Жезөкшелер. 1-кітап
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Көбей Өтжан — «Жезөкшелер. 1-кітап». ЖЕЗӨКШЕЛЕР БІР ТҮННІҢ ӘҢГІМЕСІ Бірінші бөлім I тарау
/uploads/056fbbae-f042-592e-b471-901faf42d247/cover.png
ЖЕЗӨКШЕЛЕР
БІР ТҮННІҢ ӘҢГІМЕСІ
Бірінші бөлім
I тарау
Үйреншікті оқу өз ретімен өте берді. Жаңбырлы күз, қақаған аяз, жатақханадағы бір қалыпты өмір Еркешке өмір еместей. Оған тек ауылға үйге барғанда ғана шын өмір басталатын сияқты. Міні, экзаменді тапсырып бітті бұлар. Тағы бір жылды артқа тастады Еркеш. Енді ауылға қайту керек. Қасында Умида бар. Ақшалары аз, ал алда ұзақ күндер, жеткізбейтін жол жатыр.
Поезд Россияның Рубцовск қаласының вокзалына келіп тоқтады. Перронда адам көп екен. Еркеш плацкарт вагонның жоғарыдағы орнында жатып, көңілсіз күйде сырттағы адамдардың қимыл-қозғалысын терезеден бақылап жатты. Тұп-тура сонау Чаплин заманындағы дыбыссыз кинодағыдай көріністер.
Сырт көзге бет-ауыздары ғана жыбырлайды. Өздері бей-берекет қозғалыста. Хаос дейтін бе еді, мұндайды физика кітабында. Умида қайда жүр? Еркеш курстас қызды көзімен іздеп жатыр. Көрінбейді.
«Жүрсейші, жата бермей бостан-босқа. Вокзалдың таза ауасынан жұтайық, ең болмаса» – деген ол. Өзі көзін қысып қояды.
– «Қармаққа» мүмкін «балық» түсер.
– Құрышы әрі, сен-ақ үздігесің де жүресің. Бар, бар, темекіңді шек, шыдамай тұрсаң. Әй, әй поездан қалып қойма, – деді Еркеш, оның соңынан айқайлап.
Үміттің өмірге деген көзқарасына Еркештің көңілі толмайды. Орыс мектебін бітіріп, еркіндеу өскен өзбек қызының туды бітті жеңілтек мінезі оның өз қатарынан бұрын бұзылуына, ерте есеюіне себеп болған сияқты. Томскіде бірге оқыған соң амалы жоқ, әрі өздері Қазақстанның оңтүстігінен екен. Еркеш оны тәк-тәктап, іш тартып, жаны ашып, үнемі қамқорлығына алатын. Соқтықпа мінезін түзеп, бағыттап, кездейсоқ оқиғалардан сақтандырып, не құтқарып жүретін. Обалы не керек, Умида оның осы жақсылығына орай оны силайтын. Өзінше кетіп бара жатқан ол қазір де тоқтап тұрып, қолын кеудесіне басты, басын иді. «Қам жеме» дегені ғой.
Сосын, шалбар киген жазықсыз жалпақ бөксесін екі алақанымен бір-бір соғып алып (Еркешті күлдіргені ол), ентелеп, адамдардың соңына ілесіп есіктен асыққан. Содан әлі перронда жүр, бірақ терезеден көрінер емес өзі. Ең болмаса, шамалы ақшамыз болғанда ғой. Перронға барып, тамақ сатып алатын еді. Бір күн болды ашығып, бүк түсіп жатқандарына. Еркеш еріксіз күрсінді. Аш өзектің ар жағындағы бос құрсақтағы ауа шұрылдай ма, құрылдай ма, құдай-ау?!
Ауылға жеткенше әлі поезд екі күн жүреді. Осыны ойлаған сайын өзегі талып, асқазаны ашиды. «Шыда, шыда Еркеш, аштықтан адам өлмейді, ұяттан болмаса».
Сәлден соң вагонның іші кірген адамдармен қайтадан толды.
Олардың көбі орыс ұлтынан еді. Бірақ, бірақ мына біреулер қазақтарға ұқсайды ғой. Иә, өздері күнге күйген, желге тотыққан. Нағыз қазақтар. Өздері билеттеріне қарап, ондағы жазылған орындарын іздеп келеді. Поезд Рубцовскіге кіргенде әлгінде ғана келдік пе, келмедік пе деп қуанып, Еркештермен қоштасып, вагоннан түскен бір топ жолаушылардан босаған орындарға мына қазақ бауырлар топырлап жайғасып жатыр.
Көңілді. Жоғарыдағы жатқан Еркешке қарасып қояды. Олардың ойларына өзі туралы не келіп, не кетіп жатқанына Еркеш онша алаңдаған жоқ. Өз ішіндегі сезімге үңілген. Аш өзегіндегі тілемсек, бір тамақ іздеген тойымсыз ниеттен басқа тіпті басқа, бірақ соған орайлас сағыныш, аңсауға ұқсас бойын баураған күйді ұқты.
Томскіде бір жыл оқып жүргенде ойламаған. Жанына жылымық әкелген өз ұлтының адамдарының – қазақтардың тілін, ана тілін кездейсоқ кездестірген мына адамдардан естуі оның бойына әдемі бір музыкадай естілгеніне таңырқап жатты. Олардың майдай жаққан мына дауысына, сөйлеген қазақша сөздеріне мас болып қалғандай ризалықпен құлақ түріп, басы айнала, елти бастаған соң көздерін жұмған да қойған.
«Өз ұлтыңмен бірге өмір сүріп, күнде ана тілінде сөйлегенге ештеңе де жетпейді екен ғой».
Енді екі күннен соң ауылға келетінін ойлады сосын. Әкесі күтіп алатын шығар. Көз алдына оның еңгезердей денесі, ұзын бойы, мейірімге толы көздері мен ақ жарқын жүздері елестеп кетті. Әкесінің мойнынан жас баладай қалай тас қып құшақтайтынын ойлады.
Сосын ба, сосын өзінің жалғызы, қара баласын қалай құшып, қалай иіскейтінін ойлады. Күннің иісі мүңкіген, тер сасыған баласын қалай құмарлана сүйетінін ойлағанда бойы босап, көздеріне жас үйірілгенін сезді. Айналадағылар сезбесін дегендей ой келіп, бетін бұрып жастыққа үйкеледі. «Екі-ақ күн шыдау керек».
– Ты, что до сих пор лежишь, так ты всю свою жизнь можешь проспать – деді, келген Умида әдемі кездеріндегі күлкісімен Еркештің жанына келіп, бетіне үңіліп тұрып.
Вагондағы жаңа жайғасқан түрлі ұлттың адамдары бұл екеуіне қарап қалған еді. Неге екені белгісіз, Еркеш кенеттен Умиданың құлағына сыбырлады.
– Үміт, біз екеуміз «тәжікпіз» дейік, қазір сұрағандар болса. Ал мені қазақша сөйлемейді, себебі түсінбейді де. Біз тек орысша сөйлесеміз, түсіндің бе?
Ол таңырқап қарағанымен, басын изеді, келіскенін білдірді.
Төмендегі Умиданың жанына жайғасқан бейтаныс адамдар өзара әңгімелесіп отыр, бірақ Умида мен Еркешке кезек көз салып қояды аракідік. Өздері төрт адам екен, екеуі қыздармен қатар, қалғаны қарсы беттегі орындарда. Жамбыл облысынан-ау, өздері.
Еркеш олардың әңгімелерін естіп жатыр, бірақ көңіл бөлмеген. Түсінетінін сездірмейді. Рубцовск қаласына жақын жерде ағаш кесуге жалданып, жұмыс істегендеріне үш ай толған. Орманның ішінде, елсіз жерде жүрген. Содан енді елдеріне дем алып қайтуға қайтқан беттері.
Дайындаған ағаштарын вагондарға тиеп, елге жіберген сияқты. Олар да туыс, жанұяларын сағынса керек, айта береді. Ішіндегі ең ересегі алпыстардағы салмақты адам екен, әңгімені саз айтады. Жан-жағына байыппен сынай қарайды. Онан кейінгі үлкенінің де жанұясы болу керек, бала-шағасын тілге тиек ете берді. Ал қалған екеуі бозбалалар. Ауыл балалары екені көрініп тұр. Әзілге жүйрік. Себебі, біреуі:
– Жеңгемізді сағынғасыз-ау, аға. Қыздарға көз сала бересіз, – деп қалды. Екіншісі де:
– ''Қызға кім «қырындамайды», қымызды кім ішпейді» дегендей, – деді.
Сосын бәрі қыздарға бұрылды.
– Айтпақшы, әлі сұрамаппыз ғой, – деді үлкені.
– Қыздар, жол болсын. Қайда барасыңдар?
Умида жымиған күйі Еркешке қараған. Ол болса олардың сөзіне түсінбейтін адамдай құлағын қақпаған. Умида сол жымиған күйі амал жоқтықтан:
– Мы по казахский не понимаем, – деп жауап берді.
– Сонда қай ұлттансыңдар? – деп қалды, сұрағын қайтадан орысшалап қойды.
– Мы таджичкий – деді Умида. Сөйлеп қалған аузын тоқтата алмай. – В Томске учимся, студентки мы. Еще вопросы есть? – деп оларға қарады.
– Бәсе, бұлар қазақша білмейтін шығар, – деді үлкені. – Ана жоғарыдағысы біздің ұлтқа тіпті келіңкіремейді. Түсінетін адам сияқты емес қой түрі.
– Бұларды біз тамаққа шақырайық, қазір. Студенттер ішімдікті ішпейді дегенге кім сенеді, сосын көреміз олардан сыр тартып, – деді екінші үлкені. Сөзіне өзі риза.
Үш айлық еңбек ақыларын алған-ау, жолға деген дәм мәзірлері мол екен. Ақшаны аямай жұмсағаны көрініп тұр. Ортадағы столдың үстіне соларын шығарып жайғанда симай кетті. «Не бар?» демей, жоғын қайта айтқан жеңіл.
Солардың арасына сорайтып орыстың бір жарым литрлік ақ арағын, топырлатып сыра бөтелкелерін жайғастырды. Симағандарын еденге қойған.
– Тұра тұрыңдар, жалаңдамай. Ұят болады, қос сылқымды шақыр, – деп, екінші үлкені кішілеріне кейіспен қарады.
– Девушка, давайте вместе обедать, присаживайтесь к столу – деді сосын, өзі.
Қыздардың үн қатпағанына ренжіген түрмен:
– У нас, у казахов не принято издавно отказыватся от еды, это считается не уважением к старшим. Ехать в одном вагоне рядом сидя играть молчанку? Это не культурно, будто бы мы поссорились, – деді, үлкеннен кішісі тағы да. Даусындағы ашулы үнін жасырмай.
Умида Еркешке бір қарап алды да:
– Ладно, стакан чаю попью, – деді. Ал Еркеш:
– Мы недавно ели. Спасибо, сами кушайте, – деді де аударылып, теріс қарап жатты.
Онсыз да, столдағы тамаққа бір қарағанда шулап қоя берген асқазанына не істемек. Ал олардың қалай тамақтанғанына қарап жату, ол үшін азаптың ең үлкені болмақшы. Сосын, ішінен бір күрсініп, теріс қарауды дұрыс көрген еді Еркеш.
Әрине, төменге түсіп тамақтанса да болар еді. Олай ету қыз балаға жараспайды деп ойлаған, олар болса бейтаныс адамдар. Сырын кім білген, арақтарын ішіп алған соң бейәдептікке барулары да мүмкін ғой. «Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме» деген.
Умидаға «отырма» деп, олардың көзінше қалай айтсын. Ашқарақ, шыдамсыз Умиданың тыңдамауы да мүмкін. Не де болса, құдай ақырын берсін.
Қарны ашқан Еркеш үшін бес адамның қалай тауық еттерін бұтарлап жегенін, шұжық еттерінен ауыздарына асағандарын, жұмыртқаларды үнсіз тіске басып қалай жұтып жатқандарын, бар тәнімен сезіп, азапты сәттерді басынан өткеруді, оңай болған жоқ.
Не де болса шыдауға бекінген еді. Тістерін қарыстырып-ақ қойса да, енді төзу мүмкін емес деген сезім шегіне жеткен соң, амалсыз орнынан тұрған.
Асықпай тұрған. Халатының етектерін қымқыра ұстаса да жуан саны құрғыр мені көрдіңдер ме дегендей, төменге түсерде ғой, әсіресе ысырылып, ағараңдап, атойлап шапқан бәйгедегі аттардай жарқылдаған. Еркеш сыр бермей ұзын қою қара шашын сілкіп, артқа жатқызып, жоғарыдағы сүлгісіне қолын созғанда отырған еркектердің тамақтарын жеуді ұмытып, өзінен көз алмай қалғанын бар болмысымен тітіркеніп, сезінген. Бірақ Еркеш түк болмағандай еркін қимылмен асықпай басып вагон шетіндегі туалетті бетке алған.
Тіпті Еркеш кетіп қалған соң да олар тым-тырыс қалып біразға дейін өзгермеді.
– Ей, тамақтарыңды жесеңдерші, – деген жасы үлкен кісінің дауысы оларды тәтті түстен айырып, ұйқыдан оятқандай әсер етті.
– Мәссаған, сұлу деп мына тәжік қызды айт, – деді, одан кіші адам таңырқағанын жасырмай, тамсанып.
– Осындай әйелім болса ғой, шіркін. Армансыз өтер ем бұл дүниеден, – деді қарап отырмай.
– Әйелің, бала-шағаң бар емес пе, олардан бас тартасың ба, сонда? – деді үлкені оған.
Бәрі ду күлісті. Өтірік қазақша түсінбейтін өзбек қызы Умида да еріксіз жымиған. Оған өзі тағы қысылып, қызарып кеткен.
– Қазақша түсінеді-ау деймін, мына қыз, – деді бірі.
– Без слов понятно, что вы удивляетесь красоте моей подруги, – деді Умида өтірігін жасыру үшін.
– Да, да, Ваша подруга очень красива оказывается, – десті еркектер бастарын шұлғып. Осы сәтті пайдаланып:
– Давайте, за Вашу подругу пятьдесять грамм налью, выпейте вместе с нами, – деген үлкеннен кішісі, стаканды тықпалап.
Умиданың ынтығып отырған ішкі жан дүниесі еріксіз қолын создырған еді. Бәрі стакан соғыстырып, Еркеш үшін деп алып қойысты.
Умида өзінің қатесін кеш ұққан. Еркешке не демек:
– Все. Больше я не буду пить. Даже за себя, не только за Вас.
Отырғандар оған риза көңілмен ду күліскен.
– Әй, бұл қыздар біздің тілді түсінетін шығар, – деді бозбаланың қызыңқырап қалған біреуі. – Біздің елде өмір сүріп жүріп, түсінбеуі мүмкін емес. Солай емес пе?
Өзі Умидаға көздерімен ынтығып қарайды.
– Тәжіктердің тілі парсы елімен бірдей деп есіткем. Түсінбейді.
– Ал жүз грамға қайсы елдің жасы болса да қарсы емес, – деді үлкеннен кішісі. – Көрдіңдер ғой, қалай жұтқанын. Одан да тағы ішкізейік бұны.
Тамақтың арасында олар кезек-кезек Умидаға аздап арақ ішуді ұсынған, жалынған. Бірақ көндіре алмады. Сонда да әңгіме үзілген жоқ.
Бұлар сыра ішіп отырды. Умида тамақ жеп болған соң, еркектермен бірге қалай сыраға кірісіп кеткенін өзі аңғармады. Еркектер туалет жақтан Еркеш қашан келер екен дегендей ішкі ойларымен қарайлап отыр.
Әңгіме еріксіз соған ойыса берді.
– Твоя подруга пьет? – деп еді біреуі.
Умида ішіп отырған сырасын тауысқан соң:
– Больше не наливайте, спасибо, – деген. Сосын қойылған сұрақтың иесіне қарап:
– Она пообще не пьет, – деді. Отырған адамдар өздерінің тойынғанын сезсе де дастархан жинамай, жайма шуақ әңгімеге ден қойды.
– Расскажите о своей подруге? – деді үлкеннен кіші еркек желпініп, қызара бөртіп отырып.
Аштықтан құтылып, бойына қан жүгірген Умида Еркештің бүгіндікке әлі нәр сызбағанын ойлап, құрбысын іштей аяп отыр. Құрбысының бір бет мінезінен жасқанатын, әрі мақтаныш сезіміне бөленетін.
Сондықтан ба, құрбысы туралы әңгімеге құлшынып кірісті. Отырғандар үнсіз, сөзін бөлмейді. Сондағы ұққандары төмендегідей:
– Біз оқитын курстағы үш қазақ, екі тәжік. Осы бес қыздан басқалары тегіс орыс ұлтынан. Жатақханамыз көп қабатты үлкен үй. Тұратындардың бәрі дерлік қыздар. Орыс еліндегі балалар оқу оқымайтындай, өзіміз таң қаламыз. Алғашқыда бөтен елден қорқып жүрдік. Үйренгеніміз кейін ғой. Өскемендік бір қазақ қызы мен қасымдағы мына құрбым екеуі мұсылман қыздарын алғашқыда қаланың бұзық балаларынан қорғап жүрді. Орыс қыздарының да іші әртүрлі ортадан. Қалаға әр жақтан келгендіктен топқа, жікке бөлініп, біріне бірі тиісіп, күш көрсетеді екен. Билік жүргізуге таласады. Жатақхананың ішіндегі тәртіп, әскердегі балалардың бұзықтығына ұқсас. Біз бесеуміз мұсылмандар елінен болған соң бірігіп, қорғандық, жақтастық бірімізге біріміз. Өскемендік қазақ қызы дзюдомен айналысқан болуы керек осы оқуға түспей тұрғанда. Өзі спорт шебері екен.
Сол ғой жанымызды алып қалған. Сосын сіздер ғашық болып отырған әлгі құрбым, тәжік қызы мектепте баскетбол ойнап, самбоға қатысыпты. Екеуі қосылып, бірге жүргенде жатақханадағы бір қыз, не бір бала, бізге қыңқ демейді, себебі таяқ жейміз деп қорқады. Иә, осы бізбен бірге келе жатқан құрбым самбошы. Таң қалмаңыздар, мен оны силаймын, әрі шынын айтсам, қорқамын аздап. Мінезі тік.
Қазір келіп қалса маған ол ұрсады. Ол келгенше мен тездетіп, қысқартып айтсам деймін осы әңгімемді. Сөзімді бөлмеңіздер тек. Сонымен өстіп оқып жүрміз ғой. Міне, каникулға шыққан соң елге кетіп барамыз.
Сіздерге мен бір нәрсе айтайын, оны бірақ менен есіттік демеңіздер құрбыма. Әйтпесе, ол маған ұрсады.
Әлгі өскемендік қазақ қызы бар емес пе, мына құрбым екеуі әр айдың басында стипендия алған кезде бар ғой, жатақхананың барлық бөлмесіндегілердің бас-басынан бес сомнан ақша жинап алады, солай. Бірде бір студент қарсы шықпай өз қолымен дайындап қойған ақшасын сөзге келмей береді, ерікті түрде. Төлемесе, ол бөлменің есігін ішінен іліп алып, қарсы шыққандарын өлімші етіп тепкілеп, ұрып тастайтын көрінеді. Сосын оны көргендерге жан керек емес пе. Стипендия алмайтындарына дейін бес сомды айдың басында дайындап отырады. Ол ақшаны қалай, қайда жасыратындарын бірақ, мен білмеймін, естіген емеспін. Бірақ, қаладағы жоғары дәрежелі адамдар ғана баратын дәмханада болғандарын бірде маған айтып қойғаны бар...
Еркеш бұл әңгімеден тысқары. Қол жуғыштың салқын суына бетін, мойнын қайта-қайта жуып, сергіп тұрған бұл кездері. Ашқан қарнының ашуын басу үшін амал жоқ, ішуге бола ма, болмай ма деп күдіктенбей амалсыз екі алақанын тосып, толған судан толғай-толғай шөлі басылғанша, сосын іші толғанынша сіміріп, ішіп тұрды. Өлімнен ұят күшті.
Осылай тояттанып, салқындап болғасын, тамбурға шығып, ашық терезеге жақын келді. Гулеп келе жатқан поездың доңғалақтарының дауысы оны біраз қанаттандырды. Терезеден соққан самал салқын желге бетін тосты. Көкірегіне сенім, күш толғандай сезінді.
Осы поезға мініп, жолға шығардың алдында ғана Еркештің қалтасында ақшасы көп болатын. Үйдегі әке, шешесіне, баласы Батырға тете сіңлісіне әйтеуір құр бармай қуанту, таң қалдыру үшін сыйлық ретінде қымбат киімдер сатып алған. Қызды-қыздымен ақшаның таусылғанын аңғармай қалды. Бір қуаныш бір өкініш енді ғой кезектесіп оның бойын билеуде. Бүгін сол ақшаның кішкентайы азы ғана болғанда, бұлай қиналмас еді.
Еркеш сол ақшаны қалай тапқанын ойлап кетті. Кеше ғана практикада жүрген кезінде болды емес пе. Әлі көз алдында тұр.
II тарау
– Сізге не керек? – деді Еркеш, әйел кісіге қазақшалап.
Оның сонау Қазақстаннан екенін, оңтүстіктің күніне әбден күйген өңіне, ауыр бейнеттен кеңейіп кеткен тамырларына, қатайып кеткен қолдарына қарап бірден білген соң.
– Ойбуй, қазақ екенсің ғой, қандасымсың ба? Мұндай жақсы болар ма. Сіңлім-ау, қолыңнан келсе жәрдемдес маған. Ақ халат киіп мына үйге бір-екі рет кіріп шыққаныңды көрген соң, жолыққалы тәуекел деп аңдып ем. Сен қазақтың қызы екенсің, қызырым екенсің. Алла тағаланың жәрдемі шығар, әйтпесе, мына Ресейде, Томскіде кездесеміз бе?
– Айтсаңызшы, енді жұмысыңызды.
– Сен осында істейсің бе? Не қызмет?
– Овощ, бақша өнімдерімен қаланы қамтамасыз ету мекемесінің бастығының қарамағында – жәрдемшімін. Негізі практикада жүрген студентпін. Иә, сонымеп сұрап болсаңыз...
– Дұрыс айтасың. Жұмысым туралай саған қатысты екен.
– Біз Арыстанбыз. Камазға тиеп қарбыз әкелдік. Екі күн болды соны өткізе алмай әлекпіз. Бары сол. Ларекке апардық – ол алмайды, екінші біреуіне аз керек, ақша дәметеді, үшіншісі «дәрі қосып еккен шығарсың?» деп қағазымызға сенбейді. Ол да ақша дәметеді, көшеде өстіп жүргенімізде милициялары тоқтатады, осылай жүргенімізге екі күн болды. Шаршадық өзіміз. Біреулер осы сіздің мекемеге сілтеді... Болдым. Өзің білесің енді қалай көмектессең де. Сіңлім, бәрін өткізіп берсең, бастығыңа өзіңе ақшалай сыйымызды береміз. Иә, иә, бірақ бәрін, он бес тоннаны түгел қабылдатасың.
Еркешке әр түрлі ой келді. «Көмектесу керек. Елден келген адам ғой. Өзі әйел адам болса да еті тірі екен. Менің ауылдағы әпше, жеңгелерім мұның тырнағына да тұрмас. Жарайсың. Бірақ, қалай көмектесем? Бастық әйел орыс – Анна Михайловнаға кіріп, ал айтайын. Үндемей ғана ақшасын беремін дейік. Келіссе жақсы, ал айқайлап ұрысса, оқуыма хабарласа онда құрыдым».
Қара келіншекке көзін салып тұр, аяп тұр. «Қой, тәуекел етейін. Бастыққа алдымен өтініш ретінде айтсам. Жерлестеріне жаны ашиды екен деп ойлар көп болса, ал келіссе егер ақшасын айтармын. Оған да келіссе сосын ақшасын шығарып берермін. Тәуекел».
Еркештің бірден келісе алмай ойланып қалғанын қара келіншек өзінше ақшаны азсынып тұр деп ойлаған-ау:
– Аз ба? Қанша берейін, ал өзің айт, – деп тұр.
– Әкел ақшаңды. Алмаса, қайтарып беремін, – деді Еркеш.
Қолына ұстатқан ақшаны санамастан, халатының қалтасына салды, мекемесіне тез-тез басып кіріп кетті. Тұп-тура ойланғандай болып шықты.
– Хорошо, ты наверное хочешь помочь своим землякам да, Еркеша? – деп Анна Михайловна сынағандай мұны сәл кідірген.
– Они хотят Вас отблагодарить.
– Да что ты говоришь и сколько предлагают.
Еркештің қорыққан көңілі орнына түсіп, батылданып:
– Вот это дали, я даже не посчитала, – деді, қағаздағы орамды беріп.
Анна Михайловна Еркешке таңданған түрмен ризалықпен қарап қалған, сосын айда күл, екі иығы селкілдеп көзін жас та ақты-ау.
– Ай да молодец. Иди дверь закрой снутри, на возьми ключ, потом садись на этот стул, вместе посчитаем. Көп ақшаның жартысын өзі алды, қалғанын Еркешке ұсынды.
Екеулеп, лезде санап тастады. Анна Михайловна тең жартысын қалтасына салды да жартысын Еркешке берді.
– Ты ведь студентка, пригодятся тебе деньги. Не стесняйся, возьми, потом если еще придуть твои земляки с просьбой, мы поможем им, не бойся, смелей Еркешка.
Өзі бір счет фактураға ларектардың аттарын тізіп жазды. Оларға тиесілі қарбыздардың көлемін бөліп көрсетті де соңына қолын қойып мөрін басты.
– Еркеша, садись на мой Уазик, сама проводишь этим ларькам Камаз твоих земляков. И командуй продавцам им от моего имени, пусть примут сразу и расплачиваются за арбуз. Не робей Еркеша. Действуй, потом мне доложишь, после завершения.
Екі қолын ысқылаған Анна Михайловна, секретарь қызға осыны жүргізушісіне тапсыруды бұйырды.
Еркеш далаға шыққанда уайымнан тағат таппай тұрған қара келіншекке күлімдеп кеп, иығынан құшақтаған.
– Болды, уайымдама, бәрі ойдағыдай. Мына УАЗ-дың соңынан еріндер – деді.
Таңырқаған, қуаныштан сөйлей алмай қалған оның арқасынан қаққыштап ап, өзі Анна Михайловнаның жаңа УАЗ-ына мінген. Соңымнан еріңдерді қолын терезеден шығарып білдірді.
Жұмыстары біткен соң жүрегі жарыла қуанған қара келіншек пен Камаздың жүргізушісі, қалған шамалы қарбызды УАЗ-дың ішіне салып берді.
– Ауылдық болсын бізден, үйіңе апарып жерсің, – десті.
Қара келіншек Еркешті қайта-қайта құшақтап бетінен сүйді. Рахметін жаудырып жүр.
– Біз шамалы күнде тағы келсек болады ғой, әлі тағы бір КАМАЗ-ға салып әкелетін қарбызымыз бар. Тездетіп келерміз. Жауда да бір үйің болсын деген рас екен. Тек саған келіп тұрамыз. Қауын болсын, пияз, сәбіз, помидор болсын, алма, алмұрт болсын біздің оңтүстікте бәрі коп емес пе, соларды өстіп, өткізіп беріп тұрарсың.
Басқа не айтамын, сенің өзіңе арнап сыбағанды – құрт-май, етіңді жеткіземін. Уәде беремін. Амандықпен көрісейік – деп қайта-қайта Еркештің бетінен сүйіп, қара келіншек риза көңілмен қолын бұлғай қоштасып кетті, Арысына, оңтүстікке. Еркеш бір жапырақ сағыныш толы жүрегінің жартысы бірге кеткендей сезінді. Олардың қалдырған қарбызын көріп, Анна Михайловна еміреніп, Еркештің арқасынан ол да сипай қаққыштады, сосын оны секретарь, жүргізушісі үшеуіне бөліп үлестерін үйлеріне жеткіздіріп тастады.
Екі-үш күн өтті арада. Мекеменің тапсырмасымен Еркеш бір ларекке келіп, сатушымен кездесіп, жұмысы біткен соң енді кеткелі тұрғанда қайдан шыққаны белгісіз бір кексе өзбек кісі тоқтатты.
– Қызым, мына сатушыға айтып көмектессейші, таныс екенсіздер. Әкелген помидорымды қабылдамай тұр. Сені көмектесер деп ойладым. Сыйақыңды беремін. Өткізе алмасам шығынға батамын енді. Өзіміздің мұсылман екенсің. Дәдеңе солай көмектесші, – деді.
– Қанша әкелдіңіз?
– Камаз ғой. Кішкентай көлікпен әкелсем пайда түсе ме?
– Соңымнан еріңіз. Мен барлық помидорыңызды қабылдатсам не бересіз?
– Қанша айтсаң өзің біл, келісемін.
Көшедегі телефон автоматқа барған Еркеш Анна Михайловноға хабарласты.Тапсырмасын орындағанын айтты.
– О сы жерде біреу Камазбен әкелген помидорын өткізе алмай тұр екен, иесі жәрдем сұрайды, заты бұзылмаған. Иә, риза етемін дейді. Қанша бер деп айтайын? – деп ол кісі келіскен соң бірден, қаладағы көкөніс лавкаларға, үлкен дүкендерге бөліп, өткізетін болды, ал бастық кісі телефон шалып оларға өзі растап, дайындайды. Қағазын артынан береміз деп Еркешке өзі толық ерік берді.
Сонымен өзбек көкесінің помидорын осылай қолма-қол өткізу үшін соның Камазына мініп, қаланы аралап кетті. Жұмысын бітіріп тиесілі сыйақысын Анна Михайловнаға әкеліп бергенде, ол кісінің Еркешке ризалығы шексіз еді. Үш күннің ішінде өз-өзінен көпақша түскендей әсер етті оған.
Екеуі оңаша қалғанда, алған ақшаның тең жартысын берді тағы. Мұндай көмекші бұған дейін өзінде болмағанын мойындады. Адам дүниеге келген соң, тиісті аз ғұмырында ешкімге зиянын тигізбей, оған да, өзімізге де пайдалы, ақша тауып көп етіп жинау керектігін баса айтты.
Еркештің оқу орны алыс бір селодағы егістікке жіберіп, практиканың қалған күндерін сонда өткізу қажет деп санаған екен. Оған Анна Михайловна келіспепті, өтініш жазып өзіне алып қалыпты. Соны айтты.
Оған Еркеш те рахметін білдірді. Аңызақ, ыстық күнде егістіктің басына барып, шөлдеп, аяғынан тозып, шаң-шаң болып жүргеннің несі жақсы деп ойлады Еркеш. Томскінің таза көшесінде көлеңкелі саябақтарының астында жүретініне мақтанып, қуанды. Анна Михайловнаның ойын түсінді. Ақша табуға көмектесуі керек оған. Бір айлық практика бір күндей болмады, бірақ өте шықты. Осы аралықта алыс Арыстан қара келіншек тағы екі рет келді. Бір жолы тіпті туысын да ертіп келді. Ол да қуанып, әкелгенін кідірмей өткізген соң, сыйақшасын қара келіншекпен бірге беріп кетті. Осылай бес рет алған ақшаларын Еркешпен тең бөліскен Анна Михайловна практикасы біткен күні оны кабинетке шақыртқан екен.
Секретарь қыз айтқан соң Еркеш асығыс кіріп еді, өзі қысылып қалды. Столдың үстіне түрлі тағамдарды толтырыпты, басында өзі отыр екен, күтіп. Жанында жүргізушісі, секретарь қыз төртеуі оңаша отырыс жасады.
Анна Михайловна қоштасу сөзін риза сезімін Еркешке арнады.
– За один месяц мы к тебе так привыкли, что как будто ты работаешь давно. Не хочется отпустить на твой двухмесочные каникулы. Предлагаю остаться и поработать еще полтора месяц, а потом съездишь к себе на родину, к родителям на побывку, до начала учебы, нет, хочется домой. Ладно. Когда будешь дома передай наш привет своим родителям скажи мое вот такое предложение.
В следующем году когда закончишь, если они согласны возьму к себе на работу. Это точно, обещаю квартиру с государства, а от себя скажу, что тебе помогу купить новый УАЗ по дешевке. Думай об этом, в течение года дашь ответ.
Ну как, договорились. Помолчим теперь, перед дорожкой.
Анна Михайловна Еркешті бауырына қысып, маңдайынан сүйген.
– Хорошая девка, ты Еркеша, – деген.
III тарау
Үйді ойлады. Құдай қаласа екі күн қалды, сосын өз үйіне барады.
Оған дейін шамалы шыдау керек. Адам аштықтан өлмейді. Ойына құрбысы Умида оралды. Төрт еркектің ортасында тамақты тойғанынша жеп, арақтан ішіп, қызарып, қазақша білмеймін деп шошаңдап отыр ма екен. Қызып та қалған шығар. Қой, барайын. Ол бір пәлеге ұрынып қалмай тұрғанда.
Еркеш отырғандардың жанына келгенде Умида әңгімесін кілт үзіп тастады. Ер адамдар ығысып, Еркешке дастархан мәзіріне жақын орынға отыруға шақырды.
Бірақ ол оған ыңғай көрсетпеді. Дем алатын бейілін таныта, жоғарыдағы жатын орнына қайтып көтерілді.
Асықпай жамылғыштарын жаймалап, сосын жастығына басын қойып, төсегіне жайғасып жата кетті.
Ер адамдар бір-біріне қарап қойып, үнсіз дастарқан мәзірін жиыстырып, сүлгілерімен бетін жауып тастады. Бірақ қолдарына сыра құйған стакандарын алып, там-тұмдап ішуге кірісті. Әңгімені енді бір-біріне өздері айтуда. Бойды алған арақ пен сыраның күші енді олардың еркін әңгімесіне тиек болды.
– Қазіргі заманның жастары бұзылып бітті, – деді үлкені.
– Қайдам, үйдегі балалар мен қыздарды қанша бұйдалап ұстағанмен, өскен соң олардың оқуы керек деп бөтен, алыс қалаларға жібереміз ғой амалсыздан. Қашанғы қолыңда ұстайсың. Сондағы олардың араласатын ортасы осы мына екі қыздың айтқандарындай болса жетіседі екен.
Ішкендері арақ, қыдыру, бірін бірі ұру. Тәжік қыз бергі жағын ғана айтып отыр, құдай біледі ұялғаннан Әйтпесе одан зорларын естісек біз вагоннан қашып түсіп қалатын шығармыз.
Умиданың орнынан тұрғанын көрген Еркеш:
– Ты куда собралась? – деді.
– Мы покурим, вернусь быстро, – деді Умида жанындағы бозбалаға қарап.
Ол да басын изеп тұр. Өзі бір қолымен Умиданың белінен орап ұстаған.
– Только быстро, – деді Еркеш.
Отырғандар бұл әңгімені есітті.
– Осы ғой, міні, – деді жасы үлкен кісі. – Талтүс арақтан ұрттап алып, сыраға мас болып, ұят-аят жоқ, жаңа танысқан бозбалаға белінен құшақтатып, бірге темекі шегуге кетті.
– Мұндайларды жәлеп дейді, – деді кішісі. Өзі Еркештен көзін алмайды.
– Жоқ, мен олай ойламаймын. Бұл сөздің түбірі жәл не жал. Жанын, не тәнін жалға беру деген мағынадан шыққан. Тәнін жалға беру үшін емес, бұ қыз арақ пен сыраның буымен, мастықтың, жастықтың қызуымен табиғаттың күшіне қарсы келе алмай, белін балаға құшақтатып бара жатыр. Әлі бұл қыз жас.Табиғаттың заңына қарсы шыға алмайды, сондықтан. Нәпсіқұмарлық тіпті басқа мағынаны білдіреді. Есейген соң, кейінірек тәнін жалға беретін болады. Бірақ, сол кезде сен айтқандай оны нағыз жәлеп дей бер. Ол оның
күнделікті тірлігіндей, жұмысындай сезіледі. Оған, себебі, бұдан кейін табыс тауып, тек сонымен күн көру әдетке айналады. Басқалай жұмыс істеу мүмкін еместей көрінеді оған сол кезде.
– Онда бұл қызды жезөкше десе болатын шығар. – деген кішісі масаң дауысымен, өзі Еркешке көз тастап қойып. – Шіркін-ай, жалаңаш денесін құшып төсекте қызығын көрер ме едім.
– Қайдам. Сен менің ойымды бөлме. Сөзімді аяқтайын. Бірақ менің ойымша, бұл сөздің мағынасы ауыр-ау деймін. Жезөкшеліктің түбірі жез деген сөз, жылтырақ жез, өкшені көтерген кезде бір рет шалынса көзге, жерге өкшені қадағанда жоқ боп, көрінбейді. Көзге бір түсіп, бір түспейді. Яғни үнемі емес, тұрақты емес. Былайша айтқанда сатса да, тәнін анда-санда сататын әйелдерге тура келетін сияқты бұл мағына. Жезөкшелер – бірде олай, бірде бұлай, әр жерден бір көрініп, өздерін оңайлықпен ұстатпайтын әйел-қыздар деген сөз сияқты маған. Олардың ақылы бірақ терең болғаны, қажет десеңіз олардың ар-ұяты жоғары болғаны, елге күлкі болмауды түсінгені олардың. Жоқ, сен ойланшы өзің, менің сөздеріме зер салшы, рас қой. Әй, інім-ай, біздің әрбір сөзіміздің астарына мән беріп қарасаң, көп мағына сезер ең. Зіл тас емес пе, оның ар жағында адамдардың тағдырлары, ауыр өмірлері көрінбей ме? Және бұл сөздер қаншама ғасырлар бойы айтылу арқылы замана керуеніндегі әйел байғұстардың өмірлерінің жеңіл болмағанын аңғартпай ма жезөкшелер?
– Туу, аға-ай, сіз тіпті жезөкше әйелдерге жаныңыз ашып кетті ме, немене өзі? Тіпті сіз оларды, ақтайтын адвокаттай көрінесіз. Енді тек мақтауыңыз қалды оларды.
– Мақталғаны сол емес пе елдің, олардың аяғын жәй аяқ емес, жезден жасалған аяқ деуі. Бұл сөзді кең түсінгенің жөн. Екінші мағынасында бұл сөз табыс тауып, тұрмысын түзегісі келетін адамның бәрінің де, оның ішінде еркектер де бар, қолданылады десем дұрыс болар. Өзің ойлашы, өтірік айтсам бетіме басарсың, мына базар деген жерде екінің бірі – жезөкше. Олар өтірік айту, алдау арқылы баюды ойлайды. Сөйтіп байиды. Рас па, рас.
Қызметтегілер болсын, өкімет басындағылар болсын бәрібір, бірін бірі алдау, арбау арқылы немесе жағымпаздану арқылы, пе бір пара беру арқылы қатынас жасап, баюды көздейді. Халықтың қамын олар ойлай қоймайды. Ілуде біреуі болмаса. Рас па, рас. Өтірік деші, мен әңгімемді доғарайын. Айта алмайсың, себебі мен шындықты айтып отырмын. Бұлардың бәрі өз құлқынын ойлайды. Шығып тұрған жері тау емес төбе ғана, көзі алысты көрмейді. Пәсте төбеде ғана тұр олар, ойлары да сондықтан саяз. Әне олар да жезөкшелер.
– Туу, сізге, аға дауа жоқ шығар.
– Жоқ. Сен келіспесең айт. Олар жезөкше емес пе? Үндемейсің ғой. Нағыз жезөкшелер солар. Халықты қанап отырып, күндіз-түн қиналған болатынын қайтерсің. Өздері елге ақылшы, қамқор, көріпкел, керемет көсем сөйлеп үйренген. Қарасаң елдегі дүниесі бар, малы бар,тұрмысы жақсы тек солар. Ал адамгершілікпен ар-ұяттан жұрдай. Соны түсінген қарапайым халықтың 70-80 пайызы оларды бәлеқор, алаяқ дейді, жек көреді. Олардың жезөкше екенін бірақ көбі түсінбейді.
Екеуімізге де таныс сондай адамдарды саған түстеп, аттарын атап берейін бе? Жоқ, қажет пе сол саған. Бір-ақ мысал. Мына төртеуімізді Рубцовскіге ағаш кесіп, вагонға тиеп елге жіберуге көндіріп, бізге тек айлық беріп мәз қып, алдап отырған адам жезөкше емес пе? Айтшы өзің. Ал оның өзінің елге сол ағаштарды сатып, көретін пайдасы шаш етектен, оны бәрің де білесіңдер. Біздің арқамызда байып отыр ғой. Ал елге де жақсы атты. Абырой, атақ та, пайдада сонікі. Біздің арқамызда соның бәрі. Ал біздің алатынымыз бір ғана айлық, соған мәзбіз. Нағыз жезөкше сол – бізді ақымақ етіп қойған адам. Тапқан айлыққа арақ ішіп алып, мас болып, қыздарға көз саласың да ол бейшараларды жезөкше дейсің. Өзің арақ ішкізіп, мас қыласың ғой, тағы оны. Берген тамағыңды жеп, арағыңды ішпегенде ол қайтпек. Бас тартуы керек пе? Қарны аш болса, ақшасы жоқ болса, іші толы қайғы мен ертеңіне сенімсіз уайым болса, әке-шешеден жәрдем болмаса, өкіметің оны қорғамаса, сенің арағыңды қалай ішпейді, қорлауыңа қалай көнбейді. Осыдан кейін сен оларды – өзің сияқты адамдардың қыздарын, қарындастарын тағы жезөкше дейсің. Сенің осының дұрыс па?
Жоқ, жезөкшелер басқа адамдар. Олар ақылды адамдар. Заман – заман болғалы солар – жезөкшелер, халықтың тағдырын солар билейді.
– Мақұл, сізге пәлен демеймін, рас шығар айтқандарыңыз, бұлай деп мен бұрындары ойламаған ем. Аға, кел бір-бір тартып жіберейік. Бәрін ұмытайық. Миымды ашытып жібердіңіз ғой. Мен сіз үшін ішемін, алып қойыңыз.
Еркеш мына екі адамның сөздерін түгелдей іштей ақыл тезіне сап жатқан. Қозғалмаған. Тек көздері жұмулы еді.
«Ох, дүние-ай, осындай екенсің ғой. Айтқандарының бәрі рас сияқты, ал менің өмірім сонда қандай болмақшы келешекте. Әрине, мен нәпсіқұмарлардың қатарына жатпаймын. Оған төзімім жетеді. «Жете ме ей, Еркеш?», «Жетеді» дейді ішкі дауысым. Ал сонда мені екінші топ жәлептерге кіргізуге болар ма екен. «Не дейсің? Ей, ішімдегі екінші Еркеш, кібіртіктемей тез-тез жауап берсейші». Иә, менің ойым да солай, бір тамақ үшін, ақша үшін күнде жүз еркектің астында жатпаспын, бірақ. Мал екеш мал да тек күйлегенде шағылыспай ма? Егер, ал жәлеп болсам айуаннан да асып кетеді екенмін ғой. Бұл маған қол емес.
Дүниенің тұтқасын ұстағандар мына кісінің сөзіне сенсем жезөкшелер екен ғой.
«Амал жоқ, қайттым білдірмей,
Тағдырдың салған ісіне».
Пушкин мен Абай Татьянаның аузына бекер салған жоқ шығар бұл өлең жолдарын. Сонымен Еркеш, сен жезөкшесің. Құлағың үйрене берсін. Сен – жезөкшесің. Бірақ бұл сөзді біреудің аузынан шығартпасын, құдайым маған оны естіртпесін.
Сосын ол жайлап көздерін ашса, екі еркек жандарындағы бір бозбала үшеуі стакандағы арақтарын ішіп қойыпты. Сыра жұтып отыр. Бәрі үнсіз.
Еркеш еріксіз өткен жылғы каникулда болған уақиғаны есіне алды. Соның алдында ғой оқуға да түскені.
Бәрі де ойламаған жерден шешілді. Еркештің ойында ештеңе жоқ. Күнделікті үйдің жұмысы. Таңертең ерте тұрады. Үйренген іс – үйдегі жалғыз сиырды сауып, көшеге айдайды, сүтті пісіреді, шашылған төсектерді жинайды, бөлмелерді реттеп болғанда, адамдарға таңғы тамақтарын беру керек. Әкесі жұмысына, бауырлары өз тірлігіне, ал кішкентайлар мектепке дегендей, кетеді. Сосын түскі ас дайындау керек, одан кейін кешкі астың дайындығы, өрістен қайтқан сиырды жайғау, ол да тірлік бір адамға. Қойшы сонымен күн өтеді, күннен соң ай, жыл. Со күні кешкісін үйге мектепте бірге оқыған Айман келді.
– Еркеш, жаңалығым бар.
– Айтсай, жалынайын ба, – деді.
– Былтыр Томскіге барып оқуға түскен қыздар каникулға келді. Маған, «сонда бар, оқуға түсу оңай» дейді. Жатақхана да береді екен, адам тек жолға, тамаққа жететін ақша әкетсе жарап жатыр. Сен де жүрсей серік боп, үйде бос отыра бермей. Қазақстанда оқуға түсу қиын, танысың болуы керек. Жататын пәтерге ақша керек. Ал Ресейде тіпті басқаша дейді. Түсетін баланың саны да толмайтын сияқты. Сонан соң ұлтына да қарамай қабылдай береді екен.
– Айман, сен маған ой салдың. Кетпе, қазір әке-шешемді шақырайын, ақылдасайық.
Ол келісті. Сәлден соң Еркештің үйінде үлкен мәжіліс басталды. Баласы Батырды анасы қолына алып қалатын болды.
– Қандай оқу болса да бәрібір, бітірсең болды, ол саған мамандық, – деді анасы.
– Күйеуі тастап кеткен, өзі оқымаған баласы бар әйел атанып үйде отырғаннан, көзге күйік болмай, құры, – деді анасы, – Әкеңе қарашы, елдің көзіне қарай алмайды.
– Жетер, бос сөзді пісе бермей, – әкесі әйеліне ала көзімен қарап, жақтырмай сөзін жалғады. – Барсаң, бар, оқы, айналайын ештеңе де ойлама, кеткен күйеуің құрып кетсін. Елде жалғыз сен емессің ажырасқан, уайымдама. Ертеңнен бастап керек қағаздарыңды дайындауға кіріс, керек қаражатты тауып беремін, оны ойлама. Болды, осымен әңгімені доғарайық.
Басы осылай басталған оқу мәселесі шешімін оңай тапты, Томскі қаласында Айман екеуі студент болды. Агрономия факультетіне оқуға түскен. Алдында ииститутқа құжат тапсырған, орысшалары онша болмай өте алмады. Сосын, амалсыз техникумға барған еді, бірден қабылдады.
«Осылай болды» деп олар ренжімеді. Ең бастысы, студент. Оныншы класс бітіргендерге оқу, екі жарым ақ жыл. Онша қиын да емес, жапырақтарды жинап кептіреді, гербарий сияқты ғой. Егіс көріп өскен ғой, шүкір. Бөлімшеде Айман екеуінен басқалары тегіс орыс, дені қыз. «Орысша тезірек үйрену үшін» деген сылтаумен жатақханада Еркешті бес орыс қызымен бір бөлмеге жатқызды. Олары қыдырымпаз болып шықты. «Есектің жүгі жеңіл болса жатаған келеді» деген рас екен. Солармен бірге жүр. Ауылдың қыздары естімеген нәрселерді естіп, көрмеген нәрселерді көруіне тура келді. Олар Еркештің күйеуден ажырасқанын білмейді, қыз деп ойлайды. Құрбыларына «Маған жігіттің керегі жоқ, елде мені күтіп жүргенім бар» деп айтып қойған, олар сеніп, бір жігітті оған жақындатпады. Ал өздері жалғанды жалпағынан басады, теңіз деген тобығынан келмейтін сияқты. Еркеш елмен хабарласып тұрады, кеткен күйеуі, Кеңесінен хабар жоқ көрінеді. Батыры өсіп жатыр екен. Әкесі телефонмен әзіл айтады, сөйлескенде, «бір орысты жетектеп әкеліп жүрме» деп қояды. Байқайды, әкесі қара қызын сағынатын сияқты. Ол оның «айналайын» деген сөзін естігісі келеді. Бір жыл бір күндей болған жоқ, өтті де кетті. Каникул жақындаған еді. Бес қыздың ішіндегі ашық жарқыны Люба бір күні оған:
– Еркеша, сенің ауылыңа қыдырып қайтсақ қайтеді, – деді.
Күнде бірге жатып, бірге тамақтанып жүрген қызға болмайды деп айтудың есебін таппады.
– Өздерің біліңдер, қарсы емеспін, – деді.
– Қазақ жігіттерімен қыдыра аламыз ба? – демесін бе, Наташа әзілдеген болып.
– Жігіт деген барлық жерде де ұлтына бөлмесе жетеді ғой, – деді Еркеш, қарап тұрмай.
– Ой, қыздар, олар еркектік аспаптарын кестіреді дейді ғой, әлі көрген емеспін, – деді секпіл бет Дуня.
– Ей, қойсаңдаршы, не болса соны айта бермей, еркек барлық жерде де еркек, кестірсе де кестірмесе де олар өз міндетін атқарады. Сендер одан да ел көреміз, жер көреміз, Қазақстанды көреміз деп қуансаңдаршы, жас кезде қыдырып қалғанға ештеңе де жетпейді. Еркешаға рахмет айтыңдар, сол қарсы болмаса барайық. Осы отырған бәрің келісесіңдер ме? Онда мәселені шештік, – деп Люба әңгімені тұжырымдады.
– Ал, Дуня қазақ жігіттерімен қыдырып жатса, олардың әлгісін көрсе, Еркешаға көрімдік берсін, – деді Люба көзін қысып.
– Жоқ, жоқ, сендер де көрген жоқсыңдар, мен көріп жатқанда сендер қарап тұрарсыңдар, мені жұлып жерсіңдер немесе менен ол жігітті тартып аларсыңдар. Сонымен Еркешаға бәріміз де борыштар боламыз, сондықтан осы бастан келісіп қоялық, біз оның қалаған нәрсесін сатып әпереміз.
Дуня пысық-ай, тез басын арашалап, көрімдікті бәрінің мойнына артып қойды. Бұл мәселені де қыздар қарап отырмай өздерінше шешіп тастады.
Еркеш бұл әңгімені Айманға айтқанда, қыздардың Қазақстанды көргісі келеді деді, олардың басқа айтқандарын бүгіп қалды. «Нем бар, құдай-ау, ауылға барған соң өсекке қалып». Уақыт дегеніңізде дауа жоқ. Емтихан дегендер де бір күні тапсырылды, поезға билет алынды. Әкесі мен шешесін келе жатқан қонақтар туралы алдын ала ештеңе де айтқан жоқ. Жолға шықты. Поезд Шығыс Қазақстан жерлерімен жүрді. Балқашты жағалады. Оңтүстік шығыстың даласына кірді. Жетісудың жап-жасыл даласын аралады. Ақыр соңында Алматыға жетті. Құрбылары мәз. Еркеш енді әйтеуір, орыс қыздар риза болсын деп намысқа тырысып кетеді. Ішінен Қазақстан туралы кейін қыздар жақсы пікірде қалады ғой деп ойлайды. Поезд ауылға келген соң, қыздар вокзалға қарап, бойларын тігіп, естерін де жиып үлгермеді. Әкесі, бауырлары күтіп тұр екен, жетелеп алды да кетті. Қонақтарға таңырқаған жоқ, дәл бір білетін адамдай, арнайы күткендей, ертіп апарып бір автобусқа мінгізді. Тек жолда келе жатқанда, әкесі қызына сын көзбен қарап, басын шайқап қойды. Әкесін қатты сағынған ғой, поездан түскенде түйедей бойына қарамай, дәу әкесінің мойнынан құшақтап, көзіне жас алғанын айтсай. Үйге келген соң баласы Батырды құшақтап, еріксіз көзіне жас алып, тас құшақтап сүйе беріпті. Не керек ақыры үйге де жетті-ау. Бір қора болып, үйге кірді. Тамақ дайын екен, әкесі мен шешесіне, бауырларына құрбыларын таныстырды. Сосын бәрі дем алды. Түнде бір оңашасын тауып, әкесімен ашық сөйлесті. Мына қыздар деді нағыз жүргіштер. Әкесі аң-таң. Қабағы салбырап түсіп кетті. Туу, сонау Томскіден келгенде бір жағы қыдырып, Қазақстанның жерін көруді мақсат тұтса, бір жағы елін де, яғни жігіттерін дс көргісі келеді. Әкесі ернін жиырып үндемеген күйі басын изей берді. Еркешке енді таңырқай қарай бастады, ал ол еркелікке басып, өзі бұрын сезбеген еркіндікпен:
– Немене, өзің жас болған жоқсың ба? – деді әкесіне.
– Замана өзгерген, сені түсінеді ғой деп ойлап едім. Қорықпай-ақ қой, мені солардай ма деп, мен сенің өзіңе тартқан қызың емеспін бе, әңгімені ашық айтайын, бұзылған жоқ қызың, сол күйі, одан да қызыңның абыройын ойла. Ұятқа қалдырма. Жаман да болса олар біздің қонағымыз. Бір малыңды сой, бір жәшік арағың мен пивоңды дайында, бір автобусты жалдап, соған бәрін сал. Мен оларды ертіп сонау таулардың біреуіне апарып қонақ етемін.
Әкесі оған тесіліп қарап қалыпты.
– Түсіндім, – деді. Бес жігітті ауылдан емес, рудникте істейтін біреулер бар шығар, солардан аламын, ешқандай өсекке қалмаймыз. Оны шешеме айтпаймыз, әйтпесе жүрегі ұстап қалар.
– Қызым, – деді әкесі, – Құдай ма, әлде мен бе, кімнің жаңылысқанын білмеймін. Ер бала болып неге тумағансың, – деп, басын екі қолымен қысып ұстап иіскеді. «Қара қызым, менің ақылды, дара қызым».
– Әке, мен саған тартқанмын ғой, айып етпе, ұятқа қалдырмаймын сені, – деді Еркеш.
Ертесіне автобусқа мініп, ауылдан шамалы жердегі рудникке барды. Қалтасына студенттік билетін салып шыққан. Автобус рудниктің арғы жағындағы елді мекендерді аралап кетті. Сол қайтқанша үлгеріп қайтадан соған мінуі керек.
Сонымен жаяулап, жердің астынан шығатын шахтерлердің жолын тоспай ма. Мезгілінде келсе керек. Бір уақытта есігі жоқ, ашық жерден киімдері де, өздері де қап-қара адамдар сменін бітірген соң тізіліп шыға бастады.
Айдала ғой. Ол жалғыз тұр. Қасы-көзін, ернін аздап бояған. Мына шаш, қап-қара боп кейін қарай қайрылып иыққа құлап жатыр. Қысқа көйлектің етегі тізеден жоғары, жуан санның аздап көрінген шеті, мен мұндалап, көңілді қытықтайды, біледі ғой еркектердің осал жерін. Шахтерлер аң-таң. Олар жақындауға түрлерінен ұялды. Түс сияқты бір қыз жалғыз, алдарында тұр. Ол шахтерлердің біреуіне сұқ саусағын бүгіп жазып, «бері кел» деген белгі берді. Әлгілердің еті тірі біреуі қолымен өзінің кеудесін түртіп, сосын өзін көрсетіп жауап берді. Ол басын изеді. Басқалары қозғалған жоқ, әлгі шахтер оған жақындады. Амандасты. Ол әңгіме сенімді, әрі қысқа болуы үшін қалтасынан студенттік билетін шығарып ұсынды. Ол еңкейіп қарап оқып шықты.
– Менімен бірге бес орыс қыз қыдырып келді, олар бұрын қазақтармен төсекте жатып көрмепті. Солармен төсекте жатып шығу үшін, бес қазақ жігіті керек. Өздері айта беретіндей болсын, олар қазақтың абыройын түсірмеуді ойлауы керек. Тауға барамыз. Автобус бар, арақ-шарап, тамақ бәрі бар, ертең біз осы уақытта осы жерге келгенде бес жігіт осы жерде тұруы керек дайым болып, осыған не айтасың? – деді Еркеш.
Әлгі жігіттің көздері жыпылықтап, тілін жұтып қойғандай арт жағындағыларға қарай береді.
– Сендер тек ертең келсеңдер болды. Тапсырма біреу-ақ, бес орыс қызын бірге жатқанда есінен тандыра риза ету керек.
Әрине, адам құсап, таза киінесіңдер, күліп кетпейтін болсын. Әдепті, мәдениетті ұстайсыңдар өздеріңді. Келістік пе? Келісесіңдер ме? Мен ертең басқа адам іздеп жүрмейін.
– Мақұл, мақұл, – деп әлгі жігіт басын шұлғи берді, Ол есін жинап, таңырқамай, оған сенді.
Ол бұрылып, қайтқан автобус тоқтайды деген жерге беттеді.
Ертесіне әкесі жалдаған автобуспен үйден шықты, Шешесі жарықтыққа көрсетпей әкесі, бір жәшік арақ пен пивоны автобусқа кіргізіп, бетін жауып қойған. Бір қойдың етінен шашлык жасауға, ет асуға керегін көлікке салған. Тауға баратынын, құрбысы Айманға айтқан жоқ. Онсыз да өз шешесі оның осы жорығына қарсы болып, бірақ онысын айта алмай күңкілдеп жүрген. Әкесіне риза, сыр берген жоқ, тек ол автобустың шоферіне бірдеңелерді оңаша айтып, ешкімге білдірмей дайындап жатқан. Бұлар шахтаға келсе, Еркеш айтқан жерде бес қазақ жігіті тұр екен. Дайындалғандары көрініп тұр, несіне ренжісін, киімдерін сықитып киіпті, мойындарына галстук таққан. Олар да өздерінше ұялып бір жәшік арақ пен пиво алған екен.
Сонымен, бәрі автобусқа мінген соң, қайдасың деп тауға тартты. Атын білмейді бір таудың ішіне жүргізуші апарды. Ет асты, кәуап жасады.
Арақ ішілген соң шахтерлері мен құрбылары еркін сөйлеп, еркін қимылға көшті. Әлгі «жігіттер» Қазақстаннң әр жерінен екен. Сәлден соң екеу-екеу болып бөлініп тау асып кеткен еді қайтып оралғанда, Еркеш жігіттер елдің «абыройын» түсірмепті, – деп ойлады. Өйткені, орыс құрбылары мәз болып жүрген.
Күн де әдемі-тін, аспанда ала шарбы бұлттар, таза ауа арақсыз-ақ адамды мас қылатындай еді. Тастардан секіріп аққан мөлдір таза өзен, екі жағасы көк шалғын шөп. Қышқылтым жусан иісі кеңсірікті жарып, жіберердей бұрқырап тұрды. Әкесі бірге оқитын қыздардың алдында оның тірліктеріне ренжіген жоқ. Үйге келгенде тек, «ұлт абыройын» ойламасақ болмайды ғой, ә, қара қызым» деп әкесі жұмбақтап, жиі әзіл айтып күліп отырды.
Тамбур жақтан қызара бөртіп Умида мен қасындағы жігіті келді.
Еркеш басын әнтек көтерді де, Умидаға тесіле қарап, тартып-тартып жібергендей жағынан, тістене сөйледі. Даусы жыланның ысылындай естілді.
– Где гуляешся ты, стерва?
Умидада үн жоқ. Басқалар да тым-тырыс.
– Ложись на свое место и спи, с тобой потом поговорю, – деді Еркеш.
Отырғандар ұшып тұрып, төмендегі Умиданың орынын босатты. Олар ығысып, басқа жайларға жайғасты. Умиданың үнсіз қалай орнына жатқанына қарап қалған. Еркештен аяқтарын тартатындай. Самбошы деді ме?
Тек, үлкеннен кіші еркек қана одан көзін алмай отыр. Бойын ішкен арағы жеңе бастағандай.
– Какая ты строгая? – деді. – Разве можно кричать на свою подругу?
– Послушайте, незнакомец, сидите и молчите, к вам не обращаюсь, не вам судить. Не потерплю, вмешательства чужих людей.
Үлкен кісі жанындағы серігінің санына қолын салып, қысып-қысып жіберді. Ала көзімен қарап, басып шайқады.
Тағы бірдеңелерді айтқысы келген кішісі, амалы жоқтықтан үндемей қалды. Тек басын бұлғақтатып, шайқай берді.
Үнсіздікті үлкен кісі ғана бұзды.
– Жә, жарайды. Болды енді, төсектеріңе қисайып, дем алғандарың дұрыс шығар. Мына төменгі орынға мен жатайын. Кешке дейін шамалы көз шырымын алайық. Ертең таңертең сағат онда құдай қаласа Таразға жетеміз, – деді. Жолаушылардың өзіне тиіскен әлгі үлкеннен кішісі Еркештің ашуын келтіргені анық. Бірақ сыр бермеді, өзін ұстады. Тек өткен жылғы осы поезда болған уақиға есіне түскен еді. Онда жанында Айман болған еді.
IV тарау
Еркештің әр каникулда ауылға қайту үшін мінетін поезы «Томск-Душанбе» деп аталады. Ол 1-ші Алматының үстімен жүреді. Айман екеуі соған билет алған. Бірақ Алматыда өзінің жұмыстары бар еді. Сонда түсіп қалатын болған.
Не керек, вокзалда орыс құрбыларымен құшақтасып, сүйісіп, зорға ажырасты. Билеттегі орны төменде екен, келген күйі құлай кетті. Содан ұйқыға кіріссе керек, оятса тұрмаған. Проводник қайта-қайта келіп, ренжіген сияқты. Оны ол білмейді, бір кезде ұйқысынан оянды. Айманы жоғарыда жатыр. Жол қапшығын алып ашып бір бөтелке арақ пен стакан шығарып, аздап құйып ішті. Басы өзінікі емес сияқты. Тағы да құйып ішті, нан жеп, ауызындағы ащы дәмді кетірді. Сосын жан-жағына қарады. Бір орыс кемпірі бүкшиіп, теріс қарап отыр екен оның жанында. Әлі сырт киімдерін де шешпеген:
– Вам далеко ехать, – десе, әлгі сұмырай:
– В Ташкент, к дочке еду, – деп жауап берді. – Да только мое место оказалось наверху, а я не могу туда залазить, – дейді.
Оның орнын сұрап отыр ғой, «албасты» кемпір, басы ауырмаса өзі-ақ берер еді ғой, қой ала ғой, доңыз неме, бермесе болмас.
– Мать, вы распологайтесь внизу, на мое место, а я полезу наверх, на ваше 13-место, – деп еді, әлгі сығыр кемпір қуанып кетті, көздері жылтырап күледі, албасты неме.
«Қартайғанда кім біледі, мен де осындай болармын».
«Сұмырайдың қуанғанын қарашы».
– Спасибо, дочка, большое вам спасибо, – деді кемпір, сосын өтіп бара жатқан проводникті шақырып алды, оған өзінің төмендегі оның орнына жайғасқанын қуанып айтты.
Проводник одан төсеніш, көрпешесінің төлем ақысын алды да, қарап тұрып:
– Ты казашка, – деп сұрады.
– Зачем так много водки пила, еще мусульманка – деді жақтырмай. «Ал әйтпесе, жетпегені осы еді, енді осы неменің ақылын тыңда».
– Послушай, проводник, меня подруги провожали, поневоле так получилось – деп еді, ол басын шұлғып күлді. «Түсінсең бопты, баршы әрі, басым сенсіз де ауырып тұр».
Сонымен, төсегін салып алды да, тағы елу граммды аузына құйып жіберді, көрпешесін оранып, ұйқыға кірісті. Томск мен Алматының арасы қашық қой тіпті, ал ауылға жеткенше іші көгеріп кете жаздайды. Әйтеуір сағыныш деген жарықтық жетелеп, байқатпайды. Жастықта адам төзімді келеді екен, шаршамайды, оның үстіне оқудың бір курсын бітіріп қуанып келе жатқан соң ба, тіпті де шаршағаны білінбейтін сияқты. Жолшыбай алған тамағын ішіп жеп, қарны тіпті ашқан жоқ.
Әр станцияда тоқтаған сайын вагоннан түседі, таза ауа жұтады, адамдарға қарайды, өздерін көрсетеді.
Орыстың қаласында орысша оқып, қыздармен араласқан соң ба, бойында бұрын жоқ бір еркіндік пайда болған. Боянуды үйренген, еркектер көзін алмайтындай етіп киініп, емінтіп қоюды үйренген. Әкесінікіне тартқан дейтін бураныкіндей қос сан, өзі қысқа тар көйлекке симай, керіп, шеті шығып тұрса еркектер қызықтап, көздерімен еріп жүреді, немесе амалсыз шығарып салады. Анау-мынау бейшара тіршілікке көндігіп, бұрынғыдай қанағат тұтып жүруге, ай қайдам енді ішкі жан дүниесі аспан айналып жерге түссе де көнбейді-ау. Қысқаша айтқанда бостандықтың тәтті дәміне үйреніп қалған. Бір топ тәжіктің еркектері анда-санда емініп, әзіл айтқан болып, тиісіп қояды. Олар Россияда сауда жасап, тапқан ақшаларының буына мастанып келеді. Еркінсіген кейбіреулерінің оңашалағысы да келеді-ау. Қыртына да келген жоқ олары. Көздері қызарған солардың бір тобы ақшаға карта ойнап отырғанын алдында көрген.
Поезд Алматыға жақындаған еді, бұл уақытта заттарын өзінше жиыстырып отырған. Айман құрбысын үгіттеп еді, Алматыға менімен бірге түсіп, қыдырсаң, содан соң ауылға да бірге қайтар ек деп. Ол көнбеді. «Ендеше менің үйіме соқ, уайымдамасын. Алматыға түсіп қалды де» – деді. Осылай екеуі күліп әңгімелесіп отырған. Ол киімдерін қолына алып, ауыстырып кигелі туалетке барған-ды. Ішінен жауып алып, үстімдегі жол киімдерін шешкені сол еді, біреу есікті ашып, кіріп келе жатты. Қараса есіріктенген әлгі тәжіктердің біреуі. Жандәрмен қимылдап, қолындағы киімдерімен бетінен салып жіберді де, бура санды аяғымен кеуде тұсынан аямай бір тепкенін біледі. Әлгі тәжік жауып үлгермеген ашық есіктен қарай ұшып кетті. Әлде дем ала алмай қалғанын, әлде басын бір нәрсеге қатты соғып алғанын білмейді, құлаған орнынан тұрған жоқ. Ол жандәрмен киімін үстіне іліп, қашып шықты.Ашу мен намыс бойын кернеген. Купесіне келді де Айманды проводникке жұмсады. Киімдерін толық киіп болғанында топтанған тәжіктер де, проводник те келген еді. Ол кінәлі тәжікке тұра ұмтылды, проводникті де кіналады. «Милицияны шақыр» – деп тепсінді. Ол қазір поезд Алматыға келген соң милицияны ертіп әкеліп, әйтпесе өзім қаматамын деді. «Қазақстанның жерінде қазақтың қызын басына алмайсыңдар» деп, айқайға басты. Байқайды, беттерін қайтарған сияқты. Олар басылып қалды, бірақ біреуі 13-орынның иесі кім деп сұрап тұрып алды. Проводник олардың қолына билетті ұстатты. 13-і орынның иесі кемпір екенін олар көздерімен көрген соң басылып қалды. Тәжіктер кемпірге қарап бастарын шайқасты, өз тілдерінде бірнәрселерді айтып, ақыр соңында қарқылдап, бәрі қосылып күлді, кінәлі тәжіктің арқасынан қақты. Шамалыдан соң тарқап кетті. Олар кеткен соң проводник тәжік істің мән-жайын қыздарға түсіндірді. Олар ақшаға карта ойнағанда тәжік ұтылады. Ойынның шарты бойынша ұтылған тәжік ұтылған цифрдағы орында жатқан адам әйел болса, поездың үстінде, сол күні зорлауы керек екен. Егер ол қолынан келмесе, ол кінәлі болып саналатын сияқты. Оны онда жанындағылар, өлім жазасына кесіп, сол күні өлтіреді екен. Сонымен Еркештің соңынан еріп, есікті ашып туалетке кірген соң, тәжік оны зорламақшы болыпты. Ендігі сын 13-і орынның иесі кемпірге келіпті. Проводник әлгі тәжіктерден қорқатынын жасырмады. Ауған соғысына қатысушылар деп саусағын аспанға меңзеп қойды. Кемпірге қарайлап, аяғандай түр көрсетті. Ал оған, «Алматыда түсетініңіз жақсы болды» деп, қолына билетін ұстатты. Әйтпесе, ұтылған тәжік қастандық жасауы мүмкін дегенді сездірді. Бұл әңгімені естіген Айман құрбысы аяқ астынан айнып, ол да Алматыда қалатып болып келісті. Екеуі бірге Алматыда түсіп қалды.
Осындай жолда жүргенде өзіне де обал жоқ, жас, ақылы толықпаған қыздардай, бойын ерекше ұстап, көзге түсуді қою керегін түсінеді-ау, білетін де сияқты, бірақ қазақта мақал бар емес пе, «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген. Солай болу керек, оның үстіне есек дәмемен құдайдың берген ерекше мүшелерін көрсеткісі келіп тұрады ғой. Өмірі осылай өте ме деп те қорқады. Бірақ бой үйренген еркіндік пен бостандыққа шіркін, не жетсін деп, байқамай бәріне де қолын бір-ақ сермейтін болыпты. Әсіресе осындай жолда жүргенде абайламаса бір күні опық жеуі мүмкін. Бүгінгі сақтық соның сабағы десе де болады.
Еркеш ұйқысынан оянғанда бірінші ойлағаны «біз қай жерге келдік, Қай уақыт болды екен?». Жәйлап көзін ашты. Поездың доңғалақтары сарт-сұрт етеді. Вагон ілгері-кейін теңселіп, поезд әлі жүріп келеді екен. Купенің ішін қаракөлеңке басқан. Басын көтеріп, жан-жағына көз салса тым-тырыс. Бірақ келер купелерде дабыр-дұбыр сөйлескен дауыстар естіледі. Еңкейіп отырды. Төмендегілер ұйқыда. Умида жамылғышқа оранған күйі ұйқыны соғып жатыр. Екі аяғын төменге салбыратып жіберіп, жәймен сыпырылып еденге түсті. Жеңіл жамылғышының етегін қымтап, шаштарын түзеді, қолын созып, сүлгісін алғанда біреудің өзіне қарап жатқанын сезді. Бұрылып еді, жасы үлкен кісінің көзіне көзі түсті. Оның жылы жүзі үнсіз ғана жымияды. «Тұрдың ба?» дегендей. Ләм деместен туалетке қарай беттеді. Беті-қолын жуып, үсті-басын реттеп, қайтып келгенде купеде әлі қаракөлеңке еді. Дастарқан мәзірін жаймалап қойған екен, тіпті жолсеріктен алған-ау, қайнаған суы бар шәугімге құрғақ шәйдан салып, үлкен кісі шәй ішуге дайындалып, қойыпты. Еркешке қарап, күлімсіреп отыр. «Енді шәй ішпесең болмайды» деп тұр түрі.
Осы кісіге неге екенін білмеді Еркеш іші жылып, еркелегісі келіп кетті. Тіпті сөзге келместен столға жақындап, ұйқыдағы Умиданың жанына жайғасты да, дастарқандағы тамаққа қолын созды. Бұлармен бірге ас жеймін деп жоспарламаса да, өз-өзінен осылай болды. Талған өзегі, ашқан қарыны ма билеген оның қимылын, белгісіз. Жоқ, мына жасы үлкен кісінің жылы күлкісі, мейірман жүзі-ау шамасы, әлде оның бағанағы серігіне айтқан әңгімелерінің әсері ме екен? Бұл кісіге өтірік айту әбестік сияқты көрінді. Сонымен, Еркеш қарны ашқанын жасырмай, тамақтан рахаттанып жей бастады. Шәйға қараған жоқ. Үйеме еттен қысылмай асап жеді. Ішіне картоп салып, майға қуырып пісірген бәліші мұндай дәмді болар ма? Сөйтіп отырып жан жағына көз сап отырды, басқалардың бәрі тәтті ұйқыда еді әлі. Суи бастаған ыстық шәйдан ұрттап қой, жасы үлкен кісіге күліп қарайды. «Сіз жақсы адамсыз, көкені» көздерімен білдіреді. Ішкі бір тетік босап кеткендей:
– Көке, сіз мені қазақша білмейтін тәжік қыз деп отырсыз ба әлі? – деді қазақша, өзі күліп жіберді.
Жасы үлкен кісінің ауызындағы жеп отырған тамағы әрі қарай өтпей түйіліп қалды-ау, шамасы. Көздері дөңгеленіп ұясынан шығып кетердей үлкейіп кетті. Шын түйіліп қалды.
Еркеш әкесіне еркелегендей, жеңіл қозғалып тұрды да, өзімсінген қалыпта оның арқалығынан жоғарылау жерден жеңіл қимылмен түйгіштеді.
– Абайласаңызшы, не болды сізге. Үйіңізге аман-сау баруыңыз керек қой. Түйілмеңіз, ары қарай өтті ме? – деді Еркеш жұмсақ үнмен. – Енді шәйдан ұрттаңыз, осылай.
Жасырудың есебін таппай ол:
– Атым – Еркеш, – деді, сосын тағы да сөзін жалғады.
– Қазақтың кәдімгі қара қызымын, әкемнің еркелетіп қойған аты Еркеш.
– Мәссаған, ал мен қазақ емес деп келемін, шын сөзім. Әй, жарайсың қызым, жол бойы бір сыр берген жоқсың, нағыз әртістер бұлай ұстай алмас өздерін. Бірақ шын сөзім, қазаққа онша келмейсің.
– Оны өзім білемін, үнемі бейтаныс адамдар мені түрікке немесе цыгандарға ұқсатады да жатады, әйтеуір қазақ деп ойламайды. Әкеме тартқанмын-ау, ол кісі мұрынды. «Қалай жаңылысқамын, сені бала етіп жасамай» деп, ол кейде күледі. Өзі мені жақсы көреді.
– Еркеш-ау, сені жақсы көрмеу мүмкін емес қой, қызым. Кешір, денең де, түрің де келіскен құдай біледі. Менің мына әумесер інімнің ерсі сөздерін кешірерсің, естіген болсаң.
– Есіттім ғой.
– Кешір мені, алжи бастаған ағаңды. Мен сені түсінбес деп, оны тоқтатпап ем.
– Есіттім ғой.
– Сені ол, есінен танып жақсы көріп қалды. Әйелімнен ажырасып саған үйленемін, егер сен келіссе дейді. Көрдің бе, қалай-қалай алжасады адам, отыздан асқан адамның сөзі деп кім айтады.
– Неге, себебі бар шығар? – деді Еркеш.
– Ойбай-ау, екі-үш баласы бар ғой.
– Көке, маған бір ой келіп тұр, қалай қарайсыз білмеймін. Алдымен сізге соны айтайын, пікіріңізді содан кейін айтарсыз.
Мен сіздерді көргенде, басында-ақ қазақ емеспіз дейік – деп ем, Үмітке. Құрбым өзбектің қызы, аты Умида қазақша таза сөйлейді. Мектепте орысша оқыған. Опдағы ойым біз туралы сіздер не айтар екен естиік, түсінбеген қалыпта отырайық деп оған тапсырма беріп едім. Көрдіңіздер, мінезі жеңілтек, бірақ. Сосын кейін еске алып күлерміз, не қорытынды жасармыз деп ойлағанмын. Егер сізден басқалары әлі білмесе осы рөлімізді аяғына дейін ойнайық, ал сіз құпиямызды ашпаңыз, білмеген болыңыз, ең болмаса қоштасқанға дейін. Қалай, келісесіз бе? Маған тағы да бір ой келіп тұр. Оны кейінірек өзіңіз түсінерсіз.
– Қайдам, қалқам, білмеймін ғой. Аяғына дейін не боларын бұл тірліктің. Жас емеспін, мыналар кейін маған ренжіп жүрмесе.
– Ренжімейді. Төтенше ештеңе де бола қоймас.
– Жарайды, шырағым. «Айналайын!» деп айтуға батпай отырмын. Сендей қыз маған келін боп бұйырмады ғой. Балалар үйленіп қойған тегіс, әйтпесе өзіңе құда түсіп баруға мен пейілмін.
– Әкемнің де екі сөзінің бірі осы «Айналайын!». Риза болғанда жиі айтады. Мен де соны сағынып келе жатырмын. – деді Еркеш.
– Жарайды, айтқаның болсын, қызым. Тәуекел.
Еркеш столдың үстін жинастырып, қалдық тамақтарды сыпырып алды да, сүрткілеп, ыдыстарды жуып, бетіне газет жауып, тазалап қойды.
Сосын ұйқыдағыларға көз салды, олар қозғалатын емес. Поезд екпінін бәсеңдетіп келіп бір станцияға тоқтады. Вагонның светтері жанды. Еркеш вагоннан перронға шығып аз уақыт таза ауамен дем алды, оның көңілі көтеріліп қалған еді. Қарны тойған. Станцияның атының қандай екеніне қараған жоқ, бірақ.
Қайтадан ішке кіргенде Умида ояныпты, ал ұйқыдағы ер адамдар тегіс тұрған екен. Бастары ауырған болар, соны жазуға асығып, столдағы тамаққа, одан да бұрын арақты ішуге кіріскенін көрді. Өздері көңілді. Тұрып жүрген Еркешті көріп сәл таңырқағандай, содан соң дереу ығысып орынға отыруға шақырған еді.
– Сестра, садитесь, покушайте вместе с нами, – дейді қызбалау Еркешке ғашық болып қалған ересегі ентелеп.
– Спасибо, наверное соглашусь, хотя кушать не хочется.
Ұсынған орынға Еркеш асықпай жайғасқан. Ғашық жігіті дереу оның жанына икемделіп алып, құнжыңдап қызмет етуге кірісті. Тағамның түр-түрінен оның алдына жақындатқан.
Еріксіз Еркеш дәмнен жеуге кірісті. Ал жігіті әр тағамның түрінен қолына беріп, ұсынған сайын амалсыз жеген адам сияқты аздап дәм татып қояды. Осылай мәдениетті сыйлас ғашықтардай екеуі сызылып қалды. Жігіт болса мәз, күліп, себепсіз ыржыңдап отыр. Кенеттен кешірім сұрап, ағат жіберген адамдай бөтелкеге жармасып, стаканға арақ құя бастады. Оны Еркештің қолына қоярда қоймай ұстатты. Неге екенін өзі де білмей қалды-ау:
– Мен осы тосты, арамызда отырған тәжік халқының өкілдері мына екі сұлу қыздың денсаулықтары мықты болуы үшін ішіп тауысып қоюды ұсынамын, – деді қазақшалап қызбаланып. Өзі стакандағысын аузына құя салды сонан соң.
Умида жәутеңдеп, Еркешке қараған еді, ол рұқсат дегендей басын изеді. Бірақ бір саусағын шошайтты басқаларға білдірмей.
– Если настаиваете, чтобы не обидеть Вас мучщин-казахов, выпью из уважения к вашей наций, которых я вообще люблю, но только вот этот стакан водки выпью с условием потом если вы еще не будете предлагать и обижаться, – деді Еркеш жан-жағындағыларға.
– Как, согласны ли вы все, со мной.
Әйтпесе ішпей қояды деген қауіппен олар бас изесті.
Еркеш Умидаға басын изеді тағы да, сосын өзі бастап стакандағы ақты аузына төңкеріп тастады. Қарап отырған төрт еркек ризашылықтан таңырқап, қарап қалған еді, тек ғашық жігіт қалбаңдап оған тауық етін ұсынып жатты.
Еркештің бар қимыл, сөзіне ісіне зер сап отырған үлкен кісі әлі үнсіз отырды. Не істер екен дегендей мына қыз, бірақ, өзінің берген уәдесі есінде.
Еркеш оған қарамайды. Әдейі болу керек.
Тамақтан жеп отырғандар сыраға кірісті. Еркеш одан бірден бас тартты:
– Водку с пивом не смешаю.
Амал жоқ, еркектер өздері ішуге кірісті. Мына тәжік қыз кесіп сөйлейтін бәле ғой өзі десіп отыр іштерінен. Айттым бітті. Әрі тәнті, әрі риза еркектер.
Әрі-бері ғашық жігіт тағы бір стакан іш деп үгіттеп көріп еді. Еркеш оған ерсілеу қараған, сонымен қойған ол.
Содан кейін олар өздері біраз сілтесіп алған. Тамақ желінді. Болды-ау деген кезде, Еркеш орнынан тұрып еркін қимылмен, бірақ өз бағасын түсірмей столдың үстін жинады. Қалдықтарды Умидаға беріп, шығартты.
Тағамның сосын бетін газетпен жапты.
Бәрінің көздері оның жинақы қимылын бағып қалған. Сонда да оның құлын мүшелі денесіне сүйсінген, бір түйсікпен көңіл жиегінің экранында ұстап отырған.
Еркеш мұндайда асықпайды екен. Көрсін, көңілдері тояттасын. Сосын шыдамсыздары сыр беріп қалар өздері-ақ, ал мен әлі олардың алдында көлбеңдей түсейін дейтіндей ішінен.
Ынтыға түссін, ынтыға түссін әлі де деп тұрғандай қимылдаған денесінің әрбір мүшесі.
Жасы үлкен кісі іштей жымиып, зерлеп отырғанын басқаларға білдірмей риза көңілмен басын шайқағандай.
«Мынау нағыз жезөкше екен».
Манадан ішіңкіреп алған ғашық жігіт Еркештің бүкіл денесіне сүйсіне қарап, оны ешкімнен жасырмай, жұтынып отырды.
«Қалай, ә, қыз деген осылай болу керек емес пе? Мен оны текке мақтағам жоқ, текке жақсы көргем жоқ қой». Қап-қара иығына төгілген қара шашқа қолын созып-созып қояды. Елігіп сипағысы келіп-ақ отыр. Тіпті отырғандардан қысылатын емес. Кейін қарай шығыңқы бөкседен ұстағысы да бар-ау, көзін алмайды. Тоқ балтырдан жоғары бура санға қарай беру ұят болар. Біреулер байқап қалса дегендей, көздерімен еріксіз бір сипап өтуде олар.
Бірақ сұлулық әдепке қарай ма, олардың көздерін магнитше тартады. Амал жоқ, көздерімен тағы сол жерлерді сүзіп-сүзіп өтеді. Бұған не істерсің?
«Менің денеме қарап болдыңдар ма? Көңілдерің толса, ойға жатталса бопты». Бұл Еркештің ішкі ойы. Жәймен басып Умиданың жанына отырды. Ғашық жігіт лып орнынан тұрды да, Еркештің жанына жайғасты барып. Ұсақ-түйек әңгімелер айтып, оған сүйкеніп отырғанын мәртебе көретіндей. Қолдарынан ұстайды, сипайды, ішкі ынтығына бағынып, еліріп отырды. «Оңашаға жүр, шығайық» деп, көптің көзінше айта алмай қиналады.
Еркеш оның емеурінін түсінгісі келмейтін ыңғайда.
Көпке ортақ тақырыптар, анекдоттар айтылды. Ақыры шыдамы таусылғандай ғашық жігіт ішкен арағының әсерімен ойын ашық айтуға шықты. Еркешті алғаш көргеннен-ақ жақсы көргенін, оған куәге серіктерін тартты. Осылай, енді өзінің өмірінің онсыз мағынасыз болатынын айтты. Еркештің онымен бірге Таразда қалуы керек екен, тоқетері. Оның алақандары Еркештің алақанында, саусақтары оның саусақтарын тарамдайды, қысады, білектерін сипайды әңгіменің үстінде. Еркеш оған қой, көпшіліктен ұят болады демейді. Умида аң-таң, үлкен кісі ішінен риза, екі бозбала не ойлауын білмейді-ау, тек күле береді.
Осылай біраз отырған соң біреу, кім екені белгісіз демалайықты айтып қалды. Ғашық жігіт Еркешке денесін жабыстыра түсіп жақтырмай, әлі ертені сездірді.
Шынымен қазір айырылып қалатындай, қорқып отыр. Жалғыз ғана бір келісім сөзін күтетіндей, Еркештің көзінен көзін алмайды.
Үлкен кісі ғана осы атмосфераға елікпей ішінен сылқ-сылқ күліп отыр. Еркештің түлкі ойын сезгендей. Риза. Нағыз жезөкше екен-ау, дегендей сүйсіне, тәнті болып отыр. Еркешке «бұлай отыра беру жараспайды енді» деген ой келді ме екен. Қолын босатып алды да, алда түн барын, түннің ұзақ болатынын, тәңірдің таңы атса шешілер бұл мәселе де дегендей, жұмсақ наздана күлгенде оған отырғандар тегіс риза болып, қоштаған. Жігіттің қол-аяғы түгел, тілін де, жүрегін де өстіп жіпсіз байлаған.
Умидаға «темекі шегемін» деп қаңғыманы, осы үнмен сездірген.
«Көке, дұрыс па, менің сөзімді» үлкен кісіге сұраулы көзқарасымен сездірген.
– Ал, балалар, жатып дем алайық, уақыт біраз болып қалды білемін, – деді үлкен кісі, Еркешке жауап бергендей.
– Спокойной ночи всем, – деп Еркеш тілегін айтты, қазақша білмейтін тәжік қызының рөлін жалғастырып.
V тарау
Төсектеріне жатып, светтерін өшіргенімен екі үлкен ер адамдар оңайлықпен ұйықтай алмай дөңбекшуде болды. Ақыры ғашық жігіт сыр беріп қойды, арақтың жеңгені сезіледі.
– Аға, сіз де ұйықтай алмай жатсыз ба? Мен бір алданған жас баланың сезімін басынан өткергендей күйде, өзіме риза болмай дөңбекшіп жатырмын. Зу-зу еткізіп ешнәрсені ұстатпай, не тиянақты жауап бермей, менің адал сезімімді сыйламай басымнан сипап, бетімнен сүйіп, кәмпит беріп риза еткен сәбидей мені жерге отырғызып, өзі ұйқыға кетті мына тәжік қыз деп, айран асырмын. Не ашулана алмаймын, не риза бола алмаймын өзіме. Осылай ара-дара жатырмын. Бұған не айтасыз?
– Мен де ұйықтай алар емеспін. Менің ойымдағы нәрселер ертең сағат онда Таразға келетініміз, бала-шағаны көретініміз.
Сосын біздің «жезөкше» бастығымызға жолығу, оған ағаштан түскен пайданы ол төртеуімізбен тең бөлісуі керегін оған айту.
Ал, сенің жағдайыңа келсек, сенің де мен сияқты әйелің, бала-шағаң бар, қызбалық саған не керек деп ойладым. Мына қыз сұлуына сұлу, ақылдылығына дауым жоқ. Жақсы қыз. Шыным, балаларымның басы бос біреуі болса, ойланбай әперер ем. Түсініп отырсың ба? Егер балаларымның біреуінің басы бос болса деп отырмын. Сол сияқты сенің де басың бос емес. Өзің білесің.
– Сол ғой, менің діңкемді құртып отырған. Өзегіме құрт түсіп кетті ғой. Көзімен көрсе, балаларыңның да менің сөзімді айтары анық. Несі барын білмеймін, арбады да қойды. Тәуекелге барсам ба деймін. Атам қаза сияқты, үйдегі ақымақ әйелді отставкаға жіберсем қайтеді. Сосын, тәжік қызға үйленсем деген ой жанымды жеп барады. Адам дүниеге бір-ақ келмей ме? Ол да маған кетәрі емес сияқты. Аға, қалай ойлайсыз?
Өзі үстіндегі орыннан басын салбыратып көре алатындай төменгі орында жатқан үлкен кісіге еңкейіп қарайды. Шын ниетімен.
«Аңғырттық-ай, аңқауын-ай, мына баланың». Бұл үлкеннің ойы. «Ол қыз сен түгілі, мені де алпысқа келіп қалған алдап кетті ғой» деп, бір пәс айтқысы келді шынын. Уәдесін беріп қойды ғой бұл қу қызға, бірақ. Ал, уәде құдайдың аты емес пе. Сосын арты ушығып кетуі де мүмкін, шындықты айтса. «Ах, солай ма, тәжік емес деңіз, қазақтың қара қызы деңіз ақымақ етіп отырған бәрімізді. Мен ақымақтың мазақ болып жас балаша ғашықпын деген сөзіме күліп отыр деңіз. Онда қатын, бала-шағамның барын біле отырып, күлкі етіп, тәжікелейді екен ғой. Оған мен көрсетейін ақымақты» деп, Еркешті бас салмасына кім кепіл інімнің. Құдай, сақтай гөр, Алла тағала өзіңнен кешірім өтінемін. Ойыннан өстіп от шығып кете жаздапты-ау. Не істеймін? Ішім сезіп еді-ау бірдеңені. Қой, бір елі аузыма, екі елі қақпақ қоямын», – деп, үлкен кісі өз ойынан қорқып кетті. Енді бұған не айтамын?
– Аға, неге үндемейсіз? Осы қыз нағыз жезөкше-ау деймін. Неге екенін қайдам, осы ой басымнан кетпейді.
– Қыз жақсы қыз, ақылды, зерек. Дұрыс айтасың нағыз жезөкшенің өзі. Бірақ жақсы мағынасында.
Саған мен мынаны айтайын. Осы елбасылар бар ғой, олар да өз хал-қадірінше әртүрлі деңгейдегі жезөкшелер. Бірақ олар саясаттағы жезөкшелер. Өз елі үшін бөтен елдің басшыларының бірін алдаса, екіншісін өтірік мақтайды, үшіншісін өтірік жақсы көре салады, төртіншісіне одан артық жақын дос жоқтай, ал бесіншісіне томаға тұйық жақтырмай қарау арқылы қорқытып, үркітеді. Сонда не үшін десейші, сол өз елінің пайдасы үшін, өсіп өркендеуі үшін екен ғой ойлап қарасаң. Бұл саясат, ел басқару өте үлкен, шетсіз-шексіз қиын ауыр жұмыс екен.
Орыстардың саясатын алып қара, не қытай басшыларының түпкі мақсатын ал, немесе алыс Американың қарым-қатынасын алып қара.
Мұны саған неге айтып отырмын, әр нәрсені, мейлі кішкентай болсын, не ол мейлі өте үлкен болсын салыстыру арқылы ғана шын дәрежесінде түсінуге болады.
Сен қыз туралы сұрадың ғой, айтарым сол – ол жақсы, ақылды, көрікті, көсем қыз. Бірақ, ақылды жезөкшенің өзі.
Үнсіз тыңдап жатқан інісі терең күрсінді. Сол күйі одан кейін оған қайталап сұрақ қойған жоқ.
Ал мұны есіткенде, Еркештің жүрегі тоқтап қала жаздады десе де болады. Ол да үнсіз, өтірік ұйықтаған болып екі адамның әңгімесіне құлағын тосып жатқан. «Мәссаған, безгелдек» десе, бір қазақ. Оқу кітабындағы «Міне, саған керек болса Юри түнінің» баламасындай болды. Бұл түннің әңгімесінен жасаған қорытындысы. Өз ойынан өзі шошып еді, оған мына көкенің әңгімесі үлкен нүкте қойғандай әсер етті. «Жат, жабысып қал төсекке, жезөкше» деді ішінен Еркеш өзіне. Оның алғаш өзінің Кеңеске қалай күйеуге шыққаны есіне түсті. Содан кейін қашан оқуға түсіп сонда кеткенше өзінің қалай өмір сүргенін көз алдына елестетті. Қиын кезеңдер-ау.
VI тарау
Еркеш өзінің келешегі туралы соңғы кезде көбірек ойланатын болды. Күндіз демей, түн демей. Сиыр сауып отырса да елеусіз желіннен шыққан сүттің күмпілдеп шелектегі сүтке қосылған даусы оны ойға жетелейді.
«Қайтып келген қыз жаман» деп тұратындай еді. Елді өсекке, еріккендерді оны ермек етуге итермелейді.
Қайтсе бұдан құтылады? Жеңгесі Айша совхозда әйелі қайтыс болған агроном адамға күйеуге шығуға Еркешті үгіттеген еді. Екі-үш балаларымен қалыпты. Әлде соған келісу керек пе? Өзі келіп танысып, сөйлесіп жатса, көңіл көздері жарасып тұрса неге шықпасқа. Ол оны жасамады, кеудеге із салмады көздері, қалайша еріп кетпек оған.
Сөздері жарасып тұрса, бір ауыздан шыққандай Еркеш еріп-ақ кетер еді ғой, ол бірақ көңіліне ұяламады.
Неге екенін қайдам.
«Ал енді саған өзі бойдақ, ұзын бойлы, атжақты, кең маңдайлы, қыр мұрынды көсем, көп құрметтеген жігітті қайдан тауып береді ел саған, Еркеш-ау», – деп өзіне өзі сұрақ қойып сөйлесуді шығарды кейде жыны келіп күйзелгенде. Бойдақ та емессің ғой, ең болмаса. О, құдай не істемек керек. Өкпелеген Айша жеңгесі артынан талай өсекті айтқан да шығар. Тығырықтан шығар жол бар ма?
Мектеп бітірісімен оны алып қашып, үйіне әйел еткен күйеуі есіне түссе елжіреп кетеді. Өзі сезімтал, өңді жігіт еді-ау. Оны кінәлап болмайды. Қолына гитарасын күмбірлетіп ән салғанда керім еді-ау. Ел төбесіне шығарып еркелететін, жастар жақсы көретін тойдың гүлі еді. Еркештің өзі ғой кінәлі. Әкесіне еріп, ер балаша өсті. Анасының әдептен аспау керек деген тәрбиесі оны мектеп бітіріп, есік көргенде де сол ұғымда ұстап түрды, томаға тұйық етіп жіберді. Қызғалдақша құлпырған жоқ, ашылмады. Күйеуіне еркелеп, қылық ашпады. Мойнына асылып ерітпеді, өзіне байламады. Түйсіксіз деп ойлаған шығар күйеуі сол күндері.
Көбелекше үйіріліп, өзіне жабысқан келіншектерді былай қойғанда, оған ғашық қызба қыздар да аз емес еді ғой. Ақыры аузының салымы бар айлакер біреуі қолына түсірді оны.
Төсекте бірге жатқан жерінен қыздың ағаларын ертіп кеп жеңгесі ұстатып, қылбұрау салғызып, заң орындарына айтамыз деп, түрмемен қорқытып, еріксіз сол қызға үйлендірген.
Еркеш күйеуімен ол кезде некесін де қидырмаған. Үйіне кетейін десе аяғы ауырлаған кез. Солай жіпсіз байланған. Алып қашып кеп үйіне әйел етіп алса да, неке қиғызбай жатып, екінші қызға еріксіз үйленіп, соған күйеу болып, сонымен қосылып өмірлері екіге ажыраған. Адам айтса сенгісіз.
Қыздардың күйеуге шығып, қызғалдақтай құлпырып бақытты сезінер шағында Еркеш жарты жыл өтпей осылай күйеуінен тірідей айырылып, тірі жесір атанып барған жерінде босанды. Балпақтай ұл туды, атын Батыр қойды.
Бірге қуанып, бірге қызықтауға тиісті күйеуі бөтен әйелінің үйінде өкініш уын ішіп, оңашада қайғыдан құса болып, қолдарын шайнап жатты. Еркеш осылай өмірінің алғашқы баспалдағында-ақ бақытсыз жар атанды. Жөргектегі бөпесін құшақтап, әкесі мен анасының қолына тастанды әйел атанып қайта оралды. Бұлай боларын білмеді ғой. Әкесі мен анасының үйреткен әдепті қызы болмай-ақ, күйеуінің басын шыр айналдыратын арсыз, әдепсіз-заманасына лайықты, күйеуін тауып қосылған бақытты әйел болып отырар ма еді қазір.
Эх, Кеңес, Кеңес, қанағатсыз албырт жастықтың отымен қайнап-қайнап қателескен саған не айтамын, не қоямын. Міні енді соның ащы жемісін жеп, өмір бойы өкінумен өтеміз сен де, мен де, тірі жетім баламыз Батыр да. Жаны күйген әкем мен анамды айтпағанда.
Екі көзіне ерік берген Еркеш, осындай ойлардан соң оңашада жылап-жылап алатын. Әке-шешем байқамасын деп тағы бетін жуып әбігерге түсетін.
Елдің қаңқу сөзінен қашып, үйден шықпай қанша жыл қамалып өмір сүрді десейші содан кейін. Тек осындайда ғана сол өткелең кездер есіне түседі.
Неше жыл өтті содан бері. Санауға қорқады. Етегін жауып, еркектерден қашып қашанға жүреді. Елдің өсегінен қорқып, өміріне өзі балта шабуы керек пе?
Жоқ, әлде бәріне қолын бір сілтеп әйелдік өмірдің қызығын көрген көргені дұрыс па? Адамның өмірі қайталанбас қайғы мен қуаныш сезімдерінің жиынтығынан тұрады екен ғой.
Бір күні ойламаған жерден ажырасқан күйеуінің туған жеңгесі үйге келген. Сол есіне түсті.
– Шымкенттен қыдырып, күйеуің Кеңес келді. Сені көріп жолыққысы келеді. Біздің үйде күтіп отыр, – деді, ол. Еркештің жүрегі жиілеп соқты.
Келді ме, қаншама жылдан кейін. Не айтпақшы ол. Мен не айтуым керек. Жоқ, мен оған күйеуге екінші рет шықпаймын енді. «Үш қызы бар» деп еді. Олардың жазығы жоқ, оларды тірі жетім еткенім адамдыққа жатпас. Екеуімізде маңдайға жазылғанын екі бөлек көруіміз керек. Әйелінің қарғысына, елдің өсегіне қалғым келмейді.
Еркеш ұнайтын киімдерін киді. Бет-аузына жағатындарын жақты. Айнаға қайта-қайта қарап болған соң, шықты көшеге.
Ол үйге кіргенде бөлменің ортасында Кеңес күтіп тұр екен.
Олар бейтарап күйде амандасты. Біріне-бірі сын көзбен қарап қалған. Олардың жанарында өкініш те, таңдану да, қимас сезім де байқалды. Бұрынғы момын, қалай болса солай киінетін Еркештің тіпті адам сенбестей өзгергеніне Кеңестің таңырқағаны көрініп тұрды. Реңі бұзылып кетті.
– Батыр өсіп жатыр ма? – деді.
– Иә. Көремін десең үйге кел. Әйтпесе, оны саған жіберейін. Мен қызғанбаймын, оны әкесінен. Баланы әкесінен ажыратпаймын. – деді Еркеш, өзі еріксіз күрсінді.
– Рахмет. Мен сендердің алдарыңда мәңгі кінәлімін. Кешіре алсаңдар, кешіріңдер мені. – деді Кеңес. – Мен қателестім.
«Оны айтқаныңнан біздің өмір өзгермейді».
Екеуі де тұрып сөйлесті. Отыру ойларына да келмеді.
«Қайтадан қосылайық, мен әйелімнен ажырасамын» деген жоқ Кеңес.
– Жақсы, басқа айтар сөзің болмаса, мен кетемін. – деді Еркеш.
Кеңес үнсіз, тіл қатқан жоқ.
– Сау бол! – деді Еркеш. Өзі бұрылып есіктен шығып жүре берді.
Үйіне қалай жеткені есінде жоқ Еркештің. Аулада ойнап жүрген Батырды көрді. Жанына барып:
– Папаң келген екен. Сені көргісі, сөйлескісі келеді. – деді құшақтап, шашынан сипап иіскелеп тұрып.
– Жоқ. Мен оны көргім келмейді. – деді Батыр айқайлап. – Мен бармаймын, ол келмесін.
Көздерінен ыршып шыққан жастары бетінен ақты. Еркешті құшақтап, солқылдап тұрып жылады.
Еркеш кеткен соң Кеңес есікті іліп алып, ешкімді кіргізбей қойыпты. Тамақ ішпеген. Жалғыз өзі бір күн жатыпты. Жылағанын сырттан жеңгесі естіпті. Бұны кейін жолыққанда Кеңестің жеңгесі айтты.
Түн керемет тыныш өтті. Таң атты. Жазғы таң емес пе. Қай қазақтың сәскеге дейін бейқам ұйықтағанын көрдің. Бәрі сергек, көңілді десе де болады. Қыздар жуынып, таранып, опа-бояуын жағынып, иіс суының жұпарын аңқытып, еркектерге ерекше әсер еткен.
Таңғы дәмге бір серпіліспен, уәделескен бір уақытта дегендей жиналған. Бәрі үнсіз. Бірақ, еркін қимылмен дәмге отырған. Арақсыз, сырасыз жылы мейіріммен тамақтарын жеуде. Ыстық шәйді үрлеп ішуде.
Жолаушылар жолға шыққанда тек тамақ жегенді біледі. Одан басқа кей бейтаныстар бір-біріне ыстық ықылас білдіріп, жақсы қасиеттерімен көрінуге тырысады. Сондайдан бір-біріне деген құрмет, немесе ыстық қатынас туады. Тіпті, кейде махаббат оянып, қол алысып, не қол берісіп жатады. Еркеш пен оған ғашық болған жігіттің арасында да көзге көрінбейтін аса бір құдіретті қасиетті қатынас орнағандай. Жігіттің көздері нұр шашып тұр. Еркештің жауабын күтетін сияқты әлі. Еркештің үлкен қара көздері оны аялап, мен сені ренжітпеймін деп тұрғандай.
– Доча, вы наверное уже готовы дать ответ на предложение руки и сердца моей братишки, – деді үлкен кісі. Осы жауапты, осы кезеңнің сұрағын өз қолымен шешкісі келгендей.
Еркеш күлімдеп, көздері от шашып екі қолын жоғары көтеріп ғашығына ұсынды. Олардың қолдары бірігіп бір-бірін қысып тұр. Екеуі еңкейіп бастарын түйістірді. Мәссаған, бұл не боп барады. Жер теріс қарай айналып тұрған жоқ па? Бәрі аң-таң.
Үлкен кісісі өз көзіне өзі сенбей тұрғандай. «Әзілдестік келгенше, бірімізді біріміз ренжіткен жоқпыз, жақсы сыйластықпен енді әрқайсымыз өз жолымызбен өмір сүрейік. Ешқайсыңыз бізді кінәламассыздар» деген сияқты бірдеңені есітемін деп ойлаған. Жоқ, бұл қыз біреудің жанұясын бұзып, әйелінен, ерін балаларынан ажыратып, жылатып өзінің бақытын таппақшы ма? Жүзінде сұрақ, ауызы аңқиып отыр.
Умиданы айтсаңызшы. Есеңгіреп отыр. Аң-таң.
– Ну, Еркеша, ты даешь, что все это серьезно да? – деді ол құрбысына таңырқай қарап.
Еркеш сыр берсейші, жазған-ай, қаншама адам өзін сынай қарап отырғанда. Қайта одан сайын рөліне кіріп, айнымай, өз ойлағанына жұртты сендіре түседі ғой. Одан сайын қанаттанып, арқаланып кетеді.
– Конечно, моя подруга чему удивлятся тут. Я ведь тоже должна выйти когда-то замуж. Правильно? Если так, кому еще если не ему. Он со вчерашнего дня твердить что любит, что холост, что наконец-то встретил в моем лице свою возлюбленную, как мне не верит ему, если все это он говорит при своих близких земляков от чистого сердца. Все это я взвесила, думала всю ночь и решила выйти за него замуж. Извини, если что не так, если ты разочаровалась во мне.
Буду жить любящим себя человеком если он до сих пор не женат. Взрослый человек это значить уравновешенный, умный человек. Конечно, я согласна, – деді Еркеш жігітіне ынтық көздерімен аялай қарап.
Үлкен кісінің реңі өзгеріп, ағарып кеткендей, тек басын жәй-жәй шайқай берді. «Жезөкше, ох, жезөкше» деп күбірлеп отырғанын өзінен басқа ешкім аңғармады. Жоқ, жоқ Еркеш көріп отыр екен. Көкесіне көзін қыса ма? Бір саусағын елеусіз ғана еріндеріне көлденең ұстағаны несі. «Сөйлеме, уәде беріп ең ғой, оқиғаның соңын күт» дегені ме. «Мақұл, үндемейін». Жәймен оған басын изеді. «Ох, қу қыз жоғары дәрежедегі жезөкше қызым. Талант» дей берді ішінен күбірлеп.
Ал ғашық жігіттің дегбірі кенет кете бастады. Кеше ол күні бойы «бойдақпын» деп мастықпен өтірік айта берген екен ғой. Құрыды. Мына қыз, «бойдақ жігітке шықпағанда, кімге шығамын» деді-ау көпшілікке.
Жерлестерінің оны білетіні анау, енді соларға да шын мазақ болады. Ал вокзалда әйелі, балалары бәрі тізіліп күтіп тұрса, тіпті қарабет болмай ма? Мына тәжік қыз ол кезде бетіне түкірмей ме?
Құдай-ау, не істедім? Енді қалай құтыламын, мына қысылтаяңнан. О, құдай, не істеймін енді. Ғашық жігітіміз құп-қу боп төмен қарап, басын көтермей қысылып, қара терге түсті.
Оның бұл жағдайын екі адам айқын түсініп отыр.
Олар – Еркеш, бірақ ол бейкүнә, сезбеген түрде отыр.
Екіншісі, ана үлкен кісі. Ол болса әлгі ғашық жігіттің мына мүшкіл халіне жаны ашиды. Енді оны Еркештен қалай құтқаруды ойлай бастаған.
Жолсерік Тараз қаласына поездың келіп қалғанын, түсетін адамдар төсектерін тез өткізулері керегін хабарлап кетті. Адамдар жолсеріктің айтқанын орындап, жиналып киіне бастады. Еркеш Умиданың құлағына сыбырлап бірдеңелерді айтты. Ол болса жымиып, сосын күліп басын изеді. Тараздан түсетін төрт ер адамдар дайындалып жатыр.
Еркеш те киімдерін киіп, сөмкесін, чемоданын дайындап қойды. Ана адамдар неге екенін кім білсін оған тура қарамайды. Олардың онысын Еркеш сезбеген адамдай соларға қайта жақындап қояды.
Умида оған қоштасар алдындағы сөздерін айтып жатыр. Құшақтап жатыр. Үлкен кісі кенет, Еркештің иығынан ұстап оңашалады.
– Қызым, ана жігіттің берекесі кетіп қалды. Вокзалда әйелі, балалары қарсы алатын сияқты. Не істерін білмей тұр. Сен оны әбден мазақ еттің ғой, әзілің шығар, енді қоя қойшы. Перронға шықпай-ақ қой, әйелмен ұрысып қалса жанұясы тарқап кетер. Көкеңнің айтқанын істеші, ақылды жансың ғой, айналайын сөйт. Мына 10 сомды жаратып тамақ ішерсіңдер, үйлеріңе жеткенше мә, ала ғой, – деп қолына ұстатты.
– Мақұл, көке. Бірақ сіздерді шығарып салайын да далаға шығып мен де. Жігітіме зиянымды тигізбеймін, – деп, сосын уәде берді қазақша сыбырлап. – Жақсы, сау болыңыз, көке сізбен вагонда қоштасып қоя берейік. Жолыңыз болсын.
Өзі сөмкесінің тартпасын иығына асып алып, бір қолына чемоданын ұстап, ал бос бір қолын жігітінің иығынан қысып ұстап далаға беттеді. Ана қалған үш еркек сәл кідіріп таңырқай екеуінің соңынан қарап қалған. Далаға шығар алдында жігіті Еркешке қызараңдап, жалынышпен қараған:
– А что, если ты сегодня поедешь к себе родителям, а я за тобой приеду потом, дорогая можно ведь так. Давай, так договоримся, ты только скажи свой телефон. Я запомню сразу, у меня память отменная.
Еркеш оған жауап берген жоқ, қатарласып келеді.
Жігіті кенет Еркештің қолын иығынан сыпырып түсірген едеусіздеу. Бірақ, Еркеш Еркеш бола ма, ондай қулыққа көне берсе. Қайтадан қолын жігітінің иығына артқан түк болмағандай.
Жігіті перрондағы күтіп алушыларға қарап келе жатқан. Кенет ұмтылып, алға аттап, тездеу жүргенде Еркештің қолынан құтылған. Алдынан жүгіріп шыққап екі баласына қолдарын жайып қарсы шыққан. Кішкентайын көтеріп алып, беттерінен сүйіп жатыр, ересектеуі оның белінен құшақтап алды. Осыларға қарай ыржиып күліп бір қазақ келіншек тез жақындап келе жатты.
Осы кезде жігіті шыдамай жыларман түрде жалынышпен Еркешке қиыла қарап қалды. «Мені аяшы» деп тұрды көздері. Еркеш Еркеш бола ма, оған тесіле күнәлай қарамаса. Жігіті жан дәрмен қолын қалтасына салып жіберіп ішінен іліккен он сомдықтарды ұсынып оның қолына тез ұстата салды.
Ұзын бойлы, қара қасты, қап-қара көздері күлімдеп қалған. Ірі қара шашын кең маңдайынан биікке көтере кейін қайырып, иығына бос тастаған. Мойнындағы сары шарф желмен желбірейді. Сағыныш ұялатып тұр бұл кеуделерге. Еркештің осы бейнесін жігіті ғұмыр бойы ұмытпайтындай болған шығар.
Мүмкін, түсіне де жиі кіруі, кейін.
Ақ плащтың етегі бос, түймеленбеген. Ішіндегі қызыл кофтасы жалындап тұр. Қолында чемоданы, бос қолын көтеріп олармен қоштасқан бейнесі де ана бұрылып қараған еркектердің көпке дейін есінде қалардай еді.
– Бауырларым, сау болыңдар! – деді Еркеш оларға қазақша айқайлап.
Екі бозбаланың ауыздары ашылып қапты, Еркешке қарап бақырайып.
Ал жігітінің естісе де не таңдануға, не ашулануға шамасы келмегені рас еді. Әйелі мойнынан тас құшақтаған күйі көзімен Еркешке қадалып қалған.
Еркеш жалт бұрылып вагонына келді, жолсерікке қарап:
– Таразға түсіп қалам ба деп ем, тағы ол ойымнан бас тарттым. Тезірек үйіме жеткенім дұрыс шығар деп шештім. – деді күліп. Вагонға кірді.
Умида терезеден перронға қарап тұр екен, жүгіріп келіп, сағынып қалған сіңілісіндей оны мойнынан құшақтап бетінен сүйе берді. Тағы бір адым шегініп Еркешке таңдана, сүйсіне көз тігіп басын шайқады. Қолынан чемоданын алып, жорғалап купелеріне тартты. Үстінен плащын шешіп алып жатыр еді. Еркеш оны тоқтатып плащтың қалтасына қолын сап, қып-қызыл он сомдық ақшалардың төртеуін суырып алып Умидаға көрсетті.
Бірақ Умида сияқты, өзі қуанып тұрған жоқ оларына. Өзіне өзі сыбырлап, «Жезөкшелер» деді. Ерініне мысқыл үйірілген.
ЖАЗЫҚСЫЗ ЖӘБІРЛЕНГЕНДЕР
Екінші бөлім
I тарау
...Сіңлісі Әсия кешкісін киноға кіруге екі билет алған екен екеуіне. Анасы қарсы болса да Еркеш оны бүгін тыңдамады.
Қалада үйренген әдетімен асықпай боянды, ұқыппен киінді, қимыл қозғалысқа да мән беріп апалы-сіңлілі екеуі кинотеатрға кетті. Сол күнгі көрген адамдар олардың сұлулығына тәнті еді. Соңдарынан қадалып қарап қалған. Осыған риза болған Әсия екеуі күліп, жандары жадырап аяқтарын еркін басты.
Кинотеатрға кіргенде аяқтарын екеуі жеңіл басып қараған адамдарға ауада қалықтап келе жатқандай әсер етті. Өз орындарын тауып жайғасқанда байқады Еркеш, көршісі қасты келген бейтаныс бойшаң милиция капитаны екен. Қасына отырған қызға қарағаны қызық болды оның. Өңі алдымен қызарды, содан кейін бозарды. Содан кейін Еркешке сәл-сәл бұрылып қарап отырды, үнемі көріп отырды. Еріксіз мақсат еткендей. Екі сағат бойы сол отырған күйін өзгертпеді. Қимылдаған жоқ десе де болады. Бір ауыз да сөз айтқан жоқ. Ауылдың әдепсіз бейпіл ауыз адамы емесі анық. Сырттан ауысып, не көшіп келгені білініп тұрды.
Еркештің жүрегі ойлы-қырлы жермен жүрген көліктегі адамның денесіндей секірді. «Басталды. Жақсылыққа ма, жамандыққа ма?»
Шымырлаған бойынан бұрын байқамаған іңкәр сезім ынтықтығына ие бола алмай Еркеш дауысы құбылып, сіңлісіне қарап жөнсіз күле берді. Бірақ сөзбен оны білдірмеген болады.
Кино біткенше өзін зорға ұстады. Орындарынан тұрғанда да капитан әдептен озбады, ентелеп шығуға асықпады. Соқтыққан жоқ, өзін бірқалыпты ұстады. Шыққан соң Әсия екеуі қолтықтасып ұзап көшені бойлай жүргенде барып байқады. Олардың жанына УАЗ машинасы келіп тоқтады, оның есігі ашылды. Ішіндегі адам қоңыр дауысымен:
– Кинотеатрда қатар отырғасын көршінің міндетін орындайын дедім. Қарсы болмасаңыздар үйлеріңізге жеткізіп саламын. Рахым етіңіздер, – деді.
Әсия шошып түсіп, бірдеңе айтпасын деп қорыққандай еді Еркеш:
– Мін, – деді Әсияға. Өзі оны қолтығынан итермелейді. Сосын өзі де кіріп отырды. – Рахмет. Менің атым – Еркеш. Жанымдағы сіңлім – Әсия. Сіздің есіміңіз кім? – деді тездетіп.
– Рахматулла, – деді капитан. – Жұмыстан шыққан бойда осындай қызық киноларды көруге келемін. Бүгін сіздерді бірінші рет көрдім. Қатар отырған соң үйлеріне апарып салайын дегенім ғой сіздерді. Өзім Өскеменнің қазағымын. Жақында ауысып келіп едім. Руым – Найман. – деді Рахметулла.
– Мен мектеп-интернатта мұғаліммін. – деді Еркеш. – Басы бос әйелмін. Бір балам бар. Ажырасып кеттім күйеуіммен.
Еркеш үйге баратын жолды көрсетіп отырды. Есіктің жанына келіп тоқтаған соң, олар Рахметулламен қоштасып, ризалығын білдірген.
Әсия Еркешке таңырқап қарап қалған.
– Сен көшеге шықпай қор болып жүр екенсің ғой. Босқа үйге қамалыпсың. Көрдің бе, бірден көзге түстің, аяғыңа жығылуға әлгі капитан аз-ақ қалды. Болды, енді екеуміз күнде кешке киноға барамыз. Келістік пе? – Әсия сыңғырлап тұрып күлді өздерінің үйлеріне келген соң.
Қорада жүрген анасы бұлардың сөзін түгел естіді.
Әсияға іштей келісіп қуанды, бірақ бұлар білмей-ақ қойсын. Естімеген болайын деп тез басып, үйге кіріп кетті.
Айтқандай, дәл осы оқиға келесі жолы да қайталанды.
Бірақ басқа адаммен, онымен қатар отырмаса да. Дөрекілеу, гүрілдеп қалған менменсінген бір мекеменің бастығы іспетті өзі.
Ол өзінше жабысып, кинодан шыққан бойда бұларды үйге жеткізіп салған. Оның да мінгені УАЗ еді. Әйелі, бала-шағасы бары анық – оның да. Осы жерлік еді.
Әсия бұл жолы күлмеді. Қайта Еркешке жаны ашыды.
– Сенімен кілең ересек, отбасылы адамдар ғана танысқысы кел еді. Неге бұлай? – деп ойындағы сұрағын айтып салған. Тағы да мінген көліктері УАЗ болады. Бөрібай деді ме, әлгі адам өзінің атын.
– Құрып кетсінші өздері де, көліктері де. УАЗ-дан жек көрерім жоқ. Томскіде қалғанда менде осындай машина болар еді.
Еркеш осыны айтып мұңайып түрды. Өткен күннің оралмайтынына өзі өкінетін сияқты енді.
– Есіңде бар ма, жоқ па, үйдің сүтті бір сиыры жоғалып еді ғой, мен мектеп бітірген кезде. – деді Еркеш әуілге кірген соң тапшанға отырып жатып.
– Қара ала сиыр ма? Иә әлі есімде.
– Сондағы біз анам екеуіміз бастан кешкен бір оқиғаны саған айтып бермесем болмас.
– Ол қандай нәрсе мен білмейтін, – деді Әсия таңырқап.
– Сонда кешкісін үйге өрістен сиырымыз келмеді ғой. Ертесіне анамыз маған «киін, балгер әйелге барамыз» деді. Есіңде ме теміржолдың арғы бетінде сондай бір әйел бар деп естуші едік. Сол екен. Біз оған ешнәрсе де айтқан жоқпыз. Таң қалдық, біздің келген жұмысымызды өзі айтты. Бірден:
– Сиырларыңды алған адам нан пісіретін наубайхананың жанында көк қақпалы үйде түрады. Асығыңыздар, себебі қазір ол оны басқа жаққа жібергелі жатыр.
Анам байғұс қуанып кеткесін бе, қолында ұстап тұрған сый ақшасын тез берді де асығып сыртқа беттеді. Сол кезде әлгі балгер әйел маған тесіліп қарап қалған болатын. Оған мән берген жоқпын. Мен де кеткелі бұрылып жүргенмін есікке қарай. Әлгі көріпкел әйел:
– Әй қыз, апай, – деп ерсі айқайлап жіберді кенет оғаш дауыспен.
Оқыс дауыстан анам шошып кетті-ау, бұрылып тоқтап:
– Не болып қалды? – деді.
– Бір пәске бері келіңдерші.
– Немене, тиыштық па? Әлгі сиырды біржаққа құртпай тұрып, барып алайық та. Егер айтқаның рас болса, – деді апам. Әсия «Е, осы ма?» еді дегендей:
– Оны сендер сиырды алып келген соң айтқан еді ғой апам бәрімізге. «Түу, сұмдық көріпкел екен. Біз аузымызды ашқан жоқпыз сиыр іздеп келгенімізді біліп, бәрі-бәрін өзі айтып берді» деген. – деп Әсия Еркештің сөздерін бөліп.
– Дұрыс қой, бұл есіткенің. Мен одан басқасын айтқалы отырмын. Тыңдасай, сөзімді бөле бермей.
«Мақұл, ал тыңдайынды» Әсия басын изеп білдірді.
...Бүгін де қыздарының кинодан келуін асыға күткен анасы. Ашық есікке жақын келіп, сыртқа құлақ түрген ол қыздарының әңгімесін еріксіз есітіп тұрды.
– Мен өтірік айтпаймын. Көзіме, тап қазір көрінген мына қызыңыздың өмірі, – деді әйел. – – Сиырыңызды аласыз ғой, мына қызыңыздың тағдырын да сізге айтып берейін, бір пәс шыдаңыз. Өйткені, көз алдымда тұр. Қызыңыз сиырдан маңыздырақ шығар. Адам ғой, бұл ішіңізден шыққан. О, несі-ей, ақша бермей-ақ қой бұл үшін, Қызыңыздың болашақ өмірін білгіңіз келмей ме? – деп, ашулансын әйел.
Анам екеуміз серейіп, не айтуды білмей аң-таң тұрып қалдық.
– Мына қызың мектеп бітірген соң күйеуге шығады. Бір ер бала туады. Сонан соң ажырасады. Одан кейінгі өмірі ауыр болады. Ешкімнің басына бермесін оны.
Ол екеумізге қадалып қарап, әңгімесін жалғады.
– Сонан соң, бір шал кісіге кездесіп, соған күйеуге шығады...
– Жағыңа жылан жұмыртқаласын сенің! – деді анам.
Қолымнан қатты қысып ұстап, жұлқи сүйреді.
– Кеттік.
Біз көшеге шыққан күйі жүгіріп отырып наубайхананың жанындағы көк қақпалы үйге асығыс келдік.
Далада бір жүк машинасының артқы жақтауын ашып, соған жалпақ тақтайлардың бірнешеуін көлбеу қойыпты. Әлгі үйдің адамдары көлікке тиеу үшін біздің сүтті қара ала сиырды өздері байлаған бас жібінен ұстап қорадан шығарып жатыр екен. Қара ала сиыр анам мен күнде сауып жүрген мені көрген соң мұңын шаққандай мөңіреп қоя берді. Сондағы анамның қалай жылап тұрып аналарға айтқан қарғыстарын, жаман сөздерін құдайым, ешқайсымызға бұл өмірімізде естіртпесін. Ана адамдар қарсы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Тек кешірім сұраумен болды.
Сосын біз сиырды жетектеп үйге алып қайттық.
...Менің өмірімді айтып, көріпкел анамның ашуын келтірді. Сиыр ұрлағандарға деген ашуға бұл қосылды-ау. Анам ішіндегісін солай шығарды. Қайтарда біз үндеген жоқпыз көпке дейін. Біраздан соң анам маған:
– Әлгі көріпкелдің өзің туралы айтқанын тісіңнен шығарма. Ешкімге айтпа. – деді. Мен үндемеп ем:
– Не тілің байланып қалды ма? Уәде бер. – деп қоймады.
– Мақұл. – дедім. – Міні соны бірінші рет саған айтып тұрмын, уәдемді бұзып. Сенбесең анамнан сұрай ғой.
Еркештің сөзін естіген анасы көзінен жасы сорғалап үнсіз жылап тұрды, үйдің ішінде, есіктің босағасынан ұстап. Ал Әсияда үн жоқ.
– Содан кейін көріпкелге қалай сенбейсің? Айтшы. Сиырды тапты. Мені алып қашып кетті ғой. Одан Кеңестен бала тудым, Батырды. Ажырастық сосын. Содан бері неше жыл өтті. Әлі алдымда көріпкелдің сөзі рас болса, қаншама қиындық тұр деп ойлаймын, уайымдаймын келіп.
Әлі мен шалға күйеуге шығуым керек емес пе, сценарий бойынша. Құдай, қарғыс атсын. Сонан кейін көріпкел не айтатын еді. Естімедік қой оны. Анам аузына жыланын жұмыртқалатты ғой, сосын. Көріпкелдің айтқанын аяғына дейін тыңдамадық деп өкінемін әлі.
Анамды түсінемін. Қызы осындайға ұшырайды дегенді кім тыңдайды, жақтырады. Сосын ашуланды. Мақұл, бірақ шыдап, сабыр сақтағанда ғой. Өмірімнің аяғын білетін едім. Бәрі-бәрі, тура келді емес пе, оның айтқанының.
Ойлап қарасам, анам маған жақсылық тілеймін деп, менің өміріме тек керісінше зиянын тигізе беріпті. Өзі білмейді,оны түсінбейді тағы. Мені Кеңес алып қашып үйіне апарды емес пе, қуғыншылар артымнан іздеп келгенде ішінде анам бар-тын. «Алып кетсем, «қайтып келген қыз» атанасың. Бетімізге шіркеу боласың. Қал. Маңдайыңа жазылғаны осы шығар» деп, мені сол үйге тастап кетті ғой. Қайтқым келіп-ақ еді. «Тәрбие көрген қыз екен» десін елі. Күйеуіңнің бетінен алма, қарсы шықпа, тіліңді жұтып қой» деп кетті-ау тағы, қоштасқанда. Мен ақымақ анамның айтқандарын жасадым-ау. Күйеуім Кеңес сосын мен туралы не ойламайды. Тілі жоқ, топас біреу деген оймен қыздарға қыдыруды шығарды. Ақыры, біреумен кетті. Мен тастанды әйел атандым.
Ох, мұны естіп, шыдау анасы байғұсқа тым ауыр еді. Жүгіріп бөлмесіне кіріп ал жыла, өкініштен көкірегі қарс айрылғандай. Жүрегі тулап, атша шауып кетті.
Дәрісін тауып алып, тілінің астына салып үлгерді тек. Сосын не болғанын бір біліп, бір білмейді.
Таңертең оянса тірі екен. Денесі дірілдеп, жүре алмады, әлсіреген. Түндегі естігендерін есіне түсірді. Рас. Бәрі рас.
Томскідегі оқуын бітірген соң, сонда қалғысы келген еді. Оған да, бұл – Күләш қарсы шықты емес пе. Неге, неге қызының өз ойлағанын жасатпаймыз, сонда дұрыс болар ма еді. Қателессе, өзін кінәлар ма еді, ең болмаса. Мына жүрек ұзаққа шыдамас, жобасы. О дүниеге дайындала бергенім дұрыс шығар. Бұл қыздың өмірі бұдан да ауырласа, тіпті бір күні шалға күйеуге шықса, не етемін. Елге не бетіммен қарамақпын. Одан да ертерек өлгенім дұрыс шығар.
Күләш емханаға осындай ойдың әсерімен барған жоқ, емделмеді. Ерте ме кеш пе әйтеуір бір өлімнің адамға келері анық, одан тезірек соның келгені дұрыс шығар бәлкім. Елдің өсегін есітіп, күлкі болғанша. Еркеш не істесе де оған қарсы шығуды Күләш осы күннен кейін қойған еді. «Маңдайына жазылғанын көрсін өзі. Енді оның өміріне араласпаймын. Осы уақытқа дейін обалына қалғаным да жетер».
Еркештің анасы Күләштің бұл ойынан бейхабар. Осы күннен кейін анасы Күләштің денсаулығы нашарлай берді. Бірақ оны үйдегілер білген жоқ.
Жақын санаған анасы іспетті үлкен жеңгесі Айшаның айтқан адамына Еркеш күйеуге шықпаған соң, жақын жеңгелері онымен байланысқысы келмеген. Батылы жетпегендеріне Еркеш:
– Сенің адамың – жасы келген шал кісі емес пе? Онда айтпай-ақ қой. Мен тек шалға тиемін. Сендер оны күйеу бала қып, әжуалай алмайсыңдар. Құман алып, шылаушындарыңды көтеріп қолына су құйып, екіншілерің сүлгімен қолын құрғатып сүртіп жүресіңдер оның. Маған сондай адам тапсаңдар айтыңдар. Мен сондай адамға ғана күйеуге шығамын, көріпкел солай деген. Ал ондай шалды таппасаңдар жақтарыңды ашпаңдар.
Ал, түсініп көр, бұл қызды. Әзілі ме, шыны ма, білмейсің.
Не де болса, Еркештің бір тәуекелге келгені анық еді.
Бұзылғысы бар-ау. Күйеу іздеп әуреге түскісі жоқ. Көңілінен шыққан адам кездесее, қыдырғысы бар сонымен. Қашанғы етегіне намаз оқымақ, қашанғы елдің өсегінен қашады.
Сосын анасының ұрысын ести берер, құлағын онсыз да жеп болды ғой, өмірі өмір болмады.
...Көрші үйдегі құрбысы тойға шақырып еді Еркешті. Анасы оны естіп, ала көзімен атып жіберді.
– Желкілдемей жайыңа отыр. Ертең елдің өсегін тыңдайтын жайым жоқ. – деді. Ішінен Еркешке енді қарсы болмаймын десе де.
Киініп, дайындалып жатқан Еркештің ашудан көзі қарауытып кетті.
– Уйди. За себя не ручаюсь, заибала ты меня, – деді
Анасының көзі ұясынан шығып кетті.
– Оңбаған, сайқал не дедің-ай, сен? Жан дауысы шықты. Әкесі көрші бөлмеде еді.
– Не болды әй, әйел, сонша айқайлап, – деді ол. Артық кеткенін сезген Еркеш, анасының алдын орап, жүгіріп барды әкесіне. Көрші ауданға тойға құрбысымен бірге барып қайтуға анасының рұқсат бермегенін айтты. Сосын ашуланып:
– Заколебала ты меня. – деп ем, орысша білмейді ғой, жаман сөзден шошып кетті деп ақталды. – Сен де қарсысың ба? – деді.
– Үйге қамалып отыра бере ме? Қой, барсын, ұрыса берме, қызыма. – деп, әкесі қызын жақтады.
Еркеш анасына тілін шығарып, мазақтады да, үйден қашып шықты. Анасының аямасын біледі, қолы ауыр, қолын жұмсаса оңдырмайды.
Осылай Еркеш еркіндікке ұмтылды, бұзылудан қорықпады.
Мектептен шығып үйге қайтар кезін аңдып, біліп алған Бөрібай оның жолын кесіп бір күні тіпті жүргізбеді. Машинасынан түсіп қатарласып, алға шықты. Қолынан ұстап жібермеді.
– Сен, Еркеш қыз емессің ғой, бәлсіне берме. Мен сені жақсы көремін. Үй сатып әперемін. Әке-шешеңнен бөлініп шық. Менің екінші әйелім бол. Сөйтіп, бірге тұрайық. – деді ақырында.
– Жібер қолымды. Ұяты жоқ адамды мен бірінші көруім. – деп Еркеш ашуланды. – Қалай аузың барады, мұны айтуға.
Жұлқына жүріп, қолын босатты. Ашуланғаны сондай:
– Екінші осылай күшке салатын болсаң, әкеме айтамын. Ол сені оңдырмайды. – деді.
Әкесіне сенеді. Оның қызы үшін араға түсетінін, кімді де болса, аямайтынын біледі. Бүйтіп көрген күні құрысын. Бірақ, әкесіне бұл туралы айтуға тілі бармас, өмірі. Ұят емес пе?
Сонда не етпекші. Өзіне ұнайтын біреуді шынымен тауып алса, елдің өсегіне қарамай, мүмкін мынандайлардан құтылар ма еді.
Анда-санда кездессең де, жақсы көретін біреуің болғанға не жетсін.
Еркештің тілегі құдайдың құлағына шалынды ма, қайдам. Мектепке бара жатыр еді, тұсынан өтіп бара жатқан УАЗ тоқтады. Ішінен капитан Рахметолла шықты. Жанына келіп амандасты. Сосын жұмысына апарып салуға ұсыныс жасады. Еркеш қуана-қуана келісті. Машинаға мінді. Рахметолланың қашан өзін жақсы көретінін айтуын күткісі келмеді. Жанұясы барын айтып былжырап тұрғанын естігісі келмеді.
– Бір рет үйге жеткізіп сап, сонан соң неге хабарласпадың? Ең болмаса қыдыруға дала кең, тау тұр анау. Машинаң бар мынау. Шақырмайсың ба, соны күтіп мойнымды созып өлетін болдым ғой. Осыны әйел баласы мен айтуым керек пе? Жанұяңның барын естідім, мен саған үйлен, әйеліңнен ажырас деп айтпаймын. Жақсы көресің мені, оған көзім жетеді. Енді неге өзіңді де, мені де қинай бересің?
Рахметолланың мінезінің ұяң екенін сезген Еркеш, осылай ойламаған жерден оған өзін ұсынып, кінәлап, шабуылға шықты. Ішіндегі менмен Бөрібайға деген ашуын, өзінің Рахметоллаға деген өкпесін ашық айтып тастады. Осылай айтамын деп тіпті ойламаған. Өзімсінгені болар, одан айырылып қаламын ба деп қорыққаннан болар бәлкім.
Ал, Рахметолла абыржып, қысылып отыр. Таң қалып отыр.
– Мақұл, мақұл. – дей берді. – Ертең түстен кейін тауға барайық, онда. Бір қойшы таныс еді, соның үйіне қыдырамыз.
Еркеш мектеп-интернатқа келген соң, машинадан түсер алдында капитанды өзі құшақтады, жабысып ернінен сүйді.
– Сау бол! Ертең сағат 3-те үйдің алдында күтемін. – деді.
Әйелдер осылай бұзылады екен-ау. Жезөкшелік те осылай басталатын шығар.
Мектептегі сабақтарын көңілсіз ойлардың шырмауында зорға өткізді. Осы мектеп интернатқа қалайша мұғалім болып орналасқанын еске түсірді. Томскідегі оқуын бітірген жылы Еркеш агрономдық мамандығына сай жұмыс таппай қиналды. Үйде әкесі мен анасы қысылды оған жәрдемдесе алмағандарына. Тек бір күні Районо меңгерушісінің өзі телефон соқты «келсін» деп жатыр деген хабарды анасы айтты Еркешке.
Түстен кейін ол Райононың қабылдауына барды.Секретарь қыздың рұхсатымен кабинетке кірді. Меңгеруші жасы келген кісі екен асықпай Еркештің келген жұмысын тыңдап болған соң:
– Қызым, – деді, – мектеп-интернатқа барып биологиядан сабақ бересің, келісесің бе? Кейін пединститутқа түсіп, сырттай оқып аларсың. Солай болсын, ертең мектеп интернатқа барып директорына жолық, жұмысқа кіріс.
– Рахмет, ағай, – деді Еркеш қуанып.
– Қазір бұйрық дайындалғанша сыртта күт, секретарша өзі апарып қолыңа береді, – деді Районо меңгерушісі – іске сәт.
– Рахмет, – деді Еркеш сыртқа шықпай тұрып.
Сәлден соң секретарша қол қойылған бұйрықты Еркешке берді. Екі аяғын қолына ұстап, соққан жүрегінен үлкен жылдамдықпен ұшып отырып үйіне келді.
– Әпше, мені жұмысқа алды, мен енді мұғаліммін, Ура!
– Құтты болсын, қызым – деп анасы оны құшақтап, бетінен сүйді. Еркеш Батырын қолына көтеріп алып, біресе жетелеп ойнатып, уайымын ұмытып кетті. Бала адамның бауыр еті деген рас екен, қуансаң да, қайғырсаң да басатын сол.
Түнде жұмыстан келген әкесіне жаңалығын айтты. Ол есіктің алдындағы сәкіде темекісін шегіп отырып күлді, сосын өзінің Районо меңгерушісіне қызын жұмысқа алуын өтінгенін айтты.
– Уәдесінде тұрды, рахмет оған. Қызым сен енді мықты бол жұмысыңа, өсекке қалма қара қызым тірі жүрсем сені ренжітпеймін, ешкімге ренжіттірмеймін – деді әкесі. Еркеш әкесінің тізесіне басын қойып, үнсіз жылап жатты, көз жасын көл етті, тоқтата алмады.Әкесі шашынан сипай берді.
– Айналайын қара қызым, өзіме тартқан дара қызым – деген дауысы сыбырлап шықты. Еркеш қайғысын ұмытқан еді. Сәкінің үстіне биік бұтақтарын жайған өрік ағашының қалың жапырақтарының арасынан түнгі жұлдыздар көрініп тұрды.
Мектеп интернаттың директоры Алмас Бексұлтанов деген кісі екен, өзі алыс ағайын сияқты. Еркеш ертемен ол кісінің кабинетіне кіріп амандасқан.
– Кел, шырағым сен туралы есіткемін – деп,ол кісі жанашырлықпен қарап отырды оған.
– Педагогикалық білімің жоқ екен ғой, бірақ агроном болсаң биологиядан хабарың бар шығар – деп жұмысқа алуға келістім. Оқу жөніндегі завучқа бар, сені ол мұғалімдермен таныстырады. Сонан соң сабақ кестесін өзіңе жазып ал, ертеңнен бастап жұмысқа кірісе бер – деді директор.
– Бір нәрсені есіңе сақта, сабақ бере алмасаң,оны біреулер арыз жазып жоғарыға хабарласа маған зияның тиеді. Бара бер.
«Жанашыр адамның сөзі сияқты, бірақ зілі бар».
Еркеш жұмысын осылай бастаған еді. Ұжымдағылардың көбі әйелдер екен. Таныса келе өзіне құрбылыққа Нағиманы таңдады. Екеуі сырлас.
– Еркеш, – деді Нағима бір күні – саған директор оңашада ешқандай өрескел әңгіме айтқан жоқ па?
– Жоқ, ол не әңгіме?
– Жәй айтқаным ғой.
Осы әңгімеден кейін сабаққа үлкен жауапкершілікпен дайындалып, сапалы өткізіп жүрді. Оқушылардың үлгерімін жақсартты. Сондағы ойы берген сабағына кінә артқызбау.
Бір күні директормен екеуі мектепке бара жатқан жолда кездесті. Екеуі амандасқан соң директор оның көңіл күйін сұрады, сабағының жағдайын сұрады.
Еркеш оған рахмет айтты. Директор сонан соң:
– Сені күйеуінен ажырасқан деп естіп ем...
– Иә, солай болған, – деді Еркеш.
– Күйеуінен ажырасқан әйелдің денсаулығын, көңіл күйін адам қанша сұраса да артықтық етпейді, қайта оны сұрамаған ер адамға бұл үлкен күнә болып есептеледі екен дейді құранда. Есіткен жоқсың ба ондайды? Ұлы сөздің ұяты жоқ деген. Еркеш жас емессің, түсінесің бұл менің қамқорлығым білсең, турасын айта берейін. Саған өмірді босқа өткізбеу керек, қызығын алу арқылы, сондықтан екеуіміздің жақындасқанымыздан ешкімге де зиян келмейді, ал менің үйімдегі жеңешеңе бүгінде бәрібір, реті келгенде – көресің оған көзің жетеді. Сенің қанағатың толады, жұмысыңды босқа уайымдамайсың. Осы айтқанымды жақсылап ойланып көр – деп сөзін аяқтады директор. Осы әңгімеден кейін Еркеш директормен келесі кездесуден қорқатын болды.
Оны ойласа басы айналатын. Салбыраған қарны көз алдынан кетпей, жүрегі айнитын.
«Не де болса әліптің артын бағайын, ол әңгімесін мүмкін қояр». Мектепте тексеру болады екен деген сөз тарады сол күндері. «Не болар екен» деген уайым Еркештің жанын жегідей жеді.
– Сені директор шақырып жатыр кабинетіне – деді бір мұғалім.
«Не де болса шыдайын, ұрыспайын» деп ойлады келе жатып Еркеш.
– А, Еркеш сұлу сен келдің бе, – деді директор.
Денсаулығын, жағдайын, көңіл күйін сұрады.
– Рахмет, ағай осы сіз жұмаққа баратын шығарсыз – деп Еркеш өзінің үлкен кісіге қалай әзіл айтқанын байқамай қалды.
– Неге? – деп директор Еркешке таңырқай қарады.
– Кездескен сайын осылай сұрақ қоясыз. Жарым көңіл әйелге жанашырлықпен қараған ер азамат осылай етсе міндетінен құтылмай ма? Оның үстіне жұмысқа алғаныңыз бар, жақсылық жасаған сайын бір қадам пейішке жақындай түсесіз.
– Мұны түсінгеніңе рахмет, – деді Алмас ағай жадырап.
– Сіздің арқаңызда ғой енді ілгері күннен үміт күтеріміз де. Соңымнан өсек, әдепсіз сөз ерткізбей, басым әлі жас болғасын бір бұйырған қазақтың баласына күйеуге шықсам деген арманы бар қарындасыңыздың. Оған сіз қарсы болмассыз деп ойлаймын.
– Боссың, бара бер, – деді директор.
Мектепке келген тексеру комиссиясының мүшелері Еркештің сабағына қайта қайта кірді. Әрқайсысы бір сыннан жазған, сайып келгенде дипломы жоққа тіреледі. Қорытынды жиналыста ұжым арашаға түсті. Осыған байланысты Еркешті сынаққа алатын болып шешімге келді.
Директорға өкпелеп жұмысты тастап кетуге болмайды. Не істеу керек деген ойдан шаршаған Еркештің ұнжырғасы түсіп кетті. «Кетуге болмайды». Өстіп жүргенде жаңа жыл келді. Мектеп оқушылары кезектесіп жаңа жыл кешін өткізіп жатыр, бәрі көңілді, қысқы каникулда үйлеріне баруға асық. Ұжымның да еңселері жоғары, ер азаматтар оңашалап жұтып алған-ау. Еркеш салғырт. Үйге бөлініп кетуге көзге түсіп қалам ба ойлайды. Құрбысы Нағима екеуі оңашаланып, бос бөлмеге кіріп әңгімені соғып отырған еді. Кенет коридорда адамдардың келе жатқан аяқтарының дыбысы естілді.
– Кабинетке кіруге болмайды, біреулердің іздеп келіп қалулары мүмкін – деді директордың дауысы.
– Онда мына класқа кірейік.
Кеш орнаған, қараңғылық түскен мезгіл еді. Дауыстар дәл есіктің алдынан шыққан.
Еркеш пен Нағиманың қорқыныштан үндері шықпай қалған, келіскендей соңғы парталардың артына жалп-жалп отыра кетті, бастарын бұққан.
– Ұзап қайтесің, Тек есіктің ілгегін сала сал. Киіміңнің барлығын шешкелі жатқаннан саусың ба? Бұтыңды босатсаң болды ғой. Нәзипада үн жоқ.
– Болшы енді – деді директор құлықсыз. Мен еңкейіп қарай алмаймын ғой, қолыңмен өзің тураласайшы, бол, міне осылай. Нәзипаның ыңырсыған дауысы шықты.
Еркеш пен Нағиманың шықпаған жаны, үнсіз, тек жүректерінің тарсылын басуға тырысады.
Сәлден соң жұмысын бітірген болар директордың киінгені, асығыс үстін реттегені естілді.
– Соңымнан ере берме енді, жұрт біліп қояды. Әжептеуір күйеуің бар емес пе, осы сен-ақ үзілесің де тұрасың.
Нәзипаның жылаған дауысы шықты.
– Болды деймін, біреу естіп қояр.
– Естісе қайтейін, күйеуі жоқ қара қызға мойныңды созып өлетін түрің бар ғой, оны ұжым тегіс біледі.
– Қарыстыр жағыңды – деген директордың ашулы дауысы шықты.
Директордың жұлынып есікті ашқаны, коридорда кетіп бара жатқаны білінді. Нәзипаның жылағанын тез қойып, үстін ретке келтіріп болған соң тез-тез басып бөлмеден шыққаны білінді.
Еркеш пен Нағима түс көргендей біразға дейін үн-түнсіз, соңғы партаның артында отырды.
Сонан соң естерін жиып, бөлмеден үнсіз коридорға шықты.
Елка бітуге жақындапты. Бірін бірі жаңа жылмен құттықтап, қоштасып үйлеріне қайтты.
Еркеш көңілсіз каникулдың қалай өткенін де аңғармай қалды
...Мектепке Еркеш жақындап қалғанда байқады. Директор машинадан түсіп, жаяулап келе жатыр екен, еріксіз амандасты, есіне еріксіз жаңа жылдың кешіндегі көргені түсті.
– Еркеш, тоқта әңгіме бар, өстіп үн түнсіз жүре береміз бе? – деді директор жымиып.
Еркештің қаны басына симай кетті, кенеттен келген ашудан екі көзі қарауытып ешнәрсені көрмей кетті. Қанша ашуланса да бұрын сабырлылығын сақтайтын, әдептен аспайтын.
– Қолыңмен ұстап, өзің тураласайшы деп айтқыңыз келіп, асығып жүрсіз бе? – деді Еркеш.
Директор тоқтап қалды, таң қалды, сосын қызарып кетті бұрылды да тез-тез басып мектепке қарай жүре берді. Содан кейін Еркешке сөйлегенді қойды, бірақ онысының қаншаға созылары белгісіз. Әкесіне мұны Еркеш қалай айтады? Ұят емес пе. Айтқанда ол мойындамайды да ғой. Үлкен адамдар қырылысып қалмай ма?. Басқа түскен баспақшыл деген. Еркештің өзі күресіп жеңуі керек. Өз өмірі жас кезінен бастап бұзылды ғой. Еркеш өкінішіне ерік берді. Қайтпек керек? Қайтсе енді қайтадан өмір жолын түзетуге болады? Тірлігінің бәрі жарты, жанұясы да жарты. Болашақ өмірді жоспарлау Еркешке мүмкін еместей көрінді. Үйге қалай жеткені белгісіз. Түс көрген адамдай. Екі көзінің жасы сорғалап ақты оңашада. Ешкім де бұған жәрдемдесе алмайды. Не істеуі керек? Ендігі өмір, өмір болмас, сірә.
Дыбысын шығармай, екі иығы селкілдеп, жылай берді.
Есейіп қалған баласы Батыры, есіктен жүгіріп кірген бойы состиып тұрып қалды. Жаны ашып тұр. Ол Еркештің емес,оның анасы мен әкесінің баласы санайтын өзін. Іші сезеді ғой, бірақ.
– Әпше, – деп, Еркештің мойнынан құшақтады. – Саған кім тиді. Маған айт, көрсетейін оған.
– Кім тиді саған, әпше?!
Кішкентай Батырдың даусы ышқынып шықты. Өзі бетін Еркештің бетіне үйкелеп, жылап тұр.
Еркеш одан сайын үдетіп жылады. Батырын бауырына қыса түсті.
Екеуі біраз отырған соң барып, Еркеш орнынан тұрып бетін жуды. Үстін ретке келтірді. Үйдің тіршіліктеріне кірісті.
Батырым, балам үшін өмір сүруім керек екен деп ойлады. Өзім үшін емес.
Бірақ ертесіне Еркеш қарапайым киініп, сағат 3-те есіктің алдына шыққан. Бір жаққа барамын деп айтқан жоқ, не анасынан рұқсат сұрамады. Бәрі бірдей көрінді оған.
УАЗ машинасы күтіп түр екен. Барды да мінді. Рахметолламен амандасты. Салқын реңкімен қарады оның көзіне.
– Кеттік. – деді.
Ол машинаны өзі айдап шығыпты. Еркешке жәутеңдеп қарай береді. Тауға қарай біраз жер жүріп ауылдан ұзаған соң, машинасын тоқтатты. Еркешті ептеп құшақтады, екі аяғының үстіне икемдеп жатқызып, үлкен қара көздеріне қарап біраз отырды. Сөз жоқ. Сосын ернінен, бетінен, екі көзінен ұзақ-ұзақ сүйді. Еркештің жан дүниесін түсінетін адамдай.
«Егер менің басым бос болса, саған үйленер ем ғой, амалым жоқ. Арым тапталатын болды деп, сен қазір қиналмас едің. Кешір мені, кінәлама. Жарай ма?» дейтіндей Рахметолла.
Еркеш көңілденіп кетті. Риза кейіппен басын көтере сап, Рахметолланы бет қаратпай сүйе берді.
– Кеттік. – деді сосын.
Бұлар өзен жағасындағы қар үйге келгенде, отағасы болар бір кісі тысқа шығып, қарсы жүрді. Риза кейіппен амандасты.
– Сенің де мені іздеп келетін күнің бар екен. Шүкір, шүкір. Ал, амансыңдар ма?
Өзі Рахметолламен құшақтасып амандасты. Еркештің қолын алды.
– Үйге жүріңдер. Қойды өріске айдап, жайғалы отыр ем. Баламды жіберейін енді.
– Ахмет, менің сүйіктім Еркешпен таныс. – деді Рахметолла.
– Менің атым Ахмет. Рахметолла екеуміз баяғыда армияда солдаттық өмірді бірге өткізгенбіз. Жақында бұл біздің елге қызмет бабымен келіпті. Мені іздеп, өзі тауып алды. Милицияда істейтін болған соң, оған олай ету оңай ғой.
Рахметолланы риза көңілмен өзі тағы да құшақтап қойды. Екеуі де біріне бірі қуана қарайды.
Бұлар үйге кіргенде қара үйдің ішіндегі екі-үш ер адамдар қонақ болса керек. Олар да орындарынан тұрып қол беріп амандасты.
Рахметолланы олар төрге шығарды. Еркеш оның жанына жайғасты.
– Бұрынғы қонақ кейінгіге орнын берсе керек – деді сары өңді қу жақ біреуі адал көңілімен.
Оған басқалары келіскен түрде күліп жатыр.
– Әйел, аудандағы бір туыстың үйіне қонаққа кетіп еді, ол бүгін жоқ енді. Мына қызым қонақтарға қолынан келгенше қызмет етуде, – деді Ахмет. – Қызым, шәйіңді жаңала. Оған дейін қонақтарға айран әкел. Мен өзім құйып берейін.
Рахметолла мен Еркеш бір-бір кесе айраннан ішті. Шәй үстінде арақ құйылды. Әңгіме әртүрлі тақырыпта өрбіді.
Рахметолла мен Ахмет солдат өмірін еске алысты. Өздері риза. Отырғандар оларды қоштап қоюда.
Бір адам есікке келіп, бата сұрады. Қой сойғалы тұр екен. Бәрі Рахметоллаға қараған. Ол қолын жайып, осы үйдің адамдарына Алла тағаланың рахымын, жақсылығын сұрап, бетін сипады.
– Қажеті жоқ еді ғой. Қойдың басын келген сайын жеп жүрмін ғой. Бекерге сойдың, – деп еді.
– Саған арнамаған малды, босқа несіне бағамын, – деп Ахмет күлді.
Аяқ жазуға бәрі сыртқа беттеді. Бауыздаған қойды жайғастыруға, жәрдемдесуге кірісті үйдегі адамдар.
Рахметолла мен Еркеш оңашаланып өзеннің бойымен таудың ішін аралап кетті. Аспанда шөкім бұлт жоқ. Ашық, көкпеңбек. Айналаға қарасаң қоршаған Қаратау, өзен мөп-мөлдір, суы сылдырап ағуда. Екі жағалау желкілдеген жасыл шөп. Исі бұрқыраған жалбыз да, жусан да бар.
Еркеш жасыл шөптің үстіне жата кеткен. Қолымен Рахметоллаға белгі беріп өзіне шақырды. Екі көзін жұмып, әлденені аңсағандай қалыпта шыдамсыздық білдірді. «Бердім өзімді. Ойыңа келгенін тезірек жасашы» – деп жатыр.
Рахметолланың жақындап отырғаны сол еді, Еркеш оның қолдарынан тартып, шалғынға құлатты. Дегбірсізденіп, киімдерінің түймелерін ағыта бастады. Рахметолланың әлсіз қарсылығына қарамай, ойындағысын істеді. Дірілдеп жүріп өзін де шешіндірді. Оны өзінің үстіне шығарып, құшақтаған күйі күтіп жатыр. Рахметолла үнсіз ғана басын шайқайды.
– Не, не дейсің. Еркек емессің бе, болсайшы.
Еркін шыдамсыздық билеген Еркеш не айтып, не қойғанын білмейді-ау. Басын тек шайқай берген Рахметолланың болмысына қарап түңіліп кетті, үстінен итеріп аударып жіберді де орнынан тұрып кетті, сонан соң жерге бір түкірді. ЬІңырсыған күйі жерді тоқпақтап-тоқпақтап екі қолын ауыртты.
– Құдай-ау! – деп бар ашуын ішінен бұрқ еткізіп шығарды. – Несіне десей, несіне келдік ендеше. Несіне маған көз салдың, делебемді қоздырып, ынтықтырып.
– Сені жақсы көремін, Еркеш. Бірақ әйелімнен басқа ешкімге де барған емеспін. Мен, мен бұзылған емеспін, бірде бір. Сенімен болатын шығар деп ем, шартты рефлекс пе білмеймін. Жоқ, сенімен де жақындаса алмасым анық. Болмайды. Ренжіме, кешір мені, кешіре алсаң. Шыным. Құдайдың атымен ант берейін, расым. – деді Рахметолла қызарып, көзіне жас алып.
– Құдай-ау, бес елі сорым бар шығар.
Ол үнсіз жатты. Үнсіз ыңырсып азап шекті. Жердің сызы денесіне әсерін тигізді-ау, бір кезде басын көтерді. Рахметоллаға қарамай, түймелерін салып, киетінін киіп болды. Әбіржіп, со күйі отырған Рахметолланың киінуіне көмектесті. Оны қайта-қайта бетінен, ернінен сүйіп аймалады. Орнынан тұрды. Бір шешімге тоқтағандай.
– Жүр, қайтайық, – деді. Алдымен мына суға жуынып алайықшы.
Өзі беті-қолын мұздай тау суымен қайта-қайта жууға кірісті. Мойнын шылады, өз кеудесіне шашты. Екі уысына толтырып кеберсіген ішіне қарай құныға жұтты.
Рахметоллаға қарап, ойнақы, адал көңілімен көз салды.
– Ал, ендеше. Мә саған, мә саған, – деп мұздай судан алақанына толтырып алып шаша бастады.
– Ойбай, қойдым, қойдым, – деп Рахметолла қашып бара жатты.
Екеуі қосылып қатты күлгенде, тау жаңғырығып қайталады. Ол да күлді. Дауыстары судың толқынындай, жарысқандай тербеліп, алысқа, аспанға тарап жатты.
Еркеш Рахметоллаға риза. Оның осы болмысына аса үлкен құрметпен сыйлап, оның жүзіне қайта-қайта көз салды.
Енді бір сәтте айналасына қарап, ақсары, көк гүлдерді терді. Күлгін түсті майда гүлдерді тауып әкелді. Бәрін қосты да, арасына исі аңқыған жусан мен жалбыздың бұталарын салды. Ойланып тұрып киік отына көзі түскен. Одан қосты.
– Рахметолла, қарашы қандай әдемі букет экибана жасадым. Иіскеші, осыны саған сыйладым. Шын. Бұл дүниеде сендей жақсы еркек жоқ, бар болса біреу-ақ, ол сен. Және сол еркек мені жақсы көрді, мені сүйді. Мен үшін арынан аттады. Мен бақыттымын.
– Қаратау, мен бақыттымын! – деп айқайлады сосын.
Өзі Рахметоллаға қарап, қолдарымен жаңғырыққан тауды көрсетіп тұрды. Жүзі қуаныштан балбұл жанды.
II тарау
Кешкісін Еркеш таудан оралғанда анасы оған ашулы көзбен қарап, сөйлеспей бұртиып жүрді. Қайда барып, қайдан келгенін, кіммен болғанын ол ешкімге де айтқан жоқ еді. Жас емес қой, үнемі жалтақтай беретін.
Еркештің бауыры Ораз қалада тұратын. Сол үйге қыдырып келген екен. Бауыры Ораздың хал-жағдайын сұрап, Еркеш қалаға қызығушылық білдірді. Оған жақсы, өзімен өзі, не істеймін десе де еркі. Барғысы келген жаққа өзі кете береді. Ұнатпаған жұмысты тастап, басқасына тұрады.
Еркеш байқамай өз жағдайымен салыстырып отырғанын аңғарды. Егер қалаға көшіп барса, не істесе де өз еркі. Елдің өсегінен қорықпайды. Мүмкін бір жоғарғы оқу орнына сырттай түсіп оқыр. Кім біледі? Құдайдың өзі қолдаса Бақыты жанар. Мүмкін, өмірлік серік табылып қалар. Еркеш осылай қиялдап кеткенін байқамай қалатынды шығарған. Сосын бауырына – Егер мен баламмен барсам, күн көре аламын ба? – деп сұрағын тікесінен қойды. Қадалып жауап күтті. – Болатын шығар. Әрине, әртүрлі ғой, жағдайлар, – деді ол.
– Олай болса, мен қалаға көшемін. Жүгім жоқ, сояу басым ғой. Баламды жетелеп кете беремін. Киімдерімізді алсақ болды. Пәтер тапқанша сенің баспанаңа тығылармыз.
Бітті. Мен ертең мектеп-интернатпен қоштасамын, есеп ажыратысамын. Сен арғы күні бізді ала кет. Бізсіз кетпейсің. Ал, мен шаруаларымды ертең бітіремін. Айтпақшы, әкем мен анамды сен көндіресің. Олар келіспесе де кетемін. Соны түсіндір, оларға көзге күйік болмайын енді. Рахмет. Бақты, қақты, оқытты ендігі өмірді өзім басқарайын. Менсіз, олармен өзің сөйлес...
Еркеш оны арқасынан қағып, өтінішін білдірді. Өзі көрші үйдегі құрбысының үйіне кетті.Іштей толқулы еді. Рахметолланы ойлап, іштей онымен қоштасты. Көрісу қажет емес. Бөрібай сияқтылармен қырылыспай, аш құлақтан тиыш құлақ. Алыс өмір сүрген дұрыс шығар.
Ол үйге қайтып келгенде, бәрі оған таңырқай қарасты. Олардың келіскенін түсінді. Бойы бір жеңілдеп, еркін дем алды. Әкесі мен анасына ризалығын көзбен сездірді.
Еркеш қалаға осылай ойлаған күні көшіп келді. «Армысың, бейтаныс қала» дауыстамаса да, Еркештің осы сөзді ішінен қуанып бірнеше рет айтқаны анық. Ораздың үйіне – пәтеріне жайласты.
Өзі жұмыс іздеп, қаланың ішін шарлады. Агрономдықтан өзге мамандығы жоқ. Қалада жекеменшік дүкендер көп екен, соларға сұраныс бар екен. Еңбек ақысы аз болса да, амал жоқ деп біреуіне сөйлесіп, келісті.
Сол маңнан ескі пәтер де табылды. Бұған да шүкір. Осылай Еркештің қаладағы кедей өмірі басталды. Баласы Батырды теміржолға қарасты мектеп-интернатқа оқуға берді. Аптаның демалыс күндері оны өзі барып сұрап алып, үйге әкеледі. Қуаныштарында шек жоқ. Жұпыны бір бөлмелі пәтерде екі мұңлық өз бақыттарына қол созып, барына қанағат тұтып, ілгеріге үмітпен қарады.
Қалаға келе жатқан туыс-таныстардан анасы Күләш жиі ет-петін беріп жіберіп тұрды, аянған жоқ. Әкесі хал-жағдайын сұрап тұрды. Бұдан артық не керек. Бірде пенсиясын жинап әкеліп екеуін киіндіріп кетті. Батыр оған мәз. Өздері риза.
Дүкеннің жұмысы ауыр екен. Таңертең сағат тоғыздан бастап ашса, Еркеш оны түнгі он екіде жабуы керек. Демалыс жоқ. Түсте үзіліс жоқ. Келушілер сейілген кезде тамақтанып үлгереді. Бірақ күн ұзақ. Тікесінен тік тұруы керек. Екі аяқтың жаны кетіп сал болып қалады. Шаршағанын білдірмей күліп жүріп қызмет жасауы керек. Келген адамдардың көңілінен шығу жұмыстың ең үлкені. Олардың сөзіне толықтай жауап бермесе бәленің басталғаны, реніш туады. Жүйкеге тиер сөздер айтылады. Бірақ жындануға тек қол тимейді.
Дүкеннің иесі өзі қатарлы күйеуімен ажырасқан әйел екен. Аты – Анар. Ақкөңіл, адамгершілігі бар. Сыйластыққа жақсы, құрбыдай болып кетті Еркешке. Бұрын істеген сатушылар оны шаршатқан екен. Бірі сұғанақ, екіншісі өтірікші дегендей.
Еркештің іскер, адалдығына көзі жеткен Анар оны жақсы көрді. Тіпті оның бірбеттілігіне, батылдығына тәнті қалды. Көп жағдайда оны өзінің мақсаттарына ақылшыдай, ұстаздай санады. Екеуінің өмірінің бір-бірінен жасырған құпиясы қалған жоқ. Бірге қонақ қабылдап, бірге қыдыратын.
Анардың дос-құрбылары өте көп екен. Бірақ олардың бәрі де жеңіл жүріспен айналысады. Бір күндік көретін қызығы мен табатын ақшасының құлы екен.
Онша ұнатпаса да амалсыз сол ортаға араласып, сіңісіп кетті. Түнгі он екіден соң шаршаса да шақырып қоймаған соң солардың отырған дәмханасына, пәтеріне барады. Еркеш келгенде олар иеленген еркектерінің құшағында қызып отырады.
Жамырай амандасып, оны үстемелеп құйған арақтарымен суаруға кіріседі. Өзін тежеп ұстауға үйренген Еркеш әр отырыстан қорытынды шығарып, өзіне тек ұнаған көп күндік қарым-қатынасқа лайық ер-адамдармен ғана танысып, солармен жүрді.
Көптің бірі, бірақ өзін силату арқылы көзге түсуді мақсат етті. Өзіне өмірлік серік іздеді үнемі тек соны өзіне мақсат тұтты. Құрбылары оның бұл принципіне күле қарады. Баяғыда Тараздан түскен поездағы ересек адамның «Жезөкшелер ақылды адамдар, олар әйел болсын, еркек болсын өз өмірін белгілі мақсатқа бағыттап басқарады. Қандай жұмыспен айналысса да баюдың жолын біледі» деген әңгімесін ұмытқан емес. Еркештің құрбыларынан жасырған құпиясы осы. Еркештің ыза жерді баспайтынын, кез келген ортада жүріп құрғақ жермен жүретінін, пайданың көзін өзгелерге білдірмей таба білетінін Анар сезді. Сол үшін оны силады. Өзіне зияны болмағасын не үшін жек көрмекші.
Еркектермен бірге жиналған бір отырыста Еркешке арманындай адамы кездесті. Ол адам айтқанын істетіп, таңдағанын алып үйренген екен. Жанындағылар соның сөзін тыңдап, бас шұлғасып отырды. Онда бой да, көрік те, ой да, дүние де бары көрініп тұрды. Бір күндік қызығына таңдап алған қыздан бас тартып, үйіне қайтқалы қоштасып ол ортадан бөлінген Еркештің соңына ерді. Басқалары сонда қалғанда өзіне бой ұсынбаған Еркешті оңашалап, бағындырмақ ойда болды өзіне. Мақсатына жете алмаған ол Еркештің соңына бар беделін, байлығын салды. Намыстанды.
Келесі бір күнге кездесу тағайындады, соған Еркеш лажсыз көнген болды. Осындай арбасулардан қайтпай, жеңіп шығуды үйренген Еркеш өзінің мақсатына жетті.
Арманындай адамды жеңді. Өзіне ғашық етті. Айтқанына көндірді. Осылай көп уақыт бойы өзіне оны өмір серік етіп алды.
Бойы үйреніп, онсыз тұра алмайтындай халге жеткенде, ол адам әйелінен ажырасып, Еркешке үйленуге қам жасады. Бірақ ең алғашқы күйеуі Кеңесті тартып алған әйелдің кесірінен өзінің осындай қиын өмір сүріп жүргені Еркештің бір сәт ойынан шыққан емес. Сондықтан, оның әйеліне қайғы-қасірет шектіргісі келмейтінін сылтау етіп, жақсы атты көрініп, онымен тиыш қана қоштасуды дұрыс санады. Біреудің қайғысынан өзіне бақытты өмір құрауды күнә көретінін сездірді оған. Еркеш іштей бір нәрседен күдіктенді. Енді өзінің біреумен қосылып, ерлі зайыпты адамдардың өмірінің ыстық суығына төзіп, күрең тіршілігіне мойынсұнып жүруіне өзінің екі ұшты, сенімсіз көзқараспен қарай бастағанынан корқатынын сезді. Өзіне жалғыздық өмірдің қамыты таңылғанына мойынсұнды. Оған ең басты уайым осы болды. Сондықтан арманындай болған адамның өзінен жеріп, тіпті бір күні тіпті боқтап, балағаттап, кек көріп тастап кетуінен қорықты. Енді оны соған жеткізбей, абыройынан айрылмай тұрғанда онымен қоштасуды дұрыс санады. Неде болса қанағатын алды, ақшасын жақсы пайдаланды қатынасты да дер кезінде доғару керегін түсінді.
Өрмекшінің тоқыған ажал құрсауындай шырмауынан осылай, ол адам өзін Еркеш әбден пайдаланып болған соң ғана кейін барып білді. Аман-сау үйіне оралды бұрынғы. Мұны көрген Анар тек басын шайқап, оның аярлығына, құрық бойламайтын қулығына басын иген. Басына түскен қиыншылықтан мойымай езіліп кетпей, содан қайта жол тауып өмір сүру кез келген әйел баласының қолынан келмейді. Неге екені белгісіз сол күндерін ол жиі еске алып өкінбейді ешкімге де айтқысы келмейді, Бірақ Еркештің де қателескен күндері де болған еді.
Еркештің ұсынысы бойынша бірге жүрген бір құрбысының бөтен қаладағы үйінде болатын тойға құрбылары тегіс жиналып қыдырып барды.Той өткен соң Еркеш қайтар жолда жанындағы қыздарымен өтіп бара жатқан Газелге қол көтеріп тоқтатты. Бейтаныс адам өзінің де барар жері бір қала болған соң, көлігіне қызық көріп төрт қызды мінгізіп алды. Жанындағы үш қыз тойдан көбірек ішіп шыққандықтан қызу еді. Көлік иесіне әзіл айтып тиісіп отырды. Өздері алып шыққан арақтарынан құйып ішіп тағы масықты. Еркеш оларды шектен шығармай басумен-ақ болды. Бойға сіңген әдеті бойынша бейтаныс жүргізушінің көзіне тек жақсы қыз болып көрінуге тырысқан Еркештің қулығынан ол мүлде бейхабар еді.
Жүргізуші адам ысталған шұжықтарды Тараз қаласынан алып, жәшіктерге сап, Газеліне тиепті. Оларын Еркештер бара жатқан қалада сатады екен.
Жолай ағып жатқан арықтағы судың бойына келгенде, оған көлігін тоқтатқызды. Қыздар талдардың көлеңкесіне отырып, алып шыққан арақтарын ішіп, тамақтарын жеді. Қыздарға жақсы көрінгісі келген жүргізуші жәшіктегі ысталған шұжықтарынан бір-біреуден жесін деп қыздарға силады.
Оған риза болған қыздар әзілге басты.
– Аға маған ең үлкенін сыйлады, – деп бір-бірімен таласып, қолдарындағы шұжықтарының жуан ұзындығын салыстырып, өлшеді.
Ақыры біреуі тістеп жеп жатса, екіншісі:
– Қандай жауызсың, тістеме оны. Қалай дәтің барады? – десе, үшіншісі:
– Мына мен сияқты ауызға сап, сормайсың ба? – дейді.
– Еркек болсаң көрсет, дәлелде, – деп, тіпті бір қыз жүргізушіні құшақтап, талдардың арасына сүйреді.
Ашуланған Еркеш әлгі қыздың желкесінен түйгіштеп көліктің ішіне лақтырды. Қалған екеуін алдына сап, қуып әкеп оларды да мінгізді. Түнімен ұйқы көрмеген, оның үстіне жаңағы ішкен арақтан мас болған үш қыз жолдың тербеткеніне шыдай алмай шаршап ұйықтап қалды.
Қыздарды абыройсыз тірліктерден сақтап, Еркештің өзін салмақты ұстағанына риза болған жүргізушінің Еркешке көңілі кетті. Түсімі көп, бизнесі бар көлік жүргізушінің көңілін өзіне осылай аударған соң оның ықыласына бөленгенін сезді, оны қармағынан шығарып алмауы керек енді Еркештің іштей құрған жоспары бойынша. Келешек оның табысынан айрылып қалмаудың жолдарын қарастыра бастаған. Жолай екеуі әңгімелесе келе біраз сырласқан соң, бірігіп өмір сүруге уәде байласты.
Осыдан кейін көп уақыт екеуі ерлі-зайыптылар атанып Еркештің үйінде бірге тұрды. Еркештің қателескені қалтасындағы жиған-терген ақшасын осы жаңа күйеуінің пайдасының көп болуы үшін оған бергені. Табысты бөлісеміз деп ойлаған еді Еркеш. Тегін ақшаны қолына алған соң күйеуі өз қаласына, сондағы жанұясына кетіп қалды. Сауда жасау үшін Еркештің қаласына емес бөтен бағыттағы басқа қалаларға шықты. Еркешті алдап, тастап кетті.
Осылай ақшасыз қалғанын ойлағанда Еркештің өз тағдырына деген өкінішінде шек жоқ. Ал әкесі мен анасы оның өмірінің сәтсіз өтуіне өздерін кінәлі санап, жиі хабарласып, қатынап тұрды.
Бірде әкесі келіп, Еркештің пәтерінде қонып жатты. Оңаша сырласты. Әкесі пәтер сатып алуға деп әкелген ақшасын берді. Ол оны үйдегілерден жасырын жинады. Зейнетақасын жаратпай соған қосқан. Екеуі есептеп қараса қаладан пәтер алуға шамалы жетпейді. Сонда өкініш буған Еркеш болған оқиғаны айтып, әкесіне мұңын шақты. Өксіп тұрып жылады. Енді тағы жинап, одан кейін келетінін айтты әкесі оған. Сонда қызы үйлі болады, әкесі оған қыдырып кеп, немересінің жанында мауқын басатынын айтып, екеуінің көңілдері көтерілген еді. Әр адамның ойлаған арманы іске аса берсе – Тағдыр деген тажалды ешбір адам қарғамас еді ғой.
III тарау
Арада көп күн өткен жоқ. Еркешке «анаң қайтыс болды, тез жет» деген хабар келді. Қалай қайтыс болды? Анасы, ақ адал анасы, сұлу, керім анасы ауру емес еді ғой. Бүкіл өміріндегі анасының бейнесі Еркештің көз алдына елестеп өтті-ау.
Қадірін білмепті ғой аңғал қызы. Ол тек жақсылық тілепті ғой бұған. Күйеуінің бауырларына, туған-туыстарына, тіпті айдаладағы жетім-жесірге дейін қолындағы барын бөліп беріп отырушы еді. Ақылын аямаған, бәрінің қайғысына жаны ашып, ауырып жүріп жүрегін тоздырыпты. Оны ешкімге айтпаған ғой, емдетпеген де.
Еркеш кенет өзінің кінәсінің көп екенін сезді.
Сондай ойлардың қамауында үйге келген ол аңырап анасын жоқтап, кешірім сұрап әбден жылады.
Әкесінің жасырып берген қаражатын қайтып әкесінің қолына ұстатты. Анасының ақтық сапарына жұмсасын деді. Ел көп келді. Қайғырып келді. Бұл фәниге налып көңіл айтты. Жерлеуге қатысып бір уыс топырақтарын салды мүрдесіне.
Бұндай құрмет, ықылас елге сыйлы қадірлі аналарға ғана көрсетілер еді. Осындай дәрежеге жету үшін адам бүкіл өмірін құрбан етуге бар екен-ау. Соның үшін де үйдегілерге білдірмей ауру қайғысын жасырған екен-ау. Еркештің басына не ойлар кетпеді бұл күндері. Әкесіне көзі түссе аяп кетеді. Биік бойы пәсейіп, қақпақ иықтары қушиып, белі бүгіліп, қисайып қалды-ау, қара нарым.
Қайғыдан қаусап қалған Еркеш анасының жетісін өткізіп, қырқын беріп, міндетінен құтылған соң қаладағы пәтеріне шаршап, құр сүлдесі келді.
Оның соңынан әкесі келіп екі-үш күн Еркештің пәтерінде жатып дем алды. Күнде бір пәс екеуі біріне бірі қарап, естерін жинады. Біріне-бірі қуат, қайрат берді. Кетерінде қызына түнеукүнгі ақшаның жарағанынан қалғанын қолына қайтадан ұстатып тұрып:
– Қыз баласың. Өз үйің болмаса күйің болмайды қызым. Қысып-қымтып ақша жинайық. Мен өлгенше сенің баспанаңды көріп кетейін. Мінезімнің шатақ екенін білесің. Оны көрмей егер өлсем жердің астында тыныш жата алмаспын. Сау бол! – деп еді ауылға кетерінде.
Қайран, қара бурадай әкешім. Көзіңнің тірісінде сен жарқылдап жүретіндей етіп, қатарларына мақтанышпен қарайтындай етіп, мен бірде жақсы тірлік жасай алмадым-ау.
Күндер өтіп, жылдар жылжып қайтқан құстай көңіліңе қарамайды екен. Қанаттарын көз алдыңда көлбеңдетіп өте берді. Аналарының жылын беріп, құран шығартты. Қолдан келер басқалай амал жоқ деп жүрген Еркештің жүрегін суылдатып, бір күні тағы хабар келді. «Әкесі емханада жатыр. Науқасы ауыр» деп. Екі қолына ыдыс тола тамақ алып, екі аяғын жерге тигізбей ауылға жетті. Қызын көргенде әкесінің көздеріне еріксіз жас оралды. Иектерін өтірік сипаған болды. Кемсеңдетпей, елеусіз орамалмен көздерін сүрткілеген әкесіне көзі түскенде жүрегі құрғыр солқ етіп жерге бірақ түсті ғой. Бірақ оны байқамаған кейіппен әкесінің өзіне тартқан Еркеші емес пе. Сыр бермей, сөйлеп кірді.
– Әй, қара үлек, мен саған қатындыққа сұлу, жас әйел іздеп жүрсем. Жатысыңа жен болсын. Қой, мұның ұят болады. Тұр, тезірек. Мен ол әйелдерге не деп айтамын? – деді. Өзі әкесіне еңкейіп, бетінен иіскеді, болмаған соң кереуетіне отырып құшақтап, бетінен, басынан сипады. Жас бала сияқты ол өзінің басын оның ауру кеудесіне қойған.
– Өлген әйелің өлді байғұс. Жерледің бір адамдай. Жылын бердің. Құр босқа оны сағына бергеннен ол енді тіріліп оралмайды. Тірі адам тірлігін жасайды.
Жас иіс біреуді алып, қалған өмірге қанағат тұтпаймыз ба? Менің сөзім бұрыс болса, айтыңдаршы ағайын?! – деп бөлмедегі басқа науқастарға қараған. Ішінде танитындары болса, амандасып хал сұрау мақсатында.
– Дұрыс.
– Ақылды сөз.
– Жанашырың болса ғой, осындай, – дейді ризашылықпен көпшілік.
Оның арқалап, әкеге деп әкелген тамақтарына өздері қарағыштап қойып, жастау біреуі:
– Қарындасың ба? – деді әкесіне. Ол кейісті үнмен:
– Кіші қызым ғой қаладан келген.
– Бәрекелді! Өзіңе ұқсаған екен түрі де, сөздері де, бәрі орынымен.
Таң қалысқан біреулері әлгі адамды әжуалап жатыр:
– Қарындасы керек екен ғой саған. Кішкентай қыздан үлгі алсаң етті.
Әкесінің қатты ауырғаны Еркештің жанына батты. Көп ұзаған жоқ. Ауру меңдеген әкесі де бір күні бақи дүниеге аттанды. Еркеш осылай кішкентайынан бауыр басқан, жақсы көретін соңғы тірегі әкесінен айырылды. Соңғы сапарға шығарып салуға бүкіл ауданның естияр адамдары тегіс келді.
Әкесінің жинап беріп үй сатып аласың деген ақшасының қалғанын Еркеш оның өзіне жұмсады.
«Ағайынға бауырмал, жетім-жесірге қамқор, талайдың жоғарғы оқуға түсіп, бітіруіне жәрдемін аямаған әкесі, елге сыйлы аға еді» деп айтып жатты білетіндер.
Орындай алмай кеткен ішіндегі арманы – қызы Еркештің тірі жетім баласын жетектеп, бөтен қалада үйсіз-күйсіз жүргені еді. Білетіндер, «әр пендені құдайдың өзі есіркесін» десті.
Әкесінің өлімі, ілгері үмітінен айырып, бүкіл іш құрылысын суырып алып тастағандай әсер етті.
Осы мезетте ғой басы айналып жүріп әлгі орыспен байланысқаны. Неге екенін өзі де айтып түсіндіре алмас. Әйтеуір ол жабысқан соң, кет демеген. Берген ақшалай жәрдемін алып тұрды. Тұрақты бір адаммен ерлі-зайыпты адамдай байланысқан дұрыс шығар деп ойлағаны анық еді. Ол бір арақ ішкіш орыс әйелдің үйіне тәуелді болып кіріп, соның күйеуі саналады екен. Білгенде Еркеш оған не істейді. Әкесі мен анасы өлгелі жәрдемдесетін ешкімі жоқ. Жағдайы келмеген соң соның соңына ергені анық еді. Қорланса да орыс көңілдесінің некесіз әйелі болған. Қанша дегенмен елден келіп кетіп жүргендер бар, солар естісе, не көрсе, өсектен құтыла алмай, орны толмас өкінішке қалудан, мазақ күлкі болудан қорықты. Осы масқарашылықты әке шешесінің көрмей дүниеден озғанына қуанды. Дегенмен біреуде біреудің жұмысы не, әркім өзінің қотырын өзі қасып, өз қайғысымен кетті емес пе? Мына заманда ұят аят дегенді ел ұмытып, тек тірі қалып, өмір сүруді ғана мақсат етуде емес пе. Еркеш осы өміріне көндігіп, бойы үйреніп, әбес көрмейтін дәрежеге жеткенін өзі байқамайтын сияқты. Өмір сүру үшін үнсіз, азап шегіп, ішкі сырын ешкімге айтпай, қыздардың ортасында өзінен бақытты жан жоқтай, жан жағындағыларға жарқылдап күліп, жақсы құрбы, ақылды әйел атанды. Бірақ, осы орысынан аман сау құтылудың бір реті келер ме екен деп уайымдап жүргенде Еркештің тілегі орындалды.
Қаланың салық комитетінің қызметкері жас жігіт келіп дүкенді тексерді. Кімнен, қанша, қандай азық-түлік алды, олар қандай бағамен сатылды, банкінің, салық комитетінің үлестері қалай төленген кемісі, артылғаны жоқ па, сертификатсыз сатылмай ма? – дегендей бәрі-бәрін тексергенде бір де бір кемшілік таппады. Анар, Еркештің жұмысына қатты риза болды. Кемшілік таппаған соң салықшы Еркешті жақтырмаған, зорға кеткен, риза болмай. Анардың қорыққанындай бар екен. Құр қол келген салықшысына бастығы ашуланып, тәкаппар сатушыны өз көзімен көргісі келген. Қорқытып, жанын жаппарға таямақшы болған-ау, өзінше.
– Иә, сіз бе сатушы? – деді дүкенге кіре бөлім бастығы, жас жігіт екен ол да. – Мен салық комитетінің бөлім бастығымын – атым – Арман – деді. Сосын: – Сіздің атыңыз кім?
– Менің атымды білуге келдіңіз бе? – Еркеш оған еркін, көзін қадап тұрып: – Салықшың келіп азық-түлікті екі күн тексерді, уақытымызды алды, сауда жүрмеді. Кемшілік таппаған соң кетті. Енді саған не керек?
Өз өміріндегі сәтсіздіктер, ауыр тұрмыс Еркештің жүйкесіне кері әсерін тигізіп, әбден тоздырған еді. Мына налогтың қызметіндегі жастардың көкірек көтеруі, астамшылықтары, пара дәметуі оның осы шаршаған жүйкесіне пышақтай қадалған еді. «Не жетпейді бұларға, үй жайы, бала-шағасы, жақсы жалақысы бар қызметіне қанағат етсе қайтеді, бұл оңбағандар».
– Сен керексің, айтқанымды берсең ғана содан кейін кетемін. Әйтпесе... өкінесің.
– Кімсің, сонша күш көрсететін, қолыңнан келмейді, әуре болма, күшік неме.
– Күшікпін бе, итпін бе тексеріп көр алдымен, құр босқа көкірек көтермей, есіттім күйеуің жоқ қатын екеніңді. Құр босқа сақтағанда ашытып, қыз емессің, не пайда саған.
– Ашып кете ме деп жаны ашиды екен ғой, салықшылардың «бөлім бастығы» дүкенге тексеруге барғанда. Оған да рұқсат қағазың бар шығар мүмкін. Онысын да тексеріңдер деп бастықтарың тапсыра ма? Ашып кетпек түгілі, қақсып кетсе де, күбі сияқты қурап қалса да сен сияқты сұмырай сүмелекке берерім жоқ, есіттің бе? Жоқ, кереңсіз бе? Міні, мына қалта телефонының ішіндегі таспаға сөздеріңді жазып алдым. Тындайсың ба?
Еркеш қолындағысын көрсетті.
– Мен саған бұл қалада жұмыс істетпеймін. Көр де тұр, жалынасың әлі.
– Әй, ақымақ, бұл сөзім жазылмады деп ойлайсың ба? Енді кім жұмыстан айырылатынына әлі көзің жетпей тұр ма, миың жетпей тұр ма? Мисыз, жұмыс туралы емес, түрме туралы ойлана бер енді.
Осы әңгімені Анар дүкеннің түкпіріндегі бос кабинетінің есігін ашып қойып тұрып тыңдапты. Бұдан әрі тұра беруге шыдамы жетпей, дүкенге бұлардың әңгімесін естімеген түр көрсетіп кіріп келді.
– Ой, қашан келдіңіз? Осы дүкеннің иесімін ғой, мені ұмытқан жоқсыз ба? Бері қарай өтіңіз. Еркеш саудасын жасай берсін, бөгемейік. Мұнда, былай қарай – деп салықшылардың бөлім бастығын кабинетіне ертіп, оңашалады. Жанынан өтіп бара жатып Еркешке «Ашуланба, мен өзім» дегендей көзін қысқан. Салықшы біраздан кейін қызара бөртіп, Еркешке қарамай дүкеннен шығып кетті.
– Солармен ұрыспайықшы, риза болып кетсін, менің бірдеңем бүлінбейді ғой одан. Қайта рахаттанып қалдым. Еркеш кешірші мені, өстіп бірақ өзіміз жаман үйретеміз оларды. Менің мінезім сенікіндей емес, білемін.
Анар сыңғырлап күліп келіп, Еркешті құшақтады.
– Өмір сүру оңай емес, кешірші, мені құрбым – деді Анар.
«Жезөкшелер» Еркештің ойы. Өкіметтің жұмысынан алатын айлығына қанағат тұтпай біз сияқты күнін зорға көріп жүрген бишаралардың нанын тартып жейді. Тәртіп қашан орнайды елімізде. Жалған дүние.
Дүкеннің иесі мен болсам, Анардың орнында, өстіп сатушыны құшақтап кешірім сұрап тұрар ма екем?
– Түсінем ғой, Анар. – деп сосын құрбысын өзі құшақтады. «Налог қызметкерінен маған түсетін пайда болса егер, оның айтқанына өзім-ақ келісер ем-ау»
– Жүрші, Еркеш. Есікті жап, түстенейік, өзіміз бір елу грамм арақтан ішейікші оңашада. Бәрі де құрысыншы – деді Анар кабинетіне кіріп бара жатып.
«Қайсы тірлік оңып тұр.
Не басында баспанасы жоқ, не бір айлығы бар дұрыс жұмысы жоқ. Бүйтіп өмір сүргеннен екі қолын көтеріп дүниеден безіп кеткен дұрыс шығар. Ішпегенде қайтесің»
IV тарау
Еркеш демалысын алып, Астанаға біржола көшіп кетуді ойлады. Ойы баласы Батырды көру бірге тұру еді. Бұл қаладан көшсе орыс көңілдесінен де құтылады. Баласының жағдайы қандай, қиналып жүрген жоқ па? Еркештің бұл қалада ендігі табыс көзі азайған еді. Енді бұл қалада тұра берсе өзінің тіпті бұзылатынын, бір күндік қатынастан ақша табатын құрбыларының қатарына қосылатынын ойлап, содан қорықты. Ойлағанын іске асыруы керек. Созып жүре беруге болмайды. Сонымен құрбыларына хабар айтып үйіне қонаққа шақырды. Олардың басы жиылған соң Астана қаласына көшетінін айтты. Олар таң атқанша отырып, өткен өмірлеріндегі қызықтарын еске алып у-шу болысты. Еркештің өздеріне жасаған жақсылықтарын еске алысты. Өздерінің оны іздеп Астанаға баратындарын, Еркештің оған дейін өзіне жігіт тауып оған күйеуге шығуы керегін тапсырды. Ал өздеріне ер адамдардың тізімін жасап, кезекке тұрғызып қоюы керегін дайындады. Қоштасу отырысы өздерінше өте көңілді өтті. Шер тарқатысты. Біреулері шаршап, отырыстың аяғына дейін жарамай қисайып, ұйқыға кірісті.
Астанаға келетінін Еркеш баласына телефонмен айтқан еді. Ол қарсы болған жоқ, Ертесіне жалға алған пәтерін университетте оқитын апасының қызына табыстады. Астанада тұру егер көңіліне ұнамаса онда қайтып келіп үйренген пәтеріне қайтадан өзі жайғасуды жөн көрді. Бұл қаладан кетуін кетсе де іші елжіреп қимай қоштасты. Анасының келетінін естіген күннен бастап, екі бөлмелі пәтер іздестірді Батыр. Оны тек қаланың орта тұсынан қарастырды, және оның жанға жайлы болуына көп көңіл бөлді. Анасына жағдай жасауға өзін міндеттімін деп есептеді бала көңілімен. Астанаға келгелі бері жинаған ақшасын жинақ банкісінен қолына алды. Достарын ертіп автомобиль базарына барып таңдап жүріп біреуін сатып алды. Анасын поездан түскенде вокзалдан күтіп алып, пәтеріне көлігімен алып келіп қуантуды ойлады. Еркеш Астанаға келгенде Батыр оны күтіп алды. Өзі ойлағандай автомобилімен жалдаған пәтеріне дейін алып келді. Анасымен екеуінің бір қалада болатынына қуанған. Еркеш Астанаға келген соң Батырдың жалға алған пәтеріне тоқтады.
Баласы Батырдың тандап жүріп сатып әперген қымбат қалта телефоны шырылдағанда Еркеш ұйқыдан тұрған болатын.
– Әпше! – қалта телефонындағы Батырдың дауысын Еркеш бірден таныды.
Жүрегі дүрсілдеп, жиі соқты, жамандық хабардан қорықты.
– Не болды? Тиыштық па? Тез айт, – деді Еркеш асығыс.
– Мені милиция ұстап алып, қамап тастады. Келші.
Батыр Астананың бір ауданын айтып үлгерді.
Ол тез-тез киініп, ішкі істер басқармасына келгенде түс мезгілі-тін. Далада аяз, жерде қар, күн бұлыңғыр еді. Кіре берістегі кезекшілер ішке қарай Еркешті өткізіп жіберді. Аудандық милицияның бастығы Еркештің үсті басына сын көзбен қарап шықты.
– Құлағым сізде – деді ол.
– Жігіттеріңіз баламды екінші күн қамауда ұстап отыр. Аты Батыр.
Соның себебін білгелі келдім, – деді Еркеш. – Мен анасымын.
– Есіттім. Жаңа ғана қызметкерлеріммен сөйлестім. Жәбір көрген баламен сіздің балаңыз қазір беттеседі. Ұстатқан сол. Анықталады. Қорытындысын ертең есітесіз. Ал бүгін үйіңізге қайта берсеңіз болады. Балаңыздың қылмысы дәлелденбесе ұстамаймыз, босатамыз. Ертең үшінші күн. Одан артық ұстауға хақымыз жоқ, босатуымыз керек, түсіндіңіз бе? – деді полковник.
– Қолымдағы жалғыз баламды жақсы білемін ғой. Темекі ол шекпейді, арақ ішпейді, қақаң соқаңы жоқ. Сіздердікі әбес тірлік, үйім жайым бар адаммын. Бүгін онда, ертең орнында жоқ бес қонақ адам емеспіз. Баламды босатып беріңіз адам өлтірмеген шығар. Құдай біледі екі күннен бері нәр сызбаған шығар ол әлі. Кінәлі десеңдер ертең қамарсыңдар. Ал қазір қажет деген қағаздарыңа қол қойып берейін сосын өзіммен бірге үйге алып қайтайын.
– Жоқ, олай болмайды. Бүгін жәбірленген баламен жүздессін, кінәсы жоқ болса ертең шығарамыз. Ренжімеңіз. Сау болыңыз.
Еркеш амалсыз күйде бөлмеден шығып кетті.
Еркеш қылмыс іздеу бөлімінің есігін тарта ашып ішке кіргенде көзінің бірінші шалғаны баласы Батыры болды. Оның жанында формасыз екі адам, бір әйел тұрды. Еркешке төртеуі де қарап қалды. «Кімсің?» Үшеуінің көзіндегі сұрақ. Батыр жеңіл күрсінді. «Келдің бе, мыналар мені шаршатты ғой» – деп тұрды оның көздері.
– Мен Батырдың анасымын. Не үшін баламды кінәлап қамадыңдар? Кім айтады маған? – Еркеш салқынқандылықпен милиция қызметкерлерінен сұрағына жауап күтті.
– Жақсы келдіңіз. Жолдастарының атын айтпай тұр, балаңыз. Бәрі бірігіп, бір жас жігітті дәмхананың жанында ұрыпты. Қалтасындағы ақшаларын телефонын тартып алған. Балаңызды жәбір көрген жігіт танып, бізге хабарлаған соң, оны біз ұстап осында әкелдік. Бүгін екінші күн жауап алып жатырмыз, – деді қазақ жігіті.
– Балаңыз мойындамайды. Сұрақ-жауап жазылған протоколға қол қоймай тұр. Мына кісі тергеуші, – деп қазақ әйелді көрсетті. Ол қолына протоколын ұстап тұрды.
Еркеш оған бұрылып көз салған. Әйел тура қарамады. Қағазын оқуға ұсынбады. Қайта өзіне икемдеп, қыбыжықтап қалды. Қазақша тіл қатпады.
– Вы, чего молчите, или по казахский не знаете? – деді Еркеш, – Дайте мне прочитать, – деп оған қолын созды.
Екұдай көңілмен тұрып-тұрып, тергеуші әйел протоколды Еркешке ұсынды.
– Вы, я смотрю протокол заполнили не на казахском языке, допрос значить проводили на русском языке, хотя вы все здесь присутствующие являетесь казахами пренебрегли государственным языком, вот как выполняется законы соблюдителями прав человека, А я как мать вам скажу, сына воспитала менталитетом казахского народа, поэтому он плохо понимает по русский. И вы наверное убедились в этом и заполнили протокол на непонятном ему языке и давили его с трех сторон чтобы он подписал.
Я даже не читая поняла, что вы там написали, будто бы он кается, не хочет выдавать имена друзей, чтобы потом они его не били.
Еркештің протоколды қолына ұстап тұрып, оқымай-ақ олардың қалай толтырғанын тұп-тура айтқанына органның адамдарының танданғаннан тілі байланып қалғандай.
– Мне стыдно за Вас, вы хотели вот так быстро закрыть дело. Что этим искалечите его жизнь отправив за решетку, вас это нисколько не волнует.
Искупить вами навязанную его вину все равно, как вы запланировали я бы не стала и не смогла так что вы не учли этого, и я уверена, что он не совершал этого. Вы сами видите что я при Вас еще не разговаривала с ним. Даже не здоровалась. Это раз. Во-вторых я требую от Вас, чтобы допрашивали его на родном казахском языке, и другой следователь, а не она.
Еркеш әдейі баласы Батыр мен тіпті амандасқан да, сөйлескен де жоқ еді кіргенде. Себебі, оның мұндай бұзықтықты жасамайтынына сенімді еді, және әліптің артын баққан. Іші елжіреп тұрса да баласына қатал қараған.
– Сейчас приведуть пострадавшего, и мы проведем опазнаное вы сами убедитесь в этом что бы ни вы говорили сейчас – деді орысша тергеуші қазақ әйел.
Есік шамалы ашылып еді, аржағындағы коридордан кіргелі тұрған адамдардың кідіріп, екеуара айтқан сөздері анық естілді.
– Ол емес-ау деймін. Оның бойы менен ұзынтұғын. Мынау менімен бірдей екен.
– Ендеше, сен неге бізді шақырып, ұстаттырдың?
– Түрі ұқсас сияқты көрініп еді, сіз кешіріңіз, жібере салыңыздаршы.
– Ей, не деп тұрсың былжырап. Кеше достары келген, «екі мың доллар жинап берейік, шығарыңдар» деп жалынған. Біз келіспедік. «Төрт мың» дедік окончательно, екі мың біз төртеуімізге түк болмайды. Бастық бар, оған біз не береміз, не айтамыз, саған да бірдеңе береміз бе дейміз. Солай, сен қазір осы бала деп айтасың, білдің бе, қорықпа. Ал ертең оның достары төрт мыңын әкеледі. Содан сенің де шығының өтеледі.
Бөлмедегілердің бұл әңгімені бәрі естіп, түсініп тұрды. Реңдері бұзылып кетті. Есікті ашып кіріп келген бір опер жолында тұрған Еркештің арқасынан итеріп-ысырып кимелеген күйі төрге өтті. Қызметтестерінің өңіне қарамастан:
– Подписал, чертенок? – деді. – Пострадавшего привел, заходи. Сонан кейін Еркешке қарады.
– А, вы кто такая? Почему в кабинете посторонная?
Ол жан-жағындағыларға қарап, аң-таң, ешнәрсені түсінбей тұр. Қызметтестері үндемейді, оған қарамайды.
Тергеуші қазақ әйел қазақша не сөйлей, не жаза білмегенмен қазақша түсінетін болу керек Еркештің қолынан протоколды жұлып алды. Умаждап ұстап тұрып:
– Сейчас подойдет другой следователь, будет допрашивать на казахском языке, можете подождать даже присутствовать – деді.
Өзі тез-тез есіктен шығып кетті. Бірақ оның айтқан бір сезін бәрі естіді.
– Сброд.
Естерін жиған екі опер кейіннен кіргеннің жеңінен тартып ертіп, жәбір көрушіні итермелеп опыр-топыр шығып бара жатты.
– Міні, біздің қорғаушыларымыз милициямыздың түрлері, бәрі де қазақ, қандастарымыз. О, құдайым – деді Еркеш. Сосын барып – Амансың ба, балам-ау. Бұл не іс?
– Әпше, көшеде келе жатқанмын. Машинадан жаңағылар түсе салып, менің қолымды қайырып мінгізіп, осында алып келді.
Мені көрсеткен баланы түнде біреулер ұрыпты, тонаған екен. Ол милицияға барып айтқан, арыз жазған сосын. Содан ол кездейсоқ көшеде мені солардың біреуіне ұқсатқан болуы керек, дереу хабарлаған.
Қолымды байлап қойып кабинетте кезек-кезек ұрды бәрі. Ал ана әйел тек протоколын алып келіп маған қол қой дейді. Тіпті ол мені тергеген де жоқ. Осы. Мойындаған жоқпын. Қағазға қол қоймаймын дедім оларға. Осы. Олардың ұрғанына жыламадым, шыдадым. Олар ұстағанда туфлиімнің ішіне қалтамдағы мың теңгемді жасырғанмын. Оңаша қалған бір оперға соны беріп қалта телефонын сұрап алып досыма да, сізге де хабарымды айттым. Мені құтқару үшін кеше достарым оперларға жолыққан екен ғой. Төрт мың доллар олар бірақ жинай алмайды, – деді Батыр.
Еркеш көзінің жасын іркіп, шыдап, баласының басынан сипап құшақтап отырды.
Екінші тергеуші қазақ жігіт екен. Ол алдындағы тергеуші қыздан адал екен. Жәбір көрген баланы ертіп келіп, Батырмен кездестірді Ол Батырды ақтап,бірден өзінің қателескенін мойындаған соң, тергеуші протоколды қазақша толтырып екеуіне қол қойғызды. Ол Еркешке қарап: «Балаңыздың күнәсы жоқ, кешіріңіз. Ертіп кетуіңізге рұқсат» – деді тергеуші. Батырды ұстап екі күн тергеген оперларға:
– Кінәсы жоқ адамды қамауда ұстауға қарсымын, нағыз қылмыскерді іздеп табыңдар – деді.
Оперлар жәбір көрушіні кінәлап, оны өздерімен бірге алып кетті. Еркеш Батырға қарап:
– Сен де тыға бер, қазір келемін, – деді. Тергеушіге қатты риза болған Еркеш екеуі оңаша қалған соң: – Бауырым, рахмет, барым осы болып қалды, азырқанба, ең болмаса темекі алып шегерсің мына екі мың теңгені ал – деп оның қолына ұстата салды да тысқа қарай беттеді. Ұялғаннан тезірек кетуге асықты. Себебі бұрын болған бір оқиға есіне түскен еді. Онда ғой Еркешке милиционер ақша берген еді. Пендешіліктен Еркеш сол ақшаны алған болатын. Жезөкшелік жасадың сен сол жолы десе бар ғой егерде соны білетін біреу оған Еркеш келісер еді қазір. Көз алдына сол оқиға елестеп тұрды. Ол оқиға Еркештің бұрын тұрған қаласында болған-тын.
V тарау
Шыңғырған қыз дауысын жалғыз Еркеш қана емес, бөлменің иесі Лена да естіген болу керек:
– Қорықпай-ақ қой, – деді ол Еркешке, бізге қатысы жоқ. Бойымыз үйренген, мұндай дауыстарды жиі есітеміз.
– Біреулер қызды ұрып, не зорлап, жатқан жоқ па – деді Еркеш.
– Екі бөлмеден соң әріде милицияның посты бар, дауыс содан шығып жатыр, – деді Лена.
– Сол бөлмеде түнгі кезекші милиционер қыздардан жауап алып жатқан шығар.
Түннің жарымында бұл не айқай деп талай барғанымызда олар бізге жұмыстарың болмасын дейтін, бізге күш көрсететін.
Еркеш бүгін кешке құрбысы Ленаға қыдырып келген-тін. Ол Еркеш істейтін дүкенге жиі келетін, сонда танысқан. Содан екеуі сыйласып, сырласып тұратын болған.
Лена университетте мұғалім еді, басшылары жатақханадан оған бір бөлмені бөлген.
Еркеш оның мына жауабына таңырқап отырды
– Мұндай айқай зорлыққа көнбеген жан айқайы емес пе – деді Еркеш сонда да оған келіспегендей.
– Милиционерді күнәлау мүмкін емес дегің келеме сонда – деп сөзін жалғастырды. Лена Еркешке сынай қарады.
Осы кезде жан түршігерлік дауыс тағы естілді.
– Жоқ, баруымыз керек, – деді Еркеш. – Лена барасың ба жүр, жүр тезірек. Ленаның келісімін сұрамастан, оған бұрылып қарамаған күйі есікті ашып шығып, коридорды бойлай жүгіре жөнелді. «Жәбір көрген адам ғана осылай айқайлайды. Кінәсіз болса құтқару керек. Әрине сонан соң милиционер де адамның баласы, оны қорқытып, жанын жаппарға таяу, кінәлау арқылы одан да ақша түсіруге болады»
«Милиция бөлмесі» деген жазуы бар есікке көзі түскен замат итеріп ашып ішіне кіріп барды.
Оның көзіне түскені үстіндегі көйлегі үш төрт жерден жыртылған әдеміше келген жас қызбен жартылай жалаңаш милиционер болды. Қызды қапсырып құшақтап алған милиционер ашылған есіктен сескеніп қолын босатып жіберді.
Ентіккен күйі ала көзденіп, Еркешке тістеніп тұрып:
– Не керек, неге келдің. Кім сені шақырды, – деді.
Қыз жап-жас, шошынған, алқынып тұр екі беті қызарып кеткен, көздерінен аққан жас тарамдалып әбден жүзін айғыздаған.
– Ал ендеше мынаған не дейсің, – деді Еркеш соңынан еріп кіре берген Ленаға бұрылып сұраулы жүзбен.
Еркеш ойына бірдеңе түскендей қолын көйлегінің қалтасына салып, одан қалта телефонын алды да оны тез милиционерге бағыттап ұстаған күйі:
– Ей, айуан не істеп жатырсың. Тез, босат қызды, – деді Еркеш айқайлап. Өзі әй-шайға қаратпай бастырмалатып жетіп барды да абдырап есін әлі жинай қоймаған милиционерге телефонын жақындатып ұстап оның бет бейнесін, жалаңаш денесін үлкейтіп жақыннан суретке түсіріп алды. Милиционер мән жайдың ушыққанын түсінді-ау шамасы теріс бұрылып киімдерін асығыс үстіне киіп алды.
Есін жиғаны, бір шешімге келгені білінді. Екі қолын алға созып Еркештің қолындағы телефонды тартып алуға тұра ұмтылды.
– Бері әкел, маған бер, әйтпесе қазір сені қамап тастаймын, рұхсатсыз саған мұнда кіруге кім ерік берді? Кімсің деймін?
Еркеш оның сөздерін құлағына ілген жоқ. Қолындағы телефонын қызға жақындатып ұстап, оны да түсіріп жатты, екінші қолымен жасқап милиционерді кідіртіп тұрды.
– Иә, ал сен кімсің? Соншалықты жазықсыз жас қыздың үстіндегі көйлегін жыртып шешіп, әлімжеттікпен зорлауды ойлаған? Айт. Кімсің сен осыдан кейін? Халықтың ақшасына семірген асыранды сақшысысың сен, қызды бандиттерден қорғаудың орнына көшедегі бандиттердің ісін істейсің. Кімсің сен осыдан кейін? Айт кәні. Мына Қыз өстіп жалаңаш тұра бере ме? Бар, үстіне жабатын бірдеңе әкел – деді Еркеш милиционерді итермелеп, тап-тап беріп, үлкен көздері от шашып. Милиционердің ұстатқан ақ жамылғысын алып, қыздың үстін жапты. Оларды қолымен итермелеген күйі ашық есіктен коридорға шығарды. Коридордың басында отырған вахтер қазақ кемпірге:
– Мына милиционер баланың ісін көрдіңіз бе? Қыздың үстіндегі ақ жамылғыны жұлып алды, – Қараңыз не істегенін, көйлегін жыртыпты шыңғырып жылағанына қарамай, жалынғанына да қарамай. Біреудің аялап отырған қызы емес пе бұл. Бәріміз қазақ емеспіз бе. Өстіп өзінің қызын біреу күшпен қорласа қалай шыдар еді. Ұятсыз. Неге үндемейсің? Мектепте мақау оқушы болған шығарсың. Жауап береді, мұны аяқсыз қалдырмаймын, соттатамын. Сіз куәсіз, мына Лиза екеуіңіз, растайсыздар, сотқа шақырғанда. Көзін көкшитіп соттатамын, жұмыстан қудырамыз. Еркеш қолындағы қалта телефоның вахтерға, қызға және Ленаға бағыттады.
– Үстінді жап, – деді қызға. – Ал сіз апай мына қыз шыңғырып жылап жатқанда қалай шыдап отырдыңыз? Себебі сіздің қызыңыз емес қой солай ма? Содан кейін ажыратқан жоқсыз. Енді сотта куә боласыз.
– Жүр кеттік, – деді Еркеш, Ленаға сосын қызға карай. Милиционер абыржып бір орынында қозғалыссыз тұрып қалды. Олардың Ленаның бөлмесіне кіргенін көрген соң ғана ол өз кабинетіне кетті.
– Атың кім? – деді Еркеш қызға. – Жатақханада не істеп жүрсің?
– Атым, Алма, осында тұратын курстас құрбыма келгем. Ол жоқ екен. Соны күтіп тұрдым. Әлгі милиционер мені кабинетіне кіргізді. Сосын...
– Иә сосынғысы белгілі. Саған қараған адам не ойламайды, көйлегіңнің түрі мынау, қысқа, саңдарың анау жалтырап тұрған, төсің анау ашық. Әй қазақтың қыздары-ай ұяттан жұрдай болып барасыңдар – ау. Сен студент емес, түнгі жезөкшеден аумайсың. Обалың жоқ. Әке-шешең сені оқу оқып жүр деп, ауылда мәз шығар. Лена шәй дайындашы, Алмаға. Бүтін бізге ұйқы жоқ шығар. Әлгілер тағы келетін болар. Лена саған сөз келтірмеймін, бірақ қорықпа. Бір парақ қағаз бен қаламсап әкелші Лена. Сенің қазақша сөйлеп қазақша жаза алатының мұндай жақсы болар ма. Барлық орыс қыздары сен сияқты болсашы шіркін. Мұғалімсің ғой болған істі көргенімізді біздің не істегенімізді жақсылап баяндап жаз, шара қолдануды сұра, ең жоғарғы жағына қаланың прокуратурасының бастығына деп қой. Ал ең соңына вахтер үшеуіміз қол қоямыз. Тездетіп кіріс.
Лена Еркешке сынап қарап қалған еді.
Ойланба, тездетіп кіріс, арызды прокурорға береміз, ең болмаса оны қорқытамыз, екінші қыздарға тиіспейтін болады, Алманың не жазығы бар әлде байдың қызы дейсің бе. Ол жыртылған көйлегінің орнына жаңасын сатып әперсін.
Лена бір ауыз сөзге келместен әп сәтте Еркештің айтуы бойынша арызды жазып тастады.
Шәйін ішіп болған Алманы ертіп үшеуі вахтерға барды Лена оған арызды оқып таныстырды, соңына қол қойғызды. Кемпірдің қолдары дірілдеп зорға дегенде шимайлап қолын қойды.
– Маған зияны тимей ме, бастықтар жұмыстан шығарып жібермей ме? – деді сосын жанындағыларға.
– Сізге ешқандай зияны жоқ. Бастықтарыңыз қайта сізге рахмет айтуы керек. Ал милиционерлер сізді қатты силайтын әрі қорқатын болады, – деді Еркеш.
Бұлардың Ленаның бөлмесіне кіргені сол еді соңдарынан ілесіп аяқтарын тарс-тұрс басып бір топ милиционерлер еріп кірді.
Топ басшысы болу керек аға лейтенант:
– Кеш жарық, – деді. – Иә, қыздар не болды? Баяндаңдар. Алдымен сендерді тыңдайын, қажет деп тапсам қалғанын пунктте жалғастырамыз, құлағым сіздерде.
Ол жақтырмаған көздерімен қыздарға қарап қойды.
– Менің атым Еркеш. Осы қалада тұрамын. Құрбым Ленаға қыдырып келдім, – деді Еркеш. Шыңғырып жылаған дауысты естіп шыдамай пунктке барсақ мына милиционерді көрдік. Өзі жалаңаш, мына қызды құшақтап алған. Алма екен аты.
Осы университетте оқиды екен, қалада тұрады. Осы жатақханада тұратын курстас құрбысына келіпті. Ол бөлмесінде болмаған соң коридорда күтіп тұрғанда мынауың кабинетіне кіргізіп, бас салыпты, Алма үстіңдегі простыняны шеш, көрсін көзімен мыналар. Көрдіңдер ме? Әңгіме осы.
– Бұл көйлекті сендер осы бөлмелерінде жыртқан боларсыңдар бәле жабу үшін, – деді аға лейтенант.
– Кешірерсіз, сіздерді біз шақырған жоқпыз. Кінәлі болған соң өздерің келіп тұрсыңдар. Бізге бәле жабу арқылы кінәларыңды мойындағыларың келмейтінін сездірдіңдер. Алманың шыңғырып жылаған дауысын жатақханадағылардың бәрі естігені анық оны бәрі растайды. Біз жас бала емеспіз.
Ол аз болса суретке түсіріп дауысын жазып алғамыз диктофонға. Қалалық прокурорға арыз жазып та қойдық. Құдай тағалам таңды атырмай қоймаса таңертең милиционерің қамалады. Бізге қалай бәле жабудың жолын ойластырғанша қайта бас арашалаудың қамына тездетіп кіріскендерің дұрыс болатын шығар Осы сендерге айтар ақылымыз. Естідің ғой не болғанын. Енді бөлмені босатыңдар. Біз тәңірдің таңының атуын осы бөлмеде күтеміз Үйімізге қайта алмаймыз. Алма мына түрімен ата-анасының көздеріне қалай көрінеді. Жоқ шақыруымызға болады телефонмен бірақ ол кезде іс насырға шабады ғой.
– Жоқ, шақырмай ақ қойыңыздар – деді аға лейтенант Еркешке қарап тұрып. Ендеше сау саламат болыңыздар.
Тыныштықты аға лейтенанттың даусы бұзды:
– Сотовыйға түсіріп, жазып алғандарыңызды көруге, естуге бола ма?
– Оны ертең прокурорға барғанда көріп, есітесіздер, – деді Еркеш. Одан әрі тұра берудің есебін таппай милиционерлер бөлмеден шығып кетті.
Лена мен Алма Еркешке таңырқай қарап қалған күйі бойларын басқан күдік пен үрейден арылғандарына сенер-сенбестерін білмегендей, бірақ жеңілденіп қалған еді.
Таңертең ертемен бұлардың есігін біреу қағып тұрды.
Қыздар тездетіп төсекті жинап, үстерін ретке келтіріп үлгерген еді. Еркеш барып есікті ашқан, аға лейтенант екен.
– Сізбен сөйлессем деп едім – деді ол. – Бөлімшенің пунктіне келесіз бе.
– Жоқ, онда менің жұмысым жоқ, маған да қол салып жүрерсіңдер.
– Сөйлесейік те.
Осы бөлмеде тұрып айта беруіңізге болады ұялмай-ақ қойыңыз, біз сізге тиіспейміз, зорламаймыз.
– Түу, сіздің сөздеріңіз қалай-қалай өзі. Оңашалап сөйлессек дегенім ғой.
– Кіре беріңіз, қажет болса қыздарды тысқа шығарамын, – деді Еркеш. Ана екі қызға қарағаны сол еді олар келіскендей рең байқатты. Үстеріне қажеттерін, жуунуға керекті заттарын алып, сыртқа шықты.
– Құлағым сізде, – деді Еркеш. Аға лейтенанттың бет келбетіне тікелей қараған күйі. «Қайтіп әңгімесін бастар екен».
– Мойындауым керек сіз баланы жақсылап ұстадыңыз. Шыңдығына келсек ұят іс болыпты. Ол да жас қой. Істің насырға шапқаның мен оған түсіндірдім. Ол: «енді не істеуім керек жәрдемдес» деп маған жалынды.
– Оған да шүкір, – деді Еркеш.
– Иә, сен біріншіден қыздан кешірім сұрайсың, дедім мен оған. Екіншіден көйлек сатып алатын ақша бересің, көрсеткен қиянатымның айыбын жуғаным деп қосымша ақша бересің. Осы сөзім дұрыс десеңіздер сіздер прокурорға бармай ақ қойыңыздар, бұл менің өтінішім. Бұл баланың да асырап бағып отырған жанұясы бар. Айлығы дейтін соған зорға жетеді. Өзіңіз білесіз елде жұмыссыздық екенін. Бұл баланы прокурор шиедей қылады, ісі сотқа өтсе қамалып кетуі же әжеп емес. Ең берісі соттан құтылу да аз ақшаға түспейді. Өзіміздің бастықта оңайлықпен баланы жұмысында қалдырмайды. Осыны түсініп аяушылық жасаңдар деп айтқалы отырмын. Бәріміз қанымыз бір қазақтың ұрпағы емеспіз бе түсініп осыған келісіңіздер. Біз түнімен ұйықтаған жоқпыз, ақша іздедік. Тапқанымыз жүз мың теңге. Осыны алыңыздар, өтінемін, жалынамын. Міне мынау баланың жүз мың ақшасы деді аға лейтенант. Еркеш ұзақ ойланды. Ақшаны алып, портмонесіне салып қойды. Телефонын алып келіп оны қосты. Ондағы суреттерді көрсетті, жазып алған сөздерін тыңдатты сонан соң, кнопкаларын басып бәрін өшірді. Кеше кешке жазылған арызды қолына алып аға лейтенантқа көрсетті. Сосын оны майдалап жыртты.
– Бара беріңіз, жолдас аға лейтенант. Милиционеріңізге айтыңыз екінші қыздарға тиісуші болмасын, – деп ескертті.
Аға лейтенант шығып кеткен соң портмонесін ашып, ақшаны санады. Елу мыңын столдың үстіне қойды. Қалғанын портмонеге салып қалтасына жасырды. Екі қыз келгенде өзі киініп, жиналып отырған еді.
– Міне Алма, мына елу мыңға Ленамен бірге барып көйлек сатып ал. Өздерің оны менсіз жуа беріңдер. Енді ол саған тиіспейді. Арызды жыртып тастадым мына столдың үстінде жатқан сол. Ал менің жұмысыма баруым керек, магазинді ертелеп ашпасам иесінен сөз естимін, – деді. Өзі қыздармен құшақтап қоштасып бөлмеден шығып кетті.
– Рахмет әпше, сіздің жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаймын, – деген Алманың сөздеріне басын изеді. Кетіп бара жатып Еркеш ішінен ойлады:
«Саған рахмет, маған елу мың теңге сыйладың».
VI тарау
Үйге келген соң Батыр екеуі шошайып отырып, үнсіз тамақтарын ішкен. Астананың суық күні, ызғырық желі көңілдерін құлазытқан. Бұл дүниеде тірі жаннан баласы екеуі ғана қалғандай сезінді. Әлгі тергеуші қыз бен үш опердың істеген ісіне деген реніш ашуы басылған еді.
Тек, оңбаған жезөкшелер деп ішінен күбірледі.
Төсегіне жатарда Батыр өзінің Астанаға қалай келгенін есіне алды. Ес білгелі ең бақытты өмір сүрген балалық шағын елжіреп көз алдына елестетті. Атасымен әжесінің мейірімге толы ықыластарын сағынды. Ішкені алдында, ішпегені артында қалаған ойыншықтарын ол кісілер үйіп-төгіп алып беретін. Оған екі айтқызған емес, не бір өкпелеткен, мұңайтқан кезі жоқ. Еркелетіп өсірді. Есейе келе ақылы толып ортаның әсерін түсінген шағында анасы Еркешпен екеуінің қалаға көшіп кетіп қоныс тепкен күндерінен бастап жетімдіктің не екенін, тұрмыстың қатігездігін, кедейдің өмірін басынан өткере бастады. Анасы мен екеуі ғана тұрды. Атасы мен әжесі ауылдағы үйлерінде қалған. Бірақ ол кісілер бұларға келіп тұрды. Бірінен бірі қалмай сағынып азық-түлігін артынып жеткенше асығатын. Ол кезде де аса қиыншылық көрген жоқ. Темір жолдың мектеп интернатында жатып оқыды. Демалыс күндері анасы Еркеш жалдаған пәтеріне ертіп келетін. Ол күндері де түстей болып өтті. Батырдың өмірінен. Анасы Еркеш екеуін тастап кеткен әкесі Кеңеске ренжіген жоқ. «Кетсе кетті неге одан арман кетпейді, атам мен әжем және анам аман болсын». Басқалай ойламауың еді. Бір күні әжесі сосын атасы ауырып қайтыс болды. Сөйтіп мақтаныш көріп арқа тұтатын екеуі де өліп қалды. Басында аппақ қарлары бар тау сияқты еді атасы. Сол тауы құлады. Батыр елсіз айдалада анасы Еркеш екеуі ғана қалғандай күй кешті, солай болды. Ақшалай көмек беретін атасы жоқ, азық-түлігін арқалап келетін әжесі жоқ. Ал анасының ақшаны қайтіп табатынын іші сезсе де айтуға ауызы бармай арланатын, тіпті ойлауға да қорқатын. «Күн көру үшін ғой бәрі де». Жақын деген туыстарының табыстары өз басына әзер жететін. Бұларға жәрдемдесуді тіпті ойламайтын. Батырда осыдан кейін тұйық мінез пайда болды. Жетімдіктің тауқыметімен күресуге бел буды. Сергек, сезімтал жаны ширықты, не істесе де ойланып өзі шешуге тырысты. Мектепті бітірген соң Астанаға жүрерде анасы Еркеш шығарып салды. Вокзалдың алды ығы-жығы адамға толы. Іштегі ойларын қимас сезімдерін сыртқа шығарған жоқ. Батыр анасын кішкентайынан әпше деп атайтын.
– Әпше, сіз мені уайымдамаңыз, – деді Батыр.
– Мектепті бітірдің, азамат болдың, өлімнен басқаны көрдік, өзіңді өзін асыра енді, бүкіл келешек өмірін өзіңе байланысты, – деді Еркеш. Менің жағдайымды көрдің ер азаматсың, саған жәрдем жасау қолымнан келмейді бірақ, тілеулеспін. Хабарласып тұр.
– Мақұл, әпше, – деді батыр.
– Темекі шекпейсің, арақ ішпейсің. біреуге қиянат жасамайсың.
– Мақұл, әпше, – деді Батыр.
– Орның купеде, мынау билетің. Барғанша демаласың, – деді Еркеш. Сонан соң қолын қалтасына салып, шамалы ақша алып, қолына ұстатты Батырдың.
– Санап ал, жұмысқа тұрғанша тамағына жаратарсың. Поездың жүретінін радиомен жариялаған кезде, көзіне келген жасты көрсеткісі келмей. Жан жағына бұрылып қараған болды. Олар үнсіз қоштасты. Тез-тез басып вагонға кіріп кеткен Батыр сәлден соң, іште тұрып терезеден қарап анасына қол бұлғап қоштасты. Поезд жылжып кеткенде, вокзал артта қалды. Анасы да жастығы өткен қаласы да өткен уақыт болды. Батыр енді ғана жалғыздықтың жан жабырқатар жауапкершілігінің салмағын иығынан басып, езгенін сезінді. Анасы жалғыз қалды. Өзі де беймәлім қала Астанаға бет алды. Онда таныс, туыс дегеннен ешкім жоқ. Есіне мектепті бірге бітірген достары түсті. Көбінің мақсаты оқу болатын. Олардың әке-шешесі бар. Туыстары да жетерлік көп қаражатпен Астанаға оқуға жіберген, тіпті кей біреуі қалаға балаларын ертіп бірге кетті. Атасы тірі болғанда ғой ең болмаса былай жалғызсырамас па еді. Купеде екі әйел және бір ер адам бар екен. Батырдың оларда жұмысы болған жоқ. Өзімен өзі отырды. Бірақ ер кісі көпшіл адам екен, Батырды сөзге тарта берді.
– Астанаға оқуға барасың ба? – деді ол.
– Жоқ. Жұмыс істеп ақша табу үшін.
– Онда таныс туыстардың үйі бар ма тұратын?
– Жоқ.
Қандай мамандықтарын бар деген сұраққа жауап бермеді. Қашан Астанаға жеткенше әлгі адам Батырды өзімен бірге тамақтандырды, сынап барды. Поездан түсердің алдында ғана оған:
– Сен менің үйіме барасың, – деді. Менің үйімде тұрасың. Көлік жуып, тазалайтын адамдарым бар. Солармен бірге жұмыс істейсің. Менен тұрақты айлық аласың. Қалаға әбден үйренген соң басқа жерде жұмыс істегің келсе сонда босатам. Батыр қалай оған келіспеймін, – дейді, басын изеп рахметін айта берген. Тағдыр шығар содан бері сол кісінің үйінде тұрып сол кісінің жұмысын істеді. Алғашында тек көлік жуса, кейін қосымша түнгі күзетшілік жұмысты атқарды. Күзетшілерге басшы болды. Үйдің жеке көлігін айдады. Кейде іштей таңырқайды өзі осыған. Мектепте оқып жүргенде көшедегі көршілердің көліктерін жуып, сүртіп содан алған ақысына үйге азық-түлік әкеліп апасын қуантатын. Сонда үйде ішерге тамақ тіпті жеуге нан да жоқ кездері көп болатын еді-ау. Батыр еріксіз күрсінді көзінің жұмылып ұйқыға кеткенін байқамай қалды.
VII тарау
Қараңғы бөлмеде Еркеш ұйқыдағы баласы Батырдың шашынан иіскеп, оны алақанымен сипап отырды. Өзінің анасының содан кейін, әкесінің қалай өлгенің ойлады. «Сонда ғой «жалған дүние» деген еді келген көңіл айтушылар. Еркеш өзінің өмір сүріп жүрсе де өкініші мен реніші көп тіршілігіне риза болмай, осы қазір өзін өлдіге санағысы келді. «Тірі өлік». Ойша өзін жерледі. Сосын келген көңіл айтушылардың орнына өзіне-өзі «жалған дүние» деген осы деді. Бұрынғы Еркеш енді жоқ. Ендігі Еркеш тіпті басқаша өмір сүретін болады. Өз мақсаты үшін күресудің бұрынғыдан да бетер бар айла амалын жасайтын болады. Алдынан келген жауын қасқырша тістейді, артынан келгенін тебеді атша, көнбегенін түлкіше алдап, сендіреді, келістіреді. Ұят-аят деген бос сөзге ермейді. Аяныш деген сезімді көңілден өшіріп тастайды. Жақсы көру деген алдамшы ойды ұмытады. Капиталистік қоғамның заңы осындай шығар. Ал осы заңмен жүру қолынан келмесе егер сонда барып өзімен өзі шындап қоштасар. Бәрібір адамның өмірі – жалған дүние екен ғой». Жоқ, өлім дегеннің беті аулақ. «Заманың түлкі болса – тазы боп шал» деген мақал бар емес пе. Атам қазақ айтқан мұны. Бекер айтпаған шығар. Өмір күрес. Күресу керек. Еркеш қараңғы бөлмеде өзінің ойына риза кейіпте езу тартты, баласының шашынан сипалап қойып, тағы да өздерінің болашақ өмір – тіршіліктеріне ой сапарын жалғастырды.
АКТИВ
Үшінші бөлім
I тарау
Арада бес жыл бір күндей де болмай заулап өте шықты. Еркеш қолы босап демалыс күндерін өткізуге бұрынғы қимас күндерінің қызықтарын еске түсіру үшін әрі құрбыларымен жүздесу үшін Қ – а қаласына келді. Құрбыларымен қуанып көрісті. Кезек-кезек олар үйлеріне шақырып қонақ етті Еркешті. Әсіресе Анар құрбысы келгелі жанында болды. Қайда барса да жанында бірге жүрді. Бір күні көшенің бойында:. – Актив, аман-саусың ба, қарындасым? – деді орта жасар адам Еркешке. Еркеш Анар екеуі тамақтануға бір кафеге келе жатқан. Жақын қалған. Еркеш әлгі адамға тоқтап, амандасты.
– Қарындасым, көрінбей кеттің кейінгі кезде, ал біз бұрын жиі кездесіп тұратын едік, – деді бейтаныс жымиып.
– Аға, мен қазір басқа қалада тұрамын, – деді Еркеш.
– Бәсе, солай екен ғой. Жәй көштің бе? Тұратын қалаңның аты қандай? – деді бейтаныс.
Еті тірі адам, шикіл сары, көздері күліп түр, бейкүнә біреу.
– Астана жағдайым жақсы. Сұрағыңызға рахмет. Өзіңіз аман-сау жүрсіз бе? Көрініп тұр, жүзіңізден жағдайыңыз. Біз асығыс едік, сау болыңыз, аға, – деп, әңгімені үзіп тастады да, Анарға кетейік дегендей ишарамен қарап, оның қолтығынан қысып ұстап, алға қарай сүйрей жүрді. Анар үндеген жоқ. «Кімде таныс жоқ, сондайдың біреуі шығар. Еркештің аты – Актив емес қой, бірақ» бұл Анардың ойы.
Кафеде адам көп емес екен, Түс болмаған әлі, сондықтан столдың көбісі бос. Даяшы қарап тұрған, бұлар кіргенде. Дайындалып тез-ақ келді.
Екеуі ақылдаса келе адам басына екіден кәуап, ішімдікке екі жүз граммнан бас ауыртпайтын ақ арақ және екі сыраға тапсырыс берді.
Бұлар бұрыштағы столды таңдаған. «Сәлден кейін, әйтпесе түскі тамаққа келгендер әрі-бері жүріп, адамды ығыр етеді. Оған төзу мүмкін емес, қолы бос адамдар тиыштықты қалайды қашанда, ішкен тамағын рахаттанып, бойына сіңіргісі келеді, ішкілігін ішкен соң тиыш отырып, жанындағы адамыңмен сұхбаттасқанға не жетсін». Бұл Анардың ойы.
Даяшы жылдам, жылмаңдап екі қолында төрт кәуабы, екі сырасы бар жетіп келді. Сәлден кейін бір бөтелке ақ арағын жеткізді.
Анар «Осы болады әзірге, екіншіні кейін өзіміз айтармыз» деген. Ол басын изеді де кетіп қалды.
II тарау
Еркеш бұл қалаға келгелі үш-төрт күн болған. Мініп келген жеңіл көлігін құрбысы Анардың үйінің қорасына қалдырған. Таныстың көбі күндіз жұмыста ғой. Бүгін Анарды ертіп көліксіз жаяу қыдыруға шыққан беті болатын. Екеуі оңашалап, сырласқылары келген. Әр көшеде екеуінің ортақ бастан кешкен уақиғаларын еске түсіріп оған өздері мәз мәйрәм күліп, көшеде өтіп бара жатқан адамдардың таңырқап қарағандарына да қарамай риза еді.
Еркештің жүзі күлсе – тартымды, қабағын түйсе – ауыр, өзін бірақ салмақты бір қалыппен ұстайтыны сезіледі.
Бойын тік ұстауына қарағанда өзі не әскери де, не заң орындарында істейтін адам сияқты сезіледі.
Алдарындағы кәуапті сірке қышқылымен себелеп алған соң дәмін көрген, риза болғандарын қимылдарымен-ақ аңғартқан.
Сүйсініп асап, ауызға салып, шайнап екеуі де бір мезгілде күліп жіберген.
– Дәмді екен, – деді Еркеш – Солай ма?
– Солай, – деді Анар, – Бірақ, бір сұрақ көкейімнен кетпей тұр, соған жауап айтамын десең ренжімей, мен де аса жақсы дайындалған кәуәпті сен сияқты сүйсініп түйсініп жер едім.
– Анар жесейші. Сосын сенің сұрағыңа, яғни мені неге Актив дегені туралы әлгі адамның, оның өзі кім деген ойыңа толық жауап берейін, – деді. Еркеш Анарға қарап. – Сол ма еді сұрағың?
Анар риза түрмен қолындағы кәуапқа қарап отырып:
– Саған дауа жоқ, дипломсыз психологсың ғой, рахмет жауабыңа, ал кеттік, – деді.
Өзі қолындағы кәуабынан асап жей бастады. Сырадан ішіп қояды. Қолына графинді алып стакандарға арақтан құйды.
– Ал, мынадан да алмастырып, ішіп отырайық аз-аздап.
Қолындағы рюмкесін тоғыстырмай олар қолдарындағысын ішіп қойған.
Кафенің ішіне асығыс кірген адамдар бос орындарға жайғасып, тездетіп түскі үзілісте тамақтанып алуға құмбыл кіріскен. Біреулері астан бұрын салқын сыраны дұрыс көріп, сыздықтатып отыр. Бөлменің іші гулеген дауыс пен темекі түтініне толған. Анар мен Еркеш тамақтарын бұл кезде ішіп қойған еді. Асықпай сырадан ұрттап отырған.
– Жолдас, прокурор, уәдеңізді ұмытпаған шығарсыз, – деді Анар құрбысы Еркешке.
Оған жымиып қараған Еркеш:
– О, әрине, ұмытқан жоқпын, енді соған кіріссем де болады, – деді.
– Бұл оқиға осы қалада болғам.
Сосын ойын жинақтап алғысы келгендей сәл үнсіз отырды.
Жымиып күлді. Анарға тура қарап:
– Бұрын сенен де жасырып келіп ем, айтпасам болмас, сені еш ренжіткім келмейді, – деді.
– Бірақ әлгі адам кездеспегенде, менің атымды «Актив» деп айтпағанда, бұл оқиға көпке дейін ішімде сақталатын еді.
– Сонымен, прокурор жолдас...
– Иә, сонымен, мен осы қалада жүрген кезім. Бір күні тығыз шаруамен – поезға мінуім керек болды. Асыққан адам не істейді? Такси күтеді не болса да. Мен де шыдамсызданып үйдің жанында көшеде тұрғанмын. Біреуі өтсейші. Сағатыма жиі қараймын. Мен байқамаппын. Қасыма бір жасы шамасы сенен үлкен кісі кеп тұр екен. Ол да сағатына қарайтын сияқты, ол да асығыс болу керек. Маған сынап жиі-жиі көз салады. Шамасы көңілінен шықсам керек, жақындай түседі, жобасы әңгімені қалай бастауды білмейді. Қолындағы сотовый телефонды көтеріп, біресе алыстатып, біресе көзіне жақындатып ұстайды. Әлде соны өзі мақтаныш көре ме, әлде міні, менің сотовыйым бар дегенді айтпай көрсетіп, түсіндіргісі келе ме, қойшы, менің жыныма тиіп бітті. Алдында асығып, ол да сағатқа қарап тұр екен деп ойлағанмын. Сөйтсем жоқ, ол маған телефонын ымдап көрсетіп тұр екен. Сосын үсті-басына дұрыстап, мен де қарағанмын. Әрине ашу бар. Жас кезім, бойдақпын күйеуге шықпаған. Киімі жаңа, таза, жасына лайық, бастық болған адамдардікіндей, қарын жарықтық мол, жетеді, салбырап шығып тұр. Өзі қызмет істеген адам. Бірақ, қалада емес, өйткені оның өзін ұстауы бөлек, ол алыс ауданнан, не бір ауылдан келген адам сияқты, не де болса.
Иә, сонымен, әлгі адамға маған сөйлеуге ыңғай бермеген соң, бишара кібіртіктеп сотовыйын қызықтаған жас баладай, көзінен біресе алыстатып, біресе жақындатып ұстап үңіледі, бірақ көзі жетпеген адамның кейпімен сосын маған қарайды. Мен бедірейіп тұрмын. Бір кезде қалтасынан бір сәттік төлем картасын алып телефонға ақша салуға әрекеттенді. Оны да бір алыстатып, бір жақындатып ұстап әуреге түсіп жатыр. Картаның нөмірлерінің бетін ысқылап тазартты, енді соның цифрларына үңіліп әуре. Әй жынымның келгені-ай, әлі өзі маған қарап қояды, менен дәмелі екенін сездіреді, байқамай. Сосын қолындағыларын сыртқы қалтаға ұрды, ішкі қалтаға кірген оң қолы белі буылған ақшаларды шығара бастады. Сезіп тұрмын, мені көрсін дегені-ау. Су жаңа бес мыңдық бір пачканы бөліп аударып-төңкеріп қарады. Сонда онысы бес жүз мың ба деген ойымнан өзім шошып кеттім, еріксіз. Иә, деп қоямын ішімнен. Ал, өзім көзімнің қиығымен қарап тұрмын. Бесмыңдықтың пачкасын қайтадан қалтасына сүңгітті. Қалған ақшаларын жобалап есептеген болады. Олары біраз ақша шамасы. Мені көрдің бе дегендей, ал сен болсаң мұрныңды аспанға көтересің. Не керек, сәл-сәл тағы жақындап қояды, маған қарай. Сөйтіп екеуміз тілсіз сөйлесіп тұрғанда такси зыр етіп, менің алдыма тоқтай қалды.
– Вокзал, – дедім де есікті ашып, артқы орындыққа құлай кеткенмін. Әлгі адам паңқиып тіл қатпастан алдыңғы есіктен кіріп орындықты мыжып отырды. Таксидің иесі бағана көрген сол адамыңыз, шикіл сары. Ол екеумізге қарап қояды.
Бірден белгілі ойы, мына адаммен қыздың арасы қандай екен? Әлде екеуі бөлек жандар ма?
Жолшыбай әлгі кісі қолын қалтасына қайтадан сұқты. Сотовыйды шығарып тағы да үңіліп қарап қойып, көрдіңдер ме дегендей ыңғай білдірді.
– Жолақың қанша вокзалға дейін? – жүргізушіге сұрақ қойған.
– Екі жүз.
– Сол-ақ па, ә-ә. Мақұл, – деп, қолы қалтасынан көп ақшаларын шығарды. Ішіндегі майдасы бес жүз екен. Соны бөлек салды, бөтен қалтаға.
– Көп берсеңіз, қой демеймін, – деді жүргізуші.
Әлгі адам қабағын жауып, оған түйіле қарап еді, бишараның кеудесінен жаны шығып кетердей безектеді.
– Ойнап айтамын, әзіл ғой, – деді, – Соған да адам ашулана ма?
Жасы үлкен әлгі адам қолына сотовый алып, айналдырып тағы да қарай бастады. Көзінің алдына көтеріп алып келіп, былай қарайды, олай қарайды. Екінші қолымен тағы да бір сәттік төлем картасының цифрларына үңілу, қарау үшін оны да көзінің алдына тосады. Әбден оған жыным келген соң, көзім түспесіне болмады, қарағанмын, цифрлары көңіліме жатталып қалды. Карта – Активтікі. Мына қызықты қараңыз, менің де сотовыйым Актив болатын. Кенет менің оны мазақ еткім келді. Мен елеусіз ғана қалтамнан телефонымды алып ешкімге білдірмей ғана әлгі адамның қолындағы картаның нөмірлерін теріп, жұлдызшасын басқанмын. Ақшасы менің есеп шотыма түскеніне көзім жеткесін, телефонды қайтадан қалтама сала салғанмын.
Жасы үлкен адам жүргізушіге қарап:
– Әй, бала, мына картадағы ақшаны телефонның есеп-шотына салып берші, – деді.
– Қалай? Мен машина айдап келемін ғой.
– Сол да сөз болып па, тоқтат, сосын сал.
Үнінде зіл, бұйырады, әбден бұйырып, үйреніп қалған адамның сыңайы.
Жүргізуші маған сынай тесіле қарап алды. Сосын кенет бірден ашулы дауыспен:
– Менің жұмысым жүргізу, телефонда шаруам жоқ, – деді.
Бір уақытта әлгі кісі әуреленіп отырып, «Дұрыс тердім ғой», – деймін. Оның ішінен әйел дауысы шықты. «Карта использована», – деді ол.
– Не дейді-әй, мына әйел. «Использованасы несі» мынаның», – деп шошып түсті. Оған такси жүргізушісі шек-сілесі қатып күлді.
Айнадан өзі маған қарап отыр екен, көзін қысады. Онысы несі деп ішім қылп ете қалған. Сонымен вокзалға жеткенбіз.
Үлкен кісі қалтасынан қолын салып бөлек қойған бес жүзін алды да жүргізушіге лақтырып берді.
– Саған бердім осыны, – деді де есікті ашып өзі шығып, кете берді.
Мен де дайын екі жүзімді жүргізушіге ұсынғанмын. ІІІыққалы жатқанымда ол:
– Қарындас, – деді, өзі бұрылып көзін маған тесе қадап:
– Сіз өте дұрыс жасадыңыз, – деді.
– Нені? – деп сұрап едім. Ол:
– Қазақ қыздарын осындай тірлік жасайды екен десе сенбейтін едім. Көзім көрді, сізге қатты риза болдым, – деді.
Мен де жеңсік бермедім:
– Не нәрсені? – деп сұрадым аңқаусырап. Ол таң қалмаған күйі:
– Сіздің оның картасының нөмірлерін өзіңіздің сотовыйға теріп, ақшасын өзіңізге салып алғаныңызды алдымдағы айнадан көріп отырдым ғой, соны айтамын, – деді.
– Өзі ғой, жынымды келтірген, – дедім шарасыздан. – Обалы жоқ.
– Мен де солай ойлаймын. Ойпырмай, мен қорқайын дедім.
– Неден? – дедім түсінбеген адамдай.
– Неден емес, сізден, – деді ол.
– Неге? – деген сұрағыма:
– Сіздің түк істемегендей болып отырғаныңызға, – деді ол.
– Неге, мұны мен тектен-тек мойындауым керек? – деп едім амалсыз. Ол:
– Берген екі жүз теңге ақшаңызды өзіңізге қайтардым, алыңыз, алыңыз, – деді ол қолын созып. Мен алмадым.
– Қарындас алыңыз, ағаңыз тегін алып келді деп есептеңіз, болды, – деді ол.
– Бұл шын көңіліңіз бе, жоқ қалтарысы бар ма? – деп ем, ол:
– Шын көңілім, – деді ол. Мен ақшамды алдым, қалтама салдым.
Анар құрбысының сөздерін үлкен ықыласпен күліп тыңдап отырды.
– Бірге жүріп осы оқиғаңды қалай маған айтпағансың сол кезде, ойпырмай десейші осы сенің ішіңе қалай сия береді бастан кешкендерің, мен болсам сондай уақиғаны бірден саған сол күні-ақ айтқан болар едім. Өтірік деші.
– Сөйтіп, енді шығып бара жатсам, әлгі жүргізуші айтады:
– Қарындас, бір өтінішім бар.
– Айтыңыз, – дедім тоқтап. Сөйтсем:
– Машинамның ішіне бірдеңе тастап, не салып кеткен жоқсыз ба? – деді қиылып. – Соны жасырмаңызшы.
– Жоқ, қорықпаңыз. Сізге не өкпем бар? – деп шығып кеттім.
– Осы ма, болған оқиғаның барлығы, айтам дегенің? – деп Анар Еркешке сұрақ қойды. Сосын Анар даяшыны шақырды Еркешке қарап еді, ол: – Тағы бір әңгіме бар, осының жалғасы, – деп төмен қарады.
– «Айтпаймын» деген әңгімемді сенен жасырсам, менің кім болғаным?
Анар тағы да екі кәуап пен екі сыраға тапсырыс берді. Даяшы оларға қарап, жанында күтіп тұрған еді.
– Күнәласаң де, жазғырсаң да, немесе қылмыскер десең де өзің білесің деп ойлаймын – деді, Еркеш сөзін салмақтап.
– Әрине, не деп жазғырамын, – деді Анар.
– Жолдас прокурор, – деп сөзін жалғады Анар,– дүние жалған деп бекер айтылмайды, бірақ ешкім мәңгі өмір сүрмейтін болған соң адамдардың оның ішінде бірін-бірі сыйлайтындардың арасында бұқпа, құпия болмауы керек, мейлі ол қаншалықты ауыр қылмыс жасаса да, жүрекке салмақ түсірмей, о дүниеге құпияны арқалап кетпей, іштен шығарған дұрыс, әрине сыйлас адамға, ол мен болайын, басқа болсын, айырмасы жоқ. Тек бір сыйлас адамға айтып, іштен шығарып, ақ-қарасын екшелеп, жеңілдеген дұрыс.
– Сен Анар адвокат сияқтысын, прокурорды ақтап алуға кіріскен адвокат сияқтысын.
– Жоқ, Еркеш, сендей тұрмыстың ауыртпалығын көп көрсе де, бірақ ешуақытта қылмысқа бармаған, және бармайтын адамды, құрбымды мен ақтап, кімнің алдында болмасын мақтап өткім келеді.
– Рахмет. Осылай дейтініңді білгесін, мен бұл оқиғаның жалғасын айтқалы отырмын ғой, Анар.
– Сонымен, – деп Анар Еркешке қарады, дем берді.
– Иә, сонымен, мен айтып тынайын бастаған әңгімемді.
– Таксиден шығып, шамалы кідірдім, ойымды жинақтағым келді, неге екенін қайдам, таксидің кетуін күттім, қол сөмкемді ақтарып, бірдеңе іздеген болдым. Ішкі интуициямды тыңдадым, ол таксидің кетуін күт дейтіндей. Сосын не жасау керегін білмеймін өзім.
Бірақ ішімде бір өзгеріс бары анық. Такси жүргізушісі менен неге қорықты?
Ендеше сыртқы іс-әрекетім, тіпті, бар ғой, сөздеріме дейін ойласам, өз күнәмді мойындамауға, жек көрген адал емес адамдарды әшкерелеуге бейім сияқты. Себебі, жаңағы такси жүргізушісін алайық, менің жасаған кішкентай қылмысыма риза болды, ол ақшасы арам, көкірек адамға қарсы істелген тірлік болатын. Ендеше ондай тірлікті халық теріс санамайды, қылмыс деп санамайды. Сонымен қатар ол менен қорықты, менің қолымнан үлкен қылмыс келеді деп ойлайтын, тіпті сенетін болғаны ғой. «Машинада бірдеңе қалдырмашы» деп текке жалынған жоқ ол, не «бірдеңе жасамашы» деп өтінді. Сондай нәрсенің қолымнан келетініне оның көзі жетіп тұрған сияқты.
Қол сөмкемді ақтарған болып, өп-өтірік тұрғандағы маған келген ой, бұл. «Ендеше сондай үлкен қылмысты неге мен жасап көрмеймін» дейді ішкі бір ой. Бес жүз мың теңгесі бар адамды жаңа ғана көрдім, жарты миллион ақша емес пе, ол. Ал, ол ақша маған, жалғыз ілікті әйелге қандай көмек, қажет деп ойлап тұрғанымды байқадым. Таксиге қарасам, кеткен екен. Өрекпіген көңілімді басып, ойлаған ойымды реті келсе іске асыру үшін, вокзалға, әлгі адамның соңынан асығыс қуғандай болып, іздеуге кеттім.
– Сырасы жақсы екен, – деді Анар. – Ішіп отырсайшы.
Еркеш келіскендей, қолына ұстап сырадан жұтып қызған сезіміне, әңгімесіне салқындылықпен қарап, салмақпен әңгімесін жалғастырды.
III тарау
– Сонымен, мені белгісіз бір сезім күші еріксіз жетелеп вокзалға кірдім. Бірақ, мына нәрсеге көңіл бөлші. Мен асығып, ол адамды іздеген жоқпын, бей-жай билет сататын кассаға қарай бейтарап, өз қадірін білетін әйел кейпінде мықынды бұрап, құйрықты көрсетіп беттедім. Бірақ, көзіммен жіті әлгі адамды іздегенмін. Ол байғұс, жан-жағына қарап, поездардың кестесін оқып тұр екен. Көзі жақсы көрмегесін көмек сұрауға алақтап, адам іздейді. Сөйтіп тұрғанда, оның көзіне мен шалындым емес пе. Сәл-пәл таңырқап, сосын сұқтанып тұрып, маған қарамасын ба? Оның жағдайын сезбеген күйде оған «ноль внимания» орысша айтқанда, қабырғаға үлкен етіп, жасап ілген поездардың кестесіне бара мен де үңілдім.
– Тағы да кездестік қой, қарындас, – деді ол.
«Қызынан үлкен емес шығармын» бұл ойым.
– Маған жәрдемдеспесең болмас, – деді ол баратын бағытын, қажет деген уақытын айтып, соған туралай келетін поезды сұрады. Мен айтып бердім.
– Кешкісін келеді екен, оған дейін біраз уақыт бар сияқты, қарындасым, менімен бірге жүр, серік бол маған, бірге тамақтанайық, – деді ол.
Таңырқаған түр көрсетіп, үндемегем, сосын оның қиылып тұрғанына іштей таң қалсам да, амалсыз үлкен адамды ренжіткім келмеген түрмен:
– Жүріңіз, – дедім.Сондағы оның жас балаша қуанғаны әлі күні көз алдымда. «Бейшара ертең қайғырасың, бірақ екіншілей жас қыздарға қырындамайтын боласың».
Екі-үш күн бойы басым ауырып ұйқым қашқан соң, соның алдында дәріханадағы таныс әйелден өтініш жасап, оған жағдайымды айтып, еріксіз ұйықтатын дәрі сатып алған едім, сол есіме түсті. Ол сөмкемде еді. Бұл әңгімені тәптіштеп аяғына дейін несіне айтамын. Мақтанарлық жәй емес, қысқартып айтқанда, екеуміз тамақ іштік, коньякпен сыйлағысы келді оның, мен әрең-әрең көнген әйел болдым.
Осы вокзалдағы қонақжайға тоқтаған екен. Ол сонда отырып әңгімелесіп шамалы дем алайық, деп мені ол үгіттеді. Әдепті әйелдің рөлін ойнаған мен, қызып қалған күйде – келісім берген болдым.
Есептесіп, орнымыздан тұрған соң, ол буфеттен коньяк, тіске басатын нәрселерден тағы сатып алды.
Сонан арғысын айтпасам да өзің түсінесің, коньяк ішіп отырған оның ыдысына екі таблетканы білдіртпей салғанмын.
Сәлден соң ұйықтап қалған оның қалтасынан көздің құрты болған «бес жүз мың ақшасын» алып, сөмкеме салдым. Қалғанына тимедім, ол да біраз болатын, бейшара үйіне дымсыз кетпесін деген ғой менікі, «бәрін алып кетпегеніме рахмет айтсын» деп ойлағанмын, ал өзім сол алғанды қанағат тұтқанмын. Солай Анар бұл менің амалсыздан жасаған жалғыз да, соңғы қылмысым, менің мінезімді өзің білесің ғой.
– Содан кейін не істедің?
– Заң университетіне сырттай оқуға түстім. Органға жұмыс іздеп барсам, жақсы адамға кезігіппін, құдай жарылқап, прокурордың тергеушісіне жәрдемші болдым алғашында, содан тергеушілік жұмысқа ауыстым. Одан кейінгісі өзіңе белгілі, аудан прокурорымын. Осылай өмірімнің өзгеруіне, сол адам, соның ақшасы себепкер болды. Әрине, сол қылмысқа бармасам, тәуекел етпесем, мен бұл жағдайға жетпес едім. Әлгі шикіл сары таксишінің қалай ұмытпағанына таңым бар, бірақ бұдан бұрын да оған кездескенмін, осында қыдырып келгенімде. Әй, әлі сол әйел, сол жағдайда жүрген шығар деп ойлауы мүмкін оның. Прокурормын деп оны шошытып, несіне айтамын деген оймен, айтпағанмын ол жолы.
– Оған бұдан бұрын қалай кездестің? – деп сұрады Анар
– Е, ол былай болған. Бірде осы қалаға келіп, бір дүкенге кірсем, бейтаныс әлдекім маған тесіліп қарай берген.
Бір кезде маған қарап, мені танитынын айтты.
– Қойыңыз, мен сізді танымаймын, – десем болмайды, өндіршектеп:
– Ойпырмай, қандай адамсыз, мен басқа қалада тұрамын. Сізді бірінші рет көріп тұрмын, – десем тіпті болмайды.
– Мына әдетіңіз жаман екен, беті жылтырақ әйел көрсеңіз танитын адамдай жабыса кететініңіз, – деп ем, дүкендегі әйелдер риза, күлді бәрі.
– Бейшара әйеліңіз, қасиетіңізді білмейді-ау деймін. Әйтпесе, тез-ақ ұмытар едіңіз.
– Е, еркектер үйінен шықса болды ғой. Неше түрлі әдіс көрсетіп, бейтаныс әйелдерге жабысады.
– Сондықтан оларды уыста мықтап ұстау керек, – деген сияқты әңгімелерін әйелдер күліп, бірін-бірі қоштап, айтып жатты.
Дүкеншіден керек затын алған әлгі шикіл сары шығып кетіп еді. Мен шықсам әлі тұр, жобасы мен күткен. Күліп, жақындап келіп:
– Қарындас, сіз әрине кешірерсіз ағаңызды кінәлай бермей. Мен сізге танысу үшін жабысып жатқан жоқпын. Сізді ұмыту мүмкін емес. Сондай адамдар болады ғой, ерекше. Сіз де сондай адамсыз.
Біраз ойланған соң есіме түсірдім. Таксиге мінгенсіз, алдыңғы орынға жасы үлкен кісімсіген бір адам отырды. Сотовыйына картадан ақшасын түсіре алмай көп отырды. Цифрларына көзі жетпеген болу керек. Ал, сіз оның цифрларын өзіңіздің телефоныңызға теріп алып, менің айнадан қарап отырғанымды байқамай, пайдаланып кеткенсіз. Сіз түсерде мен соны айтқанымда мойындағансыз. Есіңізге түсте ме? – деді қызбаланып.
Ол әңгімесін бастаған сәтте-ақ, мен, «бұл сұмырайға қайдан кездестім, құдай-ау», – деп, ішімнен ойлап қойғанмын. Амал жоқ, тағы да соны мойындауыма тура келген.
– Ой, есіме енді түсті, сіз сол кісі ме едіңіз? – деп қоямын амалсыздан, ішімнен жақтырмасам да.
Ол мәз. Жас балаша риза. Солай кездестік, біріншісінде. Менің қылмысымның куәсі сол. Бірақ кейінгісін ол білмейді. Әйтпесе, оны да айтудан қайтпайды ол.
Дегенде ол қорқақ адам, менен сескенген. Сол тағы да бүгін көшеде екеумізге кездескен әлгі шикіл сары, сұмырай сол, – деді Еркеш тік мінезіне салып. – Бір есептен оның осы кездескені дұрыс болды, сенен жасырмай сырымды ашып, ішім бір босады. Оның үстіне адам өткен күндерді еске алып, тәубесіне түседі екен.
Шүкір, шүкір ол күндерім ұмытылды, енді түс сияқты маған. Сек куә болдың ғой сондай күндерімнің болғанына, қиыншылықтар кешкеніме. Жезөкше болған күндерім қайда деп әлі сағынатын шығармын көрерсің, сен сенерсің осылай айтсам көрген, бірге жүрген, әй басқалар басын шайқап сенбес, сыртымнан, бөспе, мақтаншақ деп қайта өсек айтар – деді Еркеш мұңайып.
– Айналайын, құрбым, – деді Анар оның алақандарын алақанына алып қысып. Адам болған соң оның өмірінде әртүрлі жағдайлар болары анық. Қорғансыз ғой адам. Бәрінен де қуанғаным менің заң оқуына түсіп, прокурор болып жүргенің қазір, сол үшін менің қаншалықты қуанғанымды білмейсің ғой. Еркеш хабарласпай кетті, неше жыл өтті, деп сені жиі есіме алатынмын Сен қайта ерлепсің, мойымай, қиыншылықтың бәрін жеңген жоқсың ба, көзіңмен көрдің ғой келгелі, сол кездегі құрбыларымыздың көбінің қалай қартайып, азып-тозып кеткендерін, шүкір де. Солай болсын – деп басу айтты Анар Еркешке. Сәлден кейін:
– Актив, деп сенің атыңды неге айтты шикіл сары бүгін – деді Анар – осы әңгіме содан шықты емес пе.
– Иә, Атыңыз кім? – деп ол сонда – бұдан бұрын келгенімде ғой жабысқаны оның.
– Е,е солай де.
– Оның саған не керегі бар? – десем, сұрап қоймайды жабысып смоладай, сұмырай неме.
– Атым – Актив, Актив, – дегенмін сосын. Ол сенбегендей болып қалып еді, әлі күнге сонда да ұмытпапты ғой
– Қой, тұрайық бұл керемет демалыс болды, – деді Анар жадырап, Еркештің қолынан ұстап, сүйеп тұрғызып жатып.
–Актив деп айтатын болдым ғой мен де сені, анда-санда, ренжімесең. кездескен кездерімізде.
Анар мен Еркеш қосылып сыңғырлап күліп, қолтықтасқан күйі көшені бойлап, ұзап бара жатты.
IV тарау
Мәліктің осы қалада сонау ертеде бір сыныпта оқыған досы Оспан оны өзінің кабинетіне кіріп барғанда таңданып, аңырап қарап қалды, бірақ шын қуанғаны көзінен көрініп тұрды. Амандасып жалбырап жатыр. Колледждің бөлім меңгерушісі екен, әрі осы қаланың мәслихатының депутаты сияқты. Беделі бар екені білініп тұрды. Түс қайтқан мезгіл еді. Ол жұмысын жиыстырып, қарамағындағыларға тапсырмасын тездетіп үлестіріп тастады, сонан соң орнына жайласып отырды. Мәліктің хал-жағдайын, үйінің аман – саулығын асықпай сұрастырды.
– Мәлік, біз бір жерге барайық, онда біздің асықпай әңгімелесуімізге ешкім кедергі жасамайды, әрі еркін дем аламыз,кейін еске алатындай болғаны дұрыс қой анда санда бір кездескен соң. Сен де жиі келе бермессің біздің қалаға – деді Оспан. Қолына қалта телефонын алып, біреумен хабарласты. Оған өзінің жалғыз еместігін, жанында Алматыдан келген досының барлығын түсіндірді.
– Мәлік, қонақ қойдан жуас болуы керек, бүгінгі билік менде, – деді. Мәлік «еркің білсінді» алақанын жайып білдірді.
Оспан екеуі колледжден шыққан соң, ол осы қалада тұратын сыныптастардың хал-ахуалдарынан қысқа хабар берді. Тегіс аманшылық екен. Бала шағаларының өсіп, күнделікті тіршіліктің күйбеңімен өмірлерінің бірқалыпты өтіп жатқанын айтты. Осы әңгіменің арасында күлкілі оқиғаларды еске алды.
– Сарыбасты ұмытпаған шығарсың. Соның маған бір кездескенде айтқан әңгімесін саған тілім жеткенінше айтып бере алсам болар еді. Оның өзі әңгіменің майын тамызады ғой. Түннің жарымында үйінің есігін қатты қаққан дыбыстан шошып, ұйқысынан оянып кетеді, сәл-пәл үрейленіп, келген адамның кім екенін сұрамай ма есігін ашпай тұрып. Сөйтсе келген адам өзіміздің сыныптасымыз Құдайберген болып шыққан. Есікті ашып, аз амандықтан соң тиыштық па деп сұрамай ма? Құдайберген көп сөзге келмей елеріп, үйден күрек алып шығып, бірге жүруін талап етеді. Жеңіл көлігі бір жерде батып қалса керек. Бармауға сыныптасы ренжи ме деп сонымен Сарыбас сыртқа еріп шығады. Олар түннің ішінде жаяу жүріп отырып, қаладан шығады, одан жолсызбен түртінектеп, жыңғылдың ішіне кіріп кетеді, одан кейін су жағалап, құм кешіп, ұзақ жүріп, әйтеуір бір уақытта көлікті табады. Көлігінің доңғалақтары құмға кіріп, тіптен отырып қалған екен. Амал жоқ екеуі күректі қолға алып кезектесіп қазғылап, түннің жарымынан ауғанда көлікті өздері сүйрегендей шаршап, итшілеп жүріп, қатқақ жерге зорға дегенде шығарыпты. Көңілдері орныға түсіп, шаршағандары басылған шақта, Сарыбас Құдайбергеннен сонша қашыққа, құмның ішіне жалғыз өзі неге барғанын сұраса керек. Сөйтсе Құдайберген бір қызды көлігіне мінгізіп алып, түнде қыдыртып жүріп, құмның ішіне ұзап кеткенін байқамай қалыпты, – дейді Сарыбас әңгімесін аяқтап, – Қызды жаяу шығарып салып, сосын маған көмек сұрап келген екен. Құдайберген қызбен қыдырсын мақұл, түнді қызықтасын мақұл, айтыңдаршы менің жазығым не қиыншылығын көретіндей, ұйқыдан қалатындай сонша.
Міні осындай сыныптастарыңның өміріндегі бір қызық оқиғасы – деді Оспан. – Ал біз су жағаламаймыз, Сарыбастан көмек те сұрамаймыз,жайлап барып,кафеде дем аламыз. Мәлік Оспанның әңгімесіне риза. Сарыбастың сондай күлдіріп айтатын әңгімелерін сағынғанын сезді, көңілі елжіреп тұрды. Осындай әңгімелермен бұлар кафеге келіп кіргенде кеш түскен еді. Көп ұзамай жандарына екі әйел адам келді. Оспан орнынан тұрып, біреуінің ернінен, екіншісінің қолынан өпті. Орындықтарды ыңғайлап жайғастырды. Қол аяғы жеңіл ақсарысының аты Анар екен. Сұсты қарасы өзін Еркеш деп таныстырды. Мәліктен басқалары бірін-бірі бұрыннан танитын болулары керек. Анар мінезіндегі ақ жарқындығымен еш бөтенсімей бірден ортаның әңгімесін басқарып, қысылмай еркін отырды. Стол үстіне даяшы әкеліп қойған астан жеп, арақтан ішіп отырған олар сәлден соң әңгімеге көшкен.
– Еркеш бұрын осы қалада тұрған, екеуіміз подругамыз, бірге жұмыс істегеміз, – деді Анар Мәлікке қарап – Ал қазір ол Астанада тұрады, сонда прокурор болып жұмыс істейді. Қыдырып келген беті. Анар Еркешке ерекше бір құрметпен, сүйіспеншілікпен, мақтанышпен қарады.
– Басымыз бос, оны да айтып қояйын, өз еркіміз өзімізде, еркін құспыз. Осеке, қалай келісесіз бе? – деп Анар Оспанға тиісіп қойды.
– Әрине, келісемін, екі әйел алуға өкімет рұқсат бермейді, себебі ондай заң жоқ, ол қылмыс болып саналады, біреу-міреу арыз жазып шағымданса жұмыс орның күнәлайды, ел жазғырады. Сондықтан бұл жерде менің күнәм жоқ. Басың бос, оған келісемін. Ал мына Мәліктің де басы бос, балалары болса өсіп жетілген, аяқтанған. Мамандығы құрылыс, архитектура болғанмен кітап жазатын әдеті бар, ол мектептен келе жатқан хоббиі. Алғашқы қосылған әйелі қайтыс болған соң Алматыға көшіп кеткен. Одан кейінгі өмірін біле бермеймін. Бірақ қазір жалғыз ілікті сияқты. Оның себебін мен әлі сұраған жоқпын. Ыңғайсыз ғой. Бірақ сендермен таныссын деп әдейі осында ертіп келдім.
Ал енді осында отырғанымызға біраз уақыт болған сияқты. Менің бір жұмысқа байланысты баратын жерімнен қалып барамын. Рұқсат етсеңіздер, айып көрмесеңіздер мен сіздермен қоштасамын – деді Оспан кенеттен орнынан тұрып жатып – Мәлік хабарласамыз ғой, әлі менің үйіме қыдырып қонақ боласың.
– Осекеңді мен шығарып саламын, ал сіздер отыра беріңіздер, егер де кідіріп келмей қалсам, айып етпейсіздер. Екі қонақ – сіздермен құдай жазып әлі кездесерміз деп ойлаймын. – деді де Анар да Оспанның соңынан еріп сыртқа беттеді. Мәлік енді бейтаныс Еркешке барлай қарады. Прокурор деді ғой Анар. Еркештің де өзін сынап отырғанын сезді. Еркеш отырған орнынан қозғалған жоқ, кететін ыңғай білдірмеді.
Мәлік даяшыны шақырды, столдың үстін жинастырып, тазалауды өтінді. Қайтадан екі адамға лайықтап ас мәзірін әкелуге тапсырыс берді. Олар еріксіз екеу ара ғана сөйлесуге тура келетінін іштей сезініп отырды. Таныстықты басынан бастаса да болатындай.
– Туған жеріңізді айтпайсыз ба? – деді Мәлік үнсіздікті бұзып.
– Жиделіде туып, сонда өстім, – деді Еркеш.
– Жерлес болдық қой онда. Кімнің қызысыз, әкеңізді мүмкін танырмын.
– Әкемнің аты Дәулет, бұрындары автобус айдаған адам, – деп жауап берді Еркеш.
– Е-е, сол кісі ме, онда білемін. Жақсы адам дейтін жұрт.
– Рахмет, мақтау сөзіңізге өсіп қалдым. «Әкең өлсе де оның көзін көрген адам аман болсын» дегендей.
– Әңгіме табылады екен. Асығыс болмасаңыз отырайық. Мен адамдардың әңгімесін тыңдағанды ұнатамын. Жас кезімде орыс елінің ұлы жазушысы М Горькийдің шығармаларын көп оқушы едім. Оның өз өмір жолдарынан алып жазған әңгімелеріне қызығатынмын.Үлкейгенде де соған еліктеп өмірдің қиыншылықтарын басымнан өткерейін деп әртүрлі жұмыстарды істедім, адамдармен сырластым. Сондағы ойым есейген шағымда өзім көрген өмірдің қыр-сырларын, қиыншылықтарымды кітап етіп жазсам деген арманнан туған болатын.
Түсініп отырған шығарсың мені. Прокурор болып жұмыс істейді екенсің өз өміріңді айтсаң қайтеді, қарсы болмасаң кітап етіп жазармын мүмкін. Тіпті өміріңнің қай кезеңінен айтсаң да еркің білсін.
Әлде орынсыз өтінішпен мазаласам кешіріңіз, – деді Мәлік.
– Жоқ, қысылмаңыз, күнәламаймын. Өмірде маған кездескен қызыр болмасаңыз да, иман жүзді адам көрінесіз, жаны адал дегенім ғой, сізді маған кездестірген Алла тағаланың өзі шығар. Сізге айтпағанда басқа кімге айтамын. Ойларымның ішіме жиналғаны сонша кімге айтарымды білмей менде қиналып жүр едім жақсы болды. Сіз ерінбесеңіз, жалықпасаңыз айтып, талқыңызға салайын.
– Айт, айт. Көңілің босап, денең жеңілдеп қалады. Өзіңді сынайсың, қателеріңді анықтайсың. Таңға дейін кафе жұмыс істейді екен ақыры. Құлағым сенде, ешкім бөгет болмас, – деді Мәлік.
Сәл-кем үнсіздіктен кейін Еркеш бір шешімге келгендей:
– Айтсам айтайын, – деді де әңгімесін қоңыр дауысымен бастап кетті.
Мәлік қаншалықты әңгімеге құлақ қойғанмен оның бет бейнесіне соншалықты назар салған еді. Оның ішкі ой тербелістерінің әсері бет бейнесіне шығып соншалықты құбылыстарға айналып өзгертіп тұрды. Мәлік өтірігі жоқ қиыншылықтарына қосылып қиналды. Күлкілі тұстарына рахаттанып тұрып күлді. Еркеш әңгіменің зергері екен. Тоқылған кілемнің әдемілігіндей, текеметтің құбылған түріндей болып өрнектеліп әңгімелері төгіліп жатты. Ойын жеткізе білу қабілетінің зор екенін өзі жақсы білетін болу керек. Тыңдаушысына қарап отырып құдіреттене түсіп біресе бишара халдегі адамның күйіне еніп өзін аятып отыру оған тіпті қиын емес екен деп түйді ішінен Мәлік. Иә ауызбен әңгіме айту қабілетінің үлкен ұстасы екен деді еріксіз іштей. Ал егер осы әңгімені лентаға жазып алса,оны тыңдаса көркем әдебиеттен кемшілігі жоқ айырмасы оқып әуреге түспеген болар еді адам. Ел басқарушысына лайық талант,сөзіне еріксіз ұйытып сендіру кез келгеннің қолынан келмейді. Міні осындай ойлардың қабатында Еркештің ауыр да қиын да өмір жолдарына құлағын төсеп бірге қиналып отырды Мәлік. Еркештің әңгімені бұлай айту қабілетін, талантын әкесі Дәулеттен бе жоқ әлде анасы Күләштан алған ба деген сұрақ қылаң берген Мәліктің ойында. Өмірінің осынша ауырлығына мойымаған Еркештің ерік күшінің молдығына тәнті болды Мәлік. Ал Қазақ елінің осындай қиын кезеңіне өмірі, тіршілігі тура келген адамдардың молшылыққа қол жеткізу үшін түрлі әдіс, айла амалдарға баратын болғанын сезінді Мәлік Еркештің өмірі туралы айтқан әңгімесінен. Адамгершілік деген ұғымның әдірем қалып, жел сөзге айналғанына көзі жетті. Ұяты жоқ адамдардың, еріксіз адамдардың жезөкшелікке лайық мінезге бой ұрып, қарым-қатынасты өзгеше жасауға көшкенін аңғарды. Осы бір ақылды әйел баласының тауқыметі мол тіршілігіне жаны ашыды, аяушылық сезіммен қарады. Егер қолында мол қаражаты болып жатса аямай көмектесетінін іштей мойындады. Еркеш те өз әңгімесінің жемісінің тәтті дәмін Мәлікке жегізіп басын айналдырғанын түсінді. Оны үйіріп болғанын, өзінің ойлаған мақсатына көндіруге енді аз қалғанын сезді.
– Байқаған шығарсыз Анар құрбымның менің прокурор болып істейтінімді сізге мақтанышпен айтқанын. Бірақ бұл бекер әңгіме. Мен прокурор емеспін. Құрбымның мені құрметтеуін қалаған менің өз өтірігім. Ол шын көріп, маған сеніп, сіздерге солай таныстырды. Бірақ өмір бойғы менің арманым прокурор болғаны рас. Мына заманның қиыншылығынан адамдардың бірінің біріне жезөкшелік жасауына тосқауыл болу менің ойымша тек прокурорлардың қолынан келетініне келісесіз ғой. Сондықтан да мен есейіп кетсем де соны армандадым. Әрине биліктің айтқанынан шыға алмайтын кезі аз емес шығар, бірақ сонда да болса заман қиыншылығына ететін әсері мол деп білем. Адам құқығының бұзылмауына, тәртіптің бұзылмауына тіреуіш, ұстын. Астанаға көшіп барған соң прокурор болу арманымды іске асыруға кірістім. Таныстар арқылы бір университеттің басшыларымен қатысы бар адам таптым. Сырттай оқуға түсуге, юристің дипломын алуға жәрдем жасайтын болды ол адам. Өткен жылдардың құжаттарына аты жөнімді тіркетіп, толық курсты өткенімді заңдастыратынын айтты. Әр курсқа төлеуге тиісті ақшамды бухгалтерияның құжаттарына жазғызатын болды.
Менің қуанышымда шек жоқ еді. Себебі арманыма жетпеген нем қалды деп қиялдадым ғой сол бір күндері. Еңбек ақысына деп мен жарты миллион теңгемді оған бердім. Ол ақшаны осы бүгіп сізге айтқан әңгімемде қалай тапқанымды айттым ғой. Мені олай бір аударып, былай бір төңкеріп қызығыма батқысы келген адамға вокзалдағы қонақ үйде ұйықтататын дәрі беріп қалтасынан сол ақшаны алғанымды Анарға сыр ғып шерттім емес пе бүгін тіпті. Сол ақшаны оқуға түсу үшін жұмсағанмын. Ақшаны алған соң оқуға түстің, енді құдай қаласа бір жылдан соң дипломыңды қорғатамын деген еді ғой әлгі танысқан адамым. Қоймай жүріп, соңғы курстың студенті деген одан анықтама да алғамын. Сол күндері төбем жеткендей қуаныштан шалқып жүрдім-ау, себебі менен бақытты адам жоқ сияқты көрінген болатын. Сөйтіп жүргенде бір жыл уақыт та зымырап өте шықты. Сонда ғой менің таныстарыма, құрбыларыма прокурор болып жұмыс істеймін деп жар салып мақтанып жүргенім. Өзімше оны өтірік деп ойламағанмын, себебі оқу бітіремін сонан соң құдай қаласа мен прокурор болмағанда кім болады деп аңқау, ақымақ басым шынымен сенгемін. Енді маған қалғаны тек диплом қорғау болатын. Ақыры бардым ғой бір күні университетке де асығып. Танысыма телефон соқсам ол трубкасын көтермейді. Деканатқа барып секретар қыздан жайлап сұрасам менің фамилиям тіпті студенттердің тізімінде жоқ. Тас төбемнен жай түскендей мәңгіріп, есімнен тандым да қалдым. Бәрі, бәрі өтірік болып шықты. Мені алдап, ақшамды алған соң телефон номерін ауыстырған, бір алаяқ болып шықты таныс адамым. Оның не үйінің адресін білмеймін. Осылай далада қалдым. Уақыт емші екен. Мені өстіп алдап кетті деп кімге айтамын, кім сенеді, кімге керек менің алданғаным. Ал айтайын – ол мазақ етіп күлмей ме, табалайтындар да табылар. Әркімнің өз қайғысы өзіне жетеді бүгінгі күні біздің елде. Алдау, өтірік айту, пара алу біздің елдің үйреншікті әдетіне айналып бара жатыр. Әйел демей, еркек демей, жас демей, кәрі демей тегіс өз өмірі үшін алдау түгілі жақында қылмысқа да баратын шығар. Әбден күйген бір кездерде дүниеден безіп кеткім келеді. Жезөкшелер деп шыңғырғым айқайлағым келеді. Өңімді бермеймін, өтірік күлемін – өмір сүру керек. Мен шаршадым аға, жас қыз емеспін алды артын ойламайтын. Жақсы адамның жанында тиыш бір өмір сүрсем ғой дейді ендігі менің арманым. Не айтасыз менің өміріме?
Қаласаңыз – көңілдесіңіз болайын, қаласаңыз некесіз екінші әйеліңіз етіңіз ең арысы. Берісі – әйеліңіз болуға жарасам төсенішіңіз етіп көріңіз, сүйенетін жастығыңызға айналайын, әйтеуір көлеңкедей сізге еріп жүрсем болғаны. Қайда барамын, қайда тұрамын деп ақылдаспаңыз мен тек сізге еріп жүре беремін. Неге деген сұрақ менен сізге қойылмайды. Не айтасыз менің тілегіме? – деді Еркеш.
– Еркеш, шаршаған екенсің, – деді Мәлік. Жауапсыз ұзақ отырып, ойланды, екі көзін жұмып, бір сәт қимылсыз Еркештің айтқан барлық әңгімесін есіне түсіріп көз алдына елестетті. «Е-е, Еркештің өмірі осылай өткен екен ғой».
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру