Дауыл
Қасым Аманжолов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қасым Аманжолов өлеңдерінен оның ақындық қуаты бірден байқалады. Қазақ поэзиясына соны леп әкелген ақынның суреткерлік біліктілігі ешкімге ұқсамайды. Қан майданды көзімен көрген ақын шығармалары өр рухты бейнелейді. Қоғам шындығын нәзік лиризммен ұштастыруының өзі өзгеше.
Қасым Аманжолов. Дауыл
Ышқана соққан дауылға
Құмартушы ем жасымда
Нөсерлеп құйған жауында
Қызығушы ем жасынға,
Жүргіруші ем жарысып.
Сарыарқаның еді алысып,
Ойнаушы еді алысып,
Соққан дауыл менімен...
«Дауыл! Дауыл!» дегенге,
Шықтық үйден дүркіреп.
Аспан тұрды төбемде,
Аласұрып, күркіреп.
Дүние сол кез дүрілдеп,
Келе жатты бір дауыл.
Түндіктері желпілдеп,
Күтіп тұрды жарлы ауыл.
Шыр айналды шаңырақ,
Сықырлады сырғауыл.
Бұрқырады бар аймақ ,
Соқты ышқына көк дауыл.
Көшті дауыл керуені,
Ілестім де мен кеттім,
Көк дауылдай кеуделі
Жігіт болдым, ер жеттім.
Мен дауылдың ұлымын,
Тұра алмаймын дауылсыз.
Қарсы алуға дайынмын,
Соқса да дауыл дамылсыз.
1940 жыл
НАР ТӘУЕКЕЛ
Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,
Қайрат шіркін алып шықса қиын ба!
Бұл сапарда сүрініп те қалармын,
Сонда, досым, мені айыпқа бұйырма!
Жығылам деп жүре алмаймын жәй басып.
Жүгіремін киіп- жарып, айқасып.
Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,
Іш пыстырып, жалт- жалт қарап, жай басып.
Жығылсам да жүгірумен өтемін,
Аяңшылдың ақылын мен не етемін.
Жығылармын, алқынармын, шаршармын,
Барар жерге бұрынырақ жетермін.
1940 жыл
ТАЛҒАР
Түксиіп, қабақ түйіп, бұлт үстінен
Даланың патшасындай қарайсың сен.
Не деген ызғарлы едің, тәкаппар ең,
Басқандай бар әлемді сенің еңсең.
Тау жоқтай бұл дүниеде сенен артық,
Мен саған қарай бердім көп құмартып.
Қайтер ең қаһарлы хан, кәрі Талғар,
Бойыңнан өрлігіңді алсам тартып?!
1940 жыл
ТУҒАН ЖЕР
Шықшы тауға қарашы кең далаңа:
Мәз боласын ұқсайсын жас балаға.
Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең,
Шарсайсың ба, құмарың бір қана ма?
Уа, дариға- алтыне бесік туған жер,
Қадірінді келсем білмей кеше гөр!
Жата алмас ем топырағында тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер.
Неткен байтақ неткен ұлы жер едің!
Нендей күйге жүрегімді бөледің?
Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем,-
Арманым жоқ бұл дүниеде ,-дер едім;
Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім;
Қызыгыңды көріп еркін келемін,
Сен де аямай бердің маған барыңды,
Мен де аямай барым саған беремін.
Болдым ғашығ, туған дала, мен саған,
Алыс жүрсем, арманым- сен аңсаған.
Жақын жүрсем, мен –төрінде рахаттың,
Алын діңгек- өзім туған босағам!
1946 жыл
АТАМЕКЕН
Сүйем сені туған ел – атамекен.
Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.
Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем.
Асан қайғы емеспін, Қасыммын мен,
Қобызымен сырласып күңіренген.
Іздеймін деп «Жерұйық» көр басында,
Ерке жанмын, өмірде өстім еркін.
«Еркелеме, ей жігіт, еспе» дер кім?!
Өз елімде өзендей гүлілдеймін,
Тасып, шалқып өтемін осы сертім.
1940 жыл
КӨКШЕТАУ
Жаннаты жер мен көктің сұлу Көкше,
Ризамын бар ғұмырым Көкшеде өтсе.
Табиғат, таңғаламын тамашаңа,
Қандай күш жаратты екен сені ерекше.
Көп шығар көрмеген жер, дүние кең.
Сонда да тау бар ма екен Көкшеме тең?!
Берсе де Гейне- Рейнін, Гомер – Парнас,
Көкшемді мен айырбас етем бе екен?!
Құмарың Көкшетауды көрсең тарқар,
Адам түгіл аңның да көзін тартар.
Көктемде көреміз деп Көкшетауды,
Жосылар бұғы, марал, құлан, арқар.
Екі уақ ерсіл- қарсыл қайтқан құстар,
Көкшеге бір қонуға болар құштар,
Сықылды тіршіліктің жәрмеңкесі.
Ғажайып нендей сыр бар, нендей күш бар?!
Ұлпан бұлт бейне торғын орамалы,
Толқып кеп тау мойнына оралады.
Жайғандай жасыл ала жібек кілем,
Көкшенің кең құшағы, бар алабы.
Көк қасқа Көкшетаудың бетегесі,
Сықылды сепкен алтын күн сәулесі.
Тыңдаған бұлбұл үнін ойшыл орман,
Толықсып бас изесер ерте – кеші.
Сықылды тоқсан ауыл тоқсан көлді,
Жалтылдап қара-дағы тартар сені.
Аралап сұлу Көкше сай- саласын,
Шығады саяхаттап самал желі.
Тұп-тұнық қара барқыт түні қандай,
Рақат дүниесі ұйығандай.
Сұлудың алтын гауһар сырғасындай
Көкшенің иығында шалқиды ай.
Көкшеге құмартқандай «көк қыздары»,
Жымыңдар алтын кірпік жұлдыздар.
Айналар аспан жайлап дөңгеленіп,
Көкшенің күмбезіндей жылжымалы.
Кербез тау көрінеді түстегідей,
Қарайсың түсіне алмай, тырс үндемей,
Бұп-бұйра төбелері қызықтырар,
Сұлудың сүп-сүйкімді бөбегіндей.
Шалқыған шымылдықтай атады таң,
Алқадай қойған қадап алтын шорлпан.
Ішінде сол шымылдық Көкше сұлу,
Қарайсың көркіне сен болып аң-таң.
Суреттеп жеткізе алман қанша мақтап,
Келеді Көкше сұлу көп сыр сақтап.
«Өзгемнен осым қымбат» дегендей – ақ,
Көкшетау Бурабайын тұр құшақтап.
1939 жыл
БУРАБАЙ ТОЛҚЫНДАРЫ
Баурында «Оқжетпестің» тұрдым жалғыз,
Көл жатты күле толық, айтып аңыз.
Үстінде Бурабайдың жарқ- жұрқ етіп,
Қайықпен келе жатты аққудай қыз.
Шақырдым: «қарындасым, кел бері деп,
Қайығын тосты маған қыз күлімдеп.
Көрмеге ол отырып, мен ескекке,
Толқыта кеттік тартып; жел соқты үдеп.
Жел соқты бізді әдейі сынағандай,
Жығылды жапырыла толқын жардай.
Біресе жайындай боп жон көрсетіп,
Біресе бүкететіліп айдаһардай.
Көк ала арландай боп абалайды,
Алды орап, соңнан қуып, жағалайды.
Біресе ауға түскен шортандай боп,
Құйрықпен қайығымды сабалайды.
Сескеніп сыр берместен келем есіп,
Тәкаппар тентек толқын кетті егесіп.
Лап беріп ұмтылады қайығыма,
Шегініп тұрады да аз кеңесіп.
Ентелеп келеді де, кер кетеді,
Біресе ойнаған боп тербетеді.
«Бойында өр қайраты бар ма екен» деп,
Сынамақ болад білем мені тегі.
Т олқыннан мен бе болар қорқынышты,
Толқытып тарта бердім әнге басып,
Толқытып тарта бердім әнге басып,
Бір мезет қыз көзіне көзім түсті.
Көзінен нәзік сұлу көрдім жанын,
Оның да көлдей көңіл толқығанын:
Қауіптің қара қөңлі толқығанын:
Қашырып бара жатыр беттің қанын.
Үрпиеген балапандай қыз үрейлі,
Дөңгелек көзі көлдей мөлтілдейді.
Үстінде толқып кеудесінің
Қараш қара бұлтау желпілдейді.
- Ағажан, бұзылдығой күн райы,
Ежелден белгілі ғой толықын жайы.
Қайталық, тіл алыңыз, әне алда
Толқының ойпақап жүр асау тайы.
Қайтпайтын әдетім бар алған беттен,
Қыз сөзін құп көрмедім сол себептен.
- Сескенбе, қарымдасым, ән шырқай бер,
Бұдан да зор толқынды жарып өткен.
Даурығып әлденеге толқын шулап,
Көк ала айғырлардай жатыр тулап.
Таң қалып бұл қызыққа қарағандай,
Төбеде түрды бұлттар будақ- будақ.
Бүйірін ескегіммен ірей тартып,
Толқынды алсау керек ашулатып.
Қасқырдай қамады кеп жан- жағынан,
Жіберді қайғымды қалтылдатып.
Қорқаудай көк жал толқын жетті екпіндеп,
Белінен қайығымды секірді кеп.
Құп – қу боп қыз үрейі кетті қашып,
Көзінен шыға келді жас мөлтілдеп.
Сонда да сыр берместен тарта бердім,
Толқынның ойнағына мен де үйрендім.
Көлденең келннің белін жамшып,
Ескек пен ентелесе, басқа пердім.
Айбары арыстандай бір долы бұлт
Ойнақтап, көк төсіне шықты жалт- жұлт
Гүрілдеп тұрды – дағы шарт етті ол,
Жаңғыртты, болғанда -ақ аспан быт-шыт.
Су ішпек болғандай – ақ Бурабайдан,
Бұлт төніп созды мойнын айнадайдан.
Ту асау толқындарға мініп алып
Ән шырқап, Бурабайда салды сайран.
1939 жыл
БЕТПАҚДАЛА
Басқа жанға өзінен
Сыр ашып, тіл қатпаған.
Жылайын десе көзінен
Бір тамшы жас ақпаған.
Болушы еді қаралы
Талайсыз сорлы бір ана.
Жүрегі шерлі, жаралы,
Арман болып бір бала...
Сол бір ана сықылды
Бедірейген Бетпақ шөл
Бүгінгі күн ұл туды,
Бетпақ шөлді - басты сел.
Құлазыған, қаңсыған,
Шаңырқаған, шаң басқан.
Қара құрты құжынап,
Оралды жылан арбасқан.
Тұғыр болар қыранға
Томары жоқ, бүрі жоқ,
Суат болар қыранға
Қағы да жоқ, түгі жоқ.
Ызыңдаған тек қана
Қыста боран, жазда жел.
Сұлап жатқан сұр дала
Сорлы еді ғой Бетпақ шөл,
Ешкімге тіл қатпаған.
Тауды бұзып аққан сел
Оған, сірә, батпаған.
Үндеместен үстінен
Жылдар өтіп кетіпті.
Көшкен бұлттай шұбалып
Ғасырлар да өтіпті.
Сол Бетпаққа ел қаптап,
Желбіреп қызыл ту барды.
Сарқырап ағып ойнақтап,
Күміс кәусар су барды.
Жұты суды сіміріп,
Тамырына қан жүрді.
Бірте-бірте тіріліп,
Бетпақ шөлге жан кірді...
1940 жыл
ЖЫР ЖОЛЫНДА АСҚАР ТАУ
(Нұрпейіс жырау туралы)
Жолға шықтым, қолға ұстап
Ақындықтың желегін.
Бірде шауып ойқастап,
Бірде аяңдап,желемін.
Жыр төселген жолдармен
Желе-жортып келемін.
Көк сүңгідей өңгерген
Қолда батпан өлеңім.
Күндердің бір күнінде
Есті алдымнан самал жел.
Құлақ тостым бір үнге
Әлде тасқын,әлде сел.
Қоңыр самал төске алып,
Үнді қуып жөнелдім.
Алысұа бір көз салып,
Асқар биік тау көрдім.
Асқар таудан жосылған
Ағыл-тегіл сел көрдім.
Аққу ұшып,қаз қонған
Айдын шалқар көл көрдім,
Тәуекел деп,толқыннан
Жүзіп өтіп келдім мен.
Мейлің шанба,мейлің шан,
Бір ғажайып көрдім мен:
Таудай болып отырған
Өзіміздің Нұрекең.
Сел-дария толқыған
Нұрекеңнің жыры екен.
1940 жыл
АҚЫН
(Маяковский туралы)
Ескі дүние есігін теуіп ашып,
Кіріп келді ол жүзінен жалын шашып ,
Босағада тұрмады, төрге ұмтылды,
Бұзып-жарып, еңсеріп,еркін басып.
Кербез әйел сықылды дүние паң
Қылығына жігіттің бұлқан-талқан.
Ала көзбен бір қарап дүниеге,
Ақын тұрды азырақ болып аң-таң.
Дүние –шексіз,аралап кете барды,
Тілін ұқты,сырын да тез аңғарды.
Су орнына жұтты да аққан жасты,
Күй орнына тыңдады қайғы-зарды.
Осы шуды қақ жарып шықты бір үн,
Естімеген дүние мұны бұрын.
Бостандықтың бүркіті саңқ-саңқ етіп,
Қанатымен сыпырды дүние кірін.
Ақын сонда әлемге айтты шынын,
Деді ол: «Жаңа дүние жаршысымын»
Бар даусымен айқайлап жіберді кеп,
Жер құлағын тұндырды даусы мұның.
Дүние шуын бұл дауыс кетті басып,
Есі шыққан ескілік қалды сасып.
Баса қашты құлағын нәзік муза,
Музаны бұл не қылсын, емес ғашық.
Не қыламыз, шынында, музаны біз?!
Көп ақыннан қалған ол бір кәрі қыз.
Муза жазып бермейді бізге өлең,
Өлең тоқыр өзіміз фабрикамыз.
Өлеңді ол жазушы ед бұрқыратып,
Қанжарды да тұтушы ед, мылтық атып.
Көрікті де басушы ед күмпілдетіп,
Балғаны да соғушы ед тасты уатып.
Дабылдатып еді бір дүниені,
Амал қанша, дариға – ай сол да өлді.
Арыстандай ақырған ақын еді,
Жыр көгінде қырандай шалқып еді.
Даусы қалды құлақта саңқылдаған,
Жыры қалды жүректе жарқылдаған.
Жыр керек қой, дүниеге жыр керек қой,
Неге ғана өледі ақын адам?!
1940 жыл
ҚАНЖАР
(Лермонтовтан)
Ұнайсың сен, серігім болат қанжар.
Сенің жарқын жүзіңде бар бір ызғар,
Соққан сені грузин кекке арнап,
Қайрағанды ер черкес бір такаббар.
Сені маған сыйлаған бір сал білек,
Айрылысар уақытта – бір белгі деп,
Алғаш сенің жүзіңнен сорғалаған
Қан еместі, төгілген жас мөлтілдеп.
Қара көзі құпия қайғы шалған,
Сонда маған телміріп көп қадалған,
Сенің болат жүзіңдей от шалынған
Бірде сөніп, көз нұры бірде жанған.
Махаббаттың сыйысың маған серік,
Жолаушыға ой салып жүрсің еріп,
Айнымаспын мен дағы, болат достым,
Жаным менің дәл сендей болар берік.
1940 жыл
ӨТЕДІ КҮНДЕР
(Тарас Шевченкодан)
Өтеді күндер, өтеді түндер,
Өтеді жазым зымырап.
Соғады дауыл, солады гүлдер,
Сарғаяды жапырақ.
Ой ұйқыда, жүрегім жым-жырт,
Сөнеді көздің жанары.
Бәрі ұйқыда жатыр ғой мүлгіп,
Тірліктің жоқ еш хабары.
Осынау жарық дүниеде
Бармын ба мен,- білмеймін.
Қаңғалақтап жүрмін бе әлде,
Жыламаймын, күлмеймін.
Сыбағам қайда, сыбағам?
Жоқ па сірә ешқандай?!
Жақсылық менен аясаң,
Жамандық бер, а, құдай?!!
Берме ұйқы, кезбе жанға,
Жүрегі бос қатпасын.
Ұсап сұрсыз қу томарға
Бұл дүниеде жатпасын.
Берші өмір, берші махаббат,
Жүрекпен сүйсін адамды.
Ол болмаса, етіп талақ
Өртесін мына жалғанды.
Қандай қиын- қаза тапсаң
Тар қапаста, зынданда.
Еркіндікте ұйықтап қалсаң,
Қиынырақ содан да.
Ұйықтап өтсең өміріңде,
Ұйқың ешбір қанбаса.
Тірлігің не, өлгенің не,
Ешбір ізің қалмаса.
Сыбағам қайда, сыбағам?
Жоқ па сірә ешқандай?!
Жақсылық менен аясаң,
Жамандық бер, а, құдай?!!
1940 жыл
ЖАУЫНГЕР ЖЫРЫ
Алқара көк астымда,
Белде болат қанжарым.
Күзеттемін мен мұнда,
Қайда менің жан жарым?
Ай сәулесі ойнайды.
Қанжарым да дірілдеп.
Жарым нелер ойлайды,
Отыр ма екен күлімдеп?
Отыр ма еке жан жарым,
Жатыр ма екен жан жарым?
Толған айдай дидарын
Көрмегелі жыл жарым.
Жарқылдаса қанжарым,
Жар жүзіндей қараймын.
Астымдағы ат жалын
Саусағымен тараймын.
Алқара көк ойнақта,
Жарқылдай бер, қанжарым.
Алаңдатпай, ойлатпа,
Күзеттемін жан жарым.
1940 жыл
ҚОШТАСУ
Қош бол, досым, жақыным,
Уақыт тығыз, сөз қысқа.
Кетіп бара жатырмын
Сұрапыл бір соғысқа.
Тепкісінде соғыстың
Дүние меңзеп жатқанда,
Ажал бейне фашист сұм
Қасқыр болып шапқанда, –
Қоян емен, адаммын,
Қайтып бұғып жатармын.
«Жаны тәтті жаманның»
Сыналар күні мақалдың.
Қош бол, досым, сөз қысқа.
Зіл боп ойым, мен кеттім,
Сұрапыл бір соғысқа!
1941 жыл
СӘБИТКЕ
Ішімде жанар таудай жатыр жырым,
Ұшқындап іште қайнап сұрапылым.
Көрерсіз соның бұрқап атылғанын
Жаңғыртып жан түкпірін,ойдың шыңын.
Өлеңнің қаптатармын отты селін,
Толассыз топанындай ертегінің.
Білерсіз кім екенін сонда, Сәке,
Бұл күнде от шайнаған тентек інің.
1942
АБДОЛЛА
(Ақын өлімі туралы аңыз)
Майдан етіп дүние төрің,
Темір, гүрзі қақтап отқа,
Жекпе‑жек кеп өмі, өлім,
Соққыласып жатқан жоқ па?
Арқалап сол майдан жүгін,
Қырғын соғыс ортасында,
Жүрегінің кекті зілін,
Қанды қырғын қапылыста
Айырылып бар жолдасынан
Жараланған жолбарыстай,
Өрт жанарлы бір жас ұлан
Қоса түйіп қорғасынға,-
Ырғып бұлттан түсер жайдай.
Өзі оқ боп атылғандай,
Ерегіске жанын тігіп,
Күтті жауын,
Тас бекініп.
Өмір гүлін жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізде жындай қаптап,
Найзаға іліп ар‑ ұятты,‑
Келе жатты сұм жендеттер!
Жиіркеніп,
Жиырылды жер,
Жауға тамшы татырмастай
Буырқанып тасты өзеңдер.
Сол аймақтың әрбір тасы
Ұшқандай ед құс боп көкке,
Қанды көбік қара топтан
Ортасында бейне бір шың тас,
Өр кеудесін етіп қалқан,
Сол баяғы жатыр бір жас.
Қойып айды қараулыға,
Күн де шомды ұлы ұйқыға.
Қонды орманға қорғасын бұлт
Жат дыбысқа құлағын сап,
Тың тыңдаған адамға ұқсап,
Айнала аймақ тұрды жым-жырт.
Ойшыл орман мүлгіп, қалғып,
Төңіректің сырын аңдып:
Жайлап қана тартып сырнай,
Сыр шертеді ну қарағай.
Сонау орман етегінде
Жаланған от сатыр –сұтыр.
Қанды ізін қара түнге
Көме тастап жаулар отыр,
Сол бір оттан ыршып бір шоқ
Түсті ме ер кеудесіне?
Қойылғандай болды сол от
Динамиттің білтесіне.
‑Қасақы жау қарсы алдында
Қасақана көрсетіп қыр,
Сенің алтын ошағында
Ұрлық отыңн жағып отыр,
Түскен дұшпан терезеңнен
Қапылыста салып жара,
Қуса сені өз төріңнен,
Көнсең соған,
Не масқара!...
Құдірет күші, жер жаһанның
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу‑кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл жүрек!
Бар арманым асқар тауым,
Көтеріл, ел, намыс туы!‑
Деп ер ұлан бақты жауын,
Жарқ‑жұрқ етіп жан ашуы.
Қанды пышақ‑жау күлкісі
Қақ жарғандай түн жүрегін,
Шошып ұшты орман құсы,
Көл күрсініп алды демін.
Қызғыш болып қызғанышы,
Ер күрсініп алды демін.
Қимай жауға көл арнасын,
Жалын шарпып, дем алысы,
Құшып жерін, сүйіп –тасын
Жүрегіндей сол аймақтың
Аласұрды намысты ұлан,
Ащы зары махаббаттың
Естілгендей күйінді жан,
Кеуде кегі жан ашуы
Кетті шығып от өзектен...
Көтерілді жаудың шуы
Түскендей‑ақ қаһар көктен.
Айнала жау ырсыл қағып,
Айдаһардай көтерді бас.
Кетті ілезде қызып, жанып
Дүниедегі бір ұлы айқас.
Зілзәлә боп жер мен аспан,
Соқты ұйытқып оқ бораны:
Қан кілікте қара тастан,
Түткіледі кең даланы,
Түсіргендей көктің миын
Зіркілдеді зеңбіректер.
Естігендей дозақ күйін
Көрден ытқып шықты өліктер.
Қара толқын орман шашын
Жұлды талдап снаряттар,
Міңгі мекен көл жағасын
Тастап, суға сүңгіді жар.
Ұмтылды жау ондап, жүздеп,
Тойтарам деп ердің саған,
Тұтқын етіп аламыз,‑деп,‑
Айқара ашып от құшағын.
-Ала алмайсың!‑ деді ер ұлан,
‑алмай қойман!‑деді жауы.
Қысты келіп жан‑жағынан
Темір торлы жау құрсауы.
Жеті қабат жер өзегін
Жарып шықты отты селдей.
Бет қаратпай өртеп лебі,
Оқ ораған орай сермей,
Соғып жерге жау жүрегін,‑
Бұрсанды кеп батыр ұлан,
Автоматтан түтетіп оқ,
Жау тобына лақтырылған
Жер мен көктің кәріндей боп.
Қанжарына қарақшының
Қарсы тосып өз кеудесін,
Қорғады жер батыр ұлан‑
Жаралы ана жиып есін.
Алмай қойман!‑деді дұшпан,
‑Ала алмайсың!‑ деді ер ұлан.
Қайсарлықпен шыққан даңқы
Келе жатты ауыр танк.
‑О, құдірет! Құнсыз темір
Кеше ғана жатқан тшаңда.
Біткендей‑ақ бойына өмір
Зірк‑зірк етіп қан майданда,
Көрдіңдер ме , енді мынау
Сайысады адаммен бұл.
О, зымиян, сұрқия жау!
Қайран өнер, қайран ақыл!
Деді де ол жалын шарпып
Жіберді өртеп жау танкісін.
Ол темірденталды тартып,
Адамзаттың өнер‑күшін.
Ыза боп жау жіберді өрт,
Кідірді ер, оқ таусылып.
Автоматты ең соңғы рет
Алды демін, тынды сұлық...
«Алтын туын бостандықтың
Бір килодай қорғасынға
Күліп тұрып, сатқан сұмға
Мен бе екем болар тұтқын!»
Серпіп ойын, сілкіп бойын,
Тұрды атып қарады өртке,
Қалды қатып, салды зейін,
Таңғажайып бір суретке:
Қызыл, жасыл киінген өрт
Көрінді оған боп қыз ойнақ,
Толқын торғын, жайнап букет,
Тым сиқырлы билеп, ойнап.
Ашып отқа омырауын,
‑естісін,‑деп,‑қырсық жауым.
Айтты ол шырқап өрт ішінде
Сүйген әні «Қарағым‑ауын»...
Қайсар батыр от киінген
Күш қайратын тіске жиып,
Жаңағы ақшыл ер жүзінен
Жалын тілін тұрды сүиіп.
Шұғыла шалған кешкі бұлттай,
Толқын шашты оттар ойнап,
Өрт топанын кешіп Нұхтай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап,
Тұрды ұқсап, тұрды кейде
От ұстаған Пометейге.
Қара түнгі қанатындай,
Алыстағы нажағайдың,
Жарқ‑жұрқ етті жүзінде айбын,
Атылғандай ішінде жай,
Жан күнінің нұр шапағы
Күлкі ойнады келбетінде,
Сәл шытынап ай қабағы,
Ең соңғы рет келді тілге:
‑Жау жанында сен сүйкімді,
Кел бері өлім, күйіңді шерт!
Менің адал жүрегімді,
Жау алмасын, сен алшы өрт!
Қош бол енді туған елім!
«Кетті де, бір қарыздар жан».
Бұл емес ед көксегенім,
Бұл емес ед арманым!
Осы‑ақ болды, келген қолдан,
Осы‑ақ болды‑ау, әттең шіркін!
Сен бөгелме ұлы жолдан,
Туған халқым, туған жұртым!
Сенің ашу арыстаның
Сілкуші еді жер мен көкті,
Ту сыртынан шығып жанын
Алшы жаудан, алшы кекті,
Жасашы той! Бәлкім сонда
Еске алып бұл бөбегіңді,
Бір азамат өз ортаңда
Оқыр менің өленімді.
Қош бол енді, туған елім!
Кеттім, кеттік боп қарыздар.
Жоғал жауым! Кел бері, өлім!
Қош бол, достар! Достар! Достар!
‑О, дүние!‑ деген дауысы
От ішінде сәл тұншығып.
Өмір ақтық музыкасы
Басталды да қалды тынып.
Қағып алып сол бір күйді
Жалғастыра көкте жырлап,
Өрт үстінде көк түтінді
Құстар байғұс жүр шырылдап.
Айтып жұмбақ өлеңдерін
Аңыз болып бір сұлу жар,
Желпіп жалын желектерін
Келе жатты от сұлулар.
Айтты да ол соңғы сөзін,
Аударды бір отты көзін,
Жанарынан шырқ үйіріп,
Жер мен көкті алды жиып,
Сол бір көздің аясына
Кеткедей ед дүние сыйып.
Күй көңілді, жаз бейнелі
Алтын өмір мың құбылып,
Көз алдында жардай күліп,
Қасақана алды тұрып.
Ғашық жандай қайран өмір
Қиналдырмай қалатын ба ең?
Желпуші еді ол жуытпай кір,
Құс жанының қанатымен.
Кейде сағым кейде жалын
Арбады елес көз жанарын,
Көрді бәрін, құшты бәрін:
Туыстарың, жан достарын...
Кенет осы сұлу сурет
Тұрған жайнап көзді тартып,
Сұп‑сұрланып, о керемет,
Орны‑орнында қалды қатып.
Тұр еді ол үсте жалын
Алтын тудай шалқып, лаулап,
Жалп етті ту, жалт берді өмір,
От төсекке түсті лаулап.
Ұшты құстар шар тарапқа
Хабарлауға ер өмірін.
Ұмытылды жау таптамаққа
Ең болмаса қалған күлін.
Бұлтын жиып көкірегіне
Күрсінді бір аспан ауыр,
Қос қанатын соғып жерге,
Азаланып жетті дауыл,
«Таптатпан,‑деп,‑ күлін жауға»,
Құшып алып кетті дауыл,
Республика аспанында
Осынау күйді шертті дауыл.
ЭПИЛОГ
Ата қазақ ақсақалды,
Атыңа мін, ал домбыра,
Жина жырмен ұрпағыңды,
Аш кеудеңді батырыңа.
Жина‑жырла, жина‑жырла
Мына ұлы бата оқырға...
Алтын тулы ару таңның
Жаралғандай шапағынан,
Жүрегіндей сұлу жардың
От қанатты ақын ұлан,
Жан еді бір жатқан жұмбақ,
Сол бір жұмбақ шешілді енді.
Қайғы отында қайрат шыңдап
Түсір еске есіл ерді
Аты оның еді Абдолла,
Алшы жаттап, балғын бөбек,
Алтын қалам алшы қолға
Ағаңа ұқсап жазшы өлең!
Аш жүзіңді, шашынды жи,
Жас арулар шық ортаға,
Ойнашы күй, ойнашы күй,
Жасыңды тып, қарт ата‑ана!
Соқсын дауыл даусымыздан
Жырлайықшы қосылып бір!
Көрдің бе, әне, сонау құздан
Күле қарап Абдолла тұр!
Қиыр Шығыс. Госпиталь.1943
ҒАБДОЛҒА
І
Ғабдолым, алдым хатыңды,
Жарқ етті кеште бір бақыт.
Сенің от махаббатыңды
Шырақ еттім бейуақыт.
Елестеп өтті алдымнан
Жаралы жылдар бейнесі
Қаралы туын жамылған,
Шіріген қанмен жейдесі.
Жалдап бір жүріп қан жұтқан,
Адамды қыл ғып тірідей.
Түскендей жерге «тамұқтан»
Қап-қара алып бір дүлей,
Ырситып темір тістерін,
Жалақтап, жалмап, жұтынып.
Істеп бір алып істерін,
Тұр әлі тоймай, құтырып.
Жүрегім шоққа көмілді,
Жанымды жайдым өртеңге.
Сұмдықта кеткен кегімді
Қайтара алмай өтем бе?
Жеді ғой іштен өкініш.
Қайратымды үңгіп, қыстап.
Кеудеде тыңған дауыл күш
Шығасың қай күн ту ұстап?
ІІ
Сырласып,досым,сенімен,
Кеш еді оймен табысқан.
Айдаhар соғыс лебімен
Тартты кеп мені алыстан.
Құлдырап Қиыр Шығыстан,
Бұлдырап қырда,тауларда.
Жазылып көңлім құрысқан,
Жұлдызым жүзіп заңғарда.
Шабытпен түлеп,шарқ ұрып,
Құдіретті бір күш қонғандай.
Алысты көзбен шақырып,
Мерекем менің болғандай.
Қып-қызыл дария майданға
Басыммен сүңгіп келемін.
Бойлап бір шығып қайраңға,
Ойлап бір кешіп тереңін.
Білмеймін,қайда жоғалттым
Сескену,қорқу дегенді?
Есігін қақтым дозақтың
Өлеңмен келіп мен енді.
Жанымды салсам жалынға,
Жанады-ау деп те сескенбен.
Жап-жасыл балғын шағымда
Шомылып өртке өскем мен.
Қалсам бір қаусап мен өліп,
Достарым,аңсап,өкінбе!
Нажағайлы қара бұлт болып,
Жаңбыр боп жауып өтті де.
1943
БАЙҚАЛ
«Баллада»
І
«Байқал», «Байқал» дегенге,
Тұрдым атып орнымнан.
Ұйқылы- ояу денемде
Толқи ақты ыстық қан.
Қызыл вагон есігін
Айқара ашып тастадық...
Соқты самал есіліп,
Ақты бұлақ тас жарып.
Торғын тұман жамылып,
Байқал жатты көсіліп.
Таң сәріден сабылып,
Жәрмеңкеге жосылып.
Кернейлеткен көп өзен
Жатты құйып тұс-тұстан.
Ерте оянған Таң жеңгең
Тұрды қарап шығыстан.
Ой тастап бір Байқалға,
Ғашық болған Таң сұлу.
Айнала асқар тауларға
Қойды қадап алтын ту.
Шіркін, Байқал, Байқал деп,
Біз келеміз шарқ ұрып.
Кең бір дүние көкпеңбек
Әлде қайда шақырып.
Алыс сапар асығыс,
Аялдауға жоқ мұрша.
Сықылданып таңғы түс,
Қалмақ па бұл тамаша?
ІІ
Шіркін, Байқал, Байқал! деп,
Кете бардым, ән шырқап...
Байқал бір сыр айтар деп,
Бір тоқталып, бір тыңдап.
Ұшты құстар көңілімнен,
Жанымда жыр толғадым.
Шымылдықтай төгілген
Араладым орманын.
Аспанменен егескен
Бастым зәулім шыңдарын.
Күркіреп көкте кеңескен
Бұлттың сөзін тыңдадым.
Өр толқынмен ойнадым,
Қақтым ұшқан құстарын.
Шолп-шолп еткен шортанын
Шоқтығынан ұстадым.
Жаттым бір кез ққмартып,
Салқын самал сайында.
Би билеттім бұралтып,
Ақ балтырлы қайынға.
Бұлт жамылып, аң қуған,
Шаңқылдап шың бүркітті.
Шықты бір кез алдымнан
Бурят-монғол жігіті.
Маужыратып көл құсын.
Байқал деп ән шырқатқан.
Тағып шолпан шолпысын
Қыз да шықты бір жақтан.
Байқалдың ор түлкісін
Аңшы берді, алмадым.
Жарқылдатып шолпысын
Қыз шақырды, бармадым.
ІІІ
Арудай жүзі ақ жарқын,
Байқал жатыр- бір мырза.
Қиялымның қанатын
Тасқа соқтым боп ыза.
Баспа қып бір қайқаңды
Бұлт боп төндім торландым.
Құшпақ болып Байқалды
Әуреледім, зорладым.
Сірә, менің қылығым
Болса керек тым ерсі.
Байқал атып тоқынын,
Күлді қатып сілесі:
Кенет таулар жаңғырып,
Аймақ шулап тебіренді.
Мені есімнен тандырып,
Байқал сөйлеп жөнелді.
1943
ЕРТІС
Арқада аққан күміс алтын арна,
Ер ерке Ертісімдей өзен бар ма?
Суылдап, сабырлы ойымен жатыр ағып,
Жарқырап көз жіберіп айналаға.
Күй төгіп, кернейлетіп ағады Ертіс,
Лебімен балқытады даланы Ертіс.
Ертісім- еркіндіктің бесігі бұл,
Ер жігіт, ерте тұр да,Ертіске тұс.
Жерімнің жатқан бұл бір көк жойқыны,
Үстінде ойнақтаған өр толқыны.
Болаттай та ер болмасын қазақ ұлы!
1943
САРЫАРҚА
Сарыарқа сап- сары алтын жүзген нұрға,
Қоналқы мекен болған сан ғасырға.
Сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен
Лебімен алар тартып, шықсаң қырға.
Көтеріп әң мен жырдың күй қанаты,
Жүрегің ұшар құс боп аспанында.
Әлемнің саған ауып махаббаты,
Сарыарқа орнар сенің жас жаныңда.
Жұбанып сол Сарыарқа құшағында,
Есімде ойнағаным жас шығымда.
Жетімдік жалбыр тонын жерге соғып,
Құмартып ауған бұлтқа, алыс шыңға.
Арқа ару ашып нұрлы күн бетіңді,
Ойнатып, еркелетіп мен жетімді.
Аулақтап сұр бейіттен әкетуші ең,
Не дермін, сенің сол бір құдіретіңді?
Сарыарқа сағындырдың атамекен,
Сардала анам едің, құшағың кең.
Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп,
Артта- сен, алда – майдан қайтсем екен?
1943 жыл, Арқа жолы
ОРАЛ
Оралым шықтың алдымнан,
Оралым, менің, Оралым.
Қол созып қызыл вагоннан,
Үстіңнен өтіп барамын.
Оралым, сенің қойныңда,
Ойнақтап өткен жылдарым.
Жарқылдап Жайық бойында,
Достармен сайран құрағамын.
Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс,
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс
Өмірдің алтын кесесін,
Тосқанмын айдың нұрына,
Кешкенмін Совет көшесін,
Кеудемді ашып құрбыма.
Сонау бір шетте, сонау үй,
Кетер ме, сірә, көңілден?!
Алушы ед тартып мені ылғи
Махаббат ыстық лебімен.
Терезе алды – жас терек,
Тұр екен кімдер сүйеніп?
Жүр екен кімдер еркіндеп,
Жүрегін ұстап, үйге еніп?..
Сағындым сені, Оралым,
Күндер жоқ бейбіт бұрынғы
Келгенше қайта оралып,
Алып қал, осы жырымды.
Сіркіреп жаңбыр жауғанда,
Байқарсың өзің анықтап,
Жаным бір жүзер ауаңда,
Ауаңда сенің қалықтап.
Қош болшы енді, Оралым,
Күле бер, шалқып, сайранда!
Айтпақшы, қайда бораның?
Кетейін алып майданға.
1943 жыл, Орал жолы
ҚАНҚҰЙЛЫ ЖАУ
Қара тулы қанқұйлы жау,
Көрсем деуші ем азғаныңды:
Шұлғауыңды етіп жалау,
Өзің қылғып өз қаныңды,
Іріп-шіріп тозғанынды.
Арманым жоқ, өз көзіммен
Көрдім бәрін, болды тілек.
Қасиетті отты зілмен
Көкірегімде қайнаған кек,
Төгіл жауға! Тула, жүрек!
1943 жыл
МАЙ МАЙДАНДА
Еркіндеп, еркелеп,
Дәл менің жарымдай
Жарқылдап, күлімдеп,
Гүл ұстап, келді май.
Жалғыз бұлт, жалғыз күн,
Сіркіреп жас жаңбыр.
Сағынған жүректің
Тарқатты мұңын бір.
…Оқ жауын нөсерлеп,
Қар күреп кеудеммен…
Ойлап па ем көрем деп,
Сұлуым, сені мен?
Балқытып нұрымен
Сыз өткен денемді.
Мұз түсіп кеудемнен,
Шештіріп шинельді,
Тазартып гүлімен
Етігін солдаттың.
Шомылтып күнімен
Нұрына рақаттың.
Әкетті май сұлу
(Қалды алыс казармам).
Бойына ағын су,
Ішіне ойлы орман.
Тоқташы, тоқташы,
Өтті ғой, кетті қыс.
Естілед оқ даусы,
Біткен жоқ қан соғыс.
Жүрші тез, сұлуым,
Достарға, окопқа.
Солдаттың қызығын
Көрерсің сол жақта.
1944
ПОДПОЛКОВНИК ӘЛПИНГЕ
Құттықтаймын бірімен майдың,
Подполковник, жолдас Әлпин!
Біздің ағажан еді жайқын,
Жымия күліп оқыр, бәлкім.
Етіңіз қабыл жүректің нәрін,
Ақын солдат махаббатын;
Ылтифатыңыз өзіме мәлім,
Мен бе оны ұмытатын?
Балтырың таңған, сұр шинель киген
Осы бір солдат өтер өрттен.
Тасқындай еркін поэзиясымен
Шығар бір барып келешектен.
Ұмытармын ба қасіретімді,
Қатыбас күндер қан соққысын?
Қабыл ал осы қабілетімді,-
Махаббат, достық жоралғысын.
1944
ҰЛЫ КҮТІС
Күтудеміз! Асығып эшелондай:
Өтіп жатыр зулап күн, шұбалып ай.
Күтудеміз тықыршып, мың құбылып,
Қазір, қазір бар тілек болатындай.
Тұтылған күн дәл қазір шығатындай,
Талып жатқан досың ес жиятындай.
Ауыр азап үстінде қиналған жан
Рахат тауып ,талықсып тынатындай.
Күтудеміз тұрсақ та әзілдесіп,
Арпалысып жүрсек те қан‑ сел кешіп.
Күтідеміз сонау сұр окоптарда,
Өліп бара жатсаң да талып өшіп.
Мейлі күтіп, шыдамай темір сынсын,
Мейлі көлдер суалсын, тас үгілсін.
Қасарысып біз күттік! Шыда, жүрек,
Бұл ақырғы , ең ауыр болсын бір сын.
Жараланған жауыздық қашты аң боп,
Атылса екен тезірек ең соңғы оқ.
Әділ сағат, сын сағат сенсің жүрек,
Сезіп – біліп тұрсың ғой, қаттырақ соқ!
1944
ҚАРА АҒАШ
Қашанғы қайсар қария,
Қам көңіл жалғыз қара ағаш!
Жағасында дария
Қыстай тұрдың жалаңаш.
Жасартып сені келді жаз,
Бұтағыңда бұлбұл құс.
Қолында нәзік хат-қағаз,
Көлеңкеде отыр қыз...
Біздің де өтер қысымыз,
Біздің де келер жазымыз.
Бізге де сайрар бұлбұл құс,
Бізге де келер сұлу қыз.
1944
ДОСЫМА ХАТ
(Қапанға)
Қан қақтаған жалпақ дала
Жанымдай боп жатты өртеніп,
Кешкі аспан қызыл ала
Төмен түсіп, тұрды төніп.
Оралғандай тұмша бұлтқа
Отырдым мен бейне құз тас.
Ішкі толқын теуіп сыртқа,
Шашырады көзімнен жас.
Сол кез, досым, бақыт құсы
Қуырсының малсаң қанға.
Тіршіліктің хабаршысы
Іздеп мені қан майданда.
Жарқ етті де, келді,қонды,
Менің алақаныма кеп.
Әмма сайрағандай болды,
Жайып қанат, үні елжіреп.
Ақ қанатты бақыт құсы
Ақ қағазға жазылған хат.
Қанды сапар жолаушысы
Хат қадірін білер солдат.
«Хат қадірін білер солдат»
Деген оймен мені ескеріп,
Досым, құрбым, жазыпсың хат,
Жүрегіме болды серік.
1944
ӨЛІМ ДЕГЕН АРСЫЗ СӨЗ
«Өлім» деген арсыз сөз,
Қайдан маған болдың кез?
Өлім — жауым, өмір — дос,
Неге өлейін бостан-бос!
ҚҰРАУЛАП ЖЫЛҚЫ ШАҚЫРҒАН
Құраулап жылқы шақырған,
Қоңырау үнді келіншек;
Қуалап құлын қайырған
Қайда жүрсің, жеткіншек?
1944 ж.
ҮСТІМДЕ СҰР ШИНЕЛІМ
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды қырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қағып -соғып жығар ма
Оңайлықпен мен өлім.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсандай басып келемін.
Баяғы Қасым, бір Қасым,
Баяғы күйім,өлеңім.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсандай басып келемін.
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім.
1944
ЕЛГЕ ХАТ
«Менің бір бар еді ерке тентек ұлым,
Өлі ме, тірі ме екен сол құлыным?»
Дейтіндей болдың ғой сен, туған елім,
Жоғалдым зым- зия боп, шықпай үнім.
Арада өтті үш жыл ойран – топыр ,
Теңіздей тебіренді қала мен қыр.
Шарықтап аспанында жүрген шығар
Қанатын өрт шарпыған өлең мен жыр.
Көре алмай содан менің қаршығамды,
«Қан болып жатыр ма,- деп – құшып шаңды».
Астынан алақанның алыс қарап,
Іздер ме ата қазақ ақсақалды?
Бармын мен бұл дүиеде , жүрмін тірі ,
«Жоқсың» деп жала жабар қудың бірі.
Түссем де отқа, суға тозар емен,
Солдаттың етегіндей жаным сірі.
Екінші сөз
Есімде жөнелгенім қанды жолға:
Туған жер қимағандай мені сонда.
Жалтақтап, жалпақ дала , қарай бердің,
Жүгіріп , еріп зорға эшелонға.
Сықылды сынып –құлап аққан жұлдыз,
Мен кеттім қарауытып үнсіз – тілсіз.
Білмедім қош дерімді , күт дерімді,-
Елестеп екі жақтан мыстан мен қыз.
Айнала нұрға шомып бір керемет,
Ашылды жайнап сол кез ғажап сурет.
Бодым мен туып өскен тау , даламды
Көргендей тұңғыш рет , не соңғы рет.
Үшінші сөз
Мен кеттім , сол кеткеннен кеттім ұзақ ,
Базарға келіп түстім қанды қасап.
Бір долы от ауызды ,темір тісті
Қыршып жас өмірлерді жатты асып.
Душар боп сол бір сойқан дүниеге жат,
Кәсібім – соғыс болып , атым – солдат.
Қан жалдап , шалпылдатып кете бардым
Серігім болды менің азап- михнат.
Түкілеп жапырағын оқ жегенде,
Қараушв ем аянышпен сорлы еменге:
Жанымның жанат нуын жалын шарпып,
Достарым, сол емендей бодым мен де.
Қан соқта арасында өліктердің,
Ажалды өз көзімен талай көрдім.
Достасып, бір ыдыстан тағам ішіп,
Астында бірге ұйықтыдық сұр шинельдің.
Немене айтып- айтпай көрген азап,
Қалмадым қирап- қаусап тек жалғыз- ақ.
Мың есе білдірдің ғой қадіріңді,
Атыңнан айналайын ,ата қазақ.
Төртінші сөз
Жұлып жеп жер мен көкті от тұмсығы,
Долының ұстағанда қояншығы.
Қанатын ақша бұлттар қанға малып,
Өртеніп күп- күрең боп таудың шыңы.
Сырылдап қос өкпесі , іздеп жемтік,
Самолет сумаң етіп, келсе жетіп.
Бұлттағы долы сайтан найзасындай
Қадалса қара бомба жерге кеп тік.
Жылытып бауырымды ып- ыстық қан,
Кезімде өлі досты барып құшқан.
Үстіме сен кеп төніп тұрғандай- ақ
Болушы ем , атамекен Қазақстан!
Ес жиып тұрушы едім мен орнымнан ,
Қараушы ем жалын шарпып жанарымнан.
Шегініп сен кетуші ең білдірместен,
Бұлтқа ұсап аспандағы аударылған.
Жалын боп қалушы едім жерді шарпып,
Көруші ем сонда анық көз құмартып .
Алтын ту, арайлы таң төккен нұрын ,
Шұғыла боп аспанында жүзген шалқып.
Туған ел, бұл дүниеде сен болмасаң,
Өзімді отқа атар ем әлдеқашан.
Сен деген қасиетті бір махаббат
Жүр сақтап , көкірегіме жуытпай шаң.
Бесінші сөз
Кең далам – дастарқаным –атамекен,
Зейінді асқар тауым көкірегі кең.
Лебіңмен оттай ыстық тартасың кеп,
Тіріліп іздегендей мені өкем.
Жалбар тон жетім болып жүргенімде ,
Көтеріп, қаратып ең мені күнге.
Әкем де, анам да сен, туған елім,
Сен үшін ырысым да , қасіретім де.
Білмеймін не күтіп тұр мені алда,
Ажал кеп жүр дер ме әлде осы таңда?
Сені ойлап қиналам ғой, туған елім,
Қызыл ет, жатсам- дағы батып қанға.
Алшы деп мен ажалға бермен арыз,
Сен маған айтқан жоқсың «өл» деп уағыз.
Талпынған жаңа ғана екеумізге
Өлші деп әмір етер қандай
жауыз?
Болғанда сен жас әке , мен сәбимін,
Ашылған жаңа ғана гүлмін, күймін.
Бәрібір құтылмайсын десе- дағы,
Келмейді сұм өлімге еш бас игім.
Жанымды күйдірсем де жалынға сап,
Қасқыр боп таласа да мені азап.
Туған жер топырағында тіп-тік өскен,
Қара емен қасарысқан мен бір қазақ.
Сағындым, туған елім! Өтті жылдар,
Білмеймін достарымнан кім жоқ, кім бар?
Құс болса, ұшырар ем жүрегімді,
Ап кел деп туған елден сен бір хабар.
Сарыарқа самалды тау, сырнайлв өзен,
Сағындың сен де мені , айтпай сезем.
Айбарлы ақсақалым – Алатауым ,
Күт мені , сабырлы оймен, түңілме сен.
Құс болып ұшар жырым ой- қырыңда,
Қонақтар сенің алтын тұғырында.
Қымбаттым – халқым деген махаббатым,
Сенемін қалмас шіріп қабырымда.
1944 жыл, Брянск
ҒАЛИҒА ЖАУАП
Бірінші сөз
Сәл ғана саябырда тауып рақат,
От үрлеп сұр окопта отыр солдат...
Кім білер сол солдат мен екенімді,
Алтын от алдымдағы – дос жазған хат?
Ақын дос, адал ниет ағатайым,
Мен үшін тоқсан толқып, шегіп уайым.
Шөлдеген жіберіпсіңжан сусынын,
Бойыма құйылды өмір жұтқан сайын.
Қатқан мұз көкірегімде қан аралас,
Балқып бір кетті тамып боп ыстық жас.
От шашқан жанартаудай тебірендім,
Түсиген түсі суық едім құз тас.
Айығып жарқырадыой аспаным,
Алыста ақты өзендей ерке сағым.
Досымдай әздеп тапқан құшты мені,
Бақытым,сүйінішім, жастық шағым.
Қан қатқан қанатымдай шинелімді,
Қайыра серпіп, ашп көкірегімді.
Құщып бір тұрғандаймын нақ осы кез,
Назымды, сырымды айтып мен елімді.
Қараймын отты көзбен жан-жағыма,
Ой тастап, арттағыма, алдағыма.
Қарлыққан соғыс даусын киіп-жарып,
Құйқылжып күй келеді құлағыма.
Тыңдаймын осы күйді жаным ұйып,
Барады жүрегімежылы тиіп.
Ұлы өмір, ұлан-байтақ туған елім,
Қалайша көкірегіме сел, қиратып жау.
Ажалдан ата дұшпан алайын кек,
Мәңгілік тынбастай боп соқшы жүрек.
Майданда тасқа қатқан достар қанын
Ту ғып мен көтерейін, көрсін жер-көк.
Екінші сөз
Көңілімді тебіренттің, ақын аға!
Жыршы емен жалтақтағыш,жалтырама.
Елімнің солдатымын қарапайым,
Сөз шайнап тұрғаным жоқ сахнада.
Жұлдызым бүгін менің жүзбей өрге,
Аласа көрінсем де «биіктерге».
Бір келме қонағындай замананың,
Сыр бүгіп, сылаңдаман туған жерде.
Мен емес сыртын сылар, іштен іріп,
Кимеймін тұмылдырық, көзілдірік.
Өткізіп өз көзімнен бар өмірді,
Аралап, жерде жаяу келем жүріп...
Нығырақ басамын мен аяғымды,
Алға ұстап жүрегімді, аянымды.
Өз жүрген жолдарыма келем жазып,
Сырымды, барлық өмірбаянымды.
Құлдықтың құрсауы емес – баста бөркім,
Табиғат бөбегімін өскен еркін.
Жүрегім торда отырған емес тоты,
Күлем бе, жылаймын ба, тек өз еркім.
Табиғат – анама мен туғам тартып,
Күн болып күлемін мен балқып-шалқып.
Көк дауыл көкірегімде күрсінгенде,
Бұлт болып арпалысам, жалын тартып.
Көңілім – шың, теріскейім – ызғарлы аяз,
Күнгейім – тас балқытқан бір алтын жаз.
Кім келер қай жағымнан, мейлі өз еркі,
Отты сөз – дұшпанға зіл, досыма наз.
Үшінші сөз
Хат жаздым, қан тамызып мен сияма.
Айт сәлем туған елге, Ғали аға.
Мен үшін сүй бетінен сәбилерді,
Бер сәлем жолыққан әр қарияға.
Жанымның жалын шалған жапырағын
Жібердім салып хатқа, аға жаным.
Жи-дағы достарымды көрсет озің,
Жапсырып кеудесіне домбырамның.
Айтар ем туған жердің сүй, - деп, -тасын
Аяймын, кетер тамып ыстық жасың.
Жанымыз сіз бен біздің жатқан майдан,
Тамшы жас тамып түсер бір қорғасын.
Ажалдың мен бе көнер дегеніне!
Келермін күтші, достар,мен еліме.
Біреулер жанарымнан жанымды ұғып,
Біреулер қарар ескі шинеліме.
Сыпырып күреукесін жіті түннің,
Жүзіне қараймын тік келер күннің.
Жұлығын қан жалаған ботинкаммен
Төрңіне шығармын бір елімнің.
Тынар ма кеудем менің, жұтса да оқ?
Күйер ме тілім менің, шайнасам шоқ?
Туған ел кеудесінде арпалысып,
Соғармын ыстық қанды жүрегі боп.
1944 жыл
ЖАҢА ЖЫЛ
Жаңа жыл, мың тоғыз жүз қырық бесінші,
Құйшы, дос! Қыран көңіл, бір желпінші!
Қан қырғын қызыл соқта толастар ма?
Жаңа жыл, айт та, менен ал сүйінші!
Тілемен жетсе екен деп жасым жнзге,
Тілмен нұр жаудыр деп көктен бізге.
Жаңа жыл, жаршысы боп игіліктің,
Жауды жеңіп қайтқандай елімізге.
1945
АҒАМА
Жан аға, жазыпсыз хат, жан елжіреп,
«Қайда жүр, қайда менің бауырым» деп.
Дариға, бар екен ғой есіркеушім,
Алыстан адал тілеп, жүрген жебеп.
Жан аға, сізден жақын табам кімді?
Тебірентіп жібердіңіз көкірегімді.
Есіме еріксізден түсірдіңіз
Жылдардың артында ұмыт қалған күнді.
...Қыс. Қыстау атамекен Қызылдағы,
Ерттеулі аттар толы қора маңы.
Томпаңдап үйге жалғыз келе жаттым,
Тойдырып күресіннің сырғанағы.
Жармасып босағаға үйге енгенде,
Түскендей болды жүрек ыршып жерге,-
Сұп-сұлық жатты әкем алдлдыңызда,
Бүркеніп жайнамазың оң жақ төирде.
Көл-көсір жылау- сықтау үйдің іші,
Неткен күй күңіренген үлкен- кіші!
Құшақтап жыладыңыз сіз кеп мені,
Жалын боп өткен әке күйініші.
Жыламай, қарай бердім ынтамды сап,
Көзіме көріндіңіз әкем ұқсап...
Дариға, енді бүгін қан майданда,
Тағы да сізсіз мені жүрген аңсап.
Арқалап долы соғыс қанды жүгін,
Алдыңғы сапта жүріп келді інің.
Шығыстың шолпанындай тартады көз
Жұққан қан өңіріне шинелінің.
Өзгердім, ағатайым, мен азырақ:
Көрінем бұрынғымнан сәл жасырақ.
Қарая түсті қайта шашым менің,
Естірек болдым енді, ақылдырақ.
1945
ТӨЛЕУТАЙҒА
Төлеутай, досым,құрбым,
Япыр-ай, тірі екенсің!
Қалың өрт, қанды қырғын,
Ұмытпай жүр екенсің.
Достарым бірі екенсің,
Солдатпын мен де өзіңдей.
Қан қатқан шинеліне;
Қасарып келем көнбей,
Ажалдың дегеніне.
Қасарып келем көнбей,
Қажымас, еш сыр бермей.
Уланса ақыл-сана
Үстінде ерегістің.
Болсам мерт қапияда
Оғынан бір немістің.
Кешер ме досым менің,
Кешер ме туған елім!
Қорықпаймын бір есерсоқ
Салар, деп қан шеңгелін,
Қорқамын жұрт сөзінен:
«Тым арзан өлді» деген.
Төлеутай, досым, құрбым!
Тынбаса қан жүректе
Астында алты қырдың
Жүрелік бір тілекте.
Маған да келер, саған
Бейбіт күн біз аңсаған.
1945
СЕН ЕДІҢ МЕНІ АЙЫРҒАН
Сен едің мені айырған достарымнан,
Долы жау, дүниеге салған ылаң!
Бобегін махаббаттың жалынға атып,
Кеудеме қан аралас мұз қатырған,
Орыстың ойран салып орманында,
Қазақты қуғандай ең даласынан...
Дариға, бізге де бір тиді кезек!
Сені өртеп жатыр міне ызалы кек,
Енді ме есің жаңа есер дұшпан,
Етесін енді неге безек –безек?...
Алайық ту сыртынан сығып жанын,
Қайта бас көтермесін өлікті жеп!
1945
ДОСТАР, ҚАЙДА ЖҮРСІҢДЕР
Достар, қайда жүрсіңдер, қай майданда?
Мен де келе жатырмын малтып қанға.
Ең болмаса біреуің кездессең ед,
Ыстық, суық күндерде сағынғанда.
Күндер өтті, үңілдім сендерді іздеп,
Айлар өтті: "көрмедік, білмейміз" деп,
Жылдар өтті, таппадым, қайдасыңдар?
Мені қуантсаңдаршы—бірің кез кеп?
1945
АҚША БҰЛТ
(Бір ақынның өлеңі жайлы)
Асқар тауда ақша бұлт
Жүзуші еді жалтылдап,
Кеттім алыс, қалды ұмыт,
Бір жалтылдақ қызға ұсап.
Қызыл майдан, алтын ту,
Қыза жортып келем мен,
Бұлдыр бұлттар, қыз –қиқу
Алдағандай жас емен.
Ақын қиял – ақ сұңқар,
Қанатыңды қанға мал.
Ақша бұлт- ақ орамал
Шын жіберсе сүйген жар.
Түссін жерге үлбіреп,
Таңайын мен жарамды,
Не жаңбыр боп сіркіреп,
Бассын өрт пен тозаңды.
Не тері боп солдаттың
Сіңсін туған жеріне,
Не жасы боп сан қарттың
Құйсын қасірет көліне.
Аспандама ақша бұлт,
Алдандырма ақынды.
Жер деп жанын тосты жұрт,
Жерде оқтар атылды.
1945
ҚЫЗҒАЛДАҚ
Өртенген үй орнында
Өскен жалғыз қызғалдақ.
Кез боп қалдың жолымда,
Аялдаттың азырақ.
Өртенген үй жұртында
Қып-қызыл боп желбіреп.
Қалай өстің сен мұнда?
Нендей сыр бар, нендей кеп?
Қансың ба әлде тамған бір
Күнәсіз жас жүректен?...
Сен екенсің жас өмір
Ескі жұртты күзеткен?...
1945 жыл
ЖЫЛҚАЙДАР
Берлиннің тар көшесінде
Салып жөнге Фашистерді.
Жайнап жұлдыз кеудесінде,
Кезей ұстап көк семсерді,
Орнатып нық өз тәртібін,
-Олай емес, бұлай жүр! – деп.
Асауының басып желін,
Шабандарын етіп жүрдек.
Жылқайдар жүр өзіміздің,
Жау ырқыны мініп аттай.
Тигеннен соң қолға тізгін,
Қоюшы ма ед майпаңдатпай!
1945
ӘШІМ
- Ойбай, мынау
Малғұн фрау!
Неге маған көз қысад
Қағып қасын?!
Дейді де Әшім
Сығад жасын.
Есіне алып
Өзінің Жәмиласын.
1945
АҚШАЛЫҚ
Ағам берген ақшалық
Жүрерімде майданға.
Құнды зат ең қаншалық
Ой салғандай адамға?
Бір жапырақ былғары
Құрай салған әлде кім.
О, дариға, бұл-дағы
Болды менің ермегім.
Төрт жыл болды, қалтамда
Келем сақтап, жоғалтпай.
Мені қорғар майданда
Тілсіз туыс болаттай.
Жанталаста жоғалып,
Не қадірлі қалды зат.
Тек осы бір ақшалық!
О, құдіретті махаббат!-
Төс қалтамнан орын ап,
Жүр ілесіп жоғалмай.
Көкірегіме ұя сап,
Паналаған торғайдай.
Ағам берген ақшалық
Жүрерімде майданға.
Құнды зат ең қаншалық,
Ой салғандай дамға?
Қолға аламын, қараймын,
Қараймын кеп күрсініп.
Сенде туған ағамның
Махаббаты тұр сіңіп.
1945 жыл
ЕРКІН ІНІМЕ
Ойлаймын да жүдеймін,
Сағындырдың, Еркінім.
Тез жетсін деп тілеймін
«Аға келді» дер күнің.
Жалаң аяқ жарысып,
Ойын салып, ойнақтап.
Жас шағыңмен алысып
Жүргеніңде, кілт тоқтап,
Қарайсың ғой, білемін,
Әрбір өткен солдатқа.
Шым етіп жас жүрегің,
Мені ойлайсың сол уақыта.
Сәл тұрасың елжіреп,
Қабақ шытып, ойланып.
«Ағам менің келді» деп,
Мақтана алмай, қорланып.
Ойлаймын да жүдеймін,
Жеткіншегім, Еркінім!
Тез жетсе екен, тілеймін,
«Аға келді» дер күнің.
1945
ЖЕҢІС ДАУСЫ
1
Казарма лық тыныштық,
Жатыр ұйықтап солдат достар.
Жоғарғы нар қандай ыстық,
Жан екем бір монша құмар.
Әм дөңбекшіп, әм күркілдеп,
Арпалысып ұйқылы-ояу...
Тамып-тамып, тамылжып кеп,
Естіледі бір күй қоңырау.
Естілет бір күй қоңырау,
Әлдилейді жүрегімді...
Мезгіл еді таңға таяу,
Неткен күй бұл, кім не біледі?
Неткен күй бұл, жанға тәтті,
Неткен күй бұл, тым мезгілсіз?
Кім жіберді бұл ләззәтті?
Жаным-жаным, рақатқа жүз.
2
Қайда, қайда кеттің күйім,
Таусылдың ба, сарқылдың ба?
Енді қанша дөңбекшиін...
Тыныштал жаным, тыңда -тыңда:
Болды маған естілгендей
Ұлы Москва дем алысы!
Кетші әрі ұйқы, түнше төнбей!
Япыр-ай, бұл дктор даусы-
Күйі ғой бір қуаныштың!
Саңқ –сұңқ етіп сонау көктен.
Қиқуындай қыран құстың,
Ғажап дауыс шығады өктем.
Жалғыз кезген жер-жаһанды
Күй қанатты бір жолаушы.
Тірілткендей өлі жанды,
Саңқылдайды жеңіс даусы!
Жеңіс даусы- құдіретті үн
Құйылды кеп кеудемізге,
Қалдық ұйып. Дүние шіркін,
Өліміз бе, тіріміз бе?
3
Тік көтеріп шаттық дауыл,
Өрт боп қаулап шықтық сыртқа.
(Өскен қала, туған ауыл
Не күйде екен осы уақытта?)
Көк төсінде жүзді оттар,
Қуаныштай жарқылдаған.
Кетті атылып ақтық оқтар
Винтопкадан, нагандардан.
Кетті атылып ақтық оқтар,
Кетті атылып ақтық ашу-
Кешегі қол-қанды шоқпар
Қызыл қанпат ұсташы ту.
Келеді атып ғажайып таң,
Асыққандай йгілікке.
Көрдім сені, байтақ Отан,
Шығып сол кез бір биікке.
Көрдім сені, жайдым ққшақ,
Тоқтата алмай көз жасымды.
Құштым, сүйдім, ғашыққа ұстап,
Майдандас бір жолдасымды.
4
Жеңіс даусы-құдыретті үн,
Саңқылдайды, тебіренткді.
Шіркін адам, ұқтым бүгін,
Жаны қандай нәзік еді.
Көңілі қандай назік еді.
Көңілі қандай шалқар еді?!
Нендей ыстық махаббаты!
Құшақтасып ұшар еді,
Әттен ғана жоқ қанаты.
1945
АЛМАТЫ
Жақсы екен ғой Алматым -
Алтын үйек астанам.
Осы екен ғой жаннатың
Атам қазақ аңсаған.
Келдім сені сағынып,
Алтын ұям- Алматым.
Кең көшеңде басар нық
Мен бір ақын солдатың.
От пен темір сайысқан
Келдім майдан төрінен.
Жер құшам деп. Көр құшқан
Жау жерінен келдім мен.
Сағынышын солдаттың
Сен сұрама, мен айтпан.
Кетті шығып бір ұшқын
Кеудемдегі шыңайттан.
Күлкі- жасы аралас
Ақын да бір жас бала.
Тербет өзің мауқын бас,
Алтын бесік –астана.
Жүрмін жортып қызықтап,
Көше қоймай баспаған.
Сыбырлайды жапырақ,
Жалт қарайды тас маған.
Өкпе, назға – манифест,
Жатыр ққшып достарым.
Сары алтын күн, думан аеш
Қанар емес құмарым.
Ән мен күйді сапырған
Сал домбыра,-сал ожау.
Сабырлы оймен отырған
Бір кәрия Алатау.
Неткен сұлу өмір ең!
Қарай берем үңіліп.
Ғажайып бір мейірмен
Келешегің тұр күліп.
Жақсы екен ғой Алматым-
Алтын тулы астанам.
Осы екен ғой жаннатың
Атам қазақ аңсаған.
1945
ҚАЗАҚСТАН
Елу жаста «Елім бар деп айта алмай»,
Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай.
Елім бар деп айтатын бір туды күн,
Елім бар деп шырқатайын мен бүгін.
Қойсын енді Қорқыт күйі сарнамай,
Атам Абай арманыңа бер тыным.
«Гүлжазира», «Жерұйықтан» кем бе екен,
Сен таппасаң, біздер таптық жер тыңын.
Мынау дала біздер өскен кең мекен-
Қызыл тулы ел – Қазақстан дейтұғын!
Көкше, Баян, Қарқаралы, Алатау,
Тоңы- алтын, түгі- торқа жер мынау!
Қарағанды қара қазан қайнаған,
Елдігіме етер шүбә қандай жау.
Дүние байлық тұрған жайнап айналам,
Дүрсілдейді сонау Балқаш жағасы,
Баршы өзің, көңіл қойып тыңдашы!
Тұр ғой соғып туған дала жүрегі.
Кім қызықтап мақтан етпес бұл жерді,
Бақытыңа қуан қазақ баласы,
Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,
Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз;
Ел намысын ешбір жауға бермейміз,
Өмірпді алға бастармыз, өрлейміз!
Сертің осы азат жігіт, азат қыз!
Байтақ Отан- туып өскен өз елім,
Өміріндей өршіп аққан өзенім?
Артым жақсы,
Алдым қандай тамаша,
«Бөтен елдін падишасы болғанша,
Өз елімнің артық терсем тезегін!»
Қуанамын көрсем атты қазақты,
Ән шырқаған алшы тастап тымақты.
Қуанамын шапқанына құйғытып,
Қанаттанып, алыс жолды тез ұтып,
Отты көзбен тұрсан шолып жан-жақты.
Аралашы Алматының көкшесін,
Емендермен егесе сен өсесің.
Талғар тауда тудай жайнап талабың,
Бой ұрасың мұхитына даланың,
Қайтарам деп өмірімнін есесін.
Туған бала құба құмда, жер үйде,
Тоқсан томды алдына алып ҚазПИ –де.
Отыр дүние архивтерін ақтарып,
Соны көріп сүйсінем де мақтанып-
Кетем жырлап қосыламда бір күйге.
Тау қопарған, көлді көлге қотарған,
Біз ерлерміз алғыс алған Отаннан.
Туған жердің салмақтап сом алтынын,
Содан ұғып келешегңн халқымның,
Жүрген жасты жырлап өтсем жоқ арман.
Кемпір көрем көк өзендей күй төккен,
Шалды көрем жыр ұшырған көкіректен.
Қызымыз бар құралай көз, қара шаш,
Күлкісі- күн, сайрап кетсе- сандуғаш,
Жігітіміз барабар жас түлекпен.
Көк құрыштан құйылғандай бір еліміз,
Әрі биік, әрі кеңбіз, тереңбіз.
Әніміз бар асқақ жалау сықылды,
Көтерілсе- тік көтерер жұртымды,
Біз дүниеге мәңгілікке келгенбіз.
Елу жаста елім бар деп айта алмай,
Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай.
Елім бар деп айтатын бір туды күн,
Елім бар деп шырқатайын мен бүгін,
Еркелеймін кең даламда баладай.
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған,
Бұл далаға жылап келіп уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
1945
ЖИЫРМА БЕС
Жасымыз бар жиырма бесте,
Біздер қазақ баласымыз.
Дүбірлеттік сан күресте,
Еділ-Ертіс арасын біз.
Күн туғанда біз туғанбыз,
Ұлы Октябрь дауылынан.
Кең дүниеге ұмтылғанбыз,
Қаптап қазақ ауылынан, —
Туымыз бар таң шапағы,
Жер тебіренткен ұранымыз,
Сайын дала біз саңлағы.
Асқар таудың қыранымыз.
Қызыл тулы Қазақстан
Мынау жатқан алтын дала,
Мекеніміз бала жастан,
Кең пейілді кең сақара.
Гүлденсін деп осы дала
Жер суардық терімізбен,
Нұр жайнатып салдық қала,
Алып алтын жерімізден.
Тез өссін деп туған халық
Ғылым, ектік, ғалым өсті.
Жас ер жетіп, қарт жасарып,
Қайта айналттық жиырма бесті.
Тепсе темір үзер жасты –
Біз өсірдік түлек етіп,
Қара көзді, толқын шашты
Қыз өсірдік еркелетіп.
Жаумен жауса жұлыстық біз,
Досқа жайдық дастарқанды,
Адал туған біз халықпыз
Жақын тартқан жер-жаһанды.
Мақтанамыз қазақпыз деп,
Күйсін іші жауымыздың,
Біз жасаймыз мыңдап-жүздеп
Жеріміз – кең, тауымыз – шың.
Күле қарап күн шығыстан
Көз саламыз жер-жаһанға,
Жиырма бесте Қазақстан
Нығыз басып барады алға.
1945 жыл.
ДОСТАР
І
Біз көп едік отырғанда,
Демалыс күн мәжілісте.-
Жау тиді де Ұлы Отанға,
Бұзды шырықты шаңқай түсте.
«Соғыс» деген бір зілдей сөз,
Кетті басып еңсемізді,
Ап-ауыр ғып түсіртті тез
Қолымыздан кесемізді.
Сағасында домбыраның
Сыңсыды да үзілді күй.
Ауыртты да ақын жанын,
Тынды сұлық қайран «Мәди».
Күлкі ерінде қалды қатып,
Қуанышты қуды қайғы.
Ойнасақ та мылтық атып,
Көріп пе едік біз мұндайды?
Айтар сөзін бітірмей жар,
Қарай берді жасы іркіліп.
Кеткендей-ақ қайғы-қанжар
Жар өзегін тіліп-тіліп.
Шала жиып дастарқанды,
Қоштасарда сәл кідіріп.
Сақтаймыз деп Ұлы Отанда,
Қан майданға кеттік жүріп...
ІІ
Жалындаған жалынды өртке
Қотарылдық қара селдей.
Келіп жаумен бетпе-бетке,
Араласып кеттік сеңдей.
Араласып кеттік сеңдей.
Өзенінде қан майданның
Солдат болдық кәдімгідей,
Білер парқын қара нанның.
Сапырылды ерсіл-қарсыл
Жорық жолы - майдан теңіз.
Айлап сынып, таусылды жыл,
Айрылысып қалыппыз біз.
Жүдемедік сонда бірақ,
Жарқылдадық салған жерден.
Жаңа достық алдық құрап,
Шар тараптан келгендерден.
Жауды жауша қарсы алдық біз,
Шынықтырып алдық жанды.
Тулап теңіз, шайқалды құз,
Алдық барып не қамалды!...
Жүрдік аңсап өткен күнді,
Шала жиған дастарқанды,
Кілт үзіліп қалған күйді,
Аяқсыз ән, мұңлы жарды.
ІІІ
Жеңдік жауды, алдық кекті,
Мөңкіп тулап, басылды апат.
Мең-зең етіп жер мен көкті,
Тынды-ау ақыр бір ғаламат.
Ескі дозақ орынындай
Қирап, қаусап қалды қала.
«Күміс күмбез, алтын сарай»
Қалды сонан төрт бағана.
Көнбіс ана бұл қара жер
Сезе ме екен мың жарасын?
Сезер болса, едік сүйер
Әр төбесін, әр құз, тасын.
Не деген біз қайратты елміз,
Болса-дағы не ғаламат.
Күліп тұрып көтергенбіз,
Жанымызға жабырқау жат!
Жеңіп жауын, достар үйге
Келіп жатыр жеке – жеке.
Шалқып тағы бастық күйге,
Бейбіт өмір – бір жәрмеңке.
Жайдық қайта дастарқанды,
Қолда ойнатып кесемізді.
Құштық қайта сүйген жарды,
Кім айырар енді бізді!
Домбыраны бұрып қайта,
Құшырлана сүрттік шаңыын.
Бір жарқ етер осындайда
Өткен шағың, болашағың!
Қайта жалғап тарттық біздер
Кілт үзілген көңіл күйін.
Өтті, кетті қатал күндер,-
Көңілге бір тастап түйін.
Көп едік біз, көп едік біз
Демалыс күн мәжілісте.
Біз әлі де көп мәжілісте.
Біз әлі де көп екенбіз,-
Кел, достарым, кеттік іске!
1946
МАЙ КЕЛЕДІ
І
Май келеді, Май келеді!
Шық тысқа!
Қып-қызыл күн дөңгеледі
Шығыста.
Май келеді,
Май келеді,
Май сұлу!
Көк алаңда
Қанаттарын жайды ту.
Қақпаларға қонды қызыл жалаулар,
Май келеді!
Ерте тұрып қарандар...
Бұл өлкенің
Таңы неткен арайлы!
Адам түгіл,
Тас күлімдеп қарайды.
Алып завод
Беріп таңның хабарын,
Шымырлатты
Жан жүйесін қаланың.
Алтын кірпік,
Дөңгелек көз күлімдеп,
Май келеді!
Желкілдейді көк желек.
Қыз ерніндей
Қызғалдақтар дірілдеп,
Бұйра бұлақ
Жатыр аунап еркелеп.
Май келеді -
Жер анасын жасартып,
Асқар таудың
Аппақ шашын қарайтып.
ІІ
Майда бір қыр
Көрсетіндер, сүлулар,
Күн боп күліп,
Гүл бөленіп шығыңдар.
Май да сұлу, Майдан гөрі сен сүлу, -
Шық көшеге,
Қарындасым Меңсүлу.
Май келеді, Май келеді,
Май келді!
Ажар ана,
Дастарханың жай енді.
Әкел бері...
Домбырамды қолыма,
Қосыл маған,
Дариғажан, Хорлыға!
Майға арналған
Айтылмаған жырым бар,
Жарқылдатып
Аспанға атып шығындар.
Мен де бірге,
Мен де бірге барамын,
Бөгеті жоқ
Аяқтағы жараның.
Бұл аяқпен
Берлинге де жеткенбіз,
Бұл аяқпен
Жауды басқа тепкенбіз!
ІІІ
Қуаныштың көлі арнадан
Асқан күн!
Алматыны шаттық селі
Басқан күн, -
Еміс-еміс ескі тасқын
Бір апат,
Жарқ-жұрқ еткен
Жаңа тасқын - жан рақат!
Көше бір сел,
Толқып, тасып барады,
Айдын шалқар -
Коминтерн алаңы!
Біз барамыз
Күйге малып аяқты,
Қолтығыңнан
Қанат біткен сияқты.
Қыз барады
Желпіп жібек орамал,
Ал жігітім,
Әуелете әнге сал.
Айнала гүл,
Жайнаған гүл жан-жағым...
Неткен көп ед
Гүлі туған даланың!
Мырзашөлдей
Гүлденген бе кемпір-шал!
Гүлге оранып
Келе жатыр Гүлжамал...
Күн астында
Жалтылдайды Қызыл ту!
Күн астында
Жарқылдайды Май сұлу!
ІV
Қайта оралып
Соққан жастық шағымдай,
Көкірегіме
Бір нұр құйды сұлу Май.
Март емеспін,
Мен өзім де бір маймын,
Әсем жырды
Аспанға атып жырлаймын.
Әкел бері
Домбырамды қолыма!
Қосыл маған,
Дариғажан, Хорлыға!
Мерекенің
Бастамасын бастайын,
Келсе де Май
Апта сайын, күн сайын,
Қонағымды қарсы алуға
Мен дайын!
1946.
ДОМБЫРА
1 өлең
Домбыра мұнша шешен болдың неге,
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе.
Аққудың әуеніндей үнің бар –ау,
Сарарқа самалындай ескен баяу.
Бөбектей бесігінде маужыраған
Тыңдаймын мен отырып ұйқылы –ояу.
2 өлең
Салқын кеш ашып тастап терезені,
Қолға алсаң қоңыр сазды домбыраны.
Қырандай қалықтатып қиял сені,
Асқар ой шыңына бір қондырады.
Жарқ етіп ашылды жұмбақ жаһан,
Әлемі ақындар мен күйшілердің.
Үн- тілсіз отырасың болып аң-таң,
Құпия сырын аңдап көк пен жердің.
Қоңыр саз домбырадан еске баяу
Тербетіп, көтереді сені ақырын.
Оянып, көкірегіңе келед таяу
Белгісіз әлде қайда жатқан жырың.
Сол мезет жайып тастап жаныңды алға,
Келер жыр жолын тосып отыра қал.
Тізіліп көз алдыңда жыр туғанда,
Құлшынып тағы қайта домбыраны ал.
1946
ДОЛЫ БҰЛТ
Суырып көкте қылышын,
Нөсерлі қара төнді бұлт.
Тарылтып жердің тынысын,
Тапа- тал түсте болдым ымырт.
Өрістен қашты төрт түлік,
Асыға үйге енді жұрт...
Салатындай бір бүлік,
Ақырды жерге долы бұлт.
Күйзелді келіп, күңіренді,
Аласұрды аспанда.
Шуылдап аймақ тебіренді,
Жалынын жерге шашқанда...
Жіберді жылап долы бұлт,
Төгілді жерге көк нөсер...
Өтті де кетті, болды ұмыт,
Жадырап жайнап күлді жер.
1946
ЖАМБЫЛ
Есімде, дәл осыдан он жыл бұрын,
Бос тастап жүрген кезім ой шылбырын.
Ақындық аспанынан қалдым көріп,
Жарқ еткен ақ жамбыдай Жамбыл жырын.
Кім білген,жүр екенмін жырға шөлдеп,
Құпия бір қуаныш бойды билеп.
Асығып алыс жолдан Алатауға
Келдім мен жұмбақ қартты көрейін деп.
Ақыындық жолға түсіп, жаздым өлең,
(Сол кезде үркуші еді өлең менен).
Жамылып ала көбе шықтым жолға,
Барардай бата алғалы әулиеден.
Жолшыбай өлеңімді келем жаттап,
Жеп-жеңіл сөздерімді жүз салмақтап.
Ақындық сарайының босағасын
Көрмесең, қиын екен бұрын аттап.
Білмейм ін «Май төбесі» - қай төбесі,
Мен үшін шың еді ақын мәртебесі.
Аулына Алатаудай ақсақалдың
Келдім мен, бір кішкентай жан иесі.
Толқуын тоқтаттым да жүрегімнің,
Есікті еркін ашып, үйге кірдім.
Жарқ еткен нажағадай жанарыммен
Бір шарпып өттім бәрін үйдегінің.
Сыпайы ақ сақалы желпілдеген,
Ақ жарқын,жас баладай елпілдеген.
«Тоқсанның тоң қатырған» кәрі қысы
Қысса да,қыза сөйлеп еркіндеген.
Жүзінде айбыны бар жолбарыстың,
Саусағы шеңгеліндей қыран құстың.
Қияда қыңыр шөккен кәрі құздай
Бір шалды баласындай келіп құштым.
Сипады ол маңдайымнан танығандай,
Тоқсандай толқып жатқан жаны қандай!
Қағып ап бір ақынның домбырасын,
Өрбіттім өлеңімді, еш тайсалмай.
«Кездесу қайда бізге ол заманда,
Зар қағып жүрер ем ғой қой соңында.
Көрер ме ем мүмкін сонда қабырыңды,
Қарайып тұрған жалғыз құба жонда!»
Дедім мен, жалт қарады ол бір нажағай,
Жарқ етті жанарынан атылғандай.
Бір жалғыз ап-ауыр жас түсті аунап,
Жаңағы нажағайдан мрт болғандай.
Алды да домбыраны, кетті жырлап,
Тыңдадық ой ойнақтап, бой шымырлап.
Көп жұтқан дүние сырын кәрі кеуде
Тебіренді бір гүрілдеп, бір сырылдап.
Аймағы Алатаудың сілкінгендей,
Күңреніп келе жатқан отты селдей.
Қайнады бұрқ-сарқ етіп бір тасқын жыр.
Сапырып, сөзді-сөзге соғып сендей.
Сақылдап екі жағы, тулап тілі,
Бусанып, буырқанып шықты үні,
Іштегі тынған дауыл кетті бұрқап,
Желкілдеп қырау басқан беттің түрі.
Қабағы қопарылып құз, жар тастай,
Саусағы кәрі жорға жортты адаспай.
Жанын бір желпіп-желпіп тастады да,
Құлшынып шыға келді қыршын жастай.
1946
ЖАҢА ЖЫЛ
Сағат дәл он екіден тұрды аумай,
Ескі жыл жайлап жылжып қарт адамдай.
Есіктен шыға бере дәл кідірді,
Қарсы енген жаңа жылға қақтыққандай.
Екеуі келіскендей болды тілге,
Жаңа жыл жас жігіт боп енді өмірге.
Еркіндеп, - ендігісі менікі деп,
Сағатты өз қолымен бұрды бірге.
Жаңа жыл мың тоғыз жүз қырық жетінші,
Отырмыз сені күтіп үлкен-кіші.
Айқара ақ шапанын серпе тастап,
Кәнекеи, шықшы төрге, бір желпінші!
Кел, достар, көтерелік күңгірлетіп,
Ал, досым, көңілді күй жібер шертіп.
Жаңа жыл, жаңа мейман, жаңа ырыс,
Көл болып, көңіл шіркін жатсын көлкіп.
Ризамын ескі жылға, болды игі,
Қиынды қиып түстік неше қилы.
Он екі серігін ол соңына ертіп,
Аралап елімізді, көрді сыйды.
Құрметтеп үш жүз алпыс нөкерін де,
Қызықпен ұластырдық күнін түнге.
Көтеріп ұлы еңбектің күмбездерін,
Тойладық келерін де, кетерін де.
Сен-дағы құтты болшы, жаңа жылым,
Шомылып шалқарына өнер-ғылым.
Ашыла түссін біздің ой-санамыз,
Шыныға түссін күші жұмысшының.
Тамған тер, сіңген қайрат жерімізге
Ырыс боп, тұрсын өсіп келер күзде.
Адамзат еңбек етсе – біздей етер,
Берерін дүние шіркін берсін бізге!
Ту етіп қасиетті ынтымақты,
Кеудеге толтырайық махаббатты.
Бақыттың бесігінде тербетейік
Өмірге келе жатқан жас ұрпақты.
Сол үшін келші, достар, жаңа жылжа,
Отырып қала-дала, ойда-қырда.
Шалқая тарталық бір шаттық суын,
Дуымыз жетсін тарап бір ғасырға!
1946 – 1947
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру