TELEGEI

Home

Ғасыр өтіп барады

Әбіш Кекілбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ғасыр өтіп барады

Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы шынайы құбылыстың негізі халық тарихынан бастау алған. Жазушы тарихи оқиғалар арқылы кейіпкер психологиясын, саяси бағыттарға деген көзқарасын танытады. Портрет жасау мен мінездеудің көркем үлгілерін ұсынған тұстары жиі кездеседі. Адам мінезіне, көзқарасына әсер ет...

САЙРАНҚҰМАРЛЫҚ САНАҒА ТҰСАУ

Уақытта тоқталыс жоқ. Заман өзгермек заң тозбақ. Оған бұрын күмәнданғанмен, қазір күмәнданбаймыз. Бақи мен фәни... Фәнидің барын кез келген жұмыр басты пенденің таусылған жарығы дәлелдеп жатыр. Ал бақидың барын не дәлелдей алады? Өмірден өткендердің артында қалатын ұрпағы ма? Туған өлкесіне тастап кеткен мұрасы мен әулетінің санасына сіңірген мирасы ма? Дәл солай. Жалғасып жатқан әулет. Жарасып жатқан дәстүр. Өмірмен бірге өзгере салмайтын мұраттар. Тұрмыспен бірге қопарыла салмайтын қордалы сана. Содан туындайтын рухани өмір. Бірақ, бұған да шүбә келтіруге болар. Сана өзгермесе, сапа өзгере ме? Сапа өзгермесе, өмір өзгере ме? Расы, бәрі де өзгеретін шығар. Біреуі шұғыл, біреуі баяу өзгеретін шығар. Демек, бұрынғыдан да сұрыптап барып бас тартып, жаңаға да сұрыптап барып бас шұлғығанымыз дұрыс шығар. Әйтпесе, оңай ылыққаннан әл-ауқатымызды қандай жүдетіп алсақ, жан-ауқатымызды да тап солай жаңартып алуымыз ғажап емес. Ендеше, біз кеткен үрдістің даулы жері қандай көп болса, бізге келген үрдістің де даулы жері тап пәлендей аз емес екенін ескерейік.

Әсіресе, өнерде, рухани ізденістерде...

Біздің жаңа үрдіспен технологиялық қауышуымыз әлі бастала қойған жоқ. Ал идеологиялық қауышуымыздың әлдеқашан басталып кеткені ақиқат. Содан да ма екен, батыста таңсықтығы таусылып, бізде ынтықтығы әлі өрлеу үстіндегі көпшіліктік мәдениет көп жұртты шошынта да бастады. Бай мен кедейдің болатынын мойындауға қалай мәжбүр болсақ, екі мәдениеттің де – «жалқыларға» арналған (элиталық) мәдениет пен «жалпыға» арналған бұқаралық мәдениет барына да көзіміз сондай жете бастады. Талайлар оның сыртқы анайылығынан жерігенмен, оның арғы әлеуметтік астарларына әлі тереңдеп үңіле қойған жоқ. Оның төркінінің неде екенін біле қойған жоқ. Бұрын адамзат өз қолынан шығатын барша нәрсені артында қалатын мұра деп санайтын. Қазір тек бүгінгі зәрулікті ғана өтейтін тауар деп қана ұғады. Өтсе – болды. Одан арғысында шаруасы шамалы. Өнерге де көзқарас солай. Бұрын суреткер өз замандастарынан ғана емес, ертеңгі ұрпақтардан да ұялып, жан-тәнін салып бағатын. Ал қазір аз күндік ермекке жараса жеткені... Жалпыға ұнауға тырысу жайдақтыққа ұрындырмай тұрмайды. Ендеше, жайдақтықты өнер деп ұқтырудың өзіндік пәлсапасы бар. Соны сезінбей тұрып, жайдақ өнерден жалқылар безінгенмен, жалпылар безінбейді. Кез келген микробтар сияқты, рухани микробтардан да тек есік-терезені тарс қымтап қойып сақтана алмайсың. Қымтанғанмен, жымысқы неме жұғыспай қоймайды. Ендеше, одан сақтану үшін де берік рухани иммунитет керек. Ол – ұлттық мәдениет пен әлемдік мәдениеттің гуманистік үрдістерімен, үлгілерімен қапысыз сусындау. Оның үстіне жаңа рухани індеттің қыры мен сырына, залалы мен зауалына әбден қанығу. Біз де батыс мәдениеттанушыларының көзқарастарын сараптай отырып, рухани дүниені жайдақтандырудың стратегиясы мен тактикасы жайында сөз қозғамақшымыз. Адам концепциясы – көркем творчество мен эстетикалық ой үшін ең басты проблема. Көркем творчестводағы суреткерлік әдісті де, шынтуайтқа келгенде, сол өнердегі адам концепциясы белгілейді. Адам мен қоғам проблемасы қоғамдық ойдың ешқашан назарынан қағыс қалып көрген емес. Адам құлқын, әрекетін қоғамдық жағдай белгілей ме, әлде қоғамдық жағдайды адам билей ме – бұл сауалға тұжырымды жауап таба алмай арғы-бергідегі талай ойшылдардың басы қатқан-ды. Осы заманның да көп теоретиктері осынау өмірдің өзімен өзектес проблеманы қазір де әр саққа бір жүгіртіп бағуда. Олардың кейбіреуі үшін адам – үлкен әлем де, ал қоғам – соның әбеқоңыр кішкене отауы ғана. Ал екінші біреулері бұндай жаңсақ қисынмен үзілді-кесілді келісе алмайды. Адам концепциясына байланысты бір-біріне кереғар осындай екі көзқарастың салдарынан мәдениет, эстетика саласындағы осы заманғы таласта ең даулы мәселе боп, бұрынғысынша реализм мәселесі саналады. Олай болуы әбден заңды да. Өнер мен саясаттың бір-бірімен терең қабысып, көркем творчествоның қоғамдық табиғатын барынша айқындайтын арнасы да – осы реализм. Мәдениет танытушылардың бір парасының айтуынша, өнердегі реализм адам мен әлеуметтік ортаның, характер мен адам басына тап болған жағдайдың арасындағы аса нәзік байланыстарды әлеуметтік тұрғыдан, психологиялық тұрғыдан, эстетикалық тұрғыдан жан-жақты қарастырып, объективті болмыстың барынша терең, барынша нақты, барынша шынайы көркем бейнесін жасауды мұрат тұтады. Реализм философиялық-эстетикалық құбылыс ретінде бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ бірінсіз бірі болмайтын гнесеологиялық (тектік) және әлеуметтік екі сипаттан тұрады. Реализмнің гнесеологиялық сипаты реальды болмыстың адам санасына атымен тәуелсіз субъективті болмыс екеніне көз жеткізсе, әлеуметтік сипаты – адам санасы мен құлқының өзін қоршаған қоғамдық ортаға, тарихи-әлеуметтік жағдайға сөзсіз тәуелді екенін көрсетеді. Ал екінші бір концепция реальды болмысты белгілі бір субъектінің көңіл күйі мен күйкі тілегіне байланысты әр алуан құбылта беруге болатын әрі-сәрі ұғымға айналдырады. Алғашқы теория өнерді қоғамдық сананың айрықша бір түрі деп ұғындырады. Адам баласына тән таным түрлерінің қай-қайсы сияқты, өнер де объективті болмыстың субъективті бейнесі болып табылады. Адам санасына атымен тәуелсіз реальды болмыс бар. Суреткер оның көркем бейнесін жасайды. Объективті және субъективті әлденеше факторлардың терең үйлесімінен эстетикалық болмыс – көркем шығарма туады. Демек, өнер реальды болмыс бейнелерінің бір түрі боп саналатын болса, ол бейнелейтін объекті де өзінің көркем бейнесіне, суреткердің көркемдік құралдары мен бейнелеу әдістеріне енжар қарай алмайды; көркем бейненің тууында суреттеліп отырған объекті суреткер санасымен бірдей шешуші қызмет атқарады. Ал, екінші концепцияның теоретиктері көркем бейненің күрделі диалектикасының объективті сипаттарын атымен жоққа шығарады. Осы заманғы мәдени социологияның атышулы өкілдерінің бірі Берхаз Фредерик Скиннер көркем творчествоның әлеуметтік-тарихи заңдылықтарын мансұқтап, ақынның өлең жазғаны тауықтың жұмыртқа тапқаны секілді санаға ешқандай қатысы жоқ, тап-таза табиғи қажеттілік қана деп дәлелдейді. Бұлайша ұғатындардың бір тобы «әбден тозып біткен» «реализм» деген ұғымнан біржола бас тартуға шақырып, сол арқылы өнердің объективті өмір танытқыштық сипатынан айырғысы келеді. Ал, екінші бір тобы осы заманғы көркем творчестводағы субъективтік суреттеу әдістерінің бәрін де, тіпті сюреализмді де, реализм деп өткізбекке тырысады. Күні кешеге дейін ең алдымен көркем реализмнің гнесеологиялық түбіріне балта шабуға, сол арқылы оны нақты тарихи болмыстан аулақтатып, әншейін адам қиялының ойыншығына айналдыруға тырысатын ағым басым боп келгенді. Қазір «постмодарнизм» деп аталатын өмірдің жалаң иллюзиясын жасауға тырысатын, өмір құбылыстарын әлеуметтік тұрғыдан талдаудан атымен ада, тек сырт нобайы ғана шындыққа келетін натуралистік бағыттағы әсіре реализм ағымы кеңінен етек жая бастады. Осыған орай «саясатты эстетикаландыру» деп аталатын, шынтуайтқа келгенде, бигуманистік, реакцияшыл саясатты өнер тілімен ақтап бағуға тырысатын жаңа ағым ойлап табуға мәжбүр болды. Шет елдің көптеген фильмдерінде, спектакльдерінде, кітаптарында империалистік нәсілшілдік саясат пен «революцияшыл авантюризм» ашықтан-ашық насихатталып жүр. Әдебиет пен өнерді саясаттандыру ағымы ара-тұра атымен тұрпайы нигилистік, анархистік идеяларды тудыруда. Бұның өзі аз болғандай, кейбір желбуаз қисыншылар қазіргі заманда әдебиеттің атымен қажеті жоқ, оны газет, телевизия және радио тарататын хабарлармен алмастыру керек деп өзеурейді. «Жаңа солшылдық» ағымының теоретиктері әлеуметтік және мәдени революцияны, цивилизацияны құртып, жыныс бостандығы мен нәпсі өктемдігін орнататын бимәдени революциямен алмастыруды уағыздайды. Мұндай революция, әлгілердің айтуынша, адамдарды бұрынғы моральдық, мәдени нормалардың бәрінен азат етеді. «Жаңа солшылдықтың» бас уағызшыларының бірі Сьюзен Зонтаг бұрынғы көркем өнердің автор атаулыдан да, өмірін мазмұн атаулыдан да, «шындықтан да», «өтіріктен де» атымен ада, бұрын-соңды ел көрмеген «жаңа өнерге» орнын босатқанын талап етеді. Оның ұғымынша, шын бостандық адам өз болмысында ешқандай шек-шекара, ешқандай норма дегенді атымен білмейтіндей күйге жеткенде ғана орнайды. Олардың пір тұтатын адамы – ешқандай жұмыс, парыз, міндет, жауапкершілікті білмейтін, ешкімді, ештеңені жақтамайтын, ешқандай үгіт өтпейтін дезангажемент. Олардың көксейтін өмірі – сезім мұқтаждарының бәрін тояттатын тән рахаты – олардың тәңірісі – нәпсі; олардың діні – кісіге қажетті ләззаттың ешқайсысын ертеңге қалдырмау, «дәл осы сәт, осы арада» тояттау; олардың ұраны – «жұмақты осы қазір орнатайық». Батыс жастарының мұндай «жаңа дінінің» өз пайғамбар, өз сахаббалары да жеткілікті – Герберт Маркузе, Маршал Маклюэн, Норманд, Мейллер, Франц Фома, Сьюзан Зонтаг, Ганс Магнус Энценсбергер, Честер Андерсон, Петер Хандке, Лесли А. Фидлер, т. т. Олар, негізінен, өз «дінін» былай түсіндіреді: дамыған елдерде жиырмасыншы ғасырдың орта тұсында жүзеге асқан төрт революцияның, атап айтқанда, сексуальдық, электрондық, көркемдік және психеделиялық революциялардың арқасында адамдардың ләззат атаулыға барша мұқтажынын бәрін де түгелінен және толығымен қанағаттандыруға керекті жағдайдың бәрі де жасалды. Сексуальдық революция – эротикалық сферадағы барша тиылым атаулының бәрін мансұқтады. Психеделиялық революция – наркотиктердің заңды праволарын қайтадан қалпына келтіріп, адамның ләззат құшағына біржола берілуге кедергі келтіретін сана, ұждан, ұят дейтін тиымдардың қыл тұзағын үзіп шығуға қолайлы жағдай жасады. Көркемөнердегі революция – адамдардыц көркемдік танымдары мен талғамдарын атымен өзгертіп, алғашқы екі революция орнатқан рахаттарды одан әрі өркендете берудің соны мүмкіндіктерін ашты. Электрондық революция – адамдар арасындағы қарымқатынастың түрлері мен ләззатқа керек заттардың өндірісін одан әрі көбейтіп, адамдарға қазірден бастап-ақ ләззаттан басқа ештеңеден қам жемей, емін-еркін өмір сүруге қолайлы экономикалық жағдай туғызды. Олардың айтуынша, электрондық коммуникация қазіргі дүниені кеңістік пен уақыт дейтін ұғымдарға атымен тәуелсіз, тек бастан кешіріліп отырған белгілі бір сәттен басқа ештеңеге назар бөлінбейтін мәңгі тоқтап қалған бүгінге айналдырды. «Жаңа жұмақты» жақтайтындар Өткенге де, Ертеңге де орын жоқ, жадыңа ештеңе тұрмайтын, көңіліңді ешқандай болашақ алаң қылмайтын ләззатты Осы шақта ғана өмір сүргілері келеді. Осы заманғы гедонизмнің философиясы мен мистикасының шырқап шыққан биігі тіршілікті, адамдық болмысты бар болғаны ләззатпен, ләззат болғанда да, жалаң тән ләззатымен ғана шектеу. Бұндай жағдайда, уақыттың абсолюттік ұғымы да сол әлеке нәпсінің дегеніне жетіп, рахаттанған қас-қағым «сәтімен» ғана шектелері өз-өзінен түсінікті. Сондықтан да, жұмақ аңсаған «жаңа періштелердің» ең жек көретін сөзі – уақыт. Нориан Браун: «Уақыт – невроз» деген анықтама ойлап тапты. Оның мәнісі уақыт деген ұғым бір ғана осы сәттің шеңберіне сыймай, өшіп кеткен Кешегі мен туатын Ертеңді қамтиды. Ендеше уақыт адам санасына Өткеннің өкініші, Ертеңнің қамы деп аталатын қайдағы-жайдағы сары уайымға салады да, оны ләззат құштарлығына ес-түссіз біржола берілуіне кедергі келтіреді, жүректі қозғап, жүйкені шамықтырады. Олай болса, уақыт кісінің жүйкесін жейтін невроз болмағанда, не болып шығады. «Жаңа солшылдық» пайғамбарларының айтуынша, адам санасына мықтап орныққан шындық, реальды болмыс дейтін ұғымдар да – кісіні өмір бақи бақытсыздықтан шығармайтын рухани кеселдер. Өйткені мұндай айнала қоршаған реальды ортаға деген сергек көзқарас тіршілікті ләззат дырдуы деп қана түсінетін мистикалық көзқараспен атымен сиыспайды. Сексуальдық революция бұған дейінгі адамзат ұрпағының аяғын тұсап келген ұят, жауапкершілік күнә деген ұғымдардың бәрінің күлін көкке ұшырып, жыныс қатынасына бола ештеңеден қысылып-қымтырылмайтын «махаббат бостандығын» дүниеге әкелді. Тіл алғыш медицина сексуальдық ләззаттың нәтижесі ешқандай моральдық, гигиеналық зардаптарға ұрындырмайтын ондаған айла-амалдарды ойлап табуда. Сөйтіп, «жаңа солшылдықтың» тағы бір пайғамбары Пасмордың «тауып» айтқанындай: «жұмақты» жерге орнату онша қиын болмай қалды, ол үшін бар болғаны, «шалбарыңызды шешсеңіз, жетіп жатыр». Алайда, «жаңа солшылдықтың» идеологтары екі жыныстың бір-бір өкілінің арасында ғана болатын дәстүрлі «сексуальдық дуэтке» көңілдері бітпей, тән рахатының барынша жетілген жаңа түрін «сексуальдық ансамбльді», немесе «тайпалық махаббатты» дәріптеп бағуда. Оргазм, коллективтік сексуальдық экстаз ләззат құшағындағы адамды ар-ұждан, намыс, жауапкершілік дейтін сөзімдерден құтқарады. Ол сексуальдық сферадағы екі адамның бірін-бірі таңдап табысуы, бір-бірінің сезімдері мен мінез-құлқынан жарастық көруі сияқты рухани ізденістерге орын қалдырмайды. Сөйтіп, сексуальдық қарым-қатынас екі адамның сүйіспеншілігіне байланысты рухани сипаттарының бәрінен айырылып, жалаң тән тоятына ғана айналады. «Жаңа солшылдар» бұған дейін тек хайуандарда ғана кездесетін санасыздық пен ұятсыздықты адамдардың махаббат сияқты аса нәзік рухани өмірінің бірден-бір үлгісіне айналдырмақшы. Бұл жайында жоғарыда айтылған Норман Браун: «Ләззат алудың мұндай бірден-бір дұрыс түріне әзірге адамдардың емес, хайуандардың ғана қолдары жеткен»,– деп жазады. Сөйтіп, «жаңа солшылдар» үшін адамдардың бақытқа жете алмай, қолдарын байлап жүрген бірден-бір кедергі – адамдық сана, адамдық ар-намыс. Көркем өнердегі жаңа революция оларды әлгіндей индивидуальдық сананың тұтқынынан азат етіп, коллективтік оргазмге оңай түсіретін соны психологиялық мүмкіндіктер ашты деп қуанады. «Жаңа солшылдар» өнердегі адамды рухани индивидумдық сипаттан арылтып, таза биологиялық құбылыс қалпында қалдыруға қызмет етуін талап етеді. Өнердегі адамдардың санасына әсер ететін әдістер атымен ескірді, енді адамдардың бойындағы соқыр түйсіктерге ғана әсер ететін соны әдістер ойлап табу керек деп уағыздайды. «Жаңа солшылдардың» дәріптеуінше, өнер – өнердің ішіндегі әлгіндей революцияға ең оңтайлысы – музыка. Олар қазіргі батыс жастарының арасында радиосыз, магнитофонсыз жүрмейтін панмузкализм ағымын өз насихаттарына шебер пайдалануда. «Солшыл» теоретиктер әуен мен әуезден тып-типыл ада, бір өңкей ырғаққа ғана құралған «Рокк-музыканы» денені бірден қозғалысқа көшіретін «революцияшыл өнер» деп ауыздарының суы құрып мақтайды. Адамды адамдықтан айырудың ең тиімді түрі – наркомания да жаңа революционерлердің ерекше құрметтейтін құбылысы. Өйткені, наркотиктердің адамға уайым-қайғыны, парыз бен жауапкершілікті ұмыттырып, рухани комфорт жағдайына көшіретінін медицина әлдеқашан анықтаған-ды. «Жаңа солшылдарға» керегі де сол – ештеңені ойламайтын «рухани комфорт». Не де болса, «Жаңа солшылдар» адамды «әлеуметтік жануардан» қайтадан «биологиялық жануарға» айналдыруға тырысып бағуда. Сөйтіп, «Жаңа солшылдар» «әзірге» тек жануарлардың ғана қолы жетіп жүрген эротикалық бостандықты тек асқақ поэтикалық идеал ғана емес, қазіргі заманның ең басты саясаты, ең басты идеологиясы қылып тұтынбақшы. «Жаңа солшыл» революционизмнің «негізін салушылардың» бірі Герберт Маркузе өзінің «Эрос және цивилизация» деген кітабында марксизм мен фрейдизмді ұштастырып, екі арадан жаңа гибрид «маркузианшылдықты» шығаруға ұмтылыпты. Маркузе Фрейдтің цивилизация туралы қисынын былай түсіндіреді: цивилизацияның дамуы ләззат принципінің өктемдігі реалдылық принципінің қолына өтуінің, яки адамзаттың өз ләззатын тезірек тояттатуға тырысатын ашқарақтықтан – ұстамдылыққа, әсершілдіктен – жасампаздыққа, қуаныштан, ойыннан – еңбекке, қорықпайтын ақи көз батырлықтан – алдын-ала қорғана білуге көшуінің арқасында қамтамасыз етілген. Маркузе әлгі айтылған ләззатшылдық принципке Эрос деген жалпы атақ тағады да, реальдылық принципін қоғамдық өндірістің нашар дамуы мен адамды адам қанаудың нәтижесінде Эросты қуғынға ұшыратқан әлеуметтік озбырлық деп санайды. Маркузенің иланымынша, социалистік революция заңсыз қудалауға ілігіп, орынсыз озбырлыққа ұшыратқан Эросқа азаттық алып беруге тиісті. Революция қоғамның тек саяси-әлеуметтік сипаттарымен ғана шектелмей, түйсік, құмарлық, құштарлық сияқты сипаттарын да қамтуға кірісті. Әйтпесе, әлеуметтік-экономикалық революция қанау атаулыны тудырған реальдылық принципінің өктемдігін қайта тірілтіп алуы мүмкін. Өкімет Эростың қолына көшкенде ғана әлеуметтік-экономикалық революция реальдылық принципі өктемдігінің қайта тірілуі қаупінен біржола құтылады. Сөйтіп, Герберт Маркузе сексуальдық революцияны саяси, әлеуметтік революциядан жоғары қояды. Өркениет жетістіктерін пайдаланатын осы заманғы мәдениетті адамды табиғаттан аулақ кетпеген тайпалық өмірге шақыратын «жаңа солшылдық» теориясы – қазіргі қоғамда әбден трагедиялық шегіне жеткен тұтыну индустриясы мен мораль арасындағы қарама-қайшылықтық, материалдық мәдениеттен рухани мәдениеттің қара үзіп артта қалғандығының нәтижесінде туған моральдың, прогрестің дағдарысының айқын көрінісі. Батыс жастарының арасындағы жаңа солшыл революционерлердің әлгіндей декларацияларына тұтынушылық қоғамының ақсамай идеологтары да қуана қол соғады. Олардың дәрістеуінше: осы заманғы қоғамда ғылыми-техникалық революция материалдық игілік өндірісін орасан зор көлемде өсіру арқылы күллі қоғамды тұтынушылық психологияның араны ашылған алапат құштарлықтарының дертіне шалдықтырады. Бұндай жағдайда өнер – өнердің ішінде тек нәпсі оятуға икемделгендері ғана өмір сүреді де, қалғандары дағдарысқа ұшырайды. Сондықтан да, батыс социологтарының ойынша, осы заманғы өнерге тән басты сипат – «әсіресе сезімталдық» болуға тиісті. Бірақ, бір ескерте кететін жағдай, «осы заманғы эстеттердің» айтып отырған «сезімі» біз білетін жүрек тебірентетін нәзік сезім емес, «нәпсі» шақыратын физиологиялық тұрпайы түйсік. Мұндай «әсіре сезімтал» осы заманғы өнерді «тұтынушылық қоғамының» идеологтары Кан мен Винер тұспалшыл, ереуілшіл, экстремистік аңғалдық, сенсация құмарлық, қоздырғыштық, аздырғыштық, өзін-өзі дәріптеушілік жасандылық, сұмпайылық, әшкерешіл, табашыл, мұқатқыш, қаныпезерлік, порнография, бұзақылық дейтін анықтамалармен сипаттап, әлгі анықтамалардың әрқайсысын өнердің бір-бір түріне балайды. Әлгіндей сипаттарға өнердің, өнерге әлгіндей сипаттардың қанша қажеті бар екеніне біз таңғалғанмен, олар таңғалмайды. Өйткені, «тұтынушылық қоғамының», «технотрондық қоғамның», «электрондық цивилизацияның» өкіліне керек мәдениет ең алдымен тұрпайы түйсікті қозғауы керек. Өнердің қоздырғыштығы – қазіргі батыс көруші, оқушы, тыңдаушысы үшін ең басты «эстетикалық» сипат. Әлгіндей «эстетикалық» зәруді тек қазір капиталистік елдерде кеңінен өріс алған көңіл көтеру индустриясының стандартты өнеркәсібі ғана қамтамасыз ете алады. Сондықтан да, батыста өнер барған сайын техникаландырыла түсуде, әсіресе, көпшілік қарым-қатынас құралдарының ықпалы күшеюде. Адамдардың рухани өмірінде өнердің дәстүрлі түрлерінің екінші қатарға ысырылып, көпшілік қарым-қатынас құралдарының бірінші орынға шыққанына қарсылық білдірушілер де жеткілікті. Алайда, «тұтынушылық қоғамның» идеологтарының көбі қарым-қатынас құралдарының өнердің байырғы түрлеріне жасап жатқан мұндай озбырлығын тарихи заңдылық деп қарайды. Мәселен, американ әдебиетшісі Лесли Фидлердің ойынша – енді бір он бес - жиырма жылдан соң кітап оқу атымен үрдістен шығады. Өйткені, бұрын тек әдебиет шығармаларын оқудан алатын әсерді (Фидлерше айтсақ, «мифтік ләззатты») осы заманда телевизия мен кинодан кітап оқығандағыдай көз майын тауысып, қарайған уақыт жіберіп, орасан зор «интеллектуальдық жігер» жұмсап жатпай-ақ, оп-оңай табуға болады. Интеллектуальдық жігер жұмсамай-ақ оп-оңай ләззат алу – тұтынушылық қоғам мәдениетінің ұраны. Сондықтан да, Фидлер жұрттың көңіліне осы заманғы индустриялық қоғамға әдебиеттің қанша қажеті бар, ол атышулы «көпшілік мәдениеті» үшін артық тосқауыл, керексіз кедергі емес пе деген күмән қашырғысы келеді. Оның бұл гипотезасын индустриялық қоғамның тағы бір «аузы дуалы» идеологы Маршалл Маклюэн «тарихи тұрғыдан» «дәлелдеп» шықты. Ол күллі адамзат тарихын үш кезеңге бөледі: «ауызша қарым-қатынас ғасыры», немесе «трайболизм», дәлірек айтқанда, алғашқы қауымдық құрылыс; ол тұста қоғамдық құрылыс Руссо армандайтын «табиғаттан алыс кетпеген мемлекетке» ұқсайтын да, адамға тән бес сезім (көру, есту, түйсіну, иіс айыру, дәм айыру) арасындағы қатынас әлі «гармониялық сипатын» жоғалтпағанды; сосынғы кезең «алфавит дәуірінде» көз бен құлақтың арасына «жасанды кедергі» орнады, кітап басып шығарудың ойлап табылуына байланысты, көру қалған төрт түйсіктің төртеуінен де жоғары тұратын үстемдікке ие болды; оның өзі әр бір адам жеке дара отырып кітап оқып, жеке дара эстетикалық ләззат алатын индивидуализмге, сөйтіп индивидиумды коллективке қарсы қоюға әкеп ұрындырды; осы заманғы кезең – адамзат тарихындағы «электрондық дәуірдің» басы; бұл дәуірдің ең басты жетістігі – телевизия. Маклюэннің ұғымында, телевизияның ойлап табылғаны адамзат тарихында жаңа «алтын ғасыр» орнатты; осы заманғы күллі адамзат қауымы телевизияның арқасында «алапат бір деревняға» айналды; әлгі «деревняның» (күллі әлем деп ұғыңыз – Ә. К.) тұрғындары әлденеше ғасырлар бойы «әдеби мәдениеттің» үстемдігінің қырсығынан адамдар бекер айырылып қалған түп бастапқы түйсіктерге, ежелгі қауымға тән «аңғал анайы эмоцияларға» қайта оралуға мүмкіндік алды. Сөйтіп, Маклюэн адамзат қауымына мәдениетті «жаңартудың» қай жағынан да бірдей тиімді бірден-бір «дұрыс жолын» ұсынады. Бірақ, бір қызығы, Маклюэн адамзат цивилизациясының ең соңғы, ең ұлы жетістіктерінің бірі – электрондық революцияның таңғажайып табыстарын адамдарды рухани шыңдауға, моральдық кемелденудің жаңа биіктеріне жетуге пайдаланбай, баяғы тас үңгірлерден енді шыққан кездегі «жабайы дәуірдің» рухани нормаларына қайта оралуға пайдаланудың, «мәдениетті жақсартудың» жаңа бір революциялық жолы деп ұғады. Баяғы «табиғи адамға» қайта оралу – осы заманғы буржуазиялық идеологиянын өзара қырқысып жататын әр алуан ағымдарының бәрі бірдей бас шұлғитын ортақ қағидасы. Тән ләззатын, коллективтік сексуальдық акт – оргазмды революцияшылдықтың ең жоғарғы сатысы санайтын «жаңа солшылдар» да, «көпшілік қарым-қатынастардың» электрондық құралдарының адвокаттары да жабайылықты адамдарды индивидуализмнен коллективизмге қайта апарудың бірден-бір жолы деп түсінеді. Олар бұл арада «Інжілге» жүгінеді. Адам ата мен Хауа ана алғаш рет күнә жасағанда барып, өздерінің жалаңаш екенін аңғарып, алғаш рет ұялды. Индивидуализм коллективтен алшақтау деген пәле алғаш рет сол Хауа ананың жүзіне жүгірген қымсынудан басталды. Ұят – адамның табиғатты мекендеуінің алғашқы сатысы, ұят – адамның табиғат алдындағы алғашқы «сатқындығы», ендеше арты адамды адам қанауға әкеп ұрындырған индивидуализм жабайылықты, табиғатты менсінбейтін адамдық эгоизм әу баста сол ұят деген пәледен басталды. Адам қалай иініне шүберек тиді де, солай индивидуалистік психологияның құрбандығына айналды. Ендеше, «табиғи адамға» қайтып оралудың жалғыз жолы – Адам ата мен Хауа ананың күнәға батпай тұрғандағы қалыптарына қайтып оралу, жаппай жалаңаштану деп ұғады. Жалаңаштансақ болды, адам бойындағы индивидуалистік психология өз-өзінен сыпырылып қалады да, адамдар арасындағы экономикалық, әлеуметтік теңсіздіктің барша көрінісі көзден бір-бір ұшады деп түсіндіреді. Батыс жастары арасындағы «жаңа солшылдықтың», «хиппи», «битлз» сияқты көріністерінің революциялық программасы көп ретте осы «жаппай жалаңаштанумен» тәмамдалады. Буржуазиялық философияның белгілі өкілі Жан Поль Сартр да кейінгі жылдары осы заманғы «индустриальды қоғамның» әлгіндей «ереуілшіл жас ұрпағының» шашбауын көтеріп шыға келді. Ол өзінің «Қара Орфей» атты эссесінде негрлер мәдениетін біржақты қарастырып, онда ұшырасатын (Сартрдың айтуынша – Ә. К.) дүниені өзгертуді емес, қайта онымен етене сіңісіп, тіл табысуды көздейтін «оңай әсерленгіш», «панмузыкализм» сипаттарын дәріптейді. «Жаңа солшылдық» көсемдері ереуілшіл жастарды өз жақтарына шығарып алудың, олардың санасын өздері қалайтын бағытта қалыптастырудың айла-амалдарын мықтап ойластыруда. Олардың бұл мақсатын жүзеге асыруда мәдениеттің дәстүрлі түрлерінен гөрі коммуникацияның осы заманғы құралдары әлдеқайда ыңғайлы, әлдеқайда тиімді болып шықты. Мәдениеттің ежелгі түрлерінің белгілі бір концепцияны барынша дәйектілікпен жеткізіп бағатын жүйелілігі, «бұрынғы» оқушы мен «бұрынғы» көрушінің өзінің эстетикалық, рухани талаптарын қанағаттандыруға өз тарапынан да инициатива көрсетіп бағатын рухани белсенділігі «осы заманғы жастардың» «жаңа ұстаздарының» көңілінен шықпай қалды. Олар осы заманғы өнердің көрушісі мен тыңдаушысының талғампаз болғанын тап онша жақтыра қоймайтын сияқты; «тұтынушылық қоғамның» өнері де көрушісі мен тыңдаушысының тек «тұтынушы» ғана болып қалғанын қалайтын тәрізді; көрсеткенді көріп, тыңдатқанды тыңдаса жарап жатыр; оның жақсы-жаманын да, ұнамды-ұнамсызында шаруасы қанша! Буржуазия социологтарының айтуынша, қазіргі адам коммуникация құралдары қарша боратып жатқан информацияның көбін жадында сақтап үлгере алмайды, оның есінде тек өмірдің сан-санат салалары туралы бір-бірімен еш байланыспайтын үзік-үзік мәліметтер ғана қалады. Күнбе-күн қайталана беретін мұндай манипуляция адамдардың қабылдаушылық қабілетін бірте-бірте мұқалтып, оларды ақырында әдейі көз алдында болып жатқан құбылыстардың ешқайсысын түптеп зерттеп, түбегейлі түсінуге тырысып, бастарын ауыртпайтын, самарқау, енжар, ұшқары ой, тоқмейіл тоғышарға айналдыруды көздейді. Батыс телевизиясы мен кинотеатрлары экрандарындағы мен мұндалап тұрған көпе-көрінеу «жүйесіздіктің» ар жағында әлгіндей «жүйелі» жымысқы есеп жатыр. Тұтынушы қоғам идеологтары экран арқылы тарайтын «мәдениет» жұрнақтары сол жүйесіз түрінде, үздіксіз қалпында жас жеткіншектің әлі қалыптасып болмаған санасына орасан зор информация мен әр алуан көріністерді боратқан үстіне боратып, оның көкірегінен ата-аналары, жанашыр ағайын-тумалары, ойда жоқта оқып қойған әдеби кітаптары мен мектептегі ұстаздары құлағына құйып баққан «мәдениеттің ежелгі» дәстүрлеріне тән моралистік уағыздардың бәрін қуып шықпақтың аса күрделі стратегиясын жасақтап шығарды. Олар телевизор экранын тек мектеп пен семьядан ғана емес, күллі тарихтан, адамзаттың көп ғасырлық әлеуметтік рухани тәжірибесінің бәрінен жоғары қоймақшы. Экран көрсететін үзік-үзік мәліметтер жас адамға адамзат тарихын түгелдеп оқып, түпкілікті зерттеуге, өз ойының елегінен өткізіп, өзінің жеке әлеуметтік рухани тәжірибесі мен өз тұсындағы әлеуметтік өмірдің күрделі шындығын ата-бабаларымыздың әлденеше жылдар бойғы жинақталған рухани, моральдық, әлеуметтік тәжірибесімен салыстыра талдап бағалауға, «кеткен ағаттықтар» мен енді қауіп төндіріп тұрған «әлеуметтік қатерлердің» аражігін айырып білуге мүмкіндік те, мұрша да бермейді. «Тұтынушылық қоғамның» идеологтары осы заманғы коммуникация құралдарының әлгіндей биморальдық сипаты мен децивилизаторлық қызметін ешқандай саяси күреске, мемлекеттік ерікке атымен байланыспайтын ғылыми-техникалық революцияның объективті сипатына, тарихи заңдылығына сайығылары келеді. Олар осы заманғы коммуникация құралдарын ар жағында ешқандай саяси күш, идеология тұрмаған, тек өздеріне тән «спецификалық жүйесіздіктің» арқасында көруші қауымның санасына атымен соны психологиялық революция жасаған «насихатшысыз насихатшы» деп қаншама өзеуресе де, батыс қоғамындағы мәдениетті машиналандыру, адамдардың рухани өмірімен әдебиет пен өнердің басқа да «дәстүрлі түрлерін» қуып шығу әрекеті өз-өзінен болып жатқан стихиялық құбылыс емес, алдын-ала ойластырылып, жүйелі жоспармен жүзеге асырылып жатқан саяси құбылыс екені ешкімге дау туғыза алмайды. «Дженерал моторс» компаниясы жүргізген бір тәжірибе бойынша, белгілі бір хабар экран арқылы, радио арқылы, қағазға түскен жазба текст арқылы берілген. Сонда экраннан көзбен көргенде адам миының құбылыстарын көрсететін аппаратта ешқандай нышан байқалмаған, радио арқылы берілгенде – емескі нышан, ал қағаздарға жазба арқылы берілгенде – мейлінше айқын нышан байқалған. Демек, көзбен көргеннен де, құлақпен естігеннен де, жазбаша тексті оқығанда мидың жұмысы күшейе түскен. Ендеше, электрондық мәдениет адам санасын енжарландыра түседі деген сөз. «Электрон цивилизациясы уағызшыларының» рухани өмірдегі мұндай «революцияны» тек өз елдерімен ғана шектемей, әп-сәтте бүкіл жер шарын қамтып шыға алатын электромагниттік толқындардың сиқырын пайдалана отырып, күллі планеталық құбылысқа айналдырудан да кет әрі емес ниеті де бой беріп қалып жүр. Шынында да, «тұтынушылық қоғамда», батыс социологтерінің өздері айтқандай, өнер де наркотиктер сияқты, миллиондаған адамдардың санасын улап, қалың бұқараны осы заманғы күрделі әлеуметтік мәселелерден аулақтата түсуге қызмет етеді. Өйткені, осы заманғы буржуазиялық идеологияның ең басты мақсаты – адамдарды «тұтынушылық» психологияның көзсіз көбелегіне айналдыру. Әлгі атышулы «көпшілік мәдениетінің» де көздейтіні осы. «Көпшілік мәдениеті» дейтін көлгір терминнің ар жағында қандай мән-мағына жатқаны, әрине, көлегейленіп бағады. Алайда, мұндай құбылыстың негізгі мақсаты – бұқараны азаматтық шын мәдени қазыналармен емес, қайдағы бір арзан қол «мәдениет-сымақпен» алдарқату екендігі айтпасақ та түсінікті. Социологтардың зерттеуінше, адам зәруліктері күрделі құрылымнан тұрады. Әуелі қоректі ойлады. Тойынған сон қатерлерден сақтана бастайды. Қатер жоғына көз жеткен соң ұрпақ көбейтуді көздейді. Жан-жағына ұнау үшін таранып-сыланатынды шығарады. Ұнай бастаса, одан сайын көзге түсуге тырысады. Өзінің ерекше қасиеттерін байқатуға күш салады. Ол үшін өз ой-пікірін білдіре бастайды. Сосын сол арқылы қалыптасатын өз мүддесіне жетуге күш салады. Бұның алғашқы бесеуі адамға да, жануарға да ортақ. Тек соңғы ушеуі ғана саналы адамға тән. «Электронды мәдениет» негізінен алғашқы бес зәрулікке жауап береді. Демек, адамдарды биологиялық зәруліктерімен ғана шектеп, рухани кемелдік пен биік сананын қалыптасуын тежейді. Тұтынушы қоғам эстетикасының негізгі түп қазық қағидасы да осы. Осы заманғы идеологтар ойлап тапқан «көпшілік мәдениеті», шынайы эстетикалық әсерді әншейін көңіл көтерерлік сауық-сайранмен шатастырады. Ол көбіне көп тоқмейіл тоғышардың күйкі талғамынан аса алмайды. Мұндай құбылыс жұмыстан бос уақытты өткізудің проблемасы нәтижесінде дүниеге келген-ді. Ғылыми-техникалық революция машина еңбегі жұмысшы еңбегінен әлдеқайде өнімді қылды да, жұмыс уақытын қысқартып, қол бос уақытты едәуір ұзартты. Бұл турасында американ социологы Эюнест винден Хааганың «Қол бос уақытты «өлтіргенде» зардап шегетін кім?» деген сұрағына болгар социологы В. Ганчеава: «Уақыт та, өнер де, суреткер де, «көпшілік мәдениетінің» тұтынушысы да түп-түгел зардап шегеді»,– деп аса тапқырлықпен, дұрыс жауап қайтарған-ды. «Көпшілік мәдениеті» адамзаттың әлеуметтік-тарихи төжірибесін бұрмалап көрсетеді, оның жасампаздығы мен бақыт жолындағы арман-мүдделерін тәлкек қылады; адамдарға «өткінші ләззатты» ғана қанағат тұтқызып, әлеуметтік мәселелер жолындағы күрестен шеттетеді. Түптеп келгенде, батыс социологтарынын бүгінгі даурығып жатқан өнердің қай түрлерінің ғұмыры таусылып, қай түрлерінің бағы жанатындығы жөніндегі таласының тағдырын да қай өнердің қай уақытта пайда болғаны емес, өнердің әлгіндей әлеуметтік мүдделерге, өмір орнықтырғыштыққа қаншалықты адал екендігі шешеді. Ежелгі Римнің қалаларындағы бір амфитеатрдың аренасында қатар ойын көрсетіп жүрген гладиаторлар сайысы мен бағзы театр өнерінің екеуі тарих сахнасына бір уақытта шықса да, екеуінің ғұмыры екі қилы болды. Көңіл көтеруге ғана қызмет еткен гладиаторлар сайысы тарих сахнасынан құл иеленуші қоғаммен бірге өшті де, өмір тануға, адам мен қоғамды жетілдіруге қызмет еткен театр өнері адамзат қоғамымен бірге өсіп, бірге дамып келеді. Өнер қашан да әлеуметтік зұлымдыққа емес, әлеуметтік ізгілікке қызмет ету арқылы өседі. Біз көркем творчествоның мақсаты деп осыны ұғамыз. Ұлы мұраттарды тек талантты шығармалар ғана қорғай алады. Сондықтан да, шығарманың көркемдігі, суреткерлік шеберлік тек эстетикалық биік мәнге ғана емес, саяси үлкен маңызға да ие болды. Өйткені, осы заманғы тұрпайы, арзанқол, дарақы өнерден асқақ гуманизм мен асқақ реализмді терең қабыстыра алған шынайы өнердің шекарасынан тек шын талантты шығармалар мен тек шын биік талғам ғана қорғай алады. Ал биік талғамды да тек салиқалы өнер, салауатты суреткердің ғана өсіретіні тағы да даусыз. Себебі биік талғамсыз биік парасат жоқ. Ал биік парасат – үлкен жауапкершілік. Бүгінгі үлкен өзгерістер онсыз жүзеге аса алмайды. Рухани бедерсіздік саяси тәуелсіздікті де тәрк етеді. Тойған тоғышарлыққа халықтың, адамның азаттығы емес, нәпсінің азаттығы керек. Ал тәуелсіздік шекарасын өрелі азаматтық сана мен биік рухани мәдениет қана айна-қатесіз анықтай алады.

ӘДІЛЕТ БАР ЖЕРДЕ ЫНТЫМАҚ БАР

Дүниеде ештеңе өз-өзінен бола салмайды. Ал болып жатқан оқиғалардың ешқайсысы да ешкімді енжар қалдырмайды. Біреуді қуантады, біреуді ашынтады, біреуді жәй әншейін таңғалдырады, ал біреулердің шындап жанына батады. Ол оқиғалардың тек сыр-сипатына ғана емес, арғы түп себебіне қаншалықты терең бойлай білуге байланысты. Жаңа Өзендегі жағдай жұртшылығымызды әлі де алаңдатып отыр. Дегенмен, бір кезде дүрбелеңдеп көшеге шыққандар ашудың соңына кетпей, ақылдың ығына жығыла бастағаны, дүрдараздықтан гөрі мәмілеге келудің бел ала бастағаны құптарлық құбылыс. Осының өзі-ақ әу баста талай нәрсе дұрыс ойланып, дұрыс қамдалса, мұндай оқиғаның атымен болмауы да мүмкін екендігіне көзімізді жеткізе түскендей. Гәптің бәрі – сол артын ойламай іс қылуда ғой. Шалағай шешілген көп мәселе келе-келе қоғам тәніне беріш боп байланып, ақыр-аяғында Іріңін шашпай тұра алмайды. Кейде біз соны дұрыс пайымдаудың орнына, шапшаң қорытындылар жасаймыз, бір-бірімізге айып тағуға асығамыз. Сондықтан да, күні кешеге дейін жұрт бізді «әуелі істемейтінді істеп бүлдіріп алады, сосын оған жазықтыны іздемейтін жерден іздеп, талайды әуреге салады, ақыр аяғында ол іске қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын біреулерді жазалап, көңілдерін тындырады»,– деп мазақтап келді. Қазір жаңа бетбұрыс кезеңіндегі жаппай әсер процесіндегі кейбір асығып-үсігушілік көріністерін де сол ежелгі сүрлеуге сала қойып, ескі даудамайды көбейтуге ұмтылатындар табылмай қалып жатқан жоқ. Бұл жолы бар мәселені белгілі аймақты жайлайтын этникалық топтардың арасындағы кейбір келеңсіз көріністерге сайып, ал ол келеңсіздіктерді туғызып отырған объективті себептер жайында жақ ашпауға тырысушылық, шындап келгенде, шынайы интернационализмге де, саяси реализмге де атымен жат ұшқарылық болып шығар еді. Ұлтаралық қарым-қатынасты да ушықтыратын – осындай ұшқарылық. Мәселенің байыбына бармай тұрып, байбалам салушылық. Біздің басымызды қоса түсуді емес, шаша түсуді көксейтіндердің көздейтіні де төмендегілеріміздің алды-артын пайымдамай іс қылатын ұшқалақтыққа, жоғарыдағыларымыздың ештеңенің түп себебіне бармай, сырт сипаттарға қарап қорытындылар жасайтын ұшқарылыққа ұрынғаны. Ондай жетесіздіктің жетегінде кете берсек, қайдан барып шығатынымызға көзіміз жететіндей кез болды ғой. Сондықтан да мен өзім туған өлкемде әлгіндей дүрбелең боп қалыпты деп естігенде, байыз тауып отыра алмадым. Ал мәселенің коменданттық сағат жариялауға мәжбүр ететіндей жағдайға дейін ушыққаны арқама аяздай батты. Алайда, өз басым әділет жолындағы күресте күш көрсету мақсатқа жеткізеді дегенге әуелден мойынсынбаймын. Күш көрсеткеннен әділетсіздік көбеймесе, азаймайды. Қиянатты қиянатпен түзей алмайсың. Әсіресе, қазір қоғам өз әлсіз жерін өзі біліп, оны қайткенде түзетеміз деп, қабырғасымен кеңесіп жатқанда, мұндай «батыл қадамдар» істің оңға басуына емес, керісінше, қырсыға түсуіне тілектес теріс пейілдердің пайдасына шығуы да ықтимал. Сондықтан да мен айтылмыш оқиға тұсындағы ашу үсті әбестіктердің ешқайсысын да мақұлдамаймын. Бірақ, сондай ашу үсті қимылдарды ғана көзінен тізіп, оған әкеп ұрындырған түбегейлі себептерді қалтарыс қалдыруға тырысатындардың да «логикасымен» еш келіспеймін. Жаңа Өзендегі жағдайда қаншама жылдар бойы халықтың тек үстінен қарап, оның мұң-мұқтажымен тек сөз жүзінде ғана ісі болған әлеуметтік институттардың шамына тиетіндей право тәртібін бұзушылықтың болғаны рас. Оны жергілікті өкімет орындарының өз қарауындағы ел-жұрттың мүдделерінен әбден қол үзіп кеткендігінің көрінісі деп бағалаймыз. Ондай «өкіметтен» жұрт та қол үзе бастаған. Әйтпесе, пәлен күн бойы өз халқына өз сөзін өткізе алмаса, ол не қылған өкімет?! Өйткені, халық та оған талай уақыт өз сөзін өткізе алмай келген. Енді, міне, «еруліге – қарулы» жасайтын жер тапқан. Сондай-ақ, күлбілтелемей ашық айтатын және бір гәп: Жаңа Өзендегі жағдай тұсында кейбір жекелеген этникалық топтардың өкілдерінің қолайсыз жағдайда қалғаны рас па? Рас. Бірақ, тек соған қарап, әлгінің бәрін ұлтаралық кикілжіңге балай салу өрелі саяси реализм болып табылмаса керек. Әсіресе, ұлттық айырмашылықтың таптық, қауымдық айырмашылықтарға қарағанда тез жойылып кетпейтіні сондықтан да көп ұлтты қоғамдағы кез-келген әлеуметтік келеңсіздік ең әуелі ұлтаралық қарым-қатынаста көрініс беретінін жақсы білетін байыпты ойдың адамы ондай асығыстықтан аулақ болуға тырысады. Ол әлгіндей келеңсіздіктерді ұлтаралық қарым-қатынасқа жаба салмай, қайта ұлтаралық қарым-қатынасты сондай дәрежеге дейін шиеленістірген әлеуметтік келеңсіздікті дәл тауып айтып, оған түрткі болған нақты саяси-қоғамдық тәжірибені егжей-тегжейлі талдап, бағалай білуді саяси реализм деп ұғады. Егер біз осы қағиданы түбегейлі ұстанар болсақ, онда Жаңа Өзенде қолайсыз жағдайда қалғандардың санатына жергілікті тұрғындарды да жатқызар едік. Оларды мұндай күйге түсіріп жүрген – Жаңа Өзен қаласында көп ұлттардың тұратындығы емес, сол көп ұлтты қаланың моральдық ахуалын ала бөтен шиеленістіруі мүмкін әлеуметтік проблемалардың тым көбейіп кеткендігі еді. Соның нәтижесінде халық өзінің жергілікті өкімет орындарынан, ал жергілікті өкімет орындары өз халқынан қол үзіп кетердей жағдайға жеткен. Ондай жағдайға жергілікті өкімет кінәлі ме? Жоқ, жергілікті халық кінәлі ме? О заман да бұ заман мұндайда халықты кінәлі деу я саяси топастықтың, я саяси әсіреңкіліктің көрінісі боп саналса керек. Ал жергілікті әкімет орындарының кінәлі болатын жері: олар жергілікті халықтың мұң-мүддесін біліп, оны шешу үшін де астанада отырмай, жергілікті жерлерде отырғандарын ұмытып, жоғарыдан не айтылса, соның бәріне «жәрекімаллалап» бас шұлғи берген. Сейтсе, дүние өз орнында тұра береді деп ойлаған... Одан басқа дәрмендері де болмаған, ондай дәрменді өздері де дәметіп көрмеген. Сондықтан да әлі күнге тасаттық берген кісідей, жоғарыға қарап қол жаюмен келеді. Ал халықтың естіп жатқаны: жаңа бетбұрыс кезеңінде жергілікті проблемаларды жергілікті өкімет орындары шешеді. Жаңа Өзендегі жағдай, жеме-жемге келгенде, жергілікті өкімет орындарының көрсетер көмек қылар қайран түгілі, айтар жауаптан атымен мақұрым екендігін айғақтап берді. Мұндай жағдайда тек жергілікті өкімет орындары ғана емес, халықтың өзі қолайсыз жағдайға қалады. Қойған талабын орындауға жергілікті өкіметтің дәрмені жетпейді. Дәрмені жоқ өкімет орнына ашуланса, право тәртібін бұзған боп шығады. Ал ол басқа жерлерде «әлеуметтік шиеленіс» боп саналғанмен, ұлт аймақтарында әп дегеннен «ұлтшылдық көрініс» боп бағаланады. Әйтпесе, Жаңа Өзенде көшеге шыққандар саяси автономия сұраған жоқ, бастыққа пәленді қоймай, түгенді қой деп талап еткен жоқ, жұмыс, материалдық және моральдық игіліктерді әділ бөлуді талап етті. Ал сол талаптардың өзін осы арадағы жергілікті өкімет толығымен орындай алар ма еді? Жоқ, орындай алмас еді. Қалалық өкімет түгілі, облыстық, республикалық өкімет орындары орындай алмас еді. Қазір де олар қолдан келген бар шараның бәрін жасап жатыр. Бірақ, жағдайды түбегейлі түзетіп шыға алады деп үзілді-кесілді айта қою да шыншылдық боп шықпас еді. Өйткені, мұндағыдай ситуацияны басқа жерде болдырмау үшін, көп нәрсені атымен қайта қараған жөн. Ең алдымен, интернационализм мен халықтар достығын тек идеологиялық категория ретінде емес, біздің қоғамымыздың бұдан арғы дамуының тағдырын шешетін ең басты саяси фактор ретінде қарастырылғаны абзал. Олай болса, бұл біздің экономикалық тіршілігіміздің ең басты мүддесіне, ең басты критерийіне айналуы керек. Халықтар мен халықтардың, адамдар мен адамдардың арасындағы жарастықты қамтамасыз ете алатындай экономикалық тетік табылмай тұрып, экономикалық реформаның да өз мақсаттарына толық жете қоюы неғайбыл. Бұл ретте КПСС Орталық комитетінің алдағы Пленумына қойылып отырған үміт зор. Жаңа бет-бұрыстың ендігі тағдыры сол пленумда ұлт мәселесіндегі жаңа саяси платформаның қаншалықты терең, қаншалықты байыпты жасақталатындығына тікелей байланысты. Бұл ретте, қазірдің өзінде аузымызды күйдіріп үлгерген ащы тәжірибенің арғы-бергісіне байсалды үңіле білудің пайдасы мол. Жаңа Өзендегі жағдайдың да қағыс қалдыруға болмайтын сыр-сипаттары жеткілікті. Ең алдымен, осы арадағы аса бай кен орындары ашылған алпысыншы жылдарға ойша оралып көрелікші. Облыс орталығынан екі мың шақырымдай жерде құлазып жатқан қу дала. Каспийдің экологиялық жағдайына байланысты оннан астам балықшы колхоз жабылып қалған. Талай-талай ірі балық кәсіпорындары да солардың кебін киді. Соғыс жылдарында Донбастан келген орыстармен, украиндармен, еврейлермен бірге майданға көмір жөнелтіп жатқан жергілікті қазақ шахтерлары осындағы көмір өндіру тресінің таратылуына байланысты далада қалды. Мұндағы малшы колхоздар өз адамдарына жұмыс тауып бере алмай жатты. Маңқыстаудың өзіндегі жағдай осындай болса, теріскейіндегі Ембіде кен орындарының сарқылуына байланысты, ата-бабасынан мұнайшы болып келе жатқан жергілікті қазақтар саудырап бос жүрді. Ал бір кездегі асыра сілтеу мен аштықтың салдарынан көрші республикаға көшіп кетіп, Красноводсқ Небит-Даг, Қотыртөбе, Челекенде мұнайшы боп, Бекдаш, Сартаста сульфатшы боп, бүкіл Ашхабад темір жолы бойында теміржолшы боп жұмыс істеп жүрген жұмыскер маңқыстаулықтар мұнда қалғандардан көп болмаса, аз емес еді. Оның үстіне аталмыш қалаларда еңбек ресурсы оларсыз да көп еді. Міне, солардың бәрі Маңқыстауда бай кен орындары табылғанына өте қуанды. Расында да, жаңа аймақта ашылған байлығы, ең алдымен, сондағы еңбек ресурсын пайдалануда туып отырған проблеманы шешуі керек қой. Амал не, ол байлықтарды игеретін одақтық министрліктер олай ойламады. Тундра мен тайгада, тағы да сондай ел сирек мекендейтін өңірлерден кен табылып, қалай істейтін болса, мұнда да солай істеді. Кешегі ашылған Теңізді игеруде осында он сегіз мың адам жұмыс таба алмай жүргенде, басқа қалалар мен республикалардан он тоғыз мың адамды самолетпен тасып отырған мұнай-газ өнеркәсібі министрлігі сонау алпысыншы жылдардың «әй дер әже, қой дер қожа жоқ» көзінде не істегені айтпаса да түсінікті. Айдалада аэродромдар салынды. Оған осы заманғы ең ірі лайнерлер қонды. Ал ол лайнерлер басқа республикалардан осындағы кен орындарына арнайы командалар тасыды. Әрине, Маңқыстаудың байлығын маңқыстаулықтар ғана игерсін деуден аулақпыз. Ол кезде оған қажетті мамандарды жеткілікті мөлшерде тауып алу да оңай емес еді. Ендеше, сырттан еңбек ресурсын тартпай болмайтын еді. Бірақ, осындағы қолда бар ресурс та мұқият ескерілуі керек емес пе? Жоқ, оған бола бас ауыртқан ешкім болмады. Оған бола бас ауырса, бір табиғи-климаттық жағдайда, бір салада қызмет жасайтын адамдарға әрқайсысына әртүрлі жағдай туғызылар ма еді?! Жарайды, сирек мамандарға бөлекше жағдай жасалсын делік. Ал сондай «ведомстволық элитаға» тіпті машинисткалардың, буфетшілердің, қоймашылардың ілігетінін немен түсіндіруге болады? Бұл – алалаушылық. Әлгіндей құдіретті министрліктердің жан-жақтан өзі жиып әкелетін адамдарына бір бөлек жағдай орнатса, ал іргесінен табылып жатқан жаңа кен орындарына «өз аяғынан» іздеп келгендерге ондай жағдай жасалмайды. Олар бір кезде мұндағы бастықтардың шарапатынан торығып, тапқан-таянғандарына өз күштерімен салып алған тәпене лашықтарында әлі күнге дейін жансебілдік жасап, күн кешіп жатыр. Ал көз алдарында осы заманғы жобамен салынған зәулім қалалар бой көтеруде. Онда барып қызметке орналасу – қиынның қиыны. Біріншіден, әлгіндей жерқазбаларыңды «өз баспанаң бар» деп бетіне салық қылады. Ондайың болмаса, «пропискаға» тұрғызбайды. «Пропискасыз» ешкім қызметке алмайды. Өліп-өшіп жұмысқа тұрып алған соң да, бес жылға дейін тұрғын үй алушылардың тізіміне кіргізбейді. Ал егер сол екі ортада әскерге кетсең, қайтып келсең, өз әкеңнің әлгіндей жермешел баспанасына тіркемейді. Өйткені, ертең үйленіп, өз алдына тұрмыс құрып, үй сұрайды деп қорқады. Мұндай «ойдан шығарылған заңдардан» тұрғындардың тек бір бөлігі ғана, атап айтқанда, тек жергілікті тұрғындар ғана зардап шегеді. Министрліктер сырттан шақырып әкелгендерге үй де, күй де, жағдай да жасайды. Оны дәлелдейтін заң да таба алады. Әйтпесе, бес жыл жұмыс істеп барып, тізімге тіркеліп, сосын жергілікті тұрғындармен бірге жиырма-жиырма бес жыл пәтер күту керек болса, кім елін тастап, кім жерін тастап, мұнда келетін еді?! Жарайды, бұны алалаушылық демей-ақ қоялық. Сонда бұның аты не? Бәлкім, жергілікті тұрғындарға жасалып отырған айрықша қамқорлық шығар?! Баяғыда осы маңды аралап өткен бір министр: «Қазақ мұнайшыларын малынан айыруға болмайды, оларды малынан айырсаң, мұнайды да тастап кетеді»,– депті. Дұрыс айтпаса да, бір нәрсені біліп айтқан. Кешегі Ембі мұнайшыларын көріп айтқан. Етпен, сүтпен, жеміспен қамтамасыз етілмейтін шөл даладағы кәсіпорында істейтін жұмыскер малсыз, қора-қопсысыз қалай күн көреді? Ең болмаса, ет пен сүтті қайдан алады? Оның жағдайына шындап жаның ашиды екен, не жұмыс үстіне жұмыс тауып бермей, азық-түлікпен керекті мөлшерде қамтамасыз етте, қора-қопсысын тастатып, басқа жақтан шақырып әкелген жұмыскерлеріңмен бірге сәнді квартираларға көшір, не сол тұрған жерінде өзіне де, малына да жағдай жаса! Бәлкім, солай етіліп жатқан шығар? Жетібай, Теңге, Ескі Өзен, Қызыл төбе, Мұнайшы поселкелеріндегі қазақы махаллаларды қанша одақтық, қанша республикалық министрлердің аралап көргенін және қандай қорытындыға келгендерін білмейміз. Ал өз басымыз олардағы тұрмыс жағдайын анадай жердегі көзге ұрып тұрған Шевченко мен Жаңа Өзендегі тұрмыс жағдайымен бара-бар деуге аузымыз бара алмас еді. Басқаны былай қойғанда қазір кез келген ауылда бар радио, телефон, канализация мұнда жоқ. Суды жер түбінен машинамен тасып әкеп, үй алдындағы іші цементтелген уақытша құдыққа құйып алады. Сосын мұндағы қайдағы ауру қайдан шығады деп таңғалудың өзі артық әңгіме боп шығары сөзсіз. Ал өздері газ шығарып, онымен бүкіл Европаны қамтамасыз етіп отырып, әлі күнге тезек жағады. Дәл мұндай, үйіңнен шыға келсең, өз-өзінен көзге шұқып тұрған жер мен көктей айырмашылықты алты қиян алыстағы бастықтар көрмегенмен, мұндағы халық көреді ғой. Көреді де, әлгіндей әділетсіздікке ызаланады ғой. Ал ызаның бәр-бәр уақытта дұрыс жолға бастай бермеуі мүмкін. Ойланатын гәптерге тиісті кеңседегілерден бұрын көшедегілердің көбірек мән беруі неге әкеліп соғатынын көрдік. Енді «бұл баланы кім тапты?» деп, әрі тарт-бері тартқа салмай, алалаушылық бар жерде, алауыздықтың қалмайтынын ескеріп, әлгіндегі көпе-көрнеу кереғарлықтарды тез жоюға күш салған жөн. Бұл ретте ойланатын мәселе әбден көп. Мәселен, Шевченко қаласындағы тұрғын үйдің әрбір шаршы метріне, орта есеппен 800 сом, Жаңа Өзен қаласында 300 сом жұмсалады. Оны осындағы «экономикалық игеруді» жүзеге асырып жатқан ведомстволар төлейді. Ал іргедегі көнерген мұнайшы поселкелерінде көк тиын да жұмсалмайды. Өйткені, қалаларда тұратындарға жылы су, суық су, газ, радио линиясы, телевизор кабелі, телефон жүйесі жеткізіледі. Ондағы баспана оқтын-оқтын жөндеуден өтеді. Ал әлгіндей елді-мекендердегі мұндай шаруаның бар салмағы қарап жүрмей, қалтасын қағып көзкүйік баспана салған соры қайнағандардың өздеріне түседі. Сонда мұның «жеген ауыз жей берсін, кепкен ауыз кебе берсін» дейтін бағзы қағидадан айырмасы қайсы? Әлгіндей жайлы баспаналарда Маңқыстау мұнайшы семьяларының ең көп дегенде жартысы ғана тұрады. Ал қалған жартысының киіп отырған көбі әлгіндей. Мұны қалай әлеуметтік әділетке жатқыза аламыз?! Басқаны қойғанда, қара судың өзінің әділ бөлінбеуі қалай? Шевченко қаласында тұратындарға күніне орта есеппен адам басына 500 литрдей ауыз су, тұрмыс қажетін өтеу үшін 1100 литрдей техникалық су бөлінеді. Ал Жетібай мен Ералиевте кісі басына бар болғаны 37 литр су тиеді. Мұндағыларды «қора-қопсысынан» айырғысы келмейтін министрлер сүт үшін сауылып отырған әр түйенің қанша су ішетінінен атымен бейхабар. Ондайға бола бас қатыратын адамдар болса, жұмыскерлерінің көбі Жаңа Өзен қаласы мен айдаладағы поселкелерде тұратын СССР-дің мұнай мен газ өнеркәсібі министрлігі бөлінетін күрделі қаржысының 80 проценттейін Орта машина жасау министрлігінің арқасында онсыз да жұмаққа айнала жаздап отырған Шевченкоға жұмсамай, өз жұмысшылары тұратын елді мекендердің жағдайын жақсартуға пайдаланбас па еді?! Мұндай «көрсе де көрмес» саясат арқылы мұнай министрлігі басқаны қойып, кейбір еліміздегі ең ірі кен орындарын қолдан жауып тастауға шақ қалған тұстары бар. Мәселен, Жетібай кені өндірілетін қоры 200 миллион тоннадан асатын аса сирек кен орындарының бірінен саналады. Сол кен орнында істейтіндерге соңғы 15 жыл ішінде 1100 пәтер бөліпті. Бәрі де Шевченко қаласынан беріліпті. Соның салдарынан 982 кісі үй алған бойда, кәсіпшіліктегі жұмысын тастап кеткен. Сонда олар 12-15 жыл бойына тек пәтер алу үшін ғана жұмыс жасап жүрген болып шығады. Бұл – одақтық министрліктің жергілікті жерлерде «маман тұрақтандырған» түрі! Әлеуметтік мөселелерді шешудегі дәл мұндай «көрегендіктің» нәтижесінде бұл кен орынын атымен жауып тастап, әңгімені бітіруге асыққандар да болды. Көбіне-көп жұмыссыздық та осындай ұшқарылықтан туындады. Әлгіндей асығыс шешімге уақытылы тойтарыс берген жергілікті мұнайшылар, міне, үш жыл бойына жыл сайын 200-300 мың тонна асыра өнім беріп келеді. Бірақ, одан олардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға көк тиын да пайда түсіп жатқан жоқ. Дәл осындай жағдай Жаңа Өзен кәсіпшілігінің де басында бар. Тек XІX Бүкілодақтық партия конференциясы құрметіне жаңаөзендіктер 16,2 миллион сомның жоспардан тыс өнімін тапсырыпты. Ал кәсіпшілік ашылғалы тапсырылған мұндай көтеріңкі өнімнің көлемі қанша! Егер соның бір бөлегін өз әлеуметтік мәселелерін шешуге қалдырған болса, Жаңа Өзендегі биылғы дүрбелең болар ма еді? Әрине, жоқ. Айдаладағы қаланың өзі шағын болғанмен, шаруасы шартарап. Миннефтегазпромның балансындағы бұл қалада 30,2 мың еңбек жасындағы адам тұрады. Оның 25,7 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. Ал төрт жарым мың адам талай уақыт жұмыс таба алмай келген. Оның сыртындағы 26 мың еңбек жасына жетпеген және асқан буындардың өкілдерінің төрт құбыласының түгел болып тұрған түрі байқалмайды. Ал бос тұрған орынды кез келген бастықтың бос жүрген кісіге қия салуы қиын. Өйткені, мұнда жалақысы аз қызмет жоқ. Сондықтан да кетсе, жақын адамға кетсін дейтін психология содан өрбиді. Жер түбінен адам тасу да содан шығады. Демек, мұндағы әрбір жұмыс орны – шын мәніндегі әлеуметтік мүдделер тайталасының нысанасы. Содан келеді де, әлеуметтік әділеттің бұзылуы шығады. Ол кейде право тәртібін бұзушылыққа ұрындырады. Жаңа Өзендегі оқиға да дәл осындайдан өрбіген. Әрине, ашу үсті айтылған жазықсыз адамдардың да намысына тиетіндей үзілді-кесілді талаптар мен әсіре айыптауларды мақұлдауға болмайды. Жалпы, қазіргідей бір-біріне тікелей тәуелді дүниеде өмір сүріп отырып, бір-бірінің көңіліне қарамаушылық бір-бірін сыйлай білмеушілік аз ұлтты да, көп ұлтты да, жергілікті тұрғындарды да, жергілікті емес тұрғындарды да үлкен абыройсыздыққа душар етеді. Бұны кадр мәселесінде тек бұралқы әңгімелер ғана емес, заңды наразылықтар туғызатындай ағаттық жіберген жаңаөзендік басшылар әуелден ескерулері қажет еді. Ешкім ешкімге: «Ешкіммен дос болма, жолдас болма, жерлес болма!»– демейді, бірақ өзің істейтін мекемені, не қызмет саласын өз дастарханыңның басындай қып, өңкей «өз адамдарыңнан» жинап алу біреулерді әсіре астамшылдыққа, біреуді әсіре кінәмшілдікке ұрындырады. Барша алакөздік те сондайдан өрбиді. Ол келіп адамдарды қойып, халықтардың арасына іріткі салады. Тым масайрап кеткен жаңаөзендік кооператорлардың «одессеясының» аяғы осындайға кеп соғып отырған жоқ па? Әйтпесе, кооператив кафелерінде шашлық үш сомнан сатылып тұрғанын көріп отырып, 1987 жылы мәселен, жан басына 51,4 ккилограмнан өндірілген еттің қайда кетіп жатқанын аңғару қиын ба еді? Немесе жан басына шаққанда, 1064,6 сомның бұйымы сатылып отырып, ешкімнің еш дүкеннен ештеңе сатып ала алмай, сенделіп жүруінің аржағында не жатқанын сезбейтіндей не бар еді? Ал енді тұрғын үй қоры әр адамға 12,4 шаршы метрден келетін қалада үй алушылардың кезегінің 1981 жылғы деңгейден бері жылжи алмай жатқанына қарап-ақ, бұл мәселеде де суық қолды сұғанақтардың үстемдік құрып кеткенін біле беруге болмайтын ба еді?! Егер сол суық қолды сұғанақтарға тиісті уақытында тиісті тыйым жасалса, бүгін көп жазықсыз адамдар қарадай жандары күйгендіктен бір-бірінің жағасынан алар ма еді?! Осыны ескерудің несі қиын? Қиыны – қағаз бетіндегі «жетістіктерге» алданып, өмірдегі келеңсіздіктерді көре білуге ешкімнің зауқы соқпағандығы. Жоғарыдағылардың төменде не болып жатқанына көздері түспеді, төмендегілердің оларға көздерінен шұқып көрсетуге жүректері дауаламады. Екі ортада алыпсатарлық, парақорлық, сыбайластық етек жайды. Олар жүрген жерде алалаушылық пен алауыздық өрбімей тұра ала ма? Мұндағы көп пысықайлар дүниеде «әлеуметтік әділет» дейтін ұғым барын көшедегі күркіреген көп дауысты естігенде барып естеріне алды. Сонда ғана кейбір өндірістік мекеме басшылары сасқан үйрек артымен жүзедінің керіне басып, бар гәпті «интернационализм» мен «ұлтшылдыққа» әкеп саюға тырысты. Әлдеқашан үрдістен шыққан «еңбек сүйгіш халықтар» мен «жалқау халықтар» ауызға ілікті. Кейінгі жылдары, құдды бір қойшы Боран Нысанбаев, орысша білмесе де, Александр Матросовтан әлденеше ай бұрын жау дзотын кеудесімен жаппағандай, ал генерал Власов орысша білмегендіктен фашистерге сатылып кетіп жүргендей, «тіл білмеу» мен «ұлтшылдықтың», «тіл білу» мен «интернационализмнің» арасына тепе-теңдік белгісін қоюға тырысатын әдет шықты ғой. Бұл жолы да жергілікті жастардың орысшаға келгенде желдей есіп тұрмайтындығын желеу еткісі келетіндер бой көрсетпей қалған жоқ. Сондай «данышпандықтың» бір көрінісі – «басқа жақтан келгендер кетіп қалса, мұндағы кәсіпшіліктердің бәрі тоқтап қалады» деген уайім еді. Иә, ондай болмасын! Болса, тек өндірістік қана емес, саяси дағдарыс боп саналар еді. Бірақ, ширек ғасыр ішінде мұнда жергілікті халық өкілдерінен жұмысшы маман даярлап, олардың шеберлігін жетілдірудің ойдағыдай жолға қойылмағандығын да ешкім шынайы интернационализм деп түсіндіре алмаса керек. Ол үшін орыс тілінің де, қазақ тілінің де басын ауыртпаған жөн. Бізде экономика тілдік монополизм, этникалық монополизм орнатуға емес, барлық халықтар мен барлық мәдениеттердің бірдей дамуына қызмет етеді. Ленин айтқан «халықтың өз тілінде білім алу правосына» өндірістік оқу да кіреді. Ендеше, ең болмаса мұнайшылықты әлдеқашан ата кәсіп қылған Атырау маңында орыс тілімен қатар қазақ тілінде де тиісті кәсіптік білім беретін бір факультет, бір техникум, бір кәсіптік училищені емге таба аласыз ба? Жаңа Өзендегі кәсіпорындар мен олар бағынатын ведомстволардың басшылары шын интернационалистер болса, бұған дейін осыны нағып ойламаған?! Олар бұл түгілі «өз астаналарының» шөлден қаталап отырғандығымен де шаруалары жоқ. Еділден келетін су әлі күнге Бейнеуден бері аса алмай жатыр. Асқан күнде де, оны тазартатын орталықтың құрылысы әлі мандымай жатыр. Сметаның құны 7,8 миллиондық объектіден бар болғаны 0,4 миллион сом қарастырылған. Мұнайшыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін арнайы құрылыс тресін Шевченкодан Жаңа Өзенге көшіріп, жылына 50-60 мың шаршы метр тұрғын үй салдыру керек. Ол үшін жұмыс көлемін жылына 25 миллион сомға жеткізу керек. Сонда трест мұнайшы семьяларының мүшелеріне баспана да, қызмет те тауып беруге қолғабыс тигізе алар еді. Бұл мақсатта қалада жаңа цехтар мен филиалдар санын көбейтпесе болмайды. Осы жылы, уәделі тігін фабрикасын бітірген жөн. Бұл ретте жергілікті орындарды төмпештей бергеннен гөрі басқа өндіріс салаларына қарағанда, жұмысшылардың мәдени-әлеуметтік мұқтаждарын өтеуге 8 есе, тұрғын үй салуға 5 есе аз қаржы бөліп отырған СССР Мұнай және газ өнеркәсібіне қатты талап қоятын уақыт жетті. Бұл министрлік өзі игөріп жатқан территориядағы советтерге, әсіресе, ауыл шаруашылық аудандарына түщы су үшін, өндіріс мақсатында бұзылған территория үшін, құрылыс материалы үшін көк тиын да төлемейді. Ал мәселен, Сауысқан жер асты суынан немесе Қызан маңындағы жер асты суынан су алып, жеміс, көкөніс өндіруді ұлғайтқысы келген шаруашылықтарға, ол судың текше метрін 2-3 сомнан сатқысы келеді. Сөйтіп, аймақтағы ауыл шаруашылық секторы мен өндіріс секторының азық-түлік программасын бірлесіп шешуіне қолбайлау жасайды. Аталмыш министрлік бар мәселеде осындай үнемшіл болса ғой! Жоқ, олай емес. Әлі зиянсыз технология табылмай тұрып, кен орнын игеруге кірісу қайдан үнемшілдік болушы еді?! Мәселен, Теңіз кенін игерудегі экологиялық зақымдарды қалпына келтіру үшін республика үкіметі тек биылдың өзінде 20 миллион сом қаржы бөлуге мәжбүр болды. Ал министрлік оған қарамастан мұнай, газ өндіру программасын кеңейткен үстіне кеңейте түсуде. Ғалымдардың айтуынша, Теңіз кеніндегі батыс елдері құрал-жабдықтарын пайдалануда кеткен сәл ағаттық бұл аймақты Чернобыль апатындай апатқа ұрындыруы мүмкін. Бірақ, министрлік мұндағы құнды шикізатты американ, итальян, жапон компанияларының бірігіп пайдаланатынына мәз болып, технологиялық та, экологиялық та мәселелердің шешімін күтпестен, іске асығыс кірісіп жатыр. Басқаны былай қойғанда, жан-жақтан самолетпен адам тасуға жұмсалатын қаржыға жергілікті жерден жоғары квалификациялы мамандар әзірлеуді әбден жолға қоюға болар еді. Мұндай асығып-үсігушілік Маңқыстау кендерін игеруде де кеңінен орын алды. Өзен кенін өндірудің технологиялық режимі сан рет өзгеріске ұшырады. Шын мәнінде, Маңқыстаудың парафинді, Бозашының смолалы мұнайын өңдеудің оптимальды технологиясы әлі табылған жоқ. Қаражамбастың құрамында ваннадий бар мұнайы Гурьев заводында өңделеді де, ол мұнай құрамындағы коксты алуға кедергі келтіреді. Соның салдарынан қазіргі өндіріске ауадай қажет ваннадийден де, кокстан да айырыламыз, әрі мұнайдың сапасын түсіреміз. Әрі баяғыда салынған заводтың технологиялық режимін бұзамыз. Егер әлгі құнды элементтерді жергілікті жерде бөліп алатын технология тапсақ, қанша қосымша пайда түсірген болар ек?! Мәселен, Маңқыстау мұнайының құрамындағы парафинді бөліп ап, медицина мекемелеріне сату арқылы Грозныйдың мұнай айыру заводы шаш-етектен пайда табуда. Ал біз желді аймақта үйдің шатырын бекітетін битумды өзіміз мұнай өндіріп отырып, Сібірден алдырамыз. Шевченкодағы Каспий маңы металлургия комбинатының энергия кәсіпорындары жылуды жұмсайтын орын таба алмай, жерге жіберіп отыр. Ал Маңқыстауда не көп, құм көп. Әлгі жылу мен сол құм қосылса, шыны болып шықпас па еді? Шығар еді. Біз оның орнына малшылардың баспанасына әйнекке керек шыныны жер түбінен алдырамыз. Маңқыстаудан алдырған ұлутасты Киевтің бір құрылыс орны шағын форматқа түсіріп, жұқалап кесіп сатып, қыруар валюта табады екен. Ал біз оны ең болмаса әшекей материал ретінде емес, кірпіш сықылды қабырға тұрғызатын материал ретінде пайдаланып, босқа рәсуа қылып жатырмыз. Расына келсек осы заманғы технология жағдайында жүздеген түрлі бұйымдар шығаруға болатын Маңқыстау мұнайын, газын, ұлутасын шикізат күйінде тапсырып, өз ұрпағымыздың аузындағы ырзықты өз қолымызбен қағып отырмыз. Мұндай игеруді экономика деп емес, әшейін талан-таражға салушылық па деп те қаласыз. Қандай бай өлкені болмасын, алдын-ала жан-жақты зерттелген технологиясыз, ондағы еңбек ресурсын ұқыпты пайдаланып, өлке мен халыққа ескелең мәдениет пен әл-ауқат алып келетін ұзақ жылдарға есептелген тыңғылықты әлеуметтік программасыз жер түбінен қыруар ақша шашып, адам әкеліп, қалай болса, солай игөріп, ондағы шикізатты ешқандай өңдеу-жөндеусіз оңай қолды қылу арқылы тез арада жұтатып, тез арада тұралатамыз. Маңғыстаудағы бүгінгі әлеуметтік келеңсіздік те – әлгіндей экономикалық ұқыпсыздықтан туындап отырған құбылыс. Жүгірген аң тығылар оңаша жер қалмай, түгел игөріліп жатқан ұланбайтақ өлке республика өнеркәсіп өнімдері көлемдерінің бар болғаны 2,6 процентін ғана өндіреді екен. Оның сыры – әлгіндей еңбек ресурсын сырттан оңай тасып әкететін «шаруашылық есепте». Мұндай жағдайда өлкенің әлеуметтік көсегесі қайдан көгерсін?! Ол басқаны былай қойып, көрші мұнай да, газ да ендірмейтін аймақтардың көбінен кенжелеп қалды. Республикада мектепке дейінгі балалар мекемелерімен қалалық жерде 60,3 процент, ауылдық жерде – 42,6 процент қамтамасыз етілсе, бұрынғы Маңғышлақ облысы бар болғаны 53,7 және 27,1 процентке ғана қамтамасыз етілді. Республика мектептерінде оқушылардың 66,9 проценті бірінші кезекте, 32,9 проценті екінші кезекте оқыса, мұнда 57,6 проценті бірінші кезекті, 41,6 проценті екінші кезекте оқиды. Республика ауруханаларында әр 10 мың тұрғынға 133,1 төсектен келсе, мұнда 103,2 төсектен келеді, респубикада әр бір 10 мың халыққа 38,7 дәрігер қызмет етсе, мұнда 28,7 дәрігер қызмет етеді. Бұл көрсеткіштің өзі де республиканың күш салуымен мүмкін болып отырған жағдай. Ал мұндағы қыруар байлықты қалтаға басып жатқан министрліктердің мұндай-мұндайдың ешқайсысымен де шаруасы жоқ. Соның салдарынан да қиян шетте жатқан қиыр өлкенің мәдени-әлеуметтік дамуына ең ықпал ете алатын облыс жабылып қалды. Сөйтіп, қазыналы түбек «қалталы ведомстволардың» біржола оңай олжасына айналды. Олар сол баяғы «вахталық әдісті» бұрынғыдан бетер үрдіске айналдырып, өлкенің мәдени-әлеуметтік дамуын қолдан баяулатып отыр. Табиғи да, рухани да экологиясына орасан зақым келуде. Оны түзеудің экономикалық жолдарын қарастырудың орнына, мұндағы әлеуметтік проблемаларды түбегейді шешетін көлемді қаржы бөлудің орнына жан-жақтан оңай олжа іздеген уақытша қызметкерлерді көптеп тартуға әсер ететін «қосымша жалақылар», «үстеме коэффициенттер» ойлап табылады. Ондай «уақытша дәурен сүріп қалуды» көздейтін психология адамдардың өз төңірегінде не болып, не қойып жатқанына мән бермеуге итермелейтін рухани конформизмді, өз өлкесіне өзі жат болуды немесе құдіретті экономикалық штабтардың әлгіндей оспадарлығына еш қайран қыла алмайтын жергілікті өкімет орындарын жатырқаушылық тенденцияларын қалыптастырды. Ал бұл тенденция қоғамдық ахуалымыздың орнықтылығына да өз ықпалын тигізбей қоймайды. Халықтар достығына да, ел бірлігіне де осындайдан зақым түседі. Социализм жеке бастық мүддені де, таптық мүддені де, ұлттық мүддені де, күллі қоғамдық мүддені де бірдей қорғай алуға тиісті. Ол мүдденің бәрін ведомстволық мүддеге құрбан ету – біздің болашаққа деген сенімімізді ғана емес, әлеуметтік әділетке деген үмітімізді де түбірімен теңселтетін қатерлі құбылыс. Біздің патриоттық дүние түйсінуіміз бен интернационалистік өмір салтымызға жекебастық эгоизм, топтық эгоизм, коллективтік эгоизм, ұлттық эгоизм қандай қатерлі болса, ведомстволық эгоизм де сондай қатерлі. Өйткені, ұлттық және көп ұлтты аймақтарда ведомстволық озбырлықтың көп ұлттың аз ұлтқа өктемдігі немесе орталықтың жергілікті орындарға өктемдігі сияқты қабылдануы мүмкін. Сол сияқты жергілікті орындардың ведомстволық озбырлыққа наразылығы жергілікті халықтардың жергілікті емес халықтарға, шет аймақтардың орталыққа қарсы наразылығы сияқты қабылдануы да мүмкін. Және солай бағалауға айрықша құлықты адамдар да табылатын түрі бар. Сондықтан ведомстволық эгоизмге көшеде тұрып, бұқаралық жолмен емес, партияның және мемлекеттің сайланбалы орнында саяси жолмен, парламенттік жолмен тойтарыс берілгені лазым. Ондай озбырлықтың одан әрі асқындап кетпеуін қамтамасыз ететін конституциялық кепілдіктер де керек. Біз Жаңа Өзендегі күрделі шындықтан осындай оң қорытындылар жасалғаны дұрыс деп білеміз. Алда тұрған алқалы жиындарда республикамыздың партия ұйымы мен парламенттік депутациясына үлкен үмітпен қоса, үлкен міндет те жүктеледі. Олар сталиншілдіктен көп зардап шегіп, ведомстволық эгоизмнен орасан зор қиянат (егер одақтық министрліктен жылына 15 миллиард сом табыс түсіріп, одан бар болғаны 30 миллион сомды республика бюджетіне қосатын болса, одан басқа не қиянат керек!) көріп отырған көп ұлтты республиканың мүддесін табандылықпен қорғай білуге міндетті. Сол арқылы көп ұлтты федерациямыздың да мүддесін қорғай алады. Ол үшін ұлт мәселесін тек қалыптасып қалған жағдай тұрғысынан қарастырып, бүгінгі таңдағы қиындықтардан ғана шығатын амал іздеумен шектелмей, табан асты боп келген тарихи әділетті қайтадан қалпына келтіріп, сол арқылы бұдан былай шынайы социализм, интернационализм принциптеріне ешкім тарапынан ешқандай қиянат жасауға жол берілмейтіндей қып, түбегейлі шешуге күш салу керек. Ол үмітіміз ақталады деп сенеміз. Өйткені, тек әділет бар жерде ғана ынтымақ бар. Ал ынтымақсыз ешбір қоғамның, әсіресе, көп ұлтты қоғамның көсегесі көгере қоймайды.

1989

АЙНАЛАҢ - АЯЛЫ АЛТЫН БЕСІГІҢ

Ой түбінде жатқан сөз Жылдар шіркін құба жонның құланындай зымырап өтіп барады. Арман сабаздың көбейе түспесе, азая түсер түрі жоқ. Абай айтатын «сағаттың шықылдағы» да бұрынғыдан гөрі жиірек соғып, қаттырақ естілетіндей. «Алдағы жолың арттағы жолыңнан аз болмаса, көп емес» деп үсті-үстіне қайталап тұрғандай. Мұндайда көңіл жазған қайдан байыз таба алсын! Сан тарапты шарқ ұрып, сан гәптің басын шарпиды. Бұрынғыдай жолығысқа бара жатқан бозбаладай айна алдында көлеңдеп, өзіңді-өзің қызықтамайсың. Қарақан басыңды емес, қарлас, қарындас, қандас, қауымдас төңірегіңді ойлап тебіренесің. Әсіресе, өзіңнен кейінгілерді еске алып, абыржисың. «Бізді қойшы. Біраз жерге келдік қой. Бұйырғанын көрдік қой. Бұйырмағанды бізден кейінгілерге бұйыртса да, шүкірлік. Тек олар бізге бұйырғаннан да мақұрым қап жүрмесе жарар еді...» Сол бір күмән талай гәптің тұсында көкірегіңде тікендей қадалып тұрып алады. Осыдан біраз жыл бұрын өз балаларымызға: «Тек соғыс болмаса екен... Кешкі ас үстінде таңдағы ас есіңе түсіп, түйіліп әзер жұтып өскен біздің өзіміз біраз дәуренді сүріппіз. Сендердің кім болатындарыңды кім білген?! Шырқап кететін шығарсыңдар!» – деуші едік. Енді, міне, күнде жұмыстан қайтқанда, құлыншақтай құлдырап алдымыздан жүгіріп шығып, мойнымызға асылатын бүлдіршін немерелерімізге ондайды айтып, желпіне алмаймыз. Сөйтсек, шынында да, бақытты емір сүру үшін тек зеңбірек күркілдеп, бомба жарылып жатпайтындығы жеткіліксіз көрінеді. Бақыттың соғыстан басқа да «дұшпаны» аз емес секілді. Соның ең үлкені бүгінгіге мәз болып, ертеңгіге бола бас ауыртпайтын ұшқарылық па деп қорқамын. Қалай ғана таңғалмассыз! Небір зіл батпан зілзалаларды бастан кешіре отырып, қандай көбелек көңіл, ұшқалақ болғанбыз?! «Біз де, міне, миллион тұрғыны бар қалада тұрамыз», – деп күллі алматылықтар боп, кеуде соққанымыз күні кеше ғана емес пе еді?! Ал сонда біздің көз алдымызда бұдан туындайтын миллион деген санды цифрмен жазғандағы бір-біріне тіркескен көп дөңгелектей көп проблема самсап келе қалды ма? Жоқ. Миллион адамда миллион ауыз, миллион жүрек бар екенін ойладық па? Жоқ. Сөйтсек, бір миллион адам тұратындай кеңістік мейлінше көгалдандырылған күннің өзінде тәулігіне 25-30 мың тонна оттегін шығара алады екен. Ал ол керекті мөлшерден 300-400 есе аз. Ондай мөлшерде оттегімен қамтамасыз ету үшін қаладағы құрылыс тұрғызылған көлемнен 100 есе көп, шамамен, 15-20 мың шаршы километрді алып жатқан қосымша көгал кеңістік керек көрінеді. Мұндай қаладағылар жылына ең кемі 400-500 миллион текше метр су тұтынады. Ондай су ең кемі 20 мың шаршы километр кеңістіктен жиналады екен. Миллион адамы бар ығы-жығы қалада тұратын адам, ең болмаса, аптасына бір рет табиғат аясына шығып, емін-еркін демалмаса, жүйке ауруына ұшырамақшы. Ал ондай сейіл жасайтын рекреациялық аймаққа тағы да 15–20 мың шаршы километр жер қажет боп шығады. Оның үстіне, мұншама қыруар жанды етпен, сүтпен, көкөніспен қамтамасыз ету үшін қанша гектар жерге мал ұстап, қанша гектар жерге егін салуға тура келетінін ескеріңіз. Оны айтасыз, табанымыздың астындағы қара жердің күнара «мөңкіп» тұратынымен де шаруамыз болмады. Алматыда сейсмикалық жағынан қаупі аз аймақ – Абай проспектісінен жоғары жатқан тау бөктері ғана. Одан төменгі Ташкент көшесіне дейінгі алап сейсмикалық жағынан қауіпті аймақ, ал Ташкент көшесінен Бұрындайға дейін аса қауіпті аймақ болып табылады. Сонда әлгі сейіл-серуен жасайтын көгал нуы, ет-сүт, жеміс-жидек өндіретіндей құнарлы топырағы, мөлдір суы мен таза ауасы бар тау бөктерін аман сақтаудың орнына самсатып үй түрғызудан, бықсытып асфальт төсеуден, құжынатып машинаға толтырудан басқа амал қалмады. Сөйтіп, өз нәпәқамызды өзіміз тәрк қып,– өз демімізге өзіміз тұншығуға мәжбүр боламыз. Мұндай жерде денсаулықтың қайдан көсегесі көгере қойсын?! Астана басымен Алматы, мәселен, бала ауруы мен бала өлімі жағынан алыстағы ауылдармен бара-бар түсуде. Бұл да аз болғандай, әлгіндей өз-өзінен безгегі ұстап, қалтырап-дірілдеп тұратын «геологиялық фундаментіміз» өңкей сусыма қиыршық, малта тас қабаттардан тұрады. Сондай сәбидің еңбегіндей қаралай бүлкілдеп, әзер тұрған әлсіз жыныстардың астында буы бұрқырап жер асты ыстық көлі жатыр. Осындай қырық қатердің үстінде орналасып қалған қаланы миллион адамнан асқанша дамытып, соза беру үшін де нағыз жүрек жұтқан... жауапсыздықтан басқа ештеңе керек емес шығар. Күллі бір республиканың, күллі бір ұлттың бүкіл интеллектуалдық потенциалы, күллі ғылыми-әлеуметтік ойының «қаймағы» жиылған астананың ахуалы осындай болғанда, қалған аймақтардың қарқ боп жатпайтындығы айтпаса да түсінікті. Өйткені, ең болмаса, өз бастарына жақсылық жасай алмаған республикалық штабтар қалған кең байтақ территорияны әлгіндей «экологиялық жанықастықтан» қайдан аман алып қала алсын! Қала алмады да... Онсыз да экологиялық оңтайлы қонысқа орналаспаған республиканың бар болғаны он проценттік таулы аймағы кен өндіру, түсті металлургия, химия өнеркәсібінің еншісіне тиді. Теріскейіндегі мал өсіруге таптырмайтын шүйгін жазықтарды түп-түгел жыртып салып, бүкіл құнарын желге ұшырдық. Азғантай өзендердің алқабын бірыңғай техникалық дақылдар егіп, гербицид пен пестицидке бөктірдік. Әуелден де өсімдік жамылғысына кедей шөл мен шөлейт алқаптарда кен қазып, қара металлургия өркендетіп, шаң мен түтінді бұрқыраттық. Жиырма миллионнан астам гектар жерді беталды соқаға тырнатсақ, сонша жерді әскери полигондарға беріп, ең қатерлі қаруларды сынайтын Қазақстанның көп жерді күкірт, сынап, кадмий, таллий, литий, уран, хлор сынды улы химикаттардың молдығынан онсыз да денсаулық үшін қатерлі аймақ екендігі аз болғандай, көмір мен бокситті, темір рудасы мен фосфоритты ғана емес, радиактивті стратегиялық шикізаттардың өзін ашық карьер қазу жолымен өндірдік. Бұның бәрінің табиғи ортаны мекендейтін халықтың денсаулығына тигізіп жатқан әсері қандай? Ол жайында қам жеген ешкім болған жоқ. Қайта оның орнына бізден өндірілген кең астық, мұнай, шикізат тиелген эшелондар тізбегінің жер шарын қанша рет орап алуға жететінін айтып мақтандық. Ештеңенің есебі бар деп білмедік. Бәрін таусылмастай, сарқылмастай көрдік. Сөйтіп жүргенде күні кеше көл-көсір кесіліп жатқан Аралдың айдыны жоғалып, Балқаштың шалқары тартылып бара жатқанын бір-ақ көріп, есімізді әзер жинадық. Ол үшін: «Бәрі сендерден болды», – деп, көршілерімізге саусағымызды кезендік, алдымен өзіміздің озбыр «көлтаусарларға» айналып алғанымызды сезбедік. Кешегі тау жатқан миллиондаған гектар жер қыртысы көкке аунап, бойындағы ылғалынан айырылса, еріндері кезеріп, ауадан жандәрмен бу тартпай ма? Ол бу айналадағы өзен, көл, тоғандардан ұшпаса, қайдан ұшады? Бұрын алда-жалда бір ауыл зорға ұшырасатын самиян сар далада бірінің оты біріне көрінетіндей қып, самсатып қалалар, поселкелер, селолар салдық. Олардың арасына ат құрғатпайтындай қып теміржол, тас жол тарттық. Түтінін будақтатып, заводтар, фабрикалар, комбинаттар тұрғыздық. Олардағылардың да өзені бар екенін былай қойғанда, әлгіндей құжынаған елді мекендердегі аса көп шоғырланған тіршілік көздерінен қанша энергетикалық қуат жылу мен газ бөлініп шығатынын, оларды қайтадан салқындату үшін маңайындағы кеңістіктен қаншама оттегі мен ылғал соратынын неге ескермейміз? Ол ылғалды Қазақстан аспаны, Қазақстан үлкен көлдері мен топырағынан сормағанда, жер түбіндегі Миссисипи мен Ніл дариядан сорып әкеледі ғой дейсіз бе? Бір ұшқанда ауадағы миллиондаған тонна оттегіні өртеп кететін әуе, ғарыш кемелері ашық айдындардың қанша ылғалын бу қылып аспанға ұшырып, шаң қылып, өзі жаққан ауаның орнына шашып кететінін кім есептеп жатыр? Бұның бәрі азғантай айдындарымызды үстінен сорып тартса, астынан ешкіемердей еміп, байқалтпай суалтып жатқан қанша «айдынды» білеміз? Бір кезде Қазақстан шөлдерінің астында жер асты мұхиты жатыр екен деп бөстік. Сөйттік те, кез-келген жерден артезиан құдықтарын қазып, малымызды да, жанымызды да, өндірісімізді де содан суардық. Ал жер асты суының тек атмосфералық ылғалдан ғана түзілмейтіні, оның көбі негізінен планетаның өзімен бірге жаратылғаны, сондықтан жер астынан ашылған су қорының қайтадан қалпына келе салмайтыны қайсымыздың қаперімізге кіріп-шықты? Табиғаттың өзі әуелде тым қатыңқы жаратқан азғантай ауыз су қорымызды тіптен рәсуа пайдаланудамыз. Сондықтан да тек Арал мен Балқаш қана емес, Жайық, Ертіс, Сыр, Тобылдан бастап барлық өзендеріміз, келдеріміз, бұлақтарымыз, құдықтарымыз тартылып, жылдан-жылға шөп өнімі кеміп, ұлан-байтақ даламыздың бұрынғыдан бетер шөлейттене түскенін әлі ескермей келеміз. Суға қалай бей-берекет қарасақ, жеріміздің құнарына да солай бей-берекет қарадық. Бабаларымыз аттың тұяғынан қорғаштаған жерді шынжыр табанды, резина табанды доңғалақтарға сұраусыз таптаттық. Ғалымдардың есептеуінше, 18 сантиметрлік құнарлы қабат жасау үшін табиғатқа 7000 жыл уақыт керек екен. Ал біз оны санаулы айларда, астын үстіне шығарып, аударып салып, санаулы жылдарда өз нәрінен айырып, тонна-тонна бедірейіп жатып алар бетпақ түзге айналдырдық. Сөйтіп, елді де, жерді де қорегінен айырғанымызды аңғармадық. Аңғармағанымыз тек бір бұл ғана емес. Біз тіпті қашқан аң басын тығып паналайтындай оңаша жер қалдырылмай, төтен игөріліп жатқан өлкеміздегі экономикалық өзгерістердің ешқандай табиғат қорғау саясатынсыз қалай болса солай жүргізіліп отырғандығынан, оның экологиялық зардаптарының шын мөлшерін, ешқайда ешкім біліп жарымайтындығынан атымен бейхабар келдік. Олар өздерінен де жоғарыдағыларға сенді. Ал олар шетінен атеист болғандықтан тәңірдің өзіне де шекелерінен қарады. Сонда мұндай ештеңенің алды-артын ойламай, көре-тұра басакөктеп жөнелетін «өзім білемдік» күллі адам нәсілінің тағдырын қатерге тіккен қанқұйлы қылмыс болмағанда не болады?! Экономикадағы «экологиялық жендеттік» синдромы осылай пайда болды. Бүгінгі таңдағы ресми есеп бойынша республикада ауаға жылына тек энергетика, қара және түсті металлургия кәсіпорындары тарапынан 5,4 миллион тонна, автотранспорт тарапынан 2,9 миллион тонна улы зат ұшады екен. Бұл, әрине, дәл есеп емес. Басқаны қойып, Алматының өзінде ауаның зақымдануын бақылап отыратын орталықтың әлі күнге дейін жоқ екенін ескерсек, қандай дәл мәлімет жөнінде сөз болуы мүмкін? Ал Алматы, Жамбыл, Өскемен, Лениногор, Зырян, Теміртау, Шымкент қалаларындағы ауаның ауа емес, улы газдардың қойыртпағына айналып кеткендігін анықтау үшін ешқандай аспаптың қажеттігі де шамалы. Қарашығанақ, Теңіз кен орындарын игерудегі асығыстықтың салдарынан күллі Каспий маңы ауасындағы күкіртті сутегі, күкіртті ангидрид мөлшері ешқандай ғылым білмейтін шексіздік дәрежеге жетті. Қысқасы, басқа жерде қолдан жасалған сутегі бомбасынан қорқып отырсақ, мұнда жер қойнауынан өз-өзінен атқылап жатқан дәл сондай қатерлі «қырып-жойғышты» шыбын шаққан ғұрлы көрмей, жайбарақат отырмыз. Екібастұз өзімізді қойып, көрші мемлекеттерді тұншықтыруда. Сыр, Талас, Шу бойындағы талайға «Алтын жұлдыз» тақтырған химиялық тыңайтқыштар көрші өңірлерді тосап боп басып, дала жусандарын көктей солдыруда. Мұндай жағдайда таза су қайдан қат болмасын? Бүгінгі таңдағы республикадағы пайдаланылып отырған ауыз су сапасы жағынан сын кетерерлік дәрежеде емес. Ауа қалай уланып жатса, топырақ та солай былғанып жатыр. Ол екі ортада су қалай былғанбасын?! Мәселен, Ертіс суындағы мыс пен цинк шекті мөлшерден ондаған есе асып түседі. Жайық, Елек, Сырдария, Бадам, Нұралардан ауыз шаюдың өзі қауіп. Каспий маңында құс ұша алмай, итбалық пен бекіре ауруға шалдығып, жағаға шығып, теңкиіп-теңкиіп өліп жатыр. Шымкент, Жамбыл, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының бұлақтары мен құдықтарының өзінен сескенбей су ішу мүмкін емес. Тоғыз жүз елді мекен жер түбінен тасымалдап әкелініп, лас ыдыстар мен құдықтарға уақытша құйылын алынған өлі су ішеді. Мұндай жағдайда ауру қайтып көбеймейді? Халықтың өмірі қысқарып, өлім жиілеуде. Бұл – көрер көзге өз-өзінен мен мұндалап тұрған келеңсіздіктер. Әйтпесе республиканың әр аймағының экологиялық жағдайының толық ғылыми сипаттамасын жасау, күллі территориямыздың эколого-биогеохимиялық режимін түзу ісі әлі қолға да алынбай отыр. Сондықтан күллі республиканың экологиялық жағдайы жағынан қатерлі аймаққа айналып отырғанын көп жұрт бүгінге дейін біле бермейді. Олар экологиялық жағдайсыздық жайында сөз болса тек Арал, Балқаш, Дегелеңді ғана ауызға алады. Онда да тек бұрын Бүкілодақтық баспасөз айтқан деректер теңірегінен шырқ айналып шыға алмайды содан келеді де, Дегелеңдегі белгілі полигон жабылса, республика территориясындағы радиактивті ситуация қауіпсіз бола салады деп ойлайды. Байыбына барар болсақ, барлық стратегияны шикізат өндіретін кен орындарының радиактивті әсері бар басқа да минералдар өндіретін кен орындарының, радиактивті заттар пайдаланатын ғылыми өндіріс орындарының технологиялық режимін жан-жақты тексеру, космос, әскери қару-жарақ, сынау полигондарын, минералдық шикізаттарды тасымалдау мен қоймалаудың экологияға әсерін жан-жақты анықтау ісін тыңғылықты қолға алмайынша, біз республика көлеміндегі радиактивті ситуацияның шын ахуалын толық біле алмаймыз. Оның үстіне, бір ауылымыздың қасындағы әлгіндегі «қатерлі сынақты» сөндіргенмен, екінші ауылымыздың қасындағы дәл сондай, немесе одан бір де кем емес «қатерлі сынақтың» отын одан сайын маздата түсуіміз ықтимал. Қатерлі «экологиялық нүктелермен» бұлайша бір-бірлеп күресу кей жағдайда қоғамдық пікірді онсыз да әшкере боп қалған объектілерге ғана аударып, жұртты былайғы кесапаттардан әлі де бейхабар ұстауға жағдай жасауы да мүмкін. Мәселен, Маңқыстаудағы бір кездесуде оқырмандар экология жайында сөз болғанда Арал, Балқаш, Байкал, Чернобыль жайында ғана үсті-үстіне сұрақ жаудырды. Баспасөз бетінде не көп айтылса, тек соны ғана сұрастырды. Сейтсе, олар алдында ғана халық депутаттығына кандидат болып ұсынылған атом өнеркәсібінің ірі басшы қайраткерімен кездесіпті. Бірақ оған тап іргелеріндегі атом электр станциясының технологиялық қауіпсіздігі, онда пайдаланылған судан жиналған жасанды көлдің жергілікті фауна мен флораға, әсіресе, бүкіл аймақ нәрем айырып отырған жер асты суларына ықпалының қандай болатындығы жайында сауал қою ешкімнің де есіне келмепті. Алыстағы экологиялық апатқа алаң бола отырып, іргедегі экологиялық қауіпті елемепті. Экологиялық санамыздың деңгейі, міне, осындай. Бір кезде ештеңеге қиналмайтын «экологиялық мәңгүрттік» енді не жайында көп айтылса, сол жайында өлімін сатып, ұрынып-берініп, қалған тараппен шаруасы болмайтын «экологиялық алаңғасарлыққа» ауысқан бұндай санамен дүкенде күні кешеге дейін тіреліп тұрған «бөбектер азығы» консервілерінің 31 процентінде, колбасалардың 21 процентінде, көкөніс, жеміс-жидек консервілерінің 26 процентінде, сәбилерге арналған сүт кухнясы тағамдарының 42,5 процентінде пестицид шекті мөлшерден әлденеше рет асып түсетінін білмей келдік: «Өзіміз неге аллергияға ұшыраймыз?», «Балаларымыз неге аллергияға ұшырайды?» – деп қайран қалып, жүйкеміздің сәл нәрсеге бола неге бұліне қалатынына түсіне алмадық. Сөйтсек, көпке дейін балалар өлімі жөнінен дүние жүзінде 44-орынды иемденіп, өмірдің ұзақтығы жөнінен 47 және 48-орынды Шри Ланкамен бірге бөлісіп келгенімізді де байқамаппыз. Мұндай экологиялық бейхабарлық әлеуметтік ынжықтыққа ұрындырмай қоя ма? Кей аудандарда әйелдер: «ауыз суды тазарт», – деп талап қоюдың орнына, су таза болмағандықтан бала көтеру зияндылығын айтқан үгітке сеніп, бала көтермейтін операциялар жасатқан. Сонда бүгін аналық ләззаттан, ертең ауыз судан, бүрсігүні қоректен, одан арғы күні ауа мен тыныстанудан бас тартуға тура келетіндей күйге жетер болсақ, мұндай тіршіліктің өзі түбірімен мәнсіздік болып шықпай ма?! Біздіңше, халықты бүйтіп экологиялық бейхабарлықта ұстап, төтеден тап болған кездейсоқтықтар тұсында әлгіндей ертеңгі ұрпақтың көрер жарығын қырқатын әрекеттерге итермелеу тура қырғын соғысқа бара-бар моральдық қылмыс саналуға тиісті. Ондай «экологиялық бейхабарлық» тактикасы өлкелердің экономикалық ресурсын төгіп-шашып, ысырап пайдаланатын «экономикалық бейбастақтықты» көлегейлеуге қажет болған тәрізді. Біз өз жерімізде бүгін не ашылса, ертең басқа жаққа көшіп кететіндей, неғұрлым тез қазып ап, эшелондарға тиеп үлгергенше асығатын мінез шығардық, Одан мемлекетке түсетін пайданы жақсы білеміз. Өндіруші, өңдеуші өнеркәсіп салаларына түсетін пайданы жақсы білеміз. Ал сол шикізатты шығарып отырған өлке мен ондағы халықтың мұндай мол байлықтан қандай қайыр көретінін ойлап, ешкім басын ауыртпапты. Сөйтіп мәз боп жүргенде өзіміздің «қалай дотацияға отырып, күндердің күнінде кісі үстінен күн көріп келгендер атанып шығуымыз» кәдік екені қиялымызға да кірмепті. Сөйтіп, шикізат тиелген эшелондардың уақтылы жөнелгенін қанша мұқият қадағалағанымызбен, өзіміздің мәдени әлеуметтік дамудан қаншалықты кенжелеп қалғанымызбен еш шаруамыз болмапты. Малшы аудандар туралы көп кісіге айтқызсаңыз, бұл – сондағы тұрғындардың мәдениеті төмендігінен. Басқаны былай қойғанда, атақты композитор Соловьев-Седой біраз жылдар бұрын кезекті мәдениет онкүндігінен кейін республикақаны аралап шығып: «Біз қазақ бауырларға қалай тұрмыс құруды үйретуіміз керек екен»,– дегенде біреулеріміз бас шұлғып, біреулеріміз апшып қалып ек. Сөйтсек, қазақ ауылдарындағы тұрмыстың мәдени деңгейі, расында да, қанағаттанарлық жағдайда емес екен. Үйреткен, әрине, жөн. Ең дұрысы, жақсы тұрмыс құрудың экономикалық жағдайын жасау ғой. Бір республикадағы, тіпті бір аймақтағы екі кәсіпорынның әлеуметтік дамуындағы әлгіндей ала-құлалықтың сыры олардың экономикалық ахуалының бірдей еместігінде. Мәселен, жуырда Шевченко қаласындағы бір одақтық маңыздағы кәсіпорынның демалыс аймағын аралап көрдік. Ондағы профилакторий іргесіндегі малшыларға арналған профилакторий түгілі қазір екінің бірі көзге шұқып айта беретін «үкіметтік» санаторийлеріңіздің өзін шаңына ілестірмейді. Сонда немене, әлгі кәсіпорын осынша байлықты басқа жақтан көшіріп әкелді ме? Жоқ, осындағы территориядан тапты. Ендеше сол игілікті осындағы тұрғындармен неге бірге бөліспейді? Одақтық ведомствоның өз бюджеті болғанмен, өз территориясы жоқ қой. Өз экономикалық мүддесін осындағы аймақтық тұрғындарының әлеуметтік мүддесімен неге үйлестірмейді? Айталық, республика өз тұрғындарын театрмен, музыкамен, циркпен, музеймен, концерт орындарымен қамтамасыз ету жағынан бүкілодақтық деңгейден әлдеқайда төмен тұр. Ал бізде одақтық салалық өнеркәсіп орны орналаспаған бірде-бір облыс жоқ. Бірақ, оларда әлгіндей одақтық ведомство салып берген бірде-бір театр, филармония, цирк жоқ. Сонда территория мен ондағы халық өз іргесінен алынып жатқан мол дәулеттен не көреді?! Көретіні сол, сол дәулетті игеру үстінде одақтық кәсіпорындар жіберген экологиялық қателіктерді түзету үшін жергілікті бюджеттен ондаған театр салуға болатын қаржы жұмсауға мәжбүр болады. Мәселен, өткен сайлау тұсында Гурьев сайлаушыларына Каспий маңындағы экологиялық жағдайды түзеу үшін 23 миллион сомнан астам қаржы бөлуге уәде берілді. Мұндай экологиялық қолайсыздық талай жерден табылады. Бірақ бүйтіп ондаған миллион сомды қоржынынан бір күнде суырып бере алатын депутат қалаған мөлшерде табыла бермейді ғой. Табылғанда да, ол әлдеқашан қиюы кетіп қалған істі бірден түзеп бере ала ма? Біздің көптеген аудандарымыз экологиялық, әлеуметтік экономикалық жағынан бірдей тұралаған. Ондағы жұрт көп нәрседен күдерін үзген. Тіпті, айналада не боп жатқанынан атымен алаң болмай, аш құлақтан тиыш құлақ отыра беруге әбден үйренген. Мұндай жағдайда жақсы тұрмыс құруға деген ынтаның өзі жоғалады. Ондай жердің театры да, филармониясы да, циркі де, музейі де, түптеп келгенде, бір бөтөлкенің ішіне сыйып кетеді. Содан кеп, аймақтық экология былай қалып, үй-ішілік экологияның ойран-ботқасы шығады. 80-ші жылдардың басында біздің елімізде, ғалымдардың айтуынша, жан басына шаққанда 17-19 литр этанол (таза спирт) ішіліпті. Москва мен Ленинградта ол көрсеткіш 20-25 литрге жетіпті. Егер орта есеппен әр адам ІV литрден астам этанол ішсе, онда сәбилердің тең жартысы әлжуаз боп, әрбір алтыншы бөбек ақыл-есі кем боп туады екен. Егер 25 литрден ішілсе, «үш ұрпақ заңы» дейтін механизм іске қосылады екен. Ол деген сөз, атасы сау болса, әкесі жартылай сау, баласының денсаулығы төрттен бір мөлшерінде, ал немересінің денсаулығы бар болғаны он алтыдан бір мөлшерінде болады деген сөз. Немесе ішкіштер әулетінің төртінші ұрпаққа жетпей тұқымы тұздай құрып бітеді деген сөз. Статистиканың айтуынша, біздің еліміздегі 285 миллион тұрғынның 135 миллионы сау, 150 миллионы әлжуаз, дімкәс, оның 50 миллионы жарымжан, мүгедек. 1988 жылдың басында 24 жасқа дейінгілер 117 миллион адам болса, соның 60-80 миллионы немесе 55-80 проценті әлжуаз, дімкәс. Алпысыншы жылдары туғандардың 54-55 процентінің күндізгі мектепте оқып, орта білім алуға қабілеті жетпейді. Ең әлжуаз абитуриенттердің көбейетін тұсы мамандардың айтуынша, 1988-2003 жылдар аралығы. Жастардың интеллектуалдану коэффициенті жағынан КСРО 1953 жылы дүние жүзінде үшіиші орынды иемденсе, қазір 42-ші орынға дейін неге құлдырап кеткендігіне осыған қарап-ақ түсіне беруге болады. Ұлттық денсаулық және интеллектуалдық жағынан бұлайша «азып» кетуінің бір себебі – біздің еліміздегі альконаркомафияның табысы 100 проценттен 500 процентке дейін өсіп кетіп отырғандығы болса, екінші себебі - ішкі және сыртқы ортадағы уландырғыш факторлардың көбеюі – тағамның, судың, ауаның, топырақтың сапасының бұзылуы, елді мекендерде тұрғындар санының орынсыз ұлғаюы электромагниттік зақымдағыштардың арта түсуі. Қысқасы, ошақ басынан бастап, күллі Отан аясына дейінгі табиғи ортаның экологиялық құнарсыздануы. Экологиялық күрестің де мақсаты сол. Ендеше, экология – адамдардың бақытты өмір жолында өзін қоршаған табиғи, рухани ортамен жарастықты қарым-қатынас жасай білуі. Ендеше ол барша тіршілік әрекеттің бәрін біріктіреді. Сол әрекеттер үстінде қалыптасатын барша әлеуметтік ынтымақтастықтың бәрі қатынасады. Бірақ бұл күресте де біреуге сенуге, өзгеге иек артуға болмайды. Қорек айыру жолында қалай қол қусырып отыра алмайтын болсақ, экологиялық үйлесім жолында да дәл солай қарекеттенген лөзім. Ендеше сау-саламат тіршілік жолындағы майданға семьядан бастап күллі адамзатқа дейінгі ұйым бірліктің бәрі де атсалысуға тиісті. Бәрінің де нақты семьялық, аулалық, көшелік, қоныстық, аймақтық, өлкелік республикалық, құрлықтық, планталық іс-қимыл бағдарламасы болғаны жөн. Ондай бағдарлама өзі тектес өзге бірліктің мүдделі мақсаттарына нұқсан келтірмейді. Ортақ мақсат жолындағы күреске өз күштерін түгел және тиімді жұмылдыруды ғана көздейді. Сонда ғана экологиялық жарасым жолындағы күрес әлеуметтік әділет жолындағы күреске айнала алады. Тұрмыс экологиясынсыз аймақтық экология, аймақтық экологиясыз планеталық экология дегеніне жете алмайды. Өз денсаулығыңды күтуден бастап, планета тыныштығын қамтамасыз етуге дейінгі жарастықтың бәрін қамтитын бұл күрес майданында, әсіресе әйелдер шешуші қызмет атқара алады. Болашақ жұбайға қойылар талапшылдық пен ұрпақ күтімімен басталатын ұлт саламаттығы, адамзат саламаттығы жолындағы күреске тек әйелдер, қыздар, келіншектер, аналар, әжелер белсене араласқан күнде ғана қалған балалар, жігіттер, күйеулер, әкелер, аталар түгел қатысатын күллі ұлттық, адамзаттық қозғалысқа айнала алады. Ондай белсенді ынтымақсыз, бүкіл қоғамдық ықылассыз тек белгілі бір ғылыми, экономикалық, мемлекеттік салалар араласуымен атқарылар экологиялық, программалар бүгінгі көзі тірілер мен келешек ұрпақтардың сау-саламаттығы жолындағы шешуші майданға айнала алмайды. Ал ендігі жерде өз бауырымыздан шыққан бүлдіршіндерден басталатын болашақ адамзаттың бақыты жолында бел шешіп, білек сыбанып күресуге тұратындай жалғыз майдан осы. Жарастықты өмір – сау саламат тіршілік жолындағы күрес. Өйткені, айналаң – аялы алтын бесігің. Бесігін ардақ тұтпаған береке қайтып таппақшы?!

1989

ЧТОБЫ СБЫЛОСЬ ТО, О ЧЕМ ДАВНО МЕЧТАЕМ

Выступление на предвыборной встрече
с избирателями в поселке Шидерты
Павлодарской области
Уважаемые соотечественники!

Скоро – выборы. И каждый из вас имеет прекрасный шанс принять конкретное участие в правильном определении нашего всеобщего будущего. Ибо росчерком вашего пера в кабине для тайного голосования вносится существенный штрих в политический портрет нового Парламента республики. А ему самой историей суждено сказать решающее слово. Слово о том, каковым впредь быть Казахстану, с которым связывают свою судьбу целых семнадцать миллионов сынов и дочерей восьми-десяти четырех национальностей и народностей. Люди, представляющие разные поколения, поразному выдержавшие испытания далёкого и близкого прошлого, поразному переживающие и нынешние трудности и треволнения. Не совсем легко и тем, кто в эти дни на строгий суд людей вынес себя – свое имя, прошлое и настоящее, помыслы и суждения. На такое способны лишь те, кого понастоящему мучает либо непомерная жажда лишний раз испытать своё счастье, либо глубокое осознание того, что вся его предыдущая жизнь обязывает не уйти в кусты, когда, наконец, на деле реализуется все то, за что он все это время ратовал. Ибо ныне работа в высшем законодательном органе больше похожа на самоистязание на поле брани, чем на праздное присутствие на высокопрестижном собрании. Полагаю, что многие кандидаты не из-за из лишнего себя любия, а искренним стремлением служить всем в такой решающий час, подвергают себя к подобным серьёзным испытаниям. Осмелюсь отнести к этой категории и себя. Ибо судьбою впервые предоставляется мне возможность превратить в свои будничные дела свои давнишние сокровенные думы и мечтания, все то, к чему как писатель и гражданин, призывал всех раньше лишь в своих произведениях. Не мною сказано, что человеком рождает природа, личностью делает судьба. А судьба у меня, как у большинства моих сверстников, была не легкой. Война, даже бомбежка, безотцовщина, страшный душевный неуют и материальные невзгоды – мне известны не по фильмам, а по своему детству. Неистребимое стремление во что бы то ни стало самоутвердиться, самореализоваться, вытерпеть ради этого все трудности и лишения – тоже ведомы мне не по литературе, а по моей юности, совпавшей с известной оттепелью в 60-х годах. Только на бумаге так гладко сложился мой творческий и трудовой путь. А на деле не мало превратностей судьбы пришлось вытерпеть и мне. Первый восторг от моего литературного дебюта скоро сменился страшным ярлыком «казахского Синяковского» на страницах печати, а потом я под свои 30 лет, имея старуго мать и двоих детей, очутился вдруг в сырых джаланашкольских окопах. Этот случай на писательском съезде в 1971 году поэтом О. Сулейменовым был квалифицирован данью старой моде наказать солдатчиной за творческое неповиновение. Не мало удовольствия и огорчения доставляла и работа главного редактора студии «Казахфильм». Несколько фильмов было положено на полку как не совсем благонадёжные. Но зато целый ряд интересных лент тех лет, такие, как «Кыз-Жибек», «Конец атамана», «Шок и Шер», «Лютый», «Транссибирский экспресс», «Кулагер», «Белая аруана» прочно завоевали симпатию зрителя. Горжусь тем, что, работая почти десять лет в аппарате ЦК был лично причастен ко многому новому и полезному в жизни многонациональной культуры Республики. Именно тогда состоялся её широкий выход на все союзную и мировую арену. Только международных призов было завоевано свыше 30. Открывались новые издательства и журналы. Создавались новые творческие коллективы. Появились новые имена, которые ныне делают погоду в художественном творчестве. Словом, было чему радоваться. Но доставалось и то, от чего трудно было не огорчаться. Преуспевала окололитературная предприимчивость. Душили истинное творчество групповой эгоизм и худо-жественный диктат. Умелая координация творческими процессами подменялась все регламентацией и административным окриком. Несогласие с этим находившегося на партийных этажах не поощрялось тогда. Поэтому и после ряда статей, поднимавших не совсем безобидные проблемы художественного творчества, особенно, после моих размышлений на страницах «Литературной газеты» на тему «Скрывая беду, не увидеть победу», мне вновь пришлось вкусить несладкую кашу немилости. На сей раз пришлось мне переквалифицироваться от специалиста по творческим вопросам в хозяйственника. Но и эти годы для меня не прошли даром. Музей-комплекс Ч. Валиханова в Алтын-Эмеле, Центральный государственный музей Казахской ССР и Центральный концертный зал в Алма-Ате – выглядят для меня как живые куски моей не всегда безоблачной жизни. На стезю литературы вернула перестройка. Но и она не всегда милостиво обходилась со мной. Вскоре после моего выступления на республиканской теоретической конференции о недопустимости вульгаризации перестроечных процессов в вопросах интернационализма, неправомерности раздувания поступка отдельных элементов до общенационального явления, нашлись шептуны, убедившие коекого в моей недояльности к его новациям. Перепроверялись мои родственные связи, заново под новой лупой перечитывались мои исторические сочинения. И пришлось вновь доказывать, что я не верблюд. Но как бы ни складывалась моя судьба, меня утешает одно, что, практически, в любой ситуации человек может остаться человеком – быть полезным людям, своему народу и родной культуре. Как многое можно сделать, особенно, в наше перестроечное время. Лишь бы было прилежание и умение. Пересмотр маршрута экспедиции ЮНЕСКО «Шелковый путь», создание на этой трассе ряда заповедных комплексов, памятникозащитные экспедиции в Туркестан, Сайран, Отрар, Тараз, Чубартау, Аиртау, Мангышлак ежегодные историографические альманахи «Мирас», «Атамекен», возвращение ритуального котла мавзолею Ходжа Ахмеда Ясави из Эрмитажа, включение этого мавзолея в список мировых памятников, установление памятникопропагандных мероприятий, таких, как ежегодные Валихановские, Байтурсыновские, Маргулановские чтения, восстановление доброго имени целого ряда деятелей, репрессированных в 30-40-х и начале 50-х годов, принятие Закона о языках, выступления в печати и на телевидении по актуальным проблемам экологии, культуры, наших экономических, политических и межнациональных отношений – вот где пришлось мне приложить свои усилия за последнее время. Обо всем этом вынужден говорить не потому, что мне хочется показаться перед вами человеком особой породы. Нет, вовсе не для этого! А чтобы еще раз подчеркнуть, что все ныне происходящее в обществе для меня дело желанное, сокровенное, выстраданное. Потому я и дал согласие вновь прийти в политику, на время отложив свои писательские замыслы. Потому и дал согласие, баллотироваться по № 166 Баянаульскому округу кандидатом в народные депутаты республики. Перестройка – новый бросок к заветной цели. Но и она непростительно запаздывает. Это – оттого, что вместо конструктивных и центростремительных сил, больше активизируются деструктивные и центробежные. Выходит, слишком много накопилось поводов для разногласия и обид. Оказалось, легче добиться консолидации на базе общности обид, нежели надежд. Оттого и еще не сполна удается высвобожденную перестройкой огромную энергию направить в созидательное русло. Хаотичность и перманентность, запутанность и вспыльчивость сегодняшних социальных потрясений исходи ли от разности точек зрения на причины существовавших деформаций и подходов к её устранению. Но только что сделанный, в связи с введением президентского правления, выбор решительно признает приоритетность общегуманных ценностей, стараясь тем самым вывести власть и общество из тисков вечного тотального противостояния. Насколько продуктивно это? Покажет время. Но одно уже ясно: надо его поддержать, если оно на самом деле приведет нас к консолидации, без которой нет стабильности; к политической стабильности, без которой нет сильной экономики; к сильной экономике, без которой нет жизненной гарантии демократии и гласности; к демократии, без которой нет правового государства и гражданского общества, – а без последних не мыслимы свобода, равноправие и счастье людей и народов. А без всего этого жизнь вновь превратится в жалкое существование. Нет для нас теперь ничего страшнее этого. Поэтому первичная задача законодательных органов не допускать больше роковой феномен «сильной руки» под любым предлогом. Нельзя поддерживаться и президентское правление, если за ним вдруг вновь обнаружим оскал авторитарной власти. Я всем своим творчеством, и в годы застоя, обличал антинародный характер тирании, деспотизма, политического шулерства, этатизма и нетерпения с одной стороны, социальной бесхребетности и всепокорности автоматизма существования с другой. В случае избрания депутатом, буду решительно бороться за дальнейшую гуманизацию и либерализацию общества, политический плюрализм, недопущение разных мастей экстремизма, монополизации власти отдельным человеком, отдельной кучкой людей, даже определенной партией в ущерб жизненных интересов всего общества. На мой взгляд, в первую очередь именно для этого должен существовать высший законодательный орган. Только тогда можно завести разговор о других проблемах. А проблем у нас хватает. В этом я еще больше убедился, объездив недавно почти все населенные пункты Баянаульского и Экибастузского районов. Странное соседство огромных возможностей и нерешенных проблем. Не принесло желаемого благополучия и природе, и людям широкое освоение здешних богатств. Узковедомственный подход не убавляет, наоборот, настаивает новыми пластами жизненные невзгоды. От того и на чисто лишенные необходимой инфраструктуры социального развития малые села и поселки, бездорожье, отсутствие питьевой воды, теплоснабжения, энергообеспечения, неприспособленные школы, больницы, клубы, раковые болезни среди детей и женщин. Умирают реликтовые рощи Баянаула, зато как грибы после дождя растут ввысь губящие их черные пирамиды угольных разрезов. Иртышская вода напоит всех, кроме приютившихся возле канала сел и поселков. Здешняя энергия греет всех, кроме опять же, тех окрестных населенных пунктов. Странный алогизм!

Ради устранения подобных бессмыслиц была и вызвана к жизни перестройка. Мой депутатский мандат, если вы окажете доверие, будет служить тому, чтобы сказанное мною превратилось в конкретное дело.

Я сказал свое. Теперь слово за Вами.
март, 1990.

ВРЕМЯ НЕ ЖДЕТ

Речь, произнесенная на общереспубликанской конференции обществоведов в Алма-Ате в декабре 1990 г.

Товарищи!

Хотим мы этого или не хотим, но приходится признать: вот уже шестой год не можем мы перейти из одного состояния в другое. Накрепко засевший в организме общества политический «остеохондроз» никак не дает сколько-нибудь продвинуться вперед. Но давно ставшие привычными для нас политическое легкомыслие и легковерие успели всерьёз настроить нас не только на лёгкий подъём, но и на успешное преодоление значительной дистанции с определёнными барьерами. Однако не секрет, пока из этого ничего путного не получается, кроме все усиливагощейся перебранки, всеобщего стона и рыдания. А мы, общественная мысль, ученые-обществоведы и политические публицисты, настолько увлеклись политической патоанатомией, установлением диагноза политическим смертельным исходам прошлого, что даже не сумели своевременно точно определить наличие всего того, что необходимо было обществу для подобного решительного рывка вперед. Оказывается, по утверждению Адама Смита, для осуществления такого предприятия по крайней мере необходим мир, легкие налоги, терпимость в управлении, а наш современник нобелевский лауреат Я. Тинберген считает возможным подобное лишь при прочном международном мире, максимальном выпуске продукции на душу населения, полной занятости, уравновешенности денежной системы, улучшении распределения общественного продукта между социальными группами, эмансипации слоев, не пользовавшихся ранее равноправием, большой индивидуальной свободе. Как известно, мы на сегодняшний день располагаем из всего этого только последними двумя. А опыт наших дней показывает, что большая индивидуальная свобода, эмансипация слоев, не пользовавшихся ранее равноправием, то есть правовые гарантии, не подкрепленные экономическими гарантиями в виде полной занятости, достатка товаров на душу населения, уравновешенности денежной системы и распределения общественного продукта между социальными группами больше ускорит самовыкидывание общества, нежели его самосовершенствование. Наша с вами общая вина перед обществом заключается не только в этом. Но и в том, что не смогли не поддаваться соблазнам апеллировать на любом сложном зигзаге происходящей в обществе борьбы за власть к известному методу, точно определённому в своё время Зигмундом Фрейдом, эффектом перенесения «агрессивных наклонностей бедных людей на богатых», сознательного педалирования на всевозможные болевые точки неудовлетворенных потребностей у людей, в отдельности, массы в целом. А у нас чего-чего, подавленности хватило во всем. И все они в нужный час выступили активными детерминантами взрывного поведения в обществе. Слишком быстро и резко утратившие застоявшиеся иллюзии массы стали настаивать на непременном предоставлении того, что годами громогласно обещалось: социальной справедливости – людям, свободы, и равноправия – народам, подлинного суверенитета – республикам. Предельный драматизм наших дней обусловлен и тем, что подобные требования даже в наше сверхдемократичное и гуманизированное время даже у политиков и интеллектуалов самой первой величины не вызывают ничего, кроме недвусмысленной ухмылки на губах. Не это страшно само по себе... Страшно то, что все усугубляющийся социальный взрыв может не ограничивать только верхним, так сказать, надстроечным слоем общественного бытия. Велика опасность того, что он проникнет и в базисные пласты. Не дай бог, только тогда сполна раскрывается разрушителыіый эффект перенесения «агрессивных наклонностей бедных людей на богатых». Ведь мы хорошо знаем, к чему привел однажды ғнев неимущих. Это еще тогда, когда имущественная неравномерность складывалась веками, исторически. Как отзовется она тогда, когда сознательно вызвана в жизнь в результате определённого процесса, на глазах у всех? На мой взгляд, самое главное на сегодняшний день, это то, чтобы как следует болела у всех у нас голова. Как выйти Казахстану, с как можно с меньшими потерями, из такой весьма пикантной ситуации? Ведь в Казахстане, где преобладало и преобладает экстерриториальное, ведомственное хозяйствование, где население практически изначально от стратегии и тактики освоения края, при рынке трудно будет не только ленивым и неорганизованным. Разве стартовые возможности 45 процентов населения, все цело зависимого от 23,4 процентов трудоспособных, занятых до сих пор зависимым от погоды малоквалифицированным сельхозтрудом, равны со стартовыми возможностями остальных 55 процентов населения, пытающихся трудом почти 77 процентов трудоспособных, обеспеченных наиболее квалифицированным индустриальным и интеллектуальным трудом. Как после этого тому, каждому шестому, находящемуся уже за чертой бедности, по расчетам прошлого года, не оказаться вдруг именно селянином?! Боюсь, такая черта может пролегать и между этническими группами. Например, 70 процентов коренного населения – аулчане. Там детей до 15 лет в 2-3 раза больше, чем в городе. А современный аул – это 30-40 тысяч голов овец. Их раздадим трем-четырем, от силы десяти фермерским семьям. А остальным тремстам-четыремстам семьям куда податься? В промышленность? Там даже без приватизации сделано все, чтобы не подпускать никого из окрестности.

Мы вправе тут ждать дельных советов от наших обществоведов.

Что они неотложно предлагают для гармонизации интересов населения с ресурсами территории, инвентаризации имеющегося потенциала, определения путей его оптимальной реализации, выработки вызываемой этим технологической переориентации, тщательной разработки квалифицированной раскладки трудового контингента, формирования четко выверенной политики занятости, с балансировки персонифицирования находящейся на территории собственности с жизненными интересами потенциальных производителей? Бедь только создавая равные возможности для гарантированного доступа к квалифицированному труду, для получения соответствующей доли социальных благ из произведенного общественного продукта, достижимо жизненно важное для всех нас гражданское согласие в обществе. Немало в этом зависит от правильной реформации структуры власти. Власть отныне почти не нужна для производителя. Она нужна прежде всего потребителю. Ибо чем раскованнее будет вести себя рынок тем сильнее должна стать социальная политика. Кем будет вырабатываться с осуществляться она, особенно на местах, среди людей?! Вот где еще необходимо самое активное участие общественной мысли. Тем более, когда идем к местному самоуправлению. Тем более в условиях Казахстана, где каждая область – огромное политическое пространство со всеми проблемами современного развития. Тем более при нынешней возрастающей опасности регионального сепаратизма, всевозможных диссонансов между производителем одного региона и потребителем другого. Слишком велик на местах соблазн удельного княжения. Как не допустить это? Только ли закручиванием гаек? Только ли экзогенно, а не эндогено? Сполна ли мы использовали или только собираемся использовать весь демократический арсенал управления? Вот где, как воздух, ныне нужно оперативное усердие общественной мысли. К сожалению, ко многому новому мы идем всленую. Время торопит, а наука по прежнему не спешит. Больше следит за движением руководящих бровей, чем за живыми процессами. Неужели опять для того лишь, чтобы потом завтра, после их ухода, показать им, где раки зимуют? Такую выжидательную позицию общественной науки можно объяснить многими объективными причинами. В том числе и вопросами материально-технического и финансового обеспечения. Понимать-то это понимаю. Но такое мне все равно напоминает профессиональную чопорность того медика, который бездействовал рядом с агонизирующим больным, ожидая создания идеальных условий для операции, а когда создали это, ему ничего не оставалось делать, кроме вскрытия трупа.

Благодарю за внимание.

ОЙДАҒЫМЫЗ БОЛДЫ, ОРТАМЫЗ ТОЛДЫ

Республика Сарайында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н. НАЗАРБАЕВТЫҢ қызметіне кірісу салтанатында сөйленген сөзі

Ардақты Елбасы!
Құрметті Төрбасы!
Қадірлі қауым!

Ойдағымыз болды. Ортамыз толды. Төбедегі келді. Төрелескенде де ренжитін ретіміз жоқ. Тек ұзағынан сүйіндіргей. Ақ жолдың алдындамыз. Үлкен тілектің үстіндеміз. Жан-жағымызға бірдей әділ, өткеніміз бен ертеңімізге бірдей сергек бола білсек болғаны. Өйткені, бағзыдағыларымыздың аруағы жебегесін, бүгінгілеріміздің тілегі демегесін жетіп отырмыз бұл күнге. Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамағандай болмайық. Ендігі әңгімені осы жиын түгел түсінетіндей қып айтудың реті келіп тұр.

Глубокоуважаемый Президент!
Уважаемое собрание!

Мы с Вами переживаем поистине звездный час Истории. Только что первый Президент независимой Казахской республики вступил в должность, приняв присягу на верность народу, единодушно избравшему его на этот высокий пост. Избрать всем народом своего предводителя, тем более в трудное время испытаний, не внове для нас. Однако только сегодня, через два с половиной века, вернулась к нам давно утраченная традиция. На наших глазах возрождается народ, восстанавливается справедливость в отношении государственности, зарождение которой восходит к седым временам. Просвещенный мир издавна хорошо знает прошлое огромной территории, вклгочившейся войкумену еще миллион лет тому назад, расположенной в самом сердце Евразии, служившей авансценой для многих эпопей мировой истории, удостоенных пера многих-многих блистательных историографов древних и более поздних времен. Действующие лица этих исторических эпопей не были десантированы из других планет, не улетучились на другие галактики, а навсегда связывали свою судьбу и потомков с одним и тем же степным простором, называемым ныне Казахстәном, где происходило многотысячелетнее этническое развитие от первобытности до современности. И мы не вправе, в век всеобщего раскрепощения, не вспомнить о многовековой борьбе своего народа за свободу, независимость, за достойный союз и сотрудничество с другими. Он в разные времена под разным этнонимом входил в разные государственные образования. Пять веков тому назад взялся за создание национальной государственности под своим нынешним названием. И за считанные века сумел вернуть себе этническую территорию. Разработал своеобразңую Конституцию «Жеты-Жаргы» и военно-демократическую структуру государственного обустройства, продиктованную мобильным образом жизни и экономическим укладом, не допускающим сверхцентрализованную деспотию. Установил довольно либеральные отношения с окружающим себя политическим пространством. Умело сбалансировал интересы соседей, при этом не поступаясь своими чаяниями. Благодаря этому отразил экспансионизм с востока и юга. Почти до начала нынешнего века сдерживал углубление в степь колониализма с запада. Что не удалось легальному империализму, Библией которого служила идеология пренебрежения к чужим интересам ради своих, блестяоде удалось его право-преемнику с неправдоподобно благозвучным названием. Прикрываемый всеблагоденствующей демагогией, политической цинизм превратил одну шестую часть Земного шара во всеобщую чужбину, заставившую великочисленных невольно странствовать за минимум существования по белому свету, малочисленных – либо лишиться исторической родины, либо стать изгоями на земле предков. За все это в ответе не народы и культуры, а власть и идеология, приверженцы которых до последнего продолжают перевирать историю, ссорить народы, устраивать торги вокруг чужой земли и чужих судеб, мутить воду вместо спасения и так безбожно бедствующей страны. Не по закону сильных и слабых, а свободных и справедливых оздоровляется человеческое общежитие. И спасает народы не сотворение новых кумиров, не сведение счетов за прошлое, а решительный отказ от вчерашних догм и предубеждений, амбиций и обид, скорое приведение всего в соответствие с логикой вещей. Здравый ум ныне превыше всего. Потому и весь Казахстан 1 декабря с. г. голосовал за Нурсултана Назарбаева. За политика, отличившегося твердостью и убедительностью позиций даже в такое смутное время. Даже события последних суток показали, что Назарбаев хозяин слова, что нет его вины в том, что в болыпой политике, все еще не хватает большой добросовестности. Да в трудное время так высоко зажглась его звезда. Да, не самая легкая ноша досталась ему. От того, как он начнет, зависит многое не только в завтрашнем, но и в далеком будущем нашего государства. Не только фундамент, а вся его архитектура ложится огромным грузом не только на плечи, но и на совесть Первого Президента. Это – удел всех первых, всех тех, кто стоял у начала начал. Как можно малыми потерями выйти из полосы кризиса, рачительно мобилизуя на это имеющийся моральный и экономический потенциал; не утратить стабильность, цивилизованно решить проблемы национального возрождения; добиться незыблемости конституционного строя, создания независимого, процветающего, демократического, правового государства, ускорить его вход в мировое сообщество, неуклонно расширяя формы и зоны сотрудничества, не разрушая сложившегося, – всего этого ждут в первую очередь от Президента Назарбаева. Все мировое общественное мнение ныне утверждает, что это ему вполне удается. Добавьте еще доверие и поддержку всех соотечественников. Это облегчит любую ношу, любую трудность. Так что мы сегодня с чистой совестью можем поздравить самих себя с удачным выбором на ответственном моменте нашей всеобщей судьбы и пожелать успехов Президенту, счастья всем нам!

Ақ жол, ағайын! Іске сәт, Азамат!
Желтоқсан, 1991 жыл.

І

ПУСТЬ ПЛАНЕТА СТАНЕТ ВСЕОБЩИМ МИРНЫМ ДОМОМ

Выступление на заседании комиссии
«А» Женевского совещания СБСЕ
по национальным меньшинствам КЕКИЛЬБАЕВА А. К. –
председателя Комитета Верховного Совета

Казахской ССР по национальной политике,
развитию языка и культуры
Уважаемый господин Председатель! Благодарю за предоставленную возможность.
Дамы и господа!

Я в составе делегации СССР представляю Казахстан, Республику, расположенную на стыке двух материков – Европы и Азии. И у нас говорят, что в мире нет горы, какой бы высокой она ни была, чтобы защитила от всех ветров, что нет реки, какой бы глубокой и полноводной она ни была, чтобы надежно преградила путь всем врагам, что поэтому следует рассчитывать во всем только на людское взаимопонимание, ибо мало кто не хотел бы жить в мире и согласии с другими. И глубоко закономерно то, что мы на такой разговор собрались именно здесь, в сердце Европы, где в разные времена разрабатывались самые, разные гуманистические концепции гармонизации мирового порядка. И здесь, как нигде, легче нам осознавать, что никакой континент сам по себе не может стать всеобщим мирным домом для своего населения, если таковым не станет вся наша планета. Поэтому и оправдан основной дух Парижской хартии и Копенгагенского документа, проникнутых идеей не предъявлять друг другу счета за прошлое, а предложить друг другу руки во имя будущего, искать и находить наиболее эффективные стандарты гармонизации меж-этнических отношений. Все мы быстрее достигли бы этого, если бы исходили из того, что не только благородство побуждений, но и трезвость и соразмерность предпринимаемых шагов с реальными возможностями смягчают, а не усугубляют не всегда легкоквалифицируемые коллизии в этой деликатной сфере. Там, где впадают в политический максимализм, не считаясь с этим, неслыханно обостряются и без того драматизированные взаимоотношения, а где проявляется политический реализм, там еще сохраняется возможность сбалансирования интересов сторон, исторический шанс не скоропалительно, а постепенно, вместе с тем наиболее полно и в большем соответствии и тенденциями мирового развития, решать проблемы национального развития и самоутверждения. И тут трудно найти более эффективные методы, кроме взаимного уважения и сотрудничества в решении насущных проблем. Для этого прежде всего необходимо объективно подходить к историческому фактору, и фактору сложившейся реальности. На этой основе не противопоставлять, а сочетать неотъемлемые права и свободы человека со столь же неотъемлемым правом на-родов на самоопределение, недопущение дискриминации любого меньшинства с недопущением дискримина ции любого меньшинства с недопущением посягательства на исторически сложившийся суверенитет и территориальную целостность любого государственного образования. И тут я не могу не сослаться на, возможно, не совсем бесспорный во всем, но заслуживающий внимание своей проблематикой, конкретный опыт Казахстана. Казахстан – это 17 миллионов мужчин и женщин, представляющих почти все 130 народов Советского Союза. Из них казахи составляют около 40%, русские – около 38%, немцы – около 6%, украинцы – 5 с лишним %, узбеки – 2%, татары – 2%, уйгуры – 1%, белорусы – 1%, корейцы – 0,6%. Остальные меньшинства исчисляются от десятков тысяч до сотен людей. Таковым Казахстан стал не в один день и далеко не самопроизвольно. В XVІІІ в. Из за двухвековой неравной борьбы с цинскоджунгарским экспансионизмом, Казахстан прибегнул к протекции России. До 1846 г. Россией была признана легитимность государственности казахов. Только после ликвидации последних атрибутов казахской государственности в лице ханской власти, народного собрания, ханского совета, с 60-х годов прошлого века началось военное укрепление пограничных полос. Таким образом, в конце прошлого века лишь каждый 10-й житель края был не местным. Основной поток миграции населения в Казахстан приходится на первую четверть нынешнего века. И в 1924 году, когда окончательно была восстановлена здесь государственность в лице Казахской ССР, входившей в состав СССР, 61,34% ее населения составляли казахи. Дальше этот показатель в результате произвола сталинизма, массовой эвакуации в годы войны, нерегулированного миграционного потока, вызванного волюнтаристским подходом к освоению бывших окраин упал до 34-35%. Только в последние десятилетия этот показатель вновь увеличился за счет естественного прироста. Несоблюдение разумной демографической пропорции в политико-экономическом обустройстве республики отрицательно сказывалось на этническом самочувствии и коренного, и не коренных народов. По данным социологических исследований, считают родным свой язык 54,9% дунган, 54,4% немцев, 51,7% корейцев, 36,6% украинцев, 34,5% белорусов, 12,2% поляков, обитающих в Казахстане. 37% самих казахов слабо владеют своим языком. Такие досадные перекосы охватили не только духовную сферу. Распределительная экономика, абсолютизировавшая ведомственные интересы, мешали рациональному использованию наряду с природными ресурсами и местных трудовых ресурсов. Несмотря на интенсивную индустриализацию края, 70% коренного населения заняты малопродуктивным и малоквалифицированным аграрным производством. Серьезность допущенного в прошлом дисбаланса обязывает строго придерживаться принципа наибольшей сбалансированности интересов во всем, государственно-правовой, социально-экономической рационализации взаимоотношений в пользу всех стран. Это ныне больше всего и заботит наше правительство. При этом оно исходит из того, что на данном этапе опережение экономической реформации способствует поддержаниго стабильности в обществе. Нашим Парламентом принят целый пакет законов, связанных с разгосударствлением и плюрализацией собственности, переходом на режим либерализированной экономики, стимулирующей предпринимательскую инициативу населения, межгосударственное и межрегиональное сотрудничество. Приоритет дается тому сотрудничеству, которое способствует универсализации экономики, ее технологическому и финансовому обеспечению, обработке сырья на месте и ускорению вовлечения в квалифицированный труд и предпринимательство местных трудовых ресурсов. В целях поддержания предпринимательства населения часть приватизированного имущества раздается без денежного возмещения всем, независимо от этнической принадлежности. Этим, на наш взгляд, можно сократить различие стартовых возможностей людей при переходе на рыночные отношения и смягчить эффект нежелательного, при подобных обстоятельствах, феномена, названного Ф. Ницше не иначе как геззепіітепі – «завистливое озлобление». Думается, чем быстрее люди найдут и будут заниматься своим делом, тем быстрее пойдет демократизация и ликвидация допущенных в прошлом диспропорций и в межэтнических отношениях. Без все стороне взвешенного экономического закрепления своего суверенитета республике не легко будет на деле гарантировать равноправие этнических групп, которые, фактически и сегодня не испытывают никаких этнических, религиозных, лингвистических, и иных притеснений с чьей бы то ни было стороны. Что касается казахского народа, чьим именем названа республика, то сам он не меньше других, как я сказал, испытывает трудности. Декларация о государственном суверенитете Казахской ССР, принятая Верховным Советом 25 октября 1990 года, определила, что граждане республики всех национальностей составляют народ Казахстана, и он является единственным носителем суверенности и источником государственной власти в Казахской ССР. Этим документом всем гражданам, проживающим на территории Республики, гарантируются все права и свободы, предусмотренные национальным законодательством и международным правом, безотносительно к их национальной принадлежности. Отрегулировано и языкопользование. Казахский язык объявлен государственным языком. Наиболее распространенный русский язык – языком межнационального общения. Представителям всех остальных народов предоставлено право свободного пользования своим родным языком. В местных органах управления наиболее полно представлены национальные меньшинства, в республиканских органах – болынинство этих групп. «Возрождение и развитие самобытной культуры, традиций, языка и укрепление национального достоинства казахской нации и других национальностей, проживающих в Казахстане, являются одной из важнейших задач государственности Казахской ССР», – записано в Декларации о суверенитете Казахстана. Во исполнение этого разработаны и разрабатываются долгосрочные программы по всем проблемам. Если раньше обучение производилось только на 4 языках, то ныне на 15 языках, книги издаются на 5 языках, на стольких же языках ведется радио и телевещание, издаются республиканские газеты и журналы. На многих языках печатаются местные газеты и ведутся местные радиотелепередачи. Создаются национальные культурные центры. Имеются десятки профессиональных национальных театров, и художественных коллективов национальных меньшинств. Успешно функционирует свыше 800 самодеятельных ансамблей, пропагандирующих фольклор этнических меньшинств Казахстана. Регулярно проводятся фестивали фольклорного искусства народов Казахстана. Только в этом году проведены в Алма-Ате фестиваль искусств немцев, корейцев, уйгуров, украинцев Казахстана с приглашением гостей из Германии, Кореи, Китая, Украины. Большой импульс к изучению и пропаганде многонационального фольклора республики дает проводимый в эти дни во всей республике казахстано-американский практикум по народному творчеству. Заметным событием в преодолении искусственного ограничения изучения истории и культуры народов Казахстана, рамками блоковой идеологии явились международные мероприятия с участием экспедиции ЮНЕСКО, проведенные на казахстанских трассах древнего «Шелкового пути», обмен декадами литературы и искусства Казахстана в Турции, Турции в Казахстане, дни культуры родственных народов Китая и Казахстана в Алма-Ате. В решении проблем национальных меньшинств вступаем в контакты со всеми союзными республиками, зарубежными государствами, чьи диаспоры имеются в Казахстане. Но во всем этом пока преобладает эпизодический энтузиазм, а не всесторонне обдуманная система. В данном вопросе как ни в каком другом оправдана координация усилий всего мирового сообщества. Думаю, это вполне по плечу таким авторитетным международным организациям как ООН, ЮНЕСКО, СБСЕ, Совет Европы, МОТ. В этом плане многое проясняет и вносит свой определенный вклад наша нынешняя встреча.

Благодарю за внимание.
июнь 1991 г.

АБАЙ БОЛСАҚ, ОПЫҚ ЖЕМЕЙМІЗ

Сөйтіп, бізді талай тосын оқиғаларға куә қып, Қой жылы да өтті. Заты түгілі атының өзі тіксінтпесе сүйсінтпейтін, міне, енді Мешін жылы да жетті. Алты жыл қоғам жаңарып, әділет, молшылық, бостандық пен демократия орнайды деп сеніп келдік. Ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Айта қаларлықтай өзгерістер болды. Әйтпесе, бұрын Жаңа жыл толғауын тап осылай бастай алар ма едік... Бірақ... Көңілдегі түйткіл әлі де баршылық. Тіпті көптен бері тап бұлай дағдарып, тап бұлай күйзелмеген сияқтымыз. Бәлкім, пенде шіркін әлімсақтың алғашқы күндерінде ғана төңірегіне тап қазіргідей елегізе қарап, елеңдей көз салған шығар. Алдында не тұрғанын білмей аңтарылған шығар. Басқасын былай қойғанда, көптен сағына күткен тәуелсіздіктің өзі көңілдегі көп уайымды біржолата сейілте алмай тұр. Мәселен, күні бүгінге дейін империялық кіріптарлықтың тот басқан бұғауымен қол-аяғынан бірдей байланып келген халықтардың аяқ астында азаттық алған бостан жігері мен бостан серпінінің бір-бірімізге жылдап қордаланып қалған өкпе-бопса мен ашу-ызаның есесін қайтаруға ма, жоқ, жалпымыз мен жалқымыздың көсегесін бірдей көгертер ортақ істерді өрге бастыруға ма – қайда жұмсалатынына қайтіп толғанбассың? Меніңше, ол тәуелсіз мемлекетіміздің өзінің ойдағыдай дамуына қаншалықты қолайлы, басқаларды ештеңе деп тіксінтпейтіндей сенімді жолды қаншалықты дұрыс, қаншалықты сәтті таңдап ала білуіне тікелей байланысты. Қажет десеңіз, азаттық дегеннің өзі де сол үшін керек. Кіммен қандай байланыста болатыныңды, бөгде біреудің мүддесіне нұқсан келтірмейтіндей қып, өзің шеше алуың үшін керек. Ал егер тәуелсіздікті өз үйінде өзі не істегісі келсе, соны істеуге еріктілік деп ұқсақ, онда күрделі мәселені күлкіге айналдыратынымызды былай қойғанда, мынау бір-бірімен мүдделестік тұрғыда әбден ілікшатыс болып алған кірпияз дүниедегі өз жағдайымызды өзіміз қиындатып алған болар ек. Қазір жұрттың алдағы заман жөнінде жаппай бал ашып, жаппай тон пішіп жатуы да тегіннен-тегін емес. Оларға айтқызсаңыз: көптеген жас тәуелсіз мемлекеттерден қайтадан ұлтшыл-коммунистік басыбайлылық, феодалдық-байшылдық, діни озбырлық үрдіс орнатудан басқа ештеңе дәметуге болмайды. Отандық саяси астрология, әсіресе, «бұрынғы Совет Түркістанының» болашағын тым қараңғы қапасқа айналдырып жіберді. Ол екі ғасырдың тоғысында «жалынының жасыл реңі басым әлемдік өрттің ортасында» қалады-мыс. Бұндай керіпкелділіктің ар жағында шынында да көктегі жұлдыздардың айтқан тұспалы жатыр ма, жоқ дүниені тағы да қайта беріп, қайта жүйелеуді көздейтін жұмырбасты күштердің есебі жатыр ма – ол арасын тарих пен тағдыр айқындай жатар. Бүгін таңда бізге түсініктісі: бізде не болып жатқанына басқа дүние қалай болса, солай қарай алмайтындығы сияқты, басқа дүниенің біз жөнінде не ойлап жатқанына біз де қалай болса, солай қарай алмайды екенбіз. Өйткені, бізге тәуелсіздік өзімізбен шектес саяси-экономикалық кеңістікпен де, күллі дүниежүзілік саяси-экономикалық кеңістікпен де ешкімнің араласуынсыз өз бетімізбен тікелей қарым-қатынас орнатуымыз үшін қажет. Бұл арада әу бастан өз жөнімізді өзіміз табатын дербес көзқарасқа ие бола алмасақ, баяғыдан бергі кісіге кіріптарлық тұсында қалыптасып қалған бөтеннің аузына қарап жалтақтаушылықтан шамалыда арыла алмаймыз. Ал көлденең пиғылдар ақыл айтқансып, кеңес бергенсіп, не болашағың жайында бал ашқансып, не сәл қылығыңа шамданып, екпе-бопса шақырғансып, өз бұйдаңа өзің ие болуға кедергі келтіріп-ақ бағары сөзсіз. Олардың пайымдауынша: ұзақ уақыт бойына өз тізгініне өзі ие болмағандықтан өрбитін саяси шалағайлық пен экономикалық дәрменсіздік тәуелсіз мемлекеттерді не күштілерге бұрынғыдан да көбірек шыбындайтын саяси жалпақшешейлікке, не «жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпастың» кебін кигізетін саяси шәлкестікке ұрындырады. Ал бұл екі мінездің екеуі де сырттан қысымды күшейте түспесе, әлсіретпейтіні белгілі. Сол сияқты, «біздің республикаларымыз бен халықтарымыз егемендік пен тәуелсіздікті күресіп жеңіп алып отырған жоқ, тұтымы әлсіз, әлжуаз билеушілердің аңдаусызда қолдарынан түсіп кеткен жерінен, жолдан тауып алды»,– деп түсіндіруге күш салып жүргендердің қисындарына айрықша мән бермей болмайды. Сол арқылы олар басқаларды тәуелсіз мемлекеттер қолдарына оңай тиген тәуелсіздіктен не қорыққандықтан, не саяси аңғарттықтан оңай айырылып қалулары да ықтимал деп үміттендіргісі келеді. Кейде олардың мұндай қисындары бір аяда тірлік етіп отырған көп ұлт, көп кәсіп өкілдерін бір-біріне қандай өкпе артып, қалай тиісуді үйрететін, сол арқылы енді-енді қаз тұра бастаған тәуелсіз мемлекеттерді әп дегеннен аймақаралық, ұлтаралық, дінаралық, қауымаралық, тіпті пенде аралық дүрдараздық өртіне душар етуді көздейтін әлеуметтік әбжілдік сияқты боп көрінеді. Кейінгі кезде ислам факторы, феодалдық-коммунистік озбырлық, ұлтаралық, руаралық дау-дамайлары күшейіп барады деген байбалам да өз-өзінен туындап жүрген жоқ. Әрине, әлгі індеттер жас мемлекетіміздің қалыптасуына өшқандай кесір тигізбейді деуден аулақпыз. Алайда, мұндайда түймедейді түйедей ғып көрсетуге тырысуда да көп мән бар. Сол арқылы кейбір ойланбай болмайтын толғақты мәселелер не қасақана тұрпайыландырылып, күн тәртібінен түсіріліп тасталады, не олардың төңірегінде кеңес өрбітудің орнына, егес өршітіліп, алауыздық туғызылады. Саяси әбжілдік пен саяси кісәпірліктің мұндай тәсілдерінің арқасында адамдар мен халықтардың талай-талай көкейкесті мүдделерінің бостан-босқа тәрік болып жататынын көрмей, білмей келдік пе? Айталық, әр нәрсенің бәрінде де әділет орнатылып жатқан тұста, тарихы қалыптасқан одақтастықтың құқты мүшелерінің қарым-қатынасын түбірімен қайта қарау керек деген талаптың күстаналайтындай несі бар еді?! Алайда, тыңғылықты талдау, парасатты байыптама орнына байбалам мен даудамай бел алды. Әркім әр жақтан өз жобасын ұсынды. Олар жан-жақтан не жамырай қосталды, не жамырай мансұқталды. Барлық қыр-сырлары ашылатын байсалды талқыға түспеді. Күллі қоғам өзінде бар интеллектуалдық мүмкіндіктерді өз тағдырының түбегейлі мәселесін түптей ойлап, түпкілікті шешудің орнына қайдағы бір «егемендік шеруі» дегеннің төңірегінде даңғаза дауды көбейтіп, елде егес пен дүрдараздық өртіне май құйылды. Мұндай қолдан ушықтырудың нені көздегенін «тамыз дүрбелеңдері» әбден айқындап берді. Сөйтсек, империялық озбырлықтың тажал араны әлі бітеле қоймапты. Ол біреудің үйіне «есіктен кіріп төр менікі» деп билеп-төстей жөнелетін әулекілігінен де, бірді-бірдіге айдап салып, ұлтаралық араздық отын, жылына қырық рет өкімет өзгертіп, қырық рет билік үлестіріп, ұлт ішілік араздық өртін тұтандыра қоятын аярлығынан да бас тартпапты. Енді міне, сол сырттан тұрып, бірді бірге соғыстырар «мыстан таяғынан» пәрмен кеткенде, егемендік пен тәуелсіздікке деген жек көрінішін жасыра алмай, оларды түкке тұрмайтын құнсыз бірдеңе қып көрсетіп, азат халықтардың жігерін құм қылуға, оларды қалған дүниемен араластырмай тұра тұру үшін құбыжық қып қорқытуға тырысып бағуда. Империяшыл идеологияның көздеген мақсаты белгілі: жас мемлекеттердің әлемдік саяси-экономикалық кеңістікпен тез тіл табысып кетуіне кедергі келтіріп, олардың басындағы қиындықтар мен дағдарыстарды одан сайын өршіте түсу. Ол үшін неге иек артқысы келіп отырғандығы тағы да айқын: өзгенің бостандығы түгілі өз бостандығыңа өзіңнің үйренісіп кете қоюың оңай емес. Бұл арада жеке тәуелсіз мемлекеттердің саяси тәжірибесінің балаңдығын өткенде талай есесі кетіп, дербестік жолына енді түскен халықтарда демократиялық ұстамдылық жағы жетісе бермейтіндігін өз пайдасына жарата қойғысы келетіндер аз болмайды. Әрбір өтпелі кезеңдерге тән әркім де ала бөтен өрекпіп жүретін әлеуметтік шамырығулар тұсында ұлттық сана үшін айрықша қасиетті болып табылатын кейбір ұғымдарды қасақана келеке ету, кейбір халықтарды феодалдық-діншілдік кертартпалыққа мейлінше бейім тұратын, мешеу жұрт қылып көрсетуге тырысу, әдейі шаптан түртіп, шамға тиюді көздейтін қаскөйлік болып табылады. Бүйтіп, әсіресе, көп ұлтты мемлекеттерде жұртты бір-біріне атыстырып-шабыстырып қою қиын емес. Ол үшін елді түпкіліктілер мен түпкілікті еместерге бөліп, түпкілікті еместерді сәл нәрсеге бола ренжітіп қоя алсаң жеткілікті. Не көп, ренжитін нәрсе көп. Оның үстіне, әуелде де өз еріктерімен бастары қосылмаған көп ұлтты қауымның қай-қайсысының да шешілмей жатқан мәселелері шаш етектен. Әлгіндей «интернационалдандыру» деп аталатын аударма-төңкерменің салдарынан түпкіліктілердің де шеккен зардабы өзгелерден аз емес. Енді одан кеп, бір кезде өзі ешкімнен талап ете алмаған нәрселерді қалай талап етерсің? Бұны былай қойғанда, кешегі біреулердің кінәлары үшін бүгін кеп оның жауап беретіндей қандай жөні бар? Мемлекеттігінен басқа біреулер айырған жұрттарды ол қалай мемлекетке ие қып, жерлерінен басқа біреулер айырған қауымдарға ол қалай жер бөліп бере алмақшы? Мұндай өкпе-бопсаны қалайша әділ талап дей алмақшымыз? Соның бәрін ескермей, түпкілікті халықтардың әйтеуір шамына тиюге, сол арқылы оларды онсыз да нөзік татулық арқауына ақау түсіретіндей әрекеттерге айдап салуға, кейін оны адам бостандығы мен құқыларын бұзушылық деп әдейілеп шиге шаншып, балаң тәуелсіз мемлекеттердің беттеріне шіркеу түсіруге тырысу – әр аймақта әр қилы күштердің қолымен жүзеге асырылғанымен, арғы түбің не екенін аңғаратындай уақыт болды. Таулы Карабахтағы, Ферғанадағы, тағы басқа жерлердегі қанды оқиғалардың бәрі де – сондай мақсатты көздегендердің көсеуі түртіп тұтатқан өрттер. Әрине, адам бостандығы мен құқыларын көздің қарашығындай сақтау керек екендігін ешкім де жоққа шығармайды. Алайда, оны біздің қоғамдық пікірде бұған дейін айтылып келгендей бір жақты түсінуге болмайды. Ол жерінен-суынан айырылып, бөтен елде күн кешіп жатқандарға қандай қастерлі болса, өз жер, өз суында отырғандарға да сондай қастерлі. Қажет десеңіз, тұтас бір халықтарды өз елі, өз жерінде шерменде қылып қоюдан асқан адам бостандығы мен құқысын аяққа басушылық болуы мүмкін емес. Бірақ, солай екен деп, кім көрінгеннің жағасынан ала кетуге болмайды. Бостандықты олай оспадар түсіну енді тәуелсіз болып жатқан мемлекеттерге онсыз да қалай ұрынардың ретін таба алмай отырған іріткі күштер үшін нағыз іздегенге сұраған болып шығар еді. Жоқ, бостандық құр бекерге кеуде соғудан күшеймейді. Жоқ, әлемдік қауымдастыққа өйтіп есік төбелеп ене алмайсың. Өз-өзінен қарық қылып тастайтын одақтастық жоғына көзіміз қандай жетсе, өз-өзінен бар мұратыңа бір күнде жеткізетін тәуелсіздік жоғына да солай сене берген жөн. Тәуелсіз мемлекет тек басқалармен жұғымды, сыйымды қарым-қатынас орнату арқылы ғана өз дегеніне жете алады. Ендеше, өзінің саяси имиджін – жұрт алдындағы жұғымын ойламау, оған жете мән бермеу – жас егемендік үшін өліммен бара-бар. Қазақстан жағдайында орнықтылық пен тәуелсіздік тек тарихи қалыптасқан егемендікті, территориялық тұтастықты, адамдардың бас бостандығы мен құқыларын бірдей сақтап, бірдей құрметтей алған күнде ғана өзара үйлесім тауып, өрге баса алады. Әйтпесе, кез келген өзімен өзі болушылыққа тырысушылық ниет, өзгенің жеріне не өзгенің бас бостандығына көз алартатын мінез жүз отыз нәсілдің өкілдері болып табылатын он жеті миллион әйел мен еркек үшін қазіргідей аума-төкпе заманда Нұх пайғамбардың кемесіндей жансауға мекенге айналған республикамызды қайдағы жоққа ұрындырып, қара суға алдыруы ықтимал. Оны бір сәт те естен шығаруға болмайды. 1991 жылдың «ыстық» тамызының бізге үйреткен бір тағылымы: мемлекеттер үшін де, халықтар үшін де, адамдар үшін де демократия мен имандылық мұраттарына адалдықтан асқан сенім кепілі жоқ екен. Осыны ұққандар ұтты да, ұқпағандар ұтылды. Бірақ, бұл арада да асыра сілтеуден аман қала алмадық. Шынжыр табандардың сықыры басылмай жатып, кейбіреулер жұртты демократияның достары мен жауларына бөле бастады. Адамдарды танктермен басы байлылық қотанына қайтадан қуып тығуға тырысушылық қандай әбестік болса, жұрт алдында біреуге біреу тіл тигізіп, істің мән-жәйіне түгел түсініп болмаған тобырдың қиқуымен демократия орната қоюға тырысушылық та сондай әбестік еді. Әсіресе, аталмыш оқиға тұсында кім бұрын, кім кеш лебіз білдіріп үлгіргеніне байланысты қай Президенттің, қай республиканың демократияға қаншалықты бейім екенін анықтауға тырысу ешқандай саяси көрегендікке де, моральдық ізгілікке де жатпайтын өрескелдік еді. Біз ешкімді, тіпті Президенттерді де, кез келген уақытта кез келген амбразураны кеудеңмен жаба кететін «саяси матросовшылдыққа» ұрынбадың деп жазғыра алмаймыз. Мұндай жолмен демократияның орнына атымен кереғар үрдіс орнатып алушылық тарихта бұрын-соңды кездеспей жүрген жоқ. Тамыз дүрбелеңі демократияны көп айтқанымызбен, көп біліп жарымайтындығымызды байқатты. Олай болса, ол күндері жұрттың демократиядан көріп отырған нәтижелері емес, әлі түгел орнығып болмаған демократияға артып отырған сенімі жеңіп шықты. Қоғамда етек жия бастаған екі пиғыл, екі көзқарас тайталасында қайтадан «тегеурінді қолға билік беруді» жақтайтындардан гөрі демократияны одан әрі нығайта түсуді жақтайтындар басым түсті. Ендеше, бұл жайды тәуелсіздігімізді бекемдей түсудің бір кепілі ретінде мықтап ескергеніміз лөзім. Әйтпесе, кез келген жаңа ұранға алдымен лебіз білдіріп, алдымен елп ете қалушылық бұрын да қиын шаруа болмаған, қазір де қиын шаруа емес. Ондай жолмен ұпай жиып, ұтыс тауып жүргендердің демократияға да, халыққа да, қоғамға да жоқшы бола алмайтынын уақыт көрсетпей жатқан жоқ. Кез келген саясатшының демократия жолында қаншалықты табанды күрескер екендігін тек билік мәселесінде мемлекет ықпалын қаншалықты азайтып, азаматтық қоғам ықпалын қаншалықты күшейтіп, адамдарды қаншалықты өз тағдырына өзі ие ете алғандығымен ғана өлшей аламыз. Ондай саясатшының бүгін таңда бұлтармай мойындайтын бір ақиқаты: бір кезде көп дау туғызған егемендік шеруі жеме-жемге келгенде демократияның бірден-бір құтқарушысына айналғандығы. Егер республикалар тұсында егемендікке ие болмаған болса, 1191 жылдың тамызында аяқ астында жарияланған төтенше жағдайды өз территориясына енгізбеуге ешқандай құқылық негіз таба алмаған болар еді де, бірден жер-жерге төтенше жағдай орнап, жоғарыға бас шұлғыған үрдістен тез арада құтыла алмай қалар едік. Ал былайғы мәселелерде сол бір дүрбелең күндері біздің балаң демократиямыз талай сыр білдіріп үлгерді. Ең алдымен байқалған нәрсе, большевиктерді қанша мансұқтағанымызбен, соларға тән саяси науқаншылдықтан әлі арылып болмағандығымыз. Соның салдарынан да, демократия теориясының білгірлерінің бірі К. Поппер айтқандай, әлеуметтік дүниені түгелімен қайтадан жаңартуға тырысушылық бірден «жұмыс жасап кетер жүйелікке» жеткізе қоймады. Әйтпесе, артта қалған алты жыл әуелде нені көздейтінімізді анық біліп іске кіріссек, жол-жөнекей кеткен қателіктерді түзетіп алып, ендігі сындарлы жолға түсіп алуға әбден жететін еді. Өйтпей, қоғамды біртіндеп өзгертудің орнына барлық қайшылықты бір кезде бірдей жоюды көздейтін жан-жақты шұғыл өзгеріске бірден кірісу атымен басқа нәтижеге әкеп тіреді. Демократияның негізгі берік бекінісі болып есептеліп келген Мәскеу тұрғындарының бар болғаны бір-ақ проценттейінің ғана Ақ үйді қорғауға бел буғаны – ойлантарлық жайт. Сонда қалған тоқсан тоғыз проценттейді қайда жатқызамыз? Егер олар «тегеурінді қолдағы билікті» жақтаса, танк мінгендердің жағына шығар еді ғой. Өйтпеді. Оларды шетінен қорқақ немесе түйсіксіз надан санаудың да жөні жоқ сияқты. Демек, жұрт, негізінен оқыс аңдады. Жан сауғалағаннан емес, жаңсақ ұрандардың шылауына еріп, опық жеп қалмау үшін солай етті. Жан-жақтан жаппай айтылып жатқан саяси уағыздың қай-қайсысына да сенім азайғаннан солай етті. Жұрттың бәрі жаппай саясатшы болып алып, қайсысының шын демократ, қайсысының жалған демократ екенін айырудың өзі қиындап кеткеннен солай етті. Оның үстіне біздің қоғам айтылып жатқан қисынға емес, сол қисынды кімнің айтып тұрғанына көбірек мән береді. Ендеше, әлгі тоқсан тоғыз қазіргідей көсем көп көздің өзінде кімнің соңынан жүрген жөн болатындығын білмегендіктен де, аңыс аңдай тұруға мәжбүр болды. Демек, гәп аңтарылған көпте емес, оларды осындай тығырыққа әкеп тіреген саяси күштерде, солардың көсемдерінде болып шықты. Бұл – әлі оянбағандардың дағдарысы емес, әбден торыққандардың дағдарысы. Іштей наразылық кезеңі баяғы тоқырау заманының соңғы тұсына тап келді. Жаңартудың алғашқы тұсы қоғам көңіл-күйінің жаппай жігерлену кезеңіне айналды. Бірақ, ол бірте-бірте көздеген жерден шықпай, көптің көңілінде күдік оятты. Жұрттың бірқатары қайтадан аңыс аңдап, бірқатары қайтадан ашу-ызаға міне бастады. Абырой болғанда, қоғам аңыс аңдаған көптің тегіс ашу-ызаға мінетін тұсына әлі жетпеген екен. «Қалтырауық контрреволюцияның» жүйкесі шыдамай, мерзімінен бұрын қимылдап, өз мақсатын өзі тәрк етті. Оның үстіне, жұртты соңына ертіп келе алатындай көңілге қонымды саяси бағдарлама таба алмады. Алты жылға созылған айтыс-тартыстан соң қайтадан «қатаң тәртіптің» уысына түсуден кім-кім де жасқанатын еді. Сөйтіп, жұрт көңілінде қайтадан демократияға деген сенім көбейді. Әлеуметтік инженерияның айтуынша, мұндайда кеткен қатені тездетіп мойындап, тездетіп жөндеудің маңызы ерекше. Бізді әуелден де осы саяси максимализм мен көсемдерге деген шексіз махаббат аяқтан шалдырып келеді. Барлай қарағанда, ол екеуінің арасында ешқандай байланыс жоқ сияқты. Шынына келсек олар бірінен-бірі туындап жатыр. Расында да, көпке көсем болам деген кісі өзі туралы жаман ойлай ала ма?! Ендеше, ондай адамның асып-тасуы мен албырттығына, асығыстығына қоғамның өзі басу болып отыруы керек еді ғой. Ал бізде көпшілік аузынан жақсы сөз шыққан басшысының алдында құрдай жорғалай жөнеледі. Көсемді Конституцияға бағындырудың орнына, Конституцияны көсемге лайықтап, кесіп-піше бастаймыз. Конституция жасарда қалыптасып отырған тарихи ахуалдан гөрі, басқарып отырған басшының жағдайын көбірек ойлаймыз. Ал, бостандандырылған демократиялық мемлекет құрылымының күллі европалық моделін ойластырған Гобс, Локк Монтескье сияқты теоретиктер, оны жүзеге асырудың Линкольн, Джефферсон, Мэдисон сынды нақты тәжірибе иелеріне айтқызсаңыз, мұндай істе алға қояр жалғыз мақсат – қандай да болмасын жаман билеушінің өкіметке ие болып, өзгелерге қысым жасауына жол бермеу. Демек, жаман билеуші мен озбырлыққа жол бермеу. Заңды сол екеуінің жолын бөгейтін сенімді кедергіге айналдыру. Ал біз заң шығарғанда көбіне көп жақсы билеушінің ойдағыдай ел басқаруына жағдай жасауға аса мән береміз. Сөйтеміз де, мемлекеттік биліктің қолындағы ықпалды бірте-бірте шектеудің орнына бірте-бірте ұлғайта түсеміз. Ол үшін маңдайымызға тап келген шынында да ақылды, шынында да жұртшылық сеніміне ие басшының көңілінен шығуға көп ыждаһат жасаймыз. Ал, бірақ өмірбақи маңдайымызға сондай басшының бұйыра беретініне кепіл қайсы? Тіпті ақылды басшының өзі де ара-тұра қателесіп кетпейтініне кепіл қайсы? Оның өзі ойдағыдай адам болғанмен, ол басқарып отырған әлі ойдағыдай қоғам емес қой? Онда кесірлі құбылыстар мен саяси күштер де бар ғой? Міне, біз осыны жете ескермейміз. Ертегіде ғана емес, өмірде де көзсіз ерлерге сенетіндіктен, ал олардың да керек кезде қасымызда болмай шығуы мүмкін екенін ескермеуден талай аузымыз күйген. Әлі де күйіп келеді. Соған қарамастан, Конституцияға жаңа өзгеріс кіргізген сайын жаманның қолына билік тимеуін қамдастырудың орнына, жақсының қолындағы билікті қомақтандыра түсуге күш саламыз. Президент күші демократияның күшті кепілі деп санағанымыз дұрыс. Алайда, демократияға да, Президентке де қорған бола алатындай күшті Конституция бар жерде ғана солай бола алатындығына тиісті мән бере бермейміз. Сондықтан да өкіметтің қай саласындағы билікті де одан әрі бөліп, одан әрі ыдырата түсу жолымен шектеудің орнына оны біресе атқарушы өкіметке, біресе заң шығарушы өкіметке шоғырландыруға тырысамыз. Бір кезде билікті конституциялық институттардан жасырын тартып алып, партиялық құрылымдардың қолына шоғырландырсақ, енді сол партиялық құрылымдардан тартып алған билікті атқарушы өкімет, заң шығарушы өкімет, соттық өкімет арасында әділетті жолмен бөлісудің орнына қайтадан бір институт пен бір аппараттың қолына шоғырландыруға оңтай тұрамыз. Өкіметтің бір түрінің бұлай айрықша шарықтауы отандық парламентаризм дәстүрінің әлсіздігі жағдайында қайтадан билік монополизмін туғызады. Ондай монополист билеушінің жеке басының жақсы қасиеттеріне сеніп, оның ықпалы бей демократиялық сипат алып кетпейтіндей қып, конституциялық жолмен шектеудің орнына, ыңғайға жығыла беруден біз де, өкімет те, қоғам да, Конституция да ойсыратарлық дағдарысқа ұшырауымен келеді. Президент Горбачев трагедиясы да осыдан өрбіген. Оның президенттігі биліктің жетпеуінен емес, биліктің шексіз көптігінен өз түбіне өзі жетіп тынды. Конституциялық шектеушілік жоқтықтан, біресе олай, біресе бұлай бұлтармалап жүріп, билік жүйесін әбден шатастырып, ақыр аяғында саяси бейберекеттікке әкеліп ұрындырды. Лорд Эктон: «Кез келген билік есіртпей тұрмайды, Шексіз билік шексіз есіртеді», – деп бекер айтпапты. Коммунистердің шонжар тобы қолдағы шексіз билікке сеніп, саяси күрес дағдысын әбден ұмытып кеткендіктен тарихи сын сағатта талап деңгейінен шыға алмады. Сөйтіп биліктен кетті. Ол үшін енді өкінудің реті жоқ. Бірақ, ренжитіндей бір нәрсе: осындай саяси дағдарыстан туындайтын ең басты қорытындыға әлі де ойдағыдай назар аударылмай келеді. Кешегі кеңестік кеңістікте Конституциялық құрылысты нығайтудың орнына, оны әлсірететін қисындарға көбірек бой ұру бар. Кейбіреулер қазіргідей алмағайып кезеңде «үкімет дағдарысын», тіпті «парламент дағдарысын» жасауға шақырудан да тайынбайды. Ол деген сөз – қоғамымызды онсыз да титықтатып болған билік жолындағы таласты одан сайын өршіту. Сөйтіп, бір жағынан экономикалық дағдарыс, бір жағынан саяси дағдарыс қысқан қоғамда бейберекет жағдайды күшейткен үстіне күшейтіп, билік аңсаған қолдарға билік тиюін тездету. Ал ондай ашқарақ қолдар қолына билік тисе, тек бір мемлекет ауқымындағы билікке көңілі көнши ме? Бұрынғы одақтастық кеңістіктегі шексіз билікті қайтадан қалпына келтіруге тырысса ше? Ондай заман туса, жаңа егемендігіміз бен жас тәуелсіздігіміздің күні не болмақ? Ондай өткенді көксейтін сыртқы ықпалға көрші кеңістіктегі билік иесін не өз жағына қаратып алу, не өз сойылын соғатын тұлғамен алмастыра салу қазіргі саяси ал химия жағдайында көп күшке түспейді. Ал мықты Конституциялық құрылысты мызғыта қою тап әлгіндей оңай шаруа емес. Ендеше, мықты Конституциялық құрылыс орнатуға баса көңіл бөлген жөн. Ол үшін қолда бар тарихи мүмкіндіктен айырылмай, оны конституциялық жолмен шыңдай, жетілдіре түсуге күш салған дұрыс. Әсіресе, атқарушы өкімет пен заң шығарушы өкімет арақатынасын айқын сараламай болмайды. Ол қатынас әр билік орнының міндеті мен құқын айқын белгілеп, бір-бірінің заң ауқымынан аспауын қадағалай алатындай құқылық тежегіштер жүйесін жасақтауға негізделуі керек. Ондай сара ара қатынастың жоқтығы әлі бір арнаға түсіп болмаған қоғам жағдайында орнықтылық ахуалды емес, алмағайып ахуалдың сойылын соғады. Билікті жүйелеуде конституциялық әдіске сүйенбей, саяси айла-шарғыларға бой алдырған Коммунистік партия өз түбіне өзі жетіп тынды. Содан дұрыс қорытынды шығармай, ондай пиғылға енді жаңа конституциялық билік институттары бой алдыра бастаса, әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты күйзеліске ұшырап, онсыз да ашынып отырған қоғамның жел жағынан шығып қалулары да ғажап емес. Жұртқа күн көрістің өзі уайым болып отырғанда билік жолындағы даудамай кім-кімнің де жүйкесіне тиері түсінікті. Конституциялық құрылымдағы билікке талас мұндай жағдайда конституциялық құрылыстың өзінің түбіне жетіп тынуы ықтимал. Сондықтан билік орындары біріне-бірі қол сұқпай, әркім Конституция айқындап берген аяда, Конституция белгілеп берген мөлшерде әрекет еткен жағдайда ғана конституциялық жүйе нық сақталынып, демократия орныға түседі. Егер конституциялық институттар арақатынасында дағдарыстар туа қалса, ол заң арқылы реттелуге тиісті. «Тамыз дүрбелеңі» осындай конституциялық саралықты қолдан көмескілендіруден туындады. Жасыратын несі бар, бұрынғы Кеңес қоғамында тіпті демократиялану кезеңінің өзінде мемлекеттік билік пен азаматтық қоғам арасындағы айқын дербестік айқын ықпалдастық орнына бір-біріне күш көрсету белең алды. Мемлекеттік басқару жүйесінде де билік бөлісудің орнына төменгі жақта билік шоғырландыру кеңінен етек жайды. Бір-біріне бас-көз болуға, бір-бірін қатеден сақтандырып отыруға тиісті екі билік институтын біріктіріп, бір қолға беру істің де, демократияның да пайдасына шықпады. Ол мемлекеттік істер жөніндегі жауапкершіліктің шегі мен дәрежесін шатастырып алуға, билік иесі көп болғанымен, жауапкершілік иесі жоқ болуына әкеліп ұрындырады. Тамыздағы талқылаулар тұсында Одақтық Президент гәптің бәрін одақтық үкіметтің қызметіндегі жүйесіздікке сайды, ал одақтық үкімет өзінің құқтық статусының айқын еместігіне сайды. Асқынып бара жатқан дағдарыстың, сол үшін ақыры бір жауап беруге тура келетіндігінің үрейі билік институттарын бір-біріне қырбайлыққа, бірін-бірі аяқтан шалуға ұрындырды. Тамыз дүрбелеңін де сондай қорқыныш туғызды. Оны бастағандардың іс-қимылындағы жүйесіздік тек күні өткен өктемшілдіктің дәрменсіздігін ғана емес, енді орнай бастаған демократияның да әлжуаздығын әбден байқатты. Горбачев аппаратының екі ұдай статусы онымен біте қайнасып кеткен үкіметтің шешімсіздігін өрбітті. Билік бөлісудегі бұлыңғырлық билікті қадағалауды да көмескілендірді. Сөйтіп, қай мәселенің де су аяғы құрдымға ұрынуына жағдай жасалды. Тамыз дүребелеңдерінің көсемдері де осы екі ұдайылықты пайдаланып, дегенімізге жетеміз деп ойлады. Ақыр аяғында, түптеп келгенде, демократияның негізгі қайнар көзі болып табылатын конституциялық құрылыс та, бұдан бір жыл ғана бұрын күшті демократиялық құрылыс та, бұдан бір жыл ғана бұрын күшті демократияның күшті кепілі болыпты деп сайланған Президент Горбачевтің өзі де әлгіндей саяси көз жұмбайлықтың қолындағы қуыршаққа айналып кетті. Тек осының өзі-ақ бізге шынайы демократия мен шынайы конституциялық құрылыс үшін бел шешіп күресу керектігін аңғарта алғандай. Ақыры, индустриялық қоғам орната алмай кеткен КСРО жағдайында шын мәніндегі өкіметте демократия үрдесі қалыптаса алмады. Соның салдарынан мемлекеттік басқару институттарының арасында Конституциялық билік бөлісудің орнына төрешілдік билеп-төстеушілік, коллективті басқару орнына аппараттық ойындар, саяси творчество орнына саяси айлашарғы басым түсті. Саяси-экономикалық мүдде жағынан тек мемлекетке тәуелділік қоғамда мүдде алуандығын әлсіретті. Сондықтан да мүдделестік тұрғыда қалыптасқан саяси жіктелуге жол бермеді. Ондай объективті жіктелудің орнына билікке таласқан мансапқорлық бақталастық өршіді. Ондай күрес бар уақытта демократияның сойылын соқпайды, тоқтық мүдделердің, асып кетсе, ұлттық мүдделердің ғана сойылын соғады. Бұның бәрі шын мәніндегі демократиялық оппозициялар туғызбай, демократияның тонын жамылып, билік алып қалуға тырысатын жікшіл күштерге жел береді. Олар әрдайым өз басындағы сырқауды басқаларға жабуға, сөйтіп әділет аңсап отырған бұқараны адастырып, алжастырып кетуге шебер. Сондықтан да, бұрынғы одақтық парламент бірте-бірте бұрынғы қарқынынан айырылып, астыртын өштескен күштердің бір-бірімен есеп айырып, өш қайтаратын орнына айнала бастады. Бұл ретте ондай-ондай астыртын ағымдардың түп мақсатына шұқшиып жатпай, көңіл әуеніне қарай қол көтере салатын енжар көпшіліктің үстемдігі біздің балауса парламентаризміміздің басындағы сорға айналып отыр. Соның салдарынан да Одақтық Президент пен Одақтық парламент тарих алдындағы қызметін толығымен орындай алмай, саясат сахнасынан мерзімінен бұрын кетуге мәжбүр болды.

Бұл баршамыз үшін де қатаң тағылым.

Бұрынғы одақтық мемлекетіміздегі конституциялық дағдарысқа тек парламентаризмнің ғана емес, азаматтың қоғам үрдістерінің балаңдығы да айта қаларлықтай әсер етті. Әлеуметтік белсенділік көбіне көп конституциялық – саяси күрес емес, азаматтық мойынұсынбаушылық, үзілді-кесілді шарттар қою, күш көрсету түрлеріне жүгінді. Мұндай текетіресті тоғышар күштер мен мансапқор күштер өз пайдасына жаратуға тырысты. Сол арқылы ұлтаралық шиеленіс туғызды. Конституциялық билік орындарына мойын ұсынбаушылықты өршітті. Әлеуметтік орнықсыздық «күшті билік» аңсайтындарды көбейтті. Тіпті билік басындағылардың өзін ара-тұра осындай ниетке іш бұруға мәжбүр етті. Кешегі жалпы кеңестік демократияның әлгіндей күйзелісті халі енді тәуелсіз мемлекеттерімізді мықтап ойландыруға тиісті. Демократиялық дәстүрлердің әлсіздігі өз дәстүрімізге қайта ораламыз дегенді сылтауратып, имандану мен бостандану жолындағы жақсы ұмтылысымыздан шегінуге ұрындырмағаны жөн. Ондай жағдайда өз қиыншылықтарымызбен өзіміз боп қаламыз да, шамалы уақытта қанатымызды кеңге жая алмаймыз. Әрине, мұндай өтпелі кезеңде атқарушы өкіметтің жеткілікті мөлшерде ықпалы мен жауапкершілігін арттырған жөн. Біздің көпұлттылық жағдайымызда билік бөлісуге де, өзін-өзі басқаруға да конституциялық тұрғыда қонымды шекара қоя алмасақ, бірін-бірі қателіктен сақтандырар демократиялық тетіктерді жүйелі түрде іске қоса алмасақ, тәуелсіздігіміздің ықпалы азайып, бет-бетіне шашыраушылық, әркім өз мұңын өзі мұңдап, енді-енді дербестікке ие болып жатқан мемлекетіміздің мүддесін ұмытып кетушілік етек алуы ғажап емес. Сондықтан, жоғары деңгейде Президенттік билікті қалай жүйелі нығайтсақ, жергілікті деңгейдегі тағайындалып қойылатын әкімшілік билікті де солай нығайтқан дұрыс. Алайда, Президенттік билікті қажетсіз қателіктен сақтандырып отыратын парламентаризм үрдісін шыңдасақ, жергілікті жердегі муниципальдық өкілетті демократия үрдісін де дәл солай шыңдағанымыз дұрыс. Бүкіл халық боп сайланған Президентіміз бен оның аппараты мемлекеттік дамуымыздың стратегиясы мен тактикасын белгілеп отырса, парламент оны заңдық жүйеге, үкімет нақты әрекет аясына айналдыра білуге, соттық өкімет дұрыс заңның бұрыс әрекетке айналып кетпеуіне бас-көз болуға тиісті. Жоғарғы қабаттағы мұндай билік бөлісу мемлекеттік құрылымның ең төменгі қабаттарына дейін мұқият сақталынуға тиісті. Демократия сонда орнайды. Ол үшін өз мүддемізді өзгелер мүддесімен үйлестіре білуге үйренгеніміз дұрыс. Өз тәуелсіздігімізге қандай қуансақ, басқалардың да бас бостандығын сондай құрметтей білуге жетілмей болмайды. Тек сонда ғана әуелі өз үйімізде адамгершілік пен ізгілік аясын орната аламыз. Сол арқылы өзгелерден өзімізге адамгершілікті, ізгілікті қарым-қатынас дәмете аламыз. Әйтпесе, егес пен дүрдараздық жағдайында ештеңе де өрге баспайды, ешкім де дегеніне жетпейді. Соңғы алты жылдың ең басты тағылымы осы. Мүдделер қақтығысы, көзқарастар шайқасы, есе қайыру құштарлықтары арқылы ешқандай қоғам өзін-өзі шыңдап көрген емес. Баршаның басын қосатын мұраттар тауып, оның жолында кескілескен күрес ашпай, жүйелі байыптама жасап, соны жүзеге асырудың соңына ыждағаттап түсе білген жағдайда ғана көсегеміз көгереді. Бұны ұмытпасақ кешегі әлемдік державаны күйретуге пайдаға асқан тәжірибенің бәрі-бәрі енді тәуелсіз мемлекетті ойдағыдай қалыптастыруға онша керек, онша тиімді бола бермейтінін де мықтап ескергеніміз жөн. Өз тағдырымызға өзіміз жауапкер, өз тізгінімізге өзіміз ие кезеңде кешегі көп қылық, көп құлықтан уақытылы бөзіне білмесек, уақытылы есейіп алмасақ, тарих бір қайтарып әперген есемізден қайта айырылып қалсақ, оның өкінішінен өмірбақи арыла алмақшы емеспіз.

Ләйім, оның бетін аулақ қылғай.
«Халық кеңесі», 8 ақпан, 1992 жыл.

ОРТАҚ ҮЙДІҢ ТҮТІНІ ТҮЗУ ҰШСЫН

Бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, Республика Жоғарғы Кеңесі сессиясының 28 мамырдағы кешкі мәжілісінде «Азаматтық келісім» депутаттар тобының мәлімдемесі оқылды. Ол жұртшылық арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Ондағы келтірілген тұжырымдардың қаншалықты орындылып, көп ұлтты республика болашағына қалай ықпал етері, әрине, кім-кімді де енжар қалдыра алмайды. Осыған орай, сессияда «Азаматтық келісім» депутаттар тобы көтерген мәселелерге түсінік берген Жоғарғы Кеңестік Ұлт саясаты, мәдениет пен тілді дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы Әбіш КЕКІЛБАЕВТЫҢ сөзін толық күйінде жариялап отырмыз.

Құрметті қауым!
Қадірлі Президент!
Қадірлі Төрбасы!

Кеше, 28 мамырда, сессияның кешкі мәжілісінде халық депутаты Т. В. Жаворонкова «Азаматтық келісім» депутаттар тобының үндеуін оқып берді. Осыған орай түсінік беруді жөн деп есептейміз. Әдетте мұндай мәлімдемелер біреулеріміздің әсіре сыпайылығымыздан, екінші біреулеріміздің істің шын жәйіне жете хабардар еместігімізден туындайды. Әлемдік тәжірибе көп текті қоғам жағдайында тілдер мен ұлттардың ара-қатынасын құқықтылық жолымен реттемей болмайтынына көз жеткізіп отыр. Мемлекеттердің ондай іске тек озбырлық жүйе күйреп, демократиялық үрдіс шындап бел ала бастаған тұстарда тәуекел етулері де тегіннен-тегін емес. Мәселен, Швейцарияда Наполеон империясы күйрегесін ғана, Испанияда Франко өлген соң ғана, Индия, Индонезия, Филиппин аралдарында азаттық алған соң ғана әлгіндей шара жүзеге асты. Бізде де тап солай болып отыр. Бұрынғы Кеңес Одағының өзге де құқықты мүшелері сияқты, Қазақстан да адамдарды өз тілінен өздері бөзіп кетуге мәжбүр еткен тілдік-әлеуметтік саясатты мансұқтамай тұра алмады. Бұндай құбылысты тек кейбір тілдердің әуелден де өмірге икемсіз болатындығымен түсіндіруге болмайды. Олай дейін десек, әлгі заңды қабылдар алдындағы, социологиялық зерттеулерге қарағанда, Қазақстанда тұратын немістердің 54,4, корейлердің 51,7, поляктардың бар болғаны 12,2 проценті ғана өз тілін ана тілім деп мойындамаған. Ал неміс, корей, поляк тілдерінің Германия, Корея, Польшада жалпы мемлекеттік және де басқа қызметтерін ойдағыдай атқарып жүргенін бәріміз де жақсы білеміз. Қазақстанға келсек, мұндай дәрежеге күллі мемлекеттік атағын алып отырған халықтың тілінің өзі ие бола алмай келді. Ол өзінің тарихи отанында соңғы кеңестік жетпіс жыл ішінде ежелден бергі бүкіл бір ұлттың алуан сипаты қарым-қатынасының құралынан от басы, ошақ қасы тіліне дейін құлдырады. Әлгі социологиялық зерттеулердің айтуынша, КСРО Конституцияларының барлығы да егеменді мемлекет деп таныған республикада, орыстардың 0,9, украиндардың 0,6, белорустардың 0,4 проценті ғана, немесе қазақ емес әр мың адамның тек 10-ы ғана қазақша біледі екен. Ал мұндай көрсеткіш: Украинада – 400, Литвада – 231, Өзбекстанда – 292. Ол аз десеңіз, қазақтардың өзінің 37,2 проценті өз тілін шала-шарпы біледі. Мұндай жағдайда қандай тілге қысым жасаушылық жөнінде сөз етуге болады? Міне, дәл сол кезде тілді кемсітушілік жөнінде дабыл қағылғанда қандай ғанибет болар еді. Өйткені, соның қырсығынан түпкілікті халық өз мемлекетінің экономикалық қуатының нығаюына өз үлесін қоса алмады. Басқаны қойып, өз тілінде жұмысшы мамандығын алудың өзі мұң болды. Сондықтан да, қазақтар саны машина жасау мен металл өңдеуде – 12,4, көмір өнеркәсібінде – 9,2, қара металлургияда – 8,6 проценттен аса алмады. Әрине, бұндай ахуал өз жерінде мың жылдап өзі мемлекетке ие болып келген, оны тіпті барлық сталиндік-брежневтік КСРО Конституцияларының өздері де мойындап, ол кезде еркімен құралды деп санаған Одақтың терезесі тең құқық иесі мүшесі деп таныған ұлттың дамуына аз зардабы тимегені айтпаса да белгілі. Ендеше, қазіргідей жаппай демократиялану көзінде кенеттен азаматтық қоғам мен ұлттық мемлекет турасында мұндай көл көсір айтыстың қайдан өрбіп жүргеніне қалай таңғалмауға болады? Азаматтық қоғам ұғымының таза саясаттану термині ретінде кейінгі жылдары баспасөзде кеңінен қолданылғаны белгілі. Ол бірақ мемлекеттік сипатын білдіре алмайды. Сондықтан да БҰҰ, ЕҚЫМ ұйымдарының барлық негізгі құжаттары мен олардан туындайтын құжаттарында да кездеспейді. Оны тіпті АҚШ Конституциясынан да ұшырастыра алмаймыз. Ендеше мұндай дау нені көздейді? Қалайша біреулер осы арқылы қазақ халқының өз жолын өзі таңдауы, өз тағдырына өзі ие болуы құқын, ешкім қол сұға алмастай төл құқын, әр халыққа тән әлгіндей құққа негіздедген төл мемлекетінде төл тілінің мемлекеттік дәреже алу құқын жоққа шығаруға болады деп ойлайды екен? Бұл арада қауымымыздың көп текті, көп нәсілді екеніне иек арту атымен жөнсіз. Иә, бүгінде Қазақстанда қазақтардан да басқа жүзден астам ұлттың өкілдері тұрады. Бірақ, Қазақстанның бір күнде және өз еркімен мұндай күйге түспегенін қалай ұмытамыз? Өткен ғасырдың аяғынан көп әрі емес кезеңде, бұл өлкеде бар болғаны әрбір оныншы тұрғын ғана қазақ емес болатын. Сталин озбырлығы, соғыс көзіндегі жаппай қоныс аудару, бейбіт кезде тыңды қалай болса солай игеру қырсығынан әлгіден де асып кеткен бейберекет көші-қон салдарынан қазақтардың саны 34–35 процентке дейін құлдырады. Сөз жүзінде теңдік деп қақсап, іс жүзінде қарама-қарсы іс істейтін қаныпезер саясат тұсында басқаша болуы еш мүмкін емес еді. Өркениетті дүние ондай саясатты батыл айыптады. Біріккен Ұлттар Бас Ассамблеясы 1960 жылдың 14 желтоқсанында Отар елдер мен халықтарға тәуелсіздік беру туралы Пәтуа қабылдады. Ол барлық халықтардың өзін-өзі билік құқын мойындап, барлық мемлекеттерден БҰҰ Жарғысы қағидаларын бұлжытпай орындауы, барлық халықтардың егемендік құқықтарын, барлық мемлекеттердің территориялық тұтастығын сыйлауды, ішкі істеріне қол сұқпауды, өзара түсіністік жағдайында қарым-қатынас жасауды, бағынышты және өз билігі өзінде емес территориялардың, сондай-ақ тәуелсіздік ала қоймаған басқа да территориялардың халықтарының өз билігін өзіне беруі жодында шұғыл шаралар алуды талап етті. Ал 1965 жолдың 21 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Мемлекеттердің ішкі істеріне қол сұқпау, олардың тәуелсіздігі мен егемендігін қорғау туралы Пәтуа қабылдады. Онда әрбір елдің, әсіресе отаршылдықтан жаңа босаған елдердің тәуелсіз, азат, толыққанды экономикалық, әлеуметтік мәдени дамуына жағдай туғызу керектігі айтылып, олардың ешкімнің сырттан қысымынсыз, күштеуінсіз өз саяси, экономикалық, әлеуметтік үрдістерін өзі белгілеуге құқылы екендіктері баса көрсетілді, ішкі немесе сыртқы күштер тарапынан шығып жатқанына, қандай себептермен туындап жатқанына қарамастан мемлекеттердің құқық иелігіне қарсы, оның саяси, экономикалық, мәдени нышандарына қарсы, өз ұлттық сипатымен өмір сүрулеріне қарсы тікелей және жанама әрекеттердің бәріне де тыйым салынды. Біздің ғасырымыздың ұлы иман иесі Андрей Сахаров, міне, осындай халықаралық құқыққа сүйеніп, КСРО халық депутаттарының І съезінде: «Әр этностың өз мемлекеті болсын»,– деп ұран тастаған-ды. Ал әлгі бір адам құқы мен бостандығын қорғауды мақсат етіп алған депутаттық топтагы әріптестеріміздің қандай халықаралық құққа иек артып жүргені бізге белгісіз. Өйткені, шындап келсек, 1966 ЖЫЛЫ 16 желтоқсанда қабылданған азаматтық және саяси құқ турасындағы Халықаралық Мәміленің өзі құқылы» екендігінен және сондықтан да әлгі «Мәмілеге кіретін мемлекеттердің бәрі де, оның ішінде өзін-өзі билемейтін және еріксіз территорияларға жауап беретіндері де, БҰҰ Жарғысының қағидаларына сәйкес, өзін-өзі билеу құқын құрметтеуге және оның жүзеге асуына ынталық тудыруы тиісті» екендігінен басталмайтын ба еді? Олай болуы тіпті де кездейсоқ емес-ті. Халықтың өзін-өзі билеу құқы сақталмай тұрып, жеке адамның құқы да сақталмайды. Өйткені, ұлты азат емес адамның өзі азат болуы еш ақылға сыймайтын шаруа. Ендеше, «Азаматтық келісім» депутаттық тобының адам құқы мен бостандығын аяққа басушылық деп жүргендері, соның ішінде халықаралық құқ қағидаларына қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын жолдармен көп ұлттылық сипат алған мемлекетіміздегі тілдердің әрекеттестігін реттейтін заң қабылдағанымыз да, түптеп келгенде, әлгі әр халықтың қол сұқпас құқын жүзеге асыру болып табылады. Ол Заң халықаралық құқ қағидаларының біреуін біреуіне қарсы қоймайды. Оның дұрыстығын Хельсинки келісімінің Қорытынды құжаты да (1973), соны жүзеге асыру мақсатында Мадрид (1980), Вена (1986), Копенгаген (1990) мәслихаттарының Қорытынды құжаттары да, аты-шулы «Жаңа Европаның Париж партиясы» (1990) да айғақтайды. Олардың бәрі де Хельсинкидің он қағидасы, оның ішінде адам құқы мен бостандығымен қатар, халықтардың өзін-өзі билеуі, мемлекеттердің шекарасының бұзылмауы, территориялық тұтастығы, ішкі істерге қол сұқпау қағидалары да мемлекетаралық және кісі аралық қатынастарда бірдей қатан сақталуға тиісті бұлжымас қағидалар екендігін ерекше ескертеді. Тіл туралы Заңның «әрпі» де, «мені» де өткендегі тілдік-әлеуметтік әділетсіздіктерді нығайтуды емес, түзетуді көздейді. Бұрынғыдай жұрттың бәрін біртідділікке күштеп көндіру немесе қазіргі кейбіреулер айтып жүргендей, қостілділікке күштеп көндіру жолымен емес, әр тараптың мүддесін ескере отырып, тілдердің өзара әрекеттесуін әділетті түрде реттеу арқылы түзетуді көздейді. Осы тұрғыдан, бір халыққа айрықша іш тарту мақсатында емес, оның тілінің өз жұрт, өз мекенінде еркін дами алмай, тежеліп қалғандығын ескере отырып, қолайлы жағдай туғызу ниетімен қазақ тіліне мемлекеттік кемшін тұстарын тездетіп қалпына келтіруге мүмкіндік беру көзделді. БҰҰ-ның кемсітушілікке қарсы Жалпы ескертпелерінде: «Егер мұндай шаралар іс жүзінде орын алған кемсітушілікті түзетуді көздесе, онда мұндайдағы айырмашылық Мәміле бойынша заңды болып табылады»,– деп көрсетілген. Сол құжаттардың мәселенің басын аша айрықша анықтап айтуына қарағанда: «Халықтың белгілі бір тобына елдің қоғамдық өміріне қалған жұртпен бірдей ат салысуы үшін жасалған артықшылық кемсітушілік болып саналмайды, қайта халықаралық құқты жаңа деңгейге көтере дамыту болып табылады. Ол тең емес субъектілерді теңестіру шарасы екендігін былай қойғанда, шын мәніндегі теңсіздіктің, көбінесе тарихи әділетсіздіктің салдары болып табылатын жағымсыз құбылыстарды жұмсартудың құралы боп саналады. Сондықтан, мәселен, ұзақ уақыт езгіде болған түпкілікті халыққа белгілі бір жеңілдіктер мен айрықша құқтар беру қалғандарды кемсітушілік болып шықпайды». Міне, сөз болып отырған жағдайларды БҰҰ-ның адам құқы жөніндегі комитеті осылай түсіндіреді. Ал қазақ тілі мен орыс тілінің дамуындағы айырма қандай? Бұл отырғандарға айтпаса да белгілі. Мұнда екі жақтың да әлгіндей екі жүзді саясатқа имандай сеніп келген өкілдерінің еш айыбы жоқ. Ол – тарихи әділетсіздіктің нәтижесі. Ендеше, бұл арада ондай жағымсыз нәтижелерді жұмсартып, жөндеуге келтірудің, сөйтіп адамдарды бұдан былай да ыңғайсыз жағдайға қалдырмаудың жолдарын қарастырмай болмайды. Тілдердің дәрежесін қарадүрсін теңестіре салу кешегі кебімізді қайта кигізеді, немесе жұрттың бәрінен дәрежесі бірдей тілдерді бірдей жақсы білуді талап ететін кіріптар қос тілділікке ұрындырады. Ондайға душар болмау үшін және бір тілдің дамуын тездету үшін екінші тілдің қызмет аясын күштеп шектемеу, нақты адамдардың нақты тілдік сұраныстарына зақым келтірмеу үшін орыс тіліне ұлт аралық қатынас тілі дәрежесі берілді. Және де «оның мемлекеттік қазақ тілімен бірдей дәрежеде пайдаланылатыны» атап көрсетіледі. Басқасы басқа, әлгі заңда азаматтардың ана тілдерін өздері таңдайтындығы, тілдің басқалығы үшін алалаушылыққа, қысым көрсетушілікке жол бермейтіндігі айрықша ескерілсе, қандай тілдік-әлеуметтік кемсітушілік жайында сөз етуге болады? Әдетте, мұндайда Қазақ тілінде іс қағазын жүргізуді, мемлекеттік тілді білу кәсіби талап болып табылатын мамандықтар мен лауазымдардың тізбесін жасауды тілге тиек етіседі. Алдыңғы жәйтке келер болсақ, іс қағазы қазақ тілінде де, орыс тілінде де жүргізіледі. Егер «жүргізу керек» деген сөз көп айтылса, ол әлі де болса іс қағаздарының қазақ тілінде ойдағыдай жүргізілмей жатқандығын көрсетеді. Кейінгі жәйтке келер болса, тіл тұрғысынан кәсіби талап қоюды халықаралық ұйымдардың өз тәжірибелері де, олар қабылдап жатқан құқ қағидалары да кемсітушілік деп саналмайды. Істің мәніне келер болсақ, тілдік кемсітушілік деп тілінің басқалығына, ұлттық тілінің басқалығына қарап алалаушылықты айтады. Ал көп ұлтты қауым жағдайында жұртпен қатынаста талап етпей болмайтын тіл білуді талап етуді және де оны жұртпен тікелей қарым-қатынастағы мамандық пен лауазым иелерінен талап етуді ешқандай жолмен де кемсітушілікке жатқызуға болмайды. Қазір біздің газеттеріміз пәлен деген компанияға немесе фирмаға ағылшын, француз, неміс, испан тілін еркін білетін қызметкерлер керек деген құлақтандыруларды жиі басады. Сонда бұл немене, пұштын немесе ұрду тілін білетіндер үшін кемсітушілік болып табыла ма? Жоқ, әрине, бұл кәсіби талап. Дәл сол себептен де, тіпті әлгіндей халықаралық құқ қағидаларын белгілейтін БҰҰ, ЕҚЫМ, ХЕУ, ЮНЕСКО ұйымдарының өзі құжаттарын бес-ақ тілде қабылдайды. Сонда бұны әлемдегі қалған сегіз мың тіл мен диалектерді көзге ілмеушілік деп санаймыз ба? Мұндай қалыптасқан қағидаларға қарамастан, көп ұлтты қоғам үшін әбден әділетті тіл білуді кәсіби талап деп тануды бесігінде тұншықтыруға, не әуелден де әділет пен теңдікті белден басып, бір жақты артықшылық алып жаман үйренгендер немесе сондай артықшылық алудан дәмелілер тырысары хақ. Құқылары бірдей азаматтар өздерін азаматымын деп танитын мемлекеттің шарттары мен талаптарын орындауға да бірдей міндетті болуға тиісті. Тіл білуге қойылатын кәсіби талаптар орыстарға ғана емес, қазақтарға да қойылады. Мәселен, қабылданған және қабылданатын конституциялық заңдардың айтуынша, барлық ең жоғары мемлекеттік лауазым иелерінен мемлекеттік тілді де, ресми ұлтаралық қатынас тілін де еркін білу талап етіледі. Тіл білу кәсіби талап болып табылатын мамандықтар мен лауазымдар тізбесін жасақтауда да осы қағида ұсталынады. Әзір ондай тізбе жасақталған да жоқ, ешкімге ешқандай қысым да жасап жатқан жоқ. Бәлкім, біздің әріптестерімізді құқ қағидалары емес, өмірдің өз шындығы әлгіндей мәлімдеме жасауға мәжбүр етіп жүрген шығар? Байыптап көрсек, бұндай байбаламға негіз болатындай еш дерек жоқ. Өздеріңіз ойлаңызшы. Мәселен, мектепті алайық. Республикада Халыққа білім беру министрлігі жүйесінде бүгін таңда 8230 мектеп бар. Онын 2905-і қазақша, 3434-і орысша, 1807-і аралас тілдерде оқытады. Қазақ тілінде 682700 оқушы, орыс тілінде 1972500 оқушы, аралас мектептерде 913200 оқушы оқиды. Бүлдіршіндер 1958 қазақша балабақшада, 5194 орысша, 1591 аралас тілді балабақшаларда тәрбиеленеді. Барлығы 752 мерзімдік басылым шығады. Оның 195-і қазақша, 325-і орысша, 182-і екі тілде шығады. Тіркеуге алынған 73 телерадио компаниялардың, студиялар мен мекемелердің бар болғаны екеуі ғана қазақша, тоғызы орысша, қырық төрті екі тілде, он сегізі басқа тілдерде хабар береді. Өткен жылы Қазақстанда барлығы 1101 кітап және брошюра жарық көрді. Оның 496-ы немесе 45 проценті қазақша, 597-і немесе 47,9 проценті орысша басылыпты. Тек биылғы жылдың өзінде Ресей баспаларынан 270 миллион сомға орыс тіліндегі әдебиет сатылып алынды. Республикадағы 43 кәсіби театрдың он төрті қазақша, жиырма алтысы орысша ойын қояды. Диссертациялар бұрын қай тілде қорғалса, әлі сол тілде қорғалуда. Мәртебелі жиналыстар, өздеріңіз көріп отырсыздар, бұрын қалай өтсе, әлі солай өтуде. Өмірдің шындығы да, міне, осындай. Сонда бүгінгі айтып отырғанымыз қай кемсітушілік? Қазақстанды не деп жазғырғанмен, тап халқының белгілі бір бөлігін байқатпай, жасырып кемсітетін ресми саясат жүргізіп отыр деп жазғыра алмайсыз. Тіпті, азаматтық қоғам, ұлттық мемлекет, тілдердің дәрежесі туралы дау да оның айғағы бола алмайды. Өйткені, оның бәрін де жасырын, жымысқы жолмен емес, тап осы жиында тәуелсіздік азаматтық туралы заңдарды, егемендік жөніндегі декларация қабылдағанда әлденеше рет талқыланып, әлденеше рет дауысқа қойылып барып, жүзеге асырылғанды. Бәріміздің келісімімізбен заңдық қағидаға айналғанды. Бұнымен біреулерді бұл салада бізде ешқандай кемістік жоқ, бәрі де ойдағыдай шығып жатыр деп сендіруден аулақпыз. Қазақ тілі және басқа тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуынан гөрі дау-дамай туғызуы басым түсіп жатыр. Бірақ, ол кейбір жолдастар айтып жүргендей, әуелден де әлжуаз жасақталғандығынан емес, қазіргі финанстық-экономикалық жағдайымыздың әлжуаздығынан. Бұдан артыққа, жаңа-жаңа қаз тұрып келе жатқан мемлекетіміздің шарқы жетпей жатыр. Сол бір көзге көрініп тұрған жағдайдан қай-қайсымыздың да көңіліміз бұзылды. Өмірде болып жатқанның бәр-бәріне риза емеспіз. Бірақ, бір нәрсе үшін екінші нәрсені күйдіруге бола ма? Онсыз да өмірде ренжитін нәрсе көп. Онсыз да халықтың шыдамы таусылып, жүйкесі тозып отыр. Бірақ, сол жағдайды пайдаланып, онсыз да қиын тіршіліктің буырқанған көлінде қалт-қалт етіп әзер тұрған орнықтылық қайығын әрлі-берлі шайқап көрудің, кемді күн тыныш өмір сүргізіп тұрған бір-бірімізге деген сенім мен төзім ахуалының онсыз да нөзік шілтерін үсті-үстіне тырналап бағудың қажеті қанша еді? Бәрінен де, мұндай мәлімдемені азаматтық келісімге келуге жасалған жағдай деп бағалаудың еш қисыны келмейтінін айтсаңызшы. Дұрыс түсінулеріңізді өтінемін: бұл арқылы біреулердің аузына қақпақ болуға, немесе я ол, я бұл жақтың ыңғайына көндіруге ниет етіп тұрған жоқпыз. Бар болғаны: қандай мәселеде де болмасын, әсіресе, жоғарыда айтылған Үндеу сөз еткен шетін мәселелер турасында, бәріміздің де, жекелеп келгенде, әр қайсысымыздың да әуелі істің байыбына барып алып, белгілі бір шешімге келуіміз керектігін еске салғымыз келеді. Әйтпесе, өзіміз үшін де, ұрпағымыз үшін де оңайға түспейтін оғаш қадамдар жасап алуымыз кәдік. Бұл арада халық еркі мен мемлекеттік парасат өкілі ретінде әрқайсысымызға қандай жауапкершілік жүктелетіні – сіздерге мен айтпасам да белгілі. Сондықтан, қымбатты әріптестер, қорытындыны өздеріңіз шығарыңыздар.

Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет.
1992 ж.
Заманның оңбай бара жатқаны рас. Бірақ онда не тұр?!
Егер оны жақсарта алмаса, адамның несі адам?!

Т. КАРЛЕЙЛЬ.

«БЕТЕРДЕН ДЕ БЕТЕР БАР ДЕГЕН ОСЫ ЕМЕС ПЕ?»

деп амандасқан замандастың сауалына жауап

1. «БҰЛ ӨЗІ ҚАЛАЙ БОЛДЫ?»

Қазір басқаны қойғанда, қазақтың өзі амандасқанда баяғы «мал-жанды» қойып, бірден заманды сұрайтын болды. Жуырда ел аралап жүріп, көптен кездеспеген көз таныс құрбыма жолықтым. Ол да сәлемдесіп үлгермей жатып: «Апырай, Әбеке, ең болмаса, сен шыныңды айтшы. Мынаның шамалыда таусылатын түрі бар ма? Бұрын өзімізді өзіміз жұбатқанда: «бұдан да жаманымда тойға барғанбыз» деуші едік. Енді ескі әнді қайталап: «едім ғой биылғыдан былтыр тәуір»,– дейтін болдық. Сонда мұның шегі мен шеті бола ма? Әлде әлгі «бетерден де бетер бар» деп жүргеніміз осы ма?!» дегені. Ал, ойланбай көр. Бұл сұрақты біреу қойса, бір жөн ғой. Күн сайын өзімізге қырық рет қоятын болдық емес пе? Өмірдің өзі аттаған сайын сол сауалды көңіліңде кілкітіп, көмейіңе әкеп тығып отырған жоқ па?! Бұрын сәл ренжитін нәрсе болса, адамнан көретін едік: «анау өйтіп отыр, мынау бүйтіп отыр...» Ал, қазір олай емес, бірден заманнан көруге тура келіп тұр. Өйткені, күні кеше тарих деп жүргеніміз бағзыдағы бір ертегі, ал тарихи процесс дегеніміз тек санамен ғана ұғынбасақ, көзбен көріп, қолмен ұстап болмастай, алыс ұғымдар сияқты еді ғой. Енді, міне, көз алдымызда дүние күрт өзгеріп шыға келді. Оған қуанатындар да, ренжитіндер де, не қуанарын, не ренжірін білмейтіндер де толып жатыр. Біреулері: «Апырай, бұл өзі қалай болды?»– деп желкелерін қасыса, екіншілері: «Қайда кетіп барамыз?»– деп аңтарылады. Көз алдымызда күннен-күнге күшейіп бара жатқан экономикалық құлдыраудың, әлеуметтік күйзеліс пен саяси дағдарыстың бұлайша абыржытпауы, әрине, мүмкін емес еді. Бірақ, қоғам да, адам да қандай қиындыққа тап келіп, қандай тығырыққа тірелсе де, одан шығар амал іздейді ғой. Бұл ретте, қазіргі жағдайда көз салған адамның ең алдымен шүкір ететін бір мәселесі – тағы да бір әлемдік империяның күйрегені, соның арқасында Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның ондаған халықтарының ұлттық тәуелсіздікке, мемлекеттік егемендікке қолы жеткендігі. Құлаған империяның әлі тазарып болмаған күл-қоқысының арасынан бүр жарған тәуелсіздік гүлдерінің тағы да аяқ асты боп жаншылып қалмай, бірден бой көтеріп кетулері үшін, жоғарыда айтылғандай, қазір жұрттың жанын жегідей жеп жүрген екі сауалдың екеуіне де жауап іздемей болмайды. Әуелі біріншісінің себебін екіншісіне жауап іздемей, қоғамды сары уайым мен әрі-сәріліктен шығарып, саналы әрекетке жұмылдыратын, әлеуметтік тәуекелге ие қылуы аса қиын. Басын ашып алатын мәселе: Кеңестер Одағының ыдырауы, қазір көп айтылып жүргендей, тек социализм қисындарының, коммунистік қиялилықтың күйреуі ғана емес. Тағы да қайталап айтамыз, бұл да – баяғы сол атам заманнан бар күштісі әлсізін, көбі азын жаныштай отырып, өзі де рахатқа кенеледі-міс, өзгелерді де рахатқа кенелтеді-міс империялық даңғойлықтың күйреуі. Күллі дүниені бір қолға бағындырып, бір үрдіске көшіріп, түгел бақытты болады-мыс әлемдік империя қисынының жеңілісі. Түптеп келгенде, әлемдік империя қисыны империялардың өзінен де бұрын туып, адамзат тарихының күні бүгінге дейінгі бөлігін түгел қамтыды десек ешқандай асыра айтқандық болмас еді. Бірақ, ол ешуақытта өз дегеніне жетіп көрген емес. Өйткені, табиғат та, тарих та еленер-еленбестей ұсақтықты қандай жақтырмаса, шектен шыға далиған тым ебедейсіз үлкендікті де сондай жақтырмайды. Ұсақтың бірігуге, үлкеннің ыдырауға мәжбүр болатындығы да сондықтан. Көбейгісі келген табиғат жүптасудан басталатын бірігуге ұмтылса, жарық дүниеге жаңа келген жаратылыс төлі өсіп-жетілу үшін қайтадан дербестікке ұмтылады. Бірақ, өзін дүниеге әкелген құбылыстар мен себептердің ықпалынан біржола шығып кетпейді. Бірақ, тарих бар мәселеде табиғаттай боп ықтималдық пен мәжбүрліктің алдында бас шұлғи бермейді. Сондықтан да тарихи дамудың жолы табиғи дамудың жолына қарағанда тым қайшылықты, тым күрделі. Табиғи дамуға қарағанда тарихи дамуда драмалық, тіпті трагедиялық сәттердің көп болатындығы да сондықтан. Оның арғы түбі – тарихи дамудың әрі нысанасы, әрі түп иесі, әрі объектісі, әрі субъектісі болып табылатын адамның әрі табиғи ортаның, әрі әлеуметтік ортаның төлі болып табылатын екіұдайылығында жатыр. Табиғи орта төлі ретінде ол табиғи дамудың заңдылықтарына бағынбай тұра алмайды, әлеуметтік орта өкілі ретінде ол заңдылықтардың өз-өзінен жүзеге асуын қол қусырып тосып отыра алмайды, өзі де әрекет етеді. Ол әрекет бар-бар уақытта діттеген жерден шыға бермейді. Әлеуметтік волюнтеризмге ұрындыратыны да бар. Әлемдік империя қисыны да сондай волюнтаризмнің бір түрі. Өзін қоршаған табиғи ортаның байлығы мен жасампаздық мүмкіндігін иелену арқылы дамитын адамзат қауымдастығы қоршаған ортаны игеру де күшке тәуелді екенін бірден байқады. Қауымдастықтың көлемі артқан сайын күшінің де артатынын көзі көрді. Күш көбейту үшін қауымдастықты ірілендіру – әлемдік империяға ұмтылудың ең бастапқы қадамы болды. Сол қадам бірте-бірте ұлғайды. Ұлғая-ұлғая табиғи ортаны игерудің мәні мен мақсатын атымен бұрмалап, астамшылыққа ұрынды. Астамшылыққа ұрыну қоршаған ортаны игеру жолындағы бірлесудің қандай ақылға сыйымды қағидасын да ақыр аяғында ақылға сыйымсыз тантыққа айналдырып, мансұқ етілуге мәжбүр етті. Өзін қоршаған табиғи ортаны неғұрлым мол, неғұрлым терең игеру үшін қандастық жолымен қауымдасудан бастаған рулық қоғам өз жендетін өзі дайындаған құл иеленуші қоғамға ұласты. Сөйтіп жүріп, табиғи ортаның қарсылығымен қоса әлеуметтік ортаның да қарсылығына килікті. Өйткені, табиғи ортаны игеріп-иеленудің мөлшерінен адасып қалды. Бүгінгі тұтынуы мен ертеңгі дамуына жеткілікті шамаға қанағаттанбай, басқалардан асып түсетіндей қып баюды мақсат тұтты. Сол мақсатты қамтамасыз ететіндей мемлекеттік құрылымға – құл иеленуші империялар жасақтауға ұмтылды. Ол империялар әуелі бір қабатқа бір қабат қосылған алып пирамидаларды еске түсірсе, кейін бір пирамиданы екінші бір пирамидаға күштеп жалғастырғандай қайдағы бір ақылға сыймас архитектуралық құбыжыққа айнала бастады. Бар байлық пен бар биліктің жоғарғы қабаттарға шоғырлануы төменгі қабаттардың шамадан тыс жанышталуына әкеліп соқтырады. Ол тұғырлардың әлсіреуіне, содан алтынмен апталып, күміспен күптелген әшекей төбелердің ғана емес, күллі архитектуралық денелердің күйреуіне ұрындырды. Байлық пен билік тек неғұрлым жоғарғы қабаттарға ғана емес, неғұрлым орталық ғимараттарға да шоғырланатынды шығарды. Бұл орталық пен шеткерілік арасындағы байланыстарды шиеленістірді. Ол шиеленістер тіршілікті қамтамасыз бөгеп, архитектуралық алып құбыжықты өз-өзінен тұншықтыра бастады. Алғашқы империялардың тап осындай қалыптасу, шарықтау, құлдырау, күйреу заңдылығын феодализм, капитализм тұсындағы империялар да аттап өте алмады. Алғашқы қауымдасулар нәтижесінде асыра дәулетке ие болған тектілер төңірегіндегі топтасуды тек қандастық жолымен ғана емес, аймақтастық жолымен де жүзеге асыруға тырысқан феодализм келе-келе абсолюттік монархияға ұмтылды. Абсолюттік монархия ебедейсіз монархиялық империяларды туғызды. Ол империялар да архитектуралық жағынан ежелгі құл иеленуші империялардың құрылымын еске салды. Ондағы тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі де келе-келе ежелгі құл иеленуші империялар тұсындағы зақымдарға ұшырай бастайды. Капитализм тұсындағы империяларды да күйреткен капиталдың әлемдік экономикалық үйлесімділікке ұмтылатын мінезі емес, сол мінезді пайдалана отырып, әлемдік үстемдікке ұмтылатын, сол арқылы тек метролопия мен доминиондар арасында ғана емес, бір империя мен екінші империя арасында да текетірес туғызбай қоймайтын империалистік тойымсыздық еді. Әлемдік билік пен әлемдік байлыққа ұмтылған ашқарақтық еді. Қысқасы, озбырлық қай хайуанды да ақыры не өз-өзінен жарылып, не өз-өзінен тұншығып өлуге мәжбүр ететіні сияқты әлемдік империя құру далбасасы қандай қоғамдық құрылыстың да өз түбіне өзін жеткізіп тындырды. Әйтпесе, өз заманында Кеңестер Одағынан кем құдіретті, кем ықпалда болмаған Мысыр, Эллада, Рим, Вавилон, кейінгі Киелі Рим, Араб халифаты, Шыңғысхан, Ақсақ Темір, Моғолдар империяларының күйреуін ол кезде әлі қарасы да болмаған социализм мен коммунизмнен қалайша көре алмақшымыз?! Енді, міне, құл иеленуші қоғам да, феодализм де, капитализм де қамтамасыз ете алмаған әлемдік империя құру ниетін социализм мен коммунизм де жүзеге асыра алмайтыны аян болды. Социализмнің трагедиясы дүние жаратылып, су аққалы адамзатқа арман болып келе жатқан, тіпті аспаннан түсіпті-міс бес кітаптың бесеуінде де айтылатын әлеуметтік әділет, теңдік, туысқандық қағидаларын әлеуметтік болжамнан тарихи шындыққа айналдырғысы келгендігінен емес, сол жолда өзі мансұқтаған қоғамдық құрылыстардың қайшылықтарын өзі көп қайталағандығында. Егер екі дүниежүзілік соғыс халықаралық капиталдың шығуын, жалпыға ортақ технологиялық, тұрмыстық және әлеуметтік стандарттардың қалыптасып, күннен-күнге күшейіп келе жатқан әлемдік ықпалдастықтың таза экономикалық сипаттарын бір жақты желеулетіп, әлемдік үстемдікке тырысқан империализмнің әлемдік қауымдасудан гөрі әлемдік ыдырасуды тездетіп бергеніне айғақ болса, Кеңестер Одағының екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісті пайдаланып, социализмді күллі планеталық құбылысқа айналдыруға, әлемдік ықпалдастықтың таза әлеуметтік сипаттарын бір жақты желеулетіп, күллі ғаламды таптық мүдделестік тұрғысынан бір ыңғайға икемдеуге тырысқандығы, тағы да әлемдік империя орнатқысы келгендігі, оның әлемдік саясат сахнасынан кетуін анағұрлым тездетті. Оның үстіне, социализм әлемдік дамуды біртіндеп жетілдіретін эволюциялық жолдан шығарып, күрт қимылдап, түбегейлі өзгертіп жібереді-міс революциялық жолға, әр түрлі шешімдер мен тәсілдердің салыспалы-жарыспалы жүйемен сұрыпталуына негізделген бәсекелестік үрдіске емес, әр ұжым, әр этникалық қауымнан бастап, күллі адамзатқа дейінгі әлеуметтік ортаның бәрін екіге жарылтпай қоймайтын егестік үрдіске түсіріп жіберді. Сөйтіп, дүние жаратылып, су аққалы адам санасы жеңе алмай келе жатқан, З. Фрейдтің тілімен айтқанда, ressentіment, «қызғанышты өшпенділік», есесі кеткендердің ыза-кегі – қоғамдық дамудың бірден-бір қозғаушы күші, шешуші факторы саналды. Әу баста әлеуметтік әділетсіздіктен туындайтын әлеуметтік ыза, одан өрбитін әлеуметтік қызғаныш, одан өршитін әлеуметтік өшпенділік одан өрістейтін әлеуметтік қатыгездік, моральдық тұрғыдан ақталып, саяси тұрғыдан қуатталды. Сөйтіп, ол орнатқан қоғам мен мемлеткеттік құрылыс өз-өзінен жазалаушы қоғамға айналып шыға келді. Ондай қоғам қандай жаңа іс бастаса да, әлеуметтік белгілі бір бөлігі қалайда жойылуы, қалайда жойылуы, қалайда қуғынға ұшырауы бұлжымас шартқа айналды. Баяғы «қызыл террор» күндерінен бастап, кешегі қайта құрудың бастапқы кезенінде де қалай да іскері кедергі жасайтын «зиянкестер» іздеп табу үрдіске енді. Әр тұстың өзінің «кертартпасын», «қара ниетті күштерін», «халық жауларын» желеулетіп, кесе-көлденең тарту, әлеуметтік психология ретінде қалыптасты. Мұндай қоғамда қандай әлеуметтік тұлғаның мінез-құлқы да креативті (істің жөніне бас иетін) сипат алмай, реактивті (текетіресе жөнелетін) сипат алатын еді. Мұндай қоғамда «әлеуметтік мақұлықтардың» бәріне тән бәсекелестік іскерлік жарысқа емес, бірін-бірі аяқтан шалуға, мұқатуға тырысатын шамшылдыққа айналар еді. Әрине, әлгіндей қоғам өзіне іштен де, сырттан да наразы күштерді көбейтеді. Іштегі наразы күштермен айқас оны тоталитаризмге, сырттағы наразы күштермен айқас империализмге ұрындырмай тұра алмасы өз-өзінен түсінікті. Қысқасы, мұндай қоғам әлеімдік мүдделікке емес, әлемдік үстемділікке ұмтылады. Ал үстемдікке ұмтылыс бар жерде қиянаттың жүрмеуі, қиянат бар жерде наразылықтың болмауы қандай мүмкін болмаса, қиянаттың ұмтылуы, оған кешірімнің болуы сондай мүмкін еместігі тағы белгілі. Кешегі қайта құру күндерінде сонау «Кронштадт мұзына» төгілген қаннан бастап істелген барша зорлық-зомбылықтың, араға әлденеше ұрпақ түссе де, қайтадан ауызға алынуы – әлгінің айғағы еді. Әуелден де егестікке құрылған қоғам әрбір жана бетбұрысты өзін одан әрі жетілдірудің бейбіт қадамына емес, өткен үшін есеп айырысын қалуға қолайлы өштестік сәтіне айналдырмай тұра алмайды. Оның үстіне, әлемдік үстемдікке ұмтылған қоғам әлемдік қауымдастық тарапынан да аз наразылық шақырмасы мәлім. Міне, сөйтіп күні кеше күндей күркіреген Кеңестер Одағы өз-өзінен құлай салған жоқ. Жетпіс жыл бойына әлемдік үстемдікке ұмтылған тойымсыздығы туғызған ішкі, сыртқы қайшылықтардың тым мол қордаланып, тым терең шиеленісіп кетуі салдарынан күйреді. Ол жетпіс жыл бойы ішкі, сыртқы наразылықтардың дүмпуінде болды. Атлантадан бастап, «қырғиқабақ соғысқа» дейінгі ашық шабуылдың бәріне төтеп бере алған тоталитарлық, агрессиялық қоғам өзі көп айтқанмен жөн-жосығын жақсы білмейтін бейбіт қатар емір сүру тұсында әуелі тоқмейілсуге (эйфорияға), сосын тоқырауға ұрынды. Ол тоқыраудың сырын қоғамдық дамудың саяси-әлеуметтік астарларынан қарастырмай, таза экономикалық себеп-салдардан іздеді. «Жабық есік саясаты» тұсында қазіргі халін өткендегі халімен салыстырып, өзіне-өзі мәз болып келген кеңес қоғамы енді «ашық есік» саясаты тұсында өз тұрмыстарын өзгелердің қалай тұратынымен салыстырып, өзінен-өзі қарны ашатынды шығарды. Әуелден біреудің бағын күндеуге, бардыкін жоққа тартып әперуге негізделген қоғамдық көзқарас капитализммен тікелей жарысып кәріп, одан ештеңе шығара алмады. Экономикалық нигилизм саяси нигилизмді өрбітті. Билеуші топта экономикалық реформаны көксейтіндер көбейді. Соғыс тұсында беделге ие болған технократия саяси билікті де өз қолына алып алды. Ол қоғамдық дамуды демократияландыруды назардан қағыс қалдырып, әртүрлі экономикалық әрекетке барғанмен, саяси-әлеуметтік бостандықтың жоғы экономикалық бостандықтың да аяғын тұсады. Мұндай жағдайда қалыптасатын экономикалық прагматизм бүкіл қоғамды түлететін жасампаз күшке айналмай, тек өз ұпайын түгендей білетін саяси утилитаризмді ғана өршітеді. Ал, ол барлық уақытша билік иелеріне тән дәурендеп қалу психологиясымен ғана тынбай, сол дәурендеуді көзі жұмылғанша созуға жанталасады. Ол барып геронтократияға (саясаттағы ақсақалдар үстемдігіне) ұштасады. Геронтократия тұсы қоғамның төменгі қабаттары үшін орнықтылық ахуал сияқты болып көрінгенмен, билік пен дәулетке таласқан жоғарғы қабаттар үшін мігірсіз күрес ахуалына айналады. Билік сахнасына келген жас күштер мансап үшін бір жағынан «саяси кәрияларға» жағынса, екінші жағынан олардан тезірек құтылуы да асық болады. Ол күрестің тоталитаризм жағдайында ашық жүрмейтіні, астыртын сипат алатыны белгілі. Ондай күрес саясатшылардың да құлқын өзгертеді. Жартылай қылмыспен ұштасып жататын мансап-қорлық күшейеді. Ондай мансапқорлық экономикада коррупциядан, сыбайластықтан, саясатта сектантшылдықтан, жікшілдіктен аулақ тұра алмайды. Жоғарғы қабаттарда әбден орнығып қалған мұндай психология билік ауысар тұста болмай қоймайтын өзгерістерді қоғамдық дамудың түбегейлі мүдделері арнасында өрбітпей, билікке таласатын саяси күштердің қалыптасқан арасалмағынан туындайтын «аппараттық ойындар» түрғысынан өрістетеді. Оның үстіне, тоталитарлық қоғам тұсында әлеуметтік белсенділікті алдымен бас изеу деп түсініп қалған төменгі қабаттар ондай күреске бірден араласа алмайды. Ал баяғыдан алақандары қышып отырған билікке таласушы күштер процесс тізгінін дереу өз қолдарына ала қояды. «Жоғарыдан істелетін революцияның» көбі дерлік осындай заңдылықтан туындайды. Түптеп келгенде, ондай революцияны билігі жоқтар емес, билігі барлар бастайды. Билігі барлардың революциясы билік жүйесін өзгертуден гөрі өзге билігі барлардан билік асыруды көбірек көздейді. Сондықтан да қоғамдық дамуды түбегейлі жетілдіруден гөрі билік басындағы күштердің қалыптасқан арасалмағын түбегейлі өзгертуге көбірек мән береді. Ал бұл алдын-ала ойлап-пішілген, әбден таразыланған бағдарламалардан гөрі табан асты тәсілдерге, аяқ асты айла-амалдарға көбірек бейім тұрады. Билік басында тұрмаған оппозициялық күштер бұндайда қапы қалмауға, қате жібермеуге, бәрін де алдын-ала өлшеп-пішіп алуға тырысса, билік басындағылар билігіне сенеді, анау-мынау кедергілерді күшпен-ақ жеңіп кетуге есеп құрады. Жасампаздық жолмен емес, жойымпаздық жолмен ұтысқа шығуға ұмтылады. Саяси бәсекелесінің басына бар пәлені үйіп-төгеді. Сол себепті де, мұндай «революция» тұсында пайым-парасаттан гөрі пәлеқорлық басым түседі. Күрес күйкі сипат алады. Қайта құрудың бастапқы кезеңінде тоқырау тұсында әркімге-ақ белгілі боп қалған тамыр-таныстықпен, сыбайластықпен, парақорлықпен, еңбекпен келмеген табыспен, кадр іріктеудегі субъективизммен күрес алдыңғы шепке шықты. Өйткені, бұл құбылыстарға қоғамның бар саласында да, бар қабаттарында да зығырданы қайнайтындар көп еді. Сөз жүзіндегі тең праволылық пен іс жүзіндегі сыбайластық кім-кімнің де шамына тиетін еді. Бұл салада ұпайын түгендегендерден гөрі ұпайын түгендей алмай жүргендердің мол болатыны аян. Мұндай күрес қоғамның ең білімді, ең белсенді топтарында – интеллигенция арасындағы, жұмысшы аристократиясы арасындағы егестік отына май құя түседі. Біреулердің дәмесін күшейтпесе, екіншілердің күдерін үздіреді. Біреулерді мансапқорлық тағатсыздығына ұрындырса, екінші біреулерді қорқынышқа бөлеп, жанкешті қимылдарға бастайды. Қысқасы, тағы да Фрейд айтқандай, ressentіment, ресситимент – есесі кеткендердің ыза-кегі іске қосылады. Қоғамда тағы да алауыздық, бір-біріне сенбеушілік тіпті бір-біріне бас салушылық күшейеді. Өз уағыздарына өздері сеніп, тоталитаризм арқасында ғана орнықты тұрған кеңес қоғамын граниттей берік мызғымас сом тас деп санап қалған билікке таласушы күштер өз дегендеріне жету үшін әуелі соған жарықшақ салып, әлсіретіп алу керек деп ойлады. Ол үшін билік пирамидасының жоғарғы қабаттарынан төменгі қабаттарына қарай қопарылыс оттығын түтатып, жаңадан жаппай жазалау қаупін айтып қорқытып, сол арқылы төменгі қабаттардың жоғарғы қабаттарға деген мансапқорлық наразылығын оятып, белсенді қарсылық шақыруды көздеді. Бұндай жолмен билік басында ұзақ отырып қалғандарды және оларды қолдаушылардың үрегей жағын тезірек тайдыруға, батыл, шешімді жағын тезірек әшкерелеуге жағдай туады деп ұқты. «Сіздер төменнен, біздер жоғарыдан қимылдап бағайық!»– дейтін ұрандардың да көксейтіндері сол еді. Сөйтіп, қоғамды одан әрі жетілдірудің орнына барлық қабаттағы мансапқор сайыпқырандардың семсерлесуі басталды да кетті. Ол сайыс, расында да, мушкетерлер сайысын еске салатын еді. Қарсыласушы екі жақ өз бойына семсер дарытпау үшін маңайындағының бәрін қиратып, оны еңсере қимылдап жүрген бәсекелесінің жолына бөгесін қылуға тырысты. Қирамаған дүние, күйремеген ештеңе қалмады. Ең ақыры өздері отырамыз деп таласып жүрген таққа дейін паршалап тындырды. Бұған дейін олардың іш есебін білмей келген былайғы көптің алдында қалай өздерін жалаңаштап алғандарын қапелімде өздері де байқамай қалды. Жоғарыдан революция бастағандар жеңіліске ұшырады. Дер кезінде қосалқы позицияларға жалтарып кеткендер мен қапталдан қосылғандар жеңіске жетті. Мұндай жағдайда, әрине, бұрынғы мемлекеттік құрылым архитектурасын ешкім сақтап қала алмайды. Өйткені, оның өзінің де еш саутамтығы қалған жоқ еді. Оның экономикалық қаңқасын құрастырып тұрған жоспарлы бөліспелі экономиканың түп қазық қағидалары әуелі еңбекпен келмеген табысқа қарсы, сосын шаруашылық есеп, мердігерлік кооперативтік қозғалыс жолындағы әрі тарт та бері тарт күрестер тұсында солқылдай-солқылдай суырылуға шақ тұрған-ды. Билік жолындағы күрес кадр іріктеу, тәрбиелеу, орналастырудың үйреншікті тәжірибесін әлдеқашан үрдістен шығарған-ды. Тек осының өзі-ақ коммунистік партияның қолындағы саяси монополизмді ойсырата әлсіреткен-ді. Сөйтіп, империя өз қаңқасын құрап тұрған саяси-экономикалық тіреу-таяныштардың бәрінен айырылды. Оның үстіне билікке неғұрлым тез жетуге асыққан мансапқор күштер сыбайластықпен, парақорлықпен, арам табыспен күресті империяның ең талмау тұс, осал жерлерінен бастады. Әрине, аталмыш індеттер әлеуметтік байланыстардың ең тәуелді жүйелерінде кеңінен етек жаяры белгілі. Ондай тәуелділіктің ең күшті жері – метрополия мен доминиондар арақатынасы еді. Сондықтан да қайта құрудың «пионерлері» өз әрекеттерін ең алдымен республикалардан бастағанды. Сол арқылы «ұлтшылдықты» біржолата талқандап, ендігәрі ешқандай ауыз аштырмаймыз деп ойлаған-ды. Бұл ниеттерін жүзеге асыруда табысқа оңай жететін жерлерді іздеген-ді. Бұл салада оңды-солды «мінез шығарып» жүрген аймақтарға әдейі тиіспей, айтқанынан шыға қоймайтындай, қалпақпен басып ала қоятындай қойдан қоныр можантопай жерлерді қарастырған-ды. Өйткені, ондай жерден, біріншіден, айта қаларлықтай қарсылықтар туа қоймайды-мыс. Екіншіден, ондай оңай табысты ұлтшылдыққа ойсырата берілген соққы деп бағалау қиынға түспейді-міс. Үшіншіден, бұл арқылы әлгіндей құбылыстың шын қаупі бар жерлердің алдын-ала көзін қорқытып тастауға болады-мыс. Төртіншіден, бұл арқылы этникалық айырмашылыққа енжарлықты біржолата мемлекеттік сипатқа айналдыруға жағдай туады-мыс. Ондай жерді табу да оңай сияқты еді. Ол, әрине, пәлен жылдар бойы халықтар достығының лабораториясы болып келе жатқан Қазақстан болмағанда, кім болатын еді?! Бірақ, бұл ағат таңдау болып шықты. «Лабораториядағы қопарылыс» тек қолба ішінде қалмай, бүкіл қоғамдық болмыс ғимаратын түгел қамтуы мүмкін екендігі ескерілмепті. Ақыры солай болып шықты да. Біріншіден, қойдан қоңыр аймақ та мінез көрсетті. Екіншіден, оған тағылған айыптардың қисынсыздығы ақ матаға қара жамау жапсырылғандай өз-өзінен көрініп тұрды. Үшіншіден, қойдан қоңыр «тіл алғыш Қазақстанның» өзінің мұндай көріп жатқан күні қалған аймақтарға дер кезінде ой салды. Сыбайластықты, парақорлықты, халықтар достығына қияпасты – бұрынғы империяның арқауы болып тұрған қасиеттердің бәріне келер кесепаттың бәрін тек қана ұлттық аймақтардан іздеу орталық пен шет аймақтар арақатынасының көп мәселесін түбегейлі қайта қарауды талап етті. Бұл қоғамдық қатынастарды демократияландыру мен ізгілендіру тұсында ерте ме, кеш пе – бәрібір кетерілмей қалмайтын мәселе еді. Оны жөргегінде тұншықтыру үшін алдын-ала істелген амал-шарғылар қайта тыныш жатқан жыланның құйрығын басты, бәрібір болмай қоймайтын процестерді тіптен тездетіп жіберді. Жеке адамға табыну мен тоқырау тұсында өте-мөте асқынып кеткен унитарлық қысым қайта құрудың бастапқы көзінде осылай үйреншікті астамшылыққа басып, асығыс жағылған аңғырт шырпыдан аяқасты қопарылыс берді. Ол қопарылыс тек Еуразияны өн бойлап жатқан әлемдік империяны ғана емес, оны түзіп тұрған саяси-экономикалық құрылысты да біржолата қопарып түсірді. Сондықтан да империя түбіне социализм жетті ме, жоқ социализм түбіне империя жетті ме – ол әлі зерттей түсуді қажет ететін мәселе. Кеңестер Одағының күйреуі – жер бетінде алғаш жүзеге асырылған социалистік тәжірибенің табиғаты ма, жоқ әлде әуелден сәтсіз басталған қадамы, жартыкеш жаратылған тағдыры ма еді – бұл жайында да әзір үзілді-кесілді қорытынды шығару ертелік етеді. Өйткені, қоғамдағы әлеуметтік те, экономикалық та қайшылықтар өрши түспесе, әлсіреген жоқ. Ол экономикалық мүдделердің жіктелуін күшейтеді. Ол жіктелу саяси жіктелуі де тереңдетпей тұрмайды. Әсіресе, еңбекші топтардың өз мүдделерін қорғайтын жаңа саяси күштер тудыруы жаңа саяси қозғалыстарға жұмылуы әбден мүмкін. Ол күштер күні кеше жеңіліске ұшыратқан қисындарды малдана ма, жоқ атымен жаңа сипатты саяси бағдарламалар ұстана ма – екі жағы да ықтимал. Әзірге белгілісі – қандай да құдіретті-күшті империя болмасын, ол қандай да соны әлеуметтік әділет ілімінің жүзеге асуына қолайлы жағдай туғыза алмайтыны, ал қандай да соны, жаңашыл әлеуметтік әділет ілімі болмасын, ол әлдеқашан өмірсіздігін көрсеткен әлемдік империя қисынын бәрібір өміршең құбылысқа айналдыра алмайтындығы... Ендеше, Кеңестер Одағының күйреуін қайдағы бір ішкі-сыртқы әрекет күштерден көру, немесе бар пәлені ұлтшылдық пен бөліне жарылушылыққа жаба салу тек өмірдің бетіне туралап қарай алмайтын, сөйтіп өзін-өзі алдартқысы келетін күштерге ғана керек болар. Әйтпесе, империялық даңғойлықтың күндердің күнінде өзін-өзі қопарып түсірмей қоймайтын жарылғыш бомба екенін тарих әлденеше рет дәлелдеп бергенді. Сондықтан да, сонау Аристотельден бермен қарайғы әлемдік саясатнама өткендегі тәжірибелерге сүйене отырып, империялық даңғойлық сынды саяси ебедейсіздіктерді қалай аластаудың әлденеше жоспар-жобаларын білетінді. Оларды ешқандай не сыртқы, не ішкі астыртын қозғалыстар емес, әлемдік тарихи тәжірибенің өзі жасақтағанды. Бір ғана Томас Гобсстың «Левиафанында» мемлекетті ешқандай соғыс ашпай-ақ, қалай әлсіретіп, қалай құлатуға болатындығының бір-бірінен туындайтын әлденеше жолдары егжей-тегжейлі баяндалады. Ондай ежелгі Римнің қалай құлпырып, қалай құлдырауы негізінде түзілген дайын сценарийлерді баяғы Тацит пен кешегі Монтескьеден де молынан табуға болатын еді. Ол үшін, әрине, ежелгі авторларды да, оған иек артатын бүгінгі саясатшыларды да еш жазғыра алмайсың. Айыптасақ, тек саяси анохронизыге айналған әлемдік империя қисынының өзін ғана айыптай аламыз. Оның үстіне, күллі планетадағы табиғи ресурстардың сарқыла бастауы мен тұтынушылық тәбеттің шектен тыс асқынуы қоршаған ортаны игеру мақсатында қауымдасуды мөлшерлік жағынан шектеу мен өзара сабақтастық жағынан қайтадан үйлестіру мақсатында атымен соны әлемдік тәртіп керек екендігіне көзімізді жеткізе түсті. Кеңес қоғамындағы өзгерістер дәл сондай жаңа тәртіпке жақындата түсе ме, жоқ қайтадан алыстатып жібере ме – ол қалыптасып отырған жағдайлардың бұдан әрі қандай жолмен дамитынына байланысты болары хақ.

2. СОНЫМЕН БОЛАР ІС БОЛДЫ. АЛ ЕНДІ ШЕ?..

Иә, гәптің өзі де осында. Бәлкім, бұдан он жыл бұрын теледидарды бұрап қалсаң болды, жағы босап, сөйлей алмай, былпалдап, немесе аяғын аттап баса алмай қалтылдап тұрған алтын омырау ақсақалдарды көрген сайын: «Бұлар қашан кетеді? Жаңа адамдар қашан келеді? Мына комедия қашан тынады?» деп, шала бұлініп жүргенімізде, ақыр аяғында тап осылай боп шығады деп, қай-қайсымыз да ойлай қойған жоқ шығармыз. Көбіміз әбден тозығы жетіп тұрған немесе суық қолдарға түсіп, сиқынан айырылып біткен билік жүйесін, ең байлықты итжемеске айналдырып, қор қылып отандық орашолақ технологияны бір жағынан өндірістің жолын байлап, екінші жағынан тұтынушылардың тандайын аққа жарытпай, қаралай омалып қалған экономикалық қатынастарды осы заман жетістіктері тұрғысынан қайта қарап, түбегейлі жаңартып, келеңсіздіктердің бәрін тездетіп жойып, көзге ұрып тұрған артта қалушылықтан шұғыл арылуға болады деп ойладық. Баяғыдағы «ұлы көсем» айтып кеткендей, бәрін де кадр шешеді деп санадық. Кадр мәселесі түзелсе, бәрі түзелетінге сендік. Сондықтан, жоғарғы қабаттардағы болып жатқан ауыс-түйістердің бәріне ерекше үміт арттық. Кәрі-құртаң кетіп, орнына жігерлі жастар келсе, бәрі де бізше ойлап, бізше қиналатын шығар, бәрін де түзететін шығар деп түйдік. Кім біліпті, қайта құру ұранын алғаш көтергендер де іске әуелде тап осындай сеніммен кіріскен шығар. Әйтеуір, ә дегенде олар да жеделдете даму бағытын ұстанды ғой. Бірақ, көп ұзамай, түлкі бұлтаң көбейді. Кешегі турашылдық, принципшілдік дегендерін ертеңіне жойымпаздық деп жатты. Кешегі еңбекпен келмеген табыс қуалаушылық деп жүргендері әншейін іскерлік қана болып шықты. Сөйтсе, жаңалық жолында күрес емес, билікке талас қызып жатыпты. Оның аясы кеңейіп, оған қоғамдық дамуды шындап өзгертуді жақтайтындар да, ол күресті өз пайдасына шешіп қалуды көздеген әрқилы саяси алаяқтар да, өткен үшін есеп айырысып қалуды көксеген ызалы топтар да, тек бір мемлекеттегі емес, дүниежүзілік арасалмақты өз ыңғайына лайықтап өзгертіп алуға мүдделі сыртқы күштердің де білек сыбанып, белсене араласуына қолайлы жағдай туғаны кейін барып белгілі бола бастады. Өйткені, қайта құруға ет қызумен кірісіп кеткен болдық. Оның қоғамдағы шын ахуалды егжей-тегжейлі талдаған, оны дүние жүзінде қалыптасып отырған жағдаймен жан-жақты салыстырып-салғастырған, одан туындайтын әрекеттер мен ықпалдардың қалай өрбіп, қалай өрістейтінін алдын-ала болжамдаған, соған орайластырып, өзгертуші әрекеттер мен қарсыласушы әрекеттердің арасалмағын дұрыс мөлшерлеп, дұрыс байыптаған, қимыл-әрекетті дұрыс жүйелеп, дұрыс бағытталған жетекші тұлға да, жетекші бағыттама да болмай шықты. Басшы болды. Қосшы болды. Сол екі ортадан туындайтын субъективтік ықпал-ықыласқа қоғамдық күрестің заңдылықтары құрбандыққа шалынып кеткен тұстары аз болмады. Жариялылық жағдайында жұрт оны біліп отырды. Пысықай топтар сырттай бақылап отыруды місе тұтпай, тікелей араласып кетуге жол тапты. Басшылықтағы арасалмаққа сырт әсер ете алатындай, басшылықтағы алауыздық сыртқа жік салатындай жағдай туды. Өндірістік инженерияда ғана емес, әлеуметтік инженерияда да тым артта қалып қойғанымызды аңғарған топтарға оқиға барысын өз мүддесіне икемдеп кетудің оңтайы көбейді. Әуелден мақсат саралылығының жоқтығы күресті жүйелілік пен ырғақтылықтан айырады. Ол нәтижесіздікке ұрындырады. Нәтижесіздік күрестегі тұрлаусыздықты күшейтеді. Ағат шешімдер, жаңылыс қимылдар көбейіп, одақтастар таңдауда талғам азаяды. Оның бәрі, ақыр аяғында, жоғарғы қабаттарда саяси авантюризмнің, төменгі қабаттарда охлократиялық көзсіздіктің бел алуына әкеп соқтырады. Процесс бақылау мен бағыттаудың ырқынан шығып, аума-төкпе оқиғалар тізбегінің тұтқынында қалады. Сөйтіп, оқиға саяси-экономикалық агонияға ұшыраған қоғамдардың бәрінде болған үйреншікті құбылыстардың ізімен кетеді. Сондай тұста талай көрініп жүрген күштер мен әдістер іске қосылады. Томас Гоббстың «Левиафанындағы» мемлекетті бейбіт жолмен әлсіретіп, құлдырауға әкелетін жағдайлардың бәрі де көрініс берді. Оның айтуынша, мақсаттың айқын еместігінен саяси еріктің табансыздығы туындайды, ол мемлекеттік билікті әлсіретеді. Қоғамдық әрекеттерде жеке адамдардың жауапсыз қалуы мен сөзге ергіш тобырдың талғамсыз қолдауы үстемдік құрады. Әлеуметтік шешімдер талдау мен пайымдаудан гөрі көңіл әуеніне көбірек бой алдырады. Өкімет жауапкершіліктен қашып, өз билігін өзі үлестіре бастайды. Бөтен елдер мен ежелгі мемлекеттерге еліктеу күшейеді, Жарыспа билік етек жаяды. Биліктің әлсіреуі экономиканы әлсіретеді. Жоқтық пен жарлылық кім көрінгенге сенуді тудырады. Жеке адамдардың дақпыртына табыну үрдіске енеді. Шектен аса үлкейіп кеткен қалалардағы орнықсыз ахуал бүкіл елге ықпал ете бастайды. Өзін дербес мемлекеттен кем көрмейтін саяси корпорациялар көбейеді. Жоғарғы өкіметтің сөзін аяққа басу оңайлайды. Сөйтіп, басқыншылыққа ұшыратқан елде өз мемлекетіңе өзіңнің іш тартуын шарт болмай қалатыны сияқты өз мемлекетіннен өзің қаралай жерініп шығатындай ахуал орнайды. Монтескье де тап осыны айтқанды. Ол: «Демократия қағидасы тек теңдік рухы жойылғанда ғана емес, ол тым шектен асып, әр адам өзі сайлаған билік иесімен бірдей болуға тырысатын кезде де бұзылады. Ондай тұста халық өзі сайлаған өкіметтен бас тартып, бәрін өзі шешіп, өзі істегісі – сенаттың орнына өзі мәслихат құрғысы, төрелерінің орнына өзі төрелік, қазылардың орнына өзі қазылық еткісі келеді. Ондайда республикада ізгілік атаулы естен шығады. Халықтың билеушілерін сыйламағаны – билікті өзі алғысы келгендігі... Сенатқа сенбеу – үлкендерге сенбеу деген сөз. Үлкендерге сенбеу – әкеңе сенбеу, күйеуіңе көнбеу, мырзаларға бой ұсынбау, жаппай өзім білемдікке түсу деген сөз. Біреуге бағынуға құлықсыздық қалай өршісе, билеу, басқару ісі де солай әлсірейді. Балалар, әйелдер, құлдар біреуге құлақ асу дегенді атымен ұмытады. Имандылық, тәртіп сүюшілік, ізгілік көзден бұлбұл ұшады. Ксенофонттың «Дыр-думанында» халықтың теңдікті әсіре түсініп, әсіреңкілікке түсуіне душар болған республика ахуалы бейнеленеді. Тойға қатысушылар неге өздеріне өздері риза болатындарын кезекпе-кезек айта бастайды. «Менің өзіме-өзім риза болатыным,– дейді Хармид,– мен кедеймін. Бай көзімде қайдағы бір жалақорлардың ауыздарын аламын деп шала бұлінетінмін. Өйткені, олар маған не пәле істеймін десе де, істей алатын. Ал мен оларға түк те істей алмайтынмын. Республика үсті-үстіне ақша талап ететін. Ешқайда аттап шыға алмайтынмын. Кедей болып ем, өзіме-өзім қожамын. Ешкім мені қорқытпайды. Қайта өзім басқаларды қорқытамын... Байлар мені көрсе болды, орындарынан тұра бастайды, құл едім, патшаға айналдым. Бұрын республиканы мен асырайтын едім, енді ол мені асырайтын болды. Біреуден бірдеңе жырып қалмасам, жұтап қалам, кедейленіп қаламын деп қорықпаймын». Халық мұндай бақытсыздыққа сеніп жүрген билеушілерінің әуелі өздері әбден азып, сонысын жасыру үшін кейін күллі елді әдейі аздыра бастайтын тұстарында тап болады. Олар өздерінің бақ құмарлығын жасыру үшін елді билікке таластырып үйретеді. Өздерінің дүниеқоңыздығын жасыру үшін өзгелерді дүниеқоңыздыққа үйретеді... Азғындау әбден асқынады. Азғындатушылар да, азғындаушылар да мүлде шектен шығады... Халық өз бостандығынан пайда тауып қалуға неғұрлым құныққан сайын, сол бостандықтан біржолата айырылып қалатын сәтіне солғұрлым жақындай түседі... Өздері ұсақ болғанмен, дәмелері үлкен озбырлар көбейеді. Көп ұзамай кешегі бостандық ауыртпалыққа айналады. Сол кезде бәрі қайтадан бір озбырдың уысына түседі. Міне, Монтескьенің айтуынша, шалағай реформа, тайыз демократия бақ орнына сор әкеледі. Біздің тұсымыздағы жағдай тап бұлай боп кете қоймағанымен, шын демократияның жеңіске жете алмай жатқаны, сондықтан әрі-сәрі ахуалдың күшейе түспесе, әлсіремегені даусыз. Бұл күллі дүние жүзінде абыржушылық туғызуда. Бұрынғы Кеңестер Одағындағы процестердің бұдан әрі қалай өрбитінін бағдарлау – көптен бері әлем саясатшыларының «сүйікті» тақырыбына айналды. Фин саясатшысы Сеппо Реместің 1990 жылы Түрку қаласынан шыққан «Кеңестер Одағының болашақ дамуының ықтимал жөн-жобалары» атты кітабында Кеңестер Одағының келешегі «ашық нарық экономикасы», «жабық нарық экономикасы», «төрешілдік-либералдық даму», «хаостық даму» деп аталатын төрт қилы бағытта өрбуі мүмкін деген болжам айтады. Бірінші жолға түссе,– дейді ол,– Скандинавия елдеріне ұқсап, Батыстың көмегіне сүйене отырып, экономикасын түбегейлі өзгертеді; бұрынғы одақтан тек Ресей, Белорусь, Украина, Қазақстан арасындағы ықпалдастықты сақтап қалады; КОКП-нің билігін құлатып, ұлы державалық мәртебеден өз еркімен бас тартады. Ал екінші жол шеттің капиталына иек артпай, тек ішкі күштермен нарықтық қатынастарға көшуді, өкіметті, ұлы державалық мәртебені, шекаралар мен конверсия көлемін өзгертуде мейлінше абай болуды көздейді. Бұл екі жолдың екеуінің тұсында да 10–15 жылға дейін әлеуметтік, ұлтаралық шиеленістер бәсеңдей қоймайды. Үшінші жол ұлы державалық мәртебені, КОКП саяси билігін, КСРО-ны сақтай отырып, ішінара өзгерістер жасай отырып, нарыққа біртіндеп кешуді ұсынады. Қысқасы, қайта құрудың алғашқы бес жылындағы екі ұдай жағдайды сақтауды жақтайды. Бірақ, С. Реместің айтуынша, бұндай жағдайды көп болса, 50 жылға дейін созуға болады, бірақ оның ар жағында қоғам не кездейсоқ апатқа ұрынады, не капитализмге шұғыл бетбұрыс жасауға бәрібір мәжбүр болады. Ал төртінші жол, «хаостық даму», КСРО-ның ішкі экономикалық жағдайының мейлінше құлдырауы мен әлеуметтік қатынастардың мейлінше шиеленісуінен туындайтын еді. Монополиялардың жағдайы берік қалпында қалады, нарықтық тепе-теңдік әлсірейді, күрт өршитін, инфляцияға ұласатын тауар алмасатын табиғи айырбас етек жаяды... ел ішінде аймақтық протекционизм өрістеп, таможнялар (бәлкім бейресми жолмен) іске кіріседі, экономикалық қайшылықтардың асқынуы аймақтар арасында қақтығыс туғызуы ықтимал. Өндірілетін өнімдердің басым көпшілігі ресми жүйелерді айналып өтіп, көлденең жолмен сатылады. Инфляция ереуіл қозғалысын өршітіп, табиғи айырбасты күшейтеді, өндірістік тәртіптің жұқанағы да қалмайды... Сөйтіп, экономика тығырыққа тіреледі. С. Ремеске айтқызсаңыз, оқиғаның бұлайша өрістеуі қоғамда «жарылыс» туғызбай қоймайды. Ол ұлттық немесе халықаралық апат, мемлекеттік төңкеріс түрінде көрініс тауып, біржолата капитализмге бөт бұрғызуы ықтимал. Егер С. Реместің бұны 1990 жылы айтқанын ескерсек, онда ақиқаттан тым алшақ кетпегенін аңғарар ек. «Әлгі сценарий, С. Реместің айтуынша, күллі мемлекеттік меншікті жеке меншікке көшіреді. Компартияның өкіметі құлайды, державалық мәртебеден бас тартылады, кеңқарымды конверсия өрістейді. Кеңестер Одағының орнына жаңа орталығы бар Ресей Федерациясы орнайды». Фин ғылымыныц болжамынша, оқиғаның бұндай арнаға кешуі әлеуметтік қамсыздандырудан айырады, адамдардың табатын табыстарындағы кереғарлық ұлғаяды, жаппай жұмыссыздық пен кедейлік өрістейді. С. Реместің кітабы шыққаннан бергі екі жыл жағдайды бұрынғыдан да бетер қиындатпаса, түзеткен жоқ. Бұрынғы Кеңес қоғамының қазіргі халі әңгіме болған төрт жолдың алдыңғы үшеуінің үшеуіне де ұқсамайды. Ұқсаса, төртінші жолға көбірек келіңкірейді. Бірақ, бұл төрт жолдың ар жағында тұрған төрт мүдделі күштердің төртеуі де әзір жеңістен күдер үзген жоқ. Бүгін таңда істі түпкілікті өз пайдасына шығаруға ешқайсысының да күштері жетпейтінін біліп, төртеуі де осы бір итжығыс халді сақтай тұруға тырысуда. Бірақ, мұндай хаос мәңгілік ахуал болып қала алмайды. Ал, хаостың тағдырын көп жағдайда заңдылық шешпей, кездейсоқтық шешіп кететіні бар. Ең қорқыныштысы да сол. Өйткені, қоғамда сенім азайды. сенімнің азаюы бір жағынан торығушылықты, әлеуметтік енжарлықты күшейтсе, екінші жағынан саяси алаяқ, саяси жаны қас, саяси желөкпе күштерді желіктіреді. Бұл, түптің түбінде, әлеуметтік қатынастарды бәрібір шиеленістіреді. Байқап қарасаңыз, соңғы жетпіс жыл ішінде, жалпы алғанда, бұрынғы кеңес қоғамы, жекелей алғанда, әрбір кеңес адамы планетадағы өзге пенделердің қай-қайсысына қарағанда да идеологиялық қалыптамаларға (клишелерге) оңай сенетін, әлеуметтік прагматизм түсініктерінен мейлінше кенде, дербес шешім алу мен өз бетінше әрекет етуге мейлінше шорқақ екендігін әлденеше рет байқатты. Оның бәрін тек идеологиялық қысымнан көре беруге болмас. Одан гөрі де тереңірек тарихи, этнографиялық себептері де бар шығар. Қатаң табиғат бұрынғы Кеңес Одағын құраған халықтардың көбін бірігіп күресіп, бірігіп күн көруге мәжбүр етті. Сондықтан да олардың мінез-құлқында жеке мүддеден гөрі қауымдық мүддені жоғары қою, индивидуалистік пиғылдан гөрі көптің ыңғайына жығылу сипаты басым түсіп жатты. Соның нәтижесінде де батыстық, шығыстық деспотияның ең ұзақ сақталған аймақтарында тұратын бұл халықтардың саяси мәдениетінде жекебастық көзқарас, жекебастық баға өз дәрежесінде көріне алмай жатыр. Көптің ығында кету бұрынғы жағдайда қоғамдық көңіл күйдің ақылға сыймастай көнбістігін, сол арқылы орнайтын тұрақтылығын қамтамасыз етіп келсе, кейінгі жылдарғы сілкіністер ақылға сыймастай сенгіштік пен аумалы-төкпелілікті күшейтті. Турасын айтсақ, әсіре қауымшылдық бір-біріне тәуелділікті, ол көптің ыңғайына көнгіштікті, ал ол жоғарыдан берілер ақыл-кеңес пен нұсқауға сенгіштікті дамытты. Өйткені, кеңес қоғамын құрап келген адамдардың көпшілігі тарихи-мәдени жағынан идеялық-басыбайлылық рухында тәрбиеленгендер еді. Олардың өмірге деген сенімі, рухани тұрақтылығы, негізінен, әркімнің өз қабілетіне, өз мүмкіндігіне деген нақты сенімі мен нақты түсінігіне емес, қоғамдық даму ылғи да жақсылыққа қарай өрістейді, оны бағыттап отырған объективті күш бар, жоғары идеяларды да сол туғызады деген ұғымға негізделген еді. Бұл жағынан қарағанда, олардың қоғамдық сенімі ғылыми сенімнен гөрі мифологиялық сенімге көбірек келіңкірейтін еді. Ғылыми дүниетанымда бір сенімнен екінші сенімге көшу үшін қанша рухани күш-жігер жұмсау керек болса, мифологиялық дүниетанымда бір сенімнен екінші сенімге көшу үшін бір-ақ нәрсе – көпшіліктің қай ыңғайға жығылып бара жатқандығын уақтылы аңғарып отырудан басқа ештеңе қажет болмай қалады. Кейінгі жылдар бұрынғы кеңестік дүниетанымда мифке сенудің басым жатқанын байқатты. Сондықтан да ол кейінгі он жыл ішінде әлденеше рет эйфорияға түсіп, әлденеше рет аузы күйді. Бірінші рет, тоқырау тұсында герентократия кетсе, аса бай елдің бар мүмкіндігін пайдаланып, социалистік жолдың өзімен-ақ әл-ауқаты тасыған қоғам орнатуға болады деп дәмеленді. Андропов бастамаларына айрықша ықыласты болғандығы да сондықтан. Бірақ, көп ұзамай, біреудің соңынан біреу шырақ алып түсетін үрдіс қайта басталған кезде қоғамның шын мәнінде демократиялануын жақтайтындар көбейді. Бұл процесті КОКП өзі бастайды дегенге сенді. Горбачев билігінің алғашқы жылдарындағы энтузиазм содан өрбіді. Алайда КОКП өз бастамасын өзі дәйектілікпен қорғай алмай, реформаторлық жолға түспей, билікке таласатын күштердің өңшең бір ит жығыс сахнасына айналып кетті. Партия басшылығында болғандардың қазіргі Конституциялық сотқа берген айғақтарына қарағанда, тоқырау тұсындағы ахуалды бұрынғыша қалдыруға болмайтынын бәрі де қолданғанмен, оны қалай өзгертуге болатындығы жайында басы ашық байыптамалар ешқайсысында да болмағанын байқатады. Жоғарғы қабаттағы күрес ашық позициялар мен концепциялық тенденциялар арасындағы тартысқа емес, билік жолындағы тартысқа, жоғары лауазымды адамдардың бір-біріне деген әсіре секемшілдігі мен әсіре сенімпаздығынан туындайтын иті қылжыңдарға айналып кеткендігі де сондықтан болса керек. КОКП ұзақ жылдарғы дербес билікке әбден үйреніп, ішкі оппоненттер мен аппараттық ойындар арқылы, сыртқы оппоненттермен қағаз бетіндегі құрғақ дау арқылы есеп айырысып үйреніп, шынайы саяси күрес машықтарын ұмытып қалғандығы анық байқалды. Ол, әсіресе, соңғы съезд тұсында ерекше көзге түсті. Жұртшылықтың бұл партия әуелі өзін-өзі реформалап, сосын қоғамдық реформаларды ойдағыдай бастап кете алады деген сенімі азая бастады. Мәселені тамыз оқиғалары одан әрі ушықтырды. Ол тұста ашық позиция көрсете алмағандығы КОКП-ның беделін біржолата түсірді. Пәлен жылдар бойы ең ұлы державаның біреуін дербес билеп келген, миллиондаған адамдардың басын құрайтын партияның бірер күннің ішінде саясат сахнасынан аласталып шыға келуі, оған ешқандай арашашы күштердің табылмауы – бұл құрылымның өз ғұмырын әлдеқашан өзі құртып қойғандығын байқатса керек. Билік басына келгесін де, астыртын күрес жағдайында жүргендегі негізгі жарғылық қағидаларын өзгертпей, авторитаризм тұтқынында қалып қойған партия реформация тұсында да өз шідеріне өзі маталып, әуелі биліктен қалай айырылып қалғанын, артынан өз басына өзі сор тілеп алғанын өзі де байқамай қалды. Соңғы қырық жылдан астам уақыт бойына жеке адамға табынуды сөз жүзінде мансұқтап келе жатқан бұқаралық партия іс жүзінде бір кісінің айла-шарғысының соңынан салпаңдап ерді де отырды. Ондай құрылым күллі қоғам Конституцияға емес, партиялық жарғыға бағынатын жаппай басыбайлылық жағдайында болмаса, пікір әр алуандығы мен саяси позициялар әр алуандығы тұсында ел басқара алуы еш мүмкін емес еді. КОКП трагедиясының тағы бір сыры – тым орталықтандырылып жіберілгендігінде еді. Шын мәнінде, ол бұқаралық партия болмай шықты. Оның тағдырын санаулы адамдардан тұратын элита шешіп келген болды. Ал, миллиондардың партиялық бұқарасы солардың пиғылын көпшілік пиғылы қып көрсетуге бағытталған құлақкесті механизм ғана болып шықты. Сөйтіп, күні кешеге дейін өз қоғамымызға өнегелі еңбек етіп келдік деп ойлап жүрген миллиондаған жандар бірер күннің ішінде өз қоғамына өздері өгей болып шыға келді. Бұл – тек солардың ғана емес, күллі қоғамның моральдық ахуалына әсер етпей қоймайтын фактор еді. Ондаған миллиондаған жандарды сүтке тиген күшіктей қылуды армандайтын күштер күллі қоғамдық-психологиялық диссонансты күшейтпесе, бәсеңдетпейді. Біздің бүгінгі ахуалымызға коммунистік реваншизм қандай қатерлі болса, коммунистерге қарсы реваншизм де сондай қатерлі. Бірақ коммунизмнің идеялық та, практикалық та жеңілгені рас. Ең алдымен, өзі ұстанып келген қағидалардың өміршеңдігін дәлелдей алмады. Екіншіден, өзін жетілдіре отырып, қоғамды да жетілдірмек бастамасын аяғына дейін апара алмады. Сөйтіп, бұқара сенімінен айырылып қалды. Алайда, мұндай даусыз моральдық жеңілісті пайдаланып, бірден жойымпаздыққа ұрыну билік сахнасына шыққан жаңа күштерге тиімді болды деп айта қою қиын. Саяси монополизмді емес, конституциялық құрылысты, саяси доктрина үстемдігін емес, құқық үстемдігін жақтайтын күштер жойымпаздыққа бой алдырмағаны дұрыс еді. Ол қоғамның тезірек сауығуына, демократиялық үрдіске тезірек көшуіне қолайлырақ болатын еді. Кеңес адамдарының үшінші рет эйфорияға ұрынып, үшінші рет аузы күюі, міне, осы арадан, тамыз оқиғаларынан кейінгі желпіністерден басталады. Қазір бұл екі ортадағы өзгерістерді бір жақты әспеттейтіндер де, бір жақты мансұқтайтындар да толып жатыр. Бірақ нақты жағдай іске пайымдырақ қарауды талап етеді. Бұдан бір жыл бұрын, 1991 жылдың қазанында инфляция 6 процент, өндірістің құлдырауы жылына 15 процент, ақшаның курсы – 1 доллар 160 сом еді, ал биылғы қазанда инфлияция айына 28 процент, өндірістің құлдырауы жылына – 15 процент, курс – 1 доллар 368 сом болып отыр. Парламентаризм социолоғиясы институтының тарауларына қарағанда «өмірге риза еместер»: 27.02.92 – 65 процент, 05.03.92 – 68 процент, 12.03.92 – 69 процент, 19.03.92 – 73 процент, 29.09.92–62 процент, 15.10.92 – 71 процент болып отыр. Мәселен, мәскеуліктердің арасында тек соңғы бір айдың ішінде өзін кедейлік шегінен де төмен тұрамын деп есептейтіндер 42 проценттен 47 процентке өскен, орта деңгейде күнкөрісім бар дейтіндер 55 ироценттен 49 процентке дейін төмендеген, тек бар болғаны 1 процент халық қана өзін ауқаттымын деп санайды. Бәлкім, біреулер мұнда таңғалатын не тұр деп есептер. Э. Гидденстің есептеуі бойынша, 1987 жылы Ұлыбритания халқының 1 проценті жеке байлықтың 21 процентін, 5 проценті акциялардың 90 процентін, жалпы табыстың 16 процентін, ал халықтың тек жарымы бар болғаны акцияның 4 процентін және жалпы табыстың 5-ақ процентін иемденген ғой дер. Ал бірақ, сол елу процент халықтың кез келгені мен қазіргі өз өміріне риза емес жетпіс бір проценттің кез келгенінің орташа күнкөріс деңгейін салыстырып көріңізші, қайсысының пайдасына шығар екен?! Оның үстіне, дәулет кереғарлығы Ұлыбританияда ғасырлар бойы қалыптасты. Кейінгі ғасыр онда дәулет кереғарлығын түбірімен жойып жіберу жолында емес, халықтың әл-ауқатының орташа деңгейін көтеру жолында еңбек етті. Ал, біздің бұрын жаппай орташа қоңторғай күн кешіп келген қоғамымыз тез арада дәулет кереғарлығына ие боп шыға келді. Тағы бір ескеретін жағдай, тоқыраудың кейінгі жылдарынан бастап біздің қоғамымыздың барлық топтарында не тікелей, не жанама түрде капитализмді әспеттеу орын алды. Әлеуметтік құрылысты өзгертуге деген жалпы келісім де сол әл-ауқаттың тезірек жақсаруына деген жаппай сенімнің нәтижесінде қамтамасыз етілгенді. Оның орнына одан сайын құлдыраудың тап болуы күйзелісті күшейте түсері хақ. Не де болса, бүгінгі таңда тек экономикалық күйзеліс қана емес, үлкен әлеуметтік күйзеліс те бар. Жұрт тағы да сенімнен айырыла бастады. Кешегі сеніп келгендерінің көпшілігі тағы да әлеуметтік мифке айнала бастады. Тоталитаризмнің күйреуі демократияны орната салған жоқ. Кешегі билеуші топтар арасындағы тартыс бүгін билік институтының арасындағы тартысқа ұласты. Демократия әдейі мақсат болудың орнына билікке таласқан топтар мен саяси институттардың қолындағы күрес құралына айналып барады. Ондай күрес экономикалық талан-таражды күшейтпесе, азайтқан жоқ. Бұл күйзелістерді желеу етіп, қалыптасып отырған жағдайды өз пайдасына шешіп қалуға тырысатын күштер де аз болмай отыр. Біреулер бүгінгі қиындықтардың арқасында кешегіні, бұрнағы күнгіні, тіпті баяғыдағыны көксеушілікті күшейтуге тырысып бағуда. Екінші біреулер кейінге жүрмей, ілгері ұмтылуға үндейді. Бірақ тезірек өркениетті ел болу үшін жаңа авторитаризм, өркениетті авторитаризм керек дейді. Коммунистерден кейінгі өркендеуді қамтамасыз ету үшін де тегеурінді режимсіз болмайды дейді. Бұл екі қисынның ар жағында да сол баяғы империялық даңғойлықты қайта тірілту мақсаты жатқанын аңғару қиын емес. Өткенді аңсайтындар не кешегі Одақты, не большевиктерден бұрынғы империяны қайта тірілткілері келетіндіктерін жасырып жүрген жоқ. Ал, жаңа тегеурінді режимді жақтайтындар кешегі кеңес империясының орнына Еуразия Құрама штаттары сипаттас жаңа Өркениетті Империя орнатудан кет әрі еместігі байқалады. Не де болса, олар бұрынғы кеңестік саяси кеңістіктегі демократиялану, өзін-өзі билеушілік процестерін бұдан әрі тереңдетуге құлықты емес. Батыс зерттеушілерінің бұдан бірер жыл бұрын болжамдаған сценарийлері бұл салада да әлі белгілі бір айқындыққа жете алмай отыр. Варшава университетінің профессоры Ежи Вятр былтыр шыққан «Күні батқан күйе, Шығыс Еуропадағы демократиялық социализмнің тарихы мен болашағы» атты кітабында бұрынғы социалистік жүйедегі елдердің жағдайы енді мынандай жолдармен өрбуі ықтимал деген болжам айтады: Бірінші жол – көп партиялы, алуан пікірлі демократия бастапқы кезде болмай тұрмайтын тартыстар мен қайшылықтарды жеңіп, батыс еуропалық демократия сипаттас үрдіске көшеді. Алғашқы кездегі әртекті оппозициялық қозғалыстар салауатты партияларға айналып, саяси өмір сабасына түседі. Әуелі оңшыл және оңшыл орта партиялар қызу қолдау тауып, кейін мүдделердің мейлінше саралана жіктелуіне байланысты биліктер құрылып, олардың өзара өкімет алмасуы тәжірибеге енеді. Мұндай тәсіл жүзеге асуы қиын болғанмен, демократияны құлатпайды. Бірақ, бұл жолдың Кеңес Одағы, Югославия, Чехо-Словакия секілді құрама мемлекеттерде өте үлкен кедергілерге кездесуі мүмкін. Екінші жол – қоғамдық-экономикалық күйзелістің күшеюі, ұлт мәселесінің уақытылы шешілмеуі, автократиялық саяси күштердің, әсіресе кек қайтаруға тырысушы күштердің тарапынан ұдайы қысым көрсетілуі мемлекеттік төңкерістерге, көше соқтығыстарына, төтенше жағдайларға ұрындыруы кәдік. Латын Америкасы, кейбір Азия, Африка елдері тәжірибесі көрсеткендей, мұндай саяси әуре-сарсаң ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Әсіресе қару пайдадану оқиғаны «ливандандырып», азаматтық соғысты тұрақты ахуалға айналдырып жіберуі ғажап емес. Үшінші жол – автократиялық режим орнауы. Ол теориялық жағынан мынандай үш жолмен: кешегі коммунистік тоталитарлық режимнің қайта оралуымен, әскери диктатура немесе ұлтшылдық бағыттағы режим орнатуымен жүзеге аса алады. Төртінші жол – авторитарлық режимнің демократиялық социализммен алмасуы. Мұндай режим жерге пейіш орнатпақшы қиялдан саналы түрде бас тартады. Аралас экономиканы дамытады. Меншік саласында қоғамдық меншік басым түседі. Экономика нарықтық қатынас қағидалары негізінде дамиды. Мемлекет экономикаға тек әлеуметтік әділет мақсатында ғана аралас алады. Мемлекеттік меншік сақталғанмен, оған өкімет билік етпейді. Кәсіпорын дербестігі қадағаланады. Бұл жолдың ықтималдығына Батыс Еуропадағы социалистік партиялар мен кәсіподақтардың жеңісі дәлел бола алады. Бірақ, бір кездегі «кемелденген социализм» қалған жағымсыз әсерлер аталмыш үрдістің жеңіске жетуіне көп кедергі болатыны да сөзсіз. Бүгінгі таңда реформа бұл төрт арнаның төртеуіне де анық түсе қойған жоқ. Экономикалық реформа жүргізудегі асығыстық пен дүдәмалдық әлеуметтік күйзелістерді күшейте түсуде. Ол күйзелістердің шамадан тыс асқынуы аталмыш әрі-сәрі хәлді одан әрі созып жібере ме, жоқ оқиғалардың даму барысын әлгі жолдардың біріне, не бүгін ешкімнің көкірегіне әлі қонақтай қоймаған басқа бір жолдарға түсіріп жібере ме – оны кесіп-пішіп айту мүмкін емес. Біздің басымызға тәуелсіздік құсы, міне, осындай алмағайып кезде қонып отыр. Оны қайта ұшырып алмаудың, аңсаған арманымыздан қайта айырылып қалмаудың жолдары бар ма? Бар болса – қандай?

3. ИӘ, ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЖОЛЫ ЖІҢІШКЕ, ЖҰП БАТПАН ЕКЕН....

Олай болатыны, ол орасан мықтының әбден ойсырауы арқасында ғана жүзеге асатынын жоғарыда айттық. Бір жағынан күйреп жатса, бір жағынан орнап жатады. Бір жағынан күйзелгеніңмен, екінші жағынан тәубе деуіңе тура келеді. Көңілге дәт қылатының да сол. Ең жаманы – үміттің үзілгені ғой. Құдайға шүкір, біздер үшін ондайдың беті аулақ. Күйзелгенде көбіне неден күйзеліп жүрміз? Экономикалық таңқылық пен тапшылықтан, әлеуметтік әрі-сәріліктен, саяси екіұдайылықтан. Ең бастысы, соның бәрінің біздің ырқымыздан тысқары болып жатқандығынан. Біліп отырып, білгенімізді жүзеге асыруға мүмкіндік тумай қойғандығынан. Ал, бірақ, тереңірек ойлансақ, күйреген жерде күйзелістен басқа не қалушы еді?! Күйзеліске дейін құлдырамаса, жарты жаһанды жамбасына басып отырған империя құлар ма еді? Ол құламаса – ғасырлап күткен тәуелсіздігіміз орнар ма еді?! Ендеше, соған шүкіршілік етелік те, енді қайтпек керек екендігін мықтап ойланайық. Ол үшін өткен-кеткенге де, бүгін жан-жағымызда не болып, не қойып жатқанына да байыптай көз салайық. Тарихта тап бұлай боп отырғаны бірінші рет емес. Қазіргі тәуелсіз мемлекеттердің көпшілігі әлемдік империялардың куйреуі нәтижесінде пайда болды. Ол әдетте әлемдік үстемдікке ұмтылған астамшылдықтың тым асқынып, ішкі қарсылық пен сыртқы қарсылықтың тым күшейіп кеткен кезеңдеріне тап келеді. Мұндай ахуал, көбіне көп, не дүниежүзілік соғыстар нәтижесінде, не былайғы дүниеге қауіп төндіре бастаған тоталитарлық үрдістің басына іс түскен кезеңде орнайды. Еуропаның, Африканың, Азияның көптеген елдері екі дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде тәуелсіздікке ие болса, Латын Америкасы елдері әлгі соңғы айтқандай оқиғалар тұсында азат болды. Шығыс Еуропа мен Кеңестер Одағы құрамында болған мемлекеттер басындағы ахуал да осы соңғы мысалға келіңкірейді. Бірақ империя түзағынан енді-енді құтылған елдердің басында болатын жалпы ахуалдың арасында тап анау айтқандай айырмашылық бәрібір бола қоймайды. Екі жағдайда да енді тәуелсіздік алған елдердің тартатын қиыншылықтары көбіне бірдей. Сондықтан да біз тәуелсіздікке бүгін ие болып отыр екенбіз деп, ондай мәртебеге бұрын жеткен елдердің тәжірибесіне иек артпай отыра алмаймыз. Ол біреудің тағдырын солайымен қайталап шығу деген сөз емес, өз басымыздағы көпке тереңірек түсіну үшін, одан туындайтын шешімдер мен шараларды қапысыз нақтылай түсу үшін қажет. Сонымен, тәуелсіздік алған мемлекеттер мұндай кезеңде қалай әрекет еткен еді? Біреулері тәуелсіздік ала сала өз ішінде кешегі отаршылдық тұсында кімнің қандай мінез танытқаны үшін өзара есеп айыруға көшті; сондай дау-дамайдан абырой тауып, сол арқылы билік алуға тырысқан іріткі күштердің ырқында кетті. Бұл азамат соғысына ұрындырды. Екінші біреулері бұрынғы метрополиямен шұғыл есеп айырысуға кірісіп, онымен ашықтан-ашық қырғи-қабақ саясат ұстанды. Бұл жаңа отаршылдық (неоколониализм) қаупін күшейтті. Үшінші біреулері сөз жүзінде тәуелсіздік алғанмен, іс жүзінде бұрынғы метрополияның жетегінде жүре берді. Мұндай жандайшап саясат бүгін болмағанмен, күндердің күнінде тәуелсіздіктен қайта айырылуға мәжбүр етуі мүмкін. Төртінші біреулер бұрынғы одақтастарына атымен кереғар одақтастардың бауырына кіруге асығады. Ондай оңай жалтармалық әлемдік геосаяси шытырмандар мен шырғалаңдардың көзсіз тұтқынына айналдырып жіберуі де ғажап емес. Бесінші біреулер тәуелсіздіктің жөні осы екен деп, есік-терезесін бірдей қымтап алатын томаға-тұйықтыққа түседі. Ондай мемлекеттердің оңай нығайып, тез арада құлпырып кете қойғанын ешкім көрген емес. Өйткені, дүниеде еш мәселеде ешкімге ісі түспейтін, бәрі өзінен табылатын, төрт жағы төрт құбыла мемлекет жоқ. Алтыншы біреулер тәуелсіздігін пайдаланып, аймақтық астамшылыққа ұрынып, жан-жағына тиісіп, жергілікті жанжалдарға бой алдырады. Ондай мемлекеттер жақын көршілері үшін сүйкімсіз, былайғы дүние үшін сенімсіз болып шыға келетіні бесенеден белгілі. Жетінші біреулер алыстағыларға иек артып, жақындағыларға мән бермейді. Мұндай тәкаппарлық та аймақтық ұрыншақтықтың кигізетін кебін кигізері сөзсіз. Сегізінші біреулер тек шектес көршілерінің ғана қас-қабағына қарап, былайғы дүниемен ықпалдаса алмайды. Ол аймақтық томаға-тұйықтықтың көзсіз көбелегіне айналдырады. Тоғызыншы біреулер тек діни-мәдени тамырластық немесе таптық сипаттағы ыңғайластыққа бір жақты бой алдырады. Бұл жол діни-мәдени жікшілдік пен таптық жікшілдік матауында қалдырып, былайғы дүние тарапынан мүдделестік пен құлықтылық тапқызбайды. Оныншы біреулер қалыптасып отырған тарихи жағдайды пайдаланып, өзінің табиғи, әскери, саяси, геосаяси, экономикалық мүмкіндіктерін дәл мөлшерлеп, соған лайық сыртқы ықпалдастыққа ұмтылып, ішкі жарастықты ыждаһаттайды.

Бұл жол іште ынтымақ орнатып, сыртқы дүние тарапынан шынайы ықылас оятады. Алдыңғы тоғыз жолдың жас егемендіктердің қалай тауын шаққандығына екінші дүние жүзілік соғыстан кейін тәуелсіздік алған мемлекеттердің өмірінен талай мысал тауып беруге болады. Ал, оныншы жолға түскендердің тап өйтіп ауыздары күйе қойған жоқ. Басқаны айтпағанда, күйрей жеңілген Германия мен Жапонияның өзі айналасы жиырма жылда экономикалық кемелділігін, отыз-қырық жылда саяси дербестігі мен тұтастығын қалпына келтіре алды. Егер кешегі айрылып қалғанын ойлап, әсіре кекшілдікке, халқының саны мен тарихының байлығын ескеріп, әсіре шамшылдыққа ұрынса бұл жағдайдың ешқайсысына да жете алмас еді. Онымен қоймай, әлемдік тайталасты одан әрі ушықтырып, қырғи қабақ ахуалдың бүгінге дейін созылуына себепші болар еді. Бұл екі мемлекеттік екеуінде де өзара есеп айырысуға сыртқы ортамен қайтадан есеп айыруға шақырған кекшіл күштер де, оған еруі ықтимал күштер де табылды. Бірақ, саяси ұстамдылық пен көрегендік басым түсті. Олар ұстанған саяси прагматизм өз жағдайларында дүниежүзілік саяси ахуалды да жақсартып алуға мүмкіндік берді. Біздіңше, кейінгі жылдары тәуелсіздікке ие болған мемлекеттер де осы оныншы жолды – саяси прагматизм жолын ұстанғаны жөн болыңқырайтын сияқты. Прагматизм – әрине, максимализм емес. Пәлен ғасырлар бойғы кетіп келе жатқан есе бірер жылда қайтпайды. Ендеше, кекшілдік өзіңе де, өзгеге де шөп шығармайды. Асығыстықтың да тапқызар абыройы шамалы. Әлің жетпес мақсат қойсаң, ертең өзіңнің қаралай сілең қатады. Былайғы жұртқа күлкі боласың. Ал, саясатта да абырой керектігі әркімге-ақ мәлім. Прагматизм – бірақ не болса, соған иліге беретін соқыр көнбістік те, не болса, соны шүкіршілік ететін жайдақ тәубешілдік те емес. Оған да тәуекел керек. Алайда, өз мүмкіндігің мен қалыптасып отырған жағдайдың сәті мен ыңғайын дәл мөлшерлеп, дәл үйлестіре алатын икемшіл тәуекел керек. Мақсатынан қайтпайтын, бірақ сол жолда тек ұпай жіберіп алмайтын ұрымтал әрекеттерге ғана иек артатын тәсілшіл тәуекел керек. Ондай тәуекелге, ең алдымен, сабыр мен шыдам қажет. Ол екеуі өзіңнің де, өзгенің де жағдайы мен жай-жапсарын әбден пайымдап алуға мүмкіндік береді. Осы реттен келгенде, әсіресе, Қазақстанға саяси прагматизм қағидаларын ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да табандылықпен ұстанбасқа жағдай жоқ. Оның орналасқан жері де, ішкі демографиялық ахуалды да, табиғи ресурстары да тек соны талап етеді. Өйткені, Қазақстан аса бай табиғи ресурстары болғандығына, олардың тек өзін-өзі қамтамасыз етуіне ғана емес, әлемдік экономикада елеулі орын иемденуше мүмкіндік бере алатындығына қарамастан күні бүгін бірден өз күнін өзі көріп кете алмастай халде. Бұған дейін экономикасының жеті-ақ процентін өзі қадағалап келген алдамшы дербестік Қазақстанды тұтынатын бұйым шығару жағынан да, азық-түлік өңдеу жағынан да, технология мен энергетика жағынан да басқа аймақтарға мықтап тәуелді етті. Шикізат өндіруші аймаққа айналды. Сол шикізат өндіретін технологияның өзі де бүгін әбден ескірді. Инфрақұрылымдардың жабдығы да әбден тозған. Өз ақшасы жоқ. Қаржымен қамтамасыз етілуде бөгде станокқа ғана емес, бөгде өлшемдік жүйеге де, демек бөгде бағалық саясатқа да тікелей кіріптар. Мұндай жағдайда экономикалық дербестік бір күнде қалай орнай қалмақшы?! Қазақстанның жері батыстан шығысқа үш мың шақырымға, солтүстіктен оңтүстікке екі мың шақырымға созылады. Шекара сызығының ұзындығы он үш мың шақырымға жуықтайды. Сонша шекара бойында не шалқар теңіз, не асу бермес тау сияқты табиғи кедергілер жоқ. Бәрі де жылмиған жазық. Мұндай шекараны тиісті дәрежеде күзетіп тұрудың өзі үшін қанша адам, қару, техника қаржы керек?! Бұған Қазақстанның қазір дүние жүзіндегі қай мемлекеттің де көзін қызықтыратын минералдық байлықтардың ең мол қордаланған аймағы екенін қосыңыз. Ондай аймақ шетте жатқандығын ежелден бір-бірімен тайталасып келе жатқан екі әлемдік империяның екеуімен де шекаралас жатқанын ескеріңіз. Ендеше, мұндай бірінші дәрежедегі стратегиялық кеңістікті қорғау үшін бұрынғы Кеңестер Одағы секілді милитаристік елдің қанша әскер, қанша қару-жарақ ұстауға мәжбүр болғанын өзіңіз есептей беріңіз. Ал онымен тайталасып келген көрші ірі мемлекеттің бұл шекараға қанша әскер, қанша қару-жарақ төгетіні айтпаса да түсінікті. Бұл екеуі жетпегендей, республиканың күнгей жағындағы таяқ тастам жердегі әскери-саяси ахуалға назар салыңыз. Нағыз соғыс аймағы. Мұндай жағдайда түпкілікті қорғаныс дербестігі жайында қалай сөз ете аласыз? Тарихи тәжірибенің айтуынша, мемлекетгік төуелсіздіктің мықтылығының ең бір сенімді кепілі – халқының этникалық бір еңкейлігі. Қазақстандағы ғасырлар бойы бірде дербес, бірде басқаларға кіріптар, бірде басқалармен одақтас жағдайда өмір сүріп келе жатқан мемлекеттің тарихи егемендері, заңды құқ иелері болып келе жатқан қазақтар қазір өз елі, өз жерінде 42 проценттен зорға асады. Қалғандары – тек осы ғасырдың ішінде ғана жан-жақтан өз еркімен, не еріксіз кешіп келген бөгде 130-дан астам этникалық топтардың өкілдері. Дін, тіл, мәдениет жағынан ала-құла. Бірақ, өз территориясынан шалғай жүрген халықтардың қай-қайсысы сияқты олар да өз тіл, өз мәдениетімен қоса екінші бір ортақ тіл, ортақ мәдени үрдістерге бейімделген. Ондай тіл, ондай мәдениет ретінде өздері көшіп келген жаңа аймақтың табан жұртының тілі мен мәдениетін алмай, оның өзі құрамында болып келген бұрынғы одақтың ең көп, ең басым ұлтының тілі мен мәдениетін таңдап алған. Бұл тек бұл ма? Түпкілікті емес этникалық топтардың басым көпшілігі шектес-шекаралас жатқан мемлекеттерден шыққан. Олардың сыртында өздерінің тарихи отандарынан күллі ұлтымен күштеп айырылғандар, өздерінің ұлттық-территориялық дербестігін әліге дейін қалпына келтіре алмай жүрген этникалық топтар қанша? Оларды мұндай халге ұшыратқан мемлекет жойылды. Енді олар әлгі заңды талаптарын кімге қоймақшы? Мұндай жағдайда қандай демографиялық бір өңкейлік, бір ыңғайластық жөнінде дәметуге болды?! Еуроазияның қақ кіндігіне орналасқан Қазақстанды бүгін таңда қай жағынан да әбден қалыптасып үлгерген орнықты саяси режим қоршап тұрған жоқ. Теріскейі мен батысы

— әлі демократия жағына мықтап шығып болмаған, кешегі коммунистік империя мен аяғы патшалық монархия үрдісін қайта орнатуды армандайтындардың күшті қоқан-лоққыларына бірдей ұшырап, әрі-сәрі хәл кешкен үлкен ел; күнгейі – енді-енді қаз тұрып келе жатқан, бірақ анық-танық саяси келбетін әлі тауып болмаған балаң мемлекеттер, ал олардың әлі бір жағынан – діни фундаментализмнен, екінші жағынан – шығыстық деспотиялық саяси дәстүрлерден, үшінші жағынан – ұлтараздығынан уақтылы қол үзіп үлгермеу салдарынан қиындықпен келген тәуелсіздіктің жемісін әлі жей алмай, орнықсыз ахуалда отырған елдер; шығысында – қайдан қайда бағыттап бара жатқанын әлі басын ашып айта қоймаған, халқының саны жағынан дүние жүзіндегі ең үлкен мемлекет.

Бұндай жағдайдағы жаңа мемлекеттік геосаяси ахуалының қаншалықты күрделі болатыны айтпаса да түсінікті. Бір кезде Қазақстанның отаршылдықтан ең көп зардап шегуіне мәжбүр еткен де оның осы геосаяси орналасуы еді. «Бұл қонысқа қондырған ата-бабам оңбасын тауда сират басында»,– деп Махамбет ақын күйінгендей, ашынса ашынатын-ақ жағдай. Тап сол жағдай Қазақстанды батыс отаршылдығының алғашқы құрбандығына айналдырды. Тап сол жағдай Қазақстанның демографиялық келбетін елден алабөтен ала-құла етті. Тап сол жағдай қазақ ұлтының ұлттық болмысына да ауыр зардаптар салды. Тап осы жағдай бүгінгі Қазақстанға төніп тұрған жаңа отаршылдық қаупінің былайғы мемлекеттердің қай-қайсысына қарағанда да мейлінше зор екендігін байқатады. Тап осы жағдай қазір саяси прагматизм былайғы мемлекеттерге жүз есе керек болса, Қазақстанға мың есе керек екендігін түсіндіреді. Олай болса, бұрынғы тәуелсіз мемлекеттер бастан кешкен жоғарыда айтылған жолдардың алғашқы тоғызы Қазақстанға атымен келмейді. Ол жолға түскендердің шеккен тауқыметі Қазақстан жағдайында тым шектен асып кетуі ықтимал. Егер ол өз ішінде өткен үшін есеп айырысуды бастаса, ұлтаралық тыныштықтан да, ұлтішілік тыныштықтан да бірден айырылады. Кекшілдіктің кез келген көрінісі түпкіліктілер мен түпкілікті еместердің қақ жарылып, қарсылас майдандарға бөлініп кетуі мүмкін екенін әлденеше рет аңғартып жүр. Ол ұлт ішілік бірлікке де орасан нұқсан келтіреді. Пәлен ғасыр отаршылдықта болған елдің басындағы билеуші топтардың қай-қайсысы да ұлан байтақ елдің қай аймағының да көңілін бірдей тапты деп ешкім айта алмайды. Оның үстіне отаршыл саясат қай ұлттың болмасын өз ішіндегі қайшылықты шебер пайдаланатыны белгілі. Көп ғасыр бойына көшпелі мал шаруашылығын үрдіс еткен елдің жинақы отыра алмағаны рас. Әрқайсысы әр пұшпақта шашырап жүріп, отырықшы елдердегідей бір-бірімен мидай қайнасып, араласып кете алмағаны тағы белгілі. Сондықтан да, оның бойында қоныстық, тектік жіктелудің жікшекарасы әліге дейін анық сайрап тұр. Патша да, кеңес диктатурасы да бұл сипатты шебер пайдаланды. Біреуі аталастыққа қарап ауыл, болыс, уезд құрды, жүзіне қарап әрқайсысын әр губернияға бағындырды. Екіншісі, тап сол қағиданы басшылыққа ала отырып, колхоз, совхоз, аудан, облыс құрды, кадр іріктеді. Қазақ екеуінің тұсында да «бір-біріне көз алартудан», «бір-біріне айдап салушылықтан» арыла алмады. Енді соның бәрі қайта қопсытылып, ежелгі инстинктер қайта оянар болса, меншік бөлісу мен билік бөлісудің қайта қызып жатқан көзінде баяғы суға талас, қонысқа талас, шарға талас қайта тірілсе, қазақтың соры бұрынғыдан да қалыңдап шыға келеді. Оның үстіне қазақ сүйегіне кеңес жылдарында ғана салынған жаңа жік жаңа дақтарды қосыңыз. Жеті миллион қазақтың бәрі коммунист болған жоқ. Болмағандары да бар. Бәрі бірдей номенклатураға іліккен жоқ. Ілікпегендері де бар. Бәрі бірдей қазақша оқыған жоқ. Орысша оқығандары да бар. Бәрі бірдей өз қандасына некелескен жоқ, басқа тектермен қойындасып кеткендері де аз емес... Қазіргі жаппай тайталас ахуалды желеу етіп, болғандар мен болмағандар, сенгендер мен сенбегендер, іліккендер мен ілікпегендер, қалада туғандар мен ауылда туғандар, қазақша оқығандар мен орысша оқығандар, «тазалар» мен «шаталар», тағысын тағылар боп, өзара сілкілесіп кетсек, елдіктен не қалады, егемендіктен не қалады? Қазақтың жерін кең қылып берген тағдыр, соған байланысты сорын да аз қылып бермеген. Шөлі де, нуы да, құйқалысы да, тақыры да аз емес. Біреуінде өзі отыр, біреуінде өзгелермен аралас отыр, біреуінде өзі басым отыр, біреуінде өзге басым отыр. Қазіргі әлеуметтік экономикалық жіктелуде бұл да ескерілмей қалмайды. Осыншама кең байтақ аймақтың бір пұшпағы құлпырып, екінші пұшпағы құлазып тұр. Ауыл мен қала тұрғындарының көрген нәпақасы мен тартар тауқыметі бірдей емес. Бәрі де көзге ұрып тұрған қайшылық. Дүние жаратылып, су аққалы құдай да, пайғамбар да, хандар да, патшалар да, социализм де, қайта құру да бір жағына шығара алмаған бұл қайшылықтарды әлі қаз тұрып болмаған тәуелсіздігіміз қайдан бір күнде бір тегіс қып жөндеп шыға алсын?! Егер қайсымыздың да шымбайымызға бататын осы бір келеңсіздіктің әрқайсысын әрқайсымыз айтып, ұрандап шыға келсек, көп тауқыметін енді түсініп, көрінгенімізді көктен түскен Қазіреті Әлідей көріп отырған көңілшек халқымыз бала-шағасының аузынан жырып, әрқайсымыздың қалтамызға бір-бір миллионды салып, бір-бір қоғамдық қор мен қозғалысқа басшы қылып шыға келеді. Бірақ, ондай жолмен қай шөлді көл етіп, қай қырсықтың алдын бөгей алып жатырмыз? Айтсақ, баяғыда болып, бояуы сіңіп кеткендерді айтып, абырой тауып жүрміз. Ендеше, ел басындағы әралуан сорды айтып, бір-бір желмаяға мінген бір-бір Асанқайғыдай бет-бетімізге зарлап, кісі басына бір-бір партия құрып алғаннан не ұтамыз? Кешегі бірлікті, нағыз топтасқандықты көрсетеміз деп жаппай ауыз ашпай қалғандығымыздың заңдастырылған құлақ кесті құлдық болып шыққаны сияқты бүгінгі кісі басына бір-бір ту ұстап, ұйым құрып, ұрандап шыға келгеніміз де ертең заңдастырылған алауыздық болып шығып жүрмесіне кім кепіл бола алады? Өзгеге дегенде жым-жырт басымыз өзіміз дегенде осыншама айқайшыл болып кететініміз қалай осы? Ұйымдассақ, ұйтқымыздың қойыла түсуі үшін, халқымыздың құлағы тыныш болу үшін ұйымдасқан жөн емес пе? Бар қозғалыстарымыз бен партияларымыздың саяси белсенділігі мен салиқалылығын арттырып, алдағы сайлауларда ұпайымызды жібермеуге әзірлей білсек, соның өзі-ақ дәтке қуат емес пе? Қысқасы, тәуелсіздігіміз бекем болсын десек, Қазақстанда да, қазақта да бірлік болғанына тырысуымыз қажет. Ол үшін қауым болып, өз ұйытқысын өзі шайқамайтын парасат жолында қам жегеніміз дұрыс. Ал мемлекетіміз сол ұйтқыны қалыптастыра алатындай ұқыпты саясат жүргізуге міндетті. Ол үшіы ұлт пен территорияның барлық құрамдас бөліктерінің бәрінің де мүдделерін бірдей әділ ескеріп отыруға күш салғаны шарт. Өйткені, егемендіктін ең үлкен жаулары – жікшілдік те, алауыздық та тек әділетсіздіктен өрбиді. Баяғыдан бері келе жатқан көне өкпе-бопсаларға жаңа желеу, жаңа сылтау іздей бергеннен ұтыларымыз көбеймесе, ұтарымыз көбеймейді. Ол ұстамдылықты емес, желөкпелікті күшейтеді. Ал ондайдың кейде онсыз да қолы қышып, жаланып отырған жаңа отаршыл, ізі суымай тұрып, кек қайтарғыш пиғылдардың қолдарына өзің барып бомба ұстатқандай болып шығып жатқан жерлері де аз емес. Егер жоғарыда сөз болған тоғыз жолдың екінші жолына түсіп, бұрынғы метрополиямен есеп айырысуға тырыссақ, қатерлі қуғыншыдан енді-енді құтылдым ба, жоқ па деп отырған қоянның, соңындағы қасқырдың сурініп құлағанын көріп, қасына қайта жүгіріп барып, құлағынан тартып ойнағанындай болар еді. Ашулы да, азулы империя жеңілген сайын ызақор, жеңілген сайын кекшіл болатыны естен шықпасын. Ендеше әлгіндей еркелікті мультфильм көтергенмен, саясат көтермейді. Оның үстіне біздің бұрынғы метриполиямызда империяны көксейтін, ол үшін кек қайтаруға ынтық күштердің көп екені және аз ықпалға ие емес екендігі көрер көзге көрініп тұрғаны ақиқат. Олардың қайта-қайта сыртта жүрген миллиондаған отандастарды айтып қақсауы да тегін емес. Бір кезде бірнеше жүз орыс жауынгерін тұтқында ұстап отыр деп өздері таратқан лақапты өздері желеу етіп, Қазан мен Хиуаға басып кірген империалистік психология кез келген қандасының кез келген өкпе-бопсасын малданып, кез келген авантюраға бара алатындығы байқалмай қалып жүрген жоқ. Бұл мәселеде шорқақтар санатына қосыла қоймайтын маман, бұрынғы АҚШ министрі Дж. Шлессинджердің жуырдағы «Литературная газета» тілшісімен әңгімесінде (14.10.92): «Басқа республикалардың үкіметтеріне өздеріндегі орыс азшылықтарына жақсы қарау керек екендігін, өйтпей, орыс азшылығына жаман қарап жүрсе, өртке өздері май құйған болып шығатындарын ескеріп қою керек»,– деуі де сондықтан. Оның сұхбаттасы белгілі саясатшы З. Бзежинскийдің тәуелсіз мемлекеттердің әлденеше себептер бойынша Ресеймен біреулерінің тығыз, біреулерінің өте тығыз, ал біреулерінің атымен аулақтанушылық қарым-қатынас ұстануға мәжбүр болып отырғанын мойындай келіп, олардың ұлттық санасының оянуы мен тәуелсіздікке қақылы екенін айғақтай келіп, шекараларының ашық болуын, сауда-саттықтарының еркін болуын, экономикалық қарым-қатынас, транспорт пен байланыс жүйелерінің үзілмеуін жақтайтындығы да осыдан. Неге өйтеді? Үлкендердің үлкендерге іш тартуы ма? Ол да бар шығар. Бірақ, олар бұрынғы Кеңестер Одағы территориясының тездетіп демократиялық кеңістікке айналғанын қалайды. Ал бұрынғы доминиондармен екі ортадағы кез келген текетірес Ресейдегі солқылдақ ахуалды империяшылдық пен кекшілдік жағына ауытқытып жіберуі ғажап емес. Ол аталмыш кеңістіктің демократиялануына кедергі келтіреді немесе мүлдем кейінге қалдырып қояды. Ол Ресейдің де, көршілердің де пайдасына шықпайды. Ресей демократиядан айырылса, көршілерінің тәуелсіздіктеріне тікелей қауіп төнеді. Бұл – бүгін таңда бұрынғы Кеңес Одағы аймағында тұратын әрбір саналы адамға бірден түсінікті аксиома. Сондықтан да, Қазақстан өзінің тарихи көршілерінің ешқайсысымен де, әсіресе Ресеймен қырғиқабақ қатынас жүргізуге мүдделі емес. Керісінше, онда демократиялық үрдістің жеңіп шығып, баянды тату көршілік орнауына мүдделі. Бірақ үшінші жолға түсіп, бір ыңғай жандайшап саясат ұстанғаннан да ұшпаққа шықпайтынымыз тағы белгілі. Ол қазірдің өзінде көрініп тұр. Экономикалық реформада, баға саясатында метрополия өз ықпалын күштеп таңып отыр. Соның қырсығынан Қазақстан тұрғындары өз мүмкіндігіне лайық өмір сүре алмай, ортақ баға кеңістігіндегі қолдан жасалған қымбатшылықтың құрбаны болып отыр. Метрополия өз бортынан суға түсірілген шлюпкаларды арқанын үзбей жатып, сүйрей қашқан кемедей жас егемен мемлекеттерді көздерін ашар-ашпаста экономикалық келеңсіздіктердің сұрапыл толқындарына тұншықтыра бағуда. Мұндай ырықсыз ықпалды ырықтандыру үшін ортақ экономикалық кеңістік ортақ аңша, олардың барлық жаққа бірдей тиімді жүйесі жолында амалсыз күресуге тура келеді. Әйтпесе, осы бағытпен тұңғиық түбінен бір-ақ шығуың мүмкін. Оны түсінбей, «Ресейге неге осынша кіндігіміз байланып қалды»,– деп күйзелетіндер ниеті дұрыс болғандарымен, қалыптасып отырған жағдаймен есептескісі келмейтін адамдар. Ал енді төртінші жолға түсіп кетудің әлгіндей жағдайда атымен мүмкін емес екенін былай қойғанда, ол бағзыдағы бір ақын ағамыз айтқандай, ақ аюдан қашып, қара аюдың бауырына барып тығылу сияқты көрінер ме еді. Егер екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көптеген тәуелсіз мемлекеттер әлгіндей етсе, ол кезде екі әлемдік жүйе болды. Капитализмнен бозінгендері социалистік жолды жақтады. Ал қазір ше?! Жаңағы айтқандай, ақ аюдан қара аюға ма? Екеуінің де түрі бөлек болғанымен, түбі аю ғой. Бесінші жол – «томаға тұйықтық» жолы бүгін таңда экономикалық дербестікке де, дербес қорғанысқа да жағдайы жетпейтін жас мемлекет үшін бесікте жатып-ақ асылып өлумен бара-бар құбылыс болар еді. Сонда немене? Көршілеріміздің бәрі де елден ерен ірі екен деп, қай-қайсынан да санымыз кіші екен деп, бұға берсеқ қалған жұрт соны дұрыс ұға қояды деп ойлайсыз ба? Жарайды. Ұқпай-ақ қойсын. Сонда ұқпағанда өзіміз барып ұрынуымыз керек пе? Әлде ешқайсысымен де шаруам жоқ деп теріс қарап отырып аламыз ба? Мүдделестік тапса, ісі түссе, сенен үлкен, сенен күшті бәрібір сені тыныш қоймайды. Күшті мен көп өз дәмесіне жетудің жолын бәрібір таба алады. Сондағы амал қайсы? Амал сол – өзгелердің сенімен мүдделес болар жерін ол таппас бұрын өзің тап, ол ұсыныс жасамас бұрын өзің ұсыныс жаса. Сонда өзің бастамашыл жақ боласың да, былайғылар қостамашыл жақ болады. Бастамашыл жақтың, ең құрығанда, бір ұпайы артық болады. Ал, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы жолдарды алатын болсақ, оған ең алдымен, осы тұрғыдан келу керек, жаңа отаршылдық қауіп жағынан ең талма тұста отырған Қазақстан үшін ең басты назарды сыртқы саясатқа аудару керектігінің қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Жаңа отаршылдыққа жалғыз төтеп бере алмасымыз аян. Ондай жағдайда ең жақын одақтасымыз ең жақын көршілеріміз болғаны лазым екендігі де белгілі. Ендеше, олармен ең мүдделес қарым-қатынастар орнату керектігі де түсінікті. Ал, бірақ жаңа отаршылдықтың шығуы мүмкін бағыттарды жан-жақты ескерер болсақ, тектестік, діндестік жолмен ықпалдасумен ғана тыну тым аздық етер еді. Біріншіден, ол қалған дүниемен кермар қатынастарға желеу болуы кәдік, екіншіден – жаңа отаршылдықтың ықтимал ошақтарына ондай одақтастықтардың төтеп бере алуы екі талай. Өйткені, біз қиял дүниесінде емес, шындық дүниесінде отырмыз, кімнің қандай экономикалық, әскери, саяси ықпал мен қауқарға ие екенін мөлшерлей аламыз. Олай болса, Қазақстан жағдайында тектік аймақшылдық та, территориялық аймақшылдық та, тарихи-мәдени аймақшылдық та ықпалдастықтың ең тиімді жолдары болып табыла қоймайды. Қазақстанның бүкіл тағдыры әлемдік ықпалдастыққа тездетіп және жан-жақты қол жеткізе білуіне байланысты. Бұдан, бірақ ол аймақтық ықпалдастықтың қай түріне де қалай болса солай қарауына болады деген сөз шықпайды. Ол аймақтық ықпалдастықтың барлық түрін де пайдалана білуі керек. Ешқайсысынан да бас тартпауы керек. Бірақ, тек сонымен ғана шектелмеуі керек. Аймақтастарымыз әрқилы. Әрқайсысы бізбен әртүрлі дәрежеде ғана мүдделес бола алады. Біреулердің мүдделестігі – қазіргі өтпелі кезеңнен өткенше, екінші біреулерінің мүдделестігі – баянды. Біреуі ертең қолыңды қысқарту үшін мүдделес болса, екіншісі ұзартуына тілектес. Шарт біреу – аймақтық томаға-тұйықтыққа ұрындырмау. Егер аймақтас ықпалдастық әлемдік ықпалдастықпен екі ортага көпір бола алса, онда, әрине, оны пайдалануың керек, ал егер екі ортаға кесекөлденең жатып алар кедергі болса, онда әрине, өз мүддеңнен бас тарта алмайсың. Әлемдік ықпалдастыққа тырысу – Қазақстанның сыртқы саясатының басты басымдығы болуға тиісті. Өйткені, оның басына төнуі ықтимал жаңа отаршылдықтың ауқымы тым ересен. Сипаты тым айқын. Оны бір тоқтатса – тек әлемдік ықпалдастық қана тоқтата алады. Әлемдік ықпалдастық тек жаңа отаршылдықтан абай болу үшін ғана емес, тәуелсіздігімізді нығайтатын ең басты фактор – дүниежүзілік экономикада лайықты орын ала алатындай болып дамуымыз үшін де өте-мөте қажет. Біздің экономикамызға ең қат нәрсе – қаржы, технология, кадр. Алдыңғы екеуінің сенімді көзі – қазіргі әлемдік даму мен халықаралық саясаттың бұйдасын ұстап отырған дамыған елдер. Ал кадр мәселесі де кіммен ықпалдаса білуге байланысты екенін тарих көрсетіп берді. Табиғи байлықтарды игеруде таза демократиялық үрдіске көшіп үлгермеген, империялық өр көкіректікпен қоштаса қоймаған шектес мемлекеттермен ықпалдассаң – қаржысымен, технологиясымен қоса, дайын кадрларын да әкеледі. Жергілікті табиғи ресурстар есепке алынғанмен, жергілікті моральдық ресурстар – кадрлар есепке алынбайды. Ал алыспен ықпалдастық қаржы мен технология әкелгенімен, вагон-вагон кадрларын шұбыртып бірге әкелмейді. Жергілікті жердің өзінен дайындауға мәжбүр болады. Бұл кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты қамы болып табылатын – өзінің саяси егемендігі мен мәдени дербестігін сақтай білудің есепке алмай болмайтын елеулі шарты болып саналады. Екі жаққа бірдей тиімді халықаралық экономикалық қатынас аймақтық шиеленістердің де жолына тосқауыл бола алады. Ол үшін ондай қатынастарды тек экономикалық тиімділік тұрғысынан ғана емес, егемендік мүдделер тұрғысынан да мұқият қарап, үйлесімді өрістете білу шарт. Әсіресе, егемендікке төндірер қаупі зор шептерге әлденеше тараптар үшін бірдей тиімді халықаралық экономикалық мүдделестік өрістете білудің стратегиялық та, тактикалық та мәні зор. Бір өкініштісі, әлі де болса әлемдік ықпалдастықпен ойдағыдай қол жалғасып кете алмай жатырмыз. Біріншіден, Кеңестер Одағының күйреуі халықаралық ықпалдастықтың қайтадан жүйеленуіне ұрындырары сөзсіз. Бұрынғы ашық текетірестегі қоскіндікті дүниенің орнына бір ыңғайлас, бір кіндікті дүние орнай ма, жоқ, әр ыңғайлы, көп кіндікті дүние орнай ма? Ондай жағдайда Қазақстан қай ыңғайда болуы мүмкін?

Әлемдік ықпалдастық оған көзі жетпей тұрып, бірден әмпейі бола салмайды. Екіншіден, бұрынғы Кеңестер Одағы деп аталатын саяси-экономикалық кеңістікте қандай ахуал орнары әлі дүдәмал. Әсіресе, сондай ахуалға бірден бір себепші болатын Ресейдің жағдайы тым жұмбақ. Кімнің жеңеріне, қандай сипаттағы күштердің түпкілікті жеңіске ие боларына әлемдік ықпалдастықтың көзі әбден жетіп отырған жоқ. Оның Ресеймен қарым-қатынасы қандай дәрежеде, қандай сипатта өрістейтіні тек осыған байланысты болатыны белгілі. Ресеймен шектес мемлекеттермен ықпалдастықтың сипаты мен мөлшері де тек содан соң барып қана айқындалмақ. Мұндай жағдайда, әлемдік ықпалдастықтың көздейтіні – бұрынғы Кеңестер Одағы территориясында қайтадан империялық даңғойлықтың тірілуіне жол бермеу. АҚШ президенттігіне таласта болған Дж. Буш пен Б. Клинтонның сайлау алды бағыттамаларына қарағанда, екеуінің де Кеңестер Одағының ыдырауына қуанбаса, ренжімейтіндерін байқау қиын емес. Ал, бір жағынан АҚШ-тың, екінші жағынан Жапонияның экономикалық үстемдігіне бірлесіп тойтарыс беру үшін өзара бірлесіп жатқан Батыс Еуропа тап іргесінен үшінші қуатты империя тірілгеніне тіпті де тілектес болмайтындығы өз-өзінен түсінікті. Ендеше, әлемдік ықпалдастықтың арғы аңғары белгілі. Ол соңғы сөзін Ресейде қандай күштердің басым түскеніне көзін әбден жеткізген күні айтады. Оған дейін ешқандай тәуелсіздік әлемдік ықпалдастық тарапынан айта қаларлықтай көмек дәмете алмайды. Бірақ, солай екен деп одан біржола күдер үзу немесе кейбір менмен мемлекеттерге ұқсап, дөң айбат таныту Қазақстан үшін өз үмітін өзі жерлеу, өз мүмкіндігін өзі тәрк етуі болып шығар еді. Әлемдік ықпалдастық дүние жүзінің қалған мемлекеттері сияқты Қазақстанның да саяси шыдамдылығы мен саяси көрегендігін әбден сынап бағады. Өйткені, ол оның бай екендігіне бола сыйлауы, есептесуі әбден мүмкін, бірақ одан қорықпайды. Себебі, ол Қазақстанның табиғи байлығына қандай зәру болса, Қазақстан сол байлықты игеруге ауадай қажет қаржы мен технологияға одан кем зәру емес. Ендеше, қандай да болмасын сабырсыздыққа ұрынып, мүдделестік арқауына зақым келтіруге болмайды. Ондай мінездің кімнің пайдасына шығары екіталай. Бәрінен де бұрын бір аймақтас үстем күштердің пайдасына шығып кетуі ықтимал. Ал, ол тәуелсіздігіміз үшін ең үлкен қатер болып шығар еді. Ендеше, әлемдік ықпалдастыққа, тағы да айтамыз, аймақтық ықпалдастықтардың қандайынан гөрі де басым маңыз бергеніміз жөн. Өйткені, жаңа отаршылдық қаупінен, аймақтық үстемдікке басыбайлылықтан бір шығарса, тек әлемдік ықпалдастықпен тиімді ара қатынас қана шығара алады. Ондай ұтымды мүмкіндікке қолбайлау болып отырған бәрімізге ортақ саяси кеңістікте әлемдік тәжірибеде атымен сирек кездескен хаостық ахуалдың тым ұзарып кеткендігі, күннен күнге өшу орнына, өрши түскендігінде. Мұндай жағдайда әлемдік ықпалды күштердің асыға қоймауы әбден түсінікті. Әйтпесе, ықпалды күштер бола алмас еді. Олар кім жеңсе де, онымен тіл табысқысы келсе, тіл табыса алады. Біздің аймақта ондай мүмкіндікке кімнің көбірек ие екенін де жақсы біледі. Бірақ, оның арқасынан да қақпайды, аяғынан да шалмайды. Осындай бейтарап халдің өзін жас егемендіктерге жасап отырған ең үлкен қолдауымыз деп санайды. Оны кім қалай пайдалана алады? Кім әлемдік ықпалдастықпен қалай ықпалдаса алады? Бұл жас егемендіктердің өміршеңдігіне басты сын болып отыр. Ал әлемдік ықпалдастықтың жас егемендіктерге қандай талаптар қоятыны Хельсинки, Париж, Вена, Мадрид құжаттарында анық көрсетілген. Мәселені олардың адам құқыларына, нарықтық экономикаға, демократиялық қоғам мен праволық мемлекет орнатуға қаншалықты құлықты екендігі шешеді. Біз егер, ертең көсегеміздің көгергенін қаласақ, бүгінгі ауыртпалықтардың бәріне де шыдап, бұғанасы қата қоймаған балаң тәуелсіздігімізді аман алып қалу жолында жасайтынның бәрін жасауымыз қажет. Әйтпесе, өтпелі кезеңнің жан шыдатпас тауқыметтеріне бола, қолымызға зорға түсіп отырған егемендіктен айырылып қалар болсақ, толғақ азабына төзе алмай, не өзіне, не шарана перзентіне зақым келтіріп алғая бейбақ ананың бейшара кебін киер едік. Бетерден де бетер бар деген, шын мәнінде, сол болып шығар еді. Ал қалған қиындық пен ауыртпалықтың бәрі – арманға жетудің азапты жолы. Кім қашан арманға оп-оңай жетіп еді?! Не де болсақ, шыдап бағайық. Бүгінгі ұрпақтың соған тәуекелі мен төзімі жетсе, кейінгі келер барлық ұрпақтың азаттығы мен бостандығы қамтамасыз етіледі. Бүгінгідей жағдайда тек осы сенім ғана жанға медет, көңілге тіреу бола алады. Өйтпеген күнде, ішкі жағдайдың қаншалықты титықтағанын ғана жіпке тізіп, оның тығырықтан алып шығу үшін ішкі мүмкіндіктермен қоса, сыртқы ықпалдастықты да ойдағыдай іске жұмылдыру керектігін түсінбейтін күштердің ырқында кетіп, саяси ұрдажықтыққа ұрынуымыз ғажап емес. Қалыптасын отырған тауқымет жағдайды пайдаланып қалуға ынтық солшыл радикализм демократиялық асығыстыққа, демек анархияға итермелесе, оңшыл радикализм күллі реформа атаулыны жылы жауып қойып, кешегіге, тіпті бұрнағы күнгіге қайтып оралудан кет әрі емес. Кеше немесе бұрнағы күні қаншалықты мүйізіміз шыққаны белгілі ғой. Мұндай екі жақты эскалация бізден күш түгелдеуді, одақтастар іздеуді талап етеді. Біз үшін ең бастысы – тәуелсіздікті сақтап қалу. Ол үшін ең бастысы – қазіргі тығырықтан шығу. Ал қазіргі тығырық – хаос. Одан оң мен солды, бұрыс пен терісті іздеп тауып, біреуіне жақ болуға тырысу бекер әуре. Бұған дейін бейтарап келген күштерді саясат сахнасына шығарған лазым. Либеральды демократия сонда ғана қимылға көшеді. Хаос жағдайында тұрған, немесе сондай жағдайдың қаупі төніп тұрған қоғамды бір құтқарса, тек саяси прагматизм ғана құтқара алады. Ал саяси прагматизм оңшыл да, солшыл да радикализмнің емес, демократиялық либерализмнің ғана қолынан келеді. Ал демократиялық либерализм топтық та, жіктік те мүдделерді емес, бүкіл халықтық мүдделерді, бір басының ғана, өз тобының ғана басын оздыратын биліктің мүддесін емес, күллі ұлт, күллі қауымның болашағын қамтамасыз ететін тәуелсіздік пен игілік, бостандық пен әділет мүдделерін жоғары қояды. Ендеше, ол шындықтың бетіне тура қарауға, қалыптасып отырған жағдайда не мүмкін болса, соны істеуге, бірақ оны жұртшылықтың неғұрлым көп, неғұрлым әр алуан бөлігінің мүддесінен шығатындай қып істеуге міндетті. Егер халықтың көп бөлігі экономикалық қиыншылық, әлеуметтік күйзеліс көріп отырса, оны асқындатпай, бәсеңдететін амал тауып, әрекет етуі керек. Саяси прагматизмнің керектігі де сондықтан. Шын мәніндегі саяси прагматизм дәл бүгін бастап қойған реформалардан күрт бас тарту да, немесе оларды еш өзгертпестен бұрынғыша жалғастыра беру де бірдей қауіпті екенін түсінер еді. Бірақ, ол өзгерістер реформаға мүдделі күштерді мейлінше көбейтуге тырысқаны жөн. Әйтпесе, әлеуметтік бәсеңдік ахуал орната алмайды. Ал жаңа ғана тәуелсіздік алып отырған елде ондай бәсеңдік сол тәуелсіздікке ешқандай қауіп төнбейтіндігіне көз жеткен жағдайда ғана орнай алады. Тәуелсіздікке қауіп төніп тұрған жағдайда ешқандай іскерлік ахуалдың да, демократиялық ахуалдың да жүзеге аса алмасы белгілі. Ендеше Қазақстандағы шынайы нарықтық қарым-қатынастар да, демократиялық үрдістер де тек балаң тәуелсіздіктің нығаюына қызмет ете алса ғана, өз мақсаттарына жете алады. Ол үшін нарық, демократия, тәуелсіздік жеңісіне мүдделі күштердің бәрі күш біріктіріп, өз мақсаттары арасындағы сабақтастықты шыңдай түсуге атсалысқандары лазым. Бұл басталып қойған экономикалық, саяси реформаны мұқият қайта қарауды, оны әлгі тұрғыдан қайта пайымдауды талап етеді. Оған әлі кеш емес. Оған әлі мүмкіндік бар. Сонда бізге қандай саяси, қандай экономикалық реформа керек? Ол өз алдына әңгіме.

4. КЕҢІСТІКТІ КЕҢІНЕН ШОЛЫП АЛМАЙ УАҚЫТТАН ҰТУ МҮМКІН БЕ?

Кез келген әрекеттің кеңістік пен уақытқа тәуелді екендігі белгілі. Ол екеуінің біреуінің бойындағы белгілі бір өзгерістер өрбиді де, оған екіншісі де қолайлы жағдай туғызғанда ғана ойдағыдай өрістей алады. Ал екеуінің арасындағы, немесе біреуінің ғана бойындағы қайшылық не оған кедергі келтіреді, не атымен мүмкіндік бермейді. Саясаттағы уақыт – заман да, кеңістік – қоғам. Мүлде уақыт та, мүмкіндік – кеңістік. Екеуінің арасындағы терең үйлесім ғана істі ілгері бастырады. Қазіргі күн тәртібінде тұрған демократиялық қоғам, нарықтық экономика, праволық мемлекет орнату белгілі бір тарихи алғышарттардан туындап отырғандығын жоғарыда айттық. Олардың қалай туындап, қалай өрістеп жатқандығын да сөз еттік. Ілгерілеуден кідіру, жеделдеуден мүдіру көп. Ол неге байланысты? Уақытқа ма, кеністікке ме? Біздіңше, екеуіне де. Олай болатыны кез келген әрекетті объективті сипаттар тудырғанмен, субъективті мүмкіндіктер жүзеге асырады. Жақсының қолына түскен іс болады да, жаманның қолына түскен іс мыш болатындығы да сондықтан. Уақыт бүгін ретінде біздің нақты зәруліктерімізге, өткен ретінде психологиямыз бен санамызға, ертең ретінде психологиямыз бен санамызға, ертең ретінде мақсаттарымыз бен армандарымызға қоныс тебеді. Әр адамның өзін тарихи процеске тікелей қатынасы бар ырықты субъект ретінде қарастырсақ, оның алдына қойып отырған мақсатына әлдеқашан қалыптасқан психологиясы мен санасы, немесе бүгінгі жағдай қалыптастырып отырған мүмкіндіктері қолбайлау жасауы мүмкін. Бір кісінің басындағы мүдде мен мүмкіндік арасындағы осындай кереғарлық болатынын ескерсеқ тарихи дамудың одан да үлкен қоғам, қауым, ұлт, мемлекет сынды субъектілерінің ба-сындағы қиыншылықтар мен қайшылықтарды айтпай-ақ түсінуге болады. Кеңестер Одағы деп аталған күрделі құбылыстың басындағы күрделі халдің өзі әу баста осы мүдде мен мүмкіндік арасындағы, мақсат пен алғышарттар арасындағы үйлесімге тиісті мән бермеуден туындағанды. Мүддеге баса мән беріп, мүмкіндікке назар аудармағаннан туындаған-ды. Ол көздеген мақсаттан атымен кереғар нәтижеге ұрындырды. Сөйтіп, қолданылған тәсілдің бұрыстығы көзделген мақсаттың дұрыстығын бекерлеп шығатындай жағдайға жеткізеді. Әділетті адамдардың бостандығы мен әл-ауқатын, туысқандығы мен теңдігін тікелей мансұқтайтын бір мемлекет жоқ, ол жолда күрескім келмейді дейтін бірде-бір қоғам жоқ. Соны ескеріп, тек айтылған мақсатқа ғана иланып, оның қалай орындалып жатқанына қалай болса, солай қарасақ, онда кешегідей боп, ертең тағы тақыр жерге отырып қалуымыз ықтимал. Қазіргі күйзелістердің ең басты себебі неде? Экономиканың құлдырап кетуінде. Өндірістік тәртіптін бұзылуында. Өнімділіктің төмендеуінде. Бұған кешегі әкімшіл-төрешіл басқару жүйесі мен жоспарлы-бөліспелі тәсіл айыпты деп айту «менің бүгінгі жөтеліп жүргеніме баяғыдағы әкем мен шешем айыпты, егер олар құлантаза сау болса, маған ешқандай ауру жоламас еді»,– деп түсіндіруімен бара-бар. Кешегі құлан таза денсаулық та күтінбегеннен бұзылуы мүмкін ғой. Егер ата-анаң шыңжу жаратса, денсаулығыңды өзің күтіп, өзің шыңдамайсың ба? Сонда қалай? Кешегі қоңторғай тұрмысымызды, дамыған елдерден көпе-көрнеу артта қалып қойғандығымызды жоспарлы экономикадан, еңбек пен игілік бөлісудің социалистік қағидасынан көрдік. Социализмнің басқа елдерге де бақ орнатып, қарқ қылмағанын тілге тиек еттік. Ал бүгін ше?.. Нарықтық экономика да дұрыс күнкөріс қамтамасыз ете алмай ма? Ендеше, ауыздарымыздың суы құритын басқа мемлекеттер қалай алға шығып кетті? Әлде олардағы адам саны бізден көп пе? Әлде олардың табиғи байлығы бізден асып тұра ма? Басқаларын былай қойғанда, шикізат атаулыдан мақұрым құрдым аралдарды жайлаған жапондар қалай көктеп-көгеріп жатыр? Басқасын былай қойғанда, қазір нарыққа көшпеген кім қалды? Шығыс Еуропаның социалистік елдері елден бұрын көшіп алды. Қытай мен Монғолия оң жолға түскелі біраз болды. Куба екеш Куба да экономикалық реформа жасау үшін шеттен мамандар шақыра бастады. Сонда кім қалды? Солтүстік Корея ма?.. Ал қалған дүниенің әуелден шалабын шайқай қоймағаны, ең кемі аралас меншік жағдайында өмір сүріп келгендігі белгілі. Ендеше, гәп жібекте емес, жібекті түте алмай жүн етіп алып жүрген өзімізде болмасын. Өзіміздің осы болмысымызды осылай ғып қалыптастырып жүрген уақыт пен кеңістікте болмасын. Мақсат көбіне көп кеңістікке, сен жайлаған ортаға, ондағы қым-қиғаш қатынастарға байланысты. Оны ұмытсақ, бәрін заманнан, тағдырдан көріп, өзімізді, өз төңірегіміздің әрекеті мен ықпалын ескермейміз. Көбіне баяғы сол әуенге басып, мақсат пен тәсіл, мүдде мен мүмкіндік арасынан тиісті де тиімді үйлесім таба алмай жүргеніміз де осы жәйтты есепке алмаудан. Әйтпесе, кейінгі жетпіс жыл ішінде осындай алтын жастанып, жібек тесендірердей, табиғи байлығы жағынан аса қолайлы өлкеде өз етегімізді өзіміз зорға жауып, түлкі құрсақ күн кешіп келгеніміз, бір кезде Имануэль Кант айтқандай, «ер азаматтың өз әл-ауқатын басқаның бостандығы мен мүддесіне зияны тимейтіндей қып, өз жол, өз әдісімен қамтамасыз етіп алуына жол берілмеген жерде, күллі өндіріс атаулының күйі мүшкіл болатындығынан» екендігіне көзіміздің жететіндей-ақ көзі болып еді ғой. Барлық гәп тағы да қандай іске болмасын кірісер алдында уақыт пен кеңістіктің тосар мүмкіндіктерін ескеріп, ұзақ ойласып алудың орнына өз пиғылдарымыздағы айырмашылықтарды айтып, ұзақ дауласып алып барып, ақыр аяғында айтылғанның бәрі далада қалып, көзжұмбайлыққа ұрынатындығымыздан болмасын? Кейінгі бір жылға жуық уақыт оған дейінгі алты жылдың босқа еткенін, соның қырсығынан экономикамызды осы замандандыруға тым кеш кіріскенімізді, ал ондай дер көзін өткізіп алып барып бастаған реформа, Нобель лауреаты, нарық экономикасының белгілі теоретигі Я. Тинберген айтқандай, күйзелген экономиканы одан сайын күйзелте, артта қалушылықты одан сайын асқындыра түсетінін, Сөйтіп, әлеуметтік жағынан аса қолайсыз, моральдық жағынан көңілге қона бермейтін ебедейсіз реформа болып шығатынын дәлелдеп отыр. Біздің нарықтың алғашқы қадамдары қазіргі реформаторлардың емес, капитализмнің баяғы теоретиктерінің ескертпелерінің дұрыстығына көзімізді жеткізіп отыр. Макс Вебер айтқандай, жаңа қалыптаса бастаған іскерлік пен кәсіпқорлық әп дегеннен ашқарақтықпен, пайдакүнемдікпен, экономикалық тиімділіктің орнына оңай олжаны ойлаңқыратын обырлығымен көзге түсті, соның арқасында жүзеге асатын «жабайы капитализм» қоғамының нарыққа деген құлқын жоғалтып, әлеуметтік орнықтылыққа көрер көзге үлкен қатер төндірді. Іскер топтарда өркениетті экономикаға тән саяси мәдениет, құқықты сана, бүгінгіден гөрі ертеңгі пайданы көбірек ойлайтын парасаттың жетіспеуі жұрт арасында «ортақ өгізден оңаша артық» дейтін сенімнен гөрі «бүйткен оңаша бұзаудан ортақ өгіздің өзі артық еді» дейтін сенімді күшейте түскен сияқты. Бірақ, біздің елімізде ондай өркениетті кәсіпқорлық әп дегеннен қайдан табыла қойсын? Қаншама жылдар бойы бергенге мәз, тигенге қанағат қылып келдік. Қанағат қылмай, лай судан балық аулағандай, көлденең табыс табуға тырысқандар ылғи астыртын жағдайда әрекет етіп, заң бұзуға машықтанып алды. Олар бүгінгі күреп алар олжа тұрғанда обал, сауапты, ертеңгі тиімді іскерлікті ойлап, бас ауыртып жатпайды. Біздегі іскерлік бармақ басты, көз қыстылықсыз, алдап соғар айла-шарғысыз, біреуге көл, біреуге шөл алақолдылықсыз өмір сүре алып көрген емес. Ол жалпы іскерлік деп істі әрге бастыруды, сол арқылы қоғамға танылуды емес, ұрлап-зорлап мал табуды түсінеді. Сөйтіп, сыпайылап айтқанда «көлеңкелі», расын айтқанда, қылмыскер экономика қалыптасты. Сондай іскерлікке жеккөрініш рухында тәрбиеленген қалың бұқара елі төбедегі әкімдер мен кешедегі алыпсатарларды жерден алып, жерге салып, сонымен шаруа бітті деп, қол қусырып қарап отыр. Кәсіпқорлықпен де, нарықпен де шаруалары шамалы. Ал, біздегі бүгін таңдағы орташа тап жасауға ықтимал күштер, мамандардың айтуынша, негізінен кешегі экономикалық штабтың өкілдерінен, ведомстволық экономикалық эгоизм тұсында айрықша қамқорлыққа ие болған кейбір салалардың жоғары жалақылы мамандарынан, сауда мен тұрмыстық қызмет, экономикаға тікелей ықпалы болған партия-кеңес аппараттары өкілдерінен ғана түзіле алады. Олардың көпшілігі – «табиғи сұрыптаудан» өтпеген, кешегі «бұзылған әлеуметтік лифт» режимі тұсында «пайдалы орындар» мен «абыройлы орындарға» таза тамыр-таныстықпен, ағайын-жекжаттықпен іліккендер. Реформаның бірден іске кіріспей, әлі «балық үлестіру» сатысында тұралап тұрып алуы да осыдан. Бөліске үйренгендер өндіріске құлықты бола қоймайды. Өндірмей-ақ олжа табудың жолын іздейді. Өндірістің орнына делдалдықты өрбітіп жүрген де солар. Тауар шығарудың орнына тауар айырбасының күшейіп кетуі де сондықтан. Сол себепті де біздің экономикалық реформа әлі күнге кешегі «көлеңкелі экономика» мен бүгінгі ашық алыпсатарлықтың қолындағы қуыршаққа айналып отыр. Біздің ең басты қатеміз – әуелі қоғамда орнықты ахуал орнатып алмай тұрып, реформаға кірісіп кеткендігімізде. Сөйтіп, кешегі тоқырау тұсындағы әлеуметтік әділетсіздіктің салдарларының өз-өзінен заңдасып кетуіне жағдай туғызып бергендігімізде. Қоғамдық қатынастарды ырықтандырып алмай тұрып, экономикалық қатынастарды ырықтандыруға асыққандығымызда, өндірістік қатынастарды ырықтандырып алмай тұрып, бағаны ырықтандырғанымызда. Бұл кешегі көлеңкелі экономиканы біреу байқап, біреу байқамайтындай қып, жігін байқатпай ақтап жіберуге аса қолайлы болғанмен, жалпы экономика мен жалпы іскерлікке сондай қолайлы болып отырған жоқ. Әрине, көлеңкелі экономиканы да көзге шұқи бермей, легальдандырған дұрыс. Бірақ, оны жалпыға ортақ тең старттық мүмкіндіктерді қамтамасыз етумен бірге, үйлестіре шешкен дұрыс еді. Таптық тайталас рухында тәрбиеленген қоғамда іскерлікті жаппай өрістетуге жағдай жасамай тұрып, ол үшін азаматтардың нарықтық қатынастарға көшердегі старттық мүмкіндіктерінің тепе-теңдігін қалыптастырмай тұрып, халықтың тек белгілі бір тобына ғана тиімді реформалық шаралар қабылдау – бүгінгі аса шиеленісті экономикалық күйзелістердің, аса шетін әлеуметтік дағдарыстардың бірден-бір себепшісі болып отыр. Қазіргі тартыстардың асқынуына тек бүгінгі солақай риторика ғана емес, кешегі солақай реформа да жауапты. Расында да, реформаның қызығын кім көріп отыр? Өндірушілер ме? Тұтынушылар ма? Жоқ, делдалдар. Алыпсатарлар. Ал, олар қайдан шықты? Әуелден де ақшасы барлардан, немесе кейінгі жылдары өнімділікті төмендетіп, бағаны жоғарылатып, қолдан дефицит жасап байығандардан шықты. Олар бұрнағы күні жалгер, кеше кооператор болды. Бүгін майда жекешелендірудің майын қалқып ішіп отырса, ертеңгі орташа жекешелендіру мен бүрсікүнгі ірі жекешелендірудің жылы-жұмсағына да елден бұрын солар сұғынады. Сөйтіп, біздің сырт көзге жайбарақат кезең-кезеңге бөлінген сатылы реформамыз түптеп келгенде бір-ақ мақсатқа – кешегі ұпайын түгендеп алғандарды ертеңгі экономикалық бостандықтың көшбасшы тобына айналдыруға ғана қызмет етіп отыр. Әрине, бүгін ұтысқа шығып отырған топтар үшін бұлайша ойлағанымыз ұнамды емес. Бірақ, шынайы іскерлік үшін, шынайы нарықтық қатынастарға көшуді бұндайдан бастау ең тиімді жол болып табылды деп қайтіп айта аласың? Экономикалық реформа үшін, әсіресе, оның бастапқы көзі үшін әлеуметтік орнықтылық тіпті экономикалық тиімділіктен де керегірек еді. Өйткені, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономиканы осы замандандырған кезде, іскерлік мәдениеті неғұрлым төмен болса, артта қалушылық неғұрлым күшті болса, өтпелі кезең неғұрлым ұзаққа созылса, халықтың солғұрлым көп бөлігі солғұрлым көп зардап шегеді. Тіпті басқасын былай қойғанда салқынқандылығымен аты шыққан, этникалық тегі жағынан бірыңғай ағылшын қоғамының өзінде экономикалық жаңғыру отызыншы жылдары шаруалар тарапынан, кейінгі кезеңде – көміршілер тарапынан мықты қарсылыққа ұшырасты. Ал біз қайда, Англия қайда? Оның үстіне, индустрия мен ауыл шаруашылығының, өндіруші өнеркәсіп пен өңдеуші өнеркәсіптің, өндіріс пен әлеуметтік саланың, әрқилы аймақтар мен әрқилы әлеуметтік топтардың экономикалық ахуалының арасындағы кереғарлық аспан мен жердей ғой. Соның бәрін мұқият есепке алмай, әр алуан мүдделерді реформаға бірдей ынталы қылудың жолдарын тыңғылықты қарастырмай тұрып, істің мәніне әлі біреудің түсініп үлгеріп, біреудің түсініп үлгермей жатқанын пайдаланып, уақыт ұтып қалуға тырысу бүгін таңда әділеттің де, экономиканың да пайдасына шығып отырмағаны белгілі. Бұл арада басын ашып алатын мәселе: экономиканы жаңғырту әрине керек; нарықтық экономика тек белгілі бір қоғамдарға жарасады, ал екінші бір қоғамдарға атымен келмейді деген де ұшқары түсінік. Тіршілікке келген әр мақұлықтың – малдан бастап адамға дейін – өз қорегін өзі айырмағы – табиғаттың ежелгі заңы. Әркім өз бақытын өз еңбегімен табуы – қай халықтың да қатты қастерлейтін моральдық қағидасы. Күллі адамзаттан алабөтен бөлек жолмен даму қарекеті дегенге жеткізген жоқ. Жеткізсе, социализм жеткізбес пе еді?! Демек, жағдайды шиеленістіріп тұрған нарыққа көшу емес. Нарыққа парықты көше алмау. Қарадүрсін көшу. Өзгелердің өнегесін малданғанға мәз болып, өзіміздің шын мүмкіндіктерімізбен есептеспеу. Уақыт талабына құлақ асқанмен, нақты кеңістіктегі нақты жағдайға жете мән бермеу. Қандай мемлекет болмасын, экономиканы жаңғыртқан кезде қоғамның тізгінінен айырылып қалмауды, жедел де икемді жаңа құрылымдар түзуді, сыртқы экономикалық ортамен ықпалдастықты нығайтуды, жаңа бастамаға қолда бар қуат пен мүмкіндіктердің бәрін жұмылдыруды қатты ыждаһаттаған. Қысқасы, ондай жауапты кезде қоғамда шынайы әлеуметтік жарастық болуына ерекше мән берген. Бірақ, ондай мәмілені қалай жүзеге асыруға болатын еді? Бұл арада амалсыз өзгелердің тәжірибесіне үңілуге тура келеді. Батыс Еуропада мемлекет меншігі тым аз болды да, халықтың қолындағы қаржы тым көп болды. Соның өзінде британдықтар сексенінші жылдардағы жекешелендіруді мысық табандап, аса сақтықпен жүргізіпті. Германия, Жапония, Корея оккупациялық режим тұсында қатаң тәртіптің арқасында ғана көшті. Испания, Гонконг, Сингапур да авторитарлық жүйенің өктемдігін пайдаланды. Күллі Латын Америкасы, «күштеп келістіру» әдісіне жүгінді. Жекешелендіруге саяси күш қолдану, кейінгі жылдары диктат, қысым атаулыдан әбден мезі болып отырған біздің қоғамды қандай салдарға апарып соқтыратыны белгісіз. Ал оны экономикалық есеңгірету арқылы жүзеге асырудың нендей нәтижеге жеткізетінін Шығыс Еуропа мен өзіміздегі реформамыздың барысы көрсетіп берді. Сонда, мұндай жағдайда қоғамдық жарастық табудың жалғыз ғана жолы қалады – қайткен күнде де жаңа экономикалық қатынастарға халықтың неғұрлым көп бөлігін ынталы ете білу. Мемлекетті меншіксіздендірудің мұндай жолын табуға талаптанған Австрия мен Израиль ғана екен. Австрия «жартылай жекешелендіру» дейтін әдіспен, меншіктің едәуір бөлігін коммуналдық өкіметтердің қармағында қалдырса, Израиль меншіктің басым бөлігін кәсіподақтарға беру арқылы ерекше экономикалық үлгі жасады. Сол арқылы шын мәнінде, жекеменшік деуге де, мемлекеттік меншік деуге де болмайтын жаңа бір меншік иеленудің түрі шықты. Ал біз қайтеміз? Турасын айтсақ, бұл сауалға жоғарғы қабаттарымыз да, төменгі қабаттарымыз да көңілге қонымды жауап таба алмай отыр. Төменгі қабаттардың басым бөлігі әлі де болса, жекешелендірудің топтық түрлеріне іштері бұрады. Онымен, әрине, есептеспей болмайды. Әсіресе, шөл, шөлейт аймақтарда басқа түгілі өзін-өзі ақтай алатын фермерлік шаруашылық ұстау бір отбасының қолынан келе бермеуі мүмкін. Су жетпейді, шөп жетпейді, техника пайдалануға қаржы жетпейді. Ондай жағдайда шағын фермерлік шаруашылықтың экономикалық тиімділігі тым төмен болуы ықтимал. Бәлкім, әзірге одан гөрі механикаландыруға ыңғайлырақ ірірек кооперацияларды сақтай тұрған дұрыс шығар. Меншіктенудің мұндай топтық түріне түсінгенмен, бар салада топтық түрге бірдей іш бұрудан сескенуге тура келеді. Кім біліпті, бұл арада экономикалық тиімділіктен гөрі үйреншікті психологиялық стеротиптер басым түсуі де ғажап емес қой. Ондай жағдайда, бірінші сәтсіздіктерден кейін бәрінің де өз орнына қайтып келмесіне кім кепіл? Өйтпеген күнде де, жекешелендірудің кезекті бір кезеңінде әлгіндей үркесоқ үйірлес меншіктерді кәсіпқорлықтың жаңа аждаһалары оңай қылғып кетпес пе екен? Топтық меншікке адалдықтың мұндай түрі әншейін өзін-өзі алдарқатушылық болмасын? Оның үстіне, бұл – әлеуметтік ахуалды орнықтыру мен экономикалық белсенділікті нығайтатын орта топты қалыптастырудан гөрі бірден ірі капиталдың тууына көбірек ыңғайлы боп шықпайтынына кімнің көзі жетіп отыр?! Сондықтан да, қолда бар кәсіпкер күштер мен қаржыны айқындаумен тыну аздық етеді. Ең бастысы – тез қайтарым беретін нарыққа тек материалдық-қаржылық қуаттарды ғана емес, моральдық-іскерлік қуаттарды да мейлінше кеңінен жұмылдыру. Ол жекешелендіруді қазіргіден гөрі икемдірек жүргізбей жүзеге аспайды. Пайдаланылып жүрген конкурстық-аукциондық жол шындап келгенде, алалаушылық жол боп барады. Құр қалта халық үшін ондай аукцион іскерлікке құмарлықты емес, қызғанышты ғана оятады. Өйткені, күні кешегі біреуді әрі, біреуді бері итерген тоқырау тұсындағы бөліспеліліктен ұртын майлағандар неғұрлым тездетіп, ірі капиталға ие болады да, былайғы халық неғұрлым тездетіп, жалдамалы жұмыскерге айналады. Себебі: қазір адал табылған дәулетінен бизнес бастап кету кім-кімнің де қолынан келмейді. Ал бүкіл нарықты көлденеңнен табылған дәулеттің қанжығасына біржолата өңгеріп жіберу әлеуметтік әділетке сыймасы аян. Халықтық игілік атанып келген ортақ дәулетті олай олжалап кету нарыққа деген ынтаны күшейтпейтіні былай тұрсын, әлеуметтік ахуалды шиеленістіріп жіберуі де кәдік. Ал мемлекеттік меншікті еңбек ұжымдарына бөліп беру кешегі ведомстволық тонауды біржолата заңдастыру болып шығар еді. Әсіресе, өз атамекендерінің ғасырлар бойы жинақталған ұлттық байлығынан өздері ауыз тие алмай, көздерін сатып, сыртқары отырған байырғы тұрғындар тарапынан бұндай «жекешелендірудің» қолдау таба қоюы екіталай. Ондай жағдайда табиғи қалыптасқан жергілікті еңбек қолдары кәсіпқорлық бастауға жететін мәрелік сыбаға түгілі, әлгіндей жолмен мемлекет меншігінен аласталатын кәсіпорындарда жалданып жұмыс жасау мүмкіндігінен де айырылады. Ендеше, Қазақстан сияқты экономикасының басым бөлігін индустрия құрайтын республикаларда халықтың неғұрлым басым бөлігі мұндай жекешелендіруден иманды ауыздары сылп етпей, құр қалады да, ал, керісінше, әлдеқайда аз бөлігі бар байлықтың иесі болып шыға келеді. Бұл кешегі ведомстволық экономиканың кемсітушілік саясатын түзету емес, қайта одан әрі тереңдету болып шығар еді. Мұндай жағдайда қайта құрудың бастапқы кезінде көп айтылған жұрттың бәріне тең мәрелік мүмкіндіктер жасаймыз деген әңгіме жайына қалады. Индустриялық салада жекешелендірудің ұжымдық түрлерін біржақты ынталандыру Қазақстан жағдайында жерді сауда-саттық бұйымына айналдырумен барабар қылмыстық қиянат болып шығар еді. Жекешелендірудің мұндай тәсілдері әлеуметтік әділет сөзімі әбден ұмытылған немесе әуелден әркім өз меншік, өз сыбағасымен ғана күн көріп келе жатқан елдер жағдайында ғана өзін-өзі ақтай алады. Ал, біздей жетпіс жыл бойы құлақтарына «бәрің теңсіңдер» деп құйып баққан, кейінгі жеті жылда «бұрын тең емес екенсіңдер, шын теңдікті енді көресіңдер»,– деп үсті-үстіне уәде естіп қалған қоғамда таластық тудырмаса, жарастық тудыра қоймасы хақ. Сонда қайтпек керек? Нарықтан, меншік түрлерін алуандандырудан, меншікті мемлекет қармағынан алудан атымен бас тартамыз ба? Ол мүмкін емес. Орысша айтқанда, пойыз әлдеқашан жүріп кетті. Бірақ, ең болмаса, бастапқы кезде, біреулердің бірден жеті қат аспанға көтеріліп, екінші біреулердің бірден жер шұқып қалмауына жол беруге болмайды ғой. Бұл басқамыз түгілі, нарықтың өзінің пайдасына шықпайды ғой. Бірден қалың бұқанары қатуландырып алса, тек экономикалық реформаны ғана емес, қалған реформалардың бәрін де қара су алмай ма?! Ендеше, ортақ меншікті жекешелендіру мақсат болмау керек. Нарықтық экономиканы нығайтатын кәсіпқорлықты ынталандыру үшін жұрттың бәрін меншік иесіне айналдыруды мақсат ету керек. Барлық және әрбір азамат бәрі бір кезде мемлекет меншігінен алынған дәулеттен бірдей сыбаға алып, бірдей меншік иесіне айналғаны лазым. Өйткені, біз тарихта бірінші боп әркімге тиесілі жекеменшікті ортақтастырдық. Сол кезде күллі территорияда әлденеше өлі, тірі ұрпақтардың еңбегімен, қанымен, терімен жасалған байлықтың бәрін ұлттық дәулет, халық меншігі деп жарияладық. Халық оны ортақ қорға, ортақ көбейтіп, ортақ пайдаланады,– деп түсіндірдік. Ендеше, сол ортақ дәулетті сол халықтың қазіргі тірі ұрпағы өзара тең бөліп алып, жеке-жеке пайдалансын. Тек сонда ғана ортақ дәулетті әлдебір топтардың оңаша олжалап кетуіне тыйым салынады, әрі әрбір адамның өз бойындағы іскерлік қабілет пен экономикалық бастамашылдықты іске қосуына нақты мүмкіндік беріледі. Шын мәніндегі іскерлік бәсекелестік сонда қызып, шын мәніндегі тауар молшылығы сонда орнайды. Ал іскерлік тізгіні өте аз топтың қолында отырғанда бәсеке де болмайды, тауар да көбеймейді, баға да арзандамайды. Бұл әрине, бұдан әлдеқайда ертерек жасалғанда жақсы болатын еді. Сонда әркімге тиетін үлес қазіргіден әлдеқайда көп болар еді. Солақай реформа талай дәулетті талай пысыққа су тегінге беріп жіберді. Сөйтіп, шын мәнінде іскерлік танытуы ықтимал талай адам ондай мүмкіндікке әлі ие бола алмай келеді. Сондықтан да ваучер (жекешелендірудің сыбаға қоры) төңірегінде әңгіме көп. Біреулер оны кешігіп қалғаны үшін кекетеді. Екінші біреулері кешегі жоспарлы-бөліспелі экономикаға біртіндеп қайтып келеміз бе деген дәмені жүзеге асырудан күдерді біржолата үздіретін әдіс деп жек көреді, Үшінші біреулер экономикалық реформаны сылтауратып, миллиондарға тиісті сыбағаны өзара пышақ үстінен бөліп алуымызға кедергі келтіретін болды деп ызаланады. Төртінші біреулер, ауызы күйіп қалғандықтан, кезекті бір айла-шарғы емес пе екен деп сөзіктенеді. Ал, біздіңше, ештен де кеш жақсы. Құр алақан қалғаннан, бірдеңеге қол жеткізіп қалған дұрыс. Бірақ, бұдан ертеңнен бастап, ортадағы дәулеттің бәрін қанталапай жасап бөліп алайық деген қорытынды шықпауға тиісті. Жекешелендіру экономикалық процестердің бәрін бір кезде қамтымаса, кезең-кезеңге бөліп, сатылап жүрері белгілі. Жас егемен мемлекеттік тәуелсіздігіне нұқсан келіп жүрмес үшін әлі де талай саланы мемлекет меншігінде ұстай тұруға тура келері де түсінікті. Не де болса, жекешелендіруді кешегіше, одақ ыдырамай тұрған кезде қабылданған Заң бойынша нақты қиыншылықтарды ескермей, нарықтың алғашқы кезеңінің ащы сабақтарымен санаспай, басқа көзге төпелеп, жеделдетуге болмайды. Ұлт мүддесі мен ел игілігі ондай екі тепкі, бір қамшы белсенділікті көтермейді. Бірақ, жекешелендіру қанша уақытқа созылса да, қанша кезеңге бөлінсе де, мейлі өндірісті, мейлі ауыл шаруашылығын қамтыса да, әлгі жолмен – барлық азаматтарға бірдей сыбаға беру жолымен жүзеге асырылғаны дұрыс. Және бір ескеретін жағдай: қазіргі дәулет тек кейінгі бір ғасырдағы еңбекпен жасалған жоқ. Оның негізін жасауға, ол түзілген өлкені қорғауға әлденеше ұрпақ үлес қосты. Ендеше, мұндағы әділет өлшемі бөлекше болғаны жөн. Бабалары бағзы ғасырлардан осы дала үшін алысқандар мен оған күні кеше ғана аяқ басқандардың сыбағаларының арасында айырма болса болсын, бірақ бесіктегі сәби мен асарын асап, жасарын жасаған қарияның сыбағасының арасында айырма болмасын. Болса, бұл даладан татар ырзығын әлі ойсырата қоймаған жас ұрпақтың ырыс-несібесінің артығырақ болғаны дұрыс. Әйтеуір, экономикалық еркіндік туған кезде әркімнің өз талабын өзі сынап көруіне жағдай туғаны жен болар еді. Бұл, әрине, бүгін сыбаға алғандардың бәрі ертең шетінен миллионер болып шыға келеді деген сөз емес. Капитал шоғырлана түседі. Қоғам жіктеле түседі. Ірі меншік иелері де, мамандандырылған жалдамалы қызметкерлер де, талантты кәсіпқорлар, менеджерлер, эксперттер мен мамандардан тұратын экономикалық элита да пайда болады. Өйтпесе, нарық бола ма?! Бірақ, соның бәрі жекешелену басталған кездегі біреуге сұйық, біреуге қою құятын алақолдықтың емес, өмірдің өзі туғызған шынайы бәсекенің нәтижесінде сұрыпталғаны дұрыс. Әйтпесе, әлеуметтік ертеңгі жіктелуін де кешегі бөліспелі экономиканың әділетсіздіктері қалыптастырып беріп кеткен болып шығар еді. Ең бастысы, мұндай мәресіз, меншік иеленудегі кереғарлықты бәсеңдетпейінше бүгінгі іскер топтың, ертеңгі орта таптың қатарын көбейте алмаймыз, сөйтіп экономикалық жағынан тиімсіз, әлеуметтік жағынан орнықсыз, «ақылға қонбайтын, көңілің тоймайтын» тағы бір күлді бадам қоғам орнатқан болып шығамыз. Нарық тек әркімнің өз ісін тауып алуына, әркімнің өз ісімен өзі болуына жағдай жасай алса ғана, өзін-өзі ақтай алады. Бұл адамдардың күш-жігері мен уақытын өзінің мүддесін қанағаттандыруға, сол арқылы қоғамның мүддесін қанағаттандыруға бағытталған жемісті еңбекке жұмсауға мәжбүр етеді. Сөйтіп, халықтың көңіл күйін іскерлікке, жасампаздыққа бағыттап, орнықтылық ахуалды нығайтады. Қазіргі қалыптасып отырған жағдайда әуелі инфляцияны тоқтатпай тұрып, басталып кеткен істі жолдан кідіртпей-ақ, ешкімнің жанына жаңа үрей салмай-ақ, ешқандай жаңа жойымпаздыққа ұрынбай-ақ, нарыққа көшудің тактикасына бейбіт жолмен түбегейлі өзгерістер енгізбей тұрып, өндіріс те түзелмейді, өмір де түзелмейді. Сонымен, экономикалық жаңғыру – уақыт талабы. Оны кідіртіп отырған – бір кездегі одақ жағдайында, қайта құрудың мақсаты әлі екіұдай болып тұрған кезде басталған реформаның, оның бер жағында түбірімен өзгеріп кеткен саяси кеңістікте қалыптасып келе жатқан атымен соны сипаттармен, заңдылықтармен жете санаса алмай жатқандығы. Тәуелсіз мемлекет жағдайында болуға тиісті басқа да реформалармен табиғи түрде өзектесіп кете алмай отырғандығы. Көп ұлттылық жағдайында меншік бөлісуден басталатын реформаның тек әлеуметтік топтар арасындағы ғана емес, этникалық топтар арасындағы күрделі қарым-қатынастарға да тікелей байланысты екендігінің бәрі-бәрі уақытылы мұқият ескеріле бермейтіндігі. Экономикалық реформа тек енді тәуелсіздік алып жатқан ұлттық мемлекеттің, оның кешегі саяси экономикалық орталықтандыру тұсында әбден қағажу көріп баққан байырғы халқының шын мәніндегі әділетке қолын жеткізе алса ғана ойдағыдай өрістей алмақшы. Өйткені, түпкілікті халық өмірлік мүдделерін қанағаттандыра алмай, қоңторғай отырған жерде кез келген реформа үшін басты шарт болып табылатын қоғамдық жарастық ахуалы орнамайды. Сондықтан да кешегі әділетсіздіктерді мықтап ескеру, олардың жаңа экономикалық қарым-қатынастарға көшу тұсында этникалық дүрдараздық өртіне себепші болып жүрмеуіне қам жасау – шынайы реформаның ең басты мақсаты болуға тиісті. Шын экономикалық реформа өзінің ойдағыдай өрістеуіне ыңғайлы ахуал орнатуды алдын-ала ескеріп отыруға тиісті. Бұл ретте, Қазақстанды жарастықты реформа кеңістігіне айналдыра білуге бір кісідей атсалысу көпұлтты қауымның барша құрамдас бөліктерінің басты парызы болып табылады. Ондай кеңістік жасаудың бірден-бір кепілі – аталмыш территорияда әлденеше ғасырдан бері тарихи қалыптасқан мемлекет пен оның негізін салған байырғы халықтың қай саяси, әлеуметтік экономикалық мүддесіне де түсіністікпен қарай білу, олардың жүзеге асуына қолынан келгенінше көмектесу, оны басқа этникалық топтардың мүдделеріне нұқсан келтіру деп қарамай, қайта тәуелсіздік жағдайында жалпыға ортақ орнықты ахуал орнатудың ең тиімді алғышарты деп ұғу. Онсыз ешкім үшін де қолайлы бола қоймайтын қопарылмалы жағдайдан құтыла алмайсыз. Басқа аймақтардағы қатерлі ахуал ең алдымен осыны ескермеуден туып жатыр. Жаппай шамшылдық, жаппай егес ешкімді өрге бастырмайды. Енді қалыптаса бастаған егемен елде тәуелсіздік мүддесі ең бірінші орынға қойылуға тиісті. Ол – әрине, ең алдымен жаңа конституциялық құрылым түзуде басты назарда болатын шарт. Егер біз қазіргі орнықты ахуалды одан әрі нығайтудың құқықтық жолдарын тауып, оны іске қоса алсақ, онда басталып кеткен реформаның тактикалық жолдарын қайта қарауға мүмкіндіктер ала аламыз. Оған әлі де кеш емес. Шағын жекешелендіру енді жүріп жатыр, мемлекеттік экономиканың негізін жасайтын салаларды жекешелендіру әлі бастала қойған жоқ. Ауыл шаруашылығын жекешелендіру ішінара жүруде. Осыны пайдалана отырып, қазіргі ІІІығыс Еуропада, Қытайда жүріп жатқан реформалардың тәжірибесін ескере отырып, әуелі экономиканы дағдарыстан шығарудың жолдарын қарастырған жөн. Реформаны содан кейін барып өрістеткен тиімді. Көршінің не одан арғының қолданып отырған әдісін үйрену бір басқа да, соның бәрін назарда ұстай отырып, өз кеңістігімізді нақты мүмкіндіктер мен проблемаларды мейлінше жан-жақты және терең ескере отырып, өз жолымызды табу бір басқа. Бұл арада әрбір әдісті алдын-ала сынақтан өткізбей болмайды. Көңілге қонымды деген әдістердің өзін Қазақстанның әр аймағының табиғи, әлеуметтік демографиялық жағдайларына қаншалықты үйлесімді болатынын арнайы тәжірибе арқылы анықтап алу керек. Әр саладағы реформаның әр аймаққа ыңғайлы ықтимал жолдарын тауып барып экономикалық реформаны ойдағыдай өрге бастыруга болады. Әйтпесе, қазіргі реформа – негізінен экономикалық штабтарда туындаған реформа. Онда таза технократиялық реформашылдықтың, өндіріс мүддесі деп, белгілі бір топтар үстемдігінің басым түсіп кетуінің негізгі сыры да сонда, сондықтан да оның мемлекетіміздің тәуелсіздік алуымен, ұлттық санамыздың оянуымен, әлеуметтік қарым-қатынастарымыздың демократиялануымен тығыз ұштаспай жатқан тұстары да аз емес. Қалың бұқараға түсініксіз, көптеген саяси топтар үшін даулы болуы тұрмыстағы дағдарыстардың күшеюіне ұштасып, тек нарық төңірегінде ғана емес, қоғамдағы барлық өзгерістер төңірегінде күдік-күмәнді көбейтіп отыр. Саяси прагматизм мұндайда үсті-үстіне қамшылау жолымен емес, бір сәт жан-жағына байыптай көз салып, бағыт-бағдар мен қимыл-әрекеттер сипатын қайта пайымдау арқылы ғана ілгері басу мүмкін деп санайды. Кеңістіктің кедір-бұдырларын дер кезінде байқап, одан неғұрлым мүдірмей өтудің амалдарын дер көзінде қарастырмай тұрып, уақыттан ұту мүмкін емес.

5. ИӘ, КӨП НӨРСЕНІ АСЫРА СІЛТЕУ МЕН АСЫҒЫСТЫҚ ӨРГЕ БАСТЫРМАЙ ТҰРҒАНЫ РАС

Ал ол екеуінің тек өз мақсатынан басқа ештеңені ойламай, тек өз мүддесінен баса ешкімнің мүддесімен есептеспейтін топтық, таптық, этникалық кеудемсоқтықтан өрбитіні әркімге аян. Кеше содан құлдырасақ, бүгін содан күйзеліп отырмыз. Ондай кеудемсоқтық басқаны былай қойғанда, тарихтың өзін де, тарихи процестердің өрбу, өрістеу заңдылықтарын да көзге ілмейді. Кез келген тарихи процестің тұсында тек кеңістік факторы – бір ғана аймақ, бір ғана мемлекетте қазіргі қалыптасып отырған жағдайды сол қалпында сақтап қалу пиғылы – біржақты ескеріліп, уақыт факторы – қалған әлемнің қалай дамып бара жатқандығы – назардан мүлдем тыс қалса, тұралап тұрып алудан басқа ештеңе болмайтынын тоқырау дәлелдеп берді. Ал тек уақыт факторы ғана – былайғы әлемде не болып жатқаны ғана – ескеріліп, кеңістік факторына – сол жаңалықтарды дарытуға өзіміз отырған аяның қаншалықты дайын екеніне, дайын болмаса, қалай дайындалуымыз керек екеніне – ешқандай немесе жеткілікті мән берілмесе ше? Онда кеңістік факторы атымен жоққа шығарылуы, тіпті мүлде ғайып болып кетуі де ықтимал екен, ал уақыт факторы өз-өзінен мәнсізденіп шыға келеді екен. Бұған соңғы жеті жыл ішіндегі оқиғалар айқын дәлел бола алады. Оларға түп бастау болған әлеуметтік импульстар қайда, қандай елде, қандай табиғи-тарихи, саяси-әлеуметтік мәдени-этникалық аяда өрбіп жатқандарын ескермеуден өздері өркен жайған кеңістікті – Кеңестер Одағын – тарихи болмыстан аластатып тынды. Әуелден де мұндай пиғыл болды ма, әлде ойламаған жерден солай болып шықты ма – гәп онда емес. Гәп басқада. Қоғамды қайта құрудың әлгіндей бір саяси кеңістіктің түюіне жетіп тынған әдістерін дәл сол қалпында жаңа саяси кеңістікке – енді-енді қаз тұра бастаған тәуелсіз мемлекет жағдайына – көшіре салғаннан, ол жойымпаздық, сипаттарынан айырылып, бірден жасампаздық сипаттарға ие бола қоя ма? Әй, қайдам... Қайта құрудың әу бастан жарыса атсалысып келе жатқан күштері түгел әрекет еткен жерде не болатынын Кеңестер Одағының келеңсіз күштері бел алып кеткен аймақтардың да әуселесі белгілі. Солшыл радикализм шектен шыға астамсыған жерде өз қарсыластарын өлердей өшіктіріп, Грузияда азамат соғысына, Мәскеу шаһарына немен тынары белгісіз текетіреске жол ашып берді. Оңшыл радикализм астамсып еді, әзірбайжандар мен армяндар қанға бөгіп шыға келді. Екі радикализмнің не екеуін бірдей, не біреуін-ақ пайдалана отырып, конституциялық билік институттарының арасына от жаққаннан шиеленіс Ресейде әбден шегіне жете ширықса, Тәжікстанда өзі мен өзі отырған жұрт жан-жаққа тартқылаған алауыздықтың отына үйітілуде. Сонда бұған не кінәлі? Мақсат па? Мүмкіндік пе? Уақыт па? Кеңістік пе? Ешқайсысы да емес. Экономиканың қазіргідей тұралап қалғанына нарық қандай кінәлі болмаса, саяси ахуалдың тап бұлай насырға шауып кеткеніне демократия да дәл сондай кінәлі емес. Кінәлі – әдіс. Мақсат пен мүмкіндікті, уақыт факторы мен кеңістік факторын үйлестіре алмайтын, не үйлестіргісі келмейтін асығыстық пен асыра сілтеу. Әуелде де осындай ниет болды ма, жоқ оқиғаның даму барысы өзінен-өзі соған әкеліп тіреді ме, кейінгі жеті-сегіз жыл ішіндегі саяси-экономикалық әрекеттердің жасампаздық сипаттарынан гөрі жойымпаздық сипаты басым түсіп жатыр. Өйткені, олар қандай да саяси дене болмасын, әуелі оның ақауын түзетіп, ауруын емдеп алып, одан әрі өзінің тыңаюы мен шынығуына жағдай жасаудың орнына, әуелде сызат түсіп тұрған жерін қалайда ырсиған жікке айналдыру, ал ырсиған жікті біржолата айырып, әбден ыдыратып, күйретіп барып, атымен жаңа саяси дене жасауға ұмтылып бақты. Одан ештеңе шықпаған кезде: «бұрынғы байланыстар мен құрылымдар үзілді, қирады, ал жаңалары әлі іске қосыла алмай жатыр»,– деген сылтау айтылды. Мәселенің бұлай өрбуіне біздің әрқайсымыздың, күллі қоғамымыздың бойына мықтап сіңіп қалған революциялық рух пен жойымпаз психология да аз себепші болып жүрген жоқ. Құлағанға қуандық, орнында не пайда болғанында шаруамыз болған жоқ. Көппен көрген ұлы той деп тарта бердік. Оның үстіне, осы процестердің бәріне бас-көз болып отырған жоғарғы жақ жоба үстіне жоба, бағдарлама үстіне бағдарлама ұсынып, бастары қатып жұмыс жасап жатқан кейіп танытты. Әуелден әлеуметтік оптимизмге баулынған біздер басталып кеткен демократиялық процестер қоғамдық қатынастардың ірік-шірігін өзінен-өзі тазалайды, әлеуметтік топтар мен кадрлардың озық-тозығын өзінен-өзі сұрыптайды, саяси-экономикалық дамуды өзінен-өзі сабаға түсіреді деп сеніп бақтық. Төменнен айтылған ұсынысқа қарсылық білдірген жоғарғы жақ болған жоқ. Сөз бостандығы ма – мә! Шаруашылық еркіндігі ме – мә! Ауылды дамыту бағдарламасы ма – мә! Төбеден түскен батпан құйрықтай көл-көсір уәдеге мәз болып жүргенде, өмірде өтіп жатқан процестерге ғылыми тұрғыдан талдау жасап, жүйелеп отырған күштер бар, олар кешегіге дәндеп қалған кадрларды бірте-бірте тазартады; жаңа рухтағы кадр корпусы қоғамдық тәртіп пен өндірістік тәртіпті қалпына келтіреді; орнықтылық ахуал орнайды; кешегі әлеуметтік әділетсіздіктер салдары жойылады; қоғам бірыңғай, бір ырғақты қалыпқа түседі; сосын қолда бар игіліктің егжей-тегжейлі есебі алынады; оларды тиімді пайдаланудың ықтимал жолдары белгіленеді; сонымен қатар, қолда бар моральдық ресурстың да есебі алынады; олардың тұтынушылық, өндірушілік мүмкіндіктерінің арасалмағы ғылыми тұрғыдан жіктеп-жіліктелінеді; экономикалық дамуды орналастыру мен жүйелеуде жергілікті моральдық ресурстардың дұрыс есепке алынбауы салдарынан игілік бөлісуде өндіріс пен ауыл шаруашылығы, қала мен ауыл, құнарлы өлкелер мен шөл аймақтар, тіпті ұлттар арасында орын алып келген кереғарлықтарды түзетудің тетіктері іздеп табылады; жекешелену сосын барып басталып, әркімнің жаңа экономикалық қарым-қатынастарға көшудегі мәрелік мүмкіндіктері мейлінше теңестіріледі; сөйтіп, процестердің бұдан арғы дамуы әлеуметтік шиеленістерге ұрынбайтындай саяси-экономикалық кепілдіктерге ие болады деген дәмеміз көзімізден бір-бір ұшты. Табиғатта тап мұны мақсат қылып, басы қатып отырған саяси басшылық болмағанына тамыз оқиғалары біржола көзімізді жеткізді. Сөйтсе, бір кездегі билік пен тоқырау тұсында қолға түсіп қалған дәулеттен айырылып қалмау үшін күрес енді қайта құру тұсында қол жеткен билік пен еселеп көбейген дәулетті түпкілікті заңдастырып, одан әрі орнықтырып алу жолындағы күреспен алмасыпты. Сенімпаз жұрттың көңілінде ондай күш бұрын болмаса, енді болады, әлеуметтік әділет пен жаңа нарықтық қатынастарға көшердегі мәрелік мүмкіндіктерді ақылға сыйымды деңгейге жеткізетін саяси прағматизм бұрын бел алмаса, енді бел алады деген дәме қайта оянды. Ондай дәме орынды еді. Одан біржола күдер үзуге болмайды. Бірақ, әзір жүзеге асып жатқан жоқ. Басталып кеткен процестер сол баяғы қарқынмен, сол баяғы жүйесімен жалғасуда. Егер бұдан әрі де тек осы жолмен, осы әдіспен өрістей берсе, олар көшіп-қонған жаңа тәуелсіз кеңістіктер де көз алдымызда ғайып болған бұрынғы жалпы кеңістіктің кебін кимесіне ешкімнің көзі жетіп отырған жоқ. Жаппай бөліне жарылушылық осы бетімен өрби берсе, оны ең ақырғы бөлшектенуі мүмкін емес әлеуметтік денеге жетіп тірелгенше ешкім тоқтата алмауы ғажап емес. Ондай ақырғы әлеуметтік дене – адам. Әрбір пенденің қара басы. Бір адамның бір басын орталық пен шет аймаққа, одақтас пен қарсыласқа бөле алмайтынымыз рас. Алайда, тек қана жойымпаздық пен наразылық, өзімшілдік пен секемшілдіктен басқаның бәрінен адаланып біткен сана күндердің күнінде сол ақырғы әлеуметтік кеңістік – адамның өзін де күйретіп тындырары сөзсіз. Олай болса, бар үмітімізді артып отырған бүгінгі сенімдеріміз де кешегі социализмнің кебін киіп шыға келмесіне кім кепіл?! Дүниеде асыққаннан, асыра сілтеуден, астамсудан ұтатын құбылыс болуы мүмкін емес. Ол егер ұтса, тек ықпалдастық арқылы ғана ұта алады. Ал ықпалдастық неден тәуелді екенінді айқын сөзінуден басталады. Сондықтан да, уақыт дегеніне жеткісі келсе, кеңістікпен есептесе білуі керек. Кеңістік көсегесін көгерткісі келсе, уақытпен есептесе білуі керек. Мүддедегі есептестік әрекетті ықпалдастық туғызады. Есеп жүрген жерде өлшем жүреді. Сол себепті де дамуға революциядан гөрі эволюция қолайлырақ. Өйткені, біреуі мөлшерлеп, біреуі мөлшерді белден басып әрекет етеді. Адамзат тарихына қарасаңыз, алдыңғысының құр алақан қалдырып, соңғысының шексіз бақытқа кенелтіп жатпағаны белгілі. Сонда қайтпек керек? Қайта құрудан бас тарту керек пе? Жоға, тәйірі... Бар болғаны – қайта құрудың өзін қайта құру керек. Ең алдымен, революциялық арнадан эволюциялық арнаға түсіру керек. Бұдан әрі де радикализмнің айтқанына еріп, революциялық әдістерді малдана берсек, кешегі кеңес мемлекетін шайып кеткен жойымпаз күштер тәуелсіз мемлекеттерді де шайып кетуі ықтимал. Ал эволюциялық даму жолы саяси прагматизм қағидаларынан ауытқымай, өзіне тиянақ болатын мемлекеттік кеңістікті сақтай, тіпті нығайта отырып, адамдар мен халықтардың, таптар мен әлеуметтік топтардың арасындағы қайшылықтарды шиеленісті шекке жеткізбей, бәсеңдететін жолдар іздеп, бәрінің бір күнде емес, жүйелі түрде сатылап шешілуіне жағдай жасай алатындығын дәлелдеп отырған елдер аз ба? Бұл реттен келгенде, Кеңестер Одағының келеңсіз тағдыры бізге саяси-экономикалық реформаны одан әрі өрістетуімізде бір сәт те естен шықпайтын ең басты сабақ болуы тиіс. Қай мәселені де, ең алдымен, біздің тәуелсіздігімізге қандай ықпал ете алатындығымен бағалауымыз керек. Ең әуелі басын ашып алатын мәселе: уақыт пен кеңістік арасындағы жарастықтың нәзіктігін жіті ескеріп отыру. Ол үшін экономиканы нарықтандыру мен қоғамды демократияландырудың этникалық жағынан бірыңғай, біртекті мемлекеттерге тән жалпылама үлгісі біз секілді әр ыңғай, әр текті ала-құла мемлекет жағдайында қалаған нәтижеге жеткізе қоймауы да ықтимал екенін ұмытпаған жөн. Бір өкініштісі, бұл салада ең үздік табыстарға жетіп жатқандар – өңшең біртектес мемлекеттер. Ал тағдыр мен тарих бізді нарық пен демократияның көп нәсілді мемлекет жағдайындағы үлгісін жасақтауға мәжбүр етіп отыр. Мұндай жағдайдың күрделілігін түсінетін күштер қайта құру басталмай жатып-ақ, бізді мемлекеттік дербестік мүмкіндігінен айыруға тырысты. Демек, біздің саяси кеңістігімізді шайқалтуды көздеп бақты. Ол ниет әуелгі ортадоксальды интернационализм қағидаларын пайдалана отырып, ашық түрде қимылдаса, қазір ортодоксальды демократизм қағидаларын пайдалана отырып, көрер көзге байқала бермейтін көлгір сипат алып отыр. Кеңестер Одағы секілді қырық құрақ елде нарық пен демократияны бірден өрістетіп кету қиын екенін ескерген «қайта құрудың әкелері» әуелі интернационалистік догманы, таптық максимализмді, төменгі жақтың жоғарғы жаққа, бұқараның аппарат пен номенклатураға наразылығын, кадр таңдаудағы ала қолдыққа, арнайы жеңілдіктерге деген жаппай ренішті пайдалана отырып, үгітшілік алауыздық туғызуды, оған иек артып, этникалық немқұрайдылықты одан әрі өршітіп, әркім ұлттық мүдде түгілі өз басымен өзі қайғы болып кететін ахуал өрбіту арқылы ұзақ жылдар бойы жүргізіліп келген территорияларды этникалық жағынан бейтараптандыру саясатын түпкілікті нәтижеге тезірек жеткізуді көздеді. Оны баяғыдан бері армандап келе жатқан «шынайы интернационализмге» жетсек енді жетеміз деп ойлаған догмат күштер де, мұндай бейтарап кеңістік атымен жаңа саяси-экономикалық қатынастар орнатуға ыңғайлырақ болады деп санаған реформацияшыл күштер де қызу қолдады. Екі жағы да процесті мейлінше шұғылдатуға тырысты. Алматы, Сумгаит, Қарабақ, Ферғана, Жаңа Өзек, Рига оқиғалары – бәрі бір көгеннің қозылары. Жергілікті әлеуметтік қайшылықтарды жасанды жолдармен шиеленістіріп, оған жасанды түрде ұлтаралық сипат беріп, соны пайдаланып, «интернационалдануды» күштеп, зорлап тездетуге жағдай туады деп есептеді. Қашан мұндай тәжірибеден ештеңе шықпайтынына көздері жеткен кезде барып, солшыл радикализм империяның күйреп тынғанына да пейіл болды. Тек осының өзі-ақ қайта құру тұсында ұлт мәселесі, ұлтаралық қатынастар қандай да көп сөз болғанымен, оны ұлттардың пайдасына шешуді көздеген ешкім болмағанын байқатады. Солшыл радикализм оны қалыптасып алған шовинистік империяны күйретуде қопарғыш зат ретінде ғана пайдаланса, оңшыл радикализм асқынып барады-мыс «ұлтшылдықпен» қорқытып, унитарлық империяны біржолата заңдастырып алуға тырысты. Бұны тек қайта құру басталғалы қатты шабуылға ұшырап келе жатқан Қазақстанға байланысты пікірлерден де мықтап аңғаруға болады. Г. Колбин Қазақстан басшылығынан қалай кетті, солай кейбір орталық басылымдар зарлап қоя берді. Әуелі үйреншікті әдетпен «ұлтшылдықтың қайта жандана бастағанын» сөз етті. Кейін ондай байбаламды тастап, Қазақстанның мемлекеттік дербестігіне, территориялық тұтастығына күмән туғызбайтындай қисындар іздестіріле бастады. Бір қызығы, бұл мәселеде әншейінде бірінің жағасынан бірі алып жүрген тайталас ағымдар кісі таңғалатындай бір ауыздылық көрсетті. Өзіңіз ойлаңызшы! Сонау сексен тоғыздың күзінде «Московские новости» газетінде Г. Попов Қазақстанға көп территорияны И. Сталин озбырлықпен тартып әперді десе, дәл сол тектес пиғылды тоқсаныншы жылдың жазында А. Солженицын қоздатты. Тоқсаныншы жылдың желтоқсанында президенттіктен кетіп бара жатып М. Горбачев Қазақстан тың игеру көзінде Ресейдің бес облысын иемденіп кетті деп жар салды. Жуырда «Правда» газетінің бетінде дәл сол алуандас пікірді Ресейдің халық депутаты М. Челноков қайталады. Бұл төрт «дуалы» ауыздың ар жағында біреулері жұрттың бәрін өздеріне ұқсату үшін, біреулері жұрттың бәрін өздеріне ұқсатпау үшін егемендікті мансұқтап, ұлттық тәуелсіз мемлекет қағидасын жоққа шығаратын екі тұрғыдан туындайтын төрт пиғыл тұр: біреулеріне бұрынғы Кеңестер Одағының орнына ұлттық сипатқа атымен мән бермейді-міс Америка Құрама Штаттары сияқты Еуразия Құрама Штаттары керек; екіншілеріне сәл жаңартылған немесе тіптен жаңартылмаған баяғы ресей империясы керек; үшіншілеріне сәл жақсартылған және жаңартылған кешегі Кеңестер Одағы керек; төртіншілеріне ешқандай жақсартылмаған да, жаңартылмаған да кешегі Кеңестер Одағы керек; бірақ, ешқайсысына да өз даму жолын өзі таңдап алған азат, тәуелсіз, егеменді ұлттық мемлекет, соның ішінде Қазақ мемлекеті керек емес. Сондықтан да, біріншілері ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын, ұлттық мемлекетті күні өткен қағида деп, екіншілері большевиктердің ойлап тауып кеткен зиянкестігі деп, үшіншілері қыстақтардан бастап егемендік талап ететін аймақшылдық менмендіктің бір көрінісі деп, төртіншілері сырттан келген зиянкестер мен іштен шыққан отансыздардың «ұлттық надандықты» желіктіруі деп, жоққа шығарып бағуда. Ол аз болғандай, кеше тәуелсіздік алып кетуі мүмкін, бүгін тәуелсіздік алып қойған Қазақстанның саяси дербестігінің заңдылығына күмән туғызатындай іліктер іздейді. Оны территориялық даулар арқылы тапқысы келеді. Бұл арада аталмыш авторлар қалыптасып отырған көпұлттылық ахуалды пайдаланып, тарихқа көзапара зорлық жасамаққа, кейінгі кезеңдер туғызған заңсыздықты әуелден де солай жаратылған мәңгілік ақиқат қып өткізуге тырысады. Шын мәнінде, мемлекетті тарихи қалыптасқан ұлттық-территориялық сипаттар түзейтіні – ежелден белгілі қағида. Территориясы жоқ, немесе территориясынан кешіп кеткен халық аспан мен жердің арасындағы ауадан мемлекет жасақтай алмайтыны даусыз. Тек өз тарихи территориясында отырған ұлт қана мемлекетке ие бола алады. «Туған жердің табиғатын бәтеңкенің табанына жұққан топырақпен ілестіріп алып кете алмайтының қандай ақиқат болса, туған еліңнің тәжі мен тағын да не басыңа киіп, не атыңа бектеріп алып кете алмайтының сондай ақиқат»,– деген сөз содан қалған. Ол үшеуі халқының негізі қайда отырса, сонда қалады. Белгілі бір ұлттың белгілі бір бөлігінің бір кезде үдере көшіп кеткен жерінен жер даулай алмауы, үдере көшіп келген елінен мемлекет даулай алмайтыны, тек өзінің ұлт боп қалыптасқан тарихи отанында ғана мемлекет талап ете адатыны – көптен бері талассыз қағидаға айналды. Ал әлгіндей саяси күштер іргесіндегі Қазақстанға үсті-үстіне қисынсыз дау, қисынсыз талаптармен киліге береді. Бір кезде Ресей империясының құрамына кіргені үшін бе? Кірсе – күллі мемлекетімен кірді, шықса – күллі мемлекетімен шықты. Егер, кейбер тарихшылар айтып жүргендей, өз еркімен қосылса, өз еркімен шықты. Егер, екінші бір тарихшылар айтып жүргендей, жаулап алынса, XX ғасыр кез келген аннексия мен отаршылдықты заңнан тысқары деп тапты. Бұл ретте тілге тиек таба алмайтын болғандықтан, әлгідей қисыншылар қазақтарды әуелде ешқандай мемлекетті білмейтін, бетімен лағып көшіп-қонып жүрген жабайы тайпа қып, қазақ жерін ресейлік қоныстанушылар келгенге дейін иесіз жатқан иен дала қып түсіндіруге тырысады. Бұны, басқаны қойғанда, Ресей тарихының өзі жоққа шығарады. Егер оның шығыс жағында ешқандай мемлекеті жоқ елсіз дала жатса, XІІ–XVІ ғасыр арасында үш ғасырдан астам Ресей кімнің қол астында отырды. Алтын Орданың емес пе еді? Қазақ хандығы да Ресейдің өзі сияқты бір кезде Алтын Орда құрамында болған Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай ордасы негізінде пайда болды ғой! Егер ол хандықтарды мемлекет деп танымаса, сонау Иван Грозный заманынан неге елшіліктер алмасылған? Егер иен дала болса, сол екі ортада сонау Қиыр Шығысқа дейінгі территорияны иемденіп үлгерген Ресей, орта жолдағы бұл аймақты нағып айналып өткен? Егер бұл аймақта ешқандай мемлекет болмаса, 1595 жылы Тәуекел ханды бодандыққа алған Михаил Федорович заманынан бастап орыс патшалары 1846 жылғы Лепсі, 1847 жылғы Меркі келіссөздеріне дейін қазақ билеушілерімен келіссөз жүргізумен келсе, көшіп жүрген қаңбақтармен келіссөз жүргізген бе?! Кейін Қазақстан шекарасының өзі сол келіссөздерге қатысқан елбасыларының қарауындағы ұлыстардың жайлап отырған территориялары бойынша белгіленбеп пе еді?! Шекара, М. Горбачев айтқандай, «сельсоветтердің деңгейінде» емес, атақты шығыс зерттеушісі академик В. Бартольд басқарған мемлекеттік комиссия деңгейінде, Ресей империясының сыртқы істер департаменті мен бас штабының құжаттары негізінде белгіленгенді. Тұсында екі одақтас республика парламентінде, одақтық парламентте конституциялық дәрежеде бекітілгенді. Ұлттардың өзін-өзі билеуі қисынын большевиктер ойлап тапты деген де әнтек сөз. Өткен ғасырда бұл қисынды батыс саясатшылары көтерген-ді. Әсіресе, АҚШ Президенті Вудруф Вильсон көзге түскен-ді. Ол большевик емес-тұғын. Осы қағидаға сүйеніп, 1905 ясылы Норвегия Швециядан бөлініп шыққан-ды. Ол кезде болыпевиктер Швеция түгілі Ресейде де билікке келмеген-ді. Бұл қағиданың мықтап күшіне ене бастағаны 1941 жылы Африкадағы Касабланкада «Атлант хартиясы» қабылданғаннан кейін. Оның негізін салушылар Ф. Рузвельт пен У. Черчилль ешқашан коммунист болып көрген емес-ті. Осы қағиданы негізге ала отырып, біріккен Ұлттар Ұйымында 1960 жылы «Отар елдер мен халықтарға тәуелсіздік беру туралы декларация» қабылдағандардың да бәрі-бәрі коммунистер емес-тұғын. Ал сол құжатқа қол қойып ап, оны өткен жылдың күзіне дейін шындап орындамай келгендердің коммунистер екені рас еді. Егер отаршылдықтың түпкілікті күйреуі, тәуелді елдердің егемендікке ие болуы, негізінен, XX ғасырдың екінші жартысынан бастап жүзеге асып жатса, ұлттық мемлекеттердің қалайша күні өткен болып шығады?! Жер бетіндегі жүздеген халықтардың, Демек, миллиондаған, тіпті миллиардтаған адамдардың ең көкейкесті мүдделерін көздейтін азаттық пен тәуелсіздік мәселесін бұлай тұрпайыландырудың шынайы ізгілік пен демократия қағидаларына қырық қайнаса сорпасы қосылмайды. Ендеше, мұндай қисын соғып жүргендер өздерін кіммін деп атауға да ерікті, бірақ демократпын, ізгілікті ақыл иесімін деп айта алмаса керек. Оларды мұндай тығырыққа тіреп жүрген – өзгелердің басындағы ескішілдік емес, өздерінің басындағы ескішілдік. Күллі дүниені бір мемлекет санап, басқалардың басынан секіруді көздейтін әлемдік империя қисынын желеулеткен космополиттік қағидалар мен тап сол жолдағы таптық догманы желеулететін қасаң интернационализм қағидаларынан арылып болмаған отаршыл психология. Мұндай пиғылдағылар адам құқығы мен бостандығы халықтар құқығы мен бостандығынан жоғары тұрады дегенді желеулетіп, кешегі отаршылдықтың салдарын сол қалпында сақтап қалуға болады деп дәметеді. Әсіресе, отаршылдықтан ең көп зардап шеккен Қазақстанға қайта-қайта шүйлігетіндігі де сондықтан. Олар қазақтардың өз тарихи отанында аз болып қалуын өз-өзінен орнай қалған заңды оқиғадан көріп, мұндағы қай мәселені шешкенде де процентке жүгінеді. Бір ғасырға жетер-жетпес уақыт ішінде жергілікті тұрғындардың жартысына жуығын не тікелей, не жанама жолмен қырын, аластап салып, сыртта одан бір жарым есе көп халық әкелуді қаншама «интернационалистік көмек» деп майлап-сырлағанмен, ол бәрібір саналы түрде әдейі жасалған отаршылдық болып қалады. Қажет десеңіз, «халықтар достығының» пайғамбарлары бұл саясатты ежелгі Қытай императорларының шет аймақтарға жүргізген саясатынан сол қалпында көшіріп алған-ды. Қытайлар да өздері басып алған аймақтардың жартысын жергілікті халықтардан, жартысын хандардан ұстаған. Ондағы мақсаттары, өздерінің түсіндіруінше: біріншіден, екі ұлт бірін-бірі аңдып, артық қимылдан тартындырып отырады; екіншіден, билікте екеуінің де өкілдері жүргендіктен, біріне-бірі көзапара зорлық жасай алмайды; үшіншіден, басқыншы ұлт бөлектенбейді де, жергілікті халыққа сіңіп те кетпей күллі елге бытырай жайғасқандықтан, өз империясын ішкі, сыртқы қастандықтан сақтандыра алады; төртіншіден, хандар жалпы алғанда көп болғандықтан, әлгіндей шет аймақтарды еріксіз ұстап отыра алатындай «тірі арқан» боп табылады. Кешегі «интернационализм» енгізген әлгіндей айла-шарғыны бүгін де орнықты ахуалдың кепілі деп, сорымыз емес, бағымыз деп санайтындар да кездеспей қалып жүрген жоқ. Оны әділеттілік демократия деп ұғады. Егер бұл әділеттілік болса, онда отаршылдық деген не? Әлде адамгершіліктің, ізгіліктің, бостандық пен азаттықтың заңдары қалған адамзат үшін бір бөлек, қазақтар мен Қазақстан үшін бір бөлек жазылған ба?! Әрине, олай емес. Ендеше, санына қарап кіріптарлықты кеше интернационализм деп түсіндіргеніміз сияқты, бүгін демократия деп түсіндірудің еш қисыны келмейді. Әлемдік отаршылықтан кейінгі демократия тек адамдар теңдігін ғана емес, халықтар теңдігін орнықтыруды да өзінің басты шарты деп санай алса ғана, демократия болып есептелуі тиіс. Өйткені, халқы азат бола алмай тұрып, ешкім азат бола алмайды. Азат емес адам өзін ешкіммен тең сөзіне алмайды. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, қалған дүниедегі отаршылдыққа қарағанда аса көлгір «кеңес отаршылдығынан» адам айтып тауыса алмастай зорлық-зомбылық көрген Қазақстанда тек қазақ халқы ғана ұлттың өзін-өзін билеу құқысын талап ете алады. Өйткені, қалған жүз отыз ұлттың өкілдері ішінде тарихи отанында отырған тек сол ғана. Басқалары өздерінің тарихи отандарында ұлттық мемлекетке әлдеқашан ие болды. Сондықтан да одан тысқары жерде ұлттық-территориялық дербестік сұрауға қақылары жоқ. Алайда, қазақ халқының осындай құқын жүзеге асыртпау үшін қолдан жасалған көп ұлттылықты пайдаланып, ұлттық мемлекет орнына азаматтық қоғам орнатуды қайта-қайта сөз ететіндер бар. Мұндай талап – заңсыздығын былай қойғанда, қате талап. Өйткені, азаматтық қоғам ұлттық мемлекеттің баламасы бола алмайды. Біріншісі, қоғамдық құрылымның белгілі бар аясындағы қарым-қатынастардың жиынтық сипаты болса, екіншісі мемлекеттік түзілімнің түбегей мәні. Кез келген мемлекетте, оның ішінде ұлттық мемлекетте де азаматтық қоғам болады. Өйткені, ол – әлемдік саясатнама (политология) түсіндіруі бойынша, адамдар мен қоғамдық институттардың мемлекеттік институттардан тәуелсіз өзара қарым-қатынасының жиынтығы болып табылады. Оған азаматтардың отбасы, шіркеу, ақпарат құралдары, мәдени институттар, ғылыми, кәсіптік, саяси бірлестіктер аясындағы өзара қарым-қатынастары жатады. Ұғымдарды бұлайша әдейі шатыстыру да Қазақстанды этникалық жағынан әлдеқандай бейтарап кеңістік деп көрсетудің амалы. Ал бұл – Қазақстанда қазақтардың ғана өзінің ұлттық мемлекеттік құруға қақылы екенін жанама түрде жоққа шығару тәсілі болып табылады. Күннен-күнге мұндай тәсілдің түрі көбейіп келеді. Кейінгі кезде жаңа мемлекетіміздің унитарлық сипатына шабуыл көбеюде. Қазақстанның унитарлық мемлекет болатындығы – оның бұрынғы бір ғана ұлттың этникалық территориясынан тұратындығы. Қалған ұлт өкілдерінің оған өз территориясымен бірге қосылмай, сырттан көшіп келушілер ретінде қоныстанғандығы. Тарихи қалыптасқан бұл ақиқат та әлдекімдердің шамына тиіп бағуда. Сол үшін де терминдерді әдейі шатыстырып, унитаризмді демократияға қарсы ұғым, тоталитаризмнің балама ұғымы қылып түсіндіруге талаптанатындар бар. Олай болса, Франция, Германия, Швеция, Финляндия сынды унитарлық мемлекеттер демократиялық мемлекеттер санатынан шығып қалар еді. Мұндағы мақсат – Қазақстан тұрғындарының этникалық ала-құлалығын пайдаланып, оған жасанды түрде федеративтік сипат беру. Федерация болу үшін мемлекет әр түрлі ұлт өкілдерінен ғана емес, әр түрлі этникалық территориялардан (Швейцария), немесе бір ұлттың бұрын әрқайсысы бөлек-бөлек мемлекет саналған терри-торияларынан (АҚШ, ГФР, Австрия) түзілуі шарт. Біздің кейбір радикалдар бұл заңдылықты да белден басудан кет әрі емес. Жоғарғы Кеңестің екі палатадан тұруын (біреуінің ұлттар палатасы болуын) талап ететіндердің көздегені, міне, осындай мақсат. Бұндай пиғылдарын қазір өткізе алмағанмен, болашақта өткізуге алғы шарт жасауға ұмтылып-ақ бағуда. Ол үшін астыртын бөліне жарылушылық пен «аймақшылдық» желісін тартуда. Олар қоғамда нарықтық қатынастар орнамай тұрып, кейбір кәсіпорындардың нарыққа көшуін жеделдетіп, экономикалық сепаратизмді өршітуде. Күні кеше одаққа бағынған кәсіпорындардың республика қарамағына өтпей жатып шұғыл түрде акционерлік қоғамдарға айналып кетуі де – соның бір түрі. Егер қолымызға тимей жатып-ақ, қайтадан кім көрінгенге үлестіріп беретін болсақ, бұл кешегі «ведомстволық менмендікті» құтыртқанымыз ба, тұқыртқанымыз ба?! Республика егемендік алмай тұрып, аймақтарымыз бен кәсіпорындарымыз дербестік алып, басқа түгілі сыртқы қатынастарды өз бетінше жүргізе бастады. Құнды табиғи ресурстарымызды талан-таражға салғанымен қоймай, жұмыссыздық көбейгелі тұрғанда, көкөніс егіп, қоқыс төгетін жұмыс қолдарына шейін көрші мемлекеттерден шақырып, онсыз да асқындап тұрған этникалық ала-құлалықты одан сайын асқындырудың қажеті қанша? Мемлекетіміз тәуелсіздік алмай тұрып, дәулетімізді республикалық коммуналдық меншікке бөлу аймақшылдық пен бөліне жарылқаушылықтың экономикалық мүмкіндіктерін нығайтып берді. Енді оларға саяси, құқылық жүйе жасап алудан кет әрі емес. Жергілікті өзін-өзі билеушілікті біржақты желеулететіндердің көздейтіні сол. Олар мұны орындаушы биліктің ықпалы төмендеген сайын құлдыратып, өкіметті биліктің ықпалын төмендеген сайын автономияландыра түскісі келеді. Президенттен басталатын мемлекеттік орындаушы билік жүйесімен жарыстырып, жергілікті орындаушы билік жүйесі деген қосалқы түзілімді тықпалайтындар да солар. Жергілікті референдумдар өткізуге құмар күштердің де көмекейі белгілі. Бәрі де – тәуелсіз мемлекетіміздің унитарлық сипатын қаз тұрмай жатып, әлжуаздандырып бағу. Ол үшін жоқ нәрсеге бола ілік шығарып, билік институттарын бір-біріне айдап салып, «тәжік», «кавказ» үлгілерін бізге де дарытуға ынтық күштер шақ бермей қалып жүрген жоқ. Бұл жолда тек ұлтаралық қана емес, үгітшілік кикілжіңдер туғызуға, оған ресми билік орындарындағы түсінбестіктерді де, бейресми ұйымдардың, ғылыми шығармашылық ұжымдардың ішкі таласын да, кәсіпорындар мен кәсіподақтардағы тәжікені де пайдаланып қалуға тырысатындар көрініп жүр. Оған ішкі оппозициялар да, сырттан тұрып сыбырлайтын алыс-жақын патернализм де аянбай атсалысып бағуда. Түптеп келгенде, бұның сыры – саяси, экономикалық реформаны жүргізуде бүгінгі тәуелсіздік қамына жете мән бергізбей, кейінгі жылдары қалыптасқан процестердің үйреншікті ағымымен тарта беруге итермелеу. Кешегі империяны шайып кеткен тасқынның ағынымен тарта берсек, онсыз да тәлтіректеп тұрған тәуелсіздігіміздің басына күн туғызып, империя үшін кек алушылар мен империяны қайта тірілтушілердің қолына абайламай қайтадан су құйып жүруіміз мүмкін. Бұған әсіресе, мемлекетіміздің жаңа конституциялық құрылымын түзгенде ерекше абай болғанымыз жөн. Бұл ретте «күшті анау билік», «күшті мынау билік» төңірегіндегі керексіз дау-дамайды тыйып, президенттің жеке жауапкершілігін, парламенттің ұжымдық талапшылдығын, үкіметтің іскерлік пен ыждаһаттылығын қамтамасыз ете алатындай, өзара ықпалдасты билік жүйесін жасақтаған жөн. Тәуелсіз мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатын президент қалыптастырып, үкімет бұлжытпай жүзеге асыруға тиісті. Президенттен басталатын орындаушы билік ең төменгі буынға дейін түгел жетіп, жергілікті жарыспалы орындаушы билікке жол берілмегені жөн. Конституциялық заңдылықтың жалпы мемлекеттік дәрежеде де, жергілікті билік дәрежесінде де бұлжытпай орындалуын қадағалауға бірден-бір заң шығарушы орын – парламентке құқық берілуге тиісті. Қазіргідей әтпелі кезеңде мемлекетіміздің унитарлық сипатына ерекше сындарлылық бермесек, ертең қоғамымызда демократияны одан әрі тереңдетудің тиянақ кеңістігін жасай алмаймыз. Онсыз баянды, орнықты ахуал орната алмаймыз. Егемендікті нығайту тек ішкі ахуалмен шектелмейді. Әсіресе сыртқы ықпалдастықты ерекше ескеруді талап етеді. Әлемдік ықпалдастықпен қоса аймақтық ықпалдастық керек екендігін ешкім жоққа шығармайды. Оған қорғаныс та, қаржы да, экономикалық байланыс та мәжбүр ететіні рас. Бірақ, бұл арада да өткеннің тағылымын ұмытпаған лазым. Жылы да тәуелсіздік берілген. Бірақ, араға ай түспей жатып туысқан жұмысшы табына көмек дегенді желеулетіп, Петроград Украинаның ішкі ісіне араласты. Киевтегі Орталық Радаға жарыстырып, Харьковта халықтық Украин Республикасының үкіметі құрылды. 1920 жылы РКФСР Әзірбайжанмен, Армениямен «әскери және қаржы-экономикалық одақ» жөнінде келісім-шарт жасады. Ал 1922 жылғы 26 қыркүйекте Горькийде ауырып жатқан Ленин мен Сталин екі сағат қырық минөт сөйлесіп, республикаларды қайта біріктіруге келісті. Артынша Ленин Каменев пен саяси бюро мүшелеріне хат жазып: «...Бірінші тармақта «РКФСР құрамына кіру» дегеннің орнына – «Еуропа мен Азия кеңес республикаларының РКФСР-мен бірге шартты түрде бірлесуі» деп жазу керек. «Тәуелсіздікшілердің» қытығына тимей, олардың тәуелсіздігін жоймай, тағы бір жаңа қабат, тең құқылы республикалардың федерациясын құрудың мәні зор»,– деп түсіндірген-ді. Айрықша мән беретін нәрсе: дербес мемлекеттердің тәуелсіз одағының үстіне жаңа қабат құрылып еді, олардың дербес билігінің орнына орта билік, орталық билік үстемдік алып шыға келді. Сырт қарағанда, ортақ мүдденің қамы сияқты. Түптеп келгенде, не боп шыққанына араға жетпіс жыл салып барып зорға түсіндік қой. Аймақтық ықпалдастық та жақсы. Бірақ, абай болған дұрыс. Аузымыз бір күйген жерден екінші рет күймегені жөн. Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы ықпалдастық жолында Еуропалық жаңа қауымдастықтың ұстанып отырған қағидаларынан алыс кетпеуге тырысқаны лазым. Өйткені, бізге жаңарған әлемдік империя емес, жанарған әлемдік тәртіп керек. Ал, ондай тәртіп шын ықпалдастық тек шын тәуелсіз мемлекеттердің ғана арасында болады деп ұғады. К. Ясперс: «Әлемдік тәртіп тек күштілер өзін-өзі тежей алса ғана, жүзеге асады. Күштінің өзін-өзі шектей білуі – баршаның бостан болуының басты шарты»,– деп еді. Бізге, әрине, нарық та керек, демократия да керек, бірақ тәуелсіздік бәрінен де керегірек... Өйткені, біз тек тәуелсіз болсақ қана нарық пен демократияға жете аламыз. Ал, тәуелділік жағдайында нарыққа жете алғанымызбен, демократияға жете алмаймыз. Себебі: демократия мен тәуелділік – сыйыспайтын ұғымдар. Біз әлі тәуелсіздік тағылымын баяу үйренудеміз. Ұлтаралық мәселеде халықаралық құқтық қағидалардан гөрі үйреншікті интернационализм догмаларына көбірек жүгінеміз. Ал олар қалыптасқан жағдайды тапжылтпай сақтап қалуға мүдделі екенін ашық көрсетіп отыр. Кейбір төресымақтардың анда-мында шапқылап, пана сұрағансып жүргені де содан. Қазақстанда қазақ шовинизмі бар дегенге кім сенеді?! Өз жерінде өзі аз болып отырған халық қалай ондай үстемдік орната алады?! Егер жер бетіндегі қазақтарды түгел көшіріп әкелген күнде де, олар ондай ықпалды көпшілік құрай алмас еді... Қазақстанда қазақтар ертеңгі экономикалық реформада ең тиімді сала индустриядан басқаларды қуып шығып жатыр ма? Жоқ. Сауда мен тұрмыстық қызметтен, транспорт пен байланыстан басқаларды қуып шығып жатыр ма? Жоқ. Инженерия мен ғылыми-техникалық қызметтен қуып шығып жатыр ма? Жоқ. Әлде парламентте, үкіметте, президент аппаратында, барлық министрлік, салалық, концерндік аппараттарда өзгелерді есіктен аттатпай, бірөңкей өздері болып билеп-төстеп отыр ма? Жоқ. Әлде құм мен сордың ортасына барып, табаны тілініп, еріні жарылып, қой баққым келеді деген басқа ағайынның қолынан қағып отыр ма? Жоқ. Ау, сонда бұл қандай шовинизм? Қандай қысымшылық?.. «Қазақ ұлтшылдығын, сынайтындар қазақтардың біреулерге жасап жатқан зорлық-зомбылығын көтере алмай отырған жоқ, өз қамын өзі жеуге, өз тілін, тарихын, мәдениетін өзі білуге деген кеш басталған азды-кемді қарекетінің өзін көпсініп отыр. Бұл – ізгілікке, демократияға жатпайтындығын былай қойғанда, саяси көрсоқырлық. Қандай ақыл иесі адам демократия жағдайында түпкілікті халықтың өмірлік мүдделері шешілмей жатқанда, өз мүддеме жете алам деп ойлайды? Бұл ахуалдан арылу үшін біреулеріміздің кешегі «интернационалистік» астамшылдық, екіншілеріміздің «интернационалистік» жасқаншақтық психологиядан арылуымыз қажет. Кісі аралық та, ұлт аралық та қатынастарда идеологиялық қисындарды былай ысырып тастап, тек қана заңның, күллі адамзат ұстанып келе жатқан халықаралық қағидалардың жүйесіне көшкеніміз дұрыс. Олай болса, бұдан былай қай қазақстандық та республикада, ұлтына қарамастан, өз қалауымен үш түрлі статустың бірін таңдап алуы керек. Не бұл мемлекеттің азаматы болады. Онда оған тиесілі азаматтық, саяси құқтар мен бостандықтардың бәрі беріледі. Ол да соған лайық қарыздары мен парыздардың бәрін өтейді. Не қалаған мемлекетінің азаматтығын алып, басқа ел азаматы ретінде тұрады. Онда Қазақстан оның өміріне, меншігіне, адамдық мүдделеріне нұқсан келтірмеуге кепілдік бере алады. Бірақ, өз заңдарын сыйлау мен құрметтеуді талап етеді. Не азаматтығы жоқ адам ретінде тұра алады, оған да ешқандай нұқсан келтірілмейді. Ол да заңды құрметтеуге борышты болады. Ендігі жерде ана халықтың өкілі, мына халықтың өкілі деген артық тәжікені қойып, әркімге әлгі айтқан азаматтық статусына қарай қатынас жасалуы керек. Тек құқық тілі ғана ұлттық белгіні саяси сауда-саттықтан құтқара алады. Тек сонда ғана ұлтаралық қатынасты тәуелсіздігіміз бен егемендігімізге қысым жасаудың құралы ретінде пайдалануға бөгесін жасауға болар еді. Бұрынғы идеологиялық жалпақшешейлікті тастап, нақты заң, құқық тіліне үйрене алсақ қана, елдігімізді еңселендіре аламыз. Бұл – әрине, біздің бұған дейін де талай айтқан пікірлеріміз. Парламент сессиясында да, төралқасында да, ұлт саясаты комитетінде де, конституция комиссиясында да талай ортаға салған ойларымыз. Ал, бүгін соның бәрін жіпке тізіп, жалпыға шығарғандағы мақсатымыз – егемендік ахуалын саяси құжыраларда талқылаудың уақыты өткендігіне, бұл мәселеде жалпы ұлттық, бүкіл халықтық, бүкіл қауымдық көзқарастар мен қағидалар қалыптастыратын уақыт жеткендігіне назар аудару. Аман болса, Жаңа Конституция екінші оқылымда талқыға түседі. Елдік паспортымызды тезірек қабылдау орнына, тағы да әрі тарт-бері тартқа түсіргілері келетін пиғылдар да байқалмай қалып жүрген жоқ. Бұндай жағдайда елдікті ойлайтын барша саяси күштердің ауыздары түзелсе, әбден лазым.

Елдіктен асқан бас қатыратындай не бар? Елдіктен басқа не керек?.. Тәуелсіздігіміздің бір жылдығының қарсаңында қай-қайсымыздың да мықтап ойланып, өткеннен қорытынды шығарып, ертеңгі беталыстарға бағыт белгілегеніміз дұрыс шығар... Қысқасы, қазір – бетерден де бетер бар деген осы екен деп, қорынатын да, торығатын да кез емес, қолда бардан қалай айырылып қалмау керек деп, ойланып-толғанатын кез. Әрқайсымыз боп, әр шаңырағымыз боп, күллі жұртымыз боп бұдан былай жоқтан өзгеге сене бермей, былайғы дүниенің бәрі сияқты, күллі адамзат сияқты тек өз ақылымыз бен өз еңбегімізге сүйеніп, ата-бабаларымыз бен тарих қалдырған дәулетке ұқыпты ие боп, ешкімге есемізді жібермей, өз қамымызды өзіміз жеуге біржолата тәуекел ететін кез.

Әйтпесе, ертеңгі ақыл кеш, ертеңгі әрекет еш боп шығуы мүмкін.
1992.

БІР ҚАЗАҚТЫҢ БАЛАСЫМЫЗ

Қазақстан Республикасы халық депутаты,
жазушы Әбіш КЕКІЛБАЕВ пен
жазушы Ахат ЖАҚСЫБАЕВТЫҢ сұхбаты

Ахат ЖАҚСЫБАЕВ:– Әбеке, осыдан дәл екі жыл бұрын – ақпанның аяғы мен наурыздың басында Сіз бен біз Павлодардың Баянауыл, Екібастұз аудандарында болыппыз. Осы екі ауданның жұртшылығы Сізді Қазақстан Жоғары Кеңесіне депутаттыққа кандидат етіп ұсынған еді. Сенімді өкіл ретінде Сізбен бірге мен де бардым. Есіңізде ме, сол жылы қар қалың болды. Қыдыратын кез емес. Жол алыс, жер шалғай. Ақ қар, көк мұзда барлық совхоздарды түгел аралап шықтық. Қаншама кездесулер өтті. Сіз де сөйлеп бердіңіз, ел де ықыластанып, риза боп отырды. Қариялар батасын берді. Қазақтың белгілі жазушысы, республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты екеніңізді де біледі. Дегенмен, сайлау қорытындысы шыққанға дейін көңіл күпті болғаны рас қой. Себебі, баламалық негізде бір орынға үш кісі таласып, сайлаудың соңғы сағатына дейін тіресіп келді. Ал сізбен таласқа түскен екі кісі де – сол елдің бетке ұстар сыйлы азаматтары. Екеуі де өз елі, өз жұртында, қалың ағайынның ортасында отыр. Арғы атадан бері көз көргендері де көп. Аралас-құралас тұстастары да жетерлік. Бәрі жабылып қолдап кетсе, басқаға есесін жібермеуі мүмкін. Елге рахмет. Сізді Баянауыл мен Екібастұздан үш мың шақырым жердегі Маңғыстаудың тумасы екен деп бөлектемеді. Сайлау күні өз аулының екі адамын бөгеп, жолды Сізге берді. Сізге көбірек сенім артты. «Қанына тартпағанның қары сынсын»,– деген жоқ. Азаматтың қадірін білетін бір қазақтың баласы екенімізді дәлелдеді. Бұл да ерліктің, өреліктің белгісі шығар. Ал депутат ретінде Сіз қазір сол елге не жақсылық жасап жатырсыз? Содан бері арада екі жыл өтіпті...

Әбіш КЕКІЛБАЕВ:– Дұрыс айтасыз, Ақа. Расында, тарихымызға қосқан үлесі зор, тағдырымыздан алған тағылымы мол жоралы жұрт елдік пен бірлік жолында өнеге болатындай өрелі мінез танытты. Соған сенгендіктен де, мен ол аймақтан дауысқа түсуге тәуекел еткенмін. Сайлаушылармен алғашқы сұхбатымыздың өзі-ақ жаңа парламенттің қандай болмағы төңірегінде өрбіді. Демократиялану мен имандану туғызатын тарихи мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана білуге көбірек көңіл бөлінді. Депутаттыққа ұсынылатын азаматтардан бұрынғыдай жыртыққа жамау дәметпей, шынайы елжандылық, сол жолда істі насырға шаптырып алмайтындай білімдарлық, шалымдылық талап етілетіні ашық айтылды. Өз басым шама-шарқым келгенінше, ең алдымен, республикам мен халқымның көкейкесті мүдделерінің ойдағыдай жүзеге асуы жолында күш салуға сөз бердім. «Мұндағы Баянауылдың, ондағы Ұлытаудың, сонау Маңғыстаудың ұпайы тек сонда ғана түгенделеді деп түсінемін»,– дедім. Жұртшылықтың: «Сол дұрыс. Қалған шаруаны өзіміз де бірдеңе етерміз»,– дегенін өзіңіз де талай естігенсіз. Баянауылдықтар мен екібастұздықтар сол мәрт мінезінде тұрды. Шөп маған түсті. Әйтпесе, менімен бірге ұсынылған Сайлау Байділдин мен Қылышбек Баязитов қай додаға да лайық атпал азаматтар екен.

Обалы не керек, парламент сол халық дәметкен өреден шығу жолында еңбек етіп жатыр. Ондай іске біздің көп ұлттың өкілінен тұратын, құрамында ғылым, мәдениет, әдебиет пен өнердің көрнекті қайраткерлері бар ұлт саясаты, мәдениет пен тілді дамыту комитетінің айрықша ыждаһатпен қарайтыны, айтпаса да түсінікті. Кейінгі жылдардағы саясат теңізіндегі барлық сұрапыл кешегі баға қымбаттағанға дейін, негізінен, ұлт мәселесі төңірегінде өрбіп келді ғой. Ол тіпті де тегін емес еді. Унитарлық мемлекет жүрген жерде бір ұлттың мүддесін екінші ұлттың мүддесінен жоғары қою етек алады. Этакратиялық қоғам жүргенде бір қауымның тасы өрге, екінші қауымның тасы ылдиға домаламай тұрмайды. Ол екі сипаттың екеуіне де тосқауыл қойылмай, ешқандай демократия, ешқандай имандылық (гуманизм) орнамайды. Сондықтан да, унитаризм мен этакратия тұсында үстем ықпалдарға ие боп қалған саяси, этникалық, әлеуметтік қауымдардың әумесер жағы демократиялануды болдырмауға, айлакер жағы оны кешегі артықшылықтарын одан әрі орнықтырып қалуға пайдаланад Советтер Одағы деп аталған саяси кеңістіктегі әлеуметтік дүмпулерді туғызып жатқан да осы екі күш. Ол екі күш унитаризм мен этакратизмнен көресіні көрудей-ақ көрген Қазақстандағы «жылы жұмсақтарынан» оңай айырылып қалғысы келмейтіні түсінікті. Әулекі жағы ашық экстремизмге ұрынып, жер даулайды, кешегі автократия тұсындағы ғана емес, баяғы самодержавие көзіндегі артықшылықтарына қайта ие болғысы келеді. Айлакержағы «демократия», «имандылық», «адам құқы» дейтін ұғымдарды тек өз пайдасына ғана теліп, басқалардың ұлттық мүддесін, тарихи қалыптасқан мемлекеттік егемендігін, өзін-өзі билеу құқын, тіпті, тілі мен мәдениетінің көкейкесті мұң-қамын мойындағысы келмейді. Мұндай жағдайда саяси-экономикалық, әлеуметтік-мемлекеттік реформалар жүргізу оңайға түспейді. Оны былтырғы егемендік декларациясын, биылғы тәуелсіздік азаматтық, конституцияға өзгерістер енгізу заңдарын талқылаған тұста өздеріңіз де байқаған шығарсыз. Сондықтан да, біздің комитетке парламент қабылдайтын бір де бір заң жобасын әзірлеу мен талқылау процестерінен қағыс қалуға болмайды. Қай комитетте, қандай мәселеде заң әзірленсе де, біз оған Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, ұлтымыздың мәдени-рухани, саяси-мемлекеттік қайта өрлеуін қамтамасыз ету, республикадағы жарастықты ахуалды орнықтыра түсу тұрғысынан күнбе-күн өз үлесімізді қосып отырамыз. Оның үстіне, республикада ұлтаралық қатынастармен шұғылданатын бір де бір үкіметтік ұйым жоқ. Сондықтан, бұл мәселеде басқа аймақтарға да, өз ішімізде де болып жатқан процестерге уақтылы талдау жасап, баға беру, пәтуа айту да біздің мойнымызда. Бұл салада күнбе-күн туындап жататын сан қилы ситуацияларға республика егемендігіне нұқсан келмейтіндей позиция табу оңай шаруа емес. Комитет көзінде әлеуметтік қобалжулар туғыза жаздаған тіл туралы заңды қайта қаратуды, ол жайында мемлекеттік бағдарламаны қабылдатпауды, көпұлттылықты сылтау етіп территория даулап, автономиялар талап ету, этникалық бөліне-жарылушылықты, басқа тараптарда болып жатқан саяси тартыстар мен ұлтаралық кикілжіңдерге бізді де араластыруды, өз ішімізде де алалық туғызып, информациялық, идеологиялық шабуылдар жасауды көздеген іріткі әрекеттер турасында тиісті табандылық таныта білді. Әрине, Баянауыл, Екібастұз аймағының тағдырына енжар қарай алмаймын. Алдыңғы жазда Павлодар облысының полигоннан зардап шеккен аудандары жөнінде келген жұртшылық делегациясына өз қолғабысымды тигіздім. Майқайыңдықтардың тапсырмасымен президент кеңесі, үкімет орындары алдына мәселе қойып, Бөгенбай батырдың тойының өткізілуіне атсалыстым. Қазір Сұлтанмахмүт Торайғыров тойы жөніндегі шешім әзірленуде. Ақын зираты тәртіпке келтіріліп, күмбез орнатылды. Кейбір шаруашылықтардың мәдениет орындарын жабдықтауға, Павлодар қаласындағы, Жүсіпбек Аймауытов ауылындағы жаңа мәдени бастамаларға қолдан келгенінше көмектесіп жүрмін. Бұқар, Мәшһүр Жусіп, Жаяу Мұса, Шорман әулетінің зираттарының да әлі тарихи маңыздарына лайық кейіпке келіп болмағандарын білемін. Міне, мынау сайлаушылардан, жекелеген ұйымдардан түсіп жатқан хаттар. Айтылатын өтініш-қолқалар да әр алуан. Қайғылы әке жұмбақ жағдайда жоқ болған баласының тірі болса өзін, өлі болса мүрдесін іздейді. Уайымды екі жанұя, бірі – әскердегі, бірі – түрмедегі баласының жағдайын айтып жабырқайды. Басқа республикадағы бауырларымыз баспахана, мектеп, оқулық, тіпті азық-түлік мәселесінде көмек сұрайды. Тарихи-мәдени қорық жасау, ұлттық ісмерлікке көмек, сырттағы қазақ жастарын бізде, біздегі қазақ жастарының кейбірін сыртта оқыту – қойылмай жатқан мәселе жоқ. Бұл жағынан көптеген басшы мекемелер үшін ең бір мазасыз депутаттың бірі менмін. Міне, бұрынғы партия тарихы институтының кітапханасы мен кітап қоймаларын кітапханамызға алып беру жөніндегі үкіметке қойған ұсынысым. Мемлекеттік билік орындарының біреуі мені қолдаса, екіншісі жаңадан ашылатын политолоғия, менеджмент мектебіне беруді қолдайды. Қысқа жіп қол байлайды деген осы. Қаржы жұтаңдығы тиісті орындардың Баянауылдағы ұлттық паркке байланысты маған берген уәделерін әлі жүзеге асыртпай келеді. Оның үстіне, билік, меншік бөлісудегі жаңа жүйе депутат аманаттарын қарауда қолбайлауды көбейтпесе, азайтқан жоқ. Бірақ, бұл мәселеде бәрібір қол қусырып қарап отырмасымыз белгіл.

Ахат ЖАҚСЫБАЕВ:– Бүгіндері елдің жоқ-жітігі көп қой. Әсіресе баға дегеніңіз аспанға шығып, бой беретін емес. Дегенмен, өзіңіз сайланған екі ауданға қатысты бірталай игілікті істерді қолға алған екенсіз. Бәрі баянды боп, жақсылығымен жалғаса берсін. Бір айтайтын дегенім – қазір заман ағымы өзгерді, түсінік басқаша. Бұрынғы қалыптасқан дағды бойынша, депутат өзі сайланған жерге ғана «бақ» орнатып, тек соның мұң-мұқтажын ойлауы керек болатын. Депутаттың кіріспейтін мәселесі, араласпайтын ісі кемде-кем еді. Өйткені, «депутат – халық қызметшісі» делінеді. Халық қит етсе шағымданып, депутатқа жүгіріп, көмектесуін өтінеді. Сөйтіп, тікелей жергілікті орындар атқаруға тиіс жұмыстар депутатқа аманат етіліп, сұраушы да, қозғаушы да сол болды. Біз қазір мұндай көзқарастан арыла бастадық. Әсіресе, Жоғарғы Кеңес депутатының өз міндетін қалай атқаратыны Жоғарғы Кеңес сессиялары көзіндегі және тұрақты комиссиялардағы қызметімен, сондағы тындырған істерімен бағаланатынын түсіндік. Бұрынғы уақыттағы сессияларда тыңдап қана отырып, дауысқа салғанда үнсіз қол көтеріп «бірауыздан қабылданды» дегенге үлес қосып, қара көбейтіп қайтатын депутаттық «міндет» келмеске кеткен сияқты. Жасыратын несі бар, депутаттық куәлікті иеленудің рақаты да, жеңілдігі де көп еді. Ендігі жерде депутат болу – ақыл-ойың да, білгірлігін де, мінезін де молынан сыналатын ауыр міндет екені белгілі. Осы күні теледидардың, баспасөздің арқасында республика Жоғарғы Кеңесі сессиясы кезінде көп жайдан хабардар боп, көзбен көріп отырмыз. Талай депутатты танып та қалдық. Өзіміздің Собчактарымыз да бар. Халық сыншы ғой. Кімнің қандай екенін де аңғарады. Кімнің не оймен, қандай мақсатпен таласып жатқанын да үйде отырып ішіміз сезеді. Қояр сұрағым: біздің парламенттің мінезі қандай? Кейде басы ашық мәселеде неге сонша таласасыздар?

Әбіш КЕКІЛБАЕВ:– Иә, қазір еш мәселе пікір сайысынсыз шешілмейді. Ол, әрине, бас шұлғи салатын бірауыздылыққа қарағанда әлдеқайда ғанибет. Көпе-көрнеу қиянатқа жол бермейді. Алайда, парламент нағыз демократияға ойдағыдай бауыр басып болды деп айта алмаймын. Ол үшін шынайы азаматтық қоғам қалыптастыруымыз керек. Біріміздің мүддемізді біріміз сыйлап үйренуіміз керек. Сонда кейбір басы ашық мәселелер қазіргідей таласқа түспес еді. Кейбіріміз кешегіні көксейміз. Кейбіріміз дүниеде мүдделер бөлісі жүріп жатқандығын, өз мүддемізді осы бастан ойдағыдай қамдастыра алмасақ, ертең қапы соғып қалатынымызды әлі аңғарып болған жоқпыз. Үшінші біреулер әліге дейін ұлттың қамы, ұлттың мүддесі дегенді тек қана ұлтшылдық деп түсінеді. Төртінші біреу дәлелге жүгінудің орнына беттен алуға дайын тұрады.

Дей тұрғанмен, кейбір мәселелерде соншалықты «қазымыр» парламент кейбір мәселелерде соншалықты «аңқау», соншалықты енжарлық танытып жүргені рас. Әсіресе, жаңа экономикалық қарым-қатынастарды орнықтыру мәселесінде. Әрине, әкімшіл-төрешіл үлестірмелі экономикамен қоштасатын уақыт жетті. Алайда, бұл істе кешегі ведомстволық өзімшілдіктен көресіні көрудей-ақ көрген Қазақстанның кейбір «өзіндік» сипаттарын ескермей болмайтын еді. Бәрінен бұрын, ертең жекешелендіру көзінде кімге не тиеді дегенді мықтап ойланғанымыз дұрыс еді. Дамыған индустриялық секторда аса бай табиғи ресурстарға ие территорияның байырғы еңбек ресурстары тым мардымсыз қамтылған. Ал олардың жетпіс проценттейі тұратын ауылдағы шаруашылықтардың хәлі мүшкіл. Мұндай жағдайда көбіне-көп қайтарымды жолмен, еңбек ұжымдарының еншісіне беру жолымен жүргізілетін жекешелендіру кешегі ведомстволық экономикалық саясаттың алақолдығын одан сайын асқынта түспесе, жұмсартпайтыны аян. Көптеген әлеуметтік топтарға, әсіресе білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласында еңбек етіп жүргендерге мұндай игілік бөлісуден тиер пайда шамалы. Әуелі экономикалық қатынастар әділеттілендірілмей тұрып, қоғамдық қатынастардың да демократияландырылмайтыны түсінікті. Сондықтан да өз басым меншікті қайтарымды жекешелендірумен қоса цивильдендіруді (азаматтарға тегін бөліп беруді) жақтаймын. Жекешеленетін игіліктің басым бөлігі екінші жолмен жүзеге асырылғаны дұрыс. Өйткені, оның бәрі әуелде жекеден алынған меншіктің негізінде ендірілген игілік. Екіншіден, ол игілікке бастау болған табиғи байлықты иелену мен қорғауға ата-бабамыздың талай ұрпағының ғұмыры сарп болды. Үшіншіден, совет жылдарында жоспарлы экономикаға еткен талай буынның еңбегі зая кетіп отыр. Ендеше, нарық экономикасына көшерде кім-кімнің де іскерлік пен кәсіпкерлік қабілетін танытааларлық бірдей старттық мүмкіндік талап етуге моральдық хақысы бар. Бұл мәселеде азаматтардың байырғылық стажын, еңбегін, жасын, жастар мен сәбилердің болашағын айрықша ескеру тіптен әділетті болар еді. Ондай саясат жалпы бұқараның іскерлік бастамашылдығының күшеюіне, біреуге біреу көз алартпай, әркім өз күш-жігеріне сенетіндей ахуал орнауына жағдай туғызар еді. Бұл жайында өзім де, талай әріптестерім де, қанша рет сөйлеп, қаншама дәлелдер келтірсек те, біреу түсінді, біреу түсінбеді, біреу түсіне тұрып, түсінбегенсіді. Алайда әлі де кеш емес деп білемін. Меншіктің дені әлі мемлекет қарамағында. «Шағын жекешелендіру» әлі қарқын алып кете қойған жоқ. «Орта», «үлкен» жекешелендірулер әлі алда. Республикалық, коммуналдық меншік бөлісу енді басталды. Қабылданған заңға сәйкес «шағын», «орта», «үлкен» жекешелендірудің республикалық, аймақтық бағдарламаларын жасақтау енді қолға алынбақшы. Сол тұста мемлекетіміз бен аймақтарымызды, аудандарымыздың әкімшілік, кеңес орындары жекешелендіру түрлерін белгілегенде цивильдендіруге басым сипат берсе, халықтың барша демографиялық сипаттамаларын мұқият ескерсе, оған әлеуметтік әділет тұрғысынан ғана келсек, көптеген асығыстықтарды түзетіп, жағдайды асқындырып жібермеуге әбден болады деп есептеймін. Унитарлық мемлекет, этакратиялық қоғам салқынынан әлі арылып болмаған тұста қабылданған кейбір байыптамалар мен бағыттамаларды жаңа тарихи жағдайды ескере отырып, қайта пысықтап, қайта пісіргеннің еш айыбы жоқ деп білемін. Құдайға шүкір, төбедегіміз келді, тәуелсіздікке иеміз. Оны, ең алдымен, қоғамымыздың бүгінгі жарастығы мен ертеңгі бола-ағын қапысыз қамдастыруға қызмет еткізе білуге дағдыланатын кез жетті.

Ахат ЖАҚСЫБАЕВ:– Әбеке, өзіңіздің сөзіңізбен айтсақ, «төбедегіміз келді». Біз бүгін – тәуелсіз Қазақстан Республикасымыз. Айтып жеткізе алмас қуанышқа бөлендік. Ғасырлар бойы басылып келген еңсемізді көтеріп, көппен теңестік. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болсақ, біздің мемлекетімізді дүние жүзінің көптеген елі мойындап, елшілік қатынастар орнатып жатса, халықаралық аренадағы өзіміздің лайықты орнымызды алғанымыз емес пе?! Біз жер көлемі жағынан дүние жүзі елдері арасында тоғызыншы орында екенбіз. Жер қойнауындағы қазына байлықтарымыз өз алдына. Осының өзі-ақ қиялыңды шарықтатып, көңіліңді тасытып, небір жақсы ойларға жетелейді. Ендігі жерде тәуелсіз Қазақстан елімен санаспау, мойындамау мүмкін емес. Енді өзіміздің жеке басымызға келетін болсақ, біз әлі де өзіміздің қандай елдің азаматы екенімізді толық сезіне алмай жатқан секілдіміз. Тәуелсіз елдің азаматы өзінің іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, сейлер сөзін республиканың бүгіні мен ертеңі тұрғысынан саралап, елдік қасиет, ұлттық намыс, ұрпақ қамы деген белгілермен өлшеуі керек қой. Көп ұлтты ел екеніміз рас. Лайым, тыныштық, достық қатынас болсын. Қазақ қашан да ел намысын алдыңғы орынға қойған. Байқайсыз ба, бізде осы асығыстық бар. Кейде мәселенің байыбына бармай, анық-қанығына көз жеткізбей дабыраға, құр айқайға жол береміз. Ұраншыл болу да жақсы емес. Бәрін де тез тындырып, тез қалпына келтіруге құмармыз. Сөйтіп, қазіргі жағдаймен санасуды, өзіміз оңаша отырмағанымызды, өзгелердің де сөзімін сыйлап, көңіліне қарауды естен шығарып аламыз. Содан бір тектес мәселелер төңірегенде қайта-қайта таласып, қайталап айта беру басым. «Бүгін неге жер атын өзгертпейді, көше атын бермейді» деп мазасызданып, «осылардан қашан құтылар екенбіз» деп кіжініп, әншейін кикілжіңге себепші боп жүрміз. Ілінісе кетуге, қызынып сөйлеуге үйірміз. Өз билігіміз өз қолымызға тиген уақытта үлкен сабыр, төзім керек шығар. Ойлап қарасақ, ертең-ақ орнына келетін, кемі толатын, уақыттың өзі-ақ шешетін мәселелерді бүгіндер зорайтып көрсетіп, зорлықпен орындағымыз келеді. Президентіміз Нұрағаң бір сөзінде «Енді еңселі ел болу жолына шындап түсуіміз керек» деген еді. Ол кісі тағы да «Асықсақ та, аптықпайық» деген болатын. Басты мәселе шешілді емес пе – біз енді тәуелсіз елміз. Іргелі елдің баласына ірілік жарасады. Көбіне шыдағанда азына шыдайық та. Сіз қалай ойлайсыз?

Әбіш КЕКІЛБАЕВ:– Асықпаймыз деп бейқам қалудан да, асығамыз деп, ағат қимылдап, онсыз да біткелі тұрған шаруадан ши шығарып алудан да мейлінше абай болғанымыз дұрыс. Қазіргі тарихи кезең бәрімізден де айрықша зерделілікті, айрықша зергерлікті талап етеді. Мұндай кезеңде не айтсақ та, не істесек те, байыбына барып істегеніміз дұрыс. Әсіресе, жөнді-жөнсіз бәсекенің қажеті шамалы. Өзіңнің жақсы іс тындырып жүргеніңді айту үшін өзгенің істеп жатқанының бәрін мансұқтамаудың, басқа көшелерде айтылып жатқанның бәрін біздің көшеге әкеп айқайлаудың, басқа мінбелерде айтылып жатқанның бәрін біздің мінбеден қайталаудың да тигізер пайдасы шамалы. Соны ескермегендіктен халқымыз үшін кезек күттірмес мәселелерді алдын-ала байыптауға аз мән беріп келеміз. Көптеген жаңалықтар, оның бүге-шігесін әлеумет әлі әбден түсініп үлгермей, орнап қалып жатыр. Қауымды сондайға әзірлейтін уақыт, қоғамдық пікір, әлеуметтік бастама барлық уақытта ұтымды пайдаланылмайды. Нарықтық экономиканың, демократиялық конституциялық құрылыстың праволық мемлекет пен азаматтық қоғамның көптеген мәселелеріне бұқараны былай қойғанда, мамандардың өздері жеткілікті қанық емес екендіктері байқалып қалып жүр. Сондықтан да, атқарушы өкіметтің істейтін ісін заң шығарушы өкіметтен, заң шығарушы өкіметтің билігіндегі мәселелерді қоғамдық бірлестіктерден, қоғамдық бірлестіктер парызын заңның орындалуын қадағалайтын соттық билікпен шатыстырушылық етек алуда. Мұндай әлеуметтік белсенділік заңдылықты күшейтпейді, әлсіретеді. Әділет іздеуде билік жолындағы күрестің ойыншығына айналдырады. Қабылданған заңның орындалмайтыны да содан туады. Жұрт әлі заңның орындалуын атқарушы өкіметтен, оны қадағалауды соттық өкіметтен талап етуге үйренбеген. Шырқ айналып табатындары – заң шығарушы орын. Қит етсе, соған жүгіріп, соған қысым жасайды. Бұл бізде әлі нығайып болмаған парламентаризмді әлсіретпесе, күшейтпейді.

Тағы бір назар аударатын мәселе – биіктегі президент пен парламенттік демократияның аяқ алысын көз жазбай қадағалай жүре, қасымыздағы жергілікті өкімет пен муниципалдық демократияның қалай өркендеп жатқанымен ісіміз болмайды. Көп ұзамай кезекті муниципалдық сайлау. Бұлай жүре берсек, муниципалдық мандаттар жолындағы күресте ұпайымызды түгендей алмай қалуымыз әбден ықтимал.

Ахат ЖАҚСЫБАЕВ:– Әбеке, тағы бір сөзім бар. Біздегі өз ұлтымызға тән бұрыннан бар, бірақ ұмытыла бастаған қатынастарды жандандырып, қайта қалыптастыру өте қажет. Бұл, әсіресе, келешек ұрпақ үшін және қазақтың бүгіндері өз ана тілін білмейтін 40 процент бөлігі үшін қажет. Ұлтының айрықша белгілерін қай қазақ әдейі ұмытты дейсіз. Ұмыттырған – отарлау саясаты, берідегі әміршіл, зорлықшыл жүйе, коммунистік идология емес пе! Бұл қатынастар, меніңше, тек әдет-ғұрып, салт-дәстүрді қайта оралтумен шектелмейді. Ұлттық сана, ар-ождан, тәрбие, өнеге қалыптары, адамшылық қарым-қатынастар деген сияқты түбегейлі тақырыптарды, сондай-ақ тілді, дінді қамтыған жөн. Қазақтың үлкенді сыйлауы, сөзге тоқтауы, қонақжайлылығы неге тұрады. Ата-ана, ұрпақ алдындағы борышын сөзінуі ше? Өз шаңырағына, ата салтына адалдығы ше? Бүгінгі «кәрі қыз», «тастанды бала» мәселесі қазақ қауымына тән бе ед? От басының азып-тозуы да қазақ үшін құлақ естімейтін жат қылық емес пе еді?! Олай бола қалған күнде ел жақсылары ондайларды тезге салып, түзеп алмаушы ма еді?! Ата-бабамызда жоқ әдет – ішкілік жайын айтпаса да болады. Тост сөйлеуден басқа қызығы жоқ, ән айтылмайтын тойларды да көріп жүрміз. Жезде-балдыздың, жеңге-қайынның, құрдастардың жарасымды әзіл-қалжыңдары да – қазақтың бір қызығы еді. Ал қазақи әдеп өз алдына бір үлкен тақырып... Айта берсе, «Біз осы не боп барамыз?» деп, қатты қынжылтатын мәселелер көп...

Әбіш КЕКІЛБАЕВ:– Бұл мәселенің күн тәртібінен түспей, айтылмаған көзі жоқ шығар. Қазіргідей өтпелі кезеңде өте-мөте тебірентетіні де рас. Айтарым: өз қағымыздан өзіміз таңдай қата болып, өзімізге өзіміздің көзіміз өтіп, өзімізге өзіміз тіл тигізіп алу да абырой әпермейді. Мемлекетіміз жаңа дәрежеге ие болды. Демек, ұлттығымыз да жаңа сапаға ие болғаны жөн. Жаңа биікке өзіңді өзің мақтап көтерілмейсің, өзіңді өзің мұқияттап көтерілесің. Өз күніңді өзің көру – өте қиын шаруа. Ол үшін өзгелерден кем білікті, кем өнерпаз, кем еңбекқор болуға болмайды. Біздің ұлтымыздың үш ғасырлық езгінің салдарынан ұтылғаны аз емес. Еті тірі жағымыз білікке таласудың орнына билікке таласын, заманның қабағынан гөрі адамның қабағына қараңқырап, намысшыл болудың орнына шамшыл болып, ақылдан гөрі айлаға жүгініп үйрендік. Қалың бұқарамыздың сол әлі аңқау, бейқам қалпы «көп айтса, көнді, жұрт айтса, болды»,– дейтін қағидамен жүріп жатыр. Мұндайда бүгінімізден бөзініп, кешегімізге қайта жүгіргеннен гөрі, жан-жағымызға қарап, былайғы жұрттардың кеше нендей болғанын, бүгін неге жеткенін ескере отырып, кешегімізден де, бүгінгімізден де тиісті қорытындылар шығарып, ертеңге ұмтылғанымыз дұрыс шығар. Өйткені, қанша тәуелсіздік алғанымызбен, бәрібір зиялылық жағдайында, бәрібір күллі азаматтық қауымдастық ортасында өмір сүреміз. Кешегі қалпында қалдырмаған былайғы дүние ертең қалдырады ғой дейсіз бе?! Сондықтан да, өзгелерден кем де, артық та емес, тең тұруға тырысқан жөн. Ондай теңдік жалпы адамзатқа ортақ демократиялық саяси үрдісті, имандылық тәр-тәртіпті, технологиялық, праволық мәдениетті қапысыз меңгерген жағдайда ғана жүзеге асады. Басқалардың қолдарынан келіп жатқан барлық нәрсе өз қолыңнан түгел келмей тұрып, бәрібір тең бола алмайсың. Сондықтан, өзімізді өзіміз алдарқата бермей, көп нәрсеге жаңаша қарап, жаңа тәуекелге бел бууымыз керек. Қолынан көп нәрсе келмейтін көп қазақтың бірі ретінде мені осы жағы көбірек толғантады.

Ахат ЖАҚСЫБАЕВ:– Әбеке, жалтақтамай, білтелемей турасын айтсақ – біз енді көбеюіміз керек. Өз жерімізде өз ұлтымыздың саны өссе, көп мәселенің шешімі қолымызға тиер еді. Бұл біздің ешкімнің ортағы да, өкпесі де жоқ табиғи әрі заңды тілегіміз. Әйтеуір, қашанда қазақтың басқадан бір бағы кем боп келді. Өз еркінен тыс небір зобалаңға ұшырап, саны кеми берген, кеми берген. Осынша ұланғайыр жерді иеленіп, осынша аз болуымыз – біздің кінәміз емес, қасіретіміз. Егер бізге тиіспегенде, тәуелсіз ел ретінде өз тірлігімізбен өмір сүріп, еркін дамыған жағдайда қазір халқымыздың саны кемі 40 миллионға жетеді екен. Әлі күнге дейін жан-жаққа ауған елдің басы бірікпей жатыр. Қазақтың үштен бір бөлігі бүгіндері Қазақстаннан тыс жерлерде тұрады. Шеттегі қазақтар үшін Қазақстан – үлкен үйі, қарашаңырақ, әрі-беріден соң, атамекен, Отан. Алыстағы адамның сағынышы мол. Туған жердің бір уыс топырағына зар. Егер қолына тие қалса, бой тұмар етіп сақтайтынын да білеміз. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің өткен сессиясында Қазақстан азаматтығы туралы Заң қабылдадыңыздар. Сол Заңда шеттегі қазақтардың бәрі де Қазақстан азаматы болуға ерікті делінгенін оқығанда өзіміз үшін де, алыстағы танып-білмеген қандастарымыз үшін де қатты қуандық. Енді бұдан былай өз жерінен өгейсітпей, өз азаматымыз деп, келсе қабылдауға әзір екенімізді Заң жүзінде жария еттік. Шеттен көшіп келетін бауырластар – біздің бас біріктіруіміздің, көбеюіміздің бір жолы. Бір өкініштісі, «ата жұртым, елім» деп, көшіп келе бастаған сол ағайындарды кей жерлерде баяғы сол қазақи бейқамдықпен дұрыстап қабылдай алмай жатырмыз. Заңды қабылдадық екен, орындау міндет қой. Тіпті елдігімізге мін емес пе! Алдағы уақытта бұл мәселе қалай реттелуге тиіс? Алыстан келген ағайын жер-жерде әлдекімнің қас-қабағына, көңілінің қалауына тәуелді болмағаны жөн.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ:– Бұл арада да шындықтың бетіне тура қарауымыз керек шығар. Дәл бүгін таңда ел аңсап, көшіп келгісі келген бауырларымызға Қазақстан тарапынан ешқандай праволық бөгесін жоқ. Оған керек зандық нормалардың негізгілері алынды. Соларға сүйеніп қоныс аударушылар болса, оған мүмкіндігінше көмек көрсетуді көздейтін үкімет қаулысы да шықты. Алайда, жан-жақтан келіп жатқан бауырларымыздың бірден күрп ете қалып жатпағанын да білеміз. Қолда бар праволық мүмкіндікті ұтымды пайдалануға тиісті билік орындарының өнері жетпей отыр. Бұл – бір. Жоқтық жомарттың қолын байлап отыр. Бұл – екі. Тарихтың мұндай сәтті қабағын қапы жібермей пайдаланып қалу үшін кейбір қиындық пен қысылшаңдыққа төзуге тура келетінін іштегі де, сырттағы да бауырластарымыз түгіл түсініп болмай жатыр. Бұл – үш. Әйтпесе, есіміз барда елімізді тауып алу үшін дәл бүгінгіден қолайлы жағдай туа береді деп ойлау, арқаны тым кеңге салушылық болар еді. Өйткені, келгендердің жағдайын күрт жақсартып жібере алатындай экономикалық ахуал тым шұғыл орнай қоймасы қазірдің өзінде-ақ белгілі. Көші-қонға қолайлы жағдай жасайтын мемлекетаралық қатынастың бұдан гөрі жақсара түсер-түспесі тек біздің қолымыздағы шаруа емес. Советтер Одағының ыдырауына байланысты қайта жіктелу, қайта ықпалдасу процестерінің қай бағытта өрбитінін өз басым ашып айтып бере алмаймын. Ендеше, барша қандастарымыз болып, басымызды көбейтуде қазір қапы соғып қалмайық. Ол үшін «Көші-қон заңын» күтудің де қажеті шамалы. Ол заңның бұл мәселеге керекті баптары тәуелсіздік, азаматтық заңдарында қамтылған. Ендігі жаңадан қарастырылатыны – қазіргідей жаппай көші-қон тұсында Қазақстанды қайтадан аяқасты қылып алмаудың жағдайлары. Өйткені, бұрын да сан рет айтқанымыздай, біз «жабық» та, «жайдақ» та қоғамға айналмағанымыз жөн.

Ахат ЖАҚСЫБАЕВ:–«Көбеюіміз керек» демекші, осыған орай тағы бір мәселені алға тартқым келеді. Өсер ел ұрпағын ойлайды. Шымкент облысының Отырар (бұрынғы Қызылқұм) ауданына барғанымда бір ауданда 500-ден астам Батыр Ана барын естіп, бір қуандым. Өткен жылы Жезқазғанның Жаңаарқа ауданының «Жеңіс совхозында болғанымда «осы ауылда 56 Батыр Ана тұрады» дегенді естіп қуандым. Енді ойланып көрелікші, әр ауыл, аудан, облыста, Қазақстан көлемінде қанша Батыр Аналар бар. Балалары өсіп-өніп, үйлі-баранды болған жағдайда әрбір Батыр Ана біртұқымнан өрбіген бір-бір ауылдың Анасы екен-ау. Көп балалы аналар, оның ішінде, әсіресе, Батыр Аналар – біздің ұлттық байлығымыз. Сол Батыр Аналарға біздің бүгінгі қамқорлығымыз қандай? Қазіргі қымбатшылық заманда күн көрістері тым қиындап кеткен жоқ па екен?! Солардың ер жетіп, есейген балаларының біразы оқу-білім іздеп, мамандық қуып үлкен қалаларға, астанаға ұмтылады. Жақсы талаппен ілгері басып, қатарға қосылуға талпынуын қуаттамасқа болмайды. Бірақ солардың біразы қалаларда, астанамыз Алматыда қанша тырысқанымен тұрмысын түзей алмай, пәтер таппай, «баспанасыздар» қатарын көбейтуде. Осылардың арасындағы көп балалы шаңырақтың, Батыр Ананың балаларына ерекше көзқараспен жеңілдіктер жасап, кезектің алдында қойсақ қайтеді. Батыр Ананы ел анасы дәрежесінде бағалап, айрықша қамқорлыққа алсақ, осыдан ел ризығы ортаймайтын шығар. Қазақ барын бөліп баласына берген ғой.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ: – Бесігі бостың тері қайдан толы болсын?! Бастың көбеюіне үй болып, барының аман жетілуіне ел болып қам жасамасақ, базарымыз азая бермек. Әлгі айтып отырғанымыздың әрқайсысы бір-бір байыптама жасақтауды талап ететін мәселе, бір бағыттама жасап, жүзеге асыруды қажетсінетін шаруа. Нағыз ел қамы. Балалы аналарды ардақтайтын ордендер де, құрметті атақтар да болады. Дербес зейнетақылар да, басқа жәрдемдер де беріледі. Меніңше, бұл мәселені тек бұнымен шектемегеніміз жөн. Ұлттық санатымыздың толығуының жан-жақты жолдары қарастырылған ұзақ мерзімді бағдарлама қажет сияқты. Онда табиғи өніп-өсу, көші-қон, тәрбие, білім беру, территориялық жайғастыру, кәсіби жетілу, экологиялық қауіпсіздік этникалық жарастықты орта жасақтау, шектес, аймақтас, құрлықтас, әлемдес саяси-мәдени кеңістіктермен рухани-әлеуметтік байланыс мәселелері орайлас қамтылса қандай дұрыс болар еді. Жалпы, тәуелсіздік және ұлттық фактор, тәуелсіздік және адамдық ая мәселелерін жан-жақты қарастырмай, ұрпақ көбейту, ұрпақ жетілдірудің ұтымды жолдарын табу қиын. Қысқасы, билік орындарына қапысыз ойластырылған демографиялық саясат қалыптастырмай болмайды.

Ахат ЖАҚСЫБАЕВ:– Әбеке, Сіз «Үркер», «Елең-алаң» романдарын жаздыңыз. Екі романның да басты кейіпкері – Кіші жүз ханы Әбілқайыр. Сұрайын дегенім: қазіргі уақытта романдағы тарихи оқиғаларға қатысты көзқарасыңыз өзгерді ме? Егер романды енді ғана қолға алсаңыз қалай жазған болар едіңіз? Күні кешеге дейін «Қазақстан Россияға өз еркімен қосылды» деп келдік. Осы тарихи оқиғанын 250 жылдығын да дүрілдетіп тойлағанбыз. Сондай-ақ, Әбілқайыр ханға қалай қарайсыз? Кейінгі кезде «Әбілқайыр хан қазақ жұртының орысқа бодан боп қалуының бірден-бір себепшісі» деген пікірлер айтылып жүр. «Жұрт оған көзінің тірісінде-ақ қазақ еліне жік салушы, опасыз, сытқын ретінде қарай бастаған» дейді. Шындығында солай ма? Өз басым, әркім өзіне тартып, бір ханды көтеріп, екіншісін тәмендету, бір батырды соншама дәріптеп, екіншісін әдейі елеусіз қалдыру «науқаны» басталмаса екен деймін.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ:– Бар нәрсеге байып керек. Әсіресе, өткенді бағалауға керегірек. Менің әлгі кітаптарды жазғандағы мақсатым да халқымыз бұдан үш ғасыр бұрын тап болған өткелектің қыр-сырына үңілу еді. Оны мен көрші отырған екі халықтың бір-біріне ет жүрегі елжіреп бара жатқандықтан болды деуден аулақпын. Бірақ қай халықтың тағдыры да тек өзінің не көксейтініне ғана емес, өзін қоршаған ортаның не ойлап, қай пиғылда жүргендігіне байланысты екендігі белгілі. Егер қазақ халқының тәуелсіздікке қолы бүгін ғана жетіп отырса, бұған дейін азаттықты көксеменгендігінен, ол жолда күреспегендігінен емес. Жекелеп келгенде, ешқайсымызға әл бермеген әлемдік империяны күллі адамзат боп замана ырқына көндірудің орайы бүгін келіп отырғандығынан. Демек, тарихи заңдылықта. Жақсылық та, жамандық та содан өрбиді.

Мен де халқымыздың соңғы үш ғасыр ішінде өткен өткелегінің бастапқы кезеңін бейнелейтін шығармамда аталмыш құбылысқа тап қылған жағдайларды жан-жақты ашып көрсетуге тырыстым. Өйткені, өткендегінің ащысын да, тұщысын да бірдей білу керек. Көбі азына, күштісі әлсізіне әлімжеттік жасамай тұрмайтын ала-құла дүниеде тек іштегі ынтымақты сырттағы ықпалдастықпен орайластыра алған елдің ғана көсегесі көгереді. Әлі түгел аяқталып бітпеген, тек екі кітабы ғана жарық көрген тарихнаманын негізгі айтпағы осы. Әдебиет «Құрмет тақтасы» да, «мазақ тақтасы» да емес. Ол тек бір жақты мақталуға, не бір жақты датталуға лайық адамдардан гөрі, өз басындағы драма халық басындағы драманы ашып бере алатын, өз тағдыры халық тарихына ұласып жататын, күрделі де қайшылықты тұлғаларға көбірек көңіл бөледі. Менің кейіпкерім де – дәл сондай тұлға. Трагедиялық тұлға. Ондай адамның тауқыметті тағдарының қыр-сырын ашпай тұрып, дәріптеу де, мансұқтау да ұшқарылық болар еді. Менің білуімше, оның тағдыры – суреткер үшін шұқшия зерттеуге, бүгін де оңай емес, ертең де оңай бола қоймайтын саяси талайымызға тағылым бола аларлық көп сыр табуға болатын тағдыр. Ол жайында қысқаша айтуға болатын болса, мен бірнеше кітаптан тұратын еңбек жазуға талаптанбас едім ғой.

Ахат ЖАҚСЫБАЕВ:– Әбеке, Жоғарғы Кеңесте Сіз ұлт саясаты, мәдениетті, тілді дамыту жөніндегі комитеттің төрағасысыз. Жоғарғы Кеңестің сессиялары кезінде Сізді теледидардан жиі көреміз. Таласып та, тіресіп те қаласыз. Сөзіңізді өткізіп те, ойыңызды дәлелдеп те жүрсіз. Президентіміз ант берген салтанатты жиында киелі биік мінбеден алдымен құттықтап, сөз сөйледіңіз. Сайлаушыларыңыз да Сізге риза шығар деп ойлаймын. Қалай, жұмысыңыз ауыр ма? Сіз – қазақтың үлкен жазушыларьгның бірісіз. Депутаттық жұмыс творчестволық қызметке кедергі келтірмей ме?

Әбіш КЕКІЛБАЕВ:– Жұмыстың ауыр, жеңіл болуы өзіңнің оған қандай маңыз беруіңе байланысты. Қазір арлы азаматтың қай-қайсысы да өзі үшін емес, елі үшін қиналып көруге тура келеді. Мұндай өтпелі кезеңде не көп, шырғалаң мәселе көп. Солардың бәріне дұрыс жауап табу қиын.

Мұндай өтпелі кезеңдерде, заманалар тоғысында ғалымдар да, жазушылар да тарих соқталаңындағы халқы мен қауымына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, тікелей көмектесіп көрейін деп, сүйікті кәсіптерінен бір сәт аулақтай тұруға мәжбүр болған. Мен де сондай күйде сияқтымын. Ел еңсесі кетеріліп келеді. Балаң тәуелсіздігіміз де жетілер, жетісер. Жоқшылықтың да тырнағынан құтылармыз. Сонда қалам мен қағазға оралмағанда, қайда оралармын дейсің! Әзір, шама-шарқымның жеткенінше ел жыртысын жырта тұрайын...

«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ», 1992 ж.

НАРЫҚҚА ДА ПАРЫҚ КЕРЕК

Ақын Серік Сатановтың «Халық тағдыры, ұлт абыройы» атты мақаласын оқып шықтым. Естір құлақты енжар қалдыра алмайтындай жан шырылы, жүрек дірілі. Төңірегімізде болып жатқан құбылыстардың, әсіресе, экономикалық тіршіліктің қуантарынан қынжылтары көп екені рас. Алайда, ежелгі дүние данышпандарының: «жылама да, күлме де, байыбына бара біл» деген өсиетін осындайда ескермегенде, қашан ескереміз?! Байыбына бара білсек, біздің кезеңіміздің ең басты жетістігі – халқымыздың ғасырлап күткен тәуелсіздікке енді қолы жетіп отырғандығы. Бұған дейін дымымызды ішімізде қып, тырп еткізбей келген әлемдік империяны күллі адамзат боп замана ырқына көндірудің орайы енді келгендігі. Бір кезде дүниені дірілдеткен империялардың қайсысы құласа да, орнында құлдыраған экономика, күйреген әлеуметтік қатынастар, солардан өрбитін саяси алауыздық пен жанжалдар қалады. Ондай жағдайда дүниеге келген азаттық пен тәуелсіздіктің буыны бекіп, бұғанасы қата қоюы да оңайға түспейді. Қазіргі тұрмыстың ауырлығы, мақалада айтылған экономикалық келеңсіздіктердің барлығы дерлік әлеуметтік әділет қағидаларын сауда-саттыққа салып, адамдар бостандығы мен халықтар теңдігін аяқ асты қылып келген әлемдік империяның құлауына әкеліп тіреген қайшылықтардан өрбиді. Бүгін кеп, мұндай күй кешуіміздің басты себебі, адамзат жаратылғалы бар әрбір аймақтың игілігі әуелі сол аймақтың халқына, әркімнің таланты мен қабілеті әуелі соның өзінің игілігіне, сол арқылы барып мемлекет пен қоғамның игілігіне қызмет етуі керек екендігімен есептеспегендігімізден екендігіне көзіміз жететіндей уақыт болды. Кейінгі жетпіс жыл ішінде әркім өз күнін өзі көретін ежелгі үрдісті ұмытып, енжар жағымыз өз мүддең жолында өзгенің мүддесіне қол салмай, бар мүмкіндігің мен қабілетіңді түгел жұмсап, еңбек етудің орнына көппен көрген ұлы той деп, бергенге мәз, тигенге қанағат қылып, епті жағымыз ортақ дәулетті иесіз малдай көріп, қымқырып кетуге, жымқырып кетуге бой алдырдық. Бойкүйездік, қымқырма-жымқырма бар жерде қоғам тыныш, мемлекет бай бола алатын ба еді?! Алақолдық – алакөздікті, алакөздік – алауыздықты, алауыздық – әлеуметтік дүрбелеңдерді өрбітеді. Қолдары бір-бірінің жағасында жүрген жұрттың қай шаруасы оңғарылып, қай ісі өрге басатын еді?! Ондай жағдайда онсыз да тұралап тұрған экономика одан сайын тұралай түседі. Ештеңе өндірмейтін елде не жетісуші еді? Бәрі де жетіспейді. Ал, бір жыл емес, екі жыл емес, қатарынан жеті жыл саяси сергелдеңге түскен қоғамда дүкендегі бұйым түгілі, басындағы миың сарқылып қалуы әбден мүмкін. Ең қатерлісі – адамдардың сабырларының таусылып, ақылдарының шайқалуы. Сондықтан да, қазіргідей кезде қоғамға былайғы ырың-жырыңды ұмытып, көптің көңілін жұмылдыра алатын ортақ мақсат, ортақ мүдде керек. Құдайға шүкір, ондай мақсат, ондай мүдде бізде бар. Ол – біздің тәуелсіз мемлекетіміз. Оның саяси, экономикалық мүдделері. Ол жолда күресу – барша қауымның, әрбір азаматтың басты парызы. Тәуелсіз елдің қуатты экономикасы болғаны жөн. Қуатты экономика елдің табиғи, моральдық күштері мен сыртқы ортамен ықпалдастық арқылы жүзеге асады. Құдайға шүкір, табиғи байлыққа кенде емеспіз. Сол арқылы сыртқы ортамен ықпалдастықты нығайтуға әбден болады. Енді тек әрқайсымыздың жеке іскерлігімізбен жеке бастамашылдығымызды тәуелсіз мемлекетіміздің экономикалық қуатын нығайту жолына жұмылдыра алсақ, соны қамтамасыз ететіндей моральдық, праволық негіз жасақтай алсақ болғаны. Моральдық негіз жасау үшін әрқайсымыз өз мүмкіндігімізді өзіміз пайымдап, өз тағдырымыздың жауапкершілігін өз қолымызға алуға тәуекел ете білуіміз керек. Праволық негіз жасау үшін жаңа экономикалық қарым-қатынастарды әрбір азаматтың іскерлік қабілетін түгел ашуына жағдай туғызатындай мүмкіндіктер орнату қажет. Ал бұған дейінгі жүргізіліп келген экономикалық реформада қалыптасып отырған жағдайдың ыңғайымен кету басым түседі. Өздері қарық болғанмен, өзгелерді ғаріп қылған кооперативтер, берілген еркіндікті қолма-қол айырбасқа жұмсаған өзімшіл кәсіпорындар «отандық іскерлік бастамашылдықтың» құлқынының қандай екенін әбден танытып берді. Әуелде бармақбасты, көзқыстылықтан бас алған «астыртын іскерлік» жария жағдайда бұрынғыдан бетер масайрап, түйені түгімен жұтатын жәбірлігіне басты. Өндіріс ұлғаймады. Тауар көбеймеді. Баға аспандай түсті. Халықтың жиған-тергені күнделікті күнкөріске әзер жетуде. Мұндай жағдайда іскер қауым қатарына жаңа күштер қосыла алмады. Кешегі «көлеңкелі экономиканың» тұтқынында қалған «нарықтық экономиканың» араны ашылып, барған сайын «тағылана» түседі. Мемлекеттік монополизм топшылдық монополизммен алмасады. Өйткені, іскерлер қатары жаңа күштермен толықтырылмайынша бізде таза іскерлік ахуал орнамайды. Болып жатқан экономикалық реформаның бар қызығын тек сол баяғы ішіп қалған, жеп қалған күштер көреді. Ол кешегі «бөліспелі экономика» тұсында-ақ өз ұпайын түгендеп алғандар. Кешегі кооперативтің, бүгінгі шағын жекешелендірудің, ертеңгі орта және үлкен жекешелендірудің қаймағын қалқып ішетін тек солар боп қалса, молшылық та, арзаншылық та алыстай береді. Мұндай жағдай экономикалық қатынастардың да, қоғамдық қатынастардың да демократиялануын қиындатады. Көрер көзге әділетсіздік наразылықты өрбітеді. Дүрдараздық тәуелсіздікке қауіп туғызады. Сондықтан, экономикалық қатынастарымызды, сол арқылы саяси қатынастарымызды ақылға сыйымды жолмен реттеп алмай тұрып, бұғанасы бекіп болмаған тәуелсіздігімізді зобалаңдардан құтқара алмаймыз. Ол үшін нарықты экономикадан бас тартпауымыз керек. Бірақ, нарыққа да парық керек екенін ұмытпағанымыз жөн. Бұл арада мен бұрынғы айтқандарымды қайталап айтуға мәжбүрмін. Тоқсаныншы жылғы күзгі сессияда үкіметтік бағдарлама талқыланғанда жаңа экономикалық қатынастар жұртшылықтың неғұрлым көп бөлігінің іскерлік бастамашылдығын оята алған жағлайда ғана өз мақсатына жете алатындығын айтқанмын. Ол пікірімді тоқсан бірінші жылғы қысқы, көктемгі сессияларда да нақтылағанмын. Қысқасы, ұлттық құрамы ала-құла, экономикасының әр саласы әр қилы дамыған біздің республикамыздай мемлекеттерде азаматтардың тұрмыс ахуалының әр Қилы болуына олардың өздері емес, бүкіл игілікті дербес иеленіп келген мемлекет айыпты. Енді сол мемлекет қарамағындағы ортақ дәулетті ақшасына қарап жекелендірсек, кімнің қайда не істеп жүргеніне қарап, ұүжым-ұжымға бөліп берсек, бұрынғы барлар байи түседі. Көп адам мұндай «ханталапайдан» атымен құр қалады. Өйткені, ондай алақұлалық біреулердің әсіре еңбекқорлығынан, екіншілердің әсіре жалқаулығынан тумаған, еңбек бөлісудегі, қаржы бөлісудегі, ресурс бөлісудегі алақолдықтан туған. Жарқыраған бай зауыттың қасына жарлы ауылдың отыруы, өз жерінен табылған, қазынаға өзі ортақтаса алмауы да содан өрбіген. Жаңа реформа кешегі экономикалық әділетсіздікті біржолата заңдастырып беруге емес, түбірімен қайта қарап түзетуге күш салуға міндетті. Оның жолы – қазіргі қазақстандықтарды қай салада жұмыс жасап жүргендігіне қарамастан, жаңа экономикалық қатынастарға көшуге бірдей мүмкіндік жасап беру. Республиканың ұлттық игілігі бір күнде жасалмаған. Оған көптеген ұрпақтардың еңбегі сіңген. Біреулер ғасырлар бойы осынау бай өлкені иемденіп, қорғап келді, біреулер сол байлықты игеруге атсалысты. Еңбек бөлісуде кеткен алақолдыққа адамдар емес, қоғам кінәлі. Ендеше, олардың қай-қайсысы да бесіктегі баладан жасы кәріге дейінгінің бәрі де, ортақ игіліктен бірдей сыбаға дәметуге праволы. Тек сонда ғана әркімнің өз қабілет-мүмкіндігін сарқа пайдаланып, өз тағдырына өзі жауап беруіне мүмкіндік туады. Бәлкім жұрттың бәрі ол мүмкіндікті бірдей пайдалана да алмас. Біреу ұтар, біреу ұтылар. Ұтылғаны, бірақ, қоғамнан көрмейді, өзінен көреді. Ең бастысы, жаңа экономикалық қатынастардың игілігін кешегі бөліспелі экономика тұсында «заңсыз ұпай» жинағандар емес, жаңа еркін бастамашылдық пен бәсекеге төтеп бере алған жаңа күштер көреді. Жаңа экономикалық қатынастар бүкіл ұлттық жасампаздық ахуалды нығайтып, молшылық пен орнықтылыққа қызмет етеді. Ең бастысы – әркім өз қамын өзі жеуге мүмкіндік алады. Ұлттық экономикамызға жаңа іскер күштер мен тың дарындар қосылады. Тек сонда ғана жаңа реформа жұртшылық тарапынан жаппай қолдау тауып, бірдей ынталылық жағдайында жүзеге асады. Бір өкініштісі, мұндай көзқарас бірден қолдау тауып кете алмады: «Тегін нәрсенің қадірі болмайды. Оны жүзеге асыруға жұртшылықтың бәр-бәрінің іскерлік дәрежесі жетісе бермейді. Оның үстіне, жекешелендіру жұрттың қалтасындағы айналымға түспей жатқан артық ақшаны қайтарып алуды көздейді»,– деген қисындар бел алып кетті. Содан келіп, жекешелендірудің аукциондық жолынан кәсіпорындарды әуелі жалгерлікке алып, кейін еңбек ұжымдарының иелігіне айналдыру немесе акционерлік қоғамға айналдыру түрлеріне көбірек ден қойылды. Ал ондай жекешелендірудің аяқ алысын көріп отырмыз. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мәрелік жағдайының арасындағы айырма аспан мен жердей болмақшы. Ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау, ғылым, әлеуметтік салада еңбек ететіндер «нарық игілігінен» иманды ауыздары сылп етпей құр қалатын түрі бар. Ол әлеуметтік күйзелістерді күшейтпесе, әлсіретпейтіні белгілі. Мұндай ахуал нарықты да қарық қылмайды. Іскерліктің аяғындағы тұсауы мен басындағы ноқтаны одан әрі қыса түсуді көздейтін саяси күштерге жел береді. Ел басындағы расында да қиын экономикалық ахуалды кешегі саяси жүйені қайта тірілтуге, отаршылдық идеологияны қайта оятуға, сөйтіп, жас тәуелсіз мемлекеттердің әп дегеннен екі аяғын бір етікке тығып ұстауға пайдаланғысы келетін көзқарастар да байқалмай жүрген жоқ. Ендеше, нарықтық экономикаға көшудің қарқынын тездетумен ғана тынбай, мазмұнын тереңдете түсуге де көбірек күш салған дұрыс. Жаңа экономикалық қатынастардан туындайтын әлеуметтік қиындықтардың алдын алып, оларға жол бермеудін амалдарын жан-жақты қарастырған ләзім. Оларды шешудің тетігі – қосалқы қаржы бөлу ғана емес, мүмкіндігінше, жаңа экономикалық қатынастарды белгілеген кезде әлеуметтік саланың да үлес салмағын ойдағыдай мөлшерлей білу. Оны әр адамның жекешеленуден алатын бірдей сыбағасын белгілемейінше, ойдағыдай шешу мүмкін емес. Мұндай жағдайды экономикалық реформаға бізден бұрын кіріскен Шығыс Европа елдері де белден басып өте алмады. Мәселен, Чехо-Словакияда жуық арада әрбір азаматқа мемлекеттік компаниялардан акция сатып алуға жағдай жасайтын купон кітапшасы үлестіріліп беріле бастады. Польшада да сол бағытта талпыныстар жасалуда. Ресейдегі көрнекті экономистердің көпшілігі осындай пікірді жиі айтып жүр. Ұлттық құрамы бір текті, экономикалық жағдайы бізден гөрі жоғары жағдайда өмір сүріп келген мемлекеттердің өзі қалай болса, солай қарай алмай отырған жағдай бізді тіпті ойлантуы керек. Ойлағанда да алдын-ала ойлануымыз керек. Тұмсығымыз тасқа соққанда барып ойлағаннан шығар пәтуа шамалы. Біздіңше, оған әлі де мүмкіндік бар. Жекешелендіру енді-енді қолға алынып жатыр. Ұлттық игіліктің дені әлі де мемлекет иелігінде. Қысқасы, қай-қайсымыздың тағдырымыз да егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің баяндылығы артып, саяси экономикалық өзгерістеріміздің мұқият пайымдалып, ойдағыдай жүзеге асып кетуіне байланысты. Ендеше, ең алдымен, елдікті ойлайық. Не қиындық көрсек те, әуелі өз қабырғамызбен кеңесейік. Өкпе-бопсаға беріліп, өткен-кеткенге жармасқаннан гөрі ертеңді ойлап, өз жігерімізді өзіміз қайрап, өз мүддемізді өзіміз көздеп, өз ұрпағымызды өзіміз түгендеуге – еңбекпен, ақылмен, ынта-ыждаһатпен түгендеуге бой ұрғанымыз абзал. Әркімнің айтқан әр тарап қисынына бас шұлғи бермей, әр тарап ұранына желкілдеп ере бермей, әркімнің бәрінен бұрын өзі мен ұрпағының өмірлік мүддесі жолында күресе білгені дұрыс. Өз мүддесін заң жолымен, құқықтылық жолымен қорғай білгені жөн. Әйтпесе, ырың-жырың, даудамайды билікке таласқан мансапқор күштер мен жіліктің майлы жеріне ұмтылған пайдакүнем күштер пайдаланып кетіп жүргенін көрмей-білмей отырмыз ба?! Қазіргі кезең жиын мен тойдікі, дау мен дамайдікі емес, әркімнің, әр жұмыр бас пенденің ертеңгі болашағы ғана емес, бүгінгі күн көрісінің қамын жан-жақты сарапқа сала толғана алатындай сабыр мен ойдікі. Ойланайық, ағайын! Бүгін ұтылсақ, біржолата ұтыламыз. Бүгін қапы қалсақ, біржола қапы қаламыз. Өйткені, бұдан былай не көрсек те, өз талайымыздан көреміз. Мұндай тізгінді ашу емес, ақыл, уайым емес, пайым, сөзім емес, төзім, арман-қиял емес, еңбек-қарекет ұстаған лазым.

Мамыр 1992 жыл.

ДОГОВОР НА СОЛИДАРНОСТЬ

Уважаемое собрание!
Сограждане!

Мы сегодня обсуждаем проект Конституции. Значит, заключаем меж собой Общественный договор. Не только как современники-сограждане, но и как достойные потомки поколений предыдущих, как дальновидные предки будущих. Осознание этого возвысит нас до истинного смысла совершаемого. Мы все знаем, в какое время и в каком мире живем. На этом штормящем море, как ноев ковчег, держится пока наш Казахстан. На борту его – дети свыше ста народов. Оттого и невозможно расколоть его на части. Любой неосторожный замах любого может его потопить. Поэтому нельзя никому из нас лезть туда с топором за пазухой. Не важно – кто из-за прошлой обиды, кто из-за страха за свое будущее. Тогда все мы окажемся на дне. Это обстоятельство обязывает нас быть выше всяких предвзятостей, подозрения и недоверия, ... но трезво и прямо смотреть Правде в глаза, во всем исходить не из стародавних посылов, а реального баланса реальных интересов. Если тақ то мы сегодня имеем дело с вековыми чаяниями конкретного народа и жизненными интересами конкретных людей. Вековые чаяния конкретного народа, на извечной территории которого мы находимся, ждут обеспечения его неотъемлемого права на восстановление реального равноправия и реальной независимости его исторически сложившегося, но существовавшего в разное время в разных статусах – то самостоятельного, то зависимого, то формально суверенного, но все равно не исчезнув-шего, а существовавшего на этой же территории столетиями, государства. Только решив сперва эту проблему, возможно завести речь о мире и согласии. Такова логика нашей исторической судьбы, которая служит для нас сегодня том печкой, от которой все равно придется нам танцевать. А жизненные интересы миллионов конкретных людей, представляющих различные социальные слои и народы, чьи судьбы не всегда по их воле, но и также не по вине сидящих в этом зале, складывались таким неоднозначным, поэтому тревожным, ждут правовую гарантию на уверенность за завтрашний день, на достойную жизнь, невзирая на перипетии, происходящие в краю, который и для них давно не является чужим. Не принимать этого во внимание никто не имеет права. Ибо все мы люди. Все можем оказаться за пределами земли предков. И всем нам следует твердо усвоить, что мы имеем, конечно, право на государственный статус лишь на базе исторически сложившейся государственности. Но переступая его пределы, и мы не перестаем быть людьми. И мы вправе требовать всю полноту прав и свобод, либо как гражданин, добровольно выбравший гражданство государства проживания, либо как гость – гражданин другого суверенного государства, либо как лицо еще не определившее своего гражданства. В любом случае никто не посмеет посягать на нашу жизнь, собственность и достоинство. Таковы нормы цивилизованного мира. Любое национальное законодательство, отвечающее этим требованиям, отвечает и нормам международного права. В этом плане предлагаемый проект, на наш взгляд не расходится с международными стандартами. Но национальное законодательство имеет возможность идти дальше этих стандартов, в пользу человека, в пользу личности, с целью сохранения исторически сложившейся консолидации разноплеменных людей. Но все равно соблюдая четкость цивилизованных отношений. В обсуждаемом проекте, учитывая это и то, что мы к этим высоким принципам идем не минуя, а с трудом, поэтому с неимоверным тактом, преодолевая всю толщину проблем создавшейся реальности, многие нормы сформулированы сбалансированно. При рассмотрении их не следовало бы одним впадать в правовой максимализм – требуя свершения всего желаемого в сию же минуту, другим в правовой консерватизм – оставить все так, как и было, а руководствоваться принципами правового реализма. С этой точки зрения, было бы разумным воздержаться от пересмотра норм, которые и до этого этим же составом не раз обсуждались и не раз проголосовывались. Это было бы в интересах всех сторон, всех нас. Превеликое спасибо нашим коллегам, особенно депутатам Княгинину, Горкачу, Золотареву, Воронову, Васильеву и многим другим, деликатно относившимся к этим деликатным вопросам. Это обстоятельство мы не должны не учитывать и в другом. Все авторитеты государственного права и в прошлом веке, начиная с Д. Миля указали на трудность институтов свободы в условиях многонационального общества. Но они не считали также не совместимыми многонациональность и демократию, многонациональность и свободу. Советовали решить эту дилемму не путём ассимиляции, т. е. по логике: нет человека и нет проблем человека, нет нации и нет национального вопроса, не путем разделения – постоянного противостояния интересов, а путем мирного сосуществования – сбалансирования интересов; категорично указали на неприғодность плебисцитарной демократии – прибегания к мнению не во всем разобравшейся и поэтому не во всем определившейся в этом публики, а руководствоваться консенсусной демократией – определиться в них наиболее разбирающимися парламентскими силами. Поэтому я поддерживаю предложение депутатов Воронова, Васильева Конституцию принимать от имени Верховного Совета, для этого создать согласительную комиссию, поручить ей изучить все предложения, с учетом этого представить проект на постатейное голосование и на этой сессии принять его. Это подсказывают нам и внутренние, и внешние обстоятельства. Нельзя полагать, что с каждым днем не возрастет давление на демократию и независимость. Уровень жизни идет в упадок. Углубляется социальный стресс. Все это не всегда может конструктивно влиять на конституционные процессы. Тем более в условиях Казахстана, стоящего на сквозняке всех геополитических течений. Чтобы не оказаться у них в заложниках, отстоять достигнутое, сплоченно оздоровить экономику, быстро и эффективно используя внутренние и внешние факторы,– необходимы конституционно подтверждённые правовые гарантии. Раз жизнь торопит, не следует медлить в таком судьбоносном для всех нас вопросе.

Благодарю за внимание.
1993 г.

ДЕМОКРАТИЯ МЕН ТӘУЕЛСІЗДІК ОДАН ӘРІ ОРНЫҒА ТҮССІН ДЕСЕК...

1993-жылы маусымның 15-інде
Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің
бірінші мәжілісінде сөйленген сөз

Бүгін таңда біздін мемлекетіміз өзінің қалыптасу сатысында, ал қоғамымыз ұзаққа созылған дағдарыс жағдайында тұр. Өйткені осы тәуелсіздіктің өзіне терең дағдарыстың нәтижесінде қол жеткені аян. Ол дағдарыс күні кешеге дейін бәріміз бірге өмір сүріп келген әлеуметтік-саяси ортаны толық шарпыған еді. Осылайша, біз қазір бір аяғымызбен тәуелсіздік пен дербестіктің жаңа жағалауына қадам бассақ, екінші аяғымызбен әлеуметтік күйзелудін бұрын болып көрмеген дәрежеде тереңдеп отырған рухани кеңістігін тастап кете алмай отырмыз. Осы әлеуметтік дағдарыс жас мемлекеттің нығаюы жолында елеулі тосқауыл болып қана қоймай, оның азаматтарын аса зор материалдық мұқтаждыққа, елеулі моралдық күйзеліске ұшыратып, тіпті жанына жара салып бағуда. Қоғам мен жеке адамның шыңдалып-ширығуы, қалыптасып отырған келеңсіз жағдайдың күрделі шырғалаңдарынан шыға алар бағыт таба білуі нақ осындай кезеңде аса қажет-ақ. Ал бұлардың ешқайсысы да өз-өзінен жүзеге аса салмайтыны белгілі. Тек елі мен халқының тағдырына өзін жауаптымын деп сөзінетін мемлекет қана осындай өмірлік маңызы бар мәселеден шет тұра алмаса керек. Дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, отаршылдықтан тәуелсіздікке, тоталитаризмнен демократияға өту үстіндегі қоғамда жаңа үйлесім мен мінез-құлықты қалыптастырудың негізгі салмағын қашанда мемлекет өз мойнына алған. Өйткені, кез келген жас егемендік пен жаңа өркен жайған демократияның сәтті қадам басып кетуі үшін мақсатты да жүйелі іс-қимыл қажет. Ал мұның өзі қоғам өмірінде тоталитаризм мен отаршылдықтың кеселдерін жоюға бағытталуы, демократиялық басқару формаларының заңды негізін баянды етуі және нығайтуы тиіс. Мысалы, тоталитарлық режимнен кейінгі Германия мен Франконың ұзақ билігінен кейінгі Испания нақ осындай жолдан өткен болатын. Мәселен, ГФР-де 1952 жылдан бастап саяси білім берудің мемлекеттік қызметі жұмыс істеп келеді. Ал 1963 жылы ол федералық комитет болып қайта құрылды. Оның негізгі міндеті – оңшыл радикалдық идеялардың жолына тосқауыл болу, сонымен бірге жаңа әлеуметтік-экономикалық қатынастарға адамның мейлінше жеңіл бейімделуіне психологиялық тұрғыдан да көмектесу. Мұны бүкіл қоғамның конституциялық жолмен таңдап алған саяси жүйесі туралы халыққа тегін әрі дәйекті білім беру арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Мұндай іргелі істердің дұрыстығына біздің өмір шындығымыздың ащы тәжірибесінен де айқын көз жеткізуге болады. Уақыт өткен сайын қоғамды идеологиясыздандыру дегеннің өзі жаңа идеология болып шыққанын терең сезініп отырмыз. Бұрынғы жаппай идеологияландырудың тәртіпті әсіре дәріптеудің идеологиясы болып шыққанындай, жаппай идеологиясыздандыру да бостандықты жел сөзге айналдырудың идеологиясы болып шықты. Және де көзінде жаппай идологияландыру өкімет орындарының шектен шыға ауа жайылып кетуіне әкеліп соққанындай, әлгі идеологиясыздандыру да шектен шыға ауа жайылуға, баршаның жаппай бетімен кетуіне әкеліп тіреді. Егер біз бүйтіп көз апара саяси аңғалдыққа бармаған болсақ, тағдырымыз шешілетіндей күрделі өзгерістердің кезеңінде идеологияны шетке ысырып тастамас едік. Моральдық құндылықтардың, өмірлік бағдарлардың ой елегінен өткен сындарлы жүйесі ретінде идеологияны біз ешқашан да тәркі етпес едік. Егер болып жатқан барлық оқиғаларды қалыптасып отырған жағдай тұрғысынан да, жалпы өркениеттік процестер тұрғысынан да алып қараған болсақ, онда кеше бәрін де сол бәз-баяғысынша қалдыруға болмайтынын қалай түсінген болсақ, бүгін бұдан былай да бұған дейін жүріп келген қалпымызбен жүре берсек, онда мандытып ілгері баса алмайтынымызды да тап солай түсінген болар едік. Кеңестік дәуірден кейінгі қоғамда соңғы айларда болып жатқан оқиғалар көрсетілгеніндей, демократия бұдан әрі дер кезінде тоталитаризмді құлату үшін қолданылғандай шабуыл мен қысымды үдетіп, жолындағының бәрін тәркі етумен шұғылданса, онда өзінің жедел орнығуына өзі қиянат жасаған болып шығар еді. Біз бастан кешіріп отырған уақыттың өтпелі болатыны тек тоталитаризмнің күйреп жатқанында ғана емес, тәуелсіздік пен демократияға ие болу тактикасынан оларды баянды ету мен тереңдету тактикасына көшетін кездің әлдеқашан туғандығында. Демек, халықты болып жатқан оқиғалардың шынайы мән-мағынасын білуден шеттету стратегиясы тек ескірген әрі жиіркенішті нәрселерді талқандау мен бүлдіруде ғана тиімді болуы мүмкін. Ал жаңа әрі аңсарлы қоғамды құруда ол тіпті де оң нәтиже бере алмақ емес, керісінше кесірін тигізбекші. Біздің жас демократиямыздың трагедиясы да, атап айтқанда, нақ осында, қызу саяси тартыстар әуенімен кетіп, өзінің ішкі дамуының әлгіндей күрделі бетбұрыстарын әрдайым уақытылы ескеріп, уақытылы икемділік таныта алмай қалатынында. Қысқасы, бүгін таңда не болып жатқанына, адамдарды алда не күтіп тұрғанына жұртшылықтың көзін алдын ала жеткізу тактикасына көшпейінше, қоғам әлі де ұзақ уақыт әр түрлі тосын оқиғалардың шырмауында қала бермекші. Сөйтіп ол біресе тоқмейілсуге, біресе сілкіністерге ұрынып, қалың тобырдың ыңғайына жығылып, қызбалықтың отына шарпылудан құтыла алмайды. Сөйтіп, өзінің бас пайдасына жету үшін өмірде бар өрескел фактілер мен келеңсіз оқиғаларды алға тартып бағатын кез келген саяси алаяқтың айла-шарғыларының қармағына тез ілінеді. Мұндай құбылыстың тіпті даңқы жер жарған ірі мемлекеттердің өзін қандай күйге душар қылғаны белгілі. Талай ұрпақтың ғасырлар бойы көксеп, зорға қолдары жетіп отырған жас егемендік пен демократиясы тарапында мұндай ұшқары көзқарасқа жол беру барып тұрған жауапсыздық пен имансыздық болып шығар еді. Өйткені демократия мен тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Ал біздің республиканың демократиялық тәуелсіздігі, өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, тек қазақтар үшін ғана емес, барлық қазақстандықтар үшін қазіргідей алмағайып уақытта аса зор демеу әрі саяси құндылық болып табылады. Олай болса, баршамыз болып ауыр жағдайдан аман шығу, қол жеткенді баянды ету, көксеген мұраттарға тезірек жету идеологиясын бірге жарастырып, бірге жасақтап бітіруіміз қажет. Өйтпеген күнде, өз-өзінен өрбіп жатқан оқиғалар мен саяси пиғылдардың шылауына көзсіз еріп жүре берсек, көздегенімізге мүлдем кереғар нәтижелерге жетуіміз де ғажап емес. Біздің ғасырымыз мұндай жәйттердің талайына куә болған. Солардың барлығының тұсында да ұзаққа созылған тұрақсыздық пен одан туындаған экономикалық құлдырау демократия мен тәуелсіздіктің аяғынан шалып келген. Бұл ретте саяси «элитаның» тойымсыз өзімшілдігі де, мемлекеттік билік институттарының бейғамдығы мен табансыздығы да зардаптарын аз тигізбеген. Бұл біреудің үрейін алу үшін айтылып отырған әншейін әңгіме емес. Бұл арқылы жұртшылық назарын кез келген революция мен реформа тағдыры үшін тарих алдында саяси «элитаның» алғашқы буыны, белгілі бір жаңа режимді орнықтырған буын ең алдымен жауап беретіндігіне айрықша аударғым келеді. Егер осы алғашқы буын парасатты болса, онда ол орнықтылық ахуал орнатуды ең алдымен қолға алады. Егер ол өз бойындағы саяси шамшылдықты жеңе алмаса, онда билік үшін бітпейтін де қоймайтын толассыз тайталас пен итжығыс егестердің көзсіз көбелегіне айналады. Ал кейінгі ұрпақ тәуелсіздікті нығайтудың баға жеткісіз тарихи мүмкіндігін босқа жібермеген ұрпаққа ғана риза болмақшы. Дүниежүзілік тәжірибеде талай рет көрсетілгеніндей, жас егемендік пен қаз тұрып келе жатқан демократияға, әсіресе, алғашқы онжылдықтар тым қиын соғады. Біріншіден, онымен байланысты қоғамды түбегейлі жаңарту – бір айдың ғана немесе бір жылдың ғана ісі емес. Екіншіден, мәселенің мән-жайын бірден түсіну кімге де оңай соқпайды, үшіншіден – осы уақыттың ішінде ұрпақтар ауысады. Егер алдыңғы ұрпақты қоғамдық өмірде өзі үстемдік құрған кезеңінде келер ұрпаққа арналған болашағы мол өмірлік бағдарламаларды қалыптастыра және үдемелі әлеуметтік икемділікті қамтамасыз ете алмаса, онда олардың орнын көбінесе аға ұрпақтың істерін жалғастырушы ізбасарлар емес, олардың істерін жоққа шығаратын мансұқтаушылар басатын болады. Осының бәрі, басқа да көптеген мәселелер сияқты, жаңа отаршылдық пен тоталитаристік режимнен кейінгі реваншизмнің отына май құяры сөзсіз. Ал олардың көздеген мақсаттарының әлбетте қанаты қатпаған тәуелсіз мемлекеттер мен демократияның мүдделеріне мүлдем сай келмейтіні айтпаса да түсінікті. Олар сырттан да, іштен де діңкені құртатын әр түрлі «саяси ойындарды» әкеп таңуға тырысады. Бұл мақсатта халықтың басым көпшілігі үшін сан алуан иірімдері сырт көзге біліне бермейтін күрделі «әлеуметтік инженерлік» ғылымды шеберлікпен пайдаланып бағады. Міне, кез келген революция мен реформа алғашқы қадамдарынан бастап, өз идеялары мен іс-әрекеттерін «саясат тілінен» «адамдық» тілге «аудара» алса ғана табысқа жете алмақшы. Өйткені, дамыған елдердің тәжірибесі жұртшылықтың саяси және құқықтық сауаттылығы қоғамдық қатынастарды тұрақтандырудың еш нәрсемен шатыстыруға болмайтын ең шешуші факторы екендігіне көз жеткізіп беріп отыр. Бұл түсінікті де. Егер адам саяси сауатсыз болып, саналы таңдау жасай алмаса, онда өз пайдасын ғана көксейтін неше түрлі кеудемсоқ демагогияның қанжығасына оңай өңгеріліп кете барады. Сөйтіп, мұның өзі тарихтың сын сәттерінде адамның жеке өз қара басы үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін де қатерлі болып шығады. Ал сындарлы реформаны ойдағыдай тереңдете түсу үшін ең алдымен қоғамның әлеуметтік салауаттылығы қажет. Сондықтан да, тағдырдың қалауымен осындай кезеңде саясат сахнасында жүргендердің бәрі де тарихи жауапкершілікті терең сезініп, сындарлы тұрақтылықты барынша нығайтып, қазіргі дағдарыстан бейбіт жолмен шығу үшін қоғамның жаңа сапалық жағдайын дәйекті түрде қылыптастыру жолында күрескендері абзал. Біздің тәуелсіздігіміз өзімізді қоршаған бұрынғы кеңестік саяси кеңістіктегі істердің жалпы жағдайына әлі де тәуелді екендігі айдан анық. Ал, мұндай кезде қоғам жол айрықтан тым ұзақ шыға алмай қалатыны бар. Мұның өзі жүз отыздан астам этникалық топтан тұратын құрамы сан алуан қоғамның жай-күйіне келеңсіз әсер етері түсінікті. Оның үстіне әлеуметтік жіктелу қарқынды жүріп жатыр. Егер тоқыраудың аяғында шетелдік мамандар бұрынғы кеңестік қоғамда айқын байқалатын 15, ал отандық мамандар сексенге жуық әлеуметтік жік бар деп тапса, реформаларға деген тұрпайы көзқарас жағдайды одан әрмен шиеленістіріп жіберді. Саяси өмірдегі өктемдігін әлі жоғалта қоймаған жалаң экономизм күтіліп отырған меншікті мемлекет иелігінен алуды өз пайдасына шешіп, көпе-көрнеу бұрмалауға жол берді. Бүкіл жекеленетін меншіктегі әр азаматтың үлесінің тең болуы қағидасын қатаң сақтай отырып, жаппай меншіктендіруді, толық және тегін меншіктендіруді жүзеге асырудың орнына, тарихи қалыптасқан мүлік теңсіздігі бар қоғамдарға тән аукциондық жекешелендіру әдісін үрдіске айналдырды. Меншіктің күтілген алуан түрлілігі орнына қоғамның қайтадан дәулеттілер мен кедейлерге бөлінуі етек алды. Әлеуметтік ынтымақтасу орнына әлеуметтік бөліне-жарылу күшейіп шыға келді. Асығыс таңылып отырған корпорациялық капитализм мен өз көзқарастарынан әлі де толық бас тарта қоймаған бюрократиялық социализм тайталасының асқындай түсу қаупі төнді. Өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, жаңа-жаңа өркен жайып келе жатқан саяси плюрализм ашықтан-ашық бейбастыққа ұрына бастаған әсіре демократиялық радикализм мен барған сайын өзінің шынайы бет-бейнесін барынша аша түскен тоталитарлық реваншизм арасындағы қырғи-қабақ шиеленіске дес беруге мәжбүр болып отыр. Адамдарды болашаққа деген сенімсіздік билеп, моральдық-психологиялық дағдарыс күшейе түсті. Ақпарат ұстамдылығының сақталмауынан, халықтың болып жатқан оқиғалардың шын мән-жайынан бейтарап қалуы салдарынан әлеуметтік мінез-құлық бұзылуда. Егер іс осылай жалғаса берсе, онда реформаның беделі түсуі, кең қарымды әлеуметтік келеңсіздіктің белең алуы мүмкін екендігін де жоққа шығармаған жөн. Осындай жағдайда жаңада ғана тәуелсіз болған елдің мемлекеттік саясатының негізгі өзегі этникааралық, жіктераралық және мемлекетаралық қатынастарды, адамдардың әлеуметтік-экономикалық мінез-құлқын жарастықтандыра түсу болуға тиіс. Бұған тек ауа жайылушылықтың кез келген көрінісіне қоғамның демократиялық сауаттылығын қарсы қою арқылы ғана қол жеткізуге болады және солай ету керек те. Біздің мемлекетіміз басшысының жаңа бастамасынан осындай ойлар туындап отыр. Ол – жүргізіліп жатқан реформаларды болып жатқан оқиғалардың шын мәнін бұқарадан көлегейлеу жолымен емес, қайта адамдардың құқықтық және саяси бағдарлылығын арттыру, жалпы халықтық ой-пікір мәдениетін көтеру, қоғамның сындарлы жаңғыртушы бағыттағы жаңа мінез-құлқын қалыптастыру арқылы тереңдету. Әзірге Қазақстанда тиісті институттар, демократиялық ағарту жүйесі, саяси партиялар мен қозғалыстардың иделогиялық орталықтары болмағандықтан, негізгі салмақ республика Президентінің жанынан таяуда ғана құрылған Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің, оның проблемалық комиссиялары мен жұмыс топтарының бұғанасына түсіп отыр. Геосаясат, қоғамдық-саяси, ғылым мен білім, мемлекеттік билік институттары мен азаматтық қоғам институттарының өзара қимылдары, әлеуметтік-мәдени даму мен демократиялық ақпарат кеңістігін жасақтау, сондай-ақ құқықтық реформа мен құқықтық тәрбие проблемалары бойынша комиссиялар құрған дұрыс деп танылды. Бұл комиссиялар өз құзыры ауқымында істің нақты жағдайын зерттеуге, процестердің одан әрі даму барысына болжам жасауға, оларды мемлекеттік тұрғыдан реттеу жөніндегі ұсыныстар әзірлеуге, бұл үшін қолда бар интеллектік мүмкіндікті кеңінен тарта отырып, жұмыс топтарың құруға құқылы. Олар талдап жасаған байыптамалық жобалар мен ұсыныстар кеңестің пленарлық мәжілістерінде талданатын және оларды жүзеге асыру жөнінде шешімдер қабылданатын болады. Кеңес жұмысының принциптері мен механизмі баспасөзде жарияланған «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңес туралы ережеде» мазмұндалған. Бірінші кезектегі тұжырымдамалық байыптамалардың тақырыбы мен оларды жасауды жүзеге асыратын жұмыс топтарының құрамы анықталды. Жаңа мемлекеттік сипаттама мен қоғамдық мінез-құлықтың тұжырымдамалық негіздерін талдап жасауды енді кідіртуге болмайтынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Сондай-ақ, бұған сәйкес келетін әлеуметтік-мәдени кеңістік пен әлеуметтік-экономикалық мінез-құлықты, құндылықтар мен өмірлік бағдарлардың жаңа жүйесін қалыптастыруды, осы жүйеге сәйкес жас ұрпақты тәрбиелеу мен халықтың ересек бөлігінің өмірдегі қайта бағдар алу жүйесін реформалауды, осының барлығы үшін қажетті мамандарды даярлауды кешіктірмеген жөн. Байыптамалық талдаулар тізбесіне енгізілген мәселелердің көкейкестілігі мен өткір қажеттілігі туралы көп айтуға болады. Бірақ, бұл одан әрі жүргізілетін нақты жұмыс барысында жүзеге асырылмақ. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік саясат жөніндегі жаңа консультациялық-кеңесші органның бүкіл қызметі толығымен Қазақстанның егемендігін дәйекті түрде тереңдетуге, экономикалық дағдарысты барынша тезірек жеңуге және оркениетті демократиялық қоғам жағдайында қазақстандықтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған.

ПАРЫҚТЫ ПАЙЫМ, ПАРАСАТТЫ ПІКІР КЕРЕК

С. А. Белгілі қаламгер, байыпты қайраткер, білікті саясаткер ретінде аса зор сенім артып, халық қалаулыларының тұңғыш кәсіби парламенттің жетекшісі етіп сайлағанына қуанышымызды білдіріп, сізді бұрын да құттықтаған едік. Енді сол сезімімізді ресми түрде білдіріп, құрметті де күрделі қызметіңізге игі жемістер тілеуге рұқсат етіңіз, Әбеке!

Ә. К. Рахмет! Бәрі де қайырымен болсын! Шарафаты баршамызға бұйырсын! С. А. Қазақ атамыздың «атқа міндің – ажалға міндің» деген бір дана сөзі бар. Ел басқарып, биліктің қос тізгінін тең ұстауға тиіс азаматтың ұдайы қылпып тұрған ұстараның жүзінде жүргендей болатынын осыдан артық қалай айтып жеткізерсің. Өйткенмен, елің сенім артқан соң нар жүгін де қайыспай көтеруге тура келері хақ. Сонда да өзімен өзі оңаша сырласып, басы бос, уақыты көп болуын қалайтын жазушыға басшылықтың бедел тәжі ауыр тиіп жүрген шығар деп те ойлаймыз. Әлде қаламгер пешенесіне қашан да халыққа қызмет ету жазған ғой, «екі есеп – бір есеп» деп ұзақты күн мәжіліс жүргізуге ет үйретіп, кендігіп кеттіңіз бе? Ә. К. «Адам қырық күннен соң тамұққа да үйреніп кетеді»,– дейді ғой. Бірақ, ол қағида саяси қызметке жүрмейтін сияқты. Ел тағдырына барып тірелетін әр мәселе қаралған сайын сират кәпірдің үстінде келе жатқандай сөзінесің. Жауапкершілік пен енжарлықтың ешқашан тіл табыса алмайтындығы да осыдан шығар. С. А. Міне, жаңа парламенттің жазғы әрі алғашқы сессиясының үш айға созылған мәжілістері аяқталып, күзгісіне де әзірлік жүріп жатыр. Әрине, депутаттар айтысып-тартысып қана тарқамай, қыруар мәселе қарап, қаншама құжаттар қабылдады. Жасыратыны жоқ, біраз жұрт: жарым жартысы жоғарыдан түскен тізім сайланған бұл «қалтадағы парламент» болып, Президенттің айтқанына көніп, айдауына жүріп, бұйдалы ботадай байпаңдайды да отырады,– деп даурығып еді. Бірақ халық қалаулыларының бұл толқыны олар айтқандай қой аузынан шөп алмас, қозыдай момақан бола қойған жоқ. Тіпті депутаттардың бір тобы үндеу тастап, елдің тығырыққа тірелуіне тікелей кінәлі деп республика үкіметінің орнынан кетуін талап етті. Сол сәт жұрт ақыры немен бітер екен деп демін ішіне тартып, тына қалғанымен, қалауының дұрыс шыққанына көз жеткізіп, сөзін сөйлер азаматтардың барлығына тәубә дескен-ақ шығар. Шындық шыңына шығарар сондай пікір таластарының үстінде шыңдалады ғой депутаттар да. Олай болса Жоғарғы Кеңестің әрбір сессиясы өз алдына бір мектеп емес пе? Сондықтан алғашқы сессияның халыққа, ол қалап сайланған азаматтарға не беріп, не қойғанын өз аузыңыздан естісек дейміз. Ә. К. Жаңа Парламент – төбеден түскен парламент емес. Оның қандай болатыны былтыр қабылданған Ата Заңымызда айқын көрсетілген-ді. Тәуелсіздікті нығайту, жүріп жатқан саяси, экономикалық, құқықтық реформаны одан әрі тереңдету – жаңа парламенттің тарих алдындағы парызы. Оның үстіне, ол еліміздің әл-ауқаты төмендеп, адамдардың әлеуметтік ахуалы қиындаған кезде іске кірісті. Мұндай жағдайда жұмысын бастаған жаңа парламенттің мейлінше талапшыл болары өз-өзінен түсінікті. Менің әріптестерім де бұны бірден ұқты Сайлау өте сала таратылып берілген елуден астам заң жобаларын қарауға кіріспей, үкіметтен өзі жүргізіп отырған реформаның жаңа байыптамасын талап етті. Ол – орынды талап еді. Ал үкіметтің орынынан кетуін талап ету мәселесіне келетін болсақ, конституцияда парламентке ондай өкілеттік берілмеген-ді. Сондықтан да, «қырық екінің» үндеуі әуелі комитеттерде, сосын жалпы мәжілісте байыпты талқыланды. Қабылдайтын құжаттың ақырғы нұсқасын қабылдау үшін комитеттер мен депутаттық фракциялар өкілдерінен үйлестіру тобы құрылды. Бұндай талапшылдықтан атқарушы өкімет те зиян шекпеген сияқты. Президент тұңғыш рет парламентке жолдама жіберді. Онда экономикалық реформаны одан әрі қалай өрістетуге байланысты өз топшылаулары мен тұжырымдамаларын баяндады. Парламентке келіп сөз сөйлеп, ағымдағы мәселелер турасындағы пікірлерін ортаға салды. Президент пен парламенттің арасындағы төрт сағатқа созылған «сұбхаттың» екі сағаттан астамы депутаттардың қойған сауалдарына жауап беруге арналды. Парламентпен қарым-қатынастың мұндай үрдісіне үкімет те көшті. Екі айдай бір-бірімен араласып жарымаған парламенттік комитеттер мен министрліктер бірте-бірте қоян-қолтық жұмыс істеуге дағдыланды. Оған Министрлер Кабинетінің дағдарысқа қарсы жаңа байыптаманың жобасын, оны экономикалық дәйектейтін Меморандумды, 1994 жылға арналған бюджетті талқылау шешуші әсер етті. Аталмыш құжаттар әуелі комиттетерде талқыланды. Оған премьер-министрден бастап, тиісті үкімет мүшелері ат салысты. Комитеттерде айтылған пікірлер мен ұсыныстарды сараптайтын үйлестіру тобы құрылды. Ол топ әр ұсынысты жан-жақты талқылап, бүгін таңда қалай жүзеге асыруға болатындығының ықтимал шешімін белгіледі. Кейін аталмыш жобалар парламенттің жалпы жиынында кеңінен талқыланды. Бұл талқылау айдан астам уақытқа созылды. Ондай байыпты талдау-талқылаусыз асығыстыққа, үстіртікке жол берілер еді. Парламенттің тұрақты қызмет істейтін кәсіби үрдіске көшірілгендегі ең басты мақсаттың өзі сол еді. Осыны түсінбей жаңа парламентті «жайбасарлыққа, орынсыз қазымырлыққа жол беріп отыр» деп айыптау – демократиялық парламентаризмнің табиғатын түсінбеуден туындап жатқан ұшқары пікірлер. Ондай ұшқарылық депутаттар тарапынан да, үкімет тарапынан да, қоғамдық пікір тарапынан да аз ұшырасып жүрген жоқ. Біздің балауса демократиямыз балалық ауруларынан «түгел арылды» дей алмаймыз. Кеңестік кеңістіктегі кейінгі жылдарғы саяси орнықсыздық мұндай өтпелі кезеңде болмай қоймайтын экономикалық дағдарысты пайдаланып, билікке таласты әсіресе өршітуден етек алып отыр. Біреулерге нарық ұнамайды. Біреулерге демократия ұнамайды. Біреулерге тәуелсіздік ұнамайды. Біреулерге бүгінгі билік басында отырғандар ұнамайды. Бәрі де өзін «оппозициямыз» деп атайды. Осындай жағдайда билік институттарының өзара қырғи-қабақтығы қосылса, экономикалық дағдарыс саяси дағдарысқа ұласып шыға келеді. Оған ұрынбас үшін қоғамда қанша ағым, қанша пікір болса, соның бәрі тоғысатын парламентке айырықша байыптылық пен байсалдылық керек. Ауызға қақпақ салудың қажеті жоқ. Айтылатын пікірлер айтылсын. Сыналатын жәйіттер сыналсын. Анықтылық пен ақиқаттылық ахуалы орнатылсын. Бірақ, соның бәрі дүрдараздық пен шамшылдықты өршітуге емес, жағдайды мұқият талдап, ықтимал шешім қабылдай алатындай іскерлікке бағытталсын. Ол үшін қоғам бастан кешіп отырған жағдайда ненің бірінші кезекте, ненің екінші кезекте тұруға тиісті екенін түбегейлі анықтап алмай болмайды. Өз басым, бүгін таңдағы ең басты мәселе – тәуелсіздікті нығайту деп білемін. Өйткені, мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігі қазіргідей дүрбелең кезде тек қана бір ғана халықтың емес, Қазақстанды мекендейтін барша азаматтардың өмірлік мүддесін қамтамасыз етудің кепілі болып табылады. Қазақстанда тәуелсіздіктің жағдайы орнықпай тұрып, демократия да, нарық та ойдағыдай өрістеп кете алмайды. Ол үшін жаңа қабылданған Конституциямыздың өзекті қағидаларын көздің қарашығындай қорғай білуге үйренуіміз керек. Қай мәселені талқылағанда да, ең алдымен, тәуелсіздікке нұқсан келмеуіне баса зер салуымыз керек. Әсіресе, билік орындарының өзара қарым-қатынасында бұл қағиданы мейлінше берік, мейлінше нәзік ұстана білуіміз керек. Ондай салиқалы мінез әуелі парламенттен табылуы керек. Билік бөлісу қағидасы үш билік орынының маңыз-мақсатын анық айқындап берген-ді. Қоғамның кәмелетке толған ересек мүшелерінің тікелей дауыс беруімен сайланатын атқарушы билік мандаты Президентке берілген-ді. Оған мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын белгілеу тапсырылған-ды. Бірақ, ол саясат Конституциямен сәйкесіп, халық мүддесіне қайшы келмейтіндей заңдық негізде жүзеге асуға тиісті. Ол үшін елдін ересек азаматтары тікелей дауыс беру жолымен заң шығаратын орын – жоғарғы Кеңесті сайлады. Сондай демократиялық жолмен қабылданатын заңның қалтқысыз орындалуын қадағалау соттық билікке жүктеледі. Бәрі де – басы ашық мәселе. Бірақ, ескі қоғамдық тәжірибе әлгіндей атымен жаңа қағидалардың өзін бөркін айналдырып, көне сүрлеулерге қарай итермелей береді. Ішкі, сыртқы саясатты белгілейтін атқарушы өкіметтің, соның құқықтық негіздерін белгілейтін заң жобаларын әзірлеп ұсыну әлемдік тәжірибеде кеңінен таралған. Бірақ, соны Конституцияның «рухы» мен «әрпіне» қатаң үйлестіріп, қоғам мүддесіне терең орайластыра, жан-жақты пайымдап қабылдау – парламенттің тел ісі. Бұл арада олар бір-біріне әрі сарапшы, әрі жәрдемші. Мәселе тағдырын ықпалдастық пен талапшылдықтың ара-жігін айқын ажыратып, шебер үйлестіре білу шешеді. Біздің балауса демократиямыз бәр-бәр уақытта осыған жете мән бермей, орашолақтыққа ұрынып қала береді. Ықпалдастықты ымыраластықпен шатыстырып алатын атқарушы өкімет «жан торсық парламент» жасауға ұмтылса, талапшылдықты тікбақай текетіреспен, тайталастықпен шатыстырып алатын заң шығарушы өкімет мемлекет пен қоғам тағдырын екіұдайлылыққа апарып ұрындыратын «қос өкіметтілік» дертін ушықтырады. Бұның екеуі де біздің көсегімізді көгертпейді. Оған алыс, жақын көршілеріміздің жеп жатқан опықтары айқын сабақ бола алады. «Билік монополизміне» үкіметіміз де, парламентіміз де үйір болмауға тиісті. Бірін бірі үркіту, бірін бірі аударып салу әуелі өкімет тұрақсыздығына, артынан тәуелсіздік баянсыздығына ұрындыруы мүмкін. Кез келген заң жобасын талқылағанда үкіметтің сәл нәрседен апши қалатын кінәмшілдіктен, ал парламенттің жөнді-жөнсіз баса көктей жөнелетін «саяси әупірімдіктен» бойын аулақ ұстағаны дұрыс. Кемел демократия елдерінде үкімет парламентпен ақылдаспай, бір де бір шараны жүзеге асырмайды, ал парламент кез келген заңның кез келген бабына әуелі үкімент келісімін алмай тұрып, өзгеріс енгізе алмайды. Өйткені, қоғам мүддесін мемлекет мүмкіндігімен үйлестіре алмаған жерде орнықтыдық ахуал табан тіреп тұра алмайды. Мұндай өзара қадағалау заңның қапысыз дайындалып, қапысыз пайымдалып қабылдануына, кейін қалтқысыз орындалуына кепілдік береді. Сонда ғана үкімет пен Парламент қырғи-қабақтыққа да, ымырашылдыққа да ұрынбай, «Конституциялық сиысымдылыққа» негізделген іскер қарым-қатынас орната алады. Біз мұндай қарым-қатынасқа енді үйреніп келеміз. Жаңа Праламент тек бюджетті қабылдау үстінде бұрын қабылданған ондаған құжаттың күшін жоюға тәуекел етсе, ол жұрт айтып жүргендей, тап онша «жұмсақ Парламент» бола қоймағаны. Ал атқарушы өкімет тап сондай талқы мен талдауға шыдай білсе, оның да жалына қол апартпастай «шу асауға» айналып кете қоймағаны. Ендеше, екі тарап та бірлесе ойласып-пайымдаудың, бірлесе талдап-талқылаудың пайдалы екендігін ұғына бастады деген сөз. С. А. Сонымен, жаңа парламент бұрыннан бар жаттанды жолмен жүрмей, соныдан соқпақ салды дейміз ғой. Шынында да үкімет бір емес, екі дүркін есеп беріп, қазіргі қиындықтан шығудың жолдарын қарастырған бағдарламасын да баян етті. Елбасының өзі сессия жұмысына жиі араласап, күн тәртібіндегі көкейтесті мәселелер жөнінде үнемі пікірін білдіріп отырды. Үкіметтің алаңсыз жұмыс істеп, жағдайды оңғаруы үшін он бес ай мұрсат беруді өтінді. Ал осы он бес айдың ішінде қазір де құлдырап, шыңыраудан бір-ақ шыққан жағдайымыздың түзеліп кетеріне өз басыңыз сенесіз бе? Әлде бұл да баяғы созбұйдаға салар үйреншікті ұзын арқан кең тұсау болып шыға ма? Ә. К. Он бес айдың тап онша көп уақыт емес екендігі рас. Мұндай мерзім ішінде талай нәрсені бүлдіріп үлгеруге болатын шығар. Ал, бірақ, көп нәрсені түзетіп үлгеруге болатындығына күмәнім бар. Оның үстіне, бізде орын алып отырған дағдарыс тек кейінгі кезеңдегі емес, жылдар бойғы келеңсіздіктердің нәтижесі ғой. Европаның ондаған тіпті жиырмалаған мемлекеттері сиып кететін кең байтақ қазыналы территорияда айналасы жиырма миллион адамды киіндіріп-тойындыратындай жағдайдың жасақталынбай келгендігі – жылдар бойы қаншалықты күйікі экономикалық саясат жүрігізіліп отырғандығына айқын дәлел бола алғандай ғой. Демек, қыруар байлықты игеру емес, иемдену ғана көзделген ғой. Былайғы дүниеде тұтас ұлттық территориялар түгілі шағын аймақ, жекелеген қалалардың өзі табиғи, моральдық ресурстарын игере отырып, басқа аймақтармен өзара тиімді ықпалдастық орната отырып, өзін-өзі қамтамасыз ету саясатына көшіп жатқанда, бізде күллі экономикалық түзілім бар байлықтың бәрінің үстінде отырып, барған сайын өзінен-өзі кіріптар бола түсуге негізделген ғой. Сонда қазір қит етсе, «қалыптасқан экономикалық байланыстардың бұзылғанын» айтып, бар қырсықтың бәрін соған жауып бағатын сабаздардың нені көксеп, неге өкініп жүргеніне таңымыз бар. Өйтіп, бар кесепаттың сырын бүгін қолымыз әзер жетіп отырған тәуелсіздікке жаппай, ежелден бері етек жеңімізден бірдей тартқылап келе жатқан кіріптарлықтан іздеуіміз керек. Тәуелсіздікке емес, басыбайлылыққа негізделген экономикалық саясат қана, қазіргідей тығырыққа әкеп тірей алады. Жылдар бойы мүмкіндігі есепке алынған-мен, мүддесі есепке алынбаған аймақтар ғана күндердің күнінде тап осылай сазға отырып қалады. Өйткені, кіріптар экономикадан тәуелсіз экономикаға кешпей тұрып, ешқандай елдің, ешқандай өлкенің көсегесі көгере қоюы мүмкін емес. Ал, біздің Қазақстанның бұл мәселеде де әрдайым қайдағы бір «қағынған» саяси авантюралардың сынақ алаңына айналып келгендігі мәлім. Әрідегілерді былай қойғанда, күні кешегі қайта құрудың бастапқы кезеңіңде де, ол тап сондай «қатерлі саяси сынақ алаңына» айналып кете жаздады. Атақты «желтоқсан эпопеясы» да содан өрбіді, қазір де ондай сойқандықтан күдерін үзе қоймаған күштер аз емес. Қайта құрудың көсемдері ұлт аймақтарын «саяси есеңгіретуді» қамтамасыз ете алмағанмен, экономикалық есеңгіретуді қамтамасыз етіп үлгерді. Олардың тұсында басталған экономикалық реформа, әсіресе, кәсіпорындар туралы заң экономиканы басқаруда бұрынғы орталықтың қолынан шығып бара жатқан тізгінді енді тәуелсіз мемлекеттердің де қолына тигізбеуді көздеген боп шығып отыр. Олар бұрынғы ведомстволық өзімшілдікті кәсіпорындық өзімшілдікпен аластырылып үлгерді. Сөйтіп, кейінгі жылдары көптеген кәсіпорындар «өзі би, өзі қожа» дәурен кешті. Өзіне өзі қызмет етуді мұрат тұтып, өзі тұрған территорияға қызмет етуді ұмыта бастады. Қымбат минералдық ресурстар солай талан-таражға түсті. Көптеген қаржы сыртқа солай шығып, солай қайтпай қалды. Есеп сұрайтын бұрынғы үрдіс пен бұрынғы құрылымдар жойылды. Экономиканың дамуын үйлестіріп, жаңа үрдіс пен жаңа құрылымдар жасақтала қоймады. Жасақталғандары да іске кіріспей жатып, керекті тәжірибе жинақтап үлгермей жатып, қайта құрылып, қайтадан өзгеріске ұшырап бақты. Ұлттық байлығымыздың есебі мен айналымының ізінен адасып қалатындай жағдай орнады. Қараптан қарап иесізденіп бара жатқан территория, иесізденіп бара жатқан ресурстар, иесізденіп бара жатқан экономиканы туғызды. Оған меншік реформасының кешеуілдеуі де аз себепші болған жоқ. Мұндай дүдамал ахуалды экономика мен өкімет билігіндегі ашқарақ күштер пайдаланды. Біреулердің орынсыз тез байып, екінші біреулердің орынсыз тез кедейленуі содан етек алды. Мұндай «экономикалық» жүгенсіздіктің одан әрі асқындауы адамдардың тұрмысына, халықтардың бостандығына, мемлекеттердің тәуелсіздігіне ешқандай қауіп туғызбауы ақылға сыймас еді. Экономикалық даму жүйе таппай тұрып, қоғамдық даму да жүйелі өрістей алмасы белгілі. Тәуелсіз мемлекет тәуелсіз экономика саясатын жасақтай алмай тұрып, ойдағыдай өрге басып кете алмақшы емес. Бұрынғы жоспар жоғалды. Ендігі экономикаға тек жүйелі қаржы саясаты ғана жүйелі ықпал ете алады. Өткен күзде ұлттық ақшамыз шығарылғанға дейін өз экономикамызды қаржыландырудың тізгіні, түптеп келгенде, өз қолымызда болған жоқ-ты. Теңгенің шығуы – экономикалық тәуелсіздік жолындағы ең бірінші шешуші қадам еді. Кейбір ішкі, сыртқы іріткі күштердің барлық қиыншылықтардың бәрін ұлттық теңгенің шығарылуынан көріп, өршеленіп бағуы да тегіннен тегін емес-ті. Алайда, одақтың құлауына да, қалыптасқан экономикалық байланыстардың үзілуіне де күні кеше шығарылған ұлттық валюталардың ешқандай қатынасы жоғы өз-өзінен түсінікті мәселе. Ол – себеп емес, салдар. Енді болары болып, қояры қойып қойған тарихи процестерге кінәлілерді іздеп, онсыз да ыңғыршағы шығуға айналған адамдар мен халықтарды бір-біріне жауықтырғаннан жағдай түзелмейді. Жағдай түзелсе, жау іздеумен емес, тығырықтан шығарар жол іздеумен, кеткен кемшіліктерден дұрыс қортынды шығара білумен түзеледі. Әрине, үкімет сұрап отырған он бес айдың ішінде әбден ойран ботқасы шыға жаздап, ойсырап, қалған экономикамыздың барша олқылықтарын орынына келтіру еш мүмкін емес. Ондай үкімет жоқ. Ондай үкімет болмайды да. Бірақ сол мерзім ішінде дағдарыстан шығар жол тауып, оны тәжірибеде сынап көріп, алғашқы қорытындыларын шығара бастауға әбден болады. Қазақстан үкіметі де соған бел буып отыр. Егер он бес ай ішінде қолға алып жатқан шаралары көңілге үміт орната алса, үкіметтің діттеген жерден шыға білгені. Ал орната алмаса, онда уәде құдайдың аты деген ғой... Уақыт көрсете жатар. Алайда, белгілі бір меже белгілеудің өзі де саяси шешімділіктің көрінісі болса керек. Біз бұл арада одан гөрі басқа бір мәселеге көңіл бөлгеніміз дұрыс сияқты. Ол әлгі он бес айдан кейін үкімет атқарған істерді бағалағанда қандай қағида ұстану керектігі. Меніңше, он бес айдан кейін біз үкіметтен көп ештеңе сұрамай, бір-ақ мәселені сұрауымыз керек сияқты. Ол – Қазақстанның ұлттық дәулетін жылдар бойы рәсуа қылып келген экономикалық кіріптарлық саясатын экономикалық тәуелсіздік саясатымен алмастыратындай бағыттама жасақтай алды ма, жоқ па? Біз, ең алдымен, өз экономикамызды өз игілігімізге қызмет еткізуге үйренуіміз қажет. Ол үшін әр аймағы, әр тарапқа тартып, көрші мемлекеттердің көрші аймақтарымен көбірек ықпалдасып, өзара ықпалдаспай келген Қазақстан облыстарын бірімен бірі етене байланыстығы бір тұтас экономикалық кеңістікке айналдыруды талап етеді. Ол үшін мемлекетіміздің өндіргіш күштерін тәуелсіздік талаптарына лайықтап қайта орналастыру, экономикалық, тіпті саяси-территориялық түзіліміне айта қаларлықтай өзгерістер енгізу керек болар. Өйтпейінше, энергетикалық, тасымал-байланыстық тәуелсіздікке, табиғи байлықтарымызды игеру мен өңдеуді жарасымдандыруға жетіле алмаймыз. Екіншіден, экономикалық байлығымыз геосаяси жағдайымызды жақсартуға, жан-жағымызбен тату-тәтті көршілік, қалған дүниемен тиімді қарым-қатынас орнатуға жұмсалуға тиісті. Ол – тек өз экономикамызды осы заманға лайықтап, ұтымды дамыта алсақ қана мүмкін нәрсе. Бұл үшін осы заманғы технология мен басқару жүйесі керек. Ол осызаманғы экономиканы дамыта білген кеңістіктермен тығыз ықпалдаса білуді, шикізатымызды тұрақты валюта мен осызаманғы технология рыногына тікелей шығарар сындарлы жүйелер табуды бірінші кезекке қояды. Өйтпейінше, біз дәстүрлі экономикалық қатынастармен аймақтық рынок қыспағынан шыға алмай, қайдағы бір қасында отырып, «шөміштен қыту», «түтікті бұрай сап, қаралай дымыңды құрту» саясатының қитұрқыларынаң құтыла алмаймыз. Қысқасы, үкімет экономикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етудің жолын таппай тұрып, дағдарыстан шығудың да жолын таба алмайды. Сондықтан, экономикалық реформаны ең басты арнаға – экономикалық тәуелсіздік арнасына бұру керек. С. А. Депутаттардың дені сайлау алдындағы айтыс-тартыстың от-жалынынан шарпылмай, алқынбай аман өткендер екені даусыз. Сөз жоқ, олар сайлаушылар алдында қазіргі ахуалды өгертіп, жұрттың жай-күйін жақсартамыз деп үйіп-төгіп уәде беріп, қыруар аманат арқалады. Кейбір депутаттардың сайланып алған соң көнекті сырттан салып, біздің міндетіміз жеке аймақтың тұрғындарына бірдеңе жасап беру емес, кәсіби парламент мүшесі болғандықтан көптің көңілінен шығар заңдар әзірлеу деп сайлаушыларына жоламай қоятыны бар. Осы жол оларды қалың бұқараға бүгінгі хал-жайды ұғындырып, парламенттің қам-қарекетінен хабардар ет деп, каникул күндері өз округтарына жібергендеріңіз өте орынды болған. Өмірді білмей тұрып, көңілден шығар заң жасау деген ойға қонбайды да ғой. Жалпы, кәсіби депутаттың қызметі заң жобаларын әзірлеп, сарапқа салып, талқылап талдаумен ғана шектелуге тиіс пе? Ә. К. Қоғамдық орнықтылық Конституция шындап қастерленген жерде ғана жүзеге асады. Ұлттық парламентіміздің басты сипаты Ата Заңымызда айтылған. Енді арнайы Конституциялық заң қабылданбақшы. Оның пайымдамалық негізі әлемдік парламентаризм тәжірибесіне сүйенері даусыз. Депутат қоғам мен мемлекет тағдырының барлық саласына да араласып, ықпал ете алады. Тек мүлтіксіз заң шығарып, оның қалтқысыз жүзеге асуын қатаң қадағалау арқылы ғана ықпал ете алады. Әйтпесе, ол салалық, аймақтық, таптық-жіктік лоббидің, топтық эгоизмнің қаруына айналып кетуі де ғажап емес. Парламент пен депутат өз белсенділігін конституциялық өкілет шеңберімен шектей білсе ғана, қоғам мен мемлекетте заңдылықтың нығаюына ойдағыдай үлес қоса алары сөзсіз. Жалпы, парламент пен депутат қай мәселеде де заң сыйлау мен заңдылықтың өнегесін көрсеткені абзал. С. А. Депутаттардың жұмысын ұйымдастырып жүйеге келтіріп отыратын Жоғарғы Кеңестің комитеттері бар. Оларға күнбе-күн басшылық жасап, бағыт беру үшін Үйлестіру кеңесі құрылды. Бұрын осындай міндеттің бәрін Төралқа атқарушы еді. Оның атын Үйлестіру кеңесі деп өзгерткенмен не ұттық? Аты өзгергенмен заты өзгеше болды ма? Екеуінің арасындағы айырмашылық қандай? Әлде бәрі де жаңаша болсын деген дақпырттың дүрмегі ме бұл да? Ә. К. Жоқ, бұл да кәсіби парламенттің табиғатынан туындап жатқан өзгеріс. Бұрын анда-санда бір жиналатын заң шығарушы өкімет ағымдағы саясатқа өзінің тұрақты құрылымдық бөлігі – Төралқа арқылы ғана араласа алатын еді. Ал қазіргі күнбе-күн тұрақты жұмыс жасап отырған кәсіби парламент күнбе-күнгі ағымдық саясатқа тікелей араласа алады. Сондықтан да оның Үйлестіру кеңесіне тек үйлестірушілік міндеттер ғана жүктеледі. Ал, оның бүгінгі өкілеті сол үйлестірушілік маңызын түгел қамтып, түгел қамтамасыз ете алып отыр ма? Жоқ па? Әлде бояушы бояушы дегенге, сақалды да бояп, үйлестірушілік кеңестің ұйымдастырушылық өкілетін тым қолдан тарылтып алмадық па? Ол – өз алдына мәселе. С. А. Парламенттер де бір-бірімен тығыз байланыс жасап тәжірибе алмасып, бірін-бірі байытып отыратын тірі организм тәрізді ғой. Бұрын Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің Жоғарғы Кеңестері келелі бір мәселелерді келісіп шешу үшін бас қосатын парламентаралық ассамблея болушы еді. Соның бір мәжілісі бұрнағы жылдары біздің Алматыда өткені бар. Жаңа парламентіміздің сол ассамблеяға көзқарасы қандай? Алдағы уақытта оған деген көзқарасы қай тұрғыда болуы керек деп ойлайсыз? Ә. К. Әрбір өркениетті мемлекет мемлекетаралық ықпалдастықтан бас тартпайды. Парламенттері де солай. Біз парламентаралық байланыстың барлық саласына да белсене ат салысуға әзірміз. Ондаған мемлекеттердің парламенттерімен тікелей байланыс жасайтын тұрақты топтар құрдық. Парламентаралық байланыстың халықаралық ұйымдарымен де, европалық ұйымдармен де, аймақтық ұйымдармен де қарым-қатынасымыз жақсы. ТМД елдерінің парламентаралық ассамблеясымен барлық деңгейде байланыс жасап келеміз. Көптеген депутаттарымыз аталмыш ұйымдардың басқарушы орындарына мүше. С. А. Әбеке, «бір кемеге мінгеннін жаны бірге» дегендей, екеуміз де шықсақ – шыңымыз бір, құласақ – құзымыз бір Қалам аулының адамдарымыз. Сенеріміз де, сүйенеріміз де, құралымыз да, тұмарымыз да – тіл, кәдімгі анамыздың ақ сүтімен дарып, санамызға сіңген туған тіл. Сол тіліміз бұдан бес жыл бұрын мемлекеттік мәртебе алғанда, одан бері алтын әріппен Ата заңымызға жазылғанда қандай қуанып едік. Өткен сессияда сөйлеген сөзінде Президентіміз сонымыз асығыстық болыпты, бұл мәселеге қайта бір оралып соғу керек дегендей сыңай танытты. Ашығын айтсам, осы сөз бауырын жаңа ғана көтеріп, тәй-тәй басуға енді-енді талпына бастаған тіліміздің тілегін тілеушілерге қатты батты. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге байланысты орыс тілділер шет қақпай бола бастады деп байбалам салып, араға от тастап, дүрдараздықты қозыруға тырысушылардың далбасасына шынымен-ақ сеніп қалды ма екен деп дал болып жүр жұрттың бәрі. Халқымыздың оннан жетісі орысша сөйлесе, жиналыстарымыздың оннан тоғызы орысша өтсе, орыс тілі қалай шетқақпай болмақ? Тіпті Жоғарғы Кеңестің мәжілістері түгел дерлік орысша өтпей ме? Мүйізі қарағайдай қазақ депутаттарының өзі көпке түсінікті болсын деген желеумен орысша жортақтай жөнелетіні қайда? Қазақ тілінің шекесі шылқылдап отырғаны осы ма сонда? Әлде орыс тұрғындарынан саны екі жарым миллиондай артық қазақтардың олардан мектебі көп пе? Жоқ. Ал, қазақшадан орысша басылымдардың саны әлдеқайда артық. Өстіп отырып Конституцияға өзгеріс енгізудің қажеті болар ма екен? Осы женінде ойыңызды білгіміз келеді. Ә. К. Менің бұл мәселедегі көзқарасым қаламдастарыма да, қандастарыма да, отандастарыма да аян. Оны тіл туралы заң қабылданғанда да, Ата Заңымыз қабылданғанда да, Жаворонкова деген депутаттың байбаламшыл мәлімдемесіне жауап бергенде де құлтасыз ортаға салғанмын. Сол пікірім пікір. Оны өзгертетіндей объективті де, субъективті де себеп жоқ. Қазақстанда қазір қолданылып жүрген тіл саясаты – біздің мемлекетіміздің бүгінгі ахуалына сәйкесе алатын бірден бір ықтимал саясат. Оны өзгерткеннен дау көбеймесе, азаймайды. Бүгінгі таңда бізде тілге тіреліп тұрған ештеңе жоқ. Оны билік жолындағы таластың арзан ойыншығына айналдырғысы келетіндерге өркениетті түрде тойтарыс бере алсақ, бүгінгі замандастың да, ертеңгі ұрпақтың да сауабына қалар едік. С. А. Кемел жазушы, терең тарихшы деп Сізді қаламгер қауым ел басшылығындағы өзінің өкілетті өкілі санайды. Және туған әдебиетіміз бен мәдениетіміздің жағдайын өзіңізден жақсы білетін жанашыр жақын кемде-кем шығар. Сондықтан сырымызды да, мұңымызды да, шынымызды да өзіңізге айтамыз. Бір ғасырдан астам бірде патшаның, бірде басқаның қысымында болып, қыспағын көріп, дінінен де, тілінен де көз жазып қала жаздаған жұрт енді-енді еңсе көтеріп, оң-солын танып, тарихына зер сала бастап еді, мына таршылық заманға тағы да тап келді. Ең азы кітап табудың өзі қиын болып қалды. Өнер ордаларының болашағы және бұлдыр. Ана тіліміздегі баспасөздің халі тіпті мүшкіл. Баспасөз бен баспалар жөнінде, мәдениет мәселелері жайында заңдар әлі жоқ. Осылар жөнінде Жоғарғы Кеңестің не ойлағаны бар? Ә. К. Ондай заңдар болады. Дайындалып жатыр. Қабылданатын да шығар. Мәселе сол заңдардың ойдағыдай жүзеге асуында. Ол үшін азат қоғам, азат сана керек. Ол тек тәуелсіз мемлекетте ғана мүмкін бола алады. Ендеше, тәуелсіздік жолындағы қиыншылықтарды тұрмыстың қиыншылықтарымен шатыстырып алмағанымыз жөн. Тұрмыстың қиыншылығынан тәуелділік жағдайында да құтылуға болады. Ал тәуелділіктің қиыншылығынан тек тәуелсіздік қана құтқара алады. Тәуелсіздік – қан да төкпей, қарын да ашырмай оңай жете салатын арзан мұрат емес. Кеше тарихымызды зерттеуге көп мән берсек, осыны қапысыз ұғыну үшін ыждағат еттік қой. Бүгін сондай қиын тарихи мүмкіндікті оңай тәрік етіп алмауымызға баса көңіл бөлгеніміз дұрыс. С. А. Жоғарғы Кеңестің жұмысын баспасөз бір сыдырғы жазып келеді. Әлбетте, олардың кейде асыра сілтеп әсірелеп жіберетіні, кейде қазымырланып кетіп, құлдыратып жіберетін сәті жоқ емес. Сөз бостандығын ұшқары түсінетін кейбір басылымдардың биліктің төртінші тармағымыз деп, сынағанның жөні асыға салынып, тисе – терекке, тимесе – бұтаққа дегендей, басқа-көзге қарамай, ұрғылай беретіндері де бар. Бірақ, қайсысы болсын, парламент қызметін назардан тыс қалдырмауға тырысатыны анық. Осы орайдағы өз пікіріңізді ортаға салар ма едіңіз. Ә. К. Қазір сынағысы келген кісіге мін көп. Өкпелегісі келген кісіге де себеп жеткілікті. Ал жағдайды түсінгісі келген кісіге сабыр керек. Байыбына бармай тұрып, байбаламдай жөнелгеннен не тауып жатырмыз? Бардан айырылмасақ жоққа ие боп, қарқ қылдық па? Қазіргідей жауапты кезеңде парықты пайым, парасатты пікір қат. Баспасөзден де күтеріміз сол. Әлеуметтік дарақылыққа емес, әлеуметтік салиқалылыққа қызмет еткенін қалар едік. С. А. Сіз «Ақиқат» журналына ішіктің ішкі бауындай жақын адамсыз, Алқа мүшесі әрі белгілі авторысыз. Журнал бұрын Жоғарғы Кеңестің қарауында болатын. Кейінгі кезде қалыптасқан жағдайларға орай қазір Министрлер Кабинеті құрылтайшы болып отыр. Бірақ бағыт-бағдары сол баяғы қалпы. Рас, парламент жұмысын жүйелі жазып, сессиялардан ұдайы есеп беріп отыруға айында бір шығатын журналдың мүмкіндігі бола қоймас. Бірақ халық қалаулыларының арасындағы ой-пікірдің кеніндей азаматтардан іргемізді аулақ салмақ емеспіз. Журнал жұмысын жетілдіріп, мазмұнын байыта түсуге өзіңіз қандай ақыл қосар едіңіз? Ә. К. Журналдың басты мұраты – халқымыз бен қауымымызды тәуелсіздікке, демократияға, әлеуметтік әділет пен экономикалық белсенділікке баулу болғаны жөн. Әсіресе, аталмыш құбылыстарды теориялық тұрғыдан терең пайымдауға баса көңіл бөлген дұрыс. Парламентке көрсетілер көмектің ең үлкен түрлі – парламентаризм табиғатын кеңінен түсіндіру деп білер едім. Сіздің басылымның бұл мәреден шыға білеріне сенімім кәміл.

Сұхбатты жүргізген Сарбас Ақтаев, «Ақиқат» журналы, № 10, 1994 жыл.

«... ПЕРЕД НАМИ ЕДИНСТВЕННЫЙ ПУТЬ – ПУТЬ ДОБРОВОЛЬНОЙ ИНТЕГРАЦИИ С ОСТАЛЬНЫМ МИРОМ»

ИНТЕРВЬЮ ДАНО ДЛЯ ЯПОНСКОЙ ТЕЛЕКОМПАНИИ «NHK»

— Господин Кекилбаев, вы избраны Председателем парламента Казахстана. Одновременно вы являетесь очень известным писателем и историком. Хотелось бы узнать ваше мнение о роли традиционной культуры, включая музыку, в становлении нового государства – Республики Казахстан.

Эта проблема, наверное, актуальна не только для казахов, но и для многих народов. В этом плане в мире немало прецедентов, так сказать, оптимальных. Я считаю, одним из таких прецедентов опыт трансформации японской культуры в условиях современности. Потому что мы, многие народы Азии, пришли к новой истории иначе, чем наши западные соседи. Можно сказать, цивилизация, научно-техническая революция и многие социальные революции XX века нас застали врасплох. Мы в какой-то степени были заложниками большой геополитической ситуации, которая разыгралась не по нашей воле. И оттого, мне кажется, трансформация нашей традиционной культуры, в том числе не только духовной, не только материальной, но и правовой политической культуры, происходит в форме экспромта, какой-то большой исторической импровизации. Но человечество всегда перенимало друг у друга, в совокупности создавало цивилизацию, не отдельные этносы, не отдельные религии. Этносы и религии могли составить определённую специфику, определённый ракурс большой человеческой цивилизации. В этом плане Казахстан чем отличается от остального мира? Видимо, тем, что мы дольше всех были продолжателями культуры вегетативного поля. Мы всегда общались с природой. Без каких-либо посредников. Не через технику, ибо мы были скотоводами. До начала века все казахи поголовно были скотоводами. Они продолжали ту большую, возможность, самую изначальную линию человеческой жизнедеятельности. В нашем культурном багаже до сих пор, можно сказать, доминируют те первоначальные истоки человеческой культуры. Это даёт о себе знать и в наших отношениях с природой, друг с другом, с нашей этнической совокупностью, со своей родиной, с той территорией, где мы обитаем. Это доминирует не только в быту, но и в политических импульсах, жизнедеятельных импульсах. Возможно, для иностранцев, допустим, для вас, мы кажемся слишком неторопливыми, медлительными, будто-бы живём в какой-то вечности. Причина в том, что мы до начало века жили в самом естественном ритме взаимоотношений природы и человеческого бытия. Это, на мой взгляд, составляет основную черту, основной колорит нашей традиционной культуры. Это замечается не только в быту, укладе жизни, но и в нашем духовном настрое. Вы были недавно участниками Алматинского международного симпозиума по тюркской музыке. Возможно, вам удалось ознакомиться с фольклорной музыкой казахов, современной музыкой казахов. Неторопливость, чётко выраженная симметрия, культ гармонии, нежели дисгармонии, ритмика, нежели аритмия. Это наблюдается в музыкальном наследии нашего народа. Даже судя по этому, можно сказать насколько прошлое занимает огромное место в сегодняшней действительности. Это наблюдается в более или менее значительных произведениях казахской литературы. Потому что динамичная жизнь XX века, которая была для нас неожиданным экзаменом в многих отношениях, вынудила нас искать какие-то опоры для внутреннего духовного равновесия нации. И нация нашла такую опору в перипетиях прошлых политических кроллизий. И в этом плане история оправдала своё долголетие в жизни и самоориентации нынешнего поколения. И сейчас самый главный экзамен мы выдерживаем в то время, когда мы имеем шанс государственно самоутвердиться на своей собственной территории. Хотя Республика Казахстан, которая заявила о себе всему миру как демократическое государство, идущее к правовому обществу – это не такой новый исторический феномен. Это продолжение исторической государственности, которая складывалась на этой территории многие века. Казахи в разное время имели различные статусы государственности. Когда-то в этих степях были большие туранские империи, жившие под идеологией номадизма, тенгрианства, ислама. Эти государства потом распались при разных обстоятельствах. Распались, можно сказать, из-за глобализации как в территориальном смысле, так и в смысле своего политического влияния. И эта государственность простиралась не только в Азии, она охватывала большую часть Европы, поглощала порой всю Восточную Европу. От Дальнего Востока до Балтики существовало это государство. Казахстан, казахстанская территория была средоточием всех этих государственных образований. И каждый раз при образовании этих больших государств и при их распаде, не было такого случая, чтобы Казахстан оставался без государственности. В разное время здесь существовали разные государства, но самое новое – это Казахское ханство. Это ханство имеет свою пяти вековую историю. Оно было создано в результате распада империи Золотой орды, которая была образована Чингисханом, монгольским завоеванием. И как осколок этой большой империи в этих огромных степях сформировалось Казахское ханство. Первые два века оно существовало как самостоятельное государство. Но потом остальные осколки золотоординской или бывшей чингисхановской империи захотели восстановить былое могущество, завоевав огромную территорию, некогда принадлежавшую им, и вот эти опустошительные войны начались с между усобицы. Началось объединение через поглощение друг друга. И эти между усобицы вызвали абсолютно другой импульс – импульс агрессии, экспансии других соседних государств бывшим чингисхановским ханством. С одной стороны поднималась цинская империя, с другой стороны – бывшая колония чингисхановской империи – Россия, ставшая к тому времени тоже значительной империей, с третьей стороны – южные мусульманские государства на основе клерикализма тоже имели доминирующие тенденции и экспансионистские цели на эти степи. Эти обстоятельства вынудили Казахстан искать союзников для отражения экспансионистских устремлений восточных соседей. Такой поиск привёл казахов в начале XX века к союзу с Россией. Но в это время в мире уже существовал абсолютно новый феномен – новый колониализм, капиталистический, нашедший потом своё выражение в империализме. И поиск союзника, присущий феодальному строю, на принципах вассалитета легко превратился в настоящий классический колониализм 19 и 20 веков. Поэтому казахи, сами того не ведая, что теряют государственность, сперва согласились разделить свою территорию между разными государственными образованиями, и бывшая казахская степь была разделена между тремя российскими соседними губерниями. Таким образом, постепенно Казахстан потерял свой государственный институт. Сперва было покончено с ханством, со своей светской аристократией, потом духовной аристократией. Потом пошла вестернизация образа жизни и культуры казахов. Но эта была запоздалая вестернизация, в которой эволюционные масштабы были заменены более открытыми, экспансионистскими. К нашему несчастью, можно сказать, в это время человечество заболело поисками социалистического пути развития. Этот путь тоже опять-таки ускорил вестернизацию казахской степи, утрату казахами не только государственных традиций. Но народ есть народ. Народ всегда представляет собой очень сложный биосоциальный организм. А любой организм не только приспосабливается, но и как-то само утверждается, как-то сохраняя за собой своеобразие даже при всех диалектических метаморфозах. Вот в таком состоянии казахи дошли до независимости. Теперь, конечно, перед ними стоит большая проблема. Казахи всегда запаздывают. Из этого можно сделать и трагедию, но и извлечь более выгодные стартовые возможности. Потому что развитие само по себе противоречиво, оно зависит не только от базовых посылок, но и от того, как общество способно и умеет саморазвиваться. В этом плане казахскому обществу легче в данное время самоориентироваться, чем, допустим, сто лет тому назад, когда в этих степях была не такая цивилизованность, не такое общение с техникой, не такое общение с остальным миром. Сейчас благодаря, можно сказать, и колониализму, степняки имеют довольно-таки большую информативность об остальном мире, об исторических путях других народов, других государств, в том числе и о процессах суверенизации, приобретения независимости. И как никогда чётче понимают, что предстоит человечеству; что идёт новая общечеловеческая интеграция на новых принципах, без патернализма, недопущения гегемонизма, на демократических основах уважения территориальной целостности, суверенитета и культурной самобытности. Сейчас эти принципы медленно, но неотвратимо становятся универсальными принципами мирового развития. В этом плане, можно сказать, казахам в какой-то степени посчастливилось; это может облегчить тернистый путь к независимости. Если казахи приобрели свою независимость – это достижение или результат усилий не только самих казахов, это результат усилий всего человечества, всех тех кровавых войн, которые пережили другие народы на пути к независимости. И теперь перед нами единственный путь – путь добровольной интеграции с остальным миром. Не самоизоляция. Но это не означает собой отказ от самоутверждения. И поэтому – где традиция, где новизна, где история, где современность – это все расплывчатые понятия, понятия, составляющие в какой-то степени единое целое. Вот в эти дни, когда государство само утверждается, живо дают знать о себе и наши традиции, и наши современные потребности. И я думаю, между ними много объединяющего и разъединяющего. Но, конечно, в идеологическом плане можно их раздробить, можно их противопоставить – тогда традиционализм можно посчитать реационной ветвью нашего развития, а модернизм, безоглядная модернизация, безоглядная какая-то новизна, может стать не совсем счастливой участью. Самое оптимальное, разумное – синтез, потому что, как человек рождается от человека, новизна рождается от традиций.

— Совсем недавно Президент Назарбаев посетил нашу страну. Весьма часто в средствах массовой информации Японии упоминаются Республика Казахстан. Президент Назарбаев. И во многих газетах муссируется идея Евроазийского союза, высказанная казахстанским Президентом. Не смогли бы вы прокомментировать эту идею?

— Да, была такая инициатива, пока на стадии осмысления, а не реализации. Идея Евроазийства, это течение XX века. Она родилась в России в результате Октябрьской револгоции, родоначальником ее является российская эмиграция. Конечно, Россия – очень сложный синтез Востока и Запада. И есть такой дуализм: то доминирует западное начало, то восточное. Начиная с петровских времён вплоть до большевиков доминирует западный путь развития России, но параллельно существовало стремление не забыть о более древних этапах российского развития, когда она была вплотную связана с историческими процессами Востока, через казахскую степь с Дальним Востоком, с Передней Азией. Эта идея долгое время рассматривалась как романтическая тенденция. Но в последнее время разрушение биполярного мира рождает новые варианты новых альянсов, новых альтернатив дальнейшего развития человечества. Суждения разные – одни говорят, что будет единое экономическое пространство с единой системой правовых норм и жизненных ориентаций, другие говорят – многополюсный мир. Но если исходить из диалектики поиска гармонизации общечеловеческого существования, то конечно, был бы более оптимальным путь к мировому порядку, а не многополюсный мир. Многополюсный мир опять рождает гегемонизм, блоковые схватки, идеологические противостояния и мешает той большой интеграции, которая неотвратимо доминирует в экономике и быту людей. Поэтому и политика должна следить за самой жизнью. Конечно, Президент Назарбаев имеет в виду именно этот план: государство масштаба Казахстана, государства с казахстанским потенциалом не могут, так сказать, беззаботно развиваться без интеграции с остальным миром.

Но для меня вопрос – как реализовать, как осуществить эту интеграцию? У меня есть большое и серьёзное сомнение. Даже по химии, по физике мы знаем, когда остаётся тот же состав элементов, участвующий в реакции, не получится ли тот же результат? Конечно, интеграция, во-первых, должна строиться не только на новых принципах, но и осуществляться при новом составе участников. Тогда Евроазийский союз был бы более надёжным. Допустим, если бы Евроазийский союз не ограничивался бы территориальным масштабом бывшего Советского Союза, а в политическом составе не только государствами СНГ, если бы в него были включены восточно-германские или западно-европейские государства или государства Передней Азии, Юго-Восточной Азии, государства Дальнего Востока, тогда такой Евроазийский союз был бы более надёжным для всех сторон. И такой союз мог бы гарантировать жизнь без угрозы для обоих континентов. Тут, конечно, мы страдаем всегда тем, что стремимся открывать какую-то новую Америку. А в мире Америк мало. Мало новизны. Вот в этом плане, возможно, нам следует исходить из практики европейской интеграции. Государства, пережившие три мировые войны, две горячи, одну холодную – они пришли к Европейскому союзу. Этот Европейский союз чем подкупает – он не угрожает культурам, потом что не покушается на самобытность культур; не угрожает нациям, потому что не покушается на суверенитет и территориальную целостность. Он за свободное передвижение людей, услуг, товаров, капитала. При этом не надо заставлять человека быть гражданином той страны, где он пребывает. И ты не станешь навязывать стране пребывания свой язык в качестве государственного языка. Ничего никому не навязывается. Это союз во имя удобств для всех. При этом конечно, будут универсальные стандарты, универсальные принципы в смысле коллективного обеспечения безопасности, в смысле коллективного отстаивания интереса сугубо континентального региона. Это очень цивилизованный путь, этот путь в какой-то степени максимально приближается к идеям мирового порядка, о котором мечтали все гуманитарные мыслители прошлого. Если бы вот такой был Евроазийский союз, я бы охотно подписался под таким договором. Казахстан, неоднократно проявляя добрую волю, имеет в виду именно такой Союз, а не создание сперва на мирных условиях нового альянса, потом этот альянс будет довлеть или противостоять другому альянсу, что равносильно возвращению на круги своя. Тогда мало будет пользы от таких интеграционных процессов. Все-таки есть надежда, что человечество сделает серьёзные выводы от сокрушительных катаклизмов. Я думаю, раз в быту преобладает единый стандарт, раз в нашей экономической деятельности, составляющей саму основу человеческого жизнедеяния, доминирует единый стандарт, единый приём, то и политика не должна отставать. Тогда, возможно, мы спасём и самих себя и меньше будем тревожить своих соседей. Я за такой путь развития.

— Большое вам спасибо, господин Председатель.

1994 г.

ЭТОТ НЕЛЕГКИЙ ПАРЛАМЕНТСКИЙ ХЛЕБ

Создание профессионального парламента, пожалуй, можно без всякой натяжки назвать едва ли не самым крупным событием в общественно-политической жизни нынешнего года. Начало его работы, несомненно, войдёт в казахстанский исторический календарь как одна из заметных вех в становлении нашей новой государственности и демократии. Пока же наш профессиональный Верховный Совет делает свои первые шаги – трудные, не всегда уверенные, вызывающие разноголосицу мнений как в стенах парламента, так и особенно за пределами их. И хотя сейчас критикуют всех и вся – это, можно сказать, стало правилом «хорошего тона», все же полемика вокруг Берховного Совета ведётся особенно остро и даже подчас нетерпимо, вплоть до обвинений депутатов в «профнепригодности» и что «парламент не надо разгонять, он сам умрёт». Вот с этой полемики, с того, почему парламент оказался в эпицентре общественных страстей, и начал, Председатель Верховного Совета, известный писатель Абиш Кекилбаев беседу с корреспондентом нашего журнала.

— Сложность положения нового парламента, его депутатов и руководителей заключается в том, что наш электорат, общество ещё не распрощались с представлением о законодательном органе как о традиционном Верховном Совете, который решает все вопросы, входящие в компетенцию всех ветвей власти. Но ныне действующая Конституция разделила их, что, однако, не исключает их взаимодействия. Постепенно идёт выкристаллизация полномочий Верховного Совета, обладающего новым статусом. Однако это процесс шёл бы гораздо проще, безболезненнее, если бы имелся закон о Верховном Совете. Но он пока находится на стадии разработки, и мы до сих пор вынуждены действовать по временном регламенту. К тому же если учесть, что почти 70 процентов депутатов избраны впервые и никогда не занимались законотворческой деятельностью, можно себе представить, насколько сложно «начинается» новый парламент. Даже самим парламентариям приходится заново осмысливать свою роль – то, что они не только представители избирателей, но призваны постоянно заниматься работой законодателя – а она требует и больших знаний, и полной самоотдачи.

Все это дает повод для всякого рода недоразумений, для критики в адрес парламента и за ошибки Кабинета Министров, и за недостаточную президентских указов, за все, что происходит в республике, начиная с плачевного состояния экономики и кончая развалом культуры...

— Получается, сапожник без сапог. Почему бы Верховному Совету было не начать работу с определения своего статуса?

— Вроде было бы логично. Но чтобы составить «работающий» закон, а не очередную бумагу – «однодневку», надо было все-таки наработать хотя бы минимальный опыт. Профессионального парламента у нас никогда не было, и мы вынуждены действовать методом проб и ошибок. Ведь одно дело в течение нескольких недель и даже дней проштамповать готовые проекты, как это было совсем недавно, и совершенно другое,– профессионально разрабатывать законы. Дистанция тут, как говорится, огромного размера. Но опыт все-таки нарабатывается. Интенсивно ведётся также подготовка законов о комитетах Верховного Совета и о статусе депутатов.

— Но и в этих непростых условиях парламентарии смогли существенно повлиять на обстановку в республике. Как отмечали серьёзные аналитики, даже их во многом митинговый напор первых дней работы побудил исполнительную власть предпринять ряд шагов по углублению реформ, ускорить разработку антикризисной программы.

— Да, это так. Новым Верховным Советом уже принято свыше десяти законов. Говорят, что нигде в мире парламенты так интенсивно не работают – в Швеции, например, один закон принимается в восемь лет... Но дело, конечно, не в цифрах. Мы вынуждены спешить, наверстывать упущенное, ибо реформы пошли вперёд без серьёзного законодательного обоснования. А это чревато самыми пагубными последствиями, которые уже давно дают знать о себе, и довольно сильно. Вот почему все мы – и руководство парламента и депутаты, критически, может быть даже излишне критически, оцениваем первые месяцы своей деятельности, вносим в неё серьёзные коррективы.

— И что же тут конкретно делается или намечается сделать?

— Прежде всего, совершенствуем процесс разработки законов – центр тяжести переносится в комитеты, и тут многое должно дать заключённое недавно соглашение с Президентом, суть которого в том, чтобы осуществлять законотворчество при самом тесном взаимодействии и участии всех ветвей власти. Документ предусматривает преодоление отнимавших немало сил и времени попыток некоторых комитетов или инициативных депутатских групп начинать работу с нуля, в противовес проектам, представленным правительством, а от последнего соглашение требует существенно поднять качество проектов.

Теперь на комитеты возлагается миссия выработки концепции законов, апробации их, в том числе в общественном мнении, согласования их с другими институтами власти, проведения экспертизы. Соглашение создаёт хорошую основу, но дело идёт пока трудно – портфель законопроектов, особенно у экономистов, остаётся очень скудным, часто представляются не реальные документы, а лишь задумки их. Вот почему пришлось на октябрь-декабрь составить график разработки и рассмотрения документов – в нем около 150 вопросов, и на первом плане в нем как раз находятся вопросы экономики, трудное положение в которой вызывает осложнение в социальной атмосфере общества.

— Нельзя ли рассказать об этом подробнее – в почте редакции много вопросов, связанных с серьёзным опозданием с правовым обеспечением экономических реформ.

— В том, что эта работа запаздывает, есть свои причины, хотя говорю об этом я не для оправдания. Слишком уж трудно складывается обстановке в экономике, много зигзагов делает она. Вспомним только, в каких сложных условиях проходили выборы в Верховный Совет, так что с первых же дней депутаты начали исходить их своих предвыборных программ, отражавших нетерпение масс, и это сказалось на температуре в парламенте. Депутаты вынуждены были сразу же потребовать от правительства, чтобы оно представило программу выхода из кризиса. На это, естественно, потребовалось время, а значит, экономические законопроекты, которые в основном были разработаны в начале года, устарели, не говоря уже о том, что новая программа потребовала существенной корректировки правовых подходов, и пришлось во многом заново браться за законы. Рассчитываем, что с учётом всего этого, а также при условии активного взаимодействия с правительством парламент в течение двух-трёх месяцев сможет значительно ускорить рассмотрение пакета законов по экономике. Депутаты тут занимают самые активные позиции. Большая группа их побывала в Америке и Великобритании. Собранные там материалы используются при разработке нового налогового кодекса, который готовится в первоочередном порядке. Ознакомились парламентарии и с опытом прибалтийских стран – все они довольно быстро справились с инфляцией. Изучался опыт приватизации в Чехии, где она проведена гораздо успешнее, чем в других бывших социалистических странах и советских республиках, и уже даёт заметную отдачу в интересах всего общества.

Сверяем свою работу и с соседями, тем более что нас критикуют в излишней торопливости, подталкивании реформ. Но это, конечно, не так – в Узбекистане, например, где также побывали депутаты, к экономическим преобразованиям приступили по большинству позиций, и ведут их высокими темпами.

— Таким образом можно утверждать, что депутаты все основательнее впрягаются в систематическую законотворческую работу. Но чтобы её вести на подлинно профессиональном уровне, им необходима немалая помощь.

— Вхождение в новую роль идёт, и этому помогают как раз те качества, за которые пресса любит критиковать парламентариев,– а именно, непосредственность, искренность, стремление быстро решить стоящие перед обществом трудные задачи. Видя это, хочется сделать как можно больше для каждого из своих коллег, улучшить условия, в которых они трудятся и живут, и которые, кто бы и что бы ни говорил, пока нелёгкие. Согласитесь, длительное проживание в гостинице, нередко вдали от семьи, во многом непривычны характер и ритм труда, другие сложности перенести непросто, особенно, если за плечами пятьдесят, а то и более возрастных лет.

Налаживаем методическую, юридическую помощь. Существенно укрепляем информационный центр, обеспечиваем депутатов компьютерами. Создали группы по изучению практики работы парламентов других стран – таких групп более тридцати. Работающие в них депутаты собирают материалы через посольства, периодику, установили связь непосредственно с зарубежными парламентариями. Планируем направлять членов групп в «свои» страны в составе парламентских делегаций. Но это, можно сказать, только начало, и особенно много надо сделать, чтобы укрепить сплочённость депутатского корпуса. Ныне он сильно раздроблен – действуют четыре фракции, около десяти групп, ещё другие образования, и силы иногда тратятся на выяснение не очень-то существенных моментов. Верю, что консолидация внутри парламента по мере углубления его деятельности будет нарастать и это будет способствовать его результативности. Хотя и не все тут однозначно. Есть депутаты, которые настаивают на том, чтобы им разрешено было совмещать деятельность в парламенте с работой в прежней должности. Это требует всестороннего осмысления, особенно если учесть, что сейчас необходимо рационализировать и интенсифицировать законотворческие процессы, увязывая их с решаемыми обществом конкретными социально-экономическими задачами.

— Однако не меньшее значение для успеха, наверное, имеет также и взаимодействие с исполнительной властью, по поводу чего тоже в печати появляются разного рода толки, вплоть до предрекания полного замыкания в цепочке «Парламент - Кабинет Министров – Президент».

— Что ж, взаимодействие между законодательной и исполнительной властью – это, пожалуй, первое условие высокой эффективности государственного управления. Но я бы не стал излишне драматизировать обстановку – в принципе есть взаимопонимание, но есть и трудности. Они не в последнюю очередь связаны с тем, что правительство (я говорю здесь о прошлом его составе, поскольку отношения с новым только-только складываются) имеет мало опыта работы с оппозицией, а кое-кому из оппозиционно настроенных депутатов недостаёт культуры дискуссий. Вместо методов убеждения стороны подчас прибегают к давлению, общение приобретает ультимативный характер.

Так, парламентариев очень встревожил, даже возмутило отношение руководителей правительства к их предложениям относительно антикризисной программы. Все наши комитеты очень заинтересованно подошли к анализу её проекта, была создана специальная группа, подготовившая записку в Кабинет Министров. Но каково все было наше удивление, когда программа была опубликована без какого-либо учёта депутатских позиций. Похоже, в действиях депутатов кто-то склонен видеть лишь популистские моменты и недооценивает их немалый созидательный, профессиональный потенциал. Если говорить о той же антикризисной программе, то парламентарии, как я уже говорил, основательно изучили опыт приватизации в Чехии, где, наряду с министерством госимущества, действуют приватизационный фонд и банк, в которых сосредотачиваются средства от продажи собственности. Эти учреждения не только помогли сделать процесс разгосударствления прозрачным для всех граждан, но и оказывают помощь предприятиям, испытывающим трудности после перехода в частные руки. Спрашивается, кто бы проиграл, если бы этот опыт был взят на вооружение нашим правительством? Был бы только выигрыш. У нас атмосфера прозрачности вокруг этого самого главного процесса, этого поистине стержня экономических реформ не создана – ведь согласитесь, для населения те же «пики», переданные различным инвестиционным фондам,– это пока, говоря гоголевскими словами, неосязаемый чувствами звук. Об этом очень горячо, настойчиво говорили избиратели на последних встречах с депутатами, называли множество злоупотреблений, требовали вернуться к закону о приватизации.

— Интересно, было бы знать, а как складываются отношения с Президентом?

— Вполне нормально. Правда, меня подчас обвиняют в пропрезидентских позициях. Здесь явно смешиваются понятия: позиции, взгляды у меня свои, можно сказать, выстраданные, а вот гармония в отношениях между политиками, взаимный учёт мнений не противоречит политике. Политика – это компромисс, путь к которому постоянно надо искать ради общества, ради народа. И Нурсултан Абишевич показывает тут добрый пример (Ведь согласитесь, личный авторитет главы государства – это немаловажный фактор для становления такой страны, как наш Казахстан, который только вступает на мировую политическую арену. Всем очевидны заслуги нашего президента в том, что мы сохраняем общественную стабильность, единство многонационального народа, тем самым упрочили основу для глубокого реформирования всех сторон нашей жизни. Этим нам надо всем дорожить). Я, как и он, сторонник взвешенных, деликатных отношений между политиками, партиями.

— Это, можно сказать, ваше кредо как спикера парламента и человека?

— Кредо? А почему бы и нет? Хотя я и не люблю подобных громких слов. Но жизнь требует осознанного отношения к компромиссам. К этому взывает и политическая наука. В течение нескольких лет я изучал труды по политологии, парламентаризму, государственному управлению, начиная с Аристотеля и Платона, Монтескье и Локка и кончая современными авторами.

Правда, применять их рекомендации на деле непросто, поскольку все мы привыкли к авторитарному мышлению и образу действия, а наибольшего успеха добивались (да и пытаются добиваться сегодня) руководители, которые продемонстрировать свою власть, навязать свои позиции окружающим. Неудивительно, что по отношению к спикеру парламента пытаются применить точно такое же представление. Меня нет-нет да упрекнут: «Почему вы не провели на сессии такое-то решение, такой-то закон. Почему не надавили на депутатов?» Депутаты же, в свою очередь, упрекают за то, что я недостаточно давлю на представителей исполнительной власти, Убеждён, что подобный стиль меньше всего созвучен с деятельностью парламента. Надо ли повторят парламент воплощает собой демократизм общества, а спикер воплощает демократизм парламента. Это не политический вождь, который направляет за собой людей, не караванбаши, который, ведя за собой тысячи верблюдов, десятки купцов, только один знает маршруты – на этого человека и вся надежда путников. Спикер – это лишь один из депутатов, который ведёт обсуждение. Его задача – полнее раскрыть весь спектр мнений и тем самым дать обсуждению шанс найти оптимальные решения. Сделать это он может лишь тогда, когда будет свободен от давления извне, будет проявлять терпение и терпимость. Говоря спортивным языком, это не тренер, не вратарь, не защитник, а судья на поле, который свободно бегает со всеми игроками и фиксирует все моменты игры, содействуя тому, чтобы она прошла безукоризненно.

— Кстати, в спортивном лексиконе этот термин означает лицо, объявляющее зрителям решение судей на соревнованиях про боксу...

— Вот только ситуация в парламенте куда сложней, там играют не две команды, а все десять, а то и больше, и сразу даже трудно догадаться, кто против кого выступает. Убеждён, в парламенте игра должна вестись по демократическим правилам. Ведь политика гораздо больше напоминает игру, чем войну. А наш менталитет, идущий от гипертрофии классовой борьбы, рассчитан как раз на войну, на парирование ударов со всех сторон.

Кстати, на такие подходы жалуются главы парламентов и в других странах СНГ... Везде хотят видеть в лице спикера «вождя», «погоняльшика», и мало кто при этом задумывается над тем, что в политических кризисах в некоторых из наших молодых государств, приведших к немалым жертвам, не последнюю роль сыграли именно чрезмерные амбиции спикеров.

— И все же такое понимание спикерской роли, наверное, не свидетельствует об отсутствии личной позиции, своего отношения к происходящему в парламенте, обществе в целом. Интересно, а лично вы верите, что выйти из нынешних трудностей можно и каким вам видится этот выход?

— Этот вопрос задаётся сегодня, считай, в каждом разговоре. Часто ставился он на моих последних встречах с избирателями в Мангистауской области. Без чётких позиций, без веры работать и жить нельзя. Это единственно, что остаётся у человека, оказавшегося в безнадёжном положении. Положение же нашей республики отнюдь не безнадёжно. В моем понимании, у нас есть два главных фактора, определяющих возможность выхода из кризиса. Это, во-первых, богатый природный потенциал, а во-вторых, общественная стабильность.

Если для того, чтобы первый фактор дал отдачу, требуются время, средства, техника, и это может стать заботой не одного только поколения, то не допустить разрушения стабильности – задача сегодняшнего дня, каждого из ныне живущих людей. И парламент должен показывать в этом пример своей толерантностью, терпимостью. Многое может дать и тесное сочетание суверенитета с интеграционными процессами как в рамках СНГ, так и в масштабах мирового сообщества. Не могу согласиться с тем, что за три года независимости у нас ничего не сделано позитивного. Нет слов, трудности велики, и они во многом предопределены тем, что если прежде до 90 процентов средств республики получали из центра, то сейчас – ни копейки. Но независимость побудила искать внутренние резервы – этот поиск ведётся, хотя и, может быть, незаметно для поверхностного взгляда. Он должен принести свои плоды. Прежде всего, идёт глубокая перестройка структуры экономики, создаётся новое производство машин, товаров народного потребления, возрастает заинтересованность работников на приватизированных предприятиях в результатах хозяйствования и т. д. Словом, колесо прогресса, хотя и медленно, начало раскручиваться. Но мне глубоко импонирует и набирающее силу движение за интеграцию, объединение усилий разных стран. Уже сам характер нашей республики с её многонациональным народом, синтезом культур, с образом жизни, в котором сильно чувствуются интернациональные черты,– придаёт Казахстану особую роль в интеграционных процессах, поднимает данную задачу на государственный уровень, хотя, убеждён, не надо ударяться из крайности в крайность, а разумно сочетать оба начала – и суверенитет, и интеграцию. Конечно, в преодолении кризиса многое зависит от нас, парламентариев. Наш долг сегодня – добиться неукоснительного исполнения законов и решений. Это было ахилесовой пятой предыдущего созыва Верховного Совета и сегодня даже малейшее требование в этом плане подчас встречается в штыки. Судя по всему, наши руководители за последние годы крепко подзабыли о том, что надо держать отчёт. Но без этого движение вперёд невозможно. И мы начали проводить парламентские слушания, отчёты правительства, руководителей министерств и ведомств. Прошли и первые депутатские рейды по проверке выполнения законов, хода приватизации. Думается, появятся и другие формы контроля – подлинно демократические, не связывающие инициативу людей, побуждающие их работать творчески.

— Вы заговорили о демократии – так сама логика нашей беседы подвела нас к этому понятию, вокруг которого сейчас у нас идёт много дискуссий, споров. Часто муссируется тезис о том, что «демократия – это роскошь для бедных», а для преодоления трудностей можно даже прибегнуть к «хорошей диктатуре». Как вы относитесь к подобным взглядам? Какую роль может сыграть парламент в утверждении нашей молодой демократии?

— Позиция в этом вопросе у меня совершенно однозначная. Без демократии и вне демократии дороги в будущее просто нет, и предать её сейчас, какими бы «благими» целями это не прикрывалось, значит предать общество, народ, спасовать перед трудностями. Об этом не без тревоги пишут, напоминают депутатам люди разных возрастов и национальностей. Стремление к компромиссу, согласию сегодня все-таки чувствуется сильнее, чем упование на давление силой, на сильную ликтаторскуго руку.

Парламент же имеет много возможностей для утверждения демократии как главной черты и первоосновы казахстанской государственности. И, наверное, самое главное сейчас – показать пример, образец демократизма, не позволить себе увязнуть в бесплодных дискуссиях и, конечно же, обеспечить надёжную правовую базу демократических преобразований.

— Но говорят, что менталитету наших народов демократизм совершенно не присущ. Мы, никогда не жили при демократических порядках. И тут мне хотелось бы призвать на помощь Кекилбаеву-политику, Кекилбаева – писателя, мастера исторической эпопеи и знатока истории.

Это неправда – демократические традиции у нас сильные. Обратите внимание на то, что казахи, по крайней мере, после трагического XVІІІ века не воевали между собой. Султаны, ханы вели борьбу друг с другом, а народ не давал себя втянуть в между войны. В этом сказались традиции господствовавшей в степи военной демократии, ограничивавшей власть султанов и ханов в основном организацией защиты от внешней агрессии, предводительством ополчения. А все другие дела общества решались на народных собраниях – маслихатах, которые собирались дважды в году – весной, чтобы распределить летние пастбища, обсудить пути переходов к ним, порядок ведения торговли и другие насущные вопросы, и осенью, когда требовалось распределить зимовки. Присутствовало все взрослое мужское население, способное держать оружие,– от шестнадцатилетних джигитов до аксакалов. Основными фигурами на этих собраниях были бы, чем-то напоминавшие своей миссией нынешних депутатов, правда, сравнение это далеко неточное. Никто, в том числе и хан, не мог идти против решения маслихатов. Вспомним только, какие были высказаны строгие нарекания в адрес Абулхаира, который при переговорах с представителями российских властей не сполна придерживался решений уполномочившего его на это маслихата. Другое дело, что военная демократия затем была сломлена колониальной администрацией, хотя тут сказались и внутреннее развитие общества, его дифференциация, усложнение. Взамен степь получила карьеризм, армию чиновников – прообраз нашей недавней номенклатуры, которые подбирались по признаку лояльности, удобства для колониальных властей. Мощные демократические начала присущи были и всем народам. Взять русскую думу, земство, соседскую общину или «хашар» – взаимопомощь у уйгуров, других среднеазиатских народов... Все это надо по-настоящему изучить и использовать, разумеется, с учётом нынешних условий.

— Видимо, можно сказать, что демократические убеждения – это результат вашей и политической, и писательской деятельности, да и всей жизни. Не могли бы вы рассказать о своем жизненном пути, о том, что повлияло на ваш характер, взгляды как политического деятеля.

— Родом я из степей. Родился на Мангышлаке в 1939 году. Моя семья претерпела все коллизии нашего века.

Мои предки были кочевники. Среди них были и состоятельные, и обедневшие, и кое-кому пришлось разделить участь тех, кто был сослан в Сибирь. И это очень сильный довод у меня в пользу демократических порядков, против произвола. Отца помню смутно. Он от кочевника стал рабочим, строил железную дорогу Кандагач – Гурьев, работал в Туркмении. Когда на Мангышлаке открыли уголь, стал шахтёром. В войну защищал Сталинград, служил в разведроте. Трижды был ранен. Погиб от тяжёлого ранения в голову. О последних часах жизни отца мне рассказал его друг однополчанин. Сделал он это много лет спустя, когда я вернулся в аул с дипломом университета. До этого жалел меня, боялся ранить душу. Память об отце всегда заставляла меня взыскательно относиться к себе, своим поступкам. Сызмала рос я в сущности в женской среде – в семье были мать и трое сестёр. Да и сейчас у меня дома тоже в основном женское окружение – слава Богу, жива мама, ей 88 лет. Жена работает врачом, у нас две дочери и двое сыновей. Возможно, это сказалось на моем характере, за мягкость которого меня, бывает, упрекают. Мальчишкой мечтал стать геологом. Тогда мангышлакские недра начали только интенсивно обследоваться, и в моих глазах труд геолога был овеян романтикой. Но тяга к литературе, к художественному слову оказалась сильнее и привела на филологический факультет КазГУ. Литературная судьба складывалась непросто – сначала выступал как литературный критик. В 30 лет призвали в армию. В качестве офицера запаса участвовал в жаланашкольских событиях и на своём опыте познал, что такое окопная жизнь, горькая миссия быть в составе войск, ожидающих нападения извне. После были годы работы на киностудии «Казахфильм». Десять лет было отдано работе в аппарате ЦК Компартии Казахстана. Потом было выдвижение на работу в министерство культуры. Пять лет занимался депутатской, парламентской деятельностью. Таким образом, несколько раз пришлось менять профессию. Это и обогащало знанием жизни, но и не давало особенно сосредоточиться на литературной работе.

— Эти трудности сегодня вы испытываете ещё в большей мере. Сверх загруженность на спикерском посту сильно ограничивает вашу писательскую деятельность, но прекратить ее вы, наверное, полностью не можете.

Ведь кто-то сказал, что писатель работает даже тогда, когда просто смотрит в окно. Над чем вы сейчас трудитесь, какие творческие планы вынашиваете?

— Мне сейчас очень сложно. Литературную работу пришлось отложить. Характер мой требует отдаваться делу всецело. Успокаиваю себя тем, что все, что происходит вокруг меня и со мной,– это как раз то, что мне нужно как писателю, что навсегда останется во мне.

Я всегда писал исторические вещи, о серьёзных общественных катаклизмах. В своей нынешней практической деятельности, собственно говоря, продолжаю творчество, но беда заключается в том, что я не могу перенести это на бумагу. Однако депутатский век короткий. После этого отдамся писательству, буду пожинать плоды опыта, набравшегося в политической деятельности. Хочу продолжить цикл казахстанской истории, над которым до этого работал. Появилась и внутренняя потребность поделиться читателями наблюдениями, раздумьями о природе власти, об обществе, о той самой демократии, о которой мы так много говорим, об интеграции, каким будет наш народ, о человечестве. В этом плане политическая деятельность помогает аккумулировать творческие потенции.

— Ваше интервью планируется опубликовать в двенадцатом, завершающем нынешний год номере журнала. Думаю, читателям, всем казахстанцам избирателям будет интересно услышать напутствие главы Верховного Совета на новый, 1995 год. Хотелось бы услышать и пожелания в адрес редакции нашего журнала, который ищет свой путь, своё лицо.

— Что тут сказать? Жизнь, к великому сожалению, в уходящем году сложилась трудная, и если быть до конца откровенным, скажу, что и впереди нас ожидают не менее суровые дни. Обманываться на этот счёт ни в коем случае нельзя – как и любому молодому государству, становящемуся на ноги в условиях свободы, нам приходится преодолевать кремнистый путь. И чтобы он неуклонно вёл нас вперёд, необходимы высокая ответственность всех и каждого, терпение и терпимость, без чего просто немыслима стабильность. Мне наше многонациональное общество напоминает большую мозаичную картину, и стоит только выбить один камушек из неё, как вся мозаика может рассыпаться. Так что давайте будем взыскательно оценивать последствия своих действий, слов, побольше проявлять деловитости, трудолюбия, заботы друг о друге!

Свою роль в этом может сыграть и журнал «Мысль», само название которого обязывает и дальше быть инструментом осмысления жизни, инструментом, можно сказать, ювелирным, поскольку процессы идут сложные, противоречивые, и размашистость, поспешность в суждениях совершенно неуместны.

Желаю всем счастья, благополучия, успехов в наступающем году!

— Спасибо за беседу и позвольте то же самое пожелать вам и вашим коллегам на вашем многотрудном, но крайне нужном республике поприще.

Вопросы задавал В. ПАРАМОНОВ.
журнал «Мысль», № 12, 1994 г.

РЕФОРМА МЕН ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТӘУЕКЕЛ КЕРЕК

— Сіз көптен саясатқа араласып жүрсіз. Соңғы бес жылыңызды парламент қызметіне арнадыңыз. Аз уақытта екі жаңа конституция қабылдағанымыз көп әңгіме туғызып отыр. Бұған қалай қарайсыз?

— Мен парламент жұмысына араласқалы, осымен төртінші Конституция көріп отырмын. Біз бір конституция бойынша сайландық. Жоғарғы Кеңес жұмысына кірісе сала, оған елеулі өзгерістер енгізуге тура келді. Өйткені, Президент институты құрылды. Парламентті жартылай кәсібилікке көшірдік. Көп ұзамай егемендігімізді жарияладық. Соған байланысты одақпен қарым-қатынасымызды қайта пайымдадық. Экономикалық реформа өрістеп, меншік алуандығы келді. Республиканың ішкі құрылысы мен басқару жүйесіне де көптеген жаңалықтар енді. Қысқасы, 1990 жылдың аяғында біз атымен басқа мемлекетте өмір сүре бастадық.

Қолымыздағы Конституция да, бұрынғысынша «Қазақ ССР-інің Конституциясы» атанғанымен, атымен басқа Конституция еді. Келесі жылы одақ тарады. Тәуелсіздік алдық. Атымен жаңа Конституция қабылдау кезек күттірмес зәрулікке айналды. 1993 жылдың басында оны қабылдадық. Көріп отырсыз ғой: бәрі де тарих талабынан тікелей туындап жатты.

— Мынау жаңа жобаны да тарих талабынан туындап отыр деп ойлайсыз ба? Әлде кейбіреулер айтып жүргендей, өкімет орындарының билік жолындағы таласынан туындап жатыр деп санайсыз ба?

— Өйтіп, күрделі нәрсені оңайлатпайық. Тіпті билік жолындағы тартыстың өзін де тарих тудыратынын ұмытпайық. Тарихи қалыптасқан тәжірибе айнала болмыс туралы көпшілікке ортақ түсініктер жүйесін қалыптастырады. Әркім өз мүддесіне сол жүйе шеңберінде жетуге тырысады. Бірақ, тек адамдар мен қоғамдардың субъективті мүдделерімен ғана емес, табиғи ортаның объективті процестерімен де бірдей санасатын онтологиялық дүние өзгермей тұрмайды.

Онтологиялық дүние мен ол қалыптастырған эпистемологиялық жүйе арасында пайда болған кереғарлық қоғамдық дағдарыс туғызады. Ол дағдарыстан шығу жолындағы ұмтылыс атымен жаңа эпистемологиялық жүйе қалыптастыру жолындағы түсініктер мен көзқарастар тайталасын туғызады. Ол түсініктер мен көзқарастар әр алуандығы мүдделер әр алуандығынан өрбиді. Билік жолындағы тартыс та содан қоздайды. Дамудың жаңа жолын таңдап алу – оңай шаруа емес. Ал, таңдап алған даму жолын жүзеге асырудың тәсілдерін де азаматтар мен қоғам бір күнде түсіне салмайды. Қауырт өзгеріс үстіндегі қоғам конституциялық реформаның құбылмалы болатыны, әрі ұзаққа созылатыны осыдан деп білемін.

— Дегенмен, бізде тым ұзаққа созылып кеткен жоқ па?

— Бізбен бірдей өзгерістерге ұшырап жатқан кешегі кеңестік республикалардың қай қайсысында да үкімет дағдарысы, парламент дағдарысы, демек, конституциялық дағдарыс бой көрсетпей жатқан жоқ. Ендеше, біз бұл мәселеде де жалғыз емеспіз. Оның үстіне, монархиядан демократияға көшкен француздар бес түрлі республика орнатып, әлденеше конституция қабылдап, конституциялық реформаны әлденеше ғасырға созып алғаны белгілі. Мен бұны біреуді даттап, өзімізді ақтап алу үшін емес, жағдайға тереңірек түсіну үшін айтып отырмын.

Конституциялық реформаның күрделі құбылыс екендігі, оның қоғамның конституциялық санасына тікелей тәуелді екендігі, ал оның бір күнде қалыптаса салмайтыны өзгелердің тәжірибесінен де, өз тәжірибемізден де әбден түсінікті болды. Алғашқы Конституция тәуелсіздік алуымызға іле-шала қабылданды. Ол кезде саяси дербестік пен жаңаша дамудың қыр-сырына жете қаныға қоймадық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұрын-соңды байқамаған көп нәрсеге көзімізді жеткізді. Демократиялық романтизмнен айығып, демократиялық реализмге ауысар кез расында да, әлдеқашан келіпті. Бірден дұрыс таңдаған тарихи байламымызды жүзеге асырудың нақты тетіктерін тауып, оған конституциялық пәрмен бітіру міндеті туды. Ол мемлекеттік билік жүйесін түбегейлі қайта пайымдауды талап етеді. Өйткені, кешегі тоталитарлық кеңестік қоғамды демократияландыру мемлекеттік билікті айта қаларлықтай әлсіреткені түсінікті. Енді сол кеңістікте жаңа сипатты даму жолын таңдап алған жаңа тәуелсіз мемлекеттер мен демократиялық қоғамдар орнату үшін билік жүйесіне жаңаша сындарлылық дарытпай болмайтынына көз жете бастады. Әйтпесе, билік бөлісу қағидасын тиісінше нақтыламайынша, билік институттарының құқықтары мен міндеттерін, өкілеттері мен шарттарын нақты мөлшерлеп, нақты межелемейінше, олардың өзара ықпалдастығын құқықтық негізде жүйелемейінше, демократияның бір жағынан анархизмнің, екінші жағынан авторитаризмнің қаупінен арыла алмайтыны белгілі болды. Ол деген сөз, кешегі кеңестік империяның киген кебін енді балаң тәуелсіз мемлекеттердің де киюіне жол беріп қою болып шығар еді. Ендеше, конституциялық реформаны жетілдірмей болмайды екен.

— Мұндай қажеттілікті сөзін отырған жалғыз біз бе? Әлде басқалар да бастан кешіріп пе?

— Жаңаша даму жолына түскен мемлекеттердің баршасы да бастан кешкен. Басқаны былай қойып, ең орнықты демократияны ең қалыпты ұстап келе жатқан ел саналатын АҚШ-ты алайықшы. Тәуелсіздік алған штаттар бір кездегі метрополиялық губернаторлардың озбырлығынан жүректері шайлығып қалғандықтарына басып, атқарушы өкіметке дес бермей, жұртшылық өкілдері жиналыстарына шешуші маңыз берді. Ол бұқаралық стихия мен сеператистік пиғылдардың белең алу қаупін туғызды. Азаттық алған жаңа қоғамға саяси территориялық тұтастықты сақтап қалу қиынға айналды. 1787 жылы Филадельфиядағы конвенттің алдына осы қиындықтан шығарар жол табу міндеті қойылды. АҚШ Конституциясының «әкелері» бұл мәселені «билік бөлісу демократиясы» жолымен шешті. Ол үшін заң шығарушылардан тәуелсіз президенттікті белгілеп, заң шығарушы жиналысты екі палатаға бөлді. Атқарушы өкіметтің де, заң шығарушы өкіметтің де федеральдық және аймақтық шек-шекараларын межеледі. Президентті бүкілхалықтық дауыс беру, конгресмендерді округтер бойынша дауыс беру, сенаторларды жанама дауыс беру жолымен бір-біріне сәйкес келмейтін үш мерзімде сайлайтын тәртіп тағайындалды. Билік бөлісу, оның шек-шекарасын құқықтық жолмен нақты мөлшерлеп, нақты межелеу солай дүниеге келді. Бір кезде Ежелгі Римде бой көрсеткен қағида жаңа тарихи жағдайға, жаңа саяси кеңістікке лайықталып, қайтадан пайымдалды. Содан бері бұл әлемдік үрдіске айналды. Тәуелсіздікке жаңа ие болған мемлекеттер көбіне көп осы жүйеге ден қойып жүр. Біз де тұңғыш конституциямызда сол қағиданы ұстанатынымызды мәлімдедік. Бірақ, оның қолданылу жүйесін тыңғылықты нақтыламадық. Оның салдарын көп ұзатпай сезе бастадық.

— Мәселен, сіз бұрынғы парламент басшысы ретінде мұндай қажеттілікті сездіңіз бе?

— Билік бөлісуді нақтылау керектігі жаңа парламент іске кіріскен алғашқы күндерден бастап сезілді. Қолданыстағы Конституцияның, әсіресе, билік институттарының ара-қатынасының тым жалпылама жазылғандығы ең алдымен сыр бере бастады. Оны Конституция қабылдаған кезде де байқағанбыз. Жоғарғы Кеңес іске кірісер алдында екі палаталық парламент жайында сөз болды. Бірақ, дайын құжат жобасы жоқ болғандықтан ол кезде тиянақты шешімге келу мүмкін емес еді. Бұл мәселеге «Президент», «Парламент», «Үкімет» хақында арнайы Конституциялық заңдар қабылдайтын кезде ораламыз деп ойлағанбыз. Уақыт алдымызды орап кетті. Жаңа парламент іске кірісе сала экономикалық реформа барысына қанағаттанбайтындығын білдіріп, мәлімдеме жасады. Оны депутаттар парламенттік қадағалау деп ұқты, ал үкімет бір биліктің екінші билік құзыретіне қол сұғуы деп санады.

Жүзеге асыру тәсілі нақты белгіленбеген құқықтық қағида заңдылықты нығайтудың орынына саяси кикілжіңдерге жол берді. Барлық демократиялық елдерде бұлжымай ұстанылатын парламент қабылдайтын құжаттың конституциямен, үкімет қабылдайтын құжаттардың конституциямен және заңдармен сәйкестігін қадағалайтын нақты тетіктердің жоқтығы да екі ұдайылық туғызды. Заң жобаларын дайындау, қарау, қадағалаудың үкімет пен парламент бірдей міндетті құқықтық жүйесінің жасақталмауы аз қол байлау болған жоқ. Оның бәрі, бір жағынан, сессиялардың күн тәртібін белгілеуден бастап, қаралған мәселелер бойынша шешім қабылдауға дейінгі барлық процедура тұсында субъективизм мен лоббизм қаупін молайтса, екінші жағынан, парламенттің кез келген қадымына секем ала қараушылықты күшейтті. Мұндай конституциялық екі ұдайылық қазіргідей өтпелі кезеңде биліктер тайталасын туғызбай тұрмас белгілі еді. Қоғам мүдде жағынан жіктеліп, саяси әр алуандық ұлғайып келе жатқан тұста заңдық нормалар мен билік процедурасының екі ұштылығы мен солғындығы әлеуметтік орнықтылыққа қызмет етпейтіні, әрине, түсінікті. Екі билік жүйесінің арасында ұшырасуы мүмкін қайшылықтар мен тартыстарды құқықтық негізде реттеудің де белгілі тәртібі қарастырылмапты. Мұндай конституциялық ақауларды регламент сынды жұмысшы құжатты жетілдіру арқылы түзейміз деген дәме бекершілік болып шықты. Бұл жәйттерге әріптестеріміздің назарын әлденеше рет аударуға тура келді. Қазір көп сөз болып жүрген ГФР, Франция заңгерлік тәжрибелері де жан-жақты айтылды. Билік орындары туралы конституциялық заңдарды тездету, «Заң туралы Заң» қабылдау мәселесі қозғалды. Ондай жобаларды дайындауды кешеуілдетіп отырған ведомстволар мен тиісті парламенттік комитеттер әлденеше рет сыналды. Тіпті, жылды қорытындылаған мәжілісте үкімет ұсынып отырған бірінші кезектегі «экономикалық пакетті» қарап біткен бойда, әлгіндей құжаттарға кірісу керектігін қайталап ескертуге мәжбүр болдық.

— Иә, кейбір баспасөз орындарының Сізді бұл үшін жазғырғанын да білеміз. Айтпақшы, бұған әріптестеріңіз қалай қарады?

— Дау айтқандар болды. Әсіресе, қыркүйек айындағы бір мәжілісте: «Мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатын жасақтайтын, сол үшін халық тікелей сайлап қойған Президент бар. Ол саясатты қалай жүзеге асыруды бағдарлап, керекті заң жобаларын әзірлейтін үкімет бар. Біз сол саясат пен бағдарламалардың азаматтар мен халық мүддесімен қаншалықты қабысатынын жан-жақты пайымдап, дұрыс шешім қабылдауға баса көңіл бөлуіміз қажет. Біз секілді балаң демократия түгілі ГФР, Франция сынды дамыған демократия елдерінің өздерінде де қабылданатын заңдардың тоқсан процентін үкімет әзірлейді»,– деген пікірімнің кейбір әріптестерімнің көңілінен шықпағанын байқап жүрдім. Сіз айтып отырған сындарға да сол кезде ұшырадым. Алайда, басым көпшілік көп ұзамай бұндай қорытындыға өздері келе бастап еді. Қоғам түгел көндіге қоймаған жаңа Үрдіске парламент те бірден көндіге қоймайды екен.

Тұңғыш кәсіби парламентке де жағдайға әбден қанығып алу үшін бес-алты ай уақыт қажет болды.

— Сонымен тұңғыш Конституциямыздың мұндай түбегейлі өзгерістерге ұшыратқанына сіз онша таңғалмайтын болдыңыз ғой.

— Тұңғыш Конституция аз уақытта көп шаруа бітіргені рас. Бірақ, тарихи процестер тәуелсіз мемлекеттердің алдына жаңа күрделі мәселелер тосты. Мемлекеттің мызғымастығы сынға түсетіндей жағдайларға душар қылды. Бір жылға жетер-жетпес мерзімде бір үкімет дағдарысын, екі парламент дағдарысын бастан кештік.

Үшеуін реттеудің де конституциялық нақты жүйесін табуда қиындықтар кездесті. Басқаны қойып, парламенттің тағдырын «аппараттық бір қателік» шешіп кете алатынын да көрдік. Оның бәрі Конституцияда қате қағидалар жазылғандығынан емес, сол дұрыс қағидаларды дұрыс жолға асырудың құқықтық тетіктері жасақталмағандығынан болды. Ендеше, мұндай ақауларға қалай мән бермейміз?..

— Жаңа Конституцияның дәл қазір, дәл осындай жолмен қабылдануына қалай қарайсыз?

— Күлбілтелейтін несі бар, қоғам конституциялық ыңғайсыздық ахуалында түр. Одан қазір шықпасақ, қашан шығамыз? Конституция парламентте, арнайы осы мақсатпен шақырылатын жиналыста, референдумда қабылданылады. Алғашқы екі жол кешегі кеңестік кеңістікте көп қолданылды. Бірақ, ол екі жолмен қабылданған конституциялардың құлақтарынан қиқу кетпей жатқаны белгілі. Бәлкім, бүкіл халық боп, тікелей дауыс беру жолымен қабылданған Конституцияның ертең дау-дамайы аз болар... Не де болса, қоғамды конституциялық анықтық ахуалына тездетіп шығармай болмайды.

— Жаңа жобаға көңіліңіз біте ме?

— Талқылайтын кезең артта қалды. Дайын жоба дауысқа салынып отыр. Ол концепциялық жағынан бұрынғы Конституциядан көп алшақ кете қоймаған. Дау туғызған мәселелерде жаңа мәмлеге қол жеткізілген.

Өкімет бұтақтарын қинап келген билік бөлісу қағидасы мейлінше нақтыланған. Олар өздері де, былайғы жұрт та назар салып қадағалай алатындай ұғынықты «ойын ережелері» белгіленген. Ал билік бөлісудің ең ұтымды, ең ықтимал үлгісін таптық деп, біз түгілі америкалықтар да, француздар да, немістер де айта алмайды. Профессор Джеймс Тарбердің айтуынша, АҚШ-та билік бөлісудегі тепе-теңдік ешқашан тұрақты болып көрмеген. Өйткені, ондай тепе-теңдікті біреулер «жаман», екінші біреулер «жақсы» деп, үшінші біреулер «оған қарап тұрған ештеңе жоқ» деп есептейді. Мәселен, Вудро Вильсон билік тепе-теңдігі жағдайындағы үкіметті «тұтқындағы үкімет» деп санаған. Майкл Мези тепе-теңдік жағдайда «Президент те, Конгресс те бірінің-бірі қолына жармасып, екеуі де өз беттерімен ештеңе тындыра алмайды»,– десе, Дуглас Диллон: «Президент Конгресті айыптайды, Конгресс президентті айыптады, ал әрі-сәрі болған жұртшылық Вашингтонның билеушілік құлқынан әбден мезі боп кетеді»,– деп қорқады. Ал тепе-теңдікті жақсы көретіндер, мәселен, Барбер Конэйбл, табиғатынан әр ұдай жаратылған, сондықтан шабан қимылдап, кер тартпалыққа ұрынуға мәжбүр болатын Парламент, радикал үкіметтің аяғына тежеу салып, саяси авантюраларға жол бермейді деп санайды. Ал бәрібір деп ойлайтындардың ұғымынша: «ең жақсы өкімет – билігі аз, тіпті билік жүргізбейтін өкімет». Осыдан келіп, біреулер билік ықпалдылығын арттыру үшін ештеңе істемеу керек десе, екінші біреулер, партиялық басшылық жауапкершілігін қайтадан қалпына келтіру керек дейді, үшінші біреулер қос партиялылық бақылауды күшейту керек дейді, төртінші біреулер Президентке көп билік беру керек дейді. Төртінші көзқарасты жақтайтын белгілі теоретик Лоуренс Доуд аграрлық, аграрлықтан кейінгі, индустриалық, индустриалдықтан кейінгі кезеңдердегі билік бөлісу ахуалдарын салыстыра келіп, индустриалық кезеңнен бастап, төтенше бастамалар мен шешуші қимылдардың зәрулігі өскендігін, соған байланысты атқарушы өкіметтің өктемдігі күшейгенін тілге тиек етеді. Оның айтуынша, индустриалық қоғам жағдайында бизнес пен билік проблемасы туды. Алғашқы кезде қылмыс пен келеңсіздік қаупі көбейді. Бұқараның жағдайы қиындады. Ол конгреске қысымды күшейтті. Әлгіндей құбылыстарға қарсы күреске шыққан өкілетті өкімет тәртіпті нығайтудың орнына, өзі әлеуметтік ұстамсыздыққа ұрынды. Сөйтіп, қоғамда орнықтылық ахуал әлсіреді. Сондықтан, президенттік билікті нығайту керек болды. Заңсыздықпен күресті қатаң тәртіппен коллегиалдық билік емес, жеке билік, жеке жауапкершілік қана ұштастыра алады деп санады. Теодор Рузвельт пен Вудро Вильсонды, олардың бизнес пен қоғам ара байланысын қадағалайтын әкімгершілік тетік қалыптастыра алғандығын дәлел етеді. Бірақ, олардың да кейін үкіметті тым бюрократтандырып, өндірісті соғыс машинасымен сыбайластырып жібергенін ұмытпайды. Солардың «ерлігін» қайталамақ болған Линдон Джонсон мен Ричард Никсонның 1963 жыл мен 1981 жыл арасындағы саяси террор, азаматтық бағынбаудың күшеюіне ұрынғандықтарына сілтеме жасай отырып, XX ғасырдың бірінші жартысында жасалған жақсы тәжірибені екінші жартысында қайталау жақсы нәтиже бермегенін ескертеді. Постиндустриялық қоғамда Форд, Картер, Рейган тәжірибелеріне сүйене отырып, бір бағытпен қатып қалмайтын, бірақ мақсатынан айнымайтын, оған жеткізер тәсілдерді қалыптасқан ситуацияларға орай тез құбылта білетін инновациялық басқару стилі тиімді екендігіне баса назар аударады. Оған жеткілікті мамандандырылмаған көп кісінің ерік біріктіруімен шешім қабылдайтын конгрестік биліктен гөрі жеткілікті мамандандырылған жинақы таптың күш біріктіруімен шешім қабылдайтын президенттік билік оңтайлырақ екендігін дәлелдейді. Бірақ, тарихи процесті алдын-ала кесіп-пішудің орынсыз көзсіздік болатынын да еске салады. Демек, билік нәтижелілігі тепе-теңдік қағиданың қалай ауытқуынан гөрі оның жағдайды қаншалықты терең зерттеп, дұрыс пайымдап, уақытылы дұрыс шешім қабылдай білуіне тығыз байланысты екен. Сондықтан да, Майкл Мези мемлекеттік саясатты жасап, жүзеге асыруға хақысы бар қай билік орынынан да жағдай барысынан «құлақдарлықты», одан туындайтын мәселелерге айырықша елгезектікті, оған уақытылы мән беріп, уақытылы қортынды жасайтын «оралымдылықты», қимыл әрекеттегі «ұрымталдық» пен «ұтымдылықты» талап етеді. Шешім қабылдаудың шұғылдығы мен байыптылығын ұштастыра алатын ықтимал жинақылықты басты шарт етіп қояды. Оған да конгрестен гөрі Президентті ыңғайлы деп санайды. Алайда, шешім халық үшін қабылданатынын да ол да есінен шығармайды. Демек, шешім қабылдамас бұрын елмен ақылдасып алу бәрібір керек. Заң шығарушы орын – елдің тікелей сайланған өкілдері. Қоғамдағы барлық мүдделер мен пиғылдардың жиынтығы. Олардың басым көпшілігінің қолдауынсыз бәрібір түбегейлі шешім қабылданбайды. Мәселе, өзара міндет бөлісу мен өзара ықпалдастықтың конституциялық процедурасын жасай білуде. Тарихи ахуал мен қоғамдық даму барысының ерекшеліктеріне сәйкес тепе-теңдік таразысы бірде атқарушы өкіметтің, бірде заң шығарушы өкіметтің жағына қарай аунауы мүмкін. Сондықтан да биліктің екі саласының арасына тас қорған тұрғызылмай, талқы таразысы қойылады. Онсыз міндет бөлісу демократиясы жағдайды түзеу механизмінен гөрі екі саланың да әрекетсіздігі мен жауапкершілік сіздігіне әкеп ұрындыратын құр тежеуішке ғана айналып кетуі ықтимал. Олай болса, бәрібір бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын, бәрібір бір-біріне кіндіктен байланған екі билік саласының ұпайы түгендесер қысыр дауға беріле бермей, ұсынылып отырған міндет бөліс қазіргі жағдайда қаншалықты өзін-өзі ақтайтынына көбірек мән бергеніміз дұрыс. Осы реттен келгенде, жаңа жобаның билік бөлісуде шек пен межеге жүгінуі, реформалау кезеңінде кәсіби дайындығы көбірек атқарушы өкіметке басым ықпал беріп, басым жауапкершілік жүктеуі, әлі орнығып үлгермеген тәуелсіздік жағдайында, мемлекет басшысының тарих алдындағы жеке жауапкершілігін арттырып, оған бәріне жауапты, бәріне сарапшы мәртебе беретін «кіндік билікті» – президенттік билікті қалыптастыруға ұмтылуы қоғамның объективті қажеттілігінен туындап отырғаны мәлім. Ол тек бізде ғана емес, әлемнің көптеген мемлекеттерінде, оның ішінде дамыған демократия елдерінде де орын алып отырған тенденция екендігін жеткілікті айтқан сияқтымыз.

— Пікір айтушылардың көбі қазіргі басшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа жобада көрсетілген өкілеттерге ие болғанына қарсы емес. Бірақ, одан кейін келетіндер асыра сілтеп жібермес пе екен деп қауіптенетін секілді.

— Бұл арада мәселенің басын ашып алайық. Бәріміз де Нұрсұлтан Әбішұлының өз өкілетін реформа мен тәуелсіздіктің тәуекелін арттыру үшін пайдаланатынына нық сенімдіміз. Ендеше, реформа мен тәуелсіздік орныға түскен сайын демократияның да нығая түсетіні ешқандай күмән туғызбаса керек. Өйткені, саясатшы Назарбаев тарихтың не бір қиын бетбұрыстарында қайшылықтардың өршіп кетпеуін, тайталас күштердің бір-бірімен өшігіп кетпеуін қамтамасыз ете алды. Кереғар көзқарастардың шылауында кетпей, аралық шешімге жүгінетін медиаторлық талантын әбден танытқан-ды.

Инновациялық басқару стиліне айырықша ықласты басшы екендігін талай рет дәлелдеді. Ал, болашақ жағдайына келер болсақ, әлгіндей қауіптің орын алу, орын алмауы, ең алдымен, қоғамның жаңа саяси менталитетінің қалай қалыптасуына байланысты болады. Демократия жағдайында, қоғамдық ахуалға тек басшы мен заң ғана емес, электорат (сайлаушылар қауымы) та жауап береді. Өйткені, ондай ахуал билік институттарының да, азаматтық қоғам институттарының да, оппозициялық күштердің де конституциялық мәдениетті қаншалықты қатаң қадағаланатындығына тікелей тәуелді. Сондықтан да, дамыған демократия елдерінде кеңінен тараған: «Дұрыс жағдайда өмір сүргің келсе, қай сайлауда да тек дұрыс адамдарға дауыс бер»,– деген қағида бар. Турасына келсек, авторитаризм қаупінен қазіргі қолданыстағы Конституция да қорғап қала алмайды. Онда тіпті әсіре билік бұзушылықты реттейтін норма жоқ еді. Жаңа жобада билік бөлісуді нақтылау арқылы ондай нормалар пайда болды. Негізінде қай саясаткердің де қаншалықты демократ екендігі билігінің аздығымен, не көптігімен емес, қолындағы билікті қалай пайдаланып отырғандығымен анықталады. Жалпы, қазіргідей планеталық масштабта халықаралық құқықтық норманың басымдылығы қалыптасып отырған жағдайда авторитаризм мен диктатураны ұлттық заңдық нормалармен бәрібір ақтап ала алмайсың. Сондықтан, авторитаризмге ұрынбау үшін саясатта билік орындары да, оппозиция да қайшылықтарды шешуде медиаторлық тәсілге көбірек жүгініп, заңда теке-тірестікті жібермеуге, ал ол бола қалса, құқықтық процедура арқылы шешуге ұмтылған жөн.

Жаңа жобада ол назардан тыс қалды деуге негіз жоқ.

— Демек, жаңа жоба жаңа жағдайды көбірек ескереді дейсіз ғой?

— Түпкілікті нәтижеге жете алмай тұрып, түпкілікті меже де жеткізбейді. Оған жетпей тұрып, түбегейлі Конституцияға да ие бола алмаймыз. Жаңа жобада сондай түбегейлі Конституцияның негізі бар. Алайда, бастан кешіп отырған кезеңнің ескермеуге болмайтын ерекшеліктерінен туындаған, кейін қайта қаралуы мүмкін баптар да баршылық. Сондықтан, болашақта онда өзгерістерді талқылау мен қабылдаудың процедуралық жүйесі де нақты ескерілген. Жобаның дүдәмалдық пен екі ұштылықтан аулақтай түскенін айырықша атап айту керек. Ол – реформа үстіндегі қоғамымыздың сәл нәрсеге бола конституциялық тығырыққа тірелмеуіне жағдай жасауды көздегендік деп білеміз.

— Референдум күні бюллетеньде жазылған сауалға беретін жауабыңызды алдын ала айта алар ма едіңіз?

— Айта аламын: «Иә!».

ВРЕМЯ СЕРЬЕЗНЫХ ИСПЫТАНИЙ И ВЗВЕШЕННЫХ РЕШЕНИЙ

Нынешний год был богат событиями. Все они касались судеб каждого из нас. Навевали волнительные воспоминания и размышления. Как, например, не вспомнить долгожданный праздник, отшумевший пятьдесят лет тому назад. Где заплаканных лиц куда было больше, чем улыбающихся. До сих пор греет душу тепло загрубелых рук, нежно гладивших нас, мальчишек, по голове. До сих пор звучат в ушах дрожащие голоса, шептавшие ласковые слова: «Все страшное позади. Теперь все будет хорошо». Вспоминая об этом, десять лет гому назад мы сами, уже взрослые, успокаивали своих детей: «Наконец-то взялись за нужное. Теперь дело пойдёт». А пошло ли дело так, как хотелось нам тогда... Этот назойливый вопрос и поныне сверлит умы каждого. Так как ещё живём не сбывающимися тревогами... И снова мучает извечный вопрос: «Что делать?». А ответ, оказывается, найден уже давно. Через толщи тысячи лети мудрый Сенека твердит одно и тоже: «Не плакать, не смеяться, а разобраться во всем». Было бы так, ничего подобного не произошло бы с нами. Все трагическое в двадцатом веке не результат, как в прежние века, недостаточного развития творческого и интеллектуального потенциала человечества, а того, что, как правильно выражал Мартин Хайдеггер, слишком много действовали вместо того, чтобы много думать. Не раз доказывала история необходимость разобраться во всем прежде чем действовать. К сожалению, мы этому ещё не научились. А запоздалый разбор уже случившегося начинаем не с вопроса: «Какой теперь выход?», а с вопроса: «Кто в этом виноват?» Тем самым парализуя конструктивное творчество общества стимулируем деструктивный инверсионизм. Преобладала бы во всем креативная взвешенность, не произошло бы то, что произошло с Советским Союзом. Пора теперь уразуметь одно. Корень зла, прежде всего в том, что политический строй, с первых уже шагов демонстрировавший собой дерзкий вызов всем, вызвал глубокое неприятие, которое никак не сменялось потом на симпатию. Обо сильнее прежнего явствовало и отождествлялось с мировым злом тогда, когда затянувшийся застой окончательно довёл режим до своей критической точки. Правда, порой слышим, что не было вовсе никакого застоя. Так, наверное, думают те, кто склонны принять за единицу измерения прогресса показатели магазинного ценника. Только из-за глубокого застоя может терпеть фиаско такой монстр, как Советский Союз. Пусть даже это результат вероломных политических козней, как считают иные аналитики, но и тогда, понятно, что подобному подвергается лишь общество, которое уже отучилось как следует реагировать на то, что с ним самим происходит. Как назвать столь дремотное состояние, если не застойным?! Конечно же, все это в первую очередь бросалось на глаза внешних и внутренних оппонентов. Почти одновременно раздались возгласы об «империи зла» и, так сказать, «за бугром», и в наших «бытовых кухнях». Так внедрились в общественное сознание сперва всеусиливающийся критический дух, затем сомнение к действиям властей, а потом явное недовольствие ими. Вседиссидентствующей атмосфере способствовал и глубоко укоренившийся в социальную психологию советских людей безотказный механизм все послушания и все версия. Чрезмерный авторитет услышанного и вычитанного, обычно, присущ только деиндивидуализированным эгалитарным обществам, где чужое мнение дороже, чем своё. В предперестроечные годы усилилось и это. С одной только разницей: если раньше слепо верили всему тому, что бы ни сказывалось сверху, теперь также безропотно внемли всему тому, что бы не обмолвилось сбоку. Так набирало силу инакомыслие. Решающую роль, в этом сыграло и очевидное поражение в гонке вооружения и в мирной экономической конкуренции, в результате чего поднаготоные советского строя все больше обнажались перед взором остального мира. Этим не могла не воспользоваться, естественно, и новая политическая элита, которая по вине затянувшегося всевластия геронтократии так долго не допускалась к желанной реальной власти. Да, и народ, и общество давно ждали перемен. Всем изрядно претили и избитые лозунги, и намозолившие уже глаза физиономии бессменных вождей. Конечно, считалась с этим и правящая партия, которая не собиралась лишаться власти. Хотела добиться своего, пользуясь безотказным механизмом устоявшегося. Благодаря магии спущенной сверху директивы внедрилась атмосфера неприязни к аппарату, к номенклатуре. Предпринята мощная компания по дискредитации имеющегося кадрового корпуса. Неуклонно ослаблялось влияние центра на регионы. Провоцируя так называемый неожиданный удар «по национализму в республиках», сама наступила на хвост дремавшего до этого политического дракона. Потом паникуя от неожиданных результатов подобной авантюры, сама начала автономизацию республиканских организаций. Именно последние раньше самих республик объявили о своём суверенитете, принимая свои уставы. Это и придало необратимый характер процесс дезинтеграции. Только тогда ново явленны «кремлевские мечтатели» стали уязвлённо иронизировать над «парадом суверенитетов». Но уже было поздно. Догадавшаяся о призрачности добившейся такой ценой партийной власти, новая элита дружно переходила на государственные посты. Но и это не спасло положения. Делалась ставка на живучесть тенденции единого общедержавного народнохозяйственного комплекса. Ратовали за свободу и самостоятельность предприятий, которые и раньше номинально подчинялась местным властям, считались только с центральными экономическими штабами. Но этим окончательно было размыто основное цементирующее начало советского общества – централизованная система планирования и управления экономикой. Таким образом и тут все решалось сверху и с центра. Нечего обвинят так называемый национализм и регионализм. Если они сыграли роковую роль в судьбе Советского Союза, то это произошло из-за того, что «отцы перестройки» в азарте борьбы за власть не выбирали средства. Да, мы должны быть благодарны судьбе, все это обошлось без кровопролития, без гражданской войны. И это невольно наводит на мысль, что, все же таки, само собой не случилось подобное... Наверняка тогда у власти, наряду с людьми простодушными, слепо верующими в мудрость партии, находились и более искушенные, более приспособленные к неотступно изменяющимся обстоятельствам. Похоже на то, что коммунисты сами срубили сук, на котором сидели. И это понятно. Качественный состав партии, бессменно монополизировавший власть, не может не быть разношерстным. Каждый хочет иметь там своего человека. Не случайно расслоению интересов первой подверглась сама партия. Не исключено, определённые силы в ней были заинтересованы именно в таком исходе. Другие, видимо, не знали, чем все это кончится и занимали выжидательную позицию, третьи – слишком поздно осознали свою оплошность и их «решительные» действия не могли изменить ход события, а, наоборот, поставили точку над всеми «и». Значит, не Белая Бежа поставила эту роковую точку. Она была предрешена логикой предшествующих к этому процессов. А Белая Вежа легитимировала уже состоявшееся решение истории. Без такого правового оформления не было никакой гарантии в том, что и дальнейший ход может развиваться мирно. А Алма-Атинской саммит, последовавший за этим ещё раз перед миром коллективно подтвердил свершившийся факт, что нет больше Советского Союза, а новые независимые государства хотят строить свои взаимоотношения на принципах дружественности, равноправия, сотрудничества и потому образуют Содружество. И оно не осталось лишь на бумаге. До сегодняшнего дня большинство новых государств живут без открытого противостояния друг другу. Только ради этого и можно было пойти на такое. Такой шаг предпринимался и после распада британской и французской империй. И тогда преследовалась цель недопущения противостояния между бывшей метрополией и колониями. Если подобное понадобилось даже странам, которые разделяют океаны, то государствам, непосредственно сопредельным друг с другом, самим богом суждено. Какова дальнейшая судьба СНГ? Это зависит от дальнейшего развития интеграционных процессов на постсоветском пространстве. В любом случае, ни одно наше независимое государство не добьётся своего, если не сохранится стабильность на этом пространстве. Ибо ни одно из них не укрепит свой суверенитет без модернизации своей экономики. А столь необходимый для этого рынок новой технологии, твёрдой валюты и высококачественных товаров, инвестиционных стимуляторов находится за пределами этого пространства. И развитые рыночные отношения не пойдут на риск, когда угрожают их экономическим интересам дестабилизирующие факторы неоимпериализма, неоколониализма и национального изоляционизма. Потому и независимость бессмысленна без разумной интеграции с остальным миром. Но ключем подобной интеграции все равно остаются реальный суверенитет и подлинная независимость, только благодаря которым любой может с любым вступить в любые контакты. Поэтому любая угроза любому суверенитету не может не сказываться деструктивно на интеграционных процессах. Значит, содружество оправданно лишь как гарант неистребимости суверенитетов, их равноправия, как коллективный регулятор их справедливого и эффективного взаимодействия. Поддерживая активизацию интеграционных процессов, мы должны придать особое значение тому, в какой степени они гарантируют недопущение реанимации ретроградных тенденции, нового противостояния в мире. Но иные «реалисты» выдавая суверенитет и независимость за безнадёжный романтизм, за иллюзию призывают к возвращению в старые узы, созданию если не прежнего федеративного союза, то хотя бы конфедеративного... При этом ссылаются на реальный дискомфорт в душах реальных людей, для которых подобный поворот хода событий был полнейшей неожиданностью. Так было после развала всех мировых держав. Но каждый раз добивались своего лишь те, кто не погоней за давно ушедшим поездом, а конструктивной позицией и созидательным самоутверждением вновь сумели занять достойное месте в обновлённом сообществе. Однако, много ещё политиков, пытающихся играть на боли и ранах людей. Беда всяких революций сверху заключается именно в таком изначально лукавом подходе к переменам, в циничном злоупотреблении населения в истинную суть происходящего. И в Советском Союзе так называемый «процесс пошёл» не от того, что всем все было ясно, а от того, что всем все надоело. Последнее десятилетие, на наш взгляд, доказало правоту известного суждения испанского философа Хосе Ортега-и-Гассет: человек, не имея ясности насчёт того, что с ним происходит сегодня, что ожидает завтра, каждый раз стихийно погружаясь во внезапно навязанный ему со стороны поток событий, становится заложником ситуации перманентного смятения. Будет постоянно прикованным к просходящему вокруг, сигналу или команде извне, а не к голосу своей собственной совести. Рассчитывая на это долгие годы у нас преуспевал тоталитаризм. Следуя этому разные политические силы пытаются добиваться своего и сегодня. На самом деле, выходит, не так уж сложно сбить с толку людей, не разобравшихся в обстоятельствах, к тому же изрядно утомлённых долгими ожиданиями, методично аппелируя на действительно вопиющие факты, вполне достоверные ужасы жизни. С каждым днём все больше убеждаемся в обоснованности утверждения западноевропейских мыслителей начала века: увеличились шансы этого, особенно, сейчас, когда инстинкт присвоения, выработанный тысячилетиями, приумноженный на достижения НТР, непомерно развил и социально-материальную алчность и соблазн лёгкого успеха. Только всеобщей гипертрофированностью амбиций можно объяснить и то, что при этом ничего не стоило верхам в один миг пустить все верх тормашками, а низам – сходу одобрить их действия, даже не задумываясь о последствиях. Но вопрос не в этом, в принципе, рано или поздно случиться тому, чему суждено случиться, а в том, что при этом не редко берет верх своекорыстный прагматизм, чисто спекулятивный подход к инновационным мотивам, в результате чего общество все равно не станет субъектом политики, а долго будет оставаться все тем же пассивным объектом политической манипуляции. А это опасно, тем, что имморальными окажутся результаты всего этого, невзирая на то, что вроде морально звучали выбранные для этого лозунги. Таким путём можно завуалировать истинные шероховатости происходящих процессов, но не усилить притягательности реформ. Бесконечное разыгрывание сценария размывания существующего усугубляет и без того форсированную самой историей социальную энтропию в обществе. Вместо последовательной трансформации общества в новое состояние в азарте перманентной борьбы за власть энергия обновления жизни уходит в песок. Оттого, и, наверное, в годы великой депрессии великий Рузвельт избегал лишних пертурбаций в обществе, постоянно бросая клич один за другим, тем самым выхолащивая накопившийся социальный стресс, методично направляя энергию масс на решение сугубо конкретных экономических проблем. А в постсоветском обществе вместо этого чрезмерно увлекаются провоцированием по всякому поводу очередной войны нервов. В результате усиления непредсказуемости, убыль социального оптимизма, дискредитация инновационных побуждений. Так не сложно утопить не только новых лидеров и новые идеи, но и целые государства. Вот, в чем, на наш взгляд, главный урок горбачевской перестройки, недошедшей даже до своего первого десятилетия, из-за преобладания в ней спонтанности вместо взвешенности и обдуманности. Я об этом говорю с болью в сердце... Но это продиктовано не сожалением о прошлом, а тревогой о настоящем и будущем. Ведь, все процессы, происходящие в новых государствах, берут своё начало именно с горбачевской перестройки. Чрезмерный политический азарт, не всегда оправданный социальный максимализм, приумноженный на очевидные разочарования от вопиющих несправедливостей в переделе собственности – не плоды поголовной суверенизации, как категорично заключают иные политики, а патологическое наследство вчерашнего перестроечного безоглядства. Разочарование и утомлённость может смениться разрушительным гневом. Ведь, немало же фактов в истории когда масса, обидевшись своим бесправием чистосердечно приветствовала демократию, а потом сама же опрокидывала её, разочаровавшись её результатами. Только текущий век знает тринадцать таких случаев. Во всех этих случаях, выходит, первая демократия удержалась менее двадцати лет. Все это, во-первых – из-за усиления экономического обнищания, во-вторых – из-за перманентной политической нестабильности, в третьих – конечно, как ещё подметил Алексис де Токвиль, из-за того, что собственность угрожает равенству, а равенство угрожает свободе. И не случайно сильна такая опасность особенно в первых двух десятилетиях. За это время произойдёт смена поколений в обществе. А человек, в среднем, Доживает до 90 лет. Из них первое тридцатилетие – при отце – период детско-юношеского иждивенчества, второе – жизнь при сыне – период общественно активного действия, третье – жизнь при внуке – период старческого иждивенчества. Значит, каждое поколение удлиняет активную историю общества всего на 30 лет. Из них первое пятнадцатилетие с доминантой отцовской активности, второе – с доминантой сыновьей активности. Именно, вот эта самая смена инициативы между двумя поколениями, решает судьбу всякой революции. Оттого и любая революция, если верить Хосе Ортега-и-Гассет, не может продлиться более 15 лет, совпадающими с первой половиной периода активности поколения-инициаторов. Если за период своего доминирования «отцам» не удаётся обеспечить гарантию динамической социальной мобильности последующего поколения, момент смены угрожает стать взрывным, период доминирования сыновей может даже повернуть события вспять. Такая критическая фаза нашей перестройки уже близка к концу и это совпадает с самым начальным периодом нашей государственной независимости. И это вызывает у меня двойную тревогу: и за судьбу демократии, и за судьбу независимости. Если не сумеем своевременно отмежеваться от инерции сценария безоглядного нагнетания страстей, разрыхления общества, размагничивания системы управления, спешного размывания существующих институтов и реформам в новых государствах трудно избежать участи горбачевской перестройки. Как следует поступить в подобной ситуации? Наверное, уместно прислушаться к Канту, рекомендовавшему в своей «Феноменологии духа», гражданам оставить себе свободу духа, а обществу – все же таки государство, при этом учитывая, что государство при тоталитаризме сильно твёрдым порядком, а при демократии – гибкой предусмотрительностью. Иначе, как не раз доказывала нам история, хрупкие кости и слабые нервы демократии, тем более совпавшей с молодым суверенитетом, труднее всего выдерживают явное или подспудное роптание вчерашней союзницы – массы. Этим могут воспользоваться или находящаяся у власти политическая олигархия или вёрткий авантюрист с улицы. Поэтому судьба любой независимости и демократии исторически зависима от чисто человечески измеряемых качеств, в первую очередь от дальновидности и бескорыстия первого поколения политической элиты, поколения установителей. Абсолютно бесспорно, нежные ростки демократии нуждаются в надёжной защите. Некоторые считают такой защитой диктатуру, просвещённый авторитаризм. Но демократия и авторитаризм явления взаимоисключающие. Что касается модернизации общества, ссылка на японский или германский опыт не всегда оправданна. План Маршала поддержал не только модернизацию экономики, но и детоталитаризацию японского и германского обществ. Попытка модернизации при поддержке просвещённого авторитаризма тоже не всегда благом обошлась для людей и народов. Последствия шахской революции в Иране и революции Мэйдзи в Японии известны. А опыт Франко или Пиночета, сопряжённые с обильным кровопролитием, вряд ли, являются вдохновляющими?! Тем более, все они имели место в условиях биполярного мира. К тому же, что позволялось в своё время Китаю, Франции или Испании, как уже очевидно, не позволительно государствам, только-только становящимся на путь независимости, в условиях всевозрастающей взаимозависимости нынешнего мира. Разве не из-за авторитарных замашек Саддама Хусейна и Джохара Дудаева оказались в изоляции Ирак и Чечня в наитрагические дни своей истории?! Все это всем нам наглядный урок, требующий соответствующего вывода в соответствующий момент. Все-же таки потенциал прочности демократии следует искать в природе самой демократии. Другое дело, не разбрасываться не только объективными, но и субъективными факторами укрепления независимости и демократии. В нынешнем сильно интегрированном мире неоправданно и недопустимо пренебрежение поддержкой и сотрудничеством других государств. Тем более, в период становления независимости страны. В этом, наряду с экономическим потенциалом, решительную роль сыграет международный авторитет лидера, заслужить которого требует особую щедрость природы и огромные усилия истории. Имея такую возможность, любое общество особо рачительно обращается с ней в решающих поворотах своей судьбы. Первое десятилетие перестройки, её неоднозначные итоги, обязывают казахстанское общество весьма тонко относиться к деликатным аспектам происходящих процессов. Уметь наладить демократический механизм не только контроля, но и поддержки властей, глубоко постигать политическую ценность государственности в условиях нынешних неимоверных испытаний для каждого и всех. Ведь, даже само святое писание недаром гласит возвышенно и сокровенно: да будет свет и твердь.

Свет – это наши надежды и мечты, устремления и старания.
Твердь – это страна, где мы собираемся добиться их.

Яркость и благотворность света зависит от нас, граждан, от нашей способности сочетать свои устремления с конструктивными интересами общества, членами которого являемся, и перспективными тенденциями времени, в котором мы живём. А прочность и благодатность тверди опять таки зависит от нас, от того, как мы осознаем необходимость пространства, где в такое беспокойное изменчивое время можно смело взяться за своё дело, не боясь завтрашнего превращений окружающей моральной среды. Такое пространство возможно лишь там, где есть государство и оно способно на своё исконное дело: защитить интересы своих граждан. В этой связи часто аппелируют к поступку генерала де Голя во Франции, другие настаивают все таки на северо-американской модели. А я настаивал бы на верности конституционно выбранному курсу: демократизации управления, плюрализации собственности, эмансипации политической воли граждан. Но достижение этого опять-таки невозможно, оказывается, без участия самого государства. Ибо желанная максимализация гражданского общества путём минимализации государственных начал нигде ещё сполна не воплощена в жизнь. Даже в тех хваленных обществах, у которых собираемся учиться, все ещё сильна позиция государства. Иначе не был бы возможным никакой голизм. Но голизм – вовсе не установление личной власти, вовсе не ликвидация гражданского общества, а решительный шаг, предпринятый во имя неустранения демократического правления, а не допущения его самоопрокидывания, для придания процессу демократизации соответствующей последовательности. Поэтому, голизм вовсе не прецендент просвещённого авторитаризма, а, поучительный эпизод из истории демократизации общества, убеждающий в том, что и тут не все решается стихийно, и тут потребуется глубоко осмысленная, чётко расчитанная целеустремлённая воля. К тому же голизм – не только разовый поступок, который поворачивал ход процессов в рациональное русло, но и коллективный поиск всего общества, приведший к пересмотру законодателями системы конституционных взаймо-отношений властей, политическими партиями – своих уставов и политических программ в соответствии с конституционным выбором общества, которые не исключали максимализации гражданского общества, минимализации государства, а придали этим процессам конструктивный характер, соизмеримый с реальной динамикой и направленностью мирового развития. Реальный ход демократизации постсоветских обществ, к сожалению, все ещё страдает детской болезнью безоглядства и забегания вперёд, что не редко загоняет их в тупик, выход из которого порой не мыслим без решительных инициатив. Но не обязательно точь в точь копировать деголевскую модель. Он может служить только примером самоотверженности в отстаивании начатых реформ. Разумно, наделить правом такой инициативы только глав государств, являющихся гарантом конституционного строя. Иначе «детская болезнь роста» может перерасти в эпидемию продолжительного впадания в детство, присущую вовсе не самообновляющимся организмам. Поэтому не на пользу дела противоречивая риторика, слишком сгущающая краски вокруг складывающейся у нас ситуации, особенно вокруг инициативы предпринимаемой для ускорения выхода из положения, а не для его усугубления. Нас должно сейчас позаботить абсолютно другое: насколько гармонизируют уставная природа и програмные цели наших институтов гражданского общества, политических партий и общественных движений с конституционно выбранным курсом развития нашего общества, с новой природой нашего государства, насколько синхронизированы процессы их совершенствования с предпринимаемыми шагами государства в целях оптимизации правовых механизмов реализации конституционных устремлений народа: политической и экономической свободы, равноправия, мира и согласия во всем, с учётом принципов исторической справедливости и реальных интересов объективно сложившейся ситуации. Что в них от утопии и от насущной реальности? Что в них от неотложной первоочередности, что от далёкой перспективы? Только глубоко разобравшись во всем этом, на наш взгляд, можно обеспечить динамичный ритм и необходимую устойчивость саморазвития нашего общества. В этой связи особо хочется остановиться на итогах недавно проведённых у нас референдумов. Это – конечно, неординарное решение, вызванное неординарно складывающимися обстоятельствами. Целый год в обществе имела место эскалация страстей. Раздавались призывы разогнать то правительство, то парламент. Порой явствовало пренебрежение идеями суверенитета, государственности. Навязывались политические торги по всякому поводу и без повода. Дала знать о себе опасность растаскивания ценностей новоформирующегося все казахстанского общества по локальным мирам. Неоднозначно стали реагировать на это внутренние и внешние факторы. Все это, видно, вызвало всеобщую насторожённость. Иначе такое предложение не было бы дружно выдвинуто довольно представительным форумом общественности и поддержано почти всем народом. Не уместно, на мой взгляд, квалифицировать это как нонсенс, присущий лишь казахстанской или же центрально азиатской реальности. Разве мятежный август 92-го года, кровопролитный октябрь 93-го, парламентские кризисы, происходившие летом 94-го и весной 95-го в большинстве стран СНГ, не говорят об одном и том же, что постсоветское общество, в целом, продолжает пребывать в полосе всеобщего диском-фортного состояния. И тщетна всякая попытка сваливать вину за это на отдельные политические институты или персоны. Как показывает историческая практика, так случается всегда, когда общество претерпевает существенную трансформацию и складывающиеся новые социальные отношения, не во всем совпадают с веками сложившимся социокультурным укладом жизни. Преодоление подобного рода противоречия – видать, дело вовсе не безболезненное. Одним кажется, что этого можно добиться изменением складывающихся социальных отношении в соответствии с привычным, поэтому более комфортным укладом жизни, другим – наоборот, изменением устоявшегося жизненного уклада в соответствии с инновационными социальными отношениями, третьим – изменением и того и другого как можно синхронно. Но ни одно из них, пожалуй, не является лёгким и безупречным. В одном случае, выходит, всплывает опасность усиления традиционализма, так или иначе подстегивающего ретроградные тенденции, в другом – чрезмерного радикализма, способствующего нередко оживлению явного реваншизма, в третьем – малопродуктивной эклектичности. Бесспорным оказывается лишь то, что нет столбовой дороги реформации общества, но, как бы не складывались обстоятельства, нельзя допустить отхода от инновационной направленности её развития. Ибо это, как правило, все равно не возвратит общество в исходное состояния, а просто на просто подтолкнёт его в пропасть катастрофы. Понятно, предотвращение такого нежелательного развития событий возможно только при осознанной мобилизованности всего общества на последовательный и напряжённый поиск оптимальных путей решения, не допускающих стихию крайностей. В условиях общества, в котором ещё на стартовых позициях находится стратификация интересов и плюрализации обуславливаемых этим политических позиций, в обществе, где большинство ещё не сполна удостоверилось во всеобщей выгодности происходящих процессов, такая задача, естественно, по плечу лишь государству, которое, в принципе, оправдывает себя только тогда, когда служит неким медиатором, надёжным механизмом, постоянно нацеленным на интеграцию общества, на предотвращение угрожащих его существованию дезорганизующих процессов. Дружным осознанием этого нашими согражданами явился столь внушительно единодушный результат недавных референдумов, несмотря на очевидную неожиданность и нестандартность выбранного выхода из ситуации. Но из этого не следует вывод о том, что не стоит теперь особо волноваться за дальнейший ход развития событий. Нестандартный поступок всегда риск. И риск благородным делом может явиться лишь тогда, когда сумеет своевременно и резком одолеть силу своей инерции. Общество дружно продлевая срок действия мандата Президента, прежде всего высоко оценило конструктивный эффект его политической предусмотрительности и центристской изобретательности, не раз ярко проявившихся на крутых исторических поворотах последнего десятилетия и выразило твердую уверен-ность в том, что он будет надёжным медиатором сложного процесса трансформации общества в новое состояние, что не позволит нежелательные извращения, и крайности при этом. Тем самым призвало всех к всеобщему согласию, призвало и власти, и политические силы, в том числе и оппозиционные, к работе в сугубо медиационном ключе, исключающем соблазн инверсионных выходок, шараханий из одной крайности в другую, и силовых приёмов противостояния. Ибо, как не раз, убеждают в этом практика наших дней, неумелая оппозиционная борьба, постоянно подталкивающая власти на неожиданные и непредсказуемые решения, не всегда оборачивается благом для общества. Оттого и, как видно, не раз разыгрывались опасные политические драмы на постсоветском пространстве. Проведённые референдумы не только своевременно предостерегли от повторения подобного и у нас, но и дал время и возможность всем нам для того, чтобы обстоятельно переосмыслить ход происходящих процессов, придать им убедительный и притягательный для большинства характер, выработать эффективные конституционные механизмы рационализации складывающихся общественных отношений и взаимодействия институтов власти. Теперь, наверное, многим ясно, что можно поправить дело не просто инвентаризацией и так очевидных для всех бед, не политическим зубоскальством, а творческим усилием по выработке конструктивных подходов к углублению экономических, социально-правовых реформ, все большей оптимизации медиационной деятельности институтов государства и гражданского общества в инновационных процессах, формированию нового менталитета общества. Чем твёрже усвоят это и власти, и политические движения, и просто наши сограждане, тем быстрее либерализуются социальные отношения, стимулирующие массовое творчество, выводящее общество на рельсы более цивилизованного развития. Иначе в наи-критичный период трансформации общества и становления новой государственности, осуществляемой, понятно, не в один миг, а в значительный отрезок времени, всецело полагаться либо только на популизм, либо только на неординарные, поэтому не всегда популярные меры, либо на их попеременное чередование чревато угрозой, либо социальных взрывов, либо не менее опасной их социальной апатии. Это тем более недопустимо в условиях нашего многосоставного общества, исконно приученного к социальному иждивенчеству, к рассмотрению каждым любого изменения в жизни не как результат своего прилежания или лени, а, в первую очередь, как очередная милость ли икозни властей. Раз так, то всеобщее единодушие, проявленное при проведении недавнего референдума, оправданно лишь тогда, когда оно будет закреплено столь же всеобщим единодушным и согласованным практическим усердием во имя утверждения идеалов максимальной самореализации личности и благоприятствующих этому демократических социальных отношений.

Значит, надежда все таки берет верх над тревогами...

Иначе не продолжалась бы жизнь... И все на свете делается для того, чтобы она продолжалась и приобрела большую осмысленность.

ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕН ЫҚПАЛДАСТЫҚ

Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің комитет төрағасы,
белгілі қоғам қайраткері Әбіш КЕКІЛБАЕВ пен
«Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы

Нұрлан Оразалиннің сұхбаты.

— Әбеке, сіз Мемлекеттік Думадағы әріптестеріңіздің 15 наурызда қабылданған қаулысына қалай қарайсыз?

— Солақай шешім. Өйткені барлық жағынан заңға сыйымды шешімді ешбір жағынан заңға сыймайтын шешім жоққа шығарғысы келеді. Ондай заңсыздыққа белгілі фракция мүшелерінің саналы түрде барғанын ешкім теріске шығара алмайды. Талқыланып отырған мәселе хақында заң қабылданбай, қаулы қабылдануы да сондықтан. Заң болса, жоғары палатаның талқылануына ұсынылады. Президент қол қоюы керек. Ондай процедура тұсында Конституцияға қайшы келетін құжат тосқауылға ұшырайтыны белгілі. Сол тосқауылды қалай да айналып өту үшін қаулы қабылданған. Сол арқылы тек бір ғана емес, бірнеше мемлекеттің тағдырын шешкен халықаралық келісімнің төңірегінде солқылдақ көзқарас орнатып, бір ғана емес, бірнеше мемлекеттің саяси орнықтылығына қол сұғу көзделген. Құқықтық негізсіздігі айдан анық аталмыш құжаттың көздеген мақсаты тым жымысқы. Ресейдегі кезекті президент сайлауын пайдалана отырып, күллі бұрынғы кеңестік кеңістіктегі жүріп жатқан саяси-экономикалық реформаны түгелімен құқықтық жағынан сенімсіз құбылысқа айналдыруға тырысушылық анық көзге ұрып тұр.

— Алайда, Зюганов мырза бұл қаулының әрекет аясы Ресеймен ғана шектеледі деді ғой...

— Иә, Зюганов мырза солай деуін деді ғой. Бірақ, Беловежье келісімінің күші жойылса, КСРО-ның құқық субъектісі ретіндегі маңызы қайтадан мойындалады ғой. Олай болса, бұрын оның құрамында болған мемлекеттердің егемендігі мен тәуелсіздігі тағы да дүдәмал ахуал кешеді ғой. Оның үстіне, Зюганов мырза біздер ешкімді зорламаймыз, республикалар өз еркімен қосылады деп көмейінде не жатқанын бәрібір аңғартып қойды.

Біз коммунистердің өз еркімен құрған одағының қандай болатынын көргенбіз. Ол одақтық құрылымның федеративтік те, конфедеративтік те қағидасын сақтамады. Одақ деп аталып отырып, унитаризмді нығайтты. Социалистік болса да, демократия деп отырып, әуелі бір ғана таптың партиясының, сосын оның ең жоғарғы басқарушы ұясының диктатурасын орнатты. Билікші партияның шектен асыра регламенттелген жарғысы Конституциядан басым тұрды. Сөйтіп, халықтардың бостандығы, одақты құраған бұрынғы ұлттық мемлекеттердің теңдігі жай әншейін жалаң декларациялар болып қалды.

— Ендеше, әлгіндей бір ғана билеуші партияның ашса алақандағы, жұмса жұмырығындағы тоталитарлық мемлекет неге құлап қалды?

— Ондай мемлекет өркениетті қоғамнан гөрі ежелгі қауымдастыққа көбірек ұқсап тұрады. Қауымшылдық жеке мүдде мен жеке намысты ұмыттырып, көптің ыңғайына жығыла беруге көндіреді. Тапқанын ортаға салатын эгалитарлық үрдістегі бұқара «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген қағидамен өмір сүреді.

Саяси бәсекелестіктің жоқтығы саяси астамшылдықты туғызбай қоймайды. Астамшылық әлеуметтік шамдану мен шамырығуды бәрібір туғызбай тұра алмайды. Жоғарғы қабаттағы астамшылық олигархиялық, төменгі қабаттағы шамырығушылық охлократиялық психологияның өрістеуіне жол ашады. Олигархия жүрген жерде іштей талас та жүреді. Ондай таласушы күштер өз мүддесіне жету үшін охлократиялық ұрдажықты пайдалануға тырысады. «Біздер жоғарыдан, сіздер төменнен...» дейін ұрандар да сондайдан туындайды. Сөйтіп, қоғамның төменгі қабатындағы шамадан тыс шоғырланып қалған шамырығушылық энергияны пайдалана отырып, билік пен байлықты қайта бөліске салу басталады. Кешегі кеңестік қоғамдағы қайта құрудың алдындағы және басындағы ахуал, міне, осыған ұқсайтын.

— Ендеше, Дума мінберінен айтылғандай, КСРО-ны сыртқы арандатушылық пен ішкі ұлтшылдық құлатты деген жай сөз болды ғой. Бар гәп билікші элитада екен ғой. Коммунистер өздері отырған бұтаққа өздері балта шапқаны ма?

— Істің нәтижесі сондай қорытындыға меңзейді. Шамадан тыс тоталитандырылған қоғамда шамадан тыс түбегейлі реформаны да тек шамадан тыс билікке ие күштер ғана бастай алады. Кеңестер Одағында СОКП Орталық Комитеті бас хатшысы өзгермей тұрып, ештеңенің өзгермейтіндігі де сондықтан еді. Сексенінші жылдар аяғындағы бұрынғы ұстанып келген бағыттан атымен қарама-қарсы бағытқа шақырған бастама да шет аймақтар мен төменгі комитеттерден шықпағанды.

Бәріне де билеуші партияның ең жоғарғы басқару ұясы мұрындық болған-ды. Оған біреулері шексіз билікке әбден масайрағандықтан барды. Екіншілері, жағдайдың бәрібір сол қалпында қалмайтынын түсініп, өзгерген жағдайда да үйренген жылы жұмсақты өз қолынан шығарып алмас үшін барды. Бірақ, жаңа процестердің логикасы бар уақытта әуелде түрткі болған мүдделердің іш есептерімен сәйкесе бермейді. Қайта құрудың қалтылдақ қайығы да жол-жөнекей талай бұлталаққа түсті. Көне қағидаларды қайзалап қалғандар төңіректе не болып жатқанын уақытылы аңғара алмай, бірден су түбіне кетті. Олардан айласыздықтан емес, керек көзінде ескек өз қолдарында болмай, «амалсыздықтан төгіліп қалғандар», жан тәсілім жасап, жағаға жетіп, кешегі кеткен еселерін қайтарып алмаққа қам жасап бағуда. Наурыздың 15-індегі қаулы да сондай дәмеден туындап жатса керек. Олар бұл арқылы талай нәрседен көңілі қалып, қоңторғай отырған қазіргі қоғамды қандай уағызбен еліктіруге, қандай әрекетке жүгінуге болатынына әдейі барлау жасап отырғандай. Олар – бұрынғы коммунистік элитаның билік пен байлық бөлісуде еселері кетіп келе жатқан екінші буыны. Олардың парламенттегі тобы бұдан бес жыл бұрын қолда билік жоқ кезде Беловежье келісімін мақұлдап дауыс берсе, енді сол биліктің бір тізгіні қолдарына тигенде, мансұқтап дауыс беріп отыр.

— Ендеше, ең үлкен биліктен айдан анық дәметіп, өз кандидатын ұсынып отырған партияның, әлгі өздері айтқандай, мұндай «заңсыздыққа» саналы түрде баруы қалай?

— Оған таңғалса да, таңғалмаса да болады. Таңғалатынымыз – Шығыс Еуропа коммунистері таптық радикализмнен айта қаларлық дәрежеде бас тартып, социал демократия қағидаларына қарай ойысып, егемендік пен тәуелсіздікті жақтап, билік басына қайта оралды.

Ал бұрынғы кеңес кеңістігіндегі әріптестері әлі сол баяғы ескі «әләуләйлерімен» келеді. Таңғалмайтынымыз – кешегі кеңестік кеңістігі саяси күрес спектріндегі қай тараптың да либералдық қанатынан гөрі радикалдық қанаты басым түсіп жатыр. Радикал демократтар экономикалық реформада әлеуметшіл нарықтан гөрі классикалық нарыққа, саяси реформада либералшыл биліктен гөрі күшті билікке қарай ойысуда. Электорат та иі жұмсақтықтан гөрі тегеурінділікті қолайлауда. Коммунистер де сол ағыммен парламенттегі басым дауысқа ие болып отыр. Радикализм қашан да популизмге бейім. Коммунизм – шектен шыққан радикализм. Демек, ол шектен шыққан әрекетке бара алмай тұра алмайды. Ғасыр басындағы коммунистік элита тарихта бұдан бұрын да әр жолы сексен жылдай ғана өмір сүріп, екі рет құлап қалған тым идеологияландырылған эгалитарлық социализмді қайта орнатып, жетпіс жылға жеткізбей құлата алды. Сексенінші жылдардың басындағы элита сол өздері құрған қоғамды құлатып тынатын реформаны өздері бастады. Тоқсаныншы жылдардың басындағы коммунистік элита сол өздері бастаған реформаға өздері астыртын қарсы шығып, мемлекеттен де, биліктен де айырылып қалды. Елді азаматтық соғысқа ұрындыра жаздады. Өздері тамырымен құрып кете жаздады. Ал, бүгінгідей шамадан тысқары күрделі жағдайда ең радикал саяси күш ретінде ол жұртты ең көп таңғалдырып, өз жағына шығару үшін ең шамадан асқан тосын әрекетке барудан тартынбайтындықтарын тағы да көрсетіп отыр.

— Сонда әлгіндей әрекет – Беловежье келісімінің күшін жою болғаны ма?

— Дәл солай. Өйткені, қазір кешегі кеңестік кеңістікте жұртты не қинап отыр? Бір кезде бәрімізді үміттендірген реформа ойдағыдай өрістемей жатыр. Көпшіліктің тұрмыс деңгейі күрт төмендеді. Әлеуметтік кепілдіктер көбеюдің орнына азайды. Екі құрлықты баса көктеп, қалаған жерінде жұмыс істеп, қайда тұрсаң да еркіндегі заман өтті. Жаңа егемендіктермен есептесуге тура келді.

Дүйім төтенше әрекетке жүгініп қалған коммунистер соның бәрін бір-ақ әрекетпен шешпекші. Беловежье келісімінің күші жойылса, бәрі орнына келмекші-мыс.

Тоғышар сана оңай иланатын оңтайлы тұжырым.
Популизм дегеніміз де сол. Ал коммунистер оған қашанда үйір болған.

Ең болмаса, осы жолы бүйректен сирақ шығармай, қалған адамзаттың көріп жатқанын көріп, жетіп жатқанына жетеміз бе деп едік, тағы да әлеуметтік қиқарлық бой көтеріп тұр. Бір кезде коммунизм сүрлеуімен аяғына дейін жүруге дәтіміз жетпей, жолдан бұрылып кетіп ек, енді демократия сүрлеуін тастап, керісінше кері бұрылуды көздейтіндер шығып түр. Бәрі де билік пен байлық үшін бәріне де баруға бар. Ондайлар коммунизмді ұрандататындардың да, демократияны ұрандататындардың да арасында аз емес. Олар тек жаңа тәуелсіз мемлекеттердің ғана емес, тайталас дүниеден ықпалдас дүниеге аяқ бастық па деп отырған күллі адамзаттың да болашағына шешуші бетбұрыс жасап берген Беловежье келісімін қақпақылға айналдыруға еш тайынар емес.

— Сонда сіз Беловежье келісімін заңсыз деп танудың өзін заңсыздық санайсыз ғой?

— Әрине. Ол кешегі кеңестік кеңістікте соңғы жетпіс жыл ішіндегі халықаралық құқық қағидаларына мейлінше жауап бере алатын бірден-бір шешім. Соның арқасында коммунистердің әр саққа жүгіртіп келген қағидалары негізгі мағынасын тауып, әр нәрсе өз атымен аталатын болды.

Әділіне келсек, бір кезде билікке ұмтылған большевиктер ұлттардың өзін-өзі билеу құқын мойындады. Сонау Вестьфальт бітімінен бермен қарай, даулы болып келген мәселе екі ғасыр тоғысынан бастап, заңдық күшке ие болды. Тұңғыш рет 1905 жылы Норвегия мен Швеция арасындағы дауды реттеуде шешуші қағидаға айналды. АҚШ президенті Вудрудо Вильсон Балқан мәселесін жүйелеуде де соған көбірек жүгінді. Шет аймақтардағы ұлт азаттық қозғалысын өзіне одақтас қылғысы келген большевиктер де отаршылдықты сынап, ұлттардың өзін-өзі билеуі жолында күресті. Соған сүйене отырып, Финляндияға тәуелсіздік берді. Алайда, қолдағы билік нығая түскен сайын ол қағида аяққа басыла түсті. Тәуелсіз мемлекеттер одақтастығы біртұтас одақтық мемлекет сипатына көше бастады. Одақтастық тым шарттыланып, унитаризм тым нақтылана түсті. Республикалардың өз еркімен бөлініп кете алатындығы атымен ауызға алынбайтын болды. Қайта құруға дейінгі коммунистер оған астыртын қарсы шықты. Сөз жүзінде Коледонияны қолдан шығармау үшін алыс аралды шұғыл француздандырып жатқандарға күліп отырып, іс жүзінде өздері де солай етті. Экономиканы басқаруды орталықтандыру арқылы республикаларды экономикалық дербестіктен айырды. Партиялық құрылым иерархиясы арқылы саяси дербестікті жоққа шығарды. Миграциялық процестер арқылы республикалардың ұлттық мемлекеттілік сипатын әлсіретті. Ал қайта құруды бастаған демократияшыл-мыс коммунистер Алматы, Тбилиси, Баку, Рига оқиғалары тұсында айқын көрінгендей, республикалардың ондай құқыққа жүгінулеріне күшпен жол бермеді. Демократияландыру тұсында көрінбей қалмайтын ұлттық теңдік пен егемендік жолындағы күресті қандай әдіспен болса да басып тастауға бейім тұрды. Уақыттың өзі қоздатып берген процесс тым кеңінен қанат жайып кеткенін көрген билікші топтың әккілеу жағы жаңа одақ шартын жасауды амалсыз қолға алса, тоңмойын жағы оған қарсы астыртын төңкеріс әзірледі. Ол төңкерістің жеңілуі процесті одан бетер шұғылдатты. Беловежье келісімі оқиғалардың одан әрі ушығып кетуіне жол бермеді. Реформа үстіндегі қоғам екінші төңкеріс пен азамат соғысынан сақтап қалды. Бұл – демократияшыл күштер мен бағыттардың ең үлкен жеңісі болды. Беловежье келісіміне саяси тұрғыдан баға берер болсақ демократия мен реформаны қанға бөктіргізбеу жолында уақытында жасалған батыл жеңіс және тыңғылықты қадам болғанын айырықша атап айтуымыз қажет. Тарихи-құқықтық тұрғыдан баға берсек, патшалық Ресей отаршыл империя болғаны кім-кімге де белгілі. Ондағы халықтардың көпшілігінің тарихи қалыптасқан мемлекеттілігі бар еді. Одан біреулерді күшпен, біреулерді амалсыз өз еріктерімен айырған-ды. Бірақ, ол отаршылдықтың отаршылдық, империяның империялық сипатын жоққа шығармайды. Егер патшалық Ресей бұрынғы қалпында тұрғанда да XX ғасырда бұрынғы Ұлыбритания, Франция, Германия, Португалия киген кепті бәрібір киер еді. Бір кездегі отарларына бәрібір тәуелсіздік берген болар еді. Оған мәжбүр еткен екі дүниежүзілік соғыс, қуатты ұлт-азаттық қозғалысы Ресейді де айналып өте алмас еді. Қайта, «ешкімге ұқсамайтын ерекше даму жолын» желеу еткен коммунистер – бірінен соң бірі тағы да жетпіс-елу жылға кешеуілдетті. Бірақ, олардың әрекеті халықаралық құқық қағидаларын көпе-көрнеу бұрмалау арқылы жүзеге асты. Ұлттардың өзін-өзі билеуі мен ұлттық мемлекеттердің өз еріктерімен бөлініп кетуін сөз жүзінде жақтаған коммунистер іс жүзінде жоққа шығарды. Бұл жөніндегі 1941 жылы тамыз айында Касабланкада қабылданған «Атлант партиясына» сол жылдың аяғына қарай Кеңес Одағы да қосылды. Бірақ онда көрсетілген қағидалардың ешқайсысын жүзеге асырған жоқ. 1960 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас ассамблеясында отар елдер мен халықтарға тәуелсіздік беру туралы Декларация қабылдауда бастамашы болды. Алайда, өз иелігінде өзі айтып отырған бағытта ештеңе істемеді. Сөйтіп тағы да отыз жыл бойына өз халықтарының да, күллі адамзаттың да алдында сөзіне ісі сәйкес келмейтін саяси алаяқтық танытып келді. Ондай көзбояушылықтың жолын кескен де Беловежье келісімі болды. Бір кезде өз еркімен одақ құруға бастамашы болған мемлекеттер сол шартты да, халықаралық құқықты да аяққа басып отырған одақтан өз еріктерімен бөлініп шығатындықтарын мәлімдеді. Бұл халықаралық қағидаларды былай қойғанда, мұндай одақты құру туралы шарттың да, КСРО-ның дәстүрлі конституцияларының да талаптарына әбден сәйкес келетін еді. Ондай заңды түрде жасалған жаңа келісім тиісті ұлттық парламенттерде заңды түрде бекітілді. Бұрынғы одаққа кірген мемлекеттер түгел дерлік өз тәуелсіздігін жариялап, ол түгел дерлік адамзаттық қауымдастық тарапынан мойындалды. Сөйтіп, жоқ мемлекетке айналған КСРО-ның президенті мен Парламенті онсыз да жоқ өкілеттерінен бас тартуға мәжбүр болды. Сөйтіп, КСРО-ны да жасырын шпион мен жасырын ұлтшылдық емес, жария отаршылдық пен жария тоталитаризм құлатып тынды. Енді оны қалпына келтіру деген сөз – ашық реваншизмге жол беру деген сөз. Реформа орнына реваншизм Думадағы коммунистердің кешегі кеңестік кеңістіктегі қиындықтан шығарудың бірден-бір жолы ретінде ұсынып отырғаны, міне, осы. Қоғамдық даму үрдісін өз еріктерімен реформалау жолына түскендер түгілі соғыста жеңіліп, оккупацияға ұшырған елдердің өзі реваншистердің сөзіне құлақ асқан емес. Ондай қоғамдар халықаралық құқық пен қауымдастық тарапынан ешқандай қолдау таба алмасы белгілі. Ондай дәйексіздікті келешек ұрпақтың кешірмесі хақ. Алайда, Мемлекеттік Думаның солақай шешіміне лайықты жауап береміз деп солақайлыққа ұрынуға тағы болмайды.

— Өткен жолы Мәжілісте бұл қаулыны талқылау туралы сөз болғанда сіздің ұсынысыңызбен алынып тасталды емес пе?

— Біріншіден, бұл заңдық күші жоқ шешім. Оны Ресей Президенті де, Федерация Кеңесі де мәлімдеді. БҰҰ мен басқа халықаралық ұйымдар да осылай бағалады. Соның бәрін көре отырып, құқықтық күмәнді құжатты жоғары заң шығарушы жиналыс дәрежесінде ресми түрде талқылап, ресми шешім қабылдап жатсақ, думашылар жаққан отқа өзіміз май құйған боп шығар едік. Парламенттер соғысын ашсақ, оның салқыны қоғамымызға да тиер еді. Осындай жолмен шектес кеңістіктерде де кикілжің ахуалды ояту – әлгіндей шешімінің көздеген мақсатының ең бастысы болуы да мүмкін. Сөйтіп, онсыз да оңай емес гәптерге толы екі елдің мемлекетаралық қатынастарын шиеленістіру – бөліне жарылуды жақтаушылардың сойылын соққандық болып шығар еді. Алайда бұдан аталмыш қаулыны атымен елең етпей отырып алу керек деген қорытынды шықпайды. Оған Ресей қауымы қанша дәрежеде және қандай сипатта маңыз беріп жатқанына қарап, соған орайлас дәрежеде жауап беруіміз қажет. Ресми Ресей де, қалың бұқара да солақай шешімнің шылауымен кетпей, оған уақытылы тойтарыс берді. Ендеше біз де соны ескере отырып, тиісті салқынқандылық танытқанымыз жөн. Апшығаннан да, абыржығаннан да іс бітпейді. Тәуелсіздігіміздің мызғымастығы жолында тәуекелімізді бекемдеп, бұндай қисынсыздықтардан туындауы мүмкін келеңсіздіктердің алдын алғанымыз дұрыс.

— Оның жолы қандай?

— Осы ғасыр басында жер жүзінде қанша мемлекет болды. Қазір олардың саны үш есеге жуық өсті. Сол арада үш дүркін отаршылдықтан арылу процесі өтті. Сонда жинақталған тәжірибеге сүйеніп ішкі ынтымақты, сыртқы ықпалдастықты нығайтуға күш салғанымыз лазым. Ішкі ынтымақты нығайтудың жолы – өзгерістердің қызығын азғантай топ қана көретін саяси-экономикалық эгоизмге жол бермеу. Демократиялық балаңдықтың салдарынан билік пен меншік бөлісуде көпе-көрнеу олигархияшылдыққа жол беріп алған тәуелсіздіктер осы кезге дейін ішкі алауыздықтың қырсығынан ойдағыдай дами алмай жатыр. Ондай елдердің этникалық біркелкі жағдайдағылары трайбализм мен авторитаризмнің қырсығына шалдықса, этникалық әркелкі жағдайдағылары ұлтаралық кикілжіңдер мен сепаратизмнің зобалаңына ұшырауда. Оны сыртқы неокониализм, әрине, қағыс жібермейді. Ұлтшылдық алауыздықты пайдаланып әлеуметтік расизм, ұлтаралық алауыздықты пайдаланып, этникалық расизм өртіне май құйып бағады.

Бұрынғы екі отарсыздануға іле-шала неоколониализм да бас көтеріп еді. Ол бұл жолы да үнсіз қалып отырған жоқ. Көрші кеңістіктегі неоколониалистік күштер мемлекеттік институттар деңгейінен де бой көрсете бастағанына аталмыш қаулы куә. Оның үстіне, өмірде орын алып отырған экономикалық келеңсіздіктерге таптық идеология тұрғысынан келіп, «біздер билеген кезде жағдайларыңыз бұндай емес еді»,– деп азғыратын әлеуметтік реваншистер мен «біздің қарауымыздағы кездегі жағдайларыңыз бұндай емес еді»,– деп азғыратын ұлы державашыл реваншистердің ауыздары бір жерден шығып отыр. Екеуінің де уәде ететіні – тәуелсіздіктен атымен бас тартуға мәжбүр ететін «бұратана тоқшылық», бұратана орнықтылық, «бұратана қауіпсіздік». Екеуінің де орнатпақ жұмағы – жаңа отаршылдық. Кеңестен кейінгі неоконилизм – әлеуметтік реваншизм мен ұлыдержавалық шовинизм ауыз жаласуынан туындайтын аса қатерлі құбылыс. Екібасты аждаһаға ұқсайтын қорқау құбыжық. Бір басына тойтарыс берсең, екіншісі бас көтереді. Екеуі де жас тәуелсіздіктерді құртпай тынғысы келмейді. Екеуі де бұрынғы күлбүлтені қойып, ашық цинизм жолына түсті. Қызыл шовинизм де, ақ шовинизм де реформаны реваншизммен, егемендікті саяси басыбайлылықпен, демократиялық кеңістікті империялық сипаттағы тоталитарлық кеңістікпен алмастырғысы келеді. Сондықтан қазір кешегі кеңестік кеңістіктегі әрбір азаматтың алдына ежелгі тарихи таңдау, бостандық пен бір үзім нан тоқ қылғанмен, адам да, ел де қылып, қатарға қоса алмайды. Ал бостандық қиындықпен келсе де, адам да қылады, ел де қылады, тоқ та қылады. Біз тарихтың талай ұлт пен қоғамды мықтап сынаған үшінші қиын кезеңіне енді келіп отырмыз. Біз үшін ең бастысы – тәуелсіздік. Тәуелсіз ел боп қала алсақ, жоқтықты да, қиындықты да әділетсіздікті де жеңе аламыз. Ал оған дәтіміз шыдамаса – бәрінен де дәмемізді үземіз. Ең жаманы, өзіміздің ғана емес, кейінгі ұрпақтардың обалына қаламыз, Сондықтан, өз ел, өз жерімізде қазір болып жатқанның бәрі-бәрі көңілімізден шыға бермеді екен деп, тәуелсіздікті қолдан шығарып алмауымыз қажет.

— Сонда тәуелсіздікті нығайтудың ең басым кепілі не деп білесіз?

— Тәуелсіздікті нығайтудың ең басым кепілі – ішкі ынтымақты нығайту. Ол жоқ жерде тәуелсіздік жай сөз болып қалады. Оны ашыққан да сатуы ықтимал, масыққан да сатуы ықтимал. Оған жол бермеудің жалғыз жолы – экономикалық қатынастарды да, саяси қатынастарды да мейлінше демократияландыра түсу.

Бармақ басты, көз қыстылыққа жол бермеу. Әркімнің өз еңбегімен күн көруіне ғана емес, ауқатты өмір сүруіне құқықтық та, экономикалық та мүмкіндіктер жасауға күш салу. Ол үшін жүргізіліп жатқан реформадан бас тартуға болмады. Өйту әлеуметтік реваншизмге апарады. Жүріп жатқан реформаны көптің көңілінен шығатындай қылып, қайта пайымдау керек. Оның тиімділігіне көптің көзі тезірек жететіндей ғып, жұмыс, жалақы, зейнетақы, әлеуметтік қызмет мәселелеріндегі шиеленіскен түйіндерді тезірек шешуге күш салған жөн. Біз реформа мен тәуелсіздікті қолда бар табиғи, моральдық, интеллектуалдық ресурстарды рәсуа қылуға емес, демократия мен нарық тетіктерін ұтымды пайдалана отырып, орнықты дамуды қамтамасыз етуге жұмсауымыз парыз. Билік институттары мен саяси партиялар, мемлекеттік құрылымдар мен іскер топтар реформа жағдайындағы қоғам мүшелерінің жаңа жағдайға ыңғайлану процесінің ақылға сыйымды қалыпта етуіне қам жасап, күш біріктірулері қажет. Оған құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам ықпалдастығы керек. Осы жолдағы бірлескен қимылдар керек. Өйтпеген күнде істің арты насырға шауып кетуі ықтимал екендігін көрші кеңістіктегі ахуал көрсетіп-ақ отыр. Билік институттары әрі тарт та бері тарт ахуалдан, саяси партиялар жамырай қол көтеретін оқиғаларды тосып, былайғы кезде қалғып отыратын бойкүйездіктен арылып, ел қамын шындап ойлайтын шынайы саяси плюрализм ахуалына тезірек көшкендері дұрыс. Сонда ғана қоғам өзін қинаған мәселенің ықтимал шешімін уақытылы таба алады. Сонда ғана барша, жалпы болып бар міндетті жалқының мойнына артып қойып, артынан ойдағыдай іс шықпаса, бар жауапкершілік пен бар пәлені де соған итере салатын әлеуметтік масылдықтан тезірек айығады. Әр нәрсеге дер көзінде баршамыз болып назар аударып, баршамыз болып шешім іздемесек, қапы соғып қалар тұстарымыз көбейіп барады. Қалғып кетпейік... Реформа мен тәуелсіздікке ең алдымен сергектік керек.

— Ал мұндай жағдайдағы сыртқы ықпалдастық қалай өрбуі керек деп ойлайсыз?

— Тәуелсіздікті нығайту жолындағы қоғам ішкі, сыртқы мәселелерді жаңа отаршылдықтың жолын бөгейтіндей қып шеше білу арқылы ғана жан сақтай алады. Кез келген мемлекет өз саясатын күллі адамзат қауымдастығында өзі орналасқан құрылықта, өзімен шектес аймақта қалыптасқан ахуалды мұқият үйлестіре отырып жүргізуге тырысады. Біздің сыртқы дүниемен ықпалдастығымыз осы үш деңгейдің үшеуінде де қатар жүзеге асып жатуға тиісті. Қазіргі адамзат Кеңестер Одағының құлауы арқасында қос кіндікті тайталас жағдайдан құтылып, ондай бір-бірінің ізін аңдыған теке тірестік ахуалға қайта түскісі келмейді. Тапшылдық идеологияның одан шағындау ауқымдарда да белең алуына мүдделі емес. Біз бір кезде тайталас идеологияның бетпе-бет келген шарпылыс аймағында өмір сүріп отырмыз. Кейін шарпылыс үрдістен бәсеңдік үрдіске көшетін мемлекетаралық қарым-қатынас Еуразия кеңістігінде өркен жайған-ды. Сондықтан ол өркендердің тапталып қалуына жол беруге болмайды. Ал өзіміз құрамдас бөлігі болып келген кеңістік кешегі тайталаста жеңіліп қалып, басқаларды жеңіске жеткізген, экономикалық, саяси, құқықтық стандарттарға тезірек қол жеткізуге мүдделі. Бүгін бой көрсетіп отырған реваншистер бұндай бір мезгілде қатар жүріп отыруға тиісті үш сатылы, үш деңгейлі ықпалдастыққа атымен қарсы. Ол жаңа егемендіктердің сыртқы ықпалдастығын тек қалыптасқан кеңістік аясымен ғана шектегісі келеді.

Бұл – өте қатерлі жол. Мұндай жолмен қалыптасқан ықпалдастық аймақтық шектеушілікке ұрындырмай қоймайды. Онда кешегі кеңістікте кешегі одақтастардың ғана қатысуымен қалыптасатын, саяси-экономикалық, ахуал әлуеті әр қилы мемлекеттер ықпалдастығы әуелі кешегі гегемонизмнің, кейін сол арқылы кешегі ұлы державашылдық пен саяси реваншизмнің қайта оянуына бөгесін бола ала қоюы екіталай. Сондықтан, бұндай ауқымдағы ықпалдастық біз үшін де, жалпы адамзат үшін де өте тиімсіз. Мұндай жолмен жасалатын жаңа «ортақ рынок» шамалы уақытта жаңа технология мен сапалы тауарлар рыногына айнала алмайды. Ол экономикалық тәуелсіздігімізді тежеп, кешегі технология мен кешегі тауарлар монополиясының бел алуына жол беріп алуы да ғажап емес. Бұл ретте көп айтыла беретін кейінгі жылдары аяқ астында бұзылған экономикалық байланыстарды қалпына келтіреміз деген тіптен ақылға сыймайтын сылтау. Кешегі экономикалық байланыстарымызды қалпына келтіру – кешегі еңбек бөлісу, шикізат пен тауар, технология мен инвестиция алмасуды, демек, кешегі социалистік жоспарлы экономикалық қатынастарды қалпына келтіру болып шығады. Ал егер «кешегі байланыс» деп сол тұстағы қамтамасыз етілген экономикалық тасымал, энергетика, технология жүйелерін үйлестіретін инфрақұрылымдарды ғана ұғатын болсақ, оның да тоталитарлық социализм концепциясынан туындағанын ұмытпаған дұрыс. Сондықтан да, ол бүгінге дейін кешегі барлық арна орталыққа барып құятын ұлы державалық экономикалық монополизмге қызмет етіп бағуда. Ал, ол жаңа тәуелсіздіктердің пайдасына шықпайтыны белгілі. Олай болса, тарихи қалыптасқан экономикалық байланыстарды қайтадан қалпына келтіру жөнінде емес, түбегейлі түрде қайта қарау жөнінде көбірек ойланғанымыз жөн. Ол үшін қалыптасқан инфрақұрылымдармен бәсекеге түсіп, қалыптасқан аймақтық экономикалық монополизмді тежейтін жаңа жарыспалы инфрақұрылымдар жасақтауға баса көңіл бөлу дұрысырақ сияқты. Аса бай шикізаттарымызды, экономикамызды осы заманға лайықтап қайта құруға ауадай қажет жана технология мен тұрақты валютаға айырбастай алатындай жаңа рыноктарға апаратын жаңа инфрақұрылымдар керегірек екендігі даусыз. Олай болса, дәстүрлі интеграциялық кеңістікте кіндігімізден байланып қалмай, жаңа интеграциялық өрістерді де белсене іздеуге мәжбүрміз. Сонда ғана әлемдік континентальдық экономикалық қан айналымына тезірек ат салыса аламыз. Ал кешегі кеңістіктегі әрбір сайлау тұсында барлық тәуелсіз елдерге бірдей қажетті осындай кең қарым интеграцияны сөз етпей, бір гәпті қырық қайтара қайталап, тыныш жатқан жыланның құйрығын қырық қайтара басуға құмарлар көбейіп кетеді. Ол жыланның тілі әлі қандай ұзын, әрі қандай улы екенін думашылардың дуылдатпа қаулысы көрсетіп берді ғой. Қысқасы, бізге тәуелсіздік қымбат болса, ТМД елдерінің қай-қайсысына да әлемдік және континентальдық экономикалық қатынастарға тезірек ұластыратын көп деңгейлі, кең қарымды ықпалдастыққа, жалпы планеталық және континентальдық интеграция кеңістіктеріне батыл қадам басуға ұмтылғанды басым міндет санағанымыз тиімді болар еді.

— Ол жақта біздерді қуана қабылдайды ғой деп ойлайсыз ба?

— Біз прагматиктер заманында тірлік кешіп жатырмыз. Бізді ешқайда ешкімнің де сағынын отырмауы мүмкін. Артық ауыз бен артық иін ешкімге керек емес. Ол керек болса, күні кеше жиырма бес миллион кісі бір түнде шетелдік болып шыға келмес еді. Ондай саяси сентиментализм ешкімге де тән емес. Алайда, былайғы дүниеге біздің бай минералдық ресурстарымыз қажет.

Оның билігі өз қолымызда тұрғанда өзімізбен сөйлеседі. Ал біреу алып кетсе, бізбен шаруалары болмайды. Сол біреулермен сөйлеседі. Біз ықпалдастықты, интеграцияны ойлағанда, осыны естен шығармауға міндеттіміз. «Бөлінгенді бөрі жейді», «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген қағида бұл арада жүрмейді. Бөлінсек бөрі жеп қояды деп шын бөрінің аузында бұлқынып келіппіз. Желінбеген де ештеңеміз қалмапты. Ал қазіргідей технология мен капитал бір тарапқа, табиғи және енбек ресурстары бір тарапқа – екі ұдай шоғырланған дүниеде ешкім де жалғыз қала қоймас түрі бар. Мәселе қашан, кіммен, қай мөлшерде және қандай қағидалар негізінде ықпалдаса білуде болып түр. Тек аз ғана елдер тобымен ықпалдассақ былайғы көптің көзінің сұғында қаламыз. Тек алыспен ықпалдассақ, іргеңнің тынышы кетеді. Жақынмен ғана ықпалдасып, алыстан қол үзіп қалсаң, қайтадан басыбайлы қалыпқа түсіп қалуың ықтимал. Сондықтан үш деңгейлі интеграцияны қатар жүргізіп, бір-біріне басымдық бермейтін әр алуан экономикалық мүдделермен бірдей ықпалдаса білу – саяси тәуелсіздікті орнықтыру үшін де, экономикамызды тездетіп жаңарту үшін де ауадай қажет секілді. Бұл тек біз үшін ғана емес, ТМД елдерінің бәрі үшін де өте-мөте қажет шарт болса керек. Өйткені, олардың ешқайсысы да бүгін таңда өз экономикасын сырттың көмегінсіз өз күшімен қайта құра алмай жатыр. Оның үстіне, қоғамда демократиялық үрдіс мықтап орнықпай, әлеуметтік және саяси реваншизм қайта-қайта бой көрсетіп тұрса, тек кешегі одақтастар болып, қайта ықпалдасып, демократия мен нарықты өзіміздің бірлескен күшімізбен-ақ өрге бастыра қоямыз деп ойлау, ашығын айтсақ, жоққа сенушілік болып шығар еді.

— – Сонда сіз жақын кеңістікпен ықпалдастықты екінші қатардағы іс санайсыз ба?

— Мен жақын кеңістікпен, оның ішіндегі кешегі кеңестік кеңістікпен ықпалдастықты орнықты дамуымыздың кепілі болып есептелетін үш деңгейлі ықпалдастықтың шешуші буындарының бірі деп есептеймін.

Тек біз ғана емес, ТМД-ға кіретін әрбір ел, оның ішіндегі ең ірі Ресей де, ең шағын республикалар да тап осылай ойласа, өзіне де, өзгеге де қиянат жасаған боп шықпас еді деп санаймын. Ол үшін ықпалдастықтың өркениетті жаңа қағидаларына көшуіміз керек. Интеграцияны көршілес отырған ұсақ мемлекеттердің басын қосып, ірі мемлекет жасау деп ұғу – бүгінгі заман үшін кертартпа көзқарас. Ақ отаршылдықты қызыл отаршылдықпен алмастырғаннан мүйізіміз қандай шықпаса, қызыл отаршылдықты ақ отаршылдықпен алмастырғаннан да мүйізіміз сондай шықпайтыны даусыз. Ендеше, егемендікті ықпалдастықтың тежеушісі деп емес, қозғаушы күші деп есептеген дұрыс. Ықпалдастық өзгерсе де, егемендік өзгермеуі керек. Ықпалдастық ұлғайса да егемендік кішіреймеуі қажет. Ол үшін интеграция қоғамдық дамудың құбылмалы динамикасына оңай икемделетін оралымды құрылымға ие болғаны жөн. Үш сатылы интеграцияның бір сатысындағы ықпалдастық басқа сатыларындағы ықпалдастыққа ешқандай кедергі келтірмегені жөн. Әрқайсысы да өз деңгейінде үйлестіру құрылымын құра алады. Бірақ, ол жаңа мемлекет емес, мемлекетаралық ұйым ғана болуы керек. Әрбір ықпалдастық әрекеттің негізгі субъектісі әлгіндегі үйлестіруші ұйым емес, мемлекеттік егемендік болуы тиіс. Сонда ғана халықаралық ықпалдастықтың «әлемдік жаңа империя» үлгісінен кетіп, әлемдік жаңа тәртіп үлгісіне жақындай алуымыз ықтимал.

— ТМД ондай үлгі бола ала ма?

— Қазіргі қалпында бола алмайды. Бірақ, интеграциялық процестің ендігі беталыстарына лайықталып, өзін-өзі қайта құра алады. Алайда, ол өзінің тарихи қызметін жақсы атқарды. Қатерлі ретроградтық тенденциялар шарпылысының сахнасына айналып кете жаздап отырған тартыстарды өршітпеуге едәуір үлес қосты. Сол арқылы интеграцияның жаңа мазмұнға көшуіне, соған лайық жаңа құрылым іздеуіне мүмкіндік туғызып берді. Бір кезде ТМД-ны құруға мұрындық болған Қазақстан оны жетілдіруге де ынталы екендігін талай көрсетті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлденеше рет бастама көтеріп, ол қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл ретте біз бізде бұрын тәуелсіздікке жеткен елдердің тәжірибесін назардан қағыс қалдыра алмасақ керек.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұрынғы метрополия мен доминиондар арасындағы қатынастарды құқықтық негізде бейбіт өрбіту үшін Француз қауымдастығы, Британ достастығы сынды ұйымдар құрылғандығы белгілі. Британ достастығы – Декларациясында көрсетілгендей – «Әрқайсысы өз саясаты үшін өзі жауап беретін, өз халықтарының ортақ мүдделері мен халықаралық өзара түсіністік пен жалпыға бірдей бейбітшілікті нығайту мақсатында өзара кеңес алысып және ықпалдасып тұратын тәуелсіз егемен мемлекеттердің ерікті ассоциациясы» болып табылады. Екі жылда бір шақырылып тұратын үкімет басшылары конференциясы – Достастықтың ең жоғары органы болып саналады. Ал Француз қауымдастығы бірнеше өзгерістерге ұшырады. Ол 1946 жылы Француз одағы болып құрылды. 1958 жылғы қайта құрылған Француз қауымдастығына тәуелсіздік алған Гвинеядан басқа бұрынғы Француз одағының африкалық мүшелері түгел кіргенді. Бірақ, 1960 жылы олар тәуелсіздік алып, бұрынғы Метрополия Франциямен сыртқы саясаттық, қорғаныстық, экономикалық, мәдени, транспорттық, байланыстық қатынастарын екі жақтық немесе көп жақтылық шарттар арқылы шешуге көшті. Ресми түрде тартылғанмен, іс жүзінде үйлестірушілік қызмет жүргізбейтін ұйымға айналды. Ал Африканың бірлік ұйымы, Америкалық мемлекеттер ұйымы, Латын-америкалық интеграция ассоциациясы сынды ұйымдар тәуелсіздік алған жаңа мемлекеттердің сауда мен қатынастарда өз мүдделерін бірігіп қорғауын көздейтін мемлекетаралық ұйымдар ғана болып есептеледі. Олар тәуелсіздікті күшейтпесе, әлсіретпеуге күш салып келеді. Егер біз бұрынғы екіұдай дамудың орнына, енді көп ұдай даму келеді дейтін болсақ, онда жаңа блоктық идеология мен жаңа гегемонизмдердің тайталас дүниесіне қайта айналамыз. Орнықты дамудан күдер үземіз. Ал егер күллі планетамыздың біртұтас кеңістікке айналғанын ескерсек, онда технологиялық та, праволық та стандарттардың бірыңғайлығын мақұлдағанымыз жөн болып шығады. Ол мемлекетаралық экономикалық-саяси ықпалдастыққа үйлесімді арна жасайды. Ол арнаның бойымен адамдар да, тауар да, технология да, капитал да ықпалдасушы жақтардың қай-қайсысының да мүддесін ескере отырып, тиімді қозғалысқа түсе алады. Ол мүдделерді мөлшерлеу мен анықтаудың және үйлестірудің бірден-бір жолы – мемлекеттер егемендігі мен тәуелсіздігін құрметтеу және сақтау болып табылады. Адамзат қоғамының қаншалықты ізгілене түскенін оның ең басты өлшемдік монады – жеке адамды және оның құқы мен мүддесін қаншалықты ескеріп, құрметтейтіндігімен белгілей аламыз. Ал сол монадтардың адамдардың ғасырлар бойы тарихи қалыптасқан тұрақты жиынтықтары болып табылатын ұлттар мен олардың мемлекеттілігін сыйлау да – әлемдік ізгіленудің ең басты сипаты болып табылады. Қазір жер бетінде бар қажеті өзінен табылатын бірде-бір мемлекеттің жоқтығынан туындайтын ресурс, капитал, технология зәрулігін жеңілдетудің жолы бар мемлекеттерді біріктіріп, аймақтық континентальдық, планеталық мемлекеттер құру емес, әр мемлекеттің тәуелсіздігі мен мүдделерін сыйлай отырып, аймақтық, континентальдық, планеталық интеграциялық өрістер ашу болып табылады. Әрбір өріс өзіне мүше мемлекеттің екінші, үшінші өріске де шығуына кедергі келтірмеуі қажет. Ол үшін оның егемендігіне ешқандай қол сұғылмауы тиіс. Осыны ескермей, көп ярусты интергацияны кешегі кеңестік кеңістікпен ғана шектеп, ондағы мемлекеттердің интеграцияға әзірлігіне байланысты, жаңадан жасалған одаққа біреуінің бүгін, біреуінің ертең, біреуінің бүрсүгіні келуі ықтималдығымен шатастыру да бой көрсетіп қалып жүр. Бұндай интеграционизм аймақшылдық эгоизммен, соған мұрындық болатын гегемонизммен, одан туындайтын блокшылдықпен күресуге кепілдік бола алмайды. Одан сақтану үшін үш деңгейдегі үш интеграциялық өрісті қатар дамытуымыз қажет. Қазіргі дүниеде интеграционизмнің мұндай дайын үлгісі әзір жоқ. Ең кең қарымды интеграциялық үлгі деп құрылған, құрамында Жапония, АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия сынды дамыған елдер де бар «Тынық мұхит қауымдастығы» Вашингтон – Токио кіндіктестігі гегемонизміне жол беріп алмау мәселесін әлі шеше алмай отыр. Ал мәдени өркениеттік құрамы бір ыңғайлас мемлекеттерден тұратын Британия, Франция, Германия, Испания, Италия сынды бірінің үстем түсіп кетуіне бірі жол бермейтін деңгейлес мемлекеттердің төңірегіне топтасу арқылы мемлекеттердің теңдігі мен патриоттылығын қамтамасыз етуге белгілі мөлшерде ие Еуропа одағының өзі Маастрихт шешімінің қабылданғанына екі-үш жыл өтпей жатып, биыл үкіметаралық конференция өткізіп, өзінің құрылымдық және іс-әрекеттік қағидаларын қайта қарамақшы. Ал кешегі кеңестік кеңістік – әлі демократиялану, нарықтану, ізгіліктену процестерін ойдағыдай өрбіте алмай, саяси идеологиялық кедергі күштерді еңсере алмай, кейде олардың белең алып кетуіне жол беріп алып отырған орнықсыз кеңістік. Онда тек ішкі ықпалдастық қана емес, сыртқы ықпалдастық та күшеюі тиіс. Онда әлгі айтылған үш деңгейлі ықпалдастықтың үшеуі де бірдей инновациялық және ұтымды жүргізілсе ғана көздеген мақсатқа жеткізе алады. Ал қазір ол кеңістіктегі ішкі интеграциялық құрылымның түбегелі нұсқасын жасақтауға ұмтылу әлі ерте, әрі қатерлі. Ерте болатыны – реформа ойдағыдай өрістей алмай жатыр, ойлаған жерден шықпай жатыр. Қауіпті болатыны – мұндай аума-төкпе кезеңде жасақталған құрылым кешегіні қайта оралту, әлеуметтік және ұлыдержавалық реваншизмді қайта ояту сияқты ретроградтық пиғылдардың бір-бірімен ұштасып тұтасып кетуін пайдалануға мүдделі күштер бар екендігіне Мемлекеттік Думаның аталмыш қаулысы көзімізді жеткізе түскендей.

— Бірақ, ішкі ынтымақ пен сыртқы ықпалдастық жолында бәрібір қажет дейсіз ғой.

— Әрине. Екеуін де өтпелі кезеңнің құбылмалы ахуалына орайластырып, өте ұқыпты және өте икемді жүзеге асыра біле алсақ, лазым. Өйтпесек, опық жейміз.

— Әбеке, әңгімеңізге рахмет.

1996.

СУДЬБА РЕФОРМ – СУДЬБА НЕЗАВИСИМОСТИ

Двадцатый век ещё больше убеждает нас в пародоксальности человеческого миропонимания. Абсолютно к противополярному результату привели сверх глобальные замыслы. Трижды потерпело крах стремление к общепланетарному господству. Первая мировая война сокрушила восточноевропейские империи и тем самым позволила взять старт национально-освободительному движению. Точно к такому же результату привела и вторая мировая война. Вместо образования новой сверхкрупной державы распались западноевропейские мировые империи. Раскрепостились Африка, Южная и Юго-Восточная Азия. Ничем не отличалась от двух предыдущих и третья мировая, но «холодная» война. Долголетнее напряжённое противостояние двух мировых систем довело до абсурда их геополитические амбиции. Потерпел поражение тоталитаризм от демократии, экономической детерминизм от экономической свободы, идеология классовой неприязни от общечеловеческого гуманизма. Вынуждена была признать это даже коммунистическая верхушка, слишком поздно затеявшая перестройку общества. Резкий переход на противополярную позицию, начисто отрицающую проводившийся годами курс, не мог не ударить смертельно по тоталитаризму и не провоцировать тем самым центробежные тенденции. Такова предыстория нашей независимости. Но она ничуть не умаляет ни его узко национального, ни обще цивилизационного значения. Это следует акцентировать особо. Ибо имеет место скептическое отношение к процессам, происходящим на постсоветском пространстве. Нередко раздаются пренебрежительные толкования понятий «суверенитет», «независимость», «демократия». На такое кощунство никогда не было способно ни одно цивилизованное общество. Но и цинизм подобного рода оборачивается роковой бедой для сотен человеческих жизней, оборванных безрассудным неприятием неотступной логики самой истории. Однако распад сверх тоталитарной империи, простиравшейся на одну шестую планеты, на новые независимые государства – факт неоспоримый. Как бесспорный факт неукротимости воли народов к независимости, людей к свободе. Такая же общепризнанная реальность исторический выбор, сделанный независимым Казахстаном, решительно порвавшим с сектантской особой моделью развития и вернувшимся на испытанный многими народами и странами цивилизованный путь достижения свободы и процветания. Весь мир признал его суверенитет и независимость. Питает симпатию к выбранному им курсу демократии в политике, рыночных отношений в экономике, гуманизма и либерализма в идеологии. Верит в его будущее. Подкупает последовательность в обеспечении мира и согласия в обществе. Но переход от тоталитаризма к демократии никогда не был лёгким. Не лёгким оказался он и для Казахстана, служившего десятилетиями испытательным полигоном для разного рода экспериментов экологического и социального волюнтаризма, когда материальные ресурсы преднамеренно были отчуждены от моральных, добыча сырья от его обработки, производство от сбыта своих продукций. Реформам с такими исходными данными, конечно, не суждены быстрые успехи. Судя по всему, советская руководящая элита и при этом, видимо, не обошлась без «пагубной самонадеянности». Инициативы по координации усилий государств, совместно приступивших к модернизации общества, пока не нашли должной поддержки. Исторически сложившиеся связи не стали ещё надёжными каналами сотрудничества во имя коллективного выхода из кризиса. Вместо этого нередко используются как инструмент давления. Финансовые, коммуникационные, энергетические, платёжные рогатки мешают оздоровлению нашей экономики. Но такая большая экономика боком вышла для всех наших постсоветских соотечественников. Нелегко живётся людям. Сильный разброс позиций и тенденций активизируют разного рода спекуляции вокруг реальных трудностей. Складывающиеся отношения не во всем совпадают со сложившимся социокультурным укладом жизни. Оттого и всплывают то узколобый традиционализм, то разрушительный радикализм, то малопродуктивный эклектизм. Но как бы ни складывались обстоятельства, недопустим отход от инновационной направленности процессов. Это возможно лишь при всеобщей осознанной мобилизованности на поиск оптимального решения, не допускающей стихию крайностей. В период усиливающейся стратификации интересов, плюрализации позиции создание такой конструктивной атмосферы по плечу только государству, призванному бить социальным медиатором, сближающим позиции, сплачивающим общество, предотвращающим дезорганизующие преценденты. Это немыслимо без сознательного самоопределения каждого в такой переломный момент. К этому призывает и Президент Нурсултан Абишевич Назарбаев в своём недавнем послании к своим соотечественникам. Это обязывает каждого из нас делать правильные выводы из происходящего, верно ориентируясь на предстоящее, оптимитизируя принимаемые решения. Если так подходить к сути идущих у нас процессов, то не сложно убедиться в том, что судьба каждого казахстанца, независимо от его происхождения и социальной принадлежности, зависит от судьбы суверенитета и независимости нашего государства. А последние от успехов проводимой нами реформы. Не первый год идёт у нас реформа. Она, как обычно, должна преследовать цель раскрепостить экономическую свободу. Поощрять стремление каждого заработать, даже разбогатеть честным трудом. Тем самым добиваться максимального роста экономики страны. Обеспечивать высокий уровень жизни населения. Полную занятость всех, кто желает и способен работать. Социально защитить тех, кто в ней объективно нуждается. Не допустить пребывания в крайней нищете одних, когда другие купаются в роскоши. Пресекать и инфляцию, и дефляцию – стабилизировать цены. Повысить эффективность производства, максимируя отдачу, минимизируя издержки. Укрепить экономический суверенитет государства, активно вовлекая его потенциал в мировое хозяйство. Казахстан обладает всем необходимым для этого. Природными ресурсами не обделён. Население небольшое. Образовательный уровень работающего контингента не ниже, чем в развитых странах. Социокультурная и институциональная среда в значительной степени восприимчива и подготовлена к индустриализации и модернизации образа жизни. Имея природные и трудовые ресурсы, несложно заиметь капитал и технологию, необходимые для конкурентоспособности экономики. К сожалению, столь завидные стартовые возможности ещё не привели нас к адекватным результатам. Производство падает. Цены растут. Наступает безработица. Смена типа собственности само по себе не ликвидировала монополизм, не породила конкуренцию. Высокие банковские ставки, дорогие акции, налоговая свирепость пустили в бегство крупный капитал, приучили средний укрывать доходы, а мелкий – принудили к в младенчестве. Плотно закрыли широким слоям дверь в предпринимательство. Не развивается сеть малого и среднего производства. А старые громоздкие, не конкурентно способные предприятия не могут найти доноров для модернизации. Не устраивая инвесторов, переходят из рук в руки. Вероломное аннулирование сбережений, спонтанная либерализация цен, замораживание зарплаты молниеносно свели на нет не только инвестиционную активность, но и элементарную платеже способность честного труда. А огромный капитал, накопленный самыми доходными статьями предприимчивости переходного периода – около номенклатурным экономическим протекционизмом, дикой коммерций, мафиозным бизнесом, нелегальными поборами и рэкетом – в поисках «тихой гавани» либо лежит в офшорных банках, либо инвестирует чужое производство, либо ещё пасётся на чёрном теле все ещё до конца не разобравшихся в ситуации простодушных соотечественников. Честных инвесторов извне долгое время пугала длинная вереница санкций, разрешений, посредников и поборов. Сомнительные быстро сращивались с ещё не до конца легализированным доморощенным крупным капиталом. Да, и официальная помощь и инвестиции извне зачастую использовалась не эффективно, не всегда по назначению – на структурную перестройку и реабилитацию экономики. Внешнеэкономическая деятельность лишена гласности и вызывает не только кривотолки, но и обоснованное недопонимание общественности. Ведь она должна осуществляться не на уровне келейных расчётов руководящего чиновничества, а убедительных для многих перспективных интересов государства. С каждым годом все возрастает экономический снобизм. Снижается социальная ориентированность рынка. Власти методично освобождает себя от подобного рода забот. Не говоря о других высоких материях этой сферы, пущены на самотёк даже своевременная выплата зарплаты и пенсий. Не видна борьба с безработицей. Реабилитация промышленного производства осуществляется за счёт банкротства и беспощадного сокращения инженерно-рабочего контингента. Сверхдраматична занятость у селян. Только этим можно объяснить низкий уровень занятости (до 65 процентов) в Южно-Казахстанской и Кзылординской областях. Не лучше этого обстоит дело в районах с казахским населением и других областей. Перевод всей национальной экономики на рельсы частной собственности почти в том виде, в каком она находилась в составе обще советского народнохозяйственного комплекса, сохраняя характер чисто сырье добывающей направленности, без новой оптимизации её профилей и объёма производства с учётом потребностей суверенного государства, всерьёз тревожат людей: не приведёт ли все это к безоглядному разрушительному растранжириванию и материальных, и моральных ресурсов страны. Реформа без учёта адаптационной эластичности общества нередко превращается в свой антипод. Отсюда и паралич производства, и спекулятивность бизнеса. Так обстоит дело на всем постсоветском пространстве. И мы – не исключение. Явный утилитаристкий подход к реформе, допущенный при старте перестройки и сводивший затем все к спешному переделу собственности и власти, чем дальше, тем больше лишает её демократический направленности и сужает социальную базу. Об этом недвусмысленно высказался недавно российский электорат. На это не раз указало нам и наше население. Даёт о себе знать ностальгия по прошлому, желание реставрации тоталитаризма, растаскивания моральных и социальных ценностей реформы по локальным миркам. Должно служить серьёзным предупреждением то, что неадекватная отзывчивость властей на ожидание общественности кое-где довело дело до угрозы ставки на ставленника солдатчины или толпы, до образования общественных комитетов спасения. Это вызывает невыдуманную тревогу о перспективе реформы, до и общества в целом. Как быть? Тотальный поиск виновников ещё больше обострит кризис и не только в экономике. Социальный реваншизм и репрессивные меры по экономическим мотивам никогда не приводило общество к добру. Тем более в переходное время, когда не во всем достигнута правовая определённость и много ещё не стадии становления. И так сегодня низок в народе престиж реформы, деловых людей, политиков Парламента, Правительства, да и вообще власти. Выход – в ясном и твёрдом осознании того, что перелом к лучшему не возможен, пока каждый рядовой человек не будет лично заинтересован в успехе проводимых реформ. Тут, видно, не обойтись без конструктивной воли государства. Слишком рано, оказывается, мы делали ставку на саморегулирующий потенциал рынка. Ведь его как такового у нас ещё нет. Да и при развитом рынке не всегда без вмешательства государства. Иначе, не было бы ни рейганомики, ни тэтчеризма, ни рузвельтовских починов. А у нас не с большим желанием да и то после жарких, не всегда безобидных дискусий взялись за пересмотр антикризисной программы. Как говорится, лучше поздно, чем никогда. Но это будет оправданным, если преодолеем инерцию стихийного рынка, рационализируем дальнейший ход реформы. В пользу повышения её социальной ориентированности. В пользу последовательной демократизации, а не олигархизации экономических отношений. В пользу разорившегося отечественного производителя и потребителя, добросовестного зарубежного инвестора и партнёра. В пользу, наконец, трудоспособного большинства, жаждующего испытать сво ё счастье на поприще новой экономики, и тех широких слоёв населения, которые сегодня оказались в проигрыше и затруднении. Бесспорна необходимость выработки принципиально новой системы приоритетов: нового оптимума развития страны и регионов; экономической интеграции с сопредельными и дальними рынками; создания новой инфраструктуры, обеспечивающей активное участие в мировом хозяйстве. Все это невозможно без переноса акцентов со сферы обращения на сферу производства, с гигантомании на оптимизацию производства, расширяющую сеть малых и средних предприятий, более эффективно решающих проблемы борьбы с монополизмом, занятости, насыщения рынка товаром, бюджета налоговыми поступлениями. Немыслимо это без минимизации прав и полномочий вертикальных институтов управления экономикой за счёт максимизации роли институтов горизонтальных. Ибо без развития предприятий нет развития регионов, без развития регионов нет процветания страны. Достижимо это лишь путём законодательного регулирования. Словом, дела у нас не столь уж беспроблемные, чтобы их оставить так, как они есть; и не настолько уж бесперспективные, чтобы все возвратить на былые круги своя. Самое главное, народ ждёт улучшения экономической ситуации. И верит в то, что в стране есть трезвые силы, чьи инновационная устремлённость и медиаторский талант не раз способствовали Казахстану достойно выйти из труднейших перипетий перестроечного лихолетия, что они и на сей раз не подведут и самих себя, и своих сограждан, и доведут до ума идущие реформы, что они принесли людям желанный покой, достаток, оптимизм. Трезвый анализ, искреннее сострадание к людям, обстоятельность и взвешенность как никогда важны сейчас и для исполнительной власти, которую само время экзаменует на реализм и изобретательность, и для законодательной власти, которую электорат испытывает на принципиальность и объективность. Только тесное взаимодействие всех ветвей власти, общественных сил, исходящее во всем из суровой реальности, а не из радужных иллюзий и корыстных амбиций, опирающееся на конструктивность диалога и взаимоуважение способно остановить спад экономики и скатывание в политическое ретроградство. Необходимо ещё раз подчеркнуть, что инициатором такой конструктивной духовной и практической общенациональной самомобилизации по рационализации проводящейся реформы должны выступить не силы, борющиеся за власть, а силы, стоящие у реальной власти. Это будет позитивно отражаться на моральном самочувствии общества, укреплять веру в перспективу реформ, суверенитета и независимости государства. Ибо, по идее, именно они больше всех должны быть заинтересованными в стабильности, недопущении спонтанной поляризации социальной энергии населения в момент его столь динамичной и неотступной стратификации. Но это неосуществимо без политической предусмотрительности и неуклонной приверженности к постоянному компромиссу в обществе. Думаю, пять лет независимого развития вполне достаточно для усвоения этой очевидной истины общественного обновления.

«НАМЫСТЫҢ СӨЗІН СӨЙЛЕЙІК...»

— Әбеке, жігіт ағасы жасына келдіңіз. Талайды көрдіңіз. Талайы ұмытылса да, талайы есіңізде. Сөйте тұра, өзіңіз бен халқыңыздың осы тағдырына ризасыз ба?

— Уақыттың өтетіні рас. Көп нәрсенің ұмытылатыны да рас. Бірақ, өмір бір-ақ рет беріледі. Ол қандай жағдайда өтсе де, бәрібір қымбат. Сондықтан, өткенге өкпе жүрмейді. Мәселен, мен тумай тұрғанда, әкем мен шешем Сібір ауып кете жаздапты. Шонжар аталастарымызбен бірге қамауда отырғандарында, қыс қатты болып, күллі әулетіміз аяқ асты жұтқа ұшырапты. Ел ішінде бәрібір тыныштық болмасын біліп, көрші елдерге босып барыпты. Иран өтіп кете жаздап, түрікпен, әзірбайжан, дағыстан айналып, соғыс алдында ғана елге оралыпты. Көзімізді ашпай жатып, соғысқа ұрындық.

Әкеден айырылдық. Бомбылауды көрдік. Жоқтық пен жітілікті молынан таттық. Есейгесін де ел қатарына қосылу оңай болмады. Соның салдарынан талай талантты да білікті тұтастарым қыршын кетті. Аштық, жалаңаштық, індет, жетімдік пен жоқтықтан жабысқан ауру-сырқау, әлеуметтік әділет пен қоғамдық қолдаудың жетіспеуі көбінің көрер қызығын ерте қырықты. Бұның бәрін ойласам, бұл күнге де жеткеніме қалайша тәубе қылмаспын?! Ал, халқымызға келетін болсақ, әуелден жолы ауыр жұртпыз. «Бұл қонысқа қондырған ата-бабам оңбасын таңда сират басында»,– деп Махамбет тегін айтпаған шығар. Өз жерімізге өзіміз ие болудан қалдық. Өз дәулетіміздің игілігін өзіміз көре алмадық. Өзгелер өзге топырақта кіріптар болса, біздер өз топырағымызда өзіміз кіріптар болдық. Отаршылдық пен кемсітушілікті одақтастық пен теңдік деп ұқты. Өз ішімізде де алалаушылық аз болмады. Бірақ, құрымаппыз. Құрдымға кетпеппіз. Орынымызда қалыппыз, оңалармыз. Бұған қалай «тәубә» демессің?! Енді сол тәубені ел қатарлы ел боп кететін тәуекелге айналдыра алсақ – жарағанымыз. Әдебиетті тастап, саясатқа келуіңізге де сол тәуекел себеп болды ма?

— Әдебиеттен ешқайда кеткен жоқпын. Саясат та маған әуелден таңсық сала емес. Халық тағдыры – қашанғы өзекті тақырыбым. Енді оған кең көлемде араласуға мүмкіндік туып отыр. Әрине, тек әдебиетпен ғана шұғылданып та атақ шығаруға болады. Бірақ халқың санатқа қосылмай тұрып, өзің санатқа қосылғаннан бәрібір ұшпаққа шықпайсың. Сондықтан, еліңнің терезесі теңелуі жолында, қолыңнан не келсе, соның бәрінен аянбаған жөн деп білемін.

— Осы жолда жүргенде өкінген тұстарыңыз болды ма? Өзіңізге, не біреуге ренжіп өкпелеген тұстарыңыз болды ма?

— Өткен өмір жолына тәубемен қарайтынымды айттым. Бірақ, мақсат пен арман қашан тауыстырған?!

Бірақ, кешегі жетпегенге бүгін жетем, бүгін жеткізбегенге ертең жете алам деген үміт пен сенім адамды да, қоғамды да ілгері жетелейді. Өткенге өкінуге болар. Өкініш – өзіңді-өзің қамшылау. Өзіңе-өзің риза болмау. Оның ерсі ештеңесі жоқ. Ал, өкпелеу – өзіңе емес, өзгелерге міндетсіну. Ол анау айтқандай, абырой әперетін қасиет емес. Оның үстіне, қазір жеке шауып, бәйге алуды мұрат тұтатындай заман емес қой. Ұлт болып ұйысып, ұпайымызды түгендесетін кезең ғой. Ол үшін ортақ мүдде мен ортақ мақсаттарды көбірек күйттеуге тура келеді. Ондай қам-қарекеттің жоғарысы мен төмені, төрі мен босағасы болатын ба еді?! Қолыңа тиген пұшпағыңа ие бол да, көп қамы жолындағы ортақ теріні бірге илес. Қолыңнан шығарып алсаң, өзгелерге ұрынба, өзіңді өзің қайра... Бірақ, ешкімді баса көктеме!.. Өз басымның, қайранымның жеткенінше ұстанар қағидам осы...

— Баспасөз бетіндегі бір сұхбатыңызда: «саясаттағы жалғыздығымнан арылғанда ғана тізгінімді босатамын» (Я раскрепощусь тогда, когда перестану чувствовать себя политиком-одиночкой) дедіңіз. Бірақ бүгінгі саяси майданда неге жалғыздық көріп жүргеніңізді ашып айтпадыңыз. Шындығында ол қандай жалғыздық?..

— Мен саясатқа әдебиеттен келдім ғой. Ал әдебиетті топтар емес, тұлғалар жасайтыны белгілі. Ал саясат қоғамдық мүддеден туындайды. Ол мүдделер қақтығысы арқылы жүзеге асады. Бірақ, ондай қақтығыстар қоздайтын қат-қабат жағдайлардың шешімін де көбіне-көп топтар емес, жекелеген тұрлаулы тұлғалар тауып жатады. Сондықтан, саясатта да саяқ жүруге болады деп есептеймін. Елбасылыққа, үкіметбастылыққа таласқан адамдарға болмаса, мен секілді қал-қадарынша қоғамына көмектесуден басқа мақсаты жоқ саясаткерлерге топ құрып, дүрмек бастап, дуылдатып жүру шарт емес деп ойлаймын.

Оның үстіне, өтпелі кезеңнің айқыш-ұйқыш көзқарастарының бәрі-бәрі көңілден шыға бермейді. Соны көре-біле тұра, біреуге обал-сауабымды арта салуға да немесе өз алдыма қозғалыс ұйымдастырып, біреулердің обал-сауабын арқалауға да құлықты емеспін. Сенім көрсетіліп, міндет артылып жатса, шамам келеді десем, келісуге, шамам келмейді десем, бас тартуға бел байлап келемін. Ешқашан сұранып, қызметке барып көрген емеспін. Артылған сенімді ақтауға күш-жігерімді аяп қалған да емеспін. Біреудің пікірін қолдасам, өз еркіммен қолдап, біреуден қателессем, ол үшін өзімді ғана айыптап келе жатқан адаммын. Сондықтан да, саясатшы әрдайым белгілі мөлшерде өзін саяқ сезінуге, пікір дербестігін жоғалтпауға тиісті деп санаймын. Ол, әрине, оңай шаруа емес. Әсіресе, бүгінгідей тарихтың талма тұсында қазіргідей жағдай ойдағыдай оңалып кете алмай тұрған тұста саясат оқ жауып тұрған майдан даласындай қатерлі аймақ боп қала береді.

— Сонда Сізді қандай нәрсе көбірек алаңдатады?

— Қай істе де қапысыз ойластырылған шешім болмаса, халықтың босқа обалына қалып, қолға түсіп тұрған тарихи мүмкіндікті текке тәрк етіп, ғапыл қалуымыз мүмкін ғой.

Сондықтан, бір кезде атымен басқа мемлекетте атымен басқа мақсаттармен қолға алынған бастамалардың шылауымен кете бермей, жаңа тіккен отауымыздың жоғы мен жітігін, қажеті мен зәруін егжей-тегжейлі ескеріп, бәрін өз бойымызға шақтап, ақылға сиымды реформа жасауды жақтап келемін.

— Ол үшін...

— Бір кезде үш жүз миллиондай халқы бар әлемдік державаға қызмет етіп келген қазақстандық экономикалық кешенді сол көлемінде, сол құрамында, сол бағытын сақтай отырып, нарыққа көшеміз деу босқа шашылу болып шығар еді.

Он жеті миллион халықтың әл-ауқатын әлсіретпей, еңбекке жарамды бөлігін жұмыспен қамтамасыз етіп, табиғи ресурстарымызды ұтымды пайдалану есебінен экономикамызды шикізат қана емес, дайын тауар да шығара алатындай қылып, нарықтық жүйеде қайта құруға қажетті технология мен инвестиция тауып, кеңес одағынан қалған инфрақұрылымның бірде төлемдік, бірде энергетикалық, бірде тасымалдық қысым жасап, қайта-қайта қылғындырумен келе жатқан қыл тұзағына біржолата кіріптар болып қалмай, алыс-жақын жаңа рынокқа шыға алатындай жаңа жарыспалы инфрақұрылымдар жасауға мүмкіндік беретін жаңа экономикалық тәуелсіздікті – ең басты басым мақсат санауымыз керек еді. Экономикалық ықпалдастарымыздың құрамын, олармен жасалатын алыс-берістің түрлері мен мақсаттарын, жүзеге асырар реттіктері мен шарттарын түгелдей нақтылы қайта қарауымыз қажет еді. Ол бірақ ұзақ уақытқа дейін жүзеге аспады. Экономикалық билік басындағылар бұл тарапта іс қылмақ түгілі сөз сөйлеудің өзін азайтып жібергені белгілі. Ауыздарын ашса бар пәлені тарихи қалыптасқан қатынастардың бұзылғанына жауып бақты. Ал оны қалпына келтіру деген сөз саясатта тоталитаризмге, экономикада әкімгершілік үйлестірмешілдікке қайта оралу болып шығар еді. Өйткені, біздегі көп айтатын тарихи жолмен қалыптасқан қатынастар емес, кейінгі жетпіс жыл ішінде әлгіндей мақсатпен күштеп қалыптастырылған озбырлық инфрақұрылым еді. Оны қайтадан қалпына келтіріп, теңдікке жетіп, демократия орнатып, нарыққа көшіп, қарық болып жарытпасымыз белгілі. Оны, бірақ, реформа тағдырына жауап беретін экономикалық штабтар бірден түсіне қоймады. Олардың бағдарламаларына құқықтық негіз жасап беретін заң шығарушы орындар да бірден түсіне қоймады. Бұл – бір үрдістен екінші үрдіске көшіп жатқан қоғам үшін субъективті емес, объективті жағдай еді. Тоталитаризм оңай күйремеді. Әуелі саяси құрылым күйремейінше жаңа экономикалық қатынастар орныға қомайды. Оның бәріне белгілі бір уақыт керек еді. Сондықтан бұл мәселені бірден күн тәртібіне қойып, бірден қолға алуға кешегі кеңестік саяси күштердің қалыптасып отырған ара салмағы айтарлықтай қол байлау болып келді. Ол кедергілер әлі де болса, арылған жоқ. Әлі де болса, тірсектен қағып, қадым аштырмай келеді.

— Ал, кейінгі кездегі өзгерістер ше?

— Рас, бұл бағыттағы жұмыс ұлттық валютамыз шығып, дербес финанстық жүйе қалыптасуына байланысты ғана белгілі бір арнаға түсе бастады. Кейінгі кезде жаңа ықпалдастар көбейіп, шетелдік инвестиция тарту жандана бастады. Бірақ, бұл істе әлі де болса тиісті жариялылық жетіспеуінен әр түрлі алып-қашпа сөздер көп. Кейбіреулер бұны ұлттық байлығымызды талан-тараж ету деп ойлайды. Сондағы ұсынатын жолдары – кәсіпорындарды еңбек ұжымдарына беру. Бұл – сонау Николай Рыжков үкіметі тұсында жүзеге асырылған шаруа. Бірақ, содан бергі уақыт ішінде тек технологиялық жағынан тоқсан проценттей сыртқа тәуелді Қазақстандық индустриялық кәсіпорындар нарыққа әбден икемсіз екенін көрсетіп, тұралауға ұшырады. Ондай банкрот экономика елді асырамақ түгілі өзі масыл бола бастады. Оның үстіне, кешегі ведомстволық эгоизм тұсында қалыптасқан индустрия алыптары,– расына келгенде, өздерімен өздері тұрған экономикалық гарнизондар еді. Оларды өз ұжымдарына беру деген сөз кешегі орталыққа тәуелді ахуалды сол қалпында сақтап қалу деген сөз боп шығар еді.

Ол орталық ведомстволар бүгін басқа елдің қарауындағы компаниялар мен корпорацияларға айналды. Демек, біздің кәсіпорындарымыз сол баяғы тәуелді қалпында қалса, ол қандай нарық, қандай экономикалық тәуелсіздік болмақшы. Сондықтан, олар нарық заңымен тендерге салынып, жаңа технология мен тұрақты валюта әкеле алатындай тиімді ықпалдастар құзіретіне жол ашуы қажет еді. Тіпті, осы соңғы жолдың өзіне көшкенде де бұрынғы одақтық ведомстволық монополизм шетелдік компания, ұлтаралық финанстық өнеркәсіптік топ дейтін жаңа құрылымдарды желеу етіп, қайтадан қол сала қоймайтыны неғайбыл жағдай. Бірақ, бұл қауіптен де тек экономикалық ашық бәсеке арқылы құтыла аламыз. Ал ұлттық кәсіпорындарымызды неге отандық кәсіпқорларға бермейміз деген сауалға келер болсақ, бізде отандық ірі кәсіпорындарымызды қаржыландыруды игеріп кете алатындай ірі ұлттық капитал мен ірі отандық кәсіпкерлік әлі қалыптаса алмай жатыр. Қолда бар отандық кәсіпкерлік отандық бұйымдар шығаруға, отандастарымызға жаңа жұмыс орындарын жасап беруге, мұқтаж топтарды әлеуметтік қамсыздандыруға айта қаларлықтай ат салыса алмай отыр. Соған қарағанда, қайта құру қолға алынғаннан бері жіліктің майлы басын ұстап келе жатқан іскер топтарымыз ұлттық капитал түзіп, отандық инвестициялық белсенділік туғызуға әлі құлықсыз, әлі қауқарсыз, шетелдік капиталмен тек жең ұшынан жалғасқанға мәз компродорлық топ болып қалып қоймас па екен деген күмәннің орынсыз еместігін дәлелдегендей. Бәлкім, бұндай жағдайдан кіші және орта кәсіпкерлікті жаппай дамытып, экономикалық бәсекешілдікті ойдағыдай дамыта алсақ қана құтылатын шығармыз. Не де болса, бүгін таңдағы реформаның әлі де болса, жан-жақты ойластырылып, пысықтай түсер тұстары жеткілікті екендігі даусыз. Оны мұқият ескермесек, реформаны жақтайтындардың емес, жатсынатындардың саны көбейе түспекші. Бұны билікке таласушы күштердің пайдаланып қалуы сөзсіз. Жаппай күмәнданушылықты күшейту арқылы әлеуметтік шамырығушылықты асқындату демократияның да, реформаның да, тәуелсіздіктің де пайдасына шықпасы белгілі. Сондықтан мен өзім білгенді ешкім білмесін деп, болып жатқан процестерді көпшілікке жан-жақты түсіндіріп беруге құлқы соқпайтын, сол арқылы нарық пен реформаны азғантай адамдар ғана түсініп, азғантай адамдар ғана жүзеге асыра алатын іс деп есептейтін экономикалық снобизмді мақұлдай алмаймын. Сондай-ақ осыны пайдаланып, реформадан ұтылғандардың ашу-ызасын күшейтіп, әлеуметтік кекшілдік өртіне тамызық тамызып, тезірек билікке жеткісі келетіндерді де құптау қиын. Ол екі бағыттың екеуі де реформаға ынтаны күшейтпейді, тәуелсіздікті бекемдей түспейді, демократияны нығайтпайды. Көп уақытқа дейін бұл екі тарап пиғылдың екеуіне де қосыла алмадым. Бірақ қоғамдық сана бұл қалпында қала береді деп ойлаған емеспін. Билікте монополизмнің, экономикада олигархияшылдықтың, идеологияда экономикалық снобизм мен әлеуметтік кекшілдіктің көсегемізді көгертпейтініне күн санап көзіміз жете түсінетініне күмәнданған емеспін. Саясатта пікір алуандығына негізделген демократияны, экономикада көп мүддесін көздейтін әлеуметшіл нарықты, идеологияда адамгершілік пен әлеуметтік бәсеңдікті қастерлейтін гуманизм мен либерализмді жақтайтындар қатары көбейе түсетініне сендім. Ол үшін қол қусырып отыра беруге болмайды. Мәмілеге ұмтылу керек. Оны билікке таласушы күштер емес, шын билікке ие күштердің бастағаны тәуелсіздігіміздің өміршеңдігіне көбірек тиімді болады деп санадым. Елбасымыздың реформаны жетілдіріп, оған көпшілікті көбірек жұмылдыруға бағышталған бастамалары сол мақсаттан шығып жатыр деп ойлаймын. Бұндай тұста өз көңіл әуенімен оңаша қап, бас бағып кетуді жөн көрмедім. Президент шақыруын қабыл алып, командасына қосылдым.

— Сөз бен істің сай болмауы, бүгінгі саясаткерлерімізге деген елдің сенімін жоғалта бастады. Елімізде басталған реформалардың ілгері жүрмей, тоқырап, тоқтап қала беруіне нақтылап айтқанда қазір кімдер кінәлі?

— Сіздің бұл сұрағыңызға белгілі мөлшерде жауап беріп үлгерген сияқты едім. Тұралай беруіміздің басты себебі, тағы да қайталаймын, реформаға керекті дайындық жасамай, асығыс кіріскеніміз. Оған бұрынғы Кеңес Одағы мен Коммунистік партия басшылығы жауапты. Өз алдымызға мемлекет боп шыққан соң, ендігі күніміз қандай болады деп, күллі ел боп ақылдасып мақұлдасып алмай, біздің еркімізден тысқары басталып кеткен өзгерістердің шылауы мен шырмауында ұзақ уақыт жүріп алғанымыз. Оған, жоғарыдағыларымыз да, төмендегілеріміз де түгел айыптымыз. Өйткені, реформа біздің еркімізден тысқары босатылып кетті. Оның тізгіні көп уақытқа дейін өз қолымызға тиген жоқ. Тиген кезде тосын құбылыстың қыр-сырына түгел қаныға қою оңайға түскен жоқ.

Бүгінгі кең қарымды реформаны да санаулы саясаткерлер емес саналы көпшілік қана ойдағыдай жүзеге асыра алмақшы. Замана аңғарын алыстан болжап, егжей-тегжейіне түгел түсінуге тиіс ынталы қауым ешқашан жерге қарап қалмақ емес. Жалпы түгел тәуекелге мінбей тұрып, жалқы ештеңе бітіре алмайды. Қарапайым ел деген болмайды. Жеріне, суына, тіліне, дініне, тарихына, тағдырына ие Халық деген болады. Тек сондай халық қана есерін түзеп, еріне медет бола алады. Елім деп шын еңіреп жүрген ері кім, өтірік емешегі үзіліп, өз мүддесін күйттеп жүрген епсегі кім – соны айқын ажырата алатын халық қана барша мұратына жетуге лайық. Ендеше, азаматтарымыздың арасынан айыпкерлер іздеп, алауыздық туғызғанша, көп болып көзімізді ашып, көңілімізді түзеп, өз жөнімізді өзіміз табуға жаппай атсалысқанымыз әлдеқайда дұрыс емес пе?!

— Сіз «Үркер», «Елең-алаң» атты романдарыңызда Қазақстанның Ресейге қосылуының ішкі, сыртқы себептерін терең талдап, кең көлемде, жүйелі түрде көрсете білдіңіз. Кейбір кісілер бүгінгі Елбасының «Евразиялық одақ» құру туралы ниетін Ресейге қайтадан бодан болу деп түсінетіндігін ашықтан-ашық айтып та, жазып та жүр емес пе. Сіздің осы «Евразиялық одақ» мәселесіне деген көзқарасыңыз қандай?

— Меніңше, Елбасымыз жаңа реформаның ойдағыдай өрге басуы үшін қазіргі Европалық одақтың ұстанып отырған бағыттары мен қағидаларының Балтықтан бері асып, кешегі кеңестік кеңістікті тегіс қамтығанын көздейді. Сол жолда көп шеңберлі, көп сатылы ықпалдастықты жүзеге асыруды армандайды. Мұндай бастама – орынды бастама. Бірақ, оны аталмыш кеңістіктегі басқа мемлекеттер қалай түсініп, қалай қолдайды, инновациялық тұрғыдан келіп, демократиялық кеңістіктің кеңейе беруіне қызмет еткізгісі келе ме, жоқ, бұрынғы өктемдікті қайтадан қалпына келтіруге қызмет өткіздіріп жіберуге күш сала ма?! Бұл бізге байланысты емес мәселе.

Ал евразияшылдық қисынына келетін болсақ, ол көп ғасырларды қамтитын құбылыс. Әр ұдай мақсатты көздейтін әр ұдай қисын. Бір-бірімен геологиялық, географиялық тұтастық құрып жатқан осы бір екі құрлықты өз ықпалындағы ортақ кеңістікке айналдыруды ежелгі грек, рим, орта ғасырдағы араб, монғол шапқыншылығы, кейінгі географиялық жаңа жерлер игеру қозғалысы, жиырмасынша ғасырдың бірінші жартысындағы екі дүниежүзілік соғыс пен екінші жартысындағы ұзаққа созылған геосаяси тайталас та басты мақсат қып көздеген-ді. Соны қамдастырған теориялық доктриналар, саяси, экономикалық, әскери одақтар жасақтады. Олар күллі планетаның тағдырын тәрк етуі ықтимал қатерлі тайталасқа айналған кезде қоскіндікті құрылым күйреді. Ендігі жерде әлемдік мөлшердегі орнықты дамуды аймақтық, контивентальдық одақтар құру жолымен емес, мемлекеттердің тәуелсіздік жолымен дамып, алыс-жақын нарық базарына еркін шығып, қай тараппен болса да, тең мүдделілік жағдайында ықпалдаса алатындай демократиялық кеңістікті кеңейте түсу жолымен ғана қамтамасыз етуге болады деп ойлаймын. Олай болса, біз қай тарабымыздағы қандай мемлекетпен болса да ондағы билікке таласатын әр алуан саяси күштердің біздің мүддемізге орайлас шығатындарымен ғана ықпалдасуымыз қажет. Оны біз түгілі бізден бұрынғылар да мықтап ескерген. Кейінгі тарихшылар Дала мен Русь арасындағы ежелден желісін үзбей келе жатқан комплементарлықты (ыңғайластықты) көбірек тілге тиек етеді. Иә, рас. Бірақ, ежелгі Рустегілер де, Далалықтар да біркелкі емес еді. Русьтің билеушілерінің бір тарабы Рим шіркеуіндегі, бір тарабы Бизантия шіркеуіндегі елдердің шылауында жүретін. Даладан барған көшпелі тайпалардың да бір тобы Рим шіркеуін жақтайтындармен одақтасып, бір тобы Византия шіркеуін жақтайтындармен одақтасып, талай рет өзара соғысты. Арғы тарихты былай қойғанда, Алтын Орданың кейінгі дәуірінде әуелі Мамай, сосын Тоқтамыс Славян әлемінің Рим шіркеуін жақтайтын топтарымен ыңғайласты. Бұл арада екі мемлекеттің арасындағы тарихи-мәдени төркіндестіктен гөрі екі елдегі билікке таласушы күштердің өзара іш есептері шешуші қызмет атқарды. Бірақ, патшалыққа таласып жүрген батыс князьдері мен Тоқтамыс одақтастығын сонау Бату мен Александр Невский арасындағы тамыр-таныстықты жалғастырып, Шығыс княздерінің сойылын соққан Едіге мен Ақсақ Темір одақтастығы ойсырата жеңгеннен Алтын Орда да, Ақсақ Темір мемлекеті де ештеңе ұтқан жоқ, ал орыс мемлекеті түпкілікті ұтты. Шыңғыс империясының орынындағы Алтын Орда мен Темір империясы күйреп, олар үстемдік еткен кеңістікте Ресей империясының ықпалы күшейді. Ол империя батыста өзін «Үшінші Риммін» деп жарияласа, Шығыста Шыңғысхан империясының бірден-бір мұрагерімін деп ұғындыруға күш салды. Сол ағымның идеологиясы ретінде Евразияшылдық қисыны дүниеге келді. Ол сонау Балтықтан Тынық мұхитқа дейін созылып жатқан Теріскей Евразия кеңістігіндегі халықтардың арғы-бергі тамырластығын, төркіндестігін, мәдени, этникалық араластығын оңды-солды тілге тиек етіп, мәңгілік ынтымаққа үндегенсігенмен, түптің түбінде сол ұлан-ғайыр кеңістікті жайлайтындардың бәрі өздерін бір ұлт, бір мемлекетпіз деп ұғынғанын тездетуді көздейді. Әуелде культурологиялық қисын ретінде туған ағым келе-келе геосаясаттық сипат ала бастады. Ақ эмиграцияның бір тобы ол қиынды Ресей империясын қайта тірілтудің бірден-бір жолы ретінде қарастырса, екінші тобы өздері жүзеге асыра алмай жатқан әлгіндей іш есепті таптық негіздегі интернационализм қисынымен жүзеге асыра бастаған сталиндік большевизмнің табыстарына ашық масаттанды. Үшінші бір тобы бұны фашизм жүзеге асырады деп үміттеніп, Гитлер мен Муссолиниді көкке көтере дәріптеуге дейін барды. Сол кезде беті шіркеулі болған евразияшылдық тоқыраудың аяқ шамасындағы өліара кезеңде қайтадан ашық бой көрсете бастады. Қоскіндікті дүниенің құлауын біреулер бір кіндікті дүниенің, екінші біреулер көп кіндікті дүниенің орнауы деп түсіндіреді. Қазіргідей геосаяси плюрализм тұсында евразияшылдықты біреулер екі құрлықтың бірдей құқық, саяси-әлеуметтік стандарттарға көшуінің арнасы болады деп ойласа, екінші біреулер біріндікті дүниенің орнауына, бір әлемдік державаның үстемдігінің орнауына жол бермей, көп кіндікті дүние орнатып, қарсыласушы гегемонистік жүйелер құрудың ұтымды жолы болады деп үміттенуде. Атымен кереғар екі бағыттың екеуі де Теріскей Евразия кеңістігін өз ықпалының айдың арнасына айналдыруға күш салуда. Сондықтан бүгін таңда жаңа геосаясаттың өзекті тақырыбына айналып отырған бұл мәселе төңірегінде үзілді-кесілді қорытынды жасауға әлі ерте. Ол аталмыш кеңістіктегі тарихи процестердің қандай жүйеде өрбитіндігіне байланысты болмақшы. Нұрсұлтан Әбішұлы евразияшылдықты аймақтық не континенттік ықпалдастық деп емес, басқа да елдермен тең мүдделілік негізде ықпалдасуға септігі тиетін дәнекер ретінде қарастырды. Сол арқылы демократиялық кеңістіктің барлық құрылықты қамтып, кеңейе беруін көздеді. Бірақ, көршілес мемлекеттердегі кейбір саясатшылар бұндай кең қарымды көзқарасты өз мағынасында түсінбей, үйреншікті сүрлеуге тарта беретінін Елбасымыз талай жерде күйіне айтумен келеді. Өз басым қазіргі кездегі ең аз халықтың да, ең көп халықтың да ешкімге басыбайлы болмай өмір сүруге құқықтық мүмкіндік алып отырғанын, оны тәрк етуге ешқайсымыздың хақымыз жоқтығын естен шығаруға болмайды деп санаймын. Солай дей тұра, тәуелсіздіктің тек ықпалдастық арқылы ғана нығаятынын, тек шектес кеңістікпен ықпалдасумен шектелу әлемдік еңбек бөлісу мен әлемдік орнықты дамудың осы заманғы қағидаларымен бар-бар ретте сәйкес келе бермейтінін еске салмай кете алмаймын. Осы тұрғыдан келгенде, бір-бірімен ара-жіксіз жалғасып жатқан екі құрлықтың арасындағы мәдени-тарихи байланыстың кеңейе беретініне сеніммен қараймын. Ол, бірақ, кіріптарлық жағдайда емес, бір-бірінің мүддесін бірдей қадірлейтін шын теңдік жағдайында ғана ойдағыдай өрістей алады деп білемін. Сол қағидаға негізделген мемлекетаралық кең қарымды үйлесімге ешқандай қарсылығым жоқ. Алайда, ондай жаңа үйлесім бір кездегі кеңестік кеңістіктегі жаңа мемлекеттердің қайтадан оңашаланып одақтасуынан орнай қалады дегенге күмәнім бар. Қос құрлықта атымен жаңа сипатты жаңа одақтастық болуы үшін бұрынғы одаққа мүше болмаған соны мемлекеттердің белсене ат салысуы қажет деп есептеймін. Егер Евразиялық жаңа одақ құрамында бұрынғы кеңес республикаларымен қоса, Германия, Түркия, Қытай, Индия, Жапония сынды іргелі мемлекеттер болса, ол жаңа гегемонизмнің ұйтқысына айналып кетуге жол бермес еді деп санаймын. Мәселен, қазіргі Европа одағындағы елдердің арасында бір-біріне оңай еңсеріле қоймайтын Англия, Франция, Германия, Испания, Италия сынды мемлекеттер болмаса, тең құқылық қағидасы қатаң сақталынбай, әлсіздердің күштіге шыбындауы қайтадан бел алып кетуі ғажап емес қой. Мемлекеттер арасында сенімділік пен ықпалдастық болғаны дұрыс. Бірақ, ол жаңа гегемонизм мен жаңа блоктың қайтадан күш алуына жол бермейтіндей болсын. Татуластық пен ықпалдастыққа сенсем де, аймақтас, діндес, нанымдас сыбайластық әлемдік бейбітшілік пен орнықтылыққа тиімді болатынына күмәнім көп. Ал, орнықтылық пен бейбітшілік жоқ жерде қандай елдің көсегесі көгере қоймақшы?.. Сондықтан қазақстандық бұл бастама өзгермелі дүниенің соны құбылыстарын, соны пиғылдарын ескере отырып, пысықтала, толықтырыла, тереңдей түседі деп сенемін. Елбасымыздың жаңа саяси бастамалары, ТМД-ның бес жыл бойғы қызметіне берген сыни бағасы сол сенімімізді нығайта түседі. Не де болса, тәуелсіздікті сақтай отыра ықпалдасудан бас тартпасымыз, ал тәуелсіздігімізге ақау түсірер ықпалдастыққа аяқ баспайтынымыз мемлекет басшысы тарапынан анық айтылды. Біздің енді ешкімге «іні» болуға, ешкімді «аға» қылуға тырыспайтынымыз, ал бірақ өзімізді теңсінгеннің ешқайсысын кемсіте алмайтынымыз Елбасының аузынан талай жұрт естіген әңгіме.

— «Биік мансап – биік жартастың» ең басына әзірге Қазақ жазушыларының ішінен көтерілген жалғыз өзіңіз . Парламенттің көшбасшысы болған көзіңізде оның қиындығымен қатар жылы-жұмсағын да татып көрдіңіз. Кенеттен сол биіктен төменге түсу сізге қалай әсер етті?

— Мен биік мансап – биік жауапкершілік қана деп ұқтым. Қызығынан гөрі шырғалаңын көбірек бастан кештім. Жылы-жұмсағына да дәндеп үлгере қойғаным жоқ. Содан ба екен, ойда жоқ жерден Жоғарғы Кеңес тарағанда лауазымым үшін емес, жаң парламентаризмнің дүниеге келмей жатып, көз көріп, құлақ естімеген қысылтаяң ахуалға тап болғанына қатты күйзелдім. Өзіммен өзім оңаша жүрдім. Сайлау туралы жаңа заң жарияланған соң ғана Елбасына барып, қабылдауында болып, мәжіліс сайлауында өз сайлаушыларымның алдынан қайтадан өтіп, өз бағымды қайта сынап көргім келетіндігін мәлімдедім. Ол кісі қарсы болған жоқ.

Жаңа сайланған мәжіліс бірінші сессиясына жиналар алдында Қазақстанның Демократиялық партиясының жиналысы өтті. Онда жаңадан сайланған әріптестерім Демократиялық партия атынан мәжіліс төрағалығына менің кандидатурамды атауға ұсыныс жасады. Мен ол ұсыныстан бас тарттым. Жаңа парламентке басшы болмасам да, аянбай үлес қосуға уәде бердім. Жаңа парламентке де лауазым іздеп барғам жоқ. Бұл саладағы ащы-тұщы тәжірибемді көп пайдасына жарату үшін бардым.

— Өткен парламенттің бір ғана кісінің арызы бойынша таратылуын заңды деп есептейсіз бе?

— Бар гәп сол кездегі қолданыстағы заңның ағаттықтары мен ақауларында болып тұр ғой. Егер сол кездегі Сайлау кодексінде мұндай шетін жағдайға бармаудың амалдары байыпты қаралған болса, ал Конституциялық сот туралы парламент тағдырын осылайша мансұқтауға жол берілмейтіндей тетік болса, іс бұлай насырға шаппаған болар еді ғой.

— Сол кезде парламенттің спикері ретінде ел назары ең алдымен сізге ауғаны белгілі. Бірақ сіз ешқандай да батыл әрекетке бармадыңыз. Оның себебін қалай түсіндірер едіңіз?.. Жалпы, сіз туралы «саяси майданда» тәуекелге бел буып, табандап тұра алмайды, жазушы кісі ғой, көңілі нәзік деген сияқты пікірлерді естіп қаламыз. Осы сөздің астарында шындық бар ма?

Иә, мен спикер болдым. Оның үлкен лауазым екені рас. Бірақ заңнан үлкен емес. Оның үстіне, менің заңды белден басатындай әупірімдікке бармайтыным да рас. Оған ұмтылған да емеспін, ұмтылмаймын да. Өйткені, кешегі кеңестік кеңістікте жағдайдың түзелмей жатқандығы – әлеуметтік әупірімдіктің белең алып кеткендігі. Оған, әсіресе, парламентаризм көбірек бой алдыратындығы. Мен бірінші күннен кәсіби парламентімізді бұндай ұшқарылықтан абай болуға шақырдым. Спикер әупірімдікке емес, байсалдылыққа қызмет етуге тиісті деп ұқтым. Расында да, оның міндеті мен құқығы Конституция, Жоғарғы Кеңес бекіткен регламент көрсеткен аямен ғана шектелетін еді. Ол елдің сенімді өкілдерінің қай мәселені де жан-жақты талқылап, ықтимал шешім қабылдауын ұйымдастыратын адам. Оған басқалай құқық берілмеген. Сонда батыл әрекет дегеніміз не? Парламентті Президент пен үкіметке қарсы қою ма? Билік үшін таласқа мұрындық болу ма? Жоқ, парламент бақ құмарлық пен тақ құмарлықтың ордасы емес. Ел қамын ойлаған азаматтық пікірдің ордасы. Тек сол жолда ғана күресетінімді, қоғамдық саяси күштердің, билік институттарының арасына баррикада тұрғызуға емес, көпір салуға қызмет ететінімді әріптестеріме әу бастан-ақ басын ашып айтқанмын. Сол сөзімнен ақырына дейін ауытқымауға тырыстым. Парламент мүшелерін заң шығарушы қызметті саяси тайталастармен алмастырып алмауға шақырып отырдым. Спикер болмай тұрып та, болған кезде де одан кеткен кезде де өркениетті парламентаризмнің ұстамдылық үрдісін жақтайтынымды ешкімнен жасырған емеспін. Депутаттық корпус шын парламентаризмге енді дағдыланып, естиярлық танытып, кесек-кесек заң кодекстерін қабылдап, кемелдене бастағанда кездейсоқ оқиғаға тап болдық. Оған қатты абыржып, комиссия құруды талап еткендер болды. Жоғарғы Кеңес оған бармады. Мен де қостамадым. Конституцияда бізге ондай құқық берілмеген-ді. Оған барғанда кейін бар пәлеге парламент жауапты боп қалатын еді. Ондай батылдық Конституцияға қарсы шыққан саяси өрескелдік боп бағаланатын еді. Дауға қалып отырған жас депутатқа жанымыз ашығанмен, істің ақырын күтуді жөн деп ұйғардық. Конституциялық сот шешімі шыққанда сайлаушылармен кездесу өткізіп жүрген жерімнен Алматыға оралдым. Үйге соқпастан Елбасына барып, Конституциялық сот шешіміне қарсылық білдіретінімізді ресми түрде мәлімдедім. Копенгаген мен Мадридке жүргелі тұрған ресми сапарымнан бас тарттым. Ол кісі оқиға бұлай бұрылып кетеді деп күтпегенін, әлгі шешімнің төбеден түскендей, төтен оқиға болғанын, бірақ қарсылықтарды қайта қараудың оң нәтижеге жеткізуіне үміт артатынын айтты. Ертесіне депутаттар талабын қабылдап төтенше сессия шақырдым. Ол сессия көзінде депутаттар өз пікірлерін айтты. Бірақ, Елбасы Конституциялық сотқа қойған қосымша сауалдарына алған жауапқа сүйене отырып, Конституцияны аттап кете алмайтынын жұртшылық алдында басын ашып мәлімдеді. Ендігінің бәрі буынсыз жерге пышақ ұрғандай болатыны кім-кімге де түсінікті еді. Одан ахуал асқындай түспесе, басқа нәтиже шықпайтын еді. Депутаттардың басым көпшілігінің бұған анық көздері жетті. Бұл олардың да, менің де құдайдан тілеп алмаған құқайымыз еді. Жасы да, кәрісі де, әйелі де, еркегі де қоштасуға кіріп, қимас көңілдерін білдірді. Оған дейін тату болайын, бату болайық, басымызға іс түскен сол бір күндері қай-қайсымызға да халқымыздың тектен-текке сенім көрсетпегенін ұқтық. Сонда маған өйтпеді, бүйтпеді дейтіндер не деп өкпелейді? Бір басынын мансабы үшін тыныш елдің шырқын кетіретін шырғалаңдардан да тартынбайтын өлермендікке бармады деп өкпелей ме? Ондай бейбастықтың бетін аулақ қылсын! Төбеден түскендей сол бір төтен оқиғаның қоғамдағы орнықтылықты ойсыратар солақайлыққа ұласпағанына мың мәртебе шүкіршілік айтамын... Егер біз ол күндерде ашудың айтқанына көніп, дөң айбат көрсетуді күйттесек, заңдылық жолында құрбан болғандар емес, заңдылық алдында айыпкер болғандар атанар едік. Саяси тағдырдың сондай соқталаңына түскен мен туралы пікір айту үшін сол күндерде менің орнымда өзі болып, мен кешкен күйді өз басынан өткеру қажет қой. Оған сырт ағайын қайдан түсінсін... Тұңғыш сайланған кәсіби парламенттің қайғылы тағдырын енді қазбалай бергеннен кім-кімге де мүйіз шықпайды. Ол қай-қайсымызды да ойсырата ойландыратын оқиға. Қит етсе, не парламентті, не үкіметті тығырыққа әкеп тірегеннен, жағдай күйзеле бермесе, көркейе қоймайды. Билік орындарының бір-бірін мүйіздей бергенінен елдігіміз бен егемендігіміздің нығая түспейтіні даусыз. Осындай аума-төкпені көксейтін саяси күштердің ауанымен кете берсек, бір күні болмаса, бір күні опық жеріміз хақ. Одан да, елге, жерге жанымыз шындап ашыса, ақыл қосысып, әрекет етуге, күш қосысып, іс тындыруға үйренейік. Азаматтарымыздың салиқалылығы мен салауаттылығын өз мансабы үшін қалай күрескеніне қарап емес, ел қамы қалай жегеніне қарап бағалайық. Менің жүрегім нәзік пе, жоқ па, ел тағдыры сыналатын тұста табандылық таныта алам ба, жоқ па,– ол турасында егемендігіміз бен тәуелсіздігіміз талқыға түскен таластарда, қазақ даласында қалайда өрт шығарғылары көп, Жаңа Өзенді бір түнде әскерге толтырып, екі ұдай хәл кешірген күндерде менімен бірге болып, қатар тұрып, қатерге бас тіккен азаматтар айтып жатса, ешқандай дауым жоқ. Ал айдаладағы бақталастықтың қақ сұғына араласа қоймайды деп, біреу үшін біреуді жағадан ала кетпейді деп бопсалайтындардың имандары өздеріне жолдас болғай...

— Әр адамның пешенесіне жазылған тағдыры болады дейді. Онда біз не үшін жанталасып әлденеге жету үшін ұмтылып жатамыз? Мүмкін, әрбір халықтың да маңдайына жазылған тағдыры болатын шығар?

— Ешкімнің пешенесіне құлдық жазылып қойылмаған. Теңдік жазылған. Теңдікке жете алу, жете алмау – жалпыға ортақ тарих пен жалқыға ортақ тағдырға тәуелді нәрсе. Өзгелердей бола білуге тырысқан пенде жерде қалмайды. Өзгелердей бола білуге тырысқан халық та жерде қалмайды. Қазақ былайғы халықтардан артық туған асыл да, қалыс туған жасық та емес. Оны дәлелдеу үшін қазақ үшін қайғырамын, намысын жақтаймын деген азамат мұндай сауалдың жауабын әуелі өзгеден емес, өзінен сұрасын...

— Сіз тамаша тарихи роман жаздыңыз, ел мен жердің тарихын ұзақ зерттедіңіз. Айтыңызшы, ата-бабаларымыздың рухы күшті, арманы асқақ болған екен, ал біз, олардың бүгінгі ұрпағы неге осыншалықты жасқаншақ, жалтақ, ішкі есеп, бақа есеп дегендерге жүйрік «рухани саудагер» болып кеттік?

— Е, бауырым-ай, құдайдан мың жылдап тілеп алған заманда басымыз қосылмай, ақылымыз піспей, тағы да қапы қалмас па екенбіз деп кімнің жүрегі қыжылдамайды дейсің?! Бірақ, сабыр етелік.

Ата-бабаның аруағын сыйлаған адам өз бетіне өзі топырақ шашпас болар. Асыл ата-бабадан тараған ұрпақты азғын санамас болар. Біз ұрпақ ретінде әлі өз қадірімізге өзіміз қаныға алмай жатырмыз. Қазақтың жігерін құм қылып, назарын жер шұқытып жүрген осы бір өзін-өзі жігерлендіруден гөрі жерден алып, жерден салып жебірлей жөнелуге үйір тұратындығы. Жоқтан өзгеге бола басқаларға қызығып, өзін жоқтан өзгеге бола жазғыра салуға қиналмайтындығы. Мұндай құлық жасқаншақтыққа да, жалтақтыққа да, іш құлық, бақа есепке де, рухани саудагерлікке де жатпайды, өзге түгілі өзіне де жақсы пиғыл, жақсы ниетін қимайтын рухани мүсәпірлікке, дәлірек айтсақ, рухани кісәпірлікке жатады. Жерді су алып, елді жау алып кеткен ештеңе жоқ. Қара орында отырмыз. Басқалар да көріп жатқан қиындықтарды көріп жатырмыз. Бәрі оп-оңай орнай қоймады деп, бәрінен баз кешу немесе төтен әрекетке ұмтылу рухани ерлік емес, рухани алаңғасарлық болар еді. Құдай нысап берсе, ыждаһат берсе, басқалар жетіп жатқан мұратқа да жетеміз. Қорлана бермей, арлана білейік. Намыстың сөзін сөйлейік.

— Біздің бүкіл өміріміз саясатқа айналып кеткен жоқ па? Теледидарды қоссаң – саясат, радионы ашсаң – саясат... Тіпті әке баласын, бала әкесін саясатпен сүйетін сияқты көрінбей ме сізге?

— Саяси кіріптарлықтан саяси тәуелсіздікке көшу кезеңінде саяси күрес қайдан тиыла қалсын?! Ел тағдыры екі талай тұста тыныштық іздеу тоғышарлық болар еді. Мұндай кезде саяси елгезектікті емес, саяси бойкүйездікті жазғырған жөн.

— Бізде мемлекеттік идеологиямен ешкім шұғылданбай кетті. Оқиғалар өз бетінше өрбіп жатыр деген пікірлер айтылады. Сіз бұған қосыласыз ба?

— Жоқ, қосылмаймын. Керісінше, жаңа өзіңіз айтқандай экономикалық тіршіліктен гөрі саяси тіршілікке көбірек бой ұрып кеттік. Бұл – белгілі мөлшерде басы ашық мәселе. Кейінгі он жыл бойы біз өмір сүрген қоғам тек осымен шұғылданбағанда немен шұғылданды?!

Кеңес экономикасының кенеуі кете бастағанда, реформа жасау ұйғарылды. Реформаға кіріскенде, саяси құрылысты өзгертпей болмайтындығы түсінікті болды. Ол өзгеріп еді, мемлекет империялық сипаттан айырылды. Тәуелсіздікке солай ие болдық. Тәуелсіз мемлекетімізді қандай ғып қалыптастыратынымыз екі рет бүкілхалықтық дәрежеде талқыланып, конституциялық тұрғыда заңдастырылды. Ендігі мемлекеттік саясат – сол конституциялық қағидаларды нақты түрде жүзеге асыру. Әр азаматтың бостандығы мен құқын қастерлейтін, тек заңға ғана бағынатын зайырлы, құқықты, тәуелсіз мемлекет орнату. Бұл тек қана біз емес, жер бетіндегі елдердің басым көпшілігі ұстанып отырған саясат. Сондай саясатты жүзеге асырудың арқасында осы заманғы өркениет қалыптасып дамыды. Біз күллі әлемді тек белгілі бір қисынның айтқанына мойын ұсындырамыз деген идеологиялық абсолютизмнің қандай нәтижеге жеткізетінін тарихтан талай рет көрдік. Сондай абсолюттік қисындардың айтқандарына ылығып, жақ-жақ боп айтысып-тартысатын идеологиялық текетірестің де немен аяқталатынын жақсы білеміз. Енді әр адам, әр ұлт, әр мемлекет мүддесі құрметтеліп, олардың өз мүдделеріне өзгелердің мүдделеріне еш қиянат тигізбей жетуіне мүмкіндік туғызатын пікір алуандығына, ой бостандығына, плюративті демократизмге әлемдік ауқымда басымдық берілген тұста тәуелсіздік алып отырмыз. Мұндай жағдайда басқалар қатарлы өмір сүріп, өз мақсатыңа жету үшін олар ұстанған бағытты ұстанып, олар қастерлейтін қағидаларды қастерлеу қажет болады. Күллі әлемде басымдық ала бастаған ойын ережесін сақтамау ешкімнің көзін қызықтырмайды, қайта көз түрткіге ұшыратады. Өйткені, біздің заманымыздағы саяси тәуелсіздік дегеніміз қалған дүниемен есептеспеу, өз білгеніңді істеу деген сөз емес. Өзгелер қастерлейтін қағидаларды қастерлей отырып, өз мүддеңе жету деген сөз. Ол – күрделі жол. Оның әр бұлтарысында өз мүддеңнен адасып қалмайтын, өзгелер мүддесіне зақым салмайтын ұтымды позиция ұстана білу – осы заманғы қай мемлекеттің де ұстанар саясатының басты мұраты. Сондықтан да бүгінгі мемлекеттік саясат ешқандай догмаға кіріптар бола алмайды. Демек, ешқандай идеологияға да мойын ұсына алмайды. Бірақ, одан бүгінгі қоғамда ешқандай идеологиялық жұмыс жүргізілмесін деген қортынды шығаруға болмайды. Біз әр азаматтың, қалың жұртшылықтың конституциямызды, ол орнықтыратын демократияны, бостандықты, тәуелсіздікті, содан туындайтын нарықтық қатынастарды жан-жақты әрі терең түсінгеніне мүдделіміз. Бұл жолда да шолақ белсенділік пен саяси қасаңдылыққа ұрынбағанға мүдделіміз. Саяси күштеріміз де тек билік жолындағы күреспен біржақты шектелмей, халықты гуманистік, либералдық, отаншылдық құндылықтарына баулуға ат салысқандары, ағартушылық қызметпен де айналысқандары қандай ғанибет болар еді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үстіміздегі жылды «Тоталитаризм құрбандарын еске алу және ұлттық жарасым жылы» қып атап өтуді ұсынуы да сондықтан. Ол өткеннің қателігіне қайта ұрынбауымыз үшін керек. Өзгелер жіберген олқылықты өзіміз жібермеуіміз үшін керек. Бұрын жол берген ашықауыздығымызға қайта жол беріп алмауымыз үшін керек. Өкпе қуалап жүріп, өштестікті, ашкөздікті жеңе алмай, алауыздықты тұтатып алмауымыз үшін керек. Келешек ұрпақтың алдында ұятқа қалмау үшін кешегі кесірлерді қайта тірілтіп алмауға абай болғанымыз дұрыс. Тағдырдың тап қылғанын біреуден, тарихтың тап қылғанын биліктен көріп, тепсіне берген де салиқалылыққа жатпайды. Байыбына барып сөйлеп, байыбына барып іс қылған салауаттылық. Бұрын білім мен ақпаратқа кім ие болса, сол игі жақсы атанып, қалған қауымға ұстаздық етуші еді. Қазір білім мен ақпаратқа әркімнің де қолы жете алатын болды. Ендеше, әркім де өзіне-өзі ұстаз, өзі төреші бола алады. Олай болса, баршамыз білуге тиіс бір-ақ ақиқат бар: әркім өзін-өзі тәрбиелемей, қоғам түзелмейді. Қоғам түзелмей билік түзелмейді. Бұл далада бізден бұрын да талай ұрпақ етті. Аштықты да, тоқтықты да, барлықты да, жоқтықты да көрді. Тарих оның бәрін тәптіштеп жатқан жоқ. Тарих жадында тек тәуелсіздік жолындағы күрес қана қалды. Сол жолда жанын пида еткендерді жеңбесе де, жеңімпаздардан асыра дәріптеді. Тәуелсіздік қантөгіссіз келмейді. Біздің тәуелсіздігіміз жолында да аз қан төгілген жоқ. Оны бізге дейінгі ұрпақтар төкті. Тәуелсіздік ешқашан оңайлықпен орнаған емес. Ол ауыртпашылықты, негізінен, қазіргі көзі тірі ұрпақ – Сіздер мен біздер – көтереміз. Өйткені, өз тізгіні өзінде емес кісі де, халық та өз мүддесіне жете алмайды. Сондықтан да біз қандай қиындық көрсек те, қолымызға күшпен түскен тәуелсіздік тізгінінен айырылмауға тиістіміз. Бізден кеткен аруақтар мен келетін ұрпақтардың, ең алдымен, талап ететіні сол. Өйткені, біз – күллі адамзат тегіс танып, тегіс мойындаған тәуелсіз қазақ мемлекетінің іргетасын қалап жатқан бірінші ұрпақпыз. Тәуелсіздігімізді сырттың ала көздігінен, іштің алауыздығынан аман сақтап қалу – біздің тарих алдындағы ең басты парызымыз.

Бүгінгі күнгі басты идеологиялық мақсат осы.

— Кезінде одақтас республикалардың ақын-жазушылары бас қосатын Мәскеудегі әдеби жиындарды, КСРО жазушылар одағының Әдебиетшілер үйін сағынасыз ба? Қазақ әдебиетінің қазіргі хал күйі туралы не ойлайсыз? Тұйықтан шығар жол бар ма?

— Иә, кезінде тек Қазақстанның ғана емес, одақтың жазушылар ұйымының да басқарма мүшесі болып, Мәскеудегі алқалы жиындардың талайына қатысқаным рас. Бірақ, ол жиындарда менің туған халқым мен елімнің келешегінің қалай болып, көсегесінің қалай көгеретіні көп талқыға түсе қоймайтын. Мен еткеннен гөрі ертеңді көбірек аңсаймын. Қазіргі армандарымыздың тегіс жүзеге асып, егемен еліміздің көлденеңнің қақ-сұғынан арылып, қалған адамзатпен қатар тұра алатын қабырғалы мемлекет болғанын көруді көксеймін. Біз көрмесек те, жеткіншек буындардың қалай да жететініне, көретініне кәміл сенемін.

Әдебиет – пейіш бағында ертеден қара кешке сайрап тұратын сары ала қанат сандуғаш емес. Ел жүрегінің дүрсілі. Халықтың көргенін бірге көріп, ол кешкен тауқыметті бірге шегеді. Халық күйзеліп жатқанда қаламгер қауым неге күйзелмесін?! Әдебиетті күйзелістен шығару үшін әуелі халықты күйзелістен шығарып алуымыз қажет. Барша тығырықтан шығаратын бір-ақ жол – тәуелсіздігімізге тәу етіп, тәуекелімізге бекем болу. Мен басқа мақсаттың бәрін олқылық, басқа уайымның бәрін күйкілік санаймын.

1997 ж.

«ЕЛ ТАҒДЫРЫН ШЕШЕТІН ЖАСАМПАЗ КЕЗЕҢ ЕНДІ КЕЛЕДІ»

— Әбіш аға, Елбасының «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару органдарының жүйесін реформалау жөніндегі кезекті шаралар туралы» Жарлығынан соң билік институттарын тазарту процесі біршама қарқын алған тәрізді. Жарлықтың пайдасы мен пәрменділігін көпшіліктің көзі көріп отыр. Солай бола тұра жаңашылдықтың жақсылыққа тосқауыл қызметіндегі кері – жамандығы тағы бар. Ол: әкімшіл-төрешілдік, ықпалшылдық, тамырластық, осылардан туындайтын экономикалық қылмыстар т. с. с. Сіздіңше, жаңа мемлекеттік құрылымның ағзасы жаңағы бюрократизмге, лоббизмге, коррупцияға, өзге цивилизация дерттеріне қарсы тұра ала ма? Тазара ма?

— Ғафу, етерсіз, сіз санамалап өткен дерттер төркіні тым әріде жатқан сияқты. Өйткені, Ана тіліміздегі «алыс-беріс», «бармақ басты, көз қысты», «сыбайластың», «парақорлық», «қанына тартпағанның қары сынсын», «көмейін бітеу», «аузын майлау» сынды ұғымдарды менеджмент институтын бітірген қазақтар ойлап таппаған болар. Тіпті сонау аңшылық пен терімшілік замандарының көсемдері тек күшімен емес, сыбаға үлестіріп, көңіл аулап, көп тізгінін қолына алып отырғаны тарихтан белгілі. Сондықтан, аяқтан шалып отырған әлеуметтік қырсықтардың бәрін бүгін ғана шыға қалды деп ойлау, нарықтан көру, не өркениеттен көру елге, халыққа жанашырлық болып шықпайды. Сонау Рим заманынан бермен қарай империялар құлап, орталықтан қол үзген шет аймақтар бірден аяғынан тік тұрып кете алмаған. Сондайда өткенді көксеу бел алған. Оған кешегі метрополиялар тікелей немесе жанама дем беріп отырған. Сол арқылы ондай өтпелі кезеңде кездеспей қоймайтын қиыншылықтардың бәрін империялардың құлап, бұрынғы шет аймақтар дербес мемлекеттерге айналып, ұлттық бюрократия билікке келгеннің салдарынан шықты деп ұғындыруға тырысушылық – «жаңа отаршылдық» идеологиясының қашанғы жымысқы тәсілі.

Бұл – жас мемлекеттерді ішкі ынтымақтан айырып, алауыздыққа ұрындырып, тәуелсіз даму жолынан айнытып, қайтадан басыбайлыққа көндіруді көздейтін әзәзіл әрекет. Бұдан тәуелсіз мемлекеттер, жаңағы сіз айтып отырған, лоббизммен, бюрократизммен, коррупциямен күреспеу керек екен деген ұғым тумайды. Алдымен, бұндай қырсықпен тәуелсіз мемлекеттер күресуі керек. Өйтпесе, тәуелсіздікке қауіп төнеді. Алайда, қай нәрсенің де түп-төркініне әбден қанығып барып күрескен жөн. Әйтпесе, өз тізгініңді, айыл құйысқаныңды өзің қиып тастап, айдалада шаңдаққа аунап, құр тақым қалып қоюыңыз ғажап емес. Біздегі бюрократия – кешегі орталық сұрыптап, орталық қалыптастырған номенклатуралық бюрократия. Біздегі лоббизм – кешегі ведомстволық эгоизмнің, салалық эгоизмнің сарқыншағы. Коррупция да сол кездегі кадр саясатынан, ресурс бөлісуден қалған. Тіпті, бүгін де нарыққа телініп отырған банкрот пен жұмыссыздық, өндірістік тоқырау мен төлемдік дағдарыс та кешегі жоспарлы-бөліспелі экономиканың зардаптары. Егер ол технологиялық жаңаруды уақытылы қамтамасыз еткенде өндіріс тоқырамас еді. Өндіріс тоқырамай, бәсекеге төтеп бере алатын әнім шығара алса, банкрот та, төлем дағдарысы да, жұмыссыздық та болмас еді. Қажет десеңіз, мұндай шетін экономикалық ахуалды шегініп бара жатқан одақтық билік әдейі істетеді деуге де негіз бар. Жаңа үрдістегі экономикалық қатынастар желі салмай жатып, кәсіпорындарға дербестік берілді. Сүйтіп, олар одақтық бюджетке де, республикалық бюджетке де табыс түсірмей, өзіне-өзі қызмет ететін экономикалық субъектке айналды. Өнім кеміді. Өндіріс ықшамдалды. Зәрулік көбейді. Баға қымбаттады. Ақша құнсызданды. Шикізат экспорты мен тауар импорты стихиялы түрде ұлғайды. Онсыз да құрдым отбасылық бюджет типылданды. Жұртшылықтың азғантай сақтық қаражаты бір түнде тәрк етілді. Ішкі инвестиция салға ұшырады. Сыртқы инвестицияға жол жабылды. Қалыптасқан экономикалық байланыстар жүйесі нарық жағдайында отаршылдықты азайтудан гөрі көбейтуге бейім тұрды. Кешегі өндіріс алыптары нарықтық жүйеде өз орынын таба алмай, экономикалық динозаврларға айналды. Оларды қата тірілтуге қажетті қаржыны бір ел түгілі, күллі кешегі кеңестік кеңістікте ешкім тауып бере алмады. Сырттан қаржы тартуға өзіміздің солақай патриотизміміз бен көршілердің іштарлығы қол байлау жасады. Инфрақұрылымдық мешеуліктен озат технология мен өтімді валюта базарына шыға алмаған қымбат шикізатымыз босқа рәсуа бола бастады. Сөйтіп, жаңа егемендіктерді ескі экономикалық қатынастардың қыл бұрауы қайта қылғындыра бастады. Экономикалық қатынастар мен технология мешеулігінен өрбіген табиғи ресурстарға бай елдегі әрі-сәрі кезге тән билік дағдарысы лоббизмге де, бюрократиялық пайдакүнемдікке де, сыбайластыққа да кеңінен жол ашатыны белгілі. Оған тойтарысты тек сындарлы құқықтық реформа бере алатын еді. Ол үшін әуелі заң шығарушы билікті реформалау керек болды. Халықтық билікті таптық тұрғыда түсініп қалған кеңестік парламентаризмнің сахнадан кетуі коммунистік партияның сахнадан кетуінен гөрі қиыныраққа түсті. Ол үшін парламенттік реформаны кезең-кезеңге бөліп, әрі сатылап, әрі ұтылып жүргізуге тура келді. Бірақ, жағдайды ол да түбегейлі жақсарта алмады. Өйткені, реформа – жаңашылдық құбылыс. Ал, жаппай жаңашылдықтың болуы еш мүмкін емес. Жаңашылдық көп көңіліне бірден емес, біртіндеп ұялайды. Сондықтан, оны атқарушы билік жүзеге асырып, заң шығарушы билік заңдастырады. Заңдастырушы биліктің ебедейсіздігі реформа үшін қандай кедергі келтірсе, атқарушы биліктің ебедейсіздігі де тап сондай кедергі келтіретіндігіне көзіміз енді-енді жете бастады. Елбасының жаңа Жарлығы да осындай заңдылықтан өрбіп жатқан құбылыс. Атқарушы билікті реформаламай, реформаның өрге баспайтыны бүгін таңда ешкімге де дау туғызбаса керек. Ол да кезең-кезеңге бөлініп, сатылап жүзеге аса алады. Экономикадағы жаңа қатынастар билік құрылымының да мейлінше сындарлана түсуін талап етері сөзсіз. Жуықта жарық көрген Жарлық билік жүйесін жаңа Конституцияның «әрпіне де, мәтініне» де сәйкестендіре түсті. Ішкі және сыртқы саясаттың стратегиялық пайымдамасын президенттік билікке қалдырып, оны жүзеге асырудың нақты тактикалық тәжірибесін үкіметке толығымен берді. Үкімет әр институтының билік аясы кеңейтілуі есебінен мейлінше ықшамдалды. Лауазымды адамдар санының қысқаруы олардың жеке жауапкершілігін күшейтумен қоса, оның қызметі мен әрекеттер аясын бұрынғыға қарағанда әлдеқайда «мөлдірлендіре» түсті. Лицензиялаудың тәртіпке келтірілуі, тіркеудің нақты мекемеге ғана тапсырылып, жол-жөнекей және қосалқы келісім алу жүйесінің жоғалуы бармақ басты, көз қыстының адымын едәуір қысқартты. Бұл індеттің түбегейлі жойылып кетуін әлі де ұзақ күтуге тура келеді. Дегенмен, оған қарсы күрес едәуір күшейді. Біріншіден, «билік коридорының» бұлталаңдары ен шырғалаңдарының адымы айта қаларлық қысқарды. Кіріп-шығатын есіктер азайып, жалынып-жалбарынатындардың саны жартыға жуық кеміді. Штаттар кестесінің жинақылануы кадр сұрыптауды шыңдай түсері белгілі. Бұл билік жүйесіндегі бос белбеулікті азайтып, талапшылдықты күшейтері даусыз. Мемлекеттік қызметтің материальдық және моральдық жағынан салиқалана түсуі билік мәдениетін де айта қаларлық тыңайтады деген сенім туғызады. Бірақ, билікті ықтималдандыру бұнымен тына қалмайды. Нарықтық қатынастардың тереңдей түсуіне байланысты бұл саладағы ізденістер де қарқындай түседі. Реформа мардымды өрістеп, ең ұтымды кейпіне көшкенше биліктің шегірен былғарысы да сығымдалып, тартыла түсері даусыз. Бірақ, оның Бальзак романындағыдай келеңсіздіктерге ұрындырмауы үшін бұл бағыттағы жұмысты әлі де жалғастыра, жетілдіре түсу керектігі белгілі.

— Кезеңдік саяси, экономикалық өзгерістерден ұтатын да, ұтқызатын да қаймана ел, қалың бұқара. Әзірге қала мен дала халқының үмітіне талғажау етіп отырғаны – ауыртпалыққа қарамай іске асырылып жатқан реформа мақсаттары ғана. Осы бағытта жұрттың әл-ауқатын көтеру мұраты мен ұзақ мерзімді (2020–2025 жылға дейін) стратегиялық бағдарлама жасап жатқандығынан хабардармыз...

— Бүкіл халқымыздың тікелей дауыс беруімен қабылданған Жаңа Ата Заңымызда бұл салада қандай уәде берілсе, соның бәрі өз күшінде қалады. Олардың әрқайсысының нақты түрде қандай жолмен жүзеге асатындығы – әрине, жасақталып жатқан стратегиялық жобалардың үлесіне тиеді. Мен ондай жұмыс тобының мүшесі емеспін.

— Бағдарлама мәдени-әлеуметтік тұрғыдан нені міндетіне алуы тиіс деп ойлайсыз?

— Білім беру, мәдени орта қалыптастыру, тілдерді дамыту, әлеуметтік дамудың байыптамалық тұжырымдары әлдеқашан қабылданды. Олардың экономикалық кескіндемесін жасап, іске қосу – үкіметтік орындардың парызы. Бұл арадағы басы ашық мәселе; экономика дамымай, әлеуметтік саланың дамымайтыны қандай түсінікті болса, рухани сала, әсіресе, білім беру, ойдағыдай дамымай, экономиканың да тасы өрге домалай қоймайтындығы сондай түсінікті. Бұл саладағы бүгін таңдағы ең басты міндет: жаңа биіктерге көтеріле алмасақ та, қазіргі қол жеткен биігімізді аласартпау. Ол үшін қолда бар мүмкіндіктерді ықтималдандырып, ықпалды пайдалану. Бұл тек көпті азайту, азды қысқарту жолымен жүзеге асырамыз деу солақайлық болар еді. Ең алдымен, әлеуметтік саланы қаржыландыруға меншіктің қай түрін де белсене қатыстырудың амалын қарастыру керек. Халықаралық статистиканың айтуынша, мәселен, АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің деректеріне қарағанда, бүгін таңда жеке меншік саласы ішкі жалпы өнімнің Ресейде 60, Молдавияда 50-60, Украинада – 50, Қырғызстанда – 40, Қазақстанда – 35 процентін өндіреді екен. Елбасының соңғы алып жатқан шаралары бұл көрсеткіштерді түбегейлі өзгертері сөзсіз. Сонда мемлекеттік меншік пен аралас меншік түрлерінің үлесі күннен-күнге кеми бермек. Демек, экономиканы әлеуметтендірудің стратегиясы мен тактикасы да шындыққа сәйкестендіріле түспекші. Ол саладағы барлық шығынды мемлекет өз мойнына түгел ала алмайды, басқа меншік түрлерімен тиімді міндет бөлісуге тырысады. Алайда, елбасы бұл шаруада үкіметке асығып-үсігушілікке ұрынбауды қатаң тапсырып отыр. Әр аймақтың меншік алуандығындағы өз ерекшеліктеріне орай, әлеуметтік саланы қаржыландыруда да өз жол, өз үлесін қалыптастыруын қадағаламай болмайды. Бұл мәселеде де сапырмашылдыққа, бір ізділікке жол бермеген жөн. Әсіресе, шетелдік инвестиция бара алмай жатқан, экономикасы тыңая алмай жатқан ауылдық жерлердегі мектептер мен емханаларға, мәдениет орындарына мемлекеттік қолғабыс айырықша керек. Бұл мәселеде бюджетпен қоса, іштен, сырттан қаржы тартатын айрықша бағдарламалар жасақтау мен қорлар құруды, үкімет өз мойнына алуы керек. Елбасы ауыл мектептерін компьютерлендіруге, Интернет жүйесіне қосылуды тездетуге, отандық кәсіпорындарды басқаруға алатын, бірлескен кәсіпорындар ашатын шетелдік компаниялармен келісім жасасқан кезде әлеуметтік даму, жұмыспен қамтамасыз ету, жергілікті мамандар дайындау мәселесіне баса көңіл бөлуді айырықша тапсырып отыр.

Ата Заңда айтылған әлеуметшіл мемлекет сипатымызды жүзеге асыруға міндеттіміз. Ол, бірақ, бұрынғыша бір ыңғай бюджеттік-алиментаралық жолмен емес, нарықтық қатынастарға лайық экономикалық бастамашылдық жолымен ғана іске аса алады. Ендеше, бұл мәселеде де байбаламшылдықты азайтып, қаракетшілдікті көбейткеніміз дұрыс. Өйткені, қанша қақтап емгенімізбен, әлдеқашан суалып кеткен емшектен бәрібір сүт шықпайды. Қанша қақсап сынап, айқайлап-айқайлап қорқытқанымызбен бәрібір құр қалта отырған үкімет ештеңе тауып бере алмады. Оны қуып шыққанымызбен, жаңа үкімет те сол баяғы түбі тесік бюджет қалтасын қақпалағаннан басқа ештеңе бітіре алмайды. Сондықтан да, жаңа стратегиялық жобалар әлеуметтік мәселелерді жаңа жәрдемдер ойлап табу жолымен емес, жаппай кәсіпкерлікті күшейту жолымен шешуге көбірек маңыз бөлетіні белгілі. Шынайы әлеуметшіл қоғам еңбек адамына күш-қайраты бар көзінде ертеңгі күнін ертеден ойлап алуға қам жасауына көмектеседі. Сондай көмек қана дер көзіндегі көмек болып табылады. Егер Елбасының шағын және орта бюджетті дамыту жолындағы бастамасын ойдағыдай жүзеге асыра алсақ, азаматтарымызды қызметпен қамтамасыз етуде деп жанұяларымыздың әл-ауқатын арттыруды да, әлеуметтік саланы бюджеттік те, бюджеттік емес те жолдармен қаржыландыру мүмкіндіктерін де біршама түзеп алған болар едік. Қандай қиын жағдайды да тек саяси талапшылдықпен емес, экономикалық белсенді қарекетпен ғана түзей аламыз.

— Осыған туыс сұрақ. Көпшілік Сізді лауазымды үкімет адамынан бұрын, үлкен жазушы, ойшыл ретінде қабылдайды. Ал қазақтың жанына әркез әкімінен ақыны жақын. XXІ ғасырға бар жоғы үш жыл қалған тұста, сол халыққа, үшінші мың жылдықтағы қойылатын прогресс талаптары қандай болмақ?

— Жаңа мыңжылдықтың адамзатқа не әкелетіндігі әлі белгісіз. Өйткені адамзат табиғатпен тіл табысуды әлі үйренген жоқ. Ғалымдардың айтуынша, осы заманғы өркениет бұған дейінгі үйреншікті даму жолының барлық мүмкіндігін түгел тауысты. Табиғаттан тек ала беру жолымен жүре беретін болсақ, енді 10-15 жылда жаппай омницидке – енді қалыпқа келе алмастай боп құрып кету қаупіне ұрынуымыз мүмкін.

Адамзат өзара тіл табысуға да әлі үйренген жоқ. Егер жер бетіндегі халықтың төрттен үші әлемдік табыстың тек жетіден бірімен ғана пайдаланып отырса, бір-біріміздің мүддемізді ескеруге әбден жетілдік деп қайдан айта аламыз?! Нобель лауреаты Я. Тинбергеннің айтуынша, ең ауқаттылардың орташа дәулеті мен ең кедейлердің орташа дәулеті қазіргі 13:1 қалпында тұра бермей, қашан 3:1 деңгейіне, ең болмаса, 6:1 деңгейіне дейін төмендемей, адамзат қоғамы орнықты дами алмайды. Сондықтан, үшінші мың жылдық тек табиғат пен өркениеттің жарастығын ойдағыдай қалыптастыра алса ғана тарихтың жалғасына айнала алады. Әйтпесе, бұған дейінгі көп ғасырлық дамудың ақиреттік ақырына айналып кетуі де кәдік. Ол үшін әр қауым өзі жайлайтын аумақты ұқыпты да үнемді игеріп, оған қажетті технология мен кәсіби мәдениетті толығымен меңгере алса ғана, өзінің де көсегесін көгерте алады, өзгелердің де мүддесінен шыға алады.

— Оған қазақстандық болмыс пен сана дайын ба?

— Бүгін таңда қазақстандықтар мен қазақстандық сана ол деңгейден шыға алып отыр деп айта алмаймыз. Ол түгілі дәстүрлі қауымдық және таптық экономикалық қарым-қатынастар қалыптастырған бойкүйез ахуалдан уақытылы бөзіне алмау салдарынан ауыспалы кезеңнің уақытша келеңсіздіктерінің өзіне төтеп бере алмай келеміз.

Бірақ, қанасын уақытылы жарып шыға алмаған шарана тұншығып өледі. Біздің жаңа санамыздың да шарана қалыпта қала бермей, қанасын жарып шығар кезеңі жетті. Ол үшін тәуекел керек. Ол тәуекелді ұлт болып ұғынып, одан туындайтын тауқыметтерге төтеп беруге ұлт болып жұмыла білу керек. Сары уайымға салына бермей, намысқа мініп, жігерді жану керек. Ол үшін әрқайсымыз өзімізді-өзіміз шыңдап, өзімізді-өзіміз түзетуге күш салғанымыз дұрыс. Өйткені, өзіміз түзелмей тұрып, өзгелер түзелмейді. Жалқының түзелуі жалпының түзелуінен әлдеқайда оңай. Жалқының түзелуі жалпының түзелуін тездетеді. Жалпы түзелмей тұрып, әділет орнамайды. Сондықтан, біреуге талап қоймас бұрын өзіңе-өзің қатаң талап қоя білуге үйренген лазым. Бұл, әсіресе, жас қауымға керек. Егде ұрпақ алыс-жақын өткен кезеңдерінде қаншама ағаттықтар жіберіп, нешеме ерсіліктерге жолықса да, тарихтың сын сағатында қапы қалған жоқ. Тәуелсіздік туын уақытылы тұғырына орната білді. Қанша идеялық басыбайлық пен әлеуметтік көнбістік төмпешін көп көрсе де, демократиялық даму жолына бірінші болып қадам басты. Қылыштың жүзіндей қиын сәттерде қынадай боп қырылып қалмайтындай сабырлылық пен саналылық танытты. Ескімен қоштасуды, көнені аластауды бас жарғызбай, сүйек сындырмай, қантөгіссіз бейбіт жүзеге асырды. Ендігі міндет – сол қиындықпен қолға түскен тәуелсіздік пен жаңа үрдісті қапысыз орнықтыра білу. Ол – екі мың жылдық тоғысында белсенді қызметке кірісетін жаңа ұрпақтың мойындағы тарихи парыз. Егер ол бір кездегі тоталитарлық тоңды ойып жібітер тұстағы қопарылмалы қозғалыстар ауанынан уақытылы тиылып, жаңа көшет отырғызып жатқан бағбанның байыпты бипаз қарекетіне уақытылы көше алмаса, бүгінге дейін созылып келе жатқан әлеуметтік даңғазаның сүрлеуімен кете берсе, онда жібекті түте алмаған жүн етеді дегеннің кебін киеді. Ғасыр тоғысына көзі тірі жететін ұрпақтар тарихи міндет бөлісуді қай кездегіден де сергегірек, жітірек және аса нәзік жүзеге асыруға тиісті. Бұл арада кешегі таптық идеология әсіре әспеттеген «баррикадашылдық», «әкелер мен балалар», «ескішілдік пен жаңашылдық» кескіндемелері, жағадан алып, жармаса кететін әупірім жаңашылдық пен тобықтан қағып, тірсектен шалып бағатын тәсілқой ескішілдік тайталасы – тек аталмыш ұрпақтардың емес, күллі ұлтымыздың арылмас сорына айналуы ғажап емес. Біз сондай солақайшылыққа бастайтын қандай пиғылға да уақытылы тойтарыс бере алуымыз қажет. Әйтпесе, артық қыламыз деп, тыртық қыладының кебіне ұшыраймыз. Ашыққан қарын тойынады. Жүдеген иін жаңарады. Бірақ, тәрк болған тәуелсіздіктің қайта орынына келуінің қаншалықты қиын екенін көзіміз көріп отыр ғой.

— Адамдар шексіздіктен қорқады. Әсіресе ауылды жерлерде бүгінгі қалыптасқан ахуал, өндірістік кешеннің ауыр халі шет-шегі жоқ тұманды болашақ боп қабылданады. Қазақстан халқы тұрмысының түзелетін мерзімін болжай аласыз ба?

— Қазір біз киіп отырған кепті көп жұрт киіпті. Кимегені енді киіп жатыр. Солардың тәжірибесіне қарасақ, бұндай тығырықтан шығу үшін, негізінен, екі жолға жүгініпті. Бірі – сыртпен ықпалдасу, екіншісі – тек қана өз күшіне сену. Бір кезде белшеден қарызға батқан АҚШ, соғыста әбден күйзелген Батыс Европа мен Жапония, индустрия жолына елдің ең соңынан, бірақ қауырт көшкен Күнгей Шығыс Азия елдері бірінші жолды қалап алды. Қазір қай-қайсысы да дамыған елдер санатына қосылып кетті. Ал Латын Америкасы, Шығыс Европа, Кеңестер Одағы екінші жолды күйттеді. Ақыр аяғында, кешеуілдеп болса да, бірінші жолға қайта түсуге мәжбүр болып отыр. Біз де сол санаттамыз. Бұл жолға түскендер әлемдік еңбек бөлісуге қатысу үшін әуелі әлемдік саудаға баяу қатысып, негізінен қарызға қаржы алып, борышкер ел атанған. Сол арқылы тауар мен қызмет түрлерін көп сатып алатын экспортер елге айналған. Бірте-бірте молынан қарыз алып, белсенді саудагер елдер тобына қосылған. Сөйте жүріп, әлемдік саудагер, банкир және қарыз беруші елдер дәрежесіне көшкен. Ақыр аяғында басқа елдермен финанстық ресурс бөлісе алатын әлемдік дәрежедегі саудагер және инвестор деңгейіне жеткен. Бұл сатыларды старттық деңгейіне байланысты біреу тез, біреу баяу өткен, бірақ, ешқайсысы да аттап, не айналып өте алмаған. Бұл жолдардан өтуге АҚШ 130 жылдай, Батыс Европа мен Жапония 35-40 жылдай, күнгей Шығыс Азия елдері жиырма жылдан астам уақыт жіберген. Өзіңіз көріп отырсыз, әлемдік игілік бөлісу жүйесінің жетіле түсуіне орай сыртқы дүниемен ықпалдаса дамуға кететін уақыт қысқарып келеді. Оның үстіне, біз бұл жолға бейбіт жағдайда өз қалауымызбен түсіп отырмыз. Ол реформа тағдырын шешетін бірден-бір фактор орнықтылық ахуалды бірден қалыптастыруға жағдай жасайды. Жеріміз үлкен де, халқымыз аз. Бұл түсетін табысты түгелдей тұтынуға жібермей, өндірісті кеңейтуге жұмсауға қолайлылық туғызады. Адамдарымыз жаппай сауатты. Индустриялы және техникаланған агроөндіріске баулынған. Демек, технологиялық жаңалықтарға бейімделу қабілеті едәуір жоғары. Реформалық старттағы ең зәру нәрселер: инвестиция, технология, нарықтық менталитет.

Ол зәруліктерден тек жүйелі түрде құтылуға болады. Мемлекеттік меншікті жекешелендіріп, кооперативтік меншікті жаппай жеке меншік негізінде қалыптастыру нарықтық менталитетке көшуге экономикалық негіз жасайды. Біз, құдайға шүкір, табиғи байлыққа кенде ел емеспіз. Ондай елдер әдетте әуелі шетке шикізатты көптеп шығаруға мәжбүр. Сол арқылы әрі ұлттық инвестицияны молайтады, әрі сырттан инвестиция тартады. Оған арланатын ештеңе жоқ. Бүгінгі дүниеде қазіргі экономиканы дамытуға қажет табиғи ресурс, моральдық ресурс, финанстық ресурс, технологиялық ресурс – төртеуіне бірдей ие елдер кемде-кем. Біреуінде шикізат жетсе, қаржы жетпейді, қаржы жетсе, жұмыс күші жетпейді, жұмыс күші жетсе, технология жетіспейді. Әркім қолда барын әлемдік игілік бөлісуге қатыстырып, өзіне керекті нәрсеге айырбастайды. Біз де шикізатымызды сатып, тасымалдап, оны ендіруге сырттан ынталы күштер тартып, соны жүзеге асыратын экспорттық қызмет құрып, одан түскен қаржыны басқа ешқандай да мақсатқа емес, сол шикізатты өзімізде өңдейтін өнеркәсіпті өркендетуге жұмсауға мәжбүрміз. Одан шығатын өнімдерді сатып әрі сыртқа тасылатын шикізат келемін азайтамыз, әрі бірте-бірте бәсекеге төтеп бере алатын бұйымдар шығаруға кеше аламыз. Ол, әрине, әуелгі кезде материал мен қаржыны көп жұмсайтын бұйымдар болады. Бірақ, сондай бұйымдарды көбірек шығару арқылы техникалық жітілікті талап ететін, ғылыми жітілікті талап ететін өндірісті күшейтуге қажетті қаржы жинаймыз. Ең соңында күн өткен сайын сұранысы көбейе түсетін жоғары технологияны талап ететін өндірісті жолға қоя аламыз. Әдетте, экономиканың заманаға лайық жаңғыруы осындай жүйеде жүзеге асады. Бұл, әрине, ұзақ әрі күрделі процесс. Бірақ, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, экономикалық прогресске жетілудің бұдан ықшам, бұдан жедел жолы әзір табыла қойған жоқ. Егер біз бұл ақиқатты қайта құруға алғаш кіріскен жылдары қапысыз ұғынып, бірден мойындағанымызда кешегі кеңестік кеңістіктегі реформа ендігі біраз деңгейге көтеріліп қалатын еді. Көп уақыт күш-жігер саяси даудамайларға кетті. Жаңаруды социализм мен бұрынғы одақ жағдайында жасауға болады деген дәмемен де біраз уақыт зая болды. Саяси жағынан ыдырап кеткен кеңістіктің ең болмаса экономикалық ықпалдастығын сақтап қала аламыз ба деген дәмемен де біраз күш-жігер зая болды. Бірақ, оның бәрі әлдеқашан басталып кеткен процестерді күрделендіре түспесе, жеңілейткен жоқ, кешеуілдетпесе жеделдеткен жоқ.

— Жоғарыдағы өткен қатені безбенге салып, кеткен есені еселеп қайтару, жұрт арқасындағы қиындықты сейілту жолындағы іс-қимылдың басын ашып кетсеңіз...

— Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мұндай жағдайды жан-жақты ескеріп, көп векторлы сыртқы саясат байыптамасын уақытылы ұсынды. Осы заманғы күннен күнге нығайып келе жатқан халықаралық еңбек бөлісуде ұлттық томаға-тұйықтықтың қатардан қалдырмаса, қатарға қоспайтыны, айтпаса да, түсінікті. Әйтсе де, тек аймақтық, континенттік не дәстүрлі ауқымдардағы ықпалдастық та мүйіз шығара қоймайды. Ондай шағын ауқымды ықпалдастық ұлттық қауіпсіздіктің де, экономикалық жаңарудың да мүддесінен шыға бермеуі мүмкін. Сондықтан алыспен де, жақын мен де тек тең мүдделілік жағдайында ғана ықпалдаса алатын интеграция ғана реформаның өрге басуына көмектесе алады екен. Соның арқасында әлемдік рынокқа апаратын жолдар көбейіп, сырттан қаржы тартатын арналар кеңейе бастады. Тоқырап қалған кәсіпорындарды шетелдік компанияларға басқаруға беру, бірлескен кәсіпорындар ашу, шетелдік фирмаларды көптеп тарту оң нәтижесін бере бастады. Тоқырап қалған өндіріс баяу да болса, қайта жандана бастады. Олардың қордаланып қалған борыштары төлене бастады. Тозып қалған құрал-жабдықтарды жаңартатын ие табылды. Технологиялық қайта қарулануға мүмкіндік туа бастады. Шығарған өнімдерді бір кездегі жоспарлау комиссиясы салып берген арналармен ғана тасымалдамай, жаңа бағыттар мен жаңа бағдарларға тасымалдауға ынталы күштер көбейді. Оның бәрі сыртқа кеткен шикізаттың бұрынғыдай бәсекеге төтеп бере алмайтын арзанқол тауар мен күні өткен құрал-жабдық болмай, жаңа технология, өтімді валюта, тиімді инвестиция болып қайтуына жағдай жасайды..

Егер біз ғасыр соңына дейін сыртпен ықпалдасудың осы тиімді схемасын тыңғылықты жүргізе алсақ, меншіктік қатынастарды нарықтық жүйеге кешіруді біржолата аяқтап, экономикалық тыңаюымызда тынысымызды тарылтып, адымымызды аттатпай келген қалыптасып қалған ішкі-сыртқы томаға-тұйық инфрақұрылымдардан құтылып, жарыспалы инфрақұрылымдар түзудің негізін жасай аламыз. Онда жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығында мешеу экономиканы тыңайтып, жаңғыртудың жоғарыда айтылған бес сатылы жолын түгел тамамдағанмен, Қазақстан тек өз азаматтарының әл-ауқатын біршама түзеген ел болумен қоса, батыс пен шығыс рыногында бірдей танымал, бірдей қадірлі әріптеске, бәсекеге толығымен төтеп бере алатын осы заманғы экономикаға ие бола алатындығына өзін де, жұртты да кәміл сендірген іргелі мемлекетке айнала алады деп сенуге жеткілікті негіз бар. Ол үшін еліміздің соңғы жылдары әлемдік әріптестер тарапынан иеленіп отырған үлкең сенімін азайтып алмауға күш салуымыз қажет. Бүгінгі ықпалдастық әлемі тек жеке меншікке негізделген экономикаға, сондай экономикаға тиімді нарық институттары мен құқықтық жүйеге, ондай жүйені орнықтыра алатын және шыңдай түсетін демократияға ие, сол арқылы орнықты саяси ахуалға жетіп отырған сындарлы билікті нығайта алатын елдерді ғана сенімді серіктес санайды.

Ендеше, ең алдымен ел абыройын ойламай, ешкім де жағдайын түзей алмайды. Бұл – кәріміз де, жасымыз да, басшыларымыз да, қосшыларымыз да бірдей қатаң қадағалайтын қағида болуға тиісті. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кейінгі кезеңдегі түбегейлі бастамаларына әлемдік саясат пен экономиканың айырықша көңіл бөліп отырғандығы да сондықтан. Біздің балаң реформамыздың оң тәжірибесіне кейбір мемлекеттер қомсына қарауды қойып, үйрене бастауы да тегіннен-тегін емес. Бірақ, көңіл тоғайтуға әлі ерте. Жұрттың тегіс тоғайып, тегіс әлденетін, ауқаттанатын кезеңіне жетуге әлі де біраз уақыт керек. Оған дейін тапқан-таянғанымыздың бәрін жинап-теріп енді жандана бастаған өндірісті одан әрі ұлғайтуға жұмсамасақ, қорланбай тұрып, сабаның түбіне жиылған аз ұйытқыны құйып ішіп алып, қайтадан шылдыр шайма күйге түсетін орашолақтыққа ұрынамыз. Бүгін, жоғарыда айтылғандай, біздің еркімізден тысқары себептермен әбден арып, жер бауырлап жатып қалған экономикамыздың буынына әл жүгіре бастағанына қуанып, оның аяғынан тезірек тік басып кетуіне мейлінше күш салуымыз қажет. Тәуелсіздік, бостандық, болашақ қымбат деп ойлайтынымыз рас болса, бұлай етпеуге шарамыз жоқ.

— Халқымызға не айтасыз?

Бүгінгі отаншылдық – төзім. Бүгінгі ерлік – сабыр. Бүгінгі елдік – тыныштық. Қазіргі адал ниетті отандастарымыздың бір-біріне жасай алатын содан басқа жақсылығы жоқ. Сонда ғана ортақ шаруамыз оңалып кете алады. Ол оңалмай тұрып, ешкімнің де, ештеңенің де көсегесі көгере қоймайды. Халқымызға айтарымыз: ата-бабаларымызға лайық ұрпақ болайық. Олар бұндай-бұндайдың талайын бастан кешкен. Ондайда: «Бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз»,– деп, орынсыз өкпе-бопсының жолын қиып, келешекке сеніп, қайрат жиған. Жүдесе де жүнжімеген. Басында еркі жоқ, өз тізгіні өзінде емес бодан заманның өзінде соншама қайрат-жігер таныта алған халықтың бүгінгідей мақсаты айқын, алар асқары биік бостан да азат замандағы жетелі ұрпағының уақытша қиындықтарға бола қиғаш құлық пен қылыққа бой алдыруға еш хақысы жоқ. Өйткені, ел тағдыры шешілетін жасампаз кезең енді келді. Бұл – беліңді буып, тәуекелге мініп, бақ сынайтын кезең.

— Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Талғат ЕШЕНҰЛЫ.

БЕРЕКЕ БАСЫ БІРЛІКТЕ

«Ұлттың татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылын» өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия мәжілісіндегі сөз. Қай қоғамның өмірінде де ұмытылмас оқиғалар бар. Оларды еске алмау, әсіресе, қазіргідей барлық нәрсе таразыға түсіп, кешегі бастан кешкен де, келешектегі алдан күткен де ой елегінен қайта өткізіліп жатқан кезде тек кешірілмес кемшілік қана емес, болашақтың алдында қапы соқтырар сорақы жауапсыздық болар еді. Сондықтан да үстіміздегі 1997 жыл жалпы ұлттық ынтымақ пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы боп жарияланды. Көптеген азаматтар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан осындай ұсыныс болды. Демек, халықтың жанына бұдан алпыс жыл бұрын түскен жара өлі жазылмапты. Әсіресе, өзі де құрбандыққа шалынумен қоса, қан құйлығы жағынан өткен ғасырлардың қандай бір қан қасап соғыстары мен қара түнек қуғын-сүргіндерінің бәрінен де асып түскен әлеуметтік озбырлық оқиғаларының басты орын алған аймағына айналған Қазақстан тұрғындарының қасіреті тым ересен еді. Оның үстіне, 1937 жыл оқиғаларының зұлымдық сипаты бүгінгі қоғамдық жаңарыс тұсында бұрынғыдан бетер айқынырақ көрініп, адамдардың жанын күйзелтіп қана қоймай, үлкен қобалжу да туғызуда. Соның бәрін терең сезінген Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осындай саяси бастама көтеріп отыр. Үкімет оны жүзеге асыратын комиссия құрды. Атқарылатын шаралардың жоспары жасалды. Жарлық, негізінен, жұртшылық тарапынан зор түсіністік пен қолдау тапты. Елу бес саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер және ұлттық мәдени орталықтар басшылары Жарлықты жүзеге асыруға белсене ат салысатындарын, оны елбасының қоғамымызды ынтымақтастыруға, тарихи шындықты қалпына келтіруге, саяси қудалау құрбандарын ұлықтауға ұстанып отырған бағыты деп танитындарын мәлімдеп, бұл мақсатта бірлесе қимыл жасауға келісімге келді. Бірақ, өмірде орын алып отырған қиындықтарды тілге тиек етіп, бұл турасында да бұра тартпа пікірлер туғызуға тырысатын саяси күштер табылмай жатқан жоқ. Иә, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жуырдағы азаматтық қоғам институттары басшыларымен кездесуінде егжей-тегжейлі әңгімелеп бергендей, реформа майлы қасықтай оңай жүзеге асып жатырмағаны рас. Осындай бастама көтеруге бұл жағдайдың да қатысы бар екендігі ешқандай құпия емес. Реформа ең қиын әрі сын кезеңіне келді. Азаматтарымыздың да, күллі қоғамымыздың да белді бекем буатын шағы туды. Ондай күш-жігер әрі тарт та, бері тарт итжығысқа емес, күллі қауым боп құлшынатын іс-қимылдарға жұмсалса абзал. Алдан күткен үміт те, артта қалған күйік те сондай ауыз бірлікке шақырады. Онсыз да күні өткен саяси үрдістің атамзаманғы айыптарын айтып, айыз қандыру үшін емес, ақылымызды арылтып, санамызды сауықтырып алу үшін де осылай істеуіміз керек боп отыр. Өйтпейінше, әлеуметтік ар-ұятын асырып, балаң демократияның қанатын қатайту оңай болмай түр. Егер екі ғасыр тоғысындағы бір үрдістен екінші үрдіске көшер қоғамдық түлеу игі-жақсылардың билік үшін, былайғы бұқараның дәулет пен ырзық үшін бір-бірімен алжасқан әлеуметтік кекшілдік кесепатына ұласпағанында, саяси – экономикалық бастамашылдықтың орнына топтық қызғаныш пен өзімшіл баққұмарлық қоғамдық мінез – құлықтың қозғаушы күшіне айналып, жұртты жаппай жікшілдік пен секемшілдіктің індетіне шалдықтырмағанда, біз бүгін тұралаған экономиканы түбегейлі жаңғыртудың қиын-қыстау хикметтеріне екінші рет ұрынбаған болар едік. Біздің отыз жетінші жылдар зобалаңынан шығаруға тиіс бірінші қорытындымыз осы болса дұрыс. Сондықтанда, біз үшін 1997 жыл ең алдымен жалпы ұлттық ынтымақтастық жылы боп табылады. Иә, біздің ел билік бұтақтарының қауыпты қақтығыстарына, ұлтаралық және әлеуметтік өткір дау-жанжалдарға ұрынған жоқ. Бірақ, ол орнықтылық – тағдырдың тартуы емес, жан-жақты ойластырылған ыждаһатты жұмыстың нәтижесі. Бұны қолыңа бір түссе, кетпей қоятын баянды бақыт құсы деп қарамай, оны одан әрі нығайта түсу үшін де көп ізденіс керек. Татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылын өткізу бағдарламасының басты мақсаты да осы болуға тиісті. Оны жүзеге асырудың жәй-жапсарын да мықтап ойластырмай болмайды. Жер-жерлерде облыстық, қалалық, аудандық комиссиялар құрыла бастады. Үкімет жасаған жалпы мемлекеттік шаралар жоспарын негізге алып, аймақтық ерекшеліктерді де ескеріп, әлгіндей комиссиялар атқарар қызметтің басты бағыт-бағдарлары айқындалып, нақтылануда. Жергілікті жерлерден түскен ұсыныстар мен тілектер үкімет комиссияны тарабынан тыңғылықты сұрыпталып, Татулық жылының жалпы мемлекеттік күнтізбелік іс кестесіне енгізіледі. Аймақтық комиссиялар құрамына және олар жүргізетін шараларға жер-жердегі ұлттық-мәдени орталықтар, саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары, еңбек пен соғыс ардагерлері, әйелдер және жастар ұйымдары белсене қатыстырылады. Негізгі жұмыс идеологиялық сипатта өрбиді. Бұл барлық мемлекеттік ұйымдардың үйлесімді жұмысын, жұртшылықпен тығыз байланысты талап етеді. Жоспарланып отырған мәселе, үстіміздегі жылдың мамыры мен желтоқсанында болашақ астана Ақмолада өтпек. Қазақстан халықтары екінші құрылтайы және Ассамблеяның ІV сессиясы, дәл сондай сипаттағы аймақтық шаралар, халық шығармашылығы фестивальдері, ұлттық спорт ойындары мейрамдары, ұлттық мәдени орталықтар күндері, ғылыми конференциялар, Наурыз мерекесі, саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын еске алу Күні рәсімдері, жұртшылықпен кездесулер, тағы да басқа дәстүрлі сондай-ақ бірінші рет жүзеге аспақ көптеген шаралар орнықтылығымыздың одан әрі беки түсуіне, қоғамдық ахуалдың сауығуына айтарлықтай үлес қосады деп ойлаймыз. Әрине, бұл жылы заңсыз жазаланып, қудалауға ұшыратқандарды ақтауда, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуда, әр кезеңде сондай сергелдең кешкендерге көмек көрсетуде көптеген істер атқарылмақшы. «Жаппай саяси қудалау құрбандарын ақтау туралы «Қазақстан Республикасы Заңының орындалу барысын тексеруге ерекше мән берілмекші. Бұның бәрінің көздеген мақсаты – өткеннің өкінішті оқиғаларынан тиісті тәлім алу, сұрқия әлеуметтік тәжірибелер жемтігіне айналған кешегі кеңес халықтарының келеңсіз тағдырын тағы да ой елегінен өткізіп, ұлттар мен азаматтардың өмірлік құқтарына қаныпезерлікпен баса көктеуге енді қайтып жол бермеудің амалдарын қарастыру. Егер біз қоғамда кешегіні көксейтін, демократиялық құндылықтар туралы дәстүрлі түсініктерге қосыла қоймайтын адамдардың әлі де баршылығын ойласақ, бүгін таңда бұл өте зәру идеологиялық жұмыс екендігіне көзіміз жете түсер еді. Біз миллиондаған адамдар үшін нағыз тауқыметке айналған тоталитаризмнің жексұрын табиғатын жеріне жеткізе зерделеу арқылы өзімізге де, өзгелерге де өткеннің қандай мұрасынан қай себептен бас тартып отырғанымызды қапысыз дәлелдеп бере аламыз. Тоталитаризмнің адамгершілікпен сиыспайтындығының негізгі сыры – жұртшылықты үнемі жаппай әсіреушілікке ұрындырып отырып, адамдарды келешегін кеңінен ойлап, өз дегеніне жету жолында өз бетімен әрекеттену мүмкіндігінен айырып, көлденеңнен біреу көзге шұқып көрсетпесе, өз қалауымен шешім қабылдай алмайтын әлеуметтік мүгедектерге айналдыратындығында. Бұл тек өткенде ғана не бір қиын қияметтерге ұшыратып қоймай, қазіргі кезеңнің келеңсіздіктеріне де аз себепші болып отырған жоқ. Көлденеңнен тұрып, көзге шұқитын нұсқаушылар жоғалды, ал солардың ғана айтқанымен жүруге үйренген дәрменсіз психология жоғалған жоқ. Реформаны да ойдағыдай өрістеткізбей отырған сол. Көп адам тіпті өз күнін өзі көруге талпынуға да құлықсыз. Кешегі жоғарының айтқанына көнгіштік бүгін кім көрінгеннің айтқанына сенгіштікпен алмасқан. Ондай жылдар бойы біреуге қарап ауыз ашып қалған құлақкесті құлықты қазір өтпелі кезеңнің келеңсіздіктерін бәрін жаңа бастамаларға жаба салатын жалақор кертартпа күштер пайдаланбай қалып жатқан жоқ. Ал бұл онсыз да шырғалаң ахуалдың шырқын одан әрі бұза түсуі ықтимал. Сондықтан да татулық пен саяси қудалау құрбандарын еске алу жылын біз өткендердің былық-шылықтарын қайта-қайта қопсыту үшін емес, қоғамды зұлмат зобалаңдарға ұшыратқан әлеуметтік өшпенділік, бұқаралық құлақкестілік және таптық жікшілдік сияқты сұмпайы құбылыстардың жымысқы мінез-құлықтарын жан-жақты тани түсу үшін, олардан қайта алданып, ондайларға қайта арбалып қалмау үшін өткіземіз. Тоталитаризм құрбандарын еске алу жылы жаппай демократиялық ағару жылына айналуға тиісті. Бұл біздің реформаны жетілдіріп, дағдарыстан шығуды жеделдетер жол іздеудің орынына барлық нәрсенің айыпкерін іздетіп, жаңа немесе ескі халық жауларын тапқызып, жаппай ала шабуылға түсіретін бағзы бақастықтар шылауына ұрынып, қайта адасып қалмауымыз үшін керек. Ассамблеяның алда тұрған сессиясы да, екінші рет өткізілмек халықтар құрылтайы да, ғылыми-теориялық конференциялар мен оқу орындарындағы арнайы сабақтар да, бұқаралық ақпарат құралдарының арнаулы айдарлары мен бағдарламалары да, жарық көрмек бейнефильмдер мен қойылымдар да осы мақсатты көздейді. Басқа түрлі де шаралар өткізуге болады. Ол ұйымдастырушылардың тапқырлығы мен ыждаһатына байланысты болмақшы. Осыған орай, саяси қудалау құрбандарының Естелік кітаптарын шығаруға ерекше тоқталуға тура келеді. Жергілікті атқарушы билік орындарына бұл үшін арнайы топтар құрып, тиісті ұйымдастырушылық және қаражаттық көмек көрсету тапсырылды. Жаппай қолға алынатын тағы бір шаруа – ескерткіштер орнату. Бас монументті, шамасы, Ақмолада тұрғызатын шығармыз. Еліміздің қай аймағында да белгілі де, белгісіз де қасірет орындары толып жатыр. Соның бәрін де саяси қудалау құрбандарына жәдігерлік қойылатындығы туралы белгі тастар тұр. Сол уәде жүзеге асуға тиіс. Бұны жұрт асыға тосып отыр. Өйткені, Қазақстанның қай шаңырағы да тәркілену мен жер аударудың, атып-асып, айдап әкетудің күйігін өз бастарынан өткерген. Алайда, шәйт аруақтар мен олардан қалған шерменде ұрпақтар үшін жазықсыз жапа шеккендердің мүбәрәк есімдерінің аяқталғанынан артық әділдік пен лайықты ескерткіш жоқ. Бұл орайда орындалар іс өте көп. Жаппай тәркілену жылдарында ғана бір жарым миллион Қазақ бұл дүниеден өтті. Бір миллион үш жүз мыңы тірілей жер ауды. Егер 1930 жылы елде 5 миллион 873 мың адам тұрса 1933 жылы 2 миллион 493 пенде қалып, екі еседен астамға азайып кетті. Сондағы демографиялық соққыдан күні бүгінге дейін есеңгіреп келеміз. Одан бергі он жылдықтар да біз үшін онша жаймашуақ бола қойған жоқ. Соғыс тұсында және соғыстан кейін қаншама жан нақақ қараланды. Естияр зиялы қауымның соңына қиқу түспеген кезең болған емес. Кеңес Одағының басқа республикаларына барып, тоталитаристік қудалаудан құтыла алмаған отандастарымыз қаншама?! Өз түбіне өзі жетіп тынған озбыр үрдістің орталық саяси ордасы солақай саясатының сорақы салдарын жергілікті кадрларға жаба салатын жаман әдетінен қашан біржола көзі құрығанша айныған емес. Оның саяси мұрагерлері күні бүгін де Кеңес Одағының аяғы аспаннан келгенін әбден масайрап кеткен жоғарғы басшылығының сүйегіне сіңген көз жұмбай әйлеңкестік, көр соқырлық, дарынсыз дарақылықтан емес, шет аймақтардың бөліне жарылушылығы мен бұратана жұрттардың ұлтшылдығынан көреді. Қазақстандықтар мұндай тоталитарлық топастыққа қарсы тек отызыншы жылдарда ғана емес, одан бері де әлденеше рет бой көрсетті. Басқасын қойып, Кеңгір, Теміртау, Алматы, Жаңа Өзен оқиғаларын-ақ еске алайықшы. Бәрі де аяусыздықпен жанышталып, кезекті жаппай қудалауды қоздырумен тынғаны белгілі. Жетпіс жыл ішінде қанша мың қандастарымыз көз түрткілік көрді?! Олардың бәр-бәрі тиісті әлеуметтік әділеттікке әлі қол жеткізе алмай келеді. Тек саяси қудалаудың өзі 103 мың адамға салқынын тигізіпті. Тек соларды ақтаудың өзі әлі аяқталған жоқ. Дәл сондай жұмыстарды байларды тәркілеу, ауқаттыларды аластау, ұлтшылдықты жою құрбандары мен әр жылдарғы орталық өктемдігіне қарсы бой көрсетулерге қатысушыларға байланысты да қолға алуымыз қажет. Дәл осындай зобалаңдарды елімізден шет жерлерде бастан кешкендерді ақтау үшін тиісті мемлекеттердің тиісті орындарымен келіссөздер бастаған жөн. Сол бір қилы заманда кешегі кеңес республикаларының қай-қайсысында да оңай болған жоқ. Сол себепті де Қазақстан көптеген халықтардың екінші отанына айналды. Жергілікті жұрттың жанашырлығы арқасында ғана қудаланған халықтар ел қатарына қосылып кетті. Тіпті сталиншілдік зұлматтар өшіре алмаған сол меймандостық дәстүрлерді өшірмей, одан әрі өрістеткеніміз парыз. Бұған халықтардың аймақтық құрылтайларын, халық өнері фестивальдерін, бірінші халық спорты ойындарын өткізгенде айырықша назар аударған жөн. Бұл, әсіресе, тілдер дамуының Мемлекеттік бағдарламасы жасақталғанда мықтап ескерілуі қажет. Шеттегі отандастарымызға қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламасы да татулық пен саяси қудалау құрбандарын еске алудың абзал қағидалары мен асыл мақсаттары арнасында дүниеге келіп отыр. Біз көп ұлттылық сипатымызды көптен айтын келеміз. Бірақ, басты шындықты енді айтуымыз тиіс. Бұл халықтардың қалауымен болған құбылыс емес. Оның адам тағдырына қаншалықты ойсыратып кетер қасірет екендігін өз бастарынан өткергендер өте көп. Саяси көлгірлік пен көре пара көзбояушылық емес, бұл турасындағы ащы шындық қана біздің өзара сыйластығымыз бен татуластығымызды одан әрі нығайта алады. Демек, Қазақстанға жер аударылған халықтар хақындағы кітаптар топтамасын тезірек басып шығарған лазым. Бұған ұлттық-мәдени орталықтар, тарихшылар, қаламгер қауым, құжатхана, мұражай қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар жұмыла кіріссе құба-құп. Ал мемлекеттік билік орындары бұқаралық ақпарат құралдарына, мұражайларға, кітапханаларға, керме залдарына бұл тақырыптағы көрмелер, тарихи куәлермен кездесулер өткізіп, бейнефильм, қойылымдар шығаруға көмек көрсетуге міндетті. Мұндай игі шаралардан ардагерлер, жастар ұйымдарының да қалтарыс қала алмайтындығы түсінікті. Таңдаулы әдеби көсемсөз туындыларына, драмалық шығармаларға бәйге жариялау қажет. Бұл тақырыптағы ғылыми-зерттеу жұмысын ынталандырған жөн. Дайын тұрған ондай еңбектер болса, тездетіп жарыққа шығарған мақұл. Бұл саладағы жұмыстардың негізгі салмағы Мемлекеттік ұлт саясаты комитеті, мәдениет, білім министрліктері, ғылым және жаңа технология министрлігі – ұлттық ғылым Академиясы, баспасөз және ақпарат Агенттігі мойынына түсері хақ. Бұлардың қай-қайсысы да үлкен жауапкершілік пен мұқияттылықты қажет ететін шаруалар. Қай-қайсысы да замандастарымыздың жанына жақсы сезімдер туғызып, бүгінгі тату-тәтті бейбіт өмірімізді ерекше қастерлей түсуге баулуға қызмет етеді. Бұл арада біз Бұның бәрін өткеннің ыза-кегін қайта қоздыру үшін емес, олардан уақытылы тиісті қортынды шығарып, әлеуметтік ілгерілеуді жеделдетіп, әлгіндей саяси-әлеуметтік соқталаңдардың енді қайтып оралуына ешқандай құқтық мүмкіндік қалдырмаудың шараларын уақытылы қамдастыру үшін жасап жатқандығымызды қайталап айтудың басы артықтығы жоқ деп санаймыз. Сондықтанда «Ішкі қауыпсыздық туралы» Заңды «Жаппай саяси қудалау құрбандарын ақтау туралы» Заңға енгізілетін өзгерістерді әзірлеу мен қабылдауды жеделдеткеніміз дұрыс. Президент Жарлығын іс жүзінде жүзеге асыруға осындай келелі маңыз беріліп отыр. Өйткені, демократия мен тоталитаризм, реформа мен реакция қоңсы қона алмайды. Солай бола тұрса да, қоғам әлі тоталитарлық пиғылдардан, тобыршыл етекбастылықтан, әкімгершіл астамшылдықтан, әлеуметтік жалпақ шешейлік пен кісі қолына қарап қалған масылдықтан әлі арылып болған жоқ. Олармен де табанды әрі аса ұқыпты күресе білген жөн. Бірақ, көрінгенге күл шашар күйкілікке қайта ұрынуға болмайды. Өтпелі кезең мәселелерінде әр түрлі көзқараста болып, әр түрлі бағыт ұстанғандарымыз үшін арамызға қайтадан ала жіп керудің де қажеті жоқ. Онсыз да бір кезде тарих түйіндерін екі жарылып, бір-бірімізге тапшылдық қастастықтың қара балтасын қаймықпай сілтеп, шеше салуға тырысқан солақайлықтан түскен жаралар әлі жанымызды қан жылатып жатырғаны белгілі. Мұндай кеселдерден тек демократияландыру мен нарықтық өзгерістер процессін тереңдету арқылы ғана арыла аламыз. Ал бізде көп партиялылық пен саяси-идеологиялық пікір алуандығы әлі кеңінен өрістей алмай жатыр. Оның бәрі діттеген биікке әлі шығып үлгерген жоқ. Жаңашыл пиғылдарға тек жоғарыдан ғана емес, төменнен де жасалып жатқан қысымдар аз емес. Болып жатқан құбылыстарды жан-жақты талдап түсінуден гөрі бар пәлені өзгерістерге жабуға тырысатын табашылдық басым. Мәселелерді жалпы өркениеттік даму мен күллі планетада, құрлықта, тіпті іргелес кеңістіктерде болып жатқан өзгерістермен тығыз байланыста қарастырудың орнына аясын тарылтып, әдейі оқшаулай сипаттауға үйірміз. Ондағы пиғыл белгілі: бұлай ету арқылы қоғам жаңаша даму жолына түскенде мұндай қиындық тек бізден басқа ешқайда, біздің тұсымыздан басқа ешқашан болып көрген емес деп түсіндіру, әрине, оңай! Әсіресе, көрер көзге соңғы өзгерістердің тарихи маңызын солғындатып көрсетуге тырысушылық жанға батады. Тәуелсіздік пен демократия ұғымдарына қалай болса, солай қарау салқыны да ынтымақ бен орнықтылық мүддесінен шыға бермесі белгілі. Біз сияқты көп құрамды қоғам жағдайында мемлекеттік егемендікке, аумақтық тұтастыққа, еліміздің естияр қауымы түгелдей тікелей ерік білдіруі арқасында қол жеткізілген конституциялық құрылысқа көрсетілетін кез келген немқұрайдылық қылмыспен барабар қияңқы қылық болып табылады. Оған бұдан алпыс жыл бұрынғы ащы шындық та, қазір болып жатқан қанды оқиғалар да көзімізді айқын жеткізеді. Өтпелі кезеңге тән қиыншылықтар мен адамдар басына түсіп отырған ауыртпашылықты баққұмарлық пиғылмен оңды-солды желеу етіп, көзге шұқи беру де адамгершілікке сия қоймайды. Өз еліңді өзегінен теуіп, ұшпаққа шықпасы анық. Сондықтанда қазіргідей қысталаң кезде халық пен қоғамына шындап жаны ауыратын, замандастарының иығына түсіп отырған салмақтың әлеуметтік салдарларына шындап қабырғасы қайысатын кез келген адал ниетті адам ынтымақтан гөрі алауыздыққа, мәмледен гөрі текетіреске іш бұра қоймаса керек. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев талай рет атап көрсеткендей, жұртшылық жүріп жатқан реформаның қыр-сырына жеткілікті қанық емес, кебі өзінің мұндай тұста не істеп, не қоя алатынын да біле бермейді. Жүзеге асып жатқан бағдарламалар түсіндірілмейді, көбіне көп жұртшылыққа тұтқиылдан тап болады. Ал саяси күштер оны таразыға салып, талдап пайымдау орынына, әр қилы асығыс байбаламға ұрынады. Оқиғалардың неге бұлай өрістеп, арты немен тынатынынан атымен бейхабар қауым қаралай пұшайман болады. Бір жағынан, жұртшылықтың ондай бейхабарлығын пайдаланып қалуға тырысушылық, екінші жағынан осындайдан туындайтын саяси сары уайымшылдық пен әлеуметтік күйзелістердің қолтығына су бүркіп бағуға тырысушылық онсыз да ауыр ахуалды одан әрі ушықтыра түсуі де ғажап емес. Кешегі кеңестік кеңістікте көп келеңсіздік тек саяси көрегендіктің ғана емес, азаматтық салиқалылықтың да жетіспеуінен өршіп кетіп отыр. Дүниетанымдық әр ұдайылық пен қым-қиғаш қисындарға толы ақпараттық баса көктеушіліктің әлсірей түсудің орынына асқындай түсуінен туындаған психологиялық дағдарыс күшейе түспесе, әлсірер емес. Саяси партияларымыздың идеологиялық қызметінде тереңдік, байсалдылық, дәлдік пен дәлелділік жетісе бермейді. Олар өз көз қарасын, ұстанып отырған бағыттарын байыппен түсіндіру орынына, күйкі есептің соңына түсіп, даңғазашылдық жолына түсіп жатқаны да жиі кездеседі. Мемлекет әлдеқашан әрі былайғылардың бәрінен бұрын идеология тізгінінен бас тартқаны белгілі. Сөйтіп, қоғамдық санамыз әлеуметтік даңғойлық пен саяси баққұмарлықтың қол жаулығына айналды. Жұртшылық назарына ілігу үшін жоқ жерден жанжал шығара қойғыш даукестік үрдіске айналып барады. Қолында билігі бар да, билік жолында күресіп жүргендер де дау-дамаймен даңқ асыруға тырысуда. Әдетте жұрттың басындағы қиындықтарға көп қинала қоймайтын лауазымдылар өз бастарына сөз келсе болды, ер тоқымдарын бауырына алып, тулай жөнелетін әдет шығарды. Саясатшыларымыздан жұрт қазір даңғаза дау-дамай емес, жағдайды жақсарту жолындағы нақты әрекеттерді, ең болмаса, жәрдемақы, жалақылардың уақытылы төленіп, жұмыс орындарының көбейгенін дәметіп отыр. Шынтуайтқа келгенде, билік оппозициямен, оппозиция заңмен сыйластықты үйренбей тұрып, қоғамның сауыға қоюы қиын. Саяси пікір жарыстыру үшін де, билік жолында бәсекеге түсу үшін де жұртшылық зығырданын қайната түсуге машықтанбай, көп көңіліндегі зәруге жеткізудің нақты жолын байыпты пайымдар байсалдылық әлдеқайда тиімді. Бұл үшінде де қоғамның ішкі ынтымағы керек. Ауызбірлікке шақыру пікір бірлігіне шақыру емес. Әлеуметтік тайталастан гөрі, әлеуметтік ықпалдастықты көбірек күйттеп, дегендеріне жеткен қоғамдар тәжірибесі соны дәлелдейді. Ол тәжірибенің ұқтыруынша, мұндай ынтымаққа билікке таласушылар емес, билікке ие күштер мұрындық болса, нәтижелірек болмақ. Ол конституциялық құрылысқа, тарихи таңдап алынған бағытқа деген сенімді күшейте түседі. Елбасымыз осыны жіті ұғынып, жалпы ұлттық Татулық пен азаматтық келісім Жылын өткізу жайында жарлық шығарып, жақсы өнеге көрсетіп берді. Оған мемлекеттік биліктің барлық орындарының жұмыла кірісеріне сенім мол. Үкіметтің, министрліктер мен ұйымдардың жанынан реформаларды ақпараттық-насихаттық тұрғыда қамтамасыз ету, қоғамдық күштер ұсынған балама бағдарламаларды сараптау үшін ашылатын құрылымдарға, әкімшіліктер жанындағы саяси бірлестіктермен қозғалыстардың тұрақты алқақотандарына үлкен үміт артамыз. Бұл арқылы жұртшылықты реформаның жай-жапсарымен уақытылы хабардар етіп отыруға, қоғамдық мәмлеге қол жеткізуге, Мемлекеттік билік пен азаматтық қоғам институттарының қоян қолтық қызмет етуіне, демократиялану процесі мен экономикалық дағдарыстан шығуды жеделдетуге қолайлы әлеуметтік орнықтылық орнатуға жағдай туады деп сенеміз. Түйіндеп айтсақ, Елбасының «1997 жылды жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жариялау туралы» Жарлығы баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Оны жүзеге асыру, ең алдымен, реформа төңірегінде салауатты ахуал орнатуды, оның әлеуметтік тірек аясын кеңейтіп, миллиондаған адамдарды қазіргі және өткен ұрпақтар тағдыры тәжірибелеріне сүйене отырып, мұраттары мен мүдделеріне тек реформа ойдағыдай алға басқан жағдайда ғана жете алатындықтарына көздерін жеткізіп, тәуелсіз Қазақстанның саяси-экономикалық тәуелсіздігі жолындағы күреске белсене жұмылдыра түсуді көздейді. Ендеше, бәрімізге де осындай өрелі міндеттерді жүзеге асыруда үлкен табыстар тілейік!

Ақпан, 1997 жыл.

ЕЛ ЫРЫСЫНЫҢ ЕҢСЕЛІ ОРДАСЫ

Жаңа Өзеннің отыз жылдық мерейтойындағы сөз
Ардақты ағайын!

Бүгін ежелгі Хиуа жолының бойында, төрт тараптағы төрт әулие піріміздің шарапаты тоғысқан киелі кеңістікте, арғы-бергі бабаларымыздың талай ерлігіне куә болған айтулы алапта осыдан отыз жыл бұрын бой көтерген осы бір қалада басымыз қосыла қалыпты. Алыстағымыз, жақындағымыз, кәріміз, жасымыз, демалыстағымыз, әлі саптағымыз – түгел жиылыппыз. Өйткені, бұл қала бәрімізге де ыстық. Бірқатарымыздың тепсе темір үзетін жастығымыз бен жасампаз кемел шағымыз аспандап шыға келген бұл шаһардың салынып, көгеріп көркеюіне сарып болыпты. Бірқатарымыз осында туып, ер жетіп, алдымыздағы ағалар мен әкелер ісін жалғастырып келеміз. Бірқатарымыз көкірегімізге осында орнаған армандарды қуып алыста жүрміз. Бірқатарымыз ел басына күн туған зұлмат жылдарда шетке кетіп, арманда өткен шаңырақтардың астында өсіп, көп жылдардан соң Отан-Ананың оттай ыстық құшағымен осында табысып жатырмыз. Сағына қауышу сәтін бастан кешудеміз. Біздің осы қуанышымызға шын жүректен құтты болсын айтып, ізгі тілегін білдірген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ыстық сәлемін жеткізуге рұқсат етіңіздер. Ол кісі маған Жаңа Өзеннің тек ежелгі Маңғыстау үшін ғана емес, күллі Қазақстанның ең үлкен мақтаныштарының бірі екенін атап айтуды арнайы тапсырды. Өйткені, Жаңа Өзеннің Қазақстан индустриясының қарқынды дамуында, Қазақстан мұнайының әлемге танылуында, Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігінің қалыптасып орнығуында алатын маңызы ерекше. Бұрын шолақ сайдай сыздықтап аққан Қазақстан мұнайы тек Өзен ашылған соң ғана әлемдік мұнай мұхитын шалқытатындай қуатты арнаға айналды. Тек Жетібай мен Өзен игеріле бастаған соң ғана тарихтың талай өткелегінде маңдайына тас тиіп бағы қайтты ма деп жүрген бағзы Маңғыстау ұлан байтақ қазақ даласының қияндағы Өлі Қолтығынан сын сағатта намысты қолдан бермейтін Жасампаздық пен Демократиялық жаңғырудың Өр Жүрегіне айналды. Әлемдік экономикалық ықпалдастық жаңа өреге, жаңа мазмұн мен сапаға ие болған қазіргі заманда Өзен Қазақстанның мерейін асыратын аса ірі стратегиялық мәртебеге ие болды. Ол бүгін – достық пен жарастықтың, орнықтылық пен келісімнің, жасампаздық пен болашаққа деген зор сенімнің ыстық ұясы. Жаңа Өзеннің отыз жылдығы Тәуелсіз Қазақстанның жеті жылдығымен тұспа тұс келді. Бұнда бір жақсы нышан бар сияқты. Жаңа Өзен бұдан былай Тәуелсіз Қазақстанның алға қойған ұзақ мерзімді Стратегиялық мақсаты ойдағыдай жүзеге асқан күнде ғана көгеріп-көркейе алады. Тәуелсіз Қазақстан да Өзен сынды аса ірі экономикалық қуаттар толығымен іске қосылған күнде ғана дегеніне жете алады. Ол еліміздегі экономикалық және саяси реформаның өркениетті және демократиялық жолмен жүзеге аса алуымен тығыз байланысты болмақшы. Бұл тек биліктің ғана емес, күллі қоғамның қолындағы шаруа. Демократияны тереңдету бастамасы қай тараптан шықсын мейлі барша қоғамдық күштер болып қолдап, жаппай атсалысудың орынына үйреншікті даудамайдың сүргініне түсіп, әлеуметтік тайталасты асқынтуға пайдалану халықтың да, реформаның да қамын ойлағандық емес. Бұл мәселеде де сары уайым сапыра беру атымен қисынсыз. Рас, тәуелсіз даму ешкімге оңайға түспеген. Ондай қиындықтардың кебін біз де көріп жатырмыз. Бірақ, қатарымыздағылардан көп ретте кеш ілгері кеткен жерлеріміз де аз емес. Реформаны ақылға сиымды қып қайта құрудың, кейін шегінбей, ілгері басудың құқтық, саяси, экономикалық негіздерін жасап үлгердік. Ұзақ мерзімді Стратегия жасалып, ағымдағы міндеттерінің нақты бағдарламалары қабылданды. Таяу жылдардағы тактикалық қарекеттеріміз жан-жақты пайымдалып, іште де, сыртта да қолдау тапты. Енді, сол көп күшпен, ұзақ ізденіспен, талай жерде ауыз күйіп елеулі қателіктерге ұрынып, солардан жинақталған ащы тағлым мен нақты тәжірибелерден тиісті қортынды шығара білу арқасында келген бұл жетістіктерімізді зая жібермей, үлкен батылдықпен қоса асқан абайшылдықпен алға баса білсек қана діттеген жерден шыға аламыз. Сондықтан да жекелеген өндіріс орындары болсын, аудан, қала, облыс болсын, тіпті мемлекетіміз болсын, әрбір азаматымыздың жеке басына, үй-ішіне, күллі халқымыз бен елімізге оңайға түспеген реформалық процестердегі қол жеткен ілгері басушылықты әділ бағалап, әлі де бастан кешіріп отырған қиындықтарды жеңіп, алда тұрған міндеттерді жүзеге асыруда орынымен пайдалана білуіміз абзал. Өйткені, барын бағалай білгеннің ғана бағы жанбақ. Аз мүмкіндіктен ыждаһатты еңбек пен іскерлік тапқырлық арқылы көп нәтижеге жетуге еңбекке қабілетті әр адам, әсіресе, әр жас тездетіп жетілмей болмайды. Онсыз күнкөрісіміз күйсіздіктен, экономикамыз әлсіздіктен арыла алмайтынына көз әбден жетіп болса керек. Сондықтанда, шағын және орта бизнесті ұлғайту, жастарды іскерлікке баулу, тұрмысы төмен отбасылардың өз күнкөрісін айыратындай іскерлік қарекет табуына шағын несие беріп жәрдемдесу, жаңа жұмыс орындарын жасау қоғамдық жұмысты ұйымдастыру шараларына бірінші кезекте мән беріліп отыр. Экономикаға келетін инвестицияның едәуір бөлшегі осыған арналмақшы. Алайда, отандық экономиканың арналы салаларын алдымен қаржыландырмай көсеге көгермесі белгілі. Бүгін таңда тек өзін ғана емес, күллі еліміздің өнеркәсібі мен шаруашылығын тығырықтан тездетіп алып шығуда шешуші қызмет атқаратын энергетикалық та, экономикалық та донор – мұнай мен газ өнеркәсібі. Қазіргі қырықтан астам мемлекеттен құйылатын қаржы тасқынының жартысына жуығы соған бағышталуы да тегіннен тегін емес. Сол ең ірі қаржы салымдарды еншіленіп отырған кеніштердің бірі – Өзен. Өз болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтын бір де бір мемлекет мұндай мүмкіндікке енжар қарай алмасы түсінікті. Мұнайдың арзандауы, әлемді қамти бастаған қаржы дағдарысы, тасымал тұйықтығы әзірге кешеуілдетіп тұрған бұл мәселе қанша күрделі, қанша қиын болса да, тездетіліп шешілуге тиісті. Бұл – тек қана экономикамен шектелмейтін стратегиялық міндет. Елбасы үкіметімізге осындай тапсырма беріп, бақылауға алып отыр. Қысқасы, Жаңа Өзендей сәулетті шаһарды дүниеге әкелген Өзен деп аталғанымен, Мұхиттай көл көсір алып кеніштің бүгіні мен болашағы мемлекетіміздің ең жедел шешілуге тиісті іс-қимыл бағдарламасында ең басым маңыз иеленеді. Міндеттердің ауыр екені де рас. Мақсаттардың биік екені де рас. Бірақ, жасампаз еңбектің жеңбейтіні жоқ. Ол аз жылдарда Жаңа Өзендей сәулетті шаһарды дүниеге әкелген. Көп ұзатпай оның басына түсіп отырған уақытша қиындықты да жеңіп шығатынымыз кәміл. Қазір тек іскерлігімізге, еңбекшілдігімізге ғана емес, саяси талғампаздығымызға да үлкен сын кезең. Одан қай-қайсымыздың да ел келешегіне деген үлкен жауапкершілігіміз ғана алып шыға алады. Осыны мықтап ұғынсақ, біздің қай-қай ісіміз де өрге басады. Дегенімізге жеткізеді. Тәңірім қай-қайсымызға да соны қош көргізгей!

Орта толсын, қуаныш көбейсін, тойымыз тойға ұлассын, ағайын!
Жаңа Өзен мен жаңаөзендіктердің керер жақсылығы көп болғай!
Әр үйіңізде қуаныш маздап, ырыс тасығай!
Рахмет!

Желтоқсан, 1998 жыл.

АНА ТІЛГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ – АБЫРОЙЛЫ ІС

Қазақстан Республикасы Үкіметі
жанындағы Мемлекеттік ономастикалық және
Мемлекеттік терминология комиссияларының
біріккен мәжілісіндегі сөйленген сөзі

Қымбатты қауым!

Осында отырғандардың көпшілігі үкімет шешімімен Мемлекеттік ономастика және терминология комиссияларының құрамына кірді. Жаңа құрам кейінгі кезде айтарлықтай бәсеңдеп кеткен бұл жұмыстарды қайтадан қолға алып, жүйелі түрде жолға қояды деген сенім зор. Биылғы көктемдегі зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұл екі салаға айрықша маңыз бере сөйлегені белгілі. Өйткені, бұл жұмыстар – мемлекеттілігіміздің жаңа саяси сипатын, қоғамдағы өрелі өзгерістердің қаншалықты ойдағыдай өрістеп, стратегиялық мақсаттарымызды жүзеге асыратын әлеуметтік сапамыздың қаншалықты терең қалыптасып жатқанын айқын көрсете алады. Бұрын ештеңе істелмеді десек, әділеттен аттаған болар едік. Әсіресе, ономастика саласында бірқатар оң талпыныстар орын алғаны белгілі. «Жер тарихы – ел тарихы» деген қанатты сөзді соңғы кезеңде жиі қайталайтын болдық. Өйткені, халықтың ғасырлар бойына сапырылысқан болмыс, танымының ең бір талмау тұсы сол халық авторлығымен қойылған елді мекен, жер атауларында жатыр. Халық қойған әрбір жер атауы – сол жердің тарихи паспорты. Отаршыл империялар алдымен бодан болған халықтың келер ұрпақ, үрім-бұтағының тарихи жадынан осы тарихи топонимдерді өшіру арқылы, оларды рухани мәңгүрттік, құлдық санаға алып келерін жақсы білген. Сондықтан да халық жадынан елдік рухты мүлдем өшіруді көксегендер, ең алдымен, жер-су атауларын өзгертуге жанталаса кіріскені белгілі. Өткен кезеңдердегі идеологиялық ұстанымдар мен саяси талаптарға орай бұрмаланған ономастика мәселелерін шешуде Мемономком өз жұмысында «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңын, «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңын, Қазақстан Республикасындағы кәсіпорындарды, ұйымдарды, мекемелерді, теміржол стансаларын, әуе-жайларды, сондай-ақ, басқа да физикалық-географиялық объектілерді атау мен атауын өзгерту және олардың атауларының транскрипциясын өзгерту Тәртібін, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сәйкестілігін қалыптастыру және Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды реттеу Тұжырымдамаларының ережелерін басшылыққа алып жүр. 1992–1998 жылдар аралығында Мемономкомның 26 мәжілісі болып өткен екен. Онда республика бойынша жекелеген облыстар мен қалалардың, ондаған аудандар мен жүздеген кент пен ауылдың, шаруашылықтардың, оқу және мәдениет мекемелерінің атаулары өзгертілді. Мұның бәрі – уақыт талабына сай атқарылып жатқан игі шаралар. Соңғы жылдары тек Оңтүстік Қазақстан облыстық ономастика комиссиясының 13 мәжілісінде жергілікті білім және мәдениет мекемелеріне, жекелеген әкімшілік-аумақтық бірліктерге ат қою және өзгерту, тарихи-географиялық атауын қалпына келтіру жөнінде келіп түскен құжаттардың негізінде 200-дей ұсыныс талқыланған. Осылардың ішінен 141 ұсыныс Мемлекеттік ономастика комиссиясының қарауына жіберілген. Мемономкомның ұйғарымымен 24 елді мекеннің тарихи-географиялық атауы қалпына келтіріліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 78 білім, 5 мәдениет мекемелерінің атауы өзгертілген. Павлодар облыстық ономастика комиссиясы да біршама игі істер атқарған. Жүйелі түрде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, бірқатар елді мекен аттары өздерінің тарихи-географиялық болмысын қайта тапты. Комиссия тарапынан облыс қалалары мен аудан орталықтарындағы көше аттарындағы таптаурын да елеусіз қалған жоқ. Мәселен, Павлодар қаласында Торайғыров, Естай, Ш. Айманов. Екібастұз қаласында – Сәтбаев, Бұқар жырау көшелерінің күні бүгінге дейін болмауын ешкім тарихи әділет дей қоймас. Атап өтетін бір жайт, Ақмола облысының астаналық облысқа айналуына байланысты бұл өңірде де біршама істер атқарылды. Еліміздің бас қаласында 31 көшенің атауы ауыстырылып, 7 елді мекен тарихи атауларына ие болды, 7 мәдени мекеме мен оқу орындарына лайықты адамдардың есімдері берілді. Алайда, атаулары ауыстырылуға тиісті 56 көпе, 30-дан астам елді мекен атаулары әлі де Комиссия назарынан тыс қалуда. Мұндай келеңсіздіктер басқа аймақтарда да орын алуда. Өйткені, Қазақстандағы 25 мыңнан астам елді мекеннің, 8 мыңнан астам мектептің, 20 мыңдай физикалық-географиялық объектілердің атауларының көбісі әлі де болса өмірде болып жатқан өзгерістерге, қазіргі мемлекеттік саясатқа сәйкес жаңаша реттеуді қажет етеді. Елді мекен атаулары кешегі қызыл саясат сипатынан толық арылып болған жоқ. Бұрынғы Кеңестік дәуірге тән елді мекен сайын көсемдерге көше үлестіру дағдысынан әлі шыға алмай отырғанымызды жасыруға болмас. Мәселен, Қарағанды облысында Ленин есімін шахта, шаруашылықтар («Ленинский», «Путь Ильича», «Путь Ленина», тиісінше селолық әкімшіліктер, кент (Ульянов), мамандандырылған бірлестік (Ульянов), Қарағандыдағы кинотеатр, облыс орталығы мен басқа қалалар мен кенттердегі басты көшелер, тіпті Абай ауданындағы шалғайда жатқан шағын ауыл еншілеген екен. Шамасы пролетариат көсемі тап мұндай ағыл-тегіл марапатқа өзі туған өлкеде де ие бола қоймаған шығар. Сол сияқты Бүкіл ресейлік староста – Калинин есімімен де бір-бірден шахта, шаруашылық, селолық әкімшілік, ол аз болғандай, облыстағы 4 ауыл аталған. Оңтүстік Қазақстан облысында әлі де 60-тан аса білім мекемесі баяғы сол большевиктер гвардиясының атында қалып келеді. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында кешегі тоталитаризмді былай қойғанда, баяғы патша ағзамның тұсындағы тізеге басып үстемдікпен қойылған атаулар әлі де қаймағы бұзылмастан сол қалпында тұр. Тың игеру көзінде белден басылған байырғы жер атаулары да сол баяғы шетке ығыстырылып тасталған қалпында тұр. Оларды тарихи қалпына келтіру жұмысына сан қилы қисынсыз сылтаулар кедергі жасауда. Бұдан шығатын қорытынды – елді мекендерге тарихи атауларын қайтаруда конституциялық деңгейде бекітілген тарихи таңдауымыздан шығатын стратегиялық мұраттарымызды, архив құжаттарының мәліметтері мен географиялық-этнографиялық материалдарды ескеріп, зерттеу қорытындыларын негізгі арқау ету қажет. Әйтпесе мәселені қолдан күрделілендіріп, қилы саяси ойындар желеуіне айналдырып жіберуге әуестене бермеген дұрыс. Республикадағы ономастикалық жұмыстарды тиімді бағыттарда жүргізуде бұдан да басқа кемшіліктер мен үстірттіктер бар. Мәселен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы кәсіпорындарды, ұйымдарды, мекемелерді, темір жол стансаларын, әуежайларды, сондай-ақ физикалық-географиялық объектілерді атау мен қайта атаудың және олардың атауларының транскрипциясын өзгертудің Тәртібіне» сай жұмыс істеу реті барлық облыстарда бірдей қатаң сақтала бермейді. Бүгінде көзі тірі адамдардың есімін объектілерге беруге болмайтындығы жөнінде Тәртіпте нақты жазылған. Алайда, Оңтүстік Қазақстанда – 6, Жамбылда –3, Қарағандыда –2, Торғайда – 1, Атырауда –1, Шығыс Қазақстанда – 1 объектіге Мемлекеттік ономастика комиссиясының келісімінсіз көзі тірі кісілердің есімдері берілген. Сондай-ақ республика аумағында бір адамның есімі үш реттен артық қайталанбауы керек деген қағида да қатаң сақталып жүрген жоқ. Бұл істе мемориалдық сипатқа басым маңыз берілгені абзал. Бір шоғыр игі жақсыларымыздың айналасынан шыға алмай, талай-талай елеулі тұлғаларды ескерусіз қалдырып жүрген де жайымыз бар. Шалкиіз, Қазтуған, Үмбетай, Ақтанберді сияқты жыраулар, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, Байжігіт, Сары Тоқадай күйшілер, Асан қайғы, Қара бура, Толыбай сыншы, Әнет бабадай даналар, Тоқтамыс, Тәуке, Керей, Жәнібек, Кенесары сияқты ел қамын ойлаған хандар әлі де ескерусіз қалып келеді. Кейінгі кезеңде қайтыс болған қайраткерлеріміздің атын есте қалдыру туралы шешімдер де түгел жүзеге асып жатқан жоқ. Жұртшылық тарапынан әлденеше ұсыныс жасалғанда, әзер жүзеге асады. Әсіресе, Жаңа Астанамыздың онамастикалық өңін барлық аймақтарымыздың айтулы тұлғаларын қамтып, ел бірлігін әспеттейтіндей кескінге келтірген жөн. Халқымыздың тарихын, рухани мәдениетін зерттеуде, жинақтауда, өркендетуде қыруар еңбек сіңірген Н. Гумилев, В.В. Радлов, Г. Потанин, А. Янушкевич, А.Затаевич, Е. Брусиловский, Қ. Қожамияров сияқты басқа ұлттар өкілдерінің есімдерін де құрмет тұтып, болашақ ұрпақтарымыздың зердесінде сақтау – бәріміздің парызымыз. Тек өзіміздің ғана емес, дүние жүзінің әдебиетін, мәдениетін, өнерін бағалай білетін өркениетті ел ретінде әлемге аты мәшһүр ұлы тұлғалардың, қайраткерлердің есімдерін жөн-жосықсыз басқа атаулармен алмастыруға да әуестене бермеген дұрыс. Көптеген облыстарда ономастикалық жұмыс жүйесіз жүргізіліп отыр. Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды реттеу Тұжырымдамасына сәйкес, облыстық, қалалық, аудандық комиссиялар жергілікті жерлердегі оқу орындарының мәдени-спорт, емдеу-сауықтыру мекемелерінің, коммерциялық құрылымдардың, парктер мен көше атауларының жүйесіне талдау жасап, оны жоспарлы түрде қарап, өз ұсыныстарын Әкім мен Мәслихаттың қарауына тапсырып отыруы керек еді. Алайда, бұл мәселені көптеген облыстық комиссия назардан тыс қалдырып отыр. Мәселен, Қарағанды облыстық комиссиясы Әкімнің шешімімен 1996 жылы 6-мамырда құрылғаннан бері өз мәжілісіне бірде-бір рет жиналмаған. Кейбір комиссиялар тарихи шындықпен санасуда самарқаулық танытуда. Мәселен, Өскемен қаласында ұлттық тарихымызға байланысты көше атауларының мүлдем аздығы қоғамдық пікірде көп айтылып келеді, бірақ одан шығып жатқан қорытынды әлі көрінер емес. Кейбір облыстар өздері шығарған шешімдерді өздері аяқасты етеді. Сөз зергері Ғабит Мүсірепов туып-өскен облыстағы Петропавловск қаласында жазушының 90 жылдық мерейтойы көзінде бір көшенің аты берілетіндігі айтылып та, жазылып та еді. Содан бері 6 жыл өтті, баяғы сол қалпында қалды. Өткен жылдың 11-і шілдесінен күшіне енген Тіл туралы жаңа заң халқымыздың көңіліне үміт, сенім ұялатты. Заңда республикадағы елді мекен, жер-су аттарының дұрыс жазылуы қазіргі қазақ әдеби тілінің нормаларына сәйкес жүргізіліп, ал орыс және басқа ұлт тілдеріндегі транскрипциясы осы нормаларға сай келуі тиіс деп атап көрсетілді. Ал бізде нақтылы шешімін таба алмай келе жатқан мәселенің бірі – жер-су аттарының орысша өрескел бұрмаланып жазылуы. Мәселен, Құрық – Курюк, Қарақожа – Карагужиха, Шоқпар – Чекмарь, Шірікаяқ – Чердояк, Қалба – Колба; Маңқы – Минковка, Алты үй – Ялта; Төңкеріс – Танкерис, Кең-өткел – Кинейкуль; Шарбақты – Щербакта; Әйет – Аят, Желқуар – Жалқуар, Ертіс – Иртіш, Тобыл – Тобол, Есіл – Ишим боп айтылып та, жазылып та жүр. Ғылым Академиясы география және тіл институттың бұл мәселе турасында әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, түпкілікті ұсынысын айтатын кез жетті. Сондай-ақ, ұлттық атауларымыздың ішінде орысшаға сөзбе-сөз аударылу салдарынан өзгеше мағынаға ие болып кеткендері де аз емес. Ақдін – Белодымка, Қызылқайың – Березняки; Бурабай – Боровое, Абылай алаңы – Ясная поляна; Аққу көлі – Лебяжье. Мұндай жарыса қойылған атаулардың негізгісі, ресми, әрине, ежелгі атаулар болуы керек. Бүгінгі күнге дейін елді мекен, шаруашылық, жер-су аттарын тарихи-географиялық маңызына қарай байырғы қалпына келтіру немесе соған орай жаңадан ат қою ісі Қазақстанның әр жерінде әртүрлі жағдайда жүргізіліп келеді. Бір айта кететін жай, кейбір аймақтарда бұл жұмысты кезекті науқанға айналдыру нышандары да аңғарылып қалады. Жергілікті орындар тарапынан жұртшылық біле бермейтін адамдардың есімдерін «атамның атын – ауылға, көкемнің атын – көшеге» деген пиғылмен Мемономком қарауына ұсына салу үрдіске айналып барады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысынан Мемономкомға келіп түскен 26 ұсыныс осындай себептерге байланысты қолдау таппай, кері қайтарылған. Мұндай «бұрын еңбегі сіңіп еді» деген желеумен өмір бойы әртүрлі деңгейде партия, кеңес қызметін атқарған, шаруашылықтарды басқарған адамдардың есімдерін халық алдындағы шынайы қызметін таразыламай, марапаттай салуға ұмтылу Алматы, Қызылорда облыстарына да тән. Ономастикалық жұмыс көрнекі ақпаратпен, тіл мәдениетімен тығыз байланысты. Республика бойынша көрнекі ақпарат құралдары мен жарнама мәтіндерін безендіру тұтас алғанда бақылаусыз, үйлесімсіз жүргізілуде. Көзінде бірқатар облыстық Тіл басқармалары (Көкшетау, Қарағанды, Семей, Қостанай, Алматы, Талдықорған) жанынан құрылған барлық көрнекі ақпараттардың дұрыс жазылуын қадағалайтын арнайы орталықтар басқармаларымен қоса таратылып, өз жұмыстарын тоқтатқан. Астанада да, Алматыда да, басқа үлкенді-кішілі қалаларымызда да Тіл туралы Заңның 19 және 21-і баптарын өрескел бұзу фактілері жиі кездеседі. Фирма, коорпорация, концерн, сауда дүкендері мен т. б. коммерциялық құрылымдардың көркемдік келеңсіздіктерге, тілдік өрескелдіктерге толы жарымжан жарнамалары үшін қала әкімшілігі тарапынан шара қолданбақ былай тұрсын, жүйелі бақылау да жасалынбайды. Соңғы жылдары ономастикалық жұмыс ғылыми-аналитикалық жағынан айтарлықтай әлсіреді. Мемономком жұмыс органдарының Қазақстан Республикасы Ғылым министрлігі Ғылым академиясының География институтымен, А. Байтұрсынов есіміндегі Тіл білімі институтымен, Архив бас басқармасымен, Картография кәсіпорнымен және жекелеген ономаст-ғалымдармен арадағы өзара қарым-қатынасы жандандырыла түсуі керек. Ономастика саласындағы ғылыми ізденістерді бетімен жібермей бір орталықтан ұйымдастырып, арнайы бағдарлама бойынша жүргізген абзал. Оған Мемономком мұрындық болса нұр үстіне нұр. Ежелгі тарихи атауларға құрметпен қарауды қалыптастыру мақсатында жергілікті тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде бұқаралық ақпарат құралдарының мойындарындағы парыз ерекше. Алайда, баспасөздің бұл мүмкіндіктері толық пайдаланыла бермейді. Бұл ретте тек Оңтүстік Қазақстан мен Қостанай облысының ғана тұшымды жұмыстарына назар аударуға болады. Бүгінде ономастика төңірегіндегі осынау мәселелерді үнемі қадағалап, жүйелі түрде реттеу материалдық қаражатпен, маман кадрлармен қамтамасыз етілуге байланысты болып отырғаны рас. Бұл бағытта нақты шаралар қарастырылып, қажетті қаражат бөлінгені жөн. «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» ономастикалық жұмыстарға жаңа серпін береді деп сенеміз. Бұл орайда, ең алдымен еліміздің ономастикалық кеңістігінің сараптамасын жасауды қолға алу лазым. Соған сәйкес жүйелі, жемісті жұмыс істеу қажет.

Қорыта айтсақ, бұл салада атқарылған істен гөрі алда тұрған міндет көп. Қоғам өркениет жолымен өрге басып, ғылым өрісі құлашын кеңге жайған заманда тілдің терминдік сұранысының да жаңа қарқынға ие болып, барынша өсетіні белгілі. Қазақ тілі қазір дәл осындай кезеңді басынан кешіп отыр. Бұл орайда терминология саласын тіл кемелденуінің күретамыры десе де болғандай. Қазақ терминологиясы мәселесі ресми түрде 1924 жылы Орынбор қаласында өткен қазақстандық мәдениет және ғылым қайраткерлерінің І съезінің күн тәртібінде тұңғыш рет қаралды. Бұл маңызды мәселеге ұлтымыздың сауатты да саналы ері жанашыр зиялылары қызу атсалысты. Қазақ терминологиясы туралы сөз болғанда, ең алдымен, Ахмет Байтұрсыновтың есімі еске түседі. Ахаң өмірге әкелген көптеген тың терминдер ана тіліміздің әрін, нәрін арттырды. Бір келері қазақ зиялылары белсене атсалысқан бұл іс бүгін де заңды жалғасын тапқаны лазым. Қоғамдық өмірде болып жатқан түбегейлі өзгерістер, нарықтық экономикалық қатынастарға көшу, ғылыми-техникалық прогресс ұлттық тілдің даму қарқынын жеделдетіп, сөздік қорының ұдайы молығып отыруын талап етеді. Егер осы процесске саналы түрде ықпал ете алмасақ, тіліміздің қоғамдық-әлеуметтік қуатын арттыру мүмкін емес. Жеміс ағаштарына қамқорлық қандай керек болса, тілге де сондай қамқорлық керек. Бір кездері мынау – көнерген, анау – диалекті сөз деп, әдеби тілден аластауға тырысқан небір асыл сөздеріміз қазір жаңа термин ретінде әдеби тілімізге қайта еніп, тілдік қорымызды байыта түсуде. Сондай-ақ, ғылым мен техникаға байланысты ұғымдарды білдіруде жалпыға ортақ халықаралық терминдерді пайдалану да тілі оралымдылығын арттыра түсуде. Үздіксіз жүріп жатқан мұндай процесте туып жатқан жаңа атаулардың бәрі бірдей әдеби дағдыға айналып, бірден сіңісіп кете қоюы оңай еместігі баршаға аян. Бүгінгі баспасөз материалдарына зер салсақ, термин жасаудың әр алуан үрдісін көреміз. Бірде байырғы сөздеріміз жаңа термин ретінде әдеби тілімізге қайта оралса, екінші бір тұста шетелдік сөздер сол қалпы, не сәл өзгеріспен қабылданады, ал үшінші бір ретте көптеген терминдер қазақ тілінен дәл баламасын тауып аударылып жатса, кейде тіпті орынсыз қазақшаланған сөздердің түп атасы мен мағыналық жігін ажырата алмай, малтығып жатамыз. Шындығына келсек, бұл қазақ тілінің жаңа өріске шығар кезеңіндегі қажеттіліктен туған құбылыс. Оған төзімділікпен қарамай болмайды. Дегенмен, кейде тілді дамытуға деген ақ ниеттің ала өкпелікке ұласпағаны жөн. Әр газет-журнал, әр өңір, әр мекеме, тіпті, жеке адамдардың «төлтума» терминдерге автор болып қалуға тырысатын бейберекеттіктен арылуымыз керек. Терминология ісіне жоғары ғылыми сараның қажет болатындығы да сондықтан. Үкіметтің арнайы комиссия құрып, ыждаһат білдіріп отыруы да осы тіл тағдырына деген үлкен жауапкершіліктен. Тіл күштеуге келмейтіні рас. Бірақ оған да қатаң реттілік қажет. Сондықтан бекітілген терминдерге қалай болса солай қарайтындардың аз еместігі алаңдатады. Бұл жағдай бүгінгі таңда Мемтерминкомға аса жауапты жаңа міндеттер жүктейді. Атап айтқанда, мемлекеттік тілде ғылым мен техника, білім мен мәдениет, экономика мен шаруашылық салаларында қолданылатын терминдер мен атауларды реттеп, жүйелеп отыру, сөйтіп, ұлттық терминологияның жаңа кезеңдегі өркенді дамуына мұрындық болу – бұл органның мәртебелі міндетіне жатады. Еліміздегі терминологиялық жұмысты реттеп, термин жасауды ғылыми қағидаға сай жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы біраз шараларды іс жүзіне асыруда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 21 сәуірдегі қаулысымен Мемтерминкомның жаңа құрамы мен Ережесі бекітілді. Онда Мемтерминкомның атқаратын нақты міндеттері көрсетілді. Жаңа Ереже бойынша Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Комиссияның жұмысшы органы болып табылады. Осы аз уақыт ішінде Мемтерминком мәжілісінің қарауымен 100-ден аса әскери терминдер мен заң терминдері бекітілді. Бірнеше мемлекеттік органдардың қазақ тіліндегі атаулары нақтыланды. Әрине, термин атаулыны түгел ана тілімізге аудару немесе сәйкестендіру айналасы екі – үш-ақ жылдың еншісіндегі жұмыс емес. Ол – қажырлы еңбекті, уақыт сынын қажет ететін үздіксіз процес. Сондықтан да бірінші кезекте әртүрлі ғылым саласы бойынша негізгі терминдер мен атауларды бекіту, сөйтіп, қолданыста жиі кездесетін ең қажетті базалық терминдердің қорын жасау қажет. Осы тұста айта кететін бір мәселе – іс қағаздарының толықтай қазақша үлгілерін жасап қалыптастыру. Өздеріңізге белгілі әр министрліктің, мекеме, ұйымның жүргізіп отырған ісі әртүрлі болғандықтан олардың өзіндік іс қағаздары, кәсіби сөз, атаулары да әр басқа. Ал, істі мемлекеттік тілге көшіру үшін оларға тән іс қағаздарының бір ізге түсіріліп, бекітілген бір үлгідегі қазақша нұсқасы болуы қажет. Іс қағаздарының қазақ тіліндегі үлгісін жасауда барлық сала толықтай қамтылып, Терминкомда қаралып бекітіліп, ол терминологиялық бюллетень түрінде шығарылуы керек. Қалай болғанда да, сонау 1935-37 жылдардағыдай Мемлекеттік терминология комиссиясының бюллетенін жүйелі түрде шығарудың зәрулігі байқалып отыр. Бюллетеньде бекітілген терминдер мен атаулардың тізімімен қатар, қазақ терминологиясының өзекті мәселелері, оның ішкі жай-күйі, түркі елдеріндегі терминологияның жағдайы, әлемдік терминология дамуының бағыт-бағдары сөз болып отыруы тиіс. Біртұтас терминдер жүйесін жасауда бірнеше салада жарыса қолданылатын сала аралық терминдерді бір ізділікке түсірудің маңызы зор. Сонымен қатар, бұрынғы қабылданған терминдердегі кейбір мағынасына қонымсыз, сәтсіз іріктелген сөздерді де қайта қарап, реті келсе, басқа баламасын тауып, өзгертіп отырған дұрыс. Яғни Терминкомның жұмысы да жауапшылдық пен тапқырлық негізге құрылуы тиіс. Жалпы халықтық тілдегі сөз қазынасын термин қажетіне жарата білудің қажеттігін дәлелдеп жату артық. Мәселен, дәстүрлі шаруашылыққа, ата кәсіпке байланысты кәсіби атаулар бүгінгі терминологияда кеңінен қолданыс тауып отыр деп айта алмаймыз. Ұсталар, зергерлер, аңшы құсбегілер, мұраптар ғана білетін атаулар қаншама? Ең аяғы төрт түлікке байланысты атаулардың өзін түгел пайдаланып жүрміз бе? Қазақстанда өсетін өсімдіктер мен жан-жануарлардың атауларын толық жинай алдық па? Қазақ тілінде терминологиялық сөздік алғаш рет 1927 жылы Қызылорда қаласында шыққан екен. Содан бері 1998 жылға дейін 150-дей терминологиялық сөздік жарияланыпты. Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуы, яғни қоғамдағы саяси өзгерістер термин тудырудың жаңа дәуірін ашты деуге болады. Терминологиялық сөздіктер жасап, оларды баспадан шығаруға құлшыныс арта түсті. Егер 1927 жылы баспадан 1 ғана сөздік әрең шығарылса, 1993 жылы бір жылда 33 терминологиялық сөздік басылған, ал 1994, 1995, 1996, 1997 жылдары олардың саны оннан кемімеген. Үстіміздегі жылы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Ғылым министрлігі, Ғылым Академиясымен бірлесе отырып, осы сөздіктерді жүйелеп, қазақ тілінің 30 томдық терминологиялық сериялы сөздігін шығаруды бастамақ. Кейде тіпті жаңадан жасалған терминдерден гөрі шығарылып жатқан терминологиялық сөздіктер әлдеқайда көп емес пе деп те қаласың. Терминологиялық сөздіктердің көптеп шығарылуы, әрине, жақсы нышан. Қазіргі кезеңде жергілікті жерлерде, мекемелер мен кәсіпорында, тіпті, жекелеген авторлар өз беттерінше салалық сөздіктер жасап, түрлі жолдармен бастырып шығару үстінде. Бұл – бір жағынан құптарлық іс, екінші жағынан, аса сақтанатын да шаруа. Олар кей ретте ғылыми талқылаудан өтпей, мамандардың қатысуынсыз шығарылғандықтан үстірттікке бой алдырады. Сондықтан қай жерде, кім дайындамасын, жаңа сөздіктер міндетті түрде Мемлекеттік терминология комиссиясының мақұлдауынан етуі шарт. Ал бекітілген терминдердің республикалық баспасөз бетінде сақталуы қатаң қадағалануы керек. Мемлекеттік терминология комиссиясының шешімі талқылауға немесе өзгертуге жатпайтынын мықтап ұққан жөн. Терминологиялық сөздіктер реттеу мақсатында біраз ұйымдастыру шаралары басталды. Осы жылдың басында Қазақстан Республикасының Ақпарат жөне қоғамдық келісім министрлігі жанынан терминологиялық сөздіктер Бас редакциясын құру жөнінде шешім қабылданды. Сөздіктерді қалай, қандай жүйемен жасау керектігі және терминологиялық сөздіктердің компьютерлік қорын құру мәселелері де шешімін тапса құба-құп. Терминологиялық сөздіктер жасайтын ғалымдар мен мамандардың қаламақысы мен оны сараптан өткізушілердің еңбегін ынталандыру жағын мұқият ойластырған жөн. Қазақ терминологиясын жүйелі жолға салу үшін бізге тиісті Тұжырымдама әзірлеп, көп сөзбұйдаға салмай, жедел талқылап бекіту керек. Ол қазақ терминологиясының даму деңгейіне талдау жасап, терминологиялық жұмыстың мақсаты мен мүддесін, міндеттерін нақтылайды. Оны жүзеге асыру жолдары мен әдіс-тәсілдері белгілейді. Әркімнің өз бетінше термин жасауына, ресми бекітілмеген даулы терминдерді орынсыз қолдануға шек қояды. Тұтастай алғанда, қазақ терминологиясында Сіздер мен біздер тізе қоса отырып шешетін күрделі мәселелер жеткілікті. Бұл – ауыр да аса жауапты іс. Ғасырлар қойнауынан сынын бұзбай, қуатын кемітпей, таза да, көркем келбетімен жеткен ана тілімізді бүгін ұқыпты пайдаланып, келешек ұрпаққа кемелдендіре жеткізудегі абыройлы істеріңізге сәттілік тілеймін. Бүгінгі екі комиссияның бірлескен мәжілісін өткізудегі мақсатымыз – бір-бірімен тонның ішкі бауындай тығыз байланысып жатқан қанаттас мәселелерге байланысты сіздермен ой бөлісіп, келешекте атқарылар шаруаларымызды пысықтал алу болатын. Туған тілді түлетуге деген Ел басымыздың ықылас пейілін Сіздер жақсы білесіздер. Биылғы жылдың ел Президентінің Жарлығымен «Халың бірлігі және ұлттық тарих жылы» болып жариялануы да екі комиссияға үлкен жүк артады. Ел тарихын тіл тарихынан, жер тарихынан бөле-жара қарау мүмкін емес. Сондықтан бұл ортақ шаруада бірлескен, нәтижелі іс керек.

Ықыластарыңызға рахмет.
Шілде, 1998 жыл.

ОЙЛАНАЙЫҚ АҒАЙЫН!

— Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін нығайту үшін зиялылар қауымы дәл қазіргі жағдайда ең бірінші кезекте қандай міндеттерді атқаруы керек деп ойлайсыз?

— Біздің кейінгі кезде көп әңгіме етіп жүрген қауымымызды көп елде ой еңбегі адамдары дейді. Оларға көзқарас әр заманда әр басқа болған. Оны бұқара қалыптастырып, билік соған сәйкес дәрежеде қарым-қатынас жасаған. Ежелгі Мысыр мен Бабылдан бастап, кейінгі Евразия қағанаттарына дейін абыздарды жаратушының жер бетіндегі көзіндей көріп, ерекше әспеттеген. Ой еңбегі адамдары соған лайық құрметтелген. Кейін әр кім де өз еңбегімен өз нәпақасын көріп, аштан өліп, көштен қалмайтынына көзі жете бастады. Оған бұрын жетілген қоғамдар билікшілерді де, абыздарды да әулие тұтуды азайтты. Мәселен, Батыс Европада ой еңбегі адамдары өз ісінің мамандары ретінде бағаланғанмен, оларға артық үміт артып, орынсыз өкпе-бопса айтпайды. Қанша берсең, сонша аласың,– дейді Батыс. Алаған қолым береген,– дейді Шығыс. Қанша өкілет берсең, соншалықты талап қоя аласың,– дейді Батыс. Қаншалық талап қойсаң, соншалық өкілет те бер,– дейді Шығыс. Бәрі де күллі қауым боп берген өкілет пен артқан сенімге байланысты. Әр кім өз қабілетімен қандай күн көруге де ерікті батыстай емес, қалың бұқарасы ұзақ уақыт қараңғылықта жатып, мамандарды сырттан шақыртқан Ресей азғантай оқығандарын өз әулие тұтты. Патша есептесетін әлеуметтік топқа былайғы бұқара да арқа сүйеді. Оларды келе-келе ресми билікке ылғи да қарсы тұруға тиісті күш деп есептеді. Демократия дамымаған, әлеуметтік топтардың сөзін сөйлейтін өз ұйымдары жоқ озбырлық жағдайында бұл, әрине, түсінікті құбылыс. Ал әр азамат дауыс беру арқылы билікті түзуге өзі тікелей атсалысып, әр әлеуметтік топ өз саяси ұйымы арқылы сол билік жолында өзі тікелей күресетін қоғамда баяғыдай бір делдал топ ұстаймыз, қоғам мен билік арасындағы байланысты тек соған артамыз деу – үйреншікті сүрлеуден әлі шығып болмаған балаң түсініктің әңгімесі. Бұл – белгілі бір тектік не топтық үстемдік ресми мойындалған етек басты қоғамдар жағдайында ғана орынды талап.

Кешегі ақ отаршылдық пен қызыл отаршылдық тұсында қазақтар да бұл жораға мойын ұсынды. Өткен ғасырда азғантай сауаттыларымыз қырдағы қандастарының арыз-шағымын жазып беріп, сот орындары алдында делдалдық қылғанын халыққа жасаған қызметім деп ұқты. Ғасыр тоғысында оқығандарымыз бұны місе тұтпай, ұлттық мүдделеріміздің аяқ бастылығын ашық айтатын саяси ұйым құрды. Отаршыл билікке халық атынан талап қоя бастады. Ел ішінде үгіт айтумен ғана тиылмай, дербестік жолына жұмсар дәулет жиып, әскери құрамалар ұйымдастыра бастады. Дербес биліктің алмағы мен салмағының қандай болатынын сездіре бастады. Соны ауырсынған екінші бір сауатты топ оларға қарсы шықты. Дәулетке қарай жіктеліп жатқан өзге үлгіні қазақ арасында да сіңірудің жолына түсті. Бұны пайдаланған сыртқы озбырлық ең әуелі дербесшілердің көзін аластады. Сосын күні кеше құлақтарынан өздері сүйреп шығарған шала сауатты немесе сауатсыз шолақ белсенділерді енді өз соңдарына салып, тапшылдарды да аластады. Оқығандардың бір-біріне қимағанының қызығын оқымаған шолақ белсенділер көріп, шолақ ойлы қауым қалыптастырды. Әлге дейін бір-бірімізді түтіп жейтіндей, саусағымызды кезеп, тілімізді безеп сөйлесек, қыбымыздың көбірек қанып тұратыны – сол жылдары жұққан саяси қышыма-қотырдың салқыны. Сол аламан-асырдан аман қалған азғантай естиярларымыз ұрлықтың малын қазанға салып отырғандай, дымдары ішінде күй кешті. Кейінгілерді де желкелерінен дем алуға үйретті. Сталин өлген соң ғана «отыз жетіні» айтып жылап-сықтай бастадық. Тоталитаризмнен аза бойымыз қаза болғанымен, оның ар жағындағы социализм мен коммунизм турасында жаман ойлауға дәтіміз бармады. Бәрін де бұрмалаушылықтың салдары деп ұқтық. Дұрыс сенсек келсе, бәрі орынына келеді деп дәметтік. Ең болмаса, еврокоммунистер айтып жүргендей бірдеме орнар деп, қартайған көсемдерді ақ жуып, арулап көметін күнді күттік. Ол кезде жұрт түгел сауатты боп, өздерін түгел білімдіміз деп есептейтін. Арыз-шағымдарын жұртқа жаздырмақ түгілі жанға сездірмей, тура жоғарғы жаққа, тіпті Кремльге өз қолдарынан аттандыратын. Жаппай сауаттылық жаппай қажеттілік болды. Жаппай зиялылыққа жеткізе алмаса да, жаппай баққұмарлықты өршіте алды. Ол өз жағдайына жаппай қанағаттанбаушылықты қоздырды. Коммунистік билік те соның арқасында құлады. Ал, қазақ қадірлейтін «зиялылық» атымен бұл емес-ті. Ол тобырлық санадан жоғары тұрып, әлеуметтік тіршіліктің қиыр-шиырын түгел шолып, ел шетіне тиер жаудың, ел бетіне келер даудың алдын алып, ағайынның аусарын абайға, ашулысын сабырға шақырып, ұйытқыны бұздырмай, ұятты төккізбей, ең алдымен, ел мүддесін, сол үшін де бірлікті ойлайтын рухани кемелділік еді ғой. Өз Төле: «Бақырауық батырды екі долы қатынның бірі табады, ел түзейтін ақылды естінің де ең кемелі табады»,– демейтін бе еді? Абылай тұсындағы Бұқарекең хан алдында халыққа жаны ашып, халық алдында ханға жаны ашып сөйлемейтін бе еді? Өйткені жарқыраған туың жығылған соң, бұрқыраған буыңның кімге қажеті бар?! Жерің отарға, елің боданға, естің малайға, есерің жендетке айналып шыға келмей ме?! Сондықтан, шын зиялы қауым тек азат елде қалыптасатынын ұмытпалық. Оқыған қауым бізде де бар. Зиялы қауымымыз енді болады. Ол тек келешектің қамын бәрінен жоғары қоятын, «өзім жетпегенге елім жетсе екен»,– деп ойлайтын естияр ақылдан түзелсе құба-құп. Баяғының ақсақалдары мәжіліс төбенің басына кім көрінгенді жіберткізбейді екен. Етектегі найза ұстаған жасауылға: «Бейтаныс біреу келе жатса, бас қондырысына мықтап зер салыңдар!»– дейді екен. Естіге құлақ асқан ел өсерін, есерге құлақ асқан ел өшерін жетік білген ата-баба ақыл тізгініне мейлінше абай болуға тырысқан ғой. Қазіргідей жаппай сөйлеп, жаппай қимылдап жатқан кезде бізге де сол сарапшы сабыр керек сияқты. Жалпының басына түсіп тұрған ортақ талқы жайындағы сөз ләміне қарап-ақ, кімнің кім екендігін аңғара беруге болатын сияқты. Қазіргідей талма тұста қоғамдық ахуал тізгінін өкпе-бопсаға да, ашу-ыза мен сар уайымшылдыққа да, соны малданып, абырой асырып қалғысы келетін ашық баққұмарлыққа да ұстатуға болмайды. Көп білгенін істейді, аз көргенін істейді деген. Айналаға сергек қарайтын, өзіміздің де, өзгелеріміздің де өткені мен бүгінінен дұрыс қортынды шығара алатын салиқалы парасатқа ғана жүгіне алсақ лазым. Сондықтан, әлі күнге жайдақ бесікте, жарғақ жөргекте, жәйі болмай, тыпыршып жатқан нәресте тәуелсіздігімізге бірден қарқ қыла салмадың деп, жағалай тапсына бермей, жабыла іске жұмылып, жағалай жанашырлық жасауға мұрындық бола білсек қана – өткеннен тағлым, бүгіннен шүкіршілік, ертеңнен үміт таба алатын шын зиялы қауым болғанымыз. Ол үшін болып жатқан және болмай қоймайтын өзгерістердің мәніне әуелі өзіміз жете түсініп, сосын өзгелерге жете түсіндіргеніміз дұрыс. Ойсырай бермей, ойланған жөн. Құдай зиялыларды сол үшін жаратқан. Халық та соны дәметіп отыр.

— Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне қатер төндіретін қандай экономикалық, әлеуметтік, рухани немесе т. б. қоғамдық факторларды атай аласыз?

— Жас нәрестеге қауіп қандай көп болса, жас мемлекетке де қауіп сондай көп. Тату-тәтті ата-ана жас сәбиінің асты-үстіне қандай түссе, жас тәуелсіздіктің жолында да жанды да, малды да қия алатын ауыз бірлік керек. Сондықтан, басқа қауіптерден гөрі алауыздықтан көбірек қауіптенемін. Ал, алауыздыққа қарсы қоя алатын ең мықты қорғанымыз – өз болашағымызға деген нық сеніміміз.

Осыған орай бір оқиға еске түседі. Сталин өлген жыл. Ел түгел қайғырды. Тоқсандағы аяулы бір қария кемсеңдеп жылап тұрып, он төрт жасар менен: «Балам-ау, ендігі күніміз не болады?»,– деп сұрағаны естен кетпейді. Сөйтсем, қара жерді қарс айыратын қайратына бола бүкіл өлке аңыз қылған, бүкіл ауыл пана тұтқан жарықтық Қосекең (қазіргі әнші Айгүл Қосанованың үлкен атасы) өз күшінің, еңбекшілдігінің арқасында емес, Мәскеудегі Сталиннің арқасында күн көріп жүрмін деп ойлайды екен. Ол кезде жұрттың көбі солай ойлайтын еді. Ал, дәл сол кеңес қоғамы сексенінші жылдары өз көсемдері бірінен соң бірі дүние салғанда өйтіп күйзелген жоқ. Тоталитарлық сана сонда күйреген. «Ендігі күніміз не болады?», – деп сұраған ешкім болған жоқ. Өйткені, екі ортада жаңа ұрпақ жетілді. Түгел сауаттандық. Білім есті. Ақпарат және қатынас дамып, әлемдік жаппай хабардарлық ахуал орнады. Соның арқасында зиялы сана ресми идеологиядан үстем түсе бастады. Ол тек, қазір кейбіреулер айтып жүргендей, азғантай «диссиденттік әдебиеттің» арқасы емес-ті. Олардың кім екенін, еңбектерін қалың көпшілік біліп жарымайтын. Демократия талқыға түсіп тұрған тұтса өз елдеріне оралмағандарына қарағанда, бұл ағымдағылардың көпшілігі отаншылдықтан гөрі, жеке бас азаттығын көбірек күйттеген сияқты. Бірақ, көзқарақты қоғам онысыз да тарих сәтін түсіріп тұрған мүмкіндікті зая жіберуге болмайтынын жете түсінді. Қайта құрудың қалай жүзеге асатынын ешкім анық білмесе де, тоталитаризм тамырына балта шабатынын ұғынып, бірден жаппай қостады. Кеше Сталин өлген соң да күн көріп кете аларымызды халық санасына дарыта алған зиялы күштер енді бүгін отаршыл одақ құлағанымен, тәуелсіздік жағдайында да ел болып кете алатындығымызға көпшілік көзін жеткізуге міндетті. Ол – тақсіретті тарихымыз бен ұрпақтар келешегі бірдей жүктеп отырған парыз. Ол үшін, ең әуелі, оқығандарымыздың өздері осы ғасырдың барлық дүрбелеңдерінің неден басталып, немен тынғанын мықтап ескеріп, ауыз ірітетін айтақшыл алаңғасар ұрандар мен құнарсыз құрғақ таластардан бойларын дер көзінде аулақ сала білсе ғанибет. Ескі отаршылдықтан құтылғанымызбен, оған қайғыратындар да бой көрсетіп тұрғанын жете ескере білсе ғанибет. Кешегі қызыл империализм, кейбіреулер айтып жүргендей, үн-түнсіз шегіне салған жоқ. Ол ешкімге тәуелсіздік сыйлаған жоқ. Оның бейбіт бәсекеге шыдап бере алмаған жеңілісін отаршылдықтағы халықтар өз пайдасына жарата алды. Осы ғасырда жаппай сауатсыздық жағдайындағы алғашқы екі ұлт-азаттық қозғалысында ұлттық элита шешуші қызмет атқарса, жаппай сауаттылық жағдайындағы үшінші ұлт-азаттық қозғалысында бұқаралық демократиялық күштер шешуші қызмет атқарды. Кешегі кеңестік кеңістікте тоталитарлық идеология ресми мансұқталғанмен, ол орнатқан экономикалық қатынастар мен одақтық мемлекет жүйесін аңсаушылық әлі бар. Қазіргі экономикаға ауадай қажет ықпалдастықты пайдалана отырып кешегі империялық құрылымды, ең болмаса, жарым-жартылай оралту пиғылы да байқалмай қалып жүрген жоқ. Қажет десеңіз, Алматы, Тбилиси, Баку, Рига, Сумгаит, Фергана, Ашхабад, Жаңа Өзен оқиғалары мен Карабах, Тәжікстан, Шешенстан соғыстары да сондай ниетті көздеген арандатушылық саясаттан өрбіген-ді. Қарымташылық күштері ол пиғылдан әлі де айныған жоқ. Ұлт ішілік, ұлтаралық, мемлекетаралық даудалабаларға май құйып бағуға әлі де құштар. Ондай жымысқы саяси мақсаттарын әлеуметтік желеулермен көлегейлеуге тырысады. Бұл ретте өтпелі кезеңдердің қиындықтарын, реформаны жүргізудегі оғаштықтар мен сұғанақтықтар төңірегіндегі реніштерді пайдаланып қалуға күш салады. Оларға таптық сипат берушілікке тырысу да – кешегі қызыл идеологияның салқыны. Бұндай жағдайда, бірлік, ұстамдылық, орнықты ахуал жолында күресу – нағыз отаншылдық пен халық қамын шындап ойлаудың бірден бір үлгісі. Реформаны көп мүддесінен шығатындай, ақылға сиымды қалыпқа келтіру үшін де ауызбірлік пен тыныштық керек. Алауыздық жағдайында ешқашан ештеңе түзеліп көрген емес. Пәлен Ғасыр отаршылдықта отырып тәуелсіздікке енді қолы жетіп жатқан ел түгілі төрт қабырғасы түгел ірі мемлекеттердің өздері реформаға көшкен кезде уақытша жүдеп-жадаушылықты бастан кешкен. Ондай тұста сары уайым сапырушылыққа саналы түрде тойтарыс бере алмаған қоғам өз дегеніне жете алмаған. «Ұлы дағдарыстар» тұсындағы АҚШ-та Ф. Рузвельттің елді «апаттан ойсырағандық» ахуалдан «күш-жігер» ахуалына көшіру үшін «жаңа бағыт» саясатын ұстағаны белгілі. Біздің кезеңімізде дәл сондай бастаманы ТМД елдерінің ішінде бірінші боп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев көтеріп отыр. Шынтуайтқа келгенде, «Қазақстан 2030» Стратегиясы да – дәл сондай жаңа бағыт идеологиясы. Ол да өндіріс, ауыл шаруашылығын, қоғамдық жұмыстарды нарықтық негізгі жандандыру арқылы жұмыссыздықты, орта және шағын бизнесті дамыту арқылы қолдан жасалынған монополизм мен алыпсатарлықты тежеуді, салық пен тәртіпті жетілдіру арқылы сыбайластық пен жемқорлықты ауыздықтап, бюджет саясатын жетілдіруді, сол арқылы елді әлеуметтік күйзелістен шығаруды көздейді. Бұндай тұста біресе үкіметке, біресе зиялыларға, біресе ана ұрпаққа, біресе мына ұрпаққа қаралай ұрыну жағдайды шиеленістіре түспесе жақсартпайды. Үкімет дағдарыстан шығар нақты экономикалық жолдар қарастыруы керек те, қоғам қоқан-лоқыны қойып, еңбекке жұмылса лазым. Сондай бағытты қолдайтын зиялы ой мен қоғамдық пікір ғана халыққа жаны ашығандық болып шыға алады. Ал ондай саналы бірлік пен сапалы еңбектен ауытқытуға тырысатын іс-әрекеттің бәрінің мемлекеттілігіміздің орнығуы мен нығаюына жаны ашымастық екендігін түсінетіндей кез әлдеқашан жетті. Осы жағдайды ескермей, өмірдегі санап тауса алмас қиындықтарды көзінен тізіп, жігер жасытудың да, бірінен соң бірін желеулетіп, ашу-араз қоздырудың да зияннан басқа пайдасы жоқ. Тәй-тәй тәуелсіздіктің қолтығынан демеудің орынына билікке таласатындардың билігінен, білім таластыратындардың білімінен, байлық таластыратындардың байлығынан не үміт, не қайыр... Сондықтан бүгін әлеуметтік игілік пен әділет жолындағы күресті, ең алдымен, тәуелсіздік мүдделеріне бағындыра білу шарт.

— Еліміздің ертеңін ойлағанда Сізді ең алдымен қандай мәселелер толғандырады?

— Мені ең алдымен толғантатыны: ел болуымыз үшін, әуелі үй бола білуіміз керектігін ескере бермейміз. Ел қамын ойлауға жаппай құштармыз. Өз қамымызды жөндеуге келгенде көбіміз құнтсызбыз. Қайсы бір жылы ел аралағанымда қашаннан бері қараусыз қалып бара жатқан қаран шаруашылықты, ортаның малын әбден қолды боп кетпей тұрғанда, қайтып әділ бөлісіп алудың орынына талқы шайдың үстінде айдаладағы Ельцин мен Хасболатовтың қайсысының жөн екендігіне таласып, қызыл кеңірдек болып жатқан, саясат соққан сайқы-мазақ қауымның үстінен шығып ем. Кейін барсам, соқталдай-соқталдай жігіт балаларымен төрт көздері түгел отырып, ортадан тиген еншілері – азғантай жандықтарын түгел ұрлатып, қораларын сипап қалып отырып, ұрының қалай табылатынының жөнін сұраудың орнына микроэкономика мен макроэкономиканың айырмасын сұрап, басымды қатырған бір сойдақ тіс құрдасыма ыза болғаным бар. «Микроэкономика мен макроэкономиканы қайтесің, одан да тал түсте қарадай тоналып отырған өзіңнің мәкіру экономикаңа бас қатырсайшы»,– дегенімде, сабазың: «Жәй, әншейін, біліп қояйын дегенім ғой»,– деп ырық-ырық күлген. Одан гөрі әйелі есті екен: «Осылардың бәрі шетінен саясатшы болып кетті: Бір мемлекетте бір-ақ президент болатынын, бұларға бәрібір ештеңе тимейтінін, одан да қатын-баламды қайтып асырайын деп, қабырға қайыстырғандары жөн екенін құлақтарына мықтап құйып кетші, құрдас»,– деп қалжыңдаған.

Сол құрбымның сөзінің жаны бар. Шетімізден саясатшы боп кеттік. Ол өзім саясатшы боп жүргесін өзгелерге іштарлық жасағаным емес. Өз басымыз саясатшы болмай да көрдік, болып та көрдік, кетіп те көрдік, келіп те көрдік, – біраз өткелектен өттік. Ешкімге ештеңе мәңгілік жабысып қалмағанына, бізден кейін де өсіп келе жатқан ұрпақ барына, зерделі жеткіншектер барына әбден қанықпыз. Сондықтан, ендігі жерде ешкім саясатпен шұғылданбасын демейміз. Тек саясатпен саясатшылар шұғылдансын, қалғанымыз әуелі бала-шағамыздың қарынын тойғызып, иінін жаңалап, күй түзеп, үй болып кетуді кешегіден де, бүгінгіден де гөрі көбірек қамдастырып, уақыт пен күш-жігердің көбін соған салыңқырайтын уақыт жетті-ау деп ойлаймын. Әйтпесе, үйде таласып, көшеде дауласып жүретін саяси жиын-той онсыз да жіңішке жүйкемізді одан сайын жұқартып, күш-жігерді босқа сарп қылу болып шығарын түсінетіндей кез келген сияқты. Күш көрсету де ұшпаққа шығарып жатқан жоқ. Күш көп болса, әуелі ырысы мол, тұрмысы түзеу қара орын болып алуға жұмсап, қалғанын ағайын аумаққа, одан ауысқанын қалың қоғамның қамына жұмсай алатындай, ешкімге күніңді түсірмейтін еңбекке бағыштай білуге жаппай ыждаһат танытатын көзіміз келген сияқты. Алар тәуелсіздікті алдық. Енді оны одан әрі орнықтыру керек болып тұр. Ол әрбір қазақ шаңырағының қара қазанының буына, қара орын төрінің ажарына байланысты болып тұр. Сол екеуінің жәйі түзелсе, елдің де жәйі түзеледі. Бір құдайдан басқадан ештеңе дәметпей, өз қара күштеріне сенген қара шалдар бір мүшелдің ішінде әлденеше оралып тұратын жұттан, бір ғасырда бірнеше рет қайталанған алапат соғыстан, төңкеріс, өзгерістен, расын айтсақ, әлге дейін дұрыстап бүйіріміз шығып көрмеген жоқ жітіліктен – талай-талай тауқыметті өткелектерден аман алып қала алып еді ғой. Ал күні бүгіннің отағасылары туғандарымыздан қақшаңдап, құдайға емес, өзімізге сеніп өсіп едік қой. Баяғы қара шалдардай емес, шетімізден сауатты емес пе едік? Қаладағы ғана емес, ауылдағы әр үйіміздің кебежелерінде қат-қатымен сүрленіп жатқан қатырма қағаздар қаншама? Бұл дүниенің бізді қызықтырмайтын бір де бір мәселесі жоқ. Басымыздағы баспанамыздың төбесі тозып тұрғанын елең етпей, жер түбіндегі Вьетнам соғысына да біраз басымыз ауырды ғой. Енді қалған әлемде ел болып кету үшін, үй болып кету үшін не істелініп, не қойылып жатқандығына да сондағыдай бір шұқшиып көрмейміз бе? Сонда әрбір жеті мүшесі бүтін, ақыл-есі дұрыс адамдар үй болып кетуді өз мойындарына алып, ел болып кетуді ғана мемлекетке тапсыратынын аңғарар едік. Егер осы ақиқатты да «жәй әншейін біліп қоймай», жан-тәнімізбен жаппай мойындасақ, еңбектен басқаның бәрі бекер екендігін ұғынып, ел ертеңі жолында да, өз ертеңіміз жолында да күш-жігерімізді өз орнымен жұмсай білер ек. Сонда, шын мәнінде де, әр қайсымыз өз орнымызда жүрген болып шығар ек.

— Қазақ зиялыларының мүдде бірлігі әлсіздеу болып көрінеді, Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Зиялылар арасынан ұлтын менсінбейтіндер, әлдекімдердің айтағымен көпке күл шашып ойнайтындар шығып жүр. Олар туралы не айтар едіңіз?

— Иә, олардың көңілді қатты қалдырғаны рас. Бірақ, қатты сөзге бармай-ақ қоялық. Бәрінен де, үш ғасыр бойы ту сыртымыздан басқалар сұқаңдатып келген күйелі көсеуді енді көстеңдетіп өздеріміз ала жүгіргеніміз жанға батады. Талай жүректі жаралап, талай сүйекті сындырған сол ұшалау-мүшелеу, сол жіліктеуді өз қолдарына алып, қасапшы болғанда қай мүйізіміз қарағайдай болады деп ойлады екен сабаздарың?! Жә, арғы жағын қазып қайтеміз?.. Олардың да көксегені – бұрыс пікірге апшығаннан бұзақы ауыздарға соқтығысын, «бірін-бірі қудалап жатыр» деген бұралқы қаңқу тарату шығар.

Бұрыс пікірді дұрыс іспен жоққа шығаруға тырысқан лазым. Бір біріміздің қайда туып, тіліміздің қалай шыққанымен емес, халықтың қамын қалай ойлайтынымызға қарап бағалап үйренейік. Өз қағынан өздері жеріген азғантай арзымсыздарға бола кешегі отаршылдықтың талай ұрпақтың басына тағып кеткен кеселін көзге шұқи бермейік. Өйтіп, өз бауырларымыздың көкіректерін өздеріміз суытып қайтеміз. Аса нәзік мәселелерді аса сыпайы талқылаған жөн шығар. Қай тілде айтса да, «халқым» деп жүрген қай бауырымызға да ықыласымыз ыстық, жүрегіміз жұқа болғаны дұрыс қой.

— Коммунистік рухта тәрбиеленген қазақ зиялысы ұлттың ұяты, ақылы, рухани ұстазы бола алатындығына сеніміңіз бар ма?

— Кеңестер Одағының құлағанына сегіз жыл енді толады екен. Тәуелсіздік тұсында туғандардың алды мектепке биыл барады екен. Ал ол жылы партаға отырғандар әлі мектеп бітіріп те үлгермепті. Сондықтан олар «ұлтының ұяты, ары, рухани ұстазы» болуды әлі дәмете қойған жоқ шығар. Оқтын-оқтын қоғамдық пікірде бұндай пиғылдың шетін шығарын қоятындар – сөз жоқ, қабырғасы әлдеқашан қатайғандар. Демек, коммунистік рухтағы тәрбиеден өз сыбағасын алып үлгергендер. Дәу де болса, олардың да қалтасын тесіп бара жатқан Гарвард пен Оксфорд дипломдары емес, өзіміздің Қазақстанның, асса Мәскеу мен Ленинградтың мөрі басылған қатырма қағаздар болар.

Жарайды, бір кезде коммунистік тәрбие алдық екен деп, бәріміз өз еркімізбен ғарыш ауып кете қоялық дейік. Сонда мынау кең байтақ егеменді кеңістікті кімге қалдырмақшымыз? Ертең өз қолдары өз ауыздарына жететін тәуелсіздік ұрпағы қандай мемлекетке ие болмақшы? Оның үстіне, қолдан келсе, «ұлттың ұяты, ары, рухани ұстазы» болған әрине, дұрыс. Бірақ, міндет емес қой. Міндет, ұлтына, қоғамына қалтқысыз қызмет ететін ұятты, арлы, рухани өресі биік азамат болу ғой! Оған ұмтылмайтын азамат бәрібір зиялы бола алмайды. Тек алған білімі мен көрген тәрбиесінің төңірегінде қалып, халқының қамына, елінің керегіне жарайтын жаңа білік, жаңа тәжірибе, жана тәрбиеге ұмтылмаса, ондай зиялы кеше емес, ертең туса да, ешкімді қарық қыла алмасы хақ. Ал, әлгіндей өрелі биікке талпынып, күш-жігерін елінің жолында жұмсап жүрген өнегелі азаматтар табылып жатса, олардың қай жылы туып, қай мектепте тәрбие алғандығында не тұр? Тарихқа жүгінсек, өз халқын құлдықтан безіндіріп, бостандыққа алып шығатын Мұса пайғамбар да бірден ұшпақтан түсе қалған жоқ-ты. Талай жыл Мысыр бодандығында жүрген-ді. Ғайса мен Мұхамбет те әуелден христиан, мұсылман тәрбиесін алғандықтан жана дін ойлап таппаған-ды. Локк, Монтескье, Джефферсон, Линкольн, Мэдисондар да құрсақта жатып-ақ либералдық партияның мүшелері болғандықтан демократия негіздерін салысып, демократиялық мемлекет үшін күреспеген-ді. Әлде қалған адамзаттың қолынан келген біздің азаматтардың қолынан келмейді деп жер табандап отырып алу – біздің қазақтың маңдайына мәңгібақи жазылып қойып па еді?.. Өтпелі заман өтпелі... Өтеді де кетеді... Ондай тұста ілгері талпынғанның қолтығынан демеп, қол ұшын берудің орынына, баяғы бабаларымыз айтқандай, өспес елдің баласы өнбес дауды қуадының кебін кимелік. Жөнді-жөнсіз бір-біріне қол шошайта бергеннен де мүйіз шықпағанын жоғарыда айттық. Сұғанақ саусақтар нұсқаған ғазиз бастарды әлеуметтік қызғаныштың қара балтасына қиғыза-қиғыза, құр кеуде қауым қалпына қайта-қайта түсіп, рухани қанатсыздықтан әлі арыла алмай жатырмыз. Енді-енді бас көтергендердің бірін анау, бірін мынау деп, бастарын қосудың орынына шашып алсақ, құр кеуделікті қойын, құр бөксе боп қалып, өзге тақымдардың ойыншығына айналып кетіп жүрмелік. Онсыз да азғантай ауызды алалай түсетін арзымсыз әңгімелердің жолын қырқу да – зиялылардың міндеті. Түптеп келсек, әлеуметтік алауыздыққа әуестіктің кез келген түрі, қандай ұранды желеулетпесін, мейлі, әлеуметтік тайталасты тәңір тұтатын коммунистік тәрбие рухының салқыны. Осы ғасыр басында: «Оян, қазақ!»– деп ұрандаған ұрпақтан біреу-міреу дәл қазір тіріле қалып, бізді көрсе: «Ойлан, қазақ, байқа, бауырын, Абайла, ағайын!»– демесіне кім кепіл...

Әңгімелескен Баққожа МҰҚАЙ,
«Парасат» журналының бас редакторы.
Шілде, 1998 жыл.

БОТАСЫН САҒЫНҒАН АРУАНАДАЙМЫН КЕЙДЕ МЕН

— Биылғы жыл Президент Жарлығымен халық бірлігі және Ұлттық тарих жылы болып жарияланды. Оның халқымыз үшін қандай пайдасы болды? Осы жылды жалпы адамзаттық, ұлттық тұрғыдан келіп қалай қорытындылауға болар еді?

— Өткен жылдың халық бірлігі және ұлттық тарих жылы деп аталуы тегіннен-тегін емес. Қазақ тарихтың әр кезеңінде мемлекет болған, бірақ ол кезеңдердің қай-қайсысында да біз күллі адамзат білетін мемлекет ретінде қалыптасып кете алған жоқпыз. Содан осы жолы мықтап қорытынды шығарсақ екен. Тарихтың қандай бір ащы шындығынан тағылым алмай тұрып, жаңа сатыға көтерілу қиын. Біз қазір көп жағдайда озып келе жатқан адамзаттың соңынан қуып келе жатқан қоғамбыз. Осы жайды түсініп алмай тұрып, біз өзіміздің діттеген жерімізден шыға алмаймыз. Сондықтан тәуелсіздік алғанға дейін өзіміз туралы шындықты өзіміз айтып көрген жоқпыз. Әлем бізді басқаның «шындығы» арқылы білді.

Өзіміз туралы шындықты айту үшін соны, ең алдымен, өзіміз біліп алуымыз керек. Сол себепті жекелеген ғалымдар немесе ат төбеліндей ақылмандар емес, бүткіл Ұлт болып сөйлеуіміз керек болды. Осы үрдісті мейлінше тезірек жүзеге асырсақ, қалған мақсатымыз да тезірек жүзеге асатын болды. Өткен жылдың тарих жылы аталуының себебі қысқаша қайырғанда, осылай.

— Алдағы жыл тағы да қандай атауымен ерекшеленеді. Жалпы әр жылға атау беру кешегі кеңес кезіндегідей науқаншылдықты еске салмай ма?

— Жоқ, біз – науқаншылдықтан ғұмырымызға жетерлік сабақ алған халықпыз. Дей тұрсақ та, бұл сөздің де жаны бар. Алдымызға екі мақсат қойдық. Біріншіден, біз неге, неден, не үшін бас тартуымыз керек дедік те, алдымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алудан бастадық. Басымыздан өткен қиямет-қайым күндер көп.

Бұл – кеше бізге біреу зорлық жасаса, енді сондай сорақылыққа өзіміз ұрынбасақ деп жасалынған мәселе. Екіншіден, біз қаласақ та, қаламасақ та, көп құрамда өмір сүріп отырғаннан кейін көп ұлттылық жағдайын ескеріп, қоғамның ішінде алауыздыққа жол бермеу жағдайын да қарастырдық. Бұл мақсаттар алдағы уақытта да күн тәртібінен түспейді. Алдағы жылы да осы екі жылда қолға алынған міндеттерді одан әрі жүзеге асыра береміз. Өйткені, бұл бірер жылмен ғана шектеліп, айтылып қалатын мәселе емес. Өткен тарих жаңамен бірге жаңғыруы тиіс. Мақсатымыз – осы үлкен екі мәселеге күллі ұлттың назарын аудару. Сол арқылы ұлттың алға қойып отырған өміршең мақсатының тарихи заңдылығын тану. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретін мақсаттар. Сондықтан ұрпақтар жалғастығы арқылы қоғамдық бірлікті нығайту. Үй-ішілік, ішкі қауымдастық татулығына да жеткілікті мән беру көзделіп отыр, Оның түпкілікті кескіндемесін жылдағы дәстүр бойынша Елбасы айтады.

— Өмірімізге тәуелсіздікпен қоса «өркениет», «жалпы адамзаттық құндылықтар» секілді көп терминдер енді. Біз – өз тарихымызға, дәстүрімізге енді бұрылып жатқан елміз. Әлгіндегі су жаңа терминдер, саяси өмірдегі түрлі ағымдар ұлттық құндылықтарымызды жағаға жаңаша лақтырып кетпей ме?

— Белгілі бір мөлшерде сіздің қаупіңіз орынды. Бірақ әр ұлттың міндеті – өзіндік өзгешелігі ауқымында қалып, томаға-тұйықтыққа ұрыну емес, өз ерекшелігін сақтай отырып, қалған адамзатпен бірге қарыштап алға басу. Сондықтан біз де сол соңғы жолға түсу арқылы одан әрі өркен жая аламыз. Біздің осыған дейінгі ащы тәжірибеміз де соны ұқтырады. Біз кешегі келеңсіздіктерімізден артқа шегініп емес, алға ұмтылып қана арыла аламыз. Бұл ретте де қалған адамзаттың тәжірибесіне жүгінуге мәжбүрміз.

Бүгін дәстүрлі ауқымда қалған дүние өркениет жолына түскен дүниенің даму қарқынында жер мен көктей алшақтық барын өз көзімізбен көріп отырмыз. Оның үстіне әлемдік деңгейде жаңа ресурс бөлісу басталды. Оған өркениетшіл елдер ғана төтеп бере алып жатыр.

— Ресей Думасында «монументальдық насихат» тартысы бой көрсетіп қалады. Әңгіме тарихи ескерткіштеріміз, жәдігерлеріміз, жер-су атаулары турасында. Біздегі осы істің барысына көңіліңіз тола ма?

Меніңше, басқа-басқа Абылай ханның өзіне әлі күнге дұрыс ескерткіш орнатқан жоқпыз. Ханға да, батырға да орнатылған ескерткіштердің қай-қайсысы да бір-бірінен аумайтын секілді.

— Бұл істе алға басушылық бар. Уақыт өткен сайын біз бұдан үш-төрт жыл бұрынғы қызыл кеңірдек болуды қойдық. Жер-су атауларын өзгерту мәселесі бұдан 1-2 жыл бұрынғыдай өткір тұрған жоқ. Осы жақсы іске бастау, бас-көз болатындар – жергілікті билік орындары. Сол жергілікті орындарда осыған құлықты адамдар отырған жоқ. Оның объективті де, субъективті де жағы бар. Жергілікті жерлерде осы мәселенің мән-жайын түсінбейтін, түсінгісі келмейтін қауымдар да болуы мүмкін. Оны ескермей, белден бассақ, тағы болмайды. Солай бола тұрса да, тып-тыныш қол қусырып қарап отырып алушылықты құптай қою қиын. Десек те, көп жерлерде күні кеше бүткіл адамзат мансұқтаған әлеуметтік кекшілдікті, әлеуметтік қанішерлікті насихаттайтын көпе-көрінеу идеологиялық солақайшылдық атаулардан құтыла бастадық. Түгел құтылып болдық деп тағы да айта алмаймыз. Бұл істе кейде, абайшылдықты, сақтықты әсіре желеулетіп жүрген жағдайымыз да жоқ емес. Сол сияқты уақытында, дер кезінде қабылдаған құжаттарды, дұрыс шешімдерді орындауда экономикалық қиындықтарды алға тартатын керенаулық әлі мықты. Кейде тіпті «бұл да тарих емес пе» деп кергитіндер де кездесіп қалады. Иә, тарих... Бірақ, тарихта мансұқталатын да, марапатталатын да тұстар болады. Кешегі қиянат мансұқтайтын пиғылды марапаттаудан орын алды. Соның ара-жігін айырып, әділетті қалыпқа келтіретін кез енді келді. Соны бүгінгі қауымға ұғындыруды да көп болып қолға алуымыз керек. Ал Абылай ханға келетін болсақ, мұндай маңызды істе өтпелі кезеңнің дүрбелеңін пайдаланып, дүмбілездікке жол беруге тағы болмайды. Қазір сөз бостандығы деп сананы улайтын, халықтың арасына іріткі салатын, іске пайдасы тимейтін, жүргелі тұрған істі бөгейтін қыршаңқы сөздер жиі айтылып қалады.

Сондықтан кейбір істерде де осындай дүмбілездіктер болуы мүмкін. Сондай ұшқары ұғымдардың жетегінде кете бермей, тарихи әділетті қалпына келтіруді асқан байыпшылдықпен жүзеге асырғанымыз дұрыс. Әйтпесе, асығып ескерткіш қоямыз деп, ашқан көзінде қуанып, артынан ұялып қалып жатқан тұстарымыз аз ба? Ондай сөлекеттік ең болмаса, Абылайдың, Абайдың тұсында қайталанбауға тиіс. Қазір бұл мәселелер қаралып жатыр. Бәйге жарияланды. Бәйге болған соң бәсеке болады. Қазақстанның қай түпкірінде болмасын, тарихи тұлғаларға өздеріне лайықты ескерткіш қойылуы керек.

— Қазақ зиялы қауымы қазіргі заманға лайықталған зерде, парасат таныта алып отыр ма? Ұлттық интеллигенцияның ұлт үшін аса қажет мәселеде белсенділігі қандай?

— Қазіргі зиялы қауым деп жүргеніміз – интеллигенция, ой еңбегімен ғана айналысатындар. Оны елдің қамын ойлайтын, қауым үшін жауап беретін қауым деп қабылдауымыз керек. Ұлттың мұраты мен зиялы қауымның мұраты тамырласып, қабысып жатуы қажет. Қазақ – алдында қағазы, қолында қаламы бар сауатты, көзі қарақты халық. Бірақ, бәрі ой еңбегімен күн көрмейді.

Оның ішінде әлгіндей үлкен ұғымға жақындайтын азаматтар болуға тиісті. Тек соларды ғана зиялы қауым – ұлттық элита деп санаған жөн сияқты. Ұлт тұтасымен сауатты, көзі қарақты болуы мүмкін, алайда, тұтасымен элитаға айналып кетуі мүмкін де емес. Біз алғашқы жылдарда бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ағымдар ауқымынан қара үзіп кете алмасақ, кейінгі екі-үш жылда одан аздап арыла бастадық. Аттың тізгінін дербес қолға алып, өз бетімізбен бағыт-бағдар іздей бастадық. Өз элитамыз, өз зиялы қауымымыздың негізі болмаса, олай ете алар ма едік. Бұл ретте зиялы қауымның еңбегін мүлдем жоққа шығару қиянат. Кейде бізді әлі күнге тұман арасында адасып жүрген көзсіз қауымға балай сөйлеу әдетке айналған. Тіпті тәуелсіздік алғаннан соң алдағы таяу он жылдықтарда қандай деңгейге көтерілуімізге қандай мүмкіндігіміз бар екендігін, ол үшін не істеуіміз керек екендігін пайымдап керуге біздің бірінші боп бел буғанымыз да назарға алынбайды. Күні кеше біздегі кейбір ізденістерді бос әуре керіп, миығынан күлгендердің өзі қазір сол біз бағыт алған сүрлеу-соқпаққа қарай бет бұрып жатыр. Тіпті, Ресейдің Думасында коммунистер отыр дегенмен, олардың үкіметке келгенге дейінгі және келгеннен кейінгі әңгімесінің арасындағы алшақтық, абайшылдықтың өзі көп нәрсеге көз жеткізгендей ғой. Бұл реттен келгенде зиялы қазақтардың барлығы бірдей ұлтжанды, ел жанды болмады деп күстаналай беру де қисынсыз. Олай болу – бір күннің ісі емес. Олай болуға бетбұрыстың өзі де көп нәрсе. Бұл арада да, жоқтан өзгеге бола өз бауырыңа өзің тіл тигізіп, өзіңді-өзің жатырқап, соның қырсығынан өз араңнан өзіңе қарсы шабатын күш, жат бауыр жау тауып алсақ, үлкен қателік болар еді. Жалпы мен, қалай болғанда да, қай мәселеге келгенде де, бірліктің мүддесі бірінші орында тұруы керек деп ойлаймын. Қазіргі ұлттық элитаның, зиялы қауымның өнегесін көрсету, бірліктің үлкен тарихи маңызын, мағынасын дәл осы қиын кезеңде халыққа әбден жеткізу – ең басты мұрат болса керек. Зиялылар біріксе қоғам зайырлана түседі.

— Бұрын орысшыл едік, енді таза еуропалық сипатқа еніп барамыз, дәстүрлі мәдениеттен, дағдыдан, қазақы қалпымыздан ажырап қалмаймыз ба деген бір ұлтжанды әңгіме кейде көкей теседі.

— Мен дәстүрді сақтауды, қастерлеуді жақтаймын. Ол үшін оны заман талабына сәйкестендіріп, жетілдіріп, байытып отыруымыз керек. Ол, бірақ, өз дәстүріңмен ғана болып, өзгелердің не істеп, не қойып жатқанымен шаруаң болмасын деген сөз емес. Ол дәстүршілдік болар еді. Ал егер біз өз халқымыздың дәстүрін бүгінгі дамуға да, ертеңгі дамуға да уақытылы лайықтай алатын болсақ қазір бүкіл адамзатпен бірге қазақтың да мойнына түсіп жатқан міндеттерге ыңғайлай алатын болсақ, сөйтіп, өз тамырынан өрбіп жататын, осы топырақта өсіп-өнетін өз өміршең бәйтерегімізді өсіріп алсақ, бұл өркениеттілік деп түсіну керек.

Бүгінгі Батыстағы да, Шығыстағы да іргелі мемлекеттер өркениетке солай жетіскен. Өзінікін де, өзгенікін де мансұқтамай, бүгін қатарға қосылу үшін, ертең ілгері озу үшін не істеу керек болса, соның бәрінен де тартынбай жетіскен. Сондықтан мен қазақтың дәстүршілдіктен гөрі өркениетті дамуға бейім тұрғаны мақұл дейтін пікірімді былай түсіндірер едім: қазақ осы күнгі ұлан байтақ кеңістігіне бұдан былай да ие болып отыра алатындай, одан шығатын бар байлықты игере алатындай, оны ұқсатып, дүние жүзіне дұрыстап таратып, ұпайын жібермей, байып алатындай, сол арқылы ұпайын жібермей, дами алатындай, ешкімнен ұтылмайтындай, кез келген базарда алданып қалмайтындай, кез келген дауда сөзден есесі кетіп қалмайтындай, XVІІІ, XІX ғасырдағы немесе XX ғасырдың 80-ші жылдарына дейінгі қазақ ұлты емес, жаңа менталитетке негізделген атымен жаңа биік рухани деңгейіне көтерілген ұлт болғанын қалаймын. Солай болатынымызға әбден сенемін, оған құдірет күшіміз жетеді.

— Ұлттық басылымдар туралы не айтасыз? Не жетпей жатыр деп ойлайсыз?

— Қазіргі жағдайды тек қана саяси, күрестің заманы деп түсінбеу керек. 10–15 жылға созылған саяси күрестен кез келген қоғамның титығы қалмаған. Сондықтан біз саяси күрес құштарлығын саналы түрде тежей білуіміз керек, оның орнына жаппай жасампаздыққа жүгінетін ахуал жасауға талпынғанымыз жөн. Ондай жағдайға тек ақылды болыңдар деген үгітпен қол жетпейді. Ол үшін жай-жапсарды жан-жақты түсіндіретін, талдау жасайтын, өзгелердің тәжірибесін өз тәжірибеңмен салыстыра отырып, өз кемшілігіңе, жетістігіңе жіті үңіле алатын үлкен байыптылық керек. Осы мәселеде біз кәп жағдайда ұпайымызды жіберіп жатамыз. Біздің ол ақауымызды басқа мақсаттағы, көзқарастағы ақпарат құралдары біржақты пайдаланып, барлық уақытта бәрін билік жолындағы саяси күреске қарай бұрып әкетуге тырысатыны байқалмай жүрген жағдай емес. Ол саяси күрестің кімге қарсы, не үшін екенін біліп алмай, тек әншейін даңғазаның ыңғайында кету опық жегізбей қоймасы хақ. Егер ол біздің тәуелсіз дамуымызға күмән келтірсе, сол жолдағы экономикалық және саяси реформамызды жоққа шығарса, оны демократия жолындағы күрес деп түсіндіру қиын. Демократия адам бостандығы, халықтар теңдігі, ұлттың тәуелсіздік мұраттарын жоққа шығармайды. Қайта сол жолда күреседі. Оның гуманистік сипаты сонда жатыр. Ал, әлгіндей бәрін жоққа шығаратын саяси күресте қандай гуманизм болуы мүмкін. Гуманизммен сыйыспайтын, жаңашылдықпен жанаспайтын демократия кімге керек.

Қазақ баспасөзі осы бағыттағы байыпты ізденістерді жетілдіре беруі қажет-ақ.

— Қазақстанда шын мәніндегі демократия немесе демократтар бар ма? Демократияны жайдақ мініп жүрген жоқпыз ба?

— Міне, барлық гәп сонда жатыр. Кеше тоталитаризмнің тозағында тұншығып, енді ес жиып жатқан қоғам демократияға бір күнде жетісе қоймасы түсінікті. Солай екен деп, бұл жолдағы жақсы талпыныстың бәрін тәлкек етуге тырысу, істі кері кетірмесе, ілгері бастырмайды.

— Гельвеций деген кісі «Талантты наградтаумен бірге оның басқан ізін аңду, ор қазу да басталады» деген екен. Ащылау сөз, әрине. Кешегі қоғамда атақпен ауырған едік. Сол әдет әлі де жалғасып келеді. Әрине, еңбектің бағаланғаны дұрыс. Алайда, осы атақ дегеніңіз талантты мезгілінен бұрын тежейтін тажал емес пе. Қалай ойлайсыз?

— Әлгі сөзге көбірек ішім бұрады. Атаққа ілесе шығатын шатақтардың аз емес екені рас, бірақ, солай екен деп, жақсыны жақсы демей қою әділетке жата ма? Жаманның бәрін жаман дей алмағанмен, ең болмаса, жақсының бәрін жақсы деуге тырысайық та... Бірақ, бәрінің де мөлшері болған дұрыс. «Мөлшерден аспаса дәру, мөлшерден асса у» деген қағида атақ мәселесінде де ұмыт қалмағаны дұрыс. Қысқасы, атаққа емес, абыройға тырысу керек қой.

— Әбіш аға, қазақ той өткізуден кенде емес. Өз жөнімен, орнымен өткен той туралы әңгіме басқа. Кейде ойшылдығымызды тойшылдығымыз басып кетіп жататыны да рас. Бейберекетсіз шашылу да байқалып қалады. Бұл сауалдың сіздің жеке басыңызға қатысы жоқ. Алайда, пендесіз ғой, айтыңызшы, алда өзіңіздің алпыс жылдығыңыз да келе жатыр. Той туралы ойлап көрдіңіз бе?

— Бұл жайды мықтап ойлаған емеспін. Өз басым мерейтой түгілі, үйлену тойымды да өткізген емеспін. Балалардың үйлену тойын өткіздім. Баланың қуанышы тойлануы тиіс деп есептеймін. Ал, әзірге өзімді-өзім қызықтауға қатты құлық танытқан жерім жоқ сияқты. Елу жылдығымды өткізбедім. Мемлекеттік сыйлық алған адамның шығармасы кітап болып шығатын тәртіп бар еді.

Олай етпедім. Көп томдығымды шығарған жоқпын. Қолы ұзындықтан, құрығы ұзындықтан абай болып, құлқы түзулікке көбірек ұмтыламын. Ешкімге ешқашан мені ұмытпа деп қолқа салып, мені ұмыттың деп бопса айтып көрмеген секілдімін. Бұны мақтану үшін айтып отырған жоқпын, сауалыңызға жауап деп есептеңіз. Барға қанағат, шүкіршілік ету керек. Ал, енді алдағы алпыстың ойландыратыны рас, бірақ оны қалай атап өту жөнінде бас қатыра қойған жоқпын.

— Сіз ең алдымен халқыңыз әлдеқашан мойындаған жазушысыз. Осынау үлкен қызметте жүріп, қалам ұстауға уақыт табу мүмкін емес жағдай ғой. Жазу үстелін бауыр етіңіз елжіреп сағынатын шығарсыз?

— Иә, жазушы деген де емізулі баласы бар анадай ғой. Көңілімде ылғи алаң жүреді. Үйдегі жазу үстелімді қатты сағынатын кездерім бар. Бірақ, дәл қазір көсіліп салып әңгіме соғатын да, көсілтіп роман жазатын да кез сияқты емес. Әуелі екіталай замананың орнығуына атсалысқан дұрыс сияқты. Соның үстінде көргендеріңді көңілге түйе бергенің дұрыс сияқты. Өйткені, мен – негізінен, беллетристпін. Үлкен эпикалық жанрда еңбек ету үшін, ең болмағанда, соны жазып жүрген шағыңда өзің суреттеп отырған өмірдің аясынан шықпауың керек. XV ғасырдағы патшаны жазып отырсаң, ойша соның сарайының төңірегінде болуың қажет. Олай болмаған күнде шығармаға өтірік кіріп кетеді. Ол үшін бүкіл есіл дертің өз шығармаңда болып, көңіл-күйің де әбден орнықты болуы керек. Ал, қазір есі дұрыс беллетрист дәл сондай жағасы жайлау ахуалда бола ала ма... Оның үстіне бүгін таңда атқарып жүрген қызметім ондай алаңдаушылықты көтермейді. Әуелі, тәуелсіз көшіміз жөнге түссін... Сосын ол жайында көсіліп салып әңгіме соғатын да, көсілтіп роман жазатын да кез келеді. Ал, «Абылайханды» айтсам, ол – осы кездегі менің көңілімді аунақшытып жүрген көптеген ойлар, бәлкім, халықтың көңілінде де жүрген шығар дейтін аңғал түсінікпен жазылып қалған шығарма. Керек десеңіз, ол қазіргі қызметімнің белгілі бір мөлшерде көркем шығармаға айналған түрі сықылды көрінеді. Бұл туындыны қолға алуыма себепші болған композитор Е. Рахмадиев еді. Ол кісі болмаса, бәлкім, дүниеге келмес пе еді.

Меніңше, адамның алдын-ала дайындап қойған ойы болмайды. Ой шығарма жазып отырғанда өзі келеді. Жазушы алысқа жайылып кеткен, қалаған өрісіне барып, бауыры сыздап қайтқан аруана секілді деп есептеймін. Әбден желісін сағынып, жер түбінен аңсап келгенде ботасын көрсе, ағыл-тегіл иіп жөнеле бермей ме... Көптен көңілінде жүрген болашақ туындысын ойша әбден иіне келтірген жазушыға үстел басындағы еңбек онша қиынға соқпайды деп білемін. Мен сарылып жазғанды емес, сағынып жазғанды ұнатамын.

— Әлгінде ұрпақтар жалғастығы деп қалдыңыз. Қазір өмірдің бар саласына жастар келіп жатыр. Олар жоғары билік орнында да аз емес. Кейбіреулер кейде соларға «тым жас емес пе» деп те қарайтын секілді. Ал, біз керісінше, жастардан көп жаңалық күтетін сияқтымыз.

— Нұрсұлтан Әбішұлының мынадай мазмұндағы бір жақсы сөзі бар. «Президент болу үшін үш ұрпақтың (аға, орта, кейінгі буын) не ойлап, не екшейтінін жақсы білу керек. Сонда ғана Президент ақылды болады». Меніңше, команда құрғанда да осы қағиданы ұстанатын сияқты.

Тәуелсіздік басталған тұста басшылық қызметте аға буын басымырақ еді, қазір неге жас буын басым? Екі аралықта талай нәрсе өзгерді. Қазір реформа атымен басқаша кезеңді бастан кешіп жатыр. Оған қойылар талап та өзгеше. Оған бұрынғы тәжірибе ауқымында жауап беру аздық етеді. Жаңа шарттарға жауап беру үшін жаңаша әзірлік, жаңа күш керек. Соңғысы егделерден гөрі жастардың бойында көбірек. Сондықтан басшылық санаттағы арасалмақ та түбегейлі өзгерді. Қазіргі лауазым – құрмет, дәреже емес, аянбас еңбек, ауыр жұмыс. Ендеше, «жас келсе – іске» деген емес пе?! Оның үстіне реформа – үздіксіз ізденіс. Оған да жастар көбірек икемді. Сол себепті талантты, табанды, жігерлі жастардың бұдан былай да билік басынан көрінуіне таңданыс білдірудің қажеті жоқ. Ұрпақтар жалғастығы деген осы.

— Ағайын-туғанмен араласуға уақыт табасыз ба? Көмек сұрап, жағдай айтып келетін азаматтар да аз емес болар. Қызмет болған соң қуаныш та, реніш те болмай тұрмайды. Сондайда қандай күй кешесіз?

— Ағайын-туманың ортасынан бас тартып көрген емеспін. Елге бармасам, ағайынды көрмесем, бас ауырып, көңіл құлазитыны рас. Бірақ, мемлекеттік қызметінің жолы қыздың жолынан да жіңішке. Қазақтар бауырмал, ағайыншыл халықпыз ғой. Бірақ, жүрегіміз қанша жұқа болса, өкпеміз сонша ісіңкі болатыны да рас. Қолыңнан келсе, қара басыңнан артылып, басқаларға да қарасқан дұрыс. Бірақ, жалқыға қараса, қанша адамды қарқ қыласың. Жалпының мүддесін көбірек ойлаған лазым.

Құдай оңғарғанда мен шұғылданатын мәселелердің көпшілігі көпке ортақ мәселелер. Бірдің көңілін табамын деп, мыңның көңілін қалдырмау – әрдайым ойымда жүрер қағида. Оны құптайтын ағайын мені де түсінетін шығар деп ойлаймын.

— Таяуда Астанаға жолымыз түсті. Вокзалдан көлікке алыстан жолаушылап келе жатқан бір кейуанамен бірге отырдық. Сондағы әлгі кісінің Астананың көркіне риза болғаны сондай, «бұл байғұстың қуанышымды жасыра алмадым деп жүргені осы екен ғой» деп көңілі босағанын көрдім. Осы жай әлі күнге есімнен кетпейді. Ойы құбылып тұратын пендеге әлгі шешеміздің сөзі көп нәрсені ұқтырғандай еді.

— Ол кісінің босаған көңілін мен де түсінсем керек. Барды, жақсылықты ешкім де жасыра алмайды. Осында былтыр қаңтарда көшіп келдік. Беті жылтыраған екі-үш үй бар еді. Бас-аяғы алты айдың ішінде тұсаукесер жасадық. Сондай үлкен жігер, талап, тәуекелшілдік болмаса, мұндай дәрежеге жетпес едік. Астана – тәуелсіздік жарияланғаннан кейін өзімізді мемлекет ретінде танып-білуге жасалған екінші қадам болды. Жер бетінде Вашингтон, Рим, Токио секілді жаңа саяси байтақ пайда болды. Астана – нарық жағдайында да жаңа қала салуға болатынына, ұлтты көркейтіп, өсіретіндігімізге, жер бедерін өзгерте алатындығымызға рухымызды асқақтата алатындығымызға дәлел. Астана тек өзіне қызмет етіп отыр деу қате. Астанаға инвестиция тарту арқылы Қазақстанға инвестиция әкелуді жолға қойдық. Қаншама адамға жұмыс табылды. Астананы көркейту арқылы шөл даланы көркейтудің де жолдарын қарастыра бастадық. Осы дәстүр басқа қалаларымыз бен облыстарда өзіндік жалғасын табуы керек. Сонда Астанаға сұқтанғанды қойып, мақтануға көшер едік.

Әңгімелескен Қали СӘРСЕНБАЙ,
«Жас Алаш» газеті редакторының
бірінші орынбасары.
Желтоқсан, 1998 жыл.

ЖАҺАНДЫҚ МАҢЫЗҒА ИЕ ОҚИҒА

Қазақстанның үшінші мыңжылдықты
салтанатты қарсы алуға дайындалу мен
өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссиясының
ұйымдастырушылық мәжілісіндегі сөйленген сөз

Қайырлы күн, құрметті комиссия мүшелері, осы отырысқа шақырылып отырғандар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері! Өздеріңізге белгілі, осы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші мыңжылдықты салтанатты қарсы алуға дайындалуы мен өткізуі туралы» арнайы Жарлығы шыққан болатын. Ол Елбасының бүкілхалықтық сайлауда қайта сайлануынан кейінгі алғашқы актілерінің бірі еді. Меніңше, бұл аудиторияда аталмыш шешімнің маңыздылығын, дер кезінде шыққандығы мен қажеттілігін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ шығар. Президенттің Жарлығына сай өткен айдың соңында Үкіметтің Қаулысымен Қазақстанда үшінші мыңжылдықты салтанатты түрде қарсы алу дайындығын жүргізу үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Президенттің келісімімен комиссияның Төрағасы болып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы бекітілді. Төрағаның орынбасарлары болып Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы Сәрсенбаев, Сыртқы істер вице-министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов, комиссияның хатшысы – Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ішкі саясат департаментінің директоры Олег Григорьевич Рябченко бекітілді. Комиссияның мүшелері болып белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері: Көлік, коммуникациялар және туризм министрі Серік Мінауарұлы Бүркітбаев; Денсаулық, білім және спорт министрі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев; Әділет министрі Бауыржан Әлімұлы Мұхамеджанов; Қазақстан Республикасының министрі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жанұя және әйелдер жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Айткүл Байғазықызы Самақова; Ғылым және жоғары білім министрі Владимир Сергеевич Школьник; Қазақстан халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары Павел Александрович Атрушкевич; Астана және Алматы қалалары әкімдері Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков пен Виктор Вячеславович Храпунов; Республиканың ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақтай Рамазанұлы Сағдиев; Қазақстан мұсылмандары басқармасының муфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Астана және Алматының архиепископы Алексий, қаржы министрінің бірінші вице-министрі Жанат Жұрғалиқызы Ертілесова; Ұлттық ғылым академиясының қоғамдық және гуманитарлық ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы Аманжол Қошанұлы Қошанов; Ұлттық ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев; «Хабар» акционерлік қоғамының президенті Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева; музыка ұлттық академиясының ректоры Айман Қожабекқызы Мұсаходжаева; «Отан» партиясының төрағасының міндетін атқарушы Сергей Александрович Терещенко; Республиканың саяси еңбек партиясының төрағасы Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов; үшінші мыңжылдықты қарсы алу жөніндегі Комитеттің президенті Жанат Серіқызы Елубаева; «Қазақстанның болашағы үшін» республикалық жастар қозғалысының жетекшісі Мәди Қазбекұлы Бексұлтанов; «Гала – ТВ» телекомпаниясының президенті Галина Леонидовна Күзембаева; «Атамұра» корпорациясының президенті Мұхтар Абрарұлы Құлмұхамед; мәдениет пен өнерді қолдау мемлекеттік қорының атқарушы директоры Сламбек Тәуекелұлы Тәуекелов, Суретшілер одағы басқармасының төрағасы Ораз Махатұлы Рымжанов; Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы Темірхан Медетбеков; Әл-Фараби атындағы Ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің деканы Намазалы Омашев; «Рашид және Б» продюссерлік орталығының президенті Рашид Мұсаұлы Нұғманов және «Валери» фирмасының президенті Валерий Яковлевич Васильев бекітілді. Еліміздің Президенті мен Премьер Министрі атынан мен сіздердің барлықтарыңызды осыншама жауапты Комиссияның мүшелері болып бекітілгендеріңізбен құттықтаймын және бірлесіп, сенімді жұмыс атқаруды тілеймін. Сонымен, сіз бен бізге мың жылда бір тап болатын жаһанамдық маңызға ие айырықша айтулы оқиғаны абыройлы қарсы алып, ойдағыдай өткізуге алдын-ала қам жасау міндеті тапсырылып отыр. Осынау шын мәніндегі тарихи оқиғаға Қазақстанның қаншалықты жемісті атсалысатыны әрқайсымыздың жеке басымыздың өз міндетімізге қаншалықты ыждаһатты және жауапкершілік пен қарайтындығымызға байланысты болмақшы. Адамзат өз тарихының ең бір жауапты белесіне, «миллениумға, үшінші мыңжылдыққа аяқ басар сәтімізге бейбіт, жасампаздық ахуалында көтерілуді көздеп отыр. Көп елдердегі әзірліктің барысы соған саяды. Жер-жерде аса батыл, тіпті адам таңғаларлықтай таңсық жобалар мен бағдарламалардың қолға алына бастағаны да осыны аңғартатындай. Дегенмен, бұл істе ақылдылардың өзін аңтарылтатындай ауқымды мәселелер де жоқ емес. Мыңжылдықтар тоғысында үрдіс өзгере ме? Жоқ, бәрі баз-баяғы қалпында қала ма? Өзгерсе, бізді жаңа мыңжылдықта қандай сынақтар тосып тұр? Оның бәрін ойдағыдай еңсеруге адамзаттың тәуекелі мен күш-жігері жете ала ма? Бұл сауалдарға басқалармен қатар Қазақстан да өз жауабын айтуы керек. Бұл оңай мәселе емес. Әсіресе, қазіргідей көзқарас та, көңіл-күй де көктемнің ауа-райындай қырық құйқылжып тұрған аума-төкпе кезеңде. Жиырмасыншы ғасыр он тоғызыншы ғасырдың асқарлы армандарын шындыққа айналдыруға күш салды. Бірақ, одан қандай нәтиже шыққаны белгілі. Талай дәмеміз құрғақ қиял боп шықты. Жиырмасыншы ғасыр бәрін инженерлерше тәптіштеп, өлшеп-пішетін нақты жобаларға бой ұрды. Ал екі мыңжылдық тоғысында бұрын-соңды болмаған атымен соны құбылыстар бой көрсетті. Бір жағынан күллі дүние жалпыға ортақ мекенге, ара-жік, шек-шекара қойып болмас алапат тұтастыққа айналды. Екінші жағынан, әрбір ел дербестікке ұмтылып, өзіндік болмысын өзгелерге таптата қойғысы келмейтінін анық байқатты. Бұл – алдағы ғасырдың бізге тосар ең маңызды, бәлкім, тіпті ең басты сынағы болмақшы. Неде болса, жиырма бірінші ғасыр ең батыл, ең тосын міндеттерді жүзеге асыру жолындағы нар тәуекел ғасыры болмақ. Қазақстан да оған қалай болса солай емес, қапысыз қам жасап, сақадай сай аттана алса лазым. Бұған дейінгі қол жеткізе алғандарымыз бұдан кейінгі қол жеткізбегімізге таяныш тірек бола алса ғана, Аллаға шүкір дер едік. Ал, екінші мыңжылдықта адамзаттың жіберген ағаттықтары бастан асары аян! Үшінші мыңжылдықтың алғашқы ғасырында да адамдар жоқ-жітіліктен арыла алмай, қантөгістен құтыла алмай, ығыр болса, баяғыдан бергіміздің бәрі бос әуре боп шығар еді. Бәрін көріп, бәрін тіркеп, бәрін болжап отыратын компьютерлі ғасырда барлық назар адамға, оның мұң-мүддесіне түбегейлі ауа алса, тіптен құба-құп болар еді. Үшінші мыңжылдықтың тап сондай биік адамгершілік ғасыры болып жолығуынан әркім де үмітті. Бұл тек даму жүйелі жөнге түсіп, орнықты сипат тапса ғана жүзеге аспақшы. Әйтпесе, әлеуметтік ұйтқымалық жағдайында бір дүрбелеңнен соң бір дүрбелеңге ұшырап отыратын әбігерлер әлегінен ешқашан құтыла алмақшы емеспіз. Ол әр пенденің өз тағдыры мен өзгелер тағдыры үшін жеке жауапкершілігін жете түсінуін талап етеді. Тек сонда ғана адамдардың бойындағы күш-жігер орнымен жұмсалып, өзінің де, өзгелердің де игілігіне қызмет ете алмақшы. Қысқасы, әркімнің де өзін-өзі жөнге салмай тұрып, дүниені жөнге салу еш мүмкін еместігіне әбден көзі жететіндей уақыт болды. Ләйім, үшінші мыңжылдықты қарсы алу тап сондай салиқалы санаға көшуіміздің басы болғай. Өйткені, «миллениум» ұғымы тек жаңа мыңжылдық келгенін ғана емес, жер бетіне жаңа Алтын ғасырдың орнауын да білдіреді. Демек, ғасырлар тоғысы рух пен ақыл-ой серпілісін туғызып, мәдениетті жаңа өрелі биікке көтермекші. Кемелділік кең өріс жаймақшы. Тағдырдың біздің маңдайымызға тап бүгін қандай абыройлы міндет артып отырғанын әркім неғұрлым терең түсіне алса, ертең күллі адамзаттың көсегесі солғұрлым көгере түспекші. Біздің қолға алмақшы дайындық жұмыстарымыз, ең алдымен, осындай сапалық жаңғыруды жаппай сезінуге бағышталғаны абзал. Бұл ретте Қазақстан жаңа мыңжылдық табалдырығын жан-жақты зерделенген нық сеніммен аттамақшы дей аламыз. Ол жаңа ғасырға тарихта тұңғыш рет жалпақ дүние түгел мойындаған тәуелсіз мемлекет ретінде енгелі отыр. Ендігі дамуымыз жалпы адамзаттық және әлеуметтік өрлеудің даңғыл жолымен өрістемекші. Оған жететіндей мүмкіндік пен қабілет табыла ма? Оның жауабы «Қазақстан – 2030» Стратегиясында толық қамтылған. Алға қойылған міндеттер іс жүзінде атқарыла бастады. Реформа ақылға сыйымды кейіпке, эволюциялық арнаға көшіп келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа арнаған жаңа Жолдауы мен жуырда Парламентте сөйлеген сөзінде баса айтылғандай, біздегі жаңарыс құрғақ қиялға емес, әлемдік даму бағыттарына қолдағы мүмкіндіктеріміздің қаншалықты сәйкес келетіндігіне негізделген. Рас, абайшылмыз, аңдап басамыз, алды-артымызға, жан-жағымызға көбірек зер саламыз. Ол, бірақ, жалтақтығымыздан емес. Соншалықты жасқаншақ болсақ, жаңа ғасырды қарсы алудың әлемдегі ең ірі жобалары мен ең батыл бағдарламаларының санатында тұруға лайық жаңа астана тұрғызудың тұрлаулы шаруасын осыншама қызу қарқынмен қолға ала алмаған болар едік. Қысқасы, қазақстандықтар тарихтың жаңа белесіне еш жүрексінбей, тас түйін тәуекелмен аяқ баспақшы. Әр аймағымыздың бұл бағыттағы әр алуан бастамаларын жүйелі үйлестіріп, оларға байланысты мәселелерді уақытылы, ұқыпты шешіп отырсақ, жаңа мыңжылдықты қарсы алудың сындарлы ұлттық бюджетін түзе алар едік. Бұл ретте Мемлекеттік комиссияға орталық және жергілікті билік орындарының, қоғамдық ұйымдардың, жеке азаматтардың, кәсіпкерлер мен мамандардың күш-жігері мен ұмтылыстарын бір арнаға тоғыстыра білу, оны ақпарат құралдары арқылы күллі халықтық ортақ мақсат пен мұратқа айналдыра білу міндеті жүктеледі. Әсіресе, қоғамдық ұйымдар мен жеке тұлғалардың белсене ат салысуына, олардың іс-қимылдарының тек коммерциялық күйкі есептің ауқымында қалмай, әлеуметтік сипат алуына көбірек көңіл бөлген жөн. Біріккен ұлттар ұйымы, ЮНЕСКО, басқа да халықаралық ұйымдар мен өзге де ұлттық комитеттер, қорлармен тізе қоса әрекет ету оң нәтижелерге жеткізері сөзсіз. Үшінші мыңжылдықты қарсы алу байыптамасы еліміздің бұдан былайғы өркендеуіне, халықаралық беделінің арта түсуіне адамдардың болашаққа және өздеріне деген сенімдерінің еселей түсуіне зор ықпал етуді көздейді.

Сонымен, біз үшінші мыңжылдықты ойдағыдай қарсы алуымыз үшін:

— Қазақстанның XXІ ғасыр дүниесінде алатын орны мен маңызын анықтауды;

— мемлекеттігімізді, азаматтық сәйкестілігімізді, дінаралық жарасымды, ұлттық және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуды;

— азаматтардың бойындағы жаңашылдыққа, мәдениеттегі, саясаттағы, жасампаздық істегі бастамашылдыққа құштарлықты күшейтуді:

— билік пен қауым ықпалдастығын қамтамасыз етуді;

— қоғамдық ынтымаққа, әлеуметтік салаларға, қарттар мен жоқ-жітіктерге, балалар мен мүгедектерге жәрдемдесіп, жалпы халықтық нарықтық қатынасқа икемделуіне қолғабыс тигізуді;

— біртұтас мәдени кеңістік пен аймақаралық мәдени байланыс қалыптастырып, табиғи, мәдени әр алуандықты жете бағалай білуге жетілуді;

— үшінші мыңжылдықты қарсы алуға байланысты шаралардың болашақ технологиясын насихаттауға, қоршаған табиғи және әлеуметтік ортаны сауықтыруға, спорт пен туризмді дамытуға, мәдени, рухани және көркемдік құндылықтарымызды сақтап, дамытып, насихаттай білуді жетілдіруге, әлемдік қауымдастықпен, халықаралық ұйымдармен байланысты күшейтуге тиімді пайдалана білуді;

— халық арасында адамзатты, өркениетті, халықтар мен олардың мәдениетін болашақта не күтіп тұрғанын терең түсіндіруді көздейтін тарихи ағартушылық жұмысты кеңінен жолға қоюды, жана астанада алуан салалы тарихи-ағартушылық кешенді жасақтап, екінші мыңжылдық тарихының энциклопедиялық сөздігін басып шығаруды;

— үшінші мыңжылдықты қарсылаудың басты орындарын белгілеуді;

— екінші мыңжылдықтың қорытындыларын зерделеуді;

— болашақ мыңжылдықтарды қарсы алудың негізін салуды ойдағыдай қамтамасыз етуге міндеттіміз.

Бұның бәрі қалай жүзеге аспақ? Оны қазір үкімет бекіткен бағдарламамен нақтылай танысқанда әңгіме етпекпіз. Сөз соңында, биылғы ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы және үшінші мыңжылдықты қарсы алу жылын өткізу жөніндегі қос комиссияның қызметі өзара аялас, ықпалдас атқарылатынын еске салмақпын. Шындап келгенде, екі бағдарламадағы көптеген шаралар өзара өзектес, бір мақсатқа қызмет етеді. Бұл жылдағы белсенді және жемісті қызметіміз келешек жылдардың кескінін кемелдендіріп, ажарын айшықтандыра түспекші.

Рахмет!
Сәуір, 1999 жыл.

ТӘУЕЛСІЗДІК АЛДЫНДА БӘРІМІЗ ҚАРЫЗДАРМЫЗ

— ҚР Президенті Н. Назарбаевтың жарлығымен үш жыл қатарынан тарихи танымға айрықша назар аударылып отыр. Осы жылдардың «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу», «Халық бірлігі мен ұлттық тарих», «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылдары деп аталып, мемлекеттік мән берілуінің астарында қандай маңыз бар?

— Бұл – тарихи дамуымыз талап етіп отырған жағдай. Алғаш рет бұндай қадымдарымыздың нәтижесін баяндай келіп, шешуші бетбұрыс кезеңі туғандығын атап көрсетті. Ол бетбұрысқа тәуекел ету оңайға түскен жоқ.

Бастапқы кезеңде Қазақстандағы ахуал күллі кеңестік кеңістіктегі ахуал аясында өрістеді. Одан басқаша болуы мүмкін де емес еді. Оның әлі құқылық негізі жасалған жоқ-ты. Социализмді жетілдіруді көздейтін қайта құру саясатының ырқынан біржола арылып болмаған жылдарда тәуелсіздік алып, зайырлы мемлекет, демократиялық қоғам, нарықты экономика орнатуды жариялағанымызбен, соны жүзеге асыратын заңдар шығарылып, жеткілікті құқықтық жүйе жасала қоймады. Саяси бостандық экономикалық бостандықтан өрбитіні белгілі. Ол үшін алдымен экономикалық қарым-қатынастарды реформалау керек еді. Ол белгілі бір реттілікті, жүйелілікті, демек, біршама уақытты талап ететін. Бұл бүкіл халықтық референдум жолымен жаңа Конституция қабылдауға мәжбүр етті. Ол бүкіл халық боп тікелей сайланған Елбасына реформаны жүйелілікке көшіруге тиісті өкілеттілік пен жауапкершілік артты. Экономикалық реформаны ойдағыдай өрістету үшін елдің материалдық және моральдық ресурстарын бірдей таразылау керек болды. «Қазақстан-2030» Стратегиясы содан туындады. Ол реформаның ұзақ мерзімді және кезеңдік мақсаттарын нақтылады. Оларды іске асырудың ең басты алғы шарттарының бірі ретінде – жаңа азаматтық сәйкестілік пен қоғамдық менталитет жасақтаудың маңыздылығы күшейді. Оны бұрынғы жылдардағыдай жоғары жақтан өлшеп-пішілген идеологиялық доктрина ұсыну жолымен емес, конституциялық деңгейде заңдастырылған қағидаларды қалай жүзеге асыру жолындағы азаматтық пен әлеуметтік топтар жаппай атсалыса алатын бүкілхалықтық ізденістер арқылы жасақтау тиімді деп табылды. Жұртшылықты бұндай өрелі іске жұмылдырудың ықтимал сәті – 1997 жылы 1937 жылғы атақты сталиндік қанды қасапқа алпыс жыл толатындығы деп ұйғарылды. Шынында да, ол дұрыс боп шықты. Жұртшылық қызу қолдады. Қуғын-сүргін шежіресі тоталитарлық үрдістің шын болмысының қандай екендігіне халықтың көзін жеткізе түсті. Тәуелсіз демократияшыл даму үшін тоталитарлық үрдіспен қоса бодандық психологиядан да тезірек құтылу керектігі әбден сезілген-ді. Ол үшін отаршылдықтың қалай басталып, қайда жеткізетінін білу керек-түғын. Сондықтан да, кезектегі 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланды. Оның мақсаты – қазақ мемлекеттілігіміздің тарихи төркіндеріне, оның басынан өткен қилы кезеңдердің объективті және субъективті себептеріне, сол арқылы бүгінгі егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің тарихи-құқықтық негізділігіне әлеуметтің көзін жеткізу еді. Бұл да түсіністікпен қабылданып, қолдау тапты. Аталмыш екі жыл да – тәуелсіздіктің нығайып, реформаны өрге бастырудың бірден-бір кепілі – қоғамдық келісім мен халық бірлігі екендігін дәлелдеді. Жаңа экономикалық қарым-қатынастардың орнығуы көзінде орын алмай қоймайтын әлеуметтік қиындықтар тұсында ұлттық тұтастықты сақтау ұрпақтардың өзара ықпалдастығын тиімді үйлестірудің атқарар маңызы зор. Осы тұрғыдан үстіміздегі жыл «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылы деп аталды. Елбасының бұл үш бастамасының дүниеге келу себебі мен көздеген мақсаттары осындай.

— Тарих дегеніміз – ұлттық сана мен зерде. Ал сана мен зерденің қайнары – ұлттық элита. Осы жылдарда, жалпы тәуелсіздік жылдарында қазақ зиялыларының саяси, рухани және қоғамдық қызметіне қандай құрмет көрсете алдық?

— Зердені табиғат жаратып, тарих шыңдайды. Сана – сол зерденің белсенді жұмысының нәтижесі. Ол тарихтан өрбіп қана қоймай, оны өрістетеді де. Дамудың бұрынғы кезеңдерінде бұндай мүмкіндікке екінің бірі ие бола алмаған. Ондай мүмкіндікті саналы түрде тек санаулы топтың ғана аясында шектеуге тырысқан. Ақсүйектер, абыздар сынды әу бастан артықшылыққа ие топтар солай пайда болған. Ұлттық элита деген – белгілі мөлшерде сол құбылыстың қазіргі ұғымы. Біздер, басқасын қойғанда, гуманистер ретінде аталмыш қасиеттердің тек белгілі бір топпен шектелуімен келісе алмаймыз. Онда мүмкіндікке ие болатындардың аясы кеңейе түсетіні даусыз деп санаймыз. Азаматтардың қай-қайсысы да рухани және қоғамдық қызметке еркін араласуға құқылы. Ал бүгінгі зиялы қауым тарихи өткендегідей оқшаулануға, артықшылыққа ұмтыла қоймасы белгілі. Қайта қоғамның тұмандануына, демократиялана түсуіне белсене атсалысуға тырысатыны түсінікті. Оларға тиесілі жалғыз артықшылық – озат көзқарасы мен бай біліміне лайық күллі ұлт пен қоғамның тағдыры шешілетін ортақ іске көбірек жаны ашып, көбірек жауапкершілік арқалау болмақшы. Оның үстіне, біздің өз алдымызға түтін түтетер тәуелсіздігіміздің шаңырағы енді көтеріліп, уығы енді шаншылып жатыр. Кереге әлі жалаңаш. Мұндай жағдайда қай-қайсымыздың да ортақ үйіміздің тезірек іргесі бүтінделіп, үзігі ағаруы үшін істейтін өз міндетіміз бен парызымызды түгендемесек, сый-сияпат пен құрмет дәметуіміз орынсыз болар еді. Ал, оның орнына оларды реформаның өрістеуіне белсене қатыстыру, қазіргідей ауыспалы кезеңдегі процестерді ғылыми сарапқа салуға ат салыстыру дейтін болсақ, ол талап орынды. Бұл реттен келгенде, аталмыш үш жылды өткізу гуманитарлық, қоғамдық ғылымдар саласының біршама жандануына, олардың жаңа ұлттық, тарихи санамыз бен дүниетанымымызды қалыптастыруға белсене атсалысуына белгілі мөлшерде оң ықпал етті деп ойлаймыз.

— Ұлттық тарих ұрпақтар сабақтастығын да, дәстүр сабақтастығын да, қоғамдық ой мен тәуелсіздікке талпыныстағы сабақтастықты да қамтиды. Соның бәрі қазақ әлемінде бай ауыз әдебиетінде, тарихи шежірелерде, әр замандағы қайраткерлердің қызметінде, жазба мәдениеті қалыптасқан кезеңдегі күрескер ақын, ғалымдардың еңбегінде өрілген. Сол мол қазынаны жинақтап, халыққа қайта ұсыну бағытында қандай жұмыс жүргізілді?

— Көп іс тындырылды. Бұл салада баяғы қағаз-қаламнан аулақ жатқан көзімізді былай қойғанда, жаппай сауатты болған жетпіс жылымыздың ішінде тындырғанымыздан кейінгі бес-он жыл ішінде тындырғанымыз әлдеқайда көп екендігі көрініп түр. Арғы-бергідегі тарихи тұлғаға айналған қазақ зиялыларының атаусыз қалғаны жоқ. Оған тек ақындар мен ғалымдарды ғана емес, ел бастаған билікшілерді де, қол бастаған сардарларды да, сөз ұстаған билер мен шешендерді де, өнері асқан дүлдүлдерді де қосамыз. Ұрпақтардың бүгінгі жадында аты өшпей келген атақтылардың қай-қайсысы да, тіпті заңсыз ұмыт болғандардың да аруағы ұлықталды. Соның тұсында әрқайсысы туралы айтылған, жазылған ауызша, жазбаша деректер, шығармалар, зерттеулер, жаңа еңбектер көптеп жарияланды. Қай-қайсысы туралы да кино, видео туындылар, сахналық қойылымдар жарық көрді. Шежірелік нұсқалар басылып, зерттеліп, сұрыпталып жатыр. Ғылыми ізденістер өрістетіліп, археологиялық, археографиялық, этнологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, ғылым академиясының сессиясы, көптеген ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Аталмыш жылдарды өткізудің бір мақсаты – халықтың тарихи санасын тереңдету, жаңаша қалыптастыру болса, екінші жағынан осы бағыттағы ғылыми, мәдени ізденістерге мемлекеттік тапсырыс ретінде басым мағына беріп, бұл саладағы ғылыми зерттеулерді алдымен қаржыландыруға көмектесу болды.

— Биылғы жыл үлесінде «Қазақстан тарихы: зерттеулер, құжаттар», «Қазақстан тарихы: әдеби хроника», «Қазақстан этностары» сериясымен кітаптар шығару, 6 томдық «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» алғашқы екі томын елдің игілігіне беру секілді аса қажет әрі күрделі шаралар белгіленген. Бұл бағытта бүгінде не тындырылды?

— Өткен жылы аталмыш сериялар бойынша тұтас кітапханалар жарық көрді. Шығыс тарихы, түркі халықтары мен қазақ халқының өткені туралы арғы-бергі білімпаздардың іргелі еңбектерін мүмкіндігімізше қалдырмай басып шығаруға күш салдық. Ғылыми, тарихи зерттеу еңбектермен, деректемелермен қоса, сол тақырыптағы көркем әдебиет туындыларын да қайталап басып жатырмыз. Биыл сол іс жалғасады. Сіз атағандар – өндірістегі кітаптар. Көп ұзамай жарық көреді. Бұның сыртында Алаш орда, Бекей хандығы, жер аудару саясатының зардаптары, қазақ даласындағы көтерілістер сынды, тиым салынып келген тақырыптардағы тарихи деректердің жинақтамалары оқырмандар қолына тимек. Биылғы жылдың тақырыбына сай жаңа ғылыми зерттеулер жарияланбақ. Сол сияқты, ел тарихы тақырыбындағы жарияланымдарды шет тілдерге аударып, шетел баспаларында басып шығару да жоспарланып отыр. Тарих, ұрпақтар сабақтастығы, жиырмасыншы ғасырдың тарихы, өткен мыңжылдық тарихы, олардың әдеби туындыларының антологияларының, XX ғасыр, өткелі тұрған мыңжылдық туралы энциклопедиялық сөздіктерді баспаға әзірлеу де қолға алынуда. Осы орайдағы экрандық шығармалар да тумақ.

Былтыр басталған іздестіру зерттеу жұмысы биыл да жалғасады. Олардың ішінде, Аңырақай шайқасына байланысты тарихи орындарды зерттеу, Сарайшық қаласындағы қазба жұмыстарын, археолог Кемал Ақышевтың Бұзықты көлінің қасындағы XІІ ғасырда салынған ескілікті қала мен басқа да Есіл бойы ескіліктеріне археологиялық қазбаларын айрықша бөліп айтуға болады. Биыл да ұрпақтар сабақтастығы, үшінші мыңжылдықты қарсы алу жылы бағдарламаларының ауқымында бірнешелеген ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілмекші. Бұның бәрі ұрпақтар сабақтастығы жылы жаңа тарихи сана қалыптастыру бағдарламаларын одан әрі өрістету жылы болатындығын байқатса керек.

— «Өткен ғасырлардың, әсіресе қайшылыққа, ұлтжанды ардақтылардың күрескерлік рухының қажыр-қайратына толы болған XX ғасырдың интеллектуалдық құндылықтарын терең пайымдау алдағы дамуымыздың жалпы ұлттық қағидалары мен стратегиялық мақсаттарын белгілеуге көмектеседі» деген екенсіз «Ұрпақтар ынтымағы – келешек кепілі» атты мақалаңызда. Сіздің пайымдауыңызша, жалпы ұлттық қағидалар мен стратегиялық мақсаттарымыз қандай болмақ?

— Біздің стратегиялық мақсаттарымыз әлеуметтік даму логикасынан өрбиді. Алғашқы қауымдардың тіршілік айыру үрдістері негізінен бір ыңғайлас болды. Бірақ, ол адамзат қоныстанатын ойкуменаның кеңейе түсуіне байланысты әр алуандана бастады. Кейін олардың ішіндегі үстемдікке жеткізген үлгілерін басқаларға күштеп тағу дағдыға айналды. Әлемдік империялар солай пайда болды. Бірақ, әлемдік кеңістіктің тұтас игерілуіне байланысты тіршілік айыру үрдістері де қайтадан жалпыға бірдей ортақ стандарттарға көше бастады. Ол халықтардың әлемдік еңбек бөлісуге зорлық-зомбылықсыз да атсалысуына жағдай туғызды. Оған өз жетімсіздігін өзгелерге тізе батыру арқылы қамтамасыз ететін империялық мемлекеттерден гөрі әлгіндей зәруге өзгелермен бейбіт те әділ ықпалдасу арқылы табуға мүдделі дербес мемлекеттердің көбейе түскені қолайлырақ еді. Сөйтіп, бұрынғы қос кіндікті дүние күйреді. Енді ол осы заманғы прогресте көрер көзге басымдық көрсеткен қағидалардың ықпал ету аясын бейбіт кеңейту арнасында өрби ме, жоқ, жаңа көп кіндікті дүние үлгісінде өрби ме – ол әлі белгісіз. Бірақ, бұрынғы күштеп ықпал жүргізу бағытының күні өткені, өз еркімен ықпалдасу бағытына мүдделілер көбейіп келе жатқаны айдан аян. Империялар күйреуде. Дербестікке ұмтылу күшеюде. Дербестік деген томаға-тұйықтық емес. Әлемдік дамудың талабына сай әлемдік экономикалық еңбек бөлісуге өз бетіңмен дербес партнер ретінде тікелей атсалысуға ұмтылу деген сөз. Олай болса, тұрмыста тұтыныстың ортақ стандартына бейімделдің екен, соны өндіру мен таратудың да ортақ технологиясына дәл солай бейімделуге мәжбүрсің. Ол сондай технологияны тиімді пайдалануға ыңғайлы экономикалық қарым-қатынастарға көшуге мәжбүр етеді. Ал, оның өзіне оңтайлы саяси қатынастар үлгісін таңдап, соған лайық билік жүйесі мен қоғамдық қатынастар жүйесін қамтамасыз етуді талап етері хақ. Қысқасы, адамзаттың өз мүддесін ақтау жолындағы көп ғасырлық күресінде басым қолайлылық танытқан тиімді үрдіске көшу – тарихтың бұған дейінгі де, бұдан кейінгі де негізгі арнасы болары сөзсіз. Бүгін таңда халықтардың тіршілік ету үрдістері өте шұғыл жақындасып келеді, соған лайық экономикалық, саяси, әлеуметтік қатынастары да бір-біріне ұқсас бола түсетіні көрініп-ақ тұр. Оның үстіне, бүгін таңда барлық жағынан өзін-өзі қамтамасыз ете алатын ешбір ел жоқ. Өзін-өзі қамтамасыз ету үшін өзгелермен ықпалдасуға мәжбүр. Ал, бұл қай жағынан да ешкімге есе жібермеуді талап етеді. Ондай жан-жақты бәсекеге төтеп бере алатын жаңа ұлт, жаңа қоғамды жасақтау міндеті де осыдан өрбиді. Ондай міндет қазіргі ұрпақтардың күш-жігерімен, ынта-ықыласымен жүзеге асады. Саналы түрде өзін-өзі ұмтылдыра білуі арқылы ғана жүзеге асады. Бұған ең мүдделі, ең ыңғайлы күш – сол жаңа дәуірде өмір сүретін жас ұрпақ. Ал, көзі тірі баба ұрпақ та, аға ұрпақ та өз жеткіншектерінің ертең жер соғып қалмауына олардан кем мүдделі болмауға тиісті. Осындай табиғи заңдылық ұрпақтар ынтымағы мен ықпалдастығына өзек бола алады. Аталмыш тезис осындай ұғымнан өрбіген. Тұқырта тұжырымдар болсақ, егер біздің халқымыз, қазақ ұлты жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдықта да бар болып, көгеріп көктегісі келсе, сол тұстағы емін-еркін бәсекеге төтеп бере алардай ұрпақ дайындауы керек. Оған қазіргі көзі тірі буындардың бәрі де мүдделі болуы керек. Ең басты стратегиялық мақсатты атап айту керек болса, ол – осы.

Бүгін таңда экономикалық басымдыққа ие болып отырған нарықтық қатынас. Сол қалыптастырып отырған технотрондық цивилизация. Оның әлемдік үстемдікке ұмтылып отырғаны, оны мүмкін болғанынша, бейбіт жолмен жүзеге асырғысы келіп отырғандығы белгілі жәйт. Ендеше, сол әлемдік кеңістіктің қақ төрінде ресурсқа аса бай өлкеге ие болып отырған Қазақстанның мұндай ұмтылыстан қағыс қала алмайтыны түсінікті нәрсе. Ендеше, қапы қалуға болмайды. Ертең немесе бүрсігүні бізге де етек жаятын ашық бәсекеге алдын-ала икемделіп, өз қабілетіңді өзің қапысыз шыңдай білуге күш салумыз керек. Бізге басқа мүмкіндік берілмеген.

— Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылының өз идеологиясы болуы заңды. Бұл жылда біз қандай қоғамдық, әлеуметтік және рухани игіліктерді ерекше қадыр тұтуға тиіспіз?

— Ол идеологияны белгілі мөлшерде айтып та үлгердік қой деймін. Биылғы шаралардың тек қазіргі ұрпақтар ынтымағымен шектелмей, тарих қойнауына да бойлап, көзі жоғалып кеткен ұрпақтармен сабақтастығымызды да қамтуының мәні бар. Өйткені, бүгінгі біз шешкелі отырған тәуелсіздікті нығайту – бәрінің көксеген, бірақ қолдары жете алмай кеткен мәселесі.

Соны іс қылып шығару – бүгінгі көзі тірі ұрпақтың парызы. Ол парыз оңай парыз емес. Еркіндік пен бостандық тұсындағы қарым-қатынаста тек ешкімге есесін жібермейтіндер ғана шынайы теңдікке ие бола алады. Ендігі жерде ешкімге ешкім қамқор да, пана да, желеуші де, жебеуші де бола алмайды. Мемлекетке де ондай өкілет пен құқ берілмейді. Басын ашып алатын мәселе, бодандық дегеніміз – обал-сауабыңды біреуге артып, құдайдың салғанына көніп бағу. Бостандық дегеніміз – өз тағдырыңның жауапкершілігін өз мойныңа алып, өз қамыңды өзің қамдау. Ендеше, келешекке деген сенім – тек ұрпаққа деген сенім ғана. Құдайға шүкір, қазір әр шаңырағымызда осы ғасырдың өткен-кеткенін бастан-аяқ таразылай алатындай үш немесе төрт буынның өкілі отыр. Егер сол буындар өз әулеті мен өз шаңырағының келесі ғасыр мен мыңжылдықта да өсіп-өркендегенін көксесе, алдымен өз ауызбірлігін нығайтсын. Сол арқылы қазір әбден қинап тұрған уақытша қиындықтан аман-есен шығуға қам жасасын. Ол шаңырақтың өткен ғасырлардың жақсы тәжірибесінен де, жаман тәжірибесінен де пайдалы тағылым алуына, келешекті пайымдауына күллі қоғам боп болысу үшін де дербес бір жыл ұлттық тарихқа немесе ұрпақтар сабақтастығына еншіленіп отыр. Бүгін таңда отбасындағы ынтымақ мен мейірбандылық ұлттық дәрежедегі маңызға ие болып отыр.

Біз үшін ең басты игілік – бірлік.

Баланың ата-анаға деген ізеті мен жанашырлығына, ата-ананың баласына деген тәрбиесі мен қамқорлығына негізделген жанұядағы бірлік. Өзгенің мүддесіне құрметпен қарау арқылы өз мүддесіне жол ашатын әлеуметтік әріптестік пен ықпалдастыққа негізделген қоғамдағы бірлік.

Соған негізделген азаматтық келісім мен халықтар достығы.

Міне, ең басты қоғамдық, әлеуметтік және рухани құндылық осы. Ол бар жерде басқа игіліктерге ұмтылыстың да жолы ашылады деп білеміз.

— Біз сөз етіп отырған үш жылдың мәніне байланысты жазылған мақалаларыңызда «рухани самарқаулық пен әлеуметтік іштарлық», «саяси нигилизм мен әлеуметтік бойкүйездік», «ескі отаршылдықтың сарқыншақтары мен жаңа отаршылдық сұғанақтық» туралы ой бой көтеріп жатады. Бұл пайымдарға назар аудара беруіңіздің себебі неде?

— Өйткені, қазіргідей өтпелі кезеңді адамзат әлденеше рет бастан кешкен. Соның бәрінің тұсында да әлгіндей сырқаулар бой көрсеткен. Қай қоғам да әуелі соларды жеңу арқылы өз дегеніне жеткен. Біздің санамыздағы рухани самарқаулық пен әлеуметтік бойкүйездікті тоталитарлық үрдіс пен бөліспелі экономика қалыптастырды. Әлеуметтік іштарлық та содан туындады. Өктем билік тұсында өтірік өліп жатқан әлеуметтік іштарлық демократиялық үрдіске көше бастаған кезде алдымен жанданады. Демократиялық қатынастар мәдениетінің әлі толық қалыптасып болмағандығын пайдаланып, әлеуметтік белсенділіктің бірден-бір түрі ретінде бой көрсетуге тырысып бағуы да ғажап емес. Оның қазір екі түрі бой көрсетіп отыр. Біреуі – өзімде болған өзгеде болмасын деген әлеуметтік тойымсыздық. Екіншісі – өзімде жоқ нәрсе өзгеде де болмасын деген әлеуметтік көре алмаушылық. Біріншісі оңай жерден пайдаға қарқ болуға немесе оңай жерден абырой жинап, мансап табуға ұмтылатын әлеуметтік сұғанақтыққа ұрындырса, екіншісі ештеңенің байыбына бармай, құр босқа дүрлігетін әлеуметтік күйгелектікке немесе қарап жатып бәрінен қаралай баз кешетін саяси нигилизмге ұрындырады. Бұл сырқау азаматтардың қай тобынан да, соның ішінде билік өкілдерінен де кездесуі әбден мүмкін. Ал, ескі отаршылдықтың сарқыншақтығына келетін болсақ, империяшылдық дерті әлі аласталып болған жоқ. Ол сәл мүмкіндікті пайдаланып, кеткен қапысын қайтарып алуға тырысатыны кездеспей жүрген жәйт емес. Оның үстіне, отаршылдық идеология кезекті империяның құлауымен біржолата өшіп кетпеді. Ол жаңа айдар тағып, жаңа тәсіл тауып, жаңа әрекеттерге көшуі ғажап емес. Тіпті басқа тараптан бой көрсетуі де мүмкін. Ұлт-азаттық қозғалысы тарихында отаршылдықтық сондай құбылыстарынан, жаңа отаршылдықтан зардап шегу аз ұшыраспаған. Ол алдымен ұлттық тұтастыққа, қоғамдық бірлікке іріткі салудан басталады. Ол жолда әлеуметтік іштарлық, әлеуметтік нигилизм, әлеуметтік сұғанақтық факторларына бірінші кезекте иек артатыны белгілі. Сол арқылы тек әлеуметтік топтарды ғана емес, ұрпақтарды да бір-біріне айдап салудан тайынбайды. Геосаяси өрістің ең шетін бөлігіне жайғасып, әр алуан мүдделердің ай құшақ тоғысып жатқан нағыз жел өтінде орналасқан бізге бұны бір сәт те естен шығаруға болмайды.

— Биылғы жыл міндеттерінің ішінде нарық өзгерістері мен қоғамдағы демократиялық процестерді тереңдетудің әлеуметтік негізін қалау идеясы ерекше назар аударып тұр. Біз өмір сүріп, керегесін керіп жатқан қоғамның уығы берік болуы осы мұрат мүдденің көсегесі көгеруіне тығыз байланысты. Соған орай аталған ойға нақты тоқталып өтсеңіз.

— Бұл ойдың нақты мазмұнын Елбасымыз өткен күздегі халыққа жолдауында және жуықтағы Парламентте сөйлеген сөзінде ашып айтты. Бізге демократия мен нарықтан кейін шегінерге жол жоқ. Оның керегі де жоқ. Нарық азаматтарға экономикалық бостандық береді. Ол бостандық әркімге қалаған кәсібімен айналысып, өз тұрмысын өзі түзеуге, тіпті дәулет жинап, баюына да мүмкіндік туғызады. Сөйтіп, экономикалық кіріптарлықтан құтылған сана саяси кіріптарлыққа бәрібір көнбейді. Демократия солай өрістейді. Ондай демократия бір күнде қалыптаспайды. Ондай асығыстық балаң тәуелсіздік пен әлі тереңдей қоймаған демократияға пайда емес, зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан да, саяси реформаны да, экономикалық реформаны да өзектес, ырғақтас жүргізуіміз керек. Ол үшін ең алдымен тәуелсіздікке бекем болмақ керек. Ал тәуелсіздіктің де бірден-бір кепілі – басталған реформаны көздеген нысанасына жеткізе білу. Ендеше, мұндай ұзақ мерзімді эволюциялық процестің көздеген мақсатқа жетуінің негізгі әлеуметтік кепілі де – жас ұрпақ. Реформа да жас ұрпақтың жасампаздығын күшейту арқылы жеделдейді. Егер біз еңбек жасындағы әрбір жасты нарыққа баулып, жұмыспен қамтамасыз ете алсақ, онда аға ұрпаққа қамқорлықты да қамтамасыз ете алар едік. Тек әр жанұяның ғана емес, күллі қоғамымыздың әлеуметтік зәрулігін жедел қанағаттандыруға жетісер едік. Біз үшін жастар мәселесін жұмыссыздықты жою мәселесімен өзектес қарастырған тиімді.

— «Жаңа саяси, этникалық, кәсіпкерлік іс – әрекет мәдениетін қалыптастыру» деген тұжырым да биылғы жылдың еншісіне тиіп отыр. Бұл да қоғамдық ой танудағы жаңа ұғым. Әңгіме үстінде осы тұжырымның да өрімін тарата кетсеңіз.

— Бұл да әлгі мәселеден өрбиді. Біз үшін саяси мәдениет – ең алдымен демократиялық қарым-қатынас мәдениетіне жетілу. Азамат пен қоғам, қоғам мен мемлекет арасындағы міндет бөлісу мен өзара ықпалдастықтың кемелділігіне жетісу. Бізде заң бар. Бірақ, заң орындалмайды деген ренішті жиі естиміз. Оның себебі – заңды орындайтын тетіктер жасалмаған деген жаттанды ұғым тағы бар. Ең басты кінәрат – бар заңды білмейтініміз және оған жүгінбейтініміз. Әлі де болса сотқа түсетін шағымдардан ұлықтарға түсетін шағым көп.

Лобби содан өрбиді, тамыр-таныстық, коррупция, парақорлық содан өрбиді. Мемлекетке ісің аз түспей тұрып, әлгіндей індеттерден тез құтыла алмайсың. Бұны атымен ұмытып, барлық мәселені де тек мемлекет арқылы шешкіміз келеді. Өз бала-шағаңа көруге болмайтын ұят фильмді қарауға ата-ана ретінде өзіміз тиым салудың орнына өкімет арқылы тиым салдырғымыз келеді. Өз перзентіңді өз дініңді ұстануға, өз тіліңді үйренуге баулудың орнына, оған тағы да өкіметтің араласқанын қалаймыз. Сөйтіп отырып, төрешілдікті азайтып, бостандықты көбейткіміз келеді. Өзімізге берілген құқ пен бостандықты пайдалану үшін де мемлекеттен көмек күтеміз. Шындап келгенде, нағыз әлеуметтік бойкүйездік деген осы. Этникалық мәдениетке келсек, бір кезде бір өзіміз дербес отырған кеңістікте қазір әр түрлі ұлт өкілдері боп аралас отырмыз. Ол – тұсында озбырлық саясат жүзеге асырған шаруа. Ал қазір – бәрібір есептеспеуге болмайтын тарихи қалыптасқан жағдай. Этникалық тазалауға ешкімге жол берілмейтінін, одан қандай қатерлі қауіптер туындайтындығы Балқандағы ахуалдан айқын көрініп тұр. Мұндай жағдайда өзіңнің этникалық дамуыңды қамтамасыз етуді саясаттандыра бергеннен опық жемесең, опа таппайтының белгілі. Сондықтан да, ұлттық болмыстың мұндай нәзік мәселелерін шешуде әркімнің жеке ар-ұжданына, азаматтық санасына жүктелер міндет пен жауапкершілік күннен күнге көбейе түспекші. Соны ескеріп, жағдайға лайық этникалық және этносаралық қатынастарға жетілу де әркімнің ішкі мәдениетінің, кісілік мәдениетінің ең басты парызына арналып отыр. Әрине, бұл мәселелерде де мемлекет өзіне тиесілі міндеттерін өзі атқарып шығады. Бірақ, бұл істе азаматтар мен азаматтық институттардың мойнындағы парыз мемлекеттің мойынындағы парыздан бір де кем емес екені тағы анық. Кәсіпкерлік мәдениетінің жетіспеуі қазіргі экономикалық мұқтаждыққа ұрынуымызға аз себепші болып отырған жоқ. Қанша мал жиям десең де, қанша жерге егін салам десең де, қандай шаруамен шұғылданам десең де ерік берген заманда бір шаңырақта бес-алты еңбекке жарамды адам отырып, күнкөріс айыра алмайтындығымыз – сол кәсіпкерлік мәдениетіміздің қораштығының көрінісі. Біз өзімізді аясақ, бір-бірімізді аясақ, жалпы халқымызды шыннан аясақ, осы ащы шындықтың бетіне қаймықпай қарап, тиісті қорытынды шығара білетін уақыт келді. Ауылдың, әлеуметтік саланың, мәдениеттің, ғылымның, білім берудің, денсаулық қорғаудың қиындыққа ұшырап, оралмандардың өз отандарынан әлі ойып орын алып жайғаса алмай жатқандығы, тіпті тіл екеш тіліміздің өзі баяғы бүгежек халден арыла алмай отырғандығы – бәрі рас. Бүгінгі әлеуметтік ахуалдың ең басты дерті екендігі де рас. Бірақ, бұл сырқаулардың қай-қайсысының да еңбектен басқа емі жоқ екендігі тағы рас. Ол сауығу үшін экономика сауығу керек. Оған алдымен жауап беретін, әрине, үкімет. Үкіметтің табылған табыстан тиісті салық алудың тиімді жолдарын қарастырғаны әбден дұрыс. Бірақ, сол табысты көбейтетін жұмыс орындарын көбейтіп, өндірісті тірілтуді тезірек қолға алғаны тіптен дұрыс болатындығы тіптен рас. Бірақ, экономиканың қалай жанданып, қалай түзеліп жатқандығын тек тұрып қалған зауыттардың түтіні қайтадан будақтай бастағанына қарап емес, өз үй, өз ауламызда қандай қарекет жасалып жатқандығына қарап та бағалағанымыз жөн болар еді. Қорадағы малымыз уақытылы өрді ме, уақытылы аман түгел өрістен қайтып келді ме? Ауладағы бақшалығымыз суарылды ма? Ұлымыз қолына күрек алды ма? Қызымыз саусағына оймақ киді ме? Бұны күйттейтін жастар қайда? Оған баулитын отағасы мен отанасы қайда? Қазақ әкесі отырып, ұлы шаруа күйттемегенін, шешесі отырып, қызы іс білмегенін қашан ұят санамап еді? Өз күн көрісіңді өзің айыру – қашан айып болып еді? «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»,– дегенді айтқан Адам Смит пе еді? Одан әлденеше ғасыр бұрын біздің сауатсыз қара шалдар айтып қоймап па еді? «Базар, базар» деп құрық көрмеген құлындай қорқақ соқтай береміз. «Базары жақынның бақырашы оттан түспес», «есепті дос кетіспес», «сауда сақал сипағанша», «базарда түйенің нарқы өсті десе, ауылдағы қотыр тайлақ құйрығын көтереді», «жаудан олжа, даудан ақы, аңнан сауға сұрағанша, базарға барып, бақыр жина», тіпті «базарға бар да бағыңды сына»,– деп жүрген де солар емес пе еді? Нарық деген миымызға сіңбейтіні рас болса, баяғыдағы бабалар Бұның бәрін қайдан біліп жүр? Әлде дәулет жиюды ата-бабамыз айып санап па еді? Онда «мың сіз-бізден бір шыж-быж», «құрғақ қасық ауыз жыртады», «бір түстік өмірің болса, бір күндік мал жина», «бір күн тірі жүрсең, қырық күндік тіршілігіңді ойла», «тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады, тоя жесең не қалады?», «ағайында бар ауызға тиеді», тіпті «жемесең де мал жақсы, бермесе де, бай жақсы»,– деп неге айтқан? Бүгін керегінше мал жина деп кеңшілік берілгенде де, есеп білетін талайымыз ең болмаса кешегі есеп білмейтін қара шалдардың үкіметтен жасырып жинағанындай да мал жиып ала алмадық қой...

Бұның бәрі кәсіпкерлік мәдениеттің жетіспеуі болмағанда не болады? Жарайды, бұл әлі нарыққа икемделе қоймағандардың ісі болсын. Ал сол нарыққа икемделгендердің өзі кәсіпкерлік мәдениетке жетісіп қарық қылып жатыр ма? Әрине, жоқ. Әлі күнге ұлттық капитал иемденіп отырған бір зауыт, бір кеніштің атын білмейміз. Ең болмаса, мың кісіге жұмыс тауып беріп жатқан бір қазақ кәсіпкерін көрмейміз. Киген киімі мен мінген мәшинесіне қарап, кім көрінгенді бай дейміз. Расында да, солар бай ма, жоқ бір кесе көже артық ішсе, жер-көкке сыя алмайтын әншейін көп тыраштың бірі ме? Бай болса – қанша жұмыс орнын жасапты? Қандай тауар шығарыпты? Ұлттық бюджетке қана үлес қосыпты? Ендеше, ондай аузы аққа жарымай, ерні кезеріп отырған халықтың таңдайына бір тамшы тамызбайтын қайырсыз капитал мен желінсау бизнеске жұртшылық іші қайдан жыли қойсын?!. Шындап байығысы келсе, ұлттық экономиканы тездетіп тірілтуге көш салмай ма? Сөйтіп, қалған әлеуметтік топтарға жұмыс тауып беріп, еліміздің бюджетін арттырып, реніштерінен құтылып, сүйінішіне, тілеулестігіне ие болатындай шаруалар тындырмай дүрліктіріп жатады. Бұлардың да жағдайының әлі күнге бұлай дүбәрә қалуы, өз еңбегімен байып, дәулет жинауға деген көзқарасымыздың әлі де оңалмай отыруы, кәсіпкерлік мәдениетіміздің төмендігін байқатпағанда, нені байқатады? Біз бұған арланудың орнына, кейде мақтанатын сияқтымыз. Қит етсе, «біздің қазақ өйтпеген, бүйтпеген» деп шығамыз. Заман еркін көшіп, кең жайылуына мүмкіндік берген заманда кәсіптің соңына түспесе түспеген шығар, бірақ соған опынып, қатты күйзелген жақсыларымыз аз ба еді? «Тері емгенше, жер ем», «Жақ сауғанша, тас сау», «Көз сатқанша, тер сат», «Тастан түйін түй», «Қолынан келгенге темір де терідей иленеді», «Қалауын тапса қар жанады», тіпті «Есектің құйрығын жусаң да, мал тап»,– деп жүрген солар емес пе еді?.. Жөн-жосықсыз нарыққа тиісіп, болып жатқанның бәрін құбыжыққа санап, тек қазақтың басына ақырзаман келгендей ашына сөйлеу елдің жігерін жасытады. Болмасқа болаттай берік болудың орнына, құр босқа жел сөзге желіктіреді. Үйтіп, өз тауымызды өзіміз шағып, ештеңе қолымыздан келмейтін ел болып көрінгеннен ештеңе ұтпаймыз. Екіншіден, қазақ та аспан мен жердің арасында қалқып жүрмеген, кәдімгі қара жерді қалғандармен қатар басып жүрген, олардың қолынан келген оның да қолынан келетін халық. Қысқасы, еңбекке, іскерлікке, кәсіпкерлікке деген көзқарасты жүдетпей, оған талпындырудың орнына, безіндіріп, жирентіп бақсақ, біз қаласақ та, қаламасақ та, ертең ашық іскерлік бәсеке жағдайында өмір сүретін жеткіншектерміздің обалына қаламыз.

— Осы жылда көптен айтылып келе жатқан тұтымды ой, дәстүр сабақтастығы, даналық сабақтастығы және тәлім жалғастығының мәйегі – ұлттық педагогикаға мән берілген екен. Халық педагогикасы бойынша бірінші ғылыми-практикалық конференция өткізілмек. Жалпы ұлттық педагогикаға өз көзқарасыңыз қандай?

— Ұлттық педагогикаға келетін болсақ, бұл көп уақыт назардан тысқары қалып келген құбылыс. Оған тәуелсіздік алғаннан соң ғана мән беріле бастады. Біздің ұлттық тәрбиемізде жанұя шешуші маңызға ие болды. Бір шаңырақтың астындағы әлденеше буын өкілдерінің әр қилы педагогикалық парызы болды. Ана ұлы мен қызын мейірбандыққа, бауырмалдыққа, әдептілікке, ізеттілікке, үй тұрмысына болысуға баулыса, әке мен аға батылдыққа, шаруашылыққа, ағайын-жекжатпен жарасымды қатынасқа, ел жандылыққа, табандылық пен төзімділікке баулыды. Ата мен әже ата-баба шежіресіне, өткен замандар тарихына, бабалардан қалған дәстүрлер мен рухани мұраға баулыды. Социализм тұсында ұжымшылдық бір жақты күйттеліп, жасөспірім сәби көзінен казармалық үрдіске, жат бауырлыққа бейімделді.

Үлкендердің жанды өнегесін мектеп оқушыларының ережесі, пионер, комсомол, армия уставтары, жатақхана мен кеше үрдістері тұншықтырып тастады. Өткенді тозғын, үлкендерді кертартпа санайтын нигилистық ұшқарылық асқындады. Бұның аржағында өсімтал сананы қоғамның диалектикалық даму жолы қалыптастыратын тарихи тағлымдардан аулақтатып, жоғарыдан жасақталатын жасанды қисындамаларға оңай сендіріп, оңай мойын ұсындыру мақсаты жатты. Ұлттық педагогика күнбе-күн көріп жүретін тіршілік пен етене жақын адамдардың нақты тағлымынан өз бетінше қорытынды шығара білуге бейімдеді. Қазақша айтқанда, кісі тануға, ел тануға, жер тануға, сөз тануға баулиды. Абырой әжетке үйретеді. Халықтық этика мен эстетикаға қанықтырады. Бұл ретте болашақ азаматтың санасы мен рухани болмысындағы ұлттық бедерлілікті қалыптастырады. Оның өзімдік кісілік сипатын сомдауда өлшеусіз қызмет атқарады. Сондықтан ұлттық педагогиканың, әсіресе, бала тәрбиесінде алатын орны өлшеусіз зор. Алайда, әлгінде айтқанымыздай, жеткіншектеріміз ашық қоғамдағы ашық бәсеке жағдайында өмір сүретінін бір сәт те ұмытпауымыз керек. Ендеше, ол әлемдік еңбек бөлісуден туындайтын әлемдік бәсекеге әрдайым әзір тұруы қажет. Сондықтан ол әлемдік білім стандарттары бойынша білім алып, оны тиімді пайдалана білуге үйренгені жөн. Тәрбиеде ұлттық үрдістер шешуші қызмет атқарса, оқуда әлемдік білім стандарттары басымдылыққа ие болғаны тиімді. Бұндай бір-біріне кереғар тұрған екі арқауды бірдей ширатып, ай құшақ қапқызып, жігін білдірмей өріп, жарасымға келтіру – бүгінгі ұлттық мектептің мойнындағы бірден-бір парыз деп білемін.

— Қазақ халқы өзінің әлімсақтан бергі тарихында тұтастық идеясын ту етіп көтеріп келеді. Оған күні бүгінге дейін қолымыз жетті ме, жоқ па, бұл жауап іздеуді, қинала іздеуді қажет ететін сауал. Ұрпақ бірлігі ұғымының тереңінде де осы тұтастық тұжырымы жатқаны анық. Сол тұтастықтың, ұлттық, халықтық тұтастықтың белгілері мен өлшемдері туралы не айта алар едік? Оның негізін қалауға, шырайын шығаруға бүгінде қандай алғышарттар бар? Тұтастыққа жетуге не кедергі?

— Меніңше, біз ұлттық тұтастықты әлдеқашан қамтамасыз еттік. Тәуке заманынан кейін айырылып қалған тәуелсіз мемлекеттік тұтастыққа жақында жеткенімізбен, жер тұтастығын осы ғасырдың алғашқы он жылдықтарында қамтамасыз еттік. Ұлттық рух пен болмысымыз әртүрлі губернияларға бөлініп кеткенімізбен, тіпті отаршылдық тұсында да тұтастығынан айырыла қойған жоқпыз. Тілімізде диалектілер жоғы, тұрмыс дәмімізде айта қаларлық айырма жоғы, ағайын-жекжаттығымыз сақталуы соған айғақ. Соған қарамастан, бірлікті көп айтатынымыз, бөліп ал да билей бер деген қағиданы ұстанған отаршылдық табанында үш ғасыр болдық. Ол бойымызға жікшілдікті, алауыздықты, бақастықты аямай сіңіріп бақты. Оның бер жағында, бір халықты екі бөліп тастайтын тапшылдыққа, одан да беріде табы бір болғандықтан ұлтыңның әр басқалығы ештеңе етпейді дейтін интернационализм аталған этникалық немқұрайлылыққа тап болдық. Оның бәрі де өз ұлтыңды өзің жатсынуды, оған қалай болса солай қараушылықты уағыздап бақты. Отаршылдық сарқыншақтығы мен жаңа отаршылдық сұғанақтығы да осындай ұлттық немқұрайдылықты біржақты әспеттеу арқылы тәуелсіздігімізге, сол арқылы тұтастығымызға қол салғысы келетіні түсінікті. Оған тек азаматтық келісім мен қоғамдық бірлікті көзінің қарашығындай сақтай отырып, тойтарыс бере аламыз. Мұндай жағдайда, қазақтың тілін білмей тұрып, жігін біле қойғыштық, бір адамға тиісудің орнына бүкіл бір ауыл аймаққа тиісу, «команда» деген осы деп, шұбыртып әкеліп, шұбыртып әкету, тұтастығымызды теңселтіп тастамағанымен, достың көңіліне дық, дұшпанның көзіне сұқ бітіруі мүмкін.

— Қазақ мемлекеттігіне әлемдік өркениет деңгейінен қарағанда рухани, әлеуметтік салада олқы соғып отырған тұсымыз бен үлгерген немесе ескірген жағымыз туралы ойыңызды да білгіміз келеді.

— Біз бір үрдістен екінші үрдіске көшіп жатырмыз. Ол бұрынғының бәрін мансұқтауды емес, алға басуымызға септігі тиетіннің бәрін қастерлеп, бәрін пайдаға асыра білуімізді керек етеді. Оған ынта танытпай отырған, әлі икемделе қоймаған дәстүрлеріміз бен үрдістерімізге жаңаша мән беріп, жаңаша құлпыртуымызды талап етеді. Бұл ретте күні кеше күркіреп тұрып, көз апара кіріптарлыққа ұрынған көзінде жапон, неміс халықтарының өздерін қалай ұстай білгеніне көз салуымыз қажет. Кіріптарлық көзінде де олар өз дәстүрлерінен бас тартқан жоқ. Өздеріне рухани таяныш етті. Басқа үрдістерге көшу үшін де өз үрдістерінің қолғабысына жүгінді. Мәселен, жапондар жұмыста еуропаша киініп, ал театр мен жиынға ұлттық киімдері – райфикуді киіп баруды, ежелгі Бусидо мораліне тән үлкенді сыйлау, бастықтан сый, бағыныштыдан құрмет қағидаларын ұжымдық өмірдің тәртібіне айналдыруды сол кезде дағдыға енгізді. Бір кездегі бусидо моральдік кодексінің көптеген қағидаларын жаңа іскерлік қарым-қатынас мәдениетіне, саяси-қоғамдық қарым-қатынас мәдениетіне негіз қыла алды. Оларды жаңа мазмұнмен байыта білді. Біз осындай күрделі диалетикалық үйлесімдер іздеудің орнына не «бұл бізге жараспайды» деп таңсық нәрсенің бәрінен ат-тонымызды ала қашушылыққа, не өзіміздікінің бәрін менсінбей, өзгенікіне ысылай сұғынуға әуеспіз. Ондай оңай бейімделгіштігімізді кәсіпкерлікті, бизнес пен жаңа технологияны меңгеруде көрсетпей, жүріс-тұрыста, киінуіміз бен сөйлеуімізде, тілдік, діндік, таңдау жасауда көрсете қойғышпыз. Экономикамыз бен қоғамдық қатынастарды жаңартудағы менталитеттік икемсіздігіміз рухани дүниеміз бен тұрмыстық үрдісті құбылтуда атымен байқалмай қалады.

Ал, қазіргідей тиімді стандарттар ортақ өлшемге айналып жатқан аума-төкпе заманда бір жағынан есеңді жіберіп алмас үшін, екінші жағынан өзіндік бет-бейнеңнен айырылып қалмас үшін керісінше жаңа экономикалық, саяси қарым-қатынастарға көшуде айырықша оралымдылық, ал рухани-моральдік келбетіміз бен ұлттық үрдістерімізді қорғауда айырықша табандылық танытуымыз керек еді. Басқалардың мынау алыс-берістің, барыс-келістің мықтап дамып жатқан көзінде өзіндік сыр-сипаттан айырылып қалмау үшін жасап жатқан бұл тәсіліне біздің де жетілуіміз қажет еді.

— Әбеке, сіз де алғы толқын аға жасына келдіңіз. Жазушылық дарыныңызбен, қоғамдағы қайраткерлігіңізбен, ой мен жан тазалығыңызбен елге еңсе болған азаматсыз. Ұрпақ бірлігі мен сабақтастығы сөз болғанда, бүгінгі жасқа нендей тілек айтар едіңіз?

— Менің әкем мен үш жасқа толмай тұрып майданда қайтыс болды. Егер ол соғыстың аяғына дейін тірі жетіп, жеңілген елдерді көріп, елге аман оралса, маған қандай өсиет айтатынын кім білген... Бірақ, сонау Берлинге дейін барып қайтқан бір майдангер ұстазымыз біздерге: «Қарақтарым, ешкім ешкімнен артық та емес екен, кем де емес екен. Ендеше біреудің қолынан келген біреудің қолынан келеді. Сондықтан, өзімді ешкімнен артық та емеспін, кем де емеспін деп ойлаған дұрыс. Олай ойламаған адам талай нәрседен құр қалады. Сендер де жұрттың қолынан келмегенге жетісе алмасаңдар да, ең болмаса, жұрттың қолынан келіп жатқанынан кенде қалмаңдар»,– деген еді. Өз балаларыма да сол мүгедек мұғалімімнің айтқан өсиетін айтып келем. Соны барлық жеткіншек буынға да айтар едім.

Әңгімелескен жазушы Алдан СМАЙЫЛОВ.
Мамыр, 1999 жыл.

МӘУЕЛЕЙ БЕР, АЛТЫН БАҚ

Адам табиғаттың түлегі боп дүниеге келіп, әлеуметтің тұлғасы боп дүниеден өтеді. Осы бір сапалық секірістің бастау сересі қашанда шәкірттіктен басталған. Тән қаңқасынан талпынып шығып, рух қанатына ілесіп, самғау мен шарықтау сапарына аттандырар аялы ұя – мектеп. Сондықтан да ол ана көкірегіндей ыстық. Әке алақанындай мейірлі. Атаның ақ батасындай мерейлі. Әсіресе, маңдайына дәйім өткенде кеткен есе мен ертеңнен күтер үміт жадында қалған адамзаттың ала бөтен айырықша толғанып өту жазылған біздің жұртымыз білім беретін мектеп пен білік дарытар ұстазды аса қастерлеген. Ел сағынып, жер сағынып барған сапарларымда кіндік қаным тамған топырақтан да бұрын барып көретін, аттап өте алмайтын ең ғазиз киелі орным – Таушық. Іңгәлап дүниеге келген жерім – Оңдының Мырзайыры болғанмен, жарық дүниенің қыр-сырына қанықтырған, саналы ғұмырым басталған жер – Ақтау мен Қаратау ай құшақ қауышып жатқан осы бір тығырық мекен. Сондағы бұрынғы көне базардың күнбатыс бетінде, жолдың құбыла жақ езуінде, қасында жер астынан су атқылап жатқан түтікшесі бар ұзын шұбақ барак тұрар еді. Ол жаз ортасынан күзге дейін қаңырап бос тұрар еді. Маңайында қобырап қағаз шашылып жатар еді. Сонау жетінші, сегізінші шахта маңай, тіпті Қапының аңғарын кезек-кезек жайлап-қыстап жүретін «шахтер ауылдың» баласы біздер оқта-текте үлкендерге еріп Соцгородокке келгенде, екі маңайдан шыр айналып шыға алмайтынбыз. Біреуі – көне кірпіш зауыттың қасындағы бомбы түскен шұқырдағы суға салынған қауындық, екіншісі – осы Ескі Таушықтағы интернат үйінің қасы еді. Қауындықтың басындағы оқтын-оқтын мылтық дүңкілдетіп жүретін қара орыс көздің құртын жеп бара жатқан шөкімдей көгалға қарай аттап бастырмайтын. Көк пәлектің астындағы томпиып жатқан қауын-қарбызға алыстан көз сатқанымыз болмаса, жақындап бара алмайтынбыз. Ал интернаттың қасындағы шашылып жатқан көп қағазды қанша ақтарам десең де қолыңнан қағар ешкім жоқ. Әсіресе, әр алуан сызықтар сызылып, маржандай әріптермен лық толтыра жазылған екі жуан дәптер көп уақытқа дейін менің қолымнан түскен емес. Қажет десеңіз, әріпті де мен сол екеуінен танып, оқуға, жазуға өз бетімше дағдыланғанмын. Сондағыдай моншақтай төгілдіріп, мөлдіретіп жазуға құмарттым. Сондағы сызықтарды шағыл құмдардың бетіне көшіріп бақтым. Кейін ол дәптерлердің тоғызыншы, оныншы сынып оқушыларының тригонометрия, стереометрия пәндері бойынша жүргізген дәптерлері екенін ұқтым. Бірінші сыныпты Шахта орта мектебінде атақты Төрәлі Самалықовтың алдынан бастадым. Қыс ортасында жетінші шахтадағы бастауыш мектепке ауысуға тура келді. Содан Оңдыға көшіп, жетіжылдықты сонда бітірдім. Сегізінші сыныпта Шахта орта мектебіне қайта келдім. Тоғызыншыны, оныншыны Үштағанда оқып, кәмелеттік аттестатқа емтиханды Шахта орта мектебінде тапсыруға тура келді. Біз әр қадамын сағат тілінің тырсылымен дәлме-дәл басатын аса қатал, айрықша талапшыл Торғай Шыңқалов ағай бастаған мейлінше талғампаз ұстаздардың алдын көрдік. Содан да ма екен, өзімізге аса жоғары талап қойып өстік. Қиындықтан жасымауға, табыстан тасымауға баулындық. Менің кәмелеттік аттестатымда қазақ әдебиетінен төрттік тұрғанын керіп, талайлар таң қалды. Иә, біз сондай максималист мектептің түлектеріміз. Одан зардап шеккеніміз жоқ. Ауыр мен асқардан айбынбауға үйрендік. Жұрт Оксфорд пен Кембриджді табысты аяқтағандарына қандай масаттанса, біздер Шахта орта мектебін бітіргенімізге сондай масаттанушы ек. Өнегесі бізге өмірлік азық болды. Сүйтіп, менің ақ қағазбен жұмысым Ескі Таушықта қолыма түскен әлгі бір-екі дәптерден, қоғамдық қызметке үйірсектігім Шахта орта мектебі мен Таушық кентінің орталығындағы жиындар өткізілетін қызыл тақтай мінберден, арман жолындағы алыс сапарым оқта-текте самолет қонатын Балыбайдың сар тақырынан басталған еді. Содан бергі ғұмыр ішінде Еуропаның, Азияның, Американың, Австралияның талай айтулы астаналарында айтулы университеттер мен лицейлердің табалдырығынан мейман боп аттаған сайын сонау шалғайдағы жан-жағын тау жоталары мен жарқабақ кемер жолдар көмкерген осы бір шұқыр ойдағы бөксесін құмаққа тығып тұрған жатаған ауланың ішіндегі екі жалғыз қабат корпустер еске түседі. Еске алған сайын ет жүрегім елжіреп қоя береді. Тек бір менің ғана емес, талай уақыт шетқақпай қалып келген туған өңірімнің түгел көзін ашқан рухани кәусар бұлақ – сол мектеп. Өзі – менің түйдей құрдасым. Алпыс жылдың ішінде айтылмыш өлкеге алты ғасыр бойы қонбай келе жатқан арман құсын қондырған алтын ұя. Оның түлектері – ата-баба көксеп өткен көп мақсатты алғаш жүзеге асырушылар болды. Өздері ғана сауатты боп қоймай, күллі құба далаға білім бағын екті. Кәрі Маңғыстаудың өн бойына өркен жайып жатқан оқу өнер орманы, көп ретте, осы бір ата бәйтеректен тамыр жайған-ды. Әу бастан ауыз ләмін қазақша ашқан осы мектеп ежелгі түбектің өз тілінде білім алып, өзінше рухани самғауын бастап берді. Сондықтан, қазіргі сол аймақтағы университет те, колледждер де, лицейлер де, жалпы білім беретін мектептер де – бәрі-бәрі де осы бір кәрі бағбанның қойны-қойнышынан өрбіген өркендер мен өскіндер болып табылады. Онда білім алып жатқан қауым да – Шахта орта мектебінен білім алып, рухани қанаттанған әлденеше буынның тұқым теберлері. Олар осы өлкенің жер асты, жер үсті байлықтарын игерді. Ит байласа тұрғысыз деп жұрт қаралай бозінген шөл өлкені бүгінде күллі әлемнің емешегін үздірген айтулы аймаққа айналдырды. Жер қойнындағы қазынаны ғана емес, ел көкірегіндегі қазыналарды да жарқырата жайып салып жатыр. Тәуелсіздіктің туын желбіреткен қазақ халқының атын қазір күллі әлем білетін алғашқы азат мемлекетінің ең басты экономикалық тірегіне, әлемдік мұхиттарға шығар айқара қақпасына баланатын аса маңызды стратегиялық аймақтың алуан салалы тіршілігіне қайнар астау болған қасиетті қабырғаның әр тасын маңдайыңа тигізсең артықтық етпес еді. Құдай оның бұрынғы түлектерінің көздері жоғының жатқан жерлерін жарық, көздері тірілерінің қалған ғұмырларын қарық қыла көргей! Бүгінгі түлектерінің алдынан біздің жете алмағанымызға жетіп, біз көксеп өткен арман тілектерді жүзеге асыратындай сәт сапар, шаттық дәурен, айдынды жол шыға бергей! Шала буырыл тартқан шәкірт басымызды жерге жеткенше иіп, көкірегімізге сана дарытып, көңілімізде үміт отын оятқан қара орынның жаратқан мерейін әрдайым үстем қыла көргей деп тілейік, әлеумет.

Қыркүйек, 1999 жыл.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ЫЖДАҺАТТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

— Мемлекеттік қызмет беделінің сонша күрт түсуінің себебі неліктен деп ойлайсыз? Қоғамдық пікірде өкімет және өкімет адамдарына қатысты жел сөзге, тіпті жеккөрінішті сөзге жол берілуі неліктен? Осы жәйтке мемлекеттік иерархияда қызметте отырған тұлға ретінде сіз қалай қарайсыз?

— Иә, бізде мемлекеттік қызмет онша сыйлы емес. «Шенеунік» сөзі көбінесе балағат мағынасында қолданылатыны рас. Бұның тамыры тым тереңде. Оның әлеуметтік мәдени және нақты ситуациялық себептері де жеткілікті.

Әлеуметтік-мәдени факторларға келсек, мұны бізде бұрын мемлекеттік дәстүрлердің болмауынан деп түсіндіру атымен жансақ. Оқта-текте ақпарат құралдарында ондай тұжырым да кездесіп қалып жүр. Тарихқа құлақ ассақ, Орталық Азия саяси кеңістігі, мемлекеттік құрылымдарға, мәселен, Шығыс Европадан кейін ие болған емес. Оған ежелгі Римнің құлауына Азия құрлығы түпкірінен аса ұйымшылдықпен көп киліккен жойқын әскери шапқыншылықтың елеулі қызмет атқарғаны да айқын айғақ бола алады. Оны былай қойғанда, бүгінде қазақ ұлтын құрайтын этникалық топтардың бір қатарының бір кезде өз хандықтары мен қағанаттары болыпты. Олар әлденеше рет алып империяларға да бірігіпті. Солардың біреуі – қос құрлықты қатар қамтып жатқан Алтын Орда. Қазақ мемлекеттігі соның құрсағында қалыптасқаны белгілі. Әйтсе де ұлттық менталитетімізге этатизм мықтап сіңісе қоймағаны рас. Сірә, байырғы тұрмыс бабаларымызды биліктегілерге онша кіріптар ете қоймаса керек. Өз аяғына жылынатын малдан басқа көп дәулет жиғыза қоймайтын көшпелі жұпыны тұрмыс жаппай бірдейлік пен бірегейлік иллюзиясын қалыптастырып, қоғамның жоғарыдан төмен қарай қатар иерархиялануына, өкіметтің мызғымас орталықтануына аса жол бере қоймаған тәрізді. Байы бір жұттық, батыры бір оқтық далалықтарда шенге бас ұрудан гөрі аштықта да, тоқтықта да ісің түспей қоймайтын ағайынның көңілін жықпау күштірек болған сияқты. Ел билеуде де көшпенді әскери демократия үрдісі көпке дейін мызғымастан келді. Хандық – бірлесіп қорғану үшін, билік– бірлесіп шешім қабылдау үшін керек болды. Ал біреуге бағыну, бас ұру деген жаугершілікте қолға түскен тұтқындарға болмаса, қауымның өз түлегі үшін намысқа тиер қорлық саналды. Қоғам, негізінен, әдет жолымен реттелді. Кейін шариғат араласты. Алайда, әркімнің өз тізгінін өзі алып жүретін, өз шаруасын өзі қамдайтын бас еркіндігі қағидасы қатаң сақталды. Қауымдық бірлік ағайындық-жекжаттық, аталастық-қандастық қағидаларына қалтқысыздық, көргендіден өнеге, біліктіден ақыл алу, көп болып шешкен пәтуаға көну, сөзге тоқтау жолымен қамтамасыз етілді. Көшпенді тұрмыс биліктегі астамшылыққа, мемлекеттік өктемдікке тамыр жайғызбады. Байырғы қазақ қауымы параны да, абақтыны да білген жоқ. Қатеге айып, қылмысқа құн салынды. Ол көптің ұйғаруымен жария шешілді. Отаршылдықтың да билік қадірін асыра қоймасы түсінікті. Оның халықпен байланысы аярлыққа, қорқытып үркітуге, зорлық-зомбылыққа құрылды. Бұның бәрі өкімет билігіндегілерді бұқара алдында қадірлі қауым қып көрсетпеді. Төңкеріске дейінгі ақындардың болыстар мен ауылнайларды ғана емес, патша қойған хан-сұлтандардың өздерін өлтіре шенеп бағатындығы да сондықтан еді. Қазақ топырағындағы өкімет пен халық арасындағы немқұрайлы қатынасты кеңес билігі де көп өзгерте алмады. Ол күштеп таңған этатизм бізде мансапқорлық пен сұрамсақтықты қоздырғанмен, билікті құрметтеушілікті күшейте қоймады. Оның үстіне номенклатуралық кадр саясаты орталықтың сойылын соғатын «саяси сенімділікті» талап етті. Ол билік төңірегіндегі ұлт өкілдерін өгей ене бауырсақ күн кешуге мәжбүр етті. Оның үстіне, әлеуметтік теңдіктің таптық тұрғыдан тым сыңаржақ түсіндірілуі қоғамдағы эгалитарлық инстинкті одан бетер ушықтырып бақты. Бұрынғы «түбі бір түтіспейді» дейтін қалып, «ол болғанда мен неге болмаймын» дейтін күшейді. Меншікті жаппай қоғамдастыру жаппай кедейлікті, ал ол жоғарыға қарап жаппай қол жалғаушылықты туғызды. Ондай жаппай кіріптарлық бодан жағдайда жаппай бас шұлғуды, бостан жағдайда жаппай жұдырық түюді өршітері түсінікті. Ондай охлократиялық шолақ белсенділікті сан қилы саяси волюнтаризм, кейде нағыз авантюризм мейлінше пайдаланып кетіп отырды. Қызыл террордың, күштеп ұжымдастырудың, жаппай саяси жазалаудың, әу бастан-ақ жүзеге асуы мүмкін емес неше түрлі қиял-ғажайып жоспарлар мен жобалардың тұтқиыл қарқыны мен белден басатын зорлықшыл сипатын, тіпті күні кешеге дейін жер кіндік саналып келген қызыл империяның оп-оңай құлап қалуын тек осымен түсіндіруге болар. Ал, ситуациялық факторларға тоқталар болсақ, бұл жағдайдың жалғаса беруі, әрине, әмбеге бірдей ұнай қойған жоқ. Оның дәуренінің ұзара түсуі іштей наразылықты ұлғайтты. Жеке адам басына табыну алғаш сыналғаннан кейінгі қырық жыл ішінде өкімет жайлы қағытпа әңгіменің өрши түсуі соның айқын айғағы еді. Жұрт өзгерісті аңсады. Бірақ, оның қалай жүзеге асатынын айқындап алған жоқ. Үйреншікті дағдымен жоғарыдан нұсқау күтті. Соны сезген саяси күштер билік жолындағы тартысты одан әрмен ушықтырып, бірте-бірте қалыптасқан үрдісті түпкілікті шайып тынбай қоймайтын жоғарыдан жасалатын революцияға ұластырды. Ол үшін қоғамда орасан көлемде жинақталған ашу-ызаны оттық, ал ғасырлап қалыптасқан охлократиялық психологияны отын қып пайдаланды. Бұны да жүзеге асырған, негізінен, билік басындағы күштер мен билікке таласушы күштер болды. Ескі режимнің қас-қағым сәтте, қан төгіссіз тым жедел тізе бүгуін тек осымен ғана түсіндіруге болады. Алайда содан туындаған жаппай эйфория көп кешікпей жаппай дағдарушылықпен алмасты. Бұл біреулер тарапынан наразылық, біреулер тарапынан болып жатқан өзгеріс атаулының бәріне дерлік сенімсіздік оятты. Кешегі кеңестік кеңістікте бүгін таңда «өкіметке алданып қалғандық» синдромы жаппай орын алып отыр. Оған шалдыққандар кебіне көп өздерін алдап кеткен өкіметтің басқа екімет екендігіне, оның тарих сахнасынан әлдеқашан аласталғанына жеткілікті мән бере қоймайды. Мемлекеттік билікке деген нигилизмнің дәл қазіргідей жаппай өршіп кетуіне бұл да аз себеп болып отырған жоқ.

— Мүмкін, өкіметке деген қазіргі ашық жеккөрушіліктің біршама жаңа себептері де бар шығар?

— Өкімет атына айтылып жататын сын мен бопса – қалай дегенде де қоғамды демократияландырудың нәтижесі. Жұрт әрдайым орайымен болмаса да, әйтеуір өзінің саяси жеңістерін пайдалана бастағандығының бір көрінісі. Кейде тіпті кешегі өкіметке кеткен қапысын бүгінгі өкіметтен қайтарып алғысы келіп жатқандай көрінеді. Әрине, шенеуніктерге мұншама қырын қараушылыққа бір жағдайда жаңа саяси-экономикалық қатынастарға толық бейімделіп болмаған бюрократияның өзі айыпты екені рас. Алайда, екінші жағынан бұл жағдайға күллі қауым болып жүріп жатқан процестерге түгел қанығып болмағандықтан да зардабы аз тиіп отырмағандығы да өтірік емес. Олар осының бәріне әу баста түрткі болған шын себеп пен оның салдарын әркез анық ажырата бермейді. Сондықтан да кешегі кеңес мемлекеті мен қазіргі жас егемендіктің арасындағы түбегейлі айырмашылықты елемейді. Оған бүгінгі тым шектеулі мүмкіндігі жағдайында атымен жүзеге асыра алмайтындай ауыр талаптар қоюшылық сирек кездеспейді.

Мұны айтқанда мен отандық билік орындарын сүттен ақ, судан таза қылып көрсетпек ойым жоқ. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев талай рет әділ де қатал сынға алғандай, сыбайлас жемқорлық, парақорлық, арам дәулетке мастанушылық – бізде де аз орын алып отырмағаны рас. Әлеуметтік сала аяусыз күзелді. Дәулет алшақтығы күрт күшейтіп кетті. Мұның бәрі, әрине, жұртшылықтың заңды ренішін туғызады. Алайда, бұны тек қазіргі қазақ элитасының ұлттық ауа жайылуы деп қарастыру, оған барша мемлекеттік қызметшілерді, тіпті күллі зиялы қауымды түгелдей күйдіру қиянат. Олай болса, дәл осындай дерт неге басқаларда да орын алып отыр? Мұның түп тамыры тереңірек және тек ұлттық менталитеттен ғана нәр алмайды. Алайда, оның басты бір себебі мемлекеттік биліктің өзі әлі жеткілікті реформаланып болмағандығынан екендігі даусыз. Кешегі кеңестік қоғамдағы әуелі билікке талас түрінде басталған қайта құру процесі жол және кей революцияшылық солақайлыққа ұшырап, таза эволюциялық реформа арнасына енді-енді бет түзегені белгілі. Оған бастапқы кезде өздерін ұзақ уақыт босағада ұстап, терді босатпай қойған брежневтік герронтократияға наразы мансапқор номенклатураның, әсіре орталықтандыруға іштей наразы салалық және аймақтық элитаның, бұрынғы «көлеңкелі іскер топтар» мен диссидент күштердің айрықша белсенділік танытқаны белгілі. Бірақ, олар бертін келе әуелде көп жағдайда стихиялық түрде басталып кеткен процестерді ақырына дейін өз логикасымен бейбіт жалғастыруға, жеткілікті саяси құлықтылық та, әлеуметтік табандылық та таба алмай, сыртқа ығысып кеткені аян. Олардың орнына келген жеткіншек истеблишмент нарық қатынастарына шын мүдделілік көрсеткенімен, әзірге, өкінішке орай, қажетті ұйымдастырушылық қабілет таныта алмай жатыр. Ең бастысы, реформаны жеделдетпек ыждаһаттарын бәр-бәрі уақытта қоғамның жалпы әлеуметтік аңсарымен тығыз орайластыра алмай отыр. Оппозициялық саясаткерлер тарапынан ағаттықтар мен қиындықтарды көзден тізу жеткілікті болғанымен, оны түзетудің ұғынықты да ұтымды жолдарын ұсыну тапшы. Екі жақ та қоғамдық дамудың осындай кезеңдерінде кездеспей қоймайтын «солшылдықтың балалық ауруынан» әлі күнге толық айыға қоймаған сыңайлы. Мұның бәрі жүргізіліп отырған реформаны одан әрі тиімді ету, адамдарға одан әрі ұғынықты және тартымды ете түсу үшін күресті пәрменді жүргізу қажет екендігін көрсетеді. Бүнда әлеуметшіл бағыттағы реформада өкімет көбірек ыждаһат танытса, өкімет ұтары, оппозиция көбірек ыждаһат танытса, оппозиция ұтары хақ. Бұндай екіұдай жағдайда реформа насихатына билік орындары да, қоғамдық күштер де ағыс аңдауды қойып, білек түре жұмылмаса болмайды. Реформа жаңа белеске шықты. Оны ойдағыдай орнықтыру үшін көп ыждаһат керек. Бірақ, революциялық әдіспен емес, шынайы реформаторлық әдіспен, экономикалық және праволық әдістермен күрескен жөн. Өйтпеген күнде әкімгершілік томаға тұйықтық өкіметтің әлеуметке ықпалын азайтары анық. Ал оны пайдаланып қалуға тырысатын митингішілік желігу онсыз да әлеуметтік күйзелістен қажыған қоғамның жүйкесін одан әрі жұқартып бағады. Ереуілдегеннен кәсіпорынның да, мемлекеттің де жұқа қалтасы жуандамайды. Аштық жариялағаннан бизнес билігінің қоңы бәрібір жұқармайды. Ал жаппай бірін бірі аңдушылық қоғамдық ахуалды орнықсыздырмаса орнықтырмайды. Осындай жағдайда «қиын болған сайын іс оңады» принципі бойынша әрекет ету – халық үшін қам жегендік болып шықпайды. Қысқасы әлеуметтік бопсашылдық дертін меңдету де, оның жетегінде кету де қоғамға оң тимейді. Бұл мұрат еткен жақсылықтарды жақындату орнына алыстата түседі. Сондықтан мұндай қиғаштықтармен күреске ең алдымен билік төңірегіндегілер мұрындық болуға тиісті. Олар әуелі өздерін тәртіпке шақыруға тиісті. Бұл конституциялық құрылысқа сенімді нығайтады. Конституциямен бекітілген тарихи таңдауға үмітті нығайтады. Міне, сондықтан да ел Президенті бұл мәселеге айырықша басым маңыз беріп отыр.

— Мұның тиімділігі қаншалық болмақ? Шенеуніктер өз-өзімен күрес жүргізбейді деген бар, сондықтан бұл күреске қоғамдық күштерді жұмылдыру керек шығар?

— Кез келген қиянатпен күрес конституциялық низамдық әдістермен жүруі тиіс. Әділ қазысы тек заң болмақ. Оны айналып өтуді көздейтін кез келген тәсіл – зорлық. Бұған қоғамдық күштер жағынан да, мемлекеттік институттар тарапынан да жол беруге болмады. Өкіметтің қоғамдық күштермен өзара қарым-қатынасы да конституциялық тұрғыда болуы тиіс. Мемлекеттік билік өзін өзі түзеуге және өзін өзі жетілдіруге қабілетті болмаса, өз түбіне өзі жетеді. Қоғамдық күштер стратегиялық мақсаттарды ұмытып, тактикалық ойындардың желеуімен кетсе, шын демократияның жұлдызы жанбайды, тәуелсіздікке қауіп төнеді. Қоғам тарапынан сын мен қатаң бақылау жағдайында ғана тиімді басқару болатыны дәлелдеуді керек етпейді. Сондықтан, демократиялық ахуалдың орныға түсуіне тарих алдында мемлекет пен қоғам, өкімет пен оппозиция бірдей жауап береді. Айтылар сынның мәні мен мақсатын, нәтижесі мен салдарын жіті талдап алу және нақ айқындау ерекше маңызды. Сол секілді кез келген қоғамның өзіне лайық үкіметке ғана емес, өзіне лайық оппозицияға да ие болатыны аксиома. Бұл процесте де оқиғаны қолдан асықтыруға болмайды. Меншік бөлісу жалғасуда. Содан өрбитін әлеуметтік жіктелу жүріп жатыр. Мүдделік сарапталу әлі бастапқы кезеңінде тұр. Жұрттың бәрі бірдей өзінің қоғамдағы жаңа рөлі мен жаңа орнын әлі ұғынып болған жоқ. Өзіне лайық әлеуметтік статусты, соның мүддесін қорғайтын қоғамдық күштерді әлі айқын ажырата қойған жоқ. Демек өзінің саяси таңдауын айқындап үлгерген жоқ. Ендеше, біздегі қоғамдық құрылымдар мүдделік жіктелуден, содан туындайтын әлеуметтік негіз бен бағдарламалық міндеттемелерден әлі алыс тұр. Бұл өкіметтің әр әлеуметтік топпен өз тілінде сөйлесуін қиындатады. Желбуаз популизм содан көбейеді. Өз жағдайын өзі жете түсініп болмаған көпшіліктен көлгірлікпен ұпай жинау билік басындағыларға да, билік жолындағыларға да абырой әпермейді.

Ең өкініштісі, қазіргі әлеуметтік таңдау процесінде қоғамдық дамудың стратегиясына байланысты көзқарас айырмасы емес, бүгінгі уақытша әл-ауқат ала-құлалығы, өткен мен бүгінге байланысты өкініш пен реніш көбірек үстемдік етуде. Бүгінгі таңда талайлар таза экономикалық себептер бойынша айта қаларлықтай қиыншылықтар сезінуде. Билік орындары олардың жағдайын жеңілдетуге шын мүдделі екендіктерін уақытылы және ұтымды көрсете ала бермейді. Біреулер Мұны жүргізіліп отырған реформаның жетімсіздігімен байланыстырады, бірақ оны қалай түзетудің нақты жолын ұсынбайды. Бірақ, солай екен деп олардың көкірегінен кері итергеннен шын реформатор үкімет ұтылмаса, ештеңе ұтпайды. Егер олар балама бағдарламалар ұсынар болса, оларға оппоненттер ретінде де, сонымен қатар потенциалды одақтастар ретінде де қарауға тура келеді. Олар түгілі дүниенің бәрін өздері билік басында болмағандықтан ғана ғайбаттайтын шамшыл топтарды да өзіндік бір қоғамдық санитарлар ретінде қабылдаған жөн болар еді. Ал егер сын мен оппозициялық күрестің бетпердесін жамылып, кешегіні қалпына келтіруді көздейтіндер мен көксейтіндер белең беріп жатса, қоғамға да, өкіметке де, әрине, мықтап ойлануға тура келеді. Қайтқан күнде де мемлекеттік қызметтегілердің жүйкелері азаматтарға қарағанда әлдеқайда берігірек, төзімдірек болғаны абзал. Баршаға бәрі айдан анық болса, өтпелі кезең бұлай аталмас та еді. Оппозициялық күрестің күштілігі де, әлсіздігі де билік орындарының реформа тағдырына, бұл жолдағы әрекеттерінің ұтымдылығына, өтпелі кезеңнің бірегей міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыруға жауапкершілігін еш жеңілдетуге тиіс емес.

— Бұл қандай міндеттер?

— «Өтпелі» сөзі екі кезеңнен тұратын бірегей процесті – ескіні жоққа шығара отырып, жаңаға көшуді білдіреді.

Бір құбылыстың құрамдас екі бөлігінің міндеттеріндегі әр алуандық оны жүзеге асыратын екі кезеңдегі әрекеттер сипатындағы әр алуандықты туғызады. Біздің мысалымызда, алғашқы кезең мемлекеттікті әлсірету, тіпті жою сценарийі бойынша жүрген болса, екіншісі мемлекеттікті нығайту жолымен өрбуі лазым. Жас егемендік тек сонда ғана орныға алады. Алғашқы кезеңді алсақ, жоғарыда айтылғандай, біз үшін біршама сәтті өтті. Басқарудың бұрынғы мемлекеттік-саяси жүйесімен түпкілікті қош айтыстық. Ал оның орнына орнықты, стратегиялық бағдарлы, жүргізіліп отырған реформаны жеделдететін ықпалды жүйе құра алуға тиістіміз. Бұл анау айтқан жеңіл нәрсе емес. Оған халық жаппай жұмылса ғана қол жетеді. Бұл тек міндеттер ғана емес, оларды жүзеге асырудың мақсаты, қарқыны, сипаты, мүмкіндіктері мейлінше айқын болған жағдайда ғана жүзеге асатын шаруа. Доктрина құмарлықтан емес, бірінші кезектегі практикалық қажеттіліктен туған «Қазақстан-2030» стратегиясы да күллі қоғам болып қолға алған жағдайда ғана орындалмақ. Бірақ оның ойдағыдай жүзеге асуына бүкіл бұқара халық емес, онда қойылған міндеттердің өміршеңдігіне нық сенімі, және солай болып шығуына айрықша мүдделі азғантай топ мұрындық болуға тиісті. Ол өзінің өзгеше ыждаһатымен, табандылығымен басқаларға өнеге көрсете алуға тиісті. Тек солай болған жағдайда ғана қоғам жаңарып, жаңаға әлеуметтесе алуы мүмкін. Уақыт талабына лайықты жауап бере алатын жаңа ұрпақ та тек солай қалыптаса алмақшы. Бұндай элитаның көктен түспейтіні белгілі. Ол қоғамның бүгінгі интеллектуалдық ресурсынан өсіп жетіледі. Ондай процеске мұрындық болу бүгінгі таңда тек мемлекеттің ғана қолынан келеді. Мемлекет тарапынан тиісті табандылық табылған жағдайда әлгіндей өрелі міндет нақты жүзеге асады. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанда қоғамның жаңа элитасын қалыптастыру мәселесіне қайта-қайта оралып соғын келеді. Жаңа астанадағы орталық аппараттардың алғашқы жиынында бұл мәселені тайға таңба басқандай қылып айқын қойды: жаңа сападағы элитамыз болуы тиіс және мемлекеттік қызметкерлердің бүгінгі корпусы бұл үшін күресіп қана қоймай, өзі оның нақты өзегіне айналуы тиіс. Ең ұйымшыл топтардың мұндай саналы құлшынысынсыз өткеннің таптаурын жолынан таяу арада шыға қоюымыз қиын. Бүгінгі мемлекеттік қызметшілерден тарих тап осындай тәуекелге бел бұруды талап етіп отыр.

— Бұл мемлекеттік қызметтің, яғни мемлекеттің рөлі мен мәнін барынша биік қою болып шықпай ма? Әрі бұл демократиялану процестерімен және нарық қатынастарын нығайтумен үйлесе қоя ма?

— Иә, бұл мәселеде демократия мен нарық теориясының әлемге мәшһүр білгіштерінің көзқарастары әр қилы екені рас. Мысалы, Карл Поппер тек «мемлекет пәрмені азайып, азаматтық қоғам ықпалы молаятын» режимді жақтады. Ал мұрат тұтатындай өнегелі мемлекет үлгісін сомдауға күш салған Платон мүлде басқа пікірде болғаны белгілі. Ол диктатураны немесе өзінің ешқандай меншігі жоқ, яғни көлденең олжаға қызыға қоймайтын құлқы таза әрі білімді элитаның өктемдігін жақтады. Бірақ оның армандап отырған қоғамы да меншігі жоқ билікшілерді меншігі бар қоластындағылар қалағанынша тойындыра алатын, тақ қонғанға бақ қонатын баққұмарлық коммунизмі болып шығады екен. Оған Ликургтің басқаруымен шын мәнінде коммунистік революцияны жүзеге асыра алған Спартаның тағдыры айғақ бола алады. Аристотель мен Адам Смит экономикаға мемлекеттің араласуын атымен орынсыз санады. Бірақ бұлардың қай-қайсысы да қиялдағыдай мемлекет және қиялдағыдай нарық орнатуға болады деп сенетін ойшылдар еді. Бірақ, олардан кейінгі демократия мен нарықтың романтикасы кемшін тартқан кезеңнің прагматик теоретиктерінің көзқарастары бұдан едәуір өзгеше болды. Джеймс Стюарт сонау 1767 жылы-ақ қоғамның қатардағы мүшесінің де, мемлекет қайраткерінің де қызметіне жеке мүдденің шешуші ықпал ететінін егжей-тегжейлі дәлелдеп берді. Джон Кейнс нарық экономикасын реттеуге мемлекеттің араласуының қаншалықты қажет екендігін жөне оның қалай жүзеге асатынын нақты тұжырымдады. Қазіргі саяси экономияның Хайек, Шумпетер, Менгер, Мизес, Гэлбрайт және басқа да көптеген ғұламалары бұл мәселе төңірегінде аз бас қатырған жоқ. Алан Шмидттің пікірінше, қазіргі өркениетте өз билігін өзі тежейтін минимальды мемлекет те, сондай-ақ нарық пен мемлекеттің өзара ықпалдастығы айқын көрінетін бедерлі билік мемлекеті де орын алып отыр. Минимальды мемлекет өндіріс ресурстарын жеке меншік иелерінің қолына береді, келісім-шарттарды мүлтіксіз орындауға мәжбүр ету жолымен меншік иелері арасындағы алыс-беріске араласады, еркін бәсекелестікті қолдайды. Ал нарықты билік тарапынан белсенді реттеуді үрдістейтін мемлекет әлеуметтік дауларды реттеуге, өндірістік қызметті кеңейту мен ресурс үнемдеуді ынталандыруға ашықтан ашық атсалысады. Мұның бәрі – біздің қазіргі экономикамыз үшін де ең өткір, ең өзекті мәселелер. Ендеше, жаңа туындап жатқан нарық пен демократияға, қайтадан қалыптасып жатқан экономикаға, әсіресе, қазір айқын назарда отыруға тиісті өтпелі кезең қиындықтарын шешуге мемлекеттің реттеушілік қызметі қажет болып отырғандығы басы ашық жағдай. Оның үстіне енді-енді қаз басып келе жатқан тәуелсіздік тағдырына мемлекеттік жауапкершілік тіптен керек. Біздегі қай істе де мемлекеттің араласуында тапшылық жоқ. Бірақ ол қаншалықты нәтижелі болып жатыр? Міне бұл – бүгінде бас ауыртатын ең күрделі жәйт.

— Мұны тезірек сауықтыру үшін бізде не істеліп жатыр?

— Бұл үшін, ең алдымен мемлекеттік басқаруды жақсарту қажет. Біздің Президентіміздің соңғы жылдары қолға алып отырғанының көбі дерлік нақ осыған бағытталған. Жаңа Конституцияда, оның негізінде қабылданған әлеуметтік-экономикалық заңдар да осыны кездейді. Тек соңғы жылдардың өзінде Үкімет әлденеше рет құрылымдық қайта қараудан, елеулі қысқарудан, түгел дерлік жаңарудан өтті. Облыстық, аудандық, жергілікті деңгейде де осылай болды. Құқық қорғау, сот, тергеу орындары да құрылымдық және құрамдық қайта қарауға ұшырады. Сыбайластыққа қарсы күрес құрылымы іске кірісті. Аймақтық және аумақтық басқаруды ықтималдандыру күн тәртібінен түскен жоқ. Астананы көшіру – соның бір мысалы. Елімізде және шетелде басқару кадрлары мен мамандарын даярлаудың кешенді бағдарламасы бар. Мұның бәрінің басты мақсаты біреу: елді басқарудың және реформа процестерін реттеудің сапасын көтеру. Кадрлар даярлау бар да, оларды іріктеу мен орналастыру бар. Мысалы, басқару реттемесін қайта-қайта сараптап, оны мейлінше ықшамдау мен соған байланысты қысқартулар тек қаржы үнемдеуді ғана емес, басқарудың кәсіптік деңгейін көтеру, жарыспалылықты азайту, мамандарды сұрыптауды жетілдіру мақсаттарын көздейді. Бұл реформа қарқынының бірінші кезекте шешілуге тиісті басымдықтарды жиі ауыстырып отыруды талап етіп отырғандығынан туындап отыр.

Көп жылғы тоталитаризм сүйегінен өтіп, жілік майына дейін уландырып үлгерген әкімгершілік үрдістегі басқару ісін сауықтыруды тездету қажеттілігінен туындап отыр. Соның бәрін сірестіріп тастаған енжарлық менталитетке тұтқиыл шабуылдауды күшейту қажеттігінен туындап отыр. Өйткені, билік сауықпай, қоғам сауықпайды. Бұл – осы бағыттағы іс-әрекеттің бастауы ғана, ол жолдағы нағыз майданның мықтап қызатын тұсы әлі алда, әрі ол, сірә, біршама ұзақ уақыт талап етер түрі бар.

— Бұл жолда қолға алып жатқан шараларымыздың дұрыс-бұрыстығына қалай көз жеткіземіз?

— Өз тәжірибеміздің озық-тозығын ұқыпты сараптап, өзгелер тәжірибесінің бізге қонымды-қонымсызын мұқият пайымдап, мемлекеттік қызметтің заманға лайық жаңа идеологиясын ұғынуға шындап ықылас танытқан жағдайда ғана бұл асу біршама оңай алынады. Басқару мен кадр саясатының қалыптасқан дәстүрлері аумағында ғана әрекет етіп, бірде-бір мемлекет шындап жаңғыртуға қол жеткізе алған жоқ. Англосакстардың бастапқы рационализмі Европаның өзінде талассыз қағидаға айнала алмады. Басқаруды біржақты радикалдандыру тіпті Германия, Италия, Испания секілді мәдениеті, экономикасы, қорғанысы жоғары дамыған елдердің өзін ақыр аяғында батпаққа апарып батырды. Герман низамы мен жапонның бусидо моральдық кодексін өзара өзектестірген Мәйдзи үлгісі де ұзақ баяндай алмады.

Мемлекетті басқарудың баршаға бірдей тиімді, бірдей қонымды түпкілікті жасалған әмбебап үлгісі жоқ әрі ол мүмкін емес болып шықты. Бұл арада үздіксіз ізденіссіз ештеңе шықпасы хақ. Соғыстан кейін Батыс пен Шығыстың көптеген елдері екінші жаңғыртуларына негіз етіп алған американдық тәжірибе де осыған көз жеткізеді. Жаңғыру мен демократиялануға ұмтылған елдердің бәрінде дерлік мемлекеттік басқару эволюциясы ұзақ та тайғақ кешуден өткен болып шықты. Мысалы, АҚШ мемлекеттік қызмет эволюциясының төрт кезеңін бастан өткізіпті. Олар алғашқы қырық жыл барысында «мұрагерлер мен джентльмендер» деп аталатын басқаруды мұрат тұтыпты. Одан кейінгі елу жылда – «өз күшімен кісі болғандар» делінетіндердің билігін байқап көріпті. Одан кейінгі ширек ғасырда «жалпы ізгілік» қағидасы үстемдік құрыпты. Тек 1906 жылдан бастап ғылыми басқару жүйесі билік алыпты. Кадр саясатының барынша терең аспектілерін жіті түсіндіретін бұл тәжірибе біз үшін де аттап өте алмас тағлым көзі болып табылады. Қоғамдық сенімге ие бола алған, білімді, жоғары мінез-құлықты тұлғалардың басқаруын қалайтын «мұрагерлер мен джентельмендер» басқаруы «еңбек сіңіру жүйесі» қағидасына негізделіпті. Алайда ол да ұзақ дәурендей алмапты. Өйткені басқаруды демократияландыруда мемлекеттік қызмет өзінің үй шаруашылығын дұрыстап жүргізе алған кез келген адамның қолынан келеді деп ойлайтын қарадүрсін түсінік үстемдік құрыпты да, билікке адам таңдауда халықтың бақылауын талап ететін эгалитарлық сыңар жақтық бел алыпты. «Еңбек сіңіру» критериі келе-келе «күш салу» критериімен алмасыпты. Кадрлар таңдалмапты. Әркім амалын тауып лауазым алуға тырысыпты. Алайда, «қызметке қол жеткізудің» бұл жүйесі «кері нәтижелерге», мемлекеттік қызметтің барған сайын қадірін кетіруге, сыбайластық пен етекбастылықты күшейтуге, билікті өз мақсатына пайдаланып қалуға, бармақ басты, көз жұмдылыққа, «билік алауыздығына», «қалтарыстағы үкіметтер» өктемдігіне ұрындырыпты. Басқарудың бұлайша іріп-шіруі мамандығы бойынша мемлекеттік құқ профессоры, ұлттың өзін-өзі билеуге еріктілігі идеясының алғашқы және белсенді жүргізушісі президент Вудруф Вильсонға өте-мөте ұнамапты. Ол әкімшілік мәселелерін саяси мәселелермен араластырмауды, «күш салу» мен «еңбек сіңіру» жүйелерін үйлестіруді, қоғамды мемлекеттік қызметке мейлінше кең қатыстыруды жақтады. Осының бәрі 1863 жылы қабылданған Пендлтон заңында көрініс тапты. Ол саяси мақсаттарды сайланып қойылатын халық өкілдері айқындап, оларды әбден кемелденген кәсіби қызметшілер жүзеге асырады деген тұжырымдамадан туындайды. Соңғылары саяси тағайындалғандар мен мансапты қызметшілер деп заңдық тұрғыда екі топқа бөлінеді. Алдыңғылары жеңген партияның президент лидерінің тікелей өзінің немесе Сенатпен келісімімен тағайындалды және қоғамдық сенімге ие болған адамдар ретінде, «еңбек сіңіру жүйесі» дәрежесіне жататындықтан, оларға маман ретінде емтихан тапсыру талабы қойылмайды. Екіншілері – мансапты қызметкерлер мамандық емтихандарын тапсырып конкурстық жолмен, іріктелінеді. Кейінгілер үкімет немесе саяси тағайындалған лауазым иесі ауысқанда қайтадан бекітуге жатқызылмай, өз орындарында қала береді. Сүйтіп «еңбек сіңіру» мен «күш салу» қағидасы бірдей ескеріледі. Бұл мемлекеттік қызметшілердің саяси қысым мен «жарылқаушылық ықпалдың» ыңғайында кетпеуге жағдай туғызады. Мемлекеттік қызмет бірте-бірте беделді кәсіп болумен қоса, дербес ғылым саласына айналды. «Ғылыми басқару» теориясының негізін қалаушы Ф. Тейлор өз доктринасын ұшалап-мүшелеп талдап, жіліктеп түсіндірді. Сол арқылы мәселенің байыбына барып, ақылға сыйымды шешім қабылдау, ахуалдың жай-жапсарына қанығып, салдарларын болжау, басқарудың салалық, мақсаттық жүйелілігін қамтамасыз ету, өзін-өзі ақтаған тәсілдер мен өнегелерді іріктеп алу, әрекет пен нәтиженің өзара қайтарымын мөлшерлей білу талаптары мен шарттары, қисындамасы мен әдістемесі жасақталды. Лауазымдық сараптама нақтыланды. Қызметке лайықтылық адалдық, мамандығын жете білу, зиялылық пен әжеттілік саяси бейтараптылық сынды сипаттармен анықталды. Бұл әдістеме әуелі АҚШ әскерінің азаматтық қызметтеріне кадр таңдау барысында сыннан өтіп, кейін күллі мемлекеттік қызмет саласына енгізілді. Ұлы дағдарыс пен екінші дүниежүзілік соғыс мемлекеттік билікті, президенттік басқаруды одан әрі күшейтуді талап етті. Бронлоу басқаратын комиссияның бұл бағыттағы қорытындылары мен ұсыныстары негізінде 1939, 1945, 1949 жылдары арнайы заңдар қабылданды. Ал 1993 жылы Альберт Гор басқаратын жаңа комиссия іске кірісіп, АҚШ бюджетіне таяу бес жылда 108 миллиард доллар қаржы үнемдететін 100 жаңа ұсыныс жасақталды. Мемлекеттік басқарудың барлық аспектілерін мөлшерлейтін, қызметшілерді қабылдау, жоғарлату және босатудың жөн-жосығын жіліктей тәптіштейтін 100 мың беттен тұратын низамдық негіздемеге ие АҚШ-тың өзі мемлекеттік қызметтің сапасын жақсартуға осынша күш салғанда, бұл бағытта біздің алдымызда қандай қисапсыз жұмыс тұрғанын айтып жатудың өзі артық.

— Ал сонда өзіміздің байырғы мемлекеттік тәжірибемізді қайтеміз?

— Оны мықтап ескеруіміз керек. Әсіресе, біздің байырғы мемлекетіміздің ғасырлап қалыптасқан тұрақты үрдіс ұстанған дәстүрлі қоғам жағдайында өмір сүргенін, ал ол үрдіс әлемдік даму қарқынына ілесе алмаған кезде сыр беріп алғандығын ұмытпауымыз қажет. Мұндай жағдайға тек біздер ғана емес, басқалар да ұшыратқан.

Олар да өз тәжірибесін басқалардың тәжірибесімен байыту арқылы замана талабына лайықты жауап Бере алған. Бізге бұл салада өз тәжірибемізбен шектеліп қалмау өте маңызды. Өйтіп, өзгелердің тәжірибесімен де, мүдделерімен де есептеспейтін, айырықша дербес жол іздеушілік империяшыл амбициядан айығын болмаған әупірім күштерге тән мінез. Біздің шама-шарқымыздағы мемлекеттерге әлемдік тәжірибеге «ашық есік» саясаты барынша лайық. Өйткені, күні кешеге дейін мемлекеттік дербестікке ие бола алмай, әлемдік еңбек бөлісу мен ықпалдасудан атымен шет қалып келген біздер үшін өзгелердің ащы-тұщы тәжірибесін табанды түрде зерттемей тыңайып кету мүмкін емес. Жаппай жаңғыру жағдайында бұндай қадамнан арланып, тек өзіндік дәстүрлер аумағында қалуға тырысатын тоңмойындық, В. Колингвуд дәл айтқандай, «ақыр аяғында әрқашан ұтылады». Оған осы жиырмасыншы ғасырдың өзінен талай мысал тауып беруге болады. Мұны біз әрқашан есте ұстауымыз керек. Өйткені мемлекеттік қызмет те – қайтадан ойлап табуды қажет қылмайтын «велосипед». Күллі әлем боп шыңдаған әлеуметтік құбылыс. Ол әуелде де алға жылжу көлігі ретінде ойлап табылғанды. Оны міндетті түрде қайта жасауға тырыспай, қайта оның жүріс-тұрысына кедергі келтіретін өз жолдарымыздың кедір-бұдырларын ретке келтіруге күш салған дұрыс. Тек сонда ғана әлсін-әлсін бізді бұлталаққа салатын, ара-тұра дұрыс бағытпен келе жатқанымызға шындап күмән туғызатын құқықтық низамдық «жолсыздықты» түзей аламыз. Қазіргі қабылданып отырған «Мемлекеттік қызмет туралы» заң мен жаңадан құрылған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттік осындай күрделі істердің бастаушысы болмақ. Өйткені біздегі мемлекеттік қызметтің сапалық деңгейі бізді не өркениетті нарықтың сәулетті көшесіне алып шығады, не қиян шеттегі көр-жерге толы мүттәйім базарлардың күңгірт дүңгіршектерінде бүгежеңдеумен күн кешкізеді.

— Бұл үшін жоғары сана құлық пен теориялық деңгейден басқа, сірә, экономикалық стимул: мысалы, шенеунікті пара алудан сақтандыратын әжептәуір жалақы қажет шығар?

— Әрине. Адалдық пен парасаттылыққа жеке мүдделіліктің тек моральдық қана емес, экономикалық өлшемі де болуы тиіс. Шенеуініктің адалдық – өзі үшін пайда табудың ең қауіпсіз, ал жоғары білік пен жауапкершілік – бастығына ұнаудың ең тиімді жолы екеніне экономикалық тұрғыдан қапысыз көзі жеткен жағдайда ғана мемлекеттік қызмет беделді кәсіпке айналады. Бұл мәселеде де бұдан әрі сіресе берудің жөні жоқ. Ауқаттылар тәжірибесінің арзанға түспесі анық. бірақ, арзан тәжірибенің арзымсыз нәтижелерінің де ығыр еткен сыңайы бар. Мемлекеттік қызмет адал ырзық айырудың ашық жолына айнала алмаған күнде арам пайда қуудың көлеңкелі жолына айналып кететіндігін кешегі кеңестік тәжірибенің өзі де жеткілікті дәлелдеп берген еді.

— Шенеуніктерге көлеңкелі экономиканың, топтар мен мафияның қолында қызмет етушіліктен тек осылай құтылуға болады деп ойлайсыз ба?

— Әрине, шенеунік те қоғам мен ел кез келген еңбекті, лауазымды тұлғаның да немесе қатардағы қызметкердің де маңдай тер, табан ақысын лайықты бағалай алатындай мүмкіндікке толық жетіскенде ғана қадірі асатынын түсінуі тиіс. Бұған қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан ғана емес, азаматтардың өз тарапынан да біршама экономикалық және моральдық ысырап шеге тұруға тура келетіндігі құпия емес. Сондықтан әзірге ел экономикасы аяғынан тік басып кете алмай тұрғанда, оның азаматтарына, әсіресе, өз мемлекетіне қызмет ету тапсырылғандарға, ең алдымен, ынсаптылық тұрғысынан өнегелі болуға, әлі қабырғасы қатпаған мемлекеттігіміздің уақытша кедейлігі мен әлсіздігіне, өз отандастары тарапынан орын алуы мүмкін әділетсіздікке, орынды-орынсыз өкпе-бопсаға, кейде тіпті шектен шыққан дөрекілік пен кекшілдік көріністеріне де шыдас бере тұруға тура келмекші. Дәл күні бүгінгі отаншылдық – ашу араздықтық шылауымен кетпейтін ұстамдылық пен шыдамдылық. Бізді қазіргі қиындықтар шырмауынан дәулет пен мансапқорлық тайталасы емес, ыждаһатты еңбек пен парасатты ізденістер ғана тездетіп шығара алады.

Өтпелі кезеңде көңілге медет етерлік жалғыз нәрсе: жағдай бәрібір жақсарады; құдай берген табиғи байлық бәрібір игеріледі; өніп, өрбіп жатқан ұрпақ оған, бүгін болмаса ертең, бәрібір жетіледі. Сонда олар өздеріне әлгіндей тарихи мүмкіндік туғызатын тар кезеңді бастан кешіргендердің көрсеткен төзімділігі мен табандылығына әділ бағасын беріп, алғысын айтары кәміл.

Ұрпағын ойлаған ұлт, келешегін ойлаған қоғам осыған сеніп өмір сүрмекші.
Қыркүйек, 1999 жыл.

ҮКІМЕТ ТЕЛЕГРАММАСЫ

(МАҚАЛАЛАР)

480013, Алматы қаласы Марков көшесі,
3 үй, 7 пәтер
Әбіш Кекілбаевқа
Құрметті ӘБІШ КЕКІЛБАЙҰЛЫ!

Сізге Президенттің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығын беру туралы шешім қабылдағанымды қуана хабарлаймын. Туған халқыңыз, бүкіл Қазақстан жұртшылығы Сізді республикамыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сарабдал саясаткер, тамаша сөз зергері ретінде таниды, қадірлеп, қастер тұтады. Бұл абырой биігіне Сіз табиғат-ана молынан сыйлаған ақыл-парасатыңыздың, қажымас қайратыңыздың, дара дарыныңыздың арқасында жетіп отырсыз. Сөз танитын адамды тәнті етпей қоймайтын кітаптарыңыздағы ордалы ойлар, терең толғаныстар Сіздің мемлекеттік, қоғамдық қызметіңізде жаңаша жалғасып, жарқырай көрінгені – халықтың ортақ игілігі. Сізге Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығын беруді ұйғарғанда мен көркемдігі келісті, ойы кемел әдеби және публицистикалық шығармаларыңыздың ел мен елді рухани жақындастырып, сан түрлі ұлт оқырмандарының бойында тарихымызға құрмет сөзімін қалыптастыратынын, сонымен қатар қоғам қайраткері, халық қалаулысы ретіндегі сан-салалы қызметіңіз еліміздегі қалыпты қоғамдық-саяси ахуалды сақтауға ықпал ететінін де ескердім.

Құрметті ӘБІШ КЕКІЛБАЙҰЛЫ!

Мәртебелі атағыңыз құтты болсын! Туған халқыңыздың бақытына жемісті еңбек ете беруіңізге, отбасыңызда амандық-саулық болуына тілектеспін!

Құрметпен, Қазақстан Республикасының
Президенті Н. НАЗАРБАЕВ

ПРАВИТЕЛЬСТВЕННАЯ ТЕЛЕГРАММА

Уважаемый АБИШ КЕКИЛЬБАЕВИЧ!

С радостью сообщаю о своём решении о присужении Вам Президентской премии Мира и духовного согласия. Наш народ, вся общественность Казахстана знают, уважают и ценят Вас как авторитетного государственного и общественного деятеля, зрелого политика, выдающегося мастера художественного слова. Такое признание Вы получили благодаря своему могучему таланту, ясному уму, крепкой воли, которыми щедро одарила Вас мать-природа. Просветляющие сердца людей вдохновенные мысли, благородный нравственный пафос, присущие Вашим произведениям, не оставляют равнодушным никого, кто может по достоинству оценить силу подлинного художественного слова. Все эти качества в полной мере находят отражение в вашей государственной и общественной деятельности. Они – наше общее достояние! Принимая решение о присуждении Вам Премии Мира и духовного согласия, я исходил из того, что Ваши высокохудожественные литературные и публистические произведения, имеющие огромную нравственную силу, будут впредь служить духовному сближению народов, утверждать в сердцах Ваших читателей разных национальностей чувство глубокого уважения к нашей истории, культурному наследию, вековым традициям, а Ваша многогранная работа как общественного деятеля, избранника народа будет способствовать делу стабилизации и дальнейшего укрепления согласия в общественно-политической жизни страны.

Уважаемый АБИШ КЕКИЛЬБАЕВИЧ!
Поздравляю Вас с Почётным званием Лауреата!

Желаю успехов в Вашей неутомимой работе на благо народа, доброго здоровья и счастья Вашей семье!

С уважением
Президент Республики Казахстан

Н. НАЗАРБАЕВ

Әбіш КЕКІЛБАЕВ:

«МЕН ӘДЕБИЕТІШ БОЛМАСАМ, САЯСАТҚА КЕЛМЕС ЕДІМ...»

— Әбіш Кекілбайұлы, өзіңіз бас редактор болған «Егемен Қазақстанның» ұжымы мен оқырмандары сізді Президенттің биылғы жылғы бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығын алуыңызбен құттықтайды. Алғашқы сауал орнына сіздің шығармашылығыңызға тәнті, зейін қоятын, бағалайтын қауымға, құттықтау жолдаған жұртшылыққа деген лебізіңізді газет арқылы жеткізуге ниеттеніп отырмыз.

— Иә, біздің қоғамымызға да, адамзаттық қауымдастыққа да ең ізгі мұраттар жолында аянбай қызмет етіп, үлкен беделге ие болған абыройлы азаматтармен бірге Президенттің бейбітшілік және рухани татулық сыйлығына ие болғаныма өте қуаныштымын.

Адамдар мен халықтардың арасындағы жарастыққа қызмет ету – менің суреткерлік те, азаматтық та парызым. Хал-қадарымның жеткенінше ол парызымды адал атқаруға тырыстым. Шығармаларымның көпшілігі де осы мұратқа бағышталған. Кейінгі он жылдықта парламентте де, қоғамдық қызметте те, саяси қызметте де мемлекетіміздің ұлттық саясатымен тікелей айналыстым. Қазіргідей әлеуметтік орнықсыз кезеңде Қазақстан жұртшылығының өзара жарастық ахуалын қалтқысыз сақтай алғанын зор медет тұтамын. Ол біздің әрбір отандасымыздың биік адамгершілігі мен азаматтық парасаттылығының арқасы. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың отандастарымыздың сол пиғылын терең түсініп, тарихи шешуші кезеңде ұлтаралық әділдік таразысын мейлінше мұқият қадағалап отырған саяси көрегендігінің арқасы. Көпұлтты қоғамның ішкі татулығын сақтай білу тек бір ел, бір мемлекет үшін ғана емес, күллі адамзаттық қауымдастық үшін де зор игілік. Қазақстандағы орнықтылық ахуалдың дуниежүзілік дәрежеде зор бағаланып, кеңінен қолдау табуы да соның айғағы. Бұл күндері жұртшылықтан, әріптестерімнен, оқырмандарымнан, бұрынғы сайлаушыларымнан, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінен достық лебізге толы құттықтаулар көптеп келуде. Баршасына да шын жүректен алғыс айтып, ешқайсымызды да енжар қалдырмайтын жарастық пен татулық, бейбітшілік пен тыныштық жолында алда да күш-жігерімді аямайтындығыма сендіргім келеді. Бұған мүмкіндік туғызып отырған «Егемен Қазақстандағы» қаламдастарыма айрықша ризашылық білдіремін. Өз болашағының тізгінін енді өз қолына алып жатқан еліміздің көсегесі көгеріп, әр отандасымыздың дегеніне жетіп, абыройлы ақ жүзді өмір сүруіне тілектестігімді білдіремін. Татулығымыз бен жарастығымыз тіл көзден аман болғай!

— Саясат олимпіне көтерілу соқпағы сан тарау. Сізді көзінде де, қазірде де сол қияға жетелеген негізгі күш – қалам қайраты көсемсөздік шеберлік, ұлттық рухымызды оймен суарған қабілетіңіз деп түсінеміз. Алайда мемлекет пен қоғам қайраткері танылғалы шығармашылық жайын сұрауды ұмытып жүрміз. Аяқтап қалған әдеби туындыңыз бар ма? Алдағы жоспарыңыз қандай?

— Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем. Бұрын суреткер ретінде толғандырған мәселелер – мені азамат ретінде де толғандырып жүрген мәселелер еді. Қиял арқылы шешіп келген мәселелерді нақты өмірде шешуге тікелей атсалысуға мүмкіндік туып тұрса, одан қалайша бой тартамын?! Оның үстіне, қай кезде де қаламгерлік еңбекті қоғамдық қызметпен ұштастырып жүрген адаммын. Саясатқа келгеніме өкінбеймін. Тауқыметі көп.

Күндіз күлкіңді, түнде ұйқыңды бұзатын тұстары да мол. Әлеуметтік өмірдің талай шиеленісті додаларының ортасында жүруге де тура келді. Оның бәрі мені саясаткер ретінде ғана емес, суреткер ретінде де шынықтырады деп ойлаймын. Абай айтқан «сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан» деген өсиетті жүзеге асырудың қандай болатынының да қыр-сырына бір кісідей қанығып қалған сияқтымын. Қоғамдағы өзгеріс өткір пікір таласы арнасында қалыптасады. Менің суреткерлік те, саясаткерлік те бірден-бір қаруым – өмірлік құбылыстарға деген өз көзқарасым. Толғақты мәселелер талқысына топтан жырылып қалған жерім жоқ. Пікір таласы да шайқас қой. Мен үшін жеңу – мұрат емес, жеңілу – ұят емес. Ел мен қоғам тағдырына өз көзқарасың, өз пікірің болып, соның жүзеге асуы жолында неге де болса, шыдай білу – мақсат. Саясаткерлік те, суреткерлік те сол мақсатты тыңғылықты іске айналдыратын салиқалы қарекеттер деп білемін. Суреткерлікке ауыссам – күрескерліктен қол үзбегенім, саясаткерлікке ауыссам – суреткерліктен қол үзбегенім деп санаймын. Өмір жетсе, оқырманмен бөлісер ойлар мен әсерлер өте көп. Қазір де қарап жүргенім жоқ. Талантты режиссер Ардақ Әмірқұлов Абылай туралы фильм қоймақ. Соның әдеби негізін жасауға атсалысып жатырмын. Қырғыздың «Боранды бекетті» қойған режиссері Бақыт Қарақұлов менің «Ханша дария хикаясы» атты шығармамды экранға шығармақ. Оған да белсене араласуға тура келіп тұр. Көсемсөзде қаламым қолдан түсіп көрген жоқ десе де болады. Жуырда «Заманмен сұхбат» атты ой-толғамдар кітабын баспаға тапсырдым. Амандық болса, шығып қалар. Қысқасы, жазуды ұмытқан жоқпын. Жазушылықтан айныған жоқпын. Ол – менің басты қызметім, басты лауазымым.

— Соңғы жылдардағы негізгі екі қызметіңіз: бірі – мемлекеттік кеңесші, екіншісі – парламент төрағасы болғандағы басты түйгендеріңіз не? Бұл қызметтерге бой мен ойдан қанша күш-жігер жұмсасаңыз, өзіңізге сонша күш-қуат та қосып алған боларсыз?

— Біз жаңа қалыптасып жатқан жас мемлекетпіз. Біздің әр қадамымыздың ойдағыдай шыға бермеуі мүмкін. Оның үстіне тәуелсіздікке жету, демократиялық мемлекет, азаматтық қоғам орнату, экономика мен бүкіл үрдіс салтты заманға лайықтап қайта құру сынды әр қайсысы бір-бір ғасырға жүк болғандай ауыр міндеттердің қатар келуі балаң елдер түгілі, қабырғалы қауымдарға да оңай тимейді. Сол өзекті процестердің жеңісті жүзеге асуы халықтың саяси белсенділігі мен заңгерлік өркениет қағидаларының орайласа дамуына байланысты ғой. Мемлекет ұстанбақ саясат халықтың кәсіби маманданған білікті өкілдерінің ашық пікір тайталасы сарабынан етіп, ықтимал шешімін тапқан жағдайда ғана заңдық пәрменге ие болады. Парламентте мұндай қоғамдық мәні зор, тарихи құндылығы күшті, бір ғана емес, бірнеше ұрпақтардың тағдырының дұрыс қалыптасуына тікелей ықпал бар жауапты істің өрістейтін аясы. Сондықтан, парламенттік еңбек – өте ауыр, әрі абзал кәсіп. Бес жылымды соған бағыштағандықтан, әлемдік парламентаризмнің тарихы мен теориясын зерттеуге көп күш-жігерімді жұмсадым. Тәуелсіз мемлекетіміздің тұсаукесер кезеңіндегі алуан қырлы мәселелерді шешісуге тікелей атсалыстым. Халықаралық парламенттік ұйымдардың қызметіне де бір кісідей қатыстым. Екі шақырылым тұсында да қосақ арасында босқа жүрмей, парламенттік шешімдердің тыңғылықты қалыптасуы жолында аянып қалған жерім жоқ. Онымды сайлаушыларым да, депутаттық корпустағы әріптестерім де, былайғы жұртшылық та жақсы біледі. Бұл жолдағы ащыны да, тұщыны да түгел таттым деуге болады. Ащысының тұсында жасқанған, тұщысының тұсында мастанған жерім жоқ сияқты. Жеңіп те көрдім, жеңіліп те көрдім. Бірақ, соның бәрін бір басымның бағы мен астымдағы тағым үшін істеген емеспін. Соны сезіну – маған саяси өмірдің ең қиын сәттерінде ең берік рухани медет болды.

— Жоғарғы Кеңестің билігі туралы баға да, жала да айтылып жүргенімен, саяси баққұмарлыққа ұмтылған бірен-саранды саяси байсалдылыққа бейім басым көпшілік тезге салғанына біз, журналистер талай куә болғанбыз. Енді еліміз жаңа парламент сайлауы қарсаңында түр. Оның қандай болғанын қалайсыз? Бірқатар бұрынғы депутаттардың осы сайлауда жеңіске жету мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

— Өткен өреуіл, қалған салауат деген. Өкілетті демократияның кеңестік үрдісінің тарихтан кетіп бара жатқаны рас. Көршілес мемлекеттердің көбіндегі парламенттік дағдарыс осыдан өрбіп жатыр. Ол бізді де айналып өте алмады. Бірақ бізде шектен шыққандай, шекарадан асқандай өрескел ештеңе бола қоймаған сияқты. Парламенттің мерзімінен бұрын тарағаны – таза тағдырдың ісі деп санаймын. Қалыптасып болмаған қоғамда кездеспей қоймайтын көп қалт басуымыздың бірі деп есептеймін.

Жаңа парламентаризмнің қалыптасуына оң мен солды айқын ажырата алатын азаматтардың көбірек қатысқанын қалар едім. Тәжірибе мен жастық жігер бірдей қатысқан парламент қана аузы дуалы, азуы мықты парламент бола алады деп түсінемін. Бұрынғы депутаттар да, ендігі үміткерлер де елмен бірге өмір сүріп, елмен бірге толғанып жүрген азаматтар екеніне еш күмәнданбаймын. Олардың арасына ешқандай ала жіп кергім келмейді. Ел кімге көбірек сенсе, парламентке сол келсін. Бұрынғы әріптестерімнің арасында ондай сенімге ие бола алатындардың, құдайға шүкір, баршылығына кәміл сенемін.

— Әдебиеттегі халқы үшін күнін ғасырдан ұзартып уайым кешетін Айтматовтың Едігесі, елдің қамымен шыңырауға құлдырар Кекілбаевтың Еңсепі секілді геройларды бүгінде таппай қалдық. Әлде әдебиетте қаламгердің өзі бас кейіпкер мінберінен сөйлейтін жаңа жанр – әлеуметтік публицистика мен саяси пайымдау стилі қалыптасты ма? Өз шығармаларыңыздағы қай кейіпкеріңізді сағынып жүрсіз?

— Тарих та теңіз айдыныңдай нәрсе ғой. Буырқанған тұсында толқындар мен қолма-қол арпалысатын өжеттік керек те, тыныш көзінде жайбарақат тереңге бойлайтын жайдары шыдам керек. Көсемсөз толқынмен арпалысар албырт жанр. Қалғандарына кеңінен ойланып, кемел толғанатын тыныштық керек. Мен бүгінгі таңда толқын арасында жүрген адаммын. Көсемсөзге көбірек бой ұрмасқа лажым жоқ. Бірақ, жазу үстелінде жайбарақат ойға шомып, жаппар хақтай жалғыз өзің бір дүние, бір әлемді қолдан жаратып, оны өзің жаратпаған басқа әлеммен салғастыра салыстырып, қаламды қайық қып мініп, тіршілік шалқарын қиялыңмен қапысыз шарлайтын күндерді сағынамын. Сондай дәуренде олжа боп бұйырған Шыңғысхан, Ақсақ Темір, Әбілхайырдай кейіпкерлерімді сағынамын. Олардың жанын ойрандап, бастарын бұлталаққа салған кептерді өз көзіммен көріп, өз ортамда кешіп жүргеніме қайран қаламын. Мен жазған оқиғалар мен ахуалдардың өз заманым мен өз ортамда қайталанғанына қайран қаламын. Бұл бұрқақтар да өтер. Жазу үстелімнің басында жайбарақат отырар күндер де келер. Оған дейінгі доданың бәріне де төзіп бағамын.

— Айтматовтың әйгілі романы арқылы әлеуметтік мінез-құлықта – мәңгүрттік, философияда – мәңгүртизм ұғымы қалыптасты. Өбеке, қазақ оқырманы бұл құбылыспен алғаш алпысыншы жылдары сіздің повесіңізден де таныс еді. Біздің қоғам бұл кеселге ұрынбай аман-есен өтті ме? Бүгінде қандай рухани дерттен сақтандырғыңыз келеді?

— Мәңгүрттік – барлық ғасырда бар құбылыс. Аздың емес, көптің басындағы құбылыс. Мәңгүрттік – тек тіліңді ұмыту, тегіңді ұмыту емес. Тілің мен тегіңді ұмытқаныңды да байқамай қалатындай әлеуметтік жетесіздік. Өзіңді ғана ойлап, еліңді ұмытып кететін пасықтық. Бүгінгіні ойлап, өткенді ұмытып кететін парықсыздық. Бүгінгіні уайымдап, ертеңгіні уайымдамайтын тайыздық. Ондайлар қайда жоқ?! Тек ана тілін ұмытқандарды ғана жазғыру әділдік емес. Ана тілінде сайрап тұрған да талай мәңгүрт толып жүр. Ең басты мәңгүрттігіміз – өзімізді дұрыс бағалай алмайтындығымыз. Әр нәрсені бір сылтауратып, өзімізді өзіміз кеудеден итеретініміз. Басқаларға өкпелеудің жөні жоқ. Сыйлай білетінді сыйлай білмейтін кісі жоқ. Әңгүдіктікке ұрынсақ, өзімізді де, өзгені де сыйламаймыз. Өзімізге де, өзгеге де сыйлата алмаймыз. Жаңаның жақсылығын, ескінің қадірін білмеген адам бәрібір біле алмайды. Таңсықтың соңынан жүгіре жөнелу бейтаныс жолаушының соңынан далақтап шаба жөнелетін әупілдектерді еске салады. Көбі сақ құлақтықтан емес, әңгүдіктіктен әупілдейді. Қазіргідей заман өзгеріп жатқан тұста құдай сондай әлеуметтік әңгүдіктік пен әупілдектіктен сақтағай...

Әңгімелескен Тілекқабыл БОРАНҒАЛИҰЛЫ.
«ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» 2 қараша, 1995 ж.№ 213
Болаш ОҢҒАРБАЕВ

ПАРАСАТ ПЕН САЯСАТ

«Жас төлге қараөкпе қандай қатерлі болса, жас тәуелсіздік пен балаң демократияға диктатураның да тап сондай қатерлі екені рас. Тәуелсіздік алған көп мемлекеттің бірден өркендеп кете алмауына жол-жөнекей диктатураға ұрынуының қырсығы тиіп жатқандығы да көзге көрініп тұрған ақиқат. Ендеше, мұндай әңгімеге апшымаған дұрыс. Ондай дерттің алдын алудың жай-жапсарын жете топшылаған дұрыс. Диктатура қаупін билік басында отырғандардан да, оның қасында отырғандардан да, тіпті билікті алыстан дәметіп жүргендерден де күтуге болады. Жаңағы он үш мысалдың басым көпшілігі басы Германиядағы Гитлерден бастап, билікке жолдан қыстырылғандардың қырсығынан болған. Қай диктатура да қоғамдағы бірауыздылықтың емес, алауыздылықтың салдарынан орнаған. Сондықтан тәуелсіздік пен демократия тағдырына тарих алдында елдегі саяси элитаның алғашқы буыны айрықша жауапты. Егер олар шетінен баққұмарлық пен тақ құмарлықтың дертіне шалдықса, демократия мен тәуелсіздікті қаран су алды дей беріңіз. Егер олардың арасында адам қамын ойлайтын гуманистер мен қоғам қамын ойлайтын патриоттар басым түссе, тәуелсіздік пен демократияның да бағы жанатыны даусыз». (Әбіш КЕКІЛБАЕВ, көрнекті қаламгер, танымал саясатшы, белгілі мемлекет, коғам қайраткері) Біз бала көзімізден баспасөзге тым үйір болып өстік. Әсіресе, сол кездегі «Лениншіл жас» газеті біздің сүйіп оқитын ең қызықты газетіміз болатын. Әр нөмірін оқып болғаннан кейін өзімізше талқылау жасап, біраз уақытқа дейін жақсы жазылған мақалалардың шылауынан шыға алмай жүретінбіз. Оның басты себебі, бұл газетке сол жылдары журналистиканың бір топ талантты тобы шоғырланған еді. Соның ішінде парасат пайымы жоғары, сөз зергері, әрбір жазған мақаласы адамға үлкен ой салатын Әбіш Кекілбаевтың жөні бөлек еді. Болашақта журналист болсам деп қиял қанатына мініп жүрген мен үшін Әбекең үлкен бір әлемдей болып көрінетін. Сол кісіні көрсем деп армандаушы едім. Сол бір жылдары Әбекеңнің «Алтын шуақ» деген өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Осы күні ойлап отырсам, Әбекеңнің ол кітабы тұп-тура университетті бітірген 1962 жылы баспадан шығыпты. Қайсыбір ақын-жазушыларымыз ата сақалдары аузына жеткенше оңған бір кітап шығара алмай жүргенде, Әбекеңнің студент болып жүріп-ақ анадай кітап жазуы оның талантының қаншалықты биік дәрежеде екенін айтпай-ақ аңғартса керек. Арада төрт жыл өтпей-ақ Әбекеңнің 1966 жылы «Бір шөкім бұлт», ал 1968 жылы «Дала балладалары» атты повестер жинақтары оқырман қауымның қолына тиді. Сөйтіп, талантты жазушы ағамыз тағы да бір тамаша қырымен танылды. «Бір уыс топырақ» атты кітабын да оқырман қауым қолдан қолға тигізбей оқыды. Ал «Дәуірмен бетпе-бет» атты әдеби сын кітабы арқылы жазушы сыншылығымен талайды тамсантты. Сол жылдары ол аты әлемге әйгілі Мопассанның «Пьер мен Жан», «Өмір» атты романдарын қазақ тіліне тәржімалады. Әлемдік әдебиетке әбден сусап жүрген қазақ оқырмандары Мопассанды өз ана тілдерінде оқыды. Сөз жоқ, бұл Әбекеңнің құдіреттілігі еді. Жиырма үш жасында университет бітіріп, отыз жастың о жақ, бұ жағында осындай үлкен іс бітірген Әбекеңді шынында да нағыз тума талант демеске амалың жоқ. Ол кісінің өмір жолына қарасаң, Маңғыстау облысының, Маңғыстау ауданындағы «Мырзайыр» деген шағын ғана ауылда туып-өскен. Орталықтан, үлкен мәдени орталықтан тым алыста тұрса да, осындай білімді қайдан қалыптастырған деп ойлайсың. Бала кезден бір көруді арман еткен Әбіш ағаны ту сыртынан ең алғаш көргенімде, мен оны бірден Мұхтар Әуезовқа ұқсаттым. Жазық, кең маңдайына қарап тұрып, атамның «Маңдайы кең адамдар ақылды болады» деген сөзін есіме алдым. Расында да, халық айтса қалт айтпайды ғой. 1990 жыл біздің ел өміріндегі елеулі жылдың бірі болғаны баршамызға аян. Сол жылдың 24 сәуірінде тұңғыш Президентіміз сайланып, демократиялық жолмен сайланған жаңа депутаттарымыздың алғашқы сессиясы болды. Парламенттің алдында қордаланып қалған көп мәселелер тұрды. Мемлекеттік тілді қайта қарау керек деп қайсы біреулер бүйректен сирақ шығарды. Соның өзі қаншама талас тудырды. Еліміздің тәуелсіздігі, оның Елтаңбасы, Әнұраны, Көк байрағы жөнінде де көп талас болды. Жасыратын не бар, Қазақстанды Ресейдің бір бөлшегі деп санайтын кейбір кертартпа депутаттар салмаған лаң қалмады. Олармен тіл табысудың өзі тіпті қиын еді. Міне, сондай кездері көптеген ағаларымыз ашық айтысқа түсті. Соның ішіндегі Әбіш Кекілбаевтың шоқтығы әрдайым биік тұрды. Қарсы жақ дау айтып, бірдеңе шығарса, Әбекең әдеппен ғана сөз сұрап, өзінің терең білімінің арқасында депутаттарды сабырлылыққа шақырды. Осының бәрін журналистер отыратын орыннан байқап отырған біздер «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген ата-бабамыздың сөзін жиі-жиі еске алумен болдық. Депутаттар арасында дау туып, іс насырға шауып бара жатса, сөз кезегі Әбекеңе тисе болды, тынысымыз кеңейіп, көңіліміз жайлап сала беретін. Өйткені, ол кісінің тауып айтқан дәлелді сөздерінен кейін бас, көз жоқ айқайға салған депутаттар басылып қалатын. Өткен іс өтті, кетті, алайда біз ол күндерді ешқашан ұмытпаймыз, біз Кекілбаевты елім деп еңіреп соққан жүрегі үшін сүйеміз. Мен ол кезде Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің «Халық кеңесі» газетінде қызмет істейтінмін. Сессиядағы әрбір қаралған мәселеге байланысты сұхбат алуды редакторымыз бәрімізге қатаң тапсырып қойған. Сондай сұхбатты Әбіш Кекілбаевтан алудың сәті бірнеше рет маған түсті. Мұндай кезде Әбекең «мен Комитет төрағасымын-ау, немесе қоғам қайраткерімін-ау» деместен, бірден келісе кетеді. Айтқан мезгілінде кабинетіне барсаң, жылы шыраймен қарсы алады. Әдетте кейбір депутаттар не айтсам екен деп қиналып, кейде өзіңнен сұрап жатады ғой. Әбекең ондай емес, бір ауыз ғана сұрақ қойсаң болды, бұтарлап, түсінікті тілмен айтып береді. Тіпті ол кісінің диктофонға түскен сөзін түгелдей-ақ газетке жариялағың келеді. Амал қанша, бас редактордың әрқайсымызға берген санаулы жолдары бар. Жауапты хатшы тағы шырылдайды. Сондықтан бір жолды да асыра алмайсың. Ал сұхбатты көлемді етіп бере алмағаныңа ішің удай ашиды. Ол кісі болса «көлемін азайтып жіберіпсіңдер-ау» деп ешқашан айтпайды. Өйткені, газеттің тәртібін өзі де жақсы біледі. Өткен жылы белгілі жазушы, ұзақ жылдар бойы «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған Сейдахмет Бердіқұлов дүние салды. Ғабит Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер театрына ол кісімен соңғы рет қоштасуға көп адамдар жиналды. Оған сол кездегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Әбіш Кекілбаев та келді. Қоштасу рәсімі бітіп, Сейдахмет Бердіқұловтың табытын арнайы машинаға салып жатқанда Әбіш аға театр алдында состиып тұрып қалды. Бұйра шашы самал желмен желбіреп, жүзі бұзылып кеткен, іштей қатты қиналып тұр. Қос жанарын табыт салған машинадан алар емес. Сол сәт оның адам деген асқақ ұғымының ең биік шыңында тұрғанына, жүрегінің соншалықты нәзіктігіне қайран қалдым. Оның артындағы нөкер болып келген басшылардың ешқайсының жүзінен ондай сезім байқалмады. Түк болмағандай сықиып, шіреніп түр. Сонда Әбіш Кекілбаев пен оны қолпаштап жүргендердің арасының жер мен көктей екенін түсіндім. Әбекең ел басшысының бірімін, белгілі қоғам қайраткерімін деместен, әріптес жолдасының қазасына бар жанымен жылады. Осыдан біраз уақыт бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Нұрлан Оразалиннің Әбіш Кекілбаевпен жүргізген «Келешек қамын кеңінен ойлаған лазым» деген сұхбаты жарияланды. Нұрекең Әбекеңе:

— Әбеке, сіз бұрынғы депутатсыз, бұрынғы төрағасыз, Тұңғыш кәсіби парламенттің тағдырының бұлай болғанына қынжылмасаңыз, қуанбайтыныңызды түсінеміз,– деп сауал тастады. Әбекең:

— Қынжылады деген аз. Қабырғам қайысып, қатты қиналдым. Ол, әрине төрағаның жұмсақ орындығы жаныма жағып кеткендік емес. Ол орындық, расына келсек, тікен шаққандай жайсыз орындық еді. Заман сыңайы болса мынау. Ел жағдайы болса анау. Өрге басып, ойдан шығып жатқан шаруалар көп емес. Оны біреулер үкіметтен көреді, біреу парламенттен көреді.

Екеуі де – жаны күйзелген тәңірін қарғайдының кері. Әйтпесе, бұрынғы кеңестік кеңістіктің қай бұрышында, қай билік саласында қай іс оңып жатыр? Бәрінде де осы күйзеліс, осы қынжылыс емес пе?! Ендеше, бұл әлдебіреудің әдейі қаскөйлігінен емес, тарих талқысынан туындап жатқан тақсіреттер,– деп жауап береді. Соңғы бес жылда еліміз талай жағдайды бастан кешті. Осы уақыт ішінде билікке біреу келіп, біреу кетіп жатты. Сол кеткен адамдар жұмсақ орнынан айрылғаннан кейін халықтың қамын ойлағансып шыға келеді. «Ойбай, анау болды, мынау болды. Елбасшысы құртып жатыр, суалтып жатыр» деп қарапайым халық алдында байбалам салады. Содан арзан бедел жинағысы келеді. Ол егер ел қамын ойласа, бұрынғы қызметінде тұрғанда неге ойламады?! Ал табиғатында талантты, туған халқын жанындай жақсы көретін Әбіш Кекілбаев ақылдылық танытты, елін, жұртын сабырлылыққа шақырды. Сондықтан да болар, Қазақстан Халықтық – кооперативтік партиясы оны Маңғыстау облысынан өздерінің қалаулысы ретінде депутаттыққа кандидат етіп ұсынды. Ендігі жерде елі өздерінің елеулі ұлдарын елейтін шығар деген үміттеміз. Өйткені, Әбіш Кекілбаев – халқымызға керек адам.

ТҮСІНІКТЕР

«Сайран құмарлық санаға тұсау». «Заманмен сұхбат» (1996) кітабына енген.
* * *

«Әділет бар жерде ынтымақ бар». «Қазақ әдебиеті»– 11 тамыз 1989 жыл. «Азаттықтың ақ таңы» (1998) кітабына кірген.

* * * «Исцеляющее воздействие слова». 1987 жылы Қазақстан Журналистер одағы басқармасының пленумында сөйленген сөз. «Азаттықтың ақ таңы» кітабына енген.

* * *
«Время не ждет». «Азаттықтың ақ таңы» кітабына енген.
* * *

«Ел еңсесі биік болсын». «Халық кеңесі» газетінің 1990 жылғы 1 нөмірінде берілген мақала. «Заманмен сұхбат» кітабына енді.

* * * «Ойдағымыз болды, ортамыз толды». Республикалық газеттерде, «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы» кітаптарына енді.

* * * «Пусть планета станет всеобщим мирным домом». 1991 жылдың маусымында Женевада ОБСЕ мәжілісінде сөйленген сөз. «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы» кітаптарында басылды.

* * * «Осваивать – не только брать». «Казахстанская правда» – 26 тамыз 1989 жыл. Мақала Ә. Әлімжановпен бірге жазылған. КСРО Халық депутаттары І съезі делегаттарына таратылған. «Новый Узень: пора всерьез задуматься о многом». 1989 жылғы Жаңа өзен оқиғасы болған жерлерді аралап қайтқан сапардан соң 28 маусым күні Қазақ радиосынан

сөйленген сөз.
* * *

«Айналаң – алтын бесігің». «Қазақстан әйелдері» журналының 1991 жылғы 9-нөмірінде басылып, «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы» кітаптарына енген. «Чтобы сбылось то, о чем давно мечтаем». 1990 жылғы Қазақ КСРО Жоғарғы Советі сайлауы қарсаңында Павлодар облысының Екібастұз ауданындағы Шідерті кенті сайлаушылары алдында сөйленген сөз. «Азаттықтың ақ таңы» кітабында жарияланды.

* * * «Ең бастысы – ел тағдыры». «Лениншіл жас» (20 наурыз 1990 жыл) газетіне берген сұхбат. «Азаттықтың ақ таңы» кітабында басылды. «Абай болсаң, опық жемейміз». «Халық кеңесі» (8 ақпан 1992 жыл) газетінде, «Заманмен сұхбат» кітабында жарияланды.

* * * «Ортақ үйдің түтіні түзу ұшсын». «Қазақ әдебиеті» (5 маусым 1992 жыл) газетінде, «Замәнмен сұхбат» кітабында басылды.

* * * «Бетерден де бетер бар деген осы емес пе?» «Егемен Қазақстан» (7, 8, 9, 10, 12 қараша 1992 жыл) газетінде, «Заманмен сұхбат» кітабында шықты. «Бір қазақтың баласымыз». «Қазақ әдебиеті» газетіне (жазушы Ахат Жақсыбаевқа) 1992 жылы 28 ақпанда берген сұхбаты. «Азаттықтың ақ таңы» кітабына енді. «Орта толсын, ағайын!» «Азия» газетінің 1992 жылғы 15-нөмірінде жарияланып, «Азаттықтың ақ таңы» кітабында басылды. «Нарыққа да нарық керек». «Азаттықтың ақ таңы» кітабына енді. «В интересах мира в общем доме». «Казахстанская правда» (3маусым 1992) газетінде, «Азаттықтың ақ таңы» кітабында жарияланды. «Этот нелегкий ларламентский хлеб». «Мысль» (№ 12, 1994 жыл) журналына берген сұхбат. «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы» кітаптарында басылды.

* * * «Договор на солидарность». 1993 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінде Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын талқылауда сөйленген сөз. «Азаттықтың ақ таңы» кітабына енді. «Демократия мен тәуелсіздік одан әрі орныға түссін десек». «Егемен Қазақстан» (26 маусым 1993 жыл) газетінде, «Азаттықтың ақ таңы» кітабында жарияланды. «Ішкі ынтымақ пен сыртқы ықпалдастық – тәуелсіздік кепілі». «Егемен Қазақстан» – 16 қазан 1993 жыл. «Азаттықтың ақ таңы» кітабына енді.

* * * «Совет да согласие – смысл нашей жизни». «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы» кітаптарына енген. «Реформа мен тәуелсіздікке тәуекел керек». «Егемен Қазақстан» (24 тамыз 1995 жыл) газетінде, «Азаттықтың ақ таңы» кітабында басылды.

«Время серьезных искания и взвешенных решений». 1995 жылғы Парламент сайлауы қарсаңында Ақтау университетіндегі жас сайлаушылар алдында сөйленген сөз. Мақала тұңғыш рет жарияланып отыр.

«Я – сторонник курса на общественное согласие». 1994 жылы «АБВ» газетіне берген сұхбат. «Азаттықтың ақ таңы» кітабында басылды.

* * * «Тәуелсіздік пен ықпалдастық». «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Нұрлан Оразалинге берген сұхбат. Газеттің 1996 жылғы 25 наурыздағы номерінде, «Азаттықтың ақ таңы» кітабында басылды.

* * * «Парықты пайым, парасатты пікір керек». 1994 жылы «Ақиқат» журналының бас редакторы Сарбас Ақтаевқа берген сұхбат. Журналдың сол жылғы 10-нөмірінде, «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы» кітаптарында жарияланды.

* * * «Взвешенность и целеустремленность – стиль подлинного парламентаризма». 1994 жылдың 17 мамырында «Вестник Казахстана» газетіне берген сұхбат. «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы» кітаптарына енген.

* * * «Тәуелсіздік тәу етер жалғыз кие». «Жалын» журналының 1997 жылғы 1-санында басылды. «Судьба реформ – судьба независимости». 1996 жылғы 24 қазанда Қазақ радиосында сөйленген сөз. «Азаттықтың ақ таңы» кітабына енген. «Намыстық сөзін сөйлейік». «Парасат» журналының 1996 жылғы 12-нөмірінде жарияланып, «Азаттықтың ақ таңы» кітабына енді. *** «Перед нами единственный путь – путь добровольной интеграции с остальным миром». Жапонның ]ЧНК телекомпаниясына берген сұхбат. «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы» кітаптарына енген.

«Іске сәт». Стамбулдағы сөйлеген сөз. «Азаттықтың ақ таңы» кітабына енді. «Ел тағдырын шешетін жасампаз кезең енді келді». «Лениншіл жаста» (29 наурыз, 1997 жыл) «Елге не айтсам, билікке соны айтам» деген тақырыппен жарияланды.

«Ұрпақтар ынтымағы – келешек кепілі». «Жас Алаш» – 24 наурыз 1999 жыл.
«Береке басы бірлікте». «Егемен Қазақстан» ақпан 1997 жыл.

«Көрер жақсылығымыз көп болғай». 1998 желтоқсанында жазылып, «Егемен Қазақстан» газетінің 1999 жылғы 1 қаңтардағы нөмірінде жарияланды. «Болашаққа қарай тағы бір қадам». «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ержұман Смайыловқа берген сұхбат. Аталған газеттің 1998 жылғы 7 қазандағы нөмірінде жарияланды. «Ел ырысының еңселі ордасы». 1998 жылдың 15 желтоқсанында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласының отыз жылдық мерекесінде сөйленген сөз.

* * * «Ана тіліне қамқорлық – абыройлы іс». «Егемен Қазақстан» газетінің 1998 жылғы 2 шілдедегі нөмірінде басылды.

* * * «Ойланайың, ағайын!». «Парасат» журналының бас редакторы Баққожа Мұқайға берген сұхбат. Журналдың 1998 жылғы 7-нөмірінде жарияланды. «Егемен Қазақстан» газеті сол жылдың 1 тамызында көшіріп басты. «Жаһанамдық маңызға ие оқиға». 1999 жылдың 26 сәуірінде Мемлекеттік комиссия мәжілісінде сөйленген сөз. *** «Тәуелсіздік алдында бәріміз қарыздармыз». 1999 жылдың мамырында «Қазақстан-1» телеарнасы бойынша жазушы Алдан Смайыловқа берген сұхбат. Мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінің 1999 жылғы 4 маусымдағы нөмірінде басылды. *** «Мәуелей бер, алтын бақ». Жазушыға әліппе ашқызған Шахта орта мектебінің 60 жылдығына байланысты жазылған мақала. «Маңғыстау» газетінде басылған. *** «Мемлекеттік қызмет жауапкершілік пен ыждаһатты талап етеді». «Егемен Қазақстан» – 15 қыркүйек 1999 жыл.

* * * «Ботасын сағынған аруанадаймын кейде мен». «Жас Алаш» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Қали Сәрсенбайға берген сұхбат. Газеттің 1998 жылғы 29 желтоқсандағы нөмірінде жарияланды.

* * * «Жақсылыққа жақсылық жалғасқай». 1999 жылдың 21 қаңтарында Қазақстан халықтары Ассамблеясы сессиясында сөйленген сөз.

ТОМ СОҢЫНА

берілген мақалаларға түсініктер «Үкімет телеграммасы». 1995 жылы Әбіш Кекілбайұлына Президенттің «Бейбітшілік пен рухани татулық» сыйлығы берілуіне орай Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы құттықтауы. Әбіш Кекілбаев «Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес едім...». «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Тілекқабыл Боранғалиға берген сұхбат. Газеттің 1995 жылғы 2 қарашадағы нөміріне жарияланды. Болат Оңғарбаев «Парасат пен саясат». «Бірлік» газетінің 1995 жылғы қарашадағы нөміріне жарияланған мақала.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙