Жыр жинағы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Серік Ғабдуллаұлы
Өлең өлкесін жарты ғасырдан астам шиырлап, өзіндік өрнегін салған, сан алуан тақырыпқа қалам тартып, жүрегінің жалынын, шабытының шалымын, қайратының қарымын жұмсай отырып, айтарын ақтарған ақын Серік Ғабдуллаұлы – он бес шақты жыр жинағының авторы. Кезекті өлеңдер жинағына бұрын-соңды жазылған туындылары енгізілді. Көзі қарақты оқырманның ақын жырларынан алары мол, түйсінері көп.
БІРІНШІ БӨЛІМ
Кірпігімнің талына жас іркілді
ЖҮРЕГІМНІҢ ҮНІМЕН ЖАҢҒЫРЫҒАМ...
Шырайынан шашу шашқан шақтарым, балаусадай балбыраған бақтарым қайдасыңдар, жасырды ма қойнына терең сайың, жыра-жықпыл, шатқалың?.. Күдіктеніп күпті көңіл бір түрлі, Жағалайды иен қалған жұртымды... Туған үйдің тасы жатыр шашылып, Кірпігімнің талына жас іркілді. Қартайғанда сен екеуміз қауыштық, Сен де, Мен де жыламадық дауыс қып. Туған жердің бұлағы мен құрағы, топырағы, қына тасы, тауы ыстық!.. Боранбайдың, Беріктастың бауыры, Ту ұстаған Тортай атам ауылы... Есенгелді, Сауқат, Тұяқ, Тоқшара – Шүршейіттің шашырамас қауымы.
Бар ғой ұрпақ, «орнында бар оңалар», Сағыныштан сарқынды жас домалар?! «Өлі риза, тірілері дәулетті», Қыр үстінде мүлгіп жатыр молалар.
Күз көңілім көктемеде көк белдей, Балалық шақ қайта қуып жеткендей... Жаңбыр суын шалпылдатып бір бала Көз алдымнан өзім болып өткендей.
- *
Махаббат әлем, Сағымдай сырғып санада, қалдың ба қырда, қалдың ба тау мен далада?! Қайта бір орал Қайыңдай түлеп көктемгі, Қауышар сәтке Қысқа ғұмырым садаға.
Махаббат әлем, Тербетті толқып теңіздей, Үміттің жібін үкілеп жүрмін Мен үзбей... Құлыншақ күнім, Кісінеп күлдір қиялда, Дана көңілді Дария шақтан емізгей.
Махаббат әлем – Қызғалдақ гүлді белес көк, Шағала шаттық Шашуын шашар тегештеп. Баяғы ауыл Кешқұрым азан-қазан боп, Иттері үріп, Шәбеленеді өңештеп...
Махаббат әлем – Сағыныштардың сағымы, Өмір-өзеннің санаға сіңген сарыны... Қиялым қалғып, ойларым ұйықтап барады, Ошақтағы оттың Мызғытып жылу, жарығы!
- *
Дірілдейді дүниенің діңгегі Тағанынан тайғандай, Солақай жел Солқылдатып іргені, Үзікті үзді Бейқам қалған байланбай. Жалған тірлік Жаға-жеңі кірледі, Әжім басып, Қатпарланды ай маңдай.
Сенің дағы Ақ ниетің былғанып, Аунап жатыр шалшықта. Жалған дүние жатырында жынданып, Айналғанда балшыққа... Тілің, Ділің, Дінің – бәрі тұлданып, ілініп тұр талшыққа. Ендігісі көк жасық пен аш-арық Сіңіріне ілінген, Сілімтік күн сілекейге шашалып, бүйрегінен бүлінген. Кешегіні Көзден кетті таса ғып, Күдер үздің бүгіннен... Дүниеден... Дүние де түңілген, Жар жағасы үгілген... *** Поэзия, тұңғиық теңіз бе едің?.. Нені іздедім бойыңнан, неге іздедім?!. Көктеменің көкорай көңілімен құлыншақтай сезімді емізгенің есте қалды, Ауылдың алабында көрінеді көмескі көп іздерім.
Поэзия, көктегі Жұлдыз ба едің?! Түнде ояу, тыныстар күндіз демің. Ақындардың шабытын шарықтатып, жылтылдайтын қылшығы құндыз көгім!.. Күміс Күн мен алтын Ай кірпігінен сіркіреген сезім мен нұрды үзгемін.
Поэзия, ақынның арғымағы, тұмасында тұныған Ар бұлағы! Күннің, түннің, гүлдердің шырынымен бекітетін буынын бал құрағы. Қанатында қиялдың қалықтаумен Шоқжұлда шабытын шалдырады.
Поэзия, еркесі Тәңірінің, білдірмейді жастығын, кәрілігін! Сүйегінде сиқыры Сүлейменнің, Әкесіндей Әлемнің әлі бүгін!.. Қай қиырда жүрсе де, естіртеді күркіреген аспандай кәнігі үнін.
- *
Қарттардың қатарына қосыла алмай, Ортаның арасында досы қалмай, Көн көңіл елеңдейді екінтіде, Жалғыздық жаласынан шошығандай.
Қалайды от басында оңашаны, Ортайған ойға опық жол ашады. Жалғанның жалғыздығы жылатқанда тұмандай бұлдырайды болашағы.
Өмірдің өксітеді өтірігі, «Бақыттың» бүлк етпестен беті күлді… Тірлікті талақ етіп, таңғы шықты кешсең ғой, шешіп тастап етігіңді.
Табына топырақтың табаныңды иіскетіп, аршып алсаң ақ арыңды, Туыс боп табиғаттың тауанымен, Кір шалмас кіреукесіз қабағыңды…
- *
Жер басып, Қоңыз теріп жүргендердің Пәтуәсіз көрінеді көбі маған?! Иттері Айға қарап үргендердің қорасын күзетеді өлі ғалам…
Тамыры туған жерге тереңдемей, Жатады жел өтінде жалаңаш қап. Құлағы жақсылыққа елеңдемей, Қарынның құлы болып аран ашпақ . Кеуек бас, қуыс кеуде, түндей көңіл Жарым ес жалғанымен жарасады, Күні өткен көлеңкесіз күнгейде бір жандай-ақ, бақсылықпен бал ашады. «Айнаға өкпелеген «маймылдарым», Құдай да көтере алмас айыбыңды. Ақиқат тұғырынан тайдың бәрің, өтірік өрге сүйреп қайығыңды. Жалтақтап алдыңа да, артыңа да, Қауіпті қас күтесің күдіктеніп, Қосылмай жалпыға да, жалқыға да, сынайсың саусағыңды бүгін келіп. Ойсыздар, қиялсыздар, армансыздар жүреді уайымсыз өмір сүріп… Жүректе осылардан қалған сыз бар, Көзде жас, кеудеде тас, көңіл сынық.
- *
Дәміндей даладағы дермененің, Қалмады ащы-тұщы көрмегенім. Сайымда саяқтайын сайрандамай, Қобыз боп күңіренді кермедегі үн.
Мұқалды қылыш тілім қылпылдаған, аңырды арман алға ұмтылмаған. Кезеңнен тосып кесір отамалы, қалмады жаға-жеңім жыртылмаған.
Өмірдің өзегінен өткен күн-түн төбеме төндіреді көктен бұлтын, Шаттықтың шәрбатынан сусындамай, Кеудеде қалды ұйып көктем-күлкім.
Бағыт дым, бағдар бұлдыр, жол ықтырма… Жөнекей жартасына жолықтым ба?! Күн жемір, түн көмірдей қараңғылық , жұлдызсыз, Айсыз аспан торықтырма.
Өмір ме?.. өмір өткен баяғыда, Жете алмай пәтуаның баянына. сүлдемнің су шекпенін суға малып, Сүйенем сүмбіленің таяғына… Жалғанның жем түскендей аяғына…
- * Ұттым және ұтылдым тағдырымнан, Мойыныма су кетті жаңбырынан. Жартасына жалғанның соқтығысып, Жүрегімнің үнімен жаңғырығам.
Арман бекер, өтірік өмір өткен, Айдың, Жылдың қойнында кегім кеткен. Ақиқаттың айнасы – балалығым, көдесіне аунатқан керім көктем!
Жақынымдай жаныма жанасады, Сәбиліктен сұраймын арашаны. Кешегіге көңілді суарамын, Бүгінгіден таба алмай «тамашаны».
Шаттық , бақыт бұйырса бал шырындай, Өтер едім қайғыға қарсы ұрынбай?! Көңіліме қақ тұрды, жауыннан соң қара жолдың кілкіген шалшығындай…
- * Қайраты тісінде ме, күшінде ме, Тұрады көк бөрінің мысы басып?! Еркін өмір сүйгені үшін неге қуалайды, Тіршілік түсі қашып.
Қайсарлық қанында ма, жанында ма? Жүреді жалғыз басын көпке балап. Мекені мерейленген сағым дала, ұлыйды егесіне көкке қарап.
Таниды киесіндей Тәңірісін, Жортады жалғыздықтың жетегінде. Қасқыр боп табиғатта қалу үшін, Көксейді бөрі көңіл жеке мүдде.
Тағдырға арбалмайды, алданбайды, Сенімі сергелдеңде сірнеленген. Барақтай босағаға байланбайды, Тірлігін тәрк етеді дүрбелеңмен. Бөрі асып барады сұр белеңнен...
- *
Алдамшы өмір, дүмше дүние, жалаң күн, Жарығыңнан молдау екен қараңғың. Тірлігімнің тарылтады тынысын, Шала шаттық, жарым ес той, сараң мұң...
Сырты бүтін, іші түтін пендеміз, Бұл пәниде ашылмаған пердеміз. Қына бітіп, жуа бітіп жоғалар, өміріңнің өрісінде өрген із.
Күн еңкейіп, ұзарады көлеңкең, Тұғырдағы тұйғындай боп өлер кем! Топырақтың қалғаннан соң астында, Жоқтар дейсің кім еске алып сені ертең?!
Таққа, баққа. атақ-даңққа ұмтылдың, Жанталаста жаға-жеңдей жыртылдың. Тәңіріңе қалай жауап бересің, Ділің қайсы, тілің қайсы, Ұлтың кім?
Ойым – ойран, Санам – сарсаң... бұлқындым.
- *
Бәрі жалғыз, «көп» дегенім – көлгірлік, Өмешені үзіп, Көкке телмірдік.. Табиғаттан тауанымыз ажырап, көкіректі көр қылдық .
Талабымыз бықсып жанып, түтіндеп, Қыл көпірде сағы сынып күтірлеп, Жыртық-тесік жүрегімді Сендерге ұсынамын бүтіндеп.
Жалғыздықтың жанға батып жапасы, Қоршауынан құтқармайды қапасы. Сар даланың сағымына шомылып, дем береді бабалардың батасы...
Қиял жалғыз, арман жалғыз, ой жалғыз... шайқатылып шықтық шаттық тойдан біз, Жалаң ағаш жапырағын жел жұлып, томсарады тойған күз...
- * Асау Ертістей тасыған, Жалғанды жарып өткім келеді, Халқымды сипап басымнан, Тірлігін жарық еткім келеді.
Алтайдың шығып шыңына, көгіне қолды созғым келеді. Ноқталап мініп жынына, Заманнан озғым келеді.
Қаламды қолдан лақтырып, Өлең мен жырды жыртқым келеді, Мезгілсіз таңды аттырып, Ақынның мұңын құртқым келеді.
Күйкілік күнді табанда өлтіре езіп өтсем деп едім, Күнімді салмай жаманға, Даланы кезіп кетсем көкөрім.
Жақсылық менен жерінсе, Қияметте қоштассам деп едім, Көк бөрі ұлуға ерінсе, Жалын жеп, от бассам деп едім!.. Кінәмді артып мойынға, Бүркіттей бүрсең де мейлің. Халықтың мәңгі ойында жаңғырып жүрсем бе деймін!? Жер басқан мен де пендемін, Қуаныш-мұңды теңге бөлетін. Астында ақшыл перденің рухы көкте, өзі жерде өлетін… *** Ақпандағы аяз өткенде, Сәуірдің нұры сепкенде, Мамырдың үні жеткенде қараймын қызғалдақтарға, құлпырған қыздай көк белде. Барқыттай барқын еріні, Өрнекті бұрым өрімі, тұңғиық терең телімі арбайды аусар аңсаңды, Кербездік кездің керімі.
Сыйқырлап сыйын ұсынған, Жан кетіп құмар құшырдан... Қанатсыз қиял ұшырған, Таңдайға тамып тәттісі, тамсанып ғұмыр тұщынған. Кіреуке Күннің кірпігі Жанардан жасын іркіді, Сезімнің сырын сілкіді... Жапырақ жарды қызғалдақ, Кілегей көңіл кілкіді. Алаулы оттай алаулап, алқызыл гүлдер жалаулап, маусымның мәні манаурап, табиғи таза тіршілік жанында жатты таң аунап. Сұлулық салтанаттары – сауықшыл сері бақтағы... Шаттықтың шоқтай шақтары басылмай жатып қызуы, Қып-қысқа таңның атқаны. Тозаңға, шаңға шалынбай, ғұмыры жастық жалындай, Пәктігі аппақ арымдай көктемгі қызғалдақтарым өтеді мұңға малынбай...
Жарасыз жаны – жаз күні, Еліктей ерке назды үні, Шаттығы – шалқар, аз мұңы, Көз тоймай қалар ғұмырдың тәтті ме мәні, мазмұны?!.
- * Ақын еді дегейсің, Сөзден қамыр илеген. Батыл еді дегейсің, Басын төмен имеген. Жорғам еді дегейсің, Текіректі сүймеген. Ордалы еді дегейсің, Көкіректі күйлеген.
Биік еді дегейсің, Тұғырнама тұлғалы. Сүйік еді дегейсің, Ғұмырнама жырлары. Сыршыл еді дегейсің, Өшірмейтін жылдары. Тылсым еді дегейсің, Шешілмейтін жұмбағы.
Ақын еді дегейсің, Айдарынан жел ескен. Жақын еді дегейсің, Бай-бағлан тел өскен. Қиял еді дегейсің, Үміт күткен елестен. Ұяң еді дегейсің, Түбіт түткен егестен.
Ақын еді дегейсің, Құйындаған жыр кеші. Пақыр еді дегейсің, Бұйырмаған жұлдесі. Масаң еді дегейсің, Жиылмаған бір де есі. Қасаң еді дегейсің, Қиындаған мүддесі.
Не десең де, дегейсің… Жақсыла, не жаманда!? Деме бірақ «өгейсің», Зар илеген заманға. Бағаланбай бұл есім ұмыт қалса, алаңда! Тоқтатпаған күресін бақ қонады адамға! Оны жақсы білесің, Байыппен тек бағамда!..
- * Жаратылыс жұмбағы Тірліктің көз жұмғаны. Құмырысқадай қыбырлап, Кеш жатып, ерте тұрғаны.
Асыл тастың жынысы байлық, дәулет, ырысы. Табиғатпен туыстас адамзаттың тынысы.
Сен түсінбей қаласың, Жаратылыс жарасын. Айырмайсың анықтап, Ақ пен қара арасын.
Табынатын тәңірің Жүргізеді әмірін. Жұмбағына жұтылған жан-жағыңның бәрі мұң.
Табынатын құдайың тірлік сыйлар Күн-Айың. Қайсына бас иейін, Кімнен медет сұрайын?!
Адастырмас Алла бар, Ақихаттан ал хабар. Сенім берік болмаса, Әр нәрсеге алданар?!
Жүрекке сен, ендеше, Басқаға сеңгің келмесе! «Құдай менің кеудемде»- деп түйінде пендеше.
Кетпес пейіл ұсақтап, Жазы, күзі, қысы аппақ. Өмір сүрген бақытты, Кеудесінде құдайын жүрген адам құшақтап!..
- * Не берер келер күн, Көп, аз ба кедергім? Бәйгеден келер кім, Деп ойға бөгелдім. Көктемдей көгердім, Жерге дән егермін. Досыммен бөлермін, Қарызды төлермін.
Қиялап қиынға, Желпіндім жиында. Тартатын сыйын да, бағалап тиынға! Бұлдаса бұйымға, Соғамын құйынға. Күдік тұр биыл да, Шыңылдап мыйымда. Боз дала боздайды, Іштен шер қозғайды. Шолақ ой озбайды, Келте тон тозбайды. Ошақта от қоздайды, От қолын созбайды. Сұлуға бөз қайғы, Ақынға сөз қайғы. Ата салт-санасын, ұмытып барасың. Молайтып қарасын, Көбейтіп таласын, Бересің, аласың, Қарыз боп қаласың. Ақ, қара арасын шарлап жүр «Алашың». Көміліп көп белгің, Жоғалар көктем күн. Кезінде көк белдің гүлдерін көп тердің. Бауырлап бөктердің қызығын өткердің. Баласы текті Елдің болсам-ау деп келдің.
Сенің де алғаның, Менің де алғаным, Салды ма жанға мұң?! Талды ма таңдарым?! Білмеймін, жалғаным үмітті алдадың … Сапа жоқ, сандамын, Мұндамын… андамын …
- * «Жалғыз ағаш орман емес, Жалқы жаппа қорған емес. Сар сағыммен сапырылған, Төңірегім толған елес.
Дала мұңды… Мен де мұңды, Баса алмаймын шөлдерімді. Көз ұшында көбіктенген көп-көгілдір көл көрінді.
Құм шағылдың саласында, Өмір-өлім таласында, Жатқандаймын жан тәсілім, Өң мен түстің арасында…
Шағырмақ күн жарқырайды, Шағылда су сарқырайды. Қандым… әлде қанбадым ба?! Іші-баурым қалтырайды.
Айдын алға шақырады, Сағым суды сапырады. Көлеңкесін алып қашты, Жетім жиде жапырағы.
Ұйқылы-ояу жатырмын ба, Таң атып, күн батырдым ба?! Шөке түскен шөл далада адасқаны-ай ақылдың да!..» Көзімді ашып… жылап алғам, Дүние неге тына қалған!? Бақ, сорымен, тақ, торымен, Алдамшы екен мына жалған!.. «Өмiр және мен» Тыпырладым тiрлiкте үзбей тыным, Кемелiне келгенше күз кейпiнiң. Маңдайымның молайды қыртыстары, Қатпарында ұялап iздейтiнiм. Арпаласып арманның ағысында, Қамшылаумен жауыр боп намысым да, Ат арқасын суытып, Ерiн алып, Тыныштықпен отырмын табысуға. Дабырадай дауасы даналықтың Жантаяды жанына «жаңалықтың»… Бұрынғыға бүйрегiм бұрылады, Ақ найзасын үйiрген далалықтың.
Көкберi боп ұлыймын жұртта қалған, Шықпаған соң шендесер сырттан-арлан!? Қызыл көрген қырандай қағынамын, Замананың уынан ұрттап алған. Азу тiстер ақсыйып анталайды, Тамырыма лайлаңған қан тарайды. Жапырағын жайқалтып үлгермеген Жас шыбықты ызғырық балталайды. Үлгермеген бүр жарып бiр шыбықты Жылытуға жұмсаймын жыршы – үмiттi. Өркенiне өскiннiң алаңдаймын, Күдiкке орап тамырсыз тiршiлiктi. Тағдырымда тұрады толып аңыз, Шұбырынды шаң қалған, соңынан iз... Қатпарланған дүниенiң қабатында Баба-бала болып бiз жолығармыз. «Жыл келдi – 2004!»
Күн өттi, Ай ауысты, Жыл да келдi, Жарылқар жанашыр боп жырғап елдi. Бақыттың бақшасының қызғалдағын Қырмызы қыз бен ұлан ұлға бердi. Өткен жыл өресiне жеткендерi, өмiрдiң белесiнен өткендерi, астында ат – көлiгiн ауыстарып, қиялдың қанатымен көкке өрледi. Бiреуi – «Жыл келдi!» - деп шаттанады. Бiреуi басқа қонар бақ табады. Бiреуi қам көңiлiн мұңға малып, Бiреуi бақилыққа аттанады. Бiреудiң таңы атады шұғылалы, Бiреудiң күнi күлiп құбылады. Бiреудiң жарым жасы ұзарады, Бiреудiң көзi мәңгi жұмылады. Жыл келдi... Бiреулердi жылатады, Талабын таудан төмен құлатады. Жарқырап бiреулердiң жұлдыздары Көгiнен сәуле төгiп, нұр атады.
Жылдарда бар қарама – қайшылық та, Пенделер аңғармайтын жайшылықта. Көңiлiң жаңылысса күмбiрiнен, Өмiрiң күншiлiк пе, Айшылық па!? Бәрi де уақыттың өрнегiнде, Не келiп, Не кетпейдi көл көңiлге!? Ұлылар тiрiсiнде ұлып жүрiп, Жатады жарылқанып өлгенiнде. Жыл келдi, Жан-дүниенi жаңалады, Өмiрлер болар мәндi, Мағаналы!? Көшедi қолын бұлғап керуен күндер, Ал менiң бiр тал шашым ағарады. «Баламның шешесi» Ана болу жазылған несiбiңде, Тiрлiгiңнiң толады төсi гүлге. Бақытты жоқ жалғанда сенен бетер, Сәби күлiп жатқанда бесiгiнде.
Ақ сүтiңдi емiзiп асырадың, Сәби күлсе, шапақтай шашырадың. «Бала – бақыт, бала - бал», деп жүргенде, Байқамадың ағарған шашың ағын. «Соқыр сезiм» соңынан ере бердiң, (Ұл – қызыңды өзiңдей өрелер кiм?) Жүрегiңнiң жылуын жамыратып, Кеудесiне құясың немереңнiң. Мейiрiм мол, Пейiл кең, Көңiл көктем! Әр балаңның күлкiсi өңiңдi өпкен. Қуанышы, шаттығы, мерекесi Жарып шығып өзектi, өмiрлi еткен... Бұл не қылған махаббат таусылмайтын, Қызғалдақтай құлпырып бау «сырлайтын!?» Бұл не қылған көл көңiл, Ыстық жүрек, Қартайса да етегiн қаусырмайтын!?
Қыз қияға... Қонса да ұл ұяға, Ақыл есi ананың жиыла ма?! Сақал шыққан ұлының қамын жейдi, Тiрлiгiнiң тыйтығы тиыла ма!? Жақын қалды барар жер ара қонып, Жiбектей жан жұқарып барады оңып... Алпыстағы ұл ананың жүрегiнде Жата ма әлде алтыда бала болып?! Жүре ме жан жалғанда тайғанамай, Көмескi қалар кейде жайған арай, Бұғанасы бекiген балаларын Тыныш таппас сорлы ана аймаламай. Тыныштықпен ендiгi сүр өмiрдi, Көк майсаға төсе де кiлемiңдi... Сақал шыққан ұлдарды ойлауменен Ауыртасың қашанғы жүрегiңдi?! «Өмiр сенi жақсы көрем...»
Өмiр, сенi жақсы көрем, Жек көрем, Қуаныш бар... Ренiш бар ептеген. Тағдырымның қайығында теңселiп, Шуағыңның шеңберiнде шектелем. Өмiр, сенi жақсы көрем... Жек көрем, У қалдыма жүрегiмнен төкпеген?! Сенi дырдай сабадым да, өзiм де тағдырымнан «қара» таяқ жеп келем. Өмiр, сенi жақсы көрем, Жек көрем, Күзде курап, Көктемеде көктегем. Керуен – күнiң қуанышсыз, қайғысыз өткелiнен өзегiмнiң өтпеген. Өмiр, сенi жақсы көрем, Жек көрем, Ойнатысың ойыныңды отпенен. Естiмейсiң арманымның айқайын, Кесiлгендей құлағың да кеп-керең.
Өмiр, Сенi жақсы көрем, Жек көрем, Емексiтер кулығың бар көптеген. Араздасып... Татуласып келемiз, Ине – жiттей арамызды көктеген. Жек көргенмен қайда қашып құтылам, Тiрлiгiмнiң қармағына тұтылам... Бiрақ сенi қимай, Артқа жалтақтап Уақыттың жұмырына жұтылам. *** Күндерiм, қаласың қол бұлған, Кетемiн талқаным таусылып. Мұнарда мұнайып мөлдiр бақ, Құшаққа алмайды қаусырып. Жылатып... Күлдiрiп күнiмдi, Бiлмедiм өмiрдiң өткенiн. Тұғырда тұсамай тынымды, Мекендеп жөнелдiм көк төрiн. Уақыт бiтпейдi, Мен бiтем, Өлшеулi өзектi өмiрiм. Сезiмдi самалмен сергiтем, Тарқатып тiрлiктiң өрiмiн.
Мүмкiндiк барында қол алып, Кеудеңдi кеудеме түйiстiр. Бiр күнi кетермiн жоғалып, Телпегi тiрлiктiң қиыс тұр... *** Есенгелдiдей ауылым, Сағынды сенi құлының. Езiлiп бүгiн бауырың, Жыртылып тұр-ау жұлығың?! Бар едi сенде даналық, Ұлағат сөзi ұлының. Бал жалап өткен балалық Жүр ме екен тарап тұлымын?! Сол қалпы елестейтiнi Несi екен әлi көзiме?! Түсiме енiп кей түнi, Жолығам сәби кезiме. Жусан мен күннiң иiсi Жүретiн бойда бұрқырап... Кетiп тұр бүгiн күйiсi, Жұбанбай көңiл шұрқырап. Күндерiм қайда?.. Iздеймiн Тiзеден балақ түрiнiп. Салыңқы қабақ күздеймiн, Кетемiн кейде сүрiнiп.
Қартайдым ба екен әлде мен, Белдiгi жанның босаған?! Айтылар соңғы «әнменен» Барамын көшiп, «Қош – аман!..» *** Кейде жарық бұл жалған самаладай, Қараңғаны қаласың шамаламай. Аппақ арман-арыңның алданышы, Бақытың да көрiнер баданадай. Енiп кете барасың Иран-баққа, Сыбағадай сақтаған сыйды алмаққа. Үмiтiңнiң үкiсiн үзiлдiрiп, Асығасың жұмаққа жиналмаққа. Шайқап iшкен тiрлiкте шалабыңды Тауысқан соң, Ашпайсың араныңды. Түсiнбейсiң тағдырдың талқысына, Қалмаған соң ақылың бала ғұрлы. Дөңгеленген дүние дүрбелеңiн Байқамайсың, (ит болып үрмегенiң). тақтан түсiп, табытқа таңыласың, болмаған соң бiреуге бiр керегiң
Жап-жарыққа көз алдың шелденедi, Басылады көңiлдiң шөлдегенi. Ақ тұманның адасып арасында, Сезiлмейдi ұзыны, көлденеңi. Жап-жарықтың ар жағы неменесi?.. Көрiнбейдi көлеңке кенересi... Жұртта қалған жетiм ит ұлығанда Перделенген пенденiң енер есi. *** «Жарылқа?!» - дедiм, үн қатпадың, Таскерең тақыр құлағың. Пендеңдi бiлiп жын қаққанын, Ғарыштан жерге құладың... Келдiң де қайнаттың сорымды, Жейдесiз жүрмiн жалаңаш. Ой таппай көңiлге қонымды, Жүрегiм – шала мас. Жүректiң түгi жидiдi , Асқазанды тамаққа толтырып. Ұмытып iзет, игiнi Адастым, Даңғыл жол тұрып.
Шайлықпады шайлаған жүрек, Малмаға мұңы малшынды. Тұрса да айналам жүдеп, Жаным жұмыртқадай аршылды. Бақыттың бұғағы салбырап, Қарыны жарыла жаздады... Қуарып... Суалып тал, құрақ, Басына киiлдi таз қабы, Арман азбады... Сезiм қалғыды, Қиял кеткен соң қаңғып. өмiр алжыды, өткен соң мәңгiп. «Жарылқа?!» - дедiм, үн қатпадың... Өзiңнен жеткенше жарлық, Барады құрған қаным. *** Дүниеден өтер бар ақын, Аққудай қағып қанатын. Құдайдың өзi бергенге Көз қырын жиi салатын, Қырына жиi алатын. Құлдырап жүрiп құлындай, Үзiлiп түсер жұлындай. Тiрiде және өлгенде Еркелер кенже ұлыңдай.
Көрiнер шыңнан... қырқадан, Қылықтарына жұрт алаң. Өмiр мен ойнар, болған соң Құдайға жақын бiр табан. Жындының кебiн киiнiп, Перiште көнiл сүйiнiп, Өмiр мен өлiм арасын Желiмдеп жүрген күйiн ұқ. Құдайдың сүйген пендесi, Дүниеде жоқтай теңдесi, Құйындап өтiп кетедi, Көрінбей көзге көмбесi. Сүйегi кейде сырқырап, Жүрегiн кейде жыртып ап, Тоса алмай тоқтар сағатын өтедi будай бұрқырап. Дүниеден өткен бар ақын Жұмаққа тура баратын... Жусандай иiсi бұрқырап, Өлмейтiн өлен қалатын. «Ата мен немере» Көтерiлдi жиектен таласа күн, Ертiс бойы көк тұман, Қала сағым... Сағат жетi, Жетектеп немересiн Келе жатыр мектепке қара шалың.
Қара қыста қарсы алып қала таңын, Бiр – бiрiнiң жылтады алақанын. Автобуска енедi ата-қаздай, Соңына ертiп сары ауыз балапанын. Қабағында кiрбең жоқ, Қанағат бар, Мұрты мұздап, Кiрпiгiн жабады ақ қар. «Ел боламын десең сен, бесiгiңдi түзет» деген аталық аманат бар. Таңнан тұрып, Жанармен жөнеледi, (Осы шығар қарызын төлегенi?!) Мынау жалған дүниенiң барлығынан Артық көрер қара шал немеренi. Арайланып атады таңы күн де, Шырайланып кетедi шалы мүлде. Малынады жүректер махаббатқа, Ата менен немере жаны бiрге. Жуасыған жолдардың қашағаны Қайта шығар кiсiнеп тасадағы, Немересiн жетектеп жүрген шалдың Қарт жүрегi көктемдей жасарады.
Күн де ертемен жасаған «жолашарын», Қарт көңiлдi, Нұрымен ораса күн. Бәйтерегi бақыттың жайқалады, Жүре берсе жетектеп болашағын! Күлiмдейдi бетiне қараса кiм, Атасындай биiктiң, аласаның... Сағат жетi, Жетектеп немересiн Кетiп барат мектепке қара шалың. *** Шиырып шалғы мұртты шынашағы, Шұлғиды шырт түкiрiп мына шалың. Шүкiрлiк шалғайына шалынады, Құлдилап көкжиекке құласа күн. Шүкiрлiк саясында саялайды, Алланы алақанда аялайды. Соғымның сересiндей семiз тiрлiк Тоқтықтың тоят күнiн аямайды. Құдайға шүкiр дейдi құлдық ұрып, Тұрса да тiршiлiгi мың құбылып. Сенiмге селкеу – сызат түсiрмейдi, Жүрсе де қарлық үрiп, ұрлық ұлып.
Құдайдан сұрамайды артық асын, (Шалқысын, көңiл шiркiн, шалқымасын) Шүкiрлiк шәужайына сүйенедi, Қанында қанағаттық салты басым. Қызықпай дәулетiңе, байлағыңа, Қызықтар өтер күн мен Айды мына. Шапанын шүкiрлiктiң қайық қалып, Жүзедi өмiр - өзен айдынында. Жоққа да, Қанағат қып барға-дағы, Тамырда бүлкiлдейдi арда – қаны. Шықпайды шүкiрлiктiң шеңберiнен, Бұзбайды, Бұзылмайды Ар – қамалы. Құдайға шүкiр десе, Тыңаяды, Сабырдың сылдырамас шынаяғы. Күпiрлiк кiрiп кетсе кеудесiне, Шүкiрлiк сәбидейiн мұңаяды. *** Терiскей желi тiкендей, Маусымның майын қатырды. Көмейi түнде бiтелмей, Мезгiлсiз әтеш шақырды.
Аспанда бұлттар аунайды, Сары жел қобыз сарнатып. Түйiлiп келiп жаумайды, Шаңырақтан өтер шаңдатып. Төбенiң басы сарғайып, Суық жел сыйпар қотырын. Жанардан ұшты жаз ғайып, Жүректiң тұтты оты мұң. Шiлденiң сұрқы шiлiңгiр, Шыққандай дала бұлаудан. Жанары Күннiң бұлыңғыр, Сүсап тұр шөлден мынау маң. Тартылып аспан желiнi, Суалды қысыр сыйырдай. Тентiреп тiрлiк телiмi, Барады бақыт бұйырмай. Тамызда тамбай тамшы бiр, Тарылтты жердi талқыдай. Арық атқа ауыр қамшы бұл, Маңдайы тұрған балқымай. Айналды Заман аусылға, Сiлекей сұйық шұбырды. Көк майса кеуiп маусымда, Құдайдың бетi құбылды... «Тiршiлiк»
Тiршiлiк, әй, тiршiлiк! Жатырмысың топаныңа тұншығып?! Өлтiрiп те, тiрiлтiп, Таң атады, күн шығып... Ойсыз болсам, өлгенiм, Қарасын да көре алмай көмбенiң. Таспа тiлiп қайыстан, Қамшы өрiп көрмедiм. Тiршiлiк, әй тiршiлiк! Жатырмысың керi кетiп қырсығып?! Қоналқаға қона алмай, Сағым менiң тұр сынып. Қоналқаға қона алмай, Бармен байып, Жоғымды iздеп жоғалмай, Ыңыранып ымыртта арбам келедi, Ат – көлiгiн доғармай... Тiршiлiк, әй, тiршiлiк! Тiрлiгiңе бойым да тұр түршiгiп. Тарамысыңа iлiнiп Сен де тұрсың күрсiнiп. Күнiмiз қалай болар екен?.. «Торығу»
Тоқыраған тiрлiктiң тоңы қалың, Жатып алды тағдырдың жолына мұң. Таңын тартып қасқырдай тамашаның, Жөн емес торығаның. Қалғыймын қара түннiң құшағында, Қиялды томағада тұсадым да... Тұрмыстың тiлiнгенде туырлығы Қамалдым құса – мұңға. Жақпайды жарық күнiң, Жарық Айың, Сағымдай буындырып сары уайым. Қоңыр күз, Қотыр аспан, Күрең дала Көзiме көрiнбейдi тарыдайын... Мұңымнан арылайын. Үмiтiм үзiледi үкiлеген, Күзеуге қонақтайды «күпiлi өлең». От шайнап, Жалын құсқан заманым жоқ, Бықсыған түтiн емен, Жартымын... бүтiн емен. Зары не Заманынан ұтылғанның, Қасында қалтыраймын құтырғанның. Түсiмде тұншықтырып тұмшалайды Тұтылған Ай, жұтылған Күн.
Оянам бүтiл денем түршiгiп мен, Аламын амалсыздан күрсiнiп дем. Барайық бақилықтың базарына, Жолдасым, жүршi күткен. Түссем де арыстанның ауызына, Жағамды жыртқызғам жоқ жауызына! Тағдырым тарылғанда сыйып кеткем Тарының қауызына. Сонда да өлмегем. *** Жұлдыз санап, Ай қарап, Отырар кез келгендей, Қылыш қанат қиялым қиясында өлген бе, ей?! Бүретұғын бүркiттей бұла мiнез жастығым Тағдырына тұсалмай, Тұғырына төнгендей... Шабытым да ақырдан қалғандайын Жем көрмей, Ер – тоқымым шашылып, Қаптал қалған жөнделмей. Ей өрлiктiң әкесi, өзегiңе өрт түстi ме, Жүрушi едiң тiрлiкте тiрi жанды теңгермей?!
Тұрмын қарап дүниеге терезенiң көзiнен, Арамызды айырған шымылдықты сезiнем. Балақ жүнi бұрқырап, Шыбын жаны шырқырап, Үйелеген ұяда қарт қыранға кезiгем. Шемiршектей шүрппенi басар-баспас тұтанып Кететұғын ақ мылтық, Қалғандайын мұқалап?! Ұңғысының үнiнен «Саңқ» ететiн дауысы Қарлығыпты жұқарып... Темiр – дағы, тас – тағы Тозады екен мүжiлiп, (Қыл бұраулы қыл арқан ол да қалар үзiлiп) Сары желiн саумалдай күндiз – түнi сапырып, Қорқытады күз ұлып. Қорқыныштың қанжары Қорқыратып бауыздап, Жақсылықтар өлiптi. Жалғаныңда жауыз қап. Ақ тұманның iшiнде айғайлаған армандар тұншығады, Тұмшалап тiгiлген соң ауыз қап.
Жұлдыз санап, Ай қарап отырмасаң, Не қалды? Кежегеңнен тартқылап Кесiр келiп кек алды. Қара жердiң қыртысын қара жаяу жел жыртып, Берекесiн кетiрдi бетегелi көкалдың. Жатыр жүрек жаралы, Жаназасыз жерленбей, Түскен көңiл еңсесi, Жүретұғын терезесiн теңгермей. Аспанда Ай жоқ, Жұлдыз жоқ, Көрдей соқыр қараңғы, Төңкерiлiп дүние, Өмiр өшiп өлгендей... Өзiм ғана тiрiмiң!.. *** Көзiмдi төмен салғаным, Жiгерiм жасып қалғаным. Жанарды көкке қадасам, Биiктейдi аласам, Салбауыр тартып салмағым. Бәйгенiң басын бермейдi, Ылдидан төске өрлейдi, Тұяғы тозбас тарланым. Тәңiрге жетiп ұраны, Төркiндеп келiп тұрады, Алыстап жүрген арманым. Ұқтың ба?!
Ұқпасаң, Түсiндiрмеймiн, Бiлектiң күшiн бiл, деймiн. Жұлдыздар сиремесiн деп, Көк аспан күйремесiн деп, Тiрлiгiң үшiн гүлдеймiн. Жемiн iлетiн қиядан, Тынымын табатын ұядан Көңiлдiң құсын түрлеймiн. Сездiң бе?! Сезбесең, Сезiм өлгенi, Босағада басың, төрдегi. Дүниенiң дүрлiккенiнде Тағдырдың болып тулағы, Тiрлiктiң талап қулары, Өмiрдiң болдың ермегi. Бiлдiң бе?! Бiлмесең, Бiлмей өт, кiнәнi, Баспасын өмiрдiң тұманы! Көгiңде қалықтап көгершiн, Көңiлiң көгерсiн! Алаңсыз тұрмыс құра бер, Шақырғанша құба бел! Бақидың өзi ұқтырар, Пәнидiң көзiнде шық тұрар, Түйсiгiң сонда ұғады... Ойсыз жүре бер.
*** Бозбала шақ барады қырдан асып, Күн көзiнен үзiлген нұрға ғашық. Жұмбақ жұлдыз, Алтын ай, Қараңғы түн Құшағында құмығып тұрды адасып. Қызыл көйлек, Қызыл гүл, Қызыл ерiн Құлпыртады тотыдай түз iреңiн. Ортекедей ойнаған жүректерден Қызарады түннiң де жүзi керiм. Табысады ерiндер үнсiз ғана, Манаурайды мас болып мұңсыз дала. Бақылдаса Ұланның құрбақасы, Түнередi түңлiктей түн сыздана. Аймаласып түбiнде көк теректiң, Екi ғашық беттерiн өпкен екпiн. Айыра алмай айқасқан құшақтарды, Жамбастайды көдеге өкпелеп түн...
Күнiң де бiр, Түнiңмен ғашықтарға, (Сел болады сезiмдi тасытқанда). Күн келедi қайшылап қос құлағын, Алтын шашақ сәулесiн асып талға. *** Өң бе, түс пе, Бiлмеймiн?! Кейде жарық күндеймiң, Кейде жабық түндеймiн. Өмiр өкпелеткенде Жүйкенi түтiп жүндеймiн. Тұрады көнiл аһ ұрып, Ойменен қырға шақырып. Барсам, Бос кеңiстiк, Жоқ тақырып. Тыным тұншығады, Шыным қыңсылады, Дегендей «Жат ұлып!» Мен де ұлыймын, Бөрi де ұлыйды, Тәңiрдiң нұры Шуақ болып құйылды. Қиян дегенiм – шың, Қиял дегенiм – шын болды... Қуып жүрiп құйынды, Көк түрiктiң көк туы Бақыт болып бұйырды.
Байрақты тiкпек боп басына, Алтайдың шығайын тасына. Көк жиек күптелген күмiстей, Аяқ асты пүлiштей... Қыдыр қоңғандай қасыма, Бақытым пiсiп – толып, Зәрем ұшып – қонып, Шуақ сiркеледi шашыма. Көзiмдi жұмып, Iшiмнен тым-тырыс тынып, Тыңдадым жүрек дүрсiлiн. Күңкiлдеп күншiл үн, Күйзелтiп күрсiлiн, Қуаныштың көленкесiне Тығылып, Жүнi жығылып, Қылау шалды қылшығын... Өң бе, түс пе, бiлмеймiн, Көзiмдi iлмеймiн... *** Сезінбегем бұрын-соңды мұндайды, Көңілімде бір қуаныш, бір қайғы... Есенгіреп есі кеткен елестің Бұлдырынан балалық қол бұлғайды. Семіп қалған сезім көзі ашылып, Жанарында сәулесі тұр нұрлы айдың.
Сүт сағымға ұйып қалған қырат-қыр, Мөлтілдейді жапырақта сынап-нұр. Шуылдақтың көлеңкесі көлбеген Жыландының сағасына құлап тұр. Шегірткенің шырылын да сағынған Жүрегімнің лүпіліне құлақ түр! Айлы түнде шабытыма шомылып, Балалықтың базарына жолығып отырғаным, қуанышқа кенейді, Жүрген кезде тіршіліктен торығып... Қарашатта қара шалдың дауысы естілгендей, көңілімде мол үміт. Сағынышы кәрінің де, жастың да, Қайран ауыл, құшағыңды аштың ба? Ұлып-ұлып апанына қайтатын, Тілерсегі толған арлан қасқыр да. Төзімімнің терезесін тершітіп, Сезімімнің сағынышын аш қылма!..
*** Шабыт, Алайда-дүлей бұлқынып, Желiдегi құлындай жұлқынып, Бой бермей кетесiң. Жiгерiмдi жұқарған, Мұратымды мұқалған Жетiлдiрiп жетесiн, «Әулиеге ат айтып», қабырғамды қатайтып, Қай қиырға жетесiң?! Сағалдырық салынбай, Ауыздығың алынбай, Тiзгiнiңдi саумал – саумал сүзесiң. Тау текесi сияқты, Тасқа iлдiрмей тұяқты, Шұбатылған шылбарыңды үзесiң. Қара желдiң өтiнде Толқын атқан бетiнде Айдын көлде жүзесiң. Тау толқындар тықсырып, Долы дауыл ысқырып, Лақтырады жаңқадайын жағаға. Кереге – қанат жайылып, Кекiлiн дауыл қайырып, Шаңқылдайды шабыт тiлеп шағала.
Дауыл атын доғарып, Жауын сiңiп жоғалып, Шағала – шабыт, шаршадың. Шаң-тозаңнан аршып ап, Тастың терi тамшылап, Аңқыйды иiсi аршаның... Дүние дел-сал дiңкелеп, Ақ бұлттың көзi сiркелеп, Сызылып тұрды ханша-Күн! Қанатын жайды хан-сағым... Уһ, шаршадым!!! *** Ұйықтап жатып... Түнiмен түс көремiн, «күнi қараң екен ғой «кiшкененiң?!» Айналамда «алыптар» айқасады, арасында...мүскенемiн. Дауыл соғып өткендей дүниенi, Көзiн жұмған, Көрмейсiң Күн-иенi. Перiлерi пердесiн быт-шыт қылып, Қышыйды жын иегi. Тығыламын тауға да, Тасқа – дағы, Тiрi күннiң түйiлiп қас-қабығы. Бiреуiнен құтылсам, анталайды Аузын ашып, Тiс қайрап басқалары.
«Қалам ба?» - деп астында табанының, тыпыршиды қара түн – қара құрым. Мен де сiңiп ғарышқа тығылсам ба, Астына Ай табағының?! Көз алдымда дүние төңкерiлiп, Бара жатыр көкжиек көмкерiлiп. Диназавр, кентавр бiрiн бiрi Жұтып жатыр, Тер төгiлiп... Ұшып шықтым ғарышқа жан ұшырып, Қалды артта дүние сағы сынып. Қара түннiң қорасы қорқытады, Теңiз тулап, Көл толқып, Қамыс ұлып. Қалды артта қорқаулар, Құбыжықтар, Топан... Топан қаптады, Бұзылып қар. Жұмыр жердiң тамыры тырсияды, Көтерiлiп ыстығы, Қызынып қан... *** Артым тұман, өрт алдым, жоқ сияқты басар тау?! Көкбөрi боп жортамын, Көпке айта алмай басалқау.
Тастай қатқан тағдырдың Безеуi көп бетiнде, Жанып, Қайта жаңғырдым Ұлы дауыл өтiнде. Сейiлмептi сұр тұман, Астында көк шатырдың. Жамау – жасқау жұртынан Қашып келе жатырмын. Қайда барам қашқанмен, Құшағына өрт алсын? Көздi жұмып – ашқанмен Құтылмайтын ортамсың. Алдымдағы өрт өшпейдi, Жалаңдайды қызыл тiл. Тағдыр билеп – төстейдi, Тосып татар тұзым тұр. Тұмшаланған тiрлiгiм, Көрiнбейдi бақ басы. Байланып тұр тiл бүгiн, Ашылар ма қақпасы?! Сайрайтұғын жақ талмай Сандуғаштар, бұлбұлдар, Ұшiп жүрсе сақтанбай, Құлататын құрдым бар. Ақ тұманда адасып, өрт шалады қанатын, Атыздай боп қарашық, Жол iздейдi табатын.
Таба ала ма, Таппай ма?! Бiледi оны жасаған... Қарақшы өмiр атпай ма, Жымып тұрып тасадан?! Өмiр осылай... *** Жарым - жарты өмiр, Жарымжансың, көңiл, Қашан бүтiнделесiң, Неге күтiнбегесiң?! Тағдыр – көген темiр, Күнiңдi жеген жемiр. Жарытпайды жарты, Арықтайды арты... Бақыт жол қарайды, Уақыт қорғалайды. Аспандайды нарқы, Шашқан қайғы салты. Бүтiн белiн үздi, Түтiндi өрiм сызды... Аясы жоқ аспан, Саясын тат басқан. өршiл елiм iзгi. Көршiледi күздi. Күзгi қабақ салқын, Бiздi қадап жалқын, Бауырларды жалмап, Ауырлады салмақ. Жезге айналды алтын, Көз байланды, халқым.
Бүйрек бүтiнделмей, Сирек түтiн керней, Ауырады шаншып, Дау ұрады жаншып. Тiрлiк үкiм бермей, Жүрдiк күтiм көрмей. өкпе жоқ менде, көп те де жоқ, емге! Тыртық, кесiк - өмiр, Жыртық – тесiк – көңiл. Ер қарайды жерге, Қорғалайды пенде... Мен де, Сен де... *** «Түсiңiз суық екен, көзiңiзде от, пәлеге ұрынатын өзiңiз кеп. Пiспей қалған қауынның пәлегiндей, Жылудың жүр екенсiз көзiн iздеп» Неден ғана түңiлдi бұл ағасы, әлде қалған көңiлдiң құламасы?! «Қалжасынан қоянның түңiлгендей», Осы шығар сыяпат – сыбағасы?! Мен не дейiн, Берем бе анықтама? Таймаушы едi табаным тамұқта да... Жел үрлейдi жүректiң жыртығынан, Сенбесеңiз, Iшiмдi жарып қара!
Түсiм суық болғанмен, Жүрек ыстық, (Ақын жаны арықтап жүдегiштiк) ұлағаттың ұясы жетiлдiрiп, Тiршiлiктiң көгiне түлеп ұштық. Жалынымды жауында өшiрмедiм, Жүн түтiлiп, Арқандай есiлмедiм. Дүбiрлеген дүниенiң дүрмегiмен Аспан асты, Жер үстi көшiндемiн. Белгiсiздеу жақсы мен жамандығым, Анықталмай жатқан соң бағам бүгiн. Қалады ертең тарихтың табанында, Тiрлiктегi тұмардай тағар мiнiң. Түсiм жылып сол кезде, Көзiм күлiп, (Құдай берсе, тозбайды төзiмдiлiк) Ауыздықсыз асаудай аласұртпай, Қоймадың ба үндемей, өзiң бiлiп?! Iздемей – ақ сезiмге iлiк...
*** Қызыл – жасыл қырдағы гүл едiңдер, Күлге айналған тiрлiк – ау?! Жандарыңды жасытып жүдедiңдер, Арман ақсап тұр мынау. Қанатында қиялдың жүр едiңдер, Аспандаумен жоғары. Бозқырауға бозарып гүл ерiндер, Сары-көңiл көкалы. Ауырлығы бар шығар әр кезеңнiң, Ұят өлiн қалатын?! Туды ма әлде жаннан да ар безер күн, Тырсылдатып сағатын?! Тiрлiк – жалған арбайтын қызығымен, Көлегейлеп пердесiн. Қаншық – күндер бетiнiң қызылымен Есiгiңнен енгесiн. Құшағында тұншығып күйкiлiктiң, Қығалдақтар қуарды. Өз отына оранып үйтiлiп күн, Тамыр толмай суалды.
Суық сорды, Жел үрдi, Күн қақтады, Дән қауызын аштырмай. Махаббаттың уызын ұрлап таңы, Талап жатыр қасқырдай. Ай қорғалап, Түн жылап, Күн тұтылып, Арман өлдi ертерек, Жапырақтың жүйкесi жүн түтiлiп, Кекiлiн кестi келтелеп. Ерте солған бақшада гүлдерiм – ай, Жапырағы сарғайып... Күндерi жай, Балқыған түндерi майөмiр өттi, бар ма айып?! Көңiл қалды зар жайып... *** Найзағай мiнез ұлтымды Басып тұр ұйқы батпандап. Бауыры сызды бұлтыңды Қуалап жүрмiн аттандап. Жарылған жүрек намыстан, Арына жанын құрбандап Қорқатын болды қамыстан, Құйрығы бұтта бұлғаңдап.
Ауыздық салып ауызға, езуiн тiлдi Заманы. Сыйып – ақ кеттi қауызға, Жақсысы менен жаманы. Жыртылды жаға жеңменен, Домалап кеттi Дегелең. Қиянат қиып көлденең, Темiртас жауды төбеден. Көкiрiк толып түтiнге, Көзiне дала құм құйды. Кесiлiп қарғыс үкiмге, Қапаста жұртым шұлғиды. Қап-қара дауыл есiрiп, Жалаңаш қалды атырап. Кеудесi көктiң тесiлiп, Аспаным жатты қақырап. Аралым, айдын шалқарым, Айналып кеттi шалшыққа. Қорқыт боп қобыз тартамын... «Шықпа да, шықпа, жан шықпа!» Жұлдыз да, Ай да көктегi Көз жасын сықты, ей, Алла-ай! Жортады жонда көкбөрi, Көрегiн тауып жей алмай.
Өмiр де тозды ... өңiр де, Көңiлiм қалай шаттанбақ??? Өкiнiш өксiп өңiмде, Түсiмде жүрем аттандап. *** Бiрiң жоқсын өмiрде, Бiрiң барсың, Құлын-тайдай тебiскен құрбаларым. Сәлемдеме – сағыныш жырым барсын, Кiм тiзерлеп, Бiлмеймiн кiм құларын?! Сар самалдай сағыныш сарғайтқанда Өздерiндi iздегiм кеп тұрады. Өрiсiнен мамырлап мал қайтқанда Құлпыратын көңiлдiң көк құрағы. Күлкi қайда күмiстей сылдыраған, Түрiнетiн балағын балалықтың. Жылдар қайда жалынан нұр құлаған, Тұратұғын тұғырда таранып күн. Шүпiрлеген сары ауыз балапандар Үрпек шашты үкiлi үрiдейiн. Астасатын арманға ала таңдар, Бiрi iлгерi жүгiрiп, Бiрi кейiн.
Қара кемпiр, Бұл күнде қара шалдар, Дауыстасам дабылдай жетер ме үнiм?! Насыбайға бiр атым жарасаңдар, Мойындаман жалғанның бекерлiгiн. Қалдығындай қозаның жылтыраймыз, Самалға да сыйпалап сырғып өткен. Жалаңаштап қалжыңды жұлқылаймыз, Оралғандай ортаға сырлы көктем. Сағыныштың саумалын сапырамын, Салқындатып сезiмнiң сабасында. Кәрi терек жайқалтып жапырағын, Дамылдайды дауылсыз дара шыңда. Бiрiң қоза бүгiнде, Бiрiң шоқсың, Көсеп қалса көздерi қызаратын. Бiрiң барсын дүниеде, Бiрiң жоқсың, Қанша ғұмыр қалды алда ұзаратын?!
*** Өлең жазам, Өлеңiммен өзiм ғана сырласам, Елең – алаң Мұнар менен мұңдасам. Не демейдi өлең, шiркiн, Тыңдасаң, Не демейдi шабыт, шiркiн, Жырласаң?! Өлең жазып, Жұрт алдында жiгерленiп оқыдым, Дабыл қағып Тiрлiктегi тағдырымның тоқымын. Қайталауы сияқтанып Какадудай тотының, Қасып жатты өз қотырын. Жаза берем, Шайқап iшiп шарабынан шабыттың, Азалы өлең Аунақшиды астауында табыттың. Тыңдаушым жоқ, Жаза – жаза жалықтым. Жырлаушың боп, Арманымның сыр тиегiн ағыттым. Жыр жазамын Тiрлiктегi жылауық та Күлегеш, Беймазаның Бейiтiнде безек қағып жүр елес. Көкiректiң Түкпiрiнде бас көтерiп бiр егес Тыпыршиды... Ақтарылып айтар сөзiм бұл емес.
Сары сана, Кепкен, көңiл бос бөшкедей қаңсыған, Бәрi шалаҚақпас ақыл, Ойнасшыл ой, Қаншық ән... Арыстардың ақ арманым Топастары жаншыған, Алыстан мұң ағарады Жұмыртқадай аршыған. Өлен жазам, Малма мұңға малшыған... *** Өмiр үйретедi, Тағдыр түлақтай сүйретедi, Тiрлiк табаныңа шоқ басып Билетедi, Сөйтiп жүрiп Көңiлден күй кетедi... Ендi қанша үйренем, Үлгi аламын, өлең iздеп өмiрден, жыр қарадым. Желкесiне жетпiстiң шыққан кезде, Көрсетем бе қылығын дүр баланың?! Қашанғы мен үйренем, Үлгi аламын. Жапырақ жайып, Қашанғы бүр жарамын?! Батар күннiң оранып жалқынына, Суаттаймын сусынын нұр – ғаламның.
Қалмағандай үйренер Үлгi аларым, Тұғырында тiрлiктiң тұлданамын. Жариялап жапанға жiберер ем, Жасырады дүние ұрлағанын.
Жынысында жылғаның жыны қалың, Түтiнденiп кетедi тұнық әнiм. Шаттығымды шапаққа шомылдарып, Қолтығына кулықтың тығыламын.
Ендi үлгi алып, Үйренiп қарық қылман, (Отырамын куат ап жарық нұрдан) үлгi алдым, үйрендiм, тiрлiк кұрдым, емес өмiр, әйтеуiр, тарықтырған.
Үлгi берiп, Үйретiп үлгермеймiн, Түрленбеймiн, Бақшадай гүлденбеймiн!... Қой күзетiп, Қотанды қорығандай, Ұйқым қанбай есiнеп жүргендеймiн...
- *
Күрсінбе, Жүрек, Күрсінбе, Сағынып елді жүрсің бе?! Балалық шақтың бесігі – Ауылда Қапты құр сүлде.
Сен едің асыл қымбаттым, Жүрегің сырын таңдаттың. Көз жасым мөлтілдегенде Махаббатыңмен құрғаттың.
Жасыймын... Сен де жасыйсың, Жусанның жұтпай жас иісін... Туған жер топырағына тұлға да, тұл да бас исін!
Адам ба, әлде заман ба?... Шаршаған Ой ма, Санам ба?! Сәбилік шақтың соқпағын келемін іздеп, Табам ба?!
Өтірік бірі, бірі шын... Алдамшы өмір құрысын! Тозығы жеткен тірлікте Сен ғана Мәңгі тірісің!
Қойтастың қойнауларында балалық ізім барында, Күрсінбе, Жүрек, күрсінбе Жанымды толтыр Жалынға.
Сары күз, сары даланың төсінде, Өмір, дамылда...
- *
Ой теңізі таязда, тереңде ме? Дария-ақыл тауда ма, төменде ме? Тірлік түбі тұғырға қонақтайды, Сырлы аяқтай кетілген кемерлене. Кәрі қойдың жасындай жасың қалса, Тат баспайтын жарқылда Асылдарша!.. Шаң шығарып шабыттың шанағынан, Жырла, Жұмақ есігі ашылғанша. Бақытымды іздемен, мойынымда, махаббатты іздемен, қойынымда... «Тойғаннан соң топырақ татитұғын» керек емес, топырлы тойың мына! Белгісіздік бұлдырдың бәрі қылаң, Әлсіздіктің әумесер әлі бұлаң... Тұғырында табады тыныштығын, Қауырсыны қаусаған Кәрі қыран. Алса-дағы алқымдап Күз қырына, Айналмайды құлқыннын құзғынына... Тіршіліктің ішеді тірі қанын, Өлмес өмір отына қыздырына.
Күн шуағын, Ай нұрын алма кезек Жаратады Жалғанның тұздығына. Жалғыз жұлдыз Күнде (түнде) балконға шығып тұрғанда Өскеменнің Шығысынан бір жұлдыз туады да, оңтүстік-батысқа жылжиды. Жалпы Өскемен аспанында жалғыз Ай, (әлгі жалғыз жұлдыз) жүзеді... Өскеменнің қара аспаны манаурайды, мүлгиді... Көкжиектен көкжиекке Жалғыз жұлдыз сырғиды. Паршаланған планета бөлшегі ме адасқан, Жүрегіме жүгі ауыр, Жұмбағы мол мұң құйды. Жалғыздықтан жапа шегіп, жалғанына өкпелі жүр ме екен, жоғалтып ап жылы ұясын көктегі?! Ғаламшардың қойнауында сапырылған сан дене соқтығысып, өкпесіне жетпеді ме оттегі?!
Тозып бітті тозағында Топырақ пен тастар да, Қап-қараңғы қара Жер де, қап-қараңғы Аспан да!? Ауып кетті Ай мен Жұлдыз берекесі қашқанда, Соңғы кезде ұяламай кетті қарлығаштар да!..
Сенен, Менен, одан ба екен күпірлік?! Жаратқанның бетіне кеп түкірдік. Ынтығыңның ықыласын ындының кеп көмейлеп, Тағдырыңның тұманында шүйкелендік, түтілдік...
Өскеменнің аспанында Жалғыз жұлдыз, жалғыз Ай – дүниені тұра ала ма бүтін ғып!?
- *
Құдай-ау! Шегіртке де қалмаған ба? Сары дала сазын созып сарнағанда торғайы тынып, шымшық шиқылдайтын, Жалп етіп қонақтайтын талға қарға.
Сылдырап салқын суы Жыландының, Базарлы балалықтың мұнар күнін қызықтап, ойға қарай асығатын, Жоғалтып алған бүгін құмарлығын?! Суыры Шуылдақтың шаңқылдайтын, Самалы Сарбастаудың аңқылдайтын. Сақалы сары күзге желп-желп етіп, Ақ селеу жібек шашын алтындайтын. Қалбаның қыраттары күй ақтарып, Салқарлы салтанат көш сияқтанып, Жайылып төрт мүлік мал жайлауында, Жететін қоналқаға тұяқ талып... Құдай-ау! қайда кеткен құрып бәрі, Тірліктің тілгіленіп жұлықтары?! Тартылса тағдырыңның тамырлары, Жусанның жерге түспес ұрықтары.
Тып-тыныш... тау мен дала, ауылым да, Тер қатқан Сар даланың сауырында... Құдай-ау! Шегіртке де қалмаған ба, Тығылып Беріктастың бауырында?!
- *
Түсімде... Күңгірттеу бөлме ішінде Абай бабаммен жолықтым, Жүрегім аузыма тығылып, Көкірегім сығылып, Қорықтым... Қабағын көтеріп, Жанарынан от өріп, Бетіме ұзақ қарады. Қауырсын қаламын сияға малып, Мұртты сипап алып, Сақалын саусағымен тарады... «Қай баласың, Қайдан келдің?..» Не деп үндеймін? Қайда барғанымды, Қайдан келгенімді өзім де білмеймін. «Жүйкемді жүндеймін, жақсыны күндеймін, Айсыз қараңғы түндеймін»,- дегім келді, мұң-шерім төгілгенді. Поэзия пайғамбары пайымдап, әлі отырғандай уайымдап: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер, мал шашпақ»... Баба, сенің сөзіңнен Кете алмадым алшақтап»,- Өршіп тұр дейін бе, зерде қалмай зейінде, ілгері басқан аяқ кейінге кеткенін айтайын ба?! Бабам маған ұзақ қарады Сол пайғамбар қалпында, Данышпандық салтында Ғарышқа қарай ұзап барады...
Өңім сұрғылт, түс аппақ... Ояна келсем, «Абай жолын» жатыр екенмін құшақтап.
- *
Өмір жолы даңғыл емес, соқтықпалы, соқпалы, Ой-шұңқырдың опынтады оқпаны. Жалғыз жүріп жол тапқанша малданып, жүрегіңнің таусылады оттары. Белгісіздік билеп алып бойыңды, Белгілінің біле алмайсың тоқтарын.
Белгісізді білмегенің жақсырақ, Жүре бергін тақ сұрап, Не бақ сұрап... Ақиқаттың алдына кеп жүгініп, Жанашырдың ауласына жақ шырақ. Тары терген тауықтайын күндерді онсыз-дағы Жатыр жалған қақшып ап.
Өтіп кеттім өзегінен өмірдің, Кенересін күндерімнің кемірдің... Саумалдықтай солқылдаған жастықтың жалынында шоқтандырдың, жемір Күн?! Асуыңа арманымды арыттым, Саумалымды сімірдің де, семірдің.
Қабірімнің топырағын тырмалап, Көрпесін де көпсітерсің көрімнің...
Өмір! Сенен жеріндім!!!...
- *
Сыбағасын алдым ба, сығыр Құдай, сыйыңның?! Өзегіңді өртедім, Өлең болып құйылдым. Сүйдірдім де, күйдірдім жүрегіңнің ерінін, Тасың болып қатайдым, құмың болып жиылдым. Қара құйрық күндердің, қара барқыт түндердің қабағы боп түйілдім... Дауылында дәуірдің, аңқасында ауырдың топырақтай үйілдім. «Ақсақ құлан», «Жошы хан», «Нар идірген» - күйіңмін!.. «Басы барды идіріп, тізесін жерге тидіріп», Бақытың боп бұйырдым. Қырқасын да... қылтасын қиып өттім Қиырдың!
Отырғанда Кемеге, Іздегенім немене екенінде білместен Тәуекелден тиылдым... Жел үйірген құйынмын...
- *
Сағынамын базарын балалықтың, Даңғазаны сүймейтін – далалықпын! Есенгелді есімнен шығар емес, Сағыныштан сарғайып жаралыппын!.. Табанымды тас тілген Туған жердің топырағынан тойғанша нәр алыппын. Сағынамын нөсерлі жаңбырын да, Сағынамын шапақты таң нұрын да!. Арманымды алысқа аттандырған Тәңірімнің талабы тағдырымда... Сағынамын балалық іздерімді, Қарақатын, мойылын үзгенімді... Сарыбастау суындай салқындаған Көңілімнің көгінен күз көрінді. Кеше еді ғой көңілде Күн күлгені, Кірпігіме қуаныш ілдіргені?!. Қоңыр күздің паналап көлеңкесін, Бүріседі Баянай бүлдіргені. Дала үнсіз, тау үнсіз тұйықталған, Боранбайдың бауырында бұйықты Арман...
Қайран, Ауыл!. Қаз-қалпы жүрегімнің түкіпірінде уыздай ұйып қалған...
- *
Сені іздеймін сезімнің санасынан, Сені іздеймін ақылдың адасынан, Сені іздеймін көңілдің даласынан, Табылмайсын... Таусылдым табанымнан, Жаутаңдаймын жаңылып сабағымнан. Қара күздің қалтырап қаһарына,
Күндеріме налимын таба қылған.
Сені іздеймін арманның ақ таңынан, Сені іздеймін қиялдың қатпарынан. Сені іздеймін барқыт күн бақтарынан, Көрінбейсің... Жымдарға жасырынып, Аспағына асылып асыл үміт, Өтіп кетті керуені күндерімнің, Көкке қарап Көкбөрі – Ғасыр ұлып!..
Нені іздеймін?. Білмеймін, аңтарылам, Шабыттандым шаттықтың шалқарынан!.. Тіршіліктің таттым көп талқанынан, Тойындым ба, тәбетім, таусылдың ба?!. Өмірімнің өңірін қаусардым да, айғай салдым Алтайдың асуынан, Жетер... Жетпес дауылды даусым мыңға!?
- *
Жоғалмаған барыңды қызық екен іздеген?! Күдік көзін жұмса да, үміт күдер үзбеген. Жастығымды жағалап келем, Таныс ізбенен, Көктемі өткен көңілді сүйрелеумен күзге Мен...
Таңданамын, Туған жер!.. Құдіретті Құт мұнда Тұрғанын да аңғардым, Ұлылықты ұқтым да, Зарын илеп заңғардың, алаулаған таңдардың бетіне перде тұттым ба?! Сезімнің жасы сығылып, мөлдіреді шық қырда...
Алаңдайсың, көңілім, тірлік тынышталмайды... Өлеңдегі өмірім Жалғанымды жалғайды. (Алты таспа өрімін өрімшілер алғайды) Топырағы Ұланның тұяғында құланның шамырқанып шаңдайды. Кейде осылай барымды жоғалғанға баладым, әулекі, асау арынды Арғымаққа санадым... Көнек кеуде тарылды, аузындай біткен жараның... Сұрамай ешкім халімді, сұраусыз кетіп барамын?.. Арайлап таң атады, Күлімдеп күн шығады. Қарайғанға қарайлап, Сезім сағы сынады. Көңіл жасын сығады, Шұбырған ізін шөп басып, Бір жүріп, бір тоқтасып, Тіршілік тыныс тынады.
- * Сарғайып сары күз келді, Айғыздап әжім жүздерді. Айқұлақ асыл атырап, Жамылған жасыл жапырақ тартылып тамыр, дүзде өлді... Көк болат күндер құрсанды, ұшырып мұрттай мұршамды, Көңілді кермек мұң шалды, Үміттің жібін үзген-ді...
Сезімнің көзі жұмылып, Жүректің сөзі құмығып, Тарылды тірлік тынысы... Тамырда қаным сұйылып, Миыма судай құйылып, Бүрісті қарын-құрышым. Қайдасың, Тәңір, қолдаған?!. Көрсетші жаңа жол маған, Тым ғұрса, көрін елес боп, Әйтпесе, бәрі құрысын!..
- * Иесіндей дүниенің, Киесіндей сүйінерім Сен тұрғанда, ауылым, Тасырлайды, Басылмайды Жүректе жыр жауыным, Бойымда дүр дауылым... Күйінерін, түйілерін бағамдасаң қауымым, Түсінесің Тау ұлың.
Мен ұлысам, Сен ұлысаң, шуылдаймыз ұлардай!. Баба сөзін бала – сезім қастерлесе тұмардай, ұлағатты ұғардай... Хас ұлдарды, асылдарды төбемізге көтеріп, Ұлықтаймыз ұрандай, қасиетті Құрандай!
Сағым далам, лағыл қалам, мәңгілікке тұр аман! Жырым болса, жүрегіңе ұнаған, Көтер биік тұғырыңа, Ғұламадай ғұмырыма пәрменіңді сұрағам, Жұмақ күтіп Жұмадан...
- *
Айсыз аспан, Жұлдыздары жыпырлаған Барқыт түн... Сезімімді сағым нұрға балқыттым. Үркер үркіп тас төбеге шыққанда Қиялымды қанатында қалқыттым. Қиял, шіркін, қазығында айналып, тал-теректің бұтағына байланып қалған кезде, ауылымның түтіні қараңғылық құшағына сіңе берді жайланып... Сұлулықтың сүгіретін қара түн жұлдыздардың жымыңымен салатын, Қараңғылық қойнауынан жылт етіп, үміт оты Жүрегімде жанатын. Есте қалған ескірген бір елес мұң жаңғырады, көмейінде көмескі үн... Күрсінеді Бабалардың моласы, әр жағында домаланған дөңестің.
Таң ағарды, Жұлдыз көктен жоғалды, Күміс шықтар Жауып қапты көкалды. Қызыл шапан киіп келе жатқан Күн қызығымның куәсіндей жоралғы?!
- *
Назарыңды аудармасаң, аударма, Қос өркешті Айыртаудай тау бар ма?! Өркешіне оратылған ақ бұлттың сүт тамады, емшегінен сауғанда!
Мойыл, ұшқат, сәмбі талы сайында, Сән береді айшықтанған Айырға. Жартасында шашын желге таратып, Сылаңдайды сұлу, кербез қайың да.
Түрленеді тобылғы сай төрінде, Қарағаны қаптап ылди-өрінде... Айыртаудың сұлап жатыр бейнесі, Салқындаған Сартымбеттің көлінде.
Мендегі осы туған жерге мол арман, Қайда жүрсем қайта өзіңе оралғам... Тыныс тартып, тәттісіне тірліктің Ұланымның пейіліне оранғам!..
Сезімімді сездірмесем, не еткенім?! Көңілімнің көкалында көктедің. Қалай менің жан-жүрегім мұздайды, Махаббат боп маздап тұрса от демің?!
Қызыл гүлі – қуанышым қырдағы, Сезімімнің оюланған сырмағы... Ұзынбұлақ сыңғырындай сылдырап, Жүрегімнің Жамырайды жырлары.
Қызыл гүлден ашылғанда гүл-ерін, Көк жусанның иісімен түледім... Бұл өмірге... нұр өңірге ғашық боп, Аспаныңның астына кеп түнедім...
- *
Ауылым, айныдың ба, жерідің бе, Бақытқа балқып жүріп байқамаппын?! Кей кезде қар суындай ерідім де, Кей кезде қара судай қайта қаттым.
Аңырып айдалада қалғандаймын, Алланың алақаны аяламай?! Кешегі ойсыз күнді армандаймын, Жүретін Көлеңкені саяламай.
Алысқа, не ғарышқа ұшайын деп, Көңілдің көк дөненін қамшыладым. Тірлікті тебініне тұсайын кеп, Жүректің Жіпке тізіп тамшыларын.
Ауылым, алыстасың, қасымдасың, Таңдағы тағдырыма таянышым... Анамның құшағы боп ашылғасың, ұлыңды... Ақыныңды аяу үшін!!!
- *
Жаласына Жалғанның күйе бердім, Талқысына басымды ие бердім. Бақытын да, Қуаныш, қайғысын да сүйе бергім келеді, сүйе бергім. Шықпасам да Алтайдың шыңдарына, Бір төбесін тұғырлы иелендім. Мұң мен шаттық алмасып, араласып, Әкетеді көкпардай ала қашып. Арманыңның адымын аштырмайтын, Ақырзаман араны алаң-ашық... Тұншыққанда төріңнің тұманына, Сахарасы сабырлы далаға шық! Қарсы алады сүйерім, сүйсінерім!.. Таңдарымның Тынысын түйсінемін. Сүйе бергім келеді, Сүйе бергім... Шоқ көсеген көсеудей күйсін ерін!.. «Қара жорға» ауылда жортақтайды, Делебесін қоздырып бишілердің.
Көңіл кетті көгіне көтеріліп, Өрекпіген жүректен от өріліп... Бақытыңның Баянын байыптасаң, Күндеріңнің кезегі кетер ұғып! Жұлдызыңды жоғалтып алсаң бүгін, Ертең күнің Бөрідей өтер ұлып...
- *
Жадырасам, жүрегіме жаз қонып, шуағына шомылдырып алады... манаураған махаббатым мәз болып, жаңғыртады домбыралы даланы.
Жадырасам, гүлі жайнап қырқаның, Оюлаған Текеметін жапқандай. Көңілімде Шүйкеленген ұлпа мұң, Құлындаған қуанышын жапқандай.
Жабырқасам, Сең соққандай сенделем, Дүниенің төрт бұрышын түгендеп... Пері де емес,
періште емес, Пендең ем, Жындарын да Ала алмаған жүгендеп.
Шаттанғанда шабыт көлдей шалқиды, Айдынында аққу-қазы жүзгендей. Сары дала Сағынышын сарқиды, Тамырының бір талшығын үзгендей. Жадырап та, Жабырқап та жүрмеуге Қақым да жоқ, Сезімімді ояттың!... «Қысқа жібім келмесе де күрмеуге», Жақын да боп, ақын да боп, Тонын кидім тояттың... Тірлігімді бояп Күн! *** Сабылып жеткен самалдың иісі жұпар аңқиды. Сағынышыма қамалдым, Шабытым қайтып шалқиды?! Жетпейді жанға бірдеме, Көңілім күпті, алаң-ды. Тұнжырап қалған Түн неге, Айнала көрдей қараңғы?! Жігерім жидіп жасып тұр, Өзегін өртеп өмірім. «Аузымды жыртып қасық құр», Көлеңкеде отыр көңілім.
Сенің де халің шамалы, «Ауылым» атың қалмаған!.. Құрысын Ай, Күн аманы, Жанымды жұтып жалмаған!!!
Жусаның, майда бетегең шашындай сұйық кәрінің, Көңілім бүгін көтерем, «Бақыт» дегеннің бәрі мұң.
Айраның қалған ашымай, тұратын әр кез татырып... Қалампыр қосқан насыбай сияқты, ашу шақырып.
Саған да, маған жанашыр қалмаған, жетім-жесірміз!.. Жасымайтұғын жаны асыл – Ескіден қалған Есім – Біз!..
- *
Сағынышым сары майдай еріп бір, Сезімімді Сергелдеңге салады. Шымқораның шуағынан төгіп нұр, Тамырымнан туыстығын табады. Егделіктің есігінен еніп тұр, Қара күздің қалт-құлт еткен қадамы. Көмейінде кептеледі көрік Тіл, тас тығылып, Бітелгендей тамағы?! Еңкеймеген еңсеме кеп егіп гүл, Бақытымның бағында бүр жарады. КуәгерімТәңір көкте көріп тұр, Сенің жаның, менің қаным бір арнада ағады... Сағыныштың Сар самалын серік қыл, Ауылың да, бауырың да, Махаббаттың қамалы!
- *
Тағдырым «темір торда» тыпырлады, Тарланым тұсамысын сыпырмады... Ұланның суын жалдап ішетұғын күндері кетті шалғай жұтылмалы.
Тағдырым естімен де, есермен де Жолдас боп, Текеметтей төселгенде, Мәңгірдім өр Алтайдың маралындай, Адасып ақыл, Ой мен Ес өлгенде!.. Тағдырымқарғыдағы ит қабағаны, Қорғаған Жуындысын табадағы... «Қожайын-қаба сақал» айтақтаса, Адамға, аңға-дағы абалады. Тағдырым талып жатты... түрегелді Үкісіз үмітіне үре берді... Түсінде Көк бөрінің көлеңкесі Күлтегін Көктасында түнеген-ді. Кеуденің Алай-дүлей боранына көңілдің көпсігенін орады да Өзегін Өртеп жатқан өкініштің Түсті де Жорта берді сорабында. Тағдырым, Күнің батып, түн түнеді... Санаңда сары уайым Іркіледі... Қыңсылап қарғыбаулы қабаған ит тұмсығы тынымыңды түртінеді. ***
Райы Өскеменнің Құбылмалы, Сары аяз, ақ боранмен алмасады. Оранып шүберекке шыбын жаны, Адамы жалғанына жалғасады. Қуаты кемігендей құзырдағы, Кеудесі кеміріліп күтірлейді. Құйылып Қызыл бұлттан «қызыл қары», Төбесі тұмағының түтіндейді. Қабағын ашып кей күн керіледі, Өскемен арылғандай аза-мұңнан!? Мұржадан ақ шулан бұлт өріледі, «Намазын» Бірер сәттік қаза қылған. Тығылып сай-салаға тұман маңып, Қылшығы қампиады Көк Бөрідей. Қалбаның Қойын-қоншы мұнарланып, Өткізбес Өзегінен өткелінің. Бірде қар, Бірде боран, Өскеменім, «Жұпарың» Жыбырлайды жұтқыншақта!.. Тілеймін Шырағыңның өшпегенін, Тірегім болып едің «тұтқын» шақта...
- * Таң атты, Күн шықпаған... Тыныштық маң, Жаяулап қырға шықтым пүліш тұтқан. Шалғынын Кешіп келем Кеңқияқтың, Жонарқа Жылтылдаған күміс шықтан.
Тап-таза Ауа қандай мөлдіреген, Ескек жел езуінде елжіреген!.. Шабыттың шымылдығы ашылғандай, Өзегін Жарып шығып өндір өлең.
Жыланды Көмейінен бүлкілдейді, Сабасы мес қарындай іркілдейді. Күміс шық Балағыма жабысады, Қуаныш көз жасындай сүртін, мейлі!..
Манаурап Есенгелді бұйраттары, Қамыстың Күлтеленген сыйрақтары... «Армысың, Ардақтаған Бабаларым!»- Десем мен, Үн қатпайды зират маңы.
Осында Сағым қуып, Нұр ұстағам, Қайраттың Күш-қуатын құрыштағам, Аршаңмен Аластатып қабірімді, Иіскеп жусаныңды Тынышталам!!!..
- *
Көкке қадап көзімді нені іздеймін?.. Жұлдызы да, Айы да орынында. Буырқанған бурадай теңіздеймін, Мөлдіреген тамшысы толы мұңға. Мәңгілік те, Сәттік те егіз кей күн, Оралатын Қиялдың қорымында.
Топыраққа Тамғанда кіндік қаным, Сіңе берді Туған жер тамырына... Рухына уанып, Нұрды ұрттадым, Тәу еттім де Тәңірдің танымына. Құлақ қойып кімді ұқтым, кімді ұқпадым?.. Көбелектей ұмтылдым жарығына.
Тамызықты тұтатып таза мұңға, Қуантайын деп едім құлын күнді?! «Алашыңды» Алқынтып азабыңда, Тумай жатып тонадың тұғырлыңды... Арын сатқан Ашына базарында, Түңілдірдің Тірліктен тұлымдымды...
Түңілгеннен тауысып төзімімді, Көргім келген Шығар-ау көктегіні?! Шашыратпай сәулесін өзі күлді, Жасағанның Жүрекке жетпеді үні... Қиялым да Қиналып көзін ілді, Елестетіп Ұлыған Көкбөріні!..
- * «Бұл күнде ойын арзан, күлкі қымбат», Тірлігің түрленген соң түлкі бұлғақ. Көңілдің күнгейіне қыздырынып, Құлындай құлдырайды бұлқынып ап.
«Аузын ашса, жүрегі көрінетін», Өзегінен өзен-жыр төгілетін, Абзалдардың аңқасы аңқылдаған, Өмірлері өрімдей өрілетін.
Ойсыз өмір, мақсатсыз масаң қылық, Шибөрідей шулайды қашан да ұлып... (салқын ғана жымию жөні басқа) Шын күлкіде болмайды жасандылық!..
Самал болып даланың гүлін өпкен, Сағынышты сімірсең Үріп еппен?! Сағат тілін санамай, Не жетеді, Уысында уақыттың Күліп өткен!?..
Сағынасың сәттерді жымың еткен!..
- *
Кәрі терек, Кәрі емен, Кәрі қайың Аңсай ма екен Көктемін, Жарық Айын?! Тіршіліктің Таусылып талқаны да, Шашылады Күндерің тарыдайын. Қызыл күннің Қойнында қызықтарым Сіңіп кеткен, Жоғалған, бәрі ғайым. Жұлдызы да аспанның Жымыңдамай, Салынған ба Санада сары уайым?! Қара күздің қанатын Қайырып сап, Уайымның уынан Арылайын. Қара жерден тамырым Тартылмаса, Мен қалайша өмірден тарығайын?! Жалаң күннің Жалаңаш құшағында Жалын құсып, От шайнап жанығайын! Көмекейді толтырып Құса-мұңға, Көлеңкесін Көр-күннің жамылайын... Тоқтап қалса, Тірлігім томарылып, Табытынан Тағдырдың табылайын...
- * Керегі жоқ темірің де, Терсегің!.. Қалаймын мен Еңкеймеуін еңсенің. Теңдігімді Сұрағамын ақырып, «Ақыным!» - деп Артқан кезде Ел сенім. Бір жапырақ Қағазбенен анықтай Алмайсың сен Төккен тердің өлшемін. Әдетің бар Көрге бірге кететін, Мақтап-мақтап Көме салар өлсе кім.
Керегі жоқ марапатың, Мақтауың, Кінәм болса, Сұрамаймын ақтауын!.. Ақиқаттың Арашасы боп жүріп, Мүмкін емес «ала жіптен аттауым». Өлеңіммен сусындатам, суғарам, өмірімнің балаусалы бақ-бауын. Бір ауыз сөз Керегіңе жараса, Сол болады Сеніміңді ақтауым.
Керегі жоқ атағың да, Даңқың да.. Санатымды Сақтау ғана салтымда. Сеніміңнің Үзіп алсаң сіңірін, Айырбастап Ала алмайсың Алтынға?!. Өміріңді сүру үшін өкінбей, Жолдарыңның Жүгі жатсын нарқыңда! Қара жолда Қара табан із бар ма, Кетеріңде бір бұрылғын артыңа.
- *
Дүрсілейді жүрегім, Дүрсілдейді, Мұң оранып, Айқайсыз аттандайды... Көктемнің де көзінен Нұр сіңбейді, Жатырында Жабырқап жатқан қайғы. Тұмар-өмір Тұғырда тұрсын, мейлі, Шәйі көңіл шайлыққан, Шаттанбайды. Көңіл күлсе, Көкірек күрсінбейді, Найзағайдың Отынан сақтанбайды.
Күйіп кету... Оңай ғой күйіп кету, Андыздаса Аспанның алапаты!? Бағанасын Беделдің биіктету – Шариғаттың Шырайлы шарапаты. Салихалы сәніңді сүйікті ету – махаббаттың мамықтай марапаты. Ұңғысына ұрынбай Ұйықты ету – Жарылмаған Жараның жарақаты.
Жарылады, Ем қонып жазылады, Тән жарасы Тауқымет түсірмейді. Жан ауырса, Азабы азыналы, Арманыңның Ақ құсын ұшыр, мейлі?! Базарыңның Қызығы базыналы Бола алмайды, Тірлікті түсінбейді. Қиялыңның Қойнауы қазыналы
Қалыбында Кептелген құшыр бейілі!
- *
Жүрегіңмен Жүрегім ымдасады, Құшағыңмен құшағым жымдасады. Сағынышты Сарғайтып сары уайым, Көңілімнің Аспанын мұң басады.
Сеніменен Ай жарық, Ашық күнім!.. Қуанышың Қойнымда тасып бүгін, Оятады Ұлыңның ұлағатын, Өмір бойы өзіңе ғашықтығын.
Саған деген Ынтығым басылмайды, Сен дегенде Жанымда от жасындайды. Көктемедей Көркейіп тұра берсең, Жүрек жүдеп, Көрмейді басым қайғы!..
Күн астында Шағылып күміс тағам, Жазылады Жан-денем құрыстаған... Беріктастың Қонақтап шыңдарына, Құтымбеттің Қойнында тынышталам!..
Саған ғана Ғашқпын ауыл-анам!.. Дауаламас Дүниенің дауы маған, Басқалардың Бір тиын керегі жоқ, Болсын ой-қыр, Сай-сала, тауым аман! Ғашықтығым,
өзіңе суымайды, О дүниеде Жүрсемде тауып алам...
- *
Өскеменім, Қойныңда Қызық қуып өскен едім... Қалбаның Қабағына бұлт ілінсе, Алтайдың Ашуын да қош көремін. Жалаулы Жылдарымды жамыраттым, Байыбын Байқамастан ештеменің?! Өскеменім, Сенде де, Менде де бір көгілдір мұң Мұнартып, Көңілден Жыр төгілдірдің... Жүрегім Жетімсіреп жылағанда Сыйладың Жалғыз талын өмір-гүлдің. Өскеменім, Жамылған жасыл желек атырабың, Қойныңда жатыр мұңым, Жатыр әнім?! Тамыры тасты үгітіп Тереңдеген – Сен бәйтерек, Мен сенің Сарғыш тартқан жапырағың!
Өскеменім – Мекенім, бақ ғұмырым, Сенен артық Отанын тапты ма ұлың?! Ақ Ертістің Айдынын аймаласам, Қажет емес Басқадай тақ-тұғырың. Сенің Туған күніңнің құрметіне Бақ жұлдызын Қарт Алтай жақты бүгін.
Өскеменім, Сен қуансаң, Мен-дағы қуанамын, Шаңырақты Шаттықпен суарамын! Сенің туған Күніңді мерекелеп, Бөрібасты Қолыма ту аламын.
- * Тұман ба, Бұлт па, Түтін бе?... Өскемен үсті сұр-ала. Жұтылып кетсем үкімге, Құнымды жоқтап сұрама!? Іргеңді, қазақ, Бүтінде, Сәуірден соқса сұлама... Кінәрат артар күтімге Сенерсің, Батпай күнәға.
Қар жауар ақ па, Қара ма?.. Қақырық қоюланады. Тамырда тірлік тала ма, Сұйылып қаным барады. Жанымды, мейлі, Жарала, Сау қалдыр қала, Даланы.
Байлықтың еміп емшегін, Сорлылық семіп-қатады. Елеске елтіп ерсе кім, Батпаққа барып батады. Тұрмыстың темір-терсегін Бағалап, Бұлдап жатады.
Көңіл-ай қайран, Баладай, Жылтырауыққа алданып, Құрбандығына қарамай, Малтасын Жүрер малданып. Түтінге тұнған қаладай, Тұншығып өкпе зарланып.
Бақытты болып сорлайсың, Құрбандық құлы-келісім! Өр қайсы, Білмей, тор қайсы?.. Сүресің өмір Ел үшін? Бұтаға қонған торғайша Мүлгисің, Тірі...өлісің.
Өскемен үсті сұр тұман...
- *
Күн көзі Көктемеде нұрланады, Көк құрақ Балғын буын ырғалады. Шалқыған Шабындығы Кеңқияқтың Самал жел Сауырынан сырғанады. Сыбырлап Көк теректің жапырағы, Жаныңды Рахатқа батырады. Көкектің Күмпілдеген кеңірдегі Балалық Базарына шақырады.. Шымшықтың Шықылдаған дауысынан Оянған Есенгелді атырабы. Тыныштық Тынымыңа жақындайды, Қуаныш Құмарыңды тақымдайды. Қаймақсыз Қарасудың балдырынан Құрбақа Құрақ ұшып бақылдайды. Қойтастың Қына басқан тастарына Шаншылып Саршұнақтар шақылдайды. *** Тәңірден де, Әмірден де түңіліп Кеткен кезде Топырақтай үгіліп, Сезіміңнің Саңылауынан сығалап, Жылтырайды Білте шамдай бір үміт, Тамырыңда тіріліп.
Көмескі шам Көгілдірін малданып, Жарығыңа жүйке жібің жалғанып, Сәулесімен Сүгіретіңді салғандай, Елесіне Емінесің алданып. Алданатын, Жалғанатын гүл өмір, Екі дүние Дүрелейтін дүре бұл. Күнгейі мен көлеңкесі Күмәнді, Басы да жоқ, Аяғы жоқ біле біл!.. Тымырсық түн Құшағында тұншығып, Жүрегіңнің Жүйкесінен мұң сығып, Баяныңның базарынан қайтасың, мойыныңда мойынтұрық-құлшылық. Құдайға да, Былайға да құлайсың, Ұлығаның Жарасқанда ұнайсың... О дүниенің Есігінен енгенде Жұмағынан Жайлы орын сұрайсың. О, Тәңірім, Жар бола гөр, Жасаған! Ел-жұрт есен, Қазағымның басы аман... Түркіліктің Тегін ұмытпайын деп, Баяғыда Балбал тасты қашағам.
Сәуегейде, Саудагер де «бал ашып» Жатыр, Жердің жұмағына таласып. О дүние... Бұл дүние шатасып, Ақылдан да Қалғандаймыз адасып. *** Жалған дүние!.. Асылдан да, Жасықтан қалған дүние. Жетесіне Жете алмай мен отырмын, Тамырынан Тартылып қалған күйіне?! «Жалған дүние!..» Екені қалай білінген? Қулық құлындады ма Арай күніңнен. Жаңғырыққан Жартастың жаны ышқынып, Жалғандықтың Жаласы тарайды үнінен. «Жалған дүние!..» Жабырқап қала бересің, Арып-ашып «жұмаққа» бара көресің. Жетесіздік Жүйкеңді жұқартқанында Сағымға алданып Қалады елесің.
«Жалған дүние!..» Опасыз опындырасың, Етімді жеп, Сүйегімді отын қыласың. Сезімнің көзін, Сананың сөзін жоғалтып, Миыма сіңіресің Мәңгүрттің соқыр мұрасын?.. *** «Мен келем!» - деп Талай ақын жар салған, Тірлігінің Топалаңы қарсы алған... Тобырының Тозаңына тұншығып, Сансырады Сапырылған сарсаңнан. Келді... Кетті... Жалғанынан жоғалды, Ерте, Кеш пе... Ат-арбасын доғарды... Өзегінде Өртенген от өлеңі – Болашақтың Бодауына жоралғы. Дана да өткен Дүниені таң қылып, Диуана да Ойда, қырда қаңғырып, Жұрттың Жетіп жүрегіне жырлары, ...ақын қалды мәңгілік!..
Ақын келді... Ақын Елдің Қадірменді қонағы! Күні көркем, Айы алтын, Жұлдыздары жоғары... «Мен келдім!» - деп Жар салғанмен Дүниеден Ақын кеткен жоқ әлі!.. *** Сарғайып атқан Сары таң сағынышым ба?! Жүрегім оттың Жаланған жалын ұщында... «Көкала үйрек» көлбейді Көктем көгінде, Жанартау жырдың Жарқ еткен жарылысында. Қап-қара түннің Жанары жарқылдағанда Мұң көрінеді Шарпыған шағылысында. Мұң көрінеді Мұнардың мұнарасынан, Жанардан жас тамады Нұр арасынан. Өліара шақтың өзегін Өртке шалдырып, Өкініш өксіп Құлайды құламасынан... Күншілдік кейпі Көмескі көлеңкесінен Сығалап тұрып, Айласын қылаң асырған.
Ойсыз жалғанның Ойыны ошарылмайды, Келеңсіз көңіл Көгінің қошы арылмайды. Салқар көшімнің Салтына сызат түссе де, Қара қазанның Күйесі қалың, Ошағы майлы! Тәңірдің тілегі Тіл ұшында тулап, «Барымта бақтың» баяны Бос арындайды... Күтемін Күнді, Тосамын Айды... *** Балауса көктем, Барқыт түн Құшағында тыныштықтың Мүлгиді, Сары ала самал Шалқып тым, Бетегенің сауырында Сырғиды... Бақыттың буы Бүркіп дым Көңілімнің көк жусанын Көпіртіп, Жанары жылы Жеңіл мұң Ай нұрына шағылысып, Жүрегіме жыр құйды.
Қаракөк аспан Жұлдызы Жымыңдаған езуінде Күлкісі, Қыраттың жоны Жосылып, Маңдайының жазылады Қыртысы. Тымық түн көзін Байлайды. Көрсоқырдың көлеңкесін Көрмеуге, Танадай таңның Тынысы таулардан, Бақша-баулардан Сезіледі, Көрінбейді түр-түсі. «Құлаққа ұрған танадай», Естілмейді шегірткенің Шырылы, Жұлдыздар жиі ағады, Таусылғандай табиғаттың Тынымы... Саумалдай түннің Сұлбасы Тер сорғалап сауырынан Тамшылап, Балауса көктем, Барқыт түн Манаурайды Тарқатылып бұрымы... ***
Көктем, Сенен күткенім де көп еді, Жадыраған жүзімді жел өбеді. Сезімімнің көзінен жас тамшылап, Саусағының көбелерін сөгеді. Саулығымның сауырынан сауылдап, Алынбаған ащы терін төгеді. Жазым, Сенен күтіп едім шаттықты, Аңқам кеуіп, аңсарым да аптықты. Барымтаның бауырында булыққан, Баянымның базарында бақ мықты. Тірлігіме тікпесем де ту қылып, Жүрегіме жолатпағам жаттықты. Күзім, Сенен күтіп едім жақсылық, Тағдырым да төмендеді, тақ сынып... Тамырынан тартылғанда тіршілік, Таңдайымда тобарсыды тапшылық. Жындарымен жылағанды жұбатар Күндерім де құрып кетті бақсылық...
Қысым, Сенен үміттеніп едім мен, Жұбатар деп жүрегімді егілген. Көкжиекке күнім батып барады, Кебіндікке нұрыңды бер төгілген. Жолдарымның жазылмаған парағы Кебенектің көйлегіндей көрінген. Орын сыйла көрден емес, көгіңнен... *** Өмір бойы жоқ іздеумен із кесіп, Дарынмен де, арынмен де жүздесіп. Парасаттың пайымына бара алмай, Еніп барам ашылғанда күзгі есік. Ызғары да, мұз-қары да алдымнан Соғатындай, Қалтырайды жан-құрбан. Суық торғай сүмірейіп бұтақта, Сілкінеді жаңа жауған жаңбырдан. Айналам да, айдалам да күп-күрең, Дала бейне тозып біткен түк кілем. Бұйдаланған боз күндерім жылдардың Жетегінде кете барған құт, білем...
Сөгіледі көңілімнің көбесі, Тарылғанда тірлігімнің өресі... Алды мұнар, Арты тұман жалғанның Тақиясыз жалтырайды төбесі. Жалаңаш тау, жылтыр жартас сұрланып, Көлеңкесі көз жұмады ұрланып... Шаруасы жоқ шайқалса да шалабы, Өзен ағып, жел желеді бір қалып... Жоқ іздеген жолаушымыз – бәріміз, Салтанатты әніміз де сәніміз... Тірлігіңнің таусылғанда талқаны, Босағадан тосып алар кәрі күз. Көктемеде құлпырады қайтадан, Артымызға шашып кеткен дәніміз... Әулие жандар Отырмын түнде жыр жазып, Санадан саяқ сыр қазып. Таусылған кенi шахтадай, түйiрiн тапсаң, бұл да азық.
Жүйесiн жiктеп ойыңның, /Буынын iздеп мойынның./ Тапқанда , толар шаттыққа бұрқырап қоншы – қойының. Ақын да кеншi – адамы, Қолында қайла – қаламы. Опырып ойдың астарын, Асылын тауып алады. Құдайдан былай ол кезде, Бақыт да бөлек, сор да өзге... Қиялы кетер қыдырып, дәруiш кезбе, жолкезбе. Жия алмай сезiм қанатын, талпынған топшы талатын... Ұшатын, қайта қонбайтын, Әулие жандар – бар Ақын. *** Бал татыған балалық базарында жүретiнмiн құлын – күн назарында, Отауында ойынның от лаулатып, Қайнайтынмын қуаныш қазанында.
Сәбилiктiң сәнге орап салтанатын, Құмарлықтың құрышы тарқалатын. Бетiн жуып нөсермен тазарған Күн. Жанарынан тамшылап бал таматын. Балалық – ай, бiлмейтiн азап отын, Жайдақ мiнген қызықтың қазанатын. Қунап кiрiп қуаныш құшағына, Ақ сүтiндей Ананың тазаратын. *** Алғашқы жұтқан ауаңның кермегiн тартқан кезiңде, Жауабын таппай сауалдың, Салмағы түстi – ау сезiмге?! Өмiрге ендiң зар илеп, Сақина салды салқындық. Көңiлiң көксеп ғанибет, Қаладың жанға жарқын құт. Аярлық және баялық жолықты көздi ашқаннан. Ораған қымбат жаялық ырқыңа шалма тастаған.
Лүпiлдеп соққан жүрегiң «Бекер – ақ келдiм!» - дедi ме?! Түркiнiң елi тiрегiң, тудың ба тартып тегiңе? Шикi өкпе қалпың торалып, тiлдестiң тiрi ғаламмен... Бататын Күнмен жоғалып, Өмiрден өтiп барам мен... Жақсы өмiр «Жақсы өмiрдi» түсiнемiн қалай мен, Сырласамын сәуле сепкен араймен. Адам жаны – жұмбағы көп құбылыс, Көмбесiнде қатпарланған талай кен. «Жақсы өмiр» - табыну мен құлшылық, Соқыр сезiм емес, сенiм, жыршы үмiт. Сығаласаң саңлауынан санаңның, тағдыр жатыр тұманына тұншығып. «Жақсы өмiрге» адам бiткен ашқарақ, «Жақсы өмiр» емес бiрақ ас – тамақ... Көлеңкесiз жұмақ та емес Күн күлген, «Жақсы өмiр» мен бiлгеннен басқарақ. ***
Жауыр жыр, жауыр өлең, жауыр ұйқас... Жауыннан қорғалайтын сауыр – үй тас, былшыққа бұратылған кiрпiктерi ерiнген есiнеуге ауыр ұйқы аш. Ауыр ұйқы – ауыру, өлiммен тең, Оянбайда – ау көсiлiп төрiнде ертең!?.. Жалын жалап, лапылдап лауламаса, көкөрiмдей көктемес көңiлде өртең. Ауыр ұйқы - өлiммен тең... *** Қыбырлайды, сыбырлайды желменен қара қурай, қара күзбен қуарған. Өзегiнде тұрып қалған көлденең, бiр тамшы уыз үрпегiнде суалған.
Күздiң соңы, қыстың басы қыраулы, шыныланды айдынның «мұз - қаймағы». Көкжиекке көлденеңдеп күн ауды, көлеңкелер бас көтердi сайдағы. Қурай басын аппақ қырау қылаулап, Самайында шиырады ақ шашын. Жанарынан жас ағады бұлаулап, Кiрпiгiне мұздан моншақ таққасын. Намазшам ба, екiнтi ме, ымырт па... Қара шекпен сүйреткен күн артында. Балапан боп үлгермеген жұмыртқа домаланып жатыр суық қалпында. Айсыз аспан, ашық дала, сұрғылт дым, Айналаны жалаңаштап тонаған. Тiршiлiктi... Жыршы үмiттi қылғып түн, Обалының оқпанына ораған. ***
Ақ бас шыңдар аппақ шыңдар күмiстей, Күн сәулесiн сiмiредi суаттап. Табиғат па шектелетiн нұр iшпей, тiршiлiктiң күнгейiнде шуақтап?! Миллион тамшы бiр арнаға жиылып, Жоныменен жүгiредi қынаның. Ақ бұлақтың қойынына құйылып, тұла бойын жiбiтедi тұманың. Күмiс таспа күн көзiне шағылып, Құлдилайды сай табанын қытықтап. Ақ моншақты ақ бұлақты сағынып, Мұзтау жаққа жалтақтайды күтiп бақ. Құланиек таң артынан Күн шығып, Алтын сәуле ақ бас шыңды жалайды. Мұздап жатқан мұздан аққан тiршiлiк жан боп, қан боп тамырларға тарайды. ***
Тостыңдар ма туыстасым, туғаным, Жыландыға жөргегiмдi жуғамын... Армысыңдар, Кеңқияқ пен Кемерiм, шабындығың саласындай шуданың?! Армысыңдар, Қаражал мен Құтымбет, Жамап бершi жыртығымды бiртiндеп?! Сергiт жанды самалыңмен сыйпалап, Сыртым жылтыр, iшiм жатыр түтiндеп... Қайран ауыл, қайран ескi үй қираған, сен едiң ғой маған өмiр сыйлаған?! Жер бетiнде жемiсiреп жатырсың, заман, заман сенi, менi қинаған! Жылы ұя Қарлығаш та, торғай да ұшып кетiп, ұшып келiп, жылы ұяға қонбай ма?! Аптаптар мен ызғарда, демi үскiрiк мұз – қарда жаның, тәнiң тоңбай ма?! Шарлап келiп қиянды, тапсаң жылы ұяңды, Көңiлiң шат болмай ма?!
Кең дүниеге сыймасаң, тар бөлмеңе сыясың. Шүпiрлейдi балапан, аялайды алақан, Қалай оны қиясың?... Қызуына жылынған, өмiр мәнiн ұғынған кiм ұмытар ұясын! Ұя қалса бұзылып, көңiлiңде күз ұлып, Суынады көкте Күн. Қар жауады қылаулап, жөтелесiң тұмаурап, көлдей көлкiп көк терiң... Не жетсiн мынау жалғанда, жұтып – жұтып алғанға жылы ұяңның от демiн!? *** Саған келдiм табам ба деп таяныш, Бiр – бiрiмiзге бiлдiрейiк аяныш. Балақ түрiп, Жалаңаяқтанайын, табанымды қытықтасын баялыш. Мен де... Сен де күз күнiндей жуасып қалыппыз ғой , жайымызды сұрасып!? Iздеп келдiм балалықтың iздерiн, табылар ма күлге көмген қу асық.
Тiнткiлейiн тобылғы мен бүргендi, Балалықтан байқалар ма бiр белгi?! Жусанымның жұпар иiсiн жұтайын, Баяғыдай түрiп тастап iргемдi!.. Баяғы жоқ... баяны жоқ, ұмытпа! Асау арман тоқтағандай құрыққа?! Емiренем ескi ауылдың орнына, Сиырдайын мөңiреген тұлыпқа... *** Өмірімнің кеткенде өтіп өткелін, Көкорай боп көлеңкеңде көктедім. Шаттығымның шапағына шомылып, Қуаныштың құшағында кеткемін. Жүрегімнің жамыраттың жырларын, Қошғ аман бол, көгершіндей көктемім.
Қош-аман бол, Қайта айналып көрмесем, Жалғаныма кетпегені енді есем? Өлеңіммен өзегіңді сусындат, Шағыл күнде шөліркесең, шөлдесең. Туған жердің топырағында түлеген Махаббатым, мәңгі жаса, өлме сен! Қош бол, Көктем – Көгілдірім кеш келген, Ойда туып, Қырға шауып, Төске өргем. Сенің сәттік жылуыңа жылынып, Кетіп барам керуен тартқан көштермен. Жарылмаған жүрегімнің жырын ұқ, Ұрпақ болса есімімді ескерген. Неге келдің, Неге кеттің, Білмедім?!. Бақытыңның бақшасында гүлдедім. Шаттығымның шаңырағын көтеріп, Ошағымның отып үріп үрледің... Қарағайдың қарсы біткен бұтағы ем, Байыбына бара алмаған бүлденің. ***
Сенен де ұяламын, Сеңгiр Аспан, Қабағы қара бұлттың көрге ұласқан!.. Барады мөлдiреген мейiр кетiп, айқара ашылатын кең құлаштан. Жердегi жезөкшелi жалаңаш хал – аранның аузындағы арам астар! Қарайтып жүрегiңдi жiбермей ме, гүл менен күл қосылған аралас бал!? Әлемнiң әлем – жәлем«әйгерiмi», Ойлының жайланады қай көңiлi!? Пенденiң пейiлiнде пайымдалмас Жұмақтың жазиралы жайлы өмiрi. Дұғасы дарымайды дуалының, уланған уағызы уәлiнiң. Тоғышар тоқтап қалған тоғанында, сарсытып сар қамысы су ағынын. Тартылған теңiзден тұз түзiледi, үмiттiң арқау жiбi үзiледi... Қара бұлт, қара жауын, қара батпақ... Қарайып бара жатыр күз реңi...
*** Аласарып қалғансың ба, Боранбай?... Басыңа бұлт оранбай?! Марал мүйiз қарағаның шоқпардай болушы едi, ал тобылғың томардай. Солқылдаған саумалдығы сырықтай, тарғыл жуа құрықтай... Шалқаласаң шалғынына оранып, Жiбермейтiн тынысыңды тұнытпай. Жас бұлақты, тас бұлақты кәрiлiк иектептi тұма көзi жабылып. Көлеңкесiз көңiлiңнiң көрiгiн, келiп едiм сағынып, Жүрек қалды жабығып... *** Алауладым, Жалауладым, өртендiм, Есiгiнен енейiн деп ертеңнiң. Көңiлiмнiң төрiндегi қуаныш аспанымның көгiндегi көркем Күн. Тебiрендiм, емiркендiм, сүйсiндiм, Кетбұғаның қобызынан күй сiңдiң. Қорқыт бабам қобалжытқан көңiлiн, Пәтуасыз пәни жанын түйсiндiм.
Өлеңiмнiң өзегiнен өтердей өмiрiмнiң өрiсiнде от өрмей, Жүрегiмнiң жұмылады саусағы, тамырымда қан қызуын көтермей. Құлқынында қыдырмаса бiр кесiм, Итiң қалай иесiне үрмесiн?! Еңкейген Күн етегiне жармастым, тiршiлiктiң талқан қылып түрмесiн... Содан кейiн, содан кейiн алысқа көз тiктiм де, назар салдым талысқа?! Қара шыбын қарашықтың iшiнен ұшып шығып, сiңiп кеттi ғарышқа... *** Көңілімнің қошы жоқ... Қалыс қалғам, Бұлдырайды боз төбе – Шаң ұшқан маң... Тауға шығып, етекке көз саламын, Жақында ма, Әлі де алыс па арман?! Өкініш те жоқ менде өкінетін, Өрт-жалынан жүрегім от ілетін... Уызына жарымай жетім қозы, Көктеменің көгімен жетілетін.
Сыртым күліп тұрса да, ішім жылап, Күзде қайтып кетсе де құсым жырақ, Ақша қармен ағартып көңілімді, Қысқартамын қиялмен қысымды ұзақ. Жағасына жалғанның жақын қалдым, Сағаттарды санаулы тақымдар кім? Періштесіз пенденің тірлігіне Ұқсамайды тірлігі Ақындардың! Шамырқанған шабытын тасыттырып, Ғарышқа да қиялмен басып кіріп, Әйгерімнің әнімен аралайды, Тамұқтың да есігін ашып тұрып... «Кемесіне келместің мінгенінде», Қара жердің қойнына кіргенінде, Жас қабірдің үніне құлағың сал, Айтары бар – аруақты мүрденің де! ***
Өміріме өкпем жоқ артатұғын, Қатарым көп, дей алман жалқы ақының. Жылдарым да қамшының өріміндей, Бір-ақ сәттік тарамыс тарқатылым. Қақпай көрдім дей алман тұрмысымда, Келіп-қайтып жүреді жылқұсым да. Ойсыраған күндерім болған шығар, Түсі суық оқпанның ұңғысында. Заманыма шағынып зар илемен, Табиғаттан ақынға дариды өлең. Еркелеткен елімнің арқасында, Қонақ болып жүремін әр үйге мен. Мәңгілік жоқ, бәрі де алданышың, Алауыңды жағасың арман үшін. Мәңгілік тек рух пен шыбын жаның, Жаратылған дүиенің жалғаны шын... Ғарышқа да барасың, қаңғырасың, Тозаң қосып тозақты шаң қыласың... Топырақтың астына тәнің түсіп, Рухыңды ұрпаққа қалдырасың.
Қара күз Сарғаяды сағыныш сары күзгi, сығып алған сыяқты нәрiмiздi. Қара жолда қажыған қара жаяу, таңы айрылған тiршiлiк барың iзгi!.. Сар жапырақ үзiлiп сабағынан, жасыл жаздың қызығын нала қылған. Желаяқ жел желкенiн керiп тастап, Қара құйын құйғытар қара қырдан. Жалғыз үйрек көз жазған үйiрiнен қара күзде кетiптi күйi мүлдем. Қара суға қақ тұрған қонақтайды, Алақандай айдынын құйын үрген. Сүбесiне қол батпас күзiң майлы болса – дағы көңiлiм қызынбайды... Қараңғының қойынын тiнткiлеген қара желдiң дауысы ызыңдайды. Жолаушы
Бұйрат – бұйрат бабамның даласында, екiнтi мен ақшамның арасында ат шалдырдым, төбемнен Ай қарайды , құлағында аспанның тана – сырға. Сүмбiледе қайтады күн ыстығы, төсегiнде маужырап тыныш түнi. Ай астында айнадай жалтырайды, Сауырына шық тұрған күмiс қыры. Ұйқылы – ояу мүлгидi маңғаз дала, Сәресiсiн татқандай таңда азғана. Бетегенiң шашынан сыйпалайды, Салқын самал желпiнiп сәл наздана. Осы ма әлде өмiрдiң бар қызығы, /Жолаушылап жүретiн жалғыз ұлы?!/ Әлде қайдан, алыста әупiлдейдi, тыныштықты тербетiп байғұз үнi... Дүниенiң Анасы... Дүниенiң Анасы - әйел, ақыл – ойдың данасы - әйел. талқыдағы тағдырыңның тау тұлғалы панасы - әйел!
Дүниенiң иесi - Әйел, қасиеттiң киесi - Әйел! Жұқарса да үзiлмейтiн, Жүйке тамыр жүйесi - Әйел! Орда басы – отағасы, Ошақ қасы – от Анасы. Аруананың айбынынан қаймығады – отағасы. Ана деген – Аспан, анау, Жұмыр Жерге шашқан алау. Құрсақтағы тiршiлiктiң Жанарына жас қамамау. Қайнар бұлақ - сезiм деген, бесiгiнен безiнбеген... Тамырда қан ұйымауы үшiн мәңгi көз iлмеген. Қайсарлығы бойындағы, өрелi өмiр ойындағы, қалғып кетсе, Асылдардың бағасының жойылғаны!? Ұрпағымның Анасы -әйел, Ұлт арымның санасы - әйел! Жер – бесiктiң жөргегiнде жатқан тағдыр панасы - Әйел! Жұпар мұң
Тағдырдың татып кермегiн, жiбектей жүйкем жұқардың... Аңқамның басар шөлдерiн, жусанның иiсiжұпар мұң! Тұмсығын тығып тынымым, Қойныма кiрдi жусанның. Көзiмнiң алып шырынын, бұлауға түсiп бусандым. Сағыныш мұңы басылып, Дастархан – көңiл жайылды. Көңiлдiң гүлi ашылып , көктемiм күлдi байырғы. Құшаққа қысып даламды төсiме төсiн тигiздiм. Көтерiп тұрып ғаламды, Нұрына күннiң сүйгiздiм. Қосылған келiп үйiрге құлындай жаным шұрқырап, Баяғы бала күйiнде жусандай тұрды бұрқырап. *** Жусанға да, ерменге де, кендiрге мұң шағамын, ұстағанда «желкiрне»... Сауығамын иiсiңдi иiскелеп, Өткiзедi өзегiнен өндiр де.
Қызғалдақты, сарғалдақты қырат - қыр таңғы шыққа кiрпiктерiн шылап тұр. Дөңгеленген дүниенiң дiңiнде өмiр күлiп, көңiл өксiп жылап тұр. Бетегесiн, дерменесiн, көдесiн жамбасқа алып, өрелеп ой өресiн, сұлбасынан селдiреген селеудiң бабалардың ақ сақалын көресiң... Сағыныштың тiгiстерiн сөгесiң. Белесiнiң, төбесiнiң сыры бар, Бұл далада ата-бабам құны бар... Саусағыңмен шұқыласаң шоқысын Түрегелер тайжақылы ұрылар. Жусаны да, ерменi де, кендiрi – бар байлығын Иеленер ендiгi ! Жаным жомарт, жүрек жылы, көңiл бос болатыны - Сол даламның кеңдiгi?!.. *** Қайран, өмiр, сырың көп, сыралғысыз өтедi. Аузыңдағы жырың боп Жүрсем, сол да жетедi.
Талпынамын таңдарға , Қауырсыным жетiлмей. Алыс, жақын арманға жаутаңдаймын жетiмдей. Тiршiлiгiң алайда , қағады екен тобықтан. Шарасызға шарайна қисық – қыңыр жолыққан. Тұрақсыз , тексiз, уақыт, Алдың тұман, Соңың нұр... Жүрегiмдi өзiң уатып, шабытты шаққа шомылдыр?! Шалқұйрық сынды шабыттың тесейiн түпкi көкейiн. Астында қалмай табыттың , үстiмен көктей өтейiн. *** Тырсылдап жауын шертедi, Мазалап бөлмем әйнегiн. Кешегi күнiм – ертегi, Сәулешiм, бүгiн қайда едiң?! Қыдырып көктем – қырымда, Құлшына жұттым май лебiн. Көлкiген көлдей сырымды айтар ем, Сәулем қайда едiң?!
Сағыныш түндер мазалап, Өткiздiм күн мен ай легiн. Көңiлдiң мұңын тазалап алар ем, сәулем, қайда едiң. Мүлгiген тыныш бөлмеде тесiлем ұзақ әйнекке. «Келмейдi саған ол неге?» - дегендей алтын Ай көкте... Терезең болмасын перделi Ай болып мен көктен төнейiн, Сәулешiм, жүзiңдi көргелi. Сәуле боп бетiңнен өбейiн, терезең болмасын перделi. Жұлдыз боп аспаннан ағайын, Өлеңнiң өрiлсiн өрмегi. Деме сен: «әйнектi жабайын», Сәулешiм, сырып қой перденi.
Телмiрiп мен қарап, Ай қарап, Сезiмнiң жанары селдедi. Армансыз өзiңдi аймалап Сүйейiн, сырып қой перденi. Жасындай жарқылдап жас үмiт, Ғашықтың бесiгiн тербедi. Жел мiнiп жеткенде асығып, терезең болмасын перделi. Сығалап жақтаудан төнейiн, Сәулешiм, жүзiңдi көргелi. Сағынып самалын төгейiн, терезең болмасын перделi. Ақын көңіл Ақын көңіл, қайтейін күлемін де, Қожанасыр жоқ сендей бұл өмірде. Бірде кедей, бірде бай болсаң-дағы,. Күйкіліктің табы жоқ жүрегіңде. Құдіретті, қуатты күшің неде?.. Пәтуа жоқ бастаған ісіңде де. Жайып тастап желкенін жырларыңның, Өлең оқып жүресің түсіңде де.
Сыр ашасың сайтанға, сайқалға да… Аяқ артып тайға да, байталға да. Кісінесең жұлдыздар арасынан, Аузын ашып аңырар Ай таңдана.
Сыңар аққу сазымен сұңқылдайсың, Самалынан сезімнің сыр тыңдайсың. Құшағында жүресің кейде көптің, Кейде жалғыз… Жайлаудың жұртындайсың.
Ақын көңіл, дуана, бақсыдайсың, Бақ сұрамай, өлеңге тақ сұрайсың. Көйлек жыртық болса да, көңіл бүтін, Алдында да Алланың апшымайсың…
Ақын көңіл, күнәсіз бақсыдайсың.
- *
Құдай, менің төбемнен кеп ұрмасаң, Сағым қуып, самалменен сырласам. Көкірегім кеңіп сала береді, Алтын сәуле алақанда туласаң. Сайда шөккен тұмандайын тұншығам, Ұлықтаған ұранымды ұрласаң.
Өмірімнің өзегі-өлең, серігім, Қыздыратын қызық күндер көрігін. Тамырымды қан қуалап тұрғанда Тіршіліктің тоты құстай төрі күн. Кетбұғаның қыл қобызын сарнатып, Тарқатайын шабытымның өрімін. Босағандай байлауынан шабытым, Бөгеу бұзған тасқын судай ағытыл. Кешқұрымда көлеңкеңді көтеріп, Бозқыраудың бұрқыратар шаңытын. Арман іздеп алты қабат аспаннан, Тіршіліктің тастап шығар табытын. Еркіндіктің еміп еркін емшегін, Безбендемей өмірімнің өлшемін, Жұмылмайтын жұлдыз көзін ағызып, Өзегіне от түсіріп өлсе кім, Соның ғана кеудесінде ұялап, Өркендейді екен асау өр сенім.
Шабыт маған сәлемдеме жіберіп тұрса, Шығар көңілімнен күн өріп. Уысынан шыға алмасам уақыттың, Туған айым тұнжырайды түнеріп. Шабыт көкте, шамырқанып мен жерде, Қосылармыз «мың тіріліп, мың өліп».
- *
Мінезім де қызық менің бір түрлі, Жүрегім де жағаласып жыртылды. Көппен бірге көлеңкемді қосақтап, Жайлауыма жеке жайдым жылқымды.
Мінезім де қызық менің бір түрлі, Жанарыма мұң да тұнды, нұр тұнды… Ерегестің ескен кезде ескегін, Ақыл артта, Жүрек алға жұлқынды.
Мінезім де қызық менің бір түрлі, Көрінгенге көрсетпедім күлкімді. Меймананың болмайын деп мазағы, Ауыстырдым ауық-ауық жұртымды.
Мінезім де қызық менің бір түрлі, Қорқыныш жоқ, Үркердей бар үркінді. Үзілгенде үкілеген үмітім, Күдік келіп құдығында іркілді. Мінезім де қызық менің бір түрлі, Жүрегімнің жайлауына бұлт ілді. Көкіректің көк нөсерін қуалап, Аспанымды аймалап кеп Күн түрді. Содан шығар аумалы да төкпелі Мінезіме көп кісілер өкпелі… Жұрт түгілі, өзіме де ұмтылып, тепсінеді керзі етікпен тепкелі. Жаратқанның жұмбағы да көп тегі… *** О, Жасаған, біразырақ ғұмыр бер! (Тілемсекке санамасын мұнымды ел). Тұлпарымның тозып болса тұяғы, Өлім итің, бұралқы боп бүгін кел!
Әйтпесе Сен маңайыма жуыма, Қандырайын сусынды өмір шуына. Мұзтауымның көк сүңгідей көк мұзын еріткенше, бойда қаным, суыма! Өзімді өзім өрге сүйреп, өлермен Күндеріме қамшы салып келем мен. Тірлігімнің терін сығып беретін, Қарызым бар төленбеген, төленген… Қайтаратын қарымтасыз өлеңмен. Дүниенің адамы да, аңы азғын, Тепкілейтін төмендетіп қаны аздың. Бетегелі белде жортқан бөрідей, Өлімен де, тірімен де аразбын. Қайда, қайда таңым бастамақ? Алаң көңіл арманына ашқарақ. Қуаныш та, іреніш те,.. бақыт та тірі жанның бақытынан басқарақ.
Жоқ секілді рахат та басқаша, Күн кешемін қиялыммен астаса. Тірідей-ақ көрге кіріп кетермін, Шабыт мені біржолата тастаса.
- *
Айтарымды тауысқан сияқтымын, Кетілгендей кемерлі тұяқ бүгін. Жап-жалаңаш жалғанның жүзі қара, Ұрлап кетті ұядан ұятты кім?..
Атасы өлді сөздің де сөйлемеген, Бұжырланып барады бейне деген. Жарықты да, көрмейтін қараңғыны соқыр артық секілді кейде менен?!
Мас өмірдің мауыққан кескіні ерен, Қышқырығы құлақты кескілеген… Саңырауың бақытты менен гөрі, Замананың мұң-зарын естімеген.
Қаңсып күйіп барады күнге кемем, Жанымды ешкім қалмады жүндемеген. Сақаудың да бақыты басым менен, Басын басып жатсаң да үндемеген.
«Бақыттылар» бар екен жер бетінде, Тіршілігін кешетін тербетіле. Соқыр, мылқау, саңырау «бақытынан» Қашқан көңіл, Кір-дағы көрге түне!...
- * Болашаққа жетер, Жетпес дауысым?! Бас қатырман пәуасыз дау үшін. Тапсырмасын төрт сағатта тындырар, Өмір деген – зауыттағы ауысым.
Болашақ та ойдан туған шартты ұғым, (Болжанбайды алғы және арт бүгін). Топырақтай томарылған тірліктің Май шығардай майыстырып тарт түгін.
Болашақ та болжанбайды, бұлыңғыр, Тұла бойды тітіндіріп тұр ұңгір. Арманың да алдарқатқан бірдеме, Шындығың да шырқыраған құлын бір.
Дауыстаймын «болашақ» деп несіне, (Салмақ салып қайтем ұрпақ есіне?!) Туа жалғыз, Мына жалғыз жалғанда Ұмытылмайды ертесіне, кешіне…
Неменеге айқайлаймын ендеше, «Бүгін» барып болашаққа енбесе?! Үміт артып алға, артқа не керек, Күпті жүрек ештемеге сенбесе?!
Керегі жоқ кеткенім де, Келерім, Қуармайды, Суалмайды – көкөрім!… Өмір деген – зауыттағы ауысым, Тірлігінің төлеп жатқан төлемін.
- * Айыртаудың қабағы тұр тұнжырап, Түн иектеп, қашықтайды Күн жырақ. Өркешінің өресіне оралып, Қорғасын бұлт қапа болып тұр жылап.
Айыртаудың өркешінен ауса күн, Көрінеді дала алып, Тау шағын… Марал мүйіз қарағаны майысып, Ақ сәулеге тарбыйтады саусағын.
Томарылып торы түсті тобылғы, Қоралайды ат шаптырым қорымды. Бұйра-бұйра бүргендердің бедері өрнектейді жоталар мен жоныңды. Ата жасты ауырсынбай арқалап Келіп тұрмын, Көлеңкеңді қалқалап?! Сайдан аққан сүрі қардың суына Сусындайын, Рұқсат бер, марқабат. Арқар-құлжа жартасыңда секірген, Таутекеңнің тұяқтары кетілген. Қойнауыңда құлыншақтай құлдырап, Сәби шақтың сайранымен жетілгем. Көлеңкесі ұзарғанда күнімнің, Соңына еріп тербетілген тынымның. Жұсаныңның иісіне мас болып, Құдіретін көтерейін жырымның. Жамбасыма төсеп қара тасыңды, Самалыңа сыйпатып ақ шашымды, Ұйықтайыншы бұл өмірден бейхабар, Жартасыңа сүйеп қойып басымды…
Мына тірлік берекемді қашырды.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Көтерілген Алтайдан ақ маңдай Күн! Менiң өмiрбаяным Менiң де өмiрбаяным Ерекше емес басқадан, Батылсыз басып аяғын, Қадамын қалт-құлт бастаған. Ат қылып мiнген, «таяғын» Тоғызға толып тастаған. Берiктас таудың бауыры, Жыланды өзен жағасы, Есенгелдiнiң ауылы, Кеңқияқ, Жота саласы, Шүршейiт баба қауымы, Ғабдулла шалдың баласы... Мен болам – Серiк дегенiң, (ауылда Секен атанған) Бойындай ғана шегенiң Болсам да, Қалмай қатардан, Өрiмiн өрiп өлеңнiң, Халқымнан алғыс бата алғам. Көргем жоқ рас жетiмдiк, Болды әке – шешем қасымда. Кетiлдiк, Қайта жетiлдiк, Балалық дәурен жасында. Еткен жоқ өмiр өкiлдiк, Сүйреген емес шашымнан.
Отауыз жылдар қайғысын Төрт жаста, бiрақ, сезiнгем. Балалық шағым – Ай мүсiн Ертерек менен безiнген. Өмiрдiң жайсыз, жайлысын Көре алмай ерлер көз iлген. Сала мен сайды аралап, Бiз-дағы «Жаумен соғыстық». Жандарды жатқан жаралап, Жылдармен ойнап тоғыстық. Күндердi кеткен қаралап, Шаттықсыз шақтың «шоғы ыстық». Желбiреп тұлым жетiмде, Бiлiмнiң аштым есiгiн. Ауылдың сонау шетiнде Тұратын мектеп – бесiгiм. Жаралы жылдар өтiнде Жаттадым «көсем» есiмiн. Жылдарды, айды жоңқалап, Жiгiттiк шағым боянды. Күндердi жүрдiм сорпалап, Селт етiп сезiм оянды... Басталды дүман – той алды, Мектептi шақтым орталап.
Тұсамай күндi тосаптап, Қарамай тiрлiк құзына, Махаббат таңын қош ап қап, Жарасып дәм мен тұзыма, Жүректi қостым қосақтап, Күршiмнiң қара қызына... Отынсыз болмай ошағым, Қайнады отта қазаным. Көтерiп көңiл қосағым, Жүректен жайды жаз әнiн. Бекiдiм, Кейде босадым, Тарқамай тұрып базарым. Жылдар мен жылдар жалғасты, Ұрпақтар келдi өмiрге. Қуаныш сыйлап алғашқы, Көктемдер күлдi көңiлде. Түсiмде жылап таң қашты, Күн күлiп тұрды өңiмде. Жылады... Күлдi жылдарым, Жамылып темiр перденi. Шыныдай сынып сырғалы үн, Сыңғыры маза бермедi. Малынып мұңға жырладым, Шағылып шыңға өрледiм.
Жас өстi, Жарлы байыды, Уақыт озды зымырап... Тiрлiктiң күнә, айыбы Азайды, Жүрек – жылы бақ. Тағдырдың қара қайығы Жағада тұрды тыным ап. Шаршады мый да, жүрек те, Аунады жасыл шалғынға. Күндердi қалған жүдеппе, Тоспайды арман алдымда! өмiрге артпан бiр өкпе, Сарғаймас сезiм сар мұңға. Iргеге берiп арқаны, Отырам күнге шуақтап. Тiрлiктiң атқан әр таңы, Көңiлдi кетер қуаттап. Базарлы күнiм тарқады, Бусанған жанның буы аппақ... *** Өзімнің биігіме көтерілдім, Жырым бар ұрпағыңа етер үлгің. Өткіздім өлеңімді өзегімнен, Жетсін деп жүрегіне жетелі ұлдың.
Жетесіз жете алмайды қуғанменен, Өткізер уақытын думанменен. Жалына жабысамын тау толқынның, Жағадан шыққанынша судан кемем. Айқастым тағдырменен арыстандай, Тұра ма қазақы рух намыстанбай. Ұлтымның ұлағатын ұлықтауға, «Мың өліп, мың тірілдім» жан ұшқандай. Ханға да бас имедім ар алдында, Қиында берілмедім алаң мұңға. Түскенде төбеттердің ортасына Таңымнан тартып талай таландым да... Жүрегім жыласа да жасымадым, Көңілді өлеңменен асырадым. «Жалғыздың үні шықпай» қалған кезде, Қасымның қуат еттім асыл әнін. Қаладым керілгенін керегенің, Ауырсам жырым – дәрі, өлең – емім. Ақынның адуынын, асаулығын, «Бұлар да бір байқасын» деген едім.
Адамнан пәрмен-тілек сұрамадым, Алланың әмірінен нұр аламын. Құздың да жиегіне тақағанда, Күлтегін қолдауымен құламадым. Жас ұрпақ, Мақтаны деп жорыдың ба? Ақының өзіне шақ орынында... Сораптап сордың ішкен сорпасынан Жандардың тағдырлары толы мұңға. Жас ұрпақ, Отырғам жоқ ақылмансып, Шығысқа, батысқа да атым мансұқ. Күніңді, ай, жылыңды қажытатын Тіршілік түндігімнен жатыр жаншып. Арбайды, алдайды да арманыңды, Тартады таразыға талғамыңды. Кеудеңді арсыз күлкі кеулегенде, Басасын жалпағынан жалғаныңды. Боласын жас та, мас та бұл өмірде, Кінәрат қалмасын тек жүрегіңде. Тозбасын бүршіктері табаныңның, Күліп кет дүниеден, Күле кір де...
Шыдайсың пенделердің күйігіне, Шырмалып тіршіліктің түйініне. Санаңда сансырамас сенім болса, Шығасың баяныңның биігіне!.. *** Жүректің сөнбесе де жарқылы әлі, Шаттықтың шалқары жоқ шалқымалы. Көмбеге таяғанда тұлпардың да Тынысы тарылады, Алқынады. Қоңыр күз... Солықтаған гүл сүреңі, Жиекке жыламсырап күн сіңеді. Бұтақта жетім қалған жапырақтың Көзінде қимас ғұмыр күрсінеді. Боз жусан боздалада бозарады, Күптенген көңілдің бар өз алаңы. Тобықтай түйіні жоқ тіршіліктің, Табаны тыпырлаумен тозады әлі. Ұршықтай иірілген ұшпалы күн, Танытпай өте шықты түс-танымын. Кім білген өрістеген өміріңнің Қамшының сабындай-ақ қысқалығын?
Көктем, жаз, күз бен қыстың арасында Адасып, Қайран, өмір, қаласың ба?! Күйкілік күл астында көлеңкелеп, Ұйқылық көз жұмады шарасында. Баз кешіп базарынан бұлаң күнім, Сағынып іздеп келер Ұланды ұлың. Жастанып Қаражалдың қара тасын, Жатармын жағасында Жыландының... ***
Тамырдағы қаным менің Қаны шығар Бөрінің?! Ұлығанда ұласады Ұлытауға өр үнім. Домбауылдың даласында Домалаған қаңбақ та Текеметін аңсайды екен Төрінің... «Жақсы ит те Таусылғанда талқаны Көрсетпейді өлігін». Ойламайды о дүиеге Аттанарда Серігің, Тар бола ма, Кең бола ма, Жататұғын көрінің!.. Ойлайтыны – болашағы Елі менен жерінің. Тілі де жоқ, Құлағы мен көзі жоқ, Көктемеде көкке аузы Тимей жүрген төлінің... Жемдегеннің қолын сүйіп, Можарлыққа мойынсынып, Жолбикесі болып кетті Дию менен перінің. Тамырдағы қаным менің, Жүректегі жаным менің Түркіліктің төркінінен Алыстаған «Көрұлың»... Үндемейін деп едім...
Үндемейін деп едім, “Қой аузынан шөп алмай”. Күн мен түннің көгенін көгертем деп көкалдай, Кеудемнің бұзып бөгенін, отырмын өлең төге алмай... Тұяқ тозып кетілді, Қызылшақа табаным. Баққа бұрсам бетімді, Сөр құдықты табамын. Өкпегі жоқ өтімді, Қорсылдайды қабан-үн. Жалғыз қурай делбелеп, Жел өтінде ысқырар. Қара қаңбақ дөңгелеп, Қауқары жоқ күш қылар, Жуасиды жөнге кеп, Медетіңді құштырар. Жалғыз терек жар басын тұяғымен көпсітіп, Сүйрей алмай арбасын, Өмірін тұр өксітіп. Сілкілейді қар басын, қас-қабағын көк шытып. Тозған тұяқ тырнағы тағалауға келмейді, Әлсіз жүрек жұрнағы дүрсілдейді, өлмейді... Жетім тірлік қырдағы Шыбын жаны шөлдейді.
Тіл қатпасам, жарамас, тарпып тозған тұяқты. Өмір, өлім жалаңаш ұмытқандай ұятты, Дүние түгел шала мас, Тойдан қайтқан сияқты... *** “Отан!” деген немене?.. “Отан” деген – талбесігің, туған жерің, ауылың, Ата-Анаң, аға, іні – бауырың. Жанарына мекендеген мейірім, Күпі киген кең қолтықты қауымың. Періштенің пәктігіндей пейілің болса, жерге тимек емес жауырын. “Отан” деген – көгілдір көл, мөлдір өзен-бұлағың, Көк бетеге, жасыл майса – құрағың. Топырағы торқадайын түктенген табаныңа жылы тиген – тұрағың. Махаббат боп жүрегіңе жүктелген таусылмайтын сезімдегі нұр-ағын.
“Отан” деген – сәбиліктің шақпылаған шаттығы, Шаң шұбатқан қара табан бақ күні... Көктемеде қызғалдақ пен жүрегін қызға ұсынған бозбаланың пәктігі. Тағдыр атты соқпақ пенен күренің жолдарында сағыныштың аптығы. “Отан” деген – оттан ыстық... бірдеме, Оранбаған үлде менен бүлдеге. Жүрегіңді жылтып ғана жатады, ұқсамайды Күнге және гүлге де?! Арманыңның ақ таңы боп атады, аруақ па, періште ме, сүлде ме?! Ардақтаған ақсақалдай баталы асылыңды сүйе бер сен, үндеме!..
“Отан!” деген – жұмбақ жұлдыз жолағы, адамшылық ұғымыңнан жоғары. Сүю менен сағыныштың сарыны, бағасы мен баламасы жоқ әлі! Білінбейтін жұқасы мен қалыңы, Жүректегі жеңіл мұңның көкалы... *** Тәуелсіздік! Тәуелсіздік... осы ұғым тіккен баба іргесіне қосынын. Бодандықтың бұғауынан шошыдым, Бостандықтың бесіктесі – досымын! Азаттықтың айдарынан айрылмай, Аспан мен жер арасында жосыдым. Жаралғанда жай отындай жарқылдан, Адырнадан азаттық оқ тартылған. Бағзы бабам тіл ұшына оралып, Бостандықтың сабасында бал тұнған. Ескен желмен еркіндігін қосақтап, Азияның ен даласын шарқ ұрған.
Іздегені бостандық пен еркіндік, Азаттығын арманына төркін қып, Ат үстінде алапатты күн кешті, Көмкергендей келбетін – шат, көркін – құт!? Өмірінің өзегіне айналды босағадан төрге дейін өр – тірлік. Ешкімге де болмайын деп тәуелді, Серт байлаған ойы еді әуелгі. Ағзасына адалдықты қондырған Жоламайды, жау алмайды сау елді!? Алтынтаудың қапталында қаптаған Көктүріктер азаттығын сақтаған... Шұбырынды із де қалған артында, Алқакөлге сұлағанда ақ табан. Бостандықтың бұғауына байланбай, Тіршілікті табанға сап таптаған.
Салт-дәстүрі құру үшін салтанат, Азаттығын арманымен алқалап, Алатауын, Қаратауын, Алтайын Атандайын жүрді иыққа арқалап. Қайқы қылыш қыныбына салынбай, Шаңға бөгіп жатты иен шартарап. Берекесін берік ұстап бірліктің, Түтін түзу ұшты киіз түңліктің. Бөрібасты байрағының астында Тынымсыз күн өтіп жатты тірліктің, Алты Алашты алты жаққа айырған заман туды, қанатынан қайырған... Бостандығы бұғауланып бұғақтан, Азаттығы тұғырынан тайынған Шақтарда да асау мінез алқынып, Санасында салқындады сайын маң.
Азаттығын алып қашып Алашым Шиырлады жазиралы даласын, Кеңірдекке келгенде де бұғалық, Тағдырының тоқтатпады таласын! Көкбөрі - өмір жалап-жалап жарасын, Шаң қаптырды Атырау – Алтай арасын! Көз ұшында бара жатты бостандық, Бірте-бірте кішірейтіп қарасын... Көктүріктің көгенделіп көп елі, “көккөздердің” толып қалған көгені. Асау жүрек, атан жілік көсемдер Қабырғалы халық қамын жеп еді. Отарлаушы омыртқасын опырып, Бұғанасын басқыншы кеп сөгеді.
Бірақ, бірақ бодаулықтан бұлқынып, Ахметтер жағаласты жұлқынып. Сырымдар мен Махамбеттер, Кенелер Бостандыққа бұрды ат басын ұмтылып... Азаттықтың ақ жолында арманның, Жалбырады жаға-жеңі жыртылып... Тәуелсіздік туын көкке көтерген Қабанбайлар жүрегінде нұр тұнып, Артына ерді жұрты нық. Бұзаудайын босағаға байланған, Түліктейін шырқ иіріп айдаған, Алты Алаштың асау тайдай баласы, Спартактың тобырына айналған. Ат үстінде арпалысқан қазақтың, үміт оты ақ қанатын жайды Алдан.
Аңырақай Желтоқсанға ұласты, тағдыр бірде күліп, бірде жыласты. Қашып жүрген, сасып жүрген Сырымдар Құмнарында хал-ахуал сұрасты... Бұл қазақтың жігерін құм қыла алмай, Басқыншылық басын алып қыр асты. Тәуелсіздік теңізінде тербеліп, Түріксойдың тегі сермеп құлашты, Сіркіретіп сыр ашты. Тәуелсіздік таңдайыма татыды, (Бостандықтың бағасы да ақылы.) көкбайрақты көкке қарай көтеріп, кеудесінен от өріп, азаттықтың аңырады ақыны. (Желтоқсанның жасын тыйды батыры.) Шағаланың шаңқылдады шат үні...
Тәуелсіздік өздігінен келмеген, Арапа емес олжалаған көлденең. Қилы-қилы қиылысқан заманда ат арытып, азаматым шөлдеген... Қанағатын қара суға демдеген, Жан жарасын үмітпенен емдеген Менің Елім, момын Қазақстаным, Болашаққа қадам басты Елменен, Өрт-жалындай өрлеген!.. Тәуелсіздік! терең ұғым – тұңғиық, Ата-баба арманы боп жүрді ұйып... Сағыныштың сірнесінен сыр жиып, Көк аспанда көкбайрағың тұр биік! Арайланған азаттықтың ақ таңы атады ылғи, Қазағымның кеудесіне нұр құйып!.. Түрік – Тәңір тұр биік. «Сарбастау» туралы баллада
Баяғыда…сұраса егер менен, Сылдыратын сырымды төгер ме өлең?! Беріктастың баурында бір бастау бар, Тастан өріп, Тақтаймен шегендеген. Жас құрағы жайқалған – үкі бауыр, Тас бастаудан су ішкен бүкіл ауыл. Көзін ашып, Арнасын кеңейтетін, Көпшілікке болған жоқ күтімі ауыр. Өзен, көлін бұл қазақ құтым деген, «Құдығына су ішкен түкірмеген». Сарбастауды Сауқат пен Есенгелді, Сылап-сыйпап, жыртығын бүтіндеген. Тасты жарып шығатын тас бұлағым, Жағасында түбіттей жас құрағын Жайқалтады, Шүмектен ағып шығып, Төгіледі төменге тасқын ағын.
Көлшік жасап төменге шеңберлеген, (Хан сарайдың хауызы мен көрмеген) төрт түлік мал сусындап суатынан, Баянайдың сайымен өрге өрлеген. Суы қандай, Тісіңнен өтетұғын, Сарайыңды ашып кеп кететұғын!… Қыстың күні қаптатып қызыл суын, Қойтастың да қойнына жететұғын. Құрымайтын, Тас бастау тасымайтын, Моншағынан ақ сәуле шашырайтын. Таңдайыма татыған тәтті бұлақ Екі ауылды суымен асырайтын. Беріктастың орнаған бөктеріне, Мен оқыған бар еді мектебі де… Тозған ауыл… Тозығы жеткен бастау, Ертегідей қарайды өткеніне. Шүмексіз су қазір де төгілледі, Етекке де жете алмай егіледі. Жетімсіреп қалыпты жетпіс жылда, Кеткенен соң тарылып төңірегі.
Апыл-тапыл жүргенге құлап-тұрып, Жас тәнімді жуыпты бұлақ күліп. Мұздай суы маңдайдан өтеді әлі, Көңіліңді көншітіп гүл аттырып. Көмейінде бір өксік байқалады, Қалай ғана мұң-зарын айта алады. Бал татыған суыңа сусындағам, Қалай ұлың қарызын қайтарады? Тақтайынның тамтұғын ұматып тым, Тастарыңды кетті екен құлатып кім? Өмір қалса иесіз осы екен ғой, Амал бар ма сынына уақыттың?! Бір кезде жел есетін айдарынан, Мөлдіреп су шығатын қайнарынан, Сары қымыздай сарбастау сапырылған, Алтын арай таратып аймағынан. Іздеп келдім, Сағынып сарбастауды, (Үзілмеген үмітім алмас баулы). Бедірейіп Беріктас үндемейді, Басып жатқан сыяқты «албасты аулы».
Мұздай суға мейірді қанып іштім, Салқындатып сусынын сағыныштың. Жібергендей сығымдап жүрегімді, Көрген кезде бастаудың халі мүскін.
ІІІ
Жатыр бұлақ жылғада жыламсырап, Бітіп қалған көмейін кім аршымақ?! Саусағымды салдым кеп сірі құмға, Қасіретке қалайша тұрам шыдап!? Саусағымның сөгілді көбелері, Қатқан құмның тесілмей төбелері. Ескі құдық бетінің балдырына Ұшып-қонып жүр шіркей, көбелегі. Маңдайымның моншақтап тамшылары, Сарбастаудың суына малшыландым. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қазақ, Қайнарымның көмейін аршып алдым. Алтын күннен аспанда нұр алғандай, Жарқырады-ай жанары шырағдандай. Көмекейі бүлкілдеп сөйлеп кетті, Сәбидейін шаттанып қуанғандай!
Тындырғандай тың жұмыс керемет бір, Өрекпіген көңілім өрелеп тұр. Ала бөтен аспаннан құйылғандай, Сергітеді сезімді себелеп нұр.
Көзі ашылды бұлақтың шел, шеменнен, Былдырлайды баладай емшек емген. Сарқырады сарбастау, Қуандым мен, Көтеріліп кеудесі еңсе керген.
Тау қопарып, Тас қашап тастағандай, Тамшылатты күміс тер қасқа маңдай. Тамырымда бұла күш бұлқынады, Жанартаудан жарылыс басталардай.
- *
Қуып шығып бойыңнан «бақсылықты», Жасау қандай рахат жақсылықты!?. Беріктастың төсіне өрмеледім, Ұстап мініп үйірден ат-шыбықты.
Батып тұрмын бақытқа тарап қаным, (Шаттығымды шектемей Жаратқаным). Қайшы алысып ұшады қарлығаштар, Мөлдір суға малып ап қанаттарын.
Кірпігіме бір тамшы ілінгендей, (Қайда жүргем, япыр-ау, бұрын келмей!?) Періштедей тап-таза мына жалған, Сезінемін өліп қап тірілгендей.
- *
Қалбаның қойнында Ертіс гүрілдейді, Айдында ай сәулесі дірілдейді.. Терең сай қолат-қойнау қорымдағы Зираттан аруақтар күбірлейді... Жеңіс пен жеңілістің жолындағы тұлпарлар тұяқтары дүбірлейді.
Қалбатау ғасырларда не көрмеген, Найманның шежіресін шегендеген?! Қалмаққа, қазаққа да қоныс болып, тарихты құлыншақтай көгендеген. Тағдырлар тарыдайын шашылғанда ұрықтан ұрпақ дәні өнер деген... Қалбаны құрбан болған қимағандар, Ата жұрт үшін жанын қинағандар. Бауырын бүтіндеген Кетбұғаның қобызы, аралардай жинаған бал... Сөгіліп тас тағдырдың тігістері, Бұлқынып босап кеткен бұйдадан нар. Жер үсті, аспан асты араласып, Астасып айырғысыз ара қашық , Қалбаның тал-терегі тебіренген, Ту ұстар туыс таппай қара басып. Ғасырлар қойнауынан ақтарылған құпия-сыр сандығын барады ашып. Тіршіліктің таусылмайды таласы
(кері-толғау) Көретінім көп екен ғой, тегінде, Кербез көңіл, еңіреме, егілме. Ағып түсті асқақтаған арманым, Бақ жұлдызым болып жанған көгімде. Жабырқатып салды келіп жанға мұң, Шырылдатып шындығымды көрінде. Қайыстырып қабырғамды салмағың, Қасіретті құя бердің көңілге Өз басыма ие бола алмадым. Өз үйімде, өзім туған жерімде. Тағдыр менің тірлігімді жалмадың, Жатып алып жүрегімнің төрінде. Жалған болып шықты мынау жалғаның, Өзегімді өртеп өлең өмірде…
Кімге айтамын, кімге артамын өкпені? Құмға сіңген судай қазақ өткені. Тамырына балта шапқан емендей, Көңілімнің көшіп кеткен көктемі. Ереуілді ерліктері еленбей, Сара жолдың сартап болған өткелі. Терезесі теңдігімнің теңелмей, Аяқ асты қалды ата тектері. Темір төзім тозғаны ма тебендей, Мүжуменен ғасырлардың от демі?! Жаратқаннның жәрдемімен жебелмей, Бүгінгі ұрпақ тірлігіне өкпелі?! Көсегесі қазағымның көгермей, Парақтаусыз қалды тарих беттері.
Боздап өткен ботасы өлген інгендей, Боздақтарым көп жылапты білгендей. Сезген екен қара көздер мұңданып, Ұрпағының өтетінін күн көрмей. Бұқар жырау уағызын тыңда анық, Қалай жүрек қалар екен сыр бермей. Мағжандарың мұңыменен жырланып, Кеуделерді кетті шерлі үн керней. Көкірекке кірді қайғы ұрланып, Киіз үйдің туырлығын тілгендей. Төрт құбыла түгелімен тұл қалып, Тұнжырады сая бағы түрленбей. Шырағданның сәулесіндей бір жарық, Сөніп бара жатты лаулап үлгермей… Қам көңілім қайғы жұтқан не дейді? Бүлкілдетіп бунайды сөз көмейді.
Сарыарқаның сауыстанып сауыры, Алтайымның ауыруы көбейді. Қазағымның езілгенде бауыры, Қай туысы қолтығынан демейді? Ғасырлардың қайыстырып ауыры, Қуанышын қайғысымен теңейді. Ақордасын арқа тұтқан ауылы, Алласын да әжуалап шенейді. Басын тасқа ұрып тағдыр дауылы, Тірлігіне таңба тастап жөнейді. Қойдан жуас қара қазақ қауымы, Болашақтан бақыт күтер мерейлі…
Зорлық көріп патшадан да, бектен де, Құдайына жалбарынған көп пенде. Қабанбайлар қалмаған соң шарасы, Намысына мініп өрт боп кеткен де. Бостандығы үшін қазақ баласы, Боз даласын дүбірлетіп өткен де. Бас болуға ханның келмей шамасы, Өзегіне өз елінің тепкенде, Атырау мен Алтайының арасы, Күйіп кеткен сияқты ыза-кектен де. Дүлей күшпен долданды кең даласы, Еңіреген елі азап шеккенде. Белдескенде өмір-өлім таласы, Ой мен қырды кернеп кеткен от демде.
Кейде шаттық, кейде көңіл қаралы, Кейде бүтін, кейде жүрек жаралы. Сағым қуып сары даланың төсінде, Көшпенділер көші кетіп барады… «Елім-айы» мәңгі оның есінде, Сырқыратқан сары уайым сананы. Жарылқаушы, жолықтырма кесірге, Болашаққа болдырап көз салады. Шырағданын кеудесінен өшірме, Қазағымның бағы маздап жанады. Табан тіреп тәуекел бір шешімге, Алғы күннен іздегенін табады. Туған Елім, кешір, мейлі кешірме… Бір жүгіңді көтере алсам, жарады… ***
Түрік тегім, Қан-тамырда ағылған, Алтай шыңы үкілі үміт тағынған. Дүниенің тінткілеп төрт бұрышын, Шашақ найза – Азияның кіндігіне қағылған!.. Көк күмбездің астындағы КӨК ТҮРІК Сар даланы кешіп өтіп сағымнан және шағылдан, Еуропаның даласынан, Көк теңіздің жағасынан, Дон мен Дунай сағасынан Табылған! Сақтың, Ғұнның тұлпарының іздері Балқан тауда жосылып, Еуразияның күдіре жоны ысылып, Күдерін шарт үзгені – Көңілінің қошы күп, Жағар отын өшіріп, Зевстен пәрмен іздеді... Шаңыраққа уық шаншылып, Жұмыртқадай аршылып, Қоныстанды киіз үйлер тізбегі... Дұшпан – күдік, Дос – үміт Демікпедей күздегі?!.
Көк Түріктің көк кептердей қиялы Тастап шығып, Қарт Алтайдай ұяны, Тарпаңдардың тасты илеп тұяғы, Көктей өтіп ой-шұңқырды, Тау-тас, құз бен қияны, Сақтан, Ғұннан тегін тартқан Менің Бабам – Көк Түрік Еуропада етек-жеңін жияды. Мен - Көк Түріктің сойымын, Басы барды игізген!.. Оятады ой-үнім Көк Түрікті – Күнге қолын тигізген. Тәңірден татып тойымын, Сауығы мен ойынын Орамалға түйгізген, Алтайдың кернеп қойынын, Шаңқан үй тіктім кигізден! Сыймай сай мен салаға, Төгіліп сайын далаға, Жүректі нұрға сүйгізгем... Көк аспан – Көк ту көтеріп, Жүректің жұрты от өріп, Барамын БОЛАШАҚҚА да Қисыны қыңыр – қилы ізбен?!.
*** Таусылып төзім-тағатым, Төгілейін деп тұрмын мен. Ертістей еркін ағатын Арманның атын кім мінген? Сағынышымның сағаты Кірпікке тамшы ілдірген. Мұнарға мұңды малшылап, Кептірдім күннің нұрымен. Қияда қалған қансырап, Ұядан ұшқан ұлың ем. Сағынышымды қамшылап, Жырлайын жүрек жырымен. Жетер де жібек желменен, өзегі толған өлеңім. Махаббатыңа шөлдеген Махаббатыммен өлемін... Алаңсыз кірем көреге мен, Ұмытпасыңа сенемін! Мұңайсам тіреп маңдайды, Өзіңмен, ауыл, тілдестім. Үрлемей отым жанбайды, Үмітімменен үндестім. Шабытым шолып шалғайды Күл шашып өзім күн кештім.
Ызыңы сары масаңның, Қызығы қара балаңның. Мәңгіртіп кетсе масаң күн, Сауығу үшін барармын. Сырымды саған ашармын, Ән-күймен күптеп алаң күн. Тоқтадым тасып, төгіліп, Қобыздың шерлі күйіне. Боранбай таудан бөрі ұлып, Бусанып тұрды дүние... Жұлдыздай жымып көп үміт Қоналқа қонды үйіне. Өмірдің берер сыйы не??? *** Есімді жисам, жапанда жүрмін қаңғырып, Дала да, тау да жығылып жүні, мәңгіріп... Қалбаның жалаң жартастарынан айбынды Бабалар үні тұрғандай әлі жаңғырып. «Басыңды көтер!» дегендей маған қатал үн, Зираты дағы айбынды ата-бабаның. Еңіреп жүріп елім дегеннен не пайда, Қылаңдай қамқор жасай алмаса қатарың.
Дала да, тау да, жартас та маған үн қатып, Көзімнің жасын жібек жел желпіп құрғатып... Әумесер әуен әніне еріп кеткенде, Сырымды және жырымды алам ұрлатып. Толағай таудың төсінде толғағандаймын, Жарасын емдеп жатқандай менің жан-қайғым. Жүзіне қарап жүрегім жабырқанады, Запыран құсқан заманы зәрлі зарлы айдың. Құдай ма, әлде, Тәңір ме тезге салатын, Періште ме әлде күйдіріп алған қанатын. Көкірегіңнің күмбезін көзге көрсетпей, Қара шапанын қымтап береді қара түн. Есімді жисам, жол қалмағандай баратын, Жүрегімде от қалмағандай жанатын...
*** Қазақ емес, “Қазақстандық ұлтпын” – Мен, Санасы өліп, миығынан “мұрт күлген”. Егеменде еркіндіктен айрылып, ұмытылады “Қазақ” атым жұрт білген. Түркістанның тәу ете алмай Қазанын, Ақ жолымның аз тарттым ба азабын?! Кер заманда қайысса да қабырғам, дәл осындай көрмеп едім аза-мұң... Астымдағы атымды алып, затымды ап, Тағдыр-тағы тоздырмақ па тақымдап?! бейтаныс би, берекесіз болыс көп, “ақырзаман” қалды ма әлде жақындап?! Қай өмірде, қай заманда жүрмін мен? Қазақ едім үмітке көз ілдірген... Ата-баба арманына жеткенде “...стандық ұлт” боларымды кім білген?!
Сағым қуып сар далада сабылып, Қанжығада қара терге малынып, Дүрілдетіп дүниені даусымен ата-бабам соңына ерген, ақ үміт, ақталмадың нағылып?.. Ұшқан байлық, ұшқан бақыт, ұшқан құт, ұрпақтарын ұлағатқа дұшпан ғып... Зая кетіп Көкбөрілік күш-барлық, (Құлап өлді құштарлық)... Өркениет өзегінен өтемін, Қазақ емес, ұлт боп “қазақстандық...” Ұлтшылдық па, ұлтсыздық па ұрынған, Солақайлық көрем әйтеу сұғыңнан!.. Айыпты боп аруақтың алдында Түрік тегім тайғанайды тұғырдан, Бар ма есті жан ұғынған???... ***
Сай ішінде сылаң қағып Жыланды, Бойжеткеннің бұрымындай бұралды. Қарақаты қапталында мөлдіреп, Тошаласы төгіледі тұмарлы. Балалығым бауырыма енді кеп, Тас төбемнен төнді көк, Қызуымен қытықтады құмарды. Балалықтың түріп алып балағын, Қарашаттың кезіп келем алабын. Суыры да шаңқылдайды мазаны ап, Өңешінен өрілгендей қаралы үн. Жазиралы жанға шипа жаз алап, Көн кеудеңді тазалап, Жұтқызады жұпар демін даланың. Топ торғайдың тары теріп тұмсығы, Бөтегесі жемге бөгіп тыншыды... Тал-теректің жапырағын жамылып, Ұзатылған қыздай бұлбұл сыңсыды. Тентек қайың шалғын шашын ұйпалап, Бас терісін құйқалап, Кірпігінің сынып түсті қылшығы.
Тас-талқан боп, Үзіліпті тау құлап, Қайрақ тастар етегіне саудырап. Доланасы, бүлдіргені, мойылы Мөлтілдеген баданалы баулы бақ. Шолпылдаған шабақтардың ойыны – Тіршіліктің тойымы Сияқтанған, Көз жанары жаудырап. *** Қайран ауыл!.. Балалықтың елестетіп күндерін, Сағынышты шала шоқтай үрледің. Аңсап келдім көрем бе деп дүбірлі сәбиліктің дүлдүлдейін дүрмегін?! Шуылдақтың шуылдатып құлағын, Кешіп өтіп Жыландының бұлағын, Көзімде жас, көңілде көл қуаныш, Беріктастың құшағына құладым. Соңғы кезде, неге екенін білмеймін?.. Елді ойласам, бұзылған бір нілдеймін, Жусаныңды төсесем де жамбасқа, Баяғыдай балағымды түрмеймін.
Бірақ-тағы Сағынышым басылмай, Көкіректің Сарайы кең ашылмай, Менің жаным Жусамайды жылқыдай, Ата-баба аруағына бас ұрмай. сағыныш та жай табады салқындап, Ауылың да көрінеді алтын бақ!.. Айыртаудың бұлт оралып басына, Найзағайы ойнап кетеді жарқылдап. *** Соңғы кезде... соңғы кезде, Ұланым, Айыртаудан аңырайды бір ағын. Сағыныштың сағасына қосылып, Сылдырайды қыз күлкілі бұлағың. Жусаныңның иісіне исініп, Сәбиіңдей құшағыңа құладым. Жүрегімнің жылғасынан жылыстап, Әуеніңе айналады жыр--әнім!. Тағдырымның тереңдегі тамыры – Туған жерім, Атамекен тұрағым! Ұлы дала ұлағатын ұлықтап,
Көк Түріктің көтеремін ұранын, Сенің өткен тарихың – Құраным!.. *** Тегімді іздеп теңіздей тебіренем, Ескегіндей Ебінің еміренем... Қарт Алтайдың қойнауын қуаласам, Күмбірлеген күйіне көңіл елең. Тау-тасында тегімнің ізі бар ма?.. Ой қашады тізгінін үзіп алға. Шартарапқа шашылған Түркілердің осы жерден бұйыртқан тұзын Алла! Бал бұлағы секірген тастан тасқа, Мөлдіреген көзінен жас тамбас па?! Аясынан Алтайдың шығып кетсем, дүние бөтен, жер де жат, аспан басқа... Айналдырсам уақытты кері қарай, Жылытады жүректің төрін арай. Қақпалайды қиялдың қапталынан, Өр-ылдида болсын деп Серік абай.
Тауқыметін тартты ма Тәңірінің, Қараңғылық қамалап әр іңірін?! Тектілігін тегімнің тұсағандай айтылмай тұр Алтайдың әні бүгін. Еніп барам қойнына ғасырлардың, Аманатын аңдауға асылдардың. Өнеді де өседі, өшеді өмір, “Жауып тұрып, қар алар басын қардың”. Ортасында орманның отырамын, Табаныма төсеніп топырағын. Кеудесіндей күмбірлеп Қалиханның Сыр айтады шыңдарың, шоқыларың. Сезіміме судайын сіңіремін, Үңгіріне үміттің үңілемін. Көк байрағын көтеріп Көк Түріктің, бақытына бет бұрды бүгін Елім!.. Алты Алаштың оранып арманына, Тәңірімнің алдына жүгінемін!..
Тегімді іздеп тентіреп, тапқандаймын, Ерігендей мұз болып қатқан қайғым. Аялайды арайдың аясында, Көтерілген Алтайдан ақ маңдай Күн! Поэзия пәтуасы Поэзия! Сен де сорлы, Мен сорлы... Жалаңаштап шешіндірді, Шешіндің. Отың өшті, Мен де отымды өшірдім, Құйға батқан күйіңді де кешірдім, Көтере алмай еңсеңді... Еңіреді есіл мұң, Бәйтеректей теңселді. Поэзия! Сағаладың сырахана, барларды, Аттан құлап ар қалды. Лыпасы жоқ үстінде Мөлдір сезім алданды... Көктен құлап түстің де, Жастық қылып жалғанды Атаукереңді іштің де, Айналып кеттің мүскінге!.. Шабыт шаңға аунап жатып арланды,
Поэзия! Тобылғыдай торы сыра тойдырып, Бас көтерді сой қылық... Алақанда арманыңды аялап, Сайран құрған саябақ Төсек болып, Тартып бара жатты енді ой-құдық... Жатыр... Жатыр шабытына шалынып, Жұлдыздарды жамылып. Пәтуасыз... Пәтуалы ғұмыр ма,- Жентектеліп жататұғын жұмырда?! Поэзия ұйқылы-ояу Көтеріліп бара жатты тұғырға. *** Күлейін десем, Күле алмай ыржиямын, Тауқыметтің тартқандай мың зиянын; Тозған тулақ-тірліктің арасында топыраққа айналған зым-зыямын. Бақыттан да, Сордан да адамын мен, Сырласамын қырдағы лала гүлмен. Анасының ақ сүтін талмайтұғын шаранасы кеппеген баламын мен.
Баламын мен бақытын іздемеген, Таза көңіл маржанын тізбелеген. Шұбатылған шылбыры адалдықтың үмітіңді үкілі үзбе менен. Үзбе менен көнтері күдеріңді, Кеудеме кеп, Білемін түнеріңді. Жамырайды жалғанның жансыздары, Жыларымды білмеймін, күлерімді. Ыржиямын, ырықсыз ызалымын, Құрбанымын қиянат тұзағының. Көлеңкесі қысқарған Көкбөрідей Жаңғырығар жапанда ұзақ үнім... *** Өмірдің өзін өлең деп қабылдаған бір Ақын, ессіз елтіп елеңдеп, іздеп өтті мұратын. Өмірдің өзін думан деп ұғынатын бір ақын, Арғымақ-арман қуған боп, шалдықтырды жыр-атын. Өмірдің бәрін сауық деп түсінетін бір ақын, ер-тоқымы ауып кеп, жығылып, қайта тұратын.
Өңі мен түсін айырмай, арасын шарлап жер-көктің, арда емген қулық тайындай, кетпеді иісі жөргектің. Пәниді жалғап бақиға тұлғасын тұтас сомдады. Сау басына сақина тілегенді қолдады... Жеп-жеңіл жүріп, өмірден жеп-жеңіл ғана кетті өтіп... Өрімдей өлең өрілген Көңілімді жүр көктетіп. Кім екен мынау өмірді қымбатқа жүрген бағалап?! Көктетпей тұрса көңілді, Тірлікті қайтем тағалап?! Қадыр түні
Арай болып көңілден тарайды өлең, Тәңіріме тәубе деп алам тыныс. Ойда отырып қыратқа қарай берем, “Жатыр ма, - деп, - бір аунап бабам тыныш?!” “Қадыр түні” көзімнен шырым алмай, Сау болуын Елімнің тілегенмін. Ақтармаған жүректің сыры қалмай, Көкке аунаған құраттай түлегенмін. Жоқты іздемен, барымды қанағат қып, Артық-ауыс Құдайдан сұрамаймын. Алласынан ұрпаққа аманат құт болсын деймін, Жоқ басқа, сірә, қайғым. Қорқыныштар қасқырдай қамалайды, Бордай тозып болашақ босағасы... Көрмесін деп Ел-жұртым қара қайғы, Ашылмауын тілеймін дос арасы!..
Бабам жатқан бейіттер қорымдағы күрсінбесін, Қадырдан тілейтінім! Жүректегі жараның орындары шымырлайды, тепсінсе дүлей түнім. Түнім тыныш, Ай аман, Жұлдыздарым жымыңдаса аспанның құрсағында, Құшағында бақыттың ұл-қыздарым бөленсін,- деп тіледім,- нұр-сағымға! Үмітімді үрейге қуалатып, Көкбөріні көк белде ұлытпайын!.. Өмірімді өлеңмен дуалатып, “Қадыр түні” ұрпақты ұлықтайын. Естісін деп үнімді...
Миым айналып, тілім байланып, Мылқаудың халін кешемін, Қайратым қайралып, Сайысқа сайланып, Көкірек көзін тесемін. Жадымда жаңғырып кешегі үн, Сұрайды лауға есегін... Митың-митың аяңы іш пысар жүріс баяғы, Жолының жонын шаң басқан. Тықылдап соқыр таяғы, мұзына мұңның таяды, Мүсәпір - тірлік танбастан... Қуаныш пен қайғы алмасқан осы ма өмір жалғасқан?! Өмірдің онда сәні жоқ, көңілдің көктем әні жоқ, Қайтқан қаздай қаңқылдаймын, Мені пенде деп түсінсең, тұғырымнан түсірсең, дауылдағы дауылпаздай шаңқылдаймын, теңізден тартынбаймын, тереңінде тыныстап салқындаймын.
Сонан соң таласатын ит таба алмай , сығатұғын бит таба алмай аласұрам, арпалысып өзіммен, пәтуасыз сөзімнен селкеуі көп сезімнен шошынамын... Адамдардың арасынан қара таппай тосыламын, Құтыла алмай жаласынан... Баяғы, кешегі, бүгінгі, санаумен саусақтар бүгілді. Санына жете алмай сансырап, Қалжырап, қансырап, Күдерім үзілді, үмітім үгілді... Айғайдан дауысым қарлықты, айдаудан демім барлықты, Көкбөрідей қырдағы қампайтамын жүнімді, үзіліссіз ұлыймын, Түркінің даласы, қазақтың баласы естісін деп үнімді. Түркістан - текті қалам…
Ассалаумағалейкум, Түркістаным, Көзіңнен көріп тұрмын күлкі ұшқанын. Мұнараң мұнарларды жарып шықты, Қопарып ғасырлардың қыртыстарын. Армысың, түрік жұрты - Түркістаным, Қазақтың жайлап жатқан бір пұшпағын. Жаңғырған заманалар көмейінен Төгіліп жатыр бүгін мұң құсталы үн. Не көрдің дүниеде не көрмедің, Жырау боп жүректен жыр төгер ме едің?! Мүшелтой мерекелі мерейімен, байқатар көсегесі көгергенін. Куәсi сыр айтады ғасырлардың, Жұмбағы шешілгендей жасырғанның. Арманы аспанында айналады, Қойныңда қоныс тапқан асылдардың.
Түркістан, Ясы, Сайрам, Отырарым, Түріктей текті туған топырағым! Тастағы таңба менен Иассауидің «Хикмет» құзырына отығамын. Түркістан - текті қалам жиектегі, Талайлар тағдырыңды иектеді. Қазақтың көгіндегі жұлдыздардың, осында жатыр асыл сүйектері. Түркістан - түтіні өшпес түрік тегім, Қатпарлы маңдайының үгіп терін. Қойнында уақыттың қалып қоймай, Үрлеген шырағдандай үміттерін. Тұранның кіндігі сен - Түркістаным, Өткіздің дәуірлердің мың қыспағын… Желбіреп көк байрағың күн астында, Әлемге тарап жатыр нұр құшқан үн!
Түркінің тарихы деу бұл қаланы, жарасар, әйтпесе өмір тұл қалады. Жаңарған жаса менің Түркістаным, Жүрегің жас баладай нұрланады. «Ажал араны» «Алтайдың алабы Арқаның танабы Ажал аузында жатқандай...» (Газеттерден) Саңырауқұлақ сар түтiн ажал боп аузын ашады. Тұманды тiрлiк арты түн, Тағдырдың тiнi тасалы. Жұтылып жатыр тiрлiгiм, Жатырда жарым ес болып. Аспанның ыстап түңлiгiн, Бомба боп ажал көштi өрiп. Құстың да күйiп қанаты, Құлайды көлге жете алмай. Соңырауқұлақ – дарақы Өртiнен жатыр өте алмай. Дегелең қаққа айрылып, Қаратас құрттай қайнайды. Тiрлiктiң тiнi шайлығып, Жүрегiн қайғы байлайды.
Сұққылап сәуле – инелiк, Тандырды естен тiрлiктi. Қара жер нандай иленiп, Аспанның асты дүрлiктi. Күннiң де көзiн шаң басып, Сәуленiң сағын сындырды. Тән курап, Бойдан жан қашып, Жалғанның жаны шыңғырды. Қаңсиды курап кеңсiрiк, Таусылып атар насыбай... Заманнан келген көршi ғып Барады жерден қашып Ай. Қорқыттың көрi көбейген, Барар жер, Басар тау да жоқ... Өктемдiк көрген өгейден Ауыру да көп, Сау да жоқ... *** Шарласам Қалба өңірін, Атадан қалған бар аңыз. Түркілік тектің төрі күн, Алыстаса да арамыз. Тарихын талда «Көрұлын», Жүрегі бір жан – дала, біз.
Жанарда жасын жарқылдап, Ошақта ойнар от шашып. Сара ала күздей салқындап, Бара ма күндер қоштасып?!. Арманның алды алтын бақ, Жүрек пен тілек – қос ғашық. Жарайды, демеу жұтармын, Өзімді алдап өзіммен... Тегімді қадір тұтар кім, Сеңгірдей сергек сезіммен?! Ұтылып тұрып ұтармын, Түркілік темір төзіммен. Өмірім – елес тарих, Тылсымның сыры тарқай ма? Түркінің тегін таниық, Ат басын бұршы Алтайға. Ақ басты шыңнан Ақиық Кездесер, қажып қартайған... Сілкілеп басын қарлы шың, Күлтегін болып сөйлесін. Түркінің ұлы, бармысың, Бабаның берер бейнесін. «Байырқу бабам, армысың!»,- Дейді ұлы жиып кейде есін.
Тағдырым – тұтас тағылық, Табаны тозған тағалы... Жаттыққа жалаң жағынып, Түсіріп алдым бағаны. Сағымның сазын сағынып, Күпсиді көңіл алаңы. Тәубеме келтір, Тәңірім, Намыстың отын жақ тағы... Алғашқы жүрген әмірің Қазақы қанды сақтады. Әлекейдейін әр ұлың Бақытқа батыл аттады. *** Ауызға алып Алланы, Сәресі сайын сыйынам. Мұсылмандықтың салмағы уыздай іште ұйыған. Қорқу жоқ менде, үрку жоқ, Кеудеме байлық, сыйған құт. Жаналғыш алса бір күн кеп, Жолдасым иба, имандық. Жаратқан ием, жасаған, Жіберіп пейіш-бақтарға, Сығалап тұрдың тасадан, Күнәға пендең батқанда.
Сайтанды маған сыңар ғып, Хауаны салдың есіне. Бойында балқып құмарлық, Ойнады жыны есіре. Әбілге Қабыл қиянат қылғанда қолын қақпадың. Зұлымдық қанға ұялап, Жауыздық жайды қақпанын. Ібіліс қанда қайнады, Кеудемде менің мекендеп. Бармағын Адам шайнады, “Келгенім жерге бекер!”-деп. Қайтайын!- деді,- қайта алмай, батпаққа батты белшеден. Өмірі өтті байқалмай, Безбенге салмай өлшенген... *** Жүрелеп жатқан жұртымды тұрғызам деумен, ұрандап кеңірдек быт-шыт жыртылды, Теректей тұтқан Құранды ап, күдіктен қудым бұлтымды. Үмітім алға ұмтылды.
Жылаған жаным уанды, Қарасы батып қараң күн. Жанардың жасы суалды, суындай кепкен Аралдың. Қайырлы көңіл қуанды, тұрса да күні тұманды... Уланып жүріп ұрандап, Тірліктің түбін төңкердім. Артымда ұлып Ұлан қап, Соңынан ердім ертеңнің. Кеудемде күйген өлкемнің орнына өскен өртеңмін. Өртенген өңір, шартарап түтінге тіні тұншыққан, Көкбөрі көзі қанталап, Қан кетті қара тұмсықтан. Қияңқы күндер қырсыққан орынын тапты ұршықтан. Құран ба, әлде ұран ба, Кеудемде бір үн ақырып шыға келді шығанға, тыныштық бермей жат үміт, қыл жылбыр салды шыдамға... Құрығын салған құланға, тұяғы тиген Тұранға Аруғым тұрды шақырып... Бәріне куә бір Алла!.. Шымқора
Шығыстың долы бораны даланы тағы орады, Қиыршық қардың ұшқыны қойныңа құмдай толады.
Ашуға ашу қосылып, Қалады ақыл тосылып. Қайраттың қайнап қуаты, Барады жындай жосылып.
Далада зорлық – зомбылық Мұздатып тәндi тоңдырып, тарылтып сабыр тынысын шыдамың шаршар болдырып.
Жолдарға жолдар жалғанбай үзiлiп iздер қалғандай. Айқарған боран астында тiршiлiк тыным алғандай.
Иенде сен - мен қауышып, Сағыныш сазын тауысып, Қалбада құшақтасқанда Мiнезiңдi алдым ауысып.
Көп болса менде қолай күн, Шаттығым шалқар мол айдын... Ашуым алға түскенде ақ боран, сендей бораймын.
- *
Өскеменім, Мен үшін топырағың, Тасың-дағы Қымбатты, Бақытымдай басымдағы! жастықтың Жазиралы жайлауындай Жылдардың Сенде көзі ашылғаны... Тұяғын тіршіліктің Тоздырғанша, Тағдырдың Ақ Ертістей тасынғаны Әлі де басылмады... Асты ма, Аспады ма асуынан, Арманның Ақ құсындай асылдары?! Қымбаттым, Сый-сыяпат сыбағасы – Жырлардың жүректегі шашылғаны! Өскеменім, Сенде өтті жалындаған Жастығым да, Малданып Жүрген кезде мас ғұмырға... Тағдырым Тайғанақтап тұрған кезде Сүйедің, Табындырмай тас-тұғырға. Көктем боп Сен жапырақ жайған кезде, Қызыл гүл Қауашағын ашты қырда.
Өскеменім, Әйтеуір балаң Сенің Маңайыңда Жүреді, Адасса да талайында... Мен сені, Сл сен де мені сүйеміз Ғашықтардай бал айында! бабамнан Бақыт болып қалған қала, Бір сенің Керегіңе жарайын да!?
***
Сағынамын, аңсаймын, аһ ұрамын!.. Ауылым-ау, аман ба атырабың? Сары қымыз – Сары уыз сезімімді шарасында санамның сапырамын... Аласарып арманым бара жатса, Ауылымның аруағын шақырамын. Қиялымның, ойымның тәттісіне Бақытымның бармағын батырамын. Олжам болса оралған сапарымнан, Сәлем-сауқат өзіңе татырамын... Құйынды өмір Сапырған сындарында Жолатқан жоқ, Ұланың атына мін!!!
- *
Өскеменім, Алтайдың алқасысың Алтындаған, Шығыстың Шырайысың жарқылдаған! табаны қызған Түрік арғымағы Ертістің Суын ішіп салқындаған. Өскеменім, Қойныңда Сақ та жатыр, Ғұн да жатыр, Жүректе қуаныш та, Мұң да жатыр... Таңында Тәуелсіздік Туым тіктім, Қазақты Шұғылалы нұрға батыр! Өскеменім, Үстінде қос өзеннің Тербетіліп Келесің, Құлағыңды желге түріп. Тастадым Күдігімді күлге көміп, Төріне Көңілімнің төрлет, Үміт!.. *** Іздер ме екен?.. Іздейді ғой мені ертең, Ізім – ізгі, Ізеттенер көлеңкем. Түркіліктің тұқым тартсам тегінен, Құшағына қауыштырар кең Өлкем.
Бауырыңа жабысып кеп кенедей, Ақ сүтіңді қақтап емдім телегей. “Қарыз алып, парызыңды төлемей, ұлым қайда ғайып болдың?”- демегей. Қарызыңа батып қалдым белшеден, Жүрегімде қатып қалды шер-шемен. Етек-жеңді жинастырып жатырмын, Уақытты зая өткізіп өлшеген. Ізеттен із, Иба қалса иманнан, Инабатты уағызға иланғам. Таңбалы тас тауқыметін түсініп, Қасіреттің қақпанында қиналғам. Бодауында бұлқынған көк бөрідей, Құтыла алмай тірідей, не өлідей... Алаштардың адастырған арманын мына дүние мұң мен шердің көрі ме, ей?! Қашан, Қалай ұялады бұл қайғы? (Барымталап қуанышты ұрлайды). Заман қашып, Ғаламдасып барады, маған, саған, оған мойын бұрмайды.
Адырнаны ақырғы рет тартайын, Кегі қайтқан ашу болып тарқайын... Түркіліктің тұқым тартқан тегінен шежіренің шертер шегін – Алтайым!.. *** Бәріне сендік, Бәріне көндік. Тамұққа түсіп, Жұмақты көрдік. Тұяқты серпіп, Тірідей өлдік. Байлауда жүрдік, Балақты түрдік. Жасырын жылап, Өтірік күлдік. Айтаққа еріп , Абалап үрдік. Көзден жас төгіп, Еркінбіз дедік. Сыңарлап мінді, Қосақтап жегіп. Таяқтан талып, Қамшыны жедік. Ойлайтын ой жоқ, Тойлайтын той көп. Жамырап жүрдік, жайылған қой боп. Қысқарды ақыл, Тіреді бой көк. Айтылмай арыз, Өтелмей парыз, Белшеден баттық ұрпаққа қарыз. Шайылды суға құмдағы бар із.
Іздемей текті, Жібердік кекті. Жүрекке мәңгүрт ұрығын септі. Тентіреп тірлік, тобыр боп кетті. Әкенің басын, Шешенің шашын сыйлаудан қалдық жасаған жасын. Танымас сана досы мен қасын. Күштіде білек, Батырда жүрек болмады, тобыр кеткен соң жүдеп. Адыра қалды тілеген тілек. Қара боп ақтан, Күйесін жаққан күндерім көлгір көпіріп аққан. Тантыған тірлік төбеттей қапқан. Қызсың, не ұлсың, Еріктен тұлсың. Шырмады шандып, Шырмауық тылсым. Бұйдалап алған заманға құлсың. Көңілдің зары өмірдің заңы. Тістесіп жүріп, Тегіңді таны. Біткенше ағып жүректің қаны! Әйтпесе өтер өмірің бекер. Сайқалсып күлген жалғаның мекер. Болса да мыйсыз, Басыңды көтер!
- * Бір тілім бар, түрікше тұмарланған. Бір тілім бар, қымыздай құмар қанған. Бір тілім бар, шетелдік шинеліндей, Сөйлей алмас ауызда шұбарланған.
Бір тілім бар, Тегімді таныта алған, Өлеңіме өрісті шабыт алғам. Бір тілім бар, бидайдай бытырлаған, Қасаңдықтан адамның жағы талған.
Бір тілім бар, Айбыны тас жаратын, Ата-тегі түркіден басталатын. Бір тілім бар, шіріген ауыздардан іріп шығып, Жау болып бас салатын. Келімсектің алдында жасқанатын…
Бір тілім бар, жырласа нағыз ақын, Таңдайынан бал-шырын тамызатын. Бір тілім бар, Содырдың шоқпарындай, Басың жарып, көзіңді ағызатын.
Бір тілім бар, үлгілі есті үнімен түріктігі танылар кескінінен. Бір тілім бар, Базардың былдырындай, Жанаспайтын жуықтап еш бірімен. Естілерді қинайды аза-қайғы, Қоқыстан кім тіл тегін тазалайды? Шұбар ала жыландай шұбатылған тіл тағдыры тыншымды ап мазалайды. Біз заманға кінәні арта салдық, Осы жағы көңілді назалайды. *** Жасаған, арызданып отырғам жоқ, жалыққан сыяқтымын топырдан көп?! Дүние дауға толы, Жауға толы, Қасысаң жарқылдайды қотырдан да от. Көрген жоқ ер-тоқымым бүтінделіп, (Ақылды ұрпақтарың құтылды өліп). Санасы сары су боп, мен сыяқты қалғандар қақталады түтінделіп.
Рухты ұлағатқа ұластырмай, Қиямет қиясына құлашты ұрмай, Қайнаймын күйкіліктің қазанында, Адымды қыл тұсамыс тұр аштырмай. Қайтемін тазалығын періштенің, Тірлікте толағайдай терістерім. Белбеуін босатпайды бостандықтың, Жүректе жұмарланған беріштерім, Құдайға... адамға да өкпелімін, Жасаған, жамандық көп, Жоқ керімім... Дырдай ғып дүниенің дәнемесін, Жұмағын дәметпеймін Көк төрінің. Осылай жараттың ба, жаратылдым!.. Қаймағын қоюлатып қара тілдің, Жасаған, жалғаныңмен жағаласып, арды аттап, арамыңа ара тұрдым.
Айналып кеткен кезде сезім күлге, мыс – алтын, көмір – күміс, бөзің – бүлде... Жентектеп Жер-жаһанды жеміргенге жетпейді, жасағаным, сөзің мүлде. Адам боп Құдай сөзін ұнатпаған пендеңмін, мұз үстіне тұрақтаған... Табаным тіреу таппай тайғанақтап, Құзына қияметтің құлап барам!.. *** Тілімді тістеп мен тұрдым, Көмейге кесек тығылдың. Өзегін өртеп өлтірдің, Кеудені қысты сығыр мұң. Қарысты жағым ашылмай, Сіресіп бұлшық еттері. Шаттықтан шашу шашылмай, Қолқаны қайғы кептеді. Шама жоқ айқайлауға да, Тұрған соң дауыс қарлығып. Дауаламайсың дауға да, Шешеннің сөзі шалдығып.
Қыстығып намыс іштегі, Сыздайды бітеу жарадай. Тілімді тісім тістеді, былдырлап сақау баладай. Тастасам шайнап тілімді, Түсінер немді ұрпағым?! Өзегін құрт жеп ділімді кім білген мәңгүрт құртарын?! “Ақырып теңдік сұрайтын” алдымда тұрған қасым жоқ. Жарқ етіп жерге құлайтын кетер ем күйіп жасын боп. Қойғандай жұтып тілімді, Көмейге үнім кептелген... Сезбейді-ау өлі, тірімді көрпесі қалың көп пендем?! Жібітіп жақты қарысқан, Шығарып тілді алайын. Атылған Айға арыстан сыяқты, мерт боп қалайын!.. Мейлі... *** Еңіреп өтіп келем “Елім” деумен, Жыртығын жүрегімді желімдеумен. Түтінге тұншығады тыныштығы, Өзегін өрт жайлаған өңір-кеудем.
“Түлетсем ділін, тілін” деген едім, Құлдықтан құтылғанша көген-елім?! Табаны тасқа тиіп талабымның, Жолымды кес-кестейді неге менің?! Арманды аңсағаным бекер ме еді?! Күрестім Елдің рухын көтергелі... Жүзінде ұстараның жүрсем-дағы, Көңілдің күмбезіне от өрледі. Жалыны шарпу үшін шартарапты, Ақындық ауыр жүгін арқалатты. Уайымның уысында умаждалмай, Сезімге серік еттім марқабатты. Сүйдім де ғашықтардай ұлы Елімді, Тәңірге табыстадым тілегімді... “Бақыттың бақшасына барам ба?”- деп, Жаныма жолдас еттім Ленинді.
Байлықтың тартқыладық құлағынан, Жоқтықты тайдыруға тұрағынан. Бай да жоқ, кедей де жоқ, тепе-теңдік, “Жетер жер – Коммунизм!”- бір-ақ ұран. Айырмай ақ-қараның ара жігін, Дүниенің арқаладық дара жүгін. “Алды жөн, арты соқпақ” кезде Ардың аттадым... аттамадым “ала жібін”?!. Сөз басқа, болып шықты ісім басқа, Тірлікті тойғызбадым тұщымды асқа. Айрылды киесінен “Қызыл билет”, амал жоқ ел алдында қысылмасқа?!. Өмірі кімді іздедім, нені іздедім?.. Еңбекті енесіне емізгемін!.. Кемесі тау толқынмен жағаласқан, әлі де көк дауылды теңіздемін. Алтайым
Алтайым, алабыңды аралайын, Жанға әл, Жүрегіме нәр алайын. Жапанда жасыл желек жайқалады самырсын, қайың, шырша, қарағайың. Тамсантып таңқурайың таңдайымды, Саясын ұсынады мама қайың. Шалғының шалғауына шалындырып, Мазамды марғауына малындырып, Жұмақты жамбасыма жаймалайды, Қойнына құлағанда әлім құрып. Сезімнің селкеулігін ширатады Түріктің тегіндегі дарындылық. Терең сай, құлама құз, жыраларың нұсқайды сірі-сүрлеу бұралаңын, Табаны тастан тасқа тайғанаған бұлақты жетелейді бұлаң-ағын. Сірнесін сағыныштың сықтырады, Алтайым, алтын бесік, нұр алабым!..
Бұқтырма бас асаудай арқыраған, Сарына сайын түнде сарқыраған... Беделдің бетегесін бөрік қылып, Жатыпты-ау “жертөледе” Алтын Адам?! Танытқан Көк Түріктің тарихын тасыңның таңбасында із жарқыраған. Шоқтығы сұлулықтың шалқарлы ұйық, Ойнаған бауырыңда арқар-киік. Мұзтаудың мұңға батқан мұнарасын көргенде көкірегім тартар күйік. Алақан аясында аласарсаң, Өзіңнен көлеңкелі қалқаң биік. Шалғынын Шабанбайдың шаң қаппаған, Бекалқа беткейінде аң қаптаған. Жер жанаты – Ақсудың айналасы Өзінен басқа аруды аңдатпаған. Айтпақшы, Алтайымның адамдары өмірі емес ұят-арды аттаған.
Салуға сүгіретін сымбатыңның аспанда Ай аунатып нұрға тұндым. Сүт сәуле сезімімді сіркіретіп, Өлеңнің өзегінде ырғатылдым. Күркіреп көмейіңде құдіретті үн Түркінің жебесіндей шыңға атылдың. Жасырған жұмырыңа жұмбақтарың ашылмай, құпиялы тұр қатпарың... “Көкте сен, жерде қожа менмін!”- деген Күлтегін үнін ашық тыңдатпадың. Тастағы Түркілердің таңбасының сырын ұқпай, барады құрған қаным. Сенің де жүрегіңнің мұңы қалың, Тұмасын таппаған соң тұнық әнің. Ұрпағың ұлағатты ұлықтамай, ұқпайды ұрымталға ұрынарын... Перделеп пенделіктің перделерін көрсоқыр көлеңкемде құмығамын.
Мазамды масатыдай мұңға малып, Тағдырдың тәтті күні тұр қамалып. Екеуміз еңіресек, етек толы көз жасы сіңіп жатар құмға барып... Әйтеуір, Алтай, сенен көз жазбаймын, Біреулер әкетердей ұрлап алып...
- *
О, туған жер, Дей алмаймын «кеш мені», Пақырыңды пасық бір ой төстеді. Ындынымның ұңғысынан ұшқан оқ, Тұр денеңді көктей өтіп тескелі.
Туған жоқ ем шеңгеліммен қан ұстап, Қала алмады жүрегімде намысты ап. Ындынымда ынсап болмай бүгінде, Жер-анасын бара жатыр жаныштап.
О, жер-ана, Садағаң боп кетейін, Парызымды қалай саған өтейін?! Ындыныммен ымыраға келе алмай, От-жалынға өртенеді көкейім.
О,жер-ана, Кешпе мейлі, кеш мейлі, Мынау ұрпақ өшпейді де өспейді… Қайтармаса жылан басын ақ құйып, Жылы орнынан жұрт жаңалап көшпейді. Ошағында сөніп қалды от үнім, Артқа шашып күлі менен қоқымын. Сүйегіңді саудыратып саудалап, Босағада бордай тозды «соқырың». Ақ сүтіңді ақтай алмай мұңлымын, Сұмпайының тұсай алмай сұмдығын!!! Қасіреттің қақпанына түскенде Кете алмадым болып сенің құлдығың. Шырақ алып түскен сенің соңыңа, Құдай атсын мені-дағы, оны-да!!! Келер ұрпақ кебінімді шешіп ап, Дүре салып жатар ма екен соңыра?!
*** Көшпелі дүние, көл көңіл, көсіліп кетіп барасың. Жүрмейсің жөндеп жөнге бір, Шабыттың шырмап шамасын. “Сезімге сіңген сөнбе, нұр, жалғай бер ғұмыр арасын!” – деп тілек тілер пенде бұл, Көрсетпей кетер қарасын. Шабыттың шырқы шадыман шаттығын шалқар сыйлады. Жарылып жүрек ағынан рахат нұрын құйғалы тұрғанда, таймай тағынан бақыттың бәрі бұйдалы... Өткен шақ, Сені сағынам, даламның дархан дидары. Шағым жоқ, қалды елесің, жадымда мәңгі сақталып, Елес боп ғана ересің, Сандықтан сырды ақтарып. Күміспен күптеп көбесін, алтынмен арман апталып, Өткенім, беттен өбесің, Самал боп желпіп шаттанып. Бетеге, жусан, бедесін төсеніш етем – ақ мамық.
Шау тартып қалған шаманың шаршаған шағы шалдығып, зымырап өтті заманым, артына шаңын қалдырып. Жатырқап тұрмын, Жаңаның телпегі тері таң қылып. Төсінде туған даланың кезеді үнім жаңғырып...
Елестің ашып есігін, еңкеймей төрге озамын. Жұмаққа енсем несі мін, пәнидің тастап тозағын?! Естіртпей елге есімін өзегін жармас өз әнім. Өткен шақпенен өшіп үн, айналар күлге қозамын!
Қалдырар артқа тозаңын...
- *
Қара деген… Шынында осы «қара» ма?! «Ақ жағы» бар қазақылық санада. Қара қазақ, Қара жер мен қара өлең Қасиеті қастерленген далада.
Қара деген – «әппағындай» қастерлі, Қара белбеу буындырған аш белді. Қара қазан қайнауында былбырап, Ақсақалдың алдына сый-бас келді. Қаратаудың қадір тұтып киесін, Қара нарға қара шаңырақ тиесін, Қара жолдың қара шаңын көтеріп, Қара қостың іздемеген иесін. «Қара құлақ», «қара табан» баласы – қара көздің ағы менен қарасы. «Қара» десе, қарапайым қазақтың Ханнан бетер биіктейді бағасы. Қара жияу емес, тегі, қазағың, Қара сөзбен жеңілдеткен азабын!… Шешендер де қара қылды қақ жарып, Қара тілмен қыздырған ғой базарын.
«Қара» деген – қарапайым дегені, Қараның көп қастерлеген көгені. Күмбірлеген қара қобыз, домбыра Күлтеленген көңіл күйін төгеді. Қайран қазақ, Қараны да ақ қылып, Арманымен жүрді таңын аттырып… Қарапайым қара халық жанында Жауқазындай жарып шыққан жатты үміт! Тал бесігім Туған жерім, Тал бесігім – қымбаттым, Жүрегіме жалын құйып нұрлаттың. Көңілімнің терезесі суланса, Жібек желдің желпуімен құрғаттың. Маған бердің махаббаттың барлығын, Уайымсыз өткен Сенде қалды күн. Табанымды топырағың қыздырды, Жоғалтқам жоқ сол жылудың қалдығын.
Мен мұңайып, Сен мұңайып бұл күнде, Ұға алмаймыз құйып жатыр нұр кімге?! Сәл алыстап кеткен кезде өзіңнен, Жүрегімнің суынғанын білдің бе?! Жонын кезіп келем шилі Жотаның, Қышқыл дәмін татып ала ботаның. Әрбір үйің қарт бүрадай шөгерген, Жатырсың ба кіп-кішкентай Отаным. Жатырсың ба мені күтіп, Келер деп, Әр дүбірге құлақ түріп елеңдеп?! Тотыяйын түстес ауаңды сіміріп, Ақ сүтіңді еміреніп емем кеп. Емемін де жасарамын қайтадан, (Шалабың да шырын маған шайқаған). Ұланым-ай, Жыр-әнімсің таусылмас, Қалса-дағы күнім сөніп, Ай қараң…
Алаң көңіл, түңіл мейлі түңілме, Екеуміз де еріксізбіз бүгінде. Қан базарда қасап қылып, не қылсын, Сатып бізді жібермесе түбінде?
- *
Туған жер деген немене, Ауылдың тау мен тасы ма?! Қызғалдақ жапқан төбе ме, Қызығым қалған шашыла?!
Туған жер деген немене, Тобылғы, қарағаны ма?!
Кептірген құрт па өреде, Сірне боп сәуле «шаңына»?!
Туған жер деген, немене, Өзен бе қамыс, қоғалы?! Бетеге, жусан, көде ме, Тобықтан аспас жоғары?!
Туған жер деген, бауырым, Мені мен Сенің бөлшегің. Анаңдай асыл-ауылдың, Емізген өмір емшегін.
Көрінбес қылдай нәзік бір Құдірет кіндік байлаған. Айналып табар қазық бұл, Бесігін түзеп сайлаған.
Туған жер деген, қарағым, Сарғайған сары сағыныш. Ауасын жұтып даланың, Қайнардың суын қанып іш. Сезімнің мөлдір тамшысы Тамады тырс-тырс өңірге. Асықтың түсіп алшысы, Туасың қайта өмірге. Туасың жаның жаңғырып, Оранып махаббатына… Жүрекке жалын жандырып, Мінгізер сенім атына. *** Ауылға бармай, “ауыл” деп тамсанамыз, Ақиқатсыз айтылар қаншама аңыз?! Қамалына қаланың қамалып ап, Орақ орып ауызбен шаршамаңыз! Баяғыдай ауылды елестетіп, бос қиялды боздатып белеске өтіп кетсең-дағы, ардақты ауылыңда жан сүйсінер қалмады ерекше түк.
Жомарттығы жоғалған жұртыңнан да, Омақа асқан, үмітке ұмтылғанда. Құрық ұстап құрдымда қалды ауылың, Құт-береке құлықсыз құртылғанда. Тіршіліктің тақымы терлеуіне мұрша бермей, өмірі өрлеуіне... Қылқұйрығы қалмаған ауылыңның қыстырылды қамшысы белбеуіне. Сөгілгенде іргесі берекенің, мерейін де ұмытты мерекенің. Айрандайын ұйып кеп отыратын алды естен шығарып Ел екенін. Сағынады құл күнін құлдық ұрып, Жібергенде жылдары жынды қылып... Барымтасы басынып күндізінде, тыншымайды түнімен ұрлық ұлып. Жарылқанбай жағдайы “жекенің” де, Мөңірейді мақсұты мекенінде. Жетпістегі кемпірдің кәрі ешкісі жетпегірдің барады жетегінде.
Кеуіп қалған итаяқ, күбі қаңсып, шөжелер жүр көденің түбін “аршып”. Қарашығы суланған қара шалдың Жанарында қалмаған сұғынар сұқ. Аңыздағы ауылды аңсағамыз, ертегідей елеске тамсанамыз!.. Өмірі өксіп, өкпесі күйіп қалған ауылға енді қалайша жан саламыз?.. Ескі жұртта Таусылмастай көрінетін қызығы, Сыңғырлаған күмістейін қыз үні… Елес болып есте қапты бүгінде, Жібек жіктей жас дәуреннің үзігі. Сайдан құлап аққан асау жылдардың Жылғасында жасырынып сыр қалдың. Сағынышы самал желмен жөнелтіп жатқан, Жастық дауысыңды тыңдар кім?!
Балалықтың басып тұрып сүрлеуін, Сағыныштың шештім баппен күрмеуін. Мүмкін емес ескі жұртқа оралып, Бал дәуреннің соқпағымен жүрмеуім. Есенгелді есігінен ентелеп енген кезде, Сағынышты ерте кеп, Ауылымның алақаны аялап, Тосып алды сар самалы еркелеп. Қол ұстасып самалменен қырды астым, (Тұғырында туған елдің тұрмас кім?!) тоза-тоза топыраққа айналған ескі жұртта елесі жүр құрдастың. Елесі жүр Нұрбанудың, Майданның, Жаңбырдан соң жаялығын жайған күн. Көз алдымда балалығым тіріліп, Бара-бара сәбиге өзім айналдым. Жүре бердім желге беріп бетімді, Күн қақтады күлдіретіп кекілді. Қара бала отыр өгіз үстінде, Қара қос та сол қалпында секілді.
Көз алдымда кетті ауыл жанданып, (Толып жатыр ақ бидайға арба нық). Көзім жұмып, қиялыма көміліп, Ескі жұртта тұрмын елеске алданып. *** Күйкіліктің күлін шашып күнделік, Шегірткедей шырылдаған үнге еріп, Өзегімнен өткенімді өткеріп, Отырамын Күн мен Түнге сүрленіп. Сана-сезім сар даланы сағынып, Түйсігімде таудың гүлін тағынып, ақ бұлттардың арасында аунайды арманыма астар болған ақ үміт. Отырамын осыларға малданып, Алла аты орнағандай арда нық. Көңіл шіркін көк дөненін көлбетіп, Қиялдың жүр қанатына жалғанып. Ойламайтын өмірді де, өлімді, балалық шақ бақытымдай көрінді. Тіршіліктің тыпырынан тазарып, Софылыққа ұсынамын төрімді...
Бақ та, атақ та керегі жоқ сыяқты, Мәпелеймін ождан менен ұятты... Тағдырменен тайталасып таңдарда тоздырып ем толағайдай тұяқты. Жоқ сыяқты бергенім де, алғаным, Бос сыяқты ботадайын арманым?! Сықпа-сезім сірнеленген сөреде кеуіп қалған, тістегендей бармағын... Ризалық танытпайды көкейім , (Дүниенің асты-үсті от ойын.) Қалған ғұмыр-күндерімді қолтықтап, Өмірімнің өткелінен өтейін. Парыз да жоқ, қарыз да жоқ бұл күнде, қызықпаймын құйылады нұр кімге?! Кешегім де, бүгінгім де, ертеңім бір-бірінен айырмасыз тұр мүлде.
*** Мен жоқтамай, Сен жоқтамай, ол жоқтамай рухты, кім жоқтайды ендеше? Көкбөрінің ұрпағы едің Сен кеше, Ештеңеге таңқалмайтын ұрпағың тарихына сенбесе, ұлтарақтай тозғанынша ұлтаның, мәңгүрттікке айырбастап ұлт арын, күнелтейік пендеше... Қайыратын ой қанатын, ұмытатын қойған атын пендешілік пешенесі – күйкілік, күн кешетін итініп... Қиял құсы қыр аспайтын, арманға арман ұласпайтын босағада байлаудағы иті үріп. Көршімен хал сұраспайтын, іші-сырты сыр ашпайтын ошағының отына өзі үйтіліп...
Үмітімді арта алмаймын, арманымда арқандаймын пенделіктің ауылынан алшақтап, Жолдас емес қайдағы мен жайдағы, көтерілмес байрағы, күнелтетін күйкілікпен жан сақтап!? Маған керек күш-қуаттың қайрағы, сүт бетінің қаймағы, Қапалақтар, Жапалақтар ақпандағы қарша аппақ!.. Жоқшымын мен, топшымын мен – күш құятын қанатқа, қосыла алман санатқа, сезінбесем бабалардың киесін... Тіршіліктің тамұғына күйесің, итіне бас иесің, Жаның барып жай тапқанша жанатта, тыныштығын қарақта. Маған, саған, оған рух жоламайды, о несі? Қам көңілді қоралайды, нарттай жанып өңеші. Жақсылықтар жоламайды, кіргенінше Ел есі... Ант алдында о да қайғы,
аласарып кетсе ұрпақтың өресі. Тау көтерген Толағайды күтеміз бе, Көрінгенше төбесі?.. Бойымдағы намыс қайда, ар қайда?.. Мәңгүрттіктің мойнын жұлып алмай ма!? Жора болды сенгенім, қора болды енгенім, сор сіркелеп маңдайда... Күйкілік жүр күйбеңмен, Қолын жайып үйренген қайыршылық қылығымен күйленген тірлік тұрмыс таңдай ма!? Дүние деген дуадақ аруақты рухты қуалап, Шырғалаңда шірітеді шалғайда... Шөлдеп тұрмын... бір тамшы су тамбай ма зәмзәм болып таңдайға?!. Ұланым ұлағаттың ұясындай Қаз қонған, аққу ұшып көлдеріне, Бетеге, жусан біткен белдеріне. Ұланым ұлағаттың ұясындай, Өмірдің өзек болған өрнегіне.
Бескөлім бойжеткеннің жанарындай, Шыңдарың сұлулардың анарындай. Айыртау, Көктау, Қалба қолдан соққан Найманның қаһармандық қамалындай. Сандықтас – сар жайлауы сағыныштың, Сапырып сары қымыз қанып іштім. Қиялым қияндарға қанат қағып, Балапан арманымды алып ұштым. Сібенің салқын суы сылдыраған, Бұрымын бұлғақтатып мың бұраған... Шағылып шұғыланың шапағына Сағаның сауырынан нұр құлаған. Кір жуып, кіндік кескен тұрағымсың, Аузында ақындардың жыр-әнімсің! Жалыны жүрегімнің әлсіресе, Бойыма қуат құяр Ұланым шын... Тауларың, төбелерің, шоқыларың жаныма жыр құяды оты қалың. Жарыңда жалаңаяқ жүгіргенде табаннан өтті ыстық топырағың.
Базарым өтті сенде бұла күнгі, төсеніп жусаныңды, құрағыңды... Шарлайды ойым жер мен аспан астын, Жүрекке орап алып Ұланымды. *** Ұланым – арман жыр-әнім, ардақты алтын тұрағым. Төсіңде тұрып тербелдім, Кеудемді кернеп нұр-ағын. Айыртау қолын бұлғайды, Сезімнің сырын ұрлайды. Сандықтас, салқын самалың сағыныш сазы – сырнайлы. Сібенің суы балдайын, Тұщынар татсаң таңдайың. Көктаудың қына шыңдары сүйгізер Күнге маңдайын. Қойнауы құтты Қалбаның, көмкерген орман жалдарын... Қайыңы қыздай құлпырып, Салады сазды жанға мұң. Боз жусан жапқан қырларым, Сағыныш сырын ұрладың. Сөнбейтін Күнім – туған жер, Кеудемде күліп тұрғаның.
Ұланым менің сүйкімді, Тербеткен тәтті ұйқымды. Сағынсам сені саржайлау кеудемде күмбір күй тұнды. Ұланым – алтын бесігім, Керуені көңіл көшінің. Тағдырдың тарғыл жолында өзіңнен болған несібім. Атыңнан айдай айналдым, Қанатын жырдың жайғанмын. Жырақтап сенен кете алмай, Кіндіктен берік байландым. Кетпедім жырақ өзіңнен, етпедім таса көзімнен. Жанымның жарық жұлдызы екенін Сенде сезінгем. Қарызың қалың мойнымда, Орманы қалың ойдың да... Дамылдың тауып дауасын, Жатайын Сенің қойныңда! Затыңмен атым кірігіп, Төбемнен түңлік түріліп тұрғанда, менің, Ұланым, бітеді бойға ірілік.
*** “Америкада Қазақстаннан асырап алған 3000 (үш мыңға) жуық қазақ баласы тұрады...” (“Қазақ әдебиеті” газетінен) О, менің жетім қозым, жетім лағым!.. Қалмады бойда намыс, бетімде арым!.. Жарылып кетпейсің бе жаманаттан, бауырға құйылатын өтің барың?! Уызға жарымаған, жетімегім, Қалайша мұхит асып кетіп едің?! Тағасыз тайғанақтап тас-тірлікте тозған тұяқ секілді кетілемін. Жат елдің жайлауында жайыласың, Жат тілмен кәлимаңды “қайырасың”... О, Құдай! Мазағың ба, азабың ба, баламды бауырымнан айырасың?.. Қалмады Сенен басқа арызданар, (арманның арнасында аңыз қалар?!) Түріктің тектілігін тәрк етіп, Жайым жоқ жат жұрттыққа қарызданар!..
Салам ба қыл арқанды мойыныма?! (Тәубәшіл қазақ едім тойымыңа.) Ақ қанат арманымның көбелегі – сәбиді сыйдырмадың қойыныма. “Қарыштап Қазақстан” тұрғаныңды қайтейін, мұнар басса шыңдарымды?! Ханың бар, қарашаң бар, қаңғып кеткен жиып ал шашылған қыз-ұлдарыңды! Түсірме жүрегіме қалың қайғы, Онсыз да басымнан мұң арылмайды!.. Алсаң да адам жасап топырақтан, Қазақтың қаны одан табылмайды. Не сұмдық бөлке нандай бала сатқан?! Арманның Аспантауын аласартқан... Көкесін тауқыметтің көрген қазақ дәл бұлай айрылмаған парасаттан!
Шындықтың шылбырындай шешілгемін, ойнаған төбемде Ай, төсімде Күн!.. Ұрпағым ұясынан адасқанда не сәнім “егемен” боп есіргенім!?!.. *** Қанды соғыс әкемді алып кеткен, Сәбидің от жүрегін шалып беттен... Атан түйе көтермес ауырлықты Арқалаған ер еді халық неткен?! Таразыға тартылды тарихымыз, Бесігінде бұзылды бал ұйқымыз. Қансыраған қызыл күн райынан Тарылатын тағдырды танитынбыз. Қара тірлік, Қара қос, Қаралы ауыл... Бұрқыраған долданып «қара дауыл»... Арманымның аңқасын кептіреді, Тіршілігім тынысын алады ауыр.
Шөп мәшіннің орағы зырылдайды, Жетектегі төрт өгіз қырылдайды... Аналардың көңілі күдік толы, Келмесін деп тілейді «ұрын» қайғы. Ұрын келіп уайым улатады, Ауыл-үйді ұлардай шулатады. «Қара қағаз» қайғысы қанда қатып, Сәбидің де жүрегін тулатады. Қалды талай айтылмай ауыл әні, Қанға батты дала мен тау ұланы. Қара табан күндерді елестетсем, Қартаң тартқан жүрегім ауырады. Өткен ғасыр елес боп елестейді, Өткен шақпен келер шақ теңеспейді. «Құдайымның жазғаны» дей саламыз, Ал, Құдайың адаммен кеңеспейді. Сынай беріп несі бар «жасағанның», Шыға келер шүйлігіп тасадан мұң. Алламенен жұмысы болмайды екен, Ауқатынан айрылған аш адамның.
Қара тірлік, Қара қос, Қаралы адам,- Сұрапылда сағатын санамаған. Қараңғыға қамалған қара көңіл Жасқанады жалғандық самаладан... *** Тіршіліктің тозаңына тұншығып, Жапырағын жая алмайды жыршы-үміт. Зымырандай зуылдаған уақыт дірілдейді, тұла бойы түршігіп. Тұлпарда да тұяқ тозған тебіндей, Көкірек көз күрсінеді, егілмей... Сезім суып, ой орталап барады, Түркілердің таптырмаған тегіндей. Жеті қат Жер, жеті қат Көк қатталып, ашпайды сыр ақиқатын ақтарып. Құмырсқаның күнін кешіп көшті өмір, жұмағына... тозағына аттанып.
Тексіз ұрпақ тебінгіні тепкілеп, Батыс жақтың бұйдасына “ептірек”... Кәрі көңіл қыл арқандай ширығып, Ойран ойдан ойнатады отты леп! Аңсағаны баяғы ма, бағзы ма? Аманаттың алдына кеп арзыма! Туажаттың “топырына тояттап”, Ақыреттің аялында алжыма! Арманды да қуалама түлкідей, Тіршілікке тыжырынба түрпідей. Алты Алаштың ұранына уанып, Тағдырыңды Тәңірге бер Түркідей. Қарасан боп қалғанынша қауқарың, Тау төсінен құлағанша таутаның, Ұрпағыңа ұлағатты ұялат, Жойғанынша жалтаңы мен жаутаңын! Ханның-дағы, бектің-дағы, заданың тай-таласта төңкерген тайқазанын, түкті жүрек Түркілердің алдында тізе бүккен аза-мұң!
Қайырлаған қайық ғұмыр-күншілік, Кәрі көңіл қалтырайды түршігіп... Туажаттың тірщілігі – Тәңірсіз, Алаңдайды Алтай-Ата күрсініп!.. *** Азатпын ба, азаппын ба осы мен?! Көңілімнің қошы кем... Заманымның заңғарынан көрінер, Жарық жұлдыз тосып ем. Тамырымның тереңінен өрілер тектілердің қауышар ма ем досымен?! “Қазақпын!” – деп қауқылдасам, дауысым жаңғыртпайды тау ішін. “Сүйектен сөз өткізетін” “қара тіл” жаралмаған дау үшін!.. Кеуделемей “қара қайғы” бара тұр, Мына мезет – ауысым. Сөйлемесем, суық сезім сұрланып, ұшып шығар ұрланып, көкіректің қордаланған “бұлтын” ап... нөсерлейді тұлданып. Бассыз ашу бурадайын бұрқырап, Шабынады жынданып.
Өзімді өзім түсінбеуге айналдым, “Жұлдыз бардым, Ай бардым”. Қара қылды қақ жаратын, қара тіл, Ақыл-ада, ес-есеңгір, сана-тұл, Көкіректі қайғы алды... Азатпын ба, азаппын ба, білмеймін, Кейде Күндей, кейде қара түндеймін. Дүниенің сөлін сыққан уақыт дегендей ме: “Жүндеймін?!” Зар илеген жүрегімді жұбатып, ұйқысыз көз ілмеймін... Ұлтымнан да, жұртымнан да адасып, тірлігім тұр таң асып... Төре тілді түркілердің ұрпағы бөгде тілге таласып, жұлым-жұлым ұлтарақтай ұлтаны, өлеусірейді қарашық... Мен отырмын бал ашып!..
*** Тереңге тартқан тамырдың таязда тегі табылмас. Шағылда сары сағымның елесі түптеп танылмас. Сынбаса сыны сағыңның, Ақиқат беті жабылмас. Таба алмай түпкі тегімді тереңге таман телмірдім. Тәңірім тұтқан Көгімді төңкеріп төске төндірдім. Көтерген көктем көңілді күдікпен басар мөлдір мұң. Жұлдыз да жарық, Ай жарық, Күн шықса, көкте жоқ бәрі. Сәуленің сұғын найза ғып, Шашырар жүрек оттары. Бәйгенің бәсін тай жарып, Тұлпардың туы тоқтады. Тегімнің қайда төркіні Тентіреп іздеп табатын? Көгілдір әлем көлкіді, Керіле жайып қанатын... Өзегі – жалын, өрт-үні тосады ұрпақ тағатын.
Тереңде тектің түйіні тағдырын талдар түріктің. Баяны бұққан бұйығы көмбесін қазып күдіктің. Ұрпақтың ойы ұйыды, үрейден үміт үріктің?! Тұңғиық түнсіз тереңім, бойламай батып барамын. Бекзада бақты берерің болады, үлес алар күн! Көгілдір көктің кемерін кеміріп, тағат табармын... *** Қауырсын қанат қиялым үлпілдеп ұзап ұшады, Жылуын тастан ұяның тасбауыр тінін құшады, Қайратын қайрап күш-әлі, таластың ділін тұсады. Қырандай қиял қимылы сананы судай сапырып, тегімнің тылсым тұйғыны жал құйрығын жапырып, ауанды ауыстырады, қызықпен қауыштырады.
Ғарыштың еніп қойнына, Тәңірдің тілін ұғындым. Мәңгінің мініп мойнына, Бақилық баққа ұрындым. Ойымды ойрандамайды, толымды тойлар қамайды. Заманнан қашу – заңдылық, ерте ме, кеш пе пендеге?! Жүректің үні жаңғырып ойнай ма сегіз пернеде?! Көңілді көкке көтерер танылған текте от өрер. Тегімнің түбі тілімді ұстартып, дабыл қағады, Тереңнен тауып ділімді, теңдессіз бағаланады. Құнымды қымбаттатады, Жайылар жұмбақты атағы! Атады таңым арайлап, Сергітіп салқын самалы. Бұрқырап буы бал аймақ тыныстар тауда шамалы. Шуаққа оранғандаймын, суатқа оралғандаймын.
Қауырсын қиял қырандай жетіліп, көкте қалықтар... Алтайдан өрген ұландар – Түркінің тегі – алыптар! Әлемді жарықтандырып туды ұлы халық мәңгілік!.. *** Мақтанға толы дүние масаттанып, Шылғидың шылбыр жібі шашақталып, ақ көбік езуінде есіреді, жалғаны жасауылдай жасақтанып. Жаны бар жаһаннамда жасқанбайтын, ақылды айламенен астарлайтын. Жүректің жіңішкерген жібі үзіліп, Көзінен көкіректің жас парлайтын. Күдіктің көлеңкесі ұзарады, Мақтанның бөбешегі қызарады. “Бақыттан” басы айналып бара жатса, Сорынан солықтайды сыз алабы.
Ұйысып жабағыдай күземдігі, үзердей шіренеді үзеңгіні. Жұмыр Жер жарылуға шақ қалады, тырсылдап жаз бойлығы, күз ендігі. Қоршаған ауаң толы мақтаншаққа, (Тәңірім, ақырзаман шақтан сақта?!) Атасы атой салып алдан шығар, Ғарыштың ғаламына аттансақ та. Мақтаның масайраса масатыдай, қалмайды ақиқатқа тас атылмай. Өтірік өзеурейді өзегінде, шындықтың шымылдығын ашатындай. О, мақтан, пенделерді даң қыласың, Ақиқат аттамайды аңдығасын. Ұяттың ұясына ұялап ап, Лыпасыз дүниені қалдырасың. ... мақтанам, ... мақтанасың, ... мақтанады, Мақтаннан масаң тірлік шат табады... Әзәзіл құдығының суын ішіп, пендең тұр “ала жіптен” аттағалы! ***
Ойларым үзік, тізгінін сүзіп күштейді, Сайтаны буып, Байталға мініп түспейді. Шығандап шашау, ұрт кетіп асау, ауыздықты азу тістейді. Қайратым кеміп, сезімім семіп суалды, Шаманың шарқы арзандап нарқы қуарды. Жырларым жұмбақ сырларымды ұрлап, Жіңішкертеді жуанды. Өмірдің әні, көңілдің сәні жоғалған, Баяулап келіп, аялдап көлік доғарғам... Топырақ құмар тоқырап тұрар тоқ арман. Жайлауым сары кеткендей мәні жұртынан, Жылдарым – жемір, күлмейді көңіл мұртынан. Күндерім озып, түндерім тозып жыртылған.
Самарқау сәтім ұйқыға жақын тұрады, ұлықтап ұлан құдыққа құлан құлады... Шаттығым шала, ақ нұрым қара, Құдайдың түспей құраны, Жүрегім жасын бұлады... *** Намысым қайда, намысым, “Садаға жаны ар үшін”?! Тілімді тістеп мен тұрмын, “тауықтай терген тарысын”. Түркілік тектің жұрнағын зымиян заман, ұрладың. Керенау көңіл кеш білді, Құдайдың көзі ұрғанын. Арманы асқақ ақынның қиялын құмға батырдың!.. Өзі өліп, тілін қалдырған, тағдырын бермей Латынның. Көкірек көзім жабылды, Күркілдеп өкпем қабынды. Сандуғаш сайрап тұрмаған қайтемін жасыл бағыңды!?
Көмейге бұқты қызыл тіл, Көктемім құрғақ, күзім тұл... Алаңдай берем артыма, тататын қандай тұзым тұр?! Сорпасын сығып қанының, Солқылдар шеке тамырым. Тілімді тістеп өлгенде Күңреніп жатар қабырым. Ұлардай ойым шулаған, Жанарды жасы сулаған... Саңырау болып құлағым, Сақау боп неге тумағам!? Жүрекке ажал қадады оқ, Жаралы жанды шалады от. Кекілім, жалым күзелді, намыстан... ардан ада боп!.. *** Қабырғасы қара бұлттың сөгіліп, жел қуалап жөңкиді. Бұтақтардан сар жапырақ төгіліп, көбелектей көлпиді. Ақ даланың арудайын ажары әжім басқан кемпірдей, Қара күйе күз кейпінің қазаны келіп қапты төркіндей.
Сары дала санасында сарғайып, селеу-басын сілкиді. Айлағында алас ұрған сал-қайық толқындардың тепкісінен үрпиді. Боз жусан мен боз бетеге қуарған сабағында сыңсиды, Қара тірлік тамырнан суалған тыным тауып тыншиды. Күн қабағы... Ай қабағы кірбең-ді, жылытатын жоқ әлі... Бозша торғай паналайды бүргенді, қалықтамай жоғары. Айыртаудың жартасына жармасып, мұз қатады қыраулап... Жыл құстары жөңкіледі алға асып, тырналары тыраулап. Сары көңіл, сары уайым... сары күз, тірлік дәмін татырған... Жылқы тектес қазақпыз ғой – бәріміз, жем жейтұғын ақырдан. Сарғайғанда санамыз бен арымыз аруақты шақырған...
*** Қайрай-қайрай тісім де мұқалғандай, Үйкей-үйкей жүйкем де жұқарғандай. Сай сүйегім сынардай сықырлайды, Борша-борша отын боп бұталғандай. Қайнай-қайнай қаным да суалғандай, Ойлай-ойлай миым да қуарғандай. Ызыңдаған масадай мазасызбын, Ұрпағыма алдан күн туар қандай?! Соға-соға жүрегім шаршағандай, Жанашыры жоғалған жан салардай!? Алпыс екі тамырым әлсірейді, Тіршіліксіз тыныштық аңсағандай. Өкпем өшіп, өмірге өкпелейді, Көкіректен запыран төкпелейді... Үндемеймін, Тіл-аузым тасқа тиіп, жарылса да жүрегім от мерейлі.
Айыр тілім жыландай ысқырады, Көтерілген түспей тұр ыстығы әлі. Айтатыным құмығып көмейімде, Отыз тістен шыға алмай қыстығады. Тайғанақтап табаным тас арнадан, Қиын екен ауызды аша алмаған. Қарысқан жақ көкбөрі мойынындай, Қасаң тірлік – балбалдай қашалмаған. Сауысқанға сауырын шоқытпаған қайран бабам, сан өрттен өтіпті аман!!! Сақау, соқыр, саңырау Отанымның отбасынан омалған опық табам... Қан қалған жоқ тамырда тотықпаған! *** Санаға сенім сүйеніп, Көңілге күмбір күй еніп, адасқан ақыл ауылға оралды босап жүйелік. Кеуденің ашып дарағын, Жусанын иіскеп даланың, Көкірек көзі кеңіді, Қойнына кіріп бала күн.
Ұланның ойнап шабағы, айдында асыр салады. Уыста салқын суменен тамшылап тағат тамады. Маңдайын сипап тау лебі, Күн көктен шашты сәулені. Көтерем көңіл күпсініп, Оралды ойын-дәурені. Аңқасы кепкен жібіді, Қотарып қоңыр күбіні. Құлаққа ұрды кісінеп, құлыншақ күндер дүбірі. Ағынға еріп аңсары, Малталап ойын тамсады. Шегіртке шырыл қағады, Шық түсті шөпке таңсәрі. Бетеге, көде, жусанды төсеніп, көңіл бусанды... Қылыштай өткір кездері кескілеп жатты қу шалды. “Келмедің неге ертерек, Еліктей еркін еркелеп?!.” Табалап жатты туған жер, Жетесіз жанды желкелеп.
Түскенде қырау шашқа анық, Мазасыз бір мұң қашты алып... Ұйқыға кетті қам көңіл, Сағыныш сазын жастанып... Арылу “Айғайшы” болдым, Ана тілімді ардақтап, Саналы ойды сараға салдым салмақтап. Жанартау болып жарылуға да шақ қалдым, Кеткенде кесір ұятты ұрлап, арды аттап. Қара түндерде қара қайғыны сіміріп, Сарытап болған санаға сырды сіңіріп, Тұңғиық ойдың түбіне табан тіредім, Тістедім тілді, әңгүдіктерден түңіліп... Дауыс та қылдым... Ана тілімді жоқтадым, Ордалы ойға қуаттап жүрек оттарын. Түтіндеп өмір, түңіліп көңіл кетеді, Жетпеген соң тобырға қайғың, топқа мұң.
Жаушы да болдым, даушы да болдым, алыстым, Қайратты қайрап, жігерді жанып, қарыстым! Құлшылық етпей күйкілік тірлік күніне, Отына күйдім ұяттың, ардың, намыстың. Шарқай кигендер шаңын шығарды төрімнің, “Жуас түйені жүндеуге жақсы” көріндім... Ашуым асау ауыздық тістеп алқынды, Ұяттан күшті емес деп құны өлімнің. Тәубәсіз тағдыр төбесіменен көк тіреп, Асымды ішіп, табағын сыртқа тепті кеп. Ана тілімнің таңдайға татып тамшысын, Жарқылдап жайдай үйірді қамшы отты Кек! Қажыды қайрат, жасыды жігер, шаршадым, Түтіні түзу ауылдың үйін аңсадым! Айыртауымның қойнына кіріп, алаңсыз иісін еміп жатсам ба жұпар аршаның?!
Алаңдамаймын бұл күнде абыр-сабырға, Тасымай қаным талмаусырайды тамырда... Жағасы жайлау, кеудесі қыстау қазағым, Тек тілін тістеп, табжылмай отыр тағында. Бұлдыр да бұлдыр, көкала түтін көз алдым, ішінде жүрмін құйрықты құйын тозаңның... Жапырақ жайып, жас өмір шешек атқанда, Тамырым кеуіп, топырақ татып тозармын!? Отты күндердің өкініші болып озармын... *** Қысқа да нұсқа ғұмырым найзағай оттың жарқылы. Өзегім – өлең, жұлыным – жұлдызды жырдың жалқыны. Гүл-өмір көктеп бағында, Шуаққа жайды саусағын. Тағдырым түлеп тағында, тосады таңнан шау-шағын.
Жылдарға ессіз еркелеп, Тербеді арман бесіктей. Күндерді жүрдім келте, деп, арасы төр мен есіктей. Әспеттен Әлем әсерін, молайды әжім маңдайда. Тамсана татып әселін, қалдырдым дәмін таңдайда. Адасса арман, артында сүйретіледі сұлбасы. Айырбасталмайды алтынға тұмадай мұңның тұнбасы. Кісінеп көңіл құлыны, Құладүз-кеуде күрсінді. Түтіліп жүйке-жұлыны, тірлікке тозаң кір сіңді. Өңірге, Елім, тағынған жоғалмас темір түймеңмін. Бақыт пен сордың бағынан сүю мен күюді үйрендім. Жанарда сөнсе жарық Күн, Басымда күзет – шырақшым. Асқары биік Алыптың тұрағы таулы шұнақ Шың.
Қысқа да, ұзақ ғұмырым – жай оты, өткен жарқылдап... Үзіліп түссе жұлыным, жатармын жерде салқындап. Жоқ болсам, жұртым, Сен барсың, Аяла, асыл Ұл тап та!.. Өлеңнен басқа нем қалсын, Аманат келер ұрпаққа!? *** Замананың зарына ұшынбаған ақын бар ма, ащыны тұшынбаған?! Жылаған жаз, күлмеген күзім өтті, Қайтер дейсің қытымыр қысың маған!?. Қара Жердің жүрегін инфарк қып, Құдайдың да зәресін ұшырды Адам. Пенделердің шел қаптап қарашығын, естімейді құлағы “Алаш үнін”. Тыр-жалаңаш тойлайды тіршілігін, Жоғалтып ап бойдағы бар асылын. Бүгіні жоқ... белгісіз бүрсігүні, Айырмайды ақ, қара ара сынын.
Жұмыр Жерді жұтардай жұлқынады, (тойып, толып болған жоқ құлқыны әлі.) Тірлігінің тамыры – тірі өлік, жанталаста жантері бұрқырады... Жақсылықтың көпір ғып жон-арқасын, түнегіне тамұқтың ұмтылады. Айшықтанып тұратын “атым – Адам!” Бүгіндері тиынға татымаған. Арды аттау – арықтан аттаумен тең, Сұмдықтардың сыяғы сатылаған. Ұлағаттың үлгісі қалмағандай ұясында ұятты бақылаған?!. Тек те тозған, аруақ атқандайын... Қызарып Күн, мұңайып Ай батқандайын. Додасына дүрліккен дүниенің “аттан” дайын аузында, “мақтан” дайын. Күрсінеді қара Жер, ұлыйды Аспан, Заманақыр жабуын жапқандайын.
Адам, кісі, пенденің қылықтары ұлағатсыз өмірді ұлықтады. Уызына жарымай Бесененің, тастай қатып қалыпты құлықтары. Ақының да аузынан ұшынады, ақ жем болып жүректің жұлықтары... *** “Қазақ” десе, денемде қан ойнайды, алпыс екі тамырымды бойлайды. “Аталықтың” аруағына сыйынып, Руына ұран салмай қоймайды. Арманымның аңқымасы аңқи ма, Өзегімді өртеген от шалқи ма?!. Қайран Баба, арды аяққа таптатпай жанып кеткен, намыс үшін жан пида! Намысыма тиіп кетсе әлде кім, “Жағасына жармасатын” хәлдемін. Түріксойдың табынатын Тәңірі тығылмайды тасасына “сәлденің”.
Түрегелем Тәңіріме табынып, Көктемдегі қарт бурадай шабынып. Қабағыма мұз қатады қыраулап, ашуымның “қара” бұлтын жамылып. Тамырымда тарамыстай тектілік, Жанарымда мөлдірейді Көк тұнып. Алтынтаудың аңыратып аясын, Көкбөрілер кейде өкініп, өтті ұлып... “Қазақ” десе, “Алаш” десе, қан қызып, Босағада шашылады бар “қызық”. Алапат күш білегінде бұлқынып, Бөрі мінез босанады “қарғы” үзіп. “Қан” дегенің тамырда аққан сұйықтық емес, жанға жатыр мәңгі құйып Құт. Қаперінің қазанында қайнаған ұлағатты уыздайын ұйыттық. Қиялымда қызықтырып қыз-көрік, үміттердің жібек жібін үзбедік. Қан болмаса, тіршілігім қазақы қатып қалар еді мәңгі мұз болып.
Қаным – қазақ, Жаным –қазақ, Жасырман, Кейде боран, кейде Күндей ашылған мінезім бар, ауыздықсыз асаудай ауып келем ғасырларға ғасырдан! Сібе көлдері Бескөлдің бетегелі жағасында, Сібенің сылаңдаған сағасында Жатасың, Жағаң жайлау, төсің қыстау, Жұмақты бұдан бетер табасың ба?!. Көктауым керегедей керіледі, Көк тасы қыз жүгіндей өріледі. Етегін көлге малып салқындаса, Шыңдары бұлттан биік көрінеді. Көл беті жарқырайды айнадайын, Айдынға сүт сәулесін жайған Айым. Түрленген тоты құстай тобылғысы, Көмкеріп жатыр «Танаш сай» маңайын.
Шаштарын сәмбі талдар суға малып, Таңсәрі сай ішінде бу қамалып, Сандуғаш сайрағанда саясында, Кетеді жүрегіңді думан алып!.. Жалт етіп ақ айдында қанаттары, Шалқардың нұрмен ойнар шабақтары. Сұқтанып сұлулықтың сымбатына, Күлімдер күміс күннің қабақтары. Сайыңда салқындайды сар самалы, Қытықтап сезіміңді қарсы алады... Тарғыл тас табанына тамыр жайып, Саусағын салалайды аршалары. Жүргенде жалғаныңнан жұтып қайғы, Тұсыма тұскиіздей тұтып Айды... Жанымды жадыратып, Көк жусанның Иісі танауымды қытықтайды.
*** Өткелінен өтіп барам өмірдің, Орманында қалды ойсырап ой қалың. Топалаңның тозаңына көмілдім, От-алаңның шоғын басып ойнадым. Күптілігін күлкі керіп көңілдің, Күйкі тірлік қызығына тоймадым. Шала мастың шарасынан төгілдім, Баданадай балалады бойда мін. Меңдуана жеген жандай мәңгіріп, мәңгүрттіктің маңайынан озбадым. Жүрегімде жетім дауыс жаңғырып, Боз далада боз інгендей боздадым. Қиялымның қиясында қаңғырып, тіршіліктің табанында тозғамын. Мұз үстіне алау жағып мәңгілік, тас көмірдің қозасындай қоздадым.
Сақау қылып... Саңырау ғып жіберген Қандай Құдай, қандай Тәңір, қай Алла?!. Жұрдай болып намыс пенен жігерден, арсыздықтың алақанын жаям ба?! Үміт жібі үзілгенде күдерден, Арманым, Сен, асуыңда аялда... Балбал тастан тегіңді іздеп түгендел, Баяғымды бүгініме баянда. Масайраған мансабыма мінгесіп, маужыраймын мастығымнан айықпай. Тәңіріммен түсте ғана тілдесіп, ал өңімде жортамын жел қайықтай. Күпір кеуде бірде өсіп, бірде өшіп, Рухымды жұтатады байытпай... Жанарымнан жоғалғандай нұр көшіп, өтіп барам жалғанымды айыптай.
Ұрпақ та жоқ ұлағатты ұғатын, теріс киген тағдырының телпегін. Бабамның да, атамның да мұратын естімеппін, елестеумен ертеңім... “Насыбайға өкпелеумен бір атым”, Бөтендерге бұйырыпты төр тегін. Аймағымның өрт шалып ой-қыратын, Жел жалайды жап-жалаңаш өртеңін...
ҮШІНШІ БӨЛІМ
Аңсардың аңқылдаған аңқымасы *** Жұмақтың ба, Тамұқтың ба ішіндемін?.. Ұнаттың ба, Құлап мұңға?.. Түсінбедім, бұйырмасын! Сағым болып, Жалын толы – Үміт лебі құйылғасын, Дүлей долы, ҮРЕЙ ЖОЛЫ Құм үйіріп құйындасын... Қоюланып, Бойымды алып Қаным судай сұйылғасын, Батылдыққа қадам бастым, Бақытыммен амандастым!.. Білгем, БАҚЫТ бар екенін, Қыл көпірден тар екенін... Есіме нұр жиылғасын, Тәңіріме сиынғасын, Арбалудан, Алданудан тыйылғасын – «Түсін!» - дедің... Түсінбедім, Бұйырмасын?!. ***
Қызығуға, Қызынуға ұқсамайды, Басқарақ?!. Құмар іші – Құлшынысым ашқарақ... Уыздайын ұйып тұрған Ақ тұма ұясынан Ұшып шықты жас қанат. Қайтқан кезде өрістен, Ақ сүт еміп ПЕРІШТЕМ, Қай қиырға бастамақ?!. Бала күнге, Лала гүлге Ашылады қас-қабақ, Қонған кезде басқа бақ. Қызығудан, Қызынудан өзгеше... Сана салғырт, Миым мәңгүрт, Сезбесе!?. Жұмбақ жанар жасырған, Құлын-қулық асырған, Безінер ме безбесе?.. Құпияның кілті жоқ, Қапия тұр кірпі боп, Сұғын сұқтап... Берер емес сөзге есе!..
Мас та емес, Жас та емес, Мына көңіл бір түрлі... Пүліш түнде, Гүл үстінде – Жалғыз тамшы іркілді. Құлатпаймын, Жылатпаймын, Сынаптайын дірілдеп, Жанарыңда НҰР тұнды. Ақ сәулесі аймалап, Шаш етегін жаймалап, Тастөбемде Күн тұрды... Бақыт – гүлге ұмтылды. Алыстан да... Ғарыштан да жұмбақ бұл, Белгіліні – Белгісіздік ұрлап тұр. Ауыл шалғай, Жауын жаумай, Өңір... Өмір құрғап бір, Ақ селеудің шашында, Боз жусанның басында – Үміт қолын бұлғап тұр... Сен Несібеме – нұр, бақ, гүл Сыйларсың?.. Мүмкін қинарсың, Еркіңде! Апарып таста төркінге!.. *** Дүмше дүние дөңгелегі айналып, Мимырт маңып барады... Күпшегінен кіндігіне байланып, Шиқылдайды шабағы.
Ырдуанның ыңыранған дауысын ызғырық жел жұтады. Бүгін-ертең алмасатын ауысым, уақыттың қысқарады тұтамы. Арбакешке қамсау болмай сұр шекпен, сырқырайды сүйегі. Тіршілікті тепкілеген тірсектен түннің қызыл иегі... Тау түнеріп, дала дел-сал шаршаған, ыңыршаққа ілініп. Сары жұрттың сағымындай сарша маң белі қалған бүгіліп. Қара жолдың қарға адым ұштығы көрінбейді, көрсоқыр, Қара жердің көтерілер ыстығы, кеудеңдегі өлсе пір... Қара өгіздің мойынтұрық мойнында шешілмейді мәңгілік, Барады еніп қараңғы түн қойнына, дүмше дүние – әңгүдік... Қара жолда арба кетіп барады, тырсылдатып тұяқты. Қара түннің қарашығы талады, таң атпайтын сияқты... ***
Уысында уқаланып уақыттың, Таяғанда ұясына батып Күн, Алладан сауал сұрадым: «Тұрағы қайда Бақыттың?..» Алла маған тіл қатты, Уыздай ұйыған уағызын тыңдатты: «Соқырланбай сезімің, Көкіректің көзі – мұң Тартпаса, Алланың құлынан, Адамның ұлынан – Асылық артпаса, Күдерді үзбесең, Ізгілік іздесең, Ібіліске көз сүзбесең, Раббым деп тілдесем!.. Жәннаттың нұрын шашып тұрам, Есігін ашық қылам... Сонда Жаныңда жұмақ сақып Күн, Тылсымы – терең жаһұт Түн, Үңілсең жүрек түбіне, Ұясын табасын Бақыттың!..» *** Жан иесi жалғанының қонағы, Жұлдыздары аласа, не жоғары... Қиялымның қанатында кетсе де, қайта айналып ұясына соғады, тұғырына қонады.
Тал бесiк пен Жер бесiктiң арасы, бес саусақтың тарамдалған саласы, Тары түйiп, талқан тартқан тiрлiктiң айырылмас қарасы мен аласы... Шыжғырса да шiлiңгiрдiң от демi, Қияметте қимайтының көп, тегi! Бесiктегi нәрестенiң уiлi, Кекiлiңдi тараған жел гуiлi, балалықтың балаусадай бал шағы оралмайды , ұзарады алшағы... Қайрылмайды жiгiттiктiң Көктемi. Тұлпар – тағдыр аламанда көсiлiп, тұяғында шаң – топырақ есiлiп, шарасынан төгiлгенде шат үнiң, ұмытасың пәниiңнiң ақырын... Уақытты уысыңда уыстап, аруақты арқаң құрыстап, Ойламайсың жол қаларын кесiлiп.
Ойладың не, Ойламадың, өттi өмiр... Көсегеңе жетпей тұрса Көкте нұр?! Жүрегiңнiң жылуына жанығып, Жеңiл мұңға малынып демiкпесiн өкпе құр!.. Жөнiңдi бiл, Жетпегiр. *** Менiң үнiм жетпейдi, Сенiң сөзiң өтпейдi. Күннiң көзi шуақсыз, Қырат қалай көктейдi?! Қына мен мүк аралас Жартас тұттай жалаңаш. Тұтам – тұтам тiрлiктiң үңiрейген араны аш. Көкiректiң сырылы – көк шегiртке шырылы, Көксау кеуде кеуектей, жұлым – жұлым жұлығы. Менiң үнiм ұрансыз, Сенiң дiнiң құрансыз. Көңiлдердiң түпкiрi көң сасыған тұман, сыз. Бәйшешек те байқалмай, Самалменен шайқалмай солып жатыр, ақындай айтатынын айта алмай.
Таңым тозып атқанда, Күнiм күлмей батқанда бәйшешек не, тәйiрi, тұғыр құлап жатқанда?! Ана сүтiн емiзбей, «ана тiлiм» дегiзбей, тiрлiк тiлдi байлады, Аузын буған өгiздей. Сарыбастаудың бұлағы, көз жасындай тұнады. Қаражалдың қаңбағы қаңғиды, жоқ тұрағы... *** Қыран қонақтар қияға Ұшып баруды армандайтын, Өмірдің өзіне, тіпті Күннің көзіне алданбайтын, (малтаны малданбайтын) Жандардың Күндері көк шатыр күмбезді, Тірлік төрінен түн безді...
Бақытты іздемей қиядан, Ұзамай өріс ұядан Жүрген жандар күрделі?!. Оларды дүние дүрмегі, Уақыттың жүрдегі Еліктірмейді... Делебесін желіктірмейді. Құлы ма күйез күйіктің, Әйтеуір, - Тірлік еріктірмейді, Заман зеріктірмейді?!. Ақиқатты айтып ашына, Шындықтың шашына жармасатын, Көк қаптал түндерге, Көк кептер күндерге Қарны ашатын пенделер қабаққа бұлт іліп, Желкені жыртылып, Уақытта бір-бірімен алмасатын, Бір жығылып, Бір тұрып, Аша алмай Абыз қақпасын, Белгілі болуға ұмтылып, Белгісіз болудан сақтасын!.. *** Ұлтсыздық ұрық сепкенде, ұлағат қалар үйелеп. Тамұққа түскен көп пенде рухты жатыр күйелеп.
Намыстың таңы жыртылып, Жан арға болмас садаға. Көзiне қайғы – мұң тұнып, Ес кеттi қаңғып далаға. Жүректе суып жылылық Мұз қатты пейiл төрiне. Iзеттiк қалар бұғынып, қараңғылықтың көрiне. Аранның аузы ашылып, тойымсыз тiрлiк тайраңдар. Наданға дана бас ұрып, таязда тағдыр қайраңдар. Отыз тiс тiлдi тiстелеп, Сақаудың сөзiн ұқтырмас. Ашыған ақыл үш бөлек, Жұмырға кенеу жұқтырмас. Ақиқат мыйы айналып, балшыққа батып шыға алмас. Күннiң де көзi байланып, Жұмыр жер сәуле нұр алмас. Тот басып қында алдаспан, ойнамас жауға жасындай. Алтайдың шыңы қар басқан тұманнан тұрар ашылмай.
Бiрлiктiң қалмай бүтiнi, жатырда быт – шыт жарылған. Тiрлiктiң бықсып түтiнi, айнала алмады жалынға... *** Азуын Айға бiлеген арыстандаймын, аранның азығын iздеген. Арманнан адасып қалған арыстардаймын, үмiттiң ақ жiбiн үзбеген. Қайратқа жанып қуатты жаныққандаймын, ұрпақтан ұялмау үшiн де. Бөрiнiң тағы тұлғасын танытқандаймын, бөлтiрiк шошитын түсiнде. Мазасыз тiрлiк тулақтай сүйретiлгенде даланың дидары тозады. Көңiлдiң көк күмбезiнен күй кетiлгенде, басталар өмiрдiң тозағы. Жоғалар жұмақ жанымды жай таптыратын, арманның алдында жол қалмай?! Азатсыз азан артында «айтақ» тұратын, сарсыған сезiм сормаңдай.
Шаршаған шабыт шаңына тұншыққандай ма, аңсайды алыста ғарышын. Жалынды жырлар сырларын сыңсытқанда Айға, перiште жүректi танысын. Тағдырлас Қазақ пен қасқыр дос та емес, қас та емес, Өмiрiнiң өзегiнде бақсы – елес... Бiрiн – бiрi алдамайды, арбайды, Жауығуға бармайды, Тектiлiктiң тұғырын иемдену – басты егес! Қазақ пен қасқыр сырлас та емес, мұңдас та... Адам тiрлiк бiр басқа, Қасқыр - тiрлiк бiр басқа. Екеуiне ортақ тағдыр – еркiндiк, тағылықты төркiн ғып, серт етедi иiлмеске, сынбасқа!
Қазақ пен қасқыр түндерi де, күндерi де даң құрдас, Тiрлiгiнiң түбiр тегi тағдырлас.. уақыттың уысында қансырады, аңсады, сай – сүйегi қақсады, Бiрақ жауға бөлтiрiгiн алдырмас. Қазақ пен қасқыр ұқсас қимыл, Қылығы, Жүрегiнiң жамалмаған жұлымы. Алтайынан алыстамай жүредi, Алтайында түледi, Қиналғанда көкке қарап ұлыды. Қазақ пен қасқыр қайсарлықта торалып, Жер бетiнен кеткен емес жоғалып... Төрт бұрышқа төркiндейдi, қайтады Тәңiр - құстың мекенiне оралып. Қазақ пен қасқыр өтiлiнiң өтелмеген өтеуi, Кеттi талай тұрмыс – тiрлiк кетеуi... Өмiр бойы қатар жүрiп қиыспас, домбыраның екi шегi – екеуi.
Қазақ пен қасқыр өнбес дауды қуыспас, Бiр – бiрiне жылымаста суыспас... ұқсамайды жаратылыс жамалы, бiрақ үнi, Күнi, түнi туыстас... Түбiртегi – таңбалы үңгiр, қуыс тас... *** Поэзия – Көбік сөзді көлгірлік емес, Таза тұма, мөлдірлік! Поэзия – Сезімнің пәк тамшысы, Найзағай шабыт қамшысы, Ұсынсаң қолың жетпейтін Заңғарлық пен сеңгірлік. Поэзия – Жалын құсқан жастарым, Ақтаратын жүрегінің астарын. Поэзия – Сырдың сұлу сезімі, Құдіреттің өз үні, Таласпайтын, Жанаспайтын тас-тағың!..
Поэзия – Көбелегі көңілдің, Жыр боп, Нұр боп төгілдің. Поэзия! Тұнжыр түн мен ашық күн, Махаббаты ғашықтың Өмір-өзен өрілдің. Поэзия, Көз жетпейтін алыстым, Ғаламында ғарыштың Көрінбедің... көріндің. Поэзия – Аңсардың шам-шырағы, Ай боп балқып, Күн боп шалқып шығады. Поэзия – Терезесі көңілдің, Байқамасаң, Шырт етеді... Сынады. Өзегіңде өрілетін өмірдің, Бақытыңның бұлағы, Шаттығыңның жыр-әні, Поэзия болмаса, Тіршіліктің көзі соқыр, Тілі мылқау, Тас керең қос құлағы!.. *** Піріме бас ұрсам, Шоқ гүлдей ашылсам, Шапақтай ашылсам, несі мін?!. Жыр еміп жөргектен, Әдемі ән шөлдеткен, Бақыттың тербеткем бесігін.
Ғұмыр боп гүлдеймін, Бүршіктей бүрлеймін, Пірімнің білмеймін есімін... Өлең боп өрілдің, Жыр болып төгілдің, Аштың да көңілдің есігін. Пір тұтсам Тілімді, Ділімді, Дінімді... Ұраным емес ол бүгінгі, - Шығатын кеш үнім!.. Тәңірден сұрасам Кешірім, несі мін?!. *** Ғажап! Ғажап... Қандай азап Қол созым жерді сағыну, Мұнарлы мұңға малыну. Жағада қалған жастыққа Жалыну һәм шағыну. Қара жол тұйықталғанда Қаралы жабу жамылу, Қарашығым қанталап, Қара қайғы арқалап, Қара күздей қабыну Һәм қағыну... Талайына тағдырдың Табыну және бағыну – Осы шығар түндіктің Түтініне сарылу, Тұсамыссыз тірліктің Шідеріне шалыну?!.
Ғажап, Ғажап... Қандай азап Қасындағыны армандау, Жүректің жібі жалғанбау?!. Аруақтардың рухындай, Жастығымның жұртындай Ауыл жылап қалған ба-ау?!. Тірлігімнің алды осал, арты күш... Сағынышты сарқып іш, Бәрібір, мынау жағанға Мүмкін емес алданбау?!. Ұстап тірлік тұтқасын, Ұтылып һәм ұтқасын, Адыра қалсын қалған дау, Мүмкін емес жалданбау Һәм алданбау!..
Ғажап, Ғажап... Қандай азап, күйің-ді, Үй орыны – үйінді, Молалары бүйірлі... Беліңді бекем бусаң мың, Сағынған ауыл сүйінді... Сығып алардай су шалғын, Топырағы торғын түйірлі. Тозғанша тамыр тірлікте, Өмірімнің артына Қойылғанша бір нүкте, Мұздадым... Қайта бусандым... Сезімге шөлдеп сусармын, Иісін аңсап жусанның?!. *** «Пірім» қандай екенін, Қайда тұрақ – мекенін Білмесем де, Жобалаймын гүл іспет... Алыста, Самғау ғарышта Алтын белбеу – пүліш Көк Қиялымның қияны, Тағдырдың тозған тұяғы Таба ма туған ұяны, Шегірен шеккен күмістеп?!.
Періштем бе, «Пірім» бе?.. Бейнесін де, түрін де көрмесем де, Беріктас па, Айыр ма Өлең болып өрілген, Көмейден жыр төгілген Жазира жүрек – жайылма?!. Бола алмасам құдірет, Көкбөрідей ұлып өт, Саялайың сайыңда, Қойыңнан орын дайында!.. P. S. Қолдаушым – «Пірім». *** Шырайланған шалқар шабыт шарқ ұрып, Күміс сәуле кірпігінен жалқы үміт Ағып түсті, Айдың беті бүлк етті, Сағынышы сарқылып. Шабақ ілмей, шулап шерлі шағала, Қанат талып, қонақтайды жағаға. Майда құмның мәйегіне малынып, Нұр ойнайды сары ала. Сүт сәулені сезіміме сіңіріп, Таң асырған талант тері үгіліп, Жүрегімнің жібек жібін ширатып, Қызыл ерін, Қыз бейнелі гүл-үміт.
Баданадай тамшылардан шат құлап, Шаранада шолпылдайды шапқылап... Баяғыдай таза, тұма қалпында Атқылайды ақ бұлақ. Мен – атамын, Асқан асу белестен, Сені іздедім айдарынан жел ескен... Жусан дәмін жұмырыма жұқтырып, Көрдім, Көндім... сағымданған елес пе ең?!. Түн тынысы Қызарып барып батты күн, Жинап ап мұң мен шаттығын. Махаббат жатыр манаурап, Кірпікке іліп ақ түнін. Жеткізіп жырын желменен, Жапырақ жанын тербеген. Қара көк түннің қойынын Тыныштық сыры кернеген. Бетеге барқыт-пүліштей, Төгілген сәуле күріштей. Малынған нұрға жапырақ Бұтаққа ілген күмістей.
Керімсал дала керіліп, Мұнарға жатыр көміліп. Ақ селеу баяу толқиды, Самалға шашы өріліп. Түннің бар тылсым тынысы, Салтанат сырты, нұр іші. Күндізгі күйкі тірліктің Жазылар кұрыс-тырысы… Көрпесі түннің сөгіліп, Шығыстан қылау көрініп, Тіршілік тұрып келеді, Жанардан сәуле төгіліп. Көрпесін қымтап тұйықтап, Сезімім кетті ұйықтап… «Барады өтіп күнің», - деп, Мазалар уақыт иықтап. Келерсің кешке кешікпей, Қалмаспын үнді есітпей?! Жете алмай, мүмкін, қалуы, Тіршілік төр мен есіктей… Уақыт уәжі Уақытты ауыздықтап мінер ме еді, Көңілдің көтеріліп күдер көгі. Сусыған сахараның сар құмындай, Заманның ақиқат қой үдермегі?!
Сусыған уысымда сары құмдай, Саршаның бұлдыраған сағымындай, Уақыт желаяқтай зырылдайды, Зорыққан тіршіліктің жаны қылдай. Уақыт, тарта-тарта тізгініңді Шаршаған шала жанбыз біз бүгінгі. Озасың олжаңды алып омыраулап, Қалдырып табағыңда тұздығыңды. Сыпырып сыбағамды ала қашты-ақ, Қалдырып қазанында қара қаспақ. Көйлегін көңілімнің шешіп алдың, Қай жаққа апарасың жалаңаштап?! Ұрладың көк түріктің тектілігін, Лайладың айдынымның көк тұнығын. Аңыздың адырдағы масағындай Сиректеп салтанатым кетті бүгін. Білмеймін, Бұдан әрі не болады, Түбірі тектіліктің жоғалады?! Айналып сайтанға адам бара жатыр, Шешіліп құлақбаудан доғалары.
Арым да алқам-салқам азғырынды, Тәнім де кепкен көндей таз қырынды… Қаңқылдап дүниені жат қылады, Түстігін таба алмаған қаздың үні…
- * Көңілімде қоңылтасып қоңыр күн, Күн кешемін тірлігіндей момынның. Тобығымның шашасынан шаң кешіп, Арасында келе жатам тобырдың.
Шыға алмаймын шеңберінен «шындықтың», Сырласуда шайтанды ұқтым, жынды ұқтым. Жұмырымды жылан жалап тұрған соң, Тіршілікті талғамай-ақ қылғыттым.
Есті өмірдің есігінен енбедім, Ессіз тірлік есектерін жемдедім. Күйкіліктің күн-түніне құл болып, Арасында келе жатам пенденің.
Өлгендерін жоқтауменен өтірік, Тірілерін мадақтауменен көпіріп, Ақ ниетті қара қожалақтадым, Құдай берген қасиетті кетіріп. Көкіректе сайтан ойнап, жын да атып, Той жасаймын тамашасын жырғатып. Жылу іздеп жарығынан жұлдыздың, Қара түнге кете барам шым батып. Адасумен орманында ойымның, Тіршіліктің тамағына тойындым. Ұйқы меңдеп бара жатқан сияқты, Салқындатып қан тамырын бойымның. Қуаныш-мұң, Реніш-мұң, Шат та – мұң, Туыс та – мұң, Туған да – мұң, Жат та – мұң!.. Дүниенің дүрмегіне ілесіп, Кешіп келем пенделіктің батпағын.
- * Күн қысқарып, Қара түн ұзапты алға, Уақытты күш қайда тұзақтарға?! Улап-шулап ағашқа қойып жатыр, Түстігіне жол тартқан ұзақ-қарға.
Ертіп алып биылғы балапанын, Сүмбіленің сыйлайды саратанын. Балақ жүні жетілмей бала қарға, Анасының аңсайды алақанын.
Алдындағы болжаусыз болашағы, Түстігіне тірліктің жол ашады. Қауырсыны қатпаған сарыауызды Тағдырының тоспасын «қорасаны».
Ащы-тұщы өмірді білмейді әлі, Қара қарға «аппағы»- гүлдей бәрі. Қанатынан қайырып, қауырсынын Тіршіліктің тұяғы жүндейді әлі.
Жан иесі бір-бірін азық қылып Жей береді, Санасы сазып тұрып. «Жан бергенге дән берген» жаратқаның, Ендеше жоқ зорлықта жазықтылық.
Тап-тазасың ендеше күнәдан да, Тәбетіңді тартасың ұнағанға… Бұйырғанын теріп жеп жер үстінен, «Құс жолымен» қайтады мына қарға. Қараңғы түн, Көз жасын алады іркіп, Бұлт көшеді әбігер алабұртып… Дүркіреген дүние дүбірінен Ұзақ-қарға зәресі барады үркіп… Бірін бірі үркіткен өмір-бөрі, Жеңгеніне жем болған жеңілгені… Алты қабат Аспан мен жеті қат жер Үңгірінен үңгілген көңіл көрі. Жалғыздық Көз ұйқыда, Көңіл ояу күйдемін, Сағым қуып сүйегімді сүйредім. Сар даланың жалғыз жортқан саяғын Үйіріне қоспай, тағдыр, түйредің.
Үйір де жат, Үйелмені бөтендеу, Тірлігіне артық міндет көтер деу. Болмаған соң сайда саны, Құмда ізі, Мүмкін емес жалғыздыққа еті өлмеу. Еті де өлді, Тірлігі де тыншыды, Қиылғандай қияметте қыршыны. суалған су сорабынан сораптап, Қыр астында күтіп тұрды қырсығы. Сені көрдім, Жабырқаған, жалғыздық, Домалатты тағдыр басты қарбыз ғып. Қос аяқтап теуіп шықты аңыздан, Қара қосты қай ұрыға алғыздық?! Ұйқылы-ояу шалажансар күйдесің, (Сала алмаған жейдесінің түймесін). Ойың өріп жүрсе-дағы өрісте, Сен, жалғыздық, өзің, туған үйдесің.
Отырасың өткеніңнен азық ап, Қыр астында жастығыңның жазы қап. Алаң ашық қалған есік-терезе, Кіріп-шығып жел ғана жүр азынап.
Жел күрсініп, Түн қабағы қамыққан, Ай қорғалап сығалайды жабықтан… Періштеге айналып ап жалғыздық, Өліп.. өшіп табылады табыттан…
- *
Өмірді де… ойламас өлімді де, Есігі ашық дүниенің көңілдіге. Қоңырауын күнінің күлдіретіп, Жүрегінің толады төрі гүлге.
Таң атырып, Шабыспен Түн баласы күн батырып, Тынымы нұрға тұнып, Терлеп-тепшіп тірлігі түрегелер, Қулық қуған күнімен құрғатылып.
Ашық оның әр қашан көңіл көгі, Ыдысынан ырысы төгілмеді. Ойламайды-ау тым құрса ертеңін де, Жел көтерген жейдесі жеңілдеді.
Жоқ сыяқты жұрты да, Ортасы да, Жоқ сыяқты сұрары, қолқасы да. Езуінен жүреді күлкі арылмай, Тойып алып тірліктің сорпасына. Мына өмірде бары да, жоғы-дағы Аңдалмайды, Күркелеп қоңыр бағы. Өрісіне ертемен барады өріп, Шаңы шығып шашадан жолындағы. Ойсыз, мұңсыз жандарға қызығамын, Ескермейтін қыс қамын, күз ылаңын?! Көкірегі ұйқыда, көзі ояу Пенделердің тірлікте «тұзы қалың». Тұзы жеңіл жандардың жаласы көп, (Жарытпайды жиен боп, нағашы боп). Өмірді де, Ойламас өлімді де, Тұрсам ба екен орманның ағашы боп?! Мына өмірден бересі, аласы жоқ. ***
Бұлтсыз бүлделенген, Жанымды гүлге көмген, Ғарыштың құшағында... Жолықпай құса-мұңға, Құтылдым дүрбелеңнен. Жанған күн... Отты алабы, Жұлдыздар шоқтанады. Күнге ұқсап жану үшін, Алаулап қалу үшін, Тірлігім шоқтанады. Ай бетін бүркемеді, Жып-жылы Үркер өңі, Өзегі от, сырты майлы Жұлдыздар жылтырайды. Шырақтай білтедегі. Пәруейсіз пенделерден Ғарыш – сыр, перделенген. Сананың саңылауы, Аңқаның аңырауы Белгісіз, енбегенге?!. Тыныштық тұмшалаған Тамырсыз – тұмса-ғалам. Қаңғыбас ойларыммен, Тылсымға бойладым мен, Ашылып нұр-сағанам. Мен сонда жүрмін әлі, Жоқ сұлу бұлбұл әні... «Құсжолы» созылады... Боз дала боз ұланы Боздаса, кім кінәлі?!.
*** Өлерімді білмеймін, Өлмесімді білмеймін, Болашағым белгісіз?! Айтып, айтпай білгенді, Үміт өліп үлгерді, Тасқа салдым бір белгі, Мұнараға бергісіз. Қай ұшардан құладым, Қай биікте тұрағым, Буалдырған бұлыңғыр... Текті Түрік төрінде, Өр Алтайдың өрінде Кісінейді құлын-жыр. Сыймағандай санаға, Тауға, жапан далаға... От шашады тұяғы!.. Шыңыраудан шырқырап Шығып, көңіл шырқын ап, Іздейді жылы ұяны. Тұра ма тұғыр тұлғалы, Қайратын қайрап қырдағы, Арман боп адасқандарға?.. Тарқатып Тағдыр түйінін, Инабат ұйып иірім, Тарта ма Алаш-таңдарға?!
Құз-қиялы болса алдым, Көпір төсеп жол салдым, Құламауым үшін де. Арасында өлі менен тірінің, Ірімшіктей ірідім, Сары суы ішінде...
«Ескерткішті» ескермей Қалып қойма көшке ермей, Тұғырды тұттай қалдырып?.. Жусан мен жетім балбалдай, Тиексіз тілге алданбай, Тұрармысың мәңгілік?».
Туған жерге сән құрып...
- * Қараша қайта күз ұлып, Желіні бұлттың сыздады. Жапырақ түсті үзіліп, Таусылып татар тұз-дәмі.
Көктемі, жазы өткенді Тосады алдан кәрі қыс. Қызғалдақ терген көк белді Алады еске сағыныш.
Күннің де өңі сынады, Сәулесі сүттей сауламай. Жұлдыздар көзін жұмады,
Жиекке таман аунап ай.
Селеудің шашы сіркелеп, Мұртына мықтап мұз қатқан. Қамыстың басын күркелеп, Сыбызғы сабын сыздатқан. Жонына жолдың қақ тұрып, Таяды желдің табаны. Шапанын шешіп лақтырып, Қоңыр күз қашып барады. Өңір де… Жүдеу көңіл де, Күлкісін ұрлап алғандай. Айналып тірлік темірге, Дүние қатып қалғандай. Үркеді жүрек, Қорқады, Тұрғандай дарға ілініп… Жотада бөрі жортады, Табаны мұзға тілініп… *** Балалықтан, жастықтан, жігіттіктен Үкілеген үкідей үміт күткем... Жапырағын жалғанның басып өтіп, Арылады көңілден күдік біткен. Балалықтың босанып бесігінен, Ене бердім егделік есігінен. Таңдайыңа таңғы шық тамшылайды, Есінеген көңілдің есі кірген.
Қарт Қалбаның тұлғалы тұғырындай Тұрамын деп, өттім бе ұғынылмай?!. Кәрі тірлік қыртысын қажалаймын, Сірне қатқан сабаның сынығындай. Күн көз жұмып, Тылсым түн түнергенде, Өзегімде өлермен үн өргенде, Қысқа жіпке қылқынып қала бердім, Діл өлгенде... Тұралап тіл өлгенде... ***
Шақырсам, «Пірім», келмейсің, Мезгілсіз маза бермейсің. Шабыттан шаң шығарып, Мойыныңа ілмей бұғалық, Өлең боп өрге өрлейсің, Аққулы айдын көлдейсің... Қызулы күннен нұр алып, Бойжеткен қыздай бұралып, Жүректің төрін төрлейсің, Таңғы шықтай терлейсің... Келмеске кетсем жол алып, Сен басқаға оралып Қонасың, Бөтен боласың, Өртенсе де өзек өлмейсің!.. Сапырылған саумалдай, Көктен нұр боп жауғандай, Нөсер жырға шөлдейсің?!. Әйтеуір, Мені ұмытпа, Өзіңмен бірге ұлықта!!! *** Аңқамның аңқылдаған кенезесі Кеппейді, Жусанымның иісі барда... Санамның саңылаулы терезесі Кірлемес, Кінәратсыз сүйсін, Алла!
Көмейім ауыз ашсам көрінетін халде жүрмін, өрлемей төріме тым. Тілінген таспадайын тіршілігім Қамшының өріміндей өрілетін. Талақ қып дүниенің таңсықтығын, Жалғанның жалғандығын жаншып бүгін Жүргенде, Сары қымыз сапырусыз Қалыпты, Босағада қаңсып күбім. Қымызы көңілімнің пісілмеген, Шұбаты шуағымның ішілмеген... Тамыры тіршіліктің салқындайды, Қысымын қалыбына түсірмеген. Өмірде маңайыма жоламаған Ләззатты жолықтырам түсімде мен?!. ... Неге???... *** Ұйқыдан тұрған махаббат Ашады көзін тырмалап... Шашпаса нұрын шапағат, Жан-жүрек қалай жырламақ?!.
Ұйқылы-ояу қалпымен Қаңбақтай кетті домалап, Саңырау сана салтымен Жынданса жігіт, обал-ақ... Албырттық елең-алаңдап, Адасып қалды ақылдан... Аранға арман арандап, Жем жеді түбі ақырдан. Ұйқысын шайдай ашпастан, Қыр асты, Соқпақ жол жүрді... Досы жоқ, жау жоқ қастасқан, Көрмеді көңіл мөлдірді. Кенеттен... Оқыс бұлқынды, Жанарды қарып бір жарық. Сартап болған жұртыңды Тобылға түлеп, бүр жарды... Айнала әсем, әдемі, Жанаттың жұпар бағындай! Көктемнің күні кәделі, Елес боп өткен сағымдай. Лапылдап жанды жүрегі, Дөңгелеп кетті жұмыр жер... Жігіттің жаны түледі, Өдмейтін енді Ғұмыр бер! Махаббаттың алдында Адамдар, Тізе бүгіңдер!!! ***
Соңғы кезде қиялым қиялданып, Жалғанымнан жаңылам жиі алданып. Пенделіктің пердесін жыртып тастап, Арманымды кетсем бе қиянға алып?.. Қиян қайда?.. Ол жағы жұмбақ маған, Үкілеген үмітім үн қатпаған. Терезесін көңілдің тамшы түртсе, Тылсымының тынысын тыңдап қалам. Шарқ ұрады шау тартқан шағым мына, Сәбилігін сары уыз сағынды ма?.. Жіпке тізген жылдардың көгенінен Көңілімнің іздері табылды ма?!. Табылмады, Жапырақ жасырады, Түн ұйқымды төрт бөліп қашырады... Аттан түскен ақсақал – Арманымды Сағыныштың самалы асырады. ***
Мен білемін жүрегіне жол алып, Жатқанымды жылуына оранып... Төндіремін көк аспанның күмбезін, Ашқан кезде күн көзін... Сөндіремін шала жанған шырағын, Қайшыласа қос құлағын Пырағым! Қалса дағы тағы тірлік тоналып, Махаббатым соғады бір оралып... Ол анық! Мен сезінем... Іздеген бір жан барын, Қиялдаумен атқызатын таңдарын. Жалаңаш сыр жасырынып жанарда, Жолға түсіп ессіз елең-алаңда, Табар, мүмкін, кім білсін?!. Бақытты боп бүлдіршін, Алаулатсын арманын, Сезіміне салма мұң!.. Мен түсінем, Түйсік тыңға тартады, Кеңге салып арсаланған арқаны. Сеңгір едім, Ұсынса қол жетпейтін, Өндір едім, -
Нұрға, жырға көктейтін! Сараңсыды махаббаттың мәрт әні, Ораларсың... Оралмассың, күтемін Таусылғанша тіршіліктің талқаны?!. *** Әкем де Сен, Шешем де Сен! – десем мен, Өзегімнен өкінішім өшер ме ең?.. Топырағыңа табанымды қыздырып, Қияғыңа балтырымды сыздырып, Таңғы шықты тобығымнан кешер ме ем?.. Бақытымның баяны мен аяғы – Ауылымның көк жусаның төсенген. Сағынамын тауыңды да, тасыңды, Сенен басқа таба алмадым асылды!.. Бір сиқырың бар екенін сезіндім, Еміреніп қойыныңда көз ілдім, Көкірегім шымылдықтай ашылды. Қуаныштың қоңырауы қағылып, Шапағыңнан шуақ-шашу шашылды.
Саған деген махаббатты тілменен жеткізе алман, Тұншығайын, үндемен?!. Соңғы кезде, неге екенін білмеймін, Қуыстанам жетпегендей бірдемем, Бақытымның бұтағында бүрлеймін, Ғасырымның асуында дүрбелең... *** Жүрегім, ауырасың, Заманға жауығасың. Кезіккен кезеңің ғой, дүрбелең дауы басым. Өліктей үндемесең, күндемесең, сауығасың! Жүрегім, алаңдама, біреуді жақсылап не жамандама! Өмірдің ақ-қарасын айшықтар Заман ғана... Жүрегім, жасымаған, түссе де басыма мұң. Тамырды тепкілейді тұлданып тасыр ағын. Шамаңды шөліркеген саулықтың саумалымен асырадым.
Қайғы алса қара аспандай, тамырда ит таласқандай. Адалдық арға серік, адамдық жалғас еріп, базарда бал ашқандай. Ойыңның орманында арманың адасқандай. Шындықтай шынарыңды, мұңлықтай мұнарыңды аңсайсың, сағынасың сыңарыңды... Күндердің көлеңкесін қуалайсың, білмейсің қай қиырда құларыңды?! Тастап кет тасқа таңба – таға тектес тұмарыңды. *** Қызыл-жасыл гүлдерім, Жүрегімде гүлдедің... Түсіретін түнге мұң, Тамсандырар түн – керім, Уылжыған үндерің Таң нұрымен ашылып, Мөлдір шықтай шашылып, Тағдырымды түрледің!..
Қиялдарым қырды асып, Сезімдермен сырласып, Қызыл ерін жымдасып, Құпиясын ұрласып, Ұяласып, ымдасып Тұрған кезде, Тәңірім, Жүрек қалап әмірін Жүргізгенге жыр ғашық!.. Сезім нәрін сіңіріп, Жүрегіме жүгініп, Боркеміктей үгіліп, Тағдырынан түңіліп, Сіңіріне ілініп Тұрған маңып гүл-Ғұмыр, Қауышқандай нұрды нұр, Бір күдік пен бір үміт. *** Жүрекке сіңіп ақық-нұр, Сезімнің сөлін татып бір, Бағымда өсіп жайқалып, Құшағын ашып айқарып, Балауса буын «Бақыт тұр?!» Көмкеріп бақтың көрігін, Өзектен өріп өрімін, Сәукеле-қызыл шоқтары Қызулы қоза оттағы, Тосады Күнге ерінін.
Әй, керім! Кербез келіндей, Салтанат сәні серімдей!.. Білезік, сырға, жүзігі – Салиха сәттің үзігі, Күн тимей, өскен жел үрлей. Желпініп жеңіл желменен, Сезімнің қылын тербеген... Жазықсыз жаны жаншыла Таңдайын тосып тамшыға, Махаббатына шөлдеген. Сағыныш жатыр сарында, Тәуекел тұғыр тағында... Табынған Тәңір – Пірімді, Сүйкімді, сұлу гүлімді Тербесем алақанымда?!. Сыйлықсыз қалсын қыз, мейлің, - Ғұмырын гүлдің үзбеймін!.. Жапырақ жайып ашылған, Жұпары жұмсақ шашылған Гүлімнен медет іздеймін?!. *** Жұбанбайтын жүректе
Уанбайтын уайым Жатса, Тулақ-тірлікке Шамырқанбай шыдайын... Сөйлемімнің соңына Қойылғанша бір нүкте, Шыңылтыр шыңға шығайын, Тұмағымды іліп түндікке, Тәуекел белін буайын?!. Мұрсат бер, менен жыр күт те, Қолдаушым – жалғыз Құдайым?!. Сарғайған жапырақтардай Сарсыған сана тозғандай... Аңқылдақ арман ақталмай, Солақай қолын созғандай?!. Қабығы кепкен ақ талдай Тірлік тұр тіні қозғалмай... Сірнесі сырдың сақталмай, Боздайды күндер боз нардай... Аспаннан жұлдыз аққандай, Уақыт үркіп озды алға-ай!..
Адасып қалған арманның Жалына жалғыз жармаспа, Тұяғы тозған тарланның Екпіні алыс бармас та?!. Азуы түскен арланның Қомағайлығы қалмас па?!. Жалғызкөз жауыз – Жалғанның Жолында, Ақыл, алжаспа!.. Талықсып атқан таңдардың Құлыншақ – Күні марқасқа... Жарқылдап өткен жандардың Тағдыры татыр алмасқа!.. *** Пенделердің табынатын пірі бар, құлдық ұрып жығылар. Күнге күйіп бара жатса құйқасы, көлеңкеге тығылар. Жетектегі иттің жампоз жыны бар, үрит соқса, ұрынар. Саптыаяқта жуындыны жалауға сілекейі шұбырар. Қожайынның құлақкесті құлы бар, ырзығынан ығынар. Топырақтай тобарсыған жанында табылмайды сынық ар.
Пенделердің өтірігі, шыны бар, қу түлкідей құбылар. Аңырасың айласына адасып, ақыл жетпей ұғынар. Сұқтанатын сұлулардың сыны бар, шырайынан шырын ал. Талқаныңды тигізбейтін тісіңе баукеспелер – ұрылар... Таба алмадым тірлігімде тұнық ар, жүрегімнің мұңы бар... Табынатын Темірқазық тұлғалы қайдасыңдар, Ұлылар??!.. *** Қиялдаймын көз суарып аспанға, түн ұйқысы қашқанда. Жыпырлаған жұлдыздардың жүрегі құпиясын ашқан ба?! Түпсіз терең тұңғиығы ғарыштың аңдауыма алыс тым, Шекарасы шектелмеген кеңістік – таныс жұлдыз, таныс түн. Ақылымды әуестікке жетелеп, шақырғандай жекелеп... Қарақошқыл көк жүзінде орын жоқ, түрленген бір – текемет!
Түн реңі тамсандырған тамаша, өрмегінде өрілгендей алаша! Жұлдыздардың жетпейді екен санына, барлық құмды санаса!? Ұқсатамын төңкерілген түңлікке, (пенделіктен пір күтпе!) Көзіменен қарай салсаң ғарыштың, Жұмыр Жерің – бір нүкте! Жерім – нүкте, мен – тозаңмын ұшатын, көң-қоқысты құшатын!.. Күн өртеніп, Жер жарылып кеткенде, жоғалады “кісі” атым!.. О, Жаратқан! Шіркей де бір, мен де бір, өзегі өрт – өр көңіл. Таусылғанша тірліктегі талқаны құдайсынған пенде бұл. Ғарыштан жай іздейді енді есерлік, көлік сайлап көшерлік... Топырақтан тозған тозаң топыры тұңғиықты тесерлік. Жаратқаны-ай месер қып... Өмір өтіп кеткендей жалған күліп...
Есіме түссе кешегі есеңгіреген ескі күн, Сағыныш сазы еседі Кеудені кернеп кешкі мұң. Кеше еді-ау бәрі, кешегі, Ғұмырдың гүлдеп бақшасы, Бауырын бұлттар төседі, Жайылып жерге ақ шашы. Төбемде төніп нұр аспан, үстінде аунап көкалдың, Қызықты қуып қыр асқан, балалық, қайда жоғалдың?!. Шалқалап жатып шақырдым шашақты шақтың шаттығын, Арманмен таңды атырдым, Күлкісін қимай батты күн. Тас тіліп қара табанды, тау-тасты кезетінмін мен. Шаршатып сәби шамамды Жинадым мойыл, бүлдірген. Жарылған аяқ, балтырға шешеміз жақты қаймағын... Айырбастамас алтынға, Қайғысыз сол бір қайда күн?!.
Жабысып жылдар жалына кеткеніңді де байқамай Тоя алмай талқан – тарыға, Шалабын ішіп шайқамай?!. Елестеп ерке балалық, Балдырған қолын бұлғайды, Дария-дүние даналық артына мойын бұрмайды. *** Махаббаттың періштесі өр кеудеме орнаған, Түйсігімнің тамырларын өрмекшідей торлаған ауылымды, іздеп кетті көңілім, Сезімімнің сабасына толмаған. Шығарып сап, шалажансар қалғанмын, Аңқау арман, аңсарыңда алдандың. Жыландының жусанының иісін Қарттығымның қаужауына малдандым. Таста қына, бұрқыраған жерде мүк борпылдайды, буынында жел-кемік. Әлі тұр ма Шуылдақтың бойында, Сағыныштың Сар терегі тербеліп?!
Мөлдіреген қарақатын, мойылын теріп жемей, тыншымайтын тойымым. Әлі жүр ме базарында балалық, қандыра алмай кенже қалған ойынын?! Ойнағым да кеп тұр саған қосылып, Қиялымның қанатында жосылып... Қайран, көңіл, қартаймайды екен ғой, Сағымдайын Сарғайтса да бос үміт. *** Пенделік пен періштелік арасы жер мен көктей, салыстырып қарашы?! Тіршіліктің шыңарауы, шыңы бар, Бес саусақтың бірдей емес саласы. Қиянаты, инабаты, арлығы, жайсаңдығы, зақорлығы, тарлығы Жер бетінен табылады, ал көкте тазалықтың тұтасады барлығы.
Қара тірлік қара терге малшынып, Жұмыр жерде жатса пенде жаншылып, Көк жүзінде нұр-сәулеге шомылар, періштелер жұмыртқадай аршылып. Пері тірілік пешенеге жазылған, Пенделерді кештіреді базынан. Талақ етіп тағдырының тұнығын, Тұңғиыққа батар көңіл қажыған. Жетегінде жүріп жалған желіктің, Ертеңгінің ертегіне еліктің... Ақиқатты алақанда аялап, тұнығында тербеледі көрік-Күн! Көңілінің терезесін шаң басып, Адам аты албастымен арбасып, Пенделіктің пердесіне оранып, бара жатты жын-шайтанға алмасып... “Адамбыз?!”- деп алдар қатып өздерін, Ақиқаттан аулақтайды көзкөрім... Періште жүр жеткізуге ұялып, Жердегінің сілекейлі сөздерін. ***
«Қайдасың Сен? – дейін десем, Қайда екенін білемін... Айға сіңсең, кейіндесең, Түн түндігін түремін. Ұйқылы-ояу пейіл кешем, ұйығыма түнедім... Жалған күлген Жалғанымның етегіне жармастым, Арман күннің арбасында арбалумен алға астым. Ақындықтың ауылынан естілгендей алғашқы үн?! Мұнар-мұнар мұңын жаққан Мұнара жыл жалғасты. Сен де мұңлы, мен де мұңлы, ауылым, Іздедік пе тіршіліктің, Жыршы үміттің тәуірін?! Жеті белес Желкесі де үзілді, Дариғаның дауа қылып дәуірін, Жаба тоқып Жалғанымның жауырын.
Сен де тоздың, мен де тоздым, ескірдік, Көкжиекке батар күндей кешкірдік... Жалғанымның Жақсысынан жамандық көп екенін кеш білдік, Мына ғұмыр бір-ақ тұтам, бескүндік ??. *** Тықылдап тасқа таяғы, Жаңғыртып жапан даламды, Қаздаңдап қолы, аяғы... Жанары судай қараңғы мүсәпір кетіп барады. Дәмеге толы дидары бақытқа балқып батқандай?! Қаймағы менен құймағын батырып балға татқандай. Көзілдірігі қап-қара, түн түнеп, күні батқандай. Жақынға-дағы, жатқа да қарайды, қыбын тапқандай. Жанары жасаурамайды, Суалған сора құдығы. Көрмейді таңғы арайды, Санада мөлдір тұнығы.
Сөйлесе, сөзі шегедей, өмірге құштар ынталық. Айдында жүзген кемедей жүретін жолын тұр танып. Көкірек көзі шырақтай, Көреді алыс-жақынды. Атайды сенен сұратпай, Саусақпен сипап, атыңды. Түйсігі тұнық тұмадай, сезеді сенің ішіңді. Саусағы сығыр қуалай айырар сенің түсіңді. Әйтеуір, зағип адамның жоқ сыяқты зар-мұңы. Қарыштай басқан қадамның Қауыпсыздайын барлығы?! Жанары сөнген жандардың көкірек көзі аңқиды... Жарығын көру жалғанның әр пенде үшін әр қилы. *** Арман... арман дегенім алдандырып, Өмір өтіп кеткендей Жалған күліп?!. Үйірімнен Жіберді адастырып, Қылқындырып мойынға салған құрық...
«Қылша мойын талша» деп талдырғанда, Еңсем түсіп, есімнен тандырғанда, малшынсам да мұңына машақаттың, Сұрамадым Жан сауға тағдырдан да!.. Есеңгіреп жүрсем де есім кірмей, Тұсамысты қадамым көсілдірмей, Рухымның ұясын суытпадым, Жүрегімнің жалынын өшірдірмей!.. Құламадым қайғының қиясынан, Сағыныштың сазынан күй асырғам!.. Тарамыстай тірлікті тарамдаумен Қиялымды ұшырдым ұясынан... Қанаттанды қайғым да, мұңымдағы, Тұлғаланды тұрпатым тұғырдағы!.. Жанып-өшіп көгімде жұлдыздарым, кейде жылап, кей кезде жымыңдады... Жал-құйрығын арманның тұлымдады... ***
Мынау жалған дүниеде жарты емеспін, бүтінмін!.. Арасында айшықтандым нүкте менен үтірдің. Ауылымнан ұзап шыққан сүрлеу – соқпақ жолменен Жүріп келіп, ұтылдым. Артымда Сен, алдымда арман бар еді, Кездеспеген тіршіліктің қиын-қыстау әлегі. Шындық іздеп шыңыраудан, шыңдардан, үзілмеген үкілеген үмітімнің пәлегі... Қарсы жүздім ағысқа да, ағынға, Ауылымды түлетуге бақшасында, бағында... Кейде ескексіз қайықтайын қалтақтадым шарасыз, Тау толқынның тұлап тұрған жалында.
Кеудеме кеп шемен қатты ызақорлық кектеніп, Тайталастым, күш күрестім, кетпейін деп текке өліп. Ортадағы ой опыр-топыр өріс таптап жатқанда, Менің ойым үйірінен жырақтады, шетте өріп. Ақылымнан адаспадым басқа шеңбер салса да, Дүниеде мыйы айналып, мәңгүрт болған қаншама?! Түрік тектің тереңдегі тамырын үзе алмады, Шашын жұлып, Басын кесіп алса да!.. *** Соқыр сана, соқыр сезім – Соқырлық... Дүниені бара жатыр топыр ғып?! Жалмауыздың жаулығының астында Күн көзінен көлеңкелеп отырдық. Көлеңкемен көлеңке боп көлбедім, Күннің нұрын, Айдың жүзін ембедім... Уызына Жарымаған марқадай, Семірудің орынына – семгемін.
Көтеремнің күйін кешіп тұралап, Бір сүрініп, бір жығылдым, құлап ап қайта тұрдым, Сіңіріме ілініп, Сұрқай, суық сорып жатты сұр алап. Қар құлады көшкін жүріп таудағы, Ақ қар көк мұз ауылымның аумағы. Қара түнде қасқыр жортып тынымсыз, Қызыл түлкі көбік қарға аунады. Бірен-саран ауыл иті арсылдап, Қасқыр иісін сезген кезде қалшылдап, Қорадағы үйшігіне тығылды, Қолға түссе құйрығынан шаншылмақ. Өмір осы, бірі күшті бірі әлсіз, Қара күшке қалай қарсы тұрарсыз?!. Иесімен қинайды екен итті де, Заман болса, ұлансыз да ұрансыз!.. ***
Омыртқасын опырған бой да басым, Тәттісіне тірліктің тоймағасын?! Төзімің де темірдей тозады екен, Табағында суыса қойған асың Үмітіңді күдігің көлеңкелеп, Оңашада отырып ойланасың. Ауыл ғана ажалдан арашалап алатындай, қарайсың тамашалап. Сағынышың сарғайған жапырақтай Қалтырайды, Жаныңды жанасалап. Жел өтінде тұлымы ұйпаланып, Саудырайды сүйегі қараша бақ. Тозы шығып топырақ туырылған, Бақыт бағы бидайдай қуырылған. Айналайын, ауылым, сенің-дағы әл кетіпті сіңірлі буыныңнан?!. Сол баяғы сыңсыған үн шығады, Шуылдақтың тулаған шуылынан.
ойығына ойымның батып барам, Енді қалай мен сенен бақыт табам!? Сен де, мен де мезгілдің уысында умаждалып, ащысын татып қалам... Өзегінде өмірдің өрілдік пе, Тоқтата ма тоқырап уақытты Адам?!! Аманат етті бірлігін /берітолғау/ Сұңқардай үнім саңқылдап, Сөз алам биік мінбеден. Санаңа құйып ал тыңдап, Санасыз болсаң үндемен. Суынған денем салқындап, Суындай көлдің тартылмақ, Сыбырлап сезім жырменен. Егеулі найза қолға алып, Еркіндік үшін егестім. Ессіз күш бойда долданып, Есігін бұзам деп өстім. Елтіген көңіл жол қалып, Ерлерше ерен толғанып, Егеменді елмен теңестім.
Рақымын сұрап алланың, Рахат күтіп жатпадым. Риясыз күлсе жалғаның, Раушан көңіл – бақтағы үн. Рухын бабам жалғадым, Риза қылып арманын, Рухани медет тапқаным. Іргелі елдің қимылын, Ісіммен жұртқа таныттым. Ізетсіз тартқан сыйлығың, Іргедегі оты тамұқтың. Іңкәрі ыстық күйлі үнім. Іздеген таппай тұйғынын, Іркіліп селкеу қалыппын. Көңілім түндей қарайған, Көр білте кеудем ызғарлы, Көрікті таңым арайлан, Кеудеден қуып мұз-қарды. Күткенім еді талайдан, Күйімді көрсет, шар айнам, Күрестен қандай із қалды?
Ғаламның тілін ұғынып, Ғарышқа қолым созғамын. Ғұлама ойға жүгініп, Ғадауат жолдан озбадым. Ғашықтық оттан жылынып, Ғаламат күштен бұғынып, Ғазауат шоқтай қоздадым. Адаспас арман – Ай мүсін, Айласыз кешкен тірлігім. Айқайлы кездің қайғысын, Адақтап заман тұр бүгін. Аңсаған тірлік жайылсын, Ақ сақал, ақ шаш байғұсың Аманат етті бірлігін… Базарлы күнім - бағыма, Бақытсыз күні сорладым. Беделсіз билік тағына, Барымта күрес жолдадым. Баянсыз бұлдыр шағыма, Бағыштап істің ағына, Батырдай намыс қорғадым.
Дүбірге толы даламда, Дүдәмәл көңіл қаңғиды. Дүркіріп үрей санамда, Дауасыз үнім қалғиды. Дабылын соғар таң алда, Дамылын жаным табар ма, Даңғара жолдар сан қилы. Уақыт үнсіз зырлайды, Уанбай көңіл зар жайып, Уыста тірлік тұрмайды, Уланған сана сарғайып, Усойқы тілім сынбайды, Уытын шашып жырлайды, Уағыз айтсам барма айып?! Лайланса көңіл тұнығым, Ләззаты тамбай таңдайға. Лағылдың сынған сынығын, Лақтырмас болар шалғайға. Лала гүл тектес ғұмырым, Лауазым биік тұғырын Лажсыздан мәнәп алмай ма?
Лашындай қанат қағайын, Лыпасыз көңіл көтеріп. Лағнет айтпас ағайын, Лебімнен тұрса от өріп, Лаулаған қаудай жанайын, Лайықты орын табайын, Лайланған өмір, кет өліп! Арманда өткен пендемін, Аңырап жаным жылаған. Азынап күйі перненің, Алладан медет сұраған. Айшықты өлең өрмедім, Ақықтай дәнін термедім, Артымда қалды сыбағам. Ұзында өшім кетті ме, Ұрланып келіп ұратын. Ұлағат сөзім текті ме, Ұқтырып мәнін тұратын? Ұялар кезім жетті ме, Ұрандап үнім өтті ме, Ұрпақтың ойлап мұратын?
Лекерлеп соққан көңілді, Ластамай таза ұстадым. Лаң салып жанды кемірді, Ләйлідей мұңды құстамын. Лайықсыз тірлік өрілді, Лашығым болған төрімді, Лүпілдеп жүрек құшпадың. Ылдидан төске шапқанда, Ызалы кекті жоқтадым. Ызғардай езгі батқанда, Ызбарлы жебе оқтадым. Ысқырып боран ақпанда, Ышқынып таңым атқанда, Ықтасын тауып тоқтадым… *** Өмірім - өрнек өрілді, Жаныңа жетсе әр үнім. Таптаса дұшпан төрімді, Бағалы сөздің бәрі мұң. Толғау мен ойым төгілді, Білерсің аты-жөнімді, Оқысаң басқы әрібін… («Серік Ғабдоллаұлы» деген сөз шығады) ***
Шыңыраудан шындығымды шыңғыртып, тырнағынан тұманының дым бүркіп, Ақиқаты адастырады ақылдан, Жалаң жалған Жұмыртқадан жүн қырқып. Сен де, мен де қалдық тұттай жалаңаш... Дөңгелеген дүниеде Заман аш! Санадағы сезімімді өлтіріп, Ақыл менен ақымақ кеп аралас... Жылдар өтті шаранада шала мас. Шаттығыңды шаштан жұлып сүйретті, Қайырымның қайырына қарамас. Тіршіліктің түтеленген түтіні тағдырыңды тоқыратпай тарамас! Оу, періште, иығымнан түс-тағы, Ең болмаса, рухымды ала қаш?!. Мен қалайын жалаңаш!!! *** Ғашық болсам, Саған ғана ғашықпын, Сезімімнің сыр сандығын ашыппын. Шаршағанда қуат-құйып жүрекке, Жырларымды Жыландыдай тасыттың.
О, туған Жер, кіндігімді кескен ең, Ақ сүтіңді қақтап еміп өскен ем. Жаным-дағы, қаным-дағы Сенікі, Аярым жоқ сенен менің ештемем!.. Соғып тұрған жүрегімде қан барда, Тамырыңды жалғастырам таңдарға... Құшағыңа құлаймын кеп, сұлаймын, Сезім сөніп, Арман маңып қалғанда!.. Есенгелді ауыл едің үйірлі, Бірлігіңе, тірлігіңе ел сүйінді! Қырық үйлі қауым едің қауқарлы, Қырық жерде томпаяды үйінді. Босаға жоқ, шаңырақ жоқ, есік те... Аруақ боп кеткен бәрі көшіп те?!. шаранадан шырылдап мен туған соң, Тербеттің Сен үкілі тал бесікте.
Бәрі қиял, бәрі елес секілді: Бұрымды қыз, бұла бала кекілді... Құшағыңа ұйықтап кетсем бір күні; Самалыңмен перделей сал бетімді. *** Сағыну ма, аңсау ма, Сарылу ма?!. Ақталу ма, ағынан жарылу ма?!. Неге екенін білмеймін, Соңғы кезде аңқам ауып, ақыл-ес арылуда. Кінәлідей алдыңда қипақ қағам, Сырым саған қалды ма сыйпатпаған?! Қаңғыбастай қиялым қаңғырады, Қоналқаға қонатын үй таппаған. Ұясының ұйықтап ұңғысында, Босана алмай жатқандай тұңғышына, Ауыл-Ана кеудемде күбірлейді, Жанастырып жалғаным «жыл құсына».
Мен де саған, Сен маған ұмтыламыз, үйіріліп мұң-зардың бұлты нағыз... Қауышқанда айтатын сөз таба алмай, Жағасындай жалғанның жыртыламыз. Кездескенде кетеді үркіп қайғым, Жанымызды жаурасақ жылтыпты Ай, Күн!.. Самалымен сусындап Сандықтастың, Шалғынына оранам Бүркітсайдың. Иіскелеп жусанын жай табамын, Сезіміме сіңіріп байтақ әнін!.. Арқалатқан ауылдың аманатын өлең-жырмен өзіне қайтарамын. *** Бір сағыныш... Күндіз күлкі, түнде ұйқымды ұрлады, Ауылға ауған аңсарым ғой бұл-дағы!? Қарашатпен қауышып бір қайтуға Сыбай-сылтау керек-ақ боп тұрғаны. Балалықтың аралайын базарын, Қызық күннің қалса егер жұрнағы!?
Сәмбі талдың жапырағы төгіліп тұрған шығар, Шашағынан сөгіліп?! Саясына көз ілдіріп алайын, Шалғынының құшағына көміліп. Жүйкесіне қан жүгіріп, қыдырып, Шырағданын жарқыратар өлі үміт?! Бүркітсайды, Құтымбетті қыдырып, Баянайдың бауырына тығылып, Көк жусанды жамбасыма жастанып жатар едім, шуағына жылынып... О, туған жер, өмір бойы іздеген Сенде екен ғой ақсақалды ұлылық!? Жалғыз аққу Көгілдір көлдің бетінде, Қанатты желдің өтінде, Сұңқылдап үні сыбызғы Аққу жүр ұқсап жетімге. Қарайды маған қиылып, Қараймын мен де сүйініп. Жалғыздың жаны жаралы, Көңілі жатыр күйініп. Тарттың ба тірлік тұманын, Ұмытып өмір жыр-әнін?!
Жүзесің жалғыз неге сен, Сыңарың қайда, сыңарың?!
Көзіңде қайғы тұрса да, Сұлусың неткен мұншама?! Арудай бейнең өшпейді, Көкірек көзін жұмса да.
Сұлуға жаным дәмелі, Сұқтанған тірлік әлемі. Жоғалтқан жоғын іздеген Жалғыздығың да әдемі!!!
Тілгілеп бетін айдынның, Мөлдір де мөлдір жайдың мұң. Бойыңды жеңілдетейін Жартысын берші қайғыңның.
- *
Жалғыз болса, Аққу жалғыз жалғанда, Қосағы тек қиял менен арманда… Көк пен жердің арасында қалқиды, Қонады тек қанаттары талғанда.
Теңі де жоқ… Бәрі қалған төменде, Жоғарыда көңіл, шіркін, шеменде. Қанатында қиялының біреу бар, Ертегінің батырына теңерге.
Күндіз ойда, Түнде түсте сол бейне Елестейді, Еніп кейде енбей де… Ақ кеменің ақ желкенін жел үрлеп, Сұлулықтың жағасына келмей ме?! Келер еді… Жүр жырақта бата алмай, Қол жетпейтін жеміс дәмін татардай. Махаббаттың мұңға малған мәуесін Тату қиын, Қапылыста қақалмай. Басы төмен иілмейтін тақаббар Арулардың мінезінде «шатақ» бар Деп түсінер ойсыз, мұңсыз пенделер, Табындырар сұлулықтың аты-ақ қар!… Ақ қар… Көк мұз емес бірақ жылтырар, Жұмбақ жанның жүрегіне нұр тұнар! Қиялдағы кереметті қуалап, Алты қабат аспанына ұмтылар.
Жоғарыда жалғыздыққа жолығып, Қалса-дағы көктем-көңіл торығып, Қиялымен асырайды күндерін, Ару-арман кеудесінде мол үміт. Алғы күнге қайтеміз біз бал ашып, Нұрын шашып тұрса егер қарашық, Ай мүсінді асыл аққу-аруға Жалғыздық та тұрады екен жарасып!!! Зират ет… Жарқ етіп көкке шығамын, Топ етіп жерге түсемін. Шыңына жетпей шыдамым, Дегбірі қашқан кісі едім. Қауызын жарса қызыл гүл, Арадай сордым шырынын. Құлақта сарсып ызың бір, Таппады тыным шыбыным. Жайқалып жеміс жаздыгүн, Таңдайға дәмі татыды. Байырқап ғұмыр аздығын, Жыртылды жылдар жатыры. Жатырын жарып, жалаңаш Сәби жыр келді өмірге. Қуаныш мұңмен аралас Қонақтап жатты көңілге.
Шабақтар сайран салғандай Шалқыды шабыт айдыны. Үмітім жүрді алданбай, Үкісін үзер қай күні?!
Қозыдай қоңыр күндерім Жалғасты ақша қарменен. Аянын беріп бір керім, Шиыршық атты сал денем.
Ауылға бұрдым ат басын, Қалды ма екен жатсынып?! Антымды адал ақтасын,
Кетейін жырды тапсырып.
Көкке ұшып мен де кетемін, Қол үзіп мынау жалғаннан… Тас үйген таудың етегін Зират ет, Елге барған жан?!
- *
Бұ дүниенің ақылы о дүниеге жүрмейді, (Бұ дүниенің иттері о дүниеде үрмейді). Ібіліеске ілесіп ізіңде ізет қалмаса, Жұмағына кіргізбей, Тамұғында жүндейді.
Жүрегіңде ойнайды Жыртыңдаған жын-нөпір, Сапалағы сайтанның көр кеудеңде бірге отыр. Құдайды да танымай құдіретсіп барасың, «Асқанға да бір тосқан», алдыңда тұр қыл-көпір. Қыл-көпірдер Құдайың құлатпауы үшін де, Сайтандықтан сейіліп, Кір періште пішінге!.. Ібілістің ұрпағы сыртқа шықпай тұншығып, Шараналық кезінде өліп қалсын ішіңде. Шалқарында шаттықтың Шала мастай шайқалдым, Адал менен арамды ажыратып айтар кім?! Ойымдағы олқымды толтыра алмай опынып, Арасында аздым ба адам менен сайтанның.
Қылдай күнә жасамай Пәк боп кете алмаспын, Тірілермен тілегім тірі күнде жалғассын. Өмір бойы тынымсыз түн ұйқымды қашырып, Сыртымдағы сайтанмен арпалыстым, Арбастым…
Таудың тарғыл тасы да болмайды ғой қынасыз, Тағдырыңның тағасы тайғанақтап тынасыз. Бойымды да, Ойымды кір-қоқыстан аршып ап, Бұ дүниеден өтейін дегенім ғой күнәсіз.
Періштемін дегенмен, Періштелік жазбаған, Адамдықтан ақыры пенделер жоқ азбаған.
Талқысында тағдырдың тыныс деген тарылды, Жалғаным – жап-жалаңаш, Дүние-көсе, таз-ғалам!… Жүрегімде, әйтеуір имандық бар аздаған.
- *
«Туған ай-тураған ет» таусылады, тұғырдан таймайды тек тау шынары. Сырғанап шыңнан төмен қыс келеді, Уақыттың етек-жеңін қаусырады. Қымсынып қоңыр тірлік қыңсылайды, Шымбайын шарасыздық шымшылайды. «Бұтаның қорғалаған басын торғай» Күн ұзын ұшып-қонып тыншымайды. Сырғанап таудан төмен қыс келеді, Талайын тағдырлардың күштегелі. Сықырлап сүйектері тал-қайыңның, Өзен, көл арнасында тістенеді. Шықшыты сары аяздың бүлкілдейді, Тұншығып тұманға Алтай күркілдейді. Уысында уақыттың умаждалып, Есіктен шығар мезгіл іркілмейді. Уақыт іркілмейді, Тоқтамайды, Тірлікке құрық салып ноқталайды. Айналған диірмендей дүниенің Арын да, Абыройын жоқтамайды.
Жетесі желінгендей кездігімнің, Мәресі мағұлымсыз мезгілімнің?! Қызық пен шыжығына қуырылған Өзекті өмірдегі өз ғұмырым.
Туған Ай-туралған ет таусылады, Маңымда маужырайды маусым әлі. Етекке таудан төмен сырғанайды, Мезгілдің мейірімсіз жаушылары…
- *
Шыбын жан шырқырап, Сүйегім сырқырап тамұқта жана ма, Жұмаққа бара ма, Кеудеден ұшқан соң табар өз бағытын?! Жатармын жайланып, Топыраққа айналып, Қара жер құшағы-табытым.
Таусылып дәнім де, Тиылар әнім де, Ұшқан соң кеудеден шыбыным. Жан көкке өрлейді, Рухым өлмейді, Тірлігім тапса да тынымын. Қайта бір соғады, Басқаға қонады, Ендеше жалғасар ғұмырым.
Қысқарған кешіме Налыймын иесіне, Айналып келсе жан жаңғырып!? Онда мен тірімін, Тірінің пірімін, Жүретін жапанда қаңғырып… Жас пері жанында, Ойнаған қанында Жыр болып ағармын мәңгілік. Дүниені ән қылып, Сән құрып… Жалғыз шыбын Күздің күні, Қала, дала құрысып, Бөлме суық, Біз де отырмыз бүрісіп… О, құдірет! Масағындай аңыздың Үй ішінде жалғыз шыбын жүр ұшып. Жалғыз шыбын – Жаздың қалған белгісі, жанталасып келмейді ғой өлгісі?! Тағдырының талқан қылып тұсауын, Келер жазды жүрген шығар көргісі?! Қуалама, Ол да тірлік иесі, Бір күн жарық оған-дағы тиесі. Қалбалақтап қыстан шығар, мүмкін, ол, Тәңірінің тисе қолдап киесі?!
Тірлігінде таппай жүрген тынымын, Менің… Әлде сенің қара шыбының?! Ұшып кетпей жүргеніне рахмет, Біздер алып жатқанда көз шырымын! Тіршіліктің бидайы мен мекені Саған-дағы, Оған-дағы жетеді. Қысқа ғұмыр-сабындай-ақ қамшының Сенен-дағы, Одан-дағы өтеді. Қуалама, Жағымды екен ызыңы, Тірлігінің қанша дейсің сызығы?! «Жан бергенге дән берген де Құярет», таусылғанша ғұмырының қызығы. Жүре берсің, Жағымды екен ызыңы!… Заманым Ол заманым бұл заман боп өзгерді, Көрге кірмей көретінді көз көрді. Жабайылық жайлап алған жалғанның Құйрық-жалын күзейтұғын кез келді.
Жағадан ап жағаласқан жалған бұл, Армандардың арайынан алған нұр. Жылуына жылынып ап жанымның, Көлеңкемде иттей ықтап қалған құр. Жапырағым көктегенде бүр жарып, Жайқалуға жасамады мырзалық. Үйге кірген жыланға да ақ құйып, Шығаратын жәбірлемей ырза қып. Заман маған жасаған жоқ жақсылық, Өзімді өзім күзеттім кеп сақшы қып. Заман маған жасаған жоқ жамандық, Өз өзімнен құрып жүрдім бақсылық. Менің-дағы құйрық-жалым күзелді, Көңіліме көктем… Кейде күз енді. Алты қабат таралғысы тозған соң Сағағынан түсті үзіліп үзеңгі.
Жіпке тізген моншақтайын жылдарым, өтіп жатты, Мен өмірді жырладым өксігімді өзегіне жасырып, Бұ жалғаннан өзімді өзім ұрладым. Қолайына жақпаған соң қоғамның, Бұтақтағы жапырақтай тоналдым. Бір-ақ теуіп тобығынан тірліктің, Жолға шыққан жолаушыдай жоғалдым. Содан бері жүрмін әлі қаңғырып, Аузы-мұрнын мұңдарымның қан қылып… Күркіресе, Дүркіресе кейде бір, Менің үнім көкте жүрген жаңғырып. Мен сондамын мәңгілік… *** Қара мойыл, қарақат пен бүлдірген – мөлдірейді, Күн сәулесін кірпігіне ілдірген. Туған жердің жуасы да тәтті екен, Таңдайыңа татпаған соң кім білген?!.
Бармақтайын тошаласы тұщымды, Тікеніне саусақтарым қышынды... «Аңсап келіп, ауырттың-ау қолыңды» дегендейін жемістерін ұсынды. Итмұрынын, доланасын, шәңгішін теріп жесең, толады екен әл-күшің. Үркітесің қонақтаған бұтаға Айыркезең алабының аң-құсын. Қымыздығын, Саумалдығын тамсанып, Қуат-күшті жинап қайтам қаншалық!? Жемісінің ащысы мен тұщысы Тал бойыңа Жібереді жан салып. Әлсіреп кеп, қуаттанып қайтамын, Сенсіз менің күнім жоғын байқадым. Сен аман бол, айналайын, Туған Жер!.. Байлығым да, бақытым да, байтағым!!! ***
Шұғыласына шомылып Шырайлансам шоқ нұрдың, Қойнауынан гүл теріп, қызықтасам көк қырдың, Қарызым мен парызым бір жолата өтеліп, Жусаныңды жастанып Жұтайын – деп кеп тұрмын. Құшағыңды аш, енейін еміреніп қойыныңа, Бітелмесе көмейім, таусылмаса ой мына, Тыныштыққа бөгейін тастап думан-тойды да. Сен екуміз көп болды сырласпадық оңаша, Тіршілікте тоқ жүрдік, тойған қарын томаша. Сені еске алдым тек ғана, Мұнар мұң кеп ораса, Қарлы боран бораса... Жалған мынау жарты кеш, тағдырымды тонаса, Сені іздедім оңаша!?. Кейде естен шығарып алғандаймын, ауылым, Қуып кетіп күндердің думаны мен сауығын.
Аттан салып айларды, Жарқылдатып жылдарды, шығарып сап жауынды... Елемеді жастық шақ, Желің менен дауылды!.. Желдей есіп жүргенде ұмыттым-ау ауылды?! Жүрегім енді ауырды!.. Беріктастың бойында қанбаушы еді ойыным. Көлеңкесін ұсынған анау тұрған мойылың. Көңілді ойдан азат қып, Өмірді өткен мазақ қып келді содыр, сой-ұлың... Тынымыңды табатын сенің жылы қойының – Ауылым!!! *** Сен барда мынау жалғанда, атады таңым арайлап. Өзіңді еске алғанда құлпырып кетер бар аймақ. Тағдырым шаршап талғанда Артыма тұрам қарайлап.
Сен барда көңіл шуақты, Жайлаудың жаңа жұртындай. Кеудеден кәусәр күй ақты, Тұмада тулап бір тынбай. Сағыныш сазы сияқты, Жаумаған жауын бұлтындай. Өрісте өріп өмірім, Өзегін өлең өртеді. Білмедім жылдар жемірін, Өткеннің бәрі ертегі. Әркімнің туған жері – Күн, Қаламас бөтен өлкені. Бір уыс жусан бөлмемнің ауасын тұр ғой аңқытып, Жұпардай иісі ерменнің әкетер бойды балқытып. Өлеңді содан өргенмін, Аққудай көлде қалқытып. Сағынған сайын сүйіктім, Тартады шабыт тыңға арна. Кеудеңнен күмбір күй ұқтым, көрсоқыр болып тұрғанда... Өзіңмен ғана биікпін, Төбеден, таудан, шыңнан да!!! ***
Сағыныштың сазы сыңсып Сырнайлы, Сар далада сапырылып жүр қайғы... Шағылдағы сағым елес шалықтап, үкіленген үмітіңді ұрлайды. Бойы биік бейнең сағым ішінен бұлдырайды, мойынын да бұрмайды. Көңіліңде күй ойнайды күмбірлеп, Домбыраның қос шегінде дүлдүл леп... «Ақсақ құлап», «Кісен ашқан», «келіншек» тоғысады толқын-толқын бір-бірлеп. Сезімдегі сүріленген сағыныш белгісіздік бақшасында тұр гүлдеп. Сағым қуған сана сарсып сарғайып, Ағын суда аунап түссе сал-қайық, Төңкерілген тірлігіңнен түңілсең, бір өзіңнен басқаларға салма айып... Қасіреттің сыпыратын көйлегін көлеңкесіз қасиеттер барлайық!.. ***
Бұлдыраған сар сағымның ішінде, Бейне – сұлу періштелік пішінде елестейді көлеңкесі ұзарып, мейлі түсін, мейлі жете түсінбе!?. сағыныштың сағымына оранып, ұйқылы-ояу түс көремін түсімде... *** Қараңғы үйде қара мысық қабырғаны тырмалап, Көбесінен қан-ағызды тас тұяғын жұлмалап... Темір тордың тегеурінін түсінбеген мұңлыққа Тағдырымның төбесінен тіршілігі тұр қарап?!. Қараңғыда қос жанары От шашады жарқылдап, Қапастағы сасық ауа қылқындырар алқымдап. Өтін алып көмейіне құйып жатса қырсығы, Қамау тері құйылады, Өне бойы қалтылдап.
Қорқау қасқыр тісін қайрап Терезеден торысын, Алла да жоқ, адам да жоқ ұсынатын қол ұшын!? «Мысыққа да ойын керек» болмай қалды бұл түні, Кесілгендей тілеуі де, кесілгендей жолы шын. Қараңғы үйдің іші-сырты түнектігін білмеген, қара мысық түнек тінін өзегінде күрмеген... Қандай қиын, қара түннің құшағына тұншығып, Өз жарығын өшіруге үрлеген... *** Жан иесі, аша берме көмейдегі аранды, Тіршілігің түгі түсіп, ту-талақай таланды!.. Тағдырыңның түнегіне тұншығасың, Жарық жоқ! Бұ дүние, О дүние... екеуі де қараңғы.
Күн санадым, ай санадым, өмірде өрге өрмелеп, Диірменнің тасындай-ақ өтті ғұмыр дөңгелеп?!. Арманымды алақанда аяладың, туған жер, Сен болмасаң, бақытымның бесігін кім тербемек?!! Сені еске алған сайын сағынышым артады, Кеңге салып Жүріппін ғой асықпай-ақ арқаны. Қыраттарың, ойпаттарың қызғалдағы құлпырған балалықтың базарына қызықтырып тартады. Ойхой, шіркін, сол кездегі мөлдіреген мойыл ма?!. Тоймаушы едік құрша ойнап, ертелі-кеш ойынға... Жүрегіңнен Жүрегіме Жалын құйып қайтамын, Таусылмайтын күш-қуатың ұланыңның бойында!.. ***
Саяжайда саяқсырап жүрген – мен, Сырласамын аралармен, гүлдермен... Қырға шықсам, ауыл иісі аңқиды Қараған мен тобылғыдан, бүргеннен. Шығарып сап көкжиекке күнді өрген, Қиялымды қауыштырам түндермен. Тыным таппай шырын сорған аралар, Шоқ гүлдерден тәтті дәмін таба алар. Өзегіне қызыл гүлдің жабысып, Жұмырына жинайтыны сара-бал. Қауымының қамын ойлап қиналған, Бал арасы – Керуен көңіл қара нар. Қызыл ерін қызғалдақтар керіліп, Таңғы шаққа тамсанады емініп. Қызыл-жасыл көйлектері көлпілдеп, Самал сүйіп, сайрандайды серілік. Жапырағын жайнамаздай жайғанда, Шашылады өлең мен жыр төгіліп.
Сырлас етіп аралар мен гүлдерді, Көңіл көншіп, жүрек жылып үлгерді. Аспан асты, жер үстінде жұмақты Жапырақтың жүрегінен кім көрді?! Саяжайда саяқ жүрген кезімде Мен гүлдермен, Гүл менімен түрленді. Ескі өмір Ақ Ертістің жағасында кеште бір Кезіп жүр ем, Кезіктірді ескі өмір… Қызыл шоқтан суырып ап қамырдай Илеп жатыр екен балға-төс темір. Солқылдатып соққан балға гүрсілін Дала тыңдап, Тыя қойды жыршы үнін. Қызыл дене құшағынан ұшады Шашыраған ұшқын болып мың шыбын. О, ескі өмір, Қанбаған ба илеуің, Қызыл жебе қоймаған ба түйреуін?! Төс темірдің талқысына тартылып, Мүмкін емес қу ағаштай күймеуің!?
Ескі өмірдің жаны шығып жаншылып, Қара суға суарылар малшынып. Болаттайын буындарын бекітіп, Шыға келер жұмыртқадай аршылып. Ескі өмірдің ескі күні жаңарып, Құлан-таза көңіл көзі ағарып, Бір белеске тағы шығып барады, Тірлігі үшін жанын беріп, жан алып. Ескі өмірдің есі кетпес шыңдаса, Кәрі емен иілмейді, сынбаса!.. Көктемеде көктер қайта көк жусан, Топырақтан тамыр тартып тынбаса. Ақ Ертістің жағасында кеште бір Кезіп жүріп, Кез боп қалды ескі өмір… Батар күннің шапағынан қып-қызыл Қонып жатты өңірге гүл, Төске нұр…
- * Арызданар адам, Шағымданар Құдай қалмады, “Өтірікті шындай, Ақсақты тыңдай” Шалады құмай жалғаны. Күні күлдіреп, Түні үлбіреп Бүгіп тұр заман бұрау бармағын.
Басымды соғам тауға да, Тасқа жаралап, Алжыған ойды Алжасқан жасқа бағалап. Балбал боп тұрып, Дал-дал боп құрып, Иесіз қалды Киесі қашқан Аманат...
Адасқан қаздай Қаңқылдап ұшам, қаңқылдап,
Жарасқан наздай Айдынды құшам салқындап. Таусылып тағат, Қаусырып қанат Қураған қамыс – құрақтай, Тулаған намыс құраттай Уыста сығар алқымдап.
Тәңірім қайда?.. Әмірің жайға қалды ма қырда адасып?! Тәлімің Айға Жаным, мұңайма, Жел қаптап жерді, Телміріп тұр ма таңасып. Қалса да құрғап қарашық!
“Қоң етім борша, арқа етім арша”- ашынам, Қыдыр кеп қонса, Бақытым жанса тасынам... Күпінің биті қағынып, Қанымды сорса жабылып, Қышыған жерін қан-жоса қылып қасынам. Желкілдеп жаяу, Жетер жер таяу – Зорлықтан қашып келемін, Өзегін өрт жеп, Төзімін дерт жеп, Жасудай жасып өлеңім, Арызданар адам, Қарызданар Құдай қалмаса, Шабытты шашып төгемін, Арманның есігін ашып беремін!.. Іздеңдер мені, Ізім қалмаса “жасық” дер едің?! Есімде ескі елестер
Жарты дүниені жалынға орап, елу миллиондай жанды ажал құштырған «Ұлы Отан соғысы» деп ат қойып, айдар таққан екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда мен төрт жаста едім. Әкеммен қоса ауыл ағаларының соғысқа аттанғаны, колхозшылардың қажырлы еңбегі, майдан даласынан келген үш бұрышты, төрт бұрышты хаттар, аналар азасы, әжелер жоқтауы еміс-еміс есімде қалып, осы күнге дейін көз алдымда көлбеңдейді. «Сәби-бала ештеме ұқпайды, ештеме түсінбейді» деген бекер екен. Жетпіс жылға таяу уақыт өтсе де, күні бүгінге дейін жадымда жатталып, көкіректе хатталып қалғанына таң қаламын?! Санадағы суреттерді өлең шумақтарымен жаңғыртып, өріп берейін дедім... ***
Жылаған жылдар жанары Құрғамай өтіп барады, Жыл сайын «Жеңіс Күнінде» Қырғынды еске алады. Қаусаған кәрі жауынгер Медаль мен орден тағады. Шабуылдарға шығардай Жүрегі дүрсіл қағады, Зеңбіректердің дауысы Құлағын әлі жарады. Оқ тескен кеуде сырылдап, Дірілдеп буын талады. Адасып қалған ерліктер Әлі де іздеп табады. Батырлық, ерлік қашанда Ел-жұрты үшін бағалы. Жалайды әлі жүректе Жазылмай жатқан жараны. Кеудені керген марапат Ерлікті еске салады. Көңілін қарттың аулайды, Жыл сайын Жеңіс парады. *** Білмеймін, Жарты әлемді өрт басқанын, Мен онда кішкентаймын, Төрт жастамын. Білмеймін, Жұмыр жердің үстінде адам Мылтықты Бір-біріне оқтасқанын.
Білмеймін, Аспан неге күркіреді, Әйтеуір, Суық еді бұлт реңі?!. Сол жылдар менің дағы, Анамның да Үзілді жүзімізден күлкі лебі. Білмеймін, Әжем неге аңырады, Қарт кеуде Қуыс үйдей қаңырады. Жиілеп Қара құзғын – қара қағаз, Әркімнің құлап жатты шаңырағы. Жүдейді жүзі сынып сұрлы аспанда Ай, Кеудесін қайғы керіп, Мұң басқандай... Арулар аруақ боп, Ақсақалдар Қалжың да қағыспайды құрдастардай. Жылатты Қара қағаз – қара құзғын, Жанары жасқа толды анамыздың. Отадық көк егіннің арам шөбін, Жеткенше әл мен қуат, шамамыздың.
Тағдырдың салғанына таласа ма, Күдікке Үміт түсті арашаға!.. «Бәрі де майдан үшін!» Ұранымен Күн кешті үлкен-кіші, Бала-шаға. Ілініп сіңіріне үмітінің, Жесірлер Жеңіске арнап күні-түнін, Ауырдың астыменен еңбек етті, Аман-сау келу үшін жігітінің. Жиырма, отыз жастың арасында Жігіттер түсті барып дара сынға!.. Тартылды таразыға тірліктегі Бұйырған бересің де, Аласың да... Қуат-күш Сарқылса да арнадағы, Күдіктер үміттерге жалғанады. Түбіттен тоқылған көп шұлықтар да «Жеңістің күніне» тек арналады. Біздің де шаттанбады наз үніміз, Кімге кеп тиіп еді жазығымыз? Отадық егістіктің арам шөбін, Қатырма – Бір жапырақ азығымыз.
Тұрмыстың соғыс тоңын тонап алды, Қайғы-мұң кеуделерде қораланды. Көз жасын сүрткім келіп апалардың Қолыма сан ұстадым орамалды. Сұмдықтың сезінбедім дертті аспанын, Білмедім Жұмыр жерді өрт басқанын?.. Астында ақ жаңбырдың асыр салған Мен онда кішкентаймын, Төрт жастамын... *** Сол жылдар Көрінеді қымбат маған, Қызығым қалмаса да ұрлатпаған?! Боздаған боз інгендей бозала бұлт Селдетіп, Көзден жасын құрғатпаған. Қара жер қабырғасы қайысқаны, Қаралы ел бұғанасы майысты әрі!.. Өгіздің өрге сүйрер мойынында Төрт елі қатып қалды қайыс табы.
Уақытты ұясынан безіндіріп, Таң атты Сәттік ғана көз ілдіріп. Соғыстың салмағына шыдап берген, Дала мен анада тек төзімділік... *** Төрт бұрышты, Үш бұрышты хаттарды Қалмақбай қарт сұрыптады, Ақтарды... Есенгелді ауылына арқалап Бара жатыр, Жүректе аза батпан-ды. Төрт бұрышты хат – хабаршы қазаның, Пошташыға тарттырады азабын. Ауылдасқа, туыстасқа естірту – Құдай салған ең ауыры жазаның. Азаматын өліге қарт қимайды, Қасіреті кеудесіне симайды. Жесірлер мен жетімдерге естірту Үшін ауыл ақсақалын жинайды. Қара қайғы Ызалы кек қопарып, Қара орманы түбірінен оталып Жатқан кезде, Жесірлердің көз жасы Қасіретті тастады әрі қотарып.
Бірін бірі жұбатады күш беріп, Тіршілігін тындырады тістеніп. Көз ілініп кеткен кезде шамалы, Азаматтар мазалайды түске еніп... Хабар келсе, Жылағанға жұбаныш, Үміттерді алдандырар уаныш... Күйеулері тірі екенін естіген Әйелдерді қолтықтайды қуаныш. Күн батады шапағына оранып, Ай туады уызына торалып... Біз де ұйқының құшағына енеміз, Сүйретпенің қос өгізін доғарып. *** Он бесінде толған Ай секілденіп, Бесігінде бақыттың жетілмедік. Жағаластық, жармастық жағасына, Итергенде ит өмір жетім көріп. Баланы да қинаса қиямет жыл, Кетеді екен көкбетке етің де өліп?!.
Қыс суық, жазда ыстық, Қиналамыз, Мектепке боқша асынып жиналамыз. Жаңылмай он саусақты санап берсек, Бір дәптер, Бір қарындаш сыйға аламыз. Арқалап апарады, әкеледі... Мектептен жетпістегі Би – бабамыз. Қолқылдақ көн етіктің қонышынан Басамыз күртік қарды тоңы сынған. Жамаулы күпәйке де жауратады, Қай заман кедейіне қол ұсынған?!. Сірнелеп сәбидің де сезімдерін, Қуаныш аунап кеткен қонысынан... Өмірден күдер үзіп түңілдік те Демеймін, Уайымға үгілдік те?!. Боздаған боз інгендей аналардың Көзіне жан ысытып үңілдік те, Осылып ойынымыз, Ойнап кеттік, Балағын балалықтың түріндік те... ***
Көкала сұп-сұр хаттарды-ай, Тайдырдың тақтан бақ талай. Қыршындай жаны қиылды, Жыйырмадан да аттамай. Бүр жарып бүршік үлгермей Махаббат өлді мақтадай. Төмпешік болып үйіліп, Шашырап қырда жатқаны-ай?!. Қып-қызыл болып күн шығып, Қып-қызыл нарттай батқан Ай. Көк конверт көздің сорасын Ағызды, Ұлып борасын! Қасірет, қайғы үңгіді Қасиет – ғұмыр қорасын. Жамандық жалаңаштаған Көңілді, Мәрттік орасын. Есіңе түссе сұм соғыс Қалтырап әлі тоңасың. Жасасаң дағы жыл сайын Жеңісті күннің жорасын, Ағайын, Туыс-туғанды Жерлеп жатқандай боласың. Әлі де ауыл-аймаққа Көк кептер хаттар қонасың... Сақалы шыққан немере Іздейді Ата моласын.
Кешіккен хаттар хабары Әлі кеп, Сені табады. Тоқсанға келген жесірдің Көзінен жасы тамады. Немерелерін құшақтап, Бұзылар қайғы қамалы. Ұранды ұрпақ сүйрейді Шалдыққан шаршап шаманы. Тамыры солып тартылған Бұлдырап кәрі жанары Қария қолы қалтылдап, Сандықтан хатты алады. Көк конверт хаттар әлі де Бермейді тыным кәріге. Ескі хат қанын көтеріп, Созады қолын дәріге... Үш бұрыш хаттар сол шақта Береді қуат әліне... Еменнен берік қарттар-ай, Келеді шыдап бәріне! Жеңіс күні Жеңіс Күні Бір желпініп қаламыз, Құлпырады қаламыз бен даламыз! Әлдеқашан қурап қалған сүйегі Жауынгерді жүректерден табамыз, Есімізге аламыз.
Жеңіс Күні Қызыл туды көтеріп, Қарт жауынгер жүрегінен от өріп, Шеруден соң Аялдайды алқынып, Бір қарызы Қалғандайын өтеліп. Түріп тастап Күдікпенен үрейді, Түгі түскен тіршілігі түлейді... Сағыныштың сәлемімен сарғайған Сексендегі Ана жүзі жүдейді. Майда мамыр Желі желпіп желеді, Жеңіс Күні Жыл да айналып келеді. Мерекелеп Жұрттың бүгін жатқаны, Соғыс жылғы қайғы-мұңның төлемі. Жеңіс Күні Айтылады сыр қалмай, Қарт жүрегі шыдамайды нұрланбай. Қуанады Жанарда жас жарқылдап Рейхстагты бүгін алып тұрғандай. Жеңіс күні кей көңілге толар мұң, Ұрпақтардың кеудесіне қонар Күн!.. Жүрегімді шаншып өтті сағыныш, Арасында жоқсың, Әке, солардың?!.
Жүрегіммен сырласу Дүрсілдеме, жүрегім, дүрсілдеме, Мұнарыңды мұң басып күрсінбе де!.. Ақ желкені айдында ағараңдап, Тау толқынның жалында жүрсін Кеме. Кеме – Менмін, Өлеңім – желкенісің, Өмір сүрдім көңілдің көркемі үшін. Көк теңізді барамын көктей өтіп, Жағадағы жандардың өртеп ішін. Тірлік тәтті тамсанып түйіндесең, Күле алмаған бақытқа күйінбе, Сен! Жартыкештеу жалғаның жаланады, Жұтыласың Тәңірге сүйінбесең?! Бақытқа да, сорға да бас ұрасың, Тасынасың, тымырсып басыласың. Өзегіңді өртеген өкінішті Жүрегіңнің түбіне жасырасың.
Шәу тартқаннан, жүрегім, шалдығасың, Сүюші едің көктемде таң құласын... Сезімімді сүйретіп әкетіпсің, Ой орманын аралап, қаңғыбасым. Алаңы жоқ өмірдің алжығасын... *** Ұлан ауданы Сағыр аулының маңайында «Ақ бауыр» атты таңбалы тас үңгірі бар. Заманнан қалған ескерткіш суреттер мемлекет қамқорлығына алынған. Үңгіген өзегімнің үңгірлерін, Ақ бауыр, бар ма сенің бір білгенің?!. Қуықтай қуысыңда ойға батып, Естимін ескі әуеннің күмбір лебін. Жазу ма, сурет пе, таңбасы ма? Сыр бермес құпиясы жанға ашыла. Қойшының қыстауы боп Бауыр жатыр, Жұмбағын басып алып жамбасына.
Бабалар тіршілігін таңбалаған, (Мән бермей өте шығар аңдамаған) Елеусіз еріккеннің ермегі ме, Мазасын маужыратқан маң даладан?! Бабамның жайлауы ма, қыстағы ма, Арманның жете алмаған ұшпағына?! Таңбасы тарих боп танылатын Түріктің тірлігінің тұспалы ма?! Ақ көбік терге малшып ат сауырын, Ғалымды алаңдатқан, Ақ-бауырым... Ойнаған бала-шаға атын жазып, Отардың тұяғында таптауырын!? *** «Қарным ашты, қадірім қашты»,- демен, Бірдей таттым тұщыны аштыменен. Күн көшті ме? Көңілім көлеңкелеу, Түн көзінен түңілген жасты көрем.
Қинайды екен рухтың қарны ашқаны, Тәтті еді ғой арманның алғаш дәмі!? Мына ғасыр салмағы зілмауырдай, Жарқылдайды жаһаннам алдаспаны. Тағдырымның тамыры тартылғандай, Ата-баба арманы алқынғандай... Бір бетімді қара түн көлеңкелеп, Бір бетімде бақыттан бал тұнғандай!? Жұмыр Жер тұр айналып кіндігінде, Жалғастырып жайымен түнді күнге... «Төсі қыстау, Жағасы жайлау» болып, Жатыр ұшып түтінім түндігімде. Алаң көңіл, мұнар мұң, күпті күдік, Жер мен көктен үзілмес күттім үміт. Жайлауынан сияқты көшіп жатқан, Жаратқанын жатырқап жұрт түңіліп???... ***
Кеуделер-ай, көтеріліп-басылған, Мақтағанда тау суындай тасынған. Қуаныштың кіріп кетсе қойнына, Жан-жүрегі шұғыладай шашылған. Кеуделер-ай, көтеріліп-басылған, Арай таңның ажарындай ашылған. Шаттығының шапанына оранып, Қиял құсын қияндарға асырған. Кеуделер-ай, көтеріліп-басылған, Баянсыздың беделіне бас ұрған... Жара түссе жүрегіне жаза алмай, Көзден ұйқы, көңілден күй қашырған. Кір шалмасын десең күміс Күн бетін, Бақытыңды байламасын «бүрге-түн»... Тіршіліктің бір қалыпты тынысын тарылтпауыңТәңір алды міндетің!... ***
Арманым жоқ сияқты енді менің, Құдайдың салғанына көндігемін. Төменге көз тастаймын бір биіктен, Көрем бе өмірімнің өндігенін?! Демедім, есерлікпен ұрынайын, Шашуын шашты аямай шұғыла Айым!.. «Су іштім ауыздықпен» айыз қанбай, Мен қайтып бұрыс тартып бұрылайын?! Арманның ақ білегін ақ таңыма арттым да, бағыт бұрдым баққа мына!.. Құдайды «шүкірлікке» шомылдырам, Жүрекке өлең отын жаққанына. Көлпілдеп Күн астында көбелектей, Есірдім «ертегіге» ебелектей. «Етімнен ет кесіп ап жатса-дағы», Масайып жүре бердім елең етпей.
Сарғайып сән кетсе де сая бағым, Салғанымсақиналы баяғы әнім?! Тірлігім «тақияма тар келсе де», Өлтірдім рухымды, аямадым... Қарамай ауылға да, бауырға да, Көндіктім жеңілге де, ауырға да... Білмедім таусыларын тірлігімнің, Қалды артта көшкен құм мен жауыр дала??! *** Шындықтың ширатылған шытырманын түсінбей, ұпайымнан ұтылғамын. «Жауырды жаба тоқып», Жалғанымның өтірік-өсегіне тұтылды арым. Андызын ауыздықтап арынымның, Құдайсыз күндеріне жұтылғамын?!
Ескексіз қайықтайын қалтақтадым, Жете алмай жағалауға жалтақтадым. Сезімім селт етпеді, көрсе-дағы Түтелеп тамырымды тарқатқанын. Сарғайып сары белден сығырайып, Атады әрең-әрең Сартап таңым. Пенделік пәруейдің перделерін Сыпырып тастай алмай, көрге де ендім... Саңырау санама да сәуле сіңбей, Төбемнен Тәңір болып төнбеген Күн. Шырмалдым ширатылған шымылдыққа, Еншімнің екшей алмай ең керегін... *** Күн еңкейіп, көлеңке ұзарады, Қоңыр күзде қоңылтақ дүз-алабы... Қайтқан қайрат, шаршаған шама-шарқы, Тіршіліктің көздері қызарады.
Ақ селеудің сақалы желпілдейді, Жанарында жалқы жас мөлтілдейді. Қиялының қанаты қырқылмаған Тіршілікті үміті өлтірмейді... Күркілдейді кеудесі Күз деміне, Жалтақтайды, Жастығын іздеді ме?! Ақ тұманда адасып арманы жүр, Тіршіліктен тамырын үзгені ме?! Күн батады, көлеңке жоғалады, Қабарады түнек –түн көкалалы... Сонау қырда сорайып сұлбалары, Көрінеді марқұмдар молалары... *** Білмейсің кім күлерін, кім жыларын?.. Қалмапты айналамда сырды ұғарым. Адасып ақ тұманның арасында, Жаулығын жамылады жыр мұнарым. Тұратын көңіл қайда күйге тұнып, желіге құлыншақтай үйретіліп?! Өткен шақ өткелінен барады өтіп, Етегі шапанының сүйретіліп.
Өкініш өгіздейін өкіреді, Күйікке қарс айырылып көкірегі. Қиялым көңілге кеп қонақтайды, Өмірде қалмағандай өтінері. Басынан баянсыз бақ безінгендей, боздайды бозаң дала боз інгендей. Сары күз салихалы сауығынан шаршап кеп, қылаң қырда көз ілгендей. Жатқандай өмір жылап, көңіл күліп, Кеуденің көмбесіне көмілді үміт... Жырларым жыл құсының қанатында Барады, тәтті күнін төгілдіріп. Жүрегіммен тілдесем Шаршадың ба, шалдықтың ба, Жүрегім?.. Жазиралы жұмағыңда жүр едің. Тірлігіңнің тұғырына қонақтап, Қиялыңның қанатында түледің.
Жалықтың ба, жабықтың ба, Жүрегім?.. Жалғаныңның жапасынан жүдедің... Тау қопарып тастайтындай бойыңда Бар еді ғой қайрат, күшің, жігерің?! Қаның қайнап басылмайтын, Жүрегім, Қара түннің жарып өттің түнегін. Қиындықтың қиып түскен қылтасын, Білеудейін балуандай білегің. Салмақ түсті нар жүгіндей, Жүрегім, Тұяғыңды тағдырыңа тіредің. Байтақ дала иесі мен киесін Тәңірімнің тануын Сен тіледің!.. Сенде алыптың күші барын білемін, Өміріңнен
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру