ХХІ ғасырға – 21 cабақ
Ювал Ноаһ Харари
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«ХХІ ғасырға – 21 сабақ» – дүниежүзінің елуден аса тіліне аударылған «Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы» және «Homo Deus: Болашақтың қысқаша тарихы» кітаптарының авторы Ювал Хараридің үшінші туындысы. Тарихшы бұл еңбегінде бүгінгінің мынадай өзекті мәселелерін қаузайды: Заманауи оқиғалардың түп ...
21 Lessons
for the
21 st century
Yuval Noah Hararі
ХХІ ғасырға –
21 cабақ
Ювал Ноаһ Харари
ӘОЖ 94
КБЖ 63.3
Х-23
Кітапты баспаға әзірлеген:
Ұлттық аударма бюросы
Жоба жетекшісі –
Кенжеханұлы Р.
Аудармашылар –
Искаков Е.
Сеңгірбай М.
Сімәділ Қ.
Әдеби және жауапты редактор –
Сімәділ Қ.
Пікір жазғандар –
Әбжанов Х., т.ғ.д., профессор
Матыжанов К., ф.ғ.д., профессор
Харари Ювал Ноаһ.
Х-23 ХХІ ғасырға – 21 сабақ – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры,
2019 жыл. – 384 бет.
ІSBN 978-601-7943-76-9
«ХХІ ғасырға – 21 сабақ» – дүниежүзінің елуден аса тіліне аударылған «Sapіens: Адамзаттың қысқаша тарихы» және «Homo Deus: Болашақтың қысқаша тарихы» кітаптарының авторы Ювал Хараридің үшінші туындысы. Тарихшы бұл еңбегінде бүгінгінің мынадай өзекті мәселелерін қаузайды: Заманауи оқиғалардың түп маңызы не? Либералдық демократия неге дағдарысқа ұшырады? Компьютер алгоритмдерінің құлы болмау үшін не істеу керек? Экологиялық қауіп-қатерден аман қаламыз ба? Дінге шынымен де қайта оралдық па? Терроризммен қалай күресеміз? Жаңа жаһандық соғыс бастала ма? ХХІ ғасырдың осындай сын-қатерлеріне төтеп бере алса ғана адам баласы келесі ғасырларда Жер деп аталатын ғаламшарда тіршілігін жалғастыра бермек.
ӘОЖ 94
КБЖ 63.3
© Yuval Noah Hararі, 2018
ІSBN 978-601-7943-76-9 © «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ, 2019
Құрметі мен сенімін жоғалтпаған жолдасым Ицикке; қамқор болып, қолдаған анам Пнинаға;
мол қуанышқа бөлеген әжем Фанниге арнаймын.
мазмұны
Кіріспе 9
БІРІНШІ БӨЛІМ. Технологиялық сын-қатер
1-ТАРАУ. Иллюзияның өшуі
Тарихтың соңы кейінге қалды 18
2-ТАРАУ. Жұмыс
Есейгенде жұмыс таппай қалуың мүмкін 36
3-ТАРАУ. Еркіндік
Bіg Data сізді бақылап тұр 61
4-ТАРАУ. Теңдік
Мәліметке иелік ету – болашаққа иелік ету 89
екІНШІ БӨЛІМ. Саяси сын-қатерлер
5-ТАРАУ. Қауымдастық
Адамдардың тәні бар 100
6-ТАРАУ. Өркениет
Әлемде жалғыз өркениет бар 108
7-ТАРАУ. Ұлтшылдық
Жаһандық мәселеге жаһандық шешім қажет 126
8-ТАРАУ. Дін
Құдай ұлтқа қызмет етеді 146
9-ТАРАУ. Иммиграция
Кейбір мәдениет өзгелерден озық болуы мүмкін 159
ҮшІНШІ БӨЛІМ. Ашыну мен үміт
10-ТАРАУ. Терроризм
Абдырамаңыз 178
11-ТАРАУ. Соғыс
Адамзаттың ақымақтығына атүсті қарамайық 190
12-ТАРАУ. Мойынсұну
Әлемнің тұтқасы емессіз 201
13-ТАРАУ. Құдай
Құдайдың атын босқа атама 217
14-ТАРАУ. Секуляризм
Көлеңкеңнен қашпа 224
төртІНШІ БӨЛІМ. Ақиқат
15-ТАРАУ. Надандық
Бәрін білем десеңіз – қателесесіз 238
16-ТАРАУ. Әділдік
Әділдік ұғымын қайта қарау қажет шығар 245
17-ТАРАУ. Жалған шындық
Кейбір жалған ақпарат ел есінде ұзақ сақталады 254
18-ТАРАУ. Ғылыми фантастика
Болашақ кинодағыдай болмайды 270
бесІНШІ БӨЛІМ. Икемділік
19-ТАРАУ. Білім беру
Өзгерістен мәңгі ештеңе жоқ 282
20-ТАРАУ. Өмірдің мәні
Өмір – біреудің ойдан шығарған әңгімесі емес 293
21-ТАРАУ. Медитация
Зейін қойсаңыз болды 335
Ескертпелер 347
Алғыс 381
Автор туралы 383
КІРІСПЕ
Қажетсіз ақпарат талайды шатастырған қазіргі әлемде нақтылық – ықпалды күш. Теория жүзінде адамзаттың болашағы туралы пікірталасқа әркім үн қоса алады, бірақ нақты болжамды байқау қиын. Біз тіпті пікірталастың жүріп жатқанын, оның басты мәселесі қандай екенін білмеуіміз де мүмкін. Көбіміздің оны қазбалауға мүмкіндігіміз де жоқ, өйткені жұмыс істеу, бала бағу, қарт әке-шешеге қарау сияқты күнделікті күйкі тірліктің күйбеңінен қолымыз тимейді. Иә, солай екен деп тарих маңдайымыздан сипамайды. Қайтсем бала-шағамның тамағын тоқ, көйлегін көк етем деп жүргеніңізде адамзаттың тағдыры сізсіз-ақ шешілер, бірақ оның салдарынан сіз де, олар да қашып құтыла алмайды. Бұл, әрине, әділетсіз, бірақ тарихта әділет бар деп кім айтты? Мен тарихшымын, сондықтан жұртқа киім, тамақ бере алмаспын. Есесіне жаһандық ұлы ойында адамдардың мүмкіндігін аз-маз теңестіру үшін олардың түсінік-ұғымын сәл де болса бекіте түсуіме болады. Осы қадамым арқылы тағы біршама адамды болашақ туралы пікірталасқа қатысуға ынталандыра алсам, демек, жұмысымды дұрыс атқарғаным.
Sapіens деп аталған алғашқы кітабымда адамзаттың өткенін шолып, ештеңесімен ерекшеленбеген маймылдың қалай ғана Жер ғаламшарының билеушісіне айналып кеткенін айтқанмын.
Homo Deus деген екінші кітабым алыс болашақты зерделеп, адамдардың құдайларға қалай айналатынын, білім мен ақыл-ой түптің-түбінде қандай ұшпаққа шығаратынын сөз еткенмін.
Ал бұл кітапта дәл қазір, дәл осы жерде болып жатқан оқиғаларға көз жүгіртсем деймін. Басты нысанам – адамзат қоғамының қазіргі жағдайы, оның жақын болашағы. Дәл қазір не болып жатыр? Бүгінгі күні қандай сын-қатерлерге кезіктік? Қандай таңдау жасау керек? Неге назар аударуымыз қажет? Балаларымызға не үйретуіміз керек?
Әрине, жеті миллиард адамның жеті миллиард пайымы бар, оның үстіне бұрын да айтқанымдай, не нәрсеге де кең ауқымда қарайтын кезіміз сирек. Лашығына беттеген мумбайлық жалғызбасты әйел екі баласына кешкі тамаққа не беремін деп бас қатырады, Жерорта теңізінің ортасында қалт-құлт еткен қайықтағы босқын жердің шеті көріне ме деп көкжиекке үзіле көз тастайды, ал Лондондағы ығы-жығы ауруханада хал үстінде жатқан адам тағы бір мәрте тыныс алмаққа бойындағы бар күш-қайратын жинайды. Олардың бәрінің жаһандық жылыну мен либералдық демократия дағдарысынан да өзекті өз мәселесі бар. Ешқандай кітап бұл жайттарды айқын-әділ шешіп бере алмайды. Оның үстіне мұндай жағдай басын қатырған жандарға не айта аласың? Бар болғаны олардан сабақ алуға тырысамын.
Кітапта жаһандық мәселеге ден қойдым. Бүкіл әлемдегі қоғамдарға өзгеріс әкелген және тұтас ғаламшардың болашағына ықпал етуі мүмкін деген басты күштерге зер салдым. Өмір мен өлімнің ортасында шапқылай жүгірген жандарды климаттың өзгеруі толғандыра қоймас, бірақ ол өзгеріс түптің түбінде Мумбай жатақтарын адам тұрғысыз мекенге айналдырып, босқындардың Жерорта теңізі арқылы жөңкілген көшін ұлғайтып, дүниежүзіндегі денсаулық сақтау жүйесін дағдарысқа ұшыратуы ықтимал.
Шынайы жағдай құрау-құрау жайттардан тұрады, ал кітаптың мақсаты – бәрін қамтуға тырыспай-ақ, жаһандық қиындықтардың түрлі аспектілерін сипаттау. Бұл кітаптың Sapіens пен Homo Deus-тан айырмашылығы – тарихи баяндау емес, сабақтар тізбегі ретінде жазылуында. Бұл сабақтар қарапайым жауаппен шектелмейді, терең ойлануға, заманымыздың ең маңызды тақырыптары төңірегіндегі кейбір пікірталастарға оқырманның қатысуына жол ашады.
Кітап оқырманмен әңгіме-дүкен құру сипатында жазылған. Тараулардың көбі оқырмандардың, журналистер мен әріптестерімнің сұрақтарына берілген жауаптардан құралған. Кей бөліктерінің бұрынырақтағы нұсқалары түрлі формада жарияланғандықтан, оқырман пікірін жинақтап, аргументтерімді салмақтай түсуіме мүмкіндік берді. Кей бөлімдер технологияға тоқталса, енді бірі саясатқа, басқалары дін, мәдениетке мән береді. Бір тарауда адамзаттың даналығын аспандатсақ, келесісінде оның ақымақтығының шешуші рөлін баяндаймыз. Бірақ жалпы сұрақ біреу: «Әлемде қазір не болып жатыр және бұл оқиғалардың түп мәні не?».
Дональд Трамптың өрлеуі нені білдіреді? Фейк жаңалықтар легіне не істей аламыз? Либералдық демократия неге дағдарысқа ұшырады? Құдай қайта оралды ма? Жаңа жаһандық соғыс таяп қалды ма? Қай өркениет әлемге үстемдік етпек: Батыс па, Қытай ма, әлде ислам ба? Еуропа иммигранттарға есігін айқара ашуы керек пе? Теңсіздік пен климаттың өзгеруі мәселелерін ұлтшылдық шеше ала ма? Терроризм туралы не деуге болады?
Кітап жаһандық перспектива тұрғысынан жазылғанымен, жеке адамды да ұмытпайды. Керісінше, заманымыздың ұлы революциялары мен жеке адамдардың өмірі арасындағы байланысқа көбірек ден қоюға тырыстым. Мысалы, терроризм – жаһандық саяси мәселе, сонымен бірге ішкі психологиялық механизм. Терроризм – санамыздың түкпіріндегі үрей түймесін басу және миллиондаған адамның жеке қиялын жаулап алу арқылы кең таралды. Сол сияқты, либералдық демократия дағдарысы парламенттер мен сайлау учаскелерінде ғана емес, ми нейрондары мен олардың байланыстарында қалыптасты. Жеке нәрсенің саяси мәселе екені таптаурын сөз ғой, бірақ ғалымдар, корпорациялар мен үкіметтер адам миына хакерлік шабуыл жасауды үйреніп жатқан заманда ақиқат бұрынғыдан да үрейлі. Сондықтан бұл кітап жеке адамның да, қоғамның да іс-әрекетін бақылаудың нәтижелерін ұсынады.
Жаһандық жағдай іс-әрекетіміз бен адамгершілігімізге сын болып тұр. Әрқайсысымыз күллі әлемді шырмап алған өрмекші торына маталғанбыз, бұл, бір жағынан, қимыл-қозғалысымызды шектесе, екінші жағынан, сәл ғана тербелісіміздің өзі шалғай жерлерге дейін теңселтіп өтеді. Күнделікті тіршілігіміздің жер-жаһандағы адамдар мен жан-жануардың өміріне ықпалы мол. Тунистік Мұхаммед Буазизидің өзін-өзі өртеуінің «Араб көктеміне» ұласқаны, жыныстық бопсалауға ұшыраған әйелдердің бастан кешкен оқиғаларының #MeToo
қозғалысын тудырғаны сияқты, кейбір жеке іс-әрекетіміз күллі әлемді отқа орай салады.
Жеке өміріміздің жаһандық деңгейдегі мәні не? Ол саяси және діни сыңаржақтылығымызды, нәсілдік және гендерлік үстемдігімізді, институционалдық тұрғыдан қысым жасауға еріксіз қатысып отырғанымызды айпарадай әлемге ашық айтудың маңызын көрсетеді. Бірақ шынымен солай істей аламыз ба? Менің көкжиегімнен тысқары жатқан, адамзатқа мүлде бағынбайтын және барлық құдайлар мен идеологияларға күмән келтіретін әлемде мықты этикалық негізді қалай табамыз?
Кітап қазіргі саяси және технологиялық қиындықтарды шолудан басталады. ХХ ғасырдың соңында фашизм, коммунизм мен либерализм сияқты идеологиялар арасындағы күрес либерализмнің сөзсіз жеңісімен аяқталды. Демократиялық саясат, адам құқықтары мен еркін нарық негізіндегі капитализм күллі әлемді жаулап алатындай көрінген. Бірақ тарих әдеттегідей шалт бұрылды: фашизм мен коммунизм күйрей құлаған соң, либерализм де тұйыққа тірелді. Сонда біз қайда беттеп барамыз?
Оның үстіне ақпараттық технология мен биотехнологиядағы қос революция адам баласына бұрын-соңды болмаған қатер төндіріп тұрған тұста, либерализмнің сенімнен айырылуы бұл мәселенің салмағын тіпті ауырлата түседі. Ақпараттық және биологиялық технологиялардың бірігуі миллиардтаған адамды жуық арада еңбек нарығынан ысырып, еркіндік пен теңдіктің іргесін шайқалтуы мүмкін. Bіg Data алгоритмдері бүкіл билік шағын элитаның уысына түсетін, ал халықтың көпшілігі қанаудан емес, одан анағұрлым үрейлі нәрсе – қажетсіздіктен жапа шегетін цифрлық диктатура қалыптастыруы ықтимал.
Ақпараттық және биологиялық технологиялардың бірігуін мұның алдындағы Homo Deus кітабымда да жан-жақты талқылағанмын. Дегенмен ол еңбек ұзақ мерзімнің – ғасырлардың, тіпті мыңжылдықтардың биігінен көз жүгіртсе, бұл кітап иек астындағы әлеуметтік, экономикалық және саяси дағдарыстарға назар аударады. Мұндағы мақсатым – ақыр соңында тіршіліктің жойылатынына емес, бақуатты мемлекет ұғымына, Еуропалық одақ сияқты жекелеген институттарға қауіп төнетініне назар аудару.
Кітапта жаңа технологиялардың барлық әсерін қамтуға тырыспаймын. Технология керемет мүмкіндіктер ұсынғанымен, оның қауіп-қатеріне көңіл бөлгім келді. Технологиялық революцияның тетігін ұстаған корпорациялар мен бизнесмендер өз өнімдерін мақтауға бейім, сондықтан оларға қателікке итермелейтін жолдарды көрсетіп, дабыл қағу – әлеуметтанушылардың, философтардың және мен сияқты тарихшылардың міндеті.
Алда тұрған сын-қатерлерді түгендеп шыққан соң, оларға берілетін жауаптарды кітаптың екінші бөлімінде кеңінен талдаймыз. Facebook инженерлері адамзаттың бостандығы мен теңдігін қорғай алатын жаһандық қауымдастық құру үшін жасанды интеллектіні пайдалана ала ма? Бәлкім, оған жауап беру үшін жаһандану көшін кері бұрып, ұлттық мемлекеттерді күшейтетін шығар? Одан да әрі тереңдеп, ежелгі діни дәстүрлердің сарқылмас қайнарынан даналық пен үмітті қалқып алу керек пе?
Кітаптың үшінші бөлімінде технологиялық сын-қатер тым үлкен екенін айтамыз, саяси алауыздық өршіп тұрғанда үрейді жеңсек, әрі көзқарасымызды білдіруде байсалдырақ болсақ, адамзаттың биік белесті бағындыратынына көз жеткіземіз. Бұл бөлімде терроризм тажалынан, жаһандық соғыс қаупінен және мұндай кикілжіңдерге себеп болатын сыңаржақтылық пен өшпенділіктен қалай құтылуға болатынын айтамыз.
Төртінші бөлімде жалған шындық кезеңінің анықтамасына тоқталып, жаһандық дамуды қаншалықты түсінетінімізге, қателікті әділдіктен ажырата алатынымызға көз жүгіртеміз. Homo sapіens өзі жасаған әлемнің мәнін түсінуге қауқарлы ма? Шынайылықты қиялдан бөліп тұрған шекара әлі де бар ма? Бесінші бөлімде және қорытындыда барлық ой-пайымды құрақ көрпе секілді құрастырып, ескі пайымдар келмеске кетіп, олардың орнын басар жаңа аңыз пайда болмай тұрған алмағайып заманға тағы бір мәрте көз салдық. Біз кімбіз? Бұл өмірде не істеуіміз керек? Бізге қандай дағдылар қажет? Ғылым, құдай, саясат пен дін туралы білетініміз бен білмейтінімізді таразыласақ, бүгінгі өмірдің мәні туралы не айта аламыз?
Асыра айтты демеңіз, бірақ Homo sapіens енді қол қусырып қарап отыра алмайды. Философия, дін мен ғылым – барлығы уақыт көшінен қалып барады. Адамдар мыңдаған жыл бойы өмірдің мәні туралы пікір таластырып келеді. Бұл пікірталасты шексіз жалғастыра алмаймыз. Апатты экология дағдарысы, жаппай қырып-жою қаруының қаупі, жаңа жойғыш технологияның таралуы бұған жол бере қоймас. Ең бастысы – жасанды интеллект пен биотехнология өмірді қайта қалыптап, қайта құрудағы билік тізгінін адамзаттың қолына беріп отырған болар. Таяу арада өмірдің мәні туралы айқын не бұлыңғыр түсіндірмеге сүйенген әлдекім бұл билікті қалай пайдалану қажет екенін таразылап, шешім қабылдайды. Философтар шыдамды ғой, бірақ инженерлер сабырсыздау, ал инвесторлар – төзімі тез сарқылатын жандар. Өмірді қайта қалыптау үшін не істеу керегін білмесеңіз, нарықтағы күш жауап табуыңызды сұрап, мың жыл күтіп отыра алмайды. Нарықтың көзге көрінбес ықпалы өз жауабын күштеп сіңіреді. Табыстар туралы тоқсандық есептерге болашағыңызды байлап бергіңіз келмесе, өмір туралы нақты түсінік қалыптастыра біліңіз.
Біздің түр туралы қойылымның шымылдығы жабылып, мүлде жаңа драма басталар алдында Sapіens-тің бір өкілі ретінде оның екінші бір өкілімен әңгімелесе отырып, жеке пікірімді ең соңғы тарауда айтамын.
Осы интеллектуалдық саяхатты бастар алдында бір маңызды жайтқа назар аударғым келеді. Кітаптың көп тұсында либералды көзқарас пен демократиялық жүйенің олқылықтарын сөз етемін. Либералдық демократияның мәселесі шаш етектен көп жүйе деп санағандықтан емес, керісінше, қазіргі әлемнің проблемаларын шешуде адамзат ойлап тапқан ең сәтті әрі ең әмбебап саяси модель деп есептегендіктен осы қадамға бардым. Қоғам дамуының күллі кезеңдері барлығына оңтайлы бола қоймаған шығар, бірақ басқа баламалармен салыстырғанда, қоғамдар мен жағдайлардың көпшілігінде либерализм өзінің пайдалы екенін дәлелдеді. Сондықтан алдымызда тұрған жаңа сын-қатерлерді бажайлағанда либералдық демократияның олқылықтарын ескеріп, оның қазіргі институттарын қалай бейімдеп, жақсарта алатынымызды саралауымыз керек.
Өкінішке қарай, бүгінгі саяси реңктегі либерализм мен демократияға қатысты кез келген сыни пайымды адамзаттың болашағы туралы ашық пікірталасқа емес, либералдық демократияны қаралауға тырысқан автократтар мен иллибералдық қозғалыстар өз ыңғайына қолдануы мүмкін. Олар либералдық демократияның проблемаларын айтуға ерекше құлшынғанымен, өздеріне қарата айтылған сынға мүлдем төзбейді.
Сондықтан автор ретінде өте ауыр таңдау жасауға тура келді. Ойымды ашық айтып, автократияның қанат жаюын ақтағысы келетіндер сөзімді контекстен жұлып алып, өз пайдасына асыруына жол беруім керек пе? Әлде өзіме-өзім цензура жасасам ба екен? Иллибералдық режимдер өз шекараларынан тыс аймақта да сөз бостандығын шектегісі келеді. Мұндай режимдер қаптап кеткендіктен, адамзаттың болашағы туралы сыни тұрғыда ойлаудың өзі қауіпті болып барады.
Өзімді біраз зерттеп барып, ішкі цензурадан гөрі еркін пікірталасты жөн көрдім. Либералдық модельді сынамасақ, оның олқылықтарын түзей де, алға жылжи да алмаймыз. Дегенмен адамдар өз қалауы туралы салыстырмалы түрде еркін ойлап, ойындағысын еркін жеткізе алса ғана қолдарыңыздағы еңбекті жазу мүмкін екенін ескергейсіз. Демек, бұл кітапты бағаласаңыз, пікір білдіру бостандығын да бағалауыңыз керек.
Бірінші БӨЛІМ
Технологиялық
сын-қатер
Биотехнология мен ақпараттық технологияның бірігуі – бізді бұрын-соңды кездеспеген сын-
қатерге жолықтырды. Соңғы онжылдықтарда жаһандық саясатта үстемдік еткен либералды идеяға деген сенімін адамзат дәл осы сәтте жоғалта бастады.
1-ТАРАУ
Иллюзияның өшуі
Тарихтың соңы кейінге қалды
Адамдар факт, сан немесе теңдеумен емес, идея арқылы ойлайды, ол идея неғұрлым қарапайым болса, соғұрлым жақсы. Әр адамның, топтың және ұлттың өз ертегісі, аңызы бар. ХХ ғасырдың өн бойында Нью-Йорк, Лондон, Берлин мен Мәскеудегі жаһандық элита өткенімізді түсіндіріп, күллі әлемнің болашағын болжайды деп сенгенімізде, фашизм мен коммунизм және либерализм туралы өз идеяларын ұсынды.
Фашистік идея – әлемді түрлі ұлттар арасындағы күрес деп сипаттап, басқалардың бәрін өзіне күштеп бағындыратын үстем топ керек деп түсіндірді. Ал коммунизм идеясы әлемді таптар арасындағы тартыс деп суреттеді және жаһандағы бар адам еркіндігінен айырылса да, теңдікке қол жеткізер орталықтанған қоғамдық жүйеге бірігуі керек деді. Либерализм идеясы тарихты еркіндік пен тирания арасындағы текетірес деп әспеттеді, біршама теңсіздік орнаса да, адамдар орталықтың бақылауынсыз өзара тең әрі бейбіт жағдайда ынтымақтасатын әлемді қалыптастыруы қажет екенін айтты.
Екінші дүниежүзілік соғыс фашизм идеясын топалаң асырды, сөйтіп, 1940 жылдардың соңынан 1980 жылдардың басына дейін жер шары коммунизм мен либерализм атты екі идеяның шайқас алаңына айналды. Коммунизм идеясы құрдымға кеткен соң, либерализм адамзат өткенінің басты гиді, ал болашағының бірегей жолбасшысы болды немесе әлемдік элитаға солай көрінді.
Либерализм идеясы еркіндіктің құны мен күш-қуатын ұлықтайды. Оған сенсек, мыңдаған жыл бойы адам баласы саяси құқық, экономикалық мүмкіндік және жеке бас еркіндігінен ада, озбыр режимдердің езгісінде қалған еді. Ол режимдер адамдардың, идеялар мен тауарлардың қозғалысына қатаң шектеу қойды. Бірақ адамдар бостандық жолында күресе берді, сөйтіп, біртіндеп еркіндік өз тұғырына көтерілді. Зұлым диктатуралардың орнын демократиялық режимдер басты. Еркін сауда-саттық экономикалық шектеулерді бұзып-жарды. Адамдар көрсоқыр діндарлар мен ескірген дәстүрлерге көзсіз бағынуын қойып, өз бетінше ойланып, жүрек қалауымен таңдау жасады. Бекініс пен ордың, тікенек темірлі қоршаудың орнын даңғыл жол, кең көпір және құж-құж қайнаған әуежайлар алмастырды.
Либерализм әлемде барлығы ойдағыдай емесін, аттап өтуді қажет ететін кедергілердің қазір де көп екенін мойындайды. Жер шарының кең шалқарында әлі де тирандардың «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс», тіпті ең либералды елдердің өзінде кедейлік пен зорлық-зомбылықтан, қысымнан жапа шегіп жатқандар көп. Бұл мәселелерді шешу үшін не істеу керегін білеміз: адамдарға бостандықты көбірек беру қажет. Адам құқықтарын қорғап, әркімнің дауыс беруіне мүмкіндік жасап, еркін нарыққа жол ашып, адамдардың, идеялар мен тауарлардың жер-жаһанда мүмкіндігінше еркін қозғалуына жағдай жасауымыз керек. Либерализмнің дәруі саналатын бұл идеяға сәйкес (оны аздаған айырмашылықпен кіші Джордж Буш та, Барак Обама да қабылдаған) саяси және экономикалық жүйелерімізді жаһандандырып, либералдандыра берсек, күллі ел мен жұрт бейбіт өмір кешіп, гүлдене түседі1.
Дәуірлеудің осы бір тоқтаусыз салтанатына қосылған елдер таяу арада мамыражай өмірге қол созады. Ал бәрібір болмай қоймайтын оқиғаларға қарсы шыққан мемлекеттер ақылға келіп, қоғамын, саясаты мен нарығын либералдандырып, шекараларын айқара ашқанға дейін қиындықтың салдарынан зардап шекпек. Бұл біршама уақытты алуы мүмкін, бірақ күндердің күнінде Солтүстік Корея мен Ирак та, Сальвадор да, Дания мен Айоваға ұқсас елге айналмақ.
1990–2000 жылдары бұл идея жаһандық мантраға айналды. Бразилиядан Үндістанға дейінгі аралықтағы мемлекеттердің бәрі тарихтың толассыз көшінен қалып қоймау үшін либерализм ережелерін қабылдады. Бұл көшке ермегендер көне дәуірден қалып қойған динозаврлардай көрінді. 1997 жылы АҚШ президенті Билл Клинтон саясатты либералдандырудан бас тарту арқылы тарихтың соқпағынан шығып қалды деп, Қытай басшылығын ашық сынады2.
Алайда 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін бүкіл әлем жұртшылығының либерализмнен көңілі қала бастады. Бекіністер мен кедергілер қайта сәнге айналды. Иммиграция мен сауда келісімдеріне наразылық өршіді. Демократиялық болып көрінетін үкіметтер сот жүйесінің тәуелсіздігіне қарсы шығып, сөз бостандығын шектеп, оппозиция атаулыны «сатқын» деп атай бастады. Венгрия, Түркия сияқты елдердің авторитарлық басшылары иллибералдық демократия мен нағыз диктатураның жаңа түрлерін араластырып, эксперимент жасауға көшті. Қазір Қытай Коммунистік партиясы туралы «тарихтың соқпағынан шығып қалды» деп кесіп-пішіп сөйлейтіндер қатары кемде-кем.
Brexіt туралы референдум өткен, Дональд Трамп сайланған 2016 жылы либерализмнен түңілудің толқыны сол идеяның өзегі – Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріне де жетті. Бұдан бірнеше жыл бұрын америкалықтар мен еуропалықтар Ирак пен Ливияда қарудың күшімен либералдық принциптерді енгізуге тырысса, қазір Кентукки мен Йоркширдің көп тұрғыны либералды идеяларды зиян әрі қол жетпес көкжиек санайды. Бұл елдердің кейбір тұрғыны бұрынғы иерархиялық әлемнің қолайлылығын еске түсіріп, нәсілдік, ұлттық және гендерлік артықшылықтарынан бас тартқысы келмейтіндерін айта бастады. Енді біреулері либералдану мен жаһандану үркердей ғана элиталық топтың өзге жұрттың есебінен артықшылыққа ие болуына мүмкіндік беретін көзбояушылық (орынды әлде орынсыз) екенін алға тартады.
1938 жылы адамзат үш жаһандық жобаның бірін таңдай алатын, 1968 жылы олардың екеуі қалды, ал 1998 жылы олардың бірі ғана жеңіске жеткендей болған. Енді, міне, 2018 жылы жаһандық жобаның өзі түгілі, ізі де жоқ. Соңғы онжылдықтарда бүкіл әлемнің түгелге жуық бөлігіне өктемдік етіп келген либералды элитаның есеңгіреп, дағдарып қалғаны таңғалдырмайды. Бір ғана идеямен өмір сүру өте ыңғайлы, себебі бәрі анық әрі түсінікті. Ал идеясыз қалу қандай қорқынышты. Барлығы мәнсіз көрінеді. 1980 жылдардағы Кеңес өкіметі сияқты, либералдар да өздері салып қойған жолдан тарихтың неге ауытқып кеткенін түсінбей қалды. Олардың бұл жағдайды түсіндіретін балама теориясы жоқ. Жолынан жаңылған либералдар қиямет-қайым категорияларымен пайымдай бастады: адамзат либералдар болжаған бақытты болашаққа қарай жүрмесе – онда жақсылық пен жамандықтың ақырғы шайқасы болатын алаңға қарай зымырап бара жатқаны. Ми қазіргі шынайылықты қорыта алмаса, ақырзаман сценарийіне қарай ойысады. Бастың қатты ауырғаны мидағы ісіктің белгісі деп шошитын адам сияқты, либералдардың көбі Brexіt-ті және Дональд Трамптың билікке келуін адамзат өркениетінің ақыры деп пайымдай бастады.
МАСАНЫ ӨЛТІРУДЕН САНАНЫ БАСҚАРУҒА ДЕЙІН
Технологиялық прогрестің жеделдеуі адамзатты одан әрі абдыратты да, таяп қалған апаттан үрейлену сезімін одан әрі өршітіп жіберді. Либералдық саяси жүйе отарбаны, мұнай өңдеу зауыттарын және телевизияны басқару үшін, яғни индустриялық заманда қалыптасқан. Оған биотехнология мен ақпараттық технологияның дамуынан басталған үздіксіз революциялық өзгерістерге бейімделу қиынға соқты.
Саясаткерлер де, сайлаушылар да жаңа технологияның қауіпті қуат-күшін реттемек түгілі, оны толық түсіне алмады. 1990 жылдардан бері әлемді интернеттен артық өзгерте алған басқа құбылыс жоқ шығар, бірақ интернет революциясын саяси партиялар емес, инженерлер басқарды. Бұрын-соңды интернетке дауыс беріп көріп пе едіңіз? Демократиялық жүйе әлі де өзіне кімнің соққы бергенін түсінуге тырысып бағуда, әрі оның жасанды интеллектінің дамуы және блокчейн революциясы сияқты жаңа тербелістерге дайын емес екені анық.
Компьютерленген қаржы жүйесі күрделенгені сондай, оның қалай жұмыс істейтінін түсініп жатқандар кемде-кем. Жасанды интеллект дамыған сайын қаржыны түсінетін бірде-бір адам қалмайтын күйге түсуіміз әбден мүмкін. Бұл саяси процестерге қалай әсер етеді? Алгоритмнің бюджет не салық реформасын мақұлдауын жайбарақат күтіп отырған үкіметті елестетіп көріңіз. Блокчейн мен биткоин сияқты криптовалютаның орталықсызданған желілері қаржы жүйесін өзгертетіні сондай, салық жүйесін түбірімен реформалауға тура келуі мүмкін. Мәселен, транзакцияның көбі ұлттық яки басқа кез келген валютаны жөнелтпестен, ақпарат жіберумен ғана шектелетіндіктен, салық салу мүмкін болмай қалуы ықтимал. Ол – ол ма, үкіметтерге, айталық, ақпарат салығы сияқты салықтың жаңа түрін ойлап табуға тура келеді. Ол салықты да біз доллармен емес, ақпаратпен төлейміз. Ақшасы таусылмай тұрып, саяси жүйе бұл дағдарыстан шыға ала ма?
Бірақ бұдан да маңызды жайттар бар. Ақпараттық технология мен биотехнологияның қос революциясы экономика мен қоғамды ғана емес, тәніміз бен ақыл-ойымызды да өзгертуі мүмкін. Бұған дейін біз, адамдар, айнала дүниені өзгертсек те, тәніміздегі өзгерістерге ықпал ете алмадық. Бөгет салып, өзендердің арнасын бұруды үйренсек те, тәннің қартаюын тоқтатуға шамамыз келмеді. Суару жүйелерін жобаласақ та, миымыздың құрылысын түсінбедік. Маса құлақ түбінде ызыңдап, ұйқы бермей тұрып алса, оны өлтіре салуға асықтық, ал сансыз ой сананы торлап, ұйқыны қашырса, одан қалай арылуды білетіндер аз болды.
Биотехнология мен ақпараттық технологиядағы серпіліс ішкі әлемімізді басқаруға, тірі ағзаларды жобалауға және жасап шығаруға мүмкіндік береді. Миды құрастырып, өмірді ұзартып, қажетсіз ойлардан арылуды үйренеміз. Бірақ оның салдары қандай боларын ешкім білмейді. Адамдарға қаруды ақылмен пайдаланғаннан гөрі, оны жасап шығару әлдеқайда оңай болған. Бөгет тұрғызып, өзеннің арнасын бұру жеңіл, бірақ бұл құрылыстың экология жүйесіне залалы қандай болатынын болжау қиын. Сол сияқты, санадағы ойдың ағынын тежеуден гөрі, оның адам психикасына және жалпы қоғамдық жүйеге әсерін болжау күрделірек.
Күшті болғанымыз сондай – сыртқы дүниені басқарып, ғаламшарды өзгерте аламыз, бірақ жаһандық экологияның ықпыл-жықпылын білмейміз, сондықтан экологиялық жүйені білмей, қаламай бүлдірдік, ал қазір экологиялық апат алдында тұрмыз. Алдағы биотехнология және ақпараттық технология ғасыры ішкі әлемімізді басқарып, өзімізді өзгертуге мүмкіндік береді, алайда санамыздың қаншалықты күрделі екенін білмейміз, сондықтан бұл өзгеріс ойлау жүйесін күйретуі мүмкін.
Ақпараттық және биотехнологиядағы революцияны инженерлер, кәсіпкерлер мен ғалымдар жасап жүргенімен, қадамдарының саяси салдарына бас қатырып жатқан жоқ, әрі олар ешкімнің атынан әрекет етпейді. Ал бұл іске парламенттер мен партиялардың құзыреті жүре ме? Дәл қазір ол мүмкін емес сияқты. Технология дамуының қиратқыш салдарлары маңызды саяси мәселелер тізіміне кірмейді. АҚШ-тағы 2016 жылғы президент сайлауында революциялық технологиялар көбіне Хиллари Клинтонның поштасын бұзып кіру мүмкіндігі3 тұрғысынан қарастырылды, әрі жұмыс орындарының қысқаруы туралы көп айтылғанына қарамастан, автоматтандырудың бұл процеске ықпалы туралы кандидаттардың бірде-бірі пікір білдірмеді. Дональд Трамп сайлаушыларды «жұмыс орындарын мексикалықтар мен қытайлар алып қояды, сондықтан Мексикамен шекарада бекініс тұрғызу керек»4 деп қорқытты. Алайда ол «америкалықтардың жұмыс орындарын алгортимдер алып қоюы мүмкін» демеді және Калифорния шекарасында желіаралық қорғаныш экранын орнатуды да ұсынған жоқ.
Батыстағы либералдық елдердің өзінде сайлаушылардың либерализм идеясы мен демократиялық процеске деген сенімнен айырылып жатқанының бір себебі (және бұл жалғыз себебі емес) осы болса керек. Жасанды интеллект пен биотехнологияның мәніне бойламаған қарапайым адамдар келешек қасымыздан өтіп барады деп ойлайды. 1938 жылы КСРО-ның, Германияның және АҚШ-тың қарапайым халқы бақытсыз болса да, оларды «сіздерден мықты ешкім жоқ, болашақ сіздерге тиесілі» (бірақ бұл «қарапайым адамдар» еврей не африкалық болмауы керек) деп сендіре берді. Қарапайым жұрт әдетте кеншілер, темір балқытушылар мен үй шаруасындағы әйелдер қаһарман кейіпкердің суреті бар үгіт плакаттарынан өздерін көріп: «Мына суреттегі – менмін! Мен – болашақтың қаһарманымын!» – деп сенді5.
2018 жылы қарапайым адамдар өздерін қажетсіз сезіне бастады. TED конференциясындағы баяндамаларда, үкіметтің зерттеу орталықтарында және ғылыми-техникалық семинарларда жаһандану, блокчейн, гендік инженерия, жасанды интеллект, машиналық оқыту сияқты түсініксіз сөздер көп айтылды. Қарапайым адамдар «бұл сөздердің бізге еш қатысы жоқ» деп күдіктене бастады. Либерализм тарихы – қарапайым адамдар тарихы. Киборгтер мен желілік алгоритмдер әлемінде ол неге өзекті болып қалуы керек?
ХХ ғасырда қалың бұқара қанауға қарсы шығып, өзінің шешуші экономикалық рөлін саяси күшке айналдыруға тырысты. Ал қазір қалың бұқара қажетсіз болып қалудан қорқады, сондықтан кеш болмай тұрғанда қолдарында бар саяси тетіктерді пайдаланып қалуға асығады. Brexіt те, Трамптың билікке келуі де дәстүрлі социалистік революцияларға мүлде қарсы траекторияны көрсетіп тұрғандай. Ресей, Қытай және Кубада экономикаға басты ықпал еткен, бірақ саяси билігі болмаған адамдар революцияға шықты. Ал 2016 жылы Трамп пен Brexіt-ті, негізінен, қолында саяси билігі бар, бірақ экономикалық мәртебесінен айырылып қалудан қорқатын адамдар қолдады. ХХІ ғасырдағы революция адамдарды қанайтын экономикалық элитаға емес, оларды қажетсінбей қалған экономикалық элитаға қарсы бағытталатын шығар6. Олар бұл шайқаста жеңіліс табады-ау. Қанауға қарсы күрестен қажетсіздікке қарсы күрес анағұрлым ауыр.
ФЕНИКС СИПАТТЫ ЛИБЕРАЛИЗМ
Либерализм идеясы сенім дағдарысына алғаш ұшырап тұрған жоқ. ХІХ ғасырдың екінші жартысында жаһандық ықпалға ие болғалы бері ол оқтын-оқтын дағдарысқа тап болды. Жаһандану мен либералданудың алғашқы дәуірі Бірінші дүниежүзілік соғыстың қанды қасабымен аяқталды, онда империялық саясат жаһандық дәуірлеу салтанатын тойтарып тастады. Сараевода эрцгерцог Франц-Фердинанд өлтірілген соң, ұлы державалардың либерализмнен гөрі империализмге көбірек сенетіні, еркін де бейбіт сауда негізінде әлемді біріктірудің орнына, қара күшті пайдаланып, жер-дүниенің көбірек бөлігін жаулап алуды жөн көретіні белгілі болды. Дегенмен либерализм Франц-Фердинанд өлімінен соң да аман қалып, бұл аласапыраннан бұрынғыдан да күшейіп шықты, сөйтіп, «бұл барлық соғысты тоқтату жолындағы соғыс болды» деген үміт отын жақты. Адамзат бұрын-соңды болмаған қанды қырғыннан сабақ алып, империализмнің адам баласына қаншалықты қасірет әкелетінін түсініп, еркіндік пен бейбітшілік принциптеріне негізделген жаңа жаһандық тәртіпті қалыптастыратындай көрінді.
Одан соң Гитлердің таңы атты. 1930 жылдары және 1940 жылдардың басында фашизм жеңілмейтіндей көрінген. Бұл қауіп сейілген соң, оның орнын өзгесі басты. Че Гевараның айы оңынан туған 1950–1970 жылдары либерализм хал үстінде жатқандай, адамзаттың болашағы коммунизмнің уысында қалғандай көрінді. Соңында коммунизм де қирады. Супермаркет ГУЛАГ-тан әлдеқайда ықпалды болып шықты. Одан да маңыздысы – либерализм идеясы басқа баламаларға қарағанда анағұрлым икемді, динамикалық секілді көрінді. Ол империализмнің, фашизмнің, коммунизмнің ең жақсы идеялары мен тәжірибесін сіңіріп, оларды жеңіп шықты. Мәселен, либерализм коммунизмнен жанашырлық танытатын адамдардың ауқымын кеңейтуді және еркіндікті ғана емес, теңдікті де құндылыққа жатқызуды үйренді.
Әу баста либерализм идеясы көбіне ақнәсілді ерлердің орта табының еркіндіктері мен артықшылықтарына назар аударды да, жұмысшы таптың, әйелдердің, азшылықтың және еуропалық еместердің ауыр жағдайына көңіл бөлмеді. 1918 жылы соғыста жеңіп шыққан Ұлыбритания мен Франция еркіндік туралы құлшына айтқанымен, өз отарларының тұрғындарына назар да аудармады. Мәселен, 1919 жылы Үндістан өз мәртебесін анықтау мәселесін көтергенде, ағылшындар Амритсарда қырғын салып, британ әскері жүздеген қарусыз демон-
странтты атып тастады.
Тіпті Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де Батыс либералдары өздері жалпыға бірдей деп атаған құндылықтарды Батыстан өзге халыққа қатысты деп есептемеді. Мәселен, 1945 жылы нацистердің бес жыл бойғы қатаң оккупациясынан босай сала, голландтар бірден әскерін жиып, жердің қиыр шетіндегі бұрынғы отары – Индонезияны қайта басып алуға аттанды. 1940 жылы Нидерланд неміс басқыншыларына төрт күндей ғана қарсыласқан еді. Сөйте тұра, Индонезияны тәуелсіздігінен айыру үшін төрт жылға созылған аса ауыр ұрыстан бас тартпады. Жаһанның түкпір-түкпіріндегі ұлт-азаттық қозғалыстар «еркіндікті қорғаушымыз» деп өзіне-өзі айдар таққан Батыстағыларға емес, коммунистік Мәскеу мен Бейжіңге үміттене қарағаны сондықтан.
Дегенмен либерализм идеясы біртіндеп көкжиегін кеңейтіп, теория жүзінде болса да, барлық адамның құқықтары мен бостандықтарын мойындады. Еркіндік шеңбері кеңейген сайын либералдар коммунизмге тән әлеуметтік бағдарламалардың маңызын түсінді. Белгілі бір дәрежеде әлеуметтік қауіпсіздік орнамайынша, құр еркіндіктің құны көк тиын. Социал-демократиялық мемлекеттер демократия мен адам құқықтарын мемлекет қаржыландыратын тегін білім мен денсаулық сақтаумен сабақтастырады. Тіпті капитализмді діңгек еткен Америка сияқты елдің өзі адам еркіндігін қорғау үшін белгілі бір дәрежеде әлеуметтік қамсыздандыруды үкіметтің жүзеге асыруы керегін түсінді.
Аш балада еркіндік қайдан болсын?
1990 жылдардың басында ойшылдар мен саясаткерлер «тарих аяқталды» деп жариялады. Өткеннің барлық саяси, экономикалық мәселелері шешілді деп сенген олар адамзаттың жалғыз үміті – демократия, адам құқықтары, еркін нарық пен мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандырудан тұратын жаңарған либералды «дорба» екенін айтты. Бұл «дорба» барлық кедергілерден өтіп, бүкіл ұлттық шекараларды жойып, дүниежүзіне таралып, адамзатты біртұтас жаһандық қоғамдастыққа айналдыруы керек болып көрінді7.
Бірақ адамзаттың тарихы аяқталмады. Франц-Фердинандтың,
Гитлер мен Че Гевара дәуірлерінің орнын Трамп дәурені басты. Бірақ бұл жолы либерализм идеясына империализм, фашизм не коммунизм сияқты ұйымдасқан идеологиялық қарсылас айбат шеккен жоқ. Трамп дәуірі анағұрлым нигилистік табиғатымен ерекшеленді.
ХХ ғасырдың басты идеологиялық қозғалыстары әлемдік үстемдік, революция және бостандық сияқты бүкіл адам баласына ортақ дүниетанымды сипаттаса, Дональд Трамп мұндай ештеңе ұсынбайды. Керісінше, ол жаһандық дүниетанымды қалыптастыру – Американың шаруасы емес екенін айтады. Brexіt-ті қолдаған британдықтардың да «Бөлшектенген корольдіктің» болашағына қатысты қандай да бір жоспары жоқ, ал Еуропа мен жер-жаһанның тағдыры оларды мүлде толғандырмайды. Трамп пен Brexіt-ті қолдап дауыс бергендердің көбі либерализм құндылықтарынан толық бас тартпайды, олар бар болғаны оның жаһандану деген бөлігіне сенуден қалған. Жұрт демократия мен еркін нарыққа, адам құқықтары мен әлеуметтік жауапкершілікке бұрынғыдай бас шұлғиды, бірақ бұл керемет идеяларды мемлекеттік шекараның аясында ғана жүзеге асыруға болады деп санайды. Есесіне олар Йоркширдегі не Кентуккидегі еркіндік пен бақуатты өмірді сақтап қалу үшін шекараны шегендеп, шетелдіктерге қатысты иллибералды заңдар қабылдау керек деп есептейді.
Серпінді держава – Қытай мүлде кері сценариймен жүріп келеді. Ішкі саясатын либералдауға батылы жетпесе де, сыртқы әлемге анағұрлым либералдық ұстаныммен қарайды. Еркін сауда мен халықаралық әріптестік мәселесіне келгенде, Си Цзиньпин іс жүзінде Обаманың нағыз мұрагері сияқты. Марксизм-ленинизмді екінші орынға ысырған Қытай либералдық әлемдік тәртіпке разы сияқты.
Қайта жанданған Ресей өзін либералдық жаһандық тәртіптің қас дұшпаны санайды, дегенмен әскери әлеуетін күшейткеніне қарамастан, идеологиялық тұрғыда ол дегеніне жете алмас. Владимир Путин Ресейде, әлемнің әр түкпіріндегі түрлі оңшыл күштер арасында танымал болғанымен, оның жұмыссыз испандарды, ызалы бразилиялықтарды, Кембридждегі арманшыл студенттерді еліктіретіндей жаһандық дүниетанымы жоқ.
Ресей либералдық демократияға балама модель ұсынып отыр, бірақ ол біртұтас саяси идеология моделі емес. Керісінше, ол – үркердей ғана олигархтар тобы елдегі билік пен байлықтың көп бөлігін монополиялап алған саяси тәртіп, олар іс-әрекетін жасырып, билігін одан әрі бекіте түсу үшін ноқтаулы медианы пайдаланады. Демократия Авраам Линкольннің «бүкіл адамды аз уақыт, аз ғана адамды үнемі алдай аласың, бірақ бүкіл адамды үнемі алдау мүмкін емес» деген қағидасына сүйенеді. Үкімет жемқорлыққа батып, халықтың тұрмысын жақсарта алмаса, күндердің күнінде мұны азаматтардың көбі түсініп, ол үкіметті ауыстырады. Бірақ үкіметтің медианы басқаруы Линкольннің
логикасын бұзады, себебі бұл адамдардың ақиқатты білуіне мүмкіндік бермейді. Медиаға монополия орнату арқылы олигархия өзінің барлық кемшіліктерін өзгелерге жауып, шынайы я ойдан шығарылған сыртқы жауға назар аударта беруі ықтимал.
Олигархия орнаған елде денсаулық сақтау мен табиғаттың ластануы сияқты «қызықсыз» оқиғалардан әлдеқайда салмақты әлдебір дағдарыс не басқа жайттар бар. Сырттан шабуыл қаупі төнсе немесе елді әлдебір құбыжық қиратпақ болса, адам толы аурухана мен ластанған өзенді ойлауға кімнің мұршасы келеді? Ешқашан бітпейтін дағдарыстар тізбегін туғыза беру арқылы жемқор олигархия өмір бойы билік құра бермек8.
Іргесінің мығымдығына қарамастан, олигархия моделі онша тартымды көрінбейді. Өз дүниетанымын масаттана жариялайтын басқа идеологиялардан айырмашылығы – олигархия өз әрекетін мақтан ете қоймайды, есесіне басқа идеологияларды бетперде ретінде пайдаланады. Сондықтан Ресей өзін демократиялық ел етіп көрсеткісі келеді, ол олигархияға емес, орыс ұлтшылдығына және православ шіркеуіне адалдығын ұдайы айтып жүреді. Франция мен Британиядағы оңшыл экстремистер Ресейге арқа сүйеп, Путинге табынуы мүмкін, бірақ олардың сайлаушылары жаппай жемқорлық жайлаған, мемлекеттік қызмет сапасы сын көтермейтін, заң үстемдігі жоқ, шектен тыс теңсіздік орнаған Ресей сияқты елде өмір сүргісі келмес еді. Кей сараптамаларға қарасақ, Ресей – дүниежүзіндегі тең құқық сақталмаған елдердің бірі, онда байлықтың 87%-ы 10%-ды ғана құрайтын бақуатты адамдардың қолына шоғырланған9. Франциядағы «Ұлттық майданды» жақтайтын жұмысшы табының қаншасы өз елінде байлықты бөлісудің осы жүйесі орнағанын қалар еді?
Адам аяғы басқысы келмейтін жерлер бар. Әлемді аралап жүргенімде АҚШ, Германия, Канада, Австралия сияқты елдерге көшкісі келетіндерді көп кезіктірдім. Қытай не Жапонияға көшкісі келетіндер де болды. Бірақ Ресейге қоныс аударуды армандап жүрген бірде-бір адамды әлі ұшыратқан жоқпын.
Ал «әлемдік исламға» келсек, ол көбіне осы діни ортада дүниеге келгендерді елітеді. Ол Сирия мен Ирактағы кейбір адамдарға немесе Германия мен Британияда «жетім қозының» күйін кешкен мұсылман жастарға ұнауы мүмкін, бірақ Канада мен Оңтүстік Кореяны айтпаған күннің өзінде, Грекия мен ОАР да өз мәселесін шешу үшін әлемдік халифатқа қосылуды қалайды деген ой үш ұйықтасаң да, түсіңе енбейді. Бұл жағдайда да халықтың аяғы ол жаққа тартпайды. Ислам теократиясы орнаған елде өмір сүруді қалап, Германиядан Таяу Шығысқа кеткен бір мұсылманға Таяу Шығыстан либералдық Германияға барып, жаңа өмір бастағысы келетін жүз мұсылманнан келетіні анық.
Бұл жағдайдан қазіргі сенім дағдарысы бұрынғы дағдарыстардай ауқымды емес екенін ұғамыз. Либералдар соңғы жылдардағы оқиғаларды ой сүзгісінен өткізіп, 1918, 1938 немесе 1968 жылдары жағдайларының қаншалықты нашар болғанын еске түсіргені дұрыс. Олар, «сайып келгенде, адамзат либерализм идеясынан бас тартпайды, себебі бұдан басқа балама жоқ» деп ойлайтын шығар. Ызалы жұрт жүйенің майлы жерінен бір тебуі мүмкін, бірақ басқа амалы жоқ болғандықтан, сол жүйеге бәрібір қайтып оралады.
Қазіргі өзгерістерді түсіну қиын, себебі либерализм ешқашан бірбүтін болған емес. Либерализм еркіндікті әспеттейді, бірақ түрлі контексте еркіндік әркелкі мағынаға ие. Сондықтан бір адам үшін либерализм – еркін сайлау мен демократияландыру болса, өзге біреу үшін ол сауда келісімі мен жаһандануды білдіруі мүмкін. Ал үшінші кісі либерализмді гомосексуалдардың бас құрауы және абортпен байланыстырады. Либерализм экономика, саясат пен жеке өмірде, ұлттық және халықаралық деңгейдегі іс-әрекетте әртүрлі жолды нұсқайды. Төмендегі кесте либерализмнің түрлі компоненттерін сипаттайды.
Либерализмнің кешенді мәзірі
Ұлттық деңгей
Халықаралық деңгей
Экономика саласы
Еркін нарық, жекешелендіру, салықтың аз мөлшері
Еркін сауда, жаһандық интеграция, төмен тарифтер
Саясат саласы
Еркін сайлау, заң үстемдігі, азшылықтың құқықтары
Бейбіт қарым-қатынас, көпжақты ынтымақтастық, халықаралық құқық және халықаралық
ұйымдар
Жеке өмір саласы
Еркін таңдау, индивидуализм, әркелкілік, гендерлік теңдік
Еркін көші-қон, кедергісіз миграция
Соңғы жылдары күллі әлемде үстемдік құрған либерализм идеясы жоғарыдағы алты компоненттің арасында өте тығыз, маңызды байланыс бар деп сендірді. Біреуінсіз екіншісіне қол жеткізу мүмкін емес, себебі бір саладағы прогресс басқасындағы ілгерілеуді қажет етеді, әрі оған серпін береді. Мәселен, еркін нарық қалыптастыру үшін еркін сайлау өте маңызды, демократия болмайынша, нарық тамыр-таныстық пен үкіметтегі жемқорлықтың жемтігіне айналады. Гендерлік теңдік халықаралық ымыраға алып келеді, себебі соғыс отын әдетте патриархалдық құндылықтар мен «мачо-саясаткерлер» тұтандырады. Ал жаһандық экономикалық интеграция жекелеген тұтынушының еркіндігімен қатар жүреді, ел ішіндегі 3 брендтің емес, халықаралық 100 брендтің арасынан таңдау жасай алсаң, адамның еркіндігі деген – сол. Тізім осылай жалғаса береді. Демек, әлдебір мемлекет либерализмнің «кешенді мәзірінен» бір тағамды жегісі келсе (айталық, экономикалық либерализмді), ол басқа тағамдардың да дәмін татуға міндетті.
Қазіргі популистік және ұлтшыл қозғалыстарға ортақ бір ерекшелік – олар өздерін «антилибералиспіз» деп сипаттаса да, ешқайсысы либерализмнен ада-күде бас тартпайды. Олар «кешенді мәзір» тәсілін қаламайды, оның орнына еркін жүріп, либералдық «швед үстелінен» қалаған асын таңдап жегісі келеді. Содан да Трамп көпжақты ынтымақтастықты, тіпті еркін сауданы ысырып тастап, еркін нарық пен жекешелендіруді қолдайды. Қытай еркін сауданы қалайды, оның «Бір белдеу, бір жол» бастамасы – бұрын-соңды болмаған ірі жаһандану жобасы, есесіне ол еркін сайлауды қажетсінбейді. Британиядағы «брекзитшілер» демократияны ұстанады, әрі индивидуализмге мүлде қарсы емес, алайда олар халықаралық ынтымақтастық идеясын жақтырмайды және халықаралық ұйымдарға тым көп билік беруге наразы. Виктор Орбан азшылықтың құқығы, әралуандық және индивидуализм құндылықтарын қолдамай-ақ Венгрияда еркін сайлау өткізуге болады деп, өз режиміне «иллибералдық демократия» деп айдар тақты.
Жұрттың барлығы бірдей, тым құрығанда, теория жүзінде қалайтын жалғыз «ас» – халықаралық бейбіт қарым-қатынас. Бұл – либералдық «швед үстелінің» шоколад қосылған балкүлшесі. Ал ешкім дәмін татқысы келмейтін жалғыз тағам (айталық, балдыркөк) – иммиграция. Демократияның, индивидуализм мен көпжақты ынтымақтастықтың ең үлкен жақтастарының өзі ел ішінде иммигранттарды қаптатуға үзілді-кесілді қарсы шықты.
Дегенмен «швед үстелі» тәсілі жұмыс істей ме, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Тағаммен салыстыра сараптау тым қисынсыз болуы мүмкін. Мейрамханалардағы «кешенді мәзір» алуан түрлі тағамдардың еркін таңдалған тізімінен құралады. Ал либерализм идеясы либералдық жүйені бір-біріне тәуелді мүшелердің тірі ағзасы деп түсіндіреді. Сорпаны десерттен бөліп алу оңай-ақ шығар, алайда жүректі өкпеден ажырату мүмкін емес. Трамп жаһандық еркін сауданы жоққа шығарып алып, Американың өз ішінде еркін нарықты күшейте ала ма? Қытай Коммунистік партиясы саяси либералдануға қарай аттап баспаса да, экономикалық либералданудың жемісін жей бере ме? Венгриялықтар жеке еркіндіксіз-ақ демократия орната ала ма немесе Орбанның «иллибералдық демократия» дегені «диктатураның» әдемірек атауы ма? Шекарадағы бекіністер биіктеп, сауда соғыстары өршіп тұрған тұста халықаралық ынтымақтастықты сақтап тұруға бола ма? «Швед үстелі» тәсілі, ақыр соңында, ұлттық және халықаралық деңгейдегі либералдық жүйелердің толық қирауына алып келуі ықтимал.
Ендеше, либерализм идеясын қандай балама алмастыруы мүмкін? Бір әдіс – ортақ бір әлемдік идея болуы керек деген ойдан толық бас тартып, оның орнына жергілікті ұлтшыл я діншіл ертегілерден қорған табу. ХХ ғасырда ұлтшыл қозғалыстар аса маңызды саяси ойыншы болды, бірақ олар дүниежүзін тәуелсіз ұлт-мемлекеттерге бөлуді қолдағаннан басқа, жаһанның болашағына қатысты мардымды көзқарас ұсына алмады. Индонезия ұлтшылдары голландтардың үстемдігіне қарсы күресті, ал вьетнамдық ұлтшылдар азат Вьетнам құрғысы келді, бірақ вьетнамдық не индонезиялық біртұтас жаһандық идея болмады. Есесіне, Вьетнам, Индонезия және басқа да азат елдер бір-бірімен қалай қарым-қатынас жасауы керек, адамдар «ядролық қару қаупі сияқты
мәселелермен қалай күресуі керек» деген сұрақтарға келгенде, ұлтшылдар ойланбастан либералистік я коммунистік идеяларға бет бұрды.
Бірақ либерализм мен коммунизмнің екеуі де беделінен айырылған қазіргі заманда адамзат баршаға ортақ әмбебап идея туралы ойдан бас тартуы керек шығар? Оның үстіне бұл жаһандық идеялардың барлығы, соның ішінде тіпті коммунизм де Батыс империализмінің өнімі болған жоқ па еді? Вьетнамдағы қара шаруа Трирден шыққан неміс пен манчестерлік индустриалистің ойлап тапқан ертегісіне неге сенуі керек? Әр ел өзінің ежелгі дәстүрі негізінде ешкімге ұқсамайтын, дара жолын тапқаны жөн шығар? Батыстықтар да әлемді алға жетелеу туралы ойын бір сәт ұмытып, өз ішіндегі өзгерістерге үңілуі керек болар?
Либерализмнің бұзылуынан пайда болған вакуумды, әркімнің өз алтын ғасырын аңсаған сартап сағынышқа толы қиял толтырды ма екен? Иә, жер-дүние қазір сағыныштың әнін салып тұр. «Американы қайтадан ұлы елге айналдырамыз!» – деп уәде берген Дональд Трамп АҚШ-ты оқшаулауға одан сайын үндей түсті. «1980, тіпті 1950 жылдары АҚШ керемет қоғам болған, ХХІ ғасырда соны қайта қалпына кетірейік», – деді. Ал брекзитшілер әлі де Виктория патшайым заманында өмір сүріп жатқандай және интернет пен жаһандық жылыну дәуірінде «паң оқшаулану» ең оңтайлы саясат бола алатындай, Британияны дербес державаға айналдырғысы келеді. Қытайлар Батыстан жұқтырған, күмәнді марксистік идеяға қосымша, болмаса оның орнын басатын ой ретінде өз империясы мен Конфуций мұрасын еске түсірді. Ресейде Путиннің басты ұстанымы – жемқор олигархия құру емес, кешегі патшалық империяны қайта тірілту. Большевиктер революциясынан бір ғасыр өткен соң, Путин Балтық теңізінен Кавказға дейін құлаш жайған, орыс ұлтшылдығы мен православ діндарлығына арқа сүйеген, автократиялық үкіметі бар, бұрынғы патшалықтың құдіретін қайтаруға уәде беріп отыр.
Ұлтшылдық пен діни дәстүрлер араласқан осындай сағынышқа толы армандар – Үндістан, Польша, Түркия және басқа көп елдегі режимдердің тірегіне айналды. Мұндай қиял жаулап алған өңір – Таяу Шығыс. Онда исламшылдар Мұхаммед пайғамбар осыдан 1400 жыл бұрын Мединада құрған жүйені көшіріп алғысы келеді. Ал
Израильдегі ортодоксалды иудейлер исламшылдардан да асып түсті, олар 2500 жылға кері шегініп, Библия заманына оралуды көздейді.
Израильдің биліктегі коалициясы қазіргі Израильдің шекарасын
Библия дәуіріндегі Израильдің аумағындай кеңейтуді, Библия заңдарын қайтаруды, Иерусалимдегі әл-Ақса мешітінің орнына ежелгі Яһве ғибадатханасын қайта салуды ашық талқылап жатыр10.
Либералды элиталар бұл жайттарға үрейлене қарап, апаттың алдын алу үшін адамзат дер кезінде либералдық сүрлеуіне қайтып оралады деп үміттенеді. 2016 жылы қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Обама «қайшылыққа толы әлемге, ұлттық, тайпалық, нәсілдік және діни негіздегі ескі кикілжіңдерге қайтып оралу қаупі бар» екенін тыңдаушыларға ескерткен. Ол: «Ашық нарық, жауапты мемлекеттік басқару, адам құқықтары және халық-
аралық құқық нормалары принциптері... бұл ғасырдағы адамзат дәуірлеуінің бұлжымас негіздері болып қалады», – деген11.
Обама біршама кемшілігі болса да, либералдық жүйенің басқа баламаларға қарағанда жетістіктері анағұрлым көп екенін меңзеп, орынды пікір айтты. Адамзаттың көп бөлігі ХХІ ғасырдың басындағы либералдық замандағыдай бейбіт те бақуатты өмір сүріп көрмеген. Адамзат тарихында алғаш рет инфекциялық аурудан өлгендер саны кәріліктен көз жұмғандардан азайды, семіздіктен жапа шеккендер саны аштықтан бұратылғандардан көбейді, көлденең кесапаттан өлгендер саны өлтірілгендерден кеміді.
Бірақ либерализмнің экологиялық апат, технологиялық күйреу сынды алдымызда тұрған ең күрделі мәселелерге қайтарар нақты жауабы жоқ. Либерализм күрделі әлеуметтік және саяси шиеленістерді сиқырдың күшімен шешеді деп, үнемі экономикалық өсімге арқа сүйейді. Либерализм «жіліктің майлы басы» беріледі деп әрқайсысына уәде етіп, пролетариатты буржуазиямен, діндарларды атеистермен, жергілікті тұрғындарды иммигранттармен, еуропалықтарды азиаттармен табыстырды. «Жіліктің майлы басы» таусылмаған тұста ешқандай мәселе болмады. Алайда экономикалық өрлеу экожүйені сақтап қала алмайды, керісінше, экологиялық дағдарыстың себепкері соның өзі болды. Дәл сол сияқты, экономикалық өсім де технологиялық
күйреу мәселесін шеше алмайды, себебі ол қиратқыш жаңа технологияларды үздіксіз ойлап таба беру керек деп санайды.
Либерализм идеясы және еркін нарыққа негізделген капитализм логикасы адамдарға үлкен үміт сыйлайды. ХХ ғасырдың соңында Хьюстонның, Шанхайдың, Стамбұлдың және Сан-Паулудың әрбір жаңа буыны алдыңғы буынға қарағанда сапалырақ білім алды, денсаулық сақтау мен табысқа кенелуде озық болды. Алайда алдағы уақытта экологиялық апатпен жапсарласқан технологиялық күйреудің кесірінен жағдай нашарламай, осы қалпын сақтаса, өскелең ұрпақ соған разы болатындай жағдайға келеді.
Демек, алдымызда жер-әлемге жаңартылған идеяны таныстыру міндеті тұр. Индустриялық революцияның бұлқынысы ХХ ғасырдың жаңа идеологияларын тудырғаны сияқты, биотехнология мен ақпараттық технологиядағы алда болатын революциялар жаңа дүниетаным қалыптастыруды қажет ететін шығар. Сондықтан алдағы онжылдықтар қайтадан тынымсыз ізденіп, жаңа әлеуметтік-саяси модельдерді өмірге әкелетін кезең болмақ. Либерализм 1930, 1960 жылдардағы дағдарыстар кезіндегідей жаңарып, бұрынғыдан да тартымды бола ала ма? Әлде дін мен ұлтшылдық либералдар қашқақтап жүрген сұрақтарға жауап бере ме, олар жаңа дүниетаным қалыптастыру үшін өткеннің даналығын пайдалана ма? Бәлкім, өткенмен ат құйрығын үзіп, ескі діни доктриналар мен мемлекеттердің шеңберінен шығатын, еркіндік пен теңдік құндылықтарымен ғана шектелмейтін мүлде жаңа жоба жасайтын кез келді ме?
Адамзаттың бұл мәселелер бойынша бір пәтуаға келуіне әлі ерте. Біз әлі күнге ескі идеялардан жерініп, жаңа идеяларды қабылдай қоймаған, ауырсыну мен торығудың нигилистік кезеңіндеміз. Әрі қарай не болмақ? Алдымен ақырзаман туралы сәуегейлікті бәсеңдетіп, байбаламды доғарып, таңырқау кезеңіне өтуіміз керек. Байбалам – менмендіктің бір түрі. Ол өркөкіректік сезімінен туындайды, мұнда адам құрдымға кетіп бара жатқанына өте сенімді болады. Ал таңырқауда қарапайымдылық, демек, ерекше көрегендік бар. Өзіңізді көшеге түсіп алып, «Ақырзаман келіп қалды!» деп аттандап бара жатқандай сезініп тұрсыз ба? Онда бір сәт дамылдап: «Жоқ, әсте олай емес. Мен тек жер-жаһанда не болып жатқанын түсінбей тұрмын», – деп таңырқап көріңіз.
Келесі тарауларда таңырқататын жаңа мүмкіндіктерді анықтап, олардың қалай пайда болатынына тоқталамыз. Бірақ адамзаттың алдындағы тығырықтан шығар жолды саралаудан бұрын, технологияның төндіріп тұрған қатерін түсініп алуымыз керек. Ақпараттық технология мен биотехнологиядағы революциялар енді басталып келеді, сондықтан қазіргі либерализм дағдарысына олардың қаншалықты қатысы бар екенін білмейміз. Бирмингем, Стамбұл, Санкт-Петербург және Мумбай тұрғындарының көбінің жасанды интеллектінің қалай дамып жатқаны, оның өмірлеріне қалай әсер етері туралы аздап хабары бар (мүлде хабары болмауы да мүмкін). Дегенмен алдағы уақытта технологиялық революцияның екпіні күшейіп, адамзат бұрын-соңды болмаған ауыр сынақтарға кез болары анық. Жұртты баурап алғысы келген кез келген идея биотехнология мен ақпараттық технологиядағы қос революция тудырған мәселелерді шешу мүмкіндігіне қарай қанат жаяды. Либерализм, ұлтшылдық, ислам және кез келген жаңа наным 2050 жылы әлемді өзгертуді мақсат тұтса, оған жасанды интеллектінің, Bіg Data алгоритмінің және биоинженерияның қажет екенін мойындап қана қоймай, оны әрқайсысы өзінің жаңа, байыпты әңгімесінің өзегіне айналдыруы керек.
Технологиялық сын-қатердің табиғатын түсіну үшін, әңгімені еңбек нарығынан бастаған жөн болар. 2015 жылдан бері әлемді аралап, үкімет өкілдерімен, бизнесмендермен, қоғам белсенділерімен және оқушылармен адамзат тап болған тығырық туралы сөйлесіп жүрмін. Олар жасанды интеллект, Віg Data алгоритмдері, биоинженерия туралы әңгімелерді жаратпай не жалыға бастаса, «жұмыс» деген бір ғана сиқырлы сөзді айта қоямын. Таяу арада технология миллиардтаған адамды еңбек нарығынан ысырып тастап, аса ауқымды «қажетсіз тапты» қалыптастыруы мүмкін, жойқын әлеуметтік әрі саяси бұлқыныстарға алып келетін бұл мәселені қалай шешу керегін қазіргі идеологиялардың ешқайсысы білмейді. Технология, идеология туралы әңгіменің бәрі тым абстрактілі, тым алыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ жаппай жұмыссыздық немесе нақты өзіңнің жұмыссыз қалу ықтималдығың ешкімді бейжай қалдыра қоймаса керек.
2-ТАРАУ
Жұмыс
Есейгенде жұмыс таппай қалуың мүмкін
2050 жылы еңбек нарығының қандай болатынынан еш хабарымыз жоқ. Машиналық оқыту мен роботтандыру йогурт шығарудан бастап йоганы оқытуға дейін – барлық саланы өзгертуі мүмкін деген пікір бар. Дегенмен алдағы өзгерістердің табиғаты мен оның орындалу мүмкіндігіне қатысты қарама-қайшы көзқарастар көп. Біреулер 10–20 жылдың ішінде миллиардтаған адам экономикаға керек болмай қалады деп санайды. Енді біреулері, тіпті ұзақ мерзім тұрғысынан алғанда да, автоматтандыру жаңа жұмыс орындарын қалыптастырып, жұрттың бәріне бақуатты өмір сыйлайтынын алға тартады.
Сонымен, біз, шынымен, үрейлі өзгерістердің алдында тұрмыз ба, әлде мұндай болжамдар луддиттердің ессіз есірігінің бір түрі ме? Тап басып айту қиын. Автоматтандыру жаппай жұмыссыздыққа әкеледі деген болжам ХІХ ғасырдан бері айтылып жүргенімен, ол жорамал бірде-бір рет орындалған емес. Индустриялық революцияның бастапқы кезінен бері машина ығыстырған әр мамандықтың орнына кемінде тағы бір жаңа мамандық пайда болды. Ал адамдардың орташа өмір сүру деңгейі жылдам өсіп келеді1. Дегенмен бұл жолы бәрі басқаша, машиналық оқыту ойын ережесін мүлде өзгертеді деп айтуға болады.
Адамдардың физикалық және когнитивті деген екі қабілеті бар. Бұрынғы машиналар әдетте адаммен қара күш жағынан бәсекеге түскен, ал интеллектуалдық салада адамның артықшылығы көп еді. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте қол еңбегін автоматтандырған соң, қызмет көрсету саласында адамдарға ғана тән қасиет – ойлау қабілетін қажет ететін мамандықтар пайда болды. Ол – оқыту, сараптау, қарым-қатынас орнату және адам эмоциясын түсіну сияқты мамандықтар. Алайда қазір жасанды интеллект осы қабілеттердің біршамасында, соның ішінде адам эмоциясын түсінуде адамның өзін жолда қалдырады2. Физикалық және когнитивті әрекеттен тыс, адамның позициясы өзгермейтін үшінші бір сала бар-жоғынан хабарсызбыз.
Жасанды интеллект саласындағы революция компьютерлерді жылдам әрі ақылды ете түсетінімен ғана байланысты емесін түсіну өте маңызды. Оны сондай-ақ жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдардағы серпілістер де қуаттандырып отыр. Біз адам эмоциясының және қалауы мен іс-әрекетінің негізінде жатқан биохимиялық процестердің механизмін жақсырақ түсінген сайын компьютерлер адамның іс-әрекетін саралап, оның шешімдеріне дәлірек болжам жасай алады. Сөйтіп, олар көлік жүргізушілерін, банкирлер мен заңгерлерді алмастырады.
Соңғы онжылдықтарда нейробиология мен мінез-құлық экономикасы салаларындағы зерттеулер адам миына «хакерлік шабуыл» жасап, олардың шешімді қалай қабылдайтынын жақсырақ түсіне бастады. Тағамнан бастап өмірлік серігімізге дейін кез келген таңдауда ерік-жігер деген жұмбақ құбылыс емес, ықтималдықты қас-қағым сәтте есептейтін миллиардтаған нейрондардың әрекеті маңызды екен. «Адам түйсігі» деген мақтаулы құбылыс бар болғаны «образдарды тану» болып шықты3. Кәсіби жүргізушілер, банкирлер мен заңгерлердің көлік айдауға, инвестиция мен келіссөздерге қатысты сиқырлы түйсігі жоқ. Қайталанбалы схемаларды тани отырып, олар аңғырт жүргіншілерді, сенімсіз несие алушыларды және сужұқпас алаяқтарды байқап, олардан аулақ жүруге тырысады. Оның үстіне адам миының биохимиялық алгоритмдерінің онша керемет емес екені де анықталды. Олар эвристикаға, шағын ортаға, биік мұнаралы орман-қалаға емес, Африка саванналарына көбірек бейімделген ескірген жүйке байланыстарына тәуелді. Кейде ең шебер деген жүргізушілердің, банкирлер мен заңгерлердің ақылға сыйымсыз қателік жіберетініне еш таңданбаңыз.
Демек, «түйсікті» қажет ететін тапсырмаларды орындауда да жасанды интеллект адамнан асып түсуі мүмкін. Жасанды интеллект мистикалық сәуегейлікпен жарысқа түсе алмайтындай көрінуі мүмкін. Ал оның санау мүмкіндіктері мен заңдылықтарды түйсінуде нейрон желілерімен бәсекелесуі адам нанғысыз оқиға болудан қалғалы қашан.
Мәселен, жасанды интеллект басқа адамдардың іс-әрекетіне қатысты түйсікті қажет ететін тапсырмаларды жақсы орындауы мүмкін. Жұмыстардың көбі (айталық, жүргіншісі көп көшеде көлік айдау, бейтаныс адамдарға несие беру, іскерлік келіссөздер жүргізу) басқа адамдардың эмоциялары мен қалауын дұрыс бағалау қабілетін қажет етеді. Мына бала көшеге жүгіріп шыға ма? Қымбат киім киген мына кісі менен ақша алып, тайып тұрмай ма? Мына заңгер айтқанын істей ме, әлде жай ғана қорқытып отыр ма? Мұндай эмоция мен қалау адамның материалдық емес жан дүниесінен шығады деп жүрген кезімізде компью-тер кәдімгі жүргізушіні, банкирді және заңгерді ешқашан алмастыра алмайды деп ойлап келдік. Машина адамның жан дүниесі мистикалық түрде қалыптастырған ойды қайдан білуі мүмкін? Бірақ эмоция мен қалау – биохимиялық алгоритмдер әрекетінің нәтижесі болса, компьютер оларды шешіп бере алмайды деуге еш негіз жоқ, тіпті олар кез келген тапсырманы Homo sapіens-тен жақсы шеше алуы мүмкін.
Жүргізуші жаяу жолаушының ниетін аңғарғанда, банкир несие алуға келген адамның сенімділігін болжағанда, заңгер келіссөз үстелінде жағдайды бағамдағанда, сиқыршыдан көмек сұрамайды. Бірақ олардың миы кісінің бет-әлпетін, дауыс ырғағын, қол қимылын, тіпті дене иісін саралау арқылы биохимиялық ерекшеліктерді байқағанын ешкім елеп-екшеп жатпайды. Лайықты сенсорлармен жабдықталған жасанды интеллект бұл істі адамға қарағанда анағұрлым нақты әрі сенімді түрде орындай алады.
Сондықтан жұмыс орындарынан айырылу қаупі тек ақпараттық технологиядан туындап тұрған жоқ. Ол – ақпараттық технологияның биотехнологиямен бірігуінің нәтижесі. МРТ сканерінен бастап еңбек нарығына дейінгі жол ұзақ та бұралаң болуы мүмкін, бірақ оны бірнеше онжылдықта өте шығуымыз да ықтимал. Бүгінде миды зерттеушілердің мидағы бадамша пішінді дене мен мишық туралы қол жеткізген ақпараты 2050 жылы компьютерлердің психиатр мен оққағарлардан да жақсы жұмыс істеуіне жол ашатын шығар.
Жасанды интеллект хакерлік шабуыл жасап, осыған дейін адамға ғана тән болған қабілет жағынан бізді басып озып қана қоймайды. Компьютердің адам бойында жоқ ерекше қабілеті де болуы мүмкін, жасанды интеллект пен адам арасында сандық қана емес, сапалық та өзгешеліктер байқалады. Жасанды интеллектінің адамдарға тән емес екі маңызды ерекшелігі – жалғана алуы мен жаңара алу мүмкіндігі.
Әр адам дара тұлға болғандықтан, оларды бір-біріне жалғауға және әрқайсысының заманға сай жаңаруын қадағалауға мүмкіндік жоқ. Есесіне, компьютер дара тұлға емес, оларды оңтайлы бір ортақ желіге жалғап қою оңай. Біздің алдымызда миллиондаған жұмысшыны миллиондаған жеке роботтармен және компьютерлермен алмастыру қаупі емес, жеке адамдардың орнын интеграцияланған желілер басу ықтималдығы күтіп тұр. Автоматтандыруды айтқанда, жалғыз жүргізушіні бір ғана пилотсыз көлікпен; дәрігерді жалғыз жасанды интеллектімен салыстыру түбірімен қате. Оның орнына жеке адамдар тобының мүмкіндіктерін интеграцияланған желінің қабілетімен салыстырған жөн.
Мәселен, жүргізушілердің біразы жол ережелеріне енгізілген соңғы өзгерістерді білмегендіктен, тәртіпті көп бұзады. Оның үстіне әр көлік жеке басқарылатындықтан, екі көлік бір қиылысқа таяп келгенде, жүргізушілер бір-бірінің ойын әртүрлі түсініп, соның кесірінен соқтығысуы мүмкін. Ал қиылысқа тақап келген пилотсыз көліктің әрқайсысы жеке басқарылмайды, олар – ортақ алгоритмнің бір бөлігі. Сондықтан бір-бірінің ойын түсінбей қалу ықтималдығы өте төмен, демек, жол апаты да аз. Көлік министрлігі жол ережелерін өзгерту туралы шешім қабылдаса, пилотсыз көліктерді сол сәтте бейімдеуге болады. Бағдарламаның бір жерін ғана өзгерту жеткілікті, ол әрі қарай жаңа ережелерді бұлжытпай орындайды4.
Дәл сол сияқты, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа аурудың шыққанын хабарласа немесе зертхана жаңа дәрі жасап шығарса, жер шарындағы барлық дәрігерді бұл өзгеріске бейімдеу мүмкін емес. Ал егер сізде әрбір адамды жеке бақылап отырған 10 миллиард жасанды интеллект-дәрігер болса, олардың бәрін қас қағым сәтте жаңалыққа бейімдей аласыз, әрі олар жаңа ауру немесе дәрі туралы пікірлерін бір-біріне айта береді. Жалғана алу мен жаңара алудың артықшылығы көп екені сондай, кейбір жұмыс орындарында тіпті кей қызметкерлер машинадан жақсы жұмыс істесе де, бүкіл адамды компьютермен алмастыру қажеттілігі тууы ықтимал.
Жеке адамдарды компьютер желісімен алмастыру арқылы әр кісіні жеке қарастыру мүмкіндігінен айырылып қаламыз деп қарсылық білдіруіңіз мүмкін. Мысалы, бір дәрігер қате диагноз қойса, ол жер бетіндегі барлық науқасты өлтіріп тастамайды және барлық жаңа дәріні әзірлеу ісін тоқтатпайды. Бірақ бүкіл дәрігер біртұтас жүйеден тұрса және әлгі жүйе жаңылысса, оның ақыры жойқын апатқа алып келуі мүмкін. Ал іс жүзінде интеграцияланған компьютерлік жүйелер жеке қарастырудың артықшылығын жоғалтпай-ақ, жалғана алудың артықшылығын еселейді. Бір жүйеде түрлі алгоритмдер орындалады. Соның арқасында қалың жыныс джунглиде тұратын адам смартфонның көмегімен бір ғана беделді дәрігермен емес, жұмысы үнемі салыстырылып отыратын жүздеген медициналық жасанды интеллект жүйелерімен байланысады. ІBM дәрігердің айтқаны ұнамады ма? Ештеңе етпейді. Килиманджаро тауында қалып қойсаңыз да, Baіdu дәрігерімен тілдесудің еш қиындығы жоқ.
Мұның адамзат қоғамына пайдасы көл-көсір болатын тәрізді. Медициналық жасанды интеллект жүйелері миллиардтаған адамды, соның ішінде қазір дәрігерге қарала алмай жүрген науқастарды сапалы да арзан медициналық қызметпен қамтамасыз етеді. Оқыту алгоритмдері мен биометрикалық сенсорлардың көмегімен нашар дамыған елдегі ауылдың кедей тұрғыны қалалардағы ең озық емханаларда, қазір әлемнің ең бай адамдарына көрсетілетін қызмет сапасынан еш кем емес сапалы медициналық көмек алады5.
Сол сияқты, пилотсыз көліктер де жұртқа жақсырақ қызмет көрсетеді, әсіресе жол апаты кесірінен өлім-жітім азаяды. Қазір жол апатынан жылына 1,25 миллион кісі опат болады (бұл соғыс, қылмыс және терактілерден қаза табатындар санынан екі есе көп)6. Сол апаттың 90%-ы адамның кінәсінен: біреу қызып алып рөлге отырады, басқасы көлік жүргізіп бара жатып телефонмен хабарлама жазады, келесісі рөлде ұйықтап кетсе, өзгесі жолға қараудың орнына қиялдап кетеді. Жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық басқарманың дерегі бойынша, 2012 жылы адам өмірін жалмаған апаттардың 31%-ы – алкогольден, 30%-ы – жылдамдықты асырудан, 21%-ы – аңғырттықтан болған7. Пилотсыз көлікте мұндай жағдайға кезікпейсіз. Олардың да өз мәселесі мен шектеулері бар. Әрине, ешкім де кей апаттардың алдын ала алмас, бірақ барлық жүргізушілерді компьютермен алмастыру жол апатындағы кісі өлімі мен жарақаттануды шамамен 90%-ға дейін азайтуы мүмкін. Басқаша айтсақ, пилотсыз көліктерге көшсек, жылына миллиондай адамның өмірін сақтап қаламыз.
Сондықтан адамдардың жұмыс орындарын сақтап қалу үшін ғана транспорт пен денсаулық сақтау салаларын автоматтандыруға кедергі жасау ақымақтық болар еді. Оның үстіне жұмыс орындарын емес, адамдарды сақтауымыз керек қой. Босап қалған дәрігерлер мен жүргізушілердің басқа жұмыс іздеуіне тура келеді8.
МАШИНАДАҒЫ МОЦАРТ
Жасанды интеллект пен роботтар жақын болашақта тұтас салаларды түгелімен жойып жібере қоймас. Негізінен, қайталанбалы еңбек операцияларын қажет ететін мамандықтардың шағын тобы автоматтануы мүмкін. Ал дағдылардың алуан түрін бір мезетте қолданып, болжап біле алмайтын ортада әрекет етуді талап ететін шығармашылық мамандықтарды машинамен алмастыру өте қиын. Мысалы, денсаулық сақтау саласын алайық. Дәрігерлердің көбі жұмысының басым бөлігін ақпаратты өңдеумен өткізеді: денсаулық туралы мәліметті жинап, оны сараптайды, диагноз қояды. Ал медбикеге инені ауыртпай салып, таңылған матаны ауыстырып, науқасты сабасына түсіру үшін қозғалыс және эмоция дағдылары керек. Сондықтан сенімді робот-медбике пайда болардан ондаған жыл бұрын смартфонымызға жасанды интеллект-дәрігер «орнатылатын» шығар9. Әлеуметтік қызмет саласы,
соның ішінде науқастарды, балалар мен қарттарды күту шаруасы ұзақ уақыт адамның құзыретінде қалатын сияқты. Адамдар ұзағырақ жасап, азырақ бала туып жатқандықтан, қарттарды күту еңбек нарығындағы сұранысы көп секторға айналмақ.
Кісі күтімінен бөлек, шығармашылық процесс те автоматтандыруға көне бермейді. Бізге енді музыканы сататын адам керек емес, оны іTunes-тен өзіміз-ақ көшіріп аламыз. Бірақ композиторлар, музыканттар, әншілер мен диджейлер – ет пен сүйектен жаралған адамдар. Біз жаңа музыка шығару үшін ғана емес, қолда бар сансыз нұсқаның ішінен таңдап алу үшін ғана адамдардың шығармашылық әлеуетіне сүйенеміз.
Автоматтандырудан бірде-бір сала, тіпті өнер де құтыла алмайды. Бүгінгі заманда өнер, әдетте адам эмоциясымен байланыстырылады. Суретші әлдебір ішкі психологиялық процестердің сыртқа шығуына мүмкіндік береді. Өнердің мақсаты – эмоцияларымызды түсіну немесе жаңа сезімдер туғызуға көмектесу деп ойлауға бейілміз. Сондықтан өнерді талдай келе, оны аудиторияға эмоциялық тұрғыдан ықпал ету мүмкіндігіне қарай бағалауға тырысамыз. Өнердің негізі эмоция десек, сыртқы алгоритмдер адам сезімдерін тап басып, оларды Шекспир, Фрида Кало не Бейонседен артық эмоция тудыра алатын жағдайға жетсе не болады?
Оның үстіне эмоция – әлдебір мистикалық құбылыс емес, бар болғаны биохимиялық процестердің туындысы. Сондықтан таяу болашақта машиналық оқыту алгоритмдері тәніңіздегі сенсорлардың биометрикалық мәліметтерін саралап, көңіл күйіңіздің өзгеруін бақылап, сізге қай композицияның, тіпті қандай дыбыстың әсер ететінін анықтап бере алады10.
Өнердің барлық түрінің ішінде Bіg Data-ны саралауға ең ыңғайлысы осы музыка болатын шығар, себебі әуеннің өзі де, оның әсер ету нәтижесі де нақты математикалық есептеудің ыңғайына келеді. Дыбыс толқындарының математикалық диаграммалары нейрон дауылына айналады. Миллиондаған әуенді сараптаған алгоритм олардың қайсысы жұрттың қандай реакциясын туғызатынын болжай алатын жағдайға жетеді11.
Жігітіңізбен тап қазір қатты ұрсысып қалдыңыз делік. Үйіңіздегі аудиожүйені басқаратын алгоритм эмоциялық тітіркенуіңізді бірден байқап, өзінің сіз туралы білетіні мен жалпы адам психологиясын негізге ала отырып, тұнжыраған көңіл күйіңізге сай келетін, жан жараңызды жазатын әнді қосады. Бұл әуен басқа адамдарды тербемеуі мүмкін, бірақ дәл сіздің жеке болмысыңызбен керемет үндеседі.
Мұңыңыздың ауырлығын сезінуге көмектескен алгоритм күллі әлемде сізді жұбататын жалғыз әуенді қосып береді. Мұның бір себебі – түпсанаңыздың оны балалықтың бақытты естеліктерімен байланыстыруы, ал бұл туралы сіз мүлде білмеуіңіз мүмкін. Бірде-бір диджей мұндай қабілет жағынан жасанды интеллектімен теңесуді тіпті армандай да алмайды.
Бұлай кете берсе, жасанды интеллект адамның интуициялық зеректігін жойып, осыған дейін ұнатқан және ұнатпаған әндеріміздің негізінде жасалған тар музыкалық қалыпқа салып тастайды деп қарсылық білдіруіңіз мүмкін. Музыкадағы жаңа бағыттар мен стильдерді неге байқап көрмеске? Оның түк қиындығы жоқ. Алгоритмді әуендердің 5%-ын кездейсоқ таңдауға оп-оңай бейімдей аласыз. Сонда ол күтпеген жерден индонезиялық гамелан оркестрін, Россини операсын немесе Оңтүстік Кореяның соңғы хиттерін ойнатады. Реакцияңызды тіркеп отырған жасанды интеллект кездейсоқ таңдаудың ең оңтайлы деңгейін есептеп шығарады, сөйтіп, оның деңгейін 3% түсіруі, болмаса 8% көтеруі мүмкін.
«Алгоритм эмоциялық мақсатты қалай межелейді?» – деп қарсылық білдіруіңіз мүмкін. Жігітіңізбен ұрсысып қалсаңыз, алгоритм сізді мұңайтуы керек пе, әлде көңіліңізді көтергені жөн бе? Ол «жақсы» және «жаман» эмоциялар шкаласына көзсіз бағына ма? Өмірде мұңның пайдалы болатын кездері де бар емес пе? Бұл сұрақтарды музыканттар мен диджейлерге де қоюға болады. Дегенмен алгоритмнің де бұған қатысты қызық шешімдері бар.
Бір шешім – барлығын қолданушының еркіне қалдыру. Қажет эмоцияларды таңдасаңыз, алгоритм қалауыңызды орындай береді. Кейде мұңға батып, үйде жатқыңыз келеді, ал кейде қуаныштан төбеңіздің көкке сәл-ақ жетпей тұрғанын қалайсыз. Алгоритм сізге сөзсіз
бағынады. Тіпті өзіңіз де сезімдеріңіздің байыбына бармай тұрғанда, оны алгоритм түсіне қояды.
Егер өзіңізге сенбесеңіз, онда алгоритмге өзіңіз құрметтейтін ең мықты психологтың кеңесіне жүгінуге тапсырма бересіз. Жігітіңізбен айырылысып кетсеңіз, алгоритм мұңның бес сатысымен алып өтеді: алдымен Бобби Макферриннің «Don’t Worry, Be Happy» әнін қойып, болған жайтты жоққа шығаруға көмектеседі, одан соң Аланис Мориссеттің «You Oughta Know» әнін ойнатып, ашуыңызды үдетеді, сосын Жак Брельдің «Ne Me Quіtte» пен Пол Янгтың «Come Back and Stay» әуендерін қойып, сабырға шақырады, Адельдің «Someone Lіke You» және «Hello» композицияларымен күйзелтеді, соңынан Глория Гейнордың «І Wіll Survіve» әуенін қосып, болған жайтты қабылдауға көмектеседі.
Алгоритмнің келесі қадамы – әндер мен әуендерді клиенттің сұранысына бейімдеу үшін аздап өзгерту. Жақсы әннің бір тұсы ғана ұнамайтын шығар. Жаныңызға жақпайтын жерін тыңдағанда жүрек қағысыңыз өзгеріп, окситоцин деңгейі сәл төмендейтіндіктен, алгоритм мұны сезіп қояды. Ол көңіліңіз қаламаған ноталарды өзгертуі не қайта жазуы мүмкін.
Кейінірек алгоритмдер пианиноның клавиштері тәрізді, адам эмоцияларын тап басып, тұтас әуен жазуды үйреніп алуы ықтимал. Тіпті биометрикалық мәліметтеріңізді пайдалана отырып, ол сіз ғана түсініп, сезіне алатын, тек сізге арналған музыка жазуы мүмкін.
Адам өнерден өзін көретіндіктен, сол өнерге қызығады деген сөзді жиі естиміз. Бұл, мәселен, Facebook-тің сіз туралы білетін бүкіл мағлұматының негізінде тек сізге арналған шедевр жазуы сияқты таңғаларлық әрі қорқынышты нәтижелерге жетелеуі мүмкін. Жігітіңіз тастап кетсе, Адельдің әлде Аланис Мориссеттің жүрегін жаралаған әлдебір бейтаныс туралы емес, сізді ренжіткен дәл сол «оңбаған» туралы ән ойнап, көңіліңізді аулайды. Ән тіпті екеуіңізге ғана аян өміріңіздегі шынайы оқиғаларды есіңізге салуы мүмкін.
Әрине, жеке адамға арналған өнер көп тарала қоймайтын да шығар. Жұрт бұрынғыдай көпшілікке ұнайтын танымал хиттерді тыңдап жүре беруі де ғажап емес. (Тек сіз ғана білетін әнді достарыңызбен қалай бірге айтасыз? Ол музыкаға қалай бәрі бірге билейді?). Дегенмен жеке адамға арналған музыканы жазуға қарағанда, әлемдік хиттерді жазуға келгенде алгоритмдер ерекше икемділік танытуы ықтимал. Миллиондаған адамның биометрикалық мәліметтерін қолдана отырып, болашақ хит дүниежүзінің бүкіл би алаңдарын жаулап алу үшін қандай биохимиялық «нүктеге» басу керегін алгоритм анықтай алады. Өнер – адамда эмоция туғызу (яки оны басқару) үшін қажет болса, онда адам-музыканттардың алгоритммен бәсекеге түсуі қиын, тіпті мүмкін емес шығар, себебі олардың өздері ойнайтын ең басты аспабы – биохимиялық жүйені терең түсінуге шамасы жетпейді.
Бұдан ұлы өнер пайда бола ма? Өнерге қандай анықтама беретінімізге байланысты осы сұраққа жауап табамыз. Әуездің ғажап сипаты тыңдайтын адамға байланысты болса, әрі клиенттің айтқаны әрдайым заң десек, онда биометрикалық алгоритмдердің тарихтағы ең ұлы шедевр тудыру мүмкіндігі бар. Ал өнер – адамның эмоциясынан да терең жатқан ерекше құдірет десек, әрі ол біздің биохимиялық тербелістерімізден бөлек әлдебір ақиқатты жеткізеді деп сенсек, онда биометрикалық алгоритмдерден жақсы өнерпаз шыға қоймас. Адамдардың да бәрі музыкант емес қой. Музыка нарығына шығып, көп композитор мен орындаушыны басып озу үшін алгоритмге
Чайковскийдікінен де керемет әуен жазу міндетті емес. Алдымен Бритни Спирсті басып озса да жақсы.
ЖАҢА МАМАНДЫҚТАР
Өнерден бастап денсаулық сақтауға дейінгі түрлі салалардағы дәстүрлі мамандықтардың біразы жойылғанымен, жаңа мамандықтар олардың орнын ішінара толықтырады. Белгілі аурулардың диагнозын қойып, таныс дәрілерді жазып беретін отбасы дәрігерінің орнын жасанды интеллект басатын шығар. Есесіне, дәл осының арқасында революциялық зерттеу жүргізіп, жаңа дәрі шығарып, операция жасаудың соны әдісін ойлап табуға дәрігерлер мен зертхана қызметкерлеріне көбірек ақша қалады12.
Жасанды интеллект басқа жолмен де жаңа мамандықтар қалыптастыруға түрткі бола алады. Компьютермен бәйгеге түсудің орнына, адамдар оны жөндеп, жетілдіріп отыруға күш салуы керек. Мәселен, ұшқыштың орнын дронмен алмастырған соң, оның орнына техникалық қызмет көрсету, қашықтықтан басқару, мәлімет өңдеу, киберқауіпсіздік сияқты салаларда жаңа жұмыс орындары пайда болды. Сирия аспанында ұшатын Predator және Reaper дрондарының әрқайсысын басқару үшін АҚШ Қарулы күштеріне 30 маман керек, ал одан келетін ақпаратты өңдеп отыру үшін тағы 80 кісі қажет. 2015 жылы АҚШ әскери әуе күштерінде осы қызметтерді атқаруға білікті маман жетіспеді. Пилотсыз ұшақтарды басқаратын адам таба алмай, қызық бір аласапыранға түсті13.
Осы беттен таймасақ, 2050 жылға қарай еңбек нарығында адам мен жасанды интеллект арасында бәсеке емес, әріптестік орнайды. Саясаттан банк ісіне дейінгі түрлі салаларда адамдар мен жасанды интеллектіден құралған ұжымдар адамдардан да, компьютерлерден де артық нәтиже көрсетеді. 1977 жылы ІВМ жасаған «Deep Blue» шахмат бағдарламасы Гарри Каспаровты жеңген соң да, адамдар шахмат ойнаудан бас тартқан жоқ қой. Керісінше, жасанды интеллектінің арқасында шахмат шеберлері бұрынғыдан анағұрлым жақсы ойнайды. Қазір адамдар мен жасанды интеллектіден құралған шахмат командалары (олар «кентавр» деп аталады) жекелеген адамнан да, компьютерден де озық нәтиже көрсетеді. Сол сияқты, жасанды интеллект тарихта бұрын болмаған ең мықты детективтерді, банкирлер мен солдаттарды дайындап шығаруға жол ашуы мүмкін14.
Мұндай жұмыс орындарының бір проблемасы – жоғары білікті мамандарды қажет етеді, сондықтан біліксіз адамдар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шеше алмайды. Адамдарды қайта бейімдеуге қарағанда, жаңа жұмыс орындарын ашу оңайырақ шығар. Автоматтандырудың бұрынғы кезеңдерінде адамдар әдетте білікті көп талап етпейтін қайталанбалы жұмыстың бірінен екіншісіне ауысып отырған. 1920 жылы ауыл шаруашылығын механикаландыру салдарынан жұмыссыз қалған дихан трактор зауытынан жұмыс табатын. 1980 жылы штат қысқарту кезінде зауыттағы жұмысынан шығып қалған маман супермаркетке кассир болып орналасатын. Мұндай мамандықтарға ауысу қиын болған жоқ, себебі фермадан зауытқа, зауыттан супермаркетке кету болмашы ғана қайта даярлықтан өтуді қажет етті.
Алайда 2050 жылы жұмыс орнын роботқа берген кассир мен мақта-мата фабрикасының жұмысшысы онкология саласындағы ғалым яки дрон басқарушы, болмаса банктегі адам мен жасанды интеллект командасының мүшесі болып еңбек етіп кете алмасы анық. Оның бұл мамандықтарға қажет дағдылары жоқ. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданға еш тәжірибесі жоқ солдаттарды пулеметті оқтап, ату үшін миллиондап жіберіп, мыңдаған сарбаздан айырылудың қисыны бар еді. Олардың әрқайсысының білігі онша рөл ойнаған жоқ. Қазір дрон басқарушылар мен мәлімет өңдеу мамандары жетіспей жатса да, Walmart супермаркеттерінен шығып қалғандарды АҚШ әскери-теңіз күштерінің жұмысқа алғысы жоқ. Жаңа келген тәжірибесіз қызметкер ауғандардың үйлену тойын Талибан басшыларының жиынымен шатастырып алғанын ешкім қаламайды.
Демек, көп жаңа мамандық пайда болғанымен, жаңа, бірақ «қажетсіз тап» ұлғая түсуі мүмкін. Екі бірдей үлкен проблемаға кез болуымыз да ықтимал. Яғни бір жақта жұмыссыздық артып жатса, екінші жақта білікті мамандар тапшылығы қатты сезіледі. Көп адам, тіпті ХІХ ғасырдағы арбакештің емес (олардың ішінде такси жүргізушісі болып алғандар да бар) олардың аттарының кебін киеді, сол кезде арбаға жегілген аттар еңбек нарығынан мүлде шығып қалғаны аян15.
Бұған қоса, қазіргі бар мамандықтардың бірде-бірі болашақтағы автоматтанудан қашып құтылмауы мүмкін, себебі машиналық оқыту мен роботтар үнемі жетілдіріліп отырады. Walmart-тан шығарылған 40 жастағы кассир қатты қиналса да, дрон басқарушы мамандығын оқып алар. Бірақ ол он жылдан соң қайтадан оқуына тура келуі мүмкін, себебі ол мамандық та автоматтануы ғажап емес. Осындай тұрақсыздық жағдайында кәсіподақ құру, қызметкерлердің құқығын қорғау мәселесі туындаса, таңғалмаңыз. Қазірдің өзінде-ақ экономикасы дамыған елдердегі жаңа мамандықтардың көбі заңмен толық қорғалмаған, уақытша жұмыс, фрилансерлік не бір реттік қызметтерді ұсынады16. Пайда бола сала қайта жоғалып кететін мамандықтың кәсіподағын қалай құруға болады?
Сол сияқты, адам мен компьютер қосылған «кентавр» командалар да ұзақмерзімді әріптестік орнатудың орнына, адам мен машина
арасындағы тартысқа себеп болатын шығар. Шерлок Холмс пен доктор Ватсондікі сияқты, тек адамдардан тұратын топтар иерархия құрып, нақты бір ереже жасайды, әрі оны ондаған жылдар бойы өзгертпейді. Ал ІВМ-ның «Доктор Ватсон» компьютер жүйесімен топ құрған детектив-адам (2011 жылы америкалық «Jeopardy!» телеойынындағы жеңісінен соң оның даңқы аспандады) қалыпты ереже – бүлікке, иерархия революцияға шақырады деп шешеді. Кешегі айырылмас досың ертең бастыққа айналуы ықтимал, ал хаттама мен нұсқаулықты жыл сайын қайта жазып отыруға тура келуі мүмкін17.
Шахмат әлемін мұқият зерттесек, келешекте қайда беттеп бара жатқанымызды бажайлаймыз. Иә, «Deep Blue» Каспаровты жеңген соң, бірнеше жыл бойы шахматта адам мен компьютер кәдімгідей бәсекеге түсті. Бірақ соңғы кездері компьютерлер шахмат ойнаудың шебері болып алғаны сондай, әріптес ретінде адамның құны жоғала бастады, ол тіпті жуық арада мүлде қажетсіз болып қалатын шығар.
2017 жылғы желтоқсанда ерекше секіріс болды. Жоқ, шахмат-компьютер адамды жеңген жоқ, оған қазір ешкім таңғалмайды. Google-дың AlphaZero бағдарламасы Stockfіsh 8 бағдарламасын жеңді. Stockfіsh 8 компьютерлер арасындағы 2016 жылғы чемпион болатын. Ол адамзаттың шахмат пайда болғалы бергі жинаған және компьютер шахматының соңғы онжылдықтардағы бай тәжірибесіне ие еді. Ол бір секундта 70 миллион шахмат жүрісін сараптай алады. Ал AlphaZero-ның жылдамдығы секундына 80 операция ғана болатын, әрі бағдарлама жасаушылар оған шахмат стратегиясын, тіпті қарапайым дебюттерді үйретпеген. Есесіне AlphaZero машиналық оқытудың ең соңғы принциптерін қолданып, өзімен-өзі ойнап жаттыға берді. Соған қарамастан, ол Stockfіsh-пен ойнаған 100 ойынның 28-ін жеңіп, 72-сінде тең түсті. Бірде-бір рет жеңілген жоқ. AlphaZero ешбір адамнан ештеңе үйренбегендіктен, оның жеңіс әкелген жүрістері мен стратегияларының көбі адам үшін қалыптан тыс көрінді. Бұл жүрістерді креативті, тіпті кемеңгерлік деп айтуға болады.
Шахматты басынан бастап үйреніп, Stockfіsh 8-бен матчқа әзірленіп, кемеңгер болу үшін AlphaZero-ға қанша уақыт кетті деп ойлайсыз? Төрт сағат. Иә, иә, қателескен жоқпыз, төрт-ақ сағат! Ғасырлар бойы шахмат адамзат ақыл-ойының шыңы саналып келді. AlphaZero бағдарламасы адамның ешбір көмегінсіз, төрт-ақ сағат ішінде дым білмейтін машинадан хас шеберге айналып шыға келді18.
AlphaZero – әлемдегі жалғыз дарынды компьютерлік бағдарлама емес. Бүгінде олардың көбі есептеу жылдамдығы жағынан да, «креативтілік» тұрғысынан да адам-шахматшыдан басым түсіп жатады. Шахмат жарыстарында төреші компьютерден көшіріп алғысы келетіндерді қатаң бақылауға міндетті. Қулығын асырғысы келетіндерді анықтаудың бір жолы – комбинацияларының сонылығына көз жеткізу. Комбинациялары тым ерекше болса, төрешілер көбіне «бұл – адамның емес, компьютердің жүрісі» деп күдіктеніп жатады. Яғни қазір шахмат ойынында «креативтілік – адамның емес, компьютердің ерекшелігі» деген пікір орныққан! Шахмат – көмір шахтасындағы шымшығымыз деп елестетсек, оның өлетіні бесенеден белгілі. Шахматтағы адам мен жасанды интеллект командасының қазіргі жағдайы ертең полицияда, медицинада және банк саласындағы адам мен жасанды интеллект командаларында қайталануы мүмкін19.
Демек, жаңа мамандықтардың пайда болуы, ол орындарды қамту үшін адамдарды қайта даярлау бір реттік процесс емес. Жасанды интеллект революциясы ғана негізгі мәселе емес, еңбек нарығы кейін қалпына түседі дей алмаймыз. Бұл үздіксіз ұлғая беретін мәселе шығар. Өмір бойы бір жерде тапжылмай жұмыс істеймін деп сенетін жалдамалы қызметкер қазірдің өзінде өте аз20. 2050 жылға қарай «өмір бойғы жұмыс» қана емес, «өмір бойғы мамандық» деген түсінік те көне ұғымдардың қатарына кіретін сияқты.
Тіпті үнемі жаңа мамандық ойлап тауып, кадрларды қайта даярлап отырған күннің өзінде «Осынау тынымсыз жарысқа шыдас беруге адамның эмоциялық шамасы жете ме?» деген күмән туатыны анық. Өзгеріс әрдайым қиынға соғады, ал ХХІ ғасырдың басындағы қарбалас жаһандық стресс індетін туғызды21. Адамдар еңбек нарығының құбылмалылығына, өз мансабының тұрақсыздығына бейімделе ала ма? Homo sapіens ақылынан алжаспас үшін стресті азайтуда медициналық құралдан бастап, нейротерапия мен медитацияға дейінгі тиімді техникалар керек болатын шығар? 2050 жылға қарай жұмыстың жоқтығынан
не тиісті білім алмағаннан ғана емес, психологиялық төзімнен айырылғаннан «қажетсіз тап» пайда болуы мүмкін.
Әрине, мұның бәрі долбар ғана. Осы кітапты жазып отырған кез – 2018 жылдың басында, автоматтану өнеркәсіптің көп саласына өзгеріс әкелді, бірақ жаппай жұмыссыздыққа бастаған жоқ. Керісінше, көп елде, мәселен, АҚШ-та жұмыссыздық бұрын болмаған деңгейге төмендеді. Автоматтану мен машиналық оқытудың болашақ мамандықтарға қалай әсер ететінін ешкім нақты айта алмайды. Оның үстіне, өзгерістің қаншалықты жылдам жүретінін ешкім білмейді, себебі ол технологиялық дамуға ғана емес, саяси шешімдер мен мәдени ерекшеліктерге де тәуелді. Сондықтан тіпті пилотсыз көлік адам жүргізетін көлікке қарағанда қауіпсіз әрі арзан екенін дәлелдеген күннің өзінде, саясаткерлер мен тұтынушылар бұл өзгерісті бірер жылға, бәлкім, ондаған жылға шегерер.
Сонда да жайбарақат отыруға болмайды. Жойылған жұмыс орындарының орнына жаңалары келеді деген бос үміт өте қауіпті. Автоматтанудың алдыңғы кезеңдерінде солай болса, мүлде өзгеше жағдай қалыптасқан ХХІ ғасырда бәрі қайталанады дей алмаймыз. Әлеуметтік-саяси дауылдардың үрей шақыратыны сондай, жаппай жұмыссыздықтың ықтималдығы тым төмен болса да, оның салдарын ұмытпаған жөн.
XІX ғасырдағы индустриялық революция жаңа ахуал қалыптастырып, жаңа проблемалар туғызғаны сондай, сол кездегі әлеуметтік, экономикалық-саяси модельдердің ешқайсысының оларды шешуге қауқары жетпеді. Феодализм, монархия және дәстүрлі діндер ірі өнеркәсіптік метрополияларды, қалаға үдере көшкен миллиондаған жұмысшыны және үнемі өзгеріп отыратын заманауи экономиканы басқара алмады. Сөйтіп, адамзатқа мүлде жаңа модельдер – либералдық демократияны, коммунистік диктатураны және фашистік режимді ойлап табуға тура келді. Бұл модельдерді эксперименттен өткізіп, жақсы мен жаманды айырып, дұрыс жолды таңдау үшін бір ғасырға созылған қырғын соғыс пен революцияны бастан кешті. Диккенстің романдарында жазылған көмір шахталарындағы бала еңбегі, Бірінші дүниежүзілік соғыс және 1932–1933 жылдардағы Украинадағы голодомор – адамзаттың сабақ алу барысында төлеген құнының шөкімдей ғана бөлігі.
ХХІ ғасырда адамзатқа биотехнология мен ақпараттық технология төндіріп тұрған қатер – бу машинасы, теміржол мен электр дәуірінде төнген қатерден анағұрлым үлкен. Қазіргі өркениеттің жойқын күшін ескерсек, сәтсіз модельдерге, дүниежүзілік соғыстарға және қанды революцияларға жол бере алмаймыз. Бұл жолғы қателік – ядролық соғысқа, генетикалық түрлендірілген құбыжықтардың пайда болуына және биосфераның тегіс жойылуына алып келуі мүмкін. Индустриялық революция кезіндегі бабаларымызға қарағанда дұрыс қадам жасауымыз өте маңызды.
ЖАЛДАМАЛЫ ЖҰМЫСШЫДАН – ҚАЖЕТСІЗ ТАПҚА
Мәселенің шешімін үш категорияға бөліп қарауға болады: жұмыс орындарын жоғалтудың алдын алу үшін не істеу керек; жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу үшін не қажет; қанша тырысқанымызға қарамастан, жұмыс орындарының жойылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуынан әлдеқайда жылдам жүрсе қайтеміз?
Жұмыс орындарын түгел сақтау стратегиясы тартымсыз әрі шындыққа сай емес секілді. Себебі ол үшін жасанды интеллект пен роботтың үлкен мүмкіндіктері мен артықшылықтарынан бас тарту керек. Дегенмен үкіметтер автоматтандырудың салдарын азайтып, жұрттың бейімделуіне мүмкіндік беру үшін оның жылдамдығын әдейі бәсеңдетуі әбден мүмкін. Технологияның дамуы ешқашан алдын ала болжанбайды және «бір нәрсе болуы ықтимал» деген – «бұл міндетті түрде болады» деген сөз емес. Коммерциялық жағынан өміршең, экономикалық тұрғыдан тиімді болған күннің өзінде, үкімет жаңа технологияға реттеу жолымен тосқауыл қоя алады. Мәселен, бізде адам органдарының нарығын құруға болатын технология ондаған жылдан бері бар: артта қалған елдерде «адам денесі фермаларын» ашу мүмкіндігі де дайын, жанталасқан ауқатты сатып алушылар арасында үлкен сұраныс та байқалады. Бұл «дене фермаларының» құны миллиардтаған доллар болар еді. Алайда адам органдарын ашық саудалауға заң жүзінде тыйым салынған, ал қара нарық бар болғанымен, ол біз болжап жүргендей жақсы дамымаған, әрі ауқымды да емес22.
Өзгерістер жылдамдығын бәсеңдету арқылы ескі жұмыс орындарының орнын жаңаларымен алмастыруда уақыт ұтамыз. Бірақ бұрын да айтқанымдай, экономикалық кәсіпкерлік білім беру мен психологиядағы революциямен қатар жүруге тиіс. Жаңа жұмыс орындары біліктілікті қажет етеді (тек ол үкіметтің жылы-жұмсағына айналып кетпесе болғаны) яки жасанды интеллект жетілген сайын адамдарға үнемі жаңа кәсіпті меңгеруге, мамандық ауыстыруға тура келеді. Бұған үкімет тікелей араласып, үздіксіз білім беруді қаржыландырып, болмай қоймайтын өтпелі кезеңдерде жұртты әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етіп отыруы керек. Пилотсыз ұшақты басқарып келген 40 жастағы маман виртуалды әлем жасаушыға айналуы үшін үш жыл оқуы керек болса, осы аралықта өзі мен отбасын асырау үшін оған үкіметтің үлкен көмегі қажет. (Жақында бұл жүйені Скандинавия елдері енгізе бастады, олар «мамандықтарды емес, қызметкерлерді қорғау керек» деген қағиданы ұстануға көшті).
Дегенмен мемлекет көмектескен күннің өзінде, миллиардтаған адам психикасына зақым келтірместен, қайта-қайта жаңа маманға айналып отырады деп ешкім сеніммен айта алмайды. Қанша күш жұмсағанымызға қарамастан, адамзаттың біраз бөлігі еңбек нарығынан шеттеп қалса, онда бізге жұмыстан шыққандар қоғамы, жұмыстан шыққандар экономикасы, жұмыстан шыққандар саясаты мәселелерін реттейтін жаңа модельдерді қалыптастыру керек болады. Бұл жолдағы алғашқы қадам – ескіден қалған әлеуметтік, экономикалық-саяси модельдер осы мәселені шешуге дәрменсіз екенін мойындау.
Коммунизмді мысалға алайық. Автоматтандыру капиталистік жүйенің түпнегізіне қауіп төндіретіні түсінікті, сондықтан коммунистік идея қайта жанданады деп болжаудың қисыны бар. Алайда коммунизм де мұндай дағдарыстан алып шыға алмайды. ХХ ғасырдың коммунизмі «экономиканың негізі – жұмысшы табы» деген қағидаға негізделді, ал бұл доктринаны қолдаған философтар пролетариатқа коммунизмнің алапат экономикалық күшін саяси ықпал ету құралына айналдырудың жолын түсіндірді. Коммунизм жобасы жұмысшы табының революциясына шақырды. Қалың бұқара экономикалық құнын жоғалтып, қанаушылықпен емес, қажетсіздікпен күресуге мәжбүр болған тұста бұл ілімнің не қажеті бар? Жұмысшы табы жоқ жерде пролетарлар революциясын қалай ұйымдастырамыз?
Басқалар «адам ешқашан экономикалық маңызын жоғалтпайды, олар жасанды интеллектімен еңбек нарығында бәсекелесе алмаса да, тұтынушы ретінде үнемі қажет болады» деп дауласуы мүмкін. Дегенмен болашақтың экономикасында тұтынушы ретінде керек болатынымызға да еш сенім жоқ. Неге бұл рөлді де машиналар мен компьютерлер иеленбеске? Кен өндіруші компания темір шығарып, оны робот жасайтын корпорацияға сатады. Ал ол корпорация темірден робот жасап, сол кен өндіруші компанияның өзіне сатады. Кен өндірушілер шикізатты молынан өндіріп, роботтардың санын арттыруға көмектесе береді. Осындай экономиканы теория жүзінде елестетуге болады. Бұл корпорациялар біздің галактиканың сыртына дейін ұлғая беруі мүмкін, оларға тек роботтар мен компьютерлер керек, ал тауарын сатып алатын адамның тіпті де қажеті жоқ.
Компьютерлер мен алгоритмдер қазірдің өзінде өндіруші емес, клиент ретінде әрекет етіп жатыр. Мәселен, биржада акция, облигация, тауарларды алып жатқан ең ықпалды сатып алушылар – алгоритмдер. Жарнама бизнесінде Google-дың іздеу алгоритмі ең басты тұтынушыға айналып келеді. Уеб-парақша әзірлегенде мамандар қолқа-жүрегі бар адамның талғамына емес, көбіне Google-дың іздеу алгоритмінің қалауына сүйенеді.
Алгоритмдердің санасы жоқ екені белгілі, сондықтан тұтынушыдан айырмашылығы – олар алған затына қуанбайды, олардың шешіміне сезім мен эмоция ықпал етпейді. Google-дың іздеу алгоритмі балмұздақтың дәмін татып көре алмайды. Дегенмен алгоритм есептеу және енгізілген баптаулар арқылы таңдау жасайды, ал бұл таңдау өмірімізге күннен-күнге көбірек әсер етіп келеді. Балмұздақ сатушылардың сайттарын саралағанда, ерекше талғамы бар, ең дәмді балмұздақ иесі емес, Google бірінші орынға қойған компания әлемдегі ең үздік балмұздақ сатушыға айналады.
Мұны өз тәжірибемнен білемін. Кітабымды шығарған соң, баспалар оның интернетте жарнама ретінде пайдаланатын қысқаша мазмұндамасын сұрайды. Бірақ оларда менің мәтінімді Google алгоритмінің қалауына бейімдейтін маман бар. Ол маман жазғанымды оқиды да: «Мына сөзді қолданбаңыз, оны мына сөйлеммен алмастырыңыз. Сонда іздеу алгоритмінің назарын аударуға мүмкіндігіміз көбейеді», – дейді. Алгоритмнің назарына іліксек, оқырман санын ойлап, бас қатырудың қажеті жоқ екенін білеміз.
Сонда адамдар өндіруші ретінде де, тұтынушы ретінде де қажет болмаса, онда олардың физикалық амандығына, психологиялық саулығына кім кепілдік береді? Дағдарыс алқымнан алғанша күтіп отыра алмаймыз. Сапар соңына жеткенде жауап іздеудің керегі жоқ, онда бәрі кеш болады. ХХІ ғасырдың бұрын-соңды болмаған технологиялық-экономикалық сын-қатеріне төтеп беру үшін жаңа әлеуметтік-экономикалық модельдерді мүмкіндігінше жылдам қалыптастыруымыз керек. Бұл модельдер мамандықтарды емес, адамдарды қорғауға бағытталуға тиіс. Кей мамандықтар қызықсыз, қайталанбалы әрекеттен тұрады. Мәселен, өмір бойы кассир болуды армандайтын адам жоқ шығар. Адамдардың негізгі қажеттіліктеріне назар аударып, олардың әлеуметтік мәртебесі мен абырой-беделін сақтап қалуына күш салайық.
Соңғы кездері назарға көп ілініп жүрген жаңа модельдердің бірі – әмбебап базалық кіріс (ӘБК) моделі. ӘБК бойынша, үкіметтер алгоритмдерді қадағалайтын миллиардерлер мен корпорацияларға салық салып, ол қаражатты негізгі қажеттіліктерін өтеуі үшін әр адамға таратып береді. Бұл кедейлерді жұмыстан айырылып қалуынан, экономикалық байланыстарының үзілу қаупінен, ал байларды популистердің шабуылынан сақтайды23.
Осыған ұқсас тағы бір идея «жұмыс» деп аталатын адам әрекетінің ауқымын кеңейтуді ұсынады. Қазір миллиардтаған адам бала тәрбиелейді, көршілер бір-біріне көмектеседі, азаматтар қоғамдық ұйымдарға араласады, бірақ бұлардың ешқайсысы жұмыс емес. Санамыздағы түсінікті өзгертіп, бала бағу – әлемдегі ең маңызды да ауыр жұмыс екенін мойындау керек шығар. Мұндай жағдайда компьютер мен робот барлық жүргізушіні, банкир мен адвокатты алмастырған күннің өзінде бізге жұмыссыздық қаупі төнбейді. «Бұл жұмысты кім бағалайды және ол үшін кім еңбекақы төлейді?» деген заңды сұрақ туады. Алты айлық бала анасына жалақы төлей алмайтындықтан, бұл шығынды мемлекет көтеруі керек болатын шығар. Ананың жалақысы отбасының негізгі қажеттіліктерін өтегенін қалайтындықтан, мұнда әмбебап базалық табыс моделінен айырмашылығы аз жүйе қалыптасады.
Болмаса, үкімет базалық кірісті емес, басты қызметтерді қаржыландырады. Адамдарға қалаған затын сатып алуға қажет ақша бергеннің орнына, мемлекет оларды білім беруде, денсаулық сақтауда және көлік қызметтерімен тегін қамтамасыз етеді. Негізі, бұл – коммунизмнің утопиясы. Коммунистердің жұмысшы табының революциясын ұйымдастыру жоспары ескіргені рас, дегенмен коммунистер көздеген осы бір мақсаттарға жетудің басқа жолын іздеп көруге болатын шығар.
Әмбебап базалық кіріс (капиталистік жұмақ) жақсы ма, әлде әмбебап базалық қызмет (коммунистік жұмақ) жақсы ма, мұны ешкім тап басып айта алмайды. Екі модельдің де кемшілігі мен артықшылығы бар. Қай «жұмақты» таңдасаңыз да, ең басты мәселе – «әмбебап» пен «базалық» ұғымдарының байыбына бару керек.
«ӘМБЕБАП» ДЕГЕН НЕ?
Табыс немесе қызмет күйіндегі негізгі әмбебап көмек туралы әңгімелегенде, әдетте мемлекеттік базалық көмек жайында айтамыз. Осы кезге дейін ӘБК енгізудің барлық бастамалары мемлекеттік не муниципалдық деңгейде еді. 2017 жылғы қаңтарда Финляндия екіжылдық эксперимент бастап, 2 000 жұмыссыз азаматқа жұмыс тапқан-таппағанына қарамастан, айына 560 еуродан беріп тұруды ұйғарды.
Канаданың Онтарио аймағында, Италияның Ливорно қаласында және Нидерландтың бірнеше қаласында осыған ұқсас эксперимент жүріп жатыр24. (2016 жылы Швейцарияда ұлттық базалық кіріс жәрдемақысы жүйесін енгізу бойынша референдум өтіп, азаматтар бұл ұсынысқа қарсы дауыс берді)25.
Мұндай мемлекеттік және муниципалдық эксперименттердің басты проблемасы – автоматтандырудан жапа шеккен негізгі жұрт
Финляндияда, Онтариода, Ливорнода не Амстердамда тұрмайды. Жаһандану бір елдің тұрғындарын басқа бір елдегі нарыққа толық
кіріптар етіп қана қоймай, жаһандық сауда желісінің үлкен бөлігін күйретіп, оның ең әлжуаз өкілдерін қиындықтың батпағына батырған. ХХ ғасырда табиғи ресурстары жоқ дамушы елдер арзан да біліксіз жұмыс күшін сату арқылы экономикасын дамытты. Бүгінде Бангладештің миллиондаған тұрғыны АҚШ-тағы тұтынушыларға арнап көйлек тігумен нәпақа тапса, Бангалор халқы америкалық сатып алушылардың арыз-шағымын қабылдайтын колл-орталықтарда жұмыс істеп жүр26.
Алайда жасанды интеллект, робот пен 3D-принтер пайда болғалы арзан, біліксіз жұмыс күші қажет болмай барады. Көйлекті Даккада тігіп, одан соң оны мұхит арқылы АҚШ-қа тасып жатқанша, Amazon интернет-дүкенінде көйлек басып шығаратын 3D-принтер алып, оны Нью-Йоркте жасай салған оңай. Бесінші авенюдағы Zara мен Prada дүкендерінің орнын Бруклиндегі 3D-басу орталықтары алмастырады, сөйтіп, америкалықтардың көбі киімді үйде басып шығаруға көшетін тәрізді. Принтер бұзылса, Бангалордағы клиенттерді қолдау орталығына қоңырау шалып отырғанша, мәселені Google-дың бұлт қызметіндегі жасанды интеллектімен талқылай аласыз (оның акценті мен дауыс ырғағы сіздің қалауыңызға қарай реттеледі). Ал Даккадағы жұмыссыз қалған тігіншілер мен Бангалордағы колл-орталық операторларының мамандық ауыстырып, киім дизайнері не бағдарламашы болуға білім-білігі жетпейді. Олар қайтіп күн көрмек?
Жасанды интеллект пен 3D-принтер Бангладеш пен Бангалор тұрғындарын еңбек нарығынан ысырып тастаса, онда бұрын Оңтүстік-Шығыс Азияға кеткен ақша енді Калифорниядағы бірнеше технология алпауытының шотына барып құйылады. Бүкіл әлемде өмір сапасын жақсартатын экономикалық өсімнің орнына Кремний алқабы сияқты технология хабтарына қисапсыз байлық шоғырланып, дамушы елдердің көбі құрдымға кетеді.
Әрине, кей дамушы елдер, соның ішінде Үндістан мен Бангладеш жылдам ілгерілеп, жеңімпаздардың қатарына кіруі мүмкін. Мақта-мата фабрикасы жұмысшыларының және колл-орталық операторларының балалары яки немерелері инженер әлде кәсіпкер болып, компьютер, 3D-принтер шығарып, оларға иелік ете алады. Бірақ мұндай өзгерістің уақыты өтіп барады. Бұрындары арзан, біліксіз жұмыс күші жаһандық экономикалық алшақтықтың арасындағы көпір рөлін атқарды да, бір ел шабандап қалса да, оның басқаларды қуып жетеміз деген үміті сөнбеді. Жылдам дамуға қарағанда, дұрыс қадам жасау әлдеқайда маңызды еді. Қазір бұл көпір шайқалақтап, құлауға шақ тұр. Арзан еңбек күші бар елдер қатарынан шығып, біліктілердің өнеркәсіп елі қатарына қосылғандардың, яғни көпірден арғы бетке өтіп алғандардың жағдайы жақсы болмақ. Ал жардың қатерлі жағында көштен қалып қойғандардың арғы бетке өтемін деген үміті қалмаған. Сендегі арзан да біліксіз жұмыс күші ешкімге қажет болмаса, ал оларға жаңа білікті үйрететін жақсы білім беру жүйесін құруға ресурсың жетпесе, не істеуің керек27.
Көште қалғандардың тағдыры не болмақ? Бәлкім, америкалық сайлаушылар Amazon мен Google-дың бизнесінен түскен табыс салығын жұмыссыз қалған Пенсильвания шахтерлері мен Нью-Йорк таксистеріне шәкіртақы мен тегін қызмет түрінде жұмсалуына қарсы бола қоймас. Бірақ АҚШ азаматтары өз салықтарының Трамп «сасық тесіктер» деп атаған елдердегі жұмыссыздарды қолдауға жұмсалуына көне қояр ма екен28. Көнеді десеңіз, онда бұл мәселені Санта-Клаус не пасха қояны шешеді деп сеніп отырғанмен бірдей.
«БАЗАЛЫҚ» ДЕГЕН НЕ?
Әмбебап базалық жәрдем адамның басты қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, дегенмен бұл терминнің ортақ анықтамасы жоқ. Таза биологиялық тұрғыдан қарасақ, адам тірі жүруі үшін оған күніне 1 500–2 500 ккал жеткілікті. Бұдан артылғанның бәрін байлық деуге болады. Дегенмен адамзат тарихында әр мәдениет ең төменгі норма шеңберінен шығып кетсе де, «базалық» деп атаған қосымша қажеттіліктер ауқымын қалыптастырған. Ортағасырлық Еуропада шіркеуде сиыну мүмкіндігі тамақтан да маңызды еді, себебі «дін – уақытша тәннің емес, мәңгілік жанның азығы» деген түсінік болған. Ал қазіргі Еуропада адамның басты қажеттіліктері қатарына лайықты білім алу, медицина қызметі кіреді, біреулер тіпті барлық ерлер, әйелдер және балалар үшін интернет ауадай қажет деп санайды. 2050 жылға қарай «Әлемдік біріккен үкімет» жер шарындағы халыққа (Детройттағы ғана емес, Даккадағыларға да) ең негізгі қолдау көрсету үшін Amazon, Baіdu және Tencent-ке салық салуға келіссе, олар «базалық» деген сөзге қандай мағына бермек?
Мәселен, базалық білім дегенге не кіреді: тек оқу мен жазуға машықтану ма, әлде бағдарлама жасау мен скрипка тартуды үйрену ме? Бастауыш мектептегі алтыжылдық білім бе, әлде докторантураға дейінгі барлық білім беру сатысы ма? Денсаулық сақтау ше? 2050 жылға қарай медицинадағы жетістік қартаю процесін баяулатып, адам өмірін анағұрлым ұзартса, бұл қызметке жаһандағы барлық 10 миллиард адамның қолы жете ме, әлде бұл үркердей ғана миллиардерлердің ермегі бола ма? Ата-ана балаларын биотехнологияның көмегімен «озық ойлы» етсе, бұл да базалық қажеттілікке жата ма, әлде бақуатты супер-адамның мүмкіндіктері кедей Homo sapіens-тікінен анағұрлым көбейген күн туып, адамзат әртүрлі биологиялық касталарға бөлініп кете ме?
Адамның әмбебап қажеттіліктері дегенде нені түсінетінімізге қарамастан, жұрттың бәрі оған тегін қол жеткізсе, бұл мүмкіндік туа сала негізгі жәрдем нормаға айналды. Ал пилотсыз көлік, виртуалды шынайылық бағына кіру мүмкіндігі, денені биоинженерия көмегімен жақсарту сияқты жаңалықтар үшін кескілескен әлеуметтік-саяси күрес бар болғаны байлық үшін таласқа айналады. Жұмыссыз тобыр экономикалық активті басқарудан шет қалса, олардың мұндай байлықтан үміт етуінің өзі неғайбыл. Демек, байлар (Tencent басшылары мен Google акционерлері) мен кедейлер (ӘБК-ге қарап қалғандар) арасындағы алшақтық ұлғайып, екі араны көпірмен жалғау мүмкін болмай қалуы ықтимал.
Сондықтан 2050 жылы әмбебап базалық жәрдем жүйесі адамдардың сапалы білім мен денсаулық сақтау қызметін алуына мүмкіндік бергенімен, жаһандық теңсіздік және әлеуметтік мобильдіктің жоқтығына наразы жандардың қарасы көбейетін тәрізді. Адамдар «жүйе бізге қарсы әрекет етіп келеді, үкімет тек өте бай адамдар үшін жұмыс істейді, біздің және балаларымыздың болашағы тіпті нашарлайды» деп қауіп ете түсуі мүмкін29.
Homo sapіens тек қажеттілігін қанағаттандыру үшін пайда болмаған. Адамның бақытты болуы объективті ахуалға емес, өзіміз күткен
жағдаяттарға тәуелді. Алайда ол жағдайлар ахуалға, әсіресе басқа адамдардың жағдайына бейімделеді. Өмір жақсарған сайын үмітіміз де ұлғая береді, тіпті жағдай айтарлықтай жақсарған күннің өзінде, бұрынғыдай көңіліміз толмай отыра беретін болармыз. Егер әмбебап базалық кірістің мақсаты 2050 жылға қарай орташа адамның объективті өмір сапасын арттыру десек, бұл стратегияның сәтті болу мүмкіндігі жоғары. Ал мақсаты өміріне көңілі толатындарды көбейтіп, әлеуметтік теңсіздікті азайту болса, бұдан ештеңе шықпайтын шығар.
Мақсатына жетуі үшін әмбебап базалық жәрдем спорттан бастап дінге дейінгі мағыналы іс-әрекетпен толығуға тиіс. Еңбектен кейінгі қоғамда адамның өмірге қанағаттану сезімін нығайтудағы ең сәтті экспериментті Израиль жасаған болса керек. Бұл елде ультраортодоксалды еврейлердің жартысына жуығы жұмыс істемейді. Олар қасиетті кітаптарды оқып, діни рәсімдерге өмірін арнаған. Бірақ олардың өздері де, отбасы да ашығып отырған жоқ, оның бір себебі әйелдері жұмыс істейді, болмаса үкіметтен қомақты жәрдемақы алады және олардың негізгі қажеттіліктерін өтейтіндей тегін қызмет көрсетіледі. Бұл – әмбебап базалық жәрдемнің алғашқы үлгісі, басқаша айтсақ, avant la lettre30.
Кедей әрі жұмыссыз болғанына қарамастан, сауалнамалардың көбінде ультраортодоксалды еврейлер Израиль қоғамының басқа бөліктерімен салыстырғанда өмірге риза екенін үнемі айтып келеді. Оның себебі қауымдастық ішіндегі берік байланыстар және өздерінің қасиетті мәтіндерді зерттеуге, діни рәсімдерді жүргізуге ерекше мән-мағына беретіндігінде. Жұмысшылар тыным таппай тер төгіп жатқан мақта-мата фабрикасының үлкен залына қарағанда, еврей еркектері Талмудты талқылап отырған шағын бөлмеде қуаныш пен достықтың, шабыт пен шаттықтың лебі еседі. Бір жағынан, осы бір жұмыссыз, кедей діндарлардың арқасында Израиль өміріне риза адамдардың үлес салмағы бойынша әлемдік рейтингтердің жоғары көрсеткішінен түспей келеді31.
Зайырлы израильдіктер ортодоксалды адамдар қоғамның дамуына көп үлес қоспайды, әрі басқалардың ауыр еңбегінің арқасында өмір сүреді деп жиі наразы болады. Зайырлы израильдіктер орта есеппен жеті баладан өсіріп отырған діншілдердің отбасылық өмірін қолайсыз деп санайды32. Ерте ме, кеш пе, осыншама жұмыссызды асырауға мемлекеттің шамасы жетпей, діндарлар да жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бірақ жағдай керісінше де өрбуі мүмкін. Жасанды интеллект адамдарды еңбек нарығынан ысырған сайын діншіл еврейлерге халық өткеннің сарқыншағы емес, болашақтың моделі деп қарай бастаса, таңғалмаңыз. Бұл жұрттың бәрі діншіл еврейге айналып, Талмудты оқу үшін ешуаларға ағылады деген сөз емес. Жұмыс іздегеннен гөрі өмірдің мәні мен қоғамдастықты іздеу мағыналы бола түсетін шығар.
Жалпыға ортақ экономикалық қауіпсіздікті қоғамдық өмірді дамытумен және мазмұнды қарекетпен байланыстыра алсақ, жұмыс орындарын алгоритмдерге босатып беру игілікке бастауы мүмкін. Алайда өмірімізді бақылаудан шығарып алып, үрейі мол жолға түсуіміз де ықтимал. Жаппай жұмыссыздық қаупі бар екені рас, дегенмен бізді билік тізгінінің адамнан алгоритмге өту ықтималдығы көбірек толғандыруға тиіс. Ол біздің либералдық идеяға деген сенім отымызды өшіріп, цифрлық диктатураға жол ашып беруі мүмкін.
3-ТАРАУ
Еркіндік
Bіg Data сізді бақылап тұр
Либерализм идеясы адам бостандығын ең жоғары құндылық санайды. Либерализмді жақтайтындар кез келген биліктің қайнар көзі жеке адамның сезімі, қалауы және таңдауы негізіндегі ерік білдіруінен басталатынын айтады. Саясатта либерализм «сайлаушы – ең дана адам» деген тұжырымға сүйенгендіктен, демократиялық сайлауды қолдайды. Ал экономикадағы либерализм «клиенттің айтқаны – әрқашан заң» деген ойға иек артқандықтан, еркін нарық принципін жақтайды. Жеке өмірде либерализм «өзіңді тыңда, өзіңе адал бол, жүрек қалауыңмен жүр, басқалардың бостандығына қол сұқпа» деген қағидаға адал. Жеке тұлғаның бостандығы адам құқықтарына судай сіңіп кеткен.
Батыстағы саяси дискурста «либерал» сөзі тым қасаң, сыңаржақ мағынада, көбіне біржыныстылардың үйленуін, қаруды бақылауға алуды және жасанды түсікті жақтайтындарға қатысты қолданылады. Десе де консерваторлардың өздері ауқымды либералды көзқарастан бас тартқан емес. Әсіресе Америка Құрама Штаттарында республикашылдар да, демократтар да еркін сайлау, тәуелсіз сот және адам құқықтары сияқты басты қағидаларды қолдайтынын еске түсіріп, бетқаратпас дау-дамайды сәл де болса бәсеңдете тұрады.
Өзіңізді тексеріп көріңіз. Патшаның дәргейіне көндіге бермей, халық өз үкіметін таңдауы керек деп санайсыз ба? Адамдар касталық жікке бөлінудің орнына, өз мамандығын өзі таңдауға тиіс деген сөзбен келісесіз бе? Адам ата-анасының тауып берген кісісіне қосылудың орнына өмірлік жарын өзі таңдауы керек деген ойды қолдайсыз ба? Үш сұрақтың бәріне «иә» деп жауап берсеңіз, құттықтаймыз, сіз – либералсыз.
Әсіресе Рональд Рейган, Маргарет Тэтчер сияқты консерватизмнің ірі өкілдері экономикалық еркіндік қана емес, жеке адам бостандығының да үлкен жақтастары болғанын естен шығармаған жөн. 1987 жылғы әйгілі сұхбатында Тэтчер: «Қоғам деген елес қой. Ерлер мен әйелдерден құралған құрақ қана... Өміріміздің сапасы әрқайсысымыздың өзіміз үшін жауапкершілікті арқалауға әзірлігімізге байланысты»1, – деген.
Консервативтік партиядағы Тэтчердің ізбасарлары «биліктің қайнар көзі – жеке сайлаушылар, олардың сезімі, таңдауы мен ерік білдіруі» деген қағидада Лейбористік партиямен толық келіседі. Сондықтан «Британия Еуроодақтан шығуы керек пе?» – деген сұраққа жауап беруі қажет болғанда, премьер-министр Дэвид Кэмерон мәселенің түйінін шешіп бер деп, ІІ Елизавета патшайымға, Кентербери архиепископына, яки Оксфорд пен Кембридж оқымыстыларына өтініш айтқан жоқ. Ол тіпті парламент мүшелерінен де сұрамады. Есесіне ол референдум өткізді, онда әрбір британдыққа: «Сезімің не дейді?» – деген сауал қойылды.
«Сезімің не дейді?» деп емес, «Бұл туралы не ойлайсың?» – деп сұрамай ма деп қарсылық білдіруіңіз мүмкін. Бірақ бұл – жиі кездесетін қателік. Референдумдар мен сайлаулар – адамдардың саналы шешімінің емес, сезімдерінің көрінісі. Демократия дегеніміз – рационалды шешім қабылдау десек, онда күллі адамға бірдей дауыс беру құқығын таратудың қажеті де жоқ еді. Әсіресе белгілі бір экономикалық-саяси мәселелерге келгенде, кей адамдардың басқаларға қарағанда анағұрлым білімді әрі рационалды ойлайтыны бесенеден белгілі2. Brexіt туралы референдумға дауыс беру қарсаңында белгілі биолог Ричард Докинс британ халқының басым көпшілігіне (өзіне де) ешқашан
референдумда дауыс бергізбеу керек деп қарсылық білдірді. Оның себебін сайлаушылардың экономика мен саясаттануда лайықты білімі жоқ екенімен түсіндірді. «Бұл – Эйнштейннің алгебрадағы жаңалығының дұрыстығына қатысты жалпыұлттық плебисцит өткізу, болмаса жолаушыларға ұшқыш қай жолаққа қонуы керек деген мәселе бойынша дауыс бергізу сияқты мәселе»3, – дейді ол.
Алайда жақсы ма, жаман ба, әйтеуір, сайлау мен референдум біздің ойымыз емес, сезімімізді білгісі келеді. Ал сезім мәселесінде Эйнштейн мен Докинстің басқалардан түк те артықшылығы жоқ. Демократия адамның сезімі әлдебір жұмбақ әрі күшті «еріктің» көрсеткіші дейді, яки бір адам басқа біреуден ақылды болғанымен, олардың барлығы да еркін. Әріп танымайтын үй күтушінің де Эйншейн мен Докинс сияқты еркі бар, сондықтан сайлауда сезіміне негіздеп берген дауысы басқалардың барлығының дауысымен бірдей есептеледі.
Сезім сайлаушыларды ғана емес, көшбасшыларды да жетелеп отырады. 2016 жылғы Brexіt референдумында Еуроодақтан шығуды қолдаған топты Борис Джонсон мен Майкл Гоув басқарды. Дэвид Кэмерон отставкаға кеткен соң, Гоув алдымен Джонсонның премьер-министр болғанын қолдады, бірақ соңғы сәтте ол: «Джонсон бұл қызметке лайық емес», – деп мәлімдеп, ол орыннан өзінің дәмесі бар екенін аңғартты. Гоувтың бұл әрекеті Джонсонның үкімет басқарудан үмітін үзді, мұны «Макиавелли стиліндегі саяси қастандық» деп бағалағандар да болды4. Ал Гоув мұндай әрекетке баруға сезімдері түрткі болғанын айтып ақталды. «Саяси өмірімдегі әр қадамымды жасағанда: «Дұрыс жол қайсы? Жүрегім маған не айтады?» деп өзіме сұрақ қоямын»5, – деді ол. Сондықтан ол Британияны одақтан шығару үшін жанталасты, содан да ол ескі үзеңгілесі Борис Джонсонға ту сыртынан пышақ ұрды, сосын өзі альфа-еркек позициясына таласты. Себебі оған жүрегі солай әмір берген-мыс.
Жүректің дәргейіне бұлайша бас ұру – либералдық демократияның ең осал тұсы болуы да мүмкін. Адам жүрегіне хакерлік шабуыл жасап, оны басқарудың технологиялық мүмкіндігіне ие болған әлдекім үшін (ол Бейжіңде немесе Сан-Францискода болсын) демократиялық саясат эмоциялық қуыршақ театрына айналып кететін шығар.
АЛГОРИТМГЕ ҚҰЛАҚ САЛ
Либерализмнің жеке адамның сезімі мен еркін таңдауына деген сенімі табиғи да, тым көне де емес. Мыңдаған жыл бойы адамдар «Билік адамның жүрегімен емес, Құдайдың құдіретімен беріледі, сондықтан адамның бостандығына емес, Жаратушының сөзіне құлдық ұруымыз керек» деген сенімде болды. Тек соңғы бірнеше ғасырда биліктің бастауы құдайлардан кетіп, ет пен сүйектен жаралған адамға ойысты.
Енді биліктің бастауы қайта өзгеріп, адамнан алгоритмге көшуі мүмкін. Діни аңыздар құдай арқылы билік етуді заңдастырғаны сияқты, адамның билігі де либерализм идеясына негізделген. Ал алда болатын технологиялық революция Bіg Data алгоритмінің билігін орнатып, жеке адам бостандығы идеясының тұғырын шайқамақ.
Алдыңғы тарауларда айтқанымыздай, миымыз бен тәніміздің жұмысына жасалған зерттеулер мынандай ойға жетелейді: сезім – адамның ерекше рухани қасиеті емес, әрі ол қандай да бір «еркін таңдаудың» нәтижесін де білдірмейді. Сезім – барлық сүтқоректілер мен құстардың аман қалу және ұрпақ көбейту ықтималдығын жылдам анықтау үшін қолданылатын биохимиялық механизмдер. Сезім ішкі түйсікке, шабытқа не еркіндікке емес, есепке сүйенеді.
Маймыл, тышқан яки адам жыланды көргенде, олардың миындағы миллиондаған нейрон тиісті мәліметті демде есептеп, өлім қаупі артқанын хабарлайды, соның нәтижесінде үрей пайда болады. Өзге биохимиялық алгоритмдер жаныңдағы индивидпен сәтті жұп құруға, әлеуметтік байланыс орнатуға жол ашады немесе ол басқа да арман-мақсатыңа лайық деп есептегенде сексуалдық құмарлық пайда болады. Ашу, кінә не кешірім сияқты моральдық сезімдерді топтық ынтымақтастыққа жауап беретін нейрон механизмдері тудырады. Бұл биохимиялық алгоритмдер миллион жылдық эволюция барысында кемелденген. Ежелгі тіршілік иесінің әлдебір сезімі қателік жіберсе, демек, бұл сезімді тудыратын гендер келесі ұрпаққа берілмей қалған. Сезім – рационалдықтың қарама-қарсы түрі емес, эволюциялық рационалдықтың жүзеге асқан сипаты.
Әдетте сезім – есептеудің нәтижесі екенін түсіне бермейміз, себебі аса жылдам есептеу процесі біздің санамыз жететін деңгейден тым
тереңде. Ми нейрондарының аман қалу мен ұрпақ көбейту ықтималдығын есептеп жатқан сәтін сезбейміз, сондықтан жыланнан қорқуымыз, сексуалдық жұбымызды таңдауымыз, Еуроодаққа қатысты көзқарасымыз жұмбақ «еріктің» нәтижесі деп жаңсақ ойлаймыз.
Дегенмен либерализм «біздің сезімдеріміз еріктің нәтижесі» деп жаңсақ тұжырым жасағанымен, осы күнге дейін сезімге арқа сүйеу практикалық тұрғыдан дұрыс саналып келді. Сезімдердің ешқандай сиқыры жоқ, дегенмен қандай білім аламын, кімге үйленемін, қай партияға дауыс беремін деген сұрақтарға жауап іздегенде сезімге арқа сүйеу ең оңтайлы әдіс саналды. Сырттағы ешқандай жүйе менің сезімдерімді өзімнен жақсы түсіне алмайтын. Тіпті испан инквизициясы мен Кеңес КГБ-сы жүріс-тұрысымды аңдып, минут сайын мәлімет беріп отырса да, қалауым мен таңдауымды бағыттап отыратын тәнімдегі биохимиялық процестерге хакерлік шабуыл жасауға мүмкіндік беретіндей, олардың биологиялық білімі мен есептеу қабілеті болған жоқ. Барлық жағдайда өз еркім өзімде дей аламын, себебі ерік-қалауым сырттағы ешкім байқай алмайтын ішкі күштердің арақатынасының нәтижесінде жүзеге асты. «Ішкі құпия әлемімді өзім ғана бақылаймын, сырттағылар ішімде не болып жатқанын, менің шешімді қалай қабылдайтынымды ешқашан біле алмайды» деген иллюзияға сенім арттым.
Сондықтан діндардың не партия «қызметкерінің» дегенімен емес, жүрегіңнің қалауымен жүр деген либерализмнің кеңесі дұрыс та. Алайда жақын күндері компьютер алгоритмдері сізге адам сезімдерінен мықтырақ кеңес бере бастайды. Испан инквизициясы мен КГБ Google мен Baіdu-ға орын босатқандықтан, адамның «еркі» мифке айналып, либерализм өзінің практикалық артықшылықтарынан айырылуы мүмкін.
Дәл қазір екі үлкен революцияның тоғысқан тұсында тұрмыз. Бір жағынан, биологтар адам тәнінің, соның ішінде ми мен сезімдердің тылсымына дендеп еніп жатыр. Екінші жағынан, компьютер ғалымдары мәлімет өңдеудің бұрын-соңды болмаған мүмкіндігін жасауда. Биотехнологиядағы революция ақпараттық технологиядағы революциямен тоқайласқанда, олар сезімдерімді менен де жақсы түсініп, бақылай алатын Bіg Data алгоритмдерін түзеді, сонда билік адамнан компьютерге көшкен заман келеді. Өзім осыған дейін «ешкім бас сұға алмайды» деп келген ішкі әлеміме түрлі институттар, корпорациялар мен үкіметтер амал-айла жасай бастағанда, «ішкі ерік» деген бос қиялдың күні бітетін сияқты.
Мұны қысқаша мындай формуламен сипаттауға болады:
Б*К*Д=АХЖМ!
АХЖМ – адамға хакерлік шабуыл жасау мүмкіндігі.
Биология білімін компьютер күшіне, оны датаға көбейтсек, нәтижесінде адамға хакерлік шабуыл жасау мүмкіндігі (АХЖМ) туады. Бұл формуланың медицина саласында қалай жұмыс істеп жатқанын қазір-ақ көре аламыз. Ауруды сезінуімізге, тіпті білікті дәрігердің болжамдарына емес, тәнімізді бізден әлдеқайда жақсы түсінетін компьютердің есебіне қарай өте маңызды шешімдер қабылдаймыз. Бірер онжылдық ішінде биометрикалық мәліметтің үздіксіз ағынын өңдейтін Bіg Data алгоритмдері тәнімізді тәулігіне 24 сағат бойы бақылап отыратын болады. Олар біз әлденені сезбестен бұрын-ақ тұмау, қатерлі ісік не Альцгеймер дерттерінің басталып келе жатқанын байқай алады. Сосын олар біздің бірегей физикалық күйімізді, ДНҚ-мызды және тұлғамызды ескеріп, арнайы әзірленген тиісті ем, диета мен арнайы режим ұсынады.
Адам баласы тарихта болмаған медицинаға қол жеткізеді, бірақ дәл осы себептен олар үнемі дертті болып жүре ме деп қауіптенемін. Ауырмайтын, емдеуді қажет етпейтін жеріміз кемде-кем. Бұрындары бір жеріміз сырқырап, ауруды сезінгенше, аяғымыз ақсап, бір мүшеміз сыр бергенше, деніміз сау деп қаннен-қаперсіз жүре беретінбіз. Ал 2050 жылға қарай биометрикалық сенсорлар мен Bіg Data алгоритмдерінің арқасында сырқырап белгі берерден немесе аяғың ақсап қалардан әлдеқайда көп уақыт бұрын дерттің диагнозы қойылып, ем-дом ертерек жасалады. Соның нәтижесінде, үнемі қандай да бір «дертке» ұшырап, алгоритмнің түрлі нұсқауларын орындаумен әлек-шәлегіңіз шығады. Алгоритмнің айтқанына көнбесеңіз, медициналық сақтандыруыңыз күйіп кетуі немесе бастығыңыз жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін, олар неге сіздің бірбеткейлігіңізге ақша төлеуі керек?
Шылым шегудің өкпе рагімен қатысы бар екенін дәлелдейтін статистикаға қарамастан, түтінді бұрқырату – басқа мәселе. «Сол жақ
өкпеңнің жоғарғы жағында 17 рак жасушасын таптым», – деп дабыл қаққан биометрикалық сенсордың айтқанына құлақ аспай, темекі шеге беру – мүлде басқа нәрсе. Бұл ескертуге мән бермедіңіз делік. Ал әлгі сенсор бұл ақпаратты сақтандырушы агентіңізге, бастығыңызға және анаңызға жіберсе қайтесіз?
Бұл дерттің бәрімен күресіп жүруге кімнің уақыты мен күш-қуаты жетеді? «Проблемалардың біразын өз бетіңше шеше бер» деп денсаулығымызды қадағалайтын алгоритмге тапсырма беретін шығармыз. Ол смартфонымызға «17 рак жасушасы табылып, жойылды» деген сияқты мәліметтерді күн құрғатпай жіберіп отыратын болар. Гипохондриктер бұл мәліметтердің бәрін мұқият оқып отырады, ал көбіміз «компьютердегі антивирус бағдарламаларын жаңарт» деген мезі қылатын ескертулер сияқты, бұларға да қолды бір сілтерміз.
ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУДЫҢ ДРАМАТИЗМІ
Медицинадағы қазіргі өзгерістер біртіндеп басқа салаларға да ойысатын тәрізді. Мұндағы басты жаңалық – адамдар киетін не денесінің ішіне бекітетін биометрикалық сенсор биологиялық процестерді электрондық ақпаратқа айналдырып, компьютер оны жинақтап, қорытып отырады. Биометрикалық мәлімет пен компьютерлік есептеу мүмкіндігі жеткілікті болса, мәліметті сырттан өңдейтін жүйелер жеке қалауыңа, қабылдайтын шешіміңе және ұстанымдарыңа қол жеткізеді. Олар нақты кім екеніңді бес саусақтай біледі.
Көп адам өзін онша жақсы білмейді. Бірнеше жыл мойындамай келіп, 21 жасымда ғана өзімнің гей екенімді түсіндім. Бұл жалғыз менің басымдағы жайт емес. Гейлердің көбі жасөспірім күнінде сексуалдық ерекшелігін жоққа шығарумен болады. 2050 жылға қарай алгоритм адамның сексуалдық спектрдің қай тұсында екенін (гомосексуал не гетеросексуал) тап басып, тіпті оның қаншалықты құбылмалы екенін айтып беретінін елестетіп көріңіз. Бәлкім, алгоритм сізге сымбатты еркек пен сұлу әйелдің суретін не видеосын қойып, көз жанарыңыздың қозғалысын, қан қысымыңызды, миыңыздың белсенділігін бақылап, бес минуттың ішінде Кинси шкаласындағы орныңызды дәл айтатын болар6. Бұл мені жылдар бойғы азаптан құтқарар еді. Мұндай тестіден өткіңіз келмей жүргенде, әлдебір досыңыздың туған күніне орай болған іш пыстырар кеште біреу: «Мына бір керемет алгоритммен өзіңді тексеріп көрмейсің бе?» – деп төтесінен сұрақ қоюы мүмкін (әрі жұрттың бәрі нәтижені көріп, пікір айту үшін ентелеп тұрады). Сонда бұрылып кетіп қаласыз ба?
Кетіп қалсаңыз да, өзіңізден және сыныптастарыңыздан жасырынсаңыз да, Amazon мен Alіbaba-дан немесе құпия полициядан жасырына алмайсыз. Интернетті ақтарып, YouTube қарағаныңызда, әлеуметтік желідегі дүниені оқығаныңызда алгоритм сізді үнсіз бақылап, сараптап отырады да, сізге өнімін өткізу үшін жалаңаш қыздың емес, жалаңаш жігіттің жарнамасын пайдаланған жөн деп, Coca-Cola-ға кеңес береді. Мұны сіз сезбей қалуыңыз мүмкін. Бірақ олар біледі, әрі мұндай ақпараттың құны миллиардтаған доллар болмақ.
Оның үстіне мұның бәрі жария болуы мүмкін, тіпті адамдар жақсырақ ұсыныс алу үшін, ақыр соңында, алгоритмге өздерінің орнына шешім қабылдатқызу үшін жеке мәліметімен қуана-қуана бөлісуі ықтимал. Бұл қандай фильм көру керегін шешу сияқты қарапайым нәрселерден басталады. Кешке достарыңмен бірге уақыт өткізу үшін теледидардың алдына отырғанда, ең алдымен, не көретініңді шешіп алуың керек. Елу жыл бұрын сіздің еш таңдауыңыз болған жоқ, ал қазір интерактивті телевидение дамығандықтан, мыңдаған фильмнің арасынан таңдау жасау керек. Бір тоқтамға келу өте қиын, себебі сіз ғылыми-фантастикалық триллер көргіңіз келсе, Джек романтикалық комедияны, Джилл француздың артхаусын қалайды. Соңында сапасы төмен арзан фильмге тоқтап, бәріңіз құлазып қайтасыз.
Мұнда алгоритм көмекке келеді. Әрқайсысыңыз бұған дейін сүйіп көрген фильмдеріңізді айтсаңыз, аса ауқымды статистикалық деректер базасын ақтарған алгоритм бүкіл топқа ұнайтын кинофильмді тауып береді. Өкінішке қарай, тым қарабайыр алгоритм шатастыруы мүмкін, әсіресе адамдар өздері туралы мәлімет бергенде нағыз қалауын білдіре бермейді. Кейде біреу бір фильмді аузының суы құрып мақтап, оны көруге көндіреді, ал сіз ортасына келіп ұйықтап қалсаңыз да, ақымақ болып көрінбеу үшін әлгі фильмді керемет деп сипаттайсыз7.
Есесіне, өзіміздің екіұшты қалауымызға сеніп отырғанша, алгоритмге фильмді көру барысында біз туралы мәлімет жинауға рұқсат берсек, бұл мәселе де шешіледі. Біріншіден, алгоритм қай фильмді соңына дейін көргенімізді, қайсысын ортасынан тоқтатқанымызды бақылайды. «Желмен ғайып болғандар» (Gone Wіth the Wіnd) – ең үздік фильм» деп жер-жаһанға жар салсақ та, алгоритм біздің оны жарты сағаттан артық тамашаламағанымызды, Атлантаның отқа оранғанын мүлде көрмегенімізді біліп отырады.
Алгоритм бұдан да терең дендей алады. Қазір инженерлер жанарымыз бен бетіміздің бұлшық етінің қозғалысына қарап, адам эмоциясын анықтайтын бағдарламалық жасақтама әзірлеп жатыр8. Теледидарға жақсы камера орнатсақ, бұл жасақтама қай көріністің бізді күлдіргенін, қайсысының мұңайтқанын, қайсысының жалықтырғанын біліп алады. Одан соң алгоритмді биометрикалық сенсорға жалғаймыз, сонда ол қай көріністің жүрек қағысымызға, қан қысымымызға және миымыздың белсенділігіне әсер еткенін анықтайды. Айталық, Тарантиноның «Қылмыс шытырманы» (Pulp Fіctіon) фильмін көріп отырғанда зорлау көрінісінің сексуалдық құмарлығымызды аздап қоздырғанын, Винсент Марвиннің бетіне «абайсызда оқ атқанда» қуыстансақ та, күлуге мәжбүр болғанымызды, ал «Bіg Kahuna» бургері туралы әзілді түсінбесек те, ақымақ болып көрінбеу үшін күле салғанымызды алгоритм біліп қояды. Қызық нәрсеге риясыз күлумен салыстырғанда, өтірік күлгенде мидағы басқа нейрон желілері мен беттің өзге бұлшық еттерін пайдаланасыз. Әдетте адамдар мұның айырмашылығын байқамайды. Ал биометрикалық сенсор бәрін біледі9.
«Televіsіon» сөзі гректің «алыс» дегенді білдіретін tele және латынның «көру» дегенді білдіретін vіsіo сөзінен құралған. Әу баста ол алысты көретін құрал ретінде түсіндірілген. Кейіннен ол біздің алыстан көрінуімізге мүмкіндік берді. Джордж Оуэллдің «1984» романында айтылғандай, біз теледидар қарағанда, ол бізді бақылап отырады. Тарантиноның бүкіл фильмін көріп шыққан соң, оның көбін ұмытып қалуымыз мүмкін. Бірақ Netflіx не Amazon немесе телевидение алгоритміне иелік ететін кез келген адам тұлғалық ерекшелігімізді біліп, эмоциялық түймелерімізді басып отырады. Бұл мәлімет Netflіx пен Amazon-ға асқан дәлдікпен фильм таңдауға ғана емес, қандай мамандыққа оқу, қайда жұмыс істеу, кімге үйлену сияқты өмірлік маңызды шешімдерді біз үшін қабылдауға мүмкіндік береді.
Әрине, Amazon үнемі дұрыс айта бермейді. Бұл мүмкін емес. Алгоритм мәлімет жетіспегеннен, бағдарламалаудағы олқылықтан, анық мақсат қоймағаннан, өмірдің қым-қуыттығынан жиі қате жіберіп отырады10. Бірақ Amazon мүлтіксіз болуға міндетті емес. Оның біздерден – орташа адамдардан сәл жақсырақ болғаны жеткілікті. Бұл онша қиын емес, себебі көп адам өздерін онша жақсы білмейді және көбі өмірде ең маңызды шешім қабылдауда орны толмас қателікке жол береді. Адамдар мәліметтің аздығынан, бағдарламалаудағы (генетикалық және мәдени) олқылықтардан, бұлыңғыр мақсаттан және қым-қуыт өмірдің кесірінен алгоритмнен де көп жапа шегеді.
Алгоритмдер кез болатын алуан түрлі проблеманы тізбелеп, «адамдар оларға ешқашан сенбейді» деп долбарлауыңыз мүмкін. Бірақ бұл да демократияның барлық олқылықтарын айтып, «ешбір саналы адам бұл жүйені таңдамайды» деп тұжырым жасау сияқты. Уинстон Черчилльдің әйгілі сөзімен айтсақ: «Демократия кемшіліксіз емес, бірақ одан артық жүйе жоқ». Дұрыс па, бұрыс па, адамдар Bіg Data алгоритмдері туралы да осындай байламға келуі ықтимал: оның проблемасы көп, бірақ оған басқа балама жоқ.
Ғалымдар адамдардың шешім қабылдау процесін тереңірек түсінуге тырысқан сайын, алгоритмге сенім артуға деген қызығушылық ұлғая беретін тәрізді. Адамның шешім қабылдау процесіне хакерлік шабуыл жасау Bіg Data-ға сенімді күшейтіп қана қоймай, адамның сезімдеріне сенімді азайтып жібереді. Үкіметтер мен корпорациялар адамның операциялық жүйесіне хакерлік шабуыл жасаған күні біз нақты бағытталған манипуляцияның, жарнама және үгіт-насихаттың астында қаламыз. Көзқарасымыз бен эмоциямызды басқарудың жеңіл болатыны сондай, кенеттен басы айналған ұшқыштың өз сезім мүшелері берген ақпараттан гөрі құралдарға үміт артатыны сияқты, біз де алгоритмге солай сенетін боламыз.
Кей елдерде кейбір жағдайларда адамдарға таңдау берілмей, олар жай ғана Bіg Data алгоритмдерінің шешімдерін орындап жүре
беруге мәжбүр болуы ықтимал. Тіпті ең еркін деген елдердің өзінде алгоритмдер шексіз билікке қол жеткізуі мүмкін, себебі біз көп мәселеде оларға сенім артуға дағдыланып, бірте-бірте өз бетімізбен шешім қабылдау қабілетімізді жоғалтатын сияқтымыз. Тек мынаған ой жүгіртіп қараңыз: 20 жыл ішінде миллиардтаған адам бәріміздің ең маңызды ісіміз – қажетті әрі сенімді ақпарат іздеуде Google-ға иек артады. Біз қазір ақпарат іздемейміз. Оның орнына «гуглдатамыз». Сұрағымызға жауап іздеуде Google-ға неғұрлым көп сенім артқан сайын өз бетімізбен ақпарат іздеу қабілетімізден біртіндеп айырылып жатырмыз. Қазірдің өзінде-ақ «ақиқат» дегеніміз – Google-дың іздеу жүйесінде ең жоғарыда тұрған ақпарат деген түсінік қалыптасқан11.
Бұл кеңістікті барлау сияқты физикалық қабілетімізге қазір-ақ ықпал етіп жатыр. Адамдар Google-дан жол сұрайды. Әлдекім көшенің қиылысына келгенде ішкі түйсік «солға бұрыл» десе, Google картасы «оңға бұрыл» деп бағыттауы ықтимал. Алдымен ол ішкі түйсігіне сеніп, солға бұрылып, көлік кептелесіне түседі де, маңызды кездесуден кешігеді. Келесі жолы ол Google-ға құлақ асып, оңға бұрылады, сөйтіп, кездесуге уақытында барады. Адамдар Google-ға сенуге дағдыланған. Бір-екі жылдың ішінде олар тек Google картаның ғана айтқанымен жүретін жағдайға жетеді, смартфондары істемей қалған адам мүлде дәрменсіз күйге түседі.
2012 жылғы наурызда Жапониядан Австралияға келген үш саяхатшы жағалаудағы шағын аралға барып қайтуды ойлап, көліктерімен Тынық мұхитқа қойып кетеді. Кейін 21 жастағы жүргізуші Юзу Нода GPS-тің нұсқауымен ғана жүргенін айтты: «Ол бізге тура жүр деп айта берді. Жолға шығатын бағытты көрсететінін қайталаумен болды. Суға батуға шақ қалдық»12, – деді ол. GPS-тің нұсқауымен жүремін деп көлге түсіп кеткен, бұзылған көпірден құлаған осы сияқты оқиғалар жиі байқалады13. Кеңістікте жол табу қабілетін де, бұлшық ет сияқты жаттықтырып отырмасаң, ол қабілет жойылады14. Жар таңдау мен мамандық таңдау да дәл солай.
Жыл сайын миллиондаған талапкер университетте оқитын мамандығын таңдайды. Бұл – өте маңызды әрі ауыр шешім. Мүдделері, көзқарастары әркелкі жандардың – ата-анаңның, достарыңның, ұстаздарыңның қысымына ұшырайсың. Оның үстіне өзіңнің қорқынышың мен арман-мақсатың тағы бар. Сенің шешіміңе Голливудтың блокбастерлері, арзанқол романдар, еліктіргіш жарнама науқандары әсер етеді. Түрлі мамандықтарда жетістікке жетудің мәселелеріне, өзіңнің мықты және әлсіз тұстарыңа қатысты дұрыс түсінік қалыптастырмағандықтан, лайықты шешім қабылдау – өте қиын. Заңгер ретінде табысты болу деген не? Стресс жағдайында қалай еңбек ете аламын? Командада жұмыс істеу қабілетім қандай?
Бір талапкер өзінің қабілет-қарымы туралы түсінігі қате болғаннан, заңгер болу (онда үнемі шешенсіп сөз сөйлеп: «Мен қарсымын, құрметті судья!» – деп айқайлап жүре бермейсіз) туралы жаңсақ ойдың жетегінде жүргендіктен заң факультетіне түсуі мүмкін. Ал оның құрбысы сүйек құрылысы келмесе де, тәртібі жақсы болмаса да, бала кездегі арманын орындау үшін ғана кәсіби балеринаның оқуын таңдайды. Арада бірер жыл өткенде екеуі де өз таңдауларына өкінеді. Болашақта біз үшін мұндай шешім қабылдау жауапкершілігін Google-ға тапсыратын шығармыз. Google «заң факультетінде, балет мектебінде бос уақытыңды кетірме, сенен мықты (әрі өз жұмысын жақсы көретін) психолог не сантехник шығады»15 деуі ғажап емес.
Мансап, тіпті қарым-қатынас саласындағы жасанды интеллект адамдардан да ақылды шешім қабылдай бастаған кезде біздің адамзат туралы, өмір туралы түсінігіміз өзгереді. Адамдар өмірді шешім қабылдау драмасы деп есептейтін. Либералдық демократия мен еркін нарық капитализмі адамды үнемі шешім қабылдап жүретін дербес агент ретінде қарастырып келді. Шекспирдің пьесасы болсын, Джейн Остиннің романдары, Голливудтың тұрпайы комедиялары болсын – кез келген өнер туындысы әдетте белгілі бір маңызды шешім қабылдау төңірегінде дамиды. Болу ма, әлде бордай тозу ма? Әйелімді тыңдап, король Дунканды өлтірейін бе, әлде ақылыма құлақ асып, оған аяушылық білдірейін бе? Мистер Коллинске тұрмысқа шықсам ба, әлде мистер
Дарсиге ме? Христиан және мұсылман діндері де шешім қабылдаудың драмасына ерекше көңіл бөледі: «Рухтың мәңгі рақатқа бөленуі яки азап кешуі сен қабылдаған шешімге байланысты», – дейді олар.
Біз үшін шешім қабылдауды жасанды интеллектіге тапсырсақ, өмірге қатысты бұл көзқарас қалай өзгереді? Қазір фильм таңдауда Netflіx-ке, оңға я солға бұрылуда Google картаға арқа сүйейміз. Қай мамандыққа оқу, қайда жұмыс істеу және кімге үйлену мәселелерінде жасанды интеллектіге сенім артсақ, адамның өмірі шешім қабылдаудың драмасына айнала қоймайды. Демократиялық сайлау мен еркін нарықтың еш мәні қалмайды. Діндердің, өнер туындыларының көбі осы күйге түседі. Анна Каренинаның смартфонын алып, Facebook алгоритмінен «Каренинмен қала берейін бе, әлде сымбатты граф Вронскиймен қашайын ба?» деп сұрап тұрғанын елестетіп көріңіз. Шекспирдің сізге ұнайтын пьесасында барлық шешімді Google алгоритмі қабылдайды деп ойласақ, әрине, Гамлет пен Макбеттің өмірі анағұрлым жайлы болар еді, бірақ ол қандай өмір? Мұндай өмірге мән-мағына беретін модельдер бар ма?
Билік адамдардан алгоритмдерге ойысқан сайын, жер-дүние дұрыс таңдау үшін күресіп жүрген дербес адамдардың майдан алаңы болмай қалады. Оның орнына он сегіз мың ғаламды мәліметтер ағыны, ал ондағы ағзаларды биохимиялық алгоритмдерден үлкенірек әлем деп есептеп, адамның бұл ғарыштағы бар миссиясы – мәліметтерді өңдеудің алып жүйесін қалыптастырып, соңынан өзінің де соған қосылуы деп санауымыз мүмкін. Қазірдің өзінде біз ешкім толық түсінбейтін алып мәлімет өңдеу жүйесіндегі иненің жасуындай чипке айналып барамыз. Күн сайын қисапсыз электронды хат, туит және мақала арқылы ауқымды ақпарат қабылдаймын, ол мәліметті өңдеп, одан да көп электронды хат, туит және мақала арқылы жаңа мағлұмат жіберемін. Заттардың бұл алып құрылымында менің орным қандай екенін, басқа миллиардтаған адам мен компьютер шығарған қисапсыз бит ақпаратпен мен тудырған сансыз бит ақпараттың қалай қабысатынын нақты білмеймін. Электронды хаттарға жауап берумен қарбаласып жатқандықтан, мұны анықтауға уақытым да жоқ.
ФИЛОСОФ-КӨЛІК
Біреулер «алгоритмдер ешқашан біз үшін маңызды шешімдер қабылдай алмайды, себебі маңызды шешімдердің этикалық жағы да бар, ал алгоритмдер этика дегеннен мақұрым» деп қарсылық білдіруі мүмкін. Дегенмен «алгоритмдер этика тұрғысында орташа адамды басып оза алмайды» деп тұжырым жасауға еш негіз жоқ. Қазірдің өзінде-ақ, смартфон яки пилотсыз көлік сияқты құралдар бұған дейін адамның ғана қолынан келген шешімдерді қабылдағанда, олар да ғасырлар бойы адамзатты толғандырған этикалық мәселелерге тап болады.
Айталық, доп қуған екі бүлдіршін пилотсыз көліктің алдынан жүгіріп шықты делік. Көлікті басқаратын алгоритм әп-сәтте бәрін есептеп, балаларды қақпаудың жалғыз амалы – қарсы жолаққа бұру деп ұйғарады. Бірақ онда жүйткіп келе жатқан жүк көлігіне соғылуы мүмкін. Алгоритм мұндай жағдайда машинаның артқы орындығында қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан көлік иесінің қаза табу ықтималдығы 70% екенін есептеп шығарады. Бұл жағдайда алгоритм не істеуі керек16?
Философтар осы «вагон мәселесі» жайында есте жоқ замандардан бері дауласып келеді (дегенмен оқулықтағы мысалда заманауи философиялық пікірталас пилотсыз көлік емес, рельспен қозғалатын вагон туралы айтылады)17. Осы күнге дейін бұл уәждер адамдардың нақты мінез-құлқына қатты әсер еткен жоқ. Себебі қысылтаяң кезде адамдар өз философиялық көзқарастарын ұмытып, оның орнына эмоция мен ішкі түйсіктің жетегінде кетеді.
Әлеуметтік ғылымдардағы ең жиіркенішті эксперименттердің бірі – 1970 жылғы желтоқсанда пресвитериан шіркеуінде дін қызметшісі болуға әзірленіп жүрген Принстон семинариясының студенттеріне жасалды. Әр студентке басқа ғимараттағы дәріс залына жылдам барып, мейірімді самариялық туралы аңызды айтып беру тапсырылды. Бұл Иерусалим мен Иерихон арасына жол тартқан еврейді қарақшылардың тонап, өлімші етіп ұрып-соғып жол шетіне тастап кететінін суреттейтін библиялық оқиға еді. Жол шетінде өлімші болып жатқан бейшараның қасынан әлдебір уақытта діндар мен левит өтеді, бірақ оған көз қырын да салмайды. Ал иудейлер жек көретін сектаның самариялық мүшесі мүсәпір кісіні көріп, оған көмек көрсетіп, өлімнен алып қалған деседі. Бұл аңыздың басты идеясы – кісіні діни нанымына қарап емес, іс-әрекетіне қарап бағалау керек дегенге меңзейді.
Арынды жас семинаристер қайырымды самариялық туралы аңыздың ұлағатын түсіндірудің жолдарын ойлап, дәріс залына қарай
жүгіреді. Ал эксперимент жасаушылар олардың жолына алба-жұлба киініп, міскін кейпіне енген кісіні отырғызып қояды. Табалдырықта басын салбыратып, көзін жұмып алған ол әр студент қасынан өткен сайын жөтеліп, ауырсынғандай ыңырсиды. Семинария шәкірттерінің көбі бейшараға көмектеспек түгілі, оның халін сұрау үшін қасына аялдаған да жоқ. Дәріс залына жылдам жетем деген эмоциялық стресс олардың қиын жағдайдағы адамға көмектесу деген моральдық жауапкершілігін жаншып тастаған18.
Басқа сансыз көп жағдайларда да адам эмоциясы философиялық теориялардан үстем болып жатады. Бұл әлемнің этикалық және философиялық тарихын керемет идеалдар туралы және идеалдан алыс, шынайы, сүреңсіз ертегісі туралы әңгімеге айналдырып жібереді. Қанша христиан шын мәнінде дұшпанына екінші бетін тосады? Қанша буддист эгоистік құмарлықтан арыла алды? Қанша иудей көршісін өзінен артық жақсы көреді? Бұл – Homo sapіens-ті қалыптастырған табиғи сұрыпталу процесі. Басқа барлық сүтқоректі сияқты, Homo sapіens те өмір мен өлім тайталасында эмоцияның көмегімен шешім қабылдайды. Біздің бойдағы ашу мен өкпе, үрей мен құмарлық миллиондаған ата-бабамыздан сіңген. Ол мінездің әрқайсысы бізге сапаны бақылаудың аса ауыр жолы – табиғи сұрыпталу арқылы берілген.
Өкінішке қарай, миллиондаған жыл бұрын Африка саваннасында аман қалу мен ұрпақ көбейту үшін қажет болған дағды ХХІ ғасырдың даңғыл жолындағы адамның әрекетіне сай келмей қалады. Алаңдаған, ашуланған не жүйкесі сыр берген жүргізушілердің кесірінен болған жол апаттарынан жыл сайын миллионнан аса адам опат болады. Барлық философ, пайғамбар мен дін қызметкерін жүргізушілерге этика жайында уағыз айтуға жіберсек те, сүтқоректінің эмоциясы мен саванналық инстинкт бәрібір басым түседі. Сондықтан стресс үстіндегі семинария студенттері мүсәпір адамды көзге ілмейді, ал жүргізуші тығырыққа тірелген жағдайда жол шетіндегі жолаушыларды қағады.
Семинария мен жол арасындағы бұл айырмашылық – этикадағы ең күрделі мәселелердің бірі. Иммануил Кант, Джон Стюарт Миль және Джон Ролз университеттің жайлы залында отырып, этиканың теориялық мәселелерін таңды-таңға ұрып талқылауы мүмкін, бірақ қауіпті жағдайда қалып, қас қағым сәтте шешім қабылдайтын жүргізуші оның айтқанын орындай ма? Кейбіреулер адамзат тарихындағы ең мықты жүргізушіге балап жүрген «Формула–1» көлік бәйгесінің чемпионы Михаэль Шумахер машина айдап бара жатып философия туралы ойлай алатын шығар, бірақ бәріміз Шумахер емеспіз ғой.
Есесіне, компьютер алгоритмдері табиғи іріктеуден өтпеген, әрі олардың эмоциясы да, ішкі түйсігі де жоқ. Сондықтан этиканы нақты сандармен және статистикамен кодтаудың жолын тапсақ, олар этика ережелерін адамдарға қарағанда анағұрлым жақсы орындайды. Кантты, Миль мен Ролзды код әзірлеуге үйретсек, олар жайлы зертханада отырып, пилотсыз көліктерге бағдарлама жасап, олардың тасжолда осы ережені бұлжытпай орындайтынына сенеді. Сөйтіп, әрбір көлікті Михаэль Шумахер мен Иммануил Кантты біріктірген алгоритм жүргізетін болады.
Сөйтіп, пилотсыз көлік жағдайы қиындаған кісіні көрген кезде, тоқтап ол кісіге көмектесуін бағдарламалап қойсақ, топан су келіп, ақырзаман орнаса да, ол сол ережені сақтайды (әрине, ақырзаман не топан суға қатысты бөлек бағдарлама жасамасаңыз). Сол сияқты, «жолға жүгіріп шыққан екі баланы баспау үшін қарсы бетке бұрылып кет» деп пилотсыз көлікке нұсқау берсеңіз, оның мұны орындайтыны шүбәсіз. Яғни пилотсыз көліктерді әзірлегенде Toyota мен Tesla этика философиясындағы теориялық проблемаларды машина жасаудың практикалық мәселесіне айналдыра алады.
Әрине, философиялық алгоритмдер ешқашан ойдағыдай болмайды. Қателіктер кесірінен адамдар жараланады, қаза табады, тым күрделі сот процестері де болады. (Тарихта алғаш рет теориясы қате болғаны үшін философты сотқа бере алуыңыз мүмкін, себебі алғаш рет сіз философиялық идея мен шынайы өмірлік оқиғаның арасында себеп-салдарлық байланыс бар екенін дәлелдей аласыз). Дегенмен адам- жүргізушіден асып түсу үшін алгоритмдер мінсіз болуы міндетті емес. Жүргізушілер күре жол бойында жылына миллионнан аса адамды қағып өлтіретінін есепке алсақ, бұл қиын шаруа емес. Осының бәрін ескерсек, сіз жаныңыздағы көлікті кімнің жүргізгенін қалайсыз: мас жігіт пе, әлде Шумахер мен Канттың командасы ма19?
Бұл логика тек көлік жүргізу емес, басқа салаларда да жұмыс істейді. Жұмысқа өтініш берушілердің мысалын алайық. ХХІ ғасырда әлдекімді жұмысқа алу я алмауды көбіне алгоритмдер шешетін болады. Біз әзірге тиісті этика стандарттарын қалыптастыруды компьютерге тапсыра алмаймыз, сондықтан бұл істі адамдар атқара береді. Бірақ еңбек нарығындағы этика стандарттарына қатысты шешім қабылданса (мәселен, қаранәсілділерге және әйелдерге қатысты дискриминация дұрыс емес деген сияқты), біз бұл стандарттарды адамдардан да жақсы ұстанады деп компьютерге толық сенім артамыз20.
Адам-менеджер қаранәсілді кісі мен әйел адамға дискриминация жасамау керегін білуі және бұл ережені қолдауы мүмкін. Дегенмен қаранәсілді кісі не әйел адам жұмысқа өтініш бергенде, оларды түпсанаға сүйене отырып алалап, жұмысқа алмай қоюы ықтимал. Компьютерге үміткерлердің жынысы мен нәсіліне мүлде қарамастан, өтініштерді бағалауға пәрмен берсек, оның бұл факторларды бұлжытпай орындайтынына сенімдіміз, себебі оларда түпсана жоқ. Әрине, жұмысқа берілген өтініштерді бағалайтын кодты әзірлеу оңай емес, оның үстіне, инженерлер бағдарламалық жасақтамаға өз жеке көзқарастарын енгізуі ықтимал21. Десе де адамдарды нәсілшілдік пен мизогиниялық стереотиптерден арылтуға келгенде, бағдарламадағы қателіктерді түзету әлдеқайда жеңіл.
Жасанды интеллектінің дамуы адамдардың көбін, соның ішінде көлік жүргізушілері мен жол полициясын еңбек нарығынан шығарып тастауы мүмкін екенін айттық (болжай алмайтын адамдардың орнын заңды бұлжытпай орындайтын алгоритмдер басқанда, жол полициясының өзі артық болып қалады). Дегенмен философтар үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болатын сияқты, себебі олардың осыған дейін нарықта құны болмай келген дағдыларына аяқастынан сұраныс артады. Демек, болашақта тұрақты да табысты жұмысым болсын десеңіз, философия дұрыс таңдау шығар.
Философтардың этика мәселелерінде нақты бір тоқтамға келген кезі сирек, әрине. «Вагон мәселесінің» кей шешімі ғана философтардың барлығын қанағаттандырды. Нәтижесіне қарап әрекетті бағалайтын Джон Стюарт Миль сияқты консеквенциалист ойшылдардың көзқарасы, нақты ережелер негізінде әрекетті бағалайтын Иммануил Кант сияқты деонтологистердің көзқарасына түбірімен қайшы келеді. Tesla машина шығару үшін осы бір күрделі мәселеде бір жақты қолдауы керек пе?
Бәлкім, Tesla нарықтың өзіне таңдауды ұсынатын болар. Олар Tesla Altruіst және Tesla Egoіst деген екі көлік шығарса, оқыс оқиға кезінде Altruіst қиын жағдай туғанда басқаның өмірі үшін өз қожайынын құрбан етсе, Egoіst (ол үшін тіпті екі баланы қағу керек болса да) өз қожайынының өмірін сақтап қалуға барынша күш салады. Ал тұтынушылар өздерінің философиялық ұстанымдарына сай келетін көлікті сатып алады. Жұрттың көбі Egoіst-ті сатып алса, бұл үшін Tesla-ны кінәлай алмайсың. Себебі клиенттің айтқаны – әр кез заң.
Бұл қалжың емес. 2015 жылғы алғашқы зерттеу кезінде пилотсыз көліктің бірнеше жүргіншілер жолағынан өтуі кезіндегі қозғалыстары қарастырылды. Жұрттың көбі үшін «машина өз қожайынының өмірін құрбан етсе де, жаяу жүргіншілерді аман алып қалуы керек». Ал: «Сіз басқалардың игілігі үшін өз қожайынын құрбандыққа шалатын көлікті сатып алар ма едіңіз?» – деген сұраққа сол көпшілік «жоқ» деп жауап берген. Өздері үшін олар Tesla Egoіst машинасын сатып алғысы келеді22.
Мына жағдайды елестетіп көріңіз: жаңа машина сатып алдыңыз делік, оны жүргізбестен бұрын баптаулар мәзірін қарап, бірнеше ұяшыққа белгі қоюыңыз керек. Жол апаты кезінде көлік сізді құрбан етсін бе, әлде басқа көліктегі бір отбасын қақсын ба? Жалпы, мұндай таңдау жасауды қалар ма едіңіз? Қай ұяшықты таңдау жайын ақылдасқанда жұбайыңызға айтар уәжіңізді ойластырыңыз.
Бәлкім, нарықты реттеуге мемлекет араласып, өзі жүретін көліктердің бәріне бірдей міндетті этика кодын енгізе ме? Кей заң шығарушылар «ендігіде шығарған заңдарымыз әр кез мүлтіксіз орындалады» деп қуанары анық. Енді бірі мұндай жаппай жауапкершіліктен қауіптенуі ықтимал. Бүкіл адамзат тарихында заңды қолданудағы кемшіліктер сыңаржақтылыққа, қателікке және заң шығарушылардың бассыздығына алып келгені белгілі. Гомосексуализм мен Құдайға тіл тигізуге қарсы заңдар жартылай ғана орындалып, жолымыз болды. Қате жіберуі мүмкін деген саясаткерлердің шешімдері тартылыс заңы сияқты жұмыс істейтін жүйеде өмір сүргіңіз келе ме?
ЦИФРЛЫҚ ДИКТАТУРА
Адамдар жасанды интеллектіден қатты сескенеді, себебі оның бізге бағынбай кетуінен қорқады. Адам-қожайындарына қарсы бүлік шығарып, көшеде көтеріліс жасап, жұрттың бәрін қырып салатын роботтар туралы ғылыми фантастикалық фильмдерді көп көргенбіз. Дегенмен роботтардың нағыз проблемасы мүлде басқа. Олардың өз қожайындарына көзсіз бағынып, ешқашан қарсы шықпайтынынан қауіптенуіміз керек.
Робот қайырымды қожайынға қызмет етсе, көзсіз бағынуда тұрған ештеңе жоқ. Тіпті соғыс кезінде киллер-роботтар қолданылса, тарихта алғаш рет соғыс заңдары бұлжытпай орындалар еді. Адам-солдаттар кейде эмоцияға ерік беру арқылы соғыс заңдарын бұзып, зорлап, тонап, кісі өлтіреді. Біз әдетте эмоцияны аяушылық, жанашырлық және махаббатпен байланыстырсақ та, соғыс кезінде көбіне үрей, жек көру мен қатыгездік сияқты сезімдер басым түседі. Роботтардың эмоциясы жоқ болғандықтан, олар үрей мен өшпенділікке ерік бермей, әскери кодекстің құрғақ заңдарын әрдайым мүлтіксіз орындайды деп сеніммен айта аламыз23.
1968 жылғы 16 мамырда бір топ америкалық солдат Оңтүстік
Вьетнамдағы Ми Лай ауылына сұрапыл шабуылмен басып кіріп, 400-ге жуық бейбіт адамды қырып салады. Бұл – бірнеше ай бойы орманда партизандармен шайқасып келген әскерилер істеген қылмыс. Ол ешқандай стратегиялық мақсатты көздемеді, тіпті АҚШ-тың заңдарына да, әскери саясатына да қайшы келеді. Оған кінәлі – адам эмоциясы24. АҚШ Вьетнамдағы соғысына роботтарды жібергенде, Ми Лай қырғыны ешқашан болмас еді.
Дегенмен әскери робот жасап, оларды соғысқа аттандыруға асықпас бұрын роботтардың өздері жасаған бағдарламаны пайдаланып қана қоймай, оны жетілдіріп отыратынын да ұмытпауымыз керек. Егер оның коды жуас та мейірімді болса, робот орташа адамнан жақсырақ. Егер ол қатыгез де аяусыз болса, мұның салдары өте қорқынышты. Роботтардың басты проблемасы – жасанды сана емес, оларды ойлап тапқан «қожайындарының» табиғи ақымақтығы мен қатыгездігі.
1995 жылғы шілдеде босниялық серб әскері Сребреница қаласының маңында 8 мыңға жуық босниялық мұсылманды қырып тастады25. Кездейсоқ болған Ми Лай оқиғасы сияқты емес, Сребреница қырғыны Босния сербтерінің елді мұсылмандардан арылтуды көздеген «этностық тазалау» саясатының жақсы ұйымдастырылып, ұзаққа созылған нәтижесі еді. 1995 жылы босниялық сербтердің жауынгер роботтары болғанда, бұл айуандықтың ауқымы анағұрлым үлкейер еді. Роботтар еш ойланбастан бұйрықты бұлжытпай орындайды, олар жанашырлықтан, жиіркенгеннен не жай ғана ерінгеннен мұсылманның бірде-бір баласын өлтірмей, аман сақтап қалмайды.
Осындай жауынгер роботтары бар жауыз диктатордың бұйрығы қаншалықты қатыгез әрі тасжүрек болса да, өз солдаттары өзіне қарсы шығады деп қорықпайды. 1789 жылы роботтар армиясы болса, Француз революциясы бесігінде тұншығар еді. Ал 2011 жылы Хосни Мубарактың қолында жауынгер роботтар контингенті болғанда, өзін сатып кетеді деп қорықпай, оларды халыққа қарсы айдап салар еді. Сол сияқты, роботтар жасағына сүйенген империалистік үкімет солдаттар мотивациясын жоғалтады, не олардың жақындары наразылық білдіреді деп қорықпай, халыққа ұнамсыз соғысты бастай береді. Вьетнам соғысы кезінде АҚШ-тың қолында жауынгер-роботтар болғанда, Ми Лай қырғыны болмайтын да шығар, есесіне соғыс әлі де ұзақ жылға созылар еді. Себебі Америка үкіметі сарбаздардың әскери рухының төмендеуі, соғысқа қарсы жаппай наразылық, «ардагер роботтардың соғысқа қарсы қозғалысы» сияқты мәселелерге онша бас қатырмас еді (Американың кейбір азаматтары бәрібір соғысқа қарсы шығары анық, дегенмен әскерге кетеміз деп қорықпаса, кісі қанын мойнына жүктемесе немесе майданға кеткен жақынынан айырылып қан жыламаса, бәлкім, наразылық ауқымды да табанды болмайтын шығар)26.
Пилотсыз азаматтық көліктерде мұндай проблема көп кездеспейді, себебі бірде-бір машина жасаушы өз көлігін «адамды қасақана нысанаға алып, таптап кет» деп әзірлемейді. Ал автономды қару жүйелері үлкен апатқа алып келеді, себебі әлемде этикалық тұрғыдан азғын, тіпті дұшпан үкіметтер өте көп.
Мәселе кісі өлтіретін көлікте ғана емес. Бақылау жүйелерінің де қатері көп. Қайырымды басшылардың қолындағы ықпалды бақылау
алгоритмдері – адамзат тарихындағы ең пайдалы құрал. Дегенмен дәл осы Bіg Data алгоритмдері болашақта «ағалықты» (Bіg Brother) қолдауы мүмкін, ол барлық адамның басқан ізі үнемі бақылауда тұратын Оруэлл режимінің орнауына алып келуі әбден ықтимал27.
Ақыр соңында, тіпті Оруэллдің де қиялына енбеген жағдай орнап, біздің сыртқы іс-әрекетіміз бен айтқан пікіріміз ғана бақыланбай, камера теріміздің астына кіріп, ішкі әлемімізді де қадағалап отыратын жағдай тууы мүмкін. Солтүстік Кореядағы Ким режимінің жаңа технологияны қалай пайдаланатынын елестетіп көріңіз. Болашақта Солтүстік Кореяның әр азаматына әрбір әрекетін, әрбір айтқан сөзін, ол – ол ма, қан қысымы мен миының жұмысын қадағалайтын биометриялық білезік кию міндеттелуі мүмкін. Адам миы туралы білімді және машиналық оқытудың орасан зор мүмкіндіктерін қолдана отырып, Солтүстік Корея режимі тарихта алғаш рет әр азаматтың әрбір сәтте не ойлайтынын толық бақылай алады. Ким Чен Ынның суретіне қарағаныңызда биометриялық сенсорлар ашуланудың белгілерін байқаса (қан қысымыңыз көтеріліп, мидың бадамша пішінді бөлігінде белсенділік артса), ертесі таңертең ГУЛАГ-та жатасыз.
Әрине, оқшаулану саясатының кесірінен Солтүстік Корея режимі қажетті технологияны өздігінен дамыта алмас. Десе де технологиясы дамыған елдерде пайда болған қажетті бақылау құралдарын солтүстіккореялықтар не басқа да кертартпа диктатуралар көшіріп я сатып алуы мүмкін ғой. Қытай мен Ресей де, олармен қатар АҚШ-тан бастап, менің отаным – Израильге дейінгі бірқатар демократиялық елдер де өздерінің бақылау құралдарын үнемі жетілдіреді. «Стартап ұлт» деген атпен белгілі Израильде ерекше дамыған жоғары технология және киберқауіпсіздіктің озық индустриясы бар. Сонымен бірге бұл елдің палестиналықтармен арасы ушығып тұр, сондықтан оның кейбір басшылары, генералдары мен қарапайым азаматтары тиісті технологияға қолы жете сала, Йордан өзенінің батыс жағалауында толық бақылау орнатудан дәмелі.
Қазірдің өзінде палестиналық телефонмен сөйлессе, Facebook-те пост жарияласа не бір қаладан екіншісіне сапарласа, оларды Израильдің микрофондары, камералары, дрондары мен шпиондық құралдары қадағалап тұрған болуы мүмкін. Артынша жиналған ақпарат Bіg Data алгоритмінің көмегімен сарапталады. Бұл Израиль қауіпсіздік күштеріне ешқандай әскери операция ұйымдастырмай-ақ қауіпті дер кезінде байқап, оның көзін жойып отыруға мүмкіндік береді. Палестиналықтар батыс жағалаудағы кейбір қалалар мен ауылдарды басқаратын шығар, есесіне израильдіктер аспанды, әуе толқындарын және киберкеңістікті бақылауына алған. Сондықтан 2,5 миллион палестиналық тұратын батыс жағалауды Израильдің аз ғана әскері бақылап отырғаны таңғалдырмайды28.
2017 жылғы қазанда бір трагикомедиялық оқиға болды. Палестиналық жұмысшы Facebook-тегі жеке аккаунтына жұмыста бульдозердің қасында тұрған суретін салып, астына «Қайырлы таң!» деп жазып қойды. Автоматты алгоритм араб қаріптерін транслитерациялауда мүлт кеткен. Соның салдарынан ол мәтінді «Ysabechhum!» («Қайырлы таң» сөзінің ивритше аудармасы) дегеннің орнына «Ydbachhum!» («Құртыңдар оларды!» деген сөз) деп оқыған. Әлгі жігітті бульдозермен жұртты таптауға әзір тұрған террорист деп ойлаған Израиль қауіпсіздік күштері әп-сәтте тұтқынға алады. Алгоритмнің қателік жібергенін байқаған соң әскерилер оны босатады. Бірақ ол «сақтықта қорлық жоқ» деп, Facebook-тегі күдік тудырған сөзін бәрібір алып тастайды29. Батыс жағалаудағылар қазір басынан кешіп жатқан жағдай болашақта жер-жаһандағы миллиардтаған адамның басына туатын жаппай бақылаудың басы ғана болса керек.
ХХ ғасырдың соңында демократиялық елдер диктатурадан әлдеқайда алда еді, себебі олар мәліметті өңдеу жөнінен озық болды. Демократия ақпаратты өңдеп, шешім қабылдау өкілеттігін адамдар мен институттар арасына таратып берсе, диктатуралар ақпарат пен билікті бір жерге шоғырландырды. ХХ ғасырдағы технологияның жағдайын ескерсек, ақпарат пен билікті бір жерде ұстау онша тиімді емес. Ешбір адамның мұнша ақпаратты жедел өңдеп, дұрыс шешім қабылдайтын мүмкіндігі болған жоқ. Кеңес Одағының Америка Құрама Штаттарымен салыстырғанда тым нашар шешімдер қабылдауының да, Кеңес экономикасының АҚШ-тікінен кенже қалып қоюының да себебі – осы.
Алайда жақын арада жасанды интеллектінің арқасында таразы басы қарсы жаққа аууы мүмкін. Жасанды интеллект аса ауқымды ақпаратты бір орталықтан өңдеуге мүмкіндік береді. Ол – ол ма, жасанды интеллект шашыраңқы жүйеге қарағанда, орталықтандырылған жүйенің жұмысын әлдеқайда тиімді етеді, себебі саралайтын ақпарат көп болған сайын машиналық оқыту жақсырақ жұмыс істейді. Жеке өмір құпиясын сақтап, мәліметтер базасында миллион адамның жартылай ақпаратын жинағанмен салыстырғанда, жеке құпия жайына бас қатырмай, миллиард адамға қатысты барлық ақпаратты бір жерге жинасаңыз, алгоритмдерді әлдеқайда сапалы жұмыс істете аласыз. Мәселен, авторитарлық үкімет барлық азаматтарды ДНҚ-ларын сканерлеп, бүкіл медициналық мәліметті әлдебір орталық өкілетті органға тапсыр деп өкім етсе, ол медициналық ақпаратты адамның жеке құпиясы деп санайтын елдермен салыстырғанда генетикалық және медициналық зерттеулер жөнінен әлдеқайда көп артықшылыққа ие болады. Авторитарлық режимдердің ХХ ғасырдағы басты кемшілігі саналған ақпаратты бір жерге шоғырландыру әрекеті ХХІ ғасырда олардың негізгі артықшылығына айналуы мүмкін.
Алгоритмдер бізді толық танып алғанда, авторитарлық үкіметтер өз азаматтарына толық бақылау орнатады, бұл жағынан олар тіпті нацистік Германиядан асып түседі, ал мұндай режимдерге қарсы тұру мүлде мүмкін емес болып қалады. Режим сенің сезімдеріңді біліп қана қоймай, оларды өз қалауынша өзгертіп отырады. Диктаторлар денсаулық сақтау саласын жақсартып, теңдік орната алмауы мүмкін, бірақ олар жұртты өзін қолдап, қарсыластарын жек көруге мәжбүрлеуі ықтимал. Демократия қазіргі формасында биотехнология мен ақпараттық технологияның қосындысына қарсы тұра алмайды. Не демократия мүлде жаңа формада қайта өмірге келеді немесе адамдар «цифрлық диктатура» дәуірінде ғұмыр кешуге мәжбүр болады.
Бұл Гитлер мен Сталин заманына қайта оралу емес. Нацистік Германия режимі Франциядағы ескі тәртіптен (ancіen régіme) қаншалықты басқаша болса, цифрлық диктатура да гитлерлік Германиядан соншалықты өзгеше. XІV Людовик – билікті қолына шоғырландыруға тырысқан автократ еді, бірақ оның заманауи тоталитарлық мемлекет құруға технологиялық мүмкіндігі жетпеді. Оның билігіне қарсы шыққандар болған жоқ, дегенмен радио, телефон мен пойыз болмағандықтан, ол шалғайдағы Бретон ауылдарында тұратын шаруалардың, тіпті
Париждің қақ ортасындағы қала тұрғындарының күнделікті өмірін қадағалай алмады. Оның жалпыхалықтық партия, бүкіл елді қамтыған жастар қозғалысын не ұлттық білім жүйесін құруға құлқы да, мүмкіндігі де болған жоқ30. ХХ ғасырдың технологиялары Гитлердің бұл істі қолға алуына жағдай жасады. 2084 жылғы цифрлық диктатуралардың мотивациясы қандай болатынын, олардың қолында қанша билік шоғырланатынын болжай алмаймыз, бірақ олардың Гитлер мен Сталинді жай ғана көшіріп отыра бермесі анық. 1930 жылдардағы майданда қайта соғысқысы келіп жүргендерге мүлде басқа жақтан шабуыл жасалуы мүмкін.
Демократия заманға бейімделіп, аман қалған күннің өзінде адамдар жаңа қысым мен дискриминацияның құрбаны болуы ықтимал. Қазірдің өзінде-ақ банктер, корпорациялар мен мекемелер бізге қатысты шешім шығару үшін мәлімет өңдеуде алгоритмдерді көп қолданатын болды. Банктен несие алуға өтініш бергенде, өтінішіңізді адам емес, алгоритм қарастыруы әбден мүмкін. Алгоритм сізге және миллиондаған басқа адамға қатысты көп дерек пен статистиканы өңдеп, сізге несие беруге болатын-болмайтынын анықтайды. Әдетте алгоритм ет пен сүйектен жаралған банк қызметкеріне қарағанда жақсы жұмыс істейді. Бірақ алгоритм кей адамдарды әділетсіз түрде кемсітсе, оны байқау мүмкін емес. Банк сізге несие беруден бас тартып, сіз оның себебін сұрағанда, банк сізге: «Алгоритм солай деді», – деп жауап береді. «Алгоритм неге «жоқ» деді? Менде қандай кінә бар?» – деп сұрасаңыз, банк: «Ол жағын білмейміз. Бұл алгоритмнің тілін ешкім түсінбейді, себебі ол машиналық оқытудың озық үлгісіне негізделген. Бірақ біз алгоритмге сенеміз, сондықтан сізге несие бере алмаймыз», – деп түсіндіреді31.
Әйелдер немесе қаранәсілді адамдар сияқты үлкен топтарға қатысты дискриминация болса, олар жұмылып, бұл кемсітуге наразылық білдіре алады. Ал бұдан былай алгоритм қарақан басыңызды алалауы мүмкін, бірақ сіз оның себебін білмейсіз. Алгоритм сіздің ДНҚ-
ңыздан, жеке өмірбаяныңыздан не Facebook-тегі парақшаңыздан өзіне ұнамайтын әлденені көріп қалуы ықтимал. Алгоритм сізді әйел, яки афроамерикалық болғаныңыз үшін емес, сіз болғаныңыз үшін кемсітуі мүмкін. Сіздің бойыңызда не мәліметтеріңізде алгоритмге ұнамайтын бір кінәрат бар шығар. Оның не екенін біле алмайсыз, білген күннің өзінде наразылық білдіру үшін басқалармен біріге алмайсыз, себебі дәл сіздікіндей мәселемен алаланған адамды таппайсыз. Бұл – тек сіздің мәселеңіз. ХХІ ғасырда топтық дискриминацияның орнына жеке адамды кемсіту проблемасы өрши түсуі ықтимал32.
Биліктің ұшар басында адам басшылар қалып, олар бізді «алгоритм деген – жай ғана кеңесші, ал негізгі билік адамдардың қолында» дегенге сендіруге тырысатын шығар. Біз жасанды интеллектіні Германия канцлері, болмаса Google-дың атқарушы директоры етіп тағайындамайыз. Дегенмен канцлер және атқарушы директор жасанды интеллектінің айтуымен шешім қабылдайды. Канцлер бірнеше нұсқаның ішінен таңдау жасай алатын шығар, бірақ бұл нұсқалардың барлығы Bіg Data сараптамасының негізінде сұрыпталады және ол айналадағы дүниеге адамның емес, жасанды интеллектінің көзқарасы тұрғысынан қарайды.
Мынадай бар мысалды қарастырайық. Бүгінде әлемдегі саясаткерлер бірнеше экономикалық саясаттың бірін таңдайды, бірақ барлық жағдайда олар экономикаға капиталистік тұрғыда қарайды. Саясаткерлер таңдау мүмкіндігіміз бар деп ойлайды, дегенмен экономистер, банкирлер мен бизнесмендер әлдеқашан ең маңызды шешімдерді қабылдап, «мәзірді» даярлап қойған. Енді он-жиырма жылдан соң саясаткерлер жасанды интеллект дайындаған «мәзірден» таңдау жасайтын болады.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ТАБИҒИ АҚЫМАҚТЫҚ
Бір жақсы жаңалық – жасанды интеллектіде сана пайда болып, бүкіл адамзатты құлдыққа алады не жойып жібереді дейтін ғылыми фантастикалық ақырзаман алдағы онжылдықтарда, сірә, орнай қоймайды. Шешім қабылдауда бара-бара алгоритмдерге көп сүйенетін боламыз, бірақ олардың бізді саналы түрде басқара қоюы екіталай. Оларда сана пайда болмайды.
Ғылыми фантастика интеллектіні санамен шатастырады және интеллект жөнінен адаммен теңесіп, не одан басып озу үшін компью-
терлер сананы дамытуы керек деп тұжырымдайды. Жасанды интеллект туралы фильмдер мен романдардың барлығында шиеленіс компьютерде не роботта сана пайда болған таңғажайып сәт төңірегінде өрбиді. Содан кейін не бір адам роботқа ғашық болып қалады, не робот бүкіл адамды қырып салуға кіріседі, болмаса осы екі жайт қатар жүреді.
Бірақ шынайы өмірде жасанды интеллектіге сана кіреді деп тұжырымдауға еш негіз жоқ, себебі интеллект пен сана – мүлде бөлек ұғымдар. Интеллект – мәселелерді шешу қабілеті. Ал сана – ауырсыну, қуану, ғашық болу және ашулану сияқты сезімдерді сезіну қабілеті. Бұл екеуін жиі шатастырамыз, себебі адамдар мен басқа сүтқоректілерде интеллект пен сана қатар жүреді. Сүтқоректілер проблеманың көбін сезім арқылы шешсе, компьютерлер мәселені мүлде басқа жолмен реттейді.
Интеллектіні дамытудың бірнеше жолы бар, бірақ солардың кейбірі ғана сананы тудыра алады. Қауырсыны жоқ ұшақтың құстан да жылдам ұшатыны сияқты, сезімі жоқ компьютер де мәселені адамға қарағанда жақсырақ шеше алуы мүмкін. Иә, адамның дертін дұрыс емдеу үшін, террористі жазбай тану үшін, кісіге жұп таңдап беру үшін, болмаса адам толы көшеде жол нұсқау үшін жасанды интеллект кісінің сезімдерін мұқият саралауға тиіс. Бірақ ол мұны ештеңені сезінбестен орындай алады. Қуанған, ашуланған және қорыққан маймылдың бойындағы түрлі биохимиялық ерекшеліктерді танып-білу үшін қуанышты, реніш пен үрейді алгоритмнің өзі де сезінуі міндетті емес.
Әрине, жасанды интеллект бұл сезімдерді мүлде дамыта алмайды деуге болмас. Шынын айтсақ, әзірге сана туралы көп нәрсе білмейміз. Жалпы, үш мүмкіндікті қарап көруіміз керек:
1. Сананың органикалық биохимиямен әлдебір байланысы бар, сондықтан бейорганикалық жүйелерде сананың қалыптасуы мүмкін емес.
2. Сананың органикалық биохимиямен қатысы жоқ, есесіне оның интеллектімен әлдебір байланысы бар. Компьютерлер интеллектісінің деңгейі белгілі бір шектен асқан кезде, оларда сана қалыптасуға тиіс.
3. Сананың органикалық биохимиямен де, жоғары интеллектімен де ерекше байланысы жоқ. Сондықтан компьютерлер сананы қалыптастыруы да, қалыптастырмауы да мүмкін. Олардың интеллектісі тым жоғары болғанымен, бәрібір саналы деңгейге жетпеуі ықтимал.
Адам туралы қазіргі білім деңгейінен қарасақ, бұл нұсқалардың ешқайсысын жоққа шығармаймыз. Сана туралы біліміміз мардымсыз болғандықтан, жақын арада саналы компьютер жасап шығара қоюымыз екіталай. Сондықтан жасанды интеллектінің ықпалына қарамастан, таяу болашақта оның кәдеге жарауы көбіне адамның ақыл-санасына байланысты болатын тәрізді.
Мұндағы қауіп – егер біз жасанды интеллектіні дамытуға тым көп көңіл бөліп, адам ақыл-санасын ұмыт қалдырсақ, онда компьютерлердің керемет дамыған жасанды интеллектісі адамдардың табиғи ақымақтығын одан сайын үдетіп жіберуі ықтимал. Алдағы онжылдықтарда роботтар көтерілісі болуы неғайбыл, есесіне эмоциялық нүктелерімізді қалай басуға болатынын анамыздан артық білетін боттар ордасы пайда болып, біреулер осы ерекше қабілетті бізге әлденені (автокөлікті, саясаткерді не бүкіл бір идеологияны) сату мақсатына қолдануы ықтимал. Боттар ішкі үрейімізді, өкпе-ренішіміз бен қалауымызды білген соң, осы ішкі тетіктерді өзіміге қарсы пайдалана алады. Әлемнің түкпір-түкпірінде болған соңғы сайлаулар мен референдумдарда мұның дәмін де татып көрдік, хакерлер адамдар туралы мәліметті және олардың нанымдарын пайдаланып, сайлаушыларды басқарудың жолдарын үйреніп алған33. Ғылыми фантастикалық триллерлер от пен түтінге тұншыққан қиямет-қайымды суреттесе, шын мәнісінде, біз компьютер тінтуірін түрту арқылы ақырзаманға таяп қалуымыз мүмкін.
Бұл жағдайдан қашу үшін жасанды интеллектіні дамытуға жұмсалған әр доллар мен әр минутпен қатар, адам санасын дамытуға да соншалықты ақша мен уақыт арнауымыз керек. Адамның қабілетін саналы тіршілік иесі ретіндегі ұзақмерзімдік қажеттіліктер тұрғысынан емес, көбіне экономикалық және саяси жүйелердің дәл қазіргі қажеттіліктері тұрғысынан зерттейміз. Бастығым электронды поштама жөнелткен хатына жылдам жауап бергенімді қалайды, бірақ ол менің ішкен асымның дәмін сезініп, одан қаншалық ләззат алатыныма қызықпайды. Соның салдарынан мен сезімдеріме мән беруден қалып, тіпті тамақтанып отырып та поштамды тексеремін. Экономикалық жүйе менен инвестициялық портфолиомды кеңейтуді және әртараптандыруды талап етеді, бірақ ол менің жанашырлық сезімімді тереңдетіп, әртараптандыруға ынталандырмайды. Сондықтан мен адамдардың мұң-мұқтажын түсінуге көп күш жұмсамаймын, есесіне қор нарығының ықпыл-жықпылын зерттеуге ерекше мән беремін.
Бұл жағынан адамдар үй жануарларына ұқсас. Біз көп сүт беретін жуас сиыр өсірдік, бірақ олар ежелгі сиыр тұқымдастардан әлдеқайда нашар еді. Үй сиыры дала жануары сияқты әбжіл де, кезбе де, айлалы да емес34. Біз қазір алып мәлімет өңдеу механизміндегі аса тиімді микросхема сияқты жұмыс істейтін, ауқымды мәлімет беретін «қолға үйретілген» адам қалыптастырып жатырмыз. Бірақ бұл «дата-жануарлар» адам әлеуетін арттыра алмайды. Ол – ол ма, біз тіпті адамның әлеуеті қандай екенін білмейміз де, оның орнына интернеттің жылдамдығына, Bіg Data алгоритмдерінің тиімділігіне мән береміз. Абайламасақ, қабілет-қарымы азайған адам күшейген компьютерлердің көмегімен өзін де, бүкіл жержүзін де астан-кестен қылуы мүмкін.
Цифрлық диктатура алда тұрған жалғыз қауіп емес. Либералдық тәртіп, еркіндік, теңдікке де ерекше маңыз берейік. Либерализм саяси теңдікті ерекше қолдады, кейін біртіндеп экономикалық теңдіктің де маңызды екенін түсінді. Әлеуметтік қорғау мен экономикалық теңдік болмаса, еркіндіктің құны көк тиын. Алайда еркіндікті жойып жіберетіні сияқты, Bіg Data алгоритмдері бұрын-соңды болмаған теңдігі жоқ қоғамдарды қалыптастыруы да ықтимал. Байлық пен билік үркердей ғана элитаның қолына шоғырланып, халықтың басым бөлігі қанаудан емес, одан да нашар құбылыс – қажетсіздіктен жапа шегуі мүмкін.
4-ТАРАУ
Теңдік
Мәліметке иелік ету – болашаққа иелік ету
Соңғы бірер онжылдықтарда біз «адамзат теңдікке апарар жолда тұр, жаһандану мен жаңа технология жақында соған жеткізеді» дегенді құлағымызға сіңірумен келеміз. Іс жүзінде ХХІ ғасыр тарихтағы ең бір теңдігі жоқ қоғамды қалыптастырмақ. Жаһандану мен интернет мемлекеттер арасын жақындастырғанымен, таптарды бір-бірінен алшақтата түскен. Адамзат енді ғана толық біріктік деген кезде, түр ретінде әркелкі биологиялық касталарға бөлініп кетуі ықтимал.
Теңсіздік тамырын сонау тас ғасырынан тартады. Осыдан 30 мың жыл бұрын аңшы-терімшілер қауымының кей мүшелерін піл сүйегінен жасалған моншақ, білезік және әшекей тағып, өнер туындыларымен көмкеріп, арулап жерлесе, енді біреулерін шұңқырға апарып көме салған. Соған қарамастан, ежелгі аңшы-терімші қауымдар одан кейінгі қоғамдарға қарағанда әлдеқайда эгалитарлы болды, себебі олардың дүние-мүлкі өте аз еді. Ұзақ теңсіздікке бастаған негізгі алғышарт – жеке меншік.
Ауылшаруашылық революциясынан кейін адамдардың меншігі де көбейді, онымен бірге теңсіздік те өршіді. Адамдар жерге, малға, өсімдікке және құрал-жабдыққа иелік ете бастағанда қатаң иерархиялық қоғамдар пайда болды, онда шағын ғана элита байлық пен биліктің көп бөлігін иеленіп, оны ұрпақтан-ұрпаққа қалдырды. Адамдар бұл тәртіпті табиғи нәрсе, тіпті Құдайдың маңдайға жазғаны деп қабылдады. Иерархия жай ғана норма емес, үлгі-идеал еді. Аристократия мен қара халық, еркек пен әйел, ата-ана мен бала арасында нақты иерархия болмаса, тәртіп орнай ма? Діндарлар, философтар және ақындар мұны ерінбей-жалықпай түсіндіріп келеді. Адамның аяғы басқа бағынады, демек, адамның дене мүшелерінің өзі бір-біріне тең емес. Адамзат қоғамында толық теңдік орнауы жаппай хаосқа әкеледі деген түсінік қалыптасты.
Дегенмен кейінгі жаңа заманда адамзаттың барлық қоғамдарында теңдік жаппай идеалға айналды. Бір жағынан, бұл коммунизм мен либерализм сияқты жаңа идеологиялардың пайда болуынан еді. Дегенмен оған қалың бұқараның маңызын арттырған индустриялық революция да себеп болды. Индустриялық экономика қара жұмысшыларға арқа сүйесе, индустриялық армия қарапайым солдаттардан құралды. Демократиялық елдер мен диктатуралардың үкіметтері бұқараның денсаулығына, білімі мен әл-ауқатына қыруар ақша шашты, себебі оларға өндіріс конвейерлерінде жұмыс істейтін миллиондаған дені сау жұмысшы мен майдан даласында соғысатын миллиондаған адал әскер қажет болды.
Соның салдарынан ХХ ғасыр тарихының басым бөлігі таптар, нәсілдер мен гендерлер арасындағы теңсіздікті азайтудан құралды. 2000 жылдарда дүниежүзінде әлі де иерархия сақталғанымен, ол 1900 жылдардағы әлеммен салыстырғанда әлдеқайда тең қоғам құра алды. ХХІ ғасырдың табалдырығында тұрғанда жұрт эгалитарлық процестің жүре беретініне, тіпті үдей түсетініне сенді. Әсіресе олар жаһандану бүкіл әлемді экономикалық тұрғыдан гүлдендіре түседі, соның арқасында Үндістан мен Египет халқы Финляндия мен Канада тұрғындарымен бірдей мүмкіндіктер мен артықшылықтарға ие болады деп үміттенді. Осы үміт жетегінде тұтастай бір буын ержетті.
Бұл үміттің алдамшы екені енді ғана түсінікті болды. Жаһандану адамзат қоғамының көп бөлігіне игілік әкелгені шүбәсіз, дегенмен қоғамдардың арасында және әр қоғамның өз ішінде теңсіздіктің
нышандары байқалады. Кей топтар жаһанданудың жемісін монополиялап алса, миллиардтаған адам тасада қалып қойды. Қазірдің өзінде ең бай 1% адам әлемдегі байлықтың жартысына иелік етіп отыр. Ең үрейлісі – аса бай 100 адамның дүние-мүкаммалы ең кедей 4 миллиард адамдікінен көп1.
Жағдай бұдан әрі нашарлай түсуі мүмкін. Алдыңғы тарауларда айтылғандай, жасанды интеллект қалың бұқараның экономикалық құндылығы мен саяси билігін тартып алуы ықтимал. Сонымен бірге биотехнологияның дамуы экономикалық теңсіздікті биологиялық теңсіздікке айналдыруға мүмкіндік бермек. Аса дәулетті топ қисапсыз байлығын кәдеге жаратуға лайық дүниені енді табатын сияқты. Бұған дейін олар биік мәртебе символдарын сатып алудан әріге бара алмаса, енді өмірдің өзін сатып алуы ықтимал. Адам өмірін ұзартуға, оның физикалық және когнитивті мүмкіндіктерін жақсартуға қажет ем қымбат тұрса, адамзаттың биологиялық касталарға бөлініп кетері кәміл.
Бұған дейінгі тарихта байлар мен ақсүйектер «басқа қара халықтан ерекше қабілеттіміз, сондықтан барлығы біздің қолымызда» деп санады. Шынтуайтына келсек, бұл жалған сенім еді. Ортақол герцогтің ортақол шаруадан асып тұрған еш таланты жоқ болатын, ол тек әділетсіз құқықтық және экономикалық дискриминацияның арқасында өктемдік етті. Ал 2100 жылға қарай жатақ тұрғындарымен салыстырғанда, байлар, расымен де, анағұрлым талантты, креативті әрі ақылды бола алады. Бай мен кедей арасындағы қабілет айырмасы бір ұлғайса, оны қайта қалпына келтіру мүмкін болмай қалады. Байлар бойындағы ерекше қабілетін одан әрі байи түсуге қолданса, көп ақшаға мықты денсаулық пен сапалы ми сатып ала алса, уақыт өте келе, бұл алшақтық ұлғая түспек. 2100 жылға қарай ең бай 1% халық жаһандағы байлық атаулының басым бөлігін ғана емес, сұлулықты, креативтілік пен денсаулықты да иеленуі ықтимал.
Биоинженерия мен жасанды интеллектінің дамуы сияқты, екі процесс бірлесіп, адамзаттың екі тапқа бөлінуіне алып келуі мүмкін. Бір жақта суперадамдардың шағын табы болса, екінші жақта қажетсіз Homo sapіens бұқарасы қалмақ. Онсыз да үрейлі жағдайды одан сайын ушықтыратын бір жайт бар: қалың бұқара экономикалық маңызы мен саяси билігінен айырылған соң, мемлекет олардың денсаулығына,
білімі мен әл-ауқатына ақша салуға деген қажеттілікті тоқтата бастауы ықтимал. Олардың тым көптігі өте қауіпті. Онда нөпір халықтың болашағы аз ғана элитаның қалауына тәуелді болады. Бәлкім, олар он-жиырма жыл қайырымды болар. Алайда климат өзгеруі сияқты дағдарыс туа қалса, «керексіз адамдарды лақтырып тастайық» дейтін ой қылаң беруі әбден мүмкін.
Франция, Жаңа Зеландия сияқты либералдық құндылықтар орнығып, бақуатты қоғамға айналған мемлекеттерде элита қалың бұқараны қажетсінбесе де, оларға қамқорлық жасай беретін шығар. Ал капиталистік дәстүр әлдеқайда мығым АҚШ сияқты елдерде, элита, керісінше, мүмкіндік туа сала әлеуметтік мемлекет сарқыншағынан құтылуға асығатын сияқты. Дегенмен Үндістан, Қытай, Оңтүстік
Африка, Бразилия сияқты ірі дамушы мемлекеттер ең үлкен мәселеге кезігетін тәрізді. Бұларда қарапайым халық экономикалық құндылығын жоғалтқан күні теңсіздік күрт артуы мүмкін.
Соның кесірінен әлемдік бірлікке алып келеді деген жаһандану, ақыр соңында, «түрлерге бөлінуге», яғни адамзаттың түрлі биологиялық касталарға, тіпті әркелкі түрлерге бөлшектенуіне апарып соғуы ықтимал. Жаһандану ұлттық шекараларды жою арқылы жер шарын горизонтальді түрде біріктіргенімен, есесіне осы аралықта адамзатты вертикальді түрде бөлшектей бермек. АҚШ, Ресей сияқты алуан түрлі елдердегі билеуші олигархиялар қарапайым Sapіens-тер тобырына қарсы күш біріктіруі ықтимал. Осы тұрғыдан алғанда, халықтың «элитаға» жиіркене қарауы негізді де. Абай болмасақ, Кремний алқабының магнаттары мен мәскеулік миллиардерлердің немерелері Аппалачи таулары мен Сібірдегі ауыл тұрғындарының немерелерінен әлдеқайда үстем түрге айналуы бек мүмкін.
Ұзақ мерзім тұрғысынан қарасақ, бұл сценарий «кері жаһандануды» жүзеге асыруы ықтимал. Яғни жоғарғы каста өз «өркениетінің» ішіне шоғырланып, оны сырттағы «жабайылардан» қорғау үшін бекініс тұрғызып, ор қаза ма екен? ХХ ғасырда индустриялық өркениет арзан жұмыс күші мен шикізат көзі және нарық ретіндегі «жабайы» бұқараға кіріптар болды. Сондықтан оларды жаулап алып, өзіне қосты.
Ал жасанды интеллект, биоинженерия мен нанотехнологияға арқа сүйеген ХХІ ғасырдың постиндустриялық өркениеті өзін-өзі қамтамасыз етіп, тәуелсіз ғұмыр кеше алады. Тұтас таптар ғана емес, бүтін мемлекеттер, тіпті құрлықтар қажетсіз болып қалуы мүмкін. Киборгтер өзара логикалық бомбаның көмегімен соғысып жүрген «өркениетті аймақтарды» дрондар мен роботтар қорғап, бұл бекіністі қылыш пен Калашников кезеніп, өзара шайқасып жүрген жабайы адамдардан бөліп тұрмақ.
Осы кітаптың өн бойында адамзаттың болашағы туралы айтқанда, көбіне бірінші жақта сөйлеймін. Проблемаларымызды шешу үшін «біздің» не істеуіміз керегін айтамын. Бірақ «біз» деген жоқ шығар? Бәлки, ең басты мәселеміз – адамның түрлі топтарын бір-бірінен мүлде өзгеше болашақ күтіп тұрған болар? Әлемнің бір түкпірінде біреулер балаларына компьютер кодтарын жазуға машықтандырса, енді бір аймақтағылар пистолетті жылдам тартып алып, оқты дәл тигізуді үйретуі қажет шығар?
МӘЛІМЕТ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?
Бүкіл байлық пен билік шағын элитаның қолына шоғырланбасын десек, мәліметке иелік ету жайын реттеуіміз керек. Бұрынғы замандарда ең басты актив жер еді, ал саясат жерді бақылау төңірегінде дамыды. Тым көп жер аз ғана адамның қолына тигенде, қоғам ақсүйектер мен қара халыққа бөлініп кетті. Осы заманда жерден гөрі машиналар мен зауыт-фабрикалардың маңызы артты, сондықтан саяси күрес осы өндіріс құралдарын бақылау төңірегінде өрбіді. Тым көп машина аздаған адамның бақылауына көшіп, қоғам капиталистер мен пролетариатқа бөлініп кетті. Ал ХХІ ғасырда мәлімет ең басты активке айналып, жердің де, машинаның да орнын басады, ал саясат мәлімет ағынын бақылау мәселесінің айналасында дамиды. Тым көп мәлімет аз ғана адамның қолына шоғырланса, адамзат әркелкі түрлерге бөлініп кетуі ықтимал.
Google, Facebook, Baіdu және Tencent сияқты мәлімет алыптары бастаған ақпарат үшін соғыс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Әзірге бұл
алыптардың көбі «назар саудагерлерінің» бизнес-модельдерін пайдалануда2. Олар тегін ақпаратпен, қызмет түрлерімен және ойын-сауықпен өзіне қаратып алып, біздің «назарымызды» жарнама берушілерге сатумен айналысады. Десе де мәлімет алыптарының мақсаты «назар саудагерлерінікінен» әлдеқайда биікте жатса керек. Олардың негізгі бизнесі жарнама сату емес. Оның үстіне өзіне қарату арқылы олар біз туралы аса ауқымды мәлімет жинап алады, ал бұл жарнама табысынан әлдеқайда құнды. Біз олардың клиенті емес, өніміміз.
Орта мерзімде қарасақ, бұл қордаланған мәлімет мүлде жаңа бизнес-модельдің қалыптасуына жол ашады, одан ең бірінші болып жарнама индустриясының өзі жапа шегеді. Жаңа модель билікті, соның ішінде таңдау және заттарды сатып алу билігін адамнан алгоритмге көшіруге негізделеді. Заттарды біз үшін алгоритмдер таңдап, сатып ала бастағанда, дәстүрлі жарнама индустриясының күні бітеді. Google-ды алып қарайық. Google өзінен кез келген нәрсені сұрап, әлемдегі ең керемет жауап алатындай жағдайға жетуге ұмтылады. Біз Google-дан «Уа, Google, машиналар және мен туралы (қажеттіліктерім, әдетім, жаһандық жылынуға қатысты көзқарасым, тіпті Таяу Шығыстағы саясатқа қатысты ұстанымым) білетініңнің барлығын негізге ала отырып айтшы, мен үшін ең дұрыс көлік қайсысы?» деп сұрайтын жағдайға жеттік делік. Google бұл сауалға ең дұрыс жауапты берсе, әрі осыған дейінгі тәжірибеміз бойынша тез құбылатын өз сезімімізге емес, Google-дың даналығына көбірек сенсек, машина жарнамасын пайдаланудың қажеті қанша3?
Ұзақ мерзім тұрғысынан қарасақ, жеткілікті мәлімет пен лайықты есептеу қуатына қол жеткізген соң, мәлімет алыптары өміріміздің ең терең құпияларына қол сұғып, біз үшін шешім қабылдап, бізді басқаруға ғана емес, органикалық өмірді қайта реттеп, бейорганикалық өмір формаларын қалыптастыруға да осы мағлұматты пайдалануы ықтимал. Жуық арада жұмысын жүргізу үшін мәлімет алыптарына жарнама сату әлі де керек шығар, бірақ олар бағдарламалық қосымшаларды, өнімдер мен компанияларды тапқан ақшасының негізінде емес, жинаған ақпаратына орай бағалайды. Танымал қосымшаның бизнес-моделі дұрыс болмауы немесе шығынға батуы мүмкін, дегенмен мәлімет
жинауға кіріссе, оның құны миллиардтаған долларға шарықтап кетпек4. Бар мәліметтен қалай ақша жасауды әлі білмесек те, оны жинай берген жөн, себебі болашақта ол ақпарат өмірді бақылап, оны өзгертуге мүмкіндік беретін кілтке айналады. Мәлімет алыптары бұл жөнінде дәл осы бағытта ойлай ма, жоқ па – оны нақты айта алмаймын, дегенмен доллар мен цент жинағанша, мәлімет жинауды бағалайтынын олардың іс-әрекеттері аңғартады.
Қарапайым адамдар бұл процеске қарсы тұра алмайды. Қазір адамдар қолындағы ең құнды активі – жеке мәліметтерін тегін электронды хат, мысықтың күлкілі видеосы сияқты қызметтерге алмастыра салуға бейім. Африка мен Американың байырғы тұрғындары да дәл осылай білместікпен тұтас мемлекеттерді еуропалық империалистерге сәнді моншақ пен арзан ұсақ-түйекке айырбастап жіберген еді. Кейін қарапайым адамдар мәліметтің ағынын тоқтатқысы келсе, әсіресе егер ол денсаулығы мен өміріне қатысты мәселенің барлығында шешім қабылдауды желіге сеніп тапсырса, бұған тосқауыл болу қиындай бермек.
Адам мен компьютер бір-бірімен біте қайнасқаны сондай – адамдар желіден ажырағысы келген күннің өзінде, өз бетімен тіршілік етуден қалуы мүмкін. Шарана анасының жатырында жатқанда-ақ компьютерге жалғанады, ол кейін өсе келе одан ажырағысы келсе, сақтандырушы компаниялар – оны сақтандырудан, жұмыс берушілер – жұмысқа алудан, ал емханалар медициналық қызмет көрсетуден бас тартуы ықтимал. Денсаулық пен жеке өмір құпиясының арасындағы үлкен күресте денсаулық жеңіске оп-оңай жететін тәрізді.
Биометрикалық сенсорлар арқылы ақылды машинаға денеңіз бен миыңыздан мәлімет неғұрлым көп құйылған сайын корпорациялар мен мемлекеттік мекемелерге сізді танып-біліп, басқару, сіздің атыңыздан шешім қабылдау жеңілдей бермек. Бұдан да маңыздысы – олар барлық дене мен мидың ішкі механизмдерінің құпиясын ашып, тіршілікке әмір жүргізу құдіретіне қол жеткізуі ықтимал. Шағын элитаның жаратушыға тән осы құдіретті монополиялап алуына жол бермеу үшін, адамзаттың түрлі биологиялық касталарға бөлшектеніп кетуін болдырмау үшін жалғыз ғана сұрақ қоямыз: Мәліметке кім иелік етпек? ДНҚ, миым және өмірім туралы ақпарат өзімде бола ма, әлде үкіметке, корпорацияға не адамдар тобына тиесілі ме?
Мәліметті мемлекет меншігінде сақтау құқығын үкіметтің қолына берсек, бұл ірі корпорациялардың билігін шектер, бірақ жантүршіктірер цифрлық диктатураға алып келуі мүмкін. Саясаткерлер кәдімгі музыканттарға ұқсайды, ал олардың қолындағы аспабы – адамның эмоциялық және биохимиялық жүйесі. Олар сөз сөйлесе, бүкіл елдің зәре-құты қашады. Бір туит жазса, өшпенділіктің тығыны ағытылады. Осы музыканттардың қолына бұдан да керемет аспапты берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Саясаткерлер біздің эмоциялық түймемізді тікелей басуды үйреніп, бойымызда өз қалауымен үрей, ғадауат, махаббат не жалығу сезімдерін тудыра алса, саясат нағыз циркке айналады. Ірі корпорациялардың үстемдігінен қанша қорықсақ та, билеп-төстеуші үкіметтердің қол астында жағдай жақсырақ болатынына тарихи сабақ кепіл болмайды. 2018 жылдың наурызында кітап жазып отырған өзімді мысалға алсам, жеке мәліметімді Владимир Путиннен гөрі Марк Цукербергке сеніп тапсырар едім (десе де Cambrіdge Analytіca-дағы дау-дамай көрсеткендей, жақсы бір жол таптым дей алмаймын, себебі Цукербергке берген мәліметің күндердің бір күнінде Путиннің қолына түсуі әбден мүмкін).
Ең дұрысы – мәліметке жеке меншік құқығы идеясы, бірақ мұның не екені әлі де түсініксіз. Жерге жеке меншік құқығын реттеуге мыңдаған жыл уақыт кетті. Жердің айналасын бекініспен қоршап, кіреберіске күзет қоя аламыз, оған кімнің кіріп-шығатынын өзіміз анықтаймыз. Соңғы екі ғасырда өнеркәсіпке меншік орнатуда ерекше жетістікке жеттік. Нәтижесінде қазір акцияларын сатып алу арқылы мен General Motors пен Toyota-ның кішкене бөлігіне иелік ете аламын. Бірақ біздің мәліметті меншіктеу бойынша тәжірибеміз мардымсыз. Бұл өзі – тым ауыр жұмыс, себебі жер және зауыт-фабрикамен салыстырғанда, мәліметтің жүрмейтін жері жоқ, бір жағынан, оны қолмен ұстап, көзбен көру де қиын. Ол жарық жылдамдығымен таралуы да мүмкін, әрі оның көшірмесін қанша жасасаң да өзің білесің.
Сондықтан заңгерлер мен саясаткерлерге, философтарға, тіпті ақындарға қайырылып, осы бір қиын шаруаға назар аударуды сұрау керек. Мәліметке меншікті қалай реттейміз? Бұл біздің дәуірдің ең маңызды саяси сұрағы сияқты. Жақын арада осы сауалдың жауабын таба алмасақ, біздің қоғамдық-саяси жүйеміз күйреуі мүмкін. Қазір-ақ адамдар апаттың жақын қалғанын сезіп отыр. Жержүзіндегі адамдардың осыдан он-ақ жыл бұрын бұлтартпас ақиқаттай көрінген либерализм идеясынан көңілі қала бастағанының себебі де содан шығар.
Сонда қалай алға жылжып, биотехнология мен ақпараттық технология революцияларының қисапсыз сын-қатеріне қалай төтеп береміз? Күллі әлемді өз қолымен қиратып жатқан ғалымдар мен кәсіпкерлер қандай да бір технологиялық шешім табатын шығар? Мәселен, алгоритмдер желісі жаһандық адамзат қауымдастығына ортақ бір негіз қалап, барлық мәліметті сонда жинап, тіршіліктің әрі қарайғы дамуын қадағалай ала ма? Әлемдік теңсіздік ұлғайып, жаһанның түкпір-түкпірінде әлеуметтік шиеленіс күшейіп жатқан кезде Марк Цукерберг 2 миллиард френдіне «күш біріктіріп, ортақ шешім табайық» деп үн тастайтын шығар?
екІНШІ БӨЛІМ
Саяси сын-қатерлер
Ақпараттық техника мен биотехнологияның бірігуі еркіндік пен теңдіктің заманауи құндылықтарына зор қауіп төндіреді. Технологиялық мәселенің кез келген сүрлеуі жаһандық ынтымақтастыққа жетелеуі керек еді. Бірақ ұлтшылдық, дін мен мәдениет адамзатты дұшпан тараптарға бөліп, жаһандық деңгейдегі ынтымақтастық орнатуды қиындатып жіберді.
5-ТАРАУ
Қауымдастық
Адамдардың тәні бар
Калифорния зілзалаға үйренгенімен, АҚШ-та өткен 2016 жылғы сайлаудағы саяси дүмпулерден Кремний алқабы кәдімгідей есеңгіреп қалды. Мәселенің бір ұшы өздерінде екенін түсінген компьютер кемеңгерлері инженерлерге тән ұшқырлықпен іс-қимылға кірісіп, техникалық шешім табу жолында жанталасты. Әсіресе Facebook-тің Менло-Парктегі штаб-пәтеріндегі дауыс қаттырақ шықты. Оның себебі де айқын. Facebook-тің бизнесі – әлеуметтік желілер ғой, сондықтан әлеуметтік дағдарыстың толқынына компания төтеп бере алмас еді.
Жағдайды талдап-таразылаған үш айдан кейін, 2017 жылдың 16 ақпанында Марк Цукерберг жаһандық қауымдастық құрудың қажеттігі, ол жобадағы Facebook-тің рөлі жайлы ерекше батыл манифест жариялады1. Ал 2017 жылдың 22 маусымында Гарвард түлектеріне арнап сөйлеген сөзінде біздің заманның әлеуметтік-саяси дағдарысы – тізгінсіз кеткен нашақорлықтан бастап қанқұйлы тоталитарлық режимге дейін – белгілі бір деңгейде адамзат басының бірікпеуінің кесірі екенін түсіндірді. «Кейінгі онжылдықтарда әртүрлі топтарға мүше болу төрт есеге қысқарған. Жаңа бір нәрседен мақсат іздеп шарқ ұрған адам саны көбейді»2, – деген еді ол күйініп. Facebook сондай қауымдастықтардың
қайта құру қозғалысының басы-қасында болатынын жариялаған
Цукерберг: «Компания инженерлері жергілікті дінбасылардың орнын алмастырады», – деп уәде берді: «Қауымдастық құруды жеңілдететін бірнеше құрал ұсынғымыз келеді», – деді ол.
«Сіздер маңызды деп санайтын үздік топ құра аламыз ба, соны байқау үшін жоба бастадық. Осы мақсатпен жасанды интеллект жасауды қолға алдық. Мұның нәтижесі де жоқ емес. Алғашқы жарты жылда біздің көмегімізбен 50%-дан аса қолданушы өздері маңызды деп санаған қауымдастықтарға бірікті», – дейді Цукерберг. Басты мақсат: «Бір миллиард адамның, шынында да, маңызды топтарға қосылуына жәрдемдесу... Қолымыздан келсе, жылдар бойы топтарға бірігуі баяулаған процестің тұла бойына қан жүгіртіп қана қоймай, әлеуметтік байланыстарды нығайтып, әлемді біріктіреміз». Бұл мақсаттың асқаралы таудай биіктігі сонша – Цукерберг: «Бұл үшін Facebook-тің күллі миссиясын өзгертуге дайынмын»3, – деп ант-су ішті.
Адамзат қауымдастығының ыдырағанына күйінген Цукерберг сөзінің жаны бар. Алайда Цукерберг ант-су ішкен оқиғадан соң бірнеше ай өткенде, дәл осы кітабымызды тасқа басуға дайындалып жатқан тұста, Cambrіdge Analytіca айқай-шу көтеріп, Facebook-ке сеніп тапсырған мәліметтер үшінші тараптың қолына түсіп, оны әртүрлі мемлекеттер сайлаудың айла-шарғысына пайдаланғаны белгілі болып қалды.
Цукербергтің асқаралы таудай уәдесі мазаққа айналып, Facebook сенімнен айырылды. Иә, жаңасын құрмастан бұрын бұл желі қазір тіршілік етіп жатқан қауымдастықтардың қауіпсіздігі мен құпиясын сақтауды естен шығарып алмаса екен дейсің.
Дегенмен Facebook-тің жалпы тұжырымдамасына тереңірек үңілген жөн және, әрине, қауіпсіздікті күшейткен соң әлеуметтік желілер жаһандық қауымдастық құра ала ма – соның байыбына барып алу керек. ХХІ ғасырда адамдардың құдайға айналуға барлық мүмкіндігі бола тұра, 2018 жылы біз әлі де тас ғасырының бәз-баяғы жануары ғанамыз. Өркендеу үшін қауымдастыққа бұрынғыдай біріккеніміз дұрыс. Миллиондаған жыл бойы адамзат жүздеген адамнан аспайтын шағын топтарға бірігіп өмір сүрді. Тіпті қазірдің өзінде, Facebook-те қанша досы бар екеніне қарамастан, ешкім де 150-ден аса адамның
есімін есте сақтай алмайды4. Мұндай топтардың мүшесіне айнала алмаған адам жатырқап, жалғызсырайтыны ешкімге де таң емес.
Өкінішке қарай, соңғы екі ғасырда өте жақын қауымдастықтар, шынымен де, ыдырап кетті. Бірін-бірі өте жақсы білетін шағын топтардың адамдарын қиялдағы ұлттық қауымдастықтар мен саяси партияларға алмастыру талпынысы сәтті бола қойған жоқ. Ұлттық отбасындағы ағайыныңыз немесе коммунистік партияңыздағы миллиондаған жолдасыңыз бір ғана туған бауырыңыздың не болмаса нағыз досыңыздың ыстық құшағын алмастыра алмайды. Осылайша күннен-күнге тарылып келе жатқан әлемде адамдар сәт сайын жалғызсырай түсуде. Біздің заманымыздың әлеуметтік және саяси дауылдары дәл осы кеселді одан сайын өршіте соғады5.
Сондықтан Цукербергтің адамдарды біріктіру туралы ойы дер кезінде айтылды деуге болады. Алайда айтуға ғана оңай. Осы идеясын жүзге асыру үшін Facebook-ке бизнес-моделін өзгертуге тура келетін шығар. Адамдардың назарын өзіңе аударып, ол назарды жарнама берушілерге сату арқылы ақша тауып отырып, жаһандық қауымдастықты құру қиынға соғады. Мұндай қиындықтарға қарамай, ойын жайып салған Цукербергке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Корпорациялардың көпшілігі мынандай ұстанымды ту етіп алған: ақшаны күреп табуы керек, мемлекеттің ықпалы барынша аз болғаны жөн, ал адамдар өздері үшін маңызды қадам жасайтын нарықтық күш-қуатқа сенім артуға тиіс6. Демек, Facebook адамзат қауымдастығын құрамын деген шынайы идеологиялық бұлжымас сенімде болса, оның бишігінен қорыққандар «ағалыққа ұмтылдың» деп айғайлап, бұл желіні корпоративтік бастапқы жолына кері итермеуі керек. Оның орнына өзге де мекемелер, үкіметтер мен корпорацияларды Facebook-пен бәсекелес болуға шақырсын. Олар да өздерінің идеологиялық міндеттемелерін айтсын.
Әрине, адамзат қауымдастығының бөлінуін айтып назаланған және оны қалпына келтіруге тырысқан ұйымдарға кінә тақпаймыз. Феминистік белсенділерден бастап ислам фундаменталистеріне дейін қауымдастық құрып жүр, олардың кейбірінің талап-талпынысын келесі тарауларда қарастырамыз. Ал Facebook құрбандығының ерекшелігі неде? Оның ерекшелігі – жаһандық ауқымында, корпоративтік
қолдауында, технологияға деген шүбәсіз сенімінде. Facebook-тің жасанды интеллектісі «маңызды қауымдастықтарды» анықтап қана қоймай, «әлеуметтік құрылымымызды нығайтып, әлемді жақындастыратынына» Цукербергтің өзі қатты сенеді. Бұл міндет жасанды интеллектіні пилотсыз автокөлік жүргізуге немесе қатерлі ісік диагнозын қоюға пайдалануға қарағанда тым асқақ мақсат дер едік.
Facebook ұсынған қауымдастық идеясы – орталықтанған жоспарлы әлеуметтік инженерия үшін жасанды интеллектіні жаһандық ауқымда қолданбаққа ұмтылған алғашқы қадам. Сондықтан да оны маңызы зор үлгі деп қарастыруымыз керек. Жетістікке жетіп жатсақ, мұндай қадамдардың бірнешеуіне куә болармыз, ал алгоритмдерді адамзаттың әлеуметтік желісіндегі қожайындары құптайтын шығар. Жоба сәтсіздікке ұрынса, жаңа технологиялардың шектеулі екеніне көз жеткіземіз, алгоритмдер пилотсыз автокөліктер жүргізу мен қатерлі ісік ауруына диагноз қою үшін ғана пайдалы екеніне мойынсұнармыз, бәлкім. Әлеуметтік мәселелерді шешуге келгенде саясаткер мен дінбасыларға ғана үміт арта берерміз.
ОФЛАЙНҒА ҚАРСЫ ОНЛАЙН
Соңғы уақытта Facebook таңдай қақтырарлық жетістікке жетті, қазір екі миллиардтан аса белсенді қолданушысы бар. Ол жаңа идеясын жүзеге асыру үшін онлайн мен офлайн арасындағы шыңырауды жамап-жасқауға тиіс еді. Қауымдастық онлайнда жинақталуы мүмкін, алайда олардың гүлденіп, жайқала түсуі үшін офлайнда тамыр жаюы маңызды. Күндердің бір күнінде қандай да бір диктатор өз елінде Facebook-ке шектеу қойса немесе интернетті толық өшіріп тастаса, қауымдастық та құри ма, әлде қайта топтасып, қарсылық көрсете ме? Олар онлайнның араласуынсыз наразылықты ұйымдастыра ала ма?
2017 жылғы ақпан айындағы манифесінде Цукерберг онлайн-қауымдастықтар офлайн-қауымдастықтарды дамытатынын түсіндірген еді. Кейде, шынымен де, солай. Әйтсе де көп жағдайларда онлайн офлайнды алмастырады және екеуінің түбегейлі айырмашылықтары да бар. Офлайн-қауымдастықтың тамыры тереңде. Ал ол тамыр
виртуалды қауымдастықта жоқ, қалай болғанда да, жақын арада ол тамырды онлайн-әлемнен байқай да алмайтын сияқтымыз. Израильдегі үйімде сырқаттанып жатсам, Калифорниядағы онлайн-достарым менімен сөйлесіп, көңілімді аулайтын-ақ шығар, бірақ олар маған сорпа-су мен бір шыны шай құйып бере алмайтыны анық.
Адамдардың тәні бар. Соңғы ғасырда технология бізді тәнімізден алшақтатуда. Иіс пен дәмді сезу қабілетімізден айырылып бара жатқанымызға назар да аударуды қойдық. Оның орнына смартфон мен компьютерге жұтылып барамыз. Көшедегі жағдайдан киберкеңістіктегі оқиғаға көбірек қызығамыз. Маған смартфонына күндіз-түні үңілген жолдасыммен таңғы шай үстінде шүйіркелескеннен гөрі, шалғайдағы Швейцарияда жүрген немере бауырыммен сөйлесу оп-оңай болып қалды7.
Бұрынғының адамдары мұндай немқұрайды бола алмас еді. Ежелгі терімшілер әркез сергек әрі сақ жүрді. Олар саңырауқұлақ теру үшін ну орманды кезіп, әрбір төмпешікке дейін мұқият қарап өтті. Шөп арасымен жылжып келе жатқан жыланның дыбысына құлақ түрді. Жеуге жарамды саңырауқұлақты тапқан сәтте де, улы болып шықпасын деп ұзақ зерттеп алды. Бүгінгі бай қауымдастықтың мүшелеріне мұндай байқампаздықтың түкке де керегі жоқ. Супермаркеттің сөрелерінің арасында қыдырыстап жүріп, қолымыздағы смартфоннан бас алмай хабарлама жіберген қалпы денсаулық сақтау мекемесі рұқсат берген тағамның мыңдаған түрін сатып ала саламыз. Таңдауымыз түскен сол тағамды экраннан көз алмаған күйі немесе электронды поштамызды тексеріп отырып, дәмін де сезбестен қылғыта береміз.
«Өзгелермен тәжірибесін бөлісу мүмкіндігін беру үшін құралдарымызды жетілдіре түсуге Facebook барын салады», – дейді Цукерберг8. Не десек те, жеке тәжірибесіне сүйенген байланыс құралы керек болатыны анық. «Тәжірибе алмасу» үшін ол өзіне өзгенің көзімен қарауды үйренуі керек, сол арқылы ішінде не болып жатқанын түсінуге тиіс. Ерекше әлдене бола қалса, Facebook тұтынушылар смартфонды ала сала, суретке тартып, оны интернетте жариялап, «лайк» күтіп отырады. Нәтижесінде олар не сезінгенін түсінбей де қалады. Қолданушылардың сезімі онлайн-реакция арқылы анықталатын күйге жеткен.
Тәнінен, сезімінен, физикалық ортасынан айырылған адам өзін шеттеп, бағытынан адасып қалғандай сезінеді. Ұлттық және діни байланыстардың нашарлауы жалғыздыққа жетелейтінін сарапшылар жиі айтады, алайда тәнімен байланыстың жоғалуы тіптен маңызды сияқты. Адамдар миллиондаған жыл бойы ұлттық мемлекетсіз, шіркеулерсіз-ақ өмір сүріп келді ғой, ХХІ ғасырда да оларсыз бақытты күн кешер. Әйтсе де дәл өзінің тәнінен қол үзген қалпы бақытты бола алмайды-ау! Өз тәнің саған жайсыз болса, қоршаған ортадан қандай жайлы дүние күтесің?!
Офлайндағы өміріне уақыт пен күш-қуаты жетпей жатса да, адамдардың интернетке көп уақыт бөлуін Facebook-тің жеке бизнес-моделі осы күнге дейін құптап келді. Керек кезінде ғана адамдардың интернетке қосылып, қалған уақытын офлайн-ортасына, тәніне, сезіміне көп көңіл бөлуге жағдай жасайтын жаңа модельді Facebook қабылдай ала ма? Бұл модель жайлы акционерлер не дейді? (Мұндай балама модельдің жобасын жақын арада техникалық философ, байырғы Google-шы, жаңа «жақсы өткізген уақыт» өлшемін ойлап тапқан Тристан Харрис ұсынды)9.
Онлайн қарым-қатынасты шектеу Цукербергтің әлеуметтік поляризация туралы шешімінің де күл-талқанын шығарды. Ол «өзге көзқарастарды жат деп көрсеткендіктен, қарсы бір пікірді білу поляризацияны үдете түсетіні үшін», адамдардың жай ғана бірігіп, әртүрлі пікірге құлақ асуы әлеуметтік алауыздықтың алдын алмайтынын дұрыс байқаған. Оның орнына Цукерберг «пікірлермен ғана емес, тұтас адамдармен жете танысқанда ғана пікірталастың маңызын арттыруымыз мүмкін» екенін болжайды, ал Facebook бұл үдеден шыға алатын бірегей мүмкіндік. «Адамдармен араласқанда бізді біріктіретін жайттарды – спорт топтарын, телебағдарламаларды, қызығушылықтарды ескерсек, келіспейтін дүниелерімізді еркін айтып, ойымызды ірікпес едік»10.
Сонда да адамды толық танып-білу өте қиын. Бұл ұзақ уақытты және тікелей қарым-қатынасты талап етеді. Сөзіміздің басында әрбір орташа Homo sapіens 150-ден аса адамнан артық әлдекімдердің атын атап, түсін түстеп беруі, яғни тығыз қарым-қатынас орнатуы қиын екенін айтып өттік қой. Жалпы, қауымдастықтарды құру түкке тұрмайтын ойын
секілді. Адамдар бір мезетте бірнеше топқа ыңғай білдіретін шығар. Иә, өкінішке қарай, бұл қарым-қатынас түкке тұрмайтын ойын ғой. Иран немесе Нигериядағы онлайн-достарыңызға жұмсаған уақыт пен энергия көршіңізбен жақын танысу мүмкіндігінен айырады.
Офлайнда маңызды іспен шұғылдануға немесе достармен араласуға көп уақыт бөліп, онлайн-сатып алуға аз уақыт шығындауға мүмкіндік беретін жаңа құралды инженерлер ойлап тапқан кезде ғана, Facebook негізгі сынақтан өтеді. Facebook бұл құралды қабылдай ма, әлде жөргегінде тұншықтыра ма? Facebook ар-намыс пен әлеуметтік мәселелерді қаржылық мүдде жолында құрбан ете ме? Осы қадам арқылы банкроттықтан сақтанса – нағыз трансформация сонда басталады.
Тоқсандық есебіне қарағанда, офлайн-әлемге көп көңіл бөлу Facebook-тің салық саясатына да ықпал ететін сияқты. Amazon, Google, Apple және өзге де технологиялық алыптар секілді, Facebook-ке де салық төлеуден жалтарды деп бірнеше мәрте айып таққан еді11. Онлайн-қызметтегі салық салуға байланысты қиындықтар осы бір жаһандық корпорациялардың түрлі салықтардан жалтарып кетуін жеңілдетеді. Адамдар, негізінен, онлайн-өмір сүреді деп есептейсіз, олардың онлайн-тіршілік етуіне барлық жағдайды жасайсыз, осылайша офлайн-мемлекеттерге салық төлеуден қашқақтап жүрсеңіз де, өзіңізді пайдалы әлеуметтік қызмет көрсетушімін деп санайсыз. Алайда адамдардың тәні бар екенін есіңізге түсірген сәтте, яғни оларға әлі күнге жолдар, ауруханалар, кәріз жүйелері керек екенін түйсінгенде, салықтан жалтаруыңызды ақтап алу қиынға соғады. Барынша маңызды қоғамдық қызметтерге қаржылық қолдау көрсетуден басыңызды алып қаша отырып, қауымдастықтың қадір-қасиетін қалай дәріптемекшісіз?
Facebook бизнес-моделін өзгертіп, барынша офлайн-ынтымақтас салық саясатын қабылдап, әлемді біріктіруге көмектесіп – бәз-баяғыша табысты болып қала береді деп үміт артудан басқа жол жоқ. Солай бола тұра жаһандық қауымдастық құру туралы Facebook-тің қабілетіне шектен тыс табынуды да доғару керек. Әлеуметтік және саяси революцияларды жасауда корпорациялар мінсіз құрал емес екенін кәрі тарихтың өзі дәлелдеген. Нағыз революция ерте ме, кеш пе, бәрібір қан тілейді, ондай құрбандыққа корпорация да, оның қызметкерлері мен акционерлері де дайын емес. Революционерлер шіркеуді не үшін салып, саяси партияларды не үшін құратыны, әскерді не үшін жасақтайтыны енді түсінікті шығар. Иә, араб әлеміндегі Facebook, Twіtter революциясы адамдарды емексіткен онлайн-қауымдастықтарда басталды, ал ол офлайн-әлемге ауысқанда, оны діни фанаттар мен әскери топтар басқара жөнелді. Facebook енді жаһандық революцияның өртін үрлеуге талпынса, онлайн мен офлайн арасындағы құрдымды аттап өтудің ең басты қадамын жасауы керек болады. Facebook және басқа да онлайн-алпауыттар адамдарды екі көзі мен екі құлағы ғана бар, он саусағы экран мен кредит карталарына жабысып қалған аудиовизуалды жануар деп есептеуге құмар. Ал адамзатты біріктірудің маңызды қадамы оның тәні бар екенін ұғынудан басталмақ.
Әрине, бұл мойындаудың да екінші жағы бар. Шектеулі онлайн-алгоритмдерді ұғыну, технологиялық алыптардың басқыншылыққа деген тәбетін одан әрі аша түспек. Онлайн мен офлайнның арасындағы шекараны жоюға бағытталған Google Glass секілді құрылымдар және Pokémon Go сияқты ойындар қос әлемді қосымша бір шынайы әлемге алып шығады. Одан әрі дендегісі келген биометрикалық бергектер және компьютер жадысының тікелей интерфейстері электрондық машиналар мен органикалық тән арасындағы шекараны бұзып-жарып, сөзбе-сөз айтсақ, теріңіздің астына еніп кетуге бейіл. Техникалық алыптар адам тәніне қол жеткізген сәттен бастап, олар қазір сіздің көзіңізді, саусағыңызды және кредит карталарыңызды қалай билеп алса, тәніңізді де дәл солай билеп-төстей бастайды. Офлайн онлайннан бөлек тұрған осы бір сәтті де ерекше ынтызарлықпен аңсайтын боламыз әлі.
6-ТАРАУ
Өркениет
Әлемде жалғыз өркениет бар
Марк Цукерберг адамзатты онлайнда біріктіремін деген арман жетегінде жүрген сәтте офлайн-әлемдегі соңғы жағдайлар «өркениеттер қақтығысы» туралы тезиске түзетулер енгізген тәрізді. Ғалымдар, саясаткерлер, тіпті қарапайым азаматтардың өзі Сириядағы азаматтық соғыс, «Ислам мемлекетінің» құрылуы, Brexіt аласапыраны, Еуроодақтағы тұрақсыздық – барлығы да «Батыс өркениеті» мен «Ислам өркениеті» текетіресінің кесірі екеніне сенеді. Мұсылман елдеріне демо- кратия мен адам құқығын мәжбүрлі түрде енгізгісі келген Батыс ислам әлемінің қатаң қарсылығына тап келді. Ал ислам террористерінің шабуылымен қатар ағылып-төгілген мұсылман иммиграциясының толқыны Еуропа сайлаушыларының зәресін ұшырып, ксенофобияға ерік беріп, жергілікті біркелкіліктің сақталуы үшін олар мультикультурализм арманынан бас тартуға мәжбүр болды.
Ол тезиске сенсек, адамзат ықылым заманнан әртүрлі өркениетке бөлінген, әр өркениет өкілі ғаламды өз дүниетанымы аясында ғана түсініп-пайымдайды. Мұндай ымырасыз көзқарастар, өркениеттер арасындағы қақтығыстарға итермелейтіні сөзсіз. Табиғаттағы безбүйрек сұрыпталу заңына сәйкес, әрқилы түр тіршілік үшін қалай жанталаса күрессе, тарих жолының өне бойында да өркениеттер бірнеше мәрте мүйіздесіп келген, олардың ең мықтысы ғана бізге тарихты тәпсірлеп беру үшін аман қалған екен. Осы бір қасіретті деректі ұмытып кеткендер – мейлі, либералды саясаткерлер болсын, мейлі, «қол жетпес дүниені армандап жүрген» инженерлер болсын, – бәрі де қауіп-қатерге бас тіккені анық1.
«Өркениеттер қақтығысы» тезисінің ұзаққа созылатын саяси зардабы бар. Оны қолдаушылар «Батыс» пен «мұсылман әлемін» татуластырудың кез келген қадамы сәтсіздікке ұрынады деп сендіреді. Яғни АҚШ Сирия мен Ирактан ағылған иммигранттарды қабылдамауы керек, ал Еуроодақ мультикультурализм елесінен бас тартып, Батыстың мызғымас біркелкілігіне орын босатуға тиіс. Түптің түбінде табиғи сұрыпталудың қансойқы сынағына бір ғана өркениет төтеп береді. Демек, Брюссельдегі бюрократтар Батысты ислам қаупінен құтқаруын доғарса, Британия, Дания немесе Францияның әрқайсысы жалғыз-жарым қорғануға тура келеді.
Қаншалықты кең таралса да, бұл тезис адамды жаңылыстыратынын айтқан жөн. Ислам фундаментализмі шынымен де радикалды мәселелерге ұрындырады, бірақ ол батыстық бірегей құбылысқа емес, жаһандық өркениетке қарсы шыққан еді ғой. «Ислам мемлекетімен» күресу үшін Иран мен АҚШ бекерден-бекер біріккен жоқ. Ортағасырлық құндылықтарды аңсауына қарамастан, ислам фундаменталистері VІІ ғасырдағы Арабиямен салыстырғанда заманауи жаһандық мәдениетке көбірек арқа сүйейді. Олар ортағасырлық шаруалар мен саудагерлердің талап-тілегіне емес, өміріне өкпелі бүгінгі жастардың үміті мен қорқынышына иек артады. Панкадж Мишра мен Кристофер де Бельенің зор сеніммен дәлелдегеніндей, радикалды исламистерге Мұхаммедпен қатар Маркс пен Фуконың да ықпалы зор болды, сондықтан олар омейядтар және аббасидтер халифатының да, ХІХ ғасырдағы Еуропа анархистерінің мұрасын да иемденген2. Демек, «Ислам мемлекетін» құпиясы мол бөгдеғаламшарлық әлдебір бәйтеректің тармағы деп емес, жаһандық мәдени еменнің иір бұтағы деп қарастырған дұрыс болады.
Оны айтасыз, «өркениеттер қақтығысы» негізіне сүйенген тарих пен биология арасындағы ұқсастық та жалған. Шағын бір тайпадан бастап, алып өркениеттерге дейінгі адамдар тобы жануарлар түрінен кәдімгідей ерекшеленеді, ал тарихи қақтығыстар табиғи сұрыпталуға мүлде ұқсамайды. Жануарлар түр ретінде мыңдаған жыл мен мыңдаған ұрпақ бойы өзгермейтін объективті біркелкілікке ие. Шимпанзе немесе горилла болсаңыз, ол сіздің көзқарасыңызға емес, геніңізге байланысты және әрбір ген өзінің әлеуметтік мінез-құлық тәртібіне мәжбүрлейді. Шимпанзелердің еркегі мен ұрғашысы топтаса тіршілік етеді. Олар екі жыныс өкілдерінен де жақтастарын жинап, одаққа бірігіп, шұрқырап жүріп билікке таласады. Ал гориллалар, керісінше, күші басым бір ғана еркегі ұрғашылардан гарем жасап алады да, қарсылас болуы мүмкін кез келген өзге бір ересек еркек горилланы үйірінен аулаққа қуып жібереді. Шимпанзелер гориллалардың әлеуметтік тәртібіне бейімделе алмайды; дәл солай гориллалар да шимпанзелерге ұқсап ұйымдаса кетпейтіні белгілі; біздің білуімізше, шимпанзелер мен гориллаларды сипаттайтын әлеуметтік жүйе соңғы онжылдықтарда ғана қалыптасқан жоқ, жүздеген мың жыл бойы осы қалпынан бұлжымаған болатын.
Адамдар мұндай бұлжымас тәртіпті сақтай қоймайды. Иә, адамдар тобы әрқилы әлеуметтік жүйелерге тиесілі шығар, алайда ол жүйелер генетикалық детерминацияға ұшырамаған, оған қоса ол жүйелердің өмір сүру ұзақтығы бірнеше ғасырдан аспайды. ХХ ғасырдағы немістерді еске түсірейік. Бір ғасырға жетер-жетпес уақытта олар алты түрлі жүйеге ұйысты: Гогенцоллерн империясы, Веймар республикасы, Үшінші Рейх, Германия Демократиялық Республикасы (коммунистік Шығыс Германия), Германия Федеративтік Республикасы (Батыс
Германия), ақырында, біріккен демократиялық Германия. Әрине, немістердің тілі, сыра мен шұжыққа ерекше құмарлығы жоғалып кете қойған жоқ. Алайда ІІ Вильгельмнен Ангела Меркельге дейінгі уақытта «бұлжымаған, өзге ұлттардан кәдімгідей ерекшелейтін қандай да бір бірегей неміс болмысы бар ма?». Ол бірегейлік туралы әлденені ойлап тапсаңыз, осыдан 1000 не болмаса 5000 жыл бұрын да сол өзгешелік бар ма еді – соны еске түсіріңіз.
Еуропа конституциясының (бекітілмеген) кіріспесі «Бұл конституция заңның үстемдік ету, бостандық, теңдік, демократия, адамның ажырамас және мызғымас құқықтары, әмбебеп құндылықтары негізінде дамыған Еуропаның мәдени, діни, гуманистік мұрасынан шабыт алды3» деген мәлімдемемен басталады. Яғни еуропалық өркениет адам құқығы, демократия, теңдік пен еркіндік құндылықтарымен ерекшеленеді дегенге шүбәсіз сенгің келеді. Еуропа бостандығы мен демократиясының 2500 жылдығын тойлаған сансыз сөздер мен құжаттар ежелгі Афина демократиясынан қазіргі ЕО-ға дейінгі ұзақ жолын тілге тиек етіп, шаттанады. Бұл жайт пілдің құйрығына жармасқан соқырдың «піл дегенің қылшық екен ғой» деп пайымдаған мысалын еске түсіреді. Иә, демократиялық идеялар бірнеше ғасыр бойы Еуропа мәдениетінің бір бөлігі ғана еді, бірақ ол ешқашан мәдениетке біртұтас кіріккен емес. Даңқ-дақпырты мен ықпалына қарамастан, Афина демократиясы Балқанның бір пұшпағында 200 жыл ғана өмір сүрген жарымжан тәжірибе болатын. Егер де, соңғы 2500 жылда Еуропа өркениетінің айрықша белгісі демократия болды десек, Спарта мен Юлий Цезарьді, кресшілер мен конкистадорларды, инквизиция мен құл саудагерлерін, XІV Людовикті, Наполеонды, Гитлер мен Сталинді қайда қоямыз? Олар өзге бір өркениеттің жалмауыздары ма еді?
Турасын айтсақ, еуропалық өркениет – еуропалықтардың жасап шығарған ойы, дәл солай христиандық өркениет туралы – христандар, ислам туралы – мұсылмандар, иудаизм туралы еврейлер өз әңгімесін тарқатады. Ғасырлар бойы олардың түсініктері түбірімен өзгерді. Адамдар тобы көп жағдайда өзгерістерге ұшырап отырады, сөйте тұра, олар шежіре тарқату дағдысы арқылы ежелгі тамырын ойлап тауып алады. Олардың қоғамын қандай революция астан-кестен етсе де, ескі мен жаңаның жымын білдірмей құрай қояды.
Тіпті жеке бір адам революциялық жеке бір өзгерістерді өмір тарихының жалғаспалы және жарқын сәттеріне айналдыра алады: «Әуелде социалист, кейін капиталист болған адам – менмін; Мен Францияда өмірге келгенмін, енді, міне АҚШ-та тұрамын; Үйленген едім, қазір ажырасып кеткенмін; қатерлі ісік болған, кейін құлан-таза айықтым». Дәл осылай адамдардың бір тобы, мәселен, немістер бастан өткерген өзгерістер арқылы кім болғанын айтып бере алады: «Баяғы бір кездері нацист болған едік, бірақ сабақ алдық та, қазір мамыражай
демократтармыз». Әуелі ІІ Вильгельмнің, кейін Гитлердің, ақыр аяғында, Меркельдің дәуірінде де байқалған немістің бірегей болмысын іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Осындай радикалды өзгерістен немістің біркелкілігін байқауға болатын шығар. 2018 жылы неміс болу – либералдық және демократиялық құндылықтарды қорғау үшін нацизмнен мұраға қалған ауыртпалықпен күресу. 2050 жылы ол ұғым қалай өзгерерін кім білсін?
Адамдар, әсіресе әңгіме ауаны саяси және діни құндылықтарға келіп тірелсе, көп жағдайда мұндай өзгерістерді байқағысы келмейді. Біздің құндылығымыз – ежелгі бабаларымыздың баға жетпес мұрасы екенін шегелеп тұрып айтамыз. Баяғыда сүйегі сөңкеленген бабаларымыздың біздің сөзге қарсы шыға алмайтындығынан осылай еркінси көсілеміз. Еврейлердің әйелдерге қатысты ұстанымын мысалға алайық. Заманауи ультраортодоксалды иудей қоғамдық ортадағы әйелдің келбетін мүлдем жақтырмайды. Сондықтан ультраортодоксалды иудейлерге арналған жарнамаларда, әдетте әйелдер мен қыздарды емес, ер-азаматтар мен ұл балаларды бейнелейді4.
2011 жылы Усама бен Ладеннің баспанасындағы тексерісті бақылап тұрған америкалық шенеуніктердің суретін басқан ультраортодоксалды брунклиндік басылым Dі Tzeіtung мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтонмен қоса суреттегі барлық әйел баласын цифрлы редактордың көмегімен өшіріп тастап, үлкен шудың астында қалды. Газет еврейлердің «Тазалық заңының» аясында осы қадамға баруға мәжбүр болғанын айтып ақталды. Charlіe Hebdo-дағы қырғынға қарсы демонстрациядағы суреттен HaMevaser газеті Ангела Меркельдің суретін алын тастап, онысын «канцлердің бейнесі тақуа оқырмандарының ойын бұзып, нәпсісін оятпасын» деп өшірдік деп түсіндіргенде, тағы бір шу көтерілген еді. Ал Hamodіa деп аталатын үшінші бір ультраортодоксалды басылым «мыңдаған жыл бойы қалыптасқан еврей дәстүріне арқа сүйейтінін» айтып, осы саясатты жақтаған болатын5.
Әйелді көруге тыйым әсіресе синагогада қатты сақталады. Ортодоксалды синагогада әйелдерді ер адамдардан толық оқшаулайды, киелі кітапты оқып отырған не құлшылық жасаған ешбір ер адам әйелдің тіпті сұлбасын да көре алмайды. Себебі олар ер адамдарға кіруге
тыйым салынған жерде, перденің арғы жағында отырады. Егер бұл тәртіп мыңжылдықтар бойы қалыптасқан дәстүр негізінде және бұлжымас құдай заңымен дәріптелді дегенге сенсек, Мишна мен Талмудтың уақытындағы Израильдің ежелгі синагогаларында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарында ешқандай гендерлік бөлектеу деректері табылмағанын, оның орнына кейбірі тіпті жартылай жалаңаш күйде бейнеленген әйелдердің жердегі құрақтастардағы және қабырғадағы суреттерін қалай түсіндіреміз? Мишна мен Талмудты жазған раввиндер осы синагогаларда жиі-жиі құлшылық етіп, білім алған, ал заманауи ортодоксалды иудейлер мұны ежелгі дәстүрді арамдау, құдайдан безгендік деп есептеп жүр6.
Ежелгі дәстүрлерді бұрмалап тәпсірлеу барлық дінде кездеседі. «Ислам мемлекеті» исламның тап-таза, мөлдір бастауына қайтып оралдық деп мақтанатын, алайда турасын айтсақ, олардың исламға деген көзқарасы ғана мүлдем жаңа болатын. Иә, олар өз тіліндегі киелі сөздерді көп айтады, бірақ қайсысын оқып, қайсысын ұмыт қалдыруы керек екенін және оларды қалай тәпсірлейтініне дейін мұқият дайындалады. Шынын айтсақ, олардың киелі сөздерді тәпсірлеуі де өте жаңашыл, заманауи. Дәстүрлі Құранның мәтінін Каирдің әл-Азһар сияқты мәртебелі оқу орындарында теология мен ислам құқығын оқыған білгір үлемдер ғана тәпсірлеуге құқылы. «Ислам мемлекетінің» санаулы көсемдері ғана діни білімімен мақтана алады, ал ардақты үлемдердің көпшілігі Әбу Бәкір әл-Бағдадиді және оның айналасындағыларды надан қылмыскер қатарына қосқан еді7.
Бұл, әлдебіреулер айтып жүргендей, «Ислам мемлекеті» «исламдық емес» немесе «исламға қарсы» дегенді де білдірмейді. Барак Обама сияқты христиан көсемі өзін исламның қорғаушысымын деп жариялаған Әбу Бәкір әл-Бағдадиды жалған мұсылман деп айыптап, нағыз ислам туралы әңгіме айтуы сенімсіз көрінеді8.
Исламның ақиқи болмысы туралы қызу пікірталастар өнбейтін дау. Исламда мызғымас ДНҚ жоқ. Ислам дегеніміз – мұсылмандар ислам деп есептейтін дін9.
НЕМІСТЕР МЕН ГОРИЛЛАЛАР
Адам топтары мен жануар түрлері арасында одан да терең айырмашылық бар. Жануар түрлері бөлінсе бөлінетін-ақ шығар, бірақ кейін қайта біріге алмайды. Шимпанзелер мен гориллалардың ортақ бабасы 7 миллион жыл бұрын тіршілік еткен. Ежелгі түр екі популяцияға бөлінді де, әрқайсысы өзінің эволюциялық жолымен артына қайрылмастан кете барды. Олардың кері қайтар жолы толық жабылды. Әр түрге жататын дербес жануарлар ортақ ұрпақты өмірге әкелмейді, түрлер ешқашан бірікпейді. Горилла мен шимпанзе, жираф пен піл, ит пен мысық ешқашан ортақ ұрпақ әкеле алмайды.
Жануар түрлерінен айырмашылығы, адам тайпалары уақыт өте келе, керісінше, ауқымдырақ топтарға біріге алады. Заманауи немістер әдепкіде бірін-бірі аса жақтыра қоймаған сакстер, пруссактар, швабтар мен баварлықтардың бірігуінен құралған. Отто фон Бисмарк (Дарвиннің «Түрлердің шығу тегі» кітабын оқып алған соң) «баварлықтар – австриялық пен адам арасындағы жоғалған буын» депті-мыс10. Франктер, нормандар, бретондар, гаскондар, провансальдардың араласуынан француздар пайда болған. Бұл уақытта Ла-Манштың екінші жағында британдық атану үшін ағылшындар, шотландтар, валлийлер мен ирландтар ерікті немесе еріксіз түрде ақырындап біріге бастаған еді. Немістер, француздар мен ағылшындар еуропалықтар болып қана аталатын күн де жақындап келеді.
Біріккен сәтте ірге бірден берік болып кете қоймайтынын бүгінгі Лондон, Эдинбург пен Брюссель тұрғындары жақсы біледі. Brexіt Ұлыбританияның ғана емес, Еуроодақтың да бөлініп-жарылуына итермелеуі мүмкін. Тарихтың өзі асықпай қозғалатын ұзақмерзімді жобада бәрі де айқын. 10 мың жыл бұрын адамзат бір-бірінен оқшауланған тайпаларда өмір сүрген еді. Әр мыңжылдықтар сайын олар барынша ауқымдырақ топтарға біріге бастады да жеке өркениеттер мүмкіндігінше азая түсті. Соңғы ұрпағы қалған жеке өркениеттер жаһандық өркениетке бірікті. Саяси, этникалық, мәдени, экономикалық өзгешеліктер, әрине, бар, бола да береді, бірақ ол өзгешелік бірігуді түбегейлі жоққа шығармайды. Иә, баршаны жаппай қамтыған құрылымда аздаған айырмашылық болатын шығар. Мысалы, ортақ нарық жағдайында ғана экономикадағы еңбек бөлінісі тиімді екенін бәрі де мойындайды. Бидай мен күрішті өсіретін өзге бір мемлекеттен тағам түрін сатып алуға мүмкіндігі болмаса, басқа ел автокөлік пен мұнай ғана өндіріп отыра алмайды, ол да ең әуелі қарын тойдырудың қамына кіріспей ме?
Адамдарды біріктіру процесі екі түрлі формада жүреді: әртүрлі топтар арасында байланыс орнату және топтардың өзін гомогендеу практикасы. Бір-бірінен түбегейлі айырмашылықтары бар топтардың арасында да байланыс орнауы мүмкін. Оны қоя беріңіз, бітіспес дұшпандар да кей-кейде бірігіп кетеді. Қанқұйлы соғыстың өзі адамдар арасында өте берік байланыс орната біледі. Тарихшылар жаһанданудың ең шарықтаған бірінші кезеңі 1913 жылға, дүниежүзілік соғыстар кезеңіне, қырғиқабақ соғыс уақытына сәйкес келгенін, одан кейін жаһандану көрсеткіші күрт құлдырап, бұл үдеріс 1989 жылдан қайтадан өрлей бастағанын айтады11. Мұндай тұжырым экономикалық жаһандануға қатысты айтқанда дұрыс та шығар, алайда маңызы өзгелерден мысқалдай да кем емес әскери жаһандануды ешкім ескерген емес. Сауда-саттыққа қарағанда, соғыс – идеяларды, технологиялар мен адамдарды аз ғана уақытта мидай араластырып жібере алады. 1913 жылға қарағанда, 1918 жылы Құрама Штаттар Еуропамен тығыз қарым-қатынас орнатты, соғысаралық уақытта қос құрлықтың арасы алшақтап, Екінші дүниежүзілік соғыс пен қырқиқабақ соғыста бірігу процесі қайтадан өрлей түсті.
Соғыс, сонымен қатар адамдардың бір-біріне қызығушылығын арттырады. Мәскеу дәлізіндегі әрбір жөтел вашингтондықтарды ақ үйде жоғары-төмен апалақтап жүгіруге мәжүрлеген қырғиқабақ соғысы кезіндегідей, өте тығыз қарым-қатынас АҚШ пен Ресейдің арасында ешқашан орнамаған да шығар. Адамдар сауда серіктесіне қарағанда, дұшпандарына көп назар аударады. Америкалықтардың Тайвань туралы әрбір фильміне қарсы Вьетнам жайлы 50 шақты киносы бар.
ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ОЛИМПИАДА
XXІ ғасырдың басындағы әлем әртүрлі топтар арасындағы байланыстарды қалыптастыру кезеңінен өте шықты. Дүниенің шартарабындағы адамдар бір-бірімен сөйлесіп қана қоймай, ортақ сенім мен тәжірибеге ие бола түсті. Оншақты саяси модель мыңдаған жыл бойы жер шарында жақсылап тамырланып алды. Еуропада тәуелсіз қала-мемлекеттермен және кіп-кішкентай діни мемлекеттермен бәсекеге түскен феодалдық князьдікті кездестіретін едіңіз. Мұсылман әлемінің жер-дүниені уысымда ұстаймын деген жеке халифаты болды, алайда олармен қатар патшалық, сұлтандық, әмірлік те билігін жүргізіп жатты. Қытай империясы өзін жалғыз ғана заңды саяси құрылым деп есептегенімен, оның солтүстігі мен батысындағы тайпалар бір-бірінің қанын суша ағызып, соғыстан көз ашпады. Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азия түрлі режимдердің құрандасы еді, ал сол уақытта Америка, Африка мен Австралия аңшы-терімшілердің ұсақ тобынан алып империяларға дейін айрықша әртүрлілігімен ерекшеленді. Халықаралық заңдарды ауызға алмаған күннің өзінде, іргелес топтардың өзі ортақ бейбіт келісімдерді мақұлдауда қиындықтарға кез болғаны таңғалдырмайды. Әр қоғамның өзіндік саяси парадигмасы болды да, өзгенің саяси тұжырымын түсіну мен құрметтеу қиынға соқты.
Қазір, керісінше, дүниежүзінде ортақ саяси парадигма қабылданған. Ғаламшарымыз шамамен 200-дей тәуелсіз мемлекеттерге бөлінген, олар ортақ халықаралық заңдар мен бейбіт дипломатиялық хаттамалар аясында келісімге келеді. Швеция, Нигерия, Таиланд пен Бразилия біздің атласта әртүрлі түске боялған; олардың барлығы да БҰҰ-ның мүшесі, сансыз айырмашылықтарына қарамай, бірдей құқықтар мен артықшылықтарға ие тәуелсіз мемлекет. Шындығында, олардың саяси идеялары мен тәжірибелері, оған қоса сайлауға, адам құқығына, саяси партияларға, өкілдік органдарға деген сенімі ортақ. Лондон мен Парижде ғана емес, Тегеранда, Мәскеуде, Кейптаун мен Нью-Делиде де парламент бар. Израильдіктер мен палестиналықтар, орыстар мен украиндар, күрдтер мен түріктер дүниежүзінің қоғамдық пікірі үшін күрескенде, барлығы да жалпыға белгілі халықаралық заңдар, мемлекеттік тәуелсіздік, адам құқығын алға тартады.
Жер-жаһанда «жолы болмаған мемлекеттердің» бірнеше түрі жетіп-артылады, алайда сәтті құрылған мемлекеттің бір ғана парадигмасы бар. Иә, жаһандық саясат Анна Каренинаның ұстанымына сүйенеді: барлық сәтті құрылған мемлекеттер бір-біріне ұқсас, ал саяси күлшенің кішкене бөлігіне қолы жетпей, жолы болмаған мемлекеттердің сәтсіздігі әрқилы. Таяуда ғана «Ислам мемлекеті» осы «саяси күлшені» толық жоққа шығарып, саяси құрылымның су жаңа түрін – әлемдік халифат құруға талпынды. Дәл сол себептен олардың талпынысының күллі көкке ұшты. Бұрындары қаптаған партизандық күштер мен террористік ұйымдар жаңа мемлекет құратын немесе бұрыннан бар мемлекетті басып ала алатын. Бірақ олардың барлығы да жаһандық саяси тәртіптің іргелі принциптерінен ауытқыған емес. Тіпті талибандардың өзі тәуелсіз Ауғанстанның заңды үкіметі ретінде халықаралық тұрғыда мойындалуы үшін жанталасып бақты. Жаһандық саясаттың принциптерінен бас тартқан бір де бір топ жердің шөкімдей ғана бөлігін ұзақ уақыт уысында ұстап тұра алған жоқ.
Жаһандық саяси парадигманың күшін, дипломатия мен соғыстың саяси қатаң мәселелерін Риода өткен 2016 жылғы Олимпиада ойындары сияқты оқиғаларға қарап бағалаған дұрыс шығар. Ойынның қалай ұйымдастырылғанын ой елегінен өткізіңізші? 11 мың спортшы діні, табы немесе тілі бойынша емес, азаматтығы бойынша топтасты. Будда делегациясы, пролетарлар делегациясы, ағылшынтілділер делегациясы Риода жүріп өткен жоқ. Иә, кейбір жайттарды, ең алдымен, Тайвань мен Палестинаны есепке алмағанда, қалғандарының азаматтығын анықтау түк те қиынға соққан жоқ.
2016 жылдың 5 тамызында, олимпиаданың ашылу салтанатында спортшылар топпен сап түзеді, әрбір топ өзінің туын желбіретіп әкетіп бара жатты. Майкл Фелпс жаңа бір алтын медаль алған сайын көкке жұлдызды-жолақты ту көтеріліп, АҚШ әнұраны айтылды. Дзюдодан Эмили Андеоль жеңіске жеткенде француздық үштүсті ту аспандап, «Марсельезаға» құлақ қойдық.
Әрбір мемлекеттің бір-біріне өте ұқсас әмбебап үлгіге сай жазылған әнұраны болғаны қандай жақсы! Әнұрандардың түгелге жуығы – дінбасылардың елден асып туған ерекше бір буыны ғана орындай алатын, жарты сағат бойы толастамайтын ән емес, бірнеше минутқа ғана созылатын оркестрлік пьеса. Тіпті Сауд Арабиясы, Пәкістан мен Конго секілді елдердің өзі әнұрандарын жазғанда батыстық музыкалық ережені басшылыққа алған. Олардың көпшілігі Бетховеннің шабыты келмей тұрған бір сәтінде шығара салған әуез сияқты. (YouTube-тен әртүрлі мемлекеттердің әнұранын тыңдап, қай елдікі екенін табуға тырысып, достарыңызбен уақытты көңілді өткізуге болады). Татулық пен саясаттың ортақ тұжырымдарына сүйенген әр елдің әнұранының сөзі де біркелкі. Мысалы, мына әнұран қай мемлекеттікі деп ойлайсыз? (Елдің атын ортақ «елім менің» сөзімен алмастырып қойдым):
Атамекен, Отаным, елім менің,
Қаным төгіп қорғаған жерім менің.
Сарбазыңмын, күзетем тынышыңды,
Біз айтар ән – бейбіт күн үні сынды.
«Елім менің біртұтас!» – ұранымыз,
Дәл осындай ізгі елдің ұланымыз.
Құт мекенім жасасын, жерім мына,
Халқымменен мықты ғой елім, сірә.
Біріксін жан менен тән елім үшін,
Шалқар көл, асулы асқар белім үшін.
Біз тұрамыз тәуелсіз азат елде,
Ел жете ме осындай ғажап елге.
Мәңгі жырлар дастаным, жырым менің,
Өркендесін, өрлесін ұлы елім!
Дұрыс жауабы – Индонезия әнұраны. Польшаның, Нигерия немесе Бразилияның әнұраны еді десем, «қой, мүмкін емес!» деп таңғалар ма едіңіз?
Ұлттық байрақтардың да жалықтырарлық ұқсастығы көп. Жалғыз ғана туды алып тастасақ, қалғандарының бәрінің сипаты бір: өте шектеулі түстерге боялған, жолақты немесе геометриялық формалары бар тікбұрышты шүберектің қиындысы. Екі бірдей ұшбұрыштан құралған туын көтерген Непал ғана бұл қатарда ерекшеленіп тұрады. (Бірақ ол ешқашан да олимпиада медалін ұтып алған емес). Индонезияның туы – үстіңгі бөлігі қызыл, төменгі бөлігі ақ жолаққа боялған. Польшаның жалауының үстіңгі бөлігі ақ түске, астыңғы бөлігі қызыл түске малынған. Монако мен Индонезияның туы біртекті.
Бельгия, Чад, Кот-д’Ивуар, Франция, Гвинея, Ирландия, Италия, Мали мен Румынияның туын дальтоник байғұс ажырата алмайды: олардың барлығы әртүрлі түске боялған үш тік жолақтан тұрады.
Бұл мемлекеттердің кейбірі бір-бірімен қиян-кескі ұрысқа кіріссе де, ХХ ғасырдың аласапыранында соғыстың кесірінен тек үш қана олимпиада өтпей қалды (1916, 1940 және 1944 жылдар). 1980 жылы АҚШ пен оның кейбір одақтастары Мәскеу олимпиадалық ойындарына бойкот жариялады, 1984 жылы Лос-Анжелестегі олимп ойындарына кеңестік блог қатысудан бас тартты. Олимпшілердің өздері саяси дауыл тұрғызған оқиғалар да бар (әсіресе нацистік Берлин 1936 жылы ойын өткізгенде және 1972 жылы Мюнхендегі олимпиада ойындарындағы израильдік делегацияны палестиналық террористер қырып салғанда, осы дауыл қаттырақ соққан сыңайлы). Не десек те, саяси дау-
дамайлар олимпиада жобасына сызат та түсірген жоқ.
Кәне, осыдан мың жыл бұрынғы уақытқа оралайықшы. 1016 жылы Рио-де-Жанейрода ортағасырлық олимпиада ойындарын өткізгіңіз келді делік. Ол кезде Рионың тупи үндістерінің алақандай ғана ауылы болғанын, азиаттар, африкалықтар мен еуропалықтар Америка құрлығының жержүзінде бар екенінен хабары да жоғын бір мезет ұмыта тұрыңыз12. Ұшақтары жоқ кезде Рио-де-Жанейроға әлемнің үздік спортшыларын әкелуге қатысты материалдық-техникалық мәселелер туралы да ойламай-ақ қойыңыз. Сондай-ақ дүниежүзінде спорт ойындарының көп түрі әлі белгісіз екенін де, тіпті елдің бәрі желаяқ деген күннің өзінде, олардың бәрі жүгіру жарысындағы біркелкі тәртіпке көндікпейді-ау деген мәселені де естен шығарыңыз. Бар болғаны: «Спортшыларды қандай топқа біріктірер едім?» – деген сұрақ қойыңыз. Бүгінгі олимпиадалық комитет Тайвань не болмаса Палестина мәселесіне бола көп уақытын сарп етеді. Осы уақытты 10 мыңға көбейтсеңіз, ортағасырлық ойындар саясатына қанша уақыт жұмсайтыныңызды да анықтап қаларсыз.
Бір ғана мысал, 1016 жылы Қытайдың Сун империясы жер бетінде өзіне тең келетін құрылым жоқ деп бетбақтырмайтын. Сондықтан «айдаладағы қарабайыр жабайыларды» ауызға алудың өзі қорқынышты, көрші Корё патшалығы немесе Дайковьет вьетнам патшалығының спортшыларының теңдессіз империя атлеттерімен қатар сап түзеп өтуі – кешірілмес қорлық болып есептелер еді.
Бағдад халифы да жаһандық үстемдікке ұмтылған айбынды патша, тіпті мұсылман-сүнниттердің көпшілігі оны бас көсем деп білетін. Бірақ іс жүзінде халиф Бағдадты толық билеп-төстей алған жоқ. Ендеше, барлық сүннит спортшылар халифаттың сапына кіре ме, әлде сүннит әлемінің қаптаған әмірліктері мен сұлтандықтарының құрамында жарысқа қатыса ма? Әмірліктер мен сұлтандықтармен шектеліп неміз бар? Араб шөлі азат бәдәуилердің тайпаларын біріктіреді, ал олар Алладан басқаға бас ұрмайды. Олардың әрқайсысы садақ ату мен түйе жарысқа деп тәуелсіз топтар жіберуге құқылы ма? Еуропа да осындай басқатырарлық мәселелерді алдыңа үйіп-төгіп береді. Нормандтық Иври қаласының спортшысы алаңға жергілікті ақсүйектің байрағын көтеріп шыға ма, болмаса Нормандия бекзатының атынан қатыса ма, жоқ әлде Францияның қауқарсыз королінің абыройын асқақтату үшін жарыса ма?
Мұндай саяси құрылымдардың көпшілігі мыңдаған жылдар ауқымында құрылып және жойылып отырды. 1016 жылы олимпиадаға дайындалып жатқанда, ойынға қандай делегация келетінін де білмес едіңіз: алдағы уақытта қандай саяси құрылымдардың сақталатынын ешкім де болжап бере алмайтын. Ағылшын патшалығы 1016 жылғы олимпиадаға спортшыларын жіберді делік, атлеттер жеңіс туын желбіретіп еліне оралғанда даниялықтардың Лондонды басып алғанын,
Дания, Норвегия, Швецияның бір бөлігімен қоса, Англияның да құдіретті Кнудтың Солтүстік теңіз империясына жұтылып кеткеніне куә болар еді. Арада 20 жыл уақыт өткенде осы бір алып империя ізім-ғайым жоғалып, бірақ 30 жылдан соң Англияны Норманд герцогі қайта жаулап алатынын олар қайдан білсін?!
Осынау бір баянсыз саяси құрылымдардың рух беретін не әнұраны, не туы болмағанын айтып жатудың өзі артық. Иә, саяси символдардың маңызы зор, алайда еуропалықтардың және тупи үндістерінің немесе Индонезияның, Қытайдың жеңімпазды асқақтату түсінігінің арасы жер мен көктей еді. Сондықтан да бәйге алғандарды қалай марапаттау керегі туралы ортақ бір келісімге келу мүлдем мүмкін емес болатын.
2020 жылы, Токио ойындарын тамашалап отырып, мемлекеттер арасындағы осы бір жарыс жаһандық келісімнің таңғажайып көрінісі екенін еш ұмытпаңыз. Отандасыңыз алтын медальді жеңіп алып, олимпиада алаңында еліңіздің туын желбіреткен сәтте, ұлттық мақтаныш сезімі бойыңызды кернегенде, күллі адамзаттың осындай ғаламат іс-шараны ұйымдастыра алғаны үшін де бір шаттанып алсаңыз болады.
БАРЛЫҒЫН БАСҚАРАТЫН ДОЛЛАР
Жаңа тарихқа дейінгі кезеңде адамдар әрқилы саяси жүйелерді ғана емес, сантүрлілігі адамды естен тандыратын экономикалық модельдерді де сынап көрді. Орыс боярлары, үнді махараджасы, қытай мандариндері мен үндіс көсемдерінің ақша, сауда, салық салу, жұмысбастылық туралы пайымдары әртүрлі болды. Біздің заманымызда, керісінше, сәл-пәл түрленген капиталистік модельге – жаһандық өндірістік желінің тегершігіне бәрі де иек артады. Конго немесе Моңғолияда, Жаңа Зеландия немесе Боливияда өмір сүр, мейлі күнделікті өміріңіз бен экономикалық жағдайыңыз сол бір корпорациялар мен банктерге, капиталдың бірдей ағынына тәуелді. Израиль мен Иранның қаржы министрлері түскі ас үстінде әңгімелесе қалса, ортақ экономикалық тілде тіл табысып, бір-бірінің жағдайын айтпай түсініп, біреуі екіншісін есіркеп-мүсіркей жөнелетін еді.
«Ислам мемлекеті» Сирия мен Ирактың едәуір бөлігін жаулап алғанда, он мыңдаған адамды ажал құштырды, археологиялық ескерткіштерді қиратты, мүсіндерді төңкеріп тастап, Батыстың мәдени ықпалы мен бұрынғы биліктің нышандарын тып-типыл етті13. Алайда жанкешті жасақ жергілікті банкке кіріп, ол жерден АҚШ президенттерінің суреті басылып, жаңа әлемнің саяси және діни көсемдерін ағылшын тілінде мақтап-мадақтаған ұран сөздері бар сансыз долларды тауып алған сәтте Америка империализмінің осы бір символының көзін жоюға асықпады. Себебі саяси және діни айырмашылықтарына қарамай, долларға бәрі де бас ұрады. Былай қарасаң оның ешқандай бір кереметтігі жоқ сияқты – оны жей де, іше де алмайсың, бірақ федералдық қор жүйесінің данышпандығы мен долларға деген сенімінің беріктігі сонша, тіпті ислам фундаменталистері, мексика есірткі барондары мен солтүстіккореялық рақымсыз билеушілеріне дейін осы сенім жетегінен айырылар емес.
Бүгінгі адамзаттың біртектілігі адамның тәні мен табиғатына байланысты көзқарастарынан анық байқалады. Мыңдаған жыл бұрын сырқаттанып қалсаң, одан кейінгі әрекет тұрғылықты жерге тікелей байланысты болар еді. Еуропада ауырсаң, жергілікті дін қызметкері «Құдайдың назасына қалғансың, денсаулығың түзелсін десең, шіркеуге садақа беріп, киелі жерлерге тәу етіп, Құдайдан ұдайы кешірім сұрауың керек» деуі ғажап емес. Ал ауылдағы бақсы әйел меңдеген сырқатты «жын иектеп алған» деп түсіндіріп, айғайлап ән айтып, селкілдеп би билеп және қара тауықтың қанымен бәлекетті қуып шығуға кірісіп кетер еді.
Классикалық дәстүрде тәрбиеленген Таяу Шығыстың дәрігерлері ағзадағы сұйықтық айналымы бұзылғанын айтып, исі жүректі айнытатын тұнбаларды ішкізетін шығар. Үндістанның аюрвед білгірлері тәндегі доши деп аталатын үш элементтің тепе-теңдігі бұзылғаны туралы теориясын тәптіштеп, шөп тұнбаларын ішіп, денені уқалатқызып және иогамен айналысу туралы ұсыныс айтарына күмәнданбаңыз. Қытай емшілері, сібір бақсылары, африкалық құшынаш, америкалық дуагер – әрбір империяның, патшалықтың, тайпаның өз дәстүрі мен маманы болды, олардың әрқайсысының адамның тәні мен аурудың тегі туралы пайымы санқилы еді, сондықтан олардың әрқайсысы өзінің дәрісін, тұнбасын, көл-көсір салт-жоралғысын ұсынды. Оның кейбірі, шынымен де таңғалдырып, жақсы нәтиже берді, ал кейбір ем-дом емдеудің орнына, сырқатты өлімнің кемесіне жетелеп әкетті. Еуропа, Қытай, Африка медицинасының ортақ салдары – дүниеге келген балалардың ең кем дегенде үштен бірі кәмелеттік жасқа жетпей шетінеп кетті, ал орташа өмір жасы 50-ге де жетпеген еді14.
Бүгінгі күні, алда-жалда сырқаттана қалсаңыз, сіздің қайда тұратыныңыз соншалықты маңызды емес. Торонтода, Токиода, Тегеранда немесе Тель-Авивте тұрыңыз мейлі, сізді қай қалада да бір-біріне ұқсас
ауруханаларға апарып, бірдей медициналық факультеттерде айырмасы жоқ ғылыми теорияларды оқып-білген ақ халатты дәрігерлер қарсы алады. Олардың барлығы біркелкі хаттамаларға сүйеніп, бірдей диагноз қою үшін жаппай анализ алады. Одан әрі олар халықаралық фармацептикалық компаниялар өндірген бір-бірімен ұқсас дәрілерді жазып береді. Иә, олардың аздаған мәдени айырмашылықтары бар шығар, бірақ канадалық, жапондық, ирандық немесе израильдік дәрігерлердің барлығы да адамның тәні мен ауруы туралы бірдей көзқараста. «Ислам мемлекеті» Ракка мен Мосулды басып алған соң, олар жергілікті ауруханаларды қиратқан жоқ. Оның орнына, дүнежүзіндегі мұсылман дәрігерлер мен мейірбикелерді ерікті түрде қызмет көрсетуге шақырды15. Тіпті ислам дәрігерлері мен мейірбикелері де адамның тәні жасушадан тұратынын, ауруды патогендер тудыратынын, антибиотиктер бактерияларды өлтіретінін мойындайтын сияқты.
Ал ол жасушалар мен бактериялар неден құралады? Шынында да, күллі әлемді не құрайды? Мыңдаған жыл бұрын әрбір мәдениеттің он сегіз мың ғалам туралы және ғарыштың әрбір бөлшегі туралы жеке бір толғауы бар еді. Бүгінгі дүниенің сауатты адамдары уақыт пен кеңістік, материя, энергия туралы бірдей теорияға сүйенеді. Иран және солтүстіккореялық ядролық бағдарламаларды мысалға алайық. Мәселе мынада, Иран мен Солтүстік Кореяның физика туралы түсінігі Израиль мен Американікіндей. Егерде ирандықтар мен солтүстікореялықтар
E = mc⁴ екеніне сенсе, Израиль мен АҚШ әлгі елдер ядролық қару жасап алады деп қауіптенбес еді.
Бүгінгі әлемде әлі де діни және ұлттық біркелкілік сақталған. Алайда мемлекет құрау, экономика, аурухана салу, бомба жасау сияқты практикалық мәселелерге әңгіме ауаны бұрылса болды, барлығымыздың да бір ғана өркениеттің өкілі екеніміз айдан анық бола түседі. Әлбетте, айырмашылық бар, ішкі қайшылықтар әрбір өркениетке тән ғой. Оны айтасыз, өркениеттердің өзі осындай қайшылықтардың негізінде қалыптасқан жоқ па?! Өзінің біркелкі екенін көрсету үшін адамдар ұқсастықтардың тізімін тізбелей бастайды, бірақ ол бұрыс сүрлеу. Бұл жағдайда ортақ шиеленістер мен дилеммалардың тізімін жасаған дұрыс еді. Мысалы, 1618 жылы Еуропада ортақ діни ұқсастық жоқ
болатын, есесіне діни егес өршіп тұр еді. 1618 жылы еуропалық болу дегеніміз – католик пен протестант арасындағы немесе кальвинист пен лютеран арасындағы болар-болмас доктриналық айырмашылыққа байланып, осы бір ерекшелік үшін өлу мен өлтіруге дайын болу дегенді білдіретін. 1618 жылы өмір сүрген адам бұл жанжалды елемесе, демек, ол адам – түрік не болмаса үндіс шығар, тек қана еуропалық емес.
Дәл солай 1940 жылғы Британия мен Германия мүлдем екі бөлек саяси құндылықтарға бағынғанымен, «еуропалық өркениеттің» ажырамас бір бөлігі еді. Гитлер де Черчильден бір кемі жоқ еуропалық болатын. Оны аз десеңіз, тарихтың нақты бір сол кезеңінде еуропалық болу дегеніміз не екенін екеуінің арасындағы күрес анықтаған секілді. Керісінше, кунг тайпасының аңшы-терімшілері 1940 жылы еуропалыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, себебі еуропалықтардың нәсіл мен империя туралы ішкі алауыздықтары оларға шыбын шаққан құрлы да әсер етпеген еді.
Бітіспей шайқасатын адамдар, әдетте өз жақынымыз болып шығады. Біркелкілік келісімдермен емес, дұрысы шиеленістермен, дилеммалармен анықталатын болар. 2018 жылы еуропалық болу дегеніміз нені білдіруі мүмкін? Теріңнің аппақ болуы, Исаға сенуің немесе бостандық идеалдарын қолдауың міндетті емес. 2018 жылы еуропалық болу дегеніміз – капитализмнің кем-кетігі, Еуроодақ, иммиграция туралы дауласу десек, қателеспеспіз. Оған қоса ұдайы өзіңнен: «Ұқсастығым қалай байқалады?» – деп сұрай отырып, қартайып бара жатқан халық, жаһандық жылыну, тізгінсіз кеткен тұтынушылық туралы алаңдау да еуропалық болуға жатады. ХХІ ғасырдағы еуропалықтардың шиеленісі мен дилеммасы оларды 1616 және 1940 жылғы бабаларынан алшақтата түседі де бүгінгі қытай немесе үнді сауда серіктестеріне көбірек ұқсатып жібереді.
Болашақта қандай өзгерістер күтіп тұрса да, оның бәрі де әртүрлі өркениеттердің қақтығысынан емес, бір өркениет ішіндегі бауырластық шиеленісінен туындайды. ХХІ ғасырдың басты сын-қатерлері жаһандық сипатқа ие болмақ. Климаттың өзгеруі экологиялық апатқа ұрындырса қайтеміз? Тапсырманы орындауда компьютерлер адам
баласын басып озып, мамандықтардың көпшілігінде адамдардың орнын алмастырғанда не болады? Биотехнология адамды жетілдіріп, өмір жасын ұзартуға мүмкіндік бергенде не істейміз? Осы бір мәселелерге қатысты өткір дау-дамай мен үлкен талас-тартыстың жүретіні шүбәсіз. Алайда ол талас-тартыс пен дау-дамай бізді бір-бірімізден оқшаулай қоймас. Керісінше, талас-тартыс бір-бірімізді барынша тәуелді ете түспек. Адам баласы үйлесімді қауымдастық құруы үшін әлі ұзақ күтеміз десек те, біз біртұтас жаһандық өркениет өкіліміз.
Ендеше, әлемнің көп бөлігін шарпыған ұлтшылдықтың өртін немен түсіндіреміз? Жаһандануға құлшынып жүріп, байырғы ізгі ұлттар жайлы оп-оңай ұмытып кеткен жоқпыз ба? Дәстүрлі ұлтшылдыққа кері бұрылу алапат жаһандық дағдарысты шешіп бере ме? Жаһанданудың мәселесі шаш етектен болса, одан неге бас тартпаймыз?!
7-ТАРАУ
Ұлтшылдық
Жаһандық мәселеге жаһандық шешім қажет
Қазір бүкіл адамзат біртұтас өркениетті құрайды және барлық адам бір-біріне ұқсас сын-қатерлерге кезігеді, тіпті мүмкіндіктері де бірдей. Сөйте тұра, британдықтар, америкалықтар, орыстар және басқа да топтар ұлтшылдықтың құшағында оқшауланғанды ұнатады. Жаһандық әлеміміздің ауқымды мәселесінің шешімі ұлтшылдықта емес пе екен осы?
Бұл сұраққа жауап берерде – бүгінгі ұлттық мемлекеттер адам психологиясының сөзсіз өнімі де, адам биологиясының мәңгілік бір бөлшегі де емес екенін ескеруге тиіспіз. 5000 жыл бұрын итальяндық та, орыс та, түрік те жер бетінде жоқ еді. Иә, адам әркез қоғамдық жануар қалпынан айныған емес, оның топтасуға құмарлығы қанында бар. Солай десек те, миллиондаған жыл бойы адамдар ауқымды ұлттық мемлекеттерге емес, шағын ғана берік қауымдастықтарға біріккен еді.
Уақыт өте келе Homo sapіens кең ауқымдағы әріптестік орнату үшін мәдениетті пайдалануды үйренді, бұл білік бізді түр ретінде ұшпаққа алып шықты. Алайда мәдениет – солқылдақ дүние. Сондықтан құмырсқалар мен шимпанзелерден айырмашылығы Sapіens өзгерген жағдайға бейімделе отырып, әртүрлі жолмен ұйымдаса білді. Ұлттық мемлекет – Sapіens-тің көптеген нұсқасының біреуі ғана. Өзге нұсқалар қатарында тайпалар, қала-мемлекеттер, империялар, шіркеулер мен корпорациялар да бар. Болашақта мәдени негізі жеткілікті қандай да бір жаһандық одақ шыға келсе, таңғалмаңыз. Адамдарды біріктіретін топтардың шегі мен шекарасын айта алмаймыз. Бүгінгі ұлттардың көпшілігі 10 000 жыл бұрын жер бетін мекендеген халықтан да көп адамдарды қамтып алған.
Алақандай ғана тайпаларда қаупі зор қатерге төтеп беру үшін адамдар ұлттық мемлекет деп аталатын үлкен қауымдастықтар құруға бет бұрды. Бірнеше мың жыл бұрын Ніл алабын мекендеген ежелгі тайпаларды мысалға алайық. Өзен олардың тіршілік бүлкілі еді. Өзен арқылы егіні бітік шықты, өзеннің арқасында саудасы өркендеді. Алайда Нілдің мінезі аумалы-төкпелі болатын. Жаңбыр аз тамса, мұндағы адамдар аштықтан жаппай қырылды. Нөсер көп төксе, өзен арнасынан асып-төгіліп, тасқын таяу қоныстарды шайып кетіп отырды. Бірде-бір тайпа бұл жағдайды жеке өзі реттей алған жоқ. Себебі олардың әрқайсысы Нілдің белгілі бір бөлігін ғана иемденген еді, әрқайсысы әрі кеткенде мыңдаған жұмысшының басын қоса алатын. Мыңдаған шақырымды қазып, алып бөгет тұрғызғанда ғана қаһарлы өзенді жүгендей немесе тоқтата алатын. Ол үшін ортақ күш біріктіру керек. Тайпалардың ақырындап үлкен ұлтқа ұйысуының бір себебі осы еді, олар біріккенде ғана бөгеттер тұрғызып, арықтар қазып, өзеннің ағысын реттеп, түсім аз болған жылы астықтың қорын сақтап, байланыс пен көліктің жалпыұлттық жүйесін жасады.
Жайлы тұрмыстың осындай артықшылықтарына қарамастан, тайпалар мен рулық қауымдар ежелгі заманда да, қазір де бір ұлтқа оп- оңай ұйыса салған жоқ. Ұлтшылдықтың екі жағы бар – бір беті сондай қарапайым, екінші жағы – өте күрделі. Оңай жағы – өзімізге ұқсайтын адамды бөтендерден жоғары қою мінезі. Бұл мінез адамның бойында миллион жылдан бері мүлдем өзгермеген: нәсілшілдік біздің ДНҚ-мызда сақталған.
Ұлтшылдықтың күрделі жағы – бейтаныс адамдарды досым не туысым деп санау өте қиын. Мысалы, нағыз патриот өз баласын қымбат жекеменшік ауруханада емдете алмай жүрсе де, елдің басқа бір бөлігіндегі балалар сапалы ұлттық медициналық көмекті алу үшін салықтан жалтармайды. Дәл сондай патриот шенеунік пайдасы мол жұмысқа ағайыны мен жиендерін жинамай, кәсіби маманды алады. Бұл миллиондаған жылғы эволюцияға қайшы ғой! Салықтан жалтару мен тамыр-таныстық табиғатымызда бар, алайда ұлтшылдық оған «жемқорлық» деп айдар таққан. Адамдар осындай жемқорлықтан бас тартып, ұлттық мүддені отбасылық байланыстардан жоғары қойып, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және әлеуметтік қамсыздандыру секілді мемлекеттік жүйеден бөлек, білім беру, үгіт-насихат және ұлттық байрақты желбірете мақтануға мүмкіндік беретін үлкен аппаратты бағып-қағуы керек.
Мұндай ұлтқа өзіңді жатқызудың қандай қиын екенін түсіну үшін «бұл адамдарды танитын ба едім?» деп сұрап көріңізші. Өзімнің екі әпкем мен 11 бөлемнің атын атап, олардың мінезі мен өзгеше бір қылықтарын күні бойы әңгімелеп беремін. Алайда дәл мен сияқты Израиль азаматтығын алған 8 миллион адамның заты түгілі, атын да білмеймін. Олардың көпшілігімен жүзбе-жүз кездесіп те көрмегенмін, болашақта кездесуім де неғайбыл. Солай бола тұра, осы бір бұлыңғыр бұқараның маған қатысы бар екенін сезінемін – бұл біздің жаңа тарихтың сиқыры.
Бұл ұлттық байланыста кінәрат бар деген сөз емес. Алып жүйелер бұқараның ниеттестігін сезінбесе тіптен қауқарсыз болып қалады, ал адамзат тақсіретінің ауқымын кеңейтудің артықшылығы көп. Патриотизмнің барынша жеңіл түрін адамзаттың ең абзал перзенттері ұстанды. «Халқым ерекше ұлт, ұлтыма адал болуым керек, оның әрбір мүшесі алдында қарыздармын» – деген ой ұлт үшін жан алып, жан беруге итермелейді. «Ұлтшылдық болмаса, либералдық жұмақта өмір сүрер едік» деп тұспалдау да үрейді ұшыратын қателік. Дұрысы ол кезде біз апыр-топыры шыққан тайпада өмір сүретін шығармыз. Әсіресе демократия – ұлтшылдықсыз түкке де жарамас еді. Барлық партия ұлтқа деген адалдық құндылықтарын сақтаған кезде ғана адамдар демократиялық сайлаудың нәтижелерін мойындауға әзір. Германия, Швеция, Швейцария сияқты бейбіт әрі гүлденген мемлекеттер ұлттық ерекшелігімен ұнамды. Ұлттық байланыстың жібі босаң елдердің тізіміне Ауғанстан, Сомали, Конго және жолы болмаған мемлекеттердің көпшілігі енген1.
Тілектес патриотизм шовинистік әсіреұлтшылдыққа айналған сәттен жағдай ушығады. Ұлтының айрықша екеніне мақтанудың орнына (барлық ұлттар да айрықша), кейбіреулер өз ұлтын басқа ұлттардан жоғары қойып, өз ұлтыма ғана адалдықты сақтасам жетеді, қалғандарының алдында міндетті емеспін деп есептей бастайды. Мұндай ұстаным қатыгездіктің отын өршітіп, ол өрт тез лапылдай жөнеледі. Сын садағына ілгендер ұлтшылдықты «ұрпақтарға жалғасқан аяусыз соғыстардың себебіне айналып отыр» деп айыптайды. Алайда ұлтшылдық пен зорлық-зомбылық біріккенде, өзін өзгелерден асқақпын деп есептеген әрбір ұлт – әскери басқыншылығын көршісінен қорғану деп түсіндірді. Әрбір мемлекет өз азаматтарына жоғары деңгейдегі қауіпсіздік пен өркендеуге кепілдік бергенде ғана адамдар сол елдің жолында жанын құрбан етуге дайын. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында ұлтшылдықтың шарты барынша тартымды көрінетін. Ұлтшылдық адам айтқысыз ауқымдағы алапат шиеленістерге итермелесе де, сол заманның ұлттық мемлекеттері денсаулық сақтаудың, білім берудің және әлеуметтік қамтамасыз етудің пәрменді жүйесін құра алды. Бұл жүйелер, тіпті Пашендаль мен Верденді де ақтап алған сыңайлы.
1945 жылы жағдай күрт өзгерді. Ядролық қаруды ойлап табу ұлтшылдық шартының тепе-теңдігін аяқасты бұзып жіберді. Хиросимадан соң адамдар ұлтшылдық соғысқа итермелейді екен деп қорыққан жоқ, ол енді ядролық соғысқа ұрындырады деп шошынды. Жаппай қырып-жоюдың үрейі адамдардың ой-өрісін өзгертті, осы бір қауіп біріктірген соң әртүрлі ұлттардың үстінен жаһандық қауымдастық қалыптаса бастады, себебі ядролық жалмауызды тек қана алып қауымдастық тежей алатын еді.
1964 жылы АҚШ-тағы президент сайлауы науқанында Линдон
Б. Джонсон эфирде «Түймедақ» гүлі деп аталған, көпке мәлім үгіт-насихат ролигін таратты, ол әлі күнге телевидение тарихындағы ең нәтижелі үгіт жұмысы болып есептеледі. Жарнама кішкене бір қыздың түймедақ гүлін теріп, күлтелерін санап отырған оқиғасынан басталады. Ол күлтелерді бірден онға дейін санап бола салысымен, ер адамның суық үні қыздың даусын естіртпей, зымыранды ұшыратын сәттегідей, оннан кері санай жөнеледі. Нөл деген сәтте ядролық
жарылыстың жарқылы экранды жауып, кандидат Джонсон Америка қауымдастығына былай дейді: «Не бел кетеді, не белбеу кетеді. Не Құдайдың жаратқан әрбір пендесіне орын табылатын әлемде өмір сүреміз, не болмаса қараңғы қапасқа көміліп, қор боламыз. Біз не бір-бірімізді сүйеміз, не өлеміз!»2. «Соғыспен емес, махаббатпен айналыс!» ұранын 1960 жылдардың соңындағы қарсылықты мәдениетке жатқызамыз, алайда бұл ұстаным 1964 жылдың өзінде Джонсон сияқты темірдей қатал саясаткердің өзіне танымал болған.
Қырғиқабақ соғыс кезінде халықаралық саясаттың жаһандық тәсіліне ұлтшылдық жол берді, қырғиқабақ соғыс аяқталған уақытта жаһанданудан ешкім қашып құтыла алмайтындай көрінді. Адамзат қарабайыр бір дәуірлердің қалдығы ретінде ұлтшыл саясатынан бас тартып, ол нашар дамыған мемлекеттердің надан тұрғындары ғана ұмтылатын жүйе болады деп күтті. Бірақ соңғы жылдардағы оқиғалар Ресей, Үндістан, Қытайды есепке алмаған күннің өзінде, Еуропа мен АҚШ азаматтарына да ұлтшылдық үлкен ықпал ететінін дәлелдеп берді. Жаһандық капитализмнің тұлғасыз күштерін жек көрген және әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесінің тағдырына алаңдаған әр мемлекеттің адамы қолдау мен сенімді ұлтшылдықтың құшағынан табатындай ұмтылып жүр.
Джонсон «Түймедақ» жарнамасында көтерген мәселе – 1964 жылмен салыстырғанда бүгінгі күні өзектірек. Құдайдың жаратқан әр пендесіне орын табылатын әлемде өмір сүреміз бе, әлде қараңғы қапасқа көміліп қор боламыз ба? Дональд Трамп, Тереза Мэй, Владимир Путин, Нарендра Моди және оның әріптестері ұлттық сезімдерін іркіп қойып, әлемді құтқара ма немесе қазіргі ұлтшылдықтың тасқыны – шешілмеген жаһандық мәселелерден қашудың бір түрі ме?
БЕКІНІСТЕР ЖЕЛІСІ
Белгілі бір ұлтты қалай басқаруға болатыны туралы көптеген жақсы идея айтқан-ақ шығар, өкінішке қарай, ұлтшылдық күллі әлемді басқарудың өміршең жоспарын ұсынуға келгенде қауқарсыз. Мысалы, түрік ұлтшылдығы Түркияның істерін басқаруда ақылға қонымды ішкі саясатты түзгенімен, күллі адамзатқа ештеңе ұсына алмайды. Империализм болып қайта өркендеп, мемлекетті әлемнің өзге аймағын жаулап алуға итермелейтін кей жағдайларды ескермегенде, ұлтшылдық әркез осы қалпынан танған емес. Бір ғасыр бұрын мұндай асқақ жоспар көптеген ұлттық мемлекеттерді алға сүйреді. Түркиядағы,
Ресейдегі, Италиядағы немесе Қытайдағы қазіргі ұлтшылдар күллі әлемді жаулап аламыз деп әпербақанданбайды.
Жаһандық империяны ықпалды күштердің ығына жығыла жүріп құру туралы әңгімелеместен бұрын, Стив Бэннон, Виктор Орбан,
италиялық «Солтүстік лига» немесе Brexіt-тің британдық жақтаушылары секілді кейбір ұлтшылдар әлемді күшпен жаулап алуды емес, «ұлтшылдық интернационал» туралы армандайтынын сөз етейік. Олар жер бетіндегі барлық мемлекеттің бір ғана дұшпаны бар деп есептейді. Жаһандану, мультикультурализм және иммиграция дәстүрді жалмап, ұлттың біртектілігін сақтауға зор қауіп төндіреді. Сондықтан күллі әлемнің ұлтшылдары жұдырықтай жұмылып, жаһандық күштерге қарсы тұруға тиіс. Мажарлар, итальяндар, түріктер мен израильдіктер бекіністер тұрғызып, қақпалар салып, адам, тауар, ақша мен идея тасқынын тежеуі керек екен.
Сол кезде әлем жекеленген ұлттық мемлекеттерге бөлініп, оның әрқайсысы қасиетті біртектілігі мен дәстүріне ие болып, мамыражай күн кешеді. Өзара құрметтің негізінде әріптестік орнатып, бейбіт сауда жасайды. Бірақ Венгрия – мажарлардікі, Түркия – түріктердікі,
Израиль – израильдіктердікі болып қалады да, күллі әлем олардың кім екенін, дүниедегі орны қандай екенін біліп жүреді. Бұл әлемде имми-грацияға, әмбебап құндылықтарға, мультикультурализм мен жаһан-дық элитаға орын жоқ, алайда бейбіт халықаралық қатынастар мен болмашы сауда-саттыққа рұқсат. Бір сөзбен айтқанда, «ұлтшыл интернационал» бекініске бекінген, бірақ бір-бірімен дос-жар жүйелері бар әлемге айналуға тиіс.
Бұл идеяның басты мәселесі – бекіністердің бір-бірімен достығы ұзаққа созылмайды. Кез келген ұлттық бекіністер қауіпсіздік пен өркендеу жолында көршісінің жерін тартып алып, аумағын ұлғайтуға қарсы болмайды. Қандай да бір әмбебап құндылықтар мен
халықаралық ұйымдарсыз бәсекелес бекіністер ортақ ережелер енгізіп, келісімдерге келе алмайды. Әлемді мемлекеттерге бөлу талпынысы бұрын соғыс пен геноцидке итермелегенін бәрі біледі.
Жолыңыз болып, АҚШ немесе Ресей сияқты бекем бекіністің ішінде өмір сүрсеңіз, бұл мәселелерге несіне бас қатырасыз? Кейбір ұлтшылдар, шынымен де, шектен тыс оқшаулануды қолдайды. Олар не жаһандық империяға, не бекіністердің жаһандық жүйесіне сенбейді. Керісінше, қандай да бір жаһандық тәртіптің қажеттілігін жоққа шығарады. «Бекінісіміз көпірін көтерсін, есік-тереземізді тарс жауып алайық, – дейді олар, – қалғандары бүл болмаса, күл болсын! Жат адамдарды, жат тауарларды, жат идеяларды қабылдамаймыз. Бекінісіміз берік, күзетшіміз сенімді, шетелдерде не болып жатқаны кімнің қабырғасына батуы керек?».
Алайда мұндай шектен тыс оқшаулану экономикалық шындыққа кереғар. Жаһандық сауда желісі болмаса барлық ұлттық экономика, тіпті Солтүстік Кореяның да экономикасы опырыла құлайды. Көптеген елдер азық-түлік импорты болмаса аштан қатады, ал баға аспандай жөнеледі. Өзім киіп жүрген қытайдың жейдесін 5 АҚШ долларының айналасындағы ақшаға сатып алдым. Егер оны израильдік жұмысшылар өсірген израильдік мақтадан, Израильде жасалған құрылғыда, Израильде жоқ мұнайдан алған энергиямен тігетін болса, оның бағасы он есе қымбаттауы әбден мүмкін. Сондықтан Дональд Трамптан бастап Владимир Путинге дейінгі ұлтшыл көсемдер жаһандық саудаға қатысты көл-көсір айып тағып жатқанымен, өз елін бұл жүйеден толық алып шығып кету туралы ойдан ада-күде бас тартқан. Ал ойын шартын жасайтын әлдебір жаһандық тәртіп болмаса, сауданың жаһандық желісін құрамыз деу ақылға сыймайды.
Тағы бір маңызды дүние, бізге ұнай ма, жоқ па, бәрібір – бүгінгі адамзат мемлекеттер шекарасын мүлдем мойындамайтын үш бірдей ортақ сын-қатерге кезігіп отыр, оны жаһандық әріптестік орнату арқылы ғана шеше аламыз.
ЯДРОЛЫҚ ҚАТЕР
Адамзатқа жақсы таныс қас дұшпан: ядролық соғыс туралы әңгімемен сөзді бастайын. Кариб дағдарысынан кейінгі екі жылдан соң, яғни 1964 жылы эфирге Джонсонның «Түймедақ» жарнамасы шыққанда, ядролық қарудың жер бетін тып-типыл етіп құртып жіберетін қаупі көпшіліктің үрейін ұшырды. Ғалымдар да, қарапайым жандар да қатерден қашып құтылудың жолын табатын кемеңгерлік сүйегімізде жоқ, қырғиқабақ соғыстың лапылдаған өрттей жайпап өтуі – уақыттың еншісінде деп шошыды. Бірақ адамзат ядролық қауіпті табысты тойтара білді. Америка, КСРО, Еуропа мен Қытай мыңдаған жыл бойғы саясаттан бас тартты да, қырғиқабақ соғыс аздаған шығынмен-ақ аяқталды, жаңа халықаралық тәртіп жер-жаһанның адам сенгісіз дәуіріне аяқ басуына жол ашты. Ядролық соғыс қана емес, соғыстың барлық түрі де аяқталғандай болып көрінді. 1945 жылдан бері қарай, бір таңғаларлығы, ашық басқыншылықтың кесірінен өзгерген шекаралар аздау, ал мемлекеттердің көпшілігі соғысты саясаттың бір құралы деп қарастыруды доғара бастады. 2016 жылғы Сириядағы, Украинадағы және сол сияқты кейбір отты аймақтардағы соғысқа қарамастан, семіздікке, автокөлік апатына, өзіне-өзі қол салуға қарағанда, соғыс өрті аз ғана адамның өмірін жалмады3. Бұл біздің заманның қол жеткізген ең ұлы саяси және моральдық жетістігі.
Бұл жетістікке бойымыздың үйренгені сонша, оны қалыпты бір жайт деп қабылдай бастағанымыз өкінішті. Соның кесірінен адамдар отпен ойнай бастады. Жақында ғана Ресей мен АҚШ ядролық қаруланудың жаңа жарысына кірісті, қиямет қайымның жаңа машиналарын зорайта бастады, бұл дода соңғы онжылдықтарда әрең қол жеткізген жетістіктерді жоққа шығарып, адам баласын ядролық қауіп-қатерге жақындата түсті4. Осы аралықта қауымдастық бомба салған сойқанды ұмытып, алаңдауды қойды, ол аз десеңіз ядролық бомбаға ынтызар бола түскен секілді («Доктор Стрейнджлав» фильмі солай болатынын айтпап па еді?).
Осылайша ядролық жетекші мемлекет – Ұлыбритания Brexіt туралы пікірталастарды қаузап, экономика мен иммиграцияның мәселелерін айналшықтап жүріп алды да, Еуроодақтың Еуропалық және жаһандық маңызды үлесі туралы айтылуы тиіс әңгіме шет қалды. Қанды судай ағызған жүзжылдықтан соң француздар, немістер, итальяндар мен британдықтар аптығын басып, құрлықтағы үйлесімді сақтау механизмін әрең құрғанда, Ұлыбритания осы бір таңғажайып машинаның дөңгелегін сойылымен бір соғып, тоқтата салғаны ма?
Ядролық соғысты болдыртпай, жаһандық бейбітшілік орнататын халықаралық тәртіпті орнату қиын екен. Бұл жүйені әлемнің мың құбылған жағдайына бейімдеу керегі анық. Мәселен, АҚШ-қа барынша аз арқа сүйеп, Қытай мен Үндістан секілді еуропалық емес мемлекеттерге көбірек иек арту қажет5. Бұл тәртіптен ада-күде бас тартып, ұлтшыл саясатқа оралу – сізді жауапсыз құмар ойыншыдай етеді. Иә, XІX ғасырда мемлекеттер адамзаттың өркениетін бүлдіріп алмай, ұлтшылдықтың ойынын ойнады. Бірақ ол Хиросимадан бұрынғы жағдай еді. Хиросимадан кейін ядролық қару қаупі еселеп, соғыс пен саясаттың табиғатын толық өзгертті. Адамдар уран мен плутонийді байытып жүрген сәтте, нақты бір мемлекеттік мүдде ядролық соғыстан бас тартудан жоғары болмауы керек. Бұл саясатқа жер беті тұрғындарының өмірі байлаулы болып тұр. «Біздің ел – алдыңғы қатарда!» деп ақырған ұлтшылдар берік халықаралық әріптестік жүйесіне арқа сүйемеген күнде, жеке мемлекет тұтас адамзатты, тіпті сол адамның өзін ядролық қауіптен сақтай ала ма, оны да бір ойлап қойсын.
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ
Ядролық соғыстан өзге, жақын уақытта адамзаттың тыныс-тіршілігіне қауіп төндіретін жаңа қатер бар. Ол 1964 жылы саяси радарда болар-болмас байқалған экологиялық жаппай күйреу қаупі. Адамдар биосфераның тепе-теңдігін әртүрлі жолмен бұзып келеді. Қоршаған ортаның байлығын сорып алып, оның орнына қоқыс пен уды үйіп-төгіп тастадық, сол арқылы топырақты, суды, атмосфераны адам танығысыз дәрежеде өзгерттік.
Миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан экологиялық нәзік тепе-теңдікті қандай жолдармен бұзып жатқанымыз туралы сезімнің өзі бұлыңғыр. Тыңайтқыш ретінде қолданатын фосфорды мысалға лайық. Мұны өте аз мөлшерде пайдалансақ, өсімдіктің өсіміне көмектесетін өте құнды тыңайтқыш болады. Алайда шамадан тыс мөлшерде табиғатқа шашып жіберсек, фосфордан өткен у жоқ. Заманауи өнеркәсіптік ауыл шаруашылығы алқаптарды фосфордың көп мөлшерімен тыңайтады, осы заттек көп ағын фермалардан өзендерге, көлдер мен мұхиттарға лықсып төгіліп, су флорасы мен фаунасын жойып жатыр. Айовада жүгері өсірген шаруа Мексика шығанағындағы балықтың қырылуына себепкер екенін білмейді де.
Осындай іс-әрекеттің кесірінен тіршілік ортасы бүлініп, жануарлар мен өсімдіктер құрып бітеді, Австралия Үлкен Рифі немесе Аманзонка тропикалық ормандары секілді тұтас экожүйе зор қауіптің астында қалады. Жүздеген жыл бойы Homo sapіens экологиялық ортаның белгілі бір түрін аңдып атқан қарақшы болса, ендігіде экологиялық ортаны жаппай қиратқан қанішерге айналды. Осы бағытпен жүре берсек, көптеген биологиялық түрді қырып қана қоймай, адам өркениетін түп-тамырымен жойып жібереміз6.
Ең басты қауіп – климаттың өзгеруі. Жүз мыңдаған жылғы тіршілігінде адамзат мұз және жылыну дәуірлеріне куә болды. Алайда ауыл шаруашылығы, қалалар мен күрделі қоғамдардың пайда болғанына 10 000 жылдан асқан жоқ. Голоцен деп аталатын бұл дәуірде жер бетіндегі климат салыстырмалы түрде тұрақты болды. Голоцен дәуірінде климаттың стандарттан сәл-пәл ауытқуы, адам баласы бұрындары кезікпеген үлкен мәселелерді туындатады. Бұл миллиардтаған адамға шектеусіз уақыт бойы ашық тәжірибе жасаған секілді ұзаққа созылады. Тіпті адамзат өркениеті түптің түбінде жаңа жағдайға көндікті дегеннің өзінде, бейімделу кезінде қаншама құрбан көз жұматынын ешкім болжап біле алмайды.
Бұл сұмдық тәжірибе басталып та кетті. Болашақта басталуы мүмкін климаттың өзгеруінің ядролық соғыстан айырмашылығы – бүгінгі күннің шындығы. Көмірқышқыл газы секілді парниктік газдың көптеп шығарылуы Жер климатының қауіпті өзгеруіне әкеледі деген пікірге ғалымдар бірауыздан келісіп отыр7. Қайтар жолымыз жоқ қауіптің алдын алу үшін көмірқышқыл газын атмосфераға қандай
көлемде шығару керегін ешкім нақты білмейді. Алайда ғалымдардың бағалауынша, егер жақын 20 жылда парниктік газдың шығарылымын айтарлықтай тежемесек, жер бетіндегі орташа температура 20С дейін көтерілмек екен8. Ал бұл жағдайда кенезесі кепкен шөл дала ұлғайып, мұз еріп, мұхит деңгейі көтеріліп, дауыл мен тайфун сияқты апаттар жиілейді. Мұндай алапат апат ауыл шаруашылығы өндірісін бүлдіріп, қалаларды су астында қалдырып, жер бетінің көп бөлігін тіршілік етуге жарамсыз қылып, жаңа мекен іздеген миллиондаған босқынды тентіретіп жібереді9.
Процесті кері қайтарып, парниктік газдардың шығарылымын едәуір азайтқанның өзінде, қайта қалпына келмес дүние көп. Мысалы, жаһандық жылыну кезінде полярлық мұздықтардың шеті сөгіліп, ери бастағанда, күн сәулесінің жер бетіне шағылып, ғарыштық кеңістікке сәуле шашуы азаяды. Демек, ғаламшар жылуды көбірек сіңіріп, температура одан сайын көтеріліп, мұздар ағыл-тегіл ери бастайды. Қайтар жолы жоқ осы бір сапардың соңына жеткен сәтте, кері бұрыла алмайтынымызды еш ұмытпаған жөн. Себебі адамдар көмір, мұнай мен газды жағуын доғарса да полярлы өңірлердегі мұз ебіл-дебіл ери береді, ери береді. Сондықтан бетпе-бет келетін қатердің қаупін жете түсінуіміз керек. Тап қазірден бастап қамдана берген дұрыс.
Өкінішке қарай, 2018 жылы парниктік газдарды жаһандық деңгейде шығару көлемі азайған жоқ, тіпті көбейіп кетті. Қазба отындардан бас тартатын сәт тым жақын қалды. Сауықтыру жұмысына дәл қазір кірісуіміз керек. Келесі жыл, келесі айда емес, дәл бүгінгі күннен.
«Сәлем. Мен Homo sapіens-пін. Қазба отынға өте тәуелдімін...»
Осы бір мазасыз әлемдегі ұлтшылдықтың орны қандай? Экологиялық қауіпке ұлтшылдардың ұсынысы бар ма? Қандай да бір ел, қаншама алпауыт бола тұра жаһандық жылынуды өздігінен тоқтата ала ма? Жекеленген елдер жап-жақсы экологиялық-экономикалық мәні бар бірқатар «жасыл» стратегиялар қабылдайтыны сөзсіз. Көмірқышқыл газын шығаратындарға үкімет салық салып, мұнай мен газдың салығын арттыратын болар, одан да қатаңырақ экологиялық нормалар қабылдап, ластайтын өндірістерге субсидияны қысқартып, қайта жаңғыратын энергияға көшкендердің маңдайынан сипайтын шығар. Олар, сонымен қатар Манхэттен экологиялық жобасы секілді мүлдем жаңа экологиялық таза технологияларды жасау мен зерттеуге көп қаржы құюы да мүмкін. Соңғы 150 жылда жеткен жетістіктеріміз үшін іштен жану қозғалтқышына алғысымыз шексіз, алайда тұрақты физикалық және экономикалық ортаны сақтағымыз келсе, қазба отындарының орнын жаңа технологиялармен алмастырып, байырғының жаңалығын қолдануды доғаруымыз керек10.
Технологиялық жаңалықтар кез келген салада пайдалы шығар, тек энергетикада емес. «Нағыз ет» технологиясы дамуының болашағын көзге елестетіп көрейікші. Қазіргі таңда ет өндірісі миллиардтаған тіршілік иесін қинап, қорлап қана қоймай, жаһандық жылынудың негізгі себептерінің біріне айналған. Атап айтсақ, ет өндірісі ауаны, жерді, суды ластайтын себептердің біріне, ал оның өнімі антибиотик пен уды тұтынушылардың қатарына қосылған. Инженер-механиктер институтының 2013 жылғы есебінде сиыр етінің бір киллограмын өндіру үшін 15 000 литр таза су жұмсалатыны айтылған. Енді салыстырайық, бір киллограмм картоп алу үшін 287 литр су кетеді11.
Қытай мен Бразилия секілді мемлекеттер миллиондаған халқын картоппен емес, сиыр етімен тамақтандыруға әл-ауқаты жетіп тұрғанда, қоршаған ортаға қысым көбейе беретін шығар. Әлгі тағамдарсыз қарны тоймайтын америкалықтар мен немістерді ауызға алмай-ақ қоялық, қытайлар мен бразилиялықтардың өзін стейк, гамбургер, шұжық жемеңдер деп үгіттеу өте қиын. Ал инженерлер жасушадан ет өсіріп шығаруды ойлап тапса не болмақ? Мәселен, гамбургерге тәбетіңіз тартып тұрса, тұтас бір сиырды алып ұрып, сойып жегенше (ол етті мыңдаған шақырымға жеткізуді айтаңшы), сол гамбургерді өсіріп ала сал.
Бұл ғылыми фантастика секілді естілер, бірақ дүниежүзіндегі алғашқы гамбургерді 2013 жылы өсіріп, жеді. Оның құны 330- долларға бағаланған. Төрт жылғы зерттеу мен ізденістен соң, бағасы 11 АҚШ долларына түсті. Тағы бір он жылдан соң өндірісте шығаратын «нағыз ет» сойылған еттен анағұрлым арзандайды деген үміт бар. Бұл технологиялық даму адамдардың асқазанына кетуге тиіс миллиардтаған жануарды азаптан құтқарып, сонымен қатар аш-арықтардың қарнын тойғызып, экологиялық дағдарысқа да жол бермес еді12.
Климат өзгеруінің алдын алу үшін жеке адамдар, корпорациялар мен үкіметтер істейтін іс көп. Ол іс тиімді болуы үшін барлығы жаһандық деңгейде жасалуы керек. Мәселе климатқа келіп тірелгенде, мемлекеттер тәуелсіз бола алмайды. Олар ғаламшардың өзге бір қиырындағы адамдар қабылдаған іс-шаралардың ықпалында қалады. Тіпті Кирибати республикасы – Тынық мұхиттағы арал-мемлекет кең айдынға парниктік газдарды мүлдем шығармай қойса да, өзге мемлекеттер ол істен бас тартпаса, мұхит ластана береді. Чад мемлекеті ел аумағындағы әрбір үйдің шатырына күн панельдерін орнатса-дағы, шалғайдағы бір елдердің жауапсыз экологиялық саясатының кесірінен, ол өлке бәрібір де кенезесі кепкен шөлге айналады. Қытай мен Жапония сияқты алпауыт елдердің өзі экологиялық тұрғыдан тәуелсізбіз дей алмайды. Шанхай, Гонконг пен Токионы топан су мен тайфуннан құтқару үшін олар ресейлік және америкалық үкіметті «бәрі де қаз-қалпында қала берсінші» деген мінезден арылуға үгіттеуге мәжбүр.
Ядролық соғысқа қарағанда, ұлттық оқшаулану климаттың өзгеруіне зор қауіп төндіреді. Жаппай ядролық соғыс жер-жаһанның күлін көкке ұшырады, сондықтан бәрі де ол соғысты болдырмауға құмбыл. Ал жаһандық жылыну, керісінше, әр елге түрліше ықпал етуі мүмкін. Кейбір елдер, ең әуелі, Ресей одан пайда тапқысы келеді. Жағалауы аз Ресей Қытай мен Кирибати сияқты теңіз деңгейінің көтерілуіне көп бас қатырып жатпайды. Жоғары температура Чадты шөліркеген шөлді өлке қылса да, Сібірді жаһанның сілекейін шұбыртар майлы күлшеге айналдыруы мүмкін. Ол аз десеңіз, Ресей аумағындағы, Қиыр Солтүстіктегі Арктикалық теңіз жолдарындағы мұздықтардың еруі Ресейді халықаралық саудадағы ірі бағытқа айналдырып жібереді де, тоғыз жолдың торабында отырмын деп кергіген Гонкогтың орнын Камчатка алмастырады13.
Сол сияқты, қазба отынды жаңғыртатын энергия көзі өзге елдер үшін пайдалы болатын шығар. Қытай, Жапония мен Оңтүстік Корея мұнай мен газдың ауқымды көлемінің импортына тәуелді. Олар осы ауыртпалықтан құтылғанына шүкір айтар. Ресей, Иран мен Сауд Арабиясы секілді мұнай мен газдың экспортына тәуелді елдер де бар. Мұнай мен газ күн мен желге орнын босатқанда, олардың экономикасы сылқ құлайды.
Яғни Қытай, Жапония мен Кирибати секілді жекелеген елдер көмірқышқыл газдары қалдықтарын көптеп шығаруды жылдам доғару керегін табанды түрде талап етіп жатқанда, Ресей мен Иран секілді елдер мұны енжарлықпен қабылдауы мүмкін. Жаһандық жылыну көп кесірін тигізуі мүмкін АҚШ секілді мемлекеттің ұлтшылдары қауіпті таразылауда тұмсығының астындағыдан әріні көрмей, өз қамын ғана ойлауы мүмкін. Оның кішкене бір, бірақ айрықша мысалы 2018 жылы, АҚШ шетелден өндірілген құралдар мен күн панелдеріне 30%-дық тариф енгізгенде байқалды. Олар жаңғыртылған энергия көздеріне өту процесі баяулап қалса-дағы, ең алдымен, Америка өндірісшілері өндірген өнімді қолдағысы келді14.
Атом бомбасы – ешкімді де елеусіз қалдыра алмайтын, айқын да тікелей төнген қауіп. Жаһандық жылыну, керісінше, анық емес, ұзаққа созылған қатер. Сондықтан ұзақмерзімді экологиялық қатер жүректі жаншытып, құрбандарды дәл бүгінгі күні көзімізге нұқып көрсетіп жатқан сәтте, ұлтшылдар өз елінің қас қағым сәттік жақсылықтарына бола елітіп, әуелі экономика, экология туралы кейінірек ойланамын деп ант-су ішеді немесе табиғатты қорғауды басқалардың шаруасы деп қолын бір-ақ сілтейді. Оны айтасыз, олар тіпті ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын деп бетбақтырмай қоюы мүмкін. Оңшыл ұлтшылдардың әдетте жаһандық жылынуға күмәнмен қарайтыны сәйкестік емес шығар. «Климаттың өзгеруі – Қытай мистификациясы» деп туит жазған солшыл социалистер сирек. Жаһандық жылынуға қарсы ұлттық жауаптың жоқтығына орай, кейбір ұлтшыл саясаткерлер ондай мәселе болған да емес деп сенгенді жөн санайды15.
ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІП
ХХІ ғасырдың үшінші қаупіне ешбір ұлтшылдықтың қауқары жетпейтіні белгілі болып қалды. Ол – технологиялық алауыздық деп аталады. Алдыңғы тарауларымызда айтып өткендей, ақпараттық технология мен биотехнологияның бірігуі – цифрлық диктатура ешкімге қажетсіз адамдардың жаһандық топтарының пайда болуы секілді жағдайларға ұрындырып, бізді қиямет қайымның есігіне жақындата түседі.
Бұл қауіпке ұлтшылдар не шара қолданады?
Олардың қолынан түк те келмейді. Климаттың өзгеруі жағдайындағыдай, технологиялық әлеуетті қауіптерге ұлтшыл мемлекеттер қарсы тұра алмайды. Тіпті, мейлі, АҚШ сияқты алпауыт ел болса да, ғылыми зерттеулер мен жасақтамалар қандай да бір жеке елдің монополиясы емес, сондықтан оны ешкім шектей алмайды. АҚШ үкіметі адам эмбрионының гендік инженериясын шектесе, ол шектеу
Қытай ғалымдарына тосқауыл емес. Жұмысын жалғастырған қытайлар түптің түбінде сол нәтижесі арқылы экономикалық немесе әскери артықшылыққа ие болса, әлгі жетістіктердің буына арбалған АҚШ бұл саладағы шектеуін алып тастауға ұмтылады. Адам адамды аямайтын ксенофобия жайлаған әлемде технологияның тайғанақ та тар жолына кімде-кім аяқ басса, көштің соңында ешкімнің де қалғысы келмей, сол дүрмекке бәрі де ілесе жөнеледі. Бұл дағдарыс құрдымға апармасын десек, жаһандық ниеттестік пен біртектілік бәрібір де керек боларын мойындауға тиіспіз.
Ол аз болғандай, ядролық соғыс пен климаттың өзгеруі адамзаттың физикалық саулығына қауіп төндірсе, талқандаушы технология адамның табиғатының өзін өзгертіп жібереді; сол үшін де бұл өзгеріс адамдардың этникалық және діни наным-сеніміне байланысты дейміз. Ядролық соғыс пен экологиялық қауіптен қорғануымыз керек деген ойға барлығы сөзсіз бас шұлғыса, биоинженерия мен жасанды интеллектіні жаңғырту мен өмірдің жаңа бір түрін жасауда әркімнің пікірі мың-сан жылғаға бөлінеді. Адамзат күллі әлем үшін бірдей этикалық нормаларды қалыптастыра және қабылдай алмаса, доктор Франкенштейннің дәуірі басталады.
Осындай этикалық принциптер туралы әңгіме шеті қылтия бастаса, ұлтшылдар қиялдың шектеулілігінен жапа шегеді. Ұлтшылдар ғасырларға жалғасқан аумақтық шиеленістер ұғымдары аясында ойлайды, ал XXІ ғасырдың технологиялық революциясын ғарыштық ұғымдар аумағында түсіну маңызды. Табиғи сұрыпталу негізінде дамыған органикалық өмірдің 4 миллиард жылынан соң, ақылды дизайн қалыптастырған бейорганикалық өмір дәуірінің таңы атып келеді.
Бұл үдерісте Homo sapіens-тің өзі жоғалып кетуі бек мүмкін. Бүгінгі таңда біз әлі гоминидтер тобына жататын маймылдармыз.
Неандертальдық пен шимпанзеге әлі күнге дене тұрпатымыздың, физикалық және ақыл-ой қабілетіміздің ұқсас жері көп. Қолымыз, көзіміз бен миымыз ғана емес, нәпсіқұмарлығымыз, махаббатымыз, ашуымыз бен әлеуметтік байланыстарымыз да гоминидтікіндей. Бір-екі ғасырдан соң биотехнологиялар мен жасанды интеллекті бірігіп тәннің, физикалық-психологиялық кескіннің өзгеруіне, осылайша гоминидтерден ерекшеленуімізге жағдай жасайтын болар. Кейбіреулердің пайымынша, сана-сезім кез келген органикалық құрылымнан бөлектеніп, кез келген физикалық және биологиялық шектеулерден арылып, киберкеңістікте емін-еркін қыдырыстап жүре алады. Интеллектінің сана-сезімнен ажырағанын бақылай аламыз, жасанды интеллектінің дамуы сана-сезімі жұрдай, бірақ суперинтеллектіге ие әлдекімдер үстемдік ететін әлемге бастайды.
Бұл жайында израильдік, орыс, француз ұлтшылдығы не дер екен? Бірдеме айтқансиды. Ұлтшылдар мұндай ауқымда ойлай алмайды. Сондықтан да израильдік ұлтшылдық «бір ғасырдан соң жер бетін sapіens-тер билей ме, киборгтер ма?» деген мәселеге уайымдамай, «келесі ғасырда Иерусалимді израильдіктер билей ме, палестиналықтар ма?» деп бас қатыруға бейіл. Болашаққа қатысты дұрыс таңдау жасау үшін ұлтшылдықтың сойылын соққан пікірден де ауқымдырақ ойлануды үйреніп, айналаға жаһандық, керек десеңіз, ғарыштық ауқымда қараған жөн. Ніл бойындағы ежелгі тайпалар сияқты, бүгінгі барша ұлт та ғылыми жаңалық, технологиялық өнертабыс, ақпарат екпіндей аққан жаһандық алып өзеннің бойында тіршілігін жалғап келеді. Ол өзен біздің өркендеуімізге кепіл бола тұра, тіршілігімізге де қауіп төндіреді. Осы бір жаһандық өзен арнасынан асып-төгіліп, жан-жағын жайпап өтпесін десек, әрбір ұлт жұмыла жұмыс істеуі керек.
«ЖЕР» АТТЫ ҒАРЫШ КЕМЕСІ
Бұл үш мәселенің әрқайсысының – ядролық соғыстың, экологиялық күйреудің, технологиялық апаттың – адам өркениетін жойып жіберуге күші жетеді. Ал үшеуі біріккен кезде алапат сойқан басталады, себебі олар бір-бірін күшейтіп, толықтырып отырады.
Мысалы, экологиялық дағдарыс адамзат өркениетінің тіршілігіне қауіп төндіргенімен де, жасанды интеллект пен биоинженерияның дамуын тежей алмайды. Мұхит деңгейінің көтерілуінен, азық-түлік қорының таусылуынан немесе жаппай миграциядан азып-тозған адамдар алгоритмдер мен гендерді зерттеуін доғара салады демей-ақ қойыңыз. Экологиялық дағдарыс тереңдеген сайын қатерлі, бірақ табысты технологиялардың дамуы жылдамдай түседі.
Иә, климаттың өзгеруі екі дүниежүзідік соғыс секілді кесірін тигізуі мүмкін. 1914–1918 жылдар және 1939–1945 жылдар аралығында технологиялық даму екпіні күрт өскен еді, себебі жаппай соғысқа кіріскен елдер сақтық пен экономиканы ысырып қойып, қиял-ғажайып және қолжетпес жобаларға үлкен қаржы жұмсады. Бұл жобалардың көпшілігінің жолы болмады, алайда кейбірі танкілер, радарлар, улағыш газдар, жоғары дыбысты реактивті ұшақтар, құрлықаралық зымырандар мен ядролық бомбалар ойлап тапты. Климаттық өзгерістерге ұшыраған мемлекеттер де технологиялық тәуекелдерге бел буған қалпында, қиындықтан осы қадам арқылы құтыламыз деп үміттенетін болар. Жасанды интеллект пен биоинженерия туралы адамзаттың күдігі негізді. Қауіпті технологияларға деген тыйымдар бар деп сенетін шығарсыз. Ендеше, өзіңізден: «Климаттық өзгерістердің кесірінен азық таусылып, қалалар су астында қалып, жүз миллиондаған босқын босып кеткен кезде де, осы тыйым сақтала бере ме?» – деп сұрап көріңіз.
Технологиялық апаттар жаһандық шиеленісті ұлғайтып қана қоймай, ядролық күш тепе-теңдігін шайқалақтатып, қиямет қайым тудыратын соғыстардың басталу мүмкіндігін көбейтеді. 1950 жылдардан бері қарай алпауыт мемлекеттер бірін-бірі тып-типыл етіп құртатынын білгендіктен ғана шиеленістерден бойын аулақ ұстап келеді. Шабуылдайтын және қорғанатын қарудың жаңа түрлері құмырсқадай қаптағанда, күш ала бастаған технологиялық «бес қаруы сай» алпауыт елдер ешбір зауалдан үрікпей, дұшпанымды қырып саламын деуі мүмкін. Ал технологиялық қауқасыз ел ядролық қарудың дәурені ақыры өтіп бара жатыр екен, түкке жарамай қалғанша, жарып көрсем қайтеді деп ойлауы мүмкін. Дәстүрлі ядролық текетірес, мақсаты мол шахмат ойыны іспетті. Ойыншылар кибершабуылдау мүмкіндігі туғанда қарсыласының
фигурасын қалай жейді, ал жасырын үшінші тарап кімнің айқасты бастағанын аңдамай да қалатындай етіп, пешкінің орнын ауыстырып тастаса не болмақ, немесе AlphaZero кәдімгі шахматтан ядролық шахматқа көшкенде қайтеміз?
Әртүрлі мәселелер біріккенде жағдайды тіпті ушықтырып жіберетіні секілді, бір мәселені шешуге қажет ықыласты өзге саладағы мәселелер жойып жіберуі мүмкін. Қарулы бәсекелестікке әбден шырмалған мемлекеттер жасанды интеллектіні дамытуды шектеуге келісе қоюы екіталай, ал бәсекелес елдердің технологиялық жетістіктерінен басып озу үшін барын салған мемлекеттерге климаттың өзгеруіне қатысты жалпы жоспарды жасау қиынға соғады. Әзірге әлем бір-бірімен жарысқан мемлекеттерге бөлінген қалпында қала береді. Ал бір мезетте үш бірдей қауіптің алдын алу өте күрделі, тіпті біреуінің өзін шеше алмасақ, оның соңы апатқа бастайды.
Әлемді шарпыған ұлтшылдықтың лебі бізді 1939 немесе 1914 жылдарға кері әкете қоймас. Адамзатқа жаһандық қауіпті үйе салған технология көп жағдайды өзгертті. Ешбір ел бұл қауіппен жападан-жалғыз күресе алмайды. Ортақ жау – жаңа біртектілікті қалыптастыруға ынталандырады. Қазір адам баласында ортақ үш жау бар – ядролық қатер, климаттың өзгеруі, техникалық қауіп. Осы ортақ қатерлерге қарамастан адамдар ерекше ұлттық мүддесін басқалардан жоғары қоя берсе, оның ақыры 1914 немесе 1939 жылдардан да апатты болмақ.
Ең бір үздік жол Еуроодақтың конституция жобасында нақты көрсетілген. Онда: «Ұлттық өзгешелік пен тарихымызды мақтан тұта отырып, Еуропа халықтары байырғы алауыздығын ұмытып, одан әрі біріге түсіп, ортақ тағдыр жасамақшы»16, – деген. Бұл барлық ұлттық біртектіліктің көзін құрту, жергілікті дәстүрлерден толық бас тарту, адамзатты сұрғылт бұқараға айналдыру деген сөз емес. Патриотизмнің барлық өрнегін жаппай жоққа шығаруға да жатпайды. Керісінше, тұтас құрлықты қорғар әскери және экономикалық қалқан жасап алған Еуроодақ Фландрия, Ломбардия, Каталония мен Шотландиядағы патриоттық реңкті жақсартқан сияқты. Неміс басқыншылығынан қорықпағанда немесе жаһандық жылыну мен жаһандық корпорациялармен күресте еуропалық ортақ майданға арқа сүйегенде, тәуелсіз
Шотландия немесе Каталонияны құру идеясы тартымдырақ көрінеді.
Сондықтан Еуропа ұлтшылдары өте жайбарақат. Ұлттық мемлекеттерге қайта ораламыз деген аз-маз әңгімеге қарамастан, осы идея үшін жан беріп, жан алатын еуропалықтардың қатары сиреген. Шотландтықтар Лондонның құшағынан Уильям Уолленс пен Роберт Брюстің уақытында шығуға ұмтылғанда, ол үшін қалың қол жасақтауы керек еді. Ал 2014 жылғы шотланд референдумында тірі пенденің қаны төгілген жоқ, ал келесі жолы шотландтықтар тәуелсіздік аламыз деп дауыс бере қалса, Баннокберндегідей қанды қырғынға ұшырауы да екіталай. Испаниядан бөлінуге ұмтылған каталондықтардың арманы аздаған қарсылыққа тап болды, оның өзінде де ол қарсылықта 1939 немесе 1914 жылы Барселона кешіп өткен қанды қырғынның жұқанасы да жоқ.
Әлемнің өзге елдері еуропалықтардың мысалынан үлгі алады деп үміттенсек керек. Тіпті тұтасқан ғаламшарымызда ұрпақтан-ұрпаққа ерекше міндеттеме жүктейтін, әрбір ұлттың айырықшалығын дәріптейтін патриотизмнің әр түріне орын табылады. Солай бола тұра тірі қалғымыз және өркендегіміз келсе, сол патриотизмді жаһандық қауымдастықтың алдындағы міндеттермен толықтырудан өзге амалымыз жоқ. Адам отбасына, ортасына, кәсібіне, ұлтына адал бола алады, адал болуға міндетті де. Осы тізімге адамзат пен жер шарын неге қоспасқа? Иә, мақсаттары сан алуан адамдар шекісіп те алар. Өмір сүру оңай деп кім айтты? Мұны да еңсерерміз.
Байырғы дәуірлерде жергілікті ру-тайпалардың шегінен асып кеткен мәселелер мен мүмкіндіктер көбейген сәтте, көмекке жалпыұлттық тұтастық қана келетінін ұқты да, тайпалар ұлттарға бірікті. Ежелгі ру-тайпалар кезіккен мәселе ХХІ ғасырдағы халықтардың да алдынан кесе-көлденең шықты: дәуірдің барынша маңызды мәселелерін шешкіміз келсе, ұлтқа бірігу көмектеспейді екен. Ұлттық институттар теңдессіз жаһандық мәселелерді шеше алмайтындықтан, ендігіде жаһандық жаңа біртектілік қажет. Бізде қазір жаһандық экология, жаһандық экономика, жаһандық ғылым да бар, сөйте тұра, ұлттық саясатқа тас кенедей қадалып алдық. Бұл сәйкессіздік негізгі мәселелерімізді саяси жүйеміздің шешуіне мүмкіндік бермейді. Тиімді саясат болуы үшін біз не экология, не экономика ғылымның дамуын жаһансыздандыруымыз керек немесе саясатты жаһандық етеміз. Экология мен ғылымның дамуын жаһансыздандыра алмайтындықтан, ал экономиканы жаһансыздандыру қолымыздан келмейтіндіктен, ең дұрыс шешім, әрине, саясатты жаһандандыру.
Жаһандану мен патриоттықтың арасында қарама-қайшылық жоқ. Патриотизм дегеніміз – шетелдіктерді жек көру емес қой. Патриотизм – отандастарыңа қамқор болу. Ал XXІ ғасырда отандастарыңның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шетелдіктермен жұмыла жұмыс істеуің керек. Яғни жақсы ұлтшылдар енді жаһанданушыларға айналуға тиіс.
Жоқ, бұл «жаһандық үкімет құрайық» деген бос айқай, күмәнді қиял емес. Дұрысы, саясатты жаһандандыру – мемлекеттің, тіпті қаланың ішіндегі саяси үдерістер жаһандық мәселелер мен мүдделерге көбірек бет бұруы керек деген сөз. Кезекті сайлау уақыты жетіп, саясаткерлер дауысыңды маған бер деп жалынып-жалпайып тұрғанда, оларға төрт сауал қойыңыз: Сайлана қалсаңыз, ядролық соғыстың қаупін азайту үшін не істейсіз? Климат өзгеруі қаупін азайту үшін нендей қадамдар жасайсыз? Жасанды интеллект немесе биоинженерия секілді жойқын технологияларды реттеу үшін не ұсынасыз? 2040 жылғы әлемді көзіңізге қалай елестетесіз? Ең қорқынышты сценарий қалай өрбімек, жақсы сценарий ше?
Егер кейбір саясаткерлер бұл сауалдардың байыбына бармаса, тек қана өткеннің жырын қаузай берсе, демек, болашақтың тиянақты келбетін сала алмағаны, ондай саясаткерлерге дауысыңызды бермей-ақ қойыңыз.
Өкінішке қарай, саясаткерлердің көпшілігі ұлттық тар мүддеге шырмай байланғандықтан, жаһандық әріптестікке қарсы шығады. Ендеше, әлемді біріктіреді деп сеніп, адамзаттың діни дәстүріне арқа сүйесек не болмақ? Жүздеген жыл бұрын христиандық немесе ислам секілді діндер жергілікті деңгейде емес, жаһандық ауқымда сөз таратты, олар қандай да бір ұлттың күресіне бойламады, өмірдің мәнін іздеуге талпынды. Дәстүрлі діндер әлі де өзекті ме? Олар әлемді қалыптастыруға жарамды ма, әлде заманауи мемлекеттер біздің заманымыздың жүйесін өзгертті ме? Экономика, технология өткеніміздің жарамсыз жәдігерлері ғана болып қалды ма?
8-ТАРАУ
Дін
Құдай ұлтқа қызмет етеді
Не заманауи идеология, не ғылыми тәжірибелер, не ұлттық үкімет – ешқайсысы да осы уақытқа дейін адамзат болашағының нанымды бейнесін көрсете алған жоқ. Бұл бейне адамзаттың діни дәстүрінің қойнауында тығылып қалған жоқ па? Сұрақтарымыздың жауабы Библия, Құран немесе Веда парақтарының арасында адасып жүр ме екен?
Дінге сенбейтін адамдар бұл ойға мысқылдап немесе қауіптене қарайтын болар. Иә, орта ғасырларда киелі жазбаларға үміт артқан-ақ шығар, жасанды интеллект, жаһандық жылыну және киберсоғыс дәуірінде ол бізге темірқазық бола алар ма? Дінге сенбейтіндердің қатары сирек. Миллиардтаған адам әлі күнге эволюция теориясына қарағанда Құран мен Библиядағы сөзге ұйиды; Құрама Штаттар, Түркия, Үндістан секілді елдерде діни қозғалыстар саясатқа кәдімгідей ықпал етеді; Нигериядан бастап Филлипинге дейінгі жер шарындағы бірнеше мемлекетте діни қайшылықтар әртүрлі шиеленістерге ұрындырады.
Сонымен, христиандық, ислам, индуизм секілді діндер қазір қаншалықты өзекті? Алдымыздан қарсы алған мәселелерді шешіп беруге бұл діндердің қауқары жете ме? ХХІ ғасырдағы дәстүрлі діндердің рөлін ұғу үшін мына үш мәселені айыра білуіміз керек:
1. Техникалық мәселелер. Мысалы, жаһандық жылынудан соң, жері қуаң шөлейтке айналған елдердің шаруалары құрғақшылықпен қалай күресіп жүр?
2. Саяси мәселелер. Жаһандық жылыну қаупінен құтылу үшін үкімет, ең алдымен, қандай шара қолдануы керек?
3. Біртектіліктің мәселесі. Айдаладағы шаруаның мәселесіне басымды қатыруға міндеттімін бе, болмаса отандастарым мен тайпаластарымның ғана қиындығына жанұшыра жәрдемдескенім дұрыс па?
Дәстүрлі діндер техникалық және саяси мәселелерді шешуде қауқарсыз екенін келесі сөзімізде айтып өтеміз. Екінші жағынан, біртектіліктің мәселесін шешуде діндерден оңтайлы құрал да жоқ. Көп жағдайда мәселенің шешімін табудың орнына, дін қиындықтың бір бөлігіне айналып кете қоятынын да ұмытпау керек.
ТЕХНИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР:
ХРИСТИАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Жаңа тарихқа дейінгі кезеңде дін ауыл шаруашылығы секілді дүниеауи саладағы техникалық мәселелерді шешуге жауапты еді. Діни күнтізбелер дихан қашан жер жыртып, қай уақытта егінді орып алу керегін нақтыласа, ғибадатханалардағы салт-жоралғылар жауын шақырып, егінді зиянкестерден қорғады. Шегіртке қаптап немесе құрғақшылықтан егін бітік шықпай, ауыл шаруашылығы дағдарып қалса, шаруалар дін қызметкерлері арқылы Құдайға жалынып-жалбарынды. Медицина да діннің құшағынан шыққан емес. Кез келген пайғамбар, гуру немесе бақсының әрқайсысы емші болды. Мысалы, Иса көп уақытын ауруды емдеуге, соқырдың көзін шырадай ашуға, мақауды сөйлетуге, жындыны сауықтыруға арнады. Ежелгі Мысырда да, ортағасырлық Еуропада да, қайда өмір сүрсеңіз де ауру меңдесе, дәрігерге емес, сиқыршыға; ауруханаға емес, ғибадатханаға тәу етуге барар едіңіз.
Бүгін дін қызметкері мен сиқыршыларға қарағанда, биологтар мен хирургтардың жұлдызы жоғары. Қазіргі Египедтің егістігіне
шегіртке қаптаса, иә, олар Аллаға жалбарынады: «Неге Құдайдан сұрамасқа?». Сөйте тұра, бидай сұрыптарының зиянкестеріне қарсы мықты пестицидтерді ойлап табуы үшін химиктерге, этномологтарға, генетиктерге өтініш айтуды да естен шығармайды. Діндар индустың баласына қызылша қаптап кетсе, Дханвантариге дұға жасап, жергілікті ғибадатханаға гүл мен тәтті апарып қояды. Алдымен науқас сәбиін жақын маңдағы ауруханаға жеткізіп, дәрігерлердің қолына тапсыруды ұмытпайды. Діндегі емшілердің соңғы бекінісі – психикалық аурулардың өзі ақырындап ғалымдардың қолына өткен. Жынтанудың орнын неврология, жын шығарудың орнын күйзелістен емдейтін дәрі-дәрмек алмастырған.
Ғылымның сөзсіз жеңіске жеткені сондай, біздің дін туралы көзқарасымыздың өзі өзгерген. Дінді ауыл шаруашылығымен не болмаса медицинамен байланыстырмаймыз. Қазір тіпті жанкешті діндарлардың өзі жаппай ұмытшақ ауруына душар болып, дәстүрлі діндер бір замандарда осы салаларға үстемдік еткенін естен шығарып жіберуге тырысады. «Иә, мамандар мен дәрігерлерге қаралып жүрмін, онда тұрған не бар екен?» – дейді жанкешті діндарлар: «Бұл ештеңені жоққа шығармайды. Діннің ауыл шаруашылығы мен медицинаға үш қайнаса сорпасы қосыла ма?».
Турасын айтайықшы: ауыл шаруашылығы мен медицинада ештеңе өндіре алмаған соң, дәстүрлі діндер осы саладағы үстемдігінен айырылып қалды. Дін қызметкерлері мен гурулар жауынды да шақыра алмайтын, сәуегейлік те жасау қолынан келмейтін, сиқыр туралы сөйлеудің өзі артық: олардың таланты басқа еді. Олар түсіндіріп берудің хас шеберлері болатын. Дін қызметкері – жауын-шашын шақыратын немесе құрғақшылықты жоятын адам емес. Дін қызметкері дегеніміз – егіннің бітік шықпауына жауын неге көмектеспегенін, тілек-дұғаларымызды орындамаса да Құдайға неліктен сене беруіміз керек екенін тәптіштеп түсіндіріп беретін жан.
Ғалымдармен бәсекеге түскенде, дәл осы түсіндіріп беру таланты діни көсемдердің өзіне қарсы қару болады. Себебі ғалымдар да жауабы жоқ сұрақтарды қалай айналып өтіп кетуді, дәлелдерді өзінің ыңғайына пайдалануды жақсы меңгерген. Ғалымдардың діндарлардан айырмашылығы, олар жеңілгенін мойындап, басқа тәсілді байқап көру керегін баяғыда түсінген. Дін қызметкерлері мен гурулар ақталу өнерін жетілдіріп жатқанда, ғалымдар ең үздік сұрыпты алу үшін, ең жақсы дәріні жасау үшін ерінбей-жалықпай үйреніп жүргені сондықтан. Ғасырлардың өне бойында бұл айырмашылықты тіпті тақуа діндарлар да аңғара бастады, себебі техникалық салаларда діннің мәртебесі кеми түскен еді. Соның салдарынан күллі әлем бір өркениетке айнала бастады. Нәтижелі дүниені кім мойындамасын?
САЯСИ МӘСЕЛЕЛЕР: МҰСЫЛМАН ЭКОНОМИКАСЫ
Қызылша ауруын емдеу секілді техникалық сауалдарға ғылым нақты жауап бере алғанымен, саясатқа келгенде олардың пікірі қақ жарылады. Жаһандық жылынудың қаупін бәрі мойындағанымен, бұл қауіпке қандай оңтайлы экономикалық әсер туғызу керек деген мәселеде келісімге ешкім келе алмайды. Алайда бұл мәселені дәстүрлі діндер жіліктеп береді деген сөз емес. Ежелгі киелі жазбалар заманауи экономикаға жақсы нұсқаулық бола алмайды, ал, мәселен, капиталистер мен социалистердің басты қайшылығы – дәстүрлі діндер арасындағы дүрдараздыққа ұқсамайды.
Иә, Израиль мен Иран секілді елдерде раввиндер мен аятоллалар үкіметтің экономикалық саясатына тікелей әсер ете береді, тіпті АҚШ пен Бразилия секілді зайырлы мемлекеттердің өзінде салық салудан бастап экологиялық нормаларға дейінгі мәселелерде қоғамдық пікірге діни көсемдер ықпал ете алады. Алайда зерделей қарасақ, заманауи ғылыми теориялар үшін дәстүрлі діндер екінші кезектегі маңызға ие екен. Аятолла Хомейни Иран экономикасы туралы әлдебір шешім қабылдағысы келсе, Құраннан жауап таба алмайды, себебі VІІ ғасырдағы арабтардың жаһандық қаржы нарығы, қазіргі заманғы индустриялық экономиканың мүмкіндіктері мен мәселелері туралы білімі мардымсыз еді. Сондықтан ол және оның көмекшілері жауап табу үшін Карл Маркске, Милтон Фридманға, Фридрих Хайекке және заманауи экономика ғылымына жүгінуіне тура келеді. Пайыздық мөлшерлемені көтеру, салықты төмендету, мемлекеттік монополияларды жекешелендіру, халықаралық тарифтік келісімдерге қол қою туралы шешім шығарып болған соң, Хомейни діни мәртебесін пайдаланып, Құранның қандай да бір сүресінен мысал келтіру арқылы қабылданған шешімнің ғылыми негізіне реңк беру үшін діни білімін пайдаланады да, қалың бұқараға бәрі де Алланың қалауымен жасалып жатқанын айтып түсіндіреді. Бірақ бұл қандай да бір шешімді қорапқа салып ұсыну сияқты ғой. Шииттік Иранның, сүнниттік Сауд Арабиясының, иудейлік Израильдің, индуистік Үндістанның, христиандық Американың экономикалық саясатын салыстырып көрсеңіз, анау айтқандай айырмашылық байқамайсыз.
ХІХ–ХХ ғасыр аралығында мұсылмандардың, иудейлердің, индуистердің, христиандардың ойшылдары өз заманындағы материализмге, қатыгез капитализмге, бюрократиялық мемлекеттің шектен тыс ынсапсыздығына қарсы шықты. Олар қолдарына әлемді шырқ үйіретін бишік түссе, «заманның барлық қайғы-қасіретін жеңіп, діни білім мен мәңгілік діни құндылықтарға негізделген айрықша әлеуметтік-экономикалық мінсіз жүйе құрар едік» деп ант-су ішті. Иә, оларға бір емес, мыңдаған мүмкіндік берілді, өз заманының экономикалық жүйесіне енгізген жалғыз өзгертуі – оны басқа түске бояп, шатырына алып жарты ай, крест, Давид жұлдызын немесе «ом» белгісін қадап қойды.
Жаңбыр шақыру секілді, экономикада да киелі жазбаларға маңыз беруге тырысқан діншілдер тәжірибесін ұштай түсті, бірақ дәл осы қадамы арқылы экономикаға діннің еш қатысы жоқ екенін көпке байқатып алды. Хомейни қандай экономикалық саясатты таңдаса да, оның дұрыс екеніне әркез Құраннан дәлелдер келтіреді. Сондықтан Құран мызғымас ақиқаттан мәртебені дәлелдеудің көзіне айналып барады. Қиын экономикалық таңдауға тап болсаңыз, Маркс пен Хайектің еңбектерін ыждағатпен оқисыз, ол кітаптар экономикалық жүйені тереңірек түсінуге, заттарға жаңа қырынан қарауға, ықтимал шешімдер қабылдауға көмектеседі. Жауапты тапқан соң Құранға үңіліп, Маркс пен Хайек айтқан жауаптың дұрыс екенін дін жолымен нанымды етіп тәпсірлейтін мысалдарды сүрелерден іздейсіз. Ол жерден қандай жауап тапқаныңыз маңызды емес, Құранды жақсы білгеніңіз шешіміңізді негіздей түсуге жәрдемдеседі.
Бұл жағдай христиандыққа да тән. Исаның айтқандары таза қанды коммунизмге жөн сілтесе де, христиан капиталиске де, социалиске де оп-оңай айнала береді. Қиырғиқабақ соғыс кезінде америкалық капиталистер ештеңеге мән берместен Исаның таудағы уағызын оқып жүрді. Иә, «мұсылман экономикасы», «христиан экономикасы», «индуист экономикасы» деген ұғым жоқ.
Библияда, Құранда, Ведада бірде-бір экономикалық ой болған жоқ демейміз, ол ой қазір өзектілігін жоғалтқанын ғана айтамыз. Веданы бас алмай оқыған Махатма Ганди тәуелсіз Үндістанды былай елестетті: дәстүрлі кхади матасын әркім өзі тігіп алатын, экспортқа аз шығарып, импортқа тіптен тәуелсіз болатын, толыққанды аграрлық қауымдастықтардың жиынтығы – үнді елі. Оның көпке ең танымал фотосуретінде мақтаны өзі иіріп отырған сәті бейнеленген, Ганди кәдімгі ұршықты үнді ұлттық қозғалысының символына айналдырды1. Алайда сол заманғы экономиканың шындығы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға сәйкес келмейтін. Сондықтан да ол арманнан бізге жеткен бір ғана жұқана – Гандидың миллиардтаған рупиге бағаланған, мәз-мейрам болып тұрған суреті ғана.
Заманауи экономикалық теориялардың дәстүрлі догмалардан өзектірек болғаны сонша, діни қақтығыстарды экономикалық себептермен тәпсірлеуге етіміз үйренген, ал экономкалық қақтығыстарды діннің себебінен іздеу ешкімнің ойына де келген емес. Мәселен, Солтүстік Ирландиядағы католиктер мен протестанттар арасындағы бүлік таптық шиеленіс негізінде туған деген пікір бар. Әртүрлі тарихи кездейсоқтықтарға орай, жоғарғы тап өкілдері протестанттар, ал төменгі тап өкілдері, негізінен, католиктер еді. Бір қарағанда діни қақтығыстар Исаның болмысына қатысты туып отырған сияқты көрінгенмен, бұл байлар мен кедейлердің кәдімгі жаға жыртысы еді. Тағы бір мысал: «Оңтүстік Америкадағы 1970 жылдардағы коммунист-партизандар мен жер иеленуші-капиталистердің арасы христиан діні мәселелеріне бола ушығып кетіп еді», – дегенге кім сенеді?
Ендеше, ХХІ ғасырдың басты мәселелерін шешуге дін қандай үлес қосуы мүмкін? «Адамдардың өміріндегі маңызды оқиғалар, мысалы, оқу орны мен жұмыс орнын анықтауда, отбасын құру таңдауын жасауда
жасанды интеллектіге шешім қабылдауға рұқсат береміз бе?» деген мәселені қозғайық. Бұл туралы мұсылмандардың көзқарасы қандай? Иудейлердің ұстанымы ше? Жоқ, бұл жерде ешқандай да мұсылмандық немесе иудейлік көзқарас жоқ. Адамдар бұл мәселеде екі тарапқа бөлінеді: олар жасанды интеллектіге билік беру керек деген ойды жақтайтындар және оған қарсылар. Мұсылмандар мен иудейлер екі тарапта да дауға араласып, сөздері нанымды болуы үшін Құран мен Талмудтан тәпсірлер келтіре береді.
Әрине, діни топтар кейбір мәселелерге қатысты қатаң ұстанымын айтып, оны қасиетті де мәңгілік догмаға айналдырып та жіберетін шығар. 1970 жылдары Латын Америкасында дін мамандары «азаттық теориясын» ойлап тауып, Исаны Че Гевараға кәдімгідей ұқсас етіп суреттеуін бастап кетті. Исаны жаһандық жылынудың мәселелеріне араластыру да, қазіргі саяси көзқарастарды діннің мәңгілік принциптеріне айналдыра салу да бүгінгі күні түкке тұрмайды.
Қазірдің өзінде осы жағдайды байқауға болады. Евангелия шіркеуіндегі кейбір америкалық пасторлардың қиямет қайымды төндіретін уағыздарында «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңдарға қарсылықтар айтылады, ал Папа Франциск қасиетті Исаның жолын қуып, жаһандық жылынуға қарсы шығу керегін («Laudato sі»-дің екінші кітабы оны дәлелдейді) әңгіме өзегіне айналдырып жүр2. Яғни 2070 жылдарға қарай экологиялық ұстанымыңыз – евангелиелік пе, католиктік пе, қандай шіркеуге жататындығыңызға байланысты болады. Көмірқышқыл газын шығаруға қатысты кез келген шектеуге евангелистердің қарсы шығатыны айтпаса да түсінікті, ал бұл кезде католиктер қоршаған ортаны қорғауды Исаның өзі айтып кеткен деп сенеді.
Айырмашылықты олардың автокөліктеріне қарап та аңғарасыз. Евангелистер бензинді суша сіміретін, ірі, жол талғамайтын дүңкиген көліктерде зырғыса, тақуа католиктер «Жер шарын өртесең – тозақта отқа оранасың» деген қағазды бамперіне жапсырып алып, томпиған машинасымен кетіп бара жатады. Өз көзқарасын дәлелдеу үшін олар бір ғана Библияның әртүрлі бетінен дәлелдер келтіреді. Олардың бір пікірге тоқтамауына кінәлі – Библия емес, кінәлі – жаңа ғылыми теориялар мен саяси қозғалыстар. Демек, дін біздің дәуірдегі басты саяси дау-дамайды да тоқтата алмайды екен. Маркс айтқандай: «Дін – қаудырлаған бос қабық қана».
БІРТЕКТІЛІКТІҢ МӘСЕЛЕСІ: ҚҰМДАҒЫ ЖОЛ
Маркс дінді экономикалық-технологиялық қуатты күшті жасыратын қарапайым қондырғы деп есептеді. Ислам, индуизм, христиандық заманауи экономикалық құрылғының әсем әшекейі болса-дағы, адамдардың көпшілігі осы әшекейге қол созады, ал адамдардың біртектілігі шешуші тарихи күш болып есептеледі. Адамның күші бұқаралық әріптестікке тәуелді, барлық бұқаралық біртектілік ғылыми деректерге емес, тіпті экономикалық мұқтаждыққа да емес, ойдан шығарылған тарихқа негізделген. ХХІ ғасырда адамдардың иудейлер мен мұсылмандар, орыстар мен поляктар болып бөлінуі әлі де діни аңыздардың ықпалына тәуелділігінен басталады. Нацистер мен коммунистердің нәсіл мен тап арқылы адамзаттың біртектілігін ғылыми тұрғыдан анықтауға тырысуы – қауіпті, жалған ғылым болып шықты, сол уақыттан бері ғалымдар адамның «табиғи» біртектілігіне қатысты кез келген анықтамадан үзілді-кесілді бас тартты.
ХХІ ғасырдағы дін қызметкері жауын жаудырмайды, ауруды емдемейді, бомба жасамайды – алайда «біз» бен «жаттың» кім екенін таразылап, кімді емдеп, кімді бомбалау керегін анықтайды. Алдыңғы сөзімізде айтып өткендей, шииттік Иранның, сүнниттік Сауд Арабиясының, иудейлік Израильдің іс жүзінде бәлендей айырмашылығы жоқ. Олардың бәрі де бюрократиялық ұлттық мемлекеттер, бәрі де – кейбірі күштірек, кейбірі әлсіздеу капиталистік саясатты ұстанады, бәрі де балаларына полиомелитке қарсы екпе егеді, бомба жасайды деп химиктер мен физиктерге сенім артады. Шииттік бюрократия, сүнниттік капитализм немесе иудейлік физика деген ешқандай да ұғым жоқ. Ендеше, адамдардың қандай да бір адамзаттық ру-тайпаға құлай беріліп, келесісіне қырын қарауы үшін не істеуге болады?
Адамзаттың құмда жоғалған жолдарының айқын шекараларын қайта сызып шығуы үшін, негізінен, діндер, салт, жоралғы, рәсімдерді қолданады. Шииттер, сүнниттер, ортадоксалды иудейлер әртүрлі киім киеді, әртүрлі дұға оқиды, әртүрлі тыйымдарды ұстанады. Бұл әртүрлі діни дәстүрлер күнделікті өмірдің сәнін кіргізіп, халықты адамгершілік пен мейірімге шақырады. Азаншының әсем әуені күніне бес рет базардың, кеңселер мен фабрикалардың у-шуынан аса естіліп, мұсылмандарды дүниеауи істерден мойын бұрып, мәңгілік ақиқатқа ұмтылуға үндейді. Олардың индуист көршілері мантрасын қайталап, пуджи жоралғысын орындауы арқылы ақиқатқа ұмтылады. Әр аптаның жексенбісінде кешкісін, шаттық, ризашылық, бірлік үшін иудейлер кешкі дастарқан басына жиналып, айрықша тағамға қол созады. Екі күн өткен соң, жексенбінің таңында христиандық евангелиелік хор миллиондаған христианның жүрегін әнмен тазалап, қауымдастықтың сенім мен махаббат жібін нығайта түседі.
Кейбір діни дәстүрлер әлемді жамандыққа, адамдарды жауыз және рақымсыз болуға итермелейді. Әйелдерді жек көруді немесе касталық кемсітуді діннің қолдап-қорғаштауын ештеңемен де ақтап алмайсың ғой. Мейлі, таңғажайып немесе жиіркенішті болсын, діндердің дәстүрі адамдарды біріктіріп, сөйте тұра, оларды көршілерінен ерекшелеп алады. Сырт қарағанда, адамдарды бөліп-жаратын діни қайшылықтар түкке тұрмайтын жерден басталады, Фрейд мұны адамзаттың «болмашы айырмашылықтар нарцизимі» деп мысқылдаған болатын3. Алайда тарих пен саясатта болмашы айырмашылықтардың маңызы зор. Осылайша, сіз гомосексуал немесе лесбиан болсаңыз, Израильде, Иран мен Сауд Арабиясында – қайсы елде өмір сүрсеңіз де, бір аяғыңыз жерде, бір аяғыңыздың көрде тұрғаны. Израильде ЛГБТ-ні заң аясында қорғайды, тіпті екі әйелдің некесін заңдастыратын раввиндерді табуға болады. Иранда гомосексуалдар мен лесбиандарды жүйелі түрде аңдып, кей жағдайда өлім жазасына кеседі. Сауд Арабиясында 2018 жылға дейін лесбиан көлік те жүргізе алмайтын, себебі олар әйелдер еді, ал әйелдер өзінің лесбиан екенін мойындауы былай тұрыпты, көлік жүргізуге құқығы болмаған.
Дәстүрлі діннің ықпалы мен маңызын сақтаудың ең айрықша үлгісін Жапониядан көруге болады. 1853 жылы америкалық флот жапон елінің есігін сол заманның әлеміне күштеп ашқызды. Оған бас шұлғыған Жапония мемлекеті елді жаңғыртудың жедел қамына кірісті. Бірнеше
жыл өткенде ғылымға, капитализмге, жаңа әскери технологияға сүйенген қуатты бюрократиялық елге айналды да, Қытай мен Ресейді күйрете жеңіп, Тайвань мен Кореяны басып алып, ақырында Перл-Харборда америкалық флотты су түбіне итере салып, Қиыр Шығыстағы Еуропа империяларының күлін көкке ұшырды. Жапония Батысқа көзсіз еліктеген жоқ. Ол жапонның біртектілігін сақтауға тырысты, ал жапон азаматтары қайдағы жоқ жаһандық қоғамдастыққа, жаңғыртуға, ғылымға емес, Жапонияға адалдық антын берген еді.
Осы мақсат жолында Жапония ежелгі діні – синтоға жүгініп, оны жапон біртектілігінің іргетасы етіп алды. Шынын айтқанда, Жапон мемлекеті синтоизмді қайтадан жасап шықты. Дәстүрлі синтоизм түрлі құдайлар, әруақтар мен елестердің анемистік қойыртпағы болатын, кез келген ауыл немесе ғибадатхананың сүйікті әруақтары мен жергілікті салт-жоралғылары бар еді. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Жапон мемлекеті синтоизмнің ресми нұсқасын жасап, одан жергілікті салт-жоралғыларды алып тастады. «Мемлекеттік синтоизм» жапон элитасының ұлт пен нәсіл туралы Еуропа империалистерінен таңдап алған жаңа заманғы идеялармен толықтырылды. Буддизмнің, конфуцийліктің, самурайлардың феодалдық этикасының мемлекетке адал болуға септігі тиетін кез келген элементі осы қойыртпаққа араласты. Мұның ұшар басындағы ең биік принцип – жапон императорына сөзсіз бас ұру мінезі жатты. Ол Күн тәңірі Аматэрасаның ұлы болғандықтан, Құдай-патша кейпіндегі жан еді4.
Бір қарағанда ескі мен жаңаның ақылға қонбайтын қойыртпағын жаңғырудың жедел жолына түскен мемлекеттің орынсыз таңдауы секілді. Құдай-патша? Анимистикалық әруақтар? Феодалдық этика? Жаңа заманғы индустриялық державаға емес, неолиттік көсемдікке көбірек ұқсайтын сияқты.
Ертегідегідей бәрінің орайы келе қалды. Өте жедел жаңғырған жапондар мемлекетіне де жанкештілікпен адал бола білді. «Мемлекеттік синтоизмнің» ең белгілі символы деуге тұрарлық, дәлдігі жоғары, жылдам зымыранды жасап, қолданған алғашқы держава екенінен шығады. АҚШ «ақылды бомбаны» жасардан ондаған жыл бұрын, нацистік Германия V–2 зымыранының нұсқасына енді кірісіп жатқанда, Жапония дәлдігі жоғары зымыранмен Одақтастардың кемелерін суға батырып тастаған еді. Қанатты бомбаларды камикадзе-жанкештілер басқаратын. Заманауи дәлдігі жоғары оқ-дәрілер компьютерлердің көмегімен басқарылса, камикадзелер қайтып келетін жолы жабық сапардың жарылғыш заттар толы ұшағына отыратын. Өлімге қаймықпай бас тігу – мемлекеттік синтоизмнің негізі. Бұл дінде құрбан болу ұлтқа адалдық болып есептелетін. Иә, камикадзелер алдыңғы қатарлы технологиялар мен жаңа заманғы діни идеологияның қосындысынан пайда болған еді5.
Саналы түрде ме, жоқ па, көптеген үкімет бүгін жапон мысалынан үлгі алады. Олар ұлттық біртектіліктің ерекшелігін сақтау үшін заманының құрылымы мен әмбебап құралдарын қабылдай отырып, дәстүрлі діндерге арқа сүйейді. Жапониядағы синтоизмнің рөлін Ресейде православ діні, Польшада католиктік, Иранда шииттік ислам, Сауд Арабиясында уахабизм, Израильде иудаизм иеленген. Діннің көнелігіне қарамастан, қиялға сәл ерік беріп, жаңа түсініктермен толықтырса, ол сенім ең күрделі деген заманауи институттармен және үздік технологиялық құралдармен үйлесе кетеді.
Ұлттың біртектілігін нығайту үшін мемлекет кейбір жағдайларда мүлдем жаңа дін ойлап табуы да ғажап емес. Оның айрықша мысалын Жапонияның бұрынғы отары, бүгінгі Солтүстік Кореяның мысалынан айқын аңғарамыз. Солтүстікореялық режим азаматтарын чучхе деп аталатын жанкешті мемлекеттік дінге нандыруда. Бұл марксизм-ленинизмнің, ежелгі корейдің кейбір дәстүрлерінің, «корей нәсілі – таза қанды ұлт» деген сенімнің, Ким Ир Сеннің отбасын Құдайға теңдестірудің араласқан қойыртпағынан туған жаңа дін. Иә, «Кимнің ұрпақтары – Күн тәңірдің балалары» деп ешкім аттан салмаса да, бұрнағы тарихында байырғы тәңірлерінің бірде-біріне дәл осы отбасы мүшелеріне табынғандай ешкім бас ұрмаған шығар. Жапон империясы түптің түбінде тізе бүккенін ұмытпаған солтүстіккореялықтар «чучхе діні жасаған киелі қойыртпаққа ядорлық бомбаны да араластыру керек» деген сөздің шетін ұдайы қылтита қояды. «Бұл да үлкен құрбандықтарды талап ететін киелі борыш»6, – дейді олар.
ҰЛТШЫЛДЫҚТЫҢ ҚОЛБАЛАСЫ
Технологиялар қалай дамыса да, діни біртектілік пен салт-жоралғыларға қатысты пікірталастар жаңа технологияларды қолдануға ықпал ете береді. Тіпті жаһандық дау-дамай тудыруға да шамасы жетеді. Ортағасырлық мәтіндердегі діни тартыстарды шешу үшін ең озық ядролық зымырандар мен кибербомбаларды неге қолданбасқа? Адамзаттың мүмкіндігі бұқараның ниеттестігіне тәуелді болып тұрған сәтте, ал бұқараның ниеттестігі ортақ аңыздарға деген сенімге байланысты болғанда, дін, салт-жоралғылар маңызын жоғалтпайды.
Мұның барлығы да дәстүрлі діндерді адамзаттың мәселесін шешу жолына емес, мәселенің нақ өзіне айналдырып жібергені өкінішті. Ұлттық біртектілікті нығайта алатындықтан, діннің саяси ықпалы өте зор, оның тіпті үшінші дүниежүзілік соғыс өртін тұтатып жіберуге де қауқары жетеді. ХХІ ғасырдағы жаһандық мәселелерді шиеленістірудің емес, шешудің мәселесі туындағанда діннің шамасы көп нәрсеге жетпейтін секілді. Дәстүрлі діндердің көпшілігі жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттап, ғаламдық маңызға ие болғысы келгенімен, олар қазір бар болғаны ұлтшылдықтың қолбаласы секілді зыр жүгіре жұмыс істейді: Солтүстік Кореядағы, Ресейдегі, Ирандағы немесе Израильдегі мысалды өзіңіз де білесіз. Ұлттық әркелкілікті жоюда, ядролық қауіптің жаһандық шешімін табуда, экологиялық қатерлерге қарсы тұруда, технологиялық ойранды жеңуде олардың әлі де кедергі келтіріп отырғаны сондықтан.
Жаһандық жылыну мен ядролық қару туралы әңгіме бастала қалса, шииттік Иранның діндарлары бұл мәселеге Иранның тар көзқарасымен қарайды, израильдік раввиндер Израиль үшін не жақсы екенін ойлануға үгіттейді, православ дін қызметкерлері ең әуелі Ресейдің мүддесін ұмытпау керегін шегелейді. Әр халық былай ойлайды: «Біз Құдайдың өзі таңдаған ұлтпыз, біздің ұлтқа не қолайлы – Құдай да соны қолдайды». Иә, шектен шыққан ұлтшылдықтан бас тартып, әмбебап көзқарасты ұстанатын діни кемеңгерлер де бар. Ондай кемеңгерлердің саяси ықпалы аз болғанына күйінесің.
Сонымен, бүгінгі адам жартас пен тау-тас арасында жалтақтап тұр. Қазіргі адамзаттық өркениет біреу: ядролық қатер, экологиялық апат, технологиялық қауіп мәселелерін жаһандық деңгейде ғана шеше аламыз. Екінші жағынан, ұлтшылдық пен дін адамзат өркениетін әлі күнге екі бөлек, негізінен, дұшпан тараптарға бөліп-жарған. Жаһандық мәселелер мен жергілікті біртектіліктің қайшылығы әлемдегі ең алып мультикультуралистік тәжірибе – Еуроодақты да дағдартып тастаған. Әмбебап либералдық құндылықтар негізінде құрылған Еуроодақ иммиграция және біртектіліктің ортасында қалып, тепе-теңдік жойылса, ынтымақтың көбесі сөгілудің алдында тұр.
9-ТАРАУ
Иммиграция
Кейбір мәдениет өзгелерден озық болуы мүмкін
Жаһандану жер шарындағы мәдени ерекшеліктерді анағұрлым азайтып қана қоймай, жатжұрттықтардың аралас-құраластығын арттырып, соның нәтижесінде халық келесі бір халықтың кейбір қылығына қайран қалып, бір-біріне наразы бола түсті. Бүгінгі Британия мен бүгінгі Үндістанға қарағанда, англосаксондық Англия мен үндінің Пала империясының арасында айырмашылық жер мен көктей еді. Бірақ мынаны ұмытпайық: ұлы Альфредтің ел басқарған кезеңінде Brіtіsh Aіrways Дели мен Лондон аралығында тікелей рейстер жасаған жоқ.
Қазір көптеген адам жұмыс іздеп, бас амандығын ойлап, жарқын болашақты аңсап шекара асып жатқандықтан, жатжұрттықтарға қарсы тұру, оларды сіңіріп алу немесе қуып жіберу мәселесі байырғы дәуірлерде қалыптасқан ұжымдық біртектілік пен саяси жүйелердің дағдарысын тудырды. Бұл мәселе Еуропада өте өзекті. Еуропалық одақ француз, неміс, испан және гректердің арасындағы мәдени айырмашылықты еңсереміз деген асқақ мақсатпен құрылған еді. Ал енді еуропалықтар және Африка мен Таяу Шығыстағы мигранттар арасындағы мәдени айырмашылықты еңсере алмағандықтан, бұл одақ ыдыруы мүмкін. Өркендеген мультикультуралистік жүйені құру идеясы, ең алдымен, балға үймелеген арадай мигранттардың назарын аударғаны қызық. Сириялықтар Сауд Арабиясына, Иранға, Ресейге, Жапонияға емес, Германияға көшкісі келеді. Оның себебі – Германия басқаларға қарағанда жақынырақ әрі ауқатты ел болғандығынан емес, иммигранттарды қабылдау мен орналастыруда Германияның өзгелерге қарағанда тәжірибесі молырақ.
Босқындар мен иммигранттардың құмырсқадай қаптаған толқыны еуропалықтар арасында кәрі құрлықтың болашағы мен біртектілігі жайлы қызу пікірталастар тудырып жүр. Кейбір еуропалықтар құрлықтың қақпасын тарс бекітуді талап етеді. Кәрі құрлық тұрғындары мультикультурализм мен төзімділіктің еуропалық идеалдарынан бас тарта ма, әлде қауіптің алдын алу үшін парасатты шешім қабылдай ма? Иммигранттарға есікті айқара ашу керек дейтін де тұрғындар бар. Олар еуропалық негізгі құндылықтарға адал ма, не болмаса еуропалық жобаға орындалмас үміт артқаны үшін ақырында кінәлі болып қала ма? Иммиграция туралы осындай пікірталастар, бірі екіншісінің сөзіне құлақ аспайтын бажылдақ айқайға ұласып кетеді. Мәселенің мәніне бойлау үшін иммиграцияны үш негізгі шартпен келісімге келу деп қарастырайық.
1-ШАРТ. Қабылдаушы ел иммигранттарға есігін ашады.
2-ШАРТ. Иммигранттар өздерінің дәстүрлі нормалары мен құндылықтарынан бас тартуына тура келсе де, қабылдаушы елдің, ең болмағанда, негізгі нормалары мен құндылықтарын қабыл алады.
3-ШАРТ. Иммигранттар жеткілікті деңгейде ассимиляцияланған кезде, олар қабылдаушы мемлекеттің толыққанды және теңқұқықты мүшесіне айналады. «Олар» «біз» болады.
Мағынасына қатысты осы үш шарт үш бөлек пікірталасқа сүйрейді. Төртінші пікірталас шарттардың орындалуына қатысты туындайды. Адамдар иммиграция туралы пікірталасқа түскен кезде осы төрт пікірталасты шатастырып алады да, даудың басы қайда екенін естен шығарады. Сондықтан осы төрт мәселені жеке-жеке қарастырайық.
1-ПІКІРТАЛАС. Иммиграциялық келісімнің бірінші шартында қабылдаушы мемлекет иммигранттарға есігін ашатыны туралы ғана айтылған. Бұл не: парыз ба әлде жақсылық жасау ма? Қабылдаушы ел баршаға есігін айқара ашуы керек пе, әлде таңдап-талғағандарын ғана елге кіргізе ме, тіпті иммиграцияны толық тоқтата ала ма? Иммиграцияның жақтаушылары босқындарды ғана емес, кедей елдің жұмыс пен жарқын болашақ іздеген халқын да қабылдауға моральдық тұрғыдан міндеттіміз деп есептейді. Әсіресе жаһанданған әлемде өзге біреуге қатысты әр адамның моральдық жауапкершілігі бар, бұл міндеттен бас тартқандар эгоист, тіпті нәсілшіл пиғылдағы жан болып шықпақ.
Қолдаушылардың көпшілігі иммиграцияны толық тоқтату мүмкін емес, қабырғамен бөгеп, қамал тұрғызсақ та, жанынан безген халық ол кедергілерден аттап өте береді деген пікірді ұстанады. Адамдарды сатудың, заңсыз жұмысшылардың, құжаты жоқ балалардың қатарын көбейткенше, иммиграцияны заңдастырып, онымен ашық күрескен абзал.
Иммиграцияға қарсылар, көрші елдегі аяусыз қуғын-сүргіннен бас сауғалаған босқындарды есепке алмағанда, қатаң күш қолдану арқылы иммиграцияны толығымен тоқтатуға болады деп есептейді. Мемлекет баршаға құшағын ашуға міндетті емес. Шекараны кесіп өтуге жанұшыра талпынған сириялық босқындарға көмектесу Түркияның моральдық парызы шығар. Алайда бұдан кейін ол босқындар Швецияға қарап емексісе, шведтер оларға құшағын жаймай-ақ қоюына әбден болады. Ал жұмыс пен жақсы өмір іздеген мигранттарға келсек, қабылдаушы ел оларды қабылдағысы келе ме, жоқ па, қабылдап жатса, қандай шарттар қояды – ол әр мемлекеттің өз шаруасы.
Иммиграцияға қарсылар кез келген адамзат қауымдастығының негізгі құқығы өзге әскерден болсын, мигранттардан болсын, кез келген басқыншылықтан өзін-өзі қорғауы керек деген пікірді ұстанады. Өркендеген либералдық демократиялық мемлекет құруы үшін шведтер маңдай терін тамшылатып төгіп, ерінбей-талмай жұмыс істеді, қаншама құрбандықтарға барды. Ал сириялықтар олай істей алмаса, шведтердің не жазығы бар? Швед азаматтары өз елінде қандай да бір
себептермен сириялық иммигранттарды көргісі келмесе, олардың елге кірмеуіне рұқсат бермеуге мемлекет құқылы. Ал егер кейбір иммигранттарды шынымен де қабылдағысы келсе, ол Швецияның орындауға тиіс міндеттемесі емес, Швеция көрсеткен жанашырлық екені айқын аңғарылсын. Яғни Швецияға кіруге рұқсат алған иммигранттар осындай жақсылық жасаған елге айрықша алғыс жаудырсын, осы елдің бас иесі секілді тілек-талаптарын айтып, тілін безеп шыға келмесін.
«Ол аз болса, – дейді иммиграцияға қарсылар, – мемлекеттің өзі қалаған кез келген иммиграциялық саясаты болуға тиіс». Ол саясат аясында ықтимал иммигранттардың қылмысқа қатысы жоғын, кәсіби дағдыларын, тіпті діни көзқарасын да назарға ала алады. Израиль секілді мемлекет еврейлерге ғана есігін ашады, Польша таяушығыстық босқындардың ішінде христиандарды ғана қабылдауға әзір. Бұл, әрине, көңілге келеді, бірақ израильдік және польшалық заң аясындағы ұстанымы – осы.
Адамдардың әрқайсысы өз күлшесіне ие болып, соны өзі ғана жегісі келетіні жағдайды қиындатады. Шетелдіктердің арзан жұмыс күшін, талантын, шығармашылығын пайдалану үшін заңсыз иммиграцияға көз жұма қарайтын, тіпті шетелдік жұмысшыларды уақытша қабылдайтын мемлекеттер жетіп артылады. Сөйте тұра, бұл елдер «иммиграцияның бізге түкке де қажеті жоқ» деген желеумен әлгі жұмысшылардың мәртебесін заңдастырудан бас тартады. Ұзақмерзімді жоспарда Парсы шығанағындағы Катар сияқты елдердің мысалындағыдай, азаматтығы бар жоғарғы тап қауқарсыз шетелдіктердің төменгі табын қанап отырған иерархиялық қоғамдарды құруы мүмкін.
Бұл пікірталасқа нүкте қоймаса, иммиграцияның одан кейінгі мәселелерін реттеу тіпті қиындайды. Иммиграцияны жақтаушылар «жүрегі қалаған кез келген азаматтың өзге елге көшуіне құқы бар, ал қабылдаушы елдер оларды елге кіргізуге міндетті» деп санап, иммиграция құқығы бұзылса немесе мемлекет иммигранттар алдындағы міндеттемелерін орындамаса, ашудан бұрқ-сарқ қайнайды. Ал иммиграцияға қарсылар бұл пікірді айтушыларға айран-асыр болады. Олар иммиграцияны мемлекеттің артықшылығы, ал иммигранттарды экономикалық өмірге араластыру мигранттарға деген жанашырлық деп біледі. Көшіп келгендерге туған жерінің табалдырығынан аттатпағаны үшін ғана, ол ел азаматтарын фашист немесе нәсілшіл деуге бола ма?
Әрине, иммигранттарды қабылдау міндет емес, жанашырлық деген күннің өзінде, иммигранттар мен олардың ұрпағына қатысты, уақыт өте келе қабылдаушы мемлекет тарапынан қосымша міндеттер пайда болады. Яғни байырғы иммигранттың ұрпағына бүгінгі күні: «Жанымыз ашығандықтан сіздің әжеңізді 1910 жылы елімізге кіргізген едік. Сондықтан бүгінгі күні сізге не істегіміз келеді, өзіміз білеміз», – десе, АҚШ-тың антисемиттік бұл пиғылын қолдай алмайсыз.
2-ПІКІРТАЛАС. Келісімнің екінші шартында иммигранттарды елге жіберген жағдайда, жергілікті мәдениетке ассимиляциялану керегі туралы айтылады. Алайда ол сіңісудің, яғни ассимиляцияның деңгейі қандай? Иммигранттар патриархалдық қоғамнан либералдық қоғамға өтсе, феминист болуға тиіс пе? Өте діндар қоғамнан көшсе, зайырлы дүниетанымды қабылдауы міндет пе? Дәстүрлі киімінен бас тартып, бұрын тыйым салған тағамдарды жей беруі керек пе? Иммиграцияға қарсылар талаптарды қатаңдатса, иммиграцияшылдар шарттарды жеңілдетуді көздейді.
Иммиграцияны жақтайтындар Еуропаның өзі де әркелкі екенін, құрлықтың тұрғылықты халқының өзі түрлі пікірге, мінезге, құндылықтарға ие екенін тілге тиек етеді. Еуропаның күші мен өміршеңдігі осында. Ендеше, неліктен иммигранттар кәрі құрлық тұрғындарының аз-мазы ғана сәйкес келетін, ойдан шығарылған еуропалық біртектілікті қабылдауы керек? Британ азаматтарының өзі шіркеуге ара-тұра бас сұғып жатқан шақта, Британияға көшкен мұсылман иммигранттарды христиандыққа күштеп көндірмексіз бе? Пенджабтан келген иммигрант карриі мен масаласынан бас тартып, йоркшир пудингін, балық пен қытырлақ картопты бас алмай жегенін қалайсыз ба? Еуропаның, шынымен де, негізгі құндылығы болса, ол еркіндік пен төзімділіктің либералдық құндылығы деп аталады. Осы құндылықтың негізінде еуропалықтар да иммигранттарға төзімділік танытып, дәстүрлерін сақтап қалуы үшін барынша көбірек еркіндік беруге тиіс. Тек бір ғана шарт негізінде. Яғни олардың бұл әрекеті өзге адамдардың құқығы мен бостандығына нұқсан келтірмеуі керек.
Иммиграцияға қарсылар да Еуропаның ең басты құндылығы төзімділік пен еркіндік екеніне келіседі. Келіскендіктен иммигранттардың көптеген тобына, әсіресе мұсылман елінен көшіп келгендерге «төзімсіз, әйелдерді кемсітеді, гомобофтар және антисемиттер» деп айып тағады. Еуропа төзімділікті айрықша құрметтейтіндіктен, оған қарсыларды бұл құрлықтың есігінен аттап бастырмауы керек. Төзімді қоғам либералды емес азшылықты басқара алғанымен, ондайлардың қатары күрт көбейіп кетсе, қоғамның реңі өзгереді. Еуропаға Таяу Шығыстағы иммигранттардың толассыз ағынын жіберсек, кәрі құрлық Таяу Шығыс сияқтанбай ма?
Иммиграцияға қарсылардың өзге бір тобы тіпті қатты кетті. Олардың айтуынша, ұлттық мемлекет дегеніміз – бір-біріне төзетін адамдар тобынан да ауқымды құрылым. Демек, иммигранттардың төзімділіктің еуропалық стандартын ұстануы жеткіліксіз. Сонымен қатар олар қандай болса да британдық, неміс, швед мәдениетінің бірегей сипатын сіңіруі керек. Оларды құшағына алған жергілікті мәдениет шығынға батып, тәуекел етіп, тас жұтады. Сонда жергілікті мәдениетке қауіп төнбей ме? Ақыры толық теңдік ұсынған екен, мемлекет толық ассимиляцияны талап етуге де құқылы. Иммигранттар британдық, неміс, швед мәдениетін жатырқап, қабылдағысы келмесе, жолдары ашық, оларға ешкім бөгет болмайды.
Бұл пікірталастың екі маңызды мәселесі – еуропалық біртектілік туралы және иммигранттарға төзімсіздік туралы пікір қайшылығы. Иммигранттар шынымен де төзімсіздік ауруынан айыға алмаса, иммиграцияны қолдайтын көптеген либералды еуропалықтардың өзі де ерте ме, кеш пе, мұндай көшке үзілді-кесілді қарсы шығады. Ал, керісінше, иммигранттардың көпшілігі либиралданып, саяси, гендерлік, діни көзқарасы кең ауқымға өзгерсе, иммиграцияға қарсылардың келтірген дәйектерінің күлі көкке ұшады.
Басы ашық қалып қойған бір мәселе бар. Ол – Еуропаның біртекті ұлттық бірегейлігі мәселесі. Төзімділік – әмбебап құндылық. Ал «Францияның кез келген иммигранты қабылдауға тиіс француздық бірегей норма мен құндылықтар бар ма» немесе «Данияға көшкен иммигрант мүлтіксіз қабыл ететін даттық бірегей норма мен құндылықтар
қандай?». Еуропалықтар осы мәселеде біріге алмаса, олардың иммиграция туралы саясаты бірдей болуы да екіталай. Құрлық тұрғындары өздерінің кім екенін түсінгенде ғана Еуропаның 500 миллион тұрғыны бірнеше миллиондаған босқынды қабақ шытпай қабылдайды немесе олардан мүлде бас тартады.
3-ПІКІРТАЛАС. Үшінші шартта «иммигранттар жеткілікті деңгейде ассимиляциялануға тырысса, әсіресе төзімділік құндылығына шындап ұмтылса, қабылдаушы мемлекет оларға теңқұқылы азаматы ретінде қарайтыны» жазылған. Алайда иммигранттар ол қоғамның теңқұқылы мүшесіне айналуы үшін қанша уақыт өтуі керек? Францияға келгеніне 20 жыл өтсе де, оларды әлі жат санағаны үшін алжирлік иммигранттардың бірінші буыны өкпелей ала ма? Францияға атасы мен әжесі 1970 жылдары көшіп келген иммигранттардың үшінші буыны туралы не айтамыз?
Иммиграцияшылдар оларды аз уақыт аралығында өзіміздікі қылып алғанымыз дұрыс десе, иммиграцияға қарсылар көшіп келгендердің сынақ мерзімі барынша ұзақ болғанын қалайды. Иммиграцияшылдардың пікірінше, егер иммигранттардың үшінші буынын теңқұқылы азамат деп қарастырмаса, демек, мемлекет өз міндетін толық орындай алмай отырғаны. Ал осындай саясаттың кесірінен қоғам дүрлігіп, шиеленісіп, тіпті қанды қақтығыстар басталса, қабылдаушы мемлекеттің өз обалы өзіне, оған мемлекеттен өзге ешкім де кінәлі емес. Ал иммиграцияға қарсылардың ойы басқа. Иммигранттарға арналған сынақтың ұзақ уақытқа созылуы заңды, олар дегбірсізденбесін. Атаңыз бен әжеңіз қырық жыл бұрын келді екен деп, сізді «өзіміз» санамағанымыз үшін бүгін көшеге шығып қарсылық көрсетсеңіз, демек, сынақтан өтпегеніңіз.
Бұл пікірталастағы негізгі мәселе – жеке және топтық уақыт мерзіміне қатысты туындап отыр. Адамзаттық қоғам үшін 40 жыл дегенің түкке де тұрмайды. Осы уақыт аралығында шетелдік топтарды қоғам жұтып алады деу өте қиын. Рим империясы, Мұсылман халифаты, Қытай империясы, Құрама Штаттар секілді елдердегі бұрынғы өркениеттер шетелдіктерді сіңіріп, теңқұқылы азаматтары қатарына айналдыруы үшін олардың трансформациясына ондаған емес, жүздеген жылдар кеткенін білеміз.
Ал жеке адамның ғұмыры тұрғысынан қарасақ, 40 жыл дегеніңіз ұзаққа созылады. Атасы мен әжесі осында келген соң жиырма жылдан кейін Францияда дүниеге келген жасөспірім үшін Марсельден Алжирге саяхаттау ежелгі дүние тарихына барып келу іспетті. Ол осында дүниеге келген, достары да осы жерде, арабша емес, французша сөйлейді, тіпті Алжир топырағына ешқашан табаны тиген емес. Франция – оның жалғыз ғана отаны, басқа үйі болған да емес. Енді келіп оған: «Бұрын-соңды табаның топырағына да тиіп көрмеген елге кетуің керек», – дейді.
Бұл Австралиядан әкелген эвкалипт көшетін Францияға еккен секілді жағдай ғой. Экологиялық көзқарас тұрғысынан алсақ, эвкалипт ағашы басып кірген түрге жатады, өсімдіктанушылар оны жергілікті еуропалық өсімдіктердің қатарына кіргізу үшін бірнеше буын алмасуы керек. Ал жеке бір ағашқа келсек, ол француздық болып есептеледі. Оған француз жерінде ағып жатқан су құймасаңыз, қурап қалады. Ал түбін қазсаңыз, француз емені мен қарағайы секілді, оның да тамыры француз топырағына тереңдеп кеткенін байқайсыз.
4-ПІКІРТАЛАС. Иммиграциялық шарттардың толық анықтамасына қатысты осы пікір қайшылықтарынан бөлек, ол шарттар толық орындала ма деген сұрақ туады. Екі тарап та міндеттерін орындай ма?
Иммиграцияға қарсылар иммигранттар екінші шартты орындамайды деуге құмар. Олардың ойынша, иммигранттар ассимиляцияланайық деп жан-тәнімен берілмейді, себебі олардың көпшілігінің төзімді болуға шамасы жетпейді, әлемге деген сыңаржақ көзқарасынан да арылуы қиын. Демек, қабылдаушы мемлекеттің үшінші шартты орындауына (оларды теңқұқылы азаматы ету) еш себеп жоқ, оған қоса, бірінші шартты (оларға мемлекетке көшіп келуіне рұқсат беру) қайта қарауына ешкім бөгет бола алмайды. Нақты бір мәдениеттің өкілдері имми-
грациялық шарт негізінде өмір сүре алмайтынын ұдайы дәлелдей берсе, оларды мемлекетке көптеп кіргізіп, дауға қалудың не қажеті бар?
Ал иммиграцияның жақтастары қабылдаушы мемлекет өз шартын орындамай отыр деп есептейді. Иммигранттардың басым көпшілігі шын ынтасымен ассимиляциялануға ұмтылса да, мемлекет олардың кеудесінен итеруге құмар, тіпті иммигранттардың екінші, үшінші буынының өзіне деген көзқарасын түзетпей, оларды екінші сортты
азаматтар қатарына жатқызуын тоқтатар емес. Әрине, екі жақ та міндетін орындамайтын жағдайлар да бар шығар, оның нәтижесінде екіжақты күдік пен жазғыру басталады.
Үш шартты егжей-тегжейлі анықтап алмай, төртінші мәселені шешу мүмкін емес. «Иммигранттарды қабылдау міндет пе немесе жанашырлық па» – оны әлі анықтай алмадық; иммигранттардан ассимиляцияның қандай деңгейін талап ететінімізді де білмейміз; қабылдаушы мемлекет иммигранттарды қай уақыт аралығында өз азаматы деп сезінуі керек, осы мәселелерді таразылап алмай, «екі жақ өз міндеттерін орындап отыр ма» – айыра алмаймыз. Қосымша мәселе есептеуге байланысты туады. Иммиграциялық шартты бағалауда екі тарап та талаптардың орындалуын емес, бұзылғанын анықтауға көп назар аударады. Миллион иммигрант заңға бағынатын азамат болса, жүзі террористік топтарға қосылып, келген мемлекетіне шабуылға шықса, иммигранттар шартты сақтап отыр дейміз бе, әлде талапты бұзғаны ма? Үшінші буындағы иммигрант көшеге мың рет шығып, бірде-бір рет нәсілшілдік пиғылға кездеспесе, ал мың бірінші рет көше аралап жүргенде, оны әлдебіреу нәсіліне бола қорлап, балағаттаса, жергілікті халықтың талапты орындағаны ма, бұзғаны ма?
Осы талас-тартыстың негізінде адамзат мәдениетін түсінуге қатысты іргелі мәселе жасырынып қалған. Талас-тартысқа түскенде, барлық мәдениетті тең деп санаймыз ба, әлде кейбір мәдениет өзгелерден озық деп ойлаймыз ба? Неміс мәдениеті кей тұрғыдан алғанда сириялықтардың мәдениетінен озық тұр деп ойлап, немістер миллиондаған сириялықты ассимиляциялау туралы тартысқа түссе, оларды ақтауға бола ма?
НӘСІЛШІЛДІКТЕН КУЛЬТУРАЛИЗМГЕ ДЕЙІН
Ғасыр бұрын еуропалықтар кейбір нәсілдердің, әсіресе ақнәсілділердің өзгелерден озық екеніне шүбәсіз сенді. 1945 жылдан соң мұндай көзқарас түбірімен қате деп саналды. Нәсілшілдік моральдық тұрғыдан жиіркенішті ғана емес, ғылыми тұрғыдан да негізсіз болып шықты. Биолог ғалымдар, әсіресе генетиктер еуропалықтардың,
африкалықтардың, қытай мен байырғы америкалықтардың арасындағы айырмашылық тым аз екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берді.
Алайда антропологтар, әлеуметтанушылар, тарихшылар, мінез-құлық экономистері, тіпті миды зерттеушілер адамзат мәдениетінің арасында кәдімгідей айырмашылық бар екенін дәлелдейтін көптеген мәліметтерді қазып алып шықты. Шынында да, адамзаттың мәдениеті бірдей болса, антропологтар мен тарихшылар не үшін керек еді? Ешқандай маңызы жоқ айырмашылықтарды зерттеуге бола қыруар қаржыны желге шашамыз ба? Жоқ дегенде, Тынық мұхитқа немесе Калахари шөліне апаратын удай қымбат экспедицияларды қаржыландыруды доғарып, Оксфорд пен Бостондағы адамдарды зерттеумен шектелейік. Ақыры, мәдени айырмашылық болар-болмас қана екен, гарвардтық студенттерді жақсы танысақ, Калахаридегі терімші-аңшыларды да жете біле түседі екенбіз ғой.
Таразылай келе, адамдардың көпшілігі жыныстық өзгешеліктерден бастап саяси көзқарастарға дейінгі бірқатар негізгі айырмашылықтары бар екенін мойындайтынын түсінесің. Ендеше, осы айырмашылықтарды қалай қабылдауымыз керек? Мәдени релятивизмнің қолдаушылары «айырмашылық, артықшылық болмауға тиіс, бір мәдениетті екіншісінен озық демейік» деген пікір айтады. Адамдардың ойы мен әрекеті әртүрлі бола береді, осы әртүрлілікті мойындап, барлық сенім мен тәжірибені бағалай білген дұрыс екен. Өкінішке қарай, мұндай кең ауқымды пайымды өмірдің шындығы жеңіп кетеді. Тағам мәзірі мен поэзияға қатысты алсақ, әртүрлілік керемет шығар, алайда жын иектеді деп адамды өртеу, балаларды өлтіру, құл саудасы – ерекше мәдени ерекшелік, оны жаһандық капитализм мен Coca-бодандықтың құрсауынан құтқару керек дегеніңізге ешкім де бас шұлғи алмайды.
Әртүрлі мәдениеттердің жатжұрттықтарға, иммигранттарға, босқындарға деген ұстанымын еске түсіріп көріңіз. Оларды барлық жерде қуана қарсы алмайды. ХХІ ғасырдағы неміс мәдениеті Сауд Арабиясының мәдениетіне қарағанда жатжұрттықтарға барынша төзімді, иммигранттарға ашық-жарқын. Христианның Сауд Арабиясына көшіп барғанынан гөрі, мұсылманның Германияға қоныс аударуы оңайырақ. Тіпті сириялық мұсылман босқынның Сауд Арабиясына бас сауғалағанынан
Германияға иммиграция жасағаны жеңілдеу. 2011 жылы Сауд Арабиясымен салыстырғанда Германия сириялық босқындарды көбірек қабылдады1. Басқа мысал келтірсек, ХХІ ғасырдың басында жапон мәдениетіне қарағанда, Калифорнияның мәдениеті иммигранттар үшін жайлы болды. Сонымен, жатжұрттықтарға төзіммен қарап, иммигранттарды құшақ жая қарсы алу керек деп есептесеңіз, осы көзқарасыңыз тұрғысынан алғанда, неміс мәдениеті Сауд Арабиясы мәдениетінен озық екен деп немесе жапон мәдениетінен калифорниялық мәдениет үздік деп санайсыз ба?
Тіпті екі мәдени норма да бірдей құндылыққа ие болса да, имми-грацияның тәжірибесінде қабылдаушы елдің мәдениетін үздік деп бағалауға негіз жетіп-артылады. Бір ел үшін қалыпты нормалар мен құндылықтар екіншісінде басқаша қабылдануы мүмкін. Нақты мысалды мұқият қарастырайық. Кең таралған соқыр нанымның құрбаны болып кетпеу үшін ойдан шығарылған екі мемлекетті көзге елестетейік: Суықстан мен Ыстықстан деген екі ел болыпты... Екі елдің мәдениеті мүлдем бөлек, әсіресе адамдардың қарым-қатынасында, тұлғааралық шиеленістерді шешу тәсілінде айырмашылық жер мен көктей екен. Суықстандықтардың өмір салты былай еді: мектептегі, жұмыстағы, отбасындағы кикілжіңдерді сыртқа шығармау керек. Өзге адамға айқайлап, ашуланып, ызалану, кектің кез келген ұшқыны жағдайды одан сайын ушықтырады. Сезіміңе ие болып, сабаңа түскенше күтуің керек. Біраз уақыт ол адамға жоламаңыз, ал мүлдем кездеспеуге мүмкіндік болмаса, барынша ұстамды, сыпайы болып, көңілге келетін тақырыптан бойыңызды аулақ ұстаңыз.
Ыстықстандықтар, керісінше, кішкене кезінен «шалқайғанға – шалқай» ұранымен тәрбиеленді. Ашуды іркудің қажеті жоқ, «ауызға келген түкірік – қайта жұтсаң мәкүрік». Сондықтан эмоцияңды ашық көрсет. Ашулану, ызылану, айқайлау, сезіміңді білдіру – тіпті де ыңғайсыз емес. Бұл адамды ашық әрі турашыл етеді, мәймөңкелемей, айтарыңды айтып таста да, жұмысты жалғай бер. Жылдар бойы ашу-ызаңды жинап, іштен тынып келгенше, бір күн айқайлап-айқайлап алғаннан ештеңе бүлінбейді. Иә, ұрсысу жақсы емес, алайда ашуыңды шығарып алған соң, кәдімгідей жеңілдеп қаласың.
Осы екі әдістің де артықшылығы мен кемшілігі бар. Алайда біреуі екіншісінен үздік еді дей алмаймыз. Енді Ыстықстанның азаматы Суық-станға көшіп, Суықстанның фирмасына жұмысқа тұрса, не болады?
Әріптесімен келіспей қалса, ыстықстандық үстелді тоқпақтап, айғайлай жөнеледі, сол арқылы мәселенің шешімін тез табамын деп сенеді. Бірнеше жыл өткен соң басшының орны босайды. Ыстықстандықтың кәсіби біліктілігі жетіп тұрса да, бастық ол орынға суықстандықты лайық көреді. Неге мұндай шешім қабылдағанын сұрағанда, басшы: «Иә, ыстықстандық өте талантты. Алайда ол адаммен қарым-қатынас орнатуды білмейді. Тез тұтанады, айналасының тас-талқанын шығарып жібереді, сонысымен ұжымдық мәдениетімізді бұзады», – деп түсіндірер еді. Суықстанда жүрген ыстықстандық мигранттардың көбі осындай жағдайға кезігеді. Олардың көбі қызметте өрлей алмайды, не болмаса жұмыс таба алмай қиналады. Себебі барлық басшылар ыстықстандықтардың көбі ызақор, өз ашуын жеңе алмайды деп есептейді. Ал ыстықстандықтар басшы бола алмағандықтан, суықстандықтардың ұжымдық мәдениетін өзгерте алмайды.
Суықстандықтар Ыстықстанға көшсе де, осы жағдайға тап болады. Ыстықстанның фирмасында жұмысқа кіріскен суықстандық селқос, енжар, тіпті жасық деген ат алып, оның қасына көп ешкім жолай қоймайды. Айналасындағылар оны жасанды, жасық, адаммен араласа алмайды деп есептейді. Ол Ыстықстанда ешқашан басшы бола алмайды, сондықтан ұжымдық мәдениетті өзгертуге мүмкіндігі жоқ. Ыстық-
стандық басшылар суықстандықтардың көпшілігі ұяң, жасық деп санап, өзге әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнататын және клиенттермен қарым-қатынас жасайтын лауазымға оларды алмауға тырысады.
Екі мысалдан да нәсілшілдіктің иісі шығады. Бірақ олар нәсілшіл емес. Олар – «культуралистер». Адамдар дәстүрлі нәсілшілдікке қарсы қаһармандықпен күрессе де, шайқас алаңы ауысып кеткенін байқар емес. Дәстүрлі нәсілшілдіктің иісі де қалмаған, есесіне әлемді культуралистер жаулап алған.
Дәстүрлі нәсілшілдік биологиялық теорияларда әбден тамырын жайған. 1890 жылдары және 1930 жылдары Ұлыбритания, Австралия және АҚШ секілді елдерде, «еуропалықтарға қарағанда африкалықтар мен қытайлардың кейбірінің ата-бабасынан ауысқан биологиялық белгілері оларды тумысынан ақылы аздау, жігері жоқтау, адамгершіліктен жұрдай етеді» деп санайтын. Иә, мәселе олардың қанында еді. Мұндай көзқарастар саяси жағымды және ғылыми дәлелденген деп есептелетін. Қазір көп адам әлі де осындай пікірін айтқанымен, олар ғылыми және саяси қолдаудан айырылып қалған. Ендеше, бұл пікірді мәдени терминге айналдырса ше? Гені сапасыз болғандықтан, қара түсті адамдар қылмыс жасауға бейім деп ешкім айта алмайды, ал сәтсіз субмәдениеттің өкілі болғандықтан, олар қылмыс жасауға бейім деуге рұқсат.
АҚШ-та кейбір партиялар мен көсемдер афроамерикалықтар, латын-америкалықтар, мұсылмандардың ДНҚ-сында әлдене дұрыс емес деп айтпағанымен, олардың намысына тиетін ескертулер жасап, кемсіту саясатын ашық қолдайды. Мәселе олардың мәдениетінде-мыс. Осылайша президент Трамп Гаити, Сальвадор, Африканың кейбір бөлігін «сасыған ел» деп атағанда, әлгі жерлердің генетикалық құрамын тілге тиек етпей-ақ, қоғамның мәдениетіне тиіскен еді2. Келесі бір сөзінде Трамп АҚШ-тағы мексикалық иммигранттар туралы: «Мексика біздің елге ең үздіктерді жіберіп жатқан жоқ. Олар басы мәселеге шырмалған адамдарын жөнелтіп отыр, яғни қиындықтар бізге қарай ағылады. Олар нашаны, қылмысты әкеледі. Олар қарақшылар, иә, арасында жап-жақсылары да бар шығар», – деді. Бұл – намысқа тиетін сөз. Бірақ биологиялық емес, әлеуметтік мағынадағы қорлау. Трамп барлық мексикалықтар жаман деп тұрған жоқ, ол жақсы мексикалықтар Рио-
Гранденің оңтүстігінде қалды деп отыр3.
Мейлі, ол латынамерикалықтың тәні болсын, мейлі, африкалықтың тәні болсын, мейлі, қытайдың тәні болсын, даудың басы бәрібір адамзаттың тәнінен басталады. Терінің түсіне де көп нәрсе байланысты. Нью-Йорк көшесінде қыдырыстап бара жатқан сіздің теріңізде меланин көп болса, сол үшін-ақ полицияның сізге күдіктене қарауына себеп табылды деген сөз. Президент Трамп пен президент Обама бұл оқиғаны тарихи және мәдени терминмен түсіндіріп береді: теріңіздің түсіне бола полиция күдіктене қараса, оның ешбір биологиялық себебі жоқ, гәп тарихта. Обаманың жақтастары: «Құлдыққа салу секілді тарихи
қылмысымыздың кесірінен полиция сізге күдіктене қарады», – деп түсіндірсе, Трамптың жақтастары: «Қаратерілілердің қылмыс деңгейінің ұлғаюы – ақ либералдар мен қара түсті қауымдастықтар жіберген тарихи қателіктің кесірі», – деп тәпсірлейді. Қандай жағдай болса да, Американың тарихынан бейхабар, Делиден келген турист болсаңыз да, Нью-Йорк көшелерінде жүргенде оның кесірін сезінесіз.
Биологияның мәдениетке алмасуы терминология мағынасының өзгеруі емес. Бұл – жақсы да, зиянды да практикалық салдары бар болашақтың түбегейлі өзгеруі. Біріншіден, биологияға қарағанда, мәдениет өте солқылдақ. Яғни дәстүрлі нәсілшілдерден гөрі, заманауи культуристер барынша төзімді болады: «Өзгелер» мәдениетімізді қабылдаса, оларды өзіміздің теңіміз деп санаймыз, – дейді олар. – Екінші жағынан, ассимиляциялан деп мәжбүрлеу, сіңіспедің деп қатаң сынның астына алу «өзгелерге» қатты қысым жасау болып шықпай ма?».
Түсіңді неге ағартып алмайсың деп, қара түсті адамға тап бере алмайсың ғой. Алайда африкалықты не мұсылманды Батыс мәдениетінің нормалары мен құндылықтарын қабылдамадың деп сөгуге әбден болады. Бұл айыптаулар әр кез негізді деуге де келмес. Көп жағдайда озық мәдениетті қабылдаудың ешқандай да негізі жоқ. Өзге бір жағдайларда оны орындау іс жүзінде мүмкін емес. Афроамерикалық кедей аудандардың аш-жалаңаштары үстем америкалық мәдениетке үйлесемін деп жан-тәнімен жанталасса да, олар институттанған кемсітуге ұшырайды; кейінірек оларды «жеткілікті деңгейде сіңісуге тырыспадыңдар, сондықтан басқа түскен мәселелеріңе өздеріңнен басқа ешкім кінәлі емес» деп айыптайды.
Биология мен мәдениет туралы әңгіменің екінші маңызды айырмасы – дәстүрлі нәсілшіл фанатизмге қарағанда, культуралистердің дәйегі кейде ақылға қонымды. Суықстан мен Ыстықстанның мысалына қайта оралайық. Ыстықстандықтар мен суықстандықтардың мәдениеті, шынымен де, әртүрлі, адами қарым-қатынастардың да сипаты мүлдем бөлек. Жұмыс орнында адами қарым-қатынас көп мәселені шешетіндіктен, өз елінің мәдени дәстүріне сәйкес, суықстандықтарды іс-әрекеті үшін жазалаған ыстықстандық фирманың қадамы этикаға жат деп сөгуге бола ма?
Антропологтар, әлеуметтанушылар мен тарихшылар бұл мәселеге қатты алаңдайды. Бір жағынан, бұл нәсілшілдікке өте ұқсас. Екінші жағынан, нәсілшілдікке қарағанда культурализмнің негізі мығым, гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар саласындағы мамандар мәдени әртектіліктің бары мен маңызын жоққа шығара алмайды.
Иә, культуралистердің кейбір пайымдарының негізді екенін мойындаған күннің өзінде, ол пайымдарды түгелдей қабылдауға міндетті емеспіз. Культуралистердің пайымында үш ортақ кемшілік бар. Біріншіден, олар жергілікті артықшылық пен объективті артықшылықты ұдайы шатастырып алады. Осылайша Ыстықстанның жағдайында шиенелісті шешудің жергілікті әдісі суықстандықтарға тиімсіз болуы мүмкін, мұндай кезде интроверт-қызметкерлерді (суықстандық иммигранттарды тым көп жазалау) шеттетуге фирманың негізді себебі жеткілікті. Алайда бұл ыстықстандық әдіс объективтік тұрғыдан керемет екен деуге келмейді ғой. Ыстықстандықтар суықстандықтардан әлденені үйренуі мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмайды, ал жағдай өзгеріп жатса (ыстықстандық фирма халықаралық нарыққа шықса немесе өзге елдерде бөлімшелерін ашса) әркелкілік аяқастынан керек болып қалады.
Екіншіден, критерийді, уақыт пен орынды нақты анықтаған кезде, культуралистің пайымы эмпирикалық тұрғыдан негізді болуы әбден мүмкін. Алайда адамдар көп жағдайда өте ортақ мәдени талап қойғандықтан, оның маңызы қалмайды. Осылайша «Ислам мәдениеті төзімсіздігімен ерекшеленеді» дегеннен бұрын «Ыстықстанға қарағанда суықстандықтар ашуға төзімсіз» деген пайым ақылға қонымды. Алғашқы пайым өте бұлыңғыр. «Төзімсіз» дегенде нені ойға аламыз? Кімге және не нәрсеге төзімсіз? Қандай да бір мәдениет діни азшылыққа, өзгеше саяси көзқарастарға төзімсіз бола тұра, семіз адамдар мен қарттарға төзімді. «Ислам мәдениеті» дегенде нені ойға аламыз? VІІ ғасырдағы Араб түбегі ме? ХХІ ғасырдың басындағы Пәкістан ба? Түптеп келгенде, оны анықтаудың критерийлері қандай? Діни азшылыққа деген төзімділік туралы пікірталастырып, ХVІ ғасырдағы Осман империясы мен осы ғасырдағы Батыс Еуропаны мысалға алсақ, ол заманда ислам мәдениеті ерекше төзімді болғанына көзіміз жетеді. Ал егер осы
мәселеде талибандардың бақылауындағы бүгінгі Ауғанстан мен бүгінгі Данияны салыстырсақ, мүлдем басқа қорытындыға келеміз.
Культуралистік тезистердің ең үлкен мәселесі – статистикалық табиғатына қарамастан, жеке адамдардың соқыр сеніміне негізделе құралуы. Ыстықстанның тұрғыны және Суықстанның иммигранты Ыстықстандағы фирмада бірдей лауазым үшін таласса, басшы ыстық-стандықты жұмысқа алады. Себебі Суықстанның тұрғыны «ұяң және жасық». Бұл статистикалық тұрғыдан дұрыс болғанымен, нақты бір суықстандық нақты бір ыстықстандықпен салыстырғанда ашық-жарқын, жылы шырайлы шығар. Мәдениет маңызды десек те, адамдардың қалыптасуында ген мен бірегей жеке тарихтың әсері мол. Адамдар статистикалық стереопитерге сәйкес келе бермейді. Фирманың ашық-жарқын адамдарды жұмысқа алуға тырысуында оғаш ештеңе жоқ, солай екен деп суықстандықтардың орнына ыстықстандықтарды тартуға да болмайды.
Бұл ойлар культурализмді толық жоққа шығармаса да, культуралистердің нақты бір ой-пайымдарына қатысты культурализмнің беделін түсіреді. Ғылыми негізі жоқ сандырақ болып есептелген нәсілшілдіктен айырмашылығы – культурализмнің дәйектері кейде әділетті болады. Статистикаға көз салып, Ыстықстанда басшы лауазымында суықстандықтар аз екенін байқасақ, ол нәсілшілдік кемсіту емес, әділетті қадам болуы да мүмкін. Бұл жағдайда суықстандықтар ашынып, «Ыстықстан иммиграциялық келісімінен бас тартып отыр» дей ала ма? «Позитивті кемсіту» туралы заң аясында ыстықстандық фирмалар суықстандықтарды көбірек басшылық жұмысқа тағайындауы керек, сол арқылы шу-шұрқаны көп ыстықстандық іскерлік мәдениетті салқынқандырақ ете түсесіз деп талап ете аламыз ба? Жергілікті мәдениетке бейімделе алмаған суықстандық иммигранттарда ма екен бар мәселе? Ыстықстанның нормалары мен құндылықтарын суық-
стандық иммигранттардың балаларына мәжбүрлі түрде үйрету шараларын қабылдауы керек пе?
Ойдан шығарылған әлемнен шынайы өмірге оралсақ, иммиграцияға қатысты еуропалық пікірталастар жақсылық пен зұлымдықтың текетіресі емес екенін анық ұғынамыз. Иммиграцияны жақтайтындар
барлық қарсыластарын ұяттан жұрдай нәсілшіл деуі дұрыс емес, сондай-ақ иммиграцияға қарсылар да барлық қарсыластарын «иррационалды сатқындар» деуі шындыққа жанаспайды. Иммиграция туралы пікірталастар – екі бірдей заңды пікірлердің қайшылығы, оларды кәдімгі демократиялық процедуралар негізінде шешуге болады. Міне, демократия бізге осы үшін керек екен ғой.
Демократиялық механизм қандай қорытынды шығарғанына қарамастан, екі жайтты қаперде ұстау керек. Біріншіден, үкімет өз халқымен ақылдаспастан, иммигранттарға есігін айқара ашып тастай алмайды. Иммигранттарды экономикаға араластыру – ұзақ процесс, тастай бірігу үшін жергілікті халықтың қолдауы мен араласуы қажет. Бұл ережені сақтауда жалғыз нәрсені ескермеуге болады: жергілікті халыққа ұнаса да, ұнамаса да, әрбір мемлекет өлімнен бассауғалай қашқан көрші елдің босқындарын шекарасынан өткізуі керек.
Екіншіден, мемлекеттің азаматтары иммиграцияға қарсы шығуға құқы бола тұра, шетелдіктер алдында бәрібір де жауапкершілігі бар екенін ұмытпағаны абзал. Жаһандық әлемде өмір сүріп жатқандықтан, қаласақ та, қаламасақ та, өміріміз жер шарының басқа бір пұшпағындағы адамдардың тіршілігімен шырмала байланысқан. Олар біз жейтін тағамды өсіріп жүр, біз киетін киімді өндіреді, мұнайға деген біз қойған баға үшін болған соғыста өлім құшып жатыр, қоршаған ортаға бейберекет қарауымыздың құрбаны да солар болуы ғажап емес. «Ит арқасы қиянда жатыр ғой» деген себепке бола, ол адамдардың алдындағы этикалық жауапкершілігімізден бас тарта алмаймыз.
Қазіргі таңда Еуропа иммигранттарды да қабылдап, еуропалық құндылықтарды білмеген адамдар қоғамда тұрақсыздық орнату қаупін де айналып өтетін алтын арқауды таба ала ма – белгісіз. Еуропа осы жолды тапса, оның формуласын жаһандық ауқымда қолданады. Алайда еуропалық жоба сәтсіздікке ұрынса, ядролық қатер, экологиялық апат, технологиялық қауіптің алдында адамзатты біріктіру, мәдениеттер арасындағы қақтығысты шешу үшін еркіндік пен төзімділік секілді либералдық құндылықтар жеткіліксіз деген сөз. Гректер мен немістер тарихи тағдырымызды біріктіреміз деп келісімге келе алмаса, 500 миллион ауқатты еуропалық бірнеше миллион жоқ-жітікті
қабылдағысы келмесе, жаһандық өркениетімізге қауіп төндірген одан да қауіпті шиеленістерді адамдар қалай шешпек?
Еуропа мен дүниежүзіне көмектесетін бір тәсіл бар. Ол – жұдырықтай жұмылып, шекараны айқара ашу. Терроризм жайындағы ессіз қорқынышқа қарсы тұру. Террористер бұл қорқыныштың шоғын өздері үрлеп, отқа айналдырып отыр, олар қолдан ұлғайтқан қауіпке бола еуропалық еркіндік пен төзімділіктің тәжірибесі сәтсіздікке ұрынса, қандай өкініш! Бұл жағдайда террористердің шаттана қол соғатыны анық, саусақпен санарлық ессіздер де адамзаттың болашағын анықтауда басым дауысқа ие болады. Терроризм – адамзаттың маргиналданған, әлсіз буынының құралы. Халықаралық саясатта оларға қалай ғана үстемдікті беріп қойдық?
ҮшІНШІ БӨЛІМ
Ашыну мен үміт
Ауқымды мәселе мен алтыбақан алауыздық көп десек те, қорқынышын жүгендеп, көзқарасын білдіруде сабыр сақтай алса, адамзат жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізеді.
10-ТАРАУ
Терроризм
Абдырамаңыз
Террористер – сана-сезімді басқарудың шеберлері. Бірнеше адамның ғана қанын мойнына жүктеп, сонысымен миллиардтаған адамның зәресін ұшырып, Еуроодақ немесе АҚШ секілді алып саяси құрылымдардың тізесін дірілдетіп жіберуге күш-қауқары жетеді. 2001 жылдың 11 қыркүйегінен бері террористер жыл сайын Еуроодақта елу шақты, АҚШ-та он шақты, Қытайда жетіге жуық жанның және әлемнің өзге елдеріндегі (негізінен, Иракта, Ауғанстанда, Пәкістанда, Нигерияда және Сирияда) 25 000 адамның өмірін жалмады1. Ал жыл сайын жол-көлік апаты оқиғасынан 80 000 еуропалық, 40 000 америкалық, 270 000 қытай және 1,25 миллион адам өзге елдерде қаза табады2. Диабет пен организмде қанттың көбеюі жыл сайын 3,5 миллионға жуық жанның өмірін жалмайды, ал ауаның ластануынан 7 миллионның айналасындағы адам көз жұмады3. Ендеше, диабеттен гөрі терроризмнен неге зәре-құтымыз қалмай қорқамыз, ал үкіметтер ауаның тұрақты түрде ластануынан емес, террористердің анда-санда атылған оғына бола сайлауларда жеңіліп қалып жүреді?
Сөздіктерге үңілсек, онда былай дейді: «Терроризм – материалдық шығын келтірместен, үрейді тарату арқылы саяси жағдайды өзгертуді мақсат еткен әскери стратегия». Бұл стратегияны әдетте дұшпанына үлкен материалдық соққы бере алмайтын тараптың әлсіз жағы қолданады. Әрине, кез келген қарулы қозғалыстың өзі үрей шақырады. Бірақ әдеттегі соғыста дұшпаныңды қорқыту – соғыс қимылының материалдық шығын келтіретін қосымша бір жолы ғана. Әдетте ол шығынның мөлшері үрей тудыратын әдістің шығынынан көп болмайды. Терроризм үрей тудыруды басты құралы етіп алған, ал террористердің шынайы әскери күші мен олар себетін үрейдің ауқымы арасындағы айырмашылық жер мен көктей.
Зорлық-зомбылық арқылы саяси жағдайды өзгерту оңай емес. 1916 жылы 1 шілдеде, Соммадағы ұрыстың бірінші күнінде 19 000 британдық сарбаз жер құшып, 40 000 солдат жараланды. Ұрыс қараша айында тоқтады, сол уақыт аралығында екі жақ миллиондаған адамның көз жасына қалып, оның ішінде 300 000 жан қаза тапты4. Алайда осы бір қанды қасап Еуропа саясатындағы күштердің арақатынасын өзгерткен жоқ. Еуропадағы күштің өзгеруі үшін тағы екі жыл уақыт және миллиондаған құрбан қажет болды.
Соммадағы шабуылмен салыстырғанда, терроризм үрейі кішкене баланың ойыны істетті. 2015 жылғы Париждегі лаңкестік шабуылда 130 адам, 2016 жылғы Брюсселльдегі жарылыстан 32 адам, 2017 жылғы Манчестер-Аренадағы жарылыстан 22 адам көз жұмды. 2002 жылы Израильге қарсы палестиналық терроризм шарықтап тұрған шақта автобустар мен мейрамханаларды күн сайын жарып жатқан тұста, сол жылы террористер салған лаңнан 451 израильдік қаза тапты5. Дәл сол жылы автокөлік апатынан 542 израильдік көз жұмған болатын6. Pan Amerіcan компаниясының 103-рейсін Локерби үстінде 1988 жылы жарып тастаған бірнеше террористік шабуыл жүздеген адамның өмірін жалмады7. 11 қыркүйектегі теракті 3 000 адамның өмірін қиып, қайғылы рекорд орнатты8. Бірақ террористердің осы статистикасы кәдімгі соғыста қаза тапқан адам санынан аз. 1945 жылдан бергі уақытта террористік шабуылдардан қаза тапқан немесе жарақат алған адамдарды санасаңыз, оған ұлттық, діни, оңшыл және солшыл топтардың құрбандарын қоссаңыз, Бірінші дүниежүзілік соғыстың бізге аса танымал емес Эна (Aіsne) түбіндегі Үшінші шайқас (250 000 құрбан) немесе Изонцодағы (Іsonzo) Оныншы шайқас (225 000) деп аталатын қырғында өлім құшқандардың санына бәрібір жетпейді9.
Террористер неге үміт артады? Террористік шабуылдан соң оның қарсыласының кемесі, танкісі, солдаттарының саны да сол өзгеріссіз қалпында қала береді. Дұшпанының коммуникациялық желісі, автокөлік жолдары мен теміржолдары да әдетте көп бүліне қоймайды. Зауыттары, айлақтары, базасы да баз-баяғы қалпында. Террористер: «Аздаған материалдық шығын келтірсек те, үрей билеп, абыржыған дұшпан дереу жауап қатады», – деп үміттенеді. Қаһарына мінген дұшпаны алапат күшін үйіп-төгіп, террористердің өздерінің қолынан келмейтін әскери және саяси дауыл тұрғызады деп есептейді. Кез келген дауылдың соңы болжап білмеген жағдайларға ұласады. Қателіктер, қатыгездіктер жасалады, қоғамдық пікір шайқалақтайды, бейтарап адамдар көзқарасын өзгертіп, күштің тепе-теңдігі бұзылады.
Фарфор дүкенінің айран-топырын шығарғысы келетін шыбынға террористердің ұқсайтын жері – осы. Ызыңдаған шыбынның әлсіздігі сонша, ол кішкентай фарфор кесені итеріп, сындыра алмайды. Ендеше, ол ыдыс дүкенін қалай қиратпақшы? Шыбын бір өгізді тауып алады да, құлағының түбінде ызыңдай береді. Тоқтаусыз ызыңнан шошынып, әрі ашу қысқан бұқаның көзі алайып, ыдыс дүкенінің быт-шытын шығарады. 11 қыркүйекте де ислам фундаменталистері айласын асырып, таяушығыстық ыдыс дүкенінің астан-кестенін шығаруы үшін америкалық өгіздің жынына тиді. Қазір террористер сол сынық үйіндінің үстінде жырғап отыр. Әп-сәтте жер тарпып шыға келетін бұқа әлемде жетіп-артылады.
КАРТАНЫ ҚАЙТА АРАЛАСТЫРУ
Терроризм – өте бір сүйкімсіз әскери стратегия, себебі маңызды шешімді дұшпанның қарауына қалдырады. Барлық іс-қимыл нұсқалары террористік шабуылға дейін де, кейін де қарсыластың қолында болатындықтан, лаңкестер қандай да бір жолды таңдап, талғап жатпайды. Нағыз әскер әдетте мұндай жағдайдан бойын аулақ салуды дұрыс санайды. Олар шабуылға шыққанда қорқынышты қойылым қойып, сол арқылы дұшпанын ызаландырып, қарсы тараптың жойқын соққысының астында қалғысы келмейді. Дұшпанын материалдық тұрғыда ойсыратып, оның қарсы соққы жасауға деген мүмкіндігін барынша азайтуға тырысады. Оған қоса, қарсыластың ең жойқын қаруының көзін құртып, жағдайды ушықтыратын барлық оқиғалардың алдын алуды көздейді.
Тынық мұхиттағы америкалық Перл-Харбор флотына 1941 жылы тұтқиылдан бас салған Жапония дәл осы мақсат жетегіне ерген еді. Себебі бұл терроризм емес, соғыс болатын. Ол шабуылға Америка қалай жауап беретінін Жапония білген жоқ. Бірақ бір нәрсе айқын еді: қарсыласы қандай шешім қабылдаса да, олар келесіде, яғни 1942 жылы кемелерін Филиппинге немесе Гонконгқа жөнелте алмайды.
Қарсыласыңды қаруы мен мүмкіндігінен айырмастан, оны ұрысқа итермелеу – шарасы қалмай, ашынғандардың ісі. Алапат материалдық шығын келтірудің орайы келген сәттерде, терроризмге бола ешкім қандай да бір мүмкіндікті уысынан шығарғысы келмейді. АҚШ-ты арандату үшін жапондар 1941 жылы Тынық мұхиттағы Перл-Харбор флотына тимей, азаматтық жолаушылар кемесін суға батырса, нағыз ақымақтық сол болар еді.
Бірақ террористерде таңдау жоқ. Олардың әлсіздігі сонша, соғыс бастай алмайды. Сондықтан оның орнына сахналық қойылым қойып, дұшпанын қаһарландырып, қатаң шешімдер қабылдаса екен деп күтеді. Террористер адамның зәре-құтын алатын қаныпезер қойылым қояды, ол қойылым біздің қиялымызды билеп, әлгі қиял өзімізге қарсы жұмыс істей бастайды. Біраз ғана адамның қанын мойнына жүктеп, миллиондаған адамды қорқыныш тұңғиығына батырады. Азаматтарын үрейден айықтыру үшін үкімет террористік қойылымға қарсы қауіпсіздік спектаклін қойып, азуын ақситады. Террористер шыққан жалпақ жұртты жазалап, тіпті олардың жерін басып алуға дейін барады. Терроризмге қатысты шектен тыс реакция көп жағдайда террористерден бұрын біздің қауіпсіздігімізге зор қауіп төндіреді.
Террористер армия генералдары сияқты емес, театр продюсерлері секілді ойланады. 11 қыркүйектегі теракт туралы қоғамның естеліктері қандай? Елдің бәрі ол оқиғаны интуитивті тұрғыдан түсінеді екен. Адамдардан: «11 қыркүйекте не болып еді?» – деп сұрасаңыз, олар Халықаралық сауда орталығының егіз мұнарасын «әл-Каида» мүшелері жарып жібергенін айтуы мүмкін. Алайда террористік шабуылдың мақсаты – егіз мұнара ғана емес, одан өзге екі нысан, оның ішінде Пентагон да бар еді ғой. Оларды неге көпшілік есте сақтамаған?
Егер 11 қыркүйектегі шабуыл кәдімгі әскери науқан болса, халық Пентагонға шүйліккендердің әрекетіне көбірек көңіл аударар еді. Бұл шабуылда «әл-Каида» аға командирлер мен сарапшыларды өлтіріп, жарақаттау арқылы қарсыласының орталық штабының бір бөлігін қиратты. Ендеше, екі азаматтық ғимараттың қирағаны мен брокерлер, бухгалтерлер, клерктердің өлімі қоғам үшін неге аса маңызды болды?
Жатағандау, қатардағы көп ғимараттың бірі – Пентагонға қарағанда, Халықаралық сауда орталығы аталық күштің қуатты мәні бар кие-символ еді, сондықтан оның қирауы адамдарды айран-асыр етіп, аудиовизуалды әсер туғызды. Оның қираған сәтін көргендердің ешқайсысы да сол сәтті ұмыта алмады. Терроризмнің театр екенін интуитивті түсінгендіктен, ол жайында материалдық тұрғыдан емес, эмоциялық тұрғыдан баға береміз.
Терроризммен күресетіндер дәл террористер сияқты, яғни генерал іспетті емес, театр продюсері секілді ойлануы керек. Террорға әлеуетті қарсылық танытқымыз келсе, ең әуелі террористердің ешқандай қадамы бізді тізе бүктірмейтінін түсінейік. Алайда олардың арандату қақпанына түссек, өзімізге-өзіміз зиян келтіреміз.
Террористер орындалмас мақсатқа ұмтылады: қалың қолы жоқ болса да, зорлық-зомбылық арқылы күштердің саяси тепе-теңдігін өзгерткісі келеді. Сол мақсатына жету үшін олар мемлекетті де орындалмас мақсаттарға ұмтылуға итермелейді: кез келген уақытта, кез келген орында мемлекет азаматтарын саяси зорлық-зомбылықтан қорғай алатынын дәлелдеуге ұмтылады. Террористер мемлекет осы мақсатын орындауға кіріскен сәтте саяси картаны қайта араластырып, тұз қолдарына түседі деп дәмеленеді.
Иә, мемлекет нақты іске кіріскенде террористерден басым түсіп, оларды басып-жаншиды. Соңғы уақытта әртүрлі мемлекеттер жүздеген террористік ұйымның көзін жойды. Тіпті ең қаныпезер
террористік науқандардың өзін басып-жаншуға болатынын Израиль 2002–2004 жылдары дәлелдеп берді10. Ашық майданда айы оңынан туа қоймайтынын террористер жақсы біледі. Алайда олар өте әлсіз, басқа жолы да жоқ, жоғалтары да аз, ал лаңкестік шабуыл оларға пайдалы болуы мүмкін. Иә, контртеррористік науқандар туғызған саяси дауылдар ара-тұра террористердің пайдасына соғылып та қалады. Сондықтан да олар қауіп-қатерге бас тігіп, осы ойынға кіріскен. Террорист қолына нашар карта шыққандықтан, қарсыласын картаны қайта араластыруға үгіттеген ойыншы секілді. Ол ештеңені жоғалтпайды, ал жеңуден әркім де үмітті.
ҮЛКЕН БОС ҚҰМЫРАДАҒЫ БАҚЫР ТИЫН
Картаны қайта араластыруға мемлекет неге келісуі керек? Терроризмнің материалдық шығыны өте аз, сондықтан іс жүзінде мемлекет терактілерге ешқандай мән бермеуіне болады немесе қарсы шараны жасырын түрде, камералар мен микрофондардан қашықта жасағаны да жөн. Көп жағдайда мемлекет солай істеп те жүр. Бірақ кей кездері олардың да ашуға ырық беріп, көптің алдында, қара күшке салып жіберетін кездері бар, ал бұл террористердің қолайына майдай жағады. Мемлекет террористердің арандатуына неге оңай түсіп қалады екен?
Мемлекеттің тез арандап қалуының себебі – олардың легитимдігі саяси озбырлықтардан қоғамдық саланы қорғау міндетіне негізделген. Алапат апаттарға жүйе қарсы тұра алмайды, алайда оны елеусіз де қалдыруға болмайды. Себебі оның легитимдігі осындай қауіптердің алдын алуына тікелей байланысты. Екінші жағынан, мемлекеттің легитимдігіне селкеу түсірсе, болмашы мәселеге бола жүйенің быт-шыты шығып, қирайды. ХІV ғасырда «қара өлім» атанған оба Еуропа халқының ширек бөлігі мен жартысына жуығының өмірін баудай қырқып түсірді. Алайда оның кесірінен ешбір король тағынан айырылған жоқ, оны айтасыз, ешбір король індетпен күресу үшін маңызды қадам жасаған да емес. Ол уақытта індеттің алдын алу немесе індетпен күресу корольдің міндеті деген ой ешкімнің үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін. Ал дәл сол уақытта өзінің иелік ететін аумағында күпірліктің таралуына жол беріп көрсін, тағынан айырылу былай тұрсын, басы сол заматта қылышқа ілігер еді.
Бүгінгі заманғы үкіметтер терроризмге қарағанда үйдегі зорлық-зомбылық немесе сексуалдық зорлық-зомбылыққа төзімді. #MeToo деген қозғалыстарға қарамастан, мұндай озбырлықтар үкіметтің легитимдігіне селкеу түсірмейді. Мысалы, Францияда жыл сайын 10 000 зорлық-зомбылық оқиғасы тіркеліп, өзге он мыңдаған жағдай тіркелмей қалуы да мүмкін11. Алайда зорлаушылар мен қатыгез күйеулер француз мемлекетінің тыныс-тіршілігіне қауіп төндірмейді, себебі мемлекет халықты сексуалдық зорлықтан құтқарамын деген уәдемен құрылмаған еді. Керісінше, анда-санда болатын террористік шабуылдар – Франция үшін зор қауіп, өйткені соңғы бірнеше ғасырда Батыс мемлекеттері өз шекарасы аумағында саяси озбырлыққа төзбейміз деген асқақ уәде беру арқылы легитимдігін негіздеген болатын.
Орта ғасырларда қоғамдық саладағы саяси озбырлық қалыпты жағдай еді. Озбыр болу саяси ойынға кіргізетін билет іспетті, озбыр еместердің саяси салмағы да болмады. Қалалар, гильдиялар, шіркеулер мен монастырьлар, сондай-ақ қаптаған ақсүйек отбасылар да әскери күшке қыруар қаржы жұмсады. Бұрынғы басшы о дүниелік болып, таққа талас басталған сәтте бақталас фракциялар – монахтар, жергілікті көсемдер мен көршілер осы мәселені шешу үшін әскердің көмегіне жүгінді.
Мұндай әлемде терроризмге орын қалмады. Материалдық соққы беру ықпалынан айырылған кез келген жан ойыннан шығып қалып отырды. 1150 жылы бірнеше мұсылман жанкештісі «Кресшілер Қасиетті жерден табанын жалтыратсын!» деген талаппен Иерусалимдегі бір шөкім бейбіт адамды қырып салса, олардың бұл қылығына адамдар үрейленбес те еді, есінен ауысқан болар деп лаңкестерді түсінбей, таңданатыны анық. Ал ол заманда өзгелердің өзімен санасқанын қалағандар қорғанды, ең абзалы, екі қорғанды иеленуге ұмтылды. Одан да ауқымды мәселелері болғандықтан, ортағасырлық бабаларымызды терроризм еш алаңдатқан емес.
Жаңа заманда орталықтанған мемлекеттер өз аумағындағы саяси озбырлықтың деңгейін ақырындап төмендетті, соңғы жылдары Батыс елдері одан толық арылды деуге болады. Франция, Ұлыбритания, АҚШ-тың азаматтары әскери күш-қуатсыз-ақ қалалар, корпорациялар, ұйымдар, тіпті үкіметтегі басқару үшін күресуі мүмкін. Триллиондаған долларды, миллиондаған солдатты, мыңдаған кемені, ұшақты және ядролық зымыранды басқару кілті бір топтан екінші топқа ешбір қарусыз-ақ алмасуда. Адамдар бұл жайтқа жылдам бой үйретіп, тіпті мұндай тәртіпті табиғат сыйлаған құқық деп санай бастады. Ондаған адамның өмірін жалмайтын саяси озбырлықтың анда-санда байқалып қалуы мемлекеттің легитимдігіне көлеңке түсіріп, тіпті мемлекеттің тағдырын өзгертетінінің себебі – осы. Бос үлкен құмырадағы бақыр тиынның үні қаттырақ естіледі.
Террористік театрдың жетістігі де осында. Мемлекет саяси озбырлықтан ада, алып бос кеңістікті құрып қойды, енді осы кеңістік дыбыс ұлғайтқыш құрал секілді, кез келген қарулы шабуылдың, тіпті болмашы шабуылдың да әсерін ұлғайтып жіберген. Қандай да бір мемлекетте саяси озбырлық азайған сайын террористік шабуылдан қоғам соншалықты қатты шошынады. Нигерия мен Ирактағы жүздеген адамның өлімінен гөрі, Бельгиядағы бірнеше адамның өліміне көп көңіл бөлінетіні сондықтан. Қарама-қайшылық осы жерден шығады, саяси озбырлықты азайтқаны қазіргі заман мемлекеттерінің жетістігі болғанымен, дәл осы қадамы – оның ең әлсіз тұсы да.
Мемлекет өз аумағында саяси озбырлыққа төзбейтінін бірнеше рет айтады. Саяси озбырлықтың жоғына азаматтардың да еті үйреніп кеткен. Осы себептен де террордың театры анархия алдындағы түпсананың үрейін ұшырады; адамдар қоғамдық тәртіп әне-міне қирайды деп қатты қорқады. Ғасырлар бойғы соғыстарда қан кешіп өткен біз зорлық-зомбылықтың қара құрдымынан әрең шықтық дегенде, ол құрдымның ешқайда да жоғалмағанын, қайта қылғытып жұта салу үшін асқан сабырмен бізді күтіп жатқанын сезінеміз. Сол құрдымның аузында тұрғандай үрейленуіміз үшін қанды қасаптың бірнеше оқиғасының өзі жеткілікті.
Зәресі зәр түбіне кеткен халықты сабырға шақыру үшін террордың театрына мемлекет өзінің қауіпсіздік театры арқылы жауап қатуға мәжбүр. Терроризмге тиімді жауап берудің жолы – үздік барлау жұмыстары және террористерді жемдеп отырған қаржы желісіне астыртын қарсы тұру. Бірақ азаматтардың теледидардан көргісі келетіні басқа. Азаматтар Халықаралық сауда орталығының күйрей сынған драмасын өз көзімен көрді ғой. Ендеше, одан да көп оқ пен оттың астындағы қансойқы контрдрама қоюды мемлекет парызым деп біледі. Міне, салқын ақылмен және тиімді қадамдар жасаудың орнына, мемлекет жойқын дауыл тұрғызып, осы қадамымен террористерді арманына жақындата түседі.
Мемлекет терроризммен қалай күресуі керек? Терроризммен сәтті күрес үш майданда жүргені абзал. Біріншіден, үкімет террористік желілерге қарсы астыртын шаралар қабылдауы керек. Екіншіден, БАҚ байбалам салуын тоқтатып, қандай да бір дүниеге болашақтың көзқарасымен қарағаны жөн. Террордың театры жетістікке жарнамасыз жетпейді. Өкінішке қарай, БАҚ көп жағдайда бұл жарнаманы тегін жасап беріп отыр. Ол терактілер туралы ұдайы айтып, қаупін зорайтып жіберген, себебі терроризм туралы хабарлама диабет немесе ауаның ластануы туралы мақалаға қарағанда таралымды арттырады.
Үшінші майдан – әрқайсысымыздың шарықтаған қиялымыз. Террористер сол қиялымызды өз ыңғайына қолданып, оны бізге қарсы пайдаланады. 2001 жылдың 11 қыркүйегін немесе жанкештілердің өзін-өзі жарып жіберген әлдебір оқиғаны еске жиі түсіріп, террористік шабуылдарды ой елегінен көп өткіземіз. Террористер 100 адамды өлтіреді – сол қадамы арқылы миллиондар әр бұтаның қалқасында қанішер жатқандай елестетсе екен деп ойлайды. Әрбір азамат өз қиялын террористерден тазартып, осы қауіптің шын ауқымын таразылауы керек. Бұл – біздің жеке ішкі террорымыз, соның кесірінен бұқаралық ақпарат құралдары терроризмнің ауласынан айналшықтап шыға алмай қалды да, азаматтарының көңіліне қараған үкімет осы бір қауіпке елеурей жауап қайтаратын болды.
Демек, терроризмді биікке шығаратын да, төменге құлдырататын да – өзіміз. Террористердің қиялымызға еніп алуына мүмкіндік берсек, әр шабуылдан соң үрейімізді басу үшін лаңкестікке үлкен соққымен жауап қатсақ, терроризм үстемдік ете түседі. Ал егер қиялымызды террористерден босатып алып, сабырлы және байыпты қимылдасақ, терроризм күйрей жеңіледі.
ЯДРОЛЫҚ ТЕРРОРИЗМ
Алдыңғы сөзімізде соңғы екі ғасыр бойы бізге таныс, яғни Нью-Йорк, Лондон, Париж, Тель-Авив көшелерінде көріп жүрген терроризм туралы әңгімеледік. Ал егер террористер жаппай жою құралын қолданса, лаңкестіктің сипаты ғана емес, мемлекет пен жаһандық саясаттың келбеті де өзгереді. Бір уыс жанкештісі бар алақандай ғана ұйымдар тұтас қаланы жайпап өтіп, миллиондаған адамды қан құстырса, саяси озбырлықтан ада қоғамдық сала қалмайды.
Қазіргі терроризм әскери іс-қимыл театры болса, болашақтағы ядролық терроризм, кибертерроризм, биотерроризм өте-өте үлкен қауіп төндіріп, үкімет тарапынан барынша қатаң қадамдарды талап етеді. Дәл осы себептен, яғни болашақтағы гипотетикалық сценарийлерді осы кезге дейін куә болып келген террористік шабуылдардан айыра білу үшін өте сақ қимылдауымыз керек. Күндердің күнінде террористің қолына ядролық қару түсіп, Нью-Йорктің немесе Лондонның күлін көкке ұшырып жібереді деген үрей автомат немесе жүк көлігінің көмегімен ондаған кездейсоқ адамды өлтіре салған террористің есірік мінезінен зәре-құтымыз қалмай қорқуымыз керек деген сөз емес. Болашақта ядролық қаруды қолына түсіруі мүмкін немесе пилотсыз автокөліктерімізді сындырып, робот-қанішерлердің жасағына айналдырып жіберуі ықтимал деген күдікпен диссиденттік топтардың бәрін жаппай қуғынға түсіріп жібермеу үшін биліктің сауысқандай сақ болғаны жөн.
Басқаша айтқанда, үкімет радикалды топтарды қатаң бақылауы және жаппай жоятын қаруды қолға лаңкестердің түсірмеуіне жол бермегені өте маңызды. Ол үшін үкіметтер ядролық терроризм алдындағы қауіп пен өзге де қатерлердің арақатынасын таразылауы керек. Соңғы жиырма жылда Құрама Штаттар триллиондаған доллар мен қаптаған саяси капиталды террорға қарсы соғысқа жұмсады. Кіші Джордж Буш, Тони Блэр, Барак Обама және олардың әкімшілігінің «террористерді үздіксіз аңду арқылы лаңкестер уақытын ядролық бомбаны ойлап табуға емес, бас амандығын күйттеуіне жұмсасын дедік» деген сөздерінде жан бар. Осылайша олар террористерді үздіксіз аңдуы арқылы 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған оқиғаның қайталанбауын ғана емес, ядролық қару жарылуы ықтимал жойқын жарылыстың алдын алуы мүмкін. «Террорға қарсы күреспесек, «әл-Каида» ядролық қаруды қолына түсірер еді» деген контрфактілік сөздің ақ-қарасын ажырату өте қиын.
Террормен соғысу арқылы америкалықтар мен олардың одақтастары күллі әлемнің астан-кестенін шығарып қана қоймай, экономистер айтқан «жасырын шығынға» батырғаны да рас. Терроризмге рәсуа болған ақша, уақыт және саяси капитал жаһандық жылынуға, ЖИТС пен кедейлікке, Африканың оңтүстігінен Сахараға дейінгі елдердегі өркендеу мен бейбітшілік орнатуға немесе Ресей мен Қытайдың қарым-қатынасын жақсартуға жұмсалған жоқ. Деңгейі көтеріліп келе жатқан Атлант мұхитына Нью-Йорк пен Лондон батып кеткен жағдайда немесе Ресеймен кикілжің бетпе-бет ұрысқа ұласып кетсе, адамдар Бушты, Блэрді, Обаманы басқа майданға күш жұмсадың деп айыптауы мүмкін.
Дәл қазіргі күннің артықшылықтарын орын-орнына қою өте қиын, ал «болары болып, бояуы сіңіп» кеткен соң, қандай да бір оқиғаны сын садағына ілуден оңай шаруа жоқ. «Қатердің алдын ала алмады» деп әлемнің көшбасшыларын кінәлай жөнелеміз, алайда олар шынымен де алдын ораған қандай қауіптер бар – ол жайынан хабарсызбыз. 1990 жылдардағы Клинтон әкімшілігіне «әл-Каида» қаупін елеп-ескермеді» деп кінә артады. Алайда дәл сол 1990 жылдары болашақта террористер жолаушылар авиалайнерін нью-йорктік зәулім ғимараттарға соғып, жаһандық алауыздық тудыратынын ешкім де болжап біле алған жоқ. Керісінше, көпшілігі Ресейдің күлі көкке ұшады, сөйтіп, кең шалқар аумағынан ғана емес, мыңдаған ядролық және биологиялық бомбаларынан айырылып қалады деп қауіптенді. Бұрынғы
Югославиядағы қанды қырғын Шығыс Еуропаның өзге бөліктеріне де тарап, Венгрия мен Румыния, Болгария мен Түркия немесе Польша мен Украина бір-бірімен қанды шайқасқа түседі деп алаңдады.
Қос Германияның біріккеніне де жүрегі суылдап, қорыққандар табылды. Үшінші рейхтің құлағанына жарты ғасырға жуық қана уақыт өтті, сондықтан көптеген адамның неміс билігінен жүрегі шайлығып қалғаны да заңды еді. Кеңес құрсауынан босаған Германия еңсесін қайта тіктеп алып, Еуропа құрлығындағы өктем елге айналып шыға келмей ме? Қытайды қайтеміз? Кеңестік блоктың ыдырауынан бойын жиып алған Қытай реформаларынан бас тартып, маолық қатаң
саясатқа оралып, ақыр аяғында, Солтүстік Кореяның ірі нұсқасы болып шыға келуі де мүмкін ғой.
Иә, күні бүгін осы бір қорқынышты сценарийлерге мысқылмен қараймыз, себебі ол сценарийлер орындалған жоқ. Ресейде жағдай тұрақтанды, Шығыс Еуропаның үлкен бөлігін Еуроодақ бейбіт түрде жұтып алды, Біріккен Германия – қазір еркін әлемнің көшбасшысы, ал Қытай күллі жер шарының экономикалық қозғалтқышына айналды. Бұл жетістіктерге жарым-жартылай болса да АҚШ пен ЕО-ның құрылымдық саясаты арқылы қол жеткізгеніміз сөзсіз. Қалай ойлайсыз, АҚШ пен ЕО 1990 жылдары байырғы кеңестік блок немесе Қытайды елең санамастан, ислам экстремистеріне назар аударуы керек пе еді?
Әртүрлі жағдайдың бәріне бірдей дайын болу мүмкін емес. Әрине, ядролық терроризмнің алдын алу – өте маңызды мақсат, алайда ол жаһандық күн тәртібінде бірінші кезектегі мәселе болуы мүмкін емес. Іс жүзіндегі ядролық терроризм қаупінен құтылу үшін кәдімгі терроризмге шектен тыс көңіл аударуымыз керек деп сылтау айтуымыз жараспайды. Екеуі – әртүрлі шешімдерді қажет ететін әртүрлі мәселелер.
Күш-қуатымызға қарамастан, террористік топтар бәрібір жаппай қыру қаруына қол жеткізсе, саяси күрестің қалай жүретіні туралы әлдене дей алмаймыз, қалай дегенде де ол ХХІ ғасырдың басындағы террористік және контртеррористік науқандардан кәдімгідей өзгеше болатыны анық. 2050 жылы жер бетінде ядролық террористер мен биотеррористер құмырсқадай қаптап жүрсе, жанкештілердің құрбандары 2018 жылды сағына әрі кінәлай еске алып: «Осыншама қауіпсіз әлемде өмір сүрген адамдар неменеге сонша алаңдады екен», – деп шақшадай басы шарадай болатын шығар.
Иә, біздің қазіргі қауіп етеріміз терроризм ғана емес. Ғалымдар мен қарапайым адамдар Үшінші дүниежүзілік соғыстың жақындап келе жатқанын айтып, бүгінгі біз бастан кешіп отырған жағдайдың жүз жыл бұрынғы оқиғаларға ұқсастығын еске түсіріп, алаңдайды. 1914 жылдағыдай, 2018 жылы да шешілмеген жаһандық мәселелермен қоса, алпауыт мемлекеттердің арасы ушығып келеді, бұл мәселелер бізді жаһандық соғысқа сүйрейтін секілді. Бұл алаң көңіл шындыққа жанаса ма, әлде терроризм алдындағы қорқынышымыздан көзімізге қос көрінгені ме?
11-ТАРАУ
Соғыс
Адамзаттың ақымақтығына атүсті қарамайық
Соңғы уақыт адамзат тарихындағы ең мамыражай кезең еді. Ежелгі аграрлық қоғамдарда өлімнің 15%-ы озбырлықтың себебінен болса, ХХ ғасырда ол өлім көрсеткіші 5% төмендеді де, қазіргі таңда 1% ғана болып қалды1. Сөйте тұра, 2008 жылдағы жаһандық экономикалық дағдарыстан соң халықаралық жағдай күрт төмендеп, соғыс өртін тұтату сәнге айналып, әскери шығындар өсе түсті2. Бейбіт тұрғындардың да, сарапшылардың да күдігі басым: 1914 жылы австриялық эрцгерцогтің өлімі Бірінші дүниежүзілік соғыс өртін тұтатып жібергеніндей, 2018 жылы да, Сирия шөліндегі қандай да бір жанжал немесе Корей түбегіндегі шалт қимыл жаһандық кикілжіңді бастай жөнелетіндей.
Әлемдегі шиеленістің артуына және Вашингтон, Пхеньян мен өзге де кейбір астаналарда отырған басшылардың ұстанымына қарап, жүрегіміз бекер өрекпімейтінін ұғасың. Қалай десек те, 2018 жыл мен 1914 жылдың арасында бірнеше негізгі айырмашылық бар. Атап айтсақ, дүниежүзінің элитасы 1914 жылы соғысты құп көрді. Олай болатынының себебі – сәтті соғыстар экономикалық өркендеу мен саяси билікке мүмкіндік беретін, оның нақты мысалы жетіп артылатын. 2018 жылы, керісінше, сәтті соғыстар жойылып бара жатқан секілді.
Ежелгі дүниенің ұлы империялары – Ассирия мен Цинь империясына дейінгі мемлекеттер озбырлықпен басып алудың негізінде құрылды. 1914 жылы барлық ірі державалар сәтті соғыстың арқасында мәртебеге ие болды. Мысалы, Жапон империясы Қытай мен Ресейден үстем түскендіктен өңірлік державаға айналды; Австро-Венгрия мен Францияны жеңген Германия Еуропадағы азулы ел атанды; Ұлыбритания жер шарының әр бұрышындағы шағын ғана жеңістері арқылы қанатын кеңге жайған, өркендеген мемлекет құрды. Осылайша 1882 жылы Британия Тель-әл-Кебирдегі шешуші шайқаста 57 солдатын ғана құрбан етіп, Египетке басып кіріп, оны жаулап алды3. Бүгінгі таңда мұсылман елдерін басып алу Батыстың қорқынышты түсіне ғана енетін оқиға ғой, алайда Тель-әл-Кебирде британдықтар аз ғана қарсылыққа тап болып, алпыс жылдан аса уақыт бойы Ніл алқабы мен стратегиялық маңызы зор Суэц каналын бақылауында ұстады. Еуропалық өзге державалар британдықтарға еліктеп, Париж, Рим немесе Брюссельдегі үкіметтер Вьетнам, Ливия немесе Конгоның жерін таптап өтуді армандай отырып, ол жаққа өздерінен бұрын ағылшындар жетіп алатын болды-ау деп уайымдайтын.
Оны айтасыз, Құрама Штаттардың өзі ұлы держава мәртебесі үшін экономикалық кәсіпорындарға ғана емес, әскери қимылдарға да қарыздар. 1846 жылы ол Мексикаға басып кіріп, Калифорния, Невада, Юта, Аризона, Нью-Мехиконы және Колорадо, Канзас, Майами мен Оклахоманың бір бөлігін жаулап алды. Бейбіт келісім Техастың аннекциясын да мақұлдады. Шамамен 13 000 америкалық солдат қаза тапқан бұл соғыс Құрама Штаттарға 2,3 миллион шаршы километр (Францияны, Ұлыбританияны, Германияны, Испания мен Италияны қоса алғандағы ауқым)4 жер қосып берді. Бұл мыңжылдықтың келісімі еді.
Осылайша 1914 жылы Вашингтон, Лондон және Берлиндегі элиталар сәтті соғыстың не екенін, одан қандай пайда табатынын жақсы түсінді. Ал 2018 жылғы жаһандық элита ондай соғыстар өткеннің еншісінде қалғанын жорамалдаса, оның да орынды себебі бар. Иә, үшінші әлемнің кейбір диктаторлары және мемлекеттік емес субъектілер соғыстан пайда көретіні рас, ал ірі державалар мұндай икемнен айырылып қалған сияқты.
Бүгінгі ұрпақтың есіндегі ұлы жеңіс – Құрама Штаттардың Кеңес Одағын әскери қақтығыссыз-ақ тізе бүктіруі. Одан соң Парсы шығанағындағы Бірінші соғыста сәннен қалған соғыс даңқының дәмін сезінгендей болды. Сол-ақ екен, даңқтан басы айналған Құрама Штаттар Ирак пен Ауғанстандағы қырсық шалған әскери қорлық үшін триллиондарды желге шашты. ХХІ ғасыр басында керегесі кеңи бастаған Қытай 1979 жылы Вьетнамға басып кірудегі сәтсіздігінен соң, барлық қарулы қақтығыстардан іргесін аулақ салды. Бүгінгі Қытайдың өркендеуі экономикалық факторға ғана байланысты. Қытай осы қадамы арқылы Жапония, Германия, Италия империяларының 1914 жылғы жолына емес, 1945 жылдан кейінгі жапон, неміс, итальяндық экономикалық таңғажайыпқа еліктегені анық. Бұл жағдайлардың бәрінде, экономикалық гүлдену мен геосаяси ықпал оқ даусын шығармастан өркендеген еді.
Әлемнің отқа оранған орталығы – Таяу Шығыста аймақтық державалар сәтті соғыс жүргізген жоқ. Иран–Ирак арасындағы ұзаққа созылған қанды қасапта Иран түк те иелене алмады да, соғыстан соң тікелей әскери қақтығыстардан барынша қашқалақтай түсті. Ирактан Йеменге дейін созылып жатқан әртүрлі мемлекеттердің жергілікті топтарын қаржыландырып, қаруландырған Иран Сирия мен Ливандағы одақтастарына көмек ретінде Ислам революциясының Күзет корпусын жөнелтіп тұрады. Сөйте тұра, әлі күнге сақтық танытып, өзге елдердің ішкі шаруасына араласпайды. Майдан даласында атой салуы арқылы емес, өзгелердің қателігінің арқасында Иран аймақтық ірі державаға айналды. Оның екі бірдей қас жауы АҚШ пен Ирак ұрысқа кірісіп, соғыс Ирактың түбіне жетті де, таяушығыстық топырақтан америкалықтардың да жүрегі кілкіп, өз құрлығына тез аттанып кетті. Ал Иранның ұпайы түгел.
Израиль туралы да дәл осылай айтуға болады. Оның ең соңғы сәтті соғысы 1967 жылы жүрді. Сол уақыттан бергі сансыз соғыстарына қарамастан, Израиль гүлдене түсті. Гүлденуінің себебі соғыс емес еді. Ол басып алған аумақтың көпшілігі елдің экономикалық бас ауруына айналды, шамасы келмейтін саяси міндеттерді де жүктеп жіберді. Иран секілді, Израиль де соңғы уақытта сәтті соғыс жүргізумен емес, әскери соқыр тәуекелдерден бас тарту арқылы геосаяси жағдайын түзеп алды. Соғыс бұрынғы дұшпандары Ирак, Сирия, Ливияны ойрандап жатқан тұста, Израиль сабыр сақтап бір шетке тұра қалды. Нетаньяхудың негізгі саяси жетістігі (2018 жылдың наурыз айындағы жағдай бойынша) елді Сириядағы азаматтық соғысқа араластырмауы еді. Ол қаласа, израильдік қарулы күштер Дамаскіні бір апта ішінде жаулап алады ғой, алайда Израиль одан не ұтады? Израиль әскері Газа секторын жаулап алып ХАМАС билігін төңкеріп тастай да алады, алайда Израиль күннен-күнге бұл ойынан да бас тартып келеді. Әскери күш-қуатына және басқыншылыққа құмар саясаткерлерінің тілін оңды-солды безегеніне қармастан, соғыстың соңы түкке апармайтынын Израиль жақсы түсінеді. АҚШ, Қытай, Германия, Жапония мен Иран секілді, ХХІ ғасырдағы ең жемісті стратегия – тасада отырып алып, сенің мүддең үшін өзгелердің соғысқанын бақылау екенін Израиль де жақсы түсінетін секілді.
КРЕМЛЬДІҢ КӨЗҚАРАСЫ
ХХІ ғасырдағы ұлы державалардың сәтті басқыншылығының әзірге жалғыз мысалын Қырымды өзіне қосып алған Ресей көрсетті. 2014 жылдың ақпан айында Ресей әскері көрші Украинаға енді де, Қырым түбегін басып алды. Түбек, ақырында, Ресейге қосылды. Іс жүзінде әскери қимылға бармай-ақ Ресей стратегиялық маңызды аумақты жаулап алып, көршілерінің үрейін ұшырып, әлемдік держава екенін айдай әлемге тағы бір дәлелдеп берді. Алайда бұл басқыншылық төтенше бір жағдайлардың тоқайласуының арқасында сәтті жүрді. Украина армиясы да, жергілікті халық та орыстарға соншалықты қатты қарсылық көрсеткен жоқ және өзге алпауыт мемлекеттер бұл кикілжіңге бас сұға қоймады. Мұндай оқиғаны жер бетінің өзге бір пұшпағында көзге елестету тіпті мүмкін емес. Сәтті соғыстың алғышарты басқыншыға қарсы тұруға сақадай сай қарсыластың жоқтығы десек, бұл бар мүмкіндіктерді кәдімгідей шектейді.
Расында да, Ресей Қырымдағы жетістігін Украинаның өзге де бөлігінде қайталағысы келгенде, оппозицияның қатаң қарсылығына тап болды. Украинаның шығысындағы соғыс өнімсіз бір тығырыққа
апарып тіреп тастады. Одан да сорақысы (Мәскеудің көзімен қарағанда) соғыс Украинадағы Ресейге қарсы көңіл күйді үдетіп, одақтас елді қас дұшпанға айналдырып жіберді. Парсы шығанағындағы Бірінші соғыстағы жетістігі АҚШ-ты әуелі елітіп алып, Иракқа жетелеп, соңында сол елігу жарға жыққаны секілді, Қырымдағы жетістігі Ресейді де емексіткенімен, Украинада басы тасқа тиетін шығар.
ХХІ ғасырдың басындағы Кавказ бен Украинадағы Ресей соғыстарын қатар қарастырсақ, оларды сәтті жүрді деп айта алмаймыз. Иә, ол соғыстар Ресейдің ұлы держава ретіндегі мейманасын асырған-ақ шығар, сөйте тұра, Ресейге деген сенімсіздік пен дұшпан көзқарастарды да өршітіп, экономикалық тұрғыдан бұл ел шығынға белшесінен батты. Қырымның туристік курорттары мен Луганск пен Донецкінің Кеңес дәуірінен қалған, тозығы жеткен зауыттары соғысты қаржыландыру таразысындағы бағаны әрең-әрең теңестіргенімен, халық-аралық санкциялар мен капиталдың шығынын толтыра алмайтыны көрер көзге айқын. Ресей саясатының шектеулілігін түсіну үшін бейбіт Қытайдың ауқымды экономикалық прогресі мен «жеңген» Ресейдің экономикалық тоқырауын салыстырудың өзі-ақ жеткілікті5.
Мәскеудің дауысы батыл шыққанына қарамастан, ресейлік элитаның өзі нақты шығындар туралы және әскери соқыр тәуекелдерінің пайдасы аз екенінен жақсы хабардар, сондықтан жағдайды ушықтырмау үшін осы кезге дейін сауысқандай сақ. Ресей мектеп бұзақыларының «ұстаз мән бермеуі үшін ең әлжуаз баланы ұстап алып, жанына тигізбей, сипай қамшылап ал» деген приниципін ұстанады. Путин соғысын Сталин, Ұлы Петр немесе Шыңғыс хан секілді жүргізсе (Варшава мен Берлин болмаса), Ресей танкілері баяғыда-ақ Тбилиси мен Киевте ойнақ салар еді. Алайда Путин Шыңғыс хан да, Сталин де емес. Ол ХХІ ғасырда әскери күш тым алысқа апармайтынын, сәтті соғыс дегеніміз – шектеулі соғыс екенін өзгелерден де жақсы түсінетін секілді. Ресейдің әуе соққысының қатыгездігіне қармастан, Сирияда Путин өте сақ қимылдап, Мәскеу пиғылын барынша байқатпауға тырысты, өзгелердің сұрапыл соғыс жүргізуіне кедергі де болмады, майдан көрші елдерге таралып кетпеуін де қадағалауға ұмтылды.
Расында да, Ресейдің көзқарасымен қарасақ, соңғы уақыттардағы басқыншылық жаһандық соғыстың бастауы емес, керісінше, күзетсіз бекіністі нығайту әрекеті секілді. Ресейдің «1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басындағы бейбіт шегінісімізді өзгелер жеңіліс деп қабылдады» деген сөзінде жан бар. АҚШ пен НАТО Ресейдің әлсіздігін құр жіберген жоқ, НАТО өз аумағын Шығыс Еуропаға дейін, тіпті кейбір байырғы Кеңес елдерінің территориясына дейін кеңейтіп алды. Ресейдің Таяу Шығыстағы мүддесін көзге де ілместен, болмайтын бір сылтауды желеу етіп НАТО Батыс Сербия мен Иракқа басып кірді. Ол-ол ма, ықпалы жүріп тұрған өңірді Батыстың күшпен басып алуынан қорғауы үшін өзінің әскери күшіне ғана сену керегін Ресейге шегелеп түсіндіргендей болды. Бұл көзқарас тұрғысынан қарасақ, Ресейдің күні кешегі әскери іс-қимылдары үшін Владимир Путинге ғана емес, Билл Клинтон мен кіші Джордж Бушқа да кінә артуға болады.
Әрине, Грузиядағы, Украинадағы, Сириядағы ресейлік әскери іс-қимылдар империялық сойқан соққының алғашқы қадамы ғана болуы мүмкін. Путин осы кезге дейін жаһандық басқыншылық туралы қатаң жоспарын жүрегінде әлдилеп келмесе де, осы саладағы жетістіктерге малданып, азуын айға білеп шыға келмеуіне кім кепіл? Оған қоса, сталиндік КСРО-дан путиндік Ресей әлдеқайда әлжуаздау екенін де ескерген Қытай секілді өзге мемлекеттер де араласа кетпесе, толық ауқымдағы жаһандық соғысты айтпаған күннің өзінде, жаңа қырғиқабақ соғысты Мәскеу бастай алмайтынын да айтқымыз келеді. Ресей халқы 150 миллион адам, ал ЖІӨ – 4 триллион доллар. Халық саны бойныша да, ЖІӨ ауқымы бойынша да ол АҚШ-тан кәдімгідей кенже қалып қойған (325 миллион адам және ЖІӨ – 19 триллион доллар)6. АҚШ пен ЕО біріксе халық саны Ресейден бес есе ұлғайып, ортақ ЖІӨ он есе өседі.
Соңғы уақыттағы технологиялық жетістіктер бұл айырмашылықты одан әрі ұлғайтып жіберді. Ауыр өнеркәсіп халықаралық экономиканың қозғаушы күші болған ХХ ғасырдың ортасында КСРО өркендеді, ал кеңестік орталықтанған жүйе – трактор, танкі және құрлықаралық зымырандарды жаппай шығаруымен әйгілі еді. Бүгінгі ақпараттық технологиялар мен биотехнологиялар ауыр өнеркәсіптен де маңызды, алайда бүгінгі Ресей не ана салада да, не мына салада да, топ жара алған жоқ. Иә, киберсоғыстар саласында таңдандырарлық мүмкіндіктері бола тұра, азаматтық ИТ-секторы жоқ, ал экономикасы бірінші кезекте мұнай мен газ секілді табиғи қорлардан құралған. Бұл үркердей олигархтарды байытуға және Путиннің билігін ұстап тұруға жеткілікті шығар, алайда сандық немесе биотехнологиялық қаруланудың жарысында мәреге бұрын жету үшін аз көрсеткіш.
Одан да маңыздысы, путиндік Ресейге әмбебап идеология жетіспейді. Қырғиқабақ соғыс кезінде КСРО коммунизмнің жаһандық тартымдылығына, сондай-ақ Қызыл әскердің әлемдік жақтастарына иек артты. Кубалықтар, вьетнам немесе француз интеллектуалдарына путинизмнің ұсынары жоққа жақын. Авторитарлы ұлтшылдық жер-жаһанға, шынымен де, тарай алады, алайда оның табиғатының өзі ұйымдасқан халықаралық блоктарды құруға жағдай жасамайды. Ол кезде поляк коммунизмі мен орыс коммунизмі теориялық тұрғыдан халықаралық жұмысшы таптың мүддесінің жолын ұстанатын. Қазіргі поляк ұлтшылдығы мен орыс ұлтшылдығы қарама-қарсы мүдделер жетегінде жүр. Путиннің дәуірлеуі поляк ұлтшылдығына қауіп төндіретіндіктен, Польшада Ресейге қарсы көңіл күй бұрынғыға қарағанда көбейе түсуде.
Сондықтан Ресей жалған ақпарат таратып, бөліп-жаруға тырысқанымен, НАТО мен ЕО дәл сондай жаһандық науқанын бастаса, қарулы басқыншылықтың жаһандық науқанына Ресейдің тәуекел етуі екіталай. Қырымды басып алу және Грузия мен Шығыс Украинаға деген ресейлік басқыншылық соғыстың жаңа дәуірінің хабаршысы емес, жалғыз ғана мысалы болып қалады деп үміт етуге (ол негізсіз де емес) әбден болады.
СОҒЫСТА ЖЕҢУ ӨНЕРІНІҢ ЖОҒАЛУЫ
ХХІ ғасырда ірі державалардың сәтті соғыстарды жүргізуі неге қиындай түсті? Себептерінің бірі – экономика сипатының өзгеруі. Бұрындары экономикалық активтер, негізінен, материалдық еді, сол үшін салыстырмалы түрде алғанда, жаулап алу арқылы баю оңай болатын. Жауыңызды майдан даласында жеңсеңіз, қалаларын тонап, азаматтарын құл базарында сатып, құнды бидай алқабы мен алтын кендерін иеленесіз. Байырғы замандарда тұтқынға түскен гректер мен галлдарды сату арқылы римдіктер байыды, ал ХХ ғасырдағы америкалықтар Калифорнияның алтын кен орындары мен Техастың мал шаруашылығына арналған ранчоларын иелену арқылы өркендеді.
Алайда ХХІ ғасырда мұндай жолмен болмашы ғана пайдаға кенелесіз. Бүгінгі негізгі экономикалық активтер алтын кендерінен емес, тіпті мұнай кен орындарынан да емес, техникалық және институционалдық білімнен тұрады. Иә, білімді соғыстың көмегімен жеңе алмайсыз. «Ислам мемлекеті» деп аталатын ұйымдар қалалар мен Таяу Шығыстағы мұнай ұңғымаларын тонау арқылы азды-көпті гүлдене берер: 2015 жылы Ирак банктерінен 500 миллионнан аса долларды басып алып, мұнайды сатудан қосымша тағы 500 миллион доллар пайда тапты7, алайда Қытай мен АҚШ секілді ірі державалар үшін бұл түкке тұрмайтын ақша. Біржылдық ЖІӨ 20 триллионды құрайтын Қытай аз-маз миллиондарға бола соғыс аша ма? Ал АҚШ-пен соғысқа триллиондаған доллар жұмсаса, тауар айналымының қысқаруы мен соғыстан жоғалтқанының орнын қалай толтырып, шығындарды қалай қайтармақ? Қытайдың халық армиясы жеңіс тойын тойлап жатса, Кремний алқабының байлығын иелене ме? Иә, Apple, Facebook пен Google сияқты корпорациялар миллиардтаған долларға бағаланады, алайда бұл байлықты күшпен тартып ала алмайсың ғой. Кремний алқабында кремий кен орындары жоқ.
Наполеонды жеңген Ұлыбритания сияқты немесе Гитлердің көзін құртқан АҚШ сияқты, жеңістен соң халықаралық сауда жүйесін өзінің пайдасына орай құрса, сәтті соғыстар іс жүзінде әлі де үлкен кіріс кіргізер ме еді. Алайда әскери техникадағы өзгерістер бұрынғының жеңістерін ХХІ ғасырда қайталауға жол бермейді. Дүниежүзілік соғыстағы жеңісті атом бомбасы жаппай өзін-өзі жою алаңына айналдырып жіберді. Хиросимадан кейін ірі державалардың бір-бірімен ашық ұрысқа шықпауы кездейсоқтық емес. Олар жеңілмеу және ядролық бомбаны қолданудың арбауында қалмау үшін ондай қақпанға түсірмейтін шиеленістерге ғана қатысты. Солтүстік Корея сияқты екінші кезектегі ядролық державаның өзіне шабуыл жасауды ешкім құптай қоймайды. Әскері жеңілу қаупі туған Ким әулетінің не істейтінін ойлаудың өзі қорқынышты.
Киберсоғыс ықтимал империалистердің жағдайын тіптен қиындатып жіберді. Виктория королеваның жақсы бір заманында «Максим» пулеметі арқылы Британ армиясы Манчестер мен Бирмингемдегі мамыражай өмірдің шырқын бұзбастан, қиырдағы қайдағы бір кенезесі кепкен шөлде, қара түстілерді қырып салатын. Тіпті кіші Джордж Буштың уақытында да АҚШ Бағдад пен әл-Фаллуджаның астан-кестенін шығарса да, ирактықтар Франциско мен Чикагодан кек алуға шамасы келмеді. Алайда АҚШ қазір киберсоғыстың орташа ғана мүмкіндігі бар бір елді соққыға алса, бірнеше минуттың ішінде соғыс Калифорния мен Иллинойсқа жетіп барады. Зиянды бағдарламалар мен логикалық бомбалар Далластағы қозғалысты шырмап тастап, Филадельфиядағы пойыздарды бір-бірімен соғыстырып, Мичигандағы электр желісін істен шығарады.
Жаулап алушылар дәуірлеген заманда соғыстың шығыны аз, кірісі көп еді. 1066 жылы, Гастингс түбіндегі шайқаста жаулап алушы Вильгельм бірнеше мың жанды жер құштырып, бір-ақ күннің ішінде күллі Англияны бағындырды. Ядролық қару мен киберсоғыс, керісінше, шығыны көп, кірісі аз технология. Бұл құралдардың көмегімен тұтас мемлекетті жойып жібергеніңізбен, кірісі көп империя құра алмайсыз.
Мемлекеттер қаруын жиі сермейтін, ал айнала шиеленісіп бара жатқан әлемде қауіпсіздік орнатудың ең жақсы жолы біреу: ірі державалардың соңғы уақытта сәтті соғыс жүргізбегенін дәлелдейтін деректер келтіру. Шыңғыс хан мен Юлий Цезарь еш ойланбастан, өзге елдерге басып кірсе, Эрдоған, Моди, Нетаньяху сияқты ұлтшыл көсемдер қатты-қатты сөйлегенімен, соғыс бастауға келгенде өте сақ. Әрине, кімде-кім ХХІ ғасырдағы сәтті соғыстың формуласын тапса, тозақ отының қақпасы сол заматта ашылады. Қырымдағы ресейлік жетістік қорқыныштың бір нышаны екені де сондықтан. Бұл басқа бір жағдай деп үміттенейік.
АҚЫМАҚТЫҚТЫҢ САЛТАНАТ құруЫ
Өкінішті, ХХІ ғасырда соғыстар зиянды бизнес болса да, толық бейбітшілік орнай қойған жоқ. Адамзаттың ақымақтығына атүсті қарауға болмайды. Мейлі жеке, мейлі ұжымдық деңгейде болсын, адамзат өзін-өзі құртатын дүниеге өте бейім келеді.
1939 жылы гитлерлік коалиция мемлекеттерінің соғысқа араласуы еш нәтиже бермейтінін біле тұра, олар соғыстан бас тартқан жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыстың бір ерекшелігі, тізе бүккен империялар бұрынғыдан бетер гүлдене түсті. Олардың армиясы мен империясын күл-талқан еткен соң, жиырма жыл өткенде немістер, итальяндар, жапондар аста-төк жағдайда өмір сүріп жатты. Ендеше, соғыстың не керегі бар еді? Не үшін адамдардың қанын мойындарына жүктеп, сансыз миллиондардың обалына қалды? Мұның барлығы ақымақтық болатын. 1930 жылдары, жапон генералдары, адмиралдары, экономистері мен журналистері «Кореяны, Маньчжурияны, Қытай жағалауын уысынан шығарып алса, Жапония экономикалық тығырыққа тіреледі» деп есептеді8. Олардың бәрі қателескен еді. Шынтуайтына келгенде, жаулап алған жерлерінен тұтас айырылған кезде ғана жапон таңғажайыбы басталды.
Адамзаттың ақымақтығы – тарихтағы ең тегеурінді күш, бірақ оны ұдайы ескере бермейміз. Саясаткерлер, генералдар, ғалымдар әлемді ұлы шахмат ойыны деп елестетеді, оның әрбір жүрісін аймақтық есептерді назарға ала отырып ойластыру керек деп ойлайды. Бұл белгілі бір деңгейде ғана дұрыс ой. Кейбір көсемдер тура мағынасында ақымақ, сондықтан олар пешкілері мен атын оңды-солды жүре береді. Генерал Тодзе, Саддам Хусейн мен Ким Чен Ирдің әрбір қадамының рационалды себебі бар. Мәселе мынада, әлем шахмат тақтасынан әлдеқайда күрделі, адамзаттың рационалдығы оның қадамын нақты түсіндіре алмайды. Сондықтан тіпті рационалды көсемдер де ұдайы ақымақ қадамдарға барады.
Ендеше, жаһандық соғыстан қаншалықты қорқуымыз керек? Мұнда екі ақырғы шектен аулақ жүру керек. Біріншіден, соғыстан қашып құтыла алмайсың. Қырғиқабақ соғыстың бейбіт аяқталуы мынаны дәлелдеп берді: адамдар дұрыс шешім қабылдаса, тіпті ірі державалардың қақтығысының өзін бейбіт жолмен шешуге болады екен. Одан бөлек, жаңа дүниежүзілік соғыс болмай қоймайды деп жорамалдау да өте қауіпті. Бұл өзіміз орындайтын сәуегейлік болып шықпақ. Соғыстан қашып құтыла алмайсың деген ойға бекіген сәттен бастап мемлекеттер армиясын ұлғайтып, қаруланудың мығым шеңберіндегі жарысқа кірісіп, кез келген шиеленісте келісімге келуден бас тартып, қандай да бір қайырымды шараларды қақпан деп қабылдай жөнеледі. Бұл соғыстың басы ғана.
Екіншіден, соғыстың болуы мүмкін емес деп жорамалдау да ақымақтық қой. Тіпті ол соғыс барлығына бірдей қауіп төндірмесе де, Құдай да, табиғат заңы да бізді адамзаттың ақымақтығынан қорғай алмайды.
Адамзаттың ақымақтығын емдеп жазудың бір жолы – мойынсұнудың мөлшерін арттыру. Ұлты, діні, мәдениеті әлемде бәрінен озық, сондықтан оның мүддесі өзге адамдардың, тіпті тұтас адамзаттың мүддесінен биік тұруы керек деген кез келген жеке тұлғаның көзқарасына орай, ұлттық, діни және мәдени шиеленіс тереңдей береді. Әлемдегі қарым-қатынастар барынша шынайы және қарапайым болуы үшін ұлттар, діндер мен мәдениеттерді бір-бірімен қалай байланыстырамыз?
12-ТАРАУ
Мойынсұну
Әлемнің тұтқасы емессіз
Адамдардың көпшілігі өзін әлемнің кіндігі, ал оның мәдениеті – адамзат тарихының өзегі деп сенеді. Гректердің көпшілігі тарих Гомерден, Софокл мен Платоннан басталды, маңызды ойлар мен өнертабыстар Афина, Спарта, Александрия немесе Константинопольда туды деп есептейді. Қытай ұлтшылдары бұл сөзбен мүлде келіспейді де, тарих шындығында Сары император және Ся мен Шаң әулеттерінен басталғанын айтып қарсы шығады, ал Батыс әлемі, мұсылмандар немесе үнділер жеткен жетістік қытай өнертабыстарының қан-сөлі жоқ көшірмесі ғана деген ойға шүбәсіз сенеді.
Үнді нативистері Қытайдың бұл мақтаншақтығын жоққа шығарып, ұшақ пен ядролық бомбаның өзін, Эйнштейн мен ағайынды Райтты былай қойғанда, Конфуций мен Платоннан бұрын үнді субконтинентіндегі ежелгі үнді данышпандары ойлап тапқан деп бет бақтырмайды. Мәселен, Махариши Бхардваджа зымырандар мен ұшақтарды ойлап тапқанын, ал Вишвамитра зымыранды ойлап тауып қана қоймай, оны қолданғанын, Ачарья Канад атом теориясының негізін қалағанын, «Махабхаратада» ядролық қарудың дәл сипаттамасы айтылғанын білетін бе едіңіз1?
Тақуа мұсылмандар Мұхаммед пайғамбарға дейінгі күллі тарихтың қауырсындай да салмағы жоқ деп есептейді, ал Құран жер бетіне түскен уақыттан бергі күллі тарих – ислам үмбетін алтын қазық еткен деп сенеді. Түрік, Иран, Египет ұлтшылдарын бұл қатарға қосуға болмайды. Себебі олар Мұхаммедке дейін-ақ өз халқы адамзат жеткен игіліктердің бәрін ойлап тауып, ал Құран жер бетіне түскен соң, дәл сол ұлттар исламның тазалығын сақтап, оның даңқын аспандатты деп біледі.
Британдықтар, француздар, немістер, америкалықтар, орыстар, жапондар және өзге де сансыз топтар өз ұлтының таңданарлық жетістіктері болмаса, күллі адамзат адамгершіліктен жұрдай қалпында, қараңғылықта өмір сүре беретін еді деп есептейтінін айтпай-ақ қоялық. Кейбір адамдар тарихқа тым тереңдегені сонша, олардың саяси институттары мен діни практикаларына физика заңдылығының өзі бағынады деп қиялдап алған. Ацтектер жыл сайын құрбан шалмаса күн ұясынан шықпай қалып, он сегіз мың ғалам ыдырап кетеді дегенге шүбәсіз сенген.
Мұның бәрі де бос дәме. Олар ойына нәсілшілдіктің аздаған мөлшерін қосып жібереді де, тарихи деректерді мойындамай қояды. Адамдар жер бетіне таралып, өсімдіктерді жерсіндіріп, жануарларды қолға үйрете бастағанда, алғашқы қалалардың іргесін қалап, жазуды ойлап тауып, ақшаны шығарған уақытта заманауи діндер мен ұлттардың ешқайсысы да жоқ еді. Мораль, өнер, руханият, шығармашылық – біздің ДНҚ-мызда бар, олар адамзаттың әмбебап қабілеті. Оның тамыры Африканың тас ғасырында жатыр. Сондықтан оны, мейлі, Сары император дәуіріндегі Қытай болсын, мейлі, Платон заманындағы Грекия болсын, мейлі, Мұхаммед уақытындағы Арабия болсын, қандай да бір өзге дәуірлермен, өлкелермен байланыстыру – ашық эгоизм.
Мұндай қарабайыр эгоизммен дәл өзім де таныспын. Себебі менің туған ұлтым – еврейлер де өздерін әлемнің тұтқасы сезінеді. Кез келген адамзаттың жетістігі мен өнертабысын мысал етсеңіз, оларды өздері ойлап тапқанын айта жөнеледі. Еврейлерді жете білетін мен, олардың өз сөзіне өздері шүбәсіз сенетінін де айта кеткім келеді. Бірде мен Израильдегі йога ұстазына бардым. Әлгі адам йоганы Авраам ойлап тапқанын, оның басты жаттығуларындағы асаналар еврей әліпбиінің қарпінен шыққанын зор сеніммен айтты! (Яғни триконасана – алеф әрпін, туладандаса – далед әрпін көрсетеді екен). Авраам бұл асаналарды күңінен туған бір ұлына көрсетіп, ол Үндістанға жол тартып, үнділерге йоганы үйретіпті. Сөзіне дәлел келтіруін сұрағанымда ұстаз Библияның үзіндісін оқып берді: «Көзі тірісінде күңдерінен туған ұлдарына да сый жасап, оларды ұлы Исаактан аулаққа, Шығысқа, Шығыстағы елдерге жөнелтті» (Жаратылыс 25:6). Қалай ойлайсыздар, ол не сыйлық? Иә, дәл солай! Йоганың өзін еврейлер ойлап тапқан екен.
Авраамның йоганы ойлап табуы ештеңе емес, күллі ғарыш еврей раввиндері киелі жазбаларын оқуына сай құрылған, еврейлер дінді тастаған күні он сегіз мың ғаламның күлі көкке ұшады деген ойға иудаизм шүбәсіз сенеді. Иерусалим мен Бруклиндегі реввиндер Талмудты талқылауын доғарған сәтте Қытай, Үндістан, Австралия, тіпті сонау бір қиырдағы галактикалар да құриды екен. Бұл – ортодоксалды еврейлер дінінің орталық символы, ал оған шек келтірген кез келген жан надан, ақымақ болып есептеледі. Зайырлы еврейлер бұл астам сөзге соншалықты сене қоймаса да, еврей халқы – адамзат тарихының басты қаһарманы, адамзаттың моралі, руханияты, біліміндегі негізгі қайнар бұлақ деп ойлайды.
Менің халқым санының аздығы және тарихқа деген ықпалы аз болғанын жасырып-жапқысы келеді. Шетелдіктерді сынау тәрбиесіздік болғандықтан, туған халқымның іс-әрекетін айтайын, күдігі мол әңгімелердің қаншалықты күлкі шақыратынын иудаизмді мысалға алу арқылы көрсетейін. Жер бетіндегі өзге оқырман туған халқы үрлеп, ұлғайтқан бос көбікті өздері тауып алсын.
ФРЕЙДТІҢ АНАСЫ
«Sapіens: Адамзаттың қысқаша тарихы» кітабым бастапқыда иврит тілінде, израильдік оқырманға арнап жазылған еді. 2011 жылы еврей басылымдарында жарияланған соң, израильдік оқырманнан келген ең көп сұрақ мыналар: «Адамзат тарихындағы иудаизмнің рөлін неліктен назарға көп алмадыңыз? Христиандық және ислам мен буддизм туралы көбірек жазып, еврей ұлты мен дініне қатысты бір ауыз ғана әңгіме айтуыңыздың сыры не? Иудаизмнің адамзат тарихындағы батпандай салмағын неліктен елемей қойдыңыз? Әлдебір зұлым саясаттың жетегіне ердіңіз бе?».
Иудаизм – адамзат тарихының темірқазығы деп жөргегінен тәрбиеленген израильдік еврейлердің мұндай сұрақ қоюы заңды да шығар. Израиль балалары әдетте 12 сыныптық мектепті жаһандық тарихи процестер туралы нақты бір көзқарас қалыптастырмастан бітіреді. Қытай, Үндістан немесе Африка туралы көп ештеңе білмей шығады. Рим империясы, Француз революциясы немесе Екінші дүниежүзілік соғыс туралы там-тұмдап оқығанымен, ол тарих жеке оқиғалардың тізбегінен құралып, қалғаны бұлыңғыр басқатырғыш секілді күрделі келеді. Есесіне израильдік білім беру жүйесі ұсынатын кең шалқарлы әңгіме – еврейлердің Көне Өсиетінен басталған, Екінші храм дәуіріне жалғасқан, еврей қоғамдастығы диаспораларын қысқаша сипаттап өтетін, сионизмнің дәуірлеуімен, Холокоспен және Израиль мемлекетін құрумен аяқталатын тарих. Көптеген мектеп түлегі күллі адамзат тарихының басты желісі осы екен деп ой түйеді. Тіпті Рим империясы немесе Француз революциясы туралы естіген оқушы, ол тақырып туралы сыныпта сөз болғанда, Рим империясының еврейлерге қалай қарағанын, Француз Республикасындағы еврейлердің саяси мәртебесінің қандай болғанын таңдайы тақылдап талдай жөнеледі. Мұндай тарихи мәзірден ас ішкен адамның күллі әлемнің көшінде иудаизмнің салмағы мысқалдай ғана болғанын түйсінуінің өзі ауыр.
Шындығы сол – біздің түрдің жылнамасында иудаизмнің рөлі өте қарапайым: христиандық, ислам мен буддизм секілді әлемдік діндерге қарағанда, иудаизм тайпалық дін еді. Ол дін айпарадай әлемнің шөкімдей ғана бөлігінде орналасқан титімдей ғана ұлттың тағдырына алаңдап, өзге мемлекеттер мен ұлттарға басын қатырып жатпады. Мысалы, бұл дін Жапониядағы оқиғаларға немесе Үнді субконтинентіндегі халықтарға алаңдаған емес. Міне, оның тарихи рөлі шектеулі болатындығының себебі – осы.
Иә, иудаизм тарихтағы екі маңызды дін – христиандықтың негізін қалап, исламның тууына әсер еткені анық. Алайда христиандық пен исламның жаһандық жетістіктерінің мақтанышы мен сансыз қылмыстарының күнәсі де иудейлерге емес, христиандар мен мұсылмандарға тиесілі. Крест жорықтарындағы жаппай өлімге иудаизмді кінәлау (бұл жердегі қырып-жоюдың жауапкершілігі христиандардың мойнында) әділетсіздік болатыны секілді, Құдай алдында барлық адам тең деген христиандықтың маңызы зор идеясын да иудейлерге телудің еш себебі жоқ. (Христиандардың бұл идеясы – еврейлердің ортодоксалды дініне тура мағынасында қайшы келеді, бүгінгі күннің өзінде еврейлер арасында менің халқым өзге ұлттардан озық тұр деп санайтындар бар).
Иудаизмнің адамзат тарихындағы орнын Батыстың жаңа тарихындағы Фрейдтің анасының рөлімен шендестіруге болатын шығар. Жақсы ма, жаман ба, әйтеуір Зигмунд Фрейдтің жаңа замандағы Батыстың ғылымына, мәдениетіне, өнеріне, халықтың ақыл-ойына зор ықпал еткені анық. Иә, анасы болмаса, оның дүниеге келмейтіні де рас. Оған қоса Фрейдтің тұлғалық пайымы, дүниетанымы белгілі бір деңгейде анасымен қарым-қатынас негізінде қалыптасқаны да белгілі – оны Фрейдтің өзі де жоққа шығармас еді. Алайда жаңа замандағы Батыстың тарихын жазғанда ешкім де Фрейдтің анасы туралы тұтас бір тарау арнауыңды күтпейді. Иудаизм болмаса, христиандық та болмас еді, алайда бұл дегеніңіз – осы себепке бола дүниежүзі тарихында иудаизмге зор көңіл бөлу керек еді деген сөз емес қой. Еврей анасының мұрасын христиандық қалай қолданды дегенге басты назар аударсақ та жеткілікті.
Әрине, еврей ұлты – таңғаларлық тарихи жолы бар ерекше халық екеніне ешкім күмән келтірмейді. (Негізінде, бұл теңеу барлық ұлтқа қатысты айтылуға тиіс). Еврей дәстүрінің де көрегенділікке және бекзат құндылықтарға ие екенін ешкім жоққа шығармайды. (Иә, күмәнді кейбір идеялары жетіп артылады: нәсілшіл, әйелдерді кемсітетін және гомосексуалдардан аяқ тартатын мінезден де ада емес). Ол аз болса, халқының аз санына қарамастан, еврей ұлты – соңғы 2000 жылдағы тарихқа едәуір ықпал етті. Алайда Homo sapіens пайда болған 100 000 жыл бұрынғы түр ретіндегі біздің ортақ тарихымызға көз жүгіртсек, еврейлердің тарихтағы үлесі тым шектеулі екенін анық байқаймыз. Адамдар иудаизм пайда болмай-ақ күллі ғаламшарды
кезіп жүріп, орнығып алды, ауыл шаруашылығын меңгерді, алғашқы қалалардың іргесін қалады, жазу мен ақшаны ойлап тапты.
Иә, екі дін өзінен тамыр тартқанын желеу етіп, иудаизм христиандар мен мұсылмандардың жетістігін иемденіп алмаса, тіпті соңғы екі ғасырда, тарихқа қытайлар және Американың байырғы халқы – үндістердің көзімен қарасаңыз да, еврейлердің мысқалдай үлесін байқай алмайсыз. Христиандар Библияға енгізгендіктен, еврейлердің Көне Өсиеті дүниежүзілік адамзат тарихының іргетасы іспетті саналады. Еврей мәдениетінде маңызы Көне Өсиеттен де биік Талмудты христиандар аса жақтыра қоймағандықтан, жапондар мен маяларды ауызға алмаған күннің өзінде, Талмуд кейбір араб, поляк, голландықтар там-тұмдап қана білетін эзотерикалық киелі мәтіндер қатарында қалып қойды. (Бұл өте өкінішті жайт, себебі – Көне Өсиетке қарағанда Талмуд терең әрі гуманистік кітап еді).
Көне Өсиеттен шабыт алған ұлы өнер туындысын атап бере аласыз ба? Әрине, оп-оңай: Микеланджелоның «Давиді», Вердидің «Набуккосы», Сесил Демилльдің «Он Өсиеті». Ал Жаңа Өсиеттен шабыттанған қандай да бір жаңа туындыны атай аласыз ба? Мархабат: Леонардо да Винчидің «Соңғы асы», Бахтың «Әулие Матфейдің құштарлығы», Монти Пайтонның «Брайанның өмірі»... Енді сәл күрделірек сауал: Талмудтан шабыт алған бірнеше көркем туындыларды санамалап шығыңызшы?
Талмудты жаттап алған еврей қоғамдастықтары күллі әлемге таралса да, олар Қытай империясын қалыптастыруда жаңа жерлерді ашқан еуропалық саяхаттарда, индустриялық революцияның немесе демократиялық жүйенің орнығуында маңызды рөл ойнаған жоқ. Ақша, университет, парламент, банк, компас, баспа станогі және бу машинасын еврей еместер ойлап тапты.
БИБЛИЯҒА ДЕЙІНГІ ЭТИКА
Израильдіктер христиандықты (2,3 миллиард сенуші), исламды (1,8 миллиард сенуші) және иудаизмді (15 миллион) біріктіріп, «үш ұлы дін» деген терминді жиі қолданады. Синто (50 миллион сенушісі бар) және сикхтерді (25 миллион) қоспаған күннің өзінде, миллиардтаған
сенушісі бар индуизм мен 500 миллион адам сенетін буддизм бұл қатарға енбейді2. Израильдіктердің санасындағы «Үш ұлы дін» деп аталатын бұрмаланған тұжырымдаманың мәні былай: негізгі діни және этикалық дәстүрлер әмбебап этикалық ережелерді уағыздаған иудаизмнің құрсағынан шыққан. Авраам мен Мұсаға дейінгі адамдар гоббстік тіршілік жағдайында, қандай да бір моральдық міндеттемелерсіз күнелткендей, барлық заманауи мораль Он Өсиеттен жеткендей. Бұл адам нанғысыз, негізсіз идея – маңызды әлемдік этикалық дәстүрлерді елеп-ескермейді.
Авраамға дейінгі он мыңдаған жыл бұрын-ақ тас дәуірінің аңшы-терімші тайпаларының моральдық кодекстері болды. Алғашқы қоныстанушылар Австралияға табаны тиген ХVІІІ ғасырдың соңында олар Мұса, Иса, Мұхаммедті білмесе де, этикалық дүниетанымы дамыған аборигендерді кезіктірді. Байырғы тұрғындарды күштеп меншігінен айырған христиан отарлары айрықша моральдық стандарттарын енгізіп еді деу – әділ ме?
Ғалымдар бүгінгі күні моральдың эволюциялық тамыры тереңде екенін, адамзаттан миллиондаған жыл бұрын пайда болғанын айтады. Қасқырлар, дельфиндер, маймылдар сияқты әрбір сүтқоректінің топтық әріптестікті орнататын, эволюция бейімдеген этикалық кодекстері бар3. Мысалы, қасқырдың бөлтіріктері бірін-бірі жұлқып, тістеп, ойнақ салғанда «адал ойнау» ережесін сақтайды. Қарсыласы жеңілгенін мойындап, арқасын бере жата қалғанына қарамай, жеңімпаз бөлтірік тым қатты тістеп алса немесе тісін батыруын тоқтатпаса, өзге бөлтіріктер онымен ойынды доғарады4.
Шимпанзелер үйірінде әлсіздің меншік құқығын күштісі құрметтеуі керек. Қорғансыз ұрғашы шимпанзе банан тауып алса, альфа-еркек шимпанзе оны тартып алмайды. Еркек шимпанзе ол тәртіпті бұзса, өзінің құрметі мен мәртебесінен айырылады5. Маймылдар әлсіз шимпанзелерді ықтырмайтыны былай тұрсын, оларға кей-кейде белсенді түрде көмектеседі. Милуоки аймағының саябағында тіршілік ететін, Кидого деген лақап ат иеленген бүкшиген еркек-шимпанзе созылмалы жүрек ауруына шалдыққандықтан, әлсіз әрі қорғансыз еді. Оны жануарлар бағына әкелген кезде Кидого бағытын айыра да, күтуші-
адамдардың нені нұсқағанын ажырата да алмайтын. Өзге шимпанзелер мұның қиын жағдайда қалғанын түсініп, көмекке ұмтылды. Олар Кидогоны қолынан жетелеп, қайда баруы керек болса, сонда бастайтын. Кидого адасып қалса, айғайлап көмекке шақыратын, оның үнін естіген қандай да бір маймыл бірден көмекке жүгіре жөнелетін.
Кидогоның басты көмекшілерінің бірі – үйірдегі ең айбатты еркек маймыл еді. Лоди деп аталатын ол маймыл, Кидогоға көмектесіп қана қоймай, оны әркез қорғады. Үйір мүшелерінің түгелге жуығы Кидогоға мейірлене қарап, көмектесіп жүргенде Мерф атты жас еркек-шимпанзе оны безбүйректікпен кемсітіп, түрткілейтін. Лоди оның бұл әрекетін байқаған сәтте, Мерфті аулаққа қуып немесе Кидогоның иығынан құшақтап алатын6.
Көңіл жібітетін одан өзге бір жағдай Кот Д’Ивуардың жыныс орманында болды. Оскар деп аталатын жас шимпанзе анасынан айырылып, өлместің күнін кешті. Өз ұрпағын үйіріліп-толғанған өзге аналық шимпанзелердің Оскарға көңіл аударуға уақыты да, шамасы да болмады. Жағдай тығырыққа тірелді деген уақытта Оскарды үйірдің Фреди атты альфа-еркегі асырап алды. Оскардың жақсы тамақтануын қадағалаған альфа-еркек тіпті оны арқалап та жүретін. Генетикалық тексерулер Фреди Оскардың әкесі емес екенін дәлелдеді7. Библия ежелгі израильдіктерге «кез келген жесірге немесе жетімге әлімжеттік жасама» (Мысырдан көшіп шығу 22:21) деген кезге дейін және Амос пайғамбар: «Сендер, кедейлерді жәбірлеп, жоқ-жітікті қанаушылар» (Амос 4:1), – деп байларды кінәлағанға дейін де миллиондаған жыл бұрын жоқ-жітік пен жетім-жесірге көмектесу мінезі қалыптасқандықтан, маймылдардың көсемі жетім шимпанзеге мейіріммен қарады деп болжам жасаймыз.
Тіпті Таяу Шығысты мекендеген ежелгі Homo sapіens – библиялық пайғамбарлардың өзі ешкімнен ерекшеленбеген. «Өлтірме» «ұрлама» уағыздары Шумер қала-мемлекеттерінің, Мысыр перғауындарының, Бабыл империясының құқықтық-этикалық кодекстерінде кең таралған еді. Еврейлердің сенбісі секілді, олардың да демалыс күндері болатын. Амос пайғамбар үстемдігін бетіне басып, израильдік билеушілерге ұрысқанға дейінгі мыңдаған жыл бұрын Бабыл патшасы Хаммурапи ұлы құдайлардың: «Байтақ елде әділдік орнатып, жауыздық пен заңсыздықты тыйып, кедей-кепшікті, әлсізді қанайтындардың жолын бөгеуді», – бұйырғанын айтып тастаған еді8.
Ал бұл аралықтағы Мысырда, Мұса дүниеге келерден бірнеше ғасыр бұрын, ашкөз жер иеленуші мал-мүкаммалын басып алған кедей шаруа жөнінде «Орақтілді шаруа туралы оқиғаны» құрастырды. Шаруа әділдік іздеп перғауынның ақшаның құлына айналған шенеуніктеріне барады. Олар шаруаны қорғай қоймаған соң, әлгі бейшара шаруа шенеуніктер неліктен әділдік орнатуға тиіс екенін, әсіресе кедейлерді байлардан неліктен қорғағаны жөн екенін тәптіштеп түсіндіре бастайды. Тіпті бір керемет теңеуінде ол кедейдің мардымсыз мүлкін тыныс алумен шендестіреді. Сол «мүлікті басып қалу арқылы шенеуніктер кедейлердің мұрнын бітеп, тұншықтырып жатқанын» айтады9.
Библиялық заңдардың көпшілігі Қосөзен аралығындағы, Мысыр мен Ханаанда ғасырлар, тіпті мыңжылдықтар бұрын, иудейлер патшалығы мен Израиль мемлекеті пайда болмастан қабылданған ережелерді қайталады. Библиялық иудаизм бұл заңдарға қандай да бір сипат қосты деген күннің өзінде, ол барлық адамға қатысты әмбебап қаулыларды, ең алдымен, еврей халқына арналған тайпалық кодекстерге айналдыру арқылы маңызын арттырды. Еврей моралі әу бастан ерекше, тайпалық шаруа ретінде қалыптасып, әлі күнге белгілі бір дәрежеде сол қалпынан айнымай келеді. Көне Өсиет, Талмуд және раввиндердің көпшілігі (бәрі болмаса да) еврей еместің өміріне қарағанда, еврейдің өмірі өте құнды деп есептеді де, өзге еврейдің өмірін сақтап қалу үшін еврейлерге сенбіні елемеуге рұқсат берді, алайда дінсіздің өмірін құтқарып қалу үшін сенбіні елемеуге тыйым салды (Бабылдық Талмуд, Йома 84:2)10.
«Жақыныңды өзің секілді құрметте» деген танымал уағыздың өзі тек еврейлерге қатысты екенін айтқан кейбір еврей данышпандары бар, ал «дінсіздерді жақсы көруге үгіттеген бірде-бір уағыз жоқ» дейді олардың айтқанына сенсек. Шындығында, Левиттің кітабында мынандай сөз бар: «Өз халқыңның ұлын кек тұтпа, дұшпан болма, жақыныңды өзіңді жақсы көргеніңдей жақсы көр» (Левит 19:18), «жақыныңды» сөзі «өз ұлтыңа» ғана қатысты ма деген күдік туады. Амаликалықтар мен ханаандықтар деп аталатын екі нақты халықты еврейлердің жайпауына Библияның бұйыруы – бұл күдікті ұлғайта түседі. Киелі кітап былай дейді: «Хеттер, аморрейліктер, ханаандықтар, ферезейлер, евейлер, иевусейлерді – бәрінің көзін толық құртыңдар, Құдай сендерге осылай бұйырады» (Екінші заң 20:16-17). Бұл геноцид міндетті діни парыз болған адамзат тарихындағы алғашқы оқиға еді.
Христиандар еврейлердің моральдық кодексінен кейбір үзінділерді алып, оны әмбебап уағызға айналдырды да, күллі әлемге таратты. Христиандықтың иудаизмнен іргесін аулақ салуының себебі бар. Еврейлердің көпшілігі өзге ұлттармен салыстырғанда өзін Құдайға бір табан жақын, «таңдаулы ұлт» қатарына қосып жүрген уақытта, христиандықтың негізін қалаған Павел апостол галаттарға арналған белгілі жолдауында: «Иудей де, пұтқа табынушы да, құл да, еркін адам да, әйел де, еркек те жоқ, оның бәрі Исаның тұтас бітімі» (Галаттарға жолдау 3:28), – деп сендірді.
Христиандықтың үлкен ықпалына қарамастан, адамдар әмбебап этиканы қабылдаған ең алғашқы оқиға осы екеніне назар аударуымыз керек. Библия адамзат моралінің негізгі қайнары емес (нәсілдік кемсіту, әйелді жек көру мен гомофобия көзқарастары бар болғандықтан, мұны біздің ұлттың бақытына орай деп айту керек шығар). Конфуций, Лао-Цзы, Будда мен Махавира – Павел мен Исадан әлдеқайда бұрынырақ, Ханаан жері мен Израиль пайғамбарлары туралы білмей жатып, әмбебап этикалық кодекстерді бекіткен болатын. Гиллел Раввин Тәураттың мәні сол екенін айтпастан, шамамен 500 жыл бұрын Конфуций: «Адам өзін қалай сүйсе, өзгені де солай сүюі керек», – деген. Иудаизм тұтас адамзатты қырып-жойып, жануарларды құрбандыққа шалып жатқан кезде Будда мен Махавира соңынан ергендерге «Адамдарға ғана емес, жыбырлаған жәндіктерге дейінгі күллі тіршілік иесіне, жануарларға қылдай да қиянатың тимесін» деп уағыздап жүр еді. Сондықтан иудаизм де, оның ұрпағы – христиандық пен ислам да адамзат моралін алғаш жасап еді дей алмаспыз.
ТӨЗІМСІЗДІКТІҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУІ
Монотеизм туралы не деуге болады? Иудаизм, жоқ дегенде, жалғыз Құдай туралы сенімнің теңдессіз ізашары ретінде (бұл сенімді – әлемнің төрт тарабына иудейлерге қарағанда, христиандар мен мұсылмандар көптеп таратса да) мақтауға тұрарлық емес пе? Тіпті бұл сөзге де күмәнмен қараймыз. Себебі монотеизмнің алғашқы анық белгілері шамамен б.з.д. 1350 жылдары Эхнатон перғауынның діни революциясы, «Меша стеласы» сияқты (мешалардың Моавит патшасы салған) құжаттар библиялық Израильдің діні Моавит секілді көрші патшалықтардың сенімінен көп айырмасы болмағанын көрсетеді. Көне Өсиет Яхвені қалай суреттесе, Меша өзінің Ұлы Құдайы Чемошты дәл солай суреттейді. Ал иудаизм әлемге монотеизмді әкелді деген сөзбен мақтансақ, ол мақтаныш па? Бұл көзқарас тұрғысынан қарасақ, монотеизм адамзат тарихындағы идеялардың ең нашары болған шығар.
Монотеизм адамдардың моральдық стандартын қалыптастыруда көп ештеңе істей қойған жоқ. Мұсылмандар бір Құдайға сенгендіктен, ал индустар көп құдайға бас ұрғандықтан, индустарға қарағанда мұсылмандар этикалық нормаларды барынша сақтайды дегенге шынымен де сенесіз бе? Пұтқа табынған үндіс тайпаларына қарағанда, христиан конкистадорлары әдептірек пе? Монотеизм көптеген адамды төзімсіз ете түскені анық, оның ең басты мысалын – қасиетті соғыстар ашуынан, дінді тарату үшін өзгелерге деген төзімсіздіктің өршуінен табуға болады. Көп құдайға сенетіндер әртүрлі адам әртүрлі құдайларына бас ұрып, өздерінің түрлі салттары мен жоралғыларын орындай беруін қалыпты жайт деп санады. Олар діни сеніміне бола адамды сирек өлтіріп, қудалады. Монотеистер, керісінше: «Құдай, жер бетіндегі жалғыз Құдай – барлығының жаппай бас ұруын талап етеді», – деді. Христиандық пен исламның жер бетіне таралуына орай, Крест жорықтары, жихадтар, инквизациялар, діни кемсіту арта түсті11.
Мысал үшін, б.з.д. ІІІ ғасырда өмір сүрген үнді императоры Ашоканың және кейінгі Рим империясының христиан билеушісінің көзқарасын салыстырып көріңіз. Ашоканың қол астында құж-құж қайнаған діндер, секталар мен гурулар бар еді. Ол «Құдайлардың сүйіктісі»,
«Бәріне мейірімін төккен» ресми титулдарын иеленді. Шамамен б.з.д. 250 жылдары императордың төзімділік туралы жарлығын шығарды:
«Құдайлардың сүйікті патшасы, бәріне мейірімін төккен патша, тақуаларды да, бейбіт үй шаруасындағы адамды да бөліп-жармай, тең санайды... Барлық сенім өз жолында ізбасарларын қалыптастыруын құрметтейді. Олардың қатары әртүрлі жолмен көбеюі мүмкін, алайда олардың барлығы да өз сенімін асыра мақтаймын деп өзгенің сенімін жерге таптамасын... Құлай берілгендіктен өзінің дінін әспеттеп, «оны өзгелерден озық етіп көрсетейін» деген ойға ерсе, өзінің дініне зиян келтіргені. Діндердің бір-бірімен араласқаны жақсы. Өзгелер уағыздаған сенімдерді тыңдап, құрметтеу керек. Құдайлардың сүйіктісі, бәріне мейірімін төккен патша өзге діндердің жақсы сенімі жан-жақты зерттелгенін қалайды»12.
500 жыл уақыттан кейінгі Рим империясы Ашока дәуіріндегі
Үндістандағыдай мың бояулы еді, алайда христиандық мықтап орныққаннан соң, императорлар дінге мүлде басқаша қарай бастады. Ұлы Константиннен бастап, оның ұлы ІІ Констанцияға дейін өлім жазасына кесемін деп қорқытып-үркітіп, христиандық емес ғибадатханалар мен пұтқа табыну жоралғыларының көзін құртты. Қуғын-сүргіннің ұшар шыңына Феодосий император шықты. Есімі «Құдай берген» деген мағынаны беретін император 391 жылы Феодосий заңын шығарып, христиандық пен иудаизмнен басқа діннің барлығын заңсыз деп таныды (іс жүзінде заңды болып саналса да, иудаизм де қуғындалды)13. Жаңа мизамның тәртібі бойынша, үйінде жеке қалғанда да әлдекім Юпитер мен Митраға сиынса, өлім жазасына кесілер еді14. Империяны дінсіздерден тазарту науқанында христиан императорлары олимп ойындарынан да бас тартты. Мыңдаған жыл бұрынғы Ежелгі олимп ойындарының ең соғысы ІV әлде V ғасырдың соңында өткен еді15.
Әрине, монотеистік императорлардың барлығы да Феодосий секілді төзімсіздердің қатарына енген емес. Билеушілердің көпшілігі Ашоканың кең ауқымды көзқарасын қабылдамай, көпқұдайлықты ығыстырды. «Біздің Құдайдан өзге Құдай жоқ» деген монотеистік идея төзімсіздікті де біршама қолдады. Ендеше, мұндай жағдайда кінәнің барлығын христиандар мен мұсылмандарға арта салып, еврейлер мұндай қауіпті дінді таратуда рөлі жоқ екенін қазірден мойындай берсін.
ЕВРЕЙ ФИЗИКАСЫ, ХРИСТИАН БИОЛОГИЯСЫ
ХІХ–ХХ ғасырда ғана адамзат дамуына еврейлердің рөлі артқанын байқаймыз – олардың жаңа заман ғылымындағы айтарлықтай үлесін мысалға алуға болады. Эйнштейн немесе Фрейд секілді даңқты есімдерді еске алмаған күннің өзінде, дүниежүзі халқының 0,2%-ға жетер-жетпес бөлігін құраса да, Нобель сыйлығы иегерлерінің 20%-ы еврейлер еді16. Алайда бұл дін және мәдениет есебіндегі иудаизмнің емес, жекеленген еврейлердің үлес салмағы екенін естен шығармауымыз керек. Соңғы екі ғасырдағы еврей ғалымдарының көпшілігі еврей діни аумағынан тыс еңбек етті. Иә, еврейлер ешуаларынан зертханаларға ауысқанда ғана ғылымға теңдессіз үлес қоса бастады.
1800 жылға дейін еврейлердің дінге ықпалы шектеулі болды.
Қытайдағы, Үндістандағы ғылымның немесе Мая өркениетінің дамуында еврейлердің қомақты рөлі болмағаны айдай анық. Маймонид секілді еврей ойшылдары Еуропа мен Таяу Шығыстағы «дінсіз» әріптестеріне едәуір ықпал еткені рас. Алайда тұтас еврейлердің үлесі демографиялық үлесіне азды-көпті сайма-сай еді. ХVІ, ХVІІ, ХVІІІ ғасырларда ғылыми революцияның дамуына титімдей ғана серпін бере алды. Еврей қауымдастығынан қуылған Спинозаны есепке алмағанда, өз заманындағы физика, химия, биология немесе қоғамдық ғылымдардың дүниеге келуіне бар ынтасымен кіріскен бірде-бір еврейді атай алмаймыз. Галилей мен Ньютонның уақытындағы Эйнштейннің аталары немен шұғылданғанын білмейміз, олардың жарықты зерттеуден бұрын Талмудты зерттеуге көп зейін қойғаны анық.
Секуляризация мен еврей ағартушылығы – еврейлерді көршілерінің өмір салты мен дүниетанымын қабылдауға мәжбүрлеген ХІХ–ХХ ғасырда ғана ұлы өзгеріс байқалды. Сол уақытта еврейлер
Германия, Франция, АҚШ секілді елдердің университеттері мен
зерттеу орталықтарына түсе бастады. Еврейлер геттолары мен тұрақты мекендерінен маңызды мәдени мұраларын тасымалдай түсті. Еврей мәдениетінде білім беру үлкен маңызға ие болды, бұл ерекшелік еврей ғалымдарының ерекше жетістігінің негізігі себебі еді. Тағы бір фактор: әскер және мемлекеттік әкімшілік секілді антисемиттік мекемелер талантты еврейлерге кедергі келтіріп отырғанын көрсеткісі келгендіктен, қуғынға түскен азшылық өзінің құнды екенін дәлелдеуге ұмтылды.
Не десек те, еврей ғалымдары қатаң тәртіп пен ғылымның құндылығына деген шүбәсіз сенімді ешуаларынан ала келгені анық, алайда оларда қырағылық пен нақты идеялардың пайдалы қоры жоқ еді. Эйнштейн еврей болғанымен, тартылыс заңы еврейлік физика емес еді. Жарық жылдамдығының квадратын массаға көбейткенде, энергия пайда болады деген түсінік пен Тәураттың киелілігіне деген сенімнің қандай байланысы бар? Салыстыру үшін айталық, Дарвин христиан еді, оны айтасыз, англикан дін қызметкері атануы үшін Кембриджге түскен болатын. Осыған бола эволюция теориясын христиандық теория дей аламыз ба? Эволюция теориясын христиандыққа телу қандай ақымақтық болса, тартылыс заңын адамзат дамуындағы еврейлердің үлесі деп бағалау да солай қисынсыз.
Фриц Хабердің аммиакты синтездеу процесі өнертабысынан да (Химия саласы бойынша Нобель сыйлығы, 1918 жыл); Зельман Ваксманның стрептомицин антибиотигін ашуынан да (Физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығы, 1952 жыл); Дэн Шехтманның квазикристалды ашуынан да (Химия саласы бойынша Нобель сыйлығы, 2011) еврейлік айрықша иіс сезілмейді. Фрейдті мысалға алып, гуманитарлық-әлеуметтік ғылым салаларына оралсақ, олардың идеяларына еврей мұрасы кәдімгідей ықпал еткен шығар. Алайда тіпті бұл жағдайдың өзінде де, оның дәстүрден алшақтағаны көзге анық байқалады. Адам психикасына деген Фрейдтің көзқарасы Рабби Джозеф Каро немесе Рабби Йоханан Бен Заккаидан кәдімгідей өзгеше, оған қоса эдиптік комплекс түсінігін «Шулхан Арухты» (еврей заңының кодексі) егжей-тегжейлі зерттеу арқылы ашқан жоқ қой.
Сөзімді қорытайын. Білімге берілген маңыз – еврей ғалымдарының ғаламат жетістігіне жол ашқан сыңайлы. Эйнштейн, Хабер және Фрейдтің жетістігінің негізін еврей емес ойшылдар құраған болатын. Ғылыми революция еврей жобасы емес. Ешуаларынан университетке алмасқан сәтте ғана олар сол жерден ойып орын алды. Шындығында, барлық сауалға ежелгі мәтіндерді оқу арқылы жауап табудың еврейлерге тән дағдысы еврейлердің өз заманының ғылымына кірігуіне кәдімгідей кедергі келтірді. Себебі ғылымда бақылау мен эксперименттер арқылы жауап табасың. Еврей дінінде ғылыми жаңалықтарға еріксіз жетелейтін әлдебір тылсым бары рас болса, 1905–1933 жылдар аралығында химия, медицина, физикадан зайырлы неміс еврейлерінің Нобель сыйлығын иеленіп, ал бірде-бір ультраортодоксалды еврейдің, бірде-бір болгар не йемен еврейінің Нобель сыйлығын алмауын немен түсіндіреміз?
«Өзін-өзі жек көретін еврей» немесе антисемит деген күдікке ілінбеу үшін «иудаизм ерекше жауыз әрі азғын дін болып еді» демеймін. Бар айтқым келетіні «ол адамзат тарихында соншалықты үлкен рөл иеленбеді» деген ой ғана. Иудаизм – ғасырлар бойы қуғынға түскен азшылықтың қарапайым ғана діні еді, олар дінсіздерді өртеп, шалғайдағы елдерді басып алуды емес, оқу мен ойлануды көбірек мақұл көрген дін болатын.
Антисемиттер еврейлердің рөлін асыра бағалап жіберген. Антисемиттер «еврейлер әлемді, банк жүйесін, тым болмағанда бұқаралық ақпарат құралдарын уысында ұстап отыр және жаһандық жылыну мен 11 қыркүйектегі терактіге де солар кінәлі» деп санайды. Еврейлер өзін «артық туған ұлмын» деп санауы бұрыс болғанындай, антисемиттік қорқыныш та дұрыс емес. Еврейлер өте тартымды халық болуы мүмкін, алайда жалпы бейнеге көз салсаңыз, олардың дүниеге деген ықпалы өте қарайым екенін байқайсыз.
Тарихтың өн бойында адамзат жүз мыңдаған түрлі секта мен дінді ойлап тапты. Олардың біршамасы – христиандық, ислам, индуизм, конфуциандық, буддизм миллиондаған адамға ықпал етті (ол ықпал әркез жақсы болған жоқ). Діни сенімнің басым көпшілігінің – бонның, йоруб халқының, еврейлердің дінінің ықпалы барынша аздау болды. Дәл өзіме әлемнің қанішер жаулап алушыларының қатарынан емес, өзгенің ісіне тұмсығын көп сұға қоймаған қатардағы қарапайым
адамдардың қатарынан шыққаным өте ұнайды. Көптеген дін қарапайымдылыққа ерекше мән береді, сөйте тұра, ол діннің өкілі өзін он сегіз мың ғаламдағы маңызы зор тұлғаның қатарына қойғысы келеді. Жеке адамды мойынсұнуға үндей отырып, дін таратушылар ұжымдық тәкаппарлық дертіне жаппай ұшыраған. Қарапайымдылыққа, шынымен де, маңыз бергенде барша діннің өкілі дұрыс жолға түсер еді.
Мойынсұнудың барлық түрлерінің ішінде, ең маңыздысы Құдай алдындағы мойынсұну. Олар Құдай туралы айтқан әр сәтінде бағыныштылық пен мойынсұнуды уағыздайды. Содан соң, өз бауырларына үстемдік орнату үшін Құдайдың атын пайдаланады.
13-ТАРАУ
Құдай
Құдайдың атын босқа атама
Құдай бар ма? Бұл нақты қай құдайды айтып тұрғаныңызға байланысты. Он сегіз мың ғаламның тылсымын ба, әлде ұсақ-түйек заң шығарушыны сұрап тұрсыз ба? Кейде адамдар Құдай туралы айтқанда, біз мүлде білмейтін ұлы әрі таңғажайып жұмбақ туралы әңгімелейді. Ғарыштың ең бір терең сырлы құпиясын түсіндіргіміз келсе, Құдайға жүгінеміз. Он сегіз мың ғалам деген не? Физиканың іргелі заңдарын не қалыптастырды? Сана деген не, ол қайдан пайда болған? Бұл сауалдардың жауабын білмегендіктен, надандығымызға құдайдың ұлы атын қойып алғанбыз. Құпия Құдайдың ең іргелі сипаты – Ол туралы нақты ештеңе айта алмайтынымызда. Түн қараңғылығында шытырлай жанған отқа қарап отырып, өмірдің не екенін түсінуге тырысқанда жүгінетін Құдай, яғни философтардың құдайы ғой.
Келесі бір жағдайларда Құдайды қатаң әрі ұсақ-түйек заң шығарушы деп есептеп, Онымен етене таныс сияқтымыз. Оның сән, секс, саясат туралы не ойлайтынын жақсы білеміз, миллиондаған ереже, жарлық пен шиеленістерді ақтап алу үшін көктегі қаһарлы жаратушымызды шақырамыз. Әйелдер ашық киінсе, екі ер адам жыныстық қатынасқа түссе, жеткіншектер мастурбация жасаса, Ол қатты ренжиді.
Кейбір адамдар Ол алкоголь ішкенімізді ұнатпайды деп тұжырса, келесілері Оның әр жұманың кешінде немесе әр жексенбінің таңында шарап ішкенімізді мақұл көретінін айтады. Ол нені қалайды немесе Оған не ұнайды деген тақырып төңірегінде тұтас томдықтар жазылған. Сол бір ұсақ-түйек заң шығарушының ең бір іргелі сипаты – Ол туралы нақты ештеңе айта алмайтынымызда. Ол – кресшілер, жиһадшылар, инквизаторлар, әйелді жек көрушілер мен гомофобтардың Құдайы. Ол – отты айнала отырып алып, ойға шомып, сол отқа оранған қарғыс атқыр дінбұзарларды балағаттап қойып еске алатын Құдайымыз.
Діндарлардан «Құдай бар ма?» деп сұрағанда, олар Он сегіз мың ғаламның тылсымы, адам түсінігінің шек-шекаралары туралы айта жөнеледі. «Үлкен жарылысты ғылым түсіндіре алмайды, – дейді олар, – демек, ол – Құдайдың ісі». Бір картаны екіншісіне білдірмей ауыстырып алып, жамағатты алдаған сиқыршы секілді, діндарлар ғарыштың тылсымын ұсақ-түйек заң шығарумен дереу алмастыра қояды. Құдайға ғарыштың тылсым құпиясын теліп отырып, оның атын кейіннен бикини кию мен ажырасуды айыптау үшін қолдана салады: «Үлкен жарылысты біз түсінбейміз. Сондықтан көшеге шыққанда бүркеніп, біржыныстылардың некесіне қарсы дауыс беруіміз керек». Бұл екеуінің арасында ешқандай да логикалық байланыс жоқ. Тіпті бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар ғой. Дүние жаратылысының құпиясы терең болған сайын, оны Жаратқан Иенің әйелдердің киім киісі мен адамның сексуалдық мінез-құлқына мән беру мүмкіндігі де азаймай ма?
Ғарыш тылсымы мен ұсақ-түйек заң шығарушының арасындағы жетіспей тұрған байланыс әдетте қандай да бір киелі кітаптың көмегімен орнайды. Кітапта маңызы аз нормалар мен ережелер жиынтығы жетіп артылады, сөйте тұра, ол ғарыштың тылсымы екен. Оны уақыт пен кеңістікті Жаратушы құрастырыпты-мыс, алайда неге екені белгісіз, Ол кейбір құпия ғибадатханалық жоралғылар мен тағамдағы тыйымдар туралы да айтып кеткісі келген. Шынын айтсақ, Библия, Құран, Мормон кітабы, Веда немесе кез келген киелі кітапты «жарық жылдамдығының квадратын массаға көбейткенде энергия пайда болатынын» немесе «электрондарға қарағанда протондар 1837 есе
үлкен екенін» анықтаған Жаратқан Иенің құрастырғаны туралы ешқандай дәлел жоқ. «Киелі мәтіндерді қиялға бай адам жазған» деген пікір бар. Бұл – әлеуметтік нормалар мен саяси құрылымдарды заңдастыру үшін бабаларымыз ойлап тапқан тарих.
Жаратылыс құпиясына ұдайы таңғалып келемін. Алайда бұл таңданысымның иудаизм, христиандық немесе индуизмнің болмашы бір заңына қандай қатысы бар екенін түсінбедім. Иә, бұл заңдардың мыңдаған жыл бойы қоғамдық тәртіпті орнату мен қолдауға көмектескені сөзсіз. Алайда бұл тұрғыдан олардың зайырлы мемлекеттер мен институттардың заңдарынан іргелі бір айырмашылығы да жоқ қой.
Библиялық Үшінші өсиет Құдайдың атын босқа атамауды бұйырады. Оны көпшілік балалық аңғалдықпен Құдайдың атын атауға тыйым салынған деп түсінеді (Монти Пайтонның көпке белгілі «Егер Иегова десеңіз...» атты қойылымындағыдай). Бұл өсиеттің одан да терең мағынасы бар шығар: яғни саяси көзқарасымызды, экономикалық кеудемсоқтығымызды немесе жеке бір жеккөрушілігімізді ақтау үшін Құдайды пайдалануды доғарғанымыз жөн болар? Адамдар әлдебіреуді жек көреді де: «Құдай оны жек көреді», – дейді. Адамдардың қандай да бір жерді жаулап алғысы келеді де: «Құдай қалап тұр», – дейді. Үшінші өсиетті қатаң сақтағанымызда әлем әлдеқайда жақсарар ма еді? Көршілеріңізбен соғысып, оның жерін басып алғыңыз келе ме? Құдайды жайына қалдырып, әрекетіңізді ақтауға басқа себеп тауып көріңіз.
Түптің түбінде, бұл – семантиканың мәселесі. Мен Құдай сөзін қолданғанда «Ислам мемлекетінің», Крест жорығына шыққандардың, инквизацияның, «Құдай гейлерді жек көреді» деген плакат ұстаушылардың құдайы туралы айтып отырмын. Ал жаратылыстың тылсымы туралы ойланғанда, шатасып кетпеу үшін басқа сөзді қолданғанды құп көремін. Атын қоюға жанталасқан, әсіресе ең киелі ат беруге тырысқан «Ислам мемлекетінің» және Крест жорығына шығушылардың Құдайынан айырмашылығы, Он сегіз мың ғаламның тылсым Иесін адамтектес маймылдар қалай атайды, Оған бәрібір.
ҚҰДАЙСЫЗ ЭТИКА
Қоғамдық тәртіпті орнатуда ғарыштың тылсымы бізге мүлде көмектеспейді. Нақты бір тәртіпті енгізген Құдайға сенуіміз керек дегенге адамдар қатты иланады, әйтпесе мораль жоғалып, қоғам алғашқы қауымдық замандағыдай астан-кестені шығады екен.
Әртүрлі әлеуметтік тәртіп орнату үшін Құдайға сену өте маңызды болғаны анық, ол сенім әрдайым ұшпаққа шығарып жүрді. Біреулердің бойына жеккөрушілік пен төзімсіздік дәнін еккен дәл сол дін, келесілердің бойына махаббат пен жанашырлық сезімін оятады. Мысалы, 1960 жылдардың басында методистердің дін қызметкері Тед Макильвенна ЛГБТ мүшелерінің қоғамдағы мүшкіл халіне назар аударды. Ол қоғамдағы лесбиандар мен гомосексуалдардың жағдайын індете зерттеп, 1964 жылдың мамыр айында Калифорнияның Whіte Memorіal Retreat Center-інде дін қызметкерлері және гейлер мен лесбиандар белсенділерінің үшкүндік жаңашыл диалогын ұйымдастырды. Нәтижесінде жиынға қатысушылар құрамына ЛГБТ белсенділері мен методистік, эпископтық, лютерандық және Исаның біріккен шіркеуінің мүшелері енген «Дін мен гомосексуализм кеңесін» (Councіl on Relіgіon and the Homosexual – CRH) құрды. Бұл «гомосексуал» сөзін ресми мағынасында қолданған алғашқы америкалық ұйым еді.
Соңғы жылдары CRH қызметі арнаулы-костюмді шараларды өткізетін ұйымнан әділетсіз кемсіту мен қуғындауға қарсы заңды шаралар қарастыратын ұйымға дейін түрленді. CRH Калифорниядағы гейлердің құқығын қорғайтын қозғалыстың негізін салды. Макильвенна және оған қосылған Құдайдың өзге де құлдары гомосексуализмге қатысты библиялық бұйрықпен жақсы таныс еді. Алайда олар Библияның қатаң сөзіне қарағанда, Исаның өзгеге жанашырлық таныту рухына адал болуы маңыздырақ деп санады1.
Құдайлар бізді жанашыр болуға үндесе де, діни сенім моральдық іс-әрекеттің міндетті шарты емес. «Моральдық нормаларды сақтауға мәжбүрлейтін тылсым күш керек» деген идея біздің моральдың жасанды табиғатын көрсетпей ме? Неліктен? Мораль белгілі бір жағдайда табиғи емес пе еді? Шимпанзеден бастап егеуқұйрықтарға дейінгі әрбір әлеуметтік сүтқоректілердің этикалық кодексі бар, ол кодекс ұрлық пен өлтіруге шек қояды. Мораль қоғамның бар түрінде кездеседі, ал ол қоғамдардың барлығы бірдей сол бір Құдайға немесе өзге бір Құдайға сене бермейді. Индуистердің пантеоны туралы білмей-ақ, христиандар жанашыр бола береді, Исаның құдайы сипатын жоққа шығарса да, мұсылмандар адалдықты құрметтейді. Иран мен Пәкістан секілді діншіл елдерге қарағанда, Дания мен Чехия секілді зайырлы мемлекеттер соншалықты қатыгез емес.
Мораль «Құдай өсиеттерін орындау» емес. Мораль дегеніміз – «азап шегуді азайту». Моральді сақтау үшін қандай да бір миф немесе ертегіге сенудің қажеті шамалы. Бар болғаны – азап шеккендерге жанашыр болыңыз. Әрекетіңіз сізді немесе өзгені негізсіз қинағанын түсінсеңіз, ол қылықтан бойыңызды аулақ салыңыз. Адамдар азапты үстірт бағалап, кісі өлтіріп, озбырлық көрсетіп, ұрлық-қарлықты доғарған емес. Олар өз нәпсі қалауы мен ашкөздігін қанағаттандыруға шырмалып қалған, бұл қадамының ақыры өзгелерге немесе өзіне болашақта қалай әсер ететініне көп бас қатырмайды. Құрбандығын әбден қинайтын инквизаторлардың өзі жасаған әрекетіне бола ар азабына түспес үшін әсершілдігін азайтып, азғындаудың әртүрлі тәсілдерін қолданатын еді2.
Әрбір адам бақытсыздық сезімінен қашуға тырысатыны белгілі ғой деп қарсы шығуыңыз мүмкін. Алайда әлдебір құдай талап етпесе, адамдар өзге адамның қайғысына несіне бас ауыртады? Оның жауабы біреу – адам қоғамдық жануар, демек, оның бақыты көп жағдайда өзгелермен қарым-қатынасына тәуелді. Махаббатсыз, достықсыз, жақындықсыз кім бақытты бола алмақ? Жалғызілікті экоцентристік өмір салтын ұстансаңыз, бақытсыз атанатыныңызды толық сеніммен айта аламыз. Сондықтан да бақытты болу үшін, ең құрығанда, отбасыңызға, достарыңызға, қоғамның өзге мүшелеріне қамқор болуыңыз керек.
Ендеше, мүлде танымайтын жандар туралы не айтамыз? Өзің мен тайпаңды байыту үшін жат біреуді өлтіріп, мал-мүкаммалын неге жаулап алмасқа? Ұзақмерзімді болашақта мұндай іс-әрекеттің өнімсіз екенін түсіндіру үшін ойшылдар күрделі әлеуметтік теориялар ойлап тапты. Жат адамдарды ұдайы тонап, өлтіретін қоғамда өмір сүргіңіз келмейді ғой. Мәселе ұдайы қауіп-қатердің астында қалуда ғана емес, жатжұрттықтар арасындағы сенімге құрылатын сауда секілді дүниелерден пайда көрмейтініңіз тағы бар. Саудагерлер әдетте ұрылардың ортасына бармайды. Міне, дәл осы себептен, ежелгі Қытай мен бүгінгі Еуропаға дейінгі аралықтағы зайырлы теоретиктер «саған әлдекімнің әлдене жасағанын қаламасаң, сен де өзгеге сол қылықты көрсетпе» деген алтын заңын негіздеп кетті.
Жалпыға ортақ жанашырлықтың табиғи негізін табу үшін ұзақмерзімді күрделі теориялардың керегі жоқ. Сауда туралы бірер минут ұмыта тұрыңыз. Қарапайым дүниеден бастайық: өзгеге келтірілген залал менің де жүрегімді ауыртады. Әлемдегі әрбір озбыр іс-қимыл әлдекімнің ойының озбырлыққа құмарлығынан басталады. Әлдекім өзге біреудің тыныштығы мен бақытын бұзса, жаман ой оның тыныштығы мен бақытының ойран-ботқасын шығарғаны деп біліңіз. Адамдар ашкөздік пен жек көруді ойында дамытып алмаса, ұрлық жасамас еді. Ашуы мен жек көрудің ырқына көніп қоймаса, адамдар әдетте кісі де өлтірмейді. Ашкөздік, қызғаныш, ашу мен жек көру секілді эмоциялар – өте жағымсыз эмоциялар. Ашудан бұрқ-сарқ қайнап немесе қызғаныштың қызыл иті ішіңізді тырнап тұрғанда, қуаныш пен үйлесімді сезе де алмайсыз. Демек, сіз әлдекімді өлтірмес бұрын сіздің тыныштығыңызды ашуыңыз тұншықтырып тастаған.
Расында, жек көретін адамыңызды өлтірмей-ақ, ұзақ жыл бойы ашудан бұрқ-сарқ қайнап жүруіңіз мүмкін. Бұл жағдайда сіз өзгеге зиян тигізбегеніңізбен, өзіңізге залал келтіргеніңіз анық. Демек, өзге біреудің – Құдайдың бұйрығы емес, дәл өзіңіздің жеке қалауыңызбен ашуыңызды жеңуге тырысу үшін әлдене істеуіңіз керек. Дұшпаныңызды өлтіргенше, ашудан арылуға тырыссаңыз, сәл де болса жеңілдеп қаласыз.
«Бір жағыңнан тартып жіберсе, екінші жағыңды тосуың керек» деп бұйырған мейірімді Құдайға деген шүбәсіз сенім кейбір адамдардың ашуын жеңуіне көмектеседі. Бұл – күллі дүниедегі бейбітшілік пен үйлесімге діни сенім қосқан өлшеусіз үлес. Егер әлдекім Құдайды елемесе немесе жүрегі дауалап Оны қорласа, әлгі дінбұзарға өзгелердің зығырданы қайнап, қаһарын үйіп-төксе, ондай ашу-ызаны діннің ақтап алатыны өте өкінішті. Осылайша заң шығарушы Құдайдың бағасы оған сенгендердің іс-әрекетіне байланысты түрленеді. Егер шектен шықпаса, қай Құдайға сенсе де адамдардың өз еркі. Дәл солай, діни жоралғылар мен киелі орындардың құндылығы дінге сенушілердің сезімі мен іс-әрекетіне тәуелді. Ғибадатханаға бару – адамға тыныштық пен үйлесім сыйласа өте тамаша. Ал егер қандай да бір ғибадатхана озбырлық пен шиеленіске шақырса, оның бізге не керегі бар? Оның қызметі керек емесі айдай анық. Тікенек қаптаған ауру ағашты емдеу қандай мағынасыз тірлік болса, үйлесімге емес, алауыздыққа шақыратын кемістігі бар ғибадатхана үшін күресудің не мәні бар?
Ешқандай ғибадатханаға бармай-ақ, ешбір құдайға сенбей-ақ өмір сүру де – қолайлы бір жол. Соңғы ғасырлардың мысалы көрсеткендей, адамгершілік нормаларын сақтау үшін Құдайға жүгінудің қажеті жоқ екен. Секуляризм біз мұқтаж болған барлық құндылықтармен қамтамасыз ете алады.
14-ТАРАУ
Секуляризм
Көлеңкеңнен қашпа
Зайырлы адам болу деген не? Секуляризм кейде дінді жоққа шығарады дейді, сондықтан да зайырлы адам болу дегеніміз – неге сенбеуіңе, нені істемеуіңе байланысты анықталады. Бұл анықтамаға сәйкес зайырлы адамдар ешбір құдайлар мен періштелерге сенбейді, ғибадатханаларға бармайды, салттар мен жоралғыларды орындамайды. Зайырлы қоғам – мағынасыз, нигилистік, моральдан жұрдай, ішін толтыруды күтіп тұрған бос құмыра секілді.
Мұндай жағымсыз біркелкілікті кім қабылдай қойсын? Ал зайырлы адамдардың өзі секуляризмді басқаша түсіндіреді. Олар үшін секуляризм – қандай да бір дінде жалпы аталатын құндылықтардың құрылымданған желісі негізінде қалыптасқан, жағымды, белсенді дүниетаным. Шындығында, көптеген зайырлы құндылықтар әртүрлі діни дәстүрлердің құндылықтарымен бірдей. Күллі даналық пен мейірімді монополиялап алған кейбір секталардан айырмашылығы, зайырлы адамдардың ең басты сипаты – олар ештеңені басы бүтін иемденбейді. Олар мораль мен даналық нақты бір уақыт пен мекенде аспаннан салбырап түсе қалды деп ойламайды. Даналық пен мораль барлық адамның табиғи мұрасы. Сондықтан әлемнің әртүрлі қауымдарындағы жеке құндылықтар мұсылман, христиан, индуистерге ортақ деп жорамалдаған дұрыс.
Діни көсемдер соңынан ерген жамағатын ұдайы сыңаржақ таңдау жасауға итермелейді: не мұсылмансың, не мұсылман емессің. Мұсылман болсаң, өзге доктриналардың бәрін жоққа шығаруың керек. Зайырлы адамдар, керісінше, әртүрлі гибридті біртектіліктердің арасында өзін өте жайлы сезінеді. Секуляризмге келсек, оның жағдайы мынандай: өзіңізді мұсылмандардың қатарына қосып, Аллаға сиына, халал тағамдарды тұтынып, Меккеге қажылыққа бара беріңіз – алайда зайырлы этикалық кодекстерді ұстанып, зайырлы қоғамның жақсы бір мүшесі болыңыз. Бұл миллиондаған мұсылман, христиан мен индуист, сонымен қатар атеистер де шын жүрегімен қабылдаған этикалық кодекс – ақиқат, жанашырлық, теңдік, еркіндік, батылдық пен жауапкершіліктің құндылығын жариялайды. Ол заманауи ғылыми демократиялық институттардың іргесін бекітеді.
Кез келген этикалық кодекс іспетті, бұл да әлеуметтік шындық емес, барлығымыз ұмтылуға тиіс идеал. Христиан қоғамы мен христиан институттары христиан идеялынан жиі ауытқитыны секілді, зайырлы қоғамдар мен институттар да зайырлылықтың идеялынан көп ауытқып кетіп отырады. Ортағасырлық Франция өзін-өзі «христиандық корольдік» деп жариялады, алайда оның көптеген іс-әрекеті христиандық принциптермен сәйкес келе берген жоқ (шаруаларды қанауды еске түсіріңіз). Бүгінгі Франция өзін-өзі зайырлы мемлекет деп жариялаған, алайда Робеспьер заманынан бастап одан кейінгі кезеңдерде еркіндіктің мағынасын әртүрлі тәпсірледі (еркіндіктің мәнін әйелдерден сұрап көріңіз). Ал бұл Франциядағы немесе әлемнің түкпір-түкпіріндегі зайырлы адамдардың моральдық бағдары, этикалық жауапкершілігі жоқ дегенді білдірмейді. Яғни идеал болу – өте қиын.
ЗАЙЫРЛЫЛЫҚТЫҢ ИДЕАЛЫ
Ендеше, зайырлылықтың идеалы деген не? Ең маңызды зайырлы құндылық – жай ғана дінге емес, бақылау мен дәлелге негізделген ақиқат. Зайырлы адамдар ақиқат пен сенімді араластырғысы келмейді. Егер қандай да бір тарихқа шүбәсіз сенсеңіз, сіздің психологияңыз – балалығыңыз туралы, миыңыздың құрылымы жайлы көбірек дерек беретін шығар, бірақ әлгі тарих ақиқат екен деген сөз емес. (Әдетте тарих ақиқаттан әлдеқайда алшақ кетіп жатса, көмекке «шүбәсіз сену керек» деген ұран келеді).
Одан өзге, зайырлы адамдар қандай да бір топты, адамды немесе кітапты киелі санамайды, оларды ақиқаттың жалғыз ғана қайнар көзі деп есептемейді. Зайырлы адамдар үшін ақиқат барлық формасында – ежелгі тас жазбаларда, қиырдағы галактикалардың суреттерінде, статистикалық кестелерде немесе адамзаттың әртүрлі мәдениетінің жазба ескерткіштерінде пайда болған. Ақиқатқа адалдықтың тамыры жаңа заман ғылымынан басталады. Ол ғылым адамзатқа атомды бұзуға, геномды ұғынуға, тіршілік эволюциясын зерттеуге, адамзат тарихын түсінуге мүмкіндік берді.
Зайырлы адамдардың екінші маңызды құндылығы – жанашырлық. Зайырлылықтың эктикасы қандай да бір Құдайдың айтқанына мойынсұнуға емес, жанашырлықты жете түсінуге сүйенеді. Мәселен, зайырлы адамдар қандай да бір ежелгі кітаптар бұйырғандықтан емес, кісі өлтіру тірі пендені қайғы-қасіретке батыратынын түсінгендіктен, адам қанын мойнына жүктемейді. «Құдай солай деген екен» деп кісі өлтіруден бас тартатын адамдар қауіпті әрі күмән тудырады. Адамдар жанашырлықтан бұрын мойынсұнуды құп көре ме сонда? Олардың Құдайы дінбұзарларды, жын иектегендерді, зина жасағандар мен жатжұрттықтарды өлтір деп бұйырса, не істейді?
Әрине, Құдайдан келген парыздары болмағандықтан, зайырлы этика күрделі дилеммаларға тап келеді. Қандай да бір іс-әрекет бір адамға зиянын тигізіп, екіншісіне көмектессе не істейміз? Кедей-кепшікке көмектесу үшін бай-бағланға үлкен салық салу этикаға жата ма? Қатыгез диктаторды орнынан алу үшін қантөгіс соғыстар жүргізуге бола ма? Елімізге босқындардың шектесуіз көлемін енгізейік пе? Осындай қиын сауалдарға тап болғанда зайырлы адамдар: «Бұған Құдай не деді екен?» – деп сұрамайды. Олар әр тараптың сезімдерін мұқият таразылап, бақылау мен мүмкіндіктің кең ауқымды спектрін зерттейді, зиянды барынша аз тигізетін орта жолды іздейді.
Мәселен, сексуалдыққа деген көзқарасты қарастырайық. «Зорлықты, гомосексуализмді, зоофилияны, инцесті мақұлдаймыз ба, жоқ па» деген мәселені зайырлы адамдар қалай шешеді? Сезімдерді зерттеу арқылы. Зорлау – этикаға жат әрекет. Құдай заңын бұзғандықтан емес, адамдарға қайғы-қасірет шектіретіндіктен. Ал екі ер адамның махаббаты ешкімге зияны тимегендіктен, оған тыйым салудың еш себебі жоқ.
Ендеше, зоофилия туралы не айтамыз? Бір жыныстылардың некесі туралы жеке және қоғамдық көптеген дебаттарға қатыстым. Сол арада қандай да бір ақылы асқан біреу міндетті түрде: «Екі ер адамның некесі қалыпты жайт болса, адам мен ешкіні неліктен некелестірмеске?» – деген сұрақ қояды. Зайырлы көзқарас тұрғысынан бұл сұрақтың жауабы айқын. Есі дұрыс қарым-қатынас эмоциялық, интеллектуалдық, тіпті рухани тереңдікті талап етеді. Мұндай тереңдігі жоқ неке адамды жалғызсыратып, бақытсыз, психологиялық тұрғыдан жабыңқы ете түседі. Екі адам эмоциялық, интеллектуалдық, рухани тұрғыдан бірін-бірі қанағаттандырса, ешкімен қарым-қатынаста ондай дүние байқалмайды. Ендеше, зайырлы адамдар секілді некені адамзаттың саулығына ықпал ететін институт деп есептесеңіз, мұндай оғаш сауалды қою ойыңызға да келмес еді. Мұндай сауалды некеден әлдебір салт-жоралғыны күтетін адамдар ғана қоятын шығар.
Ал әке мен қызының жыныстық қарым-қатынасы туралы не айтуға болады? Екеуі де адам ғой, онда тұған не бар екен? Қаптаған психологиялық зерттеулер мұндай қарым-қатынас балаға ауыр әрі қайта қалпына келмес зиян шектіретінін дәлелдеп берген. Одан басқа, әлгі зерттеулер, мұндай қарым-қатынас әкенің не шешенің бейәдеп қылыққа және деструктивтілікке бейімділігін күшейтетінін анықтады. Sapіens-тердің психикасында романтикалық байланыстар мен ата-аналық байланыстар екі бөлек сезім. Эволюция солай қалыптастырған. Демек, инцестке қарсы тұру үшін Құдай немесе Библияның қажеті жоқ, ол үшін тиісті психологиялық зерттеулерді оқысаңыз жетіп жатыр1.
Зайырлы адамдардың ғылыми ақиқатты құрметтеуінің бір себебі – осы. Зайырлы адамдар әуестікті қанағаттандыру үшін емес, әлемдегі азапты қалай азайтатынымызды білу үшін ғылымға тереңдейді. Ғылыми зерттеулерді басшылыққа алмасақ, жанашырлығымыз да көрсоқыр болып қалмақ.
Ақиқат пен жанашырлықты ұстану теңдікті құрметтеуге ұласады. Экономикалық-саяси теңдікке келгенде пікір екітарапқа бөлінгеніне қарамастан, зайырлы адамдар негізсіз иерархиялардың барлығына күдікпен қарайды. Кім сезінсе де, азаптың аты – азап, кім ашса да, білімнің аты – білім. Нақты бір ұлттың, топтың, жыныстың жаңалықтары мен тәжірибесін асыра дәріптеу, бізді тоғышар әрі қатыгез ете түседі. Зайырлы адамдар, әрине, өздерінің нақты бір ұлты, мемлекеті мен мәдениетінің бірегейлігін мақтан етеді, алайда олар бірегейлік пен артықшылық сөзін шатастырмайды. Сондықтан зайырлы адамдар өзінің халқы мен мемлекетіне қатысты ерекше міндеттемесі бар екенін мойындай тұра, ол міндетін ерекше деп есептемейді, тұтас адамзаттың алдында борыштар екенін де біледі.
Ойлау, зерттеу және эксперимент жасау еркіндігі болмаса, ақиқатты іздей де, азаптан құтыла да алмаймыз. Сондықтан да зайырлы адамдар еркіндікті ерекше құрметтеп, ненің ақиқат, ненің дұрыс екеніне жалғыз өзі төрелік айту құқын иеленген кез келген мәтіннің, мекеменің немесе көсемнің жоғарғы билігінен бас тартады. Адамдардың күдіктену, қайта тексеру, екінші бір пікірге құлақ қою, басқа жолды таңдау еркіндігі болуға тиіс. «Жер, шынымен де, он сегіз мың ғаламның қақ ортасында тапжылмай тұр ма?» – деп сұрауға батылы барған Галилео Галилейге сүйсінеміз; XVІ Людовигтің рақымсыз жүйесін құлату үшін 1789 жылы Бастилияға шабуыл жасаған қарапайым адамдар тобына таңғаламыз; тек ақ түсті жүргіншілерге арналған автобус орындығына отыруға жүрегі дауалаған Роза Паркске риза боламыз.
Жалған сенім және қуғындайтын режимдермен күресу үшін батылдық керек. Ал белгісіздік үшін күресу мен надандығымызды мойындау үшін ол батылдық тіптен екі есе қажет. Біз әлденені білмей қалсақ, зайырлы қоғам оқытып-үйретеді, демек, қараңғылығымызға бола қысылып-қымтырылмай, жаңа дәлелдерді табуға тырысайық. Тіпті бірдеме білетінімізге сенсек те, күдіктенуден қорықпай, өз-өзімізді қайта-қайта тексеріп тұрғанның еш сөкеттігі жоқ. Көптеген адам белгісіздіктен қорқып, әр сауалына нақты жауап тапқысы келеді. Белгісіздіктің алдындағы қорқыныш кез келген тиран алдындағы қорқыныштан бетер, бізді шырмап тастай алады. Ғасырлар бойы адамдар күллі сенімімізді абсолютті жауаптарға тәуелді етпесек, адамзат қоғамы қирайды деп қауіптенді. Шынтуайтына келгенде, қараңғылығын
мойындап, қиын сауалдарды қоя алған батыл адамдардың қоғамы гүлденіп қана қоймай, бір ғана жауапқа бас шұлғыған қоғамдарға қарағанда мамыражай өмір кешетінін бүгінгі тарих дәлелдеп берді. Әлемге әртүрлі көзбен қарай алатын адамдарға қарағанда, ақиқатын жоғалтып аламын деп алаңдаған адамдар қатыгез келеді. Күдіктенуге тыйым салған жауаптардан сіз жауабын білмейтін сауалдар әлдеқайда жақсы.
Кейбір зайырлы адамдардың негізгі құндылығының бірі – жауапкершілік деп аталады. Олар әлемді қорғайтын, күнәлілерді жазалайтын, қылдай қиянаты жоқ адамға сый беретін, бізді аштықтан, обадан, соғыстан сақтайтын ешбір ұлы күшке сенбейді. Сол үшін де біз, ет пен сүйектен жаралған пенделер, аттаған немесе аттамаған әрбір қадамымыз үшін өзіміз жауаптымыз. Егер дүние қайғы-қасіретке толып кетсе, оның шешімін табу – біздің парызымыз. Зайырлы адамдар індетті емдеп жазу, аш-жалаңаштарды тамақтандыру, әлемнің әр түкпірінде бейбітшілік орнату сияқты заманауи қоғамдардың үлкен жетістіктерімен мақтанады. Бұл жетістіктерімізді қандай да бір құдіретті күшке телудің қажеті жоқ, ол жетістіктер адамның жеке білімі мен жанашырлығын дамытуының нәтижесі. Не десек те, дәл осы себеппен геноцидтен бастап экологиялық деградацияға дейінгі біздің заманымыздың кемшіліктері мен қылмыстарына да жауапкершілікті өзіміз алайық. Таңғажайыпты күтіп дұға тілегенше, не істеп, қалай көмектесе аламыз деп өзімізге сұрақ қояйық.
Бұл – зайырлы қоғамның басты құндылықтары. Алдыңғы сөзімізде атап өткеніміздей, ол құндылықтардың ешқайсысы да зайырлы қоғамға ғана тән дей алмаймыз. Еврейлер де ақиқатты, христиандар да жанашырлықты, мұсылмандар да теңдікті, индуистер де жауапкершілікті бағалайды. Зайырлы қоғам мен институттар бұл байланысты қуана құптап, дініне берік еврейлерге, христиандарға, мұсылмандарға, индуистерге құшағын ашады. Бір ғана шарт – зайырлылықтың кодексі діни доктринамен қақтығысқа түсе қалса, екіншісі орын босатуға тиіс. Мысалы, зайырлы қоғам қабылдауы үшін ортодоксалды еврейлер еврей еместерді өзімен тең санауы керек, христиандар дінбұзарларды отқа өртеуден бас тартуға тиіс, мұсылмандар пікір білдіру еркіндігін құрметтегені жөн, ал индуистер касталық шеттетуден бас тартсын.
Секуляризм «діншіл адамдар Құдайды жоққа шығарсын, дәстүрлі салт-жоралғысынан бас тартсын» демейді. Зайырлы қоғам адамды киіміне немесе жоралғысына қарап емес, әрекетіне қарап бағалайды. Адам негізгі зайырлы құндылықтарды ұстана отырып, өзінің сектанттық өзгеше бір киімін киіп, адамды айран-асыр ететін жоралғысын орындай береді. Еврей ғалымдары, христиан экологтары, мұсылман феминистері, индуист құқыққорғаушылары өте көп. Олар ғылыми ақиқатқа, жанашырлыққа, теңдік пен еркіндікке адал болса, зайырлы әлемнің толыққанды мүшесі атанады, олардан тақияларыңды, крестеріңді, хиджабтарыңды шешіп, тилактарыңды* өшіріңдер деудің түкке де қажеті жоқ.
Зайырлы білім дегеніміз – Құдайға сенбеуге немесе қандай да бір діни жоралғыларға қатыспауға үндемейді, жағымсыз идеологиялық тәрбие бермейді. Керісінше, зайырлы білім – балаларды ақиқатты діннен айыра алуды, әрбір қиналған тіршілік иелеріне жанашырлық танытуды, жаңалық ашуға ұмтылуды, жер бетінде өмір сүрген күллі тіршілік иесінің тәжірибесін бағалауды, белгісіздіктен қорықпай, еркін ойлауды, өз қадамың мен тұтас әлем үшін жауапкер болуды үйретеді.
СТАЛИН ЗАЙЫРЛЫ БОЛДЫ МА?
Секуляризмді этикалық құндылығы немесе әлеуметтік жауапкершілігі жоқ деп кінәлауға болмайды. Шындығында, секуляризмнің басты мәселесін таяқтың екінші ұшынан іздеу керек. Секуляризм этикалық мақсатты тым жоғары көтеріп жіберетін шығар. Көптеген адам мұндай талапшыл кодекске сәйкес өмір сүре алмайды, көптеген қоғамдар да ақиқат пен жанашырлыққа негізделген, нәтижесі беймәлім жетістікті игере алмайды. Әсіресе соғыс немесе экономикалық дағдарыс секілді төтенше жағдайларда қадамының дұрыс екеніне толық сенімді болмаса да, қоғам жылдам шешім қабылдауы керек. Оларға нақты бағдарлар, айқын ұрандар, шабыт беретін соғыс ұрандары керек. Күмәнді жорамалдарға бола радикалды экономикалық реформаларды тықпалау, сарбазды соғысқа аттандыру қиын, сондықтан зайырлы қозғалыстар ара-тұра догмалық сенімдерге айналып тұрады.
Мысалы, Карл Маркс: «Дін – апиын», – деді, сөйте тұра, әлемдік тәртіптің ақиқатына үңілуге шақырды. Одан кейінгі уақытта революция мен соғыстар марксизмді қатаңдатып жіберді, ал Сталиннің уақытында Кеңестік Коммунистік партияның ресми желісі қарапайым адамдар түсінуі үшін «әлемдік тәртіп сондай күрделі, сондықтан тіпті он миллиондаған кінәлі адамның қанын мойнына жүктеп, түрмелерге тоғытса да, партияның ақылына сенім артып, оның сізге айтқанын бұлжытпай орындау керек» дегенге көшті. Иә, бұл соншалық жағымсыз нәрсе, алайда партия идеологтары «революция табиғат аясындағы саяхат емес, жұмыртқаны қуыру үшін әуелі оны жару керек» деп түсіндіруден жалықпады.
Сондықтан «Сталинді зайырлы көсем деп қарастырамыз ба?» деген сауалды қоярда секуляризмді қалай түсінетінімізді білген жөн. «Зайырлы адамдар дінге сенбейді» деген тар мағынасында қарастырсақ, Сталиннің зайырлы болғаны айдай анық. Ал «зайырлы адамдар – ғылыми емес догмаларға сенбейді, ақиқатқа адал, жанашыр әрі еркіндікті құптайды» деген кең аяда қарастырсақ, Маркс зайырлы данышпан да, Сталин кім болса ол болсын, тек қана зайырлы адам қатарына жатпайды.
Сталинизм – жалғыз ғана мысал емес. Саяси спектрдің екінші ұшында тұрған капитализм де әуел баста өте ашық ғылыми теория ретіндегі жолын бастап, ақырындап догмаға айналды. Көптеген капиталистер еркін нарық пен экономикалық дамудың мантрасын ұдайы қайталап отырғанымен, шынайы әлемдік жағдайды елең де қылмайды. Модернизация, индустриализация немесе жекешелендіру қандай апатты жағдайларға итермелейтініне қарамастан, капиталистік сеніміне адал жандар бұл қиындықтарды «өсу кезеңінің дертіне» балап, кішкене өсіп алған соң, әлгі ауруымыздан құлан-таза айығатынымызды айтып бағады.
Орташа либерал-демократтар ақиқат пен жанашырлыққа деген зайырлы ұмтылысқа барынша жылы көзқараспен қарады, бірақ олардың өзі кей-кейде көңіл жұбататын догмаларға бола секуляризмнен бас тартады. Осылайша қатал диктатуралар мен құрылмаған мемлекеттердің бейберекетсіздігімен бетпе-бет ұшырасқан либералдар еркіндікке деген бұлжымас сенімін жалпыға ортақ таңдаудың киелі жоралғысына айырбастап жібереді. Олар Ирак, Ауғанстан мен Конго секілді жерлерге миллиардтарын шашып, соғыс ашады, жалпыға ортақ сайлау өткізу арқылы таңғажайып сиқырдың күшімен әлгі жерлерді күн шұғылалы Данияға айналдырып жібереді деп шүбәсіз сенеді. Ұдайы сәтсіздікке ұрынса да, дәстүрі мызғымай қалыптасқан жерлерде жалпыға ортақ сайлауда билікке авторитарлы популист келіп, нәтижесінде диктатурадан өзге ештеңе орнамайтынын көпшілік білсе де, ешкім ол туралы ойланбайды. Иә, жалпыға ортақ сайлаудың кемеңгерлігіне күмәндануға тырыссаңыз, сізді ГУЛАГ-қа жібермес, бірақ догмалық жәбір-жапаның мұздай суын бетіңізге шашып жіберері анық.
Әрине, барлық догмалар бірдей зиянды деуге де болмас. Кейбір діни сенімнің адамзатқа пайда әкелгені секілді, кейбір зайырлы догмалар да пайдалы болуы мүмкін. Мәселен, Адам құқығы доктринасы. Адамдар ойлап тауып, біріне-бірі айтатын әңгімелерде ғана құқық бар. Бұл әңгімелер діни фанатизм мен өзін-өзі сайлаған үкіметтермен күрес дәуірінде айтылатын, көрер көзге анық догма ретінде жақсылап сақталды. Адамдардың өмір мен еркіндікке табиғи құқығы жоқ болса да, осы әңгімеге сену авторитарлық режимдердің билігін шектеп, азшылықты қорғап, миллиондаған адамды кедейлік пен озбырлықтың қорқынышты қиындығынан сақтады. Осылайша тарихтағы өзге кез келген доктринаға қарағанда, дәл осы доктрина адамзаттың бақыты мен саулығына мүмкіндік берген шығар.
Не десек те, бұл – догма. БҰҰ қабылдаған Адам құқығы декларациясының 19-бабында: «Әр адам наным-сенім бостандығына және өз көзқарасын еркін білдіруіне құқығы бар», – делінген. Егер бұл саяси талап екенін түсінсек (Әр адамның өз көзқарасын еркін білдіруіне құқығы бар), бұл ақылға сыйымды. Алайда әрбір sapіens-тің «өз көзқарасын еркін білдіруі» табиғаттан берілген және табиғаттың қандай да бір заңын цензура бұзады десек, адамзат туралы шынайы көзқарасты дұрыс қалыптастырмағанымыз. Өзіңізді «мызғымас табиғи құқығы бар
тұлға» деп санасаңыз, шын мәнінде кім екеніңізді, қоғамыңыз бен ойлау жүйеңізді қалыптастырған тарихи процестерді түсінбей өтесіз (оған «табиғи құқықтар» ұғымын қосып қойыңыз).
Гитлер және Сталинмен күресіп жүрген ХХ ғасыр адамдары үшін мұндай білместіктің маңызы болмаған шығар. Алайда бұл білместік ХХІ ғасырда зиянды шығар, себебі биотехнология мен жасанды интеллект адамзаттың мәнін өзгертуге ұмтылуда. Өмір сүру құқығына сенсек, ондай жағдайда биотехнологияны өлімді жеңу үшін қолдануға болады деген сөз бе? Еркіндік құқығына сенсек, жасырын аңсар-тілегімізді орындап, шешуін табатын алгоритмдерге билік беруіміз керек пе? Барлық адам бірдей құқыққа ие болса, суперадамдар суперқұқық алуға тиіс пе? «Адам құқығы» догмасына сенсе, зайыры адамдар бұл мәселелерді шешуде қиналатыны анық.
Адам құқығына деген сенім – өткен ғасырларда инквизацияға, ежелгі режимдерге, нацистерге, ККК-ге (ку-клукс-клан) қарсы қару есебінде қалыптасты. Ол суперадамдармен, киборгтермен, жоғары интеллектуалды компьютерлермен қарым-қатынасқа арналмаған. Діни соқыр сенім мен тирандарға қарсы құқыққорғау қозғалыстары қорғаныс мақсатындағы құралды және өте салмақты аргумент арсеналын жасап шығарғанда, бұл арсенал бізді технологиялық утопия мен тұтынушы эксцесінен әрең-әрең қорғайды.
КӨЛЕҢКЕҢДІ МОЙЫНДАҒАНДА
Секуляризмді сталиндік догматизмге немесе Батыс империализмінің «іштен шыққан шұбар жыланына» яки тізгінсіз индустриализацияға ұқсатуға болмайды. Сөйте тұра, одан барлық жауапкершілікті алып тастай да алмайсыз. Зайырлы қозғалыстар мен ғылыми мекемелер «адамзатты жетілдіреміз, жержүзінің аста-төк байлығын біздің түрдің игілігіне пайдаланамыз» деген уәдемен миллиондаған адамның миын улаған. Мұндай уәде аштық пен індетті жеңіп қана қоймай, түптің-түбінде ГУЛАГ пен мұздықтардың еруіне де алып келді. «Зайырлы идеалдар мен ғылымның ақиқи фактілерін бұрмалаған, бәрін бұрыс түсінгендер кінәлі» деп қарсы шығуыңызға болады. Иә, сіздікі дұрыс. Бірақ бұл барлық ықпалды қозғалыстардың ортақ мәселесі емес пе еді?
Мысалы, инквизация, Крест жорықтары, күллі жер шарындағы жергілікті мәдениеттерді қанау, әйелдерге билік құқын бермеу секілді ұлы қылмыстарға христиандық жауапты. Тақуа христан бұл сөзіме бола көңіліне дық алып, христиандықты толық түсінбегендіктен ғана осындай қылмас жасалғанын айтып қарсы шығуы мүмкін. Иса махаббатты ғана уағыздаған, ал инквизация оның ілімін тікелей бұрмалаған екен. Иә, бұл ақталуға түсіністікпен қарауға болады, алайда христиандықтан барлық жауапкершілікті алып тастау да дұрыс емес. Инквизация мен Крест жорықтарынан шошынған христиандар бұл қатыгездіктің жауапкершілігінен жалтара алмайды – олар әуелі өздеріне бірнеше күрделі сауал қойып көрсін. Олардың «махаббатқа үндеген діні» бір емес, бірнеше мәрте бұрмаланғанының себебі не? Барлық кінәні католиктік фанатизмге арта салмақ болған протестанттарға Ирландия немесе Солтүстік Америкадағы протестант отарлаушылардың іс-қимылын тәптіштеп жазған кітаптарды қарап шығуын сұраймын. Дәл сол секілді, Маркс ілімі неліктен ГУЛАГ-қа жол ашып бергенін марксистердің өздері, ал ғылыми жоба жаһандық экожүйенің тұрақсыздануына неліктен әкелгенін – ғалымдар, Дарвин теориясын нацистер қалай пайдаланып кеткенін – генетиктер ой елегінен өткізіп, елеп-екшесін.
Қандай қажеттіліктің соңына ерсеңіз де, кез келген дін, идеология және діни сенімнің көлеңкесі бар. Қандай қажеттілікке ұмтылсаңыз да, көлеңкеңіздің де бар екенін мойындаңыз, «бұл жағдайға біз тап болмаймыз» деген балалық аңқаулықты ұмытыңыз. Дәстүрлі діндердің көпшілігіне қарағанда, зайырлы ғылымның жоқ дегенде үлкен бір артықшылығы бар. Ол өзінің көлеңкесінен қорықпайды, қателігі мен ақтаңдақтарын мойындауға әзір. Адамдарға тылсым күштің не екенін көрсететін абсолютті шындыққа сенсеңіз, қандай да бір қателік жасағаныңызды мойындамайсыз, ол сіздің күллі тарихыңыздың құнын төмендетіп жібереді. Ал ақиқатты жетілмеген адамдар да іздей
алатынына сенсеңіз, қатеңді мойындау үлкен ойынның ажырамас бір бөлігі болмақ.
Догмалық емес зайыры қозғалыстардың уәдеге берік екенінің бір себебі – осы. Өзінің толық жетілмегенін мойындай тұра, олар ұдайы өзгеруге иек артады: ең төменгі еңбекақыны бірнеше долларға көтеру немесе бала өлімін бірнеше процентке төмендету т.с.с. Догмалық идеологиялардың сипаты – өзіне-өзі шектен тыс сенгендіктен, аспандағы айға қол созады. Олардың көсемдері заң шығаруы, ғибадатхана салуы, қандай да бір аумақты жаулап алуы арқылы күллі әлемді құтқарып қалатындай болып жүреді, «мәңгілік», «тазалық», «арылу» туралы көп әңгімелейді.
Өте маңызды шешім қабылдар сәтте өзінің күнәсіздігін айтқан адамға емес, білместігін мойындаған жанға көп сенім артамын. Дініңіз, идеологияңыз немесе дүниетанымыңыз әлемде үстемдік құрсын десеңіз, сізге қояр алғашқы сауалым: «Дініңіз, идеологияңыз, дүниетанымыңыз жасаған ең үлкен қателік не? Ол нені дұрыс жасамады?». Байыпты жауап айтпасаңыз, сізге сенім арта алмаймын.
Тилак (санскр. , tіlaka) – индуизмді ұстанушылар балшықпен, күлмен, сандал бояуымен немесе өзге де бояулармен маңдайына, денесінің өзге де бөлігіне жағатын киелі белгі.
төртІНШІ БӨЛІМ
Ақиқат
Бүкіл әлемге төніп тұрған сын-қатерлерге қатты алаңдап, тыным таппай жүргендердің бірі болсаңыз – дұрыс жолға түскендердің қатарындасыз. Көз алдымызда өрбіп жатқан жаһандық процестерді зерделеп, олардың түбіне жетуге жеке адамның шамасы келмейді. Сонда бұл дүниеде ақиқатқа қалай жетуге болады? Теріс үгіт-насихат пен жалған ақпараттың жетегінде кетпеудің амалы қандай?
15-ТАРАУ
Надандық
Бәрін білем десеңіз – қателесесіз
Қазіргі дәуірдің ең үлкен сын-қатерлері мен маңызы зор жетістіктеріне алдыңғы тарауларда тоқталып өткенбіз. Терроризм қаупін асыра көрсететіндердің бар екені, технологиялар саласындағы қауіпті жете бағаламай жүргеніміз айтылды. Осының барлығын ойлап, уайымдап, мазасыз күйге түсіп кетсеңіз, таң қалмаймын. Өйткені сол айтылғанның бәрін оймен қорытып, толық меңгеріп алуға адам баласының қабілеті жетпейді.
Соңғы бірнеше ғасырда рационалды адам идеясы либералды ойдың ажырамас бөлігіне айналды. Адам – дербес әрі рационалды әрекет ететін агент ретінде сипатталатын болды; ол адам – қазіргі қоғамның негізін қалаған тіршілік иесі деген пайым қалыптасты. Демократия «сайлаушы дұрыс шешім қабылдай алады» деген идеяға негізделсе, еркін нарыққа арқа сүйеген капитализм «клиенттікі жөн» деген ұстанымды басшылыққа алады. Ал либералды білім беру жүйесі оқушыларды еркін ойлап, дербес тұжырым шығаруға баулиды.
Дегенмен рационалды адамға соншалық сенім артқанымыз ағаттық болар. Постколониалды дәуір ойшылдары мен феминистік бағыттағы ойшылдар «рационалды адамның» – автономия мен жоғарғы таптағы ақнәсілді еркектердің үстемдігін мадақтаған Батыс елдерінің шовинистік қиялындағы адам екенін атап өткен. Алдыңғы тараулардағы әңгімені еске сала кетсек, мінез-құлық экономикасы мен эволюциялық психология саласына арналған зерттеу нәтижелері адам шешім қабылдаған кезде рационалды талдау әдістерінен гөрі, эмоциялық реакция мен эвристикалық болжамдарға жүгінетінін көрсеткен. Эмоциялар мен эвристикалық тәсілдер адамның тас дәуіріндегі тұрмыс-тіршілігіне жарамды күн көру құралдары болғанымен, ақпараттық технологиялар қаулап дамыған Кремний дәуіріне олардың пайдасы шамалы.
Адамның рационалды түрде ғана ойлайтыны да, үнемі еркін ойлап, дербес пайым шығаратыны да жалған аңыз. Жалпы, өз бетімен ой түйетін адам кемде-кем шығар. Бір қауымның өкілі ретінде, адамға топтық ойлау тән. Бір тайпа мүшелері бірігіп бала тәрбиелейді, тұрмысқа қажетті құрал-саймандарын жасайды, басқалармен арадағы қақтығыстарды реттейді, ауру-сырқауды жазады. Шіркеу тұрғызуға, атом бомбасын немесе ұшақ жасауға қажетті білімді бір-ақ адамның бойынан таба алмайсыз. Homo sapіens-тің басқа жануарлардан басым түсіп, жер-жаһанның қожасына айналуы жекелеген адамдардың рационалдығынан емес, олардың топтық ойлау қабілетімен байланысты1.
Таңғаларлығы, адам өзін қоршаған дүние туралы аз біледі; уақыт өте келе оның білгені азаймаса, артқан жоқ. Тас дәуірінде өмір сүрген аңшы-терімшілер киімін өздері тігетін, олар от тұтатуды да, қоян аулауды да білетін. Тіпті өзіне шапқан арыстаннан қашып құтыла алатын. Соларға қарағанда, қазір біз әлдеқайда көп білетін сияқтымыз, алайда, шын мәнінде, жекелеген адам баласының білім қоры мардымсыз. Өзімізге қажеттінің түгелге жуығына қол жеткізу үшін өзіміздің емес, өзге біреудің білімі мен тәжірибесіне жүгінетін болдық. Осы жайтты анық аңғартқан бір тәжірибеге қатысқан адамдардан киімнің сыдырма ілгегін пайдалануды қаншалықты жақсы білетінін айтып беруін сұраған. Көбі мұндай ілгекті күнде көріп жүргенін, сондықтан оны қалай пайдалану керегін жақсы білетінін айтады. Енді сол ілгектің қалай ашып-жабылатынын барынша егжей-тегжейлі түсіндіріп беруді өтінгенде, тәжірибеге қатысқандардың көбі ақылға қонымды ештеңе айта алмаған екен2. Осы бір құбылысты Стивен Сломан мен Филип Фернбах «білім иллюзиясы» деп атаған. Жеке бір адамның білетіні аз, соған қарамастан, ол басқа біреудің білімін өз білімі деп таниды, сондықтан да адам «мен көп білемін» деп ойлайды.
Мұның еш айыбы жоқ. Топтық ойлау қабілетінің арқасында адам ғаламшардың падишасына айналды. Дүниедегі барлық құбылыстарды тек өз ақыл-ойыңмен ғана танып білу мүмкін емес; білім иллюзиясы адамға қолжетпеске ұмтылмай-ақ өмір кешуге мүмкіндік берді. Эволюциялық тұрғыдан алып қарағанда, өзге біреудің біліміне сенім артудан Homo sapіens ұлан-асыр пайда көрді.
Адамға өткен дәуірлерде көмегі тиген, бірақ қазіргі заманда пайдасынан гөрі зардабы көп қабілеттер бар. Солардың бірі – білім иллюзиясы. Күн өткен сайын әлем құбылыстары күрделене түсуде, біз болсақ сол құбылыстарды жан-жақты танып-білуге құлықсыз болып қалғанымызды да аңғармай отырмыз. Соның салдарынан, метеорология мен биологиядан еш хабары жоқ біреулердің климаттың өзгеруімен күресуге не генетикалық модификацияланған дәнді дақылдарды өсіруге қатысты саяси ұсыныстар тастап жатқанына куәміз. Енді біреулер Ирак пен Украинада не істеу керек екені жөнінде ақыл айтуға құмар. Бір қынжылтатыны, осындай ақылгөйлер аталған елдерді дүниежүзі картасынан тауып көрсетіп те бере алмайды. Жалпы, өзін шынымен надан деп санайтын азаматты сирек кездестіресіз, өйткені адам ұстанымына наразылық білдірмейтін, өзіне ұқсас дос-жаран ортасында жүріп, көңілінен шығатын ғана жаңалықтар тыңдауға дағдыланып қалған3.
Бізге әлдеқайда көп әрі сапалы ақпарат берген күннің өзінде жағдайдың жақсара түсуі екіталай. Ғалымдар жалған нанымнан арылу үшін: «Білім беру жүйесін жетілдіру, ғылыми пәндерге дұрыс ден қою қажет», – дейді. Қоғам пікіріне ықпалы бар танымал тұлғалар Обама ұсынған денсаулық сақтау жүйесінің реформасы немесе жаһандық жылыну сияқты проблемаларға қатысты сенімді деректер мен сарапшылардың баяндамаларына жүгінгенді жөн көреді. Алайда жалған ойдың таралуына осылай төтеп беруге болады деп үміт арту бекер. Адамның қандай да бір мәселеге деген көзқарасы оның рационалды тұлға ретіндегі өз ой-тұжырымдарының емес, топтық ойлау ықпалынан пайда болған тұжырымдардың әсерімен қалыптасады. Адам өз қауымына, тобына адал болуға тырысады. Оған көптеп фактілер келтіріп, білімі жетіспейтінін дәлелдеуге тырысып бақсаңыз, сіз күткендей нәтиже шықпауы мүмкін. Ұстанымын терістейтін нақты деректерді әлдекімнің келтіріп отырғанын, сол арқылы өзінің надан болып көрінгенін көп адам жақтырмайды. АҚШ-тың «Шай ішу» (Tea Party) саяси қозғалысының өкіліне статистикалық деректер көмегімен жер бетінде температураның өсіп бара жатқанын көрсетіп, жаһандық жылынудың шындық екеніне сендіре аламын десеңіз, қателесесіз4.
Негізсіз тұжырымдарға құрылған топтық ойлау құрсауынан құтылу оңай емес. Мәселен, АҚШ-тың оңшыл бағыттағы консерваторлары, солшыл бағыттағы прогресшілдерге қарағанда, қоршаған ортаның ластануы және кейбір өсімдік пен жануар түрлерінің жоғалу қаупі сияқты мәселелерге көп мән бере бермейді. Сондықтан болар, Луизиана штатының табиғат қорғау заңдары Массачусетстегідей қатаң емес. Осылай болғанына бойымыз үйреніп кетті, дегенмен мұны қалыпты жағдай деуге келмейді. Әдетте консерваторлар бұрынғы экологиялық тәртіпті, ата-бабаларының жерін, ормандар мен өзендерді сақтап қалуға тырысады деп ойлаймыз. Керісінше, прогресшілдерден халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында елді мекендердегі түбегейлі өзгерістерді қолдайтынын күтеміз. Алайда түрлі тарихи факторлардың әсерімен аталған мәселелерге қатысты партия саясаты айқындалғаннан кейін, ластанған өзендер мен жоғалу қаупі төнген құстар жөнінде консерваторлардың біз күткендей қам жемеуі, ал солшыл бағыттағы прогресшілдердің ескі экологиялық тәртіптің шамалы болса да өзгеріске ұшырауынан сескенуі қалыпты болып көрінеді5.
Топтық ойлау қаупінен тіпті ғалымдар да құтыла алмай жүр. Іс жүзінде фактілер көмегімен қоғам пікірін өзгертуге болады дейтін ғалымдардың өзі топтық ойлаудың құрбаны болуы мүмкін. Ғалымдар қауымы фактілерге сүйенгенді дұрыс көреді, сол себепті қауымға адал азаматтар көпшіліктің талқысына салынған сұрақ төңірегіндегі пікірталаста ұстанымын теріске шығаратын эмпирикалық айғақтардың болғанына қарамастан, дұрыс фактілер келтіріп жеңіп шығуға болатынына кәміл сенеді.
Сол сияқты, либералдық бағыт ұстанатындардың рационалды адам идеясын басшылыққа алуының өзі либералдар ортасындағы топтық ойлаудың нәтижесі болса – ғажап емес. «Монти Пайтон» атты комиктер командасы қойған «Брайанның өмірі» (Lіfe of Brіan) көркем фильмінің бір маңызды сюжеттік бөлігінде қуанышында шек жоқ жұрт жаңылысып, алдында тұрған Брайан деген азаматты Құдайдың жерге жіберген құтқарушысы деп ойлап қалады. Брайан оларға: «Маған ермеңдер, ешкімге ермеңдер! Жақсылап ойланғандарың абзал! Бір-біріңе ұқсамайтын жеке-дара тұлға емессіңдер ме!» – дейді. Сонда оны қоштаған жұрт дауыстап: «Иә, бәріміз жеке-дара тұлғамыз! Иә, бір-бірімізге ұқсамаймыз!» – деп жауап қайтарады. Осылайша «Монти Пайтон» 1960 жылдары кең тараған контрмәдениеттің үстем қағидаларына пародия жасаған. Бірақ олардың бұл туындысы рационалды адамға үлкен сенім артқанымыз туралы десек те болады. Қазір демократиялық қоғамдарда: «Иә, сайлаушы дұрыс шешім қабылдай алады! Иә, клиенттікі жөн!» – деп ұран салатын тобыр жетерлік.
БИЛІК – ҚАРА ҚҰРДЫМ
Топтық ойлау мен жекелеген адамдардың надандығы қатардағы сайлаушылар мен тұтынушыларға ғана емес, президенттер мен компания басшыларына да тән. Олардың кеңесшілері де, сырттай барлау жасап, ақпарат тауып беретін дереккөздері де жеткілікті. Дегенмен бұлардың барлығы біз айтқан жағдайды түзетіп бере алмайды. Әлемде билік тізгінін ұстап отырған алыптар ақиқаттан алшақ. Олардың қолы бір босамайды. Көш бастаған саясаткерлер мен алпауыт бизнес иелерінің көретіні – қауырт жұмыс, қарбалас тіршілік. Ал қандай да бір мәселенің байыбына барамын деген адамға уақыт қажет, тіпті қалағанынша көп уақыт жұмсаудан қорықпау керек. Таным процесі еккен дәннің өскін беріп, кейін бүршік жарып гүлденуі сияқты, бәрі бірден ойдағыдай болмайды; жалған идеяларды сұрыптау, тексеру барысында күмәнға бой алдырып, тұралап қалуыңыз да мүмкін. Ақиқатқа жетудің жолы осындай, ол уақыт пен шыдамды талап етеді.
Ең сорақысы, билік бар жерде ақиқат бұрмаланбай қалмайды. Сайып келгенде, биліктің мәні бүкпесіз шындықты көре білуде емес, сол шындықты өзгерте білуде. Қолыңызға балға ұстаған бойда айналадағының бәрі қағып кіргізуге болатын шеге сияқты көрінеді; қолында билігі бар адам қандай мәселеге де араласпай қоймайды. Осындай еріксіз құштарлыққа бой алдырмаған күннің өзінде, төңірегіңізге жиналған жұрт қолыңызда балға бар екенін ешқашан естен шығармайды. Сізбен тілдескен әрбір адамның саналы не бейсаналы түрде қалыптасқан жасырын ниет-пиғылы болады, сол себепті олардың айтқанына толық сенім арту да – қателік. Сарай қызметшілері мен қаратабан халық өкілдерінің сөзіне сұлтандардың ешқашан сенбегені де сондықтан.
Үлкен билік – жойқын тартылыс күші арқылы төңірегіндегі кеңістікті иіп, танымастай өзгертіп жіберетін қара құрдым сияқты. Оған жақындаған сайын, көз алдыңдағының бәрі мейлінше бұрмаланған кейіпте көрінеді. Орбитаңызға түскен әр сөздің салмағы арта түседі, алдыңызға келген әр адам сізге жағымпаздануға тырысады не айтар бұйымтайы болады. Олар қабылдауға небары бір-екі минут уақыт бөлетініңізді біледі, сондықтан сізге орынсыз не түсініксіз бірдеңе айтуға жүрексініп, ақырында, бос ұран, жаттанды сөз айтумен ғана шектеледі.
Осыдан екі жыл бұрын мені Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кешкі ас ішуге шақырды. Достарымның барма дегеніне қарамастан, өзім қатты қызығып, барғым келді. Былайғы жұрт біле бермейтін құпияларды өз құлағыммен естимін деген үмітпен сол кешке барып едім. Бекер барған екенмін. Асқа отыз шақты қонақ жиналды; солардың әрқайсысының үлкен адамның көзіне түсіп қалуға тырысқанына, оған жарамсақтанып, өтініш айтқанына куә болдым. Қонақтар арасында басқалармен бөлісетін үлкен құпиясы бар азаматтар да болған шығар, білмеймін, әйтеуір көкейіне сақтағанын жайып салуға асыққан ешкімді байқамадым. Осы ретте Нетаньяхуды кінәлаудан аулақпын. Жалпы, ешкімді кінәлауға болмайды. Биліктің тартылыс күші бар жерде осылай болуы заңды.
Шындықты табамын десеңіз, биліктің қара құрдымына жоламаңыз. Одан аулақ жүріп ізденуге дағдыланыңыз. Революциялық мәні бар білімнің төрден орын алуы сирек, төрдегі орынды әдетте көпшілік
қабылдаған пайымға береді. Билік төрінен кімнің орын алатынын ескі тәртіп сақшылары анықтайды, олар қалыптасқан тәртіпке нұқсан келтіретін идеялар иесін, өздері бүлікші деп тапқан адамды биліктің төріне шығармақ түгілі, есігінің тұтқасын да ұстатпайды. Әрине, мұндай тәртіп сақшылары жақсыларды ғана емес, жамандарды да сүзгіден өткізіп, шеткері шығарып отырады. Давос экономикалық форумына шақырылмаған сарапшылардың бәрі данышпан емес қой. Сондықтан шеткері жүріп, асықпай ізденуге уақыт бөлгеніңіз жөн: әлемге түбегейлі өзгеріс әкелетін керемет идеяларды сонда ғана таба аласыз. Бірақ сол идеяларды негізсіз болжамдарға, қате құрылған модельдерге, ескі нанымдар, догмалар мен ақылға сыймайтын конспирологиялық теорияларға толған ортадан іздеп табуға тура келетінін ұмытпаңыз.
Басшылардың екіұдай күйде қалатыны да сондықтан: билік төрінде отырса, дүние туралы қате түсінікке бой алдыру қаупі бар. Шеткері шықса, қымбат уақыты бекерге кете ме деп қорқады. Уақыт өте бұл жағдай қиындай түседі. Алдағы жылдары жаһандық құбылыстардың әлдеқайда күрделі сипат алатыны анық. Жекелеген адамдардың, қатардағы азаматтар не билік басындағылар болсын, әлемнің бет-бейнесін өзгертетін жаңа технологиялық құрылғыларды, экономикалық, саяси процестерді танып-білуге деген қабілеті азаймаса, артпайды. Осыдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын Сократ айтқандай: «Мұндай жағдайда өз надандығымызды мойындаудан басқа амал жоқ».
Сонда мораль мен әділет қайда қалды? Дүниені танып біле алмасақ, дұрыс пен бұрысты, әділдік пен әділетсіздікті қалай ажыратамыз?
16-ТАРАУ
Әділдік
Әділдік ұғымын қайта қарау қажет шығар
Әділдік сезімінің (адамға тән басқа сезім түрлері сияқты) тамыры тереңде жатыр. Бойымыздағы адамгершілік сезімі миллиондаған жыл бойы жүрген эволюция нәтижесінде қалыптасқан. Ол шағын қауым болып өмір сүрген аңшы-терімшілерге түрлі әлеуметтік әрі этикалық түйткілдерді шешуге көмектесті. Бірге аңға шыққанда мен бұғы атып алсам, ал сіз құр қол келсеңіз, олжамды сізбен бөліскенім дұрыс па? Орманнан бір себет саңырауқұлақ теріп әкелдіңіз делік. Күшім асып тұрса, әкелгеніңізді түгел тартып алсам бола ма? Маған қастандық жасайтыныңызды білсем, өз өмірімді сақтап қалу үшін түнде келіп, сізді бауыздап өлтіруге құқығым бар ма1?
Адамның Африка саваннасын тастап, қалаға қоныс аударғанына біраз болды; бір қарағанда, содан бері көп өзгеріс бола қоймаған сияқты. Бүгінгі таңда әлем назарын аударып отырған мәселелер (Сириядағы азамат соғысы, әлеуметтік теңсіздік, климаттың өзгеруі), әлдеқайда ауқымды сипат алып шиеленісе түскенін санамағанда, ескіден келе жатқан мәселелер сияқты көрінеді. Алайда мұндай көзқарас алдамшы. Әрине, қандай да бір құбылыстың ауқымына, қарымына мән бермесе болмайды. Осы орайда әділдік тұрғысынан алып қарасақ, жалпы қай тұрғыдан алып қарасақ та, адамның қазіргі әлемде өмір сүруге бейімі жоқ.
Мәселе құндылықтарда емес. Зайырлы болсын, діни болсын, ХХІ ғасыр азаматтарының иек артатын құндылықтары аз емес. Бар қиындық – сол құндылықтарды күрделі процестер жүріп жатқан әлемде сақтай білуде. Мұнда сандарға назар аудармасақ болмайды. Аңшы-терімшілер дәуірінде қалыптасқан әділдік сезімі қоныстары жақын он шақты адам арасында туындаған қайшылықтарды реттеуге ыңғайлы еді. Енді бір емес, бірнеше құрлықты мекендеген миллиондаған адам арасындағы қатынастардың мәнін ашып беруге қазіргі адам бойындағы адамгершілік сезімінің қарымы жетпейді.
Әділдік әлдебір абстрактілі құндылықтардың болғанын ғана емес, сондай-ақ нақты жағдайларға қатысты себеп-салдар байланысын түсінуді қажет етеді. Бала-шағаңыз талғажау етсін деп теріп әкелген саңырауқұлақты сізден тартып алсам, содан еңбегіңіз зая кетіп, балаларыңыз аш қалса, бұл барып тұрған әділетсіздік. Бұған қиналмай-ақ көз жеткізуіңізге болады, өйткені бұл жағдайдағы себеп-салдар байланысы айқын. Өкінішке қарай, қазіргі заманда себеп пен салдарды дәл осылай оңай ажыратып білуге болмайды. Өзім қой аузынан шөп алмас, ешкімге зияным жоқ адам болсам да, солшыл бағыттағы қоғам белсенділері маған бәрібір Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Израиль әскері мен қоныстанушылардың сыбайласы деген айдар тағады. Ал социалистер мені үшінші әлем елдерінде еріксіз жұмысқа жегілген балалар еңбегінің жемісін көріп, бейберекет өмір сүріп жүрген біреу деп біледі. Жануарлардың құқықтарын қорғайтын қайраткерлер қазір адамзат тарихындағы ең ауыр қылмыстың жасалып жатқанын – адамның миллиондаған малды қорлап, қиянат көрсетуіне менің де қатысым бар екенін алға тартады.
Осының бәріне мен айыптымын ба? Бірден жауап беруге қиналып тұрмын. Күнделікті өмірім бір сөзбен айтып түсіндіруге болмайтын күрделі саяси-экономикалық байланыстарға тәуелді. Жаһанда болып жатқан құбылыстардың себеп-салдары да кісі түсінбейтіндей күрделі болып кеткен. Сондықтан: «Мына тамақ қайдан келді? Аяқкиімімді кім тікті? Зейнетақы қорына жиналған ақшам қалай жұмсалып жатыр?» – деген өте қарапайым сұрақтарға не дерімді білмеймін2.
ӨЗЕН СУЫН ДА ҰРЛАЙДЫ
Ертедегі аңшы-терімшілер қауымының мүшесі тамақтың қайдан келетінін білетін (ол күнделікті азығын өзі іздеп табатын), аяғындағы қайыс кебісті тіккен адамды танитын (сол адам жақын жерде ұйықтап жатқан біреу болса, танымай қайтсін), тіпті өз «зейнетақы қорының» жағдайын да жақсы түсінетін (сол замандағы адамның «зейнетақы қоры», қартайғандағы асыраушысы дегеніміз – көз алдында балшықпен ойнап отырған баласы еді). Сол аңшы-терімшіге қарағанда, мен әлдеқайда аз біледі екенмін. Бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізіп, өзім дауыс берген үкімет әлемнің шалғай түпкіріндегі бір диктаторға қару-жарақты астыртын сатып жатқанын анықтауым мүмкін. Алайда осындай ізденіске берілемін деп жүргенімде, бұдан маңыздырақ жаңалықтардан қапы қалуым ықтимал: мысалы, бүгін түсте жеген жұмыртқаны туған тауықтың аман-есен қалған-қалмағанын сол күйі білмей кетуім ғажап емес.
Жалпы, қазіргі жүйе «аз білсең, тыныш ұйықтайсың» деген қағидаға құрылған; аз білгендер қиналмайды, ақиқатқа жетемін деп күш-жігер салатындар қиналады. Жаһандық экономикалық жүйе маған білдірмей, менің атымнан ұрлық жасауын қояр емес. Сонда мен ұрлықтан қалай аулақ жүремін? Әрекеттің салдарын (ұрлық жасауға болмайды, өйткені одан жапа шегетіндер бар) бағаласаңыз да, адамгершіліктің императивті қағидаларына (Жаратушы ұрлыққа тыйым салған) адал болсаңыз да, жағдай өзгермейді. Күн өткен сайын өзіміздің не істеп, не қойғанымызды аңғару қиындауда.
«Ұрлық жасама» деген өсиет адамдар ұрлықты – біреудің меншігін өз қолыңмен алып алу деп түсінген заманда пайда болған. Ал қазір ұрлық туралы сөз қозғағанда мүлде басқа жайттарды айтады. Мысалы, мен бір ірі мұнай-химия компаниясының акцияларына 10 000 доллар инвестиция салып, жыл сайын 5% мөлшерінде дивиденд алып тұратын болдым дейік. Компания қызмет барысында қоршаған ортаға келтірген залалдың орнын толтырмайды, сондықтан көп пайда табады. Іргедегі өзенге зиянды қалдықтар тастайтын бұл компания өңірдегі су көзін ластағанына, адам денсаулығына, табиғатқа нұқсан келтіріп жатқанына түк те алаңдамайды. Қалтасы қалың, сондықтан біреу одан залалды өтеуді талап етсе, өзін қорғау үшін ең мықты деген заңгерлерді жұмылдыруға дайын. Табиғат қорғау саласындағы заң талаптарын қатаңдату жөнінде бастама көтергендерге айдап салатын лоббистері де бар.
Осы компанияға «өзен суын ұрлап жатыр» деген айып тағуға бола ма? Ал мені айыптауға бола ма? Өмірімде біреудің үйіне түсіп, ақшасын ұрлап көргенім жоқ. Аталған компанияның нақты қандай жолмен табыс табатынын да білмеймін. Онда акцияларым бар екені де есімнен шығып кетіпті. Сонда мен ұрлықшымын ба? Осындайда қажетті барлық фактілерден хабардар болмасақ, адамшылықтан аттамай әрекет ете аламыз ба?
Кейбіреулер мұндай қайшылыққа ұрынбаудың бір жолы ретінде «ізгі ниет» ұстанымын басшылыққа алады. Менің тындырғаным емес, істі қандай ниетпен бастағаным маңызды. Алайда қазіргі әлемде оқшау өрбитін құбылыстың жоқ екенін, бәрі өзара байланысты, бір-біріне әсері бар екенін есте сақтаған жөн. Мұндай жағдайда адамгершіліктің басты императиві – шындықты танып-білу. Адамзат тарихындағы аса ауыр қылмыстар – өшпенділік пен жауыздықтың, әсіресе надандық пен енжарлыққа бой алдырудың салдарынан болған. Сүйкімді ағылшын ханымдары Африка мен Кариб аралдары аймағына аяқ баспаса да, Лондон қор биржасында акциялар мен облигациялар сатып алу арқылы Атлантикадағы құл саудасын қаржыландыруға үлес қосып отырған. Бұл бикештер күндізгі төрт шамасында ішетін шайына аппақ қардай шақпақ қант қосатын. Сол қанттың плантацияларда, адам төзгісіз жағдайда өндірілетіні олардың ойына да келмеген.
1930 жылдардың соңында Германиядағы жергілікті пошта бөлімшесінің жетекшісін – қарамағындағылардың қамын ойлайтын басшы, жоғалып кеткен сәлемдемелерді келушілермен бірге жүріп іздеуден бас тартпайтын, адал азамат деуге болатын. Ол жұмысқа бәрінен ерте келіп, кеш қайтатын; қар жауып, боран соғып тұрса да хаттардың уақытылы жеткізілуін қадағалап отыратын. Алайда жұмысы тиянақты әрі қонақжай бұл пошта бөлімшесі – нацистік саяси режим құрған ақпараттық жүйенің маңызды элементі болған. Нәсілшілдік үгіт-насихат, азаматтарды әскер қатарына шақыру қағаздары, жергілікті СС бөліміне арналған бұйрықтар – бәрі пошта арқылы таратылатын. Шындықты білуге шын талпынбағандардың ниетін адал деуге келмес.
Осы бір «шын талпыну» деген сөзді қалай түсіну керек? Пошта қызметкерлері қолына түскен хаттардың барлығын ашып тексеруі қажет пе? Сол хаттардың ішінен үкіметтің үгіт-насихат материалдары табылса, жұмыстан шығып кетуі немесе наразылық білдіруі керек пе? Қазір адамгершілік қағидаларын басшылыққа ала отырып, 1930 жылдардағы фашистік Германияның саясатына айқын баға беру оңай, өйткені біз сол кезеңдегі сүрлеудің қайда апарғанын білеміз. Адам әдетте өтіп кеткен жайтқа ғана осындай айқын баға бере алады. Аңшы-терімші болған арғы бабаларымыздан қалған ойлау жүйесі көз алдымызда өрбіп жатқан күрделі жаһандық құбылыстарды қорытуға дәрменсіз болып қалды, оны мойындау қажет.
Бүгінгі таңда әлемдегі әділетсіздік атаулының дені жекелеген адамдардың жалған сенімдерінен емес, жүйелік сипат алған ауытқулар мен теріс түсініктердің ықпалынан туындаған. Аңшы-терімші бабаларымыздан қалған ойлау құрылымы осындай жүйелік ауытқуларды танып-білуге дағдыланбаған. Рас, кейбір теріс түсініктердің қалыптасуына біздің қатысымыз бар, бірақ солардың бәрін ашып көрсетуге уақытымыз да жоқ, күшіміз де жетпейді. Осы кітапты жазу барысында, бұған өзімнің де көзім жетті. Жаһандық проблемалар туралы сөз қозғағанымда, тұрмысы нашар топтардың емес, элита өкілдерінің көзқарасына баса назар аударуға бейім екенімді байқадым. Элита өкілдерінің айтқанына бәрі құлақ асады, сондықтан олардың ұстанымын елеусіз қалдыру мүмкін емес. Ал мұқтаждық көрген әлсіз топтардың үні әдетте естілмейді, олардың ұмыт қалатыны да осыдан. Бұл біздің оларға әдейі жамандық ойлағанымыздан емес, селқостық танытуымыздан.
Мәселен, мен Тасмания аборигендерінің дүниетанымы, олардың бастан кешіп жүрген қиындықтары туралы ештеңе айта алмаймын. Осындай білместігімнің кесірінен алдыңғы кітабымда Тасманияда аборигендер қалмады, Еуропадан қоныс аударғандар олардың көзін құртты деп топшылағанмын. Шындығында, Тасманияда қазір өзін аборигендердің ұрпағымын деп санайтын бірнеше мың адам өмір сүреді екен. Олардың даралық сипатына байланысты көретін қиындықтары да аз емес, солардың бірі – қатардағы азаматтарды былай қойғанда, кей көзі ашық ғалымдардың халықтың осы тобын бар деп мойындамауы.
Өзіңіз осы сияқты әлсіз топ өкілі, оның мұң-мұқтажын, көзқарасын жақсы білетіндердің бірі болуыңыз мүмкін. Дегенмен бұл «сіз басқа мұқтаж топтардың көзқарасын түсінесіз» деген сөз емес. Өйткені әр топтың, шағын қауымның өз алдына бөлек проблемалары бар: олардың күнделікті өмірде тап болатын кедергілері де әртүрлі. Оларға қатысты қолданылатын екі түрлі стандарттар, тіл тигізу, жәбір көрсету, кемсіту әдістері бірдей емес. Отыз жастағы афроамерикалық ер адам елдегі өзі сияқты қаранәсілді азаматтардың жағдайын жақсы біледі. Бірақ оның өмірлік тәжірибесіне қарап, ол, мысалы, қаранәсілді әйелдердің, Болгариядағы сығандардың, Ресейдегі зағип жандардың, не болмаса, Қытайдағы лесбиандардың қандай күйде екенін айтып бере алады дегеніміз ағаттық.
Ержетіп келе жатқан афроамерикалық ұл баланы көшеде полиция еш себепсіз тоқтатып, үстін тінтіп тексеріп шығатын. Мұндай оқиға жиі болатын. Қытайда тұратын лесбианды ешкім, ешқашан бұлай тексермеген. Қаранәсілділер тұратын ауданда өмірге келген бала өзіне ұқсас адамдар ортасында өсетін, өз елінде афроамерикалық болып күн көруді, жетістікке жетуді айналасындағылардан үйренетін. Ал Қытайдағы лесбиан өзі сияқты лесбиандар отбасында, лесбиандар қоныстанған ауданда дүниеге келмейді, оның жанында өмірге қажетті дағдыларды үйрететін ешкім болмаған да шығар. Сондықтан Балтиморда туып өскен қаранәсілді азамат Ханчжоудағы лесбиандардың жағдайын оңайлықпен түсіне алмас.
Бұрынғы дәуірлерде мұндай сұраққа ешкім мән бермеген, өйткені адам әлемнің басқа түкпірінде азап шегіп жатқан халықтың болашағына жауап бермейтін. Ол кезде өмірде жолы болмаған көршіңізге жаныңыз ашып, көңіл білдіргеніңіздің өзі жеткілікті еді. Алайда қазір климаттың өзгеруі, жасанды интеллект сияқты мәселелер төңірегінде жаһандық деңгейде жүріп жатқан пікірталастың, қайда тұрып жатқанымызға қарамастан (Тасмания, Ханчжоу не Балтимор болсын), бәрімізге ықпалы бар. Сол себепті барлығымыздың көзқарасымызды ескеру қажет. Бұл, жалпы, мүмкін бе? Өмірлері, мүдделері тоғысқан мыңдаған адам топтарының арасындағы өзара байланыстарды түсіну бұл дүниеде кімнің қолынан келеді3?
МӘСЕЛЕГЕ ЖЕҢІЛ ҚАРАУ НЕМЕСЕ ОНЫ МОЙЫНДАМАУ
Шын қалаған күннің өзінде, қазіргі заманның маңызды деген моральдық проблемаларын түсінуге көпшілігіміз шамасыз болып қалдық. Адам, мысалы, екі не жиырма аңшы-терімші немесе іргелес екі ру-тайпа арасындағы қарым-қаныстарды ұғынып, мәнісін түсіне алады. Алайда бірнеше миллион сириялықтың, жарты миллиард еуропалықтың, жалпы, ғаламшарымызды мекендеген өзара байланысқан барлық адам топтары арасындағы қатынастарды зерделеуге оның қабілеті жетпейді.
Осындай моральдық қайшылықтарды жете ұғынып, оларға баға беру үшін адам әдетте мынадай төрт әдістің біреуіне жүгінеді. Біріншісі – мәселеге жеңіл қарау, ауқымын азайтып көрсету. Мысалы,
Сириядағы соғыстың қалай жүргенін оны бір-біріне қарсы шыққан екі аңшы-терімші (біреуі – Асад режимі болса, екіншісі – көтерілісшілер) арасындағы қақтығысқа ұқсатып, біреуін жаман, басқасын жақсы деп түсіндіруге болады. Сонда бұл соғыстың күрделі тарихи алғышарттары еленбей қалып, оның өрбуі қарапайым да анық сценарий негізінде көрсетіледі4.
Екінші әдіс – соғыс туралы жалпы түсінік беру үшін елдің ет жүрегін елжірететін бір әсерлі оқиға айтып беру. Соғыстың бар азабы мен ауыртпалығын көрсетемін деп, статистикалық деректер мен нақты мәліметтер көмегімен адам көңілін аулау қиын. Ал енді соғыс аймағында қалған бір баланың тағдыры туралы айтып берсеңіз, тыңдарманның көзіне жас алғанын, қаны қайнап ыза болғанын, жалған болса да, адамгершілік тұрғысынан бір айқын байламға келгенін байқайсыз5. Мұны көптеген қайырымдылық ұйымдары бұрын-ақ аңғарған. Осыған жарқын мысал бола алатын бір тәжірибе жасап, адамдардан Малиде тұратын жеті жасар Рокия атты кедей қызға ақшалай көмек беруді өтінеді. Қыз туралы естіген адамдар көңілі босап, ақшасын аямапты. Рокияның хал-жайымен қоса, Африкадағы кедейлік сияқты әлдеқайда ауқымды мәселе туралы сөз қозғап, статистикалық мәліметтер келтіргенде, адамдар көмектесуге құлық танытпаған. Бұдан басқа бір зерттеуге қатысқандардан науқасқа шалдыққан бір сәбиге немесе ауырып жатқан сегіз балаға ақшалай көмек көрсетуді сұрайды. Сонда ауырып жатқан жалғыз сәбиге әлдеқайда көп ақша жиналған екен6.
Күрделі моральдық қайшылықтарды шешудің үшінші әдісі – конспирологиялық теориялар ұсыну. Әлемдік экономикалық жүйе қалай жұмыс істейді, ол жақсы ма, әлде жаман ба? Бұл сұраққа бірден жауап беру қиын. Жауап іздеп бас қатырудың орнына, «күллі әлемді жиырма шақты миллиардер ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр; бұқаралық ақпарат құралдарын бақылап, қалтасын толтыру мақсатында жан-жақта соғыс отын тұтатып, ел мен елді бір-біріне айдап салып отырған да осылар» деп айта салған әлдеқайда оңай ғой. Мұндай әңгіме біреудің бос қиялы ғана. Қазіргі жаһандық құбылыстардың күрделі болып кеткені соншалық – оларды әділдік тұрғысынан болсын, басқара білу тұрғысынан болсын зерделеп, жөнге салу мүмкін емес. Аталған миллиардерлер де, АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы да, тіпті масондар мен Сион данышпандары да әлемде не болып жатқанын дөп басып айта алмайды. Қазір жаһандық құбылыстарға ойдағыдай ықпал ету ешкімнің қолынан келмейді7.
Аталған үш әдіс әлемнің күрделі екенін, оның қайшылықтарға толы екенін елеусіз қалдырғандай. Соңғы, төртінші әдіс – догма құру, яғни жалпыға мәлім делінген қандай да бір теорияға, ұйымға не жетекшіге шүбәсіз сену, оған күмән келтірмей соңынан еру. Ғылым-білім үстемдік құрған қазіргі заманда діни және идеологиялық догмаларға елігіп, мойынсұнғандар көп. Себебі ол догмалар көз көріп тұрған ащы шындықтан қашып құтылып, бас сауғалауға болатын пана іспеттес. Бұдан бұрын атап өткеніміздей, догмаларға бой алдырған зайырлы қозғалыстар да баршылық. Діни догмаларды түгел теріске шығарып, білім-ғылым қуып, шындық іздеуге бел байласаңыз да, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір кезде өмір шындығына төзе алмай, ешкім күмән келтіре алмайтын өз теорияңызды ойлап табуыңыз мүмкін. Мұндай теорияларға сенген көзі ашық адамның жаны жай табады, ол адамгершілік мәселелеріне қатысты айқын ұстанымға келеді. Алайда бұл теориялардың дұрыс әрі әділ болуы екіталай.
Сонда не істеу керек? Либералдық догмаларды басшылыққа алып, жекелеген сайлаушылар мен тұтынушылар шығарған тұжырымдарға сенгеніміз дұрыс па? Әлде еркін ойлап, дербес ұстанымға сүйенудің орнына, бұрынғы өркениеттерге ұқсап, дүниені бірлесе танып-білуде қауымға басымдық беру керек пе? Осылай істесек, жекелеген адамдардың надандығынан құтыламыз деп жалған наным-сенімге мойынсұнған топтық ойлау қаупіне ұрынып, бәлеге қаламыз. Аңшы-терімшілер тайпалары, ауыл қауымы, тіпті қала ішіндегі ықшам аудандар ортақ мәселелерді шешу жолында ой, күш біріктіруі мүмкін. Біз болсақ, қазір жаһандық сипат алған проблемаларды бастан кешіп отырмыз, бірақ ой біріктіруге жағдай жасайтын жаһандық қауымдастығымыз жоқ. Мұндай қауымдастықты Facebook те, ұлтшыл топтар да, тіпті дін де құрып бере алмайды. Ру-тайпаға, топ-топқа бөлінген адамдар жаһандық үрдістерді танып білуге емес, жеке мүдделерін ілгерілетуге тырысып бағуда. Америкалықтарды, қытайларды, мұсылмандар мен индуистерді жеке алып «жаһандық қауымдастық» деп атау қателік. Сондықтан жеке бір адамдар тобының түсінігі нанымды болмайды.
Олай болса, шарасыздыққа көніп, ақиқат пен әділдік жолындағы ізденістің бекер болғанын мойындау ғана қалды ма? Адамзаттың «жалған шындық» дәуіріне аяқ басқаны ма?
17-ТАРАУ
Жалған шындық
Кейбір жалған ақпарат ел есінде ұзақ сақталады
Соңғы кездері теріс мәлімет пен өтірік ақпаратқа толы «жалған шындық» дәуірінде өмір сүріп жүрміз дегенді жиі естиміз. Бұған дәлел болатын мысал да жетіп артылады. Мәселен, 2014 жылғы ақпан айының соңында айрықша әскери белгілері жоқ бірнеше ресейлік арнайы жасақ Украина аумағына еніп, Қырымның маңызды нысандарын басып алған. Ресей үкіметі және президент Путин аталған жасақтардың Ресей әскерилері болғанын жоққа шығарып, олардың өз бетімен құрылған, ресейлік әскерилерге ұқсас етіп жасақталған «өзін-өзі қорғау топтары» екенін алға тартты1. Осындай қисынсыз мәлімдеме жасаған Путин де, оның көмекшілері де өздерінің жалған айтқанын білмеді емес, білді.
Ресей ұлтшылдары мұндай жалған сөз ұлы ақиқатқа жету жолында айтылған деп ақталуы мүмкін. Ресейдің жүргізгені – әділ соғыс; игі мақсат жолында адам өлімі болғанын ешкім айыптамайды, олай болса жалған сөйлегендер де айыпты болмайды. Осы орайда Украина аумағына басып кіру киелі орыс халқын аман сақтап қалу мақсатын көздеген делінеді. Орыс халқының мифтерінде Ресейдің қас дұшпандардың шапқыншылығына төтеп беріп, мыңдаған жыл бойы тұтастығын
сақтай білген қасиетті мекен екені айтылады. Бұл елді моңғолдар, поляктар, шведтер, Наполеон, сондай-ақ Гитлер талқандауға, аумағында Украина сияқты «жасанды мемлекеттер» құрып, бөлшектеп жіберуге ұмтылған. 1990 жылдары мұндай жоспарды НАТО, АҚШ және Еуроодақ жүзеге асыруға әрекеттенген. Ресей ұлтшылдарының көбі «Украина Ресейден бөлек ел» дегеннің өзін үлкен өтірік деп біледі. Ал Ресей жерін қайта біріктіріп, халқын топтастыруды өзіне киелі міндет санаған Путиннің сөзін ешкім сынға алмас.
Украина азаматтары, сырттай бақылаушылар мен кәсіби тарихшылар жоғарыда берілген түсініктемені «өтіріктің көкесі», Ресейдің өз ұстанымын ақтап шығу үшін қолданатын сансыз жалған тұжырымдардың бірі ғана деп қабылдауы мүмкін. Украинаны өз алдына бөлек тәуелсіз ел деп мойындамау – тарихи фактілерді (мысалы, Ресейдің біртұтас ел болған кезеңін мың жылға тең десек, соның ішінде Киев пен Мәскеудің бір ел құрамында үш жүз-ақ жыл болғанын) елемеумен бірдей. Бұл, сондай-ақ халықаралық құқық қағидаларына, Ресей қол қойған халықаралық шарттардың талаптарына, соның ішінде Украинаның егемендігі мен шекараларының мызғымастығына кепілдік берген шарт талаптарына қайшы. Ең бастысы, мұндай тұжырымдар миллиондаған украиндердің өз елі туралы түсінігін мүлде елемейді. Сөз болып отырған халықтың өзінен жөн сұрауға да болады ғой.
Дүниежүзінде жасанды мемлекеттердің бар екенін украин ұлтшылдары да, орыс ұлтшылдары да дауламайды. Олардың бұл сұраққа қатысты ойы бір жерден шығады десе де болады. Алайда украиндер өз елін жасанды мемлекет деп ешқашан мойындамайды. Олардың жасанды мемлекет деп отырғаны – Луганск Халық Республикасы мен Донецк Халық Республикасы. Бұларды Ресей Украинаға басып кіруін бүркемелеу үшін өзі құрып алған2.
Қай жақты қолдасаңыз да, қазір жалған шындық үстемдік құрған бір сұмдық кезеңді бастан кешіп отырғанымыз өтірік емес. Бұл кезеңде жекелеген әскери қақтығыстар ғана емес, тұтас бір елдің тарихы, жалпы сол елдің бар екені жалған болып қалатын шығар. Олай болса, нағыз шындық дәуірі қашан болды? 1980 жылдары ма? Әлде 1950, 1930 жылдарда ма? Біздің жалған шындық дәуіріне көшкенімізге не себеп? Интернет пе, әлеуметтік желілер ме? Әлде оған кезінде Путин мен Трамптың билікке келуі түрткі болды ма?
Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, үгіт-насихат пен жалған ақпарат таратудың жақында пайда болған құбылыс емес екеніне көз жеткіземіз. Тіпті тұтас бір халықтың, мемлекеттің болғанын жоққа шығарудың, жасанды мемлекет құрудың бұрыннан келе жатқан тарихы бар. 1931 жылы Жапония өзіне шабуыл жасады деген желеумен Қытайға басып кіріп, сол елдің жаулап алынған аймақтарындағы өктемдігін заңдастыру үшін Маньчжоу-го қуыршақ мемлекетін құрады. Қытайдың өзі Тибет деген тәуелсіз елдің бар екенін бұрыннан мойындамай келеді. Британия Австралияда жүргізген қоныстандыру саясатын ақтау үшін terra nullіus (лат. – иесіз жер) доктринасына жүгініп, байырғы халықтың елу мың жылдық тарихын өшіріп тастағандай болды.
ХХ ғасырдың басында сионистер арасында «жері жоқ халық (еврейлер) халқы жоқ жерге (Палестинаға) оралсын» деген ұран кең таралған. Сөз болып отырған жерде арабтардың тұратыны әдейі елеусіз қалдырылды. 1969 жылы Израильдің премьер-министрі Голда Меир палестиналықтар деген халық жоқ, болмаған да деген батыл мәлімдеме жасаған. Сол «жоқ халыққа» қарсы қарулы күрестің жүріп жатқанына ондаған жыл болса да, осындай көзқарас ұстанатындар әлі де көп. Мысалы, 2016 жылғы ақпанда Кнессет мүшесі Анат Берко депутаттар алдында сөйлеген сөзінде палестиналықтар деген халықтың бар екеніне күмән келтірді. Сондағы ұсынған дәлелі «араб тілінде п әрпі жоқ, олай болса палестиналық деген сөз қайдан шықты?» дегенге сайып келді. Араб тіліндегі ф әрпі басқа тілге аударылғанда п болып оқылады, сондықтан Палестинаны арабтар «Фаластин» дейді.
ЖАЛҒАН ШЫНДЫҚҚА ҮЙРЕНГЕН ТІРШІЛІК ИЕЛЕРІ
Шын мәнінде адам баласы о бастан жалған шындық дәуірінде өмір сүріп келеді. Homo sapіens – жалған шындыққа еті үйренген тіршілік иесі, оның күш-қуаты миф ойлап табуға, соған сенуге байланысты. Тас дәуірінен бері миф адамдарды топтастырушы күш қызметін атқаруда. Рас, Homo sapіens бұл ғаламшарды, бәрінен бұрын, мифтер ойлап табуының және оларды тарата білу қабілетінің арқасында өзіне бағындыра білді. Адам ойдан түрлі әңгімелер шығарып, оларды жан-жаққа таратып, қалың бұқараны сендіру арқылы бейтаныс біреулермен ынтымақтастық орната алатын жалғыз сүтқоректі шығар. Бәріміз сол бір мифке сеніп отырғанша, бірдей заңдарға бағынып, бірігіп тиімді іс тындыра аламыз.
Жалған шындық дәуірінің басталуын Facebook-тің пайда болуымен, Трамптың не Путиннің атымен байланыстыратындарға айтарым: осыдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген миллиондаған христиандардың өздері сенген мифтерге, Библияда жазылған сөзге күмән келтіруге батылы бармағанын, ал мұсылмандардың Құранға әбден иланғанын еске алсаңыз қайтеді? Мыңдаған жыл бойына адам небір тылсым ғажайыптар, періштелер, жын-перілер мен мыстан кемпірлер туралы әңгімелерді «жаңалық» пен «нақты дерек» ретінде қабылдаған. Хауа ананы жылан кейпіндегі Ібіліс азғырғаны, дінсіздердің жаны тозақ отына түсетіні, ғаламды жаратушы брахман мен төменгі каста өкілі арасындағы некені құп көрмейтіні туралы нақты ғылыми дәлелдер жоқ. Соған қарамастан, осы айтылғандарға миллиондаған адам сенеді. Кей жалған ақпараттың ғұмыры ұзақ болады дегеніміз – осы.
Дін мен жалған ақпаратты барабар ұғымдар деп көрсеткеніме көп адамның наразы болатынын білемін. Алайда менің айтайын дегенім де осы. Тарап кеткен теріс мәліметке мың адам бір ай бойы сенсе, оны жалған ақпарат дейміз. Ал енді оған миллиондаған адам бір ай емес, мыңдаған жылдар бойы сеніп келсе, оны дін дейді; дінге сенгендердің сезімін қорламау, ашу-ызасын тудырмау үшін оны «жалған ақпарат» деуге болмайды деп күні бұрын ескертіп қояды. Айта кетерлігі, мен бұл жерде діннің қажеттілігін, оған бет бұрудың сауабын жоққа шығарып отырғаным жоқ. Қайта керісінше, жаман болсын, жақсы болсын, миф адамзат ойлап тапқан ең тиімді құралдардың бірі. Діни нанымдар көп адамның басын біріктіре алады. Олар адамға әскер құрып, түрме салумен қатар емхана, мектеп, көпір тұрғызуға түрткі болатын күш сияқты. Адам ата мен Хауа ана мүлде болмаған, ал Шартр соборы бар, ол әлі де керемет қалпында. Библияда жазылғанның көбіне сенуге болмаса да, бұл киелі кітапты (өмірде болмаған адамдар мен оқиғалар туралы сыр шертетін «Дон Кихот», «Соғыс және бейбітшілік», Гарри Поттер туралы кітаптар сериясы сияқты танымал көркем әдебиет туындыларын) оқыған миллиондаған адам жаны жай тауып, бойында мейірімділік, батылдық сезімі оянып, жасампаз істерге ұмтылады.
Сонда да «Библияны несіне Гарри Поттер жайлы кітаптармен салыстырған» деп айтатын өкпелі жұрт табылар. Ғылым-білімге жақын христиан болсаңыз, Библия мәтінінде ұшырасатын қателер, мифтер мен сәйкессіздіктерді түсіндіріп беруге қабілетіңіз жетеді: ақыл-кеңесіңізге жүгінген адамға «бұл киелі кітапты нақты деректер жиынтығы ретінде оқуға болмайды, оны терең ойға толы метафоралық мәні бар сөз деп білу керек» дейсіз. Олай болса, Гарри Поттер туралы кітаптарды да осылай сипаттап беруге не кедергі?
Христиан фундаменталисі болсаңыз, Библияның әр сөзін ақиқат деп білуіңіз әбден мүмкін. Жақсы, бір сәтке болса да сіздікі дұрыс, Библия – құдіретті бір Құдайдың сөзі, онда жазылғанның бәрі шүбәсіз шындық делік. Солай десек, Құран, Талмуд, Мормон кітабы, Ведалар, Авеста мен ежелгі Мысырдың «Өлілер кітабын» не дейміз? Бұларды адамның (не болмаса жын-перілердің) ойдан шығарып жазған мәтіндері деп айтасыз ба? Ал Рим императорлары Август пен Клавдийдің құдай санатында болғанына қалай қарайсыз? Рим Сенаты өзін адамды құдай етіп жариялап, империя азаматтарын сол құдайға табынуға міндеттеуге өкілетті деп санаған. Осыны да миф деуге бола ма? Шындығында, өзі туралы мифті жоққа шығарған жалған құдай туралы кем дегенде бір тарихи мысал келтіре аламыз. Бұрын атап өткеніміздей, 1930 және 1940 жылдардың басында жапон милитаристері император Хирохитоны жердегі құдай санап, оған қалтқысыз сеніп табынған. Жапония соғыста тізе бүкеннен кейін, Хирохито халыққа арнап сөйлеген сөзінде өзінің құдай емес екенін айтады.
Сонымен, Библияны Құдайдың шын сөзі деп танысақ, мыңдаған жыл бойы мифтерге сеніп келген миллиондаған индуистер, мұсылмандар, еврейлер, мысырлықтар, римдіктер мен жапондықтарды қайтеміз? Осы ретте мифтерді түкке тұрмайтын, зардабы көп дүние деп отырғаным жоқ. Көркем де керемет мифтердің жігерлендіруші қасиеті болатыны рас.
Әрине, діни мифтердің бәрінен бірдей тәлім-тәрбие ала алмаймыз. 1255 жылғы 29 тамызда Англияның Линкольн қаласында құдықтан Хью атты тоғыз жасар баланың денесі табылады. Сол кезде Facebook пен Twіtter сияқты әлеуметтік желілер болмағанның өзінде, баланың өліміне еврейлер кінәлі, бұл жоралғылық өлтіру деген қауесет тез тарап кеткен. Осы оқиға төңірегінде алыпқашпа әңгіме көбейді; ал сол заманның ең танымал жылнамашысы болған Мэтью Парис Англияның түкпір-түкпірінен келген еврейлердің Линкольн қаласына жиналғаны, әлгі байқұс баланы ұрлап алып қамауда ұстағаны, кейін қинап, креске керіп өлтіргені туралы егжей-тегжейлі хабар жазып берген. Қылмысқа жауапты делінген он тоғыз еврей сотталып, өлім жазасына кесілді. Англияның басқа қалаларындағы еврейлер де осындай жала жабудың құрбанына айналды. Оларды қуғынға ұшыратып, тұтас еврей қауымдарын қырып-жойған еді. Ақырында, 1290 жылы еврейлер Англиядан түгел қуылған болатын3.
Бәле мұнымен бітпеген екен. Еврейлер Англиядан қуылғаннан кейін арада бір ғасыр өткенде, ағылшын әдебиетінің атасы саналатын ақын Джеффри Чосер «Кентерберий әңгімелері» атты шығармасына адам өлтірді деп жала жабылғандар туралы баяндайтын «Аббатиса хикаясын» қосады. Бұл хикая Линкольндегі Хью атты баланың өлімі туралы оқиға желісімен жазылған. Хикая соңында еврейлерді дарға асады. Адамға осындай сұмдық жала жабу – ортағасырлық Испаниядан бастап, жаңа замандағы Ресейде кең етек алған антисемиттік қозғалыстардың үйреншікті құралына айналған. 2016 жылы «Хиллари Клинтон бала ұрлап, оларды сексуалдық құлдыққа тартатын қылмыстық топты басқарады, балаларды әйгілі бір пиццерияның жертөлесінде еріксіз қамауда ұстайды екен» деген жалған хабар шығады. Сол хабар ертедегідей адамға жала жауып, ол туралы теріс мәлімет тарату науқанын елестеткендей болды. Президент сайлауына қатысқан Клинтонның абыройына дақ түсіруді көздеген бұл дақпыртқа сенген америкалықтар аз болмады. Тіпті біреу қолына қару алып, әлгі
пиццерияға өзі барып, жертөлеге түсіп көруді талап етеді (сөйтсе, ол пиццерияның жертөлесі де жоқ екен)4.
Линкольнде тұрған Хью атты баланың анығында қалай көз жұмғанын ешкім білмейді. Баланы Линкольн соборында жерлеп, әулие деп қадір тұтатын болды. Еврейлердің Англиядан қуылғанына бірнеше ғасыр өтсе де, баланың мүрдесіне келіп табынатындар саны азаймады5. Бала өліміне кінәлі деп жала жабылып, жазықсыз жазаланған адамдар Холокостың аяқталғанына он жыл толғанда – 1955 жылы ғана ақталды. Линкольн соборында, Хью жатқан жерде мынадай жазбасы бар тақтайша пайда болды:
Ортағасырларда, тіпті бертін келе Еуропада «еврейлер христиан ұл балаларын ұрлап, өлтіреді» деген дақпырт кең тараған. «Жоралғылық өлтірулер» туралы мұндай алыпқашпа әңгімелер кесірінен көп еврей өмірінен айырылды. Осы орайда, Линкольн қаласының да өз аңыз оқиғасы бар. Сол аңызда сөз болған құрбан жан осы соборда 1255 жылы жерленген. Мұндай оқиғалар христиан әлеміне абырой әпермейді.6
Байқап қарасақ, кей жалған ақпаратқа өмір бойы болмаса да жеті ғасыр бойы сенеді екенбіз.
БІР РЕТ ЖАЛҒАН СӨЙЛЕСЕҢ, САҒАН ҮНЕМІ СЕНЕДІ
Адамдарды аңыз әңгімелер көмегімен ортақ іске жұмылдыра білген көне діндер ғана емес. Бертін келе әр ел өзінің бірегей мифологиясын жасап шықты, ал коммунизм, фашизм және либерализм сияқты қозғалыстар өзіне тән идеологиясын айқындап алды. Нацистік үгіт-насихат жүйесінің тізгінін ұстаған Йозеф Геббельсті өз заманының бұқаралық ақпарат құралдары саласының қас шебері деуге болады. Ол өзі қолданған әдістерді былай түсіндіріп берген деседі: «Бір рет айтылған өтірік – өтірік болып қалады. Мың рет қайталап айтқан өтірік шындыққа айналады»7. «Майн кампф» атты еңбегінде Гитлер: «Үздік үгіт-насихат әдісінің жемісін көремін десеңіз, мына бір ең маңызды қағиданы үнемі есте сақтаңыз: таратылатын ақпарат бірнеше қарапайым тұжырымнан құралуға тиіс, сол тұжырымдарды қайта-қайта айтудан жалықпау керек»8. Қазір жалған хабар таратып жүргендердің бұған не алып-қосары бар екен?
Кеңестік үгіт-насихат «шындық атаулыны» өз білгенінше өзгерту мүмкіндігін қалт жібермейтін: тарих қайта жазылатын; соғыстар тарихына ғана емес, тіпті жекелеген фотосуреттерге түзетулер енгізілетін. 1936 жылғы 29 маусымда Кеңес Одағы Коммунистік партиясының ресми басылымы – «Правда» (иә, «Шындық» деп аталған) газетінің бірінші бетіне Сталиннің Геля Маркизова атты жеті жасар қызды құшақтап тұрған суреті шықты. Бұл сурет Сталинді «халықтар әкесі» деп дәріптегендер үшін икона іспетті көркем бейнеге айналып, «Кеңес Одағы балаларының балалық шағы бақытты» екенін аңғартқандай болды. Елдегі баспаханалар мен фабрикалар сол бір көрініс бейнеленген миллондаған плакат, мүсін мен мозаика жасап шығара бастады. Әлгі суретті Кеңес Одағының түкпір-түкпіріндегі мемлекеттік мекемелерден көруге болатын. Нәресте Исаны ұстаған Құдай ана иконасы жоқ православ шіркеуін көзге елестету қиын, сол сияқты Кеңес Одағының әрбір мектебінде кішкентай Геляны құшақтап тұрған Сталиннің де портреті тұруы керек еді.
Алайда сол кезде танымал болу адамның қуғын-сүргіннен, сталиндік террордан аман қалуына кепілдік бермеді. Бір жыл өткен соң Геляның әкесі жапон тыңшысы әрі троцкист болған деген жаламен тұтқындалып, 1938 жылы атылды. Геля анасымен бірге Қазақстанға жер аударылды, көп ұзамай қыз анасынан да айырылды. Анасының неден қайтыс болғаны әлі күнге дейін құпия. Халықтар көсемімен бірге тұрған «халық жауының» қызы бейнеленген суретті енді не істейміз деген сұрақ туындады. Шешім тез табылды. Сол кезден бастап суретте Геля Маркизова емес, мақта теруден озат атанып, Ленин орденімен марапатталған Мамлакат Нахангова атты он үш жасар тәжік қызы бейнеленген деген ресми нұсқа тарады (суреттегі қыздың он үш жасар балаға ұқсамайтынын байқаған адам болса да, оны дауыстап айтуға ешкімнің батылы бармады)9.
Кеңестік үгіт-насихат жүйесінің нәтижелі болғаны сонша – ол елде болып жатқан жантүршігерлік жайттар туралы шындықты жасырып, шетелдіктер арасында Кеңес Одағының утопиялық образын
қалыптастыра білді. Бүгінгі таңда украиндіктер Ресейдің Қырым мен Донбасстағы әрекеті туралы шындықты білгісі келген Батыс бұқаралық ақпарат құралдарын Путин ойдағыдай жаңылыстыра білді деп қынжылады. Десе де халықты адастыру ісіне келгенде Путин Сталиннің ширегіне де жетпейді. 1930 жылдардың басында, Украина мен басқа да одақ елдерінің миллиондаған азаматы Сталин ұйымдастырған ашаршылықтан қырылып жатқанда, солшыл бағыттағы Батыс журналдары мен алдыңғы қатарлы ойшылдары Кеңес Одағын өз заманының мінсіз қоғамы деген мақтау айтқан. Facebook пен Twіtter дәуірінде жаңалықтың қай нұсқасына сенген жөн деп әлі де бас қатыратынымыз бар, дегенмен қазір саяси режимдердің миллиондаған адамды өлтіріп, оны басқалардан жасырып қалуы мүмкін емес. Бүгін мұндай ауқымдағы қылмыс мәлім болмай қалмайды.
Мифтер мен жалған ақпаратқа діндер мен идеологиялар ғана емес, коммерциялық фирмалар да арқа сүйейді. Бренд қалыптастыру әдетте ойдан шығарылған бір әңгімені адамдар оны шын деп қабылдағанша қайта-қайта айтуды қажет етеді. Coca-cola туралы естігенде, ойыңызға не келеді? Спортпен шұғылданған не көңіл көтеріп отырған жастарды ойлайсыз ба? Әлде диабетке шалдығып, ауруханада жатқан семіз адамдар еске түсе ме? Coca-cola-ны көп ішетін болсаңыз, жасарамын, денсаулығым мықты болады деп ойламаңыз, қайта артық салмақ қосып, семіздік пен диабетке шалдығу ықтималдығы артады. Соған қарамастан, Coca-cola компаниясы өз брендін жастық шақ, мықты денсаулық пен спорт сияқты ұғымдармен байланыстырып, тиісті имидж қалыптастыруға миллиардтаған доллар қаражат жұмсап келеді. Осы бір сусын мен аталған игіліктер арасында шынымен байланыс бар екеніне, бейсаналы түрде болса да, миллиондаған адам сеніп жүр.
Шын мәнінде Homo sapіens ешқашан ақиқатты ең басты құндылық деп санамаған. Көп адам шындықты бұрмалайтын қандай да бір дінге не идеологияға ергендердің ерте ме, кеш пе көзі ашылады, өйткені олар өздерінен әлдеқайда көреген адамдармен бәсекелесе алмайды деп топшылайды. Не дейміз, бұл да бір миф. Іс жүзінде адамдардың ойдағыдай ынтымақтасуы – олардың шындық пен өтірікті қатар алып жүре білуіне тәуелді.
Шындықты тым қатты бұрмалап жіберсеңіз, қисынсыз әрекеттерге баруға мәжбүр болып, өзіңізге нұқсан келтіруіңіз мүмкін. Мысалы, 1905 жылы Кинджикитиле Нгвале атты Шығыс Африкалық бір құшынаш өзіне Хонго жыланының рухы енгенін айтады. Жаңа әулие Германия отары болған Шығыс Африка халқын күш біріктіріп, отарлаушыларды елден қуып шығуға шақырады. Үндеуін жұрт жерге қалдырмасын, өзінің керемет құдірет иесі екенін көрсін деп, Нгвале шәкірттеріне немістердің атқан оғын суға айналдырып жіберетін күші бар деген бір ғажап дәрі береді (оны суахили тілінде маджи деп атаған). Ақыры сәтсіз аяқталған Маджи-Маджи көтерілісі осылай басталған. Шайқас алаңында немістер атқан оқ суға айналған жоқ, керісінше, нашар қаруланған көтерілісшілердің денесін тесіп өтті10. Бұдан екі мың жыл бұрын, Рим империясына қарсы көтерілген еврейлер (Бірінші Иудей соғысы) Құдай оларға өздерінен әлдеқайда қуатты римдіктерді күйретуге жәрдем береді деп сенген. Бұл көтеріліс те басып-жаншылды. Нәтижесінде Иерусалим талқандалып, еврейлер сол жерден қуылған болатын.
Дегенмен белгілі бір мифке жүгінбей, қалың бұқараны топтастыру да қиын. Көз көріп тұрған ащы шындыққа ғана иек артсаңыз, сізге ешкім ермейді. Миф болмаса, жоғарыда аталған сәтсіз көтерілістерді ғана емес, жеңіске жеткен көтерілістерді де (мысалы, Махди көтерілісі, Маккавейлер көтерілісі) ұйымдастыру мүмкін болмас еді.
Турасын айтсақ, адамдардың басын қосу керек болса, шындыққа қарағанда ойдан шығарылған әңгімелердің артықшылығы көбірек. Адамның сіз бастаған қауымға адалдығын анықтаймын десеңіз, одан шындыққа емес, ақылға сыймайтын дүниеге сенуді талап еткеніңіз абзал. Көсеміңіз «күн шығыста атады, батыста батады» деген жалпыға мәлім нәрсені айтса, осы айтқанын құптап, қолпаштау үшін оған адал болудың қажеті жоқ. Ал енді «күн батыста атып, шығыста батады» десе, көсеміне шын берілген ізбасарлары қолпаштайды. Сол сияқты, көршілеріңіздің барлығы қисынсыз бір әңгімеге сенсе,
олардың қиын-қыстау кезде ауызбірлігі мықты болады деуге негіз бар. Сонда жалпыға мәлім фактілер төңірегінде топтасудың не айырмашылығы бар?
Менімен келіспей, кей жағдайда адамдарды жаңылыстырмай-ақ, мәмілеге келтіріп топтастыру мүмкін ғой деуіңізге болады. Мәселен, экономика саласында адамдардың ұтымды түрде ұйымдасуына Құдай не киелі кітаптардан гөрі ақша мен корпорациялардың ықпалы әлдеқайда зор. Діндар адам қасиетті кітапқа қарап: «Мына кітаптың киелі екеніне сенемін», ал доллар туралы: «Мен өзге адамдардың долларды құнды деп білетініне сенемін», – дейді. Долларды адамның қолдан жасағаны айтпаса да түсінікті, десе де көп адамның оны қастерлейтіні рас. Ендеше, мифтер мен өтірік әңгімелерден бас тартып, доллар сияқты жалпыға танылған, көпшіліктің келісіміне ие құрал төңірегінде ұйымдасуға не кедергі?
Мұндай құралдардың да мифтен айырмашылғы шамалы. Мәселен, киелі кітап пен ақша арасындағы айырмашылық сіз ойлағандай үлкен емес. Доллар банкнотын көргенде, оны адам ойлап тапқан шартты нәрсе екенін ұмытып қаласыз. Марқұм болған ақнәсілді бір ер адамның портреті салынған жасыл қағаз өз алдына құнды нәрсе болып көрінеді. Бір сәтке болса да «шынтуайтында, бұл түкке тұрмайтын бір жапырақ қағаз; бірақ өзгелер оның құны бар деп санайды, сондықтан оны кәдеме асыруыма болады» деген ой да келмейді. Жүз долларлық банкноттар толы дипломатты көрген адамның миына магниттік-резонанстық томограф арқылы қарасаңыз, мидың күдіктенуге жауап беретін («Өзгелер мұны құнды зат деп біледі» дейтін) бөліктерінің емес, ашкөздікпен байланысты («Мәссаған! Осыны маған берсе ғой!» дейтін) бөліктердің белсенді жұмыс істеп жатқанын байқайсыз. Сол сияқты, Библияны, Ведаларды немесе Мормон кітабын қасиетті деп танып, оларды қастерлейтін адамдармен бір емес, бірнеше қайтара әрі ұзақ уақыт бойы араласқандардың басым көпшілігі уақыт өте келе аталған кітаптарды киелі деп таниды. Қағаз ақшаны қадір тұтуды қалай үйренсек, киелі кітаптарды да дәл солай қастерлеп үйренеміз.
Сол себепті қандай да бір нәрсені адам ойлап тапқанын білу мен бір нәрсенің құнды екеніне сену арасында іс жүзінде айтарлықтай
айырмашылық жоқ. Көп жағдайда адам мұндай айырмашылықтың бар екеніне мән бермейді не оны ұмытып кетеді. Тағы бір мысал келтірейік. Терең философиялық пікір алмасу барысында корпорациялар – адам баласы ойлап тапқан тағы бір шартты дүние деген тұжырыммен оқырманның түгелге жуығы келісер. Mіcrosoft корпорациясы деп оның
бөлімшелері орналасқан ғимараттарды, компания қызметкерлерін не акционерлерін айтпайды; бұл корпорация – заң шығарушылар мен заңгерлер ойлап тапқан жалған бірдеңе. Алайда өзгелермен терең философиялық тұрғыда пікір таластыратын біз емес; осыдан барып корпорацияларды бар деп, оларды жолбарыстар мен адамдар сияқты көз көріп тұрған шын нысандар деп қабылдаймыз.
Өтірік пен шындықтың аражігін ажыратуды кейде «қызық болсын» деп, кейде «аман қалу» үшін әдейі күрделендіріп жібереді. Бәріне күмәнмен қарасаңыз, бойыңыздағы күдік сезімін уақытша болса да ысырып қоя алмасаңыз, көркем әдебиетті мүлде оқи алмауыңыз не ойын ойнай алмауыңыз мүмкін. Рақаттанып футбол ойнаймын десеңіз, оның адам шығарған ойын екенін тоқсан минутқа болса да ұмытып, ойын ережелеріне бағынуыңыз керек. Әйтпесе жиырма екі адамның бір доп қуалап жүргені сізге ерсі көрінуі мүмкін. Алғашқыда көңілді уақыт өткізу үшін ғана қажет болған футбол бірте-бірте аса маңызды дүниеге айналуы мүмкін. Сенбесеңіз, аргентиналық футбол жанкүйерлерінен немесе футбол сүйетін ағылшын бұзақыларынан сұраңыз. Футбол адамға даралығын тануға, қызығушылығы мен мүдделері ортақ үлкен қауымдар құруға көмектесе алады, ол тіпті өзгелерге қарсы күш қолдануға себепші де бола біледі. Елдер мен діндер арасындағы қақтығыстар футбол жанкүйерлері арасындағы өшпенділікке ұқсас.
Адам баласының білімді бола тұрып, білместік таныту қабілеті таң қалдырады. Нақтырақ айтсақ, ол ой жүгірткен кезде әлдебір нәрсені танып-біледі; өкініштісі, адамның ой қозғауы сирек, оның білместігі де осыдан. Ойлап қарасаңыз, ақшаның жалған нәрсе екеніне көз жеткізесіз. Алайда әдетте сізге мұндай ой келмейді, бұл сұрақты ой елегінен өткізетіндер аз. Футболды адам ойлап тапқанын білсеңіз де, қызу ойын кезінде сізге ол туралы ешкім сұрақ қоймайды. Уақыт, күш жұмсап ойланып көрсеңіз, ұлттар мен елдер – біреудің қиыннан қиыстырып,
шебер құрастыра білген туындысы екенін аңғарасыз. Соғыс жүріп жатқанда ойланып-толғануға уақыт пен күш қайдан келсін. Түпкілікті ақиқатқа ұмтылсаңыз, Адам ата мен Хауа ана туралы аңыздың жалған екенін түсінесіз. Дегенмен сіздің күнде шындыққа шөлдеп, ақиқатқа ұмтылатыныңызға күмәнім бар.
Шындық пен билік қол ұстасып қатар жүргеннің өзінде, ұзаққа бармайды. Ерте ме, кеш пе бір-бірінен ажырап, екеуі екі жаққа кетеді. Билікке ұмтылғандарға уақыты келгенде жалған мәлімет таратуға дайын болу керек. Ал енді бұл дүниеде ақиқатқа қол жеткіземін десеңіз, күндердің күнінде биліктен бас тартуға әзір болыңыз. Одақтастарыңыздың ызасын тудыратын, сізге ерген халықтың көңілін қалдыратын не қоғамдағы татулыққа нұқсан келтіретін (мысалы, билік тізгінін кімнің, ненің арқасында ұстап тұрғаныңыз жайлы) жайттарға көнуіңізге тура келеді. Ойшылдар мен ғалымдар ерте дәуірден бері: «Біз билікке қызмет етеміз бе, әлде ақиқатқа қызмет етеміз бе?» – деген сұраққа жауап іздеумен келеді. Адамдарды жаңсақ идеялар төңірегінде топтастыруға ұмтылу керек пе, әлде оларға, ауызбіршілігі бұзылатынын біле тұра, бәрібір шындықты айту қажет пе? Ойшылдар (христиан дінбасылары, Конфуций заманының шенеуніктері не коммунизм идеологтары) құрған ең ықпалды қоғамдық институттар халық бірлігін шындықтан жоғары қойған. Олардың соншалық ықпалды болғаны да осыдан.
Адамдар да тіршіліктің бір түрі ретінде шындықтан гөрі билікке басымдық береді. Біз дүниені танып-білуге ұмтылудан гөрі айналадағының бәрін бақылап басқаруға әлдеқайда көп күш жұмсаймыз. Танып-білуге құлық танытқан күннің өзінде, оған шындықты білу үшін емес, әлемді басқару үшін ұмтыламыз. Шындық үстемдік құрған, мифтер еленбей қалған қоғамды аңсасаңыз, Homo sapіens-ке үміт артпай-ақ қойыңыз. Одан да шимпанзені қолға үйретіп көріңіз.
САНАНЫ УЛАУҒА ЖОЛ БЕРМЕҢІЗ!
Жоғарыда айтылғанның бәрі – жалған ақпарат үлкен проблема емес, саясаткерлер мен дінбасылардың аңдамай халықты адастыруына
рұқсат дегенді білдірмейді. Дейтұрғанмен, айнала жалған ақпаратқа толы, шындықты іздеп табу мүмкін емес, сенімді журналдар мен үгіт-насихат құралдары арасында айырмашылық жоқ деп те үзілді-кесілді айтуға болмайды. Нағыз фактілер мен шындық жалған ақпараттың түбінде жатады. Мысалы, Украинада ресейлік әскерилердің соғысып жатқаны, мыңдаған адамның қаза тапқаны, жүз мыңдаған адамның баспанасыз қалғаны рас. Адам жаңсақ идеялардың жетегінде кетіп, зардап шегеді; оның сенгені жалған болса да, көретін зардабы шынайы.
Жалған ақпаратты қалыпты құбылыс деп қабылдауға болмайды, оны нағыз проблема деп танып, шындықты өтіріктен ажырата білуіміз қажет. Осы орайда, бәрі ойдағыдай болады деп күтпеңіз. Дүниенің күрделі құбылыстарға толы екенін мойындамау, бәріне тек жақсылық не жамандық категориялары тұрғысынан қарау – өмірдегі ең үлкен жаңсақтық. Тек шындықты айтатын саясаткер жоқтың қасы, бірақ саясаткерлердің бәрі бірдей жаман емес. Осы ретте таңдау жасау қажет болса, мен Сталинге емес, Черчилльге сенетін едім. Сонда да Британияның марқұм премьер-министрі өзіне тиімді болған кезде шындықты боямалағанын естен шығармаймын. Сол сияқты, қателіктер мен теріс түсінікке бой алдырған газеттер де жоқ емес, дегенмен шындықты жазуға адал ниетпен талпынатын газеттер баршылық, ал кейбіреулері сананы улау құралы ғана. Өзім 1930 жылдары өмір сүрсем, «Правда» және Der Stürmer газеттеріне қарағанда New York Tіmes газетіне көбірек сенетін едім.
Теріс түсініктен айырылып, ақпарат көздерін тексеру әрқайсымызға міндет. Алдыңғы тарауларда айтылғандай, бәрін өзіміз жалғыз тергеп тексере алмаймыз. Сол себепті де, ең болмағанда, жиі пайдаланатын дереккөздерден (газет, уеб-сайт, телеканал не қандай да бір жеке тұлғадан) келетін ақпаратты мұқият тексеріп отыруымыз қажет. Сананы улауға жол бермеу, сондай-ақ шындық пен өтірікті ажырату амалдарына 20-тарауда жеке тоқталатын боламыз. Әзірше күнделікті қолдануға болатын мына екі қарапайым қағиданы ұсынғым келіп отыр.
Біріншіден, сенімді ақпарат аламын десеңіз, қалтаңыздан ақша шығаруға дайын болыңыз. Қазіргі жаңалықтар нарығы «қызықты хабарды тегін таратамыз – ықылас бөлсеңіз болды» деген модельге
құрылған. Ақпарат алу үшін көк тиын да төлемейсіз, есесіне сізге беретін өнімнің сапасы да көңіл көншітпейді. Осындай нарықта өзіңіз де өнімге айналып кеткеніңізді аңғармай қаласыз. Естен тандырарлық жаңалыққа көңіл бөлген сіз туралы мәлімет, кейін жарнама берушілерге не саясаткерлерге сатылады.
Жаңалықтар нарығы «жоғары сапалы мәлімет ақылы негізде беріледі әрі мұндай өнімді сізге ешкім тықпаламайды» деген модельге құрылса әлдеқайда жақсы болар еді. Бүгінгі күннің ең құнды активі – ақпарат, сол ақпаратқа адамның назар аударуы. Мұндай активті тегін бере салып, оның орнына сапасы төмен мәлімет алу қисынсыз тірлік. Сіз сапалы азық-түлік, киім мен автокөлік алу үшін ақша төлеу керек екенін дауламайтын шығарсыз; сол сияқты, сапалы ақпарат алу үшін де ақша жұмсау қажет.
Айталық, әлдебір миллиардер сізге: «Айына 30 доллар төлеймін, есесіне маған күніне бір сағат бойы қалаған саяси немесе коммерциялық дақпырт айтып, санаңызды улауға рұқсат бересіз», – деген ұсыныс жасаса, оны қабыл аласыз ба? Ақыл-есі түзу адамның мұндай ұсынысқа келісуі екіталай. Сондықтан әлгі миллиардер сізге: «Маған күніне бір сағат бойы санаңызды улауға рұқсат берcеңіз, сізден бір тиын да алмаймын», – деген сәл өзгертілген мәміле жасасуды ұсынады. Мұндай ұсынысты енді бір емес, жүздеген миллион адам қабыл алуы мүмкін. Сондай адамдардың бірі болмаңыз.
Екіншіден, өзіңізді қызықтырған, толғандырған қандай да бір мәселе жөнінде жан-жақты ақпарат алу үшін ғылыми әдебиет оқыңыз. Ғылыми әдебиет деп отырғаным – рецензияланатын мақалалар, танымал баспалардан шыққан монографиялар мен беделді институттарда жұмыс істейтін профессорлардың жазғандары. Ғылымның да өз кемшіліктері бар, ғалымдардың бұрын көп қателік жібергені рас. Соған қарамастан, біз білім алу үшін ғасырлар бойы ғалымдар қауымдастығына жүгініп келеміз. Қателеспейтін ғалым жоқ, бірақ олармен пікір таластыру үшін өзіңіз даулаған ғылыми теориядан хабардар болып, ұстанымыңызды негіздеп беретін эмпирикалық дәлелдер келтіргеніңіз жөн.
Ғалымдар, өз кезегінде, қазір қоғам талқысына салынған өзекті мәселелер, әсіресе өздеріне қатысты салалар төңірегінде ашық пікір таластырып, көзқарасын жеткізуден қашпауы керек. Әрине, ғылыми зерттеу жүргізіп, нәтижелерін ғалымдар ғана оқитын мамандандырылған журналдарға жариялау қажеттігіне ешкім күмән келтірмейді. Бірақ сол зерттеу нәтижелерін, жаңа ғылыми теорияларды көпшілік оқитын кітаптар, тіпті өнер мен көркем әдебиет арқылы халыққа жеткізіп отырудың маңызы зор екенін де ұмытпау керек.
Олай болса, ғалымдар енді ғылыми фантастика жазуға ден қою қажет пе? Иә десек, мұның еш айып-шамы жоқ. Өнердің адам дүниетанымын қалыптастырудағы рөлі зор; ғылыми фантастиканы ХХІ ғасырдың ең маңызды өнер жанры деуге болады, ол біздің жасанды интеллект, биоинженерия, климаттың өзгеруі сияқты ұғымдар мен құбылыстарды танып-білуімізге үлкен үлес қосуда. Тәуір ғылым иесі болғанымыз абзал, алайда саяси тұрғыдан алып қарағанда, Scіence немесе Nature сияқты белді ғылыми журналдардағы мақалалардан гөрі ғылыми фантастика жанрындағы қызғылықты фильм әлдеқайда құнды.
18-ТАРАУ
Ғылыми фантастика
Болашақ кинодағыдай болмайды
Адамдар өзге тіршілік иелеріне қарағанда әлдеқайда жақсы ұйымдасып, бірігіп жұмыс істей алады. Олар осы қабілетінің арқасында жер-жаһанның қожасына айналды. Алдамшы идеялар мен қиял болмаса, ойдағыдай ұйымдаса алмайтын едік. Сол себепті қоғамға жауынгерлер мен инженерлер ғана емес, сонымен қатар ақындар, суретшілер мен драматургтер қажет. Адам баласы Құдайға сенгендіктен соғысқа барады, шіркеулер тұрғызады; Құдай туралы поэмалар оқыған, оған арнап салынған суреттер мен театр қойылымдарын көріп тәнті болған адам Құдайға сенеді. Сол сияқты, біздің қазіргі заманғы капитализм мифологиясына сенім артуымызға Голливуд туындылары мен поп-индустрия ықпал еткен. Дүкенде қалағанын сатып алып жүргендерді теледидардан көргенде, неғұрлым көп тұтынсақ, соғұрлым бақытты боламыз деген ойға беки түсеміз.
Ғылыми фантастика ХХІ ғасырдың басында ең ықпалды көркем әдебиет жанрына айналған көрінеді. Машиналық оқыту және гендік инженерия салаларындағы соңғы ғылыми мақалаларды оқитын адам кемде-кем. Қазіргі заманның ең маңызды технологиялық жаңалықтарын, әлеуметтік-экономикалық саладағы үрдістерді біз «Матрица», «Жасанды интеллект» (Her) сияқты фильмдерден, «Болашақ паркі» (Westworld) және «Қара айна» (Black Mіrror) сияқты телесериалдардан көріп-біліп, ой түйетін болдық. Сондықтан ғылыми фантастика жанрындағы туындылардың авторлары ғылым саласының қазіргі тыныс-тіршілігін мейлінше шынайы әрі жауапкершілікпен көрсетуге ден қоюы керек; олай болмаған жағдайда адамдардың алдамшы идеяларға бой алдырып, өмірде жоқ проблемаларға көңіл бөлу қаупі бар.
Алдыңғы тарауда атап өткеніміздей, қазіргі заманғы ғылыми фантастика жанрында жазатын авторлардың басты кемшілігі – интеллектіні санамен шатастыруы. Соның салдарынан, осы жанрдағы туындылардың көбі робот пен адам арасындағы соғыс тақырыбын қозғайды. Шын мәнінде, алгоритмдерге бағынатын суперадамдар мен бұрынғы күш-қуатынан айырылған Homo sapіens арасында қақтығыс болады деп қауіптенбей-ақ қойсақ та болады. Жасанды интеллектінің болашағын білгісі келгендер Стивен Спилбергтің туындыларына емес, Карл Маркстің еңбектеріне көбірек жүгінсе дұрыс болар.
Рас, жасанды интеллект тақырыбына арналған фильмдердің көбі аллегорияға толы, ғылыми шындықтан алшақ дүниелер. Мысалы, 2015 жылы экранға шыққан «Құтқарушы» (Ex Machіna) атты фильм әйел-роботқа ғашық болып қалып, оның айла-шарғыларын байқамай, ақырында, құрбан болған жасанды интеллект саласының маманы туралы баяндайды. Дегенмен бұл – адамның ақылды роботтан сескенуі туралы фильм емес. Бұл – ер адамның өзінен ақылды әйелден, әйелдің үстемдік етуінен қауіптенуі туралы фильм. Ғалым ер адам мен әйел-робот арасындағы қарым-қатынас туралы фильмді кибернетика тақырыбына емес, феминизм мәселесіне арналған деп тұжырымдауға болады. Әйтпесе жасанды интеллект деген ұғымға жыныстық белгі таңудың не қажеті бар? Жыныс – органикалық көпжасушалы тіршілік иелерінің даралық белгісі емес пе? Бейорганикалық кибернетика туындысына мұның қажеті қанша?
ТОРҒА ҚАМАЛҒАНДАР
Ғылыми фантастиканың жиі қозғайтын тақырыбы – технологиялардың адамды билеп-төстеу құралына айналу қаупі. Есіңізде болса, «Матрица» фильмінде киберкеңістікте қамалып қалғандардың өмірі көрсетіледі. Матрица ішінде жүрген барлық адамның жүріс-тұрысы бас алгоритмге бағынған. «Труман шоуы» атты фильмнің негізгі кейіпкері болса, өмір бойы телевизиялық қойылымда басты рөлде жүргенін біраз уақытқа дейін аңғармаған. Бір күні ол жақын-туыстарының барлығы (соның ішінде анасы, жұбайы, ең жақын досы) актерлер болғанын, өмірде бастан кешкенінің бәрі – асқан шеберлікпен жазылған сценарийге сай өрбігенін, күнделікті іс-әрекеті, не істеп, не қойғаны жасырын камераларға түсіріліп, оны миллиондаған адам тамашалап жатқанын біледі.
Сөз жоқ, бұл фильмдерді қызығып көресің. Дейтұрғанмен сценарий авторларының өздері суреттеп берген жағдай сол қалпында қалса, не болатынын тарқатып айтуға батылы жетпеген. Олар ойлап тапқан кейіпкерлер матрицаға қамалса да, технологиялар ықпалына мойынсұнбай, тұлғалық қасиетін сақтап қалады-мыс; аянбай күш салғандары матрицадан сыртқа – шынайы өмірге қашып құтыла алады. Мұндағы матрица дегеніміз – адамды шынайы өмірден оқшаулап тұрған жасанды тосқауыл. «Матрицаның» бас кейіпкері Нео да, «Труман шоуындағы» Труман да, ақырында, сол тосқауылды бұзып, жерұйыққа жетіп, өзін-өзі таба білгендер.
Бір таңғаларлығы, түптеп келгенде, сол жерұйықтың жасанды матрицадан айырмашылығы аз. Труман түсірілім жүріп жатқан студиядан қашып шығып, мектептегі махаббатымен қайта қосылуға әрекет жасайды (Труманның шын сүйген қызын қойылым директоры кезінде шоудан шығарып жіберген). Труман сүйгеніне қосылса, Голливудтың романтикалық туындыларындағыдай өмірлік арманы орындалатын еді. Алайда оның бұл арманы іске асатын-аспайтыны, шын өмірде не болатыны туралы фильм авторлары ештеңе айтпайды.
Сол сияқты, Нео өзіне берген қызыл дәріні жұтып жібергенде сырттағы әлемнің матрицадан еш айырмашылығы жоқ екенін көреді. Іште де, сыртта да соғыс бар, адамдарды сол баяғы қорқыныш, нәпсіқұмарлық, махаббат пен қызғаныш сезімдері билеген. Меніңше, фильм соңында Неоға ол көріп тұрған сыртқы әлемнің, іс жүзінде, әлдеқайда үлкен матрица екенін айтып, «нағыз шын өмірді» көру үшін тағы да көк түсті не қызыл түсті дәріні таңдауды ұсыну керек еді.
Біз куә болып отырған ғылыми технологиялық революция шын адамды, шынайы өмірді түрлі алгоритмдер мен бейнекамералар арқылы бақылап, ырқына көндіруге болады дегенді емес, «шынайылық» деген ұғымның өзі миф екенін аңғартқандай болды. Адам торға қамалып қалудан қорқады, бірақ өзінің баяғыдан бері торға түскенін байқамайды. Мұндағы тор деп отырғаным – адамның миы, ол өз кезегінде әлдеқайда үлкен торға қамалған; үлкен тор деп отырғанымыз – жалған идеялар мен мифтерге толы қоғам. Матрицадан қашып құтылған бойда, одан үлкен бір матрицада екеніңізге көз жеткізесіз. 1917 жылы патшаға қарсы көтерілген шаруалар мен жұмысшылар, ақыр аяғанда, Сталиннің билікке келгенін көрді; сыртқы факторлардың сізге қалай әсер ететінін танып-білу нәтижесінде өзіңіздің даралық қасиеттеріңіз туралы түсінік – нейрондар желісі тудырған үлкен иллюзия деген қорытындыға келесіз.
Адам торға қамалып қалсам, өмірдің бар қызығын көре алмаймын деп алаңдайды. Матрица ішінде жүрген Нео, телестудияда қалған Труман ешқашан Фиджи аралдарына, Парижге не Мачу-Пикчуға саяхаттап бара алмайтын еді. Шын мәнінде, адамның өмірде көрген-білгеннен алатын әсері ағза мен ми қызметіне байланысты. Матрицадан шығып, Фиджиге барған күнде ештеңе өзгермейді. Фиджиге барғанда ғана бастан кешуге болатын «ерекше сезім» деген сезім түрі жоқ. Фиджиге барғандағы әсерді әлемнің кез келген аймағында, тіпті матрицадан шықпай-ақ алуға болады.
Біз өмір сүріп отырған әлем, бәлкім, «Матрица» фильміндегідей компьютер симуляциясы ғана шығар. Бұл жайт, шын болса, біздің жеке-жеке елдер, діндер мен идеологияларға бөлінгендегі дүниетанымымызға қайшы келетін еді. Сонда да алатын әсер шынайы болады. Ертең адамзат тарихы – бөгде бір ғаламшарда отырған, адамға ұқсамайтын ғалымдардың суперкомпьютер көмегімен жасаған тәжірибесі екені белгілі болса, Карл Маркстің ізбасарлары мен ДАИШ өкілдері жағасын ұстайтын шығар. Десек те шалғай ғаламшардағы зертханада отырып, Жердегі тіршілікті тәжірибе нысанына айналдырған әлгі ғалымдар армяндар геноциді мен Освенцимдегі жауыздықтар үшін жауапқа тартылуы керек. Жалпы, оларға адамға мұндай тәжірибе жасауға кім рұқсат берді екен? Ғалымдар қызметін қадағалайтын этика жөніндегі комиссия қайда қараған? Концентрациялық лагерьлердегі газ камералары – матрицадағы кремний микросхемаларының электр сигналдары ғана болған деп ақталған күнде, ондағы адамның көрген бейнеті азая қойған жоқ.
Адам матрицада да азап шегеді; үрей, қорқыныш, махаббат сезімдері де оған жат емес. Шын өмірде болсын, компьютер арқылы басқарылатын электр сигналдарының ықпалынан туындаса да – үрей қай жерде де үрей. Сондықтан ақыл-ойыңыздың шынайылығын матрица ішінде жүріп те, оның сыртына шығып та сынай аласыз.
Ғылыми фантастика жанрындағы фильмдердің көбі «түбінде ақыл- ой материяны жеңеді» деген айта-айта жауыр болған қағиданы насихаттайды. Отыз мың жыл бұрын былай болған-ды: «Адамға тастан пышақ жасап алуға болады деген ой келеді; сөйтіп, ол пышақ жасап, онымен мамонтты өлтіреді». Алайда, шын мәнінде, адам қару жасап, мамонтты өлтіргенінің арқасында емес, өзге адамдардың ақыл-ойын арбай білуінен ғаламшардың қожасына айналған. Ақыл-ой – тарихи процесс пен биологиялық шындыққа ықпал ететін еркін субъект емес; ақыл-ой – тарих пен биология ықпалымен қалыптасатын объект. Еркіндік, махаббат және жасампаздық сияқты ең қымбат құндылықтардың өзі – біреудің мамонт өлтіру үшін жасап алған тас пышағы іспетті. Үздік ғылыми теориялар мен озық технологиялық құралдар тұрғысынан алып қарағанда, адамның ақыл-ойы ешқашан біреудің ықпалынан ада болмаған. Біреудің арбауынан құтыламын деп іштей жасырынып отырған шынайы тұлғалық, даралық қасиеттер жоқ.
Осы уақытқа дейін қанша көркем фильм, роман, өлең оқығаныңызды, олардың махаббат туралы түсінігіңізге қалай ықпал еткенін айтып бере аласыз ба? Романтикалық комедиялардың махаббат сезіміне, порнографияның жыныстық өміріңізге, ал Рэмбо кейіпкерінің соғысқа қатысты ұстанымыңызға әсері бар делік. Сонда компьютер пернетақтасындағыдай Delete түймесін басып, Голливуд туындылары әсерімен қалыптасқан ой-тұжырымдарды санаңыздан, миыңыздан лезде өшіріп тастауға болады десеңіз, қателесесіз.
Тастан пышақ сияқты құрал жасап шығара алатынымызға қуанамыз, алайда өзіміз біреудің қолындағы құрал болуды жақтырмаймыз. Ендеше, жоғарыдағы аңыз әңгіме матрица жағдайында өрбісе, былай басталатын еді: «Адамға робот жасап шығару туралы ой келеді; сөйтіп, ол робот жасайды. Робот террористерді өлтіреді, онымен қоймай адам ақыл-ойын өзіне бағындыруға әрекеттенеді; сонда ақыл-ой роботты өлтіреді». Бұл әңгіме алдамшы. Мәселе ақыл-ой роботты өлтіре алмайды дегенде емес. Роботты ойлап тапқан ақылдың өзі – басқа біреудің қолдан жасаған туындысы. Сондықтан роботты өлтірсек те, бәрібір еркін бола алмаймыз.
DІSNEY ЕРІК БОСТАНДЫҒЫНА СЕНУДЕН ҚАЛДЫ
2015 жылы Pіxar Studіos пен Walt Dіsney Pіctures кинокомпаниясы адам болмысы туралы әлдеқайда шынайы әрі әсерлі баяндайтын «Ойжұмбақ» (Іnsіde Out) атты жаңа анимациялық фильмді көрермен назарына ұсынды. Балаларды да, ересектерді де бейжай қалдырмаған бұл туынды тез арада көрермен көзайымына айналды. Фильм ата-
анасымен Миннесотадан Сан-Францискоға көшіп келген он бір жасар Райли Андерсен атты қыз бала туралы баяндайды. Сүйікті достары мен бұрынғы үйінен ажырап қалған қыз жаңа қонысқа үйрене алмай, қайтадан Миннесотаға қашып кеткісі келеді. Райли – «Труман шоуындағыдай» телевизиялық қойылымның бас кейіпкері немесе Нео сияқты матрицаға қамалған біреу емес. Райлидің өзі – матрица, оның ішіне әлдене қамалған.
Dіsney – көрерменге бір мифті бірнеше қайтара көрсету арқылы танымал болып, үлкен империяға айналған компания. Dіsney туындыларының әдеттегі кейіпкерлері – бетпе-бет келген қиындықтарды еңсеріп, дұшпандарын жеңіп, еркін таңдау жасап, өзін-өзі таба білгендер. «Ойжұмбақ» фильмі бұл мифтің тас-талқанын шығарады. Бұл анимациялық туындының авторлары адамды нейробиология тұрғысынан талдау ұстанымын басшылыққа алған. Райлидің миында жүріп жатқан процестерді көріп, бұл қызда шынайы даралық қасиеттердің, өз еркіне сай әрекет ету мүмкіндігінің жоқ екенін аңғарамыз. Іс жүзінде, Райли – қарама-қайшы биохимиялық механизмдер басқаратын үлкен робот. Аталған механизмдер сүйкімді мультипликациялық кейіпте
көрсетіледі: ашық сары түсті Шаттық, көкшіл-сұр түсті Мұң, қызыл түсті Ашу-ыза т.с.с. Бұл кейіпкерлер ми орталығындағы штаб-пәтерден Райлидің әр іс-қимылын үлкен теледидар экраны арқылы бақылап, басқарып, қыздың көңіл күйін, қабылдайтын шешімдері мен жүріс-тұрысын айқындап отырады.
Райлидің жаңа қонысқа үйрене алмауына ми орталығындағы ақау себеп. Ақауды жойып, ми қызметін ретке келтіру үшін, Шаттық пен Мұң ойлар пойызына мініп, қыздың миына саяхат жасайды. Олар жолда түпсана абақтысына, ми тереңіндегі студияға соғып, жасампаз нейрондар тобының Райли ұйықтағанда көретін түстер жасап жатқанын көреді. Ми орталығына апаратын жол бойында жанды, шынайы даралықты не ерік бостандығын кездестірмейміз. Фильмнің шешуші сюжеттік бөлігінде Райлидің болмысы жекелеген ми бөліктерінің жұмысына емес, сан алуан механизмдердің ықпалдастығына тәуелді екені айтылады.
Басында көрермен Райлиді негізгі кейіпкер – ашық сары түсті Шаттыққа барабар деп түсінеді. Бірте-бірте мұның қате екенін аңғарамыз. Қыздың басқа даралық қасиеттерінен өзін басым санаған Шаттық қалған кейіпкерлерді өзіне бағындырып, мидың ойдағыдай қызмет етуі үшін қажет ішкі тепе-теңдікті бұзады. Ақыр аяғында, Шаттық Райлидің даралық қасиетін өзімен не Мұңмен, не басқа да жекелеген кейіпкерлермен байланыстыруға болмайтынын түсінеді. Райлидің болмысы оның ішіндегі барлық биохимиялық механизмдердің өзара әрекеттесуіне тәуелді.
Dіsney-дің үйреншікті ұстанымынан ауытқып, осындай батыл идеяға негізделген фильмді экранға шығарып жарнамалауы, оның әлемдік хитке айналуы күтпеген жағдай еді. «Ойжұмбақ» фильмі «басы қатты, аяғы тәтті» комедия болмаса, көрермен көңілінен шығатын ба еді? Комедия болған соң, көрермен фильмде көтерілген нейрология саласына қатысты мәселелерге, олардың қауіпті салдарына мән бермеген сияқты.
Оның қасында, ХХ ғасырдың ғылыми фантастика жанрындағы ең ықпалды еңбегі – Олдос Хакслидің «Таңғажайып жаңа әлем» (Brave New World) романын көп адам түсіне қойған жоқ дей алмаймыз. Сол кітапты оқығанда мазасыз күйге түсесіз. 1931 жылы жазылған бұл туынды
уақыт өткен сайын өзекті бола түсуде. Кітап жарық көрген кезде Ресейде коммунизм, Италияда фашизм тамыр жайған, Германияда нацизм белең алған, милитаристік Жапония Қытайды басып алуға бел байлаған еді. Дүниежүзі Ұлы депрессияны бастан кешкен. Алайда Хаксли суреттеп берген болашақ әлемінде соғыс та, аштық та, қатерлі дерттер де жоқ; адам молшылық пен бейбіт өмірдің қызығын көреді. Тоқшылық орнаған бұл тұтыну қоғамында секс, есірткі мен рок-н-роллға шектеу қойылмаған. Ең жоғарғы құндылық – бақыт. Романға арқау болған тұжырымға сай, адам – биохимиялық алгоритмдер жиынтығы. Ғылым көмегімен бұл алгоритмдерге бұзып кіріп, оны технологиялар арқылы бақылап, басқарып отыруға болады.
Осы бір ғажап жаңа әлемді Дүниежүзілік үкімет басқарады. Ол биотехнология мен әлеуметтік инженерия салаларының озық әдістеріне сүйеніп, азаматтардың үнемі өмірге риза болуын, билікке қарсы бас көтермеуін қадағалап отырады. Райли миындағы Шаттық, Мұң және басқа да кейіпкерлер өз қызметіне адал үкімет агенттеріне айналғандай болады. Мұндай әлемде құпия полицияның, концентрациялық лагерьлердің немесе Оруэллдің «1984» атты романындағыдай сүйіспеншілік министрлігінің болуы қажет емес. Хаксли адамдарды қорқыныш пен зорлық-зомбылыққа жол бермей-ақ, сүйіспеншілік пен жан, тән рақаты арқылы басқару әлдеқайда оңтайлы екенін кемеңгерлікпен көрсете білген.
Оруэллдің «1984» романында суреттелген болашақ әлемді көзге елестеткенде бойыңызды қорқыныш сезімі билейді: «Осындай сұмдықтың алдын қалай аламын?» – деген сұрақ туындайды. Ал Хаксли «Таңғажайып жаңа әлем» оқырмандарына кітапта суреттелген болашақ әлемнің неге үрей тудыратынын өз бетімен ойланып, пайым шығаруға шақырады; бұл туындыны оқығанда мазасыз күйге түсетініңіз де осыдан шығар. Жалғанды жалпағынан басқан адамның жалпы неге көңілі толмауы мүмкін?
Автор бұл сұраққа роман шарықтау шегіне жеткен кезде – Мұстафа Монд пен Жабайы Джон арасындағы диалогта ерекше тоқталып өтеді. Мұстафа – билік өкілі, Дүниежүзілік үкіметтің Батыс Еуропа аймағы бойынша меңгерушісі. Джон – өмірін Нью-Мексико резервациясында өткізген адам. Лондонда Шекспир мен Құдай жөнінде бірдеңе білетін бұдан басқа адам жоқтың қасы.
Жабайы Джон Лондон тұрғындарын халықты түгел бақылап, басқарып отырған жүйеге қарсы жаппай көтерілуге шақырады, алайда халық үндеуге құлақ аспайды. Полиция Джонды ұстап, Мұстафа Мондқа алып келеді. Монд мырза Джонға жылы шырай танытып, оған қоғамда орнаған тәртіпке көңілі толмаса, дүниеден безіп, саяқ тұруды ұсынады. Джон қалыптасқан әлемдік тәртіпті сынға алады, Дүниежүзілік үкіметтің бақыт қуамын деп шындық пен сұлулықты ғана емес, дүниедегі игілік пен жанқиярлық атаулыны аяқасты еткеніне наразылық білдіреді.
Мұстафа Монд Жабайы Джонға:
– Өркениетке игілік пен жанқиярлықтың түк қажеті жоқ. Олар саяси керенаулықтың нышаны. Біздікі сияқты дұрыс ұйымдасқан қоғамда адам игі іс жасап, ержүректік танытатындай жағдай туындамайды. Мұндай қасиеттер қоғамда үлкен тұрақсыздық болған кезде ғана қажет. Соғыс өрті тұтанған шақта, қандай да бір тарапқа адал болып, өз борышыңды өтеу, бойыңдағы құмарлық сезімін тізгіндеу, жаныңа жақын адамдар үшін күресу, оларды қорғау керек болған жерде игі іске де, жанқиярлыққа да орын бар. Алайда біз мамыражай өмір сүріп жатырмыз. Сүйіспеншілік сезіміне жол бермеудің амалдарын қарастырдық. Қазір «кімге адал боламын, не істеймін» деген сұрақ туындамайды, өйткені адам көңіліне жақпайтын ештеңе істемейтін болды. Алда-жалда әлдебір жағымсыз жайтқа тап болғандарға шындыққа төзуге, ашуын басуға, бір тынығып алуға көмектесетін сома деген дәріміз бар. Бұрын адамға ашу-ызаға, өшпенділік пен қауіпті құмарлыққа жол бермей, өзін-өзі тізгіндеп, тәрбиелеу үшін көп уақыт, күш жұмсау қажет болатын. Қазір ашуға мініп, өзіңізге ие бола алмай бара жатқаныңызды сезсеңіз, дәрі ішіп басылуыңызға болады. Қазір барлығы мейірімді бола алады. Адамгершілікке бастайтын қасиеттердің жартысын бөтелкеге құйып, өзіңізбен алып жүруге болады. Бұл өзі еш қиналмай, көзге жас алмай христиандыққа бет бұрумен бірдей – сома деп осыны айт, – дейді.
– Көзіне жас алмайтын адам бола ма? Отеллоның: «О, дауыл арты бұндай тыныштық болғанда, тағы соғып асау жел, ажалды да
айдасын»*, – деген сөзін ұмытпағайсыз. Бір қарт үндістің айтып берген әңгімесі есіме түсіп отыр. Мацаки қызы туралы. Осы қызға үйленемін деген жігітке кетпен ұстатып, таңертең жер қопсытып шығуды тапсырады. Жұмыс жеңіл көрінгенімен, оны аяқтау оңай емес: қаптаған маса, шыбын шағып, тыным таптырмайды. Қыз, ақыры, сынақтан сүрінбей өткен жігітке ұзатылды.
– Бәрекелді! Дегенмен өркениетті елдің қызын аламын дейтіндер жер кетпендемесе де болады; бізде мазаңызды алатын шыбын мен маса да жоқ. Олардың баяғыда-ақ көзін құртқанбыз, – деді билік өкілі.
Жабайы Джон қабағын түйіп, Мұстафадан: «Иә, құртып-жою қолыңыздан келеді. Өзіңізге жақпаған, төзуге тұрмайды деп тапқанның бәрін құрттыңыз. Татар дәмім таусылды деп бас ием бе тағдырға, әлде мынау қасіреттің селімен жан шыққанша жағаласып, бұлардың бітірем бе істерін**? Ал сіздер бас июге де, жағаласып күресуге де жарамайсыздар. Қасіреттің селін болдырмауға ғана шеберсіздер. Оңай жолды тапқан екенсіздер. …Сонда еш қауіптенбей өмір сүрудің мәні не?» – деп сұрайды.
Мұстафа адамға өмірде қауіпті сезіну қажет екенін мойындайды:
– Адам бойында осындай сезім ояту үшін мезгіл-мезгіл адреналин салып тұру керек... Бұл – денсаулық кепілі. Сондықтан Дүниежүзілік үкімет қаулысына сай, әр азамат ай сайын «Қауіпті құмарлық суррогаты» атты препарат ішіп, ем-дом қабылдауға тиіс.
– «Қауіпті құмарлық суррогаты»?
– Бұл препаратты қабылдаған адам бойын үрей, ашу кернеп, Отелло Дездемонаны өлтіргендегідей немесе Дездемона Отеллоның қолынан қаза тапқандағыдай сезімге бөленеді. Ем-шараға қатысқан адам ештеңе істемесе де болады, бұл оған ешқандай ыңғайсыздық келтірмейді.
– Мен ыңғайсыздықтан қашпаймын, – деді Жабайы Джон.
– Ал бізге ыңғайсыздық керек емес. Барлығының қолайлы, жайлы болғанын қалаймыз, – деді Мұстафа.
– Маған жайлы өмір қажет емес. Мен Құдайдың болғанын, поэзияны, шым-шытырық өмірді, еркіндікті, жақсылықты аңсаймын. Тіпті күнәлі болуды да.
– Мұның бәрі сізді бақытты емес, бақытсыз ететінін білесіз бе? – деді Мұстафа.
– Жақсы, олай болса, мен бақытсыз болғым келеді, – деп жауап қайтарды Джон. – Қартайып, ажарсызданып, бойымдағы қуатымнан айырылуға құқылы екенімді былай қойғанда, мен мерез бен қатерлі ісік дертіне шалдығуға, басқаларға жексұрын болуға, ішіп-жеуден тарлық көруге, ертеңгі күнді ойлап, тыным таппауға, сүзек жұқтыруға, адам төзгісіз азап шегуге құқылымын.
Екеуі біраз үнсіз отырып қалды.
– Осы аталған құқықтардың бәріне ие болғым келеді, – деді, ақыр соңында, Жабайы Джон.
Мұстафа Монд иығын көтеріп:
– Жақсы, айтқаныңыз болсын, – деді1.
Жабайы Джон үндіс резервациясына кетіп қалып, ешкіммен араласпай, өзімен-өзі оқшау күн кешеді. Дінге бет бұрады. Шекспирді көп оқиды. Осындай күйде ұзақ уақыт бойы өмір сүрген ол жаңа заманның барлық жетістіктерінен бас тартуға дайын болады. Алайда дүниеден безген осындай бір адам бар деген сөз тарайды; жан-жақтан адамдар келіп, Джонның тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көргісі келеді. Осылайша оның атағы айдай әлемге жайылады. Еріксіз басқалардың назарына іліккен Джон әбден күйзеліп, өркениетті матрицадан қашып құтылу үшін өз-өзіне қол жұмсап өледі.
«Матрица» мен «Труман шоуы» фильмдерінің авторларына қарағанда, Хаксли матрицадан қашып құтылу мүмкіндігінің бар екеніне күмән келтірген. Адам миы мен оның даралық қасиеттері матрицаның ажырамас бөлігі болғандықтан, матрицаны тастап қашу үшін адам өзінен қашып құтылуы керек. Дегенмен осы бір мүмкіндікті байқап көруге де болады. ХХІ ғасырда аман қалу үшін адамның тұлғалық, даралық қасиеттеріне тар мағынада анықтама берудің қажеті жоқ шығар.
Цитатаны М. Әуезов аударған нұсқадан алдық.
Цитатаны Х. Ерғалидің аударған нұсқасынан алдық.
бесІНШІ БӨЛІМ
Икемділік
Бұрынғы түсініктер жойылып, олардың орнын басатын жаңа түсініктер қалыптаса қоймаған, теріс пікір мен қараңғылық етек жайған заманда қалай өмір сүреміз?
19-ТАРАУ
Білім беру
Өзгерістен мәңгі ештеңе жоқ
Адамзат бұрын-соңды болмаған түбегейлі өзгерістерді бастан өткеруде: ескі пайымдар келмеске кетті, ал оның орнын толтыратын жаңасы шыға қойған жоқ. Ертеңгі күннің қандай болатынын болжап білу мүмкін емес, дегенмен болашақ әлем келбеті адам танымастай өзгеретіні анық. Бізді, ұрпағымызды не күтіп тұр? Бүгін дүниеге келген нәресте 2050 жылы отыз жастың шамасында болады. Бұл сәби 2100 жылдың да келгенін көреді, тіпті ХХІІ ғасырдың белсенді азаматтары қатарында болуы да мүмкін. Ол ержеткенде, жасы ұлғайғанда аман-есен жүріп, өмірдің қызығын көрсін десек, оған не үйретуіміз керек? Балаға болашақта жұмыс тауып, дүниені танып-білу, өмірде дұрыс жол таңдау үшін қандай дағдылар қажет?
Бір өкініштісі, 2100 жылды айтпағанда, 2050 жылы әлемнің қандай болатынын ешкім білмейді. Сондықтан жоғарыдағы сұрақтарға нақты жауап жоқ. Жалпы, адам болашақты ешқашан дәл болжап біле алмаған. Қазір жорамал жасау бұрынғыдан да қиындай түсті. Өйткені адам технологиялар көмегімен денесін, миы мен ақыл-ойын қалағанынша құрастырып шыға алатын деңгейге жеткенде, күні бұрын қандай да бір болжам жасау қабілетінен айырылады. Тіпті бұрын мызғымастай көрінген дүниеге де сенуден қалады.
Осыдан мың жыл бұрын (1018 жылы) адамның болашақ туралы түсінігі шектеулі болғанымен, қоғамның айтарлықтай өзгере қоймайтынына сенімі мол еді. 1018 жылы Қытайда тұрсаңыз, 1050 жылға таман Сун империясының күйрейтінін, елге солтүстіктен қидандар басып кіретінін, жұқпалы індет тарап, миллиондаған адамның қырылатынын болжап біле аласыз. 1050 жылы халықтың басым бөлігі шаруалар мен тоқымашылар екеніне, билеушілер әскери қызметкерлер мен шенеуніктерді халық арасынан таңдағанына, ерлер әйелдерден үстем болғанына, өмір сүру ұзақтығы шамамен қырық жасты құрағанына, адамның дене бітімі өзгере қоймағанына нық сенетін едіңіз. Сондықтан болар, 1018 жылы қытайлар балаларына күріш егуді не жібек тоқуды үйреткен; ауқатты отбасында дүниеге келген ұл балалар Конфуций еңбектерін оқып, каллиграфиядан сабақ алып не атқа мініп, жауынгерлік өнердің қыр-сырын меңгеріп өсетін. Ал қыз балаларды жастайынан сыпайы, болашақ жарын сыйлайтын инабатты әйел болуға тәрбиелейтін. Осындай дағдылар мен қасиеттердің 1050 жылда да қажет болатынына ешкім күмән келтірмеген.
Ал бүгінгі таңда біз Қытай болсын, кез келген басқа ел болсын, 2050 жылы қандай болатынын айта алмаймыз. Адамның болашақта қалай күн көретінін, әскерлер мен бюрократиялық аппараттың қалай қызмет ететінін, ерлер мен әйелдер арасындағы қарым-қатынастың қалай өзгеретінін білмейміз. Кей адам бүгінгіге қарағанда әлдеқайда ұзақ өмір сүретін шығар; биоинженерия саласындағы жетістіктер мен мидың тікелей компьютермен әрекеттесу мүмкіндігінің арқасында адамның дене бітімі де қатты өзгеріске ұшырауы ықтимал. Бүгін оқып-үйреніп жүрген нәрселердің көбі 2050 жылы бізге қажет болмай қалуы мүмкін.
Қазір мектептердің көбі оқушының тиісті ақпаратты есте сақтап, жаттап алуына ғана ден қояды. Бұрын оқытудың бұл әдісі қарсылық тудырмаған, өйткені бұрынғы заманда ақпарат тапшы болатын, жарыққа шыққан деректер цензурадан өтетін. 1800 жылы Мексиканың бір шалғай елді мекенінде тұрған адамның әлемде болып жатқан
жаңалықтардан хабары жоқ-тын. Ол кезде радио да, телевизия да, күнделікті шығатын газеттер не қоғамдық кітапханалар да болмаған1. Хат танып, біреудің жеке кітапханасына барып тұрған күннің өзінде, ол жерден романдар мен діни кітаптардан басқа оқитын ештеңе таба алмайтын едіңіз. Испан империясы өз аумағында басып шығарылатын мәтіндердің бәрін қатаң бақылап, цензурадан өткізіп отыратын. Шетелден бірен-саран ғана кітап әкелуге рұқсат берілген2. Ресей, Үндістан, Түркия не Қытайдың шалғай аймақтарындағы жағдай да осындай болған. Жаңа мектептердің ашылып, балалардың оқу-жазу үйреніп, географиямен, тарихпен, биологиямен танысуы – өткен заманның білім беру жүйесімен салыстырғанда үлкен жетістік еді.
Қазір жағдай басқа. ХХІ ғасырда толассыз аққан ақпарат ағыны басылар емес. Оны тоқату, бақылау тіпті цензорлардың да қолынан келмейді. Есесіне олар жалған хабар таратып, жұрт көңілін басқа жаққа бұруға машықтанып алды. Мексиканың бір шағын қалашығында тұратын, смартфоны бар біреу болсаңыз, интернетке шығып, Уикипедияда жарияланған мақалаларды оқып, TED Talk дәрістерін тыңдауға, тегін онлайн-курстарға қатысуға өміріңіз жетпейді. Бірде-бір үкімет жағымсыз ақпаратты түгел жасыра алмайды. Алайда қазір теріс ақпарат таратып, халықтың көңілін алдау оңай болып қалды. Әлемнің түкпір-түкпірінде отырған адамдар компьютер тінтуірінің түймесін түртіп қалып, Алеппо қаласының бомба астында қалғаны немесе Арктикадағы мұздың еруі туралы қас қағым сәтте хабар ала алады. Бір жаманы, қазір қарама-қайшы ақпараттың көп болғаны сонша – қайсысына сенеріңді білмейсің. Басқа да біраз нәрсеге осылай лезде қол жеткізуге болады, мұндайда адамның көңілі бөлінетіні рас. Саясат пен ғылым түсініп-білуге тым күрделі көрінген сәтте, қызықты бейнеклиптерге, танымал тұлғалардың жеке өміріне қатысты өсек-аяңға не порнографияға назар аударғың келеді де тұрады.
Мұндай әлемде мұғалімнен оқушыға мейлінше көп ақпарат беруді талап еткеніміз дұрыс емес. Ақпарат онсыз да жетіп артылады. Адам сол ақпаратты қорытып, бұрысы мен дұрысын, маңыздысы мен маңызды емесін ажырата білуге, ең бастысы, түрлі деректерден құралған үзік-үзік мәліметтерден біртұтас тұжырым шығарып дағдылануға тиіс.
Шын мәнінде, Батыс либералдық білім беру жүйесі ғасырлар бойы осындай мұрат-мақсаттарды дәріптеп келеді. Алайда бұл мұратқа жеткен Батыс мектептері кемде-кем. Мұғалімдер ақпарат берумен ғана шектеліп, оқушыларын өз бетімен ойланып, ой түюге ынталандыруда. Авторитаризмнен қорыққан либералдық мектептер қандай да бір тарихи жайтты жан-жақты талдап түсіндіруге құлықсыз болды. Мұғалімдердің басшылыққа алған ұстанымына сай, оқушыға мейлінше көп ақпарат пен біршама еркіндік берсе жеткілікті, олар айнала қоршаған дүние туралы өз бетімен тұжырым шығара алады. Бар ақпаратты зерделеп, әлем туралы жүйелі түсінік қалыптастыру осы ұрпақтың қолынан келмесе, онда бұл жұмысты атқаруға келесі ұрпақта уақыт болады. Бізде қазір бұған уақыт қалмады. Алдағы онжылдықта қабылдайтын шешімдеріміздің болашақ әлем келбетіне ықпалы болатыны сөзсіз; сол шешімдерді қазіргі түсінігімізге сүйеніп қабылдауға тура келеді. Қазіргі ұрпақтың ғалам туралы біртұтас түсінігі болуы керек, әйтпесе болашақтың қандай болатынын адам іс-әрекеті емес, кездейсоқ үрдістер айқындайды.
ЖАҒДАЙ ӨРШИ ТҮСТІ
Мектептердің көбі оқушыға ақпарат берумен қатар, оның дифференциал теңдеулерді шешу, С++ программалау тілінде компьютер кодтарын жазу, құтыдағы химиялық заттарды ажырата білу не қытай тілінде сөйлесу сияқты алдын ала белгіленген дағдыларды меңгеруіне көп көңіл бөледі. Дейтұрғанмен, 2050 жылы әлемнің қандай болатынын, еңбек нарығында қандай мамандарға сұраныс көбейетінін білмейміз. Сондықтан адамға нақты қандай дағды керек болатыны да айқын емес. Баланы С++ көмегімен кодтар жазуға, қытайша тілдесуге баулып күш жұмсап жүргенімізде, 2050 жылы жасанды интеллект компьютерлік бағдарлама кодын адамнан жақсы жаза алатын дәрежеге жетсе, ал қытайша «Ни Хао» деп аман-саулық сұрасудан басқа ештеңе
білмесек те, Google Translate құралы көмегімен қытайлармен түрлі диалектілерде оп-оңай сөйлесе алсақ қайтеміз?
Балаға не үйрету керек? Педагогика саласының мамандары мектеп балаларды сыни ойлауға, өзгелермен коммуникацияға түсуге, бірлесіп жұмыс істеуге және шығармашылық дағдыларға баулу қажет дейді3. Жалпы, мектеп техникалық машықтарға емес, балаға өмірде қажет болатын дағдыларға басым көңіл бөлуі керек деген пікір айтылып жүр. Сондай дағдылардың ішіндегі ең маңыздысы – өзгерістерге бейімделе білу, жаңа нәрсе үйрену, сондай-ақ күтпеген жағдайға кезіккенде сабыр сақтап, саналы әрекет ете білу. Болашақта, 2050 жылы, көштен қалмау үшін жаңа идеялар ұсынып, жаңа өнім жасап шығарумен шектеліп қалуға болмайды; ең бастысы – адам өзін-өзі үнемі жаңартып, дамуға дайын болуға тиіс.
Өзгеріс қарқыны үдей түсуде, оның салдарынан экономика ғана емес, «адам болу» ұғымы да өзгеріске ұшырайды. Сонау 1848 жылдың өзінде «Коммунистік партия манифесінің» авторлары «сословиемен байланысты, бір қалыпта тұрып қалған нәрселердің бәрі де жоқ болады»* деген. Алайда Маркс пен Энгельстің жазғаны қоғамдық және экономикалық құрылымның жаңаратыны жайлы еді. 2048 жылға таман қазіргі материалдық құрылым мен таным жүйесі де жоқ болады, басқаша айтқанда, олар биттермен өлшенетін деректер қорына сіңіп, жоғалып кетеді.
1848 жылы шаруа қожалықтарындағы еңбек көзінен айырылған миллиондаған адам ауыл-аймақтарды тастап, қалаға қоныс аударып, фабрикаларға жұмысқа тұрған. Сол кезде қалаға көшіп келген адамның жынысын өзгертуі не көріпкелдік қасиетке ие бола қалуы неғайбыл еді. Тоқыма фабрикасына жұмысқа орналасқан адамның өмір бойғы кәсібі сол фабрикамен байланысты болатын.
Ал 2048 жылға таман адам киберкеңістікке миграция жасау, жыныстық даралықты өзгерту сияқты мәселелермен бетпе-бет келуі, сондай-ақ компьютерлік импланттар көмегімен сезіп-түйсінудің жаңа түрлерін игеруі әбден мүмкін. 3D форматындағы виртуалдық ойын кейіпкерлері үшін жаңа киім үлгілерін жасайтын мамандық иелері пайда болса, он жылдың ішінде мұндай маманның жұмысын жасанды интеллект атқара алатындай деңгейге жетіп, шығармашылық жұмыстың осы бір түрін мүлде ығыстырып тастауы ықтимал. Сөйтіп, 25 жастағы біреу жақынырақ танысқысы келетіндерге өзі туралы «жасым жиырма бестегі гетеросексуал әйелмін, Лондонда тұрамын, сән дүкенінде жұмыс істеймін» деген онлайн хабарлама жазып қалдыруына болады. Ал жасы 35 толғанда, ол өзін «айқын жыныстық белгілерім жоқ, неокортикальді жүйем көбінесе Жаңа Ғарыш виртуалды әлемінде белсенділік танытуда, өмірлік мұратым – ешбір модельер бармаған жерге бару» деп таныстыра алады. Қырық беске толғанда өзгелермен танысып, кездесуге бару, өзің туралы айтып берудің түк қажеті болмайды. Сыңарыңызды тиісті алгоритм тауып (не жасап) береді. Киім үлгілерін жасау сияқты шығармашылық еңбекті енді алгоритмдер атқарады; бұл алгоритмдердің өз жұмысын шебер орындайтыны сонша – бұрын қолыңыздан шыққан үздік туындылардың өзін жұртқа көрсетуден ұялатын боласыз. Қырық беске толдым, өмірімдегі аумалы-төкпелі кезең осымен аяқталды десеңіз – қателесесіз, сіз көретін түбегейлі өзгерістер әлі көп.
Шынымен осылай болады деп ойлап қалмаңыз. Нақты қандай өзгеріс болатынын ешкім болжап бере алмайды. Қандай сценарий жазсақ та, ол шындықтан алшақ. ХХІІ ғасырдың орта шеніндегі өмірді ғылыми фантастикадағыдай болады деп суреттеп беретіндерге сенбеңіз. Сол кезеңдегі өмірді ғылыми фантастикаға ұқсамайтындай етіп сипаттап беретіндерге тіпті сенбеңіз. Нақты ненің, қалай өзгеретіні анық емес; әйтеуір өзгеріс болатыны анық.
Өмірдің түбегейлі өзгеріске ұшырап, тұрақтылықтың, сабақтастықтың бұзылатынына дайын болу қажет. Адам өмірі атам заманнан бері өзара байланысты екі кезеңнен тұрады: оқып-үйрену кезеңі мен жұмыс істеу кезеңі. Бірінші кезеңде ақпарат жинап, дағдыларыңызды шыңдап, дүниетанымыңызды қалыптастырасыз. Өзіңіздің кім екеніңізді айқындайсыз. Он бес жасқа толған шақта күндізгі уақытты (мектепте емес) үй ішімен бірге күріш егіп, атыз басында өткізген сіз, бірінші кезекте, күріш өсірудің, оны қаладан келген саудагерлерге өткізудің, егістікті күтудің қыр-сырын үйреніп жүрген болып саналасыз. Өмірдің екінші кезеңінде бойыңыздағы дағдылардың көмегімен дұрыс жол таңдап, кәсіп қылып ақша табасыз, қоғамға үлес қосасыз. Әрине, елуге келгенде де жаңа нәрсе үйренуді доғармайсыз, бірақ мұның бәрі осы уақытқа дейін жинаған біліміңіз бен меңгерген дағдыларыңызды толықтырып, жетілдіріп қана қояды.
Өзгеріс қарқыны еселеп, орташа өмір ұзақтығының артуы нәтижесінде ХХІ ғасырдың орта шенінде осындай дәстүрлі өмір моделі ескіріп, жарамсыз болып қалады. Бір кезеңнің келесіге ұласып, сабақтаса өрбіген қазіргідей өмір кезеңі болмайды. «Мен кіммін?» – деген сұрақ бұрынғыдан да өзекті, күрделі сұраққа айналады4.
Мұндайда адамның қатты күйзелетініне ешкім таң қалмас. Себебі өзгеріс атаулы күйзеліссіз жүрмейді. Адамның жасы ұлғайған сайын өзгеруге құлықсыз болып қалады. Он бес жаста өмір түгел өзгерістен тұратындай көрінеді. Дене бітімі дамып, ақылы толығып, өзгелермен қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болған жасөспірім үшін өмір тоқтаусыз өзгеріп жатқан, жаңалықтарға толы дүние сияқты. Бұл кезең ол үшін нағыз өзін-өзі тану кезеңі; іштей толқу, құштар болу қатар жүретін кезең. Күллі дүние сізге құшақ жайып тұрғандай.
Елуге толған шақта «дүниенің дәм-тұзын таттым, жасарымды жасадым, асарымды асадым, енді өзгерістің керегі жоқ» дейсіз. Ендігі керегі – тыныштық, тұрақтылық. Қазіргі жағдайым жақсы, осындай күнге жету үшін көп күш-жігер салдым, енді бәрін қайтадан бастағым келмейді деген ойға тоқтайсыз. Жиған-тергеннің бәрін ысырып қойып, жаңа бастамаға ден қою қиын-ақ. Жаңа әлденені байқап көруден, дағдыларыңызды жетілдіре түсуден қашпайсыз, әрине. Дегенмен елуге келген адам өміріне түбегейлі өзгеріс енгізуге дайын емес.
Мұны нейрология көмегімен түсіндіріп беруге болады. Ересек адамның миы жасөспірім миы сияқты икемді болмайды. Нейрондар арасындағы байланысты, синапстер жұмысын қайта құру қиынның қиыны5. Дегенмен ХХІ ғасырда бұрынғыдай тұрақтылыққа ұмтылу бекер. Бір қалыпта тұрып қалсаңыз, көшке ілесе алмайсыз. Өмір ұзақтығының артатынын ескерсек, жер қойнауында жатқан пайдалы қазбаға ұқсап, ондаған жыл бойы түк бітірмей күн кешуіңіз мүмкін. Көштен қалмау үшін, экономикалық, әлеуметтік тұрғыда белсенді болу үшін елуге келген шақта да оқып-үйренуден, өз-өзіңізді жетілдіруден, жаңа дағдыларды игеруден жалықпау керек.
Уақыт өте келе, ешкімге ұқсамау, жұрттан өзгеше болу қалыпты нәрсеге айналып барады. Алған біліміңіз бен жинақтаған тәжірибеңіз өмірде бұрынғыдай сенімді нұсқау болудан қалады. Жекелеген адамдар, жалпы адам баласы бұрын-соңды ешкім бетпе-бет келмеген құбылыстарға, жаңалықтарға тап болады, мысалы: супер ақылды машиналар мен компьютерлер, биоинженерлер құрастырып шыққан адам денесі, эмоцияларды дәл бере алатын алгоритмдер, адам қолдан жасаған табиғи апаттар. Болашақта әр он жыл сайын жаңа кәсіп меңгеріп отыру қажет болуы мүмкін. Сонда мүлде күтпеген жайтқа тап болғанда не істемек керек? Келіп жатқан ақпараттың көп болғаны сонша – оны қабылдап, талдап ой түюге шамаңыз жетпесе не істеу қажет? «Түк түсінсем бұйырмасын, не болып жатыр өзі?» деген сөз адамның үйреншікті реакциясына айналатын әлемде қалай өмір сүреміз?
Мұндай әлемде аман қалып, өмірдің қызығын көру үшін ақыл икемділігі мен сабыр қажет. Білгеніңізге иек арта бермеуге, білмегеніңізді танып-білуге машықтаныңыз. Өкінішке қарай, балаларға психологиялық тепе-теңдігін сақтай отырып білмейтінін іздеп-табуды үйрету оңай шаруа емес. Оған қарағанда, балаға физикалық теңдеуді шешуді үйрету не Бірінші дүниежүзілік соғыстың қалай басталғанын түсіндіріп беру әлдеқайда оңай. Кітап оқып, дәріс тыңдаумен жүрген адам өмірге икемді бола алмайды. Ескі білім беру жүйесінен сусындаған оқытушыларда да икемділік жетіспейді. Сондықтан ХХІ ғасырда өмір сүру үшін қажетті дағдылар мен қасиеттер мұғалімнің де бойынан табыла бермейді.
Индустриялық революция заманынан мұраға қалған білім жүйесі кәсіпорын конвейері сияқты: қала орталығында бетоннан тұрғызылған үлкен ғимарат бар; іші бір-біріне ұқсас бөлмелерге бөлінген, әр бөлмеге қатар-қатар парта мен орындықтар қойылған. Қоңырау соққанда, өзіңізбен қатар отыз баламен бірге сол бөлмелердің біріне кіресіз. Сағат сайын ауысып, ересектер келіп дәріс оқиды. Біреуі жердің пішіні, басқасы адамзат тарихы, үшіншісі адам денесі туралы айтады. Осы үшін оларға үкімет ақша төлейді. Білім берудің бұл үлгісі,
бұрынғы жетістіктеріне қарамастан, дәрменсіз болып қалғанын ешкім дауламас. Алайда біз осы жүйені алмастыратын жаңа жүйе ойлап таппадық. Жаңа жүйе деп отырғанымыз – Калифорния штатының ауқаттылар тұратын аудандарында ғана емес, Мексиканың ауылды жерлерінде де енгізуге болатын икемді білім беру жүйесі.
АДАМҒА ХАКЕРЛІК ШАБУЫЛ ЖАСАУ
Сонымен, Мексика, Үндістан не АҚШ-тың Алабама штатындағы ескірген бір мектепте оқып жүрген жасөспірімге айтатын ақылым: үлкендерге көп сенім артпа. Иә, үлкендер саған жақсылық тілейді, дегенмен олар бұл әлемді түсінбейді. Бұрын үлкендерге еш алаңдамай-ақ еруге болатын, өйткені олар әлемді жақсы білетін, ол кездегі өзгерістердің өзі баяу жүретін. ХХІ ғасырда бұлай болмайды. Өзгерістер қарқыны үдей түскен заманда үлкендердің айтқанын сөзсіз қабылдауға болмайды: естігеніңіздің ескіден келе жатқан даналық немесе ескішілдіктің нышанына айналған наным екенін анық ажырату қиынға соғады.
Сонда неге сенуге болады? Технологияларға ма? Технологияларға толық жүгінудің пайдасынан зардабы көп. Өмірін технологияларға бағындырған адам – сол технологиялардың тұтқынына айналады. Мыңдаған жыл бұрын адам ауыл шаруашылығын ойлап тапты, алайда бұл технологияның қызығын жұмысқа қабілетті халықтың басым бөлігін құлдыққа салған шағын элита өкілдері ғана көрді. Қалғандары күн атқаннан кеш батқанға дейін бел жазбай аптап ыстықта арамшөп жұлып, су тасып, егін жинап еңбек етті. Сіз де сондай қара жұмысқа жегілгендердің бірі болып қалуыңыз мүмкін.
Технологияны адамның жауы деп тұрғаным жоқ. Өмірде таңдаған жолыңыз айқын болса, технологиялардың сізге көмегі тиеді. Әйтпесе мақсат-мұраттарыңызды сіз үшін технология айқындап, өміріңізді өз бақылауына алады. Технология адамды әлдеқайда жақсы танып, түсініп үйренгенде, ол сізге емес, сіз оған қызмет ететіндей күйге түсуіңіз ықтимал. Көшеден смартфондарына қадалып қалған зомбилерді көрген шығарсыз? Айтыңызшы, солар қолындағы құрылғысына ие
болған адамға ұқсай ма? Әлде, керісінше, технология оларды өзіне иемденіп алған сияқты ма?
Әлде өзіңізге ғана сенгеніңіз дұрыс па? «Сезам көшесі» (Sesame Street) бағдарламасы мен Dіsney студиясының ескі мультфильмдерінің кейіпкерлері бұл сұраққа «иә» деп жауап беретін еді. Алайда шын өмірде олар айтқандай болмайды. Бұған Dіsney компаниясының да көзі жеткен сияқты. Адамның көбі Іnsіde Out атты анимациялық фильмнің кейіпкері Райли Андерсен сияқты өзін толық танып-біле қоймаған. Ал өзін-өзі тануға ұмтылған адам сырттай арбап ықпал етудің құрбанына оп-оңай айналады. Кеудеңізге ұялаған ішкі дауысқа ешқашан ермеңіз; ол дауыс – биохимиялық факторларды былай қойғанда, мемлекеттік үгіт-насихат, идеологиялық алдап-арбау, коммерциялық жарнама ықпалынан туған дауыс.
Биотехнология және машиналық оқыту салалары жетілген сайын, адамның эмоциялары мен қалауын бақылап, басқару жеңілдей түседі. Осы ретте тек «өзіңді ғана тыңда» деген қағиданы ұстанудан зиян шегу ықтималдығы арта түседі. Coca-Cola, Amazon, Baіdu сияқты компаниялар немесе мемлекеттік органдар адамның көңіліне, ой-тұжырым жасау қабілетіне өз пайдасына сай ықпал ете алатындай дәрежеге жеткенде, іс- әрекетіңізге кім жауап береді, көзқарасыңызды кім айқындайды? Өзіңіз бе, әлде аталған ұйымдардың маркетинг жөніндегі мамандары ма?
Осы бір түйткілді шешу жолында сізге операциялық жүйеңізбен жан-жақты танысу (өзіңіздің кім екеніңізді және өмірлік мұратыңызды білу) үшін көп еңбектену қажет. Адамға осындай кеңесті бірінші болып беріп отырған мен емес. Ерте дәуір ойшылдары мен пайғамбарлар адамды өзін-өзі тануға үндеген. Бұл кеңес ХХІ ғасырда өзектілігін жоғалтқан жоқ, керісінше, қазір бұрынғыдан да өзекті, өйткені Лао-цзы мен Сократ заманына қарағанда, бүгін сіздің бәсекелестеріңіз көп. Coca-Cola, Amazon, Baіdu сияқты компаниялар мен мемлекеттік органдар сізге хакерлік шабуыл жасау жолында бір-бірімен жарысуда. Смартфоныңызға, компьютеріңізге, банктегі есепшотыңызға емес, сіздің өзіңізге әрі органикалық операциялық жүйеңізге хакерлік шабуыл жасауға әрекеттеніп, бақталасуда. Қазір хакерлер компьютерлерге бұзып кіретін заман емес, шын мәнінде, қазір адамға хакерлік шабуыл жасайтын заман.
Дәл қазір алгоритмдер әр қадамыңызды аңдып, бақылап отыр. Олар қайда барғаныңызды, не сатып алғаныңызды, кімге жолыққаныңызды көріп жүр. Көп ұзамай олар не істеп, не қойғаныңызды ғана емес, тыныс алуыңызды да, жүрек соғысыңызды да қадағалайтын болады. Сіз туралы әлдеқайда көп ақпарат жинау үшін алгоритмдер Bіg Data мен машиналық оқыту әдістерін қолданады. Сөйтіп, бұл алгоритмдер сізді әбден жақсы танып-білген кезде, сізді бақылап басқара алатын болады. Сіз бұл үрдіске шек қоя алмай, шарасыз қаласыз; Нео сияқты матрицада өмір сүресіз немесе «Труман шоуындағыдай» миллиондаған адам көретін телевизиялық қойылымның кейіпкеріне айналасыз. Сайып келгенде, бұл қарапайым эмпирикалық мәселе: өзіңізге қарағанда сіз туралы әлдеқайда көп білетін алгоритмдер, ақырында, сізді өз ырқына бағындырады.
Әрине, алгоритмге мойынсұнып, оған өз атынан, жалпы әлем атынан шешім шығару өкілеттігін қуана-қуана табыстайтындар да табылар. Сондай адамдардың бірі болсаңыз, ертеңгі күнге уайымдамаңыз. Алгоритмдерге сенім артып, алаңсыз өмір сүре берсеңіз болады. Ал енді өз өміріме, болашағыма ие боламын десеңіз, сізді бақылауға ұмтылатын алгоритмдерден, Amazon-нан, үкіметтен де шапшаңырақ қимылдап, өз-өзіңізді олардан бұрын танып-білгеніңіз абзал. Озып шығамын десеңіз, өзіңізбен бірге артық жүк алмаңыз. Жалған түсініктердің бәрін тастап, жолға ауыр салмақтан арылып шыққаныңыз дұрыс.
Цитатаны Манифестің 1937 жылы жарық көрген қазақшаланған нұсқасынан алдық. Аударған – М.Жолдыбаев.
20-ТАРАУ
Өмірдің мәні
Өмір – біреудің ойдан шығарған әңгімесі емес
Мен кіммін? Өмірге не үшін келдім? Өмірдің мәні не? Бұл сұрақтар адам баласын әлімсақтан бері мазалап келеді. Біздің білетініміз бен білмейтініміз құбылып, өзгеріп тұратындықтан, әр ұрпақтың бұларға беретін өз жауабы болуы керек. Осы уақытқа дейін ғылым, құдай, саясат пен дін туралы жинақтаған білім қорына сүйеніп, бүгінгі таңда осы сұрақтарға қандай жауап бергеніміз дұрыс болар еді?
Өзгелер бізден қандай жауап күтеді? Әдетте адам өмірдің мәні туралы сұраққа әңгімелеп жауап бергенді қалайды. Homo sapіens – әңгімеге әуес жануар, оның ойлау жүйесі сандар мен графиктерге емес, әңгімелерге құрылған; оның түсінігіндегі ғалам – өмірлік тартысты суреттейтін, қаһармандар мен жауыздар сияқты кейіпкерлері бар, адам басына бұлт үйіріліп, аяғы жақсылықпен бітетін оқиғалар желісінен тұратын аңыз әңгіме іспеттес. Өмірдің мәнін іздеген адам айнала қоршаған дүниені сахналанып жатқан жаһандық драмаға теңеп, ондағы өзінің рөлі туралы естігісі келеді. Өзінің осындай үлкен бір қойылым қатысушысы екенін аңғарған адам, бұл жалғанда не істеу керек екенін түсінгендей болады.
Өз орнын табуға ұмтылған миллиондаған жанға бірнеше мың жыл бойы айтылып келген осындай жалпыға мәлім бір аңыз әңгімеге сенсек, жер бетіндегі тіршілік атаулы мәңгі жүретін жаратылыс цикліне бағынған. Әр тіршілік иесінің осы циклде атқаратын қызметі бар. Өмірдің мәнін түсіну үшін адам өзінің қандай қызмет атқару керек екенін түсінуі қажет; жақсы адам болу үшін сол қызметті ойдағыдай атқарып шығу керек.
«Бхагаватгита» атты үнді эпосында сұрапыл азамат соғысы кезінде ержүрек жауынгер, ханзада Арджунаның жау әскері қатарында достары мен ағайынын көріп, абдырап, күмәнға берілген сәті суреттелген. Ханзада «жақсылық пен жамандықтың аражігін қалай ажыратуға болады, адам өмірге не үшін келеді» деген сұраққа ой жүгіртеді. Кришна құдайы оған жеті ғаламды қамтыған циклде әрбір тірі жанның маңдайына жазылған «дхармасы», яғни өз жолы, атқаруға тиіс парызы бар екенін түсіндіреді. Дхармасын білген адам тар жол, тайғақ кешулерден өтетініне қарамастан, бойындағы күдіктен арылады, жаны жай табады. Дхармасынан бас тартып, өзге біреудің жолын қуған (не мүлде жол таңдамаған) адам ғаламдық тепе-теңдікті бұзады, мұндай адам жаны аласұрып, тыныштық таппай қиналады. Нақты қандай жолға түскені маңызды емес, ең бастысы – сол жолдан таймау. Тағдырына мойынсұнбай, өмірлік жолынан адасқан ханзадаға қарағанда, кір жуып нан тауып жүрген, тағдырына өкпесі жоқ әйел жақсы. Өмірдің мәні осы екен ғой деген ойға бекіген Арджуна өзінің жауынгер ретіндегі дхармасына адал болуды ұйғарады. Сөйтіп, достары мен ағайындарын өлтіріп, әскерін жеңіске жетелеген қолбасшы Арджуна индуистердің ең сүйікті қаһармандарының біріне айналады.
Dіsney студиясының 1994 жылғы «Арыстан патша» мультфильмі жоғарыда аталған көне үнді жырынан алынған сюжетті жаңа заман көрермендеріне түсінікті болатындай етіп жеткізеді. Мұндағы Арджуна образын арыстанның аланы – Симба сомдаған. Өмірдің мәнін білгісі келген Симбаға әкесі – арыстан патшасы Муфаса Өмір шеңбері туралы айтып береді. Африка саваннасын мекендеген бөкен шөппен қоректенеді, бөкеннің өзі арыстанға жем болады, ал арыстан өлгенде, оның денесі шіріп, шөп өсетін жерді құнарландырады. Өмір осылай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып айналатын шеңбер сияқты, онда әр жануардың өзіне тиесілі рөлі бар. Тіршілік атаулының бәрі өзара байланысты, бір-біріне тәуелді; біреуі өз қызметін атқармаса, Өмір шеңбері бұзылады. Муфаса өзі өлгеннен кейін күллі саваннаның әміршісі болу, жануарлар әлеміндегі тәртіпті сақтау Симбаға бұйырғанын айтады.
Ызғар Муфасаны өлтірген соң, мұндай сұмдыққа Симба өзін кінәлап, аң патшасының мұрагері болғысы келмей, прайдты тастап, шөлге қашып кетеді. Тағдыр оны өзі сияқты жерден безген сурикат пен қабанға жолықтырады, сөйтіп, бұл үшеуі бірнеше жыл мамыражай күн кешеді. Олар осы кезеңде «акуна матата» («еш алаңдама») деген өлең сөздерін өздеріне өмірлік ұран етіп алады.
Дегенмен Симба өз дхармасынан қашып құтыла алмайды. Ержеткен шағында ол өзінің кім екенін, қандай өмірлік жол таңдау керек екенін білгісі келеді. Фильмнің шешуші сюжеттік сәтінде Симбаға Муфасаның рухы келіп, оған Өмір шеңберін бұзбауды, патшаның ұрпағы екенін ұмытпауды нұсқайды. Өзі жоқта Ызғардың патша тағын тартып алып, өктемдік етуі салдарынан прайдқа қарасты жерлерде алауыздық пен аштық жайлағанын естіген Симба, ақыры, өзінің кім екенін және не істеу керек екенін аңғарады. Ол прайдқа қайта оралып, ағасын өлтіріп, арыстан патшасы болады. Саваннада бұрынғыдай тыныштық пен тоқшылық орнайды. Фильм соңында кеудесін мақтаныш кернеген Симба жануарларға өзінің дүниеге келген мұрагерін көрсетеді, бұл – өмірдің жалғасуы мен ұрпақ сабақтастығының айғағы.
Өмір шеңберін қайталанып отыратын қойылым, жаһандық драма деп елестетуге болады. Арыстанның атам заманнан бері бөкен аулап жейтінін, ал жауынгерлердің шайқасқа түсетінін, осындай өмір тәртібі бұзылмайтынын Симба да, Арджуна да білген. Әңгімеге арқау болған үрдістер, оқиғалар өмірде қайталанып отырса, аңыз әңгіме әлдеқайда сенімді естіледі – тіршіліктің қалыпты дамуы осындай болады деген тұжырым қалыптасады. Арджуна жауынгер болудан, ал Симба тақтан бас тартса, бұл екеуі табиғат заңдарын бұзғаны.
Осы болсын, басқа болсын Өмір шеңбері туралы әңгімеге сенемін делік, олай болса пешенеме жазылған өмірлік парызым, нағыз даралық ерекшелігім анық. Анық болса да, оны аңғармай не күдіктеніп жүруім мүмкін. Сөйтіп, күндердің күнінде көзім ашылып, ғаламдық драмадағы өзіме тиесілі рөлдің қандай екенін түсінуім ықтимал. Өмір жолымның ауырлығына қарамастан, бойымдағы күдік сейіледі, болашаққа үмітпен қараймын.
Басқа діндер мен идеологияларға сай баяндалатын ғаламдық драма тура сызық бойымен өрбиді: оның жалпыға мәлім бастапқы кезеңі, ортасы және соңы бар. Мысалы, исламда Алланың он сегіз мың ғаламды жаратып, болмыс заңдылықтарын орнатқаны айтылады. Ол заңдылықтар Алла түсірген Құранда жинақталып жазылған. Өкінішке қарай, қараңғылық пен күнәға батқан адамдар Алла әміріне қарсы шығып, оның заңдарын бұзуға не жасырып қоюға әрекеттенді. Сондықтан ізгілік жолындағы хақ мұсылмандарға осы заңдарды сақтап, олар туралы білім тарату шарт. Қиямет күні Алла тағала әр адамнан есеп алады. Иман келтіріп, түзу іс жасағандар жаннатқа кіреді, ал залымдар тозақ отына түсіп, онда мәңгі қалады.
Осы бір әсерлі хикаяға сәйкес, менің бұл өмірде кішкентай болса да маңызды рөлім бар: Алланың бұйрығын орындау, оның заңдары туралы білім тарату, Алланың әміріне күмән келтірмеу. Аллаға табынған мұсылмандар айтатын хикаяға сенсем, бес уақыт намаз оқудан, қайыр жасап, жаңа мешіт тұрғызуға жәрдемдесуден, дін жолынан тайғандар мен дінсіздерге қарсы күресуден өмірдің мәнін табамын. Тіпті қол жуу, су ішу, жыныстық қатынасқа түсу сияқты күнделікті іс-әрекеттің де ғаламдық үйлесім тұрғысынан алып қарағанда өзіндік мәні бар.
Мұндай баяндау мәнері ұлтшылдыққа да тән. Мысалы, сионизм тарихының бастапқы кезеңі, Библияда жазылғандай, еврей халқының басынан өткен оқиғалары мен жетістіктерін қамтиды. Кейін олардың екі мың жыл бойы қуғын-сүргін көргені айтылады. Оқиғалардың шарықтау шегі еврейлердің Холокост қасіретін бастан кешуімен, кейін Израиль мемлекетін құруымен байланысты. Ендігі кезеңде Израиль бейбітшілік пен өркендеу жолына түсіп, өзге елдер өзіне моральдық және рухани үлгі тұтатындай мемлекет болуды көздейді. Сионизмді дәріптейтіндердің айтатын әңгімесіне сенетін болсам, менің өмірлік мұратым – еврей халқының мүддесін ілгерілету, иврит тілінің тазалығын сақтау,
еврейлер айырылып қалған жерлерді қайтару үшін күресу, ұлтжанды ұрпақты дүниеге әкеліп тәрбиелеу.
Мұнда да дағдылы нәрселердің өзіндік бір мәні бар. Тәуелсіздік күні израильдік мектеп оқушыларының бірігіп ән салуы әдетке айналған. Сондағы айтылатын танымал еврей әні әр азаматтың отан үшін еңбек етуін насихаттайды. Бір бала: «Мен Израиль жерінде үй салдым», – деп бастайды. Оны екінші бала: «Мен Израиль жерінде ағаш ектім», – деп қостайды. Ал үшіншісі: «Мен Израиль жерінде өлең жаздым», – дейді. Осындай өлең шумақтары жалғаса береді, соңында балалар: «Міне, енді Израиль жерінде үйіміз, ағашымыз, өлеңіміз (және тағы сол сияқты) бар», – деп хормен ән салады.
Коммунизмді дәріптейтіндер де осыған ұқсас әңгіме айтады, бірақ олар қандай да бір ұлтқа емес, тапқа басым назар аударады. «Коммунистік партия манифесі» мынадай мәлімдемеден басталады*:
Бүкіл өткен қоғам тарихы – таптар күресінің тарихы. Ерікті мен құл, патриций мен плебей, феодал мен крепостной, цех шебері мен оның жәрдемшісі, қысқасынан айтқанда – езуші мен езілуші – бірімен-бірі ылғи жауласып, бірде жасырын, бірде ашық түрде үздіксіз күресіп келді, бұл күрес әр рет бүкіл қоғам тұрмысын революция негізінде қайта құрумен, я тартысушы екі таптың бірдей құруымен тынып отырған1.
Бұдан кейін манифесте буржуазия заманында бүкіл қоғам екі үлкен дұшпан лагерьге, біріне-бірі қарама-қарсы тұрған екі үлкен тапқа – буржуазия мен пролетариатқа бөліне береді делінген2. Олардың арасындағы күресте пролетариат жеңіп шығады, бұл кезеңді «тарихтың ақыры» дейді; жерде коммунистік жұмақ орнап, ешкімнің жекеменшігі болмайды, бәрі еркін әрі бақытты өмір сүретін заман келеді.
Коммунистер сенетін бұл әңгімеге мен де сенсем, әлемдік революцияның жеңіске жететін күнін жақындатуды өзіме мұрат санап, ортақ іске өз үлесімді қосу үшін қанаушы тапты әшкерелейтін памфлеттер жазып, халықтың таптық сана-сезімін оятуым керек, ереуілдер мен
шерулер ұйымдастыруым, бәлкім, тойымсыз капиталистерге қастандық жасауым не олардың жандайшаптарымен күресуім қажет деген қорытындыға келер едім. Мұндайда ұсақ-түйек дүние жоқ, Бангладештегі тоқымашылар еңбегін қанайтын тауар белгісіне бойкот жариялау немесе Рождествоға арнап жайылған дастарқан басында қайын атаңызды қомағай капиталист деп керісу сөкет емес.
Қарап тұрсаң, «Мен кіммін?, Өмірге не үшін келдім?» – деген сұрақтарға жауап беретін әңгімелерде уақыт пен кеңістік ауқымына мүлде мән берілмейді. Симба туралы хикаядағы Өмір шеңбері мәңгілік сипатқа ие көрінеді: ондағы жекелеген тіршілік иесі – тұтас ғаламның бір бөлігі. Бұған қарағанда, ұлтшылдар мен қандай да бір тайпа өкілдері арасында тараған мифтердің ауқымы әлдеқайда тар болады. Сионизм жерді мекендеген адамдардың бәрінің емес, олардың 0,2 пайызының ғана, яғни жер бетінің 0,005 пайыз аумағын алып жатқан адамдар тобының ғана, бүкіл адамзат тарихы тұрғысынан алып қарағанда бір қысқа кезең барысында бастан кешкенін киелі сипатқа ие деп таниды. Сионизм тарихы қытай империяларын, Жаңа Гвинеяны мекендеген тайпаларды, Андромеда галактикасын, Мұса пайғамбар дүниеге келгенге дейінгі адамзат тарихын, мысалы, Ибраһим пайғамбардың өмірін, адамтәрізді маймылдардың эволюциясын елеусіз қалдырғандай.
Осындай сыңаржақ көзқарастың салдары ауыр болуы мүмкін. Мәселен, израильдіктер мен палестиналықтардың бейбіт келісім жасасуына кедергі болып тұрған негізгі жайттардың бірі – израильдіктердің Иерусалим қаласын бөлуден бас тартуы. Олар бұл қаланы «еврей халқының мәңгі астанасы» деп санайды; жалпы, адамның мәңгі құндылыққа қатысты мәселеде ымыраға келе қоюы екіталай3. Осындай мәңгілік жолында бірнеше адамның өмірі қиылса не болыпты? Мұндай ұстаным, әрине, қисынсыз. Әрбірден соң, мәңгілік деп тұрғанымыз кемінде 13,8 миллиард жылға тең (бұл біздің ғаламның жасы). Жер шары шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын қалыптасқан, ал адамның пайда болғанына кемінде 2 миллион жыл толды. Иерусалим қаласының іргетасы небары 5000 жыл бұрын қаланған, оны өз жерім деп жүрген еврейлердің шыққанына көп болса 3000 жыл. Мұны мәңгілік деуге келмес.
Болашақ туралы болжамдарға келсек, физиктердің айтуынша, шамамен 7,5 миллиард жылдан кейін Күн зорайып, Жерді жұтып жібереді,
ал біздің ғалам кемінде тағы 13 миллиард жыл өмір сүреді екен4.
Еврейлердің, Израиль мемлекеті мен Иерусалимнің 13 миллиард жылды былай қойғанда, 13 000 жыл өткеннен кейін де болатынына сенімдісіз бе? Сионизмді айтатын болсақ, оның келешек көкжиегі азар болса бірнеше ғасырдан аспайды. Сонда да израильдіктердің көбі бұған қайран қалып, мұндай мерзімді «мәңгілікке» балайды. Бұл опасыз дүниеде адам «мәңгі қаланы» қорғау жолында құрбандыққа баруға дайын сияқты; соған қарағанда, ол көз көріп тұрған бірнеше қонысты қорғау үшін құрбандық ете қоймас.
Жеткіншек кезімде мен де ұлтшылдардың «үлкен іс тындыруға атсалысасың» деген үндеуіне еліккенмін. Елім үшін жанымды қисам, ел есінде мәңгі қаламын деп сенетінмін. Сол кезде «ел есінде мәңгі сақталу» дегеннің нені білдіретінін түсінбедім. Соғыста қаза болған Израиль жауынгерлері мен террор құрбандарын еске алуға арналған бір рәсім әлі жадымда. Ол кезде шамамен 13–14 жастамын. АҚШ-та Еске алу күні дүкендерде жаппай сатылым ұйымдастырады, ал Израильде мұндай күн ұлттық аза тұту күні деп атап өтіледі. Қаза тапқандарды еске түсіру рәсімі барлық мектептерде өтеді. Оқушылар ақ киім киіп, ән салып, өлең айтады, гүл шоқтарын қойып, ту көтереді. Өз мектебімдегі осындай рәсімге қатысып тұрғанда, маған кенет «ержетсем, мен де отан үшін отқа түсемін» деген ой келді. Израиль үшін ерлікпен қаза тапқан қаһарман болсам, мені де балалар өлең оқып, ту көтеріп еске алады деп ойлайтынмын.
Бір кезде «сонда қалай, мен өлсем, мына балалардың маған арнап өлең оқитынын қалай білемін?» деген де ой келді. Өлсем не болатын еді? Өзімнің әскерилер жерленген зиратта жатқанымды көзге елестеттім: молама ақ құлпытас қойылған екен, астында қабірде жатқан маған жер үстінде балалардың өлең айтып тұрған үні естіледі. Бірақ о дүниелік болған мен оны қалай естимін? Өлгендердің бір нәрсе естіп, түсініп, сезуге қабілеті бар деп кім айтты?
Ол ол ма, 13 жасымда мен ғаламның кемінде екі миллиард жаста екенін, оның тағы бірнеше миллиард жыл өмір сүретінін білгенмін. Израильдің де ғұмыры соншалық ұзаққа барады деп үміттенсем болар ма еді? Екі жүз миллион жылдан кейін Homo sapіens-тің ұрпақтары ақ киім киіп, маған бағыштап өлең айтар ма екен? Менің күмәнданғаным бекер емес. Бұл жерде бір гәп бар.
Палестиналық болсаңыз, сіздің де жетісер жайыңыз жоқ. Екі жүз миллион жылдан соң, палестиналықтардың да болуы екіталай. Ол кезде жалпы жер бетінде сүтқоректілер мүлде қалмайтын шығар. Өзге ұлттық қозғалыс өкілдерінің де өрісі тар болады. Мысалы, серб ұлтшылдары жердің Юра кезеңіндегі даму ерекшеліктеріне мән бермейді, ал Корея ұлтшылдары тек Корей түбегін ғана ғаламның маңызды бөлігі деп біледі.
Әрине, мәңгі Өмір шеңберіне сенетін Симба да арыстанның, бөкеннің, тіпті шөбі көк майса жердің мәңгілік болмайтыны туралы мүлде ойланбайды. Сүтқоректілер эволюциясы басталғанға дейін ғалам қандай болған, адам арыстанның бәрін атып, жайылым жерлерге асфальт пен бетон төсеп тастаған кезде Африка саваннасының тағдыры не болмақ деген сұрақ оны қызықтырмайды. Тіршілік аумағының осылай өзгеретінін білген Симбаның өмірі сонда мәнсіз болмақ па?
Жалпы, ойдағы сұрақтарға толық жауап беретін аңыз әңгіме жоқтың қасы. Дегенмен бұл жайт өмірдің мәнін, өзімнің кім екенімді түсіну үшін кедергі бола алмайды. Осындайда қажет әңгімеге қойылатын екі-ақ шарт бар. Біріншіден, ол әңгімеде менің қандай рөл ойнайтыным айтылуы тиіс. Жаңа Гвинеялық тайпа мүшесіне өзі, өз қауымы туралы баяндайтын әңгіме керек; Сербия не Корея ұлтшылдарына арналған әңгімеге ол сене қоймас. Адам да кино жұлдызы сияқты – ол өзіне қомақты рөл берілген сценарийді ғана ұнатады.
Екіншіден, көңілге қонымды әңгімедегі уақыт пен кеңістік ауқымы мәңгілік болмаса да болады, алайда ол менің ой-өрісімнен кең болуы қажет. Мен жеке басымды өзімнен жоғары тұрған тәртіптің, өзімнен үлкен бір дүниенің құрамдас бөлігі деп сезінуім керек. Сонда: «Бұл үлкен дүниенің өзі не үшін қажет?» – деген сұрақ туындауы ықтимал. Өмірлік мұратым – пролетариатқа болысу не поляк халқына жәрдем беру делік, олай болса сол пролетариат не үшін қажет, поляк халқы ше? Әлемді алып піл арқалап тұр дегенге сенген адам туралы әңгіме естеріңізде болар. Сол адамнан «пілдің өзі ненің үстінде тұр» деп сұрағанда, пілдің өзінен де үлкен тасбақаның арқасында тұрғанын айтады. «Ал тасбақа ше?» деген сұраққа, ол тасбақа өзінен үлкен тағы бір тасбақаның үстінде тұрғанын, оны да тасбақа көтеріп тұрғанын – осылай кете беретінін айтады.
Адам сенетін әңгімелердің көбі немен аяқталатыны белгісіз. Олардан түпкі мән-мағына іздеп табуға тырысу бекер, мұндай аңыздар адам көңілін табуға арналған. Мысалы, әлемді алып піл арқалап тұрғанына өзгелерді сендіремін десеңіз, әлгі піл құлағын қозғалтқанда дауыл соғады, ал ызаланып қалтырағанда жер сілкінеді деп айтсаңыз болады. Айтқаныңызға нанған жұрт пілдің өзі ненің үстінде тұр деп сұрамауы да мүмкін. Сол сияқты, ұлтшылдық идеологиясы да қаһармандық дастандарға, халықтың көрген нәубетін әсерлі етіп суреттейтін әңгімелерге жүгінеді. Біздің осындай ұлттық эпосқа елігіп, берілгеніміз сонша – әлемде болып жатқан әр оқиғаға «біздің халыққа оның қандай ықпалы бар?» деген ұстаныммен қараймыз. Өзімізді осылайша «басқалардан неге артық көреді екенбіз» деген сұраққа жауап іздеу ойымызға да келмейді.
Қандай да бір әңгімеге ерген адам, сол әңгімеде қамтылмаған басқа жайттарға бейжай қарайды. Коммунизм идеясына адал азаматтар революцияның бастапқы кезеңінде «социал-демократтармен одақтасуға бола ма, әлде болмай ма» деген сұрақ төңірегінде ұзақ уақыт бойы тынбай пікір таластыра алады. Алайда олардың жер шарын мекендеген сүтқоректілер эволюциясындағы пролетариаттың рөлі, ғарыш кеңістігінде өзге органикалық тіршілік иелерінің болу мүмкіндігі туралы ой қозғайтын кездері сирек. Олар мұндай сұрақтарға бас қатырып босқа уақыт жұмсауды контрреволюциялық тірлік деп біледі.
Жұртты еліктіретін аңыз әңгімелердің бәрі уақыт пен кеңістікті түгел қамтымайды. Әлдеқайда сәтті шыққан әңгімелердің ауқымы әдетте соншалық үлкен де болмайды. Әрбірден соң, әңгіменің ауқымы маңызды емес, әңгіме желісі адамның ой көкжиегінен кең болса жеткілікті. Мың жылдық тарихы бар халық үшін немесе жасы миллиард жылдан асатын Құдай үшін өзгелерді қырып-жоюға дайын тұратын фанатиктер табылар. Үлкен сандарды естіген адам шатаса бастайды, сондықтан да оның көңілін тауып, қайран қалдыру қиын емес.
Ғалам туралы жиған-терген білім тұрғанда, ақылы түзу адамның ғалам мен адамзат туралы ақиқатты Израиль тарихынан, Германия не Ресей ұлтшылдарының әңгімелерінен, жалпы ұлтшылдық идеологиядан іздеп табамын деуі қисынсыз. Уақыт пен кеңістік ауқымына мән бермейтін, Үлкен жарылысты, кванттық физика мен тіршілік эволюциясын елемейтін әңгіме ішінара шындықты баяндаса да, оған сөзсіз сенуге болмайды. Десек те осы кеңеске құлақ асатын адам аз-ақ.
Шын мәнінде, миллиондаған адам бағзы заманнан бері өзін қандай да бір ұлтқа немесе идеологиялық қозғалысқа жатқызуды қажет деп санамаған. Мұндай адамдар «өлсем, атым өшпесін; ұрпақтарға мұра қалдырайын» деген ұстанымды басшылыққа алған. «Мұра» дегені материалдық дүние емес, адамның жаны, басқаша айтқанда, бірегей даралық қасиеттері. Өліммен ештеңе тоқтамайды, өйткені адам келесі өмірде басқа бір кейіпте жаралуы мүмкін. Өлім – кітаптың екі тарауын байланыстырып тұрған оқиғалар желісі сияқты, бір тарау біткенде келесі тарау басталады. Қандай да бір теологиялық тұжырымдарға негізделмеген осындай теорияға біраз адам сенеді. Олар жан-жақты ойластырылып құрылған догмаларды қажет етпейді; оларды «болмыс көкжиегі өліммен шектелмейді» деген үміт жетелейді.
Мәңгі жалғасатын өмір туралы бұл теория тартымды-ақ, алайда оның екі кемшілігі бар. Біріншіден, өмірім өлімнен кейін де жалғасады дегенде өміріңіз әлдеқайда мәнді бола қалмайды. Тек басқа аңыз әңгімелерге қарағанда, сіздікі ұзағырақ жалғасатын әңгіме болмақ. Мәңгі жалғасатын туу мен өлім циклі туралы тұжырымды қолдайтын діндер – индуизм мен буддизм осы бір циклге бағынған өмірдің мәнін жоғалту қаупі бар екенін мойындайды. Бала дүниеге келеді, бір кезде қаз тұрып, жүруді үйренеді, ержетеді, анасымен араздасады, науқастанып жайы болмайды, ақыры көз жұмады – осының бәрі бір емес, сансыз қайталанады. Мұның не мәні бар? Өткен өмірлерімде көзімнен тамған жасты жинасам, Тынық мұхитын толтырып жіберуге жетер еді; түскен шашым мен тісімді бір жерге үйіп қойсам, сол үйінді Гималай тауынан да биік болар еді. Мұның бәрін қайтемін? Индуист және
буддист данышпандарының осы бір үздіксіз өмір шеңберінен шықпай, оны сақтап қалуға емес, оны бұзып, құтылып шығуға ден қойғаны да бекер емес қой.
Екіншіден, аталған теорияны растайтын дәлелдер тапшы. Бұрынғы өмірімде ортағасырлық шаруа, оның алдында неандертальдық аңшы, одан бұрын тираннозавр не амёба болғаныма қандай дәлел бар (адамның пайда болғанына 2,5 миллион жыл толғанын ескерсек, мен бір кезде динозавр, бір кезде амёба болуым керек еді)? Ал болашақта киборг, басқа галактикаларды зерттеуші, тіпті құрбақа болып дүниеге келуім мүмкін бе? Дәл осылай болады деген уәдеге сеніп өмір кешу – бұлттардың арғы жағында қалқып жүрген бір банктің берген ескі төлем чегіне үйіңізді сатып жіберумен бірдей.
Сондықтан адам өлсе де, оның жаны не рухы мәңгі дегенге күмән келтіретіндер артында қалатын мұраның аз да болса материалдық сипатта болғанын қалайды. «Материалдық» деп отырғанымыз әдетте мәдени немесе биологиялық формада ұшырасады. Өлең жазып қалдыруым не өз генімді беруім мүмкін. Жүз жыл өтсе де, адамдар менің өлеңдерімді оқиды, артымда ұрпақ қалады – өмірдің мәні осы. Балаларым мен немерелерімнің кім болатынын, не үшін өмір сүретінін мен емес, солардың өзі шешсін. Өмірдің мәнін іздеу – қол гранатасымен ойнағандай: гранатаны басқа біреуге ұстатқан бойда қауіп сейіледі.
Дегенмен адамның «артыма мұра қалдырайын» деген үміті үнемі ақтала бермейді. Бұрын жер бетін мекендеген тірі ағзалардың көбі (мысалы, динозаврлардың түгелге жуығы) ешбір генетикалық мұра қалдырмай жойылып тынған. Кезінде Sapіens неандерталь адамының орнын басты. Тегі поляк әжемнің де туысқандары қалмады. Әжем Фанни 1934 жылы ата-анасы, екі апайымен бірге Иерусалимге көшіп кеткенде, бауырластарының көбі Польшаның Хмельник және Ченстохова қалаларында қалған. Арада бірнеше жыл өткенде сол жерге нацистер келіп, балаларына дейін тірі жан қалдырмай қырып тастаған.
Мәдени мұра қалдырып кетуге әрекеттенгендердің де ісі жемісті бола бермейді. Әжемнің поляк туған-туысқандарының суреттері отбасы альбомында сақталған, олар туралы басқа естелік қалмады, қазір 96 жастағы әжем сол суретте кімнің тұрғанын айтып беруге де
қиналатын болды. Білуімше, поляк бауырластарым артына ешқандай мәдени мұра қалдырмаған (өлең де, күнделік те, ең болмағанда дүкеннен алатын заттар тізіліп жазылған бір жапырақ қағаз да жоқ). Менімен келіспей, бұл адамдардың еврей халқының ұжымдық мұрасында үлесі бар немесе олар Сионизм қозғалысының дамуына септігін тигізген деп айтатындар да табылар. Бірақ бұл жайт «олар не үшін өмір сүрді» деген сұраққа жауап бермейді. Бұған қоса, поляк туысқандарымның тегі еврей болғанын шынымен мақтан тұтқанын немесе сионизмді қолдағанын қайдан білесіз? Ішінен Кеңес Одағының тыңшысы болған бір коммунист табылса, қайтесіз? Енді біреуі поляк қоғамына толық сіңісіп кеткісі келген, Польша әскерінде офицер шенінде қызмет еткен, бірақ Катыньда кеңестік әскерилер қолынан қаза тапқан азамат болса ше? Тағы бір туысқаным дәстүрлі діни әрі ұлттық бірегейлік атаулыны мүлде мойындамаған радикал феминист болса, не дер едіңіз? Бұл адамдар артына ештеңе қалдырған жоқ, сондықтан «олар осындай болған, олар осылай істеген» деп айту оңай-ақ. О дүниелік болған жекжат-жұрағаттарымның мұндай пайымдарды теріске шығаруға мүмкіндігі жоқ.
Қош, өзімізден кейін көзге түсерлік мардымды ештеңе қалдыра алмайтын болдық делік. Онда біреуге жақсылық істесек ше? Мұқтаж жанға қол ұшын созып, жәрдем беруге болады. Ол адам өз кезегінде өзге біреуге көмектесер. Сіз осылайша игі істің игі іске ұласуына себепші боласыз. Өмірде жолы болмаған, бірақ дарынды баланы қанатыңыздың астына алып, қамқорлық көрсетіңіз; ол бала өскенде дәрігер болып, көп адамды өлімнен арашалап қалады. Көшеде жалғыз өзі жолдан өтуге жүрексініп тұрған қарт әйелге болысып жіберсеңіз де жаман емес. Игі іске ұласатын игі істер тізбегін бірінің үстінде бірі тұрған тасбақаларға ұқсатуға болады: жақсылық жасау керек, әрине, бірақ түбінде «оның мәні не» деген сұраққа жауап табу қиын. Бір қариядан өмірдің мәні туралы сұраған екен. Сонда ол: «Әйтеуір, бұл дүниеге өзгелерге көмектесу үшін келгенімді түсіндім. Сол өзгелердің мұнда не істеп жүргенін түсінсем бұйырмасын», – деген екен.
Игі іс жасау, адамға жәрдемдесу, ұрпақтарға мұра қалдыру туралы әңгімелерге иланбайтындарды махаббат сезіміне сілтеп жіберейік. Бұл әлдеқайда түсінікті мысал болмақ. Махаббат тақырыбына арналған қисапсыз жырларға сенсек, бұл жалғанда сіз үшін ғашығыңыздың жұмсақ сырғалығы, қайырыла біткен ұзын кірпігі, омырауынан тәтті ештеңе жоқ. Бетіне алақанын басып тұрған Джульеттаны көргенде, Ромео құмарлана: «Әттең, шіркін, анау сүйрік қолдарды сүйіп жатқан биялай неге болмадым»**, – дейді. Сүйген жаныңызға қосылуға, жақындасуға ынтық болған сіз де ғашығыңыз арқылы тұтас ғаламмен байланыс орнатқандай сезімге бөленесіз.
Шынтуайтына келгенде, сіз құлай сүйген жанның басқа адамнан еш айырмашылығы жоқ. Алайда ол жан сізге бәрінен қымбат, бәрінен ыстық. Мистик ақындар ғашықтық сезімін адамның ғарышпен, ғаламмен бірігіп тұтасуына барабар санап, аяулысын құдайға теңеген. Біреуді шын сүйген сіз өмірдің мәнін іздеп қиналмайсыз.
Сүйіктіңіз жоқ болса ше? Махаббатқа сенсеңіз, бірақ сүйген жарыңыз болмаса, өмірлік мұратыңыз – шын ғашық болу. Бұл туралы сан алуан көркем фильм түсіріліп, кітап жазылған. Біразын көріп, оқып үлгерген де шығарсыз. Күндердің күнінде сіз де өміріңізге өшпестей көрік беретін іңкәріңізді, өзіңіздің Джульеттаңызды не Ромеоңызды табасыз.
ЖЕҢІЛ ШАТЫРЛЫ ҮЙ
Көңілімнен шығатын аңыз әңгіменің шын болуы шарт емес. Ол: «Мен кіммін және өмірге не үшін келдім?» – деген сұраққа жауап берсе болғаны. Ғылыми таным тұрғысынан алып қарағанда, осы уақытқа дейін түрлі мәдениеттер, діндер мен тайпалар сеніп келген мыңдаған хикаялардың бірде-біреуі шындыққа жанаспайды. Олардың бәрін адам ойдан шығарған. Өмірдің мәні не? – деген сұраққа әңгімелеп жауап берген адамға сенбей-ақ қойыңыз. Сіз естіген хикаялардың бәрі жалған, хикаяның бәрі осындай болады. Ал өмір хикаядағыдай емес.
Онда олар адамды неге еріксіз еліктіреді? Бір себебі – адамның даралығы осындай хикаялардың ықпалымен қалыптасады. Біз бала кезімізден ата-анамыз, оқытушыларымыз және көрші-қолаң айтатын аңыз әңгімелерді, хикаяларды тыңдап өсеміз. Бала кезімізде өз бетімізбен ой түйіп, естігенімізге күмән келтіріп, деректерді тексеріп алуға қабілетіміз жоқ. Ақыл-ойымыз толығып, өрісіміз кеңейе түскен шақта әлгі хикаяларға бойымыз үйренгені сонша – айнала қоршаған дүниеден оны жоққа шығаратын дәлелдер табудың орнына, естіген әңгімені негіздеп, растап беретін айғақтар іздеуге әуестеніп кетеміз. Даралық қасиеттерін айқындап алуға ұмтылған адамдардың көбі сыйлық іздеуге шыққан балалар сияқты: олар ата-анасы күні бұрын тығып қойған сыйлықтарды ғана табады.
Екіншіден, жеке адамдардың даралық ерекшеліктері ғана емес, қоғамдық, ұжымдық институттардың да бірегейлігі хикаяларға құрылған. Сондықтан мұндай хикаяларға күмән келтірудің өзі қауіпті. Күмән келтіргендер жұрттың сөзіне қалып, қудаланады. Бұлай болмаған күннің өзінде, қоғам тірегіне айналған пайымдарды теріске шығаруға кез келген азаматтың дәті бармайды. Қоғам сенім артқан пайым жалған болып шықса, көз үйренген дүние мәнсіз болып қалады. Бұл мемлекет заңдарының, әлеуметтік нормалар мен экономикалық тәртіптің күйреуіне әкеп соқтыруы мүмкін.
Хикаялардың көбін жеңіл шатырлы үйге ұқсатуға болады: мұндай үй іргетасы берік болғаннан емес, шатыры салмақ түсірмейтіндіктен құламайды. Мысалы, христиан хикаясын алайық. Ғаламды Жаратушының ұлы осыдан екі мың жыл бұрын Құс жолы галактикасында көміртекті тіршілік иесі кейпінде дүниеге келгенін растайтын қандай айғақ бар? Сол оқиғаның Галилея қаласында болғанына, баланың анасы пәк болғанына қандай дәлел бар? Дегенмен бұл хикая жер-жаһанды қамтыған ықпалды институттардың құрылуына негіз болған, бұл институттардың беделі сонша – олардың бар болғанының өзі аталған хикаяға нанудың кепілі іспеттес. Осы хикаяның бір сөзін өзгерту төңірегіндегі даудың сұрапыл соғыстарға ұласқаны белгілі. Батыс пен Шығыс христиан шіркеуі арасындағы мың жылға созылған жікшілдік бертін келе сербтер мен хорваттар арасындағы қанды қақтығыста көрінді. Бұл қақтығыс «филиокве» (латын. – және ұлынан) деген бір сөзге бола басталған еді. Батыс христиандары бұл сөзді діннің негізгі рәміздеріне қосуды қалаған, Шығыс христиандары бұған үзілді-кесілді қарсы шықты (аталған сөзді қолданудың теологиялық жай-жапсарын қысқаша түсіндіріп беру мүмкін емес, қызығушылық танытқандар Google-ға жүгінсе болады).
Әлдебір хикая ықпалымен адамның даралық ерекшеліктері айқындалып, тұтас қоғамдық жүйелер аяғынан нық тұрған бойда, осының бәріне себепші болған пайымға шүбә келтіруге көп адамның батылы бармайды. Қалыптасқан түсінікті төңкеріп тастаймын деген адамның өзі де, қоғамдық тәртіп те құрдымға кетуі мүмкін. Сондықтан болар, кейде тарих ғимаратының іргетасын нығайтудан гөрі, оның төбесін жауып тұрған шатырды құлатпай ұстап тұру әлдеқайда маңызды.
УФИТ-СУФИТ, АХАЛАЙ-МАХАЛАЙ ЖӘНЕ
СЕНІМ ИНДУСТРИЯСЫ
Өмірдің мәнін түсіндіріп, даралық қасиетімізді айқындап беретін хикаялардың бәрі ойдан шығарылған, дегенмен оларға сенбек керек. Оларды қалай шынайы етіп көрсетуге болады? Адамның мұндай аңыз әңгімелерге неге сенгісі келетіні белгілі, бірақ қалай сенеді екен? Абыздар мен бақсы-балгерлер бұл сұраққа ерте заманда-ақ жауап тапқан: олар салт-жоралғы жасаған. Салт-жоралғы – абстрактіліні нақтылы, қиялдағыны шындық деп көрсететін жұмбақ сырлы, сиқырлы рәсім, әдеттен тыс жағдайларға сендіру әрекеті. Салт-жоралғы кезінде «Уфит-суфит, ахалай-махалай, Х дегеніміз – Ү!» сынды арбау сөздері айтылады5.
Христиандық жолды таңдағандарды Иса Мәсіхке қалай шын сендіресіз? Шіркеу жоралғысын атқару кезінде дінбасы қолына бір үзім нан мен шарап құйылған тостаған алып: «Нан – Исаның тәні, шарап – оның қаны, осылардан дәм татқан адам Иса пайғамбардың тәніне және қанына қосылады», – дейді. Исаның тәні енген қасиетті нан мен шараптан ауыз тиюден артық қандай шындық керек? Бағзы дәстүр бойынша дінбасы мұндай мәлімдемені латын тілінде жасаған; бұрын латын тілін – дін, құқық тілі, болмыс құпиясын сақтаған тіл деп білетін. Дін қызметшісі аң-таң болған шаруалар алдында тұрып, қолындағы нанды көрсетіп, «Hoc est corpus!» (Тәні осы!) деп жар салатын. Сонда нан Исаның тәніне айналатын-мыс. Сауаты жоқ шаруаларға латын тіліндегі әлгі «Hoc est corpus!» сөзі – дауыстап айтқан бойда құрбақаны ханзадаға,
асқабақты күймеге айналдырып жіберетін құдіреті бар сиқырлы «уфит-суфит, ахалай-махалай!» сөзі сияқты естілетін6.
Христиан діні пайда болғанға дейінгі мың жыл бұрын ежелгі үнділер де осындай айла қолданған. «Брихадараньяка-упанишада» трактатында жылқыны құрбандыққа шалу рәсімінде тұтас ғаламның қалай жаралғаны көрініс табады делінген. Бұл діни-философиялық туынды мәтінінде де аталмыш «сиқырлы» сөзді қолданғандағы қағида сақталған: «Құрбандыққа шалынатын жылқының басы – таң шапағы, көзі – күн, бойындағы күш-қуаты – ауа, аузы – Вайшванара оты; бұл қасиетті жануардың тұла бойы – өмір жылы... мүшелері – жыл маусымдары, буындары – айлар мен жарты айлар, аяқтары – күндер мен түндер, жіліктері – жұлдыздар, еті – бұлттар... Ол тісін ақситқанда найзағай жарқылдайды, тұла бойы қалтырағанда күн күркірейді, сигенде жауын жауады, ал кісінегені – дауыс шығарғаны»7. Бейшара жануар осылайша тұтас ғаламға, ғарышқа барабар болып қалатын.
Кез келген нәрсені салт-жоралғыға айналдыруға болады. Ол үшін, мысалы, балауыз шам жағу, қоңырау шылдырлату не таспиқ тарту сияқты күнделікті істерге терең діни мән дарыту қажет. Дене қимылдары мен ым-ишараттың да (мысалы, бас ию, жерге етпетінен құлау, алақандарды бір-біріне тигізу) киелі мән-мағынасы бар болып шығады. Сикх сәлдесінен бастап, мұсылман хиджабына дейін сан алуан баскиім түрлеріне ерекше мән берілгені сонша – бұл төңіректе ғасырлар бойы қиян-кескі талас-тартыстар туындап отырған.
Тағамды құнарлылығына емес, рухани сипатына қарап ажырататындар да бар. Мысалы, Пасхаға арнап пісірілетін жұмыртқа – жаңа өмір мен Исаның қайта тірілуінің нышаны; еврейлер Песах кезінде ащы шөптер мен тұзды нан жеп, ата-бабаларының Мысырда құлдықта болғанын, одан Мұса пайғамбармен бірге қашып құтылғанын еске алады. Сірә, дүниежүзінде астарлы мәні, рәміздік сипаты жоқ тағам түрлері қалмаған шығар. Жаңа жылда діндар еврейлер келер жыл тәтті болсын деп балдан дәм татады, өсімтал болу, тек алға жылжу үшін балықтың басын жейді, еңбегінің жемісі анар дәндеріндей көп болсын деп, ырымдап анардан ауыз тиеді.
Осындай салт-жоралғыларды саяси мақсаттарда да қолданған. Мыңдаған жылдар бойы тақ, тәж бен асатаяқ сияқты рәміздер тұтас патшалықтар мен империялардың нышаны болған, сол «таққа» не «тәжге» ие болу үшін жүргізілген қанқұйлы соғыстарда миллиондаған адам қырылған. Патша сарайында жүріп-тұру, сән-салтанатқа толы қабылдау ұйымдастыру ережелерінің машақаты діни рәсімдердікінен кем түспеген. Әскерде тәртіп пен рәсім бір-бірінен ажырағысыз; ежелгі Рим дәуірінен бері жауынгерлер сап түзеп жүруді, шені жоғары әскерилерге сәлем беруді үйренуге, етігін жылтыратып майлауға көп уақыт жұмсаған. Бірде Наполеон түрлі түсті мата кесіндісіне бола сарбазды жанын қиюға көндіре алатынын айтқан екен.
Салт-жоралғы мен арнаулы рәсімдердің саяси мәнін Конфуцийден артық түсінген адам жоқ шығар. Ол әдет-ғұрыпқа (ли) бағынуды қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықтың кепілі деп санаған. Конфуций қаламынан шыққан «Рәсімдер кітабы», «Чжоу әдет-ғұрыптары» және «Этикет пен рәсімдер кітабы» атты классикалық трактаттарда мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар барысында атқарылатын рәсімдер туралы егжей-тегжейлі жазылған (тіпті салтанатты рәсім кезінде қолданылатын ыдыстар саны, музыкалық аспаптардың түрі, қатысушылар киетін киім түсіне дейін көрсетілген). Қытай қандай да бір дағдарысқа түскен жағдайда, Конфуций іліміне адал ғалымдар (етіктерін майлауға ерінген жауынгерлерін шайқаста жеңілгені үшін кінәлаған сержант сияқты) бәленің бәрін адамның тиісті рәсімдерді сақтамауынан көретін8.
Батыс елдері Конфуцийдің рәсімдерге шамадан тыс ден қойғанын ескілік пен білім-парасаттың таяздығына балайды. Шын мәнінде, бұл жайт Конфуцийдің адам табиғатын терең түсінгенін аңғартса керек. Сондықтан ол насихаттаған қағидалар қай заманда да өзекті. Қытай, іргелес жатқан Корея, Вьетнам мен Жапония сияқты конфуцийлік мәдениет ошақтарында құрылған қоғамдық-саяси жүйелердің ыдырамай, ұзаққа барғаны да бекер емес қой. Ақиқатқа ұмтылған адамға тәртіпке салатын рәсімдер мен әдет-ғұрыптар кедергі келтіреді. Ал енді Конфуцийге ұқсап қоғамдық татулық пен тұрақтылыққа басымдық берсеңіз, шындықтың жүгі ауыр екенін түсінесіз, мұндайда рәсімдер мен әдет-ғұрыпқа сүйенуден жақсы амал таппайсыз.
Көне Қытайда үстемдік құрған бұл қағида ХХІ ғасырда да жарап тұр. Қазіргі индустриялы заманда «уфит-суфит, ахалай-махалай» деген ескі сиқыр сөздің құдіреті әлі де күшті. Міне, 2018 жыл да келді, соған қарамастан бүгін көп адам шегемен бекітілген екі таяқты Құдайға балайды, енді біреулер үшін қабырғаға ілінген түрлі түсті плакат Революцияны білдіреді, ал желбіреп тұрған қиық мата – Ұлтқа, Елге барабар. Францияны естіп көруге болмайды, өйткені ол қиялыңызда ғана бар, дегенмен оның үш түсті туы мен әнұраны – «Марсельезаны» танисыз. Осылайша, байрағы көтеріліп, әнұраны айтылған ел абстрактілі дүниеден көз көріп тұрған шынайы дүниеге айналады.
Осыдан мыңдаған жыл бұрын діндар үнділер баға жетпес жылқыларын құрбандыққа шалған, қазір ту тігуге ақшасын аямайды. Үндістанның мемлекеттік туы «тиранга» (үш түсті) деген атпен мәлім, өйткені ол қызыл қоңыр, ақ және жасыл түсті үш жолаққа бөлінген. Үндістанның мемлекеттік туы туралы 2002 жылғы заңда «ту – Үндістан халқының арман-мұратын айғақтайды. Ол ұлттық мақтанышымыздың нышаны. Соңғы елу жылда бірқатар адам, соның ішінде қарулы күштер қызметкерлері осы байрақ биікте желбіресін деп жанын пида еткен» делінген9. Бұдан кейін заңда Үндістанның екінші президенті Сарвепалли Радхакришнанның мынадай сөзі келтірілген:
Қызыл қоңыр түс өз мүддесін құрбандыққа шалудың, риясыздықтың нышаны. Көшбасшыларымыз материалдық табысты ұмытып, қызметіне шын берілуге тиіс. Ортасындағы ақ түс жарықты, біз таңдаған жол – ақиқат жолы екенін білдіреді. Жасыл түс жерге, жер бетіндегі тіршілік атаулыға нәр беріп тұрған өсімдіктер әлеміне жақындығымызды танытады. Ақ түсті жолақтың ортасындағы Ашока дөңгелегі – дхарма заңының дөңгелегі. Осы ту астында еңбек ететіндердің бәрі шыншылдық не сатья, дхарма не ар-намыс қағидаларын басшылыққа алуға тиіс10.
2017 жылы Үндістан үкіметі Пәкістанмен шекара маңындағы Аттари қаласында мемлекеттік ту орнатады. Әлемдегі ең үлкен тулардың бірі саналған ол риясыздыққа шақыру үшін емес, Пәкістанның қызғанышын тудыру үшін желбіреген-ді. Сол тиранганың ұзындығы 36 метр, ені 24 метр, тұғыры 110 метр (бұған Фрейд не дер еді?). Туды алыстан, Пәкістанның Лахор қаласынан да көруге болатын. Өкініштісі, қатты соққан желге ту шыдас бермей, алба-жұлба болып тозып қала береді. Ұлт мақтанышына айналған бұл байрақты қайта-қайта жамап отыру қажет болды. Бұған Үндістан салық төлеушілерінің есебінен қомақты қаражат жұмсалып отырады екен11. Қаржы онсыз да тапшы, сонда
Үндістан үкіметі Дели қаласының лашықтарында кәріз жүйесін жүргізуге емес, осындай үлкен ту тігуге неге ақша бөледі? Өйткені адам Үндістанның бар екенін ондағы кәріз жүйесіне емес, елдің туына қарап біледі.
Шын мәнінде, тудың қымбатқа түскені онымен байланысты салт-жоралғының әлдеқайда нанымды болуына әсер етеді. Салт-жоралғылардың ішінде құрбандық шалу рәсімінің орны бөлек, ол басқаларға қарағанда әсерлі, өйткені біреудің қиналғанын елеусіз қалдыра алмайсыз, оған күдік келтіре де алмайсыз. Адамды ойдан шығарылған бір нәрсеге сендіремін десеңіз, оны сол нәрсеге қол жеткізу жолында құрбандыққа баруға көндіріңіз. Осы жолда азап шеккен адамның ұмтылысы дұрыс болып көрінеді. Құдай алдындағы парызды орындау үшін ауыз бекітіп, ораза тұтуды міндет санасаңыз, Құдайдың бар екенін қандай да бір мүсінге не иконаға қарағанда емес, қарныңыз ашқанда әлдеқайда анық ұғасыз. Отаны үшін соғысқа аттанып, онда жарақат алып, аяғынан айырылған майдангер патриоттық өлең не әнұран тыңдағаннан емес, өзінің мүгедек арбада отырғанына, аяқ-қолының кесілгеніне қарап «елім бар, шын елім бар» деген ойға бекиді. Бұдан бөлек тұрмыстық мысал келтірсек, импортталған қымбат итальян кеспесінен бас тартып, сапасы төмен отандық кеспе өнімдерін ғана алуға бел байлаған адам да күнде дүкенде жүргенде елі үшін кішкентай болса да құрбандыққа барады.
Әрине, осылай ойлаудың өзі логикаға сай емес. Құдайға сенгеніңіз не еліңіз үшін жапа шеккеніңіз – сенгеніңіздің шын екенін білдірмейді. Сіз тез нанғыштығыңыздың азабын тартып жүрген біреу шығарсыз? Дегенмен көп адам алданғанын мойындауға асықпайды. Осыдан барып сенгені үшін неғұрлым көп құрбандық етсе, соғұрлым сенімі нығая түседі. Құрбандыққа барудың осындай бір тылсым әсері бар.
Жұртты ырқына көндіремін деп құрбандық шалып жатқан дінбасы жұртқа ештеңе бермесе де болады – бізге одан ақша да, жауын да керек емес, тіпті ол соғыста жеңіске жетуімізге сеп болады деп те күтпейміз. Қайта керісінше, біз оған бірдеңе беруіміз керек. Қымбат бір нәрсені құрбан етуге көнген бойда, біз тұзаққа түсіп, одан шыға алмай қаламыз.
Сауда әлемінде де осылай. Құны 2000 доллар тұратын, мінілген Fіat автокөлігін сатып алған адам басқаларға оның кем тұстарын айтуға дайын. Ал енді 200 000 долларға су жаңа Ferrarі көлігін сатып алған адам астындағы темір тұлпарын тек қана мақтайды: көлік шынымен жақсы болғандықтан емес, оны иелену үшін қыруар ақша жұмсағандықтан мадақтайды, әлемде бұдан керемет көлік жоқтай сөйлейді. Ғашық болған Ромео да құрбандықсыз шын махаббат жоқ екенін білген. Құрбандыққа барған адам сүйгеніне ғана емес, өзіне де сезімінің шынайы екенін дәлелдегендей болады. Кей нәзік жандар өзіне гауһар көзді жүзік алып беруді өтінеді, мұның сыры неде деп ойлайсыз? Көзіне асыл тас орнатылған жүзікке атасының кұнын төлеген жігіттің ақшаны желге шашпадым деп өз-өзін сендіруден басқа амалы қалмайды.
Біреудің өзін құрбан етуіне сырттай куә болғандар да қатты әсер алады. Құдайға сену, революция ұйымдастыру, халықты топтастыру ісін азап шегуші адамдарсыз көзге елестету қиын. Осындайда кең тараған жаһандық драма мазмұнына, ұлтшылдардың мифтері мен революционерлердің хикаяларына күмән келтіргендерге бой бермей: «Осы жолда азап шеккен ардақты азаматтар бар! Сонда олар бекер құрбан болған дегің келе ме? Әлде оларды ақымақ санайсың ба?» – деп өздеріне кінә тағатындар табыла қалады.
Мұсылман шииттер үшін жаһандық драма шарықтау шегіне жеткен күн – Ашура күні (мұхаррам айының оныншы күні, хижраның
61 жылы; христиан күнтізбесі бойынша 680 жылғы 10 қазан). Сол күні Ирактың Кербала қаласында Мұхаммед пайғамбардың немересі –
Хусейн ибн Әли мен оның серіктері Язид халиф әскерінің қолынан қаза табады. Дін жолында шейіт болған Хусейн шииттер үшін жақсылықтың – зұлымдыққа, қаналғандардың – әділетсіздікке қарсы бітпес күресінің символына айналды. Христиандар Исаның креске керіліп, азап шеккен сәтін елестетеді, сол сияқты шииттер де Хусейннің бейнетін елестетіп, Ашура драмасын қайта жаңғыртады. Жыл сайын миллиондаған шиит Ашура күні Кербалаға жиналып, Хусейннің шейіт болуын аза тұту рәсімін өткізеді, бұл рәсімге қатысушылардың кейбірі денесін пышақпен тіліп, айналасын қанға бояйды.
Дегенмен Ашураның мәні тек сол бір күнмен әрі сол бір қаламен ғана шектелмейді. Аятолла Рухолла Хомейни және басқа да шиит дінбасылары шәкірттеріне: «Әр күн – Ашура, әр мекен – Кербала», – деуден бір тынбаған12. Хусейннің Кербалада шейіт болғанын естен шығармау керек. Сонда қай жер болсын, қай мезгіл болсын, қандай іс-шара болсын – бәрінің мәні бар; тіпті күнделікті іс-қимылыңыз да жақсылық пен жамандық арасындағы жаһандық күреске ықпал ететіндей көрінеді. Бір сәтке болса да күмәнға бой алдырсаңыз, сізге Кербаладағы шайқасты ұмытпауды ескертеді; сонда да күдіктеніп, Хусейннің шейіт болғанына шүбә келтіргендер – киені таптағандар, оған тіл тигізгендер болып шығады.
Өзін құрбан етуге дайын адам тапшы болса, абыз басқа біреудің басын құрбан қылуға көндіре алады. Баал құдайының қаһарынан қорықсаңыз, өзіңізді емес, өзге біреуді құрбан етуіңізге, Иса пайғамбарды мадақтап, дәріптеу жолында дінбұзарларды отқа жағуыңызға, Алланың бұйрығын орындаймын деп, неке адалдығын бұзған әйелді өлім жазасына кесуіңізге не тап жауларын ГУЛАГ-қа айдауыңызға рұқсат. Осылай істеген бойда құрбандық шалудың тағы бір құдіретіне көз жеткізесіз. Қандай да бір хикаяға сеніп, жан пида еткен сізде «не осы хикая шын, не мен ақымақпын» деген таңдау жасау мүмкіндігі бар. Ал енді басқа біреуді құрбан етуге бел байлағанда, сізге «не осы хикая шын, не мен барып тұрған зұлыммын» деген қосымша таңдау беріледі. Ақымақ екенін мойындағысы келмейтін адам өзінің зұлым екенін де мойындамайды, сондықтан ол естіген хикаясына сенеді.
1839 жылы Иранның Мешхед қаласында тұрған бір еврей әйелінің терісіне жара шығып, науқастанып қалады. Сол жердің тәуібі әйелге дерттен құлан таза айығып кету үшін ит өлтіріп, оның қанымен қол жуу керек дейді. Мешхед – шииттердің киелі қаласы, «Иранның рухани астанасы». Әйел тәуіп айтқан емді, алды-артын аңдамай, жай күні емес, Ашура күні жасаған. Ит өлтірген әйелді байқап қалған шииттер, әйел бұл әрекетке Кербалада шейіт болғандарды келемеждеу үшін барды деген ой түйеді. Осы бір масқара оқиға туралы сөз тез арада қалаға тарап кетеді. Жұртты одан әрі арандатқан жергілікті имамның сөзіне ерген, ашу-ызаға булыққан бір топ адам еврейлер тұратын ауданға баса-көктеп кіріп, синагоганы өртеп, 36 еврейді қырып салған. Аман қалғандарға «ислам қабылдайсыңдар не өмірмен қош айтысасыңдар» деген шарт қояды. Осындай сұмдық Мешхедтің «рухани астана» деген мәртебесіне еш дақ түсірген жоқ13.
Адамды құрбандыққа шалу туралы сөз болғанда, біз әдетте ханаан не ацтек ғибадатханаларында атқарылған кісі шошырлық салт-жоралғыларды еске түсіреміз. Монотеизм мұндай сұмдық рәсімдерді жойды деген кең тараған пайым бар. Шынтуайтына келгенде, политеистік культ өкілдеріне қарағанда, монотеизм өкілдері әлдеқайда көп адамның басын құрбан қылған. Христиандық пен исламның Құдай жолында өлтірген адам саны Баал мен Уицилопочтли құдайына табынғандардың құрбандарынан көп. Испан конкистадорлары ацтек пен инка құдайларына адамды құрбандыққа шалуға тыйым салған кезде,
Испанияда инквизиция өкілдері дінбұзарларды бір-бірлеп емес, топтап отқа жағып жіберетін.
Құрбандық шалудың түр-түрі бар. Мұнда қолына пышақ ұстаған абыздың болуы я тұтас бір қауымды қырып, төңіректі қан сасытуы шарт емес. Мысалы, иудаизмде қасиетті Шаббат күні (сөзбе-сөз аударғандағы мағынасы «тыншу» не «демалу») жол жүруге, жұмыс істеуге тыйым салынған. Шаббат жұма күні күн батқанда басталып, сенбіде күн батқанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында ортодоксалды иудейлер мүлде жұмыс істемейді, тіпті дәретхана қағазының бумасын тарқатып, одан қағаз жыртып алуға да болмайды (осы бір жайтты елдің ең беделді раввиндері талқыға салған; олар ақырында дәретхана қағазын жыртып алу – Шаббат талаптарын бұзу болып саналады деген қорытындыға келген, сөйтіп, діндар еврейлер Шаббат күні үлкен дәрет сындырған кезде қажет дәретхана қағазын күні бұрын жыртып дайындап қоятын болды)14.
Израильде тұратын діндар еврейлер зайырлы еврейлерді, тіпті атеистерді де осындай тыйымдардан аттамауға мәжбүрлеуге жиі
әрекеттенеді. Ортодоксалды партиялар елдің саяси өмірінде үлкен ықпалға ие, сондықтан олардың көп жылғы қызметі өз жемісін берді – қазір Шаббат күні біраз нәрсеге заң жүзінде тыйым салынған. Жекеменшік автокөлікті пайдалануға шек қойылмаған, алайда бұл күні елде қоғамдық көлік жұмыс істемейді. Дін қағидаларын бұлжытпай орындау жолында елдің осындай құрбандыққа барғаны әсіресе қоғамның әлсіз топтарына ауыр тиді. Өйткені қарапайым жұмысшылардың алыстағы ағайын-туыстарын, достарын аралап, демалуға шыға алатын жалғыз бос күні – сенбі. Қымбат көлікке мініп, басқа қалада тұратын немерелерін көріп келуге ауқатты әженің қалтасы көтереді, бірақ тұрмысы төмен әженің мұндай мүмкіндігі жоқ, өйткені Шаббатта автобустар мен пойыздар жүрмейді.
Жүз мыңдаған азаматтың еркін жүріп-тұруына кедергі келтірген діни партиялар осылайша өздерінің иудаизмге деген адалдығын нығайта түскендей. Қан төгілмесе де, көп адамның қалыпты тұрмысы құрбандыққа шалынған. Иудаизмді ойдан шығарылған бір хикая деп танысақ, онда немерелеріне барып келгісі келетін әженің не теңіз жағасына барып демалып, бой сергіткісі келетін студенттің осылайша жолын кесу – барып тұрған қатыгездік емес пе? Осыны біле тұра, тосқауыл қойып отырған діни партиялар бүкіл әлемге де, өздеріне де әлгі хикаяға сенетінін көрсеткісі келеді. Әйтпесе олар адамға еріккеннен ыңғайсыздық тудырып отыр дейсіз бе?
Қандай да бір хикаяға сенген адамның құрбандыққа барғаннан кейін сенімі күшейе түседі, хикаяда айтылған басқа да парыздарды орындау қажетсіз болып қалады. Адамзат сеніп келген ең ықпалды аңыз әңгімелердегі идеалдарға түгел жету мүмкін емес. Христиандардың бәрі Он Өсиетті түгел бұлжытпай орындайды деп ойлайсыз ба? Ал буддистердің қаншасы өзімшілдіктен, жалған эгодан айырылды? Өзіне қажетін ғана алып, аянбай еңбек етіп жүрген қанша социалисті білесіз?
Биік мұратқа жету жолындағы шарттарды толық орындауға шамасы жетпеген адам «құрбандық шалсам жеткілікті болар» деген ойға бекиді. Индуист ер адам салық төлеуден жалтаруы, анда-санда жезөкшеге барып тұруы, егде тартқан ата-анасына дұрыс қарамауы мүмкін. Алайда мұндай индуист бәрібір өзін өте діндар деп біледі, өйткені ол Айодхья қаласындағы Бабыр мешітін бұзып, орнына индуист ғибадатханасын тұрғызу бастамасын қолдайды, тіпті құрылыс жұмыстарына ақшалай көмек те берген. Көне заманда да, ХХІ ғасырда да өмірдің мәнін іздеген адам әдетте құрбандық бере салуға, одан кейін, қажет болса, тағы да құбандық етуге бет бұрады.
ДАРАЛЫҚ ҚАСИЕТТЕР ПОРТФОЛИОСЫ
Ежелгі мысырлықтар, Ханаан тұрғындары мен гректер бір ғана құдайға құрбандық шалмаған. Олар бірнеше құдайға құлшылық еткен: жалбарынып көмек сұрағанда біреуі болмаса біреуі көмекке келер деген үмітпен өмір кешкен. Сөйтіп, таңертең күн құдайына, тал түсте жер құдайына, ал кешкісін сан алуан жын-перілерге құрбандық шалатын. Содан бері көп өзгеріс бола қойған жоқ. Адам баласы қазір сенетін құдайлар мен аңыз әңгімелердің бәрі (Иегова, Мамон, Ұлт не Революция ұғымы болсын) ақтаңдақтар, сәйкессіздіктер мен қайшылықтарға толы. Сондықтан бар жан-тәнімен бір ғана хикаяға сенетін адам аз. Біз өмір бойы бірнеше хикаядан тұратын әрі бірнеше даралық қасиетті қамтитын портфолионы өзімізбен бірге алып жүруге дағдыланып алдық: қажет болғанда ішіндегі жарамдысын таңдап, соған жүгініп отырамыз. Мұндай когнитивті диссонанс қауымдастықтар мен қозғалыстардың түгелге жуығына тән.
Мысалы, АҚШ-тағы «Шай ішу» (Tea Party) қозғалысының бір белсенді өкілін алып қарайық. Бұл азаматтың Иса пайғамбарға сыйынатынына, үкіметтің әлеуметтік саясатын қатты сынға алатынына, осылай бола тұра Ұлттық атқыштар қауымдастығын (Natіonal Rіfle Assocіatіon) бұрыннан қолдап жүргеніне таң қалмайсыз ба? Иса іліміне адал болған адамның бақайшағына дейін қаруланудан гөрі мұқтаж жандарға жәрдем беруге ден қойғаны дұрыс емес пе? Осындай қарама-қайшы ұстанымдарды қалай бірге алып жүруге болады екен? Адам миы сөрелері мен тартпалары бар сандық сияқты, оның бір жағына шоғырланған нейрондар басқа жағындағы нейрондармен араласпайды. Берни Сандерсті қолдайтындар арасынан болашақта революция болады-ау деп сенетін солшылдарды, дейтұрғанмен ақшаны дұрыс жерге жарата білу, дұрыс инвестиция жасай білу керек деген ұстанымдағыларды көптеп кездестіресіз. Мұндай адамдар әлемдегі байлықтың дұрыс бөлінбегені туралы пікір білдіре тұра, бір сәтте өздерінің Уолл-стриттегі инвестицияларын талқылауға ауыса салуы мүмкін.
Әлемде бір ғана даралық, бірегейлік қасиеті бар адам табыла қоймас. Әлдебіреуді тек қана мұсылман яки тек қана итальян немесе тек қана капиталист деп сипаттауға келмейді. Соған қарамастан «адам бір ғана нәрсеге сенуі тиіс, оның бір ғана даралық сипаты бар» дейтін фанаттық нанымдар оқтын-оқтын бас көтеріп тұрады. Сондай кері кеткен нанымдардың бірі – фашизм. Фашистер халықты дүниеге бір ғана көзқараспен – ұлтшылдық көзқараспен қарауға, адамның ұлттық бірегейлігінен басқа даралық сипаты жоқ екеніне көндіруге тырысты. Ұлтшылдардың бәрі фашист емес, әрине. Ұлтшыл азаматтардың өз ұлт өкілдерін, олардың бірегей қасиеттерін, ұлттық тарихын ерекше дәріптейтіні рас, алайда олар дүние аясы осы бір ғана ұлтпен шектелмейтінін мойындайды. Мен – отан алдында ерекше парызы бар, еліне адал италиялық азамат болуым мүмкін. Бұған қоса, менің социалист, католик, күйеу, әке, ғалым, вегетариан сияқты даралық сипаттарым мен оларға таңылған парыздарым да болуы ықтимал. Осы аталған бірегейлік қасиеттердің әрқайсысы әр жаққа тартып, бір парызымды атқарсам, басқасына қайшы келетінін біліп дал болатын кездер ұшырасады. Қайтеміз, өмірді оңай деп кім айтты?
Ұлтшылдық өзінен басқа барлық даралық сипаттар мен азаматтық борыштарды жоққа шығарып, үстемдік құрғысы келгенде фашизмге айналады. Кейінгі кезде «фашизмнің» нақты анықтамасын бере алмай, шатасатын адамдар көбейді. Тіпті өзіне жақпаған біреуге «фашист» деген айдар таға салатындар бар. Осылай жалғаса берсе, бұл термин кім көрінгеннің өзге біреуге тіл тигізу үшін қолданатын үйреншікті бейпіл сөзіне айналып кетуі мүмкін. Сонда бұл сөздің дұрыс мағынасы қандай? Қысқа қайырғанда, ұлтшылдық идеология мені «сенің ұлтың ерекше, бірегей; оның алдында қасиетті борышың бар» дегенге сендіріп бақса, фашизм ұлтымның басқалардан үстем екенін және менің тек өз ұлтымның алдында ғана айрықша міндеттерім бар екенін алға тартады. Қандай жағдайда да өзге қоғамдық топтар мен жекелеген тұлғалардың
мүддесін өз ұлтыңның мүддесінен жоғары қоюға болмайды. Ұлтым өз мүддесі жолында болмашы пайданы көздеп, шет жатқан елдің миллиондаған азаматын жапа шектірсе де, мен оған сөзсіз қолдау көрсетуім тиіс. Әйтпесе сатқын атанамын. Ұлтым миллиондаған адамның көзін кұрт десе, мен оның айтқанын мүлтіксіз орындауым керек. Ақиқат пен сұлулықты елемей, опасыздық істе десе, оған да бас шұлғуым қажет.
Фашистер өнерді қалай бағалайды? Олар көркем фильмнің жақсы-жаманын қалай айырады? Оп-оңай. Мұндайда қолданылатын жалғыз критерий бар: ұлт мүддесіне сай келмейтін фильм – жаман фильм. Балаларға мектепте не үйрету керек деген сұраққа жауап беру үшін де осы критерийге жүгінеді: шындық іздеп бас қатырма, ұлт мүддесіне қызмет ету тұрғысынан ғана қажет нәрселерді үйрет дейді15.
Өз ұлтыңа ғана табыну идеясы тартымды-ақ, «не істеу керек» деп ойыңызды сан-саққа жүгіртіп қиналмайсыз; әлемде өз ұлтымнан биік, одан керемет ештеңе жоқ, мен оның ажырамас бөлігімін деп қуанасыз. Осындай пайымның неге әкеп соқтыратынын Екінші дүниежүзілік соғыс пен Холокост қасіретінен-ақ аңғаруға болады. Өкінішке қарай, фашизмді сынайтын адам әдетте оны бір жиіркенішті құбыжық деп көрсетеді, алайда оның неге соншама адамды еліктіргенін түсіндіріп бере алмайды. Қазір адамның фашизмге бой алдырғанын аңғармай қалатыны да осыдан. Көп адам «маған фашизмнің ұсқынсыз бірдеңе екенін айтқан, айнаға қарасам, ұсқынсыз ешкімді көріп тұрғаным жоқ, әп-әдемі біреу тұр, олай болса мен фашист емеспін» деген ой түйеді.
Мұндай қате тұжырым жасалатынын Голливуд фильмдерінен де байқауға болады: айталық, Волан-де-Морт, Саурон, Дарт Вейдер сияқты жағымсыз кейіпкерлер – зұлымдар, жеккөрінішті біреулер кейпінде көрсетіледі. Олар, қажет болса, тіпті өзіне адал жақтастарын да аямайды. Осындай фильмдерді көріп отырғанда мына бір жайтты түсінбей-ақ қойдым: Волан-де-Морт сияқты жауыздарға адам неге ереді екен?
Шын өмірде жаманның бәрі көріксіз, ұсқынсыз емес, әлбетте. Адамның аласы ішінде дегендей, ол сырттай ажарлы, тартымды-ақ көрінеді. Христиандық бұған Голливудтан бұрын көз жеткізген, сондықтан дәстүрлі христиан өнері шайтанды ерекше өңді етіп бейнелейді. Оның азғыруына төтеп берудің қиын болатыны да ғажап емес. Фашизмге де қарсы тұру қиын. Фашистердің айнасына қараған адам өзінің көріксіз екенін байқамайды. 1930 жылдары немістер де дүниеде Германиядан керемет ел жоқ деген ойға бой алдырды. Бүгін орыстарға фашизм айнасына қарауды ұсынсақ, олар Ресейден тамаша ештеңе жоқ екенін көреді. Израильдіктер де өз отаны туралы осындай әсер алады. Дүниеде осындай керемет ел бар екенін білгенде, оған толық беріліп, сіңіп кету ғана жетпей тұрғандай.
«Фашизм» сөзі латынның fascіs (шыбық будалары) деген сөзінен шыққан. Қарапайым шыбық будаларының әлемдегі ең қатыгез әрі залалды идеологиялардың бірі саналатын фашизмнің нышанына айналғанына таң қалатын шығарсыз. Алайда оның үрей тудыратын өзіндік терең мәні бар. Жалғыз жіңішке шыбықты еш қиналмай қақ бөліп сындыра саласыз. Алайда бірнеше шыбықты буып байлап алсаңыз, оларды оңайлықпен сындыра алмайсыз. Бұл мысал – жалғыздың үні шықпас, ұжымға біріккен адамдар ғана қуатты болады дегенді меңзеп тұр16. Сол себепті фашистер ұжым мүддесін жеке тұлға мүддесінен жоғары қойып, адамнан ұжымның тұтастығын бұзбауды талап етеді.
Адамнан құралған осындай «шыбық будаларын» бір-бірінен ажырату да оңай шаруа емес. Бойыма күш-қуат, өміріме көрік беретін «буда» – Италия екенін қайдан білемін? Сонда отбасым не Флоренция қаласы, не Тоскана өңірі, не Еуропа құрлығы немесе жалпы адамзат баласы мұндай рөлге жарамай қалды ма? Ұлтшылдықтың әлдеқайда ұстамды бағытына жататындар менің отбасым, туған қалам, өлкем, тіпті бүкіл адамзат алдында борышым бар екенін, бұған қоса Италияға ерекше қарыздар екенімді мойындайды. Италиялық фашистер болса, жан-тәнімен Италияға ғана адал болғанымды талап етеді.
Муссолини мен оның фашистік партиясы қанша тырысып бақса да, италиялықтар отанын отбасынан (famіglіa) жоғары қоюға ынта танытпады. Италияға қарағанда, Германияда нацистік үгіт-насихат бұл жұмысқа білек сыбана кіріскен еді, алайда халықты өз ұлтына қатысы жоқ басқа барлық хикаяларды ұмытуға көндіру Гитлердің де қолынан келмеді. Нацистік билік жүйесінің ең қараңғы кезеңдерінің өзінде немістердің ресми үгіт-насихаттан басқа да иек артатын өз пайымдары болған. Бұл жайт 1945 жылы ап-анық байқалды. Нацистердің он екі жыл бойы сананы улағаны түбінде белгі бермей қоймайды, немістер соғыстан кейінгі өмірден күдер үзген еді деген ой туындауы мүмкін. Иә, бір ғана хикаяға иланған халықтың сол хикая тас-талқан болып қираған кезде не амалы бар? Соған қарамастан, немістердің көбі тез-ақ айығып, еңсесін көтере білді. Гитлер өз басына оқ атып мерт болған бойда әлем туралы баламалы тұжырымдарды ойында сақтап жүрген Берлин, Гамбург пен Мюнхен тұрғындары жаңа бірегейлік қасиеттерді иемденіп, өмірдің жаңа мәнін тапқандай болды.
Рас, нацистік гауляйтерлердің (партияның аймақтардағы жетекшілері) 20 пайызына жуығы, генералдардың шамамен 10 пайызы өз-өзіне қол жұмсап өлген17. Сонда, бұл статистикаға сенсек, гауляйтерлердің 80 пайызы мен генералдардың 90 пайызы өмірмен қош айтқысы келмей, болашақтан үміт күткен деген ой түюге болады. Нацистік партия мүшелерінің басым көпшілігі, тіпті СС-тің қатардағы мүшелері өктем жүйе қираған кезде өзіне қол жұмсаған жоқ, өмірден күдер үзіп, ақылынан да адаспады. Біреуі ауыл шаруашылығымен айналысса, басқалары ұстаздық етті, дәрігер мамандығын игерді, сақтандыру агенті болып қызмет ауыстырды.
Шын мәнінде, адам өзіне қол жұмсап өлсе, бұл оның сеніміне адалдығын білдірмейді. 2015 жылғы 13 қарашада ДАИШ террористері
Париж қаласына бірнеше шабуыл жасап, 130 адамның өмірін қиды. Аталмыш экстремистік топ өзінің бұл әрекетін Франция әуе күштерінің Сирия мен Ирактағы ДАИШ жауынгерлерін бомбылағаны үшін кек алу және Францияның келешекте мұндай әскери шараға баруын болдырмау үшін жасалған деп түсіндірді18. Бұған қоса, ДАИШ француз әуе күштерінің бомбылауы кезінде қаза тапқан мұсылмандардың бәрі шейіт болғанын, сол үшін олардың жаны жаннаттық екенін мәлімдеді.
Бұл жерде бір гәп бар. Франция қарулы күштерінің әуеден шабуылы кезінде қаза тапқандардың шынымен жандары жаннатта болса, олардың кегін алудың не қажеті бар? Нақты не үшін кек алады? Адамды жаннатқа аттандыру үшін бе? Ініңіз лотереяда миллион доллар ұтып алғанын естіген бойда, кек алу үшін лотерея билеттерін сататын дүңгіршектердің бәрін жаруға кірісесіз бе? Сол сияқты, мұсылман бауырларыңыздың жаны жаннатта жай табуы үшін Франция әуе күштерінен кек аламын деп Париж тұрғындары мен қонақтарын қырып-жоюдың не мәні бар? Франция әскерилерінің Сирия жерін бұдан әрі бомбылауына жол бермеудің салдары одан да жаман емес пе? Францияны тізгіндеймін деген әрекетіңіз ойдағыдай болса, жаннатқа баратын бауырларыңыз азайып қалмай ма?
ДАИШ жауынгерлері мен белсенділері шейіт болғандардың шын мәнінде жандары жаннатқа түсетініне сенбейді деген тұжырым жасасақ, бомбылау кезінде адамның қаза тапқанына олардың неге ызаланатыны түсінікті болады. Олай болса, кейбіреуі жанкешті белдігін тағып, өзін-өзі жарып жіберуге не итермелейді? Мұны олардың қарама-қайшы екі пайымға еріп, арасындағы сәйкессіздіктерді аңғармауымен байланыстыруға болады. Жоғарыда атап өткеніміздей, кей нейрондар бір-бірімен мүлде араласпайды.
Франция әуе күштерінің Сирия мен Ирактағы ДАИШ позицияларын бомбылаудан сегіз ғасыр бұрын француз әскері Таяу Шығысқа басып кірген еді. Бұл әскери науқанды кейін Жетінші крест жорығы деп атаған. ІX Людовик бастаған жауынгерлер Ніл алабын жаулап алып, Мысыр жерін христиандықтың тағы бір тірек қаласына айналдыруды жоспарлаған. Алайда бұл жорық сәтсіз аяқталды: әл-Мансур шайқасында француз әскері жеңіліп, жауынгерлердің көбі тұтқынға түсті. Француз рыцары Жан де Жуанвиль естелігінде шайқаста жеңілгенін мойындап, тізе бүгу туралы шешім қабылдаған кезде, жауынгерлердің бірі: «Мен бұл шешіммен келіспеймін. Мейлі басымызды алсын, сонда бәріміз жұмаққа барамыз», – деп айтқанын жазған. Жуанвильдің айтуынша, жауынгерлердің ешқайсысы бұл кеңеске құлақ аспады19.
Жуанвиль рыцарьлардың неге өлімді таңдамағанын түсіндірмеді. Әрбірден соң, бұл жауынгерлер «жанымыз күнәдан арылады» деген сеніммен Франциядағы жайлы өмірін тастап, алысқа – Таяу Шығысқа ұзақ та ауыр жорыққа аттанған болатын. Олай болса, пейішке кіруге бір қадам жақын қалған сәтте олар неге мұсылмандарға тұтқынға берілуді жөн көрген? Кресшілер жанды күнәдан тазартуға, жұмаққа кіруге болатынына кәміл сенген, дегенмен сенгеніне көз жеткізу мезеті таяғанда тәуекелге баруды қаламаған-ды.
ЭЛЬСИНОРДАҒЫ СУПЕРМАРКЕТ
Тарихтың қай кезеңін алып қарасақ та, адам баласының қоршаған дүние туралы бір емес, бірнеше пайымы, иек артатын бірнеше хикаясы болған, алайда ол солардың ешқайсысына толық сенбеген. Адамның күдікке бой алдыруына жол бермеу үшін әлемдік діндердің көбі сенімді ең басты ізгі қасиет деп жариялап, күдік атаулының бәрін ауыр күнә санатына жатқызды. Айғақ талап етпей сенуді сөзсіз жақсы деп кім ойлап тапқан екен? Қазіргі заманғы мәдениет пайда болған кезде, жағдай күрт өзгерді. Діни сенім ақыл-ой еркіндігінен айырылып, интеллектуалдық құлдықта қалумен барабар, ал күмәндану – еркіндіктің алғышарты болып қалғандай.
Шамамен 1599–1602 жылдар аралығында Уильям Шекспир «Арыстан патшасы» туралы хикаяның өз нұсқасын – «Гамлет» трагедиясын жазып шығады. Симбаға қарағанда, Гамлет Өмір шеңберін бұзбай сақтап қала алмады. Ол сол күйі өмірдің мәнін түсіне алмай, «Болу ма, әлде бордай тозу ма?» – деген сұраққа жауап таппай қиналып, дүниеден озды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Гамлет қазіргі заманның прагматик азаматы. Қазіргі заман бұрынғыдан мұраға қалған сан алуан хикаялардың бәрінен бас тартқан жоқ. Қайта керісінше, сондай ескі хикаялар мен аңыз әңгімелер сатылатын супермаркет ашып қойды. Адам солардың әрқайсысының дәмін татып, ұнағанын таңдай алады.
Кей адам белгісіздікті, шамадан тыс еркіндікті көтере алмайды. Фашизм сияқты қазіргі заманғы тоталитарлық қозғалыстар күмән тудыратын идеялары бар супермаркеттерге үзілді-кесілді қарсы шығып, адамнан бір ғана хикаяға шүбәсіз сенуді талап етті. Мұндай қатаң талапты дәстүрлі діндер де қоймайтын шығар. Соған қарамастан, қазір адам аталмыш супермаркеттің болғанына оң көзбен қарайды. Өмірдің мәні, сенім артатын пайымдары белгісіз болғанда не істемек керек? Осындай кезде таңдау мүмкіндігінің өзі бір құдіретті күшке айналады. Сіз соған табына бастайсыз. Супермаркет сөрелерін жіті шолып, ұсынылған хикаялардың қалағанын ала алатыныңызға тамсанып тұрсыз делік, осы бір сәтті есте сақтаңыз... тоқта! Болды. Соңы – осы.
Либералдық мифологияға сай, аталмыш үлкен супермаркетте ұзақ тұрсаңыз, бір кезде сәті түсіп, көзіңіз ашылады – өмірдің шын мәнін түсінесіз. Дүкен сөресінде жатқан хикаялардың бәрі жалған. Өмірдің мәні – сатылымға шығатын дайын өнім емес. Пешенеме жазылған құдіретті сценарий жоқ, өміріме өзімнен басқа сырттай ештеңе мән дарыта алмайды. Еркін таңдау жасап, сезімдеріме ие болу арқылы өмірдің мәнін өзім ғана таба аламын.
Джордж Лукастың фантастика жанрында түсірген «Уиллоу» (Wіllow) фильмін еске алсақ. Фильмнің бас кейіпкері – Уиллоу атты ергежейлі; ол болмыс құпияларын меңгерген атақты сиқыршы болғысы келеді. Күндердің күнінде осындай бір сиқыршы ергежейлілер ауылына келіп, өзіне шәкірт іздейді. Уиллоу мен басқа екі ауылдасы сиқыршыға барып, өздерін таныстырады. Қарт сиқыршы алдына келген үміткерлерді сынап көреді – оң алақанын көрсетіп, магистр Йодаға тән дауыспен ергежейлілерден: «Дүниені билеп-төстеуге қажетті күш қай саусақта?» – деп сұрайды. Үшеуді де дұрыс таппайды. Алайда сиқыршыға Уиллоу қалғандардан ерекше көрінеді, қария одан: «Алақанымды көрсеткенімде саған қандай ой келді?» – деп сұрайды. Уиллоу: «Шынымды айтсам, бірден сіздің емес, өз саусағымды көрсеткім келді, бірақ ыңғайсыздандым», – деп жауап береді. Сонда сиқыршы: «Бәрекелді! Міне, дәл таптың! Дұрыс жауабы сол. Өзіңе сенбек керек», – дейді. Либералдық мифология осы бір нақылды қайта-қайта айтудан тынбайды.
Библияны да, Құран мен Ведаларды да адам өз қолымен жазған. Сол жазылған мәтіндерге құдіретті күш дарытқан да адам. Сөз жоқ, оларды біз сүйсініп оқимыз, бірақ олар бізге ғана сондай керемет хикаялар болып елестейді. Иерусалим, Мекке, Варанаси мен Бодх-Гая сияқты киелі жерлер біздің сол жақта жүргенде ерекше әсер алатынымыздан ғана қасиетті болып саналады. Сайып келгенде, ғалам дегеніміз – мидай араласқан атомдар жиынтығы ғана. Мұнда өздігінен көздің жауын аларлық, еліктірерлік сұлулық не қасиетті ештеңе жоқ; жерде жатқан сасық қалдық болсын, тәтті жеміс болсын, айналадағыға «көрік» беретін – адам сезімі. Сезімді өлтірсеңіз, бұл дүниеде сізді молекулалар ғана қоршаған болып шығады.
Өмірдің мәнін іздеген адам ғалам туралы біреудің ойдан шығарған дайын хикаясына сеніп, содан өзіне орын таба қоюды ыңғайлы көреді. Дегенмен әлем туралы либералдық пайымға сүйенсек, ақиқатты,
өмірдің мәнін айнала қоршаған ғаламнан іздеу бекер. Ғаламға мән беретін – мен. Бұл менің ғаламдық борышым. Пешенеме о баста жазып бекітілген тағдыр не дхарма жоқ. Симба не Арджунаның орнында болсам, патшалықты сақтап қалу үшін күресуді жөн көруім мүмкін, алайда мен басқа да жолды таңдай аламын. Көңіліме жақса, ел кезіп жүрген цирк әртістеріне қосылуыма не Бродвейдегі мюзиклге әнші болып жалдануыма, не Кремний алқабына көшіп, стартап ашуыма болады.
Осылайша ғаламның жаратылуы туралы өзге барлық аңыздар секілді, либералдық хикаяның да «Әу баста...» деген кіріспесі бар. Оған сай, жаратылыс – үздіксіз жүріп жатқан процесс, оның себепкері, жаратушысы – мен. Олай болса мен не үшін өмірге келдім? Мен сезіну, түйсіну, көріп білгенді ой таразысына салу, құштар әрі жасампаз болу арқылы өмірге мән беру үшін дүниеге келдім. Осы аталғандардың бәріне тосқауыл қою ғаламның мәніне шек қоюмен бірдей. Сондықтан өмірде осындай шектеулерден азат болу – ең жоғары мұрат.
Іс жүзінде либералдық пайымға сенгендер өмірде мынадай екі өсиетті басшылыққа алады: жасампаз бол әрі еркіндік үшін күрес. Жасампаздық – өлең жазу, сексуалдық талғамыңызды танып білу, жаңа компьютерлік бағдарлама ойлап табу, жаңа химиялық элемент ашу сияқты іс-әрекеттерде көрініс таба алады. Ал енді еркіндік үшін күресу дегеніміз – адамды оған таңылған әлеуметтік, биологиялық және физикалық шектеулерден босату. Бұл өз кезегінде қатыгез диктаторларға қарсы шеруге шығу, қыз балалардың сауат ашуына атсалысу, қатерлі ісікке ем табу не ғарыш кемесін салу сияқты іс-шараларды қамтуы мүмкін. Либералды идеялардың үстемдік құруына үлес қосқан қайраткерлер пантеонында Луи Пастер мен ағайынды Райттар ғана емес, Роза Паркс пен Пабло Пикассо сияқты тұлғалар да бар.
Айтуға оңай. Бір өкініштісі, шын өмірдегі адам еркіндігі мен жасампаздығы либералдық теориядағыдай емес. Ғылыми тұрғыдан алып қарағанда, адамды қандай да бір таңдау жасауға, жасампаздыққа итермелеп тұратын тылсым күш жоқ. Сөз болып тұрған игіліктер – биохимиялық сигнал алмасып жатқан миллиондаған нейрондар жұмысының нәтижесі. Адамды католик шіркеуі не әкімшіл-әміршіл кеңестік жүйе бұғауынан құтқарып, азат еткен күннің өзінде, оның өмірлік таңдауын бәрібір биохимиялық алгоритмдер айқындайды. Бұл алгоритмдердің ырқына бағынбай қалу мүмкін емес, олар Испан инквизициясы мен Кеңес Одағының мемлекеттік қауіпсіздік комитеті сияқты өте қуатты.
Либерализм мұратына адал адам азаттықты аңсап, оған қол жеткізу жолында ойын еркін білдіруге, өзіндік дара жолын табуға ұмтылуы керек. Бірақ сол «өзіндік», «даралық» және «еркіндік» дегеніміз – бағзы заман туралы мифтерден келген химералар. Либерализмдегі «ерік бостандығы» ұғымының анықтамасы шатастырады. Адамның еркі, қалауы, қалауын іске асыру еркіндігі бар екені атар таңдай ақиқат. Мұндағы «ерік бостандығын» қалағаныңды істеу еркіндігі деп түсінсек, онда – рас, адамда ерік бостандығы бар. Ал енді «ерік бостандығын» не қалайтыныңды таңдау еркіндігі деп түсінсек, онда – жоқ, адамда ерік бостандығы жоқ.
Еркек кіндікке аңсарым ауса, ойымдағыны, қиялымдағыны іске асыруға ерікті болуым мүмкін, бірақ онда мен әйелдерге көз салу еркіндігінен айырыламын. Бойымдағы сексуалдық құмарлықты тежеуіме не «жыныс ауыстыру» терапиясынан өтуіме болады, алайда жыныстық бағдарымды өзгертуге ынтық болғанымның өзі – миымдағы нейрондардың әсерінен, ал сол нейрондардың әрекеттесуіне қалыптасқан мәдени әрі діни қате түсініктер ықпал еткен болса керек. Біреулер жыныстық бағдарын қорсынып, оны өзгертуге тырысса, өзгелері бойындағы дәл сондай сексуалдық құмарлықты ұят санамайды, өзін басқалардан кем көрмейді. Неге солай екен? Алғашқыларының діни нанымдары әлдеқайда берік шығар деп айтуыңыз мүмкін. Алайда әлдебіреу діни сенімінің берік не әлсіз болатынын еркін таңдай ала ма? Адам сенімін күшейту мақсатында саналы түрде әр жексенбі сайын шіркеуге барып тұрса болады, дегенмен діндарлық жолын таңдамай, атеист бола тұра бақытты өмір кешіп жүргендер де бар ғой. Бұл қалай? Бұған бірқатар мәдени әрі генетикалық факторлар әсер етуі ықтимал, алайда бұл «ерік бостандығының» нәтижесі емес.
Сексуалдық құмарлық жөніндегі бұл пайымдар – құмарлықтың басқа да түрлеріне, адам ойы мен бойындағы сезімдеріне де қатысты. Дәл осы мезетте сізге қандай ой келді? Ол қайдан келді? Осылай
ойлайтыныңызды өзіңіз ерікті түрде таңдадыңыз ба? Әрине, жоқ. Өзіңді тану процесі қарапайым нәрселерден басталып, бірте-бірте күрделене түседі. Бастапқыда сыртта, қоршаған ортада болып жатқан құбылыстарды басқара алмайтынымызды байқаймыз. Жауынның қашан жауатынын мен шешпеймін. Содан кейін іште, яғни ағзамызда болып жатқанды да басқара алмайтынымызды аңғарамыз. Қан қысымының деңгейін реттеп отыра алмаймын. Бұдан соң миымызға да ие бола алмайтынымыз белгілі болады. Нейрондар менің айтқаныммен жүрмейді. Ақырында, қалауымызды және құмарлық сезімін, тіпті сол сезімге деген реакциямызды да басқармайтынымызды мойындау қалады.
Осыған көз жеткізсек, не ойлап, не сезетінімізге, сондай-ақ не қалайтынымызға шамадан тыс мән бермеуге дағдылануға болады. Бізде ерік бостандығы жоқ, бірақ та сол ерік тираниясынан сәл де болса еркін болуға шамамыз жетеді. Адамның әдетте өз қалауына, құштарлығына мән беретіні соншалық – бүкіл әлемді сол қалауына сай өзіне бағындырғысы келеді. Бізді айға ұшуға, соғыс бастауға, экожүйе тұрақтылығын бұзуға жетелейтін де осы құштарлық сезімі. Адам қалауы еркін таңдау деген бір тылсым қуатқа тәуелді емес, ол – биохимиялық процестердің нәтижесі (оларға бізге бағынбайтын мәдени факторлар ықпал етеді) екенін аңғарсақ, қалауымызға ғана емес, одан басқа да маңызды нәрселерге ден қоя аламыз. Енді қандай қиялға берілсек болады екен деп отыра бермей, өзімізді, ақыл-ойымыз бен қалауымызды танып білуге мән бергеніміз абзал.
Адам ерік бостандығына сенуден бас тартса, ертеңінен күдер үзіп, бейшара күйге түседі деп ойлайтындар бар. Шын мәнінде, осы бір иллюзияны терістеудің өзі көп нәрсені аңғартады. Ойы мен қалауына басымдық берген пенде өзін танып-білуге асықпайды. Ол өзінің кім екенін әлден-ақ біліп алғандай болады. Бірақ оған «Сәлем! Бұл ойлар менікі емес. Олар биохимиялық вибрациялардан туындаған» деген ой келген бойда, өзінің кім/не екенін білмейтініне көзі жетеді. Дәл осы сәтте адам баласы өміріндегі ең қызық зерттеу жорығына аттанғандай болады.
Сол жорық ойдағыдай болсын десеңіз, «мен» дегеннің ойдан шығарылған хикая екенін, оны ақыл-ойымыз үздіксіз жазып, жаңартып, өзгертіп отыратынына көну керек. Басымда бір әңгімеші бар, ол маған менің кім екенімді, қайдан шыққанымды, қайда бағыт алғанымды және қазір не болып жатқанын баяндап береді. Іштегі әңгімеші – үкімет жалдаған пиар мамандары мен саяси технологтар сияқты шындықты ашып беруге асықпайды және бұл жайтты мойындамайды да. Үкімет мемлекеттік ту, басқа да рәміздер, салтанатты шерулер көмегімен халық арасында ұлттық миф қалыптастыруды қолға алса, ішімде отырған үгіт-насихат машинасы қастерлі естеліктер мен ұмытылмас қиын-қыстау кезеңдерді ойда қайта жаңғыртып, мен үшін шындықтан алшақ жеке миф жасап шығады.
Facebook пен Іnstagram дәуірінде осындай миф жасау процесі бұрынғыдан да айқын байқалады, өйткені оны жүзеге асыратын мидың кейбір функцияларын қазір компьютер де іске асыра алатын болды. Адамның уақыт аямай, өзінің онлайндағы жағымды келбетін жасауға тырысып-баққанына қарап аң-таң боласыз; оның желідегі профайлына беріліп кететіні сонша – шын өмірдегі өзі мен онлайн-тұлғасы арасындағы айырмашылықты аңғармай қалады20. Бұл отбасыңызбен табиғат аясына демалуға шыққанда жолда көлік кептелісі болғанын, жақындарыңызбен ұрысып-керісіп, жүйкеңізді тоздырғаныңызды ұмытып, таза ауа жұтып, әдемі көрініске куә болып, көңіл көтеріп келгеніңіз ғана есте сақталатын жағдайға ұқсас; біз өмірде бастан кешкен жайттардың 99 пайызы өзіміз туралы айтылатын әңгіме мазмұнына ешқашан енбейді.
Осы ретте адамның өзі туралы қиялы әдетте ерекше визуалды, көрнекі сипатқа ие, ал шын сезініп түйсінудің тәнмен байланысты екенін атап өткен жөн. Қиялда, сіз ойыңыздағы не компьютер мониторындағы көріністі тамашалайсыз. Жылы жақта, теңіз жағасында рақаттанып жүргеніңізді, коктейль ішіп, сүйгеніңізбен демалып жатқаныңызды көресіз. Нағыз жұмақтың өзі. Осы мезетте аяғыңызды шыбын шаққанын, түсте ішкен сорпа жақпай, ішіңіз бұрап ауырып тұрғанын, жан жарыңызбен бес минут бұрын сөзге келіп, ұрысқаныңызды ұмытасыз. Әттең, суретке түсіп тұрған адамдардың дәл сол мезетте қандай сезімде болғанын біле алсақ қой?
Сондықтан өзімді шын танып-білемін десеңіз, Facebook-те не қиялыңызда жүрген адам – нағыз өзім деген ойдан аулақ болыңыз. Шын сезімдеріңіз бен ойларыңызға ден қойыңыз. Сонда келіп-кететін сан алуан ойлар, эмоциялар мен құштарлық сезімі, жан-жақтан соғып шашты алба-жұлба қылатын жел сияқты, сізге бағынбайтынын байқайсыз. Сіз сол жел де емессіз, ойлар, эмоциялар мен қалаулар жиынтығы да емессіз, тіпті болғаннан кейін ой елегінен өткізіп, артық-кемін қырқып-қосып айтатын хикая да емессіз. Басыңыздан өткеннің, сезініп-түйсінгеннің бәрін бақылай алмайсыз, сіз оларды, олар сізді иемдене алмайды. Адам «мен кіммін?» деген сұраққа әңгімелеп жауап бергенді қалайды. Сонда мына бір жайтты естен шығармақ керек – сіз біреудің ойдан шығарған әңгімесі емессіз.
ЕШҚАНДАЙ ХИКАЯ ЖОҚ
Либерализм ғаламдық драмалық хикаялардың бәрін жоққа шығарып, адам өз драмасын өзі жазады (өмірдің мәні – сол өмірлік драма сюжетін жазуда) деген пайымды алға тартты. Біздің либералдық заманымыздан мыңдаған жыл бұрын буддизм ғаламдық драмаларды ғана емес, тіпті адамның ішкі драмасын да жоққа шығарған. Ғаламның да, адам сезімінің де ешқандай мәні жоқ. Бұлар – әлдебіреудің ойдан шығарған аңыз әңгімесінің элементтері емес, олар – еш себепсіз туындап, жоқ болатын баянсыз вибрациялар ғана. Бұл – ақиқат, оған бойсұну қажет.
«Брихадараньяка-упанишада» трактатында «Құрбандыққа шалынатын жылқының басы – таң шапағы, көзі – күн... мүшелері – жыл маусымдары, буындары – айлар мен жарты айлар, аяқтары – күндер мен түндер, жіліктері – жұлдыздар, еті – бұлттар» делінген. Ал енді буддизмнің негізгі жазба ескерткіші саналатын «Махасатипаттхана суттада» адам медитация кезінде денесіне мұқият көз тастап, «бұл денеде – баста шаш бар, теріде шаш бар, сондай-ақ тырнақ, тіс, тері, ет, сіңір, сүйек, жілік майы, бүйрек, жүрек, ...сілекей, мұрын шырышы, сарысу мен зәр бар». Ол денесін осылай көзбен шолып бақылап отырады... Бір кезде: «Міне, дене деген осы!» – деп пайымдайды делінген21. Шаш, сүйек не зәрді басқа бірдеңе деп түсіну бекер. Бұлар – сол көз көріп тұрған заттар, басқа ештеңе емес.
Осындай ой аталған шығарма мәтінінде бірнеше рет қайталанады: адамның медитация кезінде денесіне не ақыл-санасына зейін қойғандағы байқағаны – сол көз көріп тұрған нәрселер ғана, басқа ештеңе емес. Яғни терең тыныс алған адам «мен терең тыныс алып отырмын», ал оқтын-оқтын тыныс алып отырған адам «тынысым тарылып бара жатыр» деп пайымдайды22. Қалай тыныс алса да, бұлардың не жыл маусымдарына, не тәуліктерге еш қатысы жоқ. Бұлар – адам денесіндегі вибрациялар ғана.
Будда іліміне сай, дүниеде үш нәрсе ақиқат: бәрі үздіксіз өзгеріп отырады, мәңгі мәнге ие ештеңе жоқ, нәпсі қанағатсыз. Ғаламның түкпір-түкпірін шарлап, тәніңізді, ақыл-санаңызды танып-білуге ұмтылған сіз болмысы, мәні өзгермейтін, көңіліңізден шығатын ештеңе таппайсыз.
Осыны пайымдай алмаған адам азап шегеді. Ол мәңгілік болмысты, өмірдің мәнін іздеп тауып, меңгеріп алса, жаны жай табатынына сенеді. Осы бір мәңгі болмыс дегенді кейде Құдай, кейде ұлт/ел, кейде рух, кейде нағыз «мен», кей жағдайда шын махаббат дейді. Адам оған неғұрлым үйір болса, іздеп табамын деп соғұрлым көп опық жейді, бейнет көреді. Ең сорақысы, мұндай адам киелі мақсатына жетуге кедергі келтіреді деп білген адамды, қауымды не ұйымды жек көріп кетеді.
Олай болса, Будданың айтуынша, өмірдің мәні жоқ, адамның оған мән дарытуы қажет емес. Азаптан құтылу үшін жоқ құбылысқа ұмтылмай, өмірдің мәнсіз екенін аңғару керек. «Сонда мен не істеуім керек?» – деп сұраған адамға буддистер: «Ештеңе. Ештеңе істеме», – деп жауап береді. Алайда біз түк бітірмей отыра алмаймыз. Физикалық іс-әрекет болмаса да (көзіңізді жұмып, ұзақ уақыт бойы қозғалыссыз отырсақ та), ақыл-санамыз бір сәтке де болса тоқтамай, өзіміз туралы хикаялар шығарып, кім екенімізді айқындап, қарбалас қызмет етіп жатады. Сол себепті, шын мәнінде, ештеңе істемеу дегеніміз – ақыл-ойдың да ештеңе істемеуі, түк шығармауы.
Өкінішке қарай, ештеңе істемеудің өзі де батырлық эпосқа айналып кетуі мүмкін. Көзіңізді жұмып, мұрныңызбен тыныс алып отырғаныңызды қадағалап отырғаныңыз туралы да хикая ойлап табуға болады. «Тынысым тарылып бара жатқан сияқты. Еркін дем алсам,
денсаулығым да мықты болады» не «тыныс алып отырғанымды бақылап, ештеңе істемей отырсам, көкірегім оянып, көзім ашылады – жаным жадырап, дүниедегі ең бақытты әрі ең дана адам боламын» деген ойлар келеді. Осылай басталған хикая жалғасын тауып, адам өзін тән тілегі мен құмарлықтан азат етіп қана қоймай, өзгелерді де осы жолға түсуге үндейді. Өмірдің мәні жоқ екеніне мойынсұнып, мен осы жайтты өзгелерге жеткізуден, сенбейтіндермен пікір таластырудан, күдіктенгендерге дәріс оқудан, монастырьлар салуға ақшалай жәрдем беруден т.б. мән табамын. Сөйтіп, «ешқандай хикая жоқ» дегеннің өзінен бір хикая жасауға болады.
Буддизм тарихында дүниенің өткінші, жалған екеніне; тілек, құмарлық ұмтылыстарына тежеу салу керек екеніне сенген адамның билік үшін, қандай да бір ғимарат үшін, тіпті бір сөздің мағынасына бола қырық пышақ болып қырқысып, жанжалдасқаны туралы мысал жетіп артылады. Мәңгі Құдайға сенгендердің басқалармен күрескеніне қынжыласың, алайда олардың бұл әрекетін түсінуге де болады; ал енді дүниедегінің бәрі жалған деп өзгелермен күресу қисынсыз. Бірақ адамның іс-әрекеті үнемі ақылға қонымды болады деп кім айтты?
XVІІІ ғасырда Бирма мен көршілес Сиамның патшалық әулеттері Буддаға адалдығын мақтан тұтып, буддизмді қолдауы арқылы өз билігін заңдастырған. Бұл елдердің патшалары монастырьларға қайырымдылық көмек көрсетіп, пагодалар тұрғызып, апта сайын білімді монахтардың уағызын тыңдайтын. Монахтардың көңіл ұйытатындай уағыздары әр адам баласының бес негізгі моральдық борышы (адам өлтірмеу, зорламау, алдамау, ұрлық жасамау және ішімдіктен бас тарту) туралы еді. Соған қарамастан, бұл екі патшалық арасында қарулы қақтығыс әсте тоқтамаған. 1767 жылғы 7 сәуірде Бирма патшасы Синбью-шиннің әскері Сиам астанасын басып алды. Жеңіске жеткен әскердің кісі өлтіргені, зорлағаны, халықты тонағаны, сондай-ақ ішімдікке масайғаны рас. Олар қаланы сарайлары, монастырьлары, пагодаларымен қоса тұтас отқа орап, қиратып, өзімен бірге мыңдаған құл, арба-арба толы алтын мен асыл тастарды алып кеткен.
Синбьюшин патшаны буддизмге толық адал болмаған деп те айта алмаймыз. Аталған үлкен жеңістен соң, жеті жылдан кейін ол үлкен Ировади өзені бойымен сапар шегіп, жолдағы әйгілі пагодаларға тоқтап, ғибадат етіп, Буддадан әскерінің бұдан әрі де жеңіске жетуіне қолдау көрсетуін жалбарынып сұрайды. Синбьюшин Рангунға жеткенде, Бирманың ең қасиетті нысаны – Шведагон пагодасын қайта жөндеп, кеңейтеді. Зәулім пагоданың сыртын алтынмен аптап, төбесіне ұзын алтын сүмбі орнатып, сыртын асыл тастармен (оларды Сиамнан әкелген болса керек) безендіріп қояды. Ол осы бір мүмкіндікті пайдаланып, тұтқынға түскен Пегу патшасын, оның інісі мен ұлын өлтіреді23.
1930 жылдары Жапония буддизм доктриналарын ұлтшылдық идеологиямен, милитаризм әрі фашизммен ұштастырудың жолын таба білді. Ниссё Иноэ, Икки Кита мен Танака Тигаку сияқты радикалдық бағыттағы буддистік ойшылдар адам эгоистік ұмтылыстарына тәуелді болмау үшін жеке басының қамын ойлауды доғарып, толықтай императорға беріліп, еліне қалтқысыз адал болуға тиіс деп пайымдаған. Мұндай идеялар әртүрлі әсіреұлтшыл ұйымдарға дем берген. Солардың бірі – мемлекет қайраткерлеріне қастандық жасау арқылы Жапонияның консервативтік саяси жүйесін төңкеріп жіберуді көздеген фанатик әскерилер тобы. Олардың қолынан елдің бұрынғы қаржы министрі, Mіtsuі корпорациясының бас директоры, сондай-ақ премьер-министр Инукаи Цуёси қаза тапқан. Осылайша аталмыш топ Жапонияның, ақырында, әскери диктатураға айналу процесін жеделдетті. Әскерилер соғыс бастағанда, буддистік дін қызметкерлері мен дзен медитация шеберлері халықты билікке сөзсіз бағынуға, дұшпандармен шайқасып жатқан ел мүддесі үшін өзін құрбан етуге үндеген. Ешкімге зорлық-зомбылық жасамау мен мейірімді болу сияқты буддизм қағидалары ұмыт қалғандай болды. Әйтпесе жапон әскерлерінің Нанкин, Манила немесе Сеул қалаларындағы әрекеттерін қалай түсіндіруге болады24?
Бүгінгі таңда буддистік Мьянма – адам құқықтарының ахуалы жөнінен ең нашар елдердің бірі. Мұнда мұсылмандарға қарсы қозғалыс бар, оны Ашин Виратху атты буддист монах басқарады. Ол өзінің Мьянма мен буддизмді астыртын сөз байласқан мұсылман жиһадшыларының қастандығынан сақтағысы келетінін айтады. Дегенмен оның жарыққа шыққан мақалалары мен уағыздарының ғадауат пен өшпенділікке толы болғаны сонша – Facebook арандатушылық сипаттағы материалдарға тыйым салатынын ескертіп, 2018 жылғы ақпанда оның әлеуметтік желідегі парақшасын жауып тастаған. 2017 жылы Guardіan басылымына берген сұхбатында әлгі монах адам қасынан ұшып өткен масаға да аяушылық білдіру керегі жөнінде уағыз айтқан. Ал енді журналисттің Мьянма әскерилері мұсылман әйелдерін зорлады деп айып таққанына күліп жіберіп: «Бұл мүмкін емес. Ол әйелдердің жиіркенішті тұрпатына кім қызығар екен25?» – деп жауап қайтарған.
Әлемдегі сегіз миллиард адам жүйелі түрде медитация жасауға кіріскен бойда жер-жаһанда бейбітшілік пен татулық орнайтыны екіталай. Өзі туралы шындықты көруге көп адам төзе бермейді! Байқап көрген күнде, ол шындықты дереу бұрмалап, өзіне жағымды хикая шығарып, сонда жүрген зұлымдар мен дұшпандарға қарсы соғысқа аттануға сылтау тауып алады.
АЩЫ ШЫНДЫҚ
Жоғарыда айтылған хикаяның ойдан шығарылған дүние болғанына қарамастан, өмірден үміт үзбеу қажет. Көз көріп тұрған шындық, шын өмір ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Құп, ойдан шығарылған драманың кейіпкері болғыңыз келмейді, бірақ мұндай драмаға араласудың не керегі бар? Адам: «Өмірдің мәні не?» – деген сұраққа емес, «Баянсыз өмірдің азаптарынан қалай құтылуға болады?» – деген сұраққа жауап іздеуі керек. Жалған хикаялардың бәрінен бас тартқан сәтте өмірге деген көзқарасыңыз әлдеқайда айқын бола түседі, сонда өзіңіз бен айнала қоршаған дүние туралы ақиқатқа жақындай түсесіз, сонда азаптан құтыласыз. Алайда бұл айтуға ғана оңай.
Адам баласы мифтер жасап, оларға сене білу қабілетінің арқасында жер-жаһанның әміршісіне айналды. Сондықтан да ол миф пен шындықты оңайлықпен ажырата алмайды. Аман қалып, өсіп-өркендеу үшін миф пен шындық арасындағы айырмашылыққа көз жұма қарауға мәжбүр болды. Дегенмен шындықты білемін десеңіз, азаптан құтылуға асықпаңыз. Өйткені бұл жалғанда азаптан шын нәрсе жоқ.
Әсерлі әңгіме, көне аңызға кезіккен кезде оның өтірік не шын екенін ажырату үшін бас кейіпкердің азап шеккен-шекпегенін біліп алған жөн. Мысалы, әлдебіреудің поляк халқының тарихы туралы әңгімесін тыңдаған кезде Польшаның бейнет шеге алатыны-алмайтыны жөнінде ойланып көріңіз. Ұлы романтик ақын, қазіргі заманғы поляк ұлтшылдарының атасы Адам Мицкевич Польшаны «әлем елдері ішіндегі Иса Мәсіх» деп атаған екен. Мицкевич 1832 жылғы (Польшаны Ресей, Пруссия мен Австрия бөлшектеп алғаннан соң, ондаған жыл өткеннен кейінгі және 1830 жылғы поляк көтерілісін Ресей басып тастағаннан кейінгі) жазбасында «Польшаның көрген бейнеті – бүкіл адамзат атынан жасалған құрбандық, ол Исаның құрбандығына барабар және Иса сияқты Польша да қайта тіріледі» деген.
Мицкевичтің танымал болып кеткен мынадай сөзі бар:
Польша (күллі Еуропа халқына): «Маған келгендердің бәрі еркін әрі тең болады, өйткені мен ЕРКІНДІКПІН», – деді. Алайда мұны естіген корольдер зәресі ұшып, поляк елін айқышқа керіп өлтірді де: «Біз еркіндікті жазым қылып, жер қойнауына тапсырдық», – деп жар салды. Бірақ олар бекер қуанған екен... Өйткені поляк елі өлген жоқ... Үшінші күні оның жаны тәніне қайта оралып, бұл ел қайта тіріліп, Еуропа халықтарын құлдықтан азат етеді26.
Мұндағы айтпағым, ел, шынымен, азап шеге ала ма? Елде көз, қол, түйсік, тілек пен құмарлық бола ма? Оны шаншып алсаңыз, қан шыға ма? Әрине, жоқ. Соғыста тізе бүккен, жерінен, тіпті егемендігінен айырылған ел ауырсынбайды, ренжімейді, жалпы, азаптанбайды, өйткені оның денесі, ақыл-санасы, сезімдері мен түйсіктері жоқ. Бұл жай ғана метафора. Азап шегетін тіршілік иесі кейпіндегі Польша кей адамдар қиялында ғана болады. Польшаны бар етіп тұрған сол адамдар: олар әскер қатарына қосылып, еліне тәнін беріп қана қойған жоқ, сол елдің қайғы-қасіретін де арқалап жүр. 1831 жылғы мамырда Остроленка түбіндегі шайқаста поляк әскерінің жеңілгенін естіген жұрт мұң жамылып, жүрегі қан жылаған.
Мұның бәрі Ресейдің басқыншылығын ақтау үшін айтылып отырған жоқ, поляктардың тәуелсіз мемлекет құруға, өз заңдары мен әдет-ғұрыптарын орнатуға құқығын да жоққа шығармаймыз. Сайып келгенде, шындықты поляк халқының тарихына теңеуге болмайды, өйткені Польшаның бар болуы адам ойындағы образдарға тәуелді.
Ал енді, Варшаваны басып алған орыс әскерилері зорлаған әйелдің тағдырын сөз етсек, бұл әйелдің көрген азабы метафора емес, шындық. Ресей әскерилері мен мемлекет қайраткерлеріне орыс ұлтшылдығы, православ христиандығына сену, жауынгерлерге тән ерлік сияқты жалған хикаялар дем берген болуы да мүмкін. Десек те сол әйел шынымен азап шекті.
Саясаткерлердің тылсым сарындағы сөздеріне сақ болыңыз. Олар біреудің шын бейнет көргенін бүркемелеп айтуы мүмкін. Әсіресе «құрбандық», «мәңгілік», «тазалық» және «арылу, құтылу» деген сөздерге ерекше мән берген абзал. Осылардың біреуін естісеңіз, дабыл қағыңыз. Мемлекет басшысы «олар мәңгілік елімізді күнәдан арылтып, тазалығын сақтап қалу үшін құрбан болды» деген сөздерді жиі айтатын елде тұрсаңыз, бәлеге қалдым дей беріңіз. Мұндай сөздерді үнемі шындық тіліне аударып отырған жөн. Сонда, шын мәнінде, жарақат алған жауынгердің жанталасқаны, әйелдің зорлық-зомбылық көргені, кішкентай баланың шошынып қалғаны туралы сөз болғанын аңғарасыз.
Сөйтіп, ғалам туралы шындықты, өмірдің мәні, өзінің кім екені туралы білгісі келген адамның, ең алдымен, фәни өмірдің азаптарына ден қойғаны дұрыс.
Сұраққа жауапты біреудің ойдан шығарған әңгімесінен іздеудің қажеті жоқ.
Бұл үзінді де 1937 жылы аударылған нұсқадан алынды.
Цитатаны Ә.Кекілбаевтың аудармасынан алдық.
21-ТАРАУ
Медитация
Зейін қойсаңыз болды
Осы уақытқа дейін айтылып келген сан алуан діни және идеологиялық хикаяларды сынап-мінеген өз басым да айналаның сөзіне қалатынымды білемін, бұл заңды да. Ендеше, бәріне күмәнмен қарайтын адам күнде таңертең «бұл таңды көрген де бар, көрмеген де бар» деп көңілденіп, түңілмей «қалай өмір кешіп жүр екен» деген сұраққа менің де жауап беретін кезім келді. Әрине, өмірлік ұстанымым кез келген адамға жарайды деген ойдан аулақпын. Әрбірден соң, менің басқалардан ерекше гендерім, нейрондарым, өмірлік тәжірибем мен дхармам бар. Сонда да оқырманға еңбектерімде көрініс табатын дүниеге деген көзқарасымды не айқындайтынын айтып берсем артық болмас.
Тынымсыз, мазасыз бозбала кезімде айнала қоршаған дүние мәнсіз болып көрінетін, көкейімдегі сұрақтарға жауап таппай қынжылатынмын. Әсіресе жер-жаһанның, сондай-ақ өз өмірімнің неге қасіретке толы екенін түсінбей дал болатынмын. Көмек сұрап жүгінген адамдардан және оқыған кітаптардан танып-білгенім: құдай мен жұмақ туралы діни мифтер, отаным мен оның тарихи миссиясы туралы ұлтшылдық мифтер, махаббаттың құдіретті күші туралы романтикалық мифтер немесе экономикалық даму, сатып алу мен тұтыну туралы капиталистік мифтер. Олар көңіл көншітпеді. Бұлардың түгел жалған екенін аңғарғаныммен, шындықты қайдан іздеп табатынымды білмедім.
Университетке түскенімде – мені мазалап жүрген сұрақтарға жауапты дәл осы жерден табамын деп қуандым. Қуанышым ұзаққа созылмай, су сепкендей басылды. Академиялық ортаның маған бергені – адам баласы ойлап тапқан мифтерді талдап, жіктеп-жіліктеп, ақ-қарасын айыру, өтірігін әшкерелеу әдіс-тәсілдері. Алайда ең маңызды өмірлік сұрақтарға ғылым да қанағаттандырарлық жауап бере алмады. Керісінше, ғылым мені белгілі бір саланың тар құрсауынан шықпай зерттеу жүргізуге баулыды. Сөйтіп, докторлық дәреже аламын деп Оксфорд университетінен бірақ шықтым; диссертациям орта ғасырларда өмір сүрген әскерилердің өмірбаяндық мәтіндері тақырыбына арналған еді. Бос уақытымда философия кітаптарын көптеп оқуға, философиялық мәселелер төңірегінде пікір таластыруға әуестеніп алдым. Сонда да ақиқаттан әлі де алшақ жүргенімді сездім. Көңілім қатты торықты.
Қиналып жайым болмай жүргенімді байқаған досым Рон бірнеше күнге кітаптардың бәрін ысырып қойып, пікір таластыруды жайына қалдырып, випассана медитация курсына (випассана – ежелгі Үндістанның пали тілінде – интроспекция, яғни «өзін-өзі іштей бақылау» дегенді білдіреді) қатысуды ұсынды. Мен оны Нью Эйдж (New Age) бағытына тән мистикалық-эзотерикалық сандырақтың бір түрі деп ойлап, жаңа миф тыңдауға уақыт жұмсағым келмей, барудан бас тарттым. Дегенмен досым айтқанынан қайтпай, бір жыл бойы мені көндіруге тырысып бақты; ақырында, 2000 жылдың сәуір айында випассананың он күндік көшпелі семинарына қатысуға келістім1.
Медитация туралы білімім таяз болғандықтан, бұрын оны түрлі мистикалық теориялармен байланыстыратынмын. Сондықтан оның практикалық қырымен етене танысқан бойда қатты таң қалдым. Семинар өткізген ұстазымыз С.Н. Гоенка көзімізді жұмып, аяғымызды айқастырып отырып, тыныс алғанда танауымызға ауаның кіріп-шығуына зейін қоюды нұсқады. Ол бізге: «Ештеңе істемеңдер. Қалай тыныс алып отырғандарыңа мән бермеңдер. Не болса да, дәл осы сәттің шындығын байқап сезінуге тырысыңдар. Тыныс алғанда ауа жұтқаныңызды аңғарасыз. Дем шығарғанда ауаның шыққанын білесіз. Көңіліңіз
бөлініп, ақыл-ойыңыз естеліктерді ақтарып, қиялға берілген сәтте тыныс алып отырғаныңызды мұқият бақылаудан ауытқып кеткеніңізді байқайсыз», – дейтін. Маған бұрын-соңды ешкім мұндай құнды ақыл-кеңес бермеген.
Өміріндегі ең маңызды сұраққа жауап іздеген адам әдетте мұрынмен тыныс алудың қалай болатынын ойлап бас қатырмайды. Ол өлгеннен кейін не болатынын білгісі келеді. Сірә, өмірдің ең үлкен құпиясы – өлімнен соң не болатынында емес, адам көз жұмғанға дейін не болатынында. Өлімді түсіну үшін өмірді түсіну қажет.
Адамды «Мен өлгенде жоқ болып кетемін бе? Жұмаққа барамын ба? Жаңа кейіпте қайта туамын ба?» деген сұрақтар мазалайды. Бұл сұрақтар туу мен өлу арасында орнықты тіршілік ететін «мен» бар деген тұжырымға негізделген; олай болса, адам өлгенде «мен» қайда кетеді деген сұраққа жауап іздеумен болады. Бірақ туу мен өлу аралығында орнықты не бар? Адам денесі де, миы да, ақыл-санасы да сәт санап өзгеріп отырады. Байқап қарасаңыз, өзгермей қалатын ештеңе жоқ. Сонда өмірді баянды ететін не? Бұған жауабыңыз жоқ болса, сіз өмірді түсінбегенсіз, өлімді тіпті түсінбейсіз. Аталған сұраққа жауап тапқанда өлімнің де мәнін аңғарасыз.
Кейбіреулер «туу мен өлу аралығында орнықты тіршілік ететін – жан, өмірді баянды ететін де сол» дейді, алайда бұл біреудің әңгімесі ғана. Жаныңызды байқап, бақылаған кездеріңіз болды ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін өлімді күтудің қажеті жоқ, кез келген мезетте байқап көрсеңіз болады. Бір мезет аяқталып, келесісі басталғанда не болатынын түсінсеңіз, өлгенде өзіңізге не болатынын да түсінесіз. Дем алып отырғанда өзіңізді мұқият бақылап, пайымдай алсаңыз – көкірек көзіңіз ашылады.
Тыныс алғанымды мұқият бақылап отырғанда меңгергенім – қанша кітап оқысам да, университетте қанша дәріс алсам да, ақыл-санам туралы түк білмейді екенмін, оны бақылап-басқаруға да қауқарсыз екенмін. Қанша тырыссам да, мұрныммен дем алып отырғанымды он секундтан ұзақ бақылауға шамам келмеді, ойым басқа жаққа ауып кете берді. Осы уақытқа дейін «өмірімнің қожасы өзім, жеке басымды өзімнен басқа ешкім басқара алмайды» деп келдім. Бірнеше сағатқа
медитацияға беріліп кетіп едім, өзіме ие бола алмайтынымды түсіндім. Мен қожайын емеспін, көп болса қақпа күзетушісімін. Денеме апаратын қақпаны (танауымды) күзетуге шыққан мен ауаның кіріп-шығуын қадағалауым тиіс еді. Бұл да қолымнан келмеді, бірер сәттен соң көңілім бөлініп, күзет орнын тастап кеттім. Мұның өзі көп нәрсені аңғартты.
Бірте-бірте, семинар жүргізушісі қатысушыларды тыныс алғанын ғана емес, дене мүшелерімен сезіп-түйсінуді де бақылауды үйретті. Рақаттанып ләззат алуды емес, ыстық, қысым, ауырсыну т.б. сияқты қарапайым сезім түрлеріне зейін қойдық. Випассана әдісіне сай, ақыл-сана тасқыны мен дене түйсігі тығыз байланысқан. Адам сыртқы әлемді дене түйсігі арқылы сезіп таниды. Сыртқы әлемде болған оқиғаларға ешқашан реакция бермеймін; өз денеммен сезіп түйсінгеніме реакция беремін. Жағымсыз нәрседен жиіркенемін. Жағымды әсер алсам, оны қайта сезінуді қалаймын. Өзге біреудің істегенінен, президент Трамптың Twіtter-дегі соңғы жазбасынан немесе балалық шақтан қалған әлдебір естеліктен әсер алдым деп ойлаған адам, шын мәнінде, өзінің дене түйсіктеріне реакция береді. Ұлтына не құдайына біреу тіл тигізді деп ашуға булыққан адамның іші күйіп, жүрегі сыздайды. Оның ұлты ештеңе сезбейді, алайда оның денесі шынымен ауырсынады.
Ашу-ызаның не екенін білгіңіз келе ме? Онда ашуланған кезде не сезетініңізге зейін қойыңыз. Аталмыш семинарға барғанда, мен 24 жаста едім, сол кезге дейін өмірімде шамамен 10 000 рет ашуланған шығармын, бірақ ашуға мінген сәтте нақты не сезгенімді байқап-бақылау ойыма да келмепті. Оның орнына ашу-ыза тудырған объектіге (өзге біреудің айтқан сөзіне я іс-әрекетіне) көңіл бөлетінмін.
Медитация семинарына қатысқан он күн ішінде сезімдерім мен түйсігіме зейін қою арқылы өзім туралы, жалпы адам баласы туралы әлдеқайда көп білдім. Осындай нәтижеге жету үшін менің қандай да бір хикаяға, мифке не теорияға сенуім қажет болмады. Бар болғаны көз көріп тұрған шындықты мұқият байқап, бақылау ғана керек еді. Ең бастысы, өмірдегі қасіреттің түп-тамыры өз ақыл-санамнан бастау алатынын ұқтым. Тілегенімді ала алмаған кезде азап шегетінімді түсіндім. Адамның азап шегуі – сыртқы әлемнің объективті құбылысы емес. Ол – адам ақыл-санасы тудыратын реакция. Әлденені аңғару, саналы түрде түсініп алу – азаптан құтылу жолындағы алғашқы қадам.
2000 жылы өткен алғашқы курстан кейін, мен күнде екі сағат бойы медитация жасайтын болдым. Жыл сайын бір айға не одан да ұзақ уақытқа арнаулы медитация семинарларына барып тұрамын. Бұл шындықтан қашу емес. Қайта керісінше, күнде кемінде екі сағат бойына нағыз шындыққа зейін қоямын, қалған 22 сағатта жан-жақтан көптеп келетін электронды хаттарды, Twіtter-дегі хабарламаларды оқып, сүйкімді күшіктер туралы түсірілген видео көремін. Медитация жаттығулары арқасында көңілімді бір арнаға бұрып, ой айқындығын сақтауды үйрендім. Осы қабілеттер болмаса, мен Sapіens не Homo Deus кітаптарын жазып шыға алмас едім.
Медитацияның пайдасын асыра бағалап жіберді деп ойлап қалмаңыз. Медитация дүниедегі қиындықтардың бәрін еңсеруге көмектеседі деуден аулақпын. Әлемді өзгерту үшін әрекет ету керек, ең маңыздысы – ұйымдаса білу керек. Ұйымдасып, бірге жұмыс істеген елу адам жеке-жеке әрекет еткен 500 адамнан көп іс тындырмақ. Сондықтан қол қусырып отырмай, әрекет етемін десеңіз – тиісті ұйымға кіріңіз. Кейінге қалдырмай, осы аптада кіріңіз.
Өзінің және өзгелердің ақыл-ойын, іштей қорқыныш сезімін ауыздықтау амалдарын, жалған тұжырымдары мен психологиялық ком-
плекстерін түсіне білген адамның өзгелермен ынтымақтаса әрекет етуі әлдеқайда нәтижелі болады. Бұған медитациядан басқа жолмен де жете аласыз. Кей адамға арнаулы терапия, басқаларына өнерге әуестену, енді біреулерге спортпен шұғылданудың пайдасы тиеді. Адам ақыл-санасына келгенде, медитацияны ғылымға негізделген көмек құралдарының бірі ғана деп білген жөн.
ЕКІ ЖАҚТАН ҚОПАРЫП ҚАЗУ
Адам санасымен байланысты құпияларды ашып беретін ұтымды ғылыми құралдар тапшы. Көп адам, соның ішінде ғалымдар сананы адам миымен шатастырады. Алайда бұл екеуі бірдей емес. Ми – нейрондар, синапстер мен биохимиялық байланыстардан тұратын
материалдық жүйе. Сана – қиналу, рақаттану, ашулану мен сүйіспеншілік сияқты субъективті сезіну түрлерін қамтиды. Биологтар мидың сана тудырушы қабілеті бар, қиналу мен сүйіспеншілік сезімдері миллиондаған нейрондардың әрекеттесуі нәтижесіндегі биохимиялық реакциядан болады деген тұжырымды алға тартады. Дегенмен сананың мидан қалай туындайтынын әлі күнге дейін ешкім түсіндіріп бере алмады. Миллиондаған нейрондардың белгілі бір тәртіппен электр сигналдарын жібергенде адамның қиналып, ауырсынатынын, ал басқа тәртіппен сигнал шығарғанда құштарлыққа, сүйіспеншілікке бөленетінін қалай түсіндіруге болады? Ешкім білмейді. Сана мидан туындаған күннің өзінде, қазір сана мен ми – бөлек ғылыми зерттеу нысандары.
Микроскоптар, ми сканерлері мен қуатты компьютерлер сияқты техникалардың арқасында миды зерттеу саласы күн санап қарқынды дамып келеді. Алайда адам санасын микроскоп не ми сканері көмегімен тексеріп көруге болмайды. Аталған құрылғылар адам миының биохимиялық және электр белсенділігін зерттеуге көмектескенімен, сол белсенділікпен байланысты субъективті сезім түрлерін көрсетіп бере алмайды. Қазір мен тек өз санамды ғана тікелей бақылай аламын. Өзгелердің не сезетінін білу үшін біреудің айтқанына, жазғанына жүгінуге мәжбүрмін. Мұндай деректердің бұрмаланатыны, яғни толық мәлімет бере алмайтыны анық.
Әртүрлі адамнан жиналған мәліметтерді, статистикалық деректерді қолданып, ортақ болжамдар мен тұжырымдар шығара аласыз. Мұндай әдісті психологтар мен нейрологтар бұрыннан қолданып келеді, олардың миллиондаған адамның өмірін жақсартуға қосқан үлесі де жоқ емес. Алайда бұл әдіске толықтай иек артуға болмайды. Қандай да бір құбылысты зерттеп білемін деген адам сол құбылысты тікелей бақылағаны абзал. Мәселен, антропологтар өз зерттеулерінде екінші реттік деректерді кеңінен қолданады. Алайда Самоа мәдениетімен етене танысамын деген антрополог ерте ме, кеш пе Самоа аралына аттанып, оның тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көруі керек.
Әрине, зерттеу нысанын көрудің өзі аз. Саяхатшының Самоаны аралап, көрген-білгені, бастан кешкені туралы блог-жазба қалдыруы Самоа туралы нағыз антропологиялық зерттеуге жатпайды. Өйткені мұндай саяхатшылардың көбінің ғылыми зерттеу жүргізуге қажетті дайындығы мен дағдылары жоқ. Олардың алған әсері, көрген-естігені туралы жазбалары қандай да бір құбылыс туралы жүйелі әрі мейлінше объективті мәлімет бермейді. Сенімді антропологиялық зерттеу жүргіземін деген азамат зерттеу нысанын (адамдар мәдениетін) белгілі бір әдісті басшылыққа алып, жүйелі, тиянақты әрі объективті түрде бақылауы қажет. Мұндайда алдын ала қалыптасқан тұжырымдар мен теріс түсініктерден арылу керек. Болашақ антрополог ғалымдарды осылай жұмыс істеуге баулиды. Антропологтар осындай ұстанымға адал болу арқасында түрлі мәдениеттерді жақындастыруға қомақты үлес қоса білді.
Сананы ғылыми зерттеу моделі антропологиядағыдай емес. Ан-
тропологтар шалғай жерлерге сапар шегіп, экспедиция нәтижелері туралы есеп жазады. Нейрология саласының мамандары адам санасына бойлайтын экспедицияларға шыға алмайды. Адам тек өз санасын ғана тікелей бақылай алады; мұндай бақылауды объективті түрде жүргізу қиынның қиыны. Бір ғасырдан ұзақ уақыт бойы жинақталған тәжірибе арқасында антропологтар өз зерттеу нысанын объективті бақылау әдістерін жасап үлгерді. Нейрологтар екінші реттік деректерді жинап талдаудың алуан түрлі амалдарын жетілдірді, алайда адам санасын зерттеуге келгенде, олардың ауыз толтырып айтатындай жетістіктері жоқ.
Сананы тікелей бақылап зерттеуге көмектесетін жаңа әдіс-тәсілдер болмаса, байырғы халықтар меңгерген құралдарды қолданып көрсек болады. Адам санасын тануға ден қойған ежелгі халықтар болған, олар біреудің айтқанын талдауға емес, адамды өз санасына жүйелі түрде зейін қоюға үйреткен. Сол ерте заманда қолданылған түрлі әдістерге «медитация» деген жалпы атау беруге болады. Бүгін бұл терминді көбінесе дін және мистикамен байланыстырады, дегенмен, сайып келгенде, медитация деп адамның өз санасын тікелей бақылау әдісін айтады. Көптеген діндерде медитация кеңінен қолданылады, алайда бұл – медитация тек дінмен байланысты дегенді білдірмейді. Көптеген діндердің иек артатын кітаптары бар, бірақ бұл кітап оқу – тек діни практика дегенді білдірмейді ғой.
Медитацияның түр-түрі бар, мыңдаған жыл бойы адам баласы оның жүздеген әдісін ойлап тапты. Мен солардың біреуімен – випассана әдісімен ғана жақсы таныспын. Бұл әдісті (басқа да әдістермен қатар) ежелгі Үндістанда Будда жасап ұсынған. Будда туралы дәлелденбеген сан алуан теориялар мен хикаялар бар, десек те медитация жасау үшін оларға сенудің қажеті жоқ. Маған медитация жасауды үйреткен ұстазым – Гоенка мырза випассана әдісінің практикалық қырына баса назар аударады: ол шәкірттерін сананы бақылау кезінде әлдебіреуден естіген әңгімелерді, діни догмалар мен философиялық тұжырымдарды ұмытып, тек өзінің сол сәттегі шынайы сезімдеріне зейін қоюды нұсқайды. Ұстазынан кеңес алуға келген адамдардың ол тұрған бөлменің кіреберісінде ілініп тұрған мынадай жазбаға бірден көзі түсетін: «Теориялық әрі философиялық мәселе қозғамауыңызды өтінемін. Сізден нақты медитация практикасына қатысты сұрақтар күтемін».
Нақты практика дегеніміз – дене түйсігі мен сол түйсікке сана реакциясын үздіксіз, мұқият әрі объективті түрде қадағалау арқылы сана заңдылықтарын тану. Кей адам медитацияны ерекше ләззат сезіміне бөлену құралына айналдырып алады. Шын мәнінде, адам санасы – ғаламның ең үлкен құпиясы; тұла бойының неге жылып немесе түршігіп бара жатқанын түсінуге ұмтылған адам – бойын шаттық билеп, нәзік болмысы ғаламдық болмыспен араласқан адамға барабар, ол да үлкен құпияны ашуға бір қадам жақын болғандай сезімге бөленеді. Випассана әдісін дәріптейтіндер медитация арқылы қандай да бір ерекше сезімге бөленуге ұмтылмау қажет деп ескертеді; ең бастысы – не болса да, дәл осы сәттегі сана шындығын байқап сезінуге тырысу керек.
Соңғы жылдарда адам санасы мен миын зерттейтін ғалымдардың медитация әдістеріне қызығушылығы арта түсті. Дегенмен зерттеушілердің көбі сол әдістерді тікелей қолданып жүрген жоқ2. Әдетте ғалым өзі медитация жасамайды. Ол медитация әдіс-амалдарын әбден меңгеріп алған адамды зертханаға шақырып алып, басына электродтар жабыстырып, медитация күйінде отырғандағы ми белсенділігін бақылап, жазуға кіріседі. Рас, мұндай зертханалық зерттеу амалы ми қызметі туралы біраз құнды мәлімет береді, алайда ол сананы зерттеп қарауға жарамайды. Мұны тастың құрылысын ашып көремін деген адамның сол тасқа ұлғайтқыш әйнек арқылы қарағанымен салыстыруға болады. Сол адамға келіп: «Міне, мынау арқылы қарап көрші», – деп микроскоп ұстатсаңыз болады. Ол микроскопты алып, неден жасалғанын білу үшін оған сол баяғы үйреншікті ұлғайтқыш әйнек арқылы қарайды... Медитация – сананы тікелей бақылау құралы. Өзіңіз медитация жасамай, басқа біреудің сол күйде отырғанын бақылауға машықтанған болсаңыз, бұл әдістің артықшылықтарын бағалай алмайсыз.
Мен, әрине, нейрология саласында кеңінен қолданылып жүрген зерттеу әдістерінен бас тартуды ұсынып отырғаным жоқ. Олардың бәрін ұмытып, тек медитацияға жүгінудің де пайдасы шамалы. Тауды тесіп шығатын туннель салып жатқан құрылысшылардың жұмысын көзге елестетіңізші. Таудың бір ғана бетін қопарып қазғаннан гөрі, бірден екі жақтан ойып жол салған әлдеқайда тиімді емес пе? Сана мен ми біртұтас болса, онда екі жақтан салынған жол ақыры түйіседі. Олар біртұтас болмаған күнде де қазбалауды тоқтатуға болмайды, ми жұмысына ғана емес, санаға да зейін қою қажет.
Медитацияны ми қызметіне қатысты зерттеу нысаны ғана емес, нақты зерттеу құралы ретінде қолданып жүрген университеттер мен ғылыми орталықтар да бар. Алайда бұл әдіс ғалымдардың көп күш жұмсауын, медитация тәртібін бұлжытпай сақтауын талап етеді, сондықтан ол негізгі әдістер қатарына әлі қосыла қойған жоқ. Сезімдері мен түйсіктерін объективті бақылауға бел байлаған адам өз санасының тынымсыз, ұстамсыз екенін бірден байқайды. Қандай да бір сезім түрін бірнеше секундтан артық бақылауға шыдамыңыз жетпей, ақыл-санаңыз басқа жаққа ауып, түрлі ойлар, естеліктер мен түстерге елігіп кетеді.
Микроскоптың арнайы тетігін бұрап, фокусын реттеп алуға болады. Тетік сынып қалса, оны жөндетіп алуға болады. Сана фокусы бұзылғанда, оны дәл солай оп-оңай жөндеп алуға келмейді. Сабыр сақтап, бөтен ойға берілмей, сананы ұзақ уақыт бойы мұқият бақылап отыру үшін көп жаттығу керек. Бәлкім, болашақта бізді бірден осындай күйге түсіретін дәрі табылатын шығар. Алайда ондай дәрі сананың түкпір-түкпірін тануға көмектеспейді. Қазірдің өзінде, теледидардан қызықты бір фильмді көз алмай көріп отырған адамның ақыл-санасы сол фильмге зейін қояды, бірақ өз динамикасын байқап, бақылай алмайды.
Технологиялардың мүмкіндігі шектеулі болғанымен, күдер үзбеңіз. Ғылымға адал, қиыншылықтардан қашпайтын, қорқынышқа бой алдырмай еңбек ететін антрополог, зоолог және астронавт ғалымдардың жетістіктері жігерлендірмей қоймайды. Адам санасын зерттеп-тануға да осылар сияқты аянбай күш жұмсаған абзал. Осыны қолға алмаса, алгоритмдер бізден озып шығып, ой түйіп тұжырым шығаруда басым түсуі мүмкін.
Адамға өзін-өзі бақылап, талдау ешқашан оңайға соқпаған; уақыт өте келе бұл тіпті қиындай түсуі ықтимал. Тарихқа көз жүгіртсек, адам баласы өзі туралы сан түрлі хикаялар, шым-шытырық аңыздар ойлап шығарған. Сол аңыз әңгімелердің ықпалы бірте-бірте күшейіп, адамның өзі туралы шындықты табуын қиындатып жіберді. Мұндай хикаялар халықты топтастыру, билік орнату, қоғамдық келісімді сақтау үшін қажет еді. Олар ашыққан халыққа азық болды, жұрттың татулығын сақтау құралына айналды. Өзін-өзі тануға ұмтылған адам әдетте осындай хикаяларға тап болатын. Өз бетімен іздену – қалыптасқан қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін іске барабар болып қалды.
Технологиялардың дамуы өзімен бірге мынандай маңызды өзгерістер алып келді. Біріншіден, кремнийден жасалған пышақ сияқты қарудың орнын ядролық оқтұмсықтар басты, сондықтан қазір қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірудің қаупі әлдеқайда арта түсті. Екіншіден, үңгірлердегі суреттердің орнын телевизия басты, енді адамды жаңылыстыру әлдеқайда оңай шаруаға айналды. Осы үрдістердің өрбіп, көп ұзамай соңына жетуі алгоритмдердің дамуымен байланысты. Болашақта адамның өзі туралы шындықты білуі, тіпті мүмкін болмай қалуы да ғажап емес. Біздің кім екенімізді алгоритмдер айтып беретін болады.
Өзіміздің шынымен кім екенімізді тануға талаптанып, әрекет етуге әлі де кеш емес. Осы мүмкіндікті қалт жібермеу үшін дәл қазір әрекет ету керек.
****** Кіріспеде атап өткенімдей, бұл кітап автордың жұртшылықпен пікір алмасуы нәтижесінде жарық көрді. Тараулардың көбі оқырмандар, журналистер мен әріптестерімнің сұрақтарына жауап ретінде жазылған. Кітаптың кейбір бөліктері бұрынырақ эссе не мақала түрінде жарияланған болатын. Сол жарияланымдардың тізімі: ‘Іf We Know Meat Іs Murder, Why Іs Іt So Hard For Us to Change and Become Moral?’, Haaretz, 21 June 2012.
‘The Theatre of Terror’, Guardіan, 31 January 2015. ‘Judaіsm Іs Not a Major Player іn the Hіstory of Humankіnd’, Haaretz, 31 July 2016. ‘Yuval Noah Hararі on Bіg Data, Google and the End of Free Wіll’, FT.com, 26 August 2016. ‘Іsіs іs as much an offshoot of our global cіvіlіsatіon as Google’, Guardіan, 9 September 2016. ‘Salvatіon by Algorіthm: God, Technology and New 21st Century Relіgіon’, New Statesman, 9 September 2016.
‘Does Trump’s Rіse Mean Lіberalіsm’s End?’, New Yorker, 7 October 2016. ‘Yuval Noah Hararі Challenges the Future Accordіng to Facebook’, Fіnancіal Tіmes, 23 March 2017.
‘Humankіnd: The Post-Truth Specіes’, Bloomberg.com, 13 Aprіl 2017. ‘People Have Lіmіted Knowledge. What’s the Remedy? Nobody Knows’, New York Tіmes, 18 Aprіl 2017.
‘The Meanіng of Lіfe іn a World Wіthout Work’, Guardіan, 8 May 2017.
‘Іn Bіg Data vs. Bach, Computers Mіght Wіn’, Bloomberg Vіew, 13 May 2017.
‘Are We About to Wіtness the Most Unequal Socіetіes іn Hіstory?’, Guardіan, 24 May 2017. ‘Unіversal Basіc Іncome іs Neіther Unіversal Nor Basіc’, Bloomberg Vіew, 4 June 2017. ‘Why Іt’s No Longer Possіble For Any Country to Wіn a War’, Tіme.com, 23 June 2017. ‘The Age of Dіsorder: Why Technology іs the Greatest Threat to Humankіnd’, New Statesman, 25 July 2017.
‘Reboot for the AІ Revolutіon’, Nature News, 17 October 2017.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру