Шығармалары 4 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Тәкен Әлімқұлов
Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ Шығармалары Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ Шығармалары 4-том Алматы
Қымбатты Тәкен! Көптен күткен арманымыз, қол жетпестей болған тілегіміз, мінеки, алдымыздан шығып отыр. Үкімет бағдарламасы бойынша бақандай сегіз томдығың үлкен өмірге жолдама алды. Бүкіл қолжазбаларыңды, бұрындыкейінді шыққан кітаптарыңды ақтарыстырып, толыққанды дүние жасауға тырысып бақтық. Ең өкініштісі сол – жекелеген жинақтарыңның табан тоздырумен, жүйке жұқартумен ауық-ауық жарық көргені болмаса, көзің тірісінде оқырманыңа қаншама рет мазмұнын түзіп, сарыла күткен бірде-бір қомақты жинағың жарық көрмеді. Сенің шығармаларыңды биік санайтын, есіміңді қадір тұтатын азаматтар баршылық екен, қалың орман оқырмандарыңның қатары селдіремей, қайта қарасы молая түсіпті. Мына сегіз томдығың – соның дәлелі. Соған шүкіршілік деймін! Құрметті оқырман! Бүкіл саналы өмірін шығармашылыққа арнаған, қағаз бен қаламнан басқада шаруасы болмаған, дүниеге, қызметке, басшылық атаулыға жалтақтамай, тек қана шындыққа жүгініп, шығармаларына арқау еткен Тәкеннің мына сегіз томдық таңдамалы шағармаларын Өзіңе ыстық ықыласпен, өміріңе серік болсын деген үлкен тілекпен ұсынамыз. Қаламгердің жүрегін жарып шыққан асыл арман, ізгі тілектер, адамның көңіл-күйінің қалтарыс-бұлтарыстары, өкініш-сүйініштері сырмінез досыңның, сырлас замандасыңның бүкпесіз әңгімесіндей әсер етсе, Тәкеннің бүкіл өмірдегі тыңдырған ең үлкен шаруасы сол деп білемін. Есімкүл ӘЛІМҚҰЛОВА
Жазушының жаны сөз шырайынан көрініп тұрмақ. Сөздің бетіне шыққан шырай жүрек қанының қызуы болмай, жасанды бояу болса, ондай сөз иесі суреткер санатына қосылмақ емес. Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ. УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 Ә 55 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды
ӘЛІМҚҰЛОВ Т. Шығармалары – Алматы: ҚАЗақпарат, 2013. ISBN 978-601-03-0202-0 Т.4. - 380 б. ISBN 978-601-03-0206-8 Көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұлов шығармаларының кезекті томына «Қара жаяу», «Дүбәра» хикаяттары, новеллалардан құралған «Замана екпіні» романы енді. Бұл шығармаларға Қазан төңкерісінен кейін қазақ ауылында орын алған өзгерістер, сахара өмірінің сан алуан оқиғалары өзек болады. УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 ISBN 978-601-03-0202-0 © «ҚАЗақпарат», 2013 ISBN 978-601-03-0206-8 Ә55 Хикаяттар
ҚАРА ЖАЯУ Екі бүйірінен жалаңаш заңғарлар қысып тастаған жіңішке, терең сайда қысылып аққан құлдырықтай өзеннің сылдыр-сылдыры сиқыр қыздың күлкісіне ұқсап кетеді. Жападанжалғыз отырған Біркімбай сол күлкіге қызыға, елтіп қалған. Тастан-тастан қар-ғып, ойнақ салған мөлдір су көңілдің кірін шайып жатқандай. Бұл сәттерде Бірекеңнің барлық уанышы сылдыр суда ғана: Тізгініне шылбырын, шылбырына белбеуін жалғап, «арқандап» отқа қойған ақбоз аты да ауық-ауық осы суға көз жанарын тастап қояды. Елсіз, желсіз терең сайда оңаша сылқылдаған ерке өзеннің Біркімбай мен ақбоз атқа ерекше ермек болуында мынадай сұмдық бір сыр бар. Осыдан апта бұрын Біркімбайдың қара шаңырағы сықырлап ортасына түскендей болды. Пәле мынадан басталды. Көсегенің көк жонында, оның үйіне
ауданнан келген өкіл Алтынтіс пен ауылнай бастаған бір шоғыр белсенді кеп түсті. Бәрі де таныс кісілер. Ішінде шашы дудыраған Ыбырай да бар. Біркімбайдың жете танымайтындары кейбір белсенді әйелдер мен қыздар. «Әйел теңдігінен» бейхабар адамға олар топ көбейту үшін жүргендей. Үйіне осындай аламыш әкімдер кеп түскен Бірекең далақтап қонақтарға сый-құрмет көрсетіп бақты. Көлеңкеде күн шалмай пісіп тұрған қара бағланды сойып, ішек-қарынына шейін түгел қазанға салды. Жатақтардың егіні пісе бастаса да, әлі ауыс-түйіс бола қоймаған тамыз кез еді. Біркімбайдың үйі қамырлық ұн таба алмай, қонақтарға қара еттің өзін берді. Екі жеңін сыбанып алған Дариға етті ерек жасап, сыйлы мүшелерді Алтынтістің алдына тартқан. Бірақ Алтынтіс үйткен сирақты іздетіп, белсенділер бағланның басына таласып кеткенде, Дариға: «құрып қалсын!» деп бетін шымшыды. Қатынының әбестігін жуып-шаймақ боп қауқалақтаған Бірекең «сіңімді болады» деп құйрықтың үстіне айран құйғызды, сорпаға қымыз қостырды. Етті мейлінше жеп, сорпаға тойып, қызара бөрткен қонақтар астан кейін атқа қонбай, кідірістеп қалған. «Бұнысы несі?» деп үй иесі секем алып отырғанда, әкімдер осы ауылдың еті тірі дегендерін шақыртып, жиналыс ашты. Жиналыстың атына қанық болғанмен затын біле бермейтін Бірекең алаңсыз отыр. Шамалауынша, бай-құлақтарды «жеке тұр» ету туралы мәміле құрып жатқан сияқты. Белсенділер кезек-кезек шаңқ-шұңқ етіп шаншыла-шаншыла сөйледі. Кімге қадалып жатқандары және мәлімсіз. Бірекең, белдеуі мықты тартылмаған қарашаңырақ-
тай, қаңқайып, қамсыз отыр. Күтінбесе, қара дауылға төтеп беретін киіз үйді қапылыста құйынның да жығып кететін кезі болушы еді. Ол жәйт Бірекеңнің ойына келер емес. Дегенмен, көңілінің күнгірт түкпірінде: «Осылардың ендігі іздеміші кім?» – деген сәулелі үрейі де бар еді. Бұл белгілі – байлардың, зайы шонжарлардың ел арасынан аласталып біткен тұсы болатын да. Сондықтан шешендер ешкімнің атын атай алмай, тап тартысының мәні мен маңызы туралы жалпылама сөйлеп кеткен. Осының бәрін жіті бағып отырған Алтынтіс тосын ұсыныс жасап, мәжілістің бағдарын өзгертті. Ол қалың блокнотының бір парағын жыртып ап ортаға қойды да: – Күдікті адамның бәрін осыған жазыңдар. Артынан екшейміз, – деді. Бұның өзі бір табылған ақыл болды. Әркім көңілінің қыжылы бар адамын тізімге түсіре бастады. Хат білмейтіндері хат білетіндердің құлағына сыбырлап, кішкентай парақтың беті құмырсқадай жыбырлаған жазуға толып қалды. Содан жазу доғарылған кезде, Алтынтіс түсін суытып, Біркімбайдың өңменінен ата қарады да: – Мойныңызға астық саламыз! – деді. Біркімбайдың қарасұр беті дуылдап кетті. Жүрегіне қаны шапшып, басы айналғандай болды. Бойы меңзең. Далаға шыққанда қауқары қашып, табалдырыққа сүрініп омақаса құлады. Қара мақпал бешпентінің өңірі шаң-шаң боп қалды. Біркімбай әйелі екеуі сазарысып, өз үйін айналшықтап жүрді де қойды. Біркімбайдың құлағына үйден шыққан ащы дауыстар, шапшулы сөздер үздік-создық шалынады. Біреулер
қаралап, біреулер ақтап жатқан секілді. Және барлық пәле боздан басталғандай. «Ақбоз ат», ескі дәстүр, «құдалық» деген сөздер елеуреп, ерекше екпінмен естіледі. Үйде шынында да айтыс қызып жатқан. Алтынтіс пен ауылнай және ол екеуінің емеурінін екі етпейтін белсенділер, көпшілігі Біркімбай Мақы ұлын тап жауы ретінде «жеке тұр» ету керек десті. Бұған белсенділердің біразы қарсы болды. Біркімбайдың дәулетті адам емес екенін жастайынан жақсы білетін Ыбырай көп қайрат көрсетті. Бірақ қарақан басы ешнәрседен кіршіксіз Ыбырайдың да ұсталатын жері бар-ды. Ол Біркімбайдың үзеңгілес жолдасы Бектің туған інісі. Ақбозды құлынында он саулық, бір сиырға сататын пайдакүнем пысықтың, күллі Қаракөл, Жылыбұлақ болысына белгілі кәдімгі «нығыз» бидің бөлтірігі. Осыны Алтынтістер жағы Ыбырайдың бетіне салық етіп, сөзге жеңсік бермей, өктеп кеткен. Дегенмен Ыбырайдың уәжін жақтаушылар да табылып, өз араларына іріткі кірген соң, өкіл мен ауылнай Мақы баласын құлақ етуге бата алмай, салық салумен тынуға ұйғарды. Осы кезде бұрынғы шаңқ-шұңқ жағымсыз дауыстар да әлсіреген. Сырттан торуылдап жүрген Біркімбай: «Шіркіндердің қарқыны басылайын деді ғой. Я, құдайай, жеті күлше құдайы» – деп үміттене бастады. Біркімбайды әйелімен үйге шақырғанда, ауылнайдың хатшысы қопырсыған қағаздарын жиыстырып, кілем қоржынға салып жатыр еді. Ауылнай: – Отағасы, мойныңызға алпыс пұт астық салық салдық. Үш күн уақыт береміз, – деді. – Қарақтарым-ау, қыруар астықты қайдан табамын? Шаймаға ұн таба алмай, қарасорпадан іші өтіп жүрген шырсыздың жазығы не, соншалық?! – деп Бірекең
уәждесіп келе жатқанда Алтынтіс оған шаншыла кетті: – Жалғыз қызыңызды Ақбозға айырбастап, шырылдатқаныңыз үшін, шынжыр балақ, шұбар төс Шоңбайдың баласы Асылбекке еріксіз телігеніңіз үшін жер аударуға лайықты адамсыз. – Үйбай-ау, Гүлнашжан Асылбектен құтылып, сүйгеніне, сіңірі шыққан зергер Оралға қосылды ғой. – Ол өз алдына мәселе. Кеңес үкіметінің тұсында бәйгеге ат қосқан адам осал болмайды. Тек, ақкөңілділігіңізді аядық. Үш күннің ішінде алпыс пұт астықты тапсырып, квитанциясын көрсетпесеңіз, өзіңізді абақтыға жауып, бәйбішеңізді лагерьге көшіреміз... Бұл сөздерді естігенде зәресі ұшып кеткен Дариға: – Ой-бой, сорлы, «бәйге ат біздің теңіміз емес» деп мен қақсағалы қашан, – деп бүйірін таянып, қаралы қоңыр үнмен дауыс сала бастаған. Бірақ күйеуі зекіп тастады. – Өшір үніңді. Бір кәрі болар. Белсенділер аттанып кеткен соң Біркімбай көп күйзелді. Әрі ойлап, бері ойлап, қысталаң қысымнан шыға алмай қойды. Ақыры, отбасында ұзақ уһілеп отырды да, торыққан томырық үнмен: – Қатын-ау, күн болса кешкіріп барады. Не істемек керек? – деді. Осыдан үш жыл бұрын күзді күні Құрттыда Шіркімбайдың шайласында өз қарнын өзі жарып жібере жаздаған Гүлнаштан сескенген Біркімбай зайыбымен дәл өстіп бір шешіле сырласқан. Содан кейінгі ақылдасуы да осы. Осындай өзім білем дегіш өжет байының торыққан, томырық үніне жаны ашыған Дариға: – Маған не ғыл дейсің, байғұс-ау? – деп біраз
қипақтап отырды да: – Қайтеміз... Құдайдың салғанын көрерміз. Көп болса, жатақ болармыз. Мен кетпен шабармын, сен орақ орарсың. Тек, Шоңбайдың әулеті құсатып елден аластамаса болғаны. Ақбозды сат та, астығынан құтыл, – деді. – Қой, қой қатын, басқаны атасаң да Ақбозды атамашы, – деп Біркімбай орнынан қарғып тұрды. Сол күні ымырт үйірілгенде Біркімбай Көзтаңбалының Исабек деген диқанымен басылмаған қырман басында күңк-күңк сөйлесіп отырды. Исабек әккінің әккісі еді. Жаны қысылған шаруаның аужайын танып, көп бұлданды. Ішінен мырс-мырс күледі. «Ақбозға мініп әуейіленетін Біркімбай, жатақтарды, «кә, кәлап» ызаландырып, желдіаяқпен жеткізбей кететін әзілкеш Біркімбай сен едің ғой! деп күледі. Баяғыдан тұздасдәмдес, сыйлас Біркімбайдың күйзелген күйін көре тұра, оған бір бүйірі бұра тұра күледі...» Ақыры, ұзақ ырғастан кейін Исабек көнді. Біркімбай екі түйенің біреуін бидайға айырбастады. Қалғанын басқа диқандардан қарызға алып, өліп-өшіп дегендейін, астықты алпыс пұтқа жеткізетін болды. Сонымен, ол ертеңіне бесінде дөңкиген-дөңкиген он қап бидайды екі түйеге артып, Ақбозбен жетелеп бара жатты. Қасында Шіркімбай бар. Ол астықты тапсырған соң екі түйені кері алып қайтпақ та, ағасы квитанция қағазын Алтынтістерге әкетпек. Бұлар дамылсыз ұзақ жүріп отырып, ылдидағы қамбаға түнделете жетті. Ай сүттей жарық еді. Қабылдаушыға екеулеп жалынып-жалбарынып жүріп салықты әрең қабылдатты. Он қап астық нән таразыға жүк болар емес. Біркімбай інісін көмекке де шақырмай жалғыз өзі тескейлеп, тырсиған қаптарды кезек-кезек
салғанда, нән таразы солқ-солқ етті. Қабылдаушы жеті түнде кеңсесін ашуға ерініп квитанцияны таразының үстіне, айдың жарығында жазып бере салған еді. Жан сақтатар қағазды әмиянға басып алған Бірекең ұйықтамастан жүріп кетті. Шіркімбай көзінің шырымын алып, таң ата қайтатын болды. Ақбоз аяңшыл жылқы еді. Айлы түнде ауық-ауық пысқырып, басын шұлғи тастап, желдей есіп кетті. Суыт жүрген жолаушы ауылнайдың кеңсесіне күн шыға жетті. Әкімдер әлі ұйықтап жатыр екен. Біркімбай біраз тосып қалды. Ауылнайдың кеңсесі кәдімгі киіз үй болатын. Көшпелі ауылдың шетінде тамақ ішіп, осы үйдің ішінде ұйықтайды. Белсенді әйелдер мен белсенді қыздар да осы үйдің ішінде ұйықтайтынын естіген Біркімбай бірден кіріп баруды әдепсіздік санаған. Сырттан тосып қалуына бір себеп сол. Кісінің аты кісі де! Бір мезірет болмайынша, Бірекең кеңсеге кіретін емес. Тыста қалшиып тұр. Оқта-текте қақырынып қояды. Бұнысы «кім бар-ау?» – дегені де еді. Кеңседегілер біртіндеп тысқа, жуынуға шыға бастағанда еркектердің көзі домбыққанын байқаған Біркімбай «түні бойы ойбауырымдап жылағаннан сау ма?» – деп бір қойды. Алтынтіс квитанцияны қырық айналдырды. «Жалғаны жоқ па?» деп серіктеріне де көрсеткен. Серіктері күмәнданбады. Әсіресе Ыбырай «Бірекең өтірік айтуды білмейді» деп куәлік еткен. Оның үстіне, Біркімбайдың: Айдың жарығында жазып еді» дегені де иланымды шықты. Сонымен Біркімбай салықтан құтылды. Екі-үш күн-
нен бері сергелдеңге түскен ол өзінің шаршағанын енді ғана сезгендей. Ұйқы қысып барады. Көз шырымын алып аттанбаса болатын емес. Кешеден бері ауыздығы алынбаған Ақбозға да обал. Осы кеңседен екі-үш шақырым жерде Ысмағұлдың үйі бар-ды. Аудандық мекеменің атынан тері-терсек, жүн-жұрқа жинайтын біреудің қарамағында істейтін. Оның ағайын арасынан көшіп кеткеніне де жылға жуық боп қалған. Әркім бұйырған несібесін теріп жейтін болған соң, Бірекең сырттан тілеулес боп жүре беруші еді. Енді орайы келіп тұрғанда сол Ысмағұлға соғып дидарласа кетуді жөн көрді. Тату-тәтті туысқанын көргенде Ысмағұл қатты қуанды. Қатынына жалма-жан самауыр қойғызып, қазан көтертті. Біркімбайдың үнінде шаттық бар. Бірақ түсі сынық. Беті қабарып, көзі кіртиген. Біркімбай Ақбозды тұсап отқа қойды. Екі-үш шақырымдай жерде жайылып жүрген тұсаулы аттарды көргенде, неге екені белгісіз, жүрегі суылдады. Әкімдердің көлігіне қосылып кетіп жүрмес пе екен? – деп те қалған. Бірақ арасы алшақ болған соң қайта шідерлеуге ерінді. Әрі тым тұқыртып тастауға Ақбозды аяған еді. Бірекең туысқанының құттыханасынан дәм татып аттанбақ. Шай қайнап, ет піскенше көзінің шырымын алуға жантайып еді, жастыққа басы тиісімен қорылдап ұйқыға кетті. Нағыз бейқам адамның ұйқысы! Шайға Біркімбай тұрмады. Манаурап, ыңыранып, әлде бірдеңелерді былдырлаған. Ысмағұл одан әрі жұлқылауға қимай, самауырға қайтадан жаңқа салды. Бұл сәттерде Біркімбай дәмді түс көріп, Ақбоз
бәйгеден кеп рахатқа балқып жатқан. Есепсіз олжаны жұртқа өзі үлестіріп, Ысмағұлды жарылқамақ бола бергенде түстің аяғы быжықы-тыжықы тартып кетті. Кең сайдың жалаңаш заңғарларында ма-ау. Ақбозбен арындатып, қасқыр қуып келе жатқанда қанатты пырағы құлағы салпиған қара есекке айналып кетті. Шабайын десе, шаба алмайды. Орнынан қозғала алмайды. Осындай шым-шытырық күйде шала-жансар ұйқыда: «Япырым-ау, осы өңім бе, түсім бе?» деп ыңыранған Біркімбайдың құлағына бір мезетте Ысмағұл сыбыр ете қалды. – Біреке, Ақбозды өкілдер алып кетті. Біркімбайдың ұйқысы шайдай ашылды. Ол жүгіре-жүгіре ентігіп, алқынып, кеңсеге келгенде аттар самсап, белдеуде байлаулы тұрған. Ақбозды қазыққа жеке байлап қойыпты. Үстінде сықырлаған былғары ер тоқымы. Біркімбай намыстан жарылып кете жаздады. Ызалы Біркімбай екпінмен кеңсеге кіргенде дастарқанда суып қалған қуырдаққа, жарты шөлмек араққа көзі түсті. «Япыр-ай, Ыбырайдың да арақ ішетін болғаны-ау?!» – деді ол ішінен. Шымшып тіккен қаптай, нып-нығыз етшең Алтынтіс қызара бөртіп алған. Мұрнының ұшы қораздың айдарындай қызарып кетіпті. Біркімбайды көргенде әдейі қылжақтап, тілін шайнап сөйледі. – Ақбоз – сіздікі емес, шынжыр балақ, шұбар төс Шоңбайдікі. Сондықтан әртелдің қорына салатын болдық. Ауданға қайтқанша біз пақырың мініп жүреді. Біркімбай Ақбоздың арғы тегінен бастап, алыстан орағыта түсіндіріп келе жатқанда, Алтынтіс оның сөзін шорт бөліп:
– Әйда, табаныңды жалтырат, иттің баласы! – деді. Біркімбай мынадай қарау қиянатқа, қан бұзар қорлыққа шыдамады. Шүңірек көзі ұшқындап, аласын қан жуып кетті. Мысық мұрты жыбырлап безгегі ұстағандай бүкіл денесі қалшылдап кеткен шақта қызыл-қоңыр шибарқыт бешпентін лақтырып жіберді де, бөз көйлегінің омырауын ашып: – Астымдағы жалғыз атымды аударып алғанша мына көкірегімнен ат! Е, әкеңнің аузын!... – деп, Алтынтіске тұра ұмтылды. Белсенділердің шалымдылары лап беріп, бұзақының қолынан ұстап алған. Бір-екеуі оны төмпештеп те үлгерді. Бірекең қамшы жеген асау аттай басылып қалды. Алтынтіс бұрынғыдан бетер тырсиып, терісіне сыймай, ісінді. Ашуға булығып әрлі-берлі жүргіштеп кетті. Көк мауыт шалбарының қыры адамға түсетін бураның санындай боп көрінді. Кеңсенің ішін жым-жырттық басты. Әлден уақытта ауылнай тіл қатты. – Отағасы, аузыңнан ақ ит кіріп, қара ит шықты. Өкілге қастандық жасамақ болдың. Өзіңе-өзің ор қаздың. Енді акт жасап, ауданға айдатуға тура келеді. Біркімбай сазарып, үн қатпады. Не де болса ішінде. Сырт көрінісі бейқам, көкірегі алқам-салқам, мойнын жуып кеткен салқын терді көйлегінің жеңімен сүртіп отыр. Хатшы бала акт жазып куәларға қол қойдырды. Айыпкердің өзіне хат білмегені себепті, бармақ бастырды. Баданадай бармақтың ізі ақ қағаздың бетінде рабайсыз қалған. Хатшы бала: – Туу, бармағыңыз түйенің табанындай екен ғой, – деп күлді.
Үзеңгілес, дәмдес серіктерінен бағанадан бері аса алмай, жарылып, бөлініп шыға алмай, іштен тұнып отырған Ыбырай оқыс томырық мінез көрсетіп: – Кедейдің баласын шырылдатып жазықсыз күйдірсін деген заң жоқ шығар! Доғарыңдар бұл жолсыздықты! – деді. – Сенің қимаң неге қышыды, байдың құйыршығы! – деп, Алтынтіс бетбақтырмай тастамақ болды. Ыбырай жаңа заманның атқамінерлеріне ілескелі бері әр кезде әртүрлі адамдармен талай керісіп қалған. Солардың ешқайсысынан байдың құйыршығы деген құбыжықты естіп көрген емес-ті. Жанына өзгеден бұрын Алтынтістің осынысы батып кетті. Оның ілік-шалысы бар шонжары Шоңбай ғана еді. Осыдан екі жыл бұрын өз қолымен аластаған. Содан кейін титтей күйе жұғады деген қаупі жоқ-ты, сірә. Ал, Біркімбайдың бай-құлақтың санатына тіпті де, қосылмайтынына иманы кәміл. Тек, бәйге боз жөнінде ғана аздаған күдігі бар-ды. Күні кеше екі болыс елді шулатқан осындай сәйгүлік ұстаған адамға үкіметтің қандай көзбен қарайтынын біле бермейді. Дегенмен, Ыбырай сыр бермеуге бекінді. Ол: – Кімнің құйыршық екенін көрерміз! – деп қамшысын алып, тысқа шықты. Алтынтіс ішінен: «қайда кетер дейсің» деп отырған. Бірақ Ыбырай белдеудегі атына мініп, тасырлатып шаба жөнелгенде қызыл шырайлы өңі қуқыл тартып кеткендей болды. Осыдан кейін көп ұзамай Ысмағұл келді. Ол жолай Ыбырайға ұшырасып, әңгіменің насырға шапқанын естіген. Өрт өршіп кетпей тұрғанда сөндірмек еді. Сондықтан өкіл мен ауылнайға бар қадырын салып, Бірекеңнің бір білместігін кешіруді өтінді. Бірақ бұ-
лар оған құлақ аспады. Әсіресе, әйелдердің алдында беделін түсірген Біркімбай Мақы ұлына Алтынтіс тым ызалы еді, бет бақтырмады. Жалынудан жан сауға жоғына көзі жеткен Ысмағұл айбар шегуге көшті. – Мақы баласы Біркімбай Қақудың жылқысын бағып аяғын сындырғанын кім білмейді? Жалпақ елден тапқан қарақұлақтарың Кеңес үкіметінің арқасында дөненнің төбеліндей дәулет құрған қоңырқай шаруа болса, біз де қарап жатпаспыз. Райкомге арызды қардай боратармыз! – деп бір қойды. Осыдан жарты айдай бұрын облыстық газетте белгілі бір жазушының: «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген фельетоны басылып, көп аудандарда орын тепкен асыра сілтеушілік шенелген де. Фельетон барлық жерде талқыланған. Елге өкіл шығарарда райком, райисполкомның бас қосқан мәжілісі боп: «нақақтан орта шаруалар күймесін» деп ескерткен. Бір жағы содан, бір жағы тапа-тал түсте ауданға тасырлатып шауып кеткен Ыбырайдан, бір жағы мынау қадалған жерінен қан алатын қара тіл Ысмағұлдан қаймыққан Алтынтіс түбі сөгілген қаптай бірте-бірте кішірейе бастады. Сонда да сыр бермеуге тырысып сыздап отыр. Ішінен: «Әй осы, күні кеше жер аударылған шынжыр балақ, шұбар төстің құдасы үшін жазғыра қоймас» – деп те қояды. Алтынтістің әкесі дәулетті кісі еді. Өзінің туған інісімен болыстыққа таласам деп жүріп кедейленген. Ғұмырының соңғы жылдарын дау-шары барларға арыз жазып берумен күнелткен деседі. Жалпы бұлардың тұқымы су жұқпас, жұқсыз, баянсыз ысқаяқ ретінде екі болыс елге түгел мәлім-ді.
Шашау шығып біреуі келе жатса, «тақсыр арыз!» келе жатыр деп күлісетін. Алтынтіс қаршадайдан әкесінің қасында боп әкесінен тәлімденген. Атқа мініп, әкімгершілікке араласудан басқа кәсіп оның ойына кірген де емес. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, оның іздеп тапқан байырғы кәсібі осы. Алтынтіс сыралғы жолдастарына «ішкілік ішкенде мен ақылды боп кетемін» – деп әзілдейтін. Бүгін азанғы қуырдақ үстінде шамалы қызып алған Алтынтіс амалын тауып Ақбозды қолға түсіріп алуға ұйғарды. Осы кезде Қаратаудың шатқалдарында, сонау Шудың қамысында некен-саяқ қашқындар, бандалар барын ол жақсы білетін. Солар қапиядан тап берсе, босқа өліп кетері күмәнсыз. Олай болса, қашсаң құтылатын, қусаң жететін желдіаяқ керек. Қолға түсіріп алса, Ақбоздың айбары мен дәрмені Біркімбайды бәдіктей айналдыруы да сондықтан. Бірақ, бәрінен бұрын өз араларында іріткі туып, Ыбырайдың ауданға шаба жөнелгені жаман болды. Мынау Ысмағұл пысықтың да сөзіне жетуі бек мүмкін. Алтынтістің алғашқы қарқыннан басылып, ойланып қалу себебі осы еді. Күні кеше Біркімбайдың шылауында жүрген кіші бапкері атқұмарлықтан басқаны білмеген туысқанындай емес, заманның ағымына, заң-законға жүйрік адам боп шықты. Ол Алтынтістің райдан қайта бастағанын сезіп: – Өкілге тіл тигізгені үшін Біркімбай әрине, айыпты. Ол жайында кейінірек сөйлесерміз. Ал әзірге біздің үйге барып дәм татыңыздар, – деді. Ысмағұлдың бұл жорғалығын Біркімбай басқаға жорыды. «Қыбын тауып қашып кетсін дегені ғой» – деп түйген. Бұдан басқа амал қалмағандай еді.
Біркімбайда бағанағы долылық жалын, жігер жоқ. Жүрегі мұздап, тұла бойы суына бастағандай, көз алды мұнарланып барады. Біркімбай қарнын басып қабағын шынытып, түзге отырар сыңаймен далаға шықты. – Қашып кетіп жүрмесін? – деді Алтынтіс. – Бешпенті қалды ғой, – деді аңқау ауылнай. Дегенмен, белсенділердің арасына қобалжу кіріп, бір-екеуі жарыса тысқа шыға берген. Сол замат: – Әй, ойнама! Аттан түс! – деген дауыс шаңқ ете қалды. Үйдегілер тысқа дүркіреп шыққанда, таяқ сілтем жерде ақбозды ойнақшытып тұрған Біркімбайды көрді. Біркімбай жан ұшырған жылдамдықпен: – Абақтыда шірігенше, Ақбоздың үстінде өлгенім артық! – деп тасырлатып шаба жөнелді. Ысмағұлдың баж-бұж еткен даусын ол естіген жоқ. Белсенділер ерттеулі атқа шапыр-шұпыр мініп, қиқулап қуды. Біркімбайдың жел кеулеген бөз көйлегі делдиіп, қуғын көрген ақбөкеннің таңындай дөңгеленіп бара жатты. Ақбоз шапқан сайын өрлеп, қолтығы сөгіле келе қарасын шалдырмай қаңғып шығып кетті. Міне, содан бері Біркімбайдың көрген күні осы. Ол алғашқы күні Мыңжылқының басындағы бір шүңейтке түнеді. Сұмдық салқын еді. Дірдектеп тоңып, ұйықтай алмаған соң Алтынтістің жатаған ерін жастанып сықырлаған былғары тоқымын жамылды. Ертеңіне Қаратаудың қақ ортасында орнай бастаған кенге барып, жекжатының жекжатын сағалаған. Кенде орыстар көп еді. Олардың келгіншімен жұмысы болмады. Оның есесіне, қара табан жұмыскер қазақтар: «Мынау қай жақтан келген жылқы екен, жануар?!» деп Ақбозды көзімен ішіп-жеп, тосын жолаушыны
тілге ала берді. Сонымен ол жерде де орын тебуге болмасына көзі жеткен Біркімбай жаңағы жекжатынан көнетоз куртка киіп, бір бөлке қара нанды атдорбаға салып алып тайып тұрды. Сергелдеңмен өткен осы екі-үш күннің беделінде Біркімбайдың ойламаған ойы, екшемеген ақылы жоқ. Оралдікіне баруға болмайды. Қуғыншылардың қақпан құратын жері де сол. Қақпаннан құтқарарлық күш-қуаты күйеу баласында жоқ екенін Біркімбай жақсы біледі. Бұрнағы жылы Шоңбай әулетімен жер аударылғанда, Гүлнашты қимай жасырын барып жолығып, Үштөбеге дейін шығарып салғаны білініп қап, Орал қуғынға ұшыраған. Конфискеден зергердің еншісіне тиген екі биені осы Алтынтістер Оралдың үстінен арыз берушіге алып берген. Гүлнаш айдаудан босанып келіп, сүйгеніне қосылған соң да «ірі байдың келінін алды» деген қаңқу Оралдың соңынан қалмаған еді. Орал болса, желбауыздардың қаңқуынан қаймығып, ешкімге шағынып, ешкімнің алдында өзін ақтап көрген емес. Бұл бір шытырман шым-шытырық кез еді. Сахарада едіреңдеген аттылар... Күн сайын жиналыстар... көш құлаш сөздер... Біркімбай көбіне түсіне де бермейді. Түсінетіні «бай-құлақтардың тамырына балта шабу» деген сөз. Бірақ сол қарақұлақ құқайың кім? Оның қанша малы, неше мүлкі болуы шарт? Бұны түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Тіптен, Оралдың тасы қайтадан өрге домалаған күннің өзінде қайын атасы оған құдайдай сене алмайды. Сонау бір кезеңде, қарашаның қара қатқақ шағында шырпысы селдіреген Іргежалда дәмелі тойдың шырқын бұзып, Гүлнашты алып қашқан өжет Орал Біркімбайдың көз алдында. Сол жолы Біркімбай бастап
барып Шоңбайдың ожарларына соққыға жыққызғанын, қызыл-жоса қанға боятқанын, Гүлнашты шырылдатып тартып әкеткенін ұмытты дейсің бе, ол бетпақ? Қара жерге тамған қанын қайсар адамның ұмытатын, кешетін кезі болады. Ал, бірақ ғашықтық жолына түскен мәжнүндер сүйген жарына жасаған қиянатты көрге кіргенше ұмытпайды, кешірмейді. Оралда осы екі мінездің екеуі де барын Біркімбай түсінді. Сонымен, қайда барса Қорқыттың көріне кезіккен Біркімбай бұл сәттерде жан баспас шатқалдың қуысына тығылып отыр. Арқандаулы Ақбоз жайылып жүр. Біркімбай әдейі жазықтау жерге, мөлдір өзеннің жағасына аялдаған. Арт жағы қысылшаң тас та, алдыңғы жағы жыныс ағаш. Қысылшаң таста көлікке жөнді қорек жоқ, ал шөбі шүйгін жыныс ағаштың маса, сонасы көп. Немесе ну орманның ішіне сүңгіп кеткенге не жетсін. Түс ауып барады. Жалаңаш заңғарлар әлі шақырайып тұр. Тек, өзен жағалай өскен орманның көлеңкесі қоюлана түскендей. Біркімбай бала кезінде ұстаға ілесіп келіп, осынау орманнан терек кесіп әкеткенде ағаш бүгінгіден қалың да, биік те секілді болатын. Қалың орманның ішінде, қаракүңгірт көлеңкеде, тұмандағы ақбоз үйдей ағараңдап тұрған ақ тас Біркімбайдың жадында қалыпты. Көңілінің қазіргі жабырқау сәтінде самайға түскен жалғыз тал ақ шаштай сол бір тасты көргісі келіп кетті. Біркімбай жыныс ағашты аралап, бетін маса, сонадан орамалымен қорғаштап, белгілі жерге келгенде ақ тасқа бояумен жазып кеткен түсініксіз жазуларды көрді. Біркімбай әрі таңырқады, әрі үрейленді. Ол бұл араға тірі пенде аяқ баспайды деп ойлаушы еді. Енді
бақса, әркім-ақ өшпес із қалдырып кетеді екен. Олай болса, өзгелердің ойнақ салған жеріне Алтынтістердің сау ете қалмасына кім кепіл? Түйетайлылау боп біткен ақ тастың сауырына түскен еңгезердей Біркімбайдың көлеңкесі ергежейлідей қортық, ұсқынсыз еді. Тоқымдай бұлтсыз мөп-мөлдір көк аспан үстінен баса қарап: «Ешқайда тығыла алмайсың, бейбақ. Тұтылар тұсың осы!» деп тұрғандай. Қашқын биік тастың үстіне шыққанда өз көлеңкесінен өзі қорқып кетті. Қашқынның жүрегі мұздап, құлағы шуылдады. Ол жүгіре басып атына келді де, Ақбозды ерттеп, қайтадан отқа қойды. Сұмдық елегізіген Біркімбай әлденеге құлағын тосып, тың тыңдады. Судың сылдырынан басқа дыбыс жоқ, ауық-ауық Ақбоздың пысқырғаны ғана естіледі. Ол жануар да жалғызсырайтындай. Біркімбай өзенге үңілді. Сылдырлаған осы су сансыз шақырым бұраңдап, ақыры сонау шалғайлы еңістікте көл-көлшіктерге саяды. Сол арада сыңсыған ауылдар су басының қайда екенін ойламайды да. Жаптас өскен Біркімбайдың бұл сәтте қайда қамығып отырғанымен тіпті істері жоқ. Осыдан барып, Біркімбайдың есіне алыстағы өз ауылы түсті. Әйелі, інісі, қызы, ағайындары, жекжаттары, жора-жолдастары көз алдынан тізбек-тізбек өтіп жатыр. Әсіресе, ол тым құрыса қоштаса да алмай қалған Дариғаны аяйды. «Мүмкін белсенділер қатынымды қан-қақсатып жүрген шығар?» – деген. Ол келгенде намыстан қаны қарая бастайды. Дереу атқа қонып, «Көсегенің көк жоны қайдасың» деп, ауылына тартып кеткісі келеді. Осылайша өзен жағасында Біркімбай ұзақ отырды.
Алды-артын оймен шолғанда, жұбанышы, медеуі тіптен аз. Қаратаудың бөктерінен Сарыарқаның сауырына ұласқан ен даланы еркін кешкен Біркімбай қоңырқай тіршіліктің ізсіз қарбаласына, қораш қызығына мәз боп жүре беріпті. Заманның ағымын аңдап, заңзакон үйренбепті. Енді соның тақсіретін тартып, көзі байлаулы адамдай, қалай қарай жүрерін білмей отыр. Біркімбай жасөспірім шығында Қақудың жылқысын бағып жүргенде аттан құлап аяғы сынған. Сынықшының шеберлігі арқасында бір айдың беделінде қаз тұрып кетіп еді. Бірақ аузы шайпау ағайын оны «ақсақ қосшы» атандырып жіберді. Сол атаудан бертін келе, әсіресе бір қыздың құнына тұрарлық – Ақбозға ие болғасын құлан-таза құтылғандай болды. Намыстан кісі өлмейді демекші, «ақсақ қосшы» атағынан құтылуы өзіне сор болғанын Біркімбай енді ғана аңғарып отыр. Дәурені өткен заманның дүмдісі Шоңбай жер аударылғанда, Біркімбай байға жете алмағанына бірінші рет қуанды. Тіпті, бір жиналыста ұятты жиып қойып өзінің малай болған тұсын, «ақсақ қосшы» атанғанын еске түсіріп өтті. Бірақ бұның бәрі Біркімбайға титтей де септігін тигізе алмады. Алтынтіс бастаған белсенділер тықсырып, қусырып кеп, тар қойнауға тығып тастады. Осыдан үш-төрт жыл бұрын «байлардың малын тартып алып, өздерін жер аударады-мыс» деген сыпсың тарағанда оған ешкім құлақ аспаған. Шоңбай болса, қаладан аунап-қунап кетуге келген атбекет жиенінің екіұшты сөзіне иланбаған. Көзі ашық деген сол атбекеттің өзі көшпелі елді бірер жылда отырықшы етеді дегенге күмәнді болғанын Біркімбай білмейді. Оның білетіні – жұрт елемеген сыбыстың шынға
айналуы ғана. Шілдеде күн күркірерін күдікті байлар білмеген соң, Біркімбай сияқты күнделікті күнкөрістің адамдары несіне шыжақ қақсын? Біркімбай Кеңес үкіметі орта шаруаға тимейді дегенді талай оқымыстыдан естіген. Соған сенуші де еді. Осы рас болса, өкіл, ауылнай, белсенділері соңына шырақ алып түскені несі? Өткен жылы бір білгіш саясат жайынан әңгіме шертіп отырып: «Отағасы, бастық боп жүргендердің ішінде Кеңес үкіметіне қас адамдар да бар» – деп қалған еді. Алтынтіс сондай әкімдерден боп жүрмесін? Біркімбайдың алыстағы ауданға шаба жөнелгісі келді. Осыдан үш күн бұрын Ысмағұл айтқан райкомның өзіне барып, Алтынтістердің үстінен шағым айтқысы келді. «сөзге иланса жақсы. Иланбай, көзімді бақырайтып қаматып қойса, қайтемін?» – деді ішінен. Осылайша ол кәрі ағаштың көлеңкесінде ұзақ отырды. Күн екіндіге қарай ауып барады. Көлеңке басын ұзарта бастады. – Ау, енді не істейміз? – деді ол көлеңкемен ақылдасқандай. Біркімбайдың қарны ашқан. Іші бұралып, көз алды мұнарланып, құлағы шуылдайды. Шөлін қандырып алмаса, тамақ батпайтындай. Өзеннен еңкейіп су ішеді. Салқын су ішін жыландай жалап кетті. Араны ашылып барады. Қарны ашқан адамға сұлу өзен сүйкімсіз көрініп кетті. Шолпыдай сыңғырлаған сиқыр су, кәрі жездені тәлкек қылған жас балдыздай күлкімен шымшылап бара жатты... Жолаушы от жақты. Тастардың жықпылынан тапқан кекіліктің он шақты жұмыртқасы бар еді. Соны күлге көміп пісіріп, атдорбадағы қара нанға қосып, шірене тойып алды.
Енді Біркімбайдың ақылы сабасына түсіп, көз алды мұнардан арыла бастағандай. «Осы сергелдеңнің бәрі Ақбоздың қырсығы, – деп түйді ол ішіне, – жүйрік жылқы – сұлу әйел тәріздес. Көздің құрты, көңілдің дерті. Дос күндейді, дұшпан көре алмайды». Біркімбай жоққа желікпей бетегеден биік, жусаннан аласа боп, бұғып жүре бергенде, оған кім тиер еді? Отбасы ошақ бұтында, қатынына аяғын уқалатып, шіреніп жатпас па еді? Сірә, Дариғаның: «Бәйге ат біздің теңіміз емес», – дегені рас болды-ау. Біркімбай қасында жайылып жүрген Ақбоз атқа қарады. Ақбоз оқыранып, басын көтерді. Әдемі танаулары желбіреп, нәркес көзі жаутаңдады. «Жануар, бір сен үшін не көрмедім!» деді Біркімбай. Осыдан кейін Ақбоз жайылуын қойып әлденеге құлағын тігіп, кісінеді. Атының сыры өзіне мәлім. Біркімбайдың жүрегі су ете қалды. «Тықырдың таянғаны ма?» – деп ойлады ол. Біркімбайдың жорамалы рас еді. Ол қашқаннан кейін Алтынтіс ауылдық советтің қаулысын шығартқан. Өйтпесе шарасы да қалмағандай. Ыбырайға ілесіп аудандық бақылау комиссиясының өкілі жетіп келсе, жазықсыз кісіні қудалағаны үшін басынан сипамасы анық. Олай болса, бос ұстаған пышақ өзіңді жаралайды. Әңгіме насырға шаппай тұрғанда, қашқынға бүйірі бұратындардың аузына құм құюға керек. Осы байламға бекінген. Алтынтістер сол күні-ақ қаулыны ауданға жөнелткен. Онда былай делінген еді. «Ескі салт-сананы жақтаушы Біркімбай Мақыұлы конфискеге іліккен шынжыр балақ, шұбар төс Шоңбаймен бір кезде құда болған. Қызы Гүлнашты қалың
малға сатып бодауына ақбоз ат салған. Совет үкіметі тұсында бәйгеге ат қосқан. Меншікті малы орта шаруаныкінен аспағанымен, бәйге боздың кем дегенде қырық жылқылық бағасы барын және Мақыұлы кінәсін сезіп, қашып кеткенін ескере отырып, қаулы етеміз. Сейдін ауданына қарасты он тоғызыншы ауылдың азаматы, 1893 жылы туған Біркімбай Мақыұлы құлақ ретінде тұтқынға алынсын. Оның меншігіндегі он қой, бір түйе, Ақбоз ат және он жетінші ауылда тұратын зергер Орал Есболұлына өткізген ақжал аты мемлекеттің пайдасына берілсін». Сонымен, Біркімбайға деген үкім алғашқы күніақ шығарылған. Қайнаған қалың елдің ішінен қашып шыққаны өзіне сор болғанын Біркімбай қайдан білсін. Егер ол бүйтпегенде, Алтынтістер аяр ма еді, райдан қайтар ма еді, әлде. Біркімбайға болысушылардан қаймығулары да мүмкін бе еді? Азулы аңның жыртқышы жолбарыс екеш жолбарыс та көзінен көз алмай тұрған адамға шаба алмайды. Ал, далақтап қаша жөнелсең, күшік екеш күшікке шейін шәуілдеп шалғайыңнан тартады. Күрестен қашып күн көру қиын екенін Біркімбай білмеген, ойламаған. «Ойыннан от шығады» демекші, шу дегенде ішкіліктің қызуынан басталған желік өрши-өрши, осындай ұлан-асыр оқиғаға айналды. Әйелдерді кеңседе қалдырған белсенділер әуелгі күні босқа лаққан. Кейін сар табан аңшы, әккі ізші ілестіріп, қашқынның бой тасалаған жағын тапты. Таудың ығы-жығы шатқалына кіргенде ақбоздың ізі де, тезегі де жоғалып еді. Бүгін бесінде қашқын жаққан оттың болмашы түтінін сұңғыла аңшының қырағы көзі қияннан байқады. Сонымен, Ақбоз құлағын тігіп, кісінеген кезде
қуғыншылар жақындап қалған-ды. Осыдан кейін көп ұзамай Ақбоз тағы да кісінеді. Оған үн қосқандай, арт жақтан бірнеше жылқы қатар кісінеп, заңғарлар сұмдық жаңғырып кетті. Біркімбай Ақбозға қарғып мініп, қылдырықтай өзеннің бойын қуалап шаба жөнелгенде арт жақтан шаң-шұң дауыстар естілді. Әнеугі күні Біркімбайды өз үйінен қуып шыққан әкімдердің құлаққа жайсыз ащы даусы еді. Біркімбай көсіліп шаба алмады. Ит тұмсығы батпас жыныс ағашқа келгенде аты кілт тұра қалды. Біркімбайдың атын жетелеп, жыныстың саңлаусаңлауымен жүгіріп келеді. Талмен аралас-құралас өскен шеңгелдер көнетоз курткасының етегін тартқыштап жатыр. Белсенділер аттарын кез келген ағашқа апаш-құпаш байлап, жаяу қуды. Ақбоз Біркімбайға ауыр жүк болды. Ызыңдап, үймелеген маса, сонадан қорғалақтаған Ақбоз тынымсыз пысқырып, басын кекшитіп, жетелеушінің қарын талдырды. Осындай халде, жүгіре-жүгіре қашқын әбден титықтады. Көкірегі алқынып, жүрегі дүрс-дүрс етеді. Қатты шөлдеп, тамағы құрғаған. Ентігін баса алмаған Біркімбай амалсыз тоқтап, тағдырға мойын ұсынуға көңілі ауып еді. Дәл осы сәтте әлдекім сұмдық ысқырып жіберді. Бұл Біркімбайдың өмірбақи көрмеген құбыжығы еді. Оның құлағына Алтынтістің ысқырып салған әні шалынғандай болды. Біркімбай қайтадан қашты. Бір мезетте ну орман сирек тартып, алдыңғы жақ сәулелене бастады. Қашқын: «Я құдай-ай!» – деді. Бірақ, Біркімбай атына мінейін десе, міне алмайды.
Әлі бітіп, дымы құрып қалыпты. Қуғыншылар да қатты шаршаған еді. Әсіресе, семіз Алтынтіс бесатарын кезеніп, қомпалаң-қомпалаң жүгіргенімен, біраздан кейін көкірегі қырылдап, беті парт боп ісініп, бойра-бойра терге шомып, болдырып қалған. Самсаған қыз-келіншектердің көзінше балағаттап, дүйім жұртқа күлкі қып, шаңқай түсте қашып кеткен Біркімбайға зығырданы соншалық қайнағандықтан ғана ол шыдап келеді. Әйтпесе, әлдеқашан тұрып қалатындай. Дегенмен сыбай-сылтаң қуушылар ширақтығын істеді. Біркімбай атына міне алмай жанұшырып жатқан шақта олар тақалып қалып еді. Бірақ бұл кезде қашқын да айла тапқан. Ол атын бір қойтастың жанына әкеп, үзеңгіге аяғын іліндірді. Шабынан маса-сона талаған Ақбоз шабыс тілеп, шиыршық атты. Белсенділердің біреуі Біркімбайға бопсалап: – Әй, жан керек болса, аттан түс! – деп ақырған. Біркімбай тіл қатпастан шаба жөнелгенде Алтынтіс мылтығының шүріппесін басып қалды. Бесатардың ащы даусынан тау сілкінгендей болды. Алтынтіс көздемей атқан. Бірақ қаңғырған оқ дәп тиіп, Ақбоз омақаса құлады. Біркімбай екпінімен екі рет аунап түсті. – Қап, бекер аттың-ау! – деді ауылнай. Алтынтістің өңі құп-қу боп кетті. Ол бесатардың серіппесін ашқанда анадай жерге ұшып түскен бос гильзадан әлсіз түтін будақтап жатты. – Қорқытып тоқтатқалы аспанға атып едім. Оқтың қалай тигеніне қайранмын, – деді Алтынтіс. Бұлардың арасы недәуір жер. Біркімбай қашамын десе, алды жазық. Бірақ ол қашатын сыңай көрсетпей,
оққа ұшқан Ақбоздың басын құшып, бүктүсіп отырып қалды. Енді Біркімбайдың қорқатын құқайы, тартынатын тозағы жоқ. Оның қарсы алдында қанға малынып Ақбоз жатыр. Кең далада желдей ескен серігі, аз күнгі тіршіліктен тапқан уанышы, бесігінде аңсап, есейгенде қолы жеткен, қымбаты, дүниеде ең қимас қалқашы осы еді. Осыдан айырылған соң, қашты не, қашпадың не?.. Біркімбайдың өкпе-бауырын біреу суырып әкеткендей, тынысы тарылып барады. Жүрегі қысылып, басы айналғандай. Құлағы шуылдап, көз алды мұнарланып кетті. Еңкейген күннің сарғылт көзі Ақбоздың қанындай қызылқошқыл боп көрінеді. Белсенділер жапырыла келгенде, Біркімбай: – Алтынтіс-ай, Ақбозды атқанша, мені-ақ атуың керек еді. Қазақта Біркімбайлар әлі туады. Ақбоздың тууы екіталай еді ғой! – деді. Алтынтіс әрлі-берлі жүргіштеп кетті. Етігі сықырлады. Бұл жолы көк мауыт шалбарының қыры адамға түсетін бураның санындай әсер етпеді. * Оқ Ақбоздың қабырғасына тиген екен. Алтынтіс өзінің ер-тоқымын әрең шешіп алды. Қан жұққан тартпасын сыңғырлап аққан өзеннің мөлдір суына жуып жатты. Неге екені белгісіз, бұл жолы белсенділер акт жасап, Біркімбайға бармақ бастырмады. Ол аман-есен үйіне қайтып оралды. Кәдуілгі қара жаяу боп оралған. Біркімбай Ақбоздың оққа ұшқанын естігенде қатыным қамығар, қайғырар деп ойлаған. Бірақ Дариға, олай етпеді. Күйеуінің салпақтап жаяу келгеніне шек-
сіз қуанды. Арада аптадай уақыт өткен. Бір күні кешке жақын Біркімбай отбасында уһілеп, күрсініп еді, Дариға: – Несіне күрсінесің? Қара жаяу қалғаның жақсы болды. Енді құлағымыз тыншиды, – деді. Біркімбай құртағандай басын изеді.
ДҮБӘРА I Таңертеңгі шай үстінде Кәмшат: – Осы үйде тіске басатын тәтті қалмапты ғой, – деді. Қызметкер кемпір күйбеңдеп, жаңғақ әкеп қойды. Қантшаққышты қолына ала бергенде Кәмшат: – Әуре болмаңыз. Бұл – Сәкеңнің сырасының жемі, – деп ұзын столды айналып кетті. Сәкеңнің үй шаруасымен жұмысы жоқ. Оған Кәмшат та епсіз. Дегенмен «витаминнің» қамын жейтін осы Кәмшат. Аудандық аурухананың бас дәрігері. Ол астанада оқыған кезін еске алды. «Бұл жақтың Мәскеуі қорғасын кені ғой. Бәрін соған үйіп-төгеді» деп бір қойды. Қорғасын кені таудың қалың ортасында. Арада асу-лар көп болғандықтан онымен қатынас сирек. Бірақ осы маңда сол қорғасын кенінің демалыс үйі бар. Онымен байланыс
жиі. Кәмшат сол демалыс үйіне барып қайтпақ болды. Кәмшаттың күйеуі курортта. Қара теңіз жағасында демалып жатыр. Оның «газигін» орынбасары мініп отар аралап жүр. Аудандық аурухананың «Уазы» дәрі-дәрмек әкелуге облысқа кеткен. Кәмшат әрі ойланып, бері ойлап, ПМК-аның бастығына телефон соқты. Күйеуіне тікелей бағынышты адам сағын сындырмайтынын болжады. Тұрысбек Пернебеков пәтерінде екен. Ол бірден: – Кәмшат Сәлімгереевна, біздің машина кілең бортовой ғой, – деді. – Бортовойдың өзі жақсы, – деді Кәмшат. Тұрысбек «жүк әкелетін шығар» деп ойлады. Ол: «Қазір, қазір» деп елпек қақты. Бірақ оның шофері төсектен тұрмады. – Әй тұрсаңшы! – Ұртым ісіп кетті, – деді шофер. – Тісіңді Кәмшат Сәлімгереевна жұлдырады. – Өзім емдеймін. Кеуіл күйдіріп басамын. – Что ты мелешь?! – деді Пернебеков. Аудан қызметкерлерінің бес сөзінің бірі орысша. Бірақ түгел орысша сөйлемейді. Осыны білетін шофер: – Бастығым-ау, қазақша түсіндірсеңші! – деді. – Шалтай-балтай неге керек. Әйда тұр орныңнан! – деді Пернебеков. Шофер теріс қарап жатты. Пернебеков: – Тісіңнің демалыс күні сыздай қойғанын қарашы! Жарайды, кілтіңді бере қой, өзім айдаймын, – деді. Ол Кәмшаттың үйіне телефон соқты. Кәмшат: «Бітегене тұра тұршы» деді де, сәлден кейін трубканы қайта алды. – Мен баудың шетіне шыға берейін. Сол жерден алып кет!
Біршама уақыт өткенде поселкенің сыртында жүк машинасы ызғытып бара жатты. Тұрысбек жолай қол көтерген некен-саяқ жаяуды көрмегенсіп, қасындағы жолаушыға мойын бұрғансып, зырғытып өте берді. Демалыс үйінің буфетшісі Кәмшатқа бұрыннан таныс-ты, кәдімгідей шұрқырасып қалды. Төртпақ тарғыл әйел ауыр ырғалып қаға берістен әлде бірдеңелерді қағаз жәшікке салып жатты. Ол жерге түсіп кеткен бір лимонды сүртіп жатып: – Кеше осында Ақбикеш келіп еді. Лимонды қабығымен жеп қойды, – деп күлді. Бұл сөзді Тұрысбек те естіді. Есік алдында тұрған оған Кәмшат: – Қалыңдығыңның кім екенін біл. Қайтсін, байғұс ашылайын деген ғой, – деп басын шалқайта күлді. Тұрысбек қысылып қалды: – Сіз де жоқты айтады екенсіз, жеңгей! Бұлар қайтарда Қызыл көлді айналып бір мүйіске кеп тоқтады. Темір көлігін сеңгірдің баурайына қаңтартып, өздері күмбезге келді. Күмбез жарқабақтың басында еді. Жазатайым қаусаса суға күмп етердей. Кәмшат көзбен шолып шықты да: – Сырдарияның жағасындағы Қорқыттың сағанасы сияқты екен, – деді. Тұрысбек Пернебеков көрнеу зәбірленді. – Кәмшат Сәлімгереевна, сіз мен тұрғызған ескерткішті зиратқа қалай теңейсіз? Және Қорқыттың көрі... Кәмшат шамалы ойланып: – Жоқ, бұл Қырымдағы «Ласточкино гнездоға» келеді екен, – деді. Тұрысбек: – Біздің бастығымыз, сіздің жұбайыңыз, осы сәтте теңізге тас лақтырып отырған шығар, – деп жора-
малдады. Екеуі жарқабаққа төнді. Көл беті жыбырлаған құс. Шүрегей үйректер қылтыңдап, қоңыр қаздар қаңқылдап, әрлі-берлі жүзіп жүрді. Бір де бірі ұшпайды. Жағалаудағы екеуден қаймығар түрі жоқ. Тек, су бетінен шабақ аулаған шағалалар ғана қиғаштап ұшып келеді де, жалт етіп ауытқып кетеді. Аспанда ұшып жүріп жердегі екі аяқтылардан көрнеу қаймығады, әрі-бері өткен жолаушылар үнсіз мылтықпен атқылап запыста қалған шағалалар сақтық сақтайды. – Осы көлдің құсы құрып кететін еді, – дейді Кәмшат, – қорғасын кені арендаға алғалы бері қорыққа ілінді. Тұрысбек қоштап жатыр. – Тәртіп жұмысшы табында. Мен қорғасын кенінен ауданға ауысқаныма өкінемін. – Неге ауыстың? – Сәкең өкектеп болмады ғой. «Кенде құрылысшының қадірі жоқ» деді. «Сахарада емін-еркін сайраңдайсың» – деді. Аудандағы ноқайлардың соққан тамы жылға жетпей жымыраяды, – деді. Енді Кәмшат құптады. – Көрмедіктер тамды саздаққа салады. Сахара түгіл Мәскеудің өзінде саздақтан зәулім үйлер қираған. – Алыстағы ауданға қалай кеп қалдыңыз? Кәмшат түсіндіріп жатыр. – Менің бұйдам ағаңда: әрі, шыны керек, сахараны жаным сүйеді. Кейде Сәкеңнің машинасымен, кейде өзіміздің «Уазбен» отар аралағанда бір жасап қаламын. Біздің аудан – жатқан байлық. Мынау көл – дүние жүзінде теңдесі жоқ шипа көлдің бірі. Тұрысбек әркімнен құлағы шалған бір аңызды айтып шықты. Осы көлдің түбінде жайын бар-мыс. Меңдіқара
қойшының тұңғыш баласын сол жайын жұтыптымыс. Жергілікті халықтың көлге түсуден қорқатыны сондықтан деседі. Кәмшат шамалы ойланып: – Тұзды көлдің табаны ұйық болады, баланы батпақ тартып кеткен шығар, – деді. – Мен как раз батпақтан қорқамын, – деді Тұрысбек, бала кезімде бір рет тұншыққаным бар. Кәмшат сықылықтап күлді. – Психозға жуық екенсің ғой! Менің киімімді бағып тұр. Дәрігер әйел шешіне бастады. Ақ сазандай толық денесімен көлге төніп тұрды да, екі қолын сүйірлеп суға сүңгіп кетті. Толқынсыз тұнық су екі жарылып, шымырлап қалды. Таяқ тастам жерге барғанда әйел басын шұғыл көтеріп, сілкіп тастады. Шүрегей үйректер жылыстады. Одан әрі арқан бойы аралық сақтап екі қаз жүзіп жүр еді. Олар қанатымен су сабалап, қаңқ-қаңқ етіп бір-бірімен тілдесті. Кәмшат жұбайлардың шырқын бұзбай кері қайтты. Ол жағалауға шыққанда сүмпиіп тұрған Тұрысбектің қасынан қиғаш өтті. Тұрысбек оған біртүрлі сүйкімсіз көрінді. «Басының билігі жоқ жігіт қой» деп бір қойды. Кәмшаттың иегі иегіне тимей, өзі дір-дір етеді. Тұрысбек таңданып тұр. Кәмшат оған: – Қағаз жәшікті әкелші! – деді. Оның ішінде нән шыны шарап бар-ды. Кәмшат суға салдырып қойды. Әлден уақытта екеуі көлеңкеде стакан қағыстырды. – Сағырбай Шәкібаевичті осылайша қарсы алу үшін! – деді Тұрысбек Пернебеков. – Ол кісі жарты ай кешігіп келеді. – Неге?
Кәмшат түсіндірді. Қырымдағы дәрігер құрбысы: «Сағырбай жарты ай қосымша тынықсын» депті. Өзі бюллетень бермекші бопты. Тұрысбек бұны өзінше жорыды. Ол сүйсіне, қызына сөйледі. – Қайран Сәкең жалқы жүрген жоқ екен ғой. Подрушкаңыз блондинка ма еді, брюнетка ма еді? Ертең елге оралғанда: «Салмағымды пәлен килограмм кеміттім!» деп мақтанады-ау! Ағамыз нағыз көкжал ғой. Кәмшат «Мынау жүгермек не деп отыр?» – деп тіксініп қалды. Бұл екі арада бүйірі қыза бастаған Тұрысбек батылдана түсті. – «Жастықтың соңы, кәріліктің басы» жаман болады, жеңгей! «Бальзаковский возраст» дегенді білетін шығарсыз. Ол екі жаққа бірдей. Осыны бір ойлаңызшы. Кәмшат кәдімгідей ойланып қалды. Курорттың сыры мәлім. Демалушыларға ермек керек. Ермек желіктен басталады. Сеңдей соқтығысқан жандар бірінші таныстықтан кейін қолтықтасып кетеді. Аралас пляжға әуес көбінесе қызметкерлерден шығады. Сағырбай курортқа жүрерде Кәмшатқа: «Басыңа масыл боламын, шахматтан қолым тимейді» деп еді. Енді бақса ол қашыртпа сөз сияқты. Кәмшат: «Тегі, мен аңғыртпын ба, қалай?» деп күдіктенді. Осы уақытта жарқабақтың тасасынан молда шыға келді. Қолында аса, ышқырында кітап. Иығы жалаңаш Кәмшат қымсынып қалды. Молда: – Еркегі-ұрғашысы араласып суға шомыласыңдар! – деп асасымен арғы жақ беттегі демалыс үйін нұсқады. Тұрысбектің ойына ұтықты уәж оралды. – Молда-еке Мұхамбет пайғамбар төрт биесімен бірге әуітке шомылған.
– Пайғамбардың қауызынан садаға кетсін сасық көл, – деді молда. – Қызыл көлдің суы Нілдің суынан артық! – деді Тұрысбек. Молда шошып кетті. – Астағыпыралла! Ніл дариясының суы зәмзәм. Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда МеккеМединеге барғандар зәмзәмді шыныға құйып әкелген. Әр тамшысы қасқалдақтың қанындай ем болған. Әңгімеге Кәмшат араласты. – Қызыл көлдің суын да былтыр шыныға құйып Мәскеуге алып кетті. Молданың беті жыбырлады. – Жын-шайтанның суы шыныда тұрмайды. Ұшып кетеді. Кәмшат Тұрысбекке бұрылды. – Африканың бір көлінде осындай сұмдық бар. Бұл сөзді өзінше түсінген молда басқа әңгімеге ауысты. – Бұл жерде баяғы бір датқаның ымыраты болатын. Шөгіп қалған төмпешіктің үстіне күмбез орнатқан Меңдіқарада иман жоқ. Ісмі фәккәт адамның әруағы ұрады. Ертең аузы-басы қисайғанда өзің де көрерсің. Бала, сен де ойлан. Киелі көлден қорық. Ақан серідей жынданып жүрме!.. Әдебиетпен шұғылданып көрмеген Тұрысбек Пернебеков «Жизнь замечательных людей» деп аталатын кітаптарға әуес-ті. Ломоносов, Циолковский, Жуковский секілді кісілердің өмір тарихын жаттаған ол сұқбат мәжілісте сөзге қонақ бермей кетуші еді. Бертінде қазақтан шыққан білікті адамдар туралы тамтұмдап оқи бастады. Соның бірі – Ақан сері. Оның өлеңдерін жарытып түсінбесе де мінезінің өте жат
екенін пайымдайды. Енді ойламаған жерден сол сері алдынан шықты. Бұған Тұрысбек қуанды да. Ол оқыс қырланып: – Молда-еке, Ақан сері парсышаға сізден жүйрік болған. Оған неге тіл тигізесіз? – деп сұрады. Молда түнерді. Жауабы екіұшты шықты. – Парсы – кәпір. Араб – мұсылман. Мұхамбет пайғамбардың өмірбаяны жазылған мынау кітап солай дейді. Пернебеков кітапты алды да қайтып берді. – Мұқабасы әдемі екен! Өрнегі ою ма, немене? Молда шамданды. – Сені шырағым, жұрт білгір деуші еді. Дүмше бала боп шықтың ғой. Шәді ұлын білмейтін алаштың азаматы жоқ. Мынау кітап Шәді жарықтықтың «Сияр шәрібі». Құраннан кейінгі қасиетті хисса осы! Кәмшат та өз білімін көрсетіп қалмақ болды. – Молда-еке, діншілдерді әшкерелеген «Сауда ишан» хиссасына қалай қарайсыз? Молда екіұшты жауап қайырды. – Әллә-әледән ұқтыл һәтһәли алауад! Кәмшат Тұрысбекке бұрылды. – Екеумізді мақтап тұр ма, даттап тұр ма? – Е, мен қайдан білейін? Кәмшат молдаға бұрылды. Молда: – Сауда ишанның Жанатты атқызуға үкімі арабша осылай! – деді. Кәмшат: – Өзіңіз қанша адам атқыздыңыз? – деп сұрады. Молда ашуланды. – Е, жәһіл сайқал! Кәмшат тұлданды. – Сайқалыңыз не? Мінесіз қазір біздің машинаға,
аудандық милицияның ауласына алып барамын. Молда тайқып шыға келді. – Қой, қой, қарағым! «Сайқал!» парсыша әйдік деген сөз. Қожайынның зайыбы ғой деп мақтасам, сен шаптығасың! –«Жәһіл» не? – деп сұрады Тұрысбек. Молда сол көзін қатты қысты. – Жазықсыз бір сөз дүр, қарағым! – Дүріңіз не, отағасы! – «Әй, сен түрікшеден тараған «дүрді» неге білмейсің. Жаңаша айтқанда «мен» деген сөз. Орысшасы – «Я сам». Кәмшат таңданды. – Сізді орысша біледі деп кім ойлаған? Молда құс мұрын сары кісі еді. Реңіне көрнеу қайшы қара көзі сұмдық тұнжырап тұманданып кетті. Бұл адамның екі сөзінің бірі «дүмше молда дін бұзардан» келеді. Латынша қоқиланатын қазақтар сияқты өзі әсер тудыруға әуес. Ол арабша сөйлегенде аузы аузына жұқпайды. Соған қарап жұрт оны білгіш деп ойлайды. Шынтуайтқа келгенде оның түгел тауысқаны «шар кітап» қана. «Шар» парсыша «төрт» деген сөз. Әптиек, құран, софоллияр, шар кітап осы. Бұның ішінде әптиек – құранның жетіден бір бөлігі. Осы күнгі өзіміз қолданатын «апта» парсыша жеті деген сөз. «Як» – бөлік деген сөз. Үндестік заңы бойынша «иек» боп кеткен. Бұлардан кейінгі белдісі – мұқтасар. Ол елу екі кітаптан тұрады. Соның жиырма шақтысын оқыған бұл адамның басқаларға қарағанда ғұлама саналуы табиғи. «Ақ қойдың кәллесі мен құдайдың пәндәсі» дейтін қазақтар шын ғұламаның әлФараби тәрізді материалист болатынын қайдан білсін! Осынау молданың өзі діни ілімнің негізінен төртке
бөлінетінін біледі. Бұлар, қазақша айтқанда, адалдық пен адамдықты тексеретін, ереже игеруді үйрететін, жәдігөйлікке жаттықтыратын пәндер. Төртіншісі «ғылыми параиз», яғни есепдандық ілімі. Молда осының бірде бірін бақайшағына шейін шағып, ұңғылшұңғылын ажырата алмайды. Әрі-сәрі, әбі-тәбіліктен туған дүбаралық ауырдың үстімен, жеңілдің астымен күнелтуге үйреткен. Жаттанды ділмарлыққа баулыған. Соңғы кезде қылтамақ ауруына шалдыққан ол жандалбаса осы көлге шомылып тұңғиықтан суын жұтып жүрген-ді. Басыр сезім біртүрлі уаныш бере бастаған-ды. Бүгін ол күтпеген екеудің үстінен түсті. Сөйте тұра оларды қорқытпақ болды. Бірақ олар қорықпады. Заманның аты – заман. Бұған кәміл иланатын – кемпір, шалдар. Осыған қарамай ол бірауық жастарға, көзі ашық жаңашылдарға іш тартады. Әлде бір себеппен жас кезінде орысша тіл сындырған ол коллективизация тұсында қып-қызыл белсендінің өзі боп шыға келді. Одан кейін колхозда істегенде талай парақорды соттатты. Өзі құтылып кете берді. Одан кейінгі атышулы оқиғада оны арабшаға жүйріктігі сақтап қалды. Соғыс жылдарында муфтидің қолынан дәм татты. Одан бертінде, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда, қайтадан ел ішін сағалады. Тегі Сейдін ауданы қызық. Бір кезде ауылдық советтің председателі болған адамдар бұл күнде молда боп кеткен. Біреуі Ташкенттегі ишанға жығылып, ақылынан айныған. Оларды газетке жазған сықақшының үстінен арызды қардай боратады. «Бұның жетінші атасы МеккеМединеге барған!» деп қай-қадағы пәлені жаңғыртады. «Ау, жетінші атаға үш жүз жыл өткен жоқ па?» деушілер жоқ. Сықақшыны кәдімгідей әурелейді. «Сіз,
понимаете, – дейді олар – ата-тегіңізді жасырасыз. Сіз адал болсаңыз неге жетінші атаңыздың үстінен арыз бермейсіз?!» Сықақшы айтады. «Ау, мен осы күнгі молдаларды әшкереледім ғой!». Анау ежірейеді: «Бейбітшілік заманда діни адамдарды шенеуге болмайды, понимаете!» Сонымен, шынында да «діни адамдардың» тасы өрге өрмелейді. «Мен пәлен совхоздың молдасымын» дейтіндердің басында жібек шляпасы болады. Бірақ галстук болмайды. Бүйірі қызғанда арақ ішіп, артынан намаз оқиды. Бір есептен олардікі жөн. Бағы замандағы өлеңде: «Қаратаудың басынан қар борайды, кербез жігіт басына сәлде орайды» деген ғой. Демек, ол кезде сәлде сәнге жүрген. Бұл кездің сәні шляпа. Оны киген молда орысшалап та жібереді. Пау, шіркін, дүние-ай! Қолдан келсе сегіз қырлы, бір сырлы болғанға не жетсін! Сайып келгенде, фәни-жалғаннан тарықпай өткен игі! Кәмшат пен Тұрысбекке кездейсоқ кезіккен кісінің есімі Молдабек пе еді, Молдабай ма еді, Молдақұл ма еді, Молдағали ма еді, Молдаберген бе еді, әйтеуір, о баста «Молда» деген жұрнағы бар-ды. Тәңір төреші, бертінде сол жұрнақтың өзімен аталып кетті. Дегенмен, антұрғанның тегінде бір гәп болуға керек. Неге осындай атау сіз бен бізге таңылмайды? Неге «пәленше түгеншеұлы» болмаймыз. Тегін кісі таз болмайды, достар! Молда-екең қиын кісі! Ол жалпақ жұртты Қызыл көлдің киесімен қорқытады. Бағы заманда қазақтар арабтармен соғысқанда осы көлге қан құйылыпты. Содан бастап бұл көл арам. Ал өзі қылтамақ болғалы бері оқта-текте сол көлдің суын жұтады. Түбіне сүңгіп, тұнығынан жұтады. Бүгін ол дәрігер әйел мен инженер жігітке тосыннан
тап болды. Олармен еркін, шешіле сөйлеуінде ақырамаш күндердің батылдығы бар. Міне, су жағасындағы шөлмекке назары түскен ол: – Спирттерің жоқ па, қарақтарым? – деді. Малды ауданда спирт қыста болады. Жаздың желігі шарап. Осыны айтқанда, молда: – Әй, мейлі. Пайғамбар да шарап ішкен! – деп бір қойды. Осыдан кейін ол тіптен шешілді. – «Заманың түлкі болса тазы боп шал» деген болады, қарақтарым! Арабтың тарихы жазылған – «Химисул ағлан» атты елу кітапты тауысқан Шәді төре пайғамбарды жырласа, бертінде орыс тарихынан үлкен дастан жазған. Одан бұрын парсы жұртының ертегіаңызын «Ақырғы ахуал-намаға» айналдырған. Оның қасында біздікі, не, тәйірі?! Кәдуілгі шөре-шөре ғой... Тұрысбек Пернебеков әлдекімнен естіген сөзін айтты. – Біздің әкей Шәді төремен айтысыпты. Молда ойланып, асасымен жер тіреді. Ақырында: – «Қай Пернебеков?» – деп жүрсем, қудың баласы екенсің ғой. Әкең антұрған адам еді, – деп салды. Пернебеков ашуланды. – Баяғыда, яғни отыз сегізінші жылы өлген адамды неге тілдейсіз? Молда жауап орнына «құдды өзі, кәззаптың!.. деп теріс айналды. Пернебеков басқа жағынан қаужамақ болды: – Шыныңызды айтыңызшы, дінге кәміл сенесіз бе? Молда жөнеле беріп тіл қатты. – Демің бітіп көз жұмар шақта өзің де тіліңді кәлимаға келтіресің, кәззаптың баласы! Тұрысбек келемежге ауысты. – «Құлқуллаһу – ақатты» соғам ғой!..
Молда анадай жерден дауыстады. – Ауызбастыртқылық баршамызға бірдей. Аллаһуакпар!.. Оның қарасы өшкенде Тұрысбек әңгіменің бетін бұрды. – Қонақтарды шығарып салғанда Сәкең бізді Ақбұлаққа алып барады. Осы көлге неге келмейді екен, ә? Кәмшат шамалы ойланып: – Қайным-ау, тұзды көл шомылуға, мөлдір бұлақ сусындауға жаралған! – деп тау жаққа көз тастады. – Шынылардың мойны судан шүрегей үйректей қылтыңдағанда менің атқым кеп тұрады, – деді Тұрысбек. Кәмшат: – «Айран атқанға» ұқсамақпысың, қайным-ау? – деп жымиды. – Оныңыз не? Кәмшат түсіндірді. Соғыс аяқталғанда осы ауданға келген бір жігітке қойшының үйі айран ұсынады. Жігіт зеренді нысана етіп, тапаншасымен атады. Содан ол «Айран атқан» атанған. – Мен туған жылы болған оқиға екен ғой! – деп сүйсінді Тұрысбек. Кәмшат ішінен «Шіркін, жастық-ай!» деді. Ол кезде Кәмшат тұлымы желбіреген қыз еді. Әртүрлі оғаш қылықтарды есітгенде ұялып қалушы еді. Бұл күнде ол дүрдей дәрігер. Жұрттың білмейтінін білетін ісмер. Тұрысбектің аузынан орынсыз шыққан сөзге екіұдай қараған ол: – Сен бұл сахараның ұңғыл-шұңғылын білмейсің, әлі – деп бір қойды. Тұрысбек сөз төркінін түйсінді. Ол сүйінішін басқа тілде жеткізуге ұмсынды. – О кэй! Май феер лейди!
Қала мен далаға бірдей Кәмшатты таңдандыру қиын еді. Ол: – Я тебе дам «О кэй!» – деп салды. Мәскеуде оқыған кезінде осындай сөз үшін қиралаң бозмассымақтың мұрнын бұзған жігіттерді біледі. «Мэрси» деген желөкпе бикешке жұлып алғандай «больше не проси» деген тапқыштарды және біледі. Шетел тілін қолдануда қилы-қилы мән бар. Дилеганттар жұртты таңдандыру үшін латынша былдырлайды. Онысы жаттанды бір-екі мәтел боп шығады. «Селави» деп бас шайқаушының дәурені өткен күнәкер екенін пайымдаушы жоқ. Задында таңсық сөз тоғышардың талшығы. Мынау Тұрысбектің ағылшыншасы соның бір түрі. Кәмшат өз ойын өзі тексермек болды. – Қайным, ағылшынша махаббатты не дейді? – Айтуға ұяламын! Тұрысбек бұл сөздің аузынан қалай шыққанын аңғармай қалған еді. Кәмшат: «дегенмен өзі пәле!» деп, ұзынша пішілген қоңыр көзін аудара қарады. Онда наз да бар, сұс та бар еді. Тұрысбек төмен қарады. Осы уақытта таяудан сигнал даусы шықты. Тұрысбек апыл-ғұпыл киініп, сеңгірге қарай жүгірді. Грузовиктің кілтін тастап кеткеніне өкініп келе жатыр. Оның алдынан Меңдіқара шықты. Оның артында – Ақбикеш пен бір әйел. Грузовиктің жанында салт ат пен жадылы түйе тұр. Меңдіқара: – Темір көлігіңді танып, әдейі белгі бердім. Айыпқа бұйырмассың, қарағым! – деп күмбезге қарай аяңдады. Тұрысбек демалыс үйінен қайтқан сапарын асығыс айтып өтті. Ескерткішті көре кетуге бұрылғанын, ауданның бас дәрігеріне өзінің мақтанғанын айтып келе
жатқанда, Меңдіқара: – «Келіншектің бетін кім бұрын ашса сол ыстық» деген. Бұның жөн екен, қарағым! – деп қасын қағып қалды. Еңгезердей сопақ бас кісі еді. Маңдайының екі сызығы білемденіп кетті. Осы арада оған Кәмшат: – Сәлем бердік, Меке! – деді. Көшпелі елде туып өскен Кәмшат қазақшаға жүйрікті. «Ұялған тек тұрмастың» керімен сәлемді бұзып айтты. Меңдіқара болса сөз орайына қарай: – Әлики алдық! – дей салды. Осыдан кейін Меңдіқара жіңішке сырқаты бар Ақбикешті тұзға салу жайында Кәмшаттың айтқан кеңесін еске салып өтті. Тұзды көл осы. Жағасына салынған үй мынау. «Болар істің басына, жақсы келсін қасына» демекші, Кәмшаттың көре кеткені тіптен дұрыс болған. Кәмшат: – Үйіңіз үй емес, күмбез ғой, – деп қалып еді. Меңдіқара. – Төбесіндегі жез түніке болмаса іші мырсындай! – деп жалтартып кетті. Бес адам ішке кірді. «Мырсындай» емес, күмбірлеп тұр. Сөйлеген сөз булыға қайта оралады. Іші ұзын да емес, жалпақ та емес, дөп-дөңгелек. Қаракөлеңкеде Меңдіқара насыбай атып, тілін шайнап сөйлеп тұр. – Әк шіркін киімге жұғады. Көк сырмен сырлатуға мынау әйел баланы жалдадым. Ақбикешжан көмектеседі. – «Әйел бала» деп тұрғаны татар келіншек еді. Совхоз орталығында тұрады. Күйеуі кочегар. Өзі сандық бояп, үй сырлап күнелтеді. Сол әйел қырлана түсіп: – Қазір Ақбикеш екеуміз шурробайт етеміз, – деп кішкентай қалайы кеспекті аяғымен ысырды.
Ақбикеш именіп тұр. Кәмшат: «Бағы ашылмаған сорлысың ғой!» деп бір қойды. Кәмшат мынау құрылыстан да секем алып тұр. Бір құпиясы жоғына кім кепіл? Сағырбай Ақбикешке үйлендірмек болғанда Тұрысбек қашқақтап еді. Онысының дұспан-көзі болуы да кәдік қой. Мынау Меңдіқараның оған қандай кеңес бергенін кім біліпті. Өз ойымен өзі боп кеткен Кәмшат күмбезді үйден шыға бере басын сілкіп тастады. Осы уақытта оның қасына Ақбикеш келді. Қолында үлкен апельсин. – Апай, мына бір әңгелегіңіз түсіп қалыпты. Тұрысбек күліп жіберді: – Жаруға жарайтын әңгелек пе екен, қарындас-ау?! Ол Сағырбайдың осы қызға үйлендірмек болған кезін еске алды. «Сондағы құлқыны соғым ғой, е сойқанды!..» деп ішінен кейістік айтты да, машинаға қарай аяңдады. Кәмшат артынан еріп отырды. Тұрысбек кабинаның есігін ашып, қолын сұқтады. – Прошу Камшат Салимгереевна! Екі жеңін сыбанып алған Тұрысбек жүк машинасын кейін қарай зыр айналдырды да ауданға қарай бет түзеді. Біразға шейін машина жолсыз бұдырда мөңкіп отырды. Тұрысбектің жүн басқан білегі білемденді. «Қара жұмысқа үйренген-ау, шамасы?!» Кәмшат өз болжауын «тарамыс пәле ғой» деген екіұдай әсерге жалғастырды. Ақбикештер күмбез сырлап жатқанда Меңдіқара көлге төніп тұрды. Оның тұңғыш баласы алты жасында дәл осы арадан құрдымға кетіп еді. Су шалпылдатқан шабақ балалардың у-шуын естіп келгенде Меңдіқара жер сипап қалып еді. Жұрт жайын жұтты деп лақап шығарғанда ол жұмған аузын ашқан жоқ-ты. Су асты қараңғы. Желтоқсанда жылымға тап болған
балықшының өзі мүрдем кетеді. Аяғың тайса бітті. Сәби кімнің шікәрасы? Шырылдап кете берген-дағы! Меңдіқара қамықты. Бір уыс топырағы бұйырмаған сәбиі көл түбінде боп-боз боп жатқандай елестеді. Меңдіқара: «құлыным, қолымнан келгені осы!» дегенде көзінен жас шықты. Ол өткен күндерін еске алды. Жігіт шағында ескерткіштің не екенін білмеді. Бертінде ат жалын ұстап мінгенде, одан бертінде бір жыл колхоз бастығы болғанда күмбезді ауызға алудан қорықты. Бұл күнде, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ заманда, екінің бірі, егіздің сыңары ескерткіш тұрғызады. Зиратқа жылу жинаудан бет-аузы бүлк етпейді. Қалыңдығына біреуден өлең шығартып алатын күйеудей мылқау күмбездер күмбірлеп тұра береді. Меңдіқараның мұнарасы басқа. Табан ақы, маңдай терінің тарихқа тартқан бір белгісі, бұл. «Бай бір жұттық» демекші, бес мың қой айдағандардың артына тымқұрмаса қораш белгі қалдырмағанын Меңдіқара біледі. Оған қарама-қарсы сасық шекпені саудыраған белсенділердің ашаршылықта аштан өлгенін және біледі. Меңдіқара мансап қуғанда ілініп-салынып жүре берер ме еді, кім білсін! Бірақ мансаптың баянсыз екеніне көзі жеткен ол тоқырасқан шағында еңбек қуды. Рас, жұрттан асып тер төктім демейді. Тасы өрге домаласа пешененің ырысы шығар. Көрмедік шопандар қойын қыста цемент қораға түнертіп өкпе ауруына шалдықтырғанда бұл шом қараны паналатты. Ноқайлар қойды қызыл-шұнақ аязда құбылаға қарай айдағанда бұл күншығысқа қарай өргізді. Осындай-осындай себеппен мал аман сақталды. Көктем де шуақты боп төл мыңғырап шыға келді. Сол жазда Меңдіқара Социалистік Еңбек Ері болды.
Енді біреулер «жаманның ақылы түстен кейін кіреді» демекші, оны қаңқуға шалдықтырды. Әкім ұлықпен «Ер егіз, еңбек жалғыз» дегенде шаңырақ атаулының тауқыметін көтеретін еркек, берекесін келтіретін ұрғашы екенін тұспалдаған. Тіршілік осы сияқты боп кете береді. Меңдіқара бұл ауданда озықтықтан жапажалғыз болмаса, оның жазығы қанша? Бүгін ол озса, ертең басқа біреу озар. Бап шабатын да, бақ шабатын да кез болады. Осының екеуіне де ептілік керек. Өзгені сыйлау өзіңді сыйлауға әкеп соқтырады. Дүние бір жақты емес, екі жақты. Шым-шытырық қиялға шомған Меңдіқара Ақбикештің даусын естіп, артына қарады. Қызының қары маймай... Өзі терлеп тұр. Меңдіқара аяп кетті. Сәлден кейін «кәнігі қара жұмыс қой» деп өзін-өзі уантты. Енді біраздан кейін қызыма күмбез сырын айтсам ба екен? – деп тұрды да шұғыл айныды. «Әзір ерте» деген байламға келді. II Курорттан оралған Сағырбай Шәкібаевич өзінің зайыбына: – Салмақты жеңілдетіп, бозбала боп қайттық! – деп насаттанды. Кәмшат Сәлімгереевна ашық күлді. Бір кезде күйеуі «Соцнакопление» деп қарнын сипап мақтанушы еді. Енді арықтағанына мәз болады. Салмақтан шұғыл арылған адамның жадына зақым келетінін және білмейді. Жұбайының сөзін бір жақты ұққан Кәмшат: – Сені Солтүстік Кавказға жібермей Қырымға жібергенде көкірегіне шыр байласын деп жібергем. Қатпа боп қайтқаның қалай? – деп ренжіді. Сағырбай ойланбастан:
– Көн қатса қалыбына барады, қатын! – деп чемоданына қол салды. Кәмшат жадырады. – Жүрегім қыжылдап жүр еді. Жемісің жақсы болды. Сағырбай да жадырады. – Мускатты менсінбейсің, ә қатын? Бұл – қасқалдақтың қаны! Кәмшат Қырымдағы құрбысының есімін атап, жағдайын сұрады. Сағырбай: – Жағдайы жаман емес, бірақ аралас-құралас бола қоймайды, – деді. – Неге? – Қырымдықтар мұрнынан шаншыла жығылады екен ғой. – Сағырбай «Еһе-еһе!» леп лекіте күліп алды. – Теңізге айында бір түседі екен. «Балық судан шөлдейді» деген осы! Кәмшат иланды. Әр нәрсе етене болғанша таңсық. Қазақтың «алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген өлеңі осыған саяды. Кәмшат: – Қуырдақ жасатып жіберейін. Басты кешке жолдастарыңмен бірге жерсің, – деп дәлізге шығуға ыңғайланды. Бұл түс әлеті еді. Көп ұзамай Кәмшат жұмысына кетті. Жол соғып келген Сағырбай көз шырымын алмақ боп диванға қисайды. Екінді кезінде ол бешпентін иығына жамылып тысқа шықты. Особняктың ауласы балапан талдарға ұласатын еді. Бауды аралап бой сергітпек болды. Ол баудың ішіне біршама енгенде жастар ұшыраса бастады. Бәрі желбегей, қайсы-бірі бешпентін иығына асып алыпты. Сағырбай есінеп: «Кәрі-жасты теңестіретін сары жазға не жетсін, шіркін!» – деп бір қойды. Ол курортты еске алды. Пляжда үлкен адамның
өзі бала сияқтанып кетеді. Аудандағы «Сағырбай Шәкібаевич» ол жерде «Саша» боп кетті-ау! Күнге қақталған келіншектің алақанына тас салудан қысылмады-ау! Бойжеткен қыздар: «А я люблю женатого!» деп ән салғанда құлақ тосырқамады-ау! Сағырбай Шәкібаевич танысқан белді қызметкерлер: «Біз бұл арада дикармыз!» деп күлісті-ау! – «Кімнің жерін жерлесең соның суын суларсың» деген. Сағырбай Шәкібаевич та «дикарь» боп қайтты. Бірақ аудан жабайылықтан тез арылтады. Бұл жақтың пірі – салмақ. Көшеде аяқты нығыз баспасаң болмайды. Ұшқарылық атаулы сахараға желдей жылдамдықпен тарайды. Шәкібаев бешпентін киіп, клубқа қарай аяңдады. Галстук тақпағанына өкініп келе жатыр. Клубта кино болашақ екен. Жұрт бірен-сарандап билет алып жатыр. Шәкібаев ойысып баудың шетіне шықты. Ол жерде бұрыннан жасанды стадион бар-ды. Доп теуіп жүрген ересек балалар Шәкібаевты көргенде құлшына түсті. Әлде біреулері өзара: «әй, Сағырбай Шәкібаевич қарап тұр» десіп қалды. Он жылдық мектепте оқитын осынау балалардан құралған футбол командасы – Сейдін ауданының жаңалығы. Бұлардың ойынын көріп, қолпаштап жатқан жұрт жоқ. Сөйте тұра команда тарқамайды. Өткен жылы бүкіл республика бойынша екінші орын алған да осы команда. Осыдан кейін Шәкібаев жас талапкерлерді қабылдап, марапаттап, біраз жағдай жасады. Бір-екі рет аудандық активте сөз сөйлеп, уағыздады да. Бірақ аудан жұртшылығы жанкүйер қауымға айналмады. Даланың аты дала. Сағырбай Шәкібаев көшпелі елде туып өсті. Теріскей атырабы кең. Өзін қай ауданға телісе де сыя береді. Екеуара қолтықтасып оңашаланғанда тайпаны атай-
тын адамдарға сыр жармайды. Іші жылығанда «бұндай сөздің керегі не?!» деп тайғақ қағады. Шәкібаев әр кезде, әр жерде там-тұмдап оқыды. Бертінде қысқа мерзімді курстардан өтті. Неше түрлі қызметте боп ақыры алыстағы ауданнан байыз тапты. Сөйте тұра қаланы аңсайтын кездері де бар. Шөре-шөре тіршіліктің шәркездігі аршылмай келе жатыр. Ол үйіне оралғанда күн кешкіріп қалған еді. Бір топ кісінің үстінен шықты. Кәмшаттың қағанағы қарқ, сағанасы сарқ, қызметкер кемпірге қол ұшын бергіштеп, ас қамын жасап жүр. Сағырбай ас бөлмесіне кіргенде ұзын столда отырған жұрт жапырлап тұра бастады. Шәкібаев: «Отыра беріңдер!» деп оң қолын қалықтатты. – Дені-қарның сау келдің бе, қарағым! – деді Меңдіқара. Сағырбай «шүкір» деудің орнына: – Қашар бітті ме, отағасы?! – деп сұрады. Меңдіқара күмілжіді. Сағырбай: – Енді, отағасы, «Жигули» де алып береміз. Жақын арада екі наряд келеді, – деп басын кекшитті де, қалтасынан ұзын сигарета шығарды. – Қырымнан әкелген подарок, шегіңдер! – Подарок пе, теберік пе? – деп Меңдіқара қасын қағып қалды. Сағырбай «қойшының да осындай қуы болады екенау» деп таңданды. Әңгімеге Злиқа араласты. – Сағырбай Шәкібаевич, хабар-ошар бермей, Суворовша сау ете қалғаныңыз қалай? Сағырбай Шәкібаевич түсіндіріп өтті. Облыс орталығынан звондамақ екен, қарбаластан қолы тимей самолетке бір-ақ шығыпты. – Сәкең келді деген соң жүз жиырмаға бастым-ау, –
деді Бексейіт. – Авария болса қайтесің? – Е, Сәке, сіз үшін өлсек арман не? Есімімді интернатқа қойғызасыз ғой, ең болмағанда! Сағырбай байсалды сөзге ауысты. – Сәкең үшін шейіт болудың керегі жоқ. Сәкең орнынан түссе Мәкең келеді ертең. Ал, бірақ, есімімді паш етемін дегенің жөн. Совхоздың директоры осылай ойласа жаман болмайды. Бексейіт Байғожин насаттанды. – Сәке мен кандидаттық диссертация қорғайтын болдым. – Тақырыбың не? – Қаракөлдің елтірісі. Әңгімеге Тұрысбек килікті. – Тері-терсектің ғылымға айналғаны ма? Бексейіт қарсыласты. – Мемлекетке қыруар қаржы түсіріп отырған елтірі ойыншық па екен? Оның да алтыны бар, күмісі бар, жезі бар. Мен алтынын аршимын. Тұрысбек мырс ете қалды. – Қамқалы совхозынан алхимик шықты десеңші. – Алхимигің не, әй? Тұрысбек әзілге шаптырды. – Ертеде өткен бір антұрған! Бексейіт Сағырбайға бұрылды. – Сәке! Пернебеков жатып атардың дәл өзі. Оғы қапылыста тиіп жүрмесін! Пернебеков те Сағырбайға бұрылды. – Байғожиннің пышағы рақтан да қауіпті. Байғожин: – Совхоздың пышағын сен түгіл мына Сәкеңдер де сыйлайды, – деп салды.
– Инженер пышақ үстінен бөлісуді білмейді, – деді Пернебеков. Байғожин белденді. – Ішіңді жаңа ақтардың ғой. Якобы адал сөздің арғы жағында не жатқанын байқайсыз ба, Сәке? Домалақ арыз жазғыш қу ғой, бұл? Пернебеков: – Мен арызымды ашық айтатын адаммын, – деді. Шәкібаев екі қолын қалтасына салып, әрлі-берлі жүрді. – «Ақиқат айтыста ашылады» деген мәтел бар. «Ер шекіспей бекіспейді» деген мәтел және бар. Осы екеуінің ортасынан шыққан адам қызметтен құламайды. Байғожин: – Әттең бір конторда істемейміз. Немесе: «Не Пернебеков тұрады, не мен тұрамын» деп мәселені қабырғадан қояр едім, – деп орнынан тұрып кетті. Бұлардың егесін шала тыңдаған Кәмшат: – Кеңсенің кергілесін біздің үйге сақтап жүрме едіңдер? – деп ұнатпай қалды. Зайыбының сөзі Сағырбайдың шамына тиді. Ол столдың жақтауынан ұстап, әнтек қисайып: – Екеуің де тіл мен жаққа сүйенген жігіт екенсің. Өндірістен аулақтатып, культлавкаға жіберсек қайтер екен? – деп, жауап тосты. Бірінші боп Бексейіт Байғожин тіл қатты. – Әй, Тұрысбек, Сәкең сені шаң-тозаңнан құтылсын деп тұр ғой. Культураға сен барғын! – Культура кандидаттық атақ қуған саған лайық! – деді Пернебеков. Шәкібаев «еһе-һе»-леп тағы да лекіте күлді. Аламыш жібек орамалымен көзін сүртіп жатып. – Екеуіңнің де жылың мәлім болды! – деп орнынан
отырды. Кәмшаттың бастапқы ойы аудан басшыларын шақырып дәм татқызбақ еді. Ойда жоқта сау ете қалған кісілер шырық бұзды. Кәмшат «бұйырған малға тісің тисін» деген осы деп бағланның басын Меңдіқараға тартты. Қонақтар тез тарқады. Бұйымтай айтқан біреуі жоқ. Меңдіқара ғана орталық дүкеннен кілем сұрай келгенін, «шақша бас» сатушының көнбегенін айтып өтті. Сағырбай: «Какая чепуха» деп, Злиқаға көз тастады. Злиқа Байғожина Шәкібаевтың орынбасары. Дәлірек айтқанда, екі орынбасардың бірі. Өзі «Қамқалыда» тұрады. Ауданға машинамен қатынайды. Совхоз басшыларының, оның ішінде өзінің күйеуі Бексейіт Байғожиннің әпшісін қуыратын орынбасар да осы. Аудан бойынша сауда-саттық жағын басқаратын да осы әйел еді. Ол Шәкібаевтың көз қарасын анық ұғынды да Меңдіқараға записка жазып берді. Бексейіт ұрымтал жерде есесін жібергісі келмей: – Маған да бір кілем жазып берші, маржа, – деді. Зылиқа ашу шақырды. – Мен саған маржа емеспін. Төрағаның бірінші орынбасарымын. Өзіңді шампанның тығынындай ұшырып жіберейін бе? Бексейіт Байғожин кәдімгідей сасып қалды. – Прошу прощения, Злиқа Нұрғалиевна! – Я тебе дам «прощенья», – деді Злиқа. Неге екенін қайдам, Шәкібаевтың қыбы қанды. Ішінен «орынбасар болсаң осындай бол» деп тұр. Бексейіт мұң шағып жатыр. – «Көккөз өз үйіне өзі жасауыл» деген бар еді. Сол сияқты мынау орынбасарыңыз маған күн көрсетпейді. Диссертация қорғасам қалаға қашар едім. Злиқа:
– Әй, сенің авторефератыңа көмектескен кім? – деп екіленді. Шәкібаев: «Әйелдің бір есептен, адуыны жақсы. Облыстан келген комиссияға қайрат көрсететін де осы Зиқа!» – деп сүйсініп тұр. Ол әзіл-оспақ араластыра сөйледі. – Сіздің семья – үлгілі семья. Өзара сын да бар, ізетілтипат та бар. Қала мен даланың қарым-қатынасын да сіздерден көріп жүрміз!.. Зиқа шешілді. Ол күтпеген жерден ұсыныс жасады. – Ертең жексенбі ғой. «Қамқалыға» келсеңіз қайтеді. Қызыл көлге пикник жасаймыз. – Шақырайып тұрған көлге ме? – деп сұрады Шәкібаев. Злиқа көл жағасына күмбез орнатылғанын айтып өтті. – Күмбезі несі? Әңгімеге Меңдіқара араласты. – Төбесі жез түніке болғасын «күмбез» деп тұр ғой. Ол маған соққан там. – Қашар қайда? Меңдіқара күмілжіді. Шәкібаев бірінші рет ашу шақырды. – Немене тіліңіз күрмеліп қалды ма? Меңдіқара шамданды. Столдан жырақтап, қолымен жағасын ұстады. – Қарағым, Сағырбай, «Қамқалыда» қой қырылдағанда мені облыстың бірінші басшысы Байсалов та тілдеген жоқ еді. Айдың, күннің аманында неге діңкілдейсің?! Жазығым әрбір жүз саулықтан екі жүз бес қозы өндіргенім бе?! – Жоқ, сіз маған қашарды айтыңыз! – деді Шәкібаев. – Қолдан тас қора соқтым, – деді Меңдіқара.
– Цемент қора қайда? Меңдіқара шамалы ойланып, көсіле сөйлеп кетті. – Цемент қорадан қыста өкпе боп қой қырылады. Сол үшін цементті көл жағасына соққан тамға жұмсаттым. Шәкібаев Пернебековке бұрылды. – Жолдас инженер, бұл қалай! Пернебеков геройға үй салып беруге рұқсат барын, жалдамалы гректерді пайдаланып қалғанын айтып өтті. – Бізге қашар керек, – деп ежірейді Шәкібаев. Пернебеков қыңбады. – Шопанға баспана керек! Шәкібаев: – Әй өзіңнің тілің шығайын депті ғой, – деп, әрліберлі жүргіштеп кетті. Ол Тұрысбек Пернебековичпен алғаш танысқан кезін еске алды. Қорғасын кенін басқаратын комбинаттың директорына көршілік базыналықпен кірпіш сұрай кіргенде ол техникалық жабдықтау бөлімінің бастығын шақырды. «Жабдықтаушы» кірпіштің келген бойда құрылыс объектісіне түсірілгенін, өз қамбасы одан құралақан екенін айтты. Осыдан кейін учаскеден Пернебеков шақырылды. Ол директордың сөзіне қыңбай желеуретті. Сыбайлас ауданның сағын сындырғысы келмеген директор бұйырды. Пернебеков маңызды құрылыстың ақсайтынын айтып, қарсыласты. Капиталдық құрылыс бөлімі бастығының орнында уақытша отырған инженердің қыңырлығына директор шамданды. Ол екінші рет бұйырғанда, Пернебеков «Ертең главкаға өзіңіз жауап бересіз» деп айбат шекті. Директор «Сіз мені главкамен қорқытпаңыз» деп жуан қарындашпен стол тықылдатты. Арада бірнеше күн өткенде ауданға кірпіш те келді. Бірақ өңшең сынық, кесек боп шықты. Монша орнатуға жарамайтын
болғандықтан құмға жөнелтілді. Ол жерде шопандарға баспана орнатылды. Құм-блокқа қосылған сынық кірпіштер кәдеге асты. Бұны місе тұтпаған Шәкібаев комбинаттың директорына хат жазды. Талай рет аң ауласып карта ойнаған сыйлас адамы еді. Жанына батыра жазды. Осыдан кейін Пернебековтың жолы болмағанын әркімдерден естіп жүрді. Және бірде облысқа бара жатып кенге түстенгенде рестораннан Пернебеков ұшырасты. Пернебеков қояр да қоймай сыйлады. Екеуі сұраса келе бөледен туған бөлашар боп шықты. Екеуі қайтадан тост көтерісті. Осыдан кейін аралас-құралас басталды. Сөйтіп жүргенде аудандық ПМКа-ның бастығы істі болды. Құрылыс материалын шопанға сатқаны үшін тергеуге алынды. Алыстағы ауданға екінің бірі тілене бермейді. Облыс инженер жібере қоймады. «Құлынның қасуына мылтықтың басуы» демекші, Шәкібаев қорғасын кенінде жолы болмай жүрген маманды шақырды. Сол маман осы! Тұрысбек Пернебеков! Өзімен тіктескен құрылысшы! Шәкібаев дастарқан басына қайта келді де саусағымен стол тықылдатты. – Сен осындай мінезді қайдан алдың? Жігіт деген жібектей есіліп, қыздай сызылып тұрмас болар ма? Пернебеков орысша жауап қайтарды. – Все зависит от места, обстоятельств и времени. – Философияны қайтесің, бала! – деді Сағырбай. – Қашардың расчетін жасағаныңды білсеңші! – Сізде о да жоқ қой! – деді Тұрысбек. – Математиктің бір ноқаты кем болады! – деді Сағырбай. Тұрысбек ұтатын жерін ойлады.
– Лев Толстойдың «Математика – отец всех наук» дегені қайда? – Ет жемей өлген шайқыслам шалды қайтесің, батырау?! – Сағырбай. Тұрысбек таңданды. – «Музыка Бетховена – одна ерундовина!» деген сияқты болды-ау бұныңыз. Сағырбай мысқылға көшті. – Бұл күнде цитата кісіні дүбәра қылады. Тұрысбек таңданды. Кәмшат жуып-шаймақ болды. – Жатар орынға ерегіс жарамайды. Жаман түс көресіңдер!.. III Бұл ауданның жер көлемі Бельгияның, былайша айтқанда, бүкіл бір мемлекеттің жер көлеміне барабар. Бельгияда тоғыз миллиондай адам тұрса, бұл ауданның жан саны отыз мыңмен шектеледі. Совхоздан қыстаққа, қыстақтан ауылға бөлініп кете барады. Аралары алшақалшақ. Бәрінен алшағы – отарлар. Қысы-жазы көшіп жүретін де осы отарлар. Ауданды аудан етіп тұрған ат төбеліндей көшпелі қауым. Олар бағатын мыңғырған мал. Сағырбай Шәкібаевтың көбірек көңіл бөлетіні де осы екеуі. Рас, бұл жалғыз Шәкібаевтың бәсіресіндегі нәрсе емес. Аудандық атқару комитеті көбінесе қаржы жағын, құрылысты, сауда-саттықты басқарады. Сөйте тұра ол мал шаруашылығына да жауап береді. Обком райкомнан сұраса, облисполком ауаткомнан сұрайды. Үзеңгі қағысқан екі мекеме қамқорлық жасауды көпсінбейді. Шаруашылық саласынан көпшілік боп кеңесетін
проблема туғанда білгіш ұтады. Аудан басшылары шаруашылықтың бүге-шігесін бес саусақтай білуге тырысады. Насихатшы екеш насихатшының өзі көрсеткіш кестесін қалтасынан тастамайды. Бұқараның табысына басшылық арқылы, қамқорлық арқылы ортақтасу бар да, мадақтау арқылы қатысу бар. Бұның соңғысының өзі орайлы жерінде кәдеге асып жатады. Кеше райкомда пленумге әзірлік мәселесі қаралғанда Шәкібаевтың осы шындыққа көзі жетті. Бюро мүшелерінің қайсыбірі науқанның маңызы туралы сөйледі. Шәкібаев ішінен жымиды. Маңызға кім қарсы болмақ?! Бірақ бұндай сөзге ауаткомда орын да табыла бермейді. Бюджеттің цифры, құрылыстың расчеті, сауда-саттықтың сомасы тақ-тұқ сөйлеуді талап етеді. Осындай машыққа дағдыланған Сағырбай Шәкібаевты кейбіреулер «Сухарь» деп те атайды. Шымбайға батпас шымшыманы құлағынан асыра тыңдайтын Сағырбай: «сухарлар баршылық қой!» деп жүре береді. Кешегі мәслихаттан кейін ол осы маңайдағы шаруашылықтарды сүзіп шықпақ болды. «Осы маңайдың» өзі күндік жерлер. Қона, түстене араласа бірнеше күнге созылып кетеді. Шәкібаев кеңсенің ісін бірінші орынбасарына тапсырды да, қасына Пернебековті алып жолға шықты. Жері кебіртек, бірақ жазық еді. Былай шыға келе «газикті» Пернебеков айдады. Енді бір шама жер жүргенде рульге Шәкібаевтың өзі отырды. Алыстағы ауданнан тапқан бір олжасы осы! Оңаша сапар керек болғанда шоферсіз тарта береді. Шіркін, айдалада бұлақ басында аунап-қунағанға не жетсін! Қиырсыз сахараның бір ғанибеті ғой, бұл! Сағырбай Шәкібаев шофердің қолын қақпайды. Бірақ өзі айдағанда құйындатпайды. Лауазымына сәйкес
сақ желіске салады да отырады. Сабырлы салмақ! Ұшқарылықтан ұшып кету тіптен оңай. Қазақтың «мың күн баққан арықты бір күн ұрындырған өлтіреді» деген мәтелі де осыған саяды. Бұны фәлсапа тілінде кездейсоқтық дейді. Мынау Тұрысбектің жағдай мен уақыт туралы түсінігі шалағай. Одан гөрі «Все течет, все меняется» деген қағида өмірге жуық. Бұл уақыттың салтында құйттай кездейсоқтық насырға шабуы ғажап емес. Мазмұн мен форманың қайшылығы асқындағанда тіл мен жаққа сүйенушілер көбейе ме. Бір ауыз сөзден сүрінушілер мазмұнға жетпей сорлайды. Отыз тістен шыққан сөз отыз әріп іспеттес. Бәрін бірден тауысу шарт емес. Таңдаулысын алмаққа керек. Шәркез ойға шомып келе жатқан Шәкібаевтың машинасы кенет сүрініп, ұшып кете жаздады. Алдыңғы доңғалағы орға ұрынған еді. «Міне, – деді Шәкібаев ішінен, – осы сүріністің өзінде заңдылық бар. Рульде қиялдану түгіл шылым шегуге болмайды. Қап! Екі жігіттің обалына қала жаздадым-ау!..» Ол орнын шоферға берді. Ендігі жол да жайсыз еді. «Газик» өгізшедей мөңкіп маза кетірді. Осынау жол үшін аудандық активте әлдекімдер Шәкібаевты сынады-ау! Сағырбай Шәкібаев жол салдырмайын дей ме екен. Бірақ затты қайдан алады? Поселкелердің көшелеріне жетпей жатқан гудрон сайын сахараға жұқ болар ма? Қаржыны кім берер? Оны да қойшы? Бүгін бір отарға жол салсаң, ертең ол көшіп кетеді. Ауа райын күнілгері сезетін киіктей, кәнігі малшы әккі. Шүйгіннен шүйгін қуалайды. Өзара қырқысқанда қайсысына болысарыңды білмейсің. Мемлекет үшін бәрібір. Сен, бірақ малшының озатын қуаттайсың. Социалистік Еңбек Ері мен депутат өз алдына. Олардың қорығы заповедникпен тең. Осының өзінде бір әбестік бар
ма, қалай?! Бір кезде қолдан үлгілі колхоз бен совхоз жасалды. Оның ақыры көзбояушылықа әкеп соқты. Мемлекетке қыруар зиян келтірді. Тәжірибе – төреші. Сайып келгенде, береке бұқарада екен. «Көп түкірсе көл» деген рас. «Көп қорқытады, терең батырады» деген және рас. Сахараға тең таразы керек. «Таразыдан жеген – тасбақа» деп ілгерідегілер бекер айтпаған. Еңбек пен зейнет – телқабыс. Оны ажырату обал. Екінші жағынан, бытыраңқы сахара шаруашылығында беделді адамдар биік деңгейге тең. Өзгелер оған теңесуге тырысады. Қолдан жасаған биіктік мылқау мұра боп қала береді. Ойының осы арасына келгенде Сағырбай сол жақ иығына бұрылып: – Қойшы шалға күмбезді қалай соқтың, ей, – деп сұрады. Тұрысбектің бұл күтпеген сұрағы еді. Ол тамағын қырнады. – Сәке-ау, ол күмбез емес, дача ғой. – Бекер болған, күмбез соғу керек еді! Тұрысбек таңданып келеді. Әнеугі күні осы кісі «қашардың орнына там салдың» деп жер-жебіріне жетіп еді. Енді жол-жөнекей өзгере қалыпты. «Бәлем құбылмалы кісі-ау» деп ойлады. Осыдан кейін ол «төрағаның» оң жағына асыла, үздік-создық сөйлеп бара жатты. Әр нәрсенің басын шала келіп: – Облыс бізге қысқы өріске құм-блоктан үй соқтырады. Оның қабырғасына қырау тұрады. Шопандардың кілем іздейтіні сондықтан, – деді. – Бұнымен не айтқың келеді? – деп сұрады Шәкібаев. Пернебеков темір жолдан мойны қашық ауданға қыш өртейтін карьер жасау керек екенін айтып өтті.
– Ей, оның қиын ғой, – деді Шәкібаев. – Қалада өзбектің екеу-үшеуі бірігіп қыш күйдіре береді. Біздің аудан отыз мың емес пе! – деді Пернебеков. Шәкібаев басын салбыратып, желкесін күжірейтті. Әлден уақыттан кейін: – Ауданға оралған соң есіме салшы! – деп қырын қарады. Жақ сүйегі томпалақтанып көрінді. «Ботқа бет адам қыртысты келе ме, қалай?!» – деп ойлады Тұрысбек. Бұлар түс ауа шамалы аялдады. Машинаны желге қарай қаңтарып, өздері көлеңкесінде тамақтанып алды. Сағырбай «Сарыағаш» суын шыныдан жұтып жатып: «жылып кетіпті ғой, бәтпақ!» деп бір қойды. – «Бетпақ» емес, «бәтпақ». Тұрысбек «менің осы жекжатымның түбі қожа емес пе екен?» деп ойлады. Ол өзінің бір сырлас жолдасын еске алды. Үш жүздің баласын сөз саптауынан, әлпетінен ажырататын сыншы адам еді. Сол жолдасы: «есіңде болсын, қожаның дауысында қырағат болады. Сыңғырлаған дауыстан сақтан» деуші еді. Тұрысбек «сөзді бұзып сөйлеудің себебін неге сұрамадым одан?!» – деп өкінді. «Сөз бұзудың себебін неге сұрамадым?!» Өзіңіз қызық адам екенсіз! Сіз екі сөздің бірінде «арматурное железо» дейсіз. Ал, каталогта ол «прутковое железо». Тіпті «железоның» «сталь» боп ауысқанына да талай заман. Ауызша сөз әр қилы айтыла береді. Сағырбай Шәкібаевич айдалада «бәтпақ» дей салды. Онда тұрған не бар?! Күнгей асып келген теріскейліктер жұртты таңдандырмақ үшін «кәм» дейді, «кем» демейді. Оның тілін бұрайсыз ба? – Теріскей асып қайтқан күнгейліктер «бағананың» орнына «манка» десе, көршілері күледі. Оларға «күлмеңіздер!» деу жөн болар ма екен? «Жер кепені» – «жер үй» дейтіндер де бар. Оларға айып салу
қиын. Ал, «жұмыс істеймін» дұрыс па, әлде «жұмыс жасаймын» дұрыс па, бұған тіптен төрелік жоқ. «Бұралқы сөз күлмекке жақсы», шынтуайтқа келсек, тіл бұзудың төркіні әсіре қызыл әсершілдікке саяды. Ала-бажақ көйлек киген адам жұртты жалт қаратса, шұбар сөз де сол секілді. Сіз «егер» десеңіз ешкім таңданбайды. Осы сөзді «мәгер», «Мәгәрки», «әгәрдәм» деп бұзсаңыз, кейбіреулер сізді білгіш деп ойлайды. Қазақ ренжісе «жөні түзу сөз құрып қалды ма?» деп сұрайды. Жөні түзу сөз бар, әрине. Бірақ оны өзіне билетпесе қайтесің? Қызыл тілде буын жоқ болса, сөз озбырын жағадан алу тіптен қиын. Бет-аузы бүлк етпестен «бұл менің сөзім» дейтіндер бар-ау! Бұған не істейсіз? Сөзге ен салып, таңба басуға болмайды. Ендеше дауасыз даукеспен дауласуға тағы болмайды. Амалсыз көнесіз. Желке қасумен тынасыз. Бұралқы сөзден секем алған құрылысшы-инженер асыл сөздің спецовка ішінде туатынын пайымдамайды. Қырғыз ақыны: «келді маляр, қараңғы үйді майлады: осы жігіт жігіттердің қаймағы» деп тауып айтқан. Құнары сүзілген сүт іш кептіреді. Сұлу сөз құлаққа, шыншыл сөз көкейге жағады. Шәкібаевтың осының екеуіне шөре-шөре екенін Пернебеков күңгірт түсінеді. Оның өзі де екіұдай. Бірде тәуелсіз кәсіпке сенсе, бірде бөгдені арқа тұтады. Тамыр-тыныс сағалаудың соқпағы тайғақ екенін болжамайды. Тұрысбек Пернебеков қорғасын кенінде жүргенде көрші аудан өзгеше әсер етуші еді. Ол өзі сияқты инженерлермен, кейде механиктермен, кейде бухгалтерлермен бірігіп, демалысқа қарсы күндері сахараға саяхатқа шығушы еді. Аң аулап, көкке аунап дегендейін көңіл көтеруші еді. Енді сол сахараның өзінде өзін басқа әлемнің ішіне кіргендей сезінеді. Арасы алпыс
шақырымдай кен мен аудан бір-біріне ұқсамайды. Пернебековтен дәрежесі үлкендер жолаушы шыққанда кабинаға қызықпай оның қасына отыра кетуші еді. Шәкібаевта ол жоқ. Онымен жарытып сөйлесе алмай келе жатуы да сондықтан. Дегенмен, ол бір кілтеңде: – Сәке, осы жақтың табиғаты тамаша! – деп, әңгіме туғызбақ болды. Шәкібаев күтпеген жауап қатты. – Сенің құрылысшы болмай мал дәрігері болуың керек еді. – Қазаққа құрылысшы таңсық, – деді Пернебеков. Шәкібаев түзету енгізді. – Қазаққа емес, республикаға, ақымақ! Пернебеков басын шұлғыды. IV
Жапан түзде қазылған құдықтарды, салынған қораларды көзбен көріп тексерген төраға қыза келе Шуға тартты. Сейдін мен басқа бір облыстың шекарасында орылған қамысты маялап жатқан шөпшілерге аялдады. Бұл жерде пресс жоқ, қолдан маялайды. Жұмыскерлер бесақамен лақтырып, шөмеле үстін жанышқылап жатыр. Айнала ор қазып тастапты. – Оларың жіңішкілеу емес пе? – деп сұрады төраға. Жұмыскерлер бригадирге қарады. Бригадир: – Маңайдың бәрі тап-тақыр. Өрт қайдан келеді. Мынау орды Байғожиннің әмірі бойынша қаза салдық, – деп түсінік берді. – «Сақтықта қорлық жоқ», – деді төраға. Пернебеков маяны айналып шықты. – Әңгіме орда емес, торда, Сәке! – деді ол Шәкібаевқа. – Күзде дауыл соқса мынау мая қаңбақтай ұшады.
Демек, айнала қазық қағып, сымтемірмен шаңдып тастау керек. Шәкібаев шамалы ойланып: – Инженер дұрыс айтады, – деді. Сымтемір жоқ боп шықты. Бригадир: – Бөксебать еткен машинаны сүйрейтін тростан басқа бізде түк жоқ, – деді. – Сен аузыңды қу шөппен сүртпе, – деді оған төраға, – жерден қазсаң да шаңду табасың! – Тросты тарқатамыз-дағы! – деді бригадир. Пернебеков қарқылдап күлді. – Тросты тарқату үшін Қажымұқанның саусағы керек. Бұл бір. Екінші тарқатқанның өзінде ол қанша шөмелеге жетеді? Шәкібаев екі қолын қалтасына салып, әрлі-берлі жүргіштеп кетті. Әлден уақытта: – Тұрысбек, сен ертең ауданға оралған соң облысқа жөнел. Сымтемір әкел! – деді. Әңгімеге бригадир араласты. – Осы маңайдағы моланың қоршауын сыпырып алсақ қайтеді? Жапан дала ғой... Шәкібаев ойланып қалды. Ел көшкен кәрі жұрт! Аттайтын ит, таптайтын мал жоқ. Бірақ әруақтың аты әруақ. Сағырбай жер-жерлерде болған зират оқиғасынан хабардар. Әңгіме бұнда да емес, әрине. Бір кезде тарихи ескерткіштерді «әулиеге» балап бұзған аудан басшылары бертінде қатты сыналды. Осы алуандас жәйттерді ескере келіп: – Қоршауды бұзуға рұқсат жоқ, жолдас бригадир! – деп, темекі тұтатты. Тұрысбек Сағырбайды қолтықтап, шетке шығарып әкетті. – Сәке, сізге шынымды айтсам, бұл маңайда шөп шабудың керегі жоқ, қалың қамыстың іші жоқты келеді.
Онда мал жұтамайды. Адамға жел тимейді. Тамырына балта шабатын нәрсе басқа. – Облысқа жоспар керек! – деді Шәкібаев. – Қазаққа қамыс керек! – деді Пернебеков. – Әй, сен, қашардан аспай-ақ қойсаңшы! – Сәке-ау, малға қамыс қора майдай жағады. Цемент қора залал. – Онда қамыс оруға неге қарсы боласың? Пернебеков: – Түу, сіздің өзіңіз қызық екенсіз, – деп теріс айналды. – Өкпелеп қалдың ба, әй ит! Тұрысбек түсіндіріп жатыр. Орылған қамыстың құнары қашады. Бұл бір. Желге ұшады. Бұл екі. Екінің бірі тасып әкетіп, үй жабады. Бұл үш. Өрттің орнына құрақ шығады, орақтың орнына шықпайды. Бұл төрт... Шәкібаев сүйсінді. – Сенің мойның былқ-сылқ еткенге мен ләйлік пе деп жүрсем бірдеңе біледі екенсің ғой. Пернебеков қызына түсті. – Сіз ақ егіннің арам шөбін, көк егіннің шырмауығын білесіз, әрине. Шытырдан түйе, лоқатектен жылқы өлетінін білесіз бе? Ақ тікен дейтін шөпті ақ ешкіден басқа түсті ешкі жесе серіппей қататынын естуіңіз бар ма? Ақ сиыр мен басқа түсті сиырдың улы шөпті әртүрлі қабылдайтынынан хабардарсыз ба?.. Шәкібаев «осыныкі шын ба, жоқ әлде жорамал ма?» деп бір қойды Бұл екі арада Тұрсынбек Пернебеков сахара басшысының өсімдік атаулыны бес саусағындай білгені жөн екенін айтып өтті. Ақылгөйлікке Шәкібаев шамдана бастағанда Тұрысбек жалт берді. – Сіз отырыста аузыңыздан тастамайтын Сәкен Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешуде» қаншама шөптің
атын жіпке тізеді. Одан бертінде Ілияс Жансүгіров қалай тізбектейді. Білгіштер ондай атаулар Абай мен Махамбетте де көп деседі. – Сен кейін осының бәрін маған жазып берші! – деді Шәкібаев. Екеуі шөпшілерге келгенде бригадир шағым айтты. – Сәке, әйелім әкім деп Бексейіт Байғожин бізге күн көрсетпейтін болды. Таудың шөбі құрып қалғандай бір шығанға әкеліп маса, сонаға жем қылып қойды. Соңыра күн бата шегірткедей қаптағанда тығылар саңылау таппаймыз. Ең болмаса масаханамыз да жоқ. Шетімізден безгек болуға айналдық. Шәкібаев кіржің етті. Ішінен: «Антұрған, өтірік айтады» деп тұр. Ол сөз ертпеу үшін бетін қайтарып тастамақ болды. – Немене сендердің терілерің сіркенің қабығы ма? Көлдегі пішеншілер қалай шыдап жүр?! – Бұл жердің батпағы шірік! – деді бригадир. Сағырбай кеңкілдеп күлді. – Одан да эвкаливт отырғыз десеңші! Бригадир шамданып қалды. – Сіз депутат болғанда азанғы сағат алтыда дауыс беріп, аудандық газетке шығып едім. Енді «еп қылып» дейсіз бе, немене? Шәкібаев жуып-шаймақ болды. – Жігітім, менің айтқаным безгекке қарсы егетін ағаш. Саған үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бригадир шамалы жадырады. – Сомаладай қарабалықты өзінің майына қуырамыз, қазір! – Жоқ, біз жүреміз! – деді Шәкібаев. – Қап! Ауыздарыңыздың салуы жоқ екен! – деп өкінді бригадир.
Шәкібаев жұмыскерлермен қоштасып жатып: – Партия мен үкімет еңбектеріңді бағалайды, – деді. Жұмыскерлер жапырыла сөйледі. – Мынау Тұрысбектің құдығын қазып, қорасын соғысқандар ақшаны бізден үш есе көп табады. Бұл қалай? Шәкібаев шамалы ойланды. – Ол кесімді жұмыс қой. Дегенмен, директордың өзін жіберейін осында. Жағдай туғызсын!.. Сәлден кейін жеңіл машина жапан даламен зырлап бара жатты. Шәкібаев сапарды сәттілікке балайды. Қазақта «өтірік пен шынның арасы екі-ақ елі» деген сөз бар. Көз көрген рас та, құлақ естіген өтірік. Әсіресе түздіктер өсіре сөйлеуге әуес. Түймедейді түйедей етіп көрсеткеніне сенсең қапы қаласың. Күдіктене білу іскерліктің белгісі. Шәкібаев осылайша ойлайды. Ол көгілдір жібек шляпасын алшысынан ысырып, шалқақтап келеді. Бұл сәттерде оның көңілінде күдік жоқ, тәкаппарлық бар. Осы жүрістен танбаса аудан орталығына таң ата жетеді. Бірақ асығатын не бар. Машинаның ішінде қалғитын уақыт әлі алда. Жайлы жазда бір жерге қонып шыққанның өзі жөн. Сағырбай баяғы бір кездерді ойлады. «Жолаушы үйден шықса мүсәпір» деген мәтел иіс алмас ынжықтарға арналған. Еті тірі қазақ қоналқалықтан қам жемеген ғой. «Кім бар-ауды!» нығыздап айтсаң болды. Бұл уақыттың «сөйлес-ауы!» жеңіл машинаның сигналы! Жүк машинасын екінің бірі, әрине, менсіне бермейді. Сағырбай еңсесін тіктеп жымиды. Суреті шофердің алдындағы айнаға түсті. «Екі езуі екі құлағында» деген осы. Енді біршама жер жүргенде жол айырығы жан-
жаққа тарамдана бастады. Осының қайсысына түссең де елді мекенге алып барады. Қарбаластан қолы бос мұғалімдер, есепшілер, дүкеншілер үйінен табылады. Бірақ олардың қонақжайлығы қасыңда жат кісі болса жарасады. Шәкібаев жол-жөнекей кез келген қойшының үйіне түнеп шығуды жөн көрді. Осы ойын ол серіктеріне айтқанда, Тұрысбек: – Одан да Меңдіқара шалдың үйіне қонайық, Сәке! – деп ұсыныс жасады. – Әй, қу бала, Ақбикештің қолынан шай ішпекшісің ғой!.. – Геройдың үйінде басқа сусын да болады, ағасы! – деді Тұрысбек. – Тым бұрыс емес пе? Шофер басын шайқады. – Тарт онда геройдікіне!.. Машина жолдан шығып, мөңки жөнелді. Осылайша біраз жүргенде, Сағырбай: – Ішек-қарнымыз ақтарылатын болды ғой, – деді. – Аппетит ашылады, ағасы! – деді Тұрысбек. – Енді шамалы шыдасаңыз қасқа жолға қиып түсеміз, – деді шофер. Машина жолсыз жермен жүріп отырды. Орташа жүріс еді. Қасқа жолдың сүрлеуі көрінгенде шофер педальға басты. Машина зырғи бастағанда бір нәрсе тарс ете қалды. Машина оқыс бұрылып, қайыру бермей жантая құлап бара жатты. Сағырбай жанұшыра: «Ойбой-ой, ойбай-ай!» деді. Тұрысбек «спокойно!» деген сөзді айтып үлгірді. Ақырғы сәтте алдыңғы доңғалағы қалың бұтаға кептеліп машина кілт тұра қалды. Жолаушылар жерге түскенде машинаның жарқабақтың үстінде тұрғанын көрді. Енді бір лықыса күлталқан болмақ екен.
– Құдай сақтады! – деді шофер. – Тағдыр сақтады, ақымақ! – деді Шәкібаев. Жаңағы «ойбай» лезде ұмыт болыпты. Сағырбай Шәкібаевич екі қолын жанқалтасына салып, әрлі-берлі жүргіштеп жүр. Шофердің түсінігінен кейін «шөңгеден жарылатын балонды неге саласың?» деп кейіді. Запас доңғалақ болмай шықты. Шәкібаев және кейіді. Арашаламақ болған Пернебековке: «бүйректен сирақ шығарған сен» деп шұқшиды. Енді не істемек керек? Елсіз дала. Жаман жарқабақ. Асты шалшық су. Одан әрі бір-екі көлшік көрінеді. Ойласа келе шофер мен Тұрысбек елді мекенге жаяу тартпақ болды. Алғашқыда көнген Сағырбай ақырғы сәтте айныды. Жоқ, ол жалғыз қала алмайды. Іші пысады. Нағыз дағдарыс енді басталды. – Бәрібір бұл жермен машина өтпейді, – деді шофер. Шәкібаев Меңдіқараның ауылына қанша жер қалғанын сұрады. Шофер есептегенде, ол: – Кеттік сонда! – деді. Үшеуі жаяу тартты. Сағырбайдың есіне өз әкесінің оғаш бір мінезі түсті. Бір жолы жолаушылап келе жатып, түзге отырған жолдастарының аттарын айдап кетеді. Пәлен шақырым жерге жолдастары жаяу келеді. «Міне базыналық деп осыны айт!». Сағырбай тұнжырады. «Доңғалақ жарылғанға соншама шыбжыңдадым! Тегі, терім тарылған екен!» Ол ойда жоқ жерде шофердің арқасынан қақты. – Жігітім, сенде жазық жоқ. Жолсыз жермен жүргізген өзім. Шофер «задында Сәкең жаман кісі емес!» – деп ойлады. – Тек кейде басының сақинасы ұстап қалады. Дәрігер жеңгеміз неге емдемейді екен, ә!»
Бұлар қойшының ауылына түнделетіп жетті. Ауыл дегенде үш үй еді. Және үш жерде. Қой қосылып кетпейтін аралық сақтап, үш таған отыр. Ел жата бастаған шақта Меңдіқара абыр-сабыр болды да қалды. – Кемпір, тұр! Кісі келді! Кемпірі: – Жеті түнде қандай кісі? – деп көзін уқалады. – Молда-еке, сіз де басыңызды көтеріңіз, – деді Меңдіқара, шырағданның жарығын молайтып жатып. Молда көзін жыпылықтатты да: – Ассалаума-әлейкүм! – деді. Сағырбай Шәкібаевич шаршап келгенін ұмытып: – Так! – деп шалқайды. Тұрысбек жаяулап жүрудің себебін айтып өтті. Меңдіқара: – Машина сүйрейтін өгізімізді етке өткіздік қой, – деп өкінгенсіді. Шәкібаев: – Рация қайда? – деп сұрады. – Ылдида. Ферманың үйінде! – Таңертең ат әзірлеңіз. Бір білгір: «дүниеде ең тәтті нәрсе ұйқы» депті-міс. Сағырбайдың ұйқысын әлде қайдан сарнаған дауыс бөлді. Сары ауруға ұшыраған адамның даусы еді. «Құдайға мен не жаздым?!» деп зарлайды. Сағырбай: «Шамасы, орта жастағы адам-ау?» деп болжады. Ауру, әрине, анау шеткі үйде. Сағырбай Шәкібасвич таңертең көңілін сұрады. Ауданға барған соң дәрігер жібереді. Мүмкін Кәмшаттың өзі келер. Мүмкін, аудан орталығына апарып жатқызар. Ол өз ісі. Сағырбайдыкі – бос машинаға кездейсоқ жолаушыны мінгізгендей қайырымдылық. Ол «да!» деп бір қойды. Осы уақытта біреу қорылдай бастады. Бастығырыл-
ған адамның сүйкімсіз даусы еді. Сағырбай: «қап, мына қырылдақ молданы-ай! деп, аунап түсті. Көп ұзамай молда ұйқысырап сандырақтауды шығарды. Біресе міңгірлеп, біресе қырылдап сөйледі. Құдды мас адамның сандырағы! Сағырбай құлағын тосты. «Пәдәріне нәлет Тұрысбек тәуіп жеңгесімен зінәлас!.. ым... екеуі тырдай жалаңаш шомылды, ымм... Қызыл көлде үстінен шықтым... ыммм...» Сағырбай тыныс алмай тыңдап жатыр. Бірақ молда сөзін қайталамады. Әлден уақытта: «Тұрысбек... Кәмшат...» деп үнін өшірді. Әнеугі күні Кәмшат бір сөзінде Қызыл көлдің әңгімесін жұқартып айтып еді. Сағырбай ішінде молда жүрген дүрмектен қауіп илемеген-ді. Енді бақса мәселе басқаша сияқты. Сағырбай тітіркене бастады. Ол өткен өмірін еске алып жатыр. Жеңгедей алған бірінші әйелі нақұрыстау боп одан ажырасып кетті. Бұл күнде онымен көрісуге ұялады. Одан туған бала басыр боп қалды. Бұл күнде арнаулы үйде еңбек етеді. Кәмшаттан перзент жоқ. Жасы өткен соң оған өкініш және жоқ. Тұз-дәмі жарасып келеді. Көрікті әйел көздің құрты, көңілдің дерті ғой. Қол ұстасып жүргеннің өзіне мәз боласың. Адам не үшін сәнді киінеді? Жұрт ұнатсын дейді. Ал, көрген жанның аузының суы құрыса, атағыңды арттырады. Қазекең атақсыз және өмір сүре алмайды. Сағырбай қайтадан әйелін ойлады. Осы сәтте ол шар айнаның алдында ақ сазандай боп жатыр-ау! Көгілдір сәулені жақсы көруші еді. Мүмкін, шамға көк жібек жауып қойған шығар. Бірақ ауданда жарық кейде түнгі он екіде өшеді, кейде таң атқанша жанады. Бәрі жағдайға байланысты. «Жағдайға байланысты!» Сағырбай аунап түсті.
Осы сәтте бағанағы дауыс қайта сарнады. Молда жымжырт. Енді ол қырылдамай пысылдап жатыр. Сағырбай «шыны ма, өтірігі ме?!» деп ойлады. Миына қан кетіп тілі күрмелген адам сандырақтағанда ең жақын адамының есімін атаушы еді. Молданың атағаны Тұрысбек пен Кәмшат болды. Бұл қалай? Оның аузына кездейсоқ түсуі де мүмкін. «Түс түлкінің боғы» екені рас. Бірақ әккі молда тым анықтап айтты-ау! Кәмшаттың желеуреткенін жеріне жеткізіп, шымбайға батырды-ау! Сағырбай басын көтеріп, жан-жағына қарады. Қасында Тұрысбек жатыр. Одан әрі – молда. Сағырбай: «Жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді боп жүрмесе игі еді!» деп бір қойды. Таңертең шай үстінде ол: «Геройдың үйінде молдамен дастарқандас боламыз ә?» деп жымиды. Есіне түндегі ұйқастыру түскенде молдаға шүйіле қарады. Молда сескенер емес, көзінің қиығымен қиыла қарайды. «Сағырбай шырақ, біздің сыр осылайша айтылады!» деп тұрғандай. – Жайлауда неғып жүрсіз? – деп сұрады Шәкібаев. Молда анау шеткі үйдегі дімкәс адамды емдей келгенін айтып өтті. – Сырқаттың қасында неге болмайсыз? Молда күмілжіді. – Кеттік баршамыз, – деді Шәкібаев. Ауру орта жастағы адам боп шықты. Бет-аузы сарғайып кетіпті. Аяқ-қолы ісіңкі. Бармағымен басқан жері шұқырайып қалады. – Вот что! – деді Шәкібаев шоферына. – Қазір атқа мін де рацияға шап. Кәмшат «Уазымен» өзі келсін. Балонды, әрине, өзің де ұмытпайсың. Молда да тиісті сөзін қыстырып жатыр. – Келінге дұғай сәлем. Сары аурудың ішіне жағатын
дәрі-дәрмегін ала келсін!.. – Мен теріп әкелген кеуілді күйдіріп баса берсең, ісігің қайтады. Мен енді ауылыма қайтамын. – Молда-еке, бүгін сіз осында боласыз! – деді Шәкібаев зілденіп. – Сәбәп?! Шәкібаев: – Кейін түсіндіремін, – деп кеңкілдеп күлді. V Аудандық партия комитетінің пленумында оның баяндамасы тыңдалмақшы. «Мал қыстатуға әзірліктің барысы» күнара айтылып жүрген сөз. Бұл тақырыпқа қалай көсілемін десе де Сағырбай Шәкібаев ықтиярлы. Дегенмен, қамсыз болмаған да жақсы. Ол бүгін кеңсеге таңертең ерте келді. Бірақ әдет бойынша жұрт аяғы басылмай әрі телефон қоңырауы жиілеп, жұмыс істетпейді. Содан кейін ол тиісті қағаздарын алып, үйіне қайтты. Хатшы қызға кеңсеге түстен кейін оралатынын айтып кетті. Бірақ баяндамаға үйінде әзірленетінін айтқан жоқ. Қызметкер кемпірге ол дарбазаны ашпауға бұйырды. Телефонға жауап берудің керегі жоқ екенін ескертті. Оның бұқпантайы ашыла қалғанның өзінде кінәсі кешірімді. Жұрттың көбі баяндамаға осылайша даярланады. Жарыссөз үшін есік жабатын басшыларды да көріп жүр. Сонымен, Сағырбай Шәкібаев өз пәтерінің ішкі бөлмесінде жалғыз отырып қалды. Папка толған ресми деректер еді. Оған жолжазба қосылды. Ақ қағазға біртіндеп жазу түсе бастады. Әрине ең алдымен мал
қыстатудың маңызына тоқталады. Содан соң нақты фактыларға көшеді. Бір тәуірі баяғы бір замандай емес, бұл күнде цифрларды іркілмей атауға болады. Бұл ретте ауданда ұсақ малдың саны жарты миллионнан асқанын ашып айту керек. Әр аудан осылайша мал өсірсе Қазақстанға партия жүктеген елу миллион артығымен орындалады. Шәкібаев: «Біздің Сейдінге тең келетін аудан бар ма?» деп басын тарақтады. Жоқ екен. Қызылқұмның өзі әлдеқайда кем түсіп жатыр. «Блокнотқа бүкіл облысты түсіріп алғаным қандай жақсы болған?!» – деп бір қойды. Облыс деген не, тәйірі? Сағырбай Шәкібаев күллі Қазақстанның жағдайын жақсы біледі. Басқа республикалардан да хабардар. Осы пленумде ол Меңдіқара Нүркеновтың рекордын атағанда көрші Қырғызстанның «Тоғыз тарау» совхозымен салыстыра кетпек болып отыр. «Тоғыз тарауда» әрбір жүз саулықтан 184 қозы алынса, Меңдіқара Нүркеновтікі – 250. Осы арада Шәкібаевтың көңіліне күдік оралды. Обкомның секретары: «Нүркеновтың рекорды СЖКның күші емес пе?!» – деп президиумнан шаншудай қадалса, бұл не айтпақ?! Шынында да осындай құбылыстар баршылық. Зорлықпен төлдеген саулық бір-ақ жылға шыдап жүр. Шәкібаев жазуын тоқтатып, қаламсабын құлағына қыстырды. Кездеме өлшеген дүкенші есіне түсіп, өзіне-өзі күліп алды. Осыдан кейін ол бөлмеде әрлі-берлі жүргіштеп, қиялданды. Ол ертеңгі басқосыста бұлбұлдай сайраса – жұртшылықтың арқасы. Кекештей тұтықса – оған да кінәлілер осы ауданда. Үш жылдан астам уақыттың ішінде осы өңірден алған әсері адамға саяды. Шәкібаев талай кісімен істес болды. Тұз-дәм татысты. «Мал
аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген мәтелге көз жеткерді. Бес саусақ бірдей емес. Қызметкер де сондай. Тәуелсіз тіршілікке телінетін еңбеккер де әртүрлі. Бір шаңырақтан түтін шығаратын жандардың мінезқұлқының өзі түрліше. Табан ақы, маңдай тер, сайып келгенде, отбасы, ошақ бұтына оралса, ортақ ырыстың жігі ажыратылмай қала береді. Шайма мен сыбаға араласып, бауырмал ырзыққа айналады. Кәрі, жасқа, ортаншы буынға бөлінетін адамдардың пендешілігі де ішінде. Селкеулі жұрттың арасында жүрген Сағырбай Шәкібаевич бүгін ерекше бір әсерде. Ол өзгеге ғана емес, өзіне де төрешідей, іштен шалғыш сыншыдай шынайы да шәркез қиялға кешеді. Тұрмыстан туған толғаныс көңіл күйін құбылтып, екіұдай сезімге бауратады. Тәтті сезім мен ащы сезімге шөре-шөре боп ағымдағы тіршілікті шыншыл сарапқа түсіреді. Сағырбай Шәкібаев: «Япыр-ай, менің өзімнің жазып кетерлік те сыңайым бар екен-ау!» – деп топшылайды. Бір данышпан: «өз өмірінен бір кітап жазбайтын пенде жоқ» депті-міс. Сағырбай нар тәуекелге басса, оның өмірінен кітап құрала қояр ма екен? Сыншыл Абай «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл» демеп пе еді. Ет пен терінің арасындағы желікті Сағырбай күн сайын көріп жүр. Сықақшылға желке қасытқанша тыныш жүргеннің өзі игі ме, қалай? Әдеби ұрыны анықтау қиын деседі. Жеті баласының бірде бірі өзіне ұқсамаған әкедей бөгдеден көшірушілер сықақшы жұрттың әжуасынан құтылмай күн көреді-міс. Олай болса, бақшаның шырмауығын малданғанша төл жеміс терген жөн ғой. Кейбіреулер басшы қызметкерді бір жақты түсінеді. Оның да пенде екенін, күйіне де, сүйіне де білетінін, оның көңілінде ой мен сезімнің, байқау мен әсердің
телқабыс табатын шағы барын ұқпайды. Сағырбай осыған наразы. Ол өзін көп тойшының біріне баламай, нағыз еңбеккерге телиді. Өзге жұрт қолын жылы суға малып отырғанда отардан отар кезіп, малшының ыстық-суығын бірге кешісуден көңілге шыр байлайды. Осылайша ол шәркез қиял кешіп тұрғанда Бексейіт жазып отырғанын айтты. – Асықпай оқыңыз, Сәке! – деді Бексейіт, – осы күні маңғаздықпен ұтатын ораторлар бар. Жұрт сөздің мағынасынан гөрі ырғағына құлақ асатынын да ұмытпаңыз. Нұрлыбеков осымен ұтып жүр ғой. Бірақ сіздің одан іскер екеніңізді біліп, өзіңізді жақақтаймыз. Тіпті осы пленумнан үміткерміз. Кеңес Шәкібаевқа ұнады. Ол: – Кем-кетігін жарыссөзде сан толтырып өтерсің. Менің атым «Секе!» емес, «жолдас Шәкібаев», оны да есте тұт, – деді. Осы сөз тоғанның тығынын ағытқандай болды. Екеуінің арасында мынадай әңгіме өтіп жатты. Б а й ғ о ж и н. Қойын дәптер ақтарылады ғой. Ш ә к і б а е в. Тыс-с... Прикупты күнілгері ашуға болмайды. Б а й ғ о ж и н. Ашуға болмайды, әрине. Бірақ картаны көрсетіп тастағандарды көріп жүрміз. Ш ә к і б а е в. Ұялмастан көз қиығын қалай саласың, ей? Б а й ғ о ж и н. Ұяттан қара көзілдірік құтқарады, ағасы! Сіз алтын жалатқан көзілдірікке мәз боласыз. Ш ә к і б а е в. Тіліңді ыстық темірмен қариын ба, осы? Б а й ғ о ж и н. Дұшпандарыңызды кім шағады? Міне, Пернебековтың жібек орамалға түйіп пара алғаны хақында Ақбикеш Меңдіқараеваның арызы!
Ш ә к і б а е в. Ведомостқа қол қоюдан басқаны білмейтін қыз қалай жазды? Б а й ғ о ж и н. Қамқалының қазағы: «Осы іске куә дүрмін!» деп, ақ қағазға бармақ басады. Оған қарағанда, Ақбикештің қолтаңбасы дүрдей документ. Ш ә к і б а е в. Өсетін жігіттің ептілігі осылай келеді. Бірінші басшы «Қамқалыға» ырза боп қайтыпты ғой. Б а й ғ о ж и н. Тәңір жарылқап... отардан қайтқан бетінде сүріне құлады. Қорылдағанына қыбым қандыау! Ш ә к і б а е в. Таңертең көк шай ішкен шығар? Б а й ғ о ж и н. Келініңіздің шайы бөлек қой. Қымызмымызың да араласып кетті ме, қалай?! Қонағымыз аттанарда қолымды қатты қысты. Ш ә к і б а е в. Келінімен қалай қоштасты? Б а й ғ о ж и н. Қолын үш рет толғады. Дайра Байсаловтың өзі нағыз сыпайы кісі екен ғой. Ш ә к і б а е в. Сыпайыны түзде көрген екенсің ғой. Б а й ғ о ж и н. Біздің әкей: «Бөрі азығы мен ер азығы жолда» деп отырушы еді. Ш ә к і б а е в. Адал жорық қайда? Б а й ғ о ж и н. Адалдық безбеннің басында ауытқымалы, ағасы! Ш ә к і б а е в. Біз көшпелі елде өстік. Әр төбеге бір шықтық. Бірде көтерілдік, бірде құлдиладық. Талай оттан, судан өттік, дегенмен көкжал екенмін. Инфаркт болған тұсым жоқ. Осы бетпен өтейін, Бексейіт, сен кете бер. «Жүкті нар көтереді». Таразы әлі алда! Безбен деген не тәйірі? Алтын өлшейтін шаһар алыс. Сіз бен бізге қора қимыжығы жетеді. Демалыс үйінде кейін сайраңдаймыз. Байғожин шығып кетті. Шәкібаев терезенің пердесін ашып, сыртқа көз тастады. Ауылының ішінде
бақта сөйлесіп тұрған әйелі мен Пернебековті көрді. Шәкібаев: «Жеңгесі мен қайны менің үйде екенімді білмегенай, шамасы? – деп ойлады. Аялдаған жерінің түрін қараңыз. Бақтың ішінде бәле баққан байғыз жататынын қайдан білсін. «Түлен түртті» деген осы. Бұдан хабары жоқ Пернебеков: – Іс насырға шапты. Комиссияда маған бүйрегі бұратын адам жоқ... Сәкеңе звондасаңызшы! – деп жалынды. Осы арада Бексейіт Байғожин олардың үстінен түсті. Ол: – Сәкең екеуіңізді үйде күтіп отыр, – деді. – «Үйдесі» несі? Бексейіт түсіндіріп өтті. Тұрысбек: – Көшеде құтырған иттер болған соң Кәмшат Сәлімгеревнаны сопровождат етіп едім. Енді саған тапсырдым! – деп тайып тұрды. Кәмшат Бексейітті үйіне ертіп кірді. Шәкібаев: – Әй, Бексейіт, кетем-кетем деп қоқаңдайсың. Шіркін-ай, ә, жібере қояды екенмін ғой, – деді. Ішінен: «Бұйырған малға тісің тисін» деп тұр. Бексейіт: «Жеңгеміздің балды бармағын жалайтын болдық қой», – деп галстугін шешті. Осыдан кейін күтпеген жерден үшеуара әңгіме қозды. Ш ә к і б а е в. Мынадай қарғыбаумен сөз сөйлеген адамның сынына басшылар құлақ аспайды. Антұрған, дереу ауыстыр. Қоңыр Кәмшаттан қара галстук сұра. К ә м ш а т. Мүгедектерді дәрігерден жақсы білетін адам жоқ. Қисық-қыңырға барып қайтесің, қайыс аяғым-ау?! Ш ә к і б а е в. Мұндай мещанка әйелді көрсем көзім
шықсын. Қит етсе, менің аяғымды кемсітеді. (Әйеліне қарап) Сен күлгіш болсаң, денесінің салмағын көтере алмай майысқан сирақтарға күл. – Менікі – кавалеристің доғасы. Менің түбіме қазақтың қысқа таралғысы жетті. Тіземізді құшақтап көкпар шаптық. Б а й ғ о ж и н. Менің өзім де етік кимеймін. «Тақия теппек ойнаса таз қылпылдар» демекші, пляжға жуымайтыным сондықтан. Ш ә к і б а е в: – Пляж! Кәмшат былқылдай басып, кухняға кетті. Кішкентай графин және жіңішке үш бокал әкелді. Аузында ұзын сигарета. Ол иығына жібек орамалын салып, көзін төңкере қарап: «Перед обед» жасаймыз ба?! – деп назданды. Ш ә к і б а е в. – Спирт ішетін мен қылтамақ емеспін. Тобық жұтқан батырдың тұқымынанмын. Сендер, дәрігерлер, түскі үзіліс кезінде сұлу бокал сыңғырлатасыңдар. Ауыздарыңнан шылым түспейді. Жұртқа беретін тәлім-тәрбиелерің осы ма? К ә м ш а т. Әр мамандықтың әдет-ғұрпы болады. Оны сен білмейсің. Ш ә к і б а е в. Білеміз, бикеш, білеміз. Врачиха туралы анекдоттан да хабарымыз бар. Б а й ғ о ж и н. Анекдоттың жеңгемізге қатысы жоқ шығар. К ә м ш а т. Тіліңнің бізін қадауды қашан қоясың?! Үйіміз мырсындай боп тұрушы еді. Шырқын бұзып болдың ғой. Ш ә к і б а е в. Отбасының берекесі ерлі-зайыпты кісіге бірдей тиеме. Күшік жалаған айраннан ерніме ұшық шығады. Мен шікәмшіл адаммын. Бұның арғы жағында не жатыр? Адалдық, арлылық, заттық жатыр? Ақкөңілге құйттай кірне түссе, мен ауырамын. Бара-
бара безгекке айналамын. Қағазға орап жұтатын хинаң мені құстырады. Біздің жүректің қандай жүрек екенін сен білмейсің. К ә м ш а т. Сегіз жыл отасқанда, бірдеңе білетін шығармыз. «Муж и жена – одна сатана» демекші, талай қиын-қыспақтан қол ұстасып өттік қой. Ш ә к і б а е в. Ертеде ебің де, жөнің де бөлекті. «Қатының жаман болса мейманың кетер» деген қазекең: «пәленше екеңнің зайыбы ыспандияр» десуші еді. Абзалдығына аузының суы құрушы еді. Енді сен керекті ортада ауытқып, бошалаған түйедей айдалаға қашатын болдың. К ә м ш а т. Биағалар шешейдің керегі не?! Анығын неге айтпайсың? Қашан бошалаппын мен! Ш ә к і б а е в. Мені ұсақтатқың келеді, ә? Досқа күлкі, дұшпанға таба қылмақшысың ғой. Теріскен шыққан көзге ине қадағандай жексұрын сыр жарғызғың келедіау, шамасы? Жоқ. ол болмас, жолдас жұбай! «Муж и жена – одна сатана» дедің-ау, сен! Қамқалыдағы сатана мен бе, басқа ма?! Көлінің иісі қандай нашар! Нағыз былғаныш! К ә м ш а т. Сен қателесесің, Сағырбай! Қамқалының күнәсі жоқ. Айдын көлдің айыбы – сұлулығы. Оған қызықпайтын адам болмайды. Ауытқыған көңіл айғақ емес. Кәрі мен жастың, дәрежелі мен дәрежесіздің терезесін тең ететін пляждан жеркену мәдениет иесіне жараспайды. Ш ә к і б а е в. (өзімен-өзі сөйлесіп). Кәмшаттың сөзінің жаны бар-ау! Сұлу әйел сұлу жылқы сияқты – көздің құрты, көңілдің дерті. «Жүйріктің тоқымы кеппес» деген мақал шәркез шындықтың шежіресі ғой. Олай болса, мен неге күйінемін.? Ішімді жегідей жеген дерттің төркіні неде? Мансап па, махабббат
па, қызғаныш па? Мен неге өзімді-өзім түсінбеймін? Жасым елуге келгенше ауданнан аса алмай жүруімде нендей сыр бар? Осы кезде молда кіріп келді. Енді төртеу ара әңгіме басталды. М о л д а. Кәмшат қарағым, тамағым құрбақа тырнағандай, жыбырлап барады. Спиртіңнен берші! К ә м ш а т. Шариғатқа тура емес қой, молда-еке! М о л д а. Жан тәтті екен, қарағым! «Орамал тон болмайды, жол болады» деген. Мына бір нәрсені барға мәзірдей көрерсің. Сықырлаған конверт ұсынды. Ш ә к і б а е в. Бұл не нәрсе? Б а й ғ о ж и н. Тұмар-сұмар шығар. Діни адамды ренжітуге болмайды, ағасы! К ә м ш а т. Ісікті емдейтін кеуіл дейтін шөп бар. Молда-екеңнің әкелгені сол шөп шығар. Дәрігер мен тәуіп тамырлас. Сен оны білмейсің, Сағырбай! Молдаға сұлу бокал спирт ұсынды. М о л д а. Сағырбай шырағым, «молданың істегенін істеме, айтқанын істе» деген лұғатты сөзді әмсе ұмытпа. Пәле-сәледен бибі сақтар болар. (Арабша сөйлеп кетті). Әннәкаху – сүннәти фенша рағба ән сүннәти, пулайса – минни, әниу кахо, існә... С а ғ ы р б а й: «Түсіңдегі сөзіңді айт!» деп өктеді. Кәмшат араға түсті. – Сағырбай, көзің бұзылып тұмандап кетті. Сағырбай, сен сырқатсың (латыншалап). Міне, остинье паралитика! Ш ә к і б а е в (орнынан тұрып, тәлтірек қақты). Жұрттың аузында гу-гу өсек. Әжуасы – пляж бен жібек орамал. Оған енді арабша мен латынша қосылды. (Болмашы кідірістеп) Бұзақылар менің басыма мүйіз
бітіріп, суретін көшеге іліп кетеді. Су екеш судың өзі бір нүктеге тамшылай берсе тас жарады. Мен әлсіреген аурумын, айыққым және келмейді. Асқынсын менің ішкі дертім. Өртенсін менің өзегім! Байғожин ішінен: «Сағырбай Шәкібаевич жынданса орны босап қалады ғой. Маған бұйырмаса маржама бұйырар. Түрт сайтан, түрт! – деп мырс-мырс күлді. Сағырбай Шәкібаев болса облыстан келген кісіні қонаққа шақырар қарсаңда әйелімен керісіп қалғанына өкінді. «Задында нервім тоза бастаған екен!» деп бір қойды. Ол стол жанына отырып, темекі тартты. Баяндама сәтті шықса құттықтау қардай жауады. Содан кейінгі желеулер де жарасымды. Шәкібаевтың өзі ауыл аралағанда зерек басшылар бірден жұмыс басына алып барады. Ауданға абырой-атақ әперетін науқан осы! Сағырбай Шәкібаевич өте-мөте ырза болғанда білегін сыбанып қара жұмысқа араласып кетеді. Содан кейін әрине шай-пай ішу табиғилыққа саяды. Шіркін, түздегі науқаннан титықтап келіп, ауыл активінің үйінде: «Келін, анау домбыраны әперіп жіберші!» деу қандай ғанибет! Қандай жарасымды! Сағырбай облыстан келген кісіні ойлап кетті. Дайра Байсалов оқымысты адам. Екі тілде де жүйрік сөйлейді. Кейбіреулер оны баяғы Луначарский сияқты жеті тілде сайрайды екен деседі. Қазекеңнің өсіріп айтатынын Сағырбай біледі. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын және жақсы біледі. Әңгіме, бірақ, бұнда да емес. Сағырбай оның іскерлігіне тәнті. Дайра Байсалов: «Ертең келіңіз» – немесе «жүрерде телефон соғыңыз!» демей шаруаны қолма-қол тындырады. Тоқетерінен қайтарған отказы және көңіл қалдырмайды. Логикасы күшті адамның бір сиқыры осы! Сағырбай
Шәкібаев болашақ пленумнің астарын сезінеді. Онда баяндаманың өзгеге емес, өзіне берілуінде гәп бар. Райкомның бірінші хатшысы жоғарыдан құлдырап келген адам еді. Мамандығы философ деседі. Бірақ оның фәлсапасын түсініп жатқан түздік жоқ. Шәкібаевтың өзі де «Әрине ғой!» деп бас изей салады. Бір кезде ұлттық киімге, көкпарға, домбыраға қарсы шыққан адамның қазақы ауданға келуі түсініксіз. Әлде бір ақылды басшының «бұқарадан үйренсін» деп жіберуі де мүмкін ғой. Курортта оқылатын дәріс сахараның құлағына қона бермейді. Оған іскерлік керек. Нақты қадам, шымыр шара керек. Көшпелі малшылардың ыстық-суығына шыдаған басшы ғана оның тілін таба алады. ...Шәкібаев Байсаловтың пленумда сөйлейтін сөзін болжады. Ол, әрине, қағазға қарамайды. Баяндама мен жарыссөздің ұзын-ырғасын көңіліне түйіп, өз түйсігімен тарқатады. Оған еліктеу әл-әзір ерте. Бұл үшін білім мен машық керек. Лауазымның еркіндігі өз алдына. Сағырбай Шәкібаев қайтадан жаза бастады. VI
Пленумнан шыққан жұрт жан-жаққа тарқасып жатты. Күн кешкіріп қалған еді. Дарбазаның алдында кілем қағып жатқан Кәмшатқа Бексейіт келді де: – Байсалов отар аралауға кетті. Беймарал жата беріңіз, – деді. Осы уақытта клубтың алдында алты-жеті кісі шоғырланып, сөйлесіп тұрды. – Ана сүті аузынан кеппеген жас парторгпен бірге кеткені несі? – деді біреуі. – Іскер басшы бағынышты қызметкердің уақытын
алмайды, – деді екінші біреуі. – Өзінің көмекшісі өзгерген бе, қалай? – деді үшінші біреуі. Бұлардың арасында Шәкібаев та бар-ды. Ол оқыс сапарға Пернебековтың сөйлеген сөзін себепкер етті: – «Үйілген мая қаңбақтай ұшады» деген сөз сойқан ғой, жолдастар-ау! Соққы неге бермедіңдер?! – Балапан басымен, тұрымтай тұсымен боп кетті ғой, – деді біреу. – Сіздің орынбасарыңыз, от ауызды, орақ тісті Злиқа Байғожина бұралқы Пернебековті сынаудың орнына өзінің күйеуін сынады. «Құйымшағына сүйел шыққан адамдай кеңсесінен таптырмайды» дегенінде Байсаловтың өзі күлкіге қарық болды ғой. Пернебековтің оғаштығы жуылып-шайылып кетті ғой... Шәкібаев өкінді. – Қап «бояушы», «бояушы дегенге сақалын бояйды» деген осы! Бастықтың алдында адал боп көрінгісі келдіау, шамасы!? Олар сүлейсоқ тарқасты. Қабағынан қар жауған Шәкібаев үйіне қайтып келе жатты. Дарбазаның алдында Бексейіт, Кәмшат және Меңдіқара тұр еді. Шәкібаев келген бойда шалға бұрылды. – Мәке, біздің жегеніміз – сіздің қамыңыз. Социалистік Еңбек Ері өмірге екі келе бермейді. Сіздің шаруашылық – бетке ұстар шаруашылығымыз болуға керек. Сол үшін де күмбезді қашарға айналдырамыз. Меңдіқара көнер емес. «Құдай шом-қорамнан жарылқасын!» деп қасқияды. Ырғасқан сөзге Байғожин араласты. – Ақсақал, сіздің шом-қораңыз кертартпалыққа жатады.
Меңдіқара шамданды. – Әй, қарағым, сен маңырама! Темір көлігіңді мөңкітіп кеп, шөлмек атқаныңды біл!.. Шәкібаев Байғожинға бұрылды. – Директор жолдас, сіз басқа шопанға қашар соғып беріңіз. Күмбезді бұзып затын алуға экскаватор жібертемін. Шыңғыс ханның зеңбірегі атқылағандай шомбал шойынмен қиратқанда Пернебековтың айызы қанады. Меңдіқара: – Сағырбай қарағым, жазықсыз жау тигенде сәбиін найзаға лақтырған қазақтың әулетіненмін, мен! Сен менімен ойнама! Ақбикеш екеуімізді жаншып барып бұзасың күмбезді. Табалдырығының алдында қол ұстасып жатып аламыз, – деп қамшысын екі бүктеді. Кәмшат: – Соншама ерегіспей-ақ күмбезді шопандар дачасына айналдырса қайтеді?! – деп ымырагершілік айтты. Бұл Байғожинның күтпеген ұсынысы еді. Ол жерден алтын тапқандай қуанды. Кәмшатқа жалтақтап: – Жеңгей, яғни замандас... Осы атаудың қайсысы лайық? – деп сұрады. – Жасың қаншада еді? – деді Кәмшат. Байғожинның жауабы ойнақы шықты. – Жасым менің білегімде. Мынау татуировкаға қарасаңыз тайға таңба басқандай. Кәмшат: – Дәрігер таңбаға сенбейді, тіске сенеді. Баукеспелер татуировканы жүрегінің тұсына қондырады. Бұндайға қалай барып жүрсің? – деп таңданды. – Балалар үйінде жасатып едім, кешірерсіз? Меңдіқара: – Әй, Бексейіт, әке-шешең тірі ғой. Балалар үйіне
жетімектерді алмаушы ма еді? – оның өтірігін ашты. Байғожин жалт беріп шыға келді. – Еркелікпен барып қалған шығармын! Несіне қудалайсың?.. Ау, жүрмейміз бе?! Түбі шикі мәселеге уақыт шығын етпейік. Ауылға барайық, Сағырбай Шәкібаевич бірге жүрсін. Болашақ қашардың иесі Сәкеңе бас қояды. Сәкең құлағын маған, көзін келіншегіме береді. Ал, Меңдіқара ақсақал арғын қойдың жамбасын кісесіне салып, Ақбикешіне ала кетеді. Сорлы қыз көзі бозарып жүр. Тарттық тура «Қамқалыға». Байғожиннің ісініп-кебінуін ұнатпай қалған Шәкібаев оған зеки сөйледі. – Қам жылқыдай барлықпа! «Қамқалыға» екі-үш күннен кейін барамыз. Қылау шықпасын! Жұмыс қайнап жатсын! Қайнап, білдің бе? – Жазда қандай жұмыс болады?! – деді Байғожин. Шәкібаев ызалы үн қатты. – Сені директор қойғызған мен де ақымақ екенмін!.. Сәлден кейін ол анадай жерде Байғожинмен оңаша сөйлесіп тұрды. Ертеңіне бюро шақырылды. Кезектен тыс басқосыста белгіленген мәселе жоқ еді. Бірінші хатшы Шәкібаевқа шаншудай қадалды. – «Кемеге мінгеннің жаны бір» демекші, – біздер, бюро мүшелері, тойға бірге барамыз. Көңілді айтуға келгенде де сол бірлік бұзылмайды. Ал, сіз жауапты жиналыста бүйректен сирақ шығардыңыз. Баяндаманың күнілгері бекітілген текстінен ауытқып, құрылысшы-инженермен айтысып кеттіңіз!.. – Кемелбек Нұрлыбекович, сіз неге құрылысшыинженерге сөз бересіз? – деді Шәкібаев. Кемелбек Нұрлыбекович шамалы ойланып:
– Қорғасын кеніне алдырған сіздің өзіңіз емес пе еді, понимаете? – деп сызданды. Сағырбай Шәкібаев жуасып қалды. Жұрт оның жауабын тосты. Шамалы үнсіздіктен кейін ол: «Адам аласы ішінде» екен. Оның миғұла екенін білмеген едім! – деп ағынан жарылғансыды. Бұл сөз Нұрлыбековтың көкейіне қонбады. Ол: – Пернебеков ақылынан адасса дәрігерге тексерту керек. Тем более сіздің онымен айтысуға қақыңыз жоқ еді. Бейбітшілік заманда сынға сақ болуға керек, – деп өршеленді. Шәкібаев жұлып алғандай: – Ау, «сын түзелмей мін түзелмейді» деген қайда?! – деп сұрады. Нұрлыбеков орнынан тұрып, қарындашын сұқтап сөйледі. – Сіз форма мен мазмұнды ажырата алмайсыз, Сағырбай Шәкібаевич! Сын деген не? Сөз! Оның іске қатынасы шамалы! Шәкібаев қыңбады. – Ау, сіз аудандық активте гегельянствоны шенеп дәріс оқығанда құлаққа ұрған танадай тыңдаймыз. Бұл қалай? Нұрлыбеков әрлі-берлі жүргіштеп кетті. Ақырында: – Сағырбай Шәкібаевич, сіз саяси сауатыңызды көтермесеңіз болмайды екен! – деп түйді. Сол күні кеште Нұрлыбеков зайыбымен, Шәкібаев та зайыбымен баудың ішінде сейіл құрып жүрді. – Сағырбай Шәкібаевич, сіз ағаш отырғызудың жоспарын орындамай жүрсіз-ау – деді Нұрлыбеков. – Құмның жиегіне сексеуілдің ұрығын шашып үлгірмей жатырмыз ғой, – деді Шәкібаев. – Аудан қайда қашар дейсіз?
Нұрлыбеков басын шайқады. Шәкібаев та басын шайқады. Нұрлыбеков шамданды. – Сіз неге шыбындайсыз? Шәкібаев: – Әйелдердің көзінше кейіспейік! – деп ымыраға шақырды. Кеште диванда жатып Сағырбай бүгінгі кергілесті ойлады. Әрине, әркім өзінше әділ, «менікі теріс екен» деуші бұл күнде жоқ. Қолынан түк келмейтіндер әкесіндей адамды сынап отырады. Әрине, сыртынан сынайды. «Хан артынан жұдырық» деген осы. Бұндай әдіске жаза жоқ. Жаза болмаған соң өтірік-өсек гуілдейді. Бүгінгі кергілесте Нұрлыбеков пен Шәкібаевты көріне қостаушылар да, мұқатушылар да табылмады. Осының өзінде жүрек мұздарлық сыр бар. Оларға жалтақсыңдар деп кінә тағудың өзі қиын. Кінә тақсаң өзіңді ұрыншақ етіп шығарады. «Біз ойланамыз, толғанамыз!» деседі. «Күн бүгінгі, жыл биылғы емес» деген кәрі мәтелді бетке тұтады. Сайып келгенде, үндемеген ұтады. Шағатайшыл ақын Софаллияр: «Сөйлегеннен сөйлемеген яқшырақ, сөйлеп едім, басыма таяқ!» деген еді. Соның керін орыстар «Слово серебро, молчание – золото» деп келтіреді. Екінші жағынан, сол орыста: «Он так молчит, что может сойтись за мудреца!» деген әзіл және бар. Сонда шындықтың қайда болғаны? Әлде әбі-тәбі орташалық керек пе? Жас кезінде оқыған Сағырбай Пушкиннің: «Всех мы считаем нулями, а единицами лишь себя» деген сөзін көкейге қондырып еді. Осындай эгоистерді шенеудің астарында олардың дүмбілездігі, дүбәралығы жатқанын Сағырбай кәміл сезінуші еді. Бертінде аудандық активте теріс оқығанда Сағырбай Шәкібаев ұлы Абайдың «өкінішті
көп күндер өтті кетіп, өстік біз бір нәрсеге болмай жетік» деген сөзін жатқа айтушы еді. Жұртты білімге, ілімге, кәсіпке шақырушы еді. Енді бақса соның бәрі уақытымен өткен тәрізді. Шәкібаевтың өзінің машина жүргізуден басқа қосалқы мамандық тапқаны шамалы. Машина жүргізудің сенімділігі және шамалы. Осының өзінде әрі-сәрілік жатпасын?! Әрине, ол жасының келіп қалғанын желеуретеді. Ал, жастар «әлі де уақыт бар ғой» дегенді тілге тиек етеді. Сонымен, қазақша айтқанда, «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?!» боп шыға келеді. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру лауазым сағалауға соғады. Әдетті шенеу оңай да, әдеттен құтылу қиын. Мансапқорды мансұқ етушінің өзі мансапқор болса қанға сіңген дертпен тең. Оны ажырататын аспап әлі дүниеге келген жоқ. Сағырбай жымиып күлді. Өзіңе төрешілік жоқта бас жағына барысудың пайдасы аз. Ұғым өседі, өшеді деседі, ерекше жаралады деспейді. Осы шындық рас болса ғұмырды өлшеп өткізу де оншама қиынға соқпайды. Керуен басы болмай-ақ орта шенде жүрсең «көппен көрген ұлы той» боп кете барады. Бірте-бірте ойына Байсалов оралды. Оның осынау оқыс сапарында тісқаққан тәжірибенің тәуелсіздігі жатыр. Ол облыста отырғанның өзінде жоғарыдан келген кісілерді қызмет бабында, кабинетінде қарсы алады. Шығарып салуға да сараң. Жас кезінде ірі қайраткердің қарамағында істеген-ді. Сол кісіден жұққан мінез байыз тапты. Осыдан хабардар Шәкібаев «ауданға ораласыз ба?» деп сұрамай «Қамқалыға» соғуын өтінді. Проблеманың қайшылығы сол совхозда екенін айтқанда, ойланып қалды. «Қандай қайшылық?» деп сұрауға уақыты да болған жоқ. Шәкібаев орнынан тұрғанда радиодан соңғы хабар
беріліп жатты. «Кемелбек Нұрлыбекович халықаралық жағдайға құлағын тосады, – деп ойлады ол. – ал, Тұрысбек Пернебеков болса, таңсық деректерді жазып алады. Ой, антұрғанның жұқсызы-ай!». Осы кезде шаруашылық жаңалықтары айтылып жатқан еді. Диктор әйел озат шопандар қатарын-да Меңдіқара Нүркеновтің аты-жөнін айтып өтті. Шәкібаев қырланып: «Дайра Байсалович есітті ме екен, ә?!» деп бір қойды. Оның естуі ғажап емес. Қазір отардағы әр шаңырақта «транзистор» бар. Шәкібаевтың түз тұрмысына енгізген бір жаңалығы осы! Желден жүйрік радио! Ғалам кезгіш қиял құсы! VII Дайра Байсалов Сейдін ауданының орталығынан әрі барамын деп ойлаған жоқ-ты. Сөйте тұра «вездеходпен» шыққан. Жалтыр жолмен келе жатып таңсық көрінетін жерге оқыс бұрылатын әдеті бар. Ондайда «Волгалар» опық жегізеді. «Вездеходпен» шығуы сондықтан. Сейдінде екі күнге созылған жиылыс мүлдем қарапайым түрде өтті. Бұған өзінің репликасы мен ұсыныстары себеп болды. Ол баяндамашыдан бастап шешендерді нақты да қарапайым сөйлесуге шақырды. Әр істің маңызынан гөрі өзі туралы айтуды талап етті. Басқа жерде оның бұндай тәсіліне күман келтірушілер де табылар ма еді, кім білсін? Бұл арада оған қарсылық білдіруші табылмады. Тек Кемелбек Нұрлыбеков қана мойнын құнжитып, түбі серіппелі дәу блокнотына жазу түсіріп отырды. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген. Өзінің сөзінде де ол мал қыстатудың маңызы туралы толғанып тұрып
алды. Былай қарағанда артықшылығы да жоқ сияқты еді. Әлбетте, саясат экономикаға тіреледі. Әлбетте, мал қыстан шығынсыз шықса жоспар орындалады. Әлбетте, малшылардың заттай табысы молаяды. Бірақ бұның бәрі, сайып келгенде, жалаң сөз, түйсіксіз түсіндірме ғой. Валентин Овечкин «Ауданның күндері» атты кітабында: «Сиыр өсіру керек, ол бізге сүт береді» деген басшыны келемеждеп еді. Нұрлыбековтің сөзі де осындай қауқарсыз ұғындырманың бір түрі ғой. Сөйте тұра оған реплика бермеді. Этиканың аты этика. Оның үстіне айтыс басталып мәселе насырға шапса, Нұрлыбековтерді қолдайтындар табылады. Олар: «Е, науқанның маңызы түсіндірмей өзін орындауға бола ма екен?!» деп дүрсе қоя береді. Осындай адамдар қоғам жүгінетін гуманитарлық ғылымда да бар. Ғылымның немесе құбылыстың маңызы туралы кітап жазғандар одан ауытқушыларды дилетант етіп шығара салады. Олар: «Ау, кіріспе қайда, мазмұндама қайда, резюме қайда?!» дейді. «Күнілгері белгіленген нәрседен жаңалық табыла бермейтінін пайымдамайды. Осы күні екінің бірі кандидат. Оның сыры пешенеге тиген сұрауға жауап беруші еді ғой. Сол арқылы зейін танытушы еді ғой. Осының бәрін пайымдаушылар бұл күнде баршылық. Бірақ ашық айтуға құштарлар аз. Өлім естіртуге жалқау сыпайыдай жан сипап өте шығады. Іс пен сөздің арасын тексеруші аз болғандықтан бойын бағады. Нұрлыбековтің сөзімен айтқанда, мазмұн мен форманың аралық салмағы ажыратылмайды. Мазмұн қуамын деп Байсаловтың өзінің бір рет таяқ жегені бар. Күнгейде мақта терудің қызу кезінде өткен бір басқосыста ол: «Шаңдағы жиналыстың керегі не?!» деп жұмысқа шақырғанда түкке тұрмайтын біреу:
«жиналыс адамды шаңнан тазартады!» деп дүрсе қоя берген еді. Оны осынау Кемелбек Нұрлыбеков, ол кезде Алматыдан келген өкіл қостап еді. «Жұмысқа жегілген студенттерге ақ алтынның маңызын түсіндірмесек науқанды қалай орындамақ?» деген. Сол Нұрлыбеков бұл күнде алыстағы ауданнан кеп бір-ақ шықты. Байсаловтың аудан басшыларын ертпей кетуінде жеке бастың пендешілігі мен қызмет бабының сарыны жатыр. Олар бірге барса белгілі үйге түсіреді. Белгілі деректер жіпке тізіледі. «Сіз тайсалмаңыз, бұлар бұғады» деуге оның, әрине, аузы бармайды. Бір есептен, құрылысшы-инженерді ерте кету керек пе еді, қалай? Бірақ онда жергілікті басшылардың намысына тиеді. Бұл да этикаға жатпайтын тәсіл. Арқаға қарай жол шеккен алты-жеті машинаның бел ортасында «Вездеходпен» бара жатқан Дайра Байсалов аудан орталығындағы кездесістің бүге-шігесін ойдың елегінен өткізіп келе жатты. Жусанды дала сортаң түзге ұласқанда некен-саяқ құдықтар кездесе бастады. Бұл – осы арадан шабырлар таяу деген сөз. Шабырда жайылатын түйе осынау құдықтан кеп су ішіп қайтады. Ілгері де шаруалардың «ойсылқараның төсін тигізіп өту керек» дейтін түзі осы. Сортаң шөлейітке бір қонып өте бергенінен Байсалов хабардар. Ілім, білім, тіл сияқты, шаруашылықты білу де зейінге байланысты. Қыр елінен шыққан бір қайраткер күнгейде мақта өсірудің барлық тәсілін үш-төрт айда бес саусағындай біліп алған. Көбінесе қалада өскен Байсаловтың сахара жағдайына жетіктігінде жетелі ынта жатады. Ол біліп келеді. Енді көп ұзамай алдыңғы машиналар бұрылыс тартады да, ығы-жығы құмды айналып өтетін ирелең жолға түседі. Содан бастап бұлталаң таусылмайды. Жүріс түні бойы тыйылмаса Шуға таң
ата жетеді. Әлде жолға қонар? Бәлкім орта жолда отар бар шығар? Осы шақта ұсақ мал былтырдан қалған қиқымды жейді. Күзеуден басталатын өріс сары майдай сақтаулы жатады. Тоңазыған жентке қар түссе ауыз тиеді. Облыс өңірін талай шарлаған Байсалов осының баршасына қанық. Ол Шу бойын да талай сүзіп шыққан. Талайталай кәріқұлақпен әңгімелескен. Бірақ Пернебековтің кешегі сөзіндей сөзді ешкім айтқан емес. «Қамыс орудың орнына қамыс егу керек» дейді. Осы сөздің жаны бар ма, қалай?! Бұны жергілікті жұрт бұрын неге айтпаған? Әлде көлденең көз көреген бола ма? Рас, Пернебековтің сөзі жұртқа екіұдай әсер етті. Табиғи өріс, қоқты пана керек, әрине. Ал, бірақ, шөп шабуға қарсы шыққан адам зиянкеске барабар болмақ. Құрылысшы-инженер мәселенің салмағын есеп-қисапқа аударуы керек еді. Өнімнің өзіндік бағасымен есептеспейтін сала жоқ. Сірә, бұны оның өзі де пайымдап болмаған сияқты. Күн батар шақта жол бастаушы машина іркілді. Анаумынау дегенше арт жақтағылар да келіп, машиналар ошарылды. Жолаушылар жаяулап, тақ-тұқ сөйлесті. – Дәке, түні бойы тарта береміз бе, жоқ әлде шопандікіне бұрыламыз ба? – деді жол бастап келе жатқан совхоз директоры Ережеп Бекбауов. Дайра Байсалов ойланбады. – Тарта береміз сіздің «Жынысқа!»... Директор қасындағы парторгтың шынтағынан түртті. Ырыскелді Ердәулетов: – Дайра Байсалович, жарық барда ішімізге ел қондырып алсақ қайтеді? – деп мипаздады. – О да дұрыс екен? Көгалдау жерге газеттен дастарқан жайылды. Ережеп елпек қағып жатыр.
– Кәне, Дәке, сәтті сапар үшін бірдеңе деп жібересіз бе?! Байсалов әзілге шаптырды. – Өзің үгітші болуға лайық жігіт екенсің. Бекбауов та әзілге орайластырды. – Курсқа жіберсеңіз ұшамын! Байсалов көмекшісіне бұрылды. – Жазып ал!.. Жол нашар еді. «Вездеход» лоқ-лоқ желеді. Байсалов көмекшісін алға отырғызып, өзі көлденеңдеп жатты. Ұзақ жолда кәнігі әдеті осы. Ол самолетте ұшқанда да саңылау болса еденде мызғиды. Тізесін құшақтап отырғанды жек көреді. Түн ортасында у-шудан оянды. Алдыңғы машинаның жарығында киік ұйлығып жүр. Біреулер дабырласады. Әне-міне дегенше мылтық та атылды. Ұйқыдан көзін ашқан Байсалов шоферына сигнал бергізді. Әдеттен тыс үрейлі сигнал еді. Алдыңғы машина тоқтай қалды. Дөңгейлескенде «Вездеход» та іркілді. Ережеп оққа ұшқан киікті салақтатып, Байсаловқа тартты. Байсалов нілдей бұзылды. – Браконерлік үшін жауапқа тартыласыңдар! Ережеп Бекбауовтың аузына құм құйылды. Ырыскелді Ердәулетов майдалап кешірім сұрай бастады. Сөзінің соңы «бізден бір кәте кеттіге» сайды. «Қате» демейді, «кәте» дейді. Кәдімгі кінәлі адамның сөзді бұрмалап сөйлейтін әдеті! Байсалов мырс етіп күліп жіберді. Осыны сезген Ырыскелді жазда жарыққа үймелеген киіктің қыста қораға кіріп кететінін әңгімелеп өтті. Байсалов: – Сирағынан ұстап ап жей береді екенсіңдер ғой, – деп күлекештенді. – Жоқ, өріске жөн сілтеп жіберетін кезіміз де бола-
ды, – деді Ердәулетов. ...Байсалов қиялданып келеді. Киік қораға не қасқырдан, не суықтан қашып кіреді. Адамнан пана іздейтін жануар екі нәсілге бөлінеді. Өте-мөте заты денесіне оқ тисе жата кетеді. Күннің ызғарын сезгіш ақбөкен шалғайдағы циклоннан қашып тәулігіне бес жүз километрге шейін жер ауады. Оның табиғатқа пайдалылығы туралы мағлұматты Дайра баяғыда жазып алған-ды. Бертінде вертолетпен киік қыруға қарсы сөз сөйлеп, әупіріммен аман қалған. Пәледен ғылыми дәлел құтқарған. Сол оқиға есіне түскен ол: «науқангершілік өткінші нөсермен тең. Кейде пайда келтірсе, кейде зиян тигізеді» деп бір қойды. Оның ойынан киік шығар емес. Бозбас кезінде киік атып ұшынғаны бар. Танауы жыбырлап көзінен жас аққан ақбөкен «обалым саған» дегендей өмір бойы көкейде қап қойған! Мылтықтың оқпаны алдындағы адам мен бөкеннің көзі өңменнен өтіп кететінін Байсалов біледі. Бәрін бастан кешірмесе де айтушылар арқылы біледі. Бұрынғы заң қызметкері Байсалов айтқыштардың әсершілерінен гөрі шыншылдарына ден қояды. Сәкен Сейфуллин ғұмырында киік ауламады дегенге кім сенеді? Сол Сәкен өзінің бір өлеңінде: «Санасыз, сезімі жоқ бір қазақ-ау, дәл көздеп көкіректен атқан мергені!» деп күйінеді. Есейген сана өкініштің үкімін шығартады. Әрине, бұл үкім ақынның түйсігі. Ал, сол ақын революция жылдарында тап жауына қарсы мылтық атқанда қолы қалтырауды білмеген. Балықшылар тірі балықтан сорпа жасап, бір қасықтан ішіседі. Ал, сол балықшының үй-іші дүкеннен әкелген шала-жансар балықтан ұшынады. Өмірдің осындай шәркездігі де бар. Қазақ «сыпайыны үйде көрме, түзде көр» дегенде тіршіліктің қалтарысын меңзейді. Білім
оқу мен тоқудан құралса, оның жұмсаудың өзі үлкен амал. Оған ар, ұждан, ішкі қайшылық қосылса, мәселе тереңдеп кете береді. Дайра Байсалов Мәскеуде оқып жүрген кезінде бір жолы өзінің жиен ағасымен бірге қайтты. Оның бір мінезіне қайран қалды. Вагонда түн ұзаққа мызғымай отырады да қояды: Дайра: «ау, бұның не?» десе, ол «түнде ой жақсы келеді!» дейді. Дайра: «Нендей ой?» десе, ол «келешекке жол!» дейді. Дайра: «Жол өткен шаққа жатпай ма?» десе, ол келер шақ туралы көшқұлаш сөз сөйледі. Сол адам осы күні пенсияға іліне алмай жүр. Бірақ әлі де түні бойы ой ойлайды. Әлі де жұртқа ақыл айтады. Байсалов: «ойнасақ та біраз жерге шаптық қой» деп қайтадан қисайды. VIII Таңертең шай үстінде Ырыскелді: – Дайра Байсалович, жұртты клубқа қашан жинайық? – деп сұрады. Байсаловтың бұл күткен сұрағы еді. Ол жұртты әурелеудің керегі жоқ екенін айтты. Шай ішіп болған соң: – Білікті адамдармен, кәрі құлақтармен бас қосуға болады. Кешке қарай бір үйге жиналсын, – деді. «Клубқа» емес, «бір үйге!». Ережеп: – Маңдайалды еңбек адамдары мен қара тіл ділмарларды жинаймыз ғой, – деп мойнын күжірейтті. Байсалов: – Вот именно! – деп саусағын шошайтты. Бұлар екі машинамен шаруашылықты аралауға шықты. Баршасы «Вездеходқа» отырды да, совхоздың
машинасы көзқара боп еріп жүрді. Ережеп пен Ырыскелді поселкеден шыққан бойда-ақ әр нәрсені түсіндіре бастады. Мынау соқпақ Бетпақдалаға қарай кетеді, мынау жол шығысқа қарай тартып, Мойынқұмды айналып өтеді. Ал, мынау жол Үш Көкшені жағалап, Қаратау асады. Осы алуандас түсіндірмелер жайлауға, өріске, қонысқа орайлас айтылып жатты. Отардың көбі бұл кезде қырда еді. Бұлар құлазыған түзді аралап, қазылған құдықтарды, соғылған қашарларды, үйілген маяларды көріп шықты. Баялыш, мұжғын, түйеқарын аралас өскен кебіртең бөктерді аралай келіп, бүйрек-бүйрек құмшауыттың арасындағы шағындау шығанақ көлге кеп тоқтады. Көл жағасында киімі жұпыны екі орыс теңгебалықты тазалап отыр. – Қайда істейсіздер? – деп сұрады Байсалов. Олар ел қыдырып, кесімді жұмыс істейтінін айтты. – Қандай кесімді жұмыс? Есік ағаш шабу, әйнек салу, сарай орнату сияқты боп кете барды: – Тұрақтарыңыз қайда? – Қалада. – Семья бар ма? Екеуі бас шайқасты. Байсалов «так!» деп, әрлі-берлі жүргіштеп кетті. Түндегі ұйқыдан сейіле қойған жоқ-ты. Бәрі жапырлап, көлге шомыла бастады. Суы сарғылтым. Иісі жылымшы. Көл беті толған шөп-шалам, құрақ еді. Байсалов екі қолымен екі жаққа серпіп жатып: – Что за белиберда! – деді. Жағалаудағы орыстар түсіндіріп қалуға асықты. Кеше қатты жел тұрғанда анау маяның пішені астан-кестең болыпты. Бұлар маяның қуысына түнеп шығыпты.
Су ішінде Ережеп көрші совхоздың басшыларын жамандай бастады. – Белдеусіз маялайды. Біз кендір арқанмен шандып тастаймыз. – Кендір арқанды қайдан аласыңдар? – Кендір емес-ау, соған ұқсас жөке, құртша дейтін шөп болады. Содан қатындарға арқан естіреміз. – Вот как! – деп таңданды Байсалов. Аудан орталығында оған Тұрысбек Пернебеков ұшпалы маядан таратып көшқұлаш әңгіме айтып еді. Байсаловтың күдіктенген тұсы да болып еді. Енді шындыққа көзі жете бастады. Ол: «Көл ішінде тұрып та науқанды ойлайтын болдық-ау!» деп, суға сүңгіп кетті. Жағалауға шыққанда серіктеріне: – Шет елде көше сайын қауыз. Біз сайын сахарада құйттай көлге әрең тап болдық-ау! – деді. Ырыскелді ішінен: «Дәкеңнің бармайтын жері жоқ екен-ау!» деп таңданды. Ережеп болса Дайраның өзін таңдандырмақ боп: – Бұл құйтымдай көл талай адамның басын жұтқан! – деп бір қойды. – Түбі құрдым ба? – Тарихи құрдым! – Айтшы! – Дәке-ау, ол бір түнге таусылмайтын әңгіме! Байсалов: – Екі ауыз сөзбен тоқетерін бір-ақ қайыр! – деп бұйырды. Ережеп байғыз басын шалқайтып: – Ертеде ел жаугершілікпен өлтірген адамдарын осы көлге тастаған, – деді. Байсалов шошып кетті. Артынша денесі тітіркенді. – Молалы көлдің суынан сүйек сырқырайды.
Симферопольде осындай сұмдық болған. Аурулы көлге неге түсірдіңдер? Серіктері не дерін білмеді. Байсалов үстіне әтір сеуіп жатты. Артынша: – Бұған профилактика керек, жолдастар!! – деп өзінің медицинадан хабардар екенін танытып өтті. Олар малдас құрып отырды. Шаршы көлдің шоқтығында бір шоқ кәрі қамыс шашын алдырған батырдың айдарына ұқсап тұрды. Баяу жел соқты. Қамыс сыбдырлай бастады. Жел күшейгенде жаңағы шоқ қамыс жапырылып, шулай бастады. Одан қымқа төмен өскен сирек сары қамыс әрі-бері теңселіп, құшақтасып, сыңсып жатты. Үйірін жоқтағандай аянышты әуез төкті. Бір заманда бұл көл қамыстан көрінбей оңаша дөңгеленіп жатушы еді. Табиғаттың қолдан жасаған қауызы сұлу сырдың куәсі еді. Бертінде белгілі себептермен қан жұтты. Одан бертінде маңайынан ел кетті. Табиғи қауыз тілсіз тұл құрдымға айналып қала барды. Бұдан Байсалов бейхабар. Ол осынау көлге кеп тірелетін және осынау көлден басталатын ойқы-шойқы батпақты, шірік қоқты кеңіс өзектің ертеде ну қамыстың орны болғанын біледі. Түйе бойламайтын үкілі қамыс қиялында сиқыр сурет боп елестейді. Әрине, жыныстың ішін қыста ел қыстаған. Дауылдан қоғадай жапырылып, ұлардай шулаған қалың қамыс – киіз үйлерге пана. Дауыл басылғанда кездейсоқ жолаушы бұғыңқы ауылды көкке ұшқан түтіннен табады. Сахара қатігез. Қаралы, шерлі жандар меңіреу қамыстың ішінде зар илеп, бебеулеп, ән салып, бұлбұлша бой бұқтырады. Жұрттың бірде аңызға, бірде келекеге айналдыратын әуені осы! Байсалов бұл өңірге бірінші рет бертінде табиғат
жұтаған кезде келді. Бірақ сол жолы да, одан бұрын да қамыс туралы әңгімені көп естіді. Ол туып-өскен жақта ойдым-ойдым ғана қамыс болады. Бірақ соның өзі жекелеген малшыларды паналатады. Ал, мына жақтыкі – тұтасып жатқан көк майса. Сондай байлықтың құрып кеткені қандай өкініш? Өрттен оңалатын қамыс орақтан оңалмайды деседі. Шіркін, қандай бегзада өсімдік! Шамалы буланған Байсаловтың дидары шымырлады. Ат жақсы кескініне көрнеу қайшы еді. Тарихтың тұңғиығы еріксіз толғандырған сыңайда. Ол осы өңірдің өткенін ойлап отыр. Ежелгі заманда жолбарыс жорытқан меңіреу осы. Одан беріде Тамалар тайпасының хандығы орнап, шағын шаһарлар салынғанда ежелгі жыныс жұрттың игілігіне айналады. Одан беріде хандық жоғалып, ел бытырағанда жолбарыс қайта жортады. Меңіреу баяғы қалпына түседі. Одан бертінде көшпелі ел қайта соғып, қайырымды қамысты қоныс етеді. Ұзын сөздің қысқасы, осынау ұзына атыраптың тарихы мен тіршілігі қалың қамысқа байланысты. Әрине, оның бұл күнде жоғалып кетуі үлкен өкініш. Ол табиғатты қорғау туралы заңды ойлап кетті. Үкімет айыптыларды жазалауға шейін шара белгіледі. Жылан екеш жыланды өлтірген адамға бес теңге салық салынады. Шөп өртеген адам сотталады. Аң өз алдына. Игі бұрылыс кезінде басшылар ресми қарармен тынбай қосымша әртүрлі кітап оқиды. Дайра Байсаловтың оқыған кітабының бірі – Леонид Леоновтың «Орыс орманы». Жер қыртысының ылғалын сақтап тіршіліктің тамырын тартқызған орман иран басқыншылығынан қорғаған қалқан іспеттес болса, бұл аймақтың жан сақтатары ну қамыс болған. Әртіндегі қалмақтың жорығынан бой сақтаған меңіреу өңір тіптен бертінде
Қоқан хандығымен шайқасады. Иран сарбаздарына тойтарыс береді. Тамалар тайпасының найзагерлері мен мергендігінде соқтықпалы өмірдің ділгірлігі жатады. Тарихи жағдайдың ұңғыл-шұңғылын түсіне білетін Байсалов қылыш соққан, мылтық жасаған дүкендердің орнының жермен-жексен боп кеткеніне өкінеді. ...Олар кері қайтып келе жатып, намаздыгер шамасында бір күмбезге соқты. Күмбездің алтын жалатқан жез түнікесі күнге шағылысып, қызыл күрең тартып тұрды. Күмбездің іші дүмбірлеп тұр. Төбесінде арабша айқыш-ұйқыш жазу бар. Байсалов ажырата алмады. Тек жыл санағын ғана шамалады. Мосаға ұқсас санақ не «бес» те, не «жеті». Егер «бес» болса ескерткіштің бесінші ғасырда, «жеті» болса жетінші ғасырда салынғаны. Осының алғашқысы ақылға келеді. Күні бүгінге шейін мүжілмеген асыл мұраның Ақсақ Темірдің дәуірінде дүниеге келуі бек мүмкін. Байсалов тек қыш өртейтін заводтың қайда екенін білмейді. Сонау Жетісу атырабында осыдан екі мың жыл бұрын жұмыс істеген қыш заводы табылды. Бұл өңірдегі завод, әрине, одан көп бертінде. Бұл жақта ымырт орнатуға Ақсақ Темірдің саудыратқан сүйектері жоқ. Үндістаннан келтірілген шебер және жоқ. Сөйте тұра түз тайпалары салған құрылыстар ғасырлар бойында қаз-қалпын сақтап тұр. Күйдірген кірпіштері ертеде сахарада қыш заводының болғанын танытады. Әттең, осының жазба шежіресі жоқ. Бірақ ауызша аңыз бар. Қаз дауысты Қазыбек қалмақтың ханына: «сен темір де мен көмір, темірді ерітсем деп едім; бір ененің құлынын екі енеге телітсем деп едім» десе, бұдан біз сол дәуірде Арқада көмір болғанын аңғарамыз. Айтушылар күнгейдегі Ахмед Яссауидің мешітінің
қышы боз биенің сүтіне иленген деседі. Байсалов: «Бұл күмбездікі боз інгеннің сүтіне иленген шығар!» деп жымиды. Ойын ойын, әзіл әзіл, ал бірақ, Яссауи мешітін сырлаған сырдың химиялық құрамын ғалымдар осы күнге шейін ажырата алмай келеді. Ішінің дүмбірлеуіне қарағанда осынау күмбездің сыры да тегін емес сияқты. Байсалов: «Академияға айтып мамандар жіберту керек екен!» деп бір қойды. – Осы сағанаға боранда қойшылар қой қамайды. Бұзып, кірпіш алайық десек бұзғыш аспап жоқ, – деді Ережеп Бекбауов. Дайра Байсалов тарихи ескерткіштерді бұзуға болмайтынын, бір кезде діннің ордасы болған Түркістандағы атышулы мешіттің ЮНЕСКА-ның қарауына алынғанын айтып өтті. – ЮНЕСКА-ңыз не? – деп сұрады Бекбауов. Байсалов әзілге шаптырды. – Халықаралық бір антұрған ұйым!.. Бекбауов ежіктеп сұрамады. Оның есесіне ертеде осы жақтан Түркістанға тұз арта барған қыр қазағының қулығын айтып өтті. Мешіттің мұнарасына шығып азан айтып тұрған сәлделі молдаға тымақты қазақ: «Әй былтыр келсем айқайлап тұрсың, биыл келсем айқайлап тұрсың, түсе алмасың бар, неге шығасың?» деп дауыстапты. Байсалов еріксіз күлді. Осыдан он шақты жыл бұрын Бурабай курортында Оқжетпестің басына шыққан бір қазақ биіктен басы айналып, жүрегі айнып түсе алмай тұрып қалған еді. Етектегі адамдарға жанұшыра айқайлағанда жұрт жапырыла күлген еді. Бекбауовтың әңгімесі сол оқиғаны еске түсірді. Байсалов: «задында жоғарылаудан құлдырау қатерлірек деп бір қойды.
Кешінде ол «Жыныс» совхозының орталығында бір топ кісімен кеңесті. Шаруашылықтан басталған әңгіме тарихқа бойлап, тарау-тарау боп тарап жатты. Бұралқы сөздің өзі бір жерде бір кәдеге асатынын білетін құйма құлақ басшы түн ортасына шейін жалықпады. Жұрт тарқасарда ол: – Сіздің совхозды өзінің есіміне сай жынысқа айналдырамыз. Әлі көресіздер! – деп ішке түйген жоспарынан дәмелендіріп қойды. Бұлардың ішінде кәрі шал бар еді. Тайпалар тарихынан, көшпелі тіршіліктен, ән-күйден, жүйрік жылқыдан, аңшылықтан көп кеңес шертіп еді. Енді сол шал жұрт тарқарда күтпеген сөзге ауысты. – Қарағым Дайра, атағыңа қанықпыз. Жұрт: «қара қылды қақ жарған қазы» деседі. Біз төрт-бес шал бірігіп мөлдек бидай егіп едік. Енді соны мынау Ережеп совхозға бересің деп әкіреңдейді. Осыған өз аузыңнан билік айтшы! Байсалов Бекбауовқа қарады. Ережеп Бекбауов: – Райкомның нұсқауы бар, – деді. Байсалов шалға қарады. – Құмшауытқа тәлімі бидай біте ме? – Тәлімі емес. Шығырдың суын пайдаланып едік. Ертедегі арықты аршуға күш жетпейді. Сосын ауыз суға қиянат жасағанымыз рас. Байсалов «ертедегі арықтың» мәнісін сұрады. Шал ілгергі заманда осы атырапта егін егілгенін айтып өтті. Байсалов: «так!» деп, дәптеріне жазу түсірді. «Ежелгі мекенге ел орнату керек пе?» деген сұрау жауап күтіп тұрды. Басы үш қайнардан құралған Үшбас өзені кемер бөктерлеп, ирелеңдеп ағады. Жолай бұлақтың, көздің, бастаудың суы қосылып, молая түседі. Кейде оқпан
тартып, кейде көк егінге жырымдалып, Қызыл көлге құярда бастапқы қалпына түседі. Үш қайнардың ең бергісі – Жаман сары. Оған шейін – сансыз сай. Құрбақалы, Жыланды, Жидебай, Саурабай, Ащысай, Төлеген, Қодағұл, Әбілқайыр боп кете береді. Бәрінің жағасында – қараң-құран киіз үйлер. Төлегенге шейін осы облысқа қарасты Сейдін ауданының малшылары отырады да, одан әрі жұптас облыстың шаруалары ірге тебеді. Одан әрі тағы да осы облысқа қарасты отарлар жайлайды. Екі облыстың түйіскен атырабын жұрт бір сөзбен Жон деп атайды. Бұл жонның теңіз деңгейінен 2716 метр биік екенін Дайра Байсалов жақсы біледі. Осыны білмесе де бағы замандағы жұрт қарапайым тәжірибеге сүйеніп егін еккен. Тәлімі бидай месел қайтармаған. Дәстүр бойынша жалпақ жұрт осы Жонды мақтаныш етеді. Құйқалы дәндерді егіндікке қиып, шарасыздан сай жағалаған шаруалар шалқыған сары жазда жоталы жоннан аса соққан қоңыр желмен желпініп, аспанда ақырын жылжыған ұлпа бұлттың көлеңкесін саялайды. Күнгейдің жыландай жалаңдаған сары бауыр аптабын салқындатқан биік асу осы. Теріскейдің барғы мәзірі де осы. Жон жайында ақын: «Көк жоны Көсегенің жазда салқын, құрады сауық-сайран сазда халқым» деп жазады. Табиғаттан әсерлене білетін адам үшін түз сапары үлкен ғанибет еді. Дайра Байсалов күн түске тармасқанда қиғашта отырған бір ауылға бұрылды. Жылқышының ауылы боп шықты. Шалшық сулы сайдың ернеуінде отыр. Сайдың табанында жайылып жүрген жылқы жүдеу. Шығыршығы айналған жануарларды көргенде: «Бұл жақтың қылқұйрығы сұмдық жүдеу екен. Бос жатқан жонға жоңышқа неге
екпейді!» деп қиялданды. Бұл жақта су тапшы. Шілдеде сарқылатын өзендерден су қоймасын жасау керек дейтіндер – дағбырттың құлы. Жұмсалған қаржыны ақтамайтын қойма кімге дәрі?! Бұлақтарды, көздерді, бастауларды аршу керек десе, бірсәрі. Халықтың ғасырлық тәжірибесін тірілтудің өзі – үлкен проблема. Бірақ бұл үшін құлазыған бөктерлерге ел орнату керек. Оған екінің бірі бара бермейді. Поселкеге үйренген жұрт қалтасы қалыңдаса қалаға қашады. Ең жеңіл еңбек ақша. Оған тыйым салу және заңсыз. Байсалов осы сапарында көп нәрсенің басын ашып қайтты. Отардың бәрі береке. Бірақ баяндылығында кепіл жоқ. «Табиғаттың дүлей күшіне қарсы күрес» тілге сүйел бітірсе де, қолға бітірмеген! Жалғыз-жарым еңбектің бодауы белгісіз. Бес саусақ бірдей емес, бірақ пешенесі бірдей. Жапан далада өріске таласатын шопандар өздеріне не жетіспейтінін пайымдай бермейді. Желге ұшқан пішенмен сайға тығылған қаңбақ артық екенін басшылар ойламайды. Әрине, науқанды орындау керек. Бірақ қалайша орындау? Гәп осында? Шу бойын жағалап Үш Көкшені айналып өткен Байсалов тау сілеміне оралғанда Үшбас өзенінің басынан кеп бір-ақ шығып еді. Енді ылдилап келе жатып жер-судың аты жайында ойға шомды. Жазбасыз шежіре осындай есімдерге саяды. «Үш Көкше» – құмның аты. Көлденеңінен тұрқы ұзын құмның үш шоқтығы бар. Самолеттен қарағанда үшеуі де көкпеңбек боп тұрады. «Мойынқұм» – сол шоқтықтардың басы. Түйенің мойнағындай иіліп келгендіктен солай атанған. «Үшбас» – үш басты өзен деген сөз. Суы бір арнаға құйылғандықтан жағырапиялық картада бірге жазылады. «Жон» айтпаса да түсінікті. Жонсыз өңір
сирек. Тек, бірі «ит жон», бірі «шоқтық жон», бірі «сұлама жон» боп кете барады. «Арқалық» осының белді бір түрі. Атышулы Сарыарқа «арқалықтан» шыққан. Неге сары? Зейінді жұрт жазғы суретімен атаған!.. «Түу, мен не деп шатасып бара жатырмын?!» Жоқ, жердің атында гәп бар! Кейбіреулер ежелгі есімді оп-оңай өзгерте салады. Тарих үшін обал екенін пайымдайды. Осынау «Үшбасты» – «Ұзына аққан өзен» деп өзгерткеннен не ұтар едік?! Ағыс – уақытша. Қайнар – ғасырлық. Ал, тас болса – мәңгілік. Қазақ «су ағады, тас қалады» деп бекерге айтпаған. Демек, табиғатқа, тарихқа, шежіреге көзқарастан тәуелді-тәуелсіз түйсік танылады. Лениннің өзі: «Все относительно, абсолютна только лишь природа» деген. Екінші бір еңбегінде жаратылыс, табиғат туралы білімнің тоқырамай келешекке жалғаса беретінін айтады. Олай болса, білімнің барысы, баяндылығы жолында өткен шақтар, заттық-рухани мұралар бұрмаланбақ емес, қайта жаңа қырынан, уақыттың биігінен ашыла түспек. Қиялдың үдесіне шыға алмаған Байсалов: «Қап, қасымда Кемелбек Нұрлыбекович болғанда біраз қаужасатын едім-ау!» деп бір қойды. Жол айырығында ол шамалы кідірістеп «Қамқалыға» қарай бұрылды. X Жеңіл машиналар Қызыл көлдің жағасында қаңтарылды. Жол шаңдақ еді. Кісілер киімінің шаңын қағып, жарқабақ басындағы тамға қарай аяңдады. Көлеңкеде тұрған Меңдіқараға құттықтау жауа бастады. «Құттыхана құтты болсын!», «Той құтты болсын!», «Қызыңыздың ғұмыры ұзақ болсын!» деседі.
Соңғы сөзде гәп бар еді. Бұл басқосыстың желеуі – Ақбикештің туған күні. Бірақ сахара салтында туған күнді тойлау жоқ. Жұрттың Ақбикештің өзін құттықтамай оның әкесіне жанамалай лебіз білдіруінде үрдістің ала жібі бар. Меңдіқара, өз сөзімен айтқанда, нәні пәтір! Біліктілердің меселін қайтаруды ұятқа балаған ол орайлы тұста жақсы мен жайсаңның басын қосуды жөн көрді. Біреулер «үй», біреулер «дача», енді біреулер «күмбез» деп атайтын осынау тамды жуып-шаймақ болды. Бұл там шындығында баспана ма, тынысхана ма, жоқ әлде мұнара ма, бұл жағы осы күнге шейін дәл айқын емес. Әйтеуір, дүбәра құрылыс. Сөйте тұрса да Меңдіқара оны құттыханаға балайды. Гәп, бірақ бұнда да емес. Осы күні жұрт болмашыға той жасайды. Соның бірі – темір көлік. Оның қасында құттыхана кәдімгідей дүние емес пе? Темір салдыркүлдір етіп ертең тозады, үй болса ұзаққа кетеді. Бүгінгі басқосыс жаңа қонысты тойлаудың бірінші сатысы ғана. Басшылар ырза боп тарқаса қалғанын Мекеңнің өзі біледі. Ол із суытпай жора-жолдастарын, жекжаттарын, сыбайластарын, бәсекелестерін шақырады. Сол кезде күмбездің алдына көрме байласаң айыпшамы болмайды. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, тойдың тәсілі ағымдағы жағдайға бейімделіп кете барады. Басшылардың мінезі қызық. «Қызыңыздың туған күнін тойлаңыз!» дейді. Меңдіқара оның туған күнін біле ме екен? Наурызда туды. Ол – ескіше жыл басы. Данышпандар дүниеге келетін ай. Әйелі еркеккіндік тапқанда Меңдіқара оның есімін Наурызбек қояр ма еді, кім білсін?! Ұрғашы перзентті Ақбикеш деп атай салды. Неге Ақбикеш? Ертеде есімі аңызға айналған
ерке қыз болған. Қосыла алмаған ғашығы ол өлген соң қырық жыл қайыр тілеп күмбез соққан. Сүйегі күні бүгінге шейін сол күмбезде. Бірақ бұл Ақбикеш ерке болмай усиқылау боп өсті. Пешенесіне қозы бағу тиді. Бұл күнде дүрдей шопан. Меңдіқараның сүйікті сүйеніші. Бүгінгі қызықтың шырайы! Меңдіқара: «мейлі, бір күні қалсын оның да есінде!» деген. Сонымен, жұрт Қызыл көлге жиналды. Жалғыз тамның ішіне жұқалай пішен шашылып, үстіне сырмақ, кілем, көрпе төселген еді. Көлденең көздерге ерсі көрініп тұрды. Меңдіқара осыны кезгендей: «Қайран өз үйім, өлең төсегім!» деген осы, қарақтарым!» деп кішіпейілдікке басты. Әлі отырыс басталған жоқ. Үйге кіріп-шығушылар жиілеп, біреулер көл жағалап жүр. Жарқабаққа сүйеп шөлмек атысып жатқандар да бар. Дайра Байсалов осындай селкеулі сейілдің үстіне түскенде күн төске тармасып қалған еді. Оны Шәкібаев пен Байғожин «Қамқалыдан» күтіп алған-ды. Кеңсеге шамалы аялдатып, мектепті, асхананы, аурухананы көрсетіп, осында алып келген де солар. Бірнеше күн машинадан түспей жол соқты болған Байсалов шопан қыздың тойына барудан бас тартпады. Қайта тілене түскендей еді. Орайы келгенде жартылай ресми сұхбаттар болады. Облыс орталығында да слет өткенде маңдайалды совхоздар баудың ішіне үй тігіп шақырады. Бұл арада сахара жұртшылығының көл жағасына, дачаға жиналуында сөкеттік жоқ. Өстеөсте жаңа тұрмысқа, жаңаша қатынасқа үйренеді... Қызыл көлге жиналған жұрт Байсаловтың келетінін білген жоқ-ты. Шәкібаев пен Байғожиндар да көзжеткере қоймаған. Енді ол келгенде жұрт шәркезденіп
қалды. Баршасы оны қаумалап, жағалауда недәуір кеңесті. Әңгіменің түйіні Ақбикештің туған күніне соққанда Байсалов нілдей бұзылды. Ол тамам жұрттың көзінше Меңдіқараға дүрсе қоя берді. – Жерлестеріңіз сізді де геройлықты еппен алды деседі, отқа күйіп, суға батқан қызы деседі. Сол рас па, ақсақал? Аудан басшылары мен совхоз басшыларының арасына қобалжу кірді. Меңдіқара болса қыңбады. Ол бұшпақ бөркін алшита киіп, суырыла сөйледі. – Желөкпе жұрттың ғайбатына мен пысқырмаймын да! «Ағайын бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды» деген. Бір үйдің ішін жіктеу қайдан шықты. Құс екеш құстың өзі қанатымен ұшады, құйрығымен қонады. Қолқанатсыз қазақты маған тауып беріңдерші! – Ол қамшысын екі бүктеді. – Мынау қамшыда гәп бар, шырақтарым! Қазақтың қара шаңырағында біреу қамшы ұстаса, біреу таяқ ұстайды. «Бәрің бірдей қойшы болсаң құл боларсың, тойшы болсаң тұл боларсың» деген нақыл осыдан шыққан. Қызымыз кеше қойшы, бүгін тойшы. Ертең қайтадан қойшы болады. Мал баққан жұрт осылай!.. Байсалов ойланып қалды. Шалдың сөзінің жаны бар. Семьяны жіктеуге болмайды, әрине. Бірақ Ақбикеш неге жүдеу. Оны сүліктей сорған кім? Байсалов осы күдігін айтқанда Меңдіқара шамданып қалды. Ол баяғыдан келе жатқан екіұшты шындықты тілге тиек етіп, қырсыға сөйледі. – Тұлпар қыршаңқы құлыннан шығады, қарағым! Жабы жылдам бордақыланады. Қаумалаушылардың қыбы қанды. «Бұл неткен қырсық адам!» десіп тұр. Уәжден ұтылғанын Байсалов та сезінді. Ол әңгіменің бетін кілт бұрды.
– Сізді жапан түзде намаз оқиды дейді. Өзіңіз болса герой. Бұл қалай? Меңдіқара Бексейітке қарады. Байғожин ойнақы жауап айтты. – Жапан түзде қасқырға қыр көрсетіп тоңқаңдайтын шығар... Байсалов күліп жіберді. Байғожин батылдана түсті. – Сіз Дайра Байсалович, біздің бетке тұтар қариямызды намазкеш деп ойлайсыз. Кешірерсіз, бұл қате! Шалмен сызысып жіберсеңіз кім екенін білесіз!.. Байсалов ағынан жарылды. – Картаға қырым жоқ еді. – Қонақтың қолы шыққыш келеді, – деді Байғожин. – Оны қайдан білесіз? – Мәдениет алыстағы ауылға да жетті ғой. – Мәдениет туралы сенің түсінігің қызық екен! – деді Пернебеков орайлы жерде шымшып қалмақ боп. Шәкібаев ұнатпай қалды. – Осы екеуің сүзісе бересіңдер. Бұндайдан жұмысқа зиян келетінін білесіңдер ме? Байғожин Пернебековтің алдын орады. – Құйысқанға қыстырылған нәжістей... Көпшіліктің арасында әйелдер де бар еді. Байғожиннің теңеуі көрнеу ерсі шықты. Бірақ ол ерегіске бармады. Сабыр тұтқан түйсік ұтымды шықты. Төбелеске араша түсуші аз болса, таяқ жеушіге болысушы екінің бірінен табылады. Манадан бері ілік-шалыс сөзге мән бермей тұрған Байсалов Пернебековке бұрылды. Сіздің қамыс туралы айтқан сөзіңіз дұрыс екен. Оны орғаннан өртеген абзал екен... Жұрт түсінбеді. Бұл екі арада Меңдіқара Бексейітті анадай жерге шығарып әкетті. Осыдан кейін Бексейіт
Ақбикешті шақырды. Енді екеуі күңкіл-шүңкіл сөйлесті – Отырыста саған сөз беремін. Қамдан! – деді Бексейіт. – Көрсеткіш кестесіне машықпын! – деді Ақбикеш. Бексейіт марапаттап жатыр. – Әкең қара тілдікпен атаққа шықты. Енді бір-екі жылда өзің де герой боласың. Қолың ашық, тілің машық болса, даңқтың өзі оралады. Байғожин шоғыр жұрттың қасына қайта келді де, Байсаловқа бұрылды. – Ауданда аз күн аралағаныңызға өкінеміз. Үлгілі нұсқау бере тұрып, асығыс қайтасыз. Ертең облыстық активте өзіңізді кәкірейте сынауға тура келеді... – Бұныңыз, әрине, ерлік! – деді Байсалов. – Орнынан түсетін басшыны шенейтін шешенді суқаным сүймейді. Шәкібаев та қостап жатыр. – Адал профессор өзімен айтысқан шәкіртті жақсы көреді... Байғожин қолын сермеп, үйге шақырды. Жұрт алға қотан отырды. Шоферлер мен балашағалар тамның көлеңкесінде қалды. Бірінші боп Меңдіқара Нұркенов сөйледі. – Қарақтарым, көздің қарашығына балап бір бала өсірген екенбіз. Сол баланың жиырма беске толған күні үшін алып қойыңыздар!.. Сұхбат басқарушы Байғожин еді. Ол Байсаловқа көз тастады. Дөке бірдеңе деп жібересіз бе? Байсалов ойланбастан: – Мен тост көтермей тамақ ішпейтін жұрттан емеспін! – деп салды. Бүйірі қыза бастаған жұрт су сепкендей басылды. Байсалов іштей өкінді. «Осы күні шопандар шағылға
сызып карта ойнайды, отырыс атаулы тоссыз өтпейді. Жұрттың сағын сындырғаным бекер болды-ау!» Шамалы үнсіздіктен кейін ол: – Ау, неге тымсырая қалдыңыздар? Мен сөйлегеннен гөрі тыңдағанды ұнатамын, – деді. Байғожиннің құдайы берді. Ол қырлана түсіп: – Кезектен тыс Ақбикеш сөйлеймін деп отыр, – деді. Жұрт кеу-кеулеп кетті. Ақбикеш ортаға кеп отырды. Шегедей қатқан аққұба қыз еді. Шампан құйған қырлы стаканды болмашы көтеріп: – Директор ағайдың сөзіне жүз процент қосыламын! – деді. Байғожин сүйемелдемек болды. – Тамағыңа тығылып тұрған сөзді түгел айт! – Ұмытып қаппын... Байғожин: – Қап! – деп санын соқты. – Өзіңіз жалғап жіберіңіз, – деді оған Байсалов. Байғожин жорта жалтартты. – «Артқы түйенің жүгі ауыр» демекші, мен соңыра перевалда сөйлемекші едім. Әзірге инженеріміз бір лебіз білдірсін. Пернебеков лебіз орнына үміт артты. – Дайра Байсалович біздің Сейдіннің шындығын облысқа ала кетеді деп сенемін!.. – Ой, сен жарытпадың, – деді оған Байғожин. Осымен тост толастады. Байсалов біліп отыр. Бұлар оны жаптас ауданның шекарасына, Ақбұлаққа шығарып салмақ екен. Сөздің біразы сол жерде айтылады. Асылы, ауданның мінезі қызық. Отар аралап шопанның үйіне түскенде жол бастаушысы: «Кеше пәленше екең сөйледі ғой, бүгін түгенше екең бір лебіз айтсын» деп көшқұлаш сөзді жалғастыра береді. Сонда «түгенше екең»
сөйлейтін сөзі тәулік бойына ойлап жүре ме, қалай? Ішіне қалай сыяды? Задында қаладан дала еліктегіш. Сайқымазақ артистер, желөкпе жастар болмаса бұл күнде қалада екеу ара, үшеу ара тост көтеру жоқ. Ал, ауылда онсыз ас батпайды. «Осы үйдің дастарқаны бұрынғыдан да берекелі болсын!», «ынтымағымыз бұзылмасын!», «бұйырған малға тісің тисін!». Сайып келгенде, баршаның айналма сөзі осы ғой! Жаным-ау бұл не деген желбуаздық!.. Тегінде қазекең сөзге жаралған. Ежелде жаңылтпаштан басталған тіл сындыру есейе келе тұспал мен жұмбақтың машығына айналса өз дәуірінің дәстүрлі ділгерлігі еді. Бертінде қаздауысты Қазыбектің, одан бертінде Абылайдың заманындағы ділмарлық ел билеудің тәсіліне жатады. Жұрт жұмбақпен зейін сынасып, тұспалмен мәселе шешіседі... Шешендер династиясы негізінде осы кезеңдерде өрістейді. Одан бертінде өткенді қайталау шырсыз сырдаңдыққа әкеп соғады. Абайдың зарлайтын тұсы осы. Өткенге еліктеу дертке айналып, әлжуаздыққа бастайды. Бір қойдың дауы үшін бір үйір жылқы сататын қазақтар бұл күнде жоқ. Бірақ «сөзіміз жығылмасын» деушілер әлі де бар. Әрине, намысқа кім қарсы?! Бірақ намыстың желеуі жалқауларды көтерсе, ол әлеуметтік дертке айналады. Осы уақыттың тілімен айтқанда, сөзден іске көшу үшін желбуаздықтан құтылу шарт. Байсалов осынау адамдардың жай-жапсарын ойлап кетті. Сөзге шорқағы Ақбикеш. Бірақ ол осынау дастарқанның шырқы. Одан зиялы, істің адамы Пернебеков. Бірақ о да әр нәрсеге ұмсынып, әр нәрсенің басын бұтып-шалады. Сөз қуудың бұ да бір түрі! Осы екеуінің арасында Меңдіқара шал бар. Оны мақтау дұрыс па, даттау дұрыс па, бұған Байсаловтың
өзінің де көзі жетпейді. Біз сахараға бет бұру керек дейміз. Малшылар қауымы жасасын дейміз. Сонда Меңдіқаралардың, Тұрысбектердің, Ақбикештердің орын теппесіне кім кепіл? «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады» деген осы!.. Байсалов шәркез ойға малтығып отырғанда үзіліс жарияланып, жұрт тысқа шығып, желпіне бастады. Екеу екеуден қолтықтасып, сейіл құрып кетті. Олардан шеткерілеп, екі әйел сөйлесіп тұрды. – Сен Пернебековке қалай қарайсың? – деді біреуі. – Ол – дүбәра! – деп екінші әйел мұрнын шүйірді. – Бексейіт дүбәра емес пе? – деді біріншісі. Екіншісі ашуланды. – Шайпау сөзге аузың қалай барады? Осы мезетте қастарына Бексейіт кеп қалды. Кәмшат сөз желісінен тайқып шыға келді. – Мен шаштараз тараншыны ұнатамын! Злиқа қостай түсті. – Қыз-келіншектер әдемі прическа үшін оған кезекке тұрады. Кәмшат: – Татуировка жасатқанша сен неге шаштараз болмайсың, қайным-ау?! – деді. Бексейіт аттай тулады. – Күні ертең ғалым болғалы тұрған қайныңыздың қолына қайшы ұстатпақшымысыз?!.. – Шаштаразылықтың өзі үлкен өнер, – деді Кәмшат. – Дүние жүзіндегі ең қымбат прическа – дүние жүзіндегі ең мәдениетті елдің бірі Англияда. Бексейіт Байғожин кәдімгідей таңырқады. Сәлден кейін аузына ұтықты сөз түсті. – Мен шашын қабырғамен қырғызатын батырдың тұқымынанмын. Таздың құйқасын жалаған ұстарасы
құрысын!.. Кәмшат басын шалқайтып, «ақақылай» күлді. Осы кезде Шәкібаев Байсаловты қолтықтап, әлде бірдеңелерді түсіндіріп жүрген. Әйелдің даусын естіп, бұрылды. Бұлар енді бесеу болды. – Дайра Байсалович шекараға шейін шығарып саламыз десем көнбейді. Жалғыздыққа жаралған басшы бола ма екен?! – деді Шәкібаев. Оны бірінші боп орынбасары қолдады. – Жоқ, Дәке, оныңыз болмайды. Бұқараға бағынасыз! Құрбысының сөзін Кәмшат қоштады. – Ақбұлақтан тарқасқан жөн болар. Есіңізде ме, белуардан келетін шалғы қандай, шіркін! Кейде екі аудан боп таласып қаламыз. – О, да! – деді Байсалов екі қолын жанқалтасына салып, әнтек шалқайып, – уақыт болса көкке аунағанға не жетсін! Бірақ бұл жолы асығыспыз. Қалаға тура тартамыз! Көп ұзамай ол машинаға қонды. Жұрт апыр-шұпыр қоштасу айтып, жапырыла шығарып салды. Ақ шляпа киген жолаушы кабинкада нығыз шалқайып кете барды. Той әлі тарқаған жоқ. Ендігі сөз де өзгерді. Еркіндеген әзіл-оспақтың бір орайында Бексейіт Байғожин: – Дәкеңді қуамыз. Ілес маған, маржа! – деді. Злиқа Байғожина: – Я тебе дам «маржа», – деп, сүйріктей саусақтарын сермеді. Думан тарқарда ақырамаш сөз Ақбикешке берілмей әкесіне берілді. Етшең, бойшаң шал жүрелей отырды да: – Сөге жамандамаңдар, қарақтарым! «Барға мәзір» деген осы. Әйтеуір, дүбәра тіршілік қой. Жол түскенде кеп тұрарсыңдар! – деп сирек мұртын шиырды.
Жұрт бет-бетімен тарқаса бастағанда көліксіз дүбәралар қолына ілінген машинаға жармасып жатты. Осы кезде жел тұрып еді. Көлдің толқыны жарға ұрып, көбік шаша бастады. Аспанда шағалалар жарқылдап ұшып жүрді. Күн сарғайып, батып бара жатты.
ЗАМАНА ЕКПІНІ Роман ЗАМАНА ҚАРСАҢЫ Б І Р І Н Ш І Б Ө Л І М Бір күні ауылдастар сәскеде Назарқұлдың отауына жиналып отырып: – Осы біз ат шалдырмаған кім қалды? – десті. Ойласа осы маңдағы біліс-таныстан сыбаға жемеген ауылы жоқ екен. Қайталап барсаң, кім де болса түстік береді. Бірақ, кейін: «Мен құлқынның құлы емес едім ғой?!» – деп, өзің өкінесің. Бұрын сыбаға бермеген үйге барсаң, ол үй мәз боп қалады. «Өле жегенше бөле же» деген – төркінді сөз. Тамақты жалғыз өзі ішкен қазақтың іші пысады. «Әлгі пәленшені шақыра қойшы!» – дейтіні сондықтан. Жалпы, «ел-жұрт» деген не сөз? Ат жалын
ұстап мінуге жараған еркектің несібесі елде деген сөз! Шет жерге, бөтен елге кеткен қазақтың ел-жұртын сағынуында атадан атаға ауысқан дәстүр бар. Назарқұлдың отауында отырғандар осының бәрін білсе де пайымдамайды. Ойламайды! Жұрттың әммесі ойшыл болса, ата дәстүрінің мансұқ болуы да ғажап емес, онда әркім өзінше салт-сана, өзінше жаңалық ашуға тырыспақ. Онымен жұмысы жоқ осынау отырғандар біреудің үйіне екінші рет қайталап баруға қолайсыз көріп, «ат шалдыратын жер» іздеп отыр. Олар ойласып, дағдарғанда, Рәш ақыл тапты. Ол: «Тойған жерге тоғыз бар». Зейнел-Нәбидің үйіне Шәукен мырзаны алып барсақ, бетіміз ашылады!» – деген. Шәукен мырза! Аяғын апыл-тапыл басатын баланы Рәш осылайша атады. Назарқұл келіншегіне бұрылды: – Шәукентайды шақырып кел! Шәукен далада, биік шағылдың баурайында ересек балалармен «мәт-мәт» ойнап жүрген. Әрқайсысынан жасырынып, жаңа жауған ызғарсыз қарға нүкте салып ойнайды. Зияш Шәукенді қалың сексеуілдің арасынан тауып алды. Шәукен апыл-тапыл басып, үйге кіргенде Назарқұл оған: – Көкем, етігің салдың шоқаймасына ұқсап кетіпті ғой! – деп, өкшесін тұтып қалған көксоқта қарды қақты. Зейнел-Нәбидің ауылы биік шағылдың астында еді. Кәдімгі, «иттің дауысы жететін» жер-ді. Бұлар жаяу жүріп кетті. Былай шыға келе Емберген: – Біздікі құдды қатын қыдырыс болды-ау! – деп өкінді. Рәш ойланып келе жатыр. Итттің дауысы жететін
жерге жалғыз-жарым жаяуласа ұяты жоқ. Бес-алты адамның шұбыруы келіспейді. Екінші жағынан, түгел едіреңдеп атқа мініп барса, Зейнел-Нәбидің: «Қыстың көзі қырауда көкпар сұрап келдіңдер ме, ей?!» деп, кеңкілдесуі мүмкін. Осы ойын Назарқұлға айтып еді, ол кідірместен: – Қызыңды!.. Жөгілер тұспалшыл келеді. ЗейнелНәбидің шешесіне Рәштің шығарған өлеңін меңзесең жым болады! – деді. Рәш жымиды. Керкелжің бір жайды еске алып келеді. Зейнел-Нәбидің шешесі жесірленгенде оған екі әмеңгері таласқан. Тұрғанкүл әмеңгердің жақынын қаламай «тарамыс денелі» деп, алысын тандаған. Осы жайында Рәш: «Тарамысты таңдаған бұл бәйбіше, Далиып кетер ертең мосқал мүше!» – деп өлең шығарған. Өлең жалпақ жұртқа тарап кеткен. Назарқұл осыны еске салды. Рәш жорта: – Өлеңді ұмытып қалыппын! – дей салды. Шәукен: – Әй, Рәш, мен оны күнде айтып жүрмін ғой, – деді. Кісілер жүре келе Шәукеннен озып кетті. Ұзын бойлы, сіңірлі, адымды Емберген дүрегейдей ордаңдайды. Өзгелер оған ілеседі. Шәукен бірте-бірте кейіншектеп бара жатыр. Бір кезде ол түйесіңірдің үстіне отыра кетті де, айқайлады: – Кісілер-ау, кісілер! Мынау інде қоян жатыр. Үлкендер кері қарай бұрылды. Емберген одағайлап жүгіріп келеді. Шәукен: – Тұрамын орнымнан! – деп жорта қопаңдайды. Емберген жалынады: – Мызғыма, айналайын, мызғыма! Ол есік пен төрдей жақындағанда, Шәукен «а!» деп құлай кетті. Емберген:
– Қап, ит-ай! – деп санын соқты. Енді Шәукен одан айрылар емес. Желкем жел кеулеген шекпеннің етегінен ұстап жалбаң-жалбаң етеді. Бұлар шағылдың үстіне шыққанда ошарылды. Ойпаңда ауыл отыр. Ауылдың маңында уақ мал жайылып жүр. Бұлар ылдилады. Алда тойханаға тігілгендей, қамыс қораны айнала, он шақты үй дөңгеленіп тұр. Жалпақ қоңыр үйдің маңында қой үйітіп жатыр. – Зейнел-Нәбидің қыртыстысын-ай! – деп сүйсінді Назарқұл. Соғымды кешеуілдетіп сойып жатыр. Бұлардың алдынан иттер абалап шықты. Сары бауыр, қара бауыр, жүндес төбеттер домалана жүгіріп, арпылдап, шабынып келе жатыр. Емберген: – Атқа мініп келгенде қамшының астына алатын ем. Қап! – деп өкінді. – Итпен ит боласың ба?! – деп сұрады Рәш. – Қыз оятатын адам итке өш болады, – деп жауап қайырды Емберген. Рәш шамалы ойланып: – Солқылдаған Шынаркүлден үмітті екенсің ғой?! Өй, дәмеңнің зорын!... – деп күлекештенді. Бұлар жалпақ қоңыр үйдің жанына келгенде үйітіліп, теңкиіп жатқан бес-алты қойды көрді. Айналасы қан сасиды. Оттар өшіп қалыпты. Үш таған мосыда бөкселі, қайқаң қаракер қатын ағашқа шаншып, бас үйітіп тұр. Кісілерді көргенде басты жерге қойып: – Ойбай-ау, мынау Шәукен бе? Өзі серейіп өсіп қапты. Біздің Қатирамен жасты ғой! – деп қасында тұрған қызды мегзеп көрсетті. Артынша: – қожайынымыз ұйықтап жатыр, – деп қипақтап үйге кіріп кетті. – Мынау Күлзия майысқақ мінәйім, – деп сүйсінді
Рәш. Емберген саусағымен аузын қақпалап, сақтана сөйледі: – Майысқақ емес, сайысқақ! Қыз-ойнақта қамырға сүйек қосып асатады. Қақалсаң желкеңнен ұрады. Осы сәтте Зейнел-Нәби тысқа шықты. Көзін уқалап келе жатыр. Ол: – Сіздің ауыл ық жақта ғой. Желдің иісі барған шығар! – деп бір қойды. Кісілер үйге кіріп Тұрғанкүл бәйбішеге сәлем берді. Мықыны шомбал, кержағал кексе әйел еді. – Ел-жамағаттарыңыз аман ба? – деп ауыр ырғалды. Рәш: «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» деген. Екі әмеңгердің таласатынындай бар екен, – деп сүйсінді. Қазан көтерілгенде Шәукен тысқа шығуға оқталып еді, Рәш: – Бас қонақ қалшиып отырар болар. Ұшып-қонба, – деп зекірді. Сәлден кейін Шәукен: – Далаға, далаға! – деп қыңқылдай бастады. Тұрғанкүл: – Құлағыңда сырғаң бар екен, Қатира екеуің далаға шығып ойнай ғой, – деді. Шәукен тысқа шыға бере, босағада тұрған кішкентай қызды құшақтай алды: Қыз шошып кетті. Үй ішінде ыңғайсыздық орнады. Қонақтар түк көрмегенсіп, тіс жармай, сазарысып қалды. ЗейнелНәбидің шүй желкесі күдірейді. Шегір көзі тұнып, тұңғиықтанып кетті. Ішінен: «Қасқырдың бөлтірігін қарай гөр!» деп отыр. Шәукеннің ел билеген Ноғайқұлдың баласы екенін Зейнел-Нәби біледі. Қобызшы Назарқұлдан туса
бөлтіріктігін жасамас еді!... Зейнел-Нәби қиялданып кетті. Бес саусақ бірдей емес. Мынау Назарқұл ағасы Ноғайқұлдың көлеңкесінде күн көріп жүр. Сөйте тұра оны жалпақ жұрт сыйлайды. «Мата даңқымен бөз өтеді» деген осы. Көп ұзамай көрші-қолаң жинала бастады. Мезгілсіз түтін шыққан үйге жиналып, қара сорпа ішіп дағдыланған шарық-шоқайлар есік жақтан орын алысты. Жұрт жиналған соң Зейнел-Нәбидің бүйірі қыза бастады. Ол Назарқұлға: – Ермек қып отыратын қобызыңды неге әкелмедіңей, шақша бас?! – деді. Назарқұл шамданды. Шақша басын қыржық мойнына қондырып қисайтып, қитығып қалды. Біраздан кейін: – Әлі-әзір біздің Көзтаңбалыдан жарапазаншы шыққан жоқ. Жарапазаншы – сіздің елде! – деп керегеге шырт түкірді. Зейнел-Нәби «терің тар екен, шымшығанда сыр бермейтін Ноғайқұлдан садаға кет!» деп ойлады. Ол енді жалт өзгерді. – Бұралқы сөз күлмекке жақсы. Қобыз арқалауды мін көрсең, соңыра кешке таман шағылға шығып тарт. Құлағымыздың құрышы алыстан қансын!... – Мен Ықылас емеспін ғой, – деп Назарқұл ағынан жарылды. Мойындау Зейнел-Нәбиге ұнады. Ол шешіле сөйледі: – Ықыласастар жүз жылда, бәлкім, мың жылда бірақ туады. Аттың орнын тай баспаққа керек. Одан күдер үзген адам қобызшы болмайды. – Ол екілене түсті. – «Ерінбеген етікші», «ұялмаған өлеңші». Бізге сенің қиқыл-шиқылың жетіп жатыр... Назарқұл қырланды:
– Әй, сен дұрыс айтасың. Қобызым жарылып, көксау шалдай шиқылдап жүр. Жаңадан қобыз жасап алмасам болар емес. – Ұшқаттан шабасың ба? – деп сұрады Зейнел-Нәби. – Ықыластың руынан да сияқты ноқай шығады екенау? – деп таңданды Назарқұл. – Ұшқаттан сыбызғы жасайды. Қобызды үйеңкіден, ұрғашы қарағайдан, өрік ағашынан шабады. Арша бұл күнде қолға түспейді. Зейнел-Нәби әмияннан аршаның шырпысын шығарды. Кәдімгі тіс шұқитын шырпы еді. – Сенің өкініп отырғаның мынаның түбірі ме? Назарқұл басын шайқады. Ішінен: «Әй, көрдікәй, қаны жерге тимейтін қызыл арша бұның түсіне де кірмейді ғой!» деп отыр. Зейнел-Нәби болса оның өзін көрмәдікке балайды. Ішінен: «Қай-қайдағы ағашқа аузының суы құриды. Құдай біледі, осының бір ноқаты кем!» деп отыр. Оның ойынша шақша бас адамның басы нағыз келсе – данышпан; босаң келсе – жарымес. Назарқұл жарымес-ау, шамасы?! Бірақ бұл антұрғанның кейде бір қағары бар. Ұтпайтын жерден ұтып кетеді. Бірақ оның өзі әркімнен жұққан мінез болуы да кәдік қой. Қай қазақтың пешенесіне тапқырлықты жазып қойған?! Екінің бірі егіздің сыңары. «Мынау менікі!» деп соға береді. Осы ойын ол сыртқа шығара алмай ұзақ отырды. Бір уақытта түйдей құрдасы Рәшқа қарады. Ол Назарқұлдай емес, кең жауырынды қалбағай. Дөңгеленіп келген қара-сұр дидарында зілсіз парасат бар. Адам жылқы мінезді болса, Назарқұл кирелең қара да, Рәш ұшқыр қаракер. Жиын-тойда бәйгеден келмесе де көзге бір көрініп қалатын қауқары бар. Осылайша қиял кешкен Зейнел-Нәби бір уақытта, неге екенін белгісіз, аңшылықтан кеңес шерте бастады.
Ол қасқыр алатын иттің түрін, нәсілін тарата келіп: – Ши бөрі көрсе шәу-шәу ететін қапсағай қара төбетім бар еді, – дей бергенде, сөзін Рәш бөліп жіберді. – Әй, сенің оның күдір мойын шикіл сары төбет еді ғой... Зейнел-Нәби өршеленді: – Жоқ, жоқ, қомағай қара төбет болатын... – Сенің көзіне шел түсе бастаған екен. Ащы насыбай атсаң шырадай жанады, – деп Рәш тығып шашақты қауақ шақшасын ұсынды. Зейнел-Нәби тілін төсеп сақаулана сөйледі: – Мынау нағыз шал жығар ғой! Ол кәдімгідей мас болды. Әйелін жұмсап көрші үйдің қойшысын шақыртып алды. – Қане, екеуің ұрт шертісіңдерші! – деді ол қойшыларға. Сөзге Емберген килікті: – Ұрт та бұйым ба, мұрын шертіссін! Алақан шертіскенде күлдіретіп жіберетін шымыр жігіттер алғашқыда ойнағансып, ырымын жасап еді. Жұрттың гу-гуімен бара-бара қызды. Бір кезде осы үйдің қойшысының мұрнынан қан дірдектеп қоя берді. Жұрт мәз-мейрам болып күліп жатыр. Зейнел-Нәби: – Әй, Торсан, кісілердің алдында мұрныңды қанатып, сағымды сындырдың-ау! Қап! – деп өкінді. Ас піскенде қонақтарға құлағы қайқы, нән қара табақ тартылған. Осы мезетте Шәукен: – Менің бір өлеңім бар еді. Соны айтайын! – деді. – Е, айта ғой, қарағым! – деді Тұрғанкүл бәйбіше. Қандай өлең екенін қайдан білсін!... Рәш сасқалақтап: – Бұл иттікі балдыр-батпақ, айтпайды! – деді. – Айтамын! – деді Шәукен.
– Айтпайсың! – Айтамын! Рәш жалынып-жалбарына бастады. Оның әужайын байқаған бала жорта қасарысты. Егер Рәш: «Ал, айт!» деп түсін суытқанда бала жым болатын еді. Рәш босқа сасқалақтады. Бұдан хабарсыз Тұрғанкүл: – Рәш тамақ суып барады деп отыр ғой. Кейін айтарсың! – деп желеу шақырды. Дәм алдында Рәш жамбастың сүйегін мүжи бастап еді, Зейнел-Нәби: –Уа, Рәке, сіздің ауылдың төбеті не кеміреді? – деп сұрады. Есік жақта отырған шарық-шоқайлар күлкісін жасырып, бірін-бірі бүйірге түртісті. Рәш түсіне қойды да: – Біздің ауылда иті қатықсыз қара сорпа ішеді! – деп бүйір түртіскендерді мегзеді. Қонақтар қайтарда Тұрғанкүл бәйбіше тоңазыған жамбасқа ет қосып, майлыққа орап, Назарқұлға ұсынды. – Мынаны Зияшқа бересің! Назарқұл намыстанды: – Кесесіне жамбас салып әкететін мені арсыз шал деп тұрсың ба?! Тұрғанкүл бетін шымшыды. – Үй-бүй, қарағым-ай, сыбағаның не әндишасы бар? Қайнағасының үйінен тамақ ажырататын келіншегің көзі бозарып отырған шығар. Назарқұл жолдастарына қарады. «Бәйбішеден дәм татқан жаман болмайды!» – деді Емберген. Олар ауылына келгенде шеткі үйде байлаулы тұрған көк-қасқа құнанды көрді. Рәш: – Жылы орнымызды суытпай тұрып Нақана сәлем беріп шығайық! – деді. Назарқұл Шәукенді шаптады:
– Су мұрынның сақалын жұл! Көзтаңбалы тайпасында екі Ноғайқұл бар. Сүмелегін жұрт «Сүбди Ноғайқұл» деседі. Беделді Ноғайқұлдан табар міні – мұрнының үлкендігі. Назарқұлдың «су мұрын» деп меңзегені сол. Бұлар үйге кіріп сәлемдескеннен кейін Рәш болған оқиғаны баян ете келіп: – Сонымен, не керек, ет жемедік-ау, желім жедік! – деген. Ноғайқұл Шәукенге қарады: – Сөйттің бе, қарағым? Шәукен жауап орнына: – Әй, су мұрын маған не әкелдің? – деп әкесінің сақалына жармасты. Ноғайқұл: – Мынау ақымақ қайтеді, – деп басын кежірейтті. Ол Шәукенді құшақтап сүймекші болды. Шәукен қашқалақтап Назарқұлдың бауырына тығылды. Осы мезетте Ноғайқұл: – Шәукен мырзаға қаршыға әкелдім! – деп тұғырда тұрған құсты нұсқады. Енді ауылдастар құсқа қарағыштап, оны әңгіме ете бастады. Жез тырнақ, шапыраш көз қаршыға еді. Әркім әрнеге жорып білгішсінді. Ноғайқұл шүңірек көзімен жұртты сүзіп өтті. Біраздан кейін өзінен-өзі жадырады. Ол: – Қыста мен істейтін жұмыс жоқ. Шу бойындағы қалың елді аралап қайттым. Мынау құстың алғырлығына қызығып, Әріптен сұрап алдым, – деді. Ауылдастар: – Бәрекелде! – десіп, бас шұлғысты. Ноғайқұлға бұлардың бейілінен гөрі Шәукеннің шалдуарлығы ұнады. Сақалына жармасады, ә, ақымақ! Қаршығаның қолғаптан батқан тырнағы іспетті сүйкімді қылық! Әке балаға сыншы! Ноғайқұл осы жаман
немеден дәметеді. Ноғайқұлдың әйелі төрт құрсақ көтерді. Еркек кіндігі шетіней берген соң, Шәукеннің құлағына сырға тақты. Онымен тұрмай оны пұшпағы қанамаған келінінің бауырына салды. Ырымы оң болып бала күн санап өсіп келе жатыр... II Ноғайқұл төрт ағайынды. Ең үлкені Борайқұл. Одан кейінгісі өзі. Өзінен кейінгісі Назарқұл. Ең кенжесі Базарқұл. Бұл күнде ең үлкені мен ең кішісі жатақ. Осыдан үш-төрт жыл бұрын төртеуі түгел көшіп жүретін. Түйе тапшы болғандықтан тасымалдасты. Тасымалдайтын да Ноғайбайдың пешенесіндегі түлік. Соған қарамай үлкен аға өкпеледі. Неге? Неге екені белгісіз. Сірә. Дәулет дәметсе керек. Бірақ Борайқұл оны айтпады. Бір жазда кесек құйып там соғып алды. Қарашада ел құмға қарай көшерде кенже інісін қолынан жетектеп тайып тұрды. Тіпті көлденең жұрт құрлы: «Көктемде аман-есен көрісейік!» деген де жоқ. Қарасы өшерде ғана артына бір-екі рет жалтақтап қарады... Бір есептен Борайқұлдікі дұрыс. «Бәрің бірдей қойшы болсаң құл боларсың. Бәрің бірдей тойшы болсаң тұл боларсың» деген рас. Бір әулетке Ноғайқұлдың кісілігі де жетеді. Кісілік! Ноғайқұлдың құлақкесті құлы есепті Назарқұлдың әлгі бір әзірге Шәукенге не дегенін білмейді. Баланың аузында сөз тұрмайды. Інісінің мазақ қылғанын естісе не болар еді?! Тас-талқан болып ашуланар ма еді, әлде күлкіге жеңдіре салар ма еді?! Задында, қазекең қырық түрлі. Сонау күнгейліктер әдепті. Туған-туысқанына «сіз-біз» десіп, сызылып
тұрады. Бұл жақтағы теріскейліктер бірін-бірі қағытпаса көңілі көншімейді. Ағайын екеш ағайынның өзі кейкейде бір-біріне сырттан кіжінеді. «Атаңа нәлетті тістер ме еді?!» деседі. Обалы нешік, Торанқұлдың әулетінде өзара бұндайлық қыжыл жоқ. Бұлардікі көңілдің кірбіңі, іш пысыстың қунақылығы. Және соны өздері байыптамайды. Бұл арада Ноғайқұл бейтараптанып: – Қалай жігіттер, ауыл арасы тыныш па? – дей салды. – Мамыражай, – деді Рәш жұлып алғандай. Емберген: – Биыл төбелес болмай тұр! – деп кіжінді. Ноғайқұл: – Қыста мал бағып, жазда сабаласпаққа керек! – деп жымиды. Олар мардымды әңгіме айтпай ұзақ отырды. Қашанғы әдеті осылай. Ноғайқұлдың қасында үнсіз отырудан жалықпайды. Рәш: – Айтпақшы, өзің жоқтағы бір жаңалық: Әлтайдың әкесі қайтыс болыпты. Таудан хабар келді, – деді. – Есіттірдіңдер ме? – Жоқ. – Неге? – Қойды тастап кете ме деп қорықтық. – Сендердің көз майың татымайды! – деді Ноғайқұл. – Жас бала қалай қашады? Қыстың көзі қырауда тауға қайтіп жетеді?! – Қайдан білейін? – деді Рәш қыпылықтап. – Шамалы елірмесі болған соң сескеніп едік... Әлтайдың елірмесі бары рас еді. Сол елірме қолы бостықтан деп ойлаған әкесі оны қойдың соңына салып қойды. Салған да жоқ-ау, жетектеп кеп Ноғайқұлға қолынан ұстатты. Бар айтқаны «еті сенікі, сүйегі менікі!». Содан кейін Ноғайқұл Әлтайды Ырымбекке
қолқанат етіп берді. Енді сол Ноғайқұл: – Бәріміз қойдың алдына шығайық, – деп киіне бастады. Намаздігер шамасы еді. Өрістен қайтқан қой ауылға жақындап қалыпты. Бұларды көргенде, Әлтай: – Шәйт, шәйт! – деп қырлана түсті. Арғы жағында екінші қойшы келе жатыр. Ол – Рәштің інісі Ырымбек. Ноғайқұл бала қойшыны шақырып алды. Бетіне шүйіле қарап: – Шырағым, Әлтай, әкең қайтыс болыпты. Ағайынбыз ғой, мен саған көңіл айтамын ба, жоқ әлде сен маған көңіл айтасың ба! – деді. Әлтайдың жауабы күтпеген жерден шықты: – Көке, мен естігенмін! – Кімнен? – Шәукен: «Әй, әкең өліпті ғой, неге жыламайсың?!» – деп таяғыма жармасқан. – Жыладың ба? – Сыбызғымды жылаттым! Ноғайқұл: «Қой соңында жүріп сыбызғы тартады, ә!» деп танданды. Бір күні сәскеде Ноғайқұлдікіне Сұранышбек келген. Қасында үш-төрт кісісі бар. Ас піскенге шейінгі ермегі карта болды. «Жиырма бір» ойнауға уақыт тар. «Бес кетерерді» ермек етіскен. Қайтарында ол бұйымтайын айтты. Нақаңның қаршығасын сұрай келіпті. Ноғайқұл бұл құсты Әріптен алғанын, қызығына әлі мауқы басылмағанын, әңгіме онда да емес, екінші біреудің сыйлығын екінші біреуге беруге үрдіске сыймайтынын айтқан. Сұранышбек үрдіске қарар емес, қолқасын қайталап: – Бермесең қыстай үйіңнен шықпай жатып аламын. Тым құрыса, құсыңның қызығын бірге көремін! – деген.
Осыдан кейін Ноғайқұл ойланып қалды. Сұранышбек те бір тайпаның бетке шығары. Жаптас елмен татулық жақсы. Тіпті, әңгіме бұнда да емес. Ноғайқұл осы күнге шейін сұрамшы атаулының сағын сындырып көрген емес. Енді нәяты бір құсты қолқаға қимаса кейін көңіліне қаяу түсуі мүмкін. Сайып келгенде, берген де жомарт, алған да жомарт. Бес күнгі тіршілікте көңілге кірбің түсірмегенге не жетсін, шіркін! Ол осылайша олқылы-толқылы ойда отырғанда, оның қабағын Сұранышбекте таныған. Ол енді Ноғайқұлдың екінші жағынан келмек болды: – Қабағың салбырап кетті. Мен ауылыма: «Тағай батырдың ұрпағы бұл күнде сері!» деп мақтап, мақтанып барайын деп едім. Ертең жел тұрса қашып кететін опасыз құсты қимасаң, біз қайтайық! Ноғайқұл тұғырдағы қаршығаны Сұранышбекке ұстатарда Шәукен желбауға жармасты. – Бермеймін құсымды! Әкеңнің!... Өзі жылап тұр. Ноғайқұл сасып қалды. Бұл екі арада Шәукен қаршығаны қайтадан тұғырына қондырып, желбауының ұшынан ұстап отырды. Осыдан кейін Ноғайқұл көңілсіздікті тарқату үшін кісілермен бірге құс салысып қайтпақ болды. Өзі атқа қонып, Шәукенді атқа міңгестірді. Ауылдан Рәш ілесті. ...Кісілер әлі ел қонып шиыр қылмаған нуға қарай аяндады. Күн шуақ еді. Қырбық қарда шалғайлар көзге шалынады. Ноғайқұл қиялданып келеді. Осынау құмның басы түйенің мойнағындай рабайсыз иіліп келгендіктен Сойынқұм аталса, кеуделік тұстан бастап «Үшкөкше» делінеді. Түйе сіңірі, қоян сүйегі, шырпысы, еркегі, құртшасы қалың құм қыраулы күзде, қарлы қыста
көкпеңбек боп мөлдіреп, тұнып жатады. Ақселеулер, қызыл изендер, сары бас гүлдер көк дүниенің аламыш өрнегіндей әсер етеді. Көкшенің үшке бөлінуі тағы тамаша! Бас жағы терең қобылар мен білемденген жалдар, орта шені ығы-жығы жықпылдар, аяқ жағы бүйрекбүйрек бұйраттар. Үшеуінің түсі ұқсас та, бойы бөлек. Көкшенің үшке бөлінетіні айна қатесіз ажыратқан, көзі көреген, қиялы қырағы халық бірде жердің суретін есім етсе, бірде белгілі адамдардың есімін сақтайды. «Сарыбас» – сары гүлден шықса, Текей жалы – «қолына қоқан теңге уыстаған, ұшына қыл шаншыған ту ұстаған» Тұтаңбалы Текейдің қонысы. Мынау Сұранышбек осы рудан. Қожажал, Төрежалдар да осы тақылеттес. Жанайдың жалғыз аяғы – бағзы заманда баукеспе ұрының салған соқпағы. Көлге жаптас жағы барқан, шөл жағы шүйгін, құйқалы да қыртысты Көкше жоталы Қаратау мен ну-нар қамысты Шудың арасында құты қашпас қазына. Ноғайқұлдың қиялын Сұранышбек бөлді. Ол оқыстан: – Ойбай, қоян! – деген. Бұл кезде бұлар Боздоңғал аталатын дөңнің үстінде еді. Баурайда өріп жүрген бір қора қоянды көрді. Рәш: – Сілте құсыңды! – деді. Ноғайқұл бұлардың бәрі биыл өрген көжек екенін, енесінің еті қоға татитынын айта келді де: – Мен құсымды бүйрегінің майы бар ор қоянға жұмсаймын! – деп насаттанды. Енді шамалы жер жүргенде шағын шұңғылдың жиегіндегі шырпының арасынан ор қоян қашты. Ноғайқұл құсын сілтеді. Қаршыға қоянды жынысқа жеткізбей іліп түсті. Қоян бақ ете қалды. Қаршыға
екі қанатын жалпылдатып қоянның басын бүргіштеді. Ноғайқұл құсын аңнан ажыратып, анадай жерге лақтырды. Қаршыға көзі жаутаңдап, шекиіп отырып қалды. Осыдан кейін қаршыға тағы да жеті қоян алды. Және біреуі інге тығылғанда оны Рәш қолымен ұстап, бауыздады. Ноғайқұл қоянның бесеуін Сұранышбекке байлады. Өзі артындағы Шәукенді нұсқап: – Мынау иттің желігі басылсын. Сұранышбек, сен әлі-әзір ренжіме! – деген. Осы арада бұлар екіге жарылған. Ноғайқұлдар ауылына қайтып келе жатты. Ноғайқұл ат үстінде құсына тоят берді. Ат басындай көк қаршыға қанатын қомдап, көзі шапыраштанып, қоянның сыдырылған басынан шабыттана біраз жұлқылағанда, Ноғайқұл: – Ішіңе шыр байланса қашып кетесің! – деп тояттан тыйды. Кешке қоянның біреуін сойып жатып Назарқұл: – Мынаны құс ілмеген! – деді. Ырысбике: – Ит ерткен жоқ еді ғой, қаршыға алмағанда сымбылайбайы ала ма? – деп сұрады. Назарқұл бала кезінде қой бақты. Осы үйге таманың әйелдері қыдыра келгенде Назарқұл есіктен қарады. Мойны жұмыр Назкен: «Қайның жігіт боп қапты ғой» байқамай қалды. Сүгірдің қатыны Назкен салиқалы бәйбіше еді. «Ауыл аралас, қой қоралас ел болдық қой. Несі бар!» деп көніп қалды. Осы әңгімені Ырысбике кейін күйеуіне айтқанда Ноғайқұл: «Әй, сенің мұның ақыл екен. Жылыстап жүрген тайпа қалың малды көп сұрамайды» деді. Сонымен, Назарқұлды Ырысбике өзі үйлендірді. Ырысқа қарай келіні қажырлы, білекті болып шықты. Ол келгелі бері Ырысбикенің арқа-басы
босады. Майлық-сулығы бірдей зіңгіттей Зияш екі үйдің түйтпегін тындырып, шаруасын шырқ айналдырды. Бауырмалдығы қандай! Оның еркелетуі арқасында Шәукен Ырысбикені кәдімгідей жатсынды. Бұны көңіліне ап жатқан шеше жоқ. «Әйтеуір тірі жүрсін!» деп шүкіршілік етеді. III Ноғайқұлдың ауылы құмның шөбі шүйгін бір жалына көшіп қонған. Желтоқсанның қаңтарға ауысқаны шағы еді. Бірақ әлі де қыс жайлы. Оқта-текте қырбық қар жауып, арты мұнарланып, тұманданып, бұталардың бұтақтарына қырау тұрғызады. Көгілдір көк дүние күн шұғыла шашқанда ерекше әдемі көрінеді. Осындай кездерде Ноғайқұл кейде жаяу, кейде атпен қаршыға салып, көңіл көтереді. Бір күні ол түс қайта оралып еді. Үйге Зағипа кірді де: – Біздің үйге бір топ кісі түстеніп отыр. Сізді шақырып жатыр, – деп хабарлады. – Рәш қайда? – Картадан қолы босамайды. Рәштің үйі іргелес еді. Гу-гу дауыс шығып жатты. «Жиырма бір» ойнағанда сыртқа үн шықпайды. Ноғайқұл: «Дәңгілдер «бес көтерер» соғып жатыр-ау?» деп шамалады. Ноғайқұл сырттан қоңыр драппен тысталған түлкі ішігін желбегей жамылған, Рәштің үйіне кірді. ЗейнелНәби Рәшқа: – Сендей езді көрсем көзім шықсын. Жетілікпен жер тартуды қашан қоясың? Қой, құрысын осыны қояйық! – деді. Бұл Ноғайқұлға білдірген әрі шағымы, әрі ілтипаты
еді. Ноғайқұл төрге шығып отырды. Зейнел-Нәби ішінен: «Қайын жұртының төріне шығады. «Күштінің арты диірмен тартады» деген осы!» деп бір қойды. Түстік үстінде кісілердің үстіне Шәукен кіріп келді де: – Әй, анау арық, мынау арық, сен неге шошқадай семіз болдың?! – деп Зейнел-Нәбиді нұсқады. Зейнел-Нәби қызарақтап қалды. Жұрттың жымысқы күлкісін жеңбек боп әзілге шаптырды: – Баланың аузына Назарқұл антұрғанның салған сөзін қарашы!... Әй, Шәукентай! Ізінше барып айт: «Сен қабандай неге қорсылдайсың?!» – де!... Зейнел-Нәбидің ойында жүрген ниеті бар еді. Айта алмай жүрген ниет-ті. Енді «ұялған тек тұрмастың» керімен ол Ноғайқұлға жабыса кетті. – Біреудің сөзін айтса да Шәукен жүректі екен. Менің Қатирамды айттыр! Құдай қосқан құда боп, мың жасайық!... Жұртқа ермек керек, желеу табылса болды, желіге береді. Баршасы: – Міне, бұл табылған ақыл! – десті. Ноғайқұл үн қатпады. Қазақта «қызынды бер» деу бар, «қызымды ал» деу жоқ. Рас, қазақта бел құда болады. Бірақ онда шарт жатады, ырым жатады. Бесік құда болғандар періштедей нәрестені атастырудан ұялмайды. Осының бәрі сайып келгенде, надандық емес пе?! Әлі сүндетке де отырмаған Шәукен үйленгенше неше заман?! Бірақ қазақтың салты осы. Күні бұрын тон пішеді. Баланың көңілі бар ма, жоқ па, онымен ісі болмайды. Ноғайқұлдың өзін әкесі он үш жасында үйлендірді. Өзінен бір жас үлкен қызға қосты. Денелі, қажырлы Ырысбике он алтысында құрсақ көтерді. Бірақ тұңғышы құтаймады. Одан кейінгісі Несібелі. Одан кейінгісі мынау есік алдында шәлтиіп тұрған
Шәукен. «Жаман неменің аяғын тұсаған дұрыс па, жоқ әлде осы шалдуарлығымен қоя тұрған жөн бе?!». Осыған Ноғайқұлдың ақылы жетпей отырды. Бұл екі арада Зейнел-Нәби ширығып алды. «Ауыздан шыққан түкірік, қайтып жұтсаң мәкүрік». Сөзді індетпей болмайды. Ол томсарып отырған Ноғайқұлға: – Немене, қалың жөгіні комсынасың ба? Мен де бір тайпа елдің бетке шығарымын, көңілімнің сырын шашайын деп келсем, неге сызданасың?! – деген. Ноғайқұл ойланбастан: – Көкейі жоқ көңіліңнің сырын қайтемін?! – деп салды. Зейнел-Нәби шала-шарпы түсінді. Ол өкпелі, сынған дауыспен тіл қатты: – Біз сендей шаһарда орысша оқыған жоқпыз. Тұспалдан кендеміз. «Қышыған жерден қол кетпес» демекші, қатар жатқан ел болған соң бір базыналық сөз айтып едім. Түптен бұл сөзге түрткі болған әйелім еді. Ол Ырысбикемен сырласқан ба, қалай? «Қатын дұшпан» деген рас екен. Ойда жоқта ұятқа қалғанымды қарашы!... Шынында да Зейнел-Нәбидің шикіл сары дидары қызарып кеткен еді. Ноғайқұл іштей аяды. Ол үйіне келіп әйелімен ақылдасты. Сөзінің соңында: – Қызы Зейнел-Нәбидің өзі секілді шикіл сары бола ма деп қорқамын, – деп бітіріп еді. Шәукен жұлып алғандай: – Әй, су мұрын-ай, түсін езіп ішесің бе ? Ақылы болса болды-дағы! – деп салды. Шәукен әлде біреуден естіген сөзін қайталап еді. Ноғайқұл оны білмеді. Ол баласының зейініне сүйсініп: – Алда, айналайын-ай! – деп, тысқа шығып кетті. Ноғайқұлдың Зейнел-Нәбиге не айтқаны белгісіз.
Бірақ ертеңіне Тұрғанкүл бәйбіше осы ауылға келіп, Ырысбикеден түстік жеді. Кілең әйел гулесіп, сөзге қонақ бермей, жарыса сөйлесе, кеңеске қарық болып жатты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «құтты болсынға» тірелді. Сонымен, құдалықтың басы басталды. Бірақ құйрық жесіп, кит киісетін кездерді табиғат қос көрмеді. Ауыл адамдары шағылға шығып,құдалық жайын әңгімелесіп тұрған. Кенет Рәш: – Ертең күн суытады! – деді. – Оны қайдан білесің? – деп сұрады Ноғайқұл. Рәш жиегі қанталап қызарып барып батқан күннің жақсылық емес екенін айтты. Ноғайқұл күмәнданғанда, ол: – Енді біраз тұрсақ ақбозат, көкбозат теңселіп, аспан шақыр-шұқыр етеді. Бәленің басы сол! – деп көрегенсіді. Рәштің айтқаны түгелге жуық келді. Баданадай қос жұлдыз туғанда ауа кенет шытымырланып, желсіз суытып, дүние сықырлағандай болып кетті. Таңертең шыңылтыр аяз мүлде күшейіп, түс әлетінде батыстан ызғар соғып, алақаншықтатып жіберді. Саусақ ашытып, бет домбықтыратын үскіріктің басы жұрттың құтын қашырды. Тысқа шығуға еріншектенген жұрт үйді-үйінде бүрсиіп қалды. Карта ойнап мысқылдаушы және жоқ. Дойбы ойнап мысқылдаушы және жоқ. Репетсіз үнсіздікті малдың у-шуы бұзады. Өрістен қайтқан қой күн батарда домалана жүгіріп, жаппай маңырап, ауылды азан-қазан қылады. Шаруакештер үйіне шарбақ құрып, кәрі-құртаңын паналатады. Осындай бір күні Базарқұл жетіп келді. Келген бойда ол қушима етегінің басын ұстап: – Аяғым қатып қалды-ау, қатып қалды! – деген.
Ноғайқұл: – Осындай үскірікте жолға неге шығасың? – деп кейіді. Базарқұл тауда жылы екенін, мамыражай уақытта іші пысқасын осылай тартып кеткенін айтты. Көп ұзамай күн де сынды. Жұрттың арқа-басы кеңи бастады. Ноғайқұлдар тайлы-таяғымен атқа мініп Зейнел-Нәбидің ауылына барды. Зейнел-Нәбидің үйіне жұрт жиналып қалды. Жаптас ауылдан бір жамағайындары келді. Бұл ауылдың үлкен үйі осы. Әншейінде бастаңғыны отауда өткізетін қыз-қырқын, жігіт-желең еркінсініп келді. Көп ұзамай ойын да басталды. Ноғайқұл кіріспей төрде үнсіз отыра берді. Бастан кешкен нәрселер кейде бүйір қыздырса да байсалдылық сақтады. Осы отырыста ол болмашы бір нәрсеге қайран қалды. Көрші ауылдан келген Шынаркүл деген жас қыз шыбықтай бұралып, Назарқұлға қағазға оралған темекі ұсынды. Темекі-кәшекке тұз қосқан еді. Шылым пышырлап, шытырлап, ұшқын шашты. Назарқұл от басқандай шошып түсті. Ноғайқұл жас қыздың келемежәжуашылына таңырқады. Ішінен: «өсе келе талайды сазға отырғызасың ғой!» – деп отыр. Көп ұзамай өлең басталды. Еркектер мен әйелдер екі жарылып, екеу-екеуден айтысқа түсті. Бұл да Ноғайқұлдың бастан кешкен нәрсесі. Тіпті ол жазда ел қыдырып, өз ауылының маңынан түнделетіп ән сап өтуші еді. Қасындағы жолдастары: «Жеті түнде бұның не, ей?» деп сұрағанда, ол: «Келіншегіме берген хабарым» деп, таңсық сыр шертуші еді. Бұл күнде ол басалқалы. әуелі желікке бара бермейді. Бірақ өзі өлеңжырды, ән-күйді жақсы көреді. Осы арада да берекесіз
айтысқа іш тартып отыр. Бұл айтыстың ішінен ең дәмдісі Рәш пен оның әріптесінікі еді. Рәшқа әуелі Назарқұл қосылды. Бірақ қобызшының дауысы барқылдап кеткесін Рәш ылдабайға Базарқұлды жаратты. Екеуі Шынаркүлдің тұсына отырды. Шынаркүлге жеңгесі қосылды. Бұлар да өзгелер секілді алма-кезек бірауыз өлеңмен айтысады. Өлеңнің сөзі жаттанды. Бірақ әуенінде белгісіз арман бар. Назды, сазды әуен көкейдің сөзінен гөрі өзін көбірек танытады. Әдетте, елге үш ұйықтасаң ойыңа келмейтін тапқыр өлең тарайды. Бұл арада ондай тапқырлық жоқ. Бірақ оның есесіне өлең біртүрлі құлаққа сіңімді. Жасаң шағында суырып-салмадан жеңіліп көрмеген Ноғайқұлдың өзі біртүрлі елтіп тұр. Осындай бір тұста Шынаркүлдің өлеңін ол шала-шарпы ұқты. Әріптесін қаршығаға теңейді, өзін қоянға теңейді. Бұған Рәштар: «Екі бүктеп ұстаймын ор қоянды» деп жауап қайырады. Өлең жүйесіз шықпады. Бірақ Базарқұл әннің қайырмасына келгенде мойнын рабайсыз созып, көзін сүзіп, ерсі қылық жасады. Тыңдаушы әйелдер: – Әй, мына шіркіннің көзін қара! – десіп, өзара күлісті. Осыдан кейін думан қызып, батылдық күшейді. Қыза келе әйелдер Ноғайқұлдың бетіне ұн жақты. Жұрт күлкіден қырылып қалды. * Биыл да Әріп Шудың сыңсыған қамысын паналаған. Ну қамыс дауылда жапырылып, шулап, қақ ортада отырған ауылға ызғар өткізбейді. Шудың іші қоқты, қоғалы, ажырықты. Оған жылқы мен түйе жайылады. Әріптің уақ малы – осы арадан екі көштік Мойынқұмда. Ол жерде немере інісі Зейнел-
Нәби қыстайды. Әріп ауыл арасының алшақтығын ұнатады. Кейде қыс бойы аралық сақтап, көктемде бір-ақ көріседі. Сырлас-замандастарына: «Ағайынмен алыстан сыйласқан жөн. Ішің пысқан соң бауырмал тартасың» деп, екіұшты тұспал жасайды. Туған інісін сағынып барғанда, ол: «Жал-жаядан ішім майланып келді. Серкенің көк етін астыр, пәңкет келінге!» деп, Зейнел-Нәбиге ежірейе қарайды. Ағасының бұл шыны ма, немесе әзілі ме, оған Зейнел-Нәби түсіне бермейді. Әріпке керегінің өзі осы. Оның байқауынша, осы күнгі інілер усойқыланып бара жатыр. «Ақыл жастан» дейтін мәтел тозған. Зейнел-Нәби де ағасына соншалықты ырза емес. Қырсыққанда көрінген ауылды шауып, елсізге ауып кететін шақ алыс қалған. Осыны түсінбейтін Әріп баяғы көкірекпен жүр. Ерте кезде Бетпақдаладағы ел үкіметке бағынбай босып жүретін-ді. Енді көшпелі ел түгелге жуық есепте! Есеп бар жерде ақыл-айла керек. Енді найзадан қалам мықты. Зейнел-Нәби: «Заманың түлкі болса тазы боп шал» деген сөз – сөз!» деп ойлайды. Уақыттың ағымына үйлеспекке ұмтылады. Осы себепті ол Мойынқұмның қақ ортасында отырған Ноғайқұлмен құда болды. Бұл хабарды Әріп кейін естіді. Ойлана келе Ноғайқұлдың әкесі Торанқұлды еске түсірген. Торанқұл Әріптей бай болмаса да, еліне беделді кісі еді. Жөгілер мен көзтаңбалылардың арасын біріктіруге септігі тиетін адам еді. Және ол барда екі елдің арасындағы бұрынғы барымта-қарымта тыйылған да! Тегінде, дәулеттілер барымтадан пайда таппайды. Әріптің бөтен елмен тату тұруға тырысуында осындай шарасыздық бар...
Әріп бірауық Ноғайқұлды да ойдан өткізген. Оның дәулеті құдды Зейнел-Нәбидің дәулетіндей. «Тең теңмен, тезек қабымен» деген сол! Әріп: «Мейлі, екеуі жараса берсін. Құдай қарғағандай, біздің елде еркектен ұрғашы көп боп жүр ғой!» деп бір қойған. Ноғайқұлдың Зейнел-Нәбиден айырмашылығы оның орысша оқығанында. Ертеде бір жылдай болысқа писарь боп, конокрад жөнінен болыспен шекісіп, қызметін тастап кетті. Бірақ соның өзінде ел ішінде беделді кісі боп жүр. Әріп жігіт кезінде болыстыққа туған әкесі Шотпен таласқан. Ағайын, жекжаттар екі жаққа бөлініп, дүние шашып, бәсекені асқындырған. Сайлау жақындаған шақ еді, бір күні Әріп өзінің үш жасар баласын мойнына мінгізіп, ауылдың сыртында қыдырып жүрген әлде қайдан әкесі сап ете қалсын. Шот атынан түспей: – Әй, Әріп, сені үш жасыңда мен де дәл осылайша мойныма мінгізіп, еркелетіп едім. Алдыма келді! – деген. Сонда Әріп өкіріп қоя берген. Кейін ойласа сол кезде әкесімен бәсекеге түскеніне өзі іштей өкініп жүр екен. Бірақ шығасыға жұмсаған малдың өтеуін немен қайтарарын білмей, дағдарысқа ұшыраған екен. Әкенің бір ауыз сөзі Әріпті омақаса құлатты. Бұл күнде Әріп шаруа қамынан басқаны ойламайды. Өткен-кеткенді айтып, сырласар, шер тарқатарлық адамның да қатары селдіреп барады. Заман билейді. Әріптің кейбір теңдесі малын пұлға ауыстырып, қалаға орналасты. Біреуі қымызхана ұстап, саудамен айналысты. Біреуі делдал болды. Әйтеуір, қалада жұтқа ұшырамайтын кәсіп тапты. Осының бәрін ой елегінен өткізе келе, ол: «Қаласы
не, даласы не? Тіршілік итшілеп өтеді-дағы!»деп, ағаш кереуетке аунай түсті. Содан ол етпеттей жатты. Осы жатыс ойына әлде қайдан Абылайды түсірген. Ол Сабалақ атанған түйеші бала кезінде, бір күні айдалада етпеттеп, екі қолын алға созып жатқанда сыншы шал: «Мынау бала «көңілім қалап, қолым жеткен жерді аламын!» деп жатыр ғой!» – деп сүйсініпті. Сол Абылайдың ұрпағы кейін күллі елді билептөстейді. Бергісі Кенесары, одан бергісі Сыздық төре. Одан кейінгісі бірте-бірте азды. Бұл күнде төренің қайсыбірі көн-шоқай киіп түйемен тұз тасиды. Әріп ағаш кереуеттен аунап түсіп, бір қырын жатып, жымиып күлді. Былтыр жазда ит арқасы қияндағы сонау Түркістанға түйемен тұз артып бара жатқан біреулер Әріптің жалпақ қоңыр ордасына кірген. Әріп төсектен түспей: – Біз төреміз! – дескен. Әріп бәйбішесін шақырып алып: – Сен мені «төрем-төрем» деп қолпаштаушы едің. Сондағы төрең мынау тұзшылар ма?! – деп сұраған. Әріп кейін есіткен. Сол тұзшылар Түркістанға барғанда мешітте азан шақырып тұрған молданы көреді. Көн-шоқайдың біреуі азаншыға: – Әй, былтыр келсем айқайлап тұрсың, биыл келсем айқайлап тұрсың. Түсе алмасың бар, о баста неге шығасың?! – деп дауыстайды. Көрдің бе төренің қуын?! Оның зымияны ел басқарса бүлік салады: «Хан қателессе, халықтың соры» деген мәтел бар. Сонау заманда тамалардың ханы қателеспедіау?! Қателессе елдің бірлігін сақтап қалар ма еді? Не қоқанға, не қалмаққа құлақкесті құл болып кетпес пе еді?! Күні кеше Әріп болыстықты өзінің әкесіне қиғанда сүйегіне сіңген қаны билік айтты-ау! «Тегінде,
әр ұлтты сол ұлттан шыққан адам билеу керек. Ру да сол сияқты» деп ойлайды Әріп. Әріптің ақылы жетпейтіні: сол ұлттың, сол рудың өзі бірін–бірі алдаудан шімірікпейді. Әріп ойға кеткен: «Әке-екеш әке өзінің баласын алдаса, сол бала өзінің әкесін алдайды. Әрине, зерек болса! Жолдастың жолдасты алдауы өз алдына! Ал, еркек пен ұрғашының арасындағы алдау, алдамасы тіптен сұмдық. Әділіне көшсе, Әріптің өзі Меруерттің басын айналдырып, тоқал етті. Немесе ұрғашының бір түнде қашып кетуі оңай. Әріптің көңіліне медеу тұтатыны – тоқалдың төркіні тым алыс. Сайқын тауына осы арадан еркектің жүректісі ғана сапар шегеді. «Әйелі құрсын! – деді Әріп, – сұмдықтың тереңі кісінің кісіні алдауынан тарайды». Осыдан барып ол Зейнел-Нәби мен Ноғайқұл жайында ойлап кеткен. Зейнел-Нәби Шоттан туса Торанқұлдан туған Ноғайқұлда есесін жібермес. Бірақ ана антұрғанның білімі артық. О да шот емес-ау, ол ант атқанның көзі сұсты. Тіпті, сұсты да емес, шүңірек! Ал, шүңірек көздің сырын ашу оңайға түспейді. Әріптің сауаты шамалы болса да, осы күнге дейін жан сақтатып келген – сұсты көзі! Анау-мынау адам оның бетіне тура қарай алмайды. Егер Әріпке әкесінің мол дәулеті қалмаса, ол найзагер боп кетер ме еді, кім білсін?!». Тегі, жөгі найзагерлікке жаралған», – деп ойлайды ол. «Жөгі – тымақ» деген не? Құдды дулыға! Осыдан барып ол өзінің арғы тегі турасында ойға шомады. Бұл тайпаның Орал-Жайық бойынан ауып келгені рас. Аузы шайпау жұрт, бәлкім, көре алмайтындар: «Жөгінің түбі – жөйіт!» деп қиыспайтын нәрсеге теліді. Сондағы тілге тиек ететіні – бұл тайпаның ораза тұтып, намаз оқымайтындығы! Әріп жымияды. Ол: «Аллаңнан ойбайым тыныш» – жаман сөз бе екен?» деп ойлайды.
Осыдан соң ол: «Асадан найза жақсы» дегенде, көзі шатынап, мұрты жыбырлаған. Әріп өзінің өткен күнін оймен екшейді. Енді бақса, пенденің жадында не жақсылық, не жамандық қалады екен. Әріп өзінше жұртқа жақсылықты көп жасаған. Жамандығы біреу-ақ секілді. Оны жамандық деуге де келмей ме, қалай? Меруертке үйленген жылы Ақмолаға қалашылап кеткен. Жаңа түскен он алты жасар келіншегін үлде мен бүлдеге орамақ боп базардан неше түрлі қымбат мата, жиһаз әкелгенде күтпеген құбыжықтың үстінен түскен. Түн ортасы еді. Әріп атын белдеуге байлап, отауға кіріп шам жақсын. Ағаш кереуетте Меруерттің қасында, оң аяғын көрпенің үстіне салып жатқан еркекті көрсін. Әріп таныды. Ояздың пірістовы! Әріп көрпені серпіп ашқанда пірістов оянып кетті. Дереу жастығының астында жатқан тапаншасына жармасты. Жан тәтті, Әріп тапаншаны жұлып алған. Бара-бара жан сауғадан намысқа ауысқан. Денесіне діріл кіріп, өзі демігіп тұрды. О заман да, бұ заман мұндай қорлықты көрген емес. Ол Меруертке шүйілсін: – Сенің қимаң ширатқан мұртқа қышиды екен ғой! Меруерт ағынан жарылды: – Тапаншасын сүйіп, маған кезегенде үрейім ұшып кетті. Әріп енді анаған бұрылды: – Жасауларың қайда? – Жаптас ауылдан мал әкелуге жібергем... Әріп: – Мал керек болса, үлкен үйге түспей, отауға неге түнейсің?! – деген. Анау: – Жәй, ұйқысырап едім! – деп жауап қайырған. Әріптің басына қаны шауып, көзі бұзылған. Ол:
– Сен, ширатпа мұрт шала қазақ «ұйқысырауды» қайдан білесің?! Е, әкеңнің аузын!.. – деп, пірістовты жалаңаш күйінде тысқа алып шыққан. Осы арада анау айқайлап қаша жөнелсін. Бұл қуып жетіп, тапаншамен дәл қарақұсқа ұрған. Анау құлағанда оны сүйретіп кеп, босағаға байлап қойған. Осыдан кейін ауылдың еті тірілерін жинап, ақылдасқан. Әркім әртүрлі кесім мегзеді. Зейнел-Нәби: – Мылтығын алып қап, өзін қайтарайық, – деген. Шамасы «пәлесіне қаламыз» деп қорықса керек, ауылдастың бәрі осы ұйғарымды құптады. Бірақ олардың сөзі Әріптің көңіліне қонбаған. «Жауды аяған жаралы» деген бар. «Қайта шапқан жау жаман» деген және бар. Осының бәрін ойлана келе, Әріп: – Сендер үшін мен айдалсам қайтеді, Ақмолаға?! – деп, жауап тосты. Жауапқа жарымаған. Ақырында, Әріп: – Қораға түскен қасқырдан қорқатын сендерден не үміт, не қайыр?! – деп, пірістовты көлге апарған. Осы арада ол тапаншаны айналдырып көрді. Дөңгелегіне алты оқ сыятын наган еді. Әріптің бірінші көрген қаруы! Ол наганды айналдырып, ақырында тетігін тапқан. Сол арада тұтқынды атып жіберді. Сүйегін суға лақтырған. Ауылдастар шошынғанда, Әріп: – Қап, қайтейін, мөлдір көлімді былғадым-ау, қанышер-кәззап! – деп өкінді. Ала-кеугім шақ еді. Таң ата Әріп бүкіл ауылмен ірге көтерген. Қайда көшерін білген де жоқ-ты. «Көш жүре түзеледі» деген рас. Былай ұзап шыққанда ауылдастар ес жинап, бәтуаға келген. Бұл жақтың әкімгершілігі жүрмейтін алыс жаққа аумақ
керек. Ақырында сегіз көштік Бетпақдаладан өтіп, ешбір губернияға бағынбайтын өңірге жеткен. Осы өңірдің Қаратау жақ шетінде жергілікті елмен септесіп, қоныс тебеді. Жергілікті елдің өзі де қысыжазы көшіп жүреді. Бірде теріскейді, бірде күнгейді жайлап, қыста Мойынқұмды паналайды. Ауытқымалы осы елде Әріп: «Қаратаудың қайыс аяғы» атанған, белді кісі Торанғұлмен достасып, үзеңгі қағысқан. Енді Зейнел-Нәби сол Торанқұлдың баласы Ноғайқұлмен құда болып отыр. Әріп Ноғайқұлдың ауылына кешігіп барған. Бұл екі ортада ол Торанқұлмен Ноғайқұлға байланысатын жәйттерді ой елегінен өткізген. Сонымен, Ноғайқұлдікіне ол бас құда санатында келді. Бел шешіп, сөйлескен. Әңгіменің бір орайында ол: – Осы күнгі жапа-жалғыз уаныш-ермегім қаршығам еді. Оны қояр да қоймай қолқалап алып кеттің. Енді құдай қосқан құда бопсың. Бұған да шүкіршілік! Шөп сындырайын! – деп, әмиянынан аршаның бір шырпысын алды. Бірақ оны сындырмай, тісін шұқыды. Сәлден кейін: – Құда бала, сойғаның тырна ма, немене? Тісімнің арасына тұрып қалды ғой! – деп, жорта аузын ашты. Ноғайқұл анық көрді. «Азуы алты қарыс» дейтін пәле осы! Бір тісі түспеген. Тек астыңғы тістерінде қара дақ бар. Ноғайқұл: «Шамасы, насыбайдың зардабыау?!» деп топшылады. Әріптің сөзден жеңгенін Ноғайқұл түсінді. Келекеәзілден жыққанын және түсінді. Сондықтан ол оған қайырарлық өткір жауапты ойлап жүрген. Бір күні басқа бір үйдегі отырыста тамам жұрттың көзінше Ноғайқұл бүйдеген:
– Уа, Әреке! Сіздің арғы шешеңіз бәйге-күреңге айырбасталған деген сөз бар. Енді аяғын апыл-тапыл басқан немере қызыңыз үшін киітке не лайық? Көтібар батырдың бәйге-күреңін біз қайдан табамыз?! Әріптің сирек, мысық мұрты жыбырлады. Бірақ, сыр бермеуге тырысты. Бұл жерде шырық бұзуға, әрине, болмайды. Енді ол намыстың екінші жағына көшіп: – Бәйге аттың бодауына келген–Алшындардың шешесі. Олар біздің жеті руға кірмейді! – деген. – Жеті ру кім? – деп сұрады Ноғайқұл, түздіктің козыры шежіре екенін ойлап. Әріп таратып айтқан. Ноғайқұлдың есінде қалғаны: Тама, Табын, Кердері, Керейт, Рамадан және басқалар. Ноғайқұл: – Құдамыздың төркінін енді білдік! – деп, қазақы әңгімеге қарай ауысып кетті. Ноғайқұлдың ыңғайы ұнатқан Әріп енді өзінің бір кездегі үзеңгі – жолдасы Торанқұл жайында сөйлеп отырды. Өзі сөзге сараң Ноғайқұлдың ұққаны: «Торанқұл жарлы еді, бірақ ақылының арқасында ел биледі» дейді; «мұсылманша оқыған оның өз баласын орысша оқытуында зейінділік бар» дейді; біз қапыл қалдық» дейді. Қойшы, әйтеуір жақсылықты Торанқұлдың басына үйіп-төгіп жатыр. Әріпке бәрінен де Торанқұлдың елден асқан шешендігі ұнайды екен. Соны еске алды. Осыдан шамалы-ақ жыл бұрын жақсы мен жайсаң бас қосқан бір мәжілісте Торанқұл шешіле сөйлеп, жұртқа дес бермепті. Сонда Әріп оның сағын сындырмақ үшін: – Әй, жалғыз да жарлы Торанқұл. Құлағы шұнақ, құйрығы шолақ Торанқұл. Сен суырылып, жалғыз өзің сөйлей бересің бе, жоқ бізге кезек бересің бе? – дейді. Жөгілер жамырап, мәз-мейрам бола бастағанда, Торанқұл табан астында жауап қайырады:
– Сен мені жалғыз десең құдайға тілің тиеді, жарлы десең пайғамбарға тілің тиеді. Құлағым шұнақ болса сұңқар шығармын, құйрығым шолақ болса тұлпар шығармын. Біз құлағы ұзынды есекке теңейміз, құйрығы ұзынды итке теңейміз. Ешкі егіз табады, шошқа сегіз табады. Сенің арғы атаң сегіз еді, өзіңмен тоғыз болдың. Арыстанның жалғыз күшігін неге кемітесің?! Ноғайқұл Әріптің әділдігіне қайран қалды. Бәсекелестің уәждан ұтқанын жасырмайды-ә?! Біз болсақ, атанды Қаратауда бір жығып емге» басамыз ғой. Осы ойын Әріпке айтқан. Әріп «Сыпайы сырын жасырмас» деген мәтелді тілге тиек етіп, шұбырта ұзақ сөйлеп кетті. Көңіл бірауыз сөзден қалады, бірауыз сөзден оңалады. Кей-кейде дәмнен сөз тәтті. «Жақсы сөз жарым ырыс» деген мәтел содан шыққан. – Бірді айтып, бірге кетіп қалдым ба, қалай? – деді Әріп бір уақытта. – Әрине, Торанқұлмен менің қақтығысым, уәждесуім – қаздауысты Қазыбектің, Тәукенің, Төлебидің тапқырлығы емес. Бірақ, олардікі де бұрынғылармен салыстырғанда бір батпан, жарты батпан кем түсіп жатады. Ол өршелене түсті. Сен Зейнел-Нәби екеуің әуелі бізге жетіп ал. Немесе өз өнеріңді көрсет!.. Ноғайқұл осы арада Әріптің ыңғайына көшкен. Ол Әрекеңнің Торанқұлға сөзден жеңген бір тұсын айтып өтті. – Қандай тұс? – дейсің ғой. Және бір мәжілісте Әріп Торанқұлдың руын сұрайды. Торанқұл өзінің көзтаңбалы деген тайпадан екенін айтқанда, анау: – Құдай мені неге алмай жүр десем, көзді көрсетпекші екен ғой! – деп жылайды.
Әрине өтірік жылаған! Күлеміз-ау шіркін! Ал, өткен оқиғаны еске түсіргенде Әріп болмашы жымың еткен. Артынша: – Үзеңгі-жолдасқа әзіл-оспақ жарасады, шырақ! Әйтпесе сенің туған тайпаң жаман емес. Қолға түскен батырдың көзіне қалмақтар қарықтық басқан. Содан ол көзтаңбалы атанған, – деп, шежіре айта бастады. Ноғайқұл шежірені селқос тыңдаған. Ішінен: «Расөтірігін кім білсін?!» деп отыр. Осыған шамданған Әріп бір кезде Торанқұлдың қулығын айтып өтті. «Зымиян» деуге аузы бармады. Торанқұл бір аста бір рудың бәйгеден келген жүйрігін екінші руға ұстатады. – Неге ұстатады? – деп сұрады Ноғайқұл. Әріп таңданды: – Әй, сен «тұлпар түбін табар» деген мәтелді білмеуші ме едің? – Білемін, – деді Ноғайқұл. – Білсең, нұр үстіне нұр. Осы мәтелмен сенің әкең екі ру елді ұрыстырған. Неге ұрыстырды? – деп сұрады Ноғайқұл. Әріп миығынан күлді. Сабаласқан екі ру ел әкеңе жүгінеді, әкең екеуіне билік айтып, бітістіріп, олжа тапқан! – Құтты олжа ма? – деп сұрады Ноғайқұл. Әріп тағы жымиып күлді. – Ішің білетін шығар?! Тақыр жерге шөп шыға ма? Бірішек адамның ішіне шыр біте ме? Бәрі – баршасы атадан қалады, құда бала! Ноғайқұл күлкісін жасырған. Ол: – Отағасы, біз де біраз жерге келіп қалдық. Бірақ сізге қарағанда, мүмкін, бала шығармын?! – деген. Бұл уәж Әріпке ұнады. Оның ойында әлдеқалай:
«Арам жесең тойғанша же» деген мәтел түсті. Осыдан кейін ол ойда жоқ байламға мегзеді. – Ақыр араласқан соң шындап араласайық. Сенің қызыңа менің жиеншар інім Мәлғаждаровты үйлендірейік, – деген. – Менің қызым әлі жас қой, – деді Ноғайқұл. Әріп ойланып отырып-отырып, еңсесін тіктеді. Ол қыр елінің салтын, жастардың әдетін, «жасырынбақ, бастаңғы» тәрізді ойындарын айта келіп: – Уақыттың қалай өткенін білмей қаласың. Күйеу бала қалыңдығынан үлкен болса кейін тату-тәтті боп өседі! – деген. Ноғайқұл өзінше ойланып, келісім бермеді. Бірақ, көп ұзамай Әріптің немере інісі қыз көре келген. Қасында серігі бар. Осыдан кейінгісіне Ноғайқұл өзінің әйелінен қанған. Несібелі жігітке кесемен шай бергенде ішіне күміс теңге салады. Анау жауабын қағаз ақшамен қайырады. Пұлдың құны кеміп кеткен кезі еді. Кесенің беті сарышұбар қағаз ақшаға толады. Сақара салтында «алым» алысудың ерсілігі жоқ. Бірақ қыз көруші тек тұрмай: – Құдаша, кесе деген не пәле? Шайыңды шыныаяқпен беріп, менің ептілігімді сынамайсың ба? – депті. Бұл да бір сірә. Мәлғаждаров аттанарында кішкентай Несібеліні белінен құшақтағанда, Ырысбике: – Кет әрі! Саған қыз берсем, мені көк соқсын! – деп тұлданады. Осы оқыстықты естігенде, Әріп: – Мәлғаждаров сенің бір ноқатың кем! – деп кінәлаған. Бір ноқаты кем? Нақұрыс адам мұсылманша оқыса дүмше-молда болады. Орысша оқыса, тілмаштыққа
жарайды. Осындай ойдан кейін Әріп жиеншарын Әулиеатаға аттандырды. Жүрерінде оған: – Қарға қарғаның көзін шұқымайды. Оязға тілмәш Бәзелбек бөлең оқуға орналастырады, – деген. * Әріп Шот ұлы өзі көрген, өзгеден естіген жерлері жайында ұзақ ой кешкен. Қаратау мен Сарыарқаның арасында атышулы Шу бар. Ежелгі заманда тамалар хандығының орын тепкен атырабы осы. Тамалар, оның бір тарауы жөгілер, біресе Қоқан хандығына, біресе қалмақ басқыншыларына тойтарыс беріп, өзінің елдігін сақтаған. «Атышулы» деген атау содан қалған. Бұл күнде сол Шу көшпелі елдің қыста қыстайтын панасы! Осы Шу бейнебір арал. Байтақ аралда ел жайбарақат өмір кешіп келе жатқанда дүрбелең басталды. Басталған жоқ-ау, дүрбелеңнің шалығы тиді. Қызылдар мен ақтардың әскері оқта-текте басып өтіп, кейде өзара атысып, соғысып, әлдеқайда ауып кетіп жатты. «Бұл арал ешқайда кетпейді» дегендей, бейбіт елге тиісуші болмады. Жарқылдаған қылышты, боздаған оқты көргендер ауылдан ауылға аңыз ғып таратты. Аумалытөкпелі заманда жалпақ жұрт түкке түсінбей қала берді.
ЗАМАНА ЕКПІНІ Б І Р І Н Ш І Б Ө Л І М БІРІНШІ ТАРАУ I Биыл «қызылдар жеңеді екен деген лақап етек ала бастады. Бұдан түз шонжарлары шошыды. Олардың әпшісін таныған қарапайым қоңыр жұрт лақапқа іш тарта бастады. Осындай жағдай Арқа жақтан ұзын құлақ хабар келді. Колчактың түрмесін жарып шыққан Сәкен Сейфуллин қызыл комиссар болып осы жаққа келе жатыр деседі. Байларды қуып, кедей-кембағалдарды жарылқайды деседі. Қауесетшілер түз жұртында «жаңа үкімет құрады-екен» дегенге шейін барды. Әркім өз көңілінің қалағанын телиді. Қауесеттің қанаты ұзын. Бірақ үстінен құс өте алмайтын Бетпақдаладан сол қанаттың қалай өтіп келгені жұртқа танық. Жұрттың онымен жұмысы да жоқ. Әйтеуір көңілге әл кіргізер иланыш болса жетіп жатыр. Патша заманында, Шу бойындағы елді біреулер алты болыс, біреулер сегіз болыс деуші еді. Бұл күнде есебі мәлімсіз. Қалың елдің қалың ну қамысқа кіріп, бой көрсетпей отырғаны мәлім. Үшкөкшенің ығыжығы құмында отырған ел де дәл үстінен түспесең көрінбейді. Осы құм мен Шуда шөре-шөре ауылдар және бар. Олар қыстың райына қарай жылыстап күн көреді. Осы құмның Шуға қарай құлай берісінде отырған бір
ауылға, бір күні бір жолаушы келіп түсті. Сөз арасында ол Сәкен Сейфуллиннің осылай қарай көшкен елге ілесіп келе жатқан қарақан басы екенін айтып өтті. «Жақсының денесі алыс, даңқы жақын» деген осы. Ауыл ағасы Ноғайқұл еді. Ол көп ойға қалды. Сәкеннің жалғыз келе жатуы бек мүмкін. Түрмеден қашқан адамның бірден қару-жарақ жинауы ақылға сыймайды. Бірақ Сәкеннің аты Сәкен. «Кішкентай ғана қара тас, атан түйе тарта алмас» демекші, оның жалғыз өзі жауға лаң, досқа бел. Күнгейге кеңес өкіметі орнағаннан хабардар, көзі ашық Ноғайқұл Торанқұлов: «Сәкен Сейфуллин шамасы, сол жаққа барады-ау?!» – деп топшылады. Бұл ойын тірі жанға айтқан жоқ. Өзі атына мініп, жаптас ауылға барып, Сұранышбектің үйіне түсті. Бұның бейуақытта неге келгенін түсінбеген Сұранышбекке ол Сәкен жайынан жартылай сыр шертіп өтті. Сөзінің соңында: – Сен де бір ауылдың ағасысың. Маған ер, Сәкеннің алдынан шығайық. «Келіншектің бетін кім ашса сол ыстық қой», – деген. Ертеңіне екеуі Шудың түйе бойламас ну қамысының бір кілтеңінен өтіп, Тастыға қарай жол тартты. Құты қашып, ілініп-салынып келе жатқан көшпелі елді сүзіп, Сәкеннің алдынан шықты. Сол арада Сәкенге Сүйіндік батыр ерді. Алакеугімде атқа қонған шоғыр жолаушы намаздігер шамасында Шудың қалың ортасында отырған бір ауылдың түтінін көрді. Шу алдамшы. Көз байланса адасарын білген Ноғайқұл жарау ақ бестіде келе жатқан Сәкенмен үзеңгі қағысып: – Осы ауылға қонайық, – деді. Мал қораланып саябыр тарта бастаған шақ. Кешкі
ызғарда иттер үруге ерініп жата берді. Жолаушының ішінен бірінші боп Сүйіндік тіл қатты. – Кім бар-ау?! Іштен кимешекті келіншек шығып, аттарының омырауын қырау шалған жолаушыларға таңырқай қарап тұрды. – Замандас, бір түндік қонақпыз, – деді Сәкен түлкі тымағының бауын ағытып жатып. Келіншек үйге кіріп кетті. Үйден күңк-күңк дауыс естілді. Тысқа бәйбіше шықты. Бәйбіше желеуретіп: – Қожайынымыздың басының сақинасы ұстап... – дей бергенде, Ноғайқұл: – Биғайша бәйбіше, мына жігіт Сейфолланың Сәкені. Қожайының жүздессе басының сақинасы жазылып кетеді, – деп зілденді. Бәйбіше Сәкеннің есіміне қанық екен. – Мүлдем бала екен ғой өзі! – деп ернін сылп еткізді. Бәйбіше ішке кіріп кетті. Сәлден кейін қайта шығып тіл қатты: – Мойынқұмда қайнымыздың отауы бар. Нағыз теңдерің! Соған барып қоныңдар. Әңгімеге Сүйіндік араласты. – Құтты қара шаңырақ тұрғанда отау іздеп жүреміз бе? Бізге мынау отауларың да жетеді! «Мынау» дегені Әріптің тоқалының отауы еді. Оған басалқалы кісіні түсірмейді. Сондықтан бәйбіше: – Осы үйге түсе беріңіздер! – деді. II Көлік диландыру керек болған. Ертеңіне кешке Сәкендер екі қанат үйдің ішінде киімін жамылып
отырды. Қасқыр ішігін жамылған Сәкен тымағын алып тастаған еді. Тымақты, тақиялы бастардың ішінде оның торсықтай шекесі, жазық мандайы бөлектеніп тұрды. Үй иесі: – Жолдарыңның түскені игі! Сейфолла кісідүр! – Ол сөзін жалғады. – Мынау Ноғайқұл біледі. Әріп деген кісімін. Әнебір жылдары Сарысу бойына шейін барғанбыз. Сейдолламен «тоғыз құмалақ» ойнасқанбыз. Сәкен «бір кештік кеңеске тамызық табылады екен» деп ойлады. Әріп тысқа шықты. Артынан күйбелеңдеп бәйбішесі шықты. Кимешекті келіншек болса, нән қара қазанға үстемелеп су құйып жатты. Босаға жақта өспірім екі бала, әлденеге мәз болып, ойнай бастады. Ымырттың үйірілуі қоюланған сайын жыңғыл отының жарығы молая түсті. Сәкен түздіктердің қауқарсыз баспанасынан неше түрлі ойға шомды. Мынау сырт киімін жамылған еркектер, шалбарланған әйелдер, сирағы шытынаған балалар сонау бағы заманнан келе жатқан бейбақ тұрмысты еске салды. Қазақтың тарихын учительская семинарияда оқып жүргенде-ақ зерттей бастаған Сәкен көп елдің, көп рудың тіршілігінен хабардар. Бірақ мынадай күйкі тіршілікті өз көзімен көруі – осы сапарында. Сәкеннің еті тірі деген серіктері де, үй иесі мен екі әйел де, осы отырысты ұжмақтай көріп отыр. Босағада ойнаған екі бала осы ұжмақты армандамақ!.. Атам заманнан келе жатқан осы тірлікке үй иесі мен Сәкеннің жолдастарының әңгімесі де сай. Жүздің жігін, рудың тайпасын таратудан басталған кеңесі «пәленше мырза, түгенше шешенге сайғанда, бұнымен Сәкенді ұйыта алмасын сезбеуі қараңғылық. Жалғыз жылқыға
мінгесіп бірін-бірінен озбақ болған есердей әсер етіп отырғанын сезбеуі – күлкі. Және осыған қатынқалаш, бала-шаға түгіл Сәкеннің жолдастарының елтіп отырғаны – реніш. Шым-шытырық отырыста біраз уақыт өтті. Ділмарлықтың тамызығы таусылып бүгінгі тірлік жәйі, шаруа қамы, анау атырап пен мынау атыраптың өткен-кеткені, қызығы мен қасіреті сөз бола бастады. Енді Сәкен әңгімеге араласып, әр нәрсенің басын қозғауды шығарды. Сәкен асыл жылқының тұқымына шейін , шөптің атына шейін тәптіштеп сұрап, әуестеніп отырды. Бұған кейбіреулер таң қалғандай, Әріптің өзі «Қызылдардың комиссары кәкір-шүкірге жеңсік екен ғой» деп ішінен кекетті. Енді тіпті білгішсініп жылқыға қоса ойсылқараның тегін таратып айтып шықты. Бір өркеш нардың өзін тоғыз таратып, шұбыртып кеткенде, Сәкен қайран қалды. «Түйенің өзі жатқан шежіре екен ғой». Оның есіне түйеге мінгесіп, Спасскіге оқуға барған кезі түсті. Сонда көлігін қомсынып ұялушы еді. Енді басқа сахарада ойсылқарасыз тіршілік жоқ екен. Алғашқыдай емес, Сәкенді үй иесі іш тарта бастады. Осы тұста Сүйіндік Сәкеннің өзін мақтай жөнелді. Оның тәкаппарлығы мен кішіктігін, оқымыстылығы мен серілігін айтып келе жатқанда Сәкен көрнеу ұнатпай жөткірінді. Сүйіндік сасып қалды, Сүйіндік енді осы сапардың жайына көшіп, көлік қамын еске салып өтті. Бұным тым ұзақ болар дегендей, шашыраңқы әңгімесінің соңында Сәкенге қайта соқты. Оның Колчактың түрмесінде көрген азабын, түрмеден қашқан сапарын жаяулыққа, жүдеулікке шыдағанын, елінің көбі танымай қалғанда, шешесінің ботадай боздағанын, ел аузынан естіген күйінде айтып өтті. Әріп: «Жөн ғой,
жүкті нар көтереді» десе, бәйбішесі: «Е, қарағым-ай», – деп қамықты. Ал, тығыз денелі келіншектің күшті көкірегі тұншыға күрсінді. Келіншек Сәкенге мөлдірей қарады. Көз жанарынан аяныш байқалады. Сәкен Ақмоланың түрмесінде жатқанында бейтаныс бір қыздың осындай аянышпен терезеге телміргені бар-ды. Енді сол көрініс жадына оралды. Сонда Сәкен ішінен: «Қарағым кімнің қызы болсаң да рахмет!» – дегенде, күндердің күнінде осы аяныш алдымнан шығады деп ойламаған. Енді ыстық темірдің екі басын ұстағандай жайсыз күйде отыр. Ол әңгіменің бір ығытында Әріпке бұрылды: – Отағасы, мына замандастың есімі кім? Пішіні біздің жақтың қызына келе ме, қалай?! – Түсін шырамытып отырсаң, есімі Меруерт. Төркіні Сайқын жағында, – деп Әріп кіржің етті. Сәкен енді Меруертпен тілдескен. – Замандас, бұрынғы жылдары Ақмолада болған жоқ па едіңіз? – Сайқын мен Ақмоланың арасы ит өлген жер. Оны неғып білмедіңіз, – деді Меруерт. Дауысы сыңғырлай әсем шықты. – Оттамай, тыныш отырсаңшы, – деді шүй желке байы шүңірек көзін сүзіп. – Сайқын мен Ақмоланың арасын Сәкеннен ұрғашы артық біле ме? Келіншек төмен қарады. Сәкен шыдамай: – Отағасы, жөн сұрасқанның қандай айып-шамы бар? Замандасты зәбірлемеңіз! – деді. – Ойбай-ау, енді қатынымызға да зеки алмаймыз ба? – деді бай. Сәкен сұс шашып сызданды: – Зеку түгіл, көки алмайсыз! Әріптің онсыз да шүңірек көзі тарылып, шүйіліп
кетті. Бір сәт Сәкенмен көз алысып қалды. Әріп шыдап тұра алмай назарын тайдырды. Сөйте тұра сұс бермеуге тырысып, бөгде бір жайды ауызға алды: – Менің жиен інім шаһарда атбекет. Өзің сияқты мәртебелі оқу бітірген. Атбекет қай заманда болса да өтімді деседі ғой... Сәкен бұл сөзге құлақ аспай тұнжырап қалды. Осы араға келгенде Ноғайқұлға ерік тиді. Ол Сәкеннің Әулие-ата барып, кеңес үкіметінен сарбаз алып қайтпағын, арғы-бергі елге заң жүргізіп, жаңа тәртіп орнататынын айтып өтті. Үйдің іші тынши қалды. Оттың құдіретімен қара қазан бұрқылдап, қайнап жатты. Бай біртіндеп ішке кірмек болды: – Сәкен шырақ, Арқаны ақтар түгел басып алды деседі. Сен болсаң қызылдарға бара жатыр екенсің. Сонда бұл өзі қалай? Осы заманға түсінбей қойдық. Сәкеннің есіне «ойнап сұраса, шындап жауап бер» деген нақыл түсті. Ол жас мөлшеріне сай келмейтін байсалды дауыспен: – Отағасы, Колчактің халі – күркілдеген көксау шалдың халі. Оның күні біткен! – деген. «Көксау шал» мен «күні біткен» деген сөз байдың құлағына түрпідей тиді. Бай сыр бермеуге тырысты: – Әйтеуір дүрлігу басылса екен. Қызылдар біз сияқты момын-мондыбайлардың қамын жейді деседі ғой. Сәкен үлкендерге еліктегендей жіңішке сұлу қара мұртын ширата түсіп, тіл қатты: – Момын-мондыбайлардың қамын жейтіні рас. Ал сол момын-мондыбайлардың қанына семірген шүй желкелердің мойнын үзіп жіберетіні және рас... Бай тіксініп қалды. Мүйіз шақшасын мәсісінің табанына қағып, насыбай атты.
Әлгі сөздің бәрін түгел естіген Меруерттің көз қиығы Сәкенге қайта түсті. Көз қиығында үрейлену де, қызығу да бар. Сәкен иілудің болмашы мезіретін жасады да: – Замандас, қалай, шет жұртта кемшілік көріп жүрген жоқсыз ба? – деп сұрады. Меруерт: – Сайқындай қайдан болсын! – деп жауап қайырды. Сәкен тымағын киіп тысқа шықты. Жолдастары өре түрегелді. Үй иесі қозғалмады. Қонақтар қоқты төбенің үстінде Меруерт жайында шала-шарпы сөйлесті. Сәкен керіліп, жұлдыздарға қарады. Жылтыраған жұлдыздар шолпылы, таналы қыз-келіншектерге ұқсап кетті. Бұлар қайтып келе жатқанда үйден шаңқ-шұңқ жайсыз дауыс шықты. Жақындағанда, үйден сыңсып шығып келе жатқан Меруертті көрді. Күпісін жамылған келіншек қонақтардан үркіп, ойысып кетті. Сәкен бір сойқанның болғанын сезді, үйге кірмей қайта шегінді. Аянышты ашуға булығып, деміккен көкірегін біразға дейін баса алмай тұрды. Сәкен Сейфуллиннің көзіне миуаны өсірмейтін шырмауық елестеді. Бетін қырпысаң да қайталап шыға беретін арамзаның тамырын табудың оңай еместігін бір ойлап өтті. Әріптерге ақыл дарытып уәжден шығу мүмкін емес. Бұларға күш керек, бірақ күш жұмсасаң бұлар төрт жолаушыны шопақ құрлы көрмей, төртеуін де өлтіріп, аттарын олжаланып, меңіреу жаққа ақбөкендей ауып кетеді. Осындай ой кешкен Сәкен әрі-сәрі боп отырғанда ас та келген. Әріп: – Сәкен шырақ! Әкең тайдың етін тауысып қоюшы еді. Сен қаршығадай шоқисың. Әлде түрмеде бірішек боп қалдың ба?! – деп қағытып өтті. Меруерт сықылықтап күлді. Манағы қамығу, сыңсу
жоқ, кірін жуған жібектей жайнап шыға келді. Сәкен ішінен: «Қара қыз-ай, қандай аяулы жан едің?» – деп сүйсінді. Сүйсінудің аяғы қамықтырды. Қамығу қарау қиялға бастады. Сәкен Колчактың түрмесінде қара көзді қарындасқа рахмет жаудырғанда шарасыздықтан жаудырды. Кейін Ақмоладан Омбыға жаяу айдағанда жолшыбай атылудан қорықпады. Сапқа тұрған тұтқындардың оннан бірі атылмақ еді. Өзгелер ойнақшып жан ұшырып орын ауыстырғанда Сәкен Сейфуллин намысқа басып тапжылмай тұра берді. Енді ойласа адам қатер сәтінде батыр екен. Сәкен өзіне өзі ренжіді. Сазарып, тұнжырап, томырылып отырып қалды. Осы құбылысты Әріп те байқаған. Ол бағана тоқалға жасаған әбестігінен әрі ұялып, әрі қысылып отыр. Басқаны былай қойғанда бір күндік қонақ құт. Көшпелі елде қай қазақ торсығын жанына байлап жүрді?! Қай қазақ жолаушыға жағдай айтты. Қайта жолаушы өзі елегізіп отырған ауылдың көңілін көтеріп кетпеуші ме еді?! Өзін өзі жүгіндірген Әріп жадырай бастады. Ол Сәкенге бұрылды: – Сәкен шырағым, аумалы-төкпелі заманда әкім кім, зымиян кім, оның жігін табу қиын. Біздің ел сені сері деп сыйлайды. Қәне, бір ән салып жібермейсің бе? Бұл сөзді әлгі бір әзірде отаудан келген Исахан қостады: – Сәкен ағай ән салса, жалпақ жұртқа таратамын! Әріптің қызметкері есепті бозбас Исахан Сәкен құралпас еді. Сәкеннің жасын үлкейтіп тұрған қияқ мұрты, шекелі басы екенін ол білмеді. Сәкен жолдастарына қарады. Бірінші боп Ноғайқұл
тіл қатты. – Әуелі ауылдың алты ауызы айтылсын! Әріп бағана көрші-қолаңнан сорпа-су ішуге шақырмағанына өкінді. Меруерт барып өзінің етене әріптес қайын сіңлісін ертіп келді. Шомбал бой жеткен екен. Екеуі қосылып әндетті. Әндеткен де жоқ-ау, термелетті. Олар ел ішіне тараған Сәкеннің өлеңін айтып шықты. Өлең кімдікі екенін білмейтін тәрізді. Білмесе білмесін, Сәкеннің кәдімгідей бүйірі қызды. Ол ішегі үзілген ескі көсеу – домбыраның шанағын шертіп, қоңыр күміс дауыспен ән шырқады. Арқа елінің одағай өлеңін айтқан. Жұрттың есінде қалғаны: «Дөңбекшіп ақбоз үйде ұзақ түнде, Шыдайды қайтып жаның жалғыз жатып!» – деген жолдар. Әріп кіржің етті. Сәкеннің онымен жұмысы жоқ. Бала жастан бері ел ішінен естіген өлең-жырды төпеп жатыр. Шайпауына келгенде де тартынбай тура айтады. Осындай бір орайда Әріп: – Қап! Сені жаптас отырған Сүгірдің шайпау қатынымен айтыстыру керек екен-ау! – деп өкінді. Осыдан кейін бір үзілісте тыста, шом қораның ығында Сәкен Меруертпен апыл-ғұпыл сөйлесті. – Қатыгез шалға қор қылмай алып қашамын. Отауыңда ояу жат! – деген. Сәкен Меруертті құшақтағанда, Меруерт дір-дір етті: – Қайдан білейін?! – деп, екіұшты жауап айтқан. Кісілер қонақ кәдесін жасарда оңашаланып, қоқты төбенің үстіне шықты. Осы арада Сәкен күтпеген байлам айтты. Ноғайқұл оны райдан қайтармақ болды; Сәкен Әріптей шонжардың нақсүйерін алып қашса елдің арасына бүлік кіретінін, сайып келгенде, пәлесі Ноғайқұлға ауысатынын айтып өтті. Ақырында:
– Бұған да шыдар едім. «Сейфолланың Сәкені қыз алып қашпай қатын алып қашты» деген сөз өзіңе ұят келтірмей ме?! – деді. Сәкен ойланған. Ақырында: – Маған әйел теңдігі керек! – деп жауап қайырды. Осыдан кейін серіктерін ширату үшін: – Айтпан, айтқанымнан қайтпан! – деп түйді. Түн жарымы ауғанда бұлар Меруертті алып қашты. Сәкен оны алғашқыда атына мінгестірген. Былай ұзап шыққан соң алдына отырғызды. Үдемелі желіспен сапар шеккен бұлар сәскеде Мойынқұмның күнгейлік жиегіне шықты. Осы арада ошарылып, шамалы кеңесті. Енді қайда бармаққа керек? Көшпелі ауылдың біріне түссе, қалай қарсы алады? Артынан қуғыншы келсе, арашаға түсе ала ма? Барымта-қарымтаға үйреніскен жаптас ел бұлардың өзін ұстап бермесін! Бәрі дағдарысқанда, Ноғайқұл мынадай бір ұсыныс айтты: – Әріптер қуса, бізді көшпелі елден іздейді! Біз өзбектердің арасына барайық. Ол жер Әріптің үш ұйықтаса ойына кірмейді!... Сонымен, бұлар Шолақ-Қорған қыстағына қарай бұрылды. Осы қыстақта Ноғайқұлдың Бабажан деген өзбек ашынасы бар еді. Тура соның тамына келіп түсті. Бұл там екі бөлмелі еді. Бірі «ішкәрі», екіншісі «тышкәрі» аталады. Біріншісінде әйелдер, екіншісінде еркектер бас қосады. Екі арада дәліз бар. Онда шешілген калоштар жатады. Еркектердің аяқ киімі әйелдердің аяқ киіміне араласса, кейін қып-қызыл жанжал шығады. Ноғайқұл осының бәрін біле тұра, Сәкенге айтпады. Ішінен: «Әйтеуір, пана табылса болды ғой!» деген. Бабажан меймангершілік рай танытып, кісілеріне боза ұсынды. Баласын қасапқанаға жұмсап жатып: – Гөш ям келеді! – деп мезірет жасады.
- * Асылған тамақ пісерде бір топ атты сау ете қалды. Әріптер аулада ұйытқып тұр. Біреуінде мылтық, біреуінде қылыш, енді біреуінде шоқпар. Әріп екіленіп: – Әй, сарт, өзіңе жан керек болса, Сәкенді шығар тамыңнан! – деп айқайлады. Меруертті шығар демейді, Сәкенді шығар деді. Ноғайқұлды аузына да алмайды. Сәкен сазарып отыр. Ноғайқұл терезенің шетінен қиғаш қарап тұр. Сүйіндік болса бесатармен тысқа шығуға оқталған. Сәкенді сабыр жеңді. Атыстан пайда жоқ. Ол араға Ноғайқұлды салды. Оның Әріптермен құдалы-андалы екенін білмесе де, ептілігіне сенді. Шамалы уақыттың ішінде-ақ оны танып қалған. Ноғайқұл тысқа шыққан. Бірақ Әріптер аттан түсер емес. Уәжге келер түрі жоқ. Әйелдің аты әйел. Меруерт еркектердің арасында жалғыз қалуды ыңғайсыз көріп, «ішкеріде» отырған. Осы сәтте ол түлен түртіп, дәлізге шықты. Оның есігі ашық еді. Әріп: – Әне, сайқал! – деп аттан түсті. Сол сол-ақ екен, дәлізге бес-алты адам кіріп, Меруертті сыртқа алып шықты. Меруерт тулаған жоқ, жылаған да жоқ, ың-шыңсыз атқа қонды. Ноғайқұл болса Әріпке былайша тіл қатқан: – Әйелге зәбір көрсетпеңіз, кейін зардабы өзіңізге тиеді. Әйтеуір, Меруерт түн түнемей қайтқалы тұр ғой! Әріп: – Сенімен, құда, кейін сөйлесемін! – деп атының басын бұрады. Әріп намыс қайырды. Бірақ, Сәкен Сейфуллинмен жүзбе-жүз сөйлесуге батылы жетпей қайтты.
Сәкен болса кеш бойы көңілсіз отырды. Бір уақытты ол жат елден түңілгенін, көңіліне кірбің түсіп, ішіне мұз қатқанын айта келіп: – Ертең таң ата жүреміз. Сүйіндіктен басқаның керегі жоқ... – деген. Осы арада Сұранышбек Ноғайқұлды тысқа шығарып әкетті. Екеуі ұзақ ақылдасып, ақырында мынадай байламға келді. Сәкеннің атын алып қашу керек. Сонда ол бір-екі күн кідірістейді. Кідірістесе ашуы тарқайды. Көңіліне кек сақтамай кетеді. Таңертең ақбесті жоқ боп шықты. Оның базыналықпен ұрланғанын білгенде, Сәкен кенет жадыраған. – Міне, бұл қонақжайлылыққа келеді! – дейді. Ноғайқұл: «Сәкеннің мінезі көктемнің күніндей құбылмалы екен!» деп сүйсінді. * Бұл жерге ең таяу ауыл Қызылкөлдегі төренің ауылы еді. Сәкенді шынжыр-балақ, шұбар-төстің ордасына апармай, жұпыны дәулеті бар Шәді-төренің тамына түсірді. Шәді-төре мәртебелі қонақтың жолы түскеніне мәз-мейрам болды. Кеш бойындағы кеңестің бір тұсында Сәкен: – Сіз тәржімелеген «Рүстем-Дастанды» бала кезімде оқығанмын. Бертінде Ресейдің тарихын өлеңге айналдырыпсыз. Енді жаңа дәуренді жырлаңыз! – деп мұртын ширатты. Ерекше көңілденгендегі әдеті еді. Ертеңіне жолға шығарда Ноғайқұл мен Сұранышбектің, Сүйіндіктің үстіне осы жақтағы Тама-Тарақтыдан бірнеше адам ерді. Бетпақдала жағында жолға Сүйіндік жетіктік жасаса, Шудан бері Ноғайқұл жүйрік боп шықты. Ол енді тіптен еркінсіді. Әулиеата мен Шымкент талай шарлаған
шаһары еді. Қызыл комиссарды бір жерге түстендіріп, бір жерге қоналқалатып, Әулиеатаға қарай жол тартты. Және кез келген ауылға түнемей өзінің тамыртаныстарын, жекжаттарын аралай жүрді. Қыстың көзі қырауда елсіз төтенің қауіпті екенін еске тұтқан ол орта жолда бұрыла жүріп, Шұбардағы ағайындарына соқты. Бұлар Бөкпентайдың үйіне соқты. Өзеннің қыратындағы биік там еді. Жолаушылар сырт киімін дәлізге іліп, ерсілі-қарсылы екі бөлменің біреуіне кірді. Осы екі бөлме Шолақ-Қорғандағы «ішкәрі» – «тішкәріге» ұқсас. Бірақ бұнда әйелдер бөлек отырмайды екен. Бөкпенбай жолаушының көбі қыр елі екенін бірден байқады. Жалпақ бет, торсық шекелі құдды тұзшылар! Бірақ, бұлардың киімі сәнді. Саптама етік те, жалпақ белдік те, шошақ тымақ та сау кісілер емес екенін танытып тұр. Бөкпенбай: «Сірә, Ноғайқұлдың жолдасжорасы шығар?» – деп топшылады. Ол Ноғайқұлды шығарып әкетті. Тамнан недәуір ұзағанда жай-жапсар сұрады. Ноғайқұл сапар жайын түгел айтып шықты. Теріскейліктердей емес Бөкпенбайлар Сәкен Сейфуллинді білмейді екен. Ноғайқұл оның Губревком Сармолда Қабылбековке бара жатқанын, онымен терезесі тең адам екенін айтқанда, Бөкпенбай: – Қияқ мұртың жүдә зор екен ғой! – деп таңданды. – Мықтының өзі! – деді Ноғайқұл. Бөкпенбай біраз ойланып: – Өзіміздің ұлықпен ісіміз жоқ. Жүдә үстіне де кірмейміз. Сенің сонша жерден әуре боп жүргеніңе қайранмын! – деген Ноғайқұл: – Мен Сәкен Сейфуллинді жыға тартып әкелсем, сенің мұның не? Біздің елде мұның атын алып қашады. Қолы жетпегендер базыналықпен қонақ қылады, – деп керілді.
– Е, жылың мәлім болды, – деді Бөкпенбай. – Атқа мінбек екенсің ғой. Тек Арқаға ауып кетіп жүрме. Бізге де ат ізін салып тұрғайсың. – Біз атқа мінбесек күн көре алмаймыз. Күн көре алмаймыз да емес-ау, жұрт күн көрсетпейді. Көшпелі елдің үрдісі солай, туысқаным! Бөкпенбай құптап жатыр: – Дұрыс қой. «Кімнің жерін жерлесең, соның суын суларсың» деген. Біздің жақ болыстан гөрі мұрапты көбірек сыйлайды. Ноғайқұл миығынан күлді: – Мұрабың әлгі арыққа су беретін адам ба? Бөкпенбай жауапты жалма-жан қайырды: – Бұл жақта су үшін бесақамен шанышқыласады. Былтыр біреуі тіл тартпай өліп кетті. – Және қандай кәсіп қадірлі? – деп сұрады Ноғайқұл. Бөкпенбай таңданды: – Сен өзің жыл сайын келіп-кетіп жүргенде дымды да байқамайды екенсің ғой. Мұраптан кейінгі қожа – диірмен бақылаушы. Жүдә ханға сәлем бермейді... Ноғайқұл еруліге қарулы сөйледі: – Біздің жақтың қожасы тұз кенін бақылаушы! Әсте күлмейді, шын сөйлеп тұрғандай... Бөкпенбай турасына көшті: – Көн-шоқай тұзшылар өтіп жатады. Біреуі қауын деп асқабақ жегенде күлкіге жарыдық-ау!.. – Ол антұрған жорта жеген. Қыр қазағы қу болады, – деді Ноғайқұл. – Бәсе шоқайының тұмсығы қу еді, – деп қостады Бөкпенбай. Іле-шала: – Біздің қаздаңдаған етікке қулық-сұмдық қалай сияды?! – деп бір қойды. Ертеңіне кісілер жүрерде Бөкпенбай бір хабар айтты: – Кәден мырза «біздің үйден дәм татып аттансын! –
деп жатыр. Кәден күрең бозамен сыйлады. Ноғайқұлдар еселеп, тойғанша ішті. Сәкен там-тұмдап татып көрді. Дәл атқа қонарда ғана: – Және бір тостағын құйыңызшы! – деген. Былай шыққан соң ол: – Манағы сусын жаман емес екен. Ішімді қыздырды, – деп атын тепсінді. Ноғайқұл ішінен: «Әлі көре бересің!» деп келе жатыр. III Меруертті қайтарып әкелген соң осы маңдағы жөгілер Әріптің қара шаңырағында бас қосып ақылдасқан еді. Әркім әртүрлі уаныш, болжау айтты. – Меруертті тасалатайық, – деді біреу. Жылқышымен қашып кететін тұқымның қызын кісендеп ұстайсың ба?! – деп шадырайды Әріп. – Байекем нақсүйерімен біздің ауылда бір-екі ай қонақ болсын! – деді екінші біреу. – Есік көргеннен кейін осы Меруертті несіне алып қайттық? Мынау жаптас ауылда бір жетім қыз шалға бәлекей боламын деп бозбастарға шықпай отыр. Және, антұрған, түлкінің баласындай әдемі! – деді үшінші біреу. Әріп ашуланды. Ашу басылғанда көсіле сөйлеп кетті. – Бәлекейге арқамды қасытатын қотырым жоқ. Аяғымды уқалатуға жілігімнің майы үзілген жоқ. Тізем, құдайға шүкір, әзірге сыртылдамайды. Белім бүгілмейді. Шаруаны шырқ айналдыратын, майлықсулығы бірдей Меруертімді жау қолына қалай тастап
кетпекшімін?! Тіпті, әндиша бұнда да емес, намыста! Дұшпанды бір басындырсаң басыңнан әңгір таяқ арылмайды. Енді Зейнел-Нәби сөйледі: – Осыны біз түстен кейін біліп жүрміз. Мен ағама қайта қосылып, ірге біріктірдім. «У ішсең руыңмен» деген осы! Осы отырыстың ішінде Исахан да бар еді. Өзі барып тұрған баукеспе. Бірақ ұрлықты жазда сойымдыққа, қыста соғымдыққа бола істегендіктен қолға түспей жүрген адам еді. Тауда іші пысқанда кәдімгі қыдырымпаздығына басып Шуға келген ол Сәкенге тап болды. Меруертті қуысқан. Оны дәлізден алып шыққан да сол еді. Енді «нағашы жұртынан «еруліге қарулы» дәметіп, алыстағы ауылына қайтуға асықпай жүрген. Енді сол баукеспе Исахан ақыл ойлады. Ол ұры екеш ұрының өзі күн ілгері әкімнің алдынан өтсе, кейін жазасы жеңіл болатынын, бұл заманда әсте сіресіп қалған заң-закүн жоқ екенін айта келіп: – Өрттен қорықсаң өзіле бару керек. Кілтеңінен кешіп өтесің. Меруертті алып қалаға неге бармаймыз? Айғақты зат осы емес пе?! – деген. – Әй, жиен, сенде ми бар екен! – деді Әріп. – Қалаға барайық, бірақ, ең алдымен атбекет жиенімізбен ақылдасайық. Түнде Әріп Меруертті ірге жаққа салып, ұзақ сөйлесіп жатты. Ақырында қатты құшақтады... Көп ұзамай Әріптер қалаға аттанды. Бұлар да Сәкендер сияқты бір жерге түстеніп, бір жерге қонып, ағайын-жекжат сағалап, жылыстап бара жатты. Киімдері де, көліктері де ұқсас. Сапарлары да ұқсас. Тек жолы басқа... Әулиеатаға бұлар кешігіп жетті. Істің мән-жайына
қанғанда, Бәзелбек атбекет былай деді: – Сейфуллиннің үстінен шағым айтып береке таппайсыз. Оның атағы сонша, губревкомда одан куәлік те сұрамаған. – Енді не істеу керек? – деп сұрады Әріп: Атбекет істің ақырын күтуге мәслихат берді. Өзінің үйіне келгіштеуші көп екенін, көзге түсудің пайдасы жоқ екенін ескерте келіп: – Ең абзалы делдалдың үйі болар, – деген. Әріп ашу шақырды: – Бізді алыпсатарға өтбізбекші екенсің ғой. Жылқы айдап келсек бірсәрі еді. Онсыз бізді делдалың кебекпен жемдейтін шығар. Тек, әйтеуір түйнек ауру боп жүрмейік! Атбекет: – Қалада ақшаға келмейтін нәрсе жоқ, Әреке! – деп көк ала, сары ала қағазды ақшалығынан суырды. – Сен әмияныңды тұтас бер, сөйт те, жазда ауылға кел!.. – деді Әріп. Осыдан соң ол шешіле сөйледі: – Жігіттің үш жұрты бар. Туған жұрты – күншіл, қайын жұрты – сыншыл, ал нағашы жұртын әркім әртүрлі атайды. Бірақ, бәрінің тоғысатын жері нағашы жұрт бауырмал. Сен, Бәзелбек, ерледің, енді, құда қаласа, жазда бізге келсең, кемі бір үйір жылқы айдап қайтасың!.. Бәзелбек сөзге жүйрік екен. Сот алдында прокурормен айтысып үйренген қара тілмен біраз жерге барды да, ақырында, «осы жетер» дегендей: – Бұралқы сөз күлмекке жақсы. Сіз, көңіліңізге ауыр алмаңыз, ағасы! – деп шымшыған сөзін жуып-шайып жіберді. Осыдан кейін Әріптер қаланың шетіндегі делдалдың үйіне орналасты. Сегіз бөлмелі кең там еді. Соның екі
бөлмесі Әріптерге тиді. Делдал мейман күтуге ысылған Ыспандияр әйелімен ақылдасып: «Жеңсік дәм татқызайық» деп, палау бастырды. Табаққа үйіліп, шаншылып келген палауды көргенде, Әріп: – Мынау қызылың илан емес пе?! – деп турама тұздықты нұсқады. Үй иесінің орнына Бәзелбек түсіндірді: – Бәйеке, мұның атын сәбіз дейді. Әріп: – Жоқ, мен иттің шүкісін жемеймін! – деп басын кекжитті. Бәзелбек үйіне келгенде Әріптің мінезін еске түсірді. «Сиыр судан жериді, су сиырдан жериді!». Әркім үйренген нәрсесін артық санайды. Біреудің гүлі біреуге тікенек. Біреу бергенін көпсінсе, біреу алғанын азсынады. Дау-дамай сондайдан туады. Дау-дамайдан жанжал, жанжалдан қылмыс шығады. Осының баршасын атбекет бес саусақтай біледі. Бірақ, оның қолында билік жоқ. Тіл мен жақтың құдіреті бірде дариды, бірде дарымайды. Және осының екеуінде де жәйттер жатады. Бәзелбек осындай ой кешкен сәтте Әріп делдалмен сөйлесіп отырған. Ол білістік-таныстықтың басына өзінің сүйсінгенін, келешекте әмсе осында түсетінін айтып, делдалды емеурінінен дәмелендіріп қойды. Делдал не көрмеген? Ол Әріптің бір сөзіне сенсе, бір сөзіне сенген жоқ... Дегенмен, делдал меймандарды жақсылап күтті. Күнде қасаптан жас ет әкеледі. Осымен бірге бас сатып алады. Алғашқыда Әріп: «Бұл күн де қойды біз үшін соя ма? Сонда қалған етін қайда жібереді?» деп жүрді. Кейін оның басты қасаптан алатынын байқады. Бірақ
бұны Әріп айып-шам көрмеді. Қайта делдалға жаны ашыды. «Қолы қысқа болған соң қайтсін, бейбақ?!» Осылайша олар қалада бірнеше күн жатты. Бұл уақыттың ішінде Сәкен туралы талай әңгіме естіді. Соның бірі: Сәкеннің өлеңі, әні, домбырасы. Жастар клубта Сәкеннің жырын жырлап, әнін шырқайды екен. Қойшы, әйтеуір, оның атағы күллі қаланы жайлап, жер жарып бара жатты. Бір күні осы жайында Әріп: – Сейфолланың баласынан шығады! – деп қапылыс сүйсінді. Осыны медеу тұтқан Меруерт: – Базар аралай бергенше құлыбын көрсек қайтеді?! – деп, ниетін білдірді. Әріп тұнжырап отырып қалды. Неше түрлі ой кешкен. Ақырында торыға сөйлеп кетті: – Меруерт, о бастан сенің ыстық-суығың басылмай тұрғанда намысқа шауып, патшаның ширатпа мұрт әкімін аттым. Сау басыма түскен шырғалаң содан басталған. Одан беріде қияқ мұрт Сәкенге еріп қаштың. Сонда сол екі мұрттың қайсысы қышыған жеріңе тиді?! Тапаншасын сүйіп қорқытқан ширатпа мұрттың құшағын кешіріп едім саған. Қияқ мұрттікі үдесіне шықпаған желік шығар деп ойлап едім. Алда-жарда ынтызарың Сәкен болса, мен саған ерік бердім. Бар да нөкеріне қосыл. Әнді де жап-жақсы саласың... Меруерт әуелінде бұны қатыгез шалдың ашуы деп ойлады. Кейін оның шын пейілмен айтып отырғанына көзі жеткенде өзінен-өзі ұялды. Меруертті ұят, өкініш, аяныш сезімі баурады. Кәрі күйеуі бүйтіп торығып, қамыққанынша сабағанының өзі игі еді. Еттен өткен таяқтың жарасы жазылады, сүйектен өткен сөздің зардабы кетпейді. Рас, Әріп Меруерттің абыройын айрандай төкті. Бірақ, оған кінәлі кім? Меруерт Сәкенге қызыққанда көркіне бола қызықты. Бірақ көрікті кім
езіп ішеді? Рас, Меруерт әлі де қызығады. Клубқа барып қияқ мұртқа көз салғысы келеді. Бірақ, одан әрі не болмақ? Меруерттің әке-шешесі не демек? Құрбықұрдасы, жеңгелері не ойламақ? Осындай шым-шытырық, шәркез ойға малтыған Меруертке Әріп шүйіле, сынай қарап отырды. Меруерт шын қаласа оған ерік беруі де кәдік еді. «Пәледен машайық қашқан». Бір есептен, құлақтың тыныштығы дұрыс. Азар болса отынмен кіріп, күлмен шығатын күң тауып алар. Төсек жаңартса бәлекейдің өзі ғанибет емес пе?! Уанышқа иланған Әріп тамағын кенеп: – Меруерт, мен лебізімді жұтпайтын адаммын. Азар болса шіріген жұмыртқаға баланарсың. Ойланшы! – деген. Меруерт ой қорытып үлгерген екен. Жауабы күтпеген жерден шықты: – Мені бүйтіп қолжаулық қылғанша төркініме апарып таста. Байдан шыққан қатын жалғыз мен емес шығар! Әріптің мұрты жыбырлады. Ол өзімен-өзі боп кетті.
- * Әулиеатадан Сәкен Сейфуллин қару-жарақ алып қайтқан. Жүрген жерінде кеңес өкіметін орнатуға мандат алды. Қаракөлге шамалы уақыт аялдап, ревком сайлануын өткізді. Жан-жақтан келген жұрттың алдында Сәкен сөз сөйледі. Ол кеңес өкіметінің не екенін жан-жақты түсіндіре келіп, сөзін: – Сонымен, жолдастар! Жаңа заман басталды! Ленин аңсаған Социалистік революция жеңді! – деп бітірген. «Жолдастар» бұл жақтың тұңғыш естіген сөзі. Осыдан соң Ноғайқұл Торанғұлов сөйдеді. О да сөзін «жолдастардан» бастады. Оның сөзі Сәкеннен ше-
шенірек шықты. Бірақ Сәкендей тереңге бара алмады. Торанғұловтан кейін Сұранышбек Көңірдеков сөйледі. Ол мүлдем лағып кетті. Жұрт тыңдамаған соң бір күлдіргі сөз айтып еді. Сәкен зекіп тастады. Осы жиында ревкомның төрағасы Ноғайқұл Торанғұлов болып сайланды. Жұрт тарқағанда Ноғайқұлға Сәкен: – Ал, енді ертеңнен бастап бұқара арасында үгітнасихат жұмысын жүргізесің. Қоржындағы кітаптарды жұртқа таратасың! – деп ревкомның міндетін таратып айтып кетті. – Жиынға Әріптер келмеді. Оған не істеймін? – деп сұрады Торанғұлов. – Әріптердің сазайын тартатын кезеңі келеді. Әліәзір дүмпие берсін, – деп жауап қатты Сейфуллин. Осыдан кейін Меруерт сөз болды. Екеуі ақылдаса келе осында алдыруды жөн көрді. «Бірақ, – деді Сәкен, – менің қайтып соққаным ерсі болады. Өзің әкел. Бұл жақтың билігі енді сенде!» Ноғайқұл өзінің әкесі Торанғұлмен Әріптің кезінде үзеңгі қағысқан адам екенін айта келіп: – Егер тірі болса мен әкемді де аямас едім! – деп дүрдиді. – Әкең бай болып па еді? – деп сұрады Сәкен. – Жоқ, жұқана ғана шаруасы болған-ды. Бірақ тыраштанып атқа мінген. Сәкен жымиып күлді. Күлкінің табы сөнгенде: – Қазақта атқа мінбейтін пысық жоқ, – деп, Арқа елінің үрдісін әңгімелеп қойды. Ноғайқұл кілең көк мылтықты нөкер ертіп, Әріптің аулына барып қайтты. Бірақ құр алақан келді. Әріптердің Әулиеатаға кеткенін естігенде, Сәкен санын соқты:
– Әнеукүні базарға бір барғанда кимешекті келіншекті сыртынан көріп, Меруертке ұқсатып едім. Қардан қарлыққан көзіме сенбегенімді қарашы!.. – Бізді неге ертіп бармадың? – деп өкінді Ноғайқұл. – Кейде жапа-жалғыз жүргенді ұнатамын! – деп уантты Сәкен. – Енді қайтеміз, Меруерттің қаладан келгенін тосамыз ба? – деп сұрады Ноғайқұл. Сәкен оның бетіне қарап күлді. Сәкеннің ойына Лермонтовтың «Герой нашего времени» деген романындағы бір оқыс оқиға түсіп кетті. Ноғайқұл оны қайдан білсін? Ол сұрауын қайталағанда, Сәкен: – Қазаға көңіл айтқан қазақ екі көріспейді! – деп, сөзінің аяғын жұтып қойды. – Енді түсіндім! – деді Ноғайқұл. Сәлден кейін: – Білгіштер «ақын адам әкім болмайды» десуші еді, оның бекер екеніне көзім жетті, – деп Сәкенді қолпаштап қойды. Ревкомның төрағасы қызыл комиссардың жол азығын қамдатты. Қасына жігіт ертпек болғанда комиссар одан бас тартты. Дәл аттанар алдында ол төрағаға: – Меруерт өзі қаласа бас бостандығын алып бер! – Тек, заң жолымен! –деп пысықтады. ЕКІНШІ ТАРАУ I Алғашқы ықылас ыстық. Ноғайқұл Торанқұлов Қызыл комиссардың тапсырмасын мүлтіксіз орындаған.
Кітаптар таратылды. Өзі шама-шарқынша үгіт-насихат жұмысын жүргізген. Осының үстіне ол қарамағындағы елде түтін санын, жан санын тізімге түсірген. Осыдан кейін ол Әулиеатаға сапар шекті. Губисполкомның төрағасы Қабылбеков Торанқұловтың әкелген дерегін тиісті бөлімдерге беріп, өзі дерек жинаушының білім мөлшерін сынады. Әр нәрсе жайында әңгіме қозғап, қысқаша жатық сөйлеп отырды. Кейде орысша сұрау қояды. Оған Ноғайқұл жауапты орысша қайтарады. Әрине, шама-шарқынша! Әңгіменің соңында Қабылбеков: – Ревком деген жалпы атау. Әлі-әзір кеңес үкіметіне бағынбаған көшпелі елдерді бағындырып, болысболысқа бөлеміз, – деген. Артынша сөзін жандандырмақ боп: – Бетпақдаланың арғы шетіне таман не Ақмолаға, не бізге бағынбай, қысы-жазы көшіп жүрген ел бар. Сол елді тексеруге адам жібергелі отырмыз. Сіз сол адамды бастап барасыз! – деген. Қабылбековтың «тексеріске» меңзегені – губерниялық милицияның орынбасары Тұрсынғали Назарғалиев деген жігіт екен. Ол қасына екі солдат ертіп, Торанғұловпен бірге жолға шықты. Бұларға губерниялық бір мекеменің қызметкері Мәлғаждаров қосылды. Бұрынғы «түтін пұлшы» бұл күнде санақшылық қызметке ауысқан! Оның да көшпелі елде атқаратын қызметі бар. Айтылмыш ел Бетпақдаланың арғы шетінде екені рас-ты. Бетпақтан бері Шу, одан бері Мойынқұм бар. Ол жерлер бұл уақытта елсіз медиен. Тұрсынғалилардың осы жердің баршасын кешіп өтуіне тура келеді. Бұл үшін жолбасшы керек. Бұлар жергілікті жұрттың біліктілерімен ақылдасқанда, біліктілердің сөзі бір жерден шықты. Бұл атырапта Қаратау мен Арқаның
арасына жетік екі адам бар. Бірі – аңшы Әлмен. Ол, бірақ, қазір елде жоқ. Қайда кеткені мәлім емес. Қарашада бір-ақ оралады. Екіншісі – Исахан. Біліктінің біреуі: – Арқаны көп аралаған кезбе – Исахан. Әлгі Әріптің жиеншары деген. Ертеңіне Исахан келді. Жол жайын жан-жақты талқылағанда ол бүйдеді: – Мойынқұм мен Шудан түнделетіп өтеміз. Тастыдағы шегендеулі құдықты паналап, тынығамыз. Кешке қарай Бетпаққа енеміз. Өстіп ылдилап Ақкемерге жетсек, одан әрі үдере тартуға болады. Енді ұзақ жолға жарамды аттар, азық-түлік, сусын әзірлеу керек. Бұл үшін екі-үш күн кідірістеуге ұйғарысты. Бұл екі арада Исахан өзінің аулына кеткен. Ол жолай Әріптікіне соғып, күтпеген сапар жайын баян етті. Бұл Әріптің күтпеген құбыжығы еді. Ноғайқұл әтірет алып, Арқаға барса, Әріптің өткендегі ісіне қанығады. Көзі тірі куәгер адамдардың ұшырасуы да мүмкін. Ақмоланың әкімдерімен кездесуі және мүмкін. Сойқан сонда басталады!.. Осының бәрін ойдан өткізе келе, Әріп Исаханды ауылдың сыртына апарған. Сол арада екеуі оңаша ұзақ әңгімелесіп тұрды. Әріп Ноғайқұлдың өте-мөте қатерлі адам екенін, оның Әріптің тұқымының, жекжат-жұратының түбіне жетпей тынбайтынын, демек, ыстық темірдің басы Исаханды да күйдіретінін айта келіп: – Мен жасарымды жасадым, асарымды асадым. Жаным сендерге ашиды! – деген Исахан: – Ноғайқұл патша заманында болысқа писер боп еді. Енді қалай көтеріліп жүр?! – деп таңданды. Әріп:
– Ол кәззаптың қулығына найза бойламайды. Қай заманда болса да айлалы ұтады, – деп, өткен-кеткеннен мысал келтіріп өтті. Әріп алыстан орағытып, Исаханның ау-жайын аңдыған. Ақырында, икемге келді-ау деген кезінде ішкі ойының тоқ етеріне ауысты. – Сен осы сапарда Ноғайқұлдардың көзін жойып қайт! – деген. – Қалайша? – деді анау түкке түсінбегенсіп. – Бетпақтың қалың ортасына кірген түні аттарын айдап кетсең, бәрі қырылып қалады! – деді Әріп. Исахан: – Салт аттар айдауға көне ме? – деп күдіктенгенде, Әріп: – Жолсоқты жолаушылар айқайласаң оянбайды. Шідерлі жылқыны бірте-бірте жетелеп ұзатасың. Сонсоң тырқырата қусаң, үйренген жеріне өздері де қашады! – деп, қашып-пышудың айла-тәсілінен әңгіме шертіп өтті. – Түу, сіз менен өткен баукеспе екенсіз ғой! – деп сүйсінді Исахан. Әріп: – Жөгі жанкешті болады. Жиенін қайдам! – деп, бір көзін сығырайтты. – Жаман айтпай жақсы жоқ, әкімдер пәнейі себеппен елге оралса қайтеміз? – деді Исахан. Әріп зілдене сөйледі: – Мен мұны ақылдың елегінен өткізгем. Құлағымыз түрік, көңіліміз күдік болады. Олар оралатын сыбыс шықса тайып тұрамыз. – Олар сыбыссыз сау ете қалады ғой, – деді Исахан. – Әй, аңғал, әуелі аттарын айдап кетші. Өзің қараңды бір көрсетші! Сосын тіпті қашайық!
– Қайда қашамыз? – деді Исахан. Әріп: – Аспан асты кеуек! – дей беріп кілт өзгерді. – Жоқ, сен – жеті қорқақтың бірі екенсің. Мен қайттым райдан. Мен айтпаған болайын, сен есітпеген бол... Әріп көпке шейін ұйықтай алмады. «Қап, бекер айттым-ау», – деп жатыр. Исахан да көпке шейін ұйықтаған жоқ. әкеден жетім қалған ол жас кезінде ұрыларға ілесті. Талай жерді шарлады. Енді кәнігімін деп жүргенде, Әріптің өзі іздеп тауып алды. Нағашының аты нағашы. Жиеннен гөрі ол бауырмал келеді. Әріп: «Тұлпардың тұяғы өзімізге дәрі!» – деп осы жаққа алып келді. Содан кейінгі тіршілік осы. Тамақ тоқ, көйлек көк. Емін-еркін сайрандап жүр. Сол тыныштықты енді нағашының өзі бұзды. Әріп енді қарау тапсырмасын ұмытпайды. Қит етсе, «жиен ел болмас» деп шыға келеді. Исахан: «О баста ұрыларға ере бермей осында неге келдім?» – деп бір қойды. Шіркін, жапан түз! Бұлаң құйрық жортуыл! Асылған мосы! Қасқырша асаған ет! Бай ауылды баспалап кеп кісендеулі жүйріктің кісенін ашқан түн! Іш пысқанда сыбызғы шалып, ұшырасқан қарақшы. Ат үстінен аударыспақ!.. Ол аунап түсті. «Осы сейіл де сергелдең, сергелдең де сергелдең емес пе? Әрекеңнің тілін неге алмаймын?» – деп ойлады. Исахан осындай екіұдай ойын таңертең Әріпке айтқан. Әріп: – Қылышты қынаптан екі рет суырған соң күші қайтады. Сенен күдер үздім. Дегенмен, жолың болсын! – деп түзге қарай жүріп кетті.
II Ноғайқұлдар жолға шығарда, Исахан бүйдеді: – Азық-түлік жеткілікті болды. Ұнға көмген қазылар шірімейді. Ал енді жолшыбай дүкенге соғып, «тентек судан» алмаймыз ба? Елден ұзағанда іш пысады ғой. Дүкенге Исаханның өзі соқты. Өзгелері өзен жағасына ат шалдырып отырды. Исахан әкімдерді әнеугі айтқан жолмен алып жүрді. Бетпақтың жуан ортасына кіріп, Ақкемердің бауырындағы бастау басында қонақтағанда ол шыныларды суға салып қойды. Арада шай қайнатым уақыт өткенде, Исахан ұйықтап жатқан адамдарды айналып шықты. Содан шідерлеулі аттарға барып, ортасында біраз тұрды. Бірақ ары ысыруға жүрегі дауаламады. Қайтып келе жатып: «Өзі өлім тілеп жүрген Әріптің қот-қоттауына» желігіп жындымын ба?» – деп ойлады. Әркімге жан керек. Исаханның сақтығы бар жолаушыға жан сақтатты... Бұлар келесі күні Қосаралға түнеді. Оның ертеңіне кештете Жетіқоңырдың бергі шетіне ілікті. Бұл жерде оймыш-оймыш құмшауыттың арасында Әлидің ауылы отырған. Жолаушылар сұрастырып, Сүгірдің үйіне келіп түсті. Сүгір: – Баяғы Меруерттің лаңынан кейін көріскеніміз жоқ қой. Ревкомдігің құтты болсын! – деп Ноғайқұлға ықылас білдірді. Ноғайқұл: – Бұл жердің болысы кім? – деп сұрады. Сүгір түсіндіріп жатыр: – Көші-қонда белгілі тұрақ болмаған соң ба, қайдам, бұл аймақта белгілі болыс жоқ. Бұрынғы болысқа ел бағынбайды. Сонда да, оқта-текте мөрін көрсетіп, қоқаңдап қояды.
Бұл екі арада Ноғайқұл серіктерін шетінен таныстырып өтті. Сүгір «жөн ғой, жөн ғой» деп бас шұлғып отырды. Ол үлкен үйге барып әкесімен ақылдасты. Әкесі ұзақ ойланбай сөйлемейтін томырық кісі еді. Оның орнына шешесі сөйледі. Көпті көріп, көнектен өткен бәйбіше: – Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық. Құданы жақсылап күт! – деген ақыл берді. – Не сою лайық!? – Қайдан білейін, аспандағыны арбап, жердегіні жалмап жүрген қара тіл пәле ғой, Ноғайқұлың. Табалап кетпесін, әйтеуір, – деді шешесі. Енді барып Әли тіл қатты. – Көрші ауылдан қымыз алдыр. Осы қымыз Әлидің ауылына келген кісілердің кім екенін талай жерге таратты. Жұрт естігенін місе тұтпай, өсіріп, құбылтып, сан-саққа жүгіртті. Бұл жақтағы елдің қысқы қонысқа қарай жылыстайтын шағы еді. Кейбір ауыл: «Ақыр көшетін болғасын ірге көтере берейік», – десті. Сонымен, Тұрсынғали, Ноғайқұлдар ауыл аралауға шыққанда сетінеп көшіп жатқан елдің үстінен түсті. Қоныс бағдарын сұрағанда әркім әртүрлі жақты сілтеді. Болат, Бөрілі, Үкілі, Бүркітті, Мұңды, Құбыл, Бестау... – Бұл не деген таусылмайтын тау? – деп таңырқады Тұрсынғали. Исахан түсінік берді: – Айтқандарының көбі тау емес, таусымақ. Көшкен ел түйенің төсін тигізіп өтетін жер!.. Оңашаланған бір сәтте Сүгір түсінік берді: – Манағы айтылған таулар әншейін тілге тиек. Былайша айтқанда, із қашырту. Бұл елдің көбі Шуға барашақ. Осы маңнан жылыстай-жылыстай екі айда жетеді. Жер қар жамылған шақта барады.
Тұрсынғали Назарғалиев қуанды: – Онда толайым бізге қарайды екен ғой... Сүгір және де түсіндіріп жатыр: – Бұл ел кімнің тарысы піссе, соның тауығы. Кім қоныстан, жайлаудан қақпаса, сонымен әмпей-жәмпей. Бірде Қаратау жаққа, бірде Арқа жаққа ауытқитыны сондықтан. Осындай босқында тауықтың бүркітке айналатын шағы да бар. Тауық пен бүркіттің мәнісін Назарғалиев түсінбейді. Сүгір сөзін жалғады: – Бүркіт ашуланса иесіне түседі. Бұл ел кектенсе зәбір көрсетушіні өлтіріп, белгісіз жаққа ауып кетеді... – Ну, ну! – деді Назарғалиев. Бірақ түсін бермеді. Ноғайқұл Торанқұлов секем ап қалды. «Дегенмен, жүректі жігіт екен!» деп ойлады. Назарғалиев елдің де, малдың да санағын түгел ала алмады. Енді Губернияға барғанда не айтпақ? Торанқұловпен ақылдаса келе: «Кеңес өкіметін орнатып кетейік. Нартәуекел!» десті. Енді бұлар «осы елдің басшысын көрейік» деп, бұрынғы болысының ауылына барды. Болыс-екең дақпыртты естіп, қашып кетті... Осыдан кейін бұлар еру ауылдың кісілерін жинап, жиналыс өткізді. Ең алдымен Ноғайқұл Торанқұлов сөйледі. Ол былтыр Қазакөлде Сәкен Сейфуллин сөйлеген сөздің жобасын сақтады. Қазақ даласына Ленин есімді жаңа күн туғанын, еңбекші бұқараның бағы жанғанын айтып өтті. Сәкенше тоқ етерін қайырмай, өзінің қара тілдігіне басып, мипаздап, мақал-мәтел қосып жіберді. Сөзінің соңында: – Ленин туы жасасын, жолдастар! – деп қолын
сермеді. Назарғалиев те осы нобайда сөйлеп шықты. Оның жанынан қосқан жаңалығы: «Байларды, билерді, ел қанағыштарды ауыздықтауға» соқты. Сөзін қаладағыларша: – Ура! – деп бітірді. Бұл сөздің қазақшасы «ұран» екенін, оның өзі осы аттас аспаптан шыққанын, ол аспап сарбаздар жауға шабарда тартылатынын білген адам бұл арада болмады... Енді Мәлғаждаров сөйледі. Ол жаңа тәртіп бойын-ша мал басы, жан басы есепке алынатынын, оны жасырған адам жауапқа тартылатынын ескертті. Дәл осы арада қажеті жоқ сөз еді. Бірақ кәнігі қызметін ішке бүге алмады. Бір есептен айтқаны дұрыс болды ма, қайдам, жергілікті жұрттан шығып сөйлегендер бәтуаласып қойғандай: – Қаңбақ ұша бастады: енді біз де көше бастаймыз. Кеңес өкіметінің панасына барамыз! – десті. Сонымен, не керек, жиналыста бүйректен сирақ шыққан жоқ. Жұрттың бәрі бір ауыздан кеңес өкіметін жақтады. Жаңа болыс сайланды. Оның төрағасы Сүгір Әлиев болды. Сүгір ауылына қайтып келгенде Әли жат мінез көрсетті. Ол құттықтауды қабылдаудың орнына баласына ұрысты: «Күйшіге әкімшіліктің керегі жоқ!» деген. «Сенің жарытпай жүргенің де осы пейілің!» деген. «Әлі келмеген әлек, мансап түбі қорлық» деген. Қойшы әйтеуір, Сүгірді талай жерге апарып тастады. Сүгір «Ықылас та ыстаршын болған» деп еді, әкесі одан сайын ашуланды. Ол Ықыластың кек алу үшін екі-ақ ай ыстаршын болғанын, өзіне дүре соққан адамға дүре
соғып, содан кейін өзі тіленіп орнынан түскенін айта келіп: – Күйде кек те болады, тек те болады, – деп шежіре шертіп өтті. Сүгір: – Бұны бұрын неге айтпадыңыз? – деп сұрады. Әкесі: – Мен сырымды о дүниеге аттанарда айтатын адаммын! – деп томсарылды. Тұрсынғали басқаша түсінді. Ол: – Сонда сіз өнеріңізді қызғанасыз ба? – деген. Әлидің жауабы басқаша шықты: – Е, балалар, кәріні қаужап қайтесіңдер. Біздікі сандырақ... Соңғы сөзді бойына мін көрді ме, қайдам, әлде басқа себебі бар ма? Қою қасты, ақ кірпік шал сұстанып кетті. Бейне аруаққа ұқсап тұрды. Сүгір: – Әкейдің басының сақинасы бар, – деп әңгіменің бетін бұрды. Кешкі ермек үстінде Сүгір күй тартты. Кішіпейілділікпен: – Ықаңның «Кертолғауы» еді! – деп домбыраны ұзақ шертті. Әкесі кіржің етті. Ол: – Нәшіне келтірмедің. «Желдірмеге» бас одан да! – деп жантайды. Сүгір екінші әуенге ауысқанда, әкесі: – Міне, енді жарасты, өзін-өзі орнынан алып тастаған Ықыласта нең бар? – деп жымиды. Түсінде сес те, сұс та жоқ. Еріген мұздай жылмияды. Жұрт қолпаштап жатыр: – Әлекең дұрыс айтады! Ноғайқұлдарды Сүгір түстік жерге шейін шығарып салды. Қайта-қайта «қайыр хош» десіп, қимай ажырасты. Қыста ел Шудан қоныс тепкенде Қаракөлге
баратын боп бәтуаласты. – Жанайдың жалғыз аяғымен асасыз, – деп Исахан күн ілгері жол сілтеді. – Ұрының жолына түсе ме? – деп сұрады Ноғайқұл. – Жолаушыға бәрібір емес пе? – деп жауап қайырды Исахан. – Адаспай барса болды да! – Нөкермен барамын, нөкермен! – деді Сүгір. Шегір көз ақсары жігіт қаршығадай әсер етті. «Бұл өзі тыраш жігіт кенейлақтың орнына мизамда құлын сойғанын қарай гөр!» деп ойлады Ноғайқұл. Ноғайқұл, дегенмен, бұл жақтың үрдісіне шалалау. Бұл түздіктер: «Аулымның ақсақалы Құлахмет, құлын сойса болады бір асым ет» деп өлеңдеткенде, қолда барды айтады. «Жел-қолтық» деп лақтың етін жемейді. ...Ақмолаға қарайтын жеті болыс тама-тарақтыдан екі болыс ел елсіз жерде көшіп-қонып жүрген. Назарғалиев пен Торанқұлов осы екі болыс елді советтендіріп қайтты. Осыдан кейін Назарғалиев солдаттарымен және Маліғаждаровпен бірге қалаға қайтты. Оларды Ноғайқұл күнгейдің шекарасына шейін ұзатып салды. Дәл Сүгірше қайыр-хош десіп қимай ажырасты. Ноғайқұл Торанғұлов көктем шыға қалаға барып Шудағы елдің жай-жапсарынан нақты дерек беретін болып қалды. Дәл ажырасар сәтте Тұрсынғали Ноғайқұлды оңаша шығарып ап: «Исахан опасный адам, бесатар атысынан шошыдым. Тергеуге кейін аламын. Ішіңе сақтағайсың!» – деп ішкі сырының ұштығын көрсетіп қойды. Бұлар екіге ажырасқанда дауыс жетер жерден бірбіріне қарайласып, қол бұлғасты. Назарғалиев аспанға бір оқ атты да, әрі қарай желе-шоқыта жөнелді...
ҮШІНШІ ТАРАУ I Губернияның орталығы басқа қалаға ауысқан. Осыған сәйкес орталық мекемелер сол қалаға көшкен. Әулие-атадағы білімді, белді қызметкерлер әртүрлі себеппен әр губернияға кеткен еді. «Пәленшені сағалау» деген сөз сол тұста елге жайылған-ды. Сәкен Сейфуллин үгіт таратқан көшпелі ел отырықшылыққа әлі айналмағандықтан қайтадан бытырап, шаруа қамын ойлап, әр атырапқа ауысады. Осы тұста Ноғайқұл Торанқұловтың қызметінде нақты күш қалмаған еді. Арада әлденеше ай өткен. Бір күні ол араға екі қонып, жаңа орталыққа келді. Бұл орталық ол кезде шаһар аталатын-ды. Сол шаһарда, төңкеріске шейінгі атаумен айтқанда, Түркістан уәлаяты бойынша мәжіліс өтпекші боп жатыр екен. Сол мәжілісте Ташкенттен Тұрар Рысқұлов келіпті. Оның осы уәлаятты жаңаша, советше басқаратын дөкей екенінен Торанқұлов хабардар болатын. Сондықтан ол сол Тұрармен дидар көріспек боп, губисполкомға барған. Ол кезде прием күту жоқ. Торанқұлов мекемеге именбей кірді. Сол жолы ол Тұрар Рысқұловпен танысты. Өзінің Сәкен Сейфуллинмен бірге өткізген кешін, істеген ісін, атқарған қызметін қысқаша айтып шыққанда, анау кәдімгідей іш тарта бастады. Ол жуырда осы Шаһарда жауапты съезд болатынын, онда «Түркістан коммунистерінің бүгін тандағы міндеті жайында» Куйбышев жолдастың баяндама жасайтынын айта
келіп: – Сіздің жиналысқа қатынасуға правоңыз бар. Сөйлеймін десеңіз сөз алып беремін! – деді. Артынша күдіктенгендей: – Орысшаға қалай едіңіз! – деп сұрады. Ноғайқұл Торанғұлов өзінің білім мөлшерін айтып өтті. Бірақ Рысқұлов оның білімін тексерген жоқ. Тұрар Рысқұлов Қаратаудың теріскей жағын көрмеген екен. Ол жақтың жай-жапсарын, хал-ахуалын сұрап отырды. Бірте-бірте әңгіме әдет-ғұрыпқа, ел үрдісіне ауысқан. Осындай бір орайда Ноғайқұл: – Біз, задында, кірмеміз. Арғы атамыз Еділ бойынан көшіп келген, – деп Бестерек дейтін руды таратып айтқан. Тұрар Рысқұлов қазақша шежіреге жоқ-ты. Бірақ Бестеректі біледі екен. Сөздің бір кілтеңінде: – Мен орыстың семьясында өскенмін. Бірақ сіз айтқан рудан хабарым бар! – деген. Ноғайқұл ішінен: «Дәл үстінен түстім!» деп ойлады. Ол Тұрар Рысқұловтың Бестерек дейтін тайпадан шыққанын білетін еді. Енді сол текті Тұрардың өзі растады. Әрине, тұспалмен! Бұл екі арада Тұрар орнынан тұрған. Дөңгелек мұрт қойған дембелше ақсұр жігіт: – Съезден кейін және ұшырасайық. Маған соқпай кетпеңіз! – деді. Сол съезден кейін Тұрар Рысқұлов губисполкомға тапсырма берген. – Ноғайқұл Торанқұловты өз еліне болыс етіп назначение беріңдер! – деген. Осы сапардан Ноғайқұл өз еліне болыс боп оралды. Қалтасында знак-мөрі бар. Онда араб әрпімен жазылған оймыш жазу бар.
Сонымен, Ноғайқұл Торанқұлов сол кезгі ҚаракөлЖылыбұлақ болысын басқарып шыға келді. Ол кезде белгілі кеңсе жоқ. Торанқұлов Құмкенттегі дүкен жанынан бір тамды кеңсеге айналдырды. Көлденең жұртқа оны «мекеме!» деп, қыр көрсетеді. Осы «мекемеден» ол семьясын сағынғанда өзінің көшпелі үйіне келіп-қайтады. Ол кезде сахара шаруаларын қоныстандыру саясаты әлі басталмаған-ды. Бір күні Рәш қоярда қоймастан Ноғайқұлды құрдасының ауылына алып барды. Зейнел-Нәби күн қақты болмаған қара бағлан сойды. Рәш шай үстінде бауырсақтан, қанттан татып алмай, қара шай ішті. Ет керсенге сыймай келді. Ноғайқұл біраздан кейін қолын сүртті. Рәш құйрықты шайнамай жұтып, етті тауысып қойды. Пенденің ойына кірмейтін мешкейлік көрсетті. Ақырында бір уыс тамақ қалдырып: – Әй, Зейнел-Нәби, бұйырған малға тісің тисін. Мынаны асайсың ба, жоқ әлде өзім құтты жеріне қондыра салайын ба?! – деген. Зейнел-Нәби: – Қапсағай қара жалмауыз-ой! – деп таңданды. Меймандар аттанып кеткенде, ол: – Қап, сындырып кетті-ау, – деп әйеліне кейіді. Ноғайқұлдар апта бойында пәлен ауылға түстеніп, қонған. Бірақ, еш жерде Рәш оғаш қылығын қайталамады. Ноғайқұл ішінен: «Қасқырдай аптасына бір-ақ асайды екен!» – деп ойлады. Олар ауылына оралғанда Ноғайқұлға әйелі: «Бір күнде үш қозы сойдым!»деп қипақтады. – Кімдерге сойдың? – деп сұрады күйеуі. – Сәскеде Сұранышбектер келді. – Онда жөн екен. – Шаңқай түсте Шәді-төрелер келді.
– О да жөн. – Намаздігерде інісімен Әріп келді. – Сорпа ішетін сасық байларға өлі ет аспайсың ба? – Көнбей шікірейіп отырып алды. Сахара үрдісі осы! Көлденең қонақ жас ет аспасаң, ауылыңнан шыға бере бір малыңды жетектеп кетеді. Ноғайқұлға ондайды ешкім істей алмайды. Бірақ, бәрібір, үрдістің аты үрдіс. Ол «қатыным да тыраш– ау!» деп қойды. Ноғайқұл тағы ды ауылында жатып алатын болды. Зеріккенде әркіммен дойбы ойнайды. Кейде өзен жағалап кетеді. Бір күні оған Рәш келіп: – Ау, қашанға дейін үй күшік боламыз? – деді. – Ал, не істейміз, білгіш болсаң айта ғой, – деді оған Ноғайқұл. Рәш жиын-терін басталғалы бері дихандардың құтырғанын, түске дейін жұмыс істеп, түстен кейін уаттағы атына мінетінін, шаруалармен екі арасында күнде көкпар болып жататынын айта келіп: – Атаңа нәлеттер өлген-тірілгенін білмейді. Сірә, «көкпар көк пері» деген сөз рас болса керек, – деп шалғайдан шежіре шертіп өтті. – Ақылды адам, қу адам және, – Ноғайқұл тұтығып қалды, – және қорқақ адам көкпар шаппас болар. Сен сол үшеуінің қайсысына жатасың?.. Рәш жауап орнына басқа әуенге көшті: – Аңыз бойынша біздің Дегірездің астында алтын бар. Көзтаңбалыларды сол алтынның буы ұрады-мыс. Сайысқа бейімділігі содан. Екеуі үзеңгі қағысып келе жатты. Олар Ащысайдың жонына шыққанда оңнан, солдан, төменнен, жоғарыдан лек-лек боп келе жатқан аттыларды көрді. Көп ұзамай жер қайысқан адам бас қосты. Той да, ас та, айт та жоқ
еді. Әр ауылдан көкпар шығаратын әдетке басқан. Осы жиында дүйім көпті қақыратып, Зейнел-Нәби көкпар алып қашып кетті. Көз жазып ұзағанда: «Атағым кетті-ау, талай жерге?!» деп масаттанды. Ол көкпарды Рәштің үйіне апарып салуды лайық көрді. Осыдан кейін оны түлен түртті. Ол көкпарды тақымға басқан күйінде ауылға ат қойып келді. Ауылға жақындағанда оқыс желікті. Ол Рәштің үйіне жақындағанда «ой, бауырымға» басты, Зағипаға: – Қайтейін, байың аттан құлап өлді! – деген. Үйдің сыртына лақтырылған көкпарды байқамаған Зағипа дауыс сап қоя берді. Артынша бетін жыртып тастады. Зейнел-Нәби жалма-жан атына мініп, шаба жөнелді. Ертеңіне Рәштер келгенде күтпеген құқайдың үстінен шықты. Назарқұл түсіндіріп өтті. Сөзін: – Дәңгіл-неме ойыннан от шығатынын білмеген екен ғой! – деп бітірді. Ноғайқұл: – Күйеуің ұзақ жасайды екен, – деп Зағипаға уаныш айтты. Зағипа бетін алақанымен басып күйгелектеп қалды. Рәш Зейнел-Нәбимен бір қараға бәстесіп «тобық» ойнағанын, моншада сұрағанда тобықты қолтығының астынан алып бергенін, сірә дә ұстатпайтын жытқыр екенін айтты. Сөзінің соңында: – Ол иттің менімен түйдей құрдас екенін білесің. Ол, құдай біледі, «ой, бауырымдағанда» көкірек жара күліп келді. Неге аңғармадың? – деп әйеліне кейіді. Зағипа: – Енді абысын-ажынның бетіне қалай қараймын?! – деп жыламсырады. Рәш: – Қап, кәззәп, бір кезегі келер! – деп тісін қайрады. Зейнел-Нәбидің қылығына жұрт күлді де қойды.
Бірақ, Рәш ұмыта алмады. Қатынының айғыздаған бетін көрген сайын ызаға булығады. Өстіп жүргенде бір күні Күлзия ауылға келді. Құдасының үйінен тары сұрай келіпті. Қасында кішкентай Қатирасы бар. – Қашан қайтасындар, – деп сұрады Рәш. – Таңертең, – деп жауап қайырды Күлзия. Рәш өзінің той-томалаққа бара жатқанын айтты да: – Қап, бұл ауылда ұйқысырайтын да еркек жоқ. Қайтесің, бақыр! Балаңды бауырыңа басып жатасың да! – деп күлді. Ол жорта аттанып кетті. Ертеңіне Күлзияның жолын тосты. Оның қайтатын жалғыз аяқ жолы белгілі еді. Сол жолға жақындағанда атын шідерлеп, сайдың табаныңдағы раңға қойды. Өзі жол жағасындағы қамыс молаға барып, қарауыл қарап тұрды. Күн сәске болды. «Жолаушы жоқ, бұл қалай? – деп ойлады Рәш. – Түйеге мінген әйел жолсыз жермен жүрмейді!» Күн түске тармасқанда Рәш: «Қой, қайтайын, жолым болмады» деп ойлады. Дәл осы сәтте түйелі жолаушы көрінді. Рәш бешпетін шешіп көйлекшең қамысқа кіріп жатты. Жолаушы жолдан бұрыла жаздап, жолға қайта түскен. Рәш: «Қанды басын бері тарт!» деп ырым етті. Жолаушы қамыстан өте бергенде Рәш «а!» деп атып түрегелді. Қамыс сытыр-сытыр етті. Әйел «ойбай!» деп баж ете қалғанда, қызы жерге ұшып түсті Рәш істің насырға шапқанын енді ғана пайымдады. Ол атына қарай тұра жүгірді. Күлзияның қызының аяғы сынған екен. Әспет тәуіп сынықшылық жасап, сынған сүйекті орын-орнына салды. Жас қыз төсекте екі-үш ай жатып түрегеліп кетті. Бірақ, бір аяғын сылтып басатын болды. Осы оқиғадан кейін бір күні Зейнел-Нәби мен Рәш
жұрт көзінше сабаласарманға келіп, шекісті. Ноғайқұл киіз кітаптың парақтарын жорта ақтарып шықты да: – Бұндай қылыққа тіпті статья жоқ, – деп кітапты қабына сүңгітіп жіберді. Артынша кәдімгідей ашуланды. – Е, дәңгіл төбеттер, адамның ойына келмейтін пәлені неге істейсіндер?! Тысқа шыққанда Зейнел-Нәби мен Рәш қолтықтасып бара жатты. Ноғайқұл «мынау иттерге дауа жоқ шығар?» – деп басын шайқады. II
Сахарада уақыт мөлшері бегілі оқиғалармен өлшенеді. «Пәленше өлгенде, пәленше келін түсіргенде, немесе тіпті қорашы-түгенше қызойнақ қылғанда», – деген тәрізді сөздер жоғалған жоқтың қалдырған ізіндей әсер етеді. Содан той, ас тәріздес нәрселер уақытқа белгі болады. Арада қанша мезгіл өткеніне өлшеу жоқ. Әріп пен Ноғайқұлдың аралас-құраласы сирек болды. Бірақ бірін бірі ойға алмай жүре алмады. Ноғайқұл Әріптің осал жау емес екенін байқайды. Ол жұрттың көбін аузына қаратып алды. Қаламен байланысы өз алдына! Тегінде, бұл күнде сахарада дәулет пен тізеден қаймықпайтын адам жоқ. Заң жүйесі әлі баянды жобаға келген жоқ. Жоғарыдан келгендердің бітіретіні – түтінпұл. Дүмділерге дөңайбат шеге тұрып, оңашада болысқа: «Жұртты үркітіп алмаңдар», – деседі. Осындай кезде, әрине, Ноғайқұлдың Әріппен санаспауы қиын. Пендешілігі және бар еді. Әкесімен үзеңгі жолдас болған кісіге іші жылитынын өзі бұлдыр сезінеді. Дұрысында, сезінгісі келмейді. Әріп болса, ішінен Ноғайқұлды тұлпардың тұяғындай көреді.
«Әлбетте, Торанқұлдан кем, – деп ойлайды. Бірақ бұның білімі артық. Сәкенмен әмпей-жәмпей боп жүруі де білімнің арқасы». Әріп өзінің жарытып оқымай қалғанына кейде өкінеді. Бірақ, оқығанда қала қуып қаңғыбас боп кетер ме еді, кім білсін?! Оның тайпасынан оқыған біреулер 1916 жылы адам атып, кейіннен өздері атылып кетті. Әріп болса қашып құтылды. Демек, темірдің екі басы ыстық екен. Сайып келгенде, тұтам тіршілікке тарықпай, қызық көріп өтсең болды-дағы! Әріптің қызығы, әрине, дәулетке саяды. Бірақ осы дәулет басқа пәле бола бастады. Жыл-құда болған күнгейліктер бір жыл өтпей сыр беріп қойды. Оған оқыс бір оқиға себеп болды. Исаханды үйлендіру тойы өткесін екі айдан кейін Әріптің жылқысы біреудің қорығына түсіп кеткен. Қорықшы даңғой жігіт екен, тапа-тал түсте ауылға шауып келіп, Әріпті үрім-бұтағынан сыпыра боқтасын. Қаны қызып ақылынан адасқан Әріп қорықшыны босағаға байлап қойсын! Содан әңгіме насырға шауып, күнгейліктер бесақалатып, жанжал шығарған. Бітім-бәтуа болғанымен, іште мерез қалып, ақырында Әріптер теріскейге қайта көшіп келді. Келген бетте біліс-танысқа күнгейліктерді жамандай бастады. Олардың бесақа шошаңдатқанын айтпады. Айтудан ұялады. «Антұрғандардың сәбізінен ұшындым» дейді. «Шөбі қуаң, жылқым тұралап қалды» дейді. «Сиырлары мөңіреп маза бермеді» дейді. Әйтеуір, жатқан желеу! Бірақ Әріптің теріскейде де жолы болмады. Жолы да емес-ау, болмашы бір нәрседен қырсыққа ұшырады. Оны көлденең көз көрді. Бір күні Ноғайқұл Торанқұлов жоғарыдан келген санақшы Мәлғаждаровпен бірге ел аралап келе жатты. Боздоңғал дөңнің үстіне шыққанда арғы беткейден
біреу қол бұлғап шақырды. Бұлар елемеген соң ол атой берді. Маңында жан жоқ-ты. Ноғайқұл «мынау өзі, дені сау адам ба?» – деп таңданды. Атойшы шоқыта шауып жақындағанда, Ноғайқұл таңырқады: – Кеңкелес пе дегеніміз Зейнел-Нәби ғой. Зейнел-Нәби алқына сөйледі: – Анау өзекте қырқыс болып жатыр. Бізден бір жігіт мертікті. Бұлар желе шоқыта жөнелді. Болыстың хатшысы Соппек оқ бойы ұзап, құйындатып барады. Мертіккен жігіттің самайын қан жауып кетіпті. Көзі мөлиіп тұр. Тілі сөйлеуге келмейді. Өзін басқа бір жігіт иығынан басып тұр. Ауық-ауық «әй, Төлен, жынданба!» деп қояды. Бұл баяғы Зейнел-Нәбидің үйінде Торсанның мұрнын қанатқан «шерткіш» қойшы еді. Бұл күнде басқа тайпада Сұранышбектің қойын бағып жүрген. Бұдан хабары жоқ Ноғайқұл: – Бұл не, жығылғанға жұдырық па?! – деп сұрады. Жігіт түсіндіріп өтті. – Миғұла болған ба қалай, айдалаға қашады. – Ноғайқұл енді барып анық аңдады. Өзектің екі жиегінде екі жарылып, екі топ атты тұр. Сәл болмаса бір-біріне лап беретіндей. Немесе батырларын жекпе-жекке шығаратындай. Құдды Шахнамадағы сурет! Ноғайқұл ішінен: «Осы кермедіктер Фирдаусиді біле ме екен?!» деп ойлады. Осы кезде екі жақтан екі жігіт келіп, әрқайсысы өз тобына шақырды. Ноғайқұл көнбеді. Осыдан кейін Ноғайқұл төмпешікке шықты. Төбе би деген осы! Көп ұзамай оған Әріп пен Сұранышбек келді. Әлгі қарама-қарсы тұрған екі топтың басшысы осы екеуі еді. Әріп Сұранышбекке қамшысын сұқтады.
– Боздоңғал менің ілгері ата қонысым. Сенің көзіңнің еті өскен екен! – Одан бері қанша заман өтті. Қумасты неге қуасың?! – деп ежірейді Сұранышбек. Екеуара ерегіс қайта өршіді. Бірақ кісінің аты кісі. Сабаласуға бармады. Ақырында Әріп: – Билікті болыс айтсын, – деп Ноғайқұлға бұрылды. Ноғайқұл ат үстінен Төленді нұсқады: – Ананың басын жарған кім? – Мынау Әріптің өзі! – деп жауап қатты Сұранышбек. Ноғайқұл ашу шақырды: – Табан астында жіберейін бе осы?! – Ол екілене түсті. – Ей, бұл сот-пот деп кететін жұмыс қой... Әріп сабыр шақырды. Шамалы үнсіз тұрып, ақырында термелетіп жіберді: – Ноғайқұл, сен оқ жонған арғы атаңа тартсаң төбелесті ұқ! Төлен де ақысын жіберген жоқ. Сенбесең, менің арқамды ашып қара!.. Әріптің шұбыртпалы сөзіне Ноғайқұлдың шыдамы жетпеді. Ол жасы үлкен кісіге бірінші рет «сенге» келіп: – Әріп, сен арқаңды тоқалыңа көрсет, соңыра. Маған айғақты зат жетіп жатыр! – деген. Әріп жорта жуасыды. Ол: – Жә, сен жалпақ жұрттан жырылып, ел үрдісін әкімгершілікке сатпақшы екенсің. Өзіңе абырой әперсе оған да көндік. Бірақ, қаралау қағазды ат үстінен қалай жазасың? Ауылға жүріп, бел шешіп, бой жылытып, қыларыңды содан соң қылмайсың ба?! – деген. Ноғайқұл Әріптің сөзіне тәнті тұрды. «Досыңнан дұшпаның зерек болсын» деп бір қойды. Осыны сезген Әріп еркінси сөйледі: – Бұрынғылар «әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген. Күнгейдегідей болмай, тұлпардың
тұяғындай өзіңмен тұздас-дәмдес боламыз. Тоғыз құмалақ ойнаймыз. Әкеңе тартсаң ата қонысымды өзіме алып бер. Ноғайқұл қолқ ете қалды. Сұранышбекке: – Сен жанжалды қой, алсын байекем Боздоңғалды! – деген. Сұранышбек: – Күштінің арты диірмен тартады, – деп көніп қалды. Ноғайқұл енді Әріпке бұрылды: – Кімнің пешенесіне жазса да малда жазық жоқ. Оған өріс керек. Ал, енді, сіз байеке, сол малдың салығын кеңсеге әкеп бересіз. Санақшыға керегі сол... Әріп: – Салық тұяққа қарай емес, шаңыраққа қарай төленбеуші ме еді?! – деп сұрады. – Ол патша заманында болған, – деді Ноғайқұл. – Кеңес дәуірінде бай байша, орташа орташаша төлейді. Кедей-кембағал салықтан босатылады. Әріп салықтың жөн-жобасын сұрады. Мәлғаждаров: – Жылқыңыз мәлім. Ал, уақ малыңыз қанша? – деп сұрады. Әріп: – Есебі болыстың хатшысында. Соппек анау киіз кітабын ашса, мал маңырап қоя береді, – деп ойнақы жауап қайырды. Санақшы: – Жоқ, өз аузыңыздан айтыңыз! – деп өктеді. – Тышқан тескен қаптай күн сайын семіп барады, – деді! Әріп. – Өлім-жітім көп, ұры-қары да сыбағасын жібермейді... Санақшы енді Зейнел-Нәбиге сұрақ қойды. – Отағасың аққаптал екен. Бірақ, біз мал санауға машықпыз. Ал, енді өзің айтшы: – Екі үйде қанша жан бар?
Зейнел-Нәби санын айтты. – Қаншасы еркек? – деп сұрады санақшы. Үйде отырғанда қоятын сұрағы еді. Бұл арада байқамай айтты. Зейнел-Нәби мүдіріп қалды. – Неге тұттығасың? – деді санақшы. – Ағам еркек, Торсан еркек, өзім еркек. Ноғайқұл күліп жіберді. – Ұрғашысы қанша? – деп сұрады санақшы. – Шешем ұрғашы, – деді Зейнел-Нәби. – Жеңгем ұрғашы, қатыным ұрғашы... Ноғайқұл енді күдіктенді. Ішінен: «Осының шыны ма, қулығы ма?» деп тұр. Және: «Қулығы болса, пәлен жылдан бері неғып байқамадым?!» деп тұр. ТӨРТІНШІ ТАРАУ I Бір күні Сұранышбек Төлен екеуі егіннің басында отырған Ембердікіне барды. Қауынның жаңадан шыға бастаған шағы еді. «Ішіміздің ыстығын шығарайық!» дескен. Сол үйде олар жоғарыдан келе жатқан милиция қызметкері Назарғалиевтің үстінен түсті. Бұл Сұранышбектің үш ұйықтаса түсіне кірмеген нәрсесі еді. Ол жерден алтын тапқандай қуанды. Ол осыдан бір айдай бұрын Әріптердің істеген зорлық-зомбылығын айта келіп, басын бөзбен таңып алған Төленді нұсқады: – Өзі миғұла боп қалды. Сәл ашуланса көзі алақжұлақ етіп кетеді!.. Оқиғаға қанғанда Назарғалиев акт жасады. Акті де емес, әйтеуір бір парақ қағаз жазды. «Мен Емберген
деген диханның үйінде отырғанда азамат Сұранышбек Көңірдеков шағым айтты» деп бастаған сөз еді. Сұранышбек қол қойды. Төлен мен Емберген қол қойды. Осыдан кейін олар суыт жүріп, болыстың кеңсесіне жетті. Кеңсе дүкеннің қасында еді. Кәдімгі тамды. Бөлменің бір жағы ауылша. Оған текемет, кілем төселген. Бір жағы қалаша. Оған үш-төрт орындық қойылған. Назарғалиев аяғын айқастырып, орындыққа отырды. Ноғайқұл Торанғұлов онымен баяғыдан таныс. Қаланың жаңалығын сұрағанда: – Ол жайында кейін сөйлесеміз, – деп екіұшты жауап қатты. Осыдан кейін сөз Сұранышбек шағымына сайды. Назарғалиевқа Торанғұлов бұл күнгі ел жағдайын түсіндіре келіп: – Дүмділердің қаймығуы оңай емес. Құр қол не істеймін?! – деп ақталды. Осыдан кейін «Әріптің ісі» әңгіме болды. Ақылдаса келе: «Әріптің ауылына барайық» десті. Песінде былай: Төлен түк көрмегенсіп, сол ауылға бара берді. Бұлар үстінен түседі. Содан арғысы жағдайға қарай белгілі болады. Ертеңіне бұлар жолға шықты. Әріптің ауылындағы ағайындар Зейнел-Нәбидің үйінде шай ішіп отыр екен. Түс әлетінде қыраңда ойнаған сағыммен елеуреп, бесалты атты жонға қарай келе жатты. Тепсеңде отырған ауылға жақындаған сайын олар жүрісін үдетіп, аяңдай желіп, жарау аттарын шоқырақтатып келе жатты. Ауыл атаулыға бұндай желікпен келу ресімде жоқ. Түрулі іргеден көз тастаған Зейнел-Нәби сызданып отырды. Сәлден кейін ол:
– Ұлықтар келе жатыр, – деп әбіржіді. Үйден екі-үш жігіт шығып, келушілердің атын байлады. Әйелдер әр үйдің жапсарынан қарап тұрды. Биғайша есік ашты. Төрге шығып жайласа бастағанда, Назарғалиев: – Азамат Әріп Шот ұлы, мен сенен жауап аламын! – деді. – Қандай жауап? Назарғалиев басы жарылған жігітті нұсқап: – Бұл үшін қанша жыл беретінін білесің бе? – деп ежірейді. – Бұл жігітке біз ат-шапан айып тартқанбыз, – деді Әріп. Сөзге Сұранышбек араласты: – Бетің бүлк етпейді, ә? Қашан бердің ат-шапанды? Осылайша олар ауыз жүзінде жауаптасып отырды. Бір кезде Назарғалиевтің көзі сыртта сойыл, шоқпар жинап жүрген балаларға түсті. Жасөспірім балалар бір үйге қару жинап жүр. Назарғалиев сезіктенді. Ішінен: «Торанғұлов айтқандай жанкешті ауыл шығар, мынау?!» деп, наганын оқтады. Бұдан Әріптің қаймығар түрі жоқ. Түк көрмегендей сазарып отыр. Назарғалиев жеңістік бергісі келмей, сөзін қайталады: – Азамат Әріп Шот ұлы, мен сенен жауап аламын! Әріп сабырға көшті. – Жауап қашпайды, қарағым! Әуелі іштеріңе ел қондырып алыңдар. Дәмнен үлкен нәрсе жоқ. Енді Зейнел-Нәби сөйледі: – Әй, құрдас, – деді ол Ноғайқұлға. – Біздің Күлзияда кіндік қазы, төс қазы, қос қазы, жая қазы бар. Ұзын қазы, мырза қазы, тел қазылар үлкен үйде, жеңгеміздің кебежесінде. Ұнға ораған қабырға қазылар кебірсіп мейіздей боп тұр. Қайсысын қалайсың?
Ноғайқұл жауап қайырмады. Сұранышбек кәнігі қылжағына басты: – Қонақ қойдан жуас, құйрық-сұйрық та салынатын шығар!.. Назарғалиев зекіп тастады: – Азамат, бізден рұқсатсыз сөйлесуіңе болмайды! Зейнел-Нәби қостап жатыр: – Нәшәндіктің қасында сенің аузың неге қышидыей?! Назарғалиев енді Сұранышбекке тиісті. – Азамат, Көңірбеков! Сен неге қылжақтайсың? Әлде, шағымың өтірік жала ма?!.. Сұранышбек саспады. Ол тағы да әзілге жүгіртті: – О дүниеде адамдар тозақта да ойнайды. Тамағымыздың тесік екенін жасырамыз ба?! Назарғалиев бірдеңе деп Торанқұловқа орысшалады. Торанқұлов қазақшалап: – Тысқа шығып, желпініп келейік, – деді. Осыдан кейін кісілер далаға шығып, серуен құрысты. Ноғайқұл мен Зейнел-Нәби жырақтанып жылғаға түсті. Зейнел-Нәби: – Әкім-Лұқпан дүниеде құрдас тату, – депті ғой. Мынаған мөріңді басып бере қойшы! – деп бір парақ ақ қағаз ұсынды. – Мөр соңыра актіге басылады, – деді Ноғайқұл. Зейнел-Нәби шошып кетті. Сәлден кейін ол: – Шәукен ашамайға отыруға жарап қалған шығар. Бір жабағы әзірлеп отырмыз, – деді. Осы кезде ауыл жақтан ысқырық шықты. Ноғайқұлдар жылғадан шыққанда ысқырық шалған Назарғалиевті көрді. Ауылдың жанынан өтіп бара жатқан біреуді шақырған белгісі екен. Анау не қыларын білмей, аң-таң болып тұр. Ноғайқұл Әспетті таныды.
Оған қолын сілтеп «зыт!» деп белгі берді. Әспет шаба жөнелді. Тағы да ысқырық шалынды. Бірақ қашқын артына бұрылып қарамады. Зейнел-Нәби күш алмақ болды. Ол: – Сен, тәуібіңді құтқарып жібересің. Сонда қарақұлақ біз болдық па? Бұл қалай?! – деген. Ноғайқұл ойнақы жауап қатты: Тұрсынғали шепік жігіт. Тәуіптің қызарған көзінен жеркеніп қалады. Зейнел-Нәби енді Ноғайқұлға жалына бастады: – Осы пәледен бізді құтқар. Сынған бұғана үшін атшапан айып тартайық! Бұлар келгенде Тұрсынғали: – Қап, аттар отқа қойылмағанда ысқырта қуатын едім! – деп өкінді. – Ол бір мүсәпір адам! – деді Ноғайқұл. – Шот емес! – деді Тұрсынғали. – Қашқан соң болды... Осы кезде бір әйел ойбайлап жан ұшыра жүгіріп келе жатты. Сол күйінде кісілердің арасына қойып кетті. – Саған не болды? – деді Әріп. – Ойбай, жылан, жылан! – деді Биғайша. – Қайдағы жылан? Биғайша артына бұрылды. Енді бақса жылан деп қашқаны қолындағы бұйда екен. Жер сызып ирелеңдеп келе жатқан бұйдадан қаша жөнеліпті. Өзінің өкпесі өшіп қалыпты. Барып-келіп ентігіп тұр. – Ұзын жылан шығатын уақыт әлі болған жоқ! – деп зекіді Әріп. Артынша: – «Қорыққанға қос көрінеді!» – деп кекете күлді. Ол ығытты жерінде меймандарды алдандырмақ болып, бөгде кеңес шерте бастады: – Әбжыланның тұқымы құрып кеткен. Оқ жылан
мизамда шығады. Қазір кесіртке сынды сынық сүйем, бір қарыс сұр жылан бар. Бірақ, ол көзге көріне бермейді. Енді күн шыжығанда ақ бауыр жылан, одан кейін қара шұбар жылан шығады. Одан соң екі басты жылан ұясында жатып алады. Әріп әлі де шұбыртпақшы еді. Бірақ оның сөзін Ноғайқұл бөлді. – Кісіні шошытпаңыз! Әріп: – Ау, сен батырдың тұқымы емессің бе?! – деп таңданды. Ноғайқұл: – Батыр жыланмен сайыса ма екен?! – деп таңырқады. – Екі құлаш айдаһарды қылышпен өлтірген кім? – деп сұрады Әріп. – Сенің жетінші атаң Тағай! Көзтаңбалы батырдың шөбересі! – деп сұрағына өзі жауап берді. Ішке кіргенде Әріп сөзін жалғады. Ноғайқұлдың көңілін аулау үшін қисынды-қисынсыз аңызды сапыра бастады. Тағай батыр бір жылы қаладан базаршылап келе жатып көз іліндірді. Түсінде оған аруақ аян береді. «Түзге қонсаң өзің өлесің, үйіңе қонсаң қатының өледі» дейді. Жолаушы не ғыларын білмей, жауырыншы шалға соғады. Шал: «Қоржыныңда жылан бар екен ғой!» дейді. Ашып қараса, рас болып шығады. Екінші аңыз былай: «Әріптің арғы атасы ордалы жыланды өлтіріпті. Ертеңіне тапа-тал түсте оның үйіне кілең бір қарыс ақ жылан толып кетіпті. Үй иесі не ғыларын білмей, көрші шалға барады. Шал ордалы жыланнан қайда барса да құтылу жоқ екенін айтады. Ақырында шал жылан қаптаған үйге кіріп: – Бізден бір қателік өтті, – деп кешірім сұрап, жыланның басына ақ құйып, шапан жауып, шығып кетеді. Осыдан кейін ордалы жыландар үйден шығып
кетіпті деседі. – Мынау оқиға қызық екен, – деді Тұрсынғали. Әріптің іш есебі дұрыс келді. Әңгімеге айналған әкімдер «Төленнің ісін» ұмытып, карта ойнай бастады. Бұл екі ортада Әріп Сұранышбекпен оңаша сөйлесіп райынан қайтарды. «Көз қысты» көрсе де «бармақ басты» көрмеген Сұранышбек көніп қалды. Ол Төленді білдірмей тысқа шығарып, ауылына қайтарып жіберді. Ойын үстінде Тұрсынғали неше түрлі фокус көрсетіп, жұртты таң қалдырды. Зейнел-Нәби: – Қолың қолыңа жұқпайды екен. «Жиырма бір» соғып жібермейміз бе?! – деп жымиды. Тұрсынғали ашу шақырды: – Мен қатынын ұтқызатын құмарпазды жауапқа тартқанмын. Сен очкоға шақырасың!.. – Картаға қатынын ұтқызған адам – Сұранышбек, – деді Зейнел-Нәби. – Қашан? Қалайша? – деп сұрады Назарғалиев. Зейнел-Нәби Сұранышбектің доңыз жылы түні бойы құмар ойнап, астындағы атына шейін жұрдай болғанын, жұрт тарқасарда, «бәнкеге қатынын сап, ұтқызғанын» айтып өтті. – Қатыны көнді ме? – деп сұрады Назарғалиев. – Сұранышбектің үйіне ұтушы кіріп барғанда әйелі есіктен төрге қарап отыр екен. Шарт бойынша ұтушы кешірім жасаған, – деді Зейнел-Нәби. – Түсінбедім, – деді Назарғалиев. Зейнел-Нәби ойынның шартын түсіндіре келіп: – Егер әйел төрден есікке қарап отырғанында ұтушы қолынан жетектеп әкететін еді, – деп өкінген сыңай білдірді. Назарғалиев енді Сұранышбекке шүйлікті. – Азамат Көңірбеков! Әйелді неге қорладың?!
– Патша заманындағы желік қой, – деді анау. – Тіпті желік те емес. Бір құрдаспен ойнап тіге сап ем. Немесе жалғыз келіншегімнен неге айрыламын?! Назарғалиевтің ойына енді Төлен түсті. Ол оны шақыруға бұйырғанда оның атына мініп, қашып кеткенін білді. Назарғалиев түгіне түсінбей, аң-таң болды. – Бұлардың сөзінде бәтуа болмайды, – деді Торанғұлов. – Қит етсе, ауыз жаласа кетеді. Ақ-қарасын ажырата алмай қаласың. Назарғалиев өзімен-өзі боп ұзақ ойланып отырды. Ақырында: – Азамат Әріп Шот ұлы, мен сенен жауап аламын! – деді. Шот ұлы қыңбады: – Жауапты қашып кеткен жігіттен ал! – Жоқ, менің айтып тұрғаным басқа, – деді Назарғалиев, – сен неге екі қатын аласың? – Патша заманында шариғат заңы бойынша төрт қатынға дейін рұқсат болды, – деп жауап қайырды Әріп. – Біздікі кімнің шікарасы?! Назарғалиев енді оның екінші жағынан келмек болды: – Сенің бәйбішең тоқалыңды жұлады деседі. – Жұлатын әйел бұйдадан қорқа ма? Тоқалым бәйбішеме мәтіби, – деді Әріп. Назарғалиев әмірге көшті. – Шақыр тоқалыңды! Меруерт келгенде Назарғалиев жаңағы сұрағын қайталады. – Бәйбішенің күндестігі жоқ, – деді Меруерт. – Қой аузынан шөп алмайтын уысыйқы. Енді сұрауды Ноғайқұл қойды:
– Сәкенді ұмытқан жоқсың ба? Меруерттің беті ду ете қалды. Ана жылғыдай емес, денесі толысып, сомдалып, шымыр тартыпты. Аққұба реңіне де қоңыр шырай араласа бастаған. Ноғайқұл: «Құрсақ көтермеген әйел түсін бермейді, ә?!» деп сүйсінген сыңайда отыр. Бұдан хабары жоқ Назарғалиев: – Байыңның үстінен арыз бересің бе? – деп сұрады. Меруерт басын шайқады. Осы мезетте ас та кеп қалды. Шұбырта тізген «қазылар» тым бертінде екен. Күміс керсенге бағланның еті сыймай тұр. Кісілер атқа қонды. Ноғайқұлды Меруерт аттандырды. Ол оны анадай жерге шығарды да, асығыс бір сыр шертіп өтті. Ол: – Сәкен ажырасарда тамнан шығып «хош бол!» демеді. Қара қазандай өкпем – сол ғана! – деді. Былай шыға бере-ақ Ноғайқұлдың іші уылжып сала берді. Әлдебір аяныш, қызғаныш, өкініш сезімі баурады. «Сәкен Меруертті қайтсін?!» – деді ол ішінен. – Тең теңімен, тезек қабымен; Меруерт – біздерге қол!» II Ноғайқұлдың Меруертпен оңаша сөйлескенін Әріп көріп тұрған. Ол сұмдық намыстанды. Меруертті дауыстап шақыруға ұялды. Қастарына баруға қорықты. Кейін осы қорқыныш ішін жегідей жеді. «Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді». Ертең жалпақ жұрт «Ноғайқұл Әріптің нақ сүйерімен тапа-тал түсте ойнады!» деп күледі-ау! Әріп атқамінер атаулының дидарынан жымысқы күлкі көреді-ау!
– Әріп Меруертке: – Сенің қимаң кісілер келсе қышиды екен! – деп тап берді. Меруерт жасқанбады. Әріп етқызумен қол жұмсады. Бірақ ашуы басылғанда өкінді. Өкінген жоқ-ау, елден ұялды. Ұятты арсыздық жеңеді. Әріптің арсыздығы барабара асқынды. Әріп Ноғайқұлға өшікті. Бірақ, өш алуға шамасы келмейтінін сезінді. Шындап желеу табылса, Әріптердің ордасын ойран етеді. Шаңырағын ортасына түсіреді. Әріп осылайша ойланғанда көз алдына түздікше елес келтірді. Бүгінгі заң-законның нұсқасын барымта заманына аударды. Бара-бара ол бұның баршасынан гөрі Ноғайқұлдың жеке басының басынуына кектенді. Тапа-тал түсте тоқалмен оңаша сырласады, ә?! Күндіз ұйқысырау қай елдің, қандай еркектің үрдісінде бар?! Әкесін айтқанда, иттің баласы, жымың қағады, жылы қабақ береді. Сол әкенің аруағын сыйлау қайда?! Шалды қорлау қылыштың жүзінен ұстаумен бірдей емес пе? Қорқақтық орта жаста болады. Батырлық – жігіт пен кәріде. Жігіт пайымсыз күшпен соқтықса, шал ендігі өмірден өлгеннің өзі игі» деп бекиді. Бұл – сұмдық бекініс! Ноғайқұл осыны сезбейді, ә?!. Осы кек Әріпке маза бермеді. Бірақ бұл сырды ол тірі жанға айтпады. Айтуға ұялды. Дүниеде іштегі ұят жаман. Буынға түскен құрттай қауқарды үңги береді, үңги береді, ақырында бір пәлеге ұрындырады.. Әріптің есіне өткен күні түседі. Өткен күн ызасын, кегін асқындырады. Жоқ, ол тәжікеге қарсы емес, басымсынуға қарсы. Ол жігіт шағында алыстан аңсап келген жоражолдастарына отау тігіп сыйлаушы еді. Ойын тарқарда:
«Жақсы жатып жай тұрыңдар. Түн қараңғы, түнлік жабулы» деп өз үйіне кетуші еді. Торанқұл сол жоражолдастың бірі еді. Қазақ: «Жауда да бір үйің болсын» деген. Жат елдің белді адамы Торанғұл Әріптің ілтипатын өз елінде үзеңгі жолдастарына сыр ғып шертуші еді. Қазақ: «Ұрлық қылсаң жалғыз қыл, екеу болсаң бірі айғақ» деген. Бір кісіге шертілген сыр жұртқа тарайды. Торанғұлдың өзі де, сырлас жолдастары да жөгілердің жомарттығына қайран қалушы еді. Қызығушы еді! Сол жөгінің Әріпін енді Қаратаудың қайыс аяғы мазақ қылады. Бұл не деген қорлық? Әріп ойланған сайын Ноғайқұлға өшігеді, «қап!» деп кіжінеді. Кісінің аты кісі. «Қап, әкеңді!..» деуге аузы бармайды. Өйтсе, өз ыдысын өзі лайлайтындай сезінеді. Көңілдің қыжылы қайнай-қайнай кейде торыққан түйсікке ұласады. Торығу торығыспен тынбай қайтадан кек аңсаған қуат тудырады. Кәрі тәнге асау қан жүгіріп, көзге тұман орнатады. Соқпақты көрсетпей адастыратын қарау, қара мұнар неше түрлі тәуекелге бастайды... II Әріптің аулынан шыққан әкімдерді Ноғайқұл енді өз үйіне шақырған. Жолай келе жатқанда кетпенмен жусан шауып жүрген әйел мен қыздың үстінен түсті. Қыздың шолпысы алдына түсіп кетіпті. Ноғайқұлға біртүрлі ерсі көрінді. Ол оқыс желікті: – Шынаргүл, құдаша! Анау алдыңдағы күйек пе, немене?! Шынаргүл қасындағы жеңгесіне қарады. Жеңгесі тіл қатпаған соң, ол: – Болыс сияқты жемқор болғасын «аузыңа тас!» деп байлап қойған қақпақ, бұл! – деп шолпысын серпіп
тастады. Әкімдер ұрлана күлісті. Былай шыққанда Ноғайқұл: – Өмір бойы ұрғашыдан жеңілген жерім осы! – деп өкінді. Соппек кейін қарай құйындата жөнелді. Біраздан кейін бұларды қуып жетті. Ол Шынаргүлді уәжден жығып келгенін айтып еді. Ноғайқұл: – «Жаманның ақылы түстен кейін келеді!» – деп жақтырмай қалды. Ноғайқұл серіктерін «Ақкөз» деп аталатын бұлақтың басында отырған өз аулына алып келді. Ырысбике түстікті отауға жасатты. Ағайынды екі үй тамақты бірге ішетін еді. Бүгін астың қамын келіні Зияшқа артты. Қайнысы Назарқұл кішкентай құттыханасына түтін түтеткенге мәз болып, самауырға жаңқа шауып жатты. Шәукен болса тал шыбықты ат қылып, екі үйдің арасында шапқылап жүр. Оң құлағындағы сырғасы желпілдеп, біртүрлі ерсі көрініс беріп тұрды. Өзінен алты жас үлкен апасы Несібеліге оқта-текте соқтығысып қояды. Ноғайқұл әкімдерді Күркіреуікке шейін шығарып салған. Қайтарында ойына Шынаргүлдің әжуасы түссін. Ноғайқұл желікті. «Он екіде бір гүлі ашылмаған қыз қандай қағытқыш, қандай батыл?!» деп келе жатыр. Бара-бара осы қыз көңлінен шықпай қойды. Ақырында ол, Ноғайқұл, бақ сынамақ болды. Сахараның салты – салт. Күңгірт іңірде болысты кім көреді? Ол өзен бойындағы селдір талдың арасына атын қойып, өзі жантайлап жатты. Шынаргүлді ойлап, көзін жұмып, сұқ саусақтарын соғыстырды. Сәлден кейін өз қылығына өзі күлді. «Көзтаңбалыларды жер астындағы алтынның буы ұрады-мыс» деген лақап рас» деп ойлады.
Көп ұзамай жаңбыр жауған. Ноғайқұлдың үстібасы кәдімгідей су болды. Ол ел ұйқыға кетті-ау деген шамада атын сайға байлап, Қисықмойынның үйіне келді. Үйдің іші тастай қараңғы еді. Сол жақта біреу қорылдап ұйықтап жатыр. Қисықмойын! Бұл Ноғайқұлға дем берді. Ол Шынаргүлді оятпақ боп, білегінен ұстай алды. Шамасы, суық қол жыландай тисе керек, әйел шошып шар ете қалды. Ноғайқұлдың қыз дегені Қисықмойынның қатыны Жанар боп шықты. Байы оянып кетті. Жігітпен төбелесерге дәрмен жоқ. «Аттан» салуға ұялды. Оқыс дауыстан шошынған Ноғайқұл тысқа сытылып шығып, жапсардан сығалап тұрған. Қисықмойын: – Осы үй жын-шайтанның ойнағы болды! – деп, орнынан тұрды. Қисықмойын түні бойы қалшылдап, дірілдеп шықты. Бірауық қатынын шымшылады. Азанғы шай үстінде әйелінің ұсынған кесесін қағып жіберіп: – Талақ! – деп салды. Ноғайқұл өзінің аулына қарай кежегесі кейін тартып келе жатты. Көңілінде өкініш, ұят сезімі бар. Түс әлетінде Жанар келді. Ол болыстың үстіне кіріп, түнде болған оқыстықты жанамалай баян етті де: – Қыңыр шал түні бойы шымшылады. Денем көк ала қойдай! – деп, көгерген білегін көрсетті. Ноғайқұл сазарып, ойланып отырып қалды. Әйел теңдігі шыққан кезде бұндай сорақылығы үшін Қисықмойынды жазалауға болады. Бірақ оған барса, арасы суиды. Мың дегенмен, Қисықмойын бір тайпа елдің ағасы. Гәп бұнда да емес. Биыл бірде оның үйіне қонғанда Ноғайқұл оның қарындасы Шынаргүлден дәмеленіп қалған еді. Бірақ желіктің орайы келмеген...
Құдды сол үшін өш алғандай, Шынаргүл таяуда Ноғайқұлды кекетті. Болысты жемқорға, өзінің шолпысын қақпаққа теңеді. Бұл қылықта тіл жетпес сыр бар. Шынаргүлдікі «келсең кел» емес, жанға бататын батыл да сыршыл наз! Ұзақтан дәмелендірудің әуресі! Ноғайқұлдың өткен түндегі қылығы – сол әуренің ұяты! Осы сырды ұққан, ішіне бүккен Ноғайқұл Жанарды келешектің, уәдесімен шығарып салды. – Бір-екі ай шыда! – деген. Былай шыққан соң ыза баурады. «Болыс мені неғылсын?!» дейді; «О баста мені малға сатқан өзге емес, өз ағайындарым еді» дейді; «Бөдененің үйі жоқ, қайда барса бытпылдық» дейді. Қойшы, әйтеуір әртүрлі ойға шомып, ақырында лажсыз жуасыған. Ол тура Борайқұлдікіне барды. Бастан кешкен кикілжіңнің бәрін қаз-қалпында жеткізіп, ақырында, жылап жіберген. Бетінің бүршігі бар аппақ ұзын шал Жанарды атына мінгестіріп, Қисықмойынға алып барды. Екеуінің арасында көп сөз болған. Көбісі шариғатқа саяды. Жанардың өзі жөнді ұқпаған. Сол арада Борайқұл Жанар мен Қисықмойынның некесін қайта қиды. Сырлы зергенге су құйғызып өзі бата қылды. Сырттан екі жігіт кірді: – Куә, куә, куә-дүрмін, куәлікке жүре-дүрмін! – десті. Осыдан кейін Борайқұл ерлі-зайыптының екеуіне де су ішкізді. Содан соң Қисықмойынға: – Сенің «талақ» қылған зайыбың енді адал болды! – деген. Артынша ол осы сөздің төркінін түсіндіріп өтті. Молда Мұса: «Адалын жанын сатып қызғанады, басқадан бір доңыздың қайсы бірі!» депті. Осы сөзді Ноғайқұл қаз-қалпында кейін естіді. Есті-
ген соң молда Мұса жайында ойланған. Ноғайқұлдың молда Мұсаны естуі бар. Дұрысында, оның «Манат қызбен» айтысын ел аузынан естіген. «Айтыстың» көп жері оған жат боп қалған. Махаббаттың бостандығын жырлаған дөрекілеу жыр еді. Енді Борайқұл сол молда Мұсаның қызғаншақтық, діндарлық өлеңін жатқа айтыпты. Ағайынды екеу бір ақынның екі жағынан келген... Е К І Н Ш І Б Ө Л І М БІРІНШІ ТАРАУ I Болыс сайлауы болады деген лақап жұртқа түгел тарағанда Әріп інісінің қолтығына су бүрікті. Ол оңаша бір отырғанда: – Бұл заманның бұйдасы мөрде. Сен болыстыққа талас! – деген. – Малымыздың қақ жартысы кетеді ғой, – деді Зейнел-Нәби. – «Береген қолым алаған!» – деді Әріп. – Ертең екі есе қып қайырып аласың! Зейнел-Нәби: – Әрине, ғой! – деп қостады. Зейнел-Нәбиге желік бітті. «Ешкім іштен ұлық боп тумайды», – деп ойлады. Ол көрген болыстар дау-дамайға билік айтарда: «Киіз кітап біледі» деп хатшысына қараушы еді. Сол сияқты жазғыш біреуді тауып алады-дағы! Көп ұзамай Исаханды ертіп қалаға жылқы айдап
апарды. Қалада делдалға бармай атбекет жиенінің үйіне түсті. Баяғы Бәзелбек еді. Ол: – Базардың ырың-жырыңы бітпейді. Толайым алатын көпеспен сөйлесіп көрейін, – деді. Кешке тамақ алдында столға бір шиша коньяк қойды: – Кәне, сақал сипасқан сауда үшін!.. Боза мен арақтан басқа ішкілік ішіп көрмеген Зейнел-Нәби: – Өзінің исі қандаланың исіндей ғой! – деп тыжырынды. Бәзелбек ренжіп қалды. Исахан екі арадан жол таппақ болды: – Өзім қорытқан майдай қылқ еткізем! Зейнел-Нәби ағасының кеңесін, жолдаған сәлемін айтып шықты. Бәзелбек: – Әй, қайдам, сайлау бола қоймас? – деп басын шайқады. Бұл сөз Зейнел-Нәбиге жайсыз тиді. Ол: – Зәрді зәр қайтарады. Анау қызылыңнан құйшы! – деген. Бағана шет-жағасы ашылған сыр, қыза келе, түгел, толық айтылды. Зейнел-Нәби көзтаңбалылардың жөгілерге күн көрсетпейтінін, сыйынғаннан сүйенген жақсы екенін, бар бәленің басы Ноғайқұл екенін айта келіп: – Өзіңде намыс бар ма?! – деп шегірейді. – Менің қолымнан қаралау келмейді, ақтау келеді, – деді атбекет. Ішінен: «Пайдасыз істің керегі не?!» деп отыр. Зейнел-Нәби: – Ақтау бар жерде қаралау бар. Одан хабарсыз болсаң, ақтауды қайдан білесің?! – деп сұрады. Атбекет жеңілді. Ол ішінен: «Шынында мен сыңар езуленіп жүр екенмін-ау!» деп ойлаған.
Енді Ноғайқұл Торанғұлов турасындағы әңгіме ашыққа кетті. Зейнел-Нәби оған есебін тауып өткізген дүниесін айтқанда, атбекет: – Дүрдей болысты нәяті бір қылқұйрықпен қаралауға бола ма екен? Оны он есе, жиырма есе өсіру керек! – деп бұл күнгі заң жолын түсіндіріп өтті. Исахан: – Менің өзім де осыны ойлап едім! – деп білгішсінді. Үшеу ара ақылдаса келе пісенде жасасты. Жөгітамалар болыстың үстінен арыз жаудырады. Әрқайсысы: «Пәлен жылқымызды жеді» деп куәлікке жүреді. Одан тысқары «достоверін»1 берген адамнан пара алатыны айтылады. «Удостоверение» дегені (Автор). – Бұнын бәрі ақыл. Бірақ, әлі де бірдеңесі жетпей жатыр, – деді Бәзелбек. Ал, Исахан: – Осы болыс аты-шулы ұрыға қағаз берген, – деп болымсыз бір оқиғаны еске түсірді. Бәзелбек басын шайқады: – Ол қағаз іске аспайды. Біздің тілде: «За истечением срока давности» дейді. Исахан құлшынды: – Жаңадан қағаз алу керек, онда! – Қалай аламыз? – деді Зейнел-Нәби. – Ноғайқұлдың қойнына зымиян қатын салу керек. Ол ұйқысы қатты адам. Түнде қалтасынан мөрін ұрлап алып, ақ қағазға былш еткізеді, – деді Исахан. Исахан айтқан айлаға үшеуі келісті. Қағазды орысша атбекет жазып беретін болды. Исахан: – Мынауың тіптен қатып кетті-ау! – деп қуанды. Атбекет қағазды сол қолымен жазды. Ақ қағазға айбақ-сайбақ жазу түскенде, Исахан: 1 «Удостоверение» дегені (Автор)
– Сен солақай ма едің? Бағана етті оң қолыңмен жедің ғой, – деп сұрады. Атбекет әзілге аударды: – Балуанға оң-терісі бірдей!.. Зейнел-Нәби парақ қағазды төрт бүктеп, үлкен әмиянының ең түпкіріне тықты. Елге келген соң Зейнел-Нәби ағасына қалада Ноғайқұлға байланысты болған сөздің бәрін ретретімен айтып шықты. Тек ұрлап мөр бастырудың айлатәсілін ішіне бүгіп қалды. Әріп: – Төрімнен көрім жуықтағасын, сені алпыс күн атан етпей, алты күн бура ғып, біреулерден кек алайын деп едім, түк бітірмей, ақсақ қойдай маңырап қайттың ғой! – деп табалады. Сол кеште Зейнел-Нәби әйеліне сыр жарады. Күлзия да сыбырлап: – Қайдам, айналдырып көрейін. Тек Исаханнан сақ болайық! – деп ішкі қаупін аңғартып өтті. Ертеңіне Күлзия мен Меруерт төрт шелек алып, суға барды. Бұлақ басында екеуі ұзақ сөйлесті. Меруерт: – Құрып қалсын, қалтаға қалай түсемін?! – деді. Зейнел-Нәби екі-үш күннен кейін Құмкентке барып дүкеншіден зат-мат алып қайтты. Ноғайқұлды қонаққа шақырып кетті. Ноғайқұл ермекке бола барғанда қойнына жылан кіретінін білген жоқ... II ...Меруерттің опасыздығының игілігін ЗейнелНәби емес, басқа адам көрді. Болыстың мөрі басылған қағазды атбекет тиісті мекемеге тапсырып, оған
бірнеше арыз, шағым қосылды. Осының бәрі Ноғайқұл Торанғұловтың орнынан түсуіне әкеп соқты. Бұны Ноғайқұлдың өзі де білмей қалған. Әңгіме былай. Бір күні салт атты үш кісі болыстың кеңсесіне сау ете қалсын. Кеңседе бір қора жұрт отырған. Дембелше келген ақсұр адам солардың көзінше Ноғайқұлға бір жапырақ қағаз жазып берсін. Ноғайқұл әзілге балап кекете күлсін. Ақсұр адам: – Мен сенің орныңа назначение алып келдім! – деп мандат ұсынсын. Ноғайқұл досқа күлкі, дұшпанға таба болмас үшін сөз есесін жібермей: – Әй, Бәзелбек, сен бұрын тілмәш, кейін атбекет едің ғой. Маған писарь бол! – десін. Бәзелбек ашулансын: – Қылжақтың орны бұл емес! Екеуі ерегісе бастағанда әңгімеге губерниядан келген милиция бастығы араласты. Назарғалиев: – Ноғайқұл, бұның қалай? Кеңес үкіметінің бұйрығына бағынбаудың арты неге соғатынын шамалайсың ба? Бәзелбек Жүдәбеков күшейді. Бірақ, ол бас киімін алшы киюдің орнына самайын жаба түсті. Ноғайқұл күлкісін әрең жасырды. Ішінен: «Ай, арлы таз-ай!» деп отыр. Біраз ырғас, ұғыныс, ұсыныстан кейін Ноғайқұл Торанқұлов кеңсені өткізді. Бұйымдарын, қағаздарын хаттаған да жоқ. – Бары осы, жарқыным! – деп ноғайша тігілген тік жаға бешпетін жамылып тысқа шығып кетті. Артынан Соппек шығып, анадай жерге ертіп апарды да: – Мөрді алып қашайық! – деді.
Келген әкімдер мөрді ауыздарына да алмады. Алатын да түгі жоқ еді. Оймақтай күміс мөрдің жазуы: «Ноғайқұл Торанқұлов» болатын. Лауазымы жазылмаған мөр Ноғайқұлдың өзінде қала берді. Ноғайқұл аттануға ыңғайланғанда жаңа болыс оны ымыраға шақырды: – Сен теріс айналма. Қайта біраз уақыт бірге болып халықпен таныстыр. Тату болсақ, қызмет табылады! Ноғайқұл Торанқұловтың орнынан түскенін жұрт сан саққа жүгіртті. Жұрттан мал жинапты-мыс; ұры-қарыға ақтау қағаз беріпті-міс. Әйтеуір, қаулаған қауесет тараған. Бәрінен шындыққа жуығы Тұрар Рысқұловтың бұл кезде Мәскеуге кетуі еді. Осының қабатында жоғарыдан келген жаңа болыстың кім екені де айтылып жатты. Бәзелбек Жүдәбековтың дөңгелекті наганы барын, оны сірә да белінен тастамайтынын, бөтен үйге түнегенде жастығының астына жастанып жататынын көш-құлаш әңгіме етісті. Арада шамалы уақыт өткенде Бәзелбек туралы тағы да әңгіме тарады. Ол өзі қырма таз екен, тақиясын басынан тастамайды, бір төбенің астына барып жуынады. Құмалағын көмген мысықтай жымысқы дейін десең, тәккаппарлығы және бар. Жақында жазықсыз біреуді қаматады. Ағайыны Сұранышбек екен. «Болыс-еке, інім не жазды?» десе, анау: «Айтуға аузымның ебі келмейді!» – деп, маңайлатпайды, Сұранышбек киіз үйде қамалып жатқан інісінен «Әй, сен не істеп едің?» – деп сұрағанда, анау болыстың қарсы алдында отырып өзінің самайын қасығанын айтады. Сұранышбек болыстың көзінше өз інісіне дүре соғады. Содан самай қасушы құтылыпты. Сіз, сенбейсіз, ал осы уақиғаға куәлік еткен біреу
осы күнге шейін тірі. Өзі тақуа. Болыстың арлылығы қулығынан болмасын? Қоқан хандығының: «Ойма тазға он теңге, қырма тазға қырық теңге» салық салғанына сіз қалай қарайсыз? Ертектегі тазша баланың қулығына сенесіз бе, сенбейсіз бе? Қой, құрсын, бас жағына барыспайық. Осы күнгі жұрт әзіл-оспақты көтере бермейді. «Шашыңды қырғызсаң, шебердің қолын кім қақты?» – деп өзіне дүрсе қоя береді. Ал шаштан сақалға, сақалдан мұртқа ауыссаң, дұшпаның тіптен көбейеді. Бірақ біз «естіген құлақта жазық жоқ» деп құтыламыз. Ал, «сен неге саңырау болмадың?!» деп жазғырса, оған шара жоқ... Ноғайқұл Бәзелбек туралы ойлап кетті. Ол онымен патша тұсынан таныс. Қаракөл, Жылыбұлақ болысында партиягершілікпен адам өліп, жұрт қалаға шапқанда Ноғайқұлды Жарылқасын Отарбаев деген беделді ағайыны қосшыбала ретінде ерте барған. Және «етітірі» деп, ояздың мекемесіне өзімен бірге кіргізген. Сонда ояз бір жауаптың үстінде: «Мына балаға не жоқ!» деп сұрағанда, Ноғайқұл: «Мен де бір елдің азаматымын!» деп жауап қайырған. Бұл сөзді тілмәш Жүдәбеков түсіндірген еді. Он екі жасар баланың осы уәжі кейін жалпақ елге тараған. Оның атағының ерте шығуына көп себептің бірі де осы болған-ды. Сол сапарда Жарылқасын Отарбаев құнның дауын ұтып, бақастарын жеңді. Жеңген бойда байламға келді. Қалада қазақ балалары оқитын интернатқа Ноғайқұлды орналастырды. Жарылқасынның қалада орыс әйелі бар. Ноғайқұл сол үйде тұра берді. Бірақ, келесі жылы оны Борайқұл қаладан алып кетті. Қаладағы ишанға пірге жығылуға келген Борайқұл өзінің жұмысы біткеннен кейін орыс әйелінің тамына соққан. Орысша оқитын немересі, тым жүдеу екен.
Одан: «Сен неғып азып кеттің?» деп сұраған. Ноғайқұл борщқа тәбеті тартпайтынын, ылғи бөлке нанды корек етіп жүргенін айтқан. Сол-сол-ақ екен, Борайқұл оны атына мінгестіріп алып қайтады. Араға екі қонып, өзінің аулының төбесін көргенде артына бұрылып: «Е, енеңді естек ұрсын!» деген. Сол Борайқұл бұл күнде жатақ. Мешіт маңындағы қыстақта тіршілік құрып жатыр. Ноғайқұл болса әр төбеге бір шығып әбі-тәбі күн кешті. Енді орнынан түсті. Орнынан түскен жоқ-ау. Жүдәбеков тартып алды. Бұған Ноғайқұл үш түрлі болжау жасайды. Жүдәбековтың қаладағы байланысы күшті. Ысылған іскерлігі және бар. Бәрінен бұрын губернияның сахарада сенімді бөгде көзі болуы керек. Ноғайқұлдың іші әлем-жәлем болды. Басы мең-зең боп есеңгіреп қалды. Ол қапалықтан құтылудың жолы не екенін білмейді... * Орнынан түскен соң Ноғайқұл Торанғұлов мөрін тірі жанға көрсетпей сандыққа салып қойды. Бірақ, ел ішінде ол бұрынғыша «болыс-екең» атанып жүрді. Шын болыс Жүдәбековке баруға мойны жар бермеген маңайдағылар дау-шармен Ноғайқұлға келіп жүретін болды. Ноғайқұл ағаш кереуеттің үстінде отырып сөз тыңдайды. Билік айтады. Ақырында: «Ал, енді осы тойғандарыңмен барындар!» деп құрауыз шығарып салады. Ноғайқұл «тіл сындырсын» деп Шәукенді молдаға берді. Бірақ Шәукен оқымады. Суға тал шыбық салып қойған молда Шәукенді ұруға бата алмады. Оның есесіне оны өзінің шешесі ұрды. Бауымен мойнына асатын
әптекті алдына салбыратып, ойнап жүр еді. Ырысбике: «Бұның не, Шәукентай?» деп сұрады. Шәукен: «Күйек» деді. Ырысбике шапалақтың астына алды. Шәукен оны әке-шешеден боқтап, өзі егін басында отырған Назарқұлдікіне қашып кетті. Келген бойда Зияшқа болған оқиғаны асығыс айтып өтті. Зияш: «Қатты ұрды ма, қарағым?» деп сұрады. Шәукен: «Ой, Зияш, өзің қызық екенсің, біреудің баласын, біреу аяушы ма еді?!» деп жауап берді. Ырысбике болса, Шәукеннің сөзінен шошынып, Ақкөзге барып беті-қолын жуды. «Құдай өзі кешірер!» деп күбірледі. Осындай бір мезгілде – майда қоңыр күз еді, – Ноғайқұлдың аулында қызойнақ болды. Қыз-қырқын, қатын-қалаш, жігіт-желең көп жиналды. Олар әр үйге орналастырылды. Табақ артылғанда Ноғайқұлдың үйінде отырған қыздардың екеуі қосылып өлең айтты. Өлеңнің соңы: «Ет асатын әлгі Рәш қайда кетті?» боп бітіп еді, Рәштің үйіндегілер: – Бар, бар! – десті. Қызойнақ түн ортасында аяқталды. Ұйқы қысқан қыздар тырая-тырая кетті. Ноғайқұлдың үйінде ине шаншар жер қалмады. Таң атқанда Ырысбике түндік ашуға тысқа шығып еді, іргеде ұйықтап жатқан күйеуін көрді. Өзі іргені түріп қойыпты. Шамасы, Шынаргүлдермен тілдеспек боп жатқанда өзі ұйықтап кеткен-ау! Ырысбике иығынан түртті. Ноғайқұл: «А-а» деп көзін ашты. Ырысбике: – Бетім-ау, мұның не? – деп таңырқады. Ноғайқұл тік жаға бешпетінің етегін қағып, Ақкөзге қарай аяңдады. Күнде осы көзден жуынып-шайынушы еді, бүгін ертерек келіп қалды... Ырысбике осы оқиғаны кейін Рәшке айтты. Рәш күлкіге айналдыра салды:
– Өзіңнен бір жас кіші балаға неге тиесің о баста?! Ырысбике шағым аралас сөйлеп кетті: – Біздің үйдегі оңбайды. Жігіт кезінде жеті түнде ауылдың жанынан ән салып өтті. Мен: «Қайтейін, қайда жүрсең аман бол!» деп тілек тіледім. Бертінде атқа мінгенде үйде тұрмай екі-үш айда бір соқты. Оған да көндім. Ендігісі мынау. Ырысбике күрсінді. Сәлден кейін осы арада ашқан жорамалын айтты. – Кей жылы қаладан қоржыны бос қайтқанда: «ақшамды қартаға ұтқыздым» деуші еді. Сонысы өтірік боп жүрмесін? Шаһардың жезөкшесіне жұмсамасын, бала-шағаның напақасын?! Туысқандық қиын. Апасына Рәштің қаны қызды. Бірақ та сыр беруді бойына лайық көрмей, тағы да жуып-шая бастады: – Аяғына жем түскен жүйріктей тұралаған жері осы. Ендігісі қоян шоқырақ. Ноғайқұл осы қылығынан көпке шейін ұялып жүрді. Сақалы сапсиып, қыздармен шекем-тас ойнағанының өзін жұрт сырттай келеке етуші еді. Енді мынаны естісе масқара ғой! «Осының бәрі қол бостықтан, – деп ойлады ол. – Қой, құрсын, қораш та болса бір қызмет тауып алайын!...» Осындай ойда жүргенде бір күні ол газет қиындыларының арасынан «Советская степь» газетінде жарияланған бір мақаланы тауып алды. Мақала орыс тілінде жазылған. Оның авторы К. Тимаев көшпелі Сарысу елін Сырдария губерниясына бағындырудың керегі жоқ деп жазады. Бұл Сарысу – Шуға келіп-қайтатын көшпелі ел. Сол елді советтендірушінің бірі Ноғайқұл Торанғұлов. Ол мақаланы жорта қазақшаға аударғанда былайша болып шықты. «Балқаш көлінің батыс жағы
мен Шу өзенін, Мойынқұмды қамтитын, географиялық картада Бетпақдала деп аталатын, жеріне бүкіл Швеция, Норвегия сыйып кететін Сарысу болысы деген ел бар. Бұл болыстың елі жазда Бетпақдаланы, Сарыарқаны жайлап, қыста Шуды, Мойынқұмды қыстайды. Басқаруы қиын. Сондықтан бізге, Сырдарияға, Сарысу болысын қосудың керегі жоқ». Ноғайқұл Торанғұлов: – Атаңның басының керегі жоқ! – деп, қиындыны әмиянының түкпіріне салып қойды. Оның өзі губерниялық газетке хат-хабар, мақала жазып тұратын. Араб әрпімен маржандай тізіп, парақты ұзына екі бүктеп жазар-ды. Бұның өзі газеттің талабына сай тәсіл-ді. Бұл арада бөгде мақаланы әмиянына салғанда «қалаға барсам керек болады» деп ойлады. Көп ұзамай ол қалаға мал айдады. Баяғыдан келе жатқан ата үлгісі осы. Шаруалар қалаға мал айдап барып, көйлек-көншек, қант-шай алып қайтады. Бірнеше адам тізе қосысқандықтан, қора-қора қой айдалады. Атқамінерлер озып кетіп, белгілі немесе белгілескен жерден тосып алады. Қарға тамырлы қазақта жекжат жұрт көп. Солардың біреуіне түстеніп, біреуіне қонып, тамақ ажыратып кете барады. Осы жолы Ноғайқұл қалаға сол атқамінерлердің бірі іспетінде барған. Бірақ қасындағы үзеңгі қағысқан жолдастарынан өзін биік ұстайды. Бұл уақытта оның құлағы «болыс-екеңнен» гөрі «нақаңа» көбірек үйренген. Сонымен, Ноғайқұл қалаға шаруакеш боп келді. Ежелгі заманнан бері сарқылмай ағып келе жатқан Сыр-Дария өзені қапталдасып өтетін болғандықтан, губерния Сыр-Дария аталған. Осы губернияның орталық қаласын айтсақ па екен,
айтпасақ па екен? Әділдікке салсақ, айтқан жөн! Неге десеңіз, тарих – бейтарап. Оны шылғи бұру обал! Оның үстіне, осы күнгі тілмен айтқанда, талғампаздық деген жүйе және бар. Әулиеата – діндарлық ұғымға бір табан жуық. Оған қарағанда осынау Шымкент шындықтың шаһары. Өзі о баста шымнан қаланған. Кедей-кембағалдың, мердігерлердің маңдай тері төгілген. Қоқан хандығына тойтарыс берген шаһар да осы. Одан бертінде бұл қалаға патшаның баскесері Черняевтың аты қойылған. Бірақ, ол есім ұзақ жасамады. Сайып келгенде, басқыншылар өзгеріп тұрады. Бірақ жердің аты өзгермейді. Зорлап өзгертсең, кейінгі ұрпақ одан өш алады. Сонымен, сонау Қаратаудың теріскейінен келген бір шоғыр шаруакеш шымнан соғылған қалада делдал, шіріңкешілер арқылы малын сатып, пұл ғып, базар базарлап жүрген. Әрқайсысының түскен үйі – әртүрлі. Біреу жекжатқа, біреу тамыр-танысқа, енді біреу делдалға түскен. Оқта-текте бас қосысатын жері – шайхана. Осы шайхана Арқадағы қымызханадан айнымайды. Бұған да көбінесе жақсы мен жайсаң кіреді. Жаманжәутік бас сұқса шайханашы: «Астыңды сыпырамын!» деп, қуып шығады. Әрине, шайханашының да өзінше әкімшілігі бар! Сіз шай ішпей қалай шыдайсыз? Әсіресе, жүрегіңіз майланса?!.. Сонымен, осы шаһардың бір қызығы осы шайханада өтеді. Ал, шайхананың бар қызығы – бөдене соғыс. Бөденені өзбектер жеңіне тығып, баптайды. Бұл Ноғайқұлға қырдағы қаршығаны еске түсіреді. О да бап тілеуші еді-ау! Бұл жерде екі бөдене жұлысқанда қауырсыны жұлынғаны жеңілгенге баланады. Қырда қаршыға ілінгенде қаздың қауырсыны ұшады.
Айырмашылығы бар! Қырда қаршыға құр қызыққа жұмсалса, бұл жерде бөденеге ақша тігіседі. Тіпті, бүйірі қызғанда көлденең жұрттың өзі төңкерілген тақияға ақша тастайды. Тағдырдың тәлкегі бар! Ноғайқұлдар қызықтайтын шайхана осы күнгі «Шығыс» ресторанының орнында еді. Сол шайхананың сыртындағы тамда 1920 жылы 13 августа «Коммунистердің сырдариялық Бірінші съезі» өткен. Онда Валериан Куйбышев баяндама жасаған. Күмәндансаңыз, барып көріңіз! Айтылған ресторанның қасында В. В. Куйбышевтің мәрмәрдан қашалған ескерткіші тұр. Ескерткіште тілсіз шежіре бар. Бірақ бұл арада басқа уақиғаны айтуға тура келеді. ...Ноғайқұл елден келген жолдастарымен бірге шайхананың сәкісінде, сырмақ үстінде отырған. Жантаярлық жер жоқ. Нағыз сыпайыша малдас құрып, мүлгіп, ақырында, есінеген. Есінеу сырын жолдастары түсінбей: – Нақа, ұйқы-ашар жасаймыз ба? Көк мойынмен қалайсың?! – десті. «Көк мойыны», әрине, арақ. Ноғайқұл оны ішпейді... Ол Тұрар Рысқұловпен бір үйде коньяк ішкен. Бірақ оны аузына алмайды. Бұдан хабары жоқ жолдастары, осы арада арақ ішіп, бүйірі қызғанда Ноғайқұлға тиісе бастады. Біреу «болыс-еке!» десе, біреу «орыс-еке!» деп қағытады. Осы кезде кейбіреулер бөдене соғыстырып, оған ақша тігісіп жатқан. Ауылда Ноғайқұлдан картадан ұтылғандар енді оған: – «Жиырма бір» ойнап, сенен есе қайтарамыз! – десті. Ноғайқұл: – Сендерді құртқан «жиырма бір емес», жиырма екі, яғни шама-шарқыңнан асып түсу! – деп, көзін
сығырайтты. Артынша байсалды қалыпқа ауысып, орыстың: «Не бойся проигрыша, а бойся отыгрыша» деген мәтелін еске түсірді. Бірақ бұны құмарпаздар түсінбеді. Бұл екі арада Әлтай гармонын қолына алды. Ол гармонның ырғағына қосып, ән шырқағанда, көшедегі көлденеңдер есітіп, шайханаға кіре бастады. Ақырында, жұрт топырлап кеткен. Осы сәтте Әлтай құндыз бөркін аударып, ортаға тастады. Оған пұл түсе бастады. Алғашқыда күміс теңге, содан кейін қағаз ақша түскен Әлтай әнін үдеткенде, біреуден біреу асырмақ боп: – Мен пәленшемін. Міне, пәлен сом тастадым! – деген тәрізді сөзбен қырланады. Ақырында бөрік ақшаға толып қалды. Сіз осыған күмәнданасыз, ә?! Күмәндансаңыз, осы күнгі ел дәстүрін көріңіз! Сиқырлы жырдың қасында «беташар» деген не, тәйірі?! Сол «беташар» айтқан адам осы күні ақшаның астында қалады. Оның ортаға қоятыны, әрине, шляпа! Соған жұрт: – Міне, мен пәлен сом тастадым! – деп мақтанады. Осының бәрі молшылық арқасы! Қой үстінде бозторғай жұмыртқалағандай дерлік бейбітшілік заманда қағанағы қарқ, сағанағы сарқ жұрттың жомарттығы! Бірақ бұл арада әңгімені баяғыдан бастамасқа лаж жоқ. Әйтпесе заманының желісі үзіледі. Желісі үзілсе, жалғайтын шебер таптырмайды. Сонымен, сол жылы сол шайханадан шыққан бойда мынадай оқыс уақиға болған. Қоржыны тоқ аттылар кең көшенің қақ ортасына келгенде, Ноғайқұл кербестісінің басын кілт тежеп: – Қап, тарс есімнен шығып кетіпті-ау! Ембергенге қанжар апаруым керек еді. Мен базарға қайта соғамын, – деген.
– Онда біз Арыс бойындағы Шұбарда бозашының сәкісінен тосайық, – деп Зейнел-Нәби сары атанның басын кекжитті. Жайшылықта жидіп тұратын секпіл сары реңі шұғыл ширады. Осыдан кейін ол жуық арада өзінің аулында ас болатынын, көп аялдауға пұрсат жоғын айтып өтті. Сөзге кер дөненді Рәш араласты: – Бір көштік жерге ұзамай-ақ қаланың шетінде ат шалдыра тұрсақ қайтеді?! Бәрі ұйлығып тұрды. Түлен түрткенде бұл губисполкомның қарсы алды еді. Солқылдақ күймеге мініп жатқан шомбал қара кісі атқамінерлерді танып, қол бұлғады. Бұлар, әрине, барды. Губисполкомның төрағасы Бексұлтан Қожалақов ойланбай шақыра салған. Рабайсыз дөңкиген дәу қоржындарды көргенде нілдей бұзылды: – Ә, қулар, Қаракөл, Жылбұлақ болысын сорып, қандаладай тырсиып тұрсыңдар ғой. Соңыра мәжіліс болады, соған келіңдер! Мәжіліс болатыны рас еді. Оған бұлардың қатысы шамалы. Тек, жуырда елге шығашақ есепшілерге көмек көрсету керектігін ескертпек болды. Ал «қандаладай тырсиып тұрсыңдар» деген сөздің аузына қалай түскенін аңғарған да жоқ. Бұны атқамінерлер өзінше түсінді. Оқыс үрпиісіп, жорта жаутаңдасып қалды. Ұлыққа тіл қатушы табылмады. Құты қашқан қоңдылардың әужайын таныған Қожалақов келемежшіл сөйледі: – Көліктеріңді қорыққа айдап, жаяу келіңдер. Гәп бар! Атқамінерлер қаланың шетіне шыққанда ошарылды.
«Мәжіліске кіреміз бе, жоқ осы бойда кете береміз бе?» дескен. Байлам таппай дал болды. Ақырында ЗейнелНәби Ноғайқұлға қолқа салды. – Сен баяғы ревкомсың ғой, бәріміздің атымыздан өзің барсаңшы! Ноғайқұл әзілге жүгіртті: – Жол сенікі. Зейнел-Нәби шынына көшті: – Мен «покажи мандаттан» басқаны білмеймін. – Орысшаның керегі жоқ, – деді Ноғайқұл. Енді Рәш Зейнел-Нәбиге жармасты. – Сенің қоржының жоқ. Ішің майлы. Осы сен тәуекел етсең қайтеді? Көз қысып, бармақ басқанға жүйріксің ғой... Бұлар тағы біршама жер жүріп сайға құлағанда аттарының басын ірікті. Бәрінің көңілінде дүдәмалдық бар. – Ау, не істейміз? – десті тағы да. Орнықты жауап табылмады. Зейнел-Нәби сары аттың үстінде қалшиған күйінде: – Кеше кеңсенің алдында байлаулы тұрған бурыл бестіні танып, шошып едім. Біздің артымыздан Сұранышбектің келгенін сендерден, қымтай сап ем. Бүгін сол сұмның шағымын қараса керек, – деп қалаға қарай көзін тікті. – Серігі жоқ па екен, әй?! – Серігі қоржын толған арыз-дағы! – Онда іс насырға шапқан екен! Бұлар бас-аяғы сегіз адам. Төртеуі басшы да, төртеуі қосшы. Қолға су құйып, ат ерттеуден басқаны білмейтін қосшылардың әңгімемен ісі жоқ-ты. Бірақ, осы арада Зейнел-Нәбидің жігіті білгірлікке басты. Исахан: – «Қашқан жауға қатын ер». Біз қашпайық. Сегіз
адамның көзін бақырайтып қалай қамайды?! – деген. Зейнел-Нәби оған кейіді: – Сен не білесің, осы! «Исаханнан қалысамын ба?» дегендей әңгімеге Әлтай араласты. Ол: – Сіздер бір бәтуаға келгенше мен қыраттан қарауыл қарайын, – деп шабдар шобырын қамшылады. Бұл сөз үрейді асқындыра түсті. – Қарауыл қарайтын Қособа баяғыда адыра қалған. Одан да есіміз барда ел табайық! – деді Зейнел-Нәби. Серіктері түгелге жуық қостады. Тек, Ноғайқұл ғана: – Қашатын қатын емеспіз ғой, – деп ойланып тұрды. Ол ұзақ ойланды. Мыналардың сөзінің жаны бар ма, қалай? Соңыра мәжілісте беттеріне баттита айып тағып, кеңседен абақтыға жіберуі мүмкін. Олай болса, жылыстаған жөн. Бірақ үкіметтің құрығы ұзын, ауылдан ұстап әкетсе, нағыз масқарасы сол болмақ! Ноғайқұл «Өртке жалғыз күйейін!» деп бекінді. Осы кезде қыраттан Әлтай құлады. Шобырын шаужайлап: – Ойбай, қала жақтан үш адам келе жатыр. Біреуінің асынған мылтығы бар, – деген. – Онда не тұрыс бар?! – деді Зейнел-Нәби атын тепсініп. Сары адамның көзі жидіген түрпетін лайлап жіберді. – Сайды құлдилап қашайық, – деді Рәш. – Мен жаудың алдынан шығамын, – деді Ноғайқұл. Бойшаң қара сұр кісі еді. Шүңірек көзі ұшқындап тұр. Бұдан ары ырғасуға пұрсат болмады. Жолаушылар терең саймен шаба жөнелді. Жолдың көрнеу бұрыстығына көніп бара жатыр. Рәш артына бұрылып тәуекелге тұрып қалған Ноғайқұлға:
– Қош бол! – деп бажылдады. Ноғайқұл ызаға булығып қалған екен. Аттан адам аударып алатын шабандоздай, кербестісін шапаттап, қыранға шауып шықты. Артында Әлтай келе жатты. Жаңа Әлтай хабарлаған үш адам базаршылап қайтқан шаруакештер екен. Мылтық дегені ашамай ағаш боп шықты. – Құр қол қайтпайын деп, сарттың дарбазасынан ала салдым! – дейді. III Ноғайқұл ең әуелі базарға соғып қанжар сатып алды. Оны Әлтайға табыс етті. Екеуі асықпай ілбіп кеңсеге келе жатты. – Жүрісіміз өнбеді ғой, – деді Әлтай. Түсі қарауытқан Ноғайқұл тосын сыр меңзеді... – Әкімдердің аптығы басылсын. Мұндайда не бірінші боп бару керек, не ақырамашқа ілігу керек. Бүйір қызған шақ жаман болады... Атқару комитетінің алды сап түзеген теректер еді. Екі ат екі терекке байланды. Басқа да аттар тұр. Ноғайқұл екі нәрседен хабарсыз еді. Қожалақов ең әуелі мазақ қып шақырды. Бұл екі ортада мәжіліс алдында, Сұранышбекке ұшырасып оның шағымын тыңдады. Пәлендей зілді, сенімді шағым болмаса да, Қожалақов өз әжуасының босқа кетпегеніне қуанды. Сондықтан да, ол Ноғайқұл Торанғұлов кеңсеге кіргенде, оған шаншыла түсті. – Ә, қайысаяқ, келдің бе? – деген. – Келдім, – деді Ноғайқұл. Қоңыр даусында аздаған екілену бар. Екі қатар орындықта иін тіресе отырған алашұбар
жұрт: «мынау даңғой кім?» дегендей, жапырыла қарасып қалды. – Сен баяғыда Арқадан жүйрік ат ұрлап әкеліпсің ғой, – деді Қожалақов. – Төңкерістен бұрынғы істі түстен кейін тексересіздер ме?! – деп жауап қайырды Ноғайқұл Торанғұлов. Қожалақов әңгіменің бетін оқыс бұрды: – Сені шынжыр балақ, шұбар төстің баласы деседі. Сол рас па?! Ноғайқұл Торанғұлов қарсы сұрақ қойды: – Шынжыр балақ, шұбар төстің баласы ревком бола ма екен? Қожалақов: – Сені ревком қойған кім? – деп сұрады. Торанқұлов: – Сәкен Сейфуллин! Нағыз революционер! – деп жауап қайырды. Бексұлтан Қожалақов қалың ернін дүрдитіп, ұнатпай қалды. Ол енді Торанғұловтың үшінші жағынан келмекші болды. – Сен осы күні түздіктерге билік айтады екенсің. Оның қалай? Торанғұлов жалтартқан: – Үйіме келген кісіні қуамын ба?! – Жоқ, сен мәймөңкелеме! – деді Қожалақов. – Сен билік үшін пара алатын көрінесің... – Кім айтады? – Өзіңнің еліңнен келген Сұранышбек Кеңірдеков айтады. Ноғайқұл шүңірек көзімен арызқойды атып өтті де, жөн жауапқа көшті. Ол Кеңірдековтердің өмір бойғы кәсібі «тақсыр, арыз!» екенін, өзі жұтқа ұшыраған байдың күшігі
екенін айтып өтті. – Байдың күшігі шағым бермейді?! – деді қазақша білетін шикіл-сары орыс. – Сіз көшпелі қазақтың сырын білмейсіз. Бұлар – жатырында қағынған! – деп жауап қайырды Торанғұлов. – Что такое «жатыр»? – деп орыс төрағаға бұрылды. Қожалақов күлді. Құлағына сыбырлағанда орыс та күлді. Қатты күлетін адам екен, көк ала орамалымен көзінің жасын сүртіп жатып: – Вот это сказанул! – деп басын шалқайтты. Әр кеңсенің табалдырығын жүйесіз тоздырған Кеңірдековтің бұл мекемеге арыз тіреген беті бағана еді. Әкімдер табан астында байлам жасай алмады. Қожалақов болса әлденеге көзін сығырайта ойланып отырып-отырып, ақырында: – Жарайды, жолдас Торанғұлов! Жақында елге есепшілер шығады. Соларға көрсеткен көмектен бір сынаймыз. Сырттағы серіктеріңе де осыны жеткіз! – деп түйді. Сырттағы серіктері! Ноғайқұл күлкісін әзер жасырды. «Өрттен қорықсаң өзенге бар. Кешіп өтесің» деген осы. Ноғайқұл төрағаға: – Исполкомның тапсырмасына жан пида етеміз. Кеңес өкіметіне пәлен жыл қызмет еттім. Маған бір жұмыс тауып бермейсіз бе? – деді. Қожалақов шамалы ойланып, есікке таман отырған бір татарға бұрылды: – Сендерде қызмет бар ма? Татар да шамалы ойланды. Содан соң теріскей елінде живсоюздың үлкен базасы барын, оның бастығы босануға арыз беріп жүргенін айтты. Қожалақов енді Торанғұловқа бұрылды.
– Сол қызметке барғын! – Бұрынғы ревком үшін ұят болмай ма? – деді Торанғұлов. Аңдамай айтып еді. Қожалақов ұнатпай қалды. Сәлден соң райдан қайтты. – Совет заманында адам қызмет іздемейді, қызмет адамды іздейді, – деген. Ноғайқұл Торанғұлов сыртқа ісіне шықты. Құты қашып тұрған Әлтай: «Я, құдай-ай!» деп кербестіні көлденең тартты. ЕКІНШІ ТАРАУ I Ноғайқұл мен Әлтай Шұбарға келіп аялдады. Бұлар бүгінгі Зейнел-Нәбилердей жүгеріге тығылып ат шалдырмай, тура қыстақтың өзіне келген. Бұл қыстақ – бір тайпа елдің мекені. Тайпа Ноғайқұлдың руына алыстан қосылса да жақын ағайынға бергісіз үйірсек еді. Бір заманда сонау теріскейден осы жаққа – ит арқасы қиянға ауып келіптіміс. Бұл жақтағы дүмділерден зорлық-зомбылықты көп көргендіктен, алыстағы ағайынға өте-мөте бауырмал деседі. Осы тайпаның бетке шығары Бөкпенбайдың үйіне кеп түсті. Бөкпенбай алғашқыда сағынған досша құшақтады. Артынша дөңкиген кілем қоржындарды көріп, сұлық отырып қалды. «Е, базарға барарында соқпай, қайтарында соққан екенсің ғой. Бір маңырақты қимадың-ау шамасы!?» Бөкпенбай Ноғайқұлдар базарға қой айдап барды
деп ойлап отыр. Осыны сезген Ноғайқұл өзінің шаһарға қызмет бабымен барғанын, Ақсақ Темір өте алмаған жойқын Арыстан өту үшін өткел іздеп қиғаш кеткенін айтып өтті. Сөзінің соңын: – Мансап ағайыннан қымбат емес. Өзіңді сағынып келдім! – деп бітірген. Бөкпенбайдың іші жылып сала берді. Ол дереу қасапқа жүгіріп ет әкелді. Абырой болғанда көк серкенің басы сатылмаған екен. Мүйізі қағылған басты үйітіп, қолдан сойғандай етті. Ішек-қарны салынбағаны болмаса, мүшенің жөні түзу боп шықты. Шүңірек көзге шөп салу қиын. Ноғайқұл жаңа еттің төркінін түйткілсіз таныды. Ағайынға жаны ашып өзінің шығымсыздығын іштей шенеді. Бұл екі арада Бөкпенбайдың әйелі екі қоржынды текке қарай зорға сүйретіп: – Мырза ағаның жүгі зілдей ғой, зүдә! – деп жорта сүйсініс білдіріп өтті. Әйелдің үйелмелі-сүйелмелі екі баласы жаутандап тұрды. Ноғайқұл шымшып бүгілген қоржынның аузын ашып, балаларға мейіз берді. Әйел құр қол қалды. Қонақтарға қара көрсетсін деп үй иесі Кәденді шақырып алған еді. Баршасы жадырап кеңесіп отырды. Ағайын арасындағы әзіл жүрмейді. Бауырмал, байсалды кеңес басталды. Осынау күнгейліктер мен сонау теріскейліктердің түрлі тіршілігі, жыл құсындай қатынасы, шілдедей сағынышы әңгімеленді. Бұл жақта теріскейлік көшпелі елдегідей ит жүгіртіп, құс салу жоқ. Оның есесіне күнара көкпар бар. Соңғы желікке келгенде ауылдастар көрнеу мақтанысып отырды. Ноғайқұл атқұмар кісі еді. Өзінің сол құштарлығын айтқанда Бөкпенбай қостай түсті. Ол: – Мынау Кәденнің жүйрік құнаны бар. Өзі ғана
шауып, маған терін қимайды, – деген. – Көкпарды көрінген үйге саласың. Сонсоң тиылып қалдым-дағы! – деді оған Кәден. Бөкпенбай қысқа қолын сермей сөйледі. – Сен, іштарлықтан қара көк құнанның бағын байлап жүрсің. Көкпар көлденең көпшіліктің несібесі. Оны өз үйіне әкелу ұят. Екіншіден, ұшқыр құнан алыстағы аулыңа жеткенше барлығып қалады. Тақымдағы олжадан құтылуға асығатыным сондықтан... – Е, онда Бөкеңдікі жөн екен! – деді Ноғайқұл. Ақсары Кәден қара сұр Ноғайқұлға қиғаштай қарады. Ноғайқұлдың түсі сазарып, көзі шүңгілденіп кетті. Ақырында күтпеген сөз айтты: – Жүйрік құнан бойжеткен қызбен тең. Оны ұзатып құтылмақ ләзім. Сен құнаныңды маған қи. «Мәрт Кәден бауырым берді!» деп еліме мақтанып барайын! Кәден науша бойына қайшы мінез көрсетіп, тызалақтай бастағанда, Ноғайқұл сөзін жалғады: – Тәңір алсын, сені! Аралас-құралас елдің «бәрекелдесінен» саған қылқұйрық қымбат па? Қабырғасы қатпаған құнан мертіксе қайтесің. Мен сені жерге қаратып кетпекші емеспін. Келер жазда қалаға қой айдап келгенде, басыңа ақбоз үй тұрғызып беремін. Тамның кенесінен құтыласың. Қатын-балаң кеңірдегін жібітетін сауын және мойнымда. Сайып келгенде маған да абырой-атақ керек... Өзеннің жағасында қыш дуалмен қоршалған ауқымдай аңыздың тамырын тартып күнелтіп отырған Кәден пешенеге біткен ақ киізге, сауындық саулықтарға қызықты. Бірақ даңқы жұртқа жайылған қара көк құнанды қия алмады. Намаздігер шамасында оңашаланып, құйқылжыта шапқанда күні бойғы ауыр еңбектің мехнаты естен шығып кетуші еді-ау! Таң
асырған құнан құлқын сәріде оқыранғанда Кәден ұйқылы көзбен атып тұрушы еді-ау? Сол қызықтың өзі неге тұрады. Белдеуіне жылқы байланған ақбоз үй кімге дәрі? Рас, сауынның жөні басқа. Кебек тескен қарынға қою қатығы майдай жағар еді. Бірақ сол шіркіннің маңдайға біткен жалғыз құнанының бодауына келгелі тұр-ау! «Қой, қатығы құрсын, арпа мүссәлләмнің өзінен жарылқасын!» Кәденнің толқыған ойын жіті бағып отырған Ноғайқұл ақсары реңнің сазарысынан шошыды. «Құйқалақтауға көнетін усиқың бұл емес. Алмастай шорт кететін текті пәле ғой, бұл!» деп түйді. Ол енді үй иесін жақақтай бастады. Кәденмен екеуінің арасындағы болмашы кіркілжіңді пайдаланбақ болды. – Кәден мырза тұнжырап қалды. Бөке, сен қазылыққа жүрші. Аңсаған ағайын менің міселімді қайтара ма? Нәяті, бір қылқұйрықтың көкірегіне кіре ме?! Бөкпенбай екіұдай ойға кетті. Терезесі тең Ноғайқұлдың сөзін жығуға болмайды. Кәденде құйттай қыжылы бары рас. Бірақ, жүйрік құнан теріскей асып кетсе, бұл қыстаққа Бөкпенбайдың өзі сыя қояр ма екен!? Осындай шәркез бейілде ол екі ағайынға бірдей көрінгісі кеп: – Қайдан білейін, бірің жатақтың мәртісің, бірің орда-шарқы ауылдың бетке ұстарысың. Өздерің келіссеңдерші, – дей салды. «Саған тиемеліне көзің жетпей отыр-ау, антұрған?» деп Ноғайқұл балауса сүйір сақалын сауып өтті. Ол екеуінің де аужайын танып отыр. Екеуі де солқылдақ. Тарпаңдай туласа күдер үзіледі ғой. «Күнгейдің көрмедіктері, күлді-көмеш қалпында қағып жіберсе,
сүмірейіп шыға келер едіңдер! Әттең, ауылдың алпыс қырдың астында отырғанын қарашы!» Есіне алыстағы ағайындары түсті. Не бәрі елу үйден құралған түбі шикі шағын тайпа іргелі руларға қырғидай тиюші еді. Шақалақ ақынның «бұралқы бұл тайпаның бәрі тарпаң, жылқының бас білмеген асауындай», –деп өлеңге қосатыны осы Ноғайқұлдың қол шоқпары еді. Енді содан бұның қасында бозбала ғана бар. Ойда жоқ ырғалыспен уақыт кешкіріп қалды. Ала көлеңкеде аспалы шырағдан жағылды. Кәден қара барқытпен тысталған ақ қалпағын киіп жатып: – Мен енді қайтайын, бүгін құнаннан тер алатын күн еді, – деген. – Көз байланып қалды ғой, – деп сақтандырды Бөкпенбай. – Жотаға шығып жазықта шоқытамын, – деп насаттанды Кәден. Күнгейдің ұзақ іңірі салбыраған түнге жымын білдірмей ұласты. Осы екеуінің аралығында Ноғайқұл Бөкпенбайды арбаумен болды. Екеуі біресе қыстақтың маңында жүрелеп отырды. Біресе, қала адамдарынша қолтықтасып жүрді. Орағытқан әңгіме Кәденнің құнанына сая берді. Айдың өларасы еді. Қара кірбең түнде жұлдыздар әлсіз жамырайды. Ұрының жортатын түні. Ноғайқұлдың көңіліне көмескі қараулық орнатады. – Саған, біле білсең, Кәденнен мен жақынмын. Қалыс қалшы өзің! Ер мойнында қыл арқан шірімес. Келер жазда үркер туар шақта күте бер. Сыбағаңды сайлап келемін! – деді Ноғайқұл. Бөкпенбай әрі-сәрі. Мұның уәдесінде тұрары шәксіз. Бірақ келер жазға шейін кім бар, кім жоқ? Осы жолы бір ырымын жасап кетсе, несі құрайды? Бөкеңнің құлқы осында! Ол:
– Нақа! Өзіңнен дау асты ма, сірә? Біздің тамнан аттағанның барлық пәлесі маған ауады. Мен қалайша қалыс қаламын, – дейді. Ішінен: «Е, буының былқылдады ғой, әттең, түннің қысқалығы, әйтпесе әлі де титықтата түсер едім!» деп ойлаған Ноғайқұл емеуріннен ашық сөзге ауысады. – Уәде, алланың есімі! Келер жылы көңіліңнен шығамын. Әзірше әйеліңе қыжым орамал тастап кетейін, бауырына басысы өзгереді, көкжалым! – Қышыған жерге тиесің-ау, қатыным қырғиқабақ еді, – деп жадырайды Бөкпенбай. – Бәтуа байланды ғой? Қара көк құнан қолға тисе, атқа қонар алдында тоқымқағар да табылып қалар, – деп Ноғайқұл асығыстанады. Ел жата Әлтай аттанды. Бөкпенбай оған жылпос жігіт қосты. Ноғайқұл пысықтап жатыр: – Күндіз атыз тазалап, іңірде атпен шапқан адам қатты ұйықтайды. Қаймықпай қимылдаңдар. Дарбазасының топсасын сом темірмен бұзып, құлпын жұлып алыңдар. Қара көк Күржікті осында жеткізсеңдер, иесінің әуселесін өзім көремін. Жолдарың болсын!.. ...Олар таң алдында оралды. Құнанды жетекке алып келді. Таңасып тұрған жарау жас жылқы аулаға кіргісі келмей басын кекжитті. Дүбірден тысқа жүгіре шыққан Ноғайқұл құнанның жібек жалынан ұстап: – Қолға жағымдысын-ай! Жотасы қандай тұтас! Қолтығыңды өзім сөгіп, өкпеңді өзім тесемін, әлі! Шыда, Күржігім! – деген. Үйге кіргенде Әлтай: – Сары шошқаның шырағданы өшпегесін шай қайнатым уақыт бақыладық. Сөйтсек, құр бопса екен, – деді. Ағараңдай бастаған таңнан қаймыққан Ноғайқұл
апыл-ғұпыл атқа мінді. Бөкпенбайдың қолын қысқанда қаусатып жібере жаздады. – Кәден мырзаға сәлем де. Кешегі уәдем – уәде. Келер жазда қарық қылмасам, бетіме түкірсін. Базыналығымды көтерсін. Ендігісіне екі ел төреші! – деген. Сәлден кейін: – Мен болыстықтан да пайдалы қызметке тұрдым. Кәденге осыны да айт! – деген. Кіші сәскеде Бөкпенбайдың үйіне Кәден келді. Түсі өрт сөндірген адамның түсіндей. Қолында – бесақа. Келген бойда: – Бұл басыну, қай басыну?! Қолыңда өлейін бе, осы?! – деген. Бөкпенбайдың бұл күткен құбыжығы еді. Сөйте тұра бесақадан шошып кетті. Уәжге Бөкпенбайдың әйелі жүйріктік жасады. – Тәйт, әрі! Әкіреңдеме! Қонақтар ел жата аттанып кеткен. Сойқан сап кететінін біз қайдан білеміз?!.. Уәж орынды шықты. Кәден тасыған қаны суынып, сабырға бой алдырды. Бұл екі арада Бөкпенбай түндегі жылпос жігітті жұмсап, ауылдың, дәлірек айтқанда, қыстақтың біліктілерін жинады. Кәдімгі гүж-гүж әңгіме басталды. Біреулер шамданды, біреулер кіжінді. Біреулер ызаланды. – Көзінің еті өскен ғой. – Не отырыс бар, қуу керек. Бесақамен шаншу сауап! Бөкпенбай жұдырықтай ғана тұлғасы бар, шымыр кісі еді. Жұртқа сыр бермеді. Қыжым орамал жамылған әйел көлеңдеп самауыр қойды. – Шайға қарайтын не бет бар? Қане, кім лау береді? Кім ереді маған? – деп Кәден орнынан тұрды.
Бұлардың арасында Рахматулла шал отырған. Өзі Ноғайқұлдың әкесі Торанқұлмен дәм-тұз татысқан, көкірегін ешкімге бермеген жөн-жосықты білетін кісі еді. Енді сол: – Сабыр-сабыр, мырза! – деп сақалын тарамдады. Жұрт аңырғанда ол шешіле, көсіле сөйлеп кетті. – Қуыс кеуде, көр білте болма, Кәден! «Берген жомарт емес, алған жомарт!» деген бұрынғылар. Ноғайқұлдың қылығына менің қыбым қанып отыр. Біле білсең балдай базыналық қой, бұл! Ертең оның да, сенің де атағың жалпақ жұртқа жайылады. Теріскейдегі терегіңді сұлатып қылқұйрықты қайтарып әкелсең, баршамызға таңба түспей ме?» «Ел емес екен?!» дейді ғой дос, дұшпан. Жүйрік жылқы жұрттың еншісінде. Ертең Ноғайқұлдан тағы біреудің алып кетуі ықтимал. Алда-жалда жанжал керек болса, сол кезде дауға талшық табылар. Бесақаңды соған әзірле!.. Елеуреген жатақтар су сепкендей басылды. Бірбіріне қарасып қойды. Уәлі ауызды қарияға қарсы шығушы табылмады. Бөкпенбай бүлкілдеп: – Атамның сөзі жөн бе, қалай? – деп бір қойды. Сәл кідірістен кейін ол Ноғайқұлдың кешегі уәдесін еске түсірді. Бұған Кәден қитығып қалды. – Сүйекке салатын ақ киізге құштар емеспін! – Сауынға ше?! – деді Бөкпенбай батылдана түсіп. Кәден бірдеңе деп міңгірлегенде, Рахматулла: – Ақ киізден үріксең маған бер. Жамбасыма басып жатайын. Сауынын өзің ал, қураған тамағыңды жібіт. Көргенді елдің баласына дауа бар ма! Ноғайқұлдікі ерлік қой, жаным-ау! – деген. Шалдың билігіне Кәден мойынсұнған жоқ. Бұрынғыдай тулаған да жоқ. Салы суға кетіп үйге қайтты. Тамына жақындағанда сайдың қиясында есекмиядан
ұстап ұзақ жантайды. Іші біресе ашиды, біресе уылжиды. Атқа мінген ағайынның қылығына біресе күйінеді, біресе сүйінеді. Балға қосып зәр ішкен адамдай аунайды. Асау аттың шылбырын жібермейтін есекмия қолын күрмейді... Күржіктен тер алғанда ол: «Атым отықпасын» деп әдейі қияға, осы есекмияға байлап қоюшы еді. Енді жапырылған улы бұта: «шоқ-шоқ!» деп табалағандай болды. Ол Жорабозада көкайыл келіншектермен айтысқанда: «Білмедім серілікпен дүние жия, бітеді қия жерге есекмия» деп көзін жұмып, қасын керуші еді. Сол есіне түскенде жымиып күліп алды. Осы мезетте оның көзі арғы бетте қара есекке мініп келе жатқан баласына түсті. Күржікке мінетін баласының астында есек. Және салпаң құлақ қара есек! Қылмысты адамды қара есекке теріс мінгізіп ауылды аралатып масқарапаз қылған дүмділерді көріп еді. Сол есіне түскен Кәден нілдей бұзылды. Безгек адамдай денесі селкілдеді. Есекмиядан қайта ұстап етпеттеп жатты. Қайтсін бақыр, қара көк құнанды қимай жатыр. Жабағысында саудагерден астыққа сатып алып еді. Дүйім ел ашаршылыққа ұрынып, азық атаулы ұшпай тұрғанда ағайыннан жылу жинаған еді. Әңгел-шәңгел қыршаңқы жабағыны суға жалдатып, жүгерімен жемдеп, мал қып еді. Бәйектене мәпелеудің арқасында диланған жабағының күржиген шоқтығына сүйсініп, «Күржік» деп ат қойған еді. Кейін ел де солай атап кеткен. Енді сол Күржік қолды болып отыр. Кәден түйнек ауруы бар адамдай аунайды. Өкінеді, уһлейді, қорланады, қамығады, уанады... Бұл мезетте қара сұр Ноғайқұлдың не ойлап бара жатқанынан ол хабарсыз. Ал, Ноғайқұл болса
елсіз, саянды қуалап, қыпылдап бара жатыр. Неше түрлі болжау жасайды. Қазанның күйесіндей қара Бөкпенбайдың баяндылығына сенбеген ол ақсары Кәденнің заттығынан дәмеленді. «Ет қызуымен шығып қалмаса, саябыр табады. Сыздаған шиқанды тотияйынмен өртейтін сабаз еді ғой, ол! Шыбжыңы ұзаққа созылмас!» – деп ойлады. Ноғайқұлдың өзінің де көңілінде қаяу бар. Көзсіз өзімшілдікке сүйсінсе, жарлы ағайынды жерге қаратып кеткеніне өкінеді. Асқынған аяныш сезімін қара көк құнанның қызығымен жуыпшайып бара жатыр... Енді ол кеше Қожалақовтың бопсасынан қорыққан Зейнел-Нәбилер мен Рәштер жайында ойлаған. Егер Ноғайқұл олармен бірге қашқанда күні не болар еді? Әрине, Қожалақов жырақ елге мілиса жұмсамайды. Бірақ Ноғайқұл Торанқұловтың көңілінен алаң арылмайды. Ішкі ауру жіңішке келеді. Одан құтылу үшін бопсагерден қаймықпау абзал. Көрдіңіз бе, әкімнің әзілі Ноғайқұлға қаншама ой салды?! Жүре келе, Ноғайқұл: «Мен де бопса жасап көрейінші!» деп бір қойды. ...Ол Күркіреуіктің басында отырған Әріптің аулына кеткенде күн кешкіріп қалған шақ еді. Кешкі тыныштықта күркіреген су құлақ жарады. Бұған құлағы үйренген Зейнел-Нәби аттылардың дүрсілін естіп отырған. Ол «Кім бар-ау?!» деген дауыстан Ноғайқұлды танып, сыртқа атыла шықты. Ноғайқұл аттан түсті. Жетектегі құнанды байларда Зейнел-Нәби: – Келтегіне қарағанда мынау суытудағы жылқы ғой. Қас пен көздің арасында қайдан алдың?! – деп сұрады. – Мілисаның астынан аударып алдым! – деді Ноғайқұл қуланып. – Астағпыралла! – деп Зейнел-Нәби шошып қалды.
Артынша әзіл екенін сезіп: – Қайдан алсаң да құтты болсын! – дей салды. Отбасында Ноғайқұл қалада тындырған ісін өсіріп айтты. Ұлықтардың атқамінер атаулыға тісі қайраулы екенін, ал, байға тіпті өш екенін мәлімдеді. Орынбордағы Сәкен Сейфуллинді Қожалақов айтқаннан басқаша суреттеген. Сол Сейфуллин Шымкенттік әкімдерге ем екенін, өзінің Сәкенге телеграмма соққанын мақтана, сұстана айтты. Соңғы сөзден Зейнел-Нәби сыздана бастағанда, Ноғайқұл: – Сәкен Сейфуллин сендерді ұмытпайды. Бірақ кешірімпаз адам. Задында, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс ұлықтың осындай мінезі болады, – деп адамгершілік пен әкімгершілік жайында көпқұлаш әңгіме шертіп кетті. Зейнел-Нәби «әрине ғой!», «жөн ғой!» деп бас шұлғып отырды. Ноғайқұл: – Жөгім, қалай? Арқаның қара сорпасын сағынған жоқсың ба?! – деп әзіл айтты. Зейнел-Нәби ағынан жарылды. Сағынады екен. Бірақ Жеті қоңырға көшуден қорқады екен. Сөзінің соңында ол: – Мың дегенмен, үкімет жақсы. Бетпақтан ары ассаң белгісіз жау бүйідей тиеді! – деген. Ноғайқұл: – Ағаң найзагер емес пе? – деп тағы да әзілге жүгіртті. Зейнел-Нәби тағы да ағынан жарылды: – Қартайып қажып қалған!.. Әңгіме үстінде Зейнел-Нәби осы ауылда ас болғалы жатқанын айтты. Ағасы әкесі Шотқа ас бермек екен. Соның сылтауы жаз басына тура келіпті. Ноғайқұл: – Неге асықтыңдар? – деп сұрады. Зейнел-Нәби: – Бәсекені бірінші боп бастаймыз! – деп жауап қатты.
Ноғайқұл өзінше түсінді. Бұлар бір оқпен екі қоянды атып алмақ. Салтанатты сағынып қалған елге бірінші боп атақ шығармақ. Әрі ағайын-жекжаттың шығымды кезін көздемек. Ноғайқұл: «Бұлардың қулығына найза бойламайды-ау!» деп сүйсінді. Ол әр елдің салтын ойлап кетті. Осы арадан жол шегіп Әулиеатадан Жетісу ассаң, үрдістері осы араға ұқсас. Осы арадан сапар бастап Сарысулатып, Сарыарқаға ассаң дәстүрлері өзгеше. Осы екеуінің арасындағы теріскей, Ноғайқұлдың туып-өскен атырабы, үрдіс пен дәстүрге шөре-шөре. Дәулетінде де, тұрмысында да, тілінде де құрандылық бар: Ноғайқұлдың үзеңгілестерінен бір артықшылығы томаға-тұйықтың тысқарылығында! Үш жүздің қайсысына барса да шежіредей сайрайды ол. Міне, бүгін де ол әңгімені маздатып, Зейнел-Нәбиді шыр айналдырды. Ақырында сөзден жалықты. Ертеңіне тойханаға жұрт жан-жақтан, лек-легімен келе бастағанда Әріп Ноғайқұлға бейіл білдіріп өтті. «Болар істің басына, жақсы келсін қасына», – деген. «Жаманның кесапаты, жақсының шарапаты», – деген. «Осы асты өткерісіп кет!» – деген. Осыдан кейін Ноғайқұл: «Екі-үш күннің әрі-берісі не? Өткеріссем, өткерісіп кетейін. Бұйырған несібеден неге қашысқа?!» – деп түйіп еді. Ойлана келе дәмесі ұлғайды. «Асқа қызмет қылып қалтаға тиын-тебен салатын мен бе? Ауызды молырақ салармын, байеке!» Ол неше түрлі жоспар жасады. Шілдехананың шырқын бұзар бұзықша тұлан тұтты. Ашу мен айла жымысқанда жымиып күлді. Ақырында ұзақ ойдың жоспары тарау-тарауға бөлінді. Осы тараудың бірі қаракөк құнанның игілігін көруге бастады. Ертең түс қайта құнан жарысы өтпекші. Оны бұл
жақ «мөлдек бәйге» деп те атайды. Сол «мөлдектің» олжасын қалай алуға болады? Бәйгені арғы күнге қалдыру қолдан келмейді. Ол күні дөнен жарыс, одан арғы күні үлкен бәйге болмақ. Әрі ойлап, бері ойлап жіңішке байламға бекінді. Ертеңгі бәйгенің жолын қысқартуға керек. Көкпардан басқа шабыс көрмеген, өкпесі тесілмеген құнан отыз шақырымнан ұзаққа шаба алмайды. Одан бергісіне тәуекел. Ауық-ауық суытылып жүрген неме мықтап бір тер алса, шағын жарысқа шыдам береді. Ноғайқұл тасыды. Бұл сәтте оның ойында бұзықтық жоқ, қиянат жоқ, әділ жарыстың арманы ғана бар. Жарыста әділдік бола бермейтінін және біледі. Неге? Мансап та жарыс. Одан біреу құлап, біреу жоғарылап жатады. Ноғайқұл Торанқұловқа мансап құтаймайды. Құтайған күннің өзінде қызығынан бейнеті көп болды. Енді мосқал тартқан шағынан өмірдің бейтарап қызығын көріп өткісі келеді. Соның бірі – жүйріктің игілігі. Ол Зейнел-Нәбиді тойханадан шығарып әкетті. Екеуі Күркіреуіктің басына барып отырды. Кеше іңірде құлақ жарған сарын басылып қалғандай. Екеу ара әңгімеге бөгет келтірер емес. Ноғайқұл сөзін өткен-кеткеннің жол-жоралғысынан бастады. Бұның бұл арада, су басында, қаншалықты қажет екенін Зейнел-Нәби түсінбеді. Қоянның жымындай із тастаған тұспалдардың аяғы Сәкеннің қызметіне ұласқанда Зейнел-Нәби іштей шіміріге бастады. Ноғайқұлға керегінің өзі де осы еді. Ол өзінің кешеден бері ұзақ ойланғанын, «қызығыңды кейінге қалдыр» деуге дәті шыдамағанын, үзеңгі-жолдастың абыройатағына кір келтірмейтінін айтып өтті. Осының қабатында қамсыздық қашан да қапы қалдыратынын,
ұлықтар келе қалса алдын алу жөн екенін ескерткенде беті бүлк етпеді. Қара сұр рең сазарды. Зейнел-Нәби шарасыз қыпылдаған бір орайда, ол: – Қалашылап келе жатқанда той менің не теңім? Сенің ыстық-суығыңа бірге күйгім келеді ғой, ит-ау! – деп бір қойды. Құмалақ тартатын балгердей тобылғының бүршігін уыстаған күйінде сыр шашты. Ол ертеңгі жарыстың отыз шақырымнан аспауы керектігін айтқан. Зейнел-Нәби сасқалақтап қалды. – Келіншектаудан келген құдамыз сусындамай жатып: «Күнгейдің тышталаңы боп жүрмесін!» деп ескертіп еді. Бұны қайттік енді? Ноғайқұл әзілге жеңдірді: – «Боза ішкен даяшы жолай желігіпті» дей сал. Зейнел-Нәби: – Ой, мынауың тапқан ақыл ғой! – деп орнынан атып тұрды. Екеуі қол алысты. Асқа келуші ала шұбар жұрт кіші бесінде тыйылайын деді. Келушілерді қарсы алатын жігіттер де аттарын отқа қойып, өздері дамылдады. Күні бойы әр үйде күмпілдескен ауыл ағалары бірін-бірі шақырғыштап, сұбқат құрысты. Кешке қарай түгелге жуық далаға шығып, желдеп жүрген құнандарды қызықтасты. Бәрінің аузында ертеңгі мөлдек бәйге. «Бас бәйгені кім алар екен?» – деседі. Сонау Ақкөлден келген ортақшылардың, Келіншектаудан келген қоңыраттардың, Қаракөл, Жылбұлақ бойынан келген ыстысіргелілердің жүйріктерін әңгімеге айналдырды. Құнан суытып жүрген балалар «үлкендердің көзі тиеді» деген ұғыммен қашқақтап, тысқарыланып шоғыр топты жуытпайды. Ноғайқұл өзінің қара көк құнанынан ұлы бесінде
қамау тер алған. Оның тапсырмасын екі етпей Әлтай жиырма шақырым шамасында шауып тақымының құрысын бір жазып еді. Тойханаға жақындағанда Ноғайқұл алдынан шығып, терең сайға құлатып, жартастың қуысына тықты. Құнан ентігіп, солқылдап, барып-келіп тұрды. Қамау тер мол ақты. Тамшылаған терден татып көрген Ноғайқұл: «Тым кермек жатыр. Жануарға обал болмаса игі еді?!» деп қамықты. Тері үгілгенде Күржікті оңаша желдеткізді. Ұзын сөздің қысқасы, Ноғайқұл өзінің бапкерліктен көрген-білгенін істеді. Шығысқа қарай созылып жатқан боз жон. Сол жонның шоқтығына шартақ тұрғызылған-ды. Үш күнгі бәйгенің мәресі осы. Шоғыр-шоғыр жұрт боп сол мәрені бойлап, құйрық-жалы сүзілген құнандарын жонға алып шыға бастады. Тоқ аттардың арасында жіңішке құнандар инеліктей сызылып бара жатты. Ноғайқұл кеше екіндіде Зейнел-Нәбимен ақылдасып, сиыршының баласын келтірген. Оқалаған өгізшенің мүйізінде ойнайтын бала: «Құлдық, көке!» деп құтырынып шыға келген. Сол бала енді Күржікті ойнақтатып шыға келді. Ноғайқұл құнанды түпкі тартуға өзі алып кетті. Қасына бір жігіт ертіп, өзгелерін екіге бөлді. Жібектей есілген биязы даусын мейлінше ширата, тапсырма беріп кетті. Ноғайқұл баланы пысықтады. – Арқан оқыс сыпырылады. Шырмалып қалма, құнанға қамшы ұрмай, ауыздыққа сүйен де отыр. Жел жағыңды берме. Бұл оқалақтаған өгізше емес, үстінде ойнамай алға қарай етпеттен отыр. Тартуға бірінші болып іліну шарт емес. Күші үзіліп қалады. Ал, бірақ, көтбасар боп ілінуге және болмайды. Құнанның аяқ
алысына, екпініне қарай өзің көрерсің. Бала бас изеді. Күржік те оны қостап, қағылез басын шұлғып, ауыздық сүзе бастады. Көрінеу шабыс тілеп барады! Сұйық құйрығында, жібек жалында, тұп-тұтас жонында мін жоқ. Тек күржиген шоқтығы ғана сөлекет көрінеді. «Мойнына ер лықсымайды» дейді Ноғайқұл. «Жануардың үсті жайлы екен» – дейді бала құнанды ердің үстінде шыр айналып. * Сол күні кешке бір топ адам Зейнел-Нәбидің үйінде карта ойнап отырды. Ел жатар уақытқа шейін Ноғайқұлдың қолы шықпай қойды. Осыған қыбы қанған Зейнел-Нәби: – Көп болса Күржіктің олжасын ұтқызарсың. Ішің майлы жатыр ғой, – деп, Ноғайқұлды қағытып өтті. Осыдан кейін бүгінгі бәйге сөз бола бастады. – Енді бір шақырым шапқанда көретін едік. Мәре қысқа боп қалды! – деді екінші біреу. – Сиыршының баласы қулығын асырып, Сарыөзектің қылтаңын кесіп өтіпті, – деді үшінші біреу. Ноғайқұл: – Түстен кейін маңыраудан пайда жоқ! – деп шалқайды. Таң ата жатқан ол шаңқай түске шейін ұйықтады. Ол оянған кезде үстіне Әлтай кіріп кеп, Кәдендердің келе жатқанын айтты. Ноғайқұл: –Алдынан шығып алдандыра тұр, – деп тысқа атыла шықты. Ол Күркіреуіктің бойында жайылып жүрген Күржікке келді де, алдыңғы табанына шөңге қақты. Ат аяныш-
ты үнмен емірене оқырынғанда, иесі: – Шыда, сабазым! Жау әкетер қыздың ернін күйдіргендей шарасыз жаза, бұл! – деп құнанның кере-қарыс маңдайынан сипады. Ол тойханаға қайтып келгенде үлкен орданың алдында бір топ кісі тұрды. Кәден мен Бөкпенбай аттан түспей шаңқылдап тұр. Ноғайқұл түк көрмегенсіп: – Ат-ылау аман жеттіңдер ме? – деді. Кәден қамшының орнына бесақа сермеп, шаңқ-шұңқ ете бастағанда, Ноғайқұл оқыс жонданып: – Жат жұрттың алдында қатынша бажылдама! Сені көзтаңбалыдан туды дегенге кім сенеді?! – деген. Кәден кәдімгідей жуасып қалды. Зейнел-Нәби ішінен: «Шөңге кірген қарындай пыс ете қалдың ғой», – деді. Ол жорта ордаға шақырды. Кәдендер аттан түсер емес. Осы арада қадау-қадау әңгіме болды. Кәден күржіктің бас бәйге алғанын, әлі теріскей аспағанын естіген. Соны айтып өтті. Сөзінің соңында: – Ноғайқұл, саған Күржіктің бір жолғы терін кештім. Түсірген олжасын қидым. Ал енді атымды өзіме қайыр. Қандасып қайтеміз?! – деген. Әлтай жорта қыр көрсетті. Ол қанжарын суырып: – Бәсе, алақаным қышып еді. Бір сойқанның боларын білген екен ғой! – деп, күреске түсер балуанша одыраңдады. Ноғайқұл: – Саған біле-білсең, Кәден менен жақын. Оттамай жөңіне тұр! – деп жорта зекіп тастады. Ол Әлтайдың құлағына сыбырлады. Әлтай кетті. Осыдан кейін ұрыс-керіс тиылып, кәдуілгі даудамай басталды. Аттан түспеген ағайындарға төрешілік айтушылардың сөзі сараң еді. Әңгімені Ноғайқұлдың өзі созды. Ол жүйрік жылқы бағы заманнан бері бүкіл
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру