TELEGEI

Home

Алты алаштың абызы

Есбол Өміржанов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Алты алаштың абызы

Оқырман назарына ұсынылып отырған бұл кітапта халқымыздың ұлағатты қариясы, алты алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған абызы Жағда Бабалықұлының саяси және құқықтық көзқарастары талданады. Сонымен қатар, осы кітапта бұрын еш жерде жарық көрмеген Жағда Бабалықұлының өз басына қатысты материалдар, о...

ӨМІРЖАНОВ ЕСБОЛ ТОҚТАРБАЙҰЛЫ. АЛТЫ АЛАШТЫҢ АБЫЗЫ

КІРІСПЕ

«Жақсы адам қартайса лаулап жанған отпен тең» деген халық даналығы шындығында да кейбір адамдарға қатысты дәл тауып айтылғандығы ақиқат. Дәл осы сөз халқымыздың жанашыр ұлдарының бірі, жасы тоқсаннан асса да ел жайлы сөз қозғалса елеңдеп, халқымыздың бай тарихы мен әдет ғұрпы жайлы, тілі, мәдениеті мен ділі жайлы, жалпы саясат туралы тұшымды ойларын ортаға салудан танбаған Жағда Бабалықұлына қатысты айтылғандай. Жағда атамен өз басым «Азат» қозғалысына қатысты оның қатысушылары қолында қалған құжаттарды іздестіріп, кейбір қозғалыс белсенділерімен сұхбат жүргізіп жүргенде жолықтым. Белгілі қоғам қайраткері, ғалым Сәбетқазы Ақатай ағамыздың үйіндегі Римма апай: «Азат қозғалысы жөнінде үлкен мәселелер жайлы Сәбетқазы Ақатаймен бірге осы қозғалыс негізін қалаған Жағда атаға барып пікір алысқаның жөн. Жағда ата кез келген адаммен ақтарыла әңгімелеспейді, жолың болып жатса ол кісіден үйренерің көп», - деп Жағда атамызға бағыттап жіберді. Римма апай берген телефон номері бойынша хабарласқан соң, Жағда атамыз өз үйіне кездесуге шақырды. Алғашында Жағда ата маған сынай қарап, шешіле әңгіме бастамағанымен, келесі кездесуден бастап Азат қозғалысы турасында көптеген құнды мәліметтер беріп, әрқилы мәселелерге қатысты ой бөлісті. Қозғалыс жайлы сұхбат газет бетіне жарияланған-ды, ал Жағда ата берген құнды кеңестер мен ұтымды пікірлер жадымда жазылып қалды. Тоқсандағы Жағда атамыз бос сөзді ұнатпайтын, сөйлесе әр сөзіне мән беріп, егер әңгіме басталса ол әңгіменің тыңдаушы үшін үлгі боларлық негізі болуына көңіл аударатын. Осылайша, 2006 жылдың сәуір айынан бастап Жағда атамызбен тығыз байланыста болып, ол кісіден тек ұлағаты мол әңгімелер ғана емес, өміріме азық боларлық тәлім-тәрбие ала алдым. 2009 жылғы қараша айының 9 жұлдызында Жағда атам мені үйіне шақыртып алып: «Балам, мен қайтып барамын, өзіңе Шығыс Түркістан Республикасы тарихымен айналыс деп едім, одан бас тарттың. Мен осы жаққа өткеннен кейінгі өмірімнің көп бөлігін ізденумен, жазу-сызумен өткіздім. Сол жазған, сызғандарымның ішінде Шығыс Түркістан Республикасына қатысты, ондағы болған оқиғалар мен атқарылған істерге қатысты біраз мәліметтер бар еді. Өзіңе белгілі, қазіргі қазақстандық оқырмандарда осы Шығыс Түркістан Республикасы жайлы мәліметтер толыққанды деу қиын. Қазіргі кезде осы бағытта жұмыстар атқарылып жатқанымен, кейбір мәселелерге қатысты шындықты айқындай түсу үшін мына қолжазбаларды пайдалануға болады. Кезінде осы жазбаларды баспасөзде жариялауға мүмкіндік берілмеді. Кейіннен өзімнен күш кетіп қалды. Көзбен көрген тірі куәгердің айтары естіген құлақтікінен гөрі ақиқат. Ал Қытайда бұл жайлы мүлде теріс ақпараттар беріледі. Енді өзіңе қолымда бар материалдарды берейін, кейіннен керегіңе жаратарсың», - деді ауыр күрсініп. Сөйтті де өз бөлмесінің бұрышында тұрған бір сөмке қағазды нұсқады. Мен сөмкені үйіме алып кетіп, оның ішінен маңыздыларын көшірме жасатып, түпнұсқаны атамызға қайтарып бердім. Араға көп уақыт салмай Жағда атамыз да дүниеден өтіп кетті. Мен өзімнің Жағда атаның алдындағы аманатымды орындауды парызым деп ұғынып, осы кітапты сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын. Жағда Бабалықұлы дүниеден өткен соң көп кешікпей Қасымхан Бегманов ағамыздың «Этнографпен әңгіме» аты кітабы жарық көрді. Сыр-сұхбаттан құрылған бұл кітапта Жағда Бабалықұлының этнограф-ғалым ретіндегі қыры өте жақсы ашылған. Ал, Жағда Бабалықұлы тек аса көрнекті этнограф, зерттеуші ғалым ғана емес, жастайынан саясатқа араласып, ел басқарған, үлкен саясатқа қатысты жеке көзқарасы, дербес пікірі бар, мемлекет пен құқыққа қатысты көреген ойлар мен батыл пікірлер тудыра білген саясатшы, сонымен қатар, ел тағдыры турасында өзіндік ойы бар, қазақ ұлтының тарихына қатысты өздігінше материалдар жинап, іздене білген тарихшы да болатын. Осы кітап арқылы біз оқырманға Жағда Бабалықұлының саяси және құқықтық ой-пікірлерін, сонымен қатар, оның артында қалған тарихи деректерді таныстыруды жөн көрдік. Әр заманның өз абызы, елі үшін жан пидалап жауға шабар қаһарманы, ұлт қамын ойлап «күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым» дейтін саясаткері болса, сол тұлғаларға тән қасиеттердің бәрін бойына тоғыстырған толыққанды қазақ осы Жағда Бабалықұлы еді. Назарларыңызға ұсынылып отырған кітапқа Жағда Бабалықұлының кезінде жазылған, бірақ баспа бетін көрмеген мақалалары мен өзінің Шығыс Түркістан Республикасы жайлы жазбалары және нақты оқиға ортасында болған адамдардан жазып алған материалдары енгізіліп отыр. Осы кітапты даярлауда әкесінің жарияланған мақалаларын іріктеуге көмек көрсетіп, фотосуреттерін берген Роза Жағдақызына, қолжазбаларды араб әрпінен кирилл әрпіне аударып жазған Бақытжан Мұратбекұлына үлкен алғысымды білдіргім келеді.

АЛАШ ДЕП АЛАСҰРҒАН АСАУ ЖҮРЕК

Жағда Бабалықұлы өмірден өткенде оны ақтық сапарға шығарып салуға ресми билік өкілдерінен гөрі қарапайым халық көп жиылған екен. Бұл оның ел-жұрт алдындағы беделінің зор болғандығын көрсетсе керек. Ғасырға жуық ғұмырында көрмегенді көріп, ұлт үшін аянбай еңбек еткен данышпан қарияға көзі тірісінде жоғары жақтағылардан мысқалдай болса да құрмет көрсетілмеді. Осыдан үш жыл бұрын «кеудесі алтын сандық» ақсақалдың 90 жылдық мерейтойы да тар шеңберде елеусіз ғана атап өтілді. Әйтсе де ол кісінің еңбегін халық біліп, бағалады. «Тірі энциклопедия» атанған ғалым өз еңбектерінде қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарының маңызына үңіліп, ұлттық болмыс ерекшеліктерін зерттеуге талпыныс жасаған. Бір өзі бір ғылым академиясына жүк боларлық шаруаларды еңсере жүріп, қай жерде болсын қазақты қорғап сөйлеп, ел мен жер үшін жан пидалайтын. Қазақ тарихы мен салт-дәстүрлеріне байланысты мәселелер туындай қалса, журналистер қауымы алдымен осы Жағда қарияның жағдайын сұрап, сұхбат алуға асығатын. Ылғи да елдік мәселелер көтерілетін ортада өз пікірін ашық айтатын. Ел ішінде жүретін. Ең бастысы, жұрты ол кісінің бағасын білді1. [1. Алмат Исәділ www.alashaіnasy.kz/?p=31925 -] Қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары Жағда атамыздың қазасы жайлы жарыса жариялап, оның қазақ халқының соңғы абызы болғандығын аса бір қиналыспен еске алып жатты. Журналистер қауымының ол кісіні абыз деп атауы өте көңілге қонымды жағдай, олардың Жағда Бабалықұлының болмысынан абыздық кейіпті танығандығы деп ойлаймыз. Жағда Бабалықұлы турасында сөз қозғалғанда оның халық қамын ойлап, мұңын мұңдаған, ел ертеңіне алаңдап, болашаққа барар жолды нұсқауға талпынған, көреген пікірлерін ортаға сала білген, жасы тоқсаннан асса да ақылынан айнымай, өмірінің соңғы сағатына дейін ұлтының болашағына алаңдап кеткен алты алаштың абызы екендігін батыл айта аламыз. Жалпы, ұлтымыз кімдерді абыз деп әспеттеді десек, ұлт тарихында өздігінше із қалдырған қаншама Асан қайғы, Бұқар жырау, Әлмерек абыз және көптеген ақылгөй даналарымыздың осы атаққа ие болғанын көре аламыз. «Заман ағымын алдан болжап, көріпкелдік жасап, тұла бойы синкреттік өнерге тұнған, сөз сөйлесе – төгілген шешен, ой ойласа – көріпкел көсем, халқының рухани әлемінің  өзегіне айналған бірегей кетпен тұяқ кемеңгер тұлға ғана абыздық деңгейге жете алған1. [1. «Абыз» сөзін абайлап қолданайық. jasqazaq.kz/іndex.php?optіon...] Жағда Бабалықұлын абыз деп атауымызға себеп оның елі мен жері жайлы ешкімнен тайсалмай батыл пікір айтып, ел болашағына алаңдап, өз жеке басының мүддесін ұлт мүддесінің көлеңкесінде қалдыра білгендігі, нағыз ақиқатты ғана өз шындығым деп танығандығы, оның үстіне бар ғұмырын ұлтының өлмес құндылықтарына арнап, тіл, этнография бойынша үлкен еңбектер жазып, ешкімнен ақы тілеместен сол жиған-тергенін ұрпаққа аманаттап кеткендігі болар. Абыз деп аталар адам тумасынан шешен, көреген, кемел ақыл иесі, рухани жағынан бай, өнерден де құр алақан емес, сегіз қырлы бір сырлы қария болуы анық. Олай болса жасы тоқсаннан асса да әр сөзін ойланып айтып, ұлттың басын біріктіру идеясы жолында соңғы демі біткенше қызмет етіп, өмірі мен өз тұлғасы арқылы ұрпаққа өнеге болған Жағда атамызды алты алаштың абызы деп әспеттесек қателесе қоймайтын болармыз. Жағда Бабалықұлы ұлт болашағы жолында жан аямай қызмет етіп, қажет болған тұстарда басын бәйгеге тігіп, күрес жүргізген, өмірінің соңғы күндерінде де ақырғы демі шыққанша ұлтының ертеңіне елеңдеп, ел болашағы жайлы уайым шеккен қазақтың аузы дуалы, данагөй абызы. Осынау көпқырлы, тау тұлғалы абыз жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен, оның өткен өмірінен аз ғана мәлімет бере кеткен орынды болар. Жағда Бабалықұлы ҚХР, ШҰАР, Іле Қазақ автономиялы облысы, Тарбағатай аймағы, Толы ауданы, Ұты-Құжырты тауында 1917 жылы 21 қарашада туған. Көшпелі өмірде ер жетіп, мал баққан, дін оқыған. 1937-1943 жылдары бастауыш, орта мектепті Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласында бітірген. 1943 жылы ҚХР, ШҰАР, Үрімші қаласындағы «Шың-Жаң-Шөян» институтында оқыған. 1944-45 жылдары Ұлт-азаттық ұйымға қатысқаны үшін «бандит» атанып, абақтыға қамалған. 1945-49 жылдары Шығыс Түркістан республикасының ұлт-азаттық армиясы қатарында әр түрлі дәрежелі қызметте және бас штаб саяси басқарма бастығының орынбасары міндетін атқарған. Гоминдаңдық Қытайға қарсы 23 рет соғысқа қатысқан, 3 рет жаралы болған. Әскери шені подполковник, ордендермен, медальдармен марапатталған. 1947 жылы 8 ай әскери түрмеде отырған. 1950-51 жылдары ҚХР, ШҰАР, Қытай халық-азаттық армиясы әскери сотының орынбасары. 1952-55 жылдары ҚХР, ШҰАР, Іле азақ автономиялы облысы, Тарбағатай аймағының әкімі. 1955-56 жылдары ҚХР, ШҰАР өкіметінің саяси заң басқарма бастығы. 1956-58 жылдары ҚХР, ШҰАР, Іле Қазақ автономиялы облысының Төрағасы қызметін атқарған. Өз қызметі барысында ұлт саясатында орталық ұстанған бағыттарға қарсы шыққандығы үшін айыпталып, 9 тамыз 1958 жылы «Жергілікті ұлтшылдыққа қарсы тұру және оны жою туралы» Жунго коммунистік партиясы Іле облыстық комитеті кеңейтілген мәжілісінің қарары бойынша қызмет орнынан аластатылған болатын. Осы қарарға көз жіберсек, құжатта Жағда Бабалықұлын нағыз әсіре ұлтшыл ретінде қарастырып, оның іс-әрекетіне талдау жасалған. Онда 1958 – жылдың маусым айынан 9 тамыз аралығында жергілікті ұлтшылдыққа қарсы жүргізілген күрес нәтижесінде анықталған мән-жайларға сәйкес, «Жағда бастаған Ахметқали Бітімбаев, Шаймардандардың қателігі аса ауыр, олар партияға қарсы мақсатты түрде реакциялық қимыл жүргізуді қалыптастырған. Олар Отанның тұтастығын, ұлттардың ынтымағын бүлдіру, социалистік құрылысқа қарсылық істеп, оған бөгет жасау, пролетариат диктатурасын әлсірету және оған қарсы тұру, партияның басшылығын тартып алуға ұрыну сияқты істермен шұғылданып, партияға және социализм істеріне ауыр зияндар салды». «Жағда «Ұлт үшін істеу» дейтін вывесканы көтеріп, Отанның бірлігін бөлшектеу қимылын жүргізген. 1951 жылы батыс солтүстік ұлттық істер комитетінің пікір алу орайынан пайдаланып «республика» құру жөнінде реакцияшыл бағдарлама жасаған. «Үш отаудың түтінін бір жерден шығару керек» деген идеясымен (Қазақстандағы, Монғол Халық Республикасындағы, Қытайдағы қазақтарды біріктіру мақсатында) басқа жерлердегі қазақтарды облысқа көшіріп әкелуге, дара бір ұлттан ғана құралған «дербес княздік» құру идеясына ұрынған. «Автономиялы облыс тек форма ғана» деп, ұлттардың ынтымағына бүліншілік жасап, хансу және басқа ұлттарға қарсы шыққан. «Зор құқықты хансу кадрлары алып алды» деп, хансулар қазақтарға әділеттік істемей отыр, қазақтарың үй-жай, жер суларын басып алды» деп даурыққан. Ол Ахметқали Бітімбаевпен, Шаймарданмен партияға қарсы блок құрып, өзі осы блоктың басшысы болған. «Дүниеде тек саяси экономикалық екі зор право ғана бар, бұл екеуі де партияның қолында» деп партиямен право таласып, партияның басшылығын тартып алуға ұрынған. Марксизм- ленинизмде хақиқат жоқ «жан бағудың әдісі» деп жала жапқан және «дүниеде шындық та адамгершілік те жойылып барады», «кімде кім өз даңқы үшін ғана істейді» деген сияқты сөздермен буржуазияшыл қате реакциялық пікір таратқан1.[ 1.Ж.Бабалықұлының жеке мұрағаты // 9 тамыз 1958 жылғы «Жергілікті ұлтшылдыққа қарсы тұру және оны жою туралы» Жунго коммунистік партиясы Іле облыстық комитеті кеңейтілген мәжілісінің қарары–18 б] Осылайша, Жағда Бабалықұлы Қытай коммунистік партиясының қудалауына ұшырап, Үрімжі қаласындағы «еңбекпен шынықтыру» лагерінде 1958 жылдың тамызынан 1961 жылдың қыркүйегі арасында жазасын өтеп, арада үлкен қиыншылықтарды бастан өткеріп, қазақ жеріне 1961 жылдың 18 қыркүйегінде аман-есен оралады. Жағда атамыз өзінің күрескерлігі үшін Қытайда бір-біріне қайшы режимдер тарапынан төрт рет қамалып, 8 жыл түрмеде жатып, қаншама азапты жылдарды бастан кешіреді. 1961-63 жылдары отанға оралған соң баспанасыз болып, мал баққан, құрылыста істеген, Рубсовка мен Ташкент арасында пойызбен жүріп, хат (пошта) тасыған. 1963 жылы Хрущевтің атына хат жазып, баспана мен жұмыс орнын сұраған. Сол хаттың көмегімен Алматыға тіркеліп, үш бөлмелі пәтер алған, өзі «Мәдениет және тұрмыс» журналына жұмысқа кірген. Әйелі жұмысқа, балалары оқуға орналасқан. 1961-91 жылдар арасында Жағда Бабалықұлы «Қытай жансызы, ұлтшыл, оңшыл, өте қауіпті элемент» атымен 30 жыл КГБ бақылауында болған. Заңғар жазушы Қабдеш Жұмаділов ағамыз өзінің «Күреспен өткен ғұмыр» атты мақаласында Жағда атамыздың кеңес заманында «Мәдениет және тұрмыс» журналының хат бөлімінде тіркеуші қызметін атқарғанын, КГБ қызметкерлерінің атамыздың әр басқан қадамын аңдып отырғанын ашына баяндаған еді. 1997 жылы Жағда атамыз КГБ полковнигі, Балтабайдан «1961-91 жылдар аралығында, 30 жыл бойы мені аңдыдыңдар, сонда менің қандай қылмысым үшін аңдыдыңдар» деп сұрағанда, полковник Балтабай қарқылдап күліп, «сені бізге ұлтшыл, оңшыл, өте қауіпті элемент, аңдыңдар, - деді, сондықтан сені топыраққа кіргенше аңди береміз», - деп жауап берген екен. 1956 жылы Қытай мемлекеті барлық аз санды ұлттардың көне әріптерін мүлдем құрту мақсатында «Барлық аз санды ұлттар латын әрпіне көшсін» деген нұсқау берген. ҚХР, ШҰАР, Іле Қазақ автономиялы облыс бастығы Жағда Бабалықұлы көптеген себептерді көлденең тартып, Қытайдағы қазақтарды латын әрпіне емес, кириллицаға көшірген. 1940 жылдан басталған Шығыс Түркістан қазақтары мен Гоминдаң қытайлары арасындағы соғыс көптеген халықаралық жағдайға байланысты, 1945 жылы 8 қыркүйекте тоқтады. Сол күннен бастап қазақтар екіге бөлінді. Бір бөлігі қайтадан Гоминдаң империясына бет бұрды. Көп бөлігі Қазақстанға қосылуды армандады. Кеңес Үкіметі 1954 жылы шекарасын ашты. 1962 жылға дейін 500 мыңға жуық адам Қазақстанға өтті. Осы көшке Жағда Бабалықұлы бастан-аяқ қатысты. Еңбегі сіңді. Өмірінің ақырына дейін сырттағы 5-6 миллион қазақты Қазақстанға көшіруді армандап өтті. 1986 жылы Желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысына үн қосқаны үшін Жағданы желтоқсанның 18, 19, 20 күндері әр күні 5 сағаттан 15 сағат сұраққа тартқан. 1986 жылғы 20 желтоқсаннан 1987 жылғы 4 қаңтарға дейін үйінің терезесі алдына машина қойылып, отбасымен бірге түгел бақылауға алынған. Кеңестік кезеңде де қазақтарға қатысты жасалып жатқан қысастықтарға қаны қайнағанымен қолынан келер қайраны болмаған ол өзі секілді ұлт жайын ойлаған азаматтармен сырлас, пікірлес болды. Олардың ішінен Сәбетқазы Ақатайды ерекше атап өтуге болады. Желтоқсан оқиғасы орын алған соң осы оқиғаның мән-жайын аша түсетін деректер жинап, шет жұртқа жеткізу мақсатында С.Ақатаймен бірігіп шет елдіктерге «Қайрат» ұйымының хаты деген атпен Батыс елдеріне, Африка, Қытай, Америкаға хат жолдаған болатын. Сол хаттардың кейбірі Венгрияда, Чехияда, Америкада жарияланды. Заманның қатал тұсында өз заманының жайын болашақ ұрпаққа жеткізу үшін, кеңестік режимнің шындықтары жайлы деректерді, әртүрлі болған жайларға қатысты өз ойларын тасқа қашап жазуға әрекет жасаған да осы азаматтар еді. [Ж.Бабалықұлы. Тас кітап туралы ойтүйін.// Алаш үні. 28 қыркүйек 2004 ж. № 18 (40)] 1990 жылдары алғашқы саяси ұйым құруға жасаған қадамдары жайлы жайды Жағда ата өзінің бір әңгімесінде баяндаған еді. «Шаңырақ» қозғалысын құруға біз көп атсалыстық, ең алдымен біз «Жетім бұрыш» деген қоғам құрғанбыз. М.Горкийдің паркінің бер жағында шайхана бар еді, сол жерде бас қосып отырсақ, сол «Шаңырақты» алғаш қозғап жүрген үш жас жігіт кіріп келіп, «ағалар бізге көмектесіңіздер, біз жерді басып аламыз» деді. Сол кездері қырғыз жерінде қырғыз бен өзбек арасында қантөгіс болып жатыр еді. Біз: «қан төгіледі, болмайды» деп оларға басу айтпақ болдық. Біздің ішімізде Дәурен Сатыпалды деген жігіт болған, ол: «осы балаларды қолдаймын» деп орнынан ұшып тұрды. Сол түні біз өзара ақылдасып «Жетім бұрыш» ұйымын құрған болатынбыз. Сол «Жетім бұрыш» қоғамы болып жігіттер алғашында өз жұмыстарын бастаған еді. Жарты жыл жұмыс жасаған соң, «Шаңырақ» қоғамдық қозғалысы болып құрылды. Сол кездері біздер Алматы маңайына бір миллионға жуық қазақты қоныстандыруды көздеген едік. Сонау Кеңес Одағының кезінде қиын экологиялық жағдайдағы қарақалпақтарды Қазақстанға көшіріп алу жайлы мәселе көтеріп қуғынға ұшыраған едік. Біз Сәбетқазы екеуміз өз дегенімізге жеттік, 1991 жылғы менің қолымдағы дерек бойынша «Шаңырақ» қоғамына отыз екі мың шаңырақ тіркелді. [Е.Т.Өміржанов.Азат қозғалысы және Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірінің тарихы.А., 2009. 260 бет] Қазақстанның өз тәуелсіздігін алуына өзгелермен бірге қолынан келгенше үлесін қосу мақсатында Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының құрылуына белгілі қоғам қайраткері Сәбетқазы Ақатаймен бірге мұрындық болған Ж. Бабалықұлы қазақ елінің бостандық алуы жолында өз үлесін қоса білді. Азат қозғалысын құру идеясының авторларының бірі болған Ж. Бабалықұлы оның құрылуына да үлкен үлес қосып, қызметіне белсене араласты. Қозғалыстың ұйымдастырушылары жайлы нақтылай кету үшін, Алматы қаласы әкімінің аппаратының қоғамдық ұйымдармен байланыс және ұлтаралық мәселелерді қарау бөлімінің меңгерушісі Н. Бұланбаевтың Қазақстан Республикасының Президентінің аппаратына жазған қызметтік хатының мәтінінен үзінді келтіруге болады, онда: «Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы 1990 жылы ұйымдастырылды. Оның негізін қалаушылар: С. Ақатаев, М. Есеналиев, М. Шорманов, Н. Қойшыбеков, Г. Биболдынова, М. Тәтімов, Ж. Бабалықов аталған қозғалысты ұйымдастыруда үлкен қызмет етті» деп оның негізін қалаушы тұлғалардың аталмыш қозғалысты құруда басты роль атқарғандығын атап өтеді. [Қалалық әкімиат қоры // Алматы қаласының ОММ. Қор 310; Тізбе 1, іс 142. – 68 б. ] Азат қозғалысының құрылтайы 1990 жылдың 30 маусым мен 1 шілдеде Алматыда, Қазақстан жазушылар одағының мәжіліс залында өтті. Оған республиканың тоғыз облысынан, қырық бейресми топтар мен ұйымдардан 400-ге жуық делегат қатысты. Құрылтайға Өзбекстанның, Қырғызстанның, Әзірбайжанның және Москва қаласының демократиялық күштерінің өкілдері қатысып сөз сөйледі. Құрылтай күн тәртібіндегі мәселелердің барлығы да құрылтай барысында талқыланып, нақты шешімдер қабылданып, қозғалыстың басшы органдары сайланды. Мұнда қозғалысты алқалық басқаруды негіздейтін тең төрағалық институты енгізіліп, қозғалыстың жеті тең төрағасы сайланды, олар: Михаил Иванұлы Есенәлиев, Сәбетқазы Ақатаев, Марат Шорманов, Нұрбақыт Қойшыбеков, Евгений Головастиков, Гүлжаһан Биболсынова және Сайын Шапағатов еді. Сонымен қатар, қозғалыстың ақсақалдар алқасы да көпшілікпен сайланды, оның құрамына Жағда Бабалықұлы, Камал Ормантаев, Әмина Нұғыманова, Мардан Байділдаев және Мақаш Тәтімов төраға болып кірді. Жағда Бабалықұлы Азат қозғалысының жандануына аянбай еңбек етіп, оның қол жеткізген жетістіктеріне қуанды, қазақтың мүддесі жолында еңбек еткен саяси ұйымның ыдырауына аса қатты күйінді, уайым шекті. Олай дейтін себебіміз, қария қазіргі саяси ұйымдардың ұлттық мүддеден теріс айналып, тек бедел жинау үшін әрекеттенетіндігін, ал Азат секілді бірде-бір саяси ұйымның құрылмағандығын, ал құрылса мемлекеттік тіркеуден өте алмайтындығын қынжыла отырып әңгімелейтін. Қозғалыс құрамында белсене қызмет атқарған Ж.Бабалықұлы қозғалыс құрамынан шыққан соң да өзінің әр түрлі ұлт тағдырына қатысы бар жағдайларға байланысты ұстанымдарын баспасөз бетінде жариялаудан танған жоқ. Сондай-ақ, еліміз тәуелсіздік алған соңғы жылдары ұлт тағдыры, тіл мәселесі жөнінде, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы турасында, ұлттық ойындар мен ұлт аспаптары жайлы қызықты да тәлімі мол мақалалар жазып, бұқаралық ақпарат құралдарында үздіксіз жариялап отырды. Өз заманының ащы шындығына қатысты ойын қағаз бетіне түсіріп, өз ұлтына жанашырлық танытудан таймаған, ұлт жанашырының басты мақсаты ұлт мұратымен астасып жатыр. Оның барлық шығармаларының өзегі ұлтқа қатысты мәселелермен байланысты, автор әр мақаласын ұлтымыздың жоғалтып алған немесе жоғалтуы мүмкін жәдігерлеріне арнай отырып, оларды сақтап қалу жолдарын қарастырады. Тіпті, қазақ ұлтының тарихына қатысты, оның сақ дәуірінен бұрынғы тарихына назар аударуды бастама етіп көтере білді. 2002 жылы ұлтжанды азаматтар Қазақстанның «Алаш» партиясын құрды, осы саяси ұйымның да Жағда Бабалықұлы жанашыры және ақылшысы бола білді. Өкінішке орай, «Алаш» партиясы заңды мемлекеттік тіркеуден өте алмады. Жағда Бабалықұлы ұлттық саяси ұйымдардың жанашыры, тілекшісі бола білді, әр кезде де ұлттық мүдде жайлы өз пікірін тек баспасөз беттерінде ғана емес, үлкен лауазымды тұлғаларға, тіпті, тікелей ел Президентінің атына хат жолдау арқылы білдіріп отырды. Ұлт мүддесі жайлы мәселелерді соңғы жылдары құрылып, өзі төрағасы болған «Жаңғыру» орталығының атынан да көтеріп, халық арасына өз идеяларын таратумен болды. Жалпы, өмірі де, атқарған қызметі мен айтқан сөздері де халыққа бағытталған, халық үшін жанын пида етуге даяр болған абзал азамат жайлы сөз еткенде оның өмірінің үлгі боларлық кейбір тұстарын да қамти кетуді орынды санадық. Жасы тоқсаннан асса да Жағда ата өз өмірінен естелік ретінде есте қалған жайларды айта отырғанды дұрыс санайтын. Оның айтқан естеліктерінен ұрпаққа үлгі боларлық тұстарды жиі кездестіретін едім. Өзінің балалық шағын еске алған ол: «бала кезімде кедейшіліктің теперішін көрудей-ақ көрдім, жоқшылықта өстім. Үйге жарық болсын деп бөтелкеге керосин құйып, аузына темірден қысқыш орнатып, ішіне қолдан білте жасап салатынбыз. Онымыз жалп-жалп етіп жанатындықтан «жалаң-жалаң» деп атайтынбыз. Қолымның икемі болғандықтан Шәуешектегі базарға шығып мөр жасап сататынмын. Ол кездері елдің барлығы өз мөрлерін ұстайтын. Қайыңнан бір жағына арабша бір жағына қытайша аттарын ойып жазып мөр сатумен айналыстым. Кейіннен кітап түптеу кәсібін меңгердім, жұмысымның сапасы жоғары болғандықтан көптеген мекемелер өз құжаттарын түптеуге маған тапсырыс беретін. Театрға да әуестігім болды, Шәуешекте татар театры жұмыс істейтін, мен сонда қойылым қоюшы татар шалына қолғабыс жасайтынмын, сөйтіп жүріп бұл кәсіпті де меңгере бастадым, кейіннен өз бетімше қойылымдар қоя бастадым, «Ер Тарғынды» екі рет сахналап, екеуінде де жүлдеге ие болдым» - деп, өзінің тек саясатшы ғана емес, қолынан өнер тамған, бесаспап жан екендігін марқая еске алды. Ол кісіден сегіз ай бойы түрмеде жатқаны жайлы сұрағанымда Жағда атамыз әңгімені өзі іліп алып кетті: «1947 жылдың қысында мені өзіммен істес азаматтардың арыз-шағымдары негізінде сегіз айға түрмеге жапты. Бұл уақытта Түркістан армиясының Бас штабы саяси басқарма бастығының орынбасары қызметінде едім, соғыстан соң тылда жүргенмін. Бір күні моншада жуынып жатқанымның үстіне қолындағы сүңгілерін маған кезеп екі офицер кіріп келді де маған тез моншадан шығуымды бұйырды. Погондарына қарасам Бас штабтікі екен. Тез киініп далаға шықтық, есікке машина тақалып қойылған екен, мен бірден машинаның үстіне шықтым. Мен арызды жазған Қазықан деген кісімен бірге қызмет істейтінмін, кетіп бара жатып оған қарап, «Қазықан аға, революция аяқталған жоқ, біз әлі талай кездесеміз» деп айқайладым. Машиналар түні бойы жүріп, таң ата қалың сексеуілдің арасына келіп тоқтады, сексеуілдің арасы қалың қарақұйрық екен. Офицерлер аңға кеткен соң машинадан түсіп, күзетке қалдырылған солдаттардан анадайда тұрған шоқ сексеуілді жағып жылынуға рұхсат сұрадым. Олардан рұхсат алып, шоқ сексеуілге сіріңкемен от қойдым, сексеуіл дүр етіп жана жөнелді. Сол жерде бір жарым сағат офицерлер аңнан оралғанша жылындым. Киімім қалың болғанымен, түні бойы моншадан шыққан бетте аязда машинаның үстінде отырып, қатты тоңғандықтан оттың жылуы бойыма жан бергендей болды, әлгі сексеуілдің отының қызуы әлі есімнен кетпейді. Машинамен аудан орталығына келген соң мені ұстап келе жатқан полковник сол аудандық милиция басшысы, майор шеніндегі азаматты шақырып алып, «әй, мынаны ертең сенің қолыңнан аламын» деп, соған тапсырды. Абырой болғанда, ол кісімен мен жақсы таныс болатынмын, бірақ, ол болса менімен амандасқан да жоқ. Үндеместен мені ертіп кете барды, былай шыққан соң ол кісіден мені түрмеге емес өз үйіне апаруын өтіндім. Ол үндемеген күйі мені өз үйіне ертіп әкелді. Үйде ет асылып жатыр екен, мені үйдегі жеңгеміз жылы қарсы алды. Жайласып отырған соң жеңгемнен арақ сұрап едім, ол кісі лезде алып келді. Арақты үлкен кружкаға құйып, отқа қойғызып жылытып, үстіне бұрыш салып тартып алдым да, етке сылқия тойып алдым. Мені ажалдан алып қалған да сол жеңгеміздің арағы мен еті болды. Кейіннен түрмеде жатқанда біраз жөтеліп жүргеніммен, аса ауыр науқастанған жоқпын. Сонымен түрмеде сегіз ай жаттым. Бірде камераға бас штаб саяси разведка басшысы келді, есіктен кіріп: «Жағда, сен ақталдың, енді өзің біл» деп қайта шығып кетті. Содан соң мен Бас штаб басшысына «мені босатыңыз немесе ісімді сотқа беріңіз» деп арыз жаздым. Екі күннен соң бас қолбасшыға алып келді, ол кісі столдың басында қаламымен столды тықылдатып, маған қарап ұзақ отырды да «Өзің жас екенсің ғой» деді ойланып. Сәлден кейін «қайта бер» деді. Мені қайтадан камерама алып келді. Төрт-бес күн өткен соң түрме қызметшісі маған бір конверт әкеліп берді. Конвертті ашып қарасам, мені Түркістан ұлт-азаттық армиясы Бас штаб саяси басқармасы орынбасары қызметіне тағайындау туралы бұйрық екен». Қытай коммунистерінің ұлтшылдарға қарсы жүргізілген солақай саясатын еске ала отырып, Жағда ата тағы бір хикаяны бастап кетті. «Бәрімізге белгілі, 1958 жылы Қытайда «шойын, болат балқыту» науқаны басталды. Шәуешекте шойын балқытуға арналған домна пештері салына бастады. Сол жылы қызметімнен босатылып, сот болғанға дейін өз үйімде болдым. Бір күні көшеде келе жатып, домна пешін салып жатқан жұмысшыларды кезіктірдім, үйіме келіп қолыма балғамды ұстап, әлгі жерге қайта келдім, жұмысшылардың барлығы да мені танитындықтан маған «қой» дей алған жоқ. Мен дереу пештің қабырғасын балғамен нығарлауға кірістім, аңғарғаным пеш қабырғасы жұқалау екен. Бір кезде бір қытай азаматы келіп, жұмыс барысымен таныса бастады, менің істеген жұмысымды көрген соң ол өзгелердің барлығына мен сияқты нығыздауға бұйрық берді. Пеш жасалып біткен соң болат қайнатып жатқанда пеш қабырғалары жұқалық етіп, балқытылған болат қатып қалыпты. Мұны естіген соң мен дереу кітап дүкендеріне барып домна пешіне қатысты кітаптар сатып алып, оларды оқып өзімнің домна пешімнің жобасын жасауға кірістім. Үш күннен кейін мен осы істі басқарып жүрген қытай азаматына өз сызбамды және қаражат жөніндегі есебімді бердім. Бірнеше күннен кейін әлгі қытай азаматы маған үйге келіп, осы пешті өзі жасасын деген басшыларының бұйрығын жеткізді. Мен оған «тұтқынмын, менің ісім әлі қаралған жоқ» деп жұмыстан бас тарттым. Арада тағы біраз күн салып әлгі қытай азаматы маған тағы келіп, осы пеш құрылысын маған жүктеген қала басшылығының шешімін жеткізді. Мен келісімімді беріп, қарамағыма 25 адам беруін талап еттім. Жұмысшыларды өзім таңдап, олардың арасына бір шұбар қазақты қосып алдым, оның себебі, сол қазақ мені жұмыстан тайдырған кезде «мынау қызметтен кетсе жанын баға алмайды» деп шүйліккен еді. Жұмыс басталып кетті, шым кірпіш тасып жүрген адамдарды біртіндеп ауыстырып, сол шұбар қазақты ауыстырмай қойдым. Бір кезде арқасынан тері ағып, әбде шаршады-ау деген кезде оны ауыстырып, жайласып отырған соң темекі ұсындым. Ал ол болса өзі тарапынан қателік кеткенін айтып кешірім сұрады. Менің жобам бойынша салғызған пеш бір жарым тонна болат ерітті, қала басшылығы маған ризашылығын білдіріп, бұл туралы газет бетіне де жарияланған еді». Бірде әңгіме арасында: «Мен бес мемлекет көрдім, он сегіз үкіметтің ауысуына куә болдым, бірақ, солардың ешқайсысы мені ұнатпады, мен де оларды ұнатқан жоқпын» деді ол күрсініп. Бес мемлекет деп отырғаны Гоминдаң мемлекеті, Мао Цзе Дун мемлекеті, 1944-49 жылдары өмір сүрген Шығыс Түркістан республикасы, Кеңес өкіметі мен Тәуелсіз Қазақстан екен. Шындығында да, ойлана қарасақ, ұлт мұраты жолында саналы ғүмырын сарп еткен, күрескер қарт қазіргі мемлекетіміз тарапынан ешқандай сый-құрмет көрмепті, тіпті, ол кісінің бар-жоғы турасында да қалалық әкімшілік тарапынан ешқандай елеп-ескеру болмады да. Атамыз сол баяғы Н.С.Хрущевтың пәрменімен берілген пәтерінде 47 жыл тұрып, сол үйден ақтық сапарға аттанды. Кезінде ұлт бостандығы үшін қан кешіп, қытай мемлекетіне қарсы жан аямай күрескен, қазақ жерінің үш аймақ болып қытай қарамағында қалған бөлігін басқарған азаматтың ұлт үшін атқарған істері ескерусіз қалуда. Тірісінде ескерткіш тұрғызуға лайық ірі тұлғалы қарт қайраткерге оның есімін ұрпаққа ұлықтау бағытында тиісінше мемлекет тарапынан құрмет көрсетілуі қажет-ақ. Жағда атамыз бірде «мен өлген соң осы өзім тұрып жатқан көшеге менің атым берілетін шығар» деп қалжың айтып еді әңгіме арасында. Шындығына келсек, Жағда атамыз қырық жеті жыл бойына орналасқан бір үйінде тұрған 6-линия көшесіне оның есімін беру жайын ұлтжанды азаматтар мәселе етіп көтереді деген сенімдеміз.

ЖАҒДА БАБАЛЫҚҰЛЫНЫҢ САЯСИ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ

Жағда Бабалықұлының саяси және құқықтық көзқарастарының қалыптасуына өзі өмір сүрген ортадағы әр түрлі жағдайлар тікелей әсерін тигізді деп айта аламыз. Ол ес білген кез қытай басқыншыларының жүргізіп отырған саясатына қарсы сол аймақтағы қазақтардың ыза-кегі өршіп, ашық шайқасқа шыққан уақыт еді. 1940 жылдан 1949 жылға дейінгі кезең Қытай қазақтарының тарихында есте қаларлықтай ерлік күрестерге толы жылдар болды. Мұның алғашқы кезеңінде, яғни, 1940-45 жылдар аралығында ұлт-азаттық күрес бірден-бірге ұласып Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында алғашқы адымда жеңіске жетті. Онан кейінгі кезеңде, яғни 1945-50 жылдар аралығында ұлт-азаттық күресі бірте-бірте байырқалып, тіпті тоқырап, күрестің мақсаты мен тәсілінде түрлі өзгерістер туды. Бірақ, бұл күрестер алғашында бірер жайға наразы болып, атқа қонған аз ғана халықтың бас-аяғы бірер күнге созылып, атсыз, аяқсыз қала берген жай толқуы емес, кәдімгідей басталуы мен бүтін барысы ірі-ірі қантөгіске сайған, уақыт және орын жағынан едәуір ауқымды, сондай-ақ КСРО, Моңғолия, АҚШ тектес елдердің жіті назарында болған, күні бүгінге дейін барша шындығы мәлім болмаған, күрделі әрі бірегей ұлт-азаттық төңкерісі болып табылады.[ Т.Зәкенұлы. Ұмытылған республика. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Көп томдық. 12 том. «Астана полиграфия» АҚ, 2008 жыл. 77 бет] 1944 жылдың сәуір айында Құлжада, маусым айында Шәуешекте, қараша айының басында Алтай аймағында азаттық орнап, 12 қараша күні Шығыс Түркістан Республикасы жарияланды. Басында Совет әскері келіп көмек көрсеткенімен, кейін тек кеңесшілері ғана қалды.[ У.Тоққұлов. Шығыс Түркістан тарихының шындығы. Атамекен-ай. № 7, 2004 жыл. 18 бет.] Жаңа құрылған үкімет Шығыс Түркістан үкіметі деп аталды. Оған Совет Одағынан әдейі әкелінген өзбек төресі Әлихан төраға болып тағайындалады. Бірақ, жергілікті жерде өз билігінен әлі де болса таймаған гоминдаң үкіметіне қарсы халықты жұмылдыру үшін көптеген көзі ашық азаматтар халықты жаппай күрес жолына жұмылдыруға ат салысты. Жағда Бабалықұлы Үрімжіде институт қабырғасында оқып жүргенде қазақты қытай бодандығынан құтқару үшін ашық күреске шыққан Оспан батырдың атағын естіп, сол кезден бастап жасырын студенттер арасында құрылған ұлт-азаттық ұйымына мүше болып кіреді. Осылайша, жас Жағданың саяси көзқарастарының дамуына сол кезде елде орын алып жатқан азаттық ұраны өз әсерін тигізеді. Осы ұйым қатарында жүріп ол ұлтшыл ретінде айыпталып, түрмеге қамалады. Бірақ, Жағда Бабалықұлының азаттық үшін күресін жалғастыра беруге деген ұмтылысын түрмеде көрген азаптары да мұқалта алмайды. Ол түрмеден шығысымен азаттық идеясы жолындағы күресін қайта жалғастырады. Қазіргі тарихшылардың еңбектерінде қытай жерінде орын алған үш аймақтағы көтеріліс жайлы тек Іле мен Алтайдағы бас көтерулер жақсы қамтылады да Тарбағатайда орын алған бас көтерулер жайлы нақты ашылып жазылмаған. Жағда Бабалықұлы болса осы Шәуешекте бастау алып бүкіл Тарбағатай жерін қамтыған бас көтерулердің басшыларының бірі болған еді. Осынау қиын-қыстау кезеңде ол өз басына төнетін қауіпке қарамастан өзге екі аймақтағы жағдайдан жақсы хабардар бола отырып өздерінің де бір әрекет жасауы қажеттігін жақсы түсінген еді. Сондықтан да болар Жағда Бабалықұлы да өзінің жақын арада ғана ұлтшылдығы үшін түрмеде отырып келгеніне қарамастан бұл іске белсене араласты. Өзінің сол бір қиын-қыстау кезеңде күрес жолына түсуі жайлы Жағда Бабалықұлы Дубек Нұртазаұлы Шалғымбаев жайлы естелігінде қысқаша баяндап кетеді. 1945 жылы Алтай аймағының ұлт-азаттық күресі күш ала екпіндеп, Алтай аймағының 7 ауданын түгелдей қозғалысқа келтірді. Іле аймағындағы ұлт-азаттық армияның алдыңғы бөлігі Тарбағатай аймағының іргесіне келіп маңдай тіреді. Тарбағатай аймағында ұлт-азаттық қозғалыстың шығуына себеп болып тұрған жағдайлар күн санап жақындай түсті де, Тарбағатайдағы Гоминдаң әкімшілігінің апшысын қуырып жіберді. Гоминдаң үкіметі қарулы күшті еселеп арттырып жатты. Жағдай қанша қысқанымен тағдырдың бір өлшемі болатыны сияқты «уайым түбі теңіз, түсесің де кетесің, тәуекел түбі қайық, мінесің де өтесің» дегендей 1945 жылдың 6 мамыр күні бес адам бас қосып тұңғыш жиналыс өткіздік. Оған Дубек Нұртазаұлы Шалғынбай, Ахметқали Бітімбайұлы, Балқаш Әлімғазыұлы, Қалдыбай Қанапияұлы, Жағда Бабалықұлы қатысты. Тұңғыш жиналысты Дубек басқарды. Қаралған мәселелер: 1. Ұлт-азаттық ұйымын құру, құрмау мәселесі қаралды. Сол кездегі Шыңжаң жағдайы, Алтай мен Іле аймағындағы ұлт-азаттық қозғалыс жеңістері, Тарбағатайдың жағдайларын талқылай келіп, Тарбағатайда ұлт-азаттық ұйымын құру қажет деп тапты. Оның аты «Тарбағатай ұлт азаттық ұйымы» деп бекітілді (1945 жыл, 6 мамыр, Шәуешек қаласы, Тазалық көшесі, 21 үй, Әубәкір Бабалықұлының үйі). Тарбағатай ұлт-азаттық ұйымының басшысы етіп бір ауыздан Дубек Нұртазаұлы Шалғынбай ұсынылды. Ол қабыл алды [Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Көп томдық. 12 том. «Астана полиграфия» АҚ, 2008 жыл. 321 бет]. Қытай басқыншыларына қарсы күресті маусым айында бастап едік, тамыз айында қатарымыз 750 адамға жетті. Гоминдаңның әлсіз бекіністерін астыртын анықтап аламыз да, шабуыл жасап, әскерімізді құрал-жабдықпен қамдап отырдық. Құлжадағы Шығыс Түркістан үкіметімен байланыс жасап, Іледен бірнеше полк әскер алдырдық. Күш біріккен соң бірнеше айдың ішінде Тарбағатайды азат еттік. Қатты соғыстар болды. Қытай да қырылды, бізден де шығын көп болды. Сол жылдың күзінде Алтай да азат етілді. Шығыс Түркістан үкіметі Іле, Алтай, Тарбағатай секілді үш аймақтың территориясын қамтыған ірі мемлекетке айналды. Армиясының саны 25 мыңға жетті. 1945 жылы маусым айында Мәскеуге Қытай Республикасының сыртқы істер министрі Сун Цвывэн бастаған Чан Кайши үкіметінің делегациясы келеді. Мақсаты – кеңес-қытай келісіміне қол қою. Бұл келіссөз барысында Шыңжаңдағы қытай билігіне қарсы көтерілген жергілікті ұлт өкілдерінің төңкерістік әрекеттері жөнінде мәселе талқыланған кезде, кеңес үкіметі ресми түрде өзінің «Қытайдың ішкі істеріне араласу ниетінің жоқ екендігін» мәлімдейді. Сун Цвывэннің осы сапары кезінде ғана Қытай, Ялта келісімінің шартымен, яғни: Моңғолияның тәуелсіздігі туралы мәселеден хабардар болады. Гоминдаң үкіметінің сыртқы істер мекемесінің басшысы бұған алғашқы кезде үзілді-кесілді қарсы шығып, Моңғолияға тәуелсіздік берілсе, осындай талапты Тибет пен Шыңжаң да қоятындығын алға тартады. Осы мәселені Чан Кайшиге Сун Цвывэн хабарлаған соң, Чан Кайши Чунцинде 1945 жылы шілденің 5 күні арнайы мәжіліс өткізіп, Мәскеудегі келіссөздердің барысымен үкімет мүшелерін таныстырып, кеңес-қытай мәселесін талқылайды. Онда Кеңес Одағы Қытайдың солтүстік-шығыс провинциялары мен Шыңжаңның территориялық құқына кепілдік бере алса, сондай-ақ Қытай компартиясы мен «Шыңжаңдағы бүлікке бұдан былай көмек бермейтін болса, Қытай өкіметі Кеңес Одағының сыртқы Моңғолия (МХР) жөніндегі талабын ойланып көреді» деген шешім қабылдайды. 7 шілде күні Чан Кайши Сун Цвэнге жеделхат жолдап, «Соғыстан кейін Сыртқы Моңғолияның тәуелсіздігіне жол беруге болады. Бірақ, Кеңес Одағы солтүстік-шығыс Қытайдың территориялық тұтастығына кепілдік беріп, Қытай компартиясы мен Шыңжаңдағы бүлікті енді мүлде қолдамау керектігін мойындауы қажет» деген нұсқау береді. 9 шілде күні Сын Цвывэн Сталинге Чан Кайшидің тапсырмасын мәлімдеп, онда: «Егер Кеңес Одағы ... Шыңжаңдағы бүлікті болдырмауға уәде берсе, Қытай үкіметі «Сыртқы Моңғолия» мәселесінде Кеңес Одағының талабына жол береді» деген нұсқауын жеткізеді. Сөйтіп Кеңес Одағы мен гоминдаңдық Қытай өкіметтері Шығыс Түркістан Республикасының тағдырын өздерінің ұлттық мүдделері жолында құрбандыққа шалуға келісті [Н.Ә.Алдабек. Кеңес-Қытай қатынастары және Шыңжаң тағдыры. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы, тарих сериясы. №2(29), 2003 жыл. 135-141 беттер.]. 1945 жылы қыркүйек айында Шығыс Түркістан армиясы Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарын түгел азат етіп, Манас өзеніне жетіп, Үрімжіге 300 шақырым жерге келіп, шабуыл жасауға сайланып, дайындалады. Бірақ, жеңіске үлкен мүмкіндігі бола тұрып көтеріліс тоқтатылып, көтерілісшілер басшылары Ахметжан Қасыми, Ысқақбек Мононов, Әбдікерім Аббасов гоминдаң армиясының генералы Жаң Жыжұңмен Үрімжіге келісімге келуге барады. Бұл жайдың орын алуына сол кездегі кеңестер одағының ықпалы болғандығын көптеген зерттеушілер жасырмайды. Тіпті, «сол кездегі Шығыс Түркістан өкіметінің басшыларының көбі Кеңес Одағы астыртын жіберген тыңшылар, коммунистер еді» деген пікірлер де бар [Ж.Сәмитұлы. Шығыс Түркістан Республикасы және оның басшылары. Қазақ тарихы. №1, 1996 жыл. 56-60 беттер.]. Жағда Бабалықұлы өмірінің соңына дейін осынау болашағы зор Шығыс Түркістан Республикасының екі империяның басқыншылық саясатының құрбаны болғандығын айтып, өкініш білдірумен болды. «Кеңес өкіметі алғашында көтерілісшілерді қолдағанымен, Шығыс Түркістан деген мемлекеттің құрылуын қаламады. Оны Қытай да екібастан қалап тұрған жоқ. Демек, Шығыс Түркістан деген мемлекеттің болуын екі империя да қалаған жоқ. Сталин Чан Кайшиге «Сыртқы Моңғолияны мемлекет деп таныңдар, ал Шыңжаң мәселесі - өзіңнің ішкі мәселең» деген бір ауыз сөз ғана айтыпты. Біздің бүкіл тағдырымыз осы бір ауыз сөздің ішіне сыйып кетіп тұр ғой. Сонымен, біз 1949 жылы қайтадан Қытайға қосылуға мәжбүр болдық. Ұлттық армия тарады, құрал тапсырылды. Сөйтіп Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды. Туымыз жығылды. Енді қайда барамыз? Екі түйенің ортасында шыбын өледінің керіне түстік. «Үш аймақ өкіметі» де кейін өздігінен жойылды. Ақиқатын айтқанда, қуыршақ республика болдық». Жағда Бабалықұлы кезінде өздері ұлттық армия қатарында ізіне түсіп қуып, кейіннен жазаға тартқан Оспан батыр жайлы сөз болғанда оның көрегендігін мойындап қана қоймай, оның ұлт жолында жанын пида еткен, ел қорғаны болған тарихи тұлға екендігін ұлықтап кетті. Ол кезекті сұхбатында «Әлихан төре мен Оспан батыр өте көреген екен. Ол екеуі Шығыс Түркістан өкіметінің бағыты басқа жаққа кетіп бара жатқанын ерте сезді. Әлихан төре Кеңес одағының уысына түсіп, жоғалып, құрып бара жатқан Шығыс Түркістан республикасын Оспанмен бірлесе отырып құтқарып қалмақ болды. Ол Алтайдағы Оспанға «Шығыс Түркістанды қызылдар біржолата иеленіп алмақшы. Біз мақсатымызға жете алмадық. Бірақ күресті тоқтатпайық. Іленің тағдырын мен қолда ұстаймын, Алтайда сен мықты тұр...» деген мазмұнда құпия хат жазады. Мұны сезіп қалған Кеңес өкіметі Шығыс Түркістан мемлекетінің президенті Әлихан төрені бір түнде Қазақстанға ұрлап әкетеді де, оның орнына коммунист Ахмет Қасымиді әкеледі. Осы сұрқия саясаттың астарында не жатқанын кейін барып білдік қой...»[ Ж.Бабалықұлы. Әлихан төре мен Оспан батыр көреген екен. Жас Алаш. 11. 10. 2007 жыл] деп өзегін өртеген өкінішін де жасырмап еді. Жағда Бабалықұлы Шығыс Түркістан Республикасының тағдырын қынжылыспен еске алатын, оның қазақ тарихынан өз орнын алуын, жалпы қазақстан тарихы бойынша мектеп бағдарламасына енгізіліп, қазақтың балаларына жастайынан осынау Қытайда қалған үш аймақ қазақ жерінің, ондағы қазақ бауырлардың тарихын таныстыруды қажет деп санады. Жалпы, Жағда Бабалықұлының коммунизмді орнатушыларға жиреніші Шығыс Түркістан Республикасына қатысты ақиқатты білген соң оянды деп болжауға болады. Өйткені, коммунизм идеясына берілген, жас Жағда Бабалықов әскер қатарында жүргенде басшылықтың қандай саясат жүргізгендігінен бейхабар болғаны айдан анық. Ол Қытайда да, Қазақстанға келген соң да коммунистік саясатты қолдаған жоқ, керісінше, қытай елінде коммунистік партияның қазақ ұлтына қатысты қысастықтарын көріп, оған қарсы әрекеттер жасап, қазақ жеріне келген соң да кеңестік режимнің қазақ ұлтына қатысты ұстанып отырған саясатының мәнін түсініп, өзі секілді ұлтжанды азаматтармен байланыс орнатып, ел мен жер тағдыры жайлы сыр бөлісіп отырған. Елге келген кезінде «Жас Тұлпар» ұйымының белді мүшесі болған қазақтың көрнекті ғалымы Сәбетқазы Ақатаймен тығыз байланыста болған, армандары мен көксегендері бір болғандықтан біріге қимыл жасаған. Әсіресе, өздерінің тарихи шындықты тасқа қашап жазуды мақсат еткені жайлы Жағда Бабалықұлы өзінің естеліктерінде жиі еске алатын. «Империялар әлсіз елді, аз санды уақ ұлттарды себепсіз басып алып, өзін жойып, жерін, байлығын иемденуді ғана жоспарлады. Жыртқыштар табиғатында өзі тойған соң, сенің сүйек-саяғыңды тастап кете береді. Ал империялар жер бетінде сенен белгі қалдырмайды. Өзіңді, ізіңді, белгі, таңбаңды өшіреді. Тіліңді, дініңді, діліңді, ұлттық рухыңды өшіреді. Салт-санаңды, ұлттық өнеріңді жояды. Сені бұл жарық әлемде болмаған етеді, барлығын өзінікі қылады. Егер сен, мен де бар едім, мен де адамның, мен де ұлт едім, ел едім десең бәлеге қалғаның – іріткі салушы, жік салушы, бөлінуші, бөлшектеуші – сеператист деп атайды. Ұлтшыл, оңшыл, жікшіл, халық жауы, саяси кертартпа, пәнислаимст қарақшы, туфин (бандит) экстремист атандырады. Бүкіл әлемдік империялардың шапқыншылықтары, аяусыз қырғындары – «Азат ету, көмектесу, демократияландыру, интернационалдандыру, ғаламдандыру, коммунизмге жетектеу» деп аталады. Ал шапқыншылыққа қарсы шыққан сорлы елдер түгел қылмыскерлер, сеператистер, экстремистер, терроршылар аталады. Империялық шапқыншылық кесірінен «террорлық» атты апат пайда болды. Өз елін, өз ұлтын қорғауға бел буған адамдар, тіпті әйелдер, балалар да, жанкештілік жасап жатыр. Өш алуға бет алған бұл апаттан жазықсыз жандар көп зардап шегуде. ХХ ғасырдың екінші жарымынан бері террорлық аталатын апат көбейді, барған сайын ұлғайып, үлкен қауіпке айналды. Бүкіл әлемде империялар қолымен жойылып біткен аз санды әлсіз елдер мен олардың ұлттық рухы енді жоғалуға бет алған шақта олардың көз-жасы, қайғы-дерті бізге мынандай ой салды. Шама келгенінше ғасырлап шапқыншылық жасаған, миллиондап қырғын империялардың қылмысын әшкерелеп жазып, келешек ұрпаққа қалдыруды ойладық. Әсіресе, соңғы үш ғасыр ішінде, Қытай мен орыс империяларының түркі тілдес елдерге, соның ішінде қазаққа жасаған зорлық-зомбылықтары түгел теріліп, жоғалтуға, жоюға бағыттаған қазақ тағдырын ашық көрсетіп, келешек ұрпаққа жазып қалдыруды ойладық. Кеңес үкіметі дәуірінде ондай ойларды іске асыру өте қиын, егер білініп қалса, ауыр қылмыс екені анық. Соны біле тұра біз тәуекелге бел байладық» [ Жағда Бабалықұлы Тас кітап жайлы ойтүйін. Алаш үні №18 (40) 28 қыркүйек 2004 жыл]. Жағда Бабалықұлы ленинизм-марксизм идеясының жақтаушысы болып, социалистік Қытайдағы үкімет ісіне белсене араласа жүріп, сол өзі қызмет етіп жатқан кезеңде қытай үкіметі жағынан қазақтарға қатысты қытайландыру саясатына, социалистік жүйенің халықты басып-жаныштауға бағытталған саясатына сын көзбен қарап, өзінің көзқарасын ашық айтып жүрді. Оның кейіннен Қытай коммунистік партиясынан шеттетіліп, еңбекпен түзеу лагеріне жабылуына да басты себеп ұлттық мәселелерге қатысты коммунистік партия саясатына қарсы шығуынан еді. Ол өзі сенген социализм идеясының іс жүзіне асырылу барысында қытайлық мүдде тұрғысында атқарылуына қарсы болды. Өз қызметі барысында ұлттық мүддені қорғауға тырысты. Бұл үшін оған ұлтшыл, социализмге қарсы элемент деген айып тағылды. «Жағда автономиялы облыстың барлық жері хансу кадрларымен лық толды, облыс қазақ автономиялы облысына ұқсамайды, дегендерімен партияның кадрлар саясатына қарсы шығып, қазақтардың ішіндегі помещик, бай шаруа, реакцион, бұзық элементтерді өз еркінше мемлекет органдарына қызметке орналастыру арқылы өзінің партияға, социализмге қарсы тұру және «дербес кінәздік» құру мақсатын жүзеге асырмақ болған. Социализмге қарсы шығып, партияның баға саясатына, мал шаруашылық өнімдерін сатып алу, астықпен біртұтас қамдап, біртұтас сатып алу саясатына жала жапқан. Ол кооперацияланудың артықшылықтарын мойындамады. Ішкі өлкелерден әкелінген өнеркәсіп өнімдерімен әр ұлт халқын қамтуды аз ұлттарды эксплуатациялаудың (қанаудың) бір түрі деп қарады, «кооперациялаудың артықшылығын мойындамай» кооперациялану «шаруалар мен малшыларды кооперацияға кіргізуге зорлау», «кооперацияланғаннан кейін шаруалар мен малшылардың тұрмысы нашарлап кетті», «кооперативтің аттарын сауысқан жақсы көретін болды» (ат арықтап аурға шалдықты, арқасы түгел жауыр демекші), «арбаның дөңгелегі көкке қарап қалды» (арба көп қирайтын болды). «Менікі емес, сенікі, оныкі болды» (демекші), деп социалистік құрылысқа және социалистік өзгертуге тосқындық жасады» [Ж.Бабалықұлының жеке мұрағаты // 9 тамыз 1958 жылғы «Жергілікті ұлтшылдыққа қарсы тұру және оны жою туралы» Жунго коммунистік партиясы Іле облыстық комитеті кеңейтілген мәжілісінің қарары – 18 б.]. Осылайша, Жағда Бабалықұлы қытай саясатының қазақ халқына қатысты біржақты империалистік саясат екендігін өзі қызмет етіп жүрген кезінен түсініп, соған қарсылық білдіргені үшін жазаланды. Кеңестік Қазақстанға келген уақытта да ол Қытайдағы қазақтардың қал-жағдайына алаңдап, олардың жай-күйі, болашағы жайлы алаңдаумен болды. Жағда Бабалықұлына тағылған «Үш отаудың түтінін бір жерден шығару керек» деген идеясымен (Қазақстандағы, Монғол Халық Республикасындағы, Қытайдағы қазақтарды біріктіру мақсатында) басқа жерлердегі қазақтарды облысқа көшіріп әкелуге, дара бір ұлттан ғана құралған «дербес княздік» құру идеясына ұрынған» деген айып оның қазақты сол кездегі қытайдағы Іле қазақ автономиясына көшіріп алып, дербес мемлекет құру идеясына жұмыс жасады деген ойға жетелеуі мүмкін. Бұл жайлы кезінде Жағда Бабалықұлының өзі де тағылған айыптың жала екендігін, тек өзінің бар қазақтың басын қосуды мақсат еткен алаш идеясының ізбасары болғандығын, яғни қазақ қоныс тепкен жерлердің басын біріктіруді жақтағандығын айтқан еді. Жалпы, осы Жағда Бабалықұлын айыптауға негіз болған «Үш отаудың түтінін бір жерден шығару» идеясы жайлы әлі күнге дейін толымды мәліметтер ғылыми айналымға түспей отыр. Үш отау идеясына қатысты белгілі журналист, дінтанушы Мұқан Исахан «Алаш идеясының қытай қазақтарына таралуы туралы сөз» атты мақаласында тың ойларын ортаға салған еді. Оның пікірінше «Үш отау» қытай жерінде 60-шы жылдары құрылған саяси ұйым, ал «үш отау» идеясы «алаш» идеясының жалғасы. Үш Отау ұйымы Қытайдың коммунистік Үкіметінің 1960-шы жылдары жүргізген Мәдениет төңкерісі кезеңінде, Алтай қаласында (бұрынғы Сарысүмбе) құрылған. Ұйымның Үш Отау атының мағынасы һәм мақсаты Қазақстан мен Моңғолия және Қытай қазақтарының, яғни, үш мемлекетке бөлініп кеткен қазақ қауымының басын біріктіріп Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігіне қол жеткізу болған [www.turkystan.kz/page.php?page_іd=31&іd=2952]. Үш Отау қозғалысының жетекшісі Қызырбек Ораловты Қытай үкіметі қапияда қолға түсіріп, өлім жазасына кеседі. Ал, қозғалыс жетекшілерінің бірі Сейітхан Әбілхасымов Моңғол асып аман қалады. Мұқан Исаханның мақаласында баяндалған Үш отау ұйымына Жағда Бабалықұлының қатысы мол деп біздің тұжырымдауымызға негіз бар. Өйткені, 1958 жылы Жағда Бабалықұлы осы идеяны таратып, сол идея жолында жұмыс істегендігі үшін жазаға тартылған болатын. Жағда Бабалықұлының осы «үш отаудың басын қосу» идеясы үшін жазаға тартылғандығын жазушы Қажығұмар Шабданұлы да нақтылай түседі. Жағда Бабалықұлының азаматтық сипатын жазушы Қажығұмар Шабданұлы өзінің атақты «Қылмыс» романының бесінші кітабында қысқаша суреттей келіп, оның жазаға тартылу себебін де көрсете кеткен. «Жағда Бабалықұлы үш аймақ төңкерісінің полковнигі еді. Кейін автоном райондық партия мектебінің бастығы, автоном райондық саяси-заң буының бужаңы, «Іле қазақ автономиялы облысының» бастығы болған. Нағыз марксизмші, адал коммунист еді. Айт-тойларда, кей жиын-отырыстарда ғана кездесіп қалатынбыз. Ал, осы науқанда «оңшыл-ұлтшыл» қалпағын киіп, өлімнен әрең қалып жүрген «нағыз кері төңкерісші». Қазіргі маған таңылып отырған «үш отаудың басын қосу» жаласы, алдымен осы Жағдаға жабысқан пәле болатын.»[ Қ.Шабданұлы. Қылмыс романы. 5 кітап.]. Үш отау жайлы сөз қозғағанда оның Қазақстанда, Моңғолияда және Қытайда өмір сүретін қазақтардың басын қосып, дербес мемлекет құру идеясы екендігіне шүбә келтіруге болмайды. Мұқан Исаханның баяндауынша, Оспан батырдың көтерілісіне Алаш идеясының арқау болғандығына соңғы кезде тапқан нақты дерегіміз – Соян Қажыбайұлының “Ісләмұлы Оспан батыр” атты мақаласы болып отыр. Шығарма иесі өз мақаласында кезінде тыңшы, чекист болған Марқаба ақсақалдың мына сөзін айтып өтеді; “...Мен 1935 жылы Моңғол үкіметінің Ішкі істер органынан мынандай тапсырма алдым: “Оспан қазақтың Алаш партиясымен байланыс жасайды екен. Солардың тапсырмасымен Моңғол, Қытай, Қазақстандағы қазақтардың басын қосу немесе үш отауды бір мемлекет құру туралы тапсырма алыпты. Соны анықта” деді. Мен Оспанның жанында екі жыл жүріп нақты мәлімет ұстай алмасам да, Оспанның: “Әлихан Бөкейханов; түбі телім болған қазақтар басын қоспай қазақ — қазақ болмайды депті” дегенін бірнеше рет естідім”[ www.turkystan.kz/page.php?page_іd=31&іd=2952]. Осылайша, ол үш мемлекет аумағындағы халықтың басын біріктіру идеясының алаш көсемдері тарапынан шығып, қытай елінде өз жалғасын тапқаны жөнінде тұжырым жасайды. Ал, біздер Мұқан Исаханның бұл пікірімен келісе отырып, Жағда Бабалықұлының өзі үш аймақтың губернаторы қызметін атқарған кезде осы үш отау идеясын қайта жаңғырта отырып, қазақтардың басын біріктіру идеясы жолында жұмыстар атқарғанын алға тартқымыз келеді. Олай дейтін себебіміз, Жағда Бабалықұлы өзі басшылық қызметтерде жүрген уақытта қытай империалистерінің қазақтарға қатысты көзқарастары мен пиғылын жақсы түсінген болатын, әрі ол өзі басшысы болған үш аймақта коммунизм идеясы қантөгіссіз жеңіске жеткен болатын. Сондықтан, оның социалистік Қазақстанға социалистік моңғол жеріндегі және социалистік қытай жеріндегі қазақтарды қосу жайлы мақсаты болғандығын жоққа шығаруға болмайды. Кейіннен, ол өзінің осы мақсаты әшкере болып, жазасын өтеген соң, қытай қазақтарын сақтап қалудың тек жалғыз жолы оларды Қазақстанға көшіру екендігін түсініп, көші-қон ісінің басы-қасында болды. Ойымызды қорытсақ, Жағда Бабалықұлы алаш идеясының қытайдағы қазақтар арасында «үш отау» идеясы ретінде өріс алуына үлкен үлес қосқан саясатшы болғандығына ешкімнің шүбә келтіре алмасы анық. Жағда Бабалықұлы өмірінің соңына дейін алаш идеясының жақтаушы жанашыры болды, ол «Алаш барда қазақ бар, қазақ барда алаш идеясы өмір сүруі қажет» деп, қазақтың бүтіндігі мен бірлігін сақтау үшін, шет елдегі қандастарды елге қайтару үшін алаш идеясы әр қазақтың санасында мықтап орын алуы қажет деп түсінді. Аз ұлт өкілдерінің империялық саясатқа қарсы шығуы жайлы Жағда Бабалықұлы «заңсыздықтың заңдылығы, заңдылықтың заңсыздығы» деген тұжырымын ортаға салған еді. Ол кезінде өздерінің алып мемлекеттің ортақ саясатына қарсы шығып, ұлт мүддесі жайлы пікірлерін ашық айтып, халық арасына ой салғанын сол кездегі биліктің заңсыз деп тануының империялық билік үшін заңдылық болғандығына, ал өз ұлтының мүддесін қорғағандығын заңды деп ұғынғандықтан сол үшін жауапқа тартылу өздері үшін заңсыздық деп саналғандығына тоқтала келіп, әр тараптың өз мүддесі үшін күресе отырып, қарсы тарапты кінәлі жасайтындығының өзі қоғамдағы мәңгілік заң екендігін айтқан еді. Еліміз тәуелсіздік алған уақытта ол шет елдегі қандастарымызды атамекенге қайтару жөнінде елімізде жүргізіле бастаған көші-қон саясатына үлкен үміт артып, өзі де осы мәселе турасында пікірін білдіріп жүрді. Ол ұлттың бірлігі мәселесін ту қылып, қазақтың болашағы шет елдегі қандастарды елге толық қайтарып алуымен жарқын болады деген қағиданы ұстанды. Жағда Бабалықұлының ұлт тағдырына қатысты ұстанымдары жайлы сөз қозғағанда өзге елдердегі қандастарымызды елге қайтару мәселесіне қатысты ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атына жолдаған екі хатын ерекше атап өтуге болады. Алғашқы хат 9 қазан 1993 жылы жазылса, соңғысы 17 қаңтар 2005 жылы жазылған екен. Алғашқы хатта автор өз ойын: «Қазақстан өзінің орасан зор байлығымен, стратегиялық орнымен бүкіл дүние жүзі көз тігетін ауданға айналды. Дәл қазір Қазақстанда христианизм, исламизм, мауизм, ленинизм, сионизм, социализм, капитализм идеялары мен қолжаулық орысшылдар, қытайшылдар, америкашылдар, корейшылдар, немісшілдер тағы тағылар көбейіп кетті. Бірақ қазаққа жаны ашып тұрған ешбірі жоқ. Ал, қазақтың өз измі – құлсыздану, тәуелсіздену. Өйткен күнде жанталасқан измдер мен қолжаулық топтардың көзге ілігетін, ілінбейтін қаскөйлік ырқынан қалай қорғанады, қалай құтылады? Азаматтарды негізгі толғандырып жүрген мәселе осы», деп бастап, көршілес Қытай мемлекетінің «адам экспорты» саясатына толық сипаттама беріп, тәуелсіз қазақ мемлекетінің өз көршісімен қарым-қатынас жасау сипатына қатысты өз ұсыныстарын білдіреді. Ол ұсыныстар: І) Қазақ мемлекеті Қытаймен болған және болатын қарым қатынастарды, әсіресе, адам кіргізу жолымен болатын салаларына міндетті түрде қайта қарауы орынды сияқты; ІІ) «Арзан еңбек» жолымен және келіп кетіп жатқан, келген бойда ебін тауып орнығып қытайлықтар мен қазақ арасында қақтығыс болу қаупі бар. Алдын ала ойланатын істің бірі. ІІІ) Жоңғар қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы 1945 жылы күзде қытайдан мүлде жеңілгендігін білді де, халықты Қазақстанға көшіруді мақсат етті. Осы көшке талай талай уақыт кетті. Дүние шашылды. Тер ақты, қан төгілді. Бірақ, қазақ тағдыры екі ұлы мемлекеттің қолжаулығына айналды да, халықаралық ұлы көш үзіліп қалды. Қазір Қытайдың ассимиляциялау әдісі толық күшіне енген дәуір. Ондағы қазақтар енді 20-30 жылда мүлде қытайласып болады. Ал, ұлт ретінде жоғалып бара жатқан бауырларымызды сақтаудың жалғыз шарасы – көшіріп алу ғана. Сондықтан Қазақ мемлекеті Қытайға жер дауы жоқтығын ашық мәлімдеп, өз бауыр-туыстарын шақырту мәселесін халықаралық адам құқы негізінде ашық қойғаны жөн. Бұл - қазақ мемлекетінің парызы [Ж.Бабалықұлының жеке мұрағаты // Қазақ мемлекетінің елтөресі Нұрсұлтанға хат. 9 қазан 1993 ж. – 5 б.]. Арада он екі жыл салып жазылған екінші хат алғашқы хаттың идеялық жалғасы деп айтуға болады, бұл хатта Ж.Бабалықұлы мемлекетіміздегі көші- қон саясатының сипатына өз күйінішін жасыра алмапты, «Соңғы он үш ғасыр бойы қытай мен орыс империялары қазақты ғасырлап қырғындады, миллиондап қырды. Сорлы қазақ бүкіл әлемге тарыдай шашылды. Монғолиядағы қазақтан басқалары өздері тұрған елінде - тілін, ділін, ұлттық рухын, салт санасын, ұлттық өмір тірлік беделін өзгертіп жатыр. Оларға мүлде жоғалу қаупі төніп тұр. Егер сырттағы 5-5,5 миллион қазақты жартылай не мүлде жоғалтып алсақ, тәуелсіз қазақ мемлекетіне теңдесі жоқ масқара жоғалту болайын деп тұр. Тәуелсіз қазақ мемлекеті дәуіріндегі он үш жылда көші қон жүйесінің әлсіздігінен көшіріп әкелу де, қоныстандыру да, қажеттілік талабына сай болмады. Егер осы қарқын өзгермесе, сырттағы қазақты көшіруге бір ғасыр керек болары анық. Сырттағы қазақты көшіріп алу – саяси стратегиялық, аса күрделі мәселе. Сондықтан, ең тиімді, ұтымды да сәтті шығу жолы Елбасына төте шыға алатын Көші қон комитеті құрылуы орынды. Ең дұрысы комитет басында Елбасының өзі болуы жөн. Комитетте бірі ішкі қоныстандырумен шұғылданатын, бірі көшіріп келумен шұғылданатын білімдар маман екі орынбасар болса деп ойлаймын. Аса күрделі қоныстандыру саласында неше басқарма боларын айту қиын. Ал, көшіру саласында Ресей, Моңғол, Қытай, Өзбек елдеріндегі және шашыранды қазақтармен шұғылданатын бес басқарма болса, ал басқарма бастықтары сол елден келген немесе сол ел қазақтарын зерттеуші маман болса игі еді» [Ж.Бабалықұлының жеке мұрағаты // Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев мырзаға хат. 17 қаңтар 2005 ж.] . Хаттарды Елбасына жолдау арқылы автор қандастарының болашағына үлкен алаңдаушылық білдіріп, олардың елге оралуына мемлекет тарапынан үлкен күш жұмсалуы қажеттігін алға тартады. Тәуелсіздік алған жылдарымызда жарты миллионнан аса қазақ ұлты өкілдері елге оралғанын еске алсақ, бұл тек айсбергтің тек бір ұшы екенін түсінеміз. Шет елдерде жүрген бес жарым миллионнан астам қазақтың елге оралуы тек сол шетте жүрген қандастарымыз үшін ғана емес жалпы мемлекетіміздің болашағы үшін аса маңызды стратегиялық мәселе екендігін ұлт жанашырлары терең түсінуде және сол жолда мемлекет тарапынан ауыз толтырып айтар жұмыстар атқарылып та жатыр. Дегенмен, әлі де болса көші-қон саласында мән берер мәселелер өте көп. Солардың шешілуі үшін бұл салада реформалар мен тың өзгерістер қажет. Жағда Бабалықұлы елімізде қандастарымызды отанына қайтаруға байланысты іс-шараларды жоққа шығармағанымен, қандас бауырларымызды елге қайтарудың қазіргі қолданыстағысынан өзге тетіктерін қарастырмаса осы бағытпен квота бөлу арқылы бұл мәселені шешу үшін тағы да жүз жыл уақыт қажет екендігін, ал, көш осылай созыла берер болса, әр елдегі қандастарымыз сол елдің халқына сіңісіп кететіндігін ылғи да мәселе етіп көтерумен болды. Ол тіпті бүкіл қазақты бір ту астына біріктіруге қарсы болғандарды осындағы болсын, иә болмаса сырттағы қазақтар болсын сатқындар деп атаған еді [Қасымхан Бегманов. Этнографпен әңгіме. Алматы, Дәстүр, 2010. 210 бет.]. Оның басты ұстанымы: «қалайда сырттағы қазақты шақырып алуымыз керек. Сырттағы қазақтар да бұлданбай келуі керек, қабылдап алушылар да бұлданбай қабылдауы керек» болды. Сырттағы қазақтардың елге келгенде тек бұл ел маған не береді деген сұраншақ психологиямен емес, керісінше, туған еліме келу арқылы осы елдің ертеңіне үлес қосуым керек деген мақсатпен келуін қалады. Ол елге оралған қандастарымызға алғашында жаңа жерге үйреніп кеткенше қиын соғатынын білетіндігін айтып, оларды болашақ ұрпақ қамын ойлауға шақырды. «Сендердің өздерің яғни, келген ұрпақ қанша қиыншылық көрсеңдер де сендердің балаларың осында өседі, осында тәрбие алады, олардың келешегі жарқын болады, ертеңдеріңді ойласаңдар елге қайтыңдар!» деп сырттағы қазақтарға ұран тастады. Жағда Бабалықұлы сырттан келуші қазақтарды елге көптеп тартудың бір жолы ретінде оларға мемлекет қорындағы жерлерден жер телімдерін беруді атаған еді. Яғни, келуші отбасыларға шұрайлы жерлерден ауылшаруашылығы мақсатында пайдалану үшін жер телімдерін беру арқылы шет жерлерде ауылшарушылығымен айналысып жүрген қазақ шаруаларын елге қайтару. Бұл ұсынысы болашақта осы салада қызмет атқарып жүрген азаматтардың назарына ілігеріне сеніміміз мол. Жағда Бабалықұлын нағыз ұлты үшін жанын қиюға даяр ұлтшылдардың қатарынан деп білген абзал. Ол ұлтшылдықтың өзгелерді кемсітіп, тек өз ұлтын әспеттеуге бағытталған, қарадүрсін, сауатсыз болуына қарсы болды. Ұлтын сүюді өзінің ұлтына беріле қызмет ету, өзге ұлттардан өз ұлтының төмен болмауы үшін бар күш-жігерін жұмсау деп түсінді. Ұлтшылдық жайлы өз пікірін Жағда Бабалықұлы келесідей тұжырымдады: «Ең алдымен, қазақты құлдық көзқарастан біржолата айықтыру керек. Қазақты қазақ қана құтқарады. Алтынды табанына басып тұрып қайыр тілеу, ет пен майды жастанып жатып аштан өлу қазақтың маңдайына жазылған тағдыр емес шығар. Қазақтың ұлтшылдығы басқаларға өктемдік жасау үшін емес, қазақ тәуелсіздігін қорғау үшін керек. Ұлтшыл болу ұлт намысын қорғау үшін керек. Қазақтың ұлтшылдығы мәңгі қазақ болып қалу үшін керек. Әлемдегі төрт құбыласы түгелденген, дамыған ұлттарға не керек болса, қазаққа да сондай дәреже керек. Қазақ дамыған елдермен терезесі тең күйде өмір кешуге міндетті. Әлемде болып жатқан жаңалықтар мен ашылған ғылымның бәрін игеруге қазақ азаматтары ұмтылуы тиіс. Білім алу – парыз, сол үшін тынбай талаптану керек. Білім алуға мемлекет толықтай жағдай жасауға міндетті. Сауатсыздыққа қарсы күресуді әрбір адам өзі жүргізуі керек. Білім теңсіздігі – теңсіздіктің ең ауыр түрі. Білім алсаң көзің ашылады. Қазақты білекпен емес, біліммен қорға. Сауатсыз ұлтшыл болма, сауатты ұлтшыл бол» [Қасымхан Бегманов. Этнографпен әңгіме. Алматы, Дәстүр, 2010. 228 бет]. Жағда Бабалықұлы айғаймен, бос даурығумен ұлт мәселесін шешу мүмкін еместігін жақсы түсінді. Сондықтан да, қазақтың ұлтшыл азаматы ұлтқа қатысты мәселеде асқан байыптылықпен шешім қабылдап, ұлт мүддесін тереңнен ойлайтын дәрежеге жеткенін қалады. Елімізде ұлттық идеология қалыптастыруға байланысты Жағда Бабалықұлының пікірі өзгелерден өзгешелеу еді. Оның ойынша, ұлттық идеология - ғылыми дүние. Сондықтан «мынадай болсын, анадай болсын» деп ауызға келгенді айта салуға болмайды. Қазір бізге белгілі 97 ғылым бар. Ұлттық идеяны қағазға түсіргенде, сол ғылымдарға табан тіреп отырып жасауымыз керек. «Қазақ халқы неге қол жеткізуі керек?» деген сауалға жауап бере алатын дүниелерді екшеп, таңдап, нақтылап алуымыз керек. Қазақ халқында мынадай сөз бар: «Бірінші байлық - денсаулық, екінші байлық - ақ жаулық, үшінші байлық - он саулық». Бұл бекерге айтылмаған. Ең алдымен, ұлттың денсаулығына көңіл бөлуіміз керек. Біз осы мәселеде қай жағынан әлсіздік көрсетіп отырмыз, қай жағынан табысқа жеттік? Қандай шаруа бітірдік, әлде тақыр жерде отырмыз ба? Осы сұрақтарға жауап іздеген жөн. Өмірінің соңғы сағаттарына дейін өз ойын қағаз бетіне түсіруден жалықпаған Жағда Бабалықұлының ақырғы жазбалары да осы ұлттық идеология жайында болыпты. «Ең алдымен қазақтарды империялық құлдық мінез, құлдық рухтан арылтып, оларды тәуелсіз ойлы, өз алдына арман-тілегі бар қазаққа айналдыру керек. «Мен қазақпын, тәуелсіз қазақ мемлекетінің иесі – мен тәңірден басқа ешкімге тәуелді емес, дербес қазақ мемлекетінің иесімін» дегенді қазақ ұлты түгелдей айта алатын болуы шарт. Әрбір қазақ «мен дербес қазақ мемлекетінің иесімін, мен империялық құлдықтан құтылған азат елдің азаматымын, мен тәуелсіз қазақ мемлекетін құрушы ой-арманның иесімін» дей алатын болуы шарт». Мемлекеттік тілді дамыту Жағда Бабалықұлының көп көтерген мәселелерінің бірі болып табылады. Оның пікірінше, қазіргі кездегі елдегі демографиялық ахуалды ескерсек, тек қазақ тілі ғана мемлекеттік тіл болып, өзге тілдерге ресми тұрғыдан мәртебе берілмеуі тиіс. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту арқылы өзге ұлттардың осы тілде сөйлеуіне жағдай тудыруымыз қажет. Бұл өз кезегінде Конституциямыздағы мемлекеттік тілмен ресми тілді қатар қолдануға жағдай жасайтын бапқа өзгеріс енгізуді талап етеді. Еліміздің егемендік алған алғашқы жылдарында қос тілді қосарлата пайдаланудың өзіндік тиімділігі болған болар. Ал, ендігі жерде одан қазақ халқы тек зиян шегуде. Сондықтан, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің басты тетігі - ресми түрде қос тілділіктен бас тарту. Жағда Бабалықұлы қазақтың қазақ ретінде сақталып, болашақта да дамуының басты кепілі қазақ тілі екендігін жан-жақты дәлелдеумен болды. Ол тіл - ұлт тағдыры, тіл -тәуелсіздік тағдыры екендігін қазақтың ұл-қыздары естерінен шығармауын өсиет етті. Бүгінгі қоғамның басты кемшілігі де, үлкен қателігі де ұлтымызды, тілімізді бағаламау болып отырғандығын шегелеп айтты. Жағда Бабалықұлы тілі қазақ тілінде шыққан баланың өз ұлтына деген жанашырлығы басым болатындығын, ал өзге тілде сөйлеп, өзге тілде ойлайтын, тәрбиесі мен тәлімін өзге халықтан алған баланың туған халқы мен отанына деген сезімі екіұшты болатындығын ескертіп, мемлекеттік тетіктегі негізгі лауазымдарды қазақ тілді кадрлар иеленуі қажет деген ойды жақтады. Оның пікірінше, тек қазақы тәрбие көріп, қазақша тілі шыққан адам ғана қазақтың жанын түсіне алады, қазақтың жоғын жақтап, қазақ мүддесі үшін қызмет істейді. Ал, өзге тілде сөйлейтін, бойында қазақтығы жоқ адам қанша жерден білімі терең болып, шет елдің беделді оқу орнын тәмамдаса да тек өз мүддесі үшін қызмет етеді, өз мүддесі үшін ұлт мүддесін аяқ асты етеді, ұлттың қажетін түсіне алмайды. Мұндай кадрлар жоғарғы санаттағы лауазымдарды көптеп иеленген сайын халық пен мемлекеттің арасы алыстай түседі, мемлекеттік билік пен халық бір-бірін түсінбейді, бұл өз кезегінде шешілуі қиын мәселелер туындатады. Жағда Бабалықұлы «білімі мол, дарынды адам - ұлттық ділі мығым, иманы бекем, өз тілін құрметтейтін адам болуы тиіс, сонда ғана ол өз еліне пайда әкеле алады» деген идеяны ұстанды. Ал, бүгінгі күні бірнеше тілді еркін меңгеріп, шет елдерде білім алып, үлкен лауазымдарды иеленген, бірақ өз тілін білмейтін қазақ жастарына деген өзінің сенімінің жоқтығын жасырмайтын-ды. Жағда Бабалықұлы адам бойында ұлттық рухтың болмауынан оның өзінің ұлты жайлы ойлануға мүмкіндігі болмайды деп білді. Сондықтан, ұлттық рухты оятатын басты орын қазақ мектебі деп санап, қазақ отбасылары өз балаларын тек қазақ мектептеріне беріп, өзге ұлттардың да өз балаларын қазақ мектептеріне беруіне үлгі болуы қажет деп есептеді. Ол мектептің адам өміріндегі бағыттаушы ролінің жоғары екендігін ескеріп, қазақша тәрбие алған өзге ұлт ұрпақтары да қазақ мүддесінің қорғаушысы бола алары сөзсіз деп білді. Ол еліміздің азаматтарының көп тілді меңгеруіне қолдау білдіре отырып, мектептерде өзге тілді үйрету ісіне ғылыми зерттеу жүргізіп, мектеп жасындағы балаларға өзге тіл ықпалының күшті болмауын қамтамасыз ету үшін он бес жастан бастап өзге тілді меңгеруге көңіл бөлу қажеттігін айтумен болды. Әлемдегі көптеген мемлекеттер бала 15 жасқа жеткенше өз тілін үйретеді. 15 жастан кейін басқа тілді үйренуге рұқсат етеді. Ал қазақ мемлекеті де осы тәжірибені қолдануы керек. Сонымен қатар, Жағда Бабалықұлы жалпыға бірдей үш тілді үйренуді міндеттеуге өз тарапынан уәж айтып, тілді сол тілді білуге мүдделі тұлғалардың үйренуіне жол ашып, жалпы көпшілікті мәжбүрлеудің қажетсіздігін алға тартты. Көп тіл білетін адамның сауатты адам аталатыны рас. Бірақ солардың барлығы ғылым ашпайды. ҚХР, ШҰАР-дың басшысы Елбасы Сайфиддин Ғазизи 1957 жылы Фин мемлекетіне барып қайтканда, 72 тіл білетін фин азаматын көргендігін таңдана айтқаны бар. Бірақ оның 72 түрлі ғылым ашқанын айтқан жоқ. Менің жолдасым Дубек Нұртазаұлы Шалғынбай қазақша, ұйғырша, қытайша, орысша жазатын, сөйлейтін еді, бірақ бірде-бір ғылым ашқан жоқ. Махмұт Шөкеманов дейтін замандасым 8 тілде сөйлейтін, жазатын, ол да бірде-бір ғылым ашқан жоқ. Егер ағылшын тілін білгендер ғылым аша салатын болса, әлемге шашыраған барлық ағылшын азаматтары неге шетінен ғалым болмайды? Қазақстанда орыс тілін білетіндер саны аз емес, неге соның барлығы ғылым ашпайды? Осының басты себебі -табиғат оларға ғылым ашатындай қабілет берген жоқ. Олар дарын иесі емес. Ал, дарындарға «үш тұғырлы тіл» емес, «он тұғырлы тіл» ұсынсаң да артық болмайды. Бірақ ғылым іздеген дарындар шала сауатты әкімдер ұсынған тілді емес, өзі іздеген ғылымға қай тіл қажет, оны өзі таңдайды. Тек олардың ой, арман, тілегіне мемлекет көмектесуі шарт [Қанат Асқар Қазақ текті ұлдарын емес, тексіз құлдарын әспеттейтіні несі? Қазақстан-заман, 2009 жыл, 26 ақпан, 6 бет]. Қазақстандағы зайырлылық сипат пен мемлекеттің дін ісіне араласпау арқылы, көптеген мүддесі ұлт мүддесінен тіптен тысқары әртүрлі діни ұйымдардың кең етек жаюына жол беруіне Жағда Бабалықұлы қарсы болды. Ол қазіргі кезде осы діни ұйымдар тыныш, бейбіт қатар өмір сүруді қолдағанымен, уақыт өте келе өз талаптарын орындату үшін небір құйтырқы істерге баруы мүмкін екендігін, қазақты жік-жікке бөліп, тіпті өзара қырылыстыруы мүмкін екендігін өз жазбаларында ашына баяндады. «Қазір Қазақстанда діни секталар саны 3,5 мыңға жетті деп айтылып жүр. Тәңірім кімнің «тілегін» қабыл алды екен, дәл қазір қазақтың бір шаңырағында - ислам, католик, кришна, иегова, барлығы бірімен бірі жарыса төр сұрайды. Шынын айтсақ, бір шаңырақта отырғандардың бірі қойдың басын, бірі шошқаның басын мүжіп отыр. Бір жарым мың жылдан бері Ислам дінін бірыңғай, мүдірмей ұстаған қазаққа осындай қойыртпақтың не керегі болды екен?! Ол жағын айту қиын. Бірақ бұл «жаһандану» апатының ең ұтымды жолы болды деуге болады. Ислам дінінде де бірыңғай Имам Ағзам Мәзһабын ұстанған қазақ, енді мәңгі басы бірікпейтін діни жіктерге тап болып сорлап отыр. Құран Кәрімде жалпы саны берілетін 124 пайғамбар бірлікке келтіре алмаған, Мұхаммед (ғ.с.) заманында да бірлікке келмеген діни жіктерді дәл бүгін XXІ ғасырда бірлікке келтіру Қазақстан Республикасының қолынан келмейтіні анық. Алдағы уақытта діни жіктер арасында қан төгілуі мүмкін» [Ж.Бабалықұлы. Қазақ және казино. Жас Алаш, 28 тамыз, 2007 жыл.]. Осылайша, ол елімізде өз мақсатын бүркемелей көрсетіп, түпкі ниетін жасырып, заңды тіркеуден өтіп, ел ішіне кеңінен қанат жайып бара жатқан діни ұйымдарға мемлекет тарапынан қатаң саясат қолданылуы қажет екендігін жақтады. Жағда Бабалықұлы кезінде өзі де Қытай құрамындағы үш аймақтан тұратын Іле Қазақ автономиялы облысының басшысы болғандықтан мемлекеттік саясатқа қатысты да өз пікірлерін ашық айтып жүрді. Екі алып империяның арасында орналасқан жас қазақ мемлекетінің ішкі-сыртқы саясатына өздігінше баға беріп, кейбір тұстарда мемлекеттің айқындалған ұстанымдарына сыни көзбен қарап, өзіне ұнамаған тұстарына қатысты дербес пікір білдірді. Ол мемлекет барлық кезде де экономикалық мүддеден саяси мүддені жоғары қоюы тиіс деп ұқты. Сондықтан да мемлекеттің өзіндік айқын саясатында экономикалық мүддеден қарағанда саяси мүдденің басым болуын жақтады. Әсіресе шет елдерден келетін жұмыс күшінің арзандығына қызықпай жергілікті халықты қымбаттау болса да жұмыспен қамту қажеттігін, егер шет елдік жұмыс күшіне жағдай жасалса, олар осы елде қалып, тұрақты тұрғынға айналып, келе-келе осы елдің тұрғылықты халқы ретінде өз мүддесін қорғау мақсатында мемлекетке жаңа талаптар қоя бастайтындығын алға тарта білді. Осы мәселе турасында «экономиканы ойлаған дұрыс шығар, бірақ халықтың түпкілікті мүддесі бәрінен қымбат болуы керек қой» [Ж.Бабалықұлы. Арзан жұмысшы күші дегенге алданбайық. Қазақстан әйелдері, 1993, №10, 22 бет] деп, мемлекеттің ұлттық мүдде үшін экономикалық жағынан кей тұстарда өз бастамаларынан бас тартуын жақтады. Жағда Бабалықұлы қазіргі кезде мемлекет тетігінде нық орын алған туысқаншылдық, жерлесшілдік, рушылдық, жүзшілдік, сыбайлас жемқорлық сияқты керітартпа жайлардың орын алғандығына қамығумен болды. Ол кеңестік дәуірден бері орнығып алып, өз ішінен ғана жаңа кадрларды даярлап, өзгелердің белгілі бір лауазымдарды иеленуіне мүмкіндік бермейтін қалыптасқан жүйенің жұмысын тоқтатып, жаңаша ойлайтын, ұлттық мүддені қорғайтын кадрлардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейінше мемлекеттік қызметтің сипаты өзгермейтіндігін ылғи да айтумен болды. Саяси мемлекеттік қызметші лауазымын тек ұлттық ділі ояу, ұлттық мүдде жолында қызмет ететін, өз ұлтын құрмет тұтатын азаматтар иеленуі тиіс деп ұқты. Кезінде «Азат» қозғалысы құрамында жұмыстар атқара жүріп, Жағда Бабалықұлы өзге туысқан түрік республикаларымен тығыз байланыс орнатып, олардағы демократиялық күштермен бірігу идеясының жақтаушысы болды. Ол түрікшілдікке қатысты өз ойын келесідей тарқатқан еді: «Түрікшілдікті айтпас бұрын тоқтала кететін мәселе, ол - Қытай мен Орыс империяларының панисламизм, пантүркизм идеялары. Осы идеялар аясында кейінгі жүз жыл бойы түркі халықтары түрлі қырғынға ұшыратылды. Ал біз өз кезегімізде сол екі империяның езгісінде қалған түбі бір түркі халықтарының басын бір одаққа біріктіруді көздедік. Біздің түбіміз бір, тіліміз бен дініміз бір, біз Орта Азиялық одаққа, бір ту астына бірігуді аңсадық. Бұл бүкіл түркі халықтарының ұзақтан келе жатқан басты арманы, бірақ бұл идея мемлекетке, халықаралық қауымдастыққа, бізді басып отырған империяларға ұнамауы мүмкін, сондықтан бұл идея жанашырлары саяси қуғынға ұшырайды. Жалпы, біздің елде сол жылдары саяси қуғын орын алған жоқ, өзге Орта Азия республикаларында осы идеяны қозғаушы азаматтар қуғындалып, кейбірі, тіпті, атылып та кетті» [Е.Т.Өміржанов.Азат қозғалысы және Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірінің тарихы.А., 2009. 262 бет]. Жағда Бабалықұлы еліміздің сыртқы саясатта ең алдымен Орта Азиялық республикалармен байланысты жақсартуды, олармен өзара интеграциялануымызды басты орынға қоюы қажет деп есептеді. Ол Мұстафа Шоқай ұсынған біртұтас «Үлкен Түркістан» идеясын қолдады. Жағда Бабалықұлы ұлттық құқықтық жүйеге дәстүрлі құқықтық элементтерді енгізудің жақтаушысы болды. Ол еліміздегі халықтың қазақ ұлты басым бөлігін құрауына сай қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдар қазақ діліне сәйкес шығарылуы тиіс деп санады. Қазіргі қазақ қоғамында орын алып жатқан, бірақ, өзге ұлттарда жоқ «екі әйел алу», «әмеңгерлік» сияқты институттардың заңмен реттелінуін жақтады. Қазіргі кездегі заңдардың алдымен орыс тілінде дайындалып, кейіннен қазақ тіліне аударылатындығына қынжылыс білдіріп, болашақта жағдайдың түзелуі үшін парламентке сайланатын депутаттардың қазақ тілін білуіне заңмен талап қойылу қажет деген пікірде болды. Қазірге дейін сан түрлі сұрақ тудырып, кейбір тұстары толық ашылмай келе жатқан ұлттық тарихымыздағы «Желтоқсан оқиғасы» жайлы Жағда Бабалықұлы «Желтоқсан – оқиға емес» деген мақала жазып, 1986 жылы орын алған желтоқсандағы бас көтеруді көтеріліс ретінде бағалау қажеттігін батыл ортаға салған еді. Ж.Бабалықұлы 1986 жылғы 17, 18, 19 желтоқсан күндері Алматыдағы жастардың алаңға шығып тек қана әскерден бас сауғалап қана қоймай жазалаушыларға қолдарынан келгенше қарсылық көрсеткенін атап өтті. «Соғыстың аты соғыс, өкімет жағы өз қажетіне орай қару түрлерін пайдаланады. Ал ереуілшілер қолдарына түскені – тас, таяқ, темір. Ереуілшілердің ең көп ұстағаны тас екен. Олар қолына, қалтасына дорбасына қанша тас салып келді, ол жағы белгісіз. Кейін сол кездегі Брежнев атындағы алаңда бүлінген жерлерді жөндегенде, бір шындықтың беті ашылды. Алаңның шығыс жағындағы биік үйдің сыртын қаптаған құстастарды (мрамор) сөгіп алып, бөлшектеп лақтырған. Алаңның шығыс жағындағы осы биік үйдің бүлінген жерін жөндеуге барған Төлеубек Тоқтаров атты азаматтың айтуынша, сол бір үйдің қабырғасынан 19 кв.м. құстас (мрамор) сыпырып алынған. Қатардағы басқа үйлерден қанша құстас алынғаны белгісіз. Ал үш күнге созылған айқаста жастар жағы қанша тас лақтырды екен? Қанша адам жараланды екен? Зардап шегу екі жақтан да болды-ау деген ойдамыз. Ал мыңдаған қолдан, бұршақтай жауған тас, бірде-бір адамға тимеді деу тым орынсыз. Тиген күнде басында темір қалпағы (каска), қолында қалқаны бар солдаттар аз жараланды деуге болады» [Ж.Бабалықұлы. Желтоқсан – оқиға емес. Жас қазақ, №19 (71), 19 мамыр 2006 жыл. 7 бет.]. Жағда Бабалықұлы осы желтоқсанда орын алған бас көтеруді соңғы үш жүз жыл бойы Қытай мен Орыс империяларына қарсы, коммунизм атты апаттың мәңгілік құлдығына қарсы, интернационализмнің ассимиляция атты апатына қарсы ұлт-азаттық күрестердің ең соңғысы деп атады және оған өз тарапынан келесідей баға берді. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы ең әуелі қазақ халқының ұлттық рухын көтерген, содан соң бүкіл түркі тілдес халықтарға ой салған, жан дүниелерін тербеткен, елеңдеткен қозғалыс болды. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы бүкіл әлемдегі ізгі ниетті елдерді елеңдетті, саяси жүйеміздің бүркемеленген шын ниетін көрсетті. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы әлемдік коммунизм идеясына қарсы шыққан, бүкіл әлемдік демократия идеясынан рухани нәр, демеу алған қозғалыс болды. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы, сол кездегі Кеңес Одағының өз ішінен атылған тұңғыш оқ, тұңғыш жарылыс болды. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы, Кеңес өкіметі кезінде мәңгілік құлға айналған, ұлт ретінде жоғалуға бет бұрған, өз ұлтының келешегінен үміт үзген аз санды ұлттарға ой салды. Олардың ұлт ретінде өмір кешуіне үміт тудырған, ұлт-азаттық қозғалыстардың бірі болды [Ж.Бабалықұлы. Желтоқсан – оқиға емес. Жас қазақ, №19 (71), 19 мамыр 2006 жыл. 7 бет.]. «Жер керек, су, экология, тағы басқасы керек. Соның бәрі қосылғанда Отан болады». Осы пікірді ту қылып ұстап Жағда Бабалықұлы қоғамның еліміздегі экологиялық мәселелерге назарын аударуға барынша күш салды. Ол еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту ұлтымыздың болашағының кепілі деп ұқты. Сонымен қатар, кеңестер кезеңінен қалған түрлі экологиялық зардапты басынан өткерген қазақ жерінің экологиялық халін жақсарту үшін мемлекет те, жеке адам да мүдделі болу қажеттігін алға тартты. Өзі де нақты экологиялық ахуалды жақсарту үшін өз жобаларын көпшілік назарына ұсынумен болды. Солардың бірі Алматы маңындағы Сорбұлақ көліне қатысты жобасы болатын. Ол егер бүгінгі таңда апаттың беті қайтарылып, дұрыс шешімі табылмаса, Сорбұлақтың улы суы Балқаш пен Іле табиғатын мүлде құртуға бет алатындығы жайлы дабыл қағып, осы апатты болдырмаудың жолын ұсынды. «Жер мен Ел тағдырын көп ойлайтын қазақ ойшылдары мен қазақ ғалымдары Сорбұлақ апатынан құтылудың шараларын әр қырынан ұсынып келеді. Солардың ішіндегі ең тиімдісі, ақылға қонымдысы - оған шығарылған барлық шығынды толық қайтара алатын, келешекте мемлекеттік алып өндірістің біріне айналатын табиғи мүмкіндігі бар - Сорбұлақ биосферасын кұру болып табылады. Сорбұлақ биосферасын құрудың екі мақсаты бар. Біріншісі, Іле мен Балқаш табиғатын Сорбұлақ улы суы апатынан құтқару. Екіншісі, Алматы қаласының сағат сайын, күн сайын үздіксіз молайып жататын улы жуынды суын Іле мен Балқашқа құйып, апатты қолдан жасамай, апаттың бетін алып, жуынды суды өндіріске пайдалану. Сорбұлақ биосферасын құруға ең қолайлы жер - Алматы-Қарағанды машина даңғылы үстіңде деп есептелінуде. Даңғыл Сорбұлақ көлін басып өтіп, батысқа қарай мидай жазық қара даланы кеседі. Осы қара дала құмды жиектеп, сонау Шу алқабына дейін созылып жатыр. Бұл даланың кеңістігі, бет-бедері (рельефі), қалың сары топырағы құйқалы табиғаты, әзірше мемлекет иелігінде жатуы биосфера құруға толық мүмкіндік береді.

Бұл далаға су екі жолмен барады:

Бірі - Алматының улы жуынды суы Сорбұлақ көліне соқпай, Алматыдан тіке Бозой даласына айдалады да, содан батысқа қарай созылады. Екіншісі - Алматы жуынды суында барлық пәле барын ескеріп, жуынды суды Сорбұлақ көліне түсіріп, оның зиянды уларын көл астына біршама шөгінді жасатып, биосфераға баратын су көлден төте Бозойға айдалса, тіпті дұрыс болады.

Сорбұлақ биосферасы бізге не береді? 1. Сорбұлақ улы суынан Іле мен Балқаштың табиғатын арашалайды. 2. Сорбұлақ улы суын босқа ағызбай, оны өндіріске пайдалануға мүмкіндік береді. 3. Алматы іргесінде пайда болған қалың орман Алматы өңірінің табиғатын тазартуға үлес қосады. 4. Алматы іргесінде аң-құстар қорығы табиғи түрде пайда болады. 5. Биосфера төңірегінде саяхатшылар мен саятшылар тұрақтары құрылады. 6. Биосфера іргесінде орман шаруашылығы ұйымдастырылады. 7. Ұлы жібек жолы үстінде әлемде теңдесі жоқ тұт жібек ағашы орманы плантациясы өсіріледі» [Ж.Бабалықұлы. Сорбұлақ апатының алдын алайық. Алдаспан, 2004, №1-2. 9 бет]. Осылайша көптен бері шешілмей келе жатқан Сорбұлақ мәселесін шешудің табиғатқа да, жалпы қоғамға да пайдалы да тиімді жолын көрсете білді. Әрине, біздер осы жолмен мәселені шешуді ғалымдарымыз ғылыми түрде зерттеп, дәлелдеп, жобаны жергілікті билік қолданысқа енгізер деген үмітімізді білдіргіміз келеді. Тоқсаннан асып, тұғырдан тая бастаған Жағда атамыздан бірде оның неге алаңдайтындығы жайлы сұраған едім, абыз қарт бірден жауап берді. «Менің көңілім үш түрлі жағдайға толыңқырамайды, біріншіден, экологиямыздың халі күннен күнге нашарлауда, екіншіден, тіліміздің халі төмендеп барады, үшіншіден, оралмандарды елге қайтару мәселесі дұрыс жолға қойылмауда. Меніңше, осы үш мәселе жолға қойылмайынша, тәуелсіз қазақ мемлекетінің ары қарай өркендеуінің қазақ ұлты үшін еш мәні жоқ. Жалпы, қазақ азаматтары қандай іс атқармасын, оның түптеп келгенде қазаққа әкелетін пайдасын ойлауы керек, әйтпесе оның істеп жүрген тірлігінің пайдасы шамалы!». Осы сөздерден ұлтты сүюдің қандай деңгейде болуы қажет екендігін түсінгендей болдым, Жағдаша ұлтты сүю ол жан-тәніңмен сол ұлт үшін күйіну, оның барлық құндылығын жоғары бағалап, құрметтеу, ұлттың ертеңіне алаңдап, өзіңнің сол ұлтыңа титтей де болса пайдаңды тигізуге ұмтылу, ұлттық қалыпты сақтауға үндеу, ұлттың басын біріктіретін құнарлы ойларыңды ортаға салу, тек шындықты айту, сол шындық арқылы ұлттың кейбір мәселелерге қатысты көзін ашу. Жағда Бабалықұлының көзқарастары шынайылығымен өзіне тартады, тереңдігімен мойындатады, оның артында қалған мол мұрасын халқымен қауыштыру ұрпақ борышы деп түсінген жөн. Енді біраз Жағда Бабалықұлының тарихқа қатысты пікірлеріне шолу жасай кеткенді жөн көріп отырмыз. 1968 жылы Жағда Бабалықұлы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтына ізденуші ретінде тіркеліп, кандидаттық диссертациясының тақырыбын «Шығыс Түркістанның халықтық-азаттық армиясы» деп бекітіп, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.С.Сүлейменовтың жетекшілігімен ғылыми жұмыспен де шұғылданған. Сондықтан болар, Жағда Бабалықұлы өзі бір кездері құрылуына атсалысқан, әскерінің қатарында қызмет етіп, аз уақыт жазалы да болып жазасын өтеген Шығыс Түркістан Республикасының тарихы, онда орын алған қазақ ұлты үшін маңызды оқиғалар жайлы көп уақытын сарп етіп қолжазбалар жазып, кейбір оқиғалар турасында көз көргендердің естеліктерін жинаумен айналысты. Ол Шығыс Түркістан Республикасының қазақтың жалпы тарихының бір бөлшегі екендігін түсініп, кейінгі ұрпаққа сол жөнінде толымды мәліметтер қалдыру үшін еңбектенді. Жағда Бабалықұлының артында қалған мол мұрасынан Шығыс Түркістан Республикасына қатысты жазбалар үлкен орын иеленеді. Өзінің айтуына қарағанда, кейіннен тарихтан да ұлт үшін маңызы зор этнография мен тіл білімі мәселелеріне ден қойып, «он том тарих жазсам, бір күн де қазақты ұстап тұра алмайды. Бір том қазақ тілі туралы еңбек жазсам, онда қазақты ұстап тұруға шамам келеді-ау» деген шешімге тоқтаған екен. Оның мұндай шешімге келуіне сол кезеңдегі қазақ ұлтының өз жерінде азшылыққа айналып, өз ұлттық кейпін жоғалта бастауы мен қазақ тілінің тіл ретінде өшуге бет алуы өз әсерін тигізсе керек. Жағда Бабалықұлы болса осындай жағдайда тек ғылыми атақ алып, өзіне жайлы қызмет орнын иеленуден саналы түрде бас тартып, ол кездері көпшілікке қажет болмай қалған ұлттық құндылықтарды сақтап қалу ісіне бел шеше кіріседі. Осы арқылы Жағда Бабалықұлы ұлт болашағы жолында кез-келген жағдайда да күресе беруге болатындығын көрсетіп кеткендей. Ол өзі атқарып жатқан орасан зор еңбегі үшін ешкімнен ақы да, атақ пен мансап та тілеген жоқ, басты мақсаты жоғалуға бет алған ұлттық құндылықтарды сақтап, ертеңгі ұрпаққа жеткізу болды. Кеңестік дәуірде баспаға дайындалғанымен жарық көрмеген кейбір қолжазбаларынан сол кезең жайлы нақты деректер табуға болады. «Шығыс Түркістандағы ашаршылық жағдайы (1957-1962)» атты мақаласының қолжазбасында осы аумақта қытай үкіметінің қолдан аштықты қалай ұйымдастырғаны жайлы нақты шындықты әшкерелесе, «Кеше бірге едік қой ... (Зұнын Тайповтың «Шығыс Түркістан жерінде» атты кітабын оқығанда)» атты мақаласының қолжазбасында Шығыс Түркістандағы ұлт азаттық революциясы жайлы автордың бұрмалаған тұстарына қатысты шындықты ортаға салып, сол кезең жайлы ақиқатты қамтуға тырысады. Ал, кейіннен Жағда Бабалықұлы отандық тарихшыларды қазақтың шығу тегіне тереңнен үңіліп, оның сақ дәуіріне дейінгі уақыттағы тарихын жазуға шақырады, осы мақсатта «Мықтар әлемі» атта мақаласын баспасөзде жариялап, тарихшыларға үлкен аманат қалдырды. Осылайша, Жағда Бабалықұлы қазақ тарихына да өз үлесін қоса білген тарихшы еді деп батыл түрде айтуға негіз бар. Жалпы, Жағда Бабалықұлының артында қалған мол мұра оның этнограф, тарихшы, саясаткер, философ, тіл зерттеушісі, емші, өнертанушы, әлеуметтанушы ретіндегі қырларын әр саланың мамандары арнайы зерттеп, өз оқырманымен таныстыруын қажет етеді. Біздің ойымызша, Жағда Бабалықұлы өзі көзі тірісінде қазақ үшін бар саналы ғұмырын сарп етсе, ендігі жерде оның артына қалдырған өшпес дүниелері де қазақ үшін қызмет жасай береді. Мәдени мұрамызға келіп қосылған бағалы қазынаны енді күллі қазақ ұлттық игілігімізге айналдыра білсек, кемеңгер абыздың аққу арманы орындалғаны, қан мен тердің ақталғаны, еңбектің өтелгені.

ЖАҒДА БАБАЛЫҚҰЛЫНЫҢ ЖЕКЕ МҰРАҒАТЫНДА САҚТАЛҒАН ҚҰЖАТТАР

Жергілікті ұлтшылдыққа қарсы тұру және оны жою туралы Жунго коммунистік партиясы Іле облыстық комитеті кеңейтілген мәжілісінің қарары

(1958 жылдың 8 август күні қабылданған)

Жунгоның коммунистік партиясы Іле облыстық комитетінің аз ұлттар ішіндегі стиль түзету қимылы мен социалистік тәрбие жүргізу жөніндегі нұсқауын; автономия райондық партия комитеті кеңейтілген мәжілісінің жергілікті ұлтшылдыққа қарсы тұру және оны жою жөніндегі қарарын қорғайды. Жаң-ши-гүң жолдастың мәжіліс жабыларда сөйлеген: «Жергілікті ұлтшылдыққа батыл қарсы тұрып, партия басшылығы мен ұлттардың ынтымағын күшейтіп, Отанымыздың тұтастығын қорғап, социалистік құрылыс істерін күшейту үшін күресейік» деген сөзіне қосылады. Мәжіліс, Орталық комитеттегі басшы жолдастардың ұлттық мәселеге байланысты нұсқауы мен сөздерін, секретарь Сайфидден Азазидің «Жергілікті ұлтшылдыққа батыл қарсы тұрып, Социализмнің ұлы жеңісі үшін күресейік» деген баяндамасы мен секретарь Уаң-ын-маудың «Партияның ұлттық мәселені шешудегі Маркстік-лениндік жолы үшін күресейік» деген тақырыптағы сөзі біздің идеямызды қаруландырды. Біздің жергілікті ұлтшылдыққа қарсы тұруымызға идеялық құрал болды деп қарайды. Мәжіліс, Іле облыстық партия комитетінің бұл жолғы кеңейтілген жиналысы, орталықтың нұсқауы мен автономиялы райондық партия комитеті кеңейтілген мәжілісінің қарарына сай жергілікті ұлтшылдыққа қарсы күресті өріс алдыруды бүтіндей қажетті десе дұрыс деп таниды. Бұл жолғы күрес – партияның басшылығын қорғаушылар мен партияның басшылығына қарсы тұрушылар арасындағы социализмді қорғаушылар мен социализмге қарсы тұрушылар арасындағы, Отанымыздың тұтастығын қорғаушылар мен Отанымыздың тұтастығын бөлшектеушілер арасындағы, ұлттар ынтымағын қорғаушылар мен ұлттар ынтымағын бүлдірушілер арасындағы күрес болып саналады. Бұл жолғы мәжіліс, жергілікті ұлтшылдыққа қарсы тұрудың шешуші жеңісіне қол жеткізуде, Іле өңірінде бұдан кейін жергілікті ұлтшылдыққа қарсы күресті өріс алдыруда және социалистік құрылысты жеделдетуге жақсы шарт – жағдай әзірлеуде аса зор тарихи маңызға ие. Әр дәрежелі партия ұйымдары мен бүкіл партия мүшелерінің бұл жолғы мәжілістің рухын дәйектендіріп, барлық кадрларды, интеллигенцияны және кең көлемді халық бұқарасын топтастырып, стиль түзету мен социалистік тәрбие қозғалысын өріс алдырып, буржуазия ұлтшылдығына батыл қарсы тұрып және оны құртып, партияның басшылығын онан ары күшейту, Отанымыздың тұтастығын бекемдеу, ұлттар ынтымағын күшейту, социалистік тәртіпті нығайту, социалистік құрылысты жеделдету үшін күресулері керек.

І

Жунхуа халық республикасы құрыла сала-ақ еліміздегі ұлттық қатынастар түбірімен өзгерді, мемлекетіміз барлық ұлттардың достық –істестігіндегі зор семьяға айналды. Шыңжаңдағы азат болуымен байланысты Іле районындағы әр ұлт халықтары ұлы Жунхуа халық республикасының қожасы болды. Азаттықтан бері Іле районы партияның басшылығында сапалы жұмыстар істеп, ұшан-теңіз нәтижелерге қол жеткізді. Әр түрлі демократиялық реформа мен социалистік өзгерту істерін жүргізіп, жер реформасын аяқтадық. Помещиктер табын жойдық. Ауылшаруашылық, мал шаруашылық, қолөнер кәсібі мен жекешелер басқаруындағы сауда-өнеркәсіпке социалистік өзгеріс жасауды негізінен орындап болдық. Өндіргіш күштер азат болып, әр ұлт халықтарының социализм құру жолындағы белсенділігі артты. Әр ұлт халықтарының социалистік құрылысты жүргізуіне шексіз кең болашақ ашып берді. Экономикалық, мәдениет, құрылыс саласында да аса зор дамуларға ие болдық, өнеркәсіп құрылысы жақтан биылғы 25 июльге шейін бүкіл облысымыз бойынша 2 мың 282 завод құрылып, 1949 жылдағы (азаттықтың алғашқы мезгіліндегі) 12 заводқа қарағанда онан 190 есе көбейді. Өнеркәсіптің жалпы өнім құны 1949 жылғысына қарағанда 22 есе өсті. Ауыл шаруашылық жақтан, алдын-ала болжауымызша биылғы жылы бүкіл облысымыз бойынша астықтың жалпы өнімі бір миллиард 300 миллион тоннаға жетіп, 1949 жылға қарағанда 331 процент артады. Мал шаруашылық жақтан, алдын-ала болжауымызша биыл облысымыз бойынша мал саны 6 миллион 700 мың басқа жетіп, 1949 жылғысына қарағанда бір есе артады. Мәдени-ағарту жақтан бүкіл облысымыз бойынша 1957 жылы 17 орында орта мектеп болып, 1952 жылдағы 32 мектепке қарағанда 31 процент артты. Оқуға кіргендердің саны 1952 жылы 11 мың 512 болып, 24 мың 205-ке көбейіп, 110 процент өсті. 1957 жылы 539 орында бастауыш мектеп болып, 1952 жылғысына қарағанда 6 процент артты. Оқуға кірген балалар жалпы оқу жасындағы жас өспірімдер санының 74 проценті шамасында жетті. Ұлттық территориялы автономияның жүзеге асырылуымен Іле қазақ автономиялы облысы құрылды. Автономия облыс көлеміндегі әрбір аз ұлттардан жиі қоныстанған жерлерде автономиялы аудан, ұлттық ауылдар құрылды. Жүйеден автономиялы органдарды ұлттандыру негізгі жақтан іске асырылды. Әрбір автономиялы органдарда автономиялы право жүргізілді. Бүкіл облыс бойынша әр дәрежелі халық уәкілдер құрылтайының уәкілдерінің саны 271, соның ішінде қазақ уәкілдері 136 болып, 50 процентті, Хансу уәкілдері 18 болып, 6,6 процентті, ұйғыр және басқа да ұлттар уәкілдері 117 болып, 43,26 процентті ұстайды. Облыстық халық комитетінің 37 мүшесінің ішінде қазақ 18 болып, 48,6 процентті, Хансу 3 болып 8,1 процентті, ұйғыр мен басқа ұлттар адамы 16 болып 43,3 процентті ұстайды. Әр дәрежелі өкімет орындарындағы жауапты кадрлардың басым көпшілігі жергілікті кадрлар болып табылады. Әр дәрежелі автономиялы органдарда ұлттық жазу негізгі жақтан жүргізіліп болды. Аз ұлт кадрларын тәрбиелеп жетістіру және партия құрылысы жағындағы нәтижелерімізде орапайсыз көп. Қазір облысымызда 18 мың 37 кадр бар. Мұның ішінде аз ұлт кадрлары 11 мың 203 адам болып, жалпы кадрлар санының 62,1 процентін ұстайды. Аудан және одан жоғары дәрежелі 602 кадрдың 344 аз ұлт кадрларды болып 57,1 процент, әр дәрежелі партия комитеттерінің ішінде аз ұлттан болған мүшелер 46,3 проценттен көбірегін қамтиды. Бұл кадрлар ішінде коммунистік сана-сезімге ие және социалистік құрылыс істеріне адал бірқыдыру ұйытқы кадрлар өсіп жетілді. Бүкіл облысымызда қазіргі бар 11 мың 700 партия мүшесінің 8 мың 650-і аз ұлттан шыққан коммунистер болып, 73,86 процентті ұстайды. Бүкіл облысымыздағы басым көпшілік ауыл, мекеме және көптеген орта дәрежедегі жоғары мектептерде, көлемдірек завод-кендердің барлығында партия ұйымдары бар. Жоғарыдағы нәтижелерге қол жеткізе алғанымыздан Іле облысының бейнесінде түпкілікті өзгерістер болды. Партия мен үкіметіміз халық бұқарасы ішінде жоғары беделге ие. Партиямыз аз ұлттар ішінде терең тамыр жайып, бекем негіз орнатты. Бұл нәтижеге жете алуымыз орталық пен автономиялы районның дұрыс басшылығы мен барынша көмектесуінің – облысымыздағы әр дәрежелі партия ұйымдары мен бүкіл кадрларымыздың жоғары орындардың нұсқауларын табандылықпен атқарғандығының, партияның ұлттық саясатты дәйекті атқарғандығының, бүкіл кадрларымыз бен әр ұлт халықтарының ынтымақтасып, өзара көмектестік–істестік жасауы мен ортақ тырысшаңдықтар жасауының нәтижесі болып саналады. Партиямыз түрлі жұмыстарды жүргізу барысында ұлттардың ынтымағына зиянды, партияның ұлттық саясатына қайшы болған барлық құбылыстармен күресуге қашанда мән беріп келді. Өйткені бір мезгілдер зор хансушылық жаппай көрнектірек сәулелегенде партия күшті топтап, бұл құбылыстарды жойды. Бұл әбден қажетті еді. Сүйтіп, зор хансушылдық негізгі жақтан құртылды. Осының нәтижесінде хансулар мен барлық аз ұлттар арасындағы ынтымақ тағы да жақсарып, күшейе түсті. Әр саладағы істеріміз сәтті түрде өріс алды. Біздің бұдан былай зор хансушылық құбылыстарынан сақтануға және оны жоюға қашанда көңіл бөлуіміз керек. Бірақ социалистік өзгеріс жасау негізгі жақтан орындалған былтырғы көктемде оңшылдар партиямызға құтырына шабуылдағаннан бері, жергілікті ұлтшылдық идеясы қайта бас көтерді. Бұл реткі мәжілісте жергілікті ұлтшылдық құбылыстарының партия сыртында ғана емес, партияның ішінде де жаппай болып отырғандығы тек қатардағы партиялы кадрлар арасында ғана емес, тіпті бірсыпыра партиялы жауапты кадрлар ішінде де орын алып отырғандығы, сонымен бірге, партияның басшылығына, ұлттардың ынтымағы мен социалистік құрылыс істеріне шұғыл да қатерлі қауіп төндіріп отырғандығы сипатталды. Бұл жағдай жергілікті ұлтшылдықтың шынында да көз алдымызда асқан қырағылықпен қарауға татитын анағұрлым қауіпті тенденция екендігін айқын көрсетіп берді. Сондықтан жергілікті ұлтшылдыққа қарсы күресті қанат жайдырумен бірге, бұл күресті партиямыз бен әр ұлт халқының көз алдындағы саяси-идеяологиялық фронттағы центрлі міндетті ету керек. Жергілікті ұлтшылдардың бірнеше жылдан бергі реакцияшылдық қимылдары мен осы реткі кеңейтілген мәжілісте әшкереленген материалдарға негізделгенде, бізбен жергілікті ұлтшылдардың арасындағы күресте автономиялы райондағы сықылды, Отанның тұтастығын қорғаушылар мен Отанның тұтастығына қарсы шығушылар арасындағы, социализмді қорғаушылар мен социализмге қарсы шығушылар арасындағы, ұлттар ынтымағын қорғаушылар мен ұлттар ынтымағына қарсы шығушылар арасындағы, халық демократиясының диктатурасын бекемдеушілер мен халық демократиясының диктатурасына қарсы шығушылар арасындағы, партия басшылығын табанды қорғаушылар мен партия басшылығына қарсы шығушылар арасындағы күрес. Қорыта айтқанда, ол социализм жолы мен капитализм жолының арасындағы күрес. Отанның тұтастығы мәселесінде: Еліміздегі ұлттар арасындағы ынтымақтылық ұзақ тарихи негізге ие. Жунго халқының революциясы жеңіске жеткеннен кейін, Отанымыздың тұтасуы, империализмнің шапқыншылығынан қорғануы, социалистік құрылыс істерінің табыспен жүргізілуі, еліміздегі ұлттардың бақыт, рахатқа кенелуі мен дамуы анағұрлым зор маңызға ие. Маркс, Энгельс және Ленин біртұтас ұлы мемлекеттің жақсылығын бір рет қана айтып қойған жоқ. Сондықтан, еліміздің біртұтас үлкен семьясында территориялы автономия саясатын жүзеге асыру марксизм–ленинизм принциптерін еліміздің іс жүзіндік жағдайына үйлестіргендік болып табылады. Бірнеше жылдық практика барысында, территориялы автономия саясаттың артықшылығы толық дәлелденді, әр ұлт халқының қызу қолдануына қорғап-қуаттауына бөленді. Жергілікті ұлтшылдар Отанымыздың тұтастығына территориялы автономия саясатына қарсы болып келді. Олар «3 отаудың түтінін бір жерден шығару» (яғни, жунго мен совет одағындағы және моңғол халық республикасындағы қазақтардың бір мемлекететін құру), автономиялы облыстың әкімшілік орнын жоғары көтеру қастандығы мен орталықтың және автономиялы районның (СУАР-дың) басшылығын қабылдауды қаламай, Іле қазақ автономиялы облысын «дербес корольдыққа» айналдыруға ұрынып келді. Жергілікті ұлтшылдардың бұл қимылы тек империализмге ғана пайдалы, социализмге, ұлттардың гүлденуі мен дамуына барынша зиянды болып табылады. Ұлттар ынтымағы мәселесінде партиямыз ұлттардың ынтымақтығы мен тең праволылық саясатын ежелден қуаттап келді. Ұлттардың ынтымағы өзара көмектестігін, достық істестігін және ұлттардың пайдалы нәрселерді өзара қабылдауы арқылы ұлттардың дамуы мен ілгерлеуге қол жеткізуін қуаттап келді... Алайда жергілікті ұлтшылдар ұлттық бөлінуді, ұлттар ынтымағына бүліншілік салуды бар пәрменімен уағыздап келді. Олар шыңжандағы қазіргі негізгі қайшылық ұлттық қайшылық десті. Олар хансу кадрларын аз ұлт кадрларына өктемдік етушілер, хансу кадрлары мен хансу халқының көмегін ұлттық езу деп санады. Олар хансулар қайдан келсе сонда кетсін, хансуларды ертерек құрту қажет деп қарады. Олар хансуларды шалғайдағы жау, автономиялы облыстағы автономия алған ұлттан басқа Шыңжаңдағы туысқан аз ұлттарды автономиялы облысқа енгізбеу керек, деп қарады. Олар басқа ұлттарды шетке қағып, өз ұлтының ара салмағын арттыру, тек «таза ұлттық район» және дербес корольдық құру үшін партияның саясатына, нақтылы шарт-жағдайға халық жұртшылығының өндірісіне, өміріне аз да болса назар аудармай, басқа жерлердегі өз ұлтының халықтарын түгел автономиялы облысқа көшіріп келмек болды. Өз көлеміндегі басқа ұлт халықтарын басқа жерлерге көшіріп жібермек болды. Олар ұлттар арасындағы қарым-қатынасқа, өз ұлтының экономикалық, мәдениеттік өміріндегі ілгерілеуге ұлтымыз жойылатын болды деп қарады. Олар өндіріс, құрылыс армиясына өшіге шабуылдап, өндіріс-құрылыс армиясының облысымызда тың игеріп, өндіріспен шұғылдануына және социалистік құрылыс істерін жүргізуіне барынша бөгеттік жасап келді. Жергілікті ұлтшылдардың ұлттар ынтымағына бүліншілік салудағы бұл сынды идеялогиялық қимылы іс жүзінде социалистік құрылыс істеріне бүліктілік салғандық болып табылады. Социалистік революция және социалистік құрылыс мәселесінде партиямыздың күрес мақсаты жунгоде социализм және коммунизмді жүзеге асыру. Бірнеше жылдан бергі социалистік өзгерту және социалистік құрылыс саласында аса зор табыстарға және әр ұлт халқының қорғауына ие болдық. Социализм еліміздегі аз ұлт халықтарының ұлы азаттық алудағы бірден-бір жолы, бұл ұлттардың гүлденуінің де, дамуының да бірден-бір жолы. Алайда жергілікті ұлтшылдар социалистік өзгерту мен социалистік құрылысқа қарсы тұрып келді. Олар социалистік тәртіп халыққа қайыршылық әкелді, кооперацияласу жаман болды деп туған-туысқанның, таныс-білісін кооперативтен шығуға, мал шаруашылығын бүлдіруге айтақтады. Біртұтас сатып алу, біртұтас сату жаман болды, баға саясаты халықты қанайтын саясат, шаруалар мен мал өсірушілердің әл-ауқаты өткендегіден де нашарлап кетті десті. Жергілікті ұлтшылдардың социалистік өзгерту және социалистік құрылысқа қарсы бұл секілді сөздері мен әрекеттеріндегі мақсаты әр ұлт халқын социализм жолымен жүруден тосу болып табылады. Халық демократиясының диктатурасы мәселесінде: халық демократиясының диктатурасы мемлекетіміздің негізгі тәртібі, ол елімізде социализмді жүзеге асырудың кепілі жергілікті ұлтшылдар халық демократиясының диктатурасы тәртібіне бүліншілік жасады. Олар мал шаруашылық районында, діни саладағылар арасында, Іледе туылып өскендер арасында реакциондар жоқ дегенді таратты. Осылайша болғанда тек шеттен келген семьялар ғана, әсіресе, хансулар ғана реакциондар-мыс. Олар жау мен біздің арамыздағы қайшылықты халықтың ішкі қайшылығы деп, барлық жерде контрреволюцияшылар мен бұзақы элементтерді қылмыс жауапкершілігінен құтылдыруға қастандық жасап, шектен асқан жауыздықпен реакциондық қимылдарын қоғамдық тәртіптің жамандығы, саясаттың дұрыс болмауы, қызметтің нашарлығынан болып отыр деп даурығысты. Қоғамдық қылмысты істерді ұлттық салт-сана десті. Тіпті мұны хансулардың шектен тыс көп болғандығынан болып отыр деп соларға артты. Мақсаты ашық емес дегенді сылтауратып қолға алынуға тиістілерді қолға алмады. Делоларды қайта қарау орайынан пайдаланып, қылмысты әрекеттері бар, заң бойынша жазалануға тиісті қылмыстыларды өз еркінше топ-тобымен босатып жіберді. Сондай-ақ, контрреволюцияшыларды жаныштау делосының басым көпшілігі қате болды, деп ду көтерді. Жергілікті ұлтшылардың халық демократиясының диктатурасына бүліншілік салудағы мақсаты: халық өкіметін аударып тастау, өкіметтің характерін өзгертіп, буржуазияны қайта тірілтуге ұрыну. Партияның басшылық мәселесінде: Партия уставында «жунго коммунистік партиясы – Жунго жұмысшы табының алдыңғы қатарлы отряды, Жунго жұмысшы табының таптық ұйымының жоғарғы түрі, «партияның бірлігі мен тұтастығы – партияның тіршілігі, сондай-ақ, партияның күш-қуатының қайнары, партияның бірлігін қорғап, партияның тұтастығын нығайтуға үнемі көңіл бөлу партия мүшелерінің қасиетті борышы, партияның саяси жолына және ұйымдық принциптеріне қайшы келетін әрекеттерге, партияны бөлшектеуге, ұсақ топшылдық әрекеттер жүргізуге, партиядан дербестенушілікке, жеке адамды партияның коллективінен жоғары қоятын әрекетке жол бермейді» деп ашық көрсеткен. Алайда жергілікті ұлтшылдар партия уставындағы белгілемелерге қайшылық жасады, партияның саясаты мен бағытына қарсы тұрды. Партияның комитетінің нұсқауын, қарарларын атқармады. Орталықтағы басшы жолдастардың баяндамаларына қарсы шықты, басқаларды партия комитетінің секретарының пікірін тыңдамауға үндеді. Партия комитетінде хансулар көп, негізгі правоны хансулар алып алды, партияның басшылығын зор хансушылықтың өктемдігі деп қарады. Ұлттық теңдікті сылтауратып, ұлттық қайрамды партия ұйымын бөлшектеудің, партия комитетін ұлттандырудың өлшемі етпек болды. Партияның кадрлар саясатына қайшылық жасап, ұлты, руы, туыс-туған жақындарын қызметке орналастыруды негіз етіп, бір топ помещик, бай-шаруа, контрреволюцияшыл бұзақы элементтерді мекеме қызметіне қабылдау арқылы жеке басындық ықпалын күшейтуге ұрынды. Тіпті, партияға қарсы топ ұйымдастыру арқылы партияға, социализмге қарсы тұрып, өздерінің реакцион ұлттық жолын жүзеге асыру мақсатына жетпек болды. Бұл жолғы мәжілісте Іле районындағы жергілікті ұлтшылдық тенденциясының ауырлығы және жалпыласқандығы дәлелденді. Автономиялы район, автономиялы облыстағы автономиялы ұлттар ішінде ғана емес, бәлкім басқа да ұлттар ішінде де ұқсас болмаған дәрежеде жергілікті ұлтшылдық идеясының барлығы көрінді. Сондықтан жергілікті ұлтшылдыққа қарсы күресті ұйғырлар мен қазақтар ішінде ғана емес, басқа да ұлттар ішінде де өріс алдыру керек. Іле районындағы жергілікті ұлтшылдар идеясының ауырырақ және жалпылама болуындағы себеп, басқа жерлердегі жергілікті ұлтшылдық идеясы мен таптық идеялогиялық қайнарларының ұқсастығынан тыс, Іле районында Шыңжаң азат болудан бұрын 3 аймақ революциясының болғандығында. 3 аймақ революциясы гоминдаңның реакцияшыл өктемдігіне қарсы тұрды. Бұл дұрыс жағы. Бірақ 3 аймақ революциясында толып жатқан адамдар гоминдаңға қарсы тұру – хансуларға қарсы тұру деген сөз деп, бүкіл хансу халқын Шыңжаңдағы барлық ұлттардың дұшпаны деп қате түсінді. Бұл қате идеялар біркелкі сақтала келіп басқаларға ықпал жасады. Азаттықтан кейін партиямыз Іле районындағы ұлттардың жиі қоныстану жағдайы мен экономикалық шартына негізделіп, автономиялы облыс, автономиялы аудан, ұлттық ауылдарды парықты түрде құрды. Кейбіреулердің ұлттық ынтымақтылық – теңдік саясатына және территориялық автономия саясатын терең де айқын түсінуі кемшіл, партияның ұлттандыру саясатының негізгі рухын түсінуі анық болмады. Ұлттардың социализм құрудағы ортақ істерін, ежелден келе жатқан өзара байланысын, бір-бірінің пайдалы нәрселерін қабылдап алу пайдалы іс деп қарамай, керісінше, пайдасыз іс деп қарады. Өздерінің ілгерілеуін бөгеп, консерваторлықпен шетке қақты. Жоғарыдағыдай себептер болғандықтан, толып жатқан адамдарда ұқсамаған дәрежеде жергілікті ұлтшылдық идея құбылыстары туылды. Жергілікті ұлтшыл элементтер жергілікті ұлтшылдық қателігі мен идеялық танымның анық болмағандығынан қателесіп отырған жоқ, қайта олар буржуазия табының реакциондық майданында тұрғандығынан онан да зор мәртебені тартып алуға, онан да зор правоны тартып алуға ұлттық мүддені қорғаймыз деген желеумен партияның ұлттық саясатын бұрмалап, ұлттық мәселені пайдаланып, партияға социалистік системаға шабуылдап, отанымыздың тұтастығына, ұлттардың ынтымағын бүлдіруге қастандық жасап отыр. Демек, олар жергілікті ұлтшылдар ұлт шапанын жамылған жалған оңшылдар болып табылады. Жергілікті ұлтшылдық та, зор хансушылдық та буржуазия табының майданы мен көзқарасының сәулеленуі. Жергілікті ұлтшылдық идеясы буржуазия идеясының ұлттық мәселедегі сәулеленуі. Жергілікті ұлтшылдықтың таптық тегі буржуазия табы. Кейбір жергілікті ұлтшылдар жергілікті ұлтшылдықтың қайнары зор хансушылдықтан десті. Мұның қателігі теориялық жақтан да, практикалық жақтан да дәлелденіп отыр.

Жағданы, Ақметқали Бітімбаевты, Шаймарданды партиядан айдау туралы

Жергілікті ұлтшылдықпен ауыр қателескен басқа да жолдастарға үйлесімді жаза беру туралы Іле облыстық партия комитетінің кеңейтілген мәжілісінің қарары

Жуңго коммунистік партиясының Іле облыстық комитетінің кеңейтілген жалпы мәжілісі Жағданы, Ақметқали Бітімбаевты, Шаймарданды партиядан айдау және жергілікті ұлтшылдықпен ауыр қателескен басқа да жолдастарды жазалау туралы бір ауыздан қарар қабылдады. Қарарда былай делінеді: Жуңго коммунистік партиясының Іле облыстық комитетінің кеңейтілген жалпы мәжілісінде жуңго коммунистік партиясының Үш сайланған Орталық Комитеті 3 пленумының аз ұлттар арасында стильді түзету жөніндегі қарары және Жуңго коммунистік партиясы Орталық Комитетінің аз ұлттар арасында стильді түзету және социалистік тәрбие жүргізу жөніндегі нұсқауы мен жуңго коммунистік партиясының Шыңжаң Ұйғыр автономиялы райондық комитетінің кеңейтілген мәжілісінің жергілікті ұлтшылдыққа қарсы тұрумен, оны жою жөніндегі қарарларының рухына сай. 1958 жылы июнь мен 9 августке дейін жергілікті ұлтшылдыққа қарсы күресті өріс алдырды. 2 айдан бергі күрес барысында әшкерелеген материалдарға негізделгенде, Жағда бастаған Ахметқали Бітімбаев, Шаймардандардың қателігі аса ауыр, олар партияға қарсы мақсатты түрде реакцион қимыл жүргізуді қалыптастырған. Олар Отанның тұтастығын, ұлттардың ынтымағын бүлдіру, социалистік құрылысқа қарсылық істеп, оған бөгет жасау, пролетариат диктатурасын әлсірету және оған қарсы тұру, партияның басшылығын тартып алуға ұрыну сияқты істермен шұғылданып, партияға және социализм істеріне ауыр зияндар салды. Сондықтан, мәжіліс бір ауыздылықпен былай деп қарайды: Партия тәртібін бекемдеп, партияның ұйымын тазалау, қателескендерге және бүкіл партиядағы жолдастарға тәрбие беру үшін олардың қателігін бұл мәжілісте әшкерелеп сынаудан тыс, партия тәртібі мен Орталық комитеттің, автономиялы райондардың партия Комитетінің байланысты белгілемелері бойынша оларға жеке-жеке үйлесімді түрде ұйымдық жаза беру қажет. Осыған жалғас қарарда олардың қателіктерінің фактілері толық әшкереленген, қарарда Жағда, Ақметқали Бітімбаев, Шаймарданның жергілікті ұлтшылдық пен партияға қарсы блоктың ұйытқысы болып формаланып, Отанның тұтастығын бөлшектеу, ұлттардың ынтымағына бүлгіншілік салу, социализмге, партияның басшылығына қарсы және халық демократиясының диктатурасын әлсіретуге ұрынып, реакцион қимыл жүргізгендігі айтылған. Жағда «Ұлт үшін істеу» дейтін вывесканы көтеріп, Отанның бірлігін бөлшектеу қимылын жүргізген. Ол 1951 жылы Құлжа қаласында болған «51-дің» кеңесінде: Іледе «Қазақ республикасын құру» ойында болған. 1951 жылы батыс-солтүстік ұлттық істер комитетінің пікір алу орайынан пайдаланып, «Республика» құру жөнінде реакцион программа жасаған. «Үш отаудың түтінін бір жерден шығару керек» деген немесімен (Қазақстандағы, МХР-дағы, Қытайдағы қазақтарды біріктіру мақсатында), басқа жерлердегі қазақтарды облысқа көшіріп әкелуге, дара бір ұлттан ғана құралған «дербес кінәздік» құруға ұрынған. Автономиялы облыстың қазіргі әкімшілік орнын өте төмен санап, «Іле қазақ автономиялы облысы тегі қай дәрежелі автономиялы облыс» деп үнемі құрастырып, автономиялы облысты «дербес кінәздік» орнына көтеру қиялында болған. Бұл қастандығын жүзеге асыра алмағанда партияның ұлттық территориялы автономия саясатына қарсылық жасап, «автономиялы облыс форма ғана» деген, ұлттардың ынтымағына бүлгіншілік жасап, хансу және басқа да ұлттарға қарсы шыққан. «Ұйғыр халқын белдеу жау, хансу халқын алыстағы жау» деп есептеген. «Зор құқықты хансу кадрлары алып алды», хансулар қазақтарға әділеттік істемей отыр, «қазақтардың үй-жай, жер-суларын басып алды» деп даурыққан. Автономиялы облыстың барлық жері хансу кадрларымен лық толды, облыс қазақ автономиялы облысына ұқсамайды, дегендерімен партияның кадрлар саясатына қарсы шығып, қазақтардың ішіндегі помещик, бай шаруа, реакцион, бұзық элементтерді өз еркінше мемлекет органдарына қызметке орналастыру арқылы өзінің партияға, социализмге қарсы тұру және «дербес кінәздік» құру мақсатын жүзеге асырмақ болған. Социализмге қарсы шығып, партияның баға саясатына, мал шаруашылық өнімдерін сатып алу, астықпен біртұтас қамдап, біртұтас сатып алу саясатына жала жапқан. Ол кооперацияланудың артықшылықтарын мойындамады. Ішкі өлкелерден әкелінген өнеркәсіп өнімдерімен әр ұлт халқын қамтуды аз ұлттарды эксплуатациялаудың (қанаудың) бір түрі деп қарады, «кооперациялаудың артықшылығын мойындамай» кооперациялану «шаруалар мен малшыларды кооперацияға кіргізуге зорлау», «кооперацияланғаннан кейін шаруалар мен малшылардың тұрмысы нашарлап кетті», «кооперативтің аттарын сауысқан жақсы көретін болды» (ат арықтап ауруға шалдықты, арқасы түгел жауыр демекші), «арбаның дөңгелегі көкке қарап қалды» (арба көп қирайтын болды), «менікі емес, сенікі, онікі болды» (демекші), деп социалистік құрылысқа және социалистік өзгертуге тосқындық жасады. Ол Ахметқали Бітімбаевпен, Шаймарданмен бірге партияға қарсы блок құрып, өзі осы блоктың басшысы болған. Ол партияға қарсы блок мүшелерінің қорғауына ие болып, басқа мүшелердің партияға қарсы сөздерін өзі барлық күш қуатымен қолдап отырған. Помещик, бай шаруа және мал иелерінің реакцион сөздерін жинап алып, партияға қарсы құтырына шабуыл жасаған. «Дүниеде тек саяси-экономикалық екі зор право ғана бар, бұл екеуі де партияның қолында», деп партиямен право таласып, партияның басшылығын тартып алуға ұрынған. Марксизм-ленинизмде хақихат жоқ «жан бағудың әдісі» деп жала жапқан және «дүниеде шындық та, адамгершілік те жойылып барады», «кімде-кім өз даңқы үшін ғана істейді» деген сияқты сөздермен буржуазияшыл қате реакцион пікірлер таратқан. Ол контрреволюцияшылдарды жаныштау қимылының нәтижесін жоққа шығарды, контрреволюцияларды жаныштау қимылының көп бөлегі қате болды деп қарады. Оңшылдарға қарсы күресте жеке өзі билеп мәжіліс шақырып, оңшылдарды қорғаған. Фактыларды ойдан жасап және қарбытып көрсетіп, Совет Одағына жала жауып, жуңго-совет достығына бүлгіншілік салған. Туыс көру сылтауымен Совет Одағына барып, контрабандалыққа бастамашы болған (жала жауып отыр Ж.Б.). Сонымен бірге, қызмет құқығын пайдаланып, контрабандалықпен зат әкелушілерге жол беріп таможниялық заңды бұзған, осы жолғы мәжілісте партияның және жолдастардың тәрбиесі мен көмегін қабылдаудан бас тартып, қателігін мойындамады, қайта былтырғы май айындағы автономиялы райондық партия комитетінің кеңейтілген мәжілісінде партияға шабуылдаған қате материалдарымен тағы да партияға үздіксіз түрде шабуыл жасады, позиция жақтан мейлінше тоңмойындық істеді. Ахметқали Бітімбаевтың негізгі реакцияшыл сөз-әрекеттері мынау: Отанның тұтастығын бөлшектеуге ұрынып «республика» құруды белсене қолдаған. Ұлттық территориялы автономияға қарсы шығып, Іле қазақ автономиялы облысы құрылғаннан кейін ешқандай өзгеріс болмады, «автономиялы облысқа ұқсамайды» деп қараған. Ұлттар ынтымағына бүлгіншілік салып, хансу кадрларына қарсы шығып, оларды шетке қаққан. «Іле газеті» редакциясын қазақтандырмақ болған. Партия басшылығына қарсы шығып, стиль түзету кезінде басқаларды партияға қарсы шығуға құтыртып, «қазір қандай пікірлер болса да айтуға болады, партияға қарсы пікір айтса да болады» деген. Оның шектен асқан сұрқиялығы мынада: ол осы жолғы мәжілісте партияға үздіксіз қарсы шабуылдап, партияның стиль түзету қимылы мен жергілікті ұлтшылдыққа қарсы тұру күресіне жала жауып, «аз ұлттардың басшы кадрларын тұқыртып алу», облыстық партия комитеті мені жергілікті ұлтшыл етіп тәрбиелеп шығарды, деді. Мәжілісте қателігі сыналған кезде мен аз санды ұлт болғандығым үшін ғана осылай болып отырмын деп ұшына шыққан зымияндықпен қарсылық жасады. Ол оңшылдыққа қарсы күреске қарсы тұрды және оған бөгеттік жасап, белсенділерді соққылады, оңшылдарды қорғап, оңшылдарды партияға, социализмге қарсылықтарын «олардың еркі, правосы, басқалардың оны сынауға нендей қақысы бар?» деп даурықты. Жұмыс правосынан пайдаланып, оңшылдар мен саяси мәселесі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға тырысты. Басқалар пікір айтса менің правам, бұған сенің қол сұғатын қақың жоқ деген, фактілерін бұрмалап және қарбита көрсетіп, Совет Одағын қиянаттаған, Совет Одағына жала жапқан, Совет Одағына барып туыстарына амандасу және Совет Одағын экскурсиялау орайынан пайдаланып, контрабандалық әрекеттер жүргізіп, таможня заңына қайшылық жасады. Ол ақылы нашар, моральдан жұрдай болып айырылған, әйелдерді қорлаған, коммунистіктен титтейде иіс жоқ хулиган элемент. Бұл жолғы мәжілісте оның позициясы өте нашар болды. Ол қателіктерін мойындаудан бас тартып, хулигандық жасап, үздіксіз партияға шабуылдап, жергілікті ұлтшылдыққа қарсы күреске бүлгіншілік салды. Шаймардан партия ішіне жасырынған табы жат элемент, әрі партияға қарсы Жағда блогінің ұйытқы элементі. Оның басты реакцияшыл сөз-әрекеттері мыналар. Ол автономиялы облыс өзінің правосын жүргізе алмады, автономиялы органдар «байланысшы органға айналып алды» деп, партияның ұлттық территориялы автономиялы саясатына қарсы шықты, партия автономиялы облыстың тиісті правосын бермеді, енді партиядан және жоғарғы орындардан правоны тартып алу шарасын қолдану керек деген, Отанның тұтастығын бұзуға ұрынған. Ерекше право алып халықтың басына шығып алу қиялында болған. Ұлттар ынтымағына қарсы тұрып, оған бүліншілік салған. Хансу кадрлары мен хансу халқына өшпенділік жасап, оларды шетке қақты. Хансу кадрлары финанс, экономика, сауда товарларындағы зор правоны алып алды деп қарап, басшылықтан «қазақты хансу басқара ма, хансуды қазақ басқара ма?» дегенді сұрастырып, хансу кадрлары мен хансу халқын Шыңжаңнан ары айдап салуды ұсынды және «Хансу кадрларына осы бастан қарсы тұру керек, осы бастан қарсы тұрмасақ, кейін қарсы тұруға лажсыз қаламыз деп басқаларды құтыртты. Социалистік өзгертуге қарсы тұрып және оған бөгеттік жасап, кооперациялауды қиянаттады, бүліншілік салды. Өзінің туған-туыстарын руы ішінде және малшылар арасында реакцияшыл үгіт жүргізіп, малды кооперацияға қосқаннан кейін мал қусүйек болып қурайды, малға иелік ету правоң қалмайды, өз малыңды сойып жей алмайсың деген немелерімен мал өсірушілерді кооперацияға кірмеуге, малды ішіп-жеп құртуға құтыртты. Мемлекеттің мал шаруашылық өнімдерін сатып алуына қарсы шықты. Тіпті партия мәжілістерінде мал иелерінің реакцияшыл пікірлерін бұқараның пікірі есебінде ортаға салып, партияның мал шаруашылық саясатына шабуыл жасады, бұл саясатты ұятсыздықпен тілдеді. Өндіріс армиясына қарсы шығып, өндіріс армиясы шаруалардың жерін тартып алды, мешіттер мен мектептерді бұзып тастады деп даурығып, бұл армияларды қуып шығуға ұрынды. Партияға жала жауып, «демократия өріс алдырылмай» және «әліге дейін сөз еркіндігі іске аспай отыр» деді. Партия ұйымы «тергеу, сот істеріне араласпауға тиіс» деп, партиямен үзеңгі соғыстырды, партияның заң жұмысына басшылық етуіне қарсы тұрды. Партия комитетін ұлттандыру керек дегенді ұсынды. Осы желеумен бұзақы элементтерді, саяси тарихы айқын емес адамдарды партияға ішінара тартып, партияның сипатын өзгертуге, партия басшылығын тартып алуға, халық демократиясының диктатурасына қарсы шығып, оны әлсіретуге ұрынды. Контрреволюцияшылдар мен бұзақы элементтерді қылмыс жауапкершілігінен арашалап қалуға ұрынды. Делоларды қайта тексеру орайын сылтауратып, босатуға тиісті емес көптеген қылмыстыларды өз білгенінше молынан босатып жіберді. Парақорлық жасап, заңды аяқ асты етті. Мәжіліс барысында қасарысқан позиция қолданып, мәселесін тапсырмай, белсенділерге соққы берді. Жоғарыдағыдай реакциондық қимылдарына негізделіп, мәжіліс Жағданы партиядан айдап, партия іші-сыртындағы барлық міндетінен алып тастау жазасын беріп, автономия райондық партия міндетінен алып тастау жазасын беріп, автономия райондық партия комитетіне автономиялы райондық саяси кеңестегі міндетін де қалдыруды ұсыныс етуді, Ахметқали Бітімбаев пен Шаймарданды партиядан айдап, партия іші-сыртындағы барлық міндеттерінен алып тастап, екі дәреже түсіруді қарар етті. Жергілікті ұлтшылдық қателігі мен ауыр қателескен басқа да бірсыпыра жолдастарды қылмысының ауыр-жеңілдігіне, мәселені тапсыруына және өзгеру бейнесіне қарай айырым түрде жаза беру туралы қарар алынды.

Қазақ Мемлекетінің елтөресі Нұрсұлтанға хат

Тәуелсіз қазақ мемлекетін құрып, қасиетті көк туды өз қолыңызбен көтердіңіз. Бағыт-бағдар дұрыс. Жолыңыз болсын, Нұреке! Қазақстан өзінің орасан зор байлығымен, стратегиялық орнымен бүкіл дүние жүзі көз тігетін ауданға айналды. Дәл қазір Қазақстанда христианизм, исламизм, мауизм (қытай шовинизмі), ленинизм (орыс шовинизмі), сионизм, социализм, капитализм идеялары мен қолжаулық орысшылдар, қолжаулық қытайшылдар, америкашылдар, корейшылдар, немісшілдер, тағы-тағылар көбейіп кетті. Бірақ қазаққа жаны ашып тұрған бірде-бірі жоқ. Ал қазақтың өз измі – құлсыздану, тәуелсіздену. Қайткен күнде де жанталасқан измдер мен қолжаулық топтардың көзге ілінетін, ілінбейтін қаскөйлік ырқынан қалай қорғанады, қалай құтылады. Азаматтарды толғандырып жүрген негізгі мәселе осы. Соңғы 70 жылда көп жоғалттық та, көп үйрендік те. Сонымен бірге ұлт болып қалыптаса қоймаған қазақты жүзшілдік, рушылдық, тайпашылдық жайлады. Керенау, кесір, «айттым, болды» дейтін, дарынсыз шенеуніктер өсіп шықты. Ал осы қырсықты шовинистер мейлінше пайдаланды. Дәл бүгін тәуелсіз қазақ мемлекетінің тұтқасын ұстап отырғандардың бір бөлігі осындай жандар. Бұлар жетегіңізге жүре қоймас. Бірақ, әділетсіздікке, қиянатқа тізгін керек. Қазақ еркін базарын ішкі-сыртқы жақтан басқалар баурап барады. Егер осы бағытқа тосқауыл табылмаса, енді 20-30 жылда қазақ мемлекетінің байлық қор тізгіні басқаның меншігіне өту қаупі бар. Оған дейін талай КРАМДС-банк шығады. Өйткені, біздің шенеуніктер параны қазақтан басқаның қолынан молырақ алады. Тіпті, қазақ елтөресін сайлаудың үшінші кезеңінде Қазақстанда басқаның капиталы жұмыс жасауы да мүмкін деген күдігіміз бар. Бұл бұл ма, ең қауіптің басып кіруіне есік ашылғалы тұр. 1950 жылы Мәскеудегі кездесуінде Мао цзе дун «халқымыздың тұрмысы нашарлап кетті, егер мүмкіндігі болса 50 миллион адам уақытша Совет Одағына шығып, арзан еңбек күшімен біраз жыл жан бағып тұрса» деген екен. Кейін әріптесінің мақсатын «это мирная оккупация» - деп, бағалапты ғой Сталин. Ал Қытай империясының «адам экспорты» қағидасында «Қайда барсаң – сонда бар, нан тауып же. Барған жеріңде ұрық тастап, тамыр жай. Қатын ал, бала сүй. Тұрған жеріңде балдай батып, судай сің. Қайтып келмегенің абзал» дейтін өсиет бағдарнаманы бойына сіңірген халықтар «арзан еңбек» сылтауымен бүкіл дүниеге тарап жатыр. Дәл осы кезде жүз миллиондаған хан ұлты сыртқа шығарылды деуге болады. 1952 жылы Қытайдың Чинхай өлкесіндегі бір путхананың түбінен «Шыңғыс хан сүйегі» деген атпен бір адам сүйегін қазып алды да, қазіргі ішкі Монғолия орталығы Көкқоты қаласына қайта жерледі. Басына ескерткіш орнатты. Әр жылы туған жылын еске алуға нұсқау берілді. Мао цзе дун: «Шыңғыс хан біздің батырымыз, жерімізді кеңейтіп берген батыр. Келешекте Шыңғыс хан басқан жер біздікі болады» деген сөз айтты. Шыңғыс хан жорығына мұрагерлік жариялап «Қазақстан мен Орта Азия біздің жер» дейтін империялық жер дауын Мао цзе дун өкіметі кезінде ерекше қолға алып, Қазақстан мен Орта Азия жерінен Ташкент ойпатына дейін біздікі деп, оқулық картаға кіргізген. Сол қытайларға еліктеп ұйғырлар да «Жетісу ұйғыр жері» дегенді қайта-қайта қозғап жүр. Қазақстандағы ұйғырлар мен Қытайдағы ұйғырлардың «жер дауы» бір мақсатта екені анық. Ал қытайлар осыған мүдделі болып отыр. Бұның үлкен саяси астары бар дау екенін 1989 жылы Қытайға барғанымда байқаған едім. ХХ ғасырда қытайлар бүкіл дүниеге екі түрлі апат әкелді. Бірі – ядролық апат, екіншісі және бірегейі – биологиялық апат. Халық саны бір миллиард 200 милионнан асып кетті. Баланы шектеу де бөгет болар емес. Жылына 10-15 миллион адам қосады. Ендігі олардың ойлап тапқаны арзан еңбек» сылтауымен адам экспорты – халықаралық миграция жасау. Соғыссыз жаулау. Қытайдың биологиялық апат сырын жете түсінбеген – ТМД елдері мен Қазақстан. Әсіресе Қазақстан өз есігін «қуанышқа» ашқандай-ақ ашты. Есік ашу дұрыс. Бірақ есікті қытай есебімен айқара ашу бар да, есікті қазақ есебімен керегіне қарай ашу да бар. Қытай «арзан еңбек» сылтауымен «адам экспортын» жасайды. Есікті мәңгі жаппайды. Жаба алмайтын есік қалыптасса, ұрпақ алдында не дейміз? Қытайлар аса еңбекқор халық. Тарихы ұзақ. Жас қазақ мемлекеті қытайдан көп тәжірибе алуына болады. Бірақ қытай шовинистері өздерінің көптігіне, әкімшілігіне сүйеніп, аз санды ұлттарды ұлт ретінде жоюда да алдына жан салмайды. Қазақ халқының «орыс – қайыс ноқта, қытай - темір ноқта» деген даналық сөзі бар. Соңғы жылдары орыстың қайыс ноқтасы біраз кеңігендей болды. Ал қытайдың «темір ноқтасы» қазақтың шығыс бөлігін мүлде жұтып жіберіп, енді Қазақстанға ауыз салғалы жер бауырлап, жылжып келеді. Қытай жөнінде ұғымы жоқтар немесе парақор шенеуніктер дәл бүгін шығысқа қарап шоқынуда. Өз еркімен «темір ноқтаға» басын тығып, орыс пен қытай ноқтасын қабаттап киюге намыс қыла қоятын емес. Өз байлығын, өз мүмкіндігін, өз құдіретін бағаламай, барлық жақсылықты сырттан күтетін, мақсатты және мақсатсыз сыртқа қарап шоқынатын көзқарас – сатқындыққа жатады. Жоңғар мемлекеті ыдыраған кезде өздерінің бұрынғы атамекеніне қайта оралған қазақтар бұл күнде – жоңғар қазақтары, Шығыс Түркістан қазақтары, Қытай қазақтары, Шыңжаң қазақтары деп аталып жүр. Егер ғылым талдауынан өткізіп бекітілсе, олар – Жоңғар қазақтары аталуға хақылы. Жоңғар жерінің көлемі 350 мың шаршы шақырым. Ондағы қазақтар саны 1,5-1,65 миллион мөлшерінде. Орта жүзден – Найман, Керей, Уақ, Ұлы жүзден – Албан, Суан, Жалайыр бар. 1954 жылы Жоңғар қазақтарына – бір облыс дәрежелі, төрт аудан дәрежелі, алты ауыл дәрежелі «автономиялы» қуыршақ өкімет құрып беріп, жарылқап тастаған. Ең жаманы қуыршақ «автономия» бастықтары мен оның кадрлары өздерінің құқықсыздығы туралы бірер сөз айтқан күні – «Мао цзе дунның ұлт саясатына, пролетарлық – интернационализмге қарсы шықты» деген атпен қуғындайтын саяси қақпанға айдалғаны бәрінен ауыр болды. 1952 жылдан бастап «Қытайдағы қазақ – басқа қазақ, басқа ұлт, советтегі қазақ – басқа қазақ, басқа ұлт» деген теория жасады да, жария етілді. Сол көзқарасты бүгінге дейін ырықтандырып келеді. 1966 жылдан туытты шектеп, аз санды ұлттарға екі балалық тәртіп орнатты. Екі баладан кейін жас қатындарды пішу науқан ретінде жүргізіліп келеді. ХХІ ғасыр – қытай ғасыры. «Қара қытай қаптаса, заман ақыр болады» дейді халық. Биологиялық апаттың алдын алу қиынның қиыны. Әйткенмен де, заман ақырын кейінірек көрудің шарасын іздеген жөн ғой. Қытай енді қол үзбейді. Орнығып алған соң «аспан астын бірлестіру – тян-ша-ви-гуң» заңдарына қол артады. Сен жақ болып, жауыңа қарсы соғысады. Алаңсыз орныққандар, еңбегі сіңгендер, қазақ жерінде туғандар қазақ азаматы болуға жаппай арыз жазады. Қыз алып, қыз береді (бұл басталып жатыр), жиендер кіндік қаны тамған жерде қалады. Құданы күту – қазаққа тән мінез. Шығыс Қазақстан, Семей, Талды-Қорған облыстарына тоқтам негізінде келгендер саны тым көп делініп жүр. Қалған облыстар қанша? Әр түрлі жолмен ағып келген кезбелер қанша? Ашық аудандар жағдайы қалай? Қазақ сұрасаң, қытай жіберетін достықтан сескенген халық – «орыстан құтыла алмай тұрғанда, қытай мінетін болды мойынға» деген күдік айтады. Сіздер білмейтін сыр жоқ. Бірақ, сіздер сабырмен ойлаған сайын, біздің сабыр-тақатымыз қалмай барады. Айтарымыз: 1. Қазақ мемлекеті Қытаймен болған және болатын қарым-қатынастарды, әсіресе адам кіргізу жолымен болатын салаларын міндетті түрде қайта қарау орынды сияқты. 2. «Арзан еңбек» жолымен және келіп-кетіп жатқан, келген бойда ебін тауып орнығып қалған қытайлықтар мен қазақ арасында қақтығыс болу қаупі бар. Алдын-ала ойланатын істің бірі. 3. Жоңғар қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы 1945 жылы күзде қытайдан мүлде жеңілгенін білді де, халықты Қазақстанға көшіруді мақсат етті. Осы көшке талай-талай уақыт кетті. Дүние шашылды. Тер ақты. Қан төгілді. Бірақ, қазақ тағдыры екі ұлы мемлекеттің саяси қолжаулығына айналды да, халықаралық ұлы көш үзіліп қалды. Қазір Қытайдың ассимиляциялау әдісі толық күшіне енген дәуір. Ондағы қазақтар енді 20-30 жылда мүлде қытайласып болады. Ал ұлт ретінде жоғалып бара жатқан бауырларымызды сақтаудың жалғыз шарасы – көшіріп алу ғана. Сондықтан Қазақ мемлекеті Қытайға жер дауы жоқтығын ашық мәлімдеп, өз бауыр-туыстарын шақырту мәселесін халықаралық адам құқы негізінде ашық қойғаны жөн. Бұл қазақ мемлекетінің парызы. Жоңғар қазақтары осы мәселені ынтызарлықпен күтуде. 4. Қытай медицинасының дамыған жағын үйрену дұрыс. Ал дәрілік өсімдіктерді, аң-құсты, жәндіктерді теріп, құртуға келгенде экологиялық апаттың ең үлкені. Олар 1,7 миллион шаршы шақырым Шыңжаң жерін аз жылда жұрдай етті. Сондықтан оларға өзі теру үшін лицензия бекітсең, тау-тасқа сіңіп жатып алады. Табиғатты тонайды, жер асты – жер үсті байлықтарына зерттеу жасайды. 5. 1955 жылғы декретте, бүкіл қытайда шығарылатын арақ-шараптың 60 процентін қазақтар тұратын аудандарға бөлгені анықталған болатын. Бұрын арақ татпаған жоңғар қазақтары 1950 жылдан бастап жаппай арақ ішіп масқара болудан бірінші орынға шықты. Қазір жайлау-қыстаудың бәрінде арақ-шарап заводтары бар. Сондықтан 1,5 миллион қазақты құртып жатқан арақ-шарап, пиво, темекі, сағыз (жевательная резинка) сияқтыларды алмау керек. 6. Мемлекеттік кеден қорғанудың аса үлкен саласы. Сондықтан мемлекеттік кеден саласын барынша күшейтуге аянбаған жөн. «Ескермеген жау жаман» дейді халық. Атты алып, атанға көз салған, тарихи жер дауын қозғап келген қытайға шекараны айқара ашудың мәні достық-интернационализм болса, есіктен кіріп, төр менікі деуден қытай қашпайды. Бірақ тіл түйгенді – ой шешеді. Мың өліп, мың тірілген қазақ тағдырын мың рет ойлап шешкен көп болмас еді. Қытай империясы мен жас қазақ мемлекетінің қарым-қатынасына талдау жасатып көріңізші, Нұреке!

Құрметпен, Жағда Бабалықұлы
Тарихшы-этнограф
9.10.93

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сонау көктүріктен кейін қазақ елі бір тудың астына тұтастай жинала алмады. Он үш ғасыр бойы өмір ішінен өлім, өлім ішінен өмір іздеді. Соңғы үш ғасыр бойы қытай мен орыс империялары қазақты ғасырлап қырғындады, миллиондап қырды. Сорлы қазақ бүкіл әлемге тарыдай шашылды. Монғолиядағыдан, Қазақстандағыдан басқалары өздері тұрған елінде – тілін, ділін, дінін, ұлттық рухын, салт-санасын, ұлттық өмір тірлік беделін өзгертіп жатыр. Оларға мүлде жоғалу қаупі төніп тұр. Егер сырттағы 5-5,5 миллион қазақты жартылай, не мүлде жоғалтып алсақ, бүкіл қазақ еліне, тәуелсіз қазақ мемлекетіне теңдесі жоқ масқара жоғалту болайын деп тұр. 1954-1962 жылдар арасында Қытайдан 400 мың (Мәскеу есебінде – 350 мың) адам Қазақстанға келді. Содан кейін екі империяның қас-қабағына орай қазақ көші үзілді. Сонда да қазақтың қасиетті де, киелі де көшінің желісі мүлде тоқтаған жоқ. Қазақ көші атамекенге басқа жақтан да ағылып жатты. Тәуелсіз қазақ мемлекеті дәуіріндегі 13 жылда көші-қон жүйесінің әлсіздігінен көшіріп әкелу де, қоныстандыру да қажеттілік талабына сай болмады. Егер осы қарқын өзгермесе, сырттағы қазақты көшіруге бір ғасыр керек болары анық. Қадірлі Нұреке! Бүкіл қазақ тағдырын, сырттағы қазақ тағдырын, тәуелсіз қазақ мемлекетінің тағдырын, «қазақ санын 20 миллионға жеткізу» деген Сіздің асыл арманыңызды іске асыру үшін бүкіл қазақты тәуелсіздіктің көк туы астына шоғырландыру дәуірі туды. Бүгінгі күні сәтті кезі, мезгілі жетті деп, сеніммен айта аламыз. Сырттағы 5-5,5 миллион қазақты көшіріп алудан артық байлық жоқ, бақыт жоқ-ақ шығар. Сырттағы қазақтарды көшіріп алу, саяси стратегиялық аса күрделі мәселе. Көптеген жұмыстар Сіз арқылы, Сіздің ақыл-кеңесіңізбен шешілуге тиісті болып жатады. Сондықтан ең тиімді, ұтымды да сәтті шығу жолы Елбасына төте шыға алатын Көші-қон комитеті құрылуы орынды. Ең дұрысы комитет басында Елбасының өзі болуы жөн. Комитетте бірі ішкі қоныстандырумен шұғылданатын, бірі көшіріп келумен шұғылданатын білімдар мамандар екі орынбасар болса деп ойлаймын. Аса күрделі қоныстандыру саласында неше басқарма боларын айту қиын. Ал көшіру саласында Ресей, Моңғол, Қытай, Өзбек елдеріндегі және шашыранды қазақтармен шұғылданатын бес басқарма, басқарма бастықтары сол елден келген немесе сол ел қазақтарын зерттеуші маман болса игі еді. Қадірлі Нұреке! Сізге үлкен құрметпен, 1945 жылдан бері көш бетін атамекенге бұрып келген бұйдагер – Жағда Бабалықұлы.

Алматы, 17.01.2005ж..
Копия
Перевод с китайского

СПРАВКА

Дана Бабалыкову Джагде в том, что он действительно с 1941 года по 1944 год учился в Синьцзянском институте КНР, где обучался 3 года.

2 августа 1961 года.
Печать физико-математического
факультета Синьцзянского университета
Правильность перевода и подлинность печати удостоверяю:

Драгоман Генконсульства СССР в Урумчи
(В.Шагов)
«14» августа .
Перевод с китайского

Синьцзянский тракторный завод «Октябрь»

СПРАВКА

Дана Бабалыкову Джагде в том, что он действительно с 1945 по 1949 год работал помощником командира роты, заместителем начальника штаба бригады, заместителем начальника политического отдела революционных 3-х округов, заместителем комиссара полка в революционной национальной армии трех округов. С 1950 по 1959 годы работал заместителем начальника отдела при политическом управлении Соньцзянского военного округа, заместителем директора школы по подготовке кадровых работников Синьцзянского отделения ЦК КПК, особоуполномоченным Чугучака, первым заместителем начальника канцелярии народного комитета СУАР, председателем правительства Илийского казахского автономного округа. С 1959 по 1961 год он был отправлен на трудовую закалку на Синьцзянский тракторный завод «Октябрь», работал слесарем.

3 июля .
Синьцзянский тракторный завод «Октябрь»
Печать Синьцзянского тракторного завода «Октябрь»
Правильность перевода и подлинность печати удостоверяю:

Драгоман Генконсульства СССР в Урумчи
(В.Шагов)
«14» августа .

ВЫПИСКА ИЗ ПРОТОКОЛА

Совместного заседания отдела дореволюционной истории Института истории, археологии и этнографии им. Ч.Ч.Валиханова и научного Совета по проблеме «Происхождение и развитие казахского народа»

Алма-Ата, 30 июня .
Присутствовали: зав. Отделом доктор исторических наук,
Проф. Б.С.Сулейменов, кандидат исторических наук Ф.Маликов,
Э.И.Герасимова, С.А.Сундетов, В.Я.Басин, В.В.Востров,

М.К.Кадырбаев, М.Бадавамов.

СЛУШАЛИ: О закреплении за тов. Бабалыковым Жагдой лит. Работником журнале «Мәдениет және тұрмыс» темы «Народно-освободительная армия Восточного Туркестана». ПОСТАНОВИЛИ: 1) Закрепить за тов. Бабалыковым Жагдой , в качестве кандидатской диссертации тему: «Народно-освободительная армия Восточного Туркестана». 2) Назначить научным руководителем тов. Бабалыкова Ж. Профессора, доктора исторических наук Б.С.Сулейменова.

Председатель Совета,
Академик АН Каз. ССР А.Х.Маргулан
Ученый секретарь,
Кандидат исторических наук М.К.Кадырбаев

ЖЕКЕ МҰРАҒАТТА САҚТАЛҒАН ҚОЛЖАЗБАЛАР

Шығыс Түркістанның жоңғар бөлігінде бір жарым миллион шамасында қазақтар бар. Қытайлар оны өте аз көрсетіп отыр. 1973 жылғы Мау үкіметінің есебінде 878 мың. Ол қазақтар орта және ұлы жүз құрамына жатады. Тарихи деректерге қарағанда, олардың бір бөлігі Шыңғыс шапқыншылығынан бұрын сол жерді мекен еткен тайпалар болса, бір бөлігі жоңғар хандығы құлағаннан кейін барғандар. Аз бөлігі 1916-1930 жылдары Қазақстаннан барғандар болып табылады. Шығыс Түркістан өлкесінің жоңғария бөлігінде дәл қазір 13 ұлт тірлік жасайды (қытайлар соның ішінде). ҚХР-сының 1953 жылғы мемлекеттік есебінде Жоңғарияда сан жағынан ең көбі қазақтар. XVІІІ ғасырдың орта шенінде манчжур империясы жаулап алғаннан бері қарай қытай империясының отары болып келеді. Жоңғар қазақтары қазақстандық бауырластарынан бөлініп қалғанына өкінеді, қайғырады, отарлықтан құтылу үшін (осы 300 жыл ішінде 400-ден астам ) талай рет ұлт азаттық қозғалысын жасады. Бәрі де қайғылы қасіретпен аяқталды. Қытай ассимилияциясынан өздерінің жоғалып кететіндігіне көздері жеткен олар ұлы қара шаңырақ Қазақстаннан қол үзгісі келмейді. Жоңғар қазақтарының жоғарыда айтылған шын ниетін нақ түсінген қытайлар жоңғар қазақтарын «қос жүректер» деп атады. 1956 жылы Мау үкіметі жоңғар қазақтарын бір ұлт емес, екі түрлі ұлт идеясымен түсіндіруге тырысты. «Олар Советтер Одағының территориясында тұр. Бұлар ҚХР-сының территориясында тұр. Олар тіл жағынан батысқа қарап еліктеген, орыс тілін негіз еткен. Ал бұлар қытай тілін негіз етуі керек. Олар Советтер Одағының социалистік экономикалық базисын жасаған. Ал бұлар әлі феодализмнің экономикалық шеңберінен шыққан жоқ. Олар Советтер Одағындағы социалистік өмір салтын бастан кешіріп отыр. Ал бұлар әлі феодализмнің өмір салтынан шыққан жоқ» деп өз қолдарынан теориялық негіз жасады да қытайдағы қазақтар басқа қазақ – басқа ұлт деген түсінікті қалыптастырғысы келді. Қытайдағы қазақтар хан ұлтының құрамдас бөлігі, оны бөлектеп басқа ұлт деп қараушылық ұлы қытай бүтіндігіне қарсылық жасағандық болады деп тұжырымдалды. 1952 жылы Шыңғыс ханның сүйегін таптық деді де, Шанхай өлкесінен бір адамның сүйегін қазып алып, ішкі Монғолия автономиялы районының орталығы Көк хоты деген қалаға сол сүйекті апарып көмді. Оның басына үлкен ескерткіш орнатты. Ішкі Монғолияда әр жылы Шыңғыс ханның туған күнін еске алу туралы нұсқау шығарды. Мұндағы айтылған негізгі мәселе Шыңғыс біздің батырымыз, біздің елімізді қорғап, жерімізді кеңейтіп берген батырымыз. Келешекте Шыңғыс хан қолына қолына қараған жердің бәрі біздікі болуға тиісті деген ұлы хандық гегемонияға тарихи негіз салуға бағыт сілтеді. Самарқанға дейін, Қазақстаннан Оралға дейін біздің жер деген жаланы ұрпақтан ұрпаққа таратып келеді. Ал қытайлар гегемониялық ой-пікірлерді өз ұрпақтарына сіңіріп жатқан бір дәуірде, біздің қазақ және түрік тілдес халықтар неге қол қусырып қарап отырады. Біз неге өз ұрпақтарымызға біз қазақ деген ел боламыз, біз түркі халқы, біз қытай емеспіз, ата-бабаларымыз қытайды басып алып сан ғасырлар билеген. Біздің қанымыздың нәсілі қытай ішінде қалды, бізде солар басқан жерді даулауға, жаулап алуға қақымыз бар демейміз. Егер тарихи оқиғаларды қаузалап, басып алып сол жерде құрып кеткен не жеңіліп, шегініп кеткен жерлерді біздікі деу қытайларға ғана тән, қытайларға ғана айтуға болады деп қытайлар ұмтылатын болса, басқа халық неге хақылы болмайды?

Орта Азияға орналасқан, ұзақ тарихтан бері Шығыс Түркістан болып аталған осы бір өлкенің жері кең, байлығы мол, 7 миллионнан астам халқы бар. Осы өлкеде қытай ұлты 1950 жылға дейін 300 мың мөлшерінен асқан емес. Оның көпшілігі әскери адамдар мен қытай шапқыншыларының әкімдері болып келген болатын. Шығыс Түркістан Қытай империясының отарына айналғаннан бері қарай талай-талай қайғылы, қасіретті күндерді басынан өткізгені мәлім. Тарихшылар зерттеуі бойынша, Зозотаңның шапқыншылығынан кейін бірнеше 100 жыл ішінде 400-ден астам үлкенді-кішілі ұлт-азаттық қозғалысы болып өткен екен. Соның барлығы отаршылдардың басып-жаншып, тұншықтыруына ұшыраған. Барлығында да жергілікті халықтың қанын судай ағызған қайғылы оқиғалар болғаны анық. Қытай империясы жергілікті халықты қырып-жою арқылы, биологиялық апаттар арқылы, рухани байлықтан жұрдай ету арқылы, ұлт ретінде жоғалтуды молынан қолданды. Cонда да жергілікті халық азаттықтан үміт үзіп көрген емес. Бұлар дүниеде мәңгілік еш нәрсе болмайтыны сияқты, отарлау саясаты да мәңгі бола бермейді деп сенеді. Отаршылдар Шығыс Түркістан халқының атын тарихтан өшіргісі келіп, қырып та тауыса алмады. Ал, Шығыс Түркістан халқы болса өзінің қасиетті атын жойғысы келмеді. Оны отаршылдыққа қарсы азаттық аңсаған талай реткі күрестерімен ұластырып келеді. «Азаттық үшін!» деген ұлы мәртебелі сөзді үмітпен аузына алған тарихи кезеңдердің бірі – 1940-1949 жылдар арасында болып өтті. 1940 жылы Көктоғай аудандық үкіметтің бастығы – Шу Ар Лиңның басын қазақ шаруасы Есімқан кесіп алды. Гоминдаң полиция офисері сары молданың басын қазақ қызы Мәпаш балтамен шауып түсірді. Бұл 1940 жылы Алтай шаруаларының ұлт-азаттық күреске ресми аттанған күні болып қалды. Осыдан кейін қозғалған шаруалар талай рет ойсырай жеңілді. Тегеурінді, жауыз армияның алдында жеңіліп қырылу, тұтқындалу, қыз-келіншектің тұтқын болып телімге кетуі, азаматынан, арысынан айырылған тобырдың аңырап жұртта қалуы, мал-мүлкін жау алып, қонысқа өрт қойылуы сияқты қайғылы күндер талай-талай болып өтті. Бірақ күрес оты өшпеді, жалғаса берді. 1942 жылға жеткенде шаруалар қозғалысы күшейіп өрши түсті, әйгілі батыр Оспанның қолы Өр Алтай, Боғда, Баркөл өңірлерінде гоминдаңның талай реткі шабуылын тойтарып, жеңіп жүрді.

1940 жылдары шаруалар қозғалысына Дәлелхан Сүгірбаев басшылық етті де, Алтайда тұңғыш рет «ұлт-азаттық ұйымын» құрды. Бұл ұйымның басшылығымен шаруалар қозғалысы қарулы шайқасқа ұласты. Жергілікті халықтың азаттық күреске аттануына ықпал жасап отырды. Алтай шаруаларының қозғалысынан қауіптенген гоминдаң үкіметі Алтайда он мыңдаған әскери күш ұстады. Ал шаруалар қозғалысын бас салуға олардың шамасы жетпеді. Күн сайын молайып, күшейіп отырған Оспан мен Дәлелхан қолы 1945 жылы күзде Алтай аймағының бес ауданын жаудан тазалады. Бұл кезде жау жағы шабуыл жасауды тоқтатып, тек қорғанысқа өткен кез болатын. Партизандар шабуылы жалғаса берді. 1944-1945 жылға жеткенде Тарбағатайдың керейлері Шағантоғай, Шиху, Сауан, Қобық бес ауданында партизандар ұйымдасып жауға жан-жақтан соққы берген кезі еді. Шайқастарда қазақ батырлары Нұрсапа, Қали, Қайса, Ахмет, Байкенже, монғол батырлары Зұңырақ, Перле, ұйғыр батыры Қожақметтің еңбектері ерекше аталып жүрді. 1944 жылы күзде Іле аймағының Нылқы ауданында шаруалар қозғалысы тез көтерілді. Олар, тіпті, алғашқы шабуылда Нылқы ауданының орталығын жаудан тартып алды. Шаруалар қозғалысына басшылық еткен қазақ батыры Әкпар мен Сейіттің, ұйғыр батыры Ғанидың, татар батыры Патихтардың даңқы жер жарды. Шаруалар қозғалысы жойқын тасқынға айналып, Іле аймағының барлық ауданына жайылды. Олар көп кешікпей-ақ Іле аймағының орталығы Құлжа қаласын жаудан азат етті. Азат райондағы жарым милионнан астам әр ұлт халқы 1944 жылы қарашада «Азат Шығыс Түркістан республикасын» құрды. Азат Шығыс Түркістан республикасының құрылуы Шығыс Түркістан өлкесінде революциялық базаны дүниеге әкелді. Революциялық база Шығыс Түркістанның барлық түпкір-түпкіріне дейін өз әскерін мықтап жайды. Атап айтқанда, Шығыс Түркістан халқының басым көпшілігі қоныстанған Қашқарияда, Тасқорғанда қоныстанған тәжіктер, Үш Тұрпанның қырғыздары, Қаратаудың монғолдары, Ақсудың, Яркеннің, Құмылдың, Тұрпанның ұйғыр шаруалары арт–артынан қозғала бастады. Шығыс Түркістандағы жергілікті халықтың жаппай қозғала бастауы өлкелік үкіметті қатты сескендірді. Ол орталық гоминдаң үкіметінен әскери көмек сұрауға мәжбүр болды. Абыржыған гоминдаң үкіметі осы орайда Шығыс Түркістанға жүз мыңнан астам әскери күшін шоғырландырды. Құлжа қаласын орталық еткен революциялық база ұлт-азаттық күресін жалғастыра берді. Осыған орай 1945 жылы күзде гоминдаң армиясының ең мықты бекіністері болған Жың және Шиху соғысында гоминдаң армиясы тас-талқан болып жеңілді. Ұлт-азаттық армияның алдыңғы шебі Манас дариясының батыс жағасына барып Үрімжіге 100-жақындады. Солтүстік жағынан 200- жақындап Үрімжіге үлкен қауіп төндірді. Жаудан түгел тазаланған Алтай, Тарбағатай, Іле үш аймақта бір миллионға жуық халық болды. Азат районда Азат Шығыс Түркістан республикасы үкіметінің ай жұлдызды көк туы желбіреді. Әскери тәртіптегі ұлт азаттық армиясы мықтап қаруланған партизандарды Райыс Ахметжан Қасыми, Генерал лейтенант Ысқақбек Мононов, Генерал майор Дәлелхан Сүгірбай бастаған ұлттық кадрлар басқарды. Жер асты, жер үсті мол байлығы, өте-мөте мол, мал шаруашылығы, жақсы игерілген диқаншылығы, өз-өзін қамдайтын дербес экономикасы, қазына қоры болды. Өз тілінде шығатын газет-журнал, оқулықтары, әр-түрлі әдебиеттері болды. Мектептерде әр ұлттың перзенттері өз ана тілінде оқыды. Қалада да, далада да өзімізді еркін сезініп, «өз топырағым, өз суым, өз отаным» дейтін едік. Соғыс салдары болса да біз азат үнді 6 жылдық тарихымыздағы бақытты жылдар санаймыз. Шығыс Түркістандағы революциялық базаға гоминдаң үкіметі зор ұлтшылдыққа қарсы, олардың аграрлық саясатына қарсы, шетел имперализмінің Шығыс Түркістанда реакциялық база құруына қарсы күресті. Ал, Шығыс Түркістандағы революциялық база болса бостандық, теңдік, демократияны, бейбітшілікті көксеген Шығыс Түркістан халқының мүддесін қорғады. 1950 жылғы халықаралық жағдайлармен қытай мемлекетіндегі жағдайларды және Шығыс Түркістанның өз жағдайларын еске алғанда қытай коммунистер партиясының басшылығына өтуді лайықтады. Қытай коммунистер партиясы қытай мемлекетіндегі барлық ұлт халықтарын бірлікке шақырды. Қытай коммунистер партиясы марксизм, ленинизмді басшылыққа алады. Зор ұлтшылдық жойылады. Ұлттар теңдігі іске асады. Аз санды ұлттардың саяси-экономикалық және оқу-ағарту, мәдениет істеріне даңғыл жол ашылады. Атап айтқанда «өз-өзіне қожа» болады. Зұлымдық біткеннің бәрі жойылады. Бақыт орнатылады. Яғни, бізде социализм құрылады, ұлы коммунизмге баруға негіз жасалады деген сияқты алуан түрлі сайқал уағдалар берілді, жергілікті халық Қытай коммунистер партиясы атынан сөйлеген Мао Цзе Дун тобының сөзіне және коммунистер партиясына сенеді. Көне көңіл жарасы мен күмәндарын партияға сенгендігімен сейілте қарады. Сондықтан, жергілікті халық қытай коммунистерін ақ ниет, адал жүрегімен құшағын жая қарсы алды және қорғады. Мау үкіметінің ауыздағы формальды сөздері Шығыс Түркістан сияқты отар елдің өміріне шынайы демократиялық өзгеріс кіргізе алмады. Бірақ, мәселе сан ғасырлар бойы қаналған, езілген халықтың аңсаған арманындай болмай шықты. Гоминдаң үкіметі 1946 жылы «тыныштық, бірлік содан кейін еркіндік және халықшылдық» болады деп жариялаған болатын. 1950 жылы Мау үкіметі қой терісін жамылып бірлікті, достықты, тыныштықты, интернационализимді жариялады, тіпті коммунистер партиясын бетке ұстай келіп қолына қару ұстаған Мау тобы бірнеше жүз мың қытай армиясы Шығыс Түркістанға қарсылықсыз кіріп, орналасып алғаннан кейін-ақ, өзінің бұрынғы жауыздарға мұрагер екенін және одан өткен зұлым екенін көрсетті. Олар ең алдымен Шығыс Түркістан халқының асыл қазынасы – ұлттық кадрлар мен ұлттық армиясына ауыз салды, рақымсыз жау сан-алуан айла-тәсіл, қастандық ұйымдастырып, өздерінің жауыз ниетін іске асыра берді. Мау тобы жергілікті кадрларды үш топқа бөліп жойғысы келді. Бірінші топқа тілі бар, атақ абыройы бар, ел-жұрт құрмет тұтатын, халық ішінде әсер салмағы барларды кіргізді. Екінші топқа орта дәрежелі кадрлар кірді. Үшінші топта жалпы ұлттық кадрлардың басым көпшілігі болды. Кадрларға сыпайы соққы беру үшін мау тобы бірінші топты соғып жіберіп, екінші топқа алғау түсіру, екінші топты ұрып жіберіп, үшінші топты қорқыту әдісін қолданды. Сол бір саяси революция кадрларымен Совет Одағында оқығандарды және ең алдымен көп пікір берушілерді, зұлымдыққа шыдамай ашынып сөйлеушілерді тыныштандырды. Мау тобы 1950 жылдан бастап әр жылы бір науқан көтеріп, соған жастап «қойшы тойға айналғанда, қасқыр қойға айналыпты» дегендей ұлттық кадрларға аш қасқырдай араласты. 1950-1952 жылдар арасында шешім қабылдау правосын аудандық партия комитетіне дейін берді. Аудандық партком не айтса сол орындалып жатты. Мау тобының ауызында достығы, қолында тоқпағы болды. Олар айғай-шу көтеріп, өздерінің түймедейін түйедей етіп, Шығыс Түркістан сияқты отар елдерге бірді беріп тоқсан тоғызды үндемей-ақ алып отырды. Оқу-ағарту, тіл, әдебиет, мәдениет, газет-журнал дегенге социалистік мән-мазмұн дегенді қалдырмауға кірісті. Барлық жағынан ашық ассимилиацияға көшіріп отырды. Сіздердің социалистік қоғам құруларыңызға көмектесуге келдік деп барлық үкімет партия орындарының жауапты орындарына қытай кадрларын қойып, ұлттық кадрлар құқығы шектелді. Құқықсыз ұлттық кадрлардың өсуі мен құқықсыз ұлттық автономияларды Мау тобы ұлттық мәселеше шешеді деп айғай қөтерді. Қорыта айтқанда, қоғамдағы барлық мүмкіндік праволарды мау тобы өз қолына алды да жергілікті халық ұлттық правоны қойып әдеттегі азаматтық правоның өзінен айрылды. Жан Кайшидың «үш есе қарулы күш жұмсап, жеті есе саяси күш жұмсау» дейтін зұлымдығына мау тобы мұрагерлік жасап, оны жеті есе қарулы күш, үш есе саяси күш жұмсауға айналдырды. Жергілікті халық ішінде қаралы болмаған шаңырақ, аңырамаған жесір, жыламаған бала қалмады десе де артық бола қоймас. Жаудан іргеңді аулақ сал, шекараңды аш, дейтін мау тобының нұсқауымен арысынан, адамынан айырылғандардың жылауы да шектелгендіктен қаралы адамдардың ағыл-тегіл жылап іш босатуының өзі мұң болғаны рас. Жоғарғы негізгі фактілерді талдап келгенде, 1949 жылдары Шығыс Түркістан халқының ұлт азаттық қозғалысы революциясы ұлы қытай еңбекшілерінің халық азаттық күресіне үн қосты. Күш қосып қытай еңбекшілері Жан Кайшидың гоминдаңға қарсы күресі екендігін дәлелдеді. Совет Одағы басшылығы дүние қыспағынан қорғап жақтастарының бірі ретінде үн қосты, америка империализмінің азия жүрегіндегі Шыңжаңға реакцион база құруына қарсы табандылықпен күрес жүргізді. Пантүркистер мен панисламистердің, бандиттер мен жерлік реакцион топтардың орайды пайдаланып, ұлттың азаттық күресінің орайынан үстемдік алуына, өкімет басына орнығып, революцияның мақсатын бұрмалап жоққа шығаруына мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, 1949 жылдардағы ұлттың азаттық күресінің революциялық базасы өзінің нағыз демократиялық күш екендігін дәлелдеген болатын. Бірақ, Мао Цзе Дун басшылық еткен зор ұлтшылдар Шығыс Түркістан халқының революциялық еңбегіне, әрбір тамған тері мен аққан қанына, революциядан күткен үмітіне қиянат қайғы, саяси жақтан алдау мен арбау жүргізіп, әкімшілік жақтан найзаның ұшын жергілікті халыққа, әсіресе, революциялық базаның шаруаларына қаратты. Олар сөзді баспадан интервенциялық акті жүзінде өте улы қыртысты саясатта қолданды.

«1967 жыл 25 қараша» Жағда Бабалықұлы

Шығыс Түркістандағы ұлттық армия туралы бар шындық

Әскери жасақтар тап күресінің жаңа құралы болып белгілі бір немесе мемлекет өзінің саяси, экономикалық мақсаттарына жету үшін қарулы күштерді ұйымдастырып шығатыны анық. Тарих бізге сондай мақсаттың екі түрлісі болатындығын дәлелдеп келді. Оның бірі халықты езіп, қанаушылардың мүддесін қорғау ретінде жұмыс істейтіндігі белгілі. Екінші, езілген таптың, езілген халықтың мүддесін қорғайтын құралы ретінде жұмыс істейтіні белгілі. Ал Шығыс Түркістандағы ұлттық армиясы болса – Жан Кайши гоминдаң диксондарының зор ұлтшылдығына, олардың аграрлық саясатына, шетел империализмі диксон база құруына қарсы күреске шығып, Шығыс Түркістандағы халықтың мүддесін қорғады. Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясы 1945 жылы 8-ші сәуірде құрылған болатын. 1970 жылы 8-ші сәуір айына дейін 25 жыл толған болса да, осы орайда біз ол армия қалай пайда болып, қалай туылып, қалай дамып, қалай жұмыс істегені және кейінгі тағдыры қалай болатыны туралы қысқаша еске түсірмек боламыз. Шығыс Түркістан болса Қытай мемлекетінің батыс солтүстігінде, яғни Орталық Азияда орналасқан. Ол ішкі Қытай жағына Ганьсу Шыңжаңның өлкесі және Тибетпен шектеседі. Сыртқы жақтан Монғол халық республикасымен, Россия, Ауғанстанмен, Үндістан мемлекетімен шектеседі. Оның 1,5 млн км2 жері және 6 млн халқы бар. Қытайдан басқа 12 ұлт мекендейді. 1950 жылға дейін жергілікті ұлттар халқы сан жағынан 94%, қытай 6% ұстайды. Шығыс Түркістанда көп санды ұстаған осы халық ғасырлар бойы бостандық пен азаттық үшін күресті. Тарихшылардың жазуына қарағанда, кейінгі бірнеше ғасырлар ішінде 400- ден астам ұлт-азаттық қозғалысын жасағандығы мәлім. Ал соның бәрі отаршылдық озбырлығымен аяусыз жанышталып сәтсіздікке ұшыраған. Бірақ, Шығыс Түркістанның барлық халықтары өздерінің уақтылы жеңіліске ұшырағанына қарамастан отаршылдар алдында мәңгі тізе бүкпейтіндігін және өз халқының қадір қасиетін бұзбайтындығын дәлелдеп келді. Сонымен бірге, әрбір кезеңдегі тамған тері, төгілген қаны ұрпақтан ұрпаққа үздіксіз күрес отын жағып отырды. Шығыс Түркістанда үздіксіз болып келе жатқан бостандық үшін күрестің бірі Бурыл тоғай күресі, яғни шаруалардың 1931 жылы бастаған құдіретті қозғалысы еді. Ол 1933 жылға дейін созылып, орайдан пайдаланған айлакер Шэн Шицай өкіметі басына келумен біраз тыйылғандай болды. Бірақ, 1938-1939 жылдары Шығыс Түркістанның жер-жерінде шаруалар қозғалыстары орын алды. Оны Шэн Шицай үкіметі құралды күшпен жаныштап тастады. Алайда кегі қозған шаруалар 1940 жылы 2-ші ақпанда Алтай аймағында қайта қозғалып, Алтай, Көктоғай ауданының орталығына дейін басып кіріп, Гоминдаң аудандық өкіметін елеулі шығынға ұшыратты және өздері құрал- жабдыққа ие болды. Істің насырға шапқанын байқаған Шэн Шицай өкіметі құралды қозғалысты басуға әскери күш жұмсады. Бірақ қозғалған шаруалардың беті қайтпастан қатары көбейе берді. 1941-1942 жылы көтерілісшілдер Шэн Шицай өкіметіне үздіксіз шабуыл жасап, жеңіске жетті. Сол 1942 жылы Алтайда тұңғыш қазақтардың еңсесін көтеру жобасы құрылды, жоба қол астында тұңғыш рет құралды жасақ ұйымдастырып, жасаққа 400-ден астам жастар қабылданды, сол күннен бастап әскери жаттығулар жүргізілді. Міне, бұл ұлт-азаттық қозғалысының алғашқы ұйымдасқан құралды партизандары болды. 1943 жылға жеткенде Алтай аймағының Көктоғай ауданында тұңғыш рет ұлт-азаттық қозғалысы ұйымы құрылды. Бұл кезде Шэн Шицай үкіметі әскерлерінің Алтай аймақтық гарнизон штабы Бурылтоғай ауданында болатын, партизандар 1943 жылдың наурыз айында гарнизон штабы мен оның қорғаныс бөлігін басып алып күшейе түсті. 1944 жылы көтерілісшілер Алтай аймағына қарасты Шіңгіл, Жеменей, Бурылтоғай, Қаба, Көктоғай осы бес ауданды жаулардан тазартты. Бұл ұлт-азаттық ұйымына Шығыс Түркістан халқының адал ұлы Дәлелхан Сүгірбаев басшылық етті. Бұл кезде Алтай аймағының шаруалары жаппай қозғалып, Шығыс Түркістанның солтүстік бөлегі түгел әскер жасақтады. Әсіресе, Шығыс Түркістанның орталығы Үрімжі қаласының солтүстік шығысында Фукаң, Жемсары, Санжы, Гуйшың, қатарлы аудандарға шабуыл жасап, осы жерлерде партизан ұйымдастырып, Үрімжіге тіке қауіп төндірді. 1937 жылдан бастап Алтай және Үрімжі аймағының шаруалары үздіксіз қозғалып тұрғаннан Шығыс Түркістандағы әскери күшті қытай өкіметі сол екі аймаққа шоғырландырды. 1944 жылы Іле аймағына қарасты ауданындағы жергілікті шаруалар қозғалып, осы жылдың қараша айында Гоминдаң әскерін тып-типыл етті. Осы жылдың 12 қарашасында Құлжа қаласында уақытша партизандар штабы мен Шығыс Түркістан үкіметі құрылғандығы жарияланды. Шығыс Түркістан халқының ұлттық азаттық орталығына айналды да, 1944 жылдың аяғы мен 1945 жылдың бірінші жарымында Тарбағатайда партизандар ұйымдасып, олар Тарбағатайдың Қобық, Керей, Шағантоғай, Сауан, Шиху қатарлы бес ауданды қамтыды, сөйтіп, 1945 жылы күзде бір миллионға жуық халқы бар Алтай, Тарбағатай, Іле үш аймақ көлемінде Гоминдаң үкіметіне қарсы құралды күштер партизандары пайда болды. Бұл орайда Гоминдаң үкіметі күшті шабуылға дайындала бастады. Сонымен 1945 жылы 8 сәуірде Шығыс Түркістан үкіметі тұңғыш рет ұлт-азаттық армиясының құрылғанын жариялады. Ұлт-азаттық армиясының өз туы, гербі, әскери атағы мен шені, киім-кешек үлгісі, әскери формаларына дейін уақытша Шығыс Түркістан үкіметі жағынан белгіленді. Ұлт-азаттық армиясының алғашқы құрамында атты, жаяу, жеті полк, төрт дивизия, бірнеше ерекше эскадрон, ерекше бөлімдер мен әскерді қамдау басқармасы және әскери дәрігерлік бөлімі сияқты басқармалар құрылды. Алғашында 19 мың адам ұйымдасып, оған қытайдан басқа 12 ұлттың ұл-қыздары келіп қосылды. Бұл тек Іле аймағының қарулы күштері еді. Әрине, армия құру оны өз заманына лайық тәртіп еткен құралды күшке айналдыру қарбалас кездері тұрмақ, бейбіт уақытта да оңайға соқпайды. Сондай болса да Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясы қатарының тез толуындағы бір ерекше қасиеті әскери сапқа шақыру жолымен келгендерден гөрі еріктілерді қабылдау жолымен құрылған бөлімдер саны әлдеқайда көп болды. Өз бостандығы үшін күреске жаппай аттанған ұлдары мен қыздарын халық өз еркімен ақ батасын, ат-тондарын беріп лек-легімен алғы шепке аттандырды. Сол кезде халықпен уақытша Шығыс Түркістан ұлт-азаттық негізі ұлт- азаттық армия деп қарағаны үшін артқы және алғы шептің барлығы тек ұлт-азаттық армиясын ұйымдастыру және қамдауға ғана қаратылып, жас армия жауды қайтарумен жаудың бекіністерін алуға үлкен жеңімпаздық жасады. 1945 жылы жас армия Алтай, Іле, Тарбағатай үш аймақ көлеміндегі бекіністерін түгел алып, әсіресе орта шептегі Шиху, Жың бекіністерінің күл-талқанын шығарып бұзып өтті де, Үрімжі қаласына 100-жақындады, солтүстік жақтан Сарысүмбе бекінісін талқандап, Үрімжінің Солтүстік жағына 200- жақындады. Осыдан соң Ақсу-Қарасу аймақтарының бірнеше аудандарына шабуыл жасады. Ұлттық армияның осындай жеңісі Шығыс Түркістанның басқа да аймақтарына әсер жасап, нәтижесінде Қашқардың, Яркенттің, Үш Тұрпанның, Тасқорғанның, Құмыл, Тұрпан, Тоқсын шаруалары жаппай көтеріліске шықты. Осы кезде Шығыс Түркістандағы Гоминдаң үкіметі құрылды. 1945 жылы күзде Гоминдаң үкіметі Шығыс Түркістан көтерілісшілерін бітімге шақыруға мәжбүр болды. Жаң Жие Ши-дің өзі де радио арқылы Щинжаң мәселесі тыныш болуымен шешім табуын үміт ететінін жариялады. 1945 жылдың қазанында бітімге келіп 1946 жылы шілде айында күшіне ие болды. Жаң Жие Ши үкіметі бітімді тек бір мезгіл алдай тұру мақсатында жасады да, ішкі Қытайдан әскерилерді алып келіп, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық базасына шабуыл жасады. Бірақ, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясы шабуыл жасап жеңіске жетті. 1947 жылға келгенде Шығыс Түркістандағы гоминдаңшылар мен шет ел агенттері өздерінің қара басын ойлап шетелге қашты. 1949 жылы қыркүйекте Шығыс Түркістандағы Жаң Жие Ши-дің Гоминдаң армиясының генерал полковнигі Нау Си Ю ашық мәлімдеу жасап, тізе бүгетінін жарияланды. 1949 жылы 20 қазанда Қытай халық азаттық армиясының бөлімдері Шығыс Түркістан өлкесіне кіріп, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясының бөлімдерімен Үрімжі қаласында кездесті. Осы кезде Мао Цзе Дун «Үш аймақ ұлт-азаттық көтерлісшілері Қытай халық азаттық көтерілісшілерінің бір бөлігі» деп сайқалсынды. Осы кезден бастап Қытай халық азаттық армия бөлімдері Қытайда социализмді құратындығы, Қытайда Лениннің саяси идеясы жүргізілетіндігі жарияланды және Советтер Одағымен 30 жыл достық қарым-қатынасты жасайтынын жариялады. Осы орайда Шығыс Түркістан ұлт азаттық көтерілісшілер базасының Мао үкіметіне қосылудағы басты себептің бірі ұлт-азаттық армиясы 1950 жылы қаңтарда Қытай халық армиясының 5-ші корпусы болып белгіленді. Бірақ Мао үкіметі 5-корпусты шетке қақты. Ең алдымен бандыларды тазалауға 5- корпусты айдап салды. Орналастыру жағынан 5-корпусты ит етіп Шыңжаң өлкесіне нөкерлікке жіберді. Оның бөлімдері еңбек армиясы тәртібін өзгертті. Мына бір телеграмма ондағы адам орнын паш ететіндігіне күмән жоқ.

Телеграмма: «Орталық комитет Шыңжаң бөлімше бюросы Уаң, Жаң, Шуй Жаң Зыңдарға Шыңжаң әскери бөлімдерін орналастыру жөнінде орталық комитеттің бұрынғы көрсетпесі бойынша тезден қауіпсіз аймақтарға орналастыру керек. Әсіресе солтүстік Шыңжаңға ұлттық армия бөлімдері орналасқан және ұлттық армияны бесінші корпусқа өзгерту орайын өткізіп алмай өте тиімді орындаған Бинтуан армия бөлімдері Қытай армиясына айналды және алтыншы корпустың бір бөлегін алып бару қажет болды. Бұл жұмысты алып баруға әскери комитетің ерекше қызмет группасы жәрдем берді. Орталық комитет саяси бюросы» 1950 жылы қаңтардың 20 күні белгіленді.

Ұлттық азаттық армиясы болса, Шығыс Түркістанның жергілікті әр ұлт халықтарының ұлы-қызынан құралған болатын. Ал Мау тобы Шығыс Түркістанның жергілікті халқын тұншықтыру үшін ұлттық армияны тездетіп ыдыратып жоғалтуды мақсат еткен. 1945 жылы сәуір айының 8 күні құрылған Шығыс Түркістанның ұлттық армиясына 1970 жылы сәуір айында 25 жыл толады. Мау үкіметі тоздырып жібергенмен тарих бетінде өшпес із қалдырған Шығыс Түркістанның ұлттық армиясын Шығыс Түркістанның халқы мәңгі ұмытпайды. Тарих бізге мемлекет алдында тұратын мақсаттың екі түрлісі болатындығын дәлелдеп келді. Оның бірі халықты езіп қанаушылардың мүддесін қорғау ретінде жұмыс істейтіндігі белгілі. Екіншісі езілген таптың, езілген халықтың мүддесін қорғайтын құралы ретінде жұмыс істетін белгілі. Ал Шығыс Түркістандағы ұлттық армиясы болса – Чан Кайши, гоминдаң диксондарының зор ұлтшылдығына, олардың аграрлық саясатына, шетел империализмінің диксон база құруына қарсы күреске шығып, Шығыс Түркістандағы халықтың мүддесін қорғады.

Ұлтшылдық, ұлтжандылық басқаны қорлау да, басқаға қорлану да емес, қорғану, ұлтшылдық шапқыншылық емес өзін қорғау, ұлтшылдық -шовинизмнің шапқыншылық идеясына қарсы туған қорғану идеясы, ұлтшылдық-шовинизмнің тудырған жұмысы, шовинизм болмаса, ұлтшылдық болмайды. Шовинистер бетке ұстаған жалған коммунизмнің, жалған интернационализмнің, жалған коммунистер партиясының сыры ашылып, шовинизм қара бет болған дәуірде ұлт ретіне жоғалып кеткен аз санды ұлттардың, жоғалу қаупі төнген ұлттардың, жоғалту үшін шовинизмнің улы шапқыншылық саясатын бойына сіңдірген ұлттардың оянған сана-сезімін ұлтшылдық деп атауға болады. Шовинизмнің шайқасынан өз ұлтын қорғау жолында, ұлтшыл аталу қорлық емес, ол ұят та, қылмыс та емес. Шапқыншылық саясаттан өз ұлтын қорғау санасы қателікке жатпайды. Егер, бүгін шапқыншылыққа қарсы күрескен езілген ұлттар ертең басқа аз санды ұлттардың ата мекеніне, отанына, шапқыншылық жасаса, онда өзі шовинизмді қолдаушы болып келетіні сөзсіз. Езілген аз санды ұлттардың ұлттық сана-сезімінің оянған сәті шовинистердің мазасын кетіреді және мүлдем жақпайды. Шовинистер өз ұлтының бақыты үшін мәңгі адам сыйқында болады да сол саясатты жүргізеді. Ұлтшылдықты, ұлтжандылықты жанын сала жамандайды, ұлтшылдарды қуғындайды, азаптап, қамап өлтіреді. Ұлттық сана-сезімдерді оятпау мақсатында, бағдарланған қанқұйлы, қара ниет саясаттың салдарынан езілген ұлттардың барлық бала-шағасы, отбасылары, қарттары, зиялы қауымы мүлде үрейге ұшыраған. Жүрегінің түгі бары бар болса, сен ұлтшылсың деген сөз естігенде олардың жүрегі тоқтап қалады. Естіген боларсыздар, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты Москва алаңында қазақтар ұлтшылдығы бой көрсетті дегенде қазақ зиялы қауымы түгелдей дерлік ұлтшыл емеспіз деп өздерін ақтады. Сорлы қазақ қандай сужүрек болып қалған дегізді. Кейін Москва ұлтшыл деген сөзді алып тастадық деп еді. Дереу беттеріне қан жүгіріп, жаны жай таба бастады. Сол сияқтылардың барлығы шовинизмнің қан құйлы саясатының салдары. Қытай мен орыс өзара бөліске алған Түрік тілдес халықтардың бір бөлегі тайпа, ру, халық, ұлт, мемлекет ретінде жойылды. Жойылу қаупі алдында, тіпті, үйлерінде де жаны әрең қалды. Шынтуайтын айтқанда, Түркі тілдес халықтар мен Түрік тілдес мұсылман елдер аты аталған екі империяның жұтуға, мүлде жоюға арналған ғасырлық стратегияларының құрбандары сияқты болып кеткен еді. Осы екі империя кеше ғана қол ұстасып коммунизмге жол тартқанда ұлтшылдыққа, панисламизмге қарсы жалған интернационализмді бетке ұстады да шовинизмнің геноцидшылдық зорлық-зомбылықтарын қарулы күшпен жүргізді. Соңғы елу жылдың ішінде езілуші аз санды ұлттардың тағдыры тұйыққа тірелді. Ал жаңаша ойлап қайта құру басталғалы (Горбачев бастамасы) езілген, қорланған, жойылып бара жатқан аз санды ұлт халықтардың бойына жаны кірді. Дүниеде ұлт бар, ел бар, мемелекет бар кезде аз санды ұлт азаматтары өз ұлтын сүймей тұра алмайды. Өз ұлтын сүймеген басқаны сүюі де екіталай. Басқыншылар қан-жоса ғып басып алған қазақ елін 300 жылдай ауыз аштырмай тұншықтырды. Шовинистерге адам ретінде, «сен мені басып алдың, мені аш қалдырдың, аштықтан қырылып жатырмын» десең, сен ұлтшылсың дейді. Ал менің, тілім, дінім, салт-санам жоғалып барады десең, сен ұлтшылсың деп көзін алартады. Мен ұлт ретінде жоғалып барам десең, несі бар дейді. Коммунизмге бір ұлт болып барған жақсы. Нағыз интернационализм сонда кемелденеді дейді. Адамды адам ретінде жұтудан, ру ретінде, ұлт ретінде, мемлекет ретінде жұтудан тартынбайды.

Қытайға қараған қазақтар мен орысқа қараған қазақтардың бас қосқан жиналысы

Орыс пен қытай арасы «Алқа бике» деген жерде қытайға қараған қазақтар керейлер мен Зайсан уезіне қараған найман тобықты, тобықты найман, арғын елінің съезі болды, съезд қырық күнге созылған. Сарсүмбеде тұратын қытай консулы бірлесіп жиынды басқарған. Қытай әкімдерінің уезд дәрежесіндегілер «Чижысай» «крестианский наталондар талдай деп аталады. Қытай қазақтары начальниктерін «Амбо», болыстарын «укрдай», үйлерін заң таршиладарын зәңгі деп аталады. Бұл айтылмақшы жиында адамдар түгел «Алқа бике» деген жерде қырық бес күн болды. Орыстан Зайсанский начальник пен үш крестианский начальник келді. Орыс төрелерінің шақыруымен қалмақ төрелері мен қалмақ бастықтары қонаққа келді. Үш күн өткен соң орыс пен қытайға қараған қазақтардың жұмысы қолға алынды. Орыстан төрт би және қазақтан төрт би билік етті. Әрқайсысы үкімдерінде әділдік жасады. Съезде елудей үй тігілді. Бес жүздей адам жиналды. Съезде халықтың 2000-ға жуық қойы сойылып шығын болды. Бұл шығынды халық өз мойнына алған болуы керек. Ноғай мен қытайға қараған қазақтардың съезі ендігі жылы болады деп тарасты.

«Айқап» 1913 жылы № - І бет- 19

Өскеменнен Алтайға саяхат

Алтай тауының ішінде Шеміршек деген бұлақ бар, соның бойындағы мешітте отырған Қарақас Қуанбай қажының ауылына беттедім де, сол қажының үйінде бір ай жаттым. Қажы керей ішінде абыройлы және діндарлығымен атақ алған адам. Жеті рет қажыға барған, оқуға, ғылымға ықыласты. Жалғыз баласы бар. Әңгіме барысында көп айтатыны: керей халқының надандығы, түркілік оқуы бар адамды «бірінші молда» санап одан артық не керек дейтіндігі. Надандығы; жоқ-барға нанатындығы, баласын шығарса құдай алатындай болатындығы, намысқа еріп, сүйекке қызып, екі рулы ел жалаң-жалаңдасып, бірі-біріне шабысып кек алу сияқты сұмдық жағдайлар. Би, болыс сияқты басты адамдардың надандығы, сұраусыз үкімдері, залымдықтары, Қытай өкіметінің тәртіпсіздігі, қытай ұлықтарының қимылдаса лау ат мініп, дамылсыз жүріп-тұруы, елді тынышсыз жағдайға түсіруі. Осындай жағдайлардың салдарынан халықтың көбі мәнсап жаққа ауып кеткендігі, ол жақта орын теуіп тұра алмай қайтып келгендігі айтылады.

«Айқап» 1913 жылы № - 3 К. Ғ. Қарасу

Сары сүмбе деген сары ғибадат деген мағынада, әуелде бір таңғыт ламасы келіп, өзіне ғибадат салу үшін сары балшықтан үй салып, бара–бара қала болған екен. Алтайдың бір қабат ішінде Қыран деген Алтайдан ағып Ертіске құятын өзеннің жағасында Шин Шы Сай және орыс консулы тұрғаны болмаса, үйлері нашар. Жабайы орыс поселкасы сияқты халықтар қытай, дұңған, қашқар сарты, бірлі-жарым Зайсандағы ноғай, қазақ байларының дүкен ұстаған көшелерінің өзі нашар. Шекара жақын болғандықтан үш-төрт жүз қытай шекара солдаты бар. Шин Шы Сай европаша киінді. Оқыған, тәртіп құрған. Сүйегі торғауыт екен. Ол кісі келген соң солдаттарына низамды киім кигізіп қытай қалмақтарына «Мұқаддас» салынған айдар (төбесіндегі өрген шашы) тіл алғанша алдыра бастаған. Бұрынғыдай ұлықтарға еңкейіп, бас ұрған әдетті қалдырып, европаша бөркін алдырып, қолмен амандасуды үйреткен. Біз керейдің төресі Жеңісқан көңнің үйіне түстік... Төре қырықтың ішіндегі оқымаған, хат танымайтын надан адам екен. Керейлер Алтайға ауған соң өздеріне хан етеміз деп Абулафин ханның Хылмар деген тоқалын үйімен, Гудай, Самен, Жабағы деген үш баласымен көшіріп әкеліп, үлкен Гудайды керейлердің Жантекей деген ханы етіп, басқа екеуін басқа тайпаларға алған екен. Бейжиң қаласына барып ханға «біз сізге қараған қазақ деген халықпыз деп ханнан «王» дық тас алып қайтады. Мына төре сол Көгедайдың шөбересі екен. Көгедайдан Ажы, Ажыдан Қасымқан, Қасымқаннан Жеңісқан. (Жағда Бабалықұлы)

Алтайдағы Шәріпқан көтерілісі

Қытайдағы аз санды ұлттар тарихы ұлттық езгіге қарсы күрес тауқыметіне толы. Олардың тарихы өткен елдің көз жасымен, құрбандар қанымен жазылған. Әсіресе, Шығыс Түркістан халқының тарихы тым аянышты. ΧVІІІ ғасырдың ортасында Цянь-Лин (1756-1757) бастап, тарихтағы атын жойып «Шыңжаң» болып аталған, содан бері қарай осы өлке халқы өз басынан талай-талай қайғылы оқиғаларды өткізді. Шығыс Түркістан халқы ұлттық езгіге қарсы азаттық, тәуелсіздік, теңдік дейтін қасиетті ұранды талай рет көтерді. Сондай-ақ, 1931-1933 жылдары болып өткен, яғни тарихта «12-ші сәуір» төңкерісі деп аталған көтерілісте Баркөл қазақтары мен Алтай қазақтары да жаппай аттанысқа келіп, өз намысын қорғай білді. Алтайдағы көтерілісті қазақ халқының адал ұлы Шәріпқан Көгедаев басқарған. 1933 жылға келгенде көтеріліс аймақтың жеті ауданын түгел қамтыған. Ол жылы наурыз айында барлық ауданда соғыс жүргізіліп, осы кезде Алтай халқының қолындағы құрал-жабдық тапшылығы болғаны жаңа құрылған Шэн Шицай өкіметіне хабарланған. Шәріпқанның өкіметтің құралын Тарбағатайдан алмақшы болғаны жөнінде хабар береді. Осы хабар негізінде Шәріпқан Көгедаев Алтайдан 10 адам 200 түйемен Тарбағатайға жіберді. Махиңшылар Алтай халқына үлкен қырғыншылық жасайды. Әсіресе, Жазсүме қалашығында (1954 жылдан бастап Жазсүнбе деп аталды) қатты қырғын болды. Алтай қаласында негізгі санды ұстаған 95% қазақ халқы болды. Сол кездегі Махиыңға қарсылық көрсетушілерде қазақ болғаны үшін қазақтарды рақымсыз қырды. Махиыңмен болған соғыстың ең үлкені Жаз тетус қадамы Сәуіртауық қарағайы деген жерінде болып, Махиың осы жерде қашып Тарбағатай аймағын паналаған. Шәріпқан Көгедаев бастаған шаруалардың қарулы күші 3-4 айға созылған соғыста Махиың бастаған шапқыншыларды Алтайдан қуып шығып, 1933 жылы қыркүйекте Алтайды екінші рет азат етті. Осы жылы Чың Шорын өкіметі құлап «12-ші сәуірде» Шыңжаңда сұрқия Шэн Шицай өкіметі құрылған болатын. Алтай аймақтық әкімшілігін құруға Шэн Шицай өз өкілі етіп Бұрһан Шаһидті жіберген еді. Алтай азат болғаннан кейін Шыңжаң өлкесінің алтай әкімшілік аймағы (Жуан-Шуй) болып құрылды. Жаңа құрылған өкіметті тұңғыш шығыс Шиң-Жың-Жаң-Жән-Жың-Би-Слиың деп атап, оған басшылыққа Шәріпқан Көгедаев отырды. Бурһан Шаһид өз тобымен 1934 жылы мамырда Үрімжіге қайтты.

Алғашқы құрылған Алтай аймақтық әкімшілігі мекемесінің құрамы төмендегідей:

1. Аймақтық әкімшілігі мекемесі әкімшілігінің бастығы - Шәріпқан Көгедаев (қазақ). 2. Орынбасар және жауапты хатшысы - Мәнкей Мами (қазақ). 3. Жалпы бөлім бастығы - Жами Асылхан (қазақ). 4. Қазына қожалық бөлім бастығы - Шұршытиын Ысқақ (қазақ). 5. Бас бухгалтер – Хафизон Манап (татар). 6. Саяси бөлім бастығы - Оспан Тәжіұлы Шарифхан (қазақ). 7. Дін бөлімі бастығы - Софы Қапас Амантаев (қазақ). 8. Оқу-ағарту бөлім бастығы - Сейтқазы Нұртаев мұғалім (қазақ). 9. Қызметкерлері: Ұят Құдайбергенов (Абайдың немересі) (қазақ). Құсайын Мазақұн (қазақ), Мырзахмет Мұхаметжанов (қазақ), Садық Мұханов (қазақ), Мұсылманбек Тұғұсов. 10. Тыныштық сақтау бөлімінің бастығы Жомарт Қасабаев (сақшының бастығы) (қазақ). Орынбасары – Мұрсалім Ақтанов. «Алтай газеті» қазақ тілінде арап әрпімен шығарылған. Оған тұңғыш өлеңмен байғазыны Зият Құдайбергенов жазған екен. Алтай қазақтары өз тілінде басып шығарылған тұңғыш газетті көргенде, бір-бірінен сүйінші тілеу салтын жүргізген. Газетке халық ішінде үлкен сүйіспеншілік сезім пайда болған. Олар газетке көрімдік, байғазы, көмек деген атпен көптеген мал-мүлік сыйға тартқан. Халық көмегі ‹‹Алтай газетін›› экономикалық жақтан тарықтырған жоқ. 1935 жылы ‹‹Алтай газеті›› деген аттың астына қытайша ‹‹Щынжаң газеті›› деген ат тіркелді. 1934 жылға келгенде алтай халқының сауатын ашу үшін мектептер құрылды. Мұғалімдер дайындық ісін бастады. Бұл мектептер алтай халқының сол кездегі жартылай көшпелі өмірінің және рулар өмірінің талабына қарай сәйкестіріліп ұйымдастырылғаны байқалады. Мысалы: алғашқы адымда іргесі қаланған мектептер Жәнтекей атындағы Мәми пейінің ауылын негіз еткен ‹‹Абақия›› саяхатшы Тафсингрофтың жазуына қарағанда 1909 жылы құрылғаны мәлім. ‹‹Абақияның›› алтай қазақтарының сауатын ашудағы қосқан үлесінің тарихи маңызы өте зор. 1934 жылы құрылған мектептің саны недәуір мол болған, жәдек руының Биғажы ауылында ‹‹Ынтымақ››, Ален уаң әулетінен ‹‹Нұрлан››, Жамилған муфти аулынан ‹‹Мақсұт››, Жанықан қажы ауылында ‹‹Сәуле›› тағы басқалар, бұларды негіз еткен ‹‹Сышырат››, ‹‹Жұлдыз›› мектептері ашылды. Мұның сыртында Сарсүмбе қаласында қазақ-орыс- ұйғыр тілінде оқитын мектептер ашылған. Бұл кездегі мектептердің оқыту бағдарламасы 6 жылдық оқыту бағдарламасы болған екен. Алтай аймақтық оқу-ағарту басқармасының ұйымдастыруымен 1934 жылы тұңғыш рет мұғалімдер дайындау курсы ашылып, оған 60 адам қатысқан. Сол кездегі сауаты бар адамдардан құрастырылған бұл курсқа тұңғыш сабақ беруші мұғалімдер: Шәріпқан Көгедаев тарих сабағын жүргізген (яң Зыщаң кезінде Үрімжіде қытайша оқыған адам.). Кәрім Дүйсебаев табиғат сабағын жүргізген (негізінде Қазақстанда оқыған адам). Шабдан Ережепов есеп сабағын жүргізген (Москвада оқыған). Пайзырахман Байғұмин жағырапия сабағын жүргізген, Садық Мұқанов әдебиет сабағын жүргізген. Осы мұғалімдер курсынан тәрбие алған 60 адам, жоғарыда баяндалған жаңа ашылған мектептерге тұңғыш мұғалім болғандығы байқалады. Сол кезде алтай мектептері оқытушылардың сауатын арап әрпімен ашқан, арап әрпімен қазақ тілінде оқытатын болған, бірақ сол кезде оқу құралдарының бір бөлігін Совет Одағынан алатын болған. Оқудың бір ұшын 1933 жылы советтік Қазақстанда қолданған латын әрпімен сауатын ашуды қоса жүргізген. 1985 жылы Алтайда ‹‹Қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымы›› құрылған, кейін Алтайда көптеген мектептер жартылай болғаны мәлім. Ал енді ‹‹Қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымы›› бұдан басқа көптеген прогрессивтік роль ойнады. Сол ұйымның басшылығында клубтар құрылды, ән-күй, музыкалық клубтар мен ойын-сауық группалары ұйымдастырылды. Олардың бастамасымен «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Шұға», «Қаракөз», «Арқалық батыр» сияқты опералар мен спектакльдерді сахнаға алып шығарылды (жергілікті авторлардың шығармалары да пайдаланылды). 1933 жылғы сәуір төңкерісінен кейін Шэн Шицай өлкенің басқа аймақтарында төңкеріске қатысты жаңалықтар жасады. Соның ішінде техникалық жаңалықтар көптеп орын алды. Мысалы, 1935 жылы Алтайда тұңғыш телефон-телеграф стансиясы құрылды, алғашқы линия Сарсүмбе, Жеменей, Буыршын тараптарында құрылды. Совет Одағынан тұңғыш рет ауыр, жеңіл машиналар мен ХТВ маркалы тракторлар барды, тұңғыш тракторды жасшыған руынан Сәтұлы Сүлеймен деген жігіт айдады, ең алғашқы жеңіл машинаның шофері – Филушын деген адам болған. Сол кезде Алтайда егін шаруашылығында және мал шаруашылығы жағында үлкен жаңалықтар қабылданған. Совет Одағымен болған сауда және мәдени байланыс кезінде Алтай аймағы мал тұқымын жақсарту үшін тұңғыш рет Алтайда-Ангаладосский айғырлар, меринос қошқарлар, Чуйский және Моңғол бұқаларын апарған. Сол кездегі Шэн Шицай үкіметі Совет Одағынан мамандар алдырған. Тұңғыш барған агроном Көдек, ветеринар маманы Лаватинков, зоотехник Картаусов деген адамдар болған көрінеді. Осылар барғаннан кейін осы мамандардың пікірі бойынша Алтайда 1935 жылы ауылшаруашылық басқармасы құрылды, осы басқарманы ұйымдастырып, олар ауыл шаруашылығының кадрларын дайындаған. Тұңғыш рет Алтайда 40 адамнан тұратын курстар ашылып, оларға советтен келген мамандар сабақ берген. 1934 жылы Сарсүмбеде Совет Одағы жағынан тұңғыш 4 аурухана (амбулатория) құрылды. Оны құрушы Асатшөк деген адам болған. 1936 жылы Сарсүмбеде тұңғыш больница іске қосылды, оның құрушылары Совет Одағынан барған Идуартужа, Банкин, Патхолин (татарлар) деген адамдар еді. 1935 жылы Совет Одағына тұңғыш оқушылар шығып оқи бастады, Алтай қазақтарынан алғашқы адымдағы Союзға шығып оқыған жастарды есте қаларлықтай сұрыптаған, олардың саны аз, бірақ әр рудан бірден алынды. Жантекей руынан Сабих Ғаббас, Молғы руынан Тамак Ыбырайымов, төрелерден Мифташы, жазбөлер тайпасынан Төрехан, барқы руынан Сейітқазы Ақшан, Жантекейден Әнуар Мамиев, Зиадан Тұрсынтай Ахметов. Үрімжі қаласындағы әскери оқуға тұңғыш барғандар Ақан Жұптымбаев (әскери топограф), Қажымқан (зоотехник). 1935 жылы Алтайдағы Сарсүмбе қаласында тұңғыш рет қытайдың мемлекеттік банкісі құрылды. 1936 жылы қытайдың шекара әскерлері Моңғол халық республикасы мен Шынжаң шекарасы Шағанғол деген жерге түсті. Совет Одағы мен Шыңжаң шекарасы Жеменей, Қаба ауданына жүргізілді. 1933 жылдан басталған Алтай аймағындағы жаңалық әр түрлі болып, жаңа құрылым, жаңа табыстар халық қолдауына ие болды. 1933 жылы құрылған ‹‹Жаңа Шынжаң›› өлкесінің жаңа бастығы алдамшы Шэн Шицай алғашқы адымда ‹‹Алты сыпайы бол››, ‹‹8 түрлі міндет››, деген сияқты жаңалықтарға мұрындық болды. Совет Одағымен болған сауда қарым-қатынасты біраз уақыт болса да жүргізді. Совет Одағы көмегімен және Совет Одағы мамандарының тікелей қатысуымен Шынжаң өлкесінде көптеген жаңа құрылыстар бой көтерді. Бұл кезде өлкенің басқа ұлт халықтары сияқты Алтай халқы да жаңа дәуірдің белсенді құрушыларына айналды. Бірақ, арамза Шэн Шицай өз үкіметінің ірге тасын бекітіп алғаннан соң бұл өлкенің халқына зұлымдығын жүргізе бастады. Соның ішінде, Алтай қазақтарын ерекше қырына алды. Алтай жергілікті халқынан жиналған қарулы күштің торуылы Шэн Шицай үкіметіне ұнаған жоқ. Сондықтан, ең алдымен Алтайдағы төңкерістік қарулы күшті жою мақсатымен 1935 жылы Шәріпқан Көгедаев қолдаған қарулы күшті ретке салу сылтауымен Үрімжіден самолетпен әскери адамдар жіберіп, жоғарыда баяндалған 25-30 адамды эскадрон, 2 взвод етіп қайта құрды. Бұрынғы 500 адамдық найман отрядын қысқартып, эскадрон атады, оның бастығы Бүркітбаев Мәсім деген қазақ жігіті болды. Бұрынғы мыңнан астам Шақабай, Жәнтекей руларының екі отряды қысқарып, эскадрон деп аталды. Оның бастығы ретінде Жидебай Мамиев деген қазақ жігіті тағайындалды. Бұрынғы 400-ден астам моңғол отрядын қысқартып, бір отряд құрды, оның бастығы етіп Ғұнчат деген монғол жігітін қойды. Бұрынғы 500-ге жуық орыс отрядын қысқартып, бір взвод қылды, оның бастығы Зенков деген орыс жігіті болды. 1936 жылға келгенде жоғарыда айтылған жергілікті халықтың эскадрондары және қысқартылып, барлығынан бір эскадрон қалдырылды да қалған әскери адамдарды құралсыздандырып, Сарсүмбе іргесіндегі () Абитан деген жерден су құрылысын (тоған қазу, жаңа жер ашу) жасағын ұйымдастырды. (Деректерге қарағанда Косто Гомиркин деген капиталист 1910 жылдары осы Абитанда су құрылысын жасауды жоспарлап, біраз жұмыс жасаған, бірақ өз жоспары аяқталмаған екен). Сөйтіп, жергілікті халықтың құралды отряды құрып кетті. Осы жылы Шың Шы Сай үкіметі өзінің шекара отрядтарын Алтай мен Моңғол халық республикасының шекарасы Шағанғолға түсірді, Совет Одағы мен Алтай шекарасын Қаба және Жеменей аудандарына тұңғыш рет түсірді. Шэн Шицай үкіметінің ішкі тәртібін қорғайтын ұйымдар полициясын Шэн Шицай күшейтіп отырды. 1933 жылы Шәріпқан басшылығымен құрылған тыныштық сақтау басқармасының кадрлары әр түрлі сылтаумен қуғындалып 1935 жылға келгенде Сарсүмбеде Алтай аймақтық тыныштық сақтау мекемесінің (Гуң ән жу) бастығы болып Үрімжіден жіберген Сау Тиян Жу (Субынды деген дуңген) келді. Бұл адамдардың Алтайда істеген жұмыстары Шэн Шицай үкіметіне жаққаны сонша 1940 жылға келгенде Сау Тиян Жу -өлкенің тыныштық сақтау министрлігінің орынбасары болып тағайындалды. 1944 жылы осы адам Іле аймағындағы ұлт-азаттық көтерілісі қарсаңында Шэн Шицай (бұл кезде Шэн Шицай кеткен) үкіметінің ерекше өкілі ретінде Құлжаға келіп, полициялық режимді күшейтті. Үлкен қырғындар жасады, сол жылы қарашада Құлжа қаласында соғыста партизандар жағынан атылды. Сау Тиян Жу кетісімен Алтайдың барлық аудандарында бұрынғы тыныштық сақтау кадрлары ығыстырылып, тұтқындалып, қамалып, олардың орнына қытай кадрлары ұсынылды. Осы жылдардан бастап Алтай аймағындағы басқа да барлық үкімет орындарында, мекеме, басқарма және қоғамдық орындарда қытайлар бастық бола бастады, тек Шәріпқан ғана уәлилік орында қалды. Шәріпқанның өз қолымен қойған кадрлары ығыстырылып шығарылды, кейбір жағымпаздар өз орнында қалды, бірақ олар түгелдей қуыршаққа айналды. 19… жылы Шәріпқан Көгедаев Шәуешекке келген екен. Шәуешектен Үрімжіге барған, оны осы жолы Омарбаевтың машинасымен Қоңырқожа Сырлыбаев алып барып, содан оралмады.

Бауырым Жағда, сіздің сұрауыңыз бойынша Майлы керей елінің партизан отрядының Шығыс Түркістан қозғалысына қосқан аз үлесі жайлы көз көріп, қол ұстаған шындық істер туралы ғана жазып отырмын. Бұл жөнінде анау бір жылы өзіңіз сурет алып және әрбір жағдайларды сұрап, хатқа түсіріп жүрген соң «қарауылшы алып бермесем де көріп береді» деп мен пәлен дегем де жоқ. Өйткені, сіз бастан бастап бір кездерде көріп, біліп, ұғып, сұрап, түсініп жүрген болғандықтан, мен сырттан сенбей жүріп келген болсам да, соңғы күні олар туралы әртүрлі ойлар болған-ды. Өзім ұлғайып та барам, денсаулық болмай, осы бір масыл қалай деген бір ренжуде болып жүрген едім. Осы материал жайлы бірнеше адамдар сұрап та келді, хатқа жазғандар да болды. Өзі бір жақтан келген жас балалар ол кездегі жайлы біле бермес, ол бір, екінші бұл жақтағылар қайсыбір жерлеріне күдіктенетіндері де болар деген ойлар келеді, әсіресе, менің ойлағаным сіздің осы хатыңыз келерден бірнеше күн бұрын сіздің сөзіңіз деп раздық естіп қалу қарсаңында хатты да көріп қалды. Сондықтан, осы жазбаны барынша қамтып жазған болдым, мен сіз туралы айтқаным жоқ, себебі өзі айтсын дедім, сіздің осы топта бар екеніңізді де білдім ғой. Менен біреулер: «Байкенже деген батырды жерлегенде жырау айттың, сол рас па?» - деп сұрады, мен растадым. Әлі де сол енді мұнан кейін бұл істің жақсы, жаман іске асуы сізге байланды. Мен мұнан бір пайда көрем бе деген емеспін, жан жоқ парақ бетінде атым қалса деген үміт қана, кейінгі ұрпақ көрермендерге бір белгі болып қалса деген ой ғана. Мен өзім болған шайқастар Ұзынбұлақ, Қарас сай, Айыр, Шаған оба, Байын шоқы, Толы, Дөрбілжін, Қобық, Буыршын. Тек мен Оқтартыс, Көкжайдақ жақта болмадым. Отыда үш рет партизандар шайқасы болды. Оспан адамдары қырғыз бен ескі уақ елін жалаңаштап мал мүлкін көбейтіп кетеді, бірақ қарсы болмаған елдер армиясы бірлі-жарлы болмаса аман дейді. Қазез бастаған 13 адам қарсылықпен шайқаста өлтірілген, олардан да шығын болған, кейбірі қолға түскен. Дөрбілжін азат болған күні халық алдында жөнін табады. Іледен келген Әлімов, Балтаев 60 адаммен Бұратала, Тарбағатай, Жың шекарасының аяғы, көл жағасында Бұратала, Қызылтор жақты күзетіп, он-он бес күн болды. Біз Байыншоқы шайқасында Байкенже батыр қаза тапқанда шайқас үстінде жазған мәлімет пен көмек сұрағанда, Бұратала оларды көмекке барсын деген. Онда Байыншоқы шайқасы бітіп кеткеннен соң бөлек келгеннен кейін бұларды тарытсақ ердеге қосып, тартыстағы әскерлер берілгеннен кейін, талан-тараж жүргізіп, Шәуешекке келіп сұрақта болғанын білем, аяғы немен тынды, білмедім. Олардың жолға қарап, жаудан тазартқанын білмедім. Ұзынбұлаққа дейін Бұратала мен тосқауыл болған жоқ оған біз қарадық. Олар Іле өзенінің аяғында болды. Ал Ұзынбұлақтан Дөрбілжінге дейін ораза біткенге дейін мен өзім болдым, мұны Байділда Доскенов деген адам білетін де шығар. Іле Тарбағатай арасында кім болса да қымтай алмаса керек.

(Жағда Бабалықұлының ескертпесі. 1973 жылы 5 қарашада Доскенов Байділда қайтыс болды, 6 қарашада қазақ зиратында жерленді. Ол кісі полковник болған. Алтайға ұлттық армиядан Доскенов Байділда (полковник) алғаш рет 1945 жылы қыркүйекте барған. 1944 жылы қарашаның 30 күні Шығыс Түркістан ұлттық армия қатарына кірген. Генерал Ысқақбекке көмекші және начальник болып жұмыс істеген. Жоғалаң жорығында қазақтар бала-шағаларын көтеріп партизан болды және күреске қатысқан. Бәкең көргенін жазып берем деп жүргенде, қайтыс болып кетті. Қанша дүниені қағазға түсірді, ол белгісіз болып қалды. Қайтыс болған күні әдейі барып әйеліне, туыстарына Бәкенің естеліктері жөнінде қысқа айтылды. Ал қалай болғаны белгісіз, кейін оны қауіпсіздік мекемесі тапсырып алғаны мәлім. 1973 жылы қарашаның 18 күні жазылған.)

Көк жайдақ тарғының шайқасында Сауаннан келген партизандар бастығы Зейнембай батыр болар. Және бір ескерте кетер сәт, көлік азық-түлік жайында аз ғана көмек емес, ауыз толтырардай көп көмек болды. Бірінші партизан құрылысынан Іле Тарбағатай арасында жүрген азамат пен аттың өзі қанша деуге болады. Сөткісіне төрт ат, екі кісі жүріп келеді. Мұнан өзге Шәуешек, Шағантоғай, Шәуешек, Дөрбілжін қатарлы жерге жүріп тұрған, Бұратола аймағында аз дегенде жүз түйе жүріп өтеді. Ал аз күн болғанымен 1080 адамнан партизан құрылатын болды. Осылар күнде шабуылмен жүргенде бір айда қанша ат мінер еді. Сол партизанның сойыс азық-түлігі қайдан тек 3-4 бөлік, өзі тербеген сойыстан өзге бір мінілген ат қанша десеңіз. Отаршының ақ жорға аты, Самбайдың қара төбел жорғасы, Мұсажан Доскеновтың кері жорға аттары сияқты керей елінің дүлдүл деген сайгүлігі Алтай аймағында бар еді. Шенгенме деген жоғарының сау деген малына да қол сұқпай, тек керей елінің өзінен құралды баспаналарын күннің ыстық, суығына қарамай, екі дара үй тігіп екі полкті қарсы алды, екі полкке 700 қой, 25 өгіз, сиыр азық берілді. Зұнын Тайыпов жолдас Тарбағатай аймағының Шығыс Түркістан азаттық жолындағы елеулі еңбегін, қанды шайқасын, жоғарыдағы көптің көмегін көрсете отырып, Тарбағатай аймағына есік ашып, Алтай аймағына жол ашқан кім екені әлемге айқын екенін бүгінде ұмытып, көзін жұма алмаса керек. Өйткені, ол Майлы керей партизандарының елеулі еңбек қосқанын білетін, көрген майдандастары ауылдарыңыздан табылатын шығар, аз емес. Барды бұрмалап, бес қолды бірдей ауызға салған адамдардың қақалып қалса абыройына нұқсан болуы да мүмкін, сондықтан жолдастық тұрғыдан ескертуге де болар. Есіңізде болар, ағаш көлеңкесі мен тамның тасасында бұғып жатқан Еменахүн сібе мен ахундар қазы-қарта мен жал-жаяға ие боп жатқанда, ұлтарақ, шылғаулар солардың мұжыған сүйегін иеленіп жүр деген тәмсілдің шығуы солардың салдары, түсінерсіз.

Шеттік батырдың бір ерлігі жайында

Шеттік батыр керей Атантай руынан. Жас кезінде ұрлық қылады екен, ол кезде Тоқпақ қожа құл мен майлыдағы керейлер жауласып, мал ұрласып тұратын кезі болса керек. Қыстың күні қар жауған, жер қатқан болар, Шеттік батыр қасына бір жігіт ертіп, Алатауға жорыққа шығады. Аттарын аулақ байлап, бір ауылға келсе, ауыл бір қыспақ, тар жерде, бес-алты үй тас тошаламен қыстау салған екен. Бұлар да ауылға саймен жорғалап, ауылдың басынан жылқы байқауға есік алдындағы тік теріскей беттен тасты жапсарлай жүріп келе жатқанда балалардың сырғанағына кездесіп, Шекең өтіп кетіп, жолдасы сырғанақпен ағып барып, күзетшінің алдына барғанда, жолдасын ұстап алыпты. Атқа барып ойланып, Шеттікбай жолдасын жауға тастап кетіпті деген ат болмасын деп, ауылға қайта келсе, бес-алты үйдің адамы жиылып, оларға кісен салып, керіп жатқанын шошала үйдің есігінен сығалап біледі. Есікті ашып тастап, бердеңке мылтығын қолына алып, өзі қайда дегенде, ішкерідегілер сескеніп жарылғанда, жанында тұрған отты атып жіберіп, төр алдындағы жолдасын құтқарып алып кетіпті. Үй ішін от қаптап, мылтық даусынан отырғандар сасқалақтап оларды қуа алмай қалыпты.

Майлы керей елінің Шығыс Түркістан ұлт азаттық қозғалысына қосқан үлесі жайлы, олардың іс-әрекеттерінің шын басталу кезеңі

1943 жылы жайлау үстінде майлыдағы керей еліне Үрімжіден келген Тарбағатайға үгіт тобынан бір қытай және Үрімжі саяси қытай мектебінен оқыған Қарым Акимұлы бастаған бір бөлім үгіт тобы келеді. Ахмет Шыңжаңға қараған майлыдағы Керей елі үш моңғолдың ішінде аттандап, қария қажының үйіне жиылған мыңға таяу адамның жиналысы болды. Жиында арнаулы үгітшілер мен Ахмет сожаң, Пу сожаң, Әбдеш бастық қатарлы бірнеше адам сөзге шықты. Мен ол кезде керей елінің жеті сожаңінің біреуі едім. Мен де солардың қатарында сөзге шықтым, білгенше қысқа сөйледім. Сөз арасында кейбір Гоминдаң партиясы байшыл, Гуңсандаң партиясы кедейшіл кедейді жақтайды, деген сыбыс сөз таралды. Мен сөйлеп бола бергенде Ахмет сожаң бір Гуңсандаңді танымаймын, біз оған қарсымыз деп түзету берді. Осыдан кейін екі айға жетпей мені сожаңдық қызметтен босатып, менің орныма Моқай Долабаев деген адам сожаң болды. Бұдан кейін өз шаруашылығыммен шұғылдандым. Содан бастап мені Чыңсай жуй жендеттері бақылауға алды. Ауыл ішінде мұрын көрші Мұқанұлы Мәлікті тыңшы қойып, келіп кеткенді аңдып отыратын болды. 1944 жылы найман бастаған керей елі және жаңа уақ елдерінен ұлт азаттық қозғалысы жәйлі әрбір орталарынан бірлесу тобы құрыла бастады. Топты құрып, іс жүргізуге мен басшылық еттім, осы жылдың осы айларынан бастап мына топтар құрылды: 1. Жантамас елінен Сейітжанов, Жақыбжан, Біләл, Ақылшы, жер аты - Қара шоқы; 2. Атантай елінен Қасейіт қажы бастық, Шеттікбай батыр, Ахметқан жер аты -Ақсай; 3. Қарақас руынан Қали Қиза бастық, Мұсажан, Асан ақылшы, жер аты -Дүйсенбай дөрен; 4. Терістаңбалы сәтті қолы Нұрахмет бастық, Әушей, Ісқақбай жер аты - Соуыр айтақ сайы; 5. Бектас құрман қожа Ақсары руынан Қайса батыр бастық, Қыдыр молда Қапшы, Самбай, жер аты - Ақ қойшасы; 6. Жәдік руынан Бодамбай, Өркембай, жер аты - Таңбалы; 7. Шеруші руынан Ақатбаев бастық, Долда Жұматай, Саттар, жер аты - Қара кір, ақ томық; 8. Жастабаннан Көкебай бастық, Құдайберген Қыдыр молда, жер аты - Қара ағыс; 9. Ботадан қара бастық, Төрімбай, Тойықбай, жер аты - Аңгі; 10. Есіркептен Бөгенбай, Шәлден бастық, Ғалымғазы, Сабай, Түрісбек, жер аты -Шалғай; 11. Атантай Сары руынан, Ботай бастық, Базарбек, Шәкербай, жер аты -Көбесүйек; 12. Меркіт отаршы руынан Қали бастық, Қожа ғасыр уәйіп, жер аты - Шатолғай; 13. Жаңауақ елі Қия арыстан зәңгі Уәззи, төрмолда, жер аты - Ақ тасты аршалы. Осы топтар бір жыл мерзімде құрылу мен байланыс жасап, ілгері, кейін осы он үш топ астыртын үгіт бірлестіруші істерін алып барды. Монанбасов Толы төңірегінен қатынасқандар Қәзез Ахметқали, Құрматай Дәуітұлы, Назарбек Төсекпайұлы, Ниазахуын ұйғырлар, Баймолда Мергенов. Дөрбілжіннен Қамза Есіркегенов, Нұрахмет Әбылханов. Ақсу керейлерінен Айдын көл, Шалқар сарыбас, Шоқай қатарлы адамдар араласып тұрды. Майлы жайыр арасында ерекше боп еңбек етіп, астыртын топтағылар 1944 жылдан бастап қытай Жыңса жүйде әскерлік қызметінде болып тұрып, іштей хабар беріп, еңбек еткен Құрманәлі Шоқбасұлы болды. Онан кейін майлы жайық тартыс кезінде Ахмет Қалиқанұлы елеулі еңбек еткен. Онан басқа арпалыс, жанталас кезінде қажымай, талмай өгізбен жүріп еңбек еткен Жансейіт Бекейтов. Осы аталғандардың бірнешеулері ерлікпен қаза тапқанның қатарында аянышты қазаға ұшырағандар. 1944 жылы тамыз айынан бастап осы топтың бастықтары қуғындалып, Қасейін қажы Совет жеріне аударылған. Ахметқан, Жеңісбай, Құрманахондарды жібердіңдер деп Толы сожаңы Нұрғазы бірнеше әскермен Тастыда ұстамақ болып барып, аты аталғандар қарағайға кіріп ұстатпай, Қасейін қажыны ауыл адамы Шеттікбай батыр бастыққа қарсы шығып, бермей қалып, қайтып кеткен соң, Шағантоғайда артынан 25 кісі әскер шығып, Қасейін қажыны тұтқынға алды. Ахметқан, Жеңісбай, Құрманахундар жеті бітеудің арасына қашып ұстатпай кетіп, Қасейін қажыны Шәуешек түрмесіне апарады.

Осы болған оқиғалардың аралығы бізбен жалғасып отырды.

Бір ай мөлшерден соң ел қыстауға жаңа қона бастағанда менің ағайым Мұстапа, бауырларым Қыдыр молда, Қазікен үшеуін Толы жыңса жүйден әскермен келіп, Іслам дүңген бірнешеуін тұтқынға алды. Олардың қылмысы біздің ауыл Майлыдан кейін көріспей қалғанда Совет жерінен контрабандаға бардың деген болуы мүмкін. Артынан бір айдан кейін төрт әскер келіп, мені де апарып, жыңса жүйге апарып сұрақ қылды. Сен Мұстапа, Қыдырмолда, Қазыкен үшеуін Советке жіберіп, ісек, екі бие, он түлкі, кигіз бердің, олар айтып отыр деген оспақтарын айтып, кепілмен оны да үш ай сұрақ қылды. Мен оларды ұйымдастырып жіберуім де рас еді. Апарған мал олардың өздерінікі, мен шекарадағы бір кісіге хат жазып, оларды жіберген едім. Бірақ олар ол адамның фамилиясын білмей қалған, сондықтан ба, үш күн жатқызып, Қара бұлақ басында ондай адам жоқ деп, бұлардың апарған малдарын алмай қайтарып жіберген болатын, бұлар әскердің суырып тастаған ат тағаларынан көп таға алып, оны тыққызып жасырған болса да, соның Қыдыр молда бір тағаны Отарбай деген ұстаға бұздырғанын біліп анықталып қалды. Оттыда мен үш ай жаттым, Шәуешекке Үрімжіден келіп сұрақ алып, қысым жасағанын мен мойындамадым. Мұстапалар төрт ай болды. Қасыппайдың әкесі Испай сопының қыстауы біздің қыстаумен шекесі жақын көрші отыратын, сондықтан мен өзім Нұртаза арқылы Испай мен тіл табысудың себебінен мені кепілге босатты. Мұстапа, Қазыкен, Қыдырмолда да шықты. Бұларға адам айтқысыз қинау көрсеткенмен, ерекше ерлік етіп, барған өзіміз, басқаны білмейміз дегенмен қалған. Екі бие, он түлкі, кесек кигізді алып, адам бастарын қайтарды. Бірден Нәсіпбайдің әкесі Испайдің таныс көршілері жайында, екіден, өңеш майлау пердесі мен осы қарсаңда Қайшан, Ахметқан, Жеңіспай, Құрманахуіндарды қолға түсіре алмай алдау саясатын қолданып, үшіншіден, Нәспайдың әкесі Испай сопының ақкөңілдік мінезі өңеш майлаумен Қасейын қажыны 1945 жылы 1 айда елге қайтарды. 1944 жылы ел қыстауға тартқанда, қыркүйек айында Іле өзенінің көлге құйған айнасында, Бұратала және Жың аудандарының шекарасы Көк бастау деген жеріндегі иен керей елінің Тарбағатай аймағындағы қыстамасын сылтауратып, менің туған құдам Мамырбек Жақыпжанның қайнағасы Бөгметы Бұратала арқылы Іле аймағымен байланыста болып тұруға Себірдіге көшіріп, Көкбастауға қыстауға жібергеміз. Бұлар қыс бойына төбемен, ақыры жаяу Бұратала аралығына қатысып отырды. Бізге Дөрбілжін және Тартас қатарлы ел іші өрістері бірер мал беріп тұрды. Көбінесе Айыбахун, Ғарыбахун Қосамолев қатарлы адамдардан қатынас болып тұрды. Іле арқылы 1945 жылдан бастап 1-2-3-5-ші көпірге көз тігіп, Дөрбілжін Шауешекке шақырып, сожаң арқылы қатынастар болып, жыңсажуй жендеттері тынымсыз шабуылға кірісті. Жоғары төрт топтың басты адамдары үйге отыруға мүмкіндік болмай, сақтанып, тау паналап, бой жасырды. Ал 2-3-5-ші топтың басты адамдары Қайса батыр, Мұсажан, Қали қатарлы бірнеше адам Бұраталаға барып бой тасалады. Жұмыстың басы бізге байланысты болғандықтан, Жақыпдан екеуміз Қарашоқы таумен Сауір шалғайдың Қыйын қорда өңірін сағалап, ел ісін жүргізуден қол үзбедік. Сондықтан, күндіз бір сайда болсаң, түнде бір таудың қуысына кетіп, бір сөткеде екі жерде жүріп, қоныстап қиналып, наурыз айынан бастап тау паналап, күн өткізіп, жердің қарайып, қар кетуін күттік. Ақантай елінің Қасиен қажы бастаған Ақсай тобы да біз көргенді көрді. 1945 жылы мамыр айының ондарында Дөрбілжін ауданынан отыздай Таңғыш, Серғазы, Көлібай, Құдайберген ақсақалдар, ұйғыр, қазақ, қалмақ болып 25 адамнан құралған группасы шығып, Көкжайдақтан үй тігіп қарсы алды. Жыңса жуйдің әскерлері Ораз басқарған группасын қорғаушы ма, болмаса, аңдыған адамдарды әзірейіл ме, кім білсін, қасында екі шақырым жердегі тартыс жолын баққан тау әскеріне сүйеніп, бүтін керей елін жинаған Майлы тауының күн бетінде қыстаулық жерде ел қалмай көшіп, барлық Майлыдағы мекендеріне баруға шақырды. Бұл жолы үгіт группасының бірнеше реткі жиналысына 1-2-3-5-10 топтарының басты адамдарының бірде-бірі қатынаспады. Өйткені, бұл топтың адамдарын бұрыннан қуғындап, бақылап келгені және көзге көрініп келсе, сау кетпейтіні түсінікті. Әсіресе, 1-2-3-5 топтың адамдарын жыл бойы қуғындап келген. Ел, мекен, қонысына барды деген сөзді пайдаланып, тек сожаң Ахмет пен Қажыбек Шалғайбайұлынан басқа Жантас руының алты ауылы көшіп, Тобылғыда қонған күні Майлы тауының комбаты Ілебайдан қытайдың Қажы Ерекеұлы мен зәңгі бастаған көп әскері келіп тосты деген хабар болды. Сол күні түнде Жантас ауылдары түнімен көшіп Майлыны асып, Төре бетіндегі Майлы барлық арасына барып қонды. Өйткені, басқа керей уақ әскері келіп елдің шетін алғаннан кейін, шеттеп бармаса да, Майлы монғол керғадаға барып қонды. Керейдің артта қалған азғантай Бектас, Қарақас, Қожыр елдерін бастаған бірқанша ел адамдары жыңса жүйден 15 кісі әскер қосып, басты адамдары қашып кетіп қалған елді қырып-жойып, Майлыға шықты. Ілабадағы қытай әскерлері Жантас елінің күнгей бетіне барғаннан соң, Майлы тауының теріскей беті Ұзынбұлақтағы Сахыпжан бекетінен барып тостық. Осы кезде маған барлық үш көшедегі Дөртуіл елінің қорушысы Үмбетәліге барып сөйлесіп, үш көшеден он бес күндік қоныс сұрап алып, қоныстануға болатын еді. Гоминдаңға беріліп, қарсы әрекет еткендердің бастылары - Қаби Еркеұлы, Туғанбай, Назарбек Тұрысбекұлы, Сәпполда Тұрысбекұлы, Әбдіш Шөкпайұлы, Төре рухының алғашқыларынан қалғаны осы, өзіңіз білесіз, атқа қонарлардың осылары уақ Бекей қажы, Қали Беткенұлы, Сағат, сол бір арпалыс кездерінде Гоминдаң, шыншисай жүйелеріндегі Ораз шөнген бұл Толыға келген әскердің машинеде өлгендігін көрдік. Нұрғазы сожаң, Ыслам шөңген, Жақып, Мәлік, Бақтияр ақсақ, осылардың бәрі жан аямай шапқандар.

«Нұрсапа 1975 жылы 8 қаңтар» қытайдан келген хат

Әлен Ескендірұлымен болған әңгімелерден

(1974 жылдың 6 қарашасы, Алматы)

Әлен Ескендірұлы он екі абақ керей, Жантекей, Жантекей ішінде Құлтай Болат, Құлтай Болаттан Өтеген, Салық, Байқожа, Шыңқожа, Қожаберген, Байқожа ішінде Жанаш, Жанаштан Тұрыстыбай, Тұрыстыбайдан Ескендір. Ескендірден Әлен, Әленнен үш қыз Айналы, Күләш, Мерке, әйелінің аты Минаш Қабдуллақызы. 1923 жылы Алтайдың Сарысүмбе қаласында туылған. Бастауыш мектепті Болат руының мекені Дүрбілжін деген қыстақта «Болат мектебі» деген мектепте оқыған. 1937 жылы салынған бұл мектепте 6 класқа дейін, 1942 жылға дейін оқыған. 1942 жылы Үрімжідегі Спан мектебіне келген. Спан мектебін 1945 жылы бітіргеннен кейін, осы жылы Үрімжіде саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты студенттер арасындағы Гоминдаң үкіметіне қарсы астыртын ұйымға қатысқан. Ұйым құру ісіне 1944 жылдың наурыз айынан бастап қатысқан. Жастар ұйымы (жастардың түркістаншыларға қосылу бірлігі) ұйымдастырушылары Қали Ысқақұлы, Мүсірат Шаһиұлы болды. Ал Спандағы группа бастығы Әлен Ескендірұлы еді. Бұл группаның мүшелері: Құрбанғали Ысқақұлы (Шәуешек), Құрбанәлі Нұмайлун, Рақиев, Рақиев Сайфи, Рамазан Жанбосынов, Торайов, Қажығұмар Шабданұлы (Шәуешек), Рахметолла Әбішұлы, Мамырбек (Шихулық), Мамырбек (Алтайлық), Шағат Қопаұлы (Алтай), Қоқан Амиров (Алтай), Қыдырхан Амиров (Алтай), Тоқташ Тоқиев (Шонжы), Мүсірат Мамиев (Алтай), Әлен Ескендірұлы (Алтай), Тұрсын (Күйтін) барлығы он алты адам болатын. 1945 жылы 28 сәуір күні Үрімжіден қашып, 12 мамырда Үрімжі аймағының Дунсан тауындағы Ақсу деген жерде ұсталып, түрмеге түскен. Олар жолда Қали Асылханов пен Бөпе деген адамдарды өздеріне қосып алып, олар жолда жүре алмаған соң үйлеріне қайтарып жіберген. Жастар тәжірибесіздік жасап, Даусан қазағының Сақа үкірдай дегеніне барып, көмек сұрағанында Сақа бұларды гоминдаң солдаттарына ұстап береді. Сонымен Үрімжіге айдалып, түрмеге қамалып, сұрақ жасалады. Сұраққа алынушыларды бастаушылар және ереуілдеушілер деп екіге бөледі. Ереуілдеушілерді босатып жіберіп, бастаушылардан жеті адамды алып қалады. Түрмеде қалғандар - группа бастығы Әлен Ескендірұлы, белсенділер Құрбанғали Ысқақұлы, Құрбанәлі Нұмайлун, Рақиев, Рамазан Жанбосынов, Торайов, Қыдырхан Амиров, Тоқташ Тоқиев, Мүсірат Мамиев, Тұрсын. Бұлар түрмеден 1946 жылғы 11 тармақты бітімнен кейін шыққан. Бітімде түрмедегілерді шығару белгіленген, сол себепті 1946 жылғы шілдеде босатылған. Әлен Ескендірұлы өлкелік оқу-ағарту министрлігінің оқулықтар баспасының тәжірибе бөлімінің қазақша кітаптар бөлімінің қызметкері болған. Онда 1947 жылдың қысына дейін істеген. Содан кейін «Шыңжаң қазақ газетінің» кадр бөлімінің бастығы болған. Сол жылы бітім бұзған соң ол ұшақпен қашып Құлжаға барған. Содан Баяндайдағы ұлттық армия бас штабының қарамағындағы әскери мектепке келіп оқыған. Әскери мектептен кейін Аралтөбедегі Текес бірінші атты полктың 4 эскадрон командирі болған. 1949 жылы тамызда Құлжадағы офицерлер курсында оқыған. Содан кейін осы жылы Алтай генерал штабында жұмыс істеген. 1949 жылдың желтоқсан айында Тарбағатай атты полкінің полк штабында аспап бөлімінің қызметкері болған. 1950 жылы наурыз айында Алтай атты полкының пулеметшісі болған. 1950 жылы наурыздан желтоқсанға дейін бандыларды тазалау әрекетіне қатысқан. Бандыларға қарсы жорықта командир болған Құмарбеков Әсет (Алтайлық), үшінші дивизия орынбасар бастығы Әлен Ескендірұлы. Жалпы, бәрін басқарған полк командирінің орынбасары майор Студентков болды. Жалпы әскер саны 2600 адам.

Эскадрондардың жорықтары

Сарсүмбеден шығып Толыға барып, Толыдан шығып, Ертістен өтіп, Ақдаланы басып, Сарытоғайдағы бекініске түскен. Сарытоғайдағы бекініске барғандағы мақсат Оспан бандалары Шонжыдан Алтайға өтпек болғаны үшін соның алдын тосу еді. Олардың негізгі жүрген жері Байтік тауының оңтүстік батыс жағындағы құмда болған. Сарытоғайда шілде айына дейін тек барлаумен жатқан. Шілде айының аяғында барлауға шыққан бір сарбаз Байтік тауының түстік жағындағы Сарземпе деген жерде Оспан бандыларымен кездескен. Командир взводы Сауыт деген жігіт бір жауынгерді алдына жалаумен жібереді, жау жағы оны атып түсіреді. Кейін жау жағы күшейіп келіп, шабуылға өтеді. Взвод шегініп, құтылып кетеді. Взводтың хабаршысы Байтік тауының Ұзынбұлақ деген жеріндегі штабқа келеді. Хабар алған соң бірінші эскадрон Сарықамысқа барады. Бірақ, Оспан қолы ол жерден көшіп, Қарақұмға кіріп кеткен екен, жұртта мал, үй саймандары қалған. Эскадрон Сарықамысқа барған соң, радио арқылы Үрімжіге хабарлаған соң, Үрімжіден қайтадан Сарытоғайға қайтыңдар деген бұйрық түседі. Бұлар Байтікке келе жатып, жолда екі адамды ұстайды. Олардың айтуына қарағанда, Жылқыайдар Оспаннан бөлініп шығып, бағыну керек деп жатқан екен. Келесі күні Жылқыайдар бұларға келіп, өзі тізе бүккен. Ол 150 отбасын өзімен алып қосылған. Бұлар Ұзынбұлақтағы штаб маңына келіп қонған. Жылқыайдардың келгенін Сарсүмбеге хабарлағанда, оны қарусыздандырып, 40 ат алу жөнінде бұйрық түскен. Эскадрон олардың қару-жарақтарын түгел алып, ауыл халқын Көктоғайға өткізбек болған. Түнде қонған жерінен Жылқыайдар екі адаммен қашып, Сарсүмбеге келген. Оның себебі, олар қытайдың 40-шы полкін атып, шабуылдаған екен. Солардан қорқып, Сарсүмбеге қашқан екен. Бұл 1950 жылдың шілдесі еді. Кейіннен осы елдің күз айларында қайтадан Алтайдың Көктоғай ауданына келгенін естідік. Елді 40-шы полкқа тапсырғанда «бізді мұсылмандар өлтірсін, қытайлар бізді енді қырады» деп зарлаған. Эскадрон командирі Монғол шекарасына кеткенде Әлен эскадронға ие болып қалады. Қазан айында Сарсүмбеге келген бұйрық бойынша Бұрымжап деген моңғол қолы келіп, Сарсүмбе ауданының Ертіс бойындағы шебін шапқан екен. 2 адамды өлтіріп, мал-жанды айдап Бурылтоғай арқылы Қызылжыра деген жерге қашқан. Соны қуалауға Әлендер бір эскадронмен шыққан. Бұдан бұрын Бурылтоғайдағы әскери бөлімнен бір взвод қуалап шыққан еді. Бурылтоғайдың түстік жағындағы Қызылжар деген бекініске бекінген Бұрымжаптарды олар қуып жетеді. Бурылтоғайдан шыққан взвод бұрын барады. Взвод түн ішінде Бұрымжаптарды қашырып, олардың екі адамын өлтіріп, малды алып қайтады. Бұйрық бойынша Әлен Бұрымжапты қуалап құмға кіреді. Бұрымжап шегініп бара жатқанда Қызылжарда жатқан Сыдық зәңгі қашып, Манасқа өтіп кетеді. Взвод қайтып Көктоғайға келеді. 1950 жылы желтоқсанда Алтайдағы атты дивизия командирі Паткулла бастық екі эскадронмен Қобының құмына түседі.

Құлжадағы мамыр оқиғасы

Құдайбердиев Смайыл Әміраұғлы (ұйғыр) 1933 жылы Құлжа аудандық Асаизі деген ауылда туған. 1935 жылға дейін бастауыш мектепті осы ауылдың мектебінде 4 класпен аяқтаған. 4-7 кластарды №5 мектепте оқыған. 1953-1963 жылдары тұрмыс қиыншылығымен оқи алмай, сол №5 мектепте завхоз, кассир және бастауыш кластарда мұғалім болды. Орта мектепті сырттай оқып бітірген. 1962 жылы Құлжада мамыр оқиғасы орын алғанда №5 мектепте мұғалім болған. Біздің мектеп Құлжа қаласының 3 дарваза махалласының ішіндегі 5-ші мектеп деп аталды. Менің үйім мектепке жақын орналасқан еді, сол себепті күнде түскі тамақты үйден ішетінмін. 1962 жылы мамыр оқиғасы болатын күні де мен үйіме бара жатқан болатынмын. Қатынас бекетінің алдына көп адамдар жиналып, Совет Одағына өтуге машина сұрапты. Құлжа-Қорғас бағытына көп билет сатылатын. Алдын ала сатылған билет мөлшерден асып, машина саны жетпеген. Оның үстіне, Қорғасқа барушылар саны көбейе берген. Ал билет алып, кетіп қалғандардың көбі шекара аймағына жеткен соң қашып, Совет Одағына өтіп жатса керек. Осы жағдайды еске алған жергілікті өкімет машина жетпей жатыр деген сылтаумен билет алып қойғандарға машина бермеген. Жоғарыда айтылған қатынас бекетінде жиналған адамдардың талабы «біздің билетіміз бар, бізді Қорғасқа жеткізіп қойыңдар» дейді. Сонымен билеті барлардың талабына қосылған бір бөлім айғай-шумен қатынас бастықтарын қыстады. Жаны қысылған қатынас бастықтары облыстық халық комитетіне хабарлап, облыстық халық комитетінің бастығы Құрбанғали Оспанов келді. Мен үйге барып қайтар жолда қатынас бекеті алдындағы жиналған халық саны көбейіп, айғай-шу күшейген екен. Облыстық халық өкіметі бастығын араға алып, айғай-шу көтерген адамдар арасына мен де тоқтадым. Сағат түскі бір жарым еді. Сол кезде бір қара машинаға мінген қарулы әскерилер қалың адамның арасына келіп тоқтады. Сөйлесіп жатыр, сөзінің мазмұны: «Совет Одағы мен Қытай халық республикасының мақсаты бір. Біз де социализмді құрамыз. Ең жақсысы, ол жаққа бармай, осында құрылатын социализмге үлес қосыңыздар. Алда-жалда баруға бел буғандарыңызға заң бойынша рұқсат етеміз. Ал халық болса: «Біздің тұрмысымыз нашар, жұмыс жоқ, бізге норма сатып бермейді. Бізді жұмыстан ығыстырып шығарып жатыр. Бізге ендігі қалған жол Совет Одағына өту ғана. Бізге машина беріңдер, сендерден тамақ, ақша сұрамаймыз, біздің сұрайтынымыз Совет Одағына өту» деп айқайлайды. Біраздан соң халық қатынас бекетіне кіріп, өкімет адамдарын қыса бастады. Оспанов Құрбанғали сөйлеп жатқанда оған көзім түсті, ол қатты сасып, сөзін өткізе алмай, енді қашып құтылудың амалына кірісті. Өз жанындағы қорғаушылармен және машинадағы әскерлер көмегімен бекеттің артқы есігінен шығып құтылуға мәжбүр болды. Ал мен мектепке қайттым, келсем класта он-он бес бала жоқ. Олардың барлығы айқай-шуға еріп кеткен екен. Мен және Ахметолла мұғалім екеуміз балаларды қайтарып алып келу үшін облыстық партия комитеті жаққа бардық. Біз келсек, өкімет үйінің алдына адамдар жиналып алыпты. Ол кезде облыстық партия комитетінің бастығы Құрбанәлі Оспанов, облыстық партия комитетінің бірінші орынбасары Жан-Ши-Гун және бір аудармашы - үш адам облыстық партком үйінің көше жағындағы этажға шығып сөз сөйледі. Сөздерінің мазмұны: «Талаптарың қанағаттандырылады. Машина беріледі. Союзға қайтуға рұқсат. Бірақ бұның барлығы заң бойынша шешіліп, шарттарды орындау арқылы болады. Тоқтамды оның артындағы секретарь Жан-Ши-Гун айтты. Ол жоғарыда айтылғандарды қайталап жатты. Кетеміз деген халық әртүрлі жағдайларын айтып жатты. Еліріп алған халық Советке қайту заңды талап, бізді аш жалаңаш, жұмыссыз күйде себепсіз тоқтату заңсыз деп ұран салды. Қалың адамдардың арасынан шығып қарасам, қалың әскер жиналғандарды қоршап алыпты. Біз Ахметолла екеуміз кетуге мәжбүр болдық. Екеуіміз адамдардан 100 метрдей алшақтағанда халық қоршауды бұзып, ұран көтерді. Сол кезде мылтық үні шыға бастады. Біз қашып Совет консулының алдына келсек, консулдықтың алдын әскерлер қоршап алыпты. Содан ол жерге тоқтамастан сырт көшелермен айналып жүріп өз мектебімізге қайтып келдік. Жоғарыда айтылған машинаның жайын кейін ұққанымызда, жағдай былай болған екен: Өкімет үйінің алдында машиналарға оқ атып жатқанда сол араға оқиғаны ұқпаған бір машина келіп қалады. Машина айдаған қытай азаматы екен. Машинадағы қытайды ұрып, бір ұйғыр рольге отырады. Жанындағы оқ тиген екі адамды лақтырып жіберіп, машинаны ала қашады. Ол зулап отырып консулдыққа келеді. Машина аулаға кірген соң консулдық адамдары машинаны, шоферды ондағы өлген адамдарды суретке тартып алып, қайта кіріп кетеді. Машинадағы адам енді қайда барарын білместен ауладан қайта шығады. Сол арада оны ұстап алып қамайды, одан кейінгі тағдыры белгісіз болды. Бізбен бірге оқиғаға қатысушылардың айтуынша, иық тіресіп тұрған қалың адамға солдаттар алды-артына қарамастан оқ жаудырған. Өлген адамдардың өлігін дереу жоғалтып, көшелерге құм төгіп, қанның ізін жоғалтқан. Ал сол кезде із-түзсіз кеткен адам саны аз болған жоқ. Қашуға шамасы келмеген жаралылар сол жерде қалды. Біраздан соң әскерилер адамдардың өлі-тірісін түгелдей алып кетті. Олардың қанша екені белгісіз болды. Ал, оқ тигендердің ішінен үш түрлі жолмен қанды майданнан қолға түспей шыққандар болды. Біріншісі, оқ тиіп дереу өлгендердің жанында болған танысы, жақындары өз туыстарын тастамай, өздерімен бірге алып қашып үйіне апарып, үйде жан тапсырғандар; екіншісі, оқ тиіп, жаралы болғандарды дереу больницаларға алып барғандар болған. Бірақ, дәрігерлер оларды емдемеген, жаралылар сол жерде өлген, жазылып, аман шыққандар болған жоқ; үшіншісі, оқ тигенде жаралы болғандардың өз үйлеріне апарылғандарының ішінде кейбіреулері аман қалған. Оқиғаның артынан біздің №5 мектептен он екі баланың жоғалып кеткені айқын болды. Өзім жұмыс істеп жүрген мектептегі балалар қаза тауып, сол жерде қытайлар сүйегін жоғалтып жіберді ме? Әлде, балалар шошып кетіп, қаңғырып өлде ме? Қалай жоғалса да балалар өлді. Олардың өлігі облыстық партия комитетінің алдында қалған болар. Өлген адамдардың сүйегі көбейе бастады. №5 мектептегі оқитын Османжан Абдусаламұғлы менің туған жиенім болатын. Ол бала мектеп жанынан қамдалатын жетімдер қатарынан еді. Оның осы оқиғаға қатысқан балалардың ішінде болғаны рас. Ал, оқиғадан кейін оны біз таба алмадық. Ол көз алдымызда өлмеген соң көп іздедік. Ойласақ, осы жазықсыз бала «мамыр оқиғасының» құрбаны болған секілді. Біздің №5 мектеп Құлжа қаласының бір ауданында ғана орналасқан бірінші ауданға қарайды. Осы ауданның «Қызыл жұлдыз» ісханасында жұмыс істейтін 28 жастағы Нұрахмет осы оқиғаға қатысып, құрбан болды. Оның сүйегі туыстарына берілмеді. Өзім білетіндерден облыстық прокуратураның қызметкері Османов Тәуекел мен облыстық тыныштық сақтау басқармасының қызметкері Рүстемді, біздің ауылдың тұрғыны Абилғамит Аубакировтарды осы оқиғаға қатысты деп түрмеге жапты. Абилғамитті ұрып өлтірді. Ал Оспанов Тәуекел мен Рүстемнің тағдыры белгісіз болып кетті. Сөйтіп, халық ішінде өте қорқынышты үрей пайда болды. Оның басты себептері мыналар: Біріншіден, оқиға орын алғаннан бастап Құлжа қаласында «ұқтыру» жарияланды. Мамыр айының аяғы маусым айының басында кешкі сағат 8-ден кейін ешкім көшеге шықпайтын болды. Шықса дереу қамауға алып жатты. Оның үстіне 30-31 мамыр аралығында жан-жақтан әскери дивизиялардан көп әскер әкеліп шоғырландырылды. Қаланың көшелері мен айналасы әскерге толды. Осы жағдай халыққа қауіп-қатер төндірді. Екіншіден, 29 мамыр күні оқиға бастау алған қатынас бекетіне жиналған халық ішінен және кейінгі облыстық өкімет пен облыстық комитеттің алдына жиналған адамдар арасынан кімдер қозғаушы болды, кімдер белсенді түрде атсалысты, осыларды бақылау үшін сақшыларды мықтап орналастырды. Оқиға өткен соң, Құлжада саяси тазалау жүргізілді. Бұл халыққа ең қорқыныштысы болды. Оқиғаға қатысса да, қатыспаса да адамдар қамауға алынып жатты. Үшіншіден, осы оқиғаға байланысты Құлжа қаласының ішіндегі бұрынғы «қытай базары» деп аталатын жерге «Ла зы баш» деген сазды лагерь салынды. Лагерьдің айналасы қоршалған. Лагерьдің асты саз болғандықтан адамдар одан аман шықпады. Жалпы алғанда, қамалғандар саны өте көп, менің ауылымның өзінен он екі адам қамалды. Құлжа қаласында менің ауылым сияқты бірер жүз ауыл бар еді. Солардың барлығынан адамдар қамауға алынды. 1963 жылға дейін босап шыққандар болмады, қамалғандардың тағдыры белгісіз болып қалды. Енді айта кететін екі мәселе бар, біріншісі, 29 мамыр күнгі оқиғаның қатынас бекетінде алғашқы басталуы таңғы сағат 9-10 мөлшерінде болса керек. Осы уақытта халық көп болмаса да, бұрын билет сатып алғандар жиналып барғаны мәлім. Жиналған халық саны көбейіп кеткен соң, қатынас басқарма бастығы және милиция адамдары қалалық партия өкіметі, әскери орындарға айтып хабарлаған екен. 5 корпус штабы өзінің қарауындағы бұрынғы ұлттық армиядан қалған ұлттық жауынгерлерді жинап алып түгел қарусыздандырған. Өз еркімен көшеге шығуын шектеп тастаған. Ал олардың қаруларын қашан, қалай қайтарып берді ол жағы маған белгісіз. Екіншіден, 29 мамыр күні қатынас бекетінен Құрбанғали қашып кеткен соң оның артынан қуып кеткен халықтың бір бөлігі облыстық халық комитетіне кіріп, «бізге жолхат және машина беріңдер» деп талап қойып, халық комитетінің кадрларын бөлімдерінен қуып шыққан. Осы шыққаннан кейін облыстық партия комитетінің алдына барған екен. Мен өз өмірімде мұндай қатерлі оқиғаны тұңғыш рет көрдім. Бұл қайғылы қырғын өмір бойы ойыма кетпес таңба, көңіліме жазылмас жара қалдырды. Мен бұл әңгімені Жағда ағайға айтып отырғанда өз мүмкіндігімше көргенімді боямасыз жеткізуді ойға ұстадым. Арада 15 жыл өткендіктен, кейбір істерді ұмытып қалуым да мүмкін. Бірақ, ойда қалғандардан ішімдегіні жасырғам жоқ, егер және толықтыру қажет болса көмегімді аямаймын. 3 маусым 1977 жыл. Осы сөздерді Смайылдың аузынан хатқа түсіруші Жағда Бабалықұлы.

БАСПАҒА ДАЯРЛАНҒАН ҚОЛЖАЗБАЛАР

К истории уйгурского народа

Наряду с казахами Алтайского округа, казахами, уйгурами, киргизами, монголами, сибинцами Илийского округа в борьбе против реакционного режима чанкайшистов, активное участие принимали также казахи Тарбагатайского округа, составлявшие до 95 процентов общей численности его населения. Вдохновленная длительным восстанием алтайских казахов против гоминьдановской реакции в феврале . революционно настроенная молодежь из числа казахской и других национальностей Тарбагатайского округа, находившаяся на работе или учебе в Урумчи, создала революционную подпольную группу «Улит - озаттик Уюрмаси» («Группа национального освобождения»). В состав группы вошли Ахматгали Битимбаев (руководитель), Жагда Бабалыков, Усман-хан, Бахар, Абдурашид Хасанов и др. Подпольная группа ставила своими задачами пополнение своих рядов за счет надежных людей, развертывание пропагандистской работы среди населения против колониальной политики чанкайшистов, разъяснение прогрессивного значения восстания алтайских казахов против китайских властей и создание при первой возможности партизанских отрядов и объединение их с Алтайскими казахскими повстанцами. Однако, члены «Улит - озаттик Уюрмаси», во главе с Ахметгали Битимбаевым, по доносу ярого гоминьдановца узбека Ибовда [Ибовда – уроженец Чугучаке, по доносу которого в 1939 г. первый раз был арестован китайской охранкой автор настоящий строк], в апреле . в Урумчи были арестованы китайской полицией и брошены в тюрьму, где они находились до начала . В . под влиянием успехов повстанческого движения казахов Алтайского округа были созданы партизанские отряды в Керее, Тарбагатайском округе во главе с известными партизанами Нурсафы, Кали, Кайсы и другими. Они нападали на позицию гоминьдановских войсковых частей, нанося им сокрушительные удары. Весной отряду Нурсафы в горах Керея едва не удалось захватить в плен возвращавшуюся из Чугучака китайскую правительственную пропагандистскую делегацию, возглавляемую бывшим губернатором Тарбагатайского округа Чжао-Цзян-фин чжан-фыном. В мае . в Чугучаке, по инициативе группы казахской молодежи (в основном из числа освобожденных из китайской тюрьмы) была создана «Улит озоттик тайр (группа)» (подпольная «Организация национального освобождения») во главе с видным патриотом и бывшим узником китайской тюрьмы Дубеком Шалгинбаевым. В состав этой организации вошли: Ахметгали Битимбаев, Жагда Бабалыков, Балхаш Бафин, Калдыбай Канафын и др. революционно настроенные элементы. Организация ставила своими задачами расширение своих рядов, развертывание пропаганды среди населения против гоминьдана, создание вооруженных партизанских отрядов в районе Мамбета Чагантогойсхого уезда, Тарбагайского округа и при первой возможности объединение с Алтайским и Илисскими повстанцами. Подпольной организации привлечь на свою сторону и вывезти в партизанский район Мамбета, влиятельного казаха-скотовода Башбая из племен Джамбола. Вскоре племя Джамбола, Чагантогойского уезда вслед за Башбаем Чолаком перешло на сторону партизан. Хотя Башбай Чолак не являлся членом подпольной организации, однако он горячо сочувствовал ей. Под влиянием Башбая Чолака казахское население уездов Чагантогоя, Дурбульджина стало также сочуствительно относиться к партизанскому движению против чанкайшистов. Летом . по доносу шпионов, руководитель подпольной организации Дубек Шалгинбаев и ее 2 члена - Ахметгали Битимбаев, Калдыбай Канафын в Чугучаке были арестованы китайской полицией [Они были освобождены из тюрьмы 31 июль 1945 г. В день занятия Чугучаке частями Национальной армии ВТР.]. Несмотря на это остальные члены подпольной организации во главе с Жагдой Бабалыковым продолжали вести антигоминьдановскую деятельность, создавая партизанские отряды на местах – в районах Мамбета, Керея. В июле ., по решению подпольной организации, с письмом за подписью Башбая Чолака, адресованным председателю Временного революционного правительства ВТР Алихан Тюре и содержавшим просьбу о присылке военной помощи, в Кульджу поехал Балхаш Баффин. Они прибыли к партизанам Тарбагатайского округа и совместно с ними предприняли наступление на позиции гоминьдановцев. Они обратили в бегство последних, заняли населенные пункты Узун Булак, Майли и др. и захватили много трофейного оружия и боеприпасов у разгромленных китайских солдат. В боях было убито 40 вражеских солдат и офицеров. В июне-июле . казахские партизаны совместно с илийскими конниками провели следующие военные операции против гоминьдановских войсковых частей. В Карасае, в горах Барлыка, в местности Аир партизаны разгромили гоминьдановский отряд и овладели указанным пунктом. Против партизан в район Байн-Чоки из Дурбульджина было брошено более 250 китайских солдат, которые также были разгромлены и оставили на поле боя много вооружения и боеприпасов. Во время этого боя, в районе Байн Чоки погиб от вражеской пули видный партизан-казах Байгенжа-батыр. Вдохновленные своими успехами казахские партизаны Барлыка Майли, количество которых уже насчитывало более 700 человек, взяли под свой контроль крупный казахский район Тарбагатайского округа - Керея, расположенный между Шихо и Чугучаком. Объединившись с керейскими партизанами, они напали на чанкайшистов в Ути, на магистрали, соединяющей Чугучак с Шихо и Урумчи, разбили три взвода китайских солдат, захватили 28 винтовок с патронами. 3атем партизаны разбили группу китайских солдат в Жалангаче, в горах Джаира, захватили несколько десятков винтовок с патронами. Отряд казахских партизан из Керея численностью 500 человек, возглавляемый Кадырхановым Ахмедом прошли в район Кундаланг и объединились там с отрядом Саванских казахских партизан, насчитывающим около ста человек. Как раз в это время гоминьдановская военщина направила со своей военной базы в Шихо против казахских партизан в районах Кундаланг, Джаир, Майли солдат на 4-х грузовых машинах и 2 кавалерийских эскадрона. В бою они были оттеснены казахскими партизанами и вынуждены были бежать в панике в сторону Шихо, бросая оружие и боеприпасы. После этого боя партизаны продвинулись в сторону Тартас, где вступили в бой с двумя вражескими батальонами, разбили их и захватили много трофейного оружия и боеприпасов. В районах Улан-Булака партизаны перекрыв дороги, вступили в бой с пехотинцами и кавалеристами, следовавшими из Шихо в Чугучак с боеприпасами и вооружением на 9 грузовых машинах для подкрепления местного китайского гарнизона. После ожесточенных боев китайские солдаты с грузовыми машинами вынуждены были бежать обратно в Шихо. Из китайского эскадрона сто уйгурских и казахских солдат, насильственно завербованных гоминьдановцами, перешли в сторону партизан. Таким образом, главная магистраль, соединяющая Урумчи с Чугучаком и Алтайским округом была порезана партизанами в районах Улан-Булак, что сильно затруднило положение китайских гарнизонов в Чугучаке, Алтайском округе и в Ших. Тем временем, подпольная организация руководившая партизанским движением в Тарбагатайском округе в июле . уведомив Кульджу о продвижениях партизан в сторону Шихо, просила Временное революционное правительство ВТР двинуть войска через Боротолы в Дурбульджин и занять его, с тем, чтобы потом захватить город Чугучака, поскольку эти два важнейших стратегических города оказались отрезаны партизанами от военных баз китайцев в Шихо и Урумчи. С получением такой просьбы Временное революционное Правительство ВТР отдало приказ частям Национальной Армии двигаться через Боротолы на помощь партизанам Тарбагатайского округа Чугучак, Дурбульджин и другие города и уезды. Партизаны с частями Национальной Армии предприняли наступление на чанкайшистов в Дурбульджине. Попытка гоминьдановцев удержать город не увенчалась успехом. После короткой перестрелки Дурбульджин пал, китайские солдаты, офицеры в беспорядке бежали с Чугучак, оставив много вооружения, боеприпасов и ценностей. В Чугучаке беглецы вместе с местным китайским гарнизоном и полицейскими частями, во главе с китайским губернатором округа Фын-Чжын 31 июля . бежали в пограничный пункт СССР-Бахты, где были интернированы советскими пограничными властями. Оставленный ими город Чугучак был занят без боя частями Национальной Армии. На базе партизан Тарбагатайского округа был сформирован 6-й казахский кавалерийский полк, который в августе-сентябре . активно принимал участие совместно с частями Национальной Армии в освобождении Алтайского округа от чанкайшистов, в объединении алтайских казахских повстанцев с революционными силами трех округов, также в жестоких сражениях с главными силами гоминьдановцев в Шихо, и внес существенный вклад в освобождение военно-стратегических уездов Шихо, Саван. На базе подпольной организации «Улт азаттик уюми», прогрессивными элементами Тарбагатайского округа, в августе 1945 года была создана окружная революционная власть в составе: 1. Башбай Чолак1 – казах, губернатор округа. 2. Касым-ахун, уйгур, зам.губернатора. 3. Джексенбай, казах, ответственный секретарь губернаторства. 4. Тельмухаммед Канагатов, казах, начальник отдела пропаганды, агитации губернаторства, с 1955 года губернатор Тарбагатайского округа. Башбай, . рождения, по образованию неграмотный. Однако, очень влиятельный крупный скотовод, патриот, горячий сторонник национально-освободительного движения Синьцзянского народа. Он отличался скромностью в быту, нередко оказывал материальную поддержку беднякам. В 1938-1940 гг. Башбай оказал крупную материальную помощь в строительстве больших современных учебных заведений - Казахской школы и гимназии в городе Чугучаке, где занимались 4000 учащихся. В 1941-1942 гг. он построил на свои средства на реке Эмель между Чугучакским и Чогонтогайским уездами 300 метровый автодорожный мост. С начала августа . - . занимая пост губернатора освобожденного Тарбагатайского округа, он неизменно и последовательно стоял на стороне народа, всячески способствуя укреплению экономики округа, и помогал революционной власти трех освобожденных округов. В . во время американской агрессии в Корее, он добровольно купил на свои средства один самолет для китайских добровольцев в Корее. Однако, в . он был арестован представителями Мао Цзэ Дуна, доставлен из Чагантогая в Чугучак в наручниках, кандалах, оклеветан и подвергнут издевательствам как, якобы контрреволюционер и злой помещик.

Он умер в декабре 1953 года. 5. Абдулахамид Ходжиев, уйгур, председатель окружного Союза революционной молодежи, позднее зам. отдела Комитета КПК СУАР. 6. Гуландамия Ханум, татарка, председатель Общества женщин округа. 7. Абидхаджи, уйгур, председатель Общества торговцев, рабочих, служащих округа. 8. Усман-кары, казах, председатель духовного управления округа. 9. Дубек Шалгинбаев, казах, ответственный редактор окружной газеты «Халк авази» («Голос народа»). Умер в 1947 году. 10. Абдулазиз Рахманов, уйгур, начальник окружного отдела безопасности. 11. Ахметгали Битимбаев, казах, зам. начальника окружного отдела безопасности, с . заведующий отделом Парткома Или-Казахского автономного района СУАР. 12. Тохты Алимов, уйгур, зам. председателя окружного суда, позже председатель Верховного суда провинции Синьцзян. 12-а. Зуннун Таипов, уйгур, начальник гарнизона города Чугучака, позже помощник начальника штаба Синьцзянского военного округа. 13. Жагда Бабалыков, казах, старший офицер по особым поручениям штаба национальной армии ВТР, с . губернатор Тарбагатайского округа, 1956-1958 гг. председатель правительства Или-Казахского автономного района СУАР. 14. Балхаш Бафин, казах, комиссар Чугучакского полка. 15. Вакас Рафиков, татарин, начальник финансово-народно-хозяйственного отдела округа. 16. Матниязкары Исобаев, уйгур, начальник торгового отдела округа. 17. Абдулбар Нигматулин, татарин, директор госбанка округа. 18. Дьяков Я.Д., русский, директор сельхозбанка округа. 19. Кали, казах, заместитель директора сельхозбанка. 20. Кулунчаков Муфтах, татарин, начальник таможенного отдела округа. 21. Кайса, казах, зам. начальника таможенного отдела округа. 22. Махсудхан, казах, начальник отдела народного образования округа. 23. Махамеджан Юсупов, узбек, начальник отдела здравоохранения округа. 24. Абдуршитов Абдулахат, татарин, врач, начальник военного госпиталя г. Чучугака.

24-а. Лакеев, русский, начальник Земельно-водного отдела округа. 25. Умар-ахун, уйгур, уездный начальник Чугучака. 26. Нурсафа, казах, уездный начальник Дурбульджина. 27. Калдыбай Канафин, казах, уездный начальник Чагантоя. 28. Насреддин Эминбаев, уйгур, уездный начальник Шико, в . расстрелян представителями Пекина, якобы он был контрреволюционером. 29. Пынеук–лама, монгол, уездный начальник Кобука. 30. Калибэк, казах, уездный начальник Савана, в . разочарованный в связи с подписанием мирного соглашения с представителями трех освобожденных округов и правительства Чан Кай-ши, разложился и перешел на сторону врага, в . эмигрировал. Таким образом, партизанское движение казахов Тарбагатайского округа во многом способствовало освобождению Тарбагатайского, Алтайского округов от чанкайшистов, созданию революционной власти на территории указанных округов, формированию казахских войсковых частей, укреплению революционной власти ВТР. Оно внесло большой вклад в усилия по разрешению главного вопроса национально-освободительной борьбы в Синьцзяне - попытку освобождения всех народов Синьцзяна основанного уйгурским народом, от господства китайских милитаристов, гоньминдановских колонизаторов, налаживания тесной дружбы и сотрудничества между ранее угнетенными народами. Важный вклад в деле национально-освободительной борьбы народов Синьцзяна внесли также казахи, киргизы, дунгане, монголы, сибинцы Илийского округа, сформировавшие свои полки, артиллерийские дивизии. В стороне не остались также и другие национальности Синьцзяна.

Қате басшылықтан туған ауыр зардаптар

Жуырда газет оқушыларымыздың бірі, бұрын (1956-1958 жылдары) Қытай Халық Республикасы Синьцзян провинциясының Іле қазақ автономиялық облысы үкіметінің председателі болған Жағда Бабалықов жолдас редакцияға келді. Ол КПСС Орталық Комитетінің осы жылғы июнь айындағы Совет Одағының партия ұйымдарына, барлық коммунистеріне арнаған Ашық хатымен және сентябрь айындағы Совет Үкіметінің Мәлімдемесімен мұқият танысқанын айтты. Бұл документтерді, деді Жағда Бабалықов жолдас, бүкіл совет халқы сияқты мен де шын жүректен қарсы алып, мейлінше, дұрыс деп бағалаймын. Қытай басшыларының жікшілдік әрекеті маған үлкен наразылық туғызды. Өйткені олардың қателігі дүниежүзілік коммунистік және жұмысшы партиялары қозғалысының бірлігіне ғана нұқсан келтіріп қоймай, өз елінің ішкі өміріне де өте ауыр зардаптар тигізді. Мұны мен Қытайдың Синьцзян провинциясындағы Іле қазақ автономиялы облысының өмірінен өте жақсы білемін. Сондықтан мен осы жайында «Социалистік Қазақстанның» газет оқушыларына кейбір жағдайларды айтып беруді мақұл көрдім, деді ол. Төменде Бабалықов жолдастың мақаласын жариялап отырмыз.

І

Қытайдың Синьцзян провинциясында кішігірім бірнеше ұлт бар. Олар өздерінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында бүкіл тарих бойы ішкі және сыртқы дұшпандарға қарсы күресіп, талай рет қан төкті, құрбандық берді. Сол бір үздіксіз күрестің қорытындысы – 1940-1949 жылдардағы гоминдаң реакционерлеріне қарсы көтерілген Іле – Тарбағатай – Алтай аймағындағы халықтардың ұлт-азаттық революциясына келіп тірелді. Осы бір революция 1949 жылғы Қытай халық-азаттық революциясына ұласты. Бұл жөнінде Мао-Цзе-Дун «Үш аймақтың революциясы - қытай халық революциясының бір бөлігі» деп тарихи баға берген болатын. Азаттықтан кейін Синьцзяндағы әр ұлт халықтары қытай компартиясының нұсқауымен өз қолдарымен ішкі жаудың қалдықтарын жою, жер арендасын кеміту, жер реформасын жүргізу, демократиялық тәртіптерді орнату сияқты революциялық жұмыстарды жүзеге асыра бастады. Шаруаларды кооперациялау, жоғары дәрежелі кооперацияларды құру ісі жүргізіліп, Синьцзян халқының қоғамдық бейнесі өзгеруімен байланысты, еңбекші халықтың тұрмыс күйі де біршама жақсара бастаған еді. Бірақ Қытай басшылары «халық коммунизмін құрамыз» деп енді ғана аузы аққа тиген халық тұрмысының берекесін кетіріп, ырысын шайқады. Еңбекші Қытай халқы мен Ұлы Совет елінің берген қалтқысыз көмегінің арқасында Синьцзянда өндіріс орындары – фабрикалар мен заводтар салына бастады. Бірақ қытай басшылары Совет халқының қалтқысыз көмегін сыртқа тепті. Осының салдарынан осы заманғы техникамен салынып жатқан ірі өндіріс орындарының құрылысы баяулады, бір бөлігі тоқтап қалды. Сол кезде салынып жатқан Достық темір жолының СССР жағындағы бөлігі толық пайдалануға берілген болса, Қытай жағындағы бөлігі тек қытай басшыларының кінәсінен шекараға жалғастырылмай, бітпей қалды. Қытай басшылары, әсіресе, соңғы жылдары совет еліне дұшпандық көзбен қарап, ұлы Қытай халқы мен совет халқының арасындағы мызғымас достықтың шырқын бұзуға жанталасуда. Сөйтіп, олар Совет Одағымен мәңгі дос болу керек деген ұлы Сунь-ят-ценнің өсиетіне қайшы істеп келді. Қытай басшылары Совет Одағының Қытайдың еңбекші халқына көрсеткен барлық көмегін мүлде жоққа шығарғысы келеді. Тіпті олар СССР-дің социалистік қоғам орнату жөніндегі орасан бай тәжірибесін соңғы кезде қабылдамай саясатта «мен жоғары» деп мейлінше мен-мендік пен өр көкіректікке салынуда. 1958 жылы қытай басшылығы «Үш Қызыл Ту» – ол партияның сара жолы, халық коммунасын құру және секіріп ілгерілеу деген принципті көтерді. Сонымен бірге қытай басшыларының оны «бұл тарихта теңдесі жоқ жаңалық», «біз коммунизмді елдің бәрінен бұрын құрамыз», «Мао-Цзе-Дун идеясы болса – ол марксизм-ленинизмнің қазіргі кезеңдегі ең жоғарғы басқышы» деп лепіре көтерді. Осы кезде совет халқы, оның басшылығы шын жүрек, адал оймен әлгі үш қызыл ту принциптерінің қателіктері жөнінде нағыз туысқандық ниетпен айтқан ақылына қытай басшылары қарсы болды. Тіпті олар «сендер консервативтік істеп отырсыңдар» деп дүрсе қоя берумен жала жапты. Ал өздері «халық коммунасын» құру, темір-құрыш қорыту сияқты қате іске белсене кірісіп, халықтың тұрмысын нашарлатты. Қолда бар қорды ішіп- жеп тауысты. Аштық пен апат елдің орасан зор бөлігін қамтыды. Жері кең, адам саны аз, егіні мен малы мол Синьцзян провинциясында да ашаршылық апаты пайда болды.

ІІ

Қытай басшылары жасап шығарған жаңа принциптер негізінде «халық коммунасы» дейтіндер Синьцзян провинциясында да құрыла бастады. Ол былай болды: қалың еңбекші шаруалардың қолында кооперация кезінде қалған ұсақ шаруашылығы мен тұрмыстық бұйымдары – қора-жайы, бағы, басындағы үйі, семьясындағы басы артық киіз-кілем, стол-орындық, ыдыс-аяқ, қазан-ошақ – барлығы әлгі коммунаның орталығына түсіріліп, қоғамдық меншікке айналдырылды. Халықтың қолында дәнеңе болмай, тақырланып қалды. Шаруалардың барлығын бірдей үлкен қазаннан тамақтандыруға ұйымдастырды. Өз үйлерінде тамақтанушыларға «коллективке көзқарасы нашар адам» деп кінә тағылды. Коммунаның тәртібі бойынша шаруалар «сигнальмен жұмыс істеу» қарекетін жасады. Шаруалардың еңбек күші сарқа пайдаланылды, ең ақыры кәрі-құртаңдар мен бала-шағалардың жарым күші де текке кетпеуі ойластырылды. Бірақ «дүниеде теңдесі жоқ жаңалық» делінген «халықтық» коммунаның бұл тәртібі халықтың жақсы тұрмыс құру жөніндегі асыл арманын ақтай алмады. Алғашқы кезеңнің өзінде-ақ коммуна орталығындағы байлық ойсырап азайды. Ал оның орнын үстемелеп толтыра алмады. Оның үстіне коммунаның келешегін байқап, сенімі қайтып қалған шаруалар өз инициативасымен жұмысты жұлындырып істемегендіктен әлгі атышулы «халық коммунасы» бүкіл елді кедейлікке, ашаршылыққа сүйреді. Еңбекші халықта материалдық игіліктерді молайта беру жөнінде ешбір инициатива қалмай отырғанын жақсы білсе де, кейбір желбуаз – ала өкпелер бұған қарамай, «халықтық коммунаны», оның үлкен қазанын жер-көкке сыйғызбай даурыға дәріптей берді. Халықтың алды өле бастап, арты ашаршылық қаупіне төнген кезде де «Мау-Жу-ши хау», «Рин-мин-гун-шы хау» (председатель Мао Цзе-Дун жақсы, халық коммунасы жақсы) деген ұрандарды халыққа айқайлата берді. «Бізді алда тамаша болашақ күтіп тұр, «халық коммунасының» қасиетімен егін шаруашылығынан дүниеде теңдесі жоқ мол өнім алып жатырмыз» деп халықты қайдағы бір жасанды цифрлармен алдады. Бұған бір мысал келтірейін. 1958 жылы 31 августа «Шин-хуа-ши» газетінде «Хо-би өлкесінің Ми-Чин ауданында бір му жерден (бір гектар - 1:16=му) орта есеппен 52 мың 599 жың (52599 жың - ) таза күріш алынды» деп хабарланды. Тап осындай жасанды мол өнімдер Синьцзянда да болып жатты. Дәл осы кезде, 1959-1960 жылдары Синьцзяннің Ақсу аймағындағы Бай және Шін-хуа аудандарында «халықтық коммунада» жүргендерден бес мың адам аштан өлді. Жиырма мыңдай адам ашаршылықтың салдарынан денсаулығынан айрылды (Мұны 1960 жылы Синьцзяндағы ұйғыр автономиялы районы (өлкесі) партия комитетінің секретары Уан-ин-маудың сөйлеген сөзінен алып отырмын - Ж.Б). 1960-1961 жылдары Алтай аймағындағы Алтай ауданына қарасты «Шеміршек» коммунасының Ақши бөліміндегі шағын бір отрядта ғана 300 адам аштан өлді. Осы коммунадағы босануға қабілеті бар әйелдердің 90 проценті үш жыл бойы бала көтермеді. Жалпы алғанда осы екі жыл ішінде Алтай аймағы бойынша адам саны 33 процент кеміп кетті (мұны мен Синьцзандағы ұйғыр автономиялы ауданы партия комитетінің бөлім бастығы Шигоның 1961 жылы Алтайды тексергеннен кейінгі баяндамасынан алып отырмын -Ж.Б) «Халық коммунасы» халықты нендей күйге ұшыратқаны жайында тек бір-екі мысал ғана келтірілді. Ал шындығында мұндай зардаптар орасан көп жерлерге кесірін тигізді. Ал мемлекетті тұтас алғанда Синьцзян провинциясы елі тоқ, жері бай өлке деп есептеледі. Сол себепті басқа провинциялардан аштыққа ұшыраған соң, тамақ іздеп өз бетімен ағылып келе бастаған адамдар Синьцзянда өте ауыр күйзеліске ұшырады. Бірақ қытай басшылары мұның бәрін «қуаңшылық болды», «ауру апаты болды» деп бүркемеледі. Ал халықтың наразылығын «ол-саяси жағынан азғындаған бұзық адамдардың әрекеті» деп өз қателіктерін ақтауға тырысты. Сол кезде «халық коммунасымен» тұспа-тұс темір-құрыш қорыту жөніндегі айқай-шу бүкіл мемлекет көлемінде көтерілді. Темір-құрыш қорытуға бірнеше ондаған миллион адам қатыстырылды. Қытай басшылары былай деп лепірді: «Біздің ата-бабаларымыз мартен пештері болмаған күннің өзінде-ақ темір қорытқан болатын. Біз де солардың жолымен темір алатын боламыз» деді. Бірақ қанша айқай-шу көтергенімен, жан салып тыраштанғанымен құр қолмен темір қорытуға болмайтынын алғашқы айлар анық көрсетіп берді. Оның мәнісі сол - мемлекет қаржысы күрт опырылып, үлкен зиян келді. Тек мемлекет қаржысына ғана зиян келіп қоймай, еңбекші халықтың экономикасына да ауыр зардабын тигізді. Әсіресе Синьцзян провинциясының еңбекшілері мұның өте қиын мехнатын бастан кешірді.

ІІІ

Қытай Компартиясының Орталық Комитеті 1958 жылы жергілікті ұлтшылдыққа қарсы күрес ашу мәселесін алға қойды. Жергілікті кадрлау мұны партияның аз санды ұлттарға идеялық тәрбие берудегі үлкен қамқорлығы деп түсініп, бұл науқанға белсене араласты. Бірақ, бұл науқанның арты жұрт ойлағандай игілік болмай, насырға шапты. Яғни, идеялық тәрбие беру арқылы ұлттар арасындағы қайшылықтарды жою коммунистік саналылықты көтеріп, ұлттар арасындағы ішкі достық байланысты жақсарту емес, қайта ретін қарастырып жергілікті адал кадрлардың көпшілігіне пәле жабылды. Не бір сүреңді жиындар ашып, «партияға қарсы блок» дегендерді өз қолдарынан жасап шығарды. Осындай желеумен жергілікті кадрлардың 99 процентіне идеялық және саяси кінә тағылды. Бастарына «ұлтшыл» деген қалпақ кигізілді. Баспа бетінде жариялап «саяси және тарихи жеңіске жеттік» деп айқай-шу көтерді. Олардың барлығы орнынан алынып, ауыр жазаланды. Жазаның түрлері - еңбекпен тәрбиелеу, еңбекпен өзгерту, қамау, соттау болды. Кейбір адамдарды бір жағынан алдап, бір жағынан саяси қысымға алды. Сөйтіп істемеген істі істедім дегізіп, нақақтыққа мойындатты. Тіпті ұсақ-түйек мәселенің өзін таудай етіп, ірі саяси мәселеге айналдырды. Ұлт мәселесін шешуде Совет Одағындағыдай бізде де одақтас республикалар құрылса қалай болар еді деген жай пікірлердің өзін «бұл мемлекетті бөлу, «капитализмге ұштастыратын реакционерлердің пиғылы» деп осының өзіне үлкен дау шығарды. Мұның бәрі кейбір адамдардың өмірден түңілуіне, содан өзін-өзі өлтіруіне әкеліп соқтырды. Ал қытай басшылары беті шімірікпестен «сыры ашылатын болған соң өзін-өзі өлтірді» деп көкіді. Мұндай сұмдықтар өте көп. Ұлы державалық шовинизм мен жергілікті ұлтшылдық әрекеттердің қандай формалары мен түрлері болса да марксизм, ленинизмге мүлде сыйыспайды. Бірақ қытай басшылары бұл мәселені шешуде марксизм-ленинизм қағидалары негізінде емес, қайта ешбір логикаға сыймайтын шовинистік және ұлтшылдық тұрғыдан қарады. Сөйтіп күрестің әдісі, көлемі, саяси бағдары және қорытындылануы марксизм-ленинизмнен өте алшақ болып, қытай кадрлары мен жергілікті кадрлардың арасындағы ғана емес, тіпті халықтар арасындағы шынайы достық пен ынтымақтың енді қалыптасып келе жатқан шырқы бұзылды. Сонымен, арам ниетпен істелген іс ұзаққа жазылмайтын жара салды. Әрине, біз бұл жараны мәңгі қалып қояды деп тұжырымдаудан аулақпыз. Жаңаланып, өршеленіп отырмаса ескі жараның тез жазылатыны анық. Ал Синьцзянда және елдің басқа провинцияларындағы ұсақ ұлттар арасында сонау тарихтан қалған жараны жазудың орнына, қытай басшылары азаттықтан кейін сол ұлттардың арасына тағы да жаңа жара салуы – бұл мейлінше әділетсіздік іс. Арғы тарихты қопармай-ақ 1949-1958 жылға дейінгі, жеті жыл ішінде Синьцзяндағы аз санды ұлттардың ұлы державалық шовинизмнің саяси қуғынға екі дүркін ұшырағанын айтсақ та мәселе түсінікті болмақ. Синьцзян территориясының көп жері ұлы совет елімен шектеседі. Екі елдің достығы, әсіресе шекаралас аудандардағы халықтардың туыстығы сонау көне заманнан бері берік қалыптасқан болатын. Бірақ гоминдаң реакционерлерінің әкімшілігі сол бір мызғымас достықты бұзуға тырысып, совет еліне дұшпандық әрекет жасау үшін шекара аудандарындағы халықтарға күмән келтіре, сенімсіз қарады. Оларға саяси бақылау жасап, қамау, өлтіру тергеу жүргізу ісін мейлінше қолданды. Осы бір қара тұман тек реакциялық гоминдаң үкіметі құлағаннан кейін ғана айықты. Азаттықтан кейін-ақ Совет Одағы мен Қытай мемлекеті арасында достық қатынас орнай бастады. Синьцзяндағы жергілікті халықтардың Совет Одағындағы туыс-туғандарымен араласып, қарым-қатынас жасауға қолы жетті. Бірақ бұл бақыт Синьцзян халқына баянды болмады. Қытай басшылары алғашқы дұрыс жолдан айнып, әсіресе КПСС ХХІІ съезінен кейін шекара аудандарының халықтарына, олардың кадрларына деген сенімсіздікті күшейтті. Ең сорақысы сол, Синьцзянда тұратын совет азаматтарын және совет елін жақтаушыларды саяси бақылауға алып, қуғынға ұшыратты, орынсыз қамауға алу ісін жүргізді. Тіпті бұл аз болғандай антисоветтік үгіт-насихатты өрістетіп, еңбекші қытай халқының сезімін қоздыруға жанталасып отыр.

ІV

Осының барлығы неге әкеліп соқтырды? Жалаң саясат еңбекші халықтың жұмысқа деген инициативасын жойды. Қолдан жасалған «әулиені» орынсыз мадақтау халықтың ақыл парасатын теріске бұрды. Мемлекеттің өз ішінде және оның сыртында болып жатқан өте дұрыс пікірлерге құлақ қойылмады. Еңбекші қытай халқының өз ішінде орынды ұсыныс айтушыларды «оңшыл» деп, «Мао-Цзе-Дун идеясына қарсы адам» деп сүргінге ұшыратты. Мұндай сүргінге ұшырағандардың ішінде (қарапайым халық өкілдерінің өзін айтпағанда) Қытай Халық Революциясының аса көрнекті қайраткері - маршал Пин-Дэ-хуэ, қытайдың Москвада тұрған бұрынғы елшісі Жан-вин-тян сияқты адамдардың айыпталғаны жұрттың бәріне мәлім. Қорыта келгенде, қытай басшыларының логикасы бойынша КПСС Орталық Комитетінің Совет Одағының партия ұйымдарына барлық коммунистеріне арнаған Ашық хатында мейлінше дұрыс атап көрсетілгендей, былай болып шығады: «егер халық аяғына шәркей киіп, қатықсыз қара сорпаны ортақ табақтан ішетін болса - бұл коммунизм, ал егер еңбекші адам жақсы тұрып, ертеңгі күні бұдан да жақсы тұрмыста болғысы келсе - онда мұның өзі тіпті капитализмді қайта орнатқандықпен пара-пар болмақ!». Бірақ дәл осындай философия қандай мұратқа душар ететінін 1962 жылда Синьцзян провинциясындағы қолайсыз жағдай айқын көрсетіп берді. Бұл жылы тұрмыста қатты қиыншылық көріп, саяси жағынан өмірлері мазасызданған қарапайым халықтың мүмкіндік тапқан бір бөлігі шекарадан өтіп, совет елінен саяси пана тапты. Сондықтан да қате басшылықтың салдарынан туған жоғарыдағыдай ауыр зардаптар әлгі «теориялардың» авторларын ойландырмай отырғанына біз қатты қынжыламыз.

Жағда Бабалықов

Шығыс Түркістандағы ашаршылық жағдайы

(1957-1962)

Жер сілкіну мен жай түсу, өрт жүру мен су басу, ауру індет, соғыс сияқты апаттарды естігенде адам қандай түршігетін болса, - ашаршылық апатын естігенде де адам жүрегі дір ете қалады. Өйткені, ашаршылықтың өзі алуан түрлі апат шақырады. Еңбекшілер қауымын ойсырата жояды. Шыбын жанына өлім апаты төнген аштар адамшылық касиеттің бәрінен айрылып, жыртқышқа айналады. Адамды адам жейді. Сондықтан, адам баласы шексіз дүлей табиғи апаттар мен жойқын да жауыз қоғамдық апаттарға қарсы күресіп, тіпті, апат атаулыны болғызбау шараларын мейлінше кең өрісті жүргізіп келеді. Әсіресе, социалистік мемлекеттер апаттың барлық түріне қарсы жаппай күрес жүргізу ұлы мәртебелі адамгершілік қасиет деп қарайтындығы әлемге аян. Бірақ та, Мао тобы басқарған қытай өкіметі, қоғамдық апаттардың көбін өз қолдарынан әдейі жасап отыр. Маоизм дәуірінде әдейі жасалған террорлық, аштық, жалаңаштық қытай тарихында кешірілмейтін қылмыс жазылған беттерді ашты. Гоминдаң кертартпалары ойланса да істей алмаған жауыздықтарды айналасы 15-20 жылда Мао тобы істеп үлгерді. Тіпті, асып түсті. Чанкайшилік гоминдаң кезіндегі террорлық пен аштық, жалаңаштықты кытай тарихшысы Хо-хо өзінің бір еңбегінде: «бір хунан өлкесінің өзіндегі 110 ауданның 70 нешесі құрғақшылық және шегіртке апатына ұшыраған, гоминдаң өкіметінің мазмұндамасына қарағанда (1944) - апатқа ұшыраған халықты 11 миллион 400 мыңға жеткен. Ал, гоминдаң армиясының Хнаньда тұратын Таньэн бунның бөлімдері халыққа ауыр салғырт салып, астық алып, адам ұстап, халықты өсімдік тамыры мен ағаштың қабығын жеп қоректенуге мәжбүр етті. Тіпті адамды адам жейтін аянышты ахуалдардың тууына себепші болды... Гуандундағы хайлуфин төңірегінде кішкентай қыз-балаларды өлшеп, бір жыңын () он сомнан сататын ахуалдар туды», - деп баяндаған болатын. Ішкі қытайда мұндай апаттардың талайы болып өткен. 1958 жылы аты шулы «халық коммунасы» құрылғанда, шаруалардың басында баспана, бауырында қазан қалмады. Бұл кезде халық аман қалуды ғана армандаған еді. Тіпті өздері белсене кірісіп, мынаны алыңдар, - деп арыздануға мәжбүр болды. «Кімде-кім жеке от жағып, жеке қазан асса - ол қапитализм жолына түскен болады» деп саяси жақтан қоқан-лоқы жасап, барлық жанды, жатақ тәртібіне көшірді де, үлкен қазаннан тамақтандырды. «Шаруалар халық коммунасының жуас өгізі болуы керек» дейтін Маоның нұсқауы негізінде шаруалар өміріне «он екі сағаттық» жұмыс, екі сағаттық үйрену» күн тәртібі қалыптастырылды. Бұл кезде мао тобы: «бір минут бос уақыт халық үшін, социализм үшін» деп сайқалсыды. Аштық-жалаңаштық, ауыр еңбек, зорлық-зомбылықтан зарланғандарды ауыл-қыстақта капитализм идеясына қарсы күрес жүргізу» дейтін желеумен саяси қуғынға алды. Мао тобының ең жауыз саясатының бір түрі халықты азық-түлік жағынан қысу болды. Халыққа астықты сатып беру өлшемін жыл сайын төмендетіп, «Жетерліктей сатып беру, өлшемді сатып беру, жұмысшыларға, егіншілерге, мал шаруашыларға жеке-жеке тиісті өлшемде сатып беру, ысырапшылыққа қарсы тұрып үнемдеу» сияқты түрлі-түрлі астық саясатын жүргізді. 1957 жылы күзде «дәреже бойынша қамдау», (ңән жибе үң иң) дейтін астық саясатын жариялаған болатын. Осы ереже бойынша 1958 жылдың басында: «бір жастан үш жасқа дейінгілерге айына , үш жастан жеті жасқа дейінгілерге айына , жеті жастан он жасқа дейінгілерге айына , он жастан он бес жасқа дейінгілерге айына , он бес жастан он сегіз жасқа дейінгілерге айына , бүтін еңбек күші бар ер адамға айына , бүтін еңбек күші бар әйел адамға айына 500 грамм» деп астық сатып беру нормасын 9 дәрежеде бөліп белгіледі. Сонымен бірге, басқа да азық-түліктерді өте төмен нормаға жеткізді. Әр адамға айына өсімдік майы, ет сатып алатын «ет-май» нормасы саясатын қоса жүргізді. 1958-1960 жылдары жеке меншікте алақандай жер, бау-бақша, мал, құс-құрт болмағаны үшін, жеміс-жидек, сүт, ет, май, жұмыртқа да болған жоқ. Азық-түліктің бұл саласы «Халық коммунасы» арқылы өкімет монополиясына өтеді. Жекелер (қалада) қолынан сирек кезігетін тауық жұмыртқасы 1=10, 1=20 болды. Өкімет те 8=10 тиын. Бірақ ол жоқ. Тірі тауық 60, жекелерде 17=25 сом болды. Өкіметте қой етінің килосы 1=32 еді. Бірақ ол да жоқ. Барлық дүние норма болды. Мао тобы бұған да нысап қылмай, жоғарғы баяндалған 9 дәрежелік норманы бітеу астық «Үйян Лян» есебінде есептеп, оның 85 проценті бойынша ұн сатып берді. Яғни, белгіленген норманы және он бес процент қысқартып сатып беріп отырды. Оның үстіне осы норма бойынша 40 процент еленбеген бидай ұны 60 процент қара астық ұны сатып берілді. Бұл бұл ма, 1959 жылы, 1960, 1962 жылдары «еңбек істемеген ішіп-жемейді» дейтін социалистік принципті әдейі бұрмалап, еңбектің қауырт -баяулығы, ауыр-жеңілдігі, маңызды-маңызсыздығы, еңбекке кеткен сағаттар мен еңбек етуге тиісті де сағаттарға шейін есептеп шығып, әр күнгі үйрену жиналысында әркімнің еңбегіне баға қою және басқа түрлі сылтаулар мен себептер табу арқылы жеке адам, жеке семьяға дейін ат қойып, айдар тағып сатып беру нормасын 50 процентке қысқартып байқады. Үрімжі аймағының Манас ауданында астық сатып беру нормасының ең төмендеген кезі 1960-шы жылғы апрельден сентябрьге дейінгі аралықта жоғарыда баяндалған 50 проценттен де төмендеп кетті. Ашаршылықтан адам баудай түсіп қырылды. Мао тобы Манас төңірегінде «оба және жұқпалы аурулар тарап жатар» деген қауесет таратып, өздерін ақтамақ болды. Сонымен бірге азық-түлік сатып беру нормасын осы районда 1958 жылғы 9 дәрежеге бөлген межеге қайта көтерді. Бірақ, мәселе шешілмей қала берді. Шаруалардың өндірген дақылдарынан ауыл шаруашылығы бағы, жер-су бағы, қорғаныс қоры, сақтық қоры, мемлекетке сатып беру дейтін атаулармен жалпы өнімнің алпыс процентін өкімет тапсырып алатын. Жалпы өнімнің қалған 50 процентінен тұқым қоры, сыйлық коры, игілік қоры, мәдени-тұрмыс қоры, жем-шөп қоры сияқты қорларды атап алған соң шаруалардың ішіп-жеміне калған бөлігін халық коммунасы жоғарыда баяндалған жауыз астық саясаты негізінде сатып беретін. Халық коммунасының қолындағы азық-түлікке деген қалдық халық коммунасының мүшелерінің жеуіне ылғи да қалып отыратын еді. Осы себепті халық коммунасы өз қолындағы қорлар шетінен белгілі мөлшерде шаруалар коммунаға еңбек өткізу шартымен қарызға беретін. Сөйтіп, шаруалар жылдан жылға үзілмейтін қарызға батып калатын. Ал, шаруалардың басқа жерден алатыны да, беретіні де жоқ. Өзі тұрған коммунадан басқа жаққа ауысуына рұқсат етілмейді. Аштық-жалаңаштыққа шыдамай қашып шықса, «қара шаңырақ» аталып қашқын ретінде полицияның қуғынына алынады да, айықпайтын бәлеге тап болатын еді. Бұқаралық правоның көбінен шектелген, азық-түлік жағынан бір жапырақ нанға мұқтаж Шығыс Түркістан халқы 1957 жылдан бастап аштық, жалаңаштық, жоқшылықты бастан өткізіп келеді. Ашаршылық апаты басталған кезде шаруалар көзіне көрінгенді жеді. Жұртта қалған сүйекті кемірді. Мұсылманшылық салты бойынша «арам» деп аталатын жәндіктер мен хайуандардың бәрін де жеуге мәжбүр болды. Ағаштың жапырағы мен бүрі, жабайы шөптердің сабағы мен тамырын қазып жеді. Осыған орай, айта кететін бір жәйт, 1957 жылы Қытайда Шыңжаң Ұйғыр автономиялы аудандық парткомының кеңейтілген жиыны ашылған болатын. Осы жиынға қатынасқан Тарбағатай аймағының уәлісі (облыс бастығы) Телмұхамед Ахметов жиын сахнасына шығып «Тарбағатай халықтары қазір 11 түрлі жабайы шөпті жей бастады» деп жариялады. Осы өмірге байланысты халық ішінде «Ішкенім қара көже көптің асы, қатыққа турағаны шөптің басы, бір аяқ бұл көжеден ішкеніңмен, аяқтың жылынбайды тіпті басы» - деп өз өмірін өлеңмен баяндағандар болды. Жоғарғы жиынға қатынасқан Қашқар аймақтық партия комитетінің бірінші секретары Мың Шулин (қытай): «Қашқарда он аудан бар, барлығында да астық жетіспейді. Қашқар қаласының айналасындағы кооперациялардан (ол кезде халық коммунасы құрылмаған) аймақтық өкіметке астық сұрап арыз жазғандардың саны 1 мың 500-ге жетті. Кей жерлерде топалаң шығып, астық складтары таланды. Осының алғашқы үш реткі топалаңы құралды күшпен бастырылды. Адамдар өлді. 95 адам қолға алынды. Көп зиян тарттық. Жәркендегі астығын алған халықтар: «біздің астығымыз таусылғалы жарым жыл болды». Адамдар аштан өлді. Сендер біздің арызымызды тыңдамадыңдар, келмедіңдер, бүгін жанжал шыққанда» астық таланғанда келдіңдер», - деп бізді кінәлады. Шындығында да біз халық қолындағы астықтың барлығын түп көтере жинап алдық. Халықтың өзара ауысуына да шек қойдық, халықтың шынайы талабын орындамадық», - деп жауыздықпен жүргізіліп жатқан қылмысты паш еткен болатын. Қашқар уәлісі Әбдірейім шаруалардың жылап тұрып: «біз астық сатып беріңдер демейміз, бірақ, егіс басына бала-шағамызды ерте баралық, сол жерде бізге бір күндік нан беріп, жұмысқа салыңдар» деген арыздарын партия жиынының залына жеткізді. Осы жиынның сахнасында Қызыл су Қырғыз Автономиялық облыстық партия комитетінің секретары Жан (фамилиясын ұмытып қалдым), қытай азаматы: «халықтың заңды талабын орындамасақ қозғалаң шығады» деп мәлімдеді. Бірақ, мао өкіметі шаруалардың адал ниетпен айтқан шынайы талабын елең де қылмады. Қай жерде азық-түлік жөнінде топалаң пайда болса, соны қарулы күшпен тұншықтыра берді. Аштардың астық талағанын: «Революцияға қарсы бұзық элементтер топалаң ұйымдастырып жатыр» деп жала жапты. Қарулы күшпен бастықтырылған топалаңның бәрінде де адам өлді. Көп сандағылар қолға алынды. Одан қалғаны «қауіпті элемент» деген атпен саяси қуғынға, бақылауға, кінәлауға тиісті болып шықты. Бірақ, аштық апаты мао өкіметінің саяси желеуіне қараған жоқ. Еңбекші қауымды тарпа бас салды да, қырып жіберді. Мәселен, Шыңжаң ұйғыр автономиялы аудандық парткомының тексеруінде 1959-1960 жылдары Ақсу аймағының байы мен шыңқы екі ауданында 20 мың адам аштан өлді. 30 мың адам денсаулықтан айырылды. 1960-1961 жылы Жәркен аймағының Меркіт ауданына қарасты «Қызыл ту» халық коммунасында 2 мың адам аштан өлгені, сол жылы Қашқар қаласының түбіндегі «Қызыл ту» халық коммунасында 85 бала аштан өлгені анықталды. Ал, Мао өкіметінің мал шаруашылығы аудандарындағы азық-түлік саясаты және басқаша жолмен алып барылды: «қыста етке сүйенеді, жазда сүтке сүйенеді» дейтін сылтаумен астық сатып беру нормасын өте төмен дәрежеге түсірді. Оның үстіне «бесті соймау» (өсім беретін малды соймау, жас малды соймау, сауда малын соймау, күш көлік малын соймау, нәсілді малды соймау), «үшті саумау (қойды, жылқыны, түйені соймау) деген сияқты қаскүнемдік саясат жариялап, халықты азық-түліктен жан-жақты қысты. «Бесті соймау», «Үшті саумау» дейтін саяси нұсқауды іске асыруда Іле Қазақ автономиялы облыстық партия комитетінің бірінші секретары Жаң-ши-гүн бастық қытай кадрлары: «Адам азат болған жерде, малда азат болу керек» - деп даурықты. Соның салдарынан мал шаруашылығы аудандарда аштан өлу тіпті көп болғаны анықталған. 1960 жылы Шыңжан ұйғыр автономиялық партия комитетінің тұрақты жора мүшесі және басқарма бастығы Шиго (қытай) бастық тексеру группасы Алтайдағы ашаршылық жағдайды тексергенде Алтай аймағындағы мал шаруашылығы халықтарының аштан өлгені аймақ халқының 33 процентіне жеткен. Туу қабілеті бар әйелдердің үш жылға дейін бала көтермегендігі байқалған. Жеке орындарды алғанда, Алтай аймағы, Көктоғай, Шіңгіл екі ауданның халі тіпті нашар болды. Бірақ, аштан өлгендер санын ашпай қойды. Тек «қарсы шықты, наразылық білдірді», - деп қолға алған 240 адамнан 210 адам аштан өлтірілгені анықталған болатын. Алтай ауданына қарасты «Шеміршек» халық коммунасының «Ақши» деген бір отрядынан ғана 300 адам аштан өлген. Осы ауданға қарасты «Дүре» халық коммунасының 167 адамы аштан өлген. Мұндағы ең аянышты жағдай сол жылы (1959-1960) «Дүре» халық коммунасының есебінде – «24 мың қой-ешкі, 5 мың жылқы, 3 мың сиыр, жүзден астам түйе, қамбасында 18 мың жың (тоғыз тонна) астық болған». Осы байлықпен халықты аштан өлтіріп отырғаны өте аянышты еді. Сол жылы Алтайдағы «Алқа-Бике» тоғанын қазуға бірнеше ауданның еңбекке жарайтын адамдарын апарған. Қыс бойы еңбек істеген жерінен үйлеріне қайтармаған. Ауыр жұмыспен азық-түлік аздығынан еңбек адамдарының көбі сол жерде аштан өлген. Ауылда аштан өлгендерді ауылдағы шал-шауқан, бала-шағаның көмуге шамасы келмей, сүйекті қыс бойы жинап қойып, жазға салым апарып бірақ көмген екен. Тексергенде өлгендердің көпшілігі жастар мен орта жастағы еңбек адамдары болып шыққаны мәлім. Ал, мао фашистері өз зұлымдығын жасыру үшін «Алтайда жұқпалы ауру тарады» деп жалтарған болатын. Біз жоғарыда Қытай тарихшысы Ху-Хуаның гоминдаң кезіндегі аянышты жағдайлардан алған мысалдарынан: «Гуандундағы Хайлуфин төңірегінде кішкентай қыз балаларды өлшеп, бір жыңын он сомнан сатқанын» келтірген едік. Нақ осыған ұқсаған аянышты жағдай, 1960 жылы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжі қаласының өзінде де болды. Кішкене балалардың бағасы 3- астық сатып алатын билетке (Ляң Фияуға) жеткенін өз көзіміз көрді. Аш адамдар Үрімжі қаласының көшесінде күнде өліп жатты. «Балалар жоғалыпты, оны аштар жеп қойыпты» дейтін адам жаны түршігерлік сұмдық сөздердің тарағаны анық. Нақ осы кезде Үрімші қаласының астық қоймасындағы мол астық қоры поездбен Ішкі Қытайға жүргізіліп жатқаны жалпыға аян болатын. 1957-1960 жылдар арасында Қытайда «дүниеде теңдесі жоқ мол өнім алынды - 1 му ( – не тең) жерден 1000 жың (.), 10.000 жың, 50.000 жың өнім алдық», - деп айғай-шу көтеріп жатқан кезі еді. Сол жылдары Шыңжаңда да қуаңшылық болған жоқ. Оның үстіне 1958 жылы Шыңжаңда 25 миллион бас мал болған. Шығыс Түркістан (Шыңжаң) сияқты, азық-түлік корының мол жерінде қолдан жасалған ашаршылық апаты 1957 жылы 1964 жыл арасында, Шығыс Түркістан халқын орны толмайтын үлкен шығынға ұшыратты. Талай шаңырақ иесіз қалып, оты өшті. Талай шаңырақ боздағынан айырылып, қаралы болды. Жұбайлар жесір қалып аңырады, балалар жетім қалып жылады. Мұңы, айтар зары көп талай-талай жаралы жүректер күрсінді, күңіренді. Біз келтіріп отырған мысалдар жалпы қырғынның жүзден бірі деуге болады. Шығыс Түркістан тарихында жеті жылға созылған мұндай ашаршылық болғаны мәлім емес. Тарихта жауыз өкіметтері көп қой, сондай болса да отар елдің отанында ұзаққа созылған мұндай ашаршылықты қолдан жасап көрмеген шығар.

Азық-түлік жөніндегі бүкіл Россиялық кеңестің Президиумына 1920 жылы 1 июльде берілген телеграммада: «... соғыс майданынан кейінгі ең басты майдан ашаршылық майданы», - деп ашаршылық майданына ерекше көңіл бөлген болатын Ұлы көсем Ленин. Ал, «Мао Цзе-дун қазіргі замандағы ұлы марксшіл, лениншіл көсем» оның идеясы марксизм-ленинизмнің шыңы» деп даурығып жүрген Қытай зорлықшылдары Шығыс Түркістанда болып жатқан ашаршылық апатына ара түскісі келмеді. Ара түскісі келмеді ғана емес, Шығыс Түркістанның бар байлығын тонады. Ішкі қытайға тасыды. Миллиондаған әскер шоғырландырды. Бірнеше миллиондаған адамды Шығыс Түркістанға қоныс аударды. Міне, ашаршылықты, апатты солар алып келді. Біздің байқауымызша, аз санды ұлттар жасаған өлкелерде 1956 жылдан кейінгі дәуірде Кытайдағы социализмнің және интернационализмнің сиқы осылай басқарылып келеді. Социализмнің экономикалық бағыт-бағдарын еңбекшілердің әл-ауқат және мәдени дәрежесін үздіксіз көтеруге жұмсау идеясынан аулақтанған мао тобы ақша құмарлыққа, қор жинауға, тек әскери соғыс дайындығына ғана салынды. Кедейлікті, жарымы аш, жарым-жалаңаштықты, қайыршылықты дәріптеді. «Ауыртпалыққа, кедейлікке, ашаршылыққа шыдау керек, коммунизмге барғанда бәріміз де тоқ тұрмыста боламыз» деп даурыққан маоның үгітшілеріне аш-жалаңаштар: «оны бара көреміз, бізге бүгін бір жапырақ нан беріңдер» деп қолын жайды. Азық-түлікті жалғыз түйір дәнге дейін жинап алып, бергізбесе, малды сауудан, союдан шектесе, адамдарды ауыр еңбекке салып, дем алдырмаса, ауру-апат, ашаршылыққа ара түспесе, зорлық-зомбылыққа наразы болғандарды полициялық саяси қуғынға алып қамаса, соттаса, өлтірсе, қоғамдық бар бақытты миллиатаризациялаған әскери бюрократтық террор диктатураның сондағы мақсаты не? Барлық зұлымдықтың авторы болып отырған Қытай отаршылдары өздерін қай дәлелмен ақтай алады? Мұндай зұлымдықты ешқандай социалистік түр бояумен бүркемелеуге бола қоймас. Сондықтан маоизмнің шын бейнесі - отаршылдық, зорлықшылдық, шовинистік, ұлы державалық, тіпті нәсілшілдік бағытқа түскен менмендік екені айқын. Мао фашистері осы идеялардың жетегімен ғасырлар бойы азаттық үшін күресіп келген Шығыс Түркістан халқын мәңгі тұншықтырудың бір жолы ретінде азық-түліктен қысып, аштық апатын жүргізуді ең тиімді әдістердің бірі ретінде пайдаланып келеді.

Жағда Бабалықов

КЕШЕ БІРГЕ ЕДІК ҚОЙ ...

(Зұнын Тайповтың «Шығыс Түркістан жерінде» атты кітабын оқығанда)

Белгілі тарихи кезең туралы жазылған деректі кітапты оқығанда, әркім одан әр түрлі әсер алады. Әсіресе күні кеше сол оқиғаның жуан ортасында жүрген тірі куәлардың алатын әсері өзгеше. Олар кітаптағы фактілер мен өмір шындығын ойша салыстырып, сол бір кезеңді қайтадан бастан кешіргендей болады. Автордың дөп басқан тұсына разы болса, бұра тартқан, қиыс кеткен жеріне қынжылады. 1977 жылы «Қазақстан» баспасынан ұйғыр тілінде жарық көрген З.Тайповтың «Шығыс Түркістан жерінде» атты кітабын оқығанда, біз нақ осындай сезімде болдық. Шығыс Түркістан туралы жазылған бірен-саран әдеби туындылар болмаса, бұл өлкенің арғы-бергі тарихы, азаттық жолындағы күресі әлі бір ізге түсіп зерттелмей, тың күйінде жатыр. Бұл орайда Шыңжаңдағы азаттық күресінің басы-қасында болған, Шығыс Түркістан ұлттық армиясы командирлерінің бірі Зұнын Тайповтың осы тақырыпқа қалам тартып, кешегі үш аймақ төңкерісі жайында кітап жазуға талпынуы құптарлық жай. Бұл мәселе төңірегінде З.Тайпов бірталайдан бері еңбектеніп жүр. Біз оның бұдан бұрын республикалық газеттерде және «Простор» журналында жарияланған естеліктерін, 1974 жылы орысша басылған (В борьбе за свободу) кітапшасынан қадағалап оқығанбыз. «Шығыс Түркістан жерінде» атты мына кітап - сол еңбектерінің басын біріктірген толық нұсқасы. Кітап өткенді шолу, естелік түрінде жазылған. Алғашқы тарауларда автор 40-жылдардың басында Құлжадағы былғары заводында жұмыс істеп жүрген кезіндегі көрген-білгенін, қожайын мен жұмысшылар арасындағы кақтығыстарды әңгімелейді. Одан ары 1944 жылы күзде құрылған «Азат ташкилат» (Азат ұйым) атты жасырын ұйымның атқарған қызметі, Нылқыдағы қарулы көтеріліс, Құлжа қаласының азат болуы, Шығыс Түркістан республикасы жарияланып, ұлт-азаттық армиясының жасақталуы сияқты қадау-қадау оқиғалар баяндалады. Біз бұл сапар кітапқа бастан-аяқ талдауды мақсат етпей, автормен келіспейтін кейбір даулы мәселелер жөнінде өз көзқарасымызды ортаға салғымыз келеді. Біздіңше, З.Тайповтың көтерген тақырыбы қомақты болғанымен, сол тақырыпты шынайы фактілер аясында талдап түсіндіруге келгенде жинаған материалы да, ғылыми өрісі де жете бермеген секілді. Олай дейтініміз, кітапта баяндалатын оқиғалардың ауқымы тым тар, әлеуметтік астары да дұрыс ашылмаған. Автор көбінше Құлжа қаласының ішінен, онда да былғары заводының төңірегінің ұзап кете алмаған. Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық революциясы қалай пісіп жетілді? Оның қозғаушы күштері кімдер еді? Гоминдаңға қарсы қарулы көтерілістің тұңғыш ошақтары қай жерде, қалай тұтанды деген түбірлі сұрақтар дұрыс шешімін таппаған. Әсілі, мемуар не естелік жазған адамның бірден-бір басты міндеті өзін көтермелеп көрсету емес, айналадағы обьективті жағдайды шама-шарқынша толық сипаттау болса керек-ті. Ал, З.Тайпов оның керісінше, ұлт-азаттық қозғалысының бүкіл басшылық рөлін өзі жұмыс істеген былғары заводы мен өзі ірге тасын қаласқан «Азат ташқилат» деген ұйымға меншіктей береді. Сондағы автордың табан тірейтін жері белгілі: Ол Шыңжаңдағы ұлт-азаттық күрестің жұмысшы табы басшылық етті деген дайын қағиданы бетке ұстамақ болады. Жұмысшы табының бірден-бір революцияшыл тап екені бәрімізге аян. Бірақ, сонау қырқыншы жылдары Шыңжаңда ұлттық жұмысшы табының әлі қалыптаса коймағанын, әлеуметтік салмағы жағынан жетекші орынға көтерілмегенін ұмытуға болмайды ғой. Кітапта көп орын берілген Құлжадағы Мұсабаевтың сол былғары заводында небары жүздеген ғана жұмысшы болғаны мәлім. Ендеше, үш аймақтағы ұлт-азаттық күресін пролетарлық революция болды деп тұжырым жасау ұшқарылық болар еді. Тарихи шындыққа жүгінсек, Шыңжаңда болып өткен демократиялық сипаттағы ұлт-азаттық төңкерісінің қозғаушы күші - шаруалар болғаны дау тудырмайды. Реакцияшыл Гоминдаң билеушілірінің екі жақты ауыр езгісіне (таптық әрі ұлттық езгіге) шыдамаған еңбекші бұқара өздерінің бостандығы мен тәуілсіздігі үшін қолдарына қару алып, күреске аттанды. Оларды, әрине, жұмысшылар, азаттық аңсаған көзі ашық зиялылар мен қаланың ұсақ буржуазиясы да қолдап шықты. Сөйтіп, Гоминдаңға қарсы бірыңғай ұлттық майдан қалыптасты. Әр ұлт еңбекшілерінің төгілген қаны мен терінің бодауына үш аймақта (Алтай, Тарбағатай, Іле) тәуелсіз Шығыс Түркістан республикасы дүниеге келді. Саяси әдебиеттерде әлдеқашан айқындалған осы шындықты ескермей, З.Тайповтың калайша бұра тартып отырғаны түсініксіз.. Автордың бүйрегі бұрып, асыра дәріптеген бір дүниесі – «Азат ташкилат». Ол тіпті бұл ұйымды Шыңжаңдағы ұлт-азаттық қозғалысына басшылық еткен бірегей саяси ұйым ретінде көрсеткісі келеді. Автордың баяндауынша, бұл ұйым 1944 жылы күзде құрылған көрінеді. Бірақ оның қайсы айдың қай күні, кімдердің басшылығында, қалай құрылғаны көмескі. Тек сол жылы күз айларында Құлжаның Алтышәрі көшесіндегі бір үйде тұңғыш жиналыс өткізгені туралы дерек бар. Жиналысқа Әлихан төре, Әбдікерім Аббасов, З.Тайповтың өзі және былғары заводынан келген бірнеше жұмысшы қатысады. Бұл туралы автор: «Азат ташкилат» алуан түрлі міндеттерді ортаға кояды. Жастар, диқандар, жұмысшылар, ұлттық буржуазия және арбакештер (мұндай да тап болады екен) тағы басқа саладағы адамдарды әрекетке келтіріп, олардың алдына Гоминдаң үстемдігін аударып тастап, Шығыс Түркістан өкіметін құру міндетін қойды (59 бет) деп тым жалпылама түсінік береді. Бәлкім, «Азат ташкилат» өзінің алдында осындай міндеттер қойса қойған да шығар. Бірақ оның шаруалар көтерілісіне бәлендей ықпал жасай қоймағаны анық. Өз басым ұлт-азаттық күресінің бір қанатында партизандар ұрысына қатысып жүріп те, кейін архив материалдарын ақтарған кезімде де «Азат ташкилат» туралы ешқандай дерек алмағаныма қайранмын. Сірә, бұл ұйымның қызметі де онша ұзаққа созылмаған болу керек. Өйткені, «Азат ташкилат» құрылған кезде, жан-жақта қарулы көтеріліс қызып жатқан-ды. Сол жылы октябрь айында Нылқы ауданы, ноябрьде Құлжа қаласы азат болды. Мұндай жағдайда жасырын ұйым құрудың қажеті болмай қалғаны өзінен-өзі түсінікті. «Шығыс Түркістан жерінде» атты кітаптың тағы бір үлкен кемшілігі - автордың ұлттық шеңберден айналсоқтап шыға алмауы. Шыңжаңдағы ұлт-азаттық күресінің жеңісін тек бір ғана ұлтқа меншіктеймін деген адам, сөз жоқ, кателеседі. Бұл күреске Шыңжаңдағы езілген ұлттардың барлығы да белсене қатысты. Ұйғырлар, моңғолдар, қазақтар, татарлар т.б. да азаттық үшін өз үлестерін қосты. Ал, З.Тайпов жазбаларына сенсек, Шыңжаңдағы үш аймақ революциясының тағдырын «Азат ташкилат» пен автордың өзі өкілдік ететін бір ғана ұлт шешкен тәрізді. Тіпті, кітапты оқып отырғанда, бұл өлкеде ұйғырдан басқа ұлт тұрмайтындай әсер қалады. Ал шындығында солай ма? Ақиқатқа көз жеткізу үшін фактіге сөз берейік. Шығыс Түркістан немесе «Шыңжаң» ден аталатын бұл өлкені Тянь-Шань тауы қақ бөліп жатыр. Оның оңтүстігі - Қашқария, солтүстігі Жоңғария деп аталады. Шыңжаңдағы ұлт-азаттық қозғалысы солтүстік үш аймақта, яғни Жоңғарияда жеңіске жетті. 1944 жылы 12 ноябрде құрылған Шығыс Түркістан Республикасы да осы үш аймақ жерінде шаңырақ көтерді. Жоңғарияның негізгі халқы - қазақтар, саны бір миллион шамасында. Ал, ұйғырлардың 90-95 проценті Қашқарияны мекендейді. 1949 жылғы есеп бойынша қазақтар Алтайда 96 процент, Тарбағатайда 80 процент, Іле аймағында 60 процент болғаны белгілі. «Шығыс Түркістан жерінде» атты кітапта айтылған: «Қазақтар негізінен Тарбағатай мен Алтайда, біразы ғана Іле аймағында тұрады» (4 бет) деген тұжырым шындыққа жанаспайды. Революция басталған сонау 1944 жылдың өзінде Іле аймағындағы қазақтар 260 мың 672 жан, ұйғырлар 165 мың 416 жан болғанын зерттеу материалдары растайды («Шыңжаңның 10 жылдығы» атты кітапқа қараңыз). Халық санының ара салмағына қарай, бұрынғы Шығыс Түркістан республикасын құрайтын осы үш аймақта 1954 жылы Іле қазақ автономиялы облысы (орталығы - Құлжа қаласы) құрылғаны соның айқын дәлелі. 1944-1949 жылдар аралығында өмір сүрген Шығыс Түркістан республикасының ұлт-азаттық армиясы осындағы барлық туысқан халықтардың ұл-қызынан құралды. Ал, егер ұлттық құрамын айту керек болса, тұрақты армияның 70 қарулы партизандардың 90 проценті қазақтар болғаны тағы белгілі. Осы шындықты жақсы біле тұрып, З.Тайповтың ұлт-азаттық күресіне қазақ халқының қосқан үлесін кемітіп көрсетуге тырысуы кешірімсіз жағдай. Шыңжаңдағы шаруалар көтерілісі үш аймақтың әр қайсысында, әр кезде басталды десек, бәрінен бұрын қозғалған - Алтай шаруалары еді. Алтайда қарулы көтеріліс 1940 жылы июньде етек алды. Гоминдаң өкіметінің өте-мөте қатты қауіптеніп, көз тіккені де Алтай аймағы еді. Алтай халқы 1940 жылы қатарынан екі рет көтеріліске шығып, екеуінде де сәтсіздікке ұшырады. Өйткені гоминдаңшылар бұл аймаққа үсті-үстіне әскер төгумен болды. 1942 жылдың басында Сарысүмбе қаласында 128 дивизияның үш атты полкі, екі атты полкі мен дивизия штабы Бурылтоғайға ірге тепті. Бұлардың сыртында шекара әскерлері, полиция полкі, халық жасағы дейтіндер тағы бар. Бұлардың жалпы саны он мыңнан астам, яғни сол кездегі Шэн Ши-цай өкіметі қолындағы әскери күштің үштен біріне тең еді. Бірақ, ержүрек Алтай халқының азаттыққа деген құштарлығын гоминдаңшылар жасыта алған жоқ. 1942 жылы апрельде Алтайдағы шаруалар көтерілісі қайтадан бұрқ ете түсті. Бұл туралы кезінде ұлт-азаттық армиясы бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Дәлелхан Сүгірбаев: «Бұл жолы еңбекші халық енді қандай тар жол, тайғақ кешуге душар болсақ та, азаттығымызды алмай тынбаймыз деп, біржола бел буып аттанды» деп жазған болатын. Шынында да, осыдан кейін Алтай шаруалары аттан түскен жоқ. Сол жылы Оспан Исламұлы бас болып «Қазақтардың еңсесін көтеру алқасы» құрылды. Кейін бұлар Дәлелхан тобына қосылып «Ұлт-азаттық күресінің ұйымы» болып, қатарын тіпті кеңейте түсті. Шаруалар қозғалысы барған сайын ұлғайып, 1943 жылы Алтайдың Шіңгіл ауданы жаудан ада-күде азат болды. Бұл, шынын айтқанда, Шыңжаңдағы азаттық туын тіккен тұңғыш аудан еді. Бұл жылдары шаруалар қозғалысы тек Алтай аймағымен ғана шектеліп қалған жоқ. Олардың қарулы топтары Тарбағатайдың Қобық ауданына, Үрімжінің Гүйшің, Жемсоры, Санжы аудандарына дейін барып, партизан отрядтарын ұйымдастырды. 1945 жылдың жазында жау әскерінің қалдықтары жан сауғалап тығылған Сарысүмбе мен Буыршын бекіністерінен басқа Алтай аймағы түгел-ақ азат болған. Гоминдаң өкіметі бұл екі қаланы қоршаудан құтқарып, Алтайды қайта басып алу үшін талай рет әскер аттандырды. Алайда, партизандар Үрімжі-Сауан-Қобық арқылы келетін көмекті де, Үрімжі-Күйшің-Сартоғай арқылы келетін көмекті де өткізбей, кесіп тастады. Жалпы 1940-1945 жылдар аралығында гоминдаңшылар Алтай шаруаларымен шайқаста он бес мыңнан астам әскерінен айырылғаны мәлім. «Шыңжаңның он жылдығы» деген кітапта авторлар 40-шы жылдардағы күштердің ара салмағына шолу жасай келіп: «Шыңжаңның Алтайдан басқа жерінде Гоминдаң әскерлері тым аз еді. 1944 жылы Іледе небары екі мыңдай ғана әскер тұрды ... Бір жағынан, Алтай жағдайы шиеленісіп, көтерілісшілер Сарысүмбе мен Жеменейді қоршауға алып, Үрімжі аймағына қауіп төндіріп жатқан-ды. Өлкенің әскери күші Ілеге дер кезінде жәрдем бере алмай, соның салдарынан оқиға асқынып кетті» (130 б.), - дей келе «Солтүстік Шыңжаңның көпшілігі шаруашылық халық болғаны үшін олардың ат мінудегі шеберлігі, партизандық ұрыс жүргізулеріне қолай туғызды. Сол уақыттарда Гоминдаң өкіметі шаруашы халықтарды ұйымдастырып, қозғаушыларға қарсы қойған еді. Бірақ та, біздің ортаға қойған ұранымыз Іле жақтың ортаға қойған ұранындай жақсы болмағаны үшін, қозғалаңшылардың пайдасына істедік. 5-6 айларда Манастағы қазақ халықтарының қозғалаңы бұны дәлелдеп берді. Кейінгі уақыттарда «зады қазақлардин пайдаланышқа дат-парият, тәуба қылдуқ». Сондықтан Гоминдаң өкіметі тек қана оңтүстік Шыңжаң жаққа күш салып, оңтүстік Шыңжаңды ғана сақтап қалуға кірісті», - деген болатын (бұл да сонда 165 бет). Амал қанша, Қытай тарихшылары мойындаған осы шындықты өзіміздің бауырымыз З.Тайпов мойындағысы келмейді. «Шығыс Түркістан жерінде» атты кітапта Алтай халқының жоғарыда айтылған ғажайып ерлігі жайында бір ауыз сөз жоқ. Тек 1945 жылы ұлт-азаттық армиясының бөлімдері Сарысүмбеге келген кезде Дәлелхан Сүгірбаевтың отыз адаммен қосылғандығын және олардың олжа алуға ұмтылғандарын айтып келемеждейді (113-114 беттер). Автордың пайымдауынша, Шыңжаңдағы ұлт-азаттық қозғалысының сыннан өткен көсемдерінің бірі Дәлелхан Сүгірбаев ұлт-азаттық армиясы қолбасшысының орынбасары қызметі мен генерал-майор шенін ешқандай еңбексіз текке алған сияқты. Автордың осы тенденциясы, әсіресе, Іледегі шаруалар көтерілісін сипаттаған тұста тіпті айқын сезіледі. Іледегі көтерілістің бас ошағы Нылқы ауданы болғаны анық. Гоминдаң өкіметі «алты ұры» деп атаған Нылқы көтерілісінің басшылары мыналар: Әкпар Есбосынов, Сейіт Көребайұлы, Науан Есбосынұлы, Ғани Мұхамедбакиев, Фатих Мүсілімов және Суанбек Молдажандар. Не үшін екен, автор осылардың ішінде Ғаниден басқасының еңбегін айтқысы келмейді. Тек бір жерінде ғана «Нылқыға келгенде қасында жиырма адамы бар еді деп Әкпар батырды еске алған болады. Бірақ іле-шала: «Жау келіп қалғанда, босағасы ауырлап қалған Әкпар қазанның басынан шыға алмады» деп келеке етеді (57 бет). Оның есесіне көтеріліске сырттан барып косылған Репек Байшурин, Ошер Мәметов, Осман Ибрагимов, Құрбан Бұрханиддин деген адамдар көбірек дәріптеледі. Ал, Нылқының жергілікті тұрғылықты халқы көтеріліске қандай үлес қосты? Тіпті сол «алты ұрыны» ауылдарына жасырып, ат мінгізіп, қару асындырып, жан-жақтан жәрдемге келіп қосылғандар кімдер? Бәрінен бұрын үсті-үстіне келіп жатқан Гоминдаңның жазалаушы әскеріне қарсы төтеп беріп жатқандар кімдер өзі? Тұңғыш Ластай соғысы басталар күні айт намазын сылтауратып, Есбосын мешітіне жүздеген адамды алдын-ала үгіттеп, ертіп келген кімдер еді? Шұрқыраған қалың қазақ кімдерге сеніп, кімнің соңына ілесіп тұр? Әлде бұларға да «Азат ташкилат» басшылық етті ме? Осы тұстағы Әкпар мен Сейіт батырлардың жол басшылық рөлін айтпау - азаттық үшін жанын қиған ерлердің еңбегіне жасаған киянат болар еді. Бұл туралы көтеріліс жаршыларының бірі Доспар ақын кезінде былай деп жырлаған:

Бұл мезгіл сентябрьдің аяғы еді
Түсуге ел жайлаудан таяп еді.
Қабанбай Әкпарға еріп бұзылды деп,
Пәлені жақындатты таяу енді.

Ізденіп келіп жатыр партизандар,
Қаптаған моңғол, қазақ баласы да.
Хабарлап оқиғаны түсіндіріп,
Хат жаздық, жақын-жекжат, жанашырға.

Шыңжаңда Іле аймақтық бас соғысы
Басталды Ластайдың жағасында
Бастығы Әкпар, Сейіт, Фатих, Ғани
Қабанбай, Албан елдің арасында ...

Демек, Ластай соғысы санаулы адамдардың ғана ісі емес. Нылқы тауында жатқан бүкіл бір елдің, қазақтың Албан, Қызай руларымен бірлікте ұйғыр, моңғол шаруаларының жауға қарсы түп көтерілген аттанысы болатын. Бұл орайда көтеріліске белсене қатысқан, малын да, жанын да аямай ортаға салған: ақын Доспер, Жұмабек, Сатқынбай, Ешмұқамет, Досымхан, Меделхан, Әбжаппар, Мәлік, Несіпбек сияқты қазақ азаматтары мен Бөже, Шімит, Доржы сынды моңғол жігіттерін еске алмау, олардың еңбегін айтпау - шындықтан көз жұмғандық. Бұл адамдардың көпшілігі, жеңісті өз көздерімен көре алмай, азаттық үшін жандарын құрбан етті. Осылардың ерлік еңбегін, құрметпен ауызға алудың орнына, З.Тайпов оларды қалайда кемсітуге, төмендетуге дайын тұрады. Партизандардың Құлжа қаласына шабуыл жасаған бір сәтін Зұнын былай суреттейді. «Гоминдановцы направили на Топодон три самолета, которые стали обстреливатъ партизан из пулеметов. Это вызвало панику так как среди бойцов было много скотоводов, которые впервые видели самолеты. Испугавшись, они бросилась бежать к горам Сарбулак» (В борьбе за свободу» 52-бет). Автордың айтуынша, партизандар арасында көшпенді шаруалар, яғни қазақтар көп болғандықтан ғана үрей туылған сияқты. Шынында солай ма еді? Нылқы соғысында болсын, Құлжа шайқасында болсын, қаптаған жауға қарсы шауып, екі қаланы да азат еткен сол шаруалар емес пе еді? Әлде «Самолеттің құлағында ойнаған» басқа біреулер келіп көмектесті ме? Бір адам емес, мыңдардың басынан өткен тарихи кезең туралы еңбек жазудың жауапкершілігі қашанда ауыр. Мұндайда жай естіп-білген дүниелермен, жорамалмен ғана шектелу жеткіліксіз. Оның өзі адамнан терең, байыпты зерттеушілікті, материалдарды сұрыптай білуді, тарихи шындыққа барынша адал болуды талап етеді. Шығыс Түркістан халқын тағдырдың өзі туыстырған. Олар өз азаттығы, тәуелсіздігі үшін ортақ жауға қарсы қол ұстасып бірге шайқасты. Біреу аздығын, біреу көптігін көлденең тартып, артық кетті, кем кетті деп есептескен жоқ. Қазақ шаруасы мен ұйғыр диқаны жау оғына кеуделерін қатар қосып, талай ерлер құшақтасқан күйі туысқандар қабіріне бірге барып жатты. Ондағы аз санды ұлттар күні бүгінге дейін маошылардың зорлық-зомбылығын бірге көріп отыр. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас» дейді қазақ мақалы. Әсілі, Шығыс Түркістандағы азаттық күресі туралы қалам тартқанда, жазған дүниеміз де, өз көңіліміз де сондағы туысқан халықтардың бір-біріне деген кіршіксіз пейіліндей адал да, таза болғаны абзал.

Жағда Бабалықов
Іле қазақ автономиялы облысының
бұрынғы төрағасы, Шығыс Түркістан ұлт
азаттық армиясының подполковнигі

БАСПАДА ЖАРИЯЛАНҒАН МАТЕРИАЛДАР

ТАС КІТАП ТУРАЛЫ ОЙТҮЙІН

Меруерт Сәбетқазықызы! «Ата! Менің әкемнің қолжазбалары қай жерге көмілген?» дегенің мені біршама абыржытты. Бұл сөздің қандай себептері болғанын ойландым.

Біріншісі:

1986 жылғы желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысы кезінде бүкіл қазақ біткеннің жанын түршіктірді. Қазақстанның барлық жерінде үлкенді-кішілі ереуілдер болды. Тіпті, қытайдағы қазақтар дүрлікті, көрші қырғыз туыстар аттандады. Бүкіл түркі тілдегі әлем халықтары алаңдады. Бүкіл әлем көңіл аударды. Мұндағы ең елеулісі империяның ереуілге шыққан қарусыз жастарға қарсы қару жұмсағаны, оқушы ұл мен қызды қанға бояп, қырғаны. Мыңдаған адамды қамауға, саяси қуғынға алды, жұмыстан шығарды, бүкіл қазақ ұлты сенімсіз ел болып шыға келді. Бүкіл радио, теледидар, газет-журнал қазақ біткенді қаралауға кірісті. Қорлауға шыдамаған Мұхтар Шаханов сияқты жанкештілер қарсы шығып, өз ойларын білдіре бастады. 1987 жылғы қаңтардың 7 күні Сәбетқазы Ақатай маған келді. Сәбетқазы өзінің көрген-білгеннін, естігенін айтып, 1986 жылғы желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысынан кейін қазақ ұлтының қорланып жатқанына талдау жасады. Біз не істеуіміз керек деген сұраққа жауап іздедік. 1986 жылғы желтоқсанда қанша адам жаралы болды, қанша адам қамалды, қанша адам саяси қуғын-сүргін көрді. Осы мақсатта дерек жинап, анықтап, соны бүкіл әлемге жария етуге келістік. Дерек жиналды. Хат жазылды. Оны Батысқа, Африка, Қытай, Америка сияқты елдерге жібердік. Осы хат батыста Венгрияда, Чехияда, Америкада жария етілді. Басқа жақтан хабар болмады. Бұл туралы 1992 жылдары Сәбетқазы Ақатайдың деректі мақаласы жарияланған. Өзіміздің қазақ азаматтарынан он жеті азаматтың атынан осы хат жіберілді. 1991 жылы тәуелсіздік жария етілген соң, сұрастыра бастағанымызда, хатты алдым деген үш адам болды – Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов және тағы бір азамат. Басқалары ол хатты «алмадық» деп жауап берді, олардың көбі Алматы қаласында тұратын адамдар. Хат сыртына мекен-жайын жаздырған мен, он жеті хаттың бірі ғана қазақ қызының қолымен жазылды. Қалғаны түгелдей орыстар қолымен жазылған. Жаздырып алған соң өзім мұқият қарап отырғам. Хат иесіне бармай қалуы мүмкін емес. Осы хаттардың іші-сыртында Сәбетқазының не менің қолтаңбам мен биологиялық иіс-қоңыс қалмауы да мұқиятталған. Марқұм Сәбетқазы осы хаттарды дайындау кезінде үлкен шеберлік, мұқияттылық, білімділік, сауаттылық танытты. Үлкен ерлік, жанкештілік жасады. Қазақтың адал ұлы, өз ұлтының қорғаны екенін айғақтады. Айналайын Меруерт! Осы хаттар жазылып аяқталғанша хатқа байланысты деректерді үйде сақтамай, ылғи да сырттағы елеусіз орындарға көміп қойып, керек кезінде ашып алып отырдық.

Екінші:

1987 жылғы жетінші қаңтардан бастап «Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы» туралы ойлар қағазға түсе бастады. 1987-1989 жылдар арасында, осы жазбалар түгелдей елеусіз орындарға көміліп, сәтті жағдай кезінде ашып алынып отырылды. Алматы іргесіндегі Көктөбенің шығыс жағында Сәбетқазының саяжайы болған. Біз сол жерді пайдаландық. Кейін ол жер ұнамай қалды. Дереу оны тастап, Кеңсайдағы молалар түбінен бір саяжай алдық та, сол жерде жұмыс істеп жүрдік. Көп кешікпей ол жер де ұнамады. Боралдай стансасынан бір жаман қораға барып жұмыс істедік. 1988 жылдың тамыз айында Лепсі стансасынан түсіп, Балқаш бойына бардық. Бір ай бойына бардық. Бір ай бойы құмда жүріп жұмыс істедік. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмедік. Қайтарда күдігіміз көп болды да, жазған-сызғандарымызды Балқаш жағасына көміп қалдырдық.

1989 жылы тамызда қайта барып, көмбемізді алдық. 1986 жылғы желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысына байланысты жазылған хаттарды да, Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысына тән жазбаларды да жер астында мәңгілік қалдырғанымыз жоқ. Сәбетқазы Ақатай менен жасырып, өзі хат көмді деп айта алмаймын.

Үшінші:

1986 жылғы желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысы мен жазықсыз жас балалардың қанды қырғынға ұшырауы қазақ ұлтына қайғы-қасірет әкелді. Қазақстанның барлық жерінде ереуіл өтті. Қытайдағы қазақ дүрлікті. Көршілес қырғыз бауырлар атқа міністі. Бүкіл түркі тілдестер алаңдады, бүкіл әлем көңіл аударды. Желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысы бүкіл қазақтың бұрын-соңды өткен қайғы-дертін қозғады. Соңғы үш жыл ішінде қытай мен орыс империяларының ғасырлар бойы жасаған қанды қырғындары еске түсіп, қазақ біткеннің жүрегі тілініп жатты. 1986 жылдары қай жердегі қазақ болса да мүлде жойылып бітуге бет алған кезең еді. Тек қазақ қана емес, империялар қол астындағы уақ ұлттардың барлығы өздерінің ұлттық сипатынан, ұлттық бедерінен, ұлттық болмысынан айырыла бастаған дәуір еді. Қазақтың тілі, діні, ұлттық рухы, салт-санасы мәдениеті, әдебиеті өзгере бастаған кезең. Той-домалақ өзгерді, тіпті сүйек ұзату орыстар салтына көшіп, талай қазақ Кеңсайда табытқа салынып, жерленіп жаназасыз кетті. Ұлттық тұрмыс, ұлттық асжаулық, ұлттық тағам өзгерді. Қазақ ұлттық бедерден мүлде айрыла бастады. Әлемдік тіл ғалымдары болжамы бойынша, ХХ ғасырда 6000 тілдің 70-80% ХХІ ғасыр ішінде жойылады екен. Осы қара тізімде қазақтың тұрғаны анық еді. Коммунизм көсемдері – орысша білгендер коммунизмге тез барады дегеніне орай көптеген қазақ солай беттеген болатын. «Далақтап шапқан бай ұлы, тоқтаса көзі жас екен» деп, Мағжан Жұмабаев айтқандай, 1986 жылғы желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысы ұлт дентінде тұрған қазақтың орыс империясына мүлде ұнамайтындығын айғақтап берді. Өзін «мен қазақпын» дейтін қазақты ұлт ретінде сақтап қалуды армандайтын қазақтың адал ұл-қыздары желтоқсан қырғынын дұрыс түсінді. Қазақ жүрегіне сұғылған суық қол, қазаққа бірлік, тірлік, еркіндік, теңдік, бостандық, дербестік, азаттық, тәуелсіздік керек екендігін түсіндірді, қазақтарда оны дұрыс түсінді. Ол кезде империялар қол астындағы аз санды ұлттардың азаттық аңсауы жай қиял болып қала беретін. Империялар әлсіз елді, аз санды уақ ұлттарды себепсіз басып алып, өзін жойып, жерін, байлығын иемденуді ғана жоспарлады. Жыртқыштар табиғатында өзі тойған соң, сенің сүйек-саяғыңды тастап кете береді. Ал империялар жер бетінде сенен белгі қалдырмайды. Өзіңді, ізіңді, белгі, таңбаңды өшіреді. Тіліңді, дініңді, діліңді, ұлттық рухыңды өшіреді. Салт-санаңды ұлттық өнеріңді жояды. Сен бұл жарық әлемде болмаған етеді, барлығын өзінікі қылады. Егер сен, мен де бар едім, мен де адамның, мен де ұлт едім, ел едім десең бәлеге қалғаның – іріткі салушы, жік салушы, бөлінуші, бөлшектеуші – сепаратист деп атайды. Ұлтшыл, оңшыл, жікшіл, халық жауы, саяси кертартпа, пәнислаимст қарақшы, туфин (бандит) экстремист атандырады. Бүкіл әлемдік империялардың шапқыншылықтары, аяусыз қырғындары – «Азат ету, көмектесу, демократияландыру, интернационалдандыру, ғаламдандыру, коммунизмге жетектеу» деп аталады. Ал шапқыншылыққа қарсы шыққан сорлы елдер түгел қылмыскерлер, сепаратистер, экстремистер, терроршылар аталады. Империялық шапқыншылық кесірінен «террорлық» атты апат пайда болды. Өз елін, өз ұлтын қорғауға бел буған адамдар, тіпті әйелдер, балалар да, жанкештілік жасап жатыр. Өш алуға бет алған бұл апаттан жазықсыз жандар көп зардап шегуде. ХХ ғасырдың екінші жарымынан бері террорлық аталатын апат көбейді, барған сайын ұлғайып, үлкен қауіпке айналды. Бүкіл әлемде империялар қолымен жойылып біткен аз санды әлсіз елдер мен олардың ұлттық рухы енді жоғалуға бет алған шақта олардың көз-жасы, қайғы-дерті бізге мынандай ой салды. Шама келгенінше ғасырлап шапқыншылық жасаған, миллиондап қырғын империялардың қылмысын әшкерелеп жазып, келешек ұрпаққа қалдыруды ойладық. Әсіресе, соңғы үш ғасыр ішінде, Қытай мен орыс империяларының түркі тілдес елдерге, соның ішінде қазаққа жасаған зорлық-зомбылықтары түгел теріліп, жоғалтуға, жоюға бағыттаған қазақ тағдырын ашық көрсетіп, келешек ұрпаққа жазып қалдыруды ойладық. Кеңес үкіметі дәуірінде ондай ойларды іске асыру өте қиын, егер білініп қалса, ауыр қылмыс екені анық. Соны біле тұра біз тәуекелге бел байладық. 1986-1989 жылдар арасында біз осы мақсатқа дайындық жолында болдық. Жазу біздің қолымыздан келеді деп сендік. Ал бізді көп ойға түсірген бір іс, қағазды мәңгілік сақтау жолы, әдісі, айласы болды. Біз қағазды мәңгілік жер астында сақтау жолын таба алмадық. Қорыта келе, құстасқа (мәрмәр, мрамор) жазып тас кітап етіп қалдыруды лайық көрдік. Қағазға түсіруді Сәбетқазы Ақатай өз мойнына алды. Тасқа қашауды мен – мойныма алдым. Өйткені мен бала кезімде, ағаштан, сүйектен, құстастан мөртаңба жасап, оған қытай, араб әріппен адам аты-жөнін жазып кәсіп еткен едім. Ал кириллица әрпімен құстасқа ойып жазу мен үшін қиын емес. Тек, аса көп ой-арманды түгел тасқа қашауға, қазақ тағдырының соңғы ұлт-азаттық айғайын медеу етуге бел байладық. Алматы қаласындағы құрылыста құстастың алуан түрін табуға болады. Бізге керегі баран түсті – қара, көк, қызыл тас тақталар. Ұзыны – , ені – , қалыңдығы - . Осы өлшемдегі тас тақтаның екі бетіне жазылады. Мөлшермен бір куб тас тақта керек болады. Үлгісін өзіміз сызып көрсетіп, жүзіне баббит қойғызып 11 түрлі пышақ жасаттық. Мұны «АЗТМ» - де жұмыс істейтін Төлеубек Тоқтаров атты шебер жасады. Тас кітап дайын болғанда оны жер астына көміп қалдыратын жерді таңдау керек болды. Көлемі бір куб келетін тастардың салмағы бірнеше тонна болары анық. Сондықтан әрі ауыр, әрі нәзік, күйреп кету қаупі көп тас кітапты су тимейтін, аяз қыспайтын терең жер астында ойдағыдай орналастырып, мәңгі жер астына қалдыру оңай іс емес еді. Соған орай, Алматы аймағы, Жамбыл ауданы, Майтөбе жайлауы, Шетенді бұлақ басындағы Тұрсын Хұсайынұлы Бабалық жұрты төріндегі жартас түбіне көмуді ұйғардық ... бұл жерде сенімді күзет, сенімді қол күші, баспана, тамақ, бәрі бар еді. Бұл жерде біршама жұмыс тындыруға болады. Егер қолайлы жағдай бола қалса, бір бөлімін қалада жазу да ойластырылды. Қалай десек те бұл оңай жұмыс емес. Ең аз дегенде екі-үш жыл уақыт кетеді. Оның үстіне Кеңес үкіметі кезінде мұндай ауыр істі істеп, сездірмей нәтиже көру екіталай. Солайша 1986-1989 жылдары осы ой жолында дайындық жасап көрдік. Бірақ, Тәңірім жоғалуға бет алған елдердің көз жасын көрді де, орыс империясы соғыссыз ыдырады. Тәуелсіздік дабылы қағылды. Енді бізге тас кітап жазудың қажеті болмады. Біз қайғы-қасіреттен біржола құтылдық, айналайын Меруерт! Сенің әкеңнің менен жасырын көмген жазбалары болған жоқ. Маған сен, жер астында жазбалары қалды деген өкініштен аулақ бол, балам!

Меруерт!

Сенің әкең Сәбетқазы ғұлама ғалым. Білімді азамат. Өз ұлтына адал. Өз елінің бостандығы, тәуелсіздігі үшін, өз өмірін құрбандыққа шалуға бел байлаған жанкешті тұлға. Кешегі Кеңес дәуірінде сонау 1960 жылдары бала шағыңда өзі ара түсіп «Жас тұлпарға» қаймықпай белсене басшылық етуінің өзі ерлік, батырлық. Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжанов, Марат Сембин, Мақаш Тәтімов және тағы басқа азаматтарды Кеңес үкіметі «ұлтшылдар» деп қуғындап жатқанын мен сонау 1960 жылдары естідім. Ол кезде мен де «ұлтшыл, оңшыл, өте қауіпті ғұнсұр» атанып, Үрімжі қаласындағы «еңбекпен шынықтыру» лагерінде «жазамды» өтеп жүрген едім. 1961 жылы лагерьден босай салып, Қазақстанға көшіп келдім. Менен кейін Абдулла Тұрлыбаев, Айтан Нүсіпхановтар бастаған бір топ қытайдан қашып шықты. Саяси қуғын көріп Қытайдан қашып шыққан қазақ ұлтшылдары мен «Жас тұлпар» қозғалысының саяси қуғын көрген ұлтшылдар тобы бірін-бірі тез тауып алып, мұңдасты, түсіністі. 1986 жылғы желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысы қазақ ұлтшылдарын тағы да бірлестіре түсті. Сәбетқазы Ақатай бастаған топ 1986 жылдан кейін де ұлан-ғайыр жұмыс істеді. Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысын құрып, бүкіл әлемге жария етті. Бір аянышты жағдай, тәуелсіздіктің елең-алаңында атқа мінген, ұлт азаттығын көксеген бүкіл Орта Азиялық азаматтар түгелдей саяси қуғынға ұшырады. Қамалды, шет елге қашып құтылды. Тек Қазақстанда саяси қуғын болған жоқ. Бірақ, ілгері-кейінді ұлт азаттығын аңсап, ұлттық қозғалыс құрбаны болған азаматтарды тәуелсіз қазақ мемлекеті есігінен қаратпады. Солардың бірі, сонау 1960 жылы желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысына қатынасып, Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысын құрған, оған басшылық еткен, ең соңында Қазақстанның «Алаш» партиясын құрған, соған басшылық еткен Сәбетқазы Ақатай болды. ХХ ғасырдың бас кезінде Алаш көсемдері құрған «Алаш» партиясы кешегі Кеңес үкіметі кезінде күйретіліп, Алаш көсемдері түгелдей қуғын-сүргін көріп жойылған кезде, шетке қашып құтылған алаш азаматтары шығыста Қытайда, батыста Германияда жасырын ұйымдар құрып, Алаштың ұлттық көзқарасын жоғалтқан жоқ. Қазақ бар жерде Алаштық ұлттық көзқарасы сақталды. Жүздеген жыл саяси қуғын-сүргін көрген ұлттық «Алаш» партиясы тәуелсіз қазақ мемлекеті құрылған соң Қазақстанның ұлттық «Алаш» партиясы болып қайта құрылды. Өзін бүкіл қазақ еліне жария етті, бірақ бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінің тұтқасын ұстап отырған азаматтарға Қазақстанның ұлттық «Алаш» партиясы ұнаған жоқ. Сондықтан «Алаш» партиясын мемлекеттік тіркеуінен өткізбеді, демек, жақын тұтпады. Сәбетқазы Ақатай «Мен жастарға сенемін, Алаш атын аспанға шығарар олар бір таңда» деген Мағжан Жұмабайдың өсиетін қайталаумен өтті. «Тәуелсіздіктің алтын қазықтарын қазақ азаматтары өз қолдарымен жұлып, лақтырып жатыр» дейтін марқұм.

Жағда Бабалықұлы
Алаш үні
№18 (40) 28 қыркүйек 2004 жыл

СӨЗ – ҰЛТ ЖАНЫ

Оны іздемесек, ұлттан айырыламыз

Кешегі коммунизм мен интернационализм бүгінгі ғаламданудың түп мақсаты - өткен шапқыншылықтарды майқамдау, болашақ шапқыншылыққа жол ашу. Империялардың арам ойы – аз санды, әлсі, дамымаған ұлыстарды, ұлттарды, әлсіз елдерді басып алу. Байлығын, жерін тонау. Елін қырғындау, ұлтсыздандыру, ғаламдандыру жолымен өзіне сіңіріп алу. Қазақстанның кең жері, мол байлығы империялардың көзіне оттай басылып тұр. Біздің байлық олардың сілекейін ағызып, емешегін құртып отыр. Осындай жағдайда қазақ елінің тілін, дінін, ділін, ұлттық рухын, салт-санасын, әдет-ғұрпын, мәдениетін қалай сақтай алады? Бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша 6000 тіл мен ұлт бар деп айтылады. Тіл ғалымдарының болжамы бойынша, ХХІ ғасырда оның 70-80 пайызы жойылады екен. Қазақ мемлекеті тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілген. Ал қазақ мемлекеті қазақ тіліне берілген мәртебелі заңды орындауы керек. Бұл – қазақ мемлекетінің мойнындағы қарыз пен парыз. Мемлекеттік бүкіл әкімшілік орындары, бүкіл ғылыми орындар, бүкіл оқу-ағарту орындары, бүкіл ақпарат орындары, бүкіл заң орындары, бүкіл өндіріс орындары, бүкіл қатынас орындары, бүкіл жеке меншік орындары, бүкіл қазына салалары мемлекеттік тіл мәртебесін қорғауға, тіл заңын орындауға борышты да міндетті. Бүкіл қазақ біткен «мемлекеттік тіл – менің тілім» деп айта алатын ұлттық намысы бар қазақтың ұл-қыздары қазақша білуі, сөйлеуі, қазақша ойлап, қазақша жаза білуі шарт. Тіл – ұлт тағдыры. Тіл тәуелсіздік тағдыры екенін қазақтың ұл-қыздары естерінен бір сәт те шығаруға болмайды.

Тілді жоғалтып алмау үшін тіл қорын жинау шарт.

Тіл қорын жинау – бүкіл әлемдік ғылыми жұмыс. Әрбір ел өз ұлтын, өз елін жоғалтып алмау үшін өз ұлтының туған тіл қорын жинайды. Әрбір ұлт өзінің ішкі, сыртқы түсінік құралы ретінде тіл қорын жинайды. Әрбір ел өзінің ғылыми өрісін кеңейту үшін, рухы мен мәртебесін шарықтату үшін тіл қорын жинайды. Қытайлар өз тілінің қорын жинағанына екі мың екі жүз жыл болды. Олар қытай әрпін, қытай тіл қорын жоғалтып алмау үшін қол үзбей жинап келеді. Өткен ғасырдағы ішкі соғыс кезінде жиналмай үзіліп қалды деп, 1956-1964 жылдары 264 мың адамға айлық беріп отырып жинатқаны – тілге деген ұғымның салмағын көрсетері анық. 1968 жылғы Тайваннан берілген деректе 390 неше мың түбір сөз, 50 мыңға жуық әріп жинаған. Мөлшермен 500 мың түбір сөз деуге болады.

Ағылшындар ілгерінді-кейінді 240 мың түбір сөз жинаған.
Летоптар 1902-2002 жылдар, яғни, жүз жылда 4,5 миллион сөз тіркеген.

Аттары аталған осы елдер – ежелден отырықты елдер. Олар отырықты мәдениет тілін ғана тіркеп отыр. Ал қазақтар отырықты мәдениет тілін де, көшпелі мәдениет тілін де қос қолдап ұстанып ХХІ ғасырға кірді. Сондықтан аты аталған елдерден қазақ тіл қоры бір есе көп. Қазақ тіл қорында бір миллионға жуық түбір сөз, бірнеше миллион тіркес бар деуге болады. Қазақстанда қазақ тілін жинау 1937 жылдан басталды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл ғылыми институты қолындағы қордың сан мөлшерін айту қиын. Бұл институт тіл қорын жинауды мүлде тоқтатқан емес. Алайда оларға тіл қорын жинауға арналған мол қаржы жоқ. Біздің ойымызша, ілгерінді-кейінді олқылықтарды толтырып, тіл қорын тындырымды жинау үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тілі ғылымы академиясын құрып, оны қажетіне орай, барынша қаржыландыру қажет. Тіл білетін қазақ күн сайын азаяды да, тіл қоры күн сайын жоғалып жатады. Сондықтан тіл қорын жинауға ерекше көңіл аудару керек. Ал жинаудың екі жолы бар: әдебиеттер бетінен жинау, ауыздан жинау. Ең жақсы, ұтымды әдіс – ауыздан жинау. Тілді теру, жинау, тіркеу, жіктеу, жүйелеу әдісі, айласы, ғылыми жөн-жосығы болуы керек. Жеке адамдардың іскерлігі, білімдарлығы, сезімталдығы, ұқыптылығы, табандылығы, ұлтжандығы, тіпті жанкештілігі де артық болмайды. Тіл - өте күрделі ғылым. Оған мемлекеттік деңгейде қимыл керек. Ол үшін қаржы қажет. Тілдік қорды мамандар әдебиеттерден жинап жатыр. Ал ауыздан жинау қолға алынбай отыр. Ауыздан жинау біреу үшін өте оңай шаруа болуы да мүмкін. Шын мәнінде олай емес. Бұл туралы мен қызық оқиғаларды айтып өтейін. 1945 жыл. Мен әскердемін, подполковникпін. Қасымда оншақты адам бар, бір жерге бара жатырмыз. Атты әскерміз. Кигеніміз ұзын қонышты етік, оның сыртына шпор дегенді қыстырып қояды. Елге қалай екенін білмеймін, маған ұнамайды. Мен кәдімгі қазақтың етіктің сыртына қыстырып қоятын бұйымын іздеймін. Жолда бір кішкентай қалашыққа соқтық. Етекшінің үйіне көзім түсті. Аттан қарғып түсіп, «айналайын, маған мынаны істеп беріңізші» дедім. Ол әй-шәйға қараған жоқ, кірісіп кетті. Бірақ мен оның атын атаған жоқпын. Етікші әп-сәтте жасап бере қойды. Сосын мен «аға, мұның аты не еді?» деп сұрадым. Ол «білмеймін» деп жауап берді. Міне, көрдіңіз бе, елудің үстіндегі етікшінің өзі білмейді. Осының атын ұзақ жыл іздедім. 1973 жылы бір жұмыстармен мына Талдықорған өңіріндегі Матай деген жерге келдім. Қазақ үйінде шәй ішіп отырмыз. Мен секілді екі көзі жоқ кемпір отыр. Қасында оның кебісі жатыр. Кебісте мен іздеп жүрген әлгі нәрсе бар екен. Өкше сірісінде тұр. Шәй ішіп болған соң кебісті қолыма алып, кемпірдің қасына таядым да: «Апа, сіздің кебісіңіздің артында мынандай бір нәрсе тұр, осының аты не?» - деп сұрадым. Қария қолымен сипап көрді де: «Мұның аты батқы ғой, балам», - деді. Қуанып кеттім! Тебінгенде аттың қабырғасына батырып жібересің ғой... Міне, көрдіңіз бе, бір сөзді 27 жыл іздеп қағазға түсірдім. Содан кейін, біз бала кезімізде асық ойнаймыз. Төрт бала ойнаймыз. Алшы түскені хан болады, тәйкі түскені уәзір болады, шіге түссе, ол бала ұры болады. Тәртіп бойынша ұры болған баланы сабаймыз: басынан кертоқай аламыз, шертеміз, су ішкіземіз, үстіне мініп аламыз, тағы басқа жазалар бар. Күліп-өліп қаламыз. Айтпақшы, түлкішек деген жазаның тағы бір түрі бар. Түлкішек болсын десе, әлгі бала орнынан тұрып, екі қолын артына ұстап талтайып жерде омпа тұрған асықты аузымен алуы керек. Көп бала оны іліп ала алмайды, етпетінен жығылып, кейбіреуі мұрнын қанатып жатады. Менің айтайын деп отырғаным, сондағы «түлкішек» деген не? Мен бұл сөзді де ұзақ жыл іздедім. Сұрамаған адамым жоқ. Қытайдағы қазақтар да білмейді. Сөйтіп жүргенде 1970 жылдары Алматыға Якутияның театры келді. Бардым. Тыңдап отырып, «түлкішек» деген сөзді естіп қалдым. Жүгіріп сахнаны айналып шықтым да «айналайын, «түлкішек» деген не сөз?» дедім. Десем, «түлкіге ұқсау» деген сөз екен. Қарасам, осы сөзді қағазға 40 жылда түсіріппін. Осылай ескі сөздерді іздеп қағазға түсіріп жүрмін. Бір күні Қабдеш Жұмаділов телефон шалып: «Жәке, қазақтар дойбы қылып ойнайтын сүйектің аты не еді?» - деп сұрады. Жіліншіктің басында екі сүйек бар ғой, соны қазақтар дойбының тасы ретінде пайдаланады. Күлдім де: «Сен мені үйіңе шақыр, дастархан жаса, ет ас, қазы-қарта туралсын, жүз грамм коньяк сенің және менің денсаулығыма кетсін, содан кейін орныңнан тұрып өтініш жасайсың. Сонда мен кергимін ...» - дедім. Ол күлді. Сол сүйектің атын мен 13 жыл іздеп тапқан едім. Оны арғындар «қызасық» дейді. Мына Ұзынағаш жақта Майтөбе деген жайлау бар. Сол жаққа жиі барамын. Туысқанымның көршісінде бір бие бар. Әлгінің өңін біле алмай-ақ қойдым. Маңайдағы шалдар да атай алмайды. Сол өңді ұзақ жыл тағы іздедім. Бір күні үйге келіп радио тыңдап жатқанмын, Моңғолияда тұратын бір әйел адам ән айтып жатыр екен. «Мінгенім дәйім менің күлгін сары ...» деп әлгі мен іздеп жүрген биемнің өңін айтып отыр. Қай жылы екені есімде жоқ Алматыда қыстыгүні бір шал өліп қалып, соның жаназасына барып отырдық. Оншақты адамбыз. Қарсы алдымызда жерошақта қазан қайнап жатыр. Бір уақытта бір әйел келді де, отты өшіріп кетіп қалды. Қазанның астындағы қалың күйе біресе жылт етіп, біресе жоқ болып кетіп, көптеген сансыз жылтылдақтар пайда болды. Мұның атын мен ұмытып қалыппын. Отырған шалдардан сұраймын, ешқайсысы білмейді. Анадан сұраймын, мынанадан сұраймын, ешкім білмейді. Бұл сөзді тағы бірнеше жыл іздедім, бір күні Қытайдан келген Ғафипа деген келіншек «аға, мен сіз іздеп жүрген сөзді таптым, таптым» деп жүгіріп келді. «Бір коньяк саған», - дедім. «Ой, аға, мен оны ішпеймін», - деді. «Онда бір көйлек». Сөйтсем, әлгі жылтылдақтың аты «ешкішек» екен. Жаңағы әйелге көйлек кигіздім. Бұл туралы «Бір ауыз сөзге – бір көйлек» деп газетке шықты, ел шу ете қалды. Мен мұны мақтанайын деп айтып отырғам жоқ. Сөз іздеуге мемлекет кіріспесе, ол бірді-екілі адамның қолынан келе бермейді. Көп қаржы һәм күш керек. Егер біз сөзді айыздан жинамасақ, сөзден айырылып қаламыз. Сөзден айырылу деген сөз - ұлттан айырылу деген сөз. Сөз - ұлт жаны. Тым құрыса, қолында бірнеше мың адам күші бар қыздар институты тіл қорын жинауға көңіл аударса, бірер жыл ішінде миллиондаған түбір сөз бен тіркестерді жинауға, теруге болады. Егер қыздар институтында «Талбесік» атты салт-саналық кафедра құрылса, олар салт-санаға тән деректер жинаса, сол қазынаның өзі тіл қоры деген сөз. Тек жиналған мол қазынаны тектеу, жіктеу, жүйелеу қажет болады.

Ұсыныс беруші қара қазақ – Жағда Бабалықұлы
Жас қазақ №47 25 қараша 2005 жыл

ҚАЗАҚТАН ӨЗГЕ ТҮРКІТЕКТЕС ХАЛЫҚТАРДЫҢ ЕШҚАЙСЫСЫ ДА «ӘЙЕЛ» СӨЗІН ҚОЛДАНҒАН ЕМЕС

Ұлттық дәстүрімізде жазылмаған қағидаларымыз жетерлік. Өкініштісі – есте жоқ ескі дәуірлерден қанымызға сіңісті сол салт-дәстүрлеріміздің ұмыт қалуы. Жаһанданудың аждаһа лебі айналамызды айпап-жайпап келе жатқан бүгінгідей бейқұт заманда осынау асыл арналарымыздың қайнар көздері тартылып, суалуда. Осындай олқылықтың орнын қайтсек толтырамыз деген игі тілектің жетегімен, басылымыздың бүгінгі санынан бастап, жеке басынан кешкен, тәлейлі тағдырын былай қойғанда, бүкіл саналы ғұмырын қазақтың ұлттық құндылықтарын жіпке тізгендей түгендеуге бағыттап келе жатқан жампоз шежіреші Жағда Бабалақұлының әйел затына қатысты зерделі зерттеулерін «Алтын сандық» айдарымен жариялап отыруды жөн санадық. Сонымен этнограф-ғалымның алдына тартқан сауалымыз «Әйел атауының түп-төркінін таратып беру туралы болды.

- Жалпы, «әйел» атауына түсінік бере кетіңізші ...

- Бүгінде әйел қауымына қатысты айтылмаған немесе ұмыт қалып жатқан дүние өте көп. Алдымен осыны жете түсініп алуымыз керек. «Әйел – негізінен араб тілінен енген «ғайал» деген сөз. Аз ғана дыбыстық өзгеріске түскен. Бұл сөзді араб тілінен аударғанда «құл, күң, сатып жіберуге болатын мүлік» деген мағынаны білдіреді. Өте жаман сөз. Сол «ғайал» деген сөзді әкелдік те, бетіне бояуды жағып кеп жіберіп, өзіміздің меншік сөзімізге айналдырып «әйел» деп ала қойдық. Негізінде, әйел адамдарды «қатын» деп атауымыз керек. Қандай жақсы сөз!

Тарихқа көз жүгіртелікші, ертедегі көктүріктерден жеткен жазбаларда да «қатын» деп жазылған. Ал енді «қатын» деген атауға келсек, ол – ханның ақылшысы, ханның кеңесшісі, ханның берекесі, ханның қара шаңырағының иесі, сол елдің қақ жартысының иесі деген дәрежелі ұғымды білдірген. Өте құрметті сөз екендігін пайымдап жүрген біз жоқ. Тек қана қазақ, біз ғана «әйел» деген атауды енгізіп алғанбыз. Ал, өзге түркі тектес ұлттардың ешқайсысы да «әйел» деп атамайды. Өзбектер де, ұйғырлар да, түріктер де, татарлар да айтпайды.

- Ата, айтып отырған уәжіңіз көптің көкейіне қонатын сыңайлы. Ендеше, сол «әйел» деген атау біздің тарихымызға қай кезде енді?

- «Әйел» деген атау ислам дінімен бірге енді. Бір жарым мың жыл болып қалды. «Неге, осы біз «әйел» деген атауға жабысып жүрміз? Бұл сөздің мағынасы дұрыс емес деп талай мақала жаздым да. Бұл атаудың сөз қолданысымызға еніп кеткендігі соншалық, өзгерту мүмкін болмай қалған деңгейге жеттік. «Қатын» деген сөз құлаққа тұрпайылау естіледі дей ме? «Әйел» атауының мәдениетсіздігін айтпағанда, қорлау сөз екендігін кейбіреулер қайдан ұқсын? Осы шындықты көпшілікке жеткізіп жазыңдар. Ойлансын солар ...

Қазақта жеті қазына деген қасиетті сөз бар. Олар: денсаулық, ақ жаулық бала, бес саулық, жүйрік ат, қыран бүркіт деп кете барады. Қазыналы сөзде адам баласына алдымен керекті денсаулықты айтып, екінші ақ жаулықты тілге тиек етеді. Ақ жаулық, яғни ер-азаматтың алған жары, қатыны, оның өмірінің үлкен тірегі. Шаңырақтың иесі азамат емес, иесі – әйел. Әйел – ошағыңның сақшысы, бала-шағаңың анасы, тәрбиешісі. Қорыта айтқанда, әйелден басқа бұл жерде табан тірейтұғын үлкен күш жоқ. Осы арада өзімнің балалық шағымдағы мына бір оқиғаны айта кетейін. Қытайда тұрғанымызда моңғолдармен көршілес отырдық. Моңғолдар да қазақша сөйлей беретін. Содан бірде үйге бір топ моңғолдар келді. Сырттан аттан түспей жатып: «Бай бар ма?» - деді. «Бай бар ма?» - дегені шешемнен әкемді сұрап тұрғандары ғой. Сол сәтте сыртағы бірі: «Ол кісі жоқ» - деді. Әлгі моңғолдар: «Онда сары бәйбіше бар ма?» - деді. Шешемнің үйде екендігін айтқан бойда олар: «Е-е, болды» - деп, сапырлап аттарынан түсе бастады. Сонда үйдің иесі бар ма деп сұрағанымен, артынан бәйбішесі бар дегенде: «Болды, байдың керегі жоқ», - деп жауап беруінің өзі үлкен мағынаны берсе керек. Үйдің иесі тек қана әйел екендігін пайымдаймыз. Міне, осы мәселенің қасиетін ұғынбай, қадіріне жете алмай жүрміз. Амал қанша? ... Қазақ халқы сөзге тоқтам жасаушы еді. Бір ауыз сөзге бір қауым ел құлақ түріп, бәрі де шешімін табушы еді. Ол шешімнің бәрінен жұрдай боп айырылдық. Ондай тоқтам сөздер жоғалды. Қазір тек қана пәлен теңге, түген теңгемен, килограмм салмақпен, километр аралықпен өлшейтін болып алдық. Бұл кешегі уыздай ұйып отырған халықтың берекесін қашырды. Қайран дәуір кетті... Бұрынғыдай қасиетті аналарды неге дүниеге келтірмейміз? Барлығы да біздің қоғамның қатты өзгеріп кетуінен. Қоғам біздің әйелдерге қатысты ғана емес, ерлерге балаларға қатысты да салт-сананы бұзды.

- Демек, осының бәріне әйел кінәлі дегенді меңзеп отырсыз ғой ...

- Иә. Ананың жоқтығынан. Біз қоғамды ... қоғамда үлкен өзгеріс жасап жібердік. Яғни, өзгенің соңынан еруді әдетке айналдырып алды. Өз салт-санамыз өзімізге қадірсіз болып қалды...

- Әңгімеңізге рахмет, ата!

Ақсақалдың ақылын қағазға түсірген Қ.Айтжан
«Адам ата-Хауа ана»
№11-12
Түркі әлемі №1-2, наурыз, 2009 жыл

ҚҰЛДЫҚ САНАДАН ҚҰТЫЛАМЫЗ БА?

Елнұр Бақытқызы

Тәуелсіз мемлекет, азат елміз дегенімізбен, іc жүзінде көп жағдайда тәуелді екенімізді сеземіз. Ол тәуелділік кешегі кеңес кезеңге жалтақтаудан басталып, өз ұлтының тілін, ділін, дінін сатумен біp-aқ, бітетін сияқты. Құл дейміз, күң дейміз. Бәзбіреулердің басыбайлы құлы болу үшін соның ecігіне жүріп, қара жұмысын жасау шарт емес, біpaқ, қоғамда еркін жүріп-тұруға мұршасы жоқ, құлдық сананың бұғауынан әлі күнге дейін арыла алмай отырғандарды құл демегенде кім дейміз? Қоғамды дендеп алған құлдық сана туралы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлымен пікірлескен едік.

- Қазақстанда құлдың түрлері өте көп, - дейді Жағда ағамыз - Басқаға жалтақтық биліктегілердің өзінен басталады, тіпті. Ресей президенті не айтса, соны істейміз, не сұраса, соны береміз. Кезінде Еуразиялық экономикалық қауымдастықты да Ресейдің нұсқауымен құрдық. «Шанхай бестігіне» де қуана-қуана кірдік. Оның астарында жатқан Ресей мен Қытайдың мүддесін түсінбедік. Ал ол ұйымды құрғандағы Ресей мен Қытайдың мақсаты -түркі елдерін біріктірмей, уысында ұстау еді. Байқоңырды да Ресейге елу жылға байлап бердік. Ресей зымырандары қоршаған ортаны бүлдіріп жатыр, онымен іcіміз жоқ. Ал біp зымыран тecіп өткен аспандағы озон қабатын қалпына келтіру үшін кемінде 500 жыл керек.

Осыны құлдық демегенде не дейміз? Бұл - саяси құлдық. Бағыныштылықтың ең қорқыныштысы да осы. Мұндай тәуелдіктен құтылу қиын.

Әлі күнге дейін коммунизмді аңсап отырғандар бар. Бұндай адамдар қaзіp жақсы өміp cүpce де, «коммунизм орнаса екен» деп армандайды. Ол да құлдықтың біp түрі.

«Әттеген-ай, Кеңес өкіметінен айырылып қалдық қой» деп кеңестік кезеңді жақтайтын құлдар да бар.

Өз ұлтын ұмытқан, орысжанды құлдар да кездеседі. Өткенде көpші-қолаңмен Путиннің сырттағы орыстарды Ресейге көшіру жөніндегі мәлімдемесін сөз еттік. Орысша жақсы сөйлейтін батыс жақтан келген көршім: «Орыстар Ресейге кетсе, мен де кетемін», - деді. Mінe, ұлтына сатқындық, отанына опасыздық кайдан шығады?!

Орысша сөйлейтін, орысша ойлайтын құлдар бар.

Орыс не десе, соны орындайтын, Қытай, Америка не айтса, соны істейтін құлдар бар. Мәселен, жақында Қапшағайдағы біp жерді Қытай игерсін деп қалдық. Оның бәрін заңдастырып отырған - Қытайда білім алған премьер-министріміз өзіміздің..

Батысқа қарап шоқынган құлдар да жетерлік. Ондайлар өздерінің ұлттық мәдениетін менсінбейді, тек - батысқа қарап бас шұлғиды.

Ғаламдану дейтін апаттың құлдары бар. Кезінде «орысшаны тез үйреніңдер, коммунизмге тез барасыңдар» десе, қазір «ағылшынша тез үйреніңдер, ғаламдануға тез барасыңдар» дейді. Екеуінің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Ғаламдану апатын көп жұрт түсінбейді. Қайткен күнде де, өз салтыңды, әліпбиіңді ұмыту жақсылыққа апармайды.

Ислам дінін тастап, бөтен дінге бет бұрған ұлдар көбейді қазір. Білуімше, үш мыңнан астам діни секталар бар. Басқа дінді қабылдау еліміздің ішкі саясатына іріткі салары сөзсіз. Мәселен, Шымкенттегі иегово сектасына шетелден 18 миллион доллар түсіпті. Осылайша, діни секталар елімізде емін-еркін әрекет етіп, халықтың санасын улап жатыр. Осылардың ығына жығылып, дінін сатқан адамды құл демей, кім дейміз?

Мансап пен құлқынның құлдары. Мансап қуып кеткендер көп бүгінде. Олардың көпшілігі жетер жеріне жетіп алған соң өз ұлтын, халқын, салтын ұмытады. Қара басының ғана қамын ойлап, мансаптың құлына айналады.

Ақшаның құлдары. Елімізде қалтасын қаржы тескен байлар жетіп жатыр. Бірақ, көпшілігі байлығымен бөліскісі жоқ. Жиған-тергенін шетелдегі банкке салып қояды. Халқым аш-ау, жетім-жесірлерге көмектесейін деген ой өңі түгілі түсіне де кіріп шықпайды.

Рулық бөлшектеу идеясының құлдары. Қазақтың бірлігін ежелден құртатын да осы рушылдық. Бір ұлт болып, бір тілде сөйлей тұра, руға жіктелу деген масқара. Рулық қауымды баяғыда артқа тастадық қой.

Өзімізді өзіміз билеп, өз байлығымызға ие болып, мемлекет боламыз десек, әуелі осындай сана құлдығынан құтылуымыз керек. Әйтпегенде, ұлт,

ҰЛТШЫЛ БОЛМАҒАН АДАМ ҰРПАҒЫНА КЕРЕК ЕМЕС

Қызжібек Бәкір «Мені үлкен үш империя сынға алды» деген осы бір данагөй ақсақалдың тағдыр жолы тек қана ұлтшылдығы үшін қасіретпен өткенін байқайсыз. Ұлты үшін қаншама жанкештілік әрекеттерге барғандығымен қоймай, халқының қара сөздерін зерттеп, зердесіне құя білгендігі өз алдына бір тарих екендігі тағы аян. Тоқсанның төрінен асып отырса да өзі нық, сөзі мық шежіреші Жағда ата Бабалықұлымен әңгімеміз де әр қиядан шертілген сыңайлы. Сол үш күнге созылған сыр-сұхбаттан елеп-екшеп өздеріңізге ұсынуды жөн көрдік.

«МЕНІ КГБ 24 ЖЫЛ БОЙЫ АҢДЫДЫ»

- Қамшы сапты тірлікте көрмегеніңіз жоқ. Тағдырыңыз да қазақ тарихымен тұтасып жатқанын көреміз. Демек қаламның қадірін де бір кісідей білесіз. Жазу-сызуға келуіңізден әңгімемізді бастасақ

- Өзім арғы, бергі ауылдың біраз тарихын бастан өткердім. Ол кезде жаңаша мектеп деген атымен жоқ. Молда араб әрпімен усулхадимимен оқытады. Қалам да, қағаз да жоқ. Ондай затты көрмесек қайдан білейік? Қаламның орнына қойдың жауырынын пайдалатынымыз есімде. Қойдың жауырынына күйені қап-қара етіп жағамыз. Күйе жұғу үшін кішкене майлаңқыраймыз. Сол күйінде күлге бір тығып аламыз. Күйе жағылған жауырынға күл жабысады да, реңі ақшылданып өзгеріп шыға келеді. Күл артында қалып қояды. Содан ұшы үшкірлеу сіріңкеге ұқсас таяқты ұстатады. Сол таяқпен жазамыз. Жазғанда арғы жағынан күйе көрінеді. Әр балада бір-екі жауырыннан болады. Өзіміз үйден алып келеміз. Алғашқы жазуды жауырынға жазып үйренгенмін. Келе-келе ауылымызда панер тақтай пайда болды. Панердің алақандайы қолымызға түссе, қатты қуанатынбыз. Әлгіні күйе мен май араласқанын жақсақ қап-қара болады. Күлге тығып жіберіп, қағып жіберсек беті аппақ болады. Осылайша оқыдық. Бертінде қара қарындаш пайда болды. Оны да саудагерлерден, ауылға келген оқығансымақтардан көретінбіз. Қағаз өте сирек болды.

Байтұрсыновтың емлесіне кейіннен келдік. Осы емлеге келгеннен кейін ғана жаза бастадық. Қағазға түсіруге де мүмкіндіктер болды. 1937 жылға дейін ауылда болдым. Жасым 20-ға кеп қалған. Қой бақтым. Қазақстаннан қашып барған оқығандардан бір-екі қойды беріп жүріп, төрт амалды сатып алып, үйрендім. Оқуға қатты аңсарым ауды. Содан Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласына оқуға түсу үшін ата-анамнан қашып шықтым. Оқуға жылдың он екінші айында барыппын. Мені қабылдамады. Бір ағайымның көмегімен оқуға әрең қабылдады. Бойым болса да теректей. Жасым жиырмада. Төрт амалды білгенімнің пайдасы тиіп, бастауыштың үшінші класынан бастап қабылдады. 1943 жылы Үрімжідегі педагогикалық институттың физика-математика факультетіне түстім. Сабақты жақсы оқыдым. Алайда «тыныш жүрмедім». Ұлт-азаттық ұйымын құрдым. 1944 жылы көктемде түрмеге алып кетті. Оқу жайына қалды. «Бандит» деп қол-аяғыма кісен салынды. Ұлт-азаттық күрес жолында, не керек, төрт рет қамалдым. Өмірімнің 11-12 жылы абақтыда өтіпті. Ең соңында бес жыл жаттым. 1961 жылы абақтыдан шыға салысымен бір аптаның ішінде «Алматым қайдасың?» деп елге кетіп қалдым. Егер де кетіп қалмасам тағы да ұстап, қамауға алуы мүмкін еді.

- Баспаналы болуыңызға Хрущевтіц шарапаты тиген деседі...

- Мына өзің отырған сол Хрущевтің бұйрығымен берілген үй. Баспаналы болуымның өзі де бір тарих. Алғаш елге келген жылдары баспанадан, жұмыстан қиналдым. Қырға шығып қой бақтым, құрылыста істедім. Тіптен біреулердің пештерін де салдым. Сол екі арада бір адамның көмегімен «Теміржолшы» газетіне жұмысқа кіргенмін. Газет шықпайтын болып, газеттің редакторы мені пошта таситын жұмысқа тұрғызды. Айына 60 рубль аламын. Сондағы орыс тілін жетік білетін Тналин деген азамат: «Сен Хрущевқа хат жаз. Задорожныйдың мына жасап отырған әділетсіздігін сенің атыңнан өзім жазып берейін» деді. Мұның айтып отырған себебі, Қонаевқа баспана сұрап екі-үш рет хат жазғанмын. Сол хатыма «үй берілсін» деген жауап келгенімен, теміржолдың басшысы генерал Задорожный пәтерді өзінің адамдарына береді екен. Тналин осы құпияларды жақсы білетін боп шықты. Жазған хатына тек қол қойдым. Арада бір апта етер-етпес әлгі хатқа жауап келіпті. Задорожный мені кабинетіне шақыртты. Кабинетіне кіргенім сол, орнынан ытқып тұрып қолымды алып, жағдай сұрап жатыр. Неге бұлай жылы қабылдағанын ұқпай тұрмын. «Сізге жұмыс та, үй де дайындап қойдық» деп мені келесі бір кабинетке кіргізді. Ол кабинетте бір қазақ отыр. Ол мені көрген бойда күліп жатыр. Мен одан сайын ыңғайсызданып: «Неге күлесің?» дегенімде, әлгі: «Сені мазақ етіп тұрғаным жоқ. Хрущевқа хат жазған екенсің. Хатың ол кісінің қолына жетіпті. «Орталық Комитеттің бақылауы бойынша үй берілсін» деген бұрыштамасы көрсетіліп, қолы қойылған хатқа мына Қазақстанның Орталық комитеті «бұтына жіберіп» қойды. Ал Задорожный «бұтына тышып» қойды деп керекті құжаттарды қолыма ұстатты. Осы үй салынып жатыр екен. «Таңдаған үйіңді белгіле» деген соң осы отырған пәтерімнің сыртына фамилиямды жазып кеттім. Бір жұманың ішінде баспанаға кіріп алдым. Ал «Мәдениет және тұрмыс» журналына қызметке орналастырды. Осы қызмет орнында тапжылмастан 24 жыл отырдым. Қалай кабинетке иелендім, солай менің үстелімнің үстіне қос телефон орнатылды. Біріншісі - жұмыс телефоны, екіншісі - тұтқасы ғана бар, нөмір айналдыратын белгісі көрсетілмеген, тыңдалатын телефон еді. Осы тыңдалатын телефон 24 жыл бойына қарсы алдымда тұрды. Себебі, 24 жыл бойына мен КГБ-ның бақылауында болдым. Әр жетінің соңында, яғни сенбі, жексенбі күндері қайда болатынымды тіркеуге алып отырды. Сенбі күні қоңырау соғып: «Ертең қайда боласың» дейді. Мен қайда баратынымды айтамын. Сол барған жеріме біреуі барып бақылап қайтады. КГБ екі түрлі бақылайды. Бірі - өзіңмен ашық араласады, үйіңе келіп ананы-мынаны сұрайды, дастарханыңның басында үйдің бір мүшесіндей отырады. Ал екіншісі - жабық түрде аңдиды. Оның кім екенін біле бермейсің. Бірде 1997 жылы менімен ашық араласатын Балтабай деген полковник көшеде кездесе кетті. Амандасып тұрып қолымды жоғары көрсетіп: «Е, Бөке, мынау қазақтың аспаны, қазақтың көк туы желбіреп тұр. Мен 1961 жылдың 18-қыркүйегінде Қытайдан бері өттім. Содан 1991 жылы тәуелсіздік алғанға дейін мені 30 жыл бойы іштей, сырттай аңдыдыңдар. Сонда қандай қылмысым үшін аңдыдыңдар?» дегенімде: «Сізді мен аңдытқан жоқпын. Біздің үстіміздегілер: «Бұл ұлтшыл, оңшыл, қауіпті элемент. «Аңдыңдар» - деді, аңдыдық. Сен топыраққа кіргенше аңди да береміз», - деді. Осындай өмір көштім, қызым.

- Таңжарық ақынды көрген күндеріңізді есіңізге түсіріңізші...

- Таңжарықты екі-ақ рет көрген адаммын. 1945 жылы 5 сәуірде түрмеден шығып Үрімжіге келдім. Мұнда қар еріп жатыр екен. Аяғымдағы пимам малмандай су болды. Өзімнің оқып жүріп ұсталған институтыма келе жатырмын. Достарымды көремін бе деген үмітпенен. Көшенің шығыс жағында қазақ мәдени орталығы болатын. Сол жерден керемет ән естілуде. Әнге қызыққаным соншалық, лайсаң суды кешіп өттім. Сөйтсем, ән клубтың ішінен естілуде екен. Клубтың есігі ашық, іште екі адам отыр. Біреуі ән айтып, екіншісі тындап отыр. Кіргенімді байқаған олар әнді тоқтата қойды. Су-су пимамды шалпылдатып барып жақындадым да, оларға сәлем бердім. Бетіме үдірейе караған біреуі: «Түрмеден шықтың ба?» деді. Басымды изедім. Алдарында арақ тұр. Ижір дейтін тас шыныға құйып ұстата қойды. Бұлданбастан мен де ішіп салдым. Содан үдірейе қарағаны: «Ән салып отырған Бөпе дейтін ағаң, Алтайдікі. Ал мен Таңжарық дейтін ағаңмын, Іленікімін. Өзің қай жердікісің» деді. Мен жөнімді айтып болмай, есіктен ұзын бойлы, мұртты, еңгезердей қара шал кіріп келе жатты. Ол кірген бойда: «Сендерді асыраймын деп әбден шаршап, өлетін болдым» деп боқтай жүріп дастарханын жайып, үстіне бір бөтелкесін, нанын, сұр жамбасын қоя бергенде Таңжарық ақын: «Ей, былжырама, мына бала сенің туысың екен» деді. «Бабалықтың баласымын» дей бергенім сол, әлгі кісі мені құшақтай алып жылап жатыр. Кім екенін танымаймын. Сөйтсем, мен көрмеген әпкемнің күйеуі екен. Әпкем қайтыс болып кеткен. «Ей, жүріндер біздің үйге!» деді де, жездем боп шыққан кісі дастархан үстіндегілерді жинап, қолтығына қысты да, үшеумізді үйіне әкетті. Әпкемнің орнына алған әйеліне: «Жағда келді!» - деп жатыр. Көрпе қайдан болсын, кішкене ғана сырмақты салды. Екі кісі отыруға жарайды. Сырмаққа Таңжарық пен Бөрте отырды. Мен түрегеп тұрмын. Жездем түрегеп тұрып:

«Қайтейін кедейшілік көзіңді ашпа,
Қылдың ғой жек көрінішті қарындасқа.
Кетпейсің босағамнан бақырайып,
Жоқ па еді туысқаның менен басқа, -

деп бір ауыз өлеңді төгіп-төгіп жіберді. Өлеңнің соңын Таңжарық жалғады. Сөйтіп, таң атқанша талай әңгіменің басын қайырдық. Таң атқанша Таңжарық өлең айтты. Түрмедегі жағдайларды айтты. Екінші рет көргенімде алғашқыдай ашық-жарқын тілдесе алмадық. Подполковник болатынмын. 1947 жылы Құлжа қаласының көшесімен келе жатқанмын. Тасқа құйрығын қойып көшеде отыр, қабағы пәстеу екен. Қасына жақындап амандастым. Сәлемімді алғанымен, өзіме мойын бұрып қарай қоймады, терең ойдың құшағында отыр. Ойын бұза алмадым. Кетіп қалдым. Қайтып көрген жоқпын. Көп кешікпей қайтыс болды деп естідім. Таңжарықтың біраз өлеңдерін жинақтадым. Үлкен папкіде өлеңдері сақтаулы. Жинағының ішінде қайсысы бар, қайсысы жоғын мен білмеймін.

«ЖАЗҒАН ДҮНИЕЛЕРІМІЗД1 БАНКІГЕ ЖАСЫРДЫҚ»

- Қаһарын төгіп тұрған кеңестік дәуірде Желтоқсан оқиғасы туралы бүкіл деректерді хатқа түсіріп, жасырын жолдармен кейбір шет елдердің басылымдарына жолдаған жанның бірі екенсіз.

- 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатыстым. Қатысқаным сол, алаңның сыртында жүрсем де, аузымнан ұлтшылдық хақында көптеген сөздер шығып кеткенге ұқсайды. Содан 70-ке таянған мені 18-19-20-шы желтоқсан күндері күніне бес сағат бойына сұраққа алып отырды. Бірақ қамаған жоқ. «Сен пәленшеге тіл тигізіпсің, мынаған наразы болыпсың» деген сияқты айыптарды желеу етті. Жағдайдың қалай болғанын өз көзімізбен көрдік. Содан 1987 жылы Желтоқсанға байланысты көптеген тың деректерді жинауда аянбай еңбек еттік. Деректердің бәрін қағаз бетіне түсірдік. 1987 жылы елімізге Венгрияның ғалымы, түріктанушы Иштван Мандоки Қоңыр кеп қалды. Осы кісіге қолдағы деректерді жасырын беріп жібердік. Ол алдымен Венгрияның, кейін Чехияның басылымдарына жариялады. Мұны ешкім білмей де қалды.

Бірде Сәбетқазы Ақатаев телефонмен хабарласып, Жазушылар одағында үлкен жиынның өтетінін, оған шет елдерден белгілі адамдардың келетінін, олардың ішінен америкалық қазақ Алмас Естековке жолығып, хатты осы арқылы беріп, сол елдің басылымдарына жариялатуымыз керек екендігін айтты. Алмастың маңайына жолай алмаймын, айналасында адам көп. Хатты бір газеттің орауына салып алғанмын. Қол тигізуге болмайды. Бір уақытта олар тобыменен үстіңгі қабатқа тамақтануға көтерілді. Мен де іздерінен қалмай, ілесіп отырмын. Кенет Алмас Естеков кілт тоқтап кері бұрылды да, әжетханаға қайта түсті. Маған да керегі сол, әжетханаға ілесе кірдім. Хатты чемоданының бетіне салып жібердім. Ол жалт қарады. Тек қолымды көтердім де сыртқа шығып кеттім. Бұндай әрекетті жанкештілікпен жасап тұрғанымызды кім болса да айтпай-ақ түсінеді. Хатты берісімен жан-жағыма қарамастан үйге тартып келе жатырмын. Үйдің бұрышына жақындап қалғаным сол, әскери екі машина екі жанымды айналып, біреуі көше жақ терезеге, екіншісі екінші жақ терезенің тұсына тұра калды. Мен «біттім» деп ойлап, бұрыштағы қара ағашқа сүйеніп тұрып қалдым. Жалма-жан үйдің кілтін қалтамнан алдым да қара ағаштың түбіне көмдім. Ізімнен мені қуалап Сәбетқазы жете алмай келеді екен. Оны аңғармаппын. Ол мені құшақтай алды. Шошып тұрған мен оның қолын қағып жібердім. Ол сескеніп: «Не болды? Не болды?» деп қалды. «Сен осы жерде тұр, мен үйдің жанына барып келейін» дедім. Үйдің бұрышындағы әлгі екі әскери көлік жоқ. Кетіп қалыпты. Жүрегім қайта орнына түсті. Кілтімді қайта қазьш алып, Сәбетқазы екеуміз ішке кіріп, бір бөтелкені ортаға қойып, аман-есендігімізге тәубе еттік. Ол уақытта осындай нәрсемен қолға түсіп қалсаң еш аямайды ғой. Ал Алмас Естеков Америкаға барып, хатты жариялап жіберді. Дәл осы хатты біз өзіміздің Қазақстанның 17 бірдей азаматына жіберіппіз. Хатты дайындау Сәбетқазының міндетіне кірсе, хаттың мекен-жайын жазу менің міндетіме кіретін. Хаттың бірде-біреуінің сыртына мекен-жайды өзімнің қолыммен жазған жоқпын. Себебі, хатқа қолтаңбам түспеу керек еді. Жарақатымды таңғанға ұқсап, екі қолымды бинтпен орап-орап алып, көшеге шығамын да ұшыраса кеткен біреуге қаламымды ұсынып: «Айналайын, мынаны жазып жіберші» деймін. Тоқтатқан адамым қолыма қарайды да жазып бере қояды. Сол 17 хаттың біреуін ғана қазақтың қызы жазыпты. Ал өзгелерін орыстарға жазғызыппыз. Тәуелсіздік алғаннан соң 17 адамға: «Сол жылдары жазылған хатты алдыңыз ба?» деп сұрау салдық. Тек үш адам ғана «алдық» деп жауап берді. Олар: Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов және шұбартаулық жазушы (атын ұмытып тұрмын). Шындығында бәрі алған. Алмадық дегендердің өзі шошып кетіп, хаттың көзін жойып жіберуі де мүмкін ғой.

«ТІГІСТІҢ 76 ТҮРЛІ АТАУЫН ҚАҒАЗҒА ТҮСІРДІМ»

- Жағда ата, сөз жинауды Қытайда жүргенде бастапсыз. Ендеше, сол елдің құрмет ететін бір саласы болғаны ғой...

- Қытайда бізде жоқ мынадай идеология бар. «Бір - Отан. Бір - тіл. Бір - идея. Бір – мәдениет». Мұнда тек қытай ұлтының мүддесі жатыр. Қытай 2500 жылдан бері сирек қолданыстағы сөздерін жинап келе жатқан халық. Қытайлар өз тілдерін қатты құрметтейді. Ел аузынан жинау жүйесінің қалпын қытайлар әлі күнге дейін өзгерткен емес. Тек 1956 жылы болған ішкі соғыстарда 10 жылға жинау үзіліп қалған екен. Сол 10 жылдың орнын толтыру үшін 1956 жылдан 1964 жылға дейін 264 мың адамға мемлекет тарапынан жалақы беріп, жинатып, кеткен он жылдың орнын толтырғандай болған. Ауыз екі сөздерді жинаумен шұғылданатын Ахметқайып Бітімбаев дейтін досым бар. Анда-санда бір ауыз сөз тауып беріп қояды, соған айлық алып отырады. Ал, керісінше, біздер әліге дейін бір тіл екенімізді ұқпай отырмыз. Екі тілді қойып, енді тіпті үш тіл дегенді шығардық. Қытай секілді ел аузынан жинау әдістерін үйрену керек. Олар осы әдіс арқылы 2500 жылдың ішінде 500000 түбір сөз жинаған. Ағылшындар болса ілгерінді-кейінгі 240000 сөз жинаған. Қазақстанда сөздерді жинауды 1937 жылдан бастап жинап келеді. Бір ғасырда екі жарым мың шамасында ғана сөз жинапты. Ол анық па, жоқ па, білмеймін, осындай сыбыс естідім.

Тілді жинаудың екі түрі бар. Біріншісі - әдебиеттен жинау. Бұл айналымдағы сөздер делінеді. Екіншісі - ауыздан жинау. Біз әдебиетте айналымдағы сөздерді ең көп пайдаланған жазушы Мұхтар Әуезов деп айтамыз. Әуезовтің пайдаланған тілі 20000-ға жетіңкіремейді. Бұл айналымдағы тіл оншалықты көп дүние емес. 30000-20000 тіпті болмағанда 40000 болар, әдебиетке айналымға кірмеген сөздер қаншама әлі... Осы арада мысал келтіре кетейін. Көбінесе үйде отырғанымда инемен бір нәрсені тігіп отырғанды ұнатамын. Бірде өзімді таңдандырған тігісті тігіп отырып, тігісімнің атын таба алмадым. Ойланып қалдым. Осы тігістің атауын сұрау үшін ертеңіне Есік ауданында тұратын, Қытайдан көшіп келген Шайымханның үйіне бардым. Бұйымтаймен келгенімді айттым. Қызы Қамарға: «Айналайын, Қамар маған бір тал инені сабақтап берші» дедім. Ол инені сабақтап алып келді. «Менің қолымда бір тал ине мен жіп тұр. Осымен көктеймін, жүргеймін, қаримын, тепшелеймін. Осы секілді атаулардың каншасы бар?» деп сұрағанымда олар мұндай атаудың көп екендігін айтты. Қуанып кеткен мен дереу қағазға түсіріп алдым. Сонда сол тігістің 76 атауы бар екен. 76 атауды қағазға түсіруге үш күн уақытты жұмсадым.

- Мәселен, өзіңіз ұзақ уақыт іздеген бірер сөздердің табылу тарихы туралы айта кетсеңіз...

- 1970 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналында қызмет істейтінмін. Бірде Талдықорғанның Матайларына шаруамен барғанмын. Бір қазақ үйде шәй ішіп отырсам, босағада көк сауырлап тіккен көне кебіс жатыр екен. Босағаның іргесінде екі көзі көрмейтін зағип кемпір сыртын беріп отыр. Кебістің сол кемпірдікі екенін біліп тұрмын. Кебістің біреуін қолыма алдым да, кемпірдің касына таяп: «Апа, мынау сіздің кебісіңіз, сүр өкшесінде мынадай бір нәрсесі тұр. Қолыңызды тигізіп ұстап көріңізші және осының қалай аталатынын айтып беріңізші» дедім. Кемпір кебісінің өкшесін қолымен сипалап тұрып: «Е, қарағым, бұл батқы ғой» деді. «Батқы» сөзі, демек, аттың қабырғасына батырып жібересің деген түсінік екен ғой. Сонда мен осы сөзді 27 жылда қағазға түсіріппін. Естелігіме кебістің суретін сызып, атауын көрсетіп қойдым.

Ал кейбір сөздерді ұзақ уақыт іздедім. Бала күнімізде асық ойнаймыз. Асықты иіргенде алшысынан түссе - хан, тәйке түссе – уәзір, бүге түссе - сопы, шүге түссе - ұры болады. Асығы шүге түскенге жаза қолданылады. Басын шертеміз, кертоқай аламыз, су ішкіземіз дегендей. Осының ішінде бір жаза бар. Ол «түлкішек бол» деген жаза. Жазалы бала екі қолын артына ұстап, аяғын талтайтып, еңкейіп келіп, жерде омпа тұрған асықты аузымен іліп алу керек. Кейіннен сөздер жинай бастағанымда осы түлкішектің мағынасын қуаладым. Қытайда таппадым. Елге оралған соң да табыла қоймады. Сөйтіп жүргенде 70-ші жылдары Якутияның театры Алматыға келе қалды. Сахнадағы көріністерді тамашалап отырғанмын, бір уақытта әлгілердің сөзінің арасында «түлкішек, түлкішек» деген сөз жүр. Сахнаға қалай жүгіріп шыққанымды да білмеймін. «Айналайын-ау, мына түлкішек деген не?» десем, түлкіге ұқсау деген сөз екенін айтты. Сонда түлкішекті мен 40 жыл дегенде барып қағазға түсіріппін. Мәселен, осыдан бір жұманың алдында «қаншырдай қатып» деген сөз есіме түсіп қалды. Бұл көбінесе әйелдерге қаратып айтылады. «Қаншырдай қатқан қара қатын алдымнан шыға келді» дейді. Кейде атты бәйгеге қосуға дайындаған кезде де: «Қаншырдай қатып қалған екен» деседі. Демек «қаншыр» деген не? Бұл атау туралы санамда елес секілді бірдеңке көрінеді. Нақ басып айта алмаймын. Соны кеше түнде таптым. Біреуге телефонмен айтқанмын. Ол іздепті. Сөйтсем, ол құс екен. Сол құсты мен бір-екі рет көргенім есіме түсті-ау, әйтеуір. Қаншыр жыл құсы, тырна секілді мойны ұзын, аяғы ұзын, өзі тіп-тік, отырғанда қаққан қазықтай. Жалпы тіліміздегі жоғалып бара жатқан кейбір сөздерді қағазға түсіруге құмармын. Мұнан кейінгі өмірімде де қанша сөзді түсіремін, ол Аллаға аян. Қолымда қанша дүние барын тек салмағымен ғана айта аламын. Бүгінде қолымда салмақтағы қолжазба тұр. Ал онда қандай тақырыптар бар екендігін ұмытып та қалдым. 270-тен астам ұлттық спорттың түрін жинақтадым. Бұның өзі де жас ерекшеліктеріне байланысты каншама салаларға бөлініп кетеді. Менің осы жазған дүниелеріме бүгінде мемлекет тарапынан көңіл аударып та жатқан жоқ. Министрлікке айттым. Құлақ қоятын пенде табылар емес. Күні ертең мен көз жұма қалсам, бұл дүниелер сол күйінде қалып қояды. Басымда жазылмай тұрғаны қаншама. Осыларды қағазға түсіріп алса деймін. Түсіндірме сөздік ретінде әлі бергенім жоқ. Қайтып берем? Бір ғана қыран туралы сөздердің өзі екі томнан тұрса?!

«ӨЗГЕЛЕР ҚҰЛАТҚАН ҚҰСБЕГІЛІК МЕКТЕПТІҢ ІРГЕСІН ҚАЙТА КӨТЕРДІК...»

- Қырандар, жалпы құсбегілік жайында сіздің екі кітабыңыз бен жүздеген мақалаларыңыз жарияланыпты. Бір кездері құсбегілік мектептің қалыптасуына да өзіндік үлесін қосқан бірден-бір жан екенсіз. Игі бастаманың соңы түсініксіз болып қалғандай...

- Алдыменен кұсбегілік туралы екі нәрсені айтуға болатын шығар. Кеңестік дәуірде Қазақстанда кұсбегілік жоғалып кеткен екен. Ал Қытайдың қазақтары кұсбегілікті дәстүрге айналдырып, қыран құстарын баптап жатады. Құсбегілермен бірге аңға да шығып тұратынмын. Сонда есте қалған дүниелерді қағазға түсіріп едім. Бір күні Мұрат Әуезов «Мұра» дейтін журнал шығаратын болды. Біраз адамдарды шақырған екен. Мұрат журналда қамтылатын, жазылатын тақырыптарды айта бастады. Маған келгенде: «Жәке, сіз бір уақытта құс жөнінде біраз әңгімелер айтып едіңіз. Осыны қағазға түсіріп беріңізші» деді. Жоқ демедім. Құсбегілік туралы 7-8 беттей мақаланы жазып алып бардым. Мақалама біраз адамдар оң бағасын берді. Сол қолдау рухымды көтергендей болды. Содан «Білім және еңбек» журналының редакторы Ақселеу Сейдімбек: «Жәке, құсбегілік туралы маған да жазып беріңізші» деп қолқа салды. Бұл журналға да екі бірдей көлемді мақалам қатарынан шықты. Іле-шала «Жазушы» баспасынан: «Сіздің құсбегілік туралы екі мақалаңызды да оқыдық. Құсбегілік туралы кітап жазсаңыз қайтеді? Шығарамыз» деген ұсыныс түсті. Сөйтіп «Қырандар» деп аталатын кітабымды 2-3 айдың ішінде аяқтадым, артынан құсбегілік туралы «Саят» деген екінші кітабымды жаздым.

Құсбегілік те спорттың бір түрі ғой. Мәселен, Жошы ханның ордасының айналасында 3 мың қыран ұсталса, Қытайды билеген Мұқылай ханның ордасының айналасыңда 9 мың қыран ұсталған екен. Осыған қарағанда қазақ халқында қыран ұстау бағзыдан бар екендігін байқаймыз. Ал еңді құсбегілік мектептің жағдайын айтайын. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты ма, Колбин қазаққа кішкене көңіл аударған болып, кейбір өтініштеріне құлақ асқансыды. Сол кезде 1987 жылы «Жерұйық» атты этнографиялық ұйым құрдық. Ұйымның жетекшісі Арон, орынбасары мен едім. «Жерұйыққа» мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, ұйым мүшелеріне жалақы белгіленді. Осы ұйымның негізінде «Жалайыр Шора» атты кұсбегілік мектебін құрдым. Жарыстар өткізіп тұрдық. Елге құсбегілік туралы біраз мағлұматтар жетіп жатты. Бүркітшілікке ебі бар кісілер бүркіт ұстауға бет алды. Мектебіміз жетістіктерімен жап-жақсы танылып келе жатқанда, екі араға сайтан кірді. Қалталы еврейлер мен орыстар 1993 жылы кұсбегілік мектептің қарауындағы бүркітшілерге жоғары айлық бере жүріп, мектептің іргесін құлатты. Біз отырып қалдық. Алайда, жоғары жаққа өтініш жаза жүріп, Қаскелең ауданына қарасты таудан жерді бекіттіріп алдым. Мұнда құсбегілер мектебін салуды ойладым. Біраз адамдардың көмегімен екі-үш корпус салуға керекті материалдарын апарып түсірдік. Осы заматта әлгі бүркітшілерді қаражатымен айналдырып алған орыс, еврейлер келді де жоспарымызды тағы күлталқан етті. Басшылық жасап жүрген адамдарымызды да алып кетті. Мектеп салынбай калды. Мектептің қаланған іргетасы әлі де жатыр. Сөйтіп жүргенімде, 1997 жылы Бағдат Мүфтекеқызы атты әйел адам келіп: «Аға, жағдайыңызды жақсы білемін. Менің туыстарымның біразы бүркіт баптаумен айналысады. Осы мектепті қайта құрсақ қайтеді?» деп ұсыныс жасады. Содан Есік ауданына барып, бүркітшілерді жинап алып, жиналыс өткізіп, құсбегілер мектебін қайта кұрдық. Ұсыныс айтқан Бағдатты басшы етіп, өзім көмекші болдым. Бүгінде Есік ауданында 240 мың гектар жеріміз бар. Мектептің орны белгіленіп тұр. Бірақ қаражат жоқ. Жыл сайын бүркітшілердің жарысын өткізуге мектебіміз мұрындық болуда. Алла қаласа, биылғы жылдың соңына дейін халықаралық дәрежеде жарыс өткізсек деген ниетіміз бар.

«ҚАЗАҚТЫҢ БАЙЛЫҒЫ МЕН МАНСАБЫН ИЕМДЕНІП ЖҮРІП, ХАЛҚЫН ТАНЫМАЙТЫНДАР КӨП...»

- Біз келер ұрпақ алдында, келешекке барар жолында қандай құндылықтар қалдырамыз? Біздің немесе дүниежүзі қазақтарын біріктіретін ұлттық идеямыз қандай?

- Ұлт болып қалыптасқанымызға ұзақ уақыт болған. Біздің тіліміз, дініміз, діліміз, салт-санамыз, шаруашылығымыз да, ұлттық рухымыз, ұлттық мәдениетіміз, тіптен дастарқанымызға дейін ешкімге ұқсай бермейміз. Осының барлығы біздің ұлттық байлығымыз. Егер біз ұлттық байлығымызды мүлдем жоғалтып алсақ, қазақ халқы да жоғалады. Сол үшін тілге құрмет қажет. Мысал айтайын. Бір қазақ есігінің алдында итаяқтан ас ішіп жатқан итін қамшысымен тартып-тартып жіберіпті. Ит қаңқылдап тұра қашыпты. Қасындағы серігі: «Ойбай-ау, оны неге ұрдыңыз?» депті. Үйдің иесі: «Менің тамағымды ішеді де, елдің қорасына барып үреді» деген екен. Біз де осындай халде тұрмыз. Қазақтың ақшасын ұстап, ас-суын ішіп отырған анау жоғарыдағы адамдар ұлттың тағдырына қалай қарайтындығын ойлану керек. Бұл ұят болады. Ұят емес - қылмыс, сатқындық. Бүгінгі қоғамның басты кемшілігі де, үлкен қателігі де ұлтымызды, тілімізді бағаламау болып отыр. Ұлтжандылықтың өзі жөргектен бастау алады емес пе.

- Жөргек деп қалдыңыз. Осы жөргектің өзі де мәселеге айналып тұр. Шыр етіп түскен нәрестені бүгінгі аналар жаялық жумастан тәрбиелеуге дағдыланып алған. Осыған не айтар едіңіз?

Жөргек мәселесін мен бірнеше орындарда айтқанмын. Бала шыр етіп түскенде табиғи нәрселерге орап алушы едік. Мақтаға, жібекке, теріге, жабағыға т.б. дегендей. Табиғи дүниеге оралған нәресте бүкіл 18 мың ғаламмен табиғи түрде циркуляция жасап жатады. Ал бүгінде нәрестенің астына дайын резеңкені қоя салып, полиэтилен шалбарды кигізіп, аяғына резеңке аяқ киім кигізіп қоятын болдық. Бұлай өскен балада қандай денсаулық болсын. Ол бала жарымжан болары сөзсіз. Бұл медицинаның үлкен, кешірілмес қателігі. Медицина осы жәйттерге ұлттық тұрғыдан назар аудармайды. Қытай мен Индияның арасындағы Гималай тауының, оны қазақтар Бұланай деп атайды, батыс жағын ала бір халық бар. Таудың ішінде өмір сүруде. Мың қарадай ғана. Солар қодаш сиыры мен қой-ешкісін бағып жүре береді. Олар сауда жасамайды, егін екпейді. Өздері түркі тілінде сөйлейді. Солардың жөргегі туралы көзімен көрген адамның айтқаны бар. Олар қойдың құмалағын келіге түйіп-түйіп алып, електен өткізіп, соның ұлпасына туған нәрестені орайды екен. Мүмкін, біздің түпкі ата-бабамыздың жөргегі сол шығар. Кім білсін? Медицина ғылымын зерттеп жүрген адамдар жөргек туралы ойлану керек. Адамның денсаулығы үшін пайдаланылатын бүкіл заттары жасандылықтан аулақ болғаны дұрыс. Дәл осы тақырыпта әйел адамдардың кандидаттық, докторлық қорғауы керек-ақ. Жөргек тақырыбында бұрын-соңды қорғалмаған.

- Зиялы қауымның бір өкілі ретінде ұлтшылдықты қалай пайымдар едіңіз?

- Зиялы қауым да халқымыздың ұл-қыздары. Зиялы қауымның ішінде халқының намысын корғап жүргендер де бар. Қазақтың игілігін көріп, байлығын иемденіп жүріп, халқын танымайтындар да бар. Мұндайларға өкпеміз қара қазандай. Қазақ екендігін танымаса, өкпелемегенде қайтеміз? Ұлтшылдық, бір сөзбен айтқанда, өз жанын ұлты үшін қиятын жандар. Ұлтшылдарды сөгетін тек кешегі коммунистер. Ұлтшылдарды сөгетіндердің тағы бірі жаһандануды жақсы көретін жандар. Ұлтшыл болмаған адам ұрпағына керек те емес. Ұрпақты сақтап қалуды хайуанаттан да үйренуге болады екен. Бірнеше мысал келтірейін, тәует деген ұзындығы бар-жоғы 2- ғана қоңыз бар. Тәует шағылысқанда ұрық тез жетілу үшін биесі еркегін жеп қояды. Еркегі ұрпағы үшін өзін кұрбан қып тұр. Жаяу шегіртке деген бар. Ол ұшпайды, қарғиды. Белгілі уақытта құйрығын қимылға келтіріп, топыраққа кіргізеді. Кіргізіп отырып өзінің сөлін, жұмыртқасын топыраққа төгеді. Төгіп болған заматта-ақ сол жерде өледі. Демек, жұмыртқасын төгу үшін ғана өмір сүрген. Әмудариясында кета дейтін балық бар. Осы балық көктем мезгілінде ұрығын тастау үшін Амурды өрлеп келіп, тасқа қатты ұрылып, бауырын жарып, ұрығын суға түсіреді де, өзі өледі. Бұл да ұрпақ үшін өзін өлтіріп тұр. Ал біз өз ұлтымыз үшін ұлтшыл болмасақ, қалай ұлт сақталады? Әміріміз - халқымыз үшін, өліміміз - өзіміз үшін.

— Әнгімеңізге рахмет!

Жас қазақ үні №9 (330) 04. 03. 2008 ж.

ҰНЖЫРҒАҢЫЗ ТҮСПЕСІН, ЕҢСЕҢІЗДІ ТІК ҰСТАҢЫЗ!

Қазақтың сөздік қоры өте бай әрі құнарлы. Қазіргі қолданысқа енген сөздер сол мол байлықтың бір ширегі ғана. Ғылыми-техникалық прогреске байланысты жаңа сөз тіркестерімен, терминдерімен араласып, бастапқы құнарынан айрылып, өңін өзгерткен сөздер де баршылық. Уақыт алға жылжыған сайын қазақ тілінің сөздік қоры жаңарып, жаңаша мазмұнға ие болып, байып та келеді. Бірақ, қазақтың байырғы, ауызекі сөзі мен жазу өнерінде сирек қолданылатын бейнелі сөздері, шұрайлы тіркестері ұмытылып та барады. Қазақтың көрнекті этнограф ғалымы Жағда Бабалыққа хабарласып, кейбір сирек қолданыстағы сөздердің мағынасын түсіндіріп беруін өтінген едік.

- «Ұнжырғасы түскен, еңсесі түскен» деген сөз тіркесіндегі ұнжырға, еңсе деген сөздер қандай мағына білдіреді?

- Ұнжырға, еңсе - адамның тік тұрғандағы көрінісі. Иығы түскен адамды ұнжырғасы түсіп кетіпті дейді. Ұнжырға, еңсе дегенін бір ғана мүшесі емес. Егер жасы келіп қалған кісі тік тұрып келіп сәлем берсе оның әлі бақуат, қуатты екенін білдіреді. Ал енді, иіліп, еңкейіңкіреп келсе ұнжырғасы түскені.

- Біреулер еңсені екі қастың ортасындағы сүйек бөлшегі дейтін көрінеді?

- Ол сөз бекер. Еңсе деп адамның тік тұрған болмысын айтады.

- Иініш деген қандай мағына береді?

- Көйлектің ішінен екі иықты жауырынмен қоса мойынды жауып тұратын қабатталған бөлігін айтады. Иін деп бұл жерде адамның екі иығын айтып тұр. «Адам көп екен, иін тіресіп тұра қалды» деген сөз жиылған жұрттың мол екенін білдіреді.

- «Аттылыға ілесіп жаяудың таңы айрылыпты» деген мәтелдегі таң сөзі қандай мағына білдіреді?

- Адамның екі аяғының жамбаспен біріккен жерін май құйрықтың астыңғы жағы таң деп айтылады. Ұзақ жүрістен кейін жамбас сүйектің сыздап ауыратыны содан қалған. Үй жануарларының ішінде иттің таңы деп құйрығын көтергенде салбыраған шашақ жүнін айтады. Тазы түлкіні ұзақ қуып, қармағына іліктірген сәтте шаршап-шалдығып отыра кеткен кезде жүнінің біразы қарға жабысып қалып қояды. Мұны қазақ «Тазының таңы қағылып қалды» дейді.

- Жылқының телшесі қай жерінде болады?

- Қоңы келіскен жылқының кіндік астындағы майы қалың болып келеді. Жылқының таза майы сол кіндіктің төңірегіне жиналады. Ертеде қазақтар жылқы сойып, қонағына табақ тартқанда қазы-қарта, жал-жая, қара кесек етіне телшесін қосып беретін болған.

- Ал жылқының қанаты қай жеріне орналасқан?

- Жылқының қосбүйір қабырғалығының ең соңғы омыртқаның аяқталар тұсында, белдемеге ұқсап келетін шеміршек сүйек болады. Белдеме бесеу болса, жүйрік атта қанатымен артық болып кездеседі. «Қанатты ат», «Жануардың қанаты бар екен» деген атбегілердің сөзі содан қалған. Біздің жыл санауымыздан екі жарым мың жыл бұрын бір ханның атын көрші елдің ханы сұратып жібереді. Әлгі аттың қанаты болса керек, ханның төңірегіндегі ел шулап жүйрік атты сыртқа шығарғысы келмейді. Сонда ат иесі «Бұл сырты түк, іші боқ жануар ғой. Бізге бәрінен де көрші қымбат» деп арғымақ атты беріп жібереді. Арада біраз уақыт өткенде көрші елдің басшысы ханның сұлу әйеліне қолқа салады. «Қатын табылар, көрші табылмас» деп хан сұлу әйелін де береді. Үшінші рет көрші елдің ханы екі елдің арасындағы шөбі шүйгін шұрайлы кең сайды сұрап, дұғай сәлем айтады. Өзінің қарамағындағы жерге көзі түскенге намыстанған хан қаһарланып, атқа қонып, жорыққа шығады. Көрдің бе, елі ардақтаған хан бір жапырақ жер үшін соғыс ашқан. Ханның бұл ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып кетеді.

- Жағда аға, бүгінгі әңгіме арқауына айналған қазақтың көне сөздері, сөз тіркесі туралы көптен зерттеп жүрген боларсыз?

- Ұлтымыздың күнделікті тұрмысында ертеде қолданыста болған, бертін келе ұмытыла бастаған көне сөздер, сөз тіркестері туралы көп жылдардан бері түртпектеп жазып жүрген «Шашау сөздер» атты кітабым бар. Сенің айтқан сөздерің сол сирек кездесетін көне сөздердің қатарына жатады.

- Жағда аға, әңгімеңізге рахмет! Күнделікті қызметімізде кезігіп қалатын көне сөздердің мағына-мазмұнын сізден сұрап тұратын боламыз.

Әңгімелескен Өтеш Өтеуліұлы 07. 02. 2008 жыл.

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРДЫ 33 ПАЙЫЗҒА АЗАЙТЫП КӨРСЕТЕДІ

Қазақ халқының кешегісі мен бүгінін жете білетін бірден-бір адам - Жағда Бабалықұлы десек қателеспейміз. Осы бір арықша келген атамыздың қамшы сапты тірлікте көрмегені жоқ. Оның «Мені үш үлкен империя сынға алды» деуінің өзінен біз, қазақтың қара шалының тағдыры тікелей қазақ тарихымен тұтасып жатқанын көреміз. Жат елде төрт рет сотталып, бостандық алысымен елге қарай асығуы, елге келген соң қоғамның әрбір келелі мәселесіне белсене араласуы, Кеңес кезеңінің өзінде өз ұлтының сойылын соғып, басқалармен теңесе тұруы үшін демократияшыл ойын ашық білдіруі бұл кісінің ерлігі десек болғандай. Осы бір атамыздан арнайы сұхбат алу үшін үйіне барған едік. Қытайдағы Іле автономиялы облысты басқарған атамыздың ондағы қандастарымыз жайлы айтқан пікірлері, түрмедегі өзінің көргендері мен өмір бойы абақтыда отырып, енді ғана бас бостандығын алған жазушы Қажығұмар атамыз жайлы айтқан естеліктерін екшелеп, оқырмандарға ұсынуды жөн санадық.

- Ата, сұхбатымызды түрмедегі есте қалған әңгімелерімізден бастасақ ...

- Әнеу күні бір жазушыға «Төрт жалбыз» атты әңгімемді айтып бердім. «Ой, Жәке, мынауыңды маған сат, көркем әңгіме жазайын» деп қолқа салды. Иә, түрмеде көргеніміз көп қой. Қайсыбірін айтайын. Сол бір төрт жалбыз жайлы хикая былай болған еді. Түрмеде жатырмын. Мені бандит деп қол-аяғыма кісен салып қамап тастаған болатын. Сол кезде абақтыда жұқпалы ауру тарап жатқан екен. Ол аурумен ауырғандардың мұрнынан қан саулап, тоқтамайтын көрінеді. Аузыңнан да сорғалап ағады. Осы жаман дертке мен де шалдықтым. Төрт қылмыскерді бір күні түрменің жанындағы бір бөлмелі қоймаға ауыстырыпты. Ес-түссіз жатқандықтан, мен оны кейінірек білдім. Қасымда жатқандардың бірі күн өтпей жатып, өліп қалды. Екі аяғынан сүйрелеп мүрдені алып бара жатқанда биік табалдырықтан басының тақ етіп жерге тигені әлі есімде. Екі-үш күннен кейін екінші адам да өлді. Оны да сүйреп алып кетті. Мен болсам, шала-жансар жатырмын. Мені де солай сүйрелеп тастайтын шығар деп ойлап қоямын. Менің бойымда жаным бар болғанымен, қозғала алмаймын. «Гонфуан» дейтін түрмедегілерді жұмысқа салатын арнайы адамдар болады. Сондай бір «гонфуан» келіп, астыма қамыстан тоқыған бірдеңе тастап кетіпті. Сол кісі керамикадан жасаған ыдысқа күнде су құйып кетеді. Қайнаған су ма, қайнамаған су ма, білмеймін. Оның үстіне әлгіні ішетіндей күшім де жоқ. Шөлдеп кеткен соң қолымды суға салам да, ауызыма тамызамын. Сандырақтап жатырмын. Дәл іргемде бір бұлақ ағып жатыр екен. Бұлақтың жанында жалбыз теңселіп тұр. Шіркін, мына жалбызды-ай деп қызығып, қолымды созамын. Қолым қайдан жетсін. Әлгі «гонфуан» келгенде «Ата, ана жалбызды алып берші» дегенді әрең айтамын. «Жарайды» деп кетіп қалады. Ол түрменің іші ғой. Қайдағы жалбыз. Бір күні екі-үш тал қурайды «жалбыз» деп әкеліпті. «Ата, бұл жалбыз емес, ана жалбызды алып бер» деп жатырмын. Жалбыз теңселіп тұр. Қайдан әкелгенін білмеймін, сол шал төрт тал жалбызды әкеліпті. «Міне, саған жалбыз әкелдім» деп қолыма ұстата салды. Иіскесем, шынымен де жалбыз. Шайнап, сабағымен, тамырымен қосып жеп қойдым. Сөйтсем, жаздың аптап ыстығынан әлсіреп жатыр екенмін. Ертесі көзім шырадай ашылып, айналамның бәрін көретіндей әлетке келіппін. Иә, сол бір төрт тал жалбыз мені аман алып қалды.

- Көмек қолын созған сол бір атамызбен кейінірек кездескен шығарсыз...

- Кейін түрмеден аман-есен шықтым. Әлгі шалды іздедім. Бірақ, таппадым. Ешкім «мен едім» деген жоқ. Бәлкім, қайтыс болып кеткен шығар, кім білсін?

- Абақтыда қанша жылыңызды өткіздіңіз?

- Түрменің ішінде адам не көрмейді. Төрт рет қамалдым. 11-12 жылым абақтыда өтті. Ең соңында бес жыл жаттым. 1957-нің 11 айы мен 1961-дің 9 айы арасында жаттым. Абақтыдан босай салысымен, бір аптаның ішінде «Алматым қайдасың?» деп елге кетіп қалдым. Егер де кетіп қалмасам, тағы да ұстап, қамауға алатынға ұқсайды.

- Қажығұмар ағамыз секілді өмір бойына қамалудың қаупінен сескенген екенсіз ғой.

- Қажығұмар ағаң әлі де қамауда жатыр. Үйінен шығармайды. Оның да абақтыдан кем түспейтіні шындық. Қажығұмар бостандық алғаннан кейін маған хат жазды. «Қырық бір жыл абақтыға қамалдым. Бес жыл үйге қамалдым. Енді, түгім де қалмады. Біттім» Иә, аянышты ғұмыр. Ол кісіні қазір мемлекеттен тысқары шығармай отыр.

- Ол кісінің бостандық алуына жәрдеміңіз тигені жайлы естіген едім...

- 1992 жылы «Невада-Семей» қозғалысына байланысты халықаралық жиналыс болып, мені арнайы шақырды. Қытайдан да біраз адам келді. Маған сөз берілді. Сөйледім. Сөз соңында, бұл мәселеден тыс бір мәселені айтатынымды жеткіздім. «Басқа елдерден келген қонақтар, өз елдеріңізге бұл жайды айта барыңыздар» дедім де, қазақ халқының атақты жазушысы Қажығұмардың бәленбай жылдан бері қамалып келе жатқанын айта келіп, оның 2004 жылы түрмеден шығуы керектігін тілге тиек еттім. Ол кісінің тек қана жақсы жазушы екенін, айта қоярлықтай ештеңені бүлдірмегенін айттым.

- Нәтиже болды ма?

- Екі айдан кейін Лондондағы халықаралық комиссиядан «Қажығұмардың өмірбаяны, еңбектері жөнінде мағлұмат беріп жіберсеңіз» деген хат келді. Дереу Алматыдағы Қажығұмардың ағасын шақырып, өмірбаянын жазып, оның «Қылмыс» кітабының қолда бар 1-2 томын Лондонға салып жіберткіздім. Төрт-бес айдан кейін «Халықаралық жағдайда Қажығұмарда ешқандай да қылмыс жоқ. Егер де бар десеңіздер, халықаралық сотқа беріңдер. Әйтпесе босатыңдар» деп, Қытайға ұсыныс жасадық деген мәтінде жазылған хат келді. Мен бұл хатты дереу радиодан жариялап жібердім. Бірақ, оны қытай құлағына ілуші ме еді? Бірақ, Қажығұмардың бостандық алуына бұл жайдың ықпалы болмады деп және айта алмаймын.

- Қажығұмар ағамыз түрмеде жатып-ақ шығармашылықпен айналысты. Сіз де бірдеңелер жазған боларсыз...

- Түрмеде қалам-қағаз береді. Бірақ, жиі-жиі ұрып соғып тастайтыны да бар. Мен сол себепті де ештеңе жаза алмадым. Бұл орайда Қажығұмардың мықтылығын тануға болады.

- Ол кісінің шығармаларының таралуына Қытай үкіметі шектеу қоймайтын сияқты...

- Тіптен олай емес. Шектеу қойғанда қандай. Тіпті, ол кісінің кітаптарының шекара асуына да шектеу қойылған. Абақтыдан басқа да жолдар тауып, сол арқылы сыртқа шығарып жүр. Елге Қажығұмардың «Қылмысының» тек үш томы ғана келді. Төртіншісі, келе алмай жатқан болатын. Өткен жылы маған бір танысым телефон шалды. «Жәке, сүйіншіңді дайында, төртінші том Алматыға келді». Түн іші болатын. Алып келуін өтіндім. Қабдеш Жұмаділовке телефон шалдым. Қолда бардың бәрін сол жинап жүрген еді. Таң ата жетіп келді. Біз осылайша, «Қылмыстың» төртінші томымен қауыштық.

- «Осыны неге істедім екен?» деп өкінетін кездеріңіз бола ма?

- Қытайда «темір-болат еріту» атты үлкен науқан болған. Сол науқанда үлкен 4 пеш жасатқыздым. Осы істі неге істедім екен деп ойланатын кезім болады. Бірақ, бұл қытайларды шығынға ұшыратқанымен, үлкен сабақ та болғанын жасырмауымыз керек.

- Бастық ретінде әлдекіммен өштесіп, қысым көрсеткен кезіңіз болды ма?

- Жоқ деп айта алмаймын. Өштестім деп те айта алмаймьн. Бұл сұрағыңның төңірегінде екі жайды айтып берейін. Әскерде Шығыс Түркістанда болдым. Шығыс Түркістанның армиясы кейде 30 мың, кейде 50 мың болып тұрады. Кейінірек сол армияның бас штаб саяси басқармасының орынбасары қызметін де атқардым. Подполковник шеніне дейін өстім. Партизан ретінде Қытаймен соғыстым. 23 рет шайқасқа кіріппін. 3 рет жеңіл жаралы болдым. Сол бір әскери қызметте жүрген кезімде бұрынырақта балалық шағымда ағам екеуімізді естен кетпестей қинаған қалмақпен кездесіп қалдым. Ол аула сыпырып жүр екен. Осы жайды әдейілеп тұрып, жанымдағы шабармандарыма әңгімелеп беріп тұрдым. Әлгі кісі шыдамай кетті білемін, келіп кешірім сұрады. Ол кезде ешкімнің де сұрауы жоқ еді. Өлтіртіп жіберуге де болады. Оның маған істегені сол жазаға татыса да, мен олай істемедім. Ал, екіншісіне келсек, ол оқиға мана айтқан «темір-болат еріту» науқанында болған. 25 жігіт таңдап алғанда бет-ауызы шұбар бір қазақты жазғыздым. Ол бір ауданның партия комитетінің жауапты хатшысы екен. Сол жігіт істі болған кезімде «Мынаны жұмыстан алып тастасаң, алдыңдағы нанын алып жей алмайды» деп қорлаған болатын. Сол қорлаған жігітті әдейі алдым. «Нанды алып жегеннің қандай болатынын көрсетейін» дедім. Сол жігіттерге зембілмен топырақ тасытып жатырмын. Жігіттерді ауыстырып отырамын. Ал, ананы айырбастамай қойдым. Бес-алты рет барғаннан кейін жотасынан тер шығып кетті. Жаным ашығандықтан былай алып шығып, темекі бердім. Осы кезді пайдаланып, ол да кешірім сұрады.

- Ата, ендігі әңгімені Қытайдағы қандастарымыздың қазіргі қал-жайынан жалғастырсақ...

- Қытайдағы қазақтың жағдайы мәз емес. Олар біздің қазақтарды жұтып жіберуі әбден мүмкін. Қытай халық санағын жүргізген кезде аз санды ұлттарды 33 пайызға азайтып көрсетеді. 1952 жылғы санақта қазақтардың саны 1 миллион 700 мың деп көрсеткен болатын. 33 пайызға қысқарғандағы саны осы. Қазір де қытайлар қазақтардың санын азайтып көрсетеді. Сонымен қоса, ол аймақтағы аз санды ұлттарды жойып жіберу үшін ішкеріден қытайларды көшіріп әкеліп жатыр. Бұрында Шығыс Түркістан аймағында әскері, партиясы, өкіметінің бәрін қосқанда 300 мыңдай ғана қытай болса, қазір 35-40 миллион қытай бар. Бұл сан бірер жылдан кейін қанша еселенетінін өзіңіз ойлай беріңіз.

Қытай саясатымен біздің саяси ахуалды салыстыруға келе ме?

- Жоқ. Олардың саясаты күшті. Қытайда бізде жоқ мынандай идеология бар. Бір - Отан. Бір - медиат. Бір - мәдениет. Бір - тіл. Бұл жерде тек қытай ұлтының ғана мүддесі жатыр. Бұл жерде қазақ та, ұйғыр да, басқа да жоқ. 1949 жылы Қытайда 64 ұлт мекен ететін еді. Қазір оның көбі жоғалып, азы қалды. Манағы бір - мәдениет, бір - отан, бір - идея, бір - тіл деген ұран арқылы 10 жылдан бері бастауыш мектептердің барлығы қытайша жүріп жатыр. 10 жылдан бері бастауыш мектеп қытайша жүріп жатса, жастардың бәрі уланып жатыр деген сөз. Олардың былдырлаған тілі қытайша шығуда. Алдағы он жылда олардың жағдайы қалай боларын ешкім де болжай алмайды. Енді, ол жақтағы қандастарымызды көшіруді кешіктірсек, бітті дей беріңіз. Оны іске асыру үшін мемлекет үлкен күш шығару керек. Қытайдың саясатын ұстанбасақ та, қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын идеяда болуымыз керек. Қазақтан басқа қай ел өзінің үштен бір бөлігін шекараның сыртында телміртіп отыр?

Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Қанат Әбілқайыр

11. 05. 2007 жыл

ОТАНДЫ ҚОРҒАУ – ЖЕРДІ ҚОРҒАУ

Қазақтың жерінің тағдыры бүгін не болып тұр? Жер бүгін талан-таражға түсті. Халық жерге ие бола алмай отыр. «Жерді қорғау», «елді, Отанды қорғау» деген сөздерді халқымыз әлі ұмытқан жоқ. Біз осы мәселені айтып жатқанда, жер біздің қолымыздан шығып кетіп тұр. Жерге иелік ете алмай отырмыз. Отанды қорғау деген - жерді қорғау деген сөз! Жер керек, су, экология, тағы басқасы керек. Соның бәрі қосылғанда Отан болады. Отанды қорғап тұрмыз ба? Отанға иелік етуге шамамыз бар ма, жоқ па? Соған тоқталайықшы. Әл-Фараби айтқан екен, Нұр (Кун), Ауа (экология), Су, Жер - бәрі Отанды құрайды деген. Біз «Отан» деген ұғымның осы бірлігін сақтай алмай отырмыз. Күнді сатып жіберуге біздің күшіміз жетпейді. Жерді, Суды сатып жібердік. Экология да быт-шыт болды. Онда да ешбір мән қалмады. Жақында бір телехабардан көрдім, журналист экология министріне «Қазақстанның жері кең, сол жерде алақандай таза аудан бар ма?» дегенде, министр ойланып тұрып: «Ондай таза аудан жоқ», - деп жауап берді. Демек, біз экологиядан айырылдық. Жерді, Суды сатып жіберген соң, экологияны қолдан жойып отырған соң, бізде қорғайтын Отан бар ма? Отанды қорғау дегенде нені қорғаймыз, кімнен қорғаймыз? «Мына жер біздікі, көзіңді аш!» деуге біздің шамамыз бар ма? Жоқ! Әлгібіреулер неге: «Жер - біздікі. Мемлекет сендердікі!» - деп отыр? Тағы басқалары да соны айтпасына кім кепіл? «Жерді біз сатып алдық, сендерде жер жоқ!» дейтін заманға да әне-міне келгелі отырмыз. Отан қорғайтын азаматтарымызға «Отанды қорғаңдар» деп не бетімізбен айтамыз, Жері, Суы жоқ, экологиясы жоқ елде! Бүгін жер тағдырын ойламасақ, біз елімізді, мемлекетімізді жоғалтып аламыз. Біз ұлттық рухты жоғалтып алдық, ұлттық рухты қайта қалпына келтіруіміз керек! Біз өзіміз қазақ жерін басып тұрмыз деп сенбесек, өзге ұлт «мен қазақ жерінде тұрмын» деп сезінбесе, онда Отаннан айырылдық деген сөз.

(Таным» клубындағы пікірталастан). 14. 05. 2007 жыл

ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ДА САҚТАП ҚАЛЫҢДАР

Осыдан біраз уақыт бұрын Жағда Бабалықпен сұхбаттасқан едік. Ол кезде тың еді. Ширақ еді. Көп ұзамай Жағда ата төсек тартып жатып қалды. Күнделікті күйбеңінің жетегінде, «сұхбатты қағаз бетіне әне түсірем, міне түсірем» деп жүргенде, ол кісіден айырылып қалдық. Дегенмен «ештен кеш жақсы», берері мол казыналы қарияның әңгімесінің бір парасын назарларыңызға ұсынып отырмыз...

- Ата, бір әңгімеңізде «Назарбаевқа жазған батам сақтаулы тұр» деп едіңіз, көруге бола ма?

- Ол мына архивтің ішінде қалды. Білмеймін қай қорапта қалғанын. Балалар үйге күрделі жөндеу жүргізді де, бар қағазым буылып тұр. Кейін көрсетуге болады.

- Архивіңізге ие болып қалатын мұрагеріңіз бар шығар?

- Жоқ.

- Неге? Балаларыңыз ше?

- Балалардың ешқайсысы ұстамады. «Ұстау» деген нәрсе... ол қиын ғой, балам. Оңай нәрсе емес...

- Неше балаңыз бар?

- Екі балам бар. Бір ұл, бір қыз. Бесеу еді, үшеуі өліп қалды.

- Сонда қалай? Құнды архивтің қадірін білетін, бағасын түсінетін, осынау қазынаңызға иелік ететін бір адамыңыз жоқ па? Тым болмаса, шәкірт, ізбасар тәрбиелемедіңіз бе?

- Шәкірт тәрбиелеуге болар еді. Соны уақытында ойламаппын. Енді мұның бәрін мұраға ие болатын бір мекемеге беруге болады. Былтыр Ғылым академиясынан «Жәке, қолыңда не бар?» деп сұрады. «Айналайын, не бар екенін өзім де білмеймін. Қандай тақырыптар бар екенін де білмеймін. Мен тарих та жинаймын, тіл де жинаймын, этнография да жинаймын, бәрін жинай беремін. Мөлшермен 150 келілік қолжазба бар» дедім. Анау госархив сұрады. 18 келісін соған бердім. Келілеп өлшеп тұрмын, тақырыбын, не бергенімді білмеймін. Екі сөмкемен көтеріп бардым. Бірақ олардың бір жақсылығы - маған не алғанының барлығын жазып берді. Содан кейін 5 келісін қолжазбалар институтына бердім. Олардан маған жауап келген жоқ «мына нәрсені алдық» деп айтқан жоқ. 50 келісін А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтына бердім. 50 келі! Олар да маған «мынадай дүниені алдық» деп жауап қайтарған жоқ.

- Өзіңіз бергенде бәрінің тізімін жасап бермедіңіз бе?

- Оны мен қайтіп жасап отырамын, айналайын?!.

- Сіз зерттемеген тақырып жоқ шығар...

- Мен білетін, мен зерттеген мәселенің әрқайсысы - жеке-жеке тақырып қой, балам. Бір әңгімемен бәрін бірақ айтып тауысу мүмкін емес. Құсбегілік, ұлттық спорт, ұлттық тағам, ұлттық киім, әдет-ғұрып, салт-дәстүр жөнінде қаншама әңгіме айтуға болады. Мұның бәрі өте керек нәрсе. Мына дастарқан дейтұғын әлемдегі ең үлкен мәдениет қой, сол жөнінде ой қозғауға болады. Осы секілді жеке-жеке тақырыптар арқылы көп нәрсені айтып қалуға болады. Мәселен, менің қолымда 270-тен астам ұлттық спортымыздың аты-жөні тұр. Ешкім білмейді, ешкім оны іздемеген. Мен Қытайдағы қазақтардың өмірінен жинағам. Соның бірі -бүркітшілік, кұсбегілік. Мен үш кітап жаздым, екеуі кұсбегілер жөнінде, біреуі төрт түлік малда болатын аурулар туралы. Төрт түлік малда болатын ауруларды қазақ қалай атайды, қалай диагноз қояды, немен дауалайды? Соны жаздым. Қаншама мақала жаздым. Бірақ өкімет оған көңіл аударған жоқ.

- Емдік шөптердің түр-түрін білетін шығарсыз?

- Білетінім аз емес, білмейтінім одан да көп. Мысалы, қазақтар аршаны түтетіп иіскейді ғой. Бір жолы жөтеліп, ауырып қалдым. Арша иіскедім. Ертеңіне жөтел жоқ. Рахат. Ойланып қалдым.

Бір күні жолдасымның үйіне телефон шалдым. Әйелі алды.

- Әй, шалың бар ма?

- Бар.

- Мен қазір барайын деп отырмын. Қуырдақ қуырып қой, бір коньяк алып кой, - дедім. Жолдасымның әйелі болған соң қалжыңдаймын ғой.

- Болады, болады, - деді.

-Өзің жөтеліп қалыпсың ғой?..

- Иә, екі-үш ай болды, жөтелім тоқтамайды...

- Дәрігер не дейді?

- Білмеймін, дәрігердің дәрісінің бәрін іштім, болмады, - деді.

- Қазір мен барып жазып жіберем сені, - дедім.

- Иә, сен мазақтайсың... Кімге күлкі, кімге түрпі, - деді. Қалжыңдасатынымды біледі ғой. Содан екі тал темекінің ішіндегісін алып тастадым да, аршаны үгітіп, әлгі екі тал бос темекіні сонымен толтырып, салып алдым. Барсам қуырдақ дайын. Коньяк ашылды. Шалы екеуміз әңгімелесіп, қуырдақ жеп отырмыз. Анау әйел қайта-қайта жөтеліп, мазасы кетіп жүр.

- Әй, мынаның біреуін тартып жіберші, -дедім.

- Қойшы-ей, осы сенің мазағын-ақ таусылмайды екен, - деп қолын сілтеп, кейіді. Және беріп едім, және сөйтті. Сосын шалы ұрысты: «Немене, осыдан өліп қалам деймісің. Тартпаймысың!» деп еді, шалынан қорыққанынан әлгі темекіні қолына алды. Мен дереу сіріңке жағып, тұтаттым. Шалы «ішіңе тарт, ішіңе тарт» дейді. Ішіне тартып-тартып жіберді де, «ей...» деп тамағын кенеп, бірден жақсы нәтиже сезініп қалды. Осылайша, үш жарым ай жөтелген адамның арша толтырылған екі тал темекімен жазып жібердім.

- Ол кепкен арша ма?

- Иә, тек қана кепкен аршаның түтінін өкпеге жіберу керек. Бір құрғақ жөтел болады ғой. Соған бұдан артық ем болмайды. Мен талай адамды шөппен жаздым. Қайбір жылы өзім үш жыл бойы геморроймен ауырдым. Ана дәрігерге барам, мына дәрігерге барам. Болмайды. «Апырай, а» деп қиналып жүрдім. Бір күні, өзімнің тұнба жасаған шөбім бар еді, өте улы шөп, елу граммдай сүтті алдым да әлгіден бір қасық сүтке қостым. Инеге сорғызып алдым да, соны ішіме жібердім. Жатарда жасаған едім, таңертең тұрсам, жеп-жеңіл, өзімді жақсы сезіндім. Ой, жақсы болды ғой деп, кешке жақын және қайталадым. Үш жыл ауырған адам едім, екі-ақ сеанспен жазылдым. Содан кейін екі жылдан кейін бір қайталады, сол жолы және бір рет жасадым, содан жазылып кеттім.

- Ол шөп калай аталады? Оның тұнбасын қалай жасайды? Кайната ма?

- «Қара андыз» деген шөп. Қайнатпайды. Спиртке не болмаса араққа салып қойып, тұнба жасайды. Өзі қып-қызыл болып шығады. Былтыр бір тойға бардым. Сол тойда алпыстың үстіндегі бір адам келіп, амандасып, жалпақтап жатыр. Кім екенін танымаймын. Семейден келіпті. «Жәке, сізге рақмет айтайын деп келдім» дейді. Неге десем, «осыдан жиырма жыл бұрын астмамен ауырып, тура елуге жақындап, әбден әлсірегенде біреу айтты дейді, «ей, сен Жағдаға баршы» деп. Содан сізді іздеп Алматыға келсем, сіз ауылға кетіп қалыпсыз. Ауылға іздеп барып, жұрттан сұрасам: «Жаңа ғана бір-екі адаммен былай қарай кетіп қалды. Қолында күрегі бар» деді. Артыңыздан қуалап, шөп теріп жүрген жеріңізден таптым. Амандасып, хал-жағдайымды айтып едім, үндемей тұрып қалдыңыз да, «жүр» деп ертіп барып бір жерден бір шөпті күрекпен қазып, тамырын алдыңыз. «Мынаны қайнатып ішесің...» деп, қолдану әдісін айтып болғаныңызша қасыңыздағы екі адам сізді шақырды. Сіз күректі сол жерге тастадыныз да кетіп қалдыныз. Мен тұрып қалдым. Бір ғана шөпті не істеймін? Өзім сонау Семейден келдім. Әлгі шөптер қаптап тұр. Күректі алдым да бір қап шөпті бірақ қазып алдым. Содан сіздің айтқаныныз бойынша іштім де ауруымнан кұлантаза айықтым. Рақмет айтайын деп келдім» дейді. Ол шөп біздің Алатаудың бөктерінде көп. Шөптің неше түрлісі бар...

- Этнографиямен қашаннан бастап айналыса бастадыңыз? Не себеп болды?

Бірде Әлкей Марғұланға жолығып, өзімнің тарихи нәрселерді жинаумен айналысып жүргенімді айтып едім ол кісі қуанып «бәрін әкел, кандидаттық қорға. Документтердің барлығын өзім дайындап беремін» деп барлық құжаттарымды дайындатып, маған көмекшісін тағайындап, бір-екі жыл сонымен жұмыс істедім. Артынан ойға түстім. Жүз том тарих жазсаң да қазақ халқын бір күн де сақтап тұра алмайды. Бір том тіл жазсаң ол бір күнге сақтап тұруға шамасы жетеді. Қазақ тілін айтамын. Сондықтан «тарихқа босқа уақытымды өлтірмейін» деп, тілге ауып кеттім. Кұдайға шүкір, тіл жөнінде бірқанша нәрсені қағазға түсірдім. Қазақтың тілі өте бай, өте кұнарлы тіл. Бір сөздің бірнеше баламасы бар. Бір заттың бірнеше атауы бар. Мәселен, адамның басында бес жүзден артық атау бар екен. Көзде екі жүздің үстінде атау бар. Ішу мен жеудің қаншама атауы бар! Соның бәрін қағазға түсірдім. Адамның мінез-құлқы жөнінде түсірдім. Жердің бедері жөнінде атауларды жинадым: тау, төбе, шоқы, үстірт... он мыңдай атауы бар.

- Мұның бәрі қолжазба күйінде сактаулы ма? Кітап етіп шығару ойыңызда бар ма?

- Қолжазба күйінде. Ешқайсысы шыққан жоқ. Кезінде төрт түлік мал туралы, мал аурулары туралы кітабым шыққанын айттым. 500 дана ғана. Ол уақытта пікір айта алмайсың ғой. Қазақ атауларын орыстың кезінде ғылым деп санамады ғой. Бірақ маған бірқанша адамдар телефон шалды, «өте жақсы шыққан, бізде жоқ сөздердің бәрі кірген екен» деп.

Бір қызық айтайын. Қыстың күні, ақпан айында мал төлдейді ғой, сол жаңа туған төлдің сүйегіне суық тиеді. Сүйек қарайып кетеді. Соны қазақтар «қаракемік» дейді. Қаракемік ауруы малдың жетілуіне бөгет жасайды. Оның жүні де жетілмейді, еті де жетілмейді, майы да жетілмейді, мінез-құлқы да жетілмейді. Сондай бір ұзақ жүретін ауру. Сол туралы мен бір мақала жаздым. Ол уақта «Білім және еңбек» дейтін журнал бар еді, жазғанымды соған бердім. Марқұм Ақселеу Сейдімбек редактор еді, әлгі мақаланы басты да жіберді. Бір жұмадан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі шу шығарды, «қайдағы бір қайыршы біздің ғылымымызға шабуыл жасап жатыр, біздің ғылымымызды жоққа шығарғалы жатыр...» деп. Ол кезде қойды ақпанда төлдетуші еді. Мен соған қарсы пікір білдірдім. Қойды ақпанда төлдетуге болмайды. Сол мақалаға қойдың екі сүйегін, төрт-бес асықты - әлгі қаракемік асықтар мен сап-сау ақ асықтарды қатар қойып суретке бергем. Журналға шығып кеткен. Содан бұлар тас-талқан болып, «сен қайдағы бір ғылымға кірмейтін, ғылымға қайшы нәрсені бастың» деп Ақселеуге қысым жасады. Ақселеудің көзі бақырайып кетті. Мен айттым: «Ақа, сен саспа. Олар жазба түрде жауап берсін. «Мынау қате айтып отыр» деп жауап берсін. Дәлелдесін. Мен дәлелдеп отырмын ғой» дедім. Содан олар менің мақалама жазбаша жауап қайырды: «Бұл айтып отырғаны былжырақ, ол қазақы қойда болады, біздің ақ қойда бұл болмайды» деп жазыпты. Содан кейін Ақселеу қуанып кетіп, маған диплом берді. Ол диплом менде бар... Қазақтың төрт түлік малға деген көзқарасы әлі зерттелмей жатқан дүние ғой. Төрт түлік мал - қазақтың құты еді. Қазір сол малдан айырылдық. Қайран, қазақы қойлар десеңші! Оның майы, оның еті, оның сорпасы -әрқайсысы жеке-жеке ғылым ғой...

- «Ет-етке, сорпа-бетке» демекші, нағыз денсаулыққа керекті ғылым дейсіз ғой...

- Дұрыс айтасың, қазақтың ұлттық тағамдарының бәрі - ет пен сорпа, қымыз бен шұбат, құрт, ірімшік... бәрі де қазақтың денсаулығы үшін өте пайдалы тағамдар. Осыдан он бес жыл бұрын бір қызық болды. Кішкентай радиом бар еді, соны қойсам, Пәкістаннан бір ақпаратты айтып жатыр екен. Әлгі нашақорлар, маскүнемдер, тағы басқалар бар ғой, Пәкістанда соларды халықтық медицинамен дауалау туралы мәселе қойылыпты. Орыс тілінде беріп жатыр. Мен орыс тілінде ұкпаймын ғой. Бір сөзін ұғып, бір сөзін ұкпай, әлгі хабарды соңына дейін тыңдадым. Жалпы, бағытын ұктым. Сосын ойландым: Пәкістанға қарағанда Қазақстанның табиғаты әлдеқайда кең, көркем. Демек, Қазақстанның табиғатына бейімдеп, нашақорларды дауалауға болады деген қорытындыға келдім. Қалай емдеуге болады деген мәселеде оншақты түрлі әдіс-тәсіл жаздым. Жүрген жерімде жұртқа айтып та жүрдім. Бірақ ешкім құлақ асқан жоқ. Сонан кейін қызық болды. Бір күні бір әйел келді «Аға менің ұлым нашақорлықққа салынып, институттан шығып кетті. Ешқандай амалым калмады. Сіз нашақорларды дауалайды екенсіз. Соған көмектесіңіз...» дейді. Ол кезде емдеу тәсілдерін жазғаныма да бірталай жыл өткен. Теория жүзінде қалған. Ол жазғанымның қай жерде қалғанын да білмеймін. Ойланып отырып, есіме түсірдім. Бір әдісі кішкене ойыма келді. Қазақ халқы бүйтеді: күзде қайсы қой ермен шөбін көп жейді, соны бақылап жүруді қойшыға тапсырады. Кейбір қойлар осы ерменді өліп-талып жейді. Оны жеген қойдың еті де, майы да сап-сары болып кетеді. Қазақ ерменді көп жеген қойларды күзде сойып, етін балаларына жегізеді, сорпасын ішкізеді. Ұрсып отырып ішкізеді сорпаны. Ащы ғой. Мен соны бір әдіс қып жазғам. Сол ойыма түсті де, әлгі әйелден «сіз қай жерден келдіңіз?» деп сұрадым. Семейдің Ақсуат деген жерінен. Ауылыңызда қой бар ма? Бар. Қазақы қой ма? Қазақы қой. Қойшылардан сіздің туыстарыңыз бар ма? Бар. Сонда мынадай қой болады, сол қойды сойып, батаңызға сорпасын ішкізіп, етін жегізіп, күніне екі рет балаңызды сиырдың жылы сүтіне ваннаға салыңыз дедім. «Мақұл» деп кетіп қалды. Мен ол туралы ұмытып та кетіппін. Үш жылдан кейін әлгі әйел келіп отыр. Танымаймын. «Сіз бір уақта осындай ем айтып едіңіз, сол бойынша мен баламды дауалап едім, балам жазылды, қайтадан институтқа кірді. Сізге рақмет айтайын деп келдім деді. Сонда менің анау әдістерімнің бірқаншасы нашақорларды дауалауға мүмкіндік береді екен.

- Сөзді зерттеу мен шөпті зерттеу - екі бөлек нәрсе, екеуі екі түрлі ғылым ғой, ата, шөпке неге қызықтыңыз? Бір нәрсе себеп болған ғой?

- Қытайлардың шөпке деген ерекше ықыласы менің кызығушылығымды оятты. Олар емдік шөптің түр-түрін біледі. Сол себепті олардың медицинасы ілгері кеткен. Өлім-жітім аз. Мен Қытайда жүргенде бірнәрсеге жауап іздедім. Біз неге азбыз, қытай неге көп? Баланы біз де аз таппаймыз. Қытайдан артығырақ табамыз. Бірақ біздің санымыз өспейді. Өйткені шығын көп. Ал қытайларда шығын аз. Сонда менің тапқаным мынау болды: қытайдың кемпір-шалдары жүздеген шөпті біледі. Олардың бәрі шөп жиятын уақытта тау жағалап немесе дала кезіп кетеді. Шөптің түр-түрін жинап, кептіріп, сақтайды. «Анау ауырып қалыпты» десе, «мынаны апар», «анау жөтеліп калыпты» десе, «мына шөпті бер»... Сөйтіп жатады. Өсімді сақтап қалады. Ал біз ше? Осыншалық шөпті басып-жаншып жүріп біреуіне көңіл бөлмейміз. Кавказда алты мың шөптің түрі бар. Қазақстанда он мың түрі бар. Бір ғана жусан және жусан тектестің Қазақстанда 150 түрі бар. Бұл дегенің - үлкен байлық! Мұндай байлық бүкіл әлемде жоқ. Осы байлықты қазақ пайдаланбайды. Мен қазір мынадай ойда жүрмін, Еуропаның қазіргі дәрісінің бәрі - химия. Химиялық жолмен жасайды. Неге біз дәріні биологиялық жолмен жасамаймыз? Неге біз шөпті пайдаланбаймыз? Неге біз сүтті пайдаланбаймыз? Неге біз қымызды пайдаланбаймыз? Неге біз шұбатты пайдаланбаймыз? Неге біз қолымыздағы асыл дүниені көзге ілмейміз? Мұның бәрі біздің сауатсыздығымыз. Біздегі медицинаның бір саласын таза биологиялық дәрілерді жасауға, биологиялық дәрумендерді пайдалануға бұру керек. Әйтпесе болмайды. Шөпті пайдалану керек. Неше түрлі шөптер бар. Бұл өте күрделі мәселе.

Басымнан өткен бір дүниені айтайын. 1945 жылы біз партизанбыз, қытаймен соғысып жатырмыз. Партизандарда не күн бар? Оларда медик жоқ, дәрігер жоқ. Бір күні бір жақсы азаматтың қара санын оқ осып кетті. Бірақ сүйегі аман. Жара күннен-күнге қауіпті болып кетіп бара жатыр. Не істеу керек? Біреу: «Бәлен жерде емші бар, сол емшіні алып келейік» деді. Мақұл деп, қос атпен екі-үш кісіні жібердік. Алып келді түн ішінде. Жас мөлшері жетпіске тақап қалған, өте ширақ, тың адам. Әлгінің жарасын көрді. «Мынаның туыстарынан, жақындарынан немесе ауылдастарынан адам бар ма іштеріңде?» деді. Бар дедік. Ең жақсы мергендерінен үшеуін алып келіңдер деді. Үш жігітті алып келдік. «Ал балалар, ата аласыңдар ма?» Ата аламыз. «Өтірік айтпайсыңдар ма?» Өтірік айтпаймыз. «Мына туыстарың осындай қауіпті дерттің астында қалды. Сендер пәлен жерге барыңдар» деп бір адрес айтты. Жаздыгүні еді. Майлы деген тау бар соның бір жотасына шығып суырлар жайлайтын жерге шуламай ғана баспалап барыңдар да, жатыңдар. Күтіңдер. Суыр іннің аузынан шығады да айғайлайды, сол суырды өлмейтін жерінен атыңдар. Ол жаралы болғаннан кейін қайтадан інге кіріп кетеді. Күтіп отырыңдар. Біраз уақыттан кейін іннен және бір сау суыр шығады, шығады да айғайлайды, шақылдайды. Атпаңдар оны. Ол біраз отырады да, далаға кетіп қалады. Біраздан кейін даладан қайтып келеді. Іннің аузында тұрып және шақылдайды. Сонда сен оны өлетін жерден ат. Сол жерде құлайтын болсын. Барыңдар. Соның аузында үш-төрт тал шөп болады, соны алып келіңдер». Әлгілер осы айтқанының бәрін істеді, шөпті алып келді, ол шөп әлгі баланы жазды. Сонда сау суыр шөпті жаралы суырды дауалау үшін әкелген екен ғой. Көрдің бе, шөптің қасиетін хайуан пайдалана білгенде, біз, адамбыз, пайдаланбаймыз ғой. Не деген надандық. Не деген сорлылық бұл! Өз қолыңдағы байлықты пайдаланбай... Шөпті пайдалану керек, шөп деген өте пайдалы нәрсе. Неше түрлі улы шөптер бар. «Арглавин» деген дәрі жасады бір қазақ, білесіңдер ме? Ракқа қарсы. Бірақ ол химиялық жолмен жасады. Ол ракты жазбаса да, уын қайтарады, белгілі бір дәрежеде асқындырмай ұстап тұрады. «Іскек жусан» деген жусанның түрі бар, ол содан жасап отыр. Ол жусан Арқада, Қытайдағы Жайыр деген тауда және біздің Үш Қарқарада бар. Осы секілді шөптердің қасиеттерін пайдалану керек. Шөпке көңіл аудару - бұл ғылым, бұл -биологиялық ғылым. Малға да, адамға да әртүрлі дәрі жасауға болады.

- Қазір ауыл шаруашылығына біршама көңіл бөлініп жатқан тәрізді. Мал аурулары туралы кітап жаздым дедіңіз, сол туралы айтып беріңізші. Бәлкім, біреу-міреу керек етіп қалар...

- Ол кітапта малда болатын аурудың 500 түрін жаздым. Соның бірін айтайын: жылқы малы «құрт» деген аурумен ауырады. Құрт ауруымен ауырған жылқы жайылмайды, күн шығып келе жатқанда маңдайын күнге төсейді де, сүлесоқ тұрған бойы күнмен бірге күнбағыс сияқты айналады. Ол төрт-бес күннен кейін жығылады да, өледі. Бұл өте қиын ауру. Осыны қазақ қайтеді? «Ақ дәрі» дейтұғын шөп бар. Қытайда «ақ дәрі» дейді, бұл жақта «ақ жұмыр» дейді. Жылқының «кұрт» екенін білгенде ауру малды пышақпен шонданайынан (белдің үстінен) теріні тіліп жібереді де, «ақ дәрі» деген жаңағы шөптің тамырынан қойдың кұмалағындай бір бөлігін алып, жаңағы тілінген жерге салады. Терінің астына. Бір сөткенің ішінде әлгі жылқының екі тірсегі күп боп, күлкілдеп кетеді. Сары су жиналады. Сонда пышақпен ақырын ғана тіліп, төрт буындағы суды ағызып жібереді. Жылқы кұлан-таза айығып, жүріп кетеді. Әлгі қойдың кұмалағындай ғана шөппен 400-500 келі салмағы бар жылқы жүріп кетеді. Сонда бұл қандай қасиетті дәрі шөп десейші! Осындай дәрілік өсімдіктер біздің жерімізде көп.

- Қазақстанға келгелі сіз не дәрігер, не ветеринар болып жұмыс істеуіңіз керек еді, ата. Сонда кейінгілерге көрген-білгеніңізді үйретіп, біліміңіздің бір парасын шәкірттеріңізге берер едіңіз...

- Мені керек еткен біреу болды ғой деймісің? Бір әңгіме айтайын: Менің бір ағайым бері қарай Қазақстанға көшкенде әлгі емдік шөптің бір дорбасын алып келген екен. Содан мен «бұл ғылымға ену керек қой» деп, әлгі кісіден бір-екі тамырын сұрап алдым да, Ауыл шаруашылығы министрлігіне бардым. «Жігіттер, Қытайда мұны «ақ дәрі» деп атайды, мұндағы қазақтар «ақ жұмыр» дейді, мынадай-мынадай ауруларға ем болады, сендер мұны пайдаланыңдар, іздеңдер» деп едім: «О-о-о, оған ақша бөлу керек, оған мемлекет қол қою керек, оған пәлен керек, түген керек...» деп ұшы-қиыры жоқ сылтауды айтты. Әлгіге өкпелеңкіреп, екінші бір кабинетке кіріп, бір доктор отыр екен, соған айтып едім, «сен барып мұның гүлін алып кел» дейді маған. Мен айттым: «Ей, айналайын, мен мұны Қытайдан алып келдім деп тұрмын ғой, гүлін кайдан әкелем?..» дедім. «Онын гүлін әкелмесең, жапырағын әкелмесең, біз зерттей алмаймыз» дейді. Кетіп қалдым. «Апырай» деп іштей әлгілерге ренжіп, әлгі ағайыма бардым. Ол жаңағы шөпті біледі, таниды. Соған айтып едім, «төмен жақта, кұм жақта болу керек» деді. Сөйтіп, әлгі шөпті іздедік. Ұзақ іздедік. Ақыры таптық. Бар екен. Көп екен бұл жерде. Қуанып кеттім. Ол шөптің сүті болады екен, көктемде сүт шығарады екен, бір кішкене ыдысқа соның сүтін саудым. Содан кейін оның жапырағын алдым, ұрығын алдым, соны жейтін бір қоңыз бар екен, сол қоңыздарды жинадым, ол қоңыздың құмалағын жинадым, бәрін бөлек-бөлек сыртына жазып, анализ жасайтын жерге алып келдім ғой. Бұлар да менің тілімді алмады, анализ жасап бермеді. Сол шөпті зертханаға кіргізейін десем, менде көлік жоқ, сонау құмға бара алмадым. Анадан сұраймын, мынадан сұраймын, ешкім оған көңіл аударып тұрған жоқ. «Апырай, енді қайттім?..» деп қамығып келе жатсам, біреу: «Оу, Жәке, саған не болды?» дейді. Әлгі дауысқа жалт қарасам, қарсы алдымда өзімнің бір жолдасым тұр, Жексенбай дейтін. Қайтыс боп кетті, марқұм. «Не болды?» дейді. Осындай-осындай. «Жәке, қамықпа, жүр, өзім апарайын, бір жұма болды, мен бір «Жигули» сатып алдым» деді. Қуанғаным сондайлық, жүрегім жарыла жаздап үйге келдім. Анау машинасын алып келемін деп үйіне кетті. Мен келіп бәйбішеме: «Бізге екі-үш сөткелік тамақ дайында, қазір Жексенбай келеді, біз құмға барамыз» дедім. Жексенбай келді. Содан құмға кеттік. Жолсызбен келе жатырмыз. Баяғы өзімнің көрген жеріме түн ішінде мөлшерлеп барып жеттік. Бір жерге тоқтадық. От жақтық, шай қайнаттық, тамағымызды ішіп, әнгімелесіп отырмыз. Таңертең ерте тұрып, айналамызға қарасақ, маңайдың бәрі қаптаған жаңағы мен іздеген шөп. Гүлдеп тұр екен. Гүлін түсірместен, түбірімен қазып, дорбаға салып, ішіне су құйып, оншақтысын машинаға тиеп алып, Алматыға қайттық. Қайтып келіп, дереу әлгі шөптерді лабораторияға апардым. Суретке түсіріп беріңдер дедім. Сол суретімен менің кітабыма шықты. Бұл өте қасиетті шөп. Шөп туралы айта берсең таусылмайды.

Тағы бір қызығын айтайын. Қытайда, Алтай аймағында Ертіс деген өзен бар. Сол Ертіс өзенінің жағасында бір шөп бар. Соны ел мақтайды. Ол жақта оны «шегір» дейді. Үш тікені бар шөп. Халықтың мақтауына карағанда керемет бір нәрсе. Тарбағатай аймағының әкімі болып кызмет аткарып жүрген кезім. Еміл деген өзеннің жағасында тұрамыз. Әлгі шегірді осы жерге, Емілдің бойына егейін деген оймен Алтай аймағының әкіміне телефон шалдым. «Сол шөптің бір-екі келісін маған жіберші» дедім. Бір әкім үшін екі келі шөп деген не! Жіберді. Мен егіп көрдім. Бірақ кейін бақылай алмадым. Ол аймақтан кетіп қалдым. Түрмеге қамалдым. Сол күйінше қалды. Осы жаққа келдім. Бірақ ол шөп туралы ұмытқам жоқ, менің басымда тұр ол шөп. Содан Ертістің бойынан іздейін деп, сол шөпті іздеп мына Алтайға, осы жерден үш жарым мың шақырым жер ғой, үш рет бардым. Үш рет барғанда да мен ол шөпті кезіктіре алмадым. Әлгіні іздеп анадан сұрап, мынадан сұрап жүргем. Біреу айтты: «Күршім деген қала бар, сол жерде Абай деген көше бар, сол көшеде Қайсар дейтін шал бар, сен соған бар, осы шөпті сол біледі» деді. Макұл деп, әлгі шалды іздеп таптым. Жақсы шал екен. Оқыған шал екен. Әңгімелесіп отырмыз. Содан әлгі шөп туралы айттым. Күлді де, «сізге кім айтты?» деп сұрады. Пәлен деген айтты. Ойланып отырды да: «Бұл шөптің бір қасиетін айтайын - деді. - 1932-33 жылдары қырғын ашаршылық болды. Сол уақытта мен төрт-бес жастамын. Ауылда бір ұзын таяғы бар ақ сақалды шал бар, сол күнде әр үйдің есігінің алдына келеді де: «Әй, Қайсар, шық, әй, бәленше, шық далаға» деп, әр үйдегі балаларды жиып алып кетеді. Отыз неше баламыз. Ертістің жағасына алып барады да, мұздың бетіне қатып қалған шөпті ересектеу балаларға тергізіп алады. Жаңғақ, кәдімгі майлы жаңғақ. Өзі бір тастың үстіне отырып алады да, жаңғақты таспен шағып, әр баланың алақанына он данадан салады: «Ертеңге шейін өлмейсің» дейді. Басқа сөз айтпайды. Отыз неше балаға әлгіден он данадан беріп, ауылға алып қайтып келеді. Ертеңіне және алып кетеді және солай қайталайды. Сөйтіп жүріп бір қыста бізді ашаршылықтан аман алып қалды. Осы шөптің қасиетімен...» деді. Бірақ ол шөп менің қолыма түспеді... Менің қызым осында институтта оқып жүргенде бір украинның қызы бірге оқыпты. Сол қыз Өскемен жаққа тұрмысқа шығыпты. Менің қызыма хат жазыпты. Әлгі шөптің бір талын конвертке қоса салыпты. «Мына шөпті сен мойныңа тағып ал. Мұны қазақтарға жинауға тыйым салынған. Орыстар ғана жинайды» деп жазыпты хатында. Сол хатты қызым маған сол кезде айтып берді, бірақ кейіннен қызым құнттамай, хатты жоғалтып алыпты. Таба алмадық. Бірақ сол кепкен шөп менде бар. Осы шөптің қасиетін мен қазақтарға ұқтыра алмадым. «Айналайындар, мына шөпті іздеңдер, егіңдер, Ертістің бойына егіңдер, осында алып келіп егіңдер...» деймін. Ешкім ұқпайды. Қазір жеке мемлекетпіз, кім бізге қой деп жатыр?..

- Жастарға қандай өсиет айтасыз, ата?

- Қазақ елі тәуелсіздік алғанда мен екі көзімнен тарам-тарам жас сорғалап жыладым. Қуаныштан жыладым. Кейінгілерге айтарым, осы тәуелсіздігімізді қандай жағдай болмасын, сақтап қалыңдар! Тәуелсіздік жолында кұрбан болуға болады.

Айқын. 60 (1484) 9 сәуір 2010 жыл

ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕН ТАСБАУЫРЛЫҚ

«Таным» пікірсайыс клубының кезекті бас қосуы «Қазақстандағы көші-қон және демография мәселелері» деген тақырыпқа арналды. Қазақстан халқын 20 миллионға жеткізу мәселесі осындай тақырыптың дүркін-дүркін көтерілуіне түрткі болып отыр. Бірақ, Ресей президенті Владимир Путин орыс халқының санын арттыру үшін отандастарын елге шақырып, отбасының толығуын қаржылай ынталандыруды бізден бұрын шешті. Қазақстанда қашанғыдай сөзіміз іске ұласпай отыр.

Көші-қонға мен 1945 жылдың 8 қыркүйегінен бастап араласқан екенмін. Қытайда, Моңғолияда, Ресейде, тағы басқа да мемлекеттерде шашылып жүрген қазақтардың саны, біздің есебімізше, 6 миллионның шамасында. Мен өзім Қытайдан келгенмін, ондағы қазақтардың саны 2,5 миллионнан асып жығылады. Міне, осыншама қазақты сыртқа тастап қойып, біздің шалқайып отыруымыз қалай? Олар ассимиляцияға түсіп жұтылып жатыр, жоғалып жатыр, соны көзімізбен көріп отырып, тағы да шалқаямыз. Сырттағы қазақты дұрыстап шақырмасақ, шынын айтқанда, қазақ мемлекетінің мәселесі шешілмейді. Оларды көшіріп алсақ қана қазақ мемлекетінің іргесі нығаяды, мәртебесі артады. Егер біз сырттағы қазақты жоғалтып алсақ, қазақта бұдан үлкен қасірет болмайды... Көші-қон ұзақ тақырып, мен соның бір-екеуіне ғана тоқталайын. 1945 жылы 8 қыркүйекте таңғы сағат 8-де біз, ұлт-азаттық күрескерлері, «Қытайдан жеңілдік» деп қол көтердік. Біз сонау қырқыншы жылдардан бастап Қытаймен соғысып жатқан едік. Сол күннен бастап ел «енді біз қайда барамыз?» дегенді ойлай бастады. Қайда барамыз, қытай өкіметіне сену қиын, Кеңес өкіметі көмек қолын созбайды. Шоңқиып отырдық та қалдық. Екі империяның ортасында тұйықта, бір дорбаның ішінде қалдық, баратын жеріміз жоқ. Қазақ халқы қатты қиналып кетті. Қайда бару керек? Жоғалу керек пе, бір жаққа есік ашып шығу керек пе? Сол кезде бір бақытсыздық болды, қазақ халқы екіге жарылып кетті. Бір бөлегі - сол кездегі Гоминдаң өкіметінен кешірім сұрап, қайтадан соларға қосылды, енді бір бөлегі «өлсек те, тірілсек те Қазақстанға барамыз» деп ниеттенді. Соғыс жоқ, окопта, үңгірде жатамыз. Сонда кетпейміз деген қазақтар бүй дейді: «Өй, қайда барасыңдар? Баратындарың Қазақстан ба? Қазақстандағы қазақтарың кәпір болып біткен, дінсіз коммунист олар, сол ма баратын елдерің?» Сонда: «Олар коммунист болса, біз де коммунист боламыз, олар кәпір болса, кәпір боламыз, тозаққа кірсе, тозаққа кіреміз, мұсылман болып төбеге, жұмаққа шықса, жұмаққа шығамыз, өлсек бір шұңқырда, бір төбеде қалайық», - деп қазақтың бір бөлігі осылай бет бұрды... 1945 жылғы алғашқы қазақ көшінің арманы - «Әттең, атамекенге бір жетсек!» еді. Кеңес өкіметі шекараны ашпай қойды, біз қамалып тұрмыз. Сонда мыңдаған бала Қазақстанға қарай қашты. Соларды ұстап алған Кеңес өкіметі Камчаткаға қарай айдады. Ауыр жұмысқа салынған қазақ балаларының барлығы Камчаткада қырылды. 1956 жылы солардан өлмей қалған он шақты бала қытай өкіметіне тапсырылды. Сондағы өкімет басшыларының бірі мен едім. Сол он адамды мен қабылдадым. Сол балалар Қазақстанға көштің көшбасшылары еді. 9 жыл 8 айға созылған бұл көш сонымен аяқталған еді. 1954 жылы Кеңес өкіметі шекараны ашты. 1962 жылға дейін Қазақстанға 500 мың қазақ өтті. Ұлтқа үлкен үлес қосылды, бірақ ол көштің көлемі 100 мың адам деп көрсетілген...

«Таным» пікірсайыс клубы 22. 02. 2007 жыл

БІЗ – КҮНБІЗ

Ұлыс күні, яғни, 22 наурыз - бүкіл әлемдегі қоғамдық дүниемен еш қатысы жоқ ең қасиетті, ең көне табиғат мерекесі. Кезінде жер бетін топан суы қаптап кетіп, сол топан суда Нұх пайғамбардың кемесі Оңтүстік өңірдегі Қазығұрт тауына барып тоқтаған шақ Күн мен Түннің теңелген уакытына тұспа-тұс келген дейтін бізге мәлім аңыз-дәйекті орыс ғалымдары осыдан 13 мың жыл бұрын болған деп болжам жасайды. Ең көне мереке дейтініміз сондықтан. Нұх пайғамбар сол тоқтаған жерінде кемесінде бар бүкіл азық-түлік, шөп-шалам атаулыны айналасына таратқан. Ол таратқан сол азықтан тылсым тіршілік оянғандықтан, Нұх сол күнді Жаңа күн (парсыша Нау - жаңа, руз - күн) атаған. 1970 жылы Мәскеудегі Ленин атындағы кітапханада болғанымда Ахмет Байтұрсынов әрпімен жазылған «Наурыз» деген жырдың қолжазбасын қолыма түсірдім. Сол жырда бастан-аяқ Нұх пайғамбар оқиғасынан 300 жыл кейін өмір сүрген, өз ортасына аса беделді, ықпалды адам болған парасаты, пайымы мол Наурыз есімді кейіпкер туралы сыр толғайды. Шығыстықтар Хұндар, шүндер (әсіресе қытайлар) десе, батыстықтар Гүндер, Мағжан Жұмабаев Күнбіз деп өлеңіне арқау ететін бізге сол Наурыз осы бір қасиетті мерекені үзіліссіз тойлайықшы деген уағыз айтады. Жыр - естеліктің 80-81 беттерінде Хұн патшасы Күн мен Түн теңелген күнгі таңнан тау басына шығып алып, Күнге қарсы қарап қол жайып тұрып, ішінен ең жақсы тілектерді тілейді екен. Сөйтіп, үнсіз артына бұрылса қолында қобызы бар Абыз ақсақал қоңыр үнді тоғыз күй толғайды. Енді Абыз артына бұрылса қатар тізілген 365 күйші бірінен соң бірі 365 түрлі күй ойнайтын көрінеді. Сол күйлердің ырғағымен бүкіл тіршілік оянған. Міне, тыныс-тіршілігіміз де, тамыр соғысымыз да, тартар күйіміз де Күннен тікелей қуат алған, Күнмен «тамырлас» болғандықтан біз Күннен жаратылғанбыз, яғни, Күнбіз. Наурыз - табиғат мерекесі атанатыны сондықтан.

\Қазақ әдебиеті \.21-27 наурыз 2008 жыл

ҚАЗАҚ ТЕКТІ ҰЛДАРЫН ЕМЕС, ТЕКСІЗ ҚҰЛДАРЫН ӘСПЕТТЕЙТІНІ НЕСІ?

немесе қайдасыңдар, ұлылар мен дарындар?

Қанат Асқар «Ауылында көне-көз қария болса жазылып қойған хатпен тең» демекші, Жағда Бабалық қарияның бір өзінің білдей бір ғылыми институтқа татитындығы жайлы аз жазылған жоқ. Қазақ халқының этнографиялық бар байлығын жадына сіңірген Жағда қартқа мемлекет тарапынан қамқорлық керек деп қаншама рет айтылды да. Бірақ, абыздың тірнектеп жинаған бай мұрасын «мәдени-мұраның» тіркеуіш алайық деп үн көтерген жанашыр шенеунік болмады. Газетіміздің бүгінгі санында Жағда ағаның дарындар жөніндегі зерттемесін жариялап отырмыз. Абыз ағамыз бұл зерттемесінде ел ішіндегі дарындарды май шаммен іздеу керектігін айта келе, ламаизм сеніміндегі гегенді іздеу дәстүріне ерекше тоқталып өтіпті. Оқырмандар басқаша түсініп қалмас үшін бұл жерде ламаизмнің насихатталып отырмағандығын алдын ала ескертеміз. «Жердегі тіршілік нышандары 3,5 миллиард жыл бұрын пайда болған» делініп келді. Ал, Немчиннің пікіріне сенсек, «4,25 миллиард жылдан да ертерек пайда болған» (Жас Алаш, № 54, 9 шілде, 2008 ж.) Адам баласы осы дәуірлердің қай кезеңінде пайда болды? Ол жағы белгісіз. Сан-санақсыз хайуанаттар мен жәндіктердің бірі болып адам да жасады. Ал адамзаттағы - ақыл, ес, ой-сана, арман-тілек, мінез-құлық, ынсап, ахлақ, ар-ұят, ұждан, жақсы-жаман ниет, тағысын тағылар, тіл, діл, дін, салт-сана сияқты адамға тән қасиеттердің пайда болу, жетілу, даму дәрежесі ұқсас болмаса да, табиғат әлемі адамды бүгінгі дәрежеге, бүгінгі сатыға көтерді. Адам - бүгін бүкіл жер шарының қожасы. Алуан түрлі мәдениеттің, алуан түрлі ғылымның, алуан түрлі жауыздықтын иесі. Бүкіл әлемдегі 5-6 миллиард адам, бір-біріне ұқсамайтын 5-6 миллиард ақыл-ой, мінез-құлыққа табиғи қабілетке ие. Тіпті олардың қанындағы төрт топтың өзі адам табиғатындағы ерекшеліктерді еселеп көбейтеді. Шынын айтқанда, 5-6 миллиард адамның бір-біріне ұқсамайтындығын нақты талдап, әрбіріне өзіне тән ат қойып, айдар тағуға тіл жетпейді. Тіпті бүгінгі ғылымның шамасы да келмейді. Ал, адамдағы осы бір аса күрделі табиғи құбылысты белден басып, оғаштау тәсіл болса да, 5-6 миллиард адамның табиғи қабілетін үшке жіктеген елдер мен адамдар бар. Осы жіктеулерге жүгінбеске амал да жоқ көрінеді. Мәселен, көне қазақтар: «Әкеден өте туғандар, әкеге жете туғандар, көтінен кейін кете туғандар» - деп, бүкіл әлем халқын үшке жіктейді. Қытайлар: «Алдын ойлап, алдын шешетіндер. Соңынан ойлап, соңынан шешетіндер. Түк те ойлап, түк те шешпейтіндер» - деп, бүкіл әлем халқын үшке жіктейді. Әбунасыр әл-Фараби бабамыз: «Алдын ойлап, алдын шешетіндер - Адам. Артынан ойлап, артынан шешетіндер – Құл. Түк те ойлап, түк те шешпейтіндер - Хайуан», - деп, бүкіл әлем халқын үшке жіктеген. Ал, біз, осы жіктеулер бағытымен ой жүгіртіп, ізденіп көргіміз келеді.

Бірінші топтағылар: Көне қазақтар айтқан - «әкеден өте туғандарды», қытайлар айтқан - «Алдын ойлап, алдын шешетіндерді», Әбунасыр әл-Фараби айтқан: «Адамды», бүгінгі қазақтар - «Данышпандар», «Даналар», «Дарабоздар», «Дарындылар», «Саңлақтар», «Алыптар», «Ұлылар», «Жадитшілер», «Ғылыми жаңалық ашатындар», «Тәңірқұтылар», «табиғи көсемдер», «Ұлтжандылар», «Ұлтшылдар» деп атайды.

XX ғасыр қазақтары ішінде атышулы дарындар тым аз. Басы Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай... соңы Қаныш Сәтбаев. Бар болғаны оншақты адам. XX ғасырдағы қазақ санымен салыстырғанда, миллионның бір мөлшерінде. Ал жарық дүниеге келіп, өспей өшкені бізге белгісіз. Бір есептен аты шыққан осы дарындардың өзі де аз емес. Өкінішке қарай, қазақ тәңірқұтыларының (құдайдың етіп жаратқандары) қазаққа арнаған ой, арман, тілектері орыс империясының шапқыншылығына ұшырады да, мүлде жоқ болды. Қырғыннан қалған қазақтарда олардың елесі ғана қалды. XІX ғасыр аяғында, XX ғасыр ішінде халықаралық тәжірибеде кейбір мемлекеттер дарын иелерін іздеу, жас бөбектерді бақылау, оқу жасына жетпеген балдырғандарды сараптау, бастауыш, орта мектеп оқушыларын қадағалау, егер дарын иелері бола қалса, оларға көңіл аудару, әспеттеу, дәріптеу, көмектесу, оларға жан-жакты мүмкіндіктер туғызу секілді жалпы дарындар бағытына сара жол ашып отырған мемлекеттер болған. Соңғы ғасырларда дарын иелеріне ерекше көңіл аударған ел-американдықтар болды. Олар өз топырағындағы, өз еліндегі дарындарға ерекше көңіл аударды. Дарындарға қажет деп табылған барлық мүмкіндіктерді туғызды. Дарын иелерін қонаққа лекциялар өткізуге, сабақ беруге, мұғалімдікке сырттан шақырды. Дарынды жастарды оқуға шақырып, бар жағдайды жасады. Әке-шешесімен бірге көшіріп алып кетті. Тіпті дарынды жас балаларды сатып алды. Өз еркімен сәті түспегендерді ұрлап алды. Жалпы дарын иелерін өз еліне тартып шоғырландырудың алуан түрлі айла-тәсілін іске қосқан АҚШ мемлекеті тез дамыды, тез өркендеді. Ал АҚШ-тың тез дамығанын бүкіл әлем мойындады. Соңғы кезде бүкіл әлемдегі ғылым біткенді тек дарын иелері ғана тудырып, жарыққа шығаратындығын, дарын иелері ғана ғылыми жаңалық ашатындығын түсінген елдер дарын иелеріне ерекше көңіл аударуға мәжбүр болды. Әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дарын иелеріне көңіл аударуды іске қосқандар - орыстар, немістер, жапондар, қытайлар, ағылшындар, француздар, корейлер, үндістандықтар, пәкістандықтар, ирандықтар дарындар бағытындағы ойларын іске асырып келеді. Әлемдік тәжірибеде дарын иелерін іздеу, дәл басып табу, оны шегіне жеткізе жан-жақты тәрбиелеу, ой, арман-тілектеріне мүмкіндіктер туғызу оп-оңай бола салатын іс емес екені анықталды. Сондықтан, болашак дарын иесі деп аталған бір «шикі өкпе» сәбидің ес жиып, етегін жапқанша берілетін тәрбиенің өзі үлкен ғылым болатынын түсіну, оны мүлтіксіз орындаудың өзі күрделі мәселе екені де, сан алуан қырлы тәсілді керек екетіні де анық болды. Буддизмде «Геген» іздеудің жолы - өте күрделі ғылымның бір түрі. «Геген» іздеудің калыптасқан халықтық жолдары бар, әдіс-айласы, өте нәзік шарттары бар. Олардың айтуынша, жарық дүниеге келетін «Геген» шаңырақ таңдамайды. Ұл туған шаңырақ бидің немесе құлдың шаңырағы болуы мүмкін. Сондықтан, «Геген» іздейтін елдер өз елінінде туған ұлдарды түгелдей тізімге алып отырады. Туғаннан жеті жасқа толғанша қадағалап, бақылап отырады. Белгіленген талаптар мен шарттар бала бойынан ізделеді. Егер буддизмнің тұрақтандырылған сын-сынақ шарттары табылып жатса, дарын иесі - сәби бір-екі жасында да «Геген» атағына ие бола алады. Бірақ буддизмді ұстанушылар «Геген» іздеуді өте ұқыптылықпен, саналы сақтықпен, адамгершілікпен, адалдықпен, жауапкершілікпен, ертеңгі халық тағдырын қолына алатын, өз халқының адал көсемі, адал «Гегені» бола білетін адамды талмай іздеп, армандайды екен. ҚХР, СУАР, Іле қазақ автономиялы облысы, Тарбағатай аймағы, Қобық ауданында моңғолдардың Торғауыт атты бір тайпасы тұрады. Олар 1777 жылдары бүгінгі Астрахань жақтан ауып барған екен. Қобықтағылардың жан саны бұл күндері он бес мың адам мөлшерінде. Солардың Шалбан атты «Гегені» 1918 жылы қайтыс болған екен. Оның мазары Қобық қалашығының батыс жақ іргесінде тұр. Іші-сырты шынымен қапталған, өте сәнді құрылыс. 1946 жылы Шығыс Түркістан мемлекетінін ұлт-азаттық армиясының Қобық атты бір полкы сол ауданда гарнизондық міндетте болды. Қарауылда тұрған әскерлер Шалбан мазарының шыныларын сындырып тастапты. Соған орай монғолдар шу көтерді. Осы шуды басуды, бүлінген мазарды қайта қалпына келтіруді, полк бастығы Нүсіпхан Көнбаев маған жүктеді. (Мен, Жағда Бабалықұлы, полк бастығының орынбасары едім, 1946 ж. 17 тамыз). Осы іске байланысты сол аудандағы буддизм орталығының бас мүфтиі Гүңшін далама атты адамға жолығып тұруға тура келді. Қазақша мақал-мәтелдеп сөйлейтін, өте жайдары адам екен. Көп кешікпей тіл табысып кеттік. Күндердің күнінде: «Аға! Бұл жерде кім жатыр?», - дедім. Ол маған: «Геген» жатыр» - деді де, менің түсінбей қалғанымды сезіп, «тірі кұдай жатыр», - деді. Демек Буддизм ұғымында «Геген» - «Тірі құдай». Ал, мұсылманда «Тірі құдай» ұғымы жоқ. Буддизмдегі «Геген» аталған адам өлмейді, кейде өкпелеп о дүниелік болып, кетіп калып, қайта туылып, жүреді екен. «Гегені» о дүниелік болғаннан бастап, өз елі оны ел арасынан іздей бастайды. «Шалбан Геген бізге өкпелеп кетіп қалған Гегенді ел арасынан іздегенімізге 28 жыл болды»,- деді Гүншін далама маған (1946 ж., 21 тамыз). Буддизмдегі «Геген» іздеудің жолы, шарттары тым күрделі. Адамгершілікке, адалдыққа, киелі, сауапты ой, арман-тілекке, алуан түрлі мән-мағыналы ұғымдарға толы болады екен. Халық саны он-он бес мыңға әрең жететін Торғауыттардың өз елінің тағдырын қолына алатын «Геген - тірі құдайды» 28 жыл талмай, тарықпай іздеуі адамды таң қалдырады. 1947 жылы қаңтарда мен жабылған жалама «саяси қылмыскер» атанып, қамалып, Қобықтан кеттім. 1952 жылы Тарбағатай аймағының әкімі болып қайта барғанымда, Шалбан Гегеннің қайта туылып, еліне келгенін, тіпті Тибеттің Лахасса қаласындағы буддизмнің діни орталығына барып, «Гегендігін» бекіттіріп, қайтып келгенін естідім. Ал маған «Геген» іздеу өте керекті, өте қызықты тақырыптың бірі еді. Қол астымдағы моңғол кадрларын жинап, «Гегенге» барудың жол-жосығын сұрап, қажетті тарту-таралғыларды алып, Қобық ауданындағы Шалбан Гегенге бардым. Ол мені ағынан жарыла қарсы алды. 11 жастағы баланың білетіні мол екені байқалды. Әсіресе, өз елі Торғауыт тайпасының тағдыры туралы ой, арман-тілегі тым көп екені анықталды. Мен бір күн тұрып қайттым. 1954 жылы Шалбанды тағы іздеп бардым. 13 жастағы баламен иен далаға шығып, ұзақ әңгіме құрдық. Ол – бала емес, азамат. Біз аз санды ұлттар тағдыры, моңғол мен қазақ тағдыры туралы талай-талай түкпірге барыстық ... 1958-1961 жылдар аралығында «ұлтшыл, оңшыл, үш отаудың түтінін бір жерден шығара ма (Қытайдағы, Моңғолдағы, Қазақстандағы қазақтарды біріктірем) деді» деген саяси айыптаумен «Еңбекпен түзеу лагеріне» айдалдым. Одан 1961 жылы қыркүйекте босап шықтым. Енді Қазақстанға кетудің қамымен жүгіріп, Үрімжі көшесінде жүргенімде, мені біреу құшақтай алып, үйіріп-үйіріп жерге қойды. «Мені танымадың ғой, аға!» - деді де: «мен Шалбан бауырыңмын» - деп, өзін таныстырды. Қайта амандастық, көп сөйлесе алмадық. Кейін естісем, Қытай Үкіметі оны құрметтеп, мәпелеп өсіріпті. Кешегі бала Шалбан мемлекеттік қайраткер болыпты. Моңғолша, қазақша, ұйғырша, қытайша, жапонша, орысша тілдерді біледі деп естідім. Бірақ Буддизмнің діни тәрбиесімен шектелген діни ғұлама, басқадай ғылым бетін ашпаған. Сонда да бұл адам бірнеше тіл маманы, дарын иесі, Тәңір табиғатты берген қабілеті бар, дана тұлға. Діни ғұлама, оны Торғауыт тайпасы 20-30 жыл іздеп әрең тапқан. «Геген – тірі құдай» (яғни, ламаизм сенімі бойынша). Бүкіл ғылым біткенді тек дарын иелері ғана ашатынын бүкіл әлем мойындап, дарын иелеріне жүйелі түрде іздеу салып отырғанда, біздің қазақ дарынды тұлғаларға әлі көңіл аударған жоқ. Мүлде білмейді. Көне қазақтар айтқан «әкеден өте туғанды», қытайлар айтқан «Алдын ойлап, алдын шешетіндерді», Әбунасыр әл-Фараби айтқан «Адамды», Буддизмдегі «Геген - тірі құдайды» біздің қазақ мемлекеті әлі түсінген жоқ. Қазақстандағы көптеген қалаларда «Дарындар» мектебі бар. Олардың әрбірінде жүздеген бала оқиды. Осының өзі дарын иелерінің кім екенін түсінбегендік. Қазақ мемлекетінде дарын иелерін іздейтін ғылыми жүйе жоқ. Халықаралық дарын іздеу тәжірибелеріне қазақ мемлекеті неге көңіл аудармайды, неге пайдаланбайды? Қазақ халқында «бір ұл бар әкеден өте туған» дегеп тұрақты сын бар. Біз неге әкеден өте туған ұл-қызды іздемейміз? Әкеден өте туғанның бәрі дарын иесі болады деуден аулақпыз. Сонда бұл - із кесу, ізге түсу, іздеу. Ізі анықталса, өзі қайда барады деген ұғым. Дарын иелері қолдан, қиялдан жасалмайды. Олардың да әке-шешесі бар. Олар да адам баласы. Бірақ оларға Тәңір табиғаты берген қабілет бар. Сол қабілет оларды елден ерекше дәрежеге көтеріп, дарын иесі етіп даралаған. Біз сол сәбилерді іздеп тауып, оларды жан-жақты ғылыми тәрбиеге алып, ауру-сырқаудан, қауіп-қатерден, ұры-қарыдан қорғауымыз, оларды қазақтың ғалымы, ғұламасы етіп шығаруымыз керек. Міне, осы борыш қазақ мемлекетінің мойнындағы қарыз бен парыз екені анық. 2007 жылы жазда Алматыда тұратын Қалиолла Кенжеханұлы деген азамат түн ішінде маған телефон соқты да: «Жәке! Сіз іздеген дарын иесі жарық дүниеге келіпті, сүйінші беріңіз, сүйінші!» - деп жатыр. Мен «Алыңыз, алыңыз» деп жатырмын... Ал, ол қайда екен? «Алматыда, бір жасында хат таныпты, екі жасында шахмат ойнаған, ғажап, ғажап! Теледидардан көрсетті», - деді... Мен ертеңінде Халықаралық қазақ қауымдастығының бірінші орынбасары Талғат Мамашевқа бардым. Дарын иелеріне халықаралық танымдар туралы қысқаша дерек бердім. Қазақстаннан ұрланған дарынды балалар туралы деректер бердім. Ал мына баланы іздеп тауып, өз камқорлығына ал, тіпті Елбасына хабарлап, көмек сұрауға да болады. Мынадай баладан айырылып қалмаудың шарасын іздеген жөн деп өтіндім. Менің қолымның жеткен жері осы болды да қала берді. Дарындар - өте сирек кездесетін бақыт иесі. Оларды іздеу, табылғанына жан-жақты көмек көрсетіп, олардың ой, арман-тілегіне мүмкіндіктер туғызудың өзі үлкен ғылым. Қазақтың өзінен шыққан дарындар жетілдірілмесе, қазақ ғылымы дамымайды, өркендемейді. Қазақтың өз дарындары ашпаған ғылым, қазақ ашқан ғылым болмайды. Қазақ бір тал сіріңкеден ракетаға дейінгі өз ғылымын өзі ашпаса, мемлекет құра алмайды. Сондықтан, бүкіл әлем мойындаған дарын иелерін, буддизмдегі «Геген - тірі құдайды», Әбунасыр әл-Фараби айтқан «Адамды», қазақ халқы айтқан тәңірқұтыларды қазақ мемлекеті де мойындауы шарт. Сонымен бірге «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді қазақ. Қазақтың санын көбейту үшін, дарындарды молайту үшін сырттағы қазақты түгел шақыру керек. Қазір ғылымды дамыту үшін деген сылтаумен қазақ тілін құртуды, қазақ халқын кұртуды, қазақ мемлекетін құртуды ойлап, арам ниетпен бүкіл әлемде жоқ «үш тұғырлы тілді» ұсынып отырған массоншылар бар. Оған біздің Үкімет еліктеп отыр. «Үш тұғырлы тіл» жүрсе, ғылым дамиды деп, қарапайым халықты алдайды. Қазақ тілінің тағдыры – қазақ ұлтының тағдыры, қазақ мемлекетінің тағдыры екенін түсінбеген адамдар «үш тұғырлы тілді» қолдап отыр. Әлемдегі көптеген мемлекеттер бала 15 жасқа жеткенше өз тілін үйретеді. 15 жастан кейін басқа тілді үйренуге рұқсат етеді. Ал қазақ мемлекеті де осы тәжірибені қолдануы керек. Көп тіл білетін адамның сауатты адам аталатыны рас. Бірақ солардың барлығы ғылым ашпайды. ҚХР, СУАР-дың басшысы Елбасы Сайфиддин Ғазизи 1957 жылы Фин мемлекетіне барып қайтканда, 72 тіл білетін фин азаматын көргендігін таңдана айтқаны бар. Бірақ оның 72 түрлі ғылым ашқанын айтқан жоқ. Менің жолдасым Дубек Нұртазаұлы Шалғынбай қазақша, ұйғырша, қытайша, орысша жазатын, сөйлейтін еді, бірақ бірде-бір ғылым ашқан жоқ. Махмұт Шөкеманов дейтін замандасым 8 тілде сөйлейтін, жазатын, ол да бірде-бір ғылым ашқан жоқ. Егер ағылшын тілін білгендер ғылым аша салатын болса, әлемге шашыраған барлық ағылшын азаматтары неге шетінен ғылым болмайды? Қазақстанда орыс тілін білетіндер саны аз емес, неге соның барлығы ғылым ашпайды? Осынын басты себебі - табиғат оларға ғылым ашатындай қабілет берген жоқ. Олар дарын иесі емес. Ал, дарындарға «үш тұғырлы тіл» емес, «он тұғырлы тіл» ұсынсаң да артық болмайды. Бірақ ғылым іздеген дарындар шала сауатты әкімдер ұсынған тілді емес, өзі іздеген ғылымға қай тіл қажет, оны өзі таңдайды. Тек олардың ой, арман, тілегіне мемлекет көмектесуі шарт. Шындығын айтқанда, дарын иелері мемлекеттік билікке таласпайды. Егер апарып қойсаң, сайласаң, ең жақсы Елқұты, Тәңірқұты солардан шығады.

Екінші топтағылар: Көне қазақтар айтқан «Әкеге жете туғандар», қытайлар айтқан «Артынан ойлап, артынан шешетіндер», Әбунасыр Әл-Фараби айтқан «құлдар», жалпы қазақ халқының 5-10 пайызы мөлшерін ұстайды. Олар «құл» атанғанымен, қазақ мемлекетінің бүкіл жауапкершілігі солардың мойнында, билік те, тірлік те солардың колында. Мемлекет иесі де солар.

Ал осы «құлдар» тобы екі жікке бөлінеді: Бірінші топтағылар - «мен қазақпын, мемлекет иесімін» деп айтатын тұлғалар. Осы айтқан ой, арман-тілегіне ие бола білетін тұлғалар. Ақыл, ес, сезім иелері, ғылым иелері. Сарапшылдар, саңлаулылар, ізшілдер, ізденгіштер, цитаташылдар, жетекшілер, жаттағыштар, өзі ғылым ашпаса да, басқаның ашқан ғылымын бұлжытпай айта білетіндер. Басқаның ашқан ғылымына сүйеніп, өзі сол ғылымға үлес қоса білетіндер. Үлкенді-кішілі ғылыми атаққа ие болатындар академиктер, докторлар, профессорлар, ғылым кандидаттары, жазушылар, ақындар, әншілер, жыраулар, күйшілер, суретшілер, зерттеушілер, тарихшылар, алуан түрлі мамандар. Жалпы зиялы қауым. Қазақ ұлтының ұйытқылары. Сауатты жандар, коғамның қаймағы. Сорпа бетіне шығары, жетекші топ, қоғам кайраткерлері, өз Отанының, өз Елінің, өз ұлтының адал ұлы, адал «құлы» бола білетін тұлғалар. «Өмірім - елімдікі, өлімім - өзімдікі» дейтін, ТЕКТІ құлдар. Әбунасыр әл-Фараби айтқан құлдардың екінші тобы: тексіз құлдар. Олардың ішінде алаяқтар, сайқалдар, салдақылар, сұм-сұрқиялар, жікшілдер, рушылдар, жағымпаздар, шашаушылдар, көпшік койғыштар, есерсоқтар, желбуаздар, желөкпелер, мақтаншақтар, қуыскеуделер, дөйдалалар, итаршылдар, ықтағыштар, жәреукелер, мәймөңкешілдер, көпірме сөзділер, жарамсақтар, жәдігөйлер, жүре тыңдайтындар, жымысқылар, сілімтіктер, құйысқанға қыстырылғандар, кырықбуындар, сыздағандар, сылдырлар, сықсиғандар, сылқымдар, қарғылы төбеттер, алыпсоқтар, қодарлар, есіріктер, әумесерлер, бұралқылар, қызылкөздер, ессіздер, малғұндар, мақаулар, мәңгүрттер, ұры-қарылар, тіміскілер, суыққолдылар, қымқырғыштар, жымқырғыштар, жемқорлар, жең ұшынан жалғағыштар, алыпсатарлар, делдалдар, жылпостар, екібеткейлер, екіжүзділер, ұпайшылдар, ақшақұмарлар, қиянатшылдар, парақорлар, дәулетқұмарлар, ғылыми атақты сатыпалғыштар, мансапқа сүйеніп ғылыми атақ алғыштар, абырой-атақ құлдары, құлдықты кұлдана қабылдайтындар, күлтемірлер, саясат құлдары, кешегі социализмді көксейтін құлдар, кешегі коммунизмді көксейтін кұлдар, кешегі «КГБ» кұлдары. Мұсылмандықтан бет бұрып, басқа дінге кірген кұлдар, «қазақстандық ұлтты» қабыл алған құлдар, «үш тұғырлы тілді» қабыл алған құлдар, «жаһандану» апатына құлдық ұрған құлдар, «Нобель» сыйлығынан үміткер құлдар, «массонизмнің» Қазақстандағы құлдары, ақшаға, атаққа елін, жерін, ұлтын, намысын сатқан ТЕКСІЗ құлдар. Әбунасыр Әл-Фараби бабамыз айтқан «кұлдар» ішіндегі тексіздер. Өзінің тексіздігімен тарих бетінде аты қалатын бақытсыз құлдар. Сонау көктүріктен бері он үш ғасыр бойы, «өмір ішінен өлім, өлім ішінен өмір іздеп», көзден жас орнына қан аққан кезде, Тәңір жарылқаумен қол жеткен қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін мәңгі сақтап қалу үшін, қазақтың қасиетті Көк Туын мәңгі желбірету үшін, қазақ мемлекетінің Елұранын мәңгі шырқату үшін, қазақ ұлтының тағдырын мәңгі қорғау үшін, қазақ жаққан отты мәңгі лаулату үшін, казақ дарындыларын үздіксіз жетілдіру, «мен қазақпын, мемлекет иесімін» дейтін, қазақ мемлекетінің адал ұлы бола білетін, адал құлы бола білетін текті тұлғаларды жетілдіру, тексіз кұлдарға, бақытсыз құлдарға тыйым салу -тәуелсіз қазақ мемлекетінің мәңгілік өтейтін қарызы мен парызы.

Үшінші топтағылар: Көне қазақтар айтқан «көтінен кейін кете туғандар», қытайлар айтқан «түк те ойлап, түк те шешпейтіндер», Әбунасыр әл-Фараби айтқан «хайуандар».

Ал, қай саққа жүгіртіліп, қалай айтылса да, бүкіл әлем халқының 90-95 пайызын осы үшінші топтағылар құрайды. Күллі халықтың көп бөлігі, басым бөлігі, ең негізгі бөлегі, осы қарапайым халық. Бір ғажабы, бүкіл әлем халқын осылай үшке жіктегенде, әр топтың өз мойнындағы табиғи міндеттерді аша айтып таныта түскендей, жүктей түскендей сезім береді адамға. Қазақ халқының 90-95 пайызын ұстайтын қарапайым халық - ұрпақ өсіретін қасиетті кеніш. Ұрпақ тәрбиелейтін алтын бесік. Мал бағатын бақташы. Егін салатын егінші. Ауыр-жеңіл өндірісті өндіретін қажырлы еңбек күші. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елін, жерін қорғайтын қарулы кіреуке. Қазақтың ыстығына күйе білетін, суығына тоңа білетін адал ұлы, адал құлы. Қазақтың қара шаңырағын көтерген қарабақан. Қазақты ұлт ретінде ұйытқан мәйек -осы қарапайым халық. Қазақтың тілін, ділін, дінін, ұлттық рухын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық кұндылыктарын жасаған осы қарапайым халық. Қазақтың ән-әуенін, өлең-жырын самғатқан әнші, жыршы, қазақтың «алпыс екі тамырды иіткен», алпыс екі қоңыр үнді күйлері сияқты сан алуан күйін шертетін саңлақ күйші, сазгер, қазақтың ән-күй аспаптары сыбызғы, домбыра, қылқобыз, келіқобыз, шертер, сазсырнай, тағы-тағыларын жасайтын шебер ұста, қазақтың 300-ге жуық ұлттық спортын білетін, ойнайтын, үйрететін, спорт маманы казақтың көп түрлі киім-кешегін дайындайтын, пішетін, тігетін шебер тігінші, казақтың алуан түрлі ұлттық ою-өрнегін өрнектейтін, саусағынан майы тамған оюшы, қазақтың 3000-нан аса ұлттық тамақ түрлерін жасай білетін шебер аспаз, қазақтың шілдехана, баланы қырқынан шығару, бесік салу, тұсауын кесу, сүндет той, атқа міну, ат шабу, тілашар сияқты ырым-сырым, тойларды қуанышқа айналдыра білетін қарапайым халық. Қыз ұзату, келін түсіру тойларын ұлы дүбірге айналдыратын осы қарапайым халық. Қазақтың Наурыз, Айт, Жаңа жыл, Тәуелсіздік күні сияқты мемлекеттік және халықаралық мерекелерді ұлы дүбір қуанышқа айналдыратын осы қарапайым халық. Қазақтың салауатты өмір салтын қалыптастырған, дамытқан, көркейткен, ұлттық иелік етіп келген де осы қарапайым халық. Қазақтың талай-талай тәңіркұтылары мен ұлттық көсемдерін, хандары мен сұлтандарын, билері мен шешендерін, елтұтқалары мен қолбасшыларын, ерлері мен батырларын туып, тәрбиелеп, қатарға қосқан осы - қарапайым халық. Қазақтың дарындары мен ғалымдарын, жазушылары мен ақындарына әншілері мен күйшілерін өсіріп, өрбітіп қатарға қосқан осы - қарапайым халық. Қазақтың жақсы ісін асыратын, жаман ісін жасыратын да осы - қарапайым халық. Қазақты ұлт ретінде қалыптастырған да осы қарапайым халық. Қазақтың шексіз ұзақ тарихын жасаған да осы - қарапайым халық. Қазақтың тарихтағы Көк Туын, бүгінгі Көк Туын көтерген де осы - қарапайым халық. Қазақтың тәуелсіз мемлекетінің иесі де осы қарапайым қазақ. Қасиетті Ата Заңның бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - Адам және адамның өмірі, құқықтары, бостандықтары» деп айқын көрсетілген. Ал, біздің тізгін ұстаған зиялы қауым заңға иелік ететін Үкімет, қарапайым халық тағдырына, Ата Заңның 20-бабында көрсетілгендей асыл армандарды орындап отыр ма? Міне, осыны әрбір азамат өзі ойлап, өзі талдап, өзі қорытындылап, шешу жолын өзі іздегені жөн.

Этнолог Жағда Бабалықұлы
Қазақ-zaman 26 ақпан 2009 жыл

СОРЛЫБҰЛАҚ АПАТЫНЫҢ АЛДЫН АЛАЙЫҚ

Алматы қаласының жуынды суы Сорбұлақ атты жасанды көлге құйылады. Қала жуындысында барлық пәле бар. Олар адамның денсаулығы мен тегіне, жан-жануардың тегі мен саулығына өте зиянды. 1960 жылдан бастап, қауіп төндірген Сорбұлақ апатынан құтылудың жолын іздеген сол кездегі Компартия мен Қазақстан үкіметі Сорбұлақ тоспасын биіктету, ұлғайтумен ғана шектелді. Жандары қанша қысылса да, Сорбұлақ улы суын Іле мен Балқашқа құйып, қолдан апат жасауды және аса ауыр қылмысты қателікке баруды ойлаған жоқ. Ал, ел жағдайын, жер жадысын жетік білмеген елтұтқа (премьер-министр) Сергей Терещенко Сорбұлақ улы суын Ілеге құю үшін су жүйесін алдыра бастады. Кейін Елтұтқа Әкежан Қажыгелдин де Сорбұлақ суын Іле мен Балқашқа құйғызған еді. Нұрлан Балғынбаев, Қасымжомарт Тоқаев, Иманғали Тасмағанбетовтер де Сорбұлақ апаты туралы бас ауыртпады. Енді міне, тәуелсіз Қазақстанның алтыншы елтұтқасы Даниял Ахметов дәуірі басталды. Іле мен Балқашқа Сорбұлақтың улы суы құйылып жатқанын көріп отыр. Атақты ғұлама ғалым Мэлс Елемесов Сорбұлақ апаты туралы талай рет сөйледі, жазды. Бірақ оған жоғары жақтан еш жауап болмады. Кеше ғана Кеңес өкіметі табиғатты «бойұсындырамыз» деп, Орта Азияның мақтасы үшін Арал теңізін суалтып еді. Табиғи тепе-теңдігі бұзылған Арал су орнына у беріп, төбемізден тұз жаудырды. Бұл күнде қолдан жасалған апат бүкіл әлемдік деңгейге көтерілді. Енді, міне, бүгінде Сорбұлақ улы суы Іле мен Балқашқа құйылып, тағы бір үлкен апат қолдан жасалынайын деп отыр. Оның үстіне, Арал мен Балхаштың, тіпті қазақ жерінің, қазақ елінің экологиялық тағдырын ойлап көрмеген кейбір шенеуніктер ғасырдан-ғасырға созылған ядролық жарылыстар мен Байқоңырдың зардабын шегіп отырған халықты тағы сорлата түсуді мақсат еткендей Балқаш жағасына «АТЭС» (Атом Электр станциясын) саламыз деп отыр. Іле өзенінің басында Қытай, аяғында Қазақстан. Екі мемлекеттің қайсысы оны қаншалықты ластап жатқаны белгісіз. Әзірше ел-жұртты алаңдатып, шулатып отырған бір түрі - Сорбұлақ апаты. Егер бүгінгі таңда апаттың беті қайтарылып, дұрыс шешімі табылмаса, Сорбұлақ улы суы Балқаш пен Іле табиғатын мүлде құртуға бет алады.

Жер мен Ел тағдырын көп ойлайтын қазақ ойшылдары мен қазақ ғалымдары Сорбұлақ апатынан құтылудың шараларын әр қырынан ұсынып келеді. Солардың ішіндегі ең тиімдісі, ақылға қонымдысы - оған шығарылған барлық шығынды толық қайтара алатын, келешекте мемлекеттік алып өндірістің біріне айналатын табиғи мүмкіндігі бар - Сорбұлақ биосферасын кұру болып табылады.

Сорбұлақ биосферасын құрудың екі мақсаты бар. Біріншісі, Іле мен Балқаш табиғатын Сорбұлақ улы суы апатынан құтқару. Екіншісі, Алматы қаласының сағат сайын, күн сайын үздіксіз молайып жататын улы жуынды суын Іле мен Балқашқа құйып, апатты қолдан жасамай, апаттың бетін алып, жуынды суды өндіріске пайдалану. Сорбұлақ биосферасын құруға ең қолайлы жер - Алматы-Қарағанды машина даңғылы үстінде деп есептелінуде. Даңғыл Сорбұлақ көлін басып өтіп, батысқа қарай мидай жазық қара даланы кеседі. Осы қара дала құмды жиектеп, сонау Шу алқабына дейін созылып жатыр. Бұл даланың кеңістігі, бет-бедері (рельефі), қалың сары топырағы құйқалы табиғаты, әзірше мемлекет иелігінде жатуы биосфера құруға толық мүмкіндік береді.

Бұл далаға су екі жолмен барады:

Бірі - Алматының улы жуынды суы Сорбұлақ көліне соқпай, Алматыдан тіке Бозой даласына айдалады да, содан батысқа қарай созылады. Екіншісі - Алматы жуынды суында барлық пәле барын ескеріп, жуынды суды Сорбұлақ көліне түсіріп, оның зиянды уларын көл астына біршама шөгінді жасатып, биосфераға баратын су көлден төте Бозойға айдалса, тіпті дұрыс болады.

Сорбұлақ биосферасы бізге не береді? 1. Сорбұлақ улы суынан Іле мен Балқаштың табиғатын арашалайды. 2. Сорбұлақ улы суын босқа ағызбай, оны өндіріске пайдалануға мүмкіндік береді. 3. Алматы іргесінде пайда болған қалың орман Алматы өңірінің табиғатын тазартуға үлес қосады. 4. Алматы іргесінде аң-құстар қорығы табиғи түрде пайда болады. 5. Биосфера төңірегінде саяхатшылар мен саятшылар тұрақтары құрылады. 6. Биосфера іргесінде орман шаруашылығы ұйымдастырылады. 7. Ұлы жібек жолы үстінде әлемде теңдесі жоқ тұт жібек ағашы орманы плантациясы өсіріледі. Арнайы құрылған тұт ағашы орманы бізге - жібек құртын өсіруге, таза жібек талшығын алуға, таза жібек маталар өндіруге мүмкіндік береді. Тұт ағашының жапырағы, шыбығы, шырпысы, бұтағы, шөмшегі, қабығы, діні, тамыры, тағы-тағылары әлемде теңдесі жоқ қағаз түрлерін алуға шикізат қоры бола алады. Тарихи тәжірибелерде тұт қабығынан жасалған қағазды алуан-түрлі тұрмыстық бұйымдар жасауға да болады екен. Тұт ағашының гүлі, жемісі, жапырағы, шырпысы, бұтағы, қабығы, діні, тамыры, бәрі-бәрі түгелдей дәрілік қасиетке ие. Тек улы сумен суғарылған тұттан дәрі-дәрмек алуға болар болмасы зерттелуі керек. Сорбұлақ биосферасы маңында өте мол омарта ұстауға болады. Бірақ, оның балын жеуге бола ма, болмай ма оны зерттеу керек. Тұт орманы жібек құртын бағуға өте қолайлы. Осы орманда жібек құрты мол бағылары сөзсіз. Ал көбелек қалдығы, құрт қалдығы, құрттар құмалағы мал мен құсқа өте құнарлы жем. Тек улы суға суғарылған тұт жапырағын жеген құрт қалдықтарын мал мен құсқа беруге болар-болмасын анықтаған жөн. Тұт ағашынан үй жиһазы үшін түрлі мүлік жасауға, аспаптар жасауға болады. Жетісу жерінде тұт ағашының бес түрі өседі. Осы бес түрі Алматы қаласы ішінде самсап тұр. Тұт ағашының бір-екі жылдық шыбығынан 25- қиып, кесіп алып, көктемде жеріне егілсе, жақсы суғарылса, сол қаламша үш жылда өте жақсы тамырланып, жақсы өседі. Көп бұтақты, мол және ірі жапырақты болады. Тұт табиғатының мұндай берегендігі жібек құртын бағуға мол мүмкіндік береді. Алматы ішінде өткізген сынақ осыны көрсетеді (1988-1991). Жібек отаны үшін Орта Азияға қарағанда, Жетісу жері салқындау. Соған қарамастан тұт ағашы өскен жерде жібек құртын бағуға, одан жібек талшығын алуға болады. 1951 жылы Азиядағы ең ыстық, ең шұңқыр жер Тұрпан ойпатынан алынған жібек құрты філләсі (қозасы) табиғаты қатал Үрімжі қаласында өскен тұт ағашы жапырағында бағылып зерттелді. Адам тұратын әдеттегі үй терезесінің ішкі күн жақ алдында қозадан шыққан көбелектер өздерін сергек сезінді. Өзара төбелесіп жүріп, дер кезінде үйірге түсті. Көп кешікпей, жұмыртқалардан құрттар пайда болып, тез өрбіді. Оларға Үрімжі қаласында өсіп тұрған тұт ағашы жапырағы берілді. Құрттар өсіп 3- болып, жібек тастады. Сөйтіп сынақ дұрыс өтті. Осыған қарағанда, Жетісу өңірінде өскен тұт ағашына да, жібек құртын бағып, жібек талшын өндіруге болады.

Жалпы тұт ағашы орманы барлық шығынды төлеп, үстеме пайда бере алады. 1) Осы биосфера тұт ағашы бір миллион түптен кем болмауы керек. Тұт орманы бай болған сайын жібек өндіруге, аса құнды қағаз өндіруге шикізат қоры молаяды. 2) Құрылыс жабдығы, күміс терек жапырағы, бұтағы, діңі, тамыры, қабығы өте сапалы қағаз түрлерін береді. Күміс терек орманын өсіріп, мол өнім алып отырған қытайлардан мол тәжірибе үйренген жөн. Әсіресе, күміс теректі өсіру әдістері жақсы. 3) Аралас ағаштар орманы. Аталған ормандар бір-бірінен алшақ болуы шарт. Әсіресе, тұт ағаш өнімдері араласпайтын шарт негізінде егілуі керек. 4) Жібек талшықты Еміл кендірі плантациясында Еміл кендірі жібек талшықты болады да, өнім сапалы өнім береді. Одан алуан түрлі мата, қағаз өндіруге болады. Балқаш пен Іле табиғатын апаттан қорғау, осы өңірде тұратын елді апаттан қорғау -басқарушы азаматтардың мойнындағы өтемесі болмайтын қарыз бен парыз. Егер, Сорбұлақ биосферасы құрыла бастаса, оны бабына, шыңына жеткізгенше, игілікті ұрпағы жалғастырғанша жүздеген, мыңдаған адамның қол күші мен ақыл-ой еңбегі іске қосылары анық. Сондықтан, Сорбұлақ апатынан құтқаруға үкіметіміз ерекше көңіл аударып, ішкі-сыртқы экологтардың, биологтардың, орманшылардың, жібекшілердің, су мамандарының, этнографтардың, жібек, жібек мата, қағаз, ағаш, тал мамандардың басын қосып кеңес өткізуі керек. Көп болып кеңессе, апаттан құтылудың басқа жолдары да табылып қалар.

Жағда Бабалықұлы эколог-зерттеуші
Алдаспан, 2004 №1-2

ҚАЗАҚ ЖӘНЕ КАЗИНО

Қазіргі өркениет әлемінде ғылым іздеуге қарсы адам бола қоймас. Сонда да, «мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дейді қазақ. Бүкіл әлемге «коммунизм жәннатын» тарту еткен социализм құрылымын бастан кешірдік, олардың қолымен жасалған құлдықтан, мәңгүрттіктен әлі шыға алмай, есімізді жия алмай отырмыз. Енді, міне, «жаһандану» атты алапат келіп жетті. Айтулары бойынша, «жаһанданудың» сыртында қалғандар бақытсыз көрінеді, тез жоғалады дейді. Соған орай болса керек, кешегі «коммунизм» қақпасына жапырлап кірмек болған қазақ бүгін «жаһандану» қақпасына да солай кірмек болып жатыр. «Жаһандануға» тез бару үшін, ең алдымен ағылшын тілін тез арада үйреніп, жазуымызды латын әрпіне көшіруден бастау керек екенбіз. Шын мәнінде Қазақстан Батысқа қарай шоқынуға тез бейімделді. Тым еуразияшыл бола қалды. Кеше «коммунизм» үшін далақтап едік, енді «жаһандану» үшін далақтап, ентелеп, ентігіп отырмыз. «Далақтан шапқан бай ұлы, тоқтаса көзі жас екен» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, кеше коммунизм үшін далақтағанда көзімізден жас орнына қан ағып еді, енді «жаһандану» үшін далақтағанда, көзімізден не ағарын бір Құдайдың өзі біледі. Қазір Қазақстанда діни секталар саны 3,5 мыңға жетті деп айтылып жүр. Тәңірім кімнің «тілегін» қабыл алды екен, дәл қазір қазақтың бір шаңырағында - ислам, католик, кришна, иегова, барлығы бірімен бірі жарыса төр сұрайды. Шынын айтсақ, бір шаңырақта отырғандардың бірі қойдың басын, бірі шошқаның басын мүжіп отыр. Бір жарым мың жылдан бері Ислам дінін бірыңғай, мүдірмей ұстаған қазаққа осындай қойыртпақтың не керегі болды екен?! Ол жағын айту қиын. Бірақ бұл «жаһандану» апатының ең ұтымды жолы болды деуге болады. Ислам дінінде де бірыңғай Имам Ағзам Мәзһабын ұстанған қазақ, енді мәңгі басы бірікпейтін діни жіктерге тап болып сорлап отыр. Құран Кәрімде жалпы саны берілетін 124 пайғамбар бірлікке келтіре алмаған, Мұхаммед (ғ.с.) заманында да бірлікке келмеген діни жіктерді дәл бүгін XXІ ғасырда бірлікке келтіру Қазақстан Республикасының қолынан келмейтіні анық. Алдағы уақытта діни жіктер арасында қан төгілуі мүмкін. Қазірдің өзінде Иегова сектасына кіріп, қайта мұсылманшылыққа ауысқандарды Иегова сектасындағылардың өлтіргені туралы мәлімет бар. Сорлы қазақ тағы бір құтыла алмайтын бәлені қолдан жасап алды. Мемлекет заңдастырып «Жаһанданудың» ең қауіпті айласы порнографиялық кино таратып, жастарды ар-ұяттан, намыстан бездіріп, хайуандыққа итермелеу. Қытай империясы порнографиялық киноны мемлекетке кіргізуге тыйым салған болатын. 1990 жылдар ішінде «Социалистік Қазақстан» газетінде: «Пекин соты Қытайдағы астыртын бейберекет, әдепсіз іс-әрекеттерге итермелейтін порнографиялық жүйенің көзін басқаратын Гу Жишу деген алаяқты ату жазасына кесті», - деп жазылған. Порнографиялық көргенсіздіктің сыртында көптеген газет-журналдар жалаңаш адам суретін, екі емшегі иттің басындай салақтаған жалаңаш әйелдердің әр қырынан түсірген суреттерін береді. Сүйісіп, өліп-талып жатқан ер-әйел суретін береді. Осы әдепсіздік бейнеленген газет-журнал сол ақпарат құралдарының басшылары мен олардың төл министрінің бала-шағаларының қолында жүрген жоқ деп қалай айта аласыз? Көргенсіздіктің туын көтерген «жаһандану» апаты басып кіргеннен бері қазақтың өз тарихы, өз мәдениеті бар деген сенімнен айырылғандай болдық. Соқыр да сорлы қазақ жиі ауысатын мәдениет, ақпарат министрлерінің етегінен ұстап кетіп барады. Мемлекет қазақ тарихында, қазақ мәдениетінде жоқ осы «жын-ойнақты» қуып шығып, оны әкелушілерді жазалаудың орнына, қорғап-қолдап, заңдастырып, Қапшағай мен Бурабай сияқты жер жаннатын бөліп беріп, «ойын бизнесін» құруға ақшаны аямай төгіп отыр. Ал енді Қазақстанның өз «Лас-Вегасы» болса, жас ұрпақтың күні не болмақ, оны айту қиындау. Казиноны қызық көріп жағалап, кіріп-шығып, жын ойнаққа үйір болған жастар ғылым атаулыдан мүлде қол үзген қара тобырға, мәңгүртке, есалаң, есуас, дәлдүң, далақбайға айналары анық. Осындай жын-ойнақтан, қатерлі ұядан, сайтан жайлаған түкпірден нендей үлгі, өнеге, тәлім алмақ, олар түбі кім болып шығады? Ол жастар өзіне, өз ата-анасына не береді? Алпауыт елдердің қыспағына түскелі тұрған өзінің тәуелсіз мемлекетіне, қазақ халқына не береді? Тіпті, олар өз тағдырына өзі кепілдік бере ала ма? Немесе жас ұрпақ тағдырын «бизнеске» салып отырған Қазақ мемлекеті кепілдік бере ала ма? Жастарды атақ-абыройдан жұрдай ететін, қолындағы дәулеттен, басындағы панадан, денсаулығынан айыратын, тіпті кейбірінің өзіне-өзі қол жұмсап, өмірін қиюға итермелейтін казино ойындарын бүкіл халық өте жек көреді. Өйткені «казино» халыққа қайғы-қасірет әкеліп отыр. Баладан айырылу, өмір жалғасы - ұрпақтан айырылу ауыр тигендіктен, казино иелерін, оны заңдастырып отырған үкіметті қарғап-сілейді. Үкімет халықтың казиноға қарсы екенін біледі, біле тұра одан бас тартпайды. Қапшағай мен Бурабайға баратын мәшинелі, қалталы жастар қазақ мемлекетінің өз баласы емес пе сонда?! «Ойын бизнесін» заңдастыруға премьер-министр Кәрім Мәсімов құлшына кірісті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы ма, әлде өз белсенділігі ме? Егер олай болса, халық болып сұрасақ, олар бәлкім бетінен қайтар. Жаңа парламенттегі депутат Бекболат Тілеухан да бұл әңгімеден қалыс қалмас! Өкінішке қарай, біз қазір есті ұлттан еліктеуші ұлтқа айналып барамыз. Жоғарыдағыдай алапат пен кесапаттан басқалардан гөрі еліктеуші, дамушы ұлттар көп зардап шегеді. Өшеміз демей, өсеміз десек, осыны мықтап есте ұстағанымыз жен.

Жағда Бабалықұлы
этнограф.
Жас Алаш, 28. 08. 2007 жыл

Жағда Бабалықұлы, этнограф:

Ұлттық идеология - ғылыми дүние. Сондықтан «мынадай болсын, анадай болсын» деп ауызға келгенді айта салуға болмайды. Қазір бізге белгілі 97 ғылым бар. Ұлттық идеяны қағазға түсіргенде, сол ғылымдарға табан тіреп отырып жасауымыз керек. «Қазақ халқы неге қол жеткізуі керек?» деген сауалға жауап бере алатын дүниелерді екшеп, таңдап, нақтылап алуымыз керек. Қазақ халқында мынадай сөз бар: «Бірінші байлық - денсаулық, екінші байлық - ақ жаулық, үшінші байлық - он саулық». Бұл бекерге айтылмаған. Ең алдымен ұлттың денсаулығына көңіл бөлуіміз керек. Біз осы мәселеде қай жағынан әлсіздік көрсетіп отырмыз, қай жағынан табысқа жеттік? Қандай шаруа бітірдік, әлде тақыр жерде отырмыз ба? Осы сұрақтарға жауап іздеген жөн.

Жас Алаш, 27. 01. 2007 жыл

Пікірлер

Шындығына келсек, Қазақстан Үкіметі Қытай тарапынан төніп тұрған стратегиялық қатерге көңіл бөлмей отыр. Сірә, соларда елге сырттан қанша басқа жұрт өкілдері келіп жатқанын сараптар есеп-қисап та жоқ па деймін. Егер, аталған қауіптен секемденсе, Үкімет елге еш сұраусыз, рұқсатсыз ағылып келіп жатқандарға тосқауыл қоятындай заң қабылдап, соның бұлжымай орындалуына қатаң бақылау қоюы тиіс, әйтпесе, ашық жатқан шекара есігінен Қырым-Қытайдан жиналған қағылған-соғылғандардың бәрі өте тереді. Қытай өз тарихында ешкімді күшпен жаулап алған емес. Оның мүлт кетпейтін қаруы – адам экспорты. Біз, міне, соған тосқауыл қоюымы керек.

Қазақ-zaman 10 қаңтар 2008 жыл

АРЗАН ЖҰМЫСШЫ КҮШІ ДЕГЕНГЕ АЛДАНБАЙЫҚ

Тәуелсіз қазақ мемлекеті құрылып, қасиетті көк Туы көтерілді. Қуанышы елге ортақ. Енді сол егемендікті ұстап, елдің елдігін сақтап қалу - баршамыздың борышымыз. Ал, қазір Қазақстан өзінің орасан зор байлығымен, стратегиялық орнымен бүкіл дүние жүзі көз тігетін аймаққа айналды. Сөйтіп соңғы кездері шет мемлекеттермен алыс-берісіміз ұлғайып, тынысымыз кеңейген сияқты. Шет елге шығудың, шет елден келудің жолы да көбейді. Туризммен айналысатын, сырттан саяхатшылар қабылдайтын көптеген фирмалар пайда болды. Өкінішке орай, олардың көбінің жұмысы автобус-автобус туристерді алып келіп көк базарға жеткізуден әрі бара алмай отыр. Осылайша базарды басқалар баурап барады. Егер осы бағытқа тосқауыл табылмаса, енді 20-30 жылда қазақ мемлекетінің байлық қорының тізгіні басқаның меншігінде кете ме деген қауіп бар. Қорғас шекара кешенінде болған адам Қытай Халық Республикасына қарай біздің машина-трактор сияқты құрал-жабдықтардың, қымбат металл, шикізаттардың тау-тау болып тиеліп кетіп бара жатқанын көрер еді. Ал оның есесіне ол жақтан бері қарай қант, арзанқол тәтті тағамдар, арақ-шарап, темекі және әлем-жәлем қызыл-жасыл сапасыз киім-кешек келіп жатқаны жасырын емес. Апырау, сонда біз нені неге айырбастап отырмыз деген ой осы арадағы азаматтардың есіне қалай келмейді? Халық игілігі, ел байлығы болатын заттарды бір күндік нәрсеге айырбастағанымыз қалай? Бұл шағын мақаламызда негізгі айтайын деген ойымыз басқа еді. Біздің шығыстағы таяу көршіміз үлкен ел, ұлы ел, сол елдің айналасындағыларға тигізер кеселі де үлкен. Оған тарих жолы куә. Соны есте ұстаған жөн. Қытай халқы өскен ел. Сол ел қазір «арзан жұмысшы күші» - деп халқын сыртқа шығарып жатыр. Ал, Қытай империясының «Адам экспорты» қағидасындағы: «Қайда барсаң - сонда бар, нан тауып же. Барған жеріңде ұрық тастап, тамыр жай. Үйлен, бала сүй. Тұрған жеріңде балдай батып, судай сің. Қайтып келмегенің абзал» - дейтін өсиет бағдарламаны бойына сіңірген хандықтар «арзан еңбек» сылтауымен бүкіл дүниеге тарап жатыр. Күні бүгінге дейін, сөйтіп, жүз миллиондаған қытай ұлты сыртқа шығарылды деуге болады. XX ғасырда қытайлар бүкіл дүниеге екі түрлі апат әкелді. Бірі - ядролық апат. Екіншісі және бірегейі - биологиялық апат. Халық саны бір миллиард 200 миллионға таяу. Оларға баланы шектеу де бөгет болар емес. Жылына 10-15 миллион адам қосылады. Ендігі олардың ойлап тапқаны «арзан еңбек» сылтауымен адам экспортын (халықаралық миграция) жасау, соғыссыз жаулау. Қытайдың бұл ұстаған саясатын жете түсінбеген - ТМД елдері мен Қазақстан арзан жұмысшы күші келді деп қуануда. Әсіресе, Қазақстан өз есігін айқара ашты. Есік ашу дұрыс. Бірақ ол есік қайтып жабылмай қалса, келешек ұрпақ алдында не айтамыз? Қытайлар аса еңбекқор халық. Оның еңбекқор болу тарихы да ұзақ. Жас қазақ мемлекеті Қытайдан көп тәжірибе алуына болады. Бірақ көптің аты көп. «Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз бар. Халықта тағы: «орыс - қайыс ноқта, қытай - темір ноқта» деген де даналық сөз бар. Соңғы жылдары орыстың қайыс ноқтасынан босанғандай болдық. Ал Қытайдың «темір ноқтасына» килікпеген абзал. Қытай халқы аз ұлттарды ұлт ретінде жойып жіберуден алдарына жан салмайды. Қытай жөнінде ұғымы жоқ кейбір ел басындағы азаматтардың ретті-ретсіз оларға бас шұлғи бергені жөн болмас. Сондықтан да ел басындағы азаматтардың терең ойланғаны жөн. Өз байлығын, өз мүмкіндігін, өз құдіретін бағаламай, барлық жақсылықты сырттан күтетін, сыртқа қарап алаңдап-елеңдеушіліктің түбі өкінішке соғары даусыз. «Қара қытай қаптаса, заманақыр болады» дейді халық. Бұл сөз де тегіннен-тегін айтыла салмаған ғой. Қытай орнығып алған соң «аспан асты ортақ» деп «тян-ша-ви-гүң» заңдарына қол артады. Тіпті қажет десең сен жақ болып, жауыңа қарсы соғысады. Алаңсыз орнығып алған соң Қазақстан азаматы болуға жаппай арыз жазады. Қыз алып, қыз береді (бұл басталып жатыр), жиендер міндетті түрде кіндік қаны тамған жерде қалады. Құданы күту -қазаққа тән мінез. Одан кейін тіпті «кет» деп айта да, кетіре де алмайсыз. Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған облыстарына ағылып келіп жатқандар тым көп. Ал Алматыны көзіміз көріп жүр. Қалған облыстарда да жетерлік. Еркін экономикалық аймақ деген желеумен әр облыс, әр аудан өзінше шешім қабылдап жатқанға ұқсайды. Экономиканы ойлаған дұрыс шығар, бірақ халықтың түпкілікті мүддесі бәрінен қымбат болуы керек қой. Белгілі бір мөлшерлі жылға жүздеген гектар жер алып, ауыл болып қауымдасып жатқандар да бар. Одан кейін оларды шығару оңайға соқпас деген қаупіміз бар. Қытайдың «адам экспорты» стратегиясы бүкіл ТМД елдеріне құлаш созуда. Алайда Қазақстанның «ашық аудан», «достық», «шекара» мүмкіндігін пайдаланып Қытай достарымыз сұғына, шұбырып келіп жатқанға ұқсайды. Олар алуан түрлі айла-тәсілмен (ақша не істетпейді) мол сый-сияпат, сәлем-сауқат, тарту-таралғымен келіп, жергілікті кісілердің «пендешілік» көмегімен - үй-жай, мекен, тұрақ, дүкен, жайма базар, емхана, мейманхана, жер-су, құрылыс, өндіріс орындарын ұзақ мерзімді жалға немесе түпкілікті сатып алып, орын теуіп жатыр. Енді бірер сөз Қытай арағы туралы. 1955-жылғы деректе, бүкіл Қытай Халық Республикасында шығарылатын арақ-шараптың алпыс проценті аз санды ұлттар мекендейтін аудандарға бөлінеді делінген. Шыңжаңға келген арақтың да көбі мал шаруашылығымен айналысатын қазақтар тұратын ауылдарға жіберілетін болған. Бұрын арақ татпаған Жоңғар қазақтары елуінші жылдардың соңында арақ ішетін болды. Қазір Шыңжаңда жайлау-қыстаудың бәрінде арақ-шарап зауыты бар. Ұлтты жоюдың бірден-бір зымиян әдісі осы емес пе?! Сол қытайдың арағы, сырасы енді біздің жастарға да жетті... Осы арада шет елден келген азаматтарға аң-құс атуға рұқсат (лицензия) берудегі «кең пейілділік» туралы да айта кеткіміз келеді. Қытай медицинасы дамыған. Оның жақсы жағын үйренген дұрыс. Ал дәрілік мақсатқа деп өсімдіктерді, аң-құсты, жәндіктерді теріп, құрту экологиялық апаттың ең үлкені. Олар 1,7 миллион шаршы шақырым Шыңжаң жерін аз жылда жұрдай етті. Қазірдің өзінде өсімдіктер мен жәндіктерді теріп Қазақстан өлкесін кезіп жүр. Дәрілік шөп іздеп, байтақ Қазақстан даласын емін-еркін кезіп жүргендерге рұқсат бергендер міне, осы жайлы ойланғаны жөн. «Екі ұлар, бір тәутеке, екі қара құр, үш кекілік, екі қырғауыл, екі үйрек, екі бөдене, бір бөкен» атуға рұқсат сұраған шет елдік мырзаны көзіміз көрді. Ал осы айтылған аң мен құстың тұрағының қайда екенін ойлап көріңізші? Бір шеті - мұзды тауда, бір шеті - бетбақтың даласында. Ол оны білмей тұрған жоқ. Рұқсатты да әдейі осылай сұрап тұр. Рұқсат қолына тисе, ол Қазақстанның түпкір-түпкірін еркін кезуге таптырмайтын құжат қой. Құлашын қалай-қалай созады?.. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: «Ескермеген жау жаман» дейді халық. «Атты алып, атанға көз салған» көршімізбен абай болайық. Тіл түйгенді - ой шешеді. Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының тағдырын мың рет ойлап шешкен жөн болар. Әрине, белгілі бір дәрежеде достық қарым-қатынас жасап тұрмай болмайды. Ондайда өзімізді терезесі тең, тәуелсіз мемлекет ретінде көрсете білуге тиіспіз.

Жағда Бабалықұлы
тарихшы-этнограф
Қазақстан әйелдері 1993 жыл № 10

ӘЛИХАН ТӨРЕ МЕН ОСПАН БАТЫР КӨРЕГЕН ЕКЕН

Жағда Бабалықұлы қария тоқсанға толды. Этнограф, тарихшы, шежіреші, ұлттық дәстүріміз бен мәдениетіміздің білгірі бұл жолы да қанына сіңген әдет бойынша өзінің жай-күйін сөз еткен жоқ. Екеуара әңгімемізді ұлтымыздың тарихы мен тағдырына қарай бұра берді ...

- Жағда аға.. Бірақ, сізді «аға» деген ыңғайсыз екен. «Ата» десем қалай қарайсыз?

- Қалай айтсаң да өз еркіңде. Оған ренжіп отырған мен жоқпын, шырағым. «Ата» дегенің жөн ғой. 90-ға келген адамды қалай «ата» демейсің. Жасаған жасыңды жасыра алмайсың. Бұл да - Алланың берген сыйы. Құдайға шүкірлік, көзімнің аздап көрмегені болмаса, денім сау. Тамағым жақсы, ұйқым да жаман емес. Шақырған жерден қалмаймын, өзім барып, өзім келемін. Ал шақырмаған жерге бармаймын.

- Ата, Сіз бір Қытайдың өзінде екі мемлекет, екі жүйені көрдіңіз. Бірі - Гоминдаң өкіметі, екіншісі - Мао Цзэдун іргетасын қалаған Қытай коммунистік өкіметі. Шекараның бергі жағына өткеннен кейін де екі мемлекетте өмір сүрдіңіз. Бірі - Кеңес өкіметі, екіншісі - тәуелсіз Қазақстан. Өміріңіздің көбі қиыншылықта өтті. Бірақ, қиыншылыққа мойынсұнбай, жігеріңізді қайрап, көргеніңіз бен естігеніңізді зерделеп, саралап, сұрыптап, аса құнды рухани дүниелеріңізді халқыңызға үзбей ұсынып келесіз. Қытайда ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырып, оған басшылық еткеніңіз және Іле қазақ автономиялы облысының әкімі болып істегеніңіз өз алдына бір төбе.

- Айналайын, сен мені асыра мақтап жіберген сияқтысың... Әрине, мына бастан біраз жай өтті ғой... Соңғы 300 жылдың ішінде қытай мен қазақ арасында үлкенді-кішілі біраз қақтығыстар болды. Солардың ең ірісі - қазақтардың Гоминдаңға қарсы 1940 жылғы Алтайдағы күресі. Сол жылдары мынандай бір жағдай болды: Кеңес Одағы Германиямен соғысып жатқанда Гоминдаң өкіметі Шыңжаңға 120 мың әскерін әкеліп топтастырды. Мақсаты - Кеңес Одағы немістерден жеңіле қалса, Орта Азияға лап қойып кіру. Мұны Кеңес Одағы біліп, сезіп тұрды. Сол сезінудің, секем алудың арқасында, Алтай көтерілісшілері Кеңес Одағынан көмек алуға қол жеткізді. Бұл көмек Моңғолия арқылы келіп тұрды. Алтай көтерілісшілері жаңа соғыс құралдарымен қаруланғаннан кейін, өте тез ширығып шыға келді. Кеңес Одағы Алтайға берген көмекпен шектелген жоқ, Іле, Құлжа көтерілісшілеріне де астыртын соғыс құралдарын жіберіп отырды. Іледегі қазақтардың саны Алтайға қарағанда көп еді. Сол кезде Ілеге 13 аудан қарайтын. Нылқыдан шыққан ағайынды Әкпар, Сейіт және Әлихан төре бастаған көтерілісшілер 1944 жылы бір-екі айдың ішінде Ілені гоминдаңшылардан азат етті.

1944 жылы Шығыс Түркістан мемлекеті құрылып, президенті болып Әлихан төре сайланды. Туын, елтаңбасын, ақшасын белгілеп, өзін мемлекет деп жариялады. Ұлттық армиясын құрды. Енді Алтай мен Тарбағатайды азат ету керек. Шығыс Түркістан мемлекетінің құрылғаны туралы хабар Тарбағатайға жеткенде, көптеген көкірегі ояу азаматтар көтеріліс жасау ниетінде еді. Мен 1945 жылы сәуірде Үрімжідегі түрмеден шығып, Тарбағатайға келдім. Содан жолдастардың басын қосып, бір айдың ішінде партизан ұйымын құрып үлгердік. Маусым айында бастап едік, тамыз айында қатарымыз 750 адамға жетті. Гоминдаңның әлсіз бекіністерін астыртын анықтап аламыз да, шабуыл жасап, әскерімізді құрал-жабдықпен қамдап отырдық. Құлжадағы Шығыс Түркістан үкіметімен байланыс жасап, Іледен бірнеше полк әскер алдырдық. Күш біріккен соң бірнеше айдың ішінде Тарбағатайды азат еттік. Қатты соғыстар болды. Қытай да қырылды, бізден де шығын көп болды. Сол жылдың күзінде Алтай да азат етілді. Шығыс Түркістан үкіметі Іле, Алтай, Тарбағатай секілді үш аймақтың территориясын қамтыған ірі мемлекетке айналды. Армиясының саны 25 мыңға жетті.

- Шығыс Түркістан мемлекетінің аты кейінірек «Үш аймақ өкіметі» деп өзгертілді. Мұның сыры неде еді?

- Шығыс Түркістан әскері Гоминдаң әскерін тас-талқан етіп жеңіп, тықырта қуып Үрімжіге жақындағанда Кеңес өкіметі мен Гоминдаң билігі өзара мәмілеге келіп, Шығыс Түркістан әскері кері қайтуға мәжбүр болды. Кеңес өкіметі алғашында көтерілісшілерді қолдағанымен, Шығыс Түркістан деген мемлекеттің құрылуын қаламады. Оны Қытай да екібастан қалап тұрған жоқ. Демек, Шығыс Түркістан деген мемлекеттің болуын екі империя да қалаған жоқ. Сталин Чан Кайшиге «Сыртқы Моңғолияны мемлекет деп таныңдар, ал Шыңжаң мәселесі - өзіңнің ішкі мәселең» деген бір ауыз сөз ғана айтыпты. Біздің бүкіл тағдырымыз осы бір ауыз сөздің ішіне сыйып кетіп тұр ғой. Сонымен, біз 1949 жылы қайтадан Қытайға қосылуға мәжбүр болдық. Ұлттық армия тарады, құрал тапсырылды. Сөйтіп Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды. Туымыз жығылды. Енді қайда барамыз? Екі түйенің ортасында шыбын өледінің керіне түстік. «Үш аймақ өкіметі» де кейін өздігінен жойылды. Ақиқатын айтқанда, қуыршақ республика болдық. 1952 жылы мені Тарбағатай аймағының әкімі етіп Шәуешекке жіберді, 1952 жылдан 1955 жылға дейін Тарбағатай аймағының әкімі болып жұмыс істедім. 1955 жылы Шыңжаң ұйғыр автомиялы республикасы құрылғанда, Үрімжіге апарып саяси заң басқармасының орынбасары етіп белгіледі. Онда 1955 жылдан 1956 жылға дейін бір жылға жуық істедім. 1956 жылы Іле қазақ автономиялы облысының әкімі етіп тағайындады. 1958 жылы «сен бұзық екенсің, ұлтшыл екенсің» деп қырына алып, еңбекпен өзгерту лагеріне жіберді. Сөйтіп, 1958 жылдан 1960 жылға дейін Үрімжідегі машина жасау зауытында қара жұмыс істедім. 1961 жылы Қазақстанға өттім.

- Қытайларға қалайша жақпай қалдыңыз?

- Қытай мемлекетінде аз санды 55 ұлт бар. Олардың бәрін Қытай өкіметі бұрынғы қарпін тастатқызып, түгел латынға көшсін деп алқымнан алып тұрды. Латынға дереу көшсе, олардың бүкіл тарихы мен мәдениетін жоғалтып алуы әбден мүмкін еді. Осы жөнінде Пекинде жиналыс болды, оған қатыстық. Үрімжіде жиналыс болды, оған да қатыстық. Ал Құлжадағы жиналысты өзім басқардым. «Жарайды, бұрынғы жазудан басқа жазуға көшелік, оған біздің қарсылығымыз жоқ. Біз Қазақстандағы қазақтармен бір тілдегі, бір діндегі ұлтпыз. Салт-дәстүріміз, әдеп-ғұрпымыз бір. Біз қайткен күнде де Қазақстандағы қазақтардан бөлініп қалмауымыз керек» дедім де, қаріпті Қазақстанның кириллицасына бір-ақ көшіріп жібердім. Мұның бәрін қытайлар көріп отыр. Олар «Қазақстандағы қазақ - басқа қазақ, Қытайдағы қазақ - басқа қазақ, екеуі бір ұлт емес» деп келді ғой. Менің ең ауыр «кінәм» осы...

Не десек те, Қытайдағы қазақтарды Қазақстанға түгел көшіріп алу керек. Шетелдегі қазақтарды түгел көшіріп алмасақ, қайтіп мемлекет құрамыз?! Ресей сыртқа кеткен орыстарын шақырып жатыр ғой, ана ұлтарақтай ғана жері бар еврейлер де, мына немістер де шақырып жатыр. Неге біз шақырмаймыз 5-6 миллион қазақты? Қалайда сырттағы қазақты шақырып алуымыз керек. Сырттағы қазақтар да бұлданбай келуі керек, қабылдап алушылар да бұлданбай қабылдауы керек.

- Шығыс Түркістанның құлайтынын Оспан батыр күні бұрын сезген дейді ғой?

- Дұрыс айтасың, олар өте көреген екен. Олар деп отырғаным - Әлихан төре мен Оспан батыр. Ол екеуі Шығыс Түркістан өкіметінің бағыты басқа жаққа кетіп бара жатқанын ерте сезді. Әлихан төре Кеңес Одағының уысына түсіп, жоғалып, құрып бара жатқан Шығыс Түркістан республикасын Оспанмен бірлесе отырып құтқарып қалмақ болды. Ол Алтайдағы Оспанға «Шығыс Түркістанды қызылдар біржолата иеленіп алмақшы. Біз мақсатымызға жете алмадық. Бірақ күресті тоқтатпайық. Іленің тағдырын мен қолда ұстаймын, Алтайда сен мықты тұр...» деген мазмұнда құпия хат жазады. Мұны сезіп қалған Кеңес өкіметі Шығыс Түркістан мемлекетінің президенті Әлихан төрені бір түнде Қазақстанға ұрлап әкетеді де, оның орнына коммунист Ахмет Қасымиді әкеледі. Осы сұрқия саясаттың астарында не жатқанын кейін барып білдік қой...

- Қазақстанға келгеннен кейінгі тағдырыңыз қалай болды?

- Өте күрделі болды... Ең қиыны бізде баспана, жұмыс жоқ болды. Мен қара жұмысқа жегілдім. Құрылыста істедім, ауылға барып мал бақтым. Одан кейін Алматы мен Ташкенттің арасында пошта тасыдым. 60 сом айлық береді, сонымен бала-шағамды асырып жүрдім. Қол босай қалғанда жер үйлердің пешін салып жүрдім. Бір пеш салсам - 30 сом, ал пешті жөндесем - 10 сом, ошақ салсам 15 сом береді. Ол да менің отбасымның жыртығын жамауға көмек болды. Сөйтіп жан бағып жүрдік. 1963 жылы мен Хрущевке біреулердің көмегімен орысша хат жаздым. Хатымның көмегі тиіп, үйлі болдық. Жұмысқа да тұрдым.

- Қандай жүмысқа тұрдыңыз?

- «Мәдениет және тұрмыс» журналына хат тіркеуші болып орналастым. Бәйбішемді де жұмысқа орналастырдым. Бірақ, мені қатты бақылауға алды. Шекаралық аудандарға жібермейді. Мақаншыдағы бір туысым қайтыс болғанда, рұқсат сұрасам, «машинамен баруға болмайды» деді. Не керек, ұшақпен барып, ұшақпен қайтқаным бар. КГБ-ның қызметкерлері сенбі, жексенбі күндері маған телефон шалып:

- Ертең қайда боласың? - деп сұрайды.

- Қонаққа барамын, - деймін мен.

- Ол үйдің мекен-жайы қалай, қайда?

- Пәленбаев көшесі, пәленбайыншы үй, - деймін мен. Сөйтіп, жүрген-тұрғанымды түгел бақылап, тексеріп отырды ғой.

- Бұған қорланбадыңыз ба?

- Неге қорланасың, басқа түскеннің бәріне көнуің керек. О баста тітіркеніп жүрдім, кейін оған да үйреніп кеттім. Күліп тұрып жауап беретін болдым.

- Сіз соңғы жылдары ұлт тағдыры, тіл, жер мәселесі, көші-қон мәселесі және тарихқа қатысты аса құнды мақалалар жазып жүрсіз. Осының нәтижесі болады деп есептейсіз бе?

- Нәтижесі бүгін болмаса, ертең болар. Бірақ білгенімді, көкейге түйгенімді айту, оны жазып ұрпақтарға қалдыру - менің азаматтық борышым.

«Мен жастарға сенемін» деп Мағжан айтқандай, мен де жастарға сенемін. Қазақстанның келешегі мен болашағы - жастарда. Жастар өз ұлтын сүюі керек. Тілін, салт-санасын, әдет-ғұрпын, дінін құрметтеуі керек. Сонда ғана қазақ болып қала аламыз. Сонда ғана олар тәуелсіз елдің ертеңіне ие болып қала алады. Елдің ертеңі - тілінде. Туған тілін мәпелеп, қадірлеп сақтамаған халықта береке болмайды. Мен өмірімді туған тіліме арнап келе жатқан адаммын. Бірақ, атақ үшін емес, ұрпақтарымыздың болашағы үшін. Менің жинауым бойынша, бір ғана мінез-құлыққа байланысты сөздердің өзі он мыңнан асты. Бізде қазір жеке адамдар жасаған сөздікті қоса есептегенде, барлығы он бес томдық түсіндірме сөздік бар екен. Бұл - өте аз. Қазақ тілінің теңіздей терең сөз қазынасынан қиналмай елу томдық сөздік жасауға әбден болады. Біздің сөздіктеріміз сөздерді әрі таңбалап, әрі түсіндіретін және этимологиялық төркінін анықтайтын болуы керек. Осы үш бірлікті сақтай отырып жасалған сөздік қана шын ғылыми сөздік болар еді деп есептеймін. Егер осындай жан-жақты жүйеленген сөздік жасала қалса, мен он тоғыз кітаптан асатын жиған-терген сөздерімді тегін сыйлар едім.

- Әңгімеңізге рахмет! Жүз жасаңыз!

- Саған да рахмет, балам!

Әңгімелескен Әлімжан Әшімұлы
Жас Алаш, 11. 10. 2007 жыл

«Желтоқсан оқиғасы емес»

1986 жылғы 17-19 желтоқсандағы қозғалыс – «1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» болып аталуы керек. Бұл қозғалыс - қытай мен орыс империяларына қарсы үш жүз жылға созылған қазақ ұлт-азаттық қозғалыстарының ең соңғысы. Мұндай ұлт-азаттық қозғалыстарды тәңірім енді бізге мәңгі көрсетпесін, қайталатпасын. 1986 жылғы желтоқсандағы ереуілге шыққан жастардың алғашқы қойған талабы «Үкімет басынан Дінмұхамет Қонаев ауыстырылған күнде, оның орнына неге қазақ келмейді?» деген мазмұнда болды. Осы ойларын жоғарыға жеткізбек болып, қолдарына Лениннің суретін ұстап, «Менің Қазақстаным» атты әнді шырқап, 17-ші желтоқсан күні Алматы көшелеріне алғаш шыққан жастарға Кеңес өкіметі мен коммунистік партиясы жылы сөз, жылы жауаппен жағдайды түсіндірудің орнына бірден суық қабақ танытты, сасық саяси ызғар, асқан дөрекілікпен күш көрсетті, қару жұмсады. Алматы қаласында желтоқсанның 17, 18, 19 күндері ереуілге шыққан жастарды қарулы күшпен аямай жаныштап басты, қан төгілді. Алматы қаласындағы үш күнге созылған қырғынның дүбірі бүкіл Қазақстанға тез тарады. Қазақстан жерінің түкпір-түкпірінде ұлылы-кішілі ереуілдер болып жатты. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысына қатысқандарға қарулы күш жұмсалғандықтан, ұрып-соққандықтан көп адам өлді, ауыр-жеңіл жаралы болды, олардың бір бөлігі мүгедекке айналды, көпшілігі қамалды, жұмыстан қуылды, оқудан шығарылды, жаппай саяси бақылауға, саяси қуғынға ұшырады. Нәтижесінде өлтірілгендерінің сыртында он мыңдаған адам әр түрлі, әр дәрежеде сұмдық зардап шекті. Олардың ата-аналары, жүз мыңдаған туған-туыс, жақындары жұрағаттары қайғы-қасірет астында қалды. Тағы бір шындықтың бетін аша кеткен жөн сияқты. Соғыстың аты соғыс, өкімет жағы өз қажетіне орай қару түрлерін пайдаланады. Ал ереуілшілер қолдарына түскені – тас, таяқ, темір. Ереуілшілердің ең көп ұстағаны тас екен. Олар қолына, қалтасына дорбасына қанша тас салып келді, ол жағы белгісіз. Кейін сол кездегі Брежнев атындағы алаңда бүлінген жерлерді жөндегенде, бір шындықтың беті ашылды. Алаңның шығыс жағындағы биік үйдің сыртын қаптаған құстастарды (мрамор) сөгіп алып, бөлшектеп лақтырған. Алаңның шығыс жағындағы осы биік үйдің бүлінген жерін жөндеуге барған Төлеубек Тоқтаров атты азаматтың айтуынша, сол бір үйдің қабырғасынан 19 кв.м. құстас (мрамор) сыпырып алынған. Қатардағы басқа үйлерден қанша құстас алынғаны белгісіз. Ал үш күнге созылған айқаста жастар жағы қанша тас лақтырды екен? Қанша адам жараланды екен? Зардап шегу екі жақтан да болды-ау деген ойдамыз. Ал мыңдаған қолдан, бұршақтай жауған тас, бірде-бір адамға тимеді деу тым орынсыз. Тиген күнде басында темір қалпағы (каска), қолында қалқаны бар солдаттар аз жараланды деуге болады. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысын, сол кездегі Кеңес өкіметі мен Коммунистер партиясы – «Қазақ ұлтшылдарының, қазақ терроршыларының, қазақ арақкештерінің, нашақорларының ісі», - деп қорлады. «Мақсатсыз хулиган, сотқар, бұзақы, есерсоқтар ісі», - деп бүркемелемек болды. Дәл осы айтқандарын дәлелдеу үшін, арнайы өз адамдарын жіберіп, Алматы іргесіндегі молаларды қиратқызып, «арақкештер, нашақорлар қиратты» деп шу көтертті. Сол кездегі қазақтың беделді азаматтарына арнайы нұсқау беріп, «Арақкеш, нашақор қазақтарға қарсы қарғыс айтқан» мақалалар жазғыздырды. Бірақ арам ойлы Колбин тобы, мұсылман дініндегі қазақтардың қандай жағдайда да аруақтарды сыйлайтынын түсінбеді, түсінгісі де келмеді. «Молаларды арақкеш қазақтар қиратты», - деп бәле жабудан танбады. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының дүбірі бүкіл әлемге тарыдай шашылған қазақ халқының ұлттық намысын қозғады. Дәл сол күндері қырғыз еліндегі қазақтар, қырғыз азаматтарымен тізе қосып, қазақ-қырғыз шекарасына дейін келіп, өте алмай қайтқан екен. ҚХР, СУАР, Іле Қазақ автономиялы облысының қазақтары да біршама дүрлігісіп барып, басылғандығын естідік. Көршілес жатқан басқа елдердегі қазақтар да абыржып, дүрліккен екен. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы ең әуелі қазақ халқының ұлттық рухын көтерген, содан соң бүкіл түркі тілдес халықтарға ой салған, жан дүниелерін тербеткен, елеңдеткен қозғалыс болды. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы бүкіл әлемдегі ізгі ниетті елдерді елеңдетті, саяси жүйеміздің бүркемеленген шын ниетін көрсетті. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы әлемдік коммунизм идеясына қарсы шыққан, бүкіл әлемдік демократия идеясынан рухи нәр, демеу алған қозғалыс болды. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы, сол кездегі Кеңес Одағының өз ішінен атылған тұңғыш оқ, тұңғыш жарылыс болды. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы, Кеңес өкіметі кезінде мәңгілік құлға айналған, ұлт ретінде жоғалуға бет бұрған, өз ұлтының келешегінен үміт үзген аз санды ұлттарға ой салды. Олардың ұлт ретінде өмір кешуіне үміт тудырған, ұлт-азаттық қозғалыстардың бірі болды. Кеңес Одағы кезінде қазақ құлақкесті қаратабан құлдың өзі еді. Тілден, ділден (менталитеттен), діннен, айрылған, ұлттық салт-сана, сауық-сайран мәдениетінен айрылған қазақ. Ұлттық ән - әуен, өлең, жыр, айтыс, қағыс, сыңсу, көрісу, жар-жар, жоқтауынан айрылған қазақ. Алуан түрлі ұлттық музыка аспаптарынан айрылған, үнімен жылатып, үнімен қуантатын, үнімен «тірілтіп», үнімен «өлтіретін» қоңыр табиғатты, қоңыр үнді күйлерінен айрылған қазақ. Әзіл, қалжың, күлкі, мінеу, сын, сықақ, мақал-мәтел, алғыс, тілек, батадан айрылған қазақ. Ұлттық киім-кешек, көріктен айрылған қазақ. Ұлттық асжаулық, ас-су, дәм-тұздан айрылған қазақ. Той-томалағын қазақша өткізе алмайтын, некесіз қатын алатын, жаназасыз өлік жөнелтетін, той мен қаралы күнде тоя арақ ішетін мәңгүрт қазақ. Атасы, әжесі, әкесі, шешесі, ұлдары, қыздары, келіндері, немерелері, шөберелері қатар отырып, порнографиялық кино көріп, рахатқа бататын есуас қазақ. Осындай ұлттық намыстан, ұлттық салт-санадан жұрдай болған, жаңа заман, жаңа мәдениет дәуірден «калбит, баран» атанған қазақтарға – 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы үлкен ой салды. Бойында қазақ қаны бар, ұлттық намысы бар, өз өмірін қазақ тағдырына арнаған азаматтар, қайғы-қасірет астында қалды. Қазақтың адал ұлы, ұлағатты ақын Мұхтар Шаханов «Қасіретім, қайғым, мақтанышым желтоқсан» деген мазмұнда жырлады. Бүкіл қазаққа ой тастады. Олар қазақтың қиын тағдырын шешу жолын іздеді. 1987 жылғы 7 қаңтар ата-баба аруағын еске алып, қазақ ұлты алдында борышты екенімізді тәңір атымен мойындап, сертке отырған күніміз еді. Сол күннен бастап Сәбетқазы Ақатаев екеуіміз 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысында ереуілге шыққандарды, сол кездегі Кеңес өкіметі қарулы күшпен басып-жаншып, қанға бояғаны туралы деректерді жинап шетелдерге жіберуге бел байлаған едік. Біз алаңға тіке бармадық. Бірақ жиі байланыс орнаттық. «КГБ» бізден күмәнданып, 18, 19, 20 күндері үш күн қатарынан 4-5 сағаттан ұстап сұраққа тартты. Ұрысқан жоқ, ұрған жоқ, қамаған жоқ, біз аман қалдық. Сол күндері біздің топтан сұраққа тартылғандар – философия ғылымдарының докторы Сәбетқазы Ақатаев. ҚХР, СУАР, Іле Қазақ автономиялы облыстың бұрынғы (1956 - 1958) бас прокуроры Қалдыбай Қанафин. ҚХР, СУАР, Іле қазақ автономиялы облысының бұрынғы (1956 - 1958) төрағасы Жағда Бабалықұлы. Міне, машинамен алып барып сұрағандары - үш қазақ. Ол кезде олар жас жігіттер ғой, бұл күндері бар да шығар. Бірінші қабаттағы менің терезем алдына нөмірі жоқ, жап-жаңа он екі орынды микроавтобус қойылды. Ол 1986 ж. 20 желтоқсаннан 1987 ж. 4 қаңтарға дейін тұрды. Оған кіріп-шыққан адам көрмедік. Оқиға жөнінде біздің естіп, білгеніміз мол болды. Сол деректерді қорытып хат дайындадық. Ниетіміз қабыл болып істің сәті түсті. Венгрия азаматы Иштван Қоңыр арқылы ең алдымен Венгрия еліне кетті. Сонан соң Чехияға, Америка азаматы Алмас Естеков атты қазақ жігіті арқылы Америкаға жіберілді. Аттары аталған үш мемлекет те біз жіберген хаттарды жариялап жіберді. Сол кезеңде қытай мен Африкаға кеткен хаттардан сыбыс та, хабар да болмады. Бұл туралы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, Сәбетқазы Ақатаевтың егжей-тегжейлі жазылған мақаласында жария етілген еді. Шетелге шығарылған осы хат мазмұнын Алматы қаласында тұратын қазақтың 17 азаматына почта арқылы жібердік. Бұл хаттарға қолтаңба, иіс-қоңыс түсірмей, аса ұқыптылықпен, мұқият қадағалап, мен (Ж. Б.) өз қолыммен поштаға салдым. Тіпті сол 17 хатты поштаға саларда, хат сыртындағы мекен-жайдың 16-тысы орыстар қолымен, 480008 почтаға бір хат қазақ қызы қолымен жазылды. Ең ғажабы, Қазақстан тәуелсіз мемлекеті жария етілгеннен кейін, исі қазақ біткен сенімді қуанышқа бөленген кезде, хат жіберілген азаматтардан жеке-жеке сұрадық. «Хатты алдық» деген азамат Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Шұбартаулақ бір жазушы ақсақал. Қалғандары «хат алмадық» деп жауап берді. Олардың хатты алып, оқып, отқа тастап, аман қалғанының өзі ерлік. Біз үшін 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысында, сол кездегі Кеңес өкіметі қолымен аяусыз жүргізілген қанды қырғындағы деректерді бүкіл әлемге, қазақ азаматтарына таратқанымыз қымбат олжа болды. 1987 жылы 7 қантарда Алматы қаласы 6 линия, 7 үй, 33 пәтерде тұңғыш «ант етіп, сертке» отырғаннан кейін бастау алып, ұлт азаттық ой – арман, тілек негізінде желі тарта бастаған, Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы 1990 – жылдарға келгенде ашыққа шығып, өз айналасына ұлтжанды азаматтарды топтай бастаған еді. Ереуілді жиналыстар өткізіп, ойларын ашық айта бастаған болатын. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы кезінде сол кездегі Кеңес өкіметі қолымен «сотталып, қамалған азаматтарды шығарып беріңдер» деп, сол кездегі 1990-шы жылдары Қазақстан өкіметі үйі алдына азаматтарды жатқызып, «аштық» жариялатқан кез еді. Осындай ереуілді, айтулы жиналыстың бірі, 1990 жылы тамызда Москвада өтті. Олжас Сүлейменовтің ұйымдастырумен бұл жиналысқа бүкіл түркі тілдес халықтардың өкілдері келді. Адам саны көп болды. Сөйлеушілер де, шешендер де аз болған жоқ. Кеңес Одағы ыдырауға бет алған кезең ғой, әркім өз ойын тізгін тартпай-ақ айтты. Ұлылы-кішілі бәрінің ой, арман-тілегі – теңдік, еркіндік, бостандық, дербестік, тәуелсіздік екені ашық айтылды. Тіпті, кейбірі көздерін сүрте тұрып, ашына сөйледі. Қазақстан тәуелсіздігі туралы ой, арман-тілекті біз де айттық. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысындағы қанды қырғын туралы да ашына айтылды. Жиналысты басқаруға Сәбетқазы Ақатаев белсене қатынасты. Жиналыс ұзаққа созылды. Ой, арман-тілек, үміт айту тоқтар емес. Дәл осындай қызу кезенде сол кездегі Қазақстан өкіметінің «Өкіметтің рұқсатынсыз ереуілге шығу, ереуілді жиналыстар өткізуге тыйым салынады» деген жарлығы «Известия» газетінде жарық көрді. Сәбетқазы Ақатаев екеуміздің есіміз шығып, қатты абыржыдық. Өйткені бір ай бұрын, Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы атынан «1990 жылы қыркүйек айының ортасында Алматыда сол кездегі Ленин атындағы алаңда жиналыс болады» деп бүкіл облыстарға, Орта Азиялық елдердегі ұлт-азаттық топтар мен ұлттық партияларға хабарлап қойған едік. Сол кездегі қазақ өкіметі дәл осындай саяси қыр көрсетіп, тыйым салатын жарлық шығарады деп, ойламағанбыз, сасқанымыздан Москвадағы жиналысты тастай салып Алматыға қайттық. Алматыға келе сала өкімет орындарына жүгірдік. Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы жиналысты бір ай бұрын хабарлап қойғанын дәлелдедік. Енді біз, бұл жиналысты өткізбей қалдыруға шарасыз екенімізді айтып өтініштер білдірдік. Біз өткізгелі отырған жиналысты олар біле отырып, ол жиналыстан көңілдеріне күдік ұялаған. Егер бірер тынышсыздық бола қалса, «заң бұздыңдар» деп шара көрсетуге дайындық жасағаны байқалды. Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының Алматы мен облыстарда өткізген жиналыстары тыныш өткенін, бұдан былай да шу шығару жағынан сақ болатынымызды дәлелдеп айтқан болдық. Күмәнданғаны болмаса, бізге қоятын кінәсі жоқ екені анық. Сол тұрғыдан өкімет жағы жиналысқа рұқсат берді. Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы ол кезде біршама абырой, атаққа ие кезі еді. 1990 жылы 16 қыркүйекте Алматы қаласы, сол кездегі Коммунистік даңғылы мен Киров көшесі қиылысындағы Ленин атындағы алаңда жиын өткізуді бекіттік те, барлық жерге хабарладық. Айтылған күнде, айтылған сағатта ел ағылып келе бастады. Адам көп, кімнің кім екені белгісіз. Біздің қатты алаңдап тұрған бір ісіміз, «біреу-міреу арандатып жүрсе қайтеміз» деген ой болды. Сенімді жігіттерді іріктеп сақадай сай еткен болдық. Азаматтар қазақтың тәуелсіздік тағдыры туралы өздерінің ой, арман, тілегін айтып сөйлеп жатыр. Сол бір мерекелі жиналыста, ішіне жеңіл газ толтырған диаметрі . келетін, сыртына «Тәуелсіз Қазақстан» деп, жазылған шар аспанға ұшырылды. Халық ығы-жығы, у-шу болып жатты. Осындай у-шу болып жатқанда, сол кездегі Қазақстан Жазушылар Одағынан үш азамат келді. Бәрі де танымал ақын-жазушылар. Бір таңданарлығы, үшеуі де Қытайдан келген қазақтар. Олар келе сала – «Сендер неге шулайсындар, бізге тіпті жұмыс істетпейтін болдыңдар, сендерге кім рұқсат етті, тараңдар!» деп, сұрланды. Ширығып, буырқанып, зіркілдеп сөйледі. Жастар арасынан оларды ұнатпаған дауыстар шыға бастады. Біз дереу қол ұстасып, қонақтарды үш қабат қоршап алдық. Шақырылмай келген қонақтар тез сезінді, қипыжықтай бастады. Біз олардың қайтып кетуін өтіндік те, қоршауды ашпастан жылжытып, Ленин алаңының батыс шетіндегі Жазушылар Одағының алдына жеткізіп, аман-есен құтылдық. Бұл азаматтар өз бетімен келген жоқ. Оларда арандап қаламыз-ау деген ой да болған жоқ. Оларды жұмсаған бастықсымақтың өзі де, арам ойлы біреудің нұсқауын орындап отыр. Қалай болғанда да, арандатушының арам ойы іске аспады. Біз аман қалдық. Сонан соң кешікпей өкімет үйі жағынан бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің мәңгілік депуттарынаң бірі болып жүрген Серік Әбдірахманов келді. Ол біздің Қазақстанның тәуелсіздігі туралы айтқан ой, арман, тілегімізді қолдап сөйледі. Біз оны, жерден көтеріп алып, аспанға үш рет лақтырып, тосып алып, жерге қойдық, ризашылық білдірдік. Серік кеткен соң Үкімет үйінен шығып – Республика Жоғарғы Советінің заң шығару, заңдылық және право тәртібі мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Н.И. Акуев атты азамат келді. Ол жылы лебіз білдіре амандасты да, қолына сол күнгі 1990 жылғы 16 қыркүйекте шыққан «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының жобасын» бізге көрсетті де, «Республиканың Президенттік Кеңесі мен Министрлер Советі, кейбір қоғамдық ұйымдар ұсынған жобалар мен ұсыныстарды ескере отырып, осы декларацияны әзірледі, атап айтқанда, Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы ұсынған жобалар мен ұсыныстар ереше ескерілді», - деп тоқтады. Әрине, біз оны оқыған едік. Сонда да аса жылы лебізбен рақмет айттық. Көпшілік арасынан «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» деген сөйлемдегі «Егемен» дегеннің орнына қазақтың еркіндік, дербестік, бостандық, азаттық, тәуелсіздік деген сөздерінің бірін неге алмаған деген сұрақ туды. Декларацияның 8-тармағындағы «Қазақ ССР-інде Қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ресми тіл болып табылады» деген шешімге қарсы ой айтқандар да аз болған жоқ. Ал оған, Н.И. Акуев жауап берместен қайтып кетті. Ғасырлап күткен, сағынып, сарғайып, зарығып күткен Қазақстан тәуелсіздігінің айғағы, 1990 жылы 16 қыркүйекте жария етілген «Мемлекеттік декларация жобасын» алып, қуанышқа бөленген азаматтар аман-есен елдеріне қайтты. Біз Азербайжан, Түрікмен, Өзбек, Қырғыз елдерінен келген сол кездегі ұлт-азаттық қозғалыстар мен ұлттық партиялардың өкілетті азаматтарымен бас қосып, ұлттар тағдыры туралы пікір алыстық, ой бөлістік. Бұдан бұрын да талай рет кездескенбіз, пікір алысқанбыз. Ал, осы жолы азаматтардың ой, арман, тілегі «Орта Азиялық Одақ құруға» ойысты. Бірлескен Одақ туы астына шоғырлануды армандады. Сол арманға қол жеткізу туралы алуан түрлі ойлар айтылды. Кейбір ұлттық жіктелу кедергілерін алып тастауға келісіп тарасты. Амал қанша, бүкіл түркі тілдес халықтар тағдыры туралы ой қозғап жүрген азаматтардың көбі өз елінде саяси қуғынға ұшырады. Қамалды, сотталды, шет елге қашты. Қасиетті ой, арман, тілек иесіз қалды. Ал Қазақстанда сол кездегі ой тербеп жүрген азаматтарға саяси қуғын болған жоқ. Бірақ 1986 жылғы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысына қатынасқандар мен Кеңес өкіметі кезінде жанкештілікпен Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысын құрған азаматтарды елеп, ескермеді, тіпті, мемлекет есігінен қаратпады. Ең ауыр болғаны, XX ғасыр басында құрылып саяси құғынға ұшыраған, бір ғасырға жуық шет елдерде жер асты жұмыстар істеген, Алаштың ұлттық көсемдерінен айрылған, тәуелсіз қазақ мемлекеті дәуірінде қайта жарыққа шыққан, қазақтың ұлттық «Алаш» партиясын, тәуелсіз қазақ мемлекеті заңды тіркеуден өткізбеді. Жатсынды. Сыртқа тепті, сенімсіздік танытты, арамсынды. Олар, қазақ барда – Алаш бар, Алаш барда – қазақ бар екенін түсінбеді. Осыған орай, қазақтың ұлттық «Алаш» партиясын қайта құруға басшылық еткен, қазақтың біртуар ұлы, философия ғылымдарының докторы Сәбетқазы Ақатаев «Бір қылығыңды ойласам, жолыңда өлгім келеді, бір қимылыңды ойласам, қолыңда өлгім келеді» деп, өз ренішін білдірген еді. Ал, «Далақтап шапқан бай ұлы тоқтаса, көзі жас екен» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, далақтап жүрген біз, «көз сүртіп, бармақ тістеумен болдық». Сонау VІІ ғасырда көк түрік ыдырағаннан кейін, бес ғасыр бойы қазақ елі ру-руға бөлініп, жеке-жеке хандықтарға жіктелді. Осы бөлшектену кесірінен бір ту астына тұтастай шоғырлана алмады. Оларда әріп болған, бірақ жүйелі оқу-ағарту дейтін бағыт-бағдар болған жоқ. Халықты сауатсыздық апаты мүлде тұқыртып тастады. XІІІ ғасыр басында Шыңғыс хан дәуірінің алғашқы кезеңінде, біршама шоғарланды да, кейін ақсүйектік жүйе күшке енген соң, «жер төбесіз болмайды, ел төресіз болмайды» деп, қазақты ру-руға бөліп, төрелер бөлшектеді. Ақсүйектік жүйе Қазақстан жерінде XX ғасырдың басына дейін, Қытайдағы қазақтарда XX ғасыр аяғына дейін ілініп-салынып жалғасын тауып жүрді. Бас-аяғы 800 жылға созылған «Ақсүйектік» жүйе 800 жылда 8 мектеп салып көрген жоқ. Тарихтың сол тұсында шығыста Қытай от қаруын жасап жатты. Батыста орыс, неміс тағы-тағылар от қару жасады. Ал сауатсыз сорлы қазақ ен байлықтың үстінде отырып садақ, найза, сүңгімен далақтап шапқылады. Алтынды табанына басып тұрып қайыр тіледі, ет пен майды жастанып жатып аштан өлді. Нәтижесінде от қарулы елдер қазақты быт-шыт қылып бөлшектеп, жерін де, елін де басып алды. Соңғы 300 жыл бойы Орыс пен Қытай империялары бөлшектеудің сыртында, ассимиляциялау апатын іске қосты. Соңғы 300 жыл бойы қазақ халқы ғасырлап қырғындалды, миллиондап қырылды. Бүкіл әлемге тарыдай шашылды. Ұлт азаттығы жолында өмір ішінен өлім, өлім ішінен өмір іздеді. Еңірегенде етегі толды, көз жасы көл болды. Бір тәңірге жалбарынып, еркіндік, дербестік, бостандық, азаттық, тәуелсіздік сұрады. Еңіреп зарлаған қазақтың тілегі қабыл болғандай, бүкіл әлемге төнген коммунизм апаты ыдыраған кезде 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздігі жария етілді. Әлемдегі көптеген елдер құттықтады, таныды, дипломатиялық байланысқа түсті. Бүкіл әлемге тарыдай шашылған исі қазақ шексіз қуанышқа бөленді. Он үш ғасыр бойы бір тудың астына шоғырлана алмаған қазақ, бір тудың астына, бір топыраққа шоғырлану мүмкіндігіне ие болды. Енді шоғырлана білмесе, шоғырландыра білмесе, олардың екі жағында да ұлттық намыс жоқ деген сөз. Өйткені, бір тудың астына шоғырлана білу де, шоғырландыра білу де қазақ тағдырын, қазақ тәуелсіздігінің тағдырын шешпек. Сондықтан сырттағы 5-6 миллион қазақты жоғалтып алмай, олардың тағдырына жанкештілікпен жан-жақты араласу - ұлттық қарыз бен парыз. Қазақ мемлекетіне сырттағы қазақты көшіріп алудан артық байлық жоқ. Қазақ біткеннің ой, арман, тілегі – қазақты ұлт ретінде сақтап қалуға бағыт алуы керек. Қазақтың қанына сіңген құлдықтан қазақты айықтыру үшін, жер сенікі, ел сенікі, жер үсті, жер асты байлығы сенікі, қазақты өркендету, өркениетті ел қатарына жеткізу, тіпті бәрінен оңдыру сенің қолында, тәуелсіз қазақ мемлекеті сенің мемлекетің деп түсіндіру керек болды. Қазақты қазақ құтқарады деген парызды мойындарына арту керек болып тұр. Осы ойларды айтуға сенімді тірегіміз – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет екендігі. Қазақтың ұлттық туы желбіреп тұр. Қазақтың өз ел ұраны шырқалып тұр. Қазақтың ел басы, ел тұтқасы (премьер), ел биі (бас суд) бар. Енді біз, ұлттық ой, арман, тілекке байланысты аса күрделі жұмбақтарының бірі, соңғы үш жүз жылдан бергі Қытай мен Орыс империяларына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстардың ең соңғысы – 1986 жылғы желтоқсандағы ұлт-азаттық қозғалысы екенін анық білеміз. 17, 18, 19 желтоқсан – ел тағдыры, жер тағдыры үшін тер төккен, қан төккен, құрбан болған қайғы-қасірет күні екені рас. Қазақ елі өзінің құлдыққа қарсы екенін бүкіл әлем алдында айғақтай білді. Қазақтың бұл соңғы ұлт-азаттық қозғалысы – қазақтың ұлттық намыс рухының жеңісі болып тарих бетінде қалғандығын көрсетеді. 300 жылдан бергі жанкешті ұлт-азаттық күрес беделіне келген Қазақстанның тәуелсіздік мерекесі мен 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының рухи жеңісін бірлестіре қарап, екеуіне жеңіс мерекесі ретінде, желтоқсан айының соңғы бөлігіндегі тақ күндерінің біріне ауыстырған жөн сияқты. Бүкіл әлемдегі адам баласы қуаныш, той, олжа, табыс, бақ, мәнсап, абырой, атақ, жеңіске қолы жеткенде, жаны жай тауып, мерейі асқан кезде мерекелеп тойлайды. Бізде солай тойлағымыз келеді. Өкінішке орай, біздің ең ұлы мерекемізді қайғы-қасірет күндеріне апарып тіреп қойған. Әлі елдің көз алдынан кетпеген, ойларынан шықпаған 1986 жылғы желтоқсандағы қанды оқиға ызғырығы жақындағанда құрбан болғандардың, зардап шеккендердің өздері, туған-туыстары, оқығаны, көзбен көргендер, тіпті сырттай тұрып ойына жара түскен ұлтжанды азаматтар 16 желтоқсанда тәуелсіздік күні мерекесін тойлаудан бұрын, алдағы үш күнге деген ойларын түйіндей бастайды, іштегі мәңгі жазылмайтын жан жарасы қайта қозғалып, ұлт-азаттық қозғалыста есесі кеткенін еске алады. Ұлттық намысы қозғалып аһлайды-уһлейді. Өліп-өшіп жеткен ұлы тәуелсіздік күнін толыққанды тойлай алмай шарасыздық күйін кешеді. Бұл - табиғи құбылыс. Сондықтан, біздің қасиетті тәуелсіз күнімізді мерекелеуді, қайғы-қасірет күнінің ғарапасына - 16 желтоқсанға тіреп қою, «калбит қазақ, сенің армандаған тәуелсіздік мерекеңнің сиқы осы ма?» дегеннің өзі болды. Қытай мен Орыс империяларына қарсы соңғы 300 жыл бойы үздіксіз жалғасып отырған ұлт-азаттық қозғалыстардың ең соңғысы – 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысына 2006 жылы желтоқсанда 20 жыл толады. Осы орайда, 1986 жылғы желтоқсандағы ұлт-азаттық қозғалысқа ұлттық ой, арман, тірек тұрғысында мемлекеттік дәрежеде баға берілуі керек. Сол бағаның бірден-бір белгісі болып Қазақстан тарихындағы ірі де маңызды тарихи оқиға ретінде оқулықтарға енуі керек. Ұрпақтың отаншылдық, ұлттық рухын тәрбиелеу мақсатында тарих шындығы толық әрі түсінікті түрде жазылуы қажет. Мемлекеттік тұрғыдан берілген бағада – Қазақстанның ішкі, сыртқы стратегиялық саясатына, қазақтың ұлттық тарихында, Қазақстанның жер асты мен жер үсті байлығына ие болып өркендеуіне, қазақтың ұлт ретінде мәңгілік қалуына, тәуелсіз қазақ мемлекетінің мәңгі болуына, қасиетті көк тудың мәңгі желбіреуіне, қасиетті ел ұранының мәңгі шырқалуына қазақ халқының мәңгілік ұлттық рухына, ұлт-азаттық қозғалыстардың, атап айтқанда, 1986 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың қосқан үлестерін ғылыми негізде атаған жөн болар. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тарихын ғылыми негізде жинап, оны ғылыми сараптан өткізіп, қазақтың тарих ғылымына енгізген жөн. Қалдыбай Абеновтың жанкештілікпен түсірген деректі фильмін тағы да толықтыра түсуге көмек беріп, оны тарих ғылымының деректі куәсіне айналдырған жөн болады. Қалдыбай Абеновтың өз көмегімен осы киноны екі рет көрдім.Толықтыра түсуге, жетілдіре түсуге, көркемдей түсуге қажет сұраныстар да, мүмкіндіктер де бар. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысында құрбан болғандарға арнап оқиға болған алаңда ескерткіш қойған жөн. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы өткен алаң атын осы оқиғаға байланысты атпен атауды ойлап көрген жөн болар. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысында ұлт тағдыры, ел тағдыры, жер тағдыры, тәуелсіздік тағдыры үшін құрбан болғандарға, зардап шеккендерге атақ беру, артында қалғандарға рухани және тұрмыстық көмек беру жағын қолға алған жөн. 2006 жылы желтоқсанда соңғы үш жүз жыл бойы Қытай мен Орыс империяларына қарсы, коммунизм атты апаттың мәңгілік құлдығына қарсы, интернационализмнің ассимиляция атты апатына қарсы ұлт-азаттық күрестердің ең соңғысы – 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысына 20 жыл толады. Ұлт азаттық күрестің 20 жылдығын мемлекеттік дәрежеде атап өту үшін мемлекеттік жоба жасау қажет сияқты.

Тілек білдіруші – Жағда Бабалықұлы

15.04.2006 ж.

ЖАҒДА БАБАЛЫҚҰЛЫ

Қазанама

Үстіміздегі жылғы 3-сәуірде 93-ке қараған шағында Қазақ Ұлттық Әдет-ғұрып, салт-дәстүр Академиясының академигі, көрнекті қазақ этнографы, тарихшы, зерттеуші, қаламгер, жазушы Жағда Бабалықұлы пәни дүниеден бақи дүниеге озды. Қазақ этнография ғылымы алтын қазынадай қартынан, аузы дуалы абызынан айрылды. Жағда Бабалықұлы 1917 жылы Қытай Халық Республикасы, СУАР, Іле Қазақ автономиялы облысы, Тарбағатай аймағы, Толы ауданы, Құжырты тауы маңында дүниеге келген. Жас кезінде-ақ діни сауат ашқан. Бастауыш, орта мектепті, гимназияны Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласында бітіріп, 1943 жылы Үрімжі қаласындағы Шыңжаң Шөян институтына оқуға түседі. 1940 жылы Шығыс Түркістанда басталған ұлт-азаттық қозғалысы әсер еткен Жағда Бабалықұлы 1944 жылы институтта оқып жүрген кезінде ұлт-азаттық ұйымын ұйымдастырушы ретінде қолға түсіп, 1944-1945 жылдары Үрімжі қаласындағы абақтыда қамауға түсті. Институтты кейін сырттай оқып бітіруге мәжбүр болды. Халықаралық жағдайға байланысты Шығыс Түркістандағы қазақтардың ұлт-азаттық күресі 1945 жылы 8 қыркүйекте тоқтатылды. Жағда Бабалықұлы 1945 жылы түрмеден босанған соң Үрімжі қаласында тұрып жатқан кезінде де үнемі бақылауда болды. Кейін өзінің туып-өскен елі Тарбағатайға барып, Шәуешек қаласындағы Дубек Шалғынбай, Ахметқали Бітімбай, Қалдыбай Қанафин, Балхаш Бафиндермен бірге ұлт-азаттық талпынысын қайта бастап, партизандық күрес ұйымдастырады. Өзінің айтуына қарағанда, ол Қытаймен екі арада болған соғысқа 23 рет қатысып, үш рет жеңіл жаралы болған. Жағда Бабалықұлы бұл кезде халыққа «Моңғолдағы, Қытайдағы қазақтарды Қазақстанға қосып «үш отаудың түтінін бір жерден шығару керек» деген ой тастайды. Сол үшін «ұлтшыл, оңшыл, өте қауіпті адам» ретінде айыпталып, Қытайда төрт рет қамалып, 8 жыл түрмеде жатып, қаншама азапты жылдарды бастан кешіреді. Жағда Бабалықұлы 1945-1949 жылдары Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясы қатарында әртүрлі дәрежедегі қызметтерді атқарды. Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясының бас штаб саяси басқармасы бастығының орынбасары дәрежесіне көтерілген. Әскери шені - подполковник. 1950-1961 жылдары Қытайда әскери және әкімшілік саласында жауапты қызметтер атқарды. 1956-1958 жылдары Қытай Халық Республикасы, СУАР, Іле Қазақ Автономиялы облысының губернаторы болды. 1954-1962 жылдары жарты миллион қазақ Қытайдан Қазақстанға өтті. Жағда Бабалықұлы осы көшті ұйымдастыруға белсене еңбек сіңірді. Өзі де 1961 жылы 19 қыркүйекте аман-есен атамекен топырағын басты. Қазақстанға келгеннен соң әртүрлі қызметтер атқарды. Дені журналистикамен байланысты болды. «Қазақстан теміржолы» газетінде, ұзақ жылдар бойы «Мәдениет және тұрмыс» журналында тілші, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысты. Сол үшін тынымсыз сұраққа да алынды. Соған қарамастан демократ күрескер Сәбетқазы Ақатаевпен бірге 1987 жылы қаңтар айында желтоқсан ұлт-азаттық күресіне байланысты деректерді жинақтап, Венгрияда, Чехияда, Америкада баспасөз беттерінде жариялатты. Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысын кұруға әрі оған басшылық етуге атсалысты. Түркі халықтарының «Орта Азиялық Одағын» құруға талпыныс жасады. Жағда Бабалықұлы ұлты үшін бар күш-жігерін аяған емес. Өмірдің ащысын көп көрсе де зерттеуші ретінде орасан зор еңбек сіңірген этнолог-маман, ғалым-зерттеуші. Ол қазақ халқының тілі, ділі, діні, ұлттық рухы, ән-күйі, өлең-жыры, той-тамашасы, салт-дәстүрі, ырымдары туралы көптеген материал жинақтады. Бірқатары кітаптарда, мерзімдік басылым беттерінде жарияланды. Олардың жалпы саны 130-дан асады. Бұл еңбектердің ішінен қазақ халқының арғы-бергі тарихындағы, тұрмыс-тіршілігіндегі жекелеген атаулар мен сөздердің мағыналары туралы түсініктемелер, қазіргі кезде ұмытылып бара жатқан қазақтың төл сөздері, яғни, бай қазынасы молынан табылады. Жағда Бабалықұлының салт-сана, дәстүрге байланысты жүз мыңдай сөзді қамтитын сөздіктері өз алдына бір төбе еңбек. Бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқына арнаған, оның бай қазынасын келешек ұрпаққа жеткізуді армандаған Жағда Бабалық есімі оны білетіндердің жадынан еш уақытта өшпек емес.

Қазақ Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр Академиясы
Президент және халық. 09. 04. 2010 жыл

«МЫҚТЫҢ ҮЙІН» ІЗДЕУ

2009 жылы шілденің жиырма бірі күні ертемен үйіме телефон шалған Жағда ата менің тез жиналып өз үйіне келуімді сұрады, өзіммен бірге фотоаппаратымды ала шығуды табыстады. Асығып, айтқан уақытында үйіне келдім. Атамыздың бөлмесінде екі кісі отыр екен. Отырғандардың бірі Молдияр Серікбаев атаның мамандығы геолог-өлкетанушы, ал екіншісі қырықтар шамасындағы Сапарғали Молдабековтың мамандығы математик екен. Сағатқа бір көз жүгіртіп алып Жағда атамыз бізді жинаған себебін түсіндірмекке сөз бастап кетті: «Біздің халық уақытты онша қадір тұта бермейді ғой, ойланып отырсам менің де өзіме берілген уақытым аяқталуға жақын қалыпты, осындай бойымда қуат бар кезде сендерге өзімді қатты толғандырып жүрген жайды баян етейін. Өткен тарихымыз туралы қазіргі кезде отандық тарихшылар әртүрлі еңбектер жазып жатыр, бірақ, олар кеше болған жайдан ары аса алмауда. Біздің тарихшылардың қолындағы қазақ халқының тарихы туралы деректері неге сақ дәуірінен аспайды? Мысалы, Есік қаласынан табылған Алтын адам 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген, Атыраудан, Арқадан, Алтайдан табылған Алтын адамдарға да – 2,5 мың жыл. Сонда қазақ халқының тарихы 2,5 мың жылдан аспай ма? «Бұдан бұрын менің ата-бабам болмап па екен» деген ой кім-кімді де ойландырмай ма? Әрине, ойландырады, толғандырады. Тарихшыларымыз бен археологтарымыздың 2,5 мың жылдан аса алмайтын себебі - біздің тарихты батыс ғалымдары жасаған. Батыс ғалымдары жасаған жасанды тарихты өз тарихшыларымыз әлі күнге дейін тас-талқан етіп бұза алмай келеді. Батыстықтар бізді «бұлар жабайы, сондықтан, оларда тарих жоқ, тексіз халық» деген. Тіпті «бұларда адамға тән тарих жоқ, сондықтан оны жазудың, зерттеудің еш қажеті шамалы» деген қорытындыға келсе керек. Біздің өлкемізден алтын адам табылған кезде кейбір батыс ғалымдары «мынаның шашы сары екен, демек, еуропалық болуы әбден мүмкін» деп те бұрмалап жатты. Менің ойымша, саясат жерге көмген тарихты, ғылым қайта ашып алады. Бізге қазір сол өзгелер жерге көмген тарихты қайта аршып алуға Алланың өзі мүмкіндік беріп отыр. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланған жөн. Осыған байланысты мен көптен бері «мық» деген халық туралы ойланып жүрмін. Өйткені, біздің қазақта мық деген ұғым бар. Мәселен, Қытайдағы қазақтардың кез-келгенінен біреудің үйін сұрасаңыз «ой, ол кісілер анау ақ обаның ар жағындағы, мықтың үйінің бер жағында отыр» деп, оба мен мықтың үйін айырып айтады. Бірақ оба мен мықтың үйі бірдей, үйіп қойған тас. Бүгіндері Шығыс Қазақстандағы қазақтар «әкемнің басына үй тұрғыздым, шешемнің басына үй тұрғыздым» деп жатады. Міне, біздің қазақ бейітті ертеде үй деген. Мықтың үйі дегені солардың моласы деген сөз. Мен мықтың үйін іздеп біршама жерді араладым. Мәселен, еуропалықтар Тянь-Шань (қытай тілінде тянь – аспан, шань - тау) деп атайтын Еренабыр (бұл сөз даңқты, әйгілі, дүбірлі деген мағынаны білдіреді) немесе Еренқабырға, кейде оны қазақтар Ерентау деп атайды, осы Еренабырдың шығыс тұмсығы ұлы қытай қорғанына тақап барып бітеді, арасы онша алыс емес. Көп болса, 500 шақырым болып қалатын шығар. Осы екі арада Аратүрік деген аудан тұр. Қасында Баркөл деген жер бар. Екеуінде де қазақтармен бірге ұйғырлар тұрады. Осы өңірден басталған мықтың үйі біздің Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына дейін жетеді. Мұғалжар өлкесінде дәл мұндай ұғым жоқ екен, бәлкім, мен білетін адамды кездестіре алмадым, ести алмадым. Сонда шығыстан батысқа қарай есептесең, осы екі араның ара қашықтығы 3-4 мың шақырым екен. Ал солтүстіктің дәл қай жерінен басталғанын білмеймін. Моңғол мемлекеті жерінде мықтың үйі бар. Оңтүстікте, Орта Азияда, яғни, Тәшкен ойпатына дейін мықтар үйі деген ұғым бар. Осы аумақта ғұмыр кешіп жатқан адамдар біледі, айтады. Мен еліміздің оңтүстігінде жатқан Қаратаудың солтүстік шығысында орналасқан Созақ ауданын түгел араладым. Мықтың үйі деген сөзді ел біледі. Демек, бұл жерде мықтың үйі күмәнсіз бар. Бір таңданатын нәрсе, осынша үлкен аумақты біріктірген елдің бүгін біздің қолымызда бір жапырақ дерегі жоқ. Таң қалмасқа шараң бар ма? Осынша үлкен жерді біріктірген елдің тілі бір болмаса, ділі бір болмаса, діні бір болмаса, ұлттық рухы бір болмаса, салт-санасы бір болмаса, шаруашылығы бір болмаса, мұндай аумақты бір тудың астына біріктіре алмайды. Яғни мықтар – бір тудың астында жатқан халық. Осынша үлкен жерді иемденген ата-бабамызды бүгін біз неге жұмбақ қылып отырмыз? Шын мәнінде мықтың рухы бізбен бірге жатыр. Мен 1973 жылы Мәскеудегі Ленин кітапханасында екі айдай уақыт болдым. Күні-түні кітап оқыдым, іздендім. Қарқынды жұмыстың нәтижесінде бір күні кітапхана мұражайынан Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің араб қарпімен жазған өз қолжазбасын тауып алдым. Аса зейінмен оқып шықтым. Оңдағы «Арқада мық деген халық болған» деген сөзді оқығанда көзім жасаурап кетті. Қатты қуандым. Осы бір-ақ ауыз сөйлем маған қатты әсер берді. Бірден көшіріп алдым да, Әлкей Марғұланға алып келдім. Мән-жайды түсіндірдім. Ол кісі ойланып отырды да: «Иә, мықтың үйі дегенді білемін, бірқаншасын қазып та көрдім, астында адамның сүйегі жатады екен, мола екен» деді. Әлекең мықтың үйін қазған кезде, ол кісінің қасында Сәбетқазы Ақатай да болыпты. Мінеки, мықтың үйі деген сөз санасында сәулесі бар жанға ой салары хақ. Соңғы ғасырлар қазақтың молалары шоғарланып қойылатын болған. Бүгінде де солай, қазақтар туыс-туғандарын шоғырландырып жерлейді. Ал мықтың үйі шоғырлана қойылмаған, жалғыз-жалғыз. Ана жерде біреу, мына жерде біреу. Ана тұмсықта біреу, мына сайда біреу деген сияқты жеке-жеке жатыр. Тіпті, кез-келген қолайсыз жерге қоя салған. Мен осыған орай мынадай ой жүгірттім: мықтың дәуірінде адам қай жерде жан үзген болса, сол жерге қойылуы мүмкін. Бұл – менің жеке ойым. Осындай зандылық болуы әбден мүмкін ғой. Бір ғана жерден қатарынан үш мықтың үйі жатқанын көрдім. Қытай жақтағы Жайыр тауында Көлденең деген су бар. Ол жақтағы Шәуешек пен Үрімжінің арасындағы жол Көлденең атты суды кесіп өтеді. Сол жерде мықтың үйінің үшеуі бір жерде тұр. Басқа жерден мұндай шоғыр мықтың үйін көрмедім. Мүмкін, үш адам бірдей осы жерде жантәсілім еткен шығар. Тағы бір қызық, қытайдағы қазақтардың көбісі мал шаруашылығымен айналысады ғой. Олар қыста қыстауда тас қоралар жасайды. Әрине, ол кезде бүгінгідей үлкен техника жоқ, тасты олар арбамен, сүйреткімен тасиды. Жақын жердегі тастың бәрін пайдаланады. Мықтың үйі кездесіп қалса үстінде бос жатқан тастарды ала салады. Тасқа қызығып адамның сүйегін шығарып алған талай қазақты білемін. «ой-бүй, мынау бейіт екен ғой, қайта көміңдер, Құран оқыңдар...» деп, қайта көміп жатады. Сүйектің жер бетіне жақын жатқанына қарағанда, мықтар жерді жай шұқырлап, сүйек бетін тек таспен ғана жауып, үстіне тас үйетін болуы мүмкін. Міне, олар мықтың үйінің не екенін ұқпастан тасын түгел алып қояды. Менің осыны айтып отырғандағы бір себебім бар, осыншалық ашылып жататын мықтың үйінен алтын сақина, білезік тауып алдым немесе күміс әшекей бұйымдар тауып алдым деген бір қазақты кездестірмедім. Соған қарағанда, алтын мен күміс бар болса да, мықтың дәуірінде алтын-күмістен жасалған бұйымдарды өлікпен бірге жерге көму деген салт болмаған болуы мүмкін. Есте ұстайтын тағы бір мәселе бар, тегінде қазақтар жыртқыш аңдар адам сүйегін қазып жеп қоймас үшін оны ауыр тастармен бастырған. Тас үюдің негізгі себебі - осы. Әрі көмген жерді жоғалтып алмауы керек қой, яғни, бір жағы белгі. Мықтың заманында үйген тас аз болмаса керек. Адам бойы биіктікте, я болмаса ат бойы болуы әбден мүмкін. Қазір олардың бәрі жерге сіңіп кеткен. Демек, мықтар - өте ұзақ тарихқа ие халық. Кешегі кісі бойы тастар бүгін тізеден аспайды. Жалпы мықтар үйінің бәрі біркелкілеу болып келеді. Тек бір ғана мол таспен үйілген үйді көрдім. Жоңғар қақпасының шығыс жағында Майлы деген тау бар, оның шығыс жағында Жайыр тауы тұр. Майлының оңтүстік жағын қабырғалап Қаратамақ деген кенере жол кетеді. Бұл кезіндегі Жібек жолының үлкен бір саласы болған. Сонау Алтай, Саянға бет алған кенере жол Майлының шығыс жақ тұмсығына таман барып Байынамбы сайымен құлдап жазыққа түсіп кетеді. Байынамбының ауызына жақын жерде бір мықтың үйі бар. Оны мен тым ертерек, бала күнімде, екінші рет 1954 жылы көрдім. Соның биіктігі 1 метрдей болатын, ал диаметрі мөлшеріндей еді. Демек, бұл жерде мықтың бір батыры, я болмаса, көсемі, әйтеуір құрметті адамы жатыр. Мен бұдан басқа үлкен үйілген мықтың үйіне арналған тасты көрген жоқпын. Майлы мен Жайыр тауларының арасында Нарынсу деген қыстаулық жер бар. Нарын – моңғолша жіңішке деген сөз. Нарынсуда менің Оспан Бабалықұлы деген туған ағам тұрған. Бір күні Оспандар қора салуға тас іздеп жүріп мықтың үйін ашып алыпты. Астынан адамның сүйегі шыққан. Ағамның өзі алып адам, бойы . Сүйектің жілігін алып аяғына өлшеп көрсе, сынық сүйем () ұзын болыпты. Сонда ағам «менен де ұзын адам екен» деп таңданыпты. Бір ғажабы, олар дәл сол шұңқырдан дөңгелек тас табады. Оның диаметрі , қалыңдығы , ортасы тесік тас көрінеді. Бүгіндері біз мәшиненің резеңке дөңгелектерін жарып, малға жем, тұз салатын науа жасаймыз ғой, ана тас дәл солай қашалыпты. Науа тастың тесігі табиғи болса керек, айналдыра үңгіп қолмен қашапты деседі. Тас науасы жалтырап майдаланып кетіпті дейді. Ағамыз оған, бір домалақ тасты қолмен айдап, жүгіртіп, тұз немесе бидай, арпа талқандауы мүмкін деген болжам айтып еді. Жоңғария жерінде «Орқының қара тұзы» жерден мұз сияқты ойып алынады. «Қызыл тұз тұзы» сүзіп алынады. Екеуін де үгітіп пайдаланады. Айтпақшы, оның дәл атауы қызыл гранит тас екені де айтылады. Осылай мықтың үйі – ел аузында жүрсе де, ғылым бойынша біздің дәуірімізге дейін ашылмай келген тың тақырып. Сондықтан біздің ғылым осы мәселемен айналасуы керек деп білемін. Бейіті тұр. Астында сүйегі жатыр, ғалымдар осыны неге зерттемейтіні түсініксіз? Сонымен, менің ойымша, «мық» деген елді ата-бабамыз ретінде іздеуіміз керек. Біздің өлкемізде олардың моласы жатыр. Енді оны қазып, зерттеп, олардың қай дәуірде ғұмыр кешкенін анықтауымыз керек. Ғалымдар мына бір жайтты еске алса: қазақ халқының арғы тегі Алтай тауынан шыққан деген аңыз бар. Алтайдан шыққан адамдардың құйрығында көк таңба болады. Оны 1-2 жастағы балалардың құйрығынан анық байқауға болады. Бұл – биологиялық таңба. Мұндай таңба қазақта, ноғайларда, қарақалпақта, қырғызда, моңғолдарда, якуттарда және жапондарда бар. Жапондар өздерін Алтайдан шыққанбыз дейді екен. Бір қызығы, түркі тілдес басқа халықтардың мұндай көк таңба көбінде жоқ. Мықтар сүйегінен осы биологиялық таңба шығуы мүмкін. Мен 1986 жылы саятшылық аңшылық мектебінің ашылуына мұрындық болдым, көптеген азаматтармен бірге Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұра елді мекенінің аяқ жағындағы бір сайды осы саятшылар мектебінің иелігіне алдық. Сол мектеп қазір қайта жанданып, жұмыс жасауда. Жақында сол жерде демалып жатып, сайда ағып жатқан жылға маңынан бірнеше ақ гранит тастың үйіндісін көзім шалды, пайымдап қарасам, оларды адамдар арнайы жиғанға ұқсайды, сол жерде ойыма мықтың моласы осы болар деген ой сап ете түсті. Сәті түссе бүгін сіздермен бірге сол тастардың мықтың үйі екендігін анықтап, суретке түсіріп, мола жатқан аумақтың нақты картасын Молдиярға сыздырып алмақпын. Міне, осы мақсатпен сендерді осында жиып отырмын, қазір Төкен деген інім келіп, біздерді сонда алып барады». Атамыз әңгімесін аяқтаған соң бірер минуттан кейін пәтерге алпыстың асқарына шыққан жігіт ағасы кіріп келді, амандық сұрасқан соң есік алдына шықтық, ағамыздың жаңа джип көлігін көріп, жүз елу шақырым жерге жайлы барып келеміз-ау деп көңіліміз жайланып қалды. Жол бойы үлкен кісілер әңгімелерін айта отырды, әртүрлі тақырыпта сөз қозғалғанымен, олардың бәрінің өзегінде ел жайы мен ұлт болашағы тұрды. Молдияр ағамыз жол бойындағы ауылдардың атаулары жайлы қызықты жайларды әңгімелеп берді. Қырық жыл бойы геолог болып қызмет істеген жетпіс алты жастағы Молдияр атамыз Қазақстанның барлық жерінде болған, қаншама рет арнайы экспедиция құрамында қатысқан екен. Оның айтуынша, қазіргі Моловодное ауылының атауы жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегіне дейін Албаннан шыққан беделді адамның бірі Атамқұл бидің есімімен аталған екен, ал Кетпен тауынының атауы да 1910 жылғы Бородовскийдің картасында Ұзынқара жотасы деп берілген екен, тек кейіннен Кетпен деген атауға ие болыпты. Кейбір таулардың биік нүктелерінің картаға түскенімен ондағы жоталардың біз мектепте танысқан картадан орын алмағанын да Молдияр атамыздан естіп таң-тамаша болдым. Межелеген жерге өз уағында келіп жеттік, аңшылық саятшылық мектебінің жері бір үлкен сайды алып жатыр екен, сайдың аузында малшының қорасы тұр. Алыстан қарағанда ешбір тіршілік жоқ секілді, бозарып қана көрінетін сайдың іші толған жусан, изен, адыраспан сияқты өсімдіктер екен, сайдағы өзекте жағаласа тал-терек өскен. Қораның дәл желке тұсында биік шоқы бар екен, ал оған қарсы бетте Қыземшек тауы тұр. Жағда атаның айтуынша, саятшылар мектебінің жерін күзететін кісі өзінің малымен осы сайды қыстайтын көрінеді, жаз болса жайлауға кетіп, жұртына күзетші қалдырады екен. Қыстауға жеткен кезде бізді есік алдындағы көлеңкеде отырған жасы отыз бестердегі толықтау келіншек пен қырық бестер шамасындағы, жүдеу келген, қалың қара мұрты бар ер азамат қарсы алды. Жөн сұраса келе келіншектің осы қораның күзетшісі, ал жігіттің осындағы шопанның көмекшісі Үсен екендігін білістік. Өзін Гүлфаризамын деп таныстырған келіншек осында екі баласымен мал жайлаудан түскенше қора күзетеді екен, ері бұрнағы жылы өмірден озыпты. Тез арада шай демдеген ол, бізден бұйымтай сұрады, біз өз әңгімемізді айтып бердік. Жолда сатып алған қауын-қарбызды жақын маңдағы бұлақ басына тастап қойып, шайдан соң есік алдындағы сайдан өтіп, екінші беттен мықтың үйін іздеуге кірістік, бірақ, Жағда ата айтқан ақ гранит тастар көптеп кездесе бастады. Бір кезде атамыздың көзі шалған бірнеше үлкен ақ гранит тас үйіндісін де таптық. Бірақ, ешкім де оны молаға ұқсата алмады. Мәселенің түйінін Молдияр ата шешіп, бұл гранит тастардың қаншама мың жыл бұрын тасқынмен көршілес тау жоталарынан ағып келгенін түсіндірді. Жағда атамыз тастың біріне жайғасқан соң өзінің қателескенін айтып, біздің уақытымызды босқа алғанына өкініш білдірді. Неге екені белгісіз, келгендердің ешқайсысының жүзінде кейіс ізі байқалмады, керісінше, барлығымыз Жағда атамыздың бізді осынау ертегі мекенге алып келгеніне алғыс білдірумен болдық. Суретке түсіп, айналаны тамашалаған соң қыстауға оралдық. Ортамызға Гүлфаризаны алып бұлақ басында отырып, салқын қарбыз жеп, дем алған соң, қыстауға аялдап, атамызға дем алдыру үшін азырақ мәслихат құрдық. Отырғандардың көңілі көтерілсін деді ме, Жағда атамыз біз түсінбейтін тілде ән бастады, нәшіне келтіре орындауына қарап, жасы тоқсанның екісіне шыққан атамыздың әлі де болса даусының сақталғандығына қайран қалып отырдық. Әнін аяқтаған соң атамыз байыппен оның тарихын айтып берді, бұл әнді атамыздың жас кезінде көңіл қосқан қалмақ қызы ертемен жолға шығарып салып тұрып айтқан екен, қайырмасының қазақша мағынасы «қош болып тұр көріскенше, дәм тұз жазса кездесерміз» дегенді білдіреді екен. Осынау әдемі де құт мекенді кезінде иелене алған саятшылар мектебіне ризашылық білдіріп, Гүлфариза мен Үсеннен ел жайын сұрай отырдық. Гүлфариза өзінің кезінде колхозда қызмет істегенімен қазір жұмыссыз болғандықтан осы қораны күзетіп, жан бағып отырғанын айтты. Тіпті, бұрындары қалаға қашқан замандастары да қалада жұмыс болмаған соң ауылға қайтып жатқан көрінеді. Бұл біздерді бір есептен қуантататын да жаңалық еді. Төкен аға бұл жайға қатысты өз ойын да ортаға сала отырды, бір жөткірініп алған ол, «кейінгі жылдары ауылдан безіп, қала жағалаған қазақ жастары жұмыс тапқанымен жатар орын таба алмай қиналып, тапқанын ішер тамақ пен жатар орынға беріп, денсаулықтарынан айрылып, отбасында бала санын көбейтпек тұрмақ, бар баласын асырай алмай жүргені бәрімізге аян. Енді дағдарыс болып, жастардың беті ауылға қарай бұрылса ұлттың өсімі үшін жақсы жағдай туар деген үміт те қылаң береді. Көршілес бауырлас халықтар қанша қиыншылықты бастан өткерсе де өсім жағынан бізден көш ілгерілеп кетті, - деді ойға беріліп. «Қайдам, ағасы, көршілерде жан басы артса олардың тәрбиесінен болар. Біздерде қазір ауыл жастары бала санын екіден асырмай жатқан жоқ па? Ауылға қайта сабылып көшіп келгенмен олардың бала тууға деген көзқарастары өзгере қоймас. Керісінше, жұмыссыздықтан араққа салынып кете ме деп қорқамын», - Гүлфаризаның даусы дірілдеп кетті. Ол өз көзімен көріп отырған шындықты айтқандықтан болар ешкім онымен сөз таластырған жоқ. Үнсіздікті Үсен бұзды, «біздерде қазірге азын-аулақ малы бар жұрт жайлауға шығып жатыр, ал Нарынқол жақтағы елдің кейбірі жайлауға шыға алмай қыстауда қамалып отыр екен. Олардың жылда шығып жүрген жайлауын бірнеше «жоғары мәртебелі» өз бастарына рәсімдеп алып, елді жерің жоқ деп жайлауға шығармай қойыпты. Бірнеше адам он шақты күнге дем алуға баратын болғандықтан қалың ел жайлауға шыға алмай отыр екен, биылғы жыл жауыншыл болып малдың жанын сақтап тұрса керек, егер былтырғыдай болса мал босқа шығын болар еді, келесі жылы елдің жайы не болмақ», - деді қынжылыспен. Мұны естіп Жағда атаның қабағы түсіп кетті, біраз үндемей отырып сөз бастады, «қазақ халқы атам заманнан бері жер үшін күресті, өзі мекендеген жерге иелік етті. Тіпті үш жүз жыл орыстың құлы болғанда да қазақ жерін бей-берекет сатқызған жоқ болатын. Ашуға мінсе атқа қонып патшаның қарулы әскеріне қарсы шауып, өзінің мүддесімен санасуға мәжбүрлейтін. Жалпы, қазақтың жаны жермен бірге, жерден айрылған халық өзінің елдік келбетін жоғалтып алады ма деп қорқамын. Бүгін біз еркіндік алдық десек те, біртіндеп тәуелділік қамытын қайта киіп жатқандаймыз. Өз жеріне өзгенің иелік етіп, ойына келгенін істеуіне қазақ қашанғы шыдар екен», қарт ауыр күрсінді. Біраздан соң Жағда ата сөзін ары жалғастырды, «қазақтың қазақ болып қалуы үшін тілі таза болуы керек, ол үшін Ата заңдағы ресми тілдің мәртебесін алып тастап, тек қазақ тіліне басымдық беру қажет. Сонда өз тілін менсінбеген шала қазақ та, өзге ұлт өкілдері де қазақтың мүддесімен санасатын болады». Барлығымыз ойға шомып қалыптық, тыныштықты Төкен ағамыз бұзды, қолына ауыз сырнайын алған ол халық әні «Шилі өзенді» құйқылжыта жөнелді. Ауыз сырнайын бұрын соңды көрмеген мен үшін бұл үлкен жаңалық болды, кішкене ғана аспаптан төгілген сиқырлы әуенге ілесіп ішімнен ән айта бастадым. Өзінің Қара керей Қабанбай батырдың тікелей ұрпағы екендігін мақтан тұтатын Төкен аға бірнеше рет теледидар мен радио арқылы ауыз сырнай жайлы сұхбат та берген екен. Төкен ағамыз бірнеше әуенді құйқылжыта орындап берген соң Гүлфариза үйден қара домбырасын алып шығып ән бастады, әдемі қоңыр даусымен домбыра үні үйлескенде «Кегенге кел» әні өзгеше бір сипатқа ие болып, бәрімізді баурап алды. Бұрындары осы әнді әртүрлі орындаушылардың аузынан естіп жүргеніммен Гүлфаризаның орындауында ән маған өзгеше әсер қалдырды. Артынша бірнеше халық әндерін орындап, тыңдаушыларлан алғыс алған ол соңғы әнін бізге арнайтындығын айтып әнді бастап та кетті, сөздері мәнді бұл әннің қайырмасы тіпті әсерлі екен, «Құлағында қалар ма екен, ағалардың салған әнім» деп қайырғанда отырғандар орындарынан қозғалып, «әрине, қарағым сенің даусың есте қалары сөзсіз» десіп отырды. Есіктің алдынан қарғылап өткен қоянның көжегін көріп барлығымыздың көңіліміз бір сәтке соған ауды, енді әңгіме аңшылық тақырыбына ауысты. Салқын түсе бастасымен сай табанындағы бұлақ суына қарай қоян, шіл, кекілік, қарақұйрық, тауешкі сияқты аң-құстар бас қояды екен, аң-құстарды сол маңдағы табиғат қорғаушылар есепке алып, қорып жүретін көрінеді. Бірақ, кей кездері оларға құлақ аспайтын қалалық аңшылар өз бетінше аң аулап қайтатын көрінеді. Бесін уағы болғанда Гүлфариза мен Үсенмен қимай қоштасып, Алматыны бетке алып жолға түстік.

Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір өтпек - ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек, - деген Абай атамыздың жыр шумақтарын Жағда ата кездескен сайын айтып, осы сөздің байыбына баруымды өтініш ететін. Осыншама ұзақ ғұмыр кешкен қария менің өзімен болған әр сәтімді бағалауымды қалағанын кеш те болса түсініп, онымен таныс болып, емен-жарқын араласқан аз уақыттың мен үшін маңызының зор екендігіне көзім жеткендей. Әңгімесінің арасында өзін мадақтап немесе өзінің сіңірген еңбегін көрсетуге ұмтылмаған асыл сүйек қарияның бүкіл болмысымен ұлтын сүйе білуі ұрпаққа үлгі болуы шарт. Жағда ата жайлы айтылар естеліктер әлі де айтыла жатар, ал, оның артында қалған өшпес мұра талай қазақтың есті ұл-қызының керегіне жарар, ой тастар деген үмітпен ойымызды Жағда атаның екі сөзімен қорытындылағымыз келеді. 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті жарияланған сағатта Жағда атамыз «1940 жылдан бері армандаған тілегім орындалды. Менің басыма қойылатын тасқа «Тәуелсіздік көрдім, мәңгілік тілеймін» деген сөзді жазыңдар», - деген екен балаларына. «Ел мен жерге ие бола алар ма екенсіңдер...» Бұл -  көңілін сұрап барған Мұрат Әуезовке Жағда Бабалықұлының айтқан соңғы сөзі екен. Содан кейін демін жиып  алғандай болған ғазиз қарт Мұрат Мұхтарұлына мұңая қарап жатып: «Ел мен жерге ие бола алар ма екенсіңдер... Қоғам әбден былығып, бүлініп кетті ғой... Енді Қазақстанға қара қытай қаптамаса неғылсын...»  -  деп бақұлдасыпты [www.abaі.kz/.../el-men-zherge-іe-bola-alar-ma-ekensіnder].

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙