TELEGEI

Home

Жыл құсы

Сафуан Шәймерденов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жыл құсы

Сафуан Шәймерденов шығармалары адам табиғаты, мінез-құлқын тануға арналған. Еңбектеріндегі өмір шындығы шынайы немесе шынайы болуы мүмкін деген оқиғалар желісіне құрылған. Кейіпкерлер арасындағы түрлі тартыстар арқылы замандас келбетін айқын бейнелеп шыққан.

Повесть

1 тарау

Кеше кештетіп төгіле жауған қара жаңбыр жер бетін жалап өткен екен, сарғайып қуқыл тартқан кер дала химчисткадан шыққан көне киім секілді - сондай таза, сондай өңсіз. Жақындап қалған күз белгісін танытып ызғырық жел соғады. Битабар өгізшелерді Сарысудың әлі де нәрі бар көкшіл өзекшесіне сәскеде айдап түсірген еді, қазір шаңқай түс. Жаз бойы ен даланы еркін жайлап, жонданып алған жануарлар тұмсығын жерге кенеше қадап, үскі тілімен қылтанақ алсынды орай соғады. Қолға қарап қорада тұрар ұзақ қыстың алдында қарбытып қалайын дейтін секілді. Битабар көп уақыт осы бір ойды қызықтады. «Мал екеш мал да қысқа дайындық жасап әлек». Бір қызығы, тосыннан мал баққан адамның екі қолы алдына сыймай қалатыны болады екен. Бұрын шулы, думан тірлікке үйреніп қалған жігіт ағасына мына жым-жырт дала да, аспанда үнсіз көшкен ақ бұлт пен үнсіз қалықтаған қарақұс та әлдебір жат әсер салып, мазалайтын секілді. Зерігіңкіреп барып, бір тастың ығына қисайып еді, көп жата алмады, жер әлі сыз екен, жамбасы шылқып мазасын кетірді. Содан ба, тағы да келер күнді ойлап: «Қыс шіркін, биыл ерте түсейін деді - ау, ─ деп қойды. - Мал мен жанға қолайлы бола қойса игі еді». Басқа ермек болмаған соң, көне заманнан бері қимылсыз жатқан дәу тастарды қопарып, домалата бастады. Бір шұбар тастың асты бықыған шұбар жылан екен. Шошып қалды. Бірақ суық соғып әлсіреген жыландар басын баяу көтеріп шұлғып - шұлғып қойды. «Ұямызды бұзатындай біз саған не жаздық?!» Әлден уақытта мына жым-жырт даланың тынышын бұзып дүріл естілді. Битабар шұбар тасты өз орнына домалата салды да, мойнын созды. Сарысудың арғы қабағынан бір машина құлап келеді. Әлгіндей болмай екі жағынан күміс қалқан тұрғызып өткелден де жарып өтті. Дөңге шықты. Сосын тағы бір өзекшеге сүңгіді. Битабар ойыншыққа алданған баладай ұзақ қарады: «Апырау, бұл мақұлығың да жүзіп кетеді екен ғой». Күн бесін болды. Битабар әлі қарап тұр. Өзекше толассыз ызыңға толы. Бірде зорайып, бірде өлеусіреп шығады. Ұйықтар кезде құлағыңның түбінен естілетін масаның ызыңы секілді. Битабар солай қарай бет алды. Машина бір кішкене жырашықтың үстінде тұр. Екі адам көрінеді. Бірінің басында шетен қалпақ, оқшауырақ жерде, ызғырық желден ығысып, мойнын тығып алған. Екіншісі ─ машинаға секіріп мініп, машинадан секіріп түсіп әлек. ─ Е, неге тұрсыңдар, ерте күнді кеш қылып мидай далада? Шетен қалпақ ұнатпаған кейіппен:

─ Неге тұрғанды білмейді, ә? - деп кекетті шала қазақшалап. ─ Көріпкелім болмаса, қайдан білем? - Өзі ішінен: «Әлімнің Бертшегі секілді мынау бір жатқан қырсық қой», - деп қойды. ─ Көріпкелің болмаса да, көріп тұрған жоқсың ба? Битабар да енді шетен қалпақтың әуенімен:

─ Көргенмен білмейді, - деді.
─ Қазақтар өстіп, білмегенсіп, аңқау келеді.
Машина қасындағысы қазақ жігіт екен, жылы түс танытты.

─ Ау, ақсақал, білмеген жердің ой-шұқыры көп деген емес пе, байқамаппыз, сазға түсіп кетіп, шыға алмай жатырмыз. Машина сазға батып қалады, машина саздан шыға алмай қалады деген ұғым Битабардың қаперінде жоқ екен, машинаны айналып жүріп-жүріп басын шайқады.

─ Бұл мақұлығын да батып қалады екен ғой. Енді қалай шығарасың? ─ Біле алмай тұрмын. Сүйреу керек шығар, не көтеру керек. Битабар жанып кетті.

─ Көтеру керек?
─ Ия, көтерсе де болады.
─ Сонда бұл мақұлықтың салмағы қанша?
─ Салмағы ма? Салмағы екі тоннадай.

─ Тоның не? Атан түйедей бола ма, соны айтсайшы.
─ Екі жарым түйеге пара-пар-ау...

─ Сонда бұл мақұлығыңның бір бөксесі... ─ деп Битабар сәл күмілжіңкіреп, әлденені есепке салған адамша ойланып қалды.

Осы кезде шетен қалпақ айғайлап жіберді. ─ Саздап жатқанда не әңгіме бұл?! Доғар әңгімені. Машинаңды батпақтан шығарып ал әуелі!

Жігіт бір жеріне біз сұғып алғандай шоршыды. ─ Ойбай, ағайын, былай тұр, нашәндіктің ашуы жаман. Битабар да ерегісіп кетті.

─ Сол нашәндігіңе ерегіскенде машинаңды көтеріп берсем не дер едің?
Шофер жігіт күлді:
─ Не дейін, туған - ау, айта жүрем де.
─ Ал ендеше, күрегің болса, шым ой.

Шофер жігіт қағылез қимылдап шым ойды. Битабар бір-екі шымды жотасына тастап жіберіп, машинаның астына енді. Аяқ-қолымен жер тіреп бір сәт тұрды да:

─ Иә, аруақ, қолдай көр, һәуіп! ─ деп қалды.

Сазға кіріп кеткен қос доңғалақ сопаң етті. Содан кейінгісі оңай болды. Машина бұғаудағы арғымақтай ілгерілі - кейінді сәл теңселіп тұрды да, жұлқына жөнелді. Шетен қалпақ кабинаға жармасты. Жақындап қалған Битабарға шофердің: «Ал, туыс, рахмет!» -деуге ғана мұршасы келді. Неге екені белгісіз, Битабар шетен қалпаққа ызалы: «Енеңді..., шекірейген бірдеме екен, шым ойған жерге ауната салмаған екенмін өзін!» - Сөйткенше болмады, тызылдап дөңге шығып үлгерген машина қазықты айнала шапқан атша дөңгелене беріп кері салды. Битабардың жүрегі лүп етті. Құтты осы бір теріс ойдың үстінен дөп түсіп, ұстап әкетуге бұрылған секілді.

Шетен қалпақ есікті аша берді. ─ Ақсақал, сіз кім боласыз? ─ Байқаса, тап жаңағыдай ашулы емес, жүзінде жылылық белгісі бар. Битабар осыны байқап, қайта кесірлене қалды.

─ Қазақ боламын!
─ Қазақ екеніңді біліп тұрмын. Аты-жөніңді айтам.
─ Менің аты-жөнімде не атаңның құны бар. Бар, жүре бер жәйіңе!
Шетен қалпақ сәл абыржыңқырап барып, басын шайқап есікті жапты.

Қайта өрге шығып бара жатқан машина соңына қарап қалған Битабардың ойына шофер жігіттің: «Нашәндіктің ашуы жаман» ─ деген сөзі түсті де шошынып кетті.

─ Жөнсіздеу сөйледім - ау осы. Мылтығы болып атып кетсе, не істейтін едім! Осы ой Битабарды кешке дейін мазалаумен болды. Ауылға да тым кештетіп, қас қарайып кеткен кезде біреу желкелеп, біреу сүйрегендей болып зорға келді.

2 тарау

...Битабар кештетіп келсе, ауыл іші у-шу.
─ Балуан Шолақ келіпті!..
─ Балуан Шолақ келіп, байдың үйіне түсіпті...
─ Балуан Шолақ керемет қызық ойын көрсетеді дейді....

Битабардың көптен іздегені жерден табылғандай, бір аяқ айранды қотара салды да, шала жуынып, байдың үйіне тартты. Бай - Әлім деген бетінде секпілі бар, сопақ бет, ұзын ақ сары кісі. Көзі басқа қазақтан өзгеше, көкшіл. Сақал-шашы да жас кезінде жирен болған деседі. Бірақ бұл күнде ұзын өскен сұлу шоқша сақалы мен екі ұшын әдемілеп басқан мұрты да аппақ. Жирен түстің түк нышаны жоқ. Әлім бай болғанымен кісілігі мол, ел адамы. Өткен-кеткен қонақтар да бұл ауылға келсе «Әлім» деп келеді. Әлім бұл жолы да қонақжай, мырзалығынан танбапты. Арқанын ерке серісі, балуан серісі Шолаққа арнап ауылдан алысырақ көкорай шалғынға тоғыз қанат ақбоз үй тігіп, іргесін түріп тастаған. Айнала нөпір жастар. Біреулер жабықтан сығалайды, біреулер жиі ашылып-жабылып жатқан есікке үңіліп қалады. Үй іші у-шу. Әйелдің сыңғыр күлкісі, «беу - шіркін!» ─ деп көтермелеген ерлер даусы. Солардан өзгеше бөлініп, баппен қағып, тартылған домбыра сазына кешкі самалдай есіліп майда қоңыр дауыс кеп қосылады:

Ғалияның қолында бұйда пышақ,
Ғалияны көрдім де, жайдым құшақ...
Отыр ма екен Ғалия, жатыр ма екен
Айдын көлде жүзген аққуға ұқсап?

Аққуға ұқсап...
Беу, Ғалия - ай, жан сәулем, бетіңнен,
Аппақ қардай етіңнен
Бір күн ауру, бір күн сау

Жазылдың ба - ай дертіңнен?

Битабардың жүрегі шымырлап кетті. Бұл ән Балуан Шолақтың Ғалияға ғана арнап шығарған әні емес, бүкіл мүскін бозбала атаулының өз ғашық жарларына арнап шығарған әні секілді. Ыстық құмарлықты, ынталық, адал сезімді паш ететін ән. Битабардың көңіл зердесіне тағы да Жанкүмістің Ғалиядай асыл бейнесі кеп орнай қалды. Оңаша бір сәтті тауып кездесе қалғанда әманда бір асыл сөз айтқысы келуші еді, бірақ айта алмаушы еді. Сондағы айтып жеткізе алмайтыны осы ән екен ғой. Балуан Шолақтың «Ғалиясы» екен ғой. Битабар соны жаңа тапқандай. Битабар селк етті. Енді аңғарды, қиялдың пырағына мініп, тым ұзап кеткен екен. Бай үйін төңіректеген бозбала шуылына қайтып оралды. ─ Кір, кір, Битабар, үйге кір! ─ Айнала қоршай қалған жас жігіттер Битабарды есікке итермеледі.

─ Ау, өздерің неғып тұрсыңдар? ─ Біз сені күтіп тұрмыз. Әуелі сен кіресің, Балуанға сәлем бересің. Сосын біз... Битабардың ойлауына пұрсат болған жоқ. Ақбоз үйдің табалдырығынан барып бір-ақ шықты. Әйтеуір ешкім елемеген секілді. Жұрт құлағы әнде, жұрт көзі Балуан Шолақта. Битабар әуелі қақ төрден Жанкүмісті көрді. Тұғырға қонған қаршығаға ұқсап, Шолақтың оң тізесінде отыр. Байқаса, сол тізесінде тағы бір үкілі қыз. Балуан екі қызды құс балапанындай айқара құшақтап төсіне басыпты да, домбыра шертіп, «Ғалияны» шырқайды. Әлдебір қызғаныш оты ма, Битабар тіксініп қалды да шегіншектей берді. Балуан бір сәт тынып қалды. Жұрт жапырылып есікке қарады. Қонақтың көзі Битабарға түсіпті.

─ Ә, кел, кел!
Балуанның сол жағын ала отырған Әлім байдың жалғыз улы Бертшектің:
─ Әй, жаман, сәлем неге бермейсің! ─ деген даусы шықты.
Битабар айыбын жумақ болды да, тез басып барып қолын ұсына беріп:

─ Ассалаумағаләйкем! ─ деп дауыстаңқырап айтты. Неге екені белгісіз, үй іші осы кезде ду ете түсті. Тұғырда отырған екі қыз да сәл бетін қалқалап, ұрлана күліп жатыр. ─ Уағалейкум... ─ деп барып Балуан Шолақ жігіт қолын асықпай алды да, оқыс бытырлатып қысып жіберді. Аңғырт жігіттің жаны мұрнының ұшына келді. Ауырғаны сондай, бақырып та қала жаздады. Мұның бәрі жалғыз-ақ қабақ қағыста болған жай еді, ендігі сәтте есін тез жиған Битабар да еруліге қарулы жасап, қайрат көрсетіп жіберді. Шолақ басын көтеріп алды да жалт қарады:

─ Ә, көп жасықтың бірі ме десем, жас арыстан екенсің ғой, кел, кел, отыр. Битабар осы сөзді ғана күтіп тұрған екен. Еркін қимылмен Балуанның оң тізесінен Жанкүмісті суырып түсірді де, екеуінің арасына барып отыра кетті. Топ іші гу-гу: «Жарайсың, Битабарым! Ел сағын сындырмаған өзің ғана!» «Е, бәсе, біз де елміз ғой, анамыз ұл тапқан екен ғой!»

Құлағының дәл түбінен Жанкүмістің ыстық демі естілді:
─ Сен де бақырасың ба деп зәрем ұшып еді.

Сыртта жабықтан сығалап жүргендердің ау ─ жәйін Битабар енді аңғарайын деді, үйге кірген бозбалалардың сәлемін Балуан Шолақ өзінше алады екен:

─ Атыңды айт.
─ Атым ─ бәленшебай...
─ Жоқ, дұрыстап, жұрт еститіндей етіп айт!
─ Бәленше...еба...й.

─ Е, дұрыс, ал енді құрт ұрлағаныңды, кебежеге түсіп қаймақ жегеніңді баянда! Мұндай ұрлығы болған күннің өзінде де жұрт алдында, мына тұғырда отырған сұлу қыздар алдында қалай айтсын.

─ Шәке, ондай ұрлық жасамаған едім.

Мұндайда Балуанның әдісі бар: мұжық қолымен жігіт қолын батырлатып қысып жібереді. Амалы құрыған жігіт не бақырады, немесе құрт пен қаймақты қалай ұрлағанын тәптіштеп баяндап береді. Қыздарға қырындап жүрген бозбалаға қайсысы болса да өлім. Жұрт соған мәз. Дуылдап күліседі. Дыбысын шығармай қыздар да күледі: «Жігіт болған түріңе болайын!» Осы сыннан аман өткен Битабар Балуан Шолақтың он қанатында мәртебесі өсіп, биіктеп отырды. Жұрт көңілінің гүл шоғы ─ Балуанның өзі де былайғы жұртты жайына қалдырып, «жас арыстанға» бұрылып алған. Не айтса да сөзін жалғыз соған арнаған адамның шырайын білдіреді. Бұрынғыдай емес, Жанкүмістің де, ілтипаты өзгеше. Битабардың әр қылығын тамыршыша қылт еткізбей қостап, жымиып қояды. Кей-кейде тіпті жанаса отырып, ақырын ғана сүйкеніп қалатын да мінез шығарды. Битабар соған бір түрлі шалқып кетті. Қызғанышы үстірт екен, көңілі орнына түсейін деді. Енді Жанкүмісті өз еншісіне қайтарып алған соң, ақырын отырып даңқы үш жүзге бірдей тараған Балуанға көз қырын сала бастады. Атын көп естігендіктен бе, Балуан Шолақ айырықша бір алып адам болып елестейтін еді, мүлде олай емес екен. Отырған қалпы осы. Битабардың өзіндей - ақ. Бірақ төртпақ, тым жоталы. Балуанға өзін қанша теңестіргенімен мүлде кейінде, әкесінің артында отырған балаға ұқсап қалғанын Битабар біраздан соң барып білді. Бірақ одан да артық әсер - Шолақтың айырықша көркем, сұлулығында жатқан секілді. Аздап қорасан дағы бар дөңгелек қызыл жүзіне кішкене шоқша сақалы сондай жарасымды. Ашуға емес, жайдарылыққа біткен қалың қасты жайпақ қабағының астынан кішкене қара көзі күлімдей қарайды. Ал мойны мүлде өзгеше. Іші тартылып қалған жарау аттың кеудесіне ұқсас, тынысы мол кең кеудесіне онша көп үйлесе қоймайтын шошақтау келген кішкене басы сомдап соққан жұмыр темірге орната қойған секілді. Дегенмен жұрт тегін мақтамайды екен. Құдай -тағала бар өнерді қадақтап өлшемей, бір басына үйіп-төгіп бере салған. Ән мен жыр да, күй мен қара сөз де бір басында. Осы бір сезімді ұзақ тамашалап, ынтыға қарап қалған «жас арыстанға»: «Жығылсаң нардан жығыл» деген бар емес пе, белдесіп көрер ме еді өзімен», - деген бір ой келді. Балуан құдды осы ойын сезіп қалғандай домбырасын іргеге сүйей салды да: «Ал мен бір ойын көрсетейін», ─ деп, ортаға қарай жылжыды. Бұл ойынның тәртібі – кімде - кім қолымның қаруы бар десе, ортаға шығып, Балуанның алқымынан қысып қылқындырады екен. Балуан өліп кетсе, құдай алдында сұрауы жоқ, аяма, жаны шыққанша қыса бер. Қыса алмасаң, жеңілгенің. Бұл ойын Битабарға ойыншық секілді болып көрінді. Өйткені өткен қыста Битабар құрық сілтесе, қарсы шабар халде бір қурайды тасалап болдырып жатқан қасқырдың алдына бір аңшыны қалдырып, өзі артынан келіп, қона түскен бойда алқымына қолды салып жіберіп, жерден көтеріп алған да, дарға асқандай етіп асып өлтіре салған еді. Жұрттың есінде осы оқиға бар ма, «Битабар шықсын!» ─ деп ду ете түсті. Битабар жеңіл қарғып түрегелді. Балуан тоят іздеген бүркіттей қомданып алыпты. Кейпіндегі әлгі бір жылылық жоғалып үлгірген. Екі көзі қанталап, от шашады. Битабар арбиған саусақтарын Балуанның алқымына қадады... Бірақ қос уысы айқаспады. Тегі, көкшуланның мойнынан да жуан - ау - болды алғашқы ой. Ал Балуан болса мүлде жайбарақат отырған секілді. ─ Аянба! ─ деді Балуан сәл қырылдаңқырап, ─ не саған серт, жас арыстан, не маған серт. Аянайын деп тұрған Битабар жоқ. Даланың көкжалына ұқсатпаса да, «Ойбай өлдім, қоя бер!» дегізіп, өз жасағанын өз алдына келтірсе, одан артық мерей бар ма. Бар күшін жинап Балуанды алқымдап жоғары көтере берді. Сол кезде Балуан қойдың жілігін жемсауына салып жіберіп, бытыр еткізе түсіретін бүркітке ұқсап, басын мойнына ала беріп, шұлғып қалып еді. Битабардың қолы сарт етіп шығып кетті. Мойын емес, темір дерсің, тырнақтың ізі де қалмапты. Битабар қайта ұмтылмады, жеңілгенін танытып, басын шайқап, орнына кеп отырды. Балуан осыдан кейін талай ойын көрсетті: үш жігіт жабылып, жалғыз жұдырығын аша алмады. Он жігіт жабылып жалғыз аяғын бүге алмады. Соның ішінде Битабар да жүр. Бірақ мұның бәрі күші асқандық емес, өнері асқандық болып көрінді Битабарға. Бәрі де тәсілдің, ұзақ жаттығудың нәтижесі секілді. ─ Балуан, мұның бәрі жақсы ғой, дегенмен белдесіп күш сынасқанға не жетсін! ─ деп салды Битабар. Әкесі Балуанға айырықша құрмет көрсетіп, үй тігіп оңаша қарсы алған соң, бал асы қадірлі қонақты өзіне меншіктеп алса керек: ─ Арыстанмен алысып, мерт болайын деп пе едің! Жайыңа отыр, Битабар, ─ деп Бертшек қосарлана кетті.

Балуан жайдары қалпымен байсалды сөйледі. ─ Жас арыстан жықса, кәрі батасын береді. Ал кәрі арыстан жықса, мерт етем деп жықпайды, өйткені шығар биігім осы, жеткен жерім осы демейді. Десе шын қартайғаны оның. Қайта мен бол, мына мендей бол, деп қияға баулиды. Жас арыстанның бетінен қақпа, Бертшек.

Сөздің тоқтамы Балуанның осы айтқаны болды. *** Неге екені белгісіз, Битабар түнімен ұйықтай алмай шықты. Ертеңгі күн сәт сайын құбылып, қиян - қилы көрініс береді. Әуелі Балуан Шолақпен жағаласқан секілді еді. Сол елестің арты алыстап, арыстан, жолбарыс секілді түсі суық мақұлықтарға ауысып кетті. Осы бір ой азабы тіпті ұзақ мазалады. Үсті-басы малшынған қара тер. Битабар терең бір күрсініп, аунап түсті. Байқаса, әлі түн екен, өзі әлі төсекте жатыр. Түндіктің жабылмай қалған бір саңылауынан қара көк аспанның пұшпағы көрінеді. Содан қос жұлдыз жымыңдап тұр. Битабар сәл езу тартты да, тағы да көзін жұмды. Әлгі бір қияли елестер күрт жоғалып, енді басқа бір шытырманға енген секілді. ...Жүріп келеді. Жоқ, жүріп келе жатқан жоқ, тоқтап, дағдарып тұр. Жүрейін десе, алдында тосқауыл бар. Сом темір секілді кесек, бірдеме көлденең жатыр алдында. Аттап өтуге де, бұрылып кетуге де Битабардың халі жоқ. Апырау, «жас арыстанға» тосқауыл болған бұл не екен? Битабар үңіле берді... Байқаса, әлгі «бірдеме» дегені Балуан Шолақтың мойны. Битабар шошып қалды. «Шошыма, Битабар! Шошыма!...» Балуан Шолақтың өз даусы. Осыдан кейін әлдебір нұрлы дүниенің ішіне еніп жүре берді. Аздап қорасан дағы бар кілең бір дөңгелек қызыл жүз... Кілең бір сұлу шоқша сақалдар... Қалың қасты жайпақ, жадыраңқы қабақ астынан жымыңдаған кілең бір кішкене қара көздер... Битабар тағы аунап түсті. Баласының мазасызданып, ұйықтай алмай жатқанын білді білем, қасына анасы келді:

─ Битажан, не болды саған, дөңбекшіп, ұйықтамай жатырсың ғой?
─ Әлі ештеңе болған жоқ. Не болса да, ертең болады...
Ана бірден түсінді:

─ Қой, шырағым, Балуан Шолақ - үш жүзге аты кеткен аруақты адам. Жағаласпа. Мерт боласың. «Үш жүзге аты кеткен аруақты адам...» - бұл сөз көкейіне ұялай кетті. «Мерт боласың» -бұл сөзді Битабар қабылдамады. Неге мерт болады? Битабардың күреске түсіп жүргені осы ма еді. Анасы тағы бірдеме дейін деп келе жатыр еді. Битабар тұрды да, далаға шығып кетті. Шашырап күн шығып келеді. Қотан қаңырап бос жатыр. Қой өріп кеткен. Киіз үйлердің түндігі түрілген, есік алдындағы жер ошақта от жылтылдайды. Құлындар да желіге байланып үлгірілген. Тек кейбір кеш қалған әйелдердің «құраулаған» жалғыз-жарым даусы ғана ертеңгі тыныштықты бұзатындай. Битабардың көзі ауыл сыртындағы оңаша, оқшау тұрған ақбоз үйге түсті. Есік - түндіктің бәрі жабық. Балуан Шолақ әлі шырт ұйқыда. Бүгін сәскеде үлкен майдан тұрғаны қаперінде де жоқ. Үй төңірегінде Әлім қарттың өзі жүр. Ақ таяғын әріге сілтеп, «дабырлап сөйлеп, қонақ тыныштығын бұзбаңдар, алыстан орағытып жүріңдер!» ─ дегенді ыммен танытып, жақынырақ келген малшы, сауыншыны қуалайды. Осы көріністің өзі Битабарға қатты әсер еткендей. Бір түрлі жүрегі лүпілдеді. Енді жатып, ұйықтап жарытпайтын болған соң, Иманақ тауын бетке алып ұзақ жүрді. Ауылға сәске түстің кезінде оралды. Оңаша үйден оқшауырақ жерге кілем жайылған. Қара-құра халық көп. Солардың ортасында Балуан Шолақ сараңдау домбыра шертіп, әлдебір әңгіме айтып отыр. Түндегіден де көркем, нұрлы жүзі бал-бұл жанады. Битабардың келгенін алдымен Бертшек біліп, ұшып тура келді де: ─ Кешегі есуастықты таста. Әкем де естіп, ренжіп жатыр, ─ деп Битабардың құлағына сыбырлап үлгерді.

Битабар жауапты келте қайырды:
─ Өлсем де жағаласып өлем!

─ Ә, жас арыстанбысың? Кел, кел бері қарай, ─ деді түндегі сөзін қайталап. Дауысында кешегідей қулық - ажуа жоқ та, құрмет бар. Битабар еңкейіп тағзым етіп, қос қолын ұсынды. Жүрегі өрекпіп, буын-буыны қалтырады. Балуан Шолақ домбыраны былай қойып, жалаңаш етіне жамылған түйе жүн шекпенді сырып тастады - күреске дайындалып келгені көрініп тұр. Кешегі нұрлы көз бүгін сондай өткір. Келсең кел.

Битабардың даусы сәл дірілдеп шықты. ─ Шәке, мен кеше асылық айтсам керек. Екі кісі белдессе бірі жығары аян ғой, не сіз, не мен... Қорғалап, қорқып тұрғаным ол емес, бір-ақ. Сіздің қасиетті жағаңызға қол апаруды артық деп білем. Қаласаңыз батаңызды былай алғым келеді.

─ Е, міне, мұның жөн сөз, ─ деді Бертшек.
Балуан оны тыңдаған жоқ. Басын көтеріп тіктеп қарады:
─ Өнерің не сонда? Көрсет көпке өнеріңді.
─ Түйе көтереді! ─ деді біреу топ ішінен.

Шолақ даусы ширақ.
─ Келтір ендеше түйелеріңді.
Атан түйе көлденең тартылды. Битабар бауырына кірді:

─ Ия, аруақ! ─ төрт түйе табан жерден бір шама көтеріліп, салбырап қалды. Түйе түйе болып жаралғалы кісіге мінгені осы болса керек, бақырып жатыр. Битабар оған қараған жоқ, отырған жұртты бір айналдырып барып, жаңағы жерге қаз қойды да, Балуанның алдына келіп бір тізерлеп отыра қалды. ─ Жарадың, жас арыстаным! ─ Үш жүздің баласында өзіме тартып туған кім бар деуші едім. Асылық екен айтқаным. Бар екен. Тасың өрге домаласын! ─ деді Балуан Шолақ. Содан кейін шу ете қалған жұртты мұжық қолын жоғары көтеріп тоқтатты да: ─ Жалғыз-ақ айтарым: күрес те өнердің бір төресі. Мал табар оңай кәсіпке айналдыра көрме! ─ деп Битабардың маңдайынан сүйді. Битабардың төбесі көкке жетті. Балуанға тағы да тағзым етіп түрегелді. Шулаған жұрттың біріне де қараған жоқ. Ауылдың аяқ жағында шала дүмбілез молла болатын. Тура соған тартты.

─ Молла-еке, бір ауыз сөзім бар, соны қағазға түсіріп берсең?..
─ Е, ол не сөз?
─ Құдай сөзі.
─ Е, құдай сөзі болса, түсіруге болар, еншалла. Тек садақасын ұмыта көрме.

Битабар да моллаша сөйлеп жатыр.
─ Садақасы бола жатар, еншалла.
─ Ал айта ғой, пендесі.
─ «Күрес те өнердің бір төресі...»

Молла дауыстап жіберді:
─ Мұның несі құдай сөзі, пендесі - ау?

─ Нағыз құдай сөзі, жаза бер, молле-еке... «Күрес те өнердің бір төресі. Мал табар оңай кәсіпке айналдыра көрме!»

Молла аңырып отыр.
─ Жаз, молла-еке. Бір қыстық шөбіңді шауып берем.

─ Ә, онда жазайын, балам. Кім біледі, құдайтағаланың өзі айтқызып тұрған шығар мұндай сөзді... Осыдан екі-үш күн өткен соң Битабардың қолтығынан анасы үшкіл бір затты көрді.

─ Бұл не нәрсе, балам - ау?
─ Бұл ма? Бұл тұмар, апа.
Ана байғұс дән риза.
─ Е, тұмар таққаның жақсы, балам. Пәле-жаладан қағыс жүресің.

* * * Балуан Шолақ бұл ауылда ай жатты. Аттанатын күні Әлім ақсақал шапса үстіне су төгілмейтін құлын мүше бір қара жорғаны әкеп байлады. ─ Үш жүзге атың шыққан Балуан Шолақ едің. Ел таппай келген жоқсың. Мініп кетесің. Битабар бағып тұр. Балуан Шолақ мүлде балаға ұқсап кетті. Арғымақтың ол жағынан бір, бұл жағынан бір шығып көп қарады. Сом білектерімен қаз мойнынан құшақтап жас балаға ұқсатып қысып та қойды. Қаршадайынан ер қанаты - ат мүсінін тамыршыша бағып өскен сыншы көз бірден таныды, алдында - жай қара байыр емес, түрікпеннің атақты текежәуміт сәйгүлігі.

Балуанның аузынан шыққан алғашқы сөз:
─ Сурет секілді. Мұндай да жылқы баласы туа береді екен ғой?!

Әлім ақылдылық жасады. Өткен жылы бір нар түйе бір ту бие оның үстіне он қозылы қой қосып, сатып алған жорға екенін айтып жатпады.

─ Қолымыздағының сізге лайықтысы осы болды, ─ деп тынды.

Балуанның қуанғаны сондай, ай - түйге қарамастан жорғаға қарғып мінді де, Иманақ тауына қарай төгілте жөнелді. Қайтып келгенде айтқаны: ─ Жануарым - ақ екен! ─ Осыдан кейін жиналған топқа үңіле қарап, кейінірек тұрған Битабарды тауып алды.

─ Әй, жас арыстан, бері кел!
Битабар ілгері шықты. Балуан ат тізгінін ұсына берді:

─ Әлім ақсақал жорғаны маған сыйласа, мен жорғаны саған сыйладым, жас арыстан. Битабар тізгінге ұмтылмады. Шолақтан ат мінем деген ойында болған ба, абдыраңқырап қалды. Сөйткенше Бертшек даусы жарыса шықты: ─ Құдайға шүкір, Битабар ат мінем десе, табылады. Бұл ─ атамның сізге арнаған сыйлығы. Мініп кетесіз.

Балуан Шолақ Бертшекке бұрылды. ─ Бертшек шырағым, жөн-жобаны біліп, түзу өсіп келе жатқан ақылды бала екенсің. Бір сөз айтсам, түсінесің ғой деп ойлаймын.

Бертшек қарсылық еткен жоқ. Жүзін төмен салып тыңдап қалды. ─ Өмір деген қан базар. Мен сол базардың жуан ортасында жүрген жанмын. Базардан қайтқандарға жорғаның керегі жоқ. Есек мінсе де жарай береді. Жорға мен жүйрік қан базарға бет алған жас арыстандарға керек. Солар мінген жөн. Атаң маған ат мінгіздім деп қалады. Мен атаңнан ат міндім деп аттанам. Қара жорғаны итке тастасам да ерік менде емес пе енді, ─ деп қадала айтты. Бертшек бірдеме демек болып келе жатыр еді, Әлім ақсақал ақ таяғын көтеріп, баласын сөйлетпей тастады. ─ Батырым, жөн айтасың. Сыйламақ парыз бізден. Алмақ парыз сізден. Екі парыздың екеуі де орындалды. Әңгіме жорғада емес, көңілде. Ендігісі өз қалауын.

Балуан шегіншектеп, жасқанып тұрған Битабарға қатқылдау үн қатты: ─ Жасқаншақтық ердің ісі емес, ездің ісі. Бойыңа үйір етсең, қор боласың. Кел бері, ал тізгінді! Бұл сөзден кейін Битабар тұрып қала алмады. Еркін, нық басып келді де, бір тізерлеп отыра қалып, тізгіннің Балуан ұстаған жерін сүйіп-сүйіп алды. Ендігі сәтте дәл жаңағыдай қара жорға көктемнің самал желін төсіне алып, көк мұнар басқан тауға қарай сілтеп бара жатты. Бір үйдің босағасына сүйеніп қарт әйел тұр. Жылап тұр. Разы болып тұр. Ол ─ Битабардың анасы. Бір үйдің босағасына сүйеніп жас қыз тұр. Күліп тұр. Қуанып тұр. Ол Битабардың сүйгені ─ Жанкүміс сұлу.

Топ ортасында Балуан Шолақ тұр. Қадала қарап тұр. Құдды бір көлденең адам:
─ Айна қатесіз Балуан Шолақтың өзі! ─ деп жұртты ду күлдірді.
* * *

Кілең жарау атқа мінген қалың топ - үкілі қыздар, жас бозбалалар Балуан Шолақты шығарып салып барады. Алда Балуанның өзі. Бір жағында Бертшек. Бір жағында қара жорға мінген Битабар. Сағым шөккен самарқау кең сахарада ән толқиды ─ Балуан Шолақ әні «Ғалия». «Беу, Ғалия - ай жан сәулем!..» ─ деп қайырған кезде, неге екені белгісіз, Битабар қыздар тобына көз салып, Жанкүмісті іздейді. Ол да «...Жан сәулем...» деген сайын сондай бір терең мағынамен Битабарға күле қарайды. Жанкүміс - Ғалияның жақын сіңлісі, Әлім қартқа құдаша. Сондай қылықты, сұлу қыз, паң қыз. Қырындаушыларда қисап жоқ. Бірақ біріне мойын бұрмайды. Біріне ыңғай білдірмейді. Өз үйіне келген қонақ болған соң қызғыштай қорып, иемденіп Бертшек жүреді. Сөйтсе де оған да ықыласы жоқ. Ал Битабар жөні бір басқа - қылығына қылықпен жауап береді. Сөйлесе де Битабарға арнап сөйлегендей. Күлсе де Битабарға арнап күлгендей. Балуан атының басын тартты. Қыздар бір топ, жігіттер бір топ болып алқа қотан құрды. ─ Бір тілегім: не нәрсе болса да жұбымен сәнді, ─ деді Шолақ. ─ Қыз, бозбала, араласа тұрыңдар. Жұрт құйындай сапырылысып кетті. Қозғалмай қалған Битабар ғана. Байқаса, қасына Жанкүміс келіп тұрыпты.

Балуан Битабарға қарап сөйледі: ─ Ән шырқайықшы бір мына сахарада кең көсіліп!.. ─ Шолақ бір түрлі қапастан шыққан адамша армандай айтты.

Тағы да кең даланы «Ғалия» баурады.

Балуан Шолақ тобы осы бір сұлу ән тербеткен Иманақ бөктеріне қол бұлғап қоштасып, ұзап сала берді... Кілең жарау атқа мінген қалың топ - үкілі қыздар, бозбалалар Балуан Шолақты шығарып салып қайтып келеді. Алда қара жорға мінген Битабар. Қасында Жанкүміс. Жұрт Балуан тілегін орындаған. Екеу-екеу, жұп - жұп.

Жанкүміс жақындай түсті.
─ Битабар, жарысайықшы!

Қара жорға бауырын жерге төсеп көсіле жөнелді. Жанкүміс астындағы көкқасқа қосарлана тартты.

Артта айқай:
─ Жанкүміс, тоқта! ─ Бертшек даусы.
Қараса, созыла тартқан топтан Битабар мен Жанкүміс жұбы ұзап кетіпті.

«Тоқта!» дегенмен бұлар тоқтаған жоқ. Иманақты бөктерлей қара үзіп барып тасаға түсті. Ат басын сонда ғана тежеді.

Оңашада сөз таппаған Битабар мақтаулы жорғаны қайта мақтады: ─ Басын тежеп отырдым қайта. Еркіне жіберсем, көкқасқаға да шалдырмай кете ме деймін. Жануарым - ақ!

Жанкүміс әзілдей сөйледі:
─ Битабар, сен қазір Балуан Шолақтың өзіне ұқсап тұрсың.
Битабар тауып кетті:
─ Ал сен болсаң, баяғыдан бері Ғалия секілдісің ғой маған, Жанкүміс.

Жанкүміс жымия күліп, Битабарға жанаса жүрді. Бұл Битабарға әл бергендей. Қыздың білегінен барып ұстады. Жанкүміс қарсылық көрсеткен жоқ.

─ Жанкүміс, аударып алып, алып қашып кетейін бе осы? ─ Көкпарға тартар лақ емеспін. Аударып алып қайтесің, Битабар, ─ Жанкүміс сондай мұңлы.

Қараөткел жағында айттырылған жері бар деуші еді, рас болды-ау сол сыбыс!
Битабар үндемей қалды. Жанкүміс күрсініп қойды..
Атын қамшылап Бертшек осы кезде жетті...
─ Апыр-ау, тоқта дегенде неге тоқтамайсыңдар?

Жауапты Жанкүміс қайтарды:
─ Жас арыстанға сыйлаған жорғаның қарымын байқадық, батырекесі.

Әлде қыз қызғанышы, әлде қара жорға күйігі, Бертшек астындағы торының сауырына қамшыны көміп-көміп алды. ─ Битабарға қара жорғаны мен сыйлаппын ба?! Жүр, кеттік. Әйтпесе көкем тағы ұрсып жүреді. Жанкүміс қарсыласқан жоқ. Бертшекпен бірге ілгерілей беріп, Битабарға күле қарап, көтерген оң қолының саусақтарын қыбырлатты. Битабар кейіндей берді.

* * * Битабар шалқалап төсекте жатыр. Кешегі нұрлы күн көріністері көз алдында қол бұлғап күліп бара жатқан Жанкүміс... көзіңнен жас ағызып көсіле жорғалаған қара жорға... Битабар керіліп, езу тартты.

Сырттан дауыс естілді:
─ Битабар, шығып кет! ─ бірден таныды. Бертшек даусы.
Битабар сыртқа шықты. Бертшек ат үстінде. Жетегінде бір тай.
─ Мына тайды келер жылы ат қып мінесің. Қара жорғаны өзіме қайтар.

─ Қайтарғым келсе, қара жорғаны иесіне қайтарам да, саған не деп қайтармақпын?

Бертшектің беті қатты. ─ Қисық сөйлеме өйтіп, Битабар. Қара жорға не теңің?! Екі арада мына «ал» деп тұрған тайдан айрылып қаласың.

Битабар шамданып қалды.
─ Тайыңда менің шаруам жоқ. Қара жорғада сенің де шаруаң болмасын.

─ Жоқ, шаруам бар менің қара жорғада. Тайды да бермеймін. Жорғаны да алып кетем. ─ Алып кете алмайсың, Бертшек. Қан боласың, білдің бе! Мен тірі тұрғанда қара жорға түсіңе де енбейді, ─ Битабар шын ашуланып айтты. Бертшек те ашуға булығып тұтығып қалды. Жетегіндегі тайдың ноқтасын сыпырды, да, «әкеңнің аузы!» деп қақ жонынан қамшымен бір тартты. Боқтағаны әлде тай, әлде Битабар, бір құдай білсін. Қанына қарайған жас балуан ұмтыла берді... Бай баласының астындағы жарау ат екі көзі шатынап ырғып - ырғып түсті. Бертшек ат басын тартқан жоқ.

─ Көрсетем әлі мен саған! ─ деп айқайлады ол ұзап алған соң. ***

Битабар уәдесі бойынша моллаға шөп шауып қайтты. Үй төңірегі күбір-күбір.
─ Оу, не болды?
Битабар қайта дауыстады:
─ Уа, не болды деймін?

Битабардың қасына он жасар бала келді. Жамағайын баласы - Хамит. ─ Сен шөпке кеткен соң бар ғой, ана Бертшек ағатайым бар ғой, ия, қара жорғаны бар ғой, келіп алып кетті...

Битабардың өңі өзгеріп сала берді:
─ Қайда алып кетті?

─ Жетелеп апарып бар ғой, ия үйдің ар жақ тасасына бар ғой, ия, байлап қойды. ─ Біреу естіп қалмасын дегендей бала мойнын созып, сыбырлай сөйледі. Қанына қарайған жас балуан бір шешімге мықтап келген секілді. Адымдай басып бай үйіне беттеді. «Әні, ана жақта!» ─ деп бала жортақтап келеді. Рас, қара жорға бала көрсеткен бетте екен. Бертшек ерттеп жатыр. Қасында екі-үш жігіт, мәз-мәйрам. Битабардың түсі сондай сұсты болса керек. Бертшек не істерін білмей сәл тұрды да, үйге қарай жүгіре жөнелді. Жігіттер шеттей берді. Битабар үндеген жоқ, ер тоқымды сыпырып тастап қара жорғаға қарғып мінді де, кешегі Бертшектің өзіне ұқсап салмақпен дауыстай сөйледі:

─ Бертшек, шығып кет тысқа!
Үйде тырс еткен дыбыс жоқ.
Битабар үш қайтара дауыстады. Бертшек үш қайтара үндемей қалды.

Дауысты естіді білем, үлкен үйден таяғына сүйеніп Әлім қарт шықты. Битабар бұрын көрмеген ашулы халде. ─ Ой, өңшең иттер! Біреудің жалғыз атын барымталайды екенсіңдер енді жауабын, неге бермейсіңдер. Әлде бұлай боларын ойламадыңдар ма?! Үйден дыбыс шыққан жоқ. Ат пен Бертшекті төңіректеген әлгі жігіттер құмға сіңген судай жамап отырды:

Әлім қарт түсін жылытып, Битабарға қарады: ─ Ана Бертшек ит балалық жасап жүр, құдай алдында сұрауы жоқ, қара жорға сенің малың. ─ Бертшек естісін дегендей әдейі дауыстап айтты.

Битабар ақылымен аты шыққан Әлім қартқа риза болып үйіне келді.
─ Жорға дауы осымен біткен болар, ─ деді қарсы шыққан анасына.

Ай туды. Тау жақтан самал жел соқты. Үй түндіктері әлдеқашан жабылған. Ел шырт ұйқыда. Қотанда қой жусайды. Күйіс қайырған мама сиырлар анда-санда бір ыңыранып қояды. Битабар есік алдында отыр. Ұйықтай алмайды. Жұмбақ бір аңсау бар. Сол күш жетелеп сыртқа шығара береді. Жанкүмісті аңсайды. Көргісі, кездескісі келеді. Бірақ Балуан Шолақ аттанып кеткеннен бергі күндер сондай бір сұрқай, көңілсіз, Шолақ бардағыдай кешқұрым қыз-бозбала жиналмайды. Кең сахараны тербетіп ән де шырқалмайды. Алтыбақан ағашы әлдеқашан отқа жағылған. Битабар бір ауылда отырып, Жанкүмісті көруден қалды. Бәрін де бағып отыр, бәрін де біліп отыр. Күнде үлкен үйде жататын Жанкүміс бүгін отау үйде. Бертшек үйінде. Олар әлі жатқан жоқ. Біреу кіріп, біреу шығып, абыр-сабыр. Ай жоғары өрмелеп, қара мақпал түн тыныштығына бөккен сахараға бозғыл сәулесін септі. Бертшек үйінің есігі ашылып, екі адам шықты да, бері салды. Қараңдап қой ішінен өтті. Шыға түсіп кідірді де, бірі орнында, бірі осылай қарай жүрді. Битабар бірден таныды ─ Хамит. ─ Сені бар ғой, аға, Жанкүміс тәтем бар ғой, сол шақырады... Битабардың жүрегі тулап, тұла бойы от тигендей шыңылдап жүре берді.

─ Жанкүміс тәтең қайда?
─ Жанкүміс тәтем бар ғой, ия, әне қой арасында...

Лаулаған бір от-жалынға ұқсап Битабар ұмтыла берді. Бірақ Жанкүміс күйі өзгеше. Сәл қалтыраған сұп суық қолымен жас балуанның кеудесінен итеріп тоқтатты да салқын үн қатты: ─ Жоқ, Битабар, сезім мастығына жеңдірме. Мен қоштасқалы келіп тұрмын. ─ Даусы да сондай қалтырап шықты.

Битабар аңырып қалды:
─ Қоштасқаны несі? Жанкүміс күлген секілді.

─ Аралбай еліне біржола келді деп пе ең мені! Кетемін - дағы. Битабар қара тас сияқты, не дерге сөз таппай түйіліп тұр. Тағы да Жанкүмістің даусы ─ сондай мұңлы, сағынышты: ─ Қызықты күндер тез өтеді ғой, кеше ғана келген секілді едім. Міне, енді күз болыпты. ─ Жанкүміс Битабардың қолынан ұстады. Жас балуан, қайтып ұмтылған жоқ. Қыз алдында шөккен нарға ұқсап, бір тізерлеп отыра қалды да, ойындағысын лақ еткізді.

─ Қайда кетсек те бірге кетейікші, Күмісжан! Жанкүміс күрсініп алды.
─ Тағдыр оған жазбаған ғой...

─ Неге жазбайды? Өзің шыныңды айтшы, сүйесің бе мені? Жанкүміс сәл кідіріп барып, тым баяу сөйледі:

─ Сүймесем, бүйтіп келем бе, Битабар... ─ Олай болса ,не кедергі бар? Қосыламыз. Жанкүміс үндемеді. Кенет Бертшек үйі жағынан дауыс шықты. ─ Жанкүміс! Ә, Жанкүміс?! ─ Бертшек даусы. Жанкүміс тұла бойы қалтырап қозғала берді. ─ Бақұл бол, Битабар. ─ Жаңа ғана қызуымен Битабарды шарпып тұрған тірі Жанкүміс қараңдап көлеңкеге айналып барып, қараңғылыққа сіңіп, жоқ болып кетті. Ай төбеге көтерілді. Битабар мелшиіп әлі отыр. Бертшек үйінің сыртынан дүр етіп тарантас қозғалды да, Қараөткелге өтетін қара жолға қарай салды. Мөлдір түнді тербеп ән естілді. Баяғы таныс ән. Ғашықтар әні. «Ғалия», «Беу, Ғалия-ай, жан сәулем...» ─ деген кезде талып үзіліп, барып, «Жазылдың бай-ай, дертіңнен?.,» дегенде әлдебір жойқын күш - су тасқыны келе жатқандай болып кетті. Битабар қарғып тұрды, қазір тұсаулы жүрген қара жорғаны іздеп тауып алады да, Қараөткелдің қара жолына бұл да барып түседі... қарсы келгенді қиратады. Жанкүмісті алып қалады. Шешім осы. Битабар жүгенін ұстап олай жүгірді, бұлай жүгірді. Іңірде ғана тұсап жіберген қара жорға үшті-күйлі...

«Апырау, жер-көктің бәрі от, ұзап кетпеске керек еді ғой?».
Таң атты. Иманақ жақтан бір салт атты көрінді ─ жылқышы екен.
─ Уа, қара жорға көзіңізге түскен жоқ па?

─ Ана төбенің астында қарайып бір мал жатқан секілді. Сол болмаса, бейсеует жылқы көре алмадым. Битабар екі өкпесін қолына алып, төбе астына барды, қара жорға мойнын соза құлапты. Шек - қарыны ақтарылып жатыр. Битабар еңкейіп, қара жорғаның маңдайынан сипады ─ сұп-суық. Жас арыстанның көзінен жас моншақтары домалап-домалап кетті. *** Сәске кезінде аспанды біртіндеп сұрқай бұлт жапты. Сілімтік жаңбыр сіркірейді. Ұзақ күндер жылап жауар ақ жаңбыр. Түндіктеріне тіреуіш қойылған киіз үйлер шағын-шағын төмпелер секілді. Мелшиіп қалған. Иманақ тауы да үлкен бір обаға ұқсап, жым-жырт құлазып тұр. Битабар жүгенін арқалап бай үйіне келді. Ортада маздап от жанады. Айнала айшықты түс киіз. Жып-жылы. Әлім қарт бас болып үй іші жас қой етінен жасалған ыстық кеспеге бас қойыпты. Пияз бен қара бұрыш, ет иісі мұрынды қытықтайды. Бірақ бұл үй де қаңырап қалған секілді ─ Жанкүміс жоқ. ─ Битабармысың, кеспеге кел. - Әлім даусы ықыласты. Бертшек басын көтермейді.

─ Жоқ, алда разы болсын. - Битабар селқос айтты.
Әлім тіктеп қарады.
─ Шырағым-ау, саған не болған?
Битабар жүгенді босағаға тастай салды:

─ Біреу қара жорғаны пышақтап кетіпті...
Ақсақал баласына қарады. «Сен емессің бе?» деген қарас.
Бертшек безектеп жатыр:

─ Мен емес, әке, мен маңайынан да жүрген емеспін, әке. Анада өзің айтқаннан бері қара жорғаны мүлде ұмытқанмын.

Әлім қарт байсалды:
─ Мен саған ештеңе деген жоқпын ғой. Байбалам неге салдың, балам?
Бертшек үндемей қалды. Ақсақал Битабарға қарады.

─ Ат тұяғын тай басар деген, Балуан Шолақтан бата алған баласың, жаяу қалғаның жарамас. Жылқыға бар да, таңдаған құнаныңа құрық сал. ─ Қара жорға тұяғын құнан да, тай да баса алмайды, Әлеке. Айтқаныңызға рахмет. Мен мал дауламаймын, ─ деп Битабар бай үйінің есігін жапты.

* * * Қыс түсті. Ел қыстауға оранды. Арада айлар жатыр. Битабар Бертшекті көрген емес. Қара жорғаның ішін кім жарды? Сұрау салған жоқ. Бертшек ақылымен болған іс екеніне имандай сенеді. Ал Жанкүмістің кетуі көпке аян. Бертшек Битабардан қорқып, қыздың туыстарына да, айттырылған жеріне де хабар салған: «Тез келіп, Жанкүмісті алып кетіңдер. Әйтпесе, қолды болатын түрі бар!» Жанкүмістің түнделетіп кетуінің себебі осы. Бірақ Битабар: «Жанкүмісті неге жібердің?» ─ деп кінә тағып, Бертшекке барған емес. Бұлар жақын туыс адамдар. Әлім қарт ─ қадірлі ақсақал, ел кісісі. Ағайын арасы ашылмауға тиісті. Бұл ─ Битабардың өз түсінігі. Жел бергендер де, тоқтау салғандар да болған. Бірақ ашқанды да, қосқанды да балуан тыңдаған жоқ. Өз ұғымы, өз иланымы мықты адамға көлденең сөз қашанда әсерсіз келеді. Арада айлар жатыр. Қыз жарасы да, ат жарасы да жазылып келеді. Сөйтсе де, Бертшекті әлі балуан көрген емес.

Битабар жүгіре басып келеді. Беті ─ Бертшек үйі. Жоқ, Әлім қарттың үйі.
Әлім қарт әл үстінде...

Ел тайлы-таяғымен басында, күзетте отыр. Бүгін сәскеде қарт көзін ашыпты. Айтқаны: «Битабар қайда? Битабар баламды шақырыңдаршы!»

Битабар сол себепті жүгіре басып келеді.
Есік ашылды. Алғашқы естігені:
─ Қайта-қайта сені сұрап, асығып жатыр жарықтық.

Битабар төргі бөлмеге өтті. Бес-алты жібек жастықты арқасына қойдырып, Әлім қарт шалқалап жатыр екен. Өңі құп-қу. Шүңірейіп, ішіне түсіп кеткен көзі жұмулы. Жарланып біткен қалың қабағы аппақ. Айырықша өсіп, салаланып кеткен ақ сақалы омырауын түгел жапқан. Қарияның осы бір қалпы, көрмесе де естіген, ерте заманғы сәуегей әулиені елестеткендей.

Дауыстар:
─ Жақынырақ кел!
─ Берірек, берірек отыр.

Битабар лезде жасып, шөгіп, жүзін төмен салды. Қарт қияпаты жақсы көретін Битабарға сондай аянышты.

Дабыс - дыбысты естіп қария көзін ашты. Сөзі айқын, түсінікті:
─ Ата-бабалар кеткен келмес сапарға мен де аттанғалы жатырмын, балам...
Біреулер солқылдап жылап, біреулер күрсініп алды.

─ Құдай тағала Бертшек екеуіңді кем жаратқан жоқ. Ата балаға сыншы! Білем мен. Екеуің қосылып бір құстың қос қанатысыңдар. Біріңде білек пен жүрек бар. Біріңде ақыл мен білім басым. Осы төрт қасиетті тең ұстасаңдар биікке самғайсыңдар. Сонда бұл атаның баласы қор болмайды. Өлер алдындағы өсиетім, тату жүріңдер. Тату жүрсеңдер, ат та бар, ас та көп...

Қария даусы үзіліп кетті...
Бас жағында отырған көсе молда:
─ Кәлимаға тіліңді келтір, Әлім Кәлимаға... ─ деп тоқтады.

Әлім қарт кәлимаға тілін келтіре алмады. Әдейі осы өсиетті айтуды ғана күтіп жатқан секілді, жан тапсырды. Көсе молда бірдеме деп күбірлеп, қарияның бетіне ақ жаба берді. Әйелдер дауыс көтерді. Бертшек әкесінің аяқ жағында отыр екен, еңбектеп келді де, Битабарды бас салып, құшақтап, боздай бастады. Битабар жан дүниесі езіліп, тебіреніп кетті. Арыстай ел адамы опат болып жатқанда күйкі тірліктің ашу-араз, өкпе-назы деген не тәйірі. Іші бос бөшкедей ебетейсіз қоңқылдап, бұл да Бертшекті құшақтай алды.

─ Ұйытқымыз еді ғой, Әлекең!
─ Мәйегіміз еді ғой, жарықтық!
* * *

Баяғы Балуан Шолақтан бата алған күннен бастап Битабар бұл өлкеде Балуан атанған еді. Аты шулы ас, жиын, тойлардың бірі Битабарсыз өтпейді. Қайда жүрсін, Битабар арнайы шақырылады. Қайда жүрсін, Бертшек оның қасында болады. Өлген адамның соңғы сөзі ─ құдай сөзі. Өлген адамның өсиетін орындамау - кісілік емес. Битабар сертіне берік. Әлім қарт айтқан қақ жолды айнытпай ұстап келеді. Ақыл мен білім - Бертшектің үлесі. Білек пен жүрек өзінде. Бәйге атаулы да өзінде. Бірақ, бір қызығы, сол бәйгеден түскен олжаның бір суыртпағын иемденіп көрген емес. Битабардың осы мінезін білетін ел түгел сауғашы. Таласып келіп, алып кетіп жатады. Таласып келіп, жетелеп кетіп жатады. «Мынаны мен алайын» ─ деп ел сұрамайды. «Мұны сен неге аласың?» ─ деп Битабар сұрамайды. Өзді-өзі болып, бөлісе алмай өкпелесіп жатқандарды ғана көреді. Сонда да «сенікі дұрыс, сенікі теріс!» ─ деп төрелік айтар балуан жоқ. Дауласып келген біреу болса бар айтары:

─ Бар, Бертшекке барыңдар. Сол біледі.
─ Ойбай-ау, сол Бертшектің өзі ғой озбырлық жасап отырған.
Битабар айтар сөзден жаңылмайды.

─ Бертшекпен барып сөйлес дедім ғой. ─ Дауды балуан осылай тындырады. Олжаға Бертшек қана ие. Осы парықсыздықтың есесі Битабарға бір-ақ жерде ғана қайтады. Ел аралап, той тойлап ала жаздай үйіне бір соқпайтын балуан «малым бар еді-ау, жаным бар еді-ау» ─ деп көрген емес. Мал қамы, жан қамы ел үстінде.

Битабар осындай сауық-сайранмен жүріп, отыз бес жастың беліне шықты.
* * *

Бұрын кісі жіберетін Бертшек екі-үш жасының үлкендігіне қарамастан өзі келді.

─ Ал, балуан, дайынбысың?
─ Балуан қашанда дайын ғой, Бертшек.
─ Ал, кеттік олай болса! Бұл бір бұрынғыдан мүлде өзгеше ғой.
─ Несі өзгеше? Талай көрген тойымыз емес пе.

Бертшек жымиып күліп қойды. ─ Өзгеше екенін барғасын көресің. Битабар қайталап сұрап, қазбалаған жоқ. Ағайынды екеуі атқа қонды. Беті ─ Сарысудың төменгі жағын жайлайтын таналардың елі.

* * * Дағдыдағыдай қырық-отыз шақырым жерге ат кетті. Дағдыдағыдай бел шешіп, Битабар ортаға шықты. Баяғы ұстазынша түйе жүн шекпенді айқара тастап көп отырды. Қарсы елден шығар балуанды күтіп отыр. Ол елде мұнымен жағаласар еркек кіндіктің жоғын да біледі. Сөйтсе де «бәйгемді күреспей бер!» ─ деп асылық, артық айтар бұл емес. Көріп отыр әркімге құрық салынады. Құрық салынғандар отырған жұрттың алдына шығып шешінген болады. Шешініп жатып, даяшылармен тағы да сөйлескен болады. Әйтеуір күйбең көп. Сол күйбеңнің ақыры - қайта киінумен, топ арасына қайта барып қарасып үзіп кетумен тынады. Күн түске ауды. Битабардың шыдамы таусыла бастаған кезде өз жағынын бір даяшысы келіп Бертшектің шақырып жатқанын хабарлады. ...Бертшек тойға арнап тігілген боз үйде оңаша отыр. Бұрынғыдан да айырықша ілтипатты. Түрегеп келіп қарсы алды. ─ Мына көп шуылдақ тамадан ер мінез, қатын жүрек бір жігіті табылмағаны-ау сонымен.

─ Қайдан білейін, күйбеңдесіп жатыр ғой әйтеуір.
Бертшек сәл ойланып алып сөйледі:

─ Тамамен арамыздың жақсы емес екенін білесің ғой, балуан. Жаз болса, мал жайылымына таласып дегендей... ─ Бертшек лекіте күліп алды. Онысы Битабарға ерсілеу көрінді. - Бір жолға таманың ырқына көне салсақ да болады-ау осы? Не дейсің осыған? ─ Өзіңе аян ғой. Несін сұрайсың, Беке. Қатар көшіп, қатар қонып жүрген ел болған соң, араның ашыла бергені жақсы емес. Манадан бері түлкі бұлаңға салып, әр жерден тамырын басып, сақ отырған Бертшек мына сөзден кейін кесіп айтты:

─ Ал ендеше бұл жолы кезекті танаға бересің.
Битабар түсінбеді.
─ Кезекті бергені қалай? Кезекті жығып алмаушы ма еді?

─ Жығып алу қолынан келмесе қайтесің? Олар кісі салып отыр. Арамыз ашылмасын десеңдер, Битабар бұл жолы жығылатын болсын депті.

─ Сен не дедің?
─ Ойлай келе көнуге тура келді.
─ Сен көнгеніңмен мен көне алмаймын. Аруақ атанар жәйім жоқ.
─ Жоқ, көнесің!

─ Жоқ, көне алмаймын!
─ Онда күреске түспейсің!
Битабар ұшып тұрды да есікке беттеді.
─ Битабар, тоқта!

─ Ал не айтайын деп ең? ─ Таманың бұл тілегін орындасақ, екеуіміз де көк ала қағазға шаш етектен боламыз.

Битабар мысықша қарғып келді де, Бертшекті жерден жұлып алды.
─ Ел басшысы десем, қорқау екенсің ғой!

Бертшектің зәресі ұшты. Жайшылықтағы сабыр-салмақтың бәрінен айырылып, шыңғырып, бақыра берді. Ілезде жұрт жиналды. Битабар сасқан жоқ, тынысы тарылып, серейе бастаған жемтігін әлдебір түйіншекке ұқсатып, жиналған жүк үстіне қарай лақтыра салды да «не болды?» ─ деп анталап, аңырып қалған қалың жұртты қамысша жапырып далаға шықты... Осы оқиғадан кейін Битабар күрт өзгеріп кетті. Баяғы ойын-сауық, серіліктің бәрін тастады да, үйіне кеп жатып алды. Жаз болса, бірер қарасына шөбін шабады. Шабындықтың жақсысын бердің, жаманын бердің деп, не алдап, не қарғап жатқан да бұл жоқ. Қыс болса, өз қорасының төңірегінде. Былайғы дүниенің бәрінен бейхабар. Өсек-аяңға да құлағы сондай керенеу. Жаңалық сөз болса да, жаманшылық сөз болса да, қайтарар жауабы біреу-ақ: «Е, жақсы болыпты». «Өткенді ұмытысайық, татуласайық», ─ деп Бертшек жіберген ара ағайынға айтқаны: «Мен ешкіммен араз емеспін». Арада талай жыл жатыр. Заман да қауырт өзгеріп сала берді. Кеше ғана бұл өлкені ұлы конфискация науқаны дір сілкіп өткен. Әр жерде кедей, арық жақыбайлар топтасып, ұйым құра бастады. Союз қосшы деген, ТОЗ дегендер шықты. Осы жаңалықтарды әркім әр қилы қабылдап жатыр. Біреулер үркеді, біреулер құшақ жаяды. Ел іші дүрмек. Дала мен Қарағанды арасына қасқа жол түсті. Кешегі шаруа қуған жандар енді шахтаға ағылды.

Битабар бұған да селт еткен жоқ. Бір күні бір топ белсенді келді.
─ Биеке, ТОЗ-ға мүше боласың!
─ Жарайды, мүше болсам, болайын. Арада бір-екі ай өтті.

─ Ал, Биеке, ТОЗ-ға кірдің. Енді үйде қарап отыруға болмайды. Ортаның өгізшелерін бағасың. ─ Жарайды, ортаның өгізшелерін бақсам, бағайын. Битабар жаңалықты осылай қарсы алды. Өгізше бағуға осылай шықты....

3 тарау

...Битабар кештетіп келсе, ауыл іші тып-тыныш. Бірінші кездескен адамнан сұрағаны:

─ Ауылға машина келді ме?
─ Ия келді. Бірақ тоқтаған жоқ. Құланөтпеске қарай өтті.
─ Кім екенін білдіңдер ме?
─ Білдік. Қарағандыдан шыққан өкіл.

«Битабар үйде болсын, екі-үш күнде ораламыз», ─ деп кетті.
─ Өкіл? ─ Битабардың жүрегі лүп ете қалды.

Таңқаларлық жай. Битабар осы далада туды. Осы далада ер жетті. Күні бүгінге дейін осы далада ол өзін су ішіндегі балықша сезінеді. Кең сахараның кең тынысы, көз ұшына кете беретін жұмбақ көкжиек, ала құйын ақ бораны мен қара нөсер жаңбыры әманда оған қуат береді. Әманда ол осы даладан қиындықты іздейді. Екі аяқты, төрт аяқты дала көкжалдарымен кездессем деп жүреді. Кездесе қалса, селт етпейді, қарсы барады. Қарсы барады да, қабырғасын қаусатып шығады. Сөйткен Битабар далаға еніп келе жатқан жаңалықтан сескенеді. Қара жорға мен атан түйе де, шаңырақ мүйіз шандақы өгіз де даланың пернесі іспетті. Жорғалай басса да, жә болмаса, алшаңдап, маң-маң басса да қилы - қиян, күй саулайды. Сондай күй атаулының бір-ақ аты бар. Ол ─ «дала гөй-гөйі». Дала гөй-гөйі Битабарға тән гөй-гөй. Осы даланың баяу ауысқан көктемі мен жазына, күзі мен қысына үйренген, балпаң басқан баяу жүрісіне үйренген Битабар үшін құйынша құйғытқан шайтан арба да, селтеңдеген шетен қалпақ та көзге шыққан сүйел секілді әрі оғаш, әрі ерсі еді. Жүрегі лүп еткен Битабардың алғашқы ойлағаны - «екі-үш күнде қайтып оралады-ау». Осы бір ала құйын сезіммен үш күн өтті. Бес күн, тіпті он күн де өтті. Шетен қалпақ оралмады. Битабардың көңілі орнығайын деді: «Сол жақтан тура Қарағанды тартқан ғой». Бір күні таңертең төсектен тұрса, келер қыс белгісін танытып қырбақ қар жауып қалыпты. Суық жел бар. Далада жаңа саз, жаңа әуен: «Қыс келе жатыр, қыс келе жатыр!»

Көрші екі үйдің өзі жоқ, жұрты қалған.
─ Е, бұлар қайда кеткен?
─ Қарағандыға, шахтаға кетті. Көшіп кетті...

Түс ауды. Кеш болды. Күн суыта түсті. Битабар тумысында тұңғыш рет келер қыс жайын ойлады. Қалай ойласа да, алдағы неғайбыл, қараңғы заһар қыс. Қазан-ошақ жағында күйбеңдеп қатын бишара жүр. Ұлы - Амантай біресе далаға шығады, біресе үйге кіреді. Алғашқы жауған қар да қызық. Дағдысынан ықтасынға ерте тығылған тоқты-торым, мал да қызық. Бірақ биылғы жылы жаңбыр-шашыңның тапшы, қуаңшылық болғаны, егін-шөптің шықпай қалғаны ойында жоқ. «Мал қайтіп күн көреді? Жан қайтіп күн көреді?» ─ Биекең «енеңді...» ─ деп күбірледі де, киіз үйдің қақ ортасында маздап жанған отқа қарай жантайды. Содан кейін езу тартты: «Тартпай кеткірдің тартқанын!..» Ия, тап өзі секілді. Өзі секілді аңқау, өзі секілді парықсыз. Дене бітімі де дәл өзіндей кесек. Өз теңдесі түгел, он бес, он жетідегі жігіттеріңнің өзі де батпайды оған. Битабар келер күн әкелер жүдеушілікті бір сәт ұмытты да, Амантай арқылы өз балалығын есіне түсіріп жадырайын деді... Кенет гүрілдеген машина даусы шықты. Биекеңнің арты қылп ете қалды: «Мына иттер әлі де осы жақта жүр екен ғой». Қатынына «бар, қарашы!» ─ дегенше болмады, есік ашылып, шетен қалпақ кіре берді. Алып денелі Битабар тура келді де, ебетейсіз қимыл жасап:

─ Е, тамыр, үй таппай келмеген шығарсың, төрлет! ─ деп қалбалақтады.
Шетен қалпақ сәлем орнына сәл жымиды да:
─ Қымыз бар?.. ─ деді басқа тілдің ырғағымен.
Битабар да қонақ еркіне көшіп алған.

─ Қымыз ба? Қымыз бар, тамыр. Қымыз бар.
Сілеусін дағдылы әйелдігіне бағып:
─ Осы кеште қымыз қайдан болады, ─ деп күңк етті.

Битабар әйелін оқты көзімен бір атты: «Құдай-ау, осы әйел атаулы не еткен халық? Кеудесіне мылтық төсеп тұрсаң да, «бар еді» деп бір айтпайды. Бір аяқ қымызға бола атылып қалса не болады сонда? Шіркін-ай, содан кейін сөйлесер ме еді?! Бірақ атылып қалған соң, сөйлестің не, сөйлеспедің не?! Қара тас та бір, ол да бір. ─ Қымыз бар, тамыр, - деп қайталады Битабар сөзін. ─ Қымыз болмаса, саумал бар. ─ Ә, онда отыруға болады. - Өңінде жылылық. Заты зұлымдықпен келген кісі секілді емес.

Битабар көңілі орнығайын деді. ─ «Е, бір көрген біліс, екі көрген таныс» деген. Үй таппай келмеген шығарсың, төрлет, тамыр, ─ деді Битабар тағы да, осы кезде еркін басып, төрдің қақ төбесіне шығып үлгірген шетен қалпаққа, ─ қымыздан басқасы да болады.

Алып денелі үй иесінің қалбалақтап жатқанын қызықтағысы келді білем:
─ Е, қымыздан басқа нең бар? ─ деп сұрады қонақ.
─ Бәрі де бар. Бәрі де. Тоқты бар. Ісек бар. Құлын да бар.

Қазақ даласын көп аралап, ой-шұқырын егжей-тегжейлеп біліп алған шетен қалпақ бір нәрсеге қайран, бұл далада осылардың әрқайсының алар өз орны бар. Бұлар айла-қулық та жасай алады. Дау-шарға да түсе алады. Ал сырт күшпен, сенімен кездессе, дәп осындай сорлы, бишара. Өз ортасында алар орнынан, өз арасындағы дәреже салмағынан айырылып,қалбалақтайды да қалады. Сол себепті, бұлардың қай дәрежедегі қандай адамдар екенін білу де қиын. Қонақ бір сәт құмырсқа илеуін көз алдына келтірді. Қайнап жатқан бір дүние. Бірақ не қарекет жасап жатыр? Қайсысы қандай қызмет атқарады? Қанша уақыт үңілме, бәрібір әрқайсысына ат қойып, аңдар тағып, айыру киын... Құмырсқа илеуінің айқын елестегені соншалық, шетен қалпақ ұзақ уақыт үңіле қарап тұрды да, «ә, жарайды - деген адамға ұқсап қолын бір сілтеді де, аяғымен таптап жүре берді.:.

Битабардың даусы шықты:
─ Ойбай-ау, күйдің ғой, алдыңда жанып жатқан от бар...

Шетен қалпақ шын дүниеге қайтып оралды. Байқаса, шынында да отты аттап барады екен. Отқа қарыла бастаған балағын уқалап сөндірді де, басын шайқап, кейін шегінді.

Шофер жігіттің аты Есім екен, сөзге араласты. ─ Түнде Құланөтпестің өткелін таба алмай көрер таңды көзімізбен атқызып едік. Суық тиіп қалмаса игі еді.

Битабар бәйек бола бастады. ─ Ойбай-ау, қонақты онда үсітіп алмайық, қатын. Отқа Қарағанды көбірек таста. Қалың етіп көрпе төсе төрге. Шетен қалпақтың көзіне тағы да құмырсқа илеуі елестеді. Өзгелерінен мүлде өзгеше бір дәу құмырсқа басқаларын апырып-жапырып, кетіп бара жатыр... - қонақ жымиып күліп алды. ─ Қатын, қарағаныңды аяма. Үйді жылыт тезірек. Өлтіріп алып, ұятқа қалып жүрерміз. Бәледен машайық қашқан.

Шетен қалпақ «машайықты» түсінбеді, «бәлені» түсінді.
«Менің өлімім түк емес бұларға. Бәлесінен қорқады».
Тағы да Битабардың даусы:
─ Амантай, ә, Амантай, бері кел.

Үйге Битабардың өзінен аумай қалған кеспелтек, дөңгелек иек бала келіп кірді де, қонақтарға қол берді. Алақаны үлкен кісінің алақанынан да ірі екен. Шетен қалпақтың интеллигент уысына сыймай жатыр: «Әкесіне тартқан мынау да бір алып қой!»

─ Аманжан, бұл кісі ─ құдайы қонақ. Ана тоқты торымның бірін әкеп сой.
Амантай сөз қатқан жоқ. Тағзым етті де, сыртқа шығып кетті.

Құдайы қонақ расында да суыққа ұрынған болса керек, денесі мұздаған соң көрпені отқа жақынырақ салғызып орана отырды. ─ Анада мына жігітке қатты ренжіп тұрған ем... Қалай ренжімессің, екі адым бұрылып жүрсе түк жоқ еді ғой. Жоқ, қойды да кетті. Сөйтіп тұрғанда арамыз шәлкем - шалыстау болып қалды. Батыр кексіз келеді деген, ұмытқан шығарсың, - деп шетен қалпақ енді кішірейе сөйледі. ─ Оқасы жоқ, - деді көңілі орныға бастаған Битабар, ─ кейде үй ішінде қатын, балаға кейіп жатқанда өзіміздің де сәлем алу дегенді ұмытып кететініміз бар. Битабар сөзінің аздап кекесіні барын сезгендей болып, қонақ күңкілдей күлді.

Сөзді Есім іліп әкетті: ─ Иван Иванович менің бір ісімді дұрыс деп көрген емес, сонда екі адым бұрылып жүрсем бұл кісімен жүздесе алмай қалатын едіңіз ғой. ─ Оның рас. Есім, рас айтасың, ─ деді де қонақ Битабарға бұрылды, ─ атыңа бұрын қанықпын. Шіркін, бір кездессем деп жүруші ем. Мына Есім ретін келтірді. ─ Осыдан кейін оқыс өзгеріп, көптенгі бір таныс, құрбы адамша Битабардың арқасынан қағып-қағып қойды. ─ Апырау, өзің де қызық екенсің. Келген бетте: «Мен Битабармын!» ─ десең, болып жатыр еді ғой.

Битабарда қалтқы жоқ, мынадай сөзге ағынан жарылды:
─ Битабар орыс арасында да қадірінің барын біліп пе?!
─ Бұл кісі орыс емес.
─ Енді кім?

Қонақ ендігі сөзді асықпай отырып қазақшалап өзі жалғады.
─ Бұл отырған кісі, ─ деп өзін көрсетті. ─ Левенштерн ─ Иван баласы.

Өзі де Иван. Мынадай кішкене кезінде Германиядан келген. Сосын шоқынған аздап. Сосын орыс болған...

─ Әлгі ана жылы орыспен соғысатын герман ба?
─ Ия, тап сол Германия.
Битабар басын шайқады.
─ Енді аз-маз қазақ та болғысы келеді, ─ деп Иван Иванович күліп қойды.

─ Жарайды, тамыр, қазақ бол. Қазақ болған жақсы.
Осы кезде өзіне жуық бір тоқтыны сүйреп Амантай үйге кірді.
─ Ал, тамыр, бата қайырасың.

Қазақ арасында көп жүріп, әбден қазақуар болып алған Левенштерн қашқан да, қысылған да жоқ.

─ Қазақ шахтерлері көбейе берсін! - деп кәдуілгі қазақша бетін сипады. Қазан жақта жүрген Сілеусін аузын бір сылп еткізді де, Левенштернге тесіле қарап, бетін жыртты. Битабар дағдысынша домалай күлді. ─ Ей, тамыр, - деп қонақ енді мүлде анайылыққа көшіп алды. - Күлме. Мен жәй жүрген жоқ. Осы жүргенде қазақ жұмысшыларының басын құрап жүр.

─ Бұл кісі - жаңа ашылған шахтаның бас инженері, - деп қойды Есім.
Шай келді.

─ Қатын, бұл бір іздесе таппайтын қонақ екен, қант, майың мен ірімшік, құртыңды аяма, бәрін сал, - деп Битабар шалқая отырды.

─ Бәрін салып, ертең неңді жейсің?! Жел обасың ба? ─ Әй, қатын-ай, бүйтпесең сен қатын боламысың! - деп Битабар кейіңкіреп қалды. Содан кейін қайта жайылды. - Оқасы жоқ, қатын, сал деген соң сала бер. Таңдағы тамақ тәңірден. Аштан өлгеннің моласын көрген жоқсың. Левенштерн осы бір мақалды талай естіген. Естіген сайын есіне оралатыны парықсыз халық. Ертеңгі күнін ойламайды. Сөйте тура аштан өлген бірі жоқ. «Дегенмен есеп-қисапқа еркектерінен көрі қатындары жүйрік». Әлдебір ишара - белгі болды ма, Есім жүгіріп далаға шықты да, әлдебір түйіншек пен екі-үш мылтықты алып кірді.

─ Мына мылтықтарың не? ─ Кәдуілгі мылтық. Бұл кісі - мерген кісі. - Осыны айтты да, Есім оқыстан, - Иттерің жоқ па еді? - деп сұрады.

─ Оны неге сұрадың? ─ Битабар күдікпен қарады тағы да.
─ Жәй. Машина үстінде атып алған бес-алты ақбөкен бар еді.

─ Ит болған күнде де, иесіне тартқан ит болса, ақбөкенді алдына тастасаң да жемейді, -деп Левенштерн үй иесін мақтай сөйледі. ─ Итке сенім жоқ сонда да, байлап тастаңдар, ─ деді Сілеусін сақтық жасап. Дегенмен итке мән берген Левенштерн жоқ.

─ Жә, болды енді. Одан да, ана түйіншегіңді әкел бермен қарай!..
Есім дастарқан шетіне бір тізерлей отырып, түйіншекті шешті.

─ Мен, тегі, ауыратын болармын. Денем қалтырайды. Тона берем. Толтыра - толтыра күй, ─ деп Левенштерн әмір етті. ─ Жоқ, өздерің болмаса, Битабар мұндайды ішпейді, ─ деді Битабар кесеге құйылып, алдына қойылған мөлдір суға жиіркене қарап.

Левенштерн қояр емес.
─ Ендеше қонақ та ішпейді. Ауырады сосын.
─ Жоқ, ауырма.
Есім де қыстырылып жатыр.

─ Оқасы жоқ, Биеке. Жұмаққа жалғыз барып не барғанда табасыз, барсақ бәріміз бірге барайық.

Битабар мұртын бір сипап Сілеусінге қарады. ─ Мына жазғанның көңілі шын кетіп отыр ма? Таста әрі. Әлде у шығар, кім біледі... ─ Ал у болса іштім онда, ─ деді де, Битабар бір кесе арақты көтере салды. Ыстық қорғасын секілді ме, әйтеуір салмақты бірдеме өңешін тіліп, бөтегесіне барды да от болып жайылып жүре берді.

Мақтағаны ма, кім білсін: ─ Нағыз шахтердің өзінше тартты! ─ деді Левенштерн. Содан кейін орысша ұзақ сөйлеп кетті. Есім оны қазақшалап отырды. Битабардың содан түсінгені ─ жақсы тұрмыс та, келешек те шахтада. Битабар ойы: «Бар жұрт шахтаға барса, сонда малды кім бағады, егінді кім салады?» - Бұл сұраққа жауап таба алмай отырды да: «Жә, қойшы!» - деп қолын бір сілтеді. От маздап жанғандықтан ба, үй іші біртүрлі жылынып жүре берді. Битабар серпіле отырды. Байқаса, болмашы нәрсені уайымдаған екен. Қыс келе жатса, немене, Битабардың бірінші көрген қысы осы ма еді. Шөп?.. Тәйірі, шөп те сөз болып па! Тіпті болмаса, Битабар қолына күрек алады да, қар аршиды. «Тоздан» қалған ұсақ-түйек малды сөйтіп те асырайды. Ал мал аман болса, жан да аман. Нан болмаса, ет жеп, сорпа ішіп те күн көреді. Битабар мырс етіп күліп жіберді. Бұрын асқаралы таудай ауыртпалық деп жүргенінің бәрі де баланың ойыншығы секілді бірдеме екен. Дүниенің бәрі де оп-оңай, жеп-жеңіл. Аяқ-қолын қозғаса - о, тоба, - су ішіндегідей түк салмақ жоқ. Өстіп өзімен өзі болып отырған Битабардың көзі Амантайға түсіп кетті. Тоқты әлі бұтарланып болмаған. Ашуы келді. ─ О, иттің баласы! Сомадай болып бір тоқтыға шамаң келмей жатыр ма?! Тартпағырдың нағашы жұртына тартуын! - Битабар суда жүзген адамша екі қолын дағдыдағыдан көрі ерсілеу, ербеңдетіңкірей қозғап, созыла беріп, Амантайдың қолындағы пышақты алды. Содан кейін белдемеден бір қабырғаның басын шығарып, екі жаққа тартып қалып еді, жыртылған шыт матадай дар етіп сөгіліп жүре берді.

─ Ал, қатын, тезірек қазанға сал!
Осы жайдың бәрін қылп еткізбей бағып отырған қонақ:
─ Бұл бала нешеге келді? ─ деп сұрады.
Сілеусін бұрынырақ жауап берді:

─ Әлі онда ғана. Біздің үйдегі кісі бет алды айта береді.
Левенштерн Есімге қарады:
─ Нағыз шахтердің өзі болашақтағы.
Битабар алған бетінен қайтар емес.

─ Мен он жасымда асаудың құлағында ойнағанмын.
Амантай үндеген жоқ. Қызарақтап төмен қарай берді...
* * *
...Битабар көзін ашты...

Есінде қалғаны Амантайдың төмен қарай бергені. Қалай орнына келді, сосын не істеді, не әңгіме болды, төсек қалай салынды, кім қайда жатты - білмейді. От сөніп қалған. Қазан босағада, беті жабық: «Ет желінді ме осы?»

Қонақтар тұрып кеткен...
Жүгіріп далаға шықты. Есім машина астына от жағыпты.
─ Ау, мұның не? Басқа жер жетпей ме от жақсаң?
─ Машина жүрмей жатыр...

─ Е, жүрмесе, онда көтерейік те.
Левенштерн күліп жіберді.
─ Көтергенге болмайды, тамыр. От жағып, жылыту керек.
─ Е, сұмдық - ай, адам секілді, бұл мақлұғың да тонады екен ғой.

─ Тоңбақ түгіл үсіп те кетеді...
Битабар шын таңырқап, астыңғы ернін жымқырып, басын шайқап-шайқап қойды.

«Үсіп кеткен» машина жылынған соң Есім кузовтан бір ақбөкеннің алып түсті. Сөзді Левенштерн алды.

─ Бұл ─ өзің секілді дала тағысы. Байлағанымыз, тамыр.

Әуелгі ойы: «Керек болса, өзіңді де осындай етем дегені ме, о не дегені?!» Бірақ райынан тез қайтты.

─ Е, рахмет, қанжығаң майлана берсін осылай. ─ Саған да рахмет! Ал соңғы сөз енді Қарағандыда жолығысамыз. Шахтада... Еш нәрседен қысылып, қам жеме. Бәрі де алдында әзір тұрады...

Машина жүріп кетті.

Басы ауырған Битабар өгізше бағуға бармай қалды. Күн ұзақ сары тонды бүркеніп жатты да қойды.

Келесі күні ала көбеден оянды.
─ Қатын, тұр, үйді жығамыз.
Сілеусіннің ойында түк жоқ екен.
─ Үй жыққаны несі?

─ Көшеміз...

Көп кешікпеді, жан-жақтан құйылып, Қарағандыға бет алған көп керуеннің тобына Битабардың да көші келіп қосылды...

4 тарау

Битабар түнгі кезектен келіп, енді ғана дем ала беріп еді, сыртта Амантайдың даусы шықты:

─ Әке, әке, ау, әке!
─ Е, не болды?
─ Қызық бар, керемет қызық!
Битабар «үйге кел» ─ деуді де ұмытып кетті. Дамбалшаң жүгіріп далаға шықты.

─ Ие, не қызық?
Амантай қолындағы газетті ұстата берді:
─ Мә, мынада сенің суретің бар.
Битабар газетті алып, олай төңкерді, былай төңкерді.

─ Кәне, қай жерінде? ─ Әке, жоқ, теріс ұстап тұрсыз, міне, былай... Міне, мына төртеудің ең зоры... Битабардың көзі ең әуелі кішкенесіне түсті. Ол ─ Әли деген Битабардың иығынан ғана келетін пәкене жігіт. Одан қалқыңқысы ─ Левенштерннің өзі. Үшіншісі - Ылғаз атты балуан. Шахтаға жаңа келгендердің бірі. Ең зоры ─ Битабар. Аналарды салмай танығанымен өзіне келгенде үңіліп, көп қарады. Өз суретін бірінші рет көріп тұрғандықтан ба, қызық тіпті. Ұқсамайтын секілді. Ұқсамайды дейін десе, ұқсайтын да секілді.

─ Ал не депті?

Газетті қолына алған Амантай мүдіре берді. Ол да Битабардың өзі секілді, мектеп бетін көрген жоқ әлі.

Ентігіп Әли келді.
─ Ой, Биеке, бізді газетке беріпті.
─ Иә, ентікпей, не деген екен, соны оқышы.
Әли ежіктей бастады:

«Левенштерн даланың көпейі мен дөкейін шахтаға алып келді!».
Битабар күліп жатыр.
─ Көпей болып, дөкей болып кездескен екенбіз...
Әлидің қулығы бар екен:

─ Көпейің ана Ылғаз екеуің де, дөкейі менмін - ау сонда. Өйткені мен Әзірет Әлимін! ─ Ой, Әзіреттен садаға кеткір, ─ деп Битабар ұмтыла берді. Әли зытып отырды.

Үйге кірген соң да әңгіме - сурет жайы.
─ Қатын, байқа енді, Битабардың қайда кеткенін?!
Сілеусін аузын бір сылп еткізді.
─ Құдай-ау, дәл өзі. Қалай айнытпаған!

─ Айнытса, тамыр бола ма! Тамыр болған соң да айнытпай салдырғаны. ─ Битабар сәл кідіріс жасады да, ─ біздің тамыр шіркін нағыз азамат екен ғой, айтқан жерден шықты, -деп түйді. Ия, Левенштерн айтқан жерден шықты. Өзі қарсы алды. Таңдап жүріп, үйді де бір әдемі жерге тіктірді. Шахтаға да өзі алып түсті. Битабар Әлимен осы жерде кездесті. ─ Мынаның салмағы елу бес екен. Ал, тамыр, сен болсаң бір жүз алпыс тарттың. Норманы да бұдан үш есе артық орындайсың. Келісім осы. Әйтпесе паекті тегін бермейді шахта, ─ деп Левенштерн ойын шынын араластыра айтты.

─ Үш есе деген не, тәйірі, бес есе, ─ деп қойды көңілденген Битабар. ─ Онда тіпті жақсы. Жалақы да көп. Бәйгеге берілетін нәрсе де мол. Әбүйір ─ атағы да бар.

─ Жақсы, тамыр, жақсы.
Левенштерн қолын ұсынды:
─ Уәде осы.
Левенштерн дауыстап жіберді.

─ Николай, қайдасың?
─ Мен мұнда, Иван Иванович.
Шалғы мұрт, мосқалдау біреу келді. Десятник.
─ Сен осы Николайдың қарамағында істейсің.

─ Мақұл, тамыр.
Десятник қайла әкеп берді де, қазатын жерді көрсетті.

Бір жаманы, көмірдің қалыңдығы қара саннан аспайды екен, еңбектеп, тізерлеп отырып, не жатып қазу керек. Сахараның кең тынысына үйренген, не істесе де еркін, көсіле сілтейтін Битабарға ұнамағаны осы болды. Соған назаланды ма, қайланы құлашын жаза сілтеп, тартып қалып еді, сабы қолына келді. Десятник басын шайқады. Қайла сағағына дейін көмірге кіріп кетіпті. ─ Иван Иванович, темір сапты қайла болмаса, ағаш саптысы жарамайды. Көрмейсің бе, саз балшыққа кірген секілді.

Иван Иванович үндемейді, мұртынан күледі. ─ Иван Иванович, осындайларды қайда жүріп тауып аласыз дейін, ─ деп десятник те сылқ-сылқ күлді. Бұлардың не деп тұрғанын Битабар түсінбеді. Басында сынған қайла үшін ренжіп тұр ма деп ойлап еді, күлкілеріне қарап, көңілі орнына түсті. Жамандап тұрмаған секілді. Алғашқы күн осылай аяқталды. Келесі күні Битабардың қолына темір сапты қайла тиді. Кешегі біреуі айбалта селкілді шолтаң ете түсіп еді, мынау ондай емес, салмақты.

─ Қалай шабам? ─ деп сұрады Битабар десятниктен.
─ Осылай қарай үңги бер. Жауап осы болды.

Қаруға разы Битабар енді бір жамбастай жатып, көмірді кесек-кесегімен қопарып домалата бастады...

5 тарау

...Біреу Битабардың аяғынан қақты:
─ Әй, жолдас, шық былай қарай. ─ Сондай зілді, өктем дауыс.

Битабар бұрылайын десе, мүмкін емес. Жас кезінде бәстесіп, қасқырдың апанына кіргені бар еді, дәл сол апанда жатқан секілді, бір шама үңгіп, біраз жерге кетіп қалыпты.

─ Әй, шығасың ба-ей, жоқ па? Не қылған немесің өзің?

Битабар шегіншектеп кейін жылжыды. Өктем сөзге шамданған түрі бар. Ебетейсіз қимылдап, төбесін де соғып алды.

─ Немесін саптап тұрған бұл кім өзі? Кім болсаң да жағыңды айырайын ба?!
Кесек денелі шұбар бет бір қара екен, болар емес.
─ Біреудің жағын айырам деп, өз жағыңнан айырылып қалып жүрме!
Битабар шын ашуланды: «Көкіген немені бір аунатып алайын!»

─ Шық былай ендеше, көзіңе көк шыбын үймелетейін! ─ Шықсаң шық, к...ңе тотияйын қыстырып жіберейін? ─ Қара шұбардың қолы Битабардың жауырынына сарт ете түсті. Тым қатты, жолбарыстың тебісі секілді. Тәлтіректеп барып зорға түзелді: «Мына иттің баласы қайтеді?» ─ Ә, өле алмай жүрген біреу екенсің ғой! ─ деп Битабар жауырын тұсынан салып жіберді де, өзіне қарай тартып қалды. Қара шұбар да сүрініп барып түзелді. Жығылған жоқ. Битабар сескенейін деді: «Шынында да мынау бір ит қой!» Өйткені балуанның осы бір алғашқы шабуылынан бір пенде сау қалмайтын. Шірік томардай қисалаң етіп барып, жер сүзетін. Сонда ол есін жиғызып үлгіртпей, құлап бара жатқан жерінен тұрғызып алатын да, оң жамбасын тоса беріп, іштен шалып алып, жарқ еткізе түсіретін. Мынау оған көнбеді. Енді не істеу керек? Сөйткенше болмады, шұбар қара сақылдап күлді де, қолын босатып қоя берді:

─ Сен Битабарсың ғой? Қолыңнан таныдым. ─ Болсақ, болармыз. Ал сен ше? Сарысудың төменгі жағында Ылғаз балуан бар деуші еді, сен сол Ылғаз емессің бе?

─ Болсақ болармыз.

Әлгінде ғана тіресіп тұрған екі асау бір-біріне күле қарасты да, құшақтай кетісті.

─ Ылғаз, сен де келген екенсің ғой?
─ Екі ай болды. Біз енді байырғы шахтерміз.
─ Біз де келдік...
─ Естідім. Тамыр айтқан.

─ Тамырың кім? Ләуен бе? Ылғаздың тілі дұрыстау екен:
─ Ия, Лебен...штерн. Шахтыға алып кеп жүрген сол ғой мені.
─ Мені де сол әкелді. Әйтпесе шахты дегенді кім білген.
─ Өзі бір жақсы адам.

─ Ойбай, сұрама. Кісілігінде қисап жоқ тіпті. ─ Ылғаздың көзі қайлаға түсті: ─ Е, саған да темір сапты қайла жасаттырып берген екен ғой?

─ Саған да ма? ─ Иә, менде де темір сапты қайла. Ана ағаш саптысы баланың ойыншығы секілді, салмағы жоқ, шолтаңдап жатқан бірдеме. Битабар өз басындағы жай айтылған соң кеңкілдей күлді де, қайланы қолына алып, салмақтап-салмақтап қойды:

─ Сілтегеніңде қара тасқа мылтықтың оғындай қадалады. Асыл темір.
─ Қадалғаны жақсы-ау, өліп қалып жүрме, бірақ.
─ Е, неге өлем?

Ылғаздың айтқанында жан бар екен. Әр адамның күндік нормасы сексен сантиметр жердің көмірі. Әр елу сантиметрде тіреу қойылуға тиісті. Әйтпесе ана қалың жыныс басып, тірідей көміліп қалуға болады екен.

Битабар қазған жерін көзбен шамалады: кісі бойы қол ұсыным.
─ Құдай сақтады десейші.
Десятник өтіп бара жатып бері бұрылды:
─ Әңгімеге жол болсын, жұмыс қайда?

─ Жұмыс артығымен орындалды, нәшәндік. Десятниктің көзі шығарылған көмірге түсті. ─ Жарайсың, Битабар. Үш погон метр, төрт норма! Битабардың түсінгені - төрт норма. Ылғаз ана - мынаны көріп ысылып қалғанға ұқсайды.

─ Төрт нормасы жақсы-ау, бірақ біреу қоюды неге айтпағансың?!
─ Айтпаса, айтылады.
─ Өлтіресің ғой?

─ Еһе, шахтаға бір түскен соң өзің де өлмей шықпайсың, ─ деп десятник жөнеле берді. ─ Тұрмаңдар, тіреу қой да шаба бер. Күн әлі ерте. Ал сен жөн үйретпей өз орныңа бар. Айтқан тілді алмасаң, нормаңды кемітіп жазам.

Десятник ұзап кетті.
─ Өзі осындай бір қырсық.

─ Қой, онда тұрмайық, Ләуен естіп қалса, ұят болар, ─ деп Битабар қайланы алды.

6 тарау

...Күн батуға айналған шақ. Битабар шахтадан шықты. Кеудесін керіп дем алды:

─ Қайран, таза ауа - ай!

Шахтадан шыққан қоқыс өз алдына бір тау. Әр жерінен от жылтылдайды. Тымырсық күйік иісі шығады. Битабар бетін тыржитты. Осы бір иіске үйрене алмай-ақ қойды. Жел күшейсе, құм боран соғып, беті - көзіңді осқылап тұратыны бар. Ол кез Битабар үшін тіпті қиямет. Сондайда өзінің туған жері ─ Сарысу бойы, шілдеде де көгеріп жататын Иманақ тауы көз алдына келеді де, әлдене жүрегін шымшып ауыртады. Битабар бір күрсініп алды да, шахтадан аулағырақ тігілген үйіне қарай адымдай жөнелді.

─ Әй, Битабар, бері бұрыл. - Әли екен.
─ О, Әзірет Әлі, жайша ма?
─ Жоқ, жәй емес. Сені Левенштерн шақырып жатыр...

Битабар адымдай басып келеді. Әли бүлкілдеп жортып келеді. «Ләуен неге шақырды екен? Жақсылық па екен? Әлде...» ─ Жаманшылық па деп айта алмайды. Мүдіріп қалады. Бастық алдына тұңғыш рет келе жатқаны.

Ылғаз да осында.
─ Ләуен сені де шақырды ма?
─ Иә. Ал сені ше?
─ Мені де шақырды.

Екеуінің де жұмыстан шыққан беті. Екеуінің де бет-аузы қара қожалақ, күйе. Іштен Левенштерн шықты. Далада кездескеніндей емес, ұстамды, салқындау, сыпайы. «Өзі отыратын жерінде бастық осындай болады екен-ау». Ылғазға «отыра тұр» дегенді қолымен корсетті де, Битабарды алдымен алып кірді. Отыратын бөлмесі тым үлкен екен. Мұндай үлкен кабинетті де тұңғыш көргені. Есік пен төрі - ат шаптырым. Өзінше, даланың өлшемімен мөлшерлеп жатыр: «Он екі қанат үйдей бар-ау шамасы. Бай емес, жалғыз өзіне осынша үйдің не керегі бар екен? Мәжіліс ─ дүкен құрады-ау есебі». Есіктен төрге тартылған ұзын стол. Соның орта тұсынан Левенштерн қонағына орын көрсетті. Өзі жақын отырып, езу тартты. Бірақ өмірі орындыққа отырып көрмеген Битабар қолайсызданған секілді. Сасқаны ма, қабырғаға қарады. Маңдай бетті түгел алып үлкен бір кісінің суреті тұр. Бір қолын шалбарының қалтасына салып, екінші қолын ілгері созған. Битабар: «Бұл кім?» ─ деп құмартқан жоқ. Алғашқы ойы: «Не деп тұр?» Көп қарай берген соң Левенштерн түсінік берді.

─ Бұл кісі - көсеміміз Ленин!
Битабар балаша таңырқады.
─ Ә, Ленин деген кісі осы ма?
─ Иә, осы кісі. Ал жалақыңды алдың ба?

─ Алдық, тамыр.
─ Паектарыңды ше?
─ Оны да алып жатырмыз.
─ Паекты молырақ жазғам...

Сілеусін үнемі дүкеншіні мақтап келетін ─ «мен десе пейілі кең, жұртқа бір өлшесе, маған екі есе өлшеп береді». Дүкенші сырын Битабар енді білді.

─ Матаның да талонын артығырақ бергізгем...
Битабар айтты:
─ Бұйырған нәсіпті ішіп-жеп, киіп жатырмыз. Алда разы болсын, тамыр.
─ Сол сенімге лайық жұмыс істеу керек енді.

─ Істегенде қандай, істейміз, тамыр.
Левенштерн жүріп кетті:

─ Бүгін шахтерлердің жиналысы болды. Жер астында жүрген соң жұмысынан қалдырмадық.

─ Қош?... ─ Әңгіме былай: «Күніне пәлен тонна, айына пәлен тонна өндірілсін» - деген жоспар бар бізде. Қалай өндіреміз, қалай орындаймыз - бүгінгі жиналыста біз соны қарадық.

─ Қош?... ─ Смена мен смена болып, бригада мен бригада болып, бір шахтер мен екінші шахтер болып өзара социалистік жарысқа түсіп жатыр.

─ Қош?
─ Көтеріңкі міндеттемелер алып жатыр...

─ Ендеше жұрттан қаламыз ба, мен де жарысқа түсейін, мен де көтере - көтере міндеттеме алайын, - деді Битабар.

─ Жұрттан қаламын ба емес, жұрттың алдында боламын де.
─ Е, құдай жазса...
─ Сонда жарысқа кіммен түсесің? Ана Әлимен, әрине, түспейтін шығарсың?
─ Құдай сақтасын. Естіген жұрттан ұяттағы.

─ Енді кіммен? - Левенштерн ерікті Битабардың өзіне тастады. ─ Ана есік көзінде Ылғаз отыр ғой. Сол дұрыс болар... Левенштерн қуанып кетті.

─ Ә, өзім де солай ойлап едім.
─ Дұрыс ойлағансың, тамыр.

─ Бұл жарыс та қазақтың күресі секілді. Жеңіліп қалып, сүйегіңе таңба салып жүрме.

─ Құдайға шүкір, әзірге ондай атағымыз шыққан жоқ, тамыр.
─ Қара нар, қалы кілем болмаса да, жұрт алдында атап берер бәйгеміз бар.

─ Шаппай бер десем, асылық болар. Күні бүгінге дейін Битабардан бәйге құтылып көрген жоқ, тамыр.

─ Бәйге құтылмағанын білем. Сонда да ескерткен жөн. ─ Оныңа рахмет, тамыр, ─ деп Битабар түйенін табанындай үлкен алақанын ұстата берді.

─ Қандай тілегің бар, қысылма, айт, ─ деді Левенштерн. ─ Лұқсат болса бір ғана тілек: су тапшы. Жұмыстан келгенде жуынайын десең, шай ішейін десең...

Левенштерн Битабардың сөзін бөліп жіберді: ─ Иә, су мәселесі қиын мәселе. Тасып үлгере алмайды. Дегенмен тағы да көлік бөлеміз. Әрі... Битабар тамырға суды бұрынырақ күй деп тапсырармын, ─ деп Левенштерн сәл жымиып қойды. ─ Тағы не тілек? ─ Басқа тілек жоқ, тамыр, ─ Битабар түрегелді. Левенштерн сәл ойланып барып, оқыс бір сұрақ қойды.

─ Балаң нешеде еді осы?
─ Оннан он бірге шығады. Левенштерн тағы да кідірді.
─ Биылғы оқудан қалып қойды-ау, ә?

─ Иә, көшіп-қонып жүріп мектепке бара алмай қалдық. Левенштерннің жүзіне кірбең жүгірді. ─ Мен бала болса да еңбек - харекетсіз отырғанды жек көрем. Битабар үндемеді. ─ Амантайды да шахтаға түсіру керек. Левенштерн не айтса да, қарсы болар Битабар жоқ.

─ Түссін. Әлі жеткенше істер. Левенштерн анықтап қойды.
─ Көмір қазбайды, ат басына мінеді. Вагонеткамен сыртқа көмір шығарады.
─ Е, оған ие ғой, қанша тартпады десем де, ─ деп Битабар күлді.
─ Онда ертеңнен бастап жұмысқа шықсын. Паек алады, ақша табады.

...Битабар сондай көңілді, адымдай басып келеді. Әли бүлкілдеп жортып келеді.

─ Е, неге шақырыпты нәшәндік? ─ Мына шахтыда жұмыс істеу де кәдуілгі күрес секілді екен. Тамыр кіммен күресетінімді сұрады.

─ Иә, кіммен күресем дедің?
Битабар мырс етті.
─ Әзірет Әлі тұрғанда кіммен күресуші едім. Өзіңді таңдадым да.
Әли болатын емес.

─ Онда бас бәйге менікі.
Битабар бас салып, жерден көтеріп алды.
─ Сенікі ме?
─ Әрине, менікі.

Битабар Әлиді жағасынан ұстаған қалпы көтере түсті. ─ Әлі де сенікі ме?
─ Әрине менікі. Өйткені мен сенен әлі де жоғары тұрмын.

Битабар күлді де Әлиді қоя берді. Кенет көз алдына Левенштерн келді: «Тамыр, жарайсың!» Кинодағыдай оқыс алмасып, Бертшек шықты: «Бауырым, жарамайсың!».

Битабар қолын бір сілтеді. Жортақтап келе жатқан Әли қалпақтай ұшты...
Балуан қайырылған жоқ.

7 тарау

Дүкен алдында қара-құра кісі көп. Кезекте тұр. Қант, шай, ет, май ─ бәрі де осында. Қазан бас сатушы таразыны асықтай үйіреді. ─ Ал кәне, талоныңды әкел! ─ қазан бас сатушының қайшысы да өткір. Көз ілеспейді. Талон деп аталатын қағаздың айқыш-ұйқыш сызықтарын бойлап, ойып түседі. «Бір жарым кило ет. Бес жүз май. Ал болды, тайып тұр. Жұртты ұстама деймін, жөнел дедім ғой!» Күндегісі осы. Біреулер дауласып жатады, талонды артық қидың... қантты кем өлшедің!.. Мұндай даудың не екенін Сілеусін түсінбейді. Қайтсе де дүкеншіге дән разы. Келе жатқанын әйтеуір қиядан көреді. Елу адам, жүз адам тұрсын, есеп емес. ─ Елбаев Битабардың семьясы! Бері кел, бері! Оу, былай тұрыңдар деймін. Елбаевтың семьясына жол беріңдер деймін... ─ Сөз осы. Сілеусін де үйреніп алған. Қаймықпайды, қалың жұрттың арасын жарып келіп талонын береді. Таразы тілі қылтың-қылтың. Жұрт дорбалап қолына ұстап шығып жатса, Сілеусін қапшықтап, арқалап шығып жатады. Ондайда жиналғандар тырс үндемей қалады. Сол тыныштықты қазан бас дүкеншінің өзі ғана бұзады.

─ Міне, жұмыс істесеңдер, Битабарша істеңдер!

Бұл жақсылықтың арғы түбі қайда? Оны ойлап Сілеусін басын қатырмайды. Көз алдында қазан бас дүкенші болған соң бар алғыс, рақметін соған арнап үйіне оралады.

8 тарау

Битабар жұмыстан қайтты. Дүкеннен келген Сілеусін сыбырлап сөйлейді:
─ Үлкен атам үйіндегі қайын аға келіп отыр.
─ Е, ол қайдан жүр екен?
─ Қайдан екенін сұрамадым.

─ Ай, алла-ай, кеше ғана ойыма алып едім.

Бертшек жылы оранып от басында отыр екен. Сақал-шашын қоя беріпті. Тым жүдеу. Ескі есепті ұмытып үлгірген Битабар ұмтыла берді.

─ О, Бекенбісің? Қайдан жүрсің?
Бертшек «ақырын сөйле» дегендей қолын көтерді:

─ Расыңды айтшы, сен баяғы Битабармысың? Әлде белсенді болып алдың ба? ─ деп сыбырлап айтты.

─ Белсендісі несі?
─ Ә, өзім де солай ғой деп ем. Адаспаған екем...
─ Ал, үй іші, ауыл-аймақ аман ба?
─ Ауыл-аймақ дегеннен не қалды дейсің, тозды ғой, Үй ішінен хабарым жоқ.

─ Сонда не, басқа жақтан келемісің? ─ Сен сұрама, мен айтпайын. Қаны бір туыс қой, паналатар деп келдім. Жақсы орналасты, тұрмысы оңды дегенді және естідім. ─ Е, не көрініпті соншама, аунап-қунап жата бер. Үй жетеді. Төсек - орын бар. Паек та бар. Дастарқан жайылды. Ақ бөлкені түйе табан қолымен Битабар омырып-омырып тастады. Отырған қалпы керегеде ілулі тұрған дорбаны алмақ болып, бір-екі рет изеп еді, бытыр етіп бауы үзіліп дорба қолына келді. Сілеусін бай - байлап қалды.

─ Әй, осы үйдің кісісі-ай, өзім де алатын едім ғой. ─ Оқасы жоқ. Ана майыңды сығымдамай молырақ сал. Тамыр аман тұрса бәрі де болады, - деп Битабар жаңағы дорбадан құмшекерді қолымен көсеп - көсеп алып ортаға үйіп қойды.

─ О, жарықтық - ай, ыдыс бар еді ғой. Міне, аяққа салайық та.
─ Оқа емес, қатын. Тек бар болсын де. Ал, шәйді құй дұрыстап.

Бірақ Битабардың өз пейіліндей кең дастарқанындағы ең тапшы нәрсе осы шәй болып шықты. Шәй емес, су тапшы. ─ О заманда, бұл заман Кербаланың шөліндегідей суға жарымаған не сұмдық! ─ деп Сілеусін кейіп алды. Шай дегенің бір-бір кеседен-ақ келді. Көптен қарны тойып тамақ ішпеген аш қонақ нан мен майды қантқа араластырып қарбытып жатыр. Шайды түйілгенде ғана есеппен сараң ұрттап қояды. Битабар қонағын бір түрлі аяп кетті бала күннен тай-құлындай тебісіп бірге өсіп еді. Бірі аға, бірі іні болған күндері бар. Тетелес құрбы болған да күндері бар. Ас пен тойда екеуінің жұбы да жазылмайтын. Битабар Бертшекке сенетін. Сол себепті көп мәселеде өз басын көп қатырмай, тізгіннің ұшын соған бере салатын. Балуанның осы қасиетін Бертшек те білуші еді. Аяқ асты еткен, қадірлемеген жері болған емес. Артта қалған ұзақ жылдарға Битабар дәл қазір тым биіктен қарап отыр. Бұралаң ұзын жолдың бұлтарыс бұрылыстары жазылып, ой-шұқырлары тегістеліп кетті де, өзара қатынастағы ашу-реніш, кикілжіңдер мән-мағынасын жойып, ұсақталып, аласарып жүре берді. Өткен өмірдің күнгейі ғана балуанның көз алдында. Басқа ағайын-туғанды іздемей, Битабар деп келуі де содан ғой. Сондай ағайынға құшағын айқара ашпаса адамшылығы қайсы.

─ Қатын,жоқ нәрсеге таусыла берме. Бас амандығын айт. Шүкіршілік ет осыны. ─ Ия, барды қанағат ету керек, ─ деп қойды ішіне ел қона бастаған Бертшек ықылық атып.

Сәл қысылыңқырап қалған Битабар: ─ Тамырға айтқам. Ертеңнен бастап суды өзімізге арнап әкеледі. - Ал қазір қалған суыңа қазаныңды көтер.... Бертшек қателеспепті. Битабар ойлаған жерден шықты. Ет жеп, әбден тойып алған соң, қолын қайыс белбеу, етік қонышына сүртіп, түннің бір уағында ұйқыға ауысты.

9 тарау

Темір сапты қайла ұстаған екі балуан, сөйтіп, бәсекелесіп кетті. Арада десятник жүр. Битабарға келіп қазылған жерді өлшейді де: ─ О, Ылғаздан қалыңқырап қойыпсың, ─ деп бәсеке отын өршіте түседі. Бірақ қанша қалғанын айтпайды. ─ Қимылдай түс, батыр!

Ылғазға барғанда да айтатыны осы:
─ О, Битабардан қалып қойыпсың, қимылдай түс, батыр!

Битабар қимылдай түседі. Осындай қызыл танау, жанталаспен он күндік қорытынды шығаратын мезгіл де жақындап қалды. Шахта кеңсесінің алдында асулы тақтай бар. Битабар қалай өтпесін, сол тақтаға үңіліп қара-құра халық тұрады! «Бұл не болды екен?» ─ Білмекке құмарлық жеңді білем, шахтадан шыққан бойда бұрыла кетті. Жұрт ығыса берді.

─ Неге бүйтіп жиналып тұрсыңдар? ─ О, Битабармысың? ─ деп топтан Әли шықты. ─ Бұл социалистік жарысқа түскендердің суреті ілінген тақтай. Ана ең жоғарыда тұрған сенсің. Содан кейінгісі ─ Ылғаз. ─ Әли сәл мүдірді. ─ Содан кейінгі... әрине мына дәдең.

Жұрт ду күлді.
Битабар мәз.
─ Кім қанша орындапты сонда?
─ Үшінші болып тұрғаныммен мен бәріңнің де алдыңдамын.

─ Қара - қара, құтыруын! Бері келші, «алдағыны» көрсетейін, ─ деп Битабар ұмтыла берді. Әли бұлтың етіп ұстатпай кетті. ─ Жоқ, ойнап айтам, алдыңғы орында Ылғаз, екіншісі ─ сен.

─ Қой?..
Ұзын сары жігіт түсіндіре сөйледі.

─ Жоқ, мұнда әлі кімнің алда, кімнің артта екені көрсетілмеген. Он күндік қорытынды бүрсігүні кешке шығады. Бәйге де сонда тапсырылмақ.

10 тарау

...Битабар үйге беттеп келеді. Қара дауыл. Қиыршық тас ашық жерді тікенше осқылайды. «Қарашаның қары жауып өткеніне екі ай болды, қыс түсетін мезгіл де өтіп барады-ау». Бірақ көңілі тып-тыныш. Жуырда ғана екі бөлмелі жылы үйге көшіп шыққан. Көмір көп. Тамақ бар. Су да анадағы әңгімеден кейін үзбей келіп тұрады. Амантай да іс басында. «Бүгін пәлен тонна көмір шығардық», ─ деп кәдуілгі үлкен адамша күн сайын баяндай келеді. Кісі болып қалған. Жалғыз-ақ мазасызданатыны Бертшек жәйі. Келгеніне бір ай. Оңалып, торалып алды. Бірақ не ойлағанының барын кім білсін, табан аудармайды, жатады. «Біздің тамырға айтып, жұмысқа орналастырайын, оған не дейсің?» ─ деп бір көріп еді. Бертшек «қоя тұр» ─ дей салған. Содан кейін «ішкен асын, жатар орнын қызғанды демесін» деп, Битабар бұл тақырыпты жауып қойды. Ертең ел ішінде «Бертшектің ішпесін ішіп, жемесін жеп жүрген Битабар еді, арып-ашып туыссырап келгенде дардай басымен бір ай да паналата алмапты» ─ деген қаңқу тараса бұдан артық өлім бар ма! Ия, үйіндегі бар асылы мен жылы ─ жұмсағын қонаққа деп сақтайтын қазақ үшін бұл өліммен тең.

Осы оймен Битабар үйге келді.

Амантай жұмыстан келіп үлгеріпті. Тамақ ішіп жатыр. Үстінде жұмыс киімі. Жуынбаған.

─ Әй, неге жуынбағансың?
Сілеусін шағынып жатыр:
─ Ойбай, су жоқ тағы да.
─ Е, әкелмеді ме?

─ Әкелді. Бірақ кісі сондай көп болды. Жетпей қалды, ─ Битабар әлдекімді іштей сыбап алды. ─ Ал ендеше, шәйіңді берші. Шахтер болған соң жуынуды көпсінетін шығар бізге.

─ Су жоқ дедім ғой.
─ Ой, сонда шайлығың да жоқ па?
Сілеусін жауабы шолақ:

─ Шайлық та, тамақтық та. Мына балаға кешеден қалған тамақты жылытып беріп отырмын.

Битабар шын ашуланды. ─ Мына иттің балалары шөлден қатыратын шығар, ─ деді де, бүкшиіп жатқан Бертшектің қасына киімшең қисая кетті. ...Ертеңіне Битабар жұмысқа бармай қалды. Басын да көтерген жоқ. Бертшек те солай, қозғалмайды. Амантай тұрып кетті. Сілеусін де тұрып, от жақты. Содан кейін бір шәйнек су әкелем деп ит өлген жерге жаяу жөнелді. Сәске кезі. Бертшек бір аунап түсіп, Битабарға қарап жатты.

─ Битабар?..
─ Ә, Беке, құлағым сенде.
Тағы тым-тырыс. Битабар су жайын ойлап жатыр. Бертшек ойы әр сақта.
─ Битабар?..

─ Әу, Беке, бірдеме дедің бе? ─ Битабар басын көтерді. Бертшек қолымен кеудесінен басып қайта жатқызды.

─ Он күннен бері айтсам деймін, бірақ айта алмай жүрмін бір жәйді.
Осындай көрбілте, көмескілікті Битабар ұнатпайды.
─ Ия, айтсайшы айтатын болсаң, сағыздай созып неге керек.

Бертшек үндемей қалды. Битабардың ойына тағы да су түсті. «Тамырға тағы да барсам ба екен?» Бертшек ойы: айтсам ба екен, айтпасам ба екен?

─ Битабар?..
─ Иә?..
─ Сөзіме құлақ сал.
─ Құлақ салып жатырмын.

─ Менде... көп қазына бар.
─ «Апырау, суы түскірді не істеуге болады?»
─ Сондай көп қазына...
Битабар бұл сөзге мән берген жоқ.

─ Қазынаның көкесі су боп тұр-ау қазір.
─ Тіпті екеуміздің қалған өмірімізге жететін қаз...

Битабар Бертшек сөзінің ар жағын естіген жоқ. Даладан дабыл қағылды. Барлыққан сушы даусы:

─ Су келді! Су! Су алыңдар! Су!..

Битабар атын сыртқа шықты. Пар атты ұзын бірішке үстіндегі ұзын бөшке. Жұрт жиналып қалған. Жапа-тармағай бәрі де қол созады.

─ Кезек менікі, маған құй әуелі!
─ Жоқ, кезек менікі деймін!

─ Әй, әне біреу қолын неге соза береді. О жақтан құйма. Мұнда кеп кезекке тұрсын!

─ Әй! А...ии!
У-шу. Қаңғырлаған шелектер. Төгілген су. Бақырған бала даусы.

Битабар үндемей келді де, шеткі аттың қайыс бауын шешіп алды. Аттың өзін жетелеп кетсе де, аңғарар ешкім жоқ. ─ Ал, кәне, балық үлестіріп жатырсыңдар ма! Шуламай кейін шегініңдер! ─ Салмақты, зілді дауыс. Жұрт тынып, жалт қарасты. Әлдекімді салып жіберуге оңтайланған адамша қайыс бауды екі қайырып ұстап Битабар жақындап келеді. Бірішке маңы сыпырылып ашыла берді. Битабар сол жай басып келген қалпында қайыс бауды айқара тастап, бөшкені екі жерден құрсаулай салды да, қайырыла берді: ─ Иә, аруақ! ─ Пар ат тартқан алып бөшке қаңбақша көтеріліп барып, балуанның жалпақ жотасына дік ете түсті. Үйге қарай беттей берген Битабар ойы: «Біреу-міреу келіп аяғымнан шалып қалмас па екен?» ─ Он шақты аттап артына бұрылды, селт еткен бірі жоқ. Бәрі де ауыздарын ашып аңырып қалған:

─ Беке, су келді!
Бертшек төсектен ұшып тұрды.

─ Мұның не, Битабар!! Қырсық болмаса игі еді. Даладағылардың көз жасына қалмаса игі едің.

─ Оны қоя тұр, ыдыстарды дайында!
Бертшек жүгіріп жүр.
─ Астапыралла-ай! Астапыралла-ай.

Бақыр, шелек, күбі, қазан, аяқ, мес, шәшке мен кесе ─ үйдегі қуыс нәрсенің бәрі тізілді. Битабар лақылдатып құйып жатыр.

─ Енді ештеңе қалмады-ау деймін!

Битабардың есіне Бертшек пен өзінің қара саннан келетін жуан қоныш етігі түсті.

─ Етіктердің байпағын суыр!
─ Ой, о не дегенің?

─ Суыр, Беке, төрт етікке кем дегенде төрт шелек су кетеді. ─ Рас екен. Қара қазан мен күбіден кейін судың ең мол кеткені осы етіктер. ─ Енді қайда құйдым? Беке, байпақтарға да құйсам қайтеді? Жұмыстан келгенде жуынуға жарайды ғой, әйтеуір.

─ Байпаққа су тұра ма?
─ Жоқ сонда да көрейік.

Бертшек қарсыласпады. Киіз байпақтың қонышын аша берді. Битабар құйып жатыр. Бірақ далаға құйған секілді, сар - сұр.

─ О, қызық - ай, суық ұстайтын киіз байпақ су ұстамайды екен ғой.
Бөшке түбінде әлі су бар.
─ Енді қайттым?

─ Бәрін тауысу шарт па? Далада да ошарылып тұрған жұрт емес пе, қайтарып бер.

Битабарға тағы бір ой келді. ─ Мен шешінейін, Беке, сен мына бөшкені көтер де басыма құй. Сөйтіп, кешегі шаңнан бір тазарайыншы. Бертшек бөшкені олай қозғап, былай қозғап, тізесіне де жеткізе алмады. Бірақ жол тапты: әуелі жаулаудағы суды құйды да, содан кейін бөшкеден көсіп алып тұрды. Әбден шаң-тозаңнан тазарып рахаттанған Битабар бөшкені көтеріп есік алдына шықты. Жұрт манағы қалпы. Бірі селт етпеген. Бәрі де «енді не болар екен?» дегендей осылай қарайды. ─ Әй, сушы жігіт, бұдан былай суды әуелі біздің үйге әкеп құясың. Әйтпесе, көретінің осы. Ал, бөшкеңді! ─ Битабар бөшкені төбесінен асыра көтеріп, лақтырып кеп жіберді. Қаңғыр-күңгір. Жұрт жапырыла берді.

─ Ойбай, астында қаласың, былай тұр!
─ Өй, жалтар деймін тура саған қарай келеді.
─ Өй!.. Өй!..
Көпшілік енді бос бөшкені тоқтата алмай әлек. Сапырылыс.

Ашуы тарқаған Битабар қолын кеудесіне айқастырып қарап тұр. Мәз. Енді білді, бұл жер біраз еңіс екен, бөшке көз ұшында бұлдырап әлі домалап барады... Біреу бері салып келе жатыр. Бөшкені көріп о да жалт бұрылды. Содан кейін тұра қалып кеудесін басты, аман қалғанына шүкіршілік. Бөшке кеткен жаққа біраз қарап тұрып-тұрып тағы бері жүрді. Әли екен.

─ Әй, батыр-ау, мұның не?
─ Не екенін көріп тұрған жоқсың ба?
Ала көбеден кеткен Сілеусін де бір шәйнек су алып жеткен беті.

─ Біздің үйдегі кісі - ау, не жасап тастағансың?.. ─ Бетін жыртып, аң - таң. ─ Не жасап тастағанда шаруаң не? Шәйіңді қой. Қазаныңды көтер тезірек. Қонағыңның да, байыңның да аш екенін білесің ғой.

Үшеуі де үйге беттеді. ...Шай ішіліп жатыр. Қазанда ет бүлкілдейді. Өзінің дағдылы қалпына келген Битабар:

─ Беке, жеп, іш! Әли, алсайшы! Қатын шәйді қызартыңқырап құй.
Сен же, мен же.
...Терезе алдына кеп пар ат тоқтады.
─ Әлгі сушы ма? Не ғып келді?

Қағалтай Әли ұшып тұра келіп терезеден үңілді.
─ Жоқ, сушы емес. Өй, мынау, әлгі Левенштерннің ат-арбасы ғой.
Сөйткенше болмады, есік ашылды.

─ О, шай, тәтті - ақ, иесі қатты-ақ. ─ Күліп Левенштерннің өзі кіріп келеді. ─ Е, тамырмысың? Төрлет! Шәйдің тәтті екені рас, ал иесі қатты болғысы келеді, бірақ бола алмайды. ─ Битабар арбаңдап тұра берді. ─ Бала секілді секеңдемей, отырсайшы, өзі де шығады ғой, ─ деп Сілеусін күйеуінің қалбалақтап қалғанын ұнатпады. Бертшек те бөтен адамның келгенін жаратпаған секілді. Сазарып, үндемей отыр. Бірақ олармен Левенштерннің ісі болған жоқ. Еркін басып қақ төрдің басына шықты. Бертшек сырыла отырды. ─ Ой, тамыр - ай, дүниенің астан-кестеңін шығарыпсың ғой, ─ деп Левенштерн сылқ-сылқ күлді.

─ Е, естіп қалған екенсің ғой? ─ Битабар да қарқылдап күліп жатыр.
─ Естімегенде. Көлденең тұрған біреу тамашалап айтып берді.
─ Қайтейін енді...

─ Сол керек ол итке. Жарлықты орындамаудың не екенін біледі енді. Сушы шағыммен келіп еді, айдап шықтым: ─ Жарлықты орындамағаның үшін он сом айып. Қайталайтын болсаң, қуыласың. Бар, тайып тұр енді!

─ Хи... хи... хи..! Ха... ха... ха!
Левенштерн күлкіден оқыс тыйылды.

─ Сен бүгін жұмысқа шықпай қалдың. Ал Ылғаз болса көмірді боратып жатыр. Сөреге қай жүйрік бұрын келеді, ─ ертең кеш айқындайды. Байқа, Битабар балуанның жауырыны жерге тиіп қалып жүрмесін?! ─ Тамыр, кешеден бері ашпын мен. Тамақ ішіп, әлденіп, дем алған соң, кешкі сменамен жұмысқа түсем... Түн шабам, күн шабам... Сонда бүгінгінің есесі қайтпай ма? Екі тәуліктік қауқар бар әлі Битабарда.

─ Оған сенемін, ─ деп Левенштерн күлді. ─ Уәде осы болсын.
─ Осы...
Кетерде Иван Ивановичтің көзі Бертшекке түсті.
─ Бұл кісі?..

─ Туысым...
─ Жұмыс неге істемейді онда?
─ Қонақ қой, ─ деді Битабар.

─ Е, білем қазақтың айлап жатып алатын қонағын. ─ Енді Бертшектің өзіне туралап қарады. ─ Сендерде мақал бар ғой: Әлгі... ие, қонақ бір қонса құт екі қонса, жұт... Солай ма? Неше қондың бұл үйде? ─ «Сіз», «біз» жоқ, «сен»... Левенштерн қазақтармен осылай сөйлеседі.

Битабар көлденеңдей берді:
─ Жуырда ғана келген...
Аңқаулығы ма, арамдығы ма:
─ Қайын ағаның келгеніне кеше бір ай, ─ деп салды Сілеусін.

Битабар қатынына ала көзімен қарады:
─ Көзіңе қара, шәйіңді құй жөндеп!
Левенштерн қадалып алған, болар емес.

─ Бір ай. Келген күннен бастап жұмыс істесең ғой, үкіметке де, өзіңе де қанша пайда келтірген болар едің.

Бертшек жасқаншақ болып қалған ба, міңгірлей сөйледі:
─ Денсаулық жоқ. Жұмысқа жарамаймын...
Левенштерн бұл сөзге мән бермеді.

─ Шахтаға, бізге кел. Ақша табасың, паек алатын боласың, ─ деп тоқтады. Содан кейін турасын айтты. ─ Битабар көмір қазады. Паек алады. Он жастағы Амантай далаға көмір шығарады. Паек алады. Ал сен бір ай бойы солардың еңбегін сорып жатырсың. Мұндайды арам тамақ дейді. Түсіндің бе?

Бертшектің ерні жыбырлады:
─ Түсіндім...
Бұл сөз Бертшектен гөрі Битабарға қатты батқан секілді.

─ Әлі орналасады ғой. Аунап-қунап жата тұр деп мен едім болмай жүрген... ─ Тумысында тұңғыш рет жалған айтқаны. ─ Ә, солай ма еді?.. ─ деп Левенштерн езу тартты. ─ Аунап-қунап болған соң, келсін маған... Левенштерн кетіп қалды. Біразға дейін үй ішінде ауыр тыныштық орнады. Әзілқой Әли үнсіз сыртқа шығып кетті. Бертшек насыбай салатын шақшасын анда-санда саусағымен ұрып тырсылдатып, терең дем алып қояды. Сөзге алаң болған Битабардың сусыны енді ғана қанса керек, табақша түбінде қалған шайды қаттырақ ұрттай тартып, шәшкесін төңкерді. Ішінен ауасы шығып болмаған шұңқыр бірер қимылдап барып бық - бық етіп тынды.

Бертшек тағы күрсінді: ─ Ай, Битабар-ай, манағы бір ісіңнен шошып едім. Бірер сағат су ішпесек өлетін бе едік? Дүниені алатаудай бүлдіріп... үйіңе нәшандікті келтіріп... Ендігі күн не болды?

Битабар шын қысылды. ─ Тамырды келіп қалады деп кім ойлаған? Су жоқ болған соң былай нетіп... ызаланып... ─ деп мүдірді.

Сілеусін түтіні басқа.
─ Басында осы тамырдың өзін ұнатпаған ем. Жақсы адам екенін кім білген.
Бертшек ренжіп қалды:
─ Келінжан, бұл не, ауырлағаның ба ішкен шәйді?

─ Жақсыны жақсы деген дұрыс қой, қайын аға. ─ Несі жақсы, қазақ арасында көп болып, ішек-қарнымыздың қырындысына дейін біліп алған қу, ит қой бір.

Сілеусін қайтпады: ─ Өзімізге ұнайды, әйтеуір. Біздің үйдің кісісі десе жаны-құты қалмайды. Міне, көрмейсіз бе, өзі келді. Ал басқа бір қазақтың үйіне әке-көке десең де бас сұқпайды. Рақмет сонысына.

Бертшек түрегелді.
─ Келіннің мұнысы кет дегені ғой. Кетейін онда.

Левенштернді мақтаған сайын жаны кіре түсіп отырған Битабар келін мен қайын аға арасындағы қақтығыстың мәнін осы жерде ғана түсініп, қатынын нұқып қалды. ─ Иттің баласы - ау, саған сөз не керек. Тамағыңды қымзаула одан да, жұмысқа барам дедім ғой.

Сілеусін тым-тырыс, Бертшек буынып-түйіне бастады.
─ Өй, Беке, есің дұрыс па өзіңнің, қайда барасың?
─ Келін кет деп отыр ғой, кетем...
Сілеусін жыламсырай сөйледі:

─ О не қылғаның, қайын аға? Кет деген жоқпын ғой мен сізге.
Битабар ұшып тұрды да, Бертшектің киіміне жармасты.

─ Кетпейсің, Беке. Бір жылға қоян терісі де шыдайды деген. Қоян терісі құрлы жоқ дейсің бе. Бармыз. Кеншілік заманда бірде былай, бірде олай жүргенімізбен, ағайынның шын ағайыншылығы осындай таршылықта көрінеді. Үй өзіңдікі, жата бер, ─ деп шешіле сөйледі..

Бертшек мұны да тыңдамады.
─ Жоқ, Битабар, келінмен алакөз болғым келмейді. Кетем дедім, кетем...
─ Онда бұл итті қазір үйден айдап шығам!..
Сілеусін дауыс көтере бастады:

─ Адал дәмімді ішіп отырып, мұның не, қайын аға, артық айтсам, кешіре көр. Кетпеңіз. Бүкіл ауылға ұйтқы болған үлкен үйдің баласы ең, не болды? Кетпеңізші. Сіз кетсеңіз осы үйдің кісісі өлтіреді ғой мені. Бертшектің қалағаны осы еді. Ерлі-зайыпты екеуі бірдей жалынып, бағасы артқан соң райынан қайтты. Көңілі орныққан Битабар тамағын ішіп кешкі сменаға бет алды.

11 тарау

Жүйріктің делебесі дуда қызады. Ылғаз бен аруақты балуан шын белдескен адамша қимылдады. Үш темір қайла кезекте. Mұқалғаны қайралып, айналып келе берді. Баяғының тау қопарған алыбы секілді, құлаштай соғып, қайланы тас көмірге сағалата кіргізеді де, көтеріп, не басып қалады. Сандықтай - сандықтай тас көмір кесек-кесегімен домалайды. Вагонеткалар тасып үлгермейді. Күрекшілер күрегін былай тастап, кей кезде екеу - үшеуі жабылып көмір кесегін зорға тиейді. Осы қимылмен түн өтті. Битабар жарық дүниеге шықпады. Аз ғана демалып, Сілеусін әкелген тамақты ішті де, жұмысқа қайта кірісті... Түс кезінде Левенштерннің өзі келді. Екі алыптың қимылына дән риза. Көмір өндірудің осындай жолын тапқан өзіне де риза. «Ел аралап жүріп, шахтерлерді кілең осындай бір алыптардан жинап алса, көмір өнімін он есе арттыруға болар еді-ау».

12 тарау

...Шахтерлер үлкен залға жиналды. Мұнда да Левенштерн тапқырлық жасап, қазақ ауылының тойына ұқсатып, жұртты екі жарып отырғызды. Президиум орнына сарапшылар, даяшылар. Сөзді өзі бастады. ─ Жолдастар, бүгін бізде үлкен той. Октябрь революциясының он үш жылдық мүшел жасын табыспен қарсы алғалы отырмыз. Шахта айлық жоспарын жүз он процент орындады. Той дегенім осы. Табыс құрметіне бәйгеге ат қоспасақ та, күрес бастаймыз!

Жұрт ду күліп, көтеріліп қалды. ─ Бірінші бригаданың атынан жауырыны жерге тимеген атақты балуан Битабар... ─Левенштерн Битабарды ортаға алып шықты. ─ Екінші бригаданың атынан жауырыны жерге тимеген белгілі балуан Ылғаз... ─ оны да Левенштерн ортаға алып шықты.

Битабар шешіне бастады. Шын көріп қалған секілді. Левенштерн күліп жатыр: ─ Біздің күрес олай емес, былай болады. Битабар он жағында, Ылғаз сол жағында. Әуелі Битабардың қолын көтерді. ─ Битабар айлық нормасын жүз тоқсан жеті процент, ал Ылғазбен жарысқа түскен соңғы он күндік нормасын үш жүз жеті процент орындады.

─ Битабар жасасын! Урра...а!
Левенштерн кезекпен Ылғаздың да қолын көтерді.
─ Айлығы жүз сексен бес, соңғы он күндігі үш жүз.
Бұған да жұрт ду қол шапалақтады.

Тағы да Левенштерннің орнықты даусы: ─ Бас бәйге ─ шапандық жасыл барқыт ─ бес метр! Резинка калош Битабарға беріледі.

Жұрт қошеметімен аталған сыйлықты алып. Битабар орнына отырды.
─ Екінші бәйге - көйлектік сатин ─ төрт метр! Ылғазға беріледі.
Ылғаз сыйлықты салқындау барып алды.

─ Үшінші бәйге ─ қазақы шұлғаулық бөз - үш метр!.. Жұрт шулап Левенштерннің даусын естіртпей жіберді.

13 тарау

...Баяғы өзіне таныс ұзын стол. Қабырғада Ленин, әлі қолын созып тұр. Тағы да: «Не деп тұр?» Білгісі келеді. Еміс-еміс атын естігені болмаса, түк хабары жоқ. «Түсі игіден түңілме» деген ғой, жүзі жылы екен. Жаман айтып тұрмаған болар».

Тағы Левенштерннің даусы: ─ Той еті домалақ дейді ғой қазақтар. Осыған разы боласыңдар. Жеңдер, ішіңдер, жолдастар!

Столда колбаса тұр. - Битабардың татпайтын дәмі.
─ Қойдың колбасасы.
─ Мынау - бұзаудікі...
─ Жоқ, алда разы болсын.

Қызыл шыны, көк шынылар тұр.
─ Жоқ, мұны да ішпеймін.

─ Жоқ, тамыр, ішесің бүгінгі тойдың құрметіне. Анада Иманақ тауының бауырында ішкенсің бізбен.

─ Ішеді Битабар, ішеді, - деп жұрт шулады.

Бір әйел келіп Битабардың қасына отырып алды. Сөзі шала орысша, шала қазақша. ─ Мынау вино. Виноград біледі? Мынау сол виноград суы. Битабар мұны ішеді. Пейіште хор қызының ішетін суы! Жұрт қолқалап болмаған соң, Битабар бәлсінбеді. Тартып жіберді. Содан кейін тағы да ішті. Бір қызығы, арақ ішіп уланбағандық па, Битабар ана жолғыдай, мұнда да тез қызды. Көзінің алды буалдырланып, дүниенің бәрі іри берді. Қарсы алдында Ылғаз отыр. Біреу емес, екі Ылғаз. Битабар бір көзін жұмса, біреуі жоғалып кетеді, көзін ашса тағы екеу. Шошиын деді: «Жынданудың қай жағындамын?» Ылғаз оң жағындағы екі қолын созды.

─ Сен алдадың!
─ Кімді алдадым? Құдай сақтасын, ешкімді де алдап көргем жоқ осы жасымда.
─ Жоқ, мені алдадың!

Битабар бір көзін қысты. Жоғалып кеткен Ылғазды кім білсін, мына Ылғаздың түсі суық.

─ Жасырынып түнгі жұмысқа бардың. Бәйгіні сөйтіп алдың.
Шырылдап ара түскен Әли даусы:
─ Түнде барса, алдында күндіз бармады ғой. Екі есеп, бір есеп.
Битабар ашуланып кетті.

─ Кісі екен десем, ит екенсің ғой. Сен ендеше күн-түн істе. Мен жарты іспен... Сонда да басып озам...

─ Оза алмайсың! ─ Жоқ, озам! ─ Битабар қойнына тыққан барқыт пен калошты суырып алды. ─ Мә, қызғансаң, сен ал! Бәйге дүниесін бойыма жапсырған кісі емен. Өзім де кімге берем деп отыр едім. ─ Неге алам? Алмаймын. ─ Ылғаз сыйлықты Битабардың өзіне қарай сырғытты. ─ Алсам, жеңіп алам...

─ Жеңіп ала алмайсың, осылай ал!

Сыйлық біресе Ылғаз алдында, біресе Битабар алдында. Битабардың көзі Әлиге түсіп кетті.

─ Мә, ендеше сен ал.
Әли иіліп жатыр:
─ Екі арыстан таласса, біздейлерге жем түседі...
Ду күлкіден Левенштерннің даусы жарылып шықты.

─ Біз күн істе, ал түн істеме демейміз. Жоқ, түн істе, күн істеме деп те айтпаймыз. Күн де істе, түн де істе. Әйтеуір жұмыс істе. Әйтеуір көмір өндір. Біз осыны айтамыз... Әлдене үзіліп кеткендей болды. Битабар қайта көзін ашты. Манағы әйел тақалып алған. «Қайтеді мына кәпірің?!»

─ Бұзаудікі мына колбаса!
─ Мынау қойдың колбасасы!

Битабар қолымен «жоқ, жемейді» дегенді танытты. «Битабар ішеді, бірақ жемейді!»

─ Іш, Битабар, іш!

Дүние шыр айналып барады. Әйел билеп жүр. Бір секірді, бір отырды. Аяғы байлар мінетін фаэтон арбаның шабақтары секілді, зыр-зыр етеді. Керемет!

─ Ойпырай! Кереметі - ай қолының!

Битабар көзін ашты. Әйел қасында отыр. Битабардың қолы столда. Саусақтарын бас -басына ашып қарайды да, күледі.

─ Әр саусағы менің білегімдей!
Кенет шарап пен колбасаның иісі келді...

─ Битабар жемейді, Битабар ішеді, - Өз даусынан өзі оянып кетті. Үңіліп бір көз тұр. Дөп-дөңгелек. Көкпеңбек. Кең сахара даладағы тып - тыныш тұнық қол секілді. Көк аспан төңкерулі. Ала шарбы бұлттар қалқиды. Ыстық леп соғады.

─ Жоқ, колбаса жемейді Битабар!
─ Жемей-ақ қой, іш бірақ. ─ Жіңішке, назды әйел даусы.

Тағы да көз алдында тұр. Тұңғиық көз... Кіршік жоқ аппақ, тап - таза қарлы дала. Тұңғиық көз сол аппақ дала көзі. Жұп-жұмсақ, жып-жылы...

Дүниенің бәрі көкпеңбек, дүниенің бәрі аппақ, жып-жылы, жұп-жұмсақ. Битабар жүріп кеткен секілді. Шахта артта қалды. Үйлер де артта. Жүріп келеді. Ып-ыстық бірдемеге сүйеніп келеді. Кенет манағы әйел есіне түсті. Билеп жүр... Битабардың саусақтарын санап жатыр... Оқыс, оғаш сезім: «Бұлар да қазақ қатыны секілді ме екен? Әлде...» Соны ойлауы - ақ мұң екен, ыстық бір құрсау ішіне түсіп кетті. От құрсау. Бойы шымыр-шымыр. Жойқын бір ағын Битабардың ырқын алып, есеңгіретіп жүре берді...

14 тарау

...Битабар шошып оянды. Айнала аппақ. Тебе де, төсегі де. Қасында бір әйел жатыр. Сілеусінге мүлде ұқсамайды. Жирен шаш. Әрі кеудесіне тартқан тілімдей шүберегі болмаса тырдай жалаңаш. Көрпесі сырылып қалған. Денесі аппақ, жұп-жұмыр, жұп-жұмсақ. Балтыры оқтаудай түп-түзу. Екі аяғын айқастырып шалқасынан жатқан күйі, қаперсіз ұйқыда. Битабар басын шайқады. Қашан келді, қалай келді? Есінде бірі жоқ. Есіне Амантай түсті. Қабақ шытып алдына бір келіп көрмеген, барға да, жоққа да көнбіс Сілеусінді ойлады. Бала алдында, жар алдында тазарта алмас күнә. Ұят - ақ, өкінішті-ақ.

...Қоңыраулы сағат алты рет соқты... Битабар жата берді.
...Қоңыраулы сағат жеті рет соқты.

Битабар шыдамады. Ұйықтап жатқан әйел мүсініне тағы көз жіберді. «Апырмай, мынаның қасында біздің қатындар да қатынбыз деп жүреді-ау!» Денесі бір түрлі қызынып сала берді. «Ә, болары болды ғой, қылмыстың азы не, көбі не, бәрібір». Жүрегі лүпілдей бастаған соң аунап түсті... әйел оянды да, балуанды ыстық құшағына ала берді... ─ Какой ты сильный, Битабарчик! Сверх всякого ожидания! Ты просто чудо природы... Устала я. Сильно устала...

Битабар түсінбеді. Әйтеуір жамандап жатпаған секілді.
Қоңыраулы сағатты сегіз рет соқтырып Битабар түрегелді.
─ Жарық түспей тұрып кетейін мен. Бала бар. Қонақ бар, ұят.
Маужырап, діңкесі құрып жатқан әйел басын изеді.

─ Сенің атың кім? - деп сұрады Битабар киініп жатып.
─ Марья.
─ Ә, Мәриә? Жақсы, жақсы! Мәриә кәрәшәй. Мәриә! Мен қалай келдім мұнда?
Марья күлді.

─ Сен болмады, жүр деді. Мен жүрді сосын. Сен болмады, есік аш деді. Мен ашты сосын...

Битабар да кеңкілдеп, басын шайқап - шайқап күлді.
─ Мәриә, сен де шақтыда істейді?

─ Мен конторда, - шот қағамын, дегенді қолымен көрсетті. ─ Сендерге паек береді, ақша береді...

─ А - а. Бала қайда? Бай қайда?
─ Бала таппаған. Бай өлген. Сосын Қарағанды келген...
─ А-а...
Битабар ғой соңын осылай өткізді.

15 тарау

Битабар Марьядан шыққан бойда шахтаға барып түсті. Амантай күндегісінен ерте келіпті. Іздеп жүр.

─ Әке, қайда болдың?
Тағы да өтірік айтуға тура келді:
─ Түнде тамыр үйіне алып кетті... болмады.
─ Ә-ә... Апам да, мен де қорқып... Үлкен үйдегі ағам да қорықты.

Битабар Амантайды басынан сипады.
─ Сендер қорқатындай әкеңе кімнің әлі келеді... Бар, жұмысыңа бара ғой.

─ Амантай томпалаңдап кең штректі бойлап кетіп бара жатыр. Ойында түк жоқ, айтқанға сенді. Баламысың деген осы. Битабар қарап тұр. Жүрегі бір түрлі. Бала алдында үлкен қылмыс істеді. Қалай ақталмақ енді? Денесі дел-сал. Өрт соққандай. Басы да зіл қара тас. Қолының қаруы кеткен бе, қайла да көмірге батпай қойды. Бір-екі рет десятник келді.

─ Бүгін не болған саған, Битабар?
─ Кеше арақ ішкен, соған ауырған...
Десятник көзін сығырайтып, жымың-жымың етеді.

─ Арақ ішкен, ауырған... Сосын не істеген?.. Николай бәрін біледі. Айтпаса да біледі... ─ Николай шалғы мұртын сипады да, Битабардың арқасынан қағып, бас бармағын көрсетті. ─ Ол маржа-во! Битабар тоже-во!

Битабар үндеген жоқ. «Мынау ит біліп қалған екен ғой!».
Десятник Битабардың қысылғанын сезіп, әрі қазбаламады. Кісілік жасады.
─ Жұмыс бүйтіп өнбейді, Битабар. Үйіңе бар да, тынық. Жұмысқа ертең шық.
─ Рахмет, тамыр, рахмет...

Үй сұп-суық. Сілеусіннің қабағы түсіп кеткен. Қылмыстының арты қуыс. Битабар қылп ете қалды: «Құдай-ай, бір сұмдық болмаса жарар еді!» Бертшек те бүк түсіп төрде жатыр.

─ Қайда болдың, Битабар?

Битабар енді Амантайға айтқан дәлелінің түкке аспайтынын сезді. Левенштернді Бертшектің қаны сүймейді. ─ Той кеш тарады. Содан әлгі Сарысудың төменгі жағындағы Ылғаз балуан болмай, үйіне алып кетіп... ─ деп жалтарды. Қайтсын, адам өтірікті айтайын деп айтады дейсің бе, осылай қысылған соң айтады да.

Бертшек жайдарыланып сала берді.
─ Е, Ылғаз балуан да осында ма еді?
─ Иә, ол бізден де бұрын келген екен... Тұрмысы жақсы.
Әңгімеге тақырып табылып, Битабардың көңілі орнығайын деді.

─ Е, қатын, үй неге суық? От неге жақпағансың!
─ Жағатын көмір жоқ, таусылып қалыпты.

─ Апырау, оныңды ерте неге айтпадың? Қазір, мен... ─ деп Битабар түрегелді...

17 тарау

Битабар атын жекті де жұмыс аяғында Левенштернге барды.
─ Тамыр қайда? Осында ма?
Есік алдында отырған қыз ұшып түрегелді:

─ Өзінде, кіріңіз! ─ «Шахтер келсе, күттірме» деген Иван Ивановичтің жарлығы. Қыз соны орындап жатыр. Битабар түсінігі басқаша: «Апырай, үлкен нәшандіктің алдында отырған күтушілері де сыңайы!» Осылай ойлаған Битабар кабинетке кіріп үлгірмеді, Левенштерннің өзі шықты. Қасында Ылғаз.

─ О, тамыр, шаруа қалай?
─ Шаруа жақсы емес, тамыр. Үй суық, көмір жоқ, тамыр.
Левенштерн қарқылдап күлді.
─ Саған да көмір керек пе?

─ Иә, тамыр, көмір керек. ─ Бұл қалай, тамыр атаулының көмірі бірдей таусылғаны. Міне, Ылғаз да көмір сұрап келіп тұр. - Левенштерн осыны айтты да, көмекшісіне бұрылды. ─ Қызым, бухгалтерді шақыршы. Қыз жүгіріп кетті. Әлгіндей болмай Марья келді. Битабардың жүрегі зірк ете қалды. «Құдай сақтай көр. Мәриә қайдан сап етті?!» Левенштерн бірдемені сезетін секілді. Екі балуанға кезек қарап күліп қойды. Левенштерннің сезгенін Марья да сезген секілді. Әуелі ЬІлғазға, сосын Битабарға көзі түсіп қадалып қалды.

─ О, Битабар?! ─ Ішіп-жеп барады.

Битабардың маңдайынан тер бұрқ етті: «Құдай-ау, мына кәпірің әйел болып қымсынбайды ғой тіпті. Бір сұмдық жасамаса игі етті!».

─ Марья Александровна, мына екі тамырдың көмірі бітіп қалыпты, не істейміз. ─ Е, көмірі бітсе, жазып берейік, ─ деді Марья. Битабардан көзін әлі алған жоқ. Ыңғайсызданған Битабар жүзін төмен салды: Неге екені белгісіз, Марья кейпі көзімен көргендегіден де айқын болып елестей қалды енді әжімсіз аппақ өң. Иегі сәби иектеніп дөңгеленіп тұр. Көзі тұңғиық су секілді, мөп-мөлдір. Жирен шашы тобығына түседі, жұп-жұмыр. Кеудесі сондай шалқақ, шығыңқы, қап-қатты. Ал белі болса, қылдырықтай-ақ. Нағыз құлын мүсін, қыз мүсін. Байға тиген қатынның тап осындайын тумысында көргені осы. «Керемет кәпірің!» Аздап ой жетегіне еріп, еліккен Битабар қайда тұрғаны қайта есіне түсіп, басын жоғары көтеріп еді, Марья әлі көзін аудармаған екен.

Левенштерн айтты:
─ Жазып бергенде, кезекті қайсысына береміз?
Марья іркілмейді:
─ Кезек Битабардікі.

Левенштерн қарсы:
─ Жоқ, кезекті өзара келіссін.
Марья күліп тұр, үндеген жоқ.

─ Кезегі несі? ─ деді Битабармен кезектескісі келмеген Ылғаз. Битабар ойы өзгеше. «Мәриә мен осы тамыр екеуі бірдемені бүлдірмесе игі еді...». ─ Кезектің не екенін көресің қазір. Ал жүріңдер, Марья Александровна, баста. Марья Александровна жол бастады. Көш соңында әуелі Левенштерн, Битабар, сосын Ылғаз. Левенштерн сәл кідіріп, артына көмекшісіне бұрылды.

─ Жұрттың бәріне айт, далаға шықсын, қызық бар.

Битабар әдепкіде тамырының әйелге жол бастатқанын бір түрлі балаша қызықтап: «Жөн-ау, осы. Үй-жайыңды ұстағанын жақсы көреміз, қойнына жатып, құмардан шығатынымыз және бар. Сөйте тұрып: «Әй,. сүйт, әй, бүйт!» ─ деп ат артына өңгеріп, кемсітетініміз теріс қой», ─ деп ойлап еді, Левенштерннің «қызық барына» қайта қобалжыды. Марья Александровна бұларды көмір шығаратын жерге бастап келді. Әлгіндей болмай жұрт жиналды. «Қызық бар!» ─ дегенге ме, ентелесіп иін тіреседі. Бір жақтан Әли де сап ете қалыпты: «Ал, кәне, қызықты көрейік!» ─ деп ентелей түседі. Үлкендігі шөккен нардай, үлкен бір кесек тас көмір жатыр. Не Ылғаз, не Битабар шауып түсірген кесек. Левенштерн сол тас көмірдің қасында тұр. Битабар мен Ылғазды қатар шақырды. ─ Мына тас көмірді қайысың көтеріп әкетесіңдер? Ерік өздерінде. Құдай алдында сұрауы жоқ. Қай үйге болса да екі айлық отын.

Битабар бұрын сөйледі.
─ Ылғаздың жасы менен кіші, Ылғаз алсын. Ылғаз баса қоймады.
─ Жоқ, жол жасы үлкендікі емес пе, Битабар алсын.
─ Қайратты жас көрсетуші еді ғой...

─ Битабар дұрыс айтады, ─ деп қойды Марья. ─ Бұл ─ Битабар шауып түсірген көмір. Ылғаз алады. Ал Ылғаз шауып түсірген көмірді Битабарға беретін боламыз. Ылғаз сөз таластырмады. Көмірдің ол жағынан бір, бұл жағынан бір шығып қарады. Аяғымен де қозғап көрді. Құшағымен де өлшеп, шамалады. Басын шайқады.

─ Жоқ, мұндай көмірдің маған керегі жоқ.
─ Ендеше басқа отын жоқ, ─ деді Левенштерн. Жұрт ду ете қалды.
─ Жоқ, Битабардың өзі алсын. Өзі шауып түсірген екен, өзі алуға тиісті...

Алғашқы ой: «Көтере алмай, ұят болып қалмас па екен?!» Левенштерн енді Битабарға қадалды. ─ Тамырлықтың жолы бір басқа, тамыр. Осы көмірді алмасаң, саған да отын жоқ. - Ойнап тұрмаған секілді. Жүзі салқын.

Марья жақындап келді. ─ Ну, көтересің ғой, Битабар, көтересің. Оп-оңай көтересің. Марьяның бұл сөзі Битабарға аздап әл берген секілді: «Осы кәпірің біліп айтып тұрмасын!» - Бұл да көмірді айналып қарап шықты. Құшақтап көріп еді, бірақ бір кісі түгіл, екі кісі құшағы жетсе, зорға жетерліктей. «Атан түйедей бар-ау сірә?!» Битабар басын көтерді. Айнала жұрт, иін тіресіп анталап, демін ішіне тартып тұр. Марьяның бір қолы мықынында, жүзінде күлкі нұры. Ылғаз шеттеп кетіпті. Левенштерн өзгермеген, манағы салқын қалпы. ─ Ау, былай сейіліңдерші, арбамды жақындатайын, ─ деді Битабар. Жұрт шу етіп қақ жарылды. Битабар беліндегі жалпақ қайыс белбеуін шешіп алды да көмірге қарай беттеді. ─ Көтерсем көтердім, көтере алмасам, демесіп жіберіңдер, жарандар! Әли сөзге араласты. ─ Олай болса, Ылғаз екеуің арбаға көтеріп салыңдар да, үйге апарып бөліп алыңдар.

Левенштерн қарсы: ─ Жоқ, олай болмайды. Қайсысы алса да, дара алады. Әли дағдылы әзіліне басты.

─ Е, онда қорықпа, Битабар, көтере алмасаң, мен бармын ғой. ─ Е, соныңды айтпайсың ба? ─ деп Битабар күлді де, қайыс белбеуді көмірдің астынан өткізді.

Арба көмірдің қасына тартылды. «Тіземе бір жеткізсем, ар жағы қиын болмас еді-ау?!» - Битабар қайыс белбеудің ұшын қолына орай ұстап бір-екі рет изеп-изеп қойды. Жоқ, қозғалатын секілді.

─ Иә, аруақ!

Жұрт ішін тартып шу ете түсті. Вагонға ешкім көтеріп сала алмағандықтан, тас табандап осы жерде жатқан көмір кесекті балуан қаңбақша ойнатып кеудесіне апарды да, арбаға тастап жіберді. Жұрт тағы шу етті: байқаса алты арыс қу шыбықша морт омырылып, арба отырып қалыпты. Әли шық-шық етеді:

─ Өзіңе де осы керек, көмірді осыншама кесектеп өмірінен бар еді!
Левенштерн Битабардың арқасынан қақты. Жүзінде күлкі, ризашылық.

─ Қайғырма, тамыр, көмір де болады. Арбаның арысы да жөнделеді. - Осыдан кейін шаруашылық жөніндегі орынбасарын шақыртып алды - Қазір Битабар мен Ылғаздың үйіне бір-бір арбадан көмір түсіріп бер. Маңдай алды шахтерлердің үйінде отын жоқ деген естіген жұрттан ұят. Содан кейін ертеңнен қалдырмай мына арбаның арысын салдырып, иесіне табыс етесің.

─ Айтқаныңыз орындалады, Иван Иванович!

Битабар қамыт, сайманын атқа артып үйге келді. Левенштерн сөзінде тұрды, сол күні кештетіп көмір түсіртті. Ертеңіне арбасын жөндеттіріп берді.

18 тарау

Битабар біраз күн қыл батпай, қобалжып жүргенімен ыстық - суығы басыла келе Марьяны есіне алатын болды. Төсекке шалқасынан жатып, қылығын көз алдына келтіріп, өзінен өзі жымиып күледі. Сосын Сілеусінге бұрылады:

─ Бұ не осы, қабат-қабат? Көйлегіңді шұбалтпай шешіп жатпайсың ба?
Сілеусін аузын бір сылп еткізеді:
─ Мына жазғанға не болған?

Битабар мұнымен тынбайды, қатынының әр жерін басады. Қу сүйек, тақтай секілді.

─ Денең немене өзі, тақ-тақ етеді...
Сілеусін ашуланады:
─ Жаңа білдің бе мені! Бірдеме көрінейін деген шығар өзіңе?
Осындай бір түн. Амантай мен Бертшек төргі үйде шырт ұйқыда.

Көрші үйлердің тауығы шақырды: «Түн ортасы болып қалғаны-ау». Битабардың көзі іліне берді.

Терезе тықылдады.
─ Бұл қайсысың - ей?
─ Біз. Аш есігіңді, - өктем дауыс.

Сөйткенше болмады, бір топ адам сау етіп кіріп келді. Битабар ауылдағы әдетімен есік баспасы дегенді әлі іліп көрген емес. ─ Бұл кімдер өзі жеті қараңғы түнде жүрген? ─ Битабар іш киімін таба алмай абыржып жатыр.

─ Біз, шам жағыңдар!
Шам жағылды қызыл ала киінген бес-алты адам.
─ Кім тұрады мұнда? ─ деп сұрады алдыңғысы.
Битабар шошып кетті.

─ Мен... мен тұрам, нәшандік...
─ Атың кім деймін?
─ Битабар... Битабар ұрлық істемейді. Битабар өтірік айтпайды...
─ Тағы кім тұрады?

─ Қатын... бала...
Дауыс қатая түсті.
─ Тағы?
─ Қо... қонақ...

Әлгі нәшандік артқыға иек қақты. Бәрі жапырылып төргі үйге беттеді. Бертшек бүкжиіп қалыпты. Біреуі аяғымен түртті. Қолында оқтаулы наган.

─ Әй, түрегел! Документіңді әкел!

Нәшандік дегені шам жарығына жақындап қағазға үңілді. Қолындағы сурет пен Бертшек бетіне кезек қарап:

─ Дәл өзі! ─ деді.

Үй іші астан-кестен болды. Сандық ақтарылды. Киіз арасы тілгіленді. Үй қабырғасына сүймен жүгірді.

Нәшандік Битабар мен Бертшекке кезек қарады:
─ Айтыңдар, алтынды қайда тықтыңдар?
Бертшектің басы төмен түсіп кеткен. Үн жоқ.
Битабар білгенін айтып жатыр:

─ Битабар алтын тықпайды. Паек бар. Жалуна бар. Битабарға алтынның керегі жоқ...

Біреуі дауыстап жіберді: ─ Мұнда ғой. Міне, дәл өзі. ─ Бұрышта Бертшек әкелген қапшық жататын. Битабар маңына барып көрген емес. Әкеле жатқаны осы қапшық. Жүн-жұрқа, мақта, ескі жастықтың жүні. Бұрқырап кетті. Іздегендері солардың арасынан шықты. Үлкендігі аяқтай... алтын. Шын алтын. Битабар жүрегін ұстады. Анадағы Бертшек сөзі есіне түсті: «Менде қазына бар! «Сондай көп қазына!» «Тіпті екеуміздің қалған өмірімізге жететін қаз...».

─ Су келді! Су! Су алыңдар! Су...
─ Астағыпиралла!
Шудан Амантай оянды. Сілеусін дауыс көтеріп жылай бастады.

Битабар мен Бертшек кезенген мылтық астында қараңғы түнді жамылып далаға шықты...

19 тарау

Ойда-жоқта Битабар істі болды.

Жылап келген Сілеусінге айтары: әділдік бар, заң бар. Қорықпа. Шығарады әлі. Тергеушіге айтары: илан бұған. Алтыны барын білген жоқ Битабар. Қашып жүргенін де білмеді. Жақын ағайын. Туыс деп келді. Аш келді. Ал Битабар жұмыс істейді, жақсы істейді. Паек бар, ақша бар. Тұрмыс жақсы. Үй бар. Сосын ашығып келген туысты кет дей алмайды.

Қанша қайырып сұраса да жауабы осы.

Тергеушілер бұған қанағаттанбайды. Алып кетеді. Сұрайды. Қайтып әкеледі, отырғызып қояды. Сондай тар бөлме. Жалғыз терезе. Бірақ дала көрінбейді, аспан да көрінбейді. Дүниеде болып жатқан құбылыстардың бәрі де тасада. Сырттан келер дыбыс жоқ. Тым-тырыс. Терезе... үй болған соң терезе шіркін керек екен ғой. Терезеден жарық түседі. Терезеден өткен-кеткенді, жүрген-тұрғанды көресің. Терезеден мөлдір аспан көрінеді. Таулар көрінеді. Терезе - үйдің көзі. Терезе ─ адамның көзі. Сол көздің алдын ─ сол терезе алдын көлегейлеп қойыпты. Сызаттап жарық түседі. Бірақ түкті көрмейсің. Битабар үшін жазаның ауыры осы. Қырық-елу кісі. Бәрі ашулы. Сендей сығылысып нар үстінде жатыр. Битабардан басқаның бәрі де орынды кең алғысы келеді, аяқты кең көсілгісі келеді. Бүйіріңе шынтағын тірейді. Тізесін тірейді. Қайтсе де ығыстырып, шығарып жібергісі келеді. Шығып кетейін десең есік жабық... Битабардың қасында кертік мұрын біреу бар. Келген күннен бері балуанға тізесін тіреп жатыр. Битабар ажыраймайды, неге тірейсің деп те сұрамайды. Ығыса түседі. Ығысса, екінші жақта жатқан шар ете қалады, Битабар оған да қарсы келмейді. Бар айтары:

─ Сабыр, тақсыр! Сабыр!
Өзіне де, өзгеге де айтары осы. Біраздан бері зәр қысып жатыр. Шыдап жатыр.
─ Сабыр, Битабар! Сабыр!

Соншалық қайран зәр қысқан жұрт не істейді екен? Есік қағып, далаға шығар дей ме?..

─ Сабыр, Битабар, сабыр!

Амал жоқ, есік тақылдатты. Есікте бас бармақтың аумағындай ғана шынылы тесік бар екен, содан бір көз көрінді де, жоғалып кетті. Битабар балға қолымен қаттырақ ұрды. Есіктің темірі салдырады. Қарауылшы:

─ Не керек?
─ Далаға шығам...
─ Қара, қара мынаны. Далаға шығатын болсаң неге түстің?
─ Зәр қысып барады...

─ Зәр қысса, әне параша... ─ Жоқ, онда Битабар отыра алмайды. Битабар кең дала шығып, алысқа барып отырады.

Қарауылшы басын бір шайқады да, сарт еткізіп есікті жапты.

Амал жоқ, қанша сабырлы болғаныңмен шыдау мүмкін емес екен. Арбиған саусақтарымен парашаның қақпағын ашты... Орнына келсе, манағы тізесін қадап жатқан кертік мұрын мүлде жайылып алыпты.

─ Әй, тақсыр, сырылыңқыра аздап.
Кертік мұрын сырылмайды:
─ Бірдеңе көрейін демесең, өшір үніңді! ─ Айтқаны осы.

Битабардың иығынан ғана келеді. Қылығы мынау. Шақар. Жоқ, шақар емес, айлалы. Дала қазағының аңқау, жасқаншақ келетінін біледі. Битабар дағдарып қалды. Баяғы бала кезінде кездескен қасқырға ұқсатып аса қояр ма еді. Бірақ заң бар. Содан қорқады. Орнынан айырылған Битабар нардың шетіне кеп отырды. Түкпірден біреу дауыстады: ─ Ана дене, ана боймен не бітіріп отырсың? Көкесіне танытып жібермейсің бе?!

─ Итпен ырылдасып қайтем сол...

Ойы он тарау сотталып кетсе, қатын қайда қалады? Бала қайда қалады? Қой, соттала қоймайтын шығар. Ақ қой. Адал ғой. Алыстан келген ағайын. Қонақ десе астындағы жалғыз атын сойып беретін қазақ қайтіп кет дей алады. Марья есіне түсті. Шалқасынан жатқаны көз алдында. Битабар тұрып кетті. Ұмытқысы келді мынадай пәлеге душар болғаны ─ сол Марьяға барғандығынан. Арам жол әманда осындай бірдемеге бастайды. «Апырай, арам жолдың ақыры осы бір аз күнгі бейнетпен кетсе жарар еді?!»

Битабар бұл түнді өстіп түрегеп отырып өткізді.

20 тарау

Марья бұл түні ұйықтай алмады. Ойы әр сақта. Сонау орталық Россиядан мына көмірден басқа түгі жоқ сахараға неге келді, не іздеп келді? Бақыт па? Байлық па? Әйел көңілі бұл жауапқа дауаламайды. Әлде Битабар ма екен іздеп келгені? Битабар!.. Марья Битабарды есіне алып аунап түсті. Селдір өскен шөлейт өсімдігіндей осыншама ұланғайыр далада көшіп-қонып жүретін халық туралы ойлады. Қыстың қақаған бораны мен жаздың ми айналдырған ыстығына бой бермейтін көнтерлі халық ─ алып халық, аңқау халық. Әрі батыр, әрі жасқаншақ, сенгіш, иланғыш пәк халық. Бұл әрине Битабардың кейпі. Битабар арқылы Марья бар қазақты осылай түсінеді. Ұзақ жатып бір ауық қызық бір сезімге де ауысты. Өзі осы бір романтикаға толы далада алып адамдардың арасында жүргендей. Кигені желеңді ұзын көйлек, басында кимешек, қасында Битабар. Марья - кәдуілгі қазақ әйелі. Марья езу тартып күліп, тағы аунап түсті. Таң осылай атты. Жайшылықтан ерте тұрды. Жайшылықтан жұмысқа да ерте барды.

«Левенштерн қашан келер екен?» ─ деп тағатсыз тосты. ─ Қалай келеді, солай маған хабар бер, ─ деп көмекші қызға қайта-қайта тапсырды.

Левенштерн жұмысқа мезгілінде келді. Марья оған мезгілсіз ерте кірді. Левенштерн Марьяға сұраумен қарады: «Шахтада әр қилы оқиғалар болып тұрушы еді, аманшылық па?» Бұл Левенштерннің ішкі күдігі. Ал сұрағаны: ─ Марья Александровна, өңің сондай сынық қой. Ауырып қалғанның қай жағындасың?

Марья езу тартты.
─ Құдайға шүкір, саумын, Иван Иванович.
─ Неге ерте келдің? Жайшылық па?

Кабинет оңаша болса да, біреу естіп қалмасын дегендей, Марья жақындай отырды. Левенштерннің ойына өткенгі бір оқиғалар түсті, ең алғаш осы Қарағанды әйелдерінің ішінде Левенштерннің көзіне ілінгені ─ өзіне мына таяна отырған Марья Александровна болатын. Өзгеден өзгеше сұлу, көркем. Өзгеден өзгеше ақылды, іскер. Қырықтағы жігіт ағасының жиырма бестегі уыз әйелге көңіл құрығы да түскен-ді. Бірақ бір нәрсені әртіннен ойлайтын Иван Иванович бірден «ал кеттім» жасамай, әр жағынан баспалап сыр тартқан-ды өзгеше ілтипат жасап, кабинетіне шақыртылады. Бірер рет далаға да алып шықты. Марья көргенді, сыпайы әйелдің қылығын танытып, Левенштерннің бар ұсынысын қарсы алып жүрді. Бірақ одан әріге барған жоқ. Левенштерн талай жерде еркектің айлалы тұзағын құрып еді. Марья одан сескенбеді, қанша құрса, сонша түскен-ді. Бірақ Иван Иванович күткендей әйел болып емес, өзі секілді еркек болып түскен. Әккі инженер тұзақты үйрекке құрып, үнемі қаршыға алып жүрді. Марья Левенштернді не қабылдамайды, не еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынас, ашыналық дегенді түсінбейді. Осы бір қорытындыға келген Иван Иванович дер кезінде аяғын тартып алған-ды. Міне, енді Марья өзі келіп, жақын отыр. Әрине Марья бұл жолы да Левенштерннің баяғы тұзағына үйрек болып түсе салайын деп келмеген болар. Кез келген жерде тұзақ құра салып, олжаға оп-оңай қарық болам дейтін кісің Иван Иванович емес. Сонда да бір кезде көңіл салған жақсы әйелдің қасына жанаса отырғаны қай еркекке болса да ғанибет қой. Содан ба, түс жарып түк сыр берген жоқ.

Марья сәл кідіріп қалды.
Левенштерн сұрағын қайталамады. Жауапты үнсіз күтті.
─ Әлгі Елбаев Битабар дейтін шахтер бар еді ғой? Сол түрмеге түсіп қалыпты.
Левенштерн шошып кетті.

─ Қайтіп?..
─ Үйінде бір қонақ бар екен, соның қырсығы...
Левенштерн тұрып кетті. Олай-бұлай жүріп, саусақтарын сартылдатты.

─ Ай, осындай бірдеме боларын біліп едім. Қызғыштай қорыған түрі жаман болатын.

Марья түсінбеді.
─ Қызғыштай қорығаны қалай?

─ Битабарды айтам... ─ Левенштерн сәл мүдіріп барып сөйледі. - Бұларға мен түсінбеймін. Келіп жатқанына айдан асқан. Битабар мен ана баласы тапқан паекқа ортақ. Ал мен оған жұмысқа шық, шахтаға түс, паек ал десем баспайды. Баспайды емес-ау, Битабар бастырмайды жата тұрады әлі, демалады. Ар жағын неге ойламайды сонда? Мен оған паекты бес есе артық бермедім, бірақ кісінің паегін бердім? Сонда қайтер еді?

─ Битабар артық паек алып жүрген жоқ. Өз еңбегі, ─ деді Марья.
Левенштерн өз ойын жалғады.

─ Осындай ашаршылық жылда шахтаға түсіп, жан сақтап отырып, бір ай бойы бөтен біреу түгіл, туған әкеңді асырау оңай ма?! Ал бұл...

Марья Левенштерннің сөзін бөлді:
─ Қазақтарды сондай мырза, қонақжай халық дейді ғой...

─ Қонақжай... ─ деп Левенштерн кекесінмен айтты. ─ Қонақжайлылықтың да шегі бар, Марья Александровна. ─ Инженер бір шешімге мықтап келген секілді, нық басып столына барып отырды. ─ Жо, жо... бұл қонақжайлылық емес, басқа бір гәп бар мұнда.

─ Нендей гәп демексіз, Иван Иванович?
─ Ана қонағымен қосылып жасаған бір шатағы бар...
Марьяның даусы ысқаяқ шықты:
─ Битабар ұры болса, онда қазақ атаулының бәрі ұры.

Левенштерн бұл сөзге таңырқаған жоқ. Креслоға шалқая отырды.
─ О да мүмкін. Ұры емес деуге дәлелім жоқ.
Енді Марьяның даусынан ашу білінді:

─ Битабар ұры болса, онда мен де ұры, сіз де ұры. Жер бетіндегі адам атаулының бәрі ұры. Левенштерн аңырып қалды. Көңілі қалмаған әйелдің шын ашуланып отырғанын енді байқап, сәл жымиып әзілдей сөйледі.

─ Марья Александровна, сізге не болған? Тым ашулысыз ғой тіпті?.. ─ Ашуланатын реті бар, Иван Иванович. Айталық, сіз, міне, Иван Иванович Левенштернсіз. Ал сізге көлденең біреу келіп: «Жоқ, сіз Иван Иванович Левенштерн емессіз, Сергей Сергеевич Ивановсыз», ─ десе ашуланар ма едіңіз? Жауап орнына Левенштерн қарқылдап күлді. Левенштерн күлген соң Марья да күлді. ─ Тіпті шаң жұқтырмайсыз. Битабар кімің соншама? ─ Иван Иванович дағдысынша қайта сенге көшті. ─ Түгім де емес. Ақтан күйген адамды ақтап алуымыз керек. Жөні сол. Ойлаңызшы, өзіңіз бетке ұстаған маңдай алды шахтерді түрмеге отырғызып қойып, тамақты қалай ішесіз?

Левенштерн іліп әкетті. Сөзі тағы «сіз». ─ Бұл сіздің ұғымыңыз. Ал егер «қылмысы бар адамды маңдай алды шахтер етіп қалайша көтердіңдер?» ─ деп бетімізге басса не дейміз?

─ Олай деп ешкім де айтпайды. - Марья басқа жауап таба алмады.
─ Неге айтпайды?
─ Айтпайтыны - Битабардың адалдығына көптің көзі ертең-ақ жетеді.

─ Ал бүгінгі күн ше? Бұл күнді қалай өткермекпіз? ─ Левенштерн мұны екі ұшты етіп айтты. Әңгіме Битабар жәйлі ме, өзі жәйлі ме? Қалай түсінсең олай түсін. Марья тағы да ойлаған жерден шықпады. ─ Бұл не, Иван Иванович, көлеңкеңізден қорқып?.. Мұндай емес едіңіз ғой?.. ─ Тұзаққа тағы да қаршыға ілікті.

─ Не істе дейсің сонда, Марья.
─ Барып, босаттырып алуымыз керек.
─ Сіз де барасыз ба?
─ Мен сізге еріп баруға әзірмін, Иван Иванович.

Левенштерннің айласы бұл жолы да өтпеді.
─ Ә, жарайды онда, барып сөйлесейік, анық-танығына көз жеткізейік.
Бас инженер, бас бухгалтердің келісімі осы болды.

Қанша көнтерілімін десең де үнемі түрегеп отырып ұйықтау қиын екен. Белі бүгіліп, арқасы мүздап, әбден шаршаған соң Битабар баяғы кертік мұрынның қасына, өз орнына барды. Кертік мұрынның пәрігөйіне түк енер емес, аяқты көлденең, екі қолды айқастырып басының астына салып, шекесінен қарап жатыр.

─ Әй, тақсыр, мына бел ауырды, аздап ысырылсаң қайтеді?
Кертік мұрын ысқырған жылан секілді. Шақар.
─ Жаныңның барында тайып тұр. Көресің әйтпесе...
Тышқанның арыстанға шапқаны секілді, күлкі сондай.

Бірақ күлген ешкім жоқ. Битабардың өзі де өзін арыстанға, ал ана кертік мұрынды тышқанға теңеуден аулақ.

Сол кертік мұрынның ар жағында жатқан біреу Битабарға жаны ашығансыды:
─ Кет десе, кете сал, мынаның ашуы жаман.
Битабар ойы: «Расында да ашулы екен, кетсем кетейін».
─ Әй, тақсыр, ана дорбамды алайын ендеше.

Кертік мұрын тағы шақ ете қалды.
─ Қайдағы дорба? Ешқандай дорба көрген жоқпын.

─ Мына тақсыр не дейді? Битабар таңырқап көпке қарады. Қалай көрмейді, әне ана бас жағында жатқан ала дорба мұныкі емес пе. Кеше Сілеусін келгенде нан, май, құрт салып әкеп берген дорба. Битабар ұмтыла берді.

─ Міне, мына дорба менікі ғой!
─ Жоқ, ол дорба сенікі емес, менікі!

─ Қалай сенікі болады? Кеше қатын әкелген дорба. Ішінде құрт, майы бар. Қара, нанбасаң, тақсыр. Кертік мұрын қараған жоқ. Кішкене жұдырығымен құлаштай беріп Битабардың бетінен салып кеп жіберді. Битабардың көзінің алды жарқ ете түсті. Екі қолымен бетін басты. Мына ортада судан шығарып тастаған балық секілді. Сондай қауқарсыз, бейшара.

Әлгінде мүсіркей сөйлегеннің тағы даусы шықты:
─ Бұл ит түсінбесе, тағы бірді қонжит! - Түтіні енді басқа жақтан.
Кертік мұрын тағы ұмтылды. Битабар жасқанып кейін шегінді.

─ Жарамайды, тақсыр, жарамайды бұлай етуге! ─ «Сирағынан алып, қабырғаға бір соқсам ба екен?» ─ деп бір ойлап еді, тез қайтты сақал-шашы өсіп түксиіп отырған мына сұрықсыз жұрт жабылып кетсе, не болмақ?!

Битабар қолымен бетін қалқалап нардан төмен түсті...
...Салдырлап есік ашылды:
─ Елбаев Битабар, бері шық!
Битабар бері шықты.

─ Алдыма түс!
Битабар алға түсті.
─ Оңға!
Битабар оңға бұрылды.

─ Солға!
Битабар солға жүрді.

Шағын бөлме көк түтін. Әнеугі нәшандік төрде отыр. Бір бүйірде Марья. Шошына дауыстады:

─ Ой, Битабар, көзіңе не болған?
Битабардың жүрегі су етті. «Бұл кәпірің қайдан жүр?»
Марья сұрағына қарауылшы жауап берді.
─ Сондағы біреуден таяқ жеп қалды.

─ Қалай, Битабар ма таяқ жейтін? ─ Марьяның кейпінде шын таңырқағандық бар: ─ Битабарды ұрып жүрген қандай адам ол?

Қарауылшы қу екен: ─ Сондай бір алып. Битабардай екі есе. Бойы мынадай, ─ қарауылшы шынашағын көрсетті. Жұрт ду күлді. Нәшандік күлген соң Битабар да езу тартты. Көк түтін арасынан енді байқады. Левенштерн де осында екен. Сондай қуанып ұмтыла берді: «Ай, тамыр-ай, ести салып жеткен екен ғой!»

Левенштерн де қарсы жүрді. О да күліп келеді. ─ Бұл не, бұрын балуан Битабар, шахтер Битабар едің, енді қарақшы Битабар болғанның қай жағындасың?

─ Ия, тамыр, не десең де сыйып тұр...
Левенштерн Марьяны нұсқады.

─ Марья Александровна, біздің бас бухгалтер. Танитын шығарсың, тамыр? ─ Танитынын біле тұра әдейі сұрап тұр.

─ Ә, Мәриә ма? Мәриә кәрәшәй. Мәриә жақсы қатын.
Марья сылқ-сылқ.

─ Иван Иванович, сізге не болған?! Қолымнан талай рет талон алған Битабар неге танымасын, таниды. ─ Ә, солай ма? ─ Левенштерн түсінген секілді, терең күрсініп қойды. Битабарға қарады. ─ Марья Александровна шынында да кез келген еркектің бір уысына түсе бермейтін жақсы қатын, тамыр. «Неге сонша мақтайды?» ─ деп күдіктенген Битабар Марьяға қарады күліп тұр. Сондай разы. Нәшандікке көзі түсіп еді о да күліп, Марьяға көзін қысып қойды. Битабар таңғажайып тағы бір жаңалық ашты: «Құдай-ау, нәшандік те күледі екен ғой?!»

Нәшандік сол күлген қалпы Битабарға бұрылды. ─ Біз сізді тұтқыннан босатып, мына Марья Александровна мен Иван Ивановичтің қарамағына беретін болдық. Бұл кісілердің өтініші осылай.

─ Жақсы, нәшандік, тіпті жақсы...
Левенштерннің жүзінен күлкі жоғалып кетті.

─ Марья Александровна қандай талап қояды, оны өзі біледі. Ал менің талабым: көмірді бұрынғыдан да көп шабасың.

Битабар қалбалақтай берді: ─ Битабарда қол бар. Битабарда аяқ бар. Битабар көмір шабудан жалықпайды, тамыр.

Нәшандік сағатына қарады.
─ Азамат Елбаев, сіз енді боссыз.
Битабар мүдіріп қалды.
─ Ана Бертшек туыс адам еді. Босатпас па екенсіздер?

Левенштерн басын шайқады. Марья үндемей қалды. Нәшандік баяғы қаһарлы қалпына келді.

─ Азамат Елбаев, сіз енді боссыз деймін.

Битабардың: «Мен босадым, ол тұтқында қалып барады. Ертең ел-жұртқа не деймін?» -деп бір айтқысы келді де, нәшандіктің сұсты кейпінен сескеніп үндемеді: «Бірдеме десем, мына кәпірің қайта отырғызып жүрер. Түрі жаман екен». Есік ашылды. Битабар далаға шықты. Ешкім шық демеді, өзі шықты. Артында мылтық ұстаған пенде жоқ. Дала қандай кең еді. Ауа қандай тап-таза. Ашық аспан мөп-мөлдір. Қалың қар жауыпты. Аппақ. Қытымыр аяз бар. Битабар терең бір күрсініп, дем алды. Кеудесін ашып тастады. Қалың қарды түйе табанымен күрт-күрт басып жүріп келеді. Жүріп келеді. Үйге келді. Үй іші самаладай жап-жарық. Жүгіріп терезеге барды. Қар басқан үйлер тұр. Мұржаларынан түтін будақтайды. Шахта... Террикон бұрынғыдан да биіктеп кеткен. Бықсып жанып жатыр. Одан әрі алыс қырқалар... Кең жазық дала... Бұлыңғыртып жұмбақ көкжиек көрінеді. Нілге салған жаулықтай көгеріп аспан көрінеді. Осы ыстық дүниенің бәрі аядай терезеге сыйып тұр.

Терезе! Кішкенесі есеп емес, терезең болсын де үйіңде әйтеуір...

23 тарау

Аз күн мылтық астында болған Битабар терезе сырын білді. Еркіндік қадірін ұқты. Ешкім саған тұр демейді, өзің тұрасың. Ешкім саған жұмысқа бар демейді, өзің барасың. Далаға да өз бетіңмен шығасың, үйге де өз бетіңмен кіресің. Құдай-ау, осыдан басқа адамға не керек. Алтын не керек, ақша не керек? Сән-салтанат, байлық не керек. Жоқ, бар дүние малы бір күндік еркіндікке татымайды екен. Битабар ертемен үйден шықты. Табалдырықтан екі-үш аттап барып сіресіп тұрып қалды. Біреу болмаса біреу «жүр» деп жекімес пе екен деп қасақана тұр. Жекімеді. Өзімен өзі мәз болып күлді де, адымдай басып қаттырақ жүрді. «Ақырын жүр» деген де ешкім жоқ. Шахтаға жақындай беріп қасақана оңға бұрылды. Сол бетімен қасақана тағы да жүре түсті.

─ Битабар, тоқта!

Битабар селк ете түсті. Ұмтыла басып Марья келеді. Қолын жайып, ыстық құшағын ашып келе жатыр. Әдемі күлкісін сыйлап келе жатыр. Аппақ... Көкпеңбек... ─ Битик, шықтың ғой, әйтеуір? Жақсы, тым жақсы... Өзім де ойлап ем, Битабар қайтіп қылмыс жасайды деп... Дәл болды. ─ Ерке қылығы мен жұмсақ сөзін де алып келе жатыр. Битабар қобалжыңқырап сәл тұрды. Көргісі келеді... Көрмегісі келеді... Сөйлескісі келеді... Сөйлеспегісі келеді. Марья жақындап қалды. Әдемі киінген әйелдің жалаңаш тәнінде Битабардың көзі түспеген бір нүкте жоқ. Кеудесінде танадай қал... Жұп-жұмыр, аппақ санында болмашы жара орны... Битабар бәрін біледі. Бәрін де... Жоқ, Битабар бұл әйел жөнінде түк білмейді. Сондай жұмбақ, сондай сиқыр әйел. Көктемде бұрқырап аққан Сарысу секілді алып кетеді, ағызып кетеді. Шілденің аңызағы секілді қуартып кетеді, күйдіріп кетеді...

Битабар «жақындама!» дегенді танытып, қолын сермеді де, бұрылып кетті.
─ Битабар!
Битабар қайырылмады, қаттырақ аяңдады.
─ Тоқташы, Битабар!

Битабар тоқтамады. Тоқтау, тоқтамау енді Битабардың өз еркінде. ─ Битабар саған барды... Сосын абақтыға түсті... Мәриә жолы жаман. Мәриә бабы некарошәй. Марья бұл сөздің ырым - сеніммен байланысты арғы мағынасын түсінбеді. Аңырып қалды. Түсінсін, түсінбесін Марьяның өз еркі. Битабардың онда шаруасы жоқ. Екпіндей басып шахтаға келді. Екпіндей басып жер астына түсті. Ылғаз жүр. Өткен он күндікте ешкім оған жанаса алмаған. Ат та өзінде, атақ та өзінде. Бұл он күндікте де солай болмақ. Айқайлап жатыр:

─ Ал, Битабар! Сақтан енді. Күн істе, түн істе жете алмайсың енді.
Битабар таласқан жоқ. Арық айтып, семіз шығарған жөн.
Кім озады, кім қалады, кезінде көрерміз, - деп өтіп кетті.
...Амантай үйден ерте кеткен еді, орнында жоқ.

─ Балам қайда?
Десятник мұртын ширатты:
─ Басқа штректе.
─ Онда неге жібердің?

─ Кісі жетпей жатыр...
Әке баласын қайтсе де көргісі келді:
─ Балам-ау, бұрынғы істеп жүрген жеріңнен неге кеттің?

─ Әке, бәрібір емес пе. Кел деді, келдім. ─ Қайыс бауды вагонеткаға іле салып, ақбоз атқа қарғып мінді де жүріп кетті. Көлбеп шығар сонау биікте алақандай ғана болып көк аспанның бір пұшпағы көрінеді. Битабардың есіне терезе түсті, көз түсті. Ия, ол ─ шахта көзі. Амантай кішкене аяғымен аттың өкпесін қытықтай тепкілеп, биіктеп барады. Биіктеген сайын алыстап барады. Бала алды - жарық дүние. Қазір далаға шығады. Көкірегін керіп бір дем алады. Айнала қар басқан қырқаларға қарайды. Кең аспанға қарайды. Шахтаға да... Аласа үйлерге де... Содан кейін көмірді төңкереді де кері оралады... Битабардың жүзіне күлкі жүгірді. Сондай тыңғылықты. Ат басына мініп, кішкене вагонетка толы көмірді жоғарыға сүйрейді де жатады. Есепке де жүйрік. Вагонетка санын бір шатастырмайды. «Он вагонетка шығардым, жиырма вагонетка шығардым». Айтатыны осы. Әкенің жоқтығын сездірмепті. Жұрт сұрайды:

─ Әкең қайда?
─ Келеді.... ─ Үлкен кісі секілді. Саспайды.
─ Қашан келеді?

─ Келеді... ─ дейді тағы қайталап. Қашан келерін өзі де білмейді, бірақ нық сенеді. Шешесіне де айтары сол: ─ Апа, жылама. Келеді әкем. Өтірік айтқан жоқ. Ұрлық істеген жоқ. Неге келмейді. Келеді. Тек жылама. Жыласаң әкем келмей қояды. Жылама.

Баланың осы бір бал-бұл сөзі жанға қуат:
─ Ал жарайды, жыламайын енді.
─ Мен ендеше жұмысқа кетейін...

Амантай анасын осылай жұбатып жұмысқа кетеді. Бір күн қалмапты. Атын да күтіп, баптап ұстапты. ...Амантай мүлде алыстап кетті... Битабар жұмыс орнына келді. Түк қаяу жоқ, көңілі сондай тетік. Бұл он күндіктің екі күні өтіп кеткен... Денге саулық берсе, есеп емес. Қуып жетеді. Қуып жетіп, басып та озады.

Битабар темір сапты қайланы құлаштай соқты...

Амантай биіктеп келеді. Айнала бозамықтана бастады. Шығар жерге жақындағандықтың белгісі. Бала көңілінде де қаяу жоқ, ыңырсып әндетеді:

...Боз шапса, боз озбай ма бурылдан...
Мен шапсам, жер танабы қуырылған.

Бала қиялында екі ақбоз ат қияны өрлей шауып, бірінен бірі мойын озыстырып, қажасып барады. Құйысқаны сартылдайды... ...Амантай онда тоғызда еді. Ауылға үкілі бір ақын келген. Аты жадында жоқ, сөзі, айтқан өлеңі күні бүгінге дейін есінде: ...Кемпірбай... Бүкіл әлемге аты кеткен кәдуілгі Кемпірбай ақын әл үстінде жатыр... Айнала жұрт қоршап алған. Солардың ішінде жыра шыққан біреу бар. Ол да ақын - Әсет ақын. Ақын ақынның көңілін сұрай келген...

Бала құлағына күмбірлеп шыққан үкілі домбыра даусы келді. Ақын даусы келді:
...Кең тастап аяғымды алып жылдам
Жабынын күнде озушы ем тұғырынан...

...Ақбоз ат аяғын жай тастап ытырына сүйрейді. Жердің шыңырау тереңінде жатқан тас көмір жарық дүниені көргісі келмейтін секілді. Тас - табан. Қайыс бау қатты бұралған домбыра шегі. Бала аяғы тиген сайын - дың-дың.

...Кеудемнен көк ала үйрек қош деп ұшты
Сол, шіркін, кәрі жолдас...

...Бала көзі жоғарыдан зырлап келе жатқан вагонеткаға түсті. Ақбоз ат жалт берді. Бозамық сәуле... Алақандай тұңғиық аспан аунап төңкеріле берді. Амантайдың бар көргені осы. Салдыр-күлдір. Шайнасқан темір шыңылы. Шыңғырып ат кісінеді. Амантайдың бар естігені осы...

Меңіреу түнек, жым-жырт...

25 тарау

Битабар... Ұшып келді ме, жүгіріп келді ме білмейді. Көмір тиеген вагон рельстен шығып, ақбоз атты қабырғаға жаныштап тастаған. Бос вагон екінші бетте. Ол да қалың жарды опыра сүзіп тұр. Амантай жоқ. Битабардың жуан даусы қарлығып шықты:

─ Амантай?! Балам-ау, тірімісің? Қайдасың?

Бозамық сәуле. Сығырайған шам жарығы жерге қадалған. Битабар сүзіп жүр... Еш жерде Амантай жоқ.

─ Балам-ау, қайда кеттің, балам? Тірі болсаң жарар едің...
Шам жарығы жоғары көтеріліп, бос вагонетканың ішіне түсті.

Амантай осында отыр. Басын вагонетка жақтауына салып, бүкжиіп отыр. Шаршап, қалғып кеткен секілді.

─ Қалқам, Аманжан?

Амантай үндемейді. Битабар баланың маңдайынан ұстады. Сұп-суық. Өн бойы мұздап жүре берді. Қалтыраған қолымен көтеріп алды. Балада жан жоқ. Сол бойда ілгері жүрді. Алда ашық аспан. Артта қара түнек шыңырау шахта. Қалың нөпір жүмысшы қолында өлусіреп жанған шамдар... Сонау тереңнен басталып Битабарға тірелген. Шайқақтап, қозғалып Битабарға ілесіп келеді. Жоқ, қор қараңғы түнектен шырақ атаулыны Битабар сүйреп келеді.

...Аппақ болып сәуле тарады. Қияда оқшырайып күн тұр.

Балада жан жоқ. Дем жоқ. Сыртқа шыққан қан да жоқ. Бар нәрсе ─ самай шекесінде көгерген дақ. Бары сол. Ылғаз тұр. Сазарып, үнсіз тұр. Әли тұр, жылап тұр. Десятник басын шайқап, едірейген мұртын басты. Левенштерн келді. Бас киімін алып, тағзым етті.

Битабар иілген жоқ. Битабар жылаған да жоқ... ...Оқшырайып күн тұр. Алыс қырқалар бұлыңғыртады. Бұрқасын боран бар. Қыбырлап жұрт жүр. Дабырласады. Әлденелер айтысады. Күн неге оқшыраяды? Алыс қырқалар неге бұлыңғыртады? Жұрт неге қыбырлайды? Түсінбейді. Дүние құбылысында түк мағына жоқ.

Левенштерн даусы естілді:
─ Әкесіне тартқан еңбекқор, адал бала еді. Қыршын кетті...
Әлдебір күй тартылды. Ащы, зарлы күй. Жүректі тырнайды.
Неге сөйлейді? Неге қаралы күй ойнайды?

Үйіліп бір уыс топырақ қалды. Жұрт тарай бастады. Битабар үңіліп тұр. Көріп тұр. Амантай биіктеп барады. Биіктеген сайын алыстап барады. Көлбеп шығар сонау биікте алақандай көк аспан. Бала алды - жарық дүние... Балуан алақанын жайды да, дірілдеген сақалын сипады. Тұра беріп, құшағын кең ашты. Жүріп келеді. Амантайын көлденең сап көтеріп келеді. Әли бір жағында. Ылғаз екінші жағында. Сүйемелдейтін секілді. Неге сүйемелдейді? Өзі де көтере алады ғой бір баланы.

Құдай-ау, олай тасып, былай тасып, қайда апара жатыр осы Аманжанды? Байқаса, Амантай жоқ, қолын бос көтеріп келеді. Аспан айнала берді, Битабар құлап түсті. ...Битабар тұрмады. Жата берді. Көңіл айтып үлкен келді. Көңіл айтып кіші келді. Дүниенің фәнилығын, жалғандығын айтады. Әдемі айтады ноқталы басқа бір өлім. Бәріміздің де барар жеріміз сол піл сауырлы қара жердің суық бауыры... Әуел баста солай жазған... Жазмыштан озмыш жоқ... Мұның бәрін Битабар жақсы біледі. Жаттанды сөз. Әйтеуір бір өлім барын кім білмейді. Оны айтқанмен Битабар көңіліндегі Амантай орны толар ма! Бар еді ғой Амантай. Бақыты, ырысы еді ғой Битабардың. Адыра қалған мына үй толып тұрушы еді ғой. Сәулеге толып тұратын. Күлкіге толып тұратын. Мінезге, сезімге, махаббатқа толып тұратын. Жоқ қой енді соның бірі де. Қаңырап бос қалған көңілді немен толтырады? Ертең өзінің де өлетінін ойлаумен бе? Жоқ, бос сөзуарлық бұл. Қызыл сөз. ...Жұрт келіп жатыр. Жұрт кетіп жатыр. Жұрт сөйлеп жатыр. Битабар тыңдамайды. Битабар сөйлемейді, үндемейді. Битабар жылаған да жоқ. Үйіп тастаған топырақ секілді... Мелшиіп жатыр.

Еміс-еміс білгіштер сөзі құлаққа келеді:
─ Бұған Левенштерн кінәлі. Жас баланы шахтаға түсірді...
─ Бұған десятник кінәлі. Жас баланы басқа штрекке ауыстырды.
Битабар даусы:

─ Жоқ, бұған кінәлі біреу-ақ, ол - Битабардың өзі.
...Қарсы алдынан көлеңдеп Марья шыға келді.
─ Кет! Көзіме көрінбе, Мәриә! - Битабар, қалғып кеткен екен, шошып оянды.

Ылғаз отыр, Әли отыр. Сілеусін байғұс шошып кеткен. Битабарға дем салып жатыр:

─ Астапыралла - ай, Мәриәсы несі?.. Пәле-жалаңнан қағас ете көр, құдай.
Әли баяғы мінезінен айнымаған. Әзілдейді.

─ Мәриә бізге паек береді. Мәриә бізге жалуна береді. Мәриә - пайғамбардың анасы. Битабар үндеген жоқ. Әлиді бауырына тартты. Кіп-кішкентай, Амантай секілді. Ып-ыстық маңдайын Битабардың кеудесіне басты. ─ Есінді жи, Битабар. Бір жығылсаң тұрмайтын түйе секілді екенсің ғой. Беліңді бекем бу да түрегел. Терезеден күн түсті. Түс ауып барады... Терезе... Битабар көзін ашты. Күн сәулесі рас түсіп тұр. Үй іші самаладай нұрға толы. Битабарға деген махаббатқа толы.

Үй ішіндегілер абыржып қалды:
─ Терезеден біреу өтті. Иван ба дедім.
─ Ия, Левенштерннің дәп өзі.
Ауыз үйде әйел дауыстары:

─ Биекең төргі үйде. Жоғары шық!
Левенштерннің қылтанақсыз басы көрінді. Жұрт ығыса бастады.
─ Е, тамыр, бұл не жатыс?
Битабар басын көтерді. Левенштерн сөйлей берді:

─ Мәскеуден, Алматыдан телеграмма: көмір бер! Ал көмір беретін Битабар он бес күн болды үйде жатыр. Бала өлді. Рас. Бірақ көмір керек пе? Керек. Паек керек пе? Керек. Шай да керек. Нан да керек. Сол себепті жатпау да керек.

Битабар алғаш рет үн қатты:
─ Тамыр рас айтады, жата беруге болмайды.

26 тарау

Битабар кешігіп келді. Зал толып қалған. Сонау алыс сахнадағы Қызыл үстел басында көп адам. Танитыны ─ Левенштерн. Танитыны ─ Есім. Қазір ол машина жүргізбейді. Левенштерннің үстінен қарайтын бір қызметте. Трест дей ме, сондай бірдеме. Танитыны -ана бір орта бойлы пұшық сары. Кеше Битабар үйіне Левенштерн алып келген. Битабар теріс қарап жатқан еді. Өзінде қазір үлкен өзгеріс бар. Аз сөйлейді. Аз жүреді. Жұмыстан келсе - ақ іргеге қарап жатып алады. Ұзақ жатады. Ұзақ ойланады. Неше бір қиялдар келеді. Солардың бәрінен де айқынырақ, бәрінен де көбірек елес беретіні -баласы. Үй дегені кең сахара болып кетеді. Битабар Амантайымен бірге жүреді. Сөйлесіп жүреді. Жұмыс істеп жүреді. Атқа мінеді. Өгізге мінеді. Шөп шабады. Отын тасиды. Қызба жиын, күреске түсіп жатады. Соның бәрінде Амантай бар қасында. Екі елі қалмайды. Екі елі қалдырмайды... Осындай бір халде жатқан Битабар үйге бөтен біреулердің келгенін білді. Басын көтерді. Левенштерн мен осы пұшық сары.

─ Бұл кісі танысамын деп келді, тамыр, ─ деді Левенштерн. ─ Ал, таныс енше. - Өз тілін білетіндермен осылай батып сөйлеседі. Жігіт сыпайы екен. Кек тұтпады. Көмейіне дейін көрсетіп сақылдай күлді.

─ Қалай, мына Левенштерн жолдас ренжітпей ме? ─ Құдай сақтасын, кісі өліп жатса да, кісі үстінен шағым айту дегенді Битабар білген емес.

Жігіт рас елеңдеп қалды.
─ Сөзіңе қарағанда, ренжіткен болды ғой, Биеке?

─ Не деп ренжітеді? Битабарда қол бар, аяқ бар. Көмірді бұрқыратып шабады. Қанша шап десе, сонша шабады. Битабар тірі пендені ренжітпейді. Сол себепті басқалар да Битабарды ренжітуге тиісті емес. ─ Ә, жақсы онда. Атыңды көп естуші ем. Көргім келді сосын. ─ Левенштернге қарады. ─ Қазақтан шахтер шықпайды деп көкуші еді кейбіреулері. Міне, нағыз шахтерлер осылар емес пе?

Левенштерн жымиып қойды.
─ Бұл - Левенштерннің еңбегі.
─ Оның рас...

«Сөзіне қарағанда. Левенштерннен шені жоғарылау-ау, тегі», ─ деп топшылап еді Битабар, сол шыңға шықты.

Облыстан келген бастық екен. Батталқанұлы Заманбек.
...Битабарды жұрттан бұрын сол Заманбек көрді. Ұшып тұрып дауыстай сөйледі:

─ Битабар, бері шық. Бері, бері, мұнда. ─ Жұртты ысырып, өз қасынан орын көрсетіп жатыр.

Сатыр-күтір орындықтар сықырлады. Залдағылар түгел артқа бұрылды. Битабар екі айттырған жоқ. Аяғында қара саннан келетін саптама етік. Көк барқытпен көмкерген байпағы одан да ұзын. Үстінде түйе жүн пешпент. Белінде күміс кіселі жалпақ белбеу. Қалың жұртты жарып барып дайындалған орынға отырды. Заманбек түрегеліп қос қолдап амандасты. Левенштерн мен Есім де... Левенштерн сөйледі. Битабардың ұққаны ─ шахта жақсы. Жоспарын орындады. Битабар жақсы. Жоспарын асыра орындады... ...Зал да, адамдар да жоғалып кетті. Битабар шахтада жүр. Бұрқыратып көмір шауып жатыр. Амантай жүр. Жоқ, ат басына мініп жатыр... Жоқ, жарық дүниеге шығып барады... Жоқ, вагонетканы төңкеріп жатыр... Жоқ, емес-ау, рас... жүргені де рас. Атқа мініп жатқаны да рас. Жарық дүниеге беттегені де... Вагонетка төңкергені де. Бәрі де... бір-ақ бір сәтте, бір уақытта... Амантай біреу, екеу, үшеу болып көбейіп барады... Битабар шошып кетті... Қараса, Заманбек сөйлеп тұр. Битабардың ұққаны ─ бұрын қазақ мал баққан. Көшіп жүрген. Аздап егін де салған. Сонда да көшіп жүрген. Қазір де мал бағады. Бірақ көшпейді. Бұрын қазақта жұмысшы болмаған. Қазір жұмысшы бар. Жаңа тап құралды. Өкімет сол жұмысшының қолында. Сендердің қолдарыңда. Жаңа тап ─ жұмысшы табының маңдай алды өкілі мына Битабардың қолында.

«Менің қолымда ма?» ─ Битабар алақанын жайды.
Заманбек даусы:
─ Көсеміміз Ленин осылай деп айтқан!

Битабар көңілі дауалайын деді: «Ленин айтса, қалпы айтпауға тиісті». Жұртпен бірге дуылдатып қол соқты. Жоқ, қол соққан жоқ, үйде отыр. Иманақтың бауырында, киіз үйде. Амантай кіріп, шығып қараған тасып жүр. Жоқ, қараған тасып жүрген жоқ, тон жамылып ұйықтап жатыр. Битабар еңкейіп қарай берді. Астапыралла - ай, тон емес қой бұл. Үйілген топырақ қой. Жас топырақ... Битабарды біреу бүйірінен түрткілеп жатыр: «Қабыр, қабыр!..»

Соны айту үшін түрткілеп жатыр ма?

Битабар бұрыла берді. Түртіп отырған пұшық мұрын сары - Заманбек екен. Иегімен мінбені көрсетеді. Зал ду-ду. Енді түсінді. Битабарға сөз берілген... Битабар естімеген. Зал соған дуылдасып жатыр. Битабар соңғы кезде өстіп естімейтін болып барады. Сап-сау отырады. Сап-сау жүріп келе жатады... Кенет бәрі де іріп жүре береді. Түсінбейді осы өзгерісті. Өзі түсінбеген соң өзге қайдан түсінсін. ─ Шақта абыройлы болса, біз де абыройлы екенбіз. Абыройлы болу үшін қирата жұмыс істеуіміз керек екен. Ал, жігіттер, аянбайық. Тас-талқан етіп көмірді шаба берейік. Ленин өкіметті бізге беріпті ғой. Біз енді өкіметке көмір берейік! Өзі - өз болып Битабардың шешен сөйлегені. Шешіліп сөйлегені. Жұрт қол соқты. Уәде осы соғылған қол болды.

27 тарау

...Битабар өрлеп кетті. Кәсіп одағының облыстық конференциясына делегат болып қатысты. Облыстық конференция өлкелік съезге делегаттар сайлады. Сайланғанның бірі -Битабар. ...Кішкене жер үй. Қарағандының жаңа вокзалы осы. Бетін солтүстікке түзеп поезд тұр. Оңтүстіктегі жаңа астана - Алматыға жүрмек. Оңтүстікке тура жол - солтүстік арқылы өтеді. - Ақмола... Көкшетау... Қызылжар... Омбы... Ноуайсібір... Семей... Алматы. Бұл жол алыс. Алыс болса да жақын. Левенштерн келді.

─ Ал, жолдастар, жайғасыңдар.
─ Е, Битабар қайда екен? Кешікті ғой.

─ Қазір поезд қозғалады. Вагонға кіріңдер деймін. ─ Левенштерннің даусы қатқыл.

─ Әлгі Битабар қалып қоятын болды-ау?
─ Битабар жүре алмайды...
─ Е, не болыпты жүре алмайтындай?
─ Көмір басып қалыпты...

─ Не дейді?! Тірі ме өзі? ─ Өлі-тірісін кім білсін, қазып алып, ауруханаға жөнелттік. Қаңғыр-күңгір темір дабыл қағылды. Екі иығынан дем алып тұрған паровоз ышқына бір айқайлап, қозғала берді...

28 тарау

Битабар көзін ашты... Айнала аппақ. Төбе де, жатқан төсегі де. Шошып кетті де, көзін жұмды. Қолын сермеді.

─ Кет! Кет! Кет деймін.

Ыңырсып жылаған дауыс естілді. Сілеусіннің даусы. «Ойпырым-ау, Сілеусін мұнда қалай келді?» Біреу сыбырлап сөйледі: ─ Жаңа көзін ашты... Бері қарағаны бұл. Жылай бермеңіз енді... Бұл не? Қайда жатыр? Төбе неге аппақ? Төсек ше?..

Көзін қайта ашты. Басында Сілеусін отыр. Битабардың аузына су тамызып отыр.
─ Мен қайда жатырмын? ─ деп сұрады Битабар.
─ Ауруханада жатырсың. Міне, бүгін үш күн...
Есіне Левенштерн түсті.

─ Біздің тамыр қайда?
─ Алматыдан әлі келген жоқ.
─ Ә, иә, Алматыда саязда екен ғой. Әйтпесе неғып келмей жатыр деп ем...

29 тарау

Күндер жылжып өте берді... Битабар мықтылығынан ғана өлмей қалыпты. Бөксеге енді-енді жан кіре бастады. Битабар өз қадірін енді білгендей. Келген-кеткен адамда сан жоқ. Келмек болып кезекте тұрғандар одан да көп.

Күлдіріп Әли келді. ─ Битабар балталаса да өлмейді. Оны біз білеміз. Бірақ шонданайың сау ма, соны айтшы?

Битабар тура жауап бермейді:
─ Жыланды үш кессе де кесірткедей қауметі бар деген...
Әли шын қуанады:
─ Е, бәсе...

Кілт бұрылыс. Оқыс сұрақ:
─ Біздің тамыр қайда? Алматыдан келіп пе еді?
─ Келген... Осында, қызметінде...

30 тарау

Күндер жылжып өте берді. Битабар балдақпен жүретін болды. Ылғаз келді. Буын бұрқыратып, бір табақ ет алып келді. ─ Келем дегендерді кезекке қойыпты. Сұмдық қой. Өлдік-талдық легенде қолымыз зорға жетті ғой. Ал же! Майлы ет жесең ғана көтеріле аласың.

Битабар ойы басқада:
─ Сыяз қалай өтті?

─ Жақсы өтті, Битабар. Кім сөйлесе де сенің атың Битабар... Битабар... Шахтамыз да сондай абыройлы екен. Мына сенің Ләуеншкерн тамырың да шаруаның түбін түсіретін кісі ғой деймін. Көп мақталды.

─ Ол тамыр қайда қазір? ─ Жұмысында. Кеше бізге келіп кеткен. Бұрынғыдан да ширақ. Айтары - партия сенімін, үкімет сенімін ақтамайтын шахтердің құны бір-ақ тиын. Битабардың сазып жүрегі ауырды: «Апыр-ау, түрмеге келгенде, бөлініс қиын болып па?! Неғып келмей жатыр?!»

Жегідей жеген осы ойдан құтылу үшін сөзді Битабар басқаға аударды:
─ Алматы деген қандай қала екен?

─ Жұмақ дерсің. Біз барсақ жып-жылы. Қар жоқ. Боран жоқ. Жел болмайды дейді. Қар дегенің жауады да еріп кетеді. Жауады да еріп кетеді. Жұрт шапаншаң жүр. Ал біздің аяғымызда жуан қоныш етік. Үстімізде тон. Басымызда тымақ... Көмір қазғанда да дәл сондай терлемеген шығармын. Қара су боп жүресің. Жұрт саған оқшырая, күле қарайды. Қатты қыс болады, қақап боран соғады дегенді бірі түсінбейді.

Битабар көңілденейін деді:
─ Апырай, ә!

─ Құдай-ау, алма дегенді естігеніміз болмаса кім көрген... Базарына барып ек... Тұнып тұр, қып-қызыл. Әрбіреуі кісінің басындай.

─ Тәтті бола ма екен? ─ Тәтті болғанда тіліңді үйіреді... Бірақ кенеуі жоқ па деймін, қанша жесең де әлгіндей болмай жүрегің қараяды.

─ Е, қанша дегенмен кертіп жейтін қазы-қартаға не жетсін, ─ деді Битабар.
─ Оның рас. Рас айтасың, Битабар. Қазы-қартаның садағасы да...
Битабар қарқылдап, рақаттана күлді.

31 тарау

Күндер жылжып өтіп жатыр...

Битабар балдаққа сүйеніп терезе алдына келді. Бір біріне мінгескен тоқал үйлердің арасы ашылып қалған. Үй қапталында, көлеңкелі жерде ғана қар бар. Бірақ көшеде қылтанақ жоқ. Қиыршық тастар. Шалшық су. Арба ізі... Саздауытта адам іздері... Бір үйдің маңдайшасына сырық ілінген. Басында кішкене жәшік. Қолдан жасалған бұтақшаға екі қараторғай кеп қонды. Битабар ұзақ қарады. Қараторғайлар ұшып-қонып, ұзақ отырды. Битабар құлағын терезеге төседі. Түк естілмейді... Неге естілмейді? Неліктен қара торғай ән салмайды? Битабар қараторғай шырылын сондай сағынып кетті. Балдағын көтере берді де ұшымен терезені түртіп қалды. Шыны саудыр етіп жерге түсті. Ең алдымен, күйген қоңырсық иіс келді. Жел шахта жақтан екен. Содан кейін қара торғайдың шырылы. Битабар мұрнын басты да, құлағын әнге тосты...

Аурулар шулап жатыр.
─ Терезе қирады. Терезе... Ал өлдік енді...
Жүгіріп дәрігер келді:
─ Ойбай-ау, мұныңыз не, Биеке?

─ Бәлнісіңде жата - жата тойдым, шырағым. Үйге шығарыңдаршы.

32 тарау

Күндер жылжып өтіп жатыр. Битабар үйіне шықты. Балдақпен қош айтысқан. Ендігі жолдасы - таяқ. Далаға өз бетімен шыға алады. Үйге өз бетімен кіре алады. Дүниенің зор бақыты өз бетіңмен далаға шығып, өз бетіңмен үйге кіру екен ғой. Битабар ашқан тағы бір жаңалық.

Жұрт баяғыдай, көңіл сұрап келіп-кетіп жатыр. Битабар да баяғыдай.
─ Қатын, тұр, шәй қой...
─ Қатын, шәйіңді жақсылап құй...
─ Қатын, майыңды әкел.

Сілеусін туралап қарсылық жасамайды.
─ Әлгі дүкенші бір ит болып шықты...
─ Е, неғып? Мақтап жүрмеуші ме едің ылғи?
─ Сен ауырғаннан бері өзгеріп кетті. Паекты дұрыстап бермейді.

─ Битабардың есіне Левенштерн түсті. Даусы бүгінгідей құлағында:
─ Жалақыңды алдың ба?
─ Алдық, тамыр.
─ Паектарыңды ше?

─ Оны да алып жатырмыз...
─ Паекты молырақ жазғам...

Паек молырақ жазылған соң, дүкенші молырақ босатты... «Енді аз босатуында бір гәп бар емес пе екен?» Битабар қисаңдап шахта кеңсесіне келді. Баяғы таныс бөлме алдында баяғы жас қыз.

─ Қызым, Битабар келіп отыр деп айт.
Қыз кабинетке кіріп қайта шықты:
─ Қазір қабылдайды. Күте тұрыңыз.

Қабырға сағаты бір тынбайды шық-шық... шық-шық... Битабар ұзақ қарап отырды. «Сағаттың шықылдағы емес ермек». Қайдан естілді? Қашан естіді? Жадында жоқ. Кім айтса да рас - ay. Әркім әр қилы қарекет үстінде егін салады, мал бағады... көмір шабады, машина айдайды. Тек Битабар ғана сағат шықылдағын ермек етіп, есік күзетіп отырған... Талайлар кіріп жатыр, талайлар шығып жатыр. Есікке дамыл жоқ. Битабар әлі отыр. Сағат тілі шық-шық. Кет деген ешкім жоқ. Кел дейтін де бір пенде табылар емес. Сондай үлкен Битабар сондай елеусіз..

Қыз жақсы бала. Битабар күйзелісін сезіп қалғандай. ─ Иван Иванович жұмысбасты ғой. Сізді ұмытып кетті ме деймін, - деп кабинетке кірді де қайта шықты.

─ Жүріңіз.

Битабар кіріп келеді. Көзіне ең алдымен, қолын созып тұрған Ленин түсті. Көсемге қараған сол қалпы бір екі аттап барып отыра кетті. Левенштерн сонау алыста қалды.

─ Е, тамыр, бері жақында...
Битабар бала емес, біледі бұрынғы жылылық жоқ. Айтып жатқаны жай сыпайылық.
─ Битабарға осы ара да жарайды. Көп жүрсе аяғы ауырады.
Битабар өз орнында отырып қалды. Левенштерн де қозғалған жоқ.

─ Пенсия тағайындаттырғам. Естіген шығарсың?
─ Битабардың ата-бабасы пенсия алып көрген емес. Битабар да алмайды...

Левенштерн үндемеді. Битабар да тым-тырыс отырып қалды. Мұнда да қабырға сағаты бар екен шық-шық... жоқ, сағаттың шықылдағы ермек екен. Жауап күткен Битабар ермек етіп отыр. Көзі Ленинге түсті. Қызық: Ленин қолын созған қалпы тұп-тура Битабарға қарап тұр. Ана жолы келгенде де өстіп жылылық нұрын сеуіп қарап тұрды - ау. Қалай аңғармаған десеңші.

Левенштерн шыдамады білем, тіл қатты:
─ Ал сонда не шаруа?..
─ Бір сұрағым бар, тамыр.
─ Айта бер...

─ Битабар бәлністе табаны күректей екі ай жатты. Аурудың көңілін сұрап бір рет болса да неге келмедің? ─ Жұмыс көп, тамыр. Науқан... Көмірді көп шығар дейді жоғарғы жақ. Шығармасаң орныңнан алып тастаймыз дейді.

Оқыс, күрт бұрылыс:
─ Ана, Ленин көсем не деп тұр?
Левенштерн жанып кетті:
─ Көмірді көп беріңдер. Әр шахтер жоспарын асыра орындасын! ─ деп тұр.

─ Маңдай алды деп мақталған шахтер жараланып қалса, қасына жолама, халін сұрама деп те тұрған шығар?.. Сасқаны ма, неге екені белгісіз, Левенштерн артына мол бұрылып Ленинге қарады. ─ Жоқ, қарағың келсе, мына тұсқа келіп, алыстан қара! Андағы жерден көре алмайсың. ─ Битабар осыны айтты да, ақсаңдай басып шыға берді.

─ Ау, тамыр, тоқта!
─ Жоқ, тамыр енді тоқтамайды...
Есік қаттырақ жабылды...

33 тарау

Битабар тоқтамады. Таяққа сүйеніп жүріп келеді. Қайда барарын өзі де білмейді, сонда да жүріп келеді. Шахта да, үйлер де алыста қалды. Айнала жап-жазық. Қып-қызыл. Жап-жасыл. Құлпырып көк шыққан. Құлпырып бәйшешек гүл жарған... Жұпар иісі аңқиды дала иісі. Бусанған жер иісі... гүл иісі. Туған жер - Иманақ баурайының иісі. Битабар мас болды. Иіске мас. Шалқалап жата кетті. Аяқ-қолды шалқалап жазып жіберді. Аспан сондай тұңғиық. Мөп-мөлдір. Үн-түнсіз қарақұс қалықтайды. Әртінде, мөлдір аспанның нақ тұңғиық түбінде Иманақ тауын бетке алып кішкене... ноқаттар кетіп барады. -Тырналар. Сондай алыста, бірақ сондай жақын... Битабар қалқалап құлағын тосты.

─ Ты-рау!.. Ты-ррр-ау!.. ─ қиқулап барады.

Битабардың көзіне жас іркілді дүние сондай жып-жылы... Дүние сондай ып-ыстық. Өн бойы шымырлады... Қыс қыспағын көріп шыққан Битабар туған жерді аңсады... Еркіндікті, кеңдікті аңсады... ...Күн батты. Ымырт үйірілді. Мөп-мөлдір, тұп-тұнық аспанда сансыз жұлдыздар жымыңдайды. Солтүстіктен оңтүстікке тартылып құс жолы жатыр. Сайрап жатыр. Өткен жылғы күзде оңтүстіктен солтүстікке қарай жатқан секілді еді. Енді солтүстіктен оңтүстікке... Бала кезгі аңыз әлі есте жыл құсы көктемде осы жолмен келеді. Жыл құсы күзде осы жолмен қайтады. Бұл жолдың құс жолы деп аталуы да содан. Жыл құсының адаспайтыны да сол өз жолы - құс жолы болғандықтан... Битабар ұшып тұрды. Жүріп келеді. Шүңкиіп шахта қоқысы артта қалды. Битабар таяғын демеу етіп адымдай түсті. Қарайып екеу көрінді. Бірден таныды. Ылғаз бен Әли. ─ Е, Битабармысың? Неғып жүрсің? Бала кезде өстіп қызды ауылды қырындаушылар болушы еді. Жігітшілік құрудың қай жағындасың? ─ Екеуі жамыраса күлді.

Битабар күрсініп алды.
─ Мына қоқыстың қоңырсыған исін - ай, былайырақ шығайықшы.
Террикон алыстап қалды..
Битабар оқыс аспанға қарады. Құс жолы құлпырып, сайрап жатыр.

─ Ay, ағайындар, бір сөз айтсам не дейсіңдер?
Әли бұрынырақ үн қатты:
─ Айтып көр...
─ Ата-бабамыздың кәсібі бұл емес қой. Тастаңдар, елге кетейік.

Ұсыныс соншалықты оқыс болғандықтан Әли де, Ылғаз да үндемей қалды.
─ Ел де қазір түзеліпті. Колхоздасып, отырықшы орын теуіп жатыр дейді.
Ылғаз айтты:
─ Шахтаны тастап ешқайда енді кетпеймін мен.

Әли де қосарланды.
─ Қалай десең де, өндірістің аты өндіріс, Битабар.

Ауылда тудым, ауылда ер жеттім. Не көрдім? Не мұратқа жеттім? Түк те көргенім жоқ. Түк мұратқа да жеткенім жоқ. Ең соңы балаларды дұрыс оқытсам да көз ашуға қала жақсы, шахта жақсы. ─ Ал жақсы онда, туғандар, сау болыңдар. Жолымыз бөлек-бөлек екен. Зорлағанмен түк те шықпайды, ─ деп балуан қош айтысты. ...Битабар үйге келіп Сілеусінді ертті де, құс жолын бағытқа алып жүріп кетті...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙