып алып, Алтын Ордадай алып мемлекет құрғаны тарихтан мәлім. Алтын Орданың астана қаласы-Бату Сарайы ХІІІ ғ-дың ортасында салынады. Академик Ә.Марғұланның қазба деректерімен дәлелдеуінше Сарайшық қаласы сол шамада тұрғызылған. Сарайшықтың терістік, шығыс, оңтүстік жақтарын орай ағатын Ұлы су (Жайық)өзеніндегі Бату хан салдырған жүзбелі көпір алғашқы кезде батысқа жорық кезінде олжаланған байлықты моңғол жеріндегі Қарақорымға – Шыңғыс хан ордасына жеткізу пайдаланылса, кейін Еуразияда беделі өсіп тұрған Алтын Орданың астанасы арқылы өтетін Жібек Жолы керуені осы жүзбелі көпір арқылы шығысқа жол тартқан. Ол кезеңде Жайық өзенінің суы мол, ағысы өткел берместей қатты болғандығы туралы деректер бар. 922 жылы Еділ бойындағы Бұлғар еліне жіберілген Бағдат халифының елшісі Ахмад Ибн-Фадланның естелік жазбасында Жайық өзені жөнінде мына сөздер жазылған: «...Бұл біз көрген ең үлкен өзен, оның ағысы тым қатты. Шындығында, мен жүктердің қалай ауғанын және өткелде кісілердің суға ағып кеткенін өз көзіммен көрдім. Жалпы біз өткелден өтерде көптеген адамдарымыздан, түйелер мен жылқыларымыздан айырылдық. Біз Жайықтан төтенше қиындықпен өттік.» (Бұл оқиға Х ғасырдың алғашқы ширегінде болғандығын, ал Бату ханның Жайық үстінен салдыратын көпірі -сол кезгі Бағдаттағыдан кейінгі екінші жүзбелі көпір – ХІІІ ғасырдың 30-40-шы жылдары кезеңінде өз жұмысын бастағанын оқырман есіне береміз.) Жайықтың Сарайшық қаласы тұрған осы иінінде, кезінде хорезм құлдары тұрғызған Х-ХІІ ғасырларда қала болғандығы жөнінде дерек бар (авторлар: С.П.Толстов, А.Н.Бернштам, Ә.Марғұлан еңбектерінде) Қаланың аты туралы әртүрлі болжам айтылады. Қалай деп аталса да, қазба жәдігерлерінің дәлелдеуіндей, ІХ-Х-ХІ ғасырларда Сарайшық қаласының орнында кен қорыту, металдан тұрмыстық құралдар жасау сияқты кәсіпкерлік болған. Сарайшық қаласын айналып ағатын Жайықтың сол жақ (Азия беті) жағалауы қалың да, биік тоғай болған деседі (750 жылдай өтсе де, сол тоғайлар сирексіген күйі әлі бар.) Ал қала тұрған ішкі беті-түбек тек батыс жақтан ғана ашық қатыс болатын, табиғаты жан сүйсінерлік, Кавказдың Қара теңіз жағалауы сияқты шуақты мамыржай қойнау болыпты. Алғашқы кезде Алтын Орда хандар мен оның төңірегіндегілер Сарайшықты саят құрып, көңіл көтеретін, қаланың шуынан табиғатқа шығып, демалатын орын ретінде пайдаланған. Жібек Жолының Солтүстік Каспий тармағының Алтын Ордаға байланысты қайта жандану Сарайшық қаласының жедел өркендеуіне, оның келешекте Хан Ордасы болуына жол ашты. Картада көрсетілгендей, тоғыз жолдың торабында тұрған Сарайшықтың қамбасына, керуен жүрісі жиілеген сайын байлық еселеп құйыла түсті. Сарайшыққа өзге бекеттермен салыстырғанда түсім екі есе артық түсетін-ді. Керуенге көрсеткен қызметі үшін бір төленсе, ағысы қатты терең өзеннен қауіпсіз өткізетін жүзбелі көпірі үшін екінші үлес төленетін. Шығыстан Қытайдан, оңтүстікте Араб елінен, Түркиядан шыққан керуендер жолдағы мемлекеттерді аралай отырып, Сарайшық арқылы Европаға асатын, ал қарсы бағытқа да керуендер толастамайтын. Еуразия даласының осы маңдағы мал өнімдерімен ғана күнелтіп отырған тұрғындарына керуен жолы сан жүздеген, тіпті мыңдаған жұмыс орнын ашып берді. Керуенді қабылдау мен оны шығарып салғанша түрлі қызмет көрсететін маманданған аспаздар, қасапшылар, егіншілер, малшылар, күзетшілер, жүкшілер, тазалық сақтаушылар ментұрмыстық және мәдени көрсетушілер, жаршылар іріктеліп шықты. Мінсіз, адал қызмет көрсету олардың дағдысына айналды. Қаланың сән-салтанаты артты, сәнді ғимараттар бой түзеді, халықтың тұрмысы жақсара бастады. Бату, Береке сарайларынан кейін Сарайшық Алтын Орда астанасы болды, ал ХV-XVІ ғасырларда Ноғай Ордасының, Қазақ хандығының астанасы болғандығы тарихтан белгілі. Жәнібек хан атағы шартарапқа тарап, аңызға айналған Сарайшықтағы «Аққу көлін» осы кезде жасатқан болу керек. Бұл кезең тарихта 1341-1357 жылдар делінеді. Сарайшықтың сол бір шаршысына толып тұрған кезендегі Керуенсарайында алыстан келген салтанатты керуенді қарсы алу сәтін көз алдыңызға елестеткіңіз келсе, қиялыңызға қанат байлап жіберелік. Жібек Жолы, Отырар тарихын көптен зерттеп жүрген тарихшы-жазушы Дүкенбай Досжанов осындай оқиғаны көзімен көрген Қытай турисі Сюань-заньның VІІІ ғасырдың басында жазған естелігін келтіреді: «Испиджап(Сайрам) қаласына керуен басын бұрғанымыз сол, алдымыздан қызылды-жасылды киініп, арғымақ атты көсілтіп елші шықты. Найзаласа ма деп үрпейісіп қалып едік. Әлгі елші бұрымы арқасына төгілген ару қыз екен, жарқырай күліп, ат басын іркіп: «Хош келіпсіздер!» - деді. Қаладағы керуен сарайға бастады. Керуен басының жанары шырадай жанды. Керуен сарай жер үстінің жұмағы секілді: төрде әуіз, жағасында саз төгіп жыршы отыр. Бұрқырып піскен палауға тойып, жантая бергеніміз сол, сусын ұсынған сұлу қыздар бәйек болды. Сүттен ашытқан шарап іштік. Керуенбасының басы былғаңдап мас болып қалды. Қолтығынан көтеріп моншаға әкетті. Түн баласында шілделік шырылдап, есік сықырлып, сұлу қыздар ән салып еш ұйқы бермеді. Түстенемізде әрі қарай аттанамыз деген керуенбасы табан аудармай төрт күн жатты. Қаланың көркіне көз тояды. Жер үстінің жұмағына ұқсайды.» Тәтті түс көргендей, тамсанып қалды-ау. Келесі біреуін тыңдасақ, бұл енді беріректегі, орыс саяхатшысы Семенов Тянь-Шанский кезіндегі оқиға. «Жаркент керуен сарайы жолаушының есінде ұзақ сақталар ғажайып ғимаратта: бір жағы ұлттық ою-өрнекпен әшекейленген гобеленді қабырғалар, келесі жағы ашық аспан, ақ басты қарлы таулар, сарқырап аққан бұлақ, кірсе шыққысыз мейманхана сізге жер үстініңжұмағындай сезіледі. Асы қандай дәмді, аспазы неткен әдемі. Алыстан арып- ашып жеткен керуеншілер қашан күш жинап, саудасын жасап, қаланы аралап болғанша көліктерді тау ішіне айдап, бағатын малшы бар. Қазақтар қонағын төріне шығарады, жаны қалмай қызмет қылады, тегі бар ғой; мына тіршілікте екінші мәрте қайыра кездесуі екі талай, мүлдем беймәлім жатжерлік туриске осынша жігі-жапар пейіліне таңданасыз, әрі мәрт мінезіне тәнті боласыз. Жер бетінде осыншалық мейрбандық, ақжүректік, қолы ашықтық болатынына еріксіз иланасыз.1 Оқырманның байқағанындай, екі қаладағы керуен сарайлар қызметі, арада он бір ғасырдай уақыт айырмасы жатқанына қарамастан, бір-біріне өте ұқсас және жолаушының жанына жайлылығымен өзіне ынтықтырып тұр. Дүкенбайды оқып отырсаңыз Дешті Қыпшақтың сағым кернеген сайын даласының сары белінен бері асып кележатқан Жібек Жолы керуені күміс қоңырауының сыңғыры естілетіндей. Сарайшықта қол өнерідамыды,қыштан құмыра түрлерін, су жүретін құбыр жасау шебер игерілді, олар қала тұрғындарының игілігіне пайдаланылды. Одан өзге зергерлік, әшекей, әсемдік бұйымдарды қымбат металдан, асылтастардан, сүйектен жасайтын шеберханалар, сондай –ақ тиын ақшалар соғу игерілді. Сарайшық шеберлері қолынан шыққан өнімдердің қай-қайсысы болса да, шетелдік базаларда ұялмай ұсынарлық деңгейде болған. Жібек Жолы керуенімен бұнда Сирияның көздің жауын алатын түлі-түсті эмальдармен әсемделіп, жиектеріне алтын жалатылған шыны ыдыстарды, Қытайдың құлпырған жібегі, айнасы мен лакталған ыдыстары, Иранның әсемдік бұйымдары, Парсының теңдессіз кілемдері, Ферғананың асыл тұқымды аттары, Араб арғымақтары келетін. Византия мен Римнен, Үндістан мен Ираннан, Араб елі мен Еуропадан сирек кездесетін жоғары сапалы қымбат бұйымдар: жасмин суы, мүскат жаңғағы, женьшек, айдаһардың өті, алмас, янтарь, маржан, піл сүйегі, құйма күміс пен сом алтын, бағалы аң терілері мен соғыс құралдары әкелінетін. Сарайшық шеберлері өзге елден әкелінген тауарларды зерттеу арқылы сапалы өнім жасауды әлемдік озық әдіс-тәсілдерін меңгеру жолында ізденеді, нәтижесінде Жібек Жолы саудасы талғамына сәйкес деңгейде тауар өндіруге қол жеткізеді. Оған қала асты қазбасынан табылған 5-6 ғасыр бойы топырақ астында жатса да, сыры да, сыны да кетпеген түрлі бедерлі, әшекейлі керамикалық ыдыс сынықтары, әдемі өрнектермен жасалған қыш құмыра түрлері, шебер безендірілген тиын ақшалар, т.б. әшекей бұйымдардың сынықтары дәлел. Тарихшы ғалым А.Ю.Якубовскийдің деректеріне сүйенсек, Орта Азия ХІІІ және ХІV ғасырлардағыдай Шығыс Европамен бүкіл феодализм дәуірінде қарқынды да, жүйелі сауда жасап көрген жоқ. Бату Сарайы мен Берке Сарайы қалалары ірі қолөнер өндірісі мен сауда орталығы бола отырып, ХІV ғасырда Қытай, Орта Азия, Кавказ және Персиямен сауда жасауда орасан зор шешуші рөл атқарған. Сарайшық қаласынан Хиуа бағытына шығатын, Каспий мен Арал теңіздері арасынан өтетінүш жол болғанын жазады. А.И.Левшин; (Оқырманымыздан кешірім сұрай отырып, жол тармақтары туралы автор түсіндірмесін, ұзақтау болса да, толық келтіруді жөн көрдік). «Олардың ең кереметі - ежелгі Ноғай жолы деп аталады. Сарайшықтан шыққан керуен Ноғай жолы арқылы жүріп отырып, Тентексорға келеді, одан Білеулі алқабы арқылы, көне бекініс Ұзынтамның жанынан Сағыз өзенінен өтеді, одан Қайнар тауын жағалап, Жем өзеніне келіп, одан Боқаш Әулие қорымының жанынан өтіп, Ұшқанға келеді, одан Желді тауының оң жағымен Үстіртке жетеді, Үстіртте Сам құмы арқылы Айбоғыр алқабымен Айдабол құдығына жетіп, одан Ақтөбе мен Күркүреуікке барады» дейді. Екінші жол Жем өзеніне Үстірт арқылы Желді тауының жанымен жүріп, Көптам арқылы Қосбұлақ құдығына жетеді, одан Есекқырған даласымен керуен Үстірттен түсіп ежелгі Үргеншікке келеді. Сарайшықтан Хиуаға баратын үшінші жол- Қайнар тауының жанынан жоғырыдағы баяндалған жолдардан бөлініп, шығысқа бұрылып, Сарықасқа құдығы мен Біркүндік алқабы арқылы Аққаудан бұлағына жетеді. Үстіртке Арсай мен Қарсай жыралары арқылы көтеріліп, Аралға жетеді. Аралды жағалап, Дуаналы- құлама мен Құлғамыр шығанақтары арқылы Әмудария жағасындағы Қоңырат қаласына келеді». Итальяндық Франческо Пегалотти ХІV ғ. ортасында (1347-1355ж) Сарайшықтан түйе арбамен 20 күнде Үргеншікке жеткенін жазған. Ол Арал-Каспий арасымен өтетін жолдардың бірімен жүрген болу керек. Ұлтымыздың тарихын терең зерттеген, құнды еңбектер қалдырған А.И.Левшинді кезінде өзіміздің Шоқан «қазақ халқы тарихының Геродоты» деп жоғары бағалапты. Біз де ғалымның тарихи еңбегіне бас ие отырып, өз пікірімізді қосуды жөн санадық.әңгімеміз ежелгі Ноғай жолы атауы туралы. Еділ бойынан, Маңғыстау даласы арқылы өтіп, Хиуаны, одан әрі оңтүстік елдерімен қосатын керуен жолы сонау І ғасырда –ақ бастау алып, ХІІ ғасырда оның маңызы арта түсті делінеді тарихымызда. «Ежелгі» деп айрықша аталатын жол осы болса керек. Ал, Ноғай есімі беріде, ХІІІ ғасырда ғана аталады. Қысқарта баяндасақ; Ноғай батыр – тегі маңғыт, Бату ханның қызынан туған жиен, Мөңке-Темір хан әскерінің түмен басы, алғыр да қызуқанды әскери қолбасшы. Еділ мен Днепр аралығындағы аймақ Хан тарапынан жеке иелігіне бөлініп беріледі де, оның қол астындағы елі Ноғай ұлысы атанады. Кезінде Ноғайды такапар Византия императорының өзі құрметтеп, қызын берген, ХІV ғ. басында Алтын Орда ханы Тоқтаның қастандығымен өлтіріледі. Жоғарғы айтылған керуен жолын Ноғай батыр есіміне байланыстырудың реті келмейді. Олай болса, керуен жолының Ноғай атауы қайдан шыққан? Ноғай өлтірілгеннен кейін бір ғасыр өткенде маңғыт тайпасы өкілі, есімі тарихта қалған Едіге батыр Ноғай Ордасы мемлекетін құрады. ХV-XVІ ғасырларда Ноғай Ордасының көршісі Ресеймен, Орта Азия, одан әрі оңтүстік елдерімен де тұрақты сауда жасағаны туралы деректер бар. Сонда «Ноғай жолы» XV-XVІ ғасырларда Ноғай Ордасы кезеңіндегі оның астанасы Сарайшықты Үргенішпен байланыстырған деудің қисыны келеді. Айтпағымыз – Ноғай жолы «ежелгі» емес, кешегі ноғайлы заманында туған, өзге тармақтармен салыстырғанда уақыты жөнінен жаңа жол болуы керек. Жылдар өте керуен жолы сан тарамдалып, оның бойларында отырықшылықтың арасалмағы өсе түсті. Сайрам, Отырар, Жаңакент және Сарайшық қалаларының керуен жолының тармақтары Қазақстанның терістігіне, шығысына, кейін Сарыарқа атанған Дешті Қыпшақ даласына, Ресей қалаларына таралып жатты. Олар Алтай мен Монғолияны, Ертіс бойын, Жезді, Ұлытау алқабын, сондай-ақ Ресейдің Түмен, Самарасын Жібек Жолының негізгі бөлігімен байланыстырған. Сөйтіп, ХІІІ- ХІV ғасырлар бойында Жібек Жолы бүгінгі Қазақстан жерін оңтүстік-шығысынан батысына бойлай өтіп қана қоймай, оның ішкі аймақтарының көптеген бөліктерін де қамтығанын көреміз. Сарайшық үшін бұл жылдар қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бір үзік кезең болды. Кешікпей Алтын Орда тағына талас басталды, бірлікке, тұтастыққа іріткі салынды, сөйтіп, бір кезгі алып мемлекет ыдырай бастады. ХІV ғ. аяғында Ақсақ Темір шапқыншылығынан Еуразия кеңістігінде, Алтын Орда аумағында тыныштық бұзылды. Осының салдарынан Жібек Жолының Солтүстік Каспий-Орталық Қазақстан тармағы өз жұмысын тоқтатуға мәжібүр болды. Бұл адамзат тарихында үлкен прогрестік орны бар Ұлы Жібек Жолының ыдырауының басы еді. Тарих алдан Жібек Жолын айырбастар, географиялық ұлы ашулар нәтижесінде пайда болатын халықаралық су жолдарының ашылуын күтті. Оған ілесе бу машинасының, іштен жану двигателінің күшімен жүретін транспортқұралдарының заманы келе жатты. Бұлар адамзат қоғамының дамуында бір кезгі Ұлы Жібек Жолының атқарған міндетін одан әрі ілгері апарушылар эстафетасы еді.
Жібек Жолы – ХХІ ғасырда
«Ұлы Жібек Жолы – өзара келісім мен түсіністік және мәдениеттерді жақындастыру жолы» деп аталатын ЮНЕСКО-ның шешімі дүниежүзі жұртшылығынан кең қолдау тапты. Ұлы Жібек Жолы өзінің қайта туу дәуірін бастауда. Республика аумағында 1700 шақырымға созылған Жібек Жолы сілемінің ғасырлар қойнауында көміліп қалған тарихын жүйелеп зерттеу, керуен жолы сыр ғып шерттер ен байлықты ұлтымыздың толыққанды тарихын жасауға пайдалану, оның бойындағы тарихи мұрағаттарды, жәдігерлерді, жастарымызды бабалардың өр рухымен табыстыру, тарихи орындарымызды түлетіп, туристік жүйе арқылы елімізді өзге елдерге таныту бағытында жаңа істер ұйымдастырылып жатқанынан көпшілік хабардар болар. Республикамызда Ұлы Жібек Жолы бойындағы туризм инфрақұрылымын дамыту туралы 1997 жылы Президентіміздің арнайы жарлығы шыққан болатын. Ізінше «Жібек Жолы» деп аталатын компания құрылып, сол компанияның, жергілікті әкімшілердің, қаржылы азаматтардың қолдауымен туристер үшін Талғар қаласында «Талхиз» (Талғардың ортағасырлық атауы) керуен сарайы, 1500 жылдығы атап өтілген жылы қасиетті Түркістанда керуен сарай ашылғаны туралы баспасөзден оқығанбыз. Бабалар заманындағы керуен жолында қозғалыс басталғаны қуантады. Сол өнегелі іс Атырау өңірінде де өзінің жалғасын табуда. 1999 жылдың күзінде, Жібек Жолы бойындағы маңызды бекеттердің бірі, кезінде Хан Ордасы болған көне Сарайшық қаласының орнында осында жерленген жеті ханға ескерткіш кесене тұрғызылып, ескі қала қазбаларынан табылған жәдігерлерге мұражай үйі салынды. Маңғыстаудың сапалы ақ мәрмәр тасымен көмкерілген биіктігі 14 метрлік хандар кесенесі, мұражай мен мешіт ғимараттары ауылға көрік беріп тұр.Аталған құрылысқа ел бюджетінің бір теңгесін де шығармастан, сол кезші облыс әкімі И. Тасмағанбетовтың іскерлік бастамасымен облыс мекеме, ұйымдрының, кәсіпорындары мен жекелеген азаматтардың қаржылық қолдауымен келешек ұрпақ үшін де, ел рухын көтеруде де тарихи маңызды іс тындырылды. «Хан Ордалы Сарайшық» мұражай-қорығының болашағы туралы премьер-министр Иманғали Тасмағамбетовтың жобасын тыңдасаңыз көне Сарайшықтың санаулы жылдардан кейін Жібек Жолы бойындағы үлгілі туристік базалардың бірі боларына сенесіз. Жібек Жолын жаңғыртудың бағдарламасына сәйкес, 1991 жылдың өзіінде «Ұлытау» қоғамдық қозғалысы Отырардан Бетбақдала арқылы Ұлытауға 12 түйемен 40 күнде 1300 шақырым жолды жүріп өткен болатын. 1999 жылдың мамыр айынан 2001 жылдың қазанының аяғына дейін созылған «Алтай-Дунай» халықаралық бейбіт ынтымақтастық экспедициясы көне керуен жолы сүрлеуімен 5500 шақырымдық жол жүріп өтуі тек біздің республикамыз ғана емес, экспедиция үстімен өткен Башқұрт, Ресей, Молдава, Украйна, Румын, Венгер елдері жұртшылығы үшін де есте қалар оқиға болды. Керуен құрамында 11 түйе, бір ескі арба, екі автокөлік, 13 адам болыпты. «Жас Алаш» бұл жорық туралы: «... Ғажабы, Еуразия даласының жазығы мен таулы ойпаттарын керуен жолы бойымен жүріп өткен жорықшылар Челябі, Башқұртстан, Орынбор, Саратов өңірлерінде көптеген қазақ ауылдарынан қонақасы дәмін татқан. Украинада қазақ топырағынан қоныс аударған украиндар мен орыстар керуенді қазақтың ән-биімен қарсы алыпты. ...Ал, Византияда 350 мыңдай қыпшақ бар екендігі ақиқат болып шықты» - деп жазды. Сөйтіп, Жібек Жолының жаңа дәуірі – оны бүгінгі ұрпақтың танып -білу дәуірі басталды. Жібек Жолы заманынан бері араға бірнеше ғасырлар салып қазақ даласында темір жолдар мен автомобиль қатынас жолдары іске қосылды. Жол салу жұмысы орасан зор қаржылық, материалдық және күш-қуат жөнінен де шығындармен байланысты болатынытүсінікті. Ондай жұмыс көлемін жобалауда жол өтетін жердің еңіс-дөңестігі, тау-тастығы сияқты жергілікті ерекшелігі мен ел қоныстануға болардай тұщы сулы жерлермен өтуі, сондай-ақ өнеркесіп орталықтарын қамтуы ескеріліп, қатаң ғылыми есеппен жоспарланатыны көпшілікке аян. ХХ ғасыр ғылымының ақыл таразысынан өткен жобамен салынған қазақ жеріндегі темір жол, автомобил жолдарының бағыты – бұдан 7-10 ғасыр бұрынғы Жібек Жолының сорабы бойымен салынғаны анықталып отыр. Бұны Тоқтар мен Талғаттың космостан түсіріп әкелген суреттері дәлелдеп беруде. Оптикалық талшықты байланыс кабелі – лазер сәулесін тасымалдайтын ерекше желі, болашақта ғаламат ақпарат тасқынын қамтамасыз ете алатын бірден-бір құрал. Европаның ортасындағы Франк-фурт қаласынан сонау Азияның ортасы Шанхайға дейін жарты Азияны басып, оптикалық – талшықты супер магистраль салынып жатқан көрінеді. Боймен бір мезгілде миллиондаған ақпарат беруге, мыңдаған телефон-теледидар хабарын таратуға мүмкіндік беретін бұл магистраль тағдырдың мырзалығымен біздің Қазақстан үстімен, дәлірек айтсақ, Жібек Жолы керуені сүрлеуімен өтетін болыпты. Жақында Германияның атақты «Сименс концерні талшықты-оптикалық магистральдың Қазақстан жеріндегі батыс тармағын салып бітірді. Ұзындығы екі жарым мың шақырымға жуық жерде Шымкент-Қызылорда-Ақтөбе-Атырау (одан әрі Ганюшкин арқылы Ресейге шекаралас шығады) қалалары мен 23 аудан орталықтарының арасын осы заманғы байланыс желісімен жалғастырып жатыр. Айтпағымыз адамзаттың ХХ-ХХІ ғасырлардағы өмірлік маңызды күретамыры саналатын қатынас және байланыс жолдары бағытының бабалар салған көне керуен жолы сорабымен сәйкес келуі. Ол - бабаларымыздың ақыл-парасатының, табиғи ортаны танып-білу тереңдігінің тағы бір айғағы. Жақында Республикамыздың ақпарат құралдары жұртшылыққа жағымды жаңалықты жеткізді. 2001 жылы Баку қаласында қой қойылған «Трансазиялық темір жол магистралының Алматы-Ташкент-Түрікменабад-Тегеран-Стамбул маршрутындағы халықаралық жолаушылар қатынасын ашу жөніндегі Иран, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түркменстан және Өзбекстан елдерінің темір жол әкімшіліктері арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум негізінде 2002 жылдың 14 наурызында Алматы – Тегеран жолаушы поезының сапары басталды. Маршрут, елдер аралық келісімге сай, Алматы-Ташкент-Түркменабад-Сирахс-Мешхед-Тегеран-Стамбул қалаларын қосатын болады. Стамбулға дейінгі жол салыну үстінде. Аталған маршруттағы халықаралық жолаушылар қатынасының ашылуы осы аймақтағы елдер үшін зор маңызды болатыны түсінікті. «... Бүгінгі заманға сай темір жол көлігі мен саланың соңғы жетістіктерінің арқасында ерте замандарда орталық Азия аумағынан өткен Ұлы Жібек жолын жаңа үлгіде жаңғыртуға тағы да бір маңызды қадам жасалуда» - деп жазды «Егемен Қазақстан» Бұл жаңа маршрут Достық-Алашанькоу шекара-өткелі арқылы Қытайдың Тынық мұхиттағы порттарына дейін жалғасқан жағдайда, әлемдік экономиканың орталықтары Еуропа мен Оңтүстік Шығыс Азияны қосатын алып магистраль қатынасының қақпасы ашылмақ. Сөйтіп, біздің Қазақстанымыздың экономикасының жедел де жан-жақты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылғалы тұр. Ұлы Жібек Жолы керуені ХХІ ғасыр бастауында бабалар заманындағы ат көлігін «айшылық жолды алты-ақ сағатта алатын от арбаға айырбастады. Жібек Жолы керуені ісін жалғастырушыларға, олардың халықаралық дамуға қалтқысыз қызмет етеіне сенім білдіріп, ақжол тілейміз!».
БАБАМНЫҢ ЖҰРТЫ-НОҒАЙЛЫ
Ноғай ұлысы
Ноғай ұлысы, Ноғай Ордасы жөнінде әңгіме бастауында алдымен Ноғай есіміне тоқталғанымыз жөн сияқты. Тарих зерттеушілерінің деректеріне сүйенсек, Қазақстан мен Орта Азияның ортағасырлық тарихын зерттеуші, тарих ғылымдарының кандитыК.Пушлина былай деп жазады: «Тарихшылар Б.А.Кочекаев, И.Х.Калмыков және басқалар но,айлардың моңғол-қыпшақтардан тарағандығы туралы белгілі зерттеушілердің пікірлерін келтіреді; олардың көпшілігі (С.Е.Малов, Р.Г.Күзеев және басқалары) ноғай ұлысының негізгі тұрғындары-ның шығу тегін ХІІІ ғасырдағы Жошы руынан шыққан Алтын Орда түмені - Ноғай батыр әскерінің құрамына кірген тайпалармен байланыстырады». Егер аудармада қате жіберіліп жүрмесе, бұл деректер Ноғай батырдың Жошыға туысқан ұрпақ, ХІІІ ғасырдағы Алтын Орда мемлекетінің түменбасы (он мыңдық әскербасы) болғанын байқаймыз. Бату ханның немересі Мөңке Темірден кейін Алтын Ордадағы билік үшін мұрагерлер арасындағы талас кезінде Батудың шөбересі Тоқтаның қарсыластарын жойып, оны хан тағына отырғызатын осы Ноғай батыр. Бұл – 1290 жыл деп көрсетеді түркі тілдес халықтардың шежіресін алғаш хатқа түсірген Хиуа ханы Әбілғазы Баһадүр өз жазбаларында. Салих Закиров Рашид-ад-дин жазбаларына сүйеніп, «Ноғай – Жошының асыранды ұлы Бувалдың (Бууал) немересі, Татардың ұлы деген дерегін келтіреді. Алтын Орда тарихын терең зерттеген шебер жазушы Ілияс Есенберлин өзінің «Көшпенділер» кітабында: «Дешті Қыпшақ рулары да моңғол тәрізді көшпелі жұрт, қашып жүріп, босып жүріп соғысып, өз теңдігін оңай бермеді. Жошы ұрпағының бұнымен де санасуына тура келді. Тиімді болса, қыпшақтан қыз алып, қыз беріп кетуден де тайынбады. Осындай жағдайда Бату өзінің бір қызын маңғыт жігітіне ұзатады. Одан Ноғай деген инал (көне түркі тілінде – шешесі хан тұқымынан, әкесі қарадан, ақсүйек тұқымы екенін білдіру үшін арнаулы «инал» деген ат берген) туады. Ноғай асқан батыр, ақылды болады. Хан тағына отыруға хұқы жоқ, әке жағынан Шыңғыс тұқымынан емес, бірақ Бату хан өлген кезде, оның әскерін басқарады. Осы Ноғай қырық жылдай бүкіл Жошы тұқымына айтқанын істетеді. Алтын Орда хандарын өз қолымен отырғызып, алып тастай алатын әмірші болады». Оқырманның байқағанындай, қолында сонша билік пен бедел тұрғанда Ноғайдың хан тағына өзі отырып алмауы – оның хан тұқымы, мұрагері болмағандығынан екендігі ақылға сыйымды көрінеді. (Әдеби шығармадан тарихи шындықты іздеу үнемі оң нәтиже бермеуі мүмкін екендігі де есімізде). Хан тағына мұрагерлер арасында Ноғайсыз-ақ қиян-кескі таластар жеткілікті болатын. К.Пишулинаның тарихи зерттеулерін жоғары бағалай отырып, Ноғай батыр Жошының ұрпағы емес, асыранды баласының ұрпағы немесе жиені деген Есенберлин дерегіне тоқтаған жөн сияқты. Орыс ұлтында қыздан туғанды (жиенді) атасы басқалығына қарамай немересімен теңестіре, кейде «внук» деп атай беретінін ескерсек, күдікке орында азаяды. Немесе С.Закиров жазғандай, асыранды ұлдың ұрпағы болғанда да Ноғай хан тағына заңды мұрагер бола алмас еді. Сонымен Ноғай батыр – тегі маңғыт, Бату ханның қызынан туған жиені, алғыр да қызуқанды әскери қолбасшы. Көзсіз батыр Ноғай нағашы атасы Батудың Батысқа бағыттаған жойқын жорығын жалғастырушылардың үнемі алдыңғы сапында болады. Қырғидай қыйып түсер жылдамдық, әрдайым өз жасағының алдында жүрер жанкештілік, арыстанның өзін тәубесіне түсірердей жүректілік Ноғайды хан алдында да, қара алдында да беделді етті. Кезінде Ноғай батырды тәкаппар Византия императорының өзі құрметтеп, оған қызын берген дейді. Еуропа елін жаулаудағы ерен еңбегі үшін Мөңке Темір хан оған Еділден Дунайға дейінгі (келесі бір деректерде Дон мен Днестр аралығы, тағы бірінде Днестрдің оң жағалауы делінеді) аймақты тарту етеді де оның қол астындағы елі Ноғай ұлысы атанады. Кейбір деректер Ноғайды Алтын Орданы әлсіретуге, хан мұрагерлері арасында іріткі салуға әрекеттенген арам ойлы адам ретінде суреттейді. Оқырманның байқағанындай, Ноғайдың, өмір бойы Алтын Орда үшін күрескен Ноғайдың еліне сатқындық жасауы қисынға келмейді. (Ол ел басқаруға қабілетсіз мирасқордың Ноғайға деген көзқарасы болуы мүмкін). Бұл – ХІІІ ғасырдың екінші жартысы, оның соңғы ширегінің шамасы болу керек. Ноғай Дунайда тұрғанмен оның ұлысының ұйытқысы Прут пен Днестр өзендері орталығы болыпты. Ноғай 1300 жылы (М.Тынышбаевтың түсіндіруінде 1306 жылы) Тоқта ханмен соғыста қаза табады. Ноғай өлтірілгесін батыстағы оның иелігі Шыңғыстың басқа ұрпағына ауысады да, халқының біраз бөлігі Еділдің сол жағалауына көшіріледі. Ноғай ұлысының халқы туралы әңгімелесек Дунай жағалауы – бұл Еуропаның ортасы, ХІІ ғасырда Қыпшақтардың ат басын тіреген жер шеті – оның тұрғындарын шамамен сол жердегі жергілікті еуропалықтар(олар да кезінде Ғұн, Хазар, Оғыз – жалпы түрік тектестермен араласқан) мен Қыпшақтардың араласуынан, кейін Ноғай батырдың сан түрлі тайпалар жауынгерлерінің «жанынан безгендер» жасағынан тұратын жанкешті әскері құрамынан тұрады деп жобалауға болады. (Ноғай сонауЕуропа шетіне өзінің маңғыт туыстарын көшіріп апарды деудің қисыны келмейді). Ноғай өлтірілгеннен кейін оның ұлысындағы халқының біраз бөлігін батыстағы Днестрден Еділдің шығысына көшірудің қандай қажеттігі болды екен? Ноғай батырдың Алтын Орда хандарының қынабынан суырған алмас қылышы болудан өзге жазығы жоқ болатын. Өмір бойы Алтын Ордаға қалтқысыз қызмет етіп өтті. Тіпті өзімен жауласып, ақыры өлтіретін Тоқтаны хан тағына өз қолымен отырғызған еді-ау! Көсемдерінің жазықсыз өлтірілгенінен хабардар болған ұлыстың белгілі бір бөлігі қарсылық көрсеткен болуы мүмкін. «Бүлікшіл» ренішті топты көз алдында ұстау үшін оларды Хан Ордасы маңына алдырған деудің жөні бар. (Бұл – автордың жеке пікірі екендігін оқырман есіне саламыз) Міне, осы Ноғай ұлысынан Атырауға көшірілген тайпалардың болашақ қазақ халқының қалыптасуында айтарлықтай орыны болғаны тарихымызда айтылады.
Ноғай Ордасы
Алтын Орда ХІІІ-ХІV ғасырларда Ертіс пен Дон өзендері, Қазан мен Хорезм қалалары аралығындағы ұланғайыр аймақты алып жатқан ірі болғаны тарихтан белгілі. Дүние жүзіне аты әйгілі Шыңғыс ұрпағы Батый хан құрған Алтын Орда мемлекеті ХІV ғасырдың екінші жартысында тоқырауға ұшырайды. Хан тағы үшін мұрагерлер арасындағы бітіспес қырқысулар, орыс халқыының азаттық күресі, оған қоса Ақсақ Темір шапқыншылықтары Алтын Орданың іргесін шайқалтып, ыдырата бастайды. Жәнібек хан (1341-1357) қайтыс болғаннан кейін, Алтын Ордада билік үшін өзара қырқыс, бітіспес бақталастық, сарй төңкерістері басталады. Орталықтан берілер қуатты басшылықтың болмауынан бұрынғы айбынды мемлекет жеке-дара тәуелсіз иеліктерге бөліне бастайды да, оларды жеке билеушілер басқарады. Қырым, Астрахан, Қазан шығыста Көк Орда хандықтары осылайша бөлінеді. Алтын Ораданың ыдырауы барысында пайда болған ірі мемелекеттік бірлестіктердің бірі –Ноғай Ордасы болды. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан ХІVғасырдың соңына қарай бөлектене бастайды да, Әмір Едіге тұсында мемлекет ретінде қалыптасуы жалғасып, оның баласы Нұрадиннің (1426-1440) кезінде аяқталады. Ноғай Ордасының негізгі аумағы Жайық пен Еділ өзендері аралығындағы далалық. Хандықтың орталығы – Жайық өзенінің төменгі ағысындағы Сарайшық қаласы. Шығысында Ноғайлар Жайықтың сол жағалауы бойында көшіп жүрген, солтүстік –шығысында Батыс Сібір ойпаты Түмен қаласына дейін, солтүстік –батысында Қазанға дейін, оңтүстік-батысында Арал мен Каспий өңірінің солтүстігіне дейін жететін.
Ноғай Ордасындағы саны жөнінен үстем тайпа маңғыттар болды.
Орданың халқы құрамына маңғыттармен бірге қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, қыпшақ, кеңгерес, қарлұқ және басқа да тайпа, рулардың бөліктері енген. Бұлардың бәрі Орта Азия мен Қазақстанның кең аумағына ХІІІ ғасырдағы буырқанған оқиғалар (шығыстан батысқа орын ауыстыру, кейін Қыпшақ-Оғыз қырқысы) бытыратып, араластырып жіберген түрік және түркі тілдес тайпалар мен рулар болатын. Олардың басшылары арасында билік пен көшіп- қонатын жер үшін үнемі күрес жүріп жатты. Ноғай Ордасы этникалық құрылым емес, Алтын Орданың қираған тамтығынан жиналған саяси құрылым болды. Ноғай Ордасын мекендеген тайпалар қазақ халқы қалыптасуының күрделі процесіне тікелей қатысты.
Енді Ноғай Ордасы халқының құрамы туралы әңгімелесек.
Моңғол шапқыншылығынан кейін өте ұзақ уақыт өтпей-ақ аз моңғолдар көп қыпшаққа сіңіп, тілін жоғалтты, қаны араласып, түркіленіп кетті. Моңғолдық тайпалардың түріленуі олардың (екі жақтың да) тайпалық атауларының өзгеруіне соқтырды. Мысалы, қыпшақ даласындағы сол кезгі көшпелі тайпалардың жинақы атын шығыс деректерінде «өзбек» деп, түркі аңыз-жырларында «ноғайлы» деп атаған. Осы еңбегінде тарихшы-ғалым Б.Ермұқанов қазақ пен ноғайдың рулық-тайпалық құрамы мен аумақтық орналасуының бірдейлігін көрсете отырып, олардың тарихтың белгілі бір кезеңінде тарихы да тағдыры да ортақ туысқан бір халық екендігін дәлелдейді. Жоғарыда көрсетілген Ноғай Ордасы халқының құрамындағы бірнеше қазақ ұлтын құрайтын рулар, ал алшындардың кіші жүз қазақтарының жиынтық атауы екендігін білеміз. Оқырманның байқағанындай, Ноғай Ордасы – Ноғай ұлысынан бір ғасырдай кейін пайда болған, тіршілік ету аумағы да өзге. Ноғай Ордасы – ХV ғасырдың алғашқы жартысында Шығыс Еуропада ірі күшке айналған, кезінде Ресей, Қырым, Орта Азия да санасқан, Ноғай батыр көз жұмғаннан кейін 80-90 жыл өте өмірге келген мемлекет. Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығы халықтарының жақын туысқандығы туралы Шоқан Уалиханов «екі туысқан орда» деп көрсеткен. Мұндай қатынастар қазақтар мен ноғайлардың ханы аталатын Хақназар хан тұсында ХVІ ғасырдың ортасында да сақталады. Ноғай жұртының көсемдері шығыстағы көршілерінен бағдар алып, Әбілқайыр ханның, содан соң қазақ хандарының одақтастары болған. ХV ғасырдың ортасына қарай Ноғай Ордасы тәуелсіз мемлекетке айналады. Ноғайлы тарихында Әмір Едігенің – Батыр Едігенің ерекше орны бар. Ол ХІV ғ. аяғында Жайық пен Еділ арасындағы ноғайлы жұртын Алтын Ордадан бөліп, өз алдына дербес ұлыс құрады. ХІV ғасырдың аяғында Едіге батыр он бес жылдай (1396-1411) шын мәнінде Алтын Ордадағы бүкіл билікті өз қолында ұстады. Едіге өз ордасында екі жүз мыңнан астам атты әскерді ұдайы әзірлікте ұстаған. Өз қолымен қойған хандар арқылы Алтын Орданы басқара отырып, «Ұлы Әмір» (әмир әл-умара) атанған Едігенің билігі зор болған және көрші ұлыстардың өміріне зор ықпал еткен. Алтын Ордадан бөлектенген бірқатар иеліктерде Астрахан, Қырым, Қазақ хандықтарында кезінде Шыңғыс ұрпақтарының біреуін хан көтеру үшін Едігенің келісімі алынатын дәстүр болған. Атынан әлем үрейленген Шыңғыстың, Жошының ұрпақтарына осынша ықпал ете алған Едіге кім еді? Едіге туралы Арабшах, Әбілғазы, Қадырғали Жалайри жазбаларында мәліметтер келтірілген. Сонау түстіктегі Шам мен Меккені билеген мұсылман сұлтандары мен олардың мұрагерлері түгел мойындаған, ерлігі жөнінде «Ер Едіге» жыры жазылған Едіге (1352-1419 жылдар өмір сүрген) – Оңтүстік Қазақстандағы көне Құмкент қаласы билеушісінің баласы. Ол ерен сайыпқыран ержүректілігінің арқасында әмірлікке қол жеткізеді.
Аты аңызға айналған тарихи тұлғаның арғы тегі маңғыттан шығады. Едігенің көзі тірісінде екі жауы болды дейді тарихта, бірі – шығыста Ақсақ Темір де, екіншісі – батыста Тоқтамыс. Едіге Тоқтамысты 1405 жылы өлтіреді. Ал, Ақсақ Темір қолы Қажы-Тарханды (Астрахан), Алтын Орда астанасы Берке Сарайын тонап, талқандап жолындағы Сарайшыққа неге тимеген? Бұл 1396 жыл еді ғой. Едігенің кемеңгер дипломатиясынан ба, әлде Қожа Ахмет Яссауидей бабаға көз тартарлық ескерткіш орнатқан, мұсылмандықты, қасиеттілікті құрметтеген Темір, Сарайшықтың қасиетті әулиелер мекені екенін ескерген болар ма?! Едігенің жиырмаға тарта балалары болғаны, олардың әрқайсысы әскери іске маманданғаны және жеке-жеке әскер ұстағаны туралы тарихи деректер бар. Билікке талас ақыры Едіге батырдың да түбіне жетеді. 1419 жылы Тоқтамыстың кіші баласы Қыдырберді (кей мәліметтерде Қадірберді) Едігені Сарайшық маңында қапылыста қолға түсіріп, әке кегін қайтарады. Ноғай Ордасында бүкіл саяси билік пен экономикалық өмір Едіге ұрпағы – маңғыт әмірлерінің қолында болды және оны рудағы жасы үлкендігінет қарай мұраға қалдырып отырды. Ноғай Ордасы саяси құрылымында Би – ең жоғары мемлекеттік лауазым болды. Биді ру, тайпа болып сайлап қоятын болған. Ел басқару жұмысында ХV ғасырда Едігенің ұрпақтарынан Оқас би (Уакас), Мұса мырза, Жаңбыршы және басқалары аталады. Ноғайлы көсемдері шығыс көршілеріне, қазақ хандарына одақтас болды десек те, уақыт өте олардың арасында да қақтығыстар болмай қалмаған. Мысалы, ХVІ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ хандарының тарихи орны туралы тарих ғылымының кандидаты Б.Кәрібаев жазды. 1534ж Ноғай ордасында болған орыс елшісі Даниил Губиннің Қаһарлы Иванға жазған хабарламасында «қазақтар күшті, олар ноғайларға қарсы соғысқа дайындалуда, ал Мұсаның ұлдары Шеих-Мамай мен Жүсіп мырзалар Қазақ Ордасынан қорқып, Жем бойында тұр» делінген. Сол жылы қазақ-ноғай арасында соғыс болып, қазақтар жеңіледі. Өйткені, 1535 жылы Мұсаның екінші ұлы Сейдақ бектің орыс патшасына жазған хатында қазақ ханы Қожа Махмудтың (Қожа-Ахмет) 15 ұлымен бірге өзінде тұтқында отырғандығын жазады. Сондай-ақ Ахмет ханды Мұсаның немересі Орақ батырдың өлтіргендігін Қадырғали Жалайри шежіресінде келтіреді. Орыс патшасы Қаһарлы Иван 1552 жылы Қазан хандығы, 1556 жылы Астрахан хандығын жаулап алады. Бұл кезде Ноғай Ордасы да бірнеше дербес иеліктерге ыдырай бастаған еді, жекелеген аудандарын бір-бірімен жауласқан, тәуелсіз әмірші мырзалар басқаратын. Сондықтан толассыз жүргізілген өзара қырқыстардың салдарынан ноғайлар көбінесе тұтас ауылдарымен қазақ ханының қол астына қашып паналаған. Қазақтар туралы ноғай көсемдері де орыс патшасына жазып тұрған. 1537 жылы Ноғай биі Жүсіп қаһары Иванға жолдаған грамотасында: «Егер Қазақ ордасымен соғысу керек болса, мен қазір де Жайықтың арғы жағындағы Елек өзенінде көшіп жүрмін» - деп хабарлаған. Сондай-ақ өз ұлыстарының Ноғай ордасынан бөлініп, қазақтарға қосылыып жатқаны айтылған. 1557 жылы Ноғай биі Исмайыл орыс патшасына: «Қазір менің немерелерім Жайықтың арғы жағында қалып, қазақ ханына қосылды, сөйтіп менімен соғысу сәтін күтіп жүр» - деп шағымданған. Ресей Қазақ мен Астраханды қосып алғаннан кейін Еділдің бүкіл аңғары орыс мемлекетіне қосылды. Соның салдарынан Ноғай жұртының қалдығы оңтүстік пен шығысқа ығысады. Жүсіптің орыстар әлі алып үлгермеген Қырым хандығымен достық қатынас жасай бастағанын сезіп қалған Қаһарлы Иван кешікпей Сарайшыққа ауыр қол аттандырады. 1573 жылы орыс әскерлері мен Сарайшықты қорғаушы сарбаздар арасында ауыр шайқас жүреді. Күш тең емес болатын. Қорғаушылар саны 16 мың ғана болса, жау қолы 40 мыңның үстінде. Нәтижесінде орыс әскері Сарайшық сарбаздарын талқандайды, қаланы тонайды. Бұдан бес жыл кейін, 1578 жылы олжа мен қымбат қазына іздеген Дон (кейбір деректе Еділ) қазақтары Сарайшыққа келіп, тірілерді қарақшылықпен талап, өлілердің қабірлерін қопарып, айуандықпен тонайды. Сөйтіп, Ноғай Ордасының астанасы, кешегі гүлденген орталық, хандар ордасы болған Сарайшық, бір кезгі Отырар қаласының тағдырына ұқсас, үйіндіге айналады. Тарихшы Б.Ермұқанов бұған басқа пікірде. Оның түсіндіруінше қазақ топтарында Сарайшықты талқандап, жойып жіберерлік күш болмаған. Сарайшықтың қырғы жайлаудағы халқы, қорғаушы қолы хабарланып болғанша, бұлар тонаған олжаларын алып, су жолымен тез кетуге асығуы тиіс. Сарайшықты талқандаған ХVІ ғ. басында Еділ-Жайық өңіріне келетін қалмақтар болуы мүмкіндігін айтады. ХVІІ ғасырдың басында Ноғайлы халқы ата қонысын тастап, Еділдің арғы бетіне көшеді. Енді осы көшудің себебін іздестіріп көрелік. Орыстың жазба деректерінде ХVІ ғ-дың екінші жартысында Еділдің шығысын Үлкен Ноғайлы, батысын Кіші Ноғайлы ұлысы деп атаған. Үлкен Ноғайлы-Каспий жағалауын, Еділдің төменгі сағасын, Оралға дейін жайлаған. Кіші Ноғайлы – ХVІ ғасырдың 50-жылдары Ноғай Ордасынан бөлініп шыққан феодалдық мемлекет. Ол Еділдің оң жағына, Азов маңына, Кубань даласы мен Донның аралығына орналасқан бірнеше тайпалардан құрылған (ХІІІ ғ. аяғындағы Ноғай ұлысы аумағын еске түсіріңіз) Қазан, Астрахан хандықтары Ресейге бағындырылған ХVІ ғасырдың екінші жартысының бастауында-ақ Ноғай Ордасының бірнеше дербес иеліктеріне ыдырап, оларды өзара жауласқан, тәуелсіз әмірші мырзалар басқарғанын жазған едік. Сөйтіп елде ауызбірлік жоғалды. Шейх-Мамай мен Жүсіп билер кезінде басталған ыдырау Исмайл би кезінде мүлде асқынып кетті. Оның бақталастықпен бауыры Жүсіпті өлімге қиюы-ағайын-туыстар арасында ашу-ыза мен өшпенділік, бөлшектену туғызды. Бұл жағдай Ноғай ордасының мемлекеттік тұтастығын жойды, қорғаныс қабілетін жоғалтты. Қиюы қашқан тірлікті түзеу, бет-бетіне жайылған билікшілердің басын біріктіріп ел ету Исмайлдан кейінгі билік басына келгендердің де қолынан келмеді. Жайылым жер үшін өзара қырқысқан ноғайлының жеке иеліктерін бастыста Ресей Еділ жағалауынан ығыстырса, шығыс терістіктен қазақ даласына ұмтылған башқұрттар мен сібір татарлары тықсырды. Қазақ хандығымен де ара қатынастың шиеленіскен кезі екендігін жоғарыда аталған Қаһарлы Иванға жазылған хаттардан пайымдауға болады. Оның үстіне, бұларға қазақ ағайындардың туысқандық көмек беруіне олардың жоңғар қалмақтарымен жағаласудан қолдары босамайтын екі жүз жылдық соғыз кезеңі басталғанды. «Балапан – басына, тұрымтай – тұсынаның» заманы туды. Ноғай ордасы халқының құрамындағы алшындар (Кіші жүз рулары), олармен бірге Жембойлық ноғайлының қомақты бөлігі қазақ хандығына қосылды. Үлкен Ноғайлының соңғы биі Орманбет (1590-1601ж) о дүниелік болысымен, өзін қорғар күші жоқ, жайылымы тарылған Атыраулық ноғайлы халқы тік көтеріліп, Еділдің арғы бетіндегі Кіші Ноғай ордасы иелігін паналауға көшті. Бұл – соңғы көштің уақыты, ал көшу үрдісі ерте басталса керек. Сөйтіп туысқан қазақ – ноғай халықын тарихтың шатқалаң бұрылысында қатал тағдыр екіге айырды. Туған жерден еріксіз көшу – тарихи үлкен трагедия болды. Туысқан халықтар трагедиясы сол кезден жеткен ауыз әдебиеті туындыларында бейнеленген. «Орманбет би өлген күн, он сан ноғай бөлген күнн» ...Шоқан еңбектерінде Асан Қайғы, ХV – XVІ ғасырлардағы ақын-жыраулар Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіздер қазақ пен ноғайдың ортақ перзенттері делінеді. Көңіл аударарлық тағы бір дерек бар. « ...Түрік философиясының ең көрнекті өкілдері – ХV ғасырдан бері бүкіл Дешті Қыпшақты шулатқан ноғайлы-қазақ жыраулары. Егер бұл поэзияның шығу тегіне тоқталсақ, жыраулар поэзиясы ноғайлы мен қазақ айырылысып Қазақ хандығы құрылған заманда басталады» - деп, ғалым Әуезхан Қодар туысқан, тағдырлас халықтың айырылысу трагедиясының әріден, ХV ғасырдың ортасынан шыға берісте басталғанын жазыпты. ХVІІ ғасырдың 20-шы жылдары қалмақтар Еділ-Жайық аралығын жаулап аларда, бұл жерде ноғайлардың бытыраңқы қалдықтарын ғана кездестіреді. Ноғайлы елінің 1601 жылы көтеріле көшуіне оның алдыңғы жылы болған ашаршылықтың да әсері болды деп көрсетеді өз еңбектерінде түрік ғалымы Зәки Валид. «Кіші жүзде Әлімұлы, Байұлы, Жетіруға кірмейтін Ноғай – қазақ руы бар. Олар-ертедегі ноғайлы заманынан келе жатқан Орақ, Мамай, Сейдақ, Қазтуғанның тұқымдары, Қояс, Үйсін, Қазанқұлақ, Қостаңба аталықтарына бөлінеді». Ноғай-қазақ руының ұрпақтары республикамыздың Ресеймен шекаралас аудандарында, әсіресе Батыс Қазақстанның Жәнібек ауданында, сондай-ақ көрші елдің Астрахан, Волгоград, Саратов, Орынбор, Челябі, т.б. облыстарында тұратын көрінеді. Оралдық тарихшы Жайсан Ақбай: «Самар өзені жағасынан қазақ жері, Бөкей хандығына, Нарын құмына ноғайлардың бір тобы көшіп келіп қоныстанды. Олар Ішкі орда ханына беріле қызмет етеді. Адал қызметі үшін соңғы хан Жәңгір өзінің жарлығымен бұл ноғайларды қазақ рулары қатарына қосады. «Ноғайқазақ» руы осылай (ХІХғ) пайда болған» - деп түсіндіреді. Оқырманның байқағанындай, оралдық Жайсаңның «ноғай-қазақ» атауын ХІХ ғасырда Жәңгір хан берді деуінің қисыны келіңкіремейді. Оның бастауының әріде жатқандығын алдыңғы деректер дәлелдесе керек. 1875 жылы жазылған Сайдаққожа Жүсіпұлының шежіре кітабынан үзінді келтірсек: «... Ноғайлылар ХVІІ ғасырда Ноғай ұлысының соңғы Ордасы Аштархан хандығы құлаған соң қазақ жеріне келген. Діні мен тілі ұқсас олар қазақ тайпаларымен араласып кетті. Ноғайлардың Ширбан аталған тобы Орта жүздің Қоңырат тайпасының, Мамай-Герлик аталған бөлігі қазақтың Құрама тайпасына енген. ...Жалпы ноғайлылар соңғы деректер бойынша бір миллионға жуық. Оның 700 мыңдай жеке Ноғайлы халқы болып есептеледі. Қазақ құрамына 200 мың, татар, башқұрт құрамына 100 мыңдайы кірген. Біз сөз етіп отырған қазақтың Құрама тайпасының ноғайлылары қазіргі уақытта Хиуа, Ташкент маңдарын мекендейді»1 Деректе көңіл толарлықтай-ақ цифрлар келтіріліпті. Бұл бұдан 127 жыл бұрынғы мәліметтер екенін де ескеру керек болар. Шежіреші-ғалым Сайдакең атамыздың еңбегін үлкен ризашылықпен жоғары бағалай отырып, ноғайлар саны туралы цифрларының дұрыстығына бас изеу де қиын. Өйткені, бүгінгі күнгі Батыс жақта тоз-тозы шығып, бытырап жүрген ноғай туыстарымызыдың барлық саны көңіл құлазытарлық, сексен мыңнан аспайтыны туралы дерек бар. Ноғайлар және Ресейдегі Ноғайлардың қыпшақтың көшпенділік салтын сақтағандығы, негізгі күнелтіс көзі – мал және оның өнімдері болғаны белгілі. Ресей елімен экономикалық байланысында сыртқа шығаратын жалғыз ғана тауары – мал болған. ХVІ ғасырда Москваға сонау Жайықтың төменгі ағысындағы Сарайшықтан баратын елші мың-мыңдап жылқы айдаған. Кейде саттық жылқы саны 40-50 мыңға жеткен. Орыстардың той-мерекелерде сәндікке мінетін қаз мойынды арғымақтарындай емес, ноғай жылқылары қайратты, шомбал, мүсінді болмаса да жүріске өте төзімді, жауынгердің жауға мінетін нағыз қазанаты болатын. Осы қасиетіне байланысты ноғай аттарының Москва базарында бағасы жоғары болған. Ресей атты әскері түгелдей ноғай жылқысынан жасақталады. Ноғай атына мінген орыс жауынгерлері батыс шекараларда, татарлармен соғыста жеңіске жетеді. Француздың зерттеуші қызы Ш. Лемерсье – Келькеже былай деп жазыпты: «Феодалдық Москваның мешеу жаяу әскерін қазіргі заманғы жасақты кавелерияға айналдырған құдірет – ол ноғай жылқысы. Онсыз орыстар мұсылмандар иелігін басып ала алмаған юолар еді». Ноғайлардың атауы атбегілеріне (жылқының күтімі мен ауруын емдеу әдістерін жетік білетіндеріне) орыс патшасы артынан әдейі шақыру келіп, жоғары жалақы тағайындаған. Ноғайлар ұтылыстарын кеш ұққан. Орыс кавелериясына ер-тоқым, әрине ноғайлыдан әкелінеді: сатып алынады, шеберді Ресейге алдыртып жасатады. Ноғай елінің артықшылығы – үстіндегі жауынгердің садақ тартуына, қылыштасуына, оңды-солды, алды-артындағы жауымен найзаласуына оңтайлы жасалуында. Орыс атты әскері соғыста қыпшақтың садағын, қоян-қолтық ұрыста ноғайдың ұзын семсерін пайдалануды үйренген. Көргенді тамсандырған ноғай қамшысы – үлкен өнер туындысы.
Қиялыңызға бір сәт ерік берсек:
Бүлдіргесін қос қабат қайыс таспамен мықтап, өзегіне қорғасын құйған, ер қаруының біріне татырлық тобылғы сапты сарала жез сақиналы қамшы ұстаған, есік пен төрдей кербестігінің үстінде, көсілте желіп, қаршығадай жинақы ноғай жігітті, оған ілесе күміспен көмкерілген арқар мүйізінен сабы бар әшекейлі жеңіл қамшыны жұмыр білегіне іле салып, қынама бел камзолды ноғай аруы тайпалған жорғасымен жаныңыздан өтіп барады...
Жан дүниеңізді жаулаған жарасымды әдемілік! Иә, бұл ХVІ ғасыр. Алтын Ордада, Ноғай ордасында да мұрагерлер арасында таққа талас үзілмеген. Билік жолында бар анадан туғандар бір-бірін өлтірген жайлар кездеседі. Ресейдің Қаһарлы Иванымен ауыз жаласқан Исмаил мырзаХVІ ғасырдың орта шенінде орыстарға қарсы болғаны үшін өз ағасы Жүсіп биді өлтіреді. Ноғайлының ұйымшылдығы жоғалып, берекесіздік етек алады. Ноғайлыдан осы кезде кейбір мырзалар өз туыстарын ертіп, Ресейден баспана іздейді. Жекелеген жауынгер топтар қару-жарақтарымен келіп, патшаға қызмет етуге сұранады. Орыс патшасы келімсіктерді Еділ бойындағы Романов қалашығына орналсуларына ұрықсат етеді. 1570 жылдары Романовтағы ноғайларда мұсылман мешіті болғаны айтылады. Қаһарлы Иван Романов қалашығандағы ноғайларға болашақта да өз кезіндегідей жағдай жасап отыру, жөнінде өз ұлына өсиет қалдырған.1 Қалашақта ноғайлар еркін жүріп тұрды, өздерінің мырзаларына бағынды. Ал мырзалар Ресейдегі Ноғай елшілігіне бағынды. Салық мырзалар қалтасына түсетін тәртіп болды. Бұл жеңілдіктерге жауап ретінде ноғай жауынгерлері қажет болған кезінде Ресейді қорғауға сөзсіз қатысуға міндетті болды. ХVІІ ғасырдың орта шенінде Романов ноғайлары Татарстанның қазіргі Чистополь ауданына көшіріледі. Орыс шаруалары Романов ноғайларынан қой бағуды, оның терісін илеп, сапалы да жылы тон тігуді үйренді. Тон тігудің етек алғаны сонша, ХVІІ ғасырдың ортасында болған Польшамен соғыста Ресей солдаттарын қысқа тонмен қамтамасыз еткен. ХVІ- ХVІІ ғасырларда Ресей патшасына қызмет еткен, сонысы үшін князь атағын алған ноғай мырзаларының бірнеше ағайынды тобы болды. Олар- Байтереков, Қанбаров, Құтымов, Тынбаев, Тыңмаметов, Ұрмаметов, Ұрысов, Шейдяков, Жүсіпов фамилиялы мырзалар. Осылардан ХХ ғасырдың басында Ресейде Ұрысовтар мен Жүсіповтер ұрпақтары бар екендігі айтылады. Қалған мырзалар тұқымдары жергілікті ұлтқа жұтылып кеткен.
Ноғай Ордаларының бірігуі
Исмаил мырзаның қарамағындағы Үлкен Ноғай ордасы 1557 жылы Ресейге тәуелділігін мойындаған. ХVІІ ғасыр бастауында Үлкен Ноғайлы Еділдің оң жағалауына көшіп Кіші Ноғай ордасымен бірігеді де Қырым хандығы мен Түрік сұлтандарына тәуелді болады. Түркия мен Ресей арасындағы соғыстарға байланысты ноғайларға қоныстарын еріксіз бірнеше рет өзгертулеріне тура келеді. Ресейдің Түркиямен соғыстағы жеңісі, Қырым хандығының құлауы, ХVІІІ ғасыр соңында Ноғайлы жұртының өмірін өте қиындатып жібереді. Оларға Ресейге сөзсіз бағыну немесе мемлекет аумағынан көшіп кету туралы қатаң шарт қойылады. Бұл Ноғайлардың заңды наразылығын тудырды. Мектеп оқулығынан әрқайсысымызға белгілі әйгілі қолбасшы А.В. Сурворов 1783 жылы Ноғайлыға жазалау экпедициясын ұйымдастырып, көпке танымал көсемдері мен көзі ашық зиялыларын, соғыс ісіне жарамдыларын түгелдей құртып жібереді. Жеке ұлт басына төнген бұндай зұлымдыққа арада ғасыр жарым уақыт жіберіп, қазақ елі де ұшырағанына тарих куә. ХVІ ғасырдың ақырында Ноғайларды отырықшылыққа көндіру мақсатында Ресей патшасы олардың киіз үйлерін жаппай өртетіп жіберген кездері де болған. Күйзелген ноғайлардың бір бөлігі (1812 жылы екі мың түтін, 1860 жылы 180 мың адам) Түркияға өтті, келесі бөлігі Солтүстік Кавказға, қазақ жеріне ауды. Осы босқындардың бір тармағы Башқұрстанға қоныстанады. Кейін, Ресейге қаратылғасын, ХІХ ғасырдың 40-жылдары олардың бір бөлігі Челябі облысы жеріне көшіріледі.
Ноғай халқы ХХ ғасырда
Ноғайлы жұртының өмірінде бірнеше ғасырға созылған ауырпалықтар халықтың санының азаюына әкеліп соқты. ХVІ ғасырда қазіргі Қазақстан аумағын түгелге жуық жайлаған (көшіп жүрген), ал ХVІІ- ХVІІІ ғасырларда Еділ, Кавказдан Дунайға дейінгі далалықты толтырған халықтан бүгінгі күні 80 мыңнан аспайтыны қалған. Ноғайлар 1927 жылы Кеңес өкіметі тұсында Дағыстан құрамына енгізілсе, 1944-1957 жылдар ішінде Грозныйға бағындырылады. Ал 1957 жылдан бері РСФСР Жоғарғы Совет Президиумы Указымен (9 қаңтар 1957 ж.) Ноғай халқының негізін құрайтын бөлігі үшке: Ставрополь өлкесіне, Дағыстанға және Чечен-Ингушке бөлініп жіберіледі. Сөйтіп өзі тоз-тоз болған ноғайлардың қалдығын одан әрі бөлшектеп, бұл ана тіліндегі мектептердің жабылуына соқтырады. Бүгінгі күні ноғайда рухани да, саяси да орталық жоқ, төл мәдениеті жоғалу қаупінде. Жұмыс жоқтықтан біршама жастары тағдырдың салғанына көніп, сонау Сібір, Уренгой жақта кәсіп іздеп жүрген жайлары бар. Өлеңдерін ноғайлы жұрты жылап отырып оқитын Ғамзат есімді ақыны халықтың бүгінгі бейшара халіне шарасыздықтан өзіне-қзі қол жұмсап, дүниеден өтіпті. Бұндай оқиға біреу емес көрінеді. Бұл мәліметтерді ноғай жазушысы Сүйін Қапаевтың өз аузынан естіген ақын Дүйсенбек Қанатбаевтың 2000 жылдың 21 ақпан күнгі қазақ радиосынан «Сыр сандық» айдарымен жүргізген хабарынан тыңдағанбыз. «Труд» (04.06.02) газетіне сілтеме жасай отырып, «Жас Алаш» (08.06.02) газеті жуықтағы сандарының бірінде жайсыздау хабар жазды: «Ваххабизм ауруы ноғай даласында кең тамыр жайды. Жаппай жұмыссыздық пенкедейшілік адамдарды оңай жолмен олжа табудың түрлі тәсілдеріне итермелеуде. ...Ноғай даласында діни экстремизмдердің қаптап кеткені соншалық, олар дәстүрлі исламды ұстанатындарды мешітке кіргізбеуге дейін барған. ...1979 жылғы санақ бойынша бұрынғы Кеңес Одағында алты мыңдай ғана ноғай болыпты». Бабалар заманында біздің көне Сарайшық орталығы болған Ноғай Ордасын құрысқан, қатар жүріп оны қорғасқан туысқан қандастарымыз – Ноғайлы жұртының бүгінгі тағдыры осындай. Отыз жылдың үстінде әділетсіз бөлшектеуге шыдап келген ноғайлар жалпы ноғайлық съезден кейін 1990 жылы «Бірлік» деп аталатын аймақаралық қоғамдық ұйым құрады.
«Бірліктің» саяси бағдарламсы:
-1957 жылғы Ноғайлыны бөлшектеу Жарлығының күшін жойғызуға қол жеткізу,
-Ноғай жұртын, территориялық болмағанның өзінде, мәдени автономияға біріктіру. Ноғайлы халқының осындай мақсатты жұмыс жүргізіп жатқан «Бірлік» қоғамдық ұйымын 1995 жылдың күзіне дейін басқарған зейнеткер ұстаз, тарихшы Балбек Аджібайрамұлы Келдасов 1999 жылдың күзінде Сарайшық мұражай-қорығында болған. Ноғайлының тарихи ауыр тағдыры туралы жетпісті алқымдаған ақсақал асықпай әңгімелеп берді. Сарайшықта жерленген жеті хан кесенесіндегі Ноғай Ордасының билері Мамай мен Жүсіпке арналған құлпытастарды құшақтап тұрып, Балбек ақсақалдың:
-Арыстарым-ай, бар екенсіңдер ғой!
Ал біз Сіздің ұрпақтарыңыздың етек-жеңін әлі жинап бола алмай жатырмыз-деп, егілгенін көргенде біз де тебіреністе болдық. -Ата жұртқа кері көшсек, сияр едік-ау, мынау далаға – дейді, көзі боталаған ноғай қарты.
-Ол мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе ғой- дейміз біз. -Бауырлық парызыңды өтепсің, рахмет, Қазағым! – деді кетерінде Балбек ақсақал. Бізде қадірменді қартқа, оның «Бірлік» ұйымының қолға алған ісіне ақжол айтып, Ноғайлы жұртына жаңа ғасырда тәуелсіздік тілеп қоштастық.
САРАЙШЫҚ – АСТАНА ҚАЛА
Сарайшық – ХІІІ-ХVІ ғасырларда Батыс пен Шығысты байланыстырған Ұлы Жібек Жолының бойындағы маңызды бекеттерінің бірі, Хан Ордасы болған ортағасырлық қала. Академик Ә.Марғұланның пікірінше, Сарайшық кезінде дүниеге аты әйгілі болған Алтын Орда мемлекетінің астанасы Бату Сарайымен қатар, ХІІІ ғасырдың орта шенінде салынған. Сонау VІ-VІІІ ғасырларда Қытайдан шыққан Жібек Жолы керуені Сыр бойын жағалай келіп, Маңғыстау даласы, Каспий арқылы Дербентке өтіп,одан әрі ішкі Еуропаға жол тартса, Алтын Орданың өмірге келуі ХІІІ-ХІV ғасырларда бұл керуен жолының Солтүстік Каспий тармағының жандануына, сөйтіп бұл бағыттағы қалалар мен елді мекендердің тез дамуына, солардың бірі – Сарайшықтың да гүлденуіне тікелей әсер етті. Жолының негізгі бөлігі негізгі тоқтатты делінеді тарихта. Дегенмен ХV-XVІІ, тіпті ХІХ дың ішінде Ресейден Сарайшық, Үргеніш арқылы оңтүстік елдеріне сауда керуендерінің жүріп тұрғандығы туралы деректер бар). Әр керуенде біренше мыңдаған көлік пен әлденеше жүздеген адамдардың болатынын ескерсек, Сарайшық керуен сарайларында аптасына бірнеше керуенді қабылдау қаншалықты ауқымды шаруа болғандығын елестету қиын емес. Күні-түні ағылған керуен Сарайшық үшін байлықтың көзі болды. Қала тез өсті, байи түсті. Онда сол заманғы шығыстық сәулет өнерінің озық үлгілерімен салынған ғимараттар көбейді. Дүниенің түпкір-түпкірінен керуенмен келген әртүрлі елдердің өкілдерін тамсандырған ғимараттар Алтын Орданың қалаларында аз болмапты. Кезінде орыс патшасы өзінің Мәскеуінде атақты Қызыл Алаңды салдырарда оның жоба үлгісін Сарайшықтан,Кремль қорғанының жоба-үлгісін Бату Сарайынан алыпты-ау! ХХІ ғасыр көрерменін сүйсінтер Мәскеудегі әдеміліктер бұдан жеті ғасыр бұрын Сарайшықта жасалған! Отыз жылға таяу Алтын Орданы басқарған Бату қайтыс болып, інісі Берке таққа отырды. Мысыр еліне құл ретінде сатылып барып, сол елдің хан тағына көтерілетін қыпшақ ұланы Бейбарыстың Берке хан қайын атасы екені оқырманға белгілі. Сол Беркенің орта ғасыр тарихында (мектеп оқуларында) айтыла бермейтін ерекшелігі – оның Сарайшықты Алтын Ордада мұсылмандардың діни орталығы жасауы. Сөйтіп Сарайшық Алтын Орданың рухани астанасына айналады. Берке бұнда мемлекет қазынасынан әдейі қаржы бөлдіріп мешіттер салдырады, діндарларды, дәруіштерді, тіпті қайыршыларды да тегін тамақтандыратын, жатқызатын орындар (забия) салуға, оның үзіліссіз істеп тұруына мүмкіндік жасайды. Сарайшықта сол кезгі (бұнда араб саяхатшысы Ибн Баттута болатын 1334 жылдары) зәбия басшысы, мұсылмандықты уағыздаушы Сейіт атаның (қайтыс болғаннан кейін әулие атанған) араб-парсы жақтан келушілерден емес, түрік текті жергілікті халық өкілі болғанына зейін аударыпты тарихшы ғалым Б.Ермұқанов. Шамасы, бұл дерек ХІV ғасырдың бірінші жартысында Сарайшықта ислам дінінің халық арасында кең тарала бастағанындәлелдесе керек. Солтүстік Каспий аймағында ислам дінінің VІІІ ғасырларда тарағаны туралы деректер де бар. Сарайшықтағы Аққу көлі, алтын қайық, көмілген мол қазына туралы халық аузында аңыздар көп айтылыпты. Сарайшықтың өркендеу кезеңі монғол өзбек ханның баласы Жәнібек (1341-1357) ханның тұсына сәйкес келсе керек. Шоқанның, өзге де тарихшылардың мәліметтерінде Жәнібек хан өз жанына ел сыйлаған билерді, шешендер мен жырауларды, халық қамын ойлаған жақсылар мен жайсаңдарды жинаған дейді. Сол Жәнібек керуеннен толассыз түсіп жатқан байлықты халықтың игілігіне, қаланы көркейтуге жұмсапты. Талай ел өкілдерін тамсантқан Аққу көлін осы кезеңде Жәнібек салдырыпты. Электр тогы адам игілігіне қызмет етпестен бұрынғы ескі заманда көл табанын суға толтыру, оны үнемі жаңартып отыру әлденеше ондаған қосақ өгіздермен, сандаған шығыр құрылғыларын күндіз-түні айналдырумен іске асатыны түсінікті жай. Жәнібек бұл істі үлкен ақыл-парасатпен істеген. Көл суына керуенмен келген қап-қап қант төктіріп, аққу мен қаз қондырған. Оларды ұшырып жібермеудің барлық шараларын алыпты. Хан қызы өзінің құрбыларымен бірге әкесі жасатып берген аққу мүсінді алтын қайығымен құстарға дән беріп, бірте-бірте қолға үйреткен. Көл маңында өзіне қауіптің жоқтығына көзі жеткен құс атаулы Сарайшық аруларының алақанын қытықтап, бидайын жеп, жаз бойы Секер көлде еркін сайрандап, керуенмен келген шет жерліктер алдында қаланың сән-салтанатын арттырады. Сарайшықтың Аққу көлі туралы хабар ел-елге тарайды. Жәнібек хан онымен де шектелмей, оңтүстік бал татыған жеміс ағаштарының түр-түрін алдырып, көл жағалай отырғыздырады. Балғын шыбықтарды отырғызып, жерсіндіріп жібергенше, сол жақтың шебер бағбандарын да жалдап алады. Осы ғажайыпты көзімен көріп, куәгер болған италиялық саяхатшылардың бірі «сол ғасырларда бау-бақша отаны саналған пасыларда кездеспеген жүзім мен жеміс ағаштары Сарайшықта өседі екен» деп жазды. Оңтүстік елдерінің базарларында сатып алып жейтін (бағасы арзан емес) уылжып піскен, дәмі тілді үйіретін небір жемістің түрлерін Сарайшыққа келген шетелдік қонақтар атақты Аққу көлінің жағасында жеміс ағаштарының қоңыр салқын көлеңкесінде демалып жатып, өз қолымен үзіп жегендіктерін елдеріне барғанда аңыз ғып айтып жүрген. Бұл пәнидегі Сарайшықтай жұмақты көру, Аққу көлінде сайрандау сол кезгі бұны естіген әр саяхатшы мен саудагердің арманы болса керек. Келесі бір аңызды тыңдап көріңіз. Жасауын жасап, ұзатқалы отырғанда, Жәнібек ханның жалғыз қызы, он бес жасқа қараған шағында, кенеттен қайтыс болады. Қыз жасауына сол кезгі мемлекеттің тұтас қазынасына тең байлық жұмсалыпты деседі. Қызын алтын табытпен, барлық жасауымен, алтын қайығымен қоса жерлеуге әмір етіпті хан. «Сонша байлықтың жерге көмілгенін естіген бір қара жүрек қарақшы қызыңыздың денесін ит пен құсқа жем қылып, кәбірінен шығарып тастап, байлықты алып кетсе, Сіз қай қарақшының артынан қуып жүресіз?»- деп сақтандырған уәзірлер, ханға қызын жасырын жерлеуге ақыл қосады. Ханнан жеке тапсырма алған жетеу сол түні таң қараңғылығына дейін қызды жерлеп үлгереді. Хан тапсырмасы «ұшқан құс, жүгірген аң, тірі жан қызымның қайда жерленгенін білмейтін болсын. Орындасаңдар әрқайсысың ат басындай алтын аласыңдар» болыпты. Түн бойына қала халқы шұрқыраған жылқы дыбысын есітіп жатыпты. Сан мыңдаған жылқы бірнеше сағат бойына қабір үстімен ілгері-кейін айдалса керек. Таң қараңғылығында уәделі алтындарын алғалы келген жетеуді хан емес, оның жендеттері қарсы алыпты да, түгел бастарын алып тастапты-мыс. Хан қызының денесімен бірге қомақты қазына-байлықтың жерге көмілуі туралы аңыз және бұнда бірнеше хандардың жерленуі (хандар қабіріне өздері тірі кезінде тұтынған қымбат дүниелері мен қарулары көміліпті-мыс),түптің түбінде Сарайшықтың сан қайтара тоналуына, ақыры бір кезгі Шыңғыс хан қиратқан Отырардай күлі ғана қалған үйіндіге айналуына соқтырады. 1578 жылы (кейбір деректерде 1580 жыл) Иван Грозныйдың мирасқоры Федордың Сарайшықтағы әдемі алаңның қалдығын жою тапсырмасымен жіберген Еділ мен Жайық бойы қазақтары, ерінбей байлық іздегеннің бәрі, ХVІІ ғасыр басындағы қалмақтар, олардан қалғанды ХІХ ғасырда орыс археологтарының атын жамылғандар өлілердің кәбіріне дейін айуандықпен тонайды, әлденеше рет астын үстіне шығарып қопарады. Ендігі қазбадан күтеріміз ескі қаладағы қорған сыртында орналасқан делінетін түрлі шеберханалар мен көлемді деп айтылып жүрген бесінші мешіт және кезінде қала сыртында орналасқан керуен сарайлар орындары болар. Тарихи құнды жәдігерлер табылуын да жоққа шығаруға болмас.
Сарайшықтың екінші өмірі
(Атырау өлкесі 1600 – 1900 жылдарда)
Сарайшық талқандалған 1580 жылдары қазақ хандығында Хақназар хан өлтіріліп, таққа Тәуекел келді. Ол өз кезінде Ферғана, Самархандтыбасып алады. Бұл кезеңде Хиуа хандығын басып алып, өз жағдайын біршама түзегенБұхар хандығының ноғайлармен келісімі Қазақ хандығына қауіп туғызды. Тәуекел ханның Мәскеуге жіберген елшісінің айтуынша, Бұхар ханының негізгі көздегені – Жайық бойындағы Сарайды (Сарайшық болар) қала – бекініс етіп, Астараханды өзіне тәуелді ету.
Ресей де қазақ хандығымен келісімге белгілі себептермен мүдделі болатын. Бұл – Ресейде Иван Грозныйдың баласы Феодор өліп, орнына Борис Годуновтың таққа отырған кезі. Н. Тынышбаевтың жазуында ноғайлының Орманбет биі 1597 – 1598 жылдары өлтіріліп, оның інісі Естерек 1604 жылы Астрахан маңы даласында, Терек, Кума, Еділ, Царицын маңында көшіп жүрген ноғайлардың бас князы болып тағайындалады. 1598 жылы Тәуекел өліп, Есімхан таққа отырды. Есімхан заманында қазақтар саны өздері келіп қосылған ноғайлы халқының арқасында екі есеге дейін өсті. Қазақ хандығы күшейе бастады. Казақтар тонап, қиратқан Сарайшық ХVІІ ғасырдың басында қаңырап бос жатты. Кезбе қазақ – орыс топтары, қазына іздеген өзгелер де, ал кейін, сол ғасырдың 20 - 30 жылдары осы өлкеге келген қалмақтар да қала орнын қайта - қайта тонады. Сарайшық қазынасының тоналуы ХХ ғасырға дейін ұласады.1904 жылы Орынбор ғылыми – мұражай комиссиясы хабарламасында ғалым Г. Скалов сарайшық қаласы қазыналарының жыртқыштықпен тоналуы туралы мәліметтер берген. ХVІІ ғасырдың басында Сарайшық арқылы өтетін сауда керуендерін мұндағы казактар мен қалмақтар айуандықпен тонаумен болды. Сөйтіп, үш жарым ғасырдай сауда керуен қатынасының бірегей орталығы болған Сарайшық, Хан Ордасы, имандылық ұйыған діни орталық болған бай астана өзінің мән – мағынасын жоғалтты. Сарайшық қаласының орны жатқан Жайық бойы, Атырау аймағының ХVІІ ғасырдан бергі тарихы – осы өлкеде тарихи тағдырлары тоғысқан Қазақ елі мен Ресейдің және Еділ – Жайық бойы казактары (казак – орыстары) мен екі өзен арасын ғасыр жарымдай мекендеген, тағдыр желі қаңбақша домалатқан қалмақ халқының бір бөлігінің (ойраттардың тарихы).
Қалмақтар мен қазақтардың бұл өлкеге келу тарихына қысқаша шолу жасалық. Монғолдардың су – монғол тобы (татарлар) маңғыт, ұңғыт, және шүршіт тайпаларына бөлінеді. Соңғы шүршіт тайпасынан ХVІІ – ХVІІІ ғасырларда тарихта жиі айтылатын қалмақтар (ойраттар) шығады. "ХVІІ ғасыр басында ойрат одағын құрған дүрбіт, хошеуіт, торғауыт, чорос, хойт рулары"– деген деректер де бар. 1635 жылдар шамасында Жоңғарияда ойрат тайпалары бірігіп, Жоңғар мемлекетін құрады. Бұған дейін ойраттардың бір бөлігі батысқа ойысқан болатын. Малына жайылым, жанына жәйлі қоныс іздеген қалмақтардың қомақты бөлігі сонау Жоңғариядан Қазақстанның шығыс – терістік шекараларымен қозғалып, батыстағы екі өзен аралығына жетеді. Т.Әліпқали П.И.Рычковтың "Орынбор губерниясының топографиясы" (1761 жылдар шамасында шығарылған) еңбегіндегі деректерге сүйеніп, мына мәліметтерді келтіреді: "Ақ Жайық өңіріне аяқ басқан алғашқы казактар Василий Гугняның бастауымен Доннан қашып келген отыз қарақшы болады. Қашы – пысқан тексіздердің есебінен бұлардың қатары кейін біртіндеп көбейе береді. Қарақшылар Каспийде қайықпен жүзіп, қарусыз сауда кемелерін талап – тонауды кәсіп етеді. Мұз қатып, салқын түсе олар Жайықты өрлеп, қалың ағаш арасын паналайды..." Қазақтардың осы және бұдан өзге де топтары кезінде бай қала атанған Сарайшықты әлденеше рет тонауға қатысса керек. ХVІ ғасырдың аяғында Ресейдің иелігін екі есеге дейін өсіруге үлкен үлес қосқан, өз атамандарына ғана бағынып, өкімет билігін мойындамаған казачество "орыс жерінің сақтаушылары, қорғаушылары" деп аталады. Сөйтіп, Еділ мен Жайық, Қама менТобыл өзендерінің аралығында үстемдік құрған казачествоның жеке – жеке төрт тобы: солтүстіке – Есет казақтары (негізін Ермак құрған), оңтүстікте – Жайық казактары, ал батыста – Уфа және Самара казак әскерлерінің негізін қалады. Гурьевтегі балық кәсіпшілігі Каспийдің балығын Астрахан арқылы Ресейге асырып жатты. Қазақ халқын жан – жақтан жау анталап, қыспаққа алып, "Ақтабан шұбырындыға" ұшыратқан кезеңде "Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады" – дегендей, елдің батысында Ресейдің жеделдете отарлау әрекеті іске асырыла бастады. Ресейге арқа сүйеген қалмақтар екі өзен арасын еркін иемденіп, Жайықты бойлаған бекініс шебіндегі казактар өзен бойын оның шұрайлы жерлерін меншіктеп, жергілікті казактарға жайылымдық жер қалдырмады. Ата қоныстан әділетсіздікпен шеттетілген қазақтар қалмақтармен де, казактармен де жиі – жиі қақтығысқа барып қалатын. Орыс империясы өзінің шығыстағы саясатын іске асыру мақсатына пайдаланып отырған қалмақ пен казактарды әрине жергіліктілерге жығып бермейді. Солай болды да. Орынбор губернаторы И.И. Неплюевтің 1742 жылғы жарлығында "Қырғыз – қайсақтардың Жайыққа жақын жерлерге көшіп – қоныстануына, мал жаюуына қатал тиым салынсын" делінген. Бұл жарлық қазақтардың өршіп тұрған наразылығын одан әрі күшейтті. Қалмақтар мен казактардың малын айдап кету етек алды. Бұндай әрекеттер қарсы жақтар тарапынан да болып тұрды. Ресейдің қазақ жерін "оқ шығармай" отарлау әрекеті үздіксіз жүріп жатты. Дендер тұз көлін барып көреді. Ол өзінің "Орыс империясының түрлі провенцияларына саяхат" атты белгілі кітабының 400 беттен астамын Жайық өңіріне арнаған. "Көктем, жаз айларында Сарайшықтан Гурьевке жету қиямет – қайым. Жол бойы көлкіген су, саз балшық көлікті аттатпайды, әрі маса- сона нағыз тамұқтың өзі... " – деп жазған ғалым осы сапары жайлы. Патша өкіметінің рұқсатымен 1801 жылы Бөкей Сұлтанмен бірге 5000 үй екі өзен ортасына көшіп келеді. Осы жылы орыс патшасы бірінші Павелдың жарлығымен батыс казақстанда Бөкей хандығы құрылады. Бұл Ресей империясының қазақтарға аяушылық сезімінен туған әрекет еместігі түсінікті. Қазақ хандығының бір ту астына жиналып, бір орталықтан басқарылуынан, сөйтіп күшейіп кетуінен сақтанған ресей, оларды бөлшектеп, ұсақ хандықтарға ыдыратқанды қалады. Бөкей хандығығың құрылуы - осындай жымысқы ойдың жемісі. Бұл әрекетімен Ресей"бір оқпен екі қоянды олжалады". Қазақ хандығын бөлшектеу ойын іске асырса, сонымен бірге көршілес қазақтардың жер жөніндегі наразылықтарын, уақытша болса да басқандай болды. Патшалы ресейдің Бөкей хандығын құруда тағы бір көздегені болатын. Қазақтар Еділ мен Жайық арасындағы Самар даласына екі миллионнан астам мал өсіріп, керек кезінде Ресейді асырауға тиіс болды. Бұл ойлары жәрмеңкелер арқылы кешікпей іске аса да бастаған. Патша өкіметі қазақ даласына жәрмеңкелер ашып, халықты қанаудың келесі бір түрін пайдаланды. 1867 жылы жәрмеңке алғаш рет Ойылға таяу Қазыбек деген жерде ашылыпты. 1752 жылдан бері Жайық қазақ әскерінің құрамына берілген Гурьев қаласында 1810 жылы күзет әскері таратылып, сауда мен балық кәсіпшілігі қаласы ретінде қалдырылды. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Жайық шебі өзінің әскери қорғаныстық маңызын жойып, жаңа әкімшілік бөліктерге бағындырылды. Сарайшық та әскері таратылып, әкімшілікке бағынатын қалашық қалпіне түседі. Бөкей ордасы өмір сүрген кезеңде де қазақтар үшін жер дауы әлі шешілмегені белгілі. Патша өкіметінің аяусыз отарлау саясаты, ішкі ортадағы үстем таптың әділетсіздігі бұл өлкеде халықтың сан рет бас көтерулерін туғызды. Сырым (1783-1797 жылдар), Қаратай сұлтан (1797-1814 жылдар), Исатай-Махамбет (1836-1837 жылдар) бастаған халық көтерілістері тарих жадында. 1827 Ішкі ордада айта қаларлықтай жұт болады. Қар қалың түсіп аяғы малқолға қарап қалды. Малдың көктемге жетпей қырылып қалатынын сезген ел наурыз айында Жайық сыртындағы бұрынғы қара жұртқа жасырын көше бастайды. Амалын асырғаны бар, пара баргені бар, теңіз айналып өткені бар (ол жылдары Жайықтан әрлі – берлі өтуге қазақтарға тиым салынған), 1887 шаңырақ Жайықтың сыртына құлайды. Сөйтіп, амалдаған қазақтардың бір тобы малдарын аман алып қалады. Сарайшықтағы камалда әскери гарнизон және түрме болған. Халыққа әділетсіздігі үшін Жәңгір хан мен Қарауыл қожаға қарсы болған Исатай 1823 жылы қараша айында тұтқындалып Сарайшық түрмесіне қамалған.
Сөз соңы
І – ХХ ғасырлар аралығындағы Атырау өңірінің тарихын өз түсінігіміз көлемінде әңгіме еттік. Қырық қабат қасиетті Бабалар тарихын бір қабатын көтере алдық па екен?! Ұлы Даланың қомақты бір бөлігі – Атырау өлкесі, қос өзен сағасы – Батыс аймағында түркі жұртының талай ұрпағы алмасты. "Мың өліп, мың тірілген" ұлтымыздың алдынан ақ күн туып, тәуелсіз ел болдық.Бабалардың ұланғайыр иелігінің батыс бөлігінде атыраулықтардың бүгінгі ұрпағы өсіп, өркендеуде.Тәуелсіз еліміздің бақытты болашағына зор үлес қосы алатынына олар сенімді.
ІІ ТАРАУ
АЛТЫН ОРДА ХАНДАРЫ
АЛТЫН ОРДА ХАНДАРЫ
ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысында оңтүстігінде Солтүстік Иран, терістігінде Оңтүстік Орыс жерін, батысында Кавказ, шығысында Қытайды жаулап алып, үлкен империя құрған Шыңғыс хан осы ұланғайыр байтақ өлкені иелігінде тұрақты ұстап тұру үшін оны өзінің төрт ұлына бөліп, еншілеп береді. Сонда Ертістен батысқа қарай Жетісудың теріскей бөлігін қамти отырып, төменгі Еділ бойына дейінгі жерді қоса бүкіл Қыпшақ даласы үлкен ұлы Жошының үлесіне тиген болатын. Сөйтіп, ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап Шыңғыс хан ұрпақтарының мемлекеттері пайда болды. Олар – Қытайдағы Хұбылай әулетінің, Ирандағы Хұлағу әулетінің, Батыс дешті Қыпшақтағы Бату әулетінің, Жетісу мен Шығыс Түркістандағы, Орта Азиядағы Шағатай әулетінің мемлекеттері. Шыңғыс ханның низамдары (заңы) бойынша ұлдары басқаратын төрт хандық бәрі бір хағанға – монғолдың Ұлы хағанына бағынатын болған.
Бату хан
(1227 – 1255)
Бату – Жошының Орда – Еженнен кейінгі екінші ұлы.
Шыңғыс сарбаздары әйелді өздері жеңген елден алатын. Бату қазақ жерінде ер жетті. Оның ана тілі қыпшақ (қазақ) тілі еді. Түрлі айғақтарға қарағанда, Бату хан шетелдік елшілермен коман (қыпшақ) тілінде сөйлескен. Бату құрған Алтын Орда мемлекеті – қыпшақ мемлекеті еді. Өйткені Алтын Орданың халқы түркі тілдес елдер, басым көпшілігі қыпшақтар. Мемлекеттің тілі қыпшақ, діні ислам болды. 1227 жылы Жошы қайтыс болды да, оның орнын баласы Бату басты. Ол таққа отырысымен Қарақорымда өткен моңғол ақсүйектерінің бас қосқан құрылтайының шешімімен Шыңғыс Европаны жаулауға аттанды. Содан Еділ болгарларын, орыс княздерін талқандап, Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдавияны, Валахияны ойрандап, Адриат теңізінің жағасына ат басын тіреген Бату хан 1242 жылы өзінің ордасы орнаған Еділдің сағасына қайтып оралды. Мұнда ол тарихқа"Алтын Орда" деген атпен танылған жаңа моңғол мемлекетін құрды. Алтын Орда хандары кестесінің Бату ханнан басталу себебі де осыдан. 1236 – 42 жылдары Батудың батысқа жасаған жеті жылдық жорығы нәтижесінде Жошы ұрпақтары Ұлысының территориясы батыста Дунайға дейін кеңейеді. Өз кезегінде Бату хан ағасы Орда – Ежен мен інісі Шайбанға сіңірген еңбектері үшін бұрынғы ұлыстарына тағы жаңа жерлер үлестіреді. Тарихшы Әбілғазының дерегінде Бату Шайбанға 15 мың үйлік, Орда – Еженге 10 мың ел берген. Алтын Орда 250 жылдай орыс княздерін өзіне бағындырып, олардың салық алып отырды. Бірақ Алтын Орда Ресей жеріне қыспақ жасаған жоқ. Бату хан моңғолдар орталығы – Қарақорымға бағынышсыз, тәуелсіз саясат жүргізді. Шыңғыс хан саясатын қолдамады. Қарақорымға шақырса да бармады, оған сезікпен қарады. Бірақ моңғолдың орталық қағандығының ішкі саясатын алыстан байқап, оған ықпал жасап отырған. Бату хан 47 жасында қайтыс болды. Ол мемлекет тұрғысынан ойлайтын, әділ, дене құрылысы мығым, дана адам болған. Халықтың оған "Сайын" деп ат қоюы да тегін емес. Арбшадан аударғанда ол дана, әділ деген сөз екен. Қазақта "Ер Сайын"деген дастан да болған. Бату орыс княздерімен дұрыс қарым – қатынас ұстады. Батудың өзі құрған мемлекеттің атын Алтын Орда атауы да оның қыпшақ тілді екендігін дәлелдейді. Бату Ордасы 1240-1250 жылдары Еділ бойында болғандығы туралы шетел саяхатшылары жазбаларында деректер бар. 1245 жылы көктемде Карпини Бату Ордасын Еділдің төменгі сағасынан кездестіргенін жазады. Ал Рубрук Бату Ордасын 1253 жылдың күзінде Еділ Бұлғарлары ауданында, ал сол жылдың қысында Еділ бойындағы Сарай маңында кездестіргенін жазыпты. Бату хан (Сайын хан) ержүрек батыр, алғыр болған. Оған атасы Шыңғыс алтын үздікті ақ киіз үй сыйлаған. Батудың бұйрығымен Алтын Орда астанасы Бату Сарайы қақпасының алдында тірідей толық өлшемінде қос арғымақтың мүсіндерін таза алтыннан құйдырып орнаттырған. Бату сарайында кезінде 100 мыңдай халық тұрған. Ол кезде Европаның ірі қалаларында сонша көп халық болмаған. Бату батысқа жорығы кезеңдерінде орыстың православие шіркеуіне арқа сүйеген, сөйтіп славян халқының көңілінен шыққан. 1229 жылы бүкілмоңғолдық құрылтайда Шыңғыстың орнына оның өсиетімен Өгедей Ұлы хағандыққа сайланды. Осы құрылтайда батыста қыпшақ түріктерін түгелдей бағындырып, бұлғарларды, орыстарды да бас игізу үшін іске кірісуге қарар қабылданды. Сол 1229 жылдың өзінде Бату әскері Дешті –Қыпшақ жерінің батысына сұғына кірді. Жайықтан өтіп, үш жүз мыңдық әскерімен Бату Нарын құмын, ондағы тұрғындары ат тұяғымен таптап өтеді де, Еділ бойына жетеді. Шыңғыс кезіндегі "Яса" бойынша әрбір әскер онбасылардың, онбасылар жүзбасылардың, жүзбасылар мыңбасылардың, мыңбасылар түмен басының (түмен -он мыңдық әскер) қоластына қарайтын. 1236 жылдан бастап Бату Еділ бойы, Бұлғар мемлекетіне, Орыс еліне шабуылдан бастады. Шашыраңқы, өзара басы бірікпеген орыс княздіктері жұмырықтай жұмылған, әскери қатаң тәртіпке бағынған Бату әскеріне айтарлықтай қарсылық көрсете алмай, бірінен соң бірі тізе бүкті. 1237 ж. Рязань, Москва княздіктері, 1238 ж. Владимир, Сүздаль, Кострома, Ростов княздіктері бағындырылды. 1239 жылы Бату қыпшақ даласын бағындырды. Осы жылы Муром, Переяславль, Чернигов қалаларын алды. 1240 жылы Киев қаласы үлкен қарсылықпен тізе бүкті. Қиратылған Киев қаласы ХVғасырға дейін қаңыраған күйінде жатты. Батудың түмендері жаппай шабуылдап бүкіл Европаны жаулап алуға таяу қалғанда, Моңғолдың Ұлы хағаны Өгедейдің кенеттен қайтыс болғандығы туралы хабар жетіп, жеңімпаз хан шабуылды кейінге қалдырып, Еділ бойына қайтады. Бату осы кезде Еділдің төменгі сағасында Сарай қаласын салуға жарлық береді. Бату өзі түгелге дерлік бағындырылған Европа елдерінің ішкі істеріне араласпай, дініне, мемлекеттік басқару істеріне еркіндік берді, тек салық төлеп отыру міндетті болды. Княздік лауазымдарын бекіттіріп, жарлық алуға орыс княздері Сарай қаласына келе бастайды. 1246 жылы моңғолдың Ұлы хағаны Күйікке арнап Рим Папасынан жіберілген елшілер арасында болатын Плано Карпини өзінің саяхатнамасында (Карамзин жазбалары бойынша)төменгі деректерді келтіреді: "... Қыпшақ жерлері арқылы жүріп, Днепр, Дон, Еділ өзендерімен жүзіп, Жайыққа бардық. Бату хан Еділ бойына әсем сарайлар салдырыпты. Бізді Бату хан шатырына алып барды. Ол салтанатпен тақта отыр екен. Ханның үй іші, жоғары мәртебелі шаһзадалар, төрелер, төменіректе сұлу әйелдер орындықта отырды. Папаның хатын хан мұқият оқыды. Музыка ойнап тұрды. Хан алтын, күміс тостақтармен қымыз ішеді екен. Бату хан зор денелі, қызыл шырайлы, ашық жүзді, білімді, қайратты, тәжірибелі, соғыс кезінде айлакер, тапқыр, қарауындағыларға қайырымды, жомарт еді. Шеттен келген сыйлықтардан ештеңе де алып қалмай, басқаларға бөліп беретін". Орыстың бытыраңқы княздері Батудан тағлым алды. Өз іштеріндегі алауыз дұшпандықтарын біртіндеп жоюға кірісті. Княздіктердің ірісін де, ұсағын да бір орталыққа бағындырудың қажеттігін түсінді. Княздіктердің ірісін де, ұсағын да бір орталыққа бағындырудың қажеттігін түсінді. Моңғолдардан әскери заңды, соғыс ғылымын, шеруге шығу тәртіптерін үйренді. Бату хан, аяғының ауруы асқынған, өмірінің соңғы кезеңінде мемлекет басқару ісін өз ұлы Сартаққа тапсырған. Өз кезеңінде дүниежүзі таныған, байтақ иелікті алып жатқан Алтын Орда мемлекетін маңдай тері, білек күшімен құрған Бату хан (саяхатшы Рубруктың көзбен көрген деректеріне сүйенген Карамзиннің анықтауынша).
1255 жылы Сарай қаласында қайтыс болады.
Қ.Салғараұлы да өзінің " Хандар кестесінде" Карамзиннің осы дерегіне сүйенген сияқты. Г.А. Феодоров – Давыдовтың жазуында Бату ханның қайтыс болуы 1256 жыл делінген. Ибн Халдунның жазбаларында Бату хан 1252 жылы қайтыс болған делінеді. Бұл Рубрук естелігіне қайшы. Д. Кішібековтың " Бату 47 жасында қайтыс болды" деген мәліметіне сүйенсек, Бату ХІІІ ғасырдың басында, 1208 – 1209 жылдары туған болады.
Берке хан
(1257 – 1266)
Қ. Салғараұлы жазуында Берке Алтын Орда тағында 1257 – 1267 жыларда отырды делінеді. Ол – Жощының үшінші ұлы, Алтын Орда мемлекеті тарихында үлкен орны бар хан. Берке ханның Береке, Бөрге оғлан деп те аталғаны туралы Шәкәрімнің шежіресінде жазылған. Салих Закиров Бартольдтің, Тизенгаузеннің Абілғазының еңбектеріне сілтеме жасай отырып, Берке хан туралы төмендегі мәліметтерді келтіреді: Жошы ұлысы Беркенің тұсында Ұлы монғол хағандығынан тәуелсіз өз алдына сыртқы саясат жүргізетін мемлекетке айналды. Бату өз заманында Ұлы моңғол хағандығында қанша беделді болды десек те, Алтын Орда ұлы империяның бір бөлігі ретінде есептелетін. Шетелдің елші өкілдерін Бату міндетті түрде Ұлы хағанға аттандырып отыратын. Берке жас кезінің өзінде билік алдында белгілі беделге ие болған еді. Менгу ханды Ұлы моңғол хағандығы тағына отырғызар кезде Бату таңдаулы әскер тобын осы Берке інісіне басқартқан. ХVІІ ғасырдағы тарихшы Абілғазы жазбасында Берке хан мұсылмандықты Жібек Жолы керуенімен келген діндар адамдардан Сарайшық қаласында қабылдаған делінеді. Ал Ибн – Халдунның мәліметінде Берке Құран кітабымен Ходжент қаласы имамдары арқылы танысып, Бұхардаға мұсылман ғалымдарымен сан рет пікірлескеннен кейін исламды қабылдаған делінеді. Беркенің 30 мың мұсылманнан тұратын армиясы болғандығы, олардың барлығы шариғат талаптарын толықтай орындағандығы, жұма намазына үзбей қатысып, жайнамаздарын үнемі өздерімен бірге алып жүргендігі, сарбаздарының шарапаты татпағандығы айтылады тарихи деректерде. Беркенің хан сарайында бай кітапхана болғандығы, онда мұсылман ғалымдары жиі – жиі бас қосып, құран қадистері, шариғат мәселелерімен пікірталастар өткізіліп тұратындығы туралы хабар сонау түстікте жатқан Үнді еліндегі тарихшы Джүзджаниге дейін жеткен. Ан-Нувайри Беркенің Шыңғысхан ұрпағы ішінен алғашқы болып исламды қабылдағанын, мұсылмандық сенімнің шамшырағындай боп, өз елінде мешіттер мен медреселер салдырып, діндар адамдарға үлкен құрмет көрсеткенін жазады. Берке ханның исламды қабылдауы (ол исламды хан тағына отырмастан бұрын қабылдаған) Алтын Орда мемлекетінің сыртқы саясаты тарихында үлкен маңыз алады. Алтын Орда мемлекеті оңтүстіктегі мұсылман елдері, Орта және таяу Шығыс елдері алдында үлкен беделге ие болды. Мұсылман елдері үшін Алтын Орда сияқты ірі мемлекет басшысының ислам дінін қабылдауы қуатты одақтастың пайда болуы ретінде қабылданды. Сол кезеңде Мекке, Мәдина, Кайр және Иерусалим қалаларындағы оқылған жұма намаздарында өз елдерінің сұлтандары аттарынан кейін Берке хан есімі аталып, халық атынан алғыс айтылып, Жаратушыдан оларға имандылық, ұзақ ғұмыр, терең ақыл – парасат тілеп отырылған. Ал-Муфаддал суреттеуінде"Берке – сирек сақалды, жалпақ бетті сары адам. Шашы екі құлақтың артына тарап қойылған, бір құлағында сегіз қырлы қымбат таспен әшекейленген алтын сырға. Үстінде жібек шекпен, басында қалпақ, бұлғарлық жасыл былғарыдан жасалған алтындаған белбеуі қымбат тастармен әшекейленген. Аяғында қызыл шегірен былғарыдан тігілген кебіс..." Иран мен Иракты жаулап алу кезінде Хұлағу әскерінің ішінде Берке жіберген Алтын Орда әскерлері де болғанды. Алайда соғыста қолға түскен олжаға Хұлағудың сараңдық жасауы, Әзірбайжан территориясы жөніндегі келіспеушілік, оның үстіне орта ғасырлық мәдениеттің ошағы саналған Бағдат қаласын әскеріне аяусыз ойрандатып, оның халифы ал – Мустағасимды өлтіруі (бұның өзі Хұлағуға сол кезгі мұсылман әлемінің өшпенділігін туғызған) әрекеттері үшін, туысқандығына қарамастан Берке оны дұшпаны санады. Алтын Орданың Египет елімен дипломатиялық қатынасы ХІІІ ғасырдың 60 жылдарының басынан басталады. Египет сұлтаны ал – Малик аз – Захир Байбарыс (бұл моңғолдар шапқыншылығы кезінде қыпшақ даласынан Мысыр еліне құл ретінде сатылып кетіп, онда хан тағына көтерілетін Бейбарыс) Берке ханға алғашқы хатын 1260 – 1261 жылдар шамасында Алтын Орда арқылы өтетін керуендегі алан купецтері құрамындағы сенімді адамынан беріп жіберген. Осыдан бастап Алтын Орданың Мысыр елімен дипломатиялық достық қатынасы ұзақ уақыт бойы үзілмеген. Мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруінің, достықтың, айнымас одақтастықтың кепілі ретінде хандар өзара қыз алысып, қыз беріскен. Осы дәстүр бойынша Алтын Орда хан Берке Египет сұлтаны Бейбарысқа қызын бергені көпшілікке тарихтан белгілі. Бұл некеден Бейбарыстың мирасқоры Саид – хан Мұхаммед туады. Бұл ұлды оның нағашысы құрметіне Насираддин Берке хан деп те атаған. Хұлағу бастаған құмырсқадай қаптаған моңғол әскерінің бетін қайтаруда Бейбарыс бастаған мамлюк әскерінің жанқиярлық ерлігі, кең көлемді ұйымдастырушылық қызметімен қоса (ол моңғолдар жақындағанда Сирияның терістік аудандарындағыәйелдер мен балаларды елдің ішіне көшіртіп, босаған аудандардағы мал жеуге жарарлық шөптерді түгелдей өртету арқылы Хұлағу атты әскерінің көліктерін бірнеше күндер бойына жемшөпсіз қалуына мәжібүрледі) қажет кезінде Беркенің көмек қолын созуының үлкен маңызы болды. Берке мен Хұлағу арасындағы (туысқандар арасындағы) бітіспес араздықты Н.Қазыбек өзінің "Алтын Орданың құрылуынан құлауына дейін" кітабында төмендегіше түсіндіреді: Оңтүстікте мұсылман елдерінде ойран салған Хұлағудың және Беркенің әкелері бір туған. Хұлағу Төленің ұлы да Берке Жошының ұлы. Ал Жошы мен Төленің Шыңғыс хан балалары екенін білеміз.
Шыңғыс хан балалары ішінде исламды алғаш қабылдаған Берке болатын. Мұсылмандықты Беркеге ілесіп әйелі Шешек, бірге туған інісі Тоқайтемір, өзге де ұлықтары мен қарауындағылар қабылдаған. Тарихшы Әбілғазының жазбаларындағы мәліметтерде Берке мұсылман болғаннан кейін, Бағдадтағы Ғабаси Мұстағасім халифаға достық келісімін берді және әрқашан хат жазысып тұрды делінеді. Міне осы тұста Хұлағу Бағдадқа шабуыл жасап, Ирак елін, қаланы талқандап, халифты өлтіріп, жазықсыз қан төкті. Жазықсыз қан төгілмеу жөніндегі Беркенің мұсылмандық ұстанымына өз туысқаны тарапынан нұсқан келді, шаһит кеткен Бағдад халифы Ғабаси Мұстағасім алдында өзін күнәлі сезінді.
Енді ол Хұлағудан кек алудың жолын іздейді.
Мысырға жорыққа дайындалып жатқан Хұлағудың, Мөңке хағанның қайтыс болғанын естіп, Қарақорымға кетуіне тура келеді. Мөңке хаған қайтыс болған соң, Ұлы хаған тағына Құбылай мен Арық-Бұға арасында талас басталды. Осы кезді пайдаланған Берке, Хұлағудың Қарақорымда жүрген кезінде, оның оңтүстікте қалған қолын Мысыр әскерінің түгел қырып салуына жағдай жасайды.
Хұлағу мен Берке арасы одан әрі шиеленісе түсті. 1261 жылы Берке мен Хұлағу әскерлері Кавказда Ширван жанында кескілескен ұрысқа кірісті. Қосымша күшпен Берке ханның өзінің келуі ұзаққа созылған ұрыс тағдырын шешеді. Хұлағу хан әскері осы соғыста түгелге жуық жойылады. Жоғарғы баяндалған кедергілер болмағанда, Хұлағу хан Мысыр мемлекетін, бүкіл ислам әлемін бағындыруы шүбәсіз еді. Сөйтіп, ислам әлемі Берке ханның көмегімен моңғол шапқыншылығынан аман қалды. Бірнеше жылдарға созылған бұл соғыста Алтын Орданың атақты әскери қолбасшысы Ноғайдың ерекше орны болғандығы өзалдына бөлек әңгіме. Берке орыс княздерімен өзінен бұрынғы Бату хан саясатын одан әрі жалғастырды.Өзге орыс княздіктері сияқты Новгород княздігі де 1259 жылы бейбіт жолменАлтын Ордаға бағыныштылығын мойындады. Берке хан ислам дініне әрқашан көңіл бөліп отырды.Ол шешімді, ақылды да әділ хан болды. Адамдардың қанын жазықсыз төгуге қарсы болды. Құран кәрімді, шариғатты барымен қорғады. Ғалымдарды, ақындарды,өнер адамдарын құрметтеп, оларға ерекше қамқорлықжасады. Насыралдин, Әбуғали сияқты діни ғұламаларды жоғары бағалады. Ислам ғалымдары даңқтыларының бірінен саналатын Әбу әл-Иржаһ ибн-Махмуд әз-Заһд ислам дінінің құқықтарын дәлелдейтін кітабын 1260 жылы бітіріп, Берке ханға сыйға тартады. Беркенің туған жылы туралы Н.Қазыбектің 1209 жыл дегенінен өзге дерек жоқ : Оның қайтыс болған 1266 жыл жөнінде Н.Қазыбек пен С.Закировтыңдеректері сәйкескенмен Қ.Салғараұлы "Хандар кестесінде" 1267 жыл деп көрсетеді. Ол Алтын Орда хандары туралы деректерді Манчестер университетінің профессоры, "Мұсылмандар әулеті" кітабының авторы К.Э.Босворттан алғандығын жазыпты.
Мөңке Темір
(1267 – 1280)
Мөңке Темір- Батудың немересі, Тұқанның ұлы, Беркеден кейінгі Алтын Орданың билеушісі. Қ.Салғараұлының "Хандар кестесінде" Мөңке Темір 1267-1280 жылдарда Алтын Орда тағында отырды делінген. Мөңке Темірдің хандық құрған тұсында Алтын Орда моңғол империясының орталығынан толықтай дербестенеді. Мөңке Темір Алтын Орда тарихында бірінші рет өз атынан теңге соқтырады. Мөңке Темір тұсында орыс княздеріне, православие дін басшыларына, Генуя, Венеция көпестеріне өз қолынан жарлық қағаз беріп, батыс аймақта тыныштық орнатылды. Ол 1269 жылы Талас өзені бойында өткен Құрылтайда Шыңғыс хан ұрпақтары (Жошы, Шағатай, Үгедей) ұлыстарының арасындағы алауыздықтырды тыйдырды. Алтын Орданың Кавказ бен Еділ бойындағы беделін арттырып, ықпалын күшейтті. Орта ғасырлық араб, парсы тарихшылары деректеріне сүйенген Тизенгаузенге сілтеме жасай отырып, Салих Закиров өзінің "Алтын Орданың Египетпен дипломатиялық қатынастары" еңбегінде төмендігі мәліметтерді келтіреді: Мөңке Темір өзінің алындағы Бату, Берке хандар сияқты Алтын Орда тарихында атақты тұлға бола алмаса да, елдің оңтүстік, оңтүстік – батыс шекараларында Беркенің бастаған ісін одан әрі жалғастырды. Хижраның 666 жылы (1267/68 жылдары) Бейбарыс өзінің елшісімен жіберген хатында Беркенің қайтыс болуына байланысты көңіл айтып, Мөңке Темірді хан тағына отыруымен құттықтаған. Сонымен бірге Хұлағу (бұл кезде оның орнында баласы Абақ) әскерімен соғысты жалғастыру жөнінде өтініш еткен. Кавказдағы ұрыс еселенген күшпен жүріп жатты. Египетпен арада елші алмасу жұмысы да бұрынғысынан кеміген жоқ. Араб, парсы тарихышлары Шафи ибн Али, ал- Айни, ибн Васил, ал- Муфаддал, ибн ал- Фурат, ал-Макризи жазбаларында Египетпен 1267-1273 жылдар ішінде сан рет елшіліктер алмасқандығы айтылады. Мөңке Темір елшісінің Бейбарысқа апарған бір хатында (бұл 1273 жыл шамасында) "Хұлағу (кейін Абақ) әскерінің басып алған мұсылман жерлері иелеріне толық қайтарылатын болады" – деген мәтіндегі грамота және "мұсылмандар жерін дінсіздерден" тазарту үшін екі жақ бірігіп, шешуші ұрысқа шығуымыз керек" деген ұсыныс болғанын айғақтайды ал- Мұфаддал өз жазбаларында. Ибн ал-Фурат 674 хижра жылында (1275/76 жж) Бейбарыс сұлтанның Мөңке Темір елшілерін еліне қайтарғанын, олармен бірге әмір Изз- аддин ал- Фахри мен ал-Багдади бастаған өз елшілерін жібергенін жазады. 1277 жылы Бейбарыс қайтыс болып, Египет Сұлтандығына оның ұлы ас- Саид ибн Бейбарыс отырды.(Сол кезгі Мысыр тарихшылары ал- Мухасин, ал Макризилардың жазуында Бейбарыс қымызға қосылған уға уланып өлген) Мұсылман елдеріне қауіп төндіріп тұрған Хұлағу әскері Египеттің жаңа сұлтаны ас- Саид ибн- Бейбарыстың да түн ұйқысын бұзғаны түсінікті. 1280 жылдың шілде айында Египет Сұлтаны Шамсаддин Сонкор ал- Гутми және Сайф- аддин Балабан бастаған елшілерін теңіз арқылы Алтын Ордаға жіберді. Сұлтан елшілігі Алтын Орда Сарайына 1281 жылдың қыркүйек айында ғана жете алды. Бірақ, бұл кезде Мөңке Темір қайтыс болып, хан тағына Туда Мөңке отырған болатын. Мөңке Темір хан 1280 жылдың шілде айында тамаққа шыққан іріңді жарадан қайтыс болды.
Сарайшықтағы хандар пантеонында ең алғаш жерленген осы Мөңке Темір хан.
Тоқта хан
(1990 – 1312)
Тоқта – Бату хан ұрпағы, Мөңке Темірдің көп ұлдарының бірі. Ол Мөңке Темір қайтыс болғаннан кейін таққа отырған Тода Мөңке, Тола Бұқалардан кейін, Ноғай батырдың көмегімен АлтынОрда ханы болды. Қ. Салғараұлының кестесінде Тоқта Алтын Ордада 1290-1312 жылдары хандық құрды делінеді. Тарихи әдебиеттерде Тоқта ханның есімін Гияс-ад-дин Тоқта, Тоқтай, Тоқтағу, Тоқатай деп құбылтып атау кездеседі. Тоқта хан өз мемлекетінде 1310 жылы ақша реформасын жасады. Соның арқасында Алтын Орда аймағындағы ақша айналымында Сарай дирхемі жетекші орынға шықты. Уақыт өте келе бұл дирхем мен одан кейін шыққан Сарай ақшалары Еділ бойы, Солтүстік Кавказ, Мордва, Бұлғар, Азов, Қырым өлкелеріндегі барлық ақша түрлерін ығыстырып шығарды. Ол өзін таққа отырғызған Ноғайды өлтіріп, оның ұлысын иемденіп, ел ішінде тыныштыққа қол жеткізді. Тоқта кезеңінде ХІV ғасыр басында Алтын Ордада әскери күщте және экономикада өрлеу басталды. Тоқтаның хан тағында отырған алғашқы он жылы Алтын Орданың өз ішінде аса бір мазасыз кезең еді. Феодалдық өзара қырқыс етек алды, орыс княздерінің салық жөніндегі әділетсіздікке наразылықтары, хан төңірегіндегі сенімді адамдар арасынатасталған өсек – аяңдар Сарай маңындағы ақсүйректер арасында дүрбелең туғызды. Соңы ел ішінде екі жақ болып соғысқа ұласты. Бұл соғыс 1300 жылдар шамасында Ноғай қолының талқандалуымен аяқталды. Парсы тарихшысы Натанзидің дерегіндегі Ақ Орданың Алтын Ордадан бөлінуі елде осы ішкі қайшылықтар етек алған кезде болған болуы мүмкін. Тоқта ханның мемлекеттің сыртқы істерімен айналысуына енді ғана мүмкіндік туды. Ол 1303 жылы Парсының сол кезгі ильханы Газанға "Арран аймағын және Азербайжанды сөзсіз берерсің"-деп талап қойды. Кейін Парсының ханы Харбендке "Тавризге дейінгі Хорасан аймағын берерсің" -деп талап қойғанын жазады елшімен жіберген Египет Сұлтанына хатында. Әрине бұл талаптар Иран тарапынан орындалмағаны тарихтан белгілі. Тоқта Египет Сұлтаны ас-Саид ибн Бейбарысқа "екі жақтап Иранға шабуылды басталық. Сенің әскерің басып алған жері сенікі болсын, менің әскерім басып алған жер менікі болсын" – деп ұсыныс етеді. Харбендпен бейбіт келісімге келгендігін айтып, Сайд сұлтан шабуылға шықпайтындығын хабарлайды. Египетте мемлекет басшылығына сұлтан Мұхаммад ибн Калаун келгесін де Тоқта Иран жөніндегі ұсынысын қайталап, өткізе алмайды. Бұл 1304 – 1306 жылдар болатын. Алтын Орда шекарашыларының Хұлағу әскерімен Сирия шекарасындағы 1308 жылдың қыркүйек айындағы қысқа мезгілдік соғысынан өзге оңтүстік шекарада жағдай Тоқта өмірінің соңына дейін тыныш өтті. Тоқта хан 1312 жылы Құрнадағы өзінің жазғы ордасында қайтыс болады да, Сарайшыққа әкеліп жерленеді.
Өзбек хан
(1312 – 1341)
Өзбек – Федоров-Давыдовтың кестесі бойынша Жошының ұрпағы, Мөңке Темірдің немересі, Тұғырылдың ұлы. Өзбек хан мәрт мінезді, ақылды адам болды. Ол қарауындағы халықты әділетті басқарды. Оның кезінде мемлекет "Өзбек елің деген атпен даңқын асырды. Мауренахр халқы, Ферғана, Бұқара, жалпы Дешті Қыпшақ түріктері Өзбек хан есіміне байланысты кейін өзбек аталатын қауымға айналды. Берке хан кезіндегі Египет елімен достық қатынас жалғасты, Мысыр патшасы Насырға қыз беріп, сүйек жаңғыртылды. Өзбек ханның таққа отырған кезінде Орыс елінде ірілі-ұсақты княздіктер арасында бітіспес алауыздықтар, түрлі сылтаулармен соғыстар жүріп жатқан болатын. Княздер арасындағы алауыздықты біржола тоқтату мақсатымен Өзбек хан Москва князі Григорийді орыстың барлық княздеріне басшылық жасайтын ұлы княз етіп бекітті.
Карамзиннің дерегінде бұл оқиға 1319 жыл делінеді. 1327 жылы Ресейдің ұлы княздігіне Өзбек хан жарлығымен Иван Калита тағайындалды. Сөйтіп Өзбек хан орыстарды "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға", бірігіп ел болуға үйретті. Тарихта Ресейді Ресей еткен Ұлы Петр мен Екатерина делінеді. Олардың еңбегін жоққа шығармасақ та, Ресейдің елдік негізін қалап берген ХІV ғасырдың алғашқы ширегінде Алтын Орданың Өзбек ханы болатын. Бүкіл Дешті Қыпшақ халқы Өзбек хан кезінде ислам дінін қабылдады. Сөйтіп, ислам Алтын Орданың мемлекеттік дініне айналды. Ол айбыны асқан мұсылман патша болды. Басып алған жерлеріндегі бодандарына бостандық, теңдік орнатты. Басқа діндерге де ислам дінімен бірдей еркіндік берді. Өзбек ханның мына бір жарлығы (Карамзиннің дерегі бойынша 1319 қоян жылы, күздің бірінші айының төртінші күні қол қойылған) осының дәлеліндей: "Жоғарғы мәртебелі Алла тағаланың еркі және құдыретімен біздің қоластымыздағы сөзіміз жүретін жерлердегі барлық ұлы, орта және кіші княздерге, әскербастықтарына, кітапшілерге, басқақтарға (салық жинаушылар), жазушыларға, елшілерге, аңшыларға, бүкіл ұлысқа, орыс адамдарына, Митрополит Петрге, поптарға және басқа осы сияқты адамдарға ешкім тіл тигізуші болмасын!
Олардан.. ешбір салық алынбасын! ...Егер діни адамдардың нәрселерін алушы болсаңдар, үш есе етіп қайтарасыңдар. Кімде – кім христиан дінін жамандаса, монастырь және шіркеулерге тіл тигізсе, ол адам өлтіріледі". Өзбек ханның бұл ісін діни біліксіздігі деп ұғып және христиандыққа бүйрегі бұрады-ау деген жорамалмаен Рим папасы оған елші жібереді. Папа елшісінің емеурінін түсінген Өзбек хан былайша жауап беріпті: "Папаның діні өзі үшін қандай құрметті болса, ислам діні де біздер үшін дәл сондай құрметті".
Парасаттылық емес пе!
Шежіреші- тарихшылар Өзбек хан жөнінде пікірлерін қалдырған. Мысалы, ал- Бирзали "ол исламды уағыздауымен бірге ақылдылығымен, келісті сыртқы келбетімен де ерекше көзге түсетін" -десе, аз-Захаби..."сырт келбетінің өзі көз тоярлықтай, ержүрек батыр адам еді" – деп жазады. Тыныбек, Жәнібек және Қызырбек есімді ұлдарының, Айткөшек есімді қызының сүйікті әкесі, халқын мұсылмандыққа баулыған парасат иесі Өзбек хан 1341 жылы қайтыс болып, Сарайда жерленеді. Өзбек ханның туған жылы туралы деректер әртүрлі. Мысалы Н. Қазыбек кітабында. Өзбек 13 жасында хан тағына отырды десе, С.Закиров кітабында ол хан тағына отырарда жасы отыздарда еді деп жазады. Сонда Өзбек хан 1299 немесе 1282 жылдардың бірінде туған болады. Н.Қазыбектің деректерінде Өзбек ханның қайтыс болуы 1340 жыл және соңғы деректер бойынша 1342 жыл деп түзетілген. Ал Қ.Салғараұлы өзінің "Хандар кестесінде" профессор К.Э. Босворттың "Мұсылмандар әулеті" кітабында сілтеме жасап, 1341 жылы деп жазады.
Жәнібек хан
(1341 – 1357)
Жәнібек- Жошы ұрпағы, Мөңке Темірдің немересі болып келетін Өзбек ханның екінші ұлы. Отыз жылдай ел басқарған Өзбек хан Алтын Ордада исламды мемлекеттік дін етіп, халықты имандылыққа, қайырымдылық пен салауаттылыққа баулығаны белгілі. Жәнібек әкесінің бастаған ісін негізгі бағыт етіп ұстады. Ол атақты ғалым Сейд Шериф Әбділхамидұлынан тәрбие алады. Дін жолына берік болды, ғалымдармен кездесті, көреген, қайырымды, әділ және өте қарапайым еді. Жәнібек заманында Алтын Орда ханы Ресей княздерін арнаулы жарлық шығарып бекітетін-ді. Карамзиннің, Соловьевтың еңбектерінде Жәнібек хан 1347-1353 жылдар аралығында Литва княздігімен арадағы келіспестікті Мәскеу князі пайдасына шешкендігі, Мәскеу, Нижний Новгород, Градише, Суздаль княздерін тағайындағаны айтылады. Ол кезінде Алтын Орданың астанасын Еділ өзені бойынан Жайықтағы Сарайшыққа ауыстырған. "Жәнібекке дейін Алтын Орда халқы қайық, кеме дегендерді білмейтін. Ол ағаш рет кеме жасатып, онымен теңіздің арғы бетіндегі тамаша жерлерді, елдерді халқына таныстырады". Жәнібек хан кезінде Гүлстан ірі портты қалаға айналады. 1347 жылы осы Гүлстан (бүгінгі Атырау қаласының маңы болуы мүмкін- М.Абсеметов) портында Жәнібек Венеция саудагерлерімен сауда келісімін жасаған. Жәнібек хан батыс пен шығыстағы шетелдермен байланысты баянды ете алған Алтын Орданың соңғы басшысы. Әкесі Өзбек хан орнына отырған Жәнібек әділеттілік пен қайырымдылықты, қасиеттілік пен тақуалықты елдің қалыпты өміріне енгізіп, орнықтырды. Жәнібектің тұсында, Өзбек хан бардағыдай, Алтын Орданың қуаты кемеліне келіп, билігі мейілінше күшейді. Берке мен Өзбек хандар кезіндегідей жиі болмаса да, Жәнібек Египет сұлтандарымен дипломатиялық байланысты жалғастырды. Елдер аралық байланыстың дамуына 1345-1350 жылдар арасында дүниежүзін шарлаған оба (чума) ауруының үлкен кедергісі болды. Ауру 1346 жылы Қытайдың 13 миллон тұрғынын қырса, тез арада Каспий мен Қара теңіз жағаларын қамтыды. Аз уақытта Египет пен Сирияны, Грецияны жайлады. Генуя сауда кемелерімен бұл ауру Италия, Франция, Англия, Германия елдерін шарлап кетті. 1349 жылы Скандинавия елдеріне тарап үлгерген оба, солар арқылы Новгород пен Псков жерін шарпыды. Сөйтіп, мемлекетаралық дипломатиялық және экономикалық байланыстар мен Жібек жолындағы сауда керуендерінің жүрісі бірнеше жылдар бойына үзілді. Жәнібек өз жанына елдегі кемеңгер ақылгөйлерді, билер мен шешендерді, ақындар мен жыршы-термешілерді, халыққа беделді жақсылар мен жайсаңдары жинапты, олармен ел басқару ісінде ақылдасып отырыпты. Ауыз әдебиеті аңыздарында Жиренше шешен, Асанқайғы Жәнібектің ақылшылары болды деген сөз бар. Жәнібек хан Сарайшықтағы аңызға айналған Аққу көлін осы кезеңде жасатса керек. 1357 жылы Жәнібек еліне жәбір жасағаны үшін Әзірбайжанды басқарып отырған Мәлік Әшір ханды шабады, Иранның Тебриз қаласын басып алады. Әбілғазының шежіресінде Жәнібек бұл сапарында 400 түйеге тиелген олжаны Сарайға жөнелтеді. Осы сапардан қайтар жолда Жәнібек қатты сырқаттанады. Тірі қала алмасын сезген ол халқымен ақылдасып, көп өсиет айтып, баласы Бердібекті өзінің орнына тағайындауды ұсынады.
Жәнібек 1357 жылы қайтыс болып Сарайшыққа жерленеді.
Ер Едіге
Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін Алтын Ордада шиеленіскен қиын жағдай қалыптасты. Билік басын келгендердің Алтын Ордадай кең көлемді алып мемлекетті басқаруға ақыл-ой, парасаты жетпегендіктен, ел ішінен ыдырай бастады. Хандар жиі ауысты. "Балық басынан шіриді" -дегендей, уақыт өте келе елдің феодал- аристократтары топ-топ болып, жеке меншік көшіп-қонатын жер үшін, тақ пен билік үшін өзара қырқысып жатты.
Едігенің ержетіп, билікке араласуы осы кезеңге сәйкес келеді. Бұл күйінде бір кезгі аты аңызға айналған Алтын Орда кез-келген жауының аяғы астында калуы мүмкін еді. Мемлекеттің бірлігін сақтап қалу үшін, әлде осы қарбаласты пайдаланып, билік басына жетуді мақсат еткендер көп болса керек. Солардың ішінен тарихта Алтын Орданы бір орталыққа жұмылдыру, бұрынғы қуатына қайта келтіру мақсатында күрескен Мамайдың (1370-1380 жылдарда),Тоқтамыстың (1380-1404 жылдарда) және Едіген (1390-1419 жылдарда) есімдері аталады. Едігенің қанша талаптанса да, елде сүйенетін қуатты әлеуметтік тобы болмады. Өйткені Ордадағы өмір адам танымастайөзгерген. Заң, тәртіп бұзылып, әр төре тобы өз ханын сайлап алып, жеке мүдделері үшін өзара соғысқа кіріскен. Едіге Жошы ұрпағынан Темір-Құтлық, Шадібек, Поладтарды бірінен кейінбірін хан тағына қойып көргеннен еш нәтиже шығара алмады. Тоқтамыс және оның ұлдары бірінде Қырымнан, бірінде Қырымнан, бірінде Сібірден, келесісі Литваның қолдауымен Еділ бойынан шабуылдап, тыныштық бермеді. Бұның ақыры Алтын Орданың бірнеше хандықтарғабөлініпкетуіне соқтырды. Ақсақ Темірдің 1395 жылғы Тоқтамыс ханға соңғы шапқыншылығынан кейін Алтын Орда мүлдем ыдырап, одан Қырым, Астрахан, Қазан хандықтары бөлініп шығады. Олардан кейін Жайық пен Еділ өзендері аралығында Ноғай Ордасы бой көтереді. Ноғай Ордасы ХІV ғасырдың соңына қарай Алтын Ордадан бөлектене бастайды да, әмір Едіге тұсында мемлекет ретінде қалыптасуы жалғасып, оның ұлы Нұреддиннің кезінде (1426 – 1440 ж.ж) аяқталады. Ноғай Ордасы тарихында әмір Едігенің – батыр Едігенің орны ерекше. Алтын Орданы бұрынғы қалпына келтіру ойын іске асыра алмаған Едіге ХІV ғ. аяғында Жайық пен Еділ арасындағы ноғайлы жұртын Алтын Ордадан бөліп, өз алдында дербес ұлыс құрады. Едіге өз ордасында екі жүз мыңдай атты әскерді ұдайы әзірлікте ұстаған. Өз қолымен қойған хандар арқылы Алтын Орданы басқара отырып, "Ұлы Әмір" (әмир әл-умара) атағы бар Едігенің билігі зор болған және көрші ұлыстардың өміріне зор ықпал еткен. Алтын Ордадан бөлектенген бірқатар иеліктерде Астрахан, Қырым, Қазан хандықтарында Шыңғыс ұрпақтарынан біреуін хан көтеру үшін кезінде Едігенің келісімі алынатын дәстүр болған. Атынан әлем үрейленген Шыңғыстың ұрпақтарына осынша ықпал ете алған Едіге кім еді? Едіге туралы Ибн Арабшах, Әбілғазы, Қадірғали Жалайри, Бартольд, Греков пен Якубовский еңбектерінде деректер келтірілген Сонау түстіктегі Шам мен Меккені билеген мұсылмансұлтандары түгелмойындаған, ерлігі жөнінде"Ер Едіге" дастаны жазылған Едіге (1352 – 1419 жылдары өмір сүрген) – ортағасырлық көне Құмкент қаласы билеушісінің баласы. Ол ерен ержүректілігінің арқасында әмірлікке қол жеткізеді. Аты аңызға айналған тарихи тұлғаның арғы тегі маңғыт тайпасынан шығады. (Соңғы келтірген мәліметтермен оқырмандар "Ноғай Ордасы" тақырыбынан таныс екендігіне қарамастан, қайталауға тура келді.) Едігенің есімі тарих сахынасына Алтын Орда ханы Тоқтамыс және әлемге қатыгездігімен аты шыққан Әмір Темірмен қатар шығады. Екеуінің де зұлымдығы Едігенің жүрегін шайлықтырған. Ондықтан Едіге екеуін де өзінің дұшпаны санаған. 1395 жылғы Әмір Темірдің екінші шабуылынан күйрей жеңілген Тоқтамыс Литва князі Литовты (кейбір әдебиеттерде Вито вт) паналайды. Алтын Ордадағы тұрақсыз жағдайды пайдаланып, Орда билігіне өзі ие болу мақсатымен Литов Тоқтамысқа "көмектесуге" уәде етеді. Сол мақсатпен Литов өз әскері, Польша мен Батыс орыс княздері әскерлерінің, оған Тевтон Ордені рыцарларыныңбасып қосып, 1399 жылы Едігеге қарсы жорыққа шығады. Борсықты өзені жанында өткен бұл соғыста Едіге батыр әскерінің Литов қолын талқандағаны тарихтан белгілі. Едіге қолының бұл жолғы жеңісінің тарихи мәні туралы Б. Нұғыманов жеткізе жазған: "Едіге әскерінің жеңісі тарихи мәні зор үлкен оқиға болды. Соғыс тәңірісі болып есептелетін зеңбіректері бар, оқ дәрілі мылтықтары бар, өз заманына сай мұздай қаруланған жауынгерлерінің саны жағынан да олқы емес "жеңімпаз" деп аталған Еуропаның біріккен жасағын жалаң қылыш, сабау сап найза, қолшоқпармен ғана қаруланған Едіге жасақтарының күлталқан етіп жеңуі адам айтса нанғысыз нағыз қаһармандық болды. Бұл – әскери қолбасшының асқан айлакер де тапқыр, тамаша талантты адам екеніне куә. Мұндай жеңісті Шыңғыс хан да, Бату да көрген емес деп кезінде Карамзин жазған". "Қазақ тарихының шежіресіндегі бұл бір белес -деп жалғастырады автор өз ойын. -Өйткені Едігенің жеңісі Еуропадаға тепе-теңдікті сақтап қалды. Екіншіден түркі тектес халықтардың болашағын айқындады". "ХV ғасырдың басында Алтын Орданың билеушісі болған Едігенің ХІV ғасырдағы өмір жолы өте күрделі болды". "Едігенің өмірбаянында мазасыз ноянның жеке басының авантюралық қимылы ғана емес, сол тарихи кезеңдегі Алтын Орда аристократтар қауымының іс-әрекеттері мен тағдыры көрініс береді". Жеке бір тарихшының сипаттауымен Едіге сынды халық батырының бейнесін жасау жаңсақтыққа ұрындыруы мүмкін. Мысалы: "...Едіге бәрін де жеке басының мүддесіне құрбан етті. Дешті Қыпшақ мемлекетін құлатты, мұсылман қауымын енді қайтып бастары қосылмастай етіп таратты. Темірланмен бірігіп, мұсылмандарға көп жапа шектірді" -деген пікір Едіге жөніндегі өзге деректерге қарама-қарсы мағынада. Ибн Арабшахтың дерегінде "Едіге- өзінің табиғатында бейбітшілік сүйгіш, әділетті, халыққа мейірімді адам болған. Ораза, намазын қаза қылмаған. Шариғат амалдарын орындай жүріп, ғылым-білім, өнер туралы кітаптарды да жиып, оқып-біліп, отырды. Сөзін тыңдайтын достары мол еді" делінеді. Тарихи деректерде Едігенің елді соғыссыз, бейбіт жағдайда ұстауға күш салғандығы айтылады. Мемлекеттің күшейгенін көре алмаған Әмір Темір Алтын Орданы 1398 және 1403 жылдары қайталап шабуғадайындалғанда, ол кезде белгілі мөлшерде әскери күш жинаған, елінде үлкен беделге ие Едіге, тарту – таралғыларымен елшілер жіберіп, қанқор Темірді бетінен қайтарып, елін қырғыннан аман қалған
Едіге Алтын Орда көлемінде адамды құл ретінде сатуға тыйым салған. Алтын Орданың қалыптастырған тәртібін бұзып, тиісті салықты мерізімінде төлемеген орыс княздерін күшпен де, айбарымен де иліктіріп (1408 жыл) жөнге салған осы Едіге. Соңғы деректерді татар ғалымы Фатых Орманшының зерттеулеріне сілтеме жасап, Р. Бердібай келтіреді. Оның ерлік жолына арналып дастан шығарылуы, есімінің халық жадынан өшпеуі Едіге батырдың халқы үшін қызмет еткенін дәлелдесе керек. Едіге жасы ұлғайған шағында, Тоқтамыстың кенже ұлы Қадірбердінің жасағымен ұрыста Сарайшық маңында қаза табады да, Ұлытауға жерленеді дейді тарихи деректерде.
Ал, Н. Қазыбектің мәліметінде өзгеше. "Едіге Еділ бойындағы соғыста жараланып, қолға түсіп, өлтірілді. Қабырды Хажытарханның (Астрахан) шығыс жағында". 1991 жылдың қоңыр күзінде Ставрополь өлкесіндегі, Дағыстан, Чечен – Ингуш, Астрахан облысы, қарашай – шеркештегі ноғайлы халқы "Ер Едіге" жырының, сондай-ақ Едіге негізін қалаған Ноғай Ордасының 600 жылдық мерейтойын үлкен мереке ретінде атап өткенін баспасөзден оқыдық. Халық жүрегіне ұялаған Едіге тек ноғайлы жұртына ғана емес, барлық түркі халықтарына да ортақ, етене жақын халық батыры. Едіге өлтірілгеннен кейін, оның бес ұлының екеуі - Нұреддин мен Қағбад Башқұр еліне қашып паналайды, ал қалғандары Тоқтамыс хан балаларынан қашып, Ресейге кетеді. Едігенің ұрпақтары туралы, М. Тынышпаевтың деректеріне сүйеніп, қысқаша әңгімелесек: Едіге- Нұреддин -Уақас - Мұса. Ноғай Ордасының кемеліне келген кезі Мұса мен оның інісі Жаңбыршының ел билеген кезеңіне сәйкес келеді дейді тарихта. Мұсада 30 ұл болған дейді М. Тынышбаев шежіресінде. Сол көп ұлдарының бірі Мамай мен немересі Орақ - ертедегі "Орақ-Мамай" дастанының кейіпкерлері. Ал Орақ батырдың қос ұлы Қарасай мен Қазы туралы ел аузындағы. "Қарасай-Қазы" дастаны жазылған. Мұсаның бір ұлы Алшы Смаилдың немересі Орманбет би- кешегі Үлкен Ноғайлының соңғы биі, ХVІ ғасырдың аяғында дүниеден өтеді.
... Орманбет би өлген күн,
Он сан ноғай бөлеген күн ...
Мұсаның інісі Естеректің 1604 жылы Астрахан маңы даласында, Еділдің төменгі сағасында көшіп жүрген ноғайлардың басшысы болып тағайындалғанын тарихтан білеміз. Тарғын батыр – халық аузындағы "Ер Тарғының" дастаны кейіпкері – осы Естеректің ұлы".
ІІІ ТАРАУ
ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТ БИІГІНДЕ
Әлемдік өркениет биігінде
"Мәдениет- материалдық және рухани байлықтардың деңгейімен өлшенетін қоғам мен адамның тарихи даму дәрежесін көрсетеді" – делініпті энциклопедияларда. "Мәдениет дегеніміз- адамзат баласының ақыл-ойы, маңдай тері, қажырлы еңбегі, мұның бәрі зор қоғамдық сипат" -деген екен кезінде ғұлама ғалым Әлекей Марғұлан. Мәдениетіміздің оның кең мағынасында алсақ (өркениет), қоғамымыздың барлық саласын: ғылымы мен дінін, әдебиеті мен өнерін, философиясы мен экономикасын да қамтиды. Сонда қазақтың ұлт болып қалыптасқаннан бергі ақыл – парасатымен жасалған рухани және материалдық байлықтар оның мәдениеті деңгейін көрсететін болды. Бүгінге дейін өзінің төл мәдениетін жасаған ұлтымыздың тарихы қай кезеңнен бастау алады деген сұраққа жауап іздесек: Қазақ мемлекеттілігі, біздің дәуірімізге дейін ІІ ғасырдан бастап алты ғасырдай өмір сүрген, Орта Азиядағы ең ірі де қуатты болған Үйсін мемлекетінен бастауалады дейді бірқатар тарихшыларымыз. Бұл қорытындыны "Қазақ мәдениетінің тарихын", "Қазақтың тұтас тарихың" атты тарихи кітаптар авторы, Қытай елінің ғалымы Су Бейхай кітаптар тарихи деректерге сүйенген зерттеуімен бекіте түседі, ол қазақ ұлт ретінде біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда-ақ қалыптасты, негізгі этникалық арнасы – үйсіндер дегенді айтады. Сондықтан болар, орыстың тарихшысы М. Вяткиннің: "... Қазақ халқының мәдениеті Қазақстанның тереңіне әкетеді. Оның тамыры Қазақстан даласында көшіп жүрген тайпалардың творчествосымен астарласады, қазақтың халық болып қалыптасу дәуірінен әлдеқайда алыста жатыр ... " дегені нанымды естіледі. Академик Н. Сауранбаевтың "Современный казахский язык есть развитие древнекыпчакского языка в новых условиях. Монолитный язық казахов сложился и существовал до Х века, когда народ, говоривший на кыпчакском языке, стал называться казахами" – дегені де бар. "Әлкей Марғұланның, Мір Қадырбаевтың, Оразақ Ысмағұловтың, Кемел Ақышевтың, Ауданбек Көбесовтің, Міржақып Дулатовтың, Мұхаметжан Тынышбаевтың зерттеп білуіне қарағанда Қазақстан жерін қадым заманнан бастап-ақ мекендей бастаған дала тайпаларының кейініректегі түркі – қыпшақ, монғол қосындарымен біте қайнасқан түп тамыры бірегей, орта ғасырлардағы түркі – араб – парсы рухани жетістіктерімен жалғасқан өзіндік көне мәдениеті болған. Оны Отырар – Қаратау, Биғазы – Дәндібай, Андронов мәдениеттерінің қалдықтарынан, қазақтың дәстүрлі өнерінен, аса бай ауыз әдебиетінің нұсқаларынан, бізге жеткен жазба деректерден, түптеп келгенде халқымыздың жасампаздағы мен шығармашылығынан аңғаруға болады" дегеніндей, Қазақстан аумағынан табылған археологиялық қазбалар жәдігерлері қазақ даласын мекендеген көшпелі тайпалардың тек малшы, жауынгер ғана емес, сонымен бірге шебер суретші, мүсінші зергер, ұста, музыкант та болғандығын дәлелдейді. "Қазақ ғасырлар бойы надандықта, көшпелі мешеу дәуірді кешті, ортақ мәдениетке көшпенділер ешқандай үлес қоспаған" – деген пікірлер болған. Оның қателігін Қазақстан аумағындағы ертедегі сәнді қалалар, дамыған қолөнері, көшпелі мал шаруашылығы мен егіншілік кәсібінің болғандығымен, ұрпағына мұра ән – күйімен дәлелдей аламыз".
Алдымен көшпелілік туралы:
Қазақ өзінің сайқын даласында малдың бабын табу әрекетімен, тарихи айқындалған аумақтарда қалыптасқан тәртіппен, межелі мерізімде көшіп-қонып келген. Мал өргізген қазағымыздың қарттарында әр жылдың ауа райын сезімталдықпен бақылай отырып, баба тәжірибесіне негізделген көшіп-қонудың қатаң орындалуғажататын кестесі болған. Сөйтіп малды жұттан аман сақтап келген. Қазақтың астрологы да, мал маманы да, шаруашылық жетекшісі де, шежіре шертер данасы да, ауыл аузына қараған Ақсақалы болған. Оның көшпелі өмірдің талабынан туғандығын байқаймыз. Бұл жәйді қазақ ұлтын таныған, зерттеген адам ғана түсінер. Қожа Ахмет Иассауи мұражай- қорығының ғылыми қызметкері Ділдаш Мұстафаева мына деректі келтіреді: "Народное хозйство Казахстана" журналының 1928 жылғы 4-5 санында А.Денич "Проблемы нового казахского аула" мақаласында қазақтың көшпенділігін дұрыс түсіндірген: "шаруашылықтың, тұрмыс-тіршіліктің ғасырлар бойғы қалыптасқан бұл жүйесі территориялық айқындылығымен, амплитудасының салыстырмалы түрде тұрақты болуымен сипатталады. Көшу дегеніміз - бет алды жүре беру емес, табиғи жүйені біле отырып, онымен тіл табысып өмір сүру". Бұдан қазақтың ежелгі көшпелі мал шарушылығының ғасырлар бойғы бабалар тәжірибесі мен ақыл парасатына сүйеніп, табиғатпен етене сәйкестендірілген ғылыми жүйелі кәсіп болғандығын көреміз. Қазақстан аумағында тарихи даму барысында үш мәдени шаруашылық түрлерінің қалыптасқаны белгілі. Бұлар- көшпелі мал шаруашылығы, егіншілік және қол өнер. Қазақта малдың көбі жылқы мен қой болған. Бидай, арпа, тары- қазақтардың күнделікті тіршілікте ежелден қолданып келе жатқан өнімдері. Бидайдан, тарыдан жасалған ұлттық тағамдар, оларды өңдеп, сақтау тәсілдері егіншіліктің қазақтарға жат кәсіп еместігін айғақтайды. Сан ғасырлар бойы қолданылып келген азықтың түрлері: нан, бидай көже, тары, жүгері, талқан, май сөк, женат; астықты өңдеуге арналған аспаптар: диірмен, келі-келсаптар, т.б. көшпелі шаруашылық пен егіншілік арасындағы белгілі бір тепе-теңдіктің сақталғандығын дәлелдейтін деректер. (бұл да сонда). Сөйтіп, небір жұт жылдары да қазақ бабамыз елін азық-түлектен тарықтырмаудың жолын тапқан. Қала тұрғындары саудамен, қолөнермен айналысты. Қолөнер шеберлері асыл тастар мен алтын, күмістен көздің жауын алатын әшекей, зергерлік бұйымдар шығарумен бірге, метал қорыту, одан қарапайым шаруашылық құралдары (айыр, күрек, кетпен, балта, шалғы, түрен, т.б.) мен қару жарақ түрлерін жасауды игерді. Жібек Жолымен келген дүниежүзілік тауарлар қазақ қолөнершілердің тәжірибесін байытты, шеберлігін шыңдады. Қазақтың ел қорғар батырлары мен сарбаздарын ер қаруы- бес қарумен өзіміздің қолөнер шеберлері қамтамасыз еткен. Қала мен көшпелі дала өмірі бірін-бірі толықтырған және бірін-бірі қажет еткен шаруашылық құрылымы болды. Мол сулы өзендер қойнауларында қалалар бой көтерді. Іле, Сырдария бойларында Жібек Жолының өтуіне байланысты қалалар саны тез өсті. Сырдарияның орта ағысындағы б.д.д. 650-350 жылдары пайда болған Отырар, Қаратау, Жетіасар қалалары- сақ және қаңлы мәдениеті туындылары.4 Қазақ жерінде ежелгі мәдениет орталықтары ретінде тек Отырар мен Сайрам, Түркістан ғана емес, Сыр бойындағы Жент, Баршыкент, Жанкент, Сығанақ, Талас-Шу алабындағы Тараз, Құлан, Аспара, Баласұғын қалалары да тарихқа белгілі болған. Араб географы Әл-Макдиен Х ғасырдың өзінде Қазақстан аумағында 200-ден астам қала болғанын баяндаған. Бүгінгі Жамбыл облысы Шу ауданы жеріндегі, VІ ғасырда іргесі қаланып, түркі тектес тайпалардың орталығы болған Баласұғын қаласы ортағасырлық отырықшы мәдениеттің ошағы болған. 1212 жылы қара қытайлар басып алғанда Баласағұнда 40 қа жуық жұма намазы оқылатын мешіт, 10 медресе болыпты. Қала жетпіс шаршы шақырым ауданды алып жатыпты. Шаһар сыртынан 8-10-метрлік ендікте канал қазылып, онымен су келтірілген. Ортағасырлыққалалардың бәрінде су құбыры, монша болған. Су шығыр арқылы тұтынушылар тұрағына таратылған. Қазақы құрлыс өнерінің қарашаңырағы- киіз үй. Оның сән-салтанатын жатжұрттың жиһанкездер жоғары бағалаған. Атақты Рим империясының ақшаңқан сарайында тәрбиеленген Менандр Протитер қазақтың 12 қанат киіз үйін көргенде Европадағы мәрмар сарайды да қорашсынатынын жасырмаған. Қазақ қалалары архитектуралық үйлесімділігі, сәнділігі жөнінен өзге елдердегідей кем түспеген. Алтын Орда мемлекеті өзі өмір сүрген екі ғасырға жуық уақыт ішінде 150 дей қала тұрғызған. Солардың ішіндегі сәнділері Еділ бойындағы Бату сарайы, Берке сарайы және Жайық бойындағы Сарайшық қалалары болса керек. Бұлар аталу ретіне қарай, кезегімен астана қалалар болған. Көркіне көз тоймас Бату сарайы астана кезінде жүз мың адам тұрғыны болған ірі қала болыпты. Енді осы қалалар туралы"Қазгор" жобалауакадемиясының президенті, Мемлекеттік сыйлықтық лауреаты, профессор Әбдісағит Тәтіғұловтың "Ақиқат" журналы тілшісімен болған әңгіме – сұхпатынан үзінді келтірелік: "... Аңыз ба, әлде шындық па, Москвадағы Қызыл алаң Жібек Жолының бір тармағындағы Сарайшық қаласының сол кездегі кескін – келбетінен алынған екен дейді. Ал Сарайшықтың іргетасы Москвадағы Қызыл алаңнан бұрын қаланған ғой. Мұны мен төмендегі ғылыми мақаладан оқыған едім. ...Иван Қалита Москваның кіндігі- Кремльдің құрлысын Сарай- бату шаһарының үлгісімен салдырған. Ресейдің кейінгі кінәздары мен патшалары Кремльдің Бату, Берке сарайлары орталықтарына ұқсас екенін кейінгі ұрпақ мүлдем есінен шығарып, ұмытсын деген ниетпен, әсіресе Иван Грозный тұсында Еділ бойындағы Алтын Орданың қос астанасын да жер бетінен жоқ ету ниетін жүзеге асырған". "Сарай қаласы (Бату сарайы) Иван Грозныйдың баласы Федордың әдейі берген бұйрығымен 1578 жылы жермен жексен етіп қиратылған" – деп жазады оралдық өлектанушы Ж. Ақбай. Еділ бойы қазақтарының Каспий арқылы келіп, қайықпен Жайық суымен жоғары өрлеп, Сарайшықтың алтын – күміс, көмбе байлығын іздеп, талқандап кететіні де сол 1578 жылы еді – ау! Бұл сәйкестік кездейсоқтық болмас, әріден ойластырылған зымиян әрекет болар. Одан 180 жылдай бұрын Ақсақ Темірдің де бүлдіруге көзі қимаған әдеміліктер еді ғой, бұлар. Біз қазақ сәулеткерлерінің қала тұрғызудағы жетістіктері туралы аз сөз еттік. Ал қазақ даласындағы өмірден өткен атақты адамдарға арнаптұрғызылған сәулет өнерінің озық туындалары өз алдында бөлек тақырып болар дүниелер. Сәулет архитетуралық өнердің өзіндік үлгілері: Қожа Ахмет Иассауи, Айша бибі, Алашахан, Сырлытам, Жошыхан, Қарахан ескерткіштері- неше ғасырлар бойғы жаңбыр мен желге, күн сәулесі мен ауа-райы өзгерістеріне сырын да, сынын да жоғалтпастан шыдас берген ғимараттар, хас шебердің қиялынан туған, ұрпаққа мақтаныш боларлық ұлттық мұралар. Өнер, ғылым, білім қоғам мәдениетінің бұлақтары екендігі белгілі. Бұл салада да қазағымызда ұялмай айтарлық жетістіктер болған. Ортағасырлық Отырарда әлемдік деңгейдегі бай кітапхана болыпты. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбунасыр әл-Фараби осыдан түлеп ұшқан. Әбунасыр педагогика, медицина, георграфия, эстетика, физика, астрономия, музыка теориясын терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға жемісті үлес қосты, 150 ге тарта әр ғылым саласында трактаттар қалдырды. "Құтты білік" дастанымен Жүсіп Баласағұн, "Түркі сөздігінің жинағы" сөздігімен Махмұт Қашқари, "Диуани Хикметің" авторы, көрнекті ақын, діни философияның білгірі Қожа Ахмет Иассауи, жан – жақты ғалым Ибн Сина, "Тарихи Рашидиімен" Мұхаммед Хайдар Дулати, "Шежірелер жинағымен" Қыдырғали Қосымұлы Жалайыр, "Шипагерлік баянымен" Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы тағы-тағылар ұлтымыздың ғылымы мен әдебиеті тарихында өз есімдерін қалдырды. Шығыстанушы ғалым, Қазақстан мұсылмандар діни басқарамасының төрағасы Әбсаттар Дербісәлінің "Қазақ даласының жұлдыздары" кітабында Отырардан Әбунасырдан өзге де бірнеше ғалымдар шыққаны айтылады. Автор аталған оқымыстылар туралы деректерді Сирия, Марокка, Тунис елдеріндегі шығыс мәдениетінің мақтанышы болған кітапханалар мен қолжазбала қорларынан тапқан. Ел тағдыры додағы түскен ХVІІІ ғасырда ұлтымыздың бағына туған есімдері қасиетті Төле, Қазыбек, Әйтекедей аузы дуалы билер, күні кешегі "қалың елі, қазағы, қайран жұртының болашағы үшін, мыңмен жалғыз алысқаның данышпан Абай есімдері де жоғарыда аталған киелілер қатарында. Сонау VІІ ғасырда түркі қағанатында өзінің төл жазуы болған. Бұл тұжырымымыз да дәл болмауы мүмкін. Өйткені Есік жазуындағы 17 әріптің 13-і көне түркі руникалық алфавитінен болуы бабаларымыздың жазу мәдениетінің тым ерте, жыл санауымыздан бұрын бастау алғанын көрсетеді. Монғолия мен Алтайда, Тува мен Хакасияда, Жетісу мен Шығыс Түркістанда көне түркі алфавитімен жазылған 200 ден астам тас ескерткіштер табылған. Солардың бірі- жақында өзінің Отанын тапқан, Елордада орын тепкен Күлтегін ескерткіш жазуы. Шын мәнінде ешбір халықта жазу мәдениеті әлі қалыптаспаған кездің өзінде біздің бабаларымыз өз тарихын хатқа түсіріп кеткен деп жазады О. Сүлейменов. Ол сонымен бірге орыс жазба әдебиетінің басы саналатын"Игорь полкі туралы сөздің қазақ-қыпшақ тілінде сол дәуірде өмір сүрген қандасымыз жазғанын дәлелдеп берді. Батысқа ғылым мен мәдениет Шығыстан барған. Әйтпесе орыстың ұлы жазушысы Л.Толстойдың "Батыс Шығыс ғалымдарының негізін қалап, дайындап берген дайын ілімді іліп әкетті" – деуіне кім мәжбүрледі?! Шығыс мәдениеті туралы академик А.П. Окладников жоғары пікір айтқан, Мұрат Әжі "Жусанды қыпшақ даласы" еңбегінде кеңінен дәлелдеген. Есік қорғанынан табылған сақ халқы өкілінің алтын киімі, Атыраудағы Аралтөбе қорғанынан табылған сармат халқы өкілінің алтын сауыты мен әшекейлі киімі Степнагорск маңынан, Шығыс Қазақстанда Берелден т.б. жерлерден табылған құнды жәдігерлер ықылым дәуірдегі бабаларымыз мәдениетінің өте жоғары деңгейде болғандығын дәлелдейді. Әлемдік өркениетте өзіндік қолтаңбасы бар ұлтымыздың адамдық болмысы туралы өзгелердің пікіріне құлақ түрсек: Венгер ғалымы А. Вамбери "Орта Азияға саяхат" еңбегінде "...біздің аса бір таң қалғанымыз – олардың музыка мен поэзияға ерекшебейімділігі ..." десе, неміс саяхатшысы И. Шильтберген "Қазақтардың бүкіл түз халықтарының ішіндегі ең ержүрек ел екенін айрықша айту қажет" – дейді. Дат ғалымы Э.С. Вульфсон өзінің"Қазақтар" очеркінде " ...тап қазақтардай бүкіл өмірінде әнді қастерлеп өтетін халықты табудың өзі неғайбыл. Қазақ өз баласына – нақылды титтейінен миына құйып өсіреді " – депті. Қазақ ұлты туралы үлкен зерттеу еңбек жазған орыс ғалымы А.И. Левшин: " ...ауылға сырттан қонақ келсе, бәрі жиылып соны тыңдайды, берген тамағына ешкім әңгімеден басқа ақы сұрамайды. Олар үшін мейман – достық – қастерлі заң. Қайырымдылық, адамды аяу, қарттарға, ақсақалдарға құрмет көрсету- олардың ең жақсы қасиеті, халықтың даңқын шығарған ұлдарына батыр деп ат беріп, өлсе де ұмытпай үлгі тұтады. Қазақ туған жерін, атамекенін қатты қастерлейді, кір жуып, кіндік кескен жерін тастап ешқайда кетпейді" -деп жазады. Поляк Адольф Янушкевич "Қазақ даласынан жазған хаттарынан шешендік, ақындық өнерге келгенде қазақтар, сауатсыздығына қарамастан, ақыл-ой тапқырлығы жағынан Европаның ең мәдениетті деген елдерінен кем түспейтіндігін нақтылы деректер келтіре баяндайды. Айтса айтқандай, тамылжыған халық әндері, әрісін айтпағанда Біржан сал, Ақан Серіден бергі кемерінен асып жатқан ақындықпен астасқан, адамның ақыл – есін, бүкіл жүйке жүйесін ертіп әкетер сазгерлік, тау суыныңтасқынындай ғаламат айтыскерлік өнер – қазаққа ғана тән қасиеттер. Парижді тамсантқан Әмірені, өнерін дүние жүзі мойындаған әлемдік әртіс аруымыз Мұсақожаеваны танытқан қазақ өнерінің құдыреті болса керек! Әйгілі скрипкашы Коганның "дүниенің дүбірі лирикалық шығармаларының бәрін орындадым, солардың ішінде Тәттімбеттің "Саржайлауындай" шығарманы кездестірмедім" -деуі, Құрманғазы оркестрінің Қытайдағы концерті кезінде "Сары Арқа" күйі орындалғанда залдағы әскерилердің бәрі бір адамдай орындарынан тік тұрып тыңдауы – ұлттық өнеріміз туралы алдыңғы айтылған ойымызды дәлелдей түседі. Түптеп келгенде қазақы әдет-ғұрып, ұлттық салт-дәстүріміздің әр элементі тұнып тұрған мәдениет емес пе?! Кеудесінде намыс оты найзағайша ұшқын атқан бабаларымыз артына ұрпағы ұялмайтындай ұлттық тарихын қалдырса (Н.Назарбаев), мақтан етерлік мәдениетін де қалдырған. Сөйтіп, ғасырлар қойнауынан щаң мен тот баспай, саф алтындай таза күйінде біздің заманымызға жеткен ұлтымыздың киелі байлығы- мәдениеті- әлемдік өркениеттің қазынасын толықтыруда. Мақсатымыз- ақын Олжас айтқандай, өзгенің асқар тауын аласартып көрсету емес, өзіміздің киелі даламыздың, зердеміздің жеткенінше шежіресін шерту арқылы өскелең ұрпақты бабалар ақыл- парасатымен жасалған рухани байлықпен, олардың өр рухымен табыстыру ісін өз үлесімізді қосу. Ұлтымыздың көне мәдениетінің (дала өркениетінің) әлемдік дамудағы үлесі қандай деген сұраққа академик Манаш Қозыбаевтың сөзімен жауап берсек: Ең алдымен тәңірлік дүниетанымды берді, металл қорытудың көне ордасы болды, төл жазуын ойлап тапты, жыл мезгілін маусымға бөліп, осы күнгі календарлық жүйені қалыптастырды, әскери өнердің ғажайып үлгілерін көрсетті.Сонымен қатар сымбат – архитектуралық өнердің үлгілерін, бай ауыз әдебиетін жасады, әуез өнері шарықтады. Мемлекет басқарудыңдала демократиясына сүйенген жүйесін жасады. Шаруашылықтың негізгі мал шаруашылығы бола тұра, адам баласы ойлап басқа түрлерін Дала перзенті қосалқы шаруашылық етті. Дала мен қала менталитетін будандастырды".
Мәдениетіміздің кешегісін шама – шарқымызша әңгімеледік. Ғылым мен техникада – компьютер мен ғарыш кемесіне, ақпаратта – интернеттік жүйеге қол жеткен заман туды. Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығын тойлау үстінде бүгінгі мәдениетіміз жөнінде не айта аламыз? Білім беру саласында реформа іске асуда, жаңа сапалы оқулықтар шығарылуда. Республикамызда берілетін орта және жоғарғы білім әлемдік стандарттарға сәйкестендірілуде. Ғылым мен мәдениет салаларының дамуына бетбұрыс жасалды. Ортағасырлық ғылым мен мәдениеттің ошағы болған, әлемдегі екінші саналған Отырар кітапханасы Елордамызда жаңадан жасақталмақшы. Өшкеніміздің бірі, бірі болғанда – бірегейі қайта жанғалы жатыр, ағайын! Экономиканың ілгері басуы, мемлекеттік түрлі қамқорлықтардың көбеюі халықтың жүрегіне сенім ұялатуда. Бірақ, тәуелсіздігімізге 10 жыл толса да, жастар тәрбиесін ұмыт қалдырып келдік. Көп нәрседен ұтылып барып, жаңадан ғана қозғау салынуда. Бұл өте жауапты салада жекелеген шаралармен шектелмей, бір кезгі Жапон еліндегідей ұлттық мүүдені көздеген бүкілхалықтық іс болса-шы. Біздің қалауымызсыз-ақ өмірімізге дендеп ене бастаған бүгінгі әлемдік жаһанданудың ұлттық әдет-ғұрпымызға жағымсыз әсерлеріне (әрине жағымды жақтарының да көп екенін көпшілік біледі) тек имандылығы жоғары, рухани әлемі бай, білімді мен білігі күштілер ғана тойтарыс бере алатынын естен шығармағанымыз жөн. Жастарымыздың белгілі бөлігінің зорлық, адам өлтіру сияқты қылмыстарға, маскүнемдік, нашақорлық, азғындық сияқты ұлтымыздың табиғатында жоқ әрекеттерге бару себебін ашу, қылымыстың алдын алуды ұйымдастыру істері білгірлікпен жүргізілмейді. Теледидир хабарлары жастардың атамекенін, ұлт тарихы мен мәдениетін құрмметеу, отаншылдық сезімдерін ұштау бағытында аз жүргізіледі. Тәрбие жұмысының жүйелі желісін үзіп алдық. Шетелдің әдептен жұрдай, ұятты жерлерін ашық ұстауды мақтаныш ететеін өнерлісымақтарының қазақ өнерінің киелі қарашаңырағының төрінде тайраңдауы, жабайы қан-төгісті, зорлық-зомбылықты, порнография мен жезөкшелікті насихаттайтын фильмдердің етек алуы, өзге де тәуелсіз ақпарат құралдарының кейбірінің талғамсыз өнімдерінің мектеп пен ата-ана берген тәрбиеден ықпалдырақ болып бара жатқандығы, жастар қылмысының басты себебі осында екендігі бұдан бұрын да халықтың жанайқайы ретінде жиі айтылып келді. Ішінара шара алынғанмен, көпшілік күткен нәтиже әлі жоқ. Шетел мәдениетінің озық үлгілерін үйренуіміз керектігін кім жоққа шығарады, ал болашағымыз-жастарымыздың санасын улауға неге жол береміз? Франция президенті Жорж Помпиду "Бізде коммерциялық телевидение ашу болашақ ұрпағымызды рухани азғындату болмақ" -десе, Германия канцлері Г.Шмидт "Германияда коммерциялық телевидениеге рұқсат беру – елімізде атом бомбасын жару деген сөз" -деп шошынса, біздер бейбастақ телеарна хабарларымен түнде 12 ден кейін ( кейде күн жарықта да) "аймаласып" -ақ жатамыз. БҰҰ-ның болашақ жас ұрпақтың тәрбиесі үшін зорлық-зомбылық, қантөгіс, нашақорлық, порнографиялық жайларды насихаттайтын фильмдерге тыйым салу жөнінде 1994 жылғы әдейі шешімі бар. Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде, Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда да БҰҰ шешімінде аталған қылмыстық материалдары насихаттаған, таратқан адамның жауапқа тартылатындығы белгіленген. Сол заңдарымыз жұмыс істесе, кәне? Ұрпақты рухани сауықтыру ісін-ұлттық тәрбиенің жүйелі жүргізілуін балабақша мен мектептен бастап жолға қойып, салауаттылықты қалыптастыру мен ауылды көтеру сияқты ауқымды міндеттермен қатар жүргізсек, нәтижелі болар ма еді? Текті бабамыздың бүгінгі ұрпағының болашақ тағдыры оған берілер парасатты тәрбиеге тәуелді екендігі даусыз. Сондықтан жастар тәрбиесі – ата- ананың, елім деген әр ересектің бірінші кезекте тұрған міндеті екенін ұмытпайық. Тәрбиелі және білімді жастарымыз ғана ұлтымыздың бабалар заманынан келе жатқан қастерлі мәдениетін әлемдік өркениет көшіне үкілеп қосып, ондағы өзіне ылайлықты орынға қоя алар.
БАТЫС ӨЛКЕДЕ ИСЛАМДЫ ТАРАТУШЫЛАР
Алтын Орда кезеңінде, Батудан кейін таққа отырған Берке хан Сарайшықта мемлекет қаржысына мешіттер салдырып, діни орталықтар ашуға ұйтқы болға, өзі де мұсылмандықты қабылдаған. Бұл оның хандық құрған 1263 жылдары болғандығын жазады Әбілғазы Баһадүр өзінің "Түрік шежіресінде". "Мысыр билеушісі, қыпшақ текті Бейбарыстың саяси – дипломатиялық іс – әрекетінің жемісті нәтижесі – оның Алтын Ордамен одақтасуы болды. Берке хан Бейбарыс жіберген елшілерін 1262 жылы қабылдаған. Алғашқы елшілер Берке ханға Бейбарыстың "мұсылмандық сенім негізінде одақтас болу" туралы ұсынысын әкеледі. Бұл одақ мұсылман әлемінің күшеюі мен оның кеңейуіне оң ықпал еткен, сөйтіп мемлекетаралық саясатта оған үлкен бедел әперген ортағасырдағы ең елеулі оқиға болуымен бірге, монғол державасының да іргесін шайқалтты". Солтүстік Каспий аймағы тұрғындарының ислам дінін бұдан ертеректе қабылдағаны туралы деректер де кездеседі. Академик Бартольд және профессор Танйұ ең алғаш мұсылман 732 жылы исламды ресми қабылдап, 68 жылдай мемлекеттік дін еткен Хазар әулеті болған дейді. Ал, Хазар мемлекетініңVІІ-Х ғасырларда қазіргі Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары аймағын, жалпы батыс өңірді алып жатқанын білеміз. Ғалым М.Бұлтұтайдың деректері бойынша ислам діні шамамен 800 жылдары Хазар елінде мемлекеттік дін болудан әлде бір себептермен шеттетілген. Хазар мемлекетін Орыстармен одақтас Оғыздар965 жылы талқандады делінеді тарихта. Сонда мемлекеттің жойылуынан ғасыр жарымдай бұрын оның қолданған дінінің жойылуына қандай себеп болғанын іздестіріп көрелік. "Еділдің сағалық тұсында Хазария атты ұлы империяның – көшпелілер мемлекетінің астанасы дәуірлеп тұрыпты. Бір қызығы, сол ұлы елдің билеушілері ебірейлер еді де, айбаты мен қайрат – қаһары өз аталарымыз еді" – деп жазды "Алтын Орда" тәуелсіз апталығы 2000 жылғы алғашқы сандарының бірінде. Ал, профессор С. Аманжолов VІІ ғасырда Каспий теңізі жағасында Хазар қағанатының болғанын, оны Алшын әулетінің басқарғанын жазады. Хазар мемлекеті басшылығы туралы біз келтірген екі түрлі пікірге Лев Гумилев өзінің "Ежелгі Русь және Ұлы Дала" атты кітабында нанымды түсінік береді: "803 жылы Хазария қағанатында аса ықпалды иудей Обадия дейтін біреу күүлі билікті өз қолына алып, Ашина (Алшын) әулетінен шыққан ханды қуыршақ – билеуші етіп, раввиндік иудаизмді Хазарияның мемлекеттік дініне айналдырадың. Л.Гумилевтің аталған еңбегінде ебірей тұқымдастардың Хазар мемлекеті басшылығына келу жолы толық жазылған. ХІV ғасырдың басында Атырау өлкесінде, Жайық бойында ислам дінін уағыздаушы түрік текті Сейіт ата есімді қасиетті адам болыпты. Әмір Темірдің немересі, жан -жақты ғалым Ұлықбек өзінің "Төрт ұлыстың тарихы" деген тарихи еңбегінде Сейіт қарияның есімін келтіріп, оның көшпенділер арасында мұсылмандықты таратуға қосқан айрықша ролін айтады. Сейіт атаның арқасында Дешті Қыпшақтың халқы хижраның 720 (1320) жылы исламға мойын ұсынды – делініпті. Сарайшықта Сейіт ата кезінде бірнеше мешіт пен діндарлар, дәруіштер үшін арнаулы үй де (зәбия) болған. Бұл туралы 1334 жылы Сарайшықта болып, өз көзімен көрген араб саяхатшысы ибн Баттутаның жазба деректерінде бар. Араб саяхатшысы естелігінде жазылған Сарайшықтағы көріністер Өзбек ханның ХІV ғасыр бас кезіндегі ислам дінін Алтын Орданың мемлекеттік діні деп жариялауының нәтижесі екені айтылады тарихта. Ғалым Рабғузидың ғылыми кітабы көне түркі тілінде шамамен 1357 жылға дейін Алтын Орда ханы Әз – Жәнібектің тапсырмасымен Сарайшық қаласында жазылған. Ғалым еңбегі 1901 жылы шағатай – татар тілінде "Қисса сүл әмбия" деген атпен Қазан қаласында басып шығарылған екен. Еңбекті қазақ тіліне Роза Мұханова аударған.
Оқырманға ең қажеті көне еңбектің мазмұны туралы мәлімет екені даусыз. Ғалым Рабғузи кітабында адамның пайда болуына діни түсінік беріледі, Адам атадан Мұхаммед пайғамбарға дейінгі адамзат дәуірі қамтылады. Сарайшықтың рухани мәні Ноғай Ордасы кезеңінде айқын көрінеді. Ноғай Ордасының мұсылман діни басшыларының орталығы осында орналасты. Сарайшықта тұрған сейідтерге өз қыздарын беруді ноғай бекзадалары мен мырзалары өздеріне бедел санаған. Сейдітер- Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтары деп саналады және осындағы дін басылардың ерекше тобын құраған. Сонымен бірге Сарайшықта сейідтерден басқа бөлек топқа жататын ислам қызметкерлері өмір сүрді: шейхтер, молдалар, қажылар, хафиздер, суфийлер, дәуіштер. Бұл дәстүр ХІІІ ғасырда ислам дінін қабылдаумен орнықса керек. Дінбасылары әр жағдайларды ойланып – толғанды және мемлекет қайраткерлеріне ізгі кеңестер берді. Сонымен қатар дипломатиялық келісімдерге және қаламен даланың күнделікті өміріне белсенді араласты. Олардың көбісі Сарайшықта жерленген". Сейід, сейідтер туралы келесі деректерге көңіл аударсақ: "Саидтар қожалар ішіндегі аға буын болып саналады. Бұл топ алғашқы қожа тайпасын құрушылар. Саид тобын құрушылар арабтың Саид руынан және басқа да арабтық дін уағыздаушылардан құралған. Саид руынан )Арабиядағы) Мұхаммед пайғамбарымыздың үзеңгілес серіктері Омар шыққан". Сарайшықтағы мешіт, медресе үйлері ХVІ ғасыр аяғындағы шапқыншылықтарда тоналып, істен шығады. Кезінде Алтын Орданың рухани орталығы, қасиетті әулиелер мекені атанған Сарайшық қазақтардың келуімен әскери бекініс орнына айналған кезінен бастап діни орталық болудан қалады. Осы өлкедегі Сейіт есімді өзге бір қасиетті адам туралы журналист Есенжол Қыстаубаевтың жазғандарына көңіл бөлсек: ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың бас кезінде ғұмыр кешкен Сейіт есімді қасиетті адамның бейіті Республикамыздың батысыныда, көрші Астрахан облысы Краснояр ауданының Кіші Аралындағы бозтөбеде жатыр. Көзі тірі кезінде-ақ әулие, емші атанған Сейіт Баба (Құлба-бин Сейд-Ғали) Кіші Аралдан он бес шақырымдай, Қожантай ауылында дүниеге келіпті. Он жеті жасында ілім- ғылым іздеп алыс сапарға аттанады. Әуелі Каирдың әл-Әзғырында оқып, кейін Бағдад, Бұхара оқымыстыларының алдын көреді. Үнді елінде тәжірибеден өтіп, Түркістанның топырағына да табаны тиген. Қайда жүрсе де, қай елге саяхаттаса да бабамыз адам жанының емшісі болудың қыр – сырын үйренеді. Жүрген жерінде адамдарды емдеумен айналысады. Бабамыз кезінде медицина туралы ғылыми еңбектер жазған. Емші әулиенің жазғандары немесе ол жөніндегі деректер шығыс елдері мұрағаттарында шаң басып жатуы да ғажап емес. Өйткені, ол сол жақтарда мүршит (рухани ұстаз) атағын алған. Сейіт баба туған жеріне егде тартқан шағында оралады. Ол еліне сол уақыттың көзі ашық, көкірегі ояу адамы Бөкей ханның шақыруымен келуі де мүмкін. Ол кезде халық Сейіт бабаның емшілігіне бас ұрса да, оның нендей құдіреттің күшімен аурудың дауасын табатынын түсінбеген. Ал, дұрысында, ол сол кездегі емдеу ғылымын терең білгендігімен қатар медитациялық әдістерді молынан игерген. Жан, тән азабын тартып әулиенің алдына барған жан көп ұзамай-ақ көзге көрінбейтін, бірақ өзіне ғажап әсер ететін сәуленің шуағына шомылып, жаны жай табады екен. Сейіт баба 1812 жылы 70 жасында бақилық болған. Бүгінге жеткен деректерде әулие мәңгілік мекенін тек өзіне ғана аян себептермен, өзі таңдапаты дейді. Бәлкім, жарықтық ахиреттік мекенінің ерекше қасиетке (ғылым тілімен айтқанда, геофизикалық, биологиялық жағынан дараланатын, космос сәулелері тоқайласқан) ие екенін, кейін оның адамдар үшін киелі жерге айналатынын көзінің тірісінде-ақ түйсінген шығар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Әулие мен Бөкей хан басына Шығыс Еуропа экологиялық академиясының (Германия) хатшысы К. Хихтер әдейі келіп, бейбіт басын аралап, әр түрлі зерттеулер жүргізген. Кетерінде ғалым бұл жерге биоөрістердің мол шоғырланғанын айтқан. Батыс аймақтың ХVІІ ғасырдан бастап ХІХ ғасыр ортасына дейінгі кезеңде діни тарихы туралы деректер өте аз. Арада біраз үзіліс салып, ХІХ ғасырда Сарайшықта атақты Көк мешіт болғаны туралы дерек бар. Жазушы Дүкенбай Досжан деректеріне сүйенсек, Жайық бойынан қажылыққа барған Нұрпейіс қазірет жеті жыл жанкештілікпен сонда жүріп, қазақ ұлтын Меккедегі мұсылмаңдар тізіміне енгіздіріпті. Ал оған дейін қазақ пен қырғыз ұлтының өкілдері (арабтардағы мұсылмандар тізімінде болмағандықтан! Қасиетті орынға жіберілмеген екен. Келісіп жер алған Нұрпейіс атамыз ұлы жүзден Қасымбек датқаны, орта жүзден Құнанбайды, кіші жүзден Мырқы мырзаны шақырытып, Меееде қажылыққа барған қазақтар үшін қонақ үй салдырыпты. Бұл оқиға шамамен 1865-1875 жылдары болса керек, өйткені ҚұнанбайдыңМеккеге 1874 жылы барғаны (егер бір-ақ рет барған болса) белгілі. Сейіт Кенжеахметұлы"Жеті қазына" кітабында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында жоғары білім алған қазақ ұлты өкілдерінің (124 адамның) тізімін келтірген. Сол кездегі Ресейдегі басты – басты жоғары оқу лоындарын қоспай, алыс шетелдердің оқу орындарын бітіргендердің кейбірін атасақ:
Бірімжанов Ғазымбек- Берлиннің ауыл шаруашылығы институтын,
Тұрғанбаев Мәннан,
Шанов Смағұл,
Көлбаев Досқали,
Машаев Әбдірахмандар – Ыстамбул университетін,
Күшіков Әбілмәжін,
Уәлиев,
Шамбылбеков Әмірбек,
Солтанаев Жанақ,
Тұнғаншин Ахмет - Варшава мал дәрігерлік институтын,
Мусағалиев Ғаболғазиз – Мысырдың Қаир университетін 1909 жылы бітірген.
Бұлар- тек батыс өңірі ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша алынған мәліметтер. Көңіліңізге мақтаныш ұялатарлық деректер. Тарих ғылымының докторы Ө. Озғанбаевтың Маңғыстау перзенті, жан-жақты ғалым, ірі діни қайраткер Оразмағанбет туралы үлкен тебіреніспен жазған мақаласынан үзінділер келтірелік. "Кісілік ілтипатымен, білімпаздық ұстаздығымен, емшілік және ғалымдық қабілетмен дүйім жұрттың құрметіне бөленген батыс өлкесінің ұлағатты ұланы Маңғыстауда 1882 жылы туған Оразмағамбет Тұрмағанбетұлы 1938 жылы 20 қазанда жазықсыздан-жазықсыз "халық жауы" ретінде атылып кетті. Оразмағамбет 1897-1900 жылдары Үндістанда оқып, ондағы Бомбей университетін бітірген. Оған дейін ол Үргеніш, Хиуа, Бұқара қалаларында оқыған. Шерғазы медресесінде оқып, Зәкірат ишаннан дін негіздерінен, Мәткерім ахуннан геология негіздерінен дәріс алған. Аталған шаһарларда көп жыл, түрлі тілдерді меңгерген. Сонымен қатар жер құрылысы, ауа райы, өсімдіктер дүниесі, шығыс мединицасы, халық емшілігі сияқты ғылымдарға ерекше назар аударған. Оразмағамбет туған еліне 1903 жылы оралып, халқы игілігіне ұзақ жылдар еңбек етеді. Елі оны ірі діни қайраткер, геолог – ғалым, ағартушы-ахун, шипагер-халық дәрігері ретінде таныған. Орекеңнің замандастары онымен бірге қазіргі Өзен ойпатының, Теңге қыратының, Қызылсай еңістерінің басында болған кездерінде оның: -А-ай, мына жердің астындағы байлықты айтсайшы! Осы біздің жердің тасына дейін алтын. Бұларды игеруге қазір шашамыз жоқ. Әйтеуір, осы маңда біздің балалардың жейтін наны, болашағы қаттаулы көмулі жатыр – дегені құлағымызда әлі күнге жаңғырытып тұрады дейді екен. Сол ұлы тұлға болжаған байлық бүкіл қазақ баласына, тәуелсіз қазақ еліне ырыс болды. Өзен, Теңге, Жетібай, Қарамандыбас, Қарақия, т.б. көптеген кеніштер ашылып, бүгінде елге қызмет жасап жатыр". Республикамыздың батыс өңірінде ХХ ғасырдың бас кезеңінде Бағдад қаласынан жоғарғы діни оқу орнын үздік бітірген Қуанай Қосдәулетов, Мәдина қаласындағы діни университетті бітірген Сағидолла Ізтілеуов, Бұхар қаласынан жоғарғы діни оқу орнын бітірген Хасан Нұрмұхамедовтер жұмыс істеген. ХІХ ғасыр соңы, ХХ ғасырдың басында өлкемізде исламды уағыздаушылардың шоқ жұлдыздай білімдар тобы болыпты. Олар жөнінде жерлесіміз, ғалым Ғинаятолла Нығыметтің зерттеу еңбектері арқылы облыс жұртшылығы таныс болар. "Қазақстанның батыс аймағында жоғарғы және орта арнаулы діни оқу орындарын бітірген бір топ зейінді діндар, парасатты азаматтар еңбек етті. Олар өздерінің тұрған жерлерінде ағартушылықпен айналысып, халықтың рухани талғамын арттыруға күш салып, мешіт – мектептер ашып, көпшілік қауымды парасаттылыққа, имандылыққа, білімдарлыққа баулуда үлгілі істер атқарады" – деп жазады Ғинаятолла. Олардың қатарында 18 жасында Сарайшық Көк мешітінде имам, кейін Гурьев қаласының бас имамы болатын Мырзағали қазірет Иманғазыұлы, Гурьевтемұхтасиб (діни жұмыстарды жауапты ұйымдастырушы) болған Хасан қазірет Нұрмұхамедұлы, Азғыр бойындағы халфе Бекмұхамбет Айтбайұлы, Жайық бойындағы халфе Тегісбай Әлімбайұлы, Нарын құмындағы Орпа ауылынан Мүтиолла Шәріпұлы, Жылойдағы Дүйсеке, Толыбайдағы Арал қазіреттердің есімдері аталады. Кешегі кеңес заманындағы Сталиндік репрессия жылдары байлармен қоса діни адамдарды да, олардың жазығының болуы- болмауына қарамастан жазалағаны белгілі. Солардың қатарында он сегіз жасында Сарайшықтың көк мешітінде имам болатын, отызында жоғары діни атақ "хазірет" атанған Мырзағали Иманғазиев жала жабумен "халық жауы" атанып, 1937 жылдың 3 желтоқсанында Гурьев округтік НКВД сінде атылған. Бағдадтағы жоғарғы діни оқу орнын уздік бітіріп, Ыстамбұлдағы Айя София мешітінде имам юолған, кейін елге келіп жұмысын жалғастырған, кезінде Алашорданың батыс бөлімшесінің рухани басшысы болған Қуанай Қосдәулетов 1937 жылы жала жабудың құрбаны болған. Бұндай деректер өте көп. Шындығында бұл жылдары халыққа еңбегі сіңіп, молда атанғандардан аман қалғандар кемде – кем. Атылғандардан өзге, "Итжеккенге", Сібірге, сонау Қиыр Шығысқа жер аударылып, атамекен топырағы бұйырмағандар қаншама?! Атырау облысы Чапаев селосының тұрғыны атамекенінің жанашыр патриоты, өлке тарихын зерделеп жинаушылардың бірі Қарасай Сапарұлының тақырыбымызға байланысты жазбаларынан деректер келтірелік: "Қазақстанның батыс аймағында, кешегі Бөкей Ордасында Жәңгір хан тұсында мешіт – медреселер көп болған. Оларға керекті діни қызметкерлерді Қазан, Уфа, Стерлітамақтан даярлатып, ноғай, татар, қазақ молдалары дәріс берген. "Бөкей Ордасы: Жәңгір дәуірі" деген зерттеу еңбекте Жәңгір хандық құрған кезде молдалар саны 40 тан 400 ге жеткен деп көрсетіледі. Хазірет атанған Нұрманұлы Құрманбек Стерлітамақта 14 жыл оқып, терең діни білім алған, елге келіп мешіт – медресе салдырып, көптеген шәкірттер тәрбиелеген, хазіреттің немересі Әбдісалыхов Ғазиз күні кешеге дейін Атырау мешітінің Зарипов Абайдан кейінгі наиб имамы болды. Құран ашып науқастың сырқатына дауа табатын, тірі кезінде-ақ ел аузында аңызға айналған, діни терең білімді, күні кешеге дейін арамызда болған қасиетті Дәрісқали молданы оқытып шығарған сол Құрманбек хазіреттің немере інісі және шәкірті Халидолла болыпты. Діндарлығы, құран оқу мақамы мен жамиғатты ұйытуы, парасат – пайымы, ой тереңдігі, сөз шеберлігі мен өзіндік қадір – қасиеті, өнеге – ғибраты елге үлгі боларлық, діни білімін халық игілігіне жұмсаған Қаратоқай Сүндет молда, Тәзіке Адай Ізмұхамбет молда, Себек Дәулетияр молда, Таз Мүтіш молда, Забурында болған Меңетай қажы (Ж.Ғ.) Құмар, Ахмет хазірет, оның баласы Тұқпат хазірет, оның баласы Кәрім молда, Атыраудың жанындағы Чкалов селосында тұрып, бұдан бірнеше жыл бұрын о дүниелік болған Лұқпан молдаларды (Ж.Ғ.) атасақ орынды". "Имани байлығы өз алдына, адами жақсы қасиеттерді де бойына жиған, адамға дешен қайырым – қамқоры мол болған Жаңай ата кезінде Құспан молда мешітінің іргесі бекіп, орнығуына үлесін қосты. Бойына дарыған тылсым күщінің әсерімен алдына келген талай адамның жанына жалау болған. Балайұлы Жаңай 1892 жылы Исатай ауданының Бекайдар ауылында дүниеге келген, Есентемірдің Әшімбет атасынан". (Біздің есімізге түспей, немесе деректерін білмей атамай қалған қасиеттілердің аруақтарының алдында және олардың ұрпақтарының алдында кешірім өтінеміз.)
Соңғы он жылдық шамасында жастар тәрбиесін қолдан шығарып алдық. Тәрбиенің бұрынғы кеңестік жүйесі қираған сәттен бастап, ескексіз қайықтай жел жетегінде кеттік. Ата – ана мен мектеп тәлім – тәрбиесінен гөрі шетелдік мағынасыз, желөкпе музыка, жүгенсіз кеткен кейбір ақпарат құралдарының өнімдерімен көрсетілімдері әсерлілеу болды да, жастарымыздың жан дүниесін жаулап алды.
Қатерді көре, сезіне отырып, қарапайым халық дәрменсізбіз.
Ұрпағына заманына сай білім беріп, ата дәстүріне адалдыққа тәрбилеу әр ата – ананың арманы екендігі дау туғызбас. "Батпандап кірген ауруды, мысқылдап болса да шығару", балғын денені рухани сауықтыру- сол бүліншілікке жол берген ұрпақтың өкілі біздің ата -аналық боршымыз десек орынды болар. Жастарды адамгершілікке, мейірім мен парасатқа, білімге құштарлыққа тәрбиелеуде ұлтымыздың салт – дәстүрінің ислам діні қағидаларымен астасып жатқанын ерте байқаған бабаларымыз, осы бір қасиетті сәйкестікті орынды пайдалана біліпті-ау! Бүгінде сол бабалар сүрлеуімен бағыт ұстаған істер бар екенін естиміз, бірақ жаппай етек ала алмай отыр, өйткені үкімет тарапынан жалпыға міндеттейтін ортақ бағдарлама жоқ. Мақсат – жасөспірімді намазға жығып, арабша сүрелерді жаттатқызу емес (қажет десе, кейін өзі – ақ істер), оған имандылық әліппесін үйрету, ұлтының адамгершілік дәстүрін қадірлеуге дағды беру болса, бұл іс бүгін-ақ балабақша мен мектептен бастау алса нәтижелі болар ма еді деп армандайсың.
ҚҰРАН – ҒЫЛЫМДАР НЕГІЗІ
Наурыз айының басы. Село тұрғындарының жалпы жиналысы көктемгі егіс жұмысын ұйымдастыру туралы талқылап, шешім алынды. Үнемі ауыл жайлы толғантып жүретін село әкімі жиналыс соңында көпшілікке мына ойын айтқан еді: -Ауылдастар, ауылымыздың аты түгел Республикамызға танымал, қасиетті атамекен, әулиелі топырақ. Өкініштісі сол, киелі жерде отырып, жастарымызға үлгілі тәрбие бере алмай келеміз. Соңғы айларда жастар арасында, оның ішінде мектеп жасындағылардың тәртіпсіздігі көбейіп кетті. Себебі айтылып та, жазылып та жүр: жұмыссыздық, жасөспірімді ата – ананың, мектептің үнемі қадағаламауы, үлкеннің жағымсыз әсері, теледидардағы әдебімізге жат көрсетілімдер мен ату – шабу, қанішерлікті уағыздайтын фильмдер тағытағылар. Көріп отырмыз, солардан болды деп қойғаннан жағдай өзгеретін емес.
Ұрпақ өзіміздікі, ойланайық, ағайын!
Ислам діні – бабаларымыздың дінінің адамгершілікті уағыздайтыны бәрімізге белгілі. Ауылымызда мешітіміз, діни сауатты имамымыз да бар. Жастарымызды дінге уағыздап көрсек қайтеді. Оның қандай ұтымды жолдары бар деп ойлайсыздар? -Шырағым, айтып тұрғаның бәріміздің бас ауыртып жүрген мәселеміз – деді, соғыс ардагері ақсақал, - егер көпшілік қолдаса, аталған шаруаны терең ойластырып, іске асыруды жоспарлайтын білікті алқа құралық. Көпшілік ақсақал пікірін қолдап, құрамында ауыл имамы, селодағы орта және кәсіптік мектептер өкілдері, тәжірибелі мұғалімдер, бірнеше ақсақалдар мен ата –аналар бар алқа құрылды. Арада аз күн өтті. Алқаның алғашқы мәжілісінде ауыл имамы сөз алды:
-Қолға алған ісіміздің Алла оңын келтіргей.
Жамағат, әр істі бастаудың өз реті болатыны сияқты исламды уағыздаудың да өзіндік ерекшелігі бар. Жастарға беретін тәрбиеміз, діни уағызымыз нәтижелі болуы үшін мектептегі мұғалім де, үйдегі ата – ана да балаға мұсылмандық талаптарды қоя білумен қатар, өздері де орындап, үлгі көрсетулері керек. Бүгінгі ата-ана, мұғалім осы іске дайын ба? Болмаса, баладан бұрын үлкендерді оқытып алуымыз жөн бола ма? -Өте орынды пікір -деді ақсақалдардың бірі, - біз кешегі кеңес заманында өсіп, есейгенде дінді білмей өстік, балаларымызға да үйрете алмадық. Енді немерлерімізді мұсылман қатарынан көру үшін, оның атасын да, әкесін де қоса оқытудың дұрыс. Алғашқы мәжілісте ақылға сыйымды ұсыныстар көп болды, олар талқыланды да. Пікірталастар да болмай қалған жоқ. Ұзақ талқылаудан кейін өздері алған шешімді алқа кешіктірмей мектепте кезектен тыс шақырылған ата-аналар жиналысына ұсынды.
Олар: -Жастарға діни уағыз өз нәтижесін беру үшйн алдымен олардың ата-аналары мен мектеп мұғалімдеріне (ауылдың қажет деген үлкендеріне) мұсылмандық жөнінде түсінік берілсін. -Үлкендер үшін уағыз сабағы ислам дінінің ақиқаттығына, әділеттілігіне және оның халыққа қажеттігіне көпшіліктің көзін жеткізетіндей нақты дәлелдермен түсіндірілсін. -Дінді насихаттау жұмысына имаммен қатар ауыл мұғалімдері тартылсын. Олардың өз саласы бойынша таңдаған тақырыбын дайындауына 6 ай мерізім берілсін. Сөйтіп, жаңа оқу жылының басталуына дейін бұл іске мұғалім, ата – ана дайын болсын. Жиналыс алқа ұсыныстарын орынды деп тапты, сол күйінде бекітті. Үлкендер сабағы тамыз айынан бастап апта сайын жұма намазынан кейін, мәдениет үйінде өтілетін болды. Бұл жұмысқа мектептер басшылығы, әкімшілік, ақсақалдар және ауылдың осі іске жаныашыр азаматы қамқорлық жасасын деп шешілді. Бүгін үлкендер үшін ауылымызда дін сабағының басталар күні. Адам аз келеді-ау деген күдік орынсыз болды. Келушілер селоның мәдениет үйіне сыймай кетті. Араб елі сонау VІІ ғасырда меңгеріп алған Ислам құдылықтарынан әліппесімен танысуға біздің ауылдың тайлы – таяқтысы бүгін, ХХІ ғасырда жұмылудамыз. "Ештен кеш жақсы" деген халықпыз.Сәтті болғай! Ауыл имамы бәрімізді "Ислам адамға не береді?" тақырыбындағы әңгімесімен мұсылмандықтың құпия әлеміне бастап әкетті. -Ислам діні адал еңбек етуді, кісі ақысын жемеуді, қайырымды болуды, ата – ананы сыйлауды, Отанды сүюі, иманның берік болуын, білімді болуды, тән және жан тазалығын қатар ұстауды насихаттайды екен. Исламның мақсаты- адамзат үшін бейбітшілік, теңдік, достық, туысқандық болуы, бейбітшіліктегі әділетті қоғам орнауы- көрінеді.Ұстанатын қағидасы- мұсылман мұсылманға дос, жолдас, бауыр -дейді. Көбі құлағымызға жағымды, жанымызға жақын сөздер, кешегі коммунизм құрылысшыларының моральдік кодексінен жаттағанымыз. Апыр-ау, сонда коммунистер армандаған қоғам... Бұл ойды түптей бермей, имам уағызына құлақ түрелік.
Исламның дінді мойындайтын адамға қоятын талаптары түсіндірілуде. Олар: сабырлылық, сыпайылық, сыйластық, көршімен, ағайынмен татулық, кешірімділік, қанағатшылдық, обалмен сауапты білу, табиғатты аялау, уәдеге беріктік, ғылым – білімге ұмытылу екен. Ақылға салып қарасақ, ислам қағидаларында біздің өмірімізді қиындататындай немсе кедергі жасайтындай талап жоқ екен. Исламның бес шарты айтылуда: имам, намаз, ораза, зекет, қажылы. Намаз сабағын білмеген адамды ешкім де таяқтап намазға жықпайды, алдымен үйреніп алсын. Шаруа (жұмыс, денсаулық) жәйі тарпаса, ораза ұстай алмайсыз, қажылыққа қалтаңызда мол қаржы болғанда ғана бара аласыз. Ал иманды болу, жан тазалығын сақтау, ислам талаптарын түгел орындау мұсылманнан әрдайым талап етіледі екен. -Сонымен, ислам адамға не береді дедік -деп имамымыз айтылғандары пысықтап жатыр. -Мына пәни өмірде бір-бірімізге бауырдай қарасып, достықта, сыйластықа өміркешсек, ұрпағымызға адамдық үлгіміздің жақсылықтан қалағанымыз болады.
Сөзін аяқтаған имамға сұрақ та беріліп үлгерілді. -Исламның бес шартын түгел орындауға менің шамам жетпей жатыр. Өзімізді мұсылманмын деп айта аламын ба? -Ақсақал, ниетіңізді түгелдей исламға арнасаңыз, "Алла – бір, Құран – шын, Пайғамьар - хақ" тың мағынасына жүрегіңіз таза болса, мұсылмандыққа бет бұрғаныңыз. Бірақ, мұсылман екенсіз – исламның шарттары мен талаптарын орындауға өмір бойы ұмтылыңыз. Келесі сабақ көпшіліктің ұсынысы бойынша "Құранның қасиеттілігі, Құран сөзінің мағынасы" туралы болады. -Жаратушымыз өзінің адамзатқа айтар ақыл – өсиетін, әмірін қамтыған киелі сөзін Құран Кәрім арқылы Мұхаммед пайғамбарға жіберген. Бұған дейін де бірнеше кітаптар жіберілген. Мысалы, Дәуіт, Мұса, Иса пайғамбарлар қабылдаған Зәбүр, Тәурат, Інжіл кітаптары. Олардың алғашқылары жоғалған, соңғылары насихатшы тарапынан өзгерістерге ұшыраған. Сөйтіп, тіршілік өз бетімен жөнсіз кетті. Жер бетіндегі тіршілік атаулының саналы тобы- адамзат қоғамы оң бағытта дамуы үшін оған жол сілтеуші ретінде Құран түсірілген. Тек Құран сөзі ғана түпнұсқа күйінде сақталған. Құран- ислам мәдениетінің түп қазығы, бүкіл дүниенің сыры да, өмір тіршіліктің қағидасы да сонда жинақталған. Ол – сарқылмайтын ілімнің қайнар көзі, ғылымдар негізі. -Жамағаттар, біз Құран жөніндегі пікірімізді бұған дейін жәй сөзбен түсіндірдік. Кейбіріңізге нанымсыз да болуы мүмкін. Енді Құран Кәрімнің мазмұны, қасиеті туралы өмірлік дәлелдер келтірелік -деп, имам ауыл мұғалімдеріне кезегімен сөз берді. (Бұл шара- турасын айтсақ ауыл мұғалімінен Құранның насихатшысын жасау оңайға түспеген еді. Дегенмен жүрек жылуын балаға деп арнаған ұстаз емес пе, ортақ іс үшін ақсақалдардың айтқанынан шыға алмады. Сөйтіп, мұғалімдердің іріктелген тобы алты ай бойы дайындалды. Діни газет-журналдар оқылды, аудандық, облыстық кітапханалар араланды, облыстық мешіттің діни мамандарымен бірнеше рет кездесілді. Сол маманның бірі бүгінгі сабаққа шақырумен қатысып отыр). Алдымен көпшілік алдына география мұғалімі шықты. -Тау табиғатын зерттеуші геолог, жапондық профессор Сиеведа "Материктік және су асты тауларының ерекшеліктері мынада: олар бейне жерге қағып кіргізген қазықтар сияқты. Олардың жер астында жалғасы бар" – деген ғылыми жаңалығын жариялаған. Ғалым бұл зерттеуіне бірнеше ондаған жылдарын арнаған екен. Оған Құранның 78- сүресінің6-7 аяттарындағы "сіздер үшін төсеніш етіп жер, оған қазық етіп таулар жаратылды" деген – сөзді оқып бергенде, ғалым таңқалыпты. Оның ХХ ғасырда ашып отырған жаңалығы бұдан ХІV ғасыр бұрын жазылған Құранда тұрса, таңғалмағанда қайтеді?! Кездейсоқ сәйкестік болар десеңіздер, келесі мысалды қаралық. Дүниежүзілік мұхиттар астындағы не бір ғажайып құрылым мен су жәндіктері тіршілігі жөнінде тамаша деректі фильмдерімен көпшілікке таныс француз океанографы, ғалым Жақ Иф Кусто теңіз астында әртүрлі бағытта ағып жататын өзендер барын, оның суының теңіз суымен қосылмайтынын, температурасы, тығыздығы, тұздылығы әртүрлі екенін көріп таң қалған. Сөйтсек, бұл да Құранда жазылыпты: 55-сүре, 19 -20 аяттар. Ғалым өз жаңалықтарын су үстімен ғылыми зерттеу станцияларының және жердің жасанды серігінің көмегімен ашқандығын айтқан. Мектеп оқулығында айтылатын жер бетіндегі топырақта, атмосфереда ылғалдылықтың алмасу заңдылығы Құранның төменгі сүрелерінң аяттарында жазулы көрінеді: 22: 18 – 19; 7:57; 75: 48 – 49; 30:48;
Физика маманы сабақты жалғастырды. -АҚШ профессоры, атақты геолог Альфред Кроне сан жылдарғы зерттеу жұмысы және электрондық есептеу техникасы көмегімен "Жер мен аспан денелерінің шамамен бір уақытта жаралғандығы туралы" қортынды жасаса, ол Құранда, оның 21 – сүресінің 30- аятында жазулы екен. "Бұл ядролық физикадан хабарсыз, электрондық құралсыз адам баласының ойы жетуі мүмкін емес нәрсе" -дейді ғалым. Адамзат баласының, оның ішінде талантты ғалымдарының соңғы он ғасыр кезеңінде "Аспан денелерінің пайда болуы, табиғаты, қзғалысы" туралы ашқан заңдылықтары, жасаған қортындылары Құранның төменгі сүрелерінің аяттарында жазулы тұрған болып шықты: 41: 11-12; 25: 61; 7:54; 21: 11, 30, 33; 36: 40; 39: 5; 71: 15-16; 36:38. Араб тіліндегі құран сөзін түсіне де, оқи да алмайтын адамға бұл айтқандарымыз сенімсіз көрнуі мүмкін. Сондай күмән болмауы үшін сіздерге әдейі алып келдім -деп, мұғалім Халифа Алтайдың қазақшаға аударуындағы Құран кітабын зал ортасындағы столға қойды, -қазақ тілінде жазылған, танысыңыздар, тексеріңіздер.
Алдымызда биология маманы. -Француздың атақты хирургі, ғалым Морис Букель, АҚШ ғылыми зерттеу Ислам академиясының ғалымы Шейх Мұстафа, Канадалық анатомия профессоры доктор Кейт Мур ана жатырындағы адам ұрығының пайда болуы мем даму кезеңдерін сан жылдар зерттегенде келген қортындылары (бұл ХХ ғасыр) -сонау VІІ ғасырдағы Құранда жазылғандармен дәлме-дәл шыққанын көріп таң қалған. Шынында да Құранның 86- сүресінің 5-7 аяттарында түсінікті тілмен ұрықтың пайда болуы, 23-сүренің 13-14 аяттарында жатырдағы ұрықтың даму кезеңдері анық түсіндірілген. Мысалы, ұрықтың 40 күнге дейін ұйыған қан түрінде болып, ал 42 күннен кейін ет-сүйегі, терісімен көз-құлағы жасақтала бастайтыны айтылған. Бұл жазылғандар- бүгінгі күні ғалымдардың рентгендік, электрондық құралдар арқылы зерттеу нәтижесімен дәлелденіп отыр. Адамның жаратылуы туралы Құранның бірнеше сүрелерінде жазылған: 39:6; 15: 28; 4:1; Құранда ғылыми ұғымдардың дәл және түсінікті берілуі ғалымдарды таң қалдырады. Мысалы, АҚШ, Филадельфия университеті анатомия мен экспериментті биология профессоры, екі жүздеген ғылыми еңбек авторы Б.Маршалл Джонсон 1981 жылы Сауд Арабиясының Даммам қаласында өткен дүниежүзілік 7-ші медициналық конференцияда өз сөзінде: "Құран кітабы жазылған кезде (VІІғ.) мен бүгінгідей біліміммен болған болсам, Құрандағыдай деңгейде түсіндіре алмаған болар едім" -деп мойындаған. Қырғыз қызы Рахно Азимова орыс тілінде аударған Мұхаммед Собирдің "Божественные чудеса" (Бишкек-98 ж) кітабынан үзінді келтірсек: "...Араб тілін білмейтіндерге жасалған тәжірибе қортындысына Құран сүрелерін мақамымен тыңдағандардың 97% ның ағзасында оң өзгерістер байқалған. Жүрек жұмысы жақсарып, жүйке жүйелері қалпына келген. Құран сүрелерінтыңдату арқылы өзге де ауруларға қарсы тұрарлық иммундық жүйені жақсартуға болатыны анықталды" (12 бет). Әр адам өз жүрегінде Ұлы жаратушының аты Аллаһ сөзінің (араб әрпімен) жазулы тұрғанын біле бермес! Оны осы кітап авторы тауып оқыған және операция үстінде бірнеше адамның жүректерін өз көзімен көріп, жұрт көзінше дәлелдеген. (17-18 бет).
Кітаптың орыс тіліндегі нұсқасы алдарыңызда жатыр, танысуларыңызға болады.
Тарих пәні мұғалімін тыңдап отырмыз.
Құранға күмән келтірушілер тілге тиек еткендей, жан-жақты ғылым жетістіктерін бойына жинаған құранды бұдан 14 ғасыр бұрын Мұхаммед не оның қатарлары жаза алмаған болар еді. -Құранның ақиқаттығын, оның ғылымдар негізі екендігін дүниежүзінің көптеген ірі – ірі ғалымдары мойындаған. -Құран- адамзаттың ақыл-ойының жемісі деуге сыймайды дейді олар- ол Жаратушының сөзі екендігі ақиқат. Қолорада университеті профессоры Джеральд С. Горинджер, Канада университеті профессоры, анатом Т.Н. Персод, Жапон ұлттық Астраномиялық Обсерваториясы директоры, профессор Иошихид Козай, АҚШ тағы исламдық ғылыми зерттеу қоры президенті, доктор Закир Наик, Тайландтан-Теджатат Теджасен, Техастан – Джо Лей Симпсон тағы тағылар өз салалары бойынша ғылымдағы соңғы жаңалықтардың Құранда бұрыннан жазылып қойылғанын көзбен көріп, оның адам қолымен жазылуы мүмкін еместігін мойындаған, аталған ғалымдардың көпшілігі мұсылмандықты қабылдаған. Олардың дәлелдеуінше, құранды адам жазуы мүмкін емес, ол – Алланың әдейі жіберген кітабы. Компьютерге салып қарағанда да Құран сөздерінің осы заман ғылымының соңғы жетістіктеріне қайшы келер тұстары табылмаған. Құранның 2 – сүресінің 256 – аятында жазылғандай, ислам дінін тарату, оны қабылауда ешқандай зорлық, күштеу болмаған, еріктілік негізінде іске асырылған. Дәлелдер келтірсек: Эдвард Гиббон: "Мұхаммед миссиясының керемет табысқа жетуі ешқандай да алмас қылыштың көмегі емес, Мұхаммедтің керемет ахлақтық күшінің арқасында болған нәрсе" ("Сарацин империясының тарихы", Лондон 1870 ж), Де Ласи О, Лиари: "Мұсылмандардың фанаттық қозғалыстары исламды қылыштың күшімен орнатты дейтін сандырақ тарихшылардың ойлап тапқан өтірігі" (Ислам - жолайырықта", Лондон, 1923ж.). Исламның алмас қылышы – мұсылмандардың Аллаға деген сенімі. Сол сенім арқылы ислам әлем халықтарының алтыдан бірінен астамын қамтып отыр және күн санап көбейіп келеді. Өйткені Ислам – бір ұлтқа, қауымға ғана емес, күллі ғаламға жіберілген дін. Сабақ соңында уағыздаушыларымыз өз тыңдаушыларын Құранның қазақша аудармасымен, академик Әбіл Ахметтің "Құран – ғажайып сырмен көзбе – көз таныстыру" кітабымен, медицина ғылымы докторы Шаһизинда Жанәділұлының "Алла – жалғыз жаратушы немесе жүйе туралы қағида" атты ғылыми еңбегімен, "Шапағат - Нұр" және "Ислам әлемі" журналымен таныстырды. Келесі уағыз сабағымыз Пайғамбар хадистері туралы алдағы жұмада болады. Келем деушілерге есік ашық!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру