Ағасы бардың, жағасы бар
Бауыржан Момышұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бауыржан Момышұлының шығармалары батырлыққа, өрлікке баулиды. Жазушы шығармашылығының ерекшелігі – ойдан шығарылған оқиға мен жасанды кейіпкерлерден аулақ. Көзбен көрген оқиғаларын бойына сіңірген туындылардың әлеуметтік, қоғамдық сипаты басым. Салт-дәстүрін ұлықтап, соның негізінде түйген ойлары...
«АҒАСЫ БАРДЫҢ, ЖАҒАСЫ БАР»
(ІІ нұсқасы) Георгий Федорович Курганов... Курганов бірінші жиһан соғысында батарея командирі болған. Азамат соғысында артиллерия дивизионына командир болған адам. Ұлы Отан соғысында генерал Панфиловтың ақылгөйі болған полковник... Курганов биыл алпыс беске толыпты. Алпыс бес жауынгер үшін оңай жас емес. Шынымды айтсам, ең әуелі Алматыдағы панфиловшыларды үйіме шақырып, қонақ асымды алдарына қойып отырғанда, Кургановты еске алғанбыз. Сол арада кеңесе кеп ақша жинадық, шалға сыйлық алдық. Көп ұзамай жұбайым мен балаларымды алып Ташкент тарттым.
Кургановтың адресі: Национальная көшесі, 9 үй болатын.
Қарт бізді қақпа алдында қарсы алды.
—Ты кто? — деп біраз дағдарып тұрып, А-а-а! Бауыржансың ғой!..
— Так точно, Георгий Федорович! — дедім мен.
— Мен сені генерал-полковник шенінде көремін бе десем, сен әлі полковниктен аса алмай жүрсің ғой. Безобразие! — деп айқайлап, қарт мені құшағына алып аймалай сүйді.
— Біз солдатпыз, Георгий Федорович. Соның өзі ең жоғары дәреже емес пе.
— Мы служим Советскому Союзу!
— Дұрыс айтасың, қартым! Жарайсың! Біз запастағы полковникпіз, бірақ өмірден шет қалған жандар емеспіз...
— Дәл айттың! Сөзің өзгермепті... — деп шал көзіне жас алды.
— Ал, мен сізді тани алмай тұрмын, Курганов жыламаса керек! — деп шалға айқайладым.
— Иә, сенікі жөн, бірақ амал қанша, қарттық жеңейін дегені де...
— Сол итке көнбеу керек. Өзіңді әрқашан қолға ұста...
— Жарайды, кешір шалды... Екеуіміздің көріспегенімізге 17-18 жыл өтіпті... Сені осындай күйде көремін деп ойлап па ем, қартайыпсың...
Мен қартқа Ғайникамалды таныстырдым.
— Ал, мыналар қанжығаға байланған қоржындарым, — деп Шапулька мен Мақпалымды таныстырдым.
— Дедушка, здравствуйте, — деді Мақпал.
Шалдың жүйесі босап кетті.
— Айналайын, бөпем, — деп мейірленіп, шал сәбиді құшақтап бетінен сүйді.
Осы Ташкентте елу - алпыстай панфиловшылар тұрады екен. Солардың барлығын шақырып, сенің келгеніңе той істеймін деп шал ай-шайға қарамастан телефонға жармасты...
Ертеңіне жиырма шақты кісі келді. Жаюлы кең дастарханның басында кездестік.
Үй иесі түрегелді:
— Адам баласы үш жағдайда айнымастай достасатын көрінеді: қан кешкен соғыста, бірге айдалып қамауда жүргенде, ауырып бірге жатқан жағдайда. Достар, сендердің майдандас командирлерің, менің інім бала-шағасымен, жұбайымен мені әдейілеп іздеп келіп отыр. Бұдан асқан қуаныш бар ма!.. Бәріміз де солдатпыз, ал солдаттың тілі шолақ, көп айтатын не бар, ал, және бауырлас достарым, сендердің денсаулықтарың үшін... Біз орнымыздан тұрып рюмкаларымызды соғыстырдық...
Кургановтың бау-бақшалы кең қорасы бар екен. Астан кейін бәріміз сыртқа шықтық. Таза ауада сейілдеп жүрміз. Қасымда қаумалап жүрген кісілерден бір кезде қарт мені оңаша алып шықты:
— Інім, мені айыпқа бұйырма...
— О, не дегеніңіз, Георгий Федорович, — дедім мен не айтқалы тұрғанын түсінбей.
Курганов төс қалтасынан паспортын суырып жатып:
— Мақпал сенің кенжең көрінеді... Менің үлкен өтінішім бар: Москваға барған соң кенже қызыңа менің атымнан ұнатқан бір нәрсесін сатып әперіп, Курганов ағасының атынан сыйлағайсың,— деп қолыма бір нәрсені қысты.
«Е, мына шалдың кемпірінен жасырып жүрген жиырма бес сомы Мақпалға бұйырған екен ғой», — деп ойлап, ақшасын алдым.
— Ал, енді шайға жүрейік, — деп қолтықтады шал мені.
Шай үстінде Курганов марқұм генерал Иван Васильевич Панфилов туралы бірнеше естеліктерін айтты. Олардың көбін мен кезінде «Биографические записи» деген еңбегімде жазған-ды. Сол себепті бұл арада қайталап жатқанды артық көріп отырмын. Курганов менен әлдеқайда үлкен, бірақ ол өзі арақ ішпейді, темекі шекпейді, көзілдірік кимейді, әлі де өз тізгіні өзіндегі шал. Өзінің машина айдайтыны да бар. Шалды шофер етіп біраз күн Ташкентті араладық.
Көріп отырсыздар: «Ағасы бардың — жағасы бар»...
1.04.1964 ж.
Алматы
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру