TELEGEI

Home

Бақыт құсы

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Бақыт құсы

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Бақыт құсы» шығармасы.

ЕКІ ӘҢГІМЕ

Жас жүрек жайып саусағын...

Гүлнәр селк ете қалды: құлын денесі дір етті, дуылдап кетті; шоқ басылғандай тыз ете түсті. Суретшінің сүйріктей саусақтары сексеуіл шоғындай ыстық екен: қыздың миына шапты, бетінің алмалығы алаулап шыға келді. Абдырады. Елеусін қызды сәл демеді де, гүл шоғының қапталына ысырмалады. Нұсқаған нүктеге тұрып, мөлдірей қарады. Екі-үш қадам шегінген Елеусін оң тізесін бүге жүгінді: өзіне қадала берген ботаның көзіндей дөп-дөңгелек көгілдір шыныға жанарын тастай бергенде, сырт ете қалған дауыс шықты. Соның арасынша сіңлісі де, жеңгесі де айнала қоршап тұра қалысты. Ызмұхширдың тамызы ерекше көркем: жемістері толыса пісіп, жұпар иіс ел ауасын молынан иелеп алады; үй қасындағы бақ ерекше сәнге бөленген – қызыл-жасыл гүлдер де, ерсілі-қарсылы жанталаса ұшып жүрген ұсақ жәндіктер де, уылжып піскен миуалар да жан сезіміңді қытықтайды. Гүлнәрлер де оңды-солды суретке түсіп, желпінісіп қалды. Туған жердің бір сәнді сәттері әсем де ақеден перзенттерімен мәңгі сурет бейнелеріне көшіп еді... Гүлнәр кібіртектеп іркілді де, жайнай ашылып, Күн нұрын құштарлықпен сорып тұрған мақпал гүлдің нәресте алақанындай қауашағына қадалып қарады: қой құмалағындай домаланған бал арасы істік тұмсығын гүл өзегіне ерсілі-қарсылы сұққылап, нектор шырынынан сорып жатқанына көзі талғанша қарады. Сол аралықта екінші ара да сап ете түсті: жанталас басталды, жыбыр-жыбыр тыпырласып, жан сала гүл өзегіне өршелене таласты; бірін-бірі итерісіп, сұғына ұмтылысып, қалт-қалт, дір-дір шырын сорып жатты. Гүлнәр кірпік қақпастан тесіле қарап тұрған-ды. Қалбаң-қалбаң қанат қағып қызыл ала көбелек кем-кемнен гүл үстіне төне түсті, енді қонуға ниеттене бергенде, теңбіл қанатты ақ көбелек жетіп келді. Екеуі сәл-пәл қатар ұшып қалықтап тұрды да, бірігіп қонуға ыңғай білдірді; кенет ол ниеттерінен айнып қалып, аймаласа, таласа көкке көтерілді, бара-бара гүлден алыстап кетті. Гүлнәр алқызыл гүлден көзін тартып алды: жан-жағына өткір жанарын жалт-жұлт еткізе жүгіртті, оңашаланып, гүл арасында бір өзі қалғанын сезінді – екеуі алға озған; Елеусін кібіртіктеп, есекарқа шел үстінде аяғын санап басып, кідірістей тоқтап, қарайлап жүр екен. Қыз санасы селк ете қалды: үй жаққа бір қарады да, жедел басып, Елеусінді қуып жетті.

– Гүлдеріңмен тілдестің бе? – Елеусін сөз бастады. – Жеңгең «Өзі екті, қызымыз бағбан» деді. Ызмұхшир топырағына түскен тұқым алтынға айналады: қауының да, жемістерің де уылжып піскен екен. – Елеусін іркілді: Гүлнәрге көз салды. Қыз күлімдеп қарап еді, қос алмалығына қызғыш нұр үйіріле қалды. Тіл үшына келе берген «Өзің де...» басталғалы келе жатқан сөздерді әзер ірікті. «Сырын кім білген. Кірпігі қайқы екен: қарулы батыр жан ғой. Қаһарлы-ау. – Сол сәтте Гүлнәр шел үстінен түсіп, алқапқа бұрылды. Гүлге иілді. Елеусін кірпік қақпастан қарап қалды. Ойын жалғастырды. – Ана қолтығының жемісі: ауыл қыздары кіршіксіз, ақ желең ғой. Нәрестедей. Не істемекші өзі...» Елеусін ойын жиып үлгермей-ақ, қолына бір шоғыр гүл ұстаған қыз бой тіктеп қатарласа кетті.

– Иісін қарашы: бұрқырап тұр – қозғасаң, айналаны түгел қаптап алады.

Гүлнәр ұсына түсті. Елеусін гүлшоқты етекті мұрнының қақ танауына тақап, құмыға иіс тартты: тамыр бойлап жылы ағым ақты, тарамыс қоңсыздау денесінде елеусіз діріл пайда болды. Кірпікті қой көзін қызға қадады.

– Бағманнан қолма-қол гүл алу – дәстүрімізде сирек кездесетін құбылыс. – Елеусін Гүлнәрге ойлана қарады. Қыздың қалың қасы қанатын жиып, көтеріле түсті: ортасынан көзге ілінер-ілінбес сызық шыға қалды. – Әдетте қызметкерді жұмсайды.

Гүлнәр күлімдеп миық тартты. Жанарын төмен алды. Шелдің жалын аяқ ұшымен сипай ары-бері сызғылады. Жалт етіп тіке қарады.

– Адам жұмсап көргем жоқ. Анамыз солай үйреткен. Гүлге өзім қожа, қызметшісі де өзім. Солай емес пе?!

Елеусін сөзден тосылып қалды. Өңменіне қадалып қалған қара көздің нұрына шыдай алмай жанарын алып қашты. Күлімсіреп, қыз батылдығына таң қалды. «Не бәрі оқығаны жетінші сынып: көкірегі тұнып тұр, ой өрісі кең. Оқуын жалғастырғанда шашасын шаң шалмайтын дүлдүлдер, жез таңдай бұлбұлдар осылардан шығады-ау, – деп Елеусін ойлап кетті. – Анада Бисенғали да айтып еді...» Көз алдына он күн ілгері кездескендері елестеді. Елеусін ауылға тамыздың ортасында келді. Пединституттағы емтихандар сығып тастады: қағаздан ерқашты болған – беттемеді, шаршапты; жоңырышқа орды, есік алдында өз бағында ойға беріліп отырғанында, Бисенғали кеп қалды. Аз отырған соң, Бисекең орнынан тұрды.

– Шаруа шаш етектен. Комсомолмыз. Конференция бар. Айтпақшы, бір жерге соқпақшы едім. Жүр. Қыз көріп, шұбат ішеміз. Жарна аламын, – деп Бисенғали жабыса түсті. Елеусін үндемей ойға берілді. – Тартынба! Ел аяғы жетпей жүрген жер – барайық: себеп жеткілікті.

Елеусін кітап сыртын сипады: Сәкен Сейфуллин. «Тар жол, тайғақ кешу». Бисенғали қолын созды.

– Ауылдағы кітапханама әлі келген жоқ. Айтпақшы: Берді Кербабаевтың «Небитдаг» романы бар. Оқы. Саған түркмен тілі де, қазақ тілі де бірдей ғой. Жолдан алып қайтамыз.

Елеусін құлағы елең ете қалды: қызға ылықпаса да, кітапқа төзімі жетпеді – көзінен бір ұшқын жылт ете түсті. Олар сиыр сәскеде келді. Гүлнәр тігінді тоқтатты да, қонақтарын аяқ үстінде күтіп алды.

– Ағаңды ертіп келдім, – деді Бисенғали күле сөйлеп. – Бесінші курсқа өткен: шаршап жатқан жерінен тұрғыздым. Қалаға бауыр басып, үйшіл болып алған. Мынадай кең қоныстың қадірін қайдан білсін. – Екі жігіт қыз төсеген жаңа көрпешелердің үстіне өтті. Бисенғали өз лауызымын алға тарта сөйледі. – Гүлнәр, жарнаңды барып төлеп те тұрмайсың. Үш айдан өтіп кетсе, бюроға салып, комсомолдан шығарып та тастаймын.

Гүлнәр екеуіне алма кезек жалт-жұлт қарады да, жанарын төмен түсірді. Шайсандық үстіндегі дастарханды жайды.

– Жарна төлеймін: жол түспегені ғой. Дүкенге де бармақшы едім, – Гүлнәр Бисенғалиға күле қарады. – Аға алдында ұялтып та тастадың. «Ұйымдарыңда тәртіп жоқ» деп жазып жіберсе, шоқпардың бір басы өзіңе де тиіп жүрмесін, Бис аға.

Екеуі де тіксініп қалды. Сәл іркіле түсті де, Бисенғали лекітіп күліп жіберді.

– Жұмыс жағдайын қазбалап сыр ашып та алыппын-ау. Елеусін ілгеріде «Айттым – болды!» деген фельетон жазған-ды: Қоныс ағам жарылып кете жаздады. Қыл тұзаққа талтүсте түсе жаздаппын-ау. Алла сақтасын!

Елеусін күлді. Қызараңдап төмен қарады. Шайкесесін үстінен қаусыра ұстап, бұрап шиыра дөңгелентті.

– Тұрмыс адамға өнер аштырады. – Елеусін әсте сөз бастады. Бәрі құлақ түре қалды. – Студент жұқақолдылықтан азап тартады: қаламақы жақсы көмекші, мөлдіреп жетіп келеді. Қалам ұстау өнерге айналып кетті. Нағашы қарындастың шымшығаны да ретті: сөз иесі адамдар шығарма жазғандарында ең жақындарын құрбандыққа шалып жібереді. Есесіне хатқа түссе, есімдері мәңгілікке айналады. Бисекең кейіпкерге айналса, өкпелемес...

– Құжатыма қол қойып бер. – Гүлнәр түрегеліп, кішкене кітапшаны Бисенғалиға ұсынды. Орынай сыртқа беттеді. Бисенғали тұқшыңдап тізімін аудара бастады. Елеусін комсомолдық құжатқа қадала қарады. Гүлнәр кірпік қақпастан бақылай берді.

– Көруге бола ма? – Елеусін Гүлнәрге қарады. Қыз елең ете қалды: жүрегі шым ете түсті. «Жылым керек қой». Гүлнәр миына осы ой сап етті. Қара көзі мөлдіреп тіке қарап еді, қой көзбен табыса кетті: миық тартты. Елеусін қол созды.

Бисенғали оларды оңаша қалдырды. Гүлнәр кесе-аяқты жинап, жайғастыра берді. Елеусінге көз қиығын жүгіртті.

– Астанаға қашан қайтасыз?! – Гүлнәр қадалып қарады. Елеусін кітапты жаба салды.

– Он күннен.

– Қайтарда соға кет: суретке түсейік. Үйге айтып қоярмын.

Елеусін бірден үн қата алмады: бір қызарды, бір бозарды; жұтынды.

– Оқуларыңыз қиын ба? Елге келмейсің ғой. – Гүлнәр әңгімені күрт бұрып жіберді. – Мына хатшы әркез келіп тұрады.

– Бисекең былтыр айтып еді, – деді Елеусін.

– Айтушылар көп. Келуші де. Күнде құр емеспіз. – Гүлнәр төмен қарап кідіріп қалды. – Құжаттарымды неге тексердіңіз?

– Арамыз жеті жас екен. – Елеусін ұяң дауыспен айта салды.

– Жетіні ұнатамын: жеті туыспыз. – Қыз шаншыла қарады. – Аралық алшақ па?

Елеусін қызарып кетті. Тіліне сөз оралмады. Оң алақанын аузына кесе көлденең ұстап, құрғақ жөтелген болды; қолқасын аршыды. Гүлнәрге қарады: қос жанар қадалып қалған екен.

– Анамның қайтқанына төрт жыл толды. Қарт әке бар, іні-қарындас әлі кішкене. Әке де қатал адам. – Елеусін төмен қарады.

– Есті адамның тілін тапса болар...

Елеусін басын көтеріп алды. ...Гүлнәрдің сол сәттегі келбеті және қаз қалпында көз алдында тұра қалды: қара көз мөлдірей боталап нұр таратып тұр, тайсалмайды. Елеусін отты жанардан көзін тайдырып, қыз ұсынған гүлбауына қарады: гүл құлақшалары жас нәрестенің алақанындай жайыла ашылып, жұпар иісі аңқып тұр. Гүлбауды көтеріп танауына тақай иіс алды. Елеусін қызға тесіле қарады. Гүлнәр көзін жарқ еткізе бір төңкеріп тастады да, Елеусінге қарай қадам атты. Елеусін санасына бір әсем ән ырғағы орала берді.

Жас жүрек жайып саусағын Көп ұзамай Көке – Тәжімұрат Гүлнәр үйінің босағасынан аттады: Елеусінге қыз сұрап келді.

Қәтеп ауылы
1999 барыс жылы, қаңтар

Көке

1961 сиыр жылында сәуірдің 5-і аса ыстық болды: желсіз, ашық аспан төрінен шақырайған Күн өз нұрын Ызмұхширға аямастан төгіп түрды. Сол күні екі жастың қосылу тойы өтіп жатты. Тәжімұрат шай ішуге ниеттенді: сыртқы аңызақты жақтырмады – бөлмеге кірді. Балшық лақшыннан аттап өтіп, тіке Айданның отыратын пеш түкпіріне жайғасты. Жатаған телпекті шешіп қасына тастады, басын сипады. Шегір көзін айналасына жүгіртті: төрге сол жақ бұрышқа шымылдық құрылыпты, құдашалар үрпиісе шегінген екен – бірме-бір тінте қарап шықты, бас құдағайға көзі түсе қоймады. Оқыс басын көтеріп алды да есікке қарап:

– Құдағай қайда, келсін. Шай ішейік. Балаларға бата берейік, - деді. Сырттан шоқ келді. Аққұманның бүйірі тақалды. Самауырын ызылдап тұр. Дастархан үсті бауырсақ, тандыр нанмен толтырылған; сөк, талқан, әр жерден қағазды кәмпиттер орын алыпты. Аласа есіктен келбетті кісі кіріп келе берді. Жастар өре тұрды. Тәжімұрат басын көтеріп алды: шегір көзін тіке жылт еткізіп бір тастап жіберді де:

– Кел, қасыма кел. Жеңешемнің орнына отырып қалдым. Қасыма отыр, - деді. Жастар жағына көз жүгіртті де: – Отыра берің. Адам сәні – ибалық: үлкенге іззет етсең кем болмайсың. Бәрекелде, көргенді балалар сөйтеді, – деп қауқылдап қалды. Бәрі жайғасқан соң:

– Іллая, әумиін, әзіреті абырой... – деп қолын көтерді.

Қол шайыла бастады. Қасындағы Орынайға сүлгі ұсынып жатып:

– Замандас, шаруа бітірдің – оң болсын. Айдан жас еді - өмірден ертелеу кетті де осы шаңырақ құлазып қалды: уығын өз қолыңмен шаныштың. Бәрекелде: бітірген ердің кемі жоқ, біткен істің міні жоқ. Бас екеу болмай мал құралмайды, қазір-ақ жетісіп кетеді: Елеусін енді екі айдан інстөтін бітіреді. Міне... – Тәжімұрат есікке жалт қарады – жанары жылт ете қалды. Иіліп, сәлем жасап кіріп келе жатқан Гүлнәрге көзі түсті. – А-а, өркенің өссін, босағаң берік болсын. – Тәжімұрат емпең қағып, желпініп қалды: жүрегін қуаныш кернеді, алғыс болып төгіле бастаған ақ ниетті сөздерді әзер ірікті. Тізелесіп отырған Орынайға көз қиығын тастады: ат жақты ақ бәйбіше әлі өңді екен – «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпеген», сирек кірпікті қара көзді жанарлы екен - өнерлі құрақ шайтөсек көрпешеге отыруға ыңғайлана түскен қызына аналық мейіріммен беріле қарап қалған екен. Тәжімұрат тамағын кенеді. Құдағай марғау көз қиығын тастады.

– Айданның мақсаты орындалды. Арманды құсы шаңырағына қонды. Осы сәтте тірі болғанында қуаныштан жүрегі жарылып та кетер ме еді, әлде, - деді Тәжімұрат жан-жағына көкірек көтере мақтана қарап. – Ананың рухы бір тебіренген шығар: перзенттері ішінде Елеусіні бір төбе еді – ана ықыласы ауған бала ғой. Кәне, шай ішейік.

Гүлнәр Көкеден бастап шыныаяқпен шайды жүргізе бастады. Көсем кісінің тәрбиесінен шыққан қыз шай құюдың шебері екен: Көке көз астынан шыны ыдыстардығы шайдың түсін салыстырды, қызылы мен мөлшерін бағамдап отырды. «Айданға келін таңдауда қателескен жоқпын, - деп ойлады Тәжімұрат. – Текті қыз екенін сезген едім, әттең Өсержаным жас болды. Бәрібір алдым ғой.» Қызының қолынан келесі шыныаяқты алып жатып Орынай да толқып кетті: «Сын көзіне мықтап түскен жерің осы, жаным. Жат жер, жаңа қоныс беташардан соң осылай сын тезіне салады. Үйде қасымда еркін едің, ерке едің; үйретсем – үйреттім, топшыңнан қаққан жоқпын, енді өзің сын көзіне дара шықтың. - Орынай төмен қарап сәл қамыға түсті. Өзіне де айналаның көз тігіп отырғанын бағамдады да бойын жиып алды. Көз жүгіртіп, Тәжімұратқа іркілді. – Кәрі жолбарыс. Көзінің жануын. Алмас тырнағын салған жерін қопарып түсетін жырынды ғой. Гүлнәрді кәйтіп іліп түскенін де сезбей қалдым.» Ызмұхширда ас үстінде үн қатпау – дәстүр: шуылдаған тұмсық үні, пысылдаған дем алыстары, қылқ-қылқ ас жұтқан өңеш дыбысы болмаса, тіл қатып, сөз сөйленбейді. Шай үнсіз ұзақ ішіліп жатса да қуанышқа жиналған етене жанашырлар ойлауды бір сәт те тоқтатқан емес. Шайға ұмсынғанда алға жылжи түсіп, ілгерілеп кеткенін Орынай оң аяғына салмақ түскенде барып бір-ақ сезді: мәсілі аяқтың басы бура санның төменіне сүйемге деңгейлес еніп барған екен, шыныаяқты Тәжімұрат Гүлнәрден алып, өзіне ұсына бергенде аңдап қалды. Сабырлы қалпынан мызғымастан мәңкиіп отырды да көз қиығын аяқ басына ілтесіп кетіп тұрған бура санға тастады: молдас құрынған қарт көлемді алыпты – жағасы жайлау; дөңес мұрыны мен сиректеу шешек дағы бар бетінен тер моншақтары жылт-жылт көрініп кетеді. Дөңгелек телпек туу төбеде ақ ләйлектің ұясындай желбіреп тұр: бас қозғалған сайын айналасындағы қозының бұйра сеңсеңдері желп-желп етеді – шалдың ішіндігі қуаныш толқыны лек-лек соғып тұр-ау деп ойлап қалды. Шыныдағы күрең шайды жалпақ шайаяққа теңдей ліп құйды да Тәжімұратқа көз қиығын тастады: жүрегі зірк етті – «Тіке бетпе-бет кездесе қалса, апырау, кісі сескенерлік түгі бар адам екен, – деп ойлады Орынай. – Телпектер деп бір таяқпен айдап жаман үйреніп кеткенбіз: қан кешіп жау қайтарған арыстандар ғой; елін қорғап, қатары сиреп те қалған. Есімді біле ер орынында жүріп тентек өскенмін: еркек атаулыға төбеден қарап, төмен бұқтырып жаман үйренгенмін-ау. Осы арыстан тікелеп келгенде кәйтіп едің.» Орынай Тәжімұратқа шаншыла қарады: көлемді қол орамалмен терін сүртіп отыр екен – дені жайылған, шаруасы бітік нағыз байпатша. Көпшікке арқасын сүйеп, тыныстап отыр. Орынайдың көз алдына сол кездесу елестеді. Тәжімұрат пен Орынайдың қоныстары қатар: екі ауылдың да үрген иттерінің даусы жетеді, арада Шиқымсүлгін көлі бар, жайылым ортақ; Дәуденнің бойына орналасқан, қатар су ішеді. Мерекелерде ертелі-кеш араласып тұрады. Орынай тағдырға бас исе де жан адамға есесін жіберетіннен емес: ажарлы, өр мінезді, сөзі жерге түспеген паң ана. Бауыры бүтін: өз шаңырағынан, қандас айналасынан қан майданға жан пенде кеткен жоқ – бәрін өз ақылының арқасында сақтап қалды; кіл табанын жалайды. Орынай үшін еркек – шыбын: қондырады да, үркітеді де – бір шыбықпен айдайды; өзіне салса, күш – көлік. Ауданның жартысына әмірі жүреді: соғыстан кейінгі іріленген үш ұжымшардың бас мал дәрігері де, бас зоотехнигі де өзінің қос ұлы, малдардың дені Қарақұм қойнауында жатыр. Осы ысқырып тұрған кезінде тамыздың соңғы ыстық күндерінің бірінде азанғы шайдан соң Тәжімұрат дік ете қалды. Есіктің алдында сыртта гұж-гұж еткен еркек даусы шықты да ашық есіктен үлкен кеуде ішке ене берді. Дастархан басындағы ана да, қыз да албырады: бір-біріне жылдам көз тастады да тұрумен болды, Орынай кесек пештің қуысына қарай ығысты, Гүлнәр кейін шегінді.

– Ассалаумағалейкум! – деп үлкен адам үй ішіне сәлем жолдады. Қолтығындағы қоржын мен қамшыны есік көзіне тастады. Жасыл көзін үй ішіне жүгіртіп шықты: қызға көзін сәл атүсті жүгіртті де анаға қадала қарады, жанары өткір екен – жанып тұр.

– Амансыздар ма? Ә-ә, Теңіз қайда...

Төрге шығып белбеуін шешті. Гүлнәр жүктен жаңа көрпешені суырып алды да төрге жайды, көпшік тастады. Орынай өз орнына отырып:

– Мал-бас аман ба, қуаттымысың, – деп жылы шырай көрсете ілтипат аударды. Гүлнәр аққұмандағы ішіліп жатқан қан қызыл шайды қасындағы ыдысқа аудара салды да жаңадан шай демдеді. Дастархан жаңартылды: өңге түсті тіске басарлармен толықтырылды. Шай жүргізілді.

– Бір шаруаның ыңғайымен келе жатқанмын. – Тәжімұрат алға өңменін тастай аз ысырылды да Гүлнәр мен Орынайға кезек қарады. Іркіліп қалды. Ана да, қыз да бастарын көтеріп алды. «Кімде шаруасы?» Орынай Гүлнәрге, Гүлнәр де анасына көз тастады. Тәжімұрат асыққан жоқ. Миығынан күлді. Үй иелерінің елеңдесіп қалғанына іштей сүйсінді. – Шаруам осы екеуіңнен бітеді. Барлығы алақанымда: қыз бой жетсе, дәмегөйлер көп болады, бәйбіше. Мен де солардың бірі, - деп барып тоқтады. Араға үнсіздік түсті: Тәжімұрат шай ішуін жалғастырды, Гүлнәрге шыныаяғын ұсынды. Қыз қолының елеусіз дірілін қырағы көзі іліп қалды.

– Орынды ғой, - деді Орынай. Тәжімұратқа тікелеп қарады. – Балаң ауылда ма?!

Тәжімұрат жасыл көзі нұрлана жылтырап, ақ бәйбішеге тіке тесіле қарады. Желпініп, бетін, сәбидің жұмырығындай кеңірдек түйіні ойнап тұрған ұзын мойынын сүртінді. Сүлгіні қасына жинақтап қойды.

– Қазір оқуда. Соңғы жылын оқып жүр. Әнеукүні кетіп еді.

Гүлнәр анасына қарады. Бәйбіше сәл ойланып отырды да:

– Әлгі келін қазанына қарады ма? – деп ортаға сұрау тастады. Гүлнәр анықтауға шықты. Орынай Тәжімұратқа қадалды. Ол да сақ отыр екен – сақ ете қалды.

– Өздеріміз. Елеусін.

Тәжімұрат түстікті жеген соң да асықпады: өзі кесіп, кеселеп қауын жеді, уылжып піскен екен; қоржынның екі басына сиғанша сайлап, таңдап өзі жұлған күрбектерден алды. Көкдауылға мінер сәтте:

– Хабарласамын. Базарға да мал шығарамыз. Ойласамыз ғой, - деді.

Ақ бәйбіше қонағын өз қолымен аттандырды.
Тәжімұраттың өкшесін баса екі дүркін Гүлнәрдің қонақтары сау ете қалды.

Жалғыз түп қара талдың қою көлеңкесінде торлы қара ала күрбектің бір кеспегін темір қасықпен қырып жеп отырған ақ бәйбіше тұмсық тірей тоқтаған жүк мәшинесіне мән берген де жоқ: өз шаруасымен айналысып, айылын жимастан отыра берді. Тарс етіп жабылған есіктің даусы шыққанда барып бетін бұрды: мұртты дәу қара талтаңдап басып, өзіне тікелеп келе жатыр екен. Ізіне ерткен анадағы сол сылыңғыр қарасы да бар. Жамырай сәлем беріп, жампаңдасып қолын ала жүгірді. Орынай оң қолының ұшын берді де:

– Амансыздар ма? - деді. Дәу қара тостағандай көзі алаң-құлаң етіп жан-жағына қарады.

– Құмдағы жігіттер келмеді ме? – деді салулы көрпешенің үстіне ошарылып отырып жатып. Киіз қалпағымен желпінді. Қасындағы қара да жылан көзі жылт-жылт етіп тұм-тұсты тінте бастады.

– Әлі іркілетін шығар. Құмнан келген қойшы айтып отырған жаңа: «Сіңбіруге қолдары тимейді» деп. Әй, - деп дауыстады. – Төсек салың! Әділ ішке барсын...

Орынай мұңайып төмен қарады: пәллені кейін ысырды, қолын шайды. Көрпешенің құрағын саусақ ұшымен түрткілеп ойланып қалды. «Әділ баса көктеп қара шаңырақтың есігін шаңға көміп аяқ салғанын қоймады-ау. Өзі егде адам: шалымнан да үлкен. Тізе басып, аларын алды ғой – қызым тоқалы. Ендігісі не? – Көз аясына іркіле қалған жасты саусақ ұшымен қағып тастады. Мұрынын тартты. Көрпешені көктеген сабақтың ұшын бармағына орап шиыра түсті. – Жуас түйе жүндеуге жақсы – тырнағы батып бара жатқанын қарашы билеп төстеп: қыздарымның маңдайына кіл тоқал болу жазылды ма екен, о несі; «Әйелі тастаған - салулы төсек, салқын үй. Гүлнәр ие болсын.» Көнбет. Ауызы барып қалай айтып жүр десеңші! Имансыз. Тақымдай беруін. – Ашуы бас көтеріп, көз алды қарауытты. Орынай көзін жұмып алды. Қыбырсыз ұзақ отырды. Шайға да зауқы соқпады. «Қауын жедім» дей салды. – Шыныаяқта жүзіп жүрген мұртын көргім жоқ. Талай әуселесін бастан өтірдік қой...» Ол кезде Лабақ стансасы айдарынан жел есіп тұрған-ды: темір жол келмеген, жүк Әмудәрия арқылы ерсілі-қарсылы ағылып жатады; қыл өңештен өтетін ас осы жерде – жамау шекпенділер ертелі-кеш жыртылып айырылады. Дүйім жұртты тасты аяқтай қағыстыратын – жалғыз «былғарытон»: былғары шәпкі, былғары шекпен киген, сталиндік китель мен бура санына жел толған галифелі; былғары етігі сықырлап қарақұрым елді жалғыз шыбықпен айдайды – Порсы аудандық атқару комитетінің қуаяғы. Қатал. Шарапты шелекпен қотарып, қыз-келіншектің қырғиы - өңдісін тақымына басып жүрген жарты патша: бетіне тіке қарағанды не ФЗО-ға, не қан майданға, не еңбек армиясына жөнелтеді; жарылқағанына броны дайын. Іңкәр былғарыға оранған «былғарытонның» қыл тұзағына ойда жоқта оралды да қалды. Теңіз арба айдайтын – кәдімгі фургон: астық, ұн, мақта, шігіт... кемеге жеткізіледі, түскен жүкті баратын нүктелеріне табыстайды. Сондай қырсық шалған күннің бірінде арбасындағы ақ майынан кем соқты: аз сөзді, тұйық мінезді Теңіздің көзі тас төбесінен шықты, ұнжырғасы түсіп, еңсесіне су құйылды да қалды; «былғарытон» - осы Әділ жоғын іздеп үйге келді. Жер төлені, мал қораны, айналаны шошқаша қорыс қылды. Ұрттам май табылмады. Әділ жер соғып дағдарып тұрғанда ала көзі Іңкәрге қадалды: мұртын сипады, сілекейін жұтты. Толықсып бой жеткен қыз кербездене ботакөзін бір төңкеріп тастап, есі ауып мәңгіріп тұрған «былғарытонға» тіл қатты.

– Жазықсыз әкемді ұрыға шығардың. Жоғыңды басқа жерден іздесеңші, елдің үрейін алмай, - деді Іңкәр. «Былғарытон» лезде есін жинады: дөңгелек ала көзі жасаурап, жанарын қыздан әрең алды да қасындағы шашбау көтерушілеріне ым қағып, белгі берді. Табанжаларлар жер жұтқандай ғайып болды – меңіреу де тылсым оңашалық орнай қалды.

– Жоғалған майымды таппасам да екінші тайымды тауып тұрмын, - деді Әділ жайын ауызын кере ашып есінеп. Күлген болды. Әділ күлсе де Іңкәрға ол күлкі қымбатқа түсті. Аяғы ауырлаған Іңкәр Нәзипаның кішісі болып Әділдің босағасын аттады...

Әділдер аттанып бара жатқанда Орынай сол орынында тапжылмастан немересінің кекілінен сипалап отыра берді. Үшінші қонақ іңірде жаяу келді. Өмір. Жұқа өңді ақ жігіт. Көзі қара. Оң шекесіне қисайта жатқызып тараған шашы бар – шөже басына жарасып тұрады. Кішкентай есепші. Тәжімұратпен көрші. Қызметі қалада. Сенбі күні Гүлнәрге бір соғып кету қанына сіңген дағдысы: келеді, отырады, алдына қойғанды ішеді, жейді; үй іші жатуға ыңғайланғанда солбырайып түргеліп, тіл қатпастан тықырсыз қараңғы түнге елеусіз ғана сіңіп кетеді. Екі дүркін қонаққа қазан көтеріп, діңкелеген келін де, қыз да жаңа тізе бүккен-ді. Құйрықтары жер иіскер иіскеместен Өмір сәлем беріп келе берді. Аман-сау сұрасу ерін ұшымен-ақ аяқталды. Соның арасынша екі кішкентай немере төбелесті. Төбелес тарқағанша бие сауым уақыт өтті. Шай жасалды. Гүлнәр шай құйды: үй иелері тоқ баса отырып ішсе, аңқасы кеуіп келген Өмір бұл жалғаншыға жаңа келгендей балқып терлеп, қабырғасы қайысқанша ішті. Кесе-аяқ жиналған соң жарғақ дастархан жайылды. Қазаннан ер қашты болған келін қауын алып келді - Гүлнәр кеселеп, бөліп тастады. Уылжып піскен күрбек қауын үнсіз желінді. Дәмді-ақ екен: таңдайыңды жұлып түседі, шырыны тілге оралып тұр. Қауынның пошағын жинағанша көз байланды. Нар кесемен шұбат келді. Гүлнәр кесені Өмірге өз қолымен ұсынды. Өмір алғаш тіксініп, бойын жинап алды. Ақ әжеге қарады. Іле Гүлнәрге көз тастады. Қара көздер ұштаса кетті: Өмірдің жүрегі сілкініп қалды да ыстық леп миына шапты. Қолын созбастан Өмір мелшиіп отырып қалды.

– Сідер не, мені...

– Іше бер. Алыстан шөлдеп келген жігітке... бойыңа сіңіп кетеді, - деді Гүлнәр. Кесені ұсына түсті. «У болса да...» деп ойлады Өмір. «Іш... Мүмкін...» Гүлнәр ойын аяқтамады. Өмір қолын созды...

Ақ әже миық тартты. Жанарын қарсы алдында сол сәттегідей қара көзі жылт-жылт от шашып, миығында күлкі ойнап тұрған Гүлнәріне тікті: ақ орамал ажарын аша түсіпті – бетінің қос алмалығында қызғыш нұр алаулап, сәуле таратып тұрғандай сезінді. «Ә-әй, Жаратқанием, бергеніңе шүкір» деп сыйынды. Көкеге көз қырын тастады: ақ көйлектің жағасын кең ашып тастап, алаңсыз отыр – аршын төсі де аумақты екен. «Ер тұлғалы нағыз ел азаматы осы ғой, - деп ойлады Орынай. – Қаймана біреудің шаңырағын көтеріп шалқуын: көкірегінде иненің жасуындай қылаптық жоқ. Аузын ашса, ақ жүрегі көрініп тұр. Адал адам ғой – бұлар батыл да батыр болады. Қайтпас қайсар ғой. Сескенері жоқ: нағыз жүрекжұтқандар». Орынайдың көз алдына Көкенің анадағы батыл қимылдары елестеп кетті. Тәжімұрат - Көке ертесіне тағы келді. Шұбат ішті. Теңізбен күңкілдесті. Орынай Көкенің көмейінде бір түйіннің барын сезді: жылысып, қастарына таялып отырды. Қысыр әңгімені кілт үзді де Көке төтесінен басты.

– Әнебіреу кеше тағы келді-ау осы. – Сәл іркіліп, Теңізге қадала қарады. – Мен Орынайға арнайы келіп, құлаққағыс жасадым. Осы шаруаны тездетейік: «жә» дескен болсаңыздар Гүлнәрдің үстінен құс ұшырмаймын. Арыстанның табаны тиген жерге шиебөрі жоламайды. Иә, солай...

Үшеуі де ойланып қалды. Теңіз үшкір қайқы кірпігі тікірейіп алғаш Көкеге қарады, содан соң Орынайға тігілді. Ой кешіп отырған ана әсте жанарын көтеріп, аузын бағып отырған қос азаматқа назар тастады.

– Күлткілейтін несі бар: осы үйдегі төбесі көрінген екі қыз бен әлі үйленетін бала жаныма батады; бұл Ызмұхширда туысымыз жоқ – қызметтегі балаларға ілесіп жүргенбіз. Қыз да, бала да саяқ қалмағанын қалап едім. Алланың қалауы бар шығар.

Көкенің көзі жылт ете қалды.

– Көкейіңе түсіндім: болжам да солай еді - өріс іздеген абзал.

– Ақан бір табан тәбия – екі үйміз: оның да бүйрегі жатқа бауыр басқан. Ескішіл, кісікиік шал. Аз отырғанда бабы таптырмайды. - Орынай іркіліп, Көкеге қарады. – Оқыған жас қой баласы – етегінен ұстағанға саясы түсер.

Келісімді сөздің аузынан ұшқанын Орынайдың өзі де сезбей қалды, Көке жалт қарады да:

– Ә-ә... тәмем де сол ғой... Іллая...

Көкенің қолына ілесе ана мен әкенің де қолдары жоғары көтеріле берді...

– Құдағай, шыныаяғыңды соз. Ойланып та қалдың-ау. Ойланған жақсы. «Бала теңін тапса, тегін бер» деген: Айданның көзі жұмылғалы бес жыл ішінде қиналып қалған түрлері бар: әйел қолы – гүл ғой, жетісіп кетеді.

Қаратөбел үй, шынында да, қораш еді: жалғыз бөлме, кірер ауызда қол диірмен бар, топанды ылаймен сыбалған қабырғалары жалаңаш; Гүлнәрдің шағын жүгі бір бұрышты иелеген, шымылдық басындағы құрақ еріксіз көз тартады - өнерлі-ақ. Шай ішу саябыр тапты: ас қайырып, Көке аяғын созды. Өзара күбір-күбір сөз, сыңғырлаған күлкі естіле бастады. Кесе-аяқты жинап, сүртіп отырған Гүлнәрге Көкенің жанары түсіп кетті. Миығынан күлді. Тозығы жеткен кесек үйге бақыт құсы болып қонып, қазан-табағына иелік етіп жатқан осы Гүлнәрді қалай алақанына қондырғанын бір сәт ойға алды... Елеусін келгенде Тәжімұрат пышақ қайрап отыр еді. Көке жадырап қалды: оқуын сұрады, көңілденіп, өз шаруашылығынан да сөз қозғады. Жалаңдаған болат пышақтың жүзіне оңды-солды сығалап қарады: қасында жатқан қара талдың шыбығын кесіп, өткірлігін тексерді.

– Үйден келе жатырсың ба? – деп Елеусінге оқыс сұрау тастады.

– Азанда шықтым. Мына ағайындарға барып ем, - деп Елеусін иегін көтеріп, бағдар сілтеді. Тәжімұрат Елеусінге тесіле қарады.

– Қыз бар ма екен?!

– Бар. Екеуі де. Гүлнәр қолқа салып еді: суретке түсірдім. - Елеусін кішкентай қолсандықтың сыртынан сипалап қойды. – Фотоларын шығарып беріп жіберемін.

– Ә-әә... түсінікті. Анаң Айданның тұзын көп жеген едім. - Тәжімұрат Елеусінге қарап жөнделіп отырды. – Көрінетін жерім келген екен: қалай қарайсың?

Елеусін көз қырын әсте атүсті талтай салды: қой көзінде жылт ете қалған ұшқынды қарттың қырағы жанары іліп қалды. «Ішің майлы екен, - деп ойлады Көке. – Көптің көкейіндегі қыз еді, Алла келістірсін тек...» Тәжімұрат қыз аузының қисайғанын сезген соң жедел қимылдады: күн қатынады, түн қатынады – нан сындырып тынды. Тек Әділ кесе көлденеңдеп алдын орай берді. ...Тәжімұрат кәрі күйеудің тұмсығына шертіп қоюға бел байлады: көп күттірмей-ақ ол сәт сап ете қалды. Көке екі-үш ірі қарасын суарып, аударып арқандаған соң қайтуға ниеттенді. Көкдауылды жетектеп, көпірдің үстіне шыққанда көлдің еңсе жағынан көз ұшында көтерілген ақ шаңға көзі түсті: кідірді де тігіле қарады, көп күттірмей аудаңдап келе жатқан қара мәшине де таяла түсті. Анық сол: Көке Көкдауылға көпірдің үстін сұқ саусағымен нұсқап:

– Жат! - деді. Үлкен айғыр ешек алдыңғы қос тізесін бүкті де ақ шаңдақтың үстіне жата кетті. Шылбырды ер үстіне бос тастады да Көке жолдан шетке шықты. Мәшине жол үстіндегі ешекке тұмсық тірей тоқтады: үсті-бастарын ізінен қуа еріп келе жатқан қою ақ шаң көміп кетті. Тәжімұрат мұртынан күлді: айналаны қаптап алған ақ топырақтың ұлпалары арасынан кабина ашылып, үлкен қара кеуде көрінді – кәрі күйеу. Мәшине тепкішегінен төмен салбыраған былғары қара етік май топырақты бұрқ еткізді: Ызмұхширдың боз топырағы кенедей жабысты, сықырлаған қара етік ақ шоқайға айналды. Дәу қалпақтың астындағы ала көздер Көкеге қадала қалды: мұрт шалғылары да едәуір құйрық көтеріп тұр. Көке сұқ саусағын шошайтып, мұртты жол шетіне шақырды. Айдаушы да, мәшине үстіндегі жалғыз жолаушы да орындарынан тапжылмады. Көке кірпік қақпастан жолаушыға қадалып тұра берді.

Әділ мәшинеден ашулы түсіп еді: өңменіне найзадай қадалып қалған қос жасыл жанарға көзі түскенде бойын белгісіз бір толқын соғын өткендей дір етті, бура санның үстінде салбырап тұрған қарыс сүйем сүйек сапты пышаққа еріксіз қарай бергенін өзі де аңдамай қалды. Сәлемдесуді де ұмытып, аса жақындаса беруге де жүрек етпей кідірістеді. Тәжімұрат кірпік қақпастан қадалып тұра берді. Әділ қипақтады: жол шетіндегі алып адамға тіке қарауға жігері жеткен жоқ – көз қиығын тастады. «Құныскерей емес пе?» деп ойлап та қалды. Айналасына ұрлана көз тастап еді – құла түз, үлкен жаптың бойы екен: ошарылып мәшине тұр, жол үстінде ешек жатыр, қос жасыл жанар кірпік қақпастан әлі қадалып алған – тасмүсін, тапжылмайды.

– Бері жақындас. - Көке тіл қатты. - Аяғың тұсалған ба, адымда бері. Сөз бар.

Әділ де өзін ірі кеуделімін деп санайтын: Тәжімұратқа бір-екі адым жақындасқанда бойы шарға, май басқан қарынды екенін сезінді. Тіксінді. Қабақ астынан ұрлана көз қырын тастады: Тәжімұрат жалпақ белбеуіне бас бармақтарын ілдіріп, талтайып алған, алыса кетуге дайын – атылғалы тұр.

– Туыстарға қайын жұртқа келе жатырмыз. Мен күйе...

– Тоқта, тоқта. Сөзді көбейтпе. – Тәжімұрат оң қолын көтерді. – Сені білемін. Сен... сен көзіңнің еті өскен адамсың. Мен білемін... – Лықсып келген ащу көмейге тығылды да Тәжімұрат кідіріп қалды. Көзін Әділге едірейте қадады. – От шашып алаулап кетті. – Біздер қан кешіп жүргенде сен ауылдағы қыз-қырқынды баудай түсірген қырқылжыңсың. Сенде адамдық сезім жоқ – қара қабансың. Ә-ә...

Әділдің көзі аларып дөңгелене берді: ащуы бас көтерді. Көзі сүйек сапты пышаққа түскенде мұртының жебелері кем-кемнен салбырай бастады. «Аналар келемін дегенше болат пышақ қарнымнан есік ашады-ау» деп те ойлап үлгерді.

– Сөз мынау: енді қайтып осы жолдан өтпейсің. Қыз жоқ. Қорқытып алған тоқалыңнан, шыбын жаныңнан безсең – кел онда.

Сол аралықта Тәжімұраттың қолы екі рет пышақтың сабына барып келіп, барып келіп тұрды.

– Кө-ке... - деді еріксіз тұттыға Әділ.

– Дұрыс... Мен осы Ызмұхширдың Көкесімін. Халық осылай атаған. Көке. Дұрыс... Көкең қан кешкен адам: Шеләбіден 42 адам жаяу шығып, 3 айда 16 жігітті елге жеткіздім. - Көке бір сәт тыныстап, Әділге шүйіле жақындасты. – Қазақ – жесір үшін қан төккен халық. Мен – адаймын. Түркменадай. Шалбармын. Бір жесір келінге бола қара басымды, інімді өлімге тіккен жанмын. Сен кімсің оның қасында. Сөз тамам...

Көке ысқырып жіберді. Көкдауыл ұшып тұрды да дүр сілкініп, кесе көлденең тұра қалды. Көке оң аяғын ер үстіне артты: ырғып мінді. Әділ мәңгіріп қалды: мұртының қос шалғысы салбырап кеткен еді... Тәжімұрат тәтті ойдан серпіліп, қыз анасына қарады. Ақ бәйбіше де кірпігін көтерді. Тамағын кенеп жіберді де Көке:

– Құдағай, жұмыс бітірдің. Той әлі тарқаған жоқ – жалғаса береді: арнайы өзіңе қонақасы дайындап жатыр, балаңның қасында боласың; қыз өсіру - қиямет, азанда балаңның қызметін көріп қайтасың.

– Орынды ғой, - деді Орынай. Кең көйлектің етегін мәсі басына қарай тартып, қымтанды. Жанарын биікке тастап, көзін айналасына бір шола жүгіртіп шықты. Бөлмедегілер өзіне тегіс назар аударған екен: аузына үңіліп, үнсіз тыныстап отыр. – Перзент қызығын көру – ата-ананың мұраты: абыроймен сол сәтке жетсек – арман жоқ.

Көз қиығын Гүлнәрге салды: сөз түйінін ұқса керек – беті алаулап қызарып шыға келді, көзі жарқ-жұрқ етіп, миығынан күлді. Ананың жүрегі елжіреп жүре берді. Тәжімұрат Көкдауылдан түсіп, Дәуденнен суарды: тісінің арасынан сыздықтата су жұтып жатқан бұтартар тұлпарына көз сала тұрып ойға берілді. «Айданның қос шелекпен су алған жері ғой бұл жасқа. Жалғаншы десеңші – сен суға келмегелі де зыр етіп бес жыл өте шығыпты. Енді Гүлнәр суға келеді: табан таңбаң қалған топыраққа балаңның ізі түседі. Өмір өрісі жалғаса бермек: қосқан үлесімді рухың сезсе, мен де разымын». Маякеткен көлін жиектеп, Шығысқа тартып бара жатқан Көке Көкдауылдың жорғасына тербетіле көңілі көтеріліп, ескі әнге баяулата үн қосты.

Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең
Сонда да күдер үзбе бір Алладан.

Қәтеп ауылы
1998 барыс жылы, шілде-тамыз

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙