Мейірім ғаламшары
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Батырхан Сәрсенхан
ӘОЖ 821.512.122 КБЖ 84 (Қаз)-5 С 28 СӘРСЕНХАН Б., Мейірімді ғаламшар. Өлеңдер / Қарағанды-2015.- 70 бет.
ISBN 978-601-7804-21-2
Ордабасылық оғлан Батырхан Сәрсенханұлының осынау жыр жинағынан жастықтың жалын қызуы мен елжіреген жүректің ерке лүпілі анық сезіледі. Жыр әлеміне өзінің ерекше қолтаңбасымен енген жас дарынның әр өлеңі өмірге іңкәрлік пен асқақ азаматтық ұстанымын паш етеді. Өлеңсүйер оқырманға арналған. ӘОЖ 821.512.122 КБЖ 84 (Қаз)-5 ISBN 978-601-7804-21-2 © Сәрсенхан Б., Ақынның тағы - жұртының жүрегінде
Осыдан жарты ғасыр бұрын Төлеген Айбергенов ағамның «Мен болсам кеттім ақын боп, азырақ бақытсыздау боп...» деп жазғаны ақындық тағдыр туралы ащы шындыққа толы толғам еді. Түркістандық бұла шабыт иесі Батырхан Сәрсенханға да ақындық тағдыр бұйырыпты. Батырхан бауырым алдыңғы ойға ой ұластырып, тіпті тереңдете түсуге ұмтылып, «Бақытсыздың бәрі ақын» деп тайға таңба басқандай, маңдайға мөр соққандай үкім кесуімен елең еткізді. Бұл дүниеде айтылмаған нәрсе бар ма? Бәрі де айтылған. Көкейімізге ұялаған, жүрегіміздің түкпіріне тығылған, санамызға сіңген. Бірақ сол баршамызға аян ескі ой кейде әдебиет табалдырығын жаңа аттаған дарынды жас ақынның аузынан шыққанда жаңаша естілетіні бар. Кейбір ескі ойлар күн бұлттанғанда ғана сыздап, есіңе түсетін - бағзыда біткен сынық немесе бертінде жазылған жара секілді ұмытыла бастағандай болады-ау, бірақ дәл осындайда әлдебір емші келіп, өз қолың жетпейтін қотырыңды қасығандай жаның кіріп қалатынын жоққа шығара аласың ба? Және де дәл бір ертеректе жоғалтқан ескі досыңды көріп, қауышқандай риясыз сезімге бөленесің һәм дән риза боласың. Бірақ бұл дүниеде айтылмаған нәрсе жоқ деп, соған мойынсұнып, бұрынғыны жаңғыртып қайталай берсе, түбі ондай поэзияның өрісі - қарға адым, құйрығы бір-ақ тұтам болмай ма? Ақынның ақындығы – жаңаша, өзінше, өзгеше, ерекше жырлап, соны соқпақ салып, өз дауысымен, өз мәнерімен, өз қолтаңбасымен маңдайы жарқырап,айрықша көрінуінде болса керек. Көрер көз болса, әрине... Бұл тұрғыдан алғанда, 2014 жылғы халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При - Бас жүлдесін жарқылдаған жырларымен жеңіп алған жас дарын Батырхан Сәрсенханды топжарған ерек шабысынан-ақ сан жүйріктің ішінен жазбай тануға болады. «Поэзияға арыз», «Жалғыздық жыры», «Теңсіздік жыры», «Көктас шеберханасы», «Анамның үнсіз жылап тұрғаны», «Айлы соната», «Ата» сынды жырлары жас қаламның табысы саналарлықтай, қазақ поэзиясына олжа салатын қадау-қадау туындылар дер едім. Лирикалық кейіпкерінде арманшыл ақынның беймаза болмысы көзге ұрады. Ұйқас деген оған өзі құйылатындай табиғилық бар. Жыр жолдарында ілуде бір кездесіп
қалған кейбір селкеу сөздер мен қырнаусыз тіркестердің кедір-бұдырының өзін ақауға санағың келмейді. ...Мұңайып қараған тікеннің барлығы, Күлімдеп қарасам, гүл екен... ...Әлемде қанша адам бар, Соншама жалғыздық бар... Міне, бұл Батырханның өзіндік қолтаңбасын сездірер ойлы, сырлы жолдар.«Кім кінәлі?» деген шағын жыры тіпті бір хикаяның жүгін арқалап тұрған тағдырлы туынды. Батырханның ақындығы – сәулелі, шұғыласы мол, жарқын нұрға шүпілдеген таза, тұмса, мөлдір әлем. Оның жырларында көреген көңіл, сезімтал сана, бауырмал жүрек бар. Бастауын бұрқылдаған қайнар тұмадан алып, бұрқырап аққан бұлақтың арналы өзенге айналуға асыққан жарасымды ерке, ер мінезі бар.«Бұлтқа жетпей шарт сынбан» демекші, мұхитқа құймай ақ толқынының асау арыны басылмаса екен, күн түбіне жортып жетпей астындағы арғымағыныңбасын тартпаса екен деймін. Арнасынан асып-тасыса да, кенезеден кем түспесін. Өзі «бақытсыздың бәрі ақын» дегенімен оған шынайы бақытты ақындық тағдыр тілеймін! Жұлдызың жана берсін, тек қана биіктен көрейік, Батырхан бауырым! Ең үлкен төр – қалың оқырманыңның, қара орман жұртыңның жүрегінде екенін ұмыта көрме! Жыр адамы үшін одан асар тақ жоқ. Ақындық бақ деген де сол...
Ұлықбек Есдәулет, Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батырхан СӘРСЕНХАН БҰЛҚЫНУ Қолымда болса, балам, Адамзат зор санаған. Жер шарын әперер ем ойнау үшін, Жасар ең моншақ одан. Жайсаң қарт осыны әр күн, Қайталап масыл болған. Көп арман қосып алдым, Қайтпаған ғасырлардан. Кеудемнен итермеді, Көрмеді қыспақ қылып. Әлемді сүйсем дедім, Сол қолмен ұстап тұрып. Аударып азғын белді, Күрексіз қазғым келді. Милионның тағдырларын, Түзетіп жазғым келді. Жаратқан жүрегімде, Күн-түнге алмасты кеп. Кешірер бұл өмірге, Келген соң алғашқы рет. Жайып сап бәрін сыйдың, Жайқалған әлем, міне.
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ Ай құшып, ару сүйдім, Гүл қойып бал ерніне. Жарысып дала желмен, Ақтарып алуан маржан. Осынау бала кеудем, Жаралған армандардан. Сырыңды жалғыз ұққан, Бірі едім көп құрбының. Баз кешіп бар қызықтан, Ақын боп кеттім, күнім!
Батырхан СӘРСЕНХАН АРМАН Жанып-өшкен ғұмырын бір адамның, Келді менің Құдайдан сұрап алғым. Жазатайым от басқан алақанын, Жанарына бүркесем жылағанның. Қол көтерген жарына бір ағамның, Келді менің қолдарын сұрап алғым. Қанға малған саусағын таңға малып, Қолтығына сүйесем құлағанның. Етігімен баз кешкен бір адамның, Келді менің аяғын сұрап алғым. Таяғына сүйенген тағдырлас жан, Соқпағында тік тұрса бұралаңның. Көңіліне кек тұнған бір адамның, Келді менің жүрегін сұрап алғым. Кеудесіне сыйлар ем сол жүректі, Кіршіксіз ұнатқанның, ұнағанның...
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ * Жер дейтін планета, Әлемнің бұрышында, Бір қыз бар... Есімі тұр тіл ұшымда. Әнші де, биші де емес, Баққаны өнер де емес. Бір ғана берер кеңес: Қабағында толқынды жасын ойнап, Ол күлсе – түрленеді жасыл аймақ, Жыласа, күңірентер қанша әуенді, Жұбанса, жүрек басты барша белді! Аққудай тамсануға жаратылған, Арулар ақындарға бола туған. Бір қыз бар... үмітімнен таң атырған, Әлемнен дара тұрған! Сол жанның мәңгі алаудай жанса бағы, Жүрегі жүрек емес, ән сабағы. Ғажайып жұмбағына Жаратқанның, Шіркін-ай, адам қалай қол салады! Өмірім өктем күнін тапты содан, Көңілім көктем гүлін тапты содан, Сенімім шерткен сырын тапты содан, Сол жұмбақ жан ұқсайды қатты саған!
Батырхан СӘРСЕНХАН ТАСҚЫН Тамырын жүрегімнің көрем елден, Бүр атамын. Іздерсің сен ертең-ақ сөрелерден, «С» қатарын. Сейфуллин, Сүлейменов шығар алдан, Шығар томдар. Жұбансын жырымды оқып жылаған жан, Үзілсін қыл арқандар! Сонан соң қабықтай-ақ парақтарға, Кез-келерсің. Көзінен ақ парақтың қан аққанда, Өмірдей өзгерерсің. Өзгерерсің! сенімдей жасыл бағы, Мақсатың көп. Сілтей сал бойжеткенге қасыңдағы, «Жақсы ақын» деп. Жаныңнан жабырқаулы күйде тұрған, Жара көргем. Жатармын жас мамандай үйде отырған, Қалыңдық қара жермен!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ КӨКТАС ШЕБЕРХАНАСЫ Мәрмәрді қашап, сәбиге, Жылайды зергер, Қай жерден қалай от басты? Мұңын да шағып айта алмай кетті-ау фәниге, Жасамашы, аға, көк тасты. Ажалын күткен сақалын әрлеп бояумен, Адамдар қандай жетесіз! Туыла сала құлпытас жасап қояр ма ең, Өлмейтіндер ше, Өлмейтіндерді не етесіз?! Тілегін жолдап тамұқтағы елден, Жүрегін жұлып халыққа берген. Сыймайтын рухы табытқа мүлдем, Қырандай көкте қалықтап өлген, Қабыландарды қайтесіз?! Күшіген ойлар, ісіген кеуде, Ілесіп Ардың түсіне ергенге. Шешесін тілдер шоқ басса, Айналсын солар көк тасқа! Сұқтана қарап ала көздері, Мына шал еске салады өзгені. Ақынға мұның керегі қанша, Қаламмен қашап алады өздері. 2013 ж.
Батырхан СӘРСЕНХАН СӘТ Түн. Бұлақ. Әлсіз шам қызыл қанат, Сынық Ай жүзін қадап. Мөлдір мұң. Қобыз самал. Күй дауысы, Жапырақ жиналысы. Құс жолы... қыруар жұлдыз көк төрінде, Жеттің бе, сол биікке жетпедің бе? Қайдасың, ойға шомып отырған қыз, Он жетінші ғасырдың көктемінде?
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ КЕЙДЕ МЕН... Кейде мен жалғыз жортып бара жатам, Мінезбен мына марғау далаға тән. Бас та аман, Бөз де ораулы, Бармақ та аман, Жанды қайтем тұрғызып зал мақтаған, Арды қайтем адам да, аң да аттаған. Кейде мен қыл қалдырмай шашымды алып, Жұп-жұмыр басым қалып. Үнінен түйе қашқан бір арудың, Тілін тапқым келеді сосын барып. Жауын құйса, кірпігін есіп ғалам, Көлшігін көшелердің кешіп те алам. Ешкім сонда қолшатыр ұсынбаса, Ешбір үй ашпаса екен есік маған. Жымияр қуаныштай қашан қайғым? Неше алдандым, әлі де неше алдаймын? Ең ұлы өтірікті кешкеніммен, Ең ұсақ өтірікті кеше алмаймын!
Батырхан СӘРСЕНХАН КӨКЕ «Жатқа соғып жүрмесе малшы халық, Керегі не өлең мен ән шығарып?» Дейді де жұпар аңқып жан шуағы, Сыбайды қонышынан қамшыны алып. Сонан соң шынтаққа алып таянышын, Ақырын сипап қана қояды ішін. Арбалып, азаптанып маржан ойға, Толғанып бүгінгісін, баяғысын... Бұлыңғыр ертеңің бе, кешегің бе, Аунайды төрт құлақты төсегінде. Біреулер ақымаққа балай берсін, Қызығамын өз басым осы өмірге.
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ ТЕҢСІЗДІК ЖЫРЫ «Ғалам мылқау» десе егер нанасың ба? Жұмбақтың бәрі осында. Бір теңсіздік жатады білінбестен, Асылы, адамзаттың арасында. Көзсіз көрсе көңілсіз күй кернеуі, Шоқ болып тиген жері. Өзегі өліп-өшіп сүйе тұра, Ол неге жетім қызға үйленбеді? Быт-шыт болып іштегі бір ұстамы, Көңілдің хрусталі. Сері жігіт бұрылып қарамады, Ақылды қыз ұнауға тырыспады. Жаның жүдеп тірліктен жылағанда, Мың сұрақ шығады алға. Неге, неге құмар жұрт құлатуға? Қисық өскен ағашты кінәлауға. Мұны да әділет деп атамақ па? Тұрғанмен қаталап та. Сұлулыққа тәуелді гүл тағдыры, Тұрмысыңа тәуелді махаббат та. Жылдар жылға, тоналып айлар мұңға, Сен де оны ойладың ба? Бар болмысты келеді-ай бұзып өткім, Жылап тұрған қыз көрсем, айна алдында...
Батырхан СӘРСЕНХАН * Қызғылтым кипаристей терең өскен, Егіліп ертең барын елеместен, Сынған бұтақ көңілге сәуле құйған, Сен емес пе ең?! Жалаң аяқ қиялдың теңіздерін, Кешкен түні жанымыз егіз дедің. Жеріп кеудем жыласа неліктен мен, Сені іздедім?! Сарылып сүйегі еріп бақ қалатын, Жамылып жүз аққудың ақ қанатын. Мен бе екен мыңнан қашқан, бір бақытты, Тапқан ақын?! Жарқ етіп жанарыңнан жасын, жігер, Досың жылап, өртене қасың күлер. Алқа қып ақ сезімнің бұршақтарын, Шашып жібер!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ АНАМНЫҢ ҮНСІЗ ЖЫЛАП ТҰРҒАНЫ.. Дауылды дауыл басып көрген бе, Жолбарыстанып жасықтар жерде. Шашынан сырғып ақ орамалы, Көрші әйел үйге қашып келгенде, Күрсініп анам, жылады, Жынды су, - деді, - кінәлі. Себеп те таппай кісіңді ақтауға, Сәбидей қолы үсіп жатқанда, Алпамса жігіт ақырып төніп, Әкесін сабап тісін қаққанда, Жабығып анам жылады, Жынды су, - деді, - кінәлі. Жамаусыз көңіл қазақта бар ма, Панасыз қайтсін көзі ақпағанда?! Бейкүнә жанды тағдырдың өзі, Жетімек қыз деп мазақтағанда, Қосылып, анам жылады, Сол, - деді тағы, - кінәлі. Өмірдің мәні, мұраттың мәні, Кеудеме толып сұрақтың бәрі. Ішімдік көрсем, түседі еске, Анамның үнсіз жылап тұрғаны..
Батырхан СӘРСЕНХАН МЕН ӨЛЕҢ ОҚЫҒАНДА... Мен өлең оқығанда, Жанардан жөңкіп-жөңкіп жыл ұшады, Саудагерлер, Бітпеген жұмысы әлі. Асығады, тек қолсыз зағип кісі, Шапалақпен сыйлауға тырысады! Мен өлең оқығанда, Жас ақындар тіс қайрап, қалам ұштап, Қыз-бозбала төменге қарағыштап, Жанында теңіз толқып, көл де терлеп, Жырдағы періште ару мен бе екен деп, Қалғаны-ай, дағдыланып жол тосуға, Күлуменен жылаудың ортасында. Мен өлең оқығанда, Бірі кетіп, ақ залда бірі қалып, Жаңғырып-ақ жатады жырым анық. Тұрады бір әжетай сұм соғыста, Жарының соңғы берген гүлін алып. Сұлу көркің бергісіз қызға сенің, Деймін де, ол ойымнан жүз көшемін. Әжемнің тыныштығын бұзбағанда, Әлемнің тыныштығын бұзбас едім!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ САҒЫНЫШ Күз жеткенде, Қарайлап тарау-тарау тізбектерге. Тарау-тарау тағдырлы тырна көшпен, Ілесіп біз кеткенде. Жанарға жас алды анам, Құлын едім кермеден босанбаған. Қара тасқа маңдайы қашалмаған. Қара адырдан әріге аса алмаған. Бөле алмай жарты арманды, Дос қалды, қаңтарылған қалқан қалды. Қарт тұрды бата беріп, Бүгілген Ай тәрізді. Соңғы рет құшып тұрып, «Ата» дедік, Сезді ме ол көре алмасын қайта бізді?! Егіз өскен бұтадай бақтан өріп, Тағдырдың жаза салған тақпағы едік. Таза едік, аппақ едік. Армандар ала қашқан көк көшені, Ажал да арттан қуса, жетпес еді. Көкжиек көз алдымда мұнартады, Көз алдымда көкжиек беттеседі.
Батырхан СӘРСЕНХАН Боз үміт қалып қойған бозаң қырда, Жазбадым, соны неге жазар жылда? Құрақ-құрақ бұлт шалған көп арманға, Қолымды жете алмасам созармын ба? Кезінде тұғыр қонып, тауға айналған, Жаурайды, Жаурайды үміт, Жаурайды арман. Тоңбаған менің сәби сезімдерім, Бұртиған бүлдіршіннен аумай қалған!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ * Мен білемін, Жыл ескірсе де, сыр ескірмейтінін. Мен білемін, Жер бетіне мың бақыт үлестірсе де, Тоғышардың күлкісі бір естілмейтінін. Мен білемін, Табандар ойылса да, Сенімдер жойылмайтынын. Мен білемін, Махаббат кейде ақылға бой ұрса да, Нүктесі қызғанышсыз қойылмайтынын. Мен білемін, Кешіріп қол алса да, Жаралар жамалмайтынын. Мен білемін, Әрбір күз оралса да, Ол күздің оралмайтынын. Мен білемін, Бір үміт жалғаса да, Жүз үміт жол қарайтынын. Мен білемін, Адамдар алдаса да, Армандар алдамайтынын!
Батырхан СӘРСЕНХАН БІР КҮНДЕР БОЛАДЫ.. Бір күндер болады, Күлкі білмейтін. Бір түндер болады, Кірпік ілмейтін. Бір сезім болады, Сыр ақтаратын. Бір әзіл болады, Жылап қалатын. Бір бауыр болады, Серік болмайтын. Бір ауыл болады, Көлік бармайтын. Бір сырың болады, Бөліске – жетім. Бір шылым болады, Теріс шегетін. Бір уайым болады, Тас та жылайтын. Бір қайың болады, Басқа құлайтын. Бір бақыт болады, Түкірген көбі. Бір уақыт болады, Күтіңдер мені!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ МЕЙІРІМ Бізді жылдар оятсын, оятпасын, Мен аңсаймын Мейірім таяқшасын! Мен аңсаймын жанарды жас арылған, Жүректі ізгі нұрдан жасалынған. «Жат» деген ұғым өліп жер бетінде, Қарт көрем бос орыннан. Қол көрем құшақтауға арланбаған, Сен менен жасырынып армандаған. Леп ескенде басынан ақ таулардың, «Жеттің!» деп күлімдесе жолдар маған. Үркек ойлар жиғанда аяқ-басын, Серпіп қалсам Мейірім таяқшасын! Шертіп қалса саусағын көп өмірлер, Көңілден бүршік жарып көгерулер. Зар жылаған, Өкінген, Қалжыраған. Абзал кәрі алжыған, алжымаған. Кереметтей сеніммен қалғымаған, Аспанға қарай қала сан мың адам! Өкінуді, Қарғауды, Қасаруды, Жекіруді, алдауды, өш алуды,
Батырхан СӘРСЕНХАН Ұмытып, жұбанса адам, жұбатса адам, Шымылдықта өксіген жас аруды. Ал, мүмкін, Өңге айналып қилы арманы, Гүл алып келіп тұрса сүйген жаны! Лезде күлкі билеп езуінде, Лезде ұмытылса қиналғаны. Мен аңсаймын мезгілдің балаң шағын, Балаң шаққа ауғанда бар аңсарым. Сиқырлы таяқшадай қиялдағы, Жарқ етті қолымдағы қаламсабым!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ АТА Ата, сен өлесің бір күні, Ізімен алжыған көп шалдың. Аз ғана доғарып күлкіні, Амалсыз мақтармын. Отырам көшкедей омбы қар, Көзімді толтырып моншаққа. Барыңда күндейтін сорлылар, Жер басып жылайды сол шақта. Шығарар жырау қып, жыршы қып, Бәрі де, бәрі де сандырақ. Өкпешіл баладай қырсығып, Табыттан тұрмайсың сен, бірақ. Жұрт келер тойындай көпестің, Жанарға қалқан ғып жең ұшын. Өлгенше жем берген екі ешкің, Өлгенше бақырар жем үшін. Мен едім тік өскен бақша тал, Өрімдей бұтағы көкке ауған. Өлмеші, өлмеші, ақсақал, Жалықтым өлгенді мақтаудан. ? Батырхан СӘРСЕНХАН ЖАЛҒАН
Асылын қымбатқа айтып, арзан беріп, Темірді қазып алып, маржан көміп. Ғұмырда әтеш қуған әр жанға еріп, Сен де өтер ме екенсің, ей, жолаушым?! Бір түнде жанға ашпаған сыр ақтарып, Бір түнде жырақ барып, жылап та алып. Санаңда сан мыңдаған сұрақ қалып, Сен де өтер ме екенсің, ей, жолаушым?! Аңсарың арлы-арсыз шешімге еріп, Саусағың жүз арудың төсінде өріп. Фәнидің әділетсіз кешін көріп, Сен де өтер ме екенсің, ей, жолаушым?! Жан барында егіз ғып мұңды мұңға, Жалғанын да, тәрк етіп, шындығын да, Біз де өтер ме екенбіз, уа, дариға, Бір ғұмырдан ауысып жыр ғұмырға?!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ ЖАҢА ҚЫЛМЫСТЫҚ ЗАҢ Тәнді өлтірсе – қылмыскер, Заңды өлтірсе – қылмыскер, Неге құштар бәрі отқа? Өз уақытын құрбан еткен қандықол, Тартылмайды жауапқа. Өмірді әлі бастамаған, Масаң қарт пен жас баладан. Уақыт құнын сұрар кім? Аспалы жол, асханадан, Сәлем жолдап тұр әркім. Жүре-жүре жетті көкем, Күле-күле жұрт асқақ. Шіркін, біреу кетті ме екен, Есігіңе гүл тастап! Даласы кең, қатары аз-ақ, Қаралау мен алалау. Жата-жата, жата қазақ, Жатаған боп барады-ау! Бәріне де ескертілген, Жаңа заңды лайық дер. Өз уақытын босқа өлтірген, Әрбір адам – айыпкер!
Батырхан СӘРСЕНХАН КІМ КІНӘЛІ? Көзінде тартылыс бар құштар ғалам, Ақ моншағын теңеуге түс қалмаған. Ақ саусағы орынсыз ұсталмаған, Бұл жайлы ешкімге де тіс жармаған, Бір қыз бар-тын ауылда, мен білетін.. Есіміне елеңдеп ел жүретін, Есігіне көп жігіт телміретін. Ессіздері тәкаппар, паң көретін, Ес білгені ерекше мән беретін. Ал бір күні, жаңа отау жарық шашты, Селтең жігіт, Шорт мінез, Шарық басты. Ертеңгілік еркеме ес білдірмей, Көркем қылып көлікпен алып қашты. Қайран ару! қан тулап өпті бетін, Махаббатты сүйісу деп білетін. Пәк сезім жайлауынан шет жүретін. Жат көзге жар тізгінін ұсынбақ па? Артың – жар, жолға бастар тұсың – қақпа. Құстай аққан көліктен, өзін-өзі, Лақтырып кеп... қанатын түсірді отқа.
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ Таң ата зар жылатып тамам елді, Бір жолаушы хабарын ала келді. Сән құрып үлгермеген сарғалдақ қыз, Таңылып тар арбаға қала берді. «Өзін-өзі қорлай ма өстіп адам?!» - деген қартты көзге ілмей көшті заман. Одан соң аңғармады жат жүрегін, Одан соң таңданбады ешкім оған. Есіміне елеңдеп ел жүретін, Есігіне көп жігіт телміретін. Жүрегі жалғыздыққа бола туған, Бір қыз бар-тын ауылда, мен білетін..
Батырхан СӘРСЕНХАН АДАМ ҒҰМЫРЫНЫҢ КЕСТЕСІ Кім кемеңгер, кім ұлы – Түсініксіз түк те осы? Адамдардың ғұмыры, А және В нүктесі. Теңіздей тасынуда, Тасынуда, малып ап басын уға. Барлығы бір нүктеден бастау алып, Бір нүктеге жеткенше асығуда. Мән іздеп заңғар ойдан, Самғар ойдан сәулелі таңғы арайдан. Өлім бізге жақсы атты сыйлағанмен, Өлу бізге мақсат па алға қойған?! Төрт қара қойыменен, Қой санадан аспады ойы неден? Бүк түсіп кетіп жатыр қаншама адам, Түп-түзу бір сызықтың бойыменен. Аяймын аһ ұрғанды, Ақымаққа айтылған ақылдарды. Кектенемін өлердей кейде тіпті, Жек көремін қызтеке ақындарды!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ Барады сырғып кеме, Баян таппай төрт күндік тірлікте де. Алдымда қисық-қыңыр жолдар жатыр, Кестелер бет алғанмен бір нүктеге. Сұрама түк те менен, Үтірлермен отауын тіккен өлең, Сұрапылға түзу жол керек емес, Шын ақында болмайды нүкте деген! 2013 ж.
Батырхан СӘРСЕНХАН ПОЭЗИЯҒА АРЫЗ Бояуына сәнін берген сырлы әнмен, Жыр кітабын ақтарам деп кей шалдың. Өлеңдері өлімсіреп тұрғанмен, Тамаша екен дей салдым. Менің жаным жырға жерік досқа асық, Келші, інім, тербелмеген бесік пе ең. Мықтысың деп сүйіп тұрып қоштасып, Шыға сала еңіредім есіктен. Муза шешей! несіне оны мәз қылдың, Мазағың ба, әлде алжыған сертің бе. Жетпіс бесте зорлап өлең жаздырдың, Іші пысқан кемпірге. Жағымпазға қол соққаннан шошып ем, Ақиқаттан жантақ жұтты қанша адам. Қайран өлең, шыныменен осы ме ең? Осы болсаң – түкіргенім бар саған. Қыран құстың қырқып алған қанатын, Бір бейбақты ескерді ме қара түн?
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ Мен айтқанмен, баяғы әкім – сол әкім, Мен айтқанмен, бақытсыздың – бәрі ақын. Азғындықтан арып бітсе бар әлем, Құнарыңның күлге айналып кеткені. Азабыңа көнейін, ей, Қараөлең, Мазағыңа айналдырма тек мені! 2013 ж.
Батырхан СӘРСЕНХАН АЙЛЫ СОНАТА Сені мендей сезеді ол қалай да, Талғамай да, өткенді болжамай да. Алдамай да, тұнығын лайламай да, Қарашы толған Айға. Ренжітіп көрмеген ол ешкімді, Қуанышты және де емес мұңлы. Саясында сан ғашық кеңес құрды, Бәрі де елес сынды! Жап-жарық әлем добы жаралғалы, Замандары, қираған қамалдары. Жұқара бастағанмен адам жаны, Мөп-мөлдір оған бәрі! Оһ, менің жүрегімнің бойтұмары, Айтылады, талай жыр қайтып әлі. Айды іздесем күлімдеп тұрасың сен, Сені іздесем, жымиып Ай тұрады.
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ * Дөп-дөңгелек Күн қалай жасалынды? Дөп-дөңгелек Ай туды ұйықтарда. Дөңгеленген сырғасы жас арудың, Дөңгелейді қу бас та иықтарда. Дөп-дөңгелек көзе алтын самдай жанып, Дүниенің қызығы болмай қалып. Бір-ақ сәтте ортасы опырылып, Бәрі бір кетер-ау Нөлге айналып!
Батырхан СӘРСЕНХАН АЛДАУ АКСИОМАСЫ Адамдар алдайды өзін күншіл деумен, Опасыздың айыбын ұмыттырып. Ғашықтар алдайды өзін гүл сыйлаумен, Ертеңіне соларын біліп тұрып. Кереңдер алдайды өзін көктен сүңгіп, Түскендей кесір сөзге ермедім деп. Соқырлар алдайды өзін, неткен сұмдық, Қастандықты көзіммен көрмедім деп. Маймылдар алдайды өзін қорғауменен, Дарвин шалдың бетке ұстап айтқан заңын. Мүсәпір алдайды өзін ойлауменен, Бұдан да өткен сорақы жайттар барын. Бақытсызды көрмесе сорлы мына, Бақыттың сын-салмағын білмес еді. Жер бетінде адамның барлығы да, Өзін-өзі алдаумен күн кешеді. Шексіздікті сыйдырған тар ғаламға, О, жалғандық, бітпесін жетер жерің. Егер мен өзімді алдай алмағанда, Әлдеқашан жынды боп кетер ме едім?!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ БІР УЫС МЕЙІРІМ Бір уыс, Бір-ақ тамшы, Бұлақты аңсап, Құлады жасыл терек, Бүр атқанша. Бір уыс, Бір-ақ қарыс сенімде әлем, Сол ғана биіктігің сенің менен. Көз ішіне сыймаған құбылысты, Сеніміңнен көрем де көңілденем. Түнеу күн, алаң тұсқа беттей барып, Күрсініп, іштей ғана көп қиналып. Белгісіз жас келіншек жылап тұрды, Бір түйір жан жылуы жетпей қалып. Түнеу түн, барша өмірден алыс қалып, Берген серті өзіне табысталып. Белгісіз құрбы жігіт тұрды жылап, Бір ғана, «кешір» деуге намыстанып. Бір үміт, Бір әлемге жол салатын, Құрдастай шешіп берген қол сағатын.
Батырхан СӘРСЕНХАН Маралдың жанарындай дүниені, Менше ұға алмай келеді қаншама ақын. Жылдардың жас боп аққан жылғасымен, Жүз атты керуендей құмға сіңген. Алып асқақ таулардың тұлғасымен, Бір ғана мейір қалар, бұл ғасырмен!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ БОСТАНДЫҚ АҒАШТАРЫ Бостандық ағаштары, Басқадан бағы асқалы. Неліктен гүлдемеді, Неліктен жақ ашпады?! Бостандық ағаштары, Желбегей жел еркесі, Өзі – мұнда, Қайда жүр көлеңкесі?! Буынсыз жапырақтар, Белгісіз тұстарды ашып. Шойын мен мыстар басып, Ақырапта барады құстар қашып. Байқап өт бұл орыннан, Кәрі емен суарылған. Атамның жазбасымен, Әжемнің көз жасымен. Байқап өт бұл орыннан, Тұл ағаш суарылған. Төбеттің зәріменен, Бөбектің зарыменен. Бостандық ағаштары, Басқадан бағы асқалы. Бар ма екен бір дерегі, Неліктен гүлдемеді?
Батырхан СӘРСЕНХАН АНАМА ХАТ Сатылған сырғаң үшін, Әжіміңдей аяулы жылдар үшін, Барға разы, жоғалғыр жоққа ашынған! Аппақ нұрың себелеп ақ шашыңнан, Мені айнытпай келеді мақсатымнан. «Ай толғатқан анаңды көрсем» деумен, Күн сүйеді көркіңді, мен сенбеймін. Мен сенбеймін, мен емес ең асыл жан, Осы – кәрия! Сенбесең, сенсең мейлің! Кенеттен еске түссе ескі дәурен, Кешқұрым жанарымды жас шылаумен. Кешқұрым жүрегімді осқылаумен, Кекілді сәби сезім кештім-ау мен. Бәрі рас, алайда оның бәрі өткен күн, Мен бүгін жыламауға әдеттендім. Басынан аттап өтіп қара өткелдің, Бейдауа жалғыздықты жар еткенмін. Жан ана, таң да атуға жақындады, Қашан атар, ал менің, ақыл таңым? Күмбірлеп көкірегімде жатыр бәрі, Қош аман бол. Құрметпен Батырханың. ?
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ * «Сұлусыз» деп қызды алдау күнә ма екен? Жазған баста айып жоқ, сірә, бөтен. Тек әлем таңданудан тұра ма екен? Алдану да бақыттың бұлағы екен. Табиғатта тіптен аз толымды өлшем, Ақ сезімнің арман не, жолында өлсең. Сұлусыз! - деп жымидым әжей көрсем, Сұлулық! - деп атадым ару көрсем. Оған қажет етеді дәлелді кім? Тым тәкаппар бейнеңе сәлем, күнім! Сырын бағып жүргенде қалқатайдың, Сұлулыққа шомғандай әлем бүгін. Бүр жарған дөңеске де, белеске де, Сұлулық жасыл гүл ме, Жоқ, ештеңе! Үшеудің бірі сұлу, бірақ, бірақ, Сұлудың мұңы сұлу емес, неге?
Батырхан СӘРСЕНХАН МАҚТА ҚЫЗҒА Соны ұқтым бүгін ғана, Сертімді сан ұрлаттым. Мүмкін, мен шынында да, Қате ұғымы шығармын табиғаттың?! Сұрайтын жиі Алладан, Тылсымға еніп кірсем. Талай түн қиялыма сыя алмаған, Өмірдің өзі болып жолықтың, сен. Жырымның шығар, мәні, Сырыма құлақ тұнса. Неге керек, жүз жүрек жұбанғаны, Ең аяулы жүрегім жылап тұрса? Өксіген өз жанымды, Өзімнен бетер ұқтың. Сағынышқа оранған саздарымды, Сырнайымен әрледім қателіктің. Өмірім емессің бе, Көңілім талаулы еді? Бермеймін. Бере алмаймын сені ешкімге, Жүрегімнің мәңгілік алаугері!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ ? Көшеде біреу күліп барады, Сынық қарады ол неге? Жанарға тамшы тұнып қарады, Үміт қонады кеудеге. Ұмытқан оны, ұмыттың сен де, ұмытты білем ол сені, Жүректі жүрек жылытпақ еді, Жұлынды жарты бөлшегі... Көшені біреу іздеп барады, Күз деп барады көктемді. Жолдардың бәрі Сізге ап барады, Созбақтағаным жетті енді! Жалғыз аяқты уақытқа ілеспей, Жансыздың жырын қайталау. Жұрт мені сенсіз бақытты еместей, «Бақытты бол!» деп айтады-ау. Жалт етіп сөнген жалынды өмірлер, Жалындап жанған тілектер. Сүюге мұнша дарынды еріндер, Дарынсыз неге жүректер?
Батырхан СӘРСЕНХАН * Ол өткен шақ.. келмейтін ол өткен шақ, Сен отырсың көктемгі көйлекті аңсап. Қақ айырылып кетердей қап-қара аспан, Сөйлеп қалсақ. Қосылып жылайықшы соңғы рет бір, дегенімше жанарың мөлдіреп тұр. Ал менің ше? Менің ғой басқа әлемім, Тамшылап жүрегімнен жасты өлеңім. Ақылсыз жынды менен жақыбайдың, Азат басын сүйемін, дос көремін! Ақтарып артық сырды керек қанша, Керек қанша келмейтін ол өткен шақ? Сағыныштың салар ем сазды әуенін, Сағынуға бір ғана себеп қалса!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ ТАУ Жалғыздығыңа налитын кезің бола ма? Жүрегіңді ызғар қаритын кезі бола ма? Тұлғаңды тастар танитын кезі бола ма? Үндемейсің, сен, алып тау! Биіктеп барып, құлайтын кезің бола ма? Сабырды Һақтан сұрайтын кезің бола ма? Жалғыздан жалғыз жылайтын кезің бола ма? Мүмкін бе мұнан жалықпау?! Арқырап күліп тұратын кезің бола ма? Жарқырап тұрып шығатын кезім бола ма? Тау болғым келді... Тағдырым бе екен, жан аға, Арыма жаным – садаға!
Батырхан СӘРСЕНХАН ЖАҢБЫРЛЫ ТҮН Түніменен тамшы ұрды тереземді.. Есіңде ме? есте жоқ ескі күндер, Қадірі бүгінгідей кеш білінген. Еңіреген көңілшек қара аспаннан, Талып жеткен үніңді естідім мен. Есіңде ме? Есімде, есіңде еді – Ессіз күлкің сәуірдің кешіндегі. Күлкіңнің сұлу жерін жылатып ап, Бір ақымақ санап ең сосын мені. Есіңде ме, Мөп-мөлдір құрақты аспан, Сүйдіргенім, сүйгенім шыдатпастан? О, менің он сегізім, ең аяулы, Жалғызаяқ жолдармен жылап қашқан. Есіңде ме елсізде көктегенім, Бәрі де өкпелі шақ, өткен өмір. Күліп бастап, күлкісіз қоштасатын, Жылдар менен жолдарды жек көремін!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ * «Біз кімбіз?» деп сұрадым бір кісіден, Дараланып тұр еді ол жұрт ішінен. Жымиғаны білініп түр-түсінен, Жас ақты күлкісінен. Тек үнсіз қоштасқандай сүйіп мені, Танымы тау басынан биік пе еді. Мен ғана қолдан достық жасап алған, Ертегінің бақытсыз кейіпкері. Айлы түн. Жаңбырлы кеш. Жарық таңда, Бір құпия жатқандай мән ұққанға. Тұрақты ойдың тапқанша түп қазығын, Сұрақ қойғым келеді жолыққанға. Теңбіл-теңбіл теңізді кешіп өтем, Тереңдікке көңілдің хошы бөтен. Баянын таба алмаған әлі ешкімдер, Баянсыз өмір деген осы ма екен?
Батырхан СӘРСЕНХАН * Сен кеттің де, басталды солай бәрі, Құмырада қызыл гүл қарайғалы. Сызылды сарсаң бастың сан ойлары, Үзілді тіршіліктің арайлы әні. Түс көрем, тіпті өңімде боп көрмеген, Сүйкімді ғой, сүйкімді өткен деген. Саяқ бір сауық кешке шығам, сосын, Көңілді, тым бақытты бет пердемен! Жалма-жан қарсы алады қалың адам, Белгілі бәрі маған. «Шайыр келді!» дер бірі, қақ жарылып, Қол соғар, гүл ұсынса қабыл алам! Масаң күлу, көлгірсу, кәрі мақтау, Аты да, заты мәлім. Кешікпей-ақ қарамды батырамын. Сен жоқсың, өмір де жоқ, жоқ, ендеше! Қайдасың, ақылдылау ақымағым, Қайдасың, жалғыз үміт жапырағым?!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ АЗА ТҰТУ
Әбілда Аймаққа Өлді! Деді сол ақынды, Өре жұрт та анталады. Әлемді бір қаратуды, Ақын қалай дәл табады?! Өлді! Деді сол ақынды, Сен де келдің сеніп қалып. Аңғал жұрттың арасында, Тұрдым үнсіз еріп барып. Өлді! - деді сол ақынды, Кім өлді? - деп сұрадым мен, Кім өлді? - деп сұрадым мен, Кенет, кенет жылағым кеп.. Көрмедің бе ғаламатты, Көңіл-күйің түсті неден? Өмір кетіп бара жатты, Өлген көптің үстіменен...
Батырхан СӘРСЕНХАН * Жырын оқып қарт ақын мәрт ақынға, Жабыла кеп шығарды орта тұлға. Ақ қағазға арқандап қыл қаламды, Жыр етті. Абай, Мұхтар қырда қалды. Қыр қазағы тудырған тұлғаларды, Бір ғажабы сапалы сынға да алды. Сын деп айтар, сын бар ма бұл халықта, Былғанды ма, білмеймін, былғадық па? Көкем бірақ шертсең де, бір қалыпта, Көкем бірақ сөксең де, бір қалыпта. Кемшілігі осы еді, десе де оның, Баспаға ұсынбайтын еш өлеңін. Берсе егер кезекті рет кәрі күндес, Қырқып-қырқып салатын неше жолын. Жері жырды, үйретіп өлкесі әнді, Өкпелетті тағдыры ерке шалды, Әдеппен саулық сұрап, құрдасы Ажал, Әзілдеп ақ таяғын шерте салды.
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ ІШКІ ТҮЙСІК Дәл өзімдей аңғал-ақ бәрі маған, Зұлымдық заңы өлгендей. Өмірде ұғыспаған, танымаған, Қанша жан өте шықты сәлем бермей. Қалт тұрып, тұңғиыққа құлап барып, Асқанда көш белестен. Бір түнде өмір жайлы сыр ақтарып, Қанша үміт ұшты желмен, «қош» деместен. Сен жалғыз, бұл ғаламда ақын жалғыз, Адамның кейпіндегі. Айлы кеште мұңайып отырған қыз, Шырт ұйқымнан оятты кей түндері. Бөкен жылмен борай да борай көшкен, Созылып таңға сырлар. «Жолығармыз» деді де талай кештен, Жолықпастан кетті ғой жорға асулар. Соғылып, сезбейсің-ау, сауға басым, Жүректі өрт алғанын. Өмір сүйген адамның әр баласын, Жоғалтудан соншалық қорқам, жаным.
Батырхан СӘРСЕНХАН * Бағымда гүлдесін деп, Ұнаттым сені. Еріксіз күлмесін деп, Жылаттым сені. Қырсығым! келді басқа, Сол мінезім. Себепсіз шерлі жасқа, Толды көзім. Жауғанда көңілсіз күн, Себелей мұң. «Менсіз де өмір сүрдің, Неге?» деймін. Едің ғой сүре берер, Жолықпасам. Сансыз ой түрегелер, Сені ұқпасам. Өкпелеп тындың ба, әне, Балаша бір? Жеңгетай гүлдің бәрі, Араша жүр. Келтірген сәнін де үйдің, Иісің еді. Жаным-ай, жаным! - деймін, Сүйші мені!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ ЗАР Наурызбек Саршаға Екі ғасыр ғұмырға ерте келіп, Екі басты жыланға еркеледік. Мұң шағып ақ қарға мен қара аққуға, Мұншалық жігерімді тонаттым ба? Әне біреу мүсіркеп қарап тұр ма, Кетелік! кім күтеді, қарақ, мұнда?! Мөп-мөлдір өмір құрап ізгі арманнан, Біз едік көктем туып, күз болған жан. Зар ұқтым жылуы жоқ сыз жалғаннан, Жалықтым «сұлусыз» деп қызды алдаудан! Асқарлы мұратымды бұлт емгесін, Ақ бұлттай асуым да үлкен, досым. Жол ортаға жеткенде, жылқы өлгесін, Тауқыметін тағдырдың кім термесін? Ізімен дүрмегі көп дөңгелектің, Ілесіп сен де кеттің, мен де кеттім. ?
Батырхан СӘРСЕНХАН Бір бақытты келеді ермек еткім, Бір бақытты келеді тербеп өткім. Тағдырым... Сызған – дана, бұзған – бала, Әлемді алда! өтінем қызды алдама. Адамзат көріп өткен түстің бәрін, Өмір дейді-ау! Ол да өшкен іздер ғана... МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ ДҰШПАН Қалмады Арымда ұстам, Жаным мен тәнім дұшпан, Сезім мен сөзім дұшпан, Өзім мен өзім дұшпан. Жұлқылап мәні өмірдің, Жымидым және күлдім. Жыладым, тағы егілдім, Айтшы сен, қане, кіммін? Кім едім, сен кім едің? Несіне мөлдіредің, Несіне елжіредің? Сұрағым келді менің. Жолаушым, жалын құшқан, Ішіңде – қалың дұшпан. Қолыңмен қолың дұшпан, Бағың мен сорың дұшпан.
Батырхан СӘРСЕНХАН * Түн ішінде... Үш пе, Төрт пе, (Оу, онда жұмысың не?) Топ-топ қыз күлісуде, Гүл аңқып жүрісінде. Қарағайлар, Нетүрлі салады ойлар. Мен сені байқамайын, Сен маған қарамай қал... Түн ішінде... көрпені ашып еппен, Жанармен жасы кепкен. Тұрдым мен қарап Айға, Сүйкімді қасіретпен. Таңсәріден, күркіреп бұзақы бұлт, Көзіне ыза тұнып. Кеттің сен, сол бір түннің, Әнімен ұзатылып.
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ * Жігіттер қазір сапқа тұрады, Жанарларға үнсіз шық тұнып. Дүние сөзі тоқтатылады, Шақырады азан, тік тұрып! Жігіттер қазір сапқа тұрады, Оһ, сонда менің жүрегім. Жарылып бітер шақта тұрады, Ажалдың сүйіп күрегін. Жігіттер қазір құшаққа алады, Махаббат толы, кеуделі, Тірліктен сонда, ұсақ талабы, Іздеме, сәулем, сен мені. Дауыл сындарын ауырсынбадым, Бөлінді кеудем күрсінсем. Мұсылмансың ба, бауырсың, жаным, Өзіңнен асқақ тұрсың сен!
Батырхан СӘРСЕНХАН ҚЫСҚЫ АУЫЛ Таңдарым таңға ұзаған, Бергі заман, бұл бәлкім арғы заман. Мен бе екен мұңды көзге қуанатын, Қуанышқа жылайтын жалғыз адам? Үйренген «иә», «жоққа», Үлкен сезім бармай ма қиянатқа. Үлкен өмір бастар ма аярлыққа, Үркер ауған түндерден ояндық та, Үмітсіздік дертіне боялдық па? Есімде сирень гүлі құлпырған шақ, Бұлғындай бұлқынған шақ. Тонаған тағдырымды аяусыз қып, Бәрі де, бәрі де сол баянсыздық. Баянсыздық, табанды бүріп тынған, Сыр қалды қылықты қыз, үмітті ұлдан. Анау үйге кірсем бе айқара ашық, Жамау үйге кірсем бе құлып тұрған?
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ * Барды іздеймін бар болғасын, Бармын, - деді жан жолдасым. Бармын, - деді балауса қыз, Сендім соған аңғал басым. Кірпік шалса, көп қанша мұң, Барды сүйдім, жоқты аңсадым. Бір сәт мендік тағдыр жолы, Бір сәт менің көктем шағым. Қашық барып қонсақ Айға, Жалқы жүрек аңсамай ма? Бармын дейді бір үнсіздік, Бармын дейді... Болса, қайда?
Батырхан СӘРСЕНХАН МЕН Құс едім еркіндікті қалап өскен, Басынан дала көшкен. Ал бүгін тұра шауып таңертеңмен, Оралам қара кештен. Оралар қара кештен құр сүлдерім, Кім нәзік жүрегімді білсін менің? Тым ерте жаза басқан! Мен адасқан дегеннің өзі адасқан. Не қалды мөлдірліктен, Не қалды таза жастан? Қосылып даңғаза түн, дабыра әнге, Билей ме көз ұшында бағым, әлде. Даңқтың өзі келді, өзі кетсін, Шаруам не? Есімдей сан алжасқан, сан ауысқан, Жан беріп тіршілікте жан алысқан. Қаңғыбас түндерім-ай текке өртенген, Кәрі дос – білтесі алтын балауыз шам. Несі бар таңдай қағып таңданатын? Таңданатын көрмедім оңған ақын. Сары мұңға күйдірген сол қанатын, Бар еді ғой.. бір жүрек бар болатын...
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ АНА ҚАСҚЫР Солтүстіктен самиян самал есіп, Сызықтар мен түзіктер барады өшіп.. Неліктен мына бұта жалаңаш тұр? Қасіретке душар ма, қарабасқыр. Қашып кеп ажалынан бой тасалай, Жар ағашқа тірелді Ана қасқыр. Қалды кенет қорқаулар құрсауында, Шарасыздық салмағы мұнша ауыр ма? Құзғын жыртқыш ғұмырдың соңғы үміті, Бөлтірігі болатын құрсағында. Қанды тілін қайыра шайнап төніп, Қара тасқа азуын қайрап келіп. Іштегі өмір үшін сыртқа сыймай, Сәбиі үшін тұрды Ана айбат шегіп! Осып өтіп тырнағы һас тарланға, Қан аралас жанардан жас тамғанда, Ар үкімі қалықтап асқарларға, Тіршіліктің күресі басталғанда, Дүние жатқан шақта көшіп алда, Осы тәулік, Осы сәт, Осы маңда,
Батырхан СӘРСЕНХАН Аңырап бесік мола, кілең төбе, Адамзат деп аталар ұлы өлкеде. Қарайып күн шатқалы, Қарайып қырға біткен гүл шоқтары Жатқандай жын соққалы, Сәбиін алдырмақ боп құрсақтағы, Қаралы әйел! Кем түсер қай ғаріптен, Туа сала өлімді ойланып пе ең? Ойланып пе ең бітер деп сәтте арасы. Жазықсыз перзентінің бойға біткен, Тағдырына тас атып жатты Анасы... Неліктен бесік іші жалаңаш тұр? Қасіретке душар ма, қарабасқыр. Тасқа біткен жүрексіз мына әйелге, Жүрегіңді берші сен, Ана қасқыр?! Табиғаттық тылсымға таңдай қағып, А, Құдай, Кетсем бе екен Аңға айналып. Қазулы кеуделерге көрге айналған, Ақсиып азу тісім, Шамдай жанып!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ ЖАЛҒЫЗДЫҚ ЖЫРЫ Заңсыз әрі махаббатсыз, Туылды бір нәресте. Бітімі де бөлекше. Қазір оған у қосып татқызады, Өмірдің қатты заңы. Жаялықтан мейірімсіз жұлып алып, Жетімдердің үйіне жатқызады. Ол өмірге кеп еді бақытты іздеп, Ол өмірге келмеді бақытсыз боп. Көкпеңбек қыр асқанда дала гүлі, Бүр ашқанда бұлттардан балалығы. Сенбейді ол бір шаттықтың барына да, Келмейді құлағына Ана жыры. Кенезең де кебетін мәңгі ағыстан, Терезеден қарайлап жолға алыстан. Ол үшін Әке дейтін асқар есім, Қораш қалып қалғандай қолданыстан. Тұрса да бәрін біліп, Жылай да алмай жаныңды жалындырып. Үлгерер сорлы анаңды сағындырып, Кім келер зарыңды ұғып?! Жан бар ма ал бізді ұққан? Мәңгі тас қар-мұздықтар. Әлемде қанша адам бар, Соншама жалғыздық бар. ?
Батырхан СӘРСЕНХАН ҮНСІЗ АРУ Түк қалмады думаннан, ойындардан, Жапырақтай тоналып кетті бәрі. Біз қашамыз кінәні мойындаудан, Тек тағдырдан іздейміз көп кінәні. Кеш еді. Сағым қуған сайран еді, Он сегіз апармадың қайда мені? Емеурінін танытса елігі елдің, Шаш қою сұмдығы-ай, серілердің. Бір қонақ қыз келіпті, қарашы, әне, Сол сәтте сені көрдім. О, құдірет, көз алмай бала біткен, Дана адамдай қарайды даралықпен Жаным-ау қуыршақтай тіл қатпайсың, Жоқ, әлде үнсіздіктен жаралып па ең?! Көркің бір қарар ма деп қиял басқан, Мен де жыр оқи бердім ұялмастан. Бала едім, сол шақ еді жетілгенім, Кір тарақпен таралған кекілдерім. Қанша рет қол созсам да, періштем-ай, Сен маған ұстатпайтын секілді едің. Баспай қалған сенімдей өзгермейсің, Тасқа айналған жүректен мұз да аршылды.
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ Күйіп тұрып қарасам, көзге ілмейсің, Сүйіп тұрып «жоқ» дейтін қыздар сынды. Байқаусызда, аңдамай, бірінші рет, Ән айттым көңілімді ұғыншы деп. Әдеппен көз қиығын салған шақта, Әлгі қыз қарап тұрды күлімсіреп... Бәрі өзінше бір қылық қылған дара, Не қылсақ та, тек біздің кесіріміз, Дәмеленіп бардым да жылдам ғана «Қарындас, қандай еді есіміңіз?» Әлі үнсіздік! әлемнің бәрі үнсіздік, Солай біз сұлулықтың заңын сыздық. Жауабыңа телміре құлақ түрдім, Мен ақымақ қайталап сұраттырдым. Көктемдегі гүлдердей су-су болып, Сен үнсіз жылап тұрдың... Кенет сол сәт құрбың келді бетпе-бет, Сыртқа шықтық, жұлдыздардан үн тыңдап. Айлы аспанда назын айтып өкпелеп, Былай деді көз моншағы жылтылдап: - Несін бекер жараладың елікті, Білесің бе, нені ойлады, нені ұқты?
Батырхан СӘРСЕНХАН Білгің келсе, Жамал – қыздың есімі, Мына өмірге мылқау болып келіпті. Көңіліңді қара бұлттар басады ә? Жігітім-ау, енді албырттық жасама, Құдай қанша сұлулықты бергенмен. Сұлуға тән тіл бермепті, не шара.?! Бозардым ба, қандай кінә артар ең, Көз алдымда дөңгеледі жарты әлем. Мүмкін емес! қонар ма екен құлаққа, Мүмкін емес, тек қайталап сұратпа. Бәрі мүмкін, сен бұйырсаң, Құдайым, Мылқау қызды жылатпашы, бірақ та! 2012 ж.
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ БІР ЖЫЛҒЫ... Бір жылғы тәп-тәтті ойларым, Өмірге айналды. Өмірге айналған махаббат майданын, Жазатын жас жүрек, қайда әлгі?! Бір жылғы түстердің оятып қалдығы, Ішінде жүр екем. Мұңайып қараған тікеннің барлығы, Күлімдеп қарасам, гүл екен. Бір жылы кеткемін қайырылмай қауымға, Бүгінде бәрі аңыз. Сен үшін шайыр боп жеткенде ауылға, Қайдасың, қара қыз? Бір жылғы сол күліс, сол жүріс жүргенім, Жүк артып қарынға. Көмілген сенімнің маңында, Жеңілген баланың жағында. Бір жылғы парасат былғанса пайдаға, Өкінбеу қажет пе?
Батырхан СӘРСЕНХАН Жылаған бейнем тұр айнада, Жымиған бейнем тұр газетте. Бір жылғы тәп-тәтті ойлардың, Күнәсін бақылап. Күнәлі өмірдің біріне айналдым, - Кім үшін? - Ақымақ!
МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ Алғы сөз ................................... Бұлқыну ................................ Арман ....................................... «Жер дейтін планета...» .................................. Тасқын ................................. Көктас шеберханасы ........................ Сәт ................................................ Кейде мен... ........................ Көке ........................................... Теңсіздік жыры ............ «Қызғылтым кипаристей...» ..................... Анамның үнсіз жылап тұрғаны... ............. Мен өлең оқығанда... .................................. Сағыныш ................................ «Мен білемін...» ................... Бір күндер болады... ..................................... Мейірім .................................... Ата ..................................................... Жалған ....................................... Жаңа қылмыстық заң ............... Кім кінәлі? ............................ Адам ғұмырының кестесі .......................................... Поэзияға арыз .................. Айлы соната ..................... «Дөп-дөңгелек Күн қалай...» ....................... МАЗМҰНЫ Алдау аксиомасы ............. Бір уыс мейірім ............. Бостандық ағаштары ................................... Анама хат 38 ««Сұлусыз» деп қызды алдау...» 39 Мақта қызға 40 ? 41 «Ол өткен шақ.....» 42 Тау 43 Жаңбырлы түн 44 ««Біз кімбіз?» деп сұрадым...» 45 «Сен кеттің де...» 46 Аза тұту 47 «Жырын оқып қарт ақын...» 48 Ішкі түйсік 49 «Бағымда гүлдесін деп...» 50 Зар 51 Дұшпан 53 Түн ішінде... 54 «Жігіттер қазір сапқа тұрады...» 55 Қысқы ауыл 56 «Барды іздеймін...» 57 Мен58 Ана қасқыр 59 Жалғыздық жыры 61 Үнсіз ару 62 Бір жылғы... 65
Батырхан СӘРСЕНХАН Батырхан СӘРСЕНХАН МЕЙІРІМДІ ҒАЛАМШАР (Өлеңдер) Қазақ тілінде Редакторы: Серік САҒЫНТАЙ, Суретшісі: Әділхан МӘЛІК. «Қасым» журналы баспа-дизайн орталығында беттелді. Қаріп түрі: Лазурьский, 12 кегль. Шартты баспа табағы: 4 б/т. Таралымы 500 дана. Қарағанды қаласы, «Тенгри» баспаханасы.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру