Абай мен Мәди
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Амантай Сатаев — «Абай мен Мәди» (Көркем әңгіме). Абай мен Мәди
Киіз үй толы адам. Абайды ұйып тыңдап қалған жандардың қыбыр етуге мұршасы жоқ. Абай сөйлеп отыр. Ел құлаққа ұрған танадай ұйып отыр. Абай соңғы кезде асықпай жазып жүрген ғақлияларынан айтып отыр.
Әлден уақытта есіктен орта бойлы, ширақ қимылды, ықшам да сәнді киінген жас жігіт кіре берді. Жігіттің көзі оттай жанып, ақынға сондайлық бір зор сағынышпен, мол салауат- құрметпен қарады. Тосын жолаушы ілгерілей келіп, сәлем беруге ыңғайлана түсіп, іркіліп қалды. Жігіттің жігерін жасытпайын деген оймен Абай сөзін доғарды.
— Абай аға, айта беріңіз әңгімеңізді,- деді тобықтының ажар мінез адамдарының бірі.
— Үйге мейман кірді ғой,- деді ақын.
— Тейірі, мұны да мейман деп... Өзіміздің Ділдә апамыздың аулынан келген құда бала. Әйбике Алшынбайлар... — бұл тіл қатқан жанның даусында кекесін бар.
— Біздің елге келгеніңе көп болды ма?— деп Абай жас жігітті ишарамен қасына шақырды.
— Абай-аға, Алшынбайдың немересі екенім рас. Құдайберлі ақсақалдың аулында біраз күн қисса дастан-ертегінің қызығына еріп жүріп қалғаным да өтірік емес. Балдызыңыз болам. Әңгімеңізді үзгеніме ғафу өтінемін,— деген жігіт Абайға қос қолын ұсынып, бір тізерлей сәлемдесті.
— «Мына қаракесетің қалай сәлемдеседі-ей!» — деп біреу күңк етіп те үлгерді.
— Жоғары шық,— деген Абай,— Балдыз дегенде қай балдызсың? Алшекеңнің алты берісі дегендей, өз қайын атам мен Қақаңнан басқасы біздің елге ат шалдырмаған жандар.
— Алшекеңнің Бәпи деген жуас кенжесі бар. Соның серілеу, ән салатын әумесер бір баласы бар деп естуші едік. Сол болмағай? — деді күшәләні қымызға езіп ішіп, қыза-қыза сөйлейтін тобықтының сөзшең атқамінерлерінің бірі.
— Атым - Мәди, затым - қаракесек екені рас. Дәл айттыңыз, ақсақал; Бәпидің баласымын.
— Билердің сотына келгендей тергедіңдер ғой. Жайларыңа отырыңдар,— деп нағашысы Ақылбай Мәдиге ара түсті.
— Құдайберлі аулынан келемін дейсің. Ол ауылдан не көрдің, не үйрендің? - деп сөзге Баймағамбет те қыстырылып үлгерді.
— Шаншардың қуларының ұрлықтан басқа қырлары болушы ма еді? — деп сөзшең атқамінер жолаушы жігіті тағы бір шалып үлгерді.
— Балдызжан, мына құдаларың сені қақпайлап болмады ғой. Бірдеңе демеймісің? - деді ақын.
— Құдекең аулының бұл ауылдан бір айырмасы, барған мейманын тергемейді екен. Ән үйретеді екен, жыр жаттатады екен. Мәселен:
Дүние шыр айналып тұрмайды жай,
Келер-кетер адамзат із қалдырмай.
Сол өткен көп заманның біреуінде,
Болыпты Троекуров деген бір бай,
Осы бай Руссияның шетінде екен,
Күнбатыс, заграница бетінде екен,— деп ағылта келіп Мәди тосылып қалды.
— Ей, мынауың зейінді қаракесек болып шықты ғой. Тез-ақ ұғып алған.
— Орыс сөзін қыстырғаны жарамапты.
— Орыс сөзін қыстырған бұл жігіт емес, өзіміздің шәкірт-ақын ғой,- деді үйдегінің бірі.
— Мұнысы жаңа аударма, мен айтқан Пушкинге кіріскен екен,— деп Абай да көңілденіп қалды.
— «Заграница» деген сөзге шамданып қалғандар да бар секілді...
Орыс сөзін айтты деп кейбір қауым,
Ұрмай-соқпай болар-ақ менің жауым.
Нені айтты деп сұрамас, кім айтты дер,
Өзінің білмей жүріп ауру-сауын,— деп тағы бір шумақты айтып үлгерген Мәдиге риза болып кеткен Абай бала-балдызын құшақтап, маңдайынан сүйді.
Атақты Абай, аруақты Абаймен жас Мәдидің алғашқы да соңғы кездесуі осылай болыпты деседі ел құлағы көнекөз қариялары.
Абай елінен зерделі Мәди зор әсермен оралды. Едірей, Қарқаралы өңірі Бәпиұлының тобықты еліне барып қайтқанын тура тоғыз ай тоқтаусыз әңгіме етті.
Күндердің бір күнінде Қақабай інісі Бәпиге кекірейе қарап:
— Иә, балаң Құнекеңнің еліне барып қайтты деп естіп жатырмыз. Әлгі Ыбырайым деген күйеу баламыз балдызына не берген екен? — деп кекесінмен сұрапты. Мәди де әкесімен ере келген екен. Бәпи күмілжіп:
— Қақау, не беруші еді? Мінгізген атын, кигізген шапан-тондарын Мәди- жанның өзі алмапты,- деді.
— Иә, сенің бұл сотқарыңнан шығады. Маған қараған түрін қарашы. Пәтшағардың көзінде жыланның у, ақсайтанның буы бар секілді көрінеді де тұрады,— деп сөзге Қақабайдың долы тоқалы Пәни араласты.
— Тек отыр. Мен сөйлеп отырғанда сөзге килігіп нең бар?— деп Қақабай тоқалына жекігенсіді.
— Әкем жасырып отыр. Абай ағаның аулынан әкелгенім мол. Бәрі көкірегімде сайрап тұр, тіліме тісім тежеу салып, қайрап тұр,- деді Мәди.
— Адырам қал, мұнымен не айтпақ мынау?!- деп тілге тұсау салмай тоқал тағы тақылдап сөзге араласып кетті.
— Заманның ыңғайына аққан сеңі,
Әр айғырға бір кірген байтал теңі.
Не өкімет, болмаса қауымды алдап,
Оқиға желісі мен шешім
Арсыздықпен не болар алған шені.
Міне, менің Абай елінен әкелген сыйым осындай өлең-жырлар,— деді Мәди.
— Онда жетіскен екенсің. Екі жаз әкеңді Қояндыға жұмсап, сәнді киім жинатып, тобықтыдағы апаңды іздеп барғандағы алып қайтқаның әлгіндегі жел сөз болса, онда құдайым Бәпиге берген-ақ екен!— деп шіренген Қақабай Мәдиді бұрынғыдан да жек көріп отыр. Інісінің бұл ұлының өткірлігі, өжеттілігі ұнамайды-ақ! Шіркін, Қақаңның өз ұлдары да осы Мәдидей болсайшы.
Бәпи ағасының алдында мойнына су кеткендей үндей алмай отыр. Бала әкесін аяп кетті. Абай аулында жаттаған тағы бір жыр есіне түсті.
— Қақа, Ділдә апамыз барған ел сауық-сайраншыл, өлең-жыршыл екен. Жасының аузында - ән, кәрісінің қолында - құман. Бозбала, ер азаматтарын бетқақпайламайтын көрінеді,- деді Бәпи.
— Баласының айтқанына сенгенді сенен көрдім,- деген Қақабай Мәдиге қарап: - Ылғи бір қыңыр өлеңдерді жаттап қайтыпсың ғой. Жөні дұрыс жырлары жоқ па екен ол елдің? — деп маңыздана қалды.
— Жақсы жырлар, мағыналы сөздері мол екен тобықты елінің. Бәрі бір ғана Абай жездеміздің әсері болса керек. Абай жездемізді екшелей өсіп келе жатқан бір ақынның тағы бір шумақтары ойыма түсіп отыр. Қалай еді?.. Міне...
«Бір ұрты май, бір ұрты қандар да бар,
Қой терісін жамылған жандар да бар.
Жазасызды жазалап атақ алып,
Ақ жүрексіп жүретін паңдар да бар?
-Иә, мұнымен не айтпақсың? - деп бағанадан бері үнсіз отырған Қақаңның үлкен баласы Мәшірап шарт ете қалды.
— Не айтушы едім?.. Өздеріңіз Абай елінен не әкелдің деп сұрадыңыздар. Мен не әкелгенімді айттым,— деді Мәди.
Осыдан бастап Қақабай мен оның балаларының Мәдиге деген өшпенділігі жаулыққа, дұшпандыққа, өшпес қастыққа ауысты. Қақабай дәулеті мығым, іргелі де беделді бай, оның сөзін патша әкімдері де жақтап, соның сойылын соғысады. Алдымен жуас Бәпидің жеріне тырнақ салды. Одан кейін Алшынбайдан бөлінген еншінің өзіне көзін алартады. Мұндай қорлыққа іні көнгенімен, немере көнбейді. Ауылда оқып, сауатын ашқан, орыс диқандарымен араласып, орыс әріптерін ежелеп оқуға жарап қалған Мәди Қақабай мен оның балаларын әкесіне, өзіне басындырып жүре алмады. Тіпті жекей төбелес, ұрыс-керіске келгенде Қақабай балалары үлкен бола тұрып, ширақ Мәдиге төтеп бере алмай, талай қабат беттері қайтты. Мәдидің шаруадан қолы босаса-ақ баратын мекені — орыс ортасы, жатақтардың жер кепесі, сондағы өлең-жыр, ертегі-дастандардың көп білетін Бабас, Алқабай секілді ақсақалдардың айтқандарын ұйып тыңдап, көкейіне тоқып өсті. Қоянды жәрмеңкесіне немесе Қарқаралы қаласына бара қалса, іздейтіні - кітап, газет, журнал. Мұндай мінезді Алшынбай әулетіндегілер қисса-дастан кітаптар сатып алу дегенді бұл далада кім көрген? Едірей өңіріне бұл қылықты Мәди әкелді. Жылқы беріп, мылтық сатып алды, құнажынның құнына қанжар саудалауға болады дегенді қай қаракесек естіп еді?!.
Мәди өз қатарының алды болып өсті. Астында - жүйрік ат, үстінде - сәнді киім, ерткен жігіттері де жарлы-жақыбайлардан болса да ылғи бір ығай мен сығай.
Он төрт ауылнай қарайтын Едірей болысына өжеттілігімен аты шыққан ағайынды Оспан мен Қасен, Әмір баласы Асқар, Сейітбаттал мен Көпжан - бұлардың бәрі өнерлі жігіттер. Сол кездің өзінде патша суретін боқтап, сол үшін жер ауып қайтқан Төрехан деген жігіттің әңгімелері жас Мәдидің зердесін кеңейте түсті. Ресей деген үлкен елдің адамдары да патша мен оның жуан желке, оязнай, приставта- рына жиі-жиі қарсы шығуды жүйелі бір күреске айналдыра бастапты дегенді орыс мұжықтары да күңкілдеп ара-тұра айтып қояды.
«Осы заман не болып барады» дегендей ойда жүргенде бір күні... Мәдиге айттырылып қойған қалыңдығы Нүриланың басқа елге ұзатылып кеткен хабары жетті. Бұл істің басы- қасында Қақабай болғаны айқындал- ды. «Дубровский» дастанының әсерінде жүрген Мәди Қақабайды Трое- куровке, өзін Дубровскийге теңеп, мұнан былайғы қимыл-әрекеттерін көз алдынан былайша өткізеді: «Ат пыр-пыр, арба гүр-гүр, қоңырау сылдыр, Маңайы шыр айналып қақты.
бұлдыр. Бұлардан Дубровский түк сезбейді Әкетпес әлдеқайда көңіл құрғыр». Міне, осыдан бастап Мәди өмірі күрт өзгерді. Намысшыл жігіт Қақа байдың туыс екеніне қарамайды. Малын тал түсте айдап әкетеді. Тоқалдан туған шолжаң баласы Ахметбекті сойылға жығып, жаралайды.
Қақа бай, Қасен, Шәпи — бәрі жиналып Мәдидің үстінен арыз айдайды. Әуелі Қарқаралы, одан Семей, одан Омбы... Осы өңірде өскен тағы бір дарынды ақынның жыр жолдары еріксіз ойыңызға оралады: Жүгірісіп қалаға, Қаныққан соң жалаға, Көшеде жүрген көп тілмаш Көк қағазды көрген соң Мініп шабар шанаға. Дұшпаным менің осы деп Алып келер аулына - Өзінің туған бауырына Келген соң ол кімді аяр, Жығып салып дүрені... Көшіп кетер жерің жоқ, Сөйтіп қалмай не қылдың Құтылмастай пәлеге. Мәди дүркін-дүркін қамауға алын- ды. Ол әуелі Қарқаралы түрмесінде отырды. Қайсар жігіттің мойымаған шағын оның осы кезеңдегі жыр жолдарынан-ақ аңғаруға болады:
Сүйендім абақтының шарбағына, Сыйындым бабам Қазыбек аруағына.
Ағамыз Қақа байдың арқасында, Іліндім Патшамыздың қармағына. Бұл Мәди өмірінің үлкен бір белесін көз алдымызға әкеледі. Мәди өз дәуірінің ерекше сауатты адамдарының бірі болғандығы бүгінде кеңінен анықталып отыр. Ол Пушкин мен Абай шығармаларынан рухани наразық алып, осы арнада ер жетіп, өскен дарын. Қаншалық өтірік-өсек, қастандық пен жала, зұлымдық пен жауыздық қаумаласа да Мәди өзінің азаматтық, адамгершілік арын жоғары ұстап өткен, қайтпас-қайсар, мойымас та- лант екенін бүкіл өмірімен делелдеп өтті.
Ескерерлік жай: алда Мәдидің творчестволық өмірбаянын жазғанымызда «дейді екен-ау, дейді екен» тәсіліне салынбай, тарихи деректерді түбегейлі де нақтылы зерттеп, халық аузындағы әңгіме мен архив деректерін екшей отырып жазғанымыз жөн.
Бүгінде бір кітаптарда, очерк, мақала, естеліктерде Мәди өміріне қатысы бар жандар әртүрлі аталып жүр. Мәселен: Мәдидің шешесі бір кітапта Әнипа болса, енді бір газеттерде Майжара болып жазылады. Сондай- ақ, Мәди кезіндегі Қарқаралы уезінің бастықтарын бірде «ақжелке», «бірде «көкжелке» дейміз. Алдағы уақытта Мәди жайлы көркем әдебиет пен ғылыми еңбектерде мұндай ала- құлалыққа жол бермегеніміз жөн.
Біз жинаған деректерде Бәпидің екі әйелі болған: бәйбішесі Күләндадан - Ұрия, Мәди, Мәпіш деген екі қыз бір ұл туған. Тоқалы Майжүрек деген әйелінен – Бейсембек, Шәріп- қайша деген балалары болған. Күләнда ерте өліп, Мәди Майжүрек деген кіші шешесінің тәрбиесінде өскен. Бұл деректер бізге Мәдидің туған қарындасы Мәпіштің күйеуі, Қарағанды облысы, Абай қаласында тұратын Кәдікеев ақсақал арқылы жетті.
Енді «ақжелке», «көкжелкеге» келелік.
Тарихта бұлардың да аттары, фамилиялары бар. Мысалы, ақжелүшқкеміз Қарқаралының уезд начальнигі Оссовский болуы керек. Оссовскийден кейінгі бастық Каменщиков деген, оны қазақтар Кенет атапты. Каменщиковтен соң Варкасин деген Қарқаралының уезд бастығы болса керек. Ал енді бұлардың аты-жөндері мен қатын-қалаш, бала-шағаларының есімдерін делдеп атау алдағы зерттеушілердің ісі. Осы секілді Мәди жауларының айналасындағы адамдардың аты-жөндері мен өмірін анық- тай түскеннен ешбір ұтылмаймыз. Құр «Қақабай, Қақабай» деп қақылдай бергенімізден түк шықпайды. Әрине, көркем туындылар - роман, повесть, пьесаларда адам есімдері, кейбір оқиға желілері өзгере түсіп отыруы заңды да секілді. Әйткенмен, көркем туындыда да негіз болғаны ләзім. Мәди өмірбаянына да шындық көзі- мен қарайтындай уақыт жетті.
Мәдидің әйелдері - Қази Бекетқызы мен Қани Бейсенқұлқызы көркем туындыларда тым әсірелеу жүйесінде бейнеленсе де, өмірдегі қимыл-әрекеттерінен тым алыстап кетпегені абзал. Байқап, бағдарлаған жанға. Мәди әншілік творчествосында әйел махаб- батына оншалық көп көңіл бөлмеген жан. Оның әндері мен өлеңдерінде «күйдім-сүйдім», «өлдім-талдым» тіптен жоқ. Сондықтан да, «анау айтып еді, мынау айтып еді» дегендей желеумен, кейбір кітаптарда жазылғандай Қазиға Мәди өлімі үшін өш алып, Мәдиді атқан адамды Қазидың өлтіру сәтін де ашық жазған абзал. Тіпті, анығына келсек, Мәдидің тәні әуелде жасырын көмілген. Оның атын біразға дейін атауға елде, туған-туыстары да қорықты ғой.
Міне, мұндай жайларды да алдағы уақытта ескерген жөн. Мәди шығармаларын, ол жайлы естеліктермен қосып кітап етіп шығару - Қазақстан жазушылары мен композиторлар одақтарының бірден-бір парызы. Сол секілді Мәди жайлы документті, тіпті көркем фильмдер жасауға да уақыт жетті, жағдай да бар. Мәди есімін есте қалдыру үшін мектеп, көше аттарын беру меселесі де қолға алынар күн туды. Мәдидің ірі мәрмер ескерткіштері Алматы,Қарағанды, Қарқаралы қалаларында бой көрсетсе, нұр үстіне нұр.
Мәди жайлы баспа бетінде 1921 жылғы «Қазақ тілі» газетіндегі «Мәдидің өлімі» деген шағын мақаладан кейін көлемді еңбек жазған қадірменді ғалым – академик - композитор Ахмет Жұбановтың мына бір сөздеріне зер салыңыздаршы:
«Мәди қайратты жігіт, халық бақыты үшін өмірін күреспен өткізген қайраткер, еңбекші халықтың жауының қолынан арманда өлген қыршын, артында үлкен көркем ескерткіш қалдырып кеткен композитор әнші. Оның шығармалары үнемі халықтың аузында, советтік музыка майданында шаттық үніндей болып естіледі. Оның «Қаракесеті», «Ер Тарғын» операсында Тарғынның бас ариясы болып берілген. «Шіркін-ай» мен «Мәди», «Қыз Жібек» операсында жүр. Ал «Үшқараны» үйінде отырып, айтпайтын адам аз. Ол әркімнің де жүрегін қозғайды. Мәдидің өмірі үлгілі оқиғаға толы өмір. Ол жөнінде архивтерде әлі де деректер көп екенінде дау жоқ. Оның бәрі де ашылып, Мәдидің бізге мәлімсіз көптеген жайлары жарыққа шығуында сөз жоқ».
Академик Ахмет Жұбанов зор көрегендікпен айтқан екен. Шынында, бүгінде архив Мәди Бәпиұлы Алшынбаев өміріне байланысты көптеген нақтылы деректерді ашып беріп отыр.
Жапан далада жалғыз ағаш, жалғыз шынар өсіп тұр еді. Мәди жайлы ойлағанда, сондай бір жапан далада жалғыз өскен терек, оның құла түзде жалқы тұрғандығы көз алдыңызға келеді. Сол бір ағаш жас тал , кезінде дүлей табиғаттан қандайлық, қаншалық қиындық көрді екен?! Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған шақта желмен бораннан, үскірік аяз бен шақырайған ыстық аптаптан, басқа да апаттардан қаншалық қорғалақтап, қатуланып, қайсарлана өсті екен!
Дүлей жел оны жерге иіп, жасытпақ болды. Үскірік аяз оны тоңдырып, үсітпек болды. Долы боран бұталарын сындырып, жұлқылап, тас-талқан етпек болды. Апта паңызақ оны құратып, тамырын солдыр мақ, та еді.
Әйткенмен, жапан түзде өскен жалғыз ағаш бәріне төтеп бере білді.
Сонау бір зұлмат заманда Қатал табиғаттың танабында бар зұлымдыққа төтеп бере білген қайсар терек жасарып, жапырақ жаяр жайма-шуақ шаққа жетті.
Біз сол бір жалқы ағаштай, қайсар теректей, жалғыз шынардай өскен бұрнағы өнер саңлақтарыма бүгінгі ұрпақтың алғысы шексіз де шетсіз.
Жалғыздың жауыздыққа келмес әлі,
Сөйтсе де жәбірлеуге көнбесары.
Белгісіз сан Қақа бай келер-кетер,
Мәдидің жасар мәңгі өлмес әні.
Амантай Сатаев.
Орталық Қазақстан.- 2005.- 27 қаңтар. - 7 б.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру