Өлеңдер
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Ахмет Байтұрсынұлы
Адамдық диқаншысы Адамдық диқаншысы қырға шықтым, Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым. Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім, Көңілін көгертуге құл халықтың. Қор болған босқа кетіп еңбек, бейнет, Құлдарға құлдықтан жоқ артық зейнет. Оттай бер, жануарым екі аяқты, Адамдық хайуанға қанша қажет?! Жаратқан малды Құдай не кереккеМінуге, сою, соғу, жүндемекке. Жорта бер қамыт киіп, қамшыңды жеп, Бұйрық жоқ ұрасың деп үндемекке. Таяққа еті үйренген қойшы жайлап, Көк есек қозғала ма түрткенге айдап? Есептен алданғандай болғандар көп, Жасықты асыл ма деп білмей қайрап.
Алтын әтеш Беріде емес, әріде? Пәлен жұрттың жерінде Болған жақсы хан Дадан. Талай көріп қауіпті, Талай жұртты шауыпты, Жасында боп бек мазаң. Жас жеткен соң жабығып, Аттаныстан жалығып, Жай жатуға ойлапты. Кәрі ханды қажалап, Енді өзгелер мазалап, Жай жатқызып қоймапты. Жаудан Дадан жерлерін, Қорғамаққа елдерін, һәман тұтты көп әскер. Қолбасылар қалғымас, Тұс-тұсынан шықты қас, Қайсысына жетісер? Оңнан күтсе, жау солда, Қырдан күтсе, жау суда, Сырттан десе, құбыладан. Жан-жағынан жау ұрды, Жылап-жылап жіберді Ызасынан хан Дадан. Қатты күйді, қайғырды, Хан ұйқыдан айрылды, һәман қауіп-қатерде. Ойлап, ойлап қарайды: «Не қылсам, - деп, - жарайды?»
Білмейді не етерге. Безген ат боп белінен, һәр нәпсінің желінен, Бар екен бір данышпан Жұлдыз санап қарайтын, Сонан ақыл сұрайтын Сасқан, яки адасқан. Арнап кісі шаптырып, Көп-көп сәлем айттырып, Шақыртады хан Дадан. Шақырғанға бұ барды, Алтын өтеш шығарды Аузын шешіп дорбадан. Ханға тұрып сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: «Мынау алтын әтешім! Қондыр сырық басына, Қой сарайың қасына, Болар мықты күзетшің. Боп отырса тып-тыныш, Жоқ еш жерде қорқыныш. Қатер болса бір жақта, (Соғыс па я әлде не, Болсын мейлі не бәле) Қарап әтеш со жаққа, Күдірейіп, дауыстар, Ол - дегені «қауіп бар!» Риза болып, айтар хан: «Бұйым алтын, күміс пе? Басқа мүдде, жұмыс па? Тауалыңды қайтармаң. Сенен немді аярмын! Қашан болса, даярмын Не сұрасаң беруге - Не десең де еткізіп, Не мүддеңе жеткізіп, Өз көңілімдей көруге». Биік сырық басында, Хан сарайы қасында Қарауылдап халықты, Қатер болса, жұлқынып, Солай қарай ұмтылып, Әтеш айқай салыпты: «Кіри-ку-ку, жат, ханым! Жатып жұртты бақ, ханым!» Дадан ісін асырды: Жауын ерте көрген соң, Ұрып, сыйын берген соң, Жау тыйылды, басылды. Бір жыл өтті, екі жыл, Тапты рақат жұрт дамыл, Әтеш отыр жай, тыныш.
Бір күні ұйықтап хан жатты, Сер әскер кеп оятты, Бар деп бәле, қорқыныш. Хан аша алмай ұйқысын: «Не беле бар? Не қысым?» - Дейді отырып есінеп. Жауап берді сер әскер: «Әтеш көрген бар қатер, Жұрт қауіпте түйсініп». Хан қараса әйнектен, Әтеш отыр әндеткен, Күншығысқа қарапты. «Не тұрыс бар? Жүруге! Жылдам атқа мінуге, Алып қару-жарақты!» Хан әскерін айдады, Үлкен ұлын сайлады Бастық етіп үстінен. Әтеш тағы жай, тыныш, Қауіп-қатер, қорқыныш Шықты жұрттың есінен. Қол шыққалы жеті күн, Әскерден жоқ хабар-үн: Ашықты ма?Тоқ па әлі? Жеткен жоқ па? Жетті ме? Жау жатыр ма? Кетті ме? Соғысты ма? Жоқ па әлі? Міне, әтеш бақырды, Хан өзге қол шақырды, Кіші ұлына бастатты. Күншығысқа бет беріп, Қару, қапшық бөктеріп, Қосын артып, қол тартты. Әтеш тыныш, сыбыс жоқ, Әскерден түк дыбыс жоқ, Тағы өтеді жеті күн. Жұрт айрылды сауықтан, Ел жайғаспай қауыптан, Әтеш тағы берді үн. Үшінші қол шақырып, Тастайтындай жапырып, Құтты болғай деп қадам, Күншығысқа жол алып, Азық-түлік мол алып, Шықты өзі хан Дадан. Күн-түн демей қол жүріп, Бітті әбден болдырып, Ешбір белгі жолда жоқ - Мола да жоқ, көр де жоқ, Салық салған жер де жоқ, Соғыс та жоқ, қол да жоқ. «Бұ не хикмет! Не ғажап!» -
Дейді Дадан ойға қап. Жетінші күн батыр хан Қолды жиып жүргізіп, Тау ішіне кіргізіп, Керді жібек шатыр хан. Маңайында ел де жоқ, Ызыңдаған жел де жоқ, Жалғыз ғана сол шатыр. Өзектерде, ойларда Жыбырлаған қойлардай Қырып салған қол жатыр. Хан шатырға кірмекке, Бұл не ғажап - білмекке, Жылдамырақ жүреді. Хан алдында екі ұлы, Жан шошитын бар сыны, Жатқандарын көреді. Бір-біріне қылышты Сұғып, тапқан тынышты: Сауыт, қалқан - жоқ бәрі. Жапырылып жаншылған, Қара қанға малшынған Шөпті жеп жүр аттары. «Екі азамат сұлтаным! Екі лашын-сұңқарым! Ауға түскен, алданған. Маған күйік! Маған дерт! Маған өлім! Маған мерт!» - Деп жылады хан Дадан. Хан жыласа, қалар ма, Ерген жасақ - олар да Еңіресті, жыласты. Тау күрсініп, күңіреніп, Ой ыңылдап, ыңыранып, Бәрі бірге ұласты. Сонда шатыр ашылып, Нұры күндей шашылып, Шамаһанды билеген, Нөкері жоқ, жап-жалғыз Шыға келіп патша қыз, Ұшырасты ханменен. Қуыршаққа қуанған, Балаларша уанған, Жылағанын хан қойды. Сылаңдаған сызылып Қызға көңілі бұзылып, Бөлмей-жармай берді ойды. Керіле басып, кекектеп, Ханды қолдан жетектеп, Қыз шатырға әкетті. Дастарқанды жаяды, Түрлі тағам қояды,
Көрсетеді құрметті. Әбден сыйлап бағады, Парша төсек салады, Тынықсын деп жол шеккен. Бір жұмадай тойлар хан, Басқаны жоқ ойлар хан, Басы айналған, ерік кеткен... Міне, қолын, қосын ап, Қызды өзіне қосып ап, Кейін қарай хан басты. Келмей жатып алдынан, Пәлен екен деп пәлен - Түрлі лақап сөз қашты. Таянғанда қалаға, Дулап, шулап далаға, Хан алдынан ел шықты. Жұрт жүгірер артынан, Хан сағынған халқынан Алар сәлем, құлдықты. Көп ішінен көреді, Біреу сәлем береді, Ақ бөркі бар басында. Ет жоқ, ұрты суалған, Сақал, мұрты қуарған, Қара қыл жоқ шашында. Шал сәлемін хан алып, Кәрі досын тез танып, Жақын кел деп шақырды. Дейді: «Аман ба, қарт бабам, Не қосасың, айт маған, Данышпаным, ақылды?» Шал айтады: «Хан Дадан! Бар-ды айтқан уағдаң Тілегімді беруге - Не десем де еткізіп, Ризалыққа жеткізіп, Өз көңіліңдей көруге. Ақы алатын күн жетті, Мойныңдағы міндетті - Өте бүгін қарызды. Сүйсең көңілім тынуын, Бер Шамаһан сұлуын! Қабыл ет, хан, арызды!» Хан таңданды бұл іске, Ойдағы жоқ ұлы іске. Шалға айтады: «Сен несің? Пері енді ме түсіңе, Жын кірді ме ішіңе, Алжастың ба, бар ма есің?! Мен саған шын қарыздар, Қарызда да шама бар - Қыз ол саған не қажет?
Қой, шалым, тым зор тұтпа! Мен кім - оны ұмытпа! Міндеттен бар зор міндет. Сұра менен қазына! Қараман көп-азына, Шен десең, шен беремін. Ат қала да, атымды ал! Зат қала да, затымды ал! Ел жарымын һәм беремін». «Керек емес, - деді шал, - Елің, шенің, бұйым, мал. Берсең, маған қызды бер!» «Түф!» деп жерге түкіріп, Хан айтады жекіріп (Қысылғаннан шықты тер): «Қуарған шал!Сый алмай, Қыз сұрайсың ұялмай, Соққан сені захмет. Түк нәрсе де бермеймін, Түк есепті көрмеймін. Сау тұрғанда, жоғал! Кет!» Ханға жауап қайырып, Таласуға бой ұрып, Шал айтқанша қамданып... Хан асамен мандайға, - «Таласатын қандай? Мә!» - Деп жіберді бір салып. Етбетінен шал түсті, Тәннен безіп жан ұшты, Қыз: «Хи-хи-хи! Ха-ха-ха! Қорықпайды екен обалдан». Күлген болды һәм Дадан, Жұрт ренжу, хан қапа. Не тұрыс бар далада? Хан кіреді қалаға, Жұрт көшеге толады. Сырығынан түсіп кеп, Алтын әтеш ұшып кеп, Хан басына қонады. Тұмсығымен қақты да, Ханның миын шақты да, Әтеш кетті аспанға. Арбасынан хан ұшты, Кеудесінен жан ұшты, Қалды барша жұрт таңға. Ғайып болды, қыз кетті, Сөз аяғы һәм жетті, Істеу шабан, айту тез. Ертегінің шыны аз, Шыны аздың құны аз, Жанап айтқан жай бір сөз.
Анама хат
Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам! Арнап хат жазайын деп, алдым қалам. Сені онда, мені мұнда аман сақтап, Көруге жазғай еді Хақ тағалам! Бара алмай, өтірікші болып әбден, Семейдің түрмесінде отыр балаң. Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ, Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң! «Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар, Жолдар көп жәннатқа да тарам-тарам. Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам. Алданып тамағыма, оны ұмытсам, Болғандай жегенімнің бәрі харам. Адамнан туып, адам ісін етпей, Ұялмай, не бетіммен көрге барам?! Көп айтпай, қысқасынан сездіретін - Балаңның мінезі бар сөзге сараң: Кетер деп «суға құлап, отқа түсіп», Қайғы жеп, менің үшін болма алаң! Отырмын абақтының бөлмесінде, Бұйрықсыз көз жетеді өлмесіме. Есіктің құлпы мықты, күзетші кеп, Ажалдан басқа ешкім келмесіне. Қоршаулы айналасы, биік қорған, Берік қып салған темір терезесіне. Қалайша мұны көріп көңіл сенбес Аттанып жау келсе де бермесіне. Каламда Лаухул-Махфуз ұмытқан ба, Жазбапты бұл орынды көрмесіме. Қаңбақпен салмағың тең бұл бір заман, Ылаж жоқ жел айдаса ермесіне. Тайпалған талай жорға, талай тұлпар Тағдырдың кез болып тұр кермесіне. Солардан жаным, тәнім ардақты емес, Орынсыз күйзелейін мен несіне!
Сен неге, тұлпар атым, кісінейсің? Жабығып неден көңілің, түсті еңсең? Ерігіп, ауыздығың қарш-қарш шайнап, Бұ қалай,бұрынғыдай сілкінбейсің? Әлде мен бабың тауып бақпадым ба? Болмаса жемнен қысып, сақтадым ба? Әйтпесе, әбзелдерің сәнді емес пе? Жібектен тізгініңді тақпадым ба? Малдырып саф алтынға үзеңгіңді,
Тағаңды шын күмістен қақпадым ба? Жауабы иесіне берген аттың: «Сұрайсың не себептен мен жабықтым? Алыстан құлағыма келер дүбір һәм даусы керней тартып, атқан оқтың. Кісінеп себебім сол мен аһ ұрған, Көп жүріп далада енді сейіл құрман. Әбзелмен жарқыраған әсем басып, Аз қалды сыйлы, сынды күндер тұрған. Жақында жаны ашымас жау кеп шабар, Қалдырмай әбзелімнің бәрін тонар. Соқтырған шын күмістен тағаларды Суырып аяғымнан, олжаланар. Күйзеліп, жаным ашып, ауырып бек, Қайғырып, уайым ғып, тұрмын жүдеп. Орнына желпуіштің терінді әкеп, Терлеген бүйіріме жабады деп». Балықшы мен балық
Теңіздің жағасында кемпір мен шал, Тұрыпты отыз үш жыл нақ дәлме-дәл. Күн көрген бишаралар балық аулап, Болмапты төрт түліктен ырымға мал. Үсті шым, асты шұқыр жерден жырған Баспана мекенінің сиқы тұрған. Бала жоқ қолқанаттық екеуінде, Иіріп кемпір жібін, шал ау құрған. Бір күні шал апарып ауын салды, Балық жоқ, ауға оралған балдырды алды. Салғанда және ауын екінші рет, Теңізге бітетін бір шөп оралды. Тағы да үшінші рет ауын салып, Сүйретіп шығарды бір алтын балық. Шал байғұс өз көзіне өзі сенбей, Аңырайып тұрды біраз аң-таң қалып. Жарқырап үсті-басы, оттай жанып, Адамша сөз сөйлейді алтын балық: «Жанымды бір шыбындай қи, ақсақал, Бар болса не қажетің менен алып!» Шал сасып, абдырайды есі кетіп: «Балық, - деп, - бұ неғылған тілге жетік?! Керемет мұндай, сірә, көрген емес, Ау салып отыз үш жыл кәсіп етіп. Ойланып: «Тегін емес балық, - дейді, - Қалмайын киесіне, алып, - дейді. - Еш нәрсең керек емес, жолың болсын, Сайран ет теңізіңде, барып», - дейді. Балықты жіберді де, үйге қайтты, Не ғажап көргенінің бәрін айтты.
«Жібердім еш нәрсе алмай» деген соң-ақ, Кемпірі шалға көзін бажырайтты: «Ақымақ, - дейді, - алжыған, кеткен есің! Былжырап айтып тұрсың сөз деп несін? Жаңа астау тым болмаса алсаң едің, Астаудың жарылғанын білмеймісің?» Балыққа шал жөнелді жолықпаққа, ЬІдысқа астау алып молықпаққа. Жыбырлап судың беті шимайланып, Балық кеп: «Не айтасың?» - деді қартқа. Шал айтты қол қусырып, тағзым етіп: «Кемпірім ұрсып, әбден мазам кетіп, Жаңа астау сұрайын деп келдім, тақсыр! Жарамсыз астауымыз, жарық, кетік». «Қайғырма, - балық айтты, - үйіңе бар! Сол болса бар жұмысың, оның болар!» Қуанып шал үйіне қайтып келсе, Бір астау әп-әдемі жатыр даяр. Ұрсады кемпір шалға келісімен: (Сақтасын долы қатын перісінен!) «Алыпсың астау сұрап, ақылы жоқ, Айрылған, ақымақ шал, - дейді, - есінен! Деп ұрысты: «Миы ашыған, қу көк сақал! Астауға қызыққандай қанша еді мал? Қуанып қу астауға келген несі? Көп нәрсе әкеліпсің, адырағал! Үйіңнің үстіңдегі сиқы мынау! Балықтан барып тәуір үй сұрап ал!» Тағы да шал жөнелді теңіз жаққа, Балыққа арыз айтып, мұң шақпаққа. Бұзылып судың түсі лайланып, Балық кеп: «Не айтасың?» - дейді қартқа. Шал айтты қол қусырып, тағзым етіп: «Бәлеге қалдым, тақсыр, мазам кетіп! «Үй алмай, астау алдың, алжыған!» - деп, Барады сүйегімнен сөккені өтіп». Арызын ақсақалдың қабыл алып: «Қайғырма! Үйіңе қайт!» - деді балық... Орнында лашығының ағаш үй тұр, Келеді шал қуанып, таңырқанып. Салған үй салтанатты сәніменен, Бояған, оюлаған мәніменен. Сайраған бақшасында түрлі құстар Келтірген көңіл хошын әніменен. Асылып терезеге кемпір тұрып, Ұрсады келісімен шалға ақырып: «Балықтан барыпсың да үй алыпсың, Ақымақ, миың ашып, кеткен шіріп. Ізіңмен, үйге кірмей, қайт балыққа! Қадірсіз мұжық деген ат халыққа. Айтпасқа қарашекпен қатыны деп, Ақсүйек етсін мені, айт балыққа!»
Балыққа шал келеді қайтып тағы, Кемпірдің мұң-мүддесін айтып тағы. Тағзыммен қол қусырып, арыз айтып: «Азапты келдім, - деді, - тартып тағы». «Қайғырма, - балық айтты, - болар, - дейді, Ақсүйек дәрежесі қонар», - дейді. Қатыны, қайтып келсе, болған ханым, Қасына шал қалайша жолар енді?! Биік үй салтанатты, сәнді түрі, Бәрі мол, бәрі байлық, бәрі ірі. Үстіне неше түрлі асыл киіп, Паңсынып сыртқы есікте тұр кемпірі. Қолында толған өңшең алтын жүзік, Зүмред, березелі бар білезік. Үстінде қамзол ішік, тысы қамқа, Меруерт омырауы қойған тізіп. Аяқта сақтаяннан оюлы етік, Бұрынғы мұжықтығы естен кетіп, Жұмсап тұр біріне ұрсып, бірін ұрып, Ақырып малайларға әмір етіп. Шал келіп: «Сәлем бердік, ханым! - деді, Ризалық тапты ма енді жаның?» - деді. Жаратпай шалдың сөзін, кемпірі ұрсып: «Әдепсіз, ақылы жоқ, жарым, - деді. - Ат бақсын, ат қораға апарыңдар Мұжықтың мына біреу шалын!» - деді. Қанағат болды десек етер шағы, Құтырды өскен сайын кемпір бағы. Өткен соң бірер жұма, шақыртады Балыққа жібермекке шалды тағы. Айтады: «Қазір жылдам бар балыққа! Жеткен жоқ жаным әлі ырзалыққа. Ақсүйек дәрежесін азсынамын, Патша етсін мені дереу бір халыққа!» Шал айтты: «Құтырдың ба? Түзу ме есің? Болмасын астамшылық, мұның кесір! Білмейсің іс ретін, сөз мәнісін, Жұрт күлер: «Қор болған деп бақыт есіл!» Бұл сөзге кемпір қатты ашуланып, Жіберді шалды жаққа салып-салып. «Қалайша маған қарсы сөз айтасың? Сен - мұжық, мен - ақсүйек, қой, - деп, - танып Сөз айтар шалда хәл жоқ, жөнеледі, Қарайып теңіз беті түнереді. Шақырған шал даусына балық келіп: Ақсақал, не айтасың? Сөйле!» - деді. Шал айтты: «Өлдім әбден тынышым кетіп, Таянды жындануға кемпір жетіп. «Ақсүйек дәрежесін азсынамын, Бір жұртқа қойсын, - деді, - патша етіп». «Қайғырма, - балық сөйлеп, - кәрім! - деді, Істермін айтқанындай бәрін, - деді. -
Жүргізіп жұртқа әмірін мейілінше, Айбынды болар патша жарың», - деді. Шал қайтса, салтанатты сарайлар тұр, Ішінде сарайлардың кемпірі отыр. Асынып айбалтасын, есіктерде Күзетші түсі суық малайлар тұр. Жарқырап алтын киіп, оттай жанып, Патшасып кемпір отыр ызғарланып, Ақсүйек, өңшең бекзат қызметінде, Ішкізіп арақ-шарап, азаптанып. Билетпей шалға бойы, буын құрып, Сарайға шал сескеніп келді кіріп. Бас ұрып кемпірінің аяғына: «Болды ма жаның риза!» - деді тұрып. Есіркеу кемпірде жоқ шалын аяп, Адам деп елеп оған қарамай-ақ, Деп еді: «Шығарыңдар!». - Сол-ақ екен, Жұдырық жан-жағынан жауды таяқ. Желкелеп, сүйреп, жұлқып жұлмалайды, Ағына сақалының кім қарайды? «Ақымақ, әдебі жоқ, алжыған құл, Кірлейсің аяғыңмен, - деп, - сарайды!» Жұрт күліп: - Шал екенсің, - деді, - жарым, Ақылың кем болған соң, кімге обалың? «Болмаса өзің шанаң, отырма» деп, Бұрынғы айтпап па еді мақалдарын? Бір-екі мұнан кейін жұма өтті, Тілейтін жаңа тоят кезі жетті. Қызығы патшалықтың тозды жылдам, Жарлық қып, кемпір патша шалды іздетті. Шалды айдап алып келді дірдектетіп, Байғұстың түсі қашқан, өңі кетіп. Үстінде алтын тақтың кемпір патша Тапсырды шалға жұмыс, әмір етіп: «Бек тығыз бұйырамын саған, - деді, - Сөз қатсаң, жыртылады жағаң, - деді. - Мақсатым суды билеп, суда тұрмақ, Балыққа айт менен көп-көп сәлем! - деді, Қаратып теңіздерді қол астыма, Шабарман болсын өзі маған», - деді. Әлі жоқ сөз қайырар, шал кетеді, Қорыққаннан жылдам жүріп, тез жетеді. Қара бұлт, қара дауыл толқынды айдап, Сапырып теңіз суын, желдетеді. Балықты шақырып шал, сөзін айтты, Жұмыстың тығыздығын, тезін айтты. Кемпірдің сұрағанын естіп балық, Бір соғып суды бетке, кейін қайтты. Балықтан жауап күтіп тұрып-тұрып, Шал қайтты кешке жақын әлі құрып. Көре алмай салтанатты сарайларды,
Көз салды жан-жағына мойнын бұрып. Қараса, лашығында кемпірі отыр, Баяғы жарық астау жырық-жырық. Түсіріп таз кебіне бір-ақ күнде, Қойыпты қу қақбасты Құдай ұрып. Бақ
Бұлттар басып жасырған, Жана түсіп басылған, Таң шапағы сөніп тұр. Жаңаланған өмірден, Жаңа шығып көрінген Гүл қамауда семіп тұр. Балалықтан басталып, (Тастаймын аз жасты алып, Есіме нағыз енгенше) Көрдім қызық, көрмедім? Көрсем, баға бермедім Бозбала жас келгенше. Құстай түлкі алатын, Жайып алтын қанатын, Уылжыған от лепті Жігіттік жас келді де, Ойды біраз бөлді де, Тұрағы жоқ ол өтті. Қудым бақты, іздедім, «Табамын ғой тез» дедім, Азап шекті тән-жаным. Қарап жақын-жырақты, Жақтым түрлі шырақты, Таптырмады қуғаным. Үміт сүйрер жыраққа, Жетесің деп мұратқа, Талықсам да ізденіп. Қашан көңіл жарасар, Арқа-басың босанар, Рақатты жаз келіп? Қашан жанып шамшырақ, Сәуле беріп жарқырап, Болар жарық төрт тарап? Қашан маған іздеген Келіп жылы жүзбенен, Болар серік бақ қарап?!
Данышпан Аликтің ажалы
Жар салып, жасақ жияр білімді Алик, Білімсіз хұзарлардан алмаққа кек. Қаласын, егіндерін ызасы үшін От пенен қойған арнап қылышқа деп. Қол бастап, киіп сауыт - Царградты, Сыр мінез таңдап мініп сенімді атты, Далада келе жатып, князь көрді Ішінен қалың орман шыққан қартты. Перунға көнген, берген ықыласын, Болжаған болар заман уақиғасын, Қасына Алик келді қарияның Өткізген құлшылықпен, балмен жасын. «Не болар, айтшы, бақсым Құдай сүйген, Ілгергі өтер жасым нендей күймен? Жауымды жан-жақтағы қуандырып, Топырақ тез басар ма денеме үйген? Ашып айт, бүкпей бәрін, еш қаймықпа! Аласың таңдап жақсы ат айтқандыққа». Бақсылар князь сыйын қылмас қажет һәм қорықпас болғандардан ие жұртқа. Олардың тілі еркін, сөзі хақ-ты, Құдірет әмірімен ынтымақты. Қараңғы таңдағылар тынытпайды, Жүзіңнен саған деген көрем бақты. «Ұмытпай, ал жадыңа сөзін қарттың, Батырға қымбат бұлы дабыс-даңқтың. Атың зор, айбының мол жау мұқатқан, Қалқаның қақ басында Царградтың. Аямай берген саған бақ-талайды, Күңіркеп, дұшпандарың көре алмайды. Жер, су да - бәрі саған бағынулы, Толқыны көк теңіздің ала алмайды. Айбалта, оқ, найза да, сом қанжар да, Ешбірі саған залал қыла алмайды. Астына көк сауыттың жара түспес, Қорғаушың көрінбейтін бар бір сайлы. Қатерлі не бейнеттен қорықпас атың, Сезеді қозғалғанын қалай тақым. «Тұр!» десе - жауған оққа қимылдамас, «Шу!» десе - не қамалға кірер батыл. Суыққа, соғысқа да тұлпар шыдар, Ажалың бірақ осы аттан болар...» Сөзіне шалдың айтқан күлді Алик, Әйтсе де оймен жүзі торғылданар. Көңілсіз ойдағы жоқ естіп істі, Үндемей, ерге асылып, аттан түсті. Сипалап, қасып, қағып мойынға атын, Айнымас доспен князь қош айтысты: «Бақыл бол, серік атым, ренжіме! Айрылар мезгіл жетсе, айырмас не?
Дамыл ал! Қош, аман бол! Мені ұмытпа! Аяғым тимес алтын үзеңгіңе. Келіңдер, бозбалалар, атты алыңдар! Жетектеп тоғайыма апарыңдар! Жабыңдар жабуына түкті кілем, Тазалап, жуып, бағып, баптаңыздар! Жеміне ең қалаулы сұлы алыңдар! Бұлақтың суымен һәм суарыңдар!» Князьға, атын алып, тосты басқа ат, Өтеді мұнан кейін неше жылдар. Басында бір қорғанның Алик тойлап, Жасақпен жанындағы күліп-ойнап, Қайғы жоқ, қасірет жоқ, ішіп бәрі, Күндерді бастан кешкен сөйлер ойға ап. Ескерді бір мезгілде атын Алик, Сұрайды: «Есен-сау ма һәм қайда? - деп. - Жүрісін, жүйріктігін танған жоқ па, Жабығып қалмады ма, - дейді, - жүдеп?» Қайда деп жоқтаған соң Алик атын, Айтады біреу тұрып: «Князь батыр! Басында биік қырдың әлдеқашан Тыныштық алып, атың ұйықтап жатыр». Мұны естіп, Алик жерге қарап төмен, Ойлайды: «Оттап босқа шал не жеген?! Қу бақсы! Өтірікші, алжыған шал, Атымды айырыпсың босқа менен». Көруге аттың сүйек-саяқтарын, Ертіп ап Игор менен қонақтарын, Сарайдан шығып Алик келе жатыр, Жағалап Днепрдің алаптарын. Қураған жатыр сүйек қыр басында, Селеулер жел құбылтқан тұр басында. Құм көмген, жаңбыр жуған сүйектердің Аралап князь Алик жүр қасында. Ақырын аяғын сап шығып басқа, Сөз сөйлер князь тұрып өлген досқа: «Жат, достым! Кәрі иеңнен қайтқан бұрын, Құдірет қарамайды көп, аз жасқа. Жазыпты сені асыма сойғызбасқа, Қаныңмен топырағым тойғызбасқа. «Ажалың аттан болар» деп сандалып, ІІІал мені қорқытқаны осы бас па?» Білдірмей, бас ішінен жылжып шығып, Князьға қара жылан шапты ысқырып. Оралып аяғына, шаққан кезде Батырдан шықты дыбыс, жаны ышқынып. Аликті жоқтап, жұрты көп жылайды, Өлген соң, жылағанға ол тұрмайды.
Днепр жағасында асын беріп, Көпіршіп саптыаяқтар быжылдайды. Ольга мен князь Игор дөң басында, Тойлаған жасақтары һәм қасында. Күндерді бастан кешкен сөйлей түсер, Саптыаяқ жүрген сайын ортасында... Достыма хат
Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай! Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай! Үйілген өлексені өрге сүйреп, Шығармақ қыр басына іңкәрің-ай! Жарқырап жақсылықтың таңы айтпай тұр, Түнерген төбемізден бұлт арылмай. Көк етті, көн терілі, көніп қалған, Сықса да шыдай беру, жұрт жарылмай. Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр, Кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр? Сасық ми, салқын жүрек санасыздар Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр. Сынайтын жақсы менен жаманды өлшеп, Құлдықтың қолдарында көзі жатыр. Кешегі кеңшілікте керек қылған Бостандық болмаған соң, безіп жатыр. Айтқанмен таусыла ма оны-мұны, Талайдың таңдамалы түпкі сыры: Жанасқан шын көңілмен жақындық аз - Көбінің іші салқын, сырты-ақ жылы. Ақшаға абыройын, арын сатып, Азған жұрт, адамшылық қалмай сыны. Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма Жаны мал, жақыны мал, малдың құлы?!
Есек пен үкі Үркектеу, үйір емес онша қолға, Бір Есек ұзақ сапар шықты жолға. Есектің бойы тәуір болғанменен, Есепте қосылмайды есі молға. Және де бұл Есектің көзі соқыр, Басшысыз соқыр қалай жүрсін оңға? Лағып тура жолдан қаңғып кетті, Қисайып, қыңыржақтап, шығып жонға. Ішіне қалың орман барып кірді, Білмеймін, не жол тауып, неғып жүрді. Күн батып, қас қарайған уақытта Есектің лаққанын Үкі көрді.
Үкі айтты: «Мінгіз, Есек, мені, - деді, - Мініп ап, мен бастайын сені, - деді. Жолды айтып, жөнді сілтеп мен отырсам, Көзіңнің еш нәрсе емес кемі», - деді. Бір ауыз сөз қайырмай, Есек көнді, Мініп ап, Үкі отырды сілтеп жөнді. Жерлерден адыр-бұдыр аман өтіп, Ағаштың жиегіне жақын келді. Жол тапқан қараңғыда басшысына Ден қойып, «бастағыш» деп, Есек сенді. Бір кезде таң сарғайып, машырықтан Ағаштың арасына сәуле енді. Үкілер күндіз соқыр, түнде көргіш, Есекең іс мәнісін білмей ергіш. Үкіден таң атса да айрылмайды, Деп ойлап: «Жарықта да жөн сілтегіш». Күн шықты, жарық болды дүние жүзі, Үкінің бұлдырайды көрмей көзі. Өзгеге жөн көрсетіп, бастау түгіл, Әлі бар отырарлық жай ғана өзі. Сонда да Есегіне сыр бермеске Айтатын білгішсініп міне сөзі: «Ал келдік жаман жерге, енді сақтан, Жолама сол жақтағы өзенге аққан. Бетіңді оң жағыңа сала жүріп, Аман әт мынау жатқан лай қақтан». (Ол жердің өзені де, қағы да жоқ, Білмеймін, соқыр Үкі қайдан тапқан?!) Есекті Үкі билеп, алып қолға, Салыпты нақ ғазазыл түскен жолға. Пәлен деп күн ілгері не қылалық, Түскені ондай жолға бақ па, сор ма? Бұл сөзді баяндаған болмас айып, Әркімнің ісіне бар сөзі лайық. Көркем сөз мұнан артық таба алмадым, Тал түсте лаққанға жолдан тайып. Көп білім, көпті үйретер болмасақ та, Не пайда жабыққаннан құр мұңайып?! Соқырға көрсеткенмен, көре қоймас, Сонда да үміт үзіп, отырмайық. Арланбай, адасқанды әшкерелеп, Қоялық погоннойын жұртқа жайып. Болады ақылсыздың мысалы Есек, Ғылымсыз надан адам соқырға есеп. Қалпынан Есек асып, ат болмайды, Қойса да қорасына асыл төсеп. Алтынды аяғыңа басқанменен, Болмайды асыл азып балшық кесек. Жақсыны жақсы деген мақтау емес, Жаманды жаман десе, болмайды өсек. Қауымынан мұсылманның шыққан жолды Айып па ғазазылдың жолы десек?
Білгішсіп кей білімсіз жол айтып жүр, Байқасақ, не оңды жол ол айтып жүр?! Халыққа надан адам басшы болып, Халықтың надандығын молайтып жүр. Наданға надандықпен жұрт ерген соң, Тал түсте лақты деп соны айтып жүр. Жазған сөз жаным ашып Алашыма, Алаштың адасқан аз баласына. Қаннан қан, еттен етім, бауыр жұртым Қараған «Қара таудың» қаласына! Іші лас, сырты таза залымдардың Алданып құр сыртының тазасына. Мәз болып байғазы алған балаларша, Сатылып жылтыраған танасына; Әбілдің зияратын аттап өтіп, Қабылдың бата қылмай моласына., Қорыққанға қос көрініп, қойдай үркіп, Тығылып дажалдың итханасына; Ес кетіп, сабыр қалмай, сасқалақтап, Қорыққаннан көзің сыймай шарасына. Ұмытып Құдайды да, Құранды да, Бас ұрма Лат, Манат ағашына!
Жадовскаядан Мінсіз таза меруерт Су түбінде жатады. Мінсіз таза асыл сөз Ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан зат Жел толқытса шығады. Ой түбінде жатқан сөз Шер толқытса шығады. Жазушының қанағаты Бұл сөзді біреу алмас, біреу алар, Құлағын біреу салмас, біреу салар. Теп-тегіс көпке ұнау оңай емес, Кейіне жарамаса, кейіне жарар. Қайсысы ықыласын салып тыңдап, Жаратпай қайсыбірі, теріс қарар. Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар, Солардан аз да болса белгі қалар. Жауға түскеннің сөзі
Жанға көңіл қалып тұр, Жан бұл күйге салып тұр. Тәнге көңіл қалып тұр, Тән шыдамай, арып тұр. Жұртқа көңіл қалып тұр, Жұрт жалғанға нанып тұр. Өтірік өрлеп күшейіп, Шын жеңіліп, талып тұр. Бақ дегенге байлау жоқ, Уағдадан танып тұр. Тағдыр шіркін тап беріп, Тамағымнан алып тұр. Бәле деген аңдушы Аяғымнан шалып тұр. Жала деген төбеті Балтырымнан қауып тұр. Жау білегін сыбанып, Пышағын қайрап, жанып тұр. Сауысқан, қарға, қарақұс Жемтік аңдып, бағып тұр. Көре алмаған күншілдің Көңіліне мұным жағып тұр. Табалаған жаманның Шаян тілі шағып тұр. «Әй, сені ме?!» дегеннің Айызы әбден қанып тұр. Жаны ашыған жақынның Жас көзінен ағып тұр. Айыруға амал жоқ, Қылышын жерге шауып тұр. «Әлдеқалай болар» деп, Жүрегі жұлқып қағып тұр... Түгі жылы, білмедім, Түледі ме - нағып тұр? Түлемеген түпкі дос, Түлегенің барып тұр!..
Жиған-терген Оюын ойып, Орындап қойып, Түр салғандай өрнекке, Қиыннан қиып, Қиырдан жиып, Құрап, сөзді термекке, Еңбекке егіз тіл мен жақ, Ерінбесең, сөйлеп бақ! Именіп көптен,
Сақтық қып еппен, Тасалама ойыңды! Ашынса етің, Ашылмақ бетің, Тірі көмбей бойыңды, Жүрегіңнің жарасын Көрсет жұртқа! Қарасын. Оқушым, ұқпай, Осқырып шықпай, Сабырмен байқа сөзімді! Шыққан соң сыртқа, Жайған соң жұртқа, Сөз тергеуге төзімді. Көп мағына, аз ләфүз, Есек баспас тайғақ мұз. Қарқылдар қарға, Шиқылдар арба, Бой сүйсінер сазы жоқ. Шешенсіп жұртқа, Мылжыңдар қыртпа, Ой исінер сөзі жоқ. Маған үлгі ол емес, Ол түсерлік жол емес. Жолдар бар өзге, Жоба бар сөзге Жүрекке дөп, ойға жон. Жаманды жаман Демекпін һаман, Мейлің тула, мейлің көн. Иланбасам, айтпаймын, Иманымнан қайтпаймын. Әр жолды ойлап, Ойыма бойлап, Ұқтым тайыз, тереңді. Сайраған тілмен, Зарлаған үнмен Құлағы жоқ кереңді Ұқтыра алмай сөз әуре, Тек тұра алмай біз әуре. Қараймын кейін: Орысқа шейін Хан бағыпты қазақты. Баға алмай жөндеп, Басқаға кен деп, Артқан жұртқа азапты. Бас адамдар халықты Сатып, сыйлар алыпты. Келген соң бері, Кейінгілері Болды құмар шекпенге - Өгіздей өрге,
Өткелсіз жерге Күнде айдап жеккенге. Бір күн тойса есектер, Ми жоқ алдын есептер. Салынып дауға, Сатылып жауға, Болыстықты алысты. Қазық боп жұртқа, Қорған боп сыртқа, Кім ойлады намысты?! Мақтады ұлық, болды мәз, Қауым үшін қайғы аз. Оқытты жасын, Өстіртіп шашын, Мал табуға салынды. Қаламнан, хаттан, Жауаптан айтқан Білді жалғыз алымды. Кейбірі шен алмақ та, Дінін шаншып қармаққа. Басында сәллә, Аузында Алла, Молдаларда не ғамал? Көздерін сүзіп, Жүздерін бұзып, Алдап жұртты, жимақ мал. Ұжмақ молда қолында, Сауда-саттық жолында. «Бергенге - ұжмақ, Бермесе - дозақ», - Деп үйретер халыққа. Ұжмақтың кілтін, Алланың мүлкін Арендаға алып па? Молда сатса тиынға, Ол - Алла емес, сыйынба! Шалқаңнан жатып, Аллланы сатып, Аламын деп қорлама! Еңбексіз ит жер, Бейнетсіз бит жер, Берсеңдер, бер молдаға! Өзіңді бірақ алдама, Ақшаға ұжмақ жалдама! Ұлғайып қайғы, Уытын жайды, Айтпасыма болмады. Қабағын түйіп, Қаһарын жиып, Жан-жақты бұлт торлады. Жаңбыр жаумай, жауса қар, Жұрт жұтайтын түрі бар.
Балалық қалып, Ес біліп анық, Ер жеткелі жиырма жыл. Баяғы қалпы, Баяғы салты, Бұл неткен жұрт ұйқышыл? Болсын кедей, болсын бай, Жатыр бейқам, жым-жырт, жай. Емшегін еміп, Анаға сеніп, Бала ұйықтайды жастықпен. Қымызға қанып, Қызарып жанып, Бай ұйықтайды мастықпен. Шалап ішкен кедей мас, Мына жұрттың түрі оңбас! Ұйқышыл жұртты Түксиген мұртты Обыр обып, сорып тұр. Түн етіп күнін, Көрсетпей мінін, Оятқызбай қорып тұр. Обыр болса қамқорың, Қайнағаны сол сорың! Оянған ерге Ұмтылған жерде Еруші аз, серік кем. Қас білген досты, Дос білген қасты, Мұндай елді көріп пе ең? Қыс ішінде бірер қаз Келгенменен, қайда жаз?! Қазағым, елім, Қайқайып белің, Сынуға тұр таянып. Талауда малың, Қамауда жаның, Аш көзіңді, оянып. Қанған жоқ па әлі ұйқың, Ұйықтайтын бар не сиқың?!
Жұбату Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем. Жылама, бөпем, жылама, Жілік шағып берейін. Байқұтанның құйрығын Жіпке тағып берейін. Жұртыма
Бірлік қып іс етуге шорқақ жұртым, Табылса оңай олжа, ортақ жұртым. Сияқты қара қарға шуылдаған Үрейсіз қоян жүрек қорқақ жұртым. Білмейсің жөнің менен терісіңді, Ел болып іс етпейсің келісімді. Үміт қып бәйге атындай талай қосып, Байқадық шабыс түгіл, желісіңді. Жөн айтқан жұртшылыққа адам болса, Шығасың қолыңа ала керісіңді. Бытырап бет-бетіңе жөнелгенде, Көрдік қой жайылатын өрісіңді. Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар, Қайтейін өзге десе көнгішіңді. Сықылды сынық бұтақ төмендесең, Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?! Көк есектерге
Не жазып ем, Құдай-ау, мен қазаққа, Мүбтала ғып салғандай бұл азапқа?! Адамшылық есебіне кірісіп, Қолы жетсін дегендік пе азатқа? Жөн көрсеттім қазақ деген намысқа, Жол сілтедім жақын емес, алысқа. «Өзге жұрттар өрге қадам басқанда, - Дедім, - сен де қатарыңнан қалыспа!» Бар ма, қазақ, мұнан басқа қылғаным? Неңді шаштым, неңді бұздым, былғадым? Аштан өлген аталарың бар ма еді, Тамақ үшін сатқан иттер иманын. Көң тасыған көк есектер, бәріңе, Қалдырмастан жағалай жас-кәріңе, Үрім-бұтақ нәсіліңе қалғандай Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе. Бәрінді де іздеп қарап көрермін, Тапқанымды тастамаспын, терермін. Миллат үшін еңбектері сіңген деп, Өсиет қып, кейінгіге берермін. Асықпаңдар! Артымызда қазы бар, Тергеп талай, сүйектерің қазылар. Пайғамбарды сатып отыр тілла алған, Яһудамен бірге аттарың жазылар. Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны. Н.Қ. ханымға
Рақатсыз өтсе де өмір жасым, Бұл жөнімнан Құдайым айырмасын. Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң, Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым! Су да болар ол жолда, тау да болар, Жаудың оғы, жайған тор, ау да болар. Мынау пайда,мынасы зиян демек, Ол ерліктің ісі емес, сауда болар. Шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар, Шалдыққанға мұқалмас ерлер де бар. Қайратанып, қажымай тырмыссаң да, Шыққызбайтын жолыңды ерлер де бар. Шаршайды деп ойлама шалдыққанан, Ұзақсынып жатпаспын жалыққаннан. Жұрт, қолымнан келмесе, өкпелемес, Барын сақтап, мен аяп, алып қалман. Ел мұнымды білемін ұқпайтынын, Көтермеге талғанда шықпайтынын, Шалыс басып аяқты, жығылғанда, «Жатқаныңнан тұрма!» деп мықтайтынын. Мен өлсем де өлемін жөнімменен, Төннен басқа немді алар өлім менен?! Өлген күні апарып тығары - көр, Мен жоқ болман көміліп тәнімменен. Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтындай мен емес бір күнгісін. Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін.
Нәбек аты Арабтың Нәбек деген жалғыз аты - Сол екен болған малы, мүлкі, заты. Озбайтын шапса жылқы асқан жүйрік, Бітпеген өзге аттарға түр-сипаты. Күн сайын жал-құйрығын сүзіп тарап, Суарып мезгілімен, жемдеп, қарап, Өткізбей күндіз ыстық, түнде суық, Адамнан атын артық күтеді араб. Бар екен Дайыр деген бір асқан бай, Малы көп, түрлі бұйым бәріне сай. Мұңы зор: сонша байлық ортасында Аты жоқ жылқысында жарлы атындай.
Ал деді, аямады малын, затын, Алмады, бермеді де Нәбек атын: Атқұмар атын қимас, жанын қияр, - Атынан еш нәрсе жоқ оған жақын. Дайырда күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ, Жарлыдай жалғыз атты, бай сиқы жоқ. Алмаққа Нәбек атын амалменен, Ойлады алдайын деп бір пақыр боп. Жүретін Нәбек һаман жолын біліп, Үстіне салқам-салқам киім іліп, Ауру, халі мүшкіл мүсәпірше, Отырды жол шетінде аһ-уһілеп. Оңаша, жолдасы жоқ, жалғыз өзі Нәбікті келе жатқан көрді көзі. Өтерде нақ қасынан бишарасып, Ыңқылдап, міне, Дайыр айтқан сөзі: «Е, жаным! Мен жолаушы, жолым алыс, Адам жоқ бұл маңайда маған таныс. Ауру, дәм татпаған үш күндей аш, Орнымнан жылжу маған қиын жұмыс. Атыңмен анау елдің ортасына Жеткізсең, берер едім көп-көп алғыс!» Тоқтатып, басын тартып, Нәбек атты: «Жарайды, мінгесе ғой, кел!» - деп айтты. Сөйлейді тағы Дайыр жыламсырап: «Халім жоқ, міне алмаймын, дертім қатты». Атынан, бұл сөзді естіп, түсті Нәбек, Көтеріп мінгізді ерге сүйеп, демеп. Тиюі тізгін қолға мұң-ақ екен, Жөнелді, бір тебініп, Дәкең шу деп. Шығып ап оқ бойы жер, қарап кейін, Ойлайды: бірдеме оған деп кетейін. «Әй, Нәбек! Кім екенім білдің бе енді? Атыңнен қоштас, аңқау, сорлы ақпейіл!» «Тұра тұр, - Нәбек айтты, - тоқтап солай, Атыма асық еді адам талай. Тілейтін жалғыз сенен тілегім сол - Адамға айта көрме - алдың қалай?» «Бұл не сөз? Не тілек?» - деп бай таңданды, Мәнісін білейінші деп ойланды: «Айтпа деп сонша өтініп, жалынасың, Көрерсің айтсам онан не залалды?» «Ойлама, - Нәбек айтты - арбайды деп, Қол жетпей, тілін құрап, жалғайды деп. Оқиға бұл секілді шықса аузыңнан, Білгейсің жайылмай, жай қалмайды деп. Қалайша алғаныңды жұрт естісе, Қараспас шын пақырға, алдайды деп». Мұны естіп, Дайыр жылдам аттан түсті:
Ұққанға адал сөзден бар ма күшті! Құлашын жайып, қойнын ашып келіп, Нәбекті сүйіп Дайыр, мойнын құшты. Ебі көп, дорбасы жоқ қайыршылар, Ебіне Құдай көнсе, байыр шығар. Арымай алдырғанға Нәбекшілеп, Адам аз айтқанды ұғып Дайыршылар. Жақын боп, жақындықты ебім дейді, Бергенді алдым еппен тегін дейді. Қайтармай қарыз алып кейбіреулер, Алдадым, бермей кеттім, жедім дейді. Осындай ер басына іс көп келер, Білмеспіз кімге қалай, кім дөп келер! Сұмдығы сұраушының азаймаса, Не жөн бар қайырсыз деп жұртқа өкпелер. Оқуға шақыру
Балалар! Оқуға бар! Жатпа қарап! Жуынып, киініңдер шапшаңырақ! Шақырды тауық мана әлдеқашан, Қарап тұр терезеден күн жылтырап. Адам да, ұшқан құс та, жүрген аң да, Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да: Кішкене қоңыз да жүр жүгін сүйреп, Барады аралар да ұшып балға. Күн ашық, тоғайлар шат, ың-жың орман, Оянып жан-мақұлық түнде қонған, Шығады тоқылдақтың тоқ-тоқ даусы, Сайрағы сарғалдақтың сыңғырлаған. Өзенде балықшылар ау қарап жүр, Тоғайда орақ даусы шаң-шұң орған. Аллалап, ал кітапты қолдарыңа! Құлдарын Құдай сүймес жалқау болған. Пушкин Вольтерден
Қыздыр дейсің мәжілісті, жан дейсің, Қыздыратын жасты қайдан ал дейсің? Өмірімнің таңын қосып кешіне, Бер қайтадан өткен күннің һәммесін! Бере алмасаң, кең салалық бейілді, Жас қызығын көрсін жастар кейінгі. Тәтті өмірмен нәпсі көңілін ауладық, Қалғанымен алданталық зейінді! Уа, дариға!
Өттің бастан, қызық жас! Өзіңе жөн, өзгелерге бұзық жас. Қайғы, қасірет дертін жанға батырмай, Қайран жастық! Қызуымен қылған мас! Көрінбестен өмір көбі өткен шақ, Тіршіліктің сән, ләззаты кеткен шақ. Ойын, күлкі, мәжілістен, қызықтан Мезгіл қуып: «Шық!» - деп әмір еткен шақ. Жасың айтса, көнбегеннен не пайда? Уақыттың тілі шолақ: «жүр!», «айда!» Тұрлауы жоқ, өзгерілгіш өмірдің Өтпесіне еткен, сірә, кім айла! Мүмкін десек адамзатқа екі өлмек, Бірі соның - «жасым жетті» деп көнбек. Бұл өлімнің ардақтысы, аруы, Мұнан кейін өлім бе сол дем сөнбек?! Сорлы болған мұжық
Болған соң кәсібі ұрлық, ұры залым Ұрлауға ұят дей ме жұрттың малын? Ойы арам, қаны қара, ол нағылсын, Біреуді зар жылатпақ, зор обалын! Құдай да, Құран да оған жалғыз қарын, Сол үшін қара жерге көмген арын. Ұры еніп бір Мұжықтың сарайына, Сыпырып кетіпті ұрлап қоймай бәрін. Мұжығым жатарда бай, тұрса - сорлы, Байлықтың құр тып-типыл қалған орны. Аһылап-уһлейді, ұры алған соң Терімен мандайының жиған қорды. Туысқан, көрші, құда-құрмаласын, Дос-жарын жиып, Мұжық жәрдем сұрады. «Қайғымды, - Мұжық айтты, - шағам, жұртым, Сендерден жақын кімді табам, жұртым! Ұшырап зор қазаға, жайым мынау, Не көмек бересіңдер маған, жұртым?» Жиылып келген өңшең жақындары, Мұжыққа ақыл айтып жатыр бәрі. Сорлыға бар мүлкінен жұрдай болған Мінеки берген көмек-ақылдары. Карп деген бөлесі айтты: «Әуел баста Бай деп ат керек еді шығармасқа!» Құрдасы Клим айтты: «Мұнан былай Сарайды үйден оқшау салдырмасқа!» Айтады көрші мұжық бір жасырақ: «Болғаннан емес қой бұл сарай жырақ! Қабаған, кісі алатын төбеттерден Қораға қоймағаннан ит асырап.
Қаншығым балалады күні кеше, Ал сонан, аямаймын, керегінше! Бірталай, үйшік толған күшігі бар: Ішінен табылатын қандай десе. Көршіме көңілі жарым қимаймын ба, Обалын мойныма артып, өлтіргенше!» Жүз ақыл берген шығар келген бәрі, Бірі олай, бірі бұлай деп жасы-кәрі. Аямай тіл көмегін беріп-беріп, Бір адам қараспады сөзден әрі. Ей, Мұжық! Жұртқа сенбе, өзіңе сен! Өледі аштан қонақ әрі-сәрі. Аузыңды ққрғақ қасық босқа қажар, Шығынға құр айтқан сөз болмас дәрі. Бұл сөздің мағынасы емес терең, Сонда да қорытуын айтып берем: Әр түрлі сыналатын жер болмаса, Достықты, жақындықты шын-ақ дер ем. Жап-жақын жайшылықта көп дос-жарды Мен неге жамандықта сирек көрем? Тар кезең, талма жерде табылу жоқ, Қалады құлақтары болып керең. Осындай дүниенің ісін байқап, Достық пен жақындыққа талғап сенем.
Сөз иесінен Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса, Сап-сары, аяқтары ұзын маса: Өзіне біткен түсі өзгерілмес, Дегенмен қара, яки қызыл маса. Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып, Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша, Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен, Қоймастан құлағына ызыңдаса?! Тілек батам Я, Құдайым аққа жақ, Өзіңе аян: мен нақақ. Аққа деген жолымның Абыройын ашпай, жап. Аят пенен хадисте Адал ниет, ақ іске, Жаңылмасам, жоқ еді Жаза тартсын деген бап. Мені ұстатып, айдатып,
Зағырданды қайнатып, Масайрасып, мәз болып, Қуанғанды өзің тап! Аз күндікке алданып, Аз нәрсеге жалданып, Адасқанын Алаштың Түзу жолға түсір, хақ! Жақын жерден жау шығып, Мақұл сөзден дау шығып, Дұшпан ұстап қолымнан, Иттер тістеп тонымнан, Маған тосу болған шақ. Тұтқын болып тарығып, Жалғыз жатып зарығып, Ашу қысып, ойды алып, Өт жайылып, бойды алып, Дерт жүрекке толған шақ. Қатты айтты деп кектемей, Сыйынғанды тек демей, Он екі имам әулие, Жиырма сегіз әнбие, Қолда, өңшең аруақ! Қара балуан Жәнібек! Қаз дауысты Қазыбек! Жетім қалған халқыңа, Тұлға болып артыңа, Кім тиянақ қазық ед? Құнсыз болып еріміз, Жесір болып жеріміз, «Жан менікі» дей алмай, «Мал менікі» дей алмай, Ит пен құсқа азық ек. Барын салып таласқа, Арын сатып қалашқа, «Жұрт болалық» деген жоқ, Жұрт қайғысын жеген жоқ, Іріп-шіріп, азып ек. Мұны көріп көзіміз, Бірігер деп сөзіміз, Кен болар деп балшықты, Көл болар деп шалшықты, Біз үмітпен қазып ек. Дәреті жоқ аяқтар, Қорсылдаған саяқтар Былғамасын қасыңды, Қасиетті басыңды! - Дегеніміз болмаса, Қазаққа не жазып ек?! Байлаттырған қолымды, Бөгеттірген жолымды, Жақыным бар, жатым бар, Хабарлана жатыңдар!
Мен сендерге жүгіндім, Төресі әділ - қазы деп! Туысыма Болармын нағып ырза туысыма? Туыппын таршылықтың уысында. Шамам жоқ жан-жағыма қол сөзарлық, Тар көрдің тығылғандай қуысына. Айта алмай шын сөзіңді, қорғалайсың, Туғаның бүйтіп қор боп құрысын да! Бар пайдаң өз басыңнан артылмаса, Мал ғұрлы мағына жоқ тұрысыңда. Қа... қаласына Қош! Сау бол, Қа.... жуылмаған, Айдай бер, қалса адамың қуылмаған. Әдепті, сыпайы елдің қалпында жоқ Жасырын дыбыс шықты шуылдаған. Бүркеніп, арсыздардың шайнауына Жем тапты пісірмеген, қуырмаған. Шыққан соң талғамайтын доңыздарың, Қасыңа қиын болар жуу маған. Қазақ салты
Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ, Теңізде жүрміз қалқып кешпесі жоқ. Жел соқса, құйын қуса жылжи беру Болғандай табан тіреу еш нәрсе жоқ. Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік, Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік. Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз, Алалық алты бақан дертпен кірдік. Бейне бір құдіретті сынағандай, «Сақтар деп, сақтар болса» - сертпен жүрдік. Жат жақты Жаратқанға күзеттіріп, Жақынмен ырылдастық, иттей үрдік. Білдірдік елдің сырын, ердің құнын, Елеріп ерегіске екі-үш күндік. Кіреді тентек есі түстен кейін, Мүшкілін халіміздің жаңа білдік. Әлі де, саңылаусыз салтын бағып, Түрі жоқ іс айтатын пәлен дерлік. «Ұлы той көппен көрген жалғыз мен бе? -
Деп отыр, - не болса да жұртпен көрдік». Қазақ қалпы
Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған, Сахара көлге қонып салқындаған. Бір өртке қаудан шыққан душар болып, Не қалды тәнімізде шарпылмаған?! Алаштың адамының бәрі мәлім: Кім қалды таразыға тартылмаған? Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр, Жақсылық өз басынан артылмаған. Тақылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп, Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған. Бос белбеу, босаң туған бозбала кеп Киіздей шала басып, қарпылмаған. Еңкеңдеп ет аңдыған шалдар да көп, Телміріп, бір тойғанын ар қылмаған. Ақ көңіл, алаң-бұлаң адамдар бар Есептеп азын көпке, аңқылдаған. Қайырсыз, неше сараң байлар да бар Қайықтай толқындағы қалтылдаған. Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп, Ұмтылып талап ойлап талпынбаған. Солардың қатарында біз де жүрміз Мәз болып құр түймеге жарқылдаған. Не пайда өнерің мен біліміңнен, Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған? Бұл бір сөз қасірет етіп, хатқа жазған, Қалмаған түк қасиет, қазақ азған. Байға мал, оқығанға шен мақсұт боп, Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан.
Қазақтың бала жұбату өлеңі Қайран еркін Замандарың, Тарлыққа жоқ Амалдарың. Еркін дала, Еркің қайда? Еркіңдегі Көркің қайда? Нулы, нулы Жерің қайда? Сулы,сулы Көлің қайда? Еркін көшкен
Елің қайда? Ел қорғаны Ерің қайда? Тура айтатын Биің қайда? Би бардағы Күйің қайда? Адал көңіл Ақтық қайда? Жалған анттан Сақтық қайда? Бауыр тартқан Жүрек қайда? Намыс қызған Сүйек қайда? Нулы жерден Көшті айырды, Сулы көлден Сұсты айырды. Ер орнына Еркек қалды, Көлеңкеден Үркек қалды. Би орнына Биің болды. Би деу бірақ Қиын болды. Қаралды би Жақтау болды. Қараны жан Ақтау болды. Бауыр, жүрек Талас боп тұр. Намыс, сүйек Қалаш боп тұр. Малың алдау, Талауда тұр. Жаның арбау, Қамауда тұр. Аяғыңды Тұсау қысты. Жақтарыңды Құрсау қысты. Көрмесіңе Пердең мықты. Өтпесіңе Кермең мықты. Енді жатып, Ұйықтау қалды. Ұйықтағанды Мақтау қалды. «Әлди, әлди!» -
Деп тербеткен, Ұйықтасын деп Көп тербеткен. Қарның ашса, Ұлықтарың Жілік шағып, Май бермекші. Тоңсаң, түлкі Құйрықтарын Жіпке тағып, Бай бермекші. «Әлди, әлди!» - Мен де деймін. Сірә, «әлдиге» Сенбе деймін.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру