Гүл мен қылыш жырлары
Дәурен Берікқажыұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Баспасөз бетінде көп көріне бермейтін Дәурен ақынның бұл жинағына оның соңғы он жыл бедерінде алуан түрлі тақырыптарға жазған өлеңдері мен батыс-шығыс шайырларынан аударған жырлары еніп отыр. Албырт сезім мен пайым-парасат қатар өрілген аталмыш жинақ өлең сүйер қауымның сенімін алдамайды деп үміттенеміз. Жинақтағы ағылшын-американ ақындарының өлеңдері қазақ тіліне түпнұсқадан тұңғыш рет аударылған.
Дәурен Берікқажыұлы
ГҮЛ МЕН
ҚЫЛЫШ
ЖЫРЛАРЫ
(өлеңдер жинағы)
Алматы - 2007
Баспасөз бетінде көп көріне бермейтін Дәурен ақынның бұл
жинағына оның соңғы он жыл бедерінде алуан түрлі тақырыптарға
жазған өлеңдері мен батыс-шығыс шайырларынан аударған жырлары
еніп отыр. Албырт сезім мен пайым-парасат қатар өрілген аталмыш
жинақ өлең сүйер қауымның сенімін алдамайды деп үміттенеміз.
Жинақтағы ағылшын-американ ақындарының өлеңдері қазақ тіліне
түпнұсқадан тұңғыш рет аударылған.
Көкейтесті сөз
Өткен ғасырдың басында өлеңдерін бірінші рет кітап етіп бастырып отырған Зинаида Гиппиус: «Өлеңдерімді тұңғыш рет кітап етіп шығара отырып, жаным ауырып отыр. Жанымның ауыратындығы – он бес жылдың ішінде жазылған өлеңдердің кітап үшін өте аздығынан да, бұл жинақты бірінен кейін бірі үздік-создық шығып жатқан кітаптардан сорлы санамайтындығымнан да емес, оның еш қайыры жоқ, жан адамға қажетсіз еңбек екендігі. Дәл қазір жыр жинағынан асқан қажетсіз, әрі пайдасыз ештеңе жоқ. Бұл арқылы менің өлең қажет емес дегім келіп отырған жоқ. Керісінше, мен өлең қажет, керек десеңіз, ол ақиқи, әрі өміршең деген көзқарастамын. Түк қалдырмай оқитын, түгелі түсінікті, өлең кітаптарының барлығы да қажет саналған заман да болды. Бірақ, ол - өткен заман, біздікі емес. Бүгінгі оқырманға жыр жинағының түкке қажеті жоқ...» - деп жазған еді. Тәкаппар орыс шайырының бұл «дағдарыстың» себебі мен салдарын таразыға салып, тарқатып жазған тұсын «әдебиетші-ғалымдардың» үлесіне қалдырып, өз көкейімді тескен сөзді айтар болсам, ХХ-ғасыр басындағы Ресей «індеті» ХХІ-ғасырда Қазақ қоғамында айнымай қайталанып отыр. Өлең құрамайтын қазақ баласы жоқ деген мақтау-марапатқа әбден «семірген» Алаш жұрты бүгінде ауызекі өлең емес, қазақша екі ауыз сөздің басын құрай алмай, құрай қалса, амандық-саулығын «калькамен» ақтаратын бейшара күй кешуде! Ал, тіл біледі дейтін ауылдағы ағайынның поэзияны айтыстың, өлеңді тақпақтың «құрбандығына» шалып жібергені қаша-а-а-н! «Ақын өлтіру ойыны» сценариі бойынша жұмыс істеп жатқан газет-журналдар мен телерадио журналистері бүгінгі таңда пікір сұраса да «бәлиғатқа» толмаған шоу-бизнес өкілдерін жағалауды үрдіске айналдырған. Ұлттың әдебиеті дейтін меценат пен ұлттың мәдениеті дейтін шекпендінің бәрі ақша мен рудың әңгімесінен әріге бара алмай жүр. Бір жағынан, қолына қалам ұстаған алдыңғы толқын ағалардың өзі жастарды жазған дүниесінің өресіне қарап емес, жағымпаздық пен пысықтық сияқты «ақылды» қасиеттеріне қарап баға беріп жатқанын көргенде, бұларға қандай өкпе артасың?! Коммунисі бір-ақ күнде капиталистке, ұры-қарысы әкім-қараға, ділмары діндарға айналып жүре берген заманда қанында түйірдей намысы бар азамат қолына я алдаспан, я қалам ұстамай қалмаса керек-ті! Біздің қолымызға әл-әзір тигені қалам болса, оның сиясында біздің Кекке суарылған Жастығымызбен қатар, Махаббаттан толық айыға қоймаған Мастығымыздың да бар екенін олай болса қаперден шығармаңыз, мәртебелі Оқушым!
Сөз иесі - Дәурен Берікқажыұлы,
Қарашаның 11-і, 2007-жыл.
Бұл еңбегімді бір жылда дүние салған
асыл нағашыларым - Серғазы мен
Серіктің рухына арнаймын!
ГҮЛ
ЖЫРЛАРЫ
*** Ұсынбаңдаршы гүл маған тамырын қиып, Жансыз денемен болмайды қабірім биік. Тірі гүлдердің жер бетін сағынғанда бір Табандарынан жатайын ақырын сүйіп.
Отырғызыңдаршы гүл бәрің қас-қағым термен,
Бір өмір мен де гүл болып бастағым келген!
Бір демің барда білмесең құнын тірліктің
Гүл біткеннің де сезесің асқағын көрден.
Жан-жақтан сұрақ жауғанда негелеп қалың,
Жетімек ойды кетесің егелеп бәрің.
Ұмытпаңдаршы алайда гүлдерді тірі,
Гүлдерді тірі қалайды көбелек жаным.
Тартпасын тағы десеңдер ақын ұл күйік,
Ұсынбаңдаршы гүл маған тамырын қиып.
Тірі гүлдердің жер бетін сағынғанда бір
Табандарынан жатайын ақырын сүйіп!
10/06/1997
*** Көңілімнің кіргізер бар шырайын Бүршігіңді тезірек жаршы, қайың! Көктеменің көзіндей жапырағыңа Көктеменің өзіндей тамшылайын.
Көктеменің өзіндей тамшылайын...
Арашалап уайымнан алшы, қайың.
Ұсақталсам бөлінген бұтақ болып,
Бұлақ болсам көмілген аршылайын.
Бұлақ болсам көмілген аршылайын...
Қайың, қайың!
Бәріне ал, шыдайын.
(Таттанбай-ақ тұрғанда әр-шырайым)
Қатты болмай тұрғанда қамшыдайын...
Бүршігіңді тезірек жаршы, қайың!
Наурыз-көкек айлары, 1997
*** Ар бардай, арман бардай, тағдыр бардай, Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай! Телміріп терезеге қарай берем Біреулер өлең жазып қалдырғандай…
Ән бардай, әлем бардай, аңқыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Көңіліммен көше бойлап шауып барам
Бейкүнә ат ойнаған балдырғандай…
Бал бардай, балалық пен балдыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Жатырмын шатырдағы шах сияқты
Шөлін бір шарап ішіп қандырғандай…
Ар бардай, арман бардай, тағдыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Бір демде қауырсындай жеңілейткен
Тылсымат тамшысында жан, нұр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қаңдай!
9/07/2007
*** Мен бүгін түрімнен түршігіп, Үздігіп үзілген құс үнге Жүргенше... Бәріне қырсығып Айналып кетсем бе мүсінге?!
Жанымды талдырмай әз үміт,
Адами арманнан ада боп
Маңдайға тас болу жазылып,
Аспанға аңырып қаракөк
Тұрар ем.
Бүлініп бір әлем,
Біреуі тіріліп жатса да.
Басымды қатырмай мұра мен
Қоғамға...
Және де патшаға!
Мезі етпей дерті де, дауы да,
Мезі етпей жаңалық...
Жарнама!
Жан болмай қарайтын жауыға,
Саябыр табар ем сәл ғана.
Қиял не,
Жоғалтып сезімді
Бір жұмбақ өмірді бастар ем:
Сабырлы,
Бәріне төзімді,
Аспанның астында асқақ ең!
9-10/07/2002
Еңселі ғимарат ішіндегі ой
Дау-дамай,
көрмеген дабыр да,
Бұл неткен бақытты қабырға!
Оюы сергітіп ойыңды,
Бояуы шақырған сабырға.
Жай тауып,
алмайтын тобыр дем -
Дәліз де шаттыққа көмілген.
Бәрі де орнында...
Тек өзім
өз орнын таппаған өмірден.
Кез-келген бермейтін сірә, мән
Аспалы шамы да тұр аман.
Біртүрлі
Сәуле де сүйкімді
Әдемі әйнектен құлаған.
Ұмытып ақ пенен қараны
Жүрегің жыларман болады.
Көңілің басқа емес,
басқыш қып
тастаған тасқа да толады.
Керме де,
төгілген перде де,
Өзінше бір асқақ,
өр неге?..
Осынша көзайым болатын
бір тылсым
бөлмеден бөлмеге
көшеді...көрсетпей көшені,
Көрсетпей сорыңды бес елі.
Бірауық өзіңмен өзің қап,
Бірауық мерейің өседі.
Жатпайтын беріп те
сірә, мән
Осы бір тыныштық тұр аман:
Жай тауып
даңғаза тірліктен
Жаныма араша сұраған!
27/12/2002
Өтініш
Леон Фелипе – В. Столбовадан
Мен қартайдым,
әттең әбден қартайдым
Өмірімде қанша жанға шалқайдым.
Сол бақилық бауырлардан ендігі
Кешірім де сұрай алмау – бар қайғым.
Есті күнім оралмаса есіме
Бұл шындықты жасырамын несіне.
Қарсы келген қайыршыға жығылып,
Қолын сүю енді қалған несібе.
Тірісінде аз тимеген кесірім
Қанша адамнан сұрар едім кешірім...
Егер бәрі әлдеқашан бақұл боп,
О дүниенің аттамаса есігін.
Расында да,
тұрғанымда дін-аман,
Испания, бейбағыңды жылаған
Сенде, тіпті мынау жеті құрлықта
Қалмады ма кешіретін бір адам?
Жадым сөніп күннен-күнге, әйтпесе
Қайталанып жатыр сұмдық жайт неше.
Сөз біткен де естен шығып, тіл құрғыр
Күрмеледі бір ауыз сөз айт десе.
Бірақ...бірақ, ажал дейтін өлермен
Төнген сәтте сөйлей алсам егер мен
Сол ұлы сөз, аузымдағы соңғы сөз
«Кешіріңдер» болса деймін дегенмен.
26/11/2003
Мәжнүн-өлең
Өзін-өзі өлеңіне өртеткен
Өмір сүру қандай қиын ақын боп!
Ең ақыры аяқасты селт еткен
Сезімді де жасыруға хақың жоқ!
Сезім өліп, жүргенде безіп көктем,
Бұл неткен түс жанымды езіп кеткен!
Ес-ақылым шығарып, жынды адамдай
Есіміңді ерніме ежіктеткен.
Сыйлаған Тәңірдей өр, шебер –
Сүргенім бір ғұмыр болса егер...
Оның да өзі тек
Көзіңнің
бір тамшы жасымен өлшенер.
Осы да түсім бе еді көрем деген,
Азабы көрген сайын тереңдеген.
Мінеки, түн ортасы тағы отырмын
Жанымды арашалап өлеңменен.
Қара басым
арыла алмай күнәдан,
Кешір менің
сәттерімді жылаған.
Есім шығып,
ақылымнан адассам,
Сүйдім сені
сүйгеніндей бір адам!
Құдай-ау, қандай ғажап
түс еді бұл!
Ойласам көңіліме түседі нұр.
Жанарыңды алмай жанымда тұрдың
Жалқы бір сәтте құлаған –
Сисам да ішіне қалың қабірдің
Қимаймын Сені, Бір Адам!
Толтырмайтын толайым көңіл кемін –
Өтірігім сияқты өмір менің!
*** Айдалада, аспан асты, сетер құз, Соқа басым жетектеген соқыр мұң Ай жарығы, қаннен ғана қаперсіз Қардың биін тамашалап отырмын.
Қардың биі...
көрдіңіз бе, Сіз, оны
Ықыласпен,
көңіл бөліп, мән беріп?
Пәктігімен
көздің жасын үзеді,
Ақтығымен
барлығына бәлденіп.
Қардың биі –
таңғажайып, тым нәзік,
Қайталанбас
қимылы бар және де.
Менің шерлі көкірегіме
жыр жазып,
Көңілімді көтереді
әуеге.
Болмысына ең қолайлы,
әм берік,
Сахна ғып
көне шатыр, бұтақты
Қардың биі
қиялыма жан беріп,
Сөніп қалған
сезім отын тұтатты.
Қардың биі
тәрк ететін ластықты,
Қардың биі
нәті бөлек нұр сынды
Жүрегімді елжіретіп
тас тіпті,
Тағдырына тәнті етердей
тылсымды.
Қардың биі...
көрдіңіз бе, Сіз, оны
Ықыласпен,
көңіл бөліп, мән беріп?
Пәктігімен
көздің жасын үзеді,
Ақтығымен
барлығына бәлденіп.
31/01/2004
*** Кеудемде құтырып құйын мың, Болмай бір жүргені-ай күйімнің! Он бір жыл бұрынғы сияқты Есігін қақшы, әке, үйімнің.
Жанарым жаутаңдап шөл өпкен
Тағы да қалмайын бөлек мен.
Қолыңмен басымнан сипашы,
Дәл солай кіріп кеп кенеттен.
Құн тілеп тұратын әр адым –
Шаршатты тұрмысы қаланың.
Құшағың мауқымды бассыншы
Жусанды иісі бар даланың.
Санама салмақ боп сан тағдыр,
Жазылмай кетті рас, арман жыр.
Есігін қақшы, әке, үйімнің
Он бір жыл қағылмай қалған бір!
Мен де бір ашылып сарайым,
Бір сәтке бала боп қалайын.
Үйімді думан қып жіберсін
Бауырын ұмытқан ағайын.
Қиялдау – қиыны қиынның!
(Үлкені сол болсын сыйыңның)
Он бір жыл бұрынғы сияқты
Есігін қақшы, әке, үйімнің.
13/05/2005
Эмили Дикинсоннан
Ешкім емес, жай біреумін.
Сіз кімсіз?
Мендеймісіз
Түгі де жоқ қызғанар.
Олай болса,
Жүрейікші үн-түнсіз,
Біліп қалса
Сыйғызбайды бізді олар.
Бәленмін деу
Несі қызық, айнам-ау,
Есер емес,
Есті жанға түйсінген:
Ол да құдды бақа сынды
Қайталау
Өз есімін
Шалшық суға қи сіңген!
Білем, білем, білем әбден аршаны,
Білем және толқындарды ең ізгі –
Болмасам да сай-салада аршалы,
Көрмесем де өмірімде теңізді.
Төбемізден төгіп тұрған тәмам нұр,
Құдай ақы, болмасам да онда да –
Білем және бар екенін ғалам бір,
Құдды соған алғанымдай жолдама.
Теңіз сүйіп, қызғаныштан үзілем –
Қонақ етсе ақпар-жақпар тау елі.
Оны айтасыз, қызғанамын ізінен
Күймелердің ол отырған әуелі.
Кезіктіріп жол-жөнекей, шалғайда
Мәз болысса жасамыс пен жас қалмай.
Жалғыз мендік бұйырмады маңдайға
Оны көру – жеті қат көк аспандай!
Қызғанамын ұясынан құстардың,
Сол үйдегі шыбынға да қызығып.
Жапырақ та болуға әзір құштармын
Әйнегінде би билейтін сызылып.
Шіркін деймін, сәт туар ма біздерге
Бас айналар дәл осындай бақытқа –
Ала алмайтын Писарроның жүз жерден
Баға жетпес сырғаларын сатып та.
Күн шықты деп оятатын әр таңда
Жарықтан да қызғанамын ерікті –
Күн орнына күн бола алар жалғанда
Көзайым жан тұрған кезде көрікті.
Дегенменен сезімге де дір еткен
Шектеу қойып, жұма салдым көзімді.
Құрдым дейтін мәңгі бақи түнектен
Жебірейіл мен аяғасын өзімді.
2005-тің мамыры
*** Есіміңе қосыпты гүлді тағы, Сені мендей қай жүрек пір тұтады?! Мен – мамырмын, көктемнің қайырмасы, Қолыңды соз, бақыттың барқыт әні!
Махаббаттың мен үшін дара – тағы...
Сүйкімсіздеу өзіңсіз қала таңы.
Сенің маған кездейсоқ кездесуің
Жүрегіме қанша нұр таратады! -
Десем тағы жанымды ұғармысың?
Өзің болсаң деп едім сыңар құсым.
Жеті түнде жыр жазсам қалам алып,
Менің ақтық айқайым шығар, түсін.
2/02/1996
Саяжайдағы кәрі төбетке
Еріксізден аударатын пейілді,
Кәрі төбет, көзің неткен мейірлі!
Саған қарап ішімдегі шер-шемен
Көктемдегі көк тұмандай сейілді.
Нәпсілері шынжырланып көрмеген –
Иттен емес, иттік көріп пендеден,
Кәрі төбет, мен де батып құсаға,
Мен де сендей тәулік сайын шерленем.
Дабырадан, жалыққасын даудан да,
Мен де сендей тұрам өстіп ауламда.
Мен де сендей сыр айтатын жан таппай,
Күрсінемін күн төбеден ауғанда.
Мен де сендей ит дейтұғын тірліктен
Жарық күткен жан емеспін, нұр күткен:
Құтты күні бірін-бірі жұлып жеп,
Құтты күні бірін-бірі үркіткен.
Сол себепті өткен сайын бұл маңнан,
Кәрі төбет, сені іздеймін мұңданған.
Бір қасиет қалғаны үшін көзіңде
Бұл өмірде ит нәжіске былғанған.
12/05/2005
Әмір Құсырау Дехлеуиден
(Дм. Седыхтың нұсқасы)
Айым деп-ақ атар едім – ғажап емес ол да аса,
Інжу болып шашылмайды – раушан дер ем болмаса.
Кірпік ілмей таң атырсам, оны қайдан білесің?!
Мені ұмытып, тәтті-тәтті түс көру ғой – үлесің.
Қайғы жеңген кезбе жайын қайдан айтсын басқалар,
Жел айтар ед бір айтса егер, тілі жоқ қой, пәтшағар!
Жерге дейін төгілген шаш бүркегенмен иықты,
Оймақ ауыз айтпайды ғой бірде-бір сөз сүйікті.
Қаттысың-ау, жаның сенің білген емес қайғыны,
Қайғыруды Құсыраудан үйреніңдер әйгілі.
13/02/2003
*** Мұңды ұлының амандығын тілеген, Қайран, шеше, шықпадым ба үдеден?! Өн бойына шырмауықтай жапсырып Мені әбден жынды қылды бұл өлең.
Ақпанда да жыны қозып арқаның,
Бала қамын ұмытқамын, жар қамын.
Ғазиз басым сіңіп кетіп ғайыпқа,
Ғазал болып рауандайды әр таңым.
Жарты әлемге жарыместеу көрініп,
Отызда да бола алмадым өр, ұлық.
Құдай қайтіп жарылқасын, жүргенде
Есті күні «есен...» деуге ерініп.
Қамсыз ұлды қайғыны да әкелген,
Қайран шеше, шығармайтын қаперден.
Шайыр болмай, шатақ қумай, шат түрмен,
Сәби болып шаңырағыңда жатар ма ем.
17/02/2003
*** Шуағыңа мен бе екем бөленбеген..?! Сенің өзен, аспаның, төбең де - өлең. Келдімұрат дегенде еріп кетер - Бір құдірет бар сенде дегенменен!
Бір құдірет бар сенде дегенменен,
Сенсіз менің екпінім ерен демен.
Сенің жалғыз ұлың боп өлең жазып,
Сенің жалғыз ұлың боп елеңдегем!
Өмірімді өзіңнен көрем, көрем...
Сен дегенде өміршең өлең де – мен.
Келдімұрат дегенде еріп кетер -
Бір құдірет бар сенде дегенменен!
2/01/1997
*** Қаламаймын әйтеуір, тоң сақтауды Саған жазған жырымнан моншақ жауды! Бар тілегім - өшірмей өткен күнді, Біздер жүрген ұмытпай қалсақ бауды.
Қаламаймын барлығын ұмытуды...
Жанарымды тамыздың түні жуды!
Жаны нәзік ақынға кездескенде
Ұмытпашы жүрегін жылытуды.
Қаламаймын түндерді мұңы қалың,
Бүтінделмей кеттік-ау, сынық әнім!
Бірақ, сенің жалғыз-ақ сәлеміңнен
Ұлылығын жаныңның ұғынамын.
Қаламаймын өткеннің шырғалаңын
Сағыныш боп мен талай сырғанадым.
Бәрі де өтті, алайда, есіміңе
Мен әлі де неге екен шырмаламын.
17/08/1995
Бабырдан
(Н.И.Гребневтің нұсқасы)
Ырық бермей кетсеңіз де,
Өктем боп,
Менің Сізге зәредей де өкпем жоқ.
Бәрі – сыйлық, Сіз көрсеткен
бәрі нұр:
Қаталдық па, ізгілік пе,
бәрібір!
Көзің үшін - мұз ерітер сәл күліп,
Сөзің үшін – тұратұғын бал тұнып.
Шашың үшін – шырмап алған жанымды,
Мен – құлыңмын құлақкесті мәңгілік.
Ғашық етіп жанға қайғы жамадың,
Оның аздай, басқа біреу – бар әнің.
Мені қалай тәлкек етсең, дәл солай
Тәлкек етсін сені сүйген адамың.
Қаңтар, шілде айлары – 2003ж.
*** «Ана жақ пен мына жақты тартып ем Жебірей шал дәрі өлшейтін безбенге...» Жұматай
Түрегеліп,
тіктеу үшін еңсені
Мендік ғұмыр – күту,
күту тек сені.
Мұнда – мола.
жапырақтар кемсеңі,
Анда – кеңсе,
ғимараттар еңселі.
Қара шатыр
алданатын қар аулап,
Мұнда – қаңтар,
жарым көңіл, жадау бақ.
Ана жақта – аялдама, жанталас
және аспан жанып тұрған алаулап.
Қысқа күнде жүз құлайтын,
жүз тұрып –
Базбір әуен
естілетін үздігіп
Мына жақта – мешеу тірлік, ауру,
Үнсіз көше
көрсетпейтін ізгілік.
Жадырауды шығарғасын жадынан
Мына төбе әрі суық, әрі паң.
Ана жақта – шулы даңғыл,
жарнама,
жатжұрттықтар айналаңда,
жарық ән.
Ана жақта –
сарсаң тірлік, сабылыс,
Мына жақта –
сарыуайым, сағыныш.
Мендік ғұмыр – Сені күту,
тек Сені:
аты - өлең, заты – құс!
02/02/2003
Бүгінгі теңеулер
Я пақырға,
я ақылға бағынбай
Өмір өстіп көшеді енді сағымдай...
Жалған өмір –
тұрғанымен жанбайтын
«Құлагердің»* көшедегі шамындай!
Өзек еткен
өң мен түстің арасын
Өтеді өмір таппай Жанмен жарасым...
Жалған өмір –
мандат тисе қолына
Депутаттай көрсетпейтін қарасын!
Бірге түрпі,
ендібірге күлкі боп
Өмір өстіп өтеді енді түлкі көк...
Жалған өмір –
мұқым әкім-қараның
Көбік атқан көп сөзіндей жылты жоқ!
Торыққан сәт
Тәңірді де тілдеткен
Өшеді өмір үмітіңді үрлеп кем...
Жалған өмір –
тірісінде мүгедек,
Өлгеннен соң Ғалымжанды** «жынды» еткен!
Өр қазақтай
өзі жарлы, өзі бай
Өшеді өмір,
көшеді өмір осылай...
Сені менен мені нақақ күйдіріп
От тіліне ет шыжғырған мосыдай!
17/04/2007
* «Құлагер» ықшамауданы
** Ғалымжан Мұқанов
*** Тектілік сүйер тамыры, Тағдыры тентек шынар шын, Сені ойлап менің көңілім Көгілдір ғана мұң алсын. Жатыры жәлап жалғаннан Баз кешіп бір сәт кеткенде Өгейсітпеген жанымды Сен де бір өлең шығарсың?!
Қас-қағым сәттік құдірет
Оянып енді кеткесін,
Серілеу менің сезімім
Ерніңнен сүймей кетпесін.
Жарасып тұрып жасынмен,
Жаңғыртып тағы кетейін
Сатыбалдиевтің мақамын,
Айжарықтардың төкпесін!
Дүр етіп ұшқан құстардай
Дір ете қалса қабағың,
Тәкаппар әлем татпаған
Тәңіри теңеу табамын.
Тулаған сайын анарың
Бұла түн болып қарадым,
Улаған сайын жанарың
Ұлы ақын болып барамын!
Тектілік сүйер тамыры,
Тағдыры тентек шынар шын,
Сен де әйтеу мендей мұңлықты
Табындыруға құмарсың.
Құбыласы түгел дүние
Талақ болатын бір күні
Өртеп бір кетер өзекті
Сен де бір өлең шығарсың?!
5/06/1998
*** «Джоконда – Құдіреттер қосындысы қиылған...» Айжарық Абылқасымов
Жазылар жырым, жұмбағым, періштем менің,
Көзіңе көзім құласа теріс демегін.
Ғасырлар бойы талайды сарсаңға салған
Винчилік мынау жүзіңнен жеңіс көремін.
Ұға алмай жүрмін ұмытып ұйқыны қалың,
Италиялық қолдың нендейлік сиқыры барын.
Шебердің мыңдап жіберген меселін жығып
Кейпіңнен тағы тәкаппар күйді ұғамын.
Қарайсың солай жаныма жалын лақтырып...
Іздейді жылдар тұрғасын сәнің тақ құрып.
Бір сәтке қасың қағардай жақындайсың да,
Алыстап бірде кетесің жанымда-ақ тұрып.
Жазылар жырым, жұмбағым, періштем менің,
Қазақы қанды сырымды теріс демегін:
Қазақ қызының суретін сызбағаны үшін
Леонардоға бірақ, сөгіс беремін!
11/09/1996
Эгофобия
Байлық жимай, боқ теріп,
Бошалаған тамса мұң –
Өз-өзімді жек көріп,
Өз-өзімнен шаршадым!
Мендік ғұмыр темірдей
Дым сіңіріп, тат жеген –
Жаһұттары терілмей,
Жабылатын жақшамен.
Теңбіл доптай домалап,
Қошқыл тартса аспаным
Өз-өзімді табалап,
Өз-өзімнен қашқамын.
Күн түнеріп, түн ұлып,
Жалт ойнатқан сезім мың –
Өз-өзімнен түңіліп,
Өз-өзімнен безіндім!
Ебі желдей елірген
Жұмыр басты ие алмай...
Өтіп барам өмірден
Өз-өзіме сыя алмай
7/07/2007
Арқаның қысын көргенде туған ойлар
(экспромт)
Күміс шашып тұрған сынды аспан бір,
Ауадағы сынықтары көз қарып.
Қайта оралды жанарыма қашқан нұр,
Мұз боп қатқан Муза әлем қозғалып.
Әз жүрегің құлақ тіккен дыбысқа әр
Көз алдымда күміс аула, күміс тал.
Бақыт та өзі,
Жақұт та өзі секілді
Тымағыма тұрып қалған уыс қар.
20/01/2003
Джон бауыр
(Майкл Харперден, еркін аударма)
Қара, қара,
мен – қарамын, қарамын,
Қара адаммын қасіретті, қарағым.
Қара адаммын –
қайғы жуған жанарын,
Қара адаммын –
қара бояу бар әнін
жұтып қойған...
Мен - қарамын, қарамын...
Мен –
бір құспын қанатына қан жұққан,
Наша, шарап ауруына шалдыққан.
Құстар салған құс жолына ілеспей
Саксафонда ойнайтұғын қарлыққан.
Мен – қарамын, қарамын...
Шақыратын шақырымдар,
тұман бар,
Көкке жолды басқа құстан сұраңдар.
Менің жолым - меңіреу жол,
Қара жол –
Жортпайтұғын ешуақытта құландар.
Мен – қарамын, қарамын...
Маған тағы уақыт керек десем де,
Алабама,
сенің кеше көшеңде
Баяу биін боздататын Джон кеп
тұз себеді
Мына мендік кеселге...
Деймін дағы,
қара деймін тағы да,
Басқа әлем кіріскенмен қамына
Ойнайтұғын аспабында Джон жоқ,
Жылап тұрып,
Қарғыс айтам таңыма:
Мен – қарамын, қарамын,
Қара болып басталады бар әнім.
Қарамын деп қан жылайды жанарым.
Қабырғамды сөгіп тұрған қасірет –
Қара адаммын,
қара адаммын, қарағым!
29/10/1998
*** Әлдеқашан таусылғандай бар әні, Жанарымен ішіп-жемей қаланы Мен тоқтаған аялдама тұсынан Балдақ ұстап жігіт өтіп барады.
Балдақ ұстап...мұңға кетті мұң құйып,
Арман сірә, жеткізбеді-ау тұңғиық?!
Көктем әні үзілген соң тым ерте,
Көктем гүлін жамыла алмай тұр иық.
Онда қазір сезім де жоқ дір етпе,
Қыз орнына балдағы тұр білекте.
Жастығында мың өртеніп, мың тоңып
Құбылмаған жүрек, шіркін, жүрек пе?!
Әлдеқашан таусылғандай бар әні,
Дір-дір еткен шуақ төкпей жанары
Мен тоқтаған аялдама тұсынан
Балдақ ұстап Жастық өтіп барады.
25/06/1996
*** Көрсем де қорлығын мен – Өлшеусіз өрлігіңмен Мен сені жақсы көрем!
Атқызар таңды мұңмен –
Қатігез паңдығыңмен
Мен сені жақсы көрем!
Қаныңа мәңгі сіңген –
Тәкаппар болмысыңмен
Мен сені жақсы көрем!
Неге...
27/12/1999
Оқу залында
Бұзардай болып білімнің қырық қамалын,
Бас қойған сәтте көпшілік кітапқа қалың
Жаныма келіп ақырын жайғасқан ару,
Несіне маған қарадың жылып қабағың?
Қылығың бұзып қанымның ағысын анық,
Отырмыз енді қабақпен ұғысып алып.
Тістелген мынау бармақты тістеймін тағы –
Ойымда барлық сөзімнің күмісі қалып.
Жанарлар айтып іштегі күбірімізді,
Көңілде ынтық сезімнің дүбірі қызды.
Асылы біздер қолдағы кітаптарды емес,
Оқып отырған сындымыз бір-бірімізді.
12/09/1996
Күміс
Уолтер Де ла Мардан
Сабыр сақтап, жаймен алып тынысын,
Күміс етік Ай кезіп жүр түн ішін.
Бәрі, бәрі – шағылысқан айнаға:
Күміс ағаш, күміс алма айнала.
Күміс шатыр астындағы – бір-бірден
Терезелер күміс тағып үлгерген.
Үйшігінде кеспек сынды һәм көнек
Күміс табан маужырайды маң төбет.
Көгершіндер күміс қанат тағынып,
Ұйықтап отыр көлеңкені жамылып.
Көзі менен аяғы да күмістен
Түз тышқаны жұмысына кіріскен.
Күміс суда қалың өскен бал құрақ,
Күміс балық шақырады жалтырап.
14/06/2005
*** Бәрі де қойғандай кеңесіп: Сол өмір. Сол өлең. Сол есік! Көрмеге келгендей отырам, Бөлмеде сәл ғана жел есіп.
Кеткендей құтын да Тәңір ап,
Бәрі де тұрады-ау қаңырап.
Бұл жерде маздаған Өмір мен
Өлім бар азырақ!
Қапысыз қапқандай сор келіп –
Шекеңді сұп-суық тер көміп,
Өзің де бұйым боп көрмелік
Жылағың келеді шерленіп.
Жарты әлем жан-жаққа жөнесіп
Кетсе егер...
Ендігі көр есіп!
Күнәсіз көзімнің алдында:
Сол өмір.
Сол өлең.
Сол есік!
08/05/2000
*** Сезім мені тастап қашты, Төзім мені тастап қашты. Көрсетейін сорыңды деп Сөзім мені тастап қашты.
Сезім мені тастап қашты,
Төзім мені тастап қашты,
Көрсетейін көріңді деп
Көзім мені тастап қашты.
10/06/2004
*** Басыласың көзіме оттай нағып, Сенсіз таңдар керемет атпайды - анық! Жүрегімнің жұлқынған жанартауын Тыңдасаңшы, жаныма тоқтай қалып.
Жымиысыңнан жаныма тауып бір ем...
Жүрісіңнен бағаңды танып, білем.
Сағат сайын өзіңді іздеп кетем,
Көңілімде тамшылар қалып кілең!
Қиялымның күмбезін жайлап алып,
Кететінің сағым боп – айдан анық!
Соңғы сәтте салшы бір көз қиығын,
Бақ табамын бармақтай қайда барып?!
13/03/1996
Әзіл өлең
Көшеге шықсаң аптаптан айналып басың,
Бәсеңдеп кете береді аяқ алысың.
Қонағыңның да алатын бір терін сылып,
От қала, осы түріңмен аяулымысың?
Даланың тілеп самалын бірауық бақтар...
Жоғалып қайда кеттіңдер, жылауық бұлттар? –
Десек те сенде, от қала, сұлудың демін
Жинаған жалғыз өзіңе бір анық құт бар.
Күштірек болып келетін тозақ отынан,
Альбион емес бұл енді боз ала тұман!
Алматы қалай тұрады от болмай енді
Өзінде жүрген мыңдардың махаббатынан.
12/09/1996
Cимуляция
Тұра бер шырайыңды бермегендей,
Тұра бер көрсең дағы көрмегендей.
Мен байғұс көздер үшін көлденең кей
Болайын өп-өтірік терлегендей.
Сыр бермей, сыртың бермей, сылдыр көлдей
Күліп қой таныстарың күлдіргендей.
Сиқырланған мен болсам сасқанымнан
Болайын басқаға ізет білдіргендей.
Нұрланып та үлгерген, сұрланып та
Көрсетейік өтірік түр халыққа.
Тұрғандай болсын бәрі өз орнында,
Тұрғандай болсын өмір бір қалыпта.
Таңы бөлек ататын, татар дәмі
Жолаушыдай болайық сапардағы.
Бір-біріне тәкаппар түр көрсеткен
Біз дейсің бе жалғыз-ақ шаһардағы?!
Аялауға тұрмайтын, аяуға да
Аяр тірлік қозғалтқан баяу ғана
Қазір бізді екіге айырады
Тағдыр дейтін тасжүрек аялдама.
Содан кейін жүрекке зарық тұнып,
Ішімізден егіліп, жанып, тынып,
Жібереміз өзіміз өзімізді
Көшелердің ішіне лақтырып.
Күй кешеміз содан соң терлегендей,
Күй кешеміз содан соң көрмегендей.
Содан кейін қаптаған «өліктермен»
Өмір сүріп жүреміз өлмегендей.
10/07/2007
Көк майса
Карл Сэндбергтен
Аустерлиц пен Ватерлоода өрімдер
Таудай-таудай өлік болды, көміңдер.
Мен – көк майса, көктеп шығам бәріне,
Жұмыс істеуге маған мұрсат беріңдер.
Геттисбургтің түбіндегі барлығын,
Ипр менен Вердендегі қалдығын –
Түгел жинап, қара жерге көміңдер.
Содан кейін жұмысымды көріңдер!
Жылдар өтсін...жүздер кетіп, жүздер кеп,
Сұрар әлі : «Қайда келдік біздер?»-деп.
Мен – көк майса,
Жұмыс істеуге маған мұрсат беріңдер.
07/06/2005
Утопия
Шіркін, тыныштық болса:
Өлеңге хош кіретіндей,
Ой даусы естілетіндей.
Ескірген естеліктерге
еріксіз ес кіретіндей!
Уақыттың күрсінген үні,
Жүректің дүрсілдегені,
Тірліктен қажыған жанның
Көзімен «құрсын» дегені
Қолыңа қалам ұстатар!
Шіркін, тыныштық болса:
Кірмеген шырай көптен
Себездеп нұр әйнектен,
Көңілім күн аңқыса
Көлеңке ұдайы өпкен!
Аспаптай үрмелі дені
Мұң шағып бөлме гүлдері,
Жаңғырар сәруар сәттің
Қиялды зерлеген демі
Шіркін, тыныштық болса...
08/05/2008
19-шақырым
«…black Mіles»
M.S.Harper
Қара шақырым,
Қара шақырым,
Ғасырым сөніп барады ақырын.
Қасиетті менің қасіретім болсаң
Қаңғырып келдім,
Қарама қырын!
Қыршындардың да
Қиып қанатын
Барады сенің биіктеп атың.
Қара шақырым –
Тағдырым менің,
Тайраңдап келіп тұйықталатын.
Аспани арман,
Ала таңым да,
Қара шақырым, алақаныңда.
Гүл біткен сенің жиегіңдегі –
Қаза болғандар
Жол апатында!
Қара шақырым,
Қара шақырым,
Арзандап тағы бара ма құным?!
Қадымнан бері қан жыламаған
Жанымды менің жарала бүгін.
Түсініп болам байыбын ненің,
Қабырғамды алып байыдым дедің...
Қасыңа келсем қалтырататын
Қара шақырым –
Қайығым менің!
Атой салғанда
Адасқан елес,
Қалмайды екен
Қара аспанда да ес.
Қара шақырым –
Қара сағыныш,
Қара шақырым –
Қара асфальт емес!
05/03/1999
*** «Любить – это значит – когда тебя нет...» Сальвадор Ново
Сізді сүю -
Сізді көрмей тамсану
Өтіп кеткен жалқы сәтке шегініп.
Сізді сүю -
Сағынышты қарсы алу,
Естен танып,
Егіліп...
Сізді сүю -
Сізді көрмей сананы
Сансырату, сеніңіз.
Сізді сүю -
Көзбен өбу қаланы
Сіңіп қалған деміңіз.
Cізді сүю –
Сізді көрмей тағдырлы
Сөзге айналу, тіркеске.
Сізді сүю –
Азап шегіп сан түрлі,
Жанып кету бір кеште!
Сізді сүю –
Сізді көрмей тамсану
Өтіп кеткен жалқы сәтке шегініп.
Содан кейін
Сүйемін деп жар салу,
Үнсіздікке көміліп.
11/01/2003
*** Менің бейнем өміріңізде бар күні Маған бекер жымиясыз, Тәңір, сіз. Менің шимай-шатпағымның барлығы Күнтізбенің беттеріндей қадірсіз.
Мансап қуып жүгіретін уақытта
Ессіз жандай қиял қудым қанатты.
Тағдырымды айырбастап табытқа,
Жүрегіме құя салдым шарапты.
Тәмам болып сал-серілеу ғұмырым,
Арғы бетте адасады ақыл да.
Жер бетінде жәндіктердің жыбырын
Көру қандай қиын еді ақынға!
Қасіреттер қабағымды тілгілеп,
Өктем болса көктемдерге гүл сіңді.
Менің жаным табиғаттай нұр тілеп,
Менің жаным табиғаттай күрсінді.
Менің бейнем өміріңізде бар күні
Маған бекер жымиясыз, Тәңір,сіз.
Қаралы күн ақындардың барлығы
Қара жерге жерленеді қабірсіз!
10/03/1999
*** Жүректерге шер менен шөккелі мұз Өкпеліміз бәріне, өкпеліміз! Кеше мен де бүгіннен үмітті едім, Кеше Сіз де біртүрлі отты едіңіз...
Алматыда...
қалада...
қарашада,
Қаламаса жанымыз, қаласа да,
Өмір өстіп лақтырып күресінге,
Өлең ғана келеді арашаға!
Жапырағын
жаңбырдай төккелі күз,
Өкпеліміз бәріне!
Өкпеліміз!
...деп жүргенде бәрінен қиын болды-ау,
Көз алдымда сөгіліп кеткеніңіз.
18/11/2000
Қайратты жоқтау
Беу, аспан,
Бебеу аспан,
Бедеу аспан,
Сенбісің ағаекемді ала қашқан...
Жанына зарық беріп жара басқан,
Тәніне табыт керіп қара ағаштан?
Беу, аспан,
Бебеу аспан,
Бедеу аспан,
Сенбісің Қайратты алып қара басқан...
Болмысы, бар бітімі бала жастан
Жыңғылмен жусан болып араласқан?
Беу, аспан,
Бебеу аспан,
Бедеу аспан,
Сенбісің зар асырған бар Алаштан...
Сананы сансыратып сан адасқан,
Қаһары қан ағызған қара тастан?
Беу, аспан,
Бебеу аспан,
Бедеу аспан,
Сенбісің сар далада селеу басқан
Селдірін самал болып тарамастан
Ақынды ажал болып ала қашқан?
Беу, аспан,
Бебеу аспан,
Бедеу аспан,
Өртенген өзегіне қарамастан,
Айырған ағайынды бел ағаштан
Сенбісің ғапыл дүние теңеуі асқан?
Айтшы...
13/10/2006
Түсің игі болды ма, әлде ісің?..
(Тез ұғынар жанымның әдеті шын)
Көзілдірік кисең де көп қыздардан,
Көзілдірікті қыз, бәрібір әдемісің!
Жанарым тағы...шынымен дір етіп құрғыр,
Кездесіп саған көңіліме түнеді бұлбұл.
Көзілдіріксіздер жүргенде жұмбағын таппай,
Көзілдірігіңмен үңілші жүрегіме бір.
Иіссусыз-ақ француздық естен тандырар
Түсіңмен, әлде ісіңмен қыласың құмар.
Көзілдірікті қыз, білемін талғамыңды да
Көзілдірікті біреу сыңарың шығар?
Түсің игі болды ма, әлде ісің?..
(Тез ұғынар жанымның әдеті шын)
Көзілдірік кисең де көп қыздардан,
Көзілдірікті қыз, бәрібір әдемісің!
30/04/1996
Із кесу
Стюарт Хенсоннан
Дүниені ақ парақтай аударып
Ақша бұлтпен жыл келеді жаңа дүр.
Аяз буған сол бір күні таң жарық
Түлкі, мысық, қоян қашқан жолдар мен
Борсықтардың ізін бізге ап қалып,
Түннің жырын оқытады дала бір.
Ал қайтарда бөкебайға оранып
Бала сынды есі кеткен ертекке,
Ну ішінде жалғыз-жарым жоғалып,
Қаншама рет көз салғанмен маңайға
Болашағың ашылмаған кітаптай
Жұмбақ болып қала берер қалайда.
09/11/2005
*** Адасып көк түтін ішінде, Бөріден жүргем жоқ кем ұлып, Көріп ап өзіңді түсімде, Сонан соң отырам егіліп.
Даусымды тыңдаған шығар түн,
Жалғыздық сияқты жасқана.
Бәріне, бәріне шыдармын...
Айналып кетпесем басқаға.
Өзімнен өзім кеп түңілем,
Тұтқын боп қатігез ғасырға.
Не деген бейшара ғұмыр ем,
Дәл осы жиырма бес жасымда!
Адасып көк түтін ішінде,
Бөріден жүргем жоқ кем ұлып,
Көріп ап өзіңді түсімде,
Сонан соң отырам егіліп.
«Ұмытқан шығарсың..?» - деме сен,
Дық салып кірпияз көңілге.
Бәрібір Дон Жуан емес ем,
Жұрт айтқан осынау өмірде!
Санаңа сайтан боп соқтығар
Қыз-қырқын болса да бар мұнда,
Бәрі де далбаса боп шығар
Дәл сенің сезімің алдында.
Адасып көк түтін ішінде,
Бөріден жүргем жоқ кем ұлып,
Көріп ап өзіңді түсімде,
Сонан соң отырам егіліп.
23/01/2000
*** Өсек болып, Төсек болып керегі, Мейлі жағы талғанынша толғасын. Бұл ел солай «аңыз» айта береді, Мен сияқты сүйе алмайтын болғасын.
Есті жанға есіміңді мың айттым,
Табытына тастаса да түн мені.
Мен жайында сөз қозғайтын суайттың
Бақа менен балшық шығар білгені.
Маған,
Маған сенің күлкің нұр асыл,
Көз жасыңа тазалық жоқ тең келер!
Махаббатты мына менен сұрасын
Ғашық бола алмайтұғын пенделер.
Төсек дейтін
Өсек болып дерегі
Өзі келіп су құяды қолға сұм.
Бұл ел сондай пасық болып келеді,
Мен сияқты сүйе алмайтын болғасын.
21/01/2000
*** Сен де, мен де мынау үйге сия алмай, Сен де, мен де бір нәрсені қия алмай, Қысқа күнде қырық рет құбылып, Жынды болдық есімізді жия алмай.
Сен де, мен де бір күрсініп, бір күліп,
Сен де, мен де бір шығамыз, бір кіріп...
Бір нәрсені қоятындай бүлдіріп,
Бір нәрсені тастайтындай тындырып.
Сен де, мен де түйсінетін жан таппай,
Сен де, мен де сүйсінетін жан таппай,
Қиялменен ертелі-кеш қиянда
Қаңғырамыз жел айдаған қаңбақтай.
Сен де, мен де дәл осылай күн кешіп,
Сен де, мен де дәл осылай мұң кешіп,
Беймәлім бір әлемменен үндесіп,
Жын-перімен отырамыз тілдесіп.
Сен де, мен де біреулерге паң болып,
Сен де, мен де біреулерге таң болып,
Қырық жасқа қартаямыз сәт сайын
Көкке ғашық көңілдерге шаң қонып.
Сен де, мен де бір нәрсені жаға алмай,
Сен де, мен де бір нәрсені таба алмай,
Құтырған шақ құбылаға қараймыз
Қарқ-қарқ күліп сен де, мен де...жан Алла-ай!
18/05/2005
*** «Мужское отрезвленье – не измена...» Николоз Бараташвили
Ей, пері қыз,
Ойнақ салған төбемде,
Енді бір сәт
Көзіңді сал төменге!
Елесіңмен есімді алып болдың-ау,
Өзегімді айналдырып өлеңге.
Қасіретім қабырғамды ұрғасын,
Ажал қолын
Сүйгісі кеп тұр басым.
Ал, сен болсаң
Сақ-сақ күліп әредік,
Сезімімнің саудалайсың сырғасын.
Қосақтаған
Тағдыр атты жеңгені,
Сен де түсін
Мына мендей пендені!
Арманымды арзан көрсең,
Арымды
Ширек ғасыр шимайлаймын ең кемі.
Күміс қанат қиялымды ұрлаған
Бөтен емес бәлендейін
Мұң маған.
Мен де талай жүрегімді пәршалап,
Сайтан алғыр
Сайқалдарды жырлағам.
Енді бүгін елес болмай көп елге,
Ей, пері қыз,
Қолыңды соз төменге.
Мен бақытқа кенелейін...
Әйтпесе
Бір тамшы жас табылады менен де!
03/02/1999
Орхан Уәли Қанықтан үш өлең
1. Жексенбілік кештерде
Көңіл, шіркін, толмағанмен түріме,
Қарыздан да құтылатын күн туар.
Бірақ, жаңа костюм киген күні де
Сүйеріңе шүбәм бар.
Дей тұрғанмен,
Болсын сенің есіңде,
Шырт түкіріп,
Салтанатпен шығар күн
Мен өзіңді
Жексенбінің кешінде
Дәл осылай сүйе алмайтын шығармын?!
2. Пәтшағар...
Сылқым біткен
Ойлайды екен ғазалдар
Бір өзіне жазылған деп
Тек қана.
Менің оны шер көмген сәт шимайлай
Салғанымды қайдан білсін,
Пәтшағар?!
3. Сен, қайдасың?
Құйрық байлап
Батпырауық ұшырған,
Сақи кеуде
Сөз таба алмай қысылған
Сол бір шақта:
Екеуара. Күн қамсыз.
Алып-ұшып
Алабұртып тұрған қыз,
Сен, қайдасың?
5-9/10/2006
Көкектегі көңіл-күй
Пенде көрсем жын көргендей шошынып,
Өз-өзімнен қала берем тосылып.
Мен оларды баяғыдай іштартып,
Мен олармен жыламаймын қосылып.
Қапелімде мінез тапсам төтен, дөй –
Маған олар мүлде суық, бөтендей.
Сол себепті өте шығам олардың
Қастарынан кәпір мінез көкемдей.
Олар басқа, құдды мен бір басқадай,
Қашан болсын іздеп жүрем басқа жай.
Ол істеген істен жаным түршігіп,
Олар айтқан сөзді сөз деп растамай.
Қас-қағым сәт қаумалап ап жан-жақтан
Солар мені діңкелетіп, шаршатқан.
Енді оларға қанша шыдас береді
Сірі ғұмыр жұлдыздарға қарсы аққан?
Пенде көрсем жын көргендей шошынып,
Өз-өзімнен қала берем тосылып.
...шіркін деймін, арман бар ма Адамда
Ыңылдаған Хауасына қосылып?!
12/04/2007
Ex anіmo*
(қолтаңба)
«Шын жүректен...» - дедім де,
«шын жүректен...»,
Бере салдым жүректі дір-дір еткен.
Беу, перизат, сен соны түсіндің бе,
Көз алдымнан сағымдай
бұлдыр еткен?
Өңім түгіл
баспаған түсімде аяқ –
Кереметке
пәк нұрмен түсін бояп
Кіргіздің де,
есімді жиғанымша
Ғайып болдың
Бақтың бір құсындай-ақ!
Аңыздың да кім білген
шын боларын,
Шын боларын
және оның мұң боларын.
Тағдырымды тәрк етіп...
тағы қалдым
Тыраулатып сезімнің тырналарын.
Қиялыма құрбандық қара басым
Бағаласа, тек өзі бағаласын.
Елесіңмен
есімді түрткен сайын
Өзегіме өлең боп ораласың.
Беу, перизат, нұр әлем, мөлдір есім,
Айта берем ежіктеп енді несін.
Жүрегімді жаулаған Сен дедім ғой,
Үкімін де енді оның
Сен білесің!
*латын тілінде «шын жүректен» деген мағынаны білдіреді
16/02/2003
Көше бойында сауда жүргізіп тұрған бойжеткенге
Әдемі қыз,
жанарым тайып қана,
Мүсініңе тамсансам,
айыптама!
Құдайақы, ғажайып жан екенсің,
Сөз шырынын төгуге лайық, дара!
Сен шыққанда
алдымнан көлденеңдей
Білсең етті,
түсерім сорға нендей.
Бақытты бол,
мен бейбақ бұдан былай
Көрсем дағы
болайын көрмегендей.
07/09/2005
Эпитафия
Серік Томановқа
Өлдің рас,
өлімді де өлеңмен
Өкіндіріп
өзегінде шер өнген.
Сондықтан ба
шумағыңнан шым-шымдап
Жүрегіңнен аққан жасты
көрем мен.
Өлдің рас,
өксік өмір өгей деп,
Жан күйзеліп,
күйдіргесін көмейді от.
Енді сені
талап алып, мінбеде
Талант дейтін
көкезулер көбеймек.
Өлдің рас,
өзектіге - өлім бір,
Оқушыға оқымайды
қорым жыр.
Өзің құсап
итшілесем үй таппай,
Өлең жазған
өзімнің де сорым бұл!
Өлдің рас,
аспандағы жасындай,
Кеуіп-піскен
көп пендеге бас ұрмай.
Ғұрпы бөлек
ғазал қалды артыңда
Шуақ шашып
шулап өткен ғасырдай.
Өлдің рас,
өрт тигендей қалыңға,
Қас-қағым сәт
айнала сап сағымға.
Жарнама мен
жасандалық жерітіп,
Жартыкеш күй.
Жалғыздықтың жанында.
Өлдің рас,
өлдің рас, өр үнмен
Тұла бойы
Тәж-Махалдай өрілген.
Тағдырыңды
тәлкек етіп тоңмойын,
Көңіліңді
итаяқ қып көрінген.
Өлдің рас,
өлімді де өлеңмен
Өкіндіріп
өзегінде шер өнген.
Сондықтан ба
шумағыңнан шым-шымдап
Жүрегіңнен аққан жасты
көрем мен.
02/02/2004
Қ ЫЛЫШ
ЖЫРЛАРЫ
Алдаспанның арызы
«Алдаспан айтар төрелік...»
Жұматай
Атой шықса
Жарқ-жұрқ еткен аспанда
Әттең...әттең
өтті-ау дәурен бастан да!
Тас шабардай жасаратын мына жүз
Тексіздердің қанын судай шашқанда.
Ширыққан сәт
шыққан кезде қынаптан
Сауға...сауға кететұғын сұрап маң.
Осы жүз ғой
ханға мәулет сұратып,
Дүлей дейтін
жендеттерді жылатқан.
Енді қазір заман қайсы,
заң қайсы?
Өзіңді-өзің еркекпін деп алдайсың.
Қанжар да ұстап көрмегесін қолыңа
Ханға кіріп
дат та сұрай алмайсың.
Күн өткізген өтірікпен, өсекпен –
Дұшпан сені дүбәрамен
дос еткен.
Әттең сенің жауырыныңа мұз қатып,
Жекпе-жекте
алқынбайды қос өкпең.
Небір басты сойқан дейтін,
дүр дейтін,
Қайран заман,
көзіне де ілмейтін.
Өйткені сол,
қаһары бар қылыштың
Қаперіне қаймығу да кірмейтін.
Қатынбасты қарайтқасын қамсыз ғып,
Қайда барма:
қоқан-лоққы, арсыздық!
Қисайғанды қылшасынан қиятын
Енді мүлде қайнамайды
қан түздік.
Әттең, әттең
жетпегесін өре түк
Сормаңдай жұрт
сорлайды бір сор еміп.
Қиянатты көтермейтін әз басым
Бәрі бекер,
айтпағасын төрелік!
07/02/2003
*** Ханың бар ма әділетті? Бар датым! Қарға болып қарқылдамай, Зарла, түн. Мені қайтсін... Өзегіне тепкенде Мұқағали, Қасымдарды Алматым.
Әнім қайда кешегі айтқан
Сәніммен?
Алатау тұр қабағына
Қар ілген.
Сараң қала арамдығын
Бастаса
Жауап берем кеудемдегі
Барыммен!
Жарым жатыр – жалғыздығым
Қанымда,
Қаталдықтан талып бітті
Қарым да.
Мен ешкімнен бола алмаймын
Аласа
Жүрегімде жыр жұлдызы
Барында!
Ханың бар ма әділетті?
Бар датым!
Мен болайын ең ақырғы
Зарлы ақын.
Өз еміңе жарап қалар
Ұлыңды
Өзегіне теппеші енді,
Алматым!
28/09/1996
Жолбарыс
Уильям Блейктен
Беу, жолбарыс, шоқтай жанып
Қараңғыны тіліп өткен.
Сені кімнің көзі танып,
Кімнің қолы ұлық еткен?
Көк пе, жер ме: кімдер жақты
Дүр отты анау жанардағы?
От әперген кім қанатты?
Кім бұл істің қаһарманы?
Қандай шебер тапқан ойлап
Сенің тархан жүрегіңді?
Және сол сәт шеккен айбат
Көрген кім бар түр - өңіңді?
Қай құдірет ғашық болып,
Қандай көрік ми қайнатқан?
Кім сыйлаған асып- толып
Анау күшті сыймай жатқан?
Дегенменен шыққан сол сәт,
Шыққан сол сәт сен түнектен
Қорғансызға жүрген жан сап –
Шығар ол да, сәл дір еткен?
Беу, жолбарыс, шоқтай жанып
Қараңғыны тіліп өткен.
Сені кімнің көзі танып,
Кімнің қолы ұлық еткен?
05/06/2005
Трагедия
«Была царицею в Египте.
Теперь – я воск. Я тлен. Я прах»
А.Блок, «Клеопатра».
Атса да ақ шарапқа қанып таңым,
Мен – табыттамын,
Табыттамын!
Құдай-ай, арзан қолмен бальзамдалып,
Көрмеге қойылыпты-ау шабыт тәнім.
Ендігі сорлысы да қарап маған,
Мазаққа айналады мадақ толы ән!
Туғанннан түк көрмеген
құл-құтандар
Жабайы күй кешеді алақтаған...
Құнымды білмегесін қара ғасыр,
Кіл тобыр келіп алып салады асыр.
Патшалар өртенетін
жанарыма
Ақындар жаңбарлатып тамаша жыр
Жарты әлем басын иген асқақ едім,
Перғауындар, пәршалап таста мені!
Қайран мүсін
Қор болып жатыр мұнда
Бір кездері әлемнің ашқан өңін.
Ендігі бейшара да төніп маған,
Өліп-талған шайтанын көріп қалам.
Бұл ғасырдың патшасы –
Цезарь емес!
ХХ-ғасыр ешкімнен қорықпаған.
Атса да ақ шарапқа қанып таңым,
Мен – табыттамын,
Табыттамын!
Құдай-ай, арзан қолмен бальзамдалып,
Көрмеге жерленіпті-ау шабыт тәнім...
17/01/1999
*** Жарымжан күй кешіп тұрып жылардай Өмір сүріп жүрміз дейміз ұялмай. Өмір сүріп жүрміз дейміз боқ теріп, Өмір сүріп жүрміз дейміз күле алмай!
Шенқорлығы жемқорлыққа ұласқан
Өмір сүріп жүрміз дейді мың асқан.
Қаны сұйық қиянатшыл қауымға
Көрінбейді дүр аспан!
Қандалаша сорған ұлт пен ұлысын
Өмір мүмкін өмір шығар ұры үшін,
Өмір мүмкін өмір шығар құл үшін
Қорып жүрген ынсапсыздар ыдысын?!
Емен-жарқын риясыз бір күле алмай,
Шын бақыттың не екенін біле алмай
Өмір сүріп жүрміз дейміз былшылдап
Талықсыған тіземізді бүге алмай!
Қабағымен қаяу салып көңілге
Қорқау қапқан өмір мынау өмір ме –
Қиқар кісі күлген сайын семіріп,
Итаршысы үрген сайын елірген?!
Шен-шекпенді шулаған сәт ұлардай
Ұрандаймыз келіп...
Тыныш тұра алмай.
Содан кейін өттік дейміз өмірден
Адам құсап бір күн өмір сүре алмай!
25/07/2007
Көктөбе-2007
Иманғалиға
Батыр оғлан ойнап жүрген отпенен,
Неге маған ыстық сенің Көктөбең?
Неге оның артық бүгін кейпі-дүр
Ақпанда да көктеген..?
Жас үйірген жасылы –
Алматының ардағындай асылы
Көтерді бір дүр еткізіп еңсемді
Жаншып кеткен Жаһандану ғасыры.
Қамал салып кім көрінген, қағынған
Абырой мен кеткен кезде Ар ұлдан
Беу, баһадүр, Сен келдің де Алматы
Тәжін киді
Басы биттен арылған.
Ақпаны да тартып берген нау өрге
Бүгін мұнда ән де басқа, әуен де!
Асы менен
Көктөбенің тасы да
Тұрғаныңды сездіреді қай елде.
Қайсар рух қайтарғасын киесін
Енді оның шөңгесін де сүйесің!
Шәркез басты сыймай жүрген шаһарға
Шар төбеде иесің.
Көкіректе ыс қалмай,
Содан кейін кетесің бір ұсталмай –
Ән аңқыған шыттай мөлдір аспанда
Алаш жұртын
айнала ұшқан құстардай!
Беу, Көктөбе...
13/04/2007
*** Ауған десе тұманданып көз алдым, Оқпандағы сыңар оқтай қажалдым. От пен оқтың ортасында болмасам, Бәлен-түген деп қалайша жазармын?
Мен олардай қысылған сәт хал нешік
Қоршау бұзып шыққаным жоқ қан кешіп.
Тым болмаса тәуекел деп көрмеппін
Өмірімде жалғыз Алла жар десіп.
Мен олардай жауырыннан қапқанда оқ
Сор топырақ сүйіп бір сәт жатқам жоқ.
Сөйте тұра қалай ғана айтамын
Кеудемдегі шер-шеменім батпан деп.
Қиянаттан қайыспаса қабырғам,
Cезінбесем миналарды жарылған.
Балаусаға қай бетіммен қараймын
Ауған жайлы шындық іздеп аңырған?
Сондықтан ба, қасіретті өз басым
Жалған айтпай жазса деймін жазғасын.
Қайта оятып беріш болған көз жасын,
Қайғыны да қорғасын-жыр қозғасын!
Болмағанды болды десең – сол обал,
Толмағанды толды десең – сол обал.
Қыршын ғұмыр көтермейді былшылды,
Тарихқа ешбір жүрмек емес жорамал!
Бейнет көрген десең кеуде гүлдесін,
Жүйелеп ал Сөзіңнің де жүлгесін.
Ымырасыз соғыс жайлы ындының
Сатқындарша сайқал сөйлеп жүрмесін!
16/02/2007
Томас Карлейльден
Нағыз достар қабырға мен
Шырмауықтай, рас ә:
Тұрса егер бірге тұрып,
Бірге құлар құласа.
12/02/2003
Ескерту
Асып кеткен артық қауіп жоқ менен,
Бомбамын – мен,
зарядталған кекпенен!
Тиіп кетсең жарылуға тақау тұр
Қиянаттан озбыр болған от денем.
Жүйке дейтін жүйке сымдай тартылған,
Сақтандырар сабыр о да сарқылған.
Адам айтқан тыңдамайды ақылды
Атом кеуде ашу-ыза, зар тұнған.
Қоса шыққан күрсінгенде тұлдыр дем
Күлкінің де сұм боларын кім білген?!
Бомбамын – мен!
Жоқтығынан мейірдің
Отыз жылда тажал болып үлгерген.
Жарқылдаған жын шақырып әр дыбыс,
Өмір сүрген сезінбейді барды іш.
Қанталаған көзім алды тек қана
Шартараптан шатақ қуған шарпылыс!
Көңіл көні бастағанда күлдірей
Бомбамын – мен,
Мінез тапқан бір дүлей!
Сойқан мінез содырлыққа жүкті еткен
Сұм саясат салт-санасын сүргілей.
Бейнет етіп болмысымды бүкір заң
Бомбамын – мен,
Обалды күн тудырған!
Қатыбезер қарғыс атқыр тісімді
Балалардың көз жасына жудырған.
Сасық ниет көрген сайын сақ дүрбім
Сырт-сырт санап жақындайды сәт құрдым.
Сен де енді абайлашы, сыпсың сөз,
Сыбдыр етсең жарылуға шақ тұрмын!
4/08/2007
Құрыштың дұғасы
Карл Сэндбергтен
Мені қайта төске салшы, құдайым,
Сүймен болып тірілейін, тұрайын.
Қақыратып ескі қабырғаларды,
Іргетасын жермен жексен қылайын.
Мені қайта төске салшы, құдайым,
Бұ дүниенің кіргізейін шырайын.
Арқалығын мызғымастай шегендеп,
Зеңгір көкте жұлдыздардан тәж киген
Күмбездерге тіреу болып тұрайын!
01/06/2005
*** Қала, қалқам, өлең жазар жер емес – Қиял қусаң «қауып» алар тірлігі. Мұнда саған «әдемілеу» керек ес Бастық бола қалу үшін бір күні.
Ал, өлеңің терезенің сыртында
Мұңаяды (әрі кетсе) тамшыдай.
Мисыз көше мінбе болып қырт ұлға,
Жоғалады жүрегіңде бар құдай.
Мысықтардай мұртын жалап маңайың,
Сезім тіптен көрсетпейді төбесін.
Сұмдықтардың көріп мұнда сарайын,
Шындығыңмен жылап тұрып өлесің.
Солай, солай...дейтұғын бұл әңгіме
Айтылады, айналады аңызға.
Мейлі, мені ақымақ де, әңгі де,
Тек аузыңның сілекейін ағызба.
25/11/1998
*** «Көп кещеге қай бетіммен кектенем?...» Жұматай
Наданы тағы жабылса, арамы қалмай...
Білемін, білем уайымның араны қандай!
Арктикаға тірелген мұзтауға айналып,
Сахара жақта есілген боламын құмдай.
Кеткенде бір сәт көк түске көміліп ғалам
Аспанға қарап бөрі емес, көп ұлыпты ағам.
Құбылып мінез Алматы аспаны болды,
Төгілмес жерде кей күні төгіліп қалам!
Көрерім әзір көздердің аласы ғана...
Ақ көйлек киіп келмейді қараша мына.
Серпілмей болмас Шыңғыстың түмені құсап,
Шомылып алып Барлықтың Арасанына!
13/10/1996
Эпиграммалар
Кадрлар бөлімінде істейтін кеудемсоққа
Ойлаушы едім басыменен адамның
Алла ғана ойнайды деп расымен.
Бүгін көрдім бар екенін наданның
Ойнайтұғын адамдардың басымен.
13/05/2005
Есік көзінде отырған күзетшіге
Ит дейін десем,
адам сияқты күледі,
Адам дейін десем,
ит сияқты үреді.
Кірген-шыққан адамды ыза қылуды
Бірақ,
иттен де артық біледі!
17/04/2007
Қара басыммен алысып өткен қара қатынға
Күлгендей періште, пәк бала,
Сөйлейді сыпайы, сақ қана.
Тек қана шаш емес боялған,
О тоба, жүрек те қап-қара!
04/05/2005
Тіс дәрігеріне
Пәремді де,
зәремді де алатын,
Ниетіңе
лайық емес халатың.
21/05/2002
*** Бозарған бұлттар, Сазарған бұлттар, Шыңына таудың қажалған бұлттар, Тағдыры ұқсас сендерге ғана – Жерде де жұмбақ жаны бір жұрт бар!
Арманын жазар атар таңына
Ұқсамайды олар қатардағыға.
Өрекпіп тұрған өлеңіменен
Өздерің құсап шығады олар -
Ресми емес сапарларына!
Есіріп кетсе есектер кей күн,
Есерлігіне де есеп бермейтін –
Тентектік дейтін тектілігі бар!
Көрсоқырлары көрсе де көрмей,
Ессіздері, рас, есептемейтін.
Болмайды мұны танытып алмай –
Ширыққан кезде шабыты қандай!
Өзеурей қалар өктемдерменен,
Көкпеңбек қана көктемдерге де
Кетеді олар қағытып таңдай.
Жарқ ете қалар жасынға санар –
Мұқағали мен Қасым да солар!
Бұларды қанша мұқатсаң дағы,
Жауатын бұлттай түнеріп тұрып
Мұзарт шыңдардың басында қалар.
Бозарған бұлттар,
Сазарған бұлттар,
Төгіліп алып тазарған бұлттар,
Тағдыры ұқсас сендерге ғана –
Жерде де жұмбақ жаны бір жұрт бар!
10/11/1998
Құрдым
Нұрсыз жанар,
Мейірімсіз алақан,
Әр қиялда – бастың қамы қарақан.
Атқан сайын қартайтады қаланы
Қайырымсыз көліктегі қара таң.
Мұқыл арман,
Бүкір сана,
Тұқыл дем,
Шылым ғұмыр шүршіт сорып бітірген.
Түкірігі таусылмайтын тәмам жұрт
Талтаңдайды сарай салып күпірден.
Қажалған ми,
Қартайған жад,
Қарғыс үн,
Қалтаң-қалтаң еткен жансыз бар мүсін
Жанталаса жазып жатыр жаһанның
Судай жаңа Жарыместену жарғысын!
Қарайған қан,
Көрдей терең күрсініс,
Сұлық сүлдер,
Сумаң сөздер,
Сұр дыбыс.
Қайқы ауыздай Батыс быт-быт былжырап,
Шайпауыздай шыт-шыт сынып тұр Шығыс!
Сенім соқыр,
Бағыт бұлттай бұлыңғыр,
Үзіле алмай үздігеді жұлын құр.
Тұтам емшек іздеп тұттай әлемнен
Қайта-қайта кісінейді құлын жыр!
7/08/2007
Қарғыс жыры
Тарын, тарын,
тарынып қал,
тарынып,
Заһар жұтып,
көрмегендер
зар ұғып!
Мен – қарғыспын,
қызыл қаны қарайып,
Ал жүйкесі
жүн боп кеткен
жарылып.
Тарын, тарын,
мен дегенде
тарын тек,
«Жоқ», «жоқ»,
«жоқ»-ты
осы менің барым деп.
Мен – қарғыспын,
қаһарына мінгізген
Намыс қайрап,
Кек қатайтып,
Ар үндеп.
Тарын, тарын,
тарына түс
тағы да,
Бақ қосылар
басыңдағы
Бағыңа?!
Мен – қарғыспын,
қиянаттар оятып,
Жеті айдаһар
жұмыртқалаған
жағыма!
Тарын, тарын,
одан басқа не дейін?
Өз елімде
кірме қылған өгейім.
Мен – қарғыспын
әділетті,
(әм содан)
жыны қозған
желтоқсандай көмейім.
Тарын, тарын,
тарынып қал,
тарынып,
Заһар жұтып,
көрмегендер
зар ұғып!
Мен – қарғыспын
қабырғадан бөлініп,
қайта аттанған,
У-ға айналып
бар үміт...
14/12/2004
Геворг Эминнен
(В. Потапованың нұсқасы)
Бас қатырып қандай сөзді алма-дүр,
«Иә» мен «жоқтан» қысқа сөзің бар ма бір?!
Бірақ кейде «жоқ» деп кесіп, жай ғана
«Иә» деуге жетпейді рас, бар ғұмыр.
5/11/2003
Жабайы вокзал
Бастығым қуып, кеткесін ұстап кек құрбым,
Жабайы вокзал, мен саған тағы кеп тұрмын.
Қанбазар болған ортаңа мені қабылдап,
Даңғазаңменен жанымның жасын кептіргін.
Кешеден бері тақырып қойып мұңға мың,
Итшілеп өткен ғұмырды ғана жырладым.
Құрық бойламас қулығыңа мені үйретіп,
Серілеу мінез сезімімді енді ұрлағын.
Ақыры арсыз айқайға толып құлағым,
Қаңғыбастардың айтайын мен ді бір әнін.
Бес күндік тірлік бәрібір опа бермес түк
Жетімек жырдың жаққаныңменен шырағын.
Ызасы өтіп түбіме ғана жеткірдің,
Жабайы вокзал, өзіңе тағы кеп тұрмын.
Аңқылдап айтқан арызыма менің құлақ сап,
Қаңқылдап қайтқан жүрегіме бүгін бет бұрғын.
Көктеме сайын шығатын болса жерге гүл,
Қамығып тұрып жылайтын шығармын мен де бір.
Әзірше мені рельстеріңмен әлдилеп,
Көк түтініңді көлеңкеме де перде қыл.
1/11/1998
*** Бәрі де ашкөз: ауру да, ажал да, Ашкөз тірлік, ашкөз ұрлық базарда. Ындын кеуіп, ыңыршағың айналар Ығыр еткен ынсабы жоқ заманда.
Қалбалақтап,
таба алмаған сор емін -
Қайда барсам
аран ғана көремін.
Көремін де
көңілімді көр етіп,
Өлеңімді кебін етіп өлемін.
Тойып болмас
тоғышарлар бағына:
Ашкөз кеңсе,
ашкөз түрме тағы да.
Ашкөз заңгер
ақыл айтып шаршатты
Зайырлы елдің
пысқырмайтын заңына.
Ашкөзденіп
сау дейтұғын сана да,
Ниет бүтіл айналғанда қараға
Қан жылатып,
қартайтады жаныңды
Қанағатсыз қайыршы да,
бала да.
Бәрі де ашкөз:
ауру да, ажал да,
Ашкөз діндар бет сипайды мазарда.
Ашкөз қиял жеткізді ме, білмеймін
Ойларымды айыбы жоқ ғазалға.
04/12/2003
Арыз
Рахима апайыма
Ашынғаннан емес,
Тасынғаннан да болар бәлкім бұл –
Алтын басыңды
Әурелеп кетсе әркім бір?!
Арманымды ұқпас
Ақымақтардан арылмай,
Қасарып қалғыр
Қабағымда бүгін салқын жүр.
Күйігін тартса
Күрсініс толы көмейім,
Жүрегі жоққа
Жүрегімменен не дейін?..
Көрсоқырлардан
Көңілім қалып мен енді
Көкбөрі құсап
Көкке бір ұлып көрейін.
Қиялым қуып
Жүргеніменен мың елес,
Ақымақ емен
Ақымда ғана кірер ес.
Ақиқатты айтар
Ақындар үшін, алайда,
Өмір дегенің
Өксіктен басқа түк емес!
21/09/1998
Экспромт
Ақыр соңы ақкөңіл ажалға да –
Аждаһадай бұл неткен, тажал қала!
Тұрғындарын жинайтын мешіт емес,
Шіркеу емес...
тек қана базар ғана!
Атыменен ілінер назарға да
Атлантида емес бұл,
ғазал жаңа!
Бұл қалада өлгендер жерленбейді
Ақы-пұлсыз
ақыры мазарға да.
Алтын басын көтеріп азар ғана
Алатау тұр...
алмайды ажарлана!
Аппақ әлем таба алмай
алқынады
Ақ параққа өлеңін
жазар бала...
18/01/1999
Найзақарамен тілдесу
Ей, ажары талақ көкбет шың,
Намысты туған нар қайда?
Өртенбей жатып өпсек мұң
Өкіртіп бізді алмай ма?!
Жарқырар біз бір алдаспан
Қынапқа қайрап салмай ма?!
Маңдайда не тұр, маңдайда...
Еңсесі биік өр біткен
Айылын тартса болмай ма?!
Аруағы биік қай-қайда –
Абылайдай Ар қайда?
Наурызбайдай Нар қайда?
Алауыз, арсыз айқайға
Қыран текті Қазағым
Шаңқ етпей шерім тарқай ма,
Ей, қатулы қабақ найза шың!
02/04/1997
Еркектерге бір ақыл
Огден Нэштен
Шүпілдеген бал-шырынды, ақ тілек
Сақтағыңыз келсе егер некені:
Өзіңдікі бұрыс кезде «мақұл» деп,
Дұрыс кезде үндемесең жетеді.
*** Торығамын, тозамын тосын жайға, Дертке дауа – бауырым, досым қайда? Шарап неге ішесің деме маған, Шарап ішкім келеді осындайда!
Торығамын, тозамын тосын жайға,
Тбіткен теңгеде, сосын тойда!
Жалғыз неге жүресің деме маған,
Жалғыз қалып үйренсең осындайда.
Торығамын, тозамын тосын жайға,
Ала көңіл ақ маңдай қосылды Айға.
Өлең қалай жазасың деме маған,
Өлең, өлең жазасың осындайда!
19/11/1996
*** Боркемік бала, өртеніп кетті-ау өзегім, Жалғаныңды енді жаңғырық болып кеземін. Қынаптан шыққан қылыштай кенет жарқ етсем Марқасқа туған Махамбеттердің көзі едім!
Ызадан басқа
оята қойсын шер нені?!
Тулап бір кетем
алдымнан көрсем кермені.
Аруақты елдің
алысқан асау арманын
Тулақ етпеймін
тексіздеріне төрдегі!
Жалын жырыма
оюын салып зергер мұң,
Тағдырым талақ
тапқасын тағы тербелдім.
Ертеңі болсам
еңсесін төмен түсірмен
Ереуіл атқа
ер салмай өткен ерлердің!
Боркемік бала,
қылығың бүгін жат маған,
Қанатың қайда алтындай
Күнге қақтаған?..
Өзегімменен өртеніп тұрған
Ертеңге
Абылайлардың
Аруағыменен аттанам!
04/05/1997
Есалаңдар көшесінде
Ральф Ходжсоннан
Дүкендерде мес арандар
Көру үшін татып бір,
Құс біткенді есалаңдар
Көз алдымда сатып тұр.
Қауіп жоқта – ғұмыр жайлы,
Түк қалдырмас ұртқа да.
Көз алдымда жыбырлайды
Қарақұрым құрт қана.
17/05/2005
*** Еліре соққан Ебі жел, Екілен тағы, екілен! Ез туған ұлға егесіп Егізің болып кетіп ем... Бөлтірік елім шығарып Бөрілігін есінен Қанымды менің қарайтса – Қан майдан шығар несібем?
Еліре соққан Ебі жел,
Екілен тағы, екілен!
Емендей басы еңкеймес
Ертөстік елдің өкілі ем.
Кеудесін соққан кәпірің
Көп кете берсе бетімен
Көкпарға тартсақ болмас па,
Көнтулақ жасап етінен.
Еліре соққан Ебі жел,
Екілен тағы, екілен!
Ез туған ұлға егесіп,
Егізің болып кетіп ем...
Толағай туған ағалар
Тышқан боп кетсе шетінен
Есіріп шерін тарқатар –
Есер болуға бекінем!
24/12/1997
Намыс
«Сөкпе, баба, ол үшін!»
Қайсын Құлиев
Еге болмай талтаңбай мен тасырға,
Ажыратпай құрт-құмырсқа, қанқұрт не.
Кешір, баба, ХХІ-ғасырда
Қазақстан қол соғып тұр мәңгүртке.
Қазақстан қол соғып тұр жоқ есі,
Ақша менен атақ улап санасын.
Даңғойлықтан көкке жетпей төбесі,
Тоңмойынға турап берген даласын.
Қазақстан қол соғып тұр ұялмай,
Намысы жоқ нәмәрт жандай, жоқ Ары!
Қарғыс атқыр құл мінезін қия алмай,
Қара басын көтере алмай жоғары.
Қазақстан қол соғып тұр, әлі де
Көсемдерге қол соққандай беріліп.
Құшақ жайып қиянатшыл бәріне,
Өзекжарды өз ұлынан жерініп.
Қазақстан қол соғып тұр, не дейін
Байшыкеш пен бодан болып басырға!
Күн шалдырып күміс дейтін көмейін,
Қыран көкке ту көтерген ғасырда
Кешір, баба...
16/05/2005
*** Жасыма, жырым, Жанарың бітсін көкке тек. Қатынның ісін Қайталар біз бе өкпелеп?! Менменсінгеннің мұқалмай Мысын басатын - Көңілі көктем Кеуделерге де әлі от керек!
Мінезің барда
Есердің өзі тосылар,
Жарқ етсең, жарқ ет
Жасындай бір сәт несі бар?!
Өйткені Сенде
Баһадүрлердің биік рухы мен
Тентектердің де
Тапталмай кеткен төсі бар!
Қанатың бітіп,
Салсаң бір, шіркін, құзға зер,
Жарым дер біреу,
Қағынғандары қызба дер...
Не демейді енді
Қарғасын қалың шулатып,
Қасиеті басым
Қылышын боққа сызған ел.
Жасыма, жырым,
Жанарың бітсін көкке тек.
Қатынның ісін
Қайталар біз бе өкпелеп?!
Құдайсынғанның
Құдайын салар есіне –
Көңілі көктем
Кеуделерге де әлі от керек!
11/01/1998
МАЗМҰНЫ
Көкейтесті сөз................................................................................................4
Гүл жырлары................................................................................................5
1. «Ұсынбаңдаршы гүл маған тамырын қиып...».......................................6 2. «Көңілімнің кіргізер бар шырайын...»......................................................7 3. «Ар бардай, арман бардай, тағдыр бардай...»..........................................8 4. «Мен бүгін түрімнен түршігіп...»..............................................................9 5. Еңселі ғимарат ішіндегі ой......................................................................10 ........................................................................................................................11 6. Өтініш (Леон Фелипеден)........................................................................12 7. Мәжнүн-өлең.............................................................................................13 8. «Айдалада, аспан асты, пәтерсіз...»........................................................14 ........................................................................................................................15 9 «Кеудемде құтырып құйын мың...».........................................................16 10. Эмили Дикинсоннан............................................................................. 17 ........................................................................................................................18 11. «Есіміңе қосыпты гүлді тағы...»............................................................19 12. Саяжайдағы кәрі төбетке.......................................................................20 13. Әмір Құсырау Дехлеуиден.....................................................................21 14. «Мұңды ұлының амандығын тілеген...»...............................................22 15. «Шуағыңа мен бе екем бөленбеген...» .................................................23 16. «Қаламаймын әйтеуір тоң сақтауды...»................................................24 17. Бабырдан..................................................................................................25 18. «Түрегеліп, тіктеу үшін еңсені...».........................................................26 19. Бүгінгі теңеулер......................................................................................27 20. «Тектілік сүйер тамыры, тағдыры тентек шынар шын...»..................28 21. «Жазылар жырым, жұмбағым, періштем менің...».............................29 22. Эгофобия.................................................................................................30 23. Арқаның қысын көргенде туған ойлар.................................................31 24. Джон бауыр (Майкл Харперден)...........................................................32 ........................................................................................................................33 25. «Әлдеқашан таусылғандай бар әні...»..................................................34 26. «Көрсем де қорлығын мен...»................................................................35 27. Оқу залында............................................................................................36 28. Күміс (Уолтер Де ла Мардан)...............................................................37 29. «Бәрі де қойғандай кеңесіп...»..............................................................38 30. «Сезім мені тастап қашты...».................................................................39 31. «Басыласың көзіме оттай нағып...»......................................................40 32. Әзіл өлең..................................................................................................41 33. Симуляция...............................................................................................42
34. Көк майса (Карл Сэндбергтен)..............................................................43 35. Утопия......................................................................................................44 36. 19-шақырым............................................................................................45 ........................................................................................................................46 37.«Сізді сүю – Сізді көрмей тамсану...»...................................................47 38. «Менің бейнем өміріңізде бар күні...»..................................................48 39. «Жүректерге шер менен шөккелі мұз...»..............................................49 40. Қайратты жоқтау.....................................................................................50 41. «Түсің игі болды ма, әлде ісің...»..........................................................51 42. Із кесу (Стюарт Хенсоннан)..................................................................52 43. «Адасып көк түтін ішінде...».................................................................53 44. «Өсек болып, төсек болып керекі...»....................................................54 45. «Сен де, мен де мынау үйге сия алмай...»............................................55 46.«Ей, пері қыз, ойнақ салған төбемде...».................................................56 47. Орхан Уәли Қанықтан үш өлең.............................................................57 48. Көкектегі көңіл-күй................................................................................58 49. Ex anіmo...................................................................................................59 50. Көше бойында сауда жүргізіп тұрған бойжеткенге............................60 51. Эпитафия.................................................................................................61 ........................................................................................................................62
Қылыш жырлары.......................................................................................63
52. Алдаспанның арызы...............................................................................64 ........................................................................................................................65 53. «Ханың бар ма әділетті...».....................................................................66 54. Жолбарыс (Блейктен).............................................................................67 55. Трагедия...................................................................................................68 56. «Жарымжан күй кешіп тұрып жылардай...»........................................69 57. Көктөбе-2007...........................................................................................70 58. «Ауған десе тұманданып көз алдым...»................................................71 59. Томас Карлейльден.................................................................................72 60. Ескерту.....................................................................................................73 61. Құрыштың дұғасы (Карл Сэндбергтен)................................................74 62. «Қала, қалқам, өлең жазар жер емес...»................................................75 63. «Наданы тағы жабылса арамы қалмай...»............................................76 64. Эпиграммалар.........................................................................................77 65. «Бозарған бұлттар, сазарған бұлттар...»..............................................78 66. Құрдым....................................................................................................79 67. «Тарын, тарын, тарынып қал, тарынып...»..........................................80 ........................................................................................................................81 68. Геворг Эминнен.....................................................................................82 69. Жабайы вокзал.......................................................................................83 70. «Бәрі де ашкөз: ауру да, ажал да...»......................................................84 71. Арыз.........................................................................................................85
72. Экспромт..................................................................................................86 73. Найзақарамен тілдесу.............................................................................87 74. Еркектерге бір ақыл (Огден Нэштен)...................................................88 75. «Торығамын, тозамын тосын жайға...».................................................89 76. «Боркемік бала, өртеніп кетті-ау өзегім...»..........................................90 77. Есалаңдар көшесінде (Ральф Ходжсоннан).........................................91 78. «Еліре соққан Ебі жел...».......................................................................92 79. Намыс.......................................................................................................93 80. «Жасыма, жырым, жанарың бітсін көкке тек...».................................94
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру