Мазмұнға өту
Home

Сыбызғы сыңсып жылайды

Отыншы Көшбайұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Сыбызғы сыңсып жылайды

Сыбызғы сыңсып жылайды. Отыншы Көшбайұлы

/uploads/02b9cdf0-cbcb-5593-b8df-ff60aacd5cc6/cover.png

АЛҒЫ СӨЗ

Анау бір аласапыран жылдары біздің көптеген қандастарымызға Маңғыстаудан жырақ кетуге, тілі бөлек, салты өзге жат жерге барып бас сауғалауға тура келді. Кір жуып, кіндік кескен туған жері артта қалып, алдындағы маңдай терімен біткен дәулет ортаға түсті, ауылдас ағайын түгілі бауырынан өнген баладан да айрылып қалды. Олар тағдыр оң көзімен қарап заман түзеліп жатса қайта оралармыз, ең болмаса ата-бабаның сүйегі жатқан қасиетті топыраққа жамбасымыз тиер деген үміттерін де үзбей кетіп еді. Бірақ ол үміттің, түнімен көз ілмей, жастығын жасқа шылап шығар арман сағыныштың орындалуы тым ұзаққа созылды. Көп қандастарымызға бір кездері өздерімен бірге ала кеткен қасиетті топырақты сағына иіскеп, сол жақта мәңгілік көз жұмуға тура келді. Өмірден өтер алдында қасында отырған балаларына "Екі орта ашылып жатса туған жерге оралың, боқ байлыққа алданып қалмаң, менің қасиетті мекеніме деген сағынышымды ала барың" деген аманатын айтумен кетті.

Сол әке мен ана тапсырған аманат тек еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана орындалды. Алғашқы көш 1995 жылы Ақтау қаласына келген еді. Содан бері әлі жалғасуда.

Бұл еңбек алпыс жылдан астам уақыт көз жасы құрғамаған, туған жер құдіретін құрандай қастерлеп өткен, жат жерде мәңгілік көз жұмған қандастарымыздың рухына арналады.

Автор.

ЖЫЛДАРҒА СОЗЫЛҒАН ҮМІТ ОТЫ

Бәрі де біздің Иран сапарымыздан басталған еді. Сол жақтағы ағайынмен кездескеніміз жайлы, олардың орталарынан өткен белгілі адамдар туралы баспасөз бетіне жариялаған едік. Көп ұзамай жан-жақтан телефон шалушылар да, арнайы келіп жоғын жоқтаушылар да келе бастады. Әрине, айналасы он шақты күн ішінде бүкіл парсы жеріндегі қандастарымызбен жан-жақты танысып, олардың бастарынан өткен арғы-бергі оқиғаларын толық біліп қайтудың мүмкін еместігі белгілі. Кейбіреулер сол біз жариялаған мақала ішіндегі адамдардың аты-жөні басқаша болғанымен, олардың тағдырының өзі іздеп жүрген адамына сай келетінін айтады. Әлдебір себептермен өзгерген шығар деген үмітін үзбейді. Талай жылғы сағыныштың, сарыла күтудің ізсіз кетпегенін қалайды.

Соның бірі Ақтау қаласының тұрғыны Несібелі қарындасымыз еді. Қолында біздің сапарнамамыз жазылған облыстық газеттің көшірмесі. Өзі іздеген жоқтың ізі осы жерден шығады-ау дегендей кейбір жолдардың астын сызып қойыпты.

- Мына кісінің тағдыры мен іздеп жүрген адамға, яғни менің атамның тағдырына тым ұқсас екен. Ол кісіні көргендер, онымен байланыста болғандар дәл осылай айтушы еді. Әттең, сіз жазған мақалада аты басқаша. Қарақұрттың торындай шым-шытырық жолдардан ізін шығару да оңай болмайын деп тұр. Өзіңізге сол үшін келдім. Көмектесерсіз.

Содан Несібелі қарындасымыз атасы жайлы естіп білгендерін жыр қылып айтып еді.

Сонау бір аласапыран жылдары туған жерден жырақ кеткен адамдардың қай-қайсысының да өмірі қасіретке толы. Арада бірнеше ондаған жылдар өтті. Уақыт емші дегенмен оның әлі күнге дейін көзіңе жас алдыртып, жүрек сыздатар қайғысы ұмытылған жоқ. Біреу бауырын, біреу әкесін іздейді. Тіпті сол бір жылдары бас амандығын ойлап түн жамыла үдере көшкен уақытта бауырындағы баласынан көз жазып қалғандар қаншама. Маңдайынан сипар қамқоры жоқ сол панасыз қалған балалар да бұл жерден итшілеп күн кешіпті. Соның бірі Кемал еді...

Күздің қара суығында жалаңаяқ дірдек қағып бір сындырық нан үшін көзі жәудіреп бір үйдің босағасын сығалап, болмаса бозторғай шырылымен бірге тұрып мал соңында кететін. Иен далада жүріп кәзір қайда екені белгісіз асқар таудай әкесін көз алдына елестетіп, жетімнің сарқылмас жасын төгетін. Ол да ештеңе емес екен. Бәрінен бұрын "байдың тұқымы, отанын сатқанның баласы" деген боқтық аралас сөздер жанына қанжардай қадалатын. Басына тартса аяғына жетпейтін қырықжамау шоқпытты жамылып жатып, жанын жаралаған әлгі сөздерге бола селкілдеп жататын. Көкірегіңнен қарс айрыла шыққан қасірет жасын дауыс шығармай төгу де оңай емес екен. Шыдай алмай далаға шығып кетеді. Ауыл алдындағы қарауытып көрінген тебе асқаннан кейін ғана боздай жөнеледі. "Талқан қазаннан" соң дәнінен айрылған шөптер де терістіктен соққан қара суықтан дір-дір қағып, ығыңда жылап отырған бала үніне қосыла мұңды әуенге салады. Алыстан қасқырдың ұлығаны естіледі. Жақын маңнан үй алдындағы құл-қоқысқа тасталған сүйек-саяққа жақындауға иттерден сескеніп, шәуілдеп үрген түлкілердің даусы шығады. Жетім бала оның бірде біріне мән бермей солқылдап жылап, жаңа туып келе жатқан ай астына үміттене қарайды. Ана қарауытып келе жатқандар мұны іздеп келе жатқан әкесіндей көрінеді. Ауыздығымен алысып, жер тарпыған тұлпар үстінен еңкейіп өзін көтеріп алатындай, көптен бері көрмеген ұлын бауырына басып құшырлана сүйетіндей сезімде болады.

Бәрі де орнына қайтып келетіндей. Қазан астында маздай жанған отқа қарап домбыра шертіп отыратын әкесінің, өзіне киім тігіп, байпақ тоқып отыратын шешесінің жып-жылы ұясына баратындай жүрегі алқына соғып, орнынан апыл-ғұпыл тұрып әлгі қарайғанға ұмтылады. Бірақ... бірақ бұл жолы да оның дегені болмады. Қызыл өкпе, панасыз қалған баланы жылдар бойы алдап келе жатқан тағдырдың келемежі әлі таусылмапты. Өзін дәмелендіріп ай астынан әлгі қарауытып көрінгендер түйелер болып шықты. Асықпай бырт-бырт күйсеп қасынан өтіп бара жатыр. Алдыңғы жағындағы бұл паналап жүрген үйдің қараша інгені ғана "сен неғып тұрсың түн ортасында" дегендей бұрылып мұның қасына келді. Жұп-жұмсақ ернін жыбырлатып кеудесінен, қолынан иіскеді. Кең далада еркін жайылып, шандаққа аунаған түйе үстінен шөп исі, шаң исі бұрқырайды. Тас қараңғы түнде өзіне бұрылып келіп, тоңып қалғанын білгендей шудасы бұрқырап жел жағында тұрған түйенің, өзіне деген аяушылығына көңілі босаған бала қайтадан өксіп мойынынан құшақтады. Қараша інген "Е, бәрінде сезем ғой, қайтесің, өзіңді өзің мүжи берме. Жақсылығы алда шығар" дегендей ыңырси боздап, мойнымен мұны ауылға қарай итермелейді.

Тоңып келе жатқаны, әлде өксіп келе жатқаны белгісіз дір-дір еткен бала қараша іңгеннің соңында келеді. Ойына әкесінің қасында жүрген уақытында "Есіңде болсын балам" деп басынан өткен жайы туралы айтқан сөздері оралады...

Әкесі Серікбайдың ата-мекені Жем, Сағыз бойы болатын. Өзіне де, бірге туған тумаластары Ақылбай, Ботабай, Қайыптарға да дәулет біткен, адамдар еді. Өз руластары шеркештер арасында қай-қайсысының да сөзі жерде қалмайтын. Билік айтып төрде отырмаса да, қысылғанда ақыл, торыққанда көмек сұрап келгендер олардың алдынан риза болып аттанатын. Бірін-бірі қолтығынан сүйеп, жұмылған жұдырықтай бірлігін ел құрмет тұтатын еді. Соған байланысты шығар, бұл ауылдың үстінде орынсыз дау-дамай да, жоғын жоқтап, сойылын сүйреткен өзге ауылдық қарымташысы да болмайтын. Өйткені, бұл ағайынды жігіттер құдайдың маңдайына сыйлаған барына қанағат тұтатын, бар ырзық несібесін сол алдындағы азғана малынан бұйырғанды жөн санайтын. Оның да бір себебі бар еді. Қай-қайсысы да, әсіресе Серікбай бала кезінен құдайдың бар екеніне иманындай сенген, бес уақыт намазын қаза қылмаған адам еді. Ескіше едәуір сауаты да болды. Алдына шәкірт жинап, молдалық қылмаса да, хақ жолының тазалығы, әділдігі жөнінде арғы-бергіден мол хабары болатын. Осы өлкеден өткен айтулы ақын-жыршылардың жыр, термелерін нақышына келтіре орындайтын шеберлігі тағы болды. Қыз ұзатып, келін түсірген, баласын сүндеттеп атқа мінгізген, талай-талай ақ түйенін қарны жарылған тойларда бәлсінбей қоңыр даусымен жыр айтатын. Құрық-жүген тимеген небір асауды кекілінен ұстап тырп еткізбейтін сіңірлі қолдары домбыра ұстағанда ерекше күйге түсетін. Қос ішектен жаныңды тербете шыққан әуен Серікбайдың қоңыр даусына қосылып, жан-жағын қаумалаған тыңдаушыларды еріксіз желпінтіп отыратын еді.

Бірақ, бұл дәурен ұзаққа созылмады. Ей, Алла-ай, баяғы шалдардың айтып отыратын "Қырық жыл тоқтық жоқ, қырық жыл аштық жоқ" деп айтып отыратыны рас екен. Анда-санда қымызға тойған бір-жар тентектің біреудің басын жарып, қолын сындырғаны болмаса, ия, өзге біреудің малын иемденіп, арты дауға ұласқаны болмаса, ел іші тыныштық еді. Бір күнгідей болмай, заманның асты үстіне шықты. Ауыл арасындағы тентекті тезге саламыз деп, болмаса біреудің құрығының астында кеткен ақ адал малын қайтарамыз деп, әр ауылға жиналатын ақсақал, көксақалдардың жиналысы кәзіргі жайдың қасында ойыншық болып қалды. Алдындағы малы, бауырындағы баласы түгілі қарақан басын қайда тығарын білмей, сенделген жұрт шілдің боғындай бытырап біреуі Үстірт асты, біреуі Жаңғақтың ойына құлады. Өмір бойы тірнектеп жинаған байлықтың, көктегі құдайдың шапағаты тиіп алдына біткен малдың адыра қалғаны ештеңе емес екен. Дүниедегі қорлықтың зорлықтың ең үлкені туған топырағыңнан жырақ кету екен. Бұл өмірде жыртылып, айрылып жататын мыңғырған малға пана болған кең даланың, бәрінен айрылып сопайып қалған басыңа қорғаныш бола алмағаны қиын екен.

Артына бес жасар Кемалын мінгестірген Серікбай бірте-бірте алыстап, көз ұшында қалып бара жатқан туған жеріне қимастықпен қарайды. Жағасы ит тұмсығы өтпес қалың жыңғыл, талға толы, бұралаңдап ағып жататын қайран Жем де көрінбей қалды. Түстікке беттеген сайын ауа райы да өзгере бастады. Шөптер сұйылып, күн көтерілісімен-ақ жан-жағын қуыра бастайды. Көбіне кешкі салқынмен, түнделетіп жүреді. Оның да өзіндік себебі бар. Біріншіден, көп көзіне түспеу болса, екіншіден, әлі бұғанасы қатпаған жалғыз баласын шөлдетіп алмау болатын. Серікбайдың кәзір алдына қойған мақсаты да, құдайдан сұрар тілегі де осы баланың тірлігі. Кемал оның өз шаңырағынан қалған жалғызы. Көздің сұғынан, жасаған иенің қаһарынан аман жүрсе болды. Кәзір шаңырағы ортасына түсіп, керегесі құлағанмен, бұлардың әулетінің ертеңгі өмірін жалғастырушы, бәрін қайтадан қалпына келтіруші осы емес пе.

Елде аласапыран басталғанда бұл өзгелер сияқты біресе қорадағы малына, біресе сандық түбіндегі жинағына жүгірген жоқ. Оларды түн жамылып үңгірдің қуысына тыққан да жоқ. "Бүл бір қайыры жоқ дүние болды" деді іштей. —Кезінде Құдай тағала өзі беріп еді. Енді қолдың кірі сияқты менің маңдайымнан таятын уақыты болған шығар. Жамбасыма басып айрылмаймын дегенмен жазмыш солай болса, біздің қолдан не келеді. Бұл дүниенің баянсыздығын талай-талай аузымен құс тістеген шешендер айтып кеткен жоқ па еді. Онда несіне сол боқ байлыққа бола жанымды ауыртам. Ертеңгі жоғымды жоқтар, ізімді жалғастырар жалғызымның амандығы керек емес пе. Осыны сақтайын шамам келгенше".

Содан бәріне қол сілтеп, бір түнде Түрікменстан жақты бетке алып шыққан. "Арты қалай болады, мүмкін заман түзелетін шығар" деп те ойламады. Әулие емес шығар, бірақ бұл өкіметтің әзір райынан қайтатын реті жоқ екенін іштей де болса сезеді. Қолына түскенін итжеккенге айдатып, ия түрмеге қаматып жатқаны анау. "Торына түсіп шырмалғанша баламды алып, діттеген жеріме жетейін" деп ойлаған.

Түн ортасында бауырындағы баласын оята алмай әрі-бері жатты. Жақсы мен жаманды айыратын жасқа келсе де, әлі ойын баласы ғой. Ештеңеден хабарсыз, әкесінің кеудесіне басын қойған күйі мұрны пысылдап, ұйықтап жатыр. Ойына осыдан аз уақыт бұрын қайтыс болған жары Қымбат түсті. Байғұс, соңғы кездері қыңқыл-сынқылы көбейіп ауыра беретін болды. Бірдеңені сезгендей мұнымен де көп ісі болмай, баласының қасынан шықпайтын. Кейде отыра қалып сандық түбінен киімдерін алып қарайды. Қысқарғандары болса бойына шақтап қайта тігеді. Әуелден де қолы шебер адам еді. Тіккені құймақтай болып, баласының үстіне жабысады да қалады. Өмірден өтерден екі-үш күн бұрын:

- Серікбай,- деп еді екеуі оңаша қалғанда. —Неге екенін білмеймін, көңілімде бір қорқыныш бар. Қорқыныш емес-ау, осы балаға, Кемалжанға деген үлкен сағыныш бар менде. Күн сайын бауырымнан өріп, құшағымда жатса да, осы жалғызды жоғалтып алатындай көрем. Кейде түн ортасында шошып оянам. Қасымда жатқанын көрсем де, көңілімдегі бір үрей толастар емес. Білмеймін, осы жалғыздың қызығын хақтағала маған көп көрмес пе екен. Өткенде бір түс көріп едім. Айдалада жалғыз өзі жылап отыр. Сен болсаң алды артыңа қарайламай бір ағысы қатты өзеннен өттің. Әлгі өзен жарықтық біздің Жемге ұқсамайды. Оның ағысы да, әрбір бұрылысы да маған таныс қой. Мөп-мөлдір болып жатады ғой қашанда. Ал, сен өтіп бара жатқан әлгі өзен ондай емес. Жан-жағыңа қараған сен жоқсың, арғы жағында бұлдырап көрінген, маған таныс емес биік тауға қарата беттеп барасың.

- Ойбай-ау, Серікбай, ана жалғыз қалған Кемалға қарасаңшы,-деймін. Оны еститін сен жоқ, бірте-бірте ұзап барасың. Өзім барайыншы ендеше деп орнымнан тұра бергенімде тайғанақтап қайта құладым. Қарасам астым сусыма құм екен. Ұмтыламын құлаймын, ұмтыламын құлаймын. Қолыма ілінер ештеңе жоқ. Кәдімгі құлық сияқты бірте-бірте құмға сіңіп бара жатып, айқайлап шошып оянғанмын. Содан бері бойымды бір таусылмас үрей билеп алды. Заман болса мынау. Ертеңгі түгілі, бүгін не болып кететінін ешкім білмейді. Сондай қиын кезеңде қасыңда болып қолтығыңнан демей алмасам маған өкпелеме. Енді саған серік болып жарытпайтын шығармын. Егер алай-былай болып кетсем, менің жаным жайлы жатсын десең, жалғызды жоғалтып ала көрме. Түбі сенің шаңырағыңды жоғалтпай, желіңді ұзартатын да осы ғой,- деп еді өксіп отырып.

Бәрінде білген екен бейшара. Аузына сол сөзді құдай салды ма, қайдам, содан көп ұзамай кете барды. Жүрегі қан жылап отырып әке-шешесі жатқан қауымның шетіне апарып қойған. Сөйтіп, бұл өмірден көрген қызығы мен қиындығы бір күнгідей болмай өте шыққан Қымбат та, бір уыс топырақты жамылып айдалада қала берді. Жұрт орнынан көтеріліп әудем жердегі ауылға беттеді. Әкелі-балалы екеуі ғана жас қабірдің қасында отыр. Серікбай жасы сорғалап үн-түнсіз отырған баласын бауырына тартты. Күн исі аңқыған басынан иіскеп отырып;.

- Балам,- деді өзін-өзі зорға тежеп. —Екеуміз де кәзір қанаты қайрылған құс секілдіміз. Сен үлкен қамқорыңнан айрылдың. Мен болсам ошақ басының берекеті болған, ұйытқысы болған тіреуішімнен айрылдым. Алдымыз бұлыңғыр. Түсер соқпағымыз қандай, бағытымыз дұрыс па, бұрыс па, оны мен де білмеймін. Осы әулиені, анаң жатқан осы жерді жаныңа жаттатып ал. Бір емес, бірнеше рет қара балам. Мына аласапыран уақыт ең болмаса басына ит сарымас қоршау салып, белгі қоюға мұрша бермес. Топырақтан тысқары болсақ келерміз. Ал, әлдеқалай заман болып, оған әкеңнің қолы жетпесе бұл саған аманат болады балам. Тірінің өлі алдындағы парызы да, міндеті де осы. Әкеңнің үйреткен "фатиха" сүресін ұмытқан жоқсың ғой. Қайда жүрсең де өлілерге бағыштап, соныңды оқуды ұмытпа. Артыңда жоқтаушысының бар екенін сезініп, жандары нұрға бөленіп жатады. Қиналған, қажыған кезеңдеріңде бұлардың рухы демеу болады. Өлі риза болмай, тірі байымайды. Құдіреті күшті Алла тағала ата-анасын тіріде сыйлап, өліде есінен шығармай дұға еткен пенделеріме қай уақытта да разымын депті. Құранда солай деген бар, балам. Осы айтқандарымды есіңе сақта,- деп баласының қолтығынан сүйеп орнынан тұрған.

Міне, енді баласын артына мінгестіріп түстікке бет алғанына да бірнеше күннің жүзі етті. Жем, Сағызы да, керіліп жатқан Үстірт те артта қалды. Өзі сияқты басы мәңгіп бара жатқандарға қосылып түрікмен жеріне де аяқтары ілікті. Бұл жер тыныштау сияқты. Дегенмен қорқып қалған көңіл ғой, неде болса артымыздағы қуғыншылардан алыстау болайық деп ішкері қарата сұғынатүсті. Содан Байрамалы, Тәженге барып ат арқасын босатқан. Қасындағы жалғыз сүйеніші, баласынатамақіздеп жүріп, ел жақтан келген адамдардың әңгімесіне құлақтүреді. Айтыстары жақсы емес. Қолдарына түспей, уысынан шығып кеткендерді іздеп жатыр дейді. Сөз саптастарына қарағанда осы жаққа да келетін сияқты.

- "Апыр-ай",- дейді ішінен. —Қайда барсаң да Қорқыттың көрі дейтін осы болды-ау. Енді не істеу керек. Дүрліккен жұрттың Иран асып кетіп жатқандары да бар. Соларға еріп кетсек ол жаққа барғандағы күйіміз не болады. Қазіргі уақытта әрбір қадамыңа есеп бермесең болмас. Кемалды осындағы Есеннің үйіне тастай тұрайын. Арғы жағы ағайын емес пе. Далағалақтырып тастамас. Өзім сол жаққа барып, келіп жүретін адамдармен саптасып кетейін. Әзір шекарасы бостау ғой. Аманшылық болса орныққасын бір түнде келіп алып кетермін. Ал, бұл үкімет райынан қайтып жатса бөтен елде нем бар, қайтып келермін.

Содан өз ойын Есенге келіп айтқан. Серікбайды үнсіз тыңдап отырған Есен:

- Дұрыс екен,- деді. —Мына алашапқын басылғанша жүзіңді жасыра тұрғаның жөн болар. Маған бір ой келіп отыр. Өзің де байқап жүрген боларсың. Бұл жаққа келіп табан тірегеннің көбі адай ағайындар. Сенің руың, шеркештер саусақпен санарлық. Бар болса да баяғыдан бері Маңғыстауды, Үстіртті мекендегендер. Ал, сен келген Жем, Сағыз бойын жағалағандар мына дүрбелеңде Арқаға кетті ме, әлде отырып қалды ма, білмеймін, Түрікменстанға көп келе қойған жоқ. Ол жақтан келген жалғыз сен. Демек, сені мында ешкім танымайды. Сондықтан болашақ ілесер адамдарыңа да, Иранға барғанда да атынды басқаша қылып айт. Ізіңнен іздеуші келе қалса Серікбайдың қайда екенін, бұл жаққа келген-келмегенін білмейтін болсын. Оны айтып отырған себебім, мына артта қалған балаңа зияны тимесін дегенім. Уысынан сытылып кеткеніңді білсе, баланы алып жетім-жесірлер үйіне жіберер. Ондай жағдайда артынан іздеп бара алмасың өз-өзінен белгілі. Ал қалғаны маған аманат. Маңдайына жазғанын елмен бірге көтерер. Аман көріселік,- деп қош айтысқан.

Көп ұзамай түн жамылып Иранға бет алған адамдардың ортасында, көп ешкімге таныс емес Есқалида (ол енді Серікбай атын ұмытқан) бара жатты...

- Міне, аға, осында Маңғыстауда атамды білетіндерден естіген хабарымыздың жобасы осындай. Әкем Кемал сол Түрікменстанда өсіп ержеткен. Үйленген, балалы-шағалы болып, қызмет тұтқасын да ұстапты. Артынан өмірден өтті. Әкесі (біздің атамыз) бастапқы әзірде бір-жар рет Ираннан қатынап келіп кетіпті. Содан соң хабарсыз. Себебі ол уақытта екі ортадағы шекара жабылады. Кеңес үкіметінің тұсында байланыстың болмағаны белгілі ғой. Біреулер сол жақта үйленген екен деген де әңгіме айтады. Сіз өзіңіздің өткен жылғы жолжазбаңызда Иран қазақтары ортасында белгілі жыршы-термешілерден руы шеркеш Есқали, Бәубек Назардың болғанын жазыпсыз. Елге қайта оралған ирандық ағайындардан сұрастырып қарағанымызда шеркеш руынан жалғыз сол Есқали екен. Молдалығы да, жыршылығы да сол біздің атамызға келетін сияқты. Адамның көңілі дейтін бір құдірет бар ғой. Менің көңіліме сол Есқали біздің атамыз сияқты болады да тұрады. Тіпті сол Есқалиды білетіндерден түр-түсінің қандай екенін де сұрастырдым. Мынау менің інімнің суреті. Көрген адамдар Есқалиды осы балаға ұқсатады. Біздің басқаларымыз әкеміз сияқты дөңгелек бетті болып келеміз де, бұл бала атжақты, қабақты. Қол қайраты да бар. Кезінде Есқалиды көргендер оның да қажарлы адам болғанын айтады. Тағы да жол жүріп бара жатырсыз ғой. Менің қолымдағы осы суреттерді алып кетіңіз. Бір септігі тиер,-деп өтініш жасаған болатын.

Біздер бұдан жетпіс жылдай бұрын хабарсыз кеткен атасын іздеген Несібелі қарындасымыздың перзенттік борышын жанымызбен түсіндік. Сапарымыздың сәтті болуын тілеген қарындасымызға рахметімізді айтып, тағы да Иранға бет алған едік.

Несібелінің айтуы бойынша Иранда үйленген Есқалидың әйелі Ілгекке бір ұл, бір қызы еріп келген. Ұлы көтеріліп ауыратын болыпты. Аурулығына байланысты болар, есейгенмен жанұя құрып, шаңырақ көтермеген. Ал, қызы Ақзерден туған балалардың бәрі сол жақта тұратын көрінеді. "Соның бірі Керім Горган қаласында мұғалім болған, кәзір денсаулығына байланысты зейнеткер көрінеді. Кездесіп жатсаңдар Есқали жөнінде нақты хабарда сол кісі айтуы мүмкін",- деп еді.

Парсы жерінде үш қалада шоғырласып орналасқан қазақтар бірін-бірі таниды. Қуаныш, қайғылары да ортақ. Ондай жағдайда шақыртуды керек етпейді. Естісе болды, шаруалы болып жатқан ағайынға төбесін көрсетіп, көңілін білдіруді өзінің борышы санайды.

Бендер Түрікмен қаласындағы Әбжет ініміздің үйінде отырып, Горганда тұратын Керім жөнінде сұрағанымызда бәрі де тосылып қалды. Оның себебі де белгілі. Бұлардың ортасында жоғары білім алғандары саусақпен санарлықтай.

- Сен қателесіп отырған шығарсың. Әлде саған іздейтін адамыңды басқамен шатастырып айтқан шығар. Бұрын мұғалім болып істеген, кәзір зейнеткер адам Горганда сен іздеген Керім емес, оның аты Ізжан. Руы көрпе. Ертең апаралық. Оның да сол өзің іздестіріп жүрген Есқалимен байланысы бар. Өйткені, Есқали шындығында да шеркеш руынан жалғыз өзі еді. Алғаш келгеннен бастап сол көрпе руына кірме болды. Осында келіп үйленгені де көрпе Боранқұлдың бұрынғы әйелі болатын,- деді маған.

Ертесіне Горган қаласына барып Ізжан ағамыздың да табалдырығынан аттадық. Қазақ қай уақытта да, қай жерде де қазақ қой. Ағамыз қалбалақтап келесі көшедегі қыз ұзату тойында жүрген жеңгеміздің соңынан бала жүгіртті.

- Тез шақыр. Үйге сонау Қазақстаннан, елден қонақтар келді. Дүкенге соғып, дастарханына керек-жарағын ала келсін. Тойына үлгерсе артынан барар, үлгермесе бұл жақтағы қызықтың алды-арты бұл емес қой,- деп төмен түсіп бара жатқан баланың артынан айқайлады.

Көп ұзамай жеңгеміз де келді. Сөзі мен ісі қатар жүретін адам екені көзге ұрады. Жарқылдай амандасып жүріп дастарханын жайып жатыр.

- Ағаң осы қайным. Үлкейді ме, әлде шыны сол ма, білмеймін, көзінен таса қылғысы келмейді. Ия, бірге жүреді, ия, осылай артыңнан жоқтаушы келіп тұрады,- дейді маған қарап күліп.

- Сол дұрыс шығар, жеңгей. Бірлесіп жүргенге не жетсін. Сіздердің маңдайларыңызға тағдырдың жазған тауқыметі аз емес қой,-деймін.

- Е, айналайын-ау, дұрыс айтасың. Әке-шешелеріміздің көрген қиындығын құдай басқа бермесін. Олар өмірден өткенше жан-жағы бүтінделмей, іздеу салумен өтті ғой. Айтқан әңгімелерін тыңдай отырып, уақыт өткен сайын бәрі де ұмыт болатын шығар дейтін едік. Олай емес екен. Екі ортада ашылған соңғы 10-15 жылдан бері бірін-бірі іздеп сұрау салушылар толастар емес.

- Адам баласы ертеңге деген үмітін үзбейді ғой, жеңгей. Біздер осында келгенде өмірі ұшын таптырмас, сансыз тарау жолдарға түсіп кеткен бір адамның ізін шығарамыз ба деп келдік,- дейміз біз.

Содан шәй үстінде негізгі әңгімемізге бет бұрдық. Бізді тыңдап отырған Ізжан ағамыз біраз уақытқа дейін үнсіз отырды.

- Ия, біздер Қарасу деген жерде Есқалимен бір отырдық. Баламыз ғой, оның арғы-бергі басынан өткенін қайдан білейін. Бір ұл, бір қызы болды біз білгенде. Баласының аты Үсен, қызының аты Ақзер болатын. Үсен көтеріліп ауыратын. Әсіресе, көктемнің, күздің тұсында, құстың келер, қайтар уақытында сол ауруы күшейетін. Осындағы темір жол бойында атқа мініп алып, өткен-кеткен поезбен жарысып жүретіні есімде қалыпты. Есқалиды жұрт молда дейтін еді. Сонысы рас шығар, әлгі Үсен ауырғанда өзі ем жасайтын. Бойға сіңген ауру ғой, құлантаза жазылып кете алмады байғұс. Есқалидың артынан біраз уақыттан кейін, ана бір жылдары қайтыс болды. Ал, қызы Ақзер бір руы ескелді жігітке тұрмысқа шықты. Одан туған Әбділуақаб, Әбділхаким, Керім, Әбдірахман, Әбділқадыр деген балалары болды. Ұмытпасам екі қызы болуы керек. Солардың үлкені Керім мына қасыңа еріп келген Әбжеттің көршісі, әрі ағайыны. Есқали сол біз тұрған Қарасудан онша қашық емес Бесжусанда жатыр. Айтпақшы, сендер өткен жылы сол жерде атақшы құдықшы Бейнеубайдың басына құлпытас орнатқан жоқ па едіңдер. Есқалида сол Бесжусанда. Басында белгі бар. Барсаңдар табасыңдар. Менің білетінім осы. Жалғыз үй шеркеш екені рас. Көрпе руымен арғы жағында қандай байланысы болды, оны анық білмеймін. Жалғыз өзі болғасын уақытында соларды сағалаған шығар. Ал, енді оның бізге қатысты жайы мынадай. Менің шешемнің аты Дархан, руы жаманадай Үсен дейтіннің қызы. Сіздің жақта жаңа үкімет орнап, қуғын-сүргін басталған уақытта Дархан шешесі екеуі бері асады да, әкесі Үсен мен апасы Балым екеуі Маңғыстауда қалып қояды. Босып келе жатып бір-бірінен адасып қалса керек. Содан олар Есқалидың қолында болады. Бой жеткесін Яарханды жаңағы Есқали көрпе Ағатайға ұзатады. Ағатай жастай қайтыс болғасын шешем (Дархан) қайнысы Құлтөреге тиеді. Одан сірә біз тараймыз. Жалпы біздің әкеміз Құлтөренің әлгі айтқан Ағатай, сосын Қуанышбек, Алғи деген тумаластары болған. Осылардың тек Қуанышбегі ғана Маңғыстауда қалған. Басқасына топырақ осы Иран жерінен бұйырды. Ана бір жылдары сол Қуанышбектен тарайтын тумаластарыма барып келгенмін. Соңғы кезеңдері жол жүруге жүрегі құрғыр әлсіз болып жүр. Ұстамасы бар. Өзіме-өзім сенбеймін. Іздестіріп жүріп шешемнің апасы балымды да таптым. Кәзір сол өздерің келген Ақтау қаласында тұрады. Ай, қарағым-ай, сол бір жылдардағы әр адамның басынан өткен қасірет ұмытылар ма. Тіпті соны еске алғым да келмейді. Біз әрине, ел құлазып иесіз қалғанды, ұшы-қиыры жоқ кең даланың әр жерінде шашылып сүйек қалғанды көргеніміз жоқ. Бірақ шындығы солай болыпты.

Айта берсе әңгіме көп қой інім. Көбіне өткен кезеңдерге орала бергім келмейді. Жүрек түкпіріндегі аналарымыз арқылы жеткен шерді қозғағаннан түсер пайда жоқ. Сендер осыдан кейін ешқайда бұрылмай тура Керімге барың. Әңгімелеріңнің ретіне қарағанда жоқтарыңның ізі шыққан сияқты ғой. Есқалиың да, Серікбайың да сол кісі шығар. Айттым ғой, бұл жердегі қазақтар бірін-бірі таниды деп. Есқали жалғыз үй шеркеш болатын. Одан басқа адамды көргеніміз де жоқ, естіген де емеспіз.

Керім ағамыз көп сөйлемейтін, тұйық адам болып шықты. Оның үстіне қан қысымы көтеріліп маза бермейтін сияқты. Біздің әңгімемізді тыңдап отырып басын изей береді. Көңілі бұзылып, дөңгеленіп жас келді.

- Ия, кәзір екі орта ашылып қатынас орнап жақсы болды ғой. Келген кеткен адамдар Ақтауда тұратын бір әйелдің Есқалиды үнемі іздестіріп, сұрау салып жүргенін айтқан-ды. Өткенде бізде қалған жалғыз суретті үлкейтіп дайындап қойғанбыз. Бірақ соңғы кезеңдері осы аурудың кесірінен ұмытшақ болып барамын. Тарс есімнен шығып кетіпті, сәлемдемемді беріп жібере алмадым. Бір жағынан ол да жақсы болды. Нағыз іздеушілері келді ғой. Мынау сол сурет еді,- деп маған ұсынды.

Ия, Несібелі қарындасымыздың айтқаны рас екен.

Оның інісі мен Есқалидың суретін қатар қойып қарағанымызда үлкен ұқсастықты байқадық. Екеуінің қас-қабағы да, жақ бітімдері де бір-бірінен аумайды.

Керім ағамыз Горганда тұратын інісі Әбдіуақабқа телефон шалып ертең осында келуін тапсырды. Бұлардың ортасында арнайы білім алып мұғалім болып істейтіні сол екен. Есқалидан қалған кейбір қолжазбалар да соның қолында көрінеді. Бірақ онда не жазылғанын Керім ашып айта алмады.

Әбдіуақабтың келетіні жақсы болды. Өткен жылы көргенде танысқанбыз. Елге қайтардан бір екі күн бұрын көлігімен келіп бізді Горганның әдемі табиғатымен таныстырған. Қалың орманның ішінде отырып әңгімесін де айтқан, үйінен арнайы дайындап әкелген кәуебін пісіріп құрметін де көрсеткен еді.

Әр нәрсені бір ойлап түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шықтым. Шілденің май тоңғысыз түні. Есік алдындағы орындықта отырып тағы да Есқали жайында ойлаймын. Артында қалған жалғыз баласы Кемалды ойлап осы жерде талай рет сағыныш жасын төккен де болар. Өзін қоршай отырған қандастарына көзден бұл-бұл ұшып, артта қалған туған жер туралы жырын талай рет айтқан да болар. Өткенде осындағы Жаңбыр ақсақал:

- Шырағым менің домбыра ұстап, жыр айтпағаныма көп заман болды. Кәзір тоқсан дейтін жастың үстіндемін. Бірақ алыстан келген меймансың ғой. Мәселеңді қайтармайын. Өзің сұрап отырған Есқали марқұм айтулы жыршы болатын. Жас кезімізде біздің ұстазымыз болған да сол. Жадымнан шығып кетпесе соның бір-екеуін айтып берейін деп кәрілік жеңген жарықшақ даусымен бір мұңды әуенге салып еді. Сол әуен ызыңдап құлағымнан шықпай қойды.

Таң атып келе жатыр. Шағын қаланың өзіндегі жүздеген мешіттерден шақырған азан даусы бірінен соң бірі жалғасып кете барды. Жаныңа жайлы, қан тамырыңды қуалап бойыңды балқытып, соңына ерткен әдемі әуен қала үстінде қалықтап тұр. Қақпалар ашылып, мешітке қарата асыға кетіп бара жатқан адамдардың даусы естіледі.

Айтқан уақытында Әбдіуақабта келді. Қолында кішкене сөмкесі бар. Амандық саулық алысқаннан кейін сөмкесінен бір-екі қалың дәптер алып біздің алдымызға қойды.

- Есқалидан қалған қолжазбалардың мендегі бары осы. Өз өмірі туралы ештеңе жазылмаған. Мынау құранның үзінділері, дұғалар. Өзің оқи алмағанмен қасындағы Нияз түсінеді ғой. Біраз нәрселер бар еді. Ана бір жылдары Үсен көтеріліп жүріп көбін өртеп жіберіпті. Ал, Есқалидың арғы бергі тарихын осындағы адамдардан естіген шығарсыңдар. Оның несін қайталайын. Сол өздеріңнің айтқандарың, жобаларың дұрыс шығар. Қазақстандағы Несібелі қарындасымыздың тынымсыз ізденіп жүргенінен біз де хабарлымыз. Жол түссе ол жаққа менің де барғым келеді. Танысып біліскенге не жетсін. Осындағы үш қаладағы қазақтар жыл сайын азайып келеді. Қолынан келгендер туған топыраққа оралуда. Біздің көшіміздің ол жаққа қашан бағыт алатыны белгісіз. Қу тірліктің қамымен әлі жүрміз. Сіздерді Бесжусандағы Есқалидың басына апару үшін келдім. Былтыр барғанда байқамаған боларсыңдар. Сол Бейнеубайдың іргесінде жатыр. Қасынан өткен сайын дұғамды оқып кетемін,- деді.

Қайтадан Бесжусанға тарттық. Жиырма шақты үйден тұратын шағын ауыл. Көбі түрікмендер. Бендер қаласынан онша қашық емес. Биыл қазақтар жерленген осы қорымды белуардан келетін қалың шеңгел басып кетіпті. Бұл жақтағы ағайындар біздің жақтағыдай биік кесене, бестас, құлпытас дегенді білмейді. Төртбұрышты мрамор плитаға аты-жөнін ғана жазады. Оның биіктігі тізеден аспайды. Соған байланысты қалың шөп ортасынан былтырғы Бейнеубай жатқан жерді таба алмай әрі-бері жүрдік. Үстімізге қадалған тікенде біраз кедергі болды. Машинада жатқан күрекпен алдымызды тазартумен болдық. Бір жақсысы қураған шөп жол салуымызға көп қиындық келтірмеді. Ақыры таптық. Шындығында да Бейнеубай құдықшыдан онша қашық емес жерде екен.

Басында отырмыз. Аты-жөні жазылған плита тасты қына басып өшуге айналыпты. Бетін қырып тазалағаннан кейін ғана оқуға мүмкіндік туды. Ештеңеден хабарсыз "Кім екенімді өзің тауып, өзің біл" дегендей бір төмпешіктің астында жай тапқанына да бірнеше ондаған жылдардың жүзі өтіпті. Жан-жағыма қарадым. Біраз аумақты жерді алып жатқан қауым. Бәрі де қазақтар көрінеді. "Тағдыр-ай,-деймін ішімнен. "Адамның басы Алланың добы" деген осы ма. Қаншама қандастарымызға туған жердің топырағы бұйырмаған. Тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен сол азалы жылдары осында дәмі таусылғандар бір кездері артынан іздеушісі болатынын сезді ме екен. Әлде мәңгі өлмес рухтары әлдеқашан туған жерге оралып артта қалған ұрпақтарын желеп-жебеп жүр ме екен. Мына жатқан Есқали да (мүмкін Серікбай) бір хабары шығар деп шырылдап жүрген Несібелі қызының сәлемін әкелген біздерге риза болып аунап түсіп жатқан да шығар. Әзірге біздің қолымыздан келгені басына келіп рухына бағыштап дұға оқу болды. Сонымен бірге осындағы адамдардың "сол болуы мүмкін" деген бір ауыздан шыққан әңгімесін жеткізу. Анық-қанығын айыру мүмкін әлі де алдағы күндердің еншісінде болар. Бірақ бір ғана нәрсе айқын: ол - дүниенің қай бұрышына кетсе де, көз көріп, құлақ естімеген қай жерде дәмі таусылса да артынан іздеушісі бардың бақыттылығы, атының өшпейтіндігі.

АҚБАЙПАҚ

Жыл сайын жаз мезгілінде, еңбек демалысына шыққаннан кейін бала-шағамды, тумаластарымды ертіп Қызылсуға баратыным бар. Ол жерде менің әкем, ағам, басқа да ағайын-туғандарымыз мәңгілік тыныштық құшағында жатыр. Әрқайсысының басына барып білген дұғаларымды оқимын, қасыма еріп жүрген балаларыма олар туралы бұрын естіген әңгімелерімді айтамын. Шама келсе жаддарында жатталып қалсыншы, бұл жердің қасиетті екені, бір кездегі ата-бабаларымыздың мәңгілік мекені болғанын ұмытпасыншы, айналып келіп, ақыры оралатын қазығымыз да осы екенін білсінші деген ойлармен үнемі айтатыным да, қайталайтыным да сондықтан.

Әулие іргесінен төмен қарата ағып жатқан Ащыағардың басына барып суға шомыламыз. Қамыс пен жыңғыл ұйыса өскен терең аңғар бастапқы әзірде қапырық болып көрінгенмен, бірте-бірте жаныңа жайлы әсер етіп, су астында отыра бергің келеді. Алдымда отырған немерем де сартас қабырғаларынан ән салып, тамшылай аққан көз суына қайта-қайта алақанын тосып, шаттықтан сықылықтай күледі.

Бүл жерден жан-жағың алақандағыдай түгел көрінеді. Анау көз ұшында сағымға араласып бұлдырап тұрған Күйеу там. Одан төменде сірә, жарықтық Шопан-ата жатыр. Шығысқа қарата жүрсең Түйесудың төрткүлі. Әріде күнге шағылысып аппақ болып созылып жатқан Сахардың тауы. Батыс бетің бұйраланып жатқан, бұл жердің адамдарына атам заманнан құтты қоныс болған Бостанқұм. Осылардың ортасында төбе басында орналасқан Қызылсу ауылы мен үшін қайда жүрсем де жүрегімнің бір қапталынан мәңгілік орын тепкен мекен. Өйткені осында өмірге келіппін, ес біліп, жақсы-жаманды айыратын жасқа келгенше осында болыппын. Алғашқы мектеп табалдырығын аттағаным да осы жер. Көкірегі ояу, ойы терең ақсақалдардан осындағы күмбез, сағана тамдардың ішінде жатқан әйгілі адамдар жөнінде тұңғыш әңгіме естігенім де осы жер. Анау елуінші, алпысыншы жылдардың мен үшін қызығынан қиындығы, жоқшылығы басымдау, жадау иін, жарты көңіл кезеңдерінде өмірден өткен адамдардың аруағы қолдап, рухы демеп жүреді дегенге иманымдай сеніп, табынғаным да осы жер екен. Ауру иықтап, сынық арбадай бірде жүріп, бірде кідіргенмен әлі күнге дейін бала-шағамның алдында қалқиып келе жатқаныма шүкіршілік ететінім де, осы топырақтың киесі деп есептейтінім шындық.

Ата-баба аруақтарына арнаған құрбандығымызды тарқатып, өзімізбен бірге ерте келген, ия болмаса сол ауылдағы үлкендердің батасын алғанша қараңғы да түседі. "Қабыл болсынын" айтып олар төмендегі ауылына беттейді. Жым-жырт тыныштық басқан түнде олардың кебістерін сүйретіп кетіп бара жатқаны, сөйлегендері біразға дейін естіледі. Біз болсақ, ауылдан арнайы дайындап әкелген, шыжғырған қой майына қаныққан шырағымызды алып әкеміз жатқан жерге беттейміз. Тас қараңғы түнде құбыладан соққан әлсіз желмен шалқи жанған шырақ қасында әрі-беріге дейін үнсіз отырамыз. Осы бір жанға жайлы тыныштықты ешкімнің де бұзғысы келмейді. Тіпті бір-біріне сүйенісіп қасымызда отырған немерелеріміз де, қарауытып көрінген күмбез үстіндегі байғыздың құмыға шақырғанына еліткендей өздерімен өздері. Анда-санда құлпытас бетіне салынған шаңырақ мүйізді арқардың суретіне, ия қол созым жерде тұрғандай жарқыраған аспандағы жұлдыздарды кіп-кішкентай қолдарымен көрсетіп, жып-жылы тілдерімен бірдеңе деп былдырлайды. Шыраққа алақанын тосып, өз-өзінен күбірлеп олардың беттерін, кеудесін сипаған әжелерінің үміт тілегін сезінгендей ұмтыла түседі. Қарамды көбейтіп, жан-жағымнан қоршай отырған ұл-қыздарымның бірлігіне тәубе ете отырып, артта қалған жылдарды көз алдыма елестетумен боламын.

Жүрегім шаншып, көзім бұлдырап, кеудеме өксік тығылғандай.

Онда да дәл осындай жаздың қараңғы түні елеуреп ауырған мені шешем мен өзімізбен көршілес отырған Сәлен апамыз екеуі сүйемелдеп біресе Тұрмағамбет хазіретке, біресе ол уақытта жай қотыр тастармен қоршай салған әке қабірінің басына әкелген еді.

- О, құдіреті күшті Тұреке,- деп еді Сәлен апам. —Мына бала осы әулеттен қалған жалғыз еді. Өзін баулап ұшырар қолдаушысының жоқ екенін білді ме, қанатын қағуға ерте талпынды. Бірақ, жетіспеген қауырсын жазылып ұшуға қайдан мүмкіндік берсін. Оңбай құлады, бауырымен тасқа түскендей болды, Тұреке. Сол кезде қызыл шақа балапанды көтеріп ұясына салар жылы жүректі ешкім болмады. Көріп тұрып аяушылықжасамады. Табанымен таптамаса да, аяғымен әрі ысырып тастады байғұс баланы. Бірақ, көрер жарығы бар екен, әлі тірі. Менің көңіліме қанаты былқылдап жатқанымен, бүтін сияқты. Күнәдан пәк періштені көз алдынан өткен қатыгездік шаршатып тастады ма, қайдам, әйтеуір әлсіз. Ал, аға, - дейді бір уақытта Тұрмағамбет хазіретке таяу жатқан әкемнің қабіріне қарап. - Сен де құр емес сияқты едің ғой. Жалғызың осындай күйге душар болды. Біреуге кеткен есемізді қайтар деуден аулақпыз. Ондайды ойымызға алған да жоқпыз, міне, түн жамылып отырмыз. Кек қуатындай жетім бала мен жесір қатынның қолында не қайрат болушы еді. Біздер үшін жайымызға жүргеннің өзі олжа емес пе. Құдайдан сұрарымыз, сендерден екі ортада дәнекер бола көріңдер деген өтінішіміз осы баланың амандығы. Қолтығынан демей көрің, - деп жасы парлап сұңқылдағаны есімде.

Біздің үйде бір-бірінен аумайтын бес-алты ешкі болды. Лақтары да өздері сияқты. Есік алдына мал бітіп, соның тірлігімен айналысқанымызға көңіліміз көтеріліп қалды. Бәрінен бұрын маған жақсы болды. Таң ата шөлмегімді қолыма алып, көрші көлемнің босағасынан аттап сүт сұрауды қойдым. Бірінде жоғын бірі беріп, жыртығын бірге бүтіндесіп жүрген ауыл болсада, кей кездері көңілімнің жабырқап қайтатыны бар еді. Барған мәселемді қайтармаса да, шөлмегімді ұстап босағада тұрған маған кейбіреулері ала көзімен қарап, түбіне тамызып берген ыдысымды зорға алатынмын. Далаға шыға бере әлгі үйдің алдында бырт-бырт күйсеп жатқан малдарына қызыға қарап, осы бір көзіңді сатып, күн сайын өзге үйдің табалдырығынан екі ойлы болып аттаудан құтылатын күнді армандайтынмын.

Құдай берейін десе оңай екен. Бір күнгідей болмады, міне, біздің үйдің алдына да мал бітті. Түс мезгілі болатын. Жаңа ғана қоламтадан шыққан, исі бұрқыраған күлше нанды шешем екі бөліп, жартысын орамалға орап кебежеге салды да, қалғанын біздің алдымызға қойды. Жарықтық, жаңа ғана оттан шыққан наннан тәтті не бар екен бұл өмірде. Сілекейіңді шұбыртып өзіне тартпай ма. Қарбытып асап жатырмын. Осы кезде үй сыртына дүсірлетіп бір атты адам келіп:

- Ай, қарындас, шығып кет, - деді. Дауысынан таныдық, бұл осындағы колхозда бригадир ме, әлде ферма меңгерушісі ме, білмеймін, әйтеуір маған үлкен дөкей болып көрінетін Рахмет. Маған әріден қосылатын нағашы болып келеді. Біздің шешеміздің туған ағасы, ия, інісі жоқ. Бәрі де ертеде өмірден өткен. Сондықтан өзімен рулас адамдар тап болса болды, соны төркін қылып жүретін жайы бар.

Шешем жаулығын түзеп тысқа шықты. "Үйге кіріп шәй ішіңіз" деген болуы керек, нағашымның:

- Жоқ, сау бол қарағым. Балалар аман ба. Асығыспын. Өзіңмен ақылдасатын бір шаруа болып келдім,- дегенін естідік те, апамыз екеуміз тамағымызбен бола бердік.

Біраздан соң шешем үйге кірді. Қара шәйнектің қасына отыра беріп жаулығының ұшымен көзін сүртіп маған қарап отырды да, сөйлей алмай қайтадан көз жасына ерік берді.

Ештеңеге түсіне алмай біз отырмыз.

- Осындағы адамдар колхозшылардың еңбегіне жылқы таратып береді деп айтушы еді,-деді біраздан соң өксігін басып. -Әркімнің жасаған жұмысына қарай бөлетін шығар. Осы колхоздың отымен кіріп, күлімен шығып еңбек еткен әкең болса өмірден өтті. Борбайымыздан боғымыз ағып күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүрсекте, біздің еңбегімізді ер азаматпен қатар қоймайтыны, сірә белгілі. Маңдайымызға тай болса да бұйырып жатса, сені соған мінгізсем деп армандаушы едім. Даланың шөбі таусылып, суы сарқылмаса аштан өлмес, баламның тақымына жараса болды деп ойлайтынмын. Дегеніміз болды, бірақ есік алдынан оны көре алмаспыз. Бізге қамқор болып, қол ұшын беріп жүрген Рахмет нағашыларыңды басқа жаққа жұмысқа ауыстыратын болыпты. Маған айтқаны: "Біздерге тиесілі болған бір бие Үстірттегі табын ішінде көрінеді. Күзде ойға құлаған жылқы ішінен оны кім сендерге ұстап береді. Қолдарыңа әкелгенмен оны қайтіп бағасыңдар. Біреуге аманат етіп қосып қойғанда қалай болады. Түн жамылған ұрының да, даланың ит, құсының да кедейдің жалғыз тұяғына көзі түсетіні бар. Сондықтан саған айтар ақылым, мен Үстіртке бара жатырмын. Арғы жағында Құлсары бетте де шаруам бар. Жылқыңды сол жақта сатып, ақшасына ешкі алып беріп жіберейін. Сол дұрыс болар. Ешкі жарлының малы. Сүтін қатық қылып, түбітінен байтаба тоқып, өсіп жатса лағы болса да балаларыңа қызылдап бересің",- депті.

- Мен не дейін оған, келістім. Ең болмаса жылқы жалынан тартып мінбегеніңе көңілімнің босап отырғаны ғой,- деді.

Жеп ортырған наным тамағыма тұрып қалғандай болды. Танауыма ащы бірдеңе келгендей. Енді отыра берсем арғы жағымнан лықсып келе жатқан көз жасыма тежеу бере алмасымды білдім де, далаға атып шықтым. Ауыл алдында ағып жатқан Ащыағарды кесіп өтіп, ақшағыл құмды бетке алып жүгіре бердім, жүгіре бердім. Көз алдым бұлдырап жүзгіннің ашылып қалған тамырына қайта-қайта сүрінсем де, тоқтағаным жоқ. Бір уақыттарда мұрныма ылғал исі келгендей болды. Өкпем удай ашып, діңкелеп отыра кеттім. Ауыл алдындағы бес-алты шақырымдай жердегі Сиырсуға келгенімді сонда барып білдім. Не үшін жүгірдім, не үшін жыладым, оны өзім де білмеймін. Кеудемді жарып жіберердей болып алқына соққан жүрегімді басып әрі-бері отырдым. Темір тұрбадан сарылдап ағып жатқан суда сораптай ішкен айыр іңген сілкініп кейін шегінді. Үстіме шашыраған салқын суды сезгеннен кейін ғана, таңдайым жабысып шөлдегенімді білдім. Орнымнан тәлтіректей тұрып мұздай судың астына басымды төседім. Өзіме-өзім келгендей болып қай заманда, қай шебердің қолынан шыққаны белгісіз тастан ойып жасаған астаудың жиегіне отыра кеттім.

Айналам арым-арым құм. Осы құмдардың арасында суы алғаулау болып келетін, адам ішпегенмен малға жарамды, бір-бірінен онша қашық емес құдықтар орналасқан. Күн ыстығы көтерілісімен ірілі-уақты малдың бәрі осы құдыққа жиналады. Бұл жердің тұрғындары іздеген жоғын осы сулардың басынан табады.

Кенет шұрқырай кісінеген жылқы даусы естілді. Алдында құйрық-жалы төгілген қара айғыр. Көзім бұлдырап отыр ма, әлде шынымен солай ма, білмеймін, маған қара айғырдың тұяғы жерге тимей, қалықтап келе жатқан сияқты болып көрінді. Анда-санда мойынын әдемі бұрып, артындағы үйіріне арқырай кісінеп әлі қалықтап келеді. Суға жақындай бере шабысын тежеп үйірді ілгері оздырды. Өзі сол қалықтаған күйі анадай жерге барып тұрды. Басын шұлғып анда-санда оқыранып қояды.

Мен сонда барып талай рет түсіме енген, мен үшін қол жетпес арман болған тұлпар осындай екен ғой деп ойладым. Бір-бірімізге айтпасақта, анам екеуміздің үнемі ойлап жүретініміз де, осындай ер қанаты екен ғой. Өз босағаңнан шығып қаңтарулы тұрған атыңның жалына қол созудың өзі, сенің ел қатарлы тірлігіңді білдіреді екен ғой. Анамның да, менің де көз жасымызға ерік бергеніміз біздің шаңыраққа мандайын түзеп келе жатып, жалт бұрылған бақтың алыстап бара жатқанына деген өкінішіміз екен ғой. Көз жасымды анам мен апама көрсетпей айдалаға шығына жүгіргенім кәзір налысам да, тағдыр тауқыметіне қарсы күресе білудің алғашқы қадамы екен ғой. Бәлкім, шаңыраққа түсер салмақты қажысам да, болашақта көтеретін енді өзім екенін сезінгенім де осы сәт болар. Жақсылық пен жамандықтың, асып-таспа дәурен мен жетіспеушіліктің ешкімнің маңдайына мәңгілік жазылмағанын біліп, ілгеріге деген үміттің ақыр түбі бір қараға анық жеткізетініне сенгенім де сол сәт еді.

Өкісігімді басып, бойым жеңілдеп орнымнан тұрдым. Қара айғыр бұл уақытта үйірін бастап Түйесудың төрткүлінің бауырына көтеріліпті. Қайдан келгені белгісіз, жан-жағым жер бауырлап ұшқан айыр құйрық, ақ тамақ қарлығаштарға толып кетіпті. Жаныңды жадыратар салқын леп пен жаңбырдың хош исі шықты. Сонау Шақпақты тауының арғы жағынан, Оғыланды беттен найзағайы жарқылдап қапың жаңбыр келе жатты...

Нағашым сөзінде тұрыпты. Көп ұзамай Үстірттен ойға құлап келе жатқан бір машинаға бес лақты ешкі салып жіберіпті. "Қарындасыма сәлем айт",- депті шопырға. —Жетім балалардың несібесі шығар. Құдайын ұмытпаған бір адамнан сатып алдым. Жайларын естігеннен кейін өзі таңдап берді. Бәрі де жас ешкі. Игілігіне пайдалансын" -депті.

Айтса айтқандай болды. Кілең бүйен емшекті, сүтті тұқымнан екені көзге ұрады. Бір-бірінен айрылмайды. Әсіресе лақтарын айтсаңшы. Жұп-жұмсақ еріндерімен бірі бетіңді жаласа, бірі еркелеп секіріп, аяғын арқаңа тіреп құлағыңнан, бетіңнен тістелейді. Шешеме де жұмыс табылды. Ескі-құсқы жинағандарының ішінен бір кездері ұстап тұтынған көгенін тауып алды. "Көптен бері қозғаусыз жатыр еді. Біте жеп қойған жоқ па екен" деп, қайта-қайта қарайды. Бес ешкіге лайықтап желінқап тікті. Мен де қарап отырмадым. Үй іргесіндегі сай бойында өскен жыңғылдардың қураған бұтағын әкеліп кішкене қора жасадым. Не керек, екі-үш күнгі жұмысымыз солардың үстінде болды. Шешем алғашқы көгенін керген күні өрістен келген бес ешкінің сүтінен ірімшік пісірді.

- Бар, қарағым, көрші-көлемді шақырып келе ғой. Есігіміздің алдына біткен мал емес пе. Ақтан дәм татып, ықылас, пейілдерін білдірсін. "Жас өспей ме, жарлы байымай ма" деген бар. Денің сау болып, шыбыққа ілінсең бәрі де болар,- деді.

Төрде жиналып шәй ішіп отырған кемпір-шалдар қауқылдасып әңгіме айтып отыр.

- Баяғыда,- дейді төменде шоқ салғышқа жақын отырған кемпір маңдайынан сорғалаған терін сүртіп. - Құдай-ау, сол қай жылы еді. Ее, қырық жетінші жыл екен ғой. Сол жылы жазда соғыстан хабарсыз кетті деген қайным оралып, тұңғышымызға Оралхан деп ат қойған да осы үйдегі қайнаға еді ғой. Әлі босанбаған уақытым. Сонда да бұл колхоздың қойын төлдетуден, шөбін шабудан қалыс қалған жеріміз жоқ қой. Шөпке кетіп бара жатып Томарлының басында отырған осы үйге соқтық. Түс мезгілі болатын. Қарайған адамбыз. Шөлімізді басып, күн ауғанша көлеңкелейік деген ой ғой. Ол жылдары қайбір тойып жүретін едік. Ашқұрсақтығымыз тағы бар. Ауылға жақындай бере төбеден түсіп келе жатқан қайнағаны көрдік. Астында өзінің үнемі мініп жүретін сары атаны. Түйесін шөгеріп бәрімізбен аңқылдап амандасып жатыр. Сөйлеп жүріп қарақұйрықтың екі текесін шешіп ошақ басына тастады. Содан не керек, бір жағын қуырып, бір жағын асып шөпшілер бір жырғап қалды.

Мына абысынға көмектесіп шәй құйып отырмын. Соғыстан діңкелеп шыққан елде қайбір оңып тұрған жағдай бар еді. Дастархан үстіне шашылған азын-аулақ секерге қолым жетпей, ұмтылып алуға үлкендерден аса алмай отырғанымды байқап қалды-ау деймін, жарықтық :

- Келінжан, сыбағаңнан сен де құр қалма,- деп еңкейіп, алдыма екі-үш шақпақты тастап еді.

Күн салқын түсе межелі жерімізге жетіп қонайық деп аттанып кеттік.

- Қарағым, мына келінге бас-көз болыңқыра. Үлкен қуанышқа кенелейін деп тұрсың ғой,-деді біздің үйдегі кісіге аттанып бара жатқанымызда. Байғұс біздің кісі нағыз Қожанасыр еді ғой.

- Көшеке, айтшы ұл туа ма, әлде қыз ба, - деп сарт еткізгені ғой. Ұяттан жерге кіріп кете жаздадым.

- Тәйт әрі. Адам алдын-ала кесіп-пішпес болар. Құдайдың бергені болады. Қыз болса қайтеді екен. Болашақ кеңейер өрісің сол болмай ма. Ертең түс ауа соғып кетермін. Сол бетке құрып кеткен қақпандарым да бар еді,- деді сонда қайнаға.

Әй, Алла-ай, айтқаны болды да қойды. Шөпшілердің ауылын "Алтынал" әулиесінің етегіне қондырған. Таң ата босандым да қалдым. Толғағым мұндай жеңіл болар ма. Түс ауа қайнаға да келді.

- Ау, құтты болсын. Бауы берік болсын баланың,- дейді түйесін шөгеріп жатып. - Келіннің қалжасына бұйырған шығар, қақпанға екі бірдей ту ешкі түсті. Мына жалдың басында жатқан әулиелердің шапағаты да тиген шығар,-деп сөйлеген қалпы төрге озды.

Жарықтық, ол кезде осы Бостанқұмның қай жері де қарақұйрықтан жыртылып-айрылатын. Малмен бірге өреді десем өтірікші болмаспын. Машинаның жарығын салып, мылтықпен атпағасын көп болмағанда қайтеді. Құдайдың несібесі ғой, қиын жылдары елдің аш өзегіне оның да септігі көп тиді емес пе.

Сөйтіп отырғанда далада шәй қамымен жүрген көрші келіншектің:

- Екі атты келеді. Біреуі солдат сияқты,- деген даусы шықты.

Жұрттың бәрі далаға шықты. Қайным екен. Бірте-бірте күдерімізді үзе бастап едік. Ее, несін айтайын, қасіретке толы жылдар болды ғой. Енем байғұс өмірден өткенше бір хабары келер деп, жол бойына қараумен өтіп еді. Қуаныштың үстіне қуаныш қосылып, кішкене күркеміздің іші кешке дейін әңгіме, әнге толып еді.

Сонда осы үйдегі қайнаға шаңырағымызға, өмірге келген нәрестеге батасын беріп, қызыма "Оралхан" деп атын қойған еді. Уақыт деген осы. Бәрі күні кеше сияқты еді, одан бері де он шақты жылдың жүзі өтіпті. Жалғыз мен емес, қайнағаның осы құм жағалаған талай адамға шапағаты тиді емес пе. Біреуге қол көмегін берді, біреуге қақпанға түскен жалғыз лағы болса да бөліп берді. Шыбығы тайып, қолы сынғандар да соған баратын. Әлі күнге дейін оның кісілігін, кішілігін ел аузынан тастамай бекерден-бекер айтып жүрген жоқ қой. Бірде бетін, бірде артын көрсетіп жүретін дүние шіркіннің өзі өзгермелі емес пе. Шалың өмірден өтіп, ағайын-туғандар ана бір жылдары босып бір жағы Түрікменстан, бір жағы Иран асып кетсе де, соларға ермей осында жетім балаларыңды жыртың ұяңда ұстап қалып едің. Оның дұрыс та болыпты. Балаң қарақұлақ болып өсті. Тек тіл, көзден сақтасын. Босағаңа біткен бес ешкі, алдыңа бітер бес үйірдің бастамасы болсын. Бәрі де артта қалар. Сонда бір кездері осы күндерді де сағына еске аларсың. Бұл өмірдің ащысы да біле білгенге өнеге ғой,-деді.

Үлкендердің әңгімесін тыңдай отырып осы күзде мектепке баратынымды ойладым. "Шіркін-ай,-деймін ішімнен. —Оқуды тез аяқтап, бір күнде өсіп кетсем. Қолыма қалың папка ұстап, Жантөре ағамыздың ауданмен байланыстыратын үйіне барып құлағыма трубкасын тақап: "Әле, әле, мені аудандағы үлкен кісімен қосшы. Кімсің дейсің бе. Мен осындағы Бостанқұмдағы дөкеймін",-деп сөйлесіп жатсам" деп армандаймын.

Бірақ, мен мектеп табалдырығын аттағанмен бір күнде өсіп, бірден дөкей болып кете алмадым. Оның бәрі де бала шіркіннің алысқа самғар қиялы екенін, оған жету үшін талай жылдарды артқа салу керектігін кейін түсіндім. Әлі техника келіп жетіспеген шеткері аймақта бірде кетпенмен шөп шауып, бірде жүзгінмен қоршай салған, төбесі ашық қорада тізесімен қар қар кешіп жүріп қой баққан, бірде таудың қотыр тасынан үй салған құрылысшыларға балшық илеуші болып жүріп, ауру тапқан шешемнің қолтығынан сүйер қорғаушы керек екенін ұғындым. Кеудесі сырылдап, сәл қозғалса ынтығып қалатын анам енді колхоз жұмысына жарамады. Содан Қызылсудың басына көшіп келіп, осындағы мектепке үй сыпырушы болып орналасқан. Қасында малшы балаларына арналған шағын интернаты да бар.

Далада қалмай, балаларына нан тауып берер жұмыс табылғанына анам қатты қуанды. Қуанбай қайтсін, басың ауырып, балтырың сыздай қалса Қызылсу ел іші, он-он бес үйлі ауыл. Екіншіден, бұрын қойда жүрсе біздер оқу үшін интернатқа кеткенде уайымдап жүрер еді. "Құдайдың бір шапағаты тиер, жазылып кетермін. Ауру тілеп не қылайын, бірақ сендерден бөлінбегеніме шүкіршілік етемін" деуші еді анда-санда.

Ал, мен болсам көп ортасына келгеніме ризамын.

Үйі осындағысы бар, интернатта жататыны бар, ойнайтын бала жетерлік. Әсіресе мал төлдетуге барсақ та, шөп шабуға барсақ та, тек бізге бұйыратын бақырауық қара көрттен құтылғаныма қуандым. Колхоз жұмысынан ығыр болған қара көрттің арқасының босайтыны іңір қараңғысы түскенде ғана. Үстіндегі қомын алып, аяғын тұсап қоя береміз. Үй маңындағы шөптерді анда-санда бір жұлып әрі-бері тұрады. Күні бойғы шананы сүйреу есеңгіретіп тастағандай. Сөйтіп бірте-бірте ұзай береді.

Елден бұрын ерте тұратын да мен шығармын. Шешем мені бозторғай шырылынан бұрын оятады. Өйткені қара көртті іздеп тауып әкелуім керек. Әншейінде аяғын баспайтын қара көрт енді іздегенде таптырмайды. Шанаға, тырмаға, косилькаға жегілетін басқа түйелер төбе астында бытырап жайылып жатады. Құм ішінің таңғы шыққа малынған, көкірегіңді ашар неше түрлі шөптері тақиясына тар келгендей қара көрт ұшті-күйлі жоқ. Мініс түйелерінің соңынан келген басқа балалар ауылға қайтып барады. Әр төбеге шығып, бірте-бірте ұзап бара жатқан маған олардың дауыстары естіледі. Мен жүрісімді жылдамдата түсем. Өйткені шешем жұмысқа үлгеруі керек. Бір уақытта барып биік өскен жүзгіннің түбінде шөгіп жатқан жоғымды көремін. Құм ішінің басқа шөбі аузының дәмін кетіретіндей мойнын созып жүзгіннің мәуесінен анда-санда бір үзіп қояды. Ауылдан шығынып кеткенінде тауып жеген шөбіне, әрі жұмыстан қашып тығылып жатқанына мен ашулана бастаймын. Ол болса таң атпай тәлтиіп соңынан іздеген мені көріп "жер жұтқыр-ай, қайда барсамда соңымнан қалмадың- ау" дегендей сонадайдан қаралай жынын шашып бақыра бастайды. Тұсауын шешіп, мінгенше үсті-басымды бүлдіріп те болады. Зығырданым қайнап, бар күшімді салып жонынан қамшылағанмен қара көрт өзінің жайсыз бүлкілінен әрі аспайды. Қырдай болған арқасы құйымшағымды тесіп бара жатқасын амалсыздан бұйдасынан тартып өзіне ерік беремін. Бұл уақытта қолына шалап сусынын ұстаған шешем үй алдында күтіп тұрады. Содан тағы да іңір қараңғысы түскенше қара көрттің бақырған даусы құм арасынан естіліп тұрады.

Біз Қызылсуға көшерде бригадир қара көртті Әбілғазыға апарып тапсырың деді. Ол осы шөп ауылдағы тырмашы. Бір қолын соғыста қалдырған. Әуелден солай ма, әлде сол соғыстан "кәнтөжни" болып келген бе, әйтеуір ашуланбай жүретін күні жоқ сияқты болып көрінеді маған. Бірақ қайратты-ақ. Сол бір қолымен алдындағы түйенің бұйдасын да ұстайды, тырманы көтеріп, түсіретін жібін де ұстайды. Өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын адам. Оның қолынан шыққан дестелерді айтсаңшы, оқтау түзу. Басқа тырмашылардың дестелері кәрі адамның тісіндей бір-бірімен бірікпей жатады. Бұл шанашыларға қиын. Ауысып түскен шөпті тасып жүргенің. Ал, Әбілғазының дестесіне тап болсаң құдайдың бергені. Әрлі-берлі жүрмей қапталында келе жатып айырмен шана үстіне тией бересің. Бұл жұмысқа түйелер де үйренеді. Бырт-бырт күйсеп қойып десте бойымен тарта береді.

Бірақ біздің қара көрттің ақымақтығының кесірінен сөз естігеніміз де бар. Мен шананың үстіне шығып әлім келгенше шөптерді бастырып тұрмын. Шешем астынан алып береді. Бір уақытта шанамыз тоқтап қалды. Қара көрт десте арасындағы жантақтарды теріп жеп жүріп үстіне шығып кетіпті. Шөп шананың астына кептеліп қалған. Енді орнынан қозғай алмай бақырып түр. "Еңбегің еш, тұзың сор" деген осы. Дүниедегі бар қарғысты жаудырып жүріп тиеген шөбімізді қайта түсіріп, шананы шығардық. Сөйтіп жатқаныңызда үстімізге бригадир келді. Көзі шатынап, ат үстінде отырып "бір істейтін жұмысты екі жасаған қолапайсыздығымызды, колхоздың жұмыс жоспарына кедергі жасағанымызды, бақырауық қара көртті осы жұмысқа әлі үйретпеген олақтығымызды" айтып біраз сөйледі.

Міне, сол қара көртті жетелеп Әбілғазыға келдім.

- Бригадир де алжасқан екен,- деді оның тұқым-теберінен дым қалдырмай боқтап. —Қара көртті тырмаға жегіп загонды бір айналғанша күн батпай ма. Онсыз да косилька айдаушыларға әлі жете алмай келем. Қаншама шөп тырмаланбай жатыр. Бұл да бір құдайдың қарғысы тиген мал шығар. Не аузыңды тұшытып етке жарамайды, не мініске жоқ, не жұмысқа жарамайды. Бұйдасын түр де қоя бер. Емін еркін жайылса бойына шыр бітер. Сен тапсырдың, мен алдым. Кете бер.

Айтпақшы,-деді кішкенеден соң даусы жұмсарып. — Шырағым, сен жігіт болып қалдың. Қызылсуға барғаннан кейін істейтін жұмыс жоқ, ойын соңына түсіп азып кетпе. Ана шешеңе көмектес. Ащыағардың бойында жыртылып айрылатын қарабауырдың жұмыртқасын теріп әкелсең де пайда ғой. Аман болың. Ее, тірі болсаңдар қатарға қосылып кетесіңдер ғой,- дейді тырмасының орындығына жайғасып жатып.

Осылай Қызылсудың басына көшіп келген едік. Барған жылы қаншама оқығым келгенімен жасым жетпегесін қабылдамады. Апама еріп күн сайын мектепке барамын. Алғашында бала аз болғасын ба, әлде зияны болмас, бір әріп болса да үйрене берсін деді ме, қайдам, Келінберді ағай апамның қасына отырғызып қойды. Бірақ көп ұзамай ойдағы, қырдағы балалармен толыққасын арқамнан қағып "келесі жылы келерсің" деп үйіме жіберді. Оқымайтын қолы бос балалар күн жылыда Ащыағардың бойындағы қалың жыңғыл ішіндегі қарабауырға тұзақ құрамыз. Болмаса қосауыз мылтығын арқалап құс атуға шығатын Әбдіғали дүкеншінің маңында боламыз. Ол да бір пейілі кең адам. "Құсты үркітесің, болмаса, жазым боласың" демейді. Кей кездері ауылдағы жеке меншіктегі малдарды бағатын қойшының шаруасы шығып қалады. Ондай уақыттары орнын ауыстырамыз. Кезекке барып далада ұйықтап қалған мен үйге қатты ауырып келдім. Таңдайым жабысып күйіп-жанып барамын. Содан төсек тартып қалыппын. Дәрігері жоқ ауылда оншақты күн кіресілі-шығасылы болып жатқан мені әулие басына апарып түнеткеннен кейін ғана бері қараппын. Бәлкім Сәлен апам айтқандай "Зайыры күшті аруақтардың жетім балаға деген ниеті түзу болған шығар" әйтеуір құлан-таза жазылып кеттім. Содан кейін бе, әлде Байғали ақсақалдың қасына отырғызып осында жатқан адамдар туралы айтқан әңгімесінен кейін бе, әйтеуір мен осы ауыл іргесіндегі әулиеге құрметпен қарайтын болдым. Кей кездері қасымда ешкім болмаса да аралаймын. Шынын айтсам ондай уақыттарда өзіммен өзім болғанды ұнатамын. Қайтып келе жатқанымда жол бойында мені күтіп тұрған шешемді көремін.

- Қарағым-ау, көп бара бермеші. Денсаулығың шүкір жақсарды. Кейбіреулер сенің жалғыз әулие ішінде жүргеніңді де әңгіме қылады,-дейді. Өзінің қорқынышын осындағы шағын дүкенге шай-су ала келген Байғали ақсақалға да айтқан.

- Е, жеңгей, көптің айтқан сөзінің бәрі дұрыс екен дей беруге болмас. Бала әулиеге барса өзіне шапағаты тиген жерді періште көңілі сезетін шығар. Кім біледі, сонда жатқан адамдарға деген құрметі де шығар. Көзіміз көргені бар, бізден бұрынғы шалдардан естігеніміз бар, кімдер жатқан жоқ онда. Шама келсе құлағына құя бергеннің бөтендігі болмас. Өткенге деген құрмет бала жастан басталмағанда қайтеді,-деді.

Содан мені ертіп әулие басына барды.

- Сен әкеңнен жас қалдың ғой қарағым. Кәзіргі уақытта саған бұрын өткен ата-бабаларың туралы ешкімнің де әңгіме айтпағанын сеземін. Мына жатқан аруақтарға тіл бітсе, өз бастарынан өткен небір қилы тағдырларды сыр қылып шертер еді. Кезінде осылардың әрқайсысы халқына тұтқа болған тұлғалар болатын. Ана жатқан Тұрмағамбет хазірет. Ол осы өлкеге имандылығымен, үлкен адамгершілігімен белгілі. Оның баласы Размағамбетті көзі көріп дәмдес, сапарлас болған адамдар ортамызда әлі бар. Олар көп білгенімен ашыла бермейді. Ее, қарағым-ай, сен нені білесің. Көп нәрседен көзіміз қорқып, көңіліміз жүдеп қалды ғой. Осы күндері кейбіреулер олардың артынан топырақ шашып, бар пәлені үйіп төгеді. Бірақ есінде болсын, халық жүрегінен мәңгілік орын тепкен адам жаман болмайды. "Қап түбінде біз жатпас" деген бар. Ақыр түбі шындықтың айтылатынына, бір кездері оларды дәріптеп, атын құрметтеп атайтынымызға иманымдай сенем. Бұлар саған тек қана рулас емес, жақындарың болады. Үш-төрт атадан қосыласыңдар. Разекең ана бір аумалы-төкпелі замандарда бас сауғалап Иран жеріне кеткен. Бізге жеткен әңгімелер рас болса алдап әкеліп түрмеге қамаған, ақыры ажалы сол қапаста болыпты. Оның өлімі туралы да ел ішінде әртүрлі әңгімелер айтылады. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс оны бір құдай ғана біледі. Өзінің бауырынан өнген балалары сол жақта дейді. Бала болсаңда асылдың сынығы деп айтып отырмын саған. Даңғаза, дабырасы көп кейбіреулерге еріп ұлы жолды орынсыз шаңытып жүрме. Түбінде бағыт алар, қайта түсер соқпағың осы аталар жолы екенін ұмытпа қарағым. Әкеңді көзім көрді. Осы топыраққа өз қолыммен әкеліп қойғанмын. Кезінде ақылын да тыңдадық, қосшы болып қолтығынан да сүйедік. Пендешілікке салынғанын, жеке басының мүддесін қаузағанын байқамаппын. Білген ақылымды айтуды, қиналсаң қолтығыңнан сүйеуді борышым санайтыным да сондықтан. Бұл аруағы риза болсын дегенім. Көп ұзамай оқуға барасың. Кәзіргі заман оқыған, тоқығандікі болып келе жатыр ғой. Көптен озбағанмен, көштен қалмауға тырыс. Әкеңнің атағына кір келтірме,- деп маңдайымнан сипап атына қонды.

Бірте-бірте ұзап бара жатқан Байғали ақсақалдың артынан қарап әлі тұрмын. Анда-санда Қызылсудың басына келгенде әкем туралы бір ауыз болса да айтып кететін ақсақалды кей кездері елегізіп іздейтін де болдым.

Мектепке барғаныма да біраз уақыт болды. Бірінші тоқсанды аяқтап бірге оқитын балалар ауылдарына кетті. Құм бетіне алғашқы қырау түсіп, терістіктен өңменіңнен өтер ызғар есе бастады. Шешеме еріп күн сайын мектепке барамын. Оқу басталғанша ескі мектеп пен жатақхананың жыртық жамауын бүтіндеген боламыз. Аула ішінде балшықтан қалай болса солай соқталап салған отын салатын сарайды жинастырамыз. Келінберді ағайымыз (ол әрі мұғалім, әрі директор) осы жерден әрлі-берлі өткен сайын тоқтап бұрышта жиналған азғантай қиға көз салып тұрады да:

- Апыр-ай, мына азғантай қи бізді қыстан шығарар ма екен. Аздық қылады-ау, бір тірлік жасамасақ болмас. Ферма бастығынан бір-екі түйе сұрап алып қыстық отынымызды қамдағанымыз жөн болар. Сен айналайын,- дейді маған қарап. Осындағы қолы бос балаларды ертең шақыр. Қиға барамыз дерсің. Бостан бос еріккенше пайдалы іске ұмтылың. Бәрі де сендердің қамдарың,- деп маған тапсырма береді.

Екі-үш күнде жабылып жүріп қи салынған сарайды да толтырдық.

- Бәрекелді. Міне, азамат болдыңдар деген осы. Енді емін-еркін демалуға да болады. Осылай бір қараға жетіп қалатын шығармыз,- деп мәре-сәре болды. Өзіміздің шаруа бітіріп, алғыс алғанымызға біз де ризамыз.

Каникул аяқталып оқу қайта басталды. Келінберді ағайымыздың алдын-ала қамданғаны жақсы болды. Қарашаның ортасында тынымсыз жауған қар басты да салды. Арты аязға ұласты. Үлкендер басын шайқап күннің төтеннен басталған суықтығын әңгіме қылғанмен, біздің құдайымыз берді. Әлдеқашан дыңылдап қатқан құм шоқының үстіне шығып сырғанаумен боламыз. Бірақ бұл сырғанақ бірімізге жақсы болғанымен, мен сияқтыларға күй болмады. Аяғымдағы түйенің көнінен тігіп берген шоқайдың өмірі ұзаққа бармады. Табаным тесіліп, су-су болған шұлғауым сыртына шықты. Пеш жанында кептіріп қойған шоқайдың жыртық ұлтанына қарап тұрып "Әттең, ана қасымдағы Аманжол сияқты менің де әкем тірі болса өмірі су өтпес былғары етік киер едім-ау" деп армандаймын. Енді міне, ойын түгілі үй алдындағы мектепке барғанша қары тапталған соқпақ іздеп жүргенің.

Ойыма қанша алмайын десем де өткендегі көрініс көз алдымнан кетпейді. Ойнап жүргенбіз. Кенет Аманжол:

- Алақай, әкем келе жатыр,-деп төбеден құлап келе жатқан атты адамның алдынан жүгірді. Жол бойы сүрініп бір-екі рет құлап та тұрды. Ат үстінен еңкейіп баласын алдына алған әкесі сағынып қалса керек, қайта-қайта құшырлана сүйеді. Қасымызға келіп атынан түсті. Біздің жамырай берген сәлеміміздің қайтарымы болмады. Қанжығасына бөктерген қомақты дорбасын алып, баласын жетектеп жатақхана ішіне кіріп кетті.

Үлкен кісінің қатыңқы қабағынан сескендік пе, әлде ақ көңілімізбен берген сәлемімізді алмағанға өкпеледік пе, білмеймін, біз орнымызда тұрып қалдық. Бірақ балалық әуестік көп шыдатпады. "Сен баста, жоқ сен баста" деп бір-бірімізді итермелеп есік алдына келдік. Аманжол дәуде болса кәзір қарынға тыққан майлы қуырдақты асап жатқан шығар. Әлде біздің келуімізді күтіп есік жаққа жалтақтап қарап отыр ма екен. Өйткені бұрын кім-кімнің әке-шешесі келсе де әкелгендерін бәріміздің ортамызға қоятын. "Ее, айналайындар бөліп жең. Біріңде жоғыңды бірің түгендесеңдер қор болмайсыңдар" деп тауықтың балапандарынша шүпірлеп отырған біздерге ризалықпен қарайтын.

Аманжолмен басқаларға қарағанда тонның ішкі бауындай жақындығым бар. Бір сыныпта оқимыз, бір партада қатар отырып құрал-сайманымызды да ортақ пайдаланамыз. Біздің үйге көбірек келетін де сол. Асып-тасып жатпасақта кебеже түбіндегі нанды емін-еркін сындырып жей беретіндігі тағы бар. Соған бола шығар мен бастап есікті ашып ішке ендік. Ойымыз дәл шығыпты. Ескі кереуеттің үстінде әкесі екеуі отыр. Дорбасынан шығарып сар қағазға ораған піскен етті алдына қойыпты. Біз барғанда әкесі еңкейіп Аманжолға етік кигізіп жатыр екен. Мұндайда әдемі етік болады екен-ау. Құймақтай әп-әдемі. Жалғыз мен емес, бәрімізде әлгі етікке қарап қатып қалыппыз. Былғарының әдемі исі бөлме ішіне жайылды. Қуаныштан көзі жайнаған Аманжол бөлме ішінде әрлі-берлі жүрді.

- Сонау Таушықтағы әйгілі етікшіге арнайы барып тіктірдім. Екінің бірінің қолы жете бермейді ол кісіге. Сәл кендігі бар шығар. Әдейі солай істедім. Оның қолынан шыққан етіктің жыртылғанын, ие болмаса табаны қақырап, сөгілгенін көргенім жоқ. Тек биыл емес, келесі жылы да киесің мұны. Өзің ки. Мына тұрғандар көзі қызығып аяғына сұғып жүрмесін,-деп біздерге ала көзімен қарады.

Аманжол әкесінің тарыла сөйлегеніне қысылса керек:

- Келіңдер балалар, ет желік. Мамам арнайы беріп жіберіпті. Таусылса қарынға тығылған қуырдақта бар,- деп ығысып орын берді. Осы кезде әкесі;

- Тәйт, әрі,-деді зірк етіп. -Әуелі өзің ауыз тимей тұрып елді шақырғаның қай білдігің. Шүленсіме өйтіп. Босағасынан аттаған кез-келгенге соңғы тышқақ лағын да сойып беретін нағашың жаман еді. Жаман болмай қайтеді, өмір бойы қой бақсада алдындағы жеке меншік малының санын онға жеткізе алмай әлі жүрген жоқ па. Өзің тойып ал, қалса берерсің. Мыналар кәзір оны қасқыр тартқандай қылып саған қу сүйегін ғана қалдырар. Бала дейтін ойнап жүрер болар еді. Бұлар болса түтін аңдыған жаман көршідей анталап жетіп келеді. Барыңдар,-деді гүрілдеп.

Бәрімізде орнымыздан қалай тұрып, есікке қарай қалай жүгіргенімізді білмей қалдық. Ұрлық істеген адамдай тезірек шығып кетуге, тағы да жанымызды ауыртар сөзді естімеуге тырыстық. Шығып бара жатып артыма қарадым. Көзі жасаураған Аманжол бауырына тартқан әкесінің құшағынан жұлқына шығып су жаңа етігімен жер шұқып тұр екен.

Осыдан көп ұзамай қолтығыма табаны тесілген шоқайымды қысып Ешман шалдың үйіне келдім.

- Қолымның місекерлігі жоқтығын білесің. Оның үстіне көзі құрғырда соңғы кезеңдері бұлыңғыр тарта бастады. Сау уақытымда өзгенікі болмаса да өз аяғыма сұғатын кебіс, мәсімді жамайтыным бар еді. Соған бола келген шығарсың. Бәрі де қалды ғой. Дегенмен балаңның жалаңаяқ қалғаны қиын болған екен. Мәселеңді қайтармайын. Әкеліп тастасын. Бірдеңе қылармыз,- депті шешеме.

Мен барсам Ешман қарт оны-мұнысын ақтарып отыр екен.

- Тастап кете бер, ертең келерсің. Аты шоқай болғанмен оны бүтіндеу үшінде біраз нәрсе керек. Көптен бері қолға алмағасын құралдарым әр жерде шашылып қалыпты. "Есі өлсе, есегін қасқыр жейді" деген осы. Соларды түгендеп отырмын. Сенің шоқайың жыртылмағанда шашылған күйінде жата беретін еді,- деді кеңкілдеп күліп.

Ешман ақсақал шынын айтқан екен. Табаны енді тесілмесін деген оймен жамауын көп салды ма, әлде су тигесін созылып кетті ме, шоқайым бұрынғыдан да зор болып жалпайып кетіпті. Сыртынан қарағанда аяқ киімге емес, сиырдың жапасы сияқты болып көрінеді. Табаны тым жалпақ болғасын шығар, тіпті қарға ізің де түсіп жарымайды. Бір жақсысы қанша шұлғай орасаңда сия береді. "Мейлі,- дедім ішімнен. Аяғым тоңбаса болды. Есесіне сырғанақ тепкенде ешкімге алдымды бермейтін шығармын. Көз алдыма Аманжолдың былғары исі бұрқырап тұрған құймақтай етігі тағы да елестеді.

Арада біраз күндер өтті. Шешем кешке жұмыстан келіп бір тартпа пешке отын жағып жатып:

- Құдайдың күнінің жылынатын реті жоқ. Терістіктен соққан аязды жел бағытын өзгертер емес. Отын да азайып келеді. Мал да өрістен дірдектеп ұшып келеді. Лақ тастамаса болды. Көктемгі күнге, соның уызына жетсек деп отырмыз. Ылдалап жазға жетсек кетер едік. Айтпақшы бүгін Келінберді ағайың ертең ауданнан бір уәкіл келеді дейді. Осындағы малшының балаларына аяқ киім әкелетін көрінеді. Үкіметтік көмегі білем шамасы. Сенің де қызыл сирақ болып жүргеніңді біледі ғой. Сонда да құлағында жүрсін деп айтып қойдым. Кәзір мал бақпағанмен кезінде соның соңында жүрдік емес пе. Түсінетін шығар. Бұйырып жатса жақсы болар еді",- деді.

Жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Оқып жатқан "Әліппемді" жаба салдым. Іле қайтадан ашып төбе басынан шанасымен сырғанап келе жатқан баланың суретін тауып алдым. Қандай әдемі. Басындағы бөркі де, үстіне киген тоны да жап-жаңа. Әсіресе аяғындағы байпақты айтсаңшы. Аппақ-ау, аппақ. Сыртына галош киіпті. Ол сірә, су жібере ме. Шіркін, аяғы қыз-қыз қайнап жүретін шығар. Талай рет көріп "менде де осындай болса" деп талай армандаған суретім осы. Бәлкім ертең ауданнан келетін уәкіл маған осындай ақ байпақ беретін шығар деп ойладым. Сөйтіп жатса мына суреттегі баладай ақ байпақты ойынға салып не жыным бар. Сабаққа ғана киіп барар едім. Сырғанаққа Ешман ақсақалдың жамап берген шоқайыда жарайды ғой.

Әр нәрсені ойлап бұйығып жатып ұйықтап кетіппін.

Ауданнан келген уәкіл алдымен мектепті аралады. Жататын, тамақ ішетін орындарды көрді. Едені жоқ мектептің іші көңіліне жақпаса керек, қасындағы Келінберді ағайға ала көзімен қарады. Ағайымыз уәкіл келместен бұрын сыныптың бөлмесінде көп жүгірмеуді қатаң тапсырған. Бірақ парта үстінде тапжылмай қашанғы отырасың. Оның үстіне "Қырсыққанда қымыран іриді" дегендей дәл осы күні бөлменің пеші тартпай қалды. Жаққан отын кейін шалқып түтін ішке ұрды. Амал жоқ, қайта-қайта далаға шығуға, есік ашып ауаны тазартуға тура келді. Осының үстіне келген уәкіл ығына жығылып қасында жүрген ағайға ала көзімен қарамағанда қайтеді енді.

Содан не керек, қолындағы тізімін оқып малшы ауылдың балаларына аяқ киім тарата бастады. Бәрі бірдей емес екен. Біреуге етік, біреуге бәтеңке дегендей аты-жөнін атап таратып жатыр. Кезек Аманжолға келгенде үлестірушінің қолына қап түбінен аппақ байпақ түсті. Неге екенін білмеймін жүрегім шым ете түсті. Қолына байпақты ұстаған уәкіл:

- Сен неге фамилияң аталған бері келмейсің?- деді даусын көтеріп.

- Ағай,- деді Аманжол даусы дірілдеп. Менің етігім бар. Оны мынаған берейікші,-деп мені иегімен нұсқады. —Оның шоқайының жыртылып қалғанына көп болды.

- Ия, ия, Мәке, солай істеседе болады. Жағдайлары да мәз емес,-деп келе жатқан Келінберді ағайға уәкіл:

- Мені осында жұмсағанда өз басыңмен ештеңе шешпессің, ана Қызылсудың басындағы боқмұрын баламен ақылдасарсың, болмай жатса Келінбердіден көмек сұрарсың демеген шығар. Берген тапсырма малшы балаларына таратылсын деген. Сендерге қатысы жоқ. Мүмкін тағы да ақыл айтарсың, жөн сілтерсің жолдас директор,-деп ағайға даусын көтере сөйледі.

Келінберді ағайымыз қай уақытта да бетінің қызылы шығып жүретін адам еді. Уәкіл сөзінен кейін тіпті қып-қызыл болып кетті. Орынсыз сөз естігеніне ме, әлде ашуланғаны ма, оны айыра алмадық.

Уәкіл зорлап отырып ақ байпақты ақыры Аманжолға алдыртты. Малшы баласы болып есептелмегендіктен маған аяқ киім тиесілі болмады. Кеудемді керіп келе жатқан өксікті зорға тежеп далаға шықтым. Мұржасы қисайып, болар болмас болып селдір түтін шығып жатқан үйіме қарата жүгіре жөнелдім. Соңымда келе жатып бірдеңе деген Аманжолдың не айтқанын да айыра алмадым. Көзім бұлдырап артыма қарағанымда қолына ақ байпақты ұстап селтиіп тұрған Аманжолды көрдім.

Уәкіл кеткеннен кейін Аманжол Келінберді ағайға барып байпағын маған беретінін айтыпты. Бірақдосым қанша зорласа да мен ақ байпақты кимедім. Олай істесем бірде әкесі келіп тағы да маған ұрсатындай, болмаса ойда жоқта әлгі уәкіл келіп аяғымнан жұлып алып қайтадан Аманжолға беретіндей көрдім.

Біз бірінші сыныпты бітіргенде Қызылсудың басындағы бастауыш мектептің жабылатыны белгілі болды. Жаздың ортасында екі-үш машинамен келген адамдар мектептің азғана құрал-жабдықтарын тиеп әкетті. Пайдаға жарамайды-ау деген кейбір заттарды актілеп есептен шығаратын болды. Ескі жамылғы, былтыр киілген аяқ киімдер ортаға үйілді.

- Бұларды өртеп не қыламыз,-деді Келінберді ағай орталықтан келген өкілге. - Осындағы адамдарға таратып берейік. Дүние болып жарытпайтыны белгілі. Малына жабу қылса да пайда емес пе?

- Жоқ, болмайды,-деді өкіл. - Әуелі бұларды балтамен шауып, содан кейін ғана өртейміз. Тапсырма солай. Ертең пәленшеге беріпті, түгенше алып кетіпті деген әңгіме тарамауы керек. Пайдаға жарамайды деген актіні жазып кетіп қалмағаным қандай ақыл болған. Өзіңе салса осындағы қатын-қалашты бір-бірімен жағаластырып қырғын жасайды екенсің. Шырағым, біз партияның көрсеткен жолымен жүріп үйренген адамбыз. Құдай жолы, сауап болады деген ертегіңді қой. Үкіметтің саясаты үшін біз керек болса әкемізбен де келіспейміз.

Балтаның жүзіне түскен киім-кешек, жамылғылар туралып жатыр. Өкіл енді пайдаға аспайды-ау дегенде барып жанып жатқан отқа лақтырады. Ұлтаны сөгіліп қалған аяқ киімдер де кезегін күтіп қапталында жатыр. Кенет менің көзім солардың ортасындағы ақ байпаққа түсті. Әлі міні құрымапты, сол күйінде. Сонда барып оны Аманжол досымның маған сақтап көп кимегеніне, тоздырмауға тырысқанын ұқтым. Алдыма қанша келседе дегенімнен қайтпай, оның айтқанына көнбегенім үшін өзіме-өзім сол жерде ренжідім. Кенет бір ой келді. Досымның ақ көңіліндей болған ақ байпақты туратқым келмеді. Қанша жалынып сұрасам да құшырлана балта сілтеп отырған мына кісінің бермейтіні белгілі. Білдірмей алып кеткенімді жөн көрдім. Көзін ала бере қолтығыма қысып үй жаққа бұрылдым. Аяғыматас байлағандай жүрісім өнер емес. Тұңғыш рет жасаған ұрлығыма қысылғандықтан ба, әлде кәзір біліп қалады-ау деген қорқыныштан ба, әйтеуір тұла бойым дірілдеп барады. Әшейіндегі тиіп тұрған үйімізде алыстап кеткендей. Осы уақытта:

- Мына жердегі байпақ қайда кетті,- деген дауысты естіп кілт кідірдім. Аяғым желімденіп қалғандай не әрі, не бері қозғала алар емеспін.

-Әй, бала, бері қайт,- деп айқайлады өкіл. — Қара мұны жұдырықтай болып. Әкел ана байпақты.

Амал жоқ сүйретіліп кейін қайттым. Қасына келіп үн-түнсіз қолына бердім. Байпақты айналдырып қараған өкіл;.

- Ия, көп киілмепті. Есі дерті ойын соңындағы бала болса табаны әлдеқашан тесілер еді. Алдын ойлайтын ақылды бала екені көрініп тұр,- деді.

Не ойлағанын білмедім, ол байпақты ұстап әрі-бері отырды. Келінберді ағай тағы да бірдеңе айтқысы келгендей жалтақтап біресе өкілге, біресе маған қарады. Мен басымды шайқап араша түспеуін өтіндім. Түсінсе керек үндемеді. Өкіл бір уақытта барып балтасын қолына алды. Мен теріс айналып аяғымды сүйретіп үйге беттедім. Қайта-қайта сілтенген балта ақ байпақты енді пайдаға аспайтындай қылып турап жатты...

Қаралай көңілім босады. Бұл ақ байпақтың бұйырмағанына емес, өзі кимей мен үшін сақтаған Аманжолдың, досымның ақ пейілін кезінде түсінбегендігімнен келген жас еді. Көз алдыма Байғали ақсақал келді. "Өмірдің кей адамдарға қызығынан қиындығы, жылуынан ызғары көп болады қарағым. Бірақ, оның мәңгілік емес екенін ұмытпа. Сен кәзір қалт-құлт еткен жыртық қайық үстіндегі адам сияқтысың. Бірақ бойыңды жылытып, жаныңды жадыратар шуақтың бәрі алда. Сондықтан ілгеріге деген сеніміңді жоғалтпа. Жақсының тәлімін ал, өнегесін тұт. Сонда ғана дегеніңе жетесің" деген сөзі құлағыма келгендей болды. Өз ойыммен келе жатып үйге келгенімді де байқамаппын. Кіре беріс маңдайшадағы бозторғайдың қызыл ауыз балапандары анасының жем әкелгеніне қуана шиқылдап жатты...

ҰЛАН ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ

(Оразмағамбет Тұрмағамбетұлының 125 жылдығында жасалған баяндама)

Қадірлі ағайын!

Құрметті қауым!

Қазақ халқы өзінің сан ғасырлық тарихында талай рет "мың өліп, мың тірілуді" бастан кешіріпті. Аумалы-төкпелі замандарда қарақан басының қамын кейінге ысырып тастап, ел тағдыры мен жер тағдыры үшін арпалысып өткен ерлер ертеңгі атар таң мен батар күннің осы бір ұлан далада шашын жайып аңыраған ана, арысын жоқтап күңіренген жесір даусынсыз өтуін аңсап, бар өмірін ат жалында өткізіпті. Халқының салты мен дәстүрін, тілі мен дінінің сақталуы үшін қолынан келген қажыр қайратын аямай жұмсапты. Мыңжылдықтарихымыздың әрісін қозғамағанда анау Исатай мен Махамбет, Иса мен Досан, Бақытжан Қаратаев пен Ахмет Байтұрсынов, Тобанияз Әлниязов пен Жалау Мыңбаев сияқты маңдайы жарқыраған алыптардың күрес пен қасіретке толы өмір жолдары соның айғағы. Бірақ құрсауы күшті отаршылдар олардың жолын кесіп, өздерін құрдымға жіберді. Үміттің үзіліп, сенімнің көзден ұшуы талай ерді жасытқандай да еді. Бір кездегі Ақтамберді жыраудың:

Ел жазылып жайлауда,
Жақсылар кеңес құрғанда,
Мұртымыз өрге шаншылып,
Бұрын да сөйлер ме екенбіз,-

деген арманына оңайлықпен қол жеткен жоқ. Өз билігіміз өзімізде болатын, өз жақсымызды өзіміз дәріптеп, оның туған топырағы мен халқы үшін сіңірген еңбегін ашып айту да бір кездері арманымыз болып, іштей тынып жүргеніміз де шындық еді.

Бірақ алып империяның да керегесі қаусап, құлайтын кезі бар екен. Бәлкім, ғасырлар бойы қазақ дейтін елдің дербес шаңырақ көтеруі үшін арпалысып өткен бабалардың рухы демеген шығар, еліміз тәуелсіздігін алды.

Ереуіл күнді еске алдық,
Қоңыр да салқын төске алдық,
Көз жазып қалды көшімнен

Кезеңмен мені тосқан жұт.

Күнеске қосын қондырды,

Беймезгіл шошып босқан жұрт.

Жеті қат тонды жібіткен,

Жеті тоғыс болып деміккен

Аңсатып жеттің Бостандық!

Шаршатып жеттің Бостандық!,-

деп айтулы ақынымыз Светқали айтқандай тәуелсіздік жолы оңайға түскен жоқ. Қажығанымыз, қапаста болғанымыз өзімізге олжа, енді еркін тыныстап, бір кездері жоғалтқан асылдарымызды түгендей бастадық.

Сол ардақтыларымыздың бірі бүгін 125 жылдық мерейтойы аталып отырған Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы еді. Арамыздан кеткеніне жетпіс жылдан астам уақыт өтсе де Маңғыстау халқы оның атын әлі аялап айтумен келе жатыр. Ауыздан ауызға жеткен әңгімелер арқылы біреу оны кен іздеген кемеңгер десе, біреу ағартушы, үшіншілері басы ауырып, балтыры сыздағанға қол ұшын беретін емші, төртіншілері үлкен діни ғұлама есебінде біледі. Әрине бұлардың бәрі де тек айтыла салған әңгіме емес еді. Өйткені ол көзінің тірісінде осы айтылған салалардың қай-қайсысында жете меңгерген болатын. Қалың елге шапағаты тиген терең білімді адамдардың халық жадында мәңгілік сақталатындығы да сондықтан.

Ол осы топырақта Қызылсу жерінде 1882 жылы өмірге келді. Болашақ ғұламаның балалық шағы да, білімге деген алғашқы қадамы да сол Қызылсуда өтті. Оның жан-жақты білімдар болуына бәлкім атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл тіннің беріктігі де әсер еткен болар. Атақты Қашаған Күржіманұлы өзінің "Оразмағамбет ахунға" деген арнауында Оразмағамбеттің ұлы атасы Тоқмырзаның туған топырақтың тулақтай жерінің де жат қолында кетпеуі үшін арпалысып өтіп, соның жолында шәйіт кеткенін, оның баласы Сарыбектің қырық жасқа келгенде басына пайғамбардың тәжін орап дін үшін қызмет еткен, алдын болжай білетін көреген екендігін айтады. Ал Сарыбектен туған Тұрмағамбет заманында тек Маңғыстау ғана емес, Орта Азия діни орталарына белгілі тұлға болды. Көне Үргеніште қарақалпақ Омар ахуннан дәріс алып елге оралады. Мешіт ашып бала оқытады. Оразмағамбет Иранға барғаннан кейін Реза шах Пехлевиге жазған хатында "Біздер Қазақстан, Адай тайпасы, Маңғыстау ауданы Қызылсу ауылынан "Даролұлым" медресе-мешітінен келгенбіз. Діни басқарманың №132 бұйрығы бойынша әкем Тұрмағамбет осы медресенің негізін қалағаннан бері имам әрі кәміл мүршіт-ұстаз еді. Ол 1918 жылы бақилық болды. Әкем өмірден өткесін шама шарқым келгенше ұстаз болып елді сауаттандыру жұмысына кірістім",- деп жазады. Осындай үлкен білімдар әкесінің алдынан дін дейтін асыл діңгектің негізін бойына дарытқан Оразмағамбет сол уақыттағы үлкен діни орталықтар шоғырланған Орта Азияға бет алады. Иран шахына жазған әлгі хатында "Мен жасымнан ғылым қудым. Өз аймағымда, сосын Бұхара мен Хиуада оқыдым. Сұпылық зікір салуды, әрі үйретуді Үргеніш қаласында хазірет Мұхаммед Зия ибн Зәкіржаннан үйрендім. Сондай-ақ тәфсир ғылымын, жағрафия, илаһи хикмет, биология, астрономия, геометрия оқыдым",-дейді.

"Сонау XIII ғасырдың бас кезінде Хорезм мемлекеті кеңінен танылған-ды. Бұл кезде Орта Азия хандықтары, атап айтқанда Бұқара, Самарқанд, Ташкент, Ферғана, Мерв, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік-батыс бөлігі түгелдей дерлік Хорезм мемлекетінің қарамағында болған еді. Хиуа мен Үргеніште де ондаған медреселер болды. Оларда тек Орта Азия мен Қазақстаннан ғана емес, сонымен бірге Үндістаннан, Пәкстаннан, Ауғанстаннан, Иран мен Ирактан және басқа да араб, парсы, түркі елдерінен шәкірттер келіп оқитын-ды.

Сондай-ақ білікті ғалымдар Хиуа мен Үргенішке ағылып келіп жататын. Олардың ішінде көптеген астрономдар, физиктер, географтар мен химиктер, биологтар, дәрігерлер, ақындар мен абыз-қажылар болды. Солардың біразы Хиуада тұрып қызмет етті. Бұл дәстүр XX ғасырға дейін үзілген жоқ,-деп жазған еді академик ағамыз Хисмет Табылдиев өзінің бір еңбегінде.

Ендеше Оразмағамбеттің халық арасында ағартушы, шипагер, жер асты байлықтарын зерттеуші ғалым, үлкен діни қайраткер ретінде танылуы заңды құбылыс. Жастайынан білімге деген теңдесі жоқ ұмтылыс оны өзі оқыған оқу орындарындағы әлгі пәндерді жете меңгеруге ұмтылдырды.

Бізге жеткен әңгімелерде оның әкесі Тұрмағамбет заман ағымын терең түсінетін жан-жақты адам болса керек. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Маңғыстау жерінің байлығын зерттеу бағытында өлкемізге саяхатшы, ғалымдар келе бастағаны белгілі. Әсіресе орыс ғалымы Николай Иванович Андрусов бұл аймаққа 1887 жылы аяқбасты. 1907-1908 жылдары арнайы зерттеу жұмыстарында жүргізді. Тұрмағамбет хазірет пен Андрусов арасындағы достық қарым-қатынас оның баласы Оразмағамбеттің Үндістанның Бомбей қаласына оқуға кетуіне ықпал жасайды. Ресейдің, болмаса Европаның басқа бір елдеріне кетпей Үндістанға кетуінің де бір мәні болса керек. Ол-Үндістанда мұсылмандық діни орталықтардың болуы. Тұрмағамбет хазіретті көп толғандырғаны баласының ислам әлемінен алшақ кетпеуі болатын.

Біздің қолымызға Оразмағамбеттің Бомбей қаласында оқыған құжаттары әзір түсе қойған жоқ. Өлкемізде кеңес өкіметі орнап, қуғын-сүргін басталғанда оның көптеген кітаптарды, өзіне байланысты құжаттарды осы жерден онша қашық емес Сахардың, Байсарының тауына жасырғаны белгілі. "Қайтып келермін, пайдаға асырармын" деген үміт болса керек, осынау алтынға бергісіз қазынаны ешкімге білдірмей жасырған.

Ашхабат қаласындағы түрмеге түскенен кейін Қауіпсіздік комитетіне берген жауабында: "Мен діни ортаның өкілімін, дін мұсылман жолының қызметкерімін. Түрлі діни білім беретін мектептерде оқыдым. Оқуды жеті жасымда бастап, 22 жасымда аяқтадым. Сонымен қатар 16 жасымнан 19 жасыма дейін Индияда Бомбей қаласындағы университетте оқып, оның инженерлік-геологиялық факультетін аяқтадым. Батыс Қазақстанда, Түрікменстанда және Иран-Иомутстанда геолог және діни қайраткер ретінде танылдым. Кезінде Маңғыстауды зерттеуші ғалым М.В.Баярунаспен Түрікменстанға, Қарабұғазға өткенмін. Айтулы геолог және менің анттасқан досым Баярунас екеуміз Маңғыстау жеріндегі жұмысты жалғастырмақшы едік. Сол кезеңнің жағдайлары біздің жұмыс жасауымызға мүмкіндік бермеді",- дейді.

Қауіпсіздік комитетіне өтірік айта алмайтыны, олардың Оразмағамбеттің өмірі туралы онсыз да білетіні белгілі. Осы Түрікменстан Қауіпсіздік Комитетінің Сұлтан Балхаев ағамызға 1991 жылғы 17 шілдеде берген анықтамалығында "Тур Мұхамметов Ораз Мұхамбет Батыс Қазақстанның Маңғыстау ауданының Түйесу, Қызылсу жерінде 1882 жылы туған. Ұлты қазақ. СССР азаматы. Бомбей университетін инженер-геолог мамандығы бойынша бітірген жоғары білімді. Ұсталғанға дейін арнаулы жұмысы болмаған. Түрікменстанның НКВД органдары 1937 жылғы 1 қыркүйекте бүлікшіл қызметі үшін деген жаламен қамауға алған. 1938 жылы 29 қазанда ең жоғарғы жаза - ату жазасына кесіліп, 30 қазанда орындалды",- деп анық көрсеткен.

Осыларға қарап отырып оның тек бір бағытта ғана жұмыстанбай жан-жақты болғанын көреміз. 1926 жылы Уфа қаласына барып Адай уезіне және Түпқараған болысына бас имам болып бекиді. Әрине Уфадағы діни орталықтың оны бірден бекіте салмағаны, декларацияны алу үшін жан-жақты білімі, өмірбаяны тексерілгендігі белгілі. Біз өз ізденістерімізде ол туралы деректердің бір ұшы шығып қала ма деген үмітпен Башқұртстанның діни басқармасына хат жазған едік. Олар Мемлекеттік мұрағатқа сілтеді. Ал, Мемлекеттік мұрағат болса Ресейдің мұсылмандар қоғамына сұрау салу керектігі жөнінде ұсыныс айтты. Әзірге нақты келіп жатқан жауап жоқ. Кәзіргі уақыттабасқа жақтан келген хаттарға ат үсті қарайтыны белгілі. Арнайы барып мұрағат материалдарын сарыла сүзу ғана жемісін бермек. Ол келер күннің міндеті болмақ.

Маңғыстау өлкесінің кен байлығын зерттеуші, академик Н.И.Андрусовтың шәкірті М.В.Баярунас 1907 жылдан 1938 жылға дейін Маңғыстау түбегінің геологиялық құрылысын, тектоникасын, кен байлығын жете зерттеген ғалым. Қарасаз-Тасбас, Түбіжік, Қарамая-Көгесем зоналарының мұнай-газ перспективасының болашағын анықтаған. Қаратау тау жоталарының мыс, темір, марганец, түсті металдар қорын алғашқы зерттеуші.

Ресей геология комитетінің геологі, КСРО ҒА-ның геология институтының геологі сияқты үлкен қызметтерде істеген М.В.Баярунастың Маңғыстау жеріне келгенде Оразмағамбетпен бірлесе жұмыс жасағандығы оның тергеу орындарына берген жауаптарында анықталып отыр.

Оразмағамбет пен Баярунастың достығы жөнінде кезінде олардың кен барлау сапарларында жұмысшы көмекші болған Садық ақсақалдың былай дегені бар еді. "1931 жылы Баярунас Түркменстанның Қызылкүп, Тараба, Арқарлы, Шағала, Кеңсай сияқты алаңдарына геологиялық зерттеу жүргізіп болып Қарабұғазға бет түзейді. Осы кезде олардың көшіне басмашылар шабуыл жасап қоршауға алады. Дауыс жетер жерге жақындағанда М. В. Баярунас:

- Атыспақты атамыздың басына бермесін. Мен Оразмағамбеттей ғалымның досымын. Ол Маңғыстаудың ғалымы, имамы. Қазір Бекдашыда. Оның көзі жоқ деп біздерді жәбірлейсіңдер ме?

Басмашылар жауап қайтармайды. Бірақ сәлден кейін бір де оқ шығармай жөніне кетіпті.

Осы оқиғаны Бекдашыға келгесін Баярунас өз аузымен әңгімелеп беріпті.

Екі ғалымның бірлесе жұмыс жасағандығы, бір-біріне деген адал достығы жөнінде қазір осы залда отырған балалары былай деп еске алады.

- Әкеміз араб, парсы, орыс, түркі тілдерін жетік білген,- дейді Ебжан ағамыз. Баярунас бұл өңірге ат басын тіресе болды біздікіне келіп әкемізді қасынанқалдырмайтын. Ал әкеміз болса өзі байқаған қазба байлық түрлерін көрсетіп, ерекше үмітті жерлерге алып баратын, - десе, өткен жылы Иранға барған сапарымызда Шарғи ағамыз — Мені әкем Баярунасқа бала қылып берген еді,- деп еді.

Жаздың кезі. Үлкен киіз үйдің ішінде бес-алты адам отыр. Ортасында Баярунас. Көбіне-көп сөйлеп отырған әкем екеуі. Әңгімелері әрине жер байлығы туралы.

- Оразмағамбет,- деп еді ол. Осы екеуміздің қимас, дос болғанымызға біраз жыл өтті. Сіздің елде бұйымтай сұрайтын салт бар ғой. Сенің осы балаңды әуелден жақын тартып, жақсы көруші едім. Ойымды, көмейге келіп тұрған сөзімді байламайын. Сен осы балаңды маған берсеңші,- деді.

Сонда әкем: - Осы сөздің бір күні болмаса, бір күні айтылатынын сезгенмін. Өтінішіңді орындаймын. Қолынан жетектетіп жіберуге әлі жас. Құлағына құя бер. Талай келіп жүрсің, есейгесін соңына ерер қарақұлақ осы болар,- деген.

Бірақ мен Баярунасқа бала болып еріп кете алмадым. Шеше байғұстың қашан да жүрегі жұқа, мейірімі көп болады ғой. Әкеме қарсы келмегенмен бір-екі жыл қасымызда болсын деді, артынан жетіге шықсын деді, әйтеуір сылтауын ұзарта берді. Сөйтіп жүргенде әкем айтқандай аласапыран кезең басталды. Тұрымтай тұсына, балапан басына кетті. Біреуден сұрап алған бала түгілі, бауырынан өнгеннен адасып қалған жоқ па бұл жұрт,- деп еді.

Міне, қадірлі ағайын, осы айтылғандар, жазылғандар Оразмағамбеттің белгілі орыс ғалымымен өлке байлығын зерттеуге ат салысқаны туралы нақты дерек болып табылады. Ал, осы жылғы шілде айында Иранға барған екінші сапарымызда оның балаларының қолында сақталған мұрағаттарды алып келген едік. Олардың ішінде біздер үшін өте құнды болып есептелетіні ғалымның қолжазбалары еді. Сөз басында айтылған Резашах Пехлевиге жазған хатында өзінің қуғын-сүргінге түсуіне себепші болған мыналар деп атап көрсетеді. Олар: Бай болғаным үшін, екінші молда ахундығым үшін, үшінші әкемнің қажы ишан болуы, төртінші ислам шариғатын үгіттегенім үшін, бесінші ойы бұзық, яғни Маңғыстау тауларындағы кен шығатын жерлерді біле тұра большевиктер пайдаланады деп айтпады деген жала, алтыншы, тас көмір мен сульфатты жалақы орнына алғаным үшін.

Екінші хаты Иран үкіметінің өнеркәсіп бас басқармасына жазған хаты. Онда Оразмағамбет "Бендер шах қаласындағы зауыттың солтүстігінде бес жүз метр жерде мұнай қоры бар, тереңдігі төрт жүз елу метр. Бұл жердегі мұнайды шығынынан қашпай игерсе мол байлыққа жетуге болады. Әрине оған жұмсалатын қаражат мөлшері көп. Бірақ бір жыл мұнай өндіргеннен кейін жұмсалған қаражаттың ақталатынына сенімдімін. Бұл жердегі мұнай қоры шыға бастағанда минутына алты мың фунт шамасында болады. Мұнай құрамында бензин, керосин, күкірт бар" деп жазған. Бұл хаттар Оразмағамбеттің өзі тергеуде жауап берген " Қазақстанда, Түрікменстанда, Иранда мені геолог ретінде де таниды" дегенін нақтылай түседі.

Иранда тұратын ақсақалдардың, балаларының айтуы бойынша Иран үкіметі Оразмағамбеттің хатынан кейін сол жерді игеру мақсатында келген. Өкінішке орай, ол уақытта Оразмағамбет алдау арқылы қолға түсіріліп Ашхабат түрмесіндегі адам төзбес азапты күндерді бастан кешіріп жатқанды.

М.В.Баярунас та өзінің досы Оразмағамбеттен бір жыл кейін қамауға алынып қолымада азап шегіп өлді. Жақында Москва қаласына іссапармен барған академик Құрбан Аманниязов ағай маған телефон арқылы мынадай бір қуанышты хабарды жеткізіп еді. М.В.Баярунастың Маңғыстау аймағында ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеу жұмысының нәтижелері, жергілікті үкімет орындарына дайындаған ұсыныстары, қымбат бағалы күнделіктері Ресей ҒА-ның қорынан табылыпты. Отыз шамалы қалың дәптер екен. Әрбір күнін, қайда барғанын, кіммен жолыққанын тізіп отырыпты. Өкінішке орай, Құрбан ағаның уақытының тығыздығына байланысты, оның үстіне үлкендігі тағы бар ол қолжазбаларды түгел оқуға мүмкіндігі болмаған. "Барып асықпай қарасаң аталарың туралы тың деректер табатының анық. Баярунастың Оразмағамбет туралы жазбауы мүмкін емес" деп еді. Бұл да біздің бір қапталымызды қызыл шоқ болып қарып, ойымыздан шықпай жүрген нәрсе. Әр нәрсе сәтімен ғой. Тағдыр жазса оған да қол жеткізсек деген ойдамыз.

Оқу білімнің қадірін білген Оразмағамбет жергілікті жастарды оқуға үгіттеп, білім алуына көмектесіп отырған. 1928 жылдары Қызылсуда жергілікті құрылыс материалдарын пайдаланып мектеп салып, Форт-Шевченкодан Өтес Қарабалаев деген оқытушыны алдыртып екеуі жиырмадан асқан балаларды оқытқан. Оразмағамбеттің мектебінде оқыған жастар кейін алты айлық білім жоғарылату курстарынан өтіп, беделді қызметкерлер болды. Олардың қатарында Жарылғап Тасыров, Бірназар Өтешов, Мұқан Алакөзов, Имажан Мәтжанов, Абат Мұхаметқазиев, Жанабіл және Сейіт Оразбаевтар, Асан Атағұлов, Сарыбек Елеуов өмірлерінің соңғы күндеріне дейін абыроймен елге қызмет істеген азаматтар. Оразмағамбет туралы иненің жасуындай болса да деректерді жинай жүріп мен жақында кенеттен Аханов Жазықбай ақсақалмен кездесе қалғаным бар. Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жылдар кауіпсіздік органдарында жұмыс жасаған ақсақал өзінің алғашқы білім қадамын Орекеңнің алдынан өткізіпті. Ұстазының жан-жақты қырлары жөнінде есте қалғандарын жыр қылып айтып еді.

Халық арасында Оразмағамбеттің тағы бір қыры, емшілігі жөнінде көп айтылады. Оның зерттеу жұмыстары кезінде ауырып қалған Баярунасты емдегені, болмаса күйіп қалып, ия үсті басын жара қаптап кеткен адамдарды құлан таза айықтырғаны туралы кезінде жазылды да. Ал оның нақты емші-дәрігер болғанына жақында барған Иран сапарында көзіміз жете түсті. Біздің қолымызға Ебжан ағамыз ғұламаның аты-жөні жазылған өздеріңіз жаңағы көрмеде көрген мөрді ұсынды.

- Мөрді қайда басатын еді, - деп сұрағанымызда Ебжан ағамыз — Біреуге жазған хаттарында басатын. Көбінде осы қалада өзімен қарайлас бір парсы дәрігері болды. Әкем алдына келген адамдарға әртүрлі шөптерден қалай дәрі жасау керектігі жөнінде қағаз жазып беретін де, әлгі парсыға жұмсайтын. Парсы дәрігері әкемнің берген рецептісі бойынша жасалған дәріні ауруға қолданатын,- деп еді. Осыған қарап отырып Оразмағамбеттің халық медицинасын жете меңгерген адам екенін, әртүрлі шөптерді пайдалана білуіне қарап өзі айтқандай биологиядан да көп хабарлы болғанын білеміз.

Сол барған сапарымызда Ебжан ағамыз қашан, қай жерде басылғаны белгісіз бір кітапты ұсынды. Ескірген, түтіліп, сарғайып кеткен. Бір қуаныштысы беттері түгелге жуық. Мәтләғоғұлым мәжмәғұлфонун (Ғылымдардың бастауы, техниканың жиынтығы) деп аталатын үлкен энциклопедиялық кітап болып шықты. Парсы жерінде туып, парсыша білім алса да оны бірден оқып кету Нияз інімізге қиындау болды. Өйткені кітап көне парсы тілінде жазылған. Тақырыптарын оқығанда ғана ол кітаптың құндылығын біле түстік. Онда не жазылған дейсіз ғой. Өсімдіктен дәрі жасау жолдары, денеге түскен жарақатты жазу, тігу, әртүрлі емдік, тамақтық шөптер, олардың жасалу жолдары, қымбат бағалы тастар жайына, бояу жасау жолдары, шахмат ойыны әдістері, соғыс тактикасы, қылыштасу өнері, құстарды тәрбиелеу, зергерлік өнер, архитектура, жылқы сипаты, белсіздікті жазу болып кете барады.

Белсіздікті жазу дегеннен шығады, маған Шарғи ағамыз мынадай әңгіме айтқан еді. 1927-1928 жылдары руы шеркеш Мұздыбай деген Оразмағамбетке өкіл бала болып қолында тұрады. Жасы келгенмен үйленбеген. Белі жоқ екен деп еститінбіз. Аласапыран жылдары бізбен бірге ол да Иранға келді. Әкем соған үнемі бір қара дәрі жасап беретіні есімде. Қанша беретінін білмеймін. Артынан ол ауруынан жазылып бір көрпенің жесір қалған әйелін алып егіз балалы болып еді,-деп еді.

Міне, осы айтылғандар Оразмағамбеттің емшілік, шипагерлік қырын аша түсетіні даусыз.

Оразмағамбеттің үлкен білім иесі болғандығы оның өзініңСахардың тауына жасырған кітаптарынан да белгілі.Кезінде ол кітаптардың сирек кездесетін өте құнды дүниелер екендігі "Үңгірден табылған кітаптар" деген атпен 1958 жылы (8.06) "Социалистік Қазақстан" газетінде, сондай-ақ ТАСС-тан арнайы хабар болып таратылды. Бір әттеген-айы марқұм Қабиболла Сыдиықов ағамыздың айтуы бойынша бұл кітаптар 1960-1977 жылдары М.Әуезов институтының дәлізінде шкафта тұрған. Балтабай Адамбаев мезгіл-мезгіл арабша оқу алады-ау дейтін молдаларды әкеліп оқытып көреді екен. Бірақ олардың мазмұн мәнін ашып беретіндей сауатты адамдар кездеспеген. Араб, парсы тілінің жас мамандары ол жылдары әлі келе қойған жоқ еді,-дейді.

Артынан барып 1977 жылы тамыздың 12-де Балтабай Адамбаев оны Ғылым Академиясының кітапханасына тапсырған.

Біреуге кінә артудан аулақпыз, дегенмен де кім біледі институт дәлізінде 17 жыл ессіз тұрған кітаптардың небір құндылары қолды болып кеткен жоқ па екен деп ойлайтынымыз да рас.

Ғылым Академиясының кітапханасына өткізілгеннен кейін 51 кітапқа қысқаша анықтамалық берілген. Қараңызшы, Оразмағамбеттің тек діни қайраткер ғана емес екенін, оның жан-жақты білімдар болғандығын өзінің жыл сайын көшіп қонғанда бірнеше түйеге артып жүретін дүниелерінен байқауға болады. Стамбулда, Бұқарада, Тегеранда, Египетте, Петербургта, Қазанда, Уфада, Дамаскіде 17-19 ғасырларда басылып шыққан ол кітаптардың ішінде не жоқ дейсіз. Парсы әдебиетінің классигі Жәмидің толық жинағы, Аспахамидің төрт томдық философиялық трактаты, араб әдебиеті мен тарихының теориясы, парсының энциклопедиялық сөздігі, араб тілінің грамматикасы, терминдік қосалқы сөздер түсінігі, өлең өлшемдері, логика, психология, астрономия, алгебра, геология болып жалғасып кете барады. Әттеген-ай, деп өкініштен өзегіміз өртенетіні осыншама еңбектерді оқып, бойына дарыта білген ұлы адамның бір ғылыми еңбегінің қолымызға түспеуі. Ол қайда, қолды болып кетті ме, әлде ғылым құнын түсіне білмейтін бір сауатсыздың қолына түсіп жоқ болды ма, болмаса қасиетті Маңғыстаудың біз білмес бір түкпірінде әлі тығулы жатыр ма, оны бір құдай біледі.

Өмірден өткен бір ағамыз "Ай, бұлар енді қайта басылып шықпайды ғой" деп өте құнды кітаптарын елден кетерде Жабайұшқанға тығыпты дегенін айтып еді. "Шайтан ғана үмітсіз" дейді ғой қазақ. Біздің ілгеріге деген үкілі үмітіміз ақыры бір нәтижеге жеткізер деп ойлаймыз.

Ел басына келген қасіретті жылдар кезінде біздің мыңдаған қандастарымызға туған жерден жырақ кетуге, дәстүрі мен салты бөлек жат жерге барып паналауға тура келді. Сағымға араласып бірте-бірте бұлдырап артта қалып бара жатқан туған топыраққа оралуды тағдыр маңдайға жаза ма, жоқ па олар үшін белгісіз еді. Елге деген, қарасаң көз жеткісіз ұлан далаға деген сағыныштың, ата-бабаңның мүрдесі жатқан қасиетті мекенге деген сағыныштың орны бөлек болады екен. Иранға барған қазақтар алғашында ол жерге үйрене алмады. Маған кәзір осы Ақтау қаласында тұратын Демеген ақсақал мынадай бір жайды күйзеле отырып айтқан еді. Барғаннан кейін екі-үш жыл бойы жас келіншектер бала табуды да тоқтатыпты. Артта қалған елге, кір жуып кіндік кескен туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік керек десе жас адамдардың да тамырын байлап тастайды екен. Жас нәрестенің даусы өмір сүріп жатқаныңды, жалғасып келе жатқан тірлігіңді білдіреді екен. Өміріміз тоқтап қалды-ау деп қайғыдан қан жұтқанбыз. Осы бір қиын кезде Оразмағамбет қандастарының ортасынан табылды. Қалың парсы, ызғындай түрікмен арасында жоқ болып кетпеудің жалғыз жолы әр жерде бытырап жүрген қазақтардың басын біріктіру болатын. Сонда ғана дәстүрін, тілін, ділі мен дінін сақтап қалатынын білген ғұлама Иран патшасына хат жазады. Тарыдай шашылған азғана ұлтты екі-үш қалаға шоғырландырып орналастыруды сұрайды. Бұрын жер тырнап, егін екпеген, құрал-сайманы жоқоларға өгізбен, соқамен, тағы да басқа керек-жарақпен көмектесуді өтінеді. Сөйтіп осы күнгі үш қалада орналасуымыздың негізін қалаған сол Оразмағамбет деп еді.

Осы сөзіміздің дәлелі ретінде біздің қолымызға Оразмағамбеттің 1936 жылы мамыр айының 25-де Горган қаласының әкімі Сейт Жоржан мырзаға жазған хаты түскен еді. Бастапқы әзірде қорғанышы жоқ азып-тозып барған қазақтарға жергілікті тұрғындар қысым жасайды. Оразмағамбет өзіме қауіп келеді-ау деп ойламастан осы бүлікті ұйымдастырушылардың аты жөндерін толық атап, қала әкімінен оларды жөнге салуды, жаза қолдануды талап етеді. Оның бұл өтініші де жерде қалмапты.

Өйткені Оразмағамбет өзінің жан-жақты білімімен парсы жерінде де көзге түскен. Соның алдында жергілікті жердегі мешітке имам болып тағайындалған еді. Өзімен бәсекеге түскен бірнеше үміткерлер біліктіліктерін тексеру кезінде оның шаңына да ілесе алмай қалған болатын. Дін жолындағы бар сауаты үш-төрт кітаптан аспайтындар Орекеңе қайдан теңессін.

Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы өзінің елден қудалану себебін Иран патшасына жазған хатында анық көрсеткенін айтып өттік. Оны өзіне таныс адамдары арқылы алдап 1937 жылдың 1 қыркүйегі күні қолға түсіріп түрмеге қамайды. Адам айтса нанғысыз Иранда жүріп жапон барлаушыларына сатылған, олардың тапсырмасымен сегіз бүлікшіл адамды дайындап, шекарадан өткізген, Түрікменстандағы Уфра мұнай базасында, Небитдаг мұнай кәсіпшіліктерінде, Красноводск портында диверсиялық топтар дайындаған және 1937 жылы Небитдаг станциясында екі рет поезд аударуды дайындап, іске асырған деген жаламен 1938 жылдың 29 қазанында ең ауыр жаза-ату жазасына кесіледі. Үкім 30 қазанда орындалған.

Алайда сол 1938 жылдың 28 ақпанында түрме дәрігерінің "Денсаулығы жақсы, қол еңбегіне жарамды" деп берген қағазы және Красноводск қалалық ЗАГС бөлімі берген №191977-ші өлімі туралы куәлікте Оразмағамбет 1942 жылдың 30 қазанында 61 жасында қайтыс болды деген анықтамасы ол туралы әлі де іздене түсуді керек етеді. Бұл үкімет органдары Оразмағамбетті атпай өз жұмыстарына пайдаланды деген әңгімелердің шындық екенін білдіреді. Ташкенттің, Ашхабаттың қауіпсіздік комитеттеріндегі архивтердегі ол туралы істі құзырлы органдар арқылы алдыртса біраз нәрсеге қол жетері анық.

Оразмағамбет туралы деректерді қалың жұртшылыққа таныстыруда марқұм Сұлтан Балхаев ағамызбен жазушы Әбілқайыр Спанның еңбегі ерекше. Әсіресе осы бір істі қолына ерте алған Сұлтекең болатын. "Мен оның ұмытыла бастаған мұраларын зерттеп, тірнектеп жинап, ақтап арашалауды өзіме парыз санадым. Қызыл империяның қаһарлы жылдары бола тұрса да күш жігерімді қайран әмбебап әкеміздің рухы үшін сарп еттім. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің тілін табу үшін олардың штаттан тыс қызметкері де болдым. Соның көмегі тиіп Оразекеңнің Ирандағы балаларымен, туыстарымен хат алысып, байланыс жасап тұрдым" дейді өз естелігінде.

Осы істердің жалғасын табуына, Маңғыстау тарихының қасіретті беттерінің бірі болып табылатын Иран қазақтарының өмірі, олардың салт дәстүрлері, орталарынан шыққан белгілі адамдар туралы деректер жинап, онымен көпшілікті таныстыруымызға облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының жасаған қамқорлығын сіздердің алдарыңызда айтып өтіп, рахметімізді білдіруді азаматтық парызымыз деп есептейміз. Билік тізгінін ұстаған басшы елінің өткенін дәріптеп, оның ұрпақ санасына жетуіне себепкер болса халқының ризашылығына бөленері анық.

Біздің биылғы Иран сапарымызда қолымызға түскен аз да болса мәнді құжаттарға балаша қуанып, ризашылығын білдірген марқұм Нәсіпқали Марабаев ағамыз еді. "Үлкен істің бастамасы болғай, шын жүрегіммен риза болып отырмын. Ұлы адамдар туралы кейінге қалдырар бір ауыз сөздің өзі құнды" деп жазып еді сонау Лондонда аурумен арпалысып жатып.

Сол ағамыз айтқандай бұл үлкен істің бастамасы ғана. Жетпей жатып болдым деуге, толмай жатып толдым деуге әлі ерте. Әлі де саябыр таппас тынымсыз еңбек, өз топырағымыздан жаралған тұлғаларымыз туралы ізденістердің біз үшін берері көп. Әбіш ағамыздың кейінгі ұрпаққа "Жарық дүниеде өзіңді өгей сезінгің келмесе білім мұхитына сапарыңды әуелі анаң айтқан тақпақтан баста, жалпақ адамзат ортасында бұралқы көрінгің келмесе шартарапқа сапарыңды әуелі атаң көрсеткен соқпақтан баста" дегені бар еді. Ендеше сол аталарымыз салып кеткен соқпақтың, айтып кеткен өнегелі сөздің, сілтеп кеткен бағытының ұрпақтарын адастырмай тура жолға салары сөзсіз.

Бір ауылдан бір ауыл іліп әкетіп ұлан асыр мереке құшағында жатқан қасиетті өлкеміздің көрер қызығы, еліміздің қуанышы таусылмағай! Той тойға ұлассын ағайын! Қай уақытта да уыздай бірлігіміз, бір-біріміздің қолтығымыздан сүйеп жүретін бауырмалдығымыздан айрылмайық. Рахмет.

АЛҒАШҚЫ КӨШ

Еліміз тәуелсіздігін алып алыс-жақын шет елдермен байланыс орнады. Сол кездегі экономикалық жағдайлардың қиындығына қарамастан туған жерге, атамекеніме ораламын деген қандастарымызға есігімізді айқара аштық. Оларға жанұя санына байланысты баспана беріліп, қолдарынан келген жұмыстарға орналастырылды. Сол 1995 жылы парсы жерінің Горган қаласынан шыққан алғашқы кеме Ақтау портына келіп жәкірін тастаған еді. Бірнеше ондаған жылдар бойы аталар аманатын арқалап, туған жер топырағына сағыныш жасын көл қылып ақтарған алғашқы қандастарымыз мыналар еді:

1. Баймұханбет Минамұлы (жанұясында 4 адам)
2. Мақсұт Балабайұлы (жанұясында 9 адам)
3. Таған Дәрібайұлы (жанұясында 13 адам)
4. Мәжит Қызылұлы (жанұясында 1 адам)

5. Айдар Есенұлы (жанұясында 3 адам)
6. Жүніс Құсайынұлы (жанұясында 3 адам)
7. Ыбырай Асанұлы (жанұясында 4 адам)
8. Демеген Аманшаұлы (жанұясында 8 адам)

9. Нұрмұханбет Нағайұлы (жанұясында 5 адам)
10. Бөрібай Өтесінұлы (жанұясында 1 адам)
11. Насредин Бөрібайұлы (жанұясында 4 адам)
12. Таған Қаржаубайұлы (жанұясында 4 адам)

13. Бейсенбай Олжабайұлы (жанұясында 8 адам)
14. Мұрат Шамшадинұлы (жанұясында 5 адам)
15. Ысқақ Жалғасұлы (жанұясында 4 адам)
16. Жақып Жаңабайұлы (жанұясында 4 адам)

17. Әбидолла Көбенұлы (жанұясында 10 адам)
18. Жақсылық Бүркітбайұлы (жанұясында 4 адам)
19. Нұрмұханбет Жақсылықұлы (жанұясында 3 адам)
20. Ахмет Жақсылықұлы (жанұясында 6 адам)

21. Құрбанепес Әбдікәрімұлы (жанұясында 4 адам)
22. Мейрам Тітірбайұлы (жанұясында 5 адам)
23. Ырысбай Жаймағамбетұлы (жанұясында 5 адам)
24. Әбдіқайым Айтбайұлы (жанұясында 4 адам)

25.Жұмабек Омарұлы (жанұясында 10 адам)
26. Самания Үргешбайұлы (жанұясында 5 адам)
27. Нағима Үрібайқызы (жанұясында 6 адам)
28. Үргебай Айтжанұлы (жанұясында 6 адам)

29. Әбділлә Көбенұлы (жанұясында 13 адам)
30. Айтжан Табылдықызы (жанұясында 1 адам)
31. Базарбай Махабайұлы (жанұясында 7 адам)
32. Мұрат Жайлауұлы (жанұясында 4 адам)

33. Мұхамадин Құсайынұлы (жанұясында 5 адам)
34. Муса Ағаділұлы (жанұясында 3 адам)
35. Қыдыр Үргешбайұлы (жанұясында 5 адам)
36.Аршынияз Бітімбайұлы (жанұясында 7 адам)

37. Әбдіқадір Елемесұлы (жанұясында 1 адам)
38. Дүйсен Дәулетұлы (жанұясында 8 адам)
39. Нияз Қартбайұлы (жанұясында 2 адам)
40. Күлисан Байжігітқызы (жанұясында 2 адам)

41. Мұхамбет Алдоңғарұлы (жанұясында 4 адам)
42. Мейрам Әбділлаұлы (жанұясында 4 адам)
Тамара ЖҰМАЛИЕВА
ҚАНДАСТАРМЕН ҚАУЫШУ

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Қара көзден мөлтілдеп жас келеді.

Иә, тағдыр тауқыметіне не шара? Алмағайып заманның аласапыран ауаны кімдерді тірсектен қағып, кіндік қаны тамған туған жерден ығыстырмады? Көз жеткісіз қиянды бетке алған керуен қомында туған, өз ұлтының барлық қадір қасиетін-сұлу тілі мен дәстүрін, ділін, қастерлі дінін сақтаған ұрпақ, бір қауым қазақ жанұясы атажұртқа оралып, ағайынмен қауышып, орта толғаны кеше ғана.

Ел болып еңсеміз көтерілген, тәуелсіз болып, егемендігі салтанат құрған қазақ жұртымыз үшін бұл көрініс өлгені тіріліп, өшкені жанғандай ұлы оқиға болды. Алыстан келген ағайындардың әлеуметтік-тұрмыстық қажеттіліктері тиісті жоғары әкімшілік орындары арқылы шешіліп жатырса, олардың рухани тынысы да жерлестері назарынан тыс қалмады.

Соның бір көрінісі- Маңғыстау облыстық тарихи өлкетану мұражайында "Қызықты кездесулер" клубында өткен "Ата қонысқа оралған ағайындармен басқосу" еді. Тарихи-өлкетану мұражайы түбегіміздің кешегісі мен бүгінгісінен сыр шертетін қасиетті шаңырақ. Өлкемізге алыс-жақыннан келген қонақтардың ат шалдыратын негізгі орындарының бірі.

Ата-қонысқа алыстан ат сабылтып арып-ашып жеткен ағайынның да алғаш басын тіреген орны осы мұражай болды. Олардың жерге-елге деген сағынышы өз алдына, мұражайдағы әрбір жәдігерге шұқшияқарап, алақанымен сипап, көзіне іркіген жасын тия алмай, мандайын тигізуі-тек қана соларға, жырақта жүріп, туған жер қадіріне жеткен жандарға ғана тән сүйіспеншілік еді.

Мұражайдың табиғат бөлімін аралап жүріп бір ағайын: "Ителгі деген құс болушы еді, сол бар ма?" деп сұрады. Ол құстың жоғалып кетуге айналған қазақ тілі мен "қазақылық" қасиеттей "Қызыл кітапқа" еніп, сиреп кеткенін қайдан білсін?

Енді бірі "Кекілік" деген құсты көріп, ескі танысын көргендей болса, бірі қарақұйрықты көріп мауқын басты. Әжейлер мен жеңгейлер этнография бөлімін аралап жүріп, қасиетті киіз үйдің айналасынан шыға алмай, өңіржиек пен шолпыны, құдағай жүзік пен шекелікті көріп, баяғы қыз күндерімен табысқандай болды.

Әсіресе, қонақтардың киген киімдері мұражайдың ғылыми қызметкерлерінің назарын өздеріне аударды. Олардың үстеріндегі ілмелі жаулық, кестеленген көйлек, түймешік тағып 2-3 қатар етіп зер жүргізген жадағай, әдемі ақ кимешек бәрі-бәрі Ираннан емес, сонау тарих қойнауынан келген ғасыр қонақтарындай әсер қалдырды.

Не деген тектілік, не деген ұлтжандылық десеңізші! Өңі бұзылмаған қазақылық!

Танысып білісе, жөн сұраса келе осы ұлттық киімдердің өз қолдарынан шыққанын естігенде ерекше таң қалдық. Бәрі де содан басталды. Мұражай қызметкерлері олардың әрбіреуінің үйінде болып, олардың осыған дейінгі өмір жолдары, кәсібі, тұрмыс-тіршілігі, қолөнері, оқу-білімі, ғылыми ізденістері, өнерпаздығы т.б туралы сұрап, біліп, қарап, зерттеп кептеген құнды деректер, қомақты дүниелер жинақтады. Ішінара өздері ұсынған кейбір қолөнер бұйымдарын мұражай қорына сатып та алдық. Бір таңқаларлығы: іс істейтін, қолөнердің бір түрімен айналыспайтын әйел адам жоқекен. Бірі кілем тоқыса, бірі кесте төгеді, бірі киім тіксе, бірі текемет басады. Ал олардың "қолынан шыққан әрбір өрнек шетінен әдемі, көздің жауын алады, айтып жеткізу қиын. Оларды тек көру керек.

Сондықтан ата қонысқа оралған аналар мен қыздардың қолөнеріне арнап мұражайда "Сақталған салт дәстүрлер" атты көрме жасақталды. Оған ұлттық бұйымдардың ең таңдаулы дегендері ғана қойылды. Олардың ішінде: Әлім Кенжебай жұбайы, Қырықмылтыққызы Қымбат апаның келіндері Айша мен Фаризаның қолынан шыққан тұмарша-кілемшелер, кестеленген көрпе жастықтар, оқыған азамат Байрам Көрпе Тітірбайдың зайыбы Зейнеп-Ибада төккен кестелер бар. Зейнеп кәзір №11 қазақ орта мектебінде қол еңбегі сабағынан дәріс беріп жүр. Енесі Айжан Бәубек Табылдықызы 1986 жылы шалы Тітірбай Көрпе Нұрбергенмен бірге мұсылманның қасиетті орны Мекке-Мединаға барып, өмір бойы жиған тергенін дін жолы-құдай жолына бағыштап, қажы атанған. Айжан әже туралы мәліметтер де көрмеден орын алды.

Келесі бір қалылап тоқылған "Алматы", "Қыз Жібек" деп ат қойылған кестелерді тоқыған Жұмаш Байбоз Пилтан хас шебердің бірі. Жолдасы Нияз Тобыш Тегеран университетін бітірген ағылшын тілінің маманы, кәзір гуманитарлық лицейде сабақ беріп жүр. Атақты Мешітбай батырдың ұрпағы.

Моншақталған кестелерді төккен сіңлілеріміз Әбида Шатқан Ырысбай шеберлігімен бірге палуандығы бар, орта мектепте жүргенде каратэден күміс жүлдегер атанған ерекше өнер иесі екен.

Осыған жалғас Раушан Бегей Жақсылық, Маржан Көрпе Таған, Фатима Көрпе Таған сияқты сіңлілеріміздің он саусағынан шығып, өнері тамған кестелері қойылған. Бұлармен қоса тағы да басқа шеберлердің қолөнер туындылары көрмеден орын алды. Маңғыстаулық ағайындарға Наурыз айы бойына мұражайдағы бұл көрмені көріп, тамашалауға толық мүмкіндік болды.

Ағайындармен өткен басқосуда негізінен Маңғыстауда дүниеге келіп, бала кезінде кейбірі оң-солын танып та үлгермей елден кеткен, бірақ ата-ана аманатын орындау жолында ұрпақ алдында асыл борыштарын атқарған ақсақалдар шақырылды. Олар Зайыр Кедей, Құлисан Жақау, Жақсылық Бегей, Құрманнепес Мамыр, Таған Көрпелер көргені көп, түйгені мол естігенін ұмытпайтын, елдің салт дәстүрімен дәбін жатқа айтатын шетінен шежіре қарттар.

Басқосуды бастамас бұрын бүкіл саналы ғұмырын тек елге деген сағынышпен өткізген, ұрпағының қаны мен жанына "ата қоныс", "туған жер" деген ұғымды өшпестей ғып қалдырған, олардың бойына қазақылықты, қазақтың тілі мен ділін, қасиетті дінін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сіңірген, бүгінгідей кездесуді өмір бойы аңсап өткен сол бір ардақты ағалар мен аяулы апалар рухына бағыштап Ырысбай Қырықмылтық құран оқыды. Ағаларға сөз кезегі берілгенде сонау аласапыран заманның қиын-қыстау күндерінен бастап, кешегі туған топыраққа табан тіреген ең бақытты сәттеріне дейін жанарлары жасаурап әңгімелеп берді. Ағалардың соңын ала сөз алған Қымбат апа ұрпақ тәрбиесіне, қыз-келіншектәрбиесіне, ұлттық-дәстүрді, салтты сақтауға қандай маңыз беріліп, оның ешбір боямасыз, қоспасыз сақталуына қалай мән бергендерін жастар үлкен ықыласпен тыңдады. Ал асылдың сынығындай Оразмағамбет Тұрмағамбетұлының туған жиені (ғалымның қызы Панардан туған) Ажария туған нағашысының рухына арнап өз қолымен тоқыған жайнамазын мұражай қорына тапсырды. Басқосуда мұражай қызметкерлері мен өнер училищесінің өнерпаздары қонақтарға өнер көрсетті.

Басқосу соңында Нияз Тобыш пен Байрам Көрпе ата-ана аманатының ақталғандығына шүкіршілік білдіріп, басқосуға, көрмеге, мұражай қызметкерлеріне, үлкен ілтипатпен өз ризашылықтарын білдірді. Алыстан келген жас өнерпаз ағайындарымыз Ырза Көрпе мен Рамазан Қырықмылтық екеуі Нұрымның жырын айтып, "Адайды" шалқытып таң-тамаша қалдырды.

Алыстан келген ағайындардың барлығы да мұражайға ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі күндерінде ел тарихымен танысуға, ұлттық дәстүрмен тағы да бір етене табысуға құрметпен шақырылған еді. Осылайша ұрпақтар үндестігі үзілмей, тұтастығымыз сақталсын. Ата қонысқа оралған ағайынның көш-керуенінің алғашқы легі ортамызда. Керуен басы туған елі көңілінен шығуда. Келесі кездесулер де осылай жалғаса бергей!

ИРАН АСЫП КЕЛГЕН АҒАЙЫНДАР

ЖЕРІНЕ БІЗ ИРАННЫҢ КЕЛДІК АСЫП...

Арманда кеткен ақын ...

Қырықмылтық Жарылғап Байбарақұлы хақында

Мен ғұмыр жасының дені Иран жерінде өткен Жарылғап ақынды көре қалдым. Жарықтықпен сөзім жарасатын. Оның бір себебі - екеуіміз де төтеше жазып, оқи алатынбыз. Жасы ұлғайып қалған қарттың құлағы естімейтін. Ол айтатын, ал мен оған айтатынымды жазып беруші едім... Екеуміз осылайша "сөйлесіп" отыратынбыз.

- Адай жұртының бір ауылында (Бейнеудің маңайында), шамамен, 1908 жылы дүниеге келіппін. Әкеміз белгілі бай болды. "Қанды орпа" деген көлдің басында - аласаттан бір жыл бұрын шалға ас бергенбіз,- деп отыратын Жәкең.

Жәкеңнің қыз балалары болды да, бірақ соңынан ұл ермеді. Өзі жарлы болды. Өмір бойы ұсталықпен айналысып, адал еңбегімен күн кешті.

- Нияз! Менің мына күйеу балама айт, түсіндір. Егерде, Қазақстан өз басына дербес ел болып жатса, екі ара ашылса мені қоларбамен сонау шекараға апарып тастасын. Қалған жерін өзім еңбектеп-ақ барып табамын! - Ол асыр салып ойнаған, өскен жерім ғой,- дейтін жарықтық!

Бірақ, ол - Кеңес империясының ыдырап, қазақтың дербес ел болып, шаңырақ көтерген ұлы жаңалығын көре алмай, арманда кетті... Жәкең 1990 жылы 82 жасында о дүниелік болды.

Оның, негізінен, елге деген сарғайған сағыныштан тұратын өлең-толғаулары кезінде "Біздің Отан" газетіне басылып шығып тұрған. Жәкең өзі шығарған сөздерін айтып отырушы еді. Өлеңдері көп болатын.

Бірақ, әттеген-ай деген жері "Алтынның қолда барда - қадірі жоқ" дегендей, кезінде ескермей, мол дүниені дұрыстап жинақтай алмай қалдым. Алла осылай жазған болар. Менің мына ұсынып отырғандарым - арманда өткен ақсақалдың азғантай сөзі. Мүмкін, оқырман назарына ілігер.

Нияз ТОБЫШ
Ш. Есенов атындағы Ақтау
Мемлекеттік Университетінің аға оқытушысы
СҰРҚЫЛ ЗАМАН

Толғау
Сарыарқа, Сағыз, Жем мен сары даласы,

Маңғыстау - Балқаш таумен шекарасы.

Жайлаған құба дөңді Адай халқым,

Мекендеп қоныс қылған екі арасы.

Адайдың жүрген жері - астанасы,

Ат шапқан құба дөңде жас баласы.

Біздің ел жаз жайлайтын Сарыарқаны,

Келуші еді жаз жайласа елдің сәні.

Төрт түлік жөнге жүрмей, жөңкілетін,

Көбейіп есебі жоқ малдың саны.

Қысында қыстаушы едік Маңғыстауды

Қап-қара төбемізден бәле жауды!

Тап болып маңдайына сұрқыл заман,

Мекеннен атақоныс халқым ауды.

Арқаға барушы еді жоғарғы Адай,

Адастық тумалардан жоғалғандай.

Тумамды көрмегенді арман етем,

Қартайып сақал-шашым ағарғандай.

Қаласы біздің елдің - Қарақамыс,

Туған жер енді бізден қалады алыс.

Сағындым елу төрт жыл арманменен,

Жүзіне апалардың болмай таныс.

Қысында базар қылып Бесқаланы,

Баруға жауларынан жасқанады.

Қойға ұқсап қасқыр тиген тозғындатты,

Төбеден жасыл тастап астананы!

Жеріне біз Иранның келдік асып,

Таба алмай туған жерден баспананы.

Жайлаушы еді төменгі Адай үш түбекті,

Малдарын бағушы еді азды-көпті.

Басынан бақыт-дәулет ауған күні

Көп дәулет баяндамай, ұшты кетті!

Базары баратұғын Қаңбақты еді,

Байлары аты шыққан саңлақты еді.

Жазында ыссы жерге түйе байлап,

Аулының айналасы шаңдақты еді.

Баратын бір қаласы Кетік еді,

Дәулетке біздің Адай жетіп еді.

Қашырды берекесін - елдің сәнін,

Ұсталып басты адамдар кетіп еді!

Сырына біздің елдің жетік еді,

Бір пәле елге келіп жетіп еді.

Жөнелдік әр тарапқа бас сауғалап,

Қорлығы залымдардың өтіп еді!

Күзінде жәрмеңкеміз Көкжар еді,

Арасы біздің елге көп жер еді.

Сағынып елу төрт жыл байланды шер,

Тумамды енді қашан көз көреді?

Сағынып тумама айтқан сөздер еді,

Тілегін біреулердің тез береді.

Жазылса бұл дүниеде несіп болып,

Өлмесе, ақыр бір күн кез келеді.

Таусылмас, айта берсем, көңіл назы,

Той тойлап жүруші едік қысы-жазы.

Ат шауып айдын көлдің жағасында,

Шалпылдап суда жүзер үйрек-қазы.

Теңге алып, атпен шауып ойынпазы,

Басынан азайған күн елдің сазы.

Тап болдық кер заманның керіміне,

Әділдік патшамыздан болмай қазы.

Бір жалын елді келіп өртегеннен –

Иранға асып келдім ерте күннен.

Жазбаса маңдайыңа несіп қылып,

Жігітке қыз бермейді ел тегіннен.

Басты адам қойдай тізіп ұсталғасын,

Заманнан кемдік көріп, қыстанғасын,

Туған жер тума менен талақ қылдым.

Басыңа іс түскесін қыстанасың.

Айтайын Адай елдің жүрген жерін,

Сағындым көргім келіп, қайран елім!

Бір туған тумаларды көзім көріп,

Тарқатар күн болар ма іштің шерін?

Желпіген қоңыр майда самал желін,

Айнадай жарқыраушы еді айдын көлің.

Той тойлап көктемеде одағайлап,

Ат шапқан баялышты құмайт белім.

Сағыныш айдын көлдің көлеміндей,

Арманым асқар таудың сілеміндей.

Қайғымен қапа болып, тарыққанда –

Айтамын шер тарқатып өлеңімді.

Қайғы-шер палуандардың білегіндей,

Бір Алла, бермедің ғой тілегімді.

Толғасам осылайша жел сөзбенен,

Басамын біраз ғана жүрегімді...

( Толғау 1984 жылы жазылған. )

ЖЕЛ АЙДАҒАН ҚАҢБАҚТАЙ...

Құба дөң - ата-бабам туған мекен,

Біздерді сол мекенде туған екен...

Ат мініп, азғантай күн тойға түсіп,

Беліме кемер деңмен буған екен.

Жауыздың құтыратын жыны ұстап,

Халқымды мекенінен қуған екен!

Біз кеттік жел айдаған қаңбаққа ұқсап,

Жат болып, ел-тумадан болдық бөтен.

Ізімнен еркек перзент ермеген соң,

Мұңданып осы күнде арман етем.

Құба дөң құтымыз боп, туған мекен,

Көз жасы талайлардың жуған екен.

Бұрын да жеті жұртың жер аударып,

Талайдың жерден көңілі суыған екен.

Бір туған тумасынан тірі айрылып,

Талайды арман-қайғы буған екен.

Мың тоғыз жүз отыздың сары күзі -

Бұл-дағы елге келген науқан екен.

Қапсырып, қара аспанды тарылдырып,

Талайға қанды бұршақ жауған екен.

Тарихтың сызығына жеткен пенде –

Талай ел мекенінен ауған екен.

Құба дөң жеті жұрттан қалған екен,

Талайға арман-қайғы салған екен.

Адамзат тұрақ қылар баяны жоқ,

Қашаннан тұрлауы жоқ жалған екен.

АЛАСАТҚА АЙТҚАН СӨЗ...

Барады базар қылып, әр қаланың

Ат жетпес айналасы сары даланың.

Ел, тума, жер-қонысты талақ қылдық,

Сойқаны елге жетіп Сары баланың.

Мың тоғыз жүз отыздың сойқан күзі,

Теп-тегіс солғын тартты елдің жүзі.

Басынан елдің бағы ауған күні –

Өрт шалды құба дөңнің жапан түзін.

Кешегі аласатқа айтқан сөзім –

Халқым-ау, тыңдар бүгін келді кезің.

Қалдырмай қатын-бала жер аударып,

Үй тонап, малды алғанда - бармын өзім!

Талпынып жаңа атқа мінген кезім,

Жыланды жатқан талай көрді көзім.

Ел-халық, тумаларын талақ қылып,

Нешелер болған жоқ па елден безім?

Келді де бір айдаһар аузын ашты,

Намадан жер жүзіне зәрін шашты!

Зардапқа тау күйініп, тастар жанып,

Тозғындап кәрі-жасы халқым қашты.

Бүгінде тумасынан тірі айрылған,

Жеріген ұясынан қарлығашпын.

Адасып алыс жерге біз кеткен соң,

Қадірі енді өтеді қарындастың.

Аз қазақ елден шыға қаша көштің,

Көрмеген неше белең жерден кештің.

Түн жүріп, күндіз жатып неше бір күн,

Иранға келіп қонып, жүгің шештің.

Тумасын өмір бойы бір көре алмай,

Сағынып аңсағанның өңмені өштің.

Келген соң, бұл Иранды мекен етіп,

Қоныстап, ұрпақ жайып, өніп-өстің.

Дәм айдап бұл Иранға біз келгелі,

Бірталай дәурен өтіп, жылдар кештің.

Адасып туған жерден кіндік кескен,

Туманы өмір бойы бір көре алмай,

Талайлар үміттерін үздік дескен.

Сағыныш дерт болып түр жүрек тескен.

Айырған бірге туған тумасынан

Жауыздың зұлымдығы кетер ме естен?

ҚЫЗЫЛБАСТАН - ҚАТЫНЫ...

Айдады келмесіне ата-анасын,

Шулатып, жетім қылып қыз баласын.

Мал құрту, адам жұту, ойран болса –

Мекенде қалай тыныш жата аларсың?

Жерінен құба дөңнің дұға қаштың,

Аз қазақ жерден өрлеп, шыға қаштың.

Түйедей жерсінбеген ауып келіп,

Жеріне мекен еттің Қызылбастың.

Малды алып, ата-анасы айдап асқан,

Жүзінен қалғандардың сұры қашқан.

Қолында ішер асы болмаған соң,

Зарланды талай жетім жылап аштан.

Бір туған аға-іні, қарындастан,

Біздің ел асып келді айлық аштан.

Бұрынғы ата жолы бізден қалды,

Қатындар билік алды ұзын шаштан.

Тұқымы қара болар хабары жоқ,

Талайы қызылбасқа басын қосқан.

Енеңнің етегінен өнген күні

Несібе-ризығыңды солай шашқан.

Сендерге мен айтайын әуел бастан –

Халқыма тыңдайтұғын қостым дастан.

Біздің ел бұл Иранды мекендеді,

Салды енді қабатты үйін қызыл тастан.

Кешегі аласаттың заманында

Адасты ерлі-зайып басын қосқан.

Тілегі жас балдардың осы күнде,

Жол ашып, екі арадан, болса бостан!

Тұқымын біздің қазақ заялады –

Жас жігіт қатын алды Қызылбастан.

Өзіңе бұл да мәлім ерте бастан,

Маңдайға шашын қойды балғын жастан.

Кез келіп, қарсы келсең - сәлемі жоқ,

Тағылым-дәріс алыпты Кәмөнестен.

Қорегі жас балдардың шылым-настан,

Сөйлесе ұтылмайды жығылмастан.

Билікті қатын менен бала алғасын,

Ер құнын бітіретұғын ер азамат,

Сөздері тыңдалмады пайдаға асқан.

Билікті қатын менен бала алды,

Шығарып өздеріне жолдар салды.

Қол жуып, құда болмай құдасына,

Бұрынғы ата жолы бізден қалды.

Той деген ата салты бұрынғының,

Оң болар еткен ісі ырымдының.

Еркектен асып қатын, жол шығарып,

Той болса - бәрі барад бұрымдының.

Той болса, алдыменен, қатындар жүр,

Өзінің қылған ісін мақұлдап жүр.

Бұрынғы ата салтын жерге көміп,

Ел билеп, жұрт сұрауға жақындап жүр.

Байрақты аттан озып, алды байтал,

Қалмады қарттарың да ақыл айтар.

Тұрғанда ата-анасы билік алған –

Қорқамын бола ма деп түбі сайқал!

Ақылды, білікті адам сөзді байқар,

Әдепсіз болса балаң - жанды шайқар.

Еркектің қатты қорқар қайраты жоқ,

Қатындар билік алмай, енді қайтер?

Сөйлеймін өмірімше жалғыз тілді,

Парсыны бала-қатын - бәрі білді.

Соншама Хаққа тоба қылсам-дағы,

Бермеді тілегімді - жалғыз ұлды!

Кешегі жиырма бестің кербезінде,

Алмадым жамансынып талай тұлды.

Бес уақыт құбылаға қолын жайған

Бір Алла бос қояр ма біздей құлды?

Аллаға бір жазығым болған шығар,

Болмаса, неге мұндай мұңды қылды?

Ел билеп, жұрт сұрайтын болмасам да,

Шығып еді заманымда менің атым.

Басына іс түссе адам - қапылатын,

Түбінен алғым келмеді қатын атын.

Бұл күнде Алматыға қағаз жазып,

Шығып жүр осы күнде ақын атым.

Жастықта келіп еді лайқатым,

Келді ғой аяғынан талай қатын.

Үш жатып, төртінші күні қайтып кетті,

Білген соң, басын тартып, қайта алатын.

Сыбызғы сыңсып жылайды,

Тегінің қамыс екенін айтып.

Түбірі қалған қамысты көлде,

Түйіні қалған мекенін айтып.

Ер менен әйел жылайды,

Еліме қайтып оралмаймын-ау деп.

Сыбызғы сыңсып жылайды,

Қайтадан қамыс бола алмаймын-ау деп.

Ирандық Мауляви шайырдың өлеңінен

2006 жылғы шілде айының 15-27 аралығында облыс әкімшілігінің демеушілігімен Иран Ислам Республикасына арнайы іссапармен барып қайттық. Сапардың мақсаты 1932-1938 жылдардағы саяси құғын-сүргін кезеңдерінде жат елге кеткен қандастарымыздың басынан кешкен қиындықтарын, салт-дәстүрлерін, олардың ортасынан шыққан белгілі адамдар туралы деректер жинау еді. Бұл өзі көптен бері ойда болғанмен орындалуы қиындау болып жүрген жұмыс болатын. Өйткені бұл заманда әрбір аттаған қадамың, бір жапырақ қағазыңның өзі қаржыға барып тірелетіндіктен қолы қысқа адамның алысқа шаба алмасы өз өзінен белгілі. Өз өлкеңнің өткені, оның топырағынан жаратылған перзенттері туралы деректер жинау туралы ойыңды біреу түсінгенмен, кейбіреулерінің ондай іске шошына қарайтыны да рас. Айтып тұрғаның қарақан басыңның қамы емес, әлдеқашан сүйегі қурап қалған "біреулер" туралы екенін естігенде сені де "тоқсан тоғыз процентке" жатқызатындарды да көргенбіз. Кейбір ағаларымыз заман ағымын түсінбеген "микешелігімізді" көзімізге шұқып тұрып айтқанда болатын. Қайтесің. Осындайда "Сауатты адамға ой-өрісі таяз адам қандай төмен болып көрінсе, ілім-білімнен хабары жоқ адамға білімді адам да сондай жексұрын болып көрінеді" деген Шәкәрім ақсақалдың сөзі еске түседі. Бір-бірімізді түсінудің қиындығын сезініп олармен сыпайы қоштасатынбыз.

Мұражай жұмысы қашанда ізденуді, әр адамның аузынан суыртпақ тартқандай болып дерек жинауды талап етеді. Солардың бәрін қорытып, шама келсе қызыл әңгіменің, мың құбылған аңыздың жетегінде кетпей қағаз бетіне түсіру керек. Сонда ғана басы бұлақтай болған кішкене деректің ұлғайып, кейінгіге айтар әңгімесі теңіз суындай мол болмақшы. Қолма-қол қайтарымы болмағанмен кейінгі ұрпақтар үшін жазылып қалған бір парақ қағаз құндылығының кезінде арта түсері даусыз. Өткенге жанашырлықпен қарау, барыңды бағалай білу, ата-баба дәстүрінің ерекшелігі туралы жиі айтатынымыз да, оны сақтап қалу жөнінде көмек сұрайтынымыз да сондықтан. Дегенмен облысымызға Қырымбек Елеуұлы әкім болып келгеннен бері мәдениет, білім саласында көптеген өзгерістер болып жатқаны елге аян. Әсіресе мұражай қызметкері болып істейтін менің ел ағасының осында келген азғана уақыты ішінде онымен сапарлас болуыма, әңгімесін тыңдап, алдағы кейбір мақсат-мүдделері туралы пікірлерін естуіме тура келген кезеңдер де болды. Көңіл қуантарлығы сол, бұрындары сырторайлау болып келген мәдениет саласына деген ол кісінің жанашырлығының үлкен екендігі, өлке тарихына деген сүйіспеншілігі. Көкейінде жүрген болашақтағы жұмыс жоспарының ауқымдылығы. Әрине бұл кім-кімді болса да қуантып, көңілінен шығары анық.

Көп ұзамай-ақ облыс басшысы әйгілі жазушы, жерлесіміз Әбіш Кекілбаевпен мәдениет, білім саласы қызметкерлерінің кездесуінде алда істелер нақты жұмыстар жөнінде тоқталып, тапсырмалар берді.

Біздің Иран сапары туралы ойымызда жүрген мәселе оның алдындағы қабылдауда шешілді. Сапар мақсаты нақтыланып, баратын адамдар толықтай қаржыландырылды. Көп ұзамай-ақ осы жолдардың авторы, белгілі журналист Есберген Іңірбай, әрі жолбасшылық, әрі аудармашылық қызметін атқаратын ағылшын тілінің маманы, парсы елінен жоғары білім алған Нияз Тобыш және Ақтау университетінің оқытушысы Айнаш Бекенжанова қарындасымыз болып түстіктегі сыры да мол, жыры да көп, біздердің көбімізге беймәлімдеу Иран еліне бет алдық.

Осы күнгі техниканың жетістігіне сөз бар ма. Анау бір аласапыран жылдары алдындағы малы түгілі бауырындағы баласынан, жол көрсетер азаматынан айрылып, қандастарымыздың айлап жүріп тоз-тоз болып жеткен парсы жеріне айналасы 5-6 сағат төңірегінде табанымыз тиді. Түнгі сағат 12-ден кете Баку қаласынан ұшқан үлкен лайнер көп ұзамай-ақ Тегеран қаласының Хомейни атындағы жаңа аэродромына қонуға бағыттады. Төменде тау бөктерлей созылып жатқан ұшы қиыры көрінбейтін үлкен қала. Соңғы кездегі деректер бойынша бұл қаланың 12 миллионнан астам тұрғыны бар көрінеді. Бірақта бұл нақты есеп емес дейді оның тұрғындары. Олар күн сайын жан-жақтан ағылып келіп жатқан адамдар тасқынын есепке алып, тағы да 2-3 миллионды қосып айтады. Сонау ықылым заманнан дүниенің төрт бұрышына атағы шыққан, кезінде бағы жанып дәуірлеуді де, оның баянсыздығын көріп құлдырауды да басынан кешкен мемлекетте Тегераннан басқа Мешхед, Исфаган, Тебриз, Шираз сияқты тұрғындары миллионнан асып кеткен қалалар бар.

Ұшағымыз төмендей бастағаннан-ақ ішінде қозғалыс басталды. Әйелдер жағы қол сөмкелерінен алдын-ала дайындап қойған орамалдарын алып бастарына тартып жатты. Қайта-қайта айналарына қарап, бір-біріне қалай тартуды үйретіп жатқандар да бар. Бұрын орамал тартпақ түгілі, оның қандай болатынынан бейхабар жандардың да бар екені көзге ұрады. Қасымда отырған ағылшын ба, әлде француз ба, кім білсін жас келіншек басындағы орамалын көрсетіп маған қарап бірдеңе деді. Бірден білдім. Жарасып тұр ма дегені ғой. Орыс тілінің өзін басын жарып, көзін шығарып айтатын маған онымен ой бөлісетіндей шет тілін білуді құдай маңдайға жазбапты. Бар қолымнан келгені бетіне қарап ыржия күліп, басымды изеу ғана болды. Бұл елдің заңы бойынша дүниенің қай бұрышынан келсе де, әйел адамдар үшін бұлжымайтын талап бар. Ол денесінің ашық жерлерін көрсетпей, басына орамал тартуы тиіс. Осыдан кейін ғана оның топырағына табаның тиеді. Болмаса әрі қарата бір қадам да аттай алмайсың. Ол заңның қылтың-сылтыңды көтермейтін құдіреттілігін көзіміз көрді. Қасымызда келе жатқан Айнаш қарындасымыз өзімен жұмыстас Нияз ағасынан ол елдің салты, дәбі туралы бірнеше рет кеңес алса да, бұрын тартып жүрмегендіктен орамалын чемоданына салып жіберіпті. Үстіне киген киімдері сол елдің жағдайында болғанымен орамалы жоқ болып шықты. Біздерді ұшақ есігінің алдында тоқтатты. Орамалдың чемоданда ұмыт кеткенін, жүгімізді алған бойда басына тартатынын айтқанмен ештеңе шықпады. Қою мұртты, еңгезердей парсы бізбен тәжікелесіп жатуды артық санаса керек, өз шаруасымен бола берді. Амал жоқ, қызымыздың қасында Есберген екеуміз қалдық та, Нияз заттарды алуға кетті. Бір сағаттай уақыт өткенде қайта келіп орамалын берді.

Жұрт әлдеқашан тарап кеткен. Соңында қалған біздер таможнядан тағы бір сүзіліп өтіп белгі соқтырғаннан кейін ғана манадан бері төменде күтіп, екі көзі төрт болып тұрған Ескелді Закария інімізбен табыстық. Амандық саулықтан соң көп ұзамай өзіміз бағыттап бара жатқан, қазақтар тұратын Горган қаласына жүріп кеттік. Екі ара 450 шақырым. ЬІғы-жығы мыңдаған көлік ортасымен өзінің "Пейканың" жеңіл жүргізіп келеді. Қазір түн ортасы. Шаршасақ та жүріп отырып таңғы 7-8-де жететінімізді, қонақ үйде орнымыз дайын екенін, Ескелді Әбжет ініміздің бізді сол жерде күтіп отырғанынан да хабардар етті.

Эльбрус тауын жағалай жүріп келеміз. Бірнеше туннелдерден өттік. Қапталымызда Дамавэнд шыңы көрінді. Басында мәңгілік мұз. Тегераннан кейін Амол, Бабыл, Ғаэмшаэр, Сари (Мазендаран облысының орталығы), Бершэһр қалаларының үстімен Горганға да келдік. Бұл қала Гүлстан облысының орталығы.

Жеке дара шаңырақ көтергеніне не бары алты жыл өткен.

Жат жерге табаны тиген адамның көрсем, білсем деген әуесқойлығы басым болғанмен, Ақтаудан Бакуге келіп, одан Тегеранға ұшатын уақытыңды күтіп отыру, одан тау асып Тегеран келіп, тағы да 450 шақырым жол жүріп шаршағандықтан түске дейін демалдық. Түстік тамағымызды ішкеннен кейін бірлесе отырып азғана уақытымызды тиімді пайдалану үшін алдағы жұмыс жоспарымызды талқыладық.

Жалпы Иран елінде 65 миллионнан астам халық бар. Көп ұлтты. Негізгі ұлттарын құрайтын парсылар 51 процент, әзірбайжан 27 процент, курдтар 5 процентін құрайды. Бұдан басқа көп халықтар қатарына араб, түрікмен, армян, белуджилер, еврейлер жатады. Ал қазақтар өте аз. Негізінен осы Горган, одан 40 шақырымдай жердегі Бендер Түрікмен және Күмбет Қауыс қалаларында тұрады. Осы үш қалада 750-дей жанұя тұратын көрінеді. Шамамен әр үйде орта есеппен бес адамнан бар дегенде төрт мыңға жетіп жығылады. Бұл әрине жаңағы айтқан ызғындай парсы, әзірбайжан, курд, түрікменнің қасында өте аз. Бірақ солай бола тұрса да олар тағдырдың маңдайларына тап қылған қандай тауқыметі болса да төтеп беріп, бір-бірінен адасып қалмауға тырысып, сүрінсе қолтығынан демеп, елдігін, ерлігін, дінін, ділін сақтап қалғандар. Жетпіс жыл бойы көз ұшында бұлдырап көрінген туған жерге қараумен жанары талған, анда-санда терістіктен соққан желге кеудесін тосып жусан исін алған, желісін іздеген аруанадай боздау әнін әлі айтып келе жатқандар. Сонау отызыншы жылдары жан біткенге қасірет пен қайғысын арқалатқан қызыл империяның құрығынан қашып, туған жерінің бір уыс топырағын бойтұмар қылғандар күндердің күнінде қасиетті мекенге ақыры бір оралармыз деген үмітте еді. Бірақ ол үміттің тым ұзаққа созылғаны. Көбі ол күнді көре алмады. Кіндік қаны тамған туған жерге деген сағынышын, сүйіспеншілігін өздерімен бірге ала кетті. Олар ауру меңдеп арса-арса болған сүйегін қоршай отырған балаларына аяушылықпен қараған. Жат жерде, арқа сүйер отанынан шалғайда қалып бара жатқандарға соңғы күшін жиып айтқаны: "Маңдайларыңның бағы жанып, заман түзелсе елге қайтың. Боқ байлыққа алданып қалмаң", - деп бірнеше жыл бойы мойнында тер сіңіп, тас болып қатқан бір уыс топырақ бойтұмарды өзімен бірге көмуді тапсырған еді.

Өмір жалғаса берді. Әке-шеше бұл жалғанды талақ етіп мәңгілікке кеткенмен, олардың балаларының жүрегінде туған жерге деген сағыныштың әуені қалды, құлағында қалған әңгіме арқылы ата-баба тұлпарының тұяғы тиген шетсіз шексіз даланы көз алдына елестетумен болды. Сол елес, сол әуен жинала келе бұлардың да жүрегіне алыста қалған қазақ еліне деген махаббатын күшейте түсті. Оның бірте-бірте күш алып қоздап жануына баяғы әкесінің қолынан тас қылып ұстап сыбырлай айтқан аманаты басты себеп еді.

Мәңгілік ештеңе жоқ екен. Дүниені дірілдетіп ұстап тұрған империяның да іргесі сөгілді. Құрсаудың ішінен босап қазақ елінің де өз алдына шаңырақ көтергенін, іргесін ажыратып желбірете көк байрағын тіккенін естіді бұлар. Үлкен-кішісі де арты қайырлы болғай деп тілеген. Қорқып қалған көз ғой. Әсіресе көп ұзамай-ақ Тегеранда қазақ елшілігі ашылады екен дегенде қуанышта шек болсайшы. Үш қаладағы жол жүруге жарамдылары тайлы-таяғы қалмай Тегеранға ағылған. Елші болып Мырзатай Жолдасбеков келіпті. Сөзі де, өзі де тұнып тұрған ақыл мен байсалдылыққа толы екен. Ақсақалдардың батасын алды. Биікке көтерілген көк байрақты көргенде ешкімде жетпіс жыл бойы жүрек түбінде шер болып қатқан сағынышты одан әрі ұстап тұра алмады. Шегі жоқ, шеті жоқ жас ақтарылды дейсің. Ақсарбас шалмақ болған еңгезердей жігіт те екі иығы селкілдеп отырып малының басын құбылаға қаратқан. Ол жастың ішінде бәрі де бар еді. Басына белгі қойылмай орны жоғалған алғашқы тоз-тоз болып келушілердің қасіреті де, жат жерге үйрене алмай, арғы бетте қалған ғашығын іздеген бойжеткеннің зары да, бұл күнді көре алмай арманда кеткен әке-шешенің аманаты да бар еді. Бұл жақтан барғандар да, қазақ жерінен елшілікке қызметке келгендер де бір-бірін үнсіз түсінген.

Енді екі орта ашылды. Көп ұзамай парсы жерінен алғашқы көш туған жерге бет алды. Аралас-құраластық басталды. Жол қиындығы да шамалы. Түрікмен жерін кесіп өтіп көлікпен де, теңіз асып кемемен де келуіңе болады. Уақыт оздырмаймын десең айналасы 5-6 сағатта Баку арқылы ұшып та жетесің.

Төрт адамнан тұратын біздің топ осы жақтағы қандастарымыз туралы шама келсе жан-жақты мәліметтер жинауға келген алғашқы арнайы адамдар еді. Өз жұмысымыздың алғашқы күнін Горганнан 40 шақырым жердегі Бендер Түрікменнен бастадық. Бізді қарсы алған Ескелді Әбжет қажы өз үйінде дастарханын жайып күтті. Бір жағынан шаруасы біте берсін дегені болар, сол қалада тұратын ақсақалдарды қоса шақырды. Бұл ақсақалдар 1932-1938 жылдар аралығында осында үдере көшкен Маңғыстаулықтардың балалары екен. Ол кезде біреулері бес-алтыға жаңа келсе, біреулері ат жалын тартып мінетіндей тоғыз-он жастағылар болатын. Қазір бәрі де сексеннің үстіне келіпті. Адамның жас кезінде көрген қиындығы, қайғы мен қасіреті ұмытыла ма. Біздің кейбір сұрақтарымыз бітеу жараның аузын шұқығандай әріде қалған жылдарды қозғауға тура келді. Әжім басқан беттерінен сорғалаған жасын сүрте отырып әңгіме бастаған, бұл күнде жасы 88-ге келген Табынай Жарылғас ақсақал болды. Сабыр сақтап тізе соғыстыра отырған көпшіліктің назары да сонда. Оның да себебі бар екен, артынан білдік. Өмірде көрген, түйгенін ұмытпай жадында көбірек сақтаған да сол екен.

- Әй, қарақтарым-ай,-деді ақсақал. Бұрынғы шалдар "Қыдырып ішкен тамақтың кенеуі жоқ, қыдырып айтқан әңгіменің елеуі жоқ" деуші еді. Алыстан сендер келді деп мына Әбжет шақырғасын келіп отырмыз. Көп нәрсе көңілден де, көзден де кетті ғой. Ұмытылмай шор болып қалғандары да бар. Білгенімді айтайын. Ілім, білімі көп жерден келдіңдер ғой, бәріне бірдей жауап қайтаруға күшіміз келер дейсің бе. Сауатсыз адамбыз. Ол жақта да, бұл қызылбастар елінде де молданың алдын көргеніміз жоқ. Маңғыстауда жүргенде маңдайға біткен байлықтан не ішем, не кием демей жүргенде аяқ астынан ел бүлінді де қалды. Жаңа өкімет орнады.

Шынын айтсақ, Үстірт үстінде өз тірлігімізге өзіміз риза болып жүрген біздер оған пәлендей мән бермедік. Соның ішінде біздерге, балаларға не әсер етсін. Күн орнынан атады, орнына барып батады. Ағы қайсы, қызылы қайсы айырып жатпадық. Бірақ көп ұзамады бұл тірлік. Желісіне 40-50 қозы-лақ байлаған, 2-3 түйенің бауырын тартқан адамдар бай қатарына ілініп қудалана бастады. Содан не керек, бас сауғалап бірі терістікке, бірі түстікке ауды ғой. Есімде қалғаны алғашқы қозғалған жеріміз Үстірттегі Мәлібек дейтін құдықтың басы еді. Онда мен 11-12-лердегі баламын. Жаңа өкіметтің қысымына шыдай алмадық. Малымызды алып ортаға саламыз деді. Ондайды кім көрген. Содан отырған аулымыз болып түгел көштік. Елу шақты түйемен, отыз шамалы жылқымен Түрікменстанның Қойсу, Қарабақсы деген жеріне келдік. Көп отырмадық. Үлкендеріміз ел жаққа құлақ түрумен болды. Өрісінен жаңылған малды ұстау қиын болды ма, әлде қайтадан тыныштық орнады деп естіді ме, әйтеуір қыр үстіне қайта көтерілдік. Бірақ күйіміз болмады. Бұрынғы бұрынғы ма, көздің қарашығындай сақтап жүрген азғана малдан айрылып, жол сілтеп жүрген азаматтарымызды көзімізше Кетікке айдап кетті. Енді қарайлайтындай ештеңе қалмады. Бел шешіп демалмастан көшіп тағы да Түрікменстанның Сүлмен, Ұзын Сүйлі деген жеріне келдік енді. Сол жерде отырғанымызда артымыздан көп адам комиссия келіп елге қайту жөнінде кеңес берді. Олардың айтқанын тыңдағандардан қарсы болғандар көп болды-ау деймін. Жер-жерде үкіметке наразылық білдіріп бас көтеріп жатқандар. Біздің ауылдың адамдары да соларға барып қосылды. Бір жерде тұрақтай алмадық білем, Қырық сегіз теппе, Аунамас, Түгір дейтін жерлерде көшіп қонып жүрдік. Осы күндері ойлаймын, сол үкіметке қарсылық білдіріп, қолына қару алғандардың ауызбіршілігі бола қойған жоқ-ау деп. Бөлек-бөлек болып, өз алдына хан сайлап алды. Есімде қалғаны руы Сердалы Бекестің Омар деген баласы, Мамыртайдан Балайыс деген, Жақау Өмірбай дегендерді хан дейтін еді.

Бірақ басы бірікпей әр төбенің астында жүргендер құрығы күшті үкіметке қайбір тойтарыс бере алады. Тоз-тоз болып кеттік қой. Жаңағы айтқан 1932 жылы азып-тозып осы қызылбас жеріне келдік. Содан өлмешінің күні басталды. Мына отырғандардың, тіпті осындағы бәріміздің де басымыздан кешкеніміз, тағдырымыз ұқсас. Мұнда келгеннен кейін біздің ақсақал, қарасақалымыздың да, бала-шағаның да алдында бір ғана мақсат тұрды. Ол қалың парсы елінде құмға сіңген судай жоқ болып кетпеу. Елдігімізді, дінімізді сақтап қалу. Тілімізді ұмытпау, қызымызды жат жұрттың қойнына салмау. Бірақ қарағым, ол оңайға түспеді. Біз мұнда азып-тозған, қайыршы күйімізде жеттік қой. Баяғы алдыңа салып айдаған мыңғырған мал, сандық түбіндегі асыл бұйымдардың бәрі де кейінде адыра қалған жоқ па. Ішерге тамағы жоқ, киерге киімі жоқ адамның кімге қадірі болады. Қазақ, соның ішінде біздің Маңғыстаулықтардың қолынан мал баққаннан басқа не келуші еді. Ал бұл қызылбастардың елінде біздің жақтағыдай көсіліп жатқан дата, бос жатқан жер жоқ. Жер тырнап, соның өнімін талғажау қылған ел. Сонда да қолымнан келмейді екен деп қарап отырып өлесің бе. Тап болған жұмысты жасадық. Біреудің отының басын сыпырдық, арбасын айдадық. Шынын айтсақ бұл парсы елі бізге "қайдан келдің, кет" деген де жоқ, "байғұс-ай, азып-тозып келген екенсің" деп маңдайымыздан сипаған да жоқ. Келгеннен кейін көп ұзамай әскерге адам бересіңдер деді. Бұл енді қиын болды. Жаңа-жаңа бас көтеріп, ес жия бастағанымызда әр үйдің тірегі болып жүрген жігіттерімізді алса не болмақ. Қолдан келер, қарсылық білдірер күш қайда. Бірақ құдайымыз бар екен. Сол уақытта ортамызға келген атақты Оразмағанбет ахун Иранның патшасына хат жазыпты. "Тіліңді меңгеріп, дәбіңді үйренген жоқпыз. Жан-жағымызға дұрыстап көзімізді салайық. Мұрсат берің" депті. Ол хатты ортамыздан Бәли Самархан ахун мен Кедей Нұрымшат апарып беріпті. Патша қабылдап өтініштерін орындауға келісім берген. Сонымен қатар жасы келген адамдарға осы елдің азаматтығын білдіретін қағаз, сендерше айтқанда паспорт бергізген. "Бейнул мәлели" деп аталатын бұл құжатпен кез-келген жаққа, тіпті бөтен елге де шыға беруге болатын еді. Бірақ көп ұзамай екі жылдан кейін ол құжатты қайтып алды. Бұл осы өкіметтің бізге жасаған қысымы еді. Азғана қазақтың дәрежесін өзгелермен тең қойғысы келмеді. Қорғанышы жоқжетім баладай күйімізді сонда білдік. "Біреудің елінде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол" деп аталарымыз бекер айтпаған ғой. Жаңағы құжаттың орнына "Жауаз ағамат" деген, көп ешқайда шығуға мүмкіндік бермейтін, ауыл арасы ғана жүріп тұратын қағаз берді. Ай сайын уақытында белгі соқтырып тұрасың. Кешіксең, бармасаң қас бәлеге қалғаның. Жауапқа тартып, дүреге жығатын еді. Не керек, Иранның азаматтығын 1962 жылы ғана алдық. Отыз жылдан астам уақыт бас еркіндігіміз болмады. Қазақтардың ортасынан алғаш паспорт алған Ибылда Қамысбай еді.

Әй, қарағым-ай, туған жердің топырағына жетер ешнәрсе жоқ. Осында келгесін әке-шеше өмірден өтті. Оқуы жоқ, тоқуы жоқ әркімнің босағасында жүрген бала қамқоршысынан айрылғанда қандай күйде болатынын өзің білесің. Оның несін жыр қылып айтайын. Кішкентай жүрегім елжіреп сонау терістік жақта бұлдырап көрінген туған жерге қараймын. Қозы-лақ қуып, тай жуасытып жүргенде танауыңды жарар жусанның, шағырдың исін сағынамын. Біздің ауыл отыратын Мәлібек құдығы көз алдымнан кетпейді. Қазір қандай екенін білмеймін, ойпаңдау жердегі қатарласа қазылған бес-алты құдық болатын. Сол құдықтан әудем жердегі төбе басында отыратынбыз. Әріректе ескілікті қорым болушы еді. Солар ойыма түседі. Күн қыза құдықбасына келген қойлардан шуаш исі, суға қанып күйіс қайырып жатқан түйелерден жусан исі бұрқырап тұрмайтын ба еді. Сағыныштан сенделіп кететінмін.

Ойбой, қарағым-ай, бұл туған жерге деген сағыныштың орны бөлек болады. Осында келгеннен кейін бір-екі жыл бойы жас келіншектер бала көтеруді де қойды. Қай үйден де жас нәрестенің даусы шықпады. Өміріміз тоқтап қалғандай болып еді сонда. Жас нәрестенің даусының өзінде ерекше қасиет болады екен. Ол тірлікте жүргеніңді, өмір сүріп жатқаныңды, ертеңге деген үмітіңнің бар екенін білдіреді екен ғой. Артынан барып білдік қой, олардың бала көтермеуі туған жерді сағынғанның ауруы екен. Бар ой-ниетін, жүйкесін сағыныш билеп алған адамның бойында алдағы өмірге деген ұмтылыс та жойылады екен. Осы біздер отырған Бендер Түрікменнен онша қашық емес, он шақты шақырым жобасында Бесжусан деген жер бар. Сонда біздің талай қандастарымыз жатыр. Соңғыларының басына белгі қойылған шығар. Ал сонау отызыншы жылдардың ортасында, аяғында келгендерді сол жерге апарып жүзін жасырғанға риза болатынбыз. Сонда жатқан адамдардың көбі бұл жердің ауасына, жағдайына үйрене алмай, елге деген сағыныш, уайым ауруынан кеткендер. Өрімдей жастар да көп болатын.

Айналайын-ай, бір әңгіме екіншісін қозғайды. Өзімізді, ұлтымызды сақтап қалу үшін не істемедік. Қыздарымызды қызғыштай қорыдық. О бастан да ата-бабаларымыз үшін қыз бала ары да болды, намысы да болды. Сол үшін ру мен рудың арасында талай жанжал, қанды қақтығыстар болғанын өздерің білесіңдер ғой. Ал біз азғана қазақ осындағы саны көп, дегені болып тұрған басқа ұлттармен талай арпалыстық. Бір қызымызды да шетке шығармадық. Бастапқы әзірде ортамыздан өлім-жітімнің көп болғанын айттым ғой. Күйеуі қайтыс болған, жастары егдеріп қалған әйелдерге жас жігіттердің үйленген кезеңдері де болды. Біле білсең бұл да қасірет. Тұқым жалғастыру үшін қай жыныстың да керек екені белгілі.

Адам баласы үш күннен кейін көрге де үйренеді дейді ғой. Бастапқы әзірдегі күніміздің тірі жүрміз демесек, сол көрден артықшылығы шамалы еді. Бірте-бірте бұған да үйрендік. Әр жерде бытырап жүргендерімізді қасымызға алдық. Сөйтіп өлмес қамын ойлап ілгері тырбана бердік. Ортамызда талай-талай мықтылар да болды. Азын-аулақ болып жататын қуанышымызға бәрі де келетін. Тек сол үйдің мерейін ғана емес мына жабырқап жүрген елдің еңсесін көтерейін деп жыршыларымыз сонау артта қалған туған жер, елі үшін арпалысып өткен батырлар жөнінде танды таңға ұрып жыр айтатын. Шеркеш Есқали, КөрпеҚожабайдың баласы Құлтөре, Көрпе Төребек, Қырықмылтық Жарылғаптар қазақтар арасындағы айтулы жыршы-термешілер болатын. Осылардың ішінде Баубек Назардың орны бөлек еді. "Қыз Жібек", "Орақ-Мамайдан" бастайтын еді де, артынан Қалнияз, Нұрым, Ақтан, Қашағанның өлең жырларын төгетін. Тегін адам емес еді жарықтық. Теңселіп отырып айтқанда кім-кімді де ұйытып, соңынан ертетін. "Маған жас кезімде Қашаған бата берген" деуші еді. Жасы келсе де құдай берген өнерін тастамады. Бір тойда өлең жырға әуестігі жоқ молда:- Әй, Назар, жасың болса келді. Енді осыныңды тастап жүзіңді құдайға дұрыстап бұрсаңшы,-депті. Сонда Назар: - Молдеке, менің жасымның көбі кетіп, азы қалды ғой. Соны енді бөлшектемей-ақ қоялық,- депті.

Қазақ пен түрікмен қай кезде де аралас-құралас отырған ел ғой. Күні бүгінге дейін солай. Садақа тойымызда бір-бірімізді шақырып, төрге оздырып жатамыз. Бірақ солай бола тұрса да той-томалақта ортаға палуандарымыз шыққанда әркімнің қанына тартып, намысқа тырысатынымыз да шындық. Біздің ортамызда Құнанорыс Байжазықтың баласы Төле, Маман, Ескелді Нұрғали, Бегей Қашақ, Бөкен Сейіт, Ескелді Рзабек дейтін палуандар болды. Әсіресе Құнанорыс Төле атақты палуан еді. Ол елде, Маңғыстауда жүргенде де атағы шыққан. Марқұм көзіміз көре қалды, ірі кісі еді. Әңгіменің де майын тамызып айтатын. Жас кезінде додаға алғаш түскен кездерін айтқаны әлі есімде. "Бірде Арқада бір Табынның қызын ұзатқан тойына бардық. Ол кезде жасым әлі он сегізге тола қоймаған кезім. Табындар ортаға палуанын шығарды. Еңгезердей бір дәу. Қаралай шошынасың. Адай жағынан ешкім шыға қоймағасын мені зорлап шығарды. Жастықтың желігі ме, әлде шынымен намысқа бастым ба, білмеймін көп ешкімді жалынтпай ортаға шықтым. Еңгезердей қарсыласым талтаңдай басып келіп, белбеуімнен ұстап қарады да: Балам әлі шикі екенсің ғой",-деді. Қашан күресеміз дегендей бетіне қарап тұра бердім. Менің бұл тұрысым жынына тисе керек, белімнен тас қылып ұстап алды да, шыр айналдырып әкеліп жерге тарс еткізді. Жілігім сынған шығар деп ойладым. Қоршап тұрған ақсақалдар "Ия, Бекет, ия Бекет" деп шу ете түсті. Енді кідірсем өзіме қиын тиетінін біліп қайтадан жағаласа кеттік. Құдай сәтін салайын десе оңай ғой, жамбасыма дәл келді. Тау құлағандай болып гүрс ете түсті. Орнынан қайта тұра алмады. Дуылдасып тұрған ауылдастарыма барып қосылдым. Сөйтіп атағым шыққан едің,- деуші еді.

Артынан ол да Иранға келді. Осындағы мықтысынған талай түрікменнің палуанын жығып атағы шықты. Ал, Ескелді - Рзабек марқұм жастай кетті. Тіл тиіп өлді деп отырушы еді үлкендер.

- Ал, қарағым,-деді Жарылғас ақсақал. Іште жүрген шердің бір шеті ғой бұл. Айта берсе тауыстырмас. Бүкіл елді қаңтарып қойып жалғыз өзім сөйлей бермейін. Осындағылардың қай-қайсысыда көкейіндегісін жеткізе алады. Бір кезек осыларды тыңдаң. Мына отырған жаңағы айтқан Оразмағанбеттің баласы Шарғи ағаң. Ана төмендегі өзің құралпы жігіт Тойжан Бабық деген азамат. Осы жақта өмірге келген. Көп жыл бала оқытты. Көзі ашық, өткен-кеткеннен сыр шерте алады. Айтпақшы оның шешесі бүкіл Адайға белгілі Ақбөбекпен сырлас, сыйлас болған адам. Ее, Ақбөбек - Қайып десе кім білмейді. Әлі күнге дейін жыр қылып айтпай ма. Ал әйгілі құдықшы Бейнеубайды бала кезімізде бәрімізде көре қалдық. Маңғыстаудың ой-қырындағы талай құдықты қазып ел алғысына бөленген жан еді. Жаңа өкімет соңына түскесін ол да бас сауғалап осында келді. Бес уақыт намазын оқып, құдайына сиынғаны қара басына пәле болып жабысты. Ой, дүние-ай, қара жерге құлықша кіріп, күрегінің ұшы тиген жерден күрпілдетіп су шығаратын Бейнеубай қызылбастың еліне келіп әркімнің ыдыс-аяғын жамап күн өткізді дегенге біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ шыны сол, көзіміз көрді. Артынан Күмістөбе дейтін жерде мешітте азаншы болды. Мақамы жақсы еді жарықтықтың. Жаныңды тербетер мұңды әуені әлі жадымда тұрғандай. Жер жаһанның соғысы басталатын жылы өлді ғой. Ол да жаңағы айтқан Бесжусанда жатыр.

Елдің тапсырмасы бар. Барамыз, басына белгі қоямыз деп отырсыңдар ғой. Алла разы болсын. Соған қуанып отырмыз. Қазақстан өз алдына ел болмаса бұл да болмас еді. Шүкір, жоғын жоқтап, жоғалтқанын түгендеп жатыр ғой. Бейнеубай марқұм біздің әкелерімізбен қатар жатушы еді. Ее, әлгі кім еді, Жұмабайда сол маңда жатыр ғой. Осында келген жылдары түрікмендердің қойын бағатын, руы Ақбота шалды айтамын. Жаратылысы солай ма, әлде жат жерге үйрене алмады ма, әйтеуір екі сөзінің бірі Маңғыстау болып көзіне үнемі жас алып отыратын. Бір күні үйіне бардым. Өркеші баладай қара іңгені болатын. Түйе жершіл жануар ғой. Қашып кетеді деп тұсаулап бағатын. Барсам баяғы күйлі түйенің салдырап сүйегі қалыпты. Арыған. Тіп-тік болып тұратын баладай екі өркеші бір жағына құлаған. Екі көзінен жас парлап ыңырсып жатыр. Жұмабай сәлемімді алды.

- Мынаны қарашы, балам. Қара іңгеннің обалына қалдым. Сүтін сауамын деп тұсаулап қоюшы едім. Мал болмайды енді. Осындағы түрікмендердің түйесінің табынына қосып едім, үйренбеді. Үстірттің отына жусап, емін еркін кең далада жайылып, шымыраудың мұздай суына үйренген түйе мұнда қайдан жерсінсін. Есі дерті өз жері болды да тұрды жарықтықтың. Кешеден бері орнынан тұрған жоқ. Әттеген-ай, баяғыда бұйдасын түріп қоя беруім керек еді. Түрікменнің айқайын естіп, қызылбастың орынсыз көтерген қамшысына арқасын төсейтін өзім сияқты көрдім-ау мұны. Тұмсығын терістікке төсеп зарлаумен болды. Біз байғұс түйе құрлы да бола алмадық-ау,- деп екі иығы селкілдеп жылағаны есімде.

Алдындағы қойын да үнемі терістікке шығаратын. Кейде қасына еріп кетемін. Күздің кезі, салқындау уақыт. Көйлегін шешіп тастың үстіне шығып отыратын.

- Күн салқындау ғой, тоңбайсың ба,-деймін.

- Қарағым-ай, мына жел елден келіп тұр ғой. Тоңам деп айтпа. Арқаңды осы желге беріп үн-түнсіз отыршы. Сонда құлағыңа сонау туған жерде болып жатқанның

бәрін жеткізеді бұл жел. Имандай шыным. Мен қойдыүнемі осы жаққа шығаратыным сол. Өзімнен-өзім отырып туған жердің тынысын алып қайтам. Сағынышым тарқағандай болады,- деп отырушы еді марқұм. Бейнекеңнің аяқ жағына жерленіп еді. Аруақтары риза болады ғой. Әйтеуір сол Бесжусанда осы күнді күтіп жатқандар көп.

Манадан бері көзін бір нүктеге қадап үн-түнсіз отырған Шарғи ағамызға бұрылдық. Бұл Маңғыстау жеріне белгілі атақты Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының баласы. Оразмағанбет Маңғыстау кенорнын зерттеуші геолог, ағартушы, емші, үлкен діни қайраткер. Қызылсу жерінде туып өскен. Оның әкесі Тұрмағанбетпен белгілі орыс геологі Николай Иванович Андрусов таныс, жақын адамдар болған. Андрусов Маңғыстауға 1897, 1907 жылдары екі рет келіп өлкенің кен байлығын зерттеу экспедициясына қатысқан. Кейбір ақсақалдардың айтуы бойынша Оразмағанбеттің 1897-1900 жылдар аралығында Үндістанның Бомбей қаласында геология мамандығы бойынша оқуына осы Андрусовтың көп ықпалы тиген. Бомбейдегі университетті тау-кен инженері мамандығы бойынша бітіргені жайлы дерек Түрікменстанның кезіндегі ОГПУ басқармасының архив құжаттарында баяндалған. Сол Н.И.Андрусовтың шәкірті Михайл Викентьевич Баярунаспен Оразмағанбет достасып, екі ғалым түбек байлығын бірге зерттеді. Кезінде Оразмағанбетпен жүздескен, М.В.Баярунастың шәкірті, көрнекті кеңес ғалымы Николай Павлович Луппов бұл туралы жазған еді. Оразмағанбеттің Баярунаспен сыйлас адамдар болғанын ғалымның кен барлау экспедициясында жұмысшы болған Садық ақсақал былай деп еске алады.

"1931 жылы басмашылар Қарабұғаз ауданы аумағында елге тыныштық бермейді. Бұл кезде М.В.Баярунас осы маңның Қызылкүп, Арқарлы, Шағала, Көксай сияқты алаңдарына геологиялық зерттеу жүргізіп болып, енді Қарабұғазға қарай бағыт түзейді. Көш көлікте әйелдер де болады. Әлгі басмашылардың бір тобы М.В.Баярунастың осы көшіне шабуылға шығады.

Екі жақ аңдысып жатады. Бірақ басмашыларкөптігіне сеніп жақындай түседі. Дауыс жетер жерге жақындағанда М.В.Баярунас оларға былай дейді:

- Атыспақты атамыздың басына бермесін. Мен Оразмағанбеттей ғалымның досымын. Ол Маңғыстаудың ғалымы, имамы. Біздің ешкімге зиянымыз жоқ. Байлық та, ақша да жоқ. Қолда қағаз бен қалам. Оразмағанбет қазір Бекдашыда. Оның көзі жоқ деп біздерді жәбірлейсіңдер ме?

Басмашылар жөнді жауап қайыра қоймайды. Бірақ сәлден кейін бір де оқ шығармастан жөніне кетті.

Осы оқиғаны Оразмағанбетке Бекдашыға келгеннен кейін Баярунас өз аузынан әңгімелеп беріпті.

2002 жылы ғалымның 120 жылдығында осы әңгімені қазір Алматы қаласында тұратын академик Құрбан Непесұлы Аманниязовта айтып еді.

Оразмағанбет ел ішіндегі саяси жайды алдын-ала сезіп Иран жеріне өтіп кетеді. Бірақ мемлекеттік қауіпсіздік орындары араға жақын туыстарын салып, алдау жолымен қолға түсіреді. Шекарадан аяқ-қолы кісенделіп Ашхабат түрмесіне қамалады. Бұл 1937 жыл еді. 1938 жылы халық жауы деп атылу жазасы бұйырылады. Тек 1963 жылы ғана ақталды.

Оразмағанбет туралы кезінде Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжанов, Маршал Әбдіхалықов, Қабиболла Сыдиықов және жергілікті қаламгерлер де жазған болатын. Маңғыстау елінің біртуар азаматы туралы облыстық өлкетану мұражайы да, Жаңаөзен қаласындағы Оразмағанбет атындағы мұнай колледжінің директоры Құрман Игібай да көптен бері ізденуде.

Иран жеріндегі сапарымызда оның осындағы балаларымен кездесіп, қолда сақталған құжаттары болса жинақтау болатын.

Міне, Оразмағанбеттің бел баласы Шарғи ағамыз осы. Ғалымды көзі көргендер оны дәл осы Шарғиға ұқсатып айтады. Әңгіме тізгінін енді осы ағамыз алды. –Тек менің әкем туралы ғана емес, елімізге белгілі басқа да адамдар туралы, дәм айдап қызылбас жеріне келіп тұрақтап қалған қазақтардың басынан кешкендерін зерттеп жазамыз, елдегілерге айтамыз дегендеріңе бек қуанып отырмын шырақтарым. Өзімізді толқын жағаға шығарып тастаған кемедейкөретінбіз. Жаңағы Жарылғас айтқандай алғаш келген көштің ішінде бес-он жастағы балалар біздер де, міне сексеннің үстіне шықтық. Екі ортада байланыс үзілді, арғысы, бергісіне көрінбес қалың перде жабылды бір кезде. Пәленше, түгенше деген ағайының қалды ол жақта, кіндік кескен туған жерің, ата-бабаңның сүйегі қалған жер пәлен деп аталатын еді деген сөздерді ғана көкейімізге тоқып қалдық. Жадымызда жатталып қалған туған жер туралы көмескі көріністерді ұмытпауға тырыстық. Бәрі де өзімізбен бірге кететін шығар деп ойлаушы едік. Шүкір. Заман түзелді, ақ түйенің қарны жарылды деп осындайды айтатын шығар. Он шақты жылдан бері барыс-келіс көбейді ғой. Ол жақтағы ағайынның әкемді ұмытпай, әркімнің айтқан ол туралы деректерін жинақтап кітап қылғанын, атағына оқу орнын бергенін естіп жатырмыз. Алғаш соны естігенде осында жатып ағыл-тегіл жылағанмын. Құдайдан жасырмағанда адамнан жасырып не қылайын, менің алғашында ол жаққа деген өкпем қара қазандай еді. Әкемнің елдің баласын оқытып, ауру-сырқауына дәрі-дәрмек жасап бергеннен басқа, белгілі ғалымдармен қосылып жер байлығын іздегеннен басқа жазығы жоқ еді. Соңына шырақ алып түсті, жер асып осы Иранға келді. Бірақ құрығы күшті екен ол үкіметтің. Араға жандайшаптарды салып бұл жерден де ұстап әкетті. Ашхабаттың түрмесіне апарып ажалы сол жерден болды. Соған өкпелі едім. Ел жақтағы адамның бәрі жау болып көрінуші еді. Қатты қателескен екенмін. Біздің қолымыздан келмегенді сендер жасап жатсыңдар. Бұған шүкір демеске, ел басынан өткенді ұмытпай қастерлеп жүрген азаматтарға басыңды иіп, ризашылығыңды білдірмеске амалың бар ма.

Біз Иранға 1933 жылы келдік. Мен ол уақытта он жаста болатынмын. Туған жерім, тұрағымыз Қызылсудың басы болатын. Кәрі әкеміз Тұрмағанбет өлкеге діндарлығымен аты шыққан адам еді. Оның нағашылары Қараш руынан. Әкем Оразмағанбеттің қай жерден қандай оқу бітіргенін білмеймін. Беріде заман түзелгеннен кейін ғана оның діни оқудан басқа, жер байлығын зерттейтін білімі де болғанын білдік. Ол уақыттағы он жасар бала көп нәрседен хабарлы, көргенін көп ұмытпайды ғой. Әкемнің ондай білімі барын білмегенмен Маңғыстауға келіп, кетіп жүретін зерттеуші ғалымдармен бірге жұмыстас болғанын көзім көрді. Әсіресе Михаил Викентьевич Баярунас біздің үйге жиі келетін. Әкемді қасына ертіп дала кезіп кететіні есімде. Қатар адамдар болса керек, әзілдесіп отырушы еді. Кейде тіпті біз түсінбейтін әлдебір нәрселерге әркім өзінікін дәлелдеп, айтысып та жатады. Ол өзі бір өте кішіпейіл, қарапайым жан еді. Біреулер оны Оразмағанбет мұсылмандыққа енгізді деп айтып жатады. Шындығында да солай еді деп құдайға күпір болар жайым жоқ. Бірақ жыл сайын келгенінде әулие-әмбиелерге арнап мал сойып садақа беретіні есімде. Онысы бәлкім сол жердегі қазақтарға, оның дәстүр салтына деген құрметі шығар. Екеуі бірін-бірі қатты сыйлайтын еді. Сол сыйластықтың белгісі шығар мені Михаил Викентьевичке бала қылып берген болатын.

Ол былай болды. Жаздың кезі. Үлкен киіз үйдің ішінде бес-алты адам отыр. Ортасында Баярунас. Көбіне көп сөйлеп отырған әкем екеуі. Әңгімелері әрине жер байлығы туралы. Олардың әңгімесінде біздің шаруамыз қанша. Ебжан екеуіміз біресе далаға шығып, біресе үйге кіріп ойнап жүрміз. Оның жасы үлкен, қолы батады. Мені қуып келе жатқанында үйге кіріп кеттім. Папалап барып әкемнің қойнына кіріп кеттім. Енді Ебжанның бата алмайтыны белгілі. Осы бір жып-жылы құшақта жата бергім келіп көзімді жұмдым. Неге екенін білмеймін мені ұйықтап кетсін дегендей олар әңгімесін тоқтатты. Бір уақытта сол тыныштықты Баярунастың қоңыр даусы бұзды.

- Оразмағанбет,- деді ол, - осы екеуміздің қимас дос, пікірлес болғанымызға біраз жыл өтті. Сіздің елде бұйымтайын сұрайтын салт бар ғой. Сенің осы балаңды әуелден де жақсы көріп, жақын тартып жүруші едім. Ойымды айтуға бата алмайтынмын. Қанша дегенмен ұлтымызда, дінімізде айырмашылық бар ғой. Періштенің аузына құдай салған шығар, әкелеп келіп менің құшағыма тығылды. Ойымды, көмейге келіп тұрған сөзімді байламайын. Сен осы балаңды маған берсеңші,-деді. Сонда барып Баярунастың алдында жатқанымдыбілдім. Неге екенін білмедім атып тұрғаным жоқ. Жата бердім. Әке шешімін мен де күтіп жатқан секілдімін.

- Бәрін сезіп те, біліп те жүр едім,-деді әкем. Баярунастың алдында отырған маған барлай қарады. Не айтар екен дегендей Баярунаста үнсіз. Басымнан сипап отырған қолынан сәл-пәл дірілді байқадым.

- Осы сөздің бір күні болмаса, бір күні айтылатынын, салмақ салатыныңды сезіп жүргенмін. Біздің қазақ мал жанның басын есептемейді. Құдайдың көз қырына қалғысы келмегендіктен болар. Шүкір, ұлы бар, қызы бар менің шаңырағымның астынан құдай қосқан қосақтарымнан өрбігендер баршылық. Көп көрмеймін. Әр балаңның өз орны, жаныңа жақын өз мінез құлықтары болады. Бұл бала бір беткейлеу, өсе келе тура мінезімен, бәлкім қайтымы қиын қасиетімен де ерекшеленетін шығар. Кез келгеннің алдына басын ие бермейтін, намысын жоғары қоятын адам болады-ау деп ойлаймын.

Құдайтағала адамдардың тілін, ділін бөлек қылып жаратқанмен ықыласын, пейілін ортақ қылған. Екеуміздің бір-біріміздің ішіміздегі қырындыға дейін білетін айрылмас дос болғанымызға да бірталай уақыт өтті. Бұл мәңгілік достықты тағдырдың бұйқыт соғар дауылы үзіп кетпесе болғаны. Бомбейде оқып жүргенімде ертеректе өтіп кеткен ғұламалардың адам түсінің бір кездері айнымай дәл келетіні туралы еңбектері қолыма түсіп еді. Ой елегімнен өткізіп көп зерттегенмін. Соған сүйеніп айтар болсақ, алда бір үлкен аласапыран бар сияқты. Оны әрине тағдыр маңдайымызға тірлігін жазып жатса көрерміз. Ал өтінішіңді орындаймын. Қолынан жетектетіп жіберуге әлі жас. Құлағына құя бер. Талай келіп жүрсің, есейгесін соңыңа ерер қарақұлақ осы болар,-деп батасын жасап, күңіренте құран оқыған.

Бірақ мен Баярунасқа бала болып еріп кете алмадым. Шеше байғұстың қашанда жүрегі жұқа, мейірімі көп болады ғой. Әкеме қарсы келмегенмен бір-екі жыл қасымызда болсын деді, артынан жетіге шықсын деді, әйтеуір сылтауын ұзарта берді. Сөйтіп жүргенде әкем айтқандай аласапыран кезең басталды. Артынан өздерің білесіңдер тұрымтай тұсына, балапан басына кетті. Біреуден сұрап алған бала түгілі, бауырынан өнгеннен адасып қалған жоқ па бұл жұрт. Әкемнің төрт әйелі болды. Үлкені Манаш, Кенже руының қызы, одан кейінгісі Сәнім руы Құнанорыс, үшіншісі Мақпал, оның руы Кердері болатын. Соңғы әйелі Талшын ол Құнанорыс руынан еді.

Осында келгеннен кейін әкемді сүйрелеп назмияға(полицияға) апарды. Тексерді, түрмеге қамады. Күдіктенетін ештеңе таба алмаса керек, көп ұзатпай босатты. Қазақтардың жайын ойлап патшаға хат жазғанын осындағы ел біледі. Жаңа Жарылғаста айтты ғой. Артынан ұстап әкетті.

Әкем әртүрлі ауруларға ем жасайтын. Оқыған оқуының бір саласы сол болса керек. Осында Горганда бір парсы дәрігері болды. Сол әкемнің жазып бергенін пайдаланып әртүрлі дәрілер жасайтын. Әкем ұсталарда менің аяғым ауырып жүрген. Базардан бір шөп әкеліп, одан жағатын май жасап берді. Сыртынан ақ матамен орап беріп: -Енді қозғалмай жат,-деді. Осы кезде үй сыртынан біреу:

- Оразмағанбет, сен Омшалыға көлік іздеп едің ғой. Бір арба кетіп барады,-деді.

- Кішкене кідірте тұр, қазір шығам,-деді әкем.

Сол кеткеннен мол кетті. Біреулер Ашхабаттың түрмесінде екен деді, екіншілері Сібірге жер аударды деді, үшіншілері атылды деді. Қалай болғанда да оның бізге анық хабары жетпеді. Күдерімізді үзе бастадық. Артынан барып білдік қой бәрінде. Ақталғанын естіп қуандық. Шындықтың бар екеніне, аққа құдайдың жақ екеніне көзіміз жетті. Әкеме қатысты көптеген қағаздар Ебжанда еді. Қазір ол елде жоқ. Менде де болған. Бірақ ана бір жер жүзілік соғыс болғанда осы Иранға орыстың әскері келді. Көзіміз қорқып қалған ғой, тағы да тексереді, қудалайды екен деп бірақ қағазын сонда жоқ қылдық. Сауатсыз адам деген осы. Не үшін келді, мақсаты не, айырып жатпадық. Тек Иранның патшасына осындағы қазақтар жайын, өз жайын айтып жазған хаты бар. Кәделеріңе жарап жатса аларсыңдар.Айтпақшы, осы қалада Мұса Жоржани деген түрікмен журналисітұрады. Ана бір жылдары Оразмағанбеттің осындағы өмірінен кітап жазам деді ме, әлде кино түсірем деді ме, білмеймін біраз қағаздар жинаған. Соған барың, бір-біріңді түсіну қиын болмас. Оны бізден гөрі мына Тойжан Бабық біліңкірейді. Көзі ашық адамдар ғой, бір-біріне ойы да, сөзі де жақын.

Көкейлеріңде сұрақтарың болса білгенімізді айтармыз. Жасырып қалатын, арты қалай болады деп үрей кешетін заман өтті ғой. Туған жерге, ол жақтағы елімізге енді біздің көмегіміз ақсақалдың жолын ұстап білгенімізді айту ғой. Қазақ өз алдына ел болғаннан кейін біраз адам туған жерге қайта оралды. Жыл сайын іргесін көтеріп жатқандар баршылық. Біреулері қайта келді. Саңырау емессің, ел ішінде айтылып жатқан әңгімелерді естисің. Сонда әлгі қайтып келгендер "Балам кәпір болып кетпесін деп, қызым орысқа қатын болмасын деп оралдым" дейтін көрінеді. Оттаған әңгіме екенін білемін. Соларды көзіммен көріп, әлгі айтқан әңгімесін естісем "Өйткенше сол елдің тәртібіне үйрене алмадым, еңбек етуге мойным жар бермеді деп неге айтпайсың" дер едім. Рас, дәбінде, тәртібінде, салтында өзгеріс бар шығар. Біздің де қазір қазақтың бұрынғы салтын сақтап отырмыз деп айтатын күйіміз жоқ. Сендер жақтан келгендер түрікмен болып кетіпсіңдер дейді. Рас шығар. Көріп жүргеніміз, екі күннің бірінде араласатынымыз сол түрікмен. Сендер жақта ол дәбтің қандай екенін айтатын әулие емеспін. Біздің де мұнда келгенімізге жетпіс жылдан асты ғой. Елу жылда ел жаңа. Бірақ сол арақ ішетінді, әйел адамның ашық-шашық киінгенін біздің де көзіміз көрді ғой. Анау жетпісінші жылдардың аяғында осы елде төңкеріс болғанша, әлгі шах Реза Пехлевидің тұсында сондай заман болғанын осы отырғандар жоққа шығармас. Сол кезде азып кеткен ештеңеміз жоқ еді ғой. Ендеше неге туған жерге барғанда бұрынғы дәстүр дәбімізден айырыламыз. Осы отырғандар ішінде менің айтып отырғаным көкейлеріне жақпай отырғандар да бар. Ойларында "күшті болса өзі неге бармайды" деген сөздің тұрғанында білем. Оларға айтарым, менің қайратым қайтты. Қолымдағы баланың ол жаққа баруға тәуекелі жетпейді, жігері жоқ. Ендеше кәрі сүйегімді сылдырлатып барғанда кімге қамсау болам. Баяғы күнім, қайратым болса қойын бақсам да, көшесін сыпырсам да тартып кетер едім. Сыртымыздан қараған біреулер уайым қайғысы жоқ, ішкені алдында, ішпегені артында дейтін шығар. Айтса олардікі де дұрыс. Біреуден ілгері, біреуден кейін тұрмыс бар. Аласапыран жылдары шашылған дәулеттің қайтадан қолымызға келгеніне шүкіршілік ететініміз де, тәубемізге келетініміз де шындық. Бірақорны толмас, мүмкін орындалмас бір өкінішім бар. Ол бабам жүріп, атам мекендеген, әкемнің қолтаңбасы қалған, өзімнің кіндік қаным тамған туған жерге орала алмайтыным. Соны жан дүниелеріңмен сезіне білсеңдер мені қайтіп бүтін дейсіндер. Жүрегің жаралы, көңілің жыртық емес деп айтып көріңдерші кәнеки.

Баяғыда Адайдың Ақбөбегі қайтыс болғанда осындағы үлкен-кішісі, ұрғашы-еркегі жоқ, бәрі де жабырқап көзіне жас алған. Онда есейіп қалған кезіміз. Көзіміз көрді ғой. Қазақ қай уақытта да бірінің артынан сөз айтпаса, озып бара жатқанға шот салып құлатпаса басы ауырады емес пе. Әшейінде Ақбөбектің күйігі өздеріне батқандай, Қайып екеуінің кесірінен болған жанжал, барымта Кедей мен Бегей руы арасында емес, өз шаңырақтарына түскендей болып теріс әңгімені қоздырып отыратындардың да Ақбөбектің қабірі басында егілгенін көргенмін. Неге олай екен деп ойлағанмын сонда. Артынан барып білдім ғой оның сырын.

Ақбөбек Маңғыстаудың мақтанышы, туған жер топырағының өмірі солмас гүлі екен ғой. Осындағы адамдар тағдыр тәлкегімен ортасына келген оны өздеріне демеу көреді екен ғой. Қайсар өрлігіне, Адай қызына тән бірбеткейлігіне риза болады екен ғой. Ақбөбектің екі рулы елді шабыстырғанын айтамын деп отырып екі ғашықтың мәртебесін асқақтатумен болады екен ғой. Жұрт көзінен тасаланып бір-біріне сағына жетер қыз, жігіттің үлгі тұтар тұлғасы болған екен ғой байғұс Ақбөбек. Сол гүлдің үзіліп түскеніне опынған екен ғой сонда жұрт. Бір уыс топырақтарын салып тұрып Маңғыстаудың ой-қырында айтылар әнді сағынған екен ғой сонда бұл ел. Көбі елге қайтып орала алмайтынына, қайтадан Маңғыстаулық бола алмайтынына жылаған екен ғой сонда.

Осы жерде Шарғи ағамыз өзін-өзі ұстай алмай көз жасына ерік берді.

- Бала кезден бойымызға біткен жараның бұл жерден емі табылмады, шырағым. Қанша жамағанмен жыртық көңіл бүтінделмеді. Тек соңғы кездері ғана дауасы түсе бастағандай. Ол екі ортаның ашылғаны, өздерің сияқты біреудің арғы жақтан келуі, біреудің бұл жақтан баруы. Шүкіршілік емес пе. Ал, қарақтарым,-деді Шарғи ағамыз кенет бетімізге күле қарап. Сендер біз сияқты шалдарды көп сөйлетпең. Әйтпесе біз артымызда өзімізден басқа тағы да біреулердің бар екенін ойламай да қаламыз. Өз шабысына өзі риза болатын қойшының жаман торысындай бір сарын бүлкілден таймаспыз. Ақшам намазының уақыты да болып қалыпты. Біз мешітке барып қайта оралғанша мына отырған қатарларыңмен әңгімелесің.

Тойжан Бабық осындағы көзі ашық, көңілі ояу азаматтардың бірі. Негізгі мамандығы парсы әдебиетінің оқытушысы. Тегеран университетін бітірген. Зейнеткерлікке шыққанға дейін өзі туып өскен Горган қаласының мектептерінде дәріс беріпті. Жасы әлі елуге де жете қойған жоқ. Бұл елде мемлекетке істеген қызметің отыз жылға толғаннан кейін зейнеткерлікке шығарады екен. Елудің ар жақ, бер жағында демалысқа шыққан, тепсе темір үзетіндей жігіттердің қарап отыруына бола ма. Оның үстіне үкімет өзіңе тағайындалған зейнеткерлік айлығыңның жүз еселенген ақшасын сол бойда қолыңа санап береді екен. Ай сайын алып тұратының өз алдына. Бұл күш қайраты өзіндегі адамға қарап отырмасын, шағын мекеме ашып жұмыс тауып алсын деген көмегі. Тойжанда зейнеткерлікке шыққасын тумаластары болып бірігіп сол қаланың басында өздеріне таксопарк ашып алыпты. Өзім үлкенімін, екі інім бар. Осыдан түсетін табыс үш жанұяның күнелтісіне молынан жетеді дейді.

Мамандығы әдебиетші болғандықтан шығар, осындағы, Тегерандағы зиялы қауымдармен байланысып тұрады екен. Иран жеріне табан тіреген Қазақстандықтармен кездесіп, осындағы қандастарының арғы-бергі өмірінен білгенін айтып, жолбасшылық қызметін атқарады. Өткен деректердің, белгілі адамдардың басынан кешкендерінің шама келсе қағаз бетіне түскенін тілейді. Ана бір жылдары өзі де Маңғыстауда болып кетіпті. Ол жақтағы ағайындарын сұрап жатыр. Өз өмірінен қысқаша мағлұмат берген Тойжан ініміз біздің өтінішіміз бойынша әңгіме бағытын Ақбөбекке бұрды.

- Менің шешемнің руы Жеменей, оның Ақботасы. Әкесінің аты Жаңғақбай, яғни сіздерше айтар болсақ Алма Жаңғақбайқызы. Олардың Маңғыстаудан Түрікменстанға, одан Иран еліне келуі осындағы адамдардың тағдырларына ұқсас. Шешем осы қалада Ақбөбектермен қатар тұрыпты. Ол кезде отызыншы жылдары Горган шағын ғана қалашық екен. Ақбөбек талай адамның әңгімесіне арқау болған адам ғой. Біреу біліп айтады, біреу соны өсіріп жеткізеді. Қазірде осындағы бір жастан Ақбөбек туралы сұрай қалсаң, басы сонау Маңғыстауда басталған жырды айта жөнеледі. Екі ғашық туралы әнді жадымыздан шығарып алмайық дегендей, Қайыптың Ақбөбекті үш қайтара алып қашқандағы жер-су атауларын есімізге түсіріп отырайықдегендей бастары біріксе болды, әлгі оқиғаға оралады. Ақбөбектің өмірден өткеніне алпыс жылдай болсада халық жүрегінде мәңгі жас күйінде сақталған. Олар туралы айтылатын ән де, шертілетін әңгіме де жасарып, жаңарумен келеді.

Бір кезде осы Горган қаласының шетінде онша үлкен емес қазақ қауымшылығы болыпты. Қала өсе келе оның ортасында қалған. Иран жерінде бір сүйем жердің өзі қат. Сондықтан әлгі қауымның үстіне қала салу ұйғарылады. Мұны естіп қазақтардың еті тірілері қала басшыларына барады. Олар болса ол жердің қазақ қауымшылығы екенін дәлелдейтін құжат сұрайды. Қазақ қай уақытта да қазақ қой. Күн сайын іргесін ұлғайтып келе жатқан қала құрылысын көздері көріп жүрсе де, сақтық жасап құжат дайындап қою ешкімнің де басына келмейді. Айтатын уәжі ана жатқан адамдар құжаттан кем бе дейді. Оны кім құлағына ілсін. Ана түрікмендерде, армияндада, әзірбайжандарда бар құжат сенде неге жоқ. Қолыңда ештеңе жоқ болса мазамды алма деп кейін қайтарады. Бірақ қанша дегенмен мұсылман ел ғой. Зират үстіне қала салынбайды, тек үстін тегістеп шағын ғана дем алатын парк қылып кетіпті. Шет жағында жалғыз ғана қазақ баласының бейітінің басына орнатылған ескерткіш бар. Оған тимеу себебі, кешегі Иран-Ирак соғысында сол ел үшін қаза тапқан бауырымыз екен.

Парктің ішінде аралары 4-5 метрдей екі ағаш өсіп тұр. Ертең арнайы апарып көрсетермін. Ақбөбек сол екі ағаштың ортасында жатыр. Басына талай рет барып дұғамды оқып кеткенмін. Басқалардай емес менің дәл сол жер деп нақтылай айтатын себептерім бар. Біріншіден мен ол қауымшылықтан онша қашық емес келесі көшеде тұрамын. Мамандығымның мұғалім екендігін жаңа айттым ғой. Жұмыс жасайтын мектебіме бара жатқанда, кайтқанда оның қасынан өтетінмін. Екіншіден менің шешемді Ақбөбек сіңлісіндей көріп бауырына тартыпты. Жас екен демей бар сырын жасырмай айтады екен. Өмірден өтерінде шешемді қасына шақыртыпты.

- Қарағым Алма,-депті ауру меңдеген басын зорға көтеріп. Жастығының астынан әлдебір түйіншекті алып алдына қояды.

- Мына аурудың мені айналшықтап жүргеніне біраз уақыт болды. Қаншама арпалыссам да енді қарсы тұра алар емеспін. Мен төмен түсіп, оның шоқтығы биіктеп барады. Алмай қоймас. Құдіреті күшті жасағанның шарасына кім қарсы тұрған. Топырақ осы жерден бұйыратын болды. Өзіңе жыр қылып айтатын Маңғыстау енді маған жоқ. Қайып екеуміздің табысқан жерімізді, түн жамыла қол ұстасып талай қыдырған ой-қырды жүрегіме жаттатып кетіп барам. Біреулер біліп айтса қимас адамдар ана жақта табысады дейді ғой. Ендігі үмітім Қайыппен сол жақта табысып, өмір бойы жүрегімде сақталған, шер болған сағынышты сол жақта тарқатсам деп армандаймын. Арман шіркін осы екен қарағым. О дүниенің табалдырығын аттайын деп жатып та армандайсың. Бәлкім менің бұл сөзімді өзіңнен басқа адам естісе күнәға батыратын да шығар. Сол Қайыпты ұмытатын кезі болды ғой, өзге елдің түтінін түтеткелі де бірталай заман өтті, онысы несі деп шошитын да шығар. Рас, Есбергенмен қосылғаныма бірталай уақыт өтті. Жақсы, жаманды бір шаңырақ астында күн кештік. Бірақ жүрек түбінде сақталған Қайыпқа деген шексіз сағынышымды ең болмаса өлер алдымда ашық айтып кетпесем құдай алдында да күнаһар болатын шығармын. Есбергенге қосылғаннан бері сырт көзге бәрін ұмытқан адам сияқты көрінгенмен, ішімдегі алай-түлей толғаныспен, сағынышпен үнемі арпалысып өткенімді көктегі құдай білмеді дейсің бе. Соңғы сөзім сен арқылы халыққа жетеді ғой. Бәрін де ұмыттым, қаным да, жаным да Кедей аулымен бірге болды десем, ешкім сенбес. Бұл жерде де, Маңғыстаудың ой-қырында да Ақбөбек пен Қайыптың аты қатар айтылады, бір-бірінен бөлмейді. Бөлу мүмкін де емес. Ендеше сол Қайыпқа деген шын сезімімнің болғанын ақтық сапар алдында неге жасырып қалам.

Апаңның кәзіргі ойы да, арманы да осы айтқандар қарағым. Ал енді айналайын, саған айтып кетер бір аманатым бар. Соны орында. Мына түйіншектің ішінде менің кезінде ұстап, тұтынған білезік, сақиналарым бар. Бір кезде үлде мен бүлдеге оранған апаңнан қалғаны осы. Ой, дүние-ай, кейде баяғы басыма сәукеле, аяғыма шоңқайма етік, асыл матадан кең етек көйлек киіп жүргендерім түсімдей болып көрінеді. Қолымдағы сақина, білезікке әйел біткен тамсана қарайтын. Бәрі де көрген түстей етті де, кетті ғой. Ал мыналардың ішінде Қайыптың да жасағандары бар еді. Осында келген ана бір ашаршылық жылдары кейбіреулерін жұтқын тамақ үшін айырбастап та жібергенмін. Бірақ Қайыптан келген, оның қолтаңбасы тигенді шамам келсе сақтадым. Енді міне, санаулы ғана сағаттарым қалған сияқты. Бүкіл Маңғыстауға атым шыққан Ақбөбек едім ғой. Сүйегіме кірген әйелдерге таратып бер. Көзімдей көрсін. Олай-былай өткенде басыма келіп білген дұғаңды оқырсың,- деген екен.

Сол аманаты шығар шешем Ақбөбек жатқан жерге жиі келетін. Кішкентай кезімнен оның жатқан жері жадымда жатталып қалыпты. Дәл сол жер деп айтатыным сондықтан,-деді Тойжан ініміз.

Ертеңіне қала ортасындағы бір кездегі қандастарымыз жерленген, кәзір дем алатын шағын паркке келдік. Машиналар ағылып жататын көшеден бөлек, тыныш жер екен. Көлемі де онша үлкен емес, ұзыны мен көлденеңі бірдей, жүз метрдей шамасында. Шет жағында бір-бірімен қатарласа өскен екі үлкен ағаш.

- Бұрынғы қойылымшылықтан қалған жалғыз белгі осы. Бұл екі ағашты кезінде кешегі ақсақалдар айтып отырған жыршы, термеші Бәубек Назар егіпті. Көлеңкесіне келіп өз-өзімен отырғанды ұнатады екен марқұм. Кім біледі, осында жатқан адамдармен іштей тілдесетін шығар. Қулық-сұмдығы жоқ, аузын ашса көмекейі көрінетін аңғал қазақтың бейуақытта топалаң тиген қойдай бірінен соң бірі өлгеніне өкінген де болар. Көріп тұрсыңдар ғой қауымшылық ойда. Ол кезде қала мына бетте биікте, тау бөктерлей салынған ғой. Ауып келген қазақтарға кім қаланың ортасынан ойып тұрып баспана берсін. Осы жерде қолдарынан келген жаппаларын салып отыра берген. Арық бойын қуалап келіп жатқан суды пайдаланған. Елді, әсіресе жас балаларды бірінен соң бірін қалпақтай түсірген індет осы судан басталыпты. Қазақтардың жоғарғы жағында әскердің казармасы болған. Олар өздерінің пайдаланған лас суын іргесіндегі арыққа ағызатын көрінеді. Келгенше тұнып, таза сияқты болып көрінген суды алып пайдалана бермей ме сорлы қазақ. Міне сол судан ауырған адамдар бірінен соң бірі өле берген. Ол кезде бұл парсы елінің де жағдайы шамалы, жұқпалы ауруға қарсы егу, емдеу жұмыстары қайдан жүрсін. Өлгендерін осы жерге әкеліп көме берген. Әйтеуір артынан індеттің қайдан шыққанын біліп таза жерден су ішкеннен кейін ғана барып тоқтапты.

Тойжан ініміз бізді парктің батыс жағында өсіп тұрған қызыл гүлді ағаштарға қарай бастады. Әткеншекте ойнаған екі-үш бала. Оларды сыртынан бақылап отырған екі парсы келіншегі өзді-өзі жайбарақат әңгімелесіп отыр. Сол отырғандардың, жүріп келе жатқан өзіңнің аяғыңның астында жас па, кәрі ме белгісіз қандастарыңның сүйегі жатқанын сезіп жаның түршігеді. Жат жерге келіп үзілген ғұмырға ең болмаса топырақ қойнында тыныш жатуды қызғанған тағдыр тәлкегін көрмейсің бе.

Ойыма сонау артта қалған, бала кездегі көрініс оралады. Өрістен келген малға қозы-лағын жамыратып ауыл алдына қайтадан шығаратынбыз. Бұл жас төлдің отығуына, бойын жазуына жақсы. Әудем жерде төбе үстінде ескілікті қауым. Үлкендер малды сол жаққа бағыттатып бара жатқанымызды байқаса болды:

-Әй, қарақтарым, ана қозы-лақтарың әулие ішіне кіріп кетпесін. Әруақтардың мазасын алып жүрер. Кеңге жайың. Тыныштығын бұза көрмең,- деп жатушы еді. Құлағымызға сіңісті болған сол сөздің әсері ме, әлде мәңгілік ұйқы құшағында жатқандарға деген құрмет пе, әйтеуір шамамыз келсе сол жаққа қарата мал жібермеуге тырысатынбыз. Тіпті оны былай қойғанда күні бүгінге дейін өлке жеріндегі тарихи ескерткіштерді аралап жүріп те, аяқ астына қараумен боламыз. Бөксесі құмға жартылай көмілген тас, ия төмпешік байқасақ болды айналып өтіп жатамыз. Онымыз абайламай өлі әруақтардың үстінен аттамау.

Бетіне жалтыратып тегіс тас төселгенмен, оның астында мүрделердің жатқанын сезе тұра үстінен өтуден асқан қиындық бар ма. Оны баспастан бұрын шетінде отырып Нияз інімізге құран оқыттық.

- Міне Ақбөбек осы жерде жатыр,-дейді Тойжан. Аласалау екі ағаш. Иран жерінде көп өсетін осындай ағаштар өздігінен тамыр жайды ма, әлде қолдан отырғызды ма белгісіз. Көңілімізге өрттей қызыл гүлді бұл ағаш Маңғыстаудың махаббат дастанына айналған, араға бірнеше ондаған жылдар өтсе де ұмытылмай халық жүрегінде сақталған Ақбөбектің басына өздігінен шыққан сияқты болды да тұрды. Көлігімізге қайтып келе жатып жергілікті үкімет басшыларынан рұқсат алып осы жерге ескерткіш тақта орнатса әруағы риза болар еді-ау деген ойда болдық.

Бұл жердегі қай адаммен тілдессең де көкейінде батқан мұңды сезінесің. Елге деген сағынышын байқайсың. Алғашқылары сонау отызыншы жылдары келіп, содан бері үш ұрпақ ауысты. Бірақ содан бері сағыныштың жүгін арқалаған керуеннің әлі белі осамапты. Тіпті әр ұрпақ өз ата-анасынан мұра ретінде туған жерге деген сүйіспеншілікті, ата мекеніне деген шексіз сағынышты алып қалған ба деп ойлайсың.

Орта мектепті енді бітірген жас бозбаланы әңгімеге тарттық.

- Мен, сірә, осында тудым. Әке-шешем Бендер Түрікменде тұрады. Атама да, оның әке-шешесіне де топырақосы жерден бұйырды. Орта мектепті бітірдім. Бірақ биыл оқуға түсе алмадым. Қазақстанға кеткім келеді. Онда барсам бастапқы әзірде өзіме қиын болатынын да білемін. Себебі біз парсыша білім алдық. Сіздерше жазу, сызудан хабарымыз жоқ. Жоғары білім алсам деймін. Барсам қанша қиындық көрсемде төзер едім. Бірақ біздерге бір кедергі бар. Әскер қатарына баруға жасымыз келді. Иранда тұратындар міндетті түрде оның әскер қатарында болып борышын өтеу керек. Онсыз босатпайды. Бүл елдің заңы солай. Содан кейін ғана Қазақстанға кетуіме жол ашылады. Амал жоқ, соны күтем.

Өз елінде жүргенге не жетсін. Жолың болмаған уақыттарда қамығатынымыз рас. Өзге ұлттың айтыла салған қатты сөзінің шаншудай қадалатыны да шындық. Ондайда көңілің кәдімгідей жетімсіреп қалады. Біздерге кейде ақсақалдар парсы болып бара жатырсыңдар деп ұрсады. Күндегі көріп жүргенің, араласатының солар болғасын парсы болмағанда қайтесің. Кейде сіздер жақтан келген ағайындар ол жақтағы салт-дәстүрлерді айтады. Жақында бір ағайынымыз келін алып, сол тойдың басынан аяғына дейін түсірген кассетасын беріп жіберіпті. Өте тамаша емес пе. Кең далада туып өскендердің айтар әні де бөлек-ау деймін. Ондай әнді кәзір бұл жақта ешкім айтпайды. Бұрын үлкендер жырға қосып айтады екен. Кәзір ондай ән түгілі бізде біле білсеңіз тіпті домбыра дажоқ. Біз қатарлылар парсы әуенімен өзімізді-өзіміз алдап жүрміз. Басқаны қайдам, ол менің жүрек түбіме бәрібір жетпейді. Сіздер әкелген Маңғыстаудағы киелі орындар, жыршы-термешілер туралы кассетаны осындағы адамдар кезекке тұрғандай болып көшіріп алып жатыр. Кеше көрші үйден көргенмін. Шіркін-ай, көрер ме еді, аралар ма еді деп ойлайсың. Соның бәрін баяғыдан білетін адам сияқтымын. Әлде ақсақалдардың басы қосылғанда айтқан әңгімесінің әсері ме, білмеймін. Әйтеуір сол жерде тұрып, солтопырақтан өскендей бәрі де көзіме оттай басылды. Қаралай жыладым. Атамекенге табаным тисе алдымен аралайтыным, тәу ететінім сол киелі орындар болмақ.

Елге барғанда біз сияқты шет елден білім алып, тәрбиеленген адамдарға арналған бейімдеу орталығы болса деп тілейміз. Осы жақтан барып жүргендерден естігенім рас болса сіздің Ақтауда ондай орталық бар да көрінеді. Түрікменстаннан, Өзбекстаннан барғандар оқиды дейді. Бөтен емес қой, бірақолармен біздердің айырмашылығымыз жер мен көктей емес пе. Әріп, жазуларың бірдей болды, орыстың заң-зәкүні ортақ болды. Сондықтан екінші елге барып жаттығып, үйреніп кету олар үшін қиын болмас. Ал бұл елдің жазу-сызуы, салт дәстүрі де, заңы да, керек десе жыл санауы да бөлек. Сондықтан осы Ирандағы қазақтар үшін ерекше жағдай керек сияқты. Ол жердегі бейімдеу орталығындағы дәріс беретіндер біздің жанымызды түсініп, жайымызды ұға білетін, нағыз қазақ болса екен дейміз.

Әлі мұрты тебіндеп те үлгермеген жас баланың терең ойы, болашаққа деген үлкен мақсаты біздің жанымызды қуантты. Еліне оралып дегеніне жетіп жатса қазақтың іргесінің нығайып, ордасының биіктеуіне үлесін қосары сөзсіз.

Осы Горган қаласында тұратын түрікмен журналисі Муса Жоржанимен алдында телефон арқылы сөйлескенбіз. Сол күні бізбен кездесе алмайтынына өкініп, алдын-ала кешірімін сұрады. Бүгін міне өзінің белгілеген уақытында таксимен үйінің алдына келіп түстік. Төрт қабатты бірыңғай үлгімен салынған қазынаның үйінде тұрады екен. Біздің келетінімізді біліп ашып қойды ма, әлде ұры-қарысы жоқ бұл елдің дәбі солай ма, есігі ашық тұр екен. Алдымызға Нияз інімізді салып үйге кірдік. Кез-келген парсымен тілдесетін де, жұмысымыздың жайын түсіндіретін де сол ғой. Біз кіре бере арғы бөлмеден үйдің қожасы да шықты. Орта жастан асқан, әлі қайратты Муса бәрімізбен бұрыннан таныс біліс адамша жарқылдай амандасып төріне шақырды.

Кірген бөлмесінде өзі шамалас қою қара шашты жігіт ағасы мен жас жігіт бар екен. Әрқайсымызбен қол алысып жатыр. Осындағы қазақтармен араласып қалғандықтан болар түрікмен тілінде сөйлесе бастады. Олардың сөзінің біріне түсінсем де, көбін санамның қабылдауы киын болып отырған мен. Нияз осы жерде тұрғаннан бері араласып жүргендіктен бұл тілде де еркін сөйлейді. Есберген болса бұрынғы түрікменстандық. Тіпті маған қыр көрсеткендей ол осы жолы аудармашысыз тілдесіп отырғанына мәз. Жалғыз мен ғана жалтақтап екеуінің аузына қарап отырмын.

Муса алдымен өзі туралы, осындағы түрікмен диаспорасы жөнінде мағлұмат берді.

Түрікмендер осындағы көп халықтың қатарына жатады. Әсіресе осы облыста көп шоғырланған. Хорасан жағында да тұрады. Муса Горган қаласында шығатын "Гүлстан экономикасы" газетінің бас редакторы екен. Осы облыста шығатын он бес газеттің редакторлар кеңесінің төрағасы қызметі де осы журналистке жүктеліпті. Сонымен қатар аймақтық түрікмен орталығының бас директоры қызметінде атқаратын көрінеді. Не керек, қосымша арқалап жүрген жұмысы баршылық.

- Газетімізді шығарғанымызға екі жылдай болды,- дейді Муса. Әрине парсы тілінде. Осындағы қазақтар сияқты түрікмен тілінде де ешқандай басылым жоқ. Бірақ негізгі міндетіміз түрікмен халқының мәдениетін, тарихын оқырмандарға жетістіру болып табылады. Бұрын телерадио компаниясында жұмыс жасадым. Халқымыздың салты, дәстүрі, өнері жөнінде көптеген деректі фильм шығардым. Бұлар орталық телевидение арқылы бүкіл елге таратылды. Осында "Молланепес" атындағы халық театры бар. Он бес жылдан бері істейді. Өз қойылымдарын тек Иран түрікмендеріне ғана емес, шет елге де апарып табысты оралып жүр. 1994 жылы, одан кейін 1996 жылы Ашхабат, Мары қалаларында өнер көрсетті. 2003 жылы Тегеран қаласында өткен халықаралық этнографиялық көрмеде арнайы диплом мен медальға ие болды.

Осындағы ұлттық орталықтың атқарып жатқан қызметі ұшан-теңіз. Шама келсе ұлтымыздың мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрлерін жоғалтпауға тырысамыз. Қол қусырып қарап отыра берсең көп ұлттың ортасында құмға сіңген судай жоқ болып кету қиын емес. Өзіміздің баспаханамыз бар. Түрікмендер туралы жиырма шақты кітаптар шығардық. Бәрі де парсы тілінде. Өткеніңді жоғалтпау үшін оның өзіде көп көмек. Шектелген жайға қарамай жанталасып жұмыс жасап жүрген жайымыз бар дейді Муса.

- Ал енді сіздердің жерлестерің Оразмағанбет туралы көптен білемін. Телерадио компаниясында жұмыс жасап жүргенімде ол туралы көзі көрген ақсақалдармен кездестім. Сіздің жақтағы баспасөз беттерінде жарияланған мақала, әңгімелерді жинақтадым. Осындағы балаларының қолынан кейбір құжаттардың көшірмесін алдым. Белгілі ғалымның Иран жеріндегі өмірінен деректі фильм түсірсем деп армандап едім. Әзір мүмкін болмай тұр. Қолымдағы жиналғандарды парсы тіліне аударып беруін өтініп, кейбір жігіттерге қолқа салғанмын, бірақ олардан көп көмек болмады. Әлі де үмітсіз емеспін. Жиған тергенімді толықтыру үстіндемін. Сіздермен кездескенім өте жақсы болды. Әрине екі жақты келісім шартпен бірлесе жұмыс жасасақ тым жақсы дүниені өмірге әкелуге болады. Оның көзін көргендер осы үш қалада(Горган, Бендер Түрікмен, Күмбет Қауыс) күні бүгінге дейін кездеседі. Соларды жоғалтып алмай тұрғанда жұмыстану керек. Сіздер оның туған жерінен келдіңіздер. Оның қызмет істеген, талай шарлаған жерлері таныс. Шынын айтқанда осындағы қандастарына қарағанда сіздердің Оразмағанбет туралы пікірлерің, түсініктерің бөлек қой. Ғалым, діни қайраткер туралы ол жақта жасалған жұмыстар туралы мен де хабарлымын. Ойланып, толғанып болашақта жасалар жұмыстың жоспарын жоғарыға бірлесе ұсынсақ тіпті жақсы болар еді. Әсіресе оның сіздің жақта қолдау табары анық.

Әңгіме ұзаққа созылды. Алдымызға дастархан жайып, шәй қамдығымен кіріп-шығып жүрген келіншектің біраз қызмет жасауына тура келді. Қазақтың шәй десе жаны кіріп, талай әңгіменің тиегі ағытылатынынан хабарлы болса керек, ақ құманын қайта-қайта демдеп дастархан шетіне қояды да, сол үндемеген қалпы шығып кетеді. Қараңғы түсе тағдыр жазса тағы да кездесіп, бірлесе жұмыстанармыз деген ниетпен Муса Жоржанимен қоштастық. Есік алдына келген көлігімізге шығарып салған әріптесіміз бізге керекті құжаттарды қонақ үйге өзі жетістіретін болды.

Муса Жоржанидің өз халқы туралы істеп жатқан көптеген ісі үлгі боларлықтай еді. Иран жерінде 3 миллиондай түрікмен тұрады. Бірақ мына жаһандану заманында тірліксіз отырған кез-келген халықтың толқын астында көміліп, бәрінен де айрылары айдай айқын нәрсе. "Әр халықөзінің түп бастауын ұмытпау керек. Бойында өз қаның жүгіріп, тамырың соғып тұрғанда өзгенің салтын сіңірем, мәдениетін қабылдаймын деген бос әңгіме. Мен түрікмен нақышынан басқаны қабылдай алмаймын және ұрпақтарыма соны дәріптеумен келемін", - дейді ол.

Қалың парсы ішіндегі аз қазақ маған жел өтінде қалған бәйшешектей болып көрінді. Қамқорлық болмаса күні ертең-ақ солып, орнында еске алатындай ештеңе қалмауы мүмкін.

Иранға келген азғана уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппыз. Бас сұққан шаңырағыңнан қайта шығуда оңай емес. Сандық түбінде қалып сарғайып кеткен, болмаса қолдан қолға өтіп әлдеқашан түте-түтесі шыққан әке-шешелері туралы қағаздарды алдыңатарта отырып есте қалған әңгімелерін айтады. Шама келсе қағаз бетіне түсіруге тырысамыз. Бір бет қағаздың да, бір жапырақ шүберектің де өзіндік тарихы, таусылмас жыры, жүрегіңді тілгілеп өтетін мұңы бар. Тамағына өксік тығылып жасын сүртіп отырған кейуанамен бірге сенің де көзің бұлдыр тартып, алдыңдағы қағазыңа қаншама шұқшиғаныңмен қаламыңның жүрмей қалатыны да болады.

- Қарағым-ай, Маңғыстаудың Ырғызбай-Қарасай дейтін жерінде тұрып едік. Есімде қалғаны сол жерлерде Маңсуалмас, Есеттің құлауы дейтін таулар болушы еді. Құдай-ау, сол жылы он алтыға толдым ба, жоқ па, білмеймін. Әйтеуір Қараш аулына келін боп түстім. Көктемнің кезі еді. Құдайдың нұры төгіліп жаңбыр жауды да тұрды. Үй алдына шыға бере қалың өскен еркек, селеу ырғала тербетіліп сонау көз жетпес кеңістікке дейін кететін. Ой, дүние-ай, ауыл алдындағы төбе астынан ел болып күтіп алып еді. "Келін келді" деп тайларына жайдақ мініп құйғыта шапқан бала. Алдымнан жүгіре басып келе жатқан қыз-келіншек. Шашуын шашып маң-маң басқан бәйбіше, үй іргесіндегі оюлы текемет үстінде әңгіме дүкен құрған ақсақалдар, не керек, сол көріністер көз алдымда сақталып қалыпты.

- Өрісімді кеңейтіп, көгенімді ұзартатын осы келініме арнап, арнайы тіктірген шымылдық еді. Ұзағынан сүйіндіргей, іші берекеге толсын,- деді ақсары келісті әйел шымылдықты екі келіншекке беріп жатып. Артынан барып білдім, ол кісі менің енем екен.

Солай аттап едім бұл ауылдың босағасын. Дүрілдетіп жасаған той да өтті. Бірақ жаз бойы дастарханымыз жиылған жоқ, қара қазан оттан түскен жоқ. Күн сайын алыс-жақыны бар, бұл ауылға көптен бері ат ізін салмаған ойдағы, қырдағысы бар, әйтеуір қонақтан арылмадық. Сызылып келген қонақтың шәйін құям, алдындағы табағына иіліп сәлем етіп, қауқылдаған шалдардың батасын алам. Бәрі де бір-біріне жарасымды еді, ол да бір дәурен екен ғой.

Бірақ қызығымызды құдайтағала шектеп қойған екен. Түйе бұйдасын үзіп кез-келгеннің алдында кетті. Үй алдында шаялап жататын ақтылы қойдың бір күнде құмалағы сиреді. Даланың тағысынан адамның қасқыры жаман болады екен. Үлкен демеді, бұрын елге сыйлы ақсақал еді ғой демеді, көп адамды тоғытып айдады да кетті. Атамыздың сүйегінің қайда қалғанын білмейміз. Қайта енемнің бағы бар екен, атамды айдап әкеткеннен кейін екі-үш ауырып жатты да көзін жұмды. Өмірден өтер алдында:

- Қарағым, - деді көзі жасаурап. Мына шымылдықты өзіңе арнап жасатып едім. Жаңа үкіметтің реті жаман, шамасы тігерге тұяқ қоймас. Алдарындағы малдарыңнан сірә айрылып болдыңдар. Бұл қазақтыңмалдан басқа жиған-тергені бар ма еді. Менен қалған белгі осы болатын шығар. Атасы шүберек қой, не керек деп далаға тастай көрме. Заман түзелсе өзің келін алғанда ырым қылып ұстарсың, - деп еді. Күн бата көзін жұмды. Сол жерге жерледік. Содан не керек, адам айтып болмас заман басталды емес пе. Әлі күнге дейін ойлаймын шырағым, бұл қазақ маңдайына жазғанын көріп қозғалмауы керек еді. Осылар бірдеңе біліп бара жатырған шығар деп көптің соңынан еріп осыннан бір-ақ шықтық. Сол елден қалған жалғыз белгі осы шымылдық. Бақытты кезімнің белгісі, енемнің көзі ғой деп әлі жоғалтпай келем. Қашанғы шыдасын, бұл да ескірді. Анда-санда сандықтың түбінен алып қараймын. Сонда баяғы күндер көз алдыма айнымай келеді. Бұл шымылдық менің елімнің бар екенін, өзімнің соның топырағынан жаратылғанымды, парсы емес екенімді үнемі есіме түсірумен болады. Бір кезде кім-кімді де таңқалдырған өрнегі де кәзір ескірді. Қайтсін. Асылдың да тозатын уақыты болады ғой,- дейді ескі шымылдықты сипап отырып.

- Айтпақшы,-дейді есіне бірдеңе түскендей. Бұл шымылдықты ертеректе бір парсы ма, күрт пе біреу келіп сүгіретке түсіріп кәзитке шығарған. Өзі қызық адам еді. Жаз шыға осындағы қазақтардың ортасына келіп айлап жататын. Ол кезде жыршы шалдардың көзі тірі. Солардың қасында болып, өтіп жатқан той-томалақтан қалмайтын. Қыз-келіншектерді киіндіріп қайта-қайта сүгіретке түсіріп жататын еді. Қазақтар жайында кітап жазып жүр дейтін еді ел біліп айтса.

- Аты-жөнін айта алмайсыз ба,- дейміз.

- Ойбой, қарағым-ай, мен кәзір қызылбас түгілі жаңа айтқан сенің де атыңды ұмытып қалдым. Осындағы адамдардан сұраң. Мен сияқты бәрі бірдей алжып, ақылынан адаспаған шығар.

Кейуананың дәм-тұзына ризашылығымызды білдіріп қош айтыстық. Әңгіме арасында айта салған оның әлгі парсысын тауып алуымыз керек. Шамасы қазақтар өмірінен дерек жинаған адам болды. Оны кімнен білеміз. Тойжанға телефон шалу керек, бір білсе сол біледі деп шештік.

- Ия, білемін. Ол Махмуд Киай ғой. Тегеранда тұрады. Осындағы қазақтар өмірінен көп дерек жинаған ғалым болатын. Ұлты курд. Мен онымен міндетті түрде сөйлесіп хабарын айтамын,-деді ініміз.

Көп ұзамай Тойжан қайта соғып Киайдың Тегеран қаласындағы мекен-жайын, телефонын нақтылап айтты. Бізді асыға күтетінін, Тегеранға келгесін алдын-ала хабарласуымызды өтініпті.

Иран елінің қазақтар тұратын үш қаласындағы біздің іс сапарымыз да аяқталды. Оншақты күннен бері бірінің үйінде дәм татып, бірінің үйінде арнайы қонақ болдық. Біздерді шығарып салуға жиналған көпшіліктің жүзінен қимастықты байқайсың. Топ ортасында тұрған Жарылғас ақсақал кәрі көзі жасаурап қасымызға келіп қолымызды алды.

- Жолдарың болсын, қарақтарым. Елге сәлем айтың. Ағаларыңның кемшілігі болды, алыстан ат сабылтып келген сендерге күліп отырып бір шәйнек қара суымды бере алмадым. Жеңгелерің сырқос болды. Алды арты осы болар дейсің бе, тағы да келерсіңдер. Сендер келгелі көңіл шіркіннің шері тарқағандай болды. Сонаутөменде қалған, сөнуге айналған қоламтаны үрлегендей болдыңдар. Кейде ол қоламтаның жылуы болғанымен, енді жалыны жоқ шығар деп ойлаушы едім. Олай емес екен. Кәрі жүрегімде сақталған сол қоламта бірте-бірте қызылшоқтанып келеді. Енді күшеймесе сөнбейді. Себебі оның тамызығы ана жақта екен, оны алып келген сендер екенсіңдер. Бойымызға күш беріп үрлеп отыратын қамқорымыз бар екен - ол қасиетті қазақ жері екен. Небір қилы заман өтсе де, аспанды енді ашылмастай қара бұлт торласа да ата-бабамыздың ақ найзаның ұшымен, арғымақтың күшімен жат қолына бермей тістелеп алып қалған ұлан байтақ даласы бар. Сол даладан тараған жылу уақыт толқыны жағаға шығарып тастаған біз сияқтылардың бүйірін қыздырумен болады екен. Енді адаспаспыз. Ата-бабаның ат байлаған қазығы, жүріп өткен сүрлеуінің қайда екені белгілі. Отардан бөлініп қалған екі-үш қосақ қой да жолда қасқыр шаппаса шиырлап жүріп ақыры үйренген өрісіне келмеуші ме еді. Біздердің бұрынғы жайымыз солай болғанмен енді басқаша. Артымызда іздеушіміз бар. Жұрт біліп айтса дүниеде жан-жаққа бытырап кеткен қандастарын шақырып, төрінен орын ұсынып жүрген үш ел бар дейді. Ол алмандар, еврейлер, біздің қазақтар көрінеді. Аналарды білмеймін, ал біздің қазақ о бастан да жарты құртты бөліп жеп, құла суды бірлесіп отырып ішпесе көңілі қоңылтақситын ел. Ертеректе Маңғыстауда өткен Есенұлы Сейіт бидің:

- Жарлылығымды сұрасаң жалғыз түйемен ел соңында көшіп жүрдім, жарлылық бұдан өтіп не болсын.

- Мырзалығымды сұрасаң сол жалғыз түйемді келінім ұл тапқанда сүйіншіге беріп, ел көшкенде жұртта қалдым, мырзалық бұдан өтіп не болсын.

- Батырлығымды сұрасаң Есек мерген батырды жау қамағанда қарттығыма қарамай қоршауды жарып өтіп алып шықтым, батырлық бұдан өтіп не болсын.

- Соғыста қапияда тұтқынға түстім, пақырлық бұдан өтіп не болсын.

- Байлығымды сұрасаң күндердің күні болғанда бес балам бес ауыл болып, әкем Есенге ас бергенде бес ақ отау тігіп, бес жүз асау бие байлап, бес саба пістіріп, бес астау әкелдім, байлық бұдан өтіп не болсын, - деген екен. Сол айтқандай бұл қазақтың басынан не өтпеді. Жан-жақтан анталаған жауға тайсалмай қарсы шауып, елін қорғап батыр да болды, кез келгенге төрін ұсынып, астындағы жалғыз атын сойып беріп мырза да болды. Өз байлығы өзіне бұйырмай жарлы да болды. Өз шаңырағы астында өзге біреу билік айтып пақыр да болды.

Бірақ құдай деген халық екенбіз. Ақыры бәрі де өз қолымызға тиді. Сауатым жоқ адаммын. Бірақ әр жерде әңгіме айтып отырған адамдардың сөзіне құлақ түрем. Содан кәрі көкірегіме жинап, түйіндегенім қазақ кәзір дүниенің төрт бұрышына атағы шыққан ел болған екен. Өзгенің пәленбай жыл итініп, тартынып жеткен биігіне айналасы он, он бес жылда қиналмай жетіпті. Көшбасшысының бұл өмірден көрген, түйгені көп екен. Еншалла, сол бағытынан таймағай. Енді бізді жау алмас. Кеше ана елдегі руы Құнанорыс ақын баланың бір сөзін айтып едің ғой. Ие, ие сол Сабыр Адай. "Қазақстан жалғыз ұлы қазақтың" депті-ау. Апыр-ай, сұңғыла екен, шіркін. Өзі жас жігіт дедің ғой. Бәсе әулиелі Маңғыстаудан әулиедей ұл тумауы мүмкін емес қой. Енді бәрімізде сол жалғыздың тілеуін тілейік, қолтығынан демейік. Бытырап та көрдік, тек өз руымды ғана білемін деп үй айнала шауып, шаңдатып та көрдік. Одан ұтқанымыз қайсы. Төртеу түгел болса төбедегі келеді демейтін бе еді бұрынғы өткен шалдар.

Көңілдегі көп ойдың ұшқыны ғой, шырағым. Бұл өмірден менің ұққаным осы. Әулие емеспін, бірақ жұп жазбасақ ұтылмайтынымыз, кез-келгеннің жетегінде кетпейтініміз рас. Көп мыжып жолдарыңнан қалдырмайын. Аман болың,- деп әрқайсымызбен құшақтасып қоштасты. Бауырыма енген ақсақалдың дір-дір еткен жауырынынан туған жерге деген қимастықты сездім.

Машина орнынан қозғалды. Қол бұлғап артта қалып бара жатқандардың көзінде мөлтілдеген сағыныш жасы. Біздің де бір қапталымыз үңірейіп қалғандай. Біраз жүргеннен кейін артымызға қарадық. Биік таудың басындағы қалың тұман сейіліпті. Көз ұшында қалған шығарып салушылар орнынан әлі қозғалмапты.

Горганнан таңғы сағат 10-да шыққан біздер елдің астанасы Тегеранға түс қайта сағат 5-тен кете келдік. Екі араның 450-дей шақырым екенін оқырмандарға осы сапарнаманың басында айтып кеткенбіз. Жолдың көбі таулы аймақпен өтеді. Кезінде елдің батысы мен шығысын байланыстырып жатқан күре тамырдай осы жолды салуда оңай болмағаны белгілі. Бір-біріне жалғасып жатқан туннелдерден өтесің. Ішінде бірнеше жүздеген метрге созылғандары да бар. Самаладай жап-жарық. Осындай қауіп қатері көп қиын жолмен кез келген адамның машина айдай алмасы белгілі. Оған көп тәжірибе керек. Сонымен қатар таулы аймақтың мың құбылған ауа райы мен анда-санда төмен құлап жол үстінде шашылып жатқан тастарды алдын ала байқап отыратын сезімталдық та қажет екен. Әйтпесе айнадай жалтыраған асфальт үстінде ағып келе жатқан көлігің бір тасқа соқса болғаны, сонау төменде құтырына ағып жатқан тау өзенінің аузына барып түсерің сөзсіз.

Жол ортада кідіріп түстік, тамағымызды іштік. Жалпы ислам діні қағидаларын қатты тұтынған ел болғандықтан шығар, Иранның тамақтану орындарында, қонақ үйлерде, жолаушылар тасымалдаудың кез-келген түрлері орналасқан жерлерде (темір жол вокзалы, аэропорт) арнайы намаз оқитын бөлмелер бар. Жолда кідірген аялдамаларда ел тамақ ішіп, намазын оқиды.

Тегеранның жан-жаққа қатынасатын автовокзалы бізге өте үлкен болып көрінді. Ішінде барлық жағдайы жасалған шетелдік үлкен автобустар. Бірі келсе, екіншісі аттанып барады. Рейс бағытын хабарлаған диктордың даусы, бір-бірінен жол беруін өтініп сигнал берген машиналардың даусы, не керек у-шудан құлағың тұнады. Артынан барып білдік бұл автовокзалдан аттанатын көліктер елдің тек шығыс және түстік бағытына қатынайды екен. Қалада осындай вокзалдардың бірнешеуі бар көрінеді.

Арғы күні кештетіп Бакуге ұшатын болғандықтан біз сол автовокзалға тиіп тұрған қонақ үйге орналастық. Қай жерде де құжаттарымызды толтырып, олармен есептесетін де Нияз ініміз. Қалғанымыз соның қас-қабағына қарап отырғанымыз. Кешкі тамаққа әлі ертелеу болғандықтан шәй алдырып іштік. Есберген екеуміз біргеміз. Нияз бен бізді шығарып салуға келген Әбжет бір бөлмеде. Айнаш қарындасымыз өз алдына бөлек. Бұл елдің тағы бір заңы бар, ол әйел адамдар мен ер адамдарға бір-бірінің бөлмесіне баруға рұқсат етілмейді. Тіпті басқаны былай қойғанда аэропорт басында тіркелуден өткенде де олар бөлек-бөлек өтеді. Арнайы солай жасақталған. Біздегідей бірінің артынан бірі тұру ол елде жоқ.

Нияз ұялы телефонымен осындағы бізді күтіп отырған Мансур Киайға Тегеранға келіп орналасқанымызды айтты. Ол бізді ертеңгі түс ауа сағат 2-де өз үйінде күтетінін, сол күні ешқайда шықпайтынынан хабардар етті. Қарап жатқаннан қала аралайық, тап болған бір асханадан тамақтанып алармыз деп тысқа шықтық.

Тегеранның ауасы біздер келген жақтағыдай емес құрғақ, ыссы. Көшеде сендей соғылысқан халық. Бәрі де күн қызуы қайтқасын бойын сергітейін деп далаға шыққан сияқты. Толған жарнама. Бірақ оны түсініп, оқи алатын бізде сауат жоқ. Бәрі де парсы тілінде жазылған. Бұл елде тіпті ағылшын тілінде жазылған жарнаманы көрмейсің. Біздегідей қазақша атаудың өзін ағылшынша жазып, болмаса кез келген дүкенге, мейрамханаға қазақтың сөзі жетпей таусылып қалғандай ағылшынша атақ беру кездеспейді екен. Кез-келген көрініс сенің парсы елінде жүргеніңді жадыңа түсірумен болады. Бірақ бас сұққан дүкеніңде, асханада, тіпті көшеде ағылшын тілін білсең болды, керегіңді сұрап, бағытыңды сілтетіп алуыңа толық мүмкіндік бар.

- Мына асхана тек қойдың басынан ғана тамақ дайындайды екен. Қалай кіреміз бе,- деді Нияз біздерге қарап.

- Кірейік, кірейік,- дедік біздер бір ауыздан.

Жол үсті шаршап қарнымыздың ашқаны да рас еді. Жегені жұмырына жұқ болмайтын жалмауыз болмасаң бір қойдың басының бір адамды тойдырары анық. Құйқасы, көзі, құлағы, майы бар, көп болмасада еті бар дегендей біраз тамақ қой. Сорпасы өз алдына.

Ішке кіріп тамағына тапсырыс бердік. Бірақ біз ойлағандай әрқайсымыздың алдымызға табаққа салып бір-бір басты ешкім әкеле қойған жоқ. Нияз ініміз даяшымен әрі-бері сөйлесті. Біраздан соң қасымызға келіп отырғаннан кейін:

- Бұлар бастың әр бөлігін бөлек-бөлек дайындайды екен. Миын бөлек, құйқасын, тілін бөлек дегендей. Кім қайсысын жейді,- деп бетімізге қарады.

Түсінікті болды. Сонау ықылым заманнан саудамен айналысып келе жатқан ел ақша жасаудың жолын білгіш қой. Бір бастың өзін бірнеше бөлшекке салып дайындағанда оның бағасы да әртүрлі. Біздің ауылдың әйелдеріндей қара қазанға салып пісіріп, бүтін күйінде.

бере алмайды екен. Тілін жейсің бе, әлде көзі ме, болмаса құйқаға көңілің шаба ма деп сұрап тұрғаны сол екен. Қалтаң көтеріп бәрінде жеймін десең:

- Ләббәй тақсыр, көп ұзамай дайын болады,-деп иіліп шығып кетеді.

- Қап, - деді Есберген менің бетіме қарап.

"Омай-ау. Қолыңа пышақ алып асықпай мүжіпотырғың келді-ау шамасы. Қызылбастың қонақжайлылығы қалтаңа қарайды, бауырым. Ауылдағы шалдар көзін біреуге, таңдайын екіншісіне таратып жолкерлік көрсетсе алдында кәзір шеңгелдеп қол салатын бір табақ еті тұр. Сенің алдында ана жіңішке тәрелке мен шанышқы. Соған қарап-ақ сақилықтың аулының алыстап кеткенін білмейсің бе" деймін ішімнен күлкіге булығып отырып.

Бұл тамақ болып жарытпады дедік далаға шыққасын. Неше бір күн әулие болсада бір қу бас бес қазақтың қарнына жұғын болсын ба. Тағы бір жерге бас сұғып қалған жерін парсының күрішімен толтырайық деп шештік. Сау болсын бізді шаршатпайық дегендей келесі үйдің бұрышында есігін айқара ашқан асхана тұр екен.

Қаланы біраз аралап қонақ үйімізге келдік. Асықпай тұрып ертеңгі асымызды ішкеннен кейін такси шақыртып үлкен қаланың ортаңғы бөлігінде тұратын Мансур Киайға кеттік.

Сәл ертелеу барған екенбіз. Неде болса өзінің айтқан уақыты болсын деп үй алдындағы ағаш көлеңкесіне отырып демалдық.

Мансур Киай әйелімен бірге есік алдынан қарсы алды. Ниязбен екеуі бұрыннан таныс. Бәріміздің қолымызды құшырлана қысып төріне шақырды. Қою мұртты, шашына әлі ақ кірмеген алпысты алқымдап қалған адам. Ақжарқын, қазақтармен бұрыннан араласып жүрген адам екенін білдіріп бірден әңгімеге көшті. Алдымен жұмыс мақсатымызды сұрап алды. Біз Иран қазақтары туралы еңбек жазған ғалыммен кездескіміз келгенін, қарсы болмаса еңбектерімен танысудың да бөтендігі болмайтынын айттық.

- Менің Иран жеріндегі қазақтардың салт-дәстүрімен, мәдениетімен айналысқаныма отыз жылдай уақыт болды. Алғашындағы мақсатым, зерттеймін деп қолға алғаным сендер барып келе жатқан жақтағы түрікмендер болатын. Алдымен Тегерандағы кітапхана, архивтерден түрікмендер туралы жазылған еңбектермен, деректермен таныстым. Содан кейін өз еңбегімді әрі қарата жалғастырып, толықтыру мақсатында Горган, Бендер Түрікмен қалаларына бет алдым. Жолда келе жатқанда осы Горган қаласына кіре берісте болып жатқан бір тойдың үстінен шықтым. Көптің шетіне келіп өзім бұрын-соңды естімеген, көрмеген халықтың тойын тамашалап тұра бердім. Мені ешкім жатсынған жоқ, қайта құрметпен төріне шақырды. Айтпақшы мен осы ауылға кіре бере алғашқы танысқаным Мұқан дейтін кісі еді. Руы Байшағыр. Бастапқы әзірде осы азғана халықтың бірнеше руға бөлінетінінен мен әрине бейхабар едім. Тіпті өзіммен қатарласа отырған адамдардың әр рудан екенін қабылдап түсіну де қиын болды. Артынан үйреніп кеттім ғой. Менің бағыма қарай Мұқан шамалы болса да парсы тілінде сөйлей алатын еді. Қазақтар туралы алғаш мағлұмат берген де сол. Мұқан өз ұлтының Иранға келгенше басынан өткен көптеген қиындықтарын айтты. Тілі жеткенше өз халқының салт-дәстүрі, мәдениеті, өткені жөнінде менің қойған сұрақтарыма жауап қайтарды. Артынан достасып кеттік. Сөйтіп Мұқан досымның маған берген қазақтар туралы алғашқы мағлұматынан кейін-ақ мен енді түрікмендер туралы емес, бүкіл жан дүниемді баурап алған қазақтар туралы еңбектенем деп шештім. Солай болды да. Оған өкінбеймін.

Басында жұмыс жасау қиын болды. Менің әр нәрсені түртіншектеп сұрап отыратыным үлкендер жағына ұнамады-ау деймін. Олар менімен көп сөйлеспеуге тырысты. Әсіресе суретке түсіру оңай болмады. Өз жерінде қуғын-сүргінді көп көрген халық фотообъектив алдында тіпті де тұрғысы келмейтін. Бірақ сіздің халықта "Жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады" дейтін мақал бар емес пе. Менің ешкімге зияным жоғын білгеннен кейін ыңғайыма жығыла бастады. Оның үстіне қазақтардың ортасынан шыққан Тойжан сияқты білімді жігіттер менің жұмысымның мән-мақсатын түсіндіргеннен кейін жағдайымыз тіпті жақсарды. Бендер Түрікменде де, Күмбетте де ондай тілеулес жандар көп болды. Кез келген садақа, тойларына, наурыз, құрбан айт сияқты мерекелерде мен ортасында болатынмын. Тіпті арнайы шақыратын.

Менің бұл халықпен сіңісіп кеткенім сонша, тіпті оларсыз өмірді елестету мүмкін емес сияқты болып көрінді. Арада сәл үзіліс болса сағынатын болдым, оларға жеткенше асығатын едім. Бәубек Назар, Көрпе Ұзақбайлардың талай жырын тыңдадым. Сол жыр арқылы мен де өзіме бейтаныс ұлан байтақ қазақжерін көз алдыма елестететінмін. Барсам, көрсем деп армандайтынмын. Бірақ оның сәті түспеді. Қазақтардың келін түсіруі, құда қарсы алуы, өлікті шығаруы, онда жасалатын әртүрлі ырым жоралғылары басқа халықта кездеспейтін, тәрбиелік мәні зор нәрсе емес пе.

Мен бірде досым Мұқаннан әр ұлттың өзіне тән ерекшеліктері туралы әңгімелесіп отырғанымызда:

- Біреуді жек көргенде сіздерде қандай сөз айтылады,- деп сұрадым.

- Өзбек екенсің ғой дейміз. Өйткені олар біз сияқты сұлу емес, кескінсіз,- деп күле жауап берді Мұқан.

Мен бірден түсіне қоймадым. Бірақ қайта сұраған да жоқпын. Әзіл ғой деп ойлағанмын. Оның сырын артынан барып ұқтым.

Қазақтардың ру-руға бөлінуінде үлкен мән жатыр. Мен өзімнің еңбектерімде қазақтардың генетикалық жағынан өте таза бірден-бір халық екенін дәлелдеп "Қазақтар, олардың туыстық байланыстары және үйлену тойлары" деген мақаламды Тегеранда шығатын "Өнер және ел" деген журналға жарияладым.

Сонымен қатар қазақтар мақтануды жаны сүймейтін халық. Шығыс халықтарының қай-қайсысыда тамаша билейді. Музыка әуеніне қосылып дөңгелене, буыны жоқтай бүкіл денесін қозғап билегенін көргенде таң қалмасыңа болмайды.

Құрбан айттың кезі болса керек. Көп ақсақалдың ортасында отырған мен:

- Осы қазақтар билей ме, - деп сұрадым. Бетіме барлай қараған қария:

- Жоқ, шырағым, қазақта би болмайды,- деді.

Мен рас екен деп ойладым. Өйткені осы уақытқа дейін қазақтардың билегенін керген жоқ едім. Артынан барып білдім ғой, бидің небір шұрайлысы қазақтарда екен.

Содан қазақтар туралы, олардың салт-дәстүрлері, өнері туралы біраз материалдар жинақталып, жүйеленді. Фотосуреттер де жетерлік еді. Енді-енді баспаға ұсынамын деп жүргенімде бұл елде төңкеріс болды. Әрине жаңа үкімет келгеннен кейін ол бір жүйеге келгенше бірталай уақыттың өтетіні белгілі. Еңбегім біраз жатып қалды. Баспалардың берген уәдесі сиырқұйымшақтанып ұзай берді. Тіпті кейбіреулері "Сол қазақтар туралы жазудың қажеті қанша, онанда ораза, қаза туралы еңбектенбейсің бе" деп те ақыл айта бастады. Қысқасы бұл еңбектің жолы болмады, жарыққа шығара алмадым. Тек кейбір үзінділері ғана "Өнер және ел" журналында жарияланды.

Адам өмірге келгеннен кейін алдына мақсат қояды және сол мақсатының орындалуы үшін ұмтылады емес пе. Мен ұзақ жылғы еңбегім шықпады деп тоқырап қалмадым. Еңбегімді ой сүзгісінен қайта-қайта өткізіп толықтыра бердім. Әлі де еңбектенудемін. Кәзір қазақтардың салт-дәстүрлеріне байланысты жүз қаралды суретті, 400 беттік еңбегім бар. Шама келсе әлі де толықтырып "Иран қазақтарының өмірі мен тұрмысы" атты еңбегімді жарияласам деп армандаймын. Ғылыми атағым жоқ. Енді қорғаймын деп жүргенде оның да жолы кесілді. Бұл еңбектің қолға алынғанына отыз жылдай болғанын айттым ғой. Ол бұдан да көлемді болуы мүмкін еді. Бірақ француздарда "Үш рет көшкен бір рет өртенгенмен бірдей" деген мақал бар. Әрі-бері көшкенімде біраз материалдарымды жоғалтып алдым. Бірақ негізгі сүйегі дайын.

Мансур Киайдың үйінде бесін ауғанша отырдық. Әйелі де бұрынғы мұғалім, қоғамтану пәнінен дәріс берген. Баласы, қызы мен күйеу баласы сауда маңында істейді екен. Өзі кәзір зейнеткер.

Бізге жайылған дастархан үстінде:

- Егер біздің жақтан қолдау білдіріліп жатса еңбегіңізді қазақ тілінде шығаруға келісесіз бе, - деп сұрадық.

Мазендаран, Гүлстан, Гилян облыстарының сауда-экономикалық байланыстары жөніндегі делегациясы Ақтауға арнайы келді. Біз сол тұста елшімен тағы да кездескен едік. Сонда Горган қаласында ашылатын консульдық үшін жақсы ғимарат алғанын, соның бір бөлмесіне Иран қазақтарының тарихын баяндайтын мұражай ашқысы келетінін, оған біздің көмегіміздің қажет екенін де айтқан еді. Елшінің үлкен азаматтық қызметіне қуана келіскенбіз). Біздердің кейбір ұсыныс пікірлерімізге қол ұшын беретінін айтты. Елге аман-есен жетуімізге тілектестік білдіріп "Тойота" жеңіл автобусының жүргізушісіне біздің қарамағымызда болып, аттандырып салуды тапсырды.

Қонақ үйімізге келіп жинақталып сыртқа шықтық. Үлкен қаланың шулы тірлігінің нағыз қызған кезі. Күнелтіс үшін ақша табудың сан түрлі жолдары Тегеранда тоғысқан ба деп ойлайсың. Жаяу адам жүретін жол бойын жағалай орналасқан әр адам өз өнімін өткізуді ойлап өткен-кеткенге бағасын айтып сарнап түр. Біреуі сағатын, біреуі матасын өткізеді. Көңірсітіп жүгері қуырып, етін шыжғырып кәуап дайындап жүгіріп жүргендер. Қоразын төбелестіріп, итін секіртіп жүргендер қаншама.

Осылардың ортасында ұзын шашы иығына төгілген, жасы егдерген сыбызғышы отыр. Өзімен-өзі. Көзін бір нүктеге қадап қойып сыбызғысынан(мүмкін бар байлығынан) шыққан мұңды әуенге еліте теңселіп отыр. Жан дүниеңді езген әуен тамыр-тамырыңды қуалап барады. Өрістен қайтып ботасын іздеген аруана даусы сияқты ма, жоқ әлде сай-сүйегіңді сырқыратар жоқтау сияқты ма, әйтеуір бір жаныңды жабырқатар мұңды да, зарлы әуен. Маған сыбызғы жылап отырған сияқты болып көрінді де тұрды. Ия, сыбызғыда жылайды екен. Бәлкім ол да мөлдір сулы дария жағасында жайқалып өскен, бір-бірімен сыбырласа, сырласатын бақытты күндерін аңсайтын болар. Тыңдай білсең, түсіне білсең ол сенің тіліңе қарамай-ақ ел басынан өткен қиын кезеңдерді айта біледі екен.

Сыбызғы сыңсып жылайды,

Тегінің қамыс екенін айтып...

БІР АЛЛАНЫҢ ҚАЛАУЫ...

Туған жерге айналып бара алмадым,

Тірлікте апа-тумам көре алмадым.

Жүзінде жалғаншының жалғыз барып,

Көрісіп, қолдың ұшын бере алмадым.

Халқыма қайта айналып оралмадым,

Басыма пайғамбар тәж оранғаным.

Түн болса, Құран оқып, қолды жайып,

Бір бала ақ ниетпен сұранғаным.

Бойымнан тарқаған жоқ бар арманым,

Қалауы болған шығар бір Алланың.

Соншама қолды жайып, жалбарынсам да,

Құдайым, бір перзентке зар қылдың ғой.

ЖЕТІ ЖҰРТ КЕТКЕН...

Жауыздар елді билеп, елергенде,

Елді жеп, емін-еркін кенелгенде.

Қараңғы түн ортасы болып еді –

Жол тартып, бұл Иранға жөнелгенде.

Жақсы сөз - ашатұғын көңіл кірін,

Жаман іс - дос көңіліне тиер қырын.

Біреудің қойнындағы жары кетіп,

Жауыздар алған жоқ па беттің нұрын?

Құба дөң қайыры жоқ мекен екен,

Жеті жұрт кеткен екен бізден бұрын.

ДАУСЫ ЖЕЛДЕЙ ГУЛЕГЕН!..

Адай деген халық едім

Даусы желдей гулеген.

Ішінен ерлер көп шықты

Дұшпанын шаншып түйреген!..

Бекет деген пір шықты

Астана жұртын билеген.

Кіреуке шапан жамылып,

Заманында танылып,

Байларым өтті би менен.

Қаріптер келсе - дем беріп,

Шалғысы жанға тимеген.

Құба дөңді мекендеп,

Алты мың алты жүз үйменен.

Мереке, жиын, айт пен той –

Байраққа атын сүйреген!

Адам бар ма, шіркін, кезінде

Бұл дүниені сүймеген!

Нешелер сұлу өткен жоқ,
Шыбықтай белі бұралып,
Жібектей шашы оралып,

Асылдан басқа кимеген.

Байдың ару қыздары

Алшаңдай басып аяғын,

Табаны жерге тимеген.

Бес жүз сомнан соқтырған
Өңіржиек, шашбауы
Сарыала алтын түймемен
Байларым өтті алшаңдап,

Жектіріп арба күймемен!

АШАМАЙҒА МІНДІМ ДЕ...

Бес жаста атқа міндім, елді танып,

Еріксіз ашамайға қойды таңып.

"Шырақты атқа шауып үйретем," - деп

Жетелеп апаларым алды барып.

"Апырмай, жығып тастап кете ме?" -деп,

Қарады шешелерім қайран қалып.

Апамыз тұра алмайды мүйізі қышып,

Жетелеп, атқа шапты алып-ұшып!

Апамыз қанша қатты шапса-дағы,

Жығылып қалғаным жоқ жерге түсіп!

Ораған ашамайға түрме белбеу,

Қызарып кеткен екен бұтым ісіп.

Есікте қарап тұрған шешелерім,

Қалыпты талай жерден бұтын қысып!

СӘЛЕМ
Жеріне біз Иранның келдік көшіп,
Мекендеп ұрпақ жайдық өніп-өсіп,
Туған жер қайғысымен сарғаямыз,

Көкіректі сағыныш оты тесіп.

Көңілім жабырқайды ылғи жасып,
Қабағым ашылмайды қайғы басып,
Бір көрсем отаным мен тумаларды,

Кетер ед қуаныштан көңілім тасып.

Ат шапқан баялышты құмайт белім,

Желпіген қоңыр майда самал желің.

Көзім жұмсам көңілімнен бір кетпейді,

Айнадай жарқыраған айдын көлің.

Кір жуып, кіндік кескен туған жерім.

Сағындым көргім келіп қайран елім.

Бір көрсем тіршілікте тарқар еді,

Іштегі мұз боп қатқан қайғы шерім.

САҒЫНЫШ ЖЫРЛАРЫ

Ел едік біз Иранды мекендеген,

Мұратқа жете алмадым жетем деген.

Көңілім осы кезде мұңайып жүр,

Дүниеден босқа өтіп кетем деген.

Ойнатқан құстай баулып кішкентайдан,

Айналып бір соқпадым туған жайға.

Сағынып осы жерден арман етем

Аяулы ардақтаған апам қайда?

Отаным, арқа сүйер асқар таусың,

Хат жазсам, естілер ме менің даусым.

Алыстан жүрсек тағы біз тілектес,

Бәрімізге нұр құйып бақыт жаусын.

Жеріне біз Иранның келдік көшіп,

Мекен ғып ұрпақ жайды көніп-өсіп.

Кеудеңнен сағыныштың шықпайды екен,

Уақыт кеткенімен желдей есіп.

Көшіп, қонып жүруші ед біздің Адай,

Жел аударған қанбақтай тағдырым-ай.

Өз еліңнен алыстап кеткеннен соң,

Туған жерге жүреміз қарай-қарай.

Қайғы шер көңілді тербетеді,

Көзден жас ауық-ауық көлдетеді.

Білерсің шетте жүрсең ел қадірін,

Өз еліне адамның не жетеді.

Даңқты қазақ деген халқым еді,

Нұр болып басымда бақ балқып еді.

Ат қосып жиын тойға барғанымда,

Көңілім сонда шіркін шалқып еді.

Бір туған апа-інім бұл да қалған,

Береді кімге опа дүние жалған.

Бір туған тумаластан тірі айрылып,

Шер болып көкірекке байланды арман.

Қаптаған қалың қазақ елдерім-ай,

Ат шапқан баялышты белдерім-ай.

Ат мініп тойға барып алшаңдаған,

Басымнан өтіп кетті дәуренім-ай.

БЕТАШАР

Алқалаған әлеумет,

Аз ғана шыдап, сабыр ет.

Келіннің бетін ашуға,

Біздерге бердің бір мәулет.

Келіні келіп бет ашпақ,

Атамыз Әнес сахаба

Келе жатқан бұл сәулет.

Қолтығын сүйеп құрметтеп,

Екі абысын қасында,

Ибалық қылып әдеппен.

Ақ желегі басында,

Ұлықсат сұрап келін тұр,

Кірейін деп осында.

Жиналған жұртын көруге,

Сендерге сәлем беруге,

Келіншек келді, көріңіз.

Көргеннен кейін біздерге,

Отырып қалмай сіздер де,

Көрімдігін беріңіз.

Келіннің бетін ашатын,

Кемпірлер шашу шашатын-

Қашаннан жоба-жолымыз.

Бір көлдің, келін, аққуы,

Қайырлы болсын бұл қонған

Бұйрықты қоныс - көліңіз.

Тал шыбықтай бойлаған,
Тай-құлындай ойнаған,
Қалды ол жақта бұрынғы

Туып-өскен еліңіз.

Құтты келін атанып,
Ата-анаңнан бата алып,
Қадірлей берсін құрметтеп,

Келіп түскен жеріңіз.

Жастары бар, қарты бар,

Беташар деген салты бар.

Сол кәдесін істеуге

Келіп тұр, келін, жөніңіз.

Сол үшін айтқан сөзіме,
Таршылық қылмай, көне бер,
Иіліп сәлем бере бер,

Ауырмаса егер беліңіз.

Ажар қандай, түр қандай,

Келіндей шырай бар ма екен

Көргендер қарап тұрғандай?..

Келіншекті көруге

Сыртта жүрген құр қалмай-

Бәрің де бермен келіңдер.

Кешіріңдер, көпшілік,

Сөзде болса қатамыз.

Сатулы болып жүрмесін

Келінге берген батаңыз.

Атасы деген қай жақта

Кемедей болған жотаңыз?..

Ұлықсат қылып, бата бер,

Келіп тұрған мынау - ботаңыз!..

Ақсақалы ауылдың,
Жасы үлкен бәрінен
Төбедей болған төрдегі

Отырған анау атаңыз.

Атаңызға бір сәлем!

Тыңдасаң, келін, зейніңмен,

Айтылған сөзім - өнеге.

Қиын көрмей сөзімді,

Көп айтад деп бұл неге?..

Қынжылмай қызмет ете бер

Көп жасаған көнеге.

Ата-ана менен еріңе,

Сыйлы бол келген еліңе,

Айтып-айтпай немене.

Дәрежең бүгін артылып

Қолың жетті Кебеге.

Келінің келді дегенде –

Енеңнен қозды делебе.

Әйелде артық жаралған

Енеңе жанды теңеме.

Адассаң ақыл табатын

Жазулы кеңсе кенеге.

Қапыда өтсе дәуренің –

Қайта айналып келе ме?

Ықыластанып құрмет қыл

Ата менен енеңе.

Ерте тұрып, кеш жатып,

Әдептілікпен тіл қатып,

Ауырлап сөзін елеме.

Қатты сөз айтып бетіне,

Көкірегіңді кенеме.

Өтірігің бір шықса-

Халқың қайтып сене ме?

Сол кісілердің себебі

Ұрпақтан ұрпақ өсетін

Бел бала мен немере.

Батасын алсаң солардың –

Жоламас пәле денеңе.

Жасыңнан шықса жақсы атың –

Бір шығарсың төбеге.

Мына отырған енесі –

Қара жердің кемесі.

Тарықсаң айла табатын

Ақылдасар кеңесі.

Әйелде болса артық қой

Еркектен асқан денесі.

Келінің келді дегенде –
Жақындап көкке төбесі,
Қойнына сыймай қуаныш,

Жарыла жаздап көбесі.

Қуанбасқа болар ма

Қолына келсе Кебесі,

Енеңізге бір сәлем!

Айтылса әзіл-шын көріп,

Ұрысыңды сайлама.

Ыржаңдатып аузыңды

Нанды жеп, сағыз шайнама.

Үйде отырған кісінің

Жел жағынан шаңытып,

Малыңды қуып айдама.

Қонақ келсе үйіңе –

Шай-суыңды бере алмай,

Басыңды, келін, шайқама.

Жас басыңнан қатайып,

Сараң мінез ойлама.

Ойынның жөні осы деп -

Орынсыз күліп-ойнама.

Мына отырған қорбиып-

Келінге болған қайынаға.

Осы күнде жетіп жүр

Амал менен айлаға.

Мұнан артық ешкім жоқ

Бұл жердегі адамда

Мал табатын пайдаға.

Қайынағаңа құрмет қыл –

Бір күні жетер пайдаңа.

Қайынағаңа бір сәлем!

Қайдасыңдар, қанеки,

Келіншектің қайнысы?

Көрелікші түрлерін –

Қайнысы деген қай кісі?

Жеңгесіне қуанып,

Шашу қылып лақтырған

Мың теңге болды бәйгісі.

Бұл заманда жоқ шығар

Қайнысына тай кісі.

Жеңгесін сыйлап, құрметтер

Қайынның небір сыйлысы.

Қайнысына бір сәлем!

Қонақ келсе үйіңе –

Жылдамдатып шайың қой,

Астына көрпе төсей бер.

Бәрі сыншы бұл күнде,

Келмей жатып өсекке

Тағылып жүр нешейлер.

Мұнда да көп сыртыңнан

Жүгіртетін әр саққа

Тілі жүйрік шешендер.

Бір отырып көпірсе –

Ерте күнін кеш қылар.

Отырған жерден жол тауып,

Өз көңілін қош қылар.

Құлағы түрік, көзі ашық

Отырған осы жағалай

Абысын-ажын шешейлер.

Шешейлерге бір сәлем!

Енді келді кезегің,

Келіншектің бикеші.

Асылдан киім киініп,

Шашақтап шашбау түйініп,

Жібектен еді шүйкесі.

Жеңгесіне қуанып,

Құрыды қалмай жүйкесі.

Қуанғанның белгісі

Аузына сыймай үйкесі.

Бикешіңе бір сәлем!

Бар ма екен тағы айтылмай,

Қатардан қалған өзгеңіз?

Аты аталған кісілер,

Ұялмас жағын көздеңіз.

Беретіндерің бар болса –

Көп кідірмей, тездеңіз.

Қатардан неге қалдық деп,

Көңілі ренжіп жүрмесін

Отырған апай, жездеңіз.

Кел-кел, келін, керілмей,

Бойкүйез тартып, ерінбей.

Оларға да бір сәлем!

Жігіттің жолы болмайды

Жапырылып алдынан

Таудың тасы құламай.

Сыртымнан айтпай - көзіме айт

Айтылса сөзім ұнамай.

Сұлулаушы едім сөзімді

Сұғындап қаққан сынадай.

Мақсатына жетпесе –

Толқыған көңіл тына ма-ай?

Жыршының аты шықпайды

Халқы байқап, сынамай.

Ер мақсатқа жете алмас

Заманында бұламай.

Ер-тумаға қарамас

Заманы келсе бұлағай.

Отырсың ба сендер де

Шиыршық атып, шыдамай?

Жаңа келді кезегің,

Құдалар мен құдағай.

Ел сыйлаған құда мен,

Құдағайларға бір сәлем!

Аты аталмай, қатардан

Қалғандар бар ма, қарашы.

Жігіттің жолы ашылар,

Дұшпанның көңілі басылар

Алдында өссе ағасы.

Түгел тұрса төрт көзің –

Дұшпанның болмас дәмесі.

Қалтарыста қалмасын

Жиендер мен нағашы.

Өкпелей-тұғын түрі бар

Қатардан қалса, шамасы.

Оларға да бір сәлем!

Кербезденген жеңге көп

Ерте жатып, кеш тұрған.

Қызына ұрсып шаңқылдап,

Тұрса - сөзін жостырған.

Ауыздасқан жерлерде

Әркімдерді қашырған.

Бетінен алып ерінің,
Еңбегін әбден еш қылған,
Жағасынан алғандай,

Көрінер көзге күш қылған.

Осылардың ішінде
Бар ма екен сондай іс қылған
Бар болса сондай жеңгелер –

Мінезін түзеп, жөнделер.

Оларға да бір сәлем!

Бір бүгіліп, бір тұрып,
Келін де әбден жалықты,
Жалықса да, кәделеп,

Тауысқан шығар халықты.

Ата-анаңнан қашақтап,

Бүгін көрдің жарықты.

Бір көлден ұшып бір көлге,
Жұлдызың бүгін жаныпты,
Осы отырған жиналып,

Жастар менен қария.

Қарияның ақылы –

Ұшан-теңіз дария.

Оларға да бір сәлем!

Қосылған екен келін де

Өзінің теңдес жарына.

Бастан-аяқ қалдырмай,

Еткіздім сәлем бәріңе.

Берген сәлемді ескермей,

Көрімдік беруді қош көрмей,

Кетпендер қарап жайыңа.

Айттың деп - айып етпес деп,

Жатырмын салып ойыңа.

Несібе айдап, кез келдім

Мерекелі тойыңа.

Кисең - киім жарасар
Талшыбықтай бойыңа,
Аз айтылды десеңіз –
Асықпай шыдап тұра тұр,

Әлі де сөзге қанасың.

Сөз естісең - тыңдай қал,

Ықыласыңмен құлақ сал.

Айтайын аздап насихат,

Келтіріп сөздің шамасын.

Сақтанбасаң әуелден,

Ат тағылса - қалмайды,

Ақ та болсаң - қарасың.

Орынсыз ойнап-күлем деп,

Өсек сөздің өзіңе

Жапсырып алма жаласын.

Бір ілінсең жалаға –

Оңайлықпен қалмайды,

Көп бәлеге қаласың.

Айтатын әлі сөзім бар,

Алсаң, келін, тілімді.

Сақтарсың түйіп жадыңа

Салмақты болсаң, білімді.

Ата-анаңды сыйламай,
Ұшырма бастан гүліңді,
Абысынменен айқасып,

Талай келін бүлінді.

Ақылы кемге айтқан сөз

Далаға кеткен шығын-ды.

Жас басыңнан суылдап,
Ата-ана менен жеңгеге,
Туған ел, төркін, өңгеге
Қыз күніңдегі еркелік

Болмасын енді бұрынғы.

Жеңілдік қылып желпініп,

Қашырма беттен нұрыңды.

Өзіңнен үлкен кісінің

Бетіне қарсы қарама.

Бедірейіп отырмай,

Бетіңді бұрып, панала.

Үйіңе кісі келгенде –

Шай-суыңды бере алмай,

Жүгіре шықпа далаға.

Даусыңды қатты шығарып,

Қарғап-сілеп, кейіме

Жаман сөз айтып балаға.

Баланың қайтса назары –

Ілінерсің жаман жалаға.

Сабыр қыл, келін, сыр бермей,

Аштық пенен тоғыңа.

Наразы болып қиналма

Кемтарлық көрген жоғыңа.

Ашқұрсақ қылып ерінді,

Өзің жеп қойма тамақтың

Дәмдісі түссе қолыңа.

Әңгімелессең біреумен –

Абайлап сөйле ақырын

Оңы менен солыңа.

Алдынан өтіп ордандап,

Келе жатқан үлкен кісінің

Кеселеп жүрме жолына.

Қабағыңды түйіп кіржиіп,

Ауылдастан қызғанып,

Ас-суыңды қорыма.

Сараңдық мінез үйреніп,

Жаланың түспе торына.

Тұруды ерте әдет қыл,

Ерініп жатпа төсекте.

Бойкүйезденген ұйқыны

Бойыңа үйір, дос етпе.

Өзің жатып ерініп,

Тұрсайшы деп еріңе

Ондай бәле көрсетпе.

Сақтанбасаң күтініп,

Жаңа түскен жас келін

Жақын болар өсекке.

Балалық күнді өткізіп,

Салтанатты сәнменен

Енді келдің есепке.

Ықыласыңмен тыңдай бер,

Артық болмас әлі де,

Айтылды біраз десек те.

Төсекке жатар уақытыңда
Бұрын жатпа еріңнен
Ата-анаңа құрмет қыл,

Әдеттен сақтан ерінген.

Жыл өткенше, жас келін,

Сынайды сені көрінген.

Сыр бермей кетсең екі-үш жыл

Ісі жоқ жұрттың сенімен.

Ата-ана менен еріңе,
Бұл жақта келген еліңе
Қолайсыз мінез көрсетіп,

Айрылып жүрме сенімнен.

Ықыластанып құрмет қыл

Тәңірім қосқан еріңе.

Ерегесіп еріңнің,

Қарсы келме шебіне.

Көңілін тауып, хош етсең –

О да сыйлар сені де.

Бір жақтан үйге келгенде –

Көрпесін төсеп, көпшік қой

Отыратұғын жеріне.

Бір нәрсе десе күйеуің –

Алыста тұрып сөйлеме,

Кел жақындап шеніне.

Киінгенде байқап түр

Жағасы менен жеңіне.

Бір жерге барсаң бас қосып,

Өзгеден бұрын ордаңдап,

Ол үйдің шықпа төріне.

Абысынменен айқасып,

Ауыздасып өшігіп,

Күшке тиме көріне.

Көстеңдеп көптің көзінше,

Кірісе кетпе біреудің

Отырған сөйлеп сөзіне.

Ибалық қылып, әдеппен

Келгенде сөйле кезіне.

Әзірлеп, қолға су құйдыр

Ас қайырса, тамақ ішіліп.

Аларсың алғыс әркімнен –

Үлкенге қылсаң кішілік.

Жасыңнан шығар жақсы атың

Көңілде болса кісілік.

Аңдығандарға - насихат,

Тыңдаса келін түсініп.

Ата-ене мен еріңе –

Қарсы келме шебіне

Жесе де сөзбен пісіріп.

Абыройың болар ма

Абысынменен айқассаң,

Орынсыз жерге ісініп.

Отыра кетпей жүреңнен,

Бір тізерлеп отыр, бүгіліп.

Даусыңды қатты шығарма,
Ақырын сөйле, үгіліп,
Үйіңе келген кісінің
Қарай берме бетіне

Қайта-қайта үңіліп.

Табақтас болсаң біреумен –

Бұрын салма қолыңды,

Сабыр қыл сәл-пәл кідіріп...

Арасында екі үйдің,

Әдетін қылып баланың

Асығып жүрме жүгіріп.

Ибалық қылып әдеппен,

Атаның салған әдетпен

Жәйменен жүр мүдіріп.

Адамдардан ұялмай,

Жүреңнен қарсы отырма

Етегіңді түрініп.

Сүйрете басып аяқты,

Келінім, қалма сүрініп.

Ретсіз бекер ыржаңдап,

Орынсыз әзіл айтам деп –

Өсекке қалма ілініп.

Сездірмейін десең де,

Жасырынбас жаман ат,

Бір күні шығар білініп.

Жаман атың бір шықса

Ерің менен еліңнің

Көңілі қалар түңіліп.

Абыройың қалар ма

Орынсыз жерде таяқ жеп,

Бетің қалса тілініп.

Жас келін жадқа түйсін деп,

Ақылым айтып жатырмын

Құлағыңа сіңіріп.

Отырған көптің көзінше

Бір жерінді қасыма.

Қопырап басың тұрмасын,

Ие бол самай шашыңа.

Өзіңе тартып, үйір қыл

Жас бала келсе қасыңа.

Жақынның бәрін бірдей көр,

Алалама жақсы-жаман деп,

Қарама қары-жасына.

Нағашы-жиен, қайным деп,

Осы менің ойным деп,

Мойнына кетпе асыла.

Мына бір әйел жақсы деп,

Абыройды білмейтін

Ақымақпен болма ашына.

Естіген сөзіңді жатқызбай,

Біреудің сөзін біреуге

Түрлендіріп тасыма.

Мырза келін болам деп,

Бере берме бәрінді

Әркімге бір шашыла.

Бастаңғы қылсаң үйіңді –

Берекеті болмайды

Дүние-мүлік асыңа.

Ұрлап алма біреудің

Сабақты жібін жасырып.

Ұры келін атанба

Бетіңнің арын-қашырып.

Аштан келген кісідей –

Шайнама тамақ асығып.

Ақысы кеткен кісідей –

Сөйлеме қатты ашынып.

Үйіңнің ішін жинап қой,

Жатпасын жайрап, шашылып.

Берекетін кетірме

Күйеуіңнің тапқанын

Төркініңе асырып.

Жақын болса ауыл арасы –
Жаяу жүр, мінбе көлікке,
Жалғыз өзің қыдырма,

Ерт біреуді серікке.

Я әйел болсын, я бала –

Қасыңа жігіт ерітпе.

Жігітке жолдас болам деп –

Шалдығып жүрме дертке.

Сезіп қалса күйеуің –

Өміріңді өксітіп,

Кез боларсың өртке.

Абыройың төгілмес –

Қиянатты қылмайтын

Жолдас болсаң діні берікке.

Өлеңдетіп, ән салып,

Қыз күніңді еске алып,

Делебең қозып, ерікпе.

Ойын-той болса барам деп,

Не деп бармай қалам деп,

Орынсыз жерге желікпе.

Жұбайың жауап бермесе,

Барғанды мақұл көрмесе

Орынсыз босқа демікпе.

Білгеннің алмай ақылын,

Әдепсіз келін атанып,

Бағыңды бастан кемітпе.

Арасында екі үйдің

Жалаң аяқ жортақтап,

Әдетін қылма баланың.

Келмейді қайтып қуғанмен -

Қыз күндегі заманың.

Төңірегінде тыңшы көп.

Жабылуы оңай жаланың.

Жеңілдік қылып желпінсең –

Көрмейді жақсы ағайын.

Ақылымды айтып жатырмын

Қалдырмай сөздің тамамын.

Айтпадың маған демессің,

Білмейтін жас емессің –

Бәрінен бар ғой хабарың.

Сөзден тағылым алмасаң,

Сөзіме құлақ, салмасаң –

Өзіңнің онда жаманың.

Жүрсең жолың жөн болып,

Оңына шықсын самалың.

Ұрпақ жайып, көбейіп.

Басында тұрсын қамалың.

Білгенге сөзім - насихат,

Ықыласпен келін тыңдаса.

Түсінбей, босқа терлетіп,

Еңбегімді еш қылмаса.

Құлақтың құрышы қанғандай

Сөз жүйесін келтірер

Бұл ақының шындаса.

Ер мақсатқа жете алмайд –

Толқыған көңіл тынбаса.

Бұл сөздің болды аяғы,

Айтатын менің алғысым –

Ұрпақтап, келін, мың жаса!..

Жұмыла жұртқа бір сәлем!

АҒАЙЫНҒА
Қырықмылтық Ырысбай Жаймағамбетұлы
Кір жуып, кіндік кескен туған жерге,

Сәлем хат жолдап тұрмын қазақ елге.

Дәм айдап біз кеткелі көп жыл болды,

Жүр ме екен аман есен аға жеңге.

Ел едік Сарыарқаны жаз жайлаған,

Қыс көшіп Маңғыстауға мал айдаған.

Шілдеде шыңыраудан қой суарып,

Басында тас астаудың құрайлаған.

Есімде бала кезде көргендерім,

Әкемнің соңында еріп жүргендерім.

Тақырда балалармен асық ойнап,

Тамаша көп қызықты көрген жерім.

Бір күндер алыс жерге кеттік асып,

Айрылып бөтен жұртқа қадам басып.

Дәм тартып құдіретке не шара бар?

Алланың бұйырғанынан болмас қашып.

Алматы Қазақстан ұлы байтақ,

Күндерде бізде кеттік Тәңір айдап.

Жас балдар бөтен жұртқа жат болды ғой!

Жүретін өз елінде күліп-ойнап.

Әр заман Отанымды сағынамын,

Баралмай алыс жолдан зарығамын.

Айрылып өз елімнен кеткеннен соң,

Амал жоқ өзгелерге бағынамын.

Қайыр қош аға-жеңге, қарындастар,

Ырысбаң осылай деп сөзін бастар.

Ағайын еске түсіп сағынғанда,

Қолына домбыра алып мауқын басар.

ТУҒАН ЖЕР

Біз келдік қайта оралып туған жерге,

Шалқыған көл-дария айдын көлге.

Қыдырып ағайынды жүрміз шарлап,

Көрісіп сәлемдесіп барша елге.

Бәрі де қарсы алып шақырады,

Құрметін бір-бірінен асырады.

Ықыласпен құрметтеп шақырған соң,

Ерінбей бәріне де бас ұрады.

Қуанып біздер келдік туған жерге,

Күн жауса су жатады ойтаң жерде.

Үкімет өзі рұқсат бергеннен соң,

Ит болып жүре алмадық тойған жерде.

Ырысбай туған жерің Қазақстан,

Жолдадым талай хатты мен алыстан.

Жасымда домбыра алып өлең айтып,

Той болса қалғаным жоқ мен жарыстан.

Қартайып енді бүгін шалдық жетті,

Байқамай өмір бәрі өтіп кетті.

Баласы Жаймағамбет Ырысбайдың,

Мен өзім теріс іске болыспаймын.

Құрбылар өлең айт деп ортаға алса,

Өлеңді біраз айтып терлеген соң,

Жүйрікті бәйге алатын жылыстаймын.

Көзіме қандай жырау кездесседе,

Ешкімнен қорағытып ығыспаймын.

Кедей Зайыр МЕКТЕПҰЛЫ
ТОЛҒАУ
Қалам алып қолыма,

Азырақ жауап жазайын.

Сөз өнерін тапсын деп,

Тіл берген бізге Құдайым.

Сөзімнің болса қисығы,

Қатесін Хақтан сұраймын.

Көңілге қиял-ой салса,

Бұрынғы өткен заманнан.

Көрмесек те естілген,

Атамыз қазақ болғаннан.

Үш анадан дүреген,

Алаштың алты баласы.

Үш жүз болып аталған,

Атасынан бата алған.

Сол күнде қазақ мекені,

Алаштың Алатауы екен,

Қазақ пен қалмақ жау екен.

Батырлар шығып ішінен
Орақ, Мамай, Телеғүс,
Батыр Қоблан Қараман
Қалмақтың бұзып қаласын,

Ағызған судай қара қан.

Нәріктің ұлы Ершора,

Жау көрмесе жылаған.

Ермұсаның балдары,

Аламан басын құраған.

Қолдарына ту алып,

Қылышын қанға суарған.

Қалмақты жеңіп жер алып,

Әбілқайыр хан болып,

Қоныс алып орнаған.

Көбейіп халық өскесін,

Ол қонысқа сыймаған.

Тар қоныстан кетем деп,

Дариядан өтем деп.

Орманбет би бас болып,

Кіші жүздің баласы,

Қоныс қарап қозғалған.

Жай деген жерге кідіріп,

Отырған екен сол заман.

Бірнеше жыл өткенде,

Бөлініп шықты алпыс үй.

Дария Сырды жағалап,
Айналып Сауран өткенде,
Нарынға келіп жеткенде,
Орныға алмай ол жерден,

Есек мерген бас болып,

Жоғары көшіп өрлеген.

Көшіп жүріп жер тапты,

Сағыз менен Жем деген,

Жер екен ешкім келмеген.

Шұбырып жүрген елдердің,

Құдай ісін жөндеген.

Батырлар тағы ойланды,

Жер қарауға ұйғарды.

Аралап жүріп жер тапты,

Маңғыстау деген ойларды.

Маңғыстаудың үш түбек,

Бұған да келіп жиналды.

Сарыарқа мен Маңғыстау,

Құтты қоныс жер болды.

Көбейіп байтақ ел болды,

Жоғарылы-төменді,

Мал көбейіп бас өсті.

Кебеже қарын кең құрсақ,

Ақсақал болды кеңесті.

Батырлар шықты ішінен,

Табылса дұшпан егесті.

Атақозы, Бердібек, Амантұрлы, Қожалақ

Қалмақты шапты олжалап.

Сол секілді батырлар,

Сақтаған жұртын қорғалап.

Сегіз арыс Адайда,

Құнанорыс Шабай бар.

Онан артық батыр жоқ,

Айтушы еді Адайлар.

Қырық орысты жоқ қылып,

Реукен орыс өлтірген,

Сәтіне ісін келтірген.

Қырық жыл әкім-хан болған.

Біздің Адай халықтың

Артық дәурен бағы бар.

Алалы жылқы айдаған,

Есепсіз қойды жинаған.

Желі тартып қораға,

Мыңнан түйе байлаған.

Батырлық пен байлығы

Естіліп сыртқа жайраған.

Кебеже қарын кең құрсақ

Ақсақал шықты ішінен.

Жая кесіп жал шайнап

Қымыз ішіп сапырған.

Қонағы келсе құрметтеп,

Бәсекеменен мал сойып,

Жомарттығын асырған.

Мереке жиын той қылып
Садақа беріп қой қырып
Өлген шалға ас беріп

Сауын айтып шақырған.

Бәйгі тігіп ат шауып,

Жиналып халқы жапырған.

Таңдай шешен би болды,

Айнымай беріп төресін,

Шаршы төрде отырған.

Ғұлама ахун көп болды,

Шәкіртін қойдай шулатып

Салдырып мешіт сарайды.

Әулие Бекет пір шықты

Қысылғанды қорғаған

Кереметімен талайды.

Біздің Адай сайраған,

Екі жүзден көбірек.

Маңғыстау мен Сарыарқа

Сол екеуінің ортасын

Қоныс қылып жайлаған.

Артық дәулет-бақ беріп,

Есепсіз малды айдаған.

Адай, Табын аралас

Қазаны бірге қайнаған.

Сырттан дұшпан-жау келсе,

Қосылып қару сайлаған.

Осылайша ел болып,

Жоғарлы-төмен көбейіп,

Қарайған халық жайлаған.

Жау жаулайтын ер шықты,

Ел билейтін би шықты,

Бұлбұлдай тілі сайраған.

Салтанатпен сән түзеп,

Қару-жарақ асынып,

Белдеуге бедеу байлаған.

Батырлық пен байлығы,

Бәрі де болды ойлаған.

Атамыз қазақ болғанда,
Ұлы жүз бен орта жүз,
Бар қазақтың ағасы,
Әлімұлы, Байұлы,

Жеті ұрумен қосылып,
Жиырма бес тайпа болғанда,
Кіші жүздің баласы Адай,
Табын екі ауыл

Жау жағының панасы.

Қатесі болып сөзімнің
Ішінде болса шаласы
Өзімнің естіп білгенім

Осылай болды шамасы...

Жағдайын елдерімнің мен айтайын,

Әлеумет құлақ салып тыңдасаңыз.

Ел болдық сегіз арыс Адай деген,

Бұқара малын бағып Құдай деген.

Хан болды елімізде Тобанияз,

Жиналып ақсақалдар құрған сияз.

Бай болды момындықпен малын баққан,

Отыз күн ораза ұстап оқып намаз.

Оқығаны Хақ Каламды ахун болды,

Берілген қолдарына шатыр қағаз.

Әулие әрбір түрлі бәрі болды,

Белгілі Бекет ата сиынамыз.

Адайым сегіз арыс молықтаған,

Қыс болса Маңғыстауға малықтаған,

Жаз жайлап Сарыарқаны шалықтаған.

Ат мініп алшаңдаған мырзаларым,

Кемісі жоқ көрген дәурен сауықтаған.

Айт пен жиындары қиқулаған,

Ат шауып бәйге тігіп байрақ алған.

Сауықты мерекелі айт пен тойда,

Жиналып қыз-келіншек мұнарланып

Үстіне асыл киіп тұмарланып.

Басынан бақыт құсы ауған күні

Сол дәурен өте шықты жұмарланып.

Маңғыстау Сарыарқаның боз даласы,

Кір жуып кіндік кескен кәрі-жасы.

Елімнің қоныс қылып келгеніне,

Көбірек 200-ден жыл шамасы.

Мал бағып надандықпен жүре беріп,

Үйретпес заң законның мағынасын

Оқытпас теріс жазу бозбаласын.

Болғанда мың тоғыз жүз жиырма сегіз

Тарихтың келе жатқан жыл санасы.

Еліме Орынбордан үкім келіп,

Жазушы есеп алып мал мен басын.

Ат қойды жекешелеп байларыма,

Алғасын малын санап қолдарына

Қоймады қара басын жайларына.

Ұстады ахундарды "молдасың" деп

Шақырсын күшті болса Алласын деп.

Оқылмай ораза мен намаз қалды

Иманды табарсыңыз барғасын деп.

Айрылып мал мен бастан елдеріміз,

Бұрынғы ата баба дәурен сүрген,

Құлазып босқа қалды жерлеріміз.

Шулаған қатын-бала, жетім-жесір,

Нан таппай аштықпенен көргеніміз.

Осындай заман болды бастарына

Біреудің біреу келмей қастарына.

Елу деп ел құлағы естіген бар,

Естілді Ауған-Иран мұсылман деп,

Шақырды келе берсін қысылған деп.

Алла деп жаяу жүріп жорғаладық,

Жас төгіп көзімізден сорғалатып.

Аман-сау өтіп келіп бұл Иранға,

Бөлініп әр ауылда қорғаладық.

Бел алып қолымызға орын қаздық,

Табылып балдарына болды азық.

Болғанда бидай ордық,

Жарамай шаршағанда жатып ордық.

Суы ащы күні ыссы сондай тымырсық,

Су іштік құрбақалы қазған құдық.

Түркпеннің майын алған су шалабын,

Табылса жерге төкпей майдай сордық.

Ішіме сақтап қойып не қылайын,

Айтайын басқа келген көрген қорлық.

Тап болды безгек деген тағы бізге,

Адамдар өле берді жетпей күзге.

Күніге үштен-төрттен көміп тұрдық,

Көп өлді азаматтар сондай дерттен.

Өткесін екі жылдың шамасында,

Жиналып көшіп бардық қаласына.

Ат алып арба тағып жұмыс қылдық,

Түсіндік былдыр тілдің жобасына.

Күн көріп осылайша жүруші едік,
Болғанда 1941 - жылдың шамасында
Шұбырып әскер бәлшібектен,

Екінші Германия соғысында.

Бар екен қазақ жастар арасында,

Бұларды біз де көріп қуанғаннан,

Шыққандай болып қалдық тау басына.

Көргесін бұл жастарды көңілдендік,

Тастадық қиын істі жеңілденіп.

Қалтаға азын-аулақ ақша түсіп,

Үйрендік алыс-беріс саудасына.

Оқытып қыз пен ұлды мектептерге,

Ел болдық қазақ деген өз басына.

Ортаға мешіт салып оқып намаз,

Оқыдық өтіп кеткен қазасын да.

Біреу бай, біреу жарлы бола бердік,

Әркімнің несібесі өз басында.

Біреулер ақша тауып мәшін алды,

Біреулер әшекейлеп үйін салды

Кемі жоқ Құдайымның оңдасына.

Бұрынғы ата-баба жолын қылдық,

Айттырып қыз пен бала құда болдық.

Бес жылда беремін деп уәде қылып,

Мал сойып құда болып қолын жуды.

Тағы да мен айтайын бір жауапты,

Әркімнің өз ақылы өздерінде,

Ақылы адамзаттың көздерінде.

Қазақтан қалған болар кеткен болар

Жұбанға мен айтамын ақылымды,

Айырып айтқаным жоқ жақынымды.

Бар дедім Қазақстан елдеріңе,

Шақырып жол ашылған кездерінде.

Қазақтың қалғандары әлденеше,

Бастығы бас болады өлгенінше.

Олардан соңғыларды мен айтайын,

Тас болар бақалшағы білгенімше.

Жел сөзді қысқартайын мен аяғын,

Аман бол көп әлеумет көргенімше...

Бісміллә деп сөз айтайын бір азғантай,

Сөйле деп Алла берген тіл мен таңдай.

Бергесін бір азырақ тілге өнер,

Сөйледім көп әлеумет тыңдағандай.

Айтамын мен өсиет азаматтар,

Заманың жылдан-жылға азғын тауып

Төмендеп бара жатыр елге жағдай.

Отырып осы Иранда жетпіс жылдай,

Мәз болып тіршілікте жүргенменен

Барамыз жылдан-жылға білсек оңбай.

Кетелік өзіміздің жерімізге,

Тасталық бұл Иранды қоныс қылмай.

Бұл Иран енді қоныс болмағандай,

Басыңа қазақ дәурен қонбағандай.

Азайып жасы үлкендер жастар өсіп,

Бұрынғы қазақ жолын қылмағандай.

Бұрынғы үлкен шалдар өліп кетті,

Сағынып қазақ жерін жылай-жылай.

Солар көрген де бар, көрмеген бар

Білсеңіз Қазақстан еліміз бар.

Маңғыстау, Жем-Сағыздай жеріміз бар

Бұрынғы ата-баба өскен жері.

Әулие Бекет ата піріміз бар

Соларды көрген шалдар көзі жайнап,

Барсақдеп елімізге жүргендер бар.

Жүр едім білгенімді елге айтып,

Жақсылық болды деген естіп хабар.

Айтқаны Горбачевтің болды деген

Әркімді өз басына бөлді деген.

Бөлініп өз басына Қазақстан,

Нұрсұлтан бастығы оның болды деген.

Жинаймыз шетте жүрген елді деген.

Адасқан даладағы ағайынды

Шақырып жинайтұғын заңын тапқан.

Әр жерде қазақ болса хабар берді

Келіңіз Қазақстан жеріңізге.

Қосылың өзіңіздің еліңізге

Жүрмеңіз басқа жерде, жат қоныста.

Келсеңіз беретұғын үйіміз бар

Ағайын сақтайтұғын күйіміз бар.

Бәріңе іс беремін жұмыс берем

Жайыңыз Ақтаудағы облыстан.

Ал, енді бұл хабарды естігесін
Қуандық Ирандағы барша қазақ
Кетелік Иран қылса бізді азат,
Баралық Қазақстан жерімізге,

Сағынып жүрген қайран елімізге.

Жетпіс жыл зарлап жылап елден кетіп,

Ағайын бір көрсек деп көзімізге.

Тағы да хабар келді Нұрсұлтаннан

Көші-қон барады деп еліңізге,

Ағайын бізден сәлем бәріңізге.

Тағы да мұны естіп көңілденіп,

Отырдық ұшайын деп құстай пырлап.

Айтылған Елбасының көші-қоны,

Кешікпей жетіп келді оқтай зырлап.

Көші-қон келе сала елді аралап,

Жүз үйдің атын жазып алып кетті.

Тағыда келеміз деп елге айтты,

Бәрін де айтып, жинап алып-келіп.

Мінгізді Иран елінің кемесіне,

Қайқайған екі басы немесіне.

Ақтаудың алып келді қаласына,

Жайнаған еліміздің арасына.

Мұрсатта болмайтын іс болғанына,

Басыңа қазақ дәурен қонғанына.

Хош болдық бір Алланың тәубесіне,

Біз де ырза, құдай да ырза болар дейміз.

Осындай жақсылықты бізге қылған,

Нұрсұлтан Назарбайдың баласына.

Үй берді бөлек-бөлек әрбір жерден,

Хош болдық айтқан сөздің расына.

Іс берді бәрімізге істеңіз деп,

Көмекті мен қылайын ағайынға,

Қадірін жақсылықтың білсеңіз деп.

Осындай жақсылықты Алла берді,

Айтамын Қазақстан келгенімді

Сағынып ағайынды көргенімді.

Сайраған ел-жұртыма араласып

Ұмыттым басқа жақта жүргенімді.

Ал, енді ырза болың көп әлеумет

Таусылмас айта берсем сөз табылар.

Қоялық көп сөйлемей енді болар

Құтарып сөз аян айтып болдым.

СОҢҒЫ САПАР

Размағанбеттің бүгін бойы дел-сал болып шаршап тұрды. Тас шапқандай бар денесі салдырап ауыр тартқан. Соңғы кезде түбі жоқ алыс сағымдарға жетектеген мазасыз ауыр ойлардың әсері ме, жүйкесі де тоза бастаған сияқты. Өзіне-өзі ем жасаған болады. Алдына келген талай-талай кәріп жандарға шапағаты тиіп, алғысын алса да өзіне келгенде дауасының түспегені. Түспейтін де жөні бар. Түпсіз шыңның үстіне тартылған қалт-құлт еткен аспалы көпірден өткендей денеңді жаңғақша лақтырар дауылдың қай күні, қай жерден соғарын білмей, бірақ әйтеуір сол дауылдан құтылмасын біліп үрейлене күн кешкелі де бірталай болыпты.

Сырыңды түсінер, сүрінгенде қолтығыңнан сүйер, шашау шыққан ойларыңды жинақтасып түзу арнаға бұрар ақ пейілді адамдар да қалмай барады. Бәрі де бір-бірінен сырт айналған. Алдында отырған шәкірттерінің де, мұңын шаға келген қаріп жандардың да, мейманасы тасып кеудесі биіктеген әлдебіреулердің де көздерінен ойына не келгенін, тілінің ұшындағы кәзір айтылатын ажалы жетер әңгімені алдын-ала біліп отыратын бұған кәзір ешкім көзіне түспеуге, шамасы келсе бетпе-бет келмеуге тырысады. Сонда да бұл кездесіп қалғанда амалсыздан сәлем беріп өтіп бара жатқандардың қайсысының қаралай өзінен-өзі қысылып бара жатқанын, қайсысының мұның қолына су құйып қызмет қылғанын ертең өз басыма тауан болады-ау деп ойлап, қайғы жеп бара жатқанын, қайсысының ертеңгі соғар дауылда қосыла ұлитынын біліп отырады. Сонда да ешкімге кінә арта алмайтын сияқты. Әркімнің өзіне ғана тән алар асуы, көтерілер биігі бар емес пе. Баяғыда білім қуып, ит арқасықияндағы Бұқарада оқып жүргенінде өзінің нақышты өрнегімен, бай салтанатымен көз тартатын Чар-Минар медресесінде мәуесі төгілген бау ішінде отырғанда сонау алыста қалған Қызылсуы, сарқыраған Ащыағардың жағасында құрбыларымен қарабауырға тұзақ құрып, саз балшықтан әртүрлі мүсіндер жасайтыны еске түсіп жүрегі сыздап сағыныштан сенделіп кететін.

Тіпті кейде қоңыр салқын мешіт ішінде, тобығыңа дейін кіріп кететін түркі кілемінің үстінде отырып, ұстаздарының бірден өзіне баурап ала жөнелетін ұзақ та, мұңды құран сүрелерін тыңдап отырып та еріксіз ойға кететін. Тағы да көз алдына ми қайнатар ыстықта бірінің көлеңкесіне бірі басын тығып құдыққа қарай шұбырған қойлар, зілдей қауғаның салмағына шыдай алмай дірілдеп, шиқылдаған шығыр даусы, мезі болған бақырауық атан даусы келеді. Аспанға көтерілген шаң исін, шуаш исін сезгендей болады. Күн ыстығы қайтқасын зорайып көрінген Сахардың тауы, сағымнан арылып бұрынғыдан да сәулеттене түскен Шопан атаның күмбезді тамдары, қыз бұрымынан түсіп қалған шолпыдай еріксіз өзіне тартатын, аптығып қасына барғаныңда түсін өзгертіп момақан күйіне қайта түсетін алдамшы тұзды кебірлер, томар бояуға малып алғандай бір-бірімен жалғаса жатқан қып-қызыл төбелер елестейтін.

Өзімен бірге келгендердің әлдеқашан елден келген керуенге ілесіп қайтып кеткеніне біраз уақыт болды. Медресе дәрісханасындағы ұзақ сонар отырыстарға шыдамады ма, әлде өздерінің ой-өрістерінің шамасын сезді ме, болмаса елден жырақ кетіп, күні-түні қағаз кеміріп отырудан гөрі қойын құрттап, айранын ішіп кекірігі азып жүретін сал бөксе тіршілігін артық көрді ме, әйтеуір елден керуен келген сайын бұлардың да қатары сирей берген. Шыдамсыз серіктеріне налып, өз сағынышын сыртқа шығармауға тырысып дәрісханадағы өз орнына отыра берген мұны бірде ұстазы қасына шақырған.

- Туған жер қасиетті ұғым, ұлым. Ол қайда жүрсең де, дүниенің қай бұрышына барсаң да қып-қызыл шоқ болып жүрегіңнің бір бұрышында мәңгілік сақталады. Тамағының тойғанын білетін әлдебір тоғышарларда ғана ол сөніп күлге айналуы мүмкін. Ал оның суы мен жерінің, тасы мен төбесінің қадірін білетін жандарда ол сезім сөнбейді, қайта өзінің сиқырлы күшімен тартады. Оның суын ішіп, топырағына аунаған кез-келгеннің, батырдың да, қорқақтың да, естінің де, есердің де мен оның перзентімін деуге қақысы бар. Бірақтүптеп келгенде ол өзінің шын құлай сүйген перзентіне ғана көкірегін ашады. Омырауын тартқан кез-келгенге ол жібімейді. Сағынғаның дұрыс.

Сүйемін отанымды түгел тегіс,

Болса да мейлі онда қандай кеміс.

Сор болып суы аузыма татыса да

Ой-қыры Отанымның өзіме өріс.

Елден жырақта алыста жүрген, жүрегін сағыныш кернеген Мұса пайғамбардан қалыпты осы бір өлең жолдары. Осы есіңде болсын. Әр адамның шығар биігі әртүрлі. Оған ренжуге болмайды. Ал сенің алар асуың әлі алда сияқты. Менің алдыммен шектелмессің,-деп еді жарықтық. Ол кезде балаң жігіт бұл нені ұқсын. Ұстазының айтқанындай білім қуып тағы да алыс сапарларға шығуға тура келді. Түрік жеріне бет алған керуен сапарында да, Стамбулда, Бомбейдегі оқу жылдарында да туған жері қып-қызыл шоқ болып бір қапталында жатты да қойды. Сол алыста қалған Отанының тау тасына, арым-арым құмдарына ойша үңілетін, әулие әмбиелеріне мінәжат етіп, дұғасынан тастамайтын. Осы күні кеше табақтас болған, өрістен атын әкеліп, қолтығынан сүйеп мінгізген, тізе соғыстыра отырып талай-талай әңгіменің басын қайырған, кәзір сырт айналған кейбіреулерді көргенде баяғы ұстазының айтқаны есіне түсетін.

Бүгін қаншама шаршап тұрса да белін буып, өмірінің қалған жерінде тәуекелін жолдас етпек ниетпен мығым тұрды. Енді қарайлайтын ештеңе қалмағандай. Ендігі кідіріс аузын арандай ашып келе жатқан аждаһаға титтей де болса қарсылық етпей, арбалған торғайдай аузына барып бір-ақ түсу. Осы бір қалың елге өрттей тиген зұлматтың хабарын да, зілін де елден бұрын сезіп еді. Басында бәрі де өткіншідей көрінген. Бірақ айдалып кеткен, ұсталып жатқан адамдарға қарасаң бәрі де кешегі ел алдында беделі бар, ауызында дуасы бар, әлсіздерге арқа сүйер пана боларлықтай азаматтар екен. Ендігі қарауылға алына бастағандар да әлдеқалай себептермен кідіріп қалғандар. Бұлар да көп ұзамас, сірә. Құрбандыққа шалынып айдалып кеткендердің артында қалған ағайын-туыс, қатын-баласына дейін тыныштық болмай барады.

Ойлап отырса еліне де, бұл үкіметке де тырнақтай болса да жамаңдықойламапты. Бар білгенін де, білімін де туған еліне арнапты. Анау Ащыағардың жағасында өзі салған мешіттен қаншама адам мұның алдынан өтпеді, қаншама адам мұның жасаған емінен жанына шипа таппады. Әсіресе өмірінің ең мәнді кезеңдері болып табылатын осы өлкенің жер қойнауына үңілген жылдарды айтсаңшы. Жазғандары, сызғандары, болжамдары қаншама. Енді, енді ғана қолымен ұстайтындай тым жақын қалып еді. Өзі дүдәмал болып, сонда да айналшық жеген қойдай сол жерден шыға алмай әрі-сәрі күйде жүргенінде шапағаты мол құдайдың аспаннан түскендей қылып Баярунасқа тап қылмасы бар ма. Екеуі қаншама жерді кезбеді, қаншама әңгіме айтылмады. Күндізгі аптаптан құтылып бірте-бірте салқын тарта бастаған, жусан мен шағыр исі аңқыған құм үстіне бөкселерін төсеп қойып, қақпанға түскен қарақұйрықтың етін қара шәугімге бүлкілдете пісіріп отырып та талай сырласқан. Қызыл шоқ болып жанған жүзгеннің томарын қолындағы үшкір таяғымен қағыстыра отырып Михаил Викентьевич мұның сұрақтарына жауабын қайтаратын, ақыл кеңестерін беретін. Кейде пікірлері сәйкеспей әрқайсысы өзінікін дәлелдеп, құдайдың ертеңгі жарығына шыдамай жалпылдақ шөптерді жағып отырып әртүрлі сызбалар жасайтын. Білігі көп Михаил Викентьевич мұның ойларымен келісе отырып көп нәрсеге терең ғылыми тұрғыда көзін жеткізетін. Көңілдері жарасқан, бірін-бірі силап өткен қос ғұлама Маңғыстау жерінде үш рет кездесіп, қашан жұптары тарағанша бірге болып еді. Соңғы рет Қаңға бабада кездескен.

Әңгімелері тағы да өлке жайлы, жер қойнауы болғанмен Размағанбет осы жолы Баярунастың жүзінен әлде бір мұңды сезгендей болып еді. Ол да өз жайы туралы ештеңе демеген. Бұл болса қанына сіңген сабырлылығына басып сұраған жоқ. Баярунас тек кетер күні ғана бұған радио қабылдағышын сыйға тартып ағынан жарылып еді. Шама келсе осы өлкеге жүргізген зерттеулерін жинақтап еңбек жазатынын, бірақ кәзіргі үкіметтің жүргізіп жатқан зобалаңының оған мүмкіндік бермейтінін де жасырмаған. Бұған да сақболуды өтінген. Бәлкім шет өлкеге ол жалынның шарпуы жете қоймас, сәл нәрсеге балаша қуанып, балаша ренжитін момақан халықсыңдар ғой деген. Әшейіндегі жалқау, ұйқышыл қазақтың бұл уақытта тұмағын тамағының астынан шарт байлап, қызыл танау күйінде сіңбіруге мұршасы келмей, делеңдеп ат үстінде жүретінін қайдан білсін.

Бұрын ауырған жерлеріне ауызша айтылған емді місе тұтпай: — Реке, кітабыңды ашып жіберші, - деп ана мешіттің төрінде тұрған, қатарластыра жиналған кітаптардың қайсысының Ибн-Синаның дәрігерлік анықтамасы, қайсысының құран екенін ажыратпаса да ішірткі жаздыртып екі езуіне жете рахметін жаудырып кететіндер, енді Құдай тағала бір күннің ішінде басының қақпағын ашып бар ілімді құйып жібергендей мешіт ішіне келгенде мысық көзденіп баяғы кітаптарға зер сала қарайтын болыпты. Солардың көбі көші-қон кезінде екі нарға жүк боларлық осы кітаптарды "біссімілләсін" айта отырып талай тиеп, түсірген.

Осы кітаптардың бір күні болмаса, бір күні өзіне тағылар басты кінә боларын білген Размағанбет өткенде қақпан қараған болып Сахардың тауынан қолайлы жер іздеген. Тапқан жеріне көңілі толмай кешке дейін жүрді. Қай жер болса да "мен мұндамын" деп көзге ұрып тұратындай, күні ертең-ақ ұстағанның қолында кететіндей, болмаса қопырап шашылып әр бұтаның басына жабысып тұратындай көрінген. Ақыры жаңбыр тимейтін, ұйытқыған қар ұшқыны бармайтын, күн көзінен таса жерді белгіліп, сол түні түйеге артып апарып құрым киізбен орап жасырған.

Сол жақтан әлдеқалай қарайған көрінсе жүрегі дір ете түседі. Қайта-қайта қарап, ұзын аяқты мал екенін айырғаннан кейін ғана еркін тыныстайды. Бірақөмір бойы сырласы болған кітаптарынан айрылғанына үйрене алмай-ақ қойды. Бүгін де дәрет ала сыртқа шыққанда алдымен көзінің түскені сол жер болды. Тау басынан ақ айран тұман түсіп келе жатыр екен. Көп ұзамай-ақ етектегі сорға жетті. Қанша тесіле қараса да көзіне ештеңе ілінбеді. Екі ортаға түсірілген пердедей көз алданышы болған таудың таныс жотасынан айрылды. Апыр-ай, өткендегі көрген түсінен айнысайшы мына тұман. Онда да осындай қалың тұман арасында адасып жүр екен дейді. Арым-арым құм ба, төбе ме, тау ма айта алмайды. Өкпесі өшіп бір көтеріліп, бір түседі. Әйтеуір алдында зорға көрініп бара жатқан екі-үш адамның сұлбасынан қалғысы келмейді. Кімдер екенін айыра да алмайды. Жүрістері де, дауыстары да таныс. Бұл тоқтаса олар да тоқтайды. Итшілеп орнынан тұра бергенінде әлгі сұлбалар қайтадан қозғалады. Бар күшін салып әлгілерге жете бергенінде бірдеңенің шарт ете түскені. Жаны шығып барады. Қараса, тізеден жоғары қара санынан қауып тұрған қасқыр қақпан. Сау аяғымен басып ашуға ыңғайы келмейді, қолымен ашайын десе күші келмейді. "Көмектессеңдерші", - деп әлгі сұлбаларға қараса, көзден ғайып болыпты. Шошып оянған. Күбірлеп кәлимасын қайырды. Алда бір қауіп барын сол күні-ақ сезіп еді. Шекарасы босаңдау Иран асып кетуді де сол күні ойлаған-ды.

Әшейінде бабымен ішілетін таңғы шәй да батпады, сыры кетсе де, сыны кетпеген құдай қосқан қосағы Сәнімнің жүзінен ішіндегі алай-түлей толғанысын да, қасіретін де айтқызбай біліп отыр. Алыс сапарларға өзі аттандырып, өзі күтіп алатын Сәнім енді беймәлім елге бірге сапар шекпекші. Балапандарын қанатынын астына паналататын қарабауырша екі баласы Ебжан мен Шарғиды, бір-бірімен таласа өсіп келе жатқан Хазина, Панар, Жазиласын айдалада төгіп алмаса болғаны. Кәзіргі құдайдан сұрары да, жалбарынатын тілегі де сол. Басқасын маңдайынан көре жатар. Неде болса тәуекел! Бүгін-ертең төркін жұртына балаларымен қыдырып кетті деген сылтаумен Сәнімді алдын-ала түрікмен жеріне жібермекші. Өзі әзірге сырт көзге ештеңеден хабары жоқ адамша жүре беріп, олар межелі жерге жетті-ау дегенде барып атқа қонбақ.

...Ел әлдеқашан ұйқыға кеткен. Размағанбет атын жетектеп жоғары өрлеп келе жатыр. Әулиенің қасына келгеннен кейін атын тұсап, бәріне бағыштап әйетін оқыды. Орнынан тұрып ат қоржыннан әлденені алды. Онысы шырақ екен. Қалтасынан сіреңкесін алып жақты. Шалқи жанған шырақтың жарығынан үрікті ме, күмбез үстінен далақтап байғұз ұшты. Алысқа ұзамағанын шақырған даусынан біліп отыр. Адамның жон арқасын мұздататындай мұңды дауыс. Өзіне ғана тән, тыңдаушысының сай сүйегіне дейін балқытатындай мақаммен құранның ұзақ сүрелерінің бірін оқып отыр. Бәймәлім ұзақ сапарға бала-шағасымен аттанғанын да, жел айдаған қаңбақтай қалған уақытта дүниенің қай бұрышына барып тірелетінін білмейтінін де, көп нәрсеге қолы жетпей арманда кетіп бара жатқанын да сол әйетіне сиыстырғандай асықпай ұзақ оқыды. Бетін сипап орнынан тұрды. Еңкейіп бір уыс топырақ тастады. Ұзын сырыққа байлаулы шүберектердің біреуін шешіп, орауын жазды да қабір жанынан топырақ алды. Қойнына салып, сыртынан алақанымен басып-басып қойды. Жедел басып атына келді. Құбыла жақтан баяу жел соқты. Мұрнына жусан исі, сордың исі, жанына бала кезден етене жақын Ащыағардың бойында қаулап өсетін жыңғылдың, қамыстың, балдырдың исі келді. Бәрін де бойыма сіңіріп алайын деген адамша терең демалды. Атына мініп жүріп кетті. Күмбез үстіндегі байғұздың мұңды әуені әлі басылмапты.

Қанша асықса да атының басын Шопан-атаға бұрды. Баяғыда әкесі марқұм бұл алыс сапарларға аттанғанда қасына ертіп осында келетін. Содан кейін биік жалға шығып, қашан бұлар көрінбей кеткенше Күйеу тамның қасында тапжылмай артынан қарап тұрушы еді. Тілеуін тілеп артында қалған әкесінің тұлғасы ұзақ сонар сапар шеккен балаң жігітке көп демеу болушы еді. Шаршаса сүйейтіндей, құлап бара жатса астына алақанын төсейтіндей әсер қалдыратын.

Кейде тіпті елден шыққалы бірнеше күннің жүзі өтсе де бұрылып артына қарайтыны бар-ды. Сонда анау бірін-бірі жөңкіле қуған сағым ішінен тағы да өзіне етене таныс биік жал басынан әкесін көргендей болады. Қасындағы сапарласары мына көз қарықтырар ыстықта бастары салбырап келе жатса да, мұның еңсесі биік болушы еді.

Қауымның шетіне келіп атынан түсті. Бойы енді-енді қыза бастаған жануар жер тарпып, ауыздығын шайнап бір орнында айналады. Бұл жақындай бере күркесінен шырақшы шал шықты.

- Түн жамылып жүрген кімсің, жарқыным,- деді қарлығыңқы дауыспен.

- Мен едім ақсақал. Ассалаумағалейкум.

- Е, Размағанбетпісің. Мына үкіметтің қанды қолы сенің де омырауыңа жармасты ма? О, жасаған, бұл не боп барады өзі. Көзің ашық, ойың сұңғыла еді ғой сенің, Размағанбет. Бұл дауылдың тоқтайтын күні бар ма, сірә. Әлде түгел жайпап өте ме,-деді түн жамылып неге келгенін айтқызбай-ақ түсінген шырақшы шал мұның алдына түсіп келе жатып.

- Өзің оқып жібер, қарағым. Жарықтық желеп-жебеп жатар. Басыңа түскен сергелдеңді бұл да сезіп жатқан шығар,-деді шырақшы шал шөкесінен отыра беріп.

Өмірінің көбін осында өткізген, ақ жол тілеп алысқа аттанғанның да, ауру жанына дауа іздеп табына келгендердің де, жарық дүниемен қош айтысып топырағы осыннан бұйырған адамдардың қайғысымен ортақтасып, тілегіне тілеулес болған шырақшы шал мұның қоңыр дауысына еліткендей үнсіз отыр. Орындарынан тұра бергенде көкірегі айрыла күрсінді.

- Ал, ақсақал,-деді Размағанбет. Тәуекелді жолдас етіп жалғыз кетіп барамын. Қасыма жолдас ертетіндей сән-салтанаттың уақыты өтіп кетіпті. Тағдыр жазса кездесерміз.

- Жолың болсын, Размағанбет. Артында қалған бір тілекшің мен болайын. Түсініп тұрмын. Мен тек Шопан-атамен ғана сырласамын. Сол жарықтықтың айтқанымен жүремін. Ертең жер бетіндегі дәмім бітіп мына жатқандардың қасына барғанымда ақ күйімде таза жетейін. Құдайым тек соған жеткізсін,-деді қайтып келе жатып.

- Сәл тоқтай тұршы,- деді де шырақшы шал күркесіне кіріп кетті. Көп ұзамай қайта шықты. Қолында жұдырықтай ғана түйіншегі бар.

- Мынау Шопан-атаның қара тұзы. Шыр етіп дүниеге келгеніңде шешең анау Қызылсудың басындағы Шөмпілдек құдықтың суына осыны қосып шомылдырған. Өкшеңнің мықты болуына, құлашыңның үнемі алысқа созылуына септігі тиген қасиетті тұз. Алыс сапарға кетіп барасың. Сағынғанда түйірлеп аузыңа сал. Елдің дәмі деп білерсің. Жат жерге табаныңның тигені бұл емес қой. Тек соңғы сапар болмағай. Қайыр. Қош,-деп қолтығынан сүйеп атына мінгізді.

Бозамықтанып жаңа туып келе жатқан ай жарығынан туған жерінің бұған етене таныс арым-арым құмдары, тау тасы жамырай көрінді. Анадай жерде Күйеу тамның мазары тұр.

- Алыс сапарларға аттанғанымда ақ жол тілеп шығарып салушының бірі сен сияқты едің,-деді іштей. Жүрегімді сағыныш кернеп, қашан туған жердің құшағына жеткенше асығып келе жатқанымда да көзіме түңғыш шалынып, жылы ұшырайтын да сен едің. Енді міне, жер ортасына келгенімде тағы да ат жалына қол созуға тура келді. Қимасымдай болып үн-түнсіз сен тұрсың. Бірақ менен сен де бақыттысың. Шопан-атаның қаһарына ұшырасаң да сүйегің туған жеріңде, жамбасың өзің жаратылған топырағыңда жатыр. Бәлкім, орындалмаған армандарыңа ғана өкінетін шығарсың. Ал менің арманым да, өкінішім де, сағынышым да өзіммен бірге кетіп барады. Күштінің әлсізге жасар зорлығы бұдан әрі шыдатпады. Жиған тергенін жамбасына басып, боқ байлығы үшін жер ауып бара жатқан әлде біреулердей емеспін. Ат басындай алтын берсе де айырбастамайтын бар байлығым-жазғандарым мен сызғандарымды өз Қойныңа тапсырдым. Кіндік қаны тамған туған жерінің мүддесін құрандай қастерлеп, жоғары ұстайтындарғаез болса қадесіне жаратар. Ондай заман туа қалса менің де бір арманымның орындалғаны. Менің жүрегім соңғы бұлқынысына дейін сенімен бірге.

Енді көп тұрса ішінде бырт-бырт үзіліп, өзегін өртеп бара жатқан толғанысына шыдамайтындай атының басын кілт бұрды.

Жаңа туып келе жатқан ай жарығында анау Ұлы Күндік жаққа қарата артында сызылтып шаң қалдырған ат тұяғының дүбірі бірте-бірте алыстап бара жатты...

КЕДЕЙ НҰРЫМШАТ ІЗБАСАРҰЛЫ

Біссіміллә рахман рахим,

Мен едім қыр далада туған балаң.

Тоғыз ай, тоғыз күнде тапқан анам,

Айырылдық ел мен жерден туып-өскен,

Біз үшін жаңа қоныс болды қараң.

Алпыс жыл елге қарап көңілің алаң.

Құдайым құтты қылсын, бастық қадам,

Ақырын бір Алладан шын сұралық,

Әр түрлі болып тұр ғой осы заман.

Білмейді еш нәрсені кейбір надан.

Жүргейсің, Нұрсұлтанжан, көңілің тасып,

Ел үшін жортып жүрсің ұйқың қашып.

Бұл күнде заң шығардың өзің басып,

Дұшпаның кетсе керек сенен қашып.

Құдайым берсін Сізге жақсы нәсіп,

Шығардың пұлдың атын ақ теңге деп.

Я, Құдай, біз отырмыз, сәт теңге деп.

Шақырдың айдалаға кеткендерді,

Қоймадың айналада жеткен жерді.

Тасыдың аэроплан, қатарменен.

Ай туып, таңым енді атар ма екен?

Апырай, жылан жұтқан ен даланда

Мыңғырып малың жусап жатар ма екен?

Еңіреп ел-жұртынан кеткендерің

Ақ дәмін туған жердің татар ма екен? ...

Басынан ақыл-қайрат егіз дейді,

Дұшпанға кісі ақысын жегізбейді.

Тумалас, туғандығың білініп түр,

Болмаса, той болад деп кім іздейді?

Қазағым, Елші аштың ажарымдай,

Иранның толықсыған базарыңдай.

Осыны көреміз деп ойлап па едік,

Сендердің семіреміз қараңызға-ай.

Сіз ашсаң ідараны* осы жерден
Біз бармай енді сірә қаламызба-ай,
Тәубашы, жарық жұлдыз, айым туды,
Құдайым жақсы оңғарсын талабымды-ай

... Нұрымшат - менің атым, тегім - Адай,

Рас па, мына күнге жеттім қалай?

Жыңғылды, Ауыздыбоз туған жерім,
Көкейден кетпей қойды-ау жылдар талай
Ізбасар Кенжеқара - әкем аты,

Кісі еді жампоз, әйдік, асыл заты.

Солардың бәрі еске түскен кезде,

Көкірек қарс айырылып, жазам хатты.

Жетпіс жыл уһлеумен өтті күнім,

Құшақтап көрістік қой енді бүгін.

Шырағым, азаматсың халқы сүйген,

Осындай іште жанған білсең сырым.

Дарияны дауыл қозғап, шықты толқын,

Айтылмай жатқан еді-ау бұдан бұрын.

Азаттық мұсылманға берілгесін,

Ұзарып шығып келед жаңа тілім.

Құдайым берсін көмек тілімізге-ай,

Енді ешкім қол салмасын дінімізге-ай.

Еңіреп жылап жүріп жетіп едік,

Бір Алла қылсын жарық күнімізді-ай.

Айтылған бұл насихат жарылқасын

Жаһанда жүрген қазақ, бәріңізді-ай.

Төрінен жырақ жүрген біз бір пақыр,
Көреміз біздер жақсы елімізді-ай,
Жаратқан жар боп шіркін бара алсақ,

Сағынған ата-баба жерімізге-ай.

Не жетед кіндік кескен өз жеріне,

Қуандық жақсы айтқан сөздеріңе.

Асылың артық туған жан екенсің,

Ел-жұртың риза ғой өздеріңе.

Жұлдызың жанып тұрған азаматсың,

Құдайым берсін қуат сенгеніңе,

Әркімдер келе бермес деңгейіңе.

Тәңірге өзім жатып қуанамын,

Нұрсұлтан, саған бақыт бергеніне...

Тілекке тілек қосылды.

Біріктіргей Алла басыңды.

Көмбеде жатқан көне едік,

Көңілдің кірі ашылды.

Шерменде жүрген жан едім,

Менің де мауқым басылды.

Көргендік айтқан - көсемдік,

Біліп айтқан - шешендік.

Түсінсеңіз әлеумет,

Айтқан сөзім жетерлік.

Ираннан ашып ідара,

Ту байлап, пәршем* көтердік...

Гүмбед, Горган, Бендерше,

Бәріміз қолдап бұл істі,

Жақсы қылып бітірдік.

Осындай ауыз бірлікке

Етемін, Алла, шүкірлік...

Ту көтеріп, пәршем байлаған,

Сәрсенбінің сәтіне,

Жеткізсін Алла ниетіне.

Қанша адам тойға келед деп,

Мырзатай, бар ма сенің есіңде.

Ирани қазақ сау болса,

Қиналасың оның несіне?

Тойға барсаң тойып бар,

Жақсы киім киіп бар.

Жолдасыңды танып бар,

Атасы бірге болған соң

Әр қазақта намыс бар...

Бұл дүние алдауыш,
Біріңе сенген түріңіз,
Тату-тәтті жүріңіз,
Жалын болып көз жұмсақ,

Біз де өлгеннің біріміз.

Жақсыларға шайтан өш,

Мұсылманға құдай қош.

Ақтың жолы - ақиқат,

Ақиқат жолын бәрің тап.

Мен бір қартың көлбеген,

Еліне сусап шөлдеген,

Сексеннен асып өлмеген.

Зат қалмады өзімде,

Бұл дүниеде көрмеген.

Жетемін деп талайлар,

Маған қолын сермеген.

Нақақ істі қылады,

Ақылы жетіп білмеген.

Алыстан дұшпан іздеме,

Табылады іргеден.

Өтірік айтпа, қиянат,
Өзім кетіп барамын,
Естіңіз сөзді, жамағат,

Етеміз енді қанағат.

Шариғат пенен тариқат,

Аллаға жаным аманат.

Алданып жүрме алдауыш,

Азғантай дәулет жиғанға.

Амалыңды адалда,

Әуес болма арамға,

Жолдас болма жаманға.

Ұрсаң да қамшы өтпейді,

Бір баспайтын шабанға.

Жақсы тұрып, жақсы жүр,

Бұл секілді заманда.

Осыны айтып келемін,

Құлағы бар адамға.

Менің жолым тарылды,

Өмір шіркін арылды.

Айтып келем барымды.

Кәрілік құрғыр қабаттап,

Алып бар әлімді.

Өзім кетсем сөз қалсын,

Кетейін тастап барымды.

Жақсылардан ат қалған,

Ғалымдардан хат қалған.

Бұл дүниеде кім қалған?

Бәрін де құдай өзі алған.

Талай да кеткен армандар.

Білгенімді мен айттым.

Алланың ісі ғайып-ты.

Талайлар жолдан тайыпты.

Аман болғын, мұсылман,

Осылай өмір байыпты,

Мұратына сайыпты.

ИРАН ҚАЗАҚТАРЫ ОРТАСЫНАН ШЫҚҚАН БЕЛГІЛІ ҚАНДАСТАРЫМЫЗ
Нұрымшат қажының аузынан мың тоғыз
жүз тоқсан төрттің сәуірінде Горганқаласында жазып
алған Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ

МҰХАММЕД ЕСКЕЛДІ ӘБІЛҰЛЫ

Иранның Бендер Түркмен қаласында 1944 жылы дүниеге келген. Бастауыш мектепті сол жерде, ал, орта мектепті Горган қаласында бітірген. Жасы 18 келгенде бастауыш мектептерде мұғалім болып 5 жыл жұмыс жасайды. Кейін Тегеран Университетінің заң факультетіне түсіп, 1969 жылы үздік бітіріп шығады да, Әділет Министрлігінде жұмысын бастайды: 15жыл прокурор көмекшісі, тергеуші, прокурор және сот болып Иранның біршама қалаларында жұмыс жасайды.

Саяси көзқарасы үшін 1986 жылы қуғынға түседі. 1994-тен бері Алматыда тұрады. Орыс тілін білмеу салдарынан негізгі мамандығы бойынша жұмысы жоқ, қазір бизнеспен айналысады.

Иран қазақтарының арасынан, Мұхаммед, бірінші болып жоғары оқу орнына түсіп, бірінші болып университет бітірген азамат. Егеменді ел болып өз алдымызға шаңырақ көтергенімізде Иран Ислам Республикасымен саяси, экономикалық және мәдени байланыс жасауға тура келеді. Иранға арнайы сапарында жергілікті қазақтарды ұйымдастырып Елбасын қарсы алуы, Тегеранда елшілігіміз ашылғанда ақылгөй ағаларды жинап барып белсенді қатысып үлкен азаматтық жасайды. Елден барған делегациялардың талай алқалы жиналыс, келіссөздерде аудармашы болып екі ел арасында алтын көпір болған.

Бірінші Дүниежүзі Қазақтарының Құрылтайына Иран қазақтарын бастап келеді. Иранда қазақ баласына қандайда бір жағдайда қол ұшын беріп, үлкен азаматтық жасаған жан.

ХАЖЫ МҰХАММЕД ШАДКАМ БАЙТҰРҰЛЫ

Хажы Мұхаммед Шадкам Байтұрұлы Иранның Гонбед-Каус қаласында 1948 жылы дүниеге келген. Орта мектепті 1970 жылы, ал, 1974 жылы Тегеран Университетінің "Заң және Саяси ғылымдары" факультетін бітірген. Арнайы курстан өткесін, 1979 жылдан бастап ақтаушы болып жұмыс жасап келеді. Сол кездегі әртүрлі басылымдар арқылы, әсіресе "Отан" қоғамының газет-кітаптары арқылы қазақ әдебиетімен әжептәуір таныс болады.

Көп ізденіс, оқу-зерттеулер нәтижесінде 1970 жылдары шыққан 10 томдық "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін" қазақша-парсыша сөздігі ретінде аударады. Осы еңбектің жалғасы ретінде парсыша-қазақша сөздігін дайындау үстінде.

Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін парсы тілінде сөйлетеді, бұл еңбекке кіріспе ретінде жазған мақаласы жергілікті Мақтұмқұлы баспасынан жарық көрген. "Қазақ тарихына қысқаша шолу" шағын кітабы да осы баспадан шыққан. "Диуан хикмет Хожа Ахмет Яссауидің" парсы тіліндегі аудармасы "Әлһода" баспасында басылады.

Аталмыш еңбектерге қоса көптеген ғылыми, қоғамдық-саяси және құқтуралы мақалалар жазумен қатар қазақтың қысқа әңгімелерін де аударып аймақтық әрі республикалық газеттерде басқан. "Данешнаме Голестан" атты жинақтың 6-санында Иран қазақтары туралы мақаласы басылған.

ӘБУБӘКІР ПАВИЗ МҰХАММЕДҰЛЫ

Иран елінің спорт шебері 1948 жылы Бендер-Түркмен "Бендер-Шах" қаласында туылған. 1968 жылы Фахроддин Әсғәд Горгани атындағы орта мектепте оқып жүргенде Шираз қаласында өткен Иран біріншілігінде жеңіл атлетика бойынша найза лақтырудан 48.70 метр рекордпен бірінші болып алтыннан алқа таққан. Сондай-ақ Абадан қаласында өткен Иран біріншілігінде диск лақтырудан 1970 жылы бірінші болып алтын медалын иеленген, рекорды 43.42 метр. Ал, 1971 жылы Керман қаласында өткен Иран біріншілігінде тағы да диск лақтырудан екінші орын иеленіп күмістен алқа таққан.

Иранда қазақ радиосының ашылуына белсенді қатысып, бастапқы кезде меңгеруші -директоры болған. Ол сондай-ақ көптеген шетелдік ұстаздардың, спорт шеберлерінің курстарына қатысқан. Өзінің мамандығы математикадан сабақ бере жүріп, туған қаласында ұзақ жылдар бойы жеңіл атлетикадан жаттықтырушы болып жұмыс жасаған.

Кәзір зейнеткер.

Көптеген мақтау қағаздардың иесі.

ТОЙЖАН БАБЫҚ

Горган қаласында 1949 жылы дүниеге келген. Бастауыш пен орта мектептерді бітіреді. Кейін 1969 жылы Шаһ Мәзреэ атындағы педагогикалық колледжіне түсіп екі жыл оқиды да сол жерде парсы әдебиеті мен ағылшын тілінен сабақ береді. Кейін директордың орынбасары болып оқу-әдістемелік бөлімін де басқарады. 1976 жылы педагогикалық институтқа түсіп, парсы тілі мен әдебиеті мамандығын алып шығады. Сосын Тегеран, Бендер Түркмен және Горган қалаларында сол салада сабақ береді. 2003 жылы зейнеткерлікке шығады.

Тойжан қазақтың әдет-ғұрып, салттары туралы жергілікті әрі орталық газеттерде басылған көптеген мақалалардың авторы. Тұрғылықты қаласы Горган. Хафизтану қоғамының мүшесі.

ӘБЖЕД АРМАНД ІЗБАСҰЛЫ

Бендер Түркменда 1957 жылы туылған. Орта мектепті бітіргеннен кейін Сауд Арабиясының Медине қаласындағы Халықаралық Ислам Университетінде араб тілі мен феқһті тәмамдайды да елге оралып туған қаласында араб тілі маманы ретінде сабақ береді. Иран-Ирак соғысына 2 жыл қатысып, қаланың тыныштығын сақтау бөлімінде қазақ ауылын күзету, әрі әртүрлі қоғам келеңсіздіктерімен күресу бөлімін басқарады. Қазақтың жарлы-жақыбайларына үкіметтің "Имам Хомейний атындағы Жәрдем Комитеті" арқылы көптеген пәтерлер тұрғызып береді. Сондай-ақ кембағал отбасыларын үкіметтің қарамағына алуына белсенді атсалысады. Құқық қорғау орындарында 4 жыл уақытша қоғам келеңсіздіктерімен күресу бөлімінде, кейін екі жыл отбасылар мәселелерін шешу комитетінде қазылар алқасында жұмыс жасайды. Бірнеше мәрте қажыларды апарып, алып келу керуенінің бастығы болған. Кәзір зейнеткер.

САПУРА ЖЕМЕНЕЙ ІДРІСҚЫЗЫ

Горган қаласында 1966 жылы дүниеге келген. Шетте жүрген қазақ қыздары арасынан алғаш рет спортқа - гимнастикаға қатысып, қазақтың атын шығарған бірден бір жан. Балалар мен жас өспірімдер арасында қатарынан 1975, 1976, 1977 және 1978 жылдары облыс пен мемлекет деңгейіндегі жарыстарда қатысып бірінші орынды иеленген. Балалар арасында өткен жеңіл атлетика 100 метрге жүгіруден 1976 жылы қалалық сайыста бірінші орынға қол жеткізген.

Сапураның түр түсіне қызығып қай жердеде сайыс туын ұстатып қоятын болған.

Ислам Республикасы орнағаннан кейін қазақ қыздары мен қатар қала қыздарын да жаттықтырған, талай сайыстарға алып барған.

КІТАП АВТОРЫ ТУРАЛЫ

Отыншы Көшбайұлы 1949 жылы Маңғыстау ауданында туған. Атырау педагогикалық институтының тарих-филология факультетін бітірген. ҚР оқу-ағарту ісінің үздігі. Қазір Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Оның 2002 жылы "Қайран менің жеңешем", 2004 жылы Әділ Нұрмановпен бірігіп жазған "Бозащы Маңғыстаудың екінші тынысы ", 2005 жылы "Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау", "Маңғыстау ғашықтары", 2006 жылы Сұлтан Жұбаевпен бірігіп жазған "Отпанның Нұны", 2007 жылы "Атадан жеткен асыл тін", "Дала данасы" кітаптары жарық көрген.

Бәли Ақмолда Әбдіжәмилұлы

Маңғыстау тарихының қаралы беттерінің бірі болып табылатын 1928-1932 жылдары біздің көптеген қандастарымыздың туған жерден жырақ кетіп, Иран жеріне қоныс аударғаны белгілі. Сол көптің ішінде Бәли Әбдіжәмилде болған. Аласапыран кезінде артынан келген қуғыншылар қолынан қаза табады. Жетім қалған оның баласы Ақмолда нағашыларының қолында өсіп, тәрбиеленеді. Иран жеріндегі Гүнбед Каус қаласында кезінде Маңғыстауда болған Хатам Ишанның ұрпағы Қожа Әбдіжан ахуннан діни сауатын ашады. Иран патшасы Риза Шахтың «Ақ төңкерісінен» кейін оқуын аяқтамай саяси күреске бет бұрып, қазақтарға жер алып беруге көп күш жұмсайды. Ол көрпе Оразмағамбеттен кейінгі ел мүддесін қорғаған адам еді.

Төңкерістен кейін халықтарға жер бөлу кезінде жергілікті билік тұтқасын ұстағандар көптеген әділетсіздіктерге барады. Олар әсіресе туған жерінен сая таппай қуғынға ұшырап келген қазақтарға құнарсыз, шөлейт жерлерді ұсынады. Міне, дәл осы кезде Ақмолданың туған халқы үшін күресі басталады. Патшаның қазақтар тұратын аймақтағы өкілі Мозәййәнмен келіспейді. Оның өзіне ұсынған сый құрметінен бас тартып, әділетсіздігін бетіне басып, патшаға арыз түсіреді. Бірақ, қолында билігі бар генерал ақыры өз дегеніне жетеді. Әртүрлі өтірік жала жабылған Ақмолда Шираз қаласына он жылға жер аударылады.

Ұзақ жылға созылған қапастан Ақмолда тек Иран Ислам төңкерісі жеңіске жеткеннен кейін ғана елге оралады.

Елге оралғаннан кейін кешегі өзін қудалаған, жер аударылуға себепші болған адамдармен азаматтығын жоғалтпай жақсы қарым-қатынаста болды. Бұл оның биік адамгершілігі болатын. Төңкерістен кейін қазақтар тұратын аймақтарға әртүрлі мәдени, әлеуметтік шаралардың іске асуына басшылық жасайды. Үлкендердің естеліктерінде өзінің қандастары үшін жеке басына келер қауіптен тайсалмаған табынай Тәжікен мен осы Бәли Ақмолда болатын. Сондықтан да болса керек, оларды Иран қазақтары әлі күнге дейін ыстық ықыласпен еске алып отырады.

АЙТЫЛМАЙ КЕТКЕН АМАНАТ

Размағанбеттің сыз исі, күлімсі исі аңқыған, қуықтай бөлменің ішіндегі ағаш нардың үстінде жүресінен отырғанына көп болды. Астына төселген, мақтасы шығып түте-түтесі шыққан төсеніштің жиырылған жерлерін түзеп, қайта-қайта алақанымен түзеп қояды. Жоғарыдағы сығырайған кішкене терезесымақтан түскен сәуле тым әлсіз, қанша үңілсе де қолындағы уақ харіптермен жазылған құран сүрелеріне көзі жетер емес. Бүгін бұл үшін соңғы түн. Соңғы түн емес-ау, соңғы кеш. Тәнін қинап, жанын жаралаған азапты тексерістің аяқталғаны кеше ғана. Аштық пен азаптан денесін зорға билеп тұрған мұны орнынан сүйемелдеп тұрғызып, алдында отырған үшеуі үкімін оқыған. Бәрі де орнынан тұрды. Гимнастеркаларының жиырылған жерін кері ысырып, тамақтарының ілгегін салды. Стол үстінде жатқан фуражкелерін киюді де ұмытпады. Әсіресе, ана орталарындағы Якубов тым сақ. Қасындағы қопыраған, жалаға толы қағаз үстіндегі пистолетінің шүріппесін қайырып қолына алды. Бойында титтей де жылуы жоқ жылан көзі әлі де тесірейіп алдындағы ғұламаға қадалған. Әккі неме өмірінің соңғы, санаулы минуттарын әр адамның әрқилы қабылдайтынын талай көрген. Біреулері отыра қалып көз жасын көлдете рахымшылық сұраса, біреулері соңғы күшін жинап, алдындағы жауының кеңірдегіне жармасады. Бірақ оған көбінің қолы жете бермейді. Серіппедей атылып ұмар-жұмар жағаласа кетуге талай-талай оққыдан әлсіреген денелері икемге келмейді. Бола қалған күнде де атылған оқ дегеніне жеткізбей жолда сүріндіреді. Ал, үшіншілері алдындағылардан қаралай жиіркеніп бетіне түкіреді.

Ғұлама олардың үйіп-төккен жаласын да, қатыгез үкімін салқынқандылықпен қабылдады. Осылай боларын сонау алғашқы тергеу кезінен-ақ сезген. Үкіммен танысқандығы туралы қағазға да қолын асықпай қойды. Орнынан тұрып баяғыдан бері сыралғы болып қалған Якубовқа қарап тұрып;.

- Біз екеуміздің таныс-біліс болғанымызға да біраз уақыттың жүзі болған сияқты. Менің көрген тәрбием де, небір ғұламалардан алған дәрісім де, өмір бойы алдыма қойған мақсатым да адал тұрып, ақ жүру еді. Сонымнан ауытқымаған секілдімін. Бірақ дәл кәзір сен уақытша ғана биікке шықтың. Ана алдыңда жатқан, ойдан шығарылған барлық жалаңды көтеріп қолымды қойдым, солай істеуге мәжбүр еттіңдер. Бұл мен ғана емес, талай асылдың басынан өтіп жатқан нәрсе. Бірақ есінде болсын, кәзір біздің жігерімізді мұқалтқанмен, абырой атағымызды, тәңір алдындағы ақжолымызды мәңгілік қаралай алмадың. Уақыт өтер, бір кездері оның да ақ-қарасы ашылар. Орынсыз төккен қандарың да, қаралы істерің де өздеріңе тауан болатын шығар. Өлер алдындағы соңғы датым болсын, ұрпағыма айтып кетер аманатым бар еді. Жігеріңжетсе сонымды алып ана қағаздарыңның ішіне қос,-деді.

- Жоқ,- деді Якубов. Кез келген отанын сатқан опасыздан аманат теріп отыруға біздің мүмкіндігіміз келмейді. Сенің өзің қаншама уақытты алғаныңды білесің бе? Бір жыл. Осыншама уақыт сенімен тәжікелескен қайран күндердің босқа кеткенін айтсаңшы.

- Сенің орнында иманы бар басқа адам болса, босқа кеткен қайран күндеріне емес, орынсыз төгілген бейкүнә қанға өкініп, бар халыққа қасірет әкелген мына үкіметтің сойылын соққанға опынған болар еді.

- Жетер,-деп айқайлады тергеуші қолындағы пистолетін көтеріп. Сен кедей шаруалар өкіметіне соңғы минутында да жала жауып тұрсың. Енді бір ауыз қарсы сөз айтсаң табан астында қатырам.

- Жоқ,-деді Размағанбет. Енді сен мені қорқыта алмайсың. Әлі күн батқан жоқ. Бейкүнәжанды қамауға алғанда да, оларды атып-асқанда да сендер түн жамылып барып істейтін едіңдер ғой. Бұл ненің белгісі екенін білесің бе? Бүл баянсыздықтың, өмірі қысқалықтың белгісі. Ендеше кәзір қанды тырнағына ілінсем де менің өмірім сендердің ғұмырларыңнан ұзақ, рухым жоғары. Әттең, бар білгенімді, жазғандарым мен сызғандарымды, көкірегімде сайрап жатқандарды туған жерінің қойнауындағы байлықтың көзін ашар ұрпағыма ұсына алмадым. Айтар аманатым жетпеді. Ұзаққа созылады-ау...Оған дейін маңдайының соры бес елі халқым туған жерінен талай-талай үдере көшіп, жат жердің топырағында сүйегі қалады-ау. Жау жағадан алғанда бөрі етектен алады. Ел бетіндегі қаймақты сендер жинап, атып-аспағанда бәлкім мына қасірет болмаған да болар еді. Батысты торлап, күллі дүниені жайпап келе жатқан соғысқа тойтарыс беріп қол бастайтын, соңына ерген елді тығырықтан алып шығар талай-талай көсемді де, ерлерді де құрттыңдар. Енді сендердің өз етін өзі жейтін обырдай бір-біріңнің жағаларыңа жармасуларың ғана қалды. Дәл кәзір мына тұрған үшеуіңнің көкіректеріңде бұғып жатқан, болашақ сіміскі ойлар осы. Ал, мен дайынмын. Қан сасыған жер асты камераңа да еңсемді көтеріп барамын. Өйткені күндердің күнінде артымнан іздейтін жоқтаушымның болатыны хақ.

Күзетші Размағанбетті камерасына әкеліп, зілдей темір есікті құлыптап жапты. Дәлізде жүрген аяқ дыбысы бірте-бірте ұзап бара жатыр. Ағаш нардың үстіне келіп отырған ғұлама көзі үйренгесін төс қалтасына қолын салып, уақ харіптермен жазылған кішкене құранды қолына алды. Камера мен тергеуші арасына айдап, апарып келетін күзетші мұның бағына шығар, түрмеге қамалғаннан бері өзгерген жоқ. Алғаш үсті басын тініткенде табылған құранды үн-түнсіз алып өзінің қалтасына салған. Жауапқа шақырылып ауыр соққыдан есеңгіреген мұны сүйемелдеп әкеліп отырғызғаннан кейін, сол үндемеген қалпы қалтасындағы Құранды өзіне қайтарған. Осылай Размағанбет пен үндемес күзетші іштей ұғысқан еді. Таяқтан есеңгіреп жатқан мұны алып кетуге келгенде аналардың көзінше жұлқылап, сүйреп шығарғанмен, камераға келгесін төсегіне жайлап жатқызып жатқаны. Өткенде орнына келіп қисайған ғалым мойнына батқан қаттылау бір нәрсені сезген. Басын көтеріп астындағы төсеніштің ішіне қолын салса, бір кішкентай түйіншек. Кір-кір шүберекке оралған екі-үш тілім нан мен бес-алты түйір қатты тұз. Размағанбет тұздың басқа жердің емес, кәдімгі Шопан-атаның қара тұзы екенін бірден айырды. Аузына түйірлеп салып дәмін алған. Есіне осыдан бес-алты жыл бұрын түн жамылып алыс сапарға, беймәлім елге аттанғаны түсті. Шопан-атаға келіп өзіне жәрдем сұрап, дұғасын оқып аяғын үзеңгіге сала бергенінде шырақшы шал түйіншекке оралған қара тұзды берген-ді.

- Елдің дәмі ғой, шырағым. Сағынғанда түйірлеп аузыңа сал,- деп еді жарықтық. Жанынан тастамай жүріп тауысқан. Ал мына тұз сағаттың тырсылындай миыңды тесіп, жаныңды жеген, аяқталуға жақын қалған ғұмырында кездесіп қалуға асыққан елден келген елшідей көрінді. Бұрын бірін-бірі іштей ұғысқан, сөйлеуді қажет етпеген екеуі бүгін тұңғыш және соңғы рет бір-біріне тіл қатты. Ішке келгеннен кейін үндемес күзетші мұнымен қатарласа отырды. Размағанбет оның жүзінен ішіндегі алай түлей толғанысын байқады. Айтар сөзі де қысқа болды.

- Реке, сыртыңнан сүйініп те, табынып та жүретін көп тілеулесіңнің бірі едім. Қолыңды қысып, батаңды алу арманым еді. Бірақ бұл тағдыр дегенді қойсаңшы. Төріме шығарып қолыңа су құйып, қызметшің болудың орнына желкеңнен итеріп мылтық кезеумен келем. Мына үкіметтің қитұрқы, бірін-бірі аңдытып қойған саясаты "мен мұны істемеймін" деуге келтіріп тұр ма. Біле білсең сенің артыңа еріп, әдіра қалғыр мына есікті ашып-жапқан сайын ұяттан өртенумен болам. Бұрын сені көрсем, дидарлассам деп армандаушы едім. Естігенімді, көргендерімді балаларыма жыр қылып айтсам деп едім. Ал енді ше. Енді ол бақыт маған бұйырмады. Оларға қамшымның астына алдым, найзамды кезедім дейім бе. Жо-жоқ, Реке. Бәрі де қара жердің қойнына өзіммен бірге кетеді. Кешіре алсаң ит болып соңыңа ергенімді кеш. О дүниеде кездесе қалсақ қабағыңды шыта көрме, әулием. Анау қолымнан келген соңғы жақсылығым. Күзетші бұрыштағы суға толы құманды көрсетті.

- Рахмет, қарағым,- деді Размағанбет. Бәрін сезіп те, біліп те жүрмін. Құдай алдында да, адам алдында да кінәң жоқ. Сен біле білсең мұсылманның ең негізгі парызын жасадың. Қорғалақтама. Өткінші уақыт та өтер, сол кезде оларға арулап қоймасам да, ақ жуып жолға салған едім десең болады. Сүйегімнің қайда қалғанын ешкім білмес, бірақ рухым жоғалмас. Ризамын. Қош, - деп құшағына алған.

Размағанбет құшағындағы алпамсадай жігіттің дір-дір еткен жауырынынан өзіне деген шексіз сүйіспеншілікті, сол арқылы туған халқының өзіне деген таусылмас ықыласын сезгендей болды. Ертең-ақ сонау көз кермес, қиял жетпес көкке ұшқан жанымен бірге өзі туралы әңгіме, аңыздың бүкіл елге жайыларын білді. Өзін жоқтап тау-тасының түнеріп, бір-біріне мұңын айтқан жусанды даланың сағынышқа толы ызыңын естігендей болды.

Содан отырып дәретін алды. Өзін-өзі ақтық сапарға дайындады. Барлық жөн-жоралғысы да, әруаққа, о дүниелік пендеге бағышталар шариғат заңдылығы көкейінде сайрап жатса да, осы жолы шатасып кетпейінші дегендей құранға қарады. Бірақ, бірте бірте қараңғылық жайлаған түрме ішінен онсызда уақ харіптермен киелі кітапқа көзі жетер емес. Үн-түнсіз төсек үстінде отыр. Осы өмірде жасаған ғұмыры оған тым қысқа болып көрінді. Соңғы сағатының санаулы минуттары да жақындап келеді. Енді одан қашып құтылар қайран да, дәрмен де жоқ. Алдың тұңғиық, артың сағым. Бәрі де күні кеше сияқты еді. Өткінші елес көз алдынан тізбектеле өтіп жатты...

Әкесі марқұм сонау Жабайұшқан, Сахардың тауы, Бостан құмды жағалай отырған елге кісілігімен де, діндарлығымен де белгілі адам еді. Маңдайына біткен малдың соңында боқ күзеткен жаман төбеттей өзі жүрмей, бар билігін өзінің малшы бақташыларына сеніп тапсыратын. Хазіреттің өздеріне деген адал сеніміне ме, әлде төгілген терлерін дұрыс бағалап, еңбектеріне қылдай да қиянат жасамай кезінде беріп отыратын үлкен кісілігіне ме, әйтеуір бақташы біткен алдындағы малына өзінікіндей қарап, шашау шығармайтын. Тұрмағанбет хазіретке төрт түлік малдың есебі сонау күзде беріледі. Өйткені осы уақытта оның малын аралайтын әдеті бар. Әсіресе қозы айырылып, жас төлдің ішінен болашақ тұқымдық қошқар таңдауға өзі қатысатын. Хазіреттің көз алдынан, оның қырағы сүзгісінен кез келген еркек қозы өте бермейді. Содан да болар оның малдары көрер көзге өзгелерден бөлек, етті, сүйекті болып келеді. Осыдан кейін малшыларымен есептеседі. Көбіне үстеме еңбектерін береді. Алдағы қыста кімнің қай жерде отыратыны белгіленеді.

Құм бетіне алғашқы қырау түсісімен-ақ хазірет өзінің үйреншікті кәсібі, бала оқытуды бастап кетеді. Қызылсудағы Ащыағардың бастауында орналасқан үйде ойға құлаған елдің көп баласының у-шу болып жатқаны. Кейде бәрін жинап, салт атпен әудем жерге шығып шариғат заңдылықтарын көкейлеріне құяды. Сондай көп сапарға кішкентай Размағанбеттің де талай шыққаны бар-ды. Әкесінің қоңыр даусы зерек баланы сонау тұңғиықтарға жетелейтін. Топырақты, суды, пендені жаратқан құдіреттің шеберлігіне таң қалып, бала көңілі соның жұмбағын шешуге тырысатын. Әр нәрсені сұрап, тыным таппайтын баласының зеректігіне шүкіршілік еткен Тұрмағанбет қабырғасы қатайғасын құбыла беттегі елдердің біреуіне оқуға жіберуді ойластырып та жүрген.

Сөйтіп жүргенде Маңғыстауға келіп жер асты байлықтарын түртіншектеп іздеп жүрген Андрусовтың келгені. Кешқұрым уақыт еді. Хазірет ауыл алдындағы төбеге шығып, өзімен-өзі отырған. Кенет көзі Шопан-атадан бері қарай келе жатқан керуенге түсті. Алдында салт аттылары да бар. Бұл отырған төбеге жақын сордың жағасына келіп кідірді. "Неде болса бұл жерге таныс адамдар болмады ғой",-деп ойлады хазірет олардың кідіргеніне қарап. Кенет алдындағы құла аттан түскен қауға сақал орыс қасындағыларға айналып өтер қаттылау жолды көрсетті де, атын жетектеген күйі төбе басындағы бұған тура тартты. Күн қызуы қайтқасын болар, тамағына байланған кең етекті қалпағын желкесіне ысыра салыпты. Қап-қара болып күнге тотыққан. Төбеге көтеріле бере оң қолындағы қамшысын кеудесіне қойып, басын иіп сәлемдесті. Жүргінші тісі ақсия күлді. Сақалына ақ кіріп бурыл тарта бастаған. Бірақ жүрісі, ширақ қимылы да, күлгенде жылылық төгетін мейрімді жүзі де ерекше әсер қалдырады екен. Төс соғыстырып амандасқан екеуі бірін-бірі қолтықтаған күйі қайтадан төбеге көтеріліп тізе бүкті. Хазіреттің қасындағы бейтаныс жолаушыны көрген қызметші аяғын жеделдете басып алдына келді. Қолын қонағының тізесінің үстіне қойған Тұрмағанбет қызметшіге сор айналып ауылға беттеген керуенді көрсетіп малын жайлап, қонағасы дайындауды тапсырды. Әрі жолбасшылық, әрі тілмәштық қызмет атқаратын жігіт келгенше Андрусов өзінің білген қазақшасымен жөнін айтқан болды.

- Көп уақыт өтті. Форт-Александровск келді. Одан бес күн шықты. Жетібай барады. Теңге барады. Тас қарайды. Су қарайды. Форттағылар сен жақсы адам, соған бар,-деді.

Тұрмағанбет сонда барып бұдан он шақты жыл бұрын келіп кеткен тамыр орысының жұмсағанын білді. Онда ол да осы жердің ой-қырын сүзіп, тасын теріп, топырағын иіскелеп жүретін кезбе жұмысқа келген. Төбеңді тесер шілденің аптап ыстығында уақ-түйек нәрселерін салған дорбасын арқалап жылға кезіп, сағым ойнаған мидай далада әр нәрсені сызып, өлшеп, қапырық шатыр ішінде алабажақ қағаздарына шұқшиып отыратын кезін елестетті. Кешкі қонағасына тілмәш арқылы білгені бұл жерде мұнай деп аталатын, бұлар малдың қотырына жағатын қара майдың мол қоры бар, соны анықтау үшін арнайы тапсырмамен келген екен. Хазірет рұқсат етсе осы Қызылсуды негізгі тұрақ етіп қалдырып, жан-жаққа барлай жұмыстарын жүргізбекші. Анда-санда ақшасына тамақтан көмектесуді де сұрайды. Өйткені сонау Кетікке барып-келуде оңай шаруа емес.

Тұрмағанбет құдайдың жері кең, рұқсат сұрау тек Алладан екенін, шарапатым тисе еңбегімнің қайтқаны, ақша дейтін пендеге жолдас болмас нәрсе, оны аузыңа да алма. Мына ыстықта әлгі шүберектен тігілген шатырың көлеңке болып жарытпас, бір жеңіл киіз үй алып кет. Керек жеріңе апарып тігісетін қызметшің менен болсын. Сорпа суыңа қажетті мал шүкір бар ғой. Бір ғана өтінішім бар. Ана отырған жігіт болып қалған балам Размағанбет. Басқа балаларыма қарағанда ойы зерек, білігі көптеу. Мұсылманшылыққа, шариғатқа қатысты мен білетін ілімді алдымда отырып меңгерді. Бірақ менің ойым жетпес, санамның қабылдауы қиын жер-су құпиясына тым әуес. Байқаймын, сенің де қызметің сондай сияқты. Қасыңа ал, білгеніңді үйрет. Өрістен атыңды әкеліп, әр жерден терген тастарыңды салған дорбаңды арқаласа да зияны тимес. Оның үстіне осы күз түсе алыс елге оқуға жіберуде ойымда еді. Ата-анасынан жырақ, өзге мілләттің ортасында жүруге де үйрене берсін,-деді.

Жаз бойы белгілі ғалымның қасында болған Размағанбет Қызылсуға шөп басын алғашқы қырау шалған күні оралды. Әттең, Шығыс Маңғыстаудың тау-тасын кезген Андрусовтың сапарының аяқталып, алысқа, өз жеріне кетер уақытының болғаны. Әйтпесе құпиясы көп жер қыртысын зерттеген ғалымның қасынан айрылар ма еді. Көргені де, үйренгені де жетерлік. Жер асты байлықтарын айыру, олар туралы мағлұмат берерлік деректерді жинау жолдарын Николай Иванович қажымай түсіндірумен болды. Мәдениеті, ғылымы дамыған елдер туралы да әңгіме айтып, солардың біреуіне барып білімін жетілдіру жөнінде де ақылын айтқан. Қоштасу кезінде ғалым Тұрмағанбет хазіретке жаз бойы көрсеткен қызметіне рахметін айта отырып:

-Хазірет, мен сенің игерген, халық кәдесіне жаратып жатқан мұсылмандық біліміңе шек келтірмеймін. Ол ілімнің бойына терең үңіліп, мән-мағынасына жете түсінбесем де қараңғы түнектен алып шығарар жолына, осынау бізге әлі беймағұлым жаратылыс туралы белгілі дәрежеде сілтеме жасайтынына, бәрінен бұрын адамшылық қасиет жөнінде зор мағлұмат беретініне иманымдай сенем. Сенің балаң осының бәрін игерген де шығар. Кем кетігі болса әлі де толықтыра түсетіні белгілі. Бірақосындай дарынды баланы білімнің тағы бір саласына бағыттаған да дұрыс сияқты. Жаздай менің қасымда болған балаңның ұмтылысынан соны байқадым. Бұған әлі де оқу керек. Және де білімнің негізі ертеден қаланған елдердің біреуіне, айталық Үндістан сияқты елге жібергенің мақұл. Өйткені ол жерге ғылымы, мәдениеті дамыған ағылшындардың зор ықпалы болды. Сонымен қатар Размағанбет онда мен айтқан жер қыртысы туралы ілімнен басқа, сенің көкейіңде "әлі игере алмады-ау" дейтін мұсылмандық оқуды да қоса жалғастырар еді. Қайтып келіп біздің ойымызда жүрсе де, әлі қолымыз жете қоймаған анау жерлерде өз қолтаңбасын қалдырар еді,- деп аппақ айлы түнде мұнартып көрінген Сахардың тауын көрсетті.

- Рахмет, қадірлі қонағым. "Қырықтың бірі қыдыр",-деуші еді біздің елдегілер. Қыдыр шығарсың. Болмаса шым-шытырық жолдан адастырмай тура бағытқа сілтер жолбасшы боларсың. Өз ойым да осы еді. Көп ұзамай жолға да салармын. Ал, өзіңе айтарым Маңғыстауға жолың түсіп тағы да келіп жатсаң, ат басын тірейтін босағаң осы болсын. Құдіреті күшті жасағанның торынан аман болсақ, тағы да кәдеңе жарармыз. Пенде біткен бір-біріне сырттай да болса тілекші боп, амандығын ойласа одан асар ғанибет болар ма. Рахмет. Құдай разы болса, мен разымын,- деп қолын кеудесіне қойды.

Ертесіне Тұрмағанбет қасында баласы бар, нөкерлерімен Андрусовты сонау Жармаға дейін шығарып салды. Құм айналып, бірте-бірте ұзап бара жатқан керуеннің артынан қарап тұрған балаң жігіттің құлағына әр нәрсені байыппен айтып, жеріне жеткізе ұғындырар ғалымның сабырлы үні тұрған еді.

Түрме ішінің қапырық ауасы кеудесін қысқандай. Жүрегі құрғыр алқынып, шет-шегіне көз жетпес даланы сағынғандай. Қараңғы бұрыштан бір нәрсені қытырлата кеміріп жатқан тышқанның тықыры естіледі. Терезеден бұлт арасына шыққан ай көрінді. Жан-жағы қордаланып, бұлыңғыр тартқан. Орнынан тұрған ғұлама терезенің алдына барды. Білектей темір тордың арғы жағындағы шеті сынық терезеден ішке сығыла кірген ауаға кеудесін тосты. Шіркін-ай, - деді ішінен, — ең болмаса бір рет, бір сәт болса да кәзір Бостанның арым-арым құмдарын аралар ма еді...

Сахардың тауына бір рет шығып, көз алдында көлбей көрінген туған жердің көрінісіне көз қандырар ма еді... Тау етегінде жайыла жатқан Шопан-атаның қауымын аралап, ұйыса өскен жусанды жамбасыңмен баса отырып, өлілердің рухына бағыштап құран сүрелерін оқыр ма еді... Әттең, әттең... адамға жамандық ойлап көрмеген көңіл-ай. Төрінде жастана жатып, дәмін татқан, пышағын қолтығының астына жасыра ұстағандардың айтқанына сеніп, торға түскен аңғалдық-ай.

Ойына баяғыда үнді жерінде, Бомбей қаласында жүргені түсті. Кейде оқудан босаған сәттерінде қасындағы серіктерімен қала аралайтыны бар-ды. Құмырсқаның илеуінше құжынаған халықтың ішінен қақтығыса өтіп, қаланың шетіндегі мешітке жетіп демдерін алатын. Соның өзінде маймылын секіртіп, сыбызғы әуенімен жыланын билетіп отырған таңсық көріністерге естері кете, тандана қарап қалатындары болушы еді. Құмыра қақпағын ашқан бойда атыла шыққан жылан сыбызғыны көрген бойда кілт кідіріп, соның ыңғайына қарай бұралаңдай билеп, бірте-бірте өзіне жақындаған сыбызғы ұшынан шегініп барып, құмыра ішіне қайтадан кіретін. Размағанбет анда-санда жыланның аузынан шыққан қап-қара айыр тілін көргенде оның жаныңды балқытар әуенге елітіп емес, басына тиер сыбызғы тоқпағынан ғана қорқатынын сезген. Алдындағы жыланның өзінің мүлт кетер жерін аңдып тұратынын білетінін сыбызғышы жанының үнемі қорқынышта екенін сезетін. Сезетін де, өзін бір күні болмаса бір күні құрбандыққа шалар жыланмен қолтықтаса өмір сүріп келе жатқан әлгі сыбызғышының ерлігіне таң қалатын. Өзге жұртқа жыланды сиқырымен бағындырып, әуенге билетіп жүргендей көрінетін сыбызғышы байғұстың бір қапталының үнемі үрейге толы күйін көріп аяп та кететін.

"Апыр-ау", - деді іштей ай сәулесімен бұлыңғыр тартқан сыртқа қарап тұрып. — Сол бір кезде неғып байқамаппын. Үйіне келіп екі-үш күн аунап-қунап жатқандардың екеуі кеңкілдей күліп, өткен-кеткенді айтып сыр білдірмесе де, қасындағы үшіншісі жыланкөзденіп тесірейе қарап үндемейтін. Анда-санда ғалымның жанарымен жанары түйісе қалғанда ғана жүзін басқа жаққа аударушы еді. Сұп-суық сырын алдыртпас қатыгез көз. Қайдан көргенін есіне түсіре алмады. Аузы әңгімеде болса да, ойы осы көзде болып еді. Кенет оған жалт қараған ғұлама өзіне тесірейе қарап отырған көздің баяғы сыбызғышы алдындағы атылуға дайын тұрған жыланның көзімен бірдей екенін аңғарды. Бойы секем алса да, сыр бермеген. Сол қалпы олардың біраз жерге дейін шығарып сал дегендеріне де сылтау айтпай, атын ерттеп бірге шыққан еді. Шекараға келіп, қоштаса бергенінде әлгі жыланкөз ғұламаның артына айналды. Кенет жауырынына тиген қатты соққыдан Размағанбет бір жағына қисая құлап бара жатты...

Көзін ашқанда қол-аяғы байлаулы, арбада жатқанын сезді. Тастақ жердің ой-шұқырына арбаның дөңгелегі түсіп шыққан сайын басы зіркілдеп ауырып жанын шығарып барады. Жол жиегіне ұйыса өскен шөпке қайта-қайта ауыз салып, аяғы мандымай келе жатқан бақырауық атанды шыбыртқысымен еріне ұрған арбакеш басын көтерген бұған үн-түнсіз қарады. Алда кетіп бара жатқан аттыларға жалтақтай қарап, қапталындағы торсықты ғұламаның аузына тосты. Қаталап шөлдегенін сонда барып білді. Өзіне-өзі келгендей болды. Кенет мұның қозғалғанын байқаған аттылардың біреуі кейін бұрылды. Кешегі жыланкөз екен. Қамшысын бұлғап ілгерілеп кеткендерді шақырды. Қасына бұрын келгендерден басқа тағы да екі-үш бейтаныс келді. Сонда барып Размағанбет өзін қолға түсірудің алдын-ала жоспарланғанын, мына арбакеш пен бейтаныс адамдардың мұны осы жақтан күтіп алғанын білді. Енді қайда кетер дейсің деген болар қолын шешті. Содан төрт-бес күнді артқа тастап осыннан келіп бір-ақ шыққанды.

Ғұлама ағаш төсектің үстіне келіп қайтадан отырды. Қайта-қайта терезе жаққа қарайды. Бәлкім, бүгін бірінші рет, мүмкін тұңғыш рет қара жамылған түннің ұзаққа созылғанын, сарғайып таң атпағанын тілегендей. Аузы арандай ашылған, қанды аждаһаның минут сайын жақындап қалғанын біліп отыр. Қорыққаннан емес, ең болмаса өткенімді көз алдымнан біррет өткізсем, өткеніме есеп берсем деген алдамшы үміт. Ертеде әкесі марқұм: "Шырағым, қолыңа ұстаған байлық көзің жеткен шындық қана емес, орындалса екен деген жетелі үміт те адамды дегеніне жеткізеді" деп отырушы еді. Размағанбеттің кәзіргі үміті ақыреттің есігін ашқанда босқа өмір сүрмеген екенмін деп көңілі тоятындай, өз істеріне көз жүгіртіп өтуге мұрсатболса екен деген ой. Аз еңбектенбепті, бірақ көңілі құрғыр оған тоятын емес.

Білімнің соңын қуып жеті жыл өмірін сыртта өткізген Размағанбет туған жерге келіп, ың-шыңсыз, ел қатарлы тірлігіне көшкен. Өмірден өткен әкесін өз қолымен арулап қойды. Қызылсудың басынан әкесінің іргесінқалаған мешітін үлкейтіп, бала оқытты. Кейде шәкірттерін қасына ертіп салт атпен үш-төрт күнге тау-тасты кезіп кететін. Анау Теңгенің ойы, Жетібайдың қырына шығып, осы жерлерде тұнып жатқан мұнайдың мол қоры туралы сыр шертетін. Ат қапталына артқан дорбаларына ұстаздарының ен даладан ерінбей жинаған тастарын салған балалар да мәз бола күлісіп, көңілді қайтар еді. Ал, ол тастар туралы, олардың қалай пайда болғаны туралы, осыншама байлықтан көз көріп, құлақ естімеген сонау алыстағы шет елдерде жасалар небір кереметтер туралы ұстаздары ұзақ сонар әңгіме шертетін. Сонда иен далада шашылып жатқан байлыққа таң қалған шәкірттері кезі келер, пайдаға асар күндерді асыға күтереді. Күні ертең-ақ сол күндерге жететіндей, мына ұшқан құстың қанатын күйдіретін аңылжыған аптапты далада ұстаздары айтатын, ертегілердей алтын күмбездері күнмен шағылысқан қаланы көргендей әсерде болатын.

Бірақ алдында отырған шәкірттеріне білгенін үйретіп, ауыра қалған қаріп жандарға көмегін көрсетіп, бала кезден жанына жақын туған жерінің тау-тасын кезіп жүретін ың-шыңсыз тірліктің өмірі де ұзақ болмады. Теңіз қолтығынан шалғай жатқан бұл аймаққа да төңкерістің хабары әп-сәтте жетті. Кетікте болып жатқан өзгерістер құм ішіндегі бұларға желдей есіп мың құбылып естіліп жатты. Кешегі дәулеттің тұтқасын ұстағандар, мешіт ішінде тәңіріне ғана табынып, алдындағы шәкірттеріне құран қағидаларын үйреткендер жауапқа тартылып, барынан айрылып, алды кемеге тиеліп сонау Үйшіктің түрмесіне қамала бастапты. Ауыздан ауызға жеткен суық хабар үрегей көңілдерді тұқыртып тастағандай ел ішін көңілсіздік басты. Бір-бірімен кездесе қалғанда айтылар әңгіме де бұрынғыдай емес. Көбі көмекейдің аржағында қалады. Кешегі төріңе жантая жатып, аңқылдай сөйлеп, ақтарыла салатын ақ көйлектің заманы өтіп кеткен сияқты. Бұғып сөйлеп, бүктетіле жүріп, сырын ішіне бүккен адамдар. Бір түннің ішінде жұртын сипатып, түстіктегі елдерге ауып кеткендер де бар. Өмір бойы көз алданышы болған малын қимай, соңынан қуалап Үстірт асып, ия болмаса Қарынжарық, Сақсорқа құмын сағалап жылыстағандар да жетерлік.

Бұл уақытта ғұлама ел ішіндегі дүрбелеңді сезбегендей өзімен-өзі болды. Қашан барсаң да мешіт ішінде қатарласа жиналған кітаптарды ақтарып отырғаны. Бұрынғыдай анда-санда бой жазып қақпанын арқалап, аң қағып келетін кәсібін де доғарды. Дүниенің әр бұрышынан арқалап келген, құны атан түйеге бергісіз кітаптарын жүйелеп, өзінің жазған, сызғандарын ой елегінен өткізумен болды. Бәрінен бұрын оның жанын қинағаны, алды беймәлім аумалы-төкпелі заман туа қалса мына кітаптарын кімге аманат етпек, қайда сақтаймын деген ойлар. Дәл кәзір мұның алдында мыңғырған малы болмаса да, әр тілде жазылған кітаптар мұрнына ілімнің исі бармас талайдың көз сұғына ілініп, айтар әңгімесіне арқау болары анық. Ел ішіндегі әр жердегі сыйлас, пікірлес жандармен жүздеспегелі де көп болды. Бұрын бір-біріне арнайы барып қона жатып, өткен-кеткенді айтып қыдырыстап қайтушы еді. Енді оның да күні өтті. Төбе басынан қарайған көрінсе дастарханын қамдай беретіндер, енді шама келсе әлгілердің бұрылып кеткенін қалайтынды шығарды.

Халықтың бұған деген оң көзқарасы ма, әйтеуір, алғашқы дүрбелең кезінде жаңа үкіметтің адамдары үйіне келіп көзі қызара, қамшысын білемдегенмен көп зиянын сала қоймады. Адам түсініп болмас қым-қиғаш уақыттың жетегінде сөйтіп жүріп біраз жылды артқа да тастады. Бірақ Размағанбет бұл үкіметтің алғашқы ісінен-ақхалыққа жайлы болмасын сезді. Кешегі елдің арын арлап, жоғын жоқтап жүрген Тобанияз, Жалау сияқтылар әлдеқашан қанды қолдардың шырмауына түсті. Іргеңнен үңгіген жебір құрттай бірте-бірте халықтың жел өтіне ұстар бұтақтарын кеміріп, солдырумен келе жатыр. Бұл сойқан осылай созыла берсе күні ертең-ақ басшысынан айрылған халықтың бағытын білмей құзға құлары анық.

Осыдан біраз жыл бұрын Уфа қаласына имамдыққа беки барғанында бас мүфтидің бөлмесінде біраз әңгіме шертілген-ді. Алғашқы сөз дін, құран қағидалары болғанмен артынан ел ішіндегі тірлікке ауысқан. Мына үкіметтің дінге деген теріс көзқарасы, оның зиянының күллі ұрпаққа күні ертең-ақ әсер ететіні айтылды. Діннен айрылған елдің тілінен жұтап, салтынан безетіні сірә белгілі. Ал, ол үшеуінен айрылған халықтың жолының кесіліп, өзгенің сүрлеуімен шұбырмасына кім кепіл. Өз шаңырағыңнан өз қолыңмен түтеткен түтінін шықпаса, өз босағаңнан емін-еркін кірмесең онда бар ғұмырың жетім баланың күніндей болмас па. Размағанбет мүфти айтып отырған Алашорда ұйымының мақсатының дін жолын, мұсылмандықты қорғау, ел еркіндігі бағытында екеніне көзі жетті. Жүз таныс болмаса да сыртынан білетін Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынов, Жаншахан Досмұханбетовтардың істерінің көкейіне қонып, жанына жақын тартқаны да осы тұс. Қайтар жолында поездың бірқалыпты ырғағында теңселе отырып, халқының болашағы үшін жанын шүберекке түйген азаматтарға септігім тисе, бұл өмірдің босқа өтпегені ғой деп ойлаған. Бірақ ол мақсаттарға жету де оңай болмас. Соның жолында талай жанның құрбандыққа шалынып, қасірет жүгін арқалап, орны толмас өкінішті кезеңдер болатынын Размағанбет анық сезді.

Ғұлама қайтадан орнынан тұрды. Көз алдында туған жерінің тау тасы тізбектеле көрінгендей болды. Анау Жабай ұшқан, Сахардың, Байсарының тауы. Сай-сала, жылғасына дейін көкірегінде жатталып қалған. Сол жерлерде мұның ең асыл қазыналары, кітаптары жатыр. Арасында баяғы Михаил Баярунас екеуінің сызбалары да бар еді. Қайтып келем ғой деген үмітпен ешкім көрместей қылып жасырған. Есіне түн жамылып Қызылсуға, мұның үйіне Алшынның келгені түсті.

Қызылсудағы Ащыағардың бойындағы шағын ауыл әлдеқашан түн құшағында көміліп, ұйқыға кеткен. Анда-санда бұлт арасынан ай сәулесі жарқырай шыққанда жан-жақтың бәрі де жамырай көрінеді. Манадан бері сарылып кітап ақтарып, қағаз жазып отырған Размағанбет түн ортасы ауа далаға шыққан. Жым-жырт тыныштықты үй іргесіндегі шырылдаған шілделіктің даусы мен әулие үстіндегі байғұздың үні ғана бұзғандай. Желпи соққан әлсіз самалмен Ащыағардың бойындағы ылғал исі келеді. Кенет Размағанбеттің жіті көзі әулие іргесіндегі ұйыса өскен жүзгенді тасалап, аттан түсіп жатқан біреуді көрді. Атын тұсап, қаңтарған жолаушы аяғын жай басып тура бұған қарата жүрді. Тіп-тік бойынан, жүрісінен байқады, Алшын екен. Жақындай бере оң қолындағы қамшысымен кеудесін басты. Алшынның дабырлап амандасуға болмайтындай тығыз шаруамен келгенін білген Размағанбет қолын созып, ішке кіруге ишарат білдірді. Қонағын төрге оздырғаннан кейін өз қолымен құйып сусын ұсынды. Зерең толы ашқылтым көжені дем алмастан басына көтерген Алшын қалтасынан орамалын алып моншақтаған терін сүртті.

- Реке, жер қараймын деген сылтаумен кеше шықтым. Даланың тағысынша күндіз көлеңкелеп, түнделете жүріп жеткенім осы. Олай істемесем бағытымды біреулер біліп те қоюы мүмкін еді. Ел ішіндегі болып жатқан оқиғадан хабарлысың ғой. Оның бірін тізбектеп жатпаймын. Ана бір жылдары Кетікке бара жатып бірге сапарлас болғанымызда, елдегі ендігі қуғын-сүргін отызыншы жылдары болуы мүмкін дегенің бар еді ғой. Сол айтқаның айнымай келді. Бұл үкімет күшіне енген сияқты. Әділдік, аяушылық дегенді ұмытты. Бұрынғы бұрынғы ма, бұл жолғы қанды шеңгелі ешкімді де құтқармастай. Бас сауғаламасаң болмас. Ендігі кідіріс өзіңді өзің құрулы қақпанға апарып салумен бірдей. Әуелден таныс түстіктегі елдердің біреуіне кеткенің дұрыс сияқты. Әрине Маңғыстаудың топырағынан жырақ кету оңай болмасын білем. Бұл жердің аяқ астында жатқан тасы да, аңызақ ұрған даласы да саған тым қымбат екенін басқа білмесе де мен сезем ғой. Амал қанша, қолдан келер көмектің, қолтығыңнан сүйер демеуімнің түрі осы. Разы бол. Ал енді мен қайтамын. Қайтар жолымда із тастап Бозашымен кетемін,-деді.

Размағанбет үнсіз қалды. Осылай боларын алдын-ала білген. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір ат жалына қол созып, беймәлім сапарға аттанатынын жүрегі құрғыр әлдеқашан сездірген. Оның көзі қатарласа жиылған сандыққа түсті. Іші алтынға толы, небір жақұт жатқандай ышқынып кетті. Мұнда жазбалары, түн ұйқысын төрт бөлген еңбектерінің жиынтығы жатыр ғой... Ең болмаса соларды ажыратып, пайдасына жаратар біреуге аманат етсе, қиналмай-ақ кәзір аттанар еді. Бәлкім бала кезден дүниені кезіп жүрген бұған топырақ сол жат жерден бұйыратын шығар. Апырай, ә. Қиналған ғұлама қасында үн-түнсіз, жүгініп қамшысына сүйеніп жауап күтіп отырған Алшынға қарады.

- Түсінем, Реке. Сенің ең қымбатың да, қимасың да осы кітаптар мен қолжазбалар ғой. Бәлкім қайта ораларсың. Аумалы-төкпелі заман да қалпына келер. Үмітсіз шайтан демейтін бе еді. Өз қолыңмен жасырып кет. Дәл кәзір бұлардың ауыртпалығын көтерер адам табыла қоймас. Ал аналардың қолына түссе, бақырдай да құны жоқ, ертең-ақ өртейді. Кәзір осылардың сойылын соғып жүргенмен менің де алдым тұман сияқты. Бұлар кәзір ұяласына тимейтін қасқырдан да жаман. Ертең қан аңсап, жемтік іздегенде ауыз салатыны біз болмай, кім болар дейсің. Бұйырмыс болса түптің түбінде бір ізгі жанға тап болар. Сол кезде осы елдің кәдесіне жараса болғаны-да.

- Ал ендеше, қош. Құдайым жақсылықпен жолықтырғай. Бір-бірімізді көрмесекте сыртымыздан тілекші болып жүрейік,-деді Размағанбет.

Әулие қасындағы жүзген ішінде тұрған Размағанбет сырлас інісін шығарып салды. Түн қараңғысына сіңген жолаушы көрінбей кетті. Тым-тырыс түнде желе жортып бара жатқан аттың анда-санда пысқырғаны естіледі.

Содан ешкімге білдірмей Сахардың, Байсарының тауына, Жабайұшқанға бөліп-бөліп жасырған. Өзі болса жел айдаған қаңбақтай домалап жүріп қызылбастардың елінен барып бір-ақ шықты.

Мұнда келгеннен кейін де маңдайы шылқи қоймады. Ауыл итінің құйрығы қайқы деген осы. Жан-жақтан босып, азып-тозып келгендерді кім маңдайынан сипай қойсын. Кәпірдің елінен келдің, дініңді ұмытқан шоқынды шығарсың деп назмиесіне (бұл жақта милицияны солай атайды екен) сүйреп, артынан білімінің осал еместігін байқағасын жоғары жаққа, Астрабатқа апарып тағы да тергеуге алды. Әйтеуір екі ай анда-мұнда апарып, тексеруден өткесін барып тұруға рұқсат етті.

Размағанбеттің келгелі байқағаны құрығы ұзын, тоқпағы мықты үкіметтен қашып келіп, осында паналаған қандастарының Иранның әр жерінде тарыдай шашылып жүргендігі. Кешегі маңдайға біткен дәулет, қанына сіңген кәсібі жоқ ел, әйтеуір өлместің күні біреудің малын бағып, жерін жыртып тесік тамағын тауып жүр. Бұлай бола берсе күні ертең-ақ қалың парсы ішінде құмға сіңген судай жоқ болатыны белгілі. Жел өтінде қалған азғана халықты жайпап өтер дауылдан аман сақтар жалғыз жол, шама келсе бір жерге бірігіп, қанына сіңбесе де жер тырнап тірлік жасау. Бірақ олардың басын қайтіп біріктірмек. Размағанбет өткенде Күмістөбеде отырған атақты құдықшы руы қараш Бейнеубайға осы ойын айтқан. Көп сөзге әуестігі жоқ Бейнеубай:

- Біздің халықтың жайын сенен артық ешкім білмес Размағанбет. Кең далада өсіп, малмен ғана күнелтісін жасаған халықтың мына құмырсқаның илеуіндей ығы-жығы, ыстығы кеудеңді қысар жерге үйреніп кетуі де екі талай ғой. Бірақ "басқа түссе баспақшыл" деген. Амалы қайсы. Біздің ұрпақтың бұл да бір басына түскен сергелдең шығар. Кім дегенімен келді мұнда. Жасымыз жер ортасына келген екеуміз де жүрміз. Енді туған жерге оралу бар ма, жоқ па, ол бір құдайға ғана аян. Менің сүйегім осында қалады-ау деймін. Анда-санда қолым қышып күрек ұстайтыным бар. Бойға сіңген қасиет қой. Онан басқа қызылбастарды сулы қылайын деп жүр дейсің бе. Жатыр ғой әне, үй іргесінде ағып лай су. Бір-екі бел топырақ алғаннан кейін күрегімді тастай салам. Білесің бе, жарықтық Маңғыстаудың топырағының да исі бөлек еді ғой. Қазған сайын, тереңге түскен сайын өзіне тарта беретін. Әр құдыққа түсіп шыққан сайын, қара жердің астының күйін тыңдап, жырына қанып шығатын едім ғой. Размағанбет-ау, сол топырақтың ерекшелігі ғой, мен саған бір қиын жайды айтайын. Байқадың ба, жоқ па білмеймін. Басқа қиындық сірә өз алдына, осында келгелі жас келіндер міне екі-үш жылдың жүзі болды, бала көтеруден де қалды. Шерлі, мұң жайлаған адам ғана өмірге деген қызығушылығын жоя бастайды. Мұның бір жолын таппаса ертең осында келген күллі ұрпақ құриды. Оның жолы жаңағы өзің айтқан бәрінің басын бір жерге жинау. Бір-біріне мұңын айтар, шаршаса қолтығынан сүйер, көңілдерінде ілгеріге деген үміт ұялар. Бізге қарағанда ілімің көп, бар жайды айтып мына қызылбастардың патшасына хат жаз. Басын біріктір, қызмет берсін.

Өткенде түс көріп едім. Шың жағалап, қазатын құдықтың орнын қарап жүр екенмін деймін. Кенет күрегімнің қолымнан шығып кетіп төмен қарата құлдырай жөнелгені. Жүзі майрылмайтын асыл темірден жасалған еді. Апыр-ай, жолда бір тастарға ілініп қалмай, сонау төмендегі қамыс өскен сулы жерге түссе деймін. Құдай дегенімді берді. Құдай дегенімді берді. Сол құлдыраған күйі әлгі мен межелеп тұрған қамыстың қасына барып түсті. Кенет қозы қайырып жүрген екі-үш бала әлгі күрекке қарай жүгіре жөнелді. Біреуі барып көтеріп алды. Әлпейісім екен. Қасындағы екеуі де менің балаларым Іңірбай мен Арқарбай сияқты. Менің күрегім ғой әкеліп берің деп айқайлаймын. Бірақ күректі орталарына алған үш бала мені еститін емес, ұзап бара жатыр. Оянып кетіп олар жігіт болып еді ғой, неге бала болып көрінді екен деймін. Ее, деймін артынан, мен аяқтамаған істерді балаларым іліп әкетті ғой. Бұрын менің айтқанымды істейтін болса, енді өздерінше қолтаңба қалдырады екен деп ойладым. Сөйтіп көңілім бірленген сияқты. Ал сенің мына айтқаның көңілімдегі кірбіңді кетіргендей болды. Басымызды біріктірші. Қой терісінің пұшпағындай болсақ та, бір жерден түтін түтетелік. Өле қалғанда бір бел топырақты қандасың салса, арман не,- деп еді жарықтық.

Шүкір, патшаға жазған арызы, сұраған өтініші аяқсыз қалған жоқ. Әр жердегі қазақтар сөйтіп Бендерге, Горганға, Күмбет Қауысқа шоғырланған. Адам ит жанды деген осы-ау. Бастары біріккеннен кейін әзіл қалжың айтып, қыдырыстап, аралары жақын екі-үш қаладағылар бір-біріне қыз ұзатып, келін түсіріп жырғады да қалды. Бірақ бастары қосыла қалса айтатыны туған жер, көзден бұлбұл ұшқан дәурен, қайта оралмас күндері. Тіпті сол алыста қалған Маңғыстаудың басқасын былай қойғанда шілдеде уы молайып, күшіне келетін қарақұртының шаққанында жыр қылып, сағынышпен айтып отыратынын қайтерсің.

Қанша қиын болса да өмір жалғасын тапқан сияқты. Бейнеубай екеуінің сағынышпен күтіп жүрген алғашқы сәбиі де өмірге келді. Соның тұсаукесерінде кішкентайын бауырына қысқан Ескелді ауылының келіні төрде отырған екеуінің алдына келіп:

- Қадірлі аталар, мына кішкентай осы топырақта жаратылды. Бірақ оның ойы да, қаны да атамекені Маңғыстауға деген сағынышқа толы. Өйткені бойыма біткен күннен бастап осы шарананы өмірге әкелсем, көзім тіріде туған жеріне табыстырсам деген ойдан бір сәтте ажырап көрген жоқпын. Туған жерге деген сағынышым жас боп ақтарылған талай түнді менімен қосыла аңсады, мұңыма мұңдас болды, сағыныш зарын бойына сіңірді. Жат жерде топырақ бұйырған ата-енемнің аманаты да осы тентектің мойнында. Аяғым ауыр кезде енем марқұм:

- Шіркін-ай, осы кішкентайдың тұсауын Үстірттің дәрі шөбіне жайылған, ішін жарғанда майы ақтарылып түсетін қойдың тоқ ішегімен кесер ме еді,-деп отырушы еді. Оған жете алмады. Осындағы елдің ақыл сұрап, қажыған сәттерінде демеу көретіні де өздерің ғой. Алдарыңа әкелдім. Бірін бата берің, бірің тұсауын кесің,- деді.

Бұлар тұсауын кесіп, батасын берді. Өмірің жат жерде өксімей, қасиетті жеріңе жет деген тілектерін де айтты. Қолдарын жайып, көз жастары мөлтілдеп отырған көпшіліктің көкейінде мына зұлматтың тез аяқталып, елге оралар күндер жатқан еді.

Ол жақта жүріп те елге құлағын тосумен болған. Қаншама қиын болса да ретін тауып, арғы беттен бері келетіндер болып жатқан өзгерістерді жеткізетін. Әсіресе ғұлама үкіметтің түбек жерінен мұнай іздеп, экспедиция шығарып жатқанын естігенде баяғы Михаил Баярунас екеуінің талай шарлап, өздерінің белгілеп, үмітпен қараған жерлері көз алдына елестеп, оттай басылатын еді. Қап әттеген-ай,-дейтін кейде ішінен, ең болмаса сенімді адамға сол жазбалардың жатқан жерін де айтпай кеткенім. Бірақ солай болған күнде де кім жанын шүберекке түйіп, "мынау Размағанбеттен қалған мұра еді" деп көрсете қойсын,- дейді тағы да. Өзі кеткеннен кейін де артта қалған талай туысы қасірет шекпеді ме.

Көз алдында ізі аңдулы, аяғыңды шалыс бассаң қарақұрттың шатырындай матап тастар торыдайын олар түгілі, жат жердегі мұны да қолына түсірген жоқ па. Размағанбет бәрінің де кеш екенін біліп отыр. Беріге дейін қайта оралам деген үмітін үзбеген. Жаңа үкімет құрылғаннан кейінгі алғашқы қудалау, қамауға алу, құрбандыққа шалу сияқты істердің бәрін өткінші көрген. Бірақ олар оған қанағат етпеді. Күн өткен сайын күшейіп, елге көрсетер зәбірі толқын-толқын болып жалғасумен әлі келе жатыр. Өзі танитын, көзі көрген адамдардан басқа осында жеткен хабарларға қарағанда ел ішіндегі бетке ұстар ешкім қалмағандай. Баяғыда Баярунас екеуі кешқұрым өзгелерден бөлек, от алдында отырып осы бір қасірет жайында пікірлесетіні бар еді. Сонда Михаил Викентьевич Россиядағы не бір айтулы ғалымдардың, әскер басылардың атылып, қамауға алынғанын, ретін тапқандар шетелге бас сауғалап кеткенін айтқан.

- Бұл белгілі дәрежеде ғылымға зор зиянын тигізеді, ал ол айналып келгенде елдің дамуына кері ықпал етеді. Менің тағдырымның қандай болатынын өзім де білмеймін. Николай Иванович Андрусов болса шетелге, Чехословакияға кетті. Бәлкім соның шәкірті болып, тәлімін алғанымыз да басымызға тоқпақ болып тиер. Кім біліпті. Бірақ Россия алдында титтей де кінаратым жоқ. Міне, Размағанбет,- деп мойнындағы кресін маңдайына тигізген. Елде жүргенде бір-жар рет хат алысып, хабарласқаны бар. Содан кейінгі тағдыры белгісіз.

Ал өзінің де міне күні бітті. Ойда жүрген, көкейінде сайрап жатқан көп сөзі өзімен бірге бара жатыр. Қаншама талпынып, сыртқа хабар жіберем десе де мүмкіндігі болмады. Салмағы көп аманат еді. Әттең, құс хабар болып жетсе сол аманаттың артында үлкен іс, елінің ырысы, ұрпақтарының болашағы жатыр еді.

Кенет жон арқасы мұздап қоя берді. Салдырлап есік ашылды. Ғұлама орнынан асықпай тұрды. Ішке кірген төртеудің бірі бұл аспанға ұшып кететіндей аяқ-қолына кісен салып, түте-түтесі шыққан төсекті, үсті-басын мұқият тінтіп шықты. Қалтасындағы кішкене құранды әлгі төсек үстіне тастай салды. Түрменің тар дәлізімен жүріп, төменге түсті. Арттарынан зілдей темір есік қайтадан жабылды. Ғұлама ішінен кәлимасын қайырып, "ал мен дайынмын" дегендей әлгілерге қарсы қарап тұрды. Олар алдарындағы стол үстіндегі майы сыртына шыққан қағаз қораптың ішінен жылтыраған, су жаңа оқтарды алып бесатардың қап-қара болған көмейіне тыға салды. Өзіне бағытталған төрт мылтықтың төрт ұңғысы көтеріліп келіп, тура жүрегіне келгенде кілт кідірді.

- Өмір сенің тым қысқа екеніңді мен де бүгін білдім,-деді іштей.- Бәлкім азапты күндерің де тәтті шығар. Аз жасадым деп құдайға күпір болмайын. Пайғамбар жасы да жақын қалған еді ғой. Қара бастың қамын ойлап домалай бермеппін. Артымда ұрпақтарым ғасырлар бойы айтып жүрер сара жолдың сүрлеуі қалыпты...

Мылтықтың ұңғысынан қып-қызыл болып жалын шықты.

Кеудесіне кірш етіп қадалған қорғасынның күйдіріп бара жатқан ыстығын сезгендей болды. Бар күшін жиып көзін ашқанда Сахардың тауынан сарқырай аққан бұлақты көрді. Ақ ұлпа құс қанатының үстінде әлде ақ мамық бұлт ішінде ме, әйтеуір жеп-жеңіл болып көкке көтеріліп, азғана күн ғұмыр кешкен пәни жалғаннан бірте-бірте ұзап бара жатты...

АТА ЖҰРТЫМ АЛТЫН ДІНГЕГІМ

Алтын ордам, көрейінші деп келдім,

Қолым ұшын берейінші деп келдім.

Шетте тудым, шетте өстім ағайын,

Дәл ортаңда өлейінші деп келдім.

Атамекен, нәр алайын деп келдім,

Шертіп бір күй, уанайын деп келдім.

Сен жыласаң жоқтау айтып тоқтаусыз,

Сен қуансаң қуанайын деп келдім.

Монғолиялық ақын Бекен Қаратайұлы

Басыңнан кешкендеріңді айт дейсің-ау, қарағым. Нені айтам. Жат жерде өскен сол жылдар сағыныш пен мұңға толы, желісін сағынған аруана сияқты осы жаққа, Маңғыстауға жанарымыз талғанша қараумен өтті ғой. Үмітсіз шайтан демейтін бе еді. Бірақ сол үміттің де кейде тым ұзаққа созылып, торықтыратын кездері болады екен. Баяғы шешемнің өмірден өтер алдында үй алдындағы биік төбеге шығып, көзінен парлаған жасын жаулығымен үнсіз сүртіп, көз ұшында бұлдырай көрінген жақты көрсетіп:

-Сонау көрінген сенің туған жерің еді, құлыным. Кіндігің сол жақта кесілген. Ойхой, шіркін дүние-ай, сен өмірге келгендегі Үстірттің үстінің отын айтсаңшы. Жұпар исі аңқыған жусан мен еркек тізеден келетін. Қайран Үстірттің кешке таман соғатын, жаныңды сергітер ауасын айтсаңшы. Мына жердің өкпеңді сығар ыстығы жоқ онда. Сол кезде әлгі самалға қосылып ырғалып тұрар селеулі дала әлі есімнен кетпейді. Немерелі болдым деп марқұм атам бір тайды алып ұрған. Ол жақта осы кәзіргі біздер сияқты ешкім құмырсқаның илеуінше бір жерге тығылып отырмайды. Ана төбенің, ана қырдың үстінде бөлек-бөлек отырғандар сол күні артында сызылған шаң қалдырып, жан-жақтан біздікіне ағылған. Ат жарыстырып, белдесіп күресіп, ән айтып, мәре-сәре болған еді. Немере сүйгізіп, тағдырдың қолтығымнан сүйегені шығар деп сонда атыңды Демеген қойып еді атам жарықтық. Бірақ артынан тағдырдың аяусыз тәлкегіне түсетінімізді ол кезде кім білген. Жаңа үкімет орнады. Ет тірлігімен маңдайға біткен азын-аулақ малға бола "байсыңдар" деп қудалау басталды. Атамдар түрікмен жерінде қалды, біз одан әрі шығынып осында, парсы жеріне келдік. Алдынан кесе көлденең өтпеген ата-енемізге өмірден өткенде топырақ салу бақыты бұйырмады бізге. Соны ойласам әлі күнге дейін жанымды қоярға жер таппаймын. Елдің іші ғой, әйтеуір бір мұсылман бетін жапқан шығар. Бірақ өз балаларының орны бөлек еді ғой.

Енді міне, сол жақты сағына, сағына мен де өмірден өтіп барамын. Ең болмаса сүйегім барса деп армандаумен болып едім. Бірақол болмады, құлыным. Енді құдайдан сұрарым сендер жетсеңдер екен сол жерге. Ондай заман туа қалса туған жерге менен сәлем айт. Сағынғанымды айт, сағынышымның шексіз болғанын айт.

Тұла бойым жанып барады. Шіркін-ай, осы кезде тісіңді сындырар шымыраудың суы болар ма еді. Жаныңды сергітер Үстірттің ауасы болар ма еді, бірақ ол қайда, жоқ қой... А, құдай, қайырымың мол еді ғой, маған қимаған, менен қызғанған сол қуанышыңды осыларға бере көр. Сөйте кер әулием, мен титтей де ренжімей етейін,- деген еді сонда шешем егіліп отырып.

Көп ұзамады. Бірінен соң бірі өмірден еткен әке-ешем Иранның Күмістөбе дейтін жерінде қалды. Түрікмен, қазақтың қауымы бір. Ол жақтың салты бойынша басына белгі қойылмайды. Елге оралу бақыты маңдайыма бұйырып, бастарына дұға оқып кетейін деп барғанымда орнын таба алмадым. Әйтеуір осы жер болар деп шамаладым. Өйткені бастапқы барған әзірде бізден адамдар көп өлді ғой. Кең далада өскен маңгендері болды. Анау-мынау ұсақ жұмыстар болмаса, мемлекеттік биік қызметтерде істеген ешкім болған жоқ. Айыбы сен қазақсың. Мұны олар қысылмай, қыстырылмай бетіңе тіке айтады.

Барғаннан кейін қырық жыл өткесін барып, қолымызға документ берді. Оған дейін жүрген жүрісінің бәрі санаулы, аңдулы болатын. Бір жаққа баратын болсаң әлгі книжкеңе оралар уақытыңды жазып беріп, мөрін басады. Сол айтылған күні қайта оралуың керек.

Бірақ қолымызға еркіндік бермегенмен әскеріне алды, соғысында шабыстырды. Біздің көбіміздің балаларымыз кешегі Иран-Ирак соғысына қатысты, қаза болды, жараланды. Ол жақта болған жылдарымызда бір ғана нәрсеге шүкіршілік ететін едік. Қалың парсы, ұйлыққан түрікмен арасында жоқ болып кетпей, ұлттығымызды сақтап қалыппыз. Ұлдарымызды намысшылдыққа тәрбиеледік, қыздарымызды жат жұрттың қойнына салмадық. О, тоба, тіліңнен, діліңнен айрылғаннан сақтасын. Ондай маңдайының бағы ашылмаған халық аз ба еді.

Баламыз ғой, көп нәрседен хабарсыз болып өстік. Ақсақалдардың айтуы бойынша атақты ғалым Размағанбет болмаса бытырап кетеді екенбіз. Сол Рекең әр жерде тарыдай шашылып жүрген қандастарын жинап, ел қатарлы күнелтуі үшін егінмен айналысуы керектігін біліп, парсылардың патшасына хат жазып, жер сұрапты. Патша уәдесін берген. Бірақ, шырағым, халықтың маңдайынан бақ қайтайын десе оңай екен ғой. Қазақтарға жер береді екен, өгіз, тұқым береді екен деп жүргенде ол ұсталып кетті. Ашхабатқа әкеліп атыпты дейді ғой. Бірақ ғұламаның биліктің тұтқасын ұстағандардың алдына барып сөйлесіп, патшаға берген арызы зая кетпепті әйтеуір. Артынан әр жерде бытырап жүрген қазақтарды жинақтап Бендерге, Горганға, Күмбетке әкеліп орналастырды ғой. Итшілеп жүріп өлместің қамын жасадық. Бір-біріміздің басымыздағы қуанышқа ортақтасып, мұңдысына көңілімізді айтып, шама келгенше қолтығынан сүйедік. Бас екеу болды. Өмірге қарақұлақтар келді. Ендігі тілек солардың болашағы еді.

Баяғы шешеміздің тірісінде сөйлесе болды көкірегі қарс айрылып, көз жасын төгіп армандайтын туған жерге деген сағыныш біздің бойымызда да өшкен жоқ. Қайта маздай түсті. Еліміз туын тігіп, шаңырағын көтермегенмен сол жақтан ескен жылы лепке құлағымызды түрумен болатынбыз.

Елдік дегеннің не екенін білесің бе? Мұндай сұрақты өзіңе қойғаныма ренжіме, шырағым. Менің айтайын дегенім "қолда бар алтынның қадірі жоқ" деген бар-ды. Мана басында айттым ғой, парсылар бұл жақта біздерді ия түрікмен дейтін, ия "шурави (орыстар)" дейтін. Қанша қиын болғанмен мұны да көтердік. Көтермеске дәрменіміз қайсы. Өйткені қанша айтқанмен ол кезде Қазақстан дербес ел емес еді ғой. Содан қорғалайтынбыз. Ал, еліміз көк байрағын тігіп, өз алдына ел болғанда біздер қандай қуандық десеңші. Жат жерде жүрсек те ағасына арқа сүйеген баладай еңсемізді көтердік. Енді "шурави" дейтіндерге қарсы сөйлеп, қазақ екенімізді, ана жақта іргелі еліміз бар екендігін мақтанышпен айттық. Батыл айттық. Адамның көңілі дейтіннің ешбір бақсы-балгер болжай алмайтын ерекше бір қасиеті болды. Сол көңіліміз бір жақсылықты сезді, екі ортаға жүрер керуеннің болашақ жолын сезді. Сол күні ақсарбас шалып, бір-бірімізді құттықтап, жылап отырып қуанып, қуанып отырып жылап едік. Құдайдың бар екеніне, жетпіс жыл бойы төгілген жастың бекер кетпегеніне тәубе дедік. Көңіл күпті еді, шырағым.

Ой, қарағым-ай, адам ит жанды деген осы. Осы күндері еліміз тәуелсіздігін алды дегенде жүрегіміздің қуаныштан жарылып кетпегеніне әлі таң қалам. Тоқсан екінші жылы күзде президентіміз келеді деген күні Горганда, Бендерде, Күмбетте тұратын бар қазақ Тегеранға ағылды. Үкіметтің сақшылары самолет қонатын жерге жолатар емес. Кенет маңдайы жарқырап баспалдақтан түсіп келе жатқан патшамызды көргенде бар қазақ не істерін білмей теңселіп кетті ғой. Қарағым-ай, дәл осы сәтті саған қайтіп түсіндірем, қайтіп жеткізем. Еліңнің елдігін білдіріп, бар қазақтың жетпіс жыл бойы үзілген сағынышын арқалап келді ғой Нұрекең. Кешегі қазақ деп айтуға тілі келмейтіндердің ана қасиетіңнен айналайын көк байрақтың алдында сымша тізіліп, патшамызға бас игенін көргенде жүрек түкпірінде шер боп қатқан біздің сағынышымыз жас болып төгілмегенде қайтушы еді айналайын. Ағаш арасында жасы сақалын жуып ақсақалымыз батасын берді, жігітіміз еңкілдеп отырып өз патшамыздың қадамын құтты қыла көр деп ақсарбасын шалды.

Сол күні бәріміз де еңсемізді түсірген зілден арылып, марқайып қайтқанбыз. Жолда келе жатып күн астында самғай көтерілген қыранның суретінің көк байрақта бекер салынбағанына көзіміз жетті. Күнелтіс үшін әркімнің жерін жыртып, малын бақсақ та, алақан жайып қайыр сұрамағанымызға парсылар таң қалып "намысшылдар" деуші еді. Бақсақ, о бастан да аяқтың астындағы боқты шұқуға емес, арпалыспен өмір сүруге жаралған халық екенбіз ғой.

Бақытты екенбіз. Сағындырған, сарылып күттірген туған жерге тоқсан бестің күзінде табанымыз тиді. Алғашқы көш едік, ол әлі жалғасып жатыр. Кейде ойлаймын, бізге құдай берген осы сый бұдан 20-30 жыл бұрын болғанда Иранда бірде-бір қазақ қалмас еді. Ел ішіндегі азаматтарға ризамыз. Басыңа жай берді, реті келгендер жұмысқа орналасты. Өз бетімен тірлік етіп жүргендер де бар. Алғаш келгенде қиындықтың болғаны рас. Бұл жақтың заң-зәкүнінен бейхабар адамға үйреніп кету де оңай емес қой. Бірақ бәрі де өткінші нәрсе ғой. Негізгі мақсат баяғы әкелеріміз бен шешелеріміздің қолы жетпей сағымға айналған арманы орындалды. Өз жерімізге келдік, тынысымыз ашылып еркін дем алдық.

Шырағым, жат қорлығы жаман. Тепкі көрсең де өз жеріңде көр. Өз билігі өзіндегі, ешкімге жалтақтамайтын елдің тәуелсіздігі - ең негізгі байлық. Мүмкін қиындық көрмеген, жат елдің қысымын көрмегендер мұның қадірін біле қоймас. Сауатсыз адаммын ғой. Біреулер Елбасына, билік тізгінін ұстаған азаматтарға риза болмай ананы бүйтті, мынаны сүйтті деп реніштерін айтып жатады. Меніңше олай айту, ат үсті баға беру қате сияқты қарағым. Өзіндегі байлық өз қандастарыңдағы барлық ешқайда кетпейді. Айналып келіп ақыры өз қазығына, өз қазанына құйылады. Тек жатқа кетпесін деп тіле. Қазір қанша майлы ішектей жылмаңдап, тонның ішкі бауындай араласып жүрсе де жатқа кетпесін. Өзгенің қолына түскен байлық орнын осы жерден емес, өзге жақтан табады. Солардың мүддесіне жұмсалады.

Көшіп келген жылдары алғашында осы өңім бе, түсім бе деп жүрген кездерім де болды. Бәлкім, мен саған еркіндік деген, бостандық деген ұғымның мән-мағынасын дәл жеткізе де алмаспын. Қазақта "қайғысыз қара суға семіреді" деген сөз бар. Әне, сол ешкімге жалтақтамай, өзге алдында жігерің жасымай, еңсең биік, мәртебең жоғары жүргенге жетер ештеңе де жоқ. Өткенде әлі Ираннан көшіп келе қоймаған іні-келіндерім, ағайын-туғандар келді. Бекет-атаға зиярат етіп қайтты. Тәуелсіз ел болмасақ екі орта ашылар ма еді, қасиетті атаға жол созылар ма еді. Ұрпақтарын ол да желеп-жебеп жатқан шығар.

Басқа не айтайын шырағым. Жасым келген адаммын. Көп жүріске жоқпын. Анажақтан келгендері бар, осыннан табысқандарымыз бар, той-садақаларына машинамен алып кетеді, әкеліп тастайды. Көбінде осы есік алдындағы орындықта қонақтап отырамын. Далаға шықсам болды бір мамыражай тірлікті көремін. Ауасы да бөлек, атар таңы да, батар күні де өзгеше. Парсы жерінде жүргенімде батып бара жатқан күннің өзі денемнен бір тамшы тірлікті алып кеткендей әсерде болушы едім. Әне қарашы, бір-бірімен қолтықтаса кетіп бара жатқан адамдардың еркін сөйлесіп, күлгенінің өзі неге тұрады. Ел іші, көп іші болғаннан кейін бәрі де болады. Өз жеріңде біреуден орынсыз сөз естісең де ештеңе емес, артынан келісе жатасың, бір-біріңе кешірімің болады. Егер мұны шет елде, басқа біреуден естісең маңдайыңа таспен ұрғандай болар еді. Елің болмаса, арқа сүйер Отаның болмаса, жат жерде өксікпен өміріміз өтіп, тірлігіміз сұраусыз үзілер еді.

Тәубә, жасаған! Құдайдан да, тағдырдан да сұрарым еліміздің осы бір ұйыған бірлігі, қуанышқа толы тірлігі, ертеңге деген үміті, ұрпақтары тойлар қызығы таусылмағай. Тәубә жасаған, тәубә!

АТАЛАР АМАНАТЫН АРҚАЛАП КЕЛГЕН АЗАМАТ
Пенде едім бұл пәниден жиғаным кем,
Арымды алып келдім иманыммен
Шешемнің сүті сіңген сүйегімді,

Жат жұрттың топырағына қимадым мен.

Қолымда дәнеңем жоқ берер бөліп
Беріңдер ата жұртта өлерге ерік
Алтындай арқалаған сүйегімді,

Тастаңдар топырағыма терең көміп.

Шыңжандық ақын Жәркен Бөдешұлы

Жасы тоқсанға келсе де әлі тың, ой-өрісі жинақы қария өткен күндерін бірде күле, бірде мұңая еске алып отыр. Бұдан жетпіс жылдай бұрынғы адам аттарын, жер-су атауларын жаңылмай атағанына таң қалумен мен отырмын.

- Е, қарағым-ай дәулеті шалқыған елдің бұлаңдап өскен қызы едім. Мал десе мал да бітіпті, ұрпақтарының жапырағы да кең жайылыпты. Әкемнің екі әйелінен өрбіген он төрт ұл мен қыздың ортасындағы бір еркетотайы болдым. Әкем Қыстаубай ахун тек өз руы Әлилерге ғана емес, бүкіл елге сыйлы болған екен. Екі жасымда осы отырған Қараштар шаңырағы айттырып, он алты жасымда келін атанып, оң аяғыммен қасиетті табалдырықтарын аттап едім. Бұлар да ырысы арылмаған, қазанынан буы кетпеген ел екен. Кешегі байдың ерке қызы бір күнде дәулеті шалқыған шаңырақтың келіні боп сызылған да қалғанбыз. Бірақ құдіреті күшті Жасағанның бізге деген оң қабағы көп ұзамай өзгеріп шыға келді ғой. Елде дүрбелең басталды.

Кімнің қай бағытта жүргенін ешкім білмейді. Әйтеуір танаулары желбіреп, атының белін босатуға да мұршасы келмей ала шапқында жүрген көпшілік. Біреу қырға қашты, біреу ойға тығылды. Бір түнде жұртын сипатып Бесқалаға асқандар да болды. Атам Киікбай марқұм әліптің артын баққысы келді ме, әлде осы жер тыныш болар деп ойлады ма кім білсін, ойға да құлаған жоқ, Жем, Сағызға да бармай төрт-бес жыл Түлейдің қалың жықпылының арасында жүрдік те қойдық. Анда-санда қалашылар Бесқалаға барып ұн-секерін, шай-суын алып келеді. Бәрі тыныш сияқты болатын. Бір күні атамыз жайсыздаутүс көргенін, осы отырған ел тоғыз тоқты сойып садақа беріп, содан кейін түстікке қарай көшетінімізді айтты жарықтық. Жаспыз ғой, ештеңеге мән бермей әйелге тиесілі шайымызды қайнатып, ішек-қарын тазалап жүрдік, ет қазанға да салынды, көп ұзамай бүлкілдеп қайнай бастады. Шайға енді отыра бергенде атын көбікке малған шапқыншы келіп, қыр астында көп әскердің келе жатқанын айтты. Содан у-шу. Қазан қайнаулы, үй тігулі күйінде қалып, қолымызға түскен көлікке жармасып бостық та кеттік қой. Сонау Қаратүлейден Балқан, Жебел асып, жолай қосылған түрікмен, қарақалпағы бар шекараға да жеттік. Осы жерде ұлы көштің жолындағы жалғыз өткелді үкіметтің әскерлерінің қоршап алып отырғанынан хабарлы болдық.

Ауырлау ауыс-күйіс заттарымызды лақтырып таудың биік шатқалынан да өттік. Содан қызылбастардың Күмбет-Қауыс деген қаласынан орын тептік қой. Иран жеріне аяқ басқанда мен жиырма екідегі келіншек едім. Мына отырған Нияздың әкесі, қайным Қартбай онда тоғыз жасар бала. Атам байғұс кейін төсек тартып, төрт айдан кейін өмірден өтті. Әлі есімде өмірден өтерде менің күйеуім Жұмағазыны, басқа да балаларын қасына шақырып: "Мен өмірден озып барам. Қайда барсаң да Қорқыттың көрі деген осы екен. Жасым келсе де білмегенім, көрмегенім көп екен ғой. Шыбын жанымды аман сақтаймын деп көз көріп, құлақ естімеген жерге де асып едім. Бәрібір құрығынан құтыла алмадым. Енді білдім, бірақ бәрі де кеш енді. Бүйткеннен елде, орыстың оғынан өлгенім тым артық еді. Шүкіршілігімнен өкінішім көп. Өкінішім сол сендерді алды жұмбақ, сүрлеуі белгісіз жолға әкеп, өзім далада, ата-баба топырағынан тысқары қалдым. Құдай күле қараса елге қайтың," - дегенді үзіп-үзіп зорға айтқан. Қазір тоқсандамын. Атамның аманаты, менің туған жерге деген сағынышым, елге қайту жолы тым ұзаққа созылды ғой қарағым. Осы күні ойлап отырсам баяғы бізбен бірге барған 50 - 60 жанұядан елге қайтқан үлкені мен екенмін. Бәлкім бұған түскен босағамның қадірін төбеме көтерумен болғаным, сарқытын талай ішкен аталарымыздың табағына сәлемімді жазбай пір тұтқаным себепші болған шығар.

Маңғыстаудың талай жақсысы мен жайсаңы осы шаңырақ астында бас қосқан. Баяғы атақты құдықшы Бейнеубайды білесің бе? Жарықтық атын атағаныма ренжімес, сауап болады дейді ғой. Сол қайнағамыз да осында келді. Баяғы дәурен, дүрілдеген атақ жоқ. Арып-ашып келгенде бір иманжүзді түрікмен тап болып, сол үйде елдің құманын жамап, шаттауығын соғып тірлік етеді. Бір-екі рет елдегі балалары келіп кетіпті. Бір күні әлгі аты кім еді жарықтық Ей, Алла-ай, мені де кәрілік жеңе бастады ма қарағым. Ие, Байбоз Өтесбай деген барса қайнағамыз төсек тартып жатып қалыпты. Мені қолдарына алсын деп хабар жіберіпті. Сонда осы Нияздың әкесі, қайным Қартбай, 11-12-дегі бала арбамен алып келіп еді. Үйімде өз атам тірі болса да бағамын ғой. Келгенше қолымдағы бар матадан көйлек, дамбалын тігіп, төсегін дайындап қойғанмын. Содан көз жұмғанша менің қолымда болды. Әңгімешіл кісі еді. Даусы зор, дене бітімі тым ірі болатын. Қасиетті кісі ғой, қасиеттілермен жолдас болатын. Көрпе Оразмағанбетпен өткен-кеткенді айтып көп отыратын. Екеуі де жер тамырын көп ұстаған адам ғой, ана жердің топырағы анадай, тасы мынадай деп отыратындары құлағымда қалыпты. Ол кезде үлкеннің алдынан аттап өтпейтін кезіміз аузына қарап, әңгіме тыңдау үрдісімізде жоқ. Шай суын дайындап риза қылатын едік. Бесжусан деген жерде намаздігерде өмірден өтті. Қолымыздан арулап қойдық. Алғысын да көп берген еді. Солардың шапағаты шығар, әлі жер басып жүрмін ғой. Кысқасы осы қарағым. Нұрсұлтан Назарбай келіп елге қайтың дегенде осында бас болып аттандық. Аяқтанбаған ботасын шайнап өлтіріп, туған жеріне боздай желетін аруана құсамай, ер жеткен балаларымызды да сүйрей келдік. Атам марқұм не қиындық көрсеңдер де қыздарыңды түрікмендерге бере көрмең деуші еді. Біз қызылбас болып кете ме деп қорықтық. Шүкіршілік, шырағым. Бақыттылық деген осы шығар.

Мына отырған Нияз біздің әулеттің де, сол жақтағы қазақтардың да ішіндегі оқығандарының бірі болды. Әкесі 4-5 жасында өмірден қол үзді. Сонда туды. Елім деп, жерім деп көп жүгіргеннің бірі. Мақтады деме. Сол жақтағы ақсақал-қарасақалдар ақылдасу үшін осыған келетін. Сауатым жетпес. Ел үшін не істегенін өзі айтсын,-деді қария.

Нияз Тобыш ініміздің оралмандар ішіндегі жоғары білімді азамат екенін, қаладағы "Дарын" мектебінде ағылшын тілінен сабақ беретінінен хабарлымыз. Мұсылманшылық жайында, оралмандардың қазіргі жай-күйі туралы баспасөз беттерінде өз пікірін білдіріп те жүрген азамат.

- Иран елінде жетпіс миллиондай халық болса ондағы қазақтардың үлесі өте аз. Елге оралғандар, оралып жатқандары бар, сонда да 700-дей отбасы әлі сол жақта тұрады. Халықтың басынан кешкен небір қиындықтар жөнінен хабарлысыз ғой аға, оның несін қайталай берейін. Жас болсақ та үлкендеріміздің елім деп еңірегенін көрдік, жерін аңсап жетімсірегенін сездік. Бір-біріне жақын орналасқан үш қаладағы қазақ сәл нәрсені сылтауратып бір шаңырақ астындағы кездесулерге шығатын. Өткен-кеткен әңгіме де айтылар еді, ән де шырқалар еді. Олардың соңы туған жерге сағынышпен жетер ме екенбіз деген арманмен түйінделер еді. Қашан да осы. Біздер сол жақтағы қазақтардың алғашқы сапында жоғарғы оқу бітіргендер едік. Мен, ана Алматыдағы ағаларымыз Ислам Жеменей, Ескелді Мұхамбет сол алғашқы шоғырлар едік. Соңынан оқу бітіргендер де болды. Көп болса соның бәрі елу шамалы болар.

Өзіңіз білесіңіз, 1978 жылы Иранда Мұхаммед Риза шах Пехлевиге қарсы Имам Хомейни төңкеріс жасады. Шах билеген тұста Иранға батыстың ықпалы қатты әсер етті. Елде арақ ішу, бұзақылық, ұрлық бәрінен де дөрекісі жезөкшелік етек алды. Мұсылманшылық әлсірей бастады. Қысқасы елдің азу, шіру алдындағы мүжәлсіз халін сезген Хомейни ақпанның 11-де төңкеріс жасады. Бұл дер кезінде жасалған дұрыс қадам еді. Батыстың бір философ-ойшылының кітабынан оқығаным есіме түсіп отыр. Отаршылық алдына мынадай мақсат қояды екен. Барған жерлерінде сол елді біріншіден дінінен айырса, екінші тілінен айырса, үшінші салт-дәстүрінен аластатса ол елді бағындыру оңай, өз-өзінен тоз-тозы шығады екен. Себебі осы үшеуінде отаршылдыққа қарсы тұруға деген күш бар, бұл күштен жұрдай болған ел-қауымның сырты сол да, ал, жан дүниесі, ойлауы-іші отарлаушы елдей. Бір сөзбен айтқанда "іші бүтін, сырты түтін". Міне дәл осы жағдай Иран халқының да басынан өткен, кешегі біздің басымыздан да коммунистік дәуірде өткен жағдайдай. Мен осы төңкеріс кезінде Тегеран университетінің студенті едім. Жетпіс тоғызыншы жылы оқуды бітірдім. Елмен байланыс сәл ертерек, жетпіс бесінші жылдары басталды. Алғаш "Қыз Жібек" пластинкасының келгені есімде. Бір-бірінен ат-түйедей қалап, бұйымшылап сұрап алып, ел болып жиналып тыңдап отырар едік.

Қариялар бізге елінің ой-шұқырын көргендей, құдығының суын ішіп, сол жақтағы "Бір тентектің" үнін естігендей егіліп отырар еді. Елдің астанасы болғасын Тегеранда Кеңес үкіметінің елшілігі бар еді. Соған қарасты Мәдениет үйі болатын. Көбінде соған барамыз. Бір күні сонда істейтін Алиев деген әзербайжан жігіт осында "Біздің Отан" атты газет бар екенін айтты. Соны алып келіп ауылдағыларға оқып беретінбіз. Араб әрпімен басылса да төте жазуға келгенде кібіртіктеп оқып отырған біздерді қоршап отырған көпшілік қашан аяқталғанша тапжылмайтын. Сол "Біздің Отанға" /кейін "Шалқарға"/ хат жазатынбыз. Біздің сұрауымыз бойынша кітап, күйтабақтар келе бастады, шетелдегі қазақтарға арнап кириллицаны үйрету әліппесі басылды. Енді том-том болып келіп, тісіміз батпай тұрған кітаптарды оқу үшін жатпай-тұрмай жаңа әліппені үйрендік. "Абай жолы", "Ботагөз", "Балуан Шолақ" кітаптарымен танысу сол кезеңде басталған еді. Оның көп сөздеріне түсінбей де қалатынбыз. Өйткені біздің сөзіміз, тіліміз отбасылық қарым-қатынастан әрі аспайтын еді. Артынан он томдық түсіндірме сөздік те келді. Осы сөздіктің қазақ тілін тереңірек меңгеруімізге көп септігі тиді.

1988 жылы Иран елі бүгінгі біздер құсап тәуелсіздігінің он жылдығын тойлады. Әр түрлі шаралар белгіленді. Осы кезде маған бір ой келді. Осындағы аз ғана қазақтың басын қосып өнерімізді неге көрсетпеске? Саны көп әзербайжан, түркмендердің көлеңкесінде қала береміз бе? Не де болса нар тәуекел деп қалалық мәдениет басқармасына бардым. Сау болсын олар қарсылық білдірмей рұқсат етті, тіпті менің сұраған қаржымды да берді. Әй, содан бір жүгіріс басталды. Ертеңгі көрсетер өнерде халқымыздың ұлттық киімдерімен, өз бояу-нәрімен шыққанын қаладық. Бірақ білесіз ғой аға, арада өткен көптеген уақыт ішінде қаншама сақтаймын десе де халық өзінің кейбір салттарынан, ұлттық киімдерінен айырыла бастады. Қанша дегенмен парсыларға қарағанда тамшы суындай тым аз едік қой. Осының қатты әсері болады екен. Қайта біздің бағымызға екі ортада ашыла бастаған байланыстың көп көмегі тиді. Қолымызда жүрген бір "Мәдениет және Тұрмыс" журналының сыртындағы суретке қарап отырып, үйдегі келініңіз бас болып ұлттық киім тікті. Қолдан домбыра жасадық. Шалдарымыз жадында сақталған күйлерін үйретті. Сол ақпанның 11-нен 21-не дейін созылған мерекеге жан-жақты әзірлендік. Өнерімізді қалада, кейін Мазандаран облыс орталығы Сари қаласында, артынан Тегеранда көрсеттік.

Қай жерге барсақ та жүруге күші келетін қазақтар иін тіресе тұратын. Концертіміз "Елім-ай" әнімен ашылатын еді. Залда көздері боталап тұрған жерлестерімізді көріп, сонау тым шалғайда қалған бізге беймәлім туған жеріміздің, ата жұрттың қасиетін сезінетінбіз. Артынан көрші қаладағы қазақтар өз тойларына шақыратын болды. Енді біздер қатарымызға кейбір сөз қадірін терең ұғынатын қарияларды қостық. Олар бата жасайтын, аталы сөздерді айтатын. Ал, біз ұлттық киімдерімізді көпшілікке ұсынатынбыз. Сондағы мақсат: жастарымызды өнерге тарту, салт-дәстүрімізді дәріптеу, езілмейік, жоғалмайық деген ойы еді.

Еліміз тәуелсіздігін алып Иранда елшілік ашылғанда ғалым-жазушы Мырзатай Жолдасбеков ағамыз екі ел арасына дәнекер болып келді. Ағамыз қолы қалт еткенде елді аралайтын, әр үйге бас сұғатын. Аржағы терең адам ғой, көп нәрсеге бас болды, көп нәрсеге көзімізді жеткізді.

1991 жылы маусымда Хомейни қайтыс болғанда жерлеуге, көңіл айтуға қазақ елінен Қалтай Мұхаметжанов, Әбдісаттар Дербісалиев ағаларымыз, Фариза Оңғарсынова апамыз бастаған бір топ адам келді. Жеті-сегіз күн солардың қасында тілмаштық қызмет атқарып, мемлекет адамдарымен кездескенде қасында болдым. Еліміздің ұлылығын, туған жердің құдіретін тереңірек сезінуімізге жақсылардың әсері де аз болмаса керек. Біздің қасиетті топыраққа деген сүйіспеншілігіміз ауылдағы қара шалдардың сөзінен, шешелеріміздің күрсіне отырып айтар әнінен басталды-ау деп ойлаймын. Сол жақта ақын ағамыз, руы Қырықмылтық Жарылғап деген болды. Өзі мүгедек, қол арбамен жүреді. Сол айтушы еді. "Әй сендер маған қарағанда жүргендерің көп, ойларың тереңірек шығар. Бірақ әлі де мен сендерге бас болуға жараймын. Арбамды итеріп шекараға апарыңдаршы. Аржағындағы туған жерге топ болған денеммен домалап барсам да сеңдерге жол көрсетемін",- деуші еді жарықтық. Арманына жете алмады марқұм. Бері қарай домалауды тағдыр оған жазбапты. Бар қолымнан келгені аузынан жазып алған өлеңдерін жинақтап, Түркменстанда қазақ тіліндегі жалғыз "Жұмысшы" дейтін газет бар екен, сол кездегі Красноводск қаласындағы осы газеттің бас редакторы ағамыз Есберген Іңірбайұлына хат жазып, жіберіп бастырттым. Елге деген сағынышы, туған жерге жете алмаған мұңлықтың көз жасы жыр боп төгілген еді.

Менің көшіп келу себебім мынада еді. Кешегі Құдайсыз қоғамда біздің қазакеңнің бірталай құндылықтардан, соның ішінде діні мен тілінен айрылып қалғаны белгілі. Мен бір адамға әліпті таяқ деп үйретсем, бір қазақтың дастарханын арамнан тазартсам деп ойладым, өйткені неғұрлым тезірек аталарымыз ұстанған дінді бекем ұстамасақ, болашағымыз бұлыңғыр: кәзіргі қоғамдағы келеңсіздіктердің барлығының тамыры біздің ата-баба дінімізден алыстап қалғандығымыздың белгісі. Біздің қоғамдағы тастанды-жетім балалар, жастарымыздың жүрісі, сондай махабатпен қосылып оп-оңай кейде түкке тұрмайтын нәрселер үшін ажырасып кетулері. Адам баласы бір нәрседен қорқуы керек. Құдайдан әлде үкіметтен, бірақ біз кәзір ешқайсысынан да қорықпаймыз: Құдайдан қорқатын дінді білмейміз, ал үкіметтен қорықпайтынымыз: оның заңын өзіміздей адам жазған, қашып, оралып өтетін жері көп. Осылардың барлығы кешегі алтын тіреулерімізден қол үзіп қалғанның қасіреті. Дін болмай ел болып кетуіміз, аталар аңсап жеткен егемендікті сақтап қалу қиын болады. Діні бар адам: ''Мені бір Құдірет бақылап тұр, шайтан емеспін ертең өлем, кейін сол Құдіреттің алдында есеп беруге тиіспін," - деп сенеді, сосын ол ала жіпті аттамайды: отбасына адал болу, қоғамға адал болу сөйтіп мемлекетке адал, отан сүйгіш, ұлтжанды адам болады.

Атамекенге алғашқы көшпен келдім. Мектепте мұғаліммін. Бәлкім ол жақта жалақым, тұрмысым жақсырақ та болар. Қазіргі қиын жағдай, экономикалық қиындықтар, бәрінің де өтпелі екеніне, ертең бәрі де реттелетініне иманымдай сенемін. Тіпті кейде теледидарды көріп отырып Маңғыстауға келгендердің өзге жерлерден артықшылығын анық байқаймын. Бәріне де үй берілді, алты айдан кейін азаматтығымызды алдық. Әлі күнге дейін азаматтығын ала алмай жүрген адамдар аз емес қой. Форт - Шевченконың 150 жылдық мерекесінде бұрын бірге оқыған Досым Сүлеймен Шадкам Мюнхеннен келген еді. Кетеріңде қоштасып, жағаға соққан толқынға қарап тұрып айтқан бір сөзі есімнен кетпейді. "Менің қазіргі жағдайым жақсы, Нияз. Бірақ солай бола тұрса да менен сен бақыттысың. Ата мекеніңдесің. Еш жер бұған жетпейді. Ал мен болсам алдамшы күй кешіп жүрген жандаймын" деген еді. Мұңая сөйлеп, күрсіне қоштасқан құрдасымның артынан қарап тұрып күні кешеге дейін осы топырақсыз күн кешкенімді ойлаудың өзі қасірет екеніне көзім жеткен. Есіме Шыңжандық ақынның бір шумақ өлеңі түскен.

Туған жердің бұлағы,

Толқыныңмен ат мені

Шырқыратып шақ мені.

Туған жердің қасқыры

Кемір ақын сүйегін.

Туған жердің тас-құмы

Сені осылай сүйемін.

Мен аталар аманатымен тәрбиеленіп, аналардың сағыныш жасын сіңіріп өскен адаммын. Тәубем да көп, шүкіршілігім де жетерлік. Елімнің керуен көші жолында титтей де болса септігім тисе одан артық байлық та, бақ та сұрамас едім.

АҚБӨБЕКТІҢ СОҢҒЫ ӘНІ

Ай сүттей жарық. Түннің біраз уақыты болды. Күні бойы тынымсыз тірліктің соңында жүрген жұрттың бәрі ұйқыға кеткен. Қапырық ыссыға шыдай алмай есік алдында жатқандардың анда-санда ұйқысырағандары, кейбіреулерінің қорылдаған даусы ғана шығады. Ақбөбек есік алдында отыр. Жасы келген адамның сәл сыбдырға оянып, құс ұйқы болатыны белгілі. Бірде қалғып, бірде ояу төсегінде әрі-бері жатты да, орнынан тұрып есік алдына келіп отырған. Жан-жағына қарайды. Ай астында қарауытып көрінген тау жақтан әлсіз соққан самалдың белгісі бар. Бірақ денеңді сергітердей салқын емес. Ыстықлеп онсызда күйіп жанған адамдарды дөңбекшітумен болды. Үстіндегі жұқа жамылғыны аяғымен теуіп аунап жатқан баласына көзі түсіп аяп кетті. Таңертең ерте тұрып қараңғы түскенде барып бір-ақ келеді. Басы байлаулы жұмысы жоқ. Біреудің шөбін орады, біреудің жерін тырнайды. Кейде үш-төрт күн бойы көрінбей кетеді. Пәлен деген жерге бардық, көтерме жұмыс жасадық деп келеді. Қайсысы есінде қалсын. Есінде қалатындай бұл жерде баяғыдан бері тұрып келе жатыр ма. Қазақтың жері болып, жер-су атаулары қазақша болса бір сәрі. Қызылбастың қай сөзі есінде қалсын, болмаса түрікменнің қай атауына тілің оңай келеді. "Е, аман болсаң болды",- дейді де әкелгеніне шүкіршілік етіп, қайтадан өзінің алдына қояды. Біз өлмеспіз өзің тойып ал деп отырғаны. Дастарханды жағалай отырған адамдар бір-біріне елжірей қарайды. Ортада бір шөкім болып тұрған тағамды әркім өз жұтқыншағынан әрі асырғанша бөле жегісі келеді. Көп әңгімеге де жоқ. Ештеңені ашып айтпаса да ойлары белгілі. Қай-қайсысы да шертіп қалсаң ағыла жөнелейін деп тұрған туған жерге деген сағынышты, іштегі лықсып келіп тұрған шерді алдымен бастағысы келмейді. Онда өздерін өздері тоқтата алмай, көкіректері қарс айрыла жас болып ақтарылатынын біледі. Адам баласы қырық күннен кейін тамұққа да үйренеді деуші еді. Тамұққа үйренсе үйренетін шығар, ал бірақ шақшадай басың сергелдеңге түсіп, туған жерің көзіңнен бұлбұл ұшып жат жерге келгенге ешкім үйрене қоймас. Бәлкім өлмегесін жүре де беретін шығар. Ал бірақ жусан исі бұрқырап бір уыс топырағы мойнында тұмар болып жүрген туған жер ұмытылмас. Дастархан шетінде отырғандардың бірін-бірі аяп, елжірей қарап отыратыны сол. Баяғы аман қалсақ болды деп жөңкіле көшкендеріне өкінетін де сияқты. Мүмкін ол жақта жүрседе дәмі таусылмаса өлмес еді ғой. Өле қалсаң да жаныңа жақын өзіңнің далаңда қалғанға не жетсін.

Ұйқысы келмей әр нәрсені бір ойлаған Ақбөбек әлі отыр. Тесіліп арғы жаққа қарады. Жанары қайта бастаған көзін алмайды. Ай жарығында бұлдырай көрінген сілемнің арғы бетінде туған жері басталады. Ол жақтада кәзір дәл осындай түн екенін ойлады. Онда да дәл осындай болып ай нұрын төгіп тұрған шығар. Бірақ ол жақта бұл жерге ұқсамайтын бір ерекшелік бар екені анық. Көкірегін бірдеңе шымшып өткендей болды. Кернеп келе жатқан өксікті зорға тоқтатты. Ешкімнің көрмейтініне, өзімен қоса өзгенің көңілін бұзбайтынына көзі жеткендей асықпай жасын сүртті.

"Шіркін-ай",-деді ішінен. Жарықтық Үстірттің үстінде дәл осындай түні бір ұйықтап оянсаң болды дыңылдап шыға келетін едің-ау. Желпи соққан самал анау керіліп жатқан далада ұйыса өскен жусанның, изеннің, шағырдың исін кеудеңе құюмен болады. Өрістен түнделетіп келген түйеден де, үй алдында күйіс қайырып жатқан уақ малдардан да, сүтке тойып секіріп қасыңа келген лақтан да даланың исі бұрқырап тұрмайтын ба еді. Қой соңында күзетте жүрген қойшы, әлде түнделетіп келе жатқан жолаушы ма, кім екені белгісіз, алыстан талып айтқан ән естіледі. Төбе астында шәуілдеп үрген қарсақтың, ауыл алдындағы ескі мазар үстінде отырып құмыға шақырған байғыздың даусы шығады. Осылардың бәрін естіп жатып қалай ұйықтап кеткеніңді білмей де қаласың.

Кішкенеден кейін бойың тоңазып, көрпеңді қымтай түспейтін бе едің. Бәрі де жаныңа нәр беретін дәрі сияқты еді ғой.

Дәрі демей басқаша қалай айтады енді. Өткенде өзін іш тартып қолы босаса айналшықтап қасынан шықпайтын, шама келсе қол ұшын беруге бейім бір келін бар еді. Осы қызылбастардың ортасына Ақбөбектерден үш-төрт жыл бұрын келген. Жаста болса өмірден көрген тауқыметі көп пе, әлде құдай әуелден сезімтал қылып жаратты ма, әйтеуір бір нәрсені айтады да жылайды. Жылап отырып енді көрер, көрмесі белгісіз туған жерге деген сағынышын тағы айтады. Өзі Байбоз руынан көрінеді. Апалап қасынан шықпайды.

- Біздер отызыншы жылдардың басында келдік қой апа,- деп еді сонда. Жаңа өкіметтің қысымына шыдай алмай көп ел түстікке қарай босқан жоқ па едік. Әуелі Түрікменстанға келіп кірдік. Басында тыныш сияқты көрінгенмен артынан ол жерде қолайлы болмады. Құрығы ұзын қызылдар ол жерге де келді. Бұрынғымыз аздай тағы да алдымызда қарайған азаматтарды ұстай бастады. Содан жылай-жылай осы бетке өттік қой. Апа-ау, имандай сырым, егер осы жеменей аулына келін болмай басым бос қыз болғанымда аяғымды аттап та баспас едім ғой. Тіпті әйел болсамда ретін тауып қалып қояр ма едім, егер жалғыз балам болмағанда. Тұңғыш немересін бауырына қысып үн-түнсіз түйе үстінде тербеліп кетіп бара жатқан енемнің қолына жармаса алмадым. Артыма жалтақ-жалтақ егіле қарап соңдарынан ердім ғой. Туған жер болса жүрегімді қып-қызыл өрт болып өртеп көз ұшында бұлдырап қалып барады. Содан шұбатылып шекара астық. Осы күні ғой арғы бетте, бергі бетте мылтық асынып қай жақтың да адамдарының жүргендері. Ол кезде ашық болатын. Сондықтан шығар бізден кейін де бірінен соң бірі көп ел келді ғой. Бірақ босқан елге бұл топырақ құт болып жарытпады. Үлкендердің айтуы рас болса сол жылдары екі мыңдай үй келіпті. Соның жартысының шыдамы бір жылға да жетпеді. Өлсекте туған жерге барып өлейік деп қайтадан кері кетті. Апатай-ау әлі есімде, бұл жарықтық туған жер дейтіннің құдіреті бөлек пе, білмедім, әлгі қайта кеткендердің жүзінде қорқу, үрегейлену деген болған жоқ. Ертең барған бойда түрмесіне қамайды-ау, ия болмаса сұрауы жоқ ата салады-ау деген ой болсашы, сірә. Бәрі де тойға асыққан адамша бір түнде қайта көтеріліп кете барды. Қалғанымыз бір қапталымыз үңірейіп қала бердік. Қандасыңа не жетсін, басың ауырса да, балтырың сыздаса да бір-біріңе демеу боласың ғой. Азайып қалдық-аудеп көп уайымдадық. Бұл уақытта әлгі шекара дейтінді жаба бастаған кез. Ендігілер қашып-пысып, түн жамыла жасырынып келетін болды. Оның несін айтайын өз бастарыңнан өтті ғой. Бүл да ештеңе емес екен. Тағдырдың бізге сыйлайтын тауқыметі, ауырлығы алда көрінеді. Үйрене алмадық бұл жерге. Қапырық ыссылығы да, суы да, ауасы да жақпады ғой. Әсіресе Маңғыстаудың кең ауасына үйренген балаларға қиын болды. Алды шетіней бастады. Соның бірі менің жалғызым еді. Алтыға аяқ басқан. Енем байғұс кішкентай Нұрлыбектің денесін қара жерге бергісі келмей тас қысып құшақтап зарлады дейсің.

- Біліп едім-ау,- дейді теңселіп отырып. Әжетай деп еді өткенде. Мен қызық түс көрдім. Баяғыша-а-а Уәлінің биік жалының басында отырмыз екен. Көп құдығы бар ойды ұмытқан жоқсың ғой, әже. Үнемі барып мал суаратын едік. Сендер метейге құйып су әкелетін едіңдер ғой. Қатты шөлдеппін. Су ішіп келейін деп ағакемнің жуасытып берген құла тайы бар емес пе еді, соған міндім. Есінде ме, атына оқ тиіп өлген бір дәу орыс менің жылап, жабысқаныма қарамай соған мініп кетіп еді ғой. Сол тайға мініп төмен қарата шаба жөнелдім. Бірақжете алмадым әже. Бір қара бүркіт мені алды да кетті. Содан оянып кеттім. Қайтайықшы, әже. Мылтығы бар орыстар енді кеткен болар. Сен атам мен ағама айтшы. Құдықтың мұздай суын сағындым,- деп еді бейшара бала. Дәмінің таусылатынын білген екен сормаңдай, - деп көз жасын көлдетті дейсің. Елдің бәрі жылаған. Ана төбенің етегінде жатыр,- деп өксіп отырып иегімен нұсқады. Ол ештеңе емес, сол жылдары басқаны қойғанда жас келіншектерде бала көтермеді ғой. Құдай-ау ел болып отырып жас нәрестенің даусы шықпағанда қиын екен. Өміріміз тоқтап қалғандай көрінген. Мұның туған жерден айрылған қасіреттен екенін білдік. Бүкіл ой-жүйеңді, тамырыңды байлап тастайды екен ғой уайым деген. Соңғы кезде үйрендік пе, әлде көз жасымызды, зар мұңымызды жаратқан көріп, сезді ме баланың алды көріне бастады. Менің бойымда да сондай түйіншек бар. Тірлігін білдіре бастаған сияқты. Бірақбір нәрсеге аңсарым ауып, ойыма түссе сілекейім шұбырып қоя береді. Шымыраудың суын сағындым. Тісіңді сындырар мөп-мөлдір су елестейді де жүреді көз алдыма. Жан-жағынажібек тамшыларын шашыратып тереңнен шыққан қауғаны әйкел үстіне қоя сала ішер ме еді шіркін деп ойлаймын. Маңғыстаудың қара суы да дәрі еді ғой. Оған қол жетер дейсің бе. Соңғы кезде ең болмаса сол жақтан, Маңғыстау беттен бұлт шықса екен деп тілейтін болдым. Баяғыша, елде жүргендегідей түйіліп келіп, найзағайын шатырлата ойнатып, ағыл-тегіл төксе екен деп ойлаймын. Ай, ақымақ басым-ай. Найзағайдан өлердей қорқушы едім. Күн күркірей бастаса болды үйге тығылатын едім. Неге сөйттім екен. Ұшы-қиыры жоқ кең даламда рахатқа батып, өз топырағымның көктен төккен нәр суына неге шомыла бермедім екен. Шіркін-ай, сол тілегім кәзір орындалса, мұздай жаңбыр сүйегімнен өткенше астында тұрар едім. Жаурадым деп айтпас та едім. Туған жердің сәлемін алып келген ақ жауынға адам жаураушы ма еді. Солай емес пе апа,-деп көз жасы төгіле еркелей басын сүйеп еді. Ақбөбек кеудесін сағыныш кернеген сіңлісін бауырына баса отырып өзі де иығы селкілдеп әрі-бері отырған.

Ауыл итінің құйрығы қайқы деген осы ғой деп ойлады Ақбөбек. Сүйеніші жоқ азғана ел кімге арқа сүйесін. Бұрын көрмеген, естімеген елдің салтымен, заң зәкүнімен хабары болмағасын әуелден де таныс халық қой деп түрікмендер отырған жерді сағалады. Айтса түсінесің, көкейіңдегіні жеткізу қиын емес. Мұсылман еді дегенмен парсы тілі алыстау ғой. Үйреніп, кір қоңымыз сіңіп жатса оны да көрерміз деген. Бірақ сол түрікмендердің де құшағын аша қойғаны шамалы. Көбі атам заманнан сол жерде тұрып, тамырын жайғандар. Парсылармен иықтіресіп қатар отырмағанмен өздері тұрып жатқан аумақта дегені болып, сөзі жерде қалмайды. Сол уақытта бүкіл Иранның терістігінен түстігіне дейін темір жол тартылып, үлкен-үлкен қалаларының арасына тас жол төселе бастаған. Оларды салушыны олар алмаңдар дейді. Батыстан келген немістер екен. Әрине осындай ауқымды жұмыс болғасын оған адам күші керек. Ал Маңғыстаудан келген бұлардың қайбір маңдайы шылқып тұр дейсің. Алдына салған малы, ия сандығының түбіне сақтаған байлығы жоқ. Өлмес үшін әркімнің тап болған жұмысын істеп, бергеніне риза болып жүргендерге мына жұмыс құдайдың жіберген ризығындай көрінген. Бірақ сол ағайын санаған түрікмендер осы жерде өздерінің босып келген қазақтарға жаны ашымайтындығын көрсетті. Жұмыстың ауыры қазақтарға тиді. Сондағы беретіні күніге екі реал. Барған әзірде парсының ақшасының құнын кім айырып біліпті. Осыншама табыс табасың деді. Бұлар болса "Әп-бәрекелді, әйтеуір қолымызға күніге тапқанымызды ұстатсаңдар болды. Алла риза болсын" деп әлі қолына тимеген ақшаға мәре-сәре болды. Артынан барып білді. Бұлар ақшасын түмен деп атайды екен. Әлгі реал дегені сол түменнің оннан бір бөлігі көрінеді. Бір жылқының құны үш, төрт түмен болғанда бұлардың табар табысының көлемі белгілі болды. "Қой, құрысын. Бүйтіп табыс таппай-ақ қоялық. Өйткенше біреудің есігінің алдын сыпырайын. Біреудің егістегі өнімін жинасайын. Құр қайтармай қолыңа бірдеңе ұстатып жібереді ғой. Соны ақшаға бағалағанда да әлгі темір жол төсеп, топырақ үйгеннен артық қой. Жайыма жүрейін" деп көбі жұмыстан бас тартқан.

- Е, қошың білсін, біздікі тек айту ғана,- деген түрікмендер болмады. Таң атпай үй-үйді аралап бармасыңа қоймай зорлап алып кететін. Қарсылық білдіріп тайталасқандарды қамшының астына алу да кездеспей қалған жоқ. Содан әсіресе жастар жағы қашып-пысып жасырынатын болды. Қашпағанда қайтеді. Өз жерінде жүрсе орынсыз тиген бір қамшыны көтерер ме. Атысса атысар еді, шабысар болсаң тұратын жеріңді айт деп қасқая қарсы тұрмас па.

Азғана қазақ ызғындай елге не істесін. Мұндай қорлықты көргенше жастығымды ала кетейін деп ақкөздігіне басқандарды үлкендері әке-көкелеп тоқтатқан. "Тоқта шырағым, тоқта",-деген. Артыңды ойла. Кәзір бір түрікменнің басын кескенмен одан сенің кегің қайтпас, мына бізге тыныштық болмас. Айып бізден болған екен, кешіре гөр батыр-еке деп түрікмен сенің алдыңа келіп басын имес. Арғы беттен азып-тозып келгеніміз кеше емес пе. Әлі сонда көрген қорлығымызды, жол ортадағы қиындығымызды ұмытып, есімізді жиып та үлгерген жоқпыз. Керегеміз мықты деп айта аламыз ба. Қатты дауылға төтеп берер күй бар ма бізде, айтшы шырағым, көзіңді ашып қарашы. Жаңа аяқтанған лағын ертіп сай-саланы паналаған қарақұйрық сияқты емеспіз бе. Жан сақтау керек қарағым. Бүл әсіресе артымыздағы ұрпағымыз үшін керек. Біреудің сөзіне бола жағасына жармасқанша ана әр жерде бытырап жүрген елдің басын біріктірің. Қара су ішседе бір жерге жиналып күнелтсін. Сонда тілің де, ділің де ұмыт болмайды. Кез-келген батып төріңе шыға алмайды",- деген.

Қанша қаның қарайып, намысың қозғанмен не істерсің. Ақылға тоқтап ақсақалдардың айтқанын тыңдауға тура келді. Қолыңнан қашқаннан, пысқаннан басқа не келіп түр. Кәзір бұл ұрпақтың маңдайына жазылғаны осы болып тұр ғой. Кім біледі заман түзелер. Елге қайтатын күн туар. Шіркін-ай, сонда бұл қызылбастар басыңнан төмен қарата сауылдатып алтын төксе де артына қарайламай, ана бұлдырап көрінген туған жерге аттанар еді-ау.

Осы жерден онша қашық емес Алтын Тоқпақ деген әулие бар. Неге олай аталғанын ешкім де білмейді. Түнделетіп қасына баруға көп адамның жүрегі дауалай бермейді. Бірақ өтіп бара жатқан талай адам соның басынан лаулап жанған көп отты үнемі көретін көрінеді. Оның рас екенін өткенде Ақбөбекке баласы Мұқаш та айтып еді. Сол күні жұмыстан кеш қайтыпты. Еңбегіне деп берген орта қапшық тамағын арқалап келе жатады. Әлгі әулиенің қасына жақындайды. Ішінен күбірлеп білгенін оқиды. Кенет адамның жан дүниесін ауыртып зарлаған, айқайлап сөйлеген адамдардың даусы естіледі. Бір-бірімен ұрысып жатқандай сартылдаған дыбыстар шығады. Өзін-өзі ұстай алмай жүгіре жөнеліпті. Артында қалған дауыс біраз жерге барғанша естіліп тұрады.

- Құдай басқа бермесін,- деген сонда Ақбөбек баласына. Өткен-кеткенде дұғаңды оқып, бетіңді сипауды ұмытпа. Осындағы адамдардың айтқаны рас болса онда жатқан адамдардың көбі жаңа үкіметтің тепкісіне шыдай алмай, осында бас сауғалап келгендер көрінеді. Алғашқылар болса керек. Осы жерге жеткенде түрікмендермен ұрысыпты дейді. Бейтаныс елге келіп маңдайымыздан сипап, жылы қарайтын кім тап болады деп келгенінде қарулы түрікмендер бас салыпты. Қайтсын жан беру оңай ма. Соңғы демдері қалғанша шайқасыпты ғой сорлылар. Содан қыз-келіншектерін алдына салып айдап кетіпті. Ер азамат әр жерде жайрап-жайрап қалыпты. Көбінің беті жабылмаған. Артынан құдай деген біреулер сол жерге жерлепті ғой. Қапыда кеткен, арманда кеткен арыстардың даусы ол. Мына заманның қиындығынан алып шығамын, құтқарамын деп жүргендерінде жау қолында кеткен бала-шағасын әлі іздеп зарлаған аруақтардың үні шығар. Артында қалғандардың өмірі қасіретке толы болса өлілер де қиналады, арпалысып өтеді,- деген.

- Бізді қойшы,- деді әлі ояу отырған Ақбөбек. Асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Өмір шіркіннің қызығы да, шыжығы да өтті ғой. Ақбөбек десе осындағы елдің бәрі біледі. Бүкіл Адайды, Маңғыстауды дүрліктірген Қайып екеуін білмегенде енді кімді біледі. Адам дейтін қызық қой. Осында босып келіп қалт-құлт етіп өмір сүріп жүргендер кейде суыртпақтап отырып басынан кешкен жайларды айтуын өтінеді. Сол сұрап отырғандарын өздері де біледі. Сонда да өз аузынан естиік дейтін шығар. Бірақ бәрі де артта қалған, жүрегінің бір түкпірінде әлі күнге дейін сақталған Қайыпқа деген ыстық көңілін қайтіп қозғап жатсын. Кәзір Ақбөбектің де жанын күйзелтіп жүрген бір ғана уайым бар, ол қайраты қайтып, жалыны әлсіреген шақта туған жерден жырақ кеткені. Қайтып орала алмайтыны, жат жердің топырағында мәңгілік қалатыны. Өкінетіні сол. Әйтпесе алақанына салып әлдилеген бұл елге өкпесі жоқ. Алақанына салды, әлдиледі демей басқа не дейді, егер күні бүгінге дейін бүкіл Маңғыстаудың ой-қыры Қайып екеуінің сүйіспеншілігін әлі жыр қылып айтып жүрсе. Көңілдері жарасып бірін-бірі іздеген ғашықтар Қайыптың әнін әлі айтады. Сол арқылы өзінің сағынышын жеткізеді. "Ақбөбек" әні арқылы табысып, сол ән арқылы тілдесіп жатады. Кейде өз-өзінен отырып өтіп кеткен өкінішті кезеңдерге риза болатыны да бар. Баяғы жас кезінде екі үйдің арасындағы еркесі болған мұның атын сыртынан естіп, сыртынан ғашық болғандар ғана емес, сырын жасырмай айтатын жеңгелері де "Кімнің бағы екенсің еркем" деуші еді. Бірақ бүкіл елді дүрліктіріп "Қайыппен ғана болам, бақытымды содан табам" деп бірнеше рет түн жамыла қашқанмен дегені болмады. Екі рулы ел шабысты, Ақбөбек үшін бірін-бірі сойылға жықты, өрісін өртеді. Қанша арпалысқанмен қолынан ештеңе келмеді. Маңдайыңа жазылғаннан асып кете алмайды екенсің. Содан бері Есбергенмен бірге ғұмыр кешіп келе жатыр ғой. Мүмкін Қайып екеуі бірін-бірі көріп жүрсе бұл жайдың қаншаға созыларын, арты немен аяқталарын кім біліпті. Тағдыр екеуін екі айырды. Қайып болса Тескентау асып Тәжік жеріне кетті. Сол жақта жүріп өмірден өтті. Бұл болса басынан өткен тәлкегі аздай, міне қызылбастардың жерінде сергелдеңмен жүр. Ертеңгі күні белгісіз. Жас болса келді. Енді ештеңені қайтара алмайтының белгілі. Бірақ әлі күнге дейін мұның есігінің алдынан өтіп бара жатқандар кідіріп өзіне көз салып өтеді. Біреулерінің "Құдай-ау, Ақбөбек дегенге алыстағыны арбап, өзіне еріксіз тартатын мөлдіреп тұрған сұлу ма десек, мынау жасы келген кемпір ғой" деп өтетінін де, біреулердің "Қайран дәурен-ай, сен де дегеніңе жетіп кешегі Ақбөбекті қартайтыпсың-ау" деп елжірей қарайтынын да біледі. Былай шыққасын "Ой, дүние-ай, кімнің басынан не өтпеді. Жаңағы айтулы Ақбөбек қой. Оның Қайыпқа ғашық болып, бір-бірімізбен табысамыз деп көрмегендері жоқ. Басын тасқа да ұрды, тауға да соқты. Жете алмады армандарына. Қайтесің, енді мынау. Маңғыстауда Қайыптың әнін айтпайтын адам болмаушы еді. Бәрі де өтті, кетті. Бәлду-бәлду бәрі өтірік болып қалды ғой", - деп қасындағыларға білгенінше бұлардың басынан өткендерін айтатынын да іші сезеді. Бірақ Қайып екеуі туралы әңгіменің әлдебіреулер айтқандай өтірік еместігін, оның артта қалған уақытпен бірге естен шығып көміліп қалмайтынын, ұмытылмайтынына, қайта жыл өткен сайын жаңғырып, ауыздан ауызға жалғаса беретінін анық білді. Тіпті басқасын былай қойғанда кешегі жолына қарсы тұрғандардың да әлгі әңгімеге қосылатыны белгілі. Ақбөбектің өкініші көп өткен күндерге риза болатыны да осы еді. Қайып екеуінің бір-біріне деген шексіз сүйіспеншілігі көпке өнеге, кейінгілерге үлгі болыпты. Ел өзінің айтқан әңгімесінде, салған әнінде Қайып екеуін әлдилеп отырады екен, ыстық сезіммен еске алып отырады екен ғой.

Кетіктің түрмесінен босап араша түсе алмаған ағайындарға налыған Қайып кеудесін кернеп бара жатқан әнге ерік берген. Бұл әнде ғашығына деген сағыныш та, ағайынға деген өкпе де, белден басқан озбыр заманға қарсы тұра алмаған дәрменсіздігі де, туған топырағымен қоштасуы да бар еді. Көше бойындағы көп халық бірте-бірте ұзап бара жатқан Қайыптың артынан қарап тұрды. Бірақ сол уақытта өмірге жаңа келген осы әннің жалғасын таба беретінін ешкімде ойлаған жоқ еді.

Содан кейін Қайыптан көп хабар болмады. Артынан барып естіді. Алғашында Бесқалаға барғанмен ондағы ел жұтқа, аштыққа ұшырайды. Содан шұбырып Жиделі, Байсын арқылы түстіктегі жылы жаққа, Тәжік жеріне жетіпті. Қорғантөбеде бұлардан да бұрын келген қазақтар бар екен. Соларға қосылады. Осы жерде руы қырықмылтық Аққали деген деген қызға үйленіп, балалы-шағалы болған екен. Неде болса Маңғыстауға қайта оралмады Қайып. Беріректе сол елді жайлаған тырысқақ дейтін аурудан қайтыс болыпты. Мүрдесі Қорғантөбеден онша қашық емес "Қызылшарық" дейтін жерде көрінеді.

- Құдай деген адамға тап болған екен,- деп еді Ақбөбекке әңгіме айтушы. Аққали Қайыптың бетіне жел боп тимей, өмірден өткенінше мәпелеп өтіпті.

"Бүкіл Маңғыстауға жыр болған Ақбөбектің Қайыбы ғой бұл. Өткен күндерін еске алса пендешілікке салынып қызғаныш білдірмедім. Шаңырақтың шырқын бұзып шабаландағанмен үлкен-кішінің аузында аңыз боп айтылған Ақбөбек пен Қайып жырына кедергі бола алмайтыным белгілі. Қайта өзіне қосылып сол әнді менде айтатынмын. Кіршіксіз көңілге, адал махаббатқа арналған әнге қосылмау мүмкін емес қой. Қасындағы жарыңның жанын сезіне білмесең сенің әйелдігің қайсы, кісілің қайсы. Әттең, мен Ақбөбекті көре алмадым. Көрсем төріме шығарып бүкіл елге аңыз болған, өз сертіне берік ғашықтық дегеннің құдіретіне айналған сол адамға қызмет қылсам өзімді төменшік санамас едім",- деген екен Аққали.

Қайыпқа деген адал көңілі болса керек, ол өмірден өтседе Ақбөбек пен Қайып туралы оқиғаны, оның өлеңдерін ауыл-аймаққа, ел жұртқа үнемі айтып, дәріптеумен болыпты.

Ақбөбек сол отырған қалпы орнынан қозғалған жоқ. Соңғы кезде ойына қай-қайдағы түсетін болыпты. Жүріп өткен жолдарын көз алдына елестетеді. Бірақ төбе баурайындағы тайғанақ жолға тап болғандай көбінде сырғып келіп ойы Қайыпқа тіреледі. "Апыр-ау,-дейді сонда. Қайыпты көрмегелі, оның өзі түгілі даусын естімегелі де отыз жылдың үстіне шығыпты ғой. Қанша қаламасамда жақсы, жаманды басқа адаммен отастым. Өмірге балалар келді. Кәзір солардың тірлігін ойлап, мына болашағы белгісіз өмірлеріне жаныңның қиналатыны бар. Солай бола тұрсада баяғы бір елестің қапталдан қалмай әлі келе жатқаны. Жасы келген адамның қызығы басылған, әріде қалған кезеңдерін еске алғаны біртүсті екен. Ой жетегінде отырса да кейде өз-өзінен ыңғайсызданып жан-жағына ұрлана қарайтыны бар. Үлкейгендіктің белгісі болар, осы күндері әлі ұмытылмай жүрген сол Қайыпқа деген жылы сезімін көптің ойынан алшақ ұстағысы келеді.

Жақында бір түс көріп еді. Шұбатылған ұзын көш. Соның артында келеді. Неге екенін білмейді, алда кетіп бара жатқан шеті жоқ көліктің біреуі бұйырмағандай жаяу келеді. Шаршапты. Аяғын әлтек-тәлтек әр жерден басады. Алдыңғы беттен у-шу болған дыбыс шықты. Біреулердін көмекке шақырғаны естілгендей. Бар күшін салып ілгері ұмтылды. Қараса сарқырап ағып жатқан бір жойқын қара су. Ее, әлгі Этрек деген өзені осы болды ғой деп ойлады. Соған түскен түйелердің бірі арғы бетіне шықса, біреулері өзен ағысымен төмен қарата кетіп барады. Соларға қарап ат үстінде біреу түр. Жазбай таныды, Қайып екен.

- Қайып-ау, неғып тұрсың. Құтқармайсың ба аналарды, - дейді бұл жаны шыға ышқынып. Ол бұрылып артына қарады. Өзгермепті. Сол баяғы қалпы.

- Ұзақ сапар қашанда осылай болады Ақбөбек,- деді ол жайбарақат. Жол ортада жүгі де ауады, таныс емес жердің ой-шұқыры көліктерін мертіктіріп, адамдарды қатерге де ұрындырады. Соның бірі ғой бұл. Сендер мұнда ұзақ жүріп жеттіңдер ғой. Қартайыпсың. Шашың да ағарыпты. Көп нәрсені ұмытқан да шығарсың,- деді.

- Жо-жоқ, Қайып, о не дегенің. Сені, сенің әніңді ұмыту мүмкін бе. Нанбайсың ба. Тыңдашы, айтып көрейін,- деп тамағын кенеп әнге салды. Бірақ өңеші жабысып қалғандай үні шықпайды.

- Айттым ғой, Ақбөбек сен қартайдың деп. Өзіңді зорлама. Ол әнді жүрегінде сақта, жүрегіңмен ғана айт. Мен соған да ризамын. Жүр өткізіп жіберейін, - деп қолтығынан демеп әлгі судан шығарды да көзден ғайып болды.

- Қайып, неге мені жалғыз тастадың,- деп жан-жағына қарады. Ешкім көрінбейді. Жаңағы Қайып екеуі өткен Этрек өзенінің арнасы тіпті кеңейіп кетіпті. Арғы жағалауы көзіне зорға көрінеді. Қарауыл мұнарасы ма, әлде адам ба, белгісіз бір қарайған алыстан бұлдырайды. Тау-тау толқындар жағаға гүрілдеп соғып жатыр. Енді өте алмаймын-ау деп уайымдады. Кенет өзіне көзі түсті. Шашы аппақ жағада бүрісіп отыр. Сүйектері салдырлаған кемпір болыпты. Орнынан тұрып баяғы селдіреп қалған көштің соңынан ерді. Шаршап қалған екен. Сүрініп кетті. Биік жардан құлап бара жатқанында оянып кетті. Тамағы кеберсіп шөлдеп қалған екен. Жып-жылы арықтың суы жүрегін айнытты. Шіркін-ай құдықтың суы болар ма еді деп ойлады.

Ол кезде ештеңеге мән бермеген еді. Күбірлеп кәлимасын қайырған. Ұйқысыз өткен талай түнде ойында болып, талай рет түсіне енген Қайып емес пе. Соның бірі шығар деп ойлағанда қойған. Ойына оралған сол түстің шешуін енді тапқандай болып отыр. Шаршап, шашырап келген елдің елдің қай жерге барып тоқтайтынын көре алмайтыны анық болды. Туған жерге оралу сірә мүмкін емес. Жат жерде қалатыны, туған жерінің бір уыс топырағы бұйырмайтыны белгілі еді.

Ақбөбек сөйтіп отырып таңды да атырды. Күндегіше қайтадан күйбің тірлік басталды. Тағы да баласына шәйін беріп, қолына кешке дейін талғажау қылатын тамағын ораған түйіншегін ұстатты. Ұйқының шалалығы ма, әлде түні бойы отырып әр нәрсені бір ойлап шаршады ма, бойы ауыр тартып ешнәрсеге қошы болмай отыр. Көңілің көтеріңкі болғанда да қолың қарап отырмайтын қайбір бастан асып жатқан шаруа бар. Елде жүргенде екен ғой кезек күтіп тұрған көп жұмыстың шетіне шығып бола алмайтының. Малың бар, оның сүті бар. Біреуін пісіріп, біреуін ұйытып жүргенің. Үлкен-үлкен қанарға қапталып жатқан жүнің өз алдына. Су тиіп, біте түсіп, құрт-құмырсқа жеп тастамасын деп аяғына жету үшін соның да жұмысы жеткілікті. Атына аяғын артып бір ауылға келіп әңгіме айтпаса, өзіне арналған бір малдың басын мүжіп, болмаса сыбағалы жілігін жеп кетпесе қазақтың көңілі біте ме. Әрқайсысына бір жүгірем деп жүргенде кеште батады. Сол тынымсыз тірлік, таусылмайтын жұмыс алдында малың болғанда ғана екен ғой. Ал мында оның бірі де жоқ. Малдан сірә қол көтерді. Үкіметтен қашып байғыз құсап түнделетіп жүрген адамға мал қайдан жолдас болсын. Астындағы көлігіне, жетегіне еріп, айдағанына көнетін ұзын аяқты малмен шыққан. Бірақ шұбыртып, шаңытып бара жатсаң алыстан көзге түсіп, қарауылға ілінетін болғасын "осы уақытқа дейін сенен көрген қайырыма құдай береке берсін, тап болған біреу далаға тастамас, жетектеп есігінің алдына апарар" деп айдалаға оларды да тастады. Арттарынан сызыла боздаған сол түйені қимай жалтақтап бара жатты бұлар. Қайдан қисын.

Талай жыл бауырын тартып, рахатын көрді емес пе. Содан кейін өздерімен бірге осында келген бір-жар түйенің де, жылқының да кәзір көзі жоқ. Маңғыстаудың кең даласының өзінде үйренген жеріне тартып отыратын олар парсы жеріне қайдан үйренсін. Шөп жемей, су ішпей көз жасы мөлтеңдеп артына қарап, сай-сүйегіңді езе зарлап, боздады да тұрды. Аяғындағы тұсауын алсаң сол бойда-ақ елге тартатыны белгілі. Ақыры ең болмаса балаларға сорпа болсын деп сойып алды. Елді жайлаған сүзекте көп адамның аман қалуына сол елден келген малдың етінің пайдасы тиген еді. Енді міне, алдында да, артында да қарайлайтын ештеңе жоқ, соқа бастары қалды. Кәзір мұндағылар балшықтан соғып алған жаппаны ғана паналап отыр. Қолынан іс келетін ер азаматтар, шыбыртқыға ілінетін балалар таң атпай жұтқын тамағы үшін түрікмендерге, қызылбастарғажалданады. Басқа не істесін енді. Қарап отырып өле ме. Жеріне келіп отырсада бұл елдің үкіметінің саған жаны ашып, қамқор болайын деген ойы жоқ. Келді деген жоқ, кетті деген жоқ. Тірлігің болса күнелтерсің, болмаса аштан өлерсің, онда менің шаруам жоқ деген адамша үн-түнсіз жатып алды. Күштіден зорлық, тентектен қорлық көрсеңде маңдайыңнан көресің, олардың араша түспейтіні белгілі. "Қой, қарап тұрып өлеміз бе, үлкен ұлықтарының алдына барайық, басымызды алып қалмас. Жайымызды айтайық. Бізде құдайдың жаратқан пендесіміз ғой. Дініміз бір. Ел басына күн туды, шыдай алмай осында келдік. Мұсылманбыз ғой, жайымызды түсінер деген ойдамыз. Мал соңында күнелткен қазақ едік. Қолымыздан басқа келмеседе мал бағу келетін еді. Соның шетін қайырып күнелтейік деуге сендердің үйлеріңнің алдында екі-үш ешкіден артық ештеңе көрінбейді. Көзапара өлтіресіңдер ме. Екі қолға бір жұмыс тауып берің. Ана жолымызға қарап тілін жалап, тісінің кірін сорып отырған қатын-баламыз аштан өлмесін",-деп айтуға жау қайтарардай болып кеткен, елде молданың алдын көрген, сауаты бар дейтін екі-үш адам кешке мойны салбырап қайтып келді. Сөйлесіп те жарымапты. Әр нәрсені бір сұрап отырыпты да, бірін-бірі түсінбегесін қолын бір сілтепті.

Туған жерге тұңғыш қадам басқанда.Ортада Оразмағанбеттің баласы Ебжан. Домбырамен ән айтып тұрған А. Көмеков.

Ирандық қазақ футбол командасы Ақтауда. 1990ж.

Ирандық қазақтар. Ортада Бәли Ақмолда, ұлттық киіммен тұрған екі қазақтың оң жақтағысы Бәубек Темірбай, сол жақтағысы Кедей Қожаназар.

Бәли Ақмолда Әбдіжәмілұлының Иран патшасы Мұхаммед Риза шахтың әйелі Фарах ханшайыммен кездесуі.

Иран қазақтарына берілген уақытша құжат

Горган қаласында. Оң жақта аудармашы Нияз Тобыш, ортада Ақтау университетінің оқытушысы Айнаш Бекенжанова және О.Көшбайұлы. 2006 ж.

Иран-Ирак соғысында қаза тапқан қазақ жауынгерінің ескерткіші.

Горган қаласы, Атақты Ақбөбек Есжанқызы осында жерленген
Оразмағамбеттің Горган қаласының әкіміне жазған хаты
Оразмағамбеттің Иран патшасы Оразмағамбеттің мөрі
Риза Шахқа жазған хаты

Оразмағамбеттің үлкен баласы Ебжан жәнеоның әйелі Көркем
Бендер қаласының көшесі

Атақты құдықшы Бейнеубай Құлшарұлының басына орнатылған құлпытас қасында. Бесмусан қауымы, 2006 ж.

О.Көшбайұлы, ортада «Гүлстан экономикасы» газетінің бас редакторы, түркмен журналисі Мұса Моржани және Есберген.

Іңірбай. Горган, 2006 ж.

О.Көшбайұлы Оразмағамбеттің кіші баласы Шарғижәне оның жиені Қамария.

Ирандық қазақ әйелдері. Бендер. 2006 ж.

Иран қазақтарының ұлттық киімдері

Сол жақта Тойжан Бабық, ортада біздерге дерек беруші Ізжан ағайжәне О.Көшбайұлы.

Сол жақта Есберген Іңірбай және Иран қазақтарының туған жермен байланысына көп еңбек сіңірген Тойжан Бабық.

Жыршы Жаңбыр ақсақал жадында қалған Маңғыстау әндерін орындауда. Горган, 2007 ж.

Горган университетінің профессоры Мансур Киайдың үйінде қонақта.

Сол жақта Оразмағамбеттің немересі.Ферейдун және журналист Есберген Іңірбай. Горган, 2006 ж.

Ақтау қаласында өткен «Каспий достық теңізі» фестиваліне Ирандықтар да келді. Сол жақта Нияз Тобыш, облыстық мұражай директоры Тамара Жумалиева, ирандық ақын Хамид Рафиғи, О.Көшбайұлы. 2007 ж.

Жыршы, термеші Бәубек Назар

Иран жеріне барып қаза болған Маңғыстаулық Бейнеубай Құлшарұлына орнатылған құлпытас.

Содан әркім өзінің өлмес қамына кіріскен. Тап болған темір жол салуда түрікмендердің істеген қиянаты анау. Үйде отырған әйелге не жұмыс табыла қойсын. Бала-шағасының үстін жамайды. Әлгі балшықтан салынған жаппаның алдын сыпырады. Әйтеуір қарап отырмай кіріп-шығып жүргендері. Көп бастарын да қоса бермейді. Әйел жүрген жердегі айтылатын әңгіменің көбі тағы да баяғы дүрлеп тұрған кездегі дәурен болып келеді де, арты туған жерге деген өксікке ұласып кетеді. Содан бұлар серттесіп қойғандай ол жайлы әңгіме қозғамайды.

Күн түске таянды. Дем жетпейтіндей қапырық ыссы. Жаман жаппаның көлеңкесінде отырған Ақбөбектің құлағына шыңылдаған дыбыс естілгендей болды. Басындағы жаулығын көтеріп әлгі дауыс шыққан жаққа құлағын тосты. Төске тиіп жатқан балғаның даусы екен. Ақбөбек өз-өзінен жымиып күлді. Жүзінде ризашылық белгісі бар. Мына тал түсте шыңылдатып темір соғып жатқан жеменей бала Бердібек қой. Ақбөбекке үнемі сырын айтатын сіңлісінің қайнысы. Қолының місекерлігі бар. Домбыра тартып, әу деп ән айтады. Жақсы, жаманын Ақбөбек қайдан айырсын өлең де шығарады екен. Өткенде шытынап жарылып ортасынан бөлінуге шақ қалған аққұманын шандытып алуға барған. Сонда жіп-жіңішке қылып кескен жез сыммен құманды орап отырып бір өлең оқығаны есінде.

Төнген соң үкіметтен басқа қауіп,

Біз кеттік туған жерден қоныс ауып.

Сағыныштан шерменде күйге түстік,

Өмір кештік жат елден пана тауып.

Пір Бекет талайларға медет болған,

Еңіреген ел жұртын желер ме екен.

Тұс-тұсқа тарыдай боп шашылғандар,

Күн туып елге айналып келер ме екен.

- Сағыныштан туған бір өлең дағы. Онан басқа ақындық біздің әулеттің әрі-берісінде жоқ, - дегенді қасында отырғандарға. Бірақ қолы шебер. Осындағы қазақтардың баратыны осы Бердібек. Өзі жүрегі жұқа.Ешкімге қарсы сөйлемейді. Сол Бердібек жеңгесінің аяғы ауыр екенін, жерік болып жүргені басқа емес, Маңғыстаудың шымырау суы екенін естіпті. Бауыры Нұрлыбектің де әжесінің бауырында әлсіреп жатып "құдықтың суын сағындым" деп тілім-тілім болып жарылып кеткен ерінін жалап жатқаны есінде. Тумаласы кетіп, көзі қорқып қалған бала жеңгесінің жерік суын қалай тауып берем деп қиналыпты. Содан бір күні "Жеңеше мен шымыраудан су тартар қауғаны жасап, дайындап қоямын. Тіпті доғалақ, оның құлығы, қауға сабына дейін өз қолымнан шығатын болады. Жүрегім сезеді, көп ұзамай туған жерге ораламыз. Маңғыстауға аяқ басқан бойда сол қауғамен алғашқы тап болған құдықтан өзім су тартып берем. Құмарың қанғанша ішесің. Бірақ байқа, түстік беттегі Қарынжарық, Сақсорқаның сулары алғаулау болатын. Ұрсып жүр ме",-депті. Сонда жеңгесі "Айтқаның келіп, аруақ қолдасын. Кенжем-ау, сол суға, Маңғыстаудың топырағына жеткізші, көзіме көрсетші сол жерді. Талғамай ішуге уәде берейін. Жарықтық Қарынжарықтың суы бір ұрттасаң ішіңе тиетін парсының жылымшы бұлағы деп пе едің. Кенже-ау, сен сол Қарынжарықтың жусаны мен тітірі белуардан келер шөпке жайылып, құдығының суын ішкен малдың сүтінің де, етінің де дәрі екенін білмеуші ме едің. Жарықтық-ай, мал дегенің бір күнде шаялап қалатын еді-ау. Ренжімеймін кенжем, ренжімеймін",-депті.

Бұл сол уәдесінен шығу жолында шыңылдатып балға соғып жатқан Бердібек. Ақбөбек тілеуі алдындағы жастың туған жерге деген сағынышын түсініп, соған жету жолында ырым қылып қауға жасап жатқанына риза болып отыр. Кенет қалықтап ән естілді. Баяғыдан таныс, жадында жатталып қалған Қайыптың әні.

...Көшкенде жылқы айдаймын Қараменен,

Бір құрық кесіп алдым араменен.

Адайдан тандап алған Ақбөбекті,

Ит кедей алып кетті-ау параменен...

Ән жан дүниесін ерітіп, елітіп соңынан ертіп барады. Көз алды бұлдырап сағымның ішінен Қайып көрінгендей. Қолында сыртына ақ жездермен өзі әдемілеп өрнек салған домбырасы. Даусы да сол баяғы қалпы, арада қаншама жылдар өтсе де өзгермеген, ескірмеген. Қуаныштан кеудесіне симаған жүрегі бұлқына соғып, аузына тығылды. Баяғыдан бергі қажыған, талған денесі рахатқа бөленіп ерекше күйге түсті.

Ән қалықтап барып тоқтады. Қайтадан шыңылдаған балға даусы естілді. Ақбөбек сонда барып өзінің кәрілік жеңген жарықшақ даусымен әнге қосылып отырғанын білді. Пора-пора болып егіліп жылап та отыр екен.

Ия, адайдың аруы Ақбөбекке туған топыраққа оралу бақыты бұйырмады. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай сол жақта өмірден өтті. Түсі алдамаған екен. Ол уақытта кез-келгенді Этректің асау толқыны өткізе бермейтін-ді. Елге деген сағынышын, туған топыраққа деген сүйіспеншілігін өзімен бірге ала кетті. Бірақөзі туралы Маңғыстаудың ұмытпайтынын, Қайып екеуінің махаббатын ғасырлар бойы жыр қылып айтудан жалықпайтынын біліп кетті. Тағдыр тәлкегімен Иран жеріне барып табан тіреген олардың ұрпақтарына елге қайту бақыты араға елу жылдан астам уақыт өткеннен кейін ғана бұйырды. Осыдан бірнеше жыл бұрын, 1995 жылдың күзінде Ираннан шығып Баку арқылы қандастарымызды алып алғашқы кеме келді. Кеме трапынан түсе сала туған топырақты сүйіп, қасиетті жерді аймалап еңкілдеп жылап жатқан кез келгеннің төгілген көз жасында аталарының армандап кеткен аманаты, сонымен қатар сол уақытта жат жердің топырағын жамылып жатқан мыңдаған қандастарымыздың сағынышы да бар еді. Өздерінің қолы жетпесе де артындағы ұрпақтарының өз елімен Қауышқанын рухы сезген олардың сол күні аунап түсіп жатқаны да шындық еді. Солардың ішінде біз әңгіме қылып отырған Маңғыстау аруы Ақбөбек апамызда бар еді.

ТОҒЫСҚАН ТАҒДЫРЛАР

Бақыттың әңгімесі

- Е, қарағым-ай, сонау артта қалған, жүрегіміздің бір түкпірінде шер болып қатқан ескі жараны қайта қозғайды екен мына сұрағың. Қиындық деген адам баласының қай-қайсысының да басынан өтеді ғой. Жұмыртқаша шайқалып өскен пенде аз шығар бұл өмірде. Соның ішінде бала кезде көрген қиыншылық пен аш құрсақ жылдар, күні-түні үрегейленіп жалтақ күн кешу ұмытылар ма. Менің жасым кәзір сексеннен асты. Былайша айтқанда асарымды асадым, жасарымды жасадым. Енді құдайдың жіберген ажалын күтіп отырған жайымыз бар. Өткен күндерге өкінішім болғанмен, шүкіршілік ететін жайым көп. Өйткені табаным туған топырағыма тиді. Соның ауасымен тыныстап отырмын. Ертең дәміміз таусылған күні ағайын-туған жиналып келіп осы топырақпен бетімді жаппай ма. Баяғыда қызылбастар елінде шешем марқұм өмірден өтерде...

Бақыт ақсақал әрі қарай сөйлей алмай кідіріп қалды. Қайта-қайта жұтынып орамалымен жасаураған көзін сүртті. Жасы келген адамның ұмыт болған күндерін қозғағаныма өкініп бетіне жалтақтай қараған менің жайымды түсінсе керек;.

- Сен ыңғайсызданба, қарағым. Адамның көзінен шыққан жастың да қасиеті болады. Ол тегіннен тегін төгілмейді. Арғы бетте жүрген кездерімізде анда-санда жан дүниеңді төңкеріп төгілетін жастарымыз біздің туған жерге деген сағынышымызды күшейте түсті, қасиетті топыраққа деген сүйіспеншілігімізді арттырды. Ағыл-тегіл ақтарылып отырғанда бір кезде шешелеріміз айтып отыратын Маңғыстаудың мұнар тауы мен ақ шағыл құмдары жақындай түскендей болатын. Жылап отырып ұмыт бола жаздаған ұлан даладағы жусанның исін сезгендей болатынбыз. Жасы келген адамда ұйқы деген болып жарытпайды. Сәл қалғығанның өзі жетіп жатыр. Көбіне дөңбекшіп әр нәрсені ойлап жатқаның. Кейде сол сәл қалғыған кездің өзінде түс көретінім бар. Түс кәрі көңілдің жолдасы. Кәзіргі уақыттағы бірден-бір серігің де сол түс. Бәлкім, ол түс те емес шығар. Жүріп өткен жолдарыңа, өткеніңе оралу шығар, арасын ажыратып та жатпайсың.

Өткенде түсіме анам енді. Баяғы бала кезім екен деймін. Екеуміз қол ұстасып қатар жүріп келеміз. Үстірттің үстіндегі Қамбай әулиеге келіппіз. Шешем әлгі әулиеге жақындай бере иіліп сәлем етті.

- Апа-ау, - деймін мен. - Сен бұдан көп жыл бұрын өмірден өткен жоқ па едің. Өз қолыммен Бендерден онша қашық емес Пауедин әулиесіне қойып едім ғой.

- Әй, балам-ай,- дейді сонда шешем басымнан сипап. -Өмір бойы мойнымнан тастамай жүрген туған жердің бір уыс топырағы бар емес пе еді менде. Кеудемнен ұшқан жаным сол топыраққа барып қонды ғой. Топырақ қасиетті, ол өзінің жаратылған жеріне тартады да тұрады. Сөйтіп бізді қайта жалғады ғой. Сенің қасында келе жатқаным сондықтан. Аталарымыз жатқан қасиетті жерге сенімен бірге келейін дедім. Кезінде ызғындай ел едік. Көбі жаңа үкіметтің асыра сілтеуімен жоқ болды. Қалғаны қызылбастар елінде қалды. Бастарына барып дұға оқитын ешкім болмады-ау деп қиналушы едім. Сен келдің бұл жерге. Тәубе, жасаған, тәубе. Енді тыныш жататын болдым. Өйткені бұл жерде жан-жаққа шашырағандарымызды еске алып бәріміз үшін дұға оқитын сен барсың. Сен барсың... сен бар...

Кенет сөйлеп келе жатқан шешем көрінбей кетті. - Апа-ау, қайдасың,- деп жатып оянып кеттім. Біздің туған жерге келгенімізге риза болып жатыр екен ғой жарықтық деймін ішімнен. Өмірден өткенше туған жерін жыр қылып айтумен, сағыныш жасын төгумен болып еді. Сол есіме түсіп кетіп кәрі көңілдің босап жатқаны ғой. Ыңғайсызданба айналайын. Кәдеңе жарап жатса есімде қалғанын айтайын. Кітабыңа жазасың ба, кәзитіңе жазасың ба оны өзің біл. Бірақ қарағым "Қой үріккен жағына беттемейді" деген бар еді. Менің айтқандарым орыстың құлағына шалынып тағы да баяғы қанына сіңген кәсібі-қудалап, атып-асып жүрмей ме. Ағаңда кәзір төбе асып тығылып, жүзген тасалайтын қауқар қалмады,- деді кеңкілдей күліп.

- Ол заман кейінде қалды ғой. Қорықпаңыз,- деймін.

- Тек айтып отырмын ғой. Енді оның қайталанбайтынына, бұл үкіметтің жоғын түгендеп, бір кездегі қасірет шеккендердің артында қалған ұрпақтарын қанатының астына алып жатқанына көзіміз жетті. Ақысыз, пұлсыз мына отырған үйін берді. Жасың келді деп берген пенсиясын да алып отырмыз. Көштің соңында, жұртта қалған ешкім жоқ. Бір кездегі жоғалтып алған, өлі-тірімізден хабарымыз болмаған тумаластарымызды таптық. Қасыңда отырған мына Әділхан маған немере туыс болады. Менің кәрі әкем Атанша мен оның атасы Қонай бір туған. Осының бәріне тәубе демегенде, сарыла күткен сағыныш, мауқымызды басып, ата-бабаңның сүйегі қалған қасиетті топырақты басқанымызға шүкіршілік етпеуге бола ма. Қалған күндерде құдайдың көзі түзу болсын әйтеуір. Міне, кәрі адам деген осы. Бірін бастадым, аяғына жетпей екіншісіне ауыстым. Енді өзіңнің сұрағыңа көшейін.

Біздің ата-бабаларымыз осы күнгі Бекет ата жатқан Оғландыдан 70-80 шақырымдай жердегі Жылқыбек, Қамбай деген құдықтардың маңайында тұрған көрінеді. Өткенімізді білетін кәріқұлақ үлкендердің әңгімесіне қарағанда біздің қырықмылтық руының маңдайына мал да бітіпті, бақ та бітіпті. Сол малдың жайымен бірде Арқаға қоныс аударса, бірде ойға құлап жүрген. Ел басына келген дүрбелең жалпыға ортақ болды емес пе. Жаңа үкімет орнады. Олар алдымен малға ауыз салды. Содан кейін қолынан іс келетін еті тірі азаматтарды қудалай бастады. Бірақ "мал ашуы, жан ашуы" деген бар қарағым. Кім-кімде жаңа үкімет адамдарына дегенің болсын деп ыңғайына көне салмады. Сол малы үшін арпалысып бақты. Керек жерінде атысты, шабысты. Бірақ қаруы көп, дегені болып тұрған үкіметке мал соңында жүрген, сауаты жоқ қазақ не істей алсын. Бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Мен онда 11-12-лердегі баламын.

Кәрі әкеміз Атаншаның 10 ұл, 4 қызы болған екен. Ұлдың біреуі ертеректе жарадан қайтыс болыпты. Қалған тоғызының ажалы жаңа үкіметтен болды. Үкіметтің қысымы күшейіп тәркілеу, қудалау басталғанда атамыз Атанша бір зобалаңның болатынын сезсе керек, бір күні балаларын жинапты. Балалы үйдің ұрлығы жатпайтыны белгілі. Біздер ұйқыға кеткесін өзінің ойын, алдағы жоспарын айтыпты.

- Ал, шырақтарым,- депті сыбырлай сөйлеп өзін қоршап отырған балаларына. —"Тұрымтай тұсына, балапан басына" деген заман келді. Бұрын-соңды ел басында болып тұратын барымта-қарымта, алдындағы азын аулақ тай-тұяғынан айрылып таяғыңды ұстап қалар жұт кәзіргі басымыздан кешіп отырған күйіміздің қасында ойыншық болып қалды. Заманның бізге тап қылған, әлі де алдымыздан тосып тұрған қасіретін біреу көтерер, біреу көтермес. Өйткені адам баласының маңдайына тап болар ауырлықтың ең қиыны, ең қасіреттісі туған жерінен айрылу, зорлықпен одан жырақ кету. Кешегі құт мекенің, жылы ұяңның жардан құлап, өртенгенін өз көзіңмен көру. Бұл әсіресе әлі қанаты қатпаған сары ауыз балапандар үшін тіпті қиын. Тірлігін жасап талпынар, шамасы келгенше көтерілуге ұмтылар, бірақ олар енді биіктеген сайын көңіліне қуаныш ұялататын туған жерінің тау тасын көре алмайды. Амал қанша. Артымыздан келе жатқан қара дауылға қарсы тұрар дәрмен енді жоқ. Сәл кідірсек мына отырған бәрімізді де жайпап өтеді. Бір ғана үмітім бар - ол жолындағысын қиратып өтер Қара құйынның артына салар салмағы ауыр болғанмен өткінші болатын еді. Өзі өткеннен кейін де артында әрі-беріге дейін шаңы сейілмей тұратын. Ол ұзап кеткесін жөн-жосығын білмей әуеде жүргендер қалықтап барып жерге түсетін. Менің бір ғана үмітім бар деп отырғаным сол. Уақытша болса да сол дауылдың жолынан бұра кеткеніміз дұрыс болар. Мына түстіктегі Иранға, қызылбастар еліне барып паналай тұрғанды дұрыс деп отырмын. Бірақ оған жетуде оңай болмайын деп тұр. Кірген-шыққанымыз, жүрген-тұрғанымыздың өзі бақылауда. Өзім көшбасшы болып сендерді, балапандарымды соңыма ерте алмағаным өкінішті. Бүгін түнде алдымен өзім кетейін деп отырмын. Барып орныққасын сенімді деген адамнан хабар жіберермін. Тағдыр жазса қалғанымыз сол жақтан табысайық. Мына аласапыран заман басылғасын туған жерге қайта оралармыз. Кәзір белі кеткен қара нардай болғанмен бәрі орнына келер. Сыңғырлаған көшіміз қайта түзелер. Ұлдың ұяға қонып, қыздың қияға ұшқанын да қызықтармыз дәм жазса. Әзірге бұғып өтіп, жасқаншақтай күн кешіп, өзге алдында еңсеміз төменшік бола тұрады ғой. Басқа қолдан келер не амал бар. Бір-біріңе қайырымды болып, қолтықтарыңнан сүйең. Өзімнің де, сендердің де маңдайларыңа әлі ненің тап болатынын біліп отырған жоқпын. Тек алдамшы үміттің жетегіне еріп, қолға ұстатпас арманның сағымына сендерді қалдырып барамын. Бәрі құдіреті күшті жасағанның қолындағы нәрсе ғой. Бәлкім, бастарыңа бүгінгіден де ауыр қасірет тап болар. Бірақ "елу жыл аштық жоқ, елу жыл тоқтық жоқ" деген бар. Заман өмір бойы осы қыңыр қарауымен тоқтап қалмас. Бүгін болмаса ертең, болмаса одан кейін түзелер, қалпына келер. Ондай күндер туа қалса туған жерге келіп тоғысың. Ат айналып қазығын табады. Құс екеш құстың да көктем шыға ескі ұясын іздеп тауып, жаңа қауырсынмен баптап барып жұмыртқасын салатынын ұмытпаң. Бұл күнге жете алмай жат жерде топырақ бұйырғандарымыз болса, білген дұғаларыңды соларға бағыштап оқың. Жайлы жатуымызға, заманға деген лағнет, өткенге деген өкініш, қол жетпеген арман-сағынышымыздың азаюына септігі тиер. Отаржан айналайын, балаларымның ішіндегі бас көтерері, жөн сілтері сенсің. Енді шамаң келсе мыналарды шашып ала көрме. Бір кездегі өрліктеріңді, ерліктеріңді әзірге қоя тұрың. Заманың солай, екі шоқып, бір қара. Буынсыз қызыл тілге келер сөзді де есеппен айтуға тура келер. Үй артында кісі барын ұмытпаң. Кәзіргі көзсіздіктің жалғыз жолы бар- ол жардан құлап омыртқаңды сындыру. Басқа не айтайын сендерге, қай жерде жүрсек те аманшылықта болайық,- деп сол түні атамыз Атанша Иранға ауыпты.

Атамыз білгендей-ақ кеткен екен. Арада азғана күн өткесін ауылға оны іздеушілер де келді. Көп ұзай қоймас деген болу керек, көрші ауылдарға ат шаптырып, сай-саланы тінітті. Айқайлап қорқытқанмен, қамшының астына алғанмен Атаншаның қайда екенін айтқан, жөн сілтеген ешкім болмады.

- Қайда кетер дейсің,-деді ат үстінде қамшысын қолына білемдеп ұстаған қуғыншылардың бастығы. — Жердің жарығына кіріп, болмаса аспанға ұшып кетпесе келері анық. Қатын-баласын алдарыңа салың. Соңынан іздеп келсе кешірім болады, келмейді екен соның орнына итжеккенге айдалады. Бәрін бірдей шұбыртпаң. Ана әйелін, сосын төрт баласын айдаң. Қайсысы әкесі үшін ауырлықты көтереді екен. Еркіне салың, -деді бастық қызық көргісі келгендей әкем Отар мен соның қасында тізіліп тұрған арыстандай інілерін нұсқап.

Осы кезде үлкен шешем: - Бай да, бала да менікі еді. Еркімізге салып тұрсың ғой. Ендеше Атаншаның ауырлығын мен және мына тұрған балаларым болып көтеріп аламыз,- деп үйленбеген төртеуінің қолынан жетектеп ілгері шығарды.

Ең кіші інісін шығара бергенде шыдай алмаған әкем: - Апа-ау, оның не, тым жас қой,-дей бергенінде шешем:

- Тоқта,- деді әкемнің кеудесінен итеріп.- Балаңдай қылып еркелететін кенже ініңді қимай тұрғаныңды білем. "Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді" деген бар балам. Әкеңде мыңғыраған мал да бар еді, оның қайырын көрмей таяғын ұстап қалды. Сол қу таяқтың сайғақ құрлы саясы бар ма, артынан қайыры бола ма, оны мен білмеймін, аспандағы құдай біледі. Көкжар мен Бесқаланың базарынан таңдағанымызды алдыртып киюші едік, ол да кәзір адыра қалып кебенектен артықшылығы жоқ шоқпытқа айналды. Ішінде жанымыз бар әйтеуір. "Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі" деуші еді ғой үлкендер. Сол айтқандары рас болып, бәлкім, бізге бағытталған ажал оғы қиыс кетер. Аман оралармыз. Ал, сенің ана тұрған тесік өкпелерің бар. Соларға керексің. Тек соларға емес, бүкіл үрім-бұтақ, әулетіңе керексің. Әлі тамыр жайып үлгермеген өскіндеріңді солдыртып ала көрме. Бұлар жер басып тірі жүрсе әулеттеріңнің ошағы сөнбес. Май ішпесе біреуден қалған сарқытын ішер, болмаса қара су ішер, әйтеуір жол ортада тамыры суалып қалмаса болды. Сол үшін, сол тілегім орындалсыншы деп осы шешімге келдім. Әкеңнің айтқандары есіңде шығар. Бір Атаншаның орнына бесеуміз бірдей бара жатырмыз ғой. Бұл үкіметке ол аздық етпес. Ал, аман болың. Енді құмарым қанғанша мына тентектерді сүйіп кетейін. Бірақ ошағым бүтін, керегем кең уақытта бұлардың жұпар исіне қанбаған мен сорлы енді тоярмын ба,- деп шетте тұрған маған аңырып бас салды.

Менің де арғы жағымдағы тығыным ағытылып кеткендей әжемнің бауырына қойып кеттім. Оны енді көре алмайтынымды, еркелете басымнан сипап, бар дәмді тамағын аузыма тосатын пейіл кеңдігін осы сәттен бастап жоғалтқанымды анық сездім.

Төбе құйқамызды шымырлата зарлап, артына жалтақтай қарап кетіп бара жатқан сол көрініс әлі көз алдымда.

Осыдан кейін-ақ көздері қорқып қалған адамдар неде болса ретін тауып оңтүстікке қарай ығыса беруді жөн көрді. Бір-бірінен қалғысы келмейді. Күндіз таудың жықпылын, сай-саланы тасалап, түнде жорытамыз. Айтушылардың әңгімесіне қарағанда түрікмен жағы тыныштау көрінеді. Аман-есен діттеген жерге жетсек арғы жағын маңдайымызға жазғанынан көреміз ғой деген үміт еді. Бар ауыртпалықтың алда екенін ол уақытта кім білген. Бірақ бұл үкімет "Малыңды алдық, бетке ұстарларың темір тордың арғы жағында жатыр. Қалғандарың не қылсаңдар, оны қылың" демеді. Соңымыздан әскерін қаптатты. Содан не керек, әр жерде босып бара жатқандарды иіріп түрікменнің Сүйлі деген жеріне әкелді. Ешқайда шығармайды. Баламыз ғой, бізге көбі беймәлім. Басы сәл тыныштау болғанмен жылау-сықтау қайта басталды. Жаңа үкіметтің адамдары осындағыларды қайтадан сүзгіден өткізе бастады. Бір-бірлеп ұстап алып кетіп жатады. Содан қайта оралмайды олар.

Үлкендердің не қызмет жасайтынын қайдан білейік. Таң ата кетеді, қараңғы түсе келеді. Ашық-жарқын әңгіме жоқ. Бір-бірімен сыбырласа сөйлесіп отырғаны. Ол уақыттағы он бір, он екідегі бала уақыт ерте есейткен, оң, солын айыратын шамада ғой. Әңгімелерінен байқайтынымыз бұлар да ретін тауып Иранға асып кетудің жайында жүрсе керек. Әкем жұмыстан ертерек келсе елегізіп інілерін күтіп отырғаны. Маңғыстауға барып келген, ретін тауып Ираннан келген адамдардан әке-шешесін, бауырларын сұрастырады. Үлкен шешеміз бен төрт ағамызды Сібірге жер аударыпты деп естідік. Ал, атамыз Атанша Иранның Күмбет деген қаласында екен.

- Отарға сәлем айт,-депті бері өткен бір адамнан. — Ретін тауып осында өтсін. Бұл үкіметтің сендерге салар салмағы ұстап кеткендермен бітпеген шығар. Тыныштық бермес. Бір күні болмаса, бір күні ауыз салар. Қалғандарына шүкіршілік етсін. Сейіт құдаға (шешем Күмістің әкесі, руы таз болатын) уақыт болды. Өз қолымнан арулап қойдым. Қалған тумаластары аман. Шекарадан өту де бұрынғыдай емес, қиындап барады. Екі жағы да біртіндеп әскерлерін апарып жатыр деп естідім. Толық қолдарына алса онда қалғандарың. Тезірек жетің,- депті.

Бірақ олардың дегендері болмады. Атамыздың сәлемдемесінен кейін көп ұзамай-ақ әкемді төрт інісімен қатар алды да кетті. Әй, қарағым-ай, ажалың жетпесе басыңа түскен қандай қиындық болса да көреді екенсің, белің қайысқанша көтереді екенсің. Өзің ойлап қарашы, бір шаңыраққа осы аз салмақ па. Үлкен шешеміздің, оның сегіз бірдей ұлының қайда екенін, қай жердің топырағы бұйырғанын естімей кеттік. Шаңырағы ортасына түсті, ошағы сынды деген осы емес пе. Сол кезде отыздың сәл-ақ үстіндегі шешем Күмісті, қарындасым Қымбат пен мені көрген біреулерге "Мыналар баяғы атақты Атанша байдан қалғандар" десе ешкім де сенбес еді. Енді жоғалтқандарымызды түгендемек түгілі, аштан өлмес үшін бір уыс талқан табудың өзі мұң болды. Ағайыннан қалғаны атамыз Атаншаның інісі Қонардың балалары. Үлкені Жылқыбай ол уақытта жиырмалардағы жігіт. Екі інісі Жылқышы мен Орынбасар мен сияқты әлі бала. Зиянымыз тие ме деп бір-бірімізге араласуға қорқамыз. Бірақ түбі бір туыс шыдата ма, шешелеріміз қолына түскенін өз балаларының аузынан жырып бір-біріне көмектескен болады. Бәлкім, сол жарты құртты бөліп жеп, құла суды бірігіп ішкен, бір-біріне деген ықылас, пейілін жоғалтпаған адамгершілік біздерді осы күнге жеткізген болар.

Неге екенін қайдан білейін қарағым, тағдырдың сол уақытта біздерге қыңыр қарауы таусылмады. Бір азабынан тырмысып шыға бергеніңде "Сен әлі тірі ме едің, енді мынаны арқалап көрші" дегендей тағы бір ауыртпалығын жіберуден танбады. Қанатының астына алып, жел жағыңнан ықтасын болар қамқоршымыздан айрылдық. Жетімге бәрі жарасады дей ме, нанға тойған біреулердің шапалағын да көрдік. "Байдың сілімтігі" деп жаныңды жаралағаны аздай тәнімізге таңба салған талай әумесердің қамшысының ащы дәмін де таттық. "Жетім қозы тас бауыр, маңырар да, отығар" деген бар. Арқамнан тиген қамшы қабырғамды сөгіп бара жатса да тістеніп, әлгінің көзінше жас шығармауға тырысатынмын. Ол болса алдында ұрғаным осалдау болған шығар дей ме, құлаштап қайта ұрады. Ее, қарағым-ай, етімнен таяқ өткенін, "тәйт" деп ара түсер қамқоршымның, қолдаушымның болмағанына налып ауылдан бөлек кетіп ағыл-тегіл жылайтыным бар еді. Әбден көз жасымды тауысып, шерім тарқағасын қайтушы едім. Онсыз да қамкөңіл шешемді жасытқым келмейді, жалғыз қарындасымның жүзіне мұң ұялатпауды ойлаймын сонда. Мен сол уақыттың өзінде мына өмірде тірі қалу үшін жүндей түтіліп езіле бермеуді, ағысқа қарсы жүре білу, төзе білу керек екенін ұққанмын.

Иранға барғаннан кейінгі менің өмірлік кәсібім ұсталық болды. Өзімді өзім мақтамай-ақ қояйын, бірақ менің қолымнан шыққанға риза болмағаны жоқ, арнайы ат сабылтып келіп керек жарағын жасатып алушылар көп болатын. Бұл жұмысқа шыдамдылық пен төзімділік керек. Бала кезімде көрген қиындық мені табандылыққа үйретті.

Отыз үшінші жылы елде ашаршылық басталды. Бұрыннан да ілініп-салынып зорға жүрген адамдарға бұл жығылған үстіне жұдырық болды. Бір күн аш болғаннан мың күн ақыл сұрама деген сөз бекерден-бекер айтылмаған. Аштық-адамды ынсабынан айырады, пейілін тарылтады. Жұтқын тамағы үшін керек болса қараулыққа, қатігездікке дейін барады. Біздердің қызылбастар еліне асуымыз осы кезде болды. Үкіметтің жан-жақтан босқан адамдарды кідіртуге, есін жинатып өз-өзіне келтіруге күші жетпеді ме білмеймін, әйтеуір Иран асқан біздерді соңымыздан қуған, жолымызды кесіп жөн сұраған ешкім болмады.

Әлі есімде, бес-алты түйеге мінгені бар, жаяуы бар жиырма шақты адам болып аттандық. Қарындасым екеумізді түйеге мінгізген шешем оны жетегіне алды. Қазақ қай уақытта да қазақ қой шырағым. Неде болса тағдырдың жазғанын көреміз деп орнынан қозғалмағандар біздерді шығарып салды. Солардың ішінде атамыз Атаншаның інісі Қонардың балалары да бар еді. Әсіресе кішкентай Жылқышы мен Орынбасардың қырық жамау күркенің босағасына сүйеніп жылап тұрғаны көз алдымнан кетпейді. Екеуінің бетінен кезек-кезек сүйіп көз жасын тия алмаған шешем:

- Ей, құдіреті күшті жасаған-ай. Екі шалдың кіндігінен тараған "сен тұр, мен атайын" дейтін азаматтарынан қалғаны осы қанаты қатаймаған балапандар еді. Бірлесіп күнелтуге, ауырсақ қолтығымыздан сүйеп, налысақ мұңымызды шағуға мына қитұрқы заман мүмкіндік берді ме. Алдымен шаңырақтың иесі атамыз кетті жер асып. Үкіметтің алдындағы соның өтеуін өтейміз деп енеміз кетті он екі де бір гүлі ашылмаған төрт баласын ертіп. "Олармен жоғымыз түгенделмеді, қалған жеріне тығын қылайық" деп артта қалған төртеуін тағы алды бұл үкімет. Екі шаңырақтан қалғаны екі қатын мен төрт бала, үш қыз еді. Кетеуі кеткен су тұрмайтын метейше бізде міне, жөн-жөнімізге ағып барамыз. Қай жердің құмына сіңіп таусылатынымызды бір құдайдың өзі білсін. Бір-біріміздің бетімізге жел боп тимеген, жолымызға көлденең тұрып көрмеген абысын едік. Бес баламен қалып бара жатқан сенің күнің не болмақ. Екі тесік өкпені арқалап топырағы жат, тілі бөлек өзге ұлттың ортасына бара жатқан менің алдағы күнім не болмақ. Кім жөн-жосығын айтады, жүректерін сағыныш шері сарғайтса кім мына жетімдердің маңдайынан сипайды. Ей, Алла-ай, мұнша қатал боларсың ба? Неге бұлардың маңдайының сорын бес елі қылдың. Саған өкпе айтуға, тіл тигізуге күйіміз бар ма. Пендеңе жасар жақсылық, жамандықта бір өзіңнің қолында ғой. Бір ғана тілегім бар, ол болашағы құз, жартастармен өтетін менің балаларым мен мына қалып бара жатқандардың амандығын бере гөр енді. Басқа байлық пен бақыт сұрамайын сенен. Үріп ішіп, шайқап төккенді де көргенбіз, оларың бас амандықтың қасында түк емес екен. Уақытша адастырсаң да түбі өз қазығында тоғыстыра көр осыларды. Ұлы жолдың үстінде аяғымды үзеңгіге салмас бұрын сенен сұрарым осы. Көз жасымызды, зар тілегімізді қабыл ала көр жасаған,-деп еді өксіп тұрып.

Орнымыздан қозғалып кету қиын болды. Үлкен-кішіміздің көкейімізде "Енді қайтіп көреміз бе" деген ой еді. Бірте-бірте ұзап бара жатып артымызға қарайлаумен болдық. Әсіресе шешем үш қайтара кейін қайтты. Бір нәрсені сезгендей кішкентай қолдарымен өзін тас қылып құшақтаған Жылқышы мен Орынбасарды қайта-қайта сүйіп "Ал, аман болың, құлындарым. Жамандық шақырмайыншы. Тойларыңа келейік" деп өзін қаншама қатайтқанмен ұзай бере тағы да көз жасына ерік береді. Жаулығының ұшымен көзін сүртіп сағымға араласа бұлдырап көрінген Сүйліге соңғы рет қарап тұрып "Ой, дүние-ай, бұлар біздің әулеттің қалған соңғы өмір тамшылары еді ғой. Қай-қайсысында аман қыла көр, қайда жүрседе қолтығынан демей көр жасаған" деп белін қатты буып қара іңгенді жетегіне алды.

Түйе қасиетті жануар ғой. Ол да бірдеңені сезгендей тартыншақтап "Бізді қайда жетектеп барасың? дегендей шешемнің жаулығынан тістелеумен болды. Кейде желіп шешемнің алдына шығып кесе көлденең тұрып алады.

- Ой, сормаңдай-ай,- дейді шешем бұйдасынан тартып. Шаранаңды жарып шыққанда алғаш тұмсығың тиген туған топырағыңның исін қимай келесің-ау. Өрістен қайтқанда алдымен келіп менің омырауымды иіскемейтін бе едің. Қасыңда келе жатқан жоқпын ба. Онсызда қырық тілініп паршаланып келе жатқан жүрегімді ауырта көрмеші жануарым. Біздің шаңырағымыздан қалған жалғыз тұяқ ана үстіндегі Бақыт болса, баяғы кең даланы сәнге бөлеп жайылып жататын мыңғырған малдан қалғаны сенсің. Ең болмаса қалған жерде бір-бірімізге сүйеу болайық. Тартынба жануарым. Онсызда сіңірі созылған мына сорлылардың межелі жерге жетуіне жәрдем ет. Содан соң... содан соң өмірге келгенімде аузымды үрлеп шаранамнан тазартқан, әлі буыным қатпаған уақытта қолтығымнан көтеріп енемнің бауырына апарған адам ғой, бірге болайын десең де, жат жерде тұрақтап қалу түйе малының маңдайына жазылмаған, сүйегімді туған жерге апарам деп бір күнде қыр ассаң да өзің біл. Сенен сұрар тілегім осы. Құдайдан бір, малдан екі тілек тілеткен заман-ай. Бақытжан ана қарындасыңды мықтап ұстап отыр. Қалғып кетіп құлап қалар. Енді балам алдағы күндегі амандығымызды ойлайық,-дейді.

Жол жиегіндегі шөптен анда-санда бір үзіп, зарлай боздаған қара іңгенді кезегімен жетегімізге алған біздер күн өткен сайын туған жерден бірте-бірте ұзай бердік.

- Әлгі шекара дейтін сызығы осы көрінеді,- деді жол басшымыз. —Ана көрініп тұрған қызылбастар елі. Біздің жақтан өтіп барғандар осы арадан онша қашық емес жерде тұрады дейтін еді. Тексерушілері келіп мазамызды алып жүрмесе көп ұзамай табысармыз. Бөтен жерге, тілі бөлек елге табанымыз тиіп көрген жоқ еді. Енді оны да көретін болдық. Ал енді қозғалайық,- деді.

Жолбасшымыз осы сөзді айтуын айтқанмен асығатын реті жоқ. Әр нәрсені бір ұстап түйенің маңайында айналшықтап жүр. Бәріміздің де арғы бетке өтуге жүрегіміз дауаламай тұрған сияқты. Ол жақтағы тыныс-тіршілік те, әдеп, дәстүр де бөлек екенін бір түйсік арқылы сезгендейміз. Енді малыңның өрісі тұяқ кесті болса екінші жерге ауып қона салатын, көктем шыға шыбынсыз қырды өзің түгілі малың аңсайтын кездің көзден бұл-бұл ұшқаны белгілі. Айтушылардың әңгімесіне қарағанда парсы дегендер жер тырнап, соның өнімін қанағат қылады екен. Есігінің алдындағы алақандай алаңға дән сеуіп, таңның атысынан күннің батысына дейін бала-шағасымен соның басында тырбаңдап жүретін көрінеді. Маңғыстаудағыдай анадай жерде күлге аунап түйе жататын, ия құдық басында суға қанып, бірінің көлеңкесіне бірі басын тығып отар-отар қой жататын жер жоқ көрінеді. Азын-аулақ қозы лағын қоршаулы жерге жайып, болмаса жол жиегіндегі шөптерді жұлып әкеліп алдына салып бағады екен.

- Ойбой, өйткен күні құрысын, - деп еді шешем алғаш осыны естігенде. - Құдай-ау, ұзын аяқты мал өрісті шарлап керегін кертіп жемесе, қой екеш қой да бауырын жазып жайылмаса мал бола ма. Ботасын қимай үй айнала жайылған түйе мен даладан кекірелей тойып талтаңдап келген түйе сүтінің арасы жер мен көктей емес пе. Оны былай қойғанда бір сәт иығыңа дорбаңды іліп төбе асып тезек теріп келгеннің өзі неге тұрады. Құрысын, ондай жерде құсадан өлесің дағы,- дегенді.

Енді міне, сол шешемді тағдыр қаңбақша домалатып осында алып келді.

- Ал қарағым, қозғалайық. Жазмыштан озмыш жоқ деген осы,-деді бетіме қарап тұрып. Анамның жүзінен қобалжуды да, қорқынышты да, "бекер келдік-ау" деген өкінішті де байқадым. Өзі үшін емес, біздер үшін, екі баласының ертеңін ойлап санасының сан жаққа бытырап тұрғанын да білдім. Біз үшін көбелек болып отқа түсіп жүрген анама ендігі жерде көмек керек екенін, жабырқау тартқан көңіліне шама келсе демеу керек екенін мен сол сәтте анық сезіндім.

- Ия, апа, қозғалайық. Көппен бірге көрген ұлы той ғой. Алғаш келіп тұрған біздер емеспіз. Аманшылық болса атамды да, нағашыларымызды да көрерміз. Қолдан келген жұмыс болса тартынып қалмаспыз. Барып орныққасын сенің демалуың керек апа. Шаршадың ғой. Түйені мен жетегіме алайын. Сен Қымбаттың қасына отыр,- дедім.

Бұл қайда апарары беймәлім сүрлеуге алғаш түсіп, ағысы қатты өзеннен өту үшін қолыма алғаш ұстаған ескегім болатын. Жол ортада қандай дауыл соқса да шыдауға, қайығымды аударып алмау үшін барымды салуға бекіндім. Өйткені артымда тек қана маған сенім артқан, менен үміт күткен, өмір тауқыметінен қажыған анам мен әлі жас, оң-солын айырып үлгермеген, жолы жіңішке қарындасым бар еді.

Солай өмір өте берді шырағым. Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді деген бар. Басыңа түскеннен кейін бәріне де көнеді екенсің. Елді сағынғанмен, қарасаң көз жеткісіз ұлан даланы аңсағанмен кері қайта алмадық. Басымыздан өткен қорлық пен қиындық Маңғыстауға қайтуға жүрегімізді шайлықтырып тастады. Дегенмен де бір құлағымыз сол жаққа түрулі еді. Жылы хабар күтумен болдық. Бірақ ол тым ұзаққа созылды ғой. Арада жер жаһанның соғысы болды. Ол уақыттарда екі арадағы байланыс тіпті болмай қалды. Ағайын-тумадан, көз көргеннен кім қалды, өлі ме, тірі ме, белгісіз. Біз барғанда әр үйдің босағасын сағалып жүрген атамызды таптық. Қолымызда болып бес-алты жылдан кейін өмірден өтті. Бірте-бірте еңсеміз көтеріліп ел қатарына қосылдық. Өмір бойғы кәсібімнің ұсталық болғанын айттым ғой. Қызылбасы бар, түрікмені бар күнделікті тұрмысына қажетті нәрселерін, арбасының құрсауын, егініне керек соқа сайманын жасатып алатын. Тұрмысымыз да жаман болмады. Елдің алдына шығып кетпегенмен, көштің соңында қалғанымыз жоқ. Азғана қазақ бір-біріне қызын ұзатып өмір жалғасын таба берді. Уақыт деген емші. Басыңнан өткен қиындық та ұмыт бола бастаған сияқты.Бірақ, қарағым, туған жер дегеннің орны бөлек. Қаншама бай болып асып төгіліп жатсаң да қасиетті топырағыңда жүрмесең оның құны қара бақырдай.

Анам өмірден өтерде мені қасына шақырды. Әлі қашқан, саудыраған сүйегі ғана қалған қолдарын тіземнің үстіне қойып, үзіп-үзіп былай дегені есімнен кетпейді.

- Балам, екеуміздің бұл елге келіп топырағын басқанымызға, суын ішіп, дәмін татқанымызға да елу жылдай уақыт болыпты. Сынаптай сырғыған уақытты көрмейсің бе, көзді ашып-жұмғанша өте шығыпты. Бірақ осы жылдар ішінде туған жерімді есіме алмаған күнім жоқ. Өмір бойы сағынумен болдым. Кешке өлі төсегіме жатарда сол жерге қайта оралсам деген үмітіме жеткізе көр тілек тілеумен болып едім. Жете алмайтын болдым. Санаулы ғана сағаттарымның қалғанын біліп жатырмын. Не айтайын саған. Қатарыңнан кем болмадың. Ешкімге алақан жайып нан сұраған жоқсың. Анаңның алдындағы перзенттік борышыңды да адал атқардың. Өкпем жоқ, разымын. Бір ғана өтінішім бар. Бәлкім бұл анаңның аманаты да шығар. Мойнымда баяғы елден үдере көшкенде Қамбай әулиенің басынан алған бір уыс топырағым бар. Қара жер қойнына тапсырарда сыртындағы шүберегін сөгіп бетіме бірінші сол топырақты сал. Туған жерімнің исін алып жатайын. Соңғы өтінішім, кәзір жағдай жақсарып келе жатыр дейді ғой білетіндер. Елу жылда ел жаңа дейтін еді. Сол жаңа күнге жетіп жатсаңдар елге қайтың. Сен әрине өміріңнің көбін осы жақта өткіздің. Арғы беттің өмірі, заман тынысы саған жат та болып кеткен шығар. Соған салып екі ойлы күн кешпе. Келіп жатса біздің қолымыз жетпеген арманның маңдайынан қақпа. Елге қайт шырағым. Ана қарындасыңды тастама. Сүйенісіп бірге келіп едіңдер, енді қолтықтасып бірге қайтың. Көңілім сезеді, баяғы Жылқыбай, Жылқышы, Орынбасарлардан қалған тұяқ бар шығар ол жақта. Тағдыр тоғыстырып жатса жатсынбаң, қайта табысың. Барып жатсаң ата-бабаның сүйегі жатқан Қамбай әулиеге тәу етерсің. Менің өмір бойғы сағынышымды дұғаңа қосып оқырсың,-деп еді марқұм. Сексеннің үстіне шығып қайтыс болды. Қолымнан келгенше арулап қойдым.

Заман да өзгерді. Еліміз өз алдына шаңырақ көтерді. Туған жерге қайту бақыты маған бұйырды. Ойланған жоқпын. Алғашқы көштің сапында Маңғыстауға, кір жуып, кіндік кескен туған жерге оралдым. Анам қате айтпапты. Осындағы бір кезде хабарсыз кеткен, елу жылдан астам уақыт байланыс болмаған тумаластарымды таптым. Сөйтіп өткен өреует, қалған салауат деп отырған жай бар. Бір-бірімізді қайта тоғыстырған тағдырға ризамын, - деді Бақыт ағамыз.

ӘДІЛХАННЫҢ ӘҢГІМЕСІ

- Жаңа Бақыт ағам айтқандай біздің аталарымыз Атанша мен Қонар бір туған адамдар. Қонардан менің әкем Жылқыбай, інілері Жылқышы мен Орынбасар туады. Бір әулеттің адамдарымыз ғой, әке-шешелеріміздің басынан кешкен қиындықтары, көрген қорлықтары бірдей. Түрікменстанның Сүйлі деген жерінде бәріміз бірге тұрыппыз. Елде ашаршылық болатын 1933 жылы бұлар кетіп бара жатқан адамдарға қосылып Иран асады. Біз қалып қойыппыз. Ол уақытта менің әкем Жылқыбай жиырмалардағы жігіт екен. Інілері жас. Үйдегі бас көтерері өзі. Неде болса маңдайымнан көріп алайын деген бе, әйтеуір шешемнің ағайындармен бірге кетейік дегенін тыңдамайды.

Қалуын қалғанмен өмірі үнемі қорқумен, келген кеткенге үрегейлене қараумен күні өткен. Өйткені бұрынғы дәулетті адамдардың балаларына оңай тимепті. Әкем беріректе басынан өткен қиындықтарын айтып отыратын. Ауылға машинамен келіп әкелері әлдеқашан сотталып кеткен, ол уақытта қорғанышы жоқ жетім балаларды ұрып-соғып тиеп алып кетеді екен. "Кешегі байдың баласысың, шет ел асып кеткен Отанын сатқандардың ағайынысың" деген сылтауы сірә белгілі.

Сондай көптің бірі болып әкеміздің ұсталып кетпеуіне бір нәрсе себепші болыпты. Сол уақытта НКВД-да істейтін алыстан қосылатын бір ағайынымыз әкеме келіп:

- Біздерге арнайы тапсырма келді. Осында қалған адамдардың тегін тексереді. Байдың баласы болса, ия оған жақындығы болса қамауға алынады. Сендер фамилияларыңды өзгертің. Құжаттарыңды тезірек алуға өзім көмектесермін. Атаншаны да, Қонарды да ауыздарына алмаң, ұмытың. Игібаев қылып өзгертің. Бәлкім сонда мына қатерден құтыларсыңдар. Жоғарыдан келген адамдар оның кім екенін қайдан білсін,- дейді.

- Сіз айтып отырған Игібай деген кім,-дейді әкем.

- Игібай сенің атаң Қалдыбайдың інісі болатын. Жас кезінде өлген. Оны көп ешкім білмейді,- дейді.

Сөйтіп біз Игібаев болып шыға келіппіз. Сол себепші болды ма, әлде көз жастарын құдай көрді ме, әйтеуір оларды ешкім қозғамапты.

Бірақ анда-санда ауылға бөгде біреулер келсе өздерін ұстауға келгендей үрейлене күн кешеді екен. Сондай уақыттарда шешесі:

- Баяғыда елмен бірге кету керек еді. Тыңдамадың. Ақыры сендерде ұсталып қалған тұқымымыз тұздай құритын шығар,- деп жылайтын көрінеді.

Бұл қорқыныш Сталиннің "Әкесі үшін баласы жауап бермейді" деген сөзіне дейін созылыпты. Заман бірте-бірте түзелгенмен әкемдер Маңғыстауға қайтпайды. Күнелтіс үшін талап іздеп Бекдашыға барады. Ол жақта көп тұрақтамай Қызылкүпке ауып, соңында Қошобаға барып табан тірейді.

Әкем Жылқыбай уақытында білімді адамның қор болмайтынын сезсе керек, ілгері ұмтылумен болыпты. Латын әрпімен де, жаңадан ауысқан кирилл әрпімен де жаза алатын, оқитын дәрежеде екен. Сауатты адамдардың жоқ кезі ғой соның пайдасы тиеді. Қошобада математикадан сабақ беретін мұғалім болады. Ол жердегі тұрғындардың дені қазақтар. Өз мамандығын жетік меңгергендігі шығар, алдындағы шәкірттеріне де, қалың көпшілікке де сыйлы болған көрінеді.

- Бала кезден көрген қиындық, сәл жерден сылтау тауып қасыңда жүрген адамды түрмеге қамау, болмаса қорқытып, үркітіп жауап алу адамды жүнжітіп тастайды екен,- деп отырушы еді әкем. —Уақыт түзелді, бәрі де кейінде қалды десек те бұл үкіметке деген сеніміміз шамалы еді. Бәрі де қайта айналып келетіндей бір-бірімізге сыр ашуға да қорқатынбыз. Әлі есімде, сол Қошобада жүргенімде мені ауданға, оқу бөліміне шақыртты. Меңгеруші әңгімені көп созбай мұғалімнің жетіспеуіне байланысты Шағыл дейтін жерге ауысатынымды айтты. Бұл мен күтпеген хабар еді. Қошобада көп жылдардан бері тұрамын. Мектепке де, ондағы халыққа да бауыр басып кеттім. Жылы орнымды суытқым келмеді.

- Ол жаққа бара алмаймын. Жұмысыма тағар кінәларың жоқ. Басқа адамды қарастырыңыз,- дедім. Бастық жаңсақ естіп отырған жоқпын ба дегендей бетіме барлай қарады. Содан кейін түсін суытып көзілдірігінің астынан тесіле қарап:

- Осы Игібаев, сенің тегің қалай еді өзі. Біздің жұмсаған жағымызға неге бармайсың. Әлде бізден де құдіреті күштірек орындардың алдына барғың келе ме? Көмектесуге болады, -деп алдындағы телефон трубкасын иегімен нұсқады.

Шошып кеттім. Жатқан жыланның құйрығын басқандай, өзіме-өзім ор қазғандай болып іле-шала:

- Кешіріңіз, барамын ғой, барамын. Жай айта салған едім, - деп жуып-шайып жатырмын.

Кім біледі, бармасам мені соттамайтын да шығар, жұмыс орнымнан зорлап ауыстырмайтын да болар. Бірақ бойға сіңіп қалған үрей маған солай дегізді. Айтқанын орындауға мәжбүр болдым.

Сол қорқыныштың әсері болар Ирандағы ағайындардан хат келгенде: - Менде ондай тумалас жоқ, естіген де емеспін,-деп басымды алып қаштым. Көңіліме үндемес органның адамдары сол хатты әдейі әкеліп тұрғандай әсерде болдым. Сау басыма сақина тілегім келмеді. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан соң барып емін-еркін демалғанбыз. Өткенімізге оралып, жоғымызды түгендей бастадық қой,- дейтін.

Еркіндіктің, өз алдымызға ел болып іргемізді көтергеніміздің арқасы ғой біздің қайта табысып отырғанымыз. Бақыт ағамыздың, Қымбат апамыздың келгеніне, аулымызға тағы да бір шаңырақтың қосылғанына қуанамыз. Жұмыс арасы келіп әңгімелесіп қайтамын. Мамандығым дәрігер. Осы келгенде Алматыдан оралған бетім еді. Екі-үш ай білім жетілдіру курсында болғанмын. Болып жатқан той-мерекеде алдымызға салып баратын үлкеніміз осы кісі.

Екі-үш жылдықта ата-бабамыз жатқан Қамбай әулиенің басына алып бардым. Бір жағы опырылып құлаған күмбез тамның қасына келіп тіземізді бүктік. Ағам бір нәрсені есіне түсіргендей жан-жағына қараумен болды. Содан кейін ағыл-тегіл ақтарылды дейсің. Мен бірден түсіндім. Сонау бала кезден жадында жатталып қалған, анда-санда ойына кіріп, түсіне енетін бір кездегі көріністер жан дүниесін қозғап, көңілін босатты.

- Бала кезімізде қозы-лақты қайырып осы маңайда ойнайтын едік. Жарықтық, онда міні құрымай тұрушы еді. Уақыт бұған да дегенін істепті. Басқасының бәрі сол қалпында. Тіпті маған ана ұйысаөскен шөптеріне дейін өзгермеген сияқты. Үнемі түсіме енетін көріністер де осылар еді. Енді түсіндім, алғаш кіндік қаным тамған, аяғымды тәй-тәй басып өмір соқпағына алғаш қадам басқаным да осы жер екен ғой. Анам байғұста анда-санда жеті шелпегін пісіріп "Түсіме аталарым кірді, желеп-жебеп жатқан шығар",- деп отырушы еді. Күбірлеп әйетін оқып бетін сипап "Ой, дүние-ай" деп өз өзінен көкірегі айрыла күрсінуші еді. Осылар екен ғой. Менің сағыныш сәлемімді жеткіз деген аманаты да бар еді. Шүкір, оған да жеттім. Сонау парсы жерінде жатса да бір аунап түскен шығар,- деп шөкесінен отырып асықпай дұғасын оқыды.

Бізді осылай тағдыр қайта тоғыстырды інім. Мен туған жерге қайта оралған қандастарымның ісін ерлікке балаймын. Бұлар алғаш келген кезде біздің де жағдайымыз оңып тұрған жоқ еді ғой. Аяғын жаңа басқан, керегесін жаңа жайған елде қиындықтар көп болатын. Солай бола тұрса да қайта оралды бұлар. Өйткені олар туған жерінде, өз қандастары ортасында өмір сүрудің адам баласына берілген ең үлкен бақыт екенін білді.

Атақты ақын Төлеген Айбергеновтің:

Аруана жаудың қолына түссе,

Ботасын шайнап өлтіріп.

Қаралы мойнын қайтадан артқа

Бұрылмастай халге келтіріп.

Жеріне тартып отырады екен,

Моншақтап жасы боздаумен,

Омырауын шерге толтырып.

Апталап, айлап таңдайын мейлі
Тасбауыр шөлдер құрғатсын,
Қазығын таппай тоқтамайды екен

Мәңгілік тіпті түн қатсын.

Туған жер төсін аңсаумен өткен
Аруана бауыр дүние,
Сен маған осынау
Ақ жүрегіңмен қымбатсың,-

дегені тек қана осыларға ғана бағыштап айтылған сияқты. Осының бәрі еркіндіктің арқасы, тәуелсіздігіміздің жемісі. Үлкен кішіміздің де ұзағынан болғай деп тілейтініміз сондықтан. Көшіміз тоқтамай жүре берсін.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙