Дала қоңырауы
Елжас Бекенов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сонымен, 20 – 30 жылдары эстетикалық – социологиялық тұрғыдан талай құнарлы ой, соны пікірлерді айта білген, өмір шындығынан, кезең талабынан бой тасаламай, қайта соны түсінуге, түсіндіруге талаптанған, көркем шығармаға айналдырып, қазақ прозасы мен сынын өркендетуге ез үлесін қосқан Е.Бекенов есімі әдебиетіміздің тарихында еленіп, тиісті орын алатыны өзінен-өзі аян.
ЕЛЖАС БЕКЕНОВ
Дала қоңырауы
АЛҒЫ СӨЗ Қазақ совет әдебиетінің алғашқы буынының өкілі Елжас Бекеновтің творчествосы жөнінде қазіргі оқушыларымыз білмейді, ал бірлі-жарым білетіндердің өзі ұмытуға айналды. Елжас Бекеновтің бас бәйге алар шығармасы болмағанымен, әдебиет тарихында еленетін еңбектері аз емес екендігін осы жинақ аңғартуға тиіс.
Елжас (Ильяс) Жүнісұлы Бекенов қазіргі Көкшетау облысы, Чкалов ауданы, Абай атындағы совхозда 1892 жылы кедей шаруаның семьясында дүниеге келген. Елжастың ауылдағы шала молдадан алған «білімі» қайғы мен шерден шайылып, 1909 жылға дейін бай тепкісінде тапталды. Ел ішінде көрген езгіден құтылмаң болған Елжас 1912 жылға дейін Петропавлда капиталист Мұратовтың бу диірменінде жүк көтерушіде болып «бағын» сынап көрді. Елжас есейген сайын өмір ауырлай берді, оның «жүгін» көтеру оңай болмады, бұлқынды, талпынды, бірақ сытылып кете алмады. «Маңдайға жазған тағдырды» жер астына көмбек болып Елжас 1912 жылы Томск губерниясындағы Судзкенск көмір кенінің шахтасына түсті. Өмір тауқыметінен арыла алмаған Елжас 1915 жылы Петропавлге қайтып оралмасына шарасы қалмады. Теміржол станциясында жүк тасушы болып жүргенін көпсінгендей, патшаның 1916 жылғы июньдегі жарлығына душар болып, февраль революциясына дейін Пермь темір жолындағы «асығыс әскери» жұмысқа жөнелтілді, қиюы кеткен сор өмір темір жолдың топырағын қопартты, ауыр рэльстерді сүйреуге көндірді. Октябрь ревлюциясының арқасында елін әзер тапқан Елжас 1918 – 1919 жылдары сырқатпен әлек болды.
Социалистік революцияның арқасында теңдік алған ауыл кедейлері саяси жұмысқа тартыла бастады. Елжас коғам ісіне араласты. 1920 жылы Сәбит Мұқановпен бірге Көкшетау уездік және болыстың ревкомына мүше болып, халық ағарту бөлімін басқарды. Сауаты кем адамның онша жарыта алмайтынына көзі жеткен Елжас сол жылдың күзінде Петропавл қаласында ұйымдастырылған үш айлық курста оқыды.
Оқудан оралғаннан кейін Көкшетау уездік Совдепының тапсырмасы бойынша Елжас ауылдарда ашылған ересектердің сауатсыздығын жою мектептерінде сабақ беріп жүрді. Істеген ісінде тиянақтылық пен белсенділік көрсеткен соң Көкшетаудың уездік партия комитеті Елжас Бекеновті Коммунистік партияның мүшелігіне 1921 жылы 19 ноябрьде кандидат етіп қабылдап, оны Советтерді қайта сайлау және салық, азық-түлік, 1922 жылғы көктем егісі науқандарын өткізуге нұсқаушы етіп жіберіп отырды. Өзінің пәрменді еңбегімен көзге түскен Елжас 1922 жылы уездік, губерниялық съездерге делегат боп сайланды. 1922 жылы 1 сентябрьде болған Ақмоланың губерниялық съезінде Советтердің бүкіл Қазақстандық ІІІ съезіне делегат болып сайланып, Орынборға келді. Жергілікті ұйымдардың ұйғаруы бойынша осы сапарында Орынбордағы жұмысшы факультетіне түсіп, 1924 жылдың 5 декабріне дейін оқыды. 1924 жылы ноябрьде Коммунистік партияның мүшелігіне өтті. Денсаулығының
нашарлауына байланысты 2-курстың екінші семестрінен бастап оқуды тоқтатуға мәжбүр болады. 1925 жылдың январынан бастап «Еңбекші қазақ» газетіне әдеби қызметкер, соңынан партия, кәсіподақ бөлімінің меңгерушісі болып 1926 жылдың 15 ноябріне дейін істеді. Осы уақыттан бастап Елжас тек жоғарғы орындар мен ұйымдардың ұйғаруымен қызмет бабын өзгертіп отырды. 1926 жылдың ноябрінде кәсіподақ жиналысында Рапростың жұмысшы баспасөзі секциясын басқаруға сайланды, 1927 жылдың апрелінде Казақстанның жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссариатына инструктор болып ауысты. Жергіліктендіру мәселесін шешу ісі Қазақстанның Орталық Атқару Комитетіне көшкеннен кейін Елжас оның ұйымдастыру бөліміне ауысты. 1929 жылы Өлкелік партия комитетінің ұйғаруы бойынша Петропавлдың округтік «Кеңес аулы орынбасары, ал Сәбит Мұқанов Алматыға ауысқаннан кейін ол газеттің редакторы болып қызмет атқарды. Петропавл округтік комитетінің пленум мүшесі, Бейнетқор аудандық партия комитетінің пленум және бюро мүшесі болып сайланды. 1981 жылдың сентябрінен 1933 жылға дейін ВКП(б) Орталық Комитеті жанындағы марксизмленинизм курсінің редакторлық бөлімінде оқып келгеннен кейін «Ауыл коммунисі» журналының жауапты редакторының орынбасары және КНИМЛ-де ғылыми қызметкер болып істеді. 1933 жылдың декабрь айында Оралдың облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің жауапты редакторы болып тағайындалды. Батыс Қазақстан ІІ партия конференциясында пленум мүшесі және обкомның бюро мүшелігіне кандидат болып сайланды. Өлкелік партия комитетінің ұйғаруы бойынша 1935 жылы июль айында Солтүстік Қазақстан облысының «Ленин туы» газетінің жауапты редакторы қызметіне ауысты. Декабрь айында болған Қарағанды облыстық партия комитетінің пленумында обкомның бюро мүшелігіне кандидат және пленум мүшесі болып сайланды. Бір жылдан кейін, 1938 жылы Қазақстан Главлитосына ауысып, 1938 жылдың 30 июніне дейін, яғни қайтыс болған күнге дейін саяси редактор болып қызмет атқарды.
Елжас Бекеновтің шығармалары 1922 жылдан бастап баспасөз бетінде көріне бастады. Алғашкы еңбектеріне «Ильяс» деп өзінің шын атын қойып жүрді де, 1924 жылдан бастап «Елжас» деген псевдонимді қолданды. «Елім болса жас, жаңа өмірге енді ғана қадам басып келеміз» деп «Елжас» деген атты өзіне-өзі тағыпты. 1926 жылдың қысында Өлкелік партия комитетінің тапсыруы бойынша Елжас «Жәмилә қалай сауатты болды?» деген кітапша жазды, ол 1927 жылы басылып шықты. 1928 жылы КазАПП жиналысында Бекенов Басқарма мүшелігіне сайланып, жауапты секретарь қызметін атқарды. 1929 жылы Өлкелік кәсіподақ ұйымыньң тапсырмасы бойынша Турксиб темір жолының құрылысшылары өмірінен «Жаңа жол бойында» атты циклді әңгіме-очерк жинағын жазды» «Кеңес аулы» газетінде жүрген кезінде КазАПП-тың Петропавлдық бөлімшесінің секретары, соңынан председателі болып, «Жарыс» альманағын шығарушылардың бірі болды. 1933 жылы Орал қаласына барғаннан кейін Совет жазушылары одағының ұйымдастыру комитетінің Батыс Қазақстан облыстық комитетінің председателі болып тағайындалды. 1934 жылы Қазақстан жазушыларының І съөзіне арнап «Біздің еңбек» атты үлкен жинақ шығарды.
Петропавлға ауысқаннан кейін де жазушылардың творчестволық ұйымынан қол үзбей жұмыс істейді. «Ленин туы» газетінде әдебиет беттерін жариялап, Қазақстанның XV жылдығына арналған әдебиет бәйгесін ұйымдастырушылардың бірі болды.
Елжас Бекенов өзінің өмірін жалшылықтан бастап, ең революцияшыл жұмысшы табының қатарында өсіп, Октябрьде туған жаңа заманды қуана қарсы алған, шиеленіскен таптық күресте, социалистік құрылыста шыныққан азамат. Өзінің негізгі жұмысын адал атқарып творчестволық еңбекке уақыт таба білген, атын өшірместей мұра тастап кеткен жазушы.
Қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллин 1929 жылы «Көкшетау» поэмасын шығарғанда, оны он жеті ақын-жазушыға тартуға тартқан болатын. Бейімбет, Ілияс, Сәбиттермен қатар Елжасты да творчестволық жарысқа шақырып, жаңа әдебиетті өркендетуге аянбай күш жұмсауға үндеген еді. Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебінің» екінші кітабында 1920 жылдардағы революциялық қызметке байланыстыра жиырмасыншы-отызыншы жылдары кейбір шығармаларымен оқушыларға аты мәлім болған Елжас Бекеновты атап өтеді. Елжас Бекенов әдебиет әлемінде 1922 жылдан бастап көрінді. Баспасөз бетінде жарық көрген ең тұңғиық еңбегі – «Бидің жауыздығы» «Қызыл Қазақстан» журналының 1922 жылғы 13-санында, жарияланған суреттемесі. Елжастың бұл тырнақалды туындысынан жазушылық өнерге тән көп қасиеттер тауып, көп сөйлеу қиын. Бірақ жазушы стилінің алғашкы нышандарын бірсыдырғы айқын аңғаруға болады. Елжас өзі айтпақ ойды, суреттемек оқиғаны еркін көрсете алған. Бұл арада дәйекті суреттеу, оқиғаны сабақтастыра өрбіту тәсілін қолданған. Оқиғаға араласқандардың іс-әрекетін мінездеу автордың айбынды позициясынан анық аңғарылып, қорытынды жасау оқушының еншісіне тиген. Әңгіме желісінің берік тартылуын айтқан уақытта жазушы тіліндегі етістіктердің молдығы мен диалогтардың көптігіне назар аудармасқа болмайды. Қиюын таппаған етістіктер, ұтымсыз диалогтар, сөз жоқ, әңгімеге ажар бере алмайды. Мұны тек Елжас әңгімесінің кемшілігі деу де орынды болмайды, өйткені біздің жас прозамыз өзінің туу кезеңінде екі адамның сөйлесуі, сұрақжауап формасын жиі қолданғанын, сөйтіп адам жанын ашудың орағытпалы жолымен жүргендігін естен шығармағанымыз жөн.
Елжас Бекенов творчестволық еңбек майданына 1925 жылдан кейін түгелдей ден қойды. Өзінің негізгі журналистік қызметін атқара жүріп, әңгіме, өлең, сын жазуға уақыт таба білді. Елжастың таптық көзқарасы айқын болғандықтан оның мақалалары мен публицистикалық шығармалары айбынды болды. Елжас – ең алдымен проза жанрымен шындап айналысқан жазушы, дер кезінде орынды пікір айтқан, әдебиеттің даму барысын бағдарлап, қажетті кездегі жас әдебиетімізді қалыптастыру жолында күреске қатыса білген сыншы. Елжас Бекенов – қазақ совет прозасында қалам жебеп, көркем әңгімені қолға алған жазушылардың бірі. Елжастың әңгімелерін тақырып жағынан саралап, ең түйінділеріне тоқталған жөн. Елжас творчествосында негізінен алғашқыда азамат соғысы жылдарының сұсты көрінісі, қараңғылықта қамалып келген, Октябрь революциясының
арқасында жарық дүниеге, азаматтық теңдікке, еркіндікке ұмтылған қазақ әйелдерінің өмірі, қазақ пролетариатының туу, қалыптасу, саналы жұмысшыға айналу процестері, талай жылдан байдың езгісінде болған, өзіндік психологияның төңірегінде шыр айналған қазақ кедейлерінің коллективтік шаруашылыққа көшу кезеңдері өзінің белгілі дәрежеде шешуін тауып, көркем суреттер арқылы көрсетілген.
Азамат соғысы тақырыбына Елжас бірқыдыру әңгімелерін арнады. Әр кезеңде жазылып, соңынан «Жалшы сәулесі» (Ташкент, 1929) жинағында басы біріккен «Октябрь күндеріндегі қуаныш» («Ақындар шашуы», Жинақ 1927), «Ескендір» («Жыл құсы альманағы, № 1, 1927), «Ардақты жан» («Жаңа әдебиет» 1, 2, 1928)-және 1987 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланған «Большевик қызы», (М 1, 2, 4), «Ана құшағында» (№ 10, 11) деген әңгімелері азамат соғысының Қазақстанда болған көріністерін суреттеуге арналған. Осы шығармалардың ішінде «Большевик қызы» көлемі жағынан болсын, маңызы мен мазмұны жағынан болсын көркемдік қасиетімен көзге түседі. «Оң жағы таумен оралған, сол жағы өзенмен шырмалған кішкене болса да әсем ескі қалада бақытты адамдар өмір сүріп, абыройлы еңбекпен шұғылдануда. Жаздың жадыраңқы аспанына бұлт торланбай, көңілің көтеріліп, желпіне түсесің. Далаға шықсақ да, үйге кірсең де дүниенің жарығы мол. Жабағыға оранып, бестекті жастың, құрымды төсеніш қылатын сүреңсіз сор заман келмеске кеткен. Екі бөлменің іші де тап-таза, европа тәртібімен жиналған. Үстел беттері ақ жайма, кестелі дастарқан жарасып тұр. Төргі бөлмеде барқыт түсті диван, қабырғаға ұстаулы, еденге төсеулі масаты кілемдер. Екі жақта екі жылтырауық темір кереует, төрде жазу үстелі. Мәдениетті, бақытты адамдар тұратын үй екені табалдырықты аттағаннан-ақ белгі береді» - деп басталады «Большевик қызы».
Осы әсем көріністің шырқы Сабыржан жұмыстан оралған соң бұзылды. Кешігіп келген ақжарқын Сағила «сұп-сұр болып, бетінің түгі шығып, қабағы түсіп, шүңіректеу көзі одан да жаман батыңқырап» отырған Сабыржанды көргенде көңіліне қаяу алып, «бір жері ауырып отыр ма?» деп дегбірі қалмай, сүйгенінің сырын білгенше асығады. «Сенің қолыңа кірген шөгір, менің маңдайыма қадалсын» деп жүрген Сағиланың Сабыржаны алашорданың офицері, талай жазықсызды қолымен өлтірген қан ішкіш деп табылып, партиядан аласталып отырғаны анықталғанда «Қараторы әйел қатты күйінді. Таң атқанша кірпік қақпады. Жастыққа көздің жасы қанша аққаны белгісіз. Анда-санда қараторы әйелдің үһ» деген дыбысы естіледі. Іштегі ызадан, өкініштен туған жалынның лебі ауыздан шығып жатқан сияқты. Совет тәрбиесін көріп, білім алған, бірнеше жыл комсомол комитетінің секретарі әрі аупартком бюросының мүшесі, кейіннен деткоммунаның меңгерушісі боп жүрген Сағиланың көз алдына «ес білгеннен берге өмірі, әке-шешесінің өмірі елестеп тізбектеле берді». Әңгіме оқиғаға бай, Елжас әр оқиғаны әңгіменің сюжеттік желісіне берік-қабыстырып, композициясын ширата түскен. Салған жерден лирикалық шегіністерден бастау болған оқиғаны тез білуге оқушыны ынтықтырып отырады. Әңгімеде суреттелетін көріністер мен эпизодтар негізгі оқиғаны айқындай түсуге бағытталғандықтан Серікбайдың образы мейлінше толыққанды болмағанымен,
жанды, нанымды. Ал большевик қызы Сағила өмірдің ең бір ұтымды кезеңдерінде көрсетіліп, тартымды шыққан. Сондықтан да автор Сағиланың өсу жолдарын, өмір өткелдерін толық суреттеп жатпайды, оның қажеті де шамалы. Оқиғаның логикалық мотивировкасы Сағиланың дүние құлы Жантастан, майда тілді Дүйсенбайдан құтылып, советтің детдомында тәрбиеленіп, білім алатындығын оқушының өзіне топшылатады, автор айтпағанды оқушының өзі ойша толықтыра түседі де әңгіме геройларының тағдырына ортақтасып отырады, Елжастың азамат соғысы дәуіріне арналған бұдан басқа әңгімелері баяндау тәсілімен жазылып, көріністі толықтыру қажетті болғанда кейбір лирикалық шегіністерге орын береді. Адал еңбегіне ақы төлеуді сұрап барған Ескендір байдан жәбір сөз естіп, таяқ жеп тарығып тұрған шағында қызылдарға жол көрсетуі, майданға араласуы, Арқадан Тарбағатайға дейінгі жеңіс жолдарын көруі, қазақ ауылында үгіт жұмысын жүргізуі, елге қайтып келген соң дұшпанын мұқатып, уезде қызмет істеуі нанымды суреттеледі. Ал «Ана құшағындағы» Мергеннің каторгадан қашып шығып, қызыл партизандар қатарында болуы, жау жеңілмей елге оралып, шаруа бағып отыра алмаймын деп майданға кетуі, баласының әділ істі жақтап, күреске түскенін көрген ананың «карағымның ұлы сапары оң болсын, арманым жоқ, енді жыламаймын» деуі қазақ аулындағы жарлы-жақыбайлардың, мұңдылардың көңіл-ауанын айқын аңғартады. Елжастың «Октябрь күндеріндегі қуаныш» деген әңгімесі азамат соғысына арналған шығармаларының ішіндегі ең солғыны. Мұнда автор схематизмге ұрынған, белгілі идеяларға өмір көріністерін іздестірген. Сондықтан да насихаттамақ ой оқиғаның дамуы арқылы көрсетілмей, ойдан оқиға өрбіп, логикалық тұжырым жасанды болып шыққан. Елжас Бекеновтың қазақ әйелдерінің тұрмысынан алып жазған шығармаларының ішінде «Жәмила қалай сауатты болды» (Қызылорда, 1927) деген көркем әңгімесінің орны бөлек. Бұл шығармада талай ғасырдан бері азаматтың еріктен айырылып, сауда мүлкіне айналған қазақ әйелінің тағдыры суреттеліп, совет үкіметі жылдарында қоғамдық еңбек арнасына тартылғаны, сөйтіп мемлекеттік іске араласқандығы өте қызықты да нанымды суреттелген. Автордың бұл еңбегінде жаңа көктеп келе жатқан жаңалықтың нышандары ұтымды көрсетіліп қана қойылмайды, қайта соны орнықтыру, нығайту, өмірдің әдетті құбылысына айналдыру тенденциясы басым жатады.
«Жәмила – Нұрманның тоқалы. Жасы жиырмада. Нұрманға келгелі екі жыл болған. Содан бері Жәмила сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығады. Қой, сиыр сауу, отын әкелу, тезек теру, бұзау бағу, жіп есу, бұдан қолы босағанда іс тігу – бәрі Жәмиланың мойнында». Таңның атысынан күннің батысына дейінгі уақытта қолы бір босамайтын, оның үстіне Салиқа сияқты көк долы, азулы күндесі бар Жәмиланың көрген күні қаратүнек. Осындай күйде жүріп оқу Жәмиланың ойына оралып, қаперіне де кіріп шықпаған-ды. Биылғы жазда қаладан күйеуімен бірге келіп, еркін жүріп, дем алған сауатты Мариям Жәмилаға аспандағы жұлдыздай боп көрінген. «Шіркін, мен де сондай болсам» деген арман Жәмиланы ілгері ұмтылтпай, әбден ұнжұрғасын түсіріп жіберген. Қапсыра ұстаса қоқыңды жұлып алатын Нұрманнан, күндіз-түні шаптығып, кең дүниені шарапқа сыйдырып отыратын күндес Салиқадан еркіндік алып, олармен тең отырып тамақ ішсем,
киім кисем-ау деген ой Жәмиланың тұла бойын қалтыратып, «құдай алдында күнә» жасап тұрғандай сезіндіретін. Патриархалдың әдет-ғұрып, исламның шариғаты қазақ әйелін осындай күйге түсіріп, ойсыз, сөзімсіз, мақсатсыз жұмыс құралына, сауда мүлкіне айналдырған еді. Ескі заман Жәмилаға әдет-ғұрыпты, шариғат жолын сіңдіріп, ақыры тоқалдыққа көндірсе, Октябрьде туған жаңа заман Жәмилаға санаңды көтер, оңың мен солыңды таны, оқу оқы, білім ал деп күлімдеді. Жаңа заман шариғат шылауындағы Жәмиланың жеке өз басын Нұрманнан бөзіп, тоқалдықтан құтыл, күндесіңмен бет жыртыса бер деп келмеді, тереңнен, ең ұтымды жерден келді, оқу-білімсіз бәрібір қоғамға пайдалы адам болмайсың, одан да оқы, біл, жетіл, санаңды өсір, сөйтіп еліңе еңбек ететін ер азамат бол деп келді. Елжастың «Жәмила қалай сауатты болды» деген әңгімесі 1926 – 27 жылдардың арасын қамтиды. Шілденің бас көзі. Балалардың оқуы бітіп, демалысқа шыққан. Халықты ағарту ісіне ден қойған мұғалім өзінің бос уақытын өткізе алмаған соң, ауылнаймен ақылдасып, ауылдың қыз-келіншектерін оқытуға ниет қояды. Әкімшілік жолымен шеше салуға келмейтін мәселе екенін аңғарған мұғалім мен ауылнай ауылға сөзі өтетін Нұрманды көндіру қамына кіріседі. Нұрман өз әйелін оқытуға іштей қарсы, бірақ байсеркеш деп соңғы уақытта сөзге қалып, қағажу жеп жүрген соң қара басының қамы, ауылнай алдында жақсы атақ алып қалу үшін де «е, жарайды» деген уәдесін береді. Ертеңіне ол жиналған еркектерге бас болады. Сәске түс кезінде ауылдың шетіндегі бес қанат қоңыр үйге тұс-тұстан әйелдер ағыла бастайды. Бәйбіше Жәмилаға «Гүлсімді желіктірейін деген екенсің, бар, жүре бер өзің. Гүлсімді саған сеніп жібере алмаймын. Сабағыңның керегі жоқ. Сабақ оқымай-ақ адам болып жүрміз ғой» деп тағылың «философиясына» басады. Жәмила келгенде үйдің іші лық толы екен, әйелдердің оқуға келгенін қызықтап жүрген балалар мен ауыл еркектері де бар. Қайнаға, аталарынан келіншектер қаймығып, ұяла берген соң мұғалім еркектер мен балаларды әдеппен шығарып жіберіп, отырғандарға қағаз, қарындаш, кітап үлестіріп берді. Сабағын бастамас бұрын қазақ әйелдерінің өмірінен, үй ішіндегі жұмысынан көп мысалдар келтіре сөйлегенде шәкірт әйелдердің біреуі «япыр-ай, осының бәрі рас-ау, мұның бәрін қайдан біледі екен» – деп тамсанып қойды. Сабақ басталды. Төрт күнде он әріп үйретілді. Жәмила бұл әріптерді үйде жүргенде, бие сауа барғанда, бұзау қайырғанда жаттап, айтып жүрді. Үйде Салиқа мен кісілер жоғында қағазын алып жазып, қолын машықтандырады, ара-тұра «Қалқажан-ау, менің оқығаным мынау» деп Гүлсімге де көрсетіп қояды. Ол да қызық көріп, үй оңаша болса Жәмиланың жазып жүрген әріптерін тап сондай қып жазып, үйренгісі келеді, Бір күні «Ж» әрпін үйретті. Оқуға ынта қойған Жәмила ертеңіне дәптерінің мұқабасына «Жәмила» деп өз атын жазып келді. Тапсырманың орындалған-орындалмағанын тексеріп жүрген мұғалімнің көзі Жәмиланың дәптеріне түсіп, өз тарапынан ынта көрсеткен Жәмиланы шәкірт әйелдерге үлгі ете мақтап тұрғанда, Кұрманның «бие сауыны өтіп барады» деген ызғарлы айғайы ауылды басына көтерді. «Кұрманның даусын естігенде Жәмила селк ете қалып, қағазын қойып, мұғалімге жалтақтап қарай берді. Нұрманның дауысын естіп тұрған мұғалім: әйелдердің сабақ оқығанын ойыншық көріп жүрау, қазір сабақ бітеді, біржолата барарсыз, – деп Жәмилаға жауап бергендей
болды» деп автор өз әңгімесінің психологиялық моменттерін қоюландырып, өсерлілігін күшейте түседі. Сабақты үлгілі бітіріп, хат танығандардың бірі Жәмила болды, мақтау естіді. Күзекке көшіп барғаннан кейін қолына түскен кітаптарды, «Еңбекші қазақ» газетінде басылған ел хабарларын, әсіресе «әйелдер тіршілігі» бұрышын оқып, оқығанын өз құрбылары мен мұңдастарына айтып беріп жүрді. Осы әңгіменің ең маңызды және психологиялық көріністері шұрайлы, адам характерінің сырын сыздықтап ашатын ұтымды бөлімі – «Жәмилаға жалынды» деген тарау. Хат таныған «көз ашықтардың» қатарына ілігіп, санасы өсе бастаған Жәмила ауылдық сайлауда болыстың съезге делегат болып сайланады. Жәмиланың дуанға баратыны, оны Нұрманның өзі апаратындығы күндес Салиқаның шымбайына батып жүргенде Нұрман: «Мынауың жыртық, жиналған жұрттан ұят қой, – деп Салиқаға қарап. – Бәйбіше, барқыт шапаныңды бер мынаған» – деді. Жәмила дуанға аттанды. Елжас Жәмиланы енді оны қоғамдық істер аумағына кірістіреді. Қасым деген байсеркешті болыс етпек ойлары бар байлар жақын ағайын, өз руынан келген делегаттардың басын қосып, ертеңгі сайлауда Касымға шар тастауды тапсырады. Осы арада автор партия құрғыш байлардың айла-амалдарын қазбалай керсетіп, сол кездерде өткізілетін сайлаулардың жай-жапсарын оқушыға айқын суреттеп береді. Сайлау басталды. Болаткомның мүшесі болатындардың тізіміне ілікпей қалған Қасымның орнына Жәмила сайланды. Кұрманға іш тартып, сыбайлас боп жүргендер «қойыннан төгілсе қонышқа» деген. Не қылған күнде «Жәмила өз айтқанымыздан шықпайды ғой» деп Жәмиланы сырттан малданады. Болаткомның мәжілісінде Жәмиланы жер бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Қайырлы болсын айтқан жұртқа Нұрман: «Өзіміздің қолымыз жетпеген «баққа» аяғымызда жатқан қатынымыздың жетіп, болыс болғаны, әрине, таңқаларлық қуанышты іс қой» – деп іші тарлығын да, өкінішін де көмескі жауаптан аңғартып тастайды. Жәмила дуанда қызметке қалды. Күндіз жұмыс, кешке оқумен жүрді. Ауылға бармағанына бір жарым ай шамасы болды, «дуанға айында-жылында бір келетін Нұрман жетісіне бір келеді. Келген сайын «Жәмиланы біраз уақыт үйге жібер» деп болатком төрағасына жалынады. Бір жағынан «үйге жүрсейші» деп Жәмилаға жалынады. Нұрман бұрынғыдай Жәмилаға ұрсып, боқтап, ашуланып, зекіріп айтпайды. Не туралы сөйлесе де алдап, еркелетіп, не жалынып сөйлейтін болды». Қоярда-қоймай жүріп Нұрман екі жұмаға ұлықсат алып, Жәмиланы елге алып қайтты. Жолшыбай кездесіп қалған жастар жағы «болыс жеңгей», үлкендер «болыс келін» деп үйіріле амандасып, жалпақтап қалады. Қонған, түстенген үйлері Жәмиланың арқасында Нұрманға бұрын көрмеген сый-құрметті көрсетеді. Жәмила ауылға келгенде Салиқадан басқа үлкен-кіші, қатын-қалаш, бала-шағалар алдынан шығып, құрметпен қарсы алады. Елжас осы өзгерістердің психологиялық тамырларын дәл тауып, тереңнен қаза көрсету арқылы нанымды ете алған. Жәмиланың болатком мүшесі болуы тек қазақ әйелдеріне ғана емес, оқу-білімінің пайдасы жөнінде көпшілікке бірдей ой салады, ауыл адамының рухани жағынан өркендеуін өрге бастайтын нақты үлгі болады. «Аяғымда жатыр» деп адам құрлы көрмейтін Нұрман да, қаншама күндес болғанмен Салиқада моральдың жағынан Жәмиланың артықшылығын тани бастайды, күні үшін кейбір ретте жарбақтаудан
да тартынбайды. Осы оқиғалардың көркемдік, логикалық мотивировкасы мен трактовкасы дәйекті де тартымды шыққан. Әрбір белеңді керіністен кейін Жәмиланың образдың тұлғасы тола түсіп, жаңа қасиеттерге ие болады. Ол үшін автор талай келелі мәселелердің шешуін Жәмила парасатына тапсырып, қоғамдық адамның қалыптасып келе жатқандығын көрсетеді. Әңгіменің соңына Елжас 1927 жылғы жер мен шабындық белісін мейлінше шебер құрастырған. Үлкен науқан тудырған сана өзгерісі мен зволюцияның дұрыс сабағын таба біліп, көркемдік нанымдылықпен әсерлі суреттеп берген. Әңгімені оқып шыққаннан кейін, осы көркем шығарманың сол кездегі тарихи шындыққа арқа сүйей отырып жазылғанын көреміз. Күнделікті өмірде белең ала бастаған жаңалықты Елжас көркемдік елегінен өткізіп, ірі обобщениеге бара білген. Жәмила өзінің ішкісыртқы қайшылығымен типтік жағдайда суреттеліп, образ дәрежесіне көтерілген. Жәмила патриархалдың әдет-ғұрыптардан, шариғат жолынан түгелдей құлан таза болып кете қойған жоқ. Өзінің әйелге тән, әсіресе қазақ әйеліне тән ерекшелігімен көзге түседі. Жәмила ақыл-парасаты, адамгершілік ары мол, әрбір құбылысты ақылға салып шешегін, артық-кем сөз айтпайтын, ұяты бар адал жан. Ол қызмет бабы мен өзінің тоқалдық өмірін саралай білген, әрқайсысына лайықты мінез көрсете білген. Нұрманға қарым-қатынасы жағынан алғанда Жәмила қазір толық еркіндікке қолы жетсе де өзінің зайыптық борышынан безе алмайды, тіпті көп жылдан бері Нұрман қорлығын көрсе де оған «өзімнің күйеуім ғой» деген сөзімін де аңғартып қояды. Шайпау сөзі мен шалдуар мінезі жоқ Жәмила қалыптасқан семьяның шырқын бұзу жөнінде ойланған да емес. Осындай адамгершілік ары көтеріңкі Жәмилаға автор қоғамдық ірі мәселені шешуді міндеттейді. Бейсекейдің тапсырмасымен Нұрман Жәмилаға жалынады, етінеді, бірақ бұйыра алмайды. Осы эпизод Жәмилаға қыл көпір, егер Нұрманның көңілін қалдырмайын десе әділет ісі ойсырайды: Жәмила ауылға аттанып бара жатқанда Нұрманның көңілі мен әділеттікті таразыға салып, өлшеп келе жатыр. Қай жағы басады? Мұны автор баяндамайды, оны оқушының өзіне тапсырады. Ал оқушы Жәмиланың әділеттікке жығылатынын, ал Нұрман көңілін басқа жолмен таба алатындығына ешбір шубәланбайды. Әңгіменің нақ осындай эстетикалық әсерлі концовкасы Жәмиланың образдың тұлғасына қиюласа қабысып, шынайы өмірді өрлеу барысында көрсетуге мүмкін берген. Елжас Бекеновтің «Жәмила қалай сауатты болды» деген әңгімесі – шынайы өмірдің алуан көрінісіне арқа сүйей отырып, реалистік планда жазылған көркем шығарма. Жас прозамыздың қалыптасу дәуірінде Жәмила сияқты жағымды геройдың тууы – болашақтағы үлкен прозаның алғашқы қарлығашы еді. Біздің ақын-жазушыларымыздың сол кездің өзінде-ақ мәселенің үгіттік жағын шығарманың өзегі ете ұстап, құр суреттеулермен, жадағай баяндаулармен ғана әуестеніп кетпей, өзі дүниеге келтірмек геройлардың ішкі дүниесіне, өзгеріс эволюцияларына назар аударып, қоғамдық маңызы, эстетикалық ләззаты бар шығармалар беруге талаптанғанын айқын аңғарамыз. Әрине, олардың бәрі бірдей көркемдік шеберлігі, техникалық орындалуы жағынан мүлтіксіз, кемшіліксіз еді деуге болмайды.
Елжас Бекеновтың творчествосында жұмысшы тақырыбы едәуір орын алады. Қазақ совет әдебиетінде жұмысшы өмірінен шығарма жазған ақын-
жазушылардың ішінен Елжас көзге түседі. Елжастың азамат соғысы тақырыбына жазылған әңгімелерінің де біраз кейіпкерлері жұмысшы ортасынан шыққандар. Елжас еңбегінің осы жағын дер кезінде аңғара білген Сәбит Мұқанов 1927 жылы «кедейдің, жұмыскердің исі шыққан жерді тіміскілеп жүретін, соларды жазатын Елжас» деген болатын («Жыл құсы», № 1, 7 бет).
Жұмысшы өмірінің ащы-тұщысын басынан кешірген Елжас Бекеновке Қазақстан кәсіподақ басқармасы Түркістан – Сібір темір жолын салып жатқан жұмысшылардың тұрмысынан кітап жазуды тапсырып, ерекше назар аударылатын тақырыптарды белгілеп береді. Елжас осы тапсырма негізінде «Жаңа жол бойында» (1929) деген әңгіме-очерк жинағын шығарды. Автор соңғы сөзде өзінің «әбден төселмеген жазушы» екендігін, «кітапшаның оқушылары көбінесе жаңа салынып жатқан темір жол жұмысшылары болғандықтан, жұмысшылардың өз тұрмыстарын көрсетуден гөрі, оларды саяси-мәдени жағынан аз да болса үгіттеу жағы еске алынып жазылды. Әсіресе жұмысшыларға түсінікті болу жағы» ескерілгендігін айтып өтеді. Осы жинақта көркемдік дәрежесі әрқилы сегіз әңгіме бар. «Өткендегі мен бүгінгі», «Ескіліктің кесірі, жаңалықтың жемісі», «Болсақ Жұмаділдей бол», «Қызмет батыры» деген көркем әңгімелер тартымды шыққан, Өзінің өткен күнін бүгінгі жарқын өмірмен салыстыра сөйлейтін Төлеу, етектен тартқан ескіліктің опық жеген Айтбай мен Қадиша, ел ішін екі дайға бөліп, кедейлерді сүліктей сорып келген байларға жұмысшылардың ұйымшылдығымен соққы беріп, әшкерелеген: Жұмаділ, «домбыраның шегіндей қаз-қатар созылған темір жолдың» «ден саулығын» өзінің денсаулығындай түсінетін, өзгелердің дағдыры өзінің қолында деп ойлайтын, істеген ісіне ұқыпты Жаманбай сияқты теміржолшылар мен құрылысшылар кесек образдар дәрежесіне көтерілмегенімен, жанды бейнесімен көрінеді. Осы жинақтағы әңгімелердің дені контраст арқылы жазылған, яғни ескінің сүреңсіз көрінісі жаңаның айбынды суретімен салыстырыла, қарама-қарсы қойыла керсетілген, осы әдіс жұмысшылар өміріндегі әрбір жаңалықты айқын аңғартуға мүмкіндік берген.
Елжастың «Алтынды жүйе» («Жаңа әдебиет», 1930 ж .№11,12) деген көлемді әңгімесі тақырып жағынан Сәбит Мұқановтың «Алтын аймағымен» қабысып жатыр. Бұл әңгімеде алтын іздеуші старательдердің тіршілігі мен еңбегі кестелі сөз өрнегіне арқау болған. Бәйкен, Ескендір, Заит сияқты алған бетінен қайтпайтын, жер астындағы алтын жүйесін көп жылдың тәжірибесіне сүйеніп топшылай білетін, келешек күннің бүгінгіден де жарық болатындығына сенетін, қиыншылықты жеңе білетін қажырлы жұмыскерлер өздерінің жанды келбетімен көрінеді. Адал еңбек абырой мен даңқтың арнасы екендігі айқын аңғарылады.
Елжас Бекеновтың творчествосында қазақ кедейлерінің өмірі мен ауылдағы тартысы біршама кең қамтылған «Жұмақұлдың теңдігі» (1927), «Бүгінгі ауылдың елестерінен» («Кеңес аулы» 1929), «Қан жаспен жуылды» («Жаңа әдебиет» № 10, 11, 1929), «Қоңырау» («Жарыс» альманағы Петропавл, 1930), «Нұрманның санасы» («Біздің еңбек» жинағы, Орал, 1934), «Талпақ» («Әдебиет майданы», № 12, 1935) сияқты бір топ әңгімелері Совет өкіметі алғаш орнаған жылдардағы жалшы-жақыбайлардың өз азаматтың правосы үшін күрескенін, сайлауға
қатысқанын, егістік жер мен шабындық бөлісі, ірі феодалдар мен байларды конфискелеу кезінде таптың санасы өсіп, белсенділік көрсетуін, талай ғасырдан бері негіз тепкен жеке меншіктік шаруадан коллективтік шаруашылыққа көшу процестерін, жұт пен ашаршылық қаперіне кіріп шықпайтын, ертеңгі күніне сенімді колхозшының дүниеге келуін суреттейді. Елжастың «Қоңырау» деген әңгімесі коллективтік шаруашылыққа бірігіп жатқан ауыл кедейлерінің өмірін керсетеді, Әңгіменің басты геройы Талпақтың істеген ерлігі, тап дұшпандарының қастандығы, колхоздастыру жолында болған асыра сілтеушіліктер, адамдардың жаңа өмірге бейімделуінің қиындығы нанымды суреттелген. Осы кішкентай әңгімедегі оқиғалар Шолоховтың «Көтерілген таңындағы» көріністермен сабақтастығы барлығын аңғартады. Елжас өзінің Талпағын колхоз өмірі қалыптасқан кезінде де бір көрсетіп өтеді. 1935 жылғы «Талпақ» атты әңгіме «Қоңыраудың» кейінгі кезде жазылған бөлімі, Екі әңгіменің де негізгі кейіпкері болған Талпақ колхозды ұйымдастырғаннан кейін механизаторлар мектебінде оқып, комбайнер болады. Елжас Талпақтың өсу жолдарын кейіпкердің психологиялық өзгерістерімен көрсетуге ұмтылған. Алайда бұл әңгіме өзінің тіл бояуы жағынан жарқырай алмағандығын айтып өту керек. Сонымен, жоғарыда талданған шығармалар жас прозамыздың туу, қалыптасу дәуірінде пәрменді еңбек етіп, өзінің жазушылық шеберлігіне сай бірқыдыру көркем әңгімелер жазған Елжас Бекеновтің жас әдебиетті өркендетуге өз үлесін қосқанын аңғарта алады. Қазақ совет әдебиетінің алғашқы дәуірінде сынмен бірыңғай айналысқандар аз. Сын майданында қалам ұстағандардың басым көпшілігі ақын-жазушылардың өздері болды. Сын жанрының қалыптасу дәуірінде жемісті еңбек етіп, өз үлесін қосқан дарындарымыздың бірі – Елжас Бекенов. Елжас жас әдебиетіміздің көгінде өзінің талантымен, құнды шығармаларымен көрінген ақын-жазушылар жайлы пікір айтып отырды. Сынның міндеті сынау деп түсінбей, әдебиет майданына келе бастаған жас буындардың тырнақалды еңбектерінің кем-кетігін айта отырып, жетістігін, жақсысын алып бағалауға, демеп жіберуге үндегенін байқаймыз. Қаламы төселмеген, бірақ талап пен талант демеген жас қаламгерлерге қамқорлық жасап отыру қажеттігін еекерткен, Елжас жас қаламгерлердің дұрыс бағытпен қалам жебеуіне шынайы өмір шындығын, өзгерген заман тынысын дәл басып жырлауына жәрдемін тигізбекке әрқашан ұмтылып отырған, Елжас Бекенов қазақ совет әдебиетінің алғашқы қалыптасу дәуірінде кездескен күрделі де даулы мәселелер жайында, өз талантымен таныла бастаған жас ақынжазушыларымыздың творчествосы жайында өз ойларын, сын пікірлерін ашық айтып, қазақ әдебиет сынының қальптасуына, өсуіне үлесін қосты.
Сонымен, 20 – 30 жылдары эстетикалық – социологиялық тұрғыдан талай құнарлы ой, соны пікірлерді айта білген, өмір шындығынан, кезең талабынан бой тасаламай, қайта соны түсінуге, түсіндіруге талаптанған, көркем шығармаға айналдырып, қазақ прозасы мен сынын өркендетуге ез үлесін қосқан Е.Бекенов есімі әдебиетіміздің тарихында еленіп, тиісті орын алатыны өзінен-өзі аян.
ТҰРСЫНБЕК КӘКІШЕВ
профессор, филология ғылымының
докторы
ЖӘМИЛА ҚАЛАЙ САУАТТТЫ БОЛДЫ ЖӘМИЛА ОҚУҒА ҚАЛАЙ КІРДІ Ел жайлауда. Кешке таман, күн ұяcына батып бара жатқан уақыт. «Бұзау қайда», «отын әкел» деген қатын-балалардың дауысымен жаңғырықтан ауыл ушу...
Сол кезде шелегін қарына іліп, үй сыртындағы арбаның жанына сиыр сауа келген орта бойлы, қара торы әйел Жәмила еді. Жәмила Нұрманның тоқалы. Жасы жиырмада, Нұрманға келгелі екі жыл болған. Содан бері Жамила сол үйдің отымен кіріп, суымен шығады. Қой, сиыр, бие сауу, отын әкелу, тезек теру, бұзау бағу, жіп есу, бұдан қолы босағанда іс тігу – бәрі Жәмиланың мойнында. Сонда да Жәмилаға ауыл үйдің адамдарынан болмаса, өз үйінің ішінен жақсы ат жоқ. Жәмиланы үй ішіне, әсіресе Кұрманға, жексұрын көрсетіп отыратын Нұрманның бәйбішесі – Жәмиланың күндесі Салиқа. Нұрман ұрса да, Салиқа қанша ұрысса да Жәмила қатты жауап қайтармайды, үндемейді, көтереді, шыдайды. Жәмила ұрғанға, ұрысқанға шыдай беретін сонша жуас та есуас, ақылсыз да емес. Бірақ оларға қарсы тұрар шамасы, басқаның жәрдемі болмаған соң, ішінен тынып жүре беретін. Жәмила сиырды идіріп, қыстау жаңа жолға қарап тұрғанда, қыстау жолымен арбалы екі кісі келе жатыр еді. Бұл арбалы ауыл тұсына жақындап келіп, тура Нұрманның үйіне қарай бұрылды. Бұлар ауылнай мен осы елдегі хат білмейтіндерді оқытып жүрген мұғалім еді. Мұғалім жаздыгүні екі айдай осы елдегі ересектерді оқытқан. Шөп, егін уақыты болып қалып, оқытатын ересектер шөпке, егінге кететін болған соң, осы жайлауда отырған жиын елдің хат білмейтін әйелдерін оқыту үшін мұғалімнің ауылнайды ертіп келе жатқан беті еді. Мұғалімнің ауылнаймен жолшыбай әңгімесі оқу жайында, әсіресе осы елдегі хат білмейтін әйелдерді қалай оқыту турасында болып келді. Бұлардың бет алып келе жатқаны Нұрманның үйі. Нұрман сол жерде отырған екі-үш ауылдың ақсақалы болмаса да, қара сақалы болып жүрген орта ауқаты бар, үкіметтің заңын білмесе де, елдің жайын білетін, сөзге түсінетін адам. Нұрман айтты деген сөз болса, өз аулының адамдары болсын, басқа ауылдың адамдары болсын сеніп, тоқтай қалатын. Мұғалім мен ауылнайдың да Нұрманның үйіне қарай келе жатқан беті әйелдерді оқыту турасында, ең алдымен Нұрманды түсіндіріп, басқаларға басшы қылу. Және Нұрманның үйінде хат білмейтін екі әйел бар: Нұрманның қызы Гүлсім мен тоқалы Жәмила. Бұлардың ойлап келе жатқан әдісі: Нұрман түсініп, тоқалы Жәмила мен қызын оқуға беретін болса, ауылдың басқалары да оқуға әйелдерін жіберер. Гүлсім мен Жәмила оқитын болса, басқа әйелдер де іркілмейді, ұялмай оқуға келеді ғой деген әдіс еді. Міне, осы жайлы сөйлесіп келе жатып, мұғалім мен ауылнай Нұрманның арбасына келіп тірелді. Бұлар арбадан
түсіп, сиыр сауып отырған Жәмилаға қарай бұрылып, «сауар көбейсін» деп амандасып, Нұрманның қайда екендігін сұрады. Жәмила амандасып, жөнін айтты. Ауылнай Жәмилаға күлімсіреп қалжың ретінде: «Жеңгей, мына кісі сенің мұғалімің болады, енді шәкірт болып, сабақ оқисыңдар»,– деп үйге қарай жүре берді. Жәмила әйелдерді де оқытады деген сөзді ұзын құлақтан естіп жүретін. Ауылнайдың мына сөзін естігенде Жәмиланың жүрегі су ете түсіп, көңілі әлденеге қобалжыды. Көңілінің қобалжығанын қуанғаннан екенін, әлде қорыққанынан екенін өзі де байқай алмай қалды. Әйтеуір Жәмиланың көз алдына бұрынғы бірнеше қабат ойлап жүрген ой, шеше алмай жүрген түйін, өзінің нашар тұрмысы, басқаның рақат тұрмысы елестеп кетті. Жәмила терең ойдың түбіне батқандығы сонша, сиырды қалай сауғанын өзі де білмей қалды. Жәмиланың есіне түскен ой, жақсы көрініс, рақат тұрмыс мынау еді. Бұдан бір ай бұрын қаладағы қазақ қызметкерлерінің бірі әйелімен бірге демалыста жүріп қымыз ішіп, Нұрмандікінде жатқан. Бұл қызметкердің келіншегі Мәриям Жәмиланың өзіндей қазақ қызы, ауыл қызы еді. Бірақ өзіндей ауыл қызы болғанмен Жәмиладан киімі, жүрісі, тұрысы, тұрмысы да өзгеше. Мариямның оқығаны аз болғанмен, қаланың мәдениетті тұрмысымен әдеттенген көрінісі және күйеуімен екеуі бірдей жүріп, бірін-бірі еркелетіп ойнауы, бәрі Жәмиланы таң қалдырған. «Шіркін-ай, осындай тұрмыста болар ма еді!» деп таңданған. Және сол өзіндей қазақтың қызы Мариям Жәмилаға бірнеше қабат оңашада әйел теңдігі турасында, әйелдердің ерлермен бірдей құқықта болуы жайында, әсіресе әйелдерге оқу оқудың керектігін түсіндірген. Міне, содан бері Жәмила «әйел оқу оқыса, Мариямдай жақсы тұрмыста болады екен» деген ойға түсіп, анда-санда таңданып ойлайтын. Бірақ ол ойының түбіне жете алмайтын. Өзінің сол жүрген тұрмысына қарап, ондай бола аламын деп үміттенбейтін. Жалғыз-ақ ауылнайдың айтқан «оқу оқисың» деген сөзі Жәмиланың бұрынғы таңданып, ойланып жүрген көңілін қобалжытып, қозғап кетті. Мұғалім мен ауылнай сауатсыздықты жою мектебін ашудың мақсаты туралы, әйелдерді оқыту және қызы Гүлсім мен тоқалы Жамиланы оқыттыру жайында Нұрманға, бір жағы, кеңес заңымен, бір жағы, қазақшылап ақылмен үй жатқанша түсіндірді. – Мен әйелдерді оқытамын дегендеріңе қарсы болмаймын, бірақ ертең ауылдың адамдарын жинап алып айтыңдар – деп бұлардың сөзінің көбіне Нұрман қарсы болмады. Жәмила мен Гүлсімді оқыту турасында мәз болған-да Салиқа: – Гүлсімді оқуға жібере алмаймын, тоқал шаруасынан қалады,– деп шаптығып беттетпеді. Нұрман мұғалімнің түсіндіруімен, бір жағы ауылнайдың ыңғайына қарап Салиқаға: – Бет алдыңа шаптыңпасайшы, бір уақыт тоқал оңысын, Гүлсім де оқыса жақын жер ғой,– деді. Салиқа одан жаман шаптығып: – Гүлсімді жынның ойнағы болатын жерге жіберіп отыра алмаймын, тоқалды сабаққа жіберіп, оның жұмысын істей алмаймын,– деп сөйлеп кетті. Нұрман Салиқаға ашулы түспен қарап:
– Қой енді бет алдыңа лақпай, жұрттың әйелдері оқыса, біздің үйдің әйелдері де оқыр!– деп бетін қайырды. Таңертең жылқы келіп, бие байланды. Жұрт шайын ішіп болып, қымыз құйылып жатыр. Әрі-беріден кейін ауылнайдың шақыруымен ауылдың адамдары Нұрмандікіне жиыла бастады. Жұрт жиналып болған соң, ауылнай келген жұмыстарының мәнісін айтып болып, толықтырып түсіндіру үшін мұғалімге сөз берді. Мұғалім кеңес дәуірінде, оқу-білімнің тұрмысқа, күнбе-күнгі шаруашылыққа қандай пайдасы бар екендігін, әсіресе еркекке оқу қандай керек болса, әйелдерге де сол дәрежеде керектігін түсіндірді. Және әйелдерді хат таныту мектебіне беру керектігін, бұл оқу туралы үкіметтің жол-жобасын қысқаша түсіндіріп айтып өтті. Ауылнай отырған жұртқа қарап: «Қалай дейсіңдер? Түсінбей қалған сөздерің болса сұраңдар»,–деді. Төрде отырғандардың ішінен біреулер «дұрыс қой», кейбіреулер «қатындар, әйелдер қалай оқиды?»– деп бет-бетімен сөйлеп кетті. Шулап кеткен жұртты мұғалім: «Кезекпен сөйлеңіздер»,– деп тоқтатты. Есік жақта отырған жұрттың киімді Қожақ: – Мен мұғалімнің бір сөзіне түсінбедім,– деді. – Сұраңыз,– деді мұғалім. – Жаңа сіз Лениннің сөзі: «тезек теретін, ас пісіретін, сауыншы әйелдер де өкіметтің бір мекемесін меңгере алатын болсын» деген дедіңіз. Мен сол сөзіңізге түсінбедім. Тезек теріп, сиыр сауып жүрген әйелдер қалай мекемені билей алады? – Рас, сіздер көбіңіз түсінбейтін шығарсыздар, ол мынадай деген сөз: бұрын патша заманында әйелдер, әсіресе қазақ әйелдері, еркектермен қатар әкімшілік, қоғам жұмысына жақсы, жаманы болсын, қатынаса алмайтын, қатыспақ түгіл басында ерік болмайтын. Бұрынғылар «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа», «қыздың құны қырық байтал», «байтал шауып бәйгі алмас» деп, әйелге осындай баға беретін. Осындай ескі ғұрыппен қазақ әйелдері еркектермен тең бола алмай, еркектердің жүрген жеріне жүре айхай, сөйлеген сөзіне қатыса алмай, қайта мал орнына сатылып келген. Қазір кеңес өкіметі әйелдерге, әсіресе қазақ әйелдеріне, еркектермен бірдей тең құқық беріп отыр.
Кеңес өкіметінің заңында адам баласы бірдей болып, тегістік тұрмысты орнату жолында, әйелдер еркектермен қатар қоғам жұмысына, үкімет ісіне бірдей қатынасса, сонда ғана тегістік жақсы тұрмыс болады. Ленин, міне, осы сөзді айтқан. Егер де сіздердің біреулеріңіз оқыған, білімді болып, басқа үйдегі әйелдеріңіз түк білмейтін надан болып отырса өздеріңіз қанша жақсы болғанмен, тұрмыстарыңыз жақсы болып кетпек емес. Қысқасы, еркек не істесе, әйел де соны істей білуі керек. Сонда ғана адамның тұрмысы түзеледі,– деді. Мұғалім бұл сөзді айтып отырғанда, қазан-аяқ қоршаған шидің жанында отырған Жәмиланың екі көзі, есі-дерті мұғалімнің сөйлеген сөзінде болды. Ішінен: «Әйелге де мұндай теңдік, жаксылық болады екен? Келешекте мұндай жақсылықты біз де көреміз 6е?»– деп таңданып, ойланып отырды.
Жұрт әрі-бері сөйлесті, бірі мектепті ашу керек, бірі ашпау керек, кейбіреулері «әйелдер оқушы ма еді» деп тартысқа салды. Ақырында мұғалім мен ауылнайдың сөзіне түсінген соң, отырған жұрттың көбі мектепті ашуға, әйелдерді
оқытуға мойындайды. Бұрын әйел оқиды деген не деген сұмдық деп, жек көріп жүретін Нұрман мұғалім мен ауылнайдың түсіндіруімен кер-тартпа сөз сөйлемеді. Қайта жұртқа басшы болып: «Әйелдер оқыса оқысын, біздің үйден ана тоқал да оқиды»,– деп жұртқа жетекші болды. Нұрман «әйелдер оқыса оқысын, біздің үйден ана тоқал да оқиды» дегенде, Жәмиланың жаутаңдаған көзі күлімсіреп, беті қызарып, қуанған әсері көрініп тұрды. Жәмила ішінен: «Сабақ оқысам қандай болар екенмін, әлде биылғы Мәриямдай болар ма екем» деп, Мәриямның айтқан сөздері мен оның тұрмысы жайлы ойға кетті. Ой түбіне Жәмила жете алмай, қанша ойлағанмен болжаусыз болды. Нұрманның қаттылығы, Салиқаның қастығы, ойлаған ойына кедергі боп көріне берді. Жәмила өзінің қоршылық, күңдікте, басқаның рақат, еркіндікте жүргенін және мұғалімнің айтқан сөздерін ойлап, басқа сөздерге құлақ салмай отырғанда: – Не қылып отырсың, биенің сауыны асып кетті!– деген Нұрманның даусы естілді. Жәмила ойын ойлап, еркінше жұрттың сөзін тыңдап, кідіріп отыра алмады. Жыртық, салтақ-салтақ алжапқышын байлап, шелегін алып шығып кетті.
ІІ ЖӘМИЛА ҚАЛАЙ ОҚЫДЫ? Сәске түс. Қотанда үйездеген жылқы. Үй-үйдің арасында қыдырып қымыз ішіп жүрген өкілі-үшті кісі. Ауылдың сыртында, екі жүз қадамдай жерде, бесқанат қоңыр үй тұр. Бұл – мектеп үйі. Жәмила бұзау қайырып келе жатқанда, сыртқы ауылдан мектеп үйіне қарай төрт-бес әйел келе жатты. Жәмила оқуға келе жатқан әйелдерді көргенде, енді ұрыспай, ренжімей жібере қойса жақсы болар еді деп, үйдің алдына келгенде, Жәмиланың алдынан шауып келіп, ауылнайдың поштабайыкездесе қалды. – Жәмила, жүр! Мұғалім келсін деп жатыр. Жұрттың бәрі келіп күтіп отыр. Жүр! Қазір кел!– деп шаба жөнелді. Жәмила үйге кіргенде, Нұрман бәйбішесімен сөйлесіп отыр екен, Нұрман бәйбішесіне: – Жәмиланы оқуға жалғыз жібермей, Гүлсім де бірге жүріп оқысын,– деп отыр еді. Салиқа Нұрманның сөзіне қысқа жауап қайырды: – Ондай жынның ойнаған жеріне Гүлсімді жібере алмаймын» Оқытсақ тоқалыңды оқыта бер,– деді.
Әйелдерді оқытады, сабақ оқимыз дегеннен бері Гүлсім Жәмилаға: «Мені апам оқуға жіберетін түрі жоқ, Сенімен бірге оқысам жақсы болар еді. Сен апама мені оқуға жібер деп айтсайшы!» – деп жүретін. Жәмила: «Қарағым-ау, апаң менің айтқаныма көңбек түгіл «Гүлсімді азғырып жүрсің» деп, өзіме пәле салады ғой. Мен айта алмаймын, өзің айт»,– дейтін. Нұрман: «Жәмиламен бірге оқуға Гүлсім де барсын» деген сөздің үстіне Жәмила келген соң, ақ көйлектің етегін қайып отырған Гүлсім Жәмиланың бетіне қарап, айтсайшы дегендей қып ымдады. Жәмила Гүлсімнің көңілін қимады. Салиқаның ұрсатынын біле тұра ол: «Қалқажан менімен бірге жүріп оқыса қайтеді. Барып оқитын жеріміз жақын ғой»,– деді. Салика жұлып алғандай: «Өзің желіккеніңмен тұрмай, Гүлсімді
желіктірейін деген екенсің! Бар, жүре бер өзің Гүлсімді саған қосып, сеніп жібере алмаймын. Сабағынның керегі жоқ. Сабақ оқымай-ақ адам болып жүрміз ғой»,– деп шаптықты. Сырттан: «Жәмила, жүр жылдам!»– деген поштабайдың белгілі даусы тағы естілді. Поштабайдың даусын естіген соң, Нұрман Жәмилаға қарап: «Бар! Биенің сауыны болғанда келіп тұр!»– деді. Жәмила «бар!» деген лебізді естігенде, бұрын ойлап жүрген қызықты болжаусыз ойларының біріне қазір жеткендей болып қуанып кетті.
Үстіндегі жыртық, салтақ-салтақ алжапқышын тастап, қара қамзолын киіп, қуанышпен Жәмила мектепке қарай қадам басты. ІІІ Жәмила мектепке келгенде, бес қанат қоңыр үйдің іші еркек, әйелмен лық толы еді. Үйдің төр жағында, жағалай отырған бірең-сараң қыздар, көбі жас келіншек, екі-үш мосқал әйел де бар екен, Есік жақта қызық көріп жүрген балашаға және үш-төрт сол ауылдың ақсақал адамдары да отыр еді. Жәмила келгеннен кейін мұғалім ауылнайға карап: – Тағы келетін әйелдер бар ма?– деді. – Тағы да бірең-сараң келмегендері бар. Бастай берсеңіз де жарайды ғой, артынан келе жатар,– деді.
Мұғалім түрегеліп, тізім қағазын қолына алып аттарын атап оқып шықты, Тізімде бар әйелдерден төрт-бес әйел келмегені көрінді. Мұғалім бар әйелдермен оқуды бастауға ұйғарды, әйелдерге бір-бір қарындаш, қағаз, «Жаңа әліппе» кітабын үлестірді. Қайсыбір келіншектер берген қағаз-карындашты ұялып әзер алып жатыр. Әйелдердің көбі ақсақалдардан ұялып отыр еді. Мұғалім әйелдердің әрқайсысынан: «Бұрын оқығандарың бар ма?»– деп сұрады. Көбі ұялып айта алмады. Жәмиладаы сұрағанда ашық дауыспен: «Оқиық деп отырғанымыз осы»,– деді. Жәмиланың ашық жауап бергенін мұғалім ішінен жақсы көріп қалды. Мұғалім, әйелдердің ақсақалдардан ұялып отырғанын сөзіп, ауылнайға сыбырлап: – Мына ақсақалдардан әйелдер ұялып отырған көрінеді. Жұмысы болмаса, түсіндіріп шығарсаңыз екен,– деді.
Ауылнай ақсақалдарға түсіндіргеннен кейін, Анаң шығып бара жатып: «Құдай-ай, біздің көзіміз тие ме екен»,– деп сөйлей шықты. Балалар: «Біз шықпаймыз»,– деп бірінің артына бірі тығылды. Әйелдер қайнағалары, аталары үйден шыққан соң, қолындағы кітап, қағаздарын ақтарып, бір-бірімен сөйлесе бастады. Қайсыбіреулері енді не айтар екен дегендей мұғалімнің аузына қарады. Азырақ тәртіптеліп отырған соң, мұғалім сабақ турасында сөз бастады. Әйелдер қолдарындағы қағаздарын алдарына қойып, мұғалімнің сөзін тыңдай қалды.
Мұғалім бұрын және осы күнде қазақ әйелдерінің қандай кемшілік тұрмыста болғанын айта келіп, сабақ турасында сөйледі. Әйелдердің мектепке неге келіп отырғандығын, әйелдерге хат танудың, жалпы оқудың керектігін, оның қандай пайдасы бар екендігін айтты. Және бұдан былай мектепке, сабаққа уақытында келіп тұруды, мектеп ішінде, сабақ уақытында бұрынғыдай ұялмай, ақылмен, сабырмен сабақ тыңдауын, майда тілмен түсіндірді. Мұғалім әйелдердің
кемшілік тұрмыстары туралы сөйлеп тұрғанда Жәмиланың жанында отырған ақсары келіншек: – Япырай, осының бәрі рас-ау, мұның бәрін қайдан біледі екен?– деді. Жәмила: – Оқыған соң білетін шығар, оқысақ біз де сондай білерміз,– деді. – Біз оқысақ та, тап мұндай біле алмаспыз, бола алмаспыз,– деп ақсары келіншек үмітсізденді. Жәмила: – Мұндай болмай несі бар дейсің, биылғы біздің үйге келіп жатқан азаматтың келіншегі осы мұғалімнің айтқанының бәрін білетін де,– деді. Отырған әйелдердің көбі мұғалімнің айтқан сөзіне, әсіресе өздерінің теңсіздіктері, әйелдердің жалпы нашар тұрмыстары туралы сөйлегеніне таңдана отырды. Бірақ әйелдер еркектермен бірдей болып, еркектер не істесе әйел де оны істей білу керек деген мұғалімнің сөздеріне әйелдердің көбі «қалайша әйел ерлермен бірдей бола алады» деген болжаусыз ойға түсті. Жәмила бұрын да мұндай сөздің шет жағасын естіген, бұл жерде мұғалімнің айтқан сөзін шын көңілімен тыңдауда болды. Басқа әйелдерден көрі Жәмиланың көңілі қуанышта, басқаша бір сөзіммен үміттенеді. Мәриям көз алдына елестейді, айтқан сөзі есіне түседі... ІV Жәмиланың оқи бастағанына төрт күн болды. Бар үйренгені он әріп. Жәмила бұл әріптерді (дыбыстарды) үйде жүргенде, бие сауа барғанда, бұзау қайырғанда болсын, жаттап айтып жүреді. Үйде, бөтен кісі, я Салиқа болмаса, қағазын алып қарап, үйренген әріптерін қайта-қайта жазады. Жазғанын: «Қалқажан-ау, менің оқығаным мынау»,– деп Гүлсімге көрсетеді. Гүлсім де қызық көріп, үй оңаша болса, Жәмиланың жазып жүрген әріптерін тап сондай қылып жазып, үйренгісі келеді. Жәмила да ерінбейді, қолы кішкене бос болып, үйде кісі жоқ болса, өзінің оқығанын Гүлсімге: «Мынау мынадай әріп»,– деп түсіндіреді. Екеулеп қайта-қайта жазады. Бірақ Жәмиланың үйренуге құмар болып жүрген әрлі бар. Ол «м» әрпі. Бұл «м» әрпін мұғалім әзір көрсеткен жоқ еді. Жәмила «м» әрпін қашан үйретеді деп күнде күтіп жүрді. Жәмиланың «м» әрпіне құмар болып жүргені өзінің «Жәмила» деген атын жазу мақсаты. Басқа «ж», «ә», «и», «л» әріптерін үйренген. Бір күні мұғалім «м» әрпін үйретті. Ертеңінде Жәмила қағазының сыртына үлкен қып «Жәмила» деген өз атын жазып әкелді. Жәмиланың жанында отыратын әйелдер: «Мынау не деген сөз? Мұны кім жазды?– деп «Жәмила» деп жазғанын көрсетіп сұрай бастады. «Өзім жаздым» дегенге көбі нанбады. Мұғалім жағалай сабақ үйретіп, жазғандарын көріп жүргенде, Жәмиланың дәптерінің сыртындағы «Жәмила» деген тұтас жазуға көзі түсіп кетіп, «Жамила, мынаны кім жазды?»– деді. Жәмила күлімсіреп ақырын дауыспен: – Өзім жаздым. – Бәрін де Жәмиладай ұғымды, талапты болыңдар. Мына қарашы! Мынадай үйренген әріптеріңді сөзге келтіріп жазып, әдеттеніп үйреніңдер,– деді. Осы ретпен Жәмила бір жетідей оқыды. Бірақ үйге барса да, мектепке сабаққа келсе
де, Жәмиланың өзінде, көңілінде тыныштық жоқ. Мектепке сабаққа келгенде тыншымайтыны, Жәмила кешігіп келіп, бие сауусыз, бұзау жіберілусіз қалса, Салиқа шаңдағын қағады. Нұрманның ұрып тастауы да кәдік. Мектептен келіп, Салиқа мен Нұрманның бетін көргенше тынши алмайды. Сабақтан қайтқанда «не боп қалды, не деп ұрсады» деп жүгіре-жүгіре, қорқа-қорқа қайтады. Үйге келсе, сабақ уақыты қашан болып қалады, сабаққа ұрыспай жібере қойса жақсы, жібермей қоятыны да бар деп уайымдайды. Және мұғалімнің «сабақтарыңды үйде оқып біліп келіңдер» дегені тағы бар. Бірақ Жәмилаға үйде сабақ оқуға уақыт бола бермейді. Өйткенмен қалт еткенде, үйде кісі жоқ болса-ақ, сабағын оқып әуреленеді, әйтеуір Жәмиланың жанында тыныштық жоқ. V
Жәмила сабаққа кеткен. Нұрман ауылда қыдырып жүр. Үйде Гүлсім іс тігіп, Салиқа ұршық иіріп отыр. Бие сауатын Жәмила сабақта, саудыратын балалар шөпшіге ас әкеткен. Салиқа биенің сауыны болғанын білсе де, «әлгі қатын келіп сауар,– деп, бір жағы ерегіспен,– белім шойырылып отыр»,– деп отыра берді. Түс ауа Нұрман келді. Қымызды сілтесе керек екі беті қып-қызыл, қапталын шешіп жүк үстіне тастады да, Салиқаға қарап: – Бие сауылды ма?– деді. – Сауылған жоқ. Әлгі қатының «оқу» деп бетімен кетті. Менің белім шойырылып отыр. Кім сауады? Мал керек болса, қымыз керек болса, саудыр!– деп шаптықты. Нұрман ашуланып: – Шақыр қатынды!– деді. Салиқа да, Гүлсім де Жәмиланы шақыруға жүгіріп бара қоймады. Нұрман далаға шықты. Бұзау әлі жіберілмей арбада байлаулы жатқанын көріп, бұрынғысынан да жаман ашуланып: «Жәмила», «Жәмила!»– деп ашулы дауыспен айғай салды. Нұрманның даусы бүкіл ауылға, сабақ оқып отырған Жәмилаға, басқа әйелдерге тегіс естілді. Нұрманның дауысын естігінде, Жәмила селк ете қалып, қағазын қойып, мұғалімге қарап жалтақтай берді, Нұрманның даусын естіп тұрған мұғалім: «Әйелдерінің сабақ оқығанын ойыншық көріп жүр-ау, қазір сабақ бітеді, біржола барарсыз,– деп Жәмилаға жауап бергендей болды. Әлгідей болған жоқ. Нұрман ашулы түспен келіп, мектептің есігін ашып: – Әй, қатын, жүр!– деді. Жәмила ұшып түрегеліп мұғалімге қарады. Мұғалім Нұрманға қарап бір сөз айтайын деп ыңғайланды да, айтпады, сабырлық қылды. Жәмилаға қарап: «Әлі еріктерің күйеулеріңде ғой, бара ғой»,– деді. Жәмила қағаздарын бүктеп қолтыққа қысып, Нұрманнан қорқа-қорқа аяғыш зорға басып, есіктен әзер шықты.
Есік алдында күтіп тұрған Нұрманның «жүр, иттің баласы» деген даусы естілді. Жәмила Нұрманның алдына түсіп, малша айдалып жүре берді. Үйге Жәмила кіре бергенде: «Малды, жанды ұмытып, «оқу оқимын» деп, бетіңмен кеттің-ау иттің баласы»,– деп желкеден бір қойды. Салиқаның жаны рақаттанып, ақырын дауыспен: «жүзі қараға ол аз!»,– деді.
Желкеден түйгенде Жәмила сүрініп кетіп, қайта түзелді. Үн жоқ, көзінің жасын сығып-сығып алды. Қағаздарын жүк арасына тығып, алжапқышын байлап, жыламсыраған дауыспен: «Қалқажан, бие саудыршы»,– деп Жәмила үйден
шығып кетті. Жәмиланың артынан кешікпей Гүлсім де шықты. Бұлар желі басына басқа қыз-келіншектердей ойнап-күліп барған жоқ. Жәмилада үн жоқ, көзінің жасы мөлтілдеп жылап барды. Гүлсім Жәмиланың неге жылап жүргенін білсе де, не айтар екен деп: «Неге жылайсың, Жәмила?»– деді. Жәмила бұл жолы Гүлсімге бұрынғыдай «еркем» деп еркелетіп жауап берген жоқ. – Біреуге мендей тоқал болсақ, менің көргенімді көрсең, сонда жыларсың, басың жас, білмейсің ғой,–деді.
Гүлсім Жәмиланың сөзін ауырлап қалса да, артынан өз басым қандай болады деп алдағы тұрмысын ойлап, ойға қалды. Жәмила үй шаруасының істелгенін жек көрмейтін, бірақ сабақтан қалғанына, Нұрманның жұрт көзінше боқтап ұрысқанына, ұрғанына ашуланды. Жәмила бұрынғысындай бие сауды, бұзау жіберді, тезек терді. Күні бойы түрлі оймен, бір жағы ашумен тамақ та ішкен жоқ. Ертеңінде Жәмила Нұрман мен Салиқаның райына қарап, сабаққа да бармады. Түстен кейін әйелдер сабақтан шыққан соң, мұғалім Нұрмандікіне келді. Нұрмандікіне қымыз ішіп гуілдеп отырған төрт-бес ауыл кісілері «молда келді» десіп, қағылып орын берді. Нұрман мұғалімнің астына көрпе салып, қымыз құйдырып жалпақтай бастады. Отырған кісілер бұрынғы сөйлеп отырған сөздерін қойып, мұғалімнің оқытқанын, әйелдердің оқығанын, мұғалімнің кейбір сөздерін дәріптеп сөз қыла бастады. Нұрман сөз арасында: – Мұғалім жақсы оқытады,– дей берді. Мұғалім ызбармен: – Мұғалім шамасынша оқытып жатыр, бірақ сіз әйеліңізді жақсы оқыттырмайсыз, үш-төрт сағатқа шыдамай ашуланып, «Жәмила, Жәмила!» деп айғай салып тұрасыз,– деп бірсыпыра сөз айтты. Нұрман төмен қарап қызараңдап: – Енді уақытында барып тұрар, бір жағы шаруа да керек қой,– деді. – Шаруа керексіз деп біз айтпаймыз, сол шаруа оқумен, біліммен көркейеді. Білімсіз, оқусыз шаруа көркеймейді. Шаруамен қатар, оқу мен білімге де уақыт бөлу керек,– деді. Отырған кісілер мұғалімнің сөзін мақұлдаған болып, «Мұғалім дұрыс айтады»,– деп қошеметтеп қойды. Шидің жанында ыдыс-аяқ жуып отырған Жәмила бұрын мұндай үлкен кісілерге жауап беріп әдеттенбесе де, бұл жолы мұғалім отырғанға батылданып, әрі өтірік қошеметтеп отырғандарына шыдай алмай: – Мұғалім дұрыс айтады деген сөздеріңізді ылғи айтсаңыздар жақсы ғой, бірақ ұмытып кетіп, басқа бірдеңе деп жүрмесеңіздер жарар еді,– деді. Нұрман Жәмилаға карап: – Кешегіні кек көріп жүр екенсің ғой. Енді әйелге ештеңе дей алмаймыз ғой,– деп мұғалімге қарады, Мұғалім: – Орынды сөз болса айту дұрыс қой, баяғыдай орынсыз ұрсып, боқтап, ұрғандарыңызды, өздеріңе жолдас болып жүрген соң, қоюларыңыз керек қой,– деді.
Сонымен сөз аяқталып, қымыз ішіліп болды. Мұғалім де, басқалар да үйді-үйіне тарады. Салиқа Жәмилаға қарап: – Жұрт көзінше арызыңды айтып қалдың-ау. Енді саған ештеңе дей алмаймыз ғой,– деп кекетті. Жәмила: – Дей бер! Сенің сөзіңді кім тыйсын, құдай болмаса,– деді. Мұғалім келіп кеткеннен кейін, Нұрман онша ұрсып бұрынғысындай боқтамайтын болды. Бірақ Салиқа ұрсып, Нұрманға баяғысындай шағыстырып жүрді. Әйткенмен Жәмила бір жағы шаруасын істеп жүріп, оқудан қалған жоқ. ҮІ Әйелдердің оқи бастағанына ай жарымдай болған. Бір күні ауылдың алды күзекке көше бастады. Оқуға келген әйелдер «ауыл көшеді» деген хабарды мұғалімге айта келді. Ел көшкен соң, әйелдер әр жерге тарап оқи алмайтындығын еске алып, мұғалім әйеддердің хат таныған-танымағанын сынап таратпақшы болды. Сол күні оқып жүрген әйелдердің кейбіреулері және Жәмила да сабаққа келген жоқ еді. Жәмила сабаққа келмейін деп жүрген жоқ, баяғы үй шаруасынан қолы тимей, ауыл көшетін болған соң құрт қайнатып жатыр. Мектеп үйінің жанында ойнап жүрген екі-үш баланы мұғалім шақырып алып, сабаққа келмеген әйелдерді шақырып кел деп жұмсады. Балалар сабаққа келмеген әйелдерді жүржүрдің астына алып, еркіне қоймай ауылды жағалай шапқылап жүр. Нұртас Жәмилаға «жүр-жүр» деп өршелене берді. Үйден «Қағынғыр, ішің толғыр, аулақ жүр, бармайды, жұмысы бар» деген Салиқаның даусы шықты. Нұртас: «Бүгіннен соң оқытпайды, оқығандарын тексеріп бүгін таратады дейді, мұғалім жылдам келсін деп жатыр»,– деді.
Үйден: «Бар! Барып кел!»– деген Нұрманның даусы шықты. Жәмила қазанның астына бір етек тезекті толтырды да, кітап, қағаздарын алып мектепке қарай жөнелді. Жәмила мектепке келгенде, мұғалім әйелдерге кезекпен жаздырып, газет оқыттырып, хат танитын, танымайтынын сынап жатыр еді. Жәмила орнына отыра бергенде, жанында отыратын ақ сары келіншек көзіне түсті. Ақ сары емес, қып-қызыл күрең болып отыр екен. Өйткені алдыңғы сабағын білмей қалған. Жәмила отыра беріп, ақырын дауыспен: – Немене, қып-қызыл болып қуанып отырсың ба?– деді. Ақ сары келіншек Жәмиланың «қуанып отырсың ба» дегенін кекесін керіп, одан жаман қызарып, Жәмилаға: – Сенің ішің майлы болған соң күлесің ғой,–деді. Жәмила: – Сенің ішіңді жылан жайлап жүр ме? Ақ сары келіншек ашулы түспен одан жаман қызарып: – Әншейін айтам, сен сабағыңды білесің дегенім ғой,– деді. Жәмила күлімсіреп: – Сен сабағыңды білмей қалдың ба? Менің де асып кеткен жерім шамалы ғой, қайта сендей еркімше бір үйді билеп-төстеп жүрсем, сабаққа ерінбес едім,– деді.
Әйелдердің кейбірі жақылып қалып, не жүрексініп, сабағын айта алмай жатыр. Кезек Жәмилаға келді. Жәмила ұялған да жоқ, жүрексінген де жоқ. Кейбір әйелдердің білмеген жазуын жазып, оқи алмағанын бөгелмей оқып шықты. – Мұғалім әйелдердің қаншасы хат танығанын, қаншасы танымағанын дәптеріне жазып алып, танығандарының да, танымағандарының да тізіммен аттарын атап жариялады.
Хат танығандарының ішінде бірінші дәрежеде жақсы хат таныған Жәмила болды. Хат танымаған әйелдердің ішінен ақ сары келіншектің аты естілді. Ақ сары келіншек хат танымаған әйелдердің арасынан өз атын естігенде, бұрынғыдан жаман қызарды, намыстанды. Өйткені ол келіншек ауыл ішіндегі жас әйелдердің арасында сөзге де ұста, көзге де көрнекті келіншек еді. Және өткен жазғытұры Ақметжанның күйеуі келгенде кәдеге таласып ұрсысып қалғаннан бері Жәмиламен араздау болып жүретін. Бұл жолы Жәмила басқа әйелдерден де сабаққа озық шыққанда, жұрт алдында сабағын білмей қалғанына қызаратын, намыстанатын реті келді. – Енді сіздерді таратамыз, ауыл көшетін болғандықтан бастарыңыз қосылып оқи алмайсыздар ғой,–деді мұғалім. Жәмила: –Тағы келіп оқытпайсыз ба? Әлі жөнді ештеңе білгеміз жоқ қой. – Рас, сіздер әлі оқып жетілмек түгіл жөнді хат та таныған жоқсыздар. Тағы да оқу болады. Оқу оқимын дегендеріңізге мектептің есігі ашық. Бірақ өздерің оқуға талап қылыңдар! Қолдарыңа кітап, газет түссе, оқып жаттығып, бір жағынан өздерің тырысып, оқығандарыңды, хат танығандарыңды, сауаттарыңды бұдан да зорайтыңдар деп бірсыпыра сөз айтты. Мұғалім сөйлеп болған соң, Жәмила: – Мұғалім, кітабымыз, газетіміз жоқ, қайдан алып оқимыз?– деді. Патиқа Жәмиланың сөзін ерсі көріп күлді. Мұғалім Патиқаның күлгенін көріп: – Жәмиланың сөзінің ерсілігі жоқ, дұрыс айтады. Маған кітаптары қыздан қалдырып кетіңіз деп ескерткені ғой,– деп Жәмилаға жаңа шыққан «Оқу құралының» біреуін беріп,– үзбей осы кітапты жөне ауылға келген газеттерді оқып жүріңіз,– деді. Мұғалім Жәмиланың талабына ішінен аса риза болды.– Және мына кітапты біріңнен бірің кезекпен алып, оқып жүріңдер,– деп ауыл басы бірден хат таныған әйелдерге сауат ашқыш кітабын берді.– Енді рұқсат. Кеңес заманының теңдік таңына қарай ұмтылған шырақтарым, қош болыңдар,– деді. ҮІІ Мектеп жабылды, жайлаудағы ел тарап, күзекке көшті, Жәмила азырақ қара танығанмен, «әйел сондай болу керек» деген Мәриям мен мұғалімнің айтқан әдемі сөздері арқылы көңіліне келіп, көзіне елестеген жақсы теңдік тұрмыстың, еркінішілік салттың әлі бірін де көрген жоқ. Баяғы қалпынша Нұрман мен Салиқаның орынсыз ұрысқан сөзін естіп, сиырын сауып, тезегін теріп жүре берді. Бірақ қолы бос, оңаша қалғанда кітап, газет оқитын болды.
Жәмиланың оқитыны – мұғалімнің берген «Оқу құралы», басқа кітабы жоқ. Бірақ газет тауып оқитын болды. Өйткені сол ауылда Серікбай «Еңбекші қазақты» алдырып оқитын. Жәмила Серікбайдың үйіне анда-санда әдейі барып, жабықта
қыстырулы тұрған газетін ылғи алып кетіп оқып жүрді. Жәмила газетті оқығанда, қиын мақалалардың мазмұнына түсініп оқи алмайды. Түсініп оқитыны – ел хаттары, әсіресе әйелдер бөлімі. Жәмила бұрынғыдай емес, әйелдер бөліміндегі қалың мал, жалпы әйел теңдігі турасындағы мақала, хабарларды оқи берген соң, әйел теңдігі дегеннің не екенін азырақ түсіне бастады. Әйелдерге бұрынғы қазақшылық ғұрыптың жаман екенін біле бастады. Бұрынғыдан гөрі Жәмиланың ой-өрісі кеңіп, әйелдер өмірі туралы газеттен естігендерін өзінің сырлас әйелдеріне айтып түсіндіретін болды.
ҮІІІ ЖӘМИЛАҒА ЖАЛЫНДЫ Келесі жылы, жазғытұры май айының іші. Ағаштың жапырағы жарылып, жер көгеріп, көк майсаның иісі аңқып тұрған уақыт. Қожекең аулының алдындағы жазықта, көк майсаға қадалып жатқан малмен аралас, топ-топ болып жүрген атты кісілер көрінеді. Ауылдың жанында алқа қотан отырған халық. Бұл жиын – сайлау еді. Жұрт жиналып алқа қотан отырған соң халықтың ортасына келіп, шашын қайырған қара жігіт сөз сөйледі. Сайлаудың маңызын түсіндірді. Ақырында ауылдың кеңес сайлау, болыстың жиналысқа өкіл сайлауы басталды. Қайсыбіреулер пәленшені, түгеншені жазықыз деп шулап, өзінің сүйген кісілерін көрсетіп жатыр. Сайлаушы сайлау комиссиясының ұйғарған адамдарын өткізуге сол ауылдың кедейлеріне, комсомолдарына тапсырып қойған еді. Сайлаушының ауылдың кеңеске ұйғарып дауысқа қойған адамдары көпшілік дауыспен қабыл алынды. Бұдан кейін болыстың өкілдерді дауысқа салғанда кейбір өкілдерге байлар, атқа мінерлер тарапындағы адамдар қарсы болып, арыз кіргізді. Болыстың өкілдердің ішінде сайлаушы ұсынған Жәмила да бар еді. Сайлаушы: «Мына аты аталған өкілдердің қайсы біріне қарсылар бар. Бұларды жақтап сөйлеушілер бар ма»,– деді. Өкілдерді жақтап сөйлеушілер халыққа олардың кім екенін айтып, қарсы болған байлардың, атқа мінерлердің дәлелдерін өтірікке шығарды. Ақырында Жәмила турасында сайлаушы: «Жақтап не қарсы сөйлеушілер бар ма?»– дегенде, комсомол Айтжан тұрып: «Маған сөз беріңіз»,– деді.
Айтжанға сөз берілді. «Жәмила Бейсенбай деген кедейдің қызы. Осы күнде Нұрманның тоқалы, өткен жылы әйелдердің сауатын ашатын мектептен оқып хат таныған. Одан бері қыстыгүні әйелдер жиналысында әйелдердің өкілі болып сайланған, содан бері кітап, газет оқьш жап-жақсы сауаты ашылды. Және осы күнде әйелдерді кеңеске тарту кеңес өкіметінің ұраны болғандықтан, болыстың өкіл етіп өткізу аса керек»,– деді. – Болсын, жарайды!– деген жұрттың даусы шулап кетті. Дауысқа салғанда Жәмила болыстың өкілдікке бір ауыздан қабыл алынды. Нұрманның кейбір замандастары Нұрманға «қайырлы болсын» айтып, кейбір байлар жағының адамдары болыстыққа өз жағынан сайланатын кісіге Жәмиланың қол көтеруін тапсырып жатыр. Сайлау бітті, жұрт тарай бастады. Сайлаушы болыстың өкілдерге: «Жұлдыздың 25-інде дуанда болыңдар! 26-сы күні болыстың сайлау болады»,– деп жариялады. Болыстың съезге Жәмиланың да бару турасында басқа өкілдер Нұрманды көндірді. Жәмила болыстың өкіл болып, болыстың съезге,
дуанға баратын болғанда, бұрынғы ойлап жүрген болжаусыз ойының біріне аның кеткендей болды. Алдынан үміт еткен жақсы өмір жарқылдап елестей бастады... ІХ Нұрман Жәмиланы дуандағы съезге өзі ат жегіп алып бармақ болды. Жәмила өкіл болып дуанға съезге баратын болғанда Нұрман ат жегіп апаратын болғанға, Салиқа бұрынғысынан жаман тарылды. Енді екі сөзінің бірінде «қатының төре болды ғой» деп, Нұрманды ісекете бастады.
Таңертең Нұрман сүйретпеге қымыз құйдырып, ат алдырып, арба дайындап жүрмек болды. Қымыз құйылды, ат жегілді. Нұрман үйге келіп, Жәмиланың даярланып жүргенін көріп, Жәмилаға: – Осыдан басқа киетін киімің бар ма?– деді. Жәмила ескі қара ала пешпеттің өңірін ұстап: – Осыдан басқа киімім бар ма еді?– деп қайыра сұрады. – Мынауың жұрттың жиналған жерінде ұят қой,– деді Нұрман. Содан соң Салиқаға қарап.– Бәйбіше, барқыт шапаныңды бер жинаған – деді. Салиқа ашулы дауыспен шап ете түсті. – Мен үшін баратқан жоқ дуанға. Шапаны жоқ болса, дуаннан алып берерсің болмаса, төре болды ғой, өзіңе де берер. Бермеймін шапанымды!– деді. – Бер деген соң бер!– деді Нұрман. – Кісі өлімі қылмасақ, бере алмаймын. Тоқалың дәрі болса, саған дәрі, маған дәрі емес,– деп одан жаман шаптықты. Нұрман ашуланайын деді. Жәмила ұрысжанжал шығатын болған соң Нұрманға қарап: «Өз еркімен бермесе, күштеп сұрамаңыз! Осы қалпыммен-ақ барам. Мырзалардың жиылысы емес, кедейлердің жиылысы дейді ғой, осы қалпыммен барсам да, ешкім сөкпес»,–деді. Жәмила теріс қарап, ақырын жалынды дауыспен: «Құдай, осының қолына қаратып қоясың ба, құтқар!»– деді де, үйден шығып кетті. Кешікпей Нұрман да үйден шығып арбаға мінді де, Жәмилаға отыр деді. Жәмила қуанышпен арбаға мініп, қайырлы сапарға қадам басты. Ауылдың адамдары «сапарларың оң болсын» деп амандасып қала берді... Х Жолшыбай Жәмила дуандағы болатын сайлау, съезд қандай екен, әлде әнеугі елдегідей болар ма екен, онда мен не істеймін, не айтамын? Әлде бізге съезде өсиет кана айта ма екен?– деп таңданып, ойланып келеді. Жәмила дуандағы сайлаудың жайын Нұрманнан сұрайын деп оқталды да, қойшы, барған соң-ақ көрермін, «әйелге неге керек» дейтін сөзі болушы еді, тағы әзер болса соны айтар деген оймен сұрамады. Бірақ Нұрман өзі де шыдап отыра алмады. Дуанда болатын съезде болыс сайланатынын, онда болысты делегаттар сайлайтынын және елдің кісілері Қасымды болыс сайлайын деп жүргенін айтып, акырында сайлауда Қасым жағында болып, Қасымға қол көтеруін Жәмилаға түсіндіріп тапсырды. Нұрман, Жәмила және бірнеше делегаттар дуанға іңірде келіп жетті. Бұлар пәтерде кешкі шайды жаңа алдына алып отырғанда, делегаттарды қарсы алып жүрген, байлар жағынан болыс болайын деп жүргендердің шабарманы Қасен кіріп келді. Қасен сәлем беріп амандасқан соң-ақ:
– Сапарларың оң болсын, сіздерді кешіккенге келмей қала ма деп қорқып едік, келіп қалғандарың жақсы болды,– деп жатыр. Нұрман жұлып алғандай: – Сайлау қашан болады екен?– деді. – Ертең сағат 12-де болады. Уакыт тығыз болып қалды. Мұқаңның пәтерінде, өзіміз жақтың кісілерінің, делегаттарының азырақ бас қосатын әңгімесі бар еді. Соған жеңгей екеуіңізді шақырып кел деп қуыл ақсақалы болған соң, үйіне келгенде тамаққа сыйлап, сөз болса «Нұрекең сөйлесін» деп Нұрманды тәуір көретін. Сыйлап, «Нұрекелеп» жүретін болған соң, Мұқаметжанды Нұрман да жақсы керетін. Ауыл арасындағы әңгімелерді, елдің ондай-мұндай сырын Мұқаңа айтып жүретін тілектес адамы еді. Мұқаметжан бұрын Нөкең заманында болыс болып елді қанаған, осы күнде де сол мінезін шамасы келгенше істеймін деп әуреленіп жүретін еді. Бұл сайлауда кедейлердің көрсетуімен сайлауға кіре алмай қалған. Енді Мұқаңның ойы: өзіне тілектес болып жүретін, айтқанын істейтін пысық жігіт Қасымды болыс қою, соның үшін делегаттарды тартып, басын қосып, ынтымақ қылу еді. Нұрман Қасенге: – Жеңгең бармай-ақ өзім барсам да болмай ма?– деді. – Бар керекті кісіміздің бірі жеңгей ғой, бірге жүрсін,– деді Қасен. Жұрттың сөзін, өкіметтің ісін істуге, білуге құмар болып жүрген Жәмиланың барғысы келді. Жәмила Нұрманға қарап: – Ондай сөз болатын жиынға апармайтын болсақ, неге ала келдің?– деді. Нұрман қарқылдап күліп: – Жарайды, жүр, жүре ғой.– Қасенге қарап: – Жеңгеңнің де барғысы келді ғой,– деді.
Нұрман мен Жәмила Мұқаңның пәтеріне келгенде, үй іші толған кісі екен. Он шақты делегаттар, төрт-бес ақсақалдар, байдың құйыршығы болып жүретін епті, қу бірнеше жігіттер де бар еді. Бұлар келісімен сөз басталды. Қымыз ішіліп жатыр. Етті де аямай асқан екен. Делегаттар сыйлайды. Әрі-бері сөйлескеннен кейін, бұрынғы өкпе-араздықты тастап, «бір тілекте болайық» деп бата қылды. Болыстыққа Қасымды ұйғарды. Жәмила деген жұрттың есінде жоқ, сонымен бірбіріне сенісіп тарасты. Жәмила бұрын да естіп жүретін және ауылдың сайлауда сайлау туралы сайлаушының айтқан: «Байлар, байлардың құйыршығы болып жүргендер сайлана алмайды. Таза кедейден сайланады. Егерде байлар өз кісісін сайлаймын деп партия жасап, қулық жүргізіп жұртты азғырса, бұған барлық момын шаруалар мен кедейлер қарсы тұру керек. Байлардың ондай істері өкіметке қарсылық болып табылады»,– деген сөздері Жәмиланың есіне түсіп, бұл бас қосқанда сөйлеген кейбір сөздерінен шұбаланып, үкіметке қарсы сияқты көріп сене алмады. Бұлардың сөзіне шын ден қойып, көңілі тоқтамады. Үкімет адамдары, басқалар бұлардың ынтымағына қалай қарайды екен деген ойға қалды.
Ертеңінде сағат 12-де үлкен қарағай үйде сайлау жиылысы ашылды. Басқа делегаттармен бірге барып бір орындыққа Жәмила да отырды. Алдымен уездік атқару комитетінің, одан кейін бұрынғы болаткомның баяндамасы тыңдалды, ақырында жұрттың күтіп отырған сайлау мәселесі басталды. Жиылыс бастығы қандай адам сайланатынын, елге кім сайланса пайдалы болатынын, кім сайланса
зиян болатынын түсіндіріп болған соң, уездік сайлау комиссиясы мен фракция атынан болатын болатком мүшелерінің тізімін ұсынды. Бұл тізімде байлар жағынын болыс қоямыз деп жүрген адамы Қасым жоқ, олар ауызға алмаған, ешқайсысының есінде жоқ Жамила бар еді.
Байлар жақ партияның бірең-сараң өкілдері тізімде Қасым жоқ, Жәмила бар болғанына таңырқап, Қасымның кандидатын ұсынды. Әйел болғанмен өз жағының адамы болған соң, Жәмилаға қарсы болмады. Жиылыс бастығы Қасым туралы, Қасымның істеген ісі, кім екендігі тақырыпты үш-төрт кедейдің берген арызын оқып шығып, Қасымның сайлана алмайтындығын айтты. Қасымды ұсынған делегаттар бұл арыздарға қарсы Қасымды ақтап таза кедей қылып дәлелдей алмады. Жиылыс бастығы тізімдегі адамдарды дауысқа қойғанда, тізімдегі адамдар бәрі де көпшілік дауыспен қабыл алынды. Жиылыс жабылған соң, жаңа болатком мүшелігіне сайланған өкілдер оңаша мәжіліске отырды. Сайлау болған үйдің алдында «кім болыс болар екен» деп, иін тіресіп қаптап күтіп тұрған халық. Әлден уақытта: «Болатком бастығы ескіше, мүшелері: Жәмила Қуаныш келіні, Дайырберді Қожаұлы болды,– деген хабар дүңк етті. Сайлауға риза болған жағы қуанып жүр. Сайлауға риза болмаған байлар жағының адамдары қара қасқа кедей Дайыр және Нұрманның тоқалы Жәмила болыс болғанға, әсіресе өздерінің ойлаған кісілері болыс бола алмай қалғанға ренжіп, «қаңғырып жүрген Дайыр мен Нұрманның тоқалы құтырды-ау»,– деп есек қылды. Бірақ қолдан келер айласы жоқ. Ақырында байлар жағы өз тарапынан болыстыққа іліккен Жәмила болған соң, Нұрманға келіп «қайырлы болсын» айтысты. Өзі болыс болып көрмеген Нұрман тоқалы болыс болып, жұрт «қайырлы болсын» айтқанға ішінен әлде қандай болып, «өзіміздің қолымыз жетпеген баққа аяғымызда жатқан әйеліміздің жетіп, болыс болғаны, әрине, таңырқарлық қуанышты іс қой»,– деп көмескі жауап берді. Нұрманның сөзіне кейбіреулер күліп, екеуіңіз бір кісісіздер ғой, «қойыннан төгілсе қонышқа» деген, не қылған күнде Жәмила өз айтқанымыздан шықпайды ғой – деп, жұрттың көбі Жәмиланы сырттан малданды.
ХІ Кешегі сиыр сауып, тезек теріп жүрген Жәмила енді болыстың атқару комитетінің кеңсесінде қызмет істейтін болды. Болатком мүшелері қызмет бөліскенде, Жәмила жер бөлімін басқарсын деп ұйғарды. Жәмила жер бөлімін басқаруды қиынсынып, дау көп болатын қиын жұмыс қой деп жүрексініп еді. Басқа болаткомның қаржы, бюджет жұмысы одан да қиын болғандықтан, болатком бастығы «өзім жөн көрсетіп, үйретіп тұрармын» деген соң, Жәмила жер бөлімін басқармақ болды. Нұрман болатком төр ағасынан, «Жәмила үйге барып келсін» деп сұрап еді. Болатком төр ағасы «кеңсе жұмысымен таныссын, үйренсін» деп Жәмиланы босатпады. Жәмиланың өзі де «үйге жібер деп» сұрамады. Үйренгісі келді, бір жағы қалада жүріп бір уақыт оқу оқығысы келді. Жер дауы саябыр болатын жазғытұрғы уақыт. Жәмилаға кеңседегі жұмыс шамалы болды. Кеңседе болсын, пәтерде болсын, Жәмиланың жұмысының көбі
қазақша газеттерді оқиды, оның ішінде өзінің міндетті жұмыстарының жайынан жер туралы жазылған мақалаларды және әйелдер өмірі жайынан жазылған хабарларды оқитын болды. Бұлардан басқа бірең-сараң жер заңы, әйелдер тұрмысы туралы басылған кітапшаларды тауып алып, оқып таныса бастады. Әйтеуір Жәмила өзіне керекті, міндетті деп білген жұмыстардың жайы туралы оқып, бір жағы сұрап білгісі келіп талаптана берді. Болаткомның кеңсесінде Жәмиланың тұрғанына ай жарымдай болып калды. Дуанға айында, жылында бір келетін Нұрман жетісінде бір келеді. Келген сайын «Жәмиланы біраз уақыт үйге жібер!»– деп болатком төрағасына жалынады. Бір жағынан «үйге қайтсайшы» деп Жәмилаға жалынады. Нұрман бұрынғыдай Жәмилаға ұрсып, боқтап ашуланып, зекіріп айтпайды. Не туралы сөйлессе де, алдап еркелетіп не жалынып сөйлейтін болып алды. Нұрман Жәмилаға «үйге барып келсейші» деп, бұл жолы тағы жалынды. Бұл жолы Жәмила: «Босатсаңыз барайық»,– деді. Жәмила «босатса барайын» деген соң, Нұрман ішінен: «Үйге барған соң бірсыпыра жүрерсің. Ел арасында жер турасында дау, жұмыс болса, өзім ертіп жүріп бітіремін»,– деген ойға келіп, қуанғандай болды. Жәмила үйге барып келуге екі жетіге рұқсат алды. Жәмила елге келе жатқанда, бұрынғыдай емес, жолшыбай жолыққан жастар жағы «болыс жеңгей» деп қолын ұстайды, үлкендер «болыс келін» деп үйіріліп, амандасып жалпақтап қалады. Жолшыбай қонған, түстенген үйлері, бұрын Нұрманды мұндай сыйламайтын еді. Бұл жолы Жәмиланың арқасында бұрынғыдан гөрі артық құрметтеп сыйлайтын болды. Жәмила ауылға келгенде, ауылдың Салиқадан басқа үлкен-кішісі, қатын-қалашы алдынан шығып құрметтеп қарсы алды. Бұрынғыдай емес Жәмиланы Нұрман да, Салиқа да ұрсып зекіп жұмсамайтын болды. Өз еркімен бір уақыт бұрынғысындай шаруасын істеп, көбіне газет, кітап оқып еркінше жүреді. Жәмила үйге айға жақын тұрып қалды, Болаткомнан Жәмиланы шақыртқан қағаз да келді. Жәмила: «Шақыртып жатыр, дуанға барам»,– дегенмен, Нұрман «бара қой»,– демеді. Қайта, «асықпай-ақ қой, ел арасында жер дауы болса, осы жақтан жүріп бітірерсің» деп, Жәмиланы бөгеп жібере қоймады. Июнь айы туған соң-ақ, жұрт шабынды жабдығына кірісіп, жер, шабынды даулай бастады. Қайсыбіреулері ауылнайдың ұйғарғанын мойындамай, арыз қылуға болаткомға шұбырды. Болаткомға жер, шабынды турасында түскен арыздар Жәмиланың кеңсеге келуін күтті. Жер даулап жүрген кісінің бірі Нұрман мен ауылнайлас бай Бейсекей еді. «Жәмила келмей қаралмайды, жер бөлімін Жәмила басқарады» деген соң Бейсекей ауылға қарай шапты. Бейсекей тура Нұрмандікіне келді. Нұрманды оңаша шығарып алып: «Жәмиланы дуанға жібер, мына менің жұмысымды реттесін»–деп, ағайыншылығын, тілектестігін айтып Нұрманға түсіндірді. Расында, Бейсекей сөзін Нұрман тастайтындай кісі емес. ХІІ Нұрман тағы да Жәмиланы дуанға өзі алып бармақ болды. «Жәмила дуанға барады» деп, еткен жылы құдасына мініп барып келуге сұрағанда бермеген Ахметжанның торы атын алып жеккенін білген жоқ. Атқосшыға сол ауылдағы Қожақ деген кедейді алып, бұлар жүріп кетті. Ауылдан шыға бергенде Қожақ:
– Ңұреке, Ахметжан өткен жылы бермеген атын бұл жолы не қып берді?– деді. – Қайбір аяп беріп отыр дейсің, бір жұмысым түседі ғой деп беріп отырған шығар,– деді.
Жәмила Нұрманның «жұмысы түсетін болған соң ертең шығар» дегені несі, әлде мені болыс деп маған ісі түсетін болған соң берді ме екен? Мен оған қандай жақсылық қылам? Мен орынды жақсылық істесем жақсы, оған орынсыз жақсылықты қалай қылам деп, бірсыпыра ойға қалды. Нұрман әлден уақытта Жәмиланың ойын бөліп: – Жәмила,– деді. – О не?– деп Жәмила бетіне қарады. Нұрман Бейсекейдің, тағы бірнеше жер даулап жүрген өзіне жақтас кісілердің өтінішін айтып, солардың пайдасына келтіріп, әсіресе Бейсекейдің сұраған жерін алып беруге жәрдем қыл деді. Жәмила Нұрманның сөзін тыңдап біраз ойланып отырып: – Күні бұрын не дейміз, жалғыз менің қолымдағы бөліс емес қой. Барған соң арыздарын көрерміз, арыздары дәлелсіз, заңсыз болса, олардың пайдасына қалай шешеміз. Дұрыс істесек те, теріс істесек те, үстімізден қарап тұрған жоғарғы мекемелер бар, белгілі заң жоба бар ғой. Сіз айтқанмен орынды болса істейміз, орынсыз болса қалай істейміз?– деді. Нұрман: – Қазақ болған соң, қазақшылығы болмай қалмайтын. Мен оларға уәде бердім. Олар маған, мен саған сендім. Уәде беріп, тапсырғанын сен істемесең мен ұятты болам ғой. Не қылса да солардың, әсіресе Бейсекейдің, айтқанын істеуге тырыс,– деп, бұрынғыдай емес Жәмилаға жалынып, бірер қабат Жәмиланы құшақтап қысып қойды. Сөздерін тыңдап келе жатқан көшірдегі Қожақ Нұрманның Жәмилаға жалынып отырғанын ерсі көріп, ақырын дауыспен: «Боқтап жұмсайтын мырзаның жалынуын қара»,– деп дауыс шығарып күліп жіберді. Қожақтың неге күлгенін Нұрман сөзіп: «Неге күлесің, божыңды жинап ұста, антұрған»,– деді. Нұрманның сөзіне риза болмай, жігері қайнап отырған Қожақ: «Кедейдің жерін байға алып бер деп, Жәмилаға жалынып отырғаныңыз дұрыс па?»– деді. «Саған сөз не керек, атыңның басын жөндеп ұста, саған қалған билік жоқ қой»,– деді Нұрман. Жәмила Нұрманның Бейсекейге жер алып бер дегенін, Қожаққа қайтарған жауабын ретсіз көрді. Жәмиланың көңілі Нұрман жалынғанмен босамады, құшақтап қысқанмен аса елжірей қоймады. Жәмила тағы да Нұрманға қарап: «Барған соң қандай жер, кімнің жерін сұрайды екен, арыздарын көріп ондағы жолдастармен ақылдасып, реті болса орындармыз. Енді бірақ мұндай жұрттың көзін қолқа қылып айта бермесеңіз екен, Егерде мүмкін болмайтын жұмыс болса, көңіліңіз қалады ғой»,– деп, Жәмила қысқа жауап қайырды. ХІІІ Жәмила мен Нұрман кеңсеге кіре бергенде, Бейсекей Нұрманға «тұра тұр» дегендей болып ымдады. Нұрман Жәмилаға «тоқтай тұр» деді. Жәмила: «Кешігіп қалам ғой, өзің сөйлесе бер» – деп жүре бергенше, Нұрман Жәмиланың жеңінен ұстап: «Бері келші»– деп, сарайдың бұрышына таман оңаша алып барды.
Бейсекей «мәнісі осылай, жеңгей»,– деп өзінше Жәмилаға түсіндірді. «Не қылса да шамаң келгенше орында!»– деп, Бейсекей Нұрман екеуі де жалынды.
«Жарайды, арызыңызды көрейік. Мәжіліске салып қарайық»,– дегеннен
басқа жөнді жауап бермей, Жәмила кеңсеге жүре берді.
Жәмила келісімен болаткомның мәжілісі ашылды. Бірсыпыра мәселелерді қарағаннан кейін, жер, шабынды турасындағы арыздарды қарады. Болатком бастығы Бейсекейдің арызын оқып шығып, Жәмилаға: – Бұл туралы пікіріңізді айтықызшы,– деді. – Бейсекей ауылдық жер комиссиясының ұйғарғанына риза болмай, мұнда арыз беріп отырған көрінеді. Және сұрап отырған шабындысы кедейдің шабындысы екен. Соңғы жер турасындағы бұйрықта «ең алдымен қыстауға жақын шабындыны кедейлерге беру керек» деген. Бейсекей қыстауға жақын кедейдің шабындысын өзі алғысы келетін көрінеді. Бұл мәселені нағыз анықтап шешу үшін біздің қолымызда ауылдың жер комиссиясының қалай ұйғарғандығының ыспаттамасы және екінші жағынан, жер иесі кедейлер жоқ. Сондықтан екі жағын бірдей алып, жер шекарасын көріп, кімге тиісті екенін барып көріп бөліп беру керек деп білемін,– деді Жәмила. Болатком бастығы Жәмиланың ұсынысын мақұлдады. Мәжіліс бұл жұмысты жер бөлімінің басқарушысы Жәмила барып орындап келсін деп ұйғарды. Мәжіліс тараған соң, әлден уакытта Жәмила далаға шығққан еді, манадан күтіп тұрған Нұрман мен Бейсекей екеуі Жәмиланың екі жағынан жүгіріп келіп, қосарлана: «Не болды, қалай қылдың?»– деді. Жәмила саспай: «Жерді барып көретін болдың»,– деді. Бейсекей мен Нұрман екеуі тағы қосарлана: «Кім барып кереді, өзің шығасың ба?»– деді. – Иә, мен барып көрем. Жәмила «өзім барып көрем» деген соң-ақ Бейсекей, Нұрман екеуі бірдей тағы жалына бастады. – Енді не қылсақ да өз қолыңда ғой, жерді мына Бейсекеңе бұрып бер!– деді Нұрман. Жәмила бөтен ештеңе айтпай, сабырмен: – Барған соң көрерміз,– деді. Бұлар қанша жалынса да, бір жағы алдаса да, жерді дұрыстықпен бөліп беруге, үкіметтің заңы бойынша орындауға Жәмиланың иманы берік еді. Ертеңінде Жәмила болаткомның бір хатшысын алып, жер бөліп беруге елге шықпақ болды. Бұларға ертеден-ақ кеңсенің алдына ат даярлап қойған екен. Жәмила қағаз салған папкесін ұстап, кеңседен шығып, арбаға мінді. Артынан кешікпей-ақ хатшы да келіп арбаға мініп, жүрмек болғанда, аттың басын ұстап тұрған Қожақ: «Божыларыңды мен ұстайын ба?»– деді. Хатшы жауап бергенше болмай сөзін бөліп арбаның екінші жағында тұрған Нұрман Қожаққа ажырайып: «Жоқ, сен қой, осында-ақ қала тұр! Өзім ұстаймын»,– деді.
Хатшы Нұрманды танымайтын, Жәмиланың күйеуі екендігін білмейтін. Нұрманға қарап: – Сіздей ақсақал үлкен кісіге божы ұстатқанымыз ұят болар. Өзіміз-ақ ұстаймыз»,– деді.
Жәмила да Нұрманға божы ұстатқанын ерсі көріп, үндемеді. Жәмила елдегі жер дауын бітіруге, жер бөліп беруге жүріп кетті. «Иттің баласы» деп қорлап боқтайтын Нұрман, бұрын «Нұрманның қара тоқалы» деп қорлап жүретін, сол мезгілде жер даулап жүрген қадірлі бай, құрметті ақсақалдар Жәмиланың соңынан шұбырып олар да жөнелді. Бұлардың кеткенін карап тұрған Қожақ бәрінің Жәмиланың соңынан еріп бара жатқанын ерсі көріп: «Қарашы, шұбырып бара жатқандарын»– деді. Қожақ тағы да төмен қарап біраз ойланып тұрып, басын көтеріп алып, жауырнын бір қиқаңдатып: – «Ана жылғы мұғалімнің Ленин сөзі деп айтқан «сиыр сауып, ас пісіріп жүрген әйелдер де бір кеңсені меңгеретін болсын» дегені рас екен-ау, Кешегі сиыр сауып, тезек теріп жүрген Жәмиланың бір кеңсені меңгергені осы-ау»,– деді.
ЕСКЕНДІР Ауылдың шет жағындағы бұрышы сапырайып, құлаған тапал жер үйдің төбесінен анда-санда буы аралас түтін шығады. Кешкі уақыт. Үйдің іші қара көлеңке. Қомшаны жамылып, қисайып жатқан кемпірдің: «Жаным-ау, қарағым Ескендір не қылып кешікті, құдай иіп бай ақысын берсе жақсы болар еді. Береді деп сенуге де болмайды. Бермесе ашығамыз ғой», – деген даусы естілді. Әлден уақытта есік тарс етті. – Қарағым Ескендірмісің? – деді әжесі. – Иә, – деген ызалы, жыламсыраған дауыс естілді. Әжесі басын көтеріп алып: «Қарағым, торпағын берді ме? – деп Ескендірдің бетіне қарап еді, Ескендірдің бет-аузы қан, шолақ тонның жағасы етегіне дейін айрылған дәл-дұл екен. Әжесінің зәресі ұшып, жүрегі елжіреп: – Ойбай, қарағым-ай, не болып мұндай болдың, жауыздар тағы ұрып жіберген екен ғой, – деп, ұшып түрегеліп, Ескендірдің мойнынан құшақтап: – Не болды, қарағым, кім тиді? Тағы сорлы болған екеміз ғой, – деп жылап, байды қарғапсілеп жатыр. – Түк жазығым жоқ, биылғы берем деген торпағыңызды беріңіз, шешем аш отыр, сойып берейін, – деп едім, «әлсін-әлі мазаны алып ақы сұрай бересін» деп боқтағаны. Жазықсыз боқтаған соң мен де тілімді тартпадым. Сөйтіп баймен ұрсысып жатқанымызды баласы естіп тұр екен, әй-түй жоқ мені келді де ұрды. Мен де қарап тұрғам жоқ, бірақ екеулеп ұрып үстімді дал-дұл қылғанын қарашы! – Киімді қойшы, жалаңаш жүрсең де өлмессің. Бет-аузыңды жаралап тастапты ғой.– Ескендірдің бетіндегі қанын сүртіп тұрып: – Рақымсыз жауыздар, бұдан жаман қан болыңдар, біреу қарсы келсе, көңіліне жақтаған кісі болса сабайды да салады. Құдай бұларға бір зауал бермеді ғой – деп әжесі жылап сөйлей берді. Ескендір: – Әже! Енді мені уайымдап жылай бермеші. Мен тірі болсам сені асырармын. Қазір ұрды деп, я ақымызды бермеді деп кімге шағамыз, енді табанымызды жаласа да соның есігіне бармаспын. Күзді күнгі салқын жел кешке таман суыта бастады, 1919 жыл, бір әскер келіп, бір әскер кетіп сапырылысып жатқан уақыт. Манағы ашумен күні бойы жатқан Ескендір кешке таман далаға шықты. Далаға
шықса күн қызарып батып бара жатыр. Күннің қызыл сәулесі мен күншығыс жақтағы алашабыр бұлттар қызыл нұрға малынып тұр екен. Ескендір әрі-бері аспанға қарап тұрды да Қарғалыдан шығатын Омбы жақтағы қара жолдың бойына қарап еді, Ескендірдің көзіне жол бойында екі-үш белек үзілді-созылды шоғыр топ қара көрінді. Біраз қарап тұрған соң, топтанған қараның кісі екені байқалды.
Ауылдың адамы әскер көрінсе ағаш-ағаштың арасына, тебе-төбенің астына қашатын уақыты еді. Бірақ Ескендір солдат бұл жақтан келмеуші еді деген оймен және солдат болса менің немді алар дейеің деп үйге кірді. Біраздан соң әжесі үйге жүгіріп келіп: – Ескендір, бір жерге баспана қылып жасырынсайшы, қаптап солдат келе жатыр, –деді. – Әже, қорықпай-ақ қой. Солдат келсе келе берсін. Маған не қылады. Біздің үйдің несін алады, – деді.
Өйткенмен үйде тағат қылып отыра алмай далаға шықты. Ескендір далаға шыққан кезде, әскерлер топтанып жолдың жиегінде тоқтап тұр екен. Әскердің алдыңғы жағында биік қызыл ту, күнмен бірге қызарып желпілдейді. Әскердің мінгені бәрі арғымақ. Ескендір өз ойынша кем қойса бес-алты жүз болмаса мыңға жақын солдат-ау деп шамалады. Ескендірдің көзіне жол бойында ағылып келе жатқан жиырма-отыз пар ат жеккендер көрінеді. Бұл әскер қызылдың атты полкының алдыңғы бөлімі еді. Әлгідей болған жоқ екі қызыл әскер ауылға қарай шапты. Тура Ескендірге келіп жүр айда комиссарға деді. Ескендір бармауға айла таба алмады. Әскерге еріп кетті. Әжесі: «Алла, қарағымды сақтай көр», – деп қала берді.
Ескендір әскерге келгенде әскердің бірсыпырасы аттарынан түсіп, арбаларын, саймандарын реттеп, қылыш, мылтығы жарқылдап, қайсыбіреулері темір арбаның ішіне от жағып, су құйып жатыр. Әскердің жартысынан көбі аттың үстінде қаз-қатар тізіліп тұр. Солдат Ескендірді ертіп әкеліп әскердің алдыңғы жағында жеке тұрған, үстінде қара қапталы, астында қара арғымағы бар мұрты тікірейген полк комиссарының алдына келіп қолын шекесіне тигізіп, тоқтай қалды. Комиссар орысшалады. Татар солдат Ескендірге: – Комиссар сенен «Н» қаласы осы жерден неше шақырым деп сұрайды, – деді. – «Н» қаласы өзіміздің дуан ғой. Осы жерден 45 шақырым деді. Комиссар және орысшалады. Бұл екі арадағы жолды жақсы білесің бе? –дейді. Азырақ бөгеліп тұрып білем деді Ескендір. Татар жігіт комиссарға орысшалады да Ескендірге: «Сен бізді жолдан адастырмай бүгін түнде «Н» қаласына тура бастап барасың», – деді.
Ескендір қорқайын деді, үндемеді. Ескендірдің қорқып тұрғанын біліп, татар жігіті: «Сен қорықпа, біз саған тимейміз. Атыңа мініп еріп жүресің де барған соң қайтасың», – деді.
Ескендір азырақ ойланып тұрып: «Сіздерге қарсылығым жоқ, өзім кедей батырақ едім, атым жоқ, үйде тамағым да жоқ, шешем аштан өлейін деп жатыр, соның тамағын табуға ертең поселкіге барайын деп отыр едім», – деді.
Татар жігіті комиссарға орысшалап түсіндірді. Комиссар өзіне ат тауып беріңдер, шешесіне бір пұттан беріңдер деді де, жалт бұрылып, қойнынан қағаз картасын алып қарай бастады. Татар жігіт Ескендірге: « – Сен осында боласың, енді үйіңе бармайсың. Шешеңе көп нан апарып береміз саған ат әкелеміз», – деді. Төрт-бес қызыл әскер ауылға қарай шаба жөнелді.
Ескендірдің есігін ашып, татар жігіт: « – Балаң бізді бүгінше ертіп барып, ертең қайтады, оған дейін мына «икмәкті» ашап жатыңыз», – деп, қапшықтағы нанды кемпірдің алдына төге салды. Әскерлер қора-қорадан ат іздеп жүр. Ат бар ма десе бәрі де «жоқ» дейді. Байдың үйінің қорасын қарап шыға бергенде, қораның ішінен жылқының кісінеген даусы естілді. Шам жағып алып қарап, қой қорада тығулы тұрған байдың торы төбел атын тауып алды. Есіктен жетелеп шыға бергенде, шөптің төбесінде жасырынып жатқан байдың баласы Рақымжан «мал ашуы жан ашуы» дегендей шыдай алмай, жүгіріп келіп: «Атты бермеймін, басқа ат тауып берейін» – деп, торы төбелдің шылбырына жабысты. Татар жігіт: «Ертең қайтарамыз, осы ауылдың жігіті мініп барады», деп еді, Рақымжан: «Өлсем де бермеймін», – деп жармаса берді.
Әскерлер азырақ аялдап, тамақ ішіп алып жүріп кетті. Күзді күнгі тымырсық салқын түн. Әуедегі жұлдыздар қызыл тулы, көк найзалы, сап түзеп келе жатқан қызыл әскерге «жолың болады» деп күліп қарағандай боп жылтылдайды. Әскердің алдында оқ бойындай Ескендір келеді. Семізден жаралған торы төбел артқы дүбірге елегізіп, ала-ала жөнеледі. Азырақ жүрген соң-ақ, Ескендірдің жанына екі қызыл әскер келіп қосылды. Біреуі манағы татар жігіті. Татар жігіті: «Саған бізді комиссар жіберді, таң атқанша «Н» қаласының сол жағына үш-төрт шақырымдай жерге тура бастап алып жүрсін деп тапсырды. Біз өзіміз сенімен бірге жүреміз», – деді. Бұлардың Ескендірмен бірге жүруі «қазақ жігіті қашып кете ме» деген қауіп еді. Ескендір қашса торы тебел бір құтқаруын құтқаратын, бірақ Ескендірде қашатын ой жоқ, Бұларды тура бастап апарып жақсы аталып, соғыстың қызығын көрмек. «Жарайды, тура бастап апарамын», – деді Ескендір. Әскерлер сатыр-сұтыр дүбірлеп, жүріп келеді. Әлден уақытта, таңға жақындаған мезгілде, Ескендір бір сайға келіп тоқтай қалды да, татар жігітіне: «Осы жерде тоқтауға болады. Қала осы жерден төрт шақырым ғана. Мына алдымызда тұрған төбенің астында»,–деді.
Әскер иіріліп тоқтай қалды. Қалаға қарай шауып кеткен үш-төрт қызыл әскер елден уақытта қайтып келді. «Қаланың жанына бардық, қала осы жерден төрт-бес шақырымдай екен» деген анық хабарды әкелді.
Әскер жүкті арбаларын сайға жинап, қару-саймандарын түзетіп, дайындала бастады. Жеті-сегіз зеңбірек арбаның төрт-бесін алдыңғы төбенің үстіне құрып жатыр. Зеңбіректің алдыңғы жағынан қатарлап әлденеше жерден пулемет құрып қойды.
Сөйткенше таң ағарып ата бастады. Жарық болған соң-ақ, үш-төрт зеңбіректің қатар атылған даусы күн күркірегендей күрс етіп, шатырлап кетті. Жер қозғалды. Ескендір шошып кетті. Құлағы бітіп есінен айрылды. Зеңбіректі бірнеше атқан соң, Ескендірдің жүрегі басылып, бойы үйренейін деді.
Қаладағы ақтардың әскері де күтініп тұр екен. Олар да қарсы ата бастады. Зеңбіректің атылуы үсті-үстіне үдеді, пулемет те бытырлап жатыр. Күн қызарып, әлемге қызыл сәулесін түсіріп, шығып келеді. Зеңбіректің түбінде тұрған бір топ әскердің қолындағы қызыл ту қызыл күнмен алаулап желбірейді. Әлден уақытта қаланың түстік жағынан ақтың әскері, аттылы, арбалы ағылып қаша бастағаны көрінді. Комиссар команда берді. «Ал ұмтыл, ура» қызыл әскерлер тұс-тұсынан ат қойды. Торы төбелдің үстіне мініп тұрған Ескендір көкбарға шапқандай қызып-ақ кетті, арбада тұрған бір қылышты ала сала шапты. Әлгіндей болған жоқ, торы төбелдің алып қашқан ағынымен әскердің алдына шығып қалған екен. Ескендірдің қолына қылыш алып шауып бара жатқаны комиссардың да көзіне түсіп қалды. Қызыл әскер қаланы қамап алды. Қашып бара жатқан ақтың әскерінің азық-түлік, сайман тиеген арбаларын қамап алып, бәрін қаланың ортасына жинады.
Оқ тиіп, өліп қаламын деген ойда жоқ, бұлармен бірге шапқыласып, қолында жалаң қылышын ұстап Ескендір де жүр. Әлден уақытта татар жігіті Ескендірдің жанына келіп: «Қалай сен ер қорықпайсың, жарайды, товарищ»– деп, Ескендірдің жауырынан қағып-қағып мақтап қойды. Сол күні-ақ қаладағы большевиктерді жинап алып, оларға үкіметтің ісін жүргізуді тапсырып: қызыл әскер ақтардың әскерін қуып, көзін жоюға ілгері қарай жүрмек болды. Әскер жүруге қамданып жатқан кезде, татар жігіті Ескендірге келіп: «Сені комиссар шақырады», – деді. Ескендір комиссардың алдына келді. Татар жігіт: «Комиссар сені ер қазақ екен – деп, мақтап тұр, Енді сені осы жерден қайтам десең босатамыз, өз еркіңмен еріп жүрем десең қазақ елінің арасына басшы қылып, бірге алып жүрем – деп отыр. Не айтасың?», – деді.
Азырақ ойланып тұрды да: «Бұл әскердің кедей халықтың теңдігін әперетін, байлардың көзін жоятын әскер екенін түсініп көзім көріп тұр, сіздерге барымша көмек беру үшін бірге еріп жүруге құмармын. Бірақ үйде жалғыз кемпір шешемнің жейтін тамағы жоқ. Шешемді қалай аш тастап кетем», – деді. Ескендірдің сөзін комиссарға түсіндіргеннен кейін, комиссар қалтасынан он сомдықтан жиырма сом ақшаны Ескендірге ұсынып: «Әскермен бірге жүрсең мына ақшаны шешеңе тамаққа жібер», – деді. Ескендір ақшаны алып, әскермен бірге кетуге ойланды. Ескендірдің білімі, оқуы жоқ болғанмен, ауылда бірбет Ескендір атанған, жаратылысында алған бетінен қайтпайтын қылтың-сылтыңы жоқ ауыр мінезді, байдың есігінде, поселкенің жұмысында жүріп, бейнеттің, тұрмыстың ащы-тұщысын көрген жігіт еді. Байлардың таяғын жеп жүргенше бір күн болса да теңдік таңында жүрейін деп қызыл әскермен кетуге бел байлады. Комиссардан алған ақшаны елден келген сенімді біреуден әжесіне беріп жіберді. Ескендір қызыл әскермен еріп талай соғыстарда болды, қызыл әскердің қатарынан қалмай, ылғи алдыңғы қатарда соғысқа араласып жүрді. Жолшыбай қазақ елін аралап, өткен жерлерде елдегі жақсылық, жамандық хабарды, қазақ елінің ақтардың әскерінен қандай күйге ұшырап, олардан қандай зорлық көргенін
әскердің бастығына түсіндіріп, бір жағынан қызыл әскердін кім екендігін жолшыбай кездескен қазақ аулына түсіндіріп отырды. ІІ Февраль айының іші. Күн жоғарылап сәулесін жерге түсіріп, шуақ бола бастаған уақыт еді. Уездік қаланың көшесімен тура уездің райком мекемесіне қарай келе жатқан, солдат киімін киген, омырауында «Қызыл жұлдыз» белгісі бар қара жігіт Ескендір еді. Ескендір кеңсеге келгенде біреу кіріп, біреу шығып сапырылысып жатқан. Жұртпен қатарласа уездік райком бастығының бөлмесіне Ескендір де кірді. Ескендір бастыққа жақындап келіп, қолындағы қағазын ұсынды. Бастық Ескендірдің бетіне бір қарап, қағазды оқып шықты, қағаздың мазмұны мынау еді: «Жергілікті большевик жолдастар! Мынау қазақтың пролетариаты – Ескендір Қожақұлы, біздің полкпен бірнеше соғыстарда болып, қызыл әскерге көмек көрсетті. Қазақ елін аралап, өткен уақытта басшылық қылды. Мүмкін хадар өзіне көмек көрсетіп тәрбие берулеріңді сұраймын». Полктың комиссары: (қол қойған). Бастық оқып болған соң Ескендірге: – Жолдас, қандай айтатын арыз, мұңың бар? –деді. – Арызым, мұңым – кәрі шешем бар еді. Үйімде ешбір қаражат жоқ, шешеме көмек берсеңіз екен. Және өзіміздің ауылдағы Қасен деген байға үш-төрт жыл жұмыс қылдым, ақырында өзімді ұрып, түк ақы бермей қуып жіберген еді, сол байдан ақымды алып берсеңіз екен, – деді.
Бастық Ескендірді алдыңғы үйде отырған қазақ жігітіне ертіп әкеліп: «Мына жігіттің арызын толық қылып жазып бер», – деді. Арыз жазылды. Бастық «айына 3 пұт ұн, 15 надан ет, 10 кез мата беріліп тұрсын, байдан ақы сұраған арызына Қожақұлының Қасен деген байдан ақысын тез тексеріліп алынып берілсін, ұрғандығы үшін, ақысын бермегендігі үшін байға тиісті жаза қолданылсын, – деп арыздың үстінен қызыл сиямен жазды да тиісті орынға жолдады. Бастық Ескендірге қарап: «Жолдас Қожаков, осы күнде ауылда жұмыс жоқ қой, шешеңді алып осында келіп тұр, мұнда сабақ оқырсың, бір жағынан қызмет қыларсың», – деді. Ескендір ризалық білдірді де бастықпен қош айтысып шығып кетті.
Ескендір сол күні-ақ азық беретін орыннан тиісті азық-түлігін алып, ертеңінде әжесін барып қуантып, қалаға алып келуге ауылға жүріп кетті. 1916 жылы Ақметжан ақсақалдың баласы әскерлік жұмысынан қайтқанда жұрт «сүйінші сұрап» шауып еді, ауылына келгенде жақын ауылдың бұл жолы Ескендір келе жатыр деп әжесіне қуантатын, сүйінші сұрап алдынан шабатын жан болмады. Ескендір: «Ай кедейлік қой, менің үйімнен сүйінші сұрап не алар дейсің »,–деп, ішінен тынып келеді.
Ауылға жақындады. Ауылдың шетінде бұрышы құлаған тапал жер үй көзіне оттай ұшырады. Сол мезгілде қомшаға оранып жатқан кемпірдің шықпаған жаны бар. Анда-санда: «Ескендірді бір көріп, алдында өлсем арманым болмас еді», – деген зарлы даусы естіледі. Әлден уақытта әжесі: «Жүрегі құрғыр неге соғады, қуанам ба, әлде ренжиім бе?», – деп басын көтеріп алды. «Ренжитін бұдан артық тағы маған қандай реніш болады. Осыдан артық ренішті сормаңдайлық бола ма,
қойшы, қуанышқа жориыншы, қуанармын, жатып тыныштық алайыншы, әлде Ескендір түсіме кірмес пе екен», – деп, қисая берді.
Әлгідей болған жоқ, есік ашылып біреу кіргендей болды, әжесі басын көтермей жатып бұл қайсысың деді. «Әже, мен», – деген Ескендірдің таныс даусы құлағына сап ете түсті. Әжесі басын жерден жұлып алып, өңім бе, түсім бе? – деп, құшағын жая ұмтылып еді, буыны босап, Ескендірге қолы жете алмай етпетінен құлады. Ескендір «әже» деп шап беріп сүйей берді. Біраз талықсып жатып: «Қарағым, құлыным, бүгін елсем де арманым жоқ... арманым жоқ... тірі көрдім», – деп, әжесі Ескендірдің мойнынан сүйіп жатыр. Әжесі мен Ескендір бүгінгі күн мен бүгінгі түнде дүние жүзіндегі адамдардың ең бірінші армансызы еді. Ескендір әжесін алып, қалаға жүрмек болғанмен әжесіне көйлек-көншек тіктіріп, басқа жұмыстармен айналып, ауылда үш-төрт күн бөгеліп қалды. Кешке таман әжесі құдыққа суға бара жатқанда, жолда байдың бәйбішесі жолығып: – Кемпір, бірбет жігіт аман келді ме? – деді. – Большевик «өлтіріп тастапты» деген лақап шығарьш өлгеніне тілеулес болып едіңдер, сендердің тілеулеріңнен менің тілеуім күшті екен, келді, жұмысыңды істетпейсің бе? – деп, әжесі жүре берді. – Көкіп қалған екенсің, әлі-ақ сүмірейіп келерсің, адыра қал,-– деп қайқаң етіп шамданып, бәйбіше жөнелді.
Таңертең ерте тұрып Ескендір қалаға жүруге көлік даярлап қамданып жүргенде, «байдың үйіне екі-үш солдат келіп, жылқыға кеткен Рақымжанды ұстап әкелуге кетіпті, байды ешқайда шығармай отыр» – деген хабар келді. Ескендірдің іші сезді, Әлгіндей болған жоқ үйге милиция кіріп келіп: – Ескендір Қожақұлы сіз боласыз ба? – деді. – Иә, мен болам. – Сіз болсаңыз, сіздің куәға салған кісілеріңіз қай ауылда? – деді. – Осы ауылда.
Ескендірдің куәға салғаны байдың ұрғанын көрген Салық пен байдың үйінде жұмыс қылып жүретін Сәрсеннің қатыны Жамал еді. Милиция екеуін де шақырып алып, жауап алды. Жауап бергенде Салық шынын айтпағанмен, Жамал көрген-білгенін милицияға айтып салды. Милиция бұлардан жауап алып жатқанда, Жақыл бәйбіше жанына Нұрман ақсақалды ертіп, Ескендірге келді.
«Қарағым Ескендір, қолда өскен бала едің ғой, бір сайтан аралап ұрсысып қалғандарың болмаса, бізден жамандық көрген жоқ едің ғой, біздің барлық малды алсақ да орыстарыңды тоқтат, бізден қанша ақы, қанша мал аласың мына қайнағаның алдында бітіс», – деп, бәйбіше жалынды. Ңұрекең ақсақал: «Ашуыңды таста, інім, сен алам десең байдың үйінде мал жетеді ғой, мына бәйбіше айтып отыр, ақмақтық қылып, ағайынды мұсылман баласын орысқа кіріптар қылма! Осы жерде бітіс, не аласың, Ескендір?» – деді. Ескендір ашулы түспен: «Баяғыдан бері жарылқағандарың жетер, қазір мен сендерден ешнәрсе сұрап отырғаным жоқ. Маған сендердің бергендеріңнің де керегі жоқ. Мен сендерден алып, бай болмаймын, алсам үкіметтің алдында, соттың ал дегенін алам, басымды ауыртпаңдар», – деп сөзін қысқа қайырды. Сәске түс. Қоңыр өгіздің қорапты шанасына әжесін орап отырғызып, өгізді жетелеп байдың үйінің
алдынан Ескендір өте берді. Бұлар өте бергенде милициялар да Қасен бай мен баласы Рақымжанды алып кетейін деп байдың пар атын жеккізіп жатыр еді. Ескендірдің өгізбен кетіп бара жатқанын көріп, бастық милиция: «Тоқта, жолдас Қожақов, бірге жүрейік», – деді. Ескендір бұрылып тоқтап, бұлардың жанына келді. Әлгіндей болған жоқ, екі милиция үйден Қасен мен баласы Рақымжанды алып шықты. Бәйбішенің: «Жетпей желкең қиылғыр Ескендір, түбімізге жеттің-ау», – деп, жылаған даусы естілді. Шананың үстінде отырған Ескендірдің әжесінің: «Құдай-ай тәубе, дүниедегі дүниеде қайтады екен, бұларға келген зауал осы-ау», – деген сөзі естілді. Милицияның біреуі Қасенге «жүр айда жылдам» деп еді, ол бұртаңдап барып пар атты шанаға міне бастады, бай шанаға мініп жатқанда, милиция бастығы келіп: «Бар ана өгізді шанаға мін», – деді. Ескендірге қарап: «Шешеңді мында алып кел, мына шанаға мінсін, байдың шанасына енді сендер мініңдер»,–деді.
Бай бір милициямен қоңыр өгіз жегілген шанаға мінді. Байдың мырзасы Рақымжан өгіздің басын жетелеп, қалаға қарай аяңдай бастады. Күннің көзі әлемге түсіп, нұрымен жердің жүзіндегі жарқыраған келді, сайраған жолды айқын көрсетіп тұр. Бірақ Қасен мен Рақымжанның көзіне бұл күннің жарық нұры көрінбейді. Алды қараңғы тұман, қар сияқты болып көзіне түк көрінбей барады. Ескендір мен әжесінің көңілінде ешбір кіршік жоқ. Алдағы жол, болашақ үміт, жақсы тұрмыс кезіндей жайнап, жүрекке сәуле түсіріп тұр. ІІІ Күндегіден бүгін әлденеге ерте тұрған, әлденеге қуанышты халық үйездік қаланың көшесінен қыбырлап ағыла бастады. Әрі-беріден соң-ақ, жаңа шығып келе жатқан күннің қызыл нұрымен шағылысқан қызыл тулар да көрініп желбірей бастады. Екі бөлмелі ағаш үйдің жоғарғы бөлмесінде шай ішіп отырған қара мұртты жігіт тұра сала асығып киіне бастады. Шай құйып отырған қара торы келіншек шайын тастай беріп, күйеуінің киімдерін тауып беріп, әбігерленіп жүр. Қара жігіт киініп жатып: – Әже, парадқа бара аласың ба? Алыс қой, шаршайсың ғой, – деп аяғандай болды. – Бармай, шаршамақ түгіл өліп қалсам да барамын, өлсем өліп-ақ кетейін. Осы ұлы күннің құрбаны болсам арманым не? Менімен бірге Рақима да барады, – деді әжесі. Қара жігіт: – Барса барсын, –деп Рақимаға қарады. Рақима нық нұрлы жүзі одан да бетер қызарып, қара жігітке қарап жымыңдап күлгендей болды.
Бұлардың бір-біріне ыммен сөйлесіп, бір-біріне махаббат көзбен қарап, бәрінің қуанышпен бір жаққа барайын деп жатқанын, үйінің іші жап-жақсы, төсек орны, киім-кешектері тап-таза өңді, ішкен тамақтары жақсы екендігін көріп тұрған, сүт сатып жүрген мосқалдау келген қазақ әйелі есікте сүйеніп тұрып, таңданған ойға қалды.
Көше бойы лық толған халық, қаланың шетіндегі далаңқыға қарай ағыла бастады. Далаққыда жиналған қыбырлаған халық, желбіреген қызыл тулар толқынданады. Сатыға бағанағы қара жігіт шыға келіп азырақ жан-жағына қарап тұрды да: «Жолдастар! – деді. – Бүгін жер жүзіндегі жалшылардың ұлы күні.
Октябрь төңкерісі он жыл жасаған, кеңес үкіметіндегі еңбекші, жарлы жалшылардың ұлы тойы, – деп, Октябрь төңкерісі болғаннан бергі істелген жұмыстарды тізбектеп айтып шығып, сөзінің ақырғы кезінде: – Қазақтың еңбекші қара бұқарасының, әсіресе қазақтың жұмыскерлері мен ауылдағы малшы малайларының Октябрь төңкерісі болғалы шаруашылығының түзеліп, қолы теңдікке жеткенін көріп отырмыз. Ендігі міндет: дүние жүзінің жұмыскерлерімен қол ұстасып Октябрьді қорғап баянды қылу, жер жүзінің жауыз капиталдарына қарсы тұру, социализм тұрмысын қазақ еліне орнату болсын! Кел бүгін осыған уәде қылайық!.. Мәңгі жасасын Октябрь!.. Жасасын он жылдық той!» – деп, сөзін бітірді. «Ура!!!» деген дауыс пен төңкеріс күйін тартқан музыканың үні күңіреніп кетті. Бұл сөйлеген қара жігіт, уездің кәсіпшілер одағы басқармасының бастығы Ескендір еді. Ескендір әжесін алып, дуанға келісімен бір уездік мекеменің хат тасушысы болып қызметке кіріп, өзінің, әжесінің тамағын асырап, бір жағынан орысша-қазақша сабақ оқыған. Келесі жылы атқару комитетіндегі кейбір жолдастары сүйемелдеп губернияда ашылған партия-совет мектебіне оқуға жіберген. Мектепті жыл жарымдай оқып бітіріп шыққан соң, ең алдымен болыста қызмет істеп, одан кейін аз төселген соң, уездік мекемелерде істеген.
Ескендір сөйлеп тұрғанда, әжесінің көңілінде 50-60 жылдан бергі көрген бейнет, қорлық-зорлық, аштық, жалаңаштықтан қалған дақтың бірі де жоқ. Қуанғаннан көңілі елжіреп тұрды. 1927ж. ЖАМАНҚҰЛДЫҢ ТЕҢДІГІ Қыстың аяз көзі. Күн ұзарып жылынғанмен, түн суығы – таң салқыны ызғарлы болатын уақыт. Түннің ызғарлы суығымен қырауытқан қар, ағаштың басы, айдың сәулесімен шағылысып, күмістей жылт-жылт етеді.
Бұл ызғарлы суың түнде тамақ үшін ғана тоқылдаған «тоқ-тоқ» еткізіп жүрген кеше күзетшісі мен байдың жылқысын күзетіп, «айт-айт» деп сары аязда сартылдап жүрген, дала күзетшісі – жылқышыдан басқа жан жүрмейді. Жалғызақ мидай аппақ сеңнің бетінде қарайып «шүу-шүу» деп, егізін жаяу айдап келе жатқан адамның қарасы көрінеді. Бұлардан басқа жұрттың бәрі жылы үйде бырбыр ұйқыда!.. Жұртпен қатар Нұрманбайдың үйі де ұйқыға кеткен. Терезеден қырын түскен ай сәулесі үйдің оң жағында көрпесін белуарына түсіріп жатқан Нұрманбайдың ақ көйлегіне түсіп, шағылысып, тұлыптай қарнын көрсетіп тұр. Әлден уақытта Нұрманбайдың барылдаған демі өзгеріп, қырылы қатайып қақалыңқырайын деген соң, аунап қырынан жатты. Қырындап жатқан соң, қырылы басылып тынышталғандай болды. Әлгідей болған жоқ есік тарс етті, үйге даладан келген кісіден бұрын сықыр-сықыр шаңытқан суық кірді. «Уһ» деген дыбыс естілді. Бұл келген Жаманқұл еді. Жаманқұл Нұрманбайдың малайы. Нұрманбайдікінде жүргелі екі жыл болған. Жасы 35 шамасында, өмірін кісі есігінде жалшылықта өткізген. Қатын, баласы жоқ. Көзі үңірейген қара жігіт еді.
Жаманқұл күзді күні жонда қалған шошақтың шөбін қардың астынан қазып әкелуге өткен түні пар өгізбен түн қатып кеткен сапарынан оралған беті осы болатын. Түні бойы күртік қар басып қалған шошақтың шөбін қазып алып, бір тәуліктен артық жүріп тоқып, шаршап, ашығып келген беті еді. Басын жастықтан азырақ көтеріп, шынтақтап жатып ыңыранып «бұл кім өзі?» деген бәйбішенің даусына қарсы «мен ғой» деген Жаманқұлдың қарлыққан даусы естілді. – Жаманқұлмысың? – Ия!..
Бәйбіше Жаманқұлды шаршап, ашығып, тоқып келді ғой деп есіркеп, түрекеліп тамақ берген жоқ. Қазаннан сорпа құйып іш, шайды таңертең ішерсің, сөйт те төл үйге барып жат, мұнда жататын орын жоқ деген бәйбішенің даусы естілді. Жаманқұл да тоқып-шаршап жұмыстан келдім деп бір ауыз үн қатқан жоқ, пешке жылына бастады. Әрі-бері тұрғанмен мұздаған дене жылына қоймады. Қазандықтың иығында тұрған білте шамды жағып, қазаннан бір аяқ сорпа құйып алып, ұрттап еді, суып қалған екен. Қарны ашып, тамақты керек қылып тұрған дене сорпаны «іш-іш» дегендей болды. Денесі керек қылып тұрған мұқтаждық Жаманқұлды және түрегелгізді. Бұл түрегелгенде іздегені нан еді. Нан, бауырсақ бәйбішенің аяқ жағындағы шкафта тұратыны белгілі. Жаманқұлға қайта ой түсті. «Қойшы біліп қалса бір нәрсесін ұрлап жатқандай көріп сөйлеп жүрер» деп ойлады да отырып сорпаны ішіп алды. Салқындап қалған сорпа Жаманқұлдың денесін жылытпаған соң, етігін шешіп, пешке жылынып біраз отырды. Адамға қарап тұрғанда ой түсетін әдеті, Жаманқұлға үйдегі қонақтар кім екен деген ой түсті. Жалмажан білте шамды алып төрде жатқан қонақтарды таныр ма екем деп үңіліп қарап еді, тани алмады. Қайсы бірінің шешіп қойған киімдері орысша екен. Жаманқұл көзін қайта жағалатып қарап еді, ортада жатқан қара жігіт көзіне жылы ұшырай берді. Көзіне жылы ұшыраған сайын үңіліп қарады. Әйтеуір бір таныс адамы. Бірақ анық кім екенін, қайда көргенін шүу дегенде айыра алмады. Азырақ ойлап тұрып тағы да бетіне қарап ақырын дауыспен: «Хасен емес пе? Иә. Хасен ғой»,–деді.
Хасен екенін білген соң-ақ, Жаманқұлдың ойына бір түрлі ой түсіп мұқайған сияқты болды. Ақырын дауыспен «Құдайдың сорлы қылып жаратқан жаны біз ғой», – деді де етігін киіп, төл үйге барып жатуға шығып кетті.
Жаманқұл төл үйге кіргенде, үйдің іші қоңыр салқын, қараңғы, төл зәрінің иісі аңқып тұр еді. Үйдің қараңғылығы, суықтығы, иісі бірі де Жаманқұлды жиіркендіре алмады. Жаманқұл төлге салған шөптен астына шөп төседі де түйенің жабуының арасына кіріп, ұйықтауға түйенің сырдағына басын қойды. Бірақ салқын үй мен салқын сорпа Жаманқұлдың денесін тез жылытып маужыратып ұйқысын келтіре алмады. Тез ұйықтай алмаған соң, Жаманқұлдың ойына тағы Хасен түсті. Жаманқұлдың ойына Хасен неге түседі? Хасенді Жаманқұл қайдан біледі? Бұдан 7-8 жыл бұрын Жаманқұл мен Хасен Әбжан деген байдікінде екі жылдай жалпы болып біраз жүріп, жолдас болған. Қазір Хасен уездік бір мекеменің бастығы, Жаманқұл әлі баяғы қалпында. Жаманқұл Хасен сондай
қызметкер «төре» болып кетті дегенді сырттан еститін және де үш-төрт күн бұрын «біздің елдің сайлауын өткізуге Хасен келеді екен» деген сөзді естіген. Мұнымен қабат бүгін байдың төрінде ұлың болған қалпымен жатқан көрініс Жаманқұлды бірсыпыра ойға қалдырды. Жаманқұл Хасен туралы әрі-бері ойлап келгенде ойының қортындысы: бір уақытта, бұдан бес-алты жыл-ақ бұрын, Хасен мен сияқты жалшы еді, менен артық жері жоқ еді-ау, бұл уақытта мынадай ұлы болған. Бүтін бір елдің сайлауын өткізуге келіпті. Мен әлі сол қалыпта, тұрмысым да түзелген жоқ. Менен басқаның бәрі де бақытты ма екен. Апырай менің өмірім осы жалшылықпен, қорлықпен өте ме деген ойға түсіп, қапаланып, бір жағынан денесі жылынып маужырағандай, көпке шейін ұйықтай алмай жатты. Жаманқұл таңертең қораның қиын күреп, малға шөп салып, шаруаны әбден жайлап үйге кіргенде, қонақтардың шайын жасап жатыр екен. Жаманқұлдың үйге кірген жұмысы да белгілі: екі күннен бері ауызға ыстық шай тимеген, шай ішу еді. Бірақ шайды қонақтар ішіп, одан кейін бай-бәйбіше, бала-шағасымен тегіс ішкен соң, қалғаны тимесе, одан бері Жаманқұлдың аузына шай тиетін емес. Нұрманбай бұрынғыдай шалқайып отырмай шайды өзі жасап жүргенге Жаманқұл таңырқап, бұрын қандай қонақ болса да мұндай бортаңдап қызмет қылмаушы еді, қорыққанынан ба? Әлде шын сыйлап жүр ме екен – деп, ойлап таңданып тұрды. Бағанадан сөзге айналып отырған Хасеннің есікте сүйеніп далба-дұлба болып тұрған, көзі үңірейген қара жігітке көзі жаңа түсті. Хасен бір қарады да, азырақ ойланып, тағы Жаманқұлға тесіле қарап: – Сен Жаманқұлмысың? – деді. Қарлыққан дауыспен: – Иә, мен Жаманқұл, – деді. – Ой, байғұс, еңбектің ері, қайда едің? – Осы үйдің жұмысында жүрмін, – деді Жаманқұл.
Хасен аяған пішінмен басын шайқап, мойнын бұрып «сенсің ғой осындай қылып жүрген» деген кісіше Нұрманбайға көзін алартып қарады да, тағы Жаманқұлға қарап: – Кел мұнда, отырып шай іш! «Әлі сорлы болып жүр екенсің ғой», – деді. Жаманқұл жаман етігімен төрге шыға алмай кипалақтап қалды. «Кел, отыр» – деді Хасен. Жаманқұл өмірінде «ой байғұс-ай» деп аяп, «төрге шығып, шай іш» дегенді бірінші рет естігендіктен, мұздай суып, тастай қатып қалған жүрегіне ыстық майды құйып жібергендей болды. Мені де есіне алып, есіркеп құрметтейтін жан бар екен деп жүрегі қуанып кетті. Шай ішіп отырғанда әңгіме тағы сайлау мәселесіне көшті, Хасен Жаманқұлға қарап: «Сайлауға шақырған қағаз алдың ба?» – деді. Жаманқұл сайлау қағаздың не екеніне түсіне алмай қалды. Хасеннің жанындағы жолдасы Жаманқұлға сайлау қағаздың мәнісін түсіндіргеннен кейін, Жаманқұл: «Қағаз дегенді білемін, алғаным жоқ», – деді. Хасен Нұрманбайға қарап: «Сайлауға шақырған қағазды Жаманқұлға неге бермедіңдер? » – деді. – Жаманқұл түгіл өзіміз де алғанымыз жоқ. Бүгін ауылнай әкеліп бере ме деп отырмыз. Сол сайлауға шақырған қағаздарықызды өзіңіз қолықыздан беріп кетсеңіз жақсы болар еді, – деді.
– Сіз сайлауға шақырған қағазды күтпей-ақ қойыңыз. Ең алдымен сайлауға шақырылған қағаз Жаманқұлға берілуі керек. Қазіргі үкімет сайлау Жаманқұл сияқты жалшылардікі екенін білмейсіз бе? Әлде білсеңіз де білгілеріңіз келмей ме? – деп, Хасен Нұрманбайға аларып қарады. «Аузыңды бағып отырсайшы» – деп сыбырлап, бәйбішееі Нұрманбайды түртіп қалды. Шай ішіп болған соң, Хасеннің жолдасы Жаманқұлға сайлауға шақыру қағазын жазып берді. Жаманқұл қағазды алып қойнына тығып тағы да даладағы жұмысқа шығып бара жатқанда, Хасен: – Жаманқұл, ертең Қожекең аулында сайлау болады, сол сайлауға қалмай кел, жарай ма? – деді. Жаманкұл: «Бай жіберсе», –деп Нұрманбайға қарады. Хасен Нұрманбайға қарап: –Бұрынғыдай «жұмыс қалады, саған не бар» – деген кесір дәлелдерді қойып, сайлауға жібер! – деді. Нұрманбай: «Жарайды, жарайды» деп, жалтақтап қалды. Жаманқұл қораның ішіне келіп бір жұмыс істейін деп қолына күрегін алды да, істейтін белгілі жұмыс қандай жұмыс екенін ұмытып, күрегіне сүйеніп тұрып қалды. Жаманқұл бір нәрсені мұқатып, көңілі жай тапқандай болды. Анда-санда аузынан Хасен, Хасен деген сөз түсе берді. Азырақ ойланып тұрғаннан кейін өзіне белгілі Хасен деген есімнен басқа естіп жүрген сөзі: «кеңес үкіметі, кедейдің үкіметі» деген сөз ойына түсті. Тағы да біраз ойланып тұрып даусын шығарып: «Кеңес үкіметі», «кедейдің үкіметі» деген сез осы Хасен екен ғой, – деді. Жаманқұл өзінше осы үкімет адамдары мендей кедей-жалшыны жақтайтын, осы Хасен сияқтылар шығар. Мені Хасен таныстығынан шайға шақыратын болса, үйдің ішінде отырған адамдардың көбі Хасенге таныс, оларды неге шақырмайды. Оларды шақырып ескермей мені неге шақырып есіркейді? Дұрысында осы күнгі үкімет адамдары Хасен сияқты бұрын жалшы болған, жалшыны аяйтын адамдардан болатын шығар, сонан соң «кедейдің үкіметі дейтін шығар». Осы күнгі үкімет кедейдің үкіметі деген сөзге анық сенгендей болды. ІІ Күн ызғырық. Суық күннің көзі құлақтанып қызарып ұясына бата берді. Бұл кезде екі ауылдың арасындағы жалғыз аяқ жолмен келе жатқан адамдар аспандағы тізбектеліп қайтқан тырнадай, бірінің артынан бірі шұбырып келе жатыр еді. Шұбырып келе жатқан атты, өгізді, жаяу сайлаудан қайтқан адамдар. Қайсыбіреуі арық атын мойнына қағып, қайсыбіреулері өгізбен шуу-шүулеп тебініп, жүріп келеді. Өгіздерінің тұяқтары суық қармен сықырлап сытыр-сытыр етеді. Арт жақтан келе жатқан беті шалбарланған жалпақ бет сары жігіт қоңыр өгізін шуу-шүулеп тебініп келіп, алдында келе жатқан арық күреңнің үстіндегі көзі үңірейген қара жігітпен қатарласты. Қатарласа беріп: «Иә, Жаманқұл, сен кім болып сайландың?» – деді.
Жаманқұл бұрылып қарап Сәрсен екенін көрген соң, мұртына қатқан мұзды жеңімен ұйпалап жіберіп: – Мен кеңес үкіметі болдым, – деді.
Сәрсен бажырайып Жаманқұлдың бетіне қарап: – Өзің не айтып келесің, «кеңес үкіметі» дегенді өзің білесің бе? «Кеңес үкіметі» деп осы күнгі барлық үкіметті айтпай ма, сен сондай үкімет болып кеттің бе? – деп, қарқ-қарқ күлді. Жаманқұл арық күреңді «шүу» деп бір тебініп қойып, Сәрсенге қарап: – Уһ, шіркін-ай, сен менен көп білетін шығарсың. Білсең біле бер, бірақ мен өзімше «кеңес үкіметі» дегенді кедейдің, жалшының үкіметі деп білем. Сол үкімет адамдарынан кедей-жалшы сайланып солар билесе, соны кеңес үкіметі деймін. – Бағана байдың сөзін сөйлеген сайлаушы Жүсіп ауылнайды «кеңестің, кедей халықтың ауылнайы емес, байдың ауылнайы» деген жоқ па? Ал енді қазір осы сайлауда мен, тағы басқа кедейлер кеңеске мүше, бастық болды. Міне, бұлар, оның ішінде мен, «кеңес үкіметі» болдық деп ұғынам. Сәрсен үндемеді. Біраз ойланып, өзінше Жаманқұлдың айтқаны дұрыс-ау деген қортындыға келді. Бұл келе жатқан сол ауылнайдағы ылғи жалшыбатрақтар еді, сайлаушылармен бірге келген еңбек инспекторының тапсыруымен бұлар «төрт қараның» аулындағы батрақ жиылысына келеді. Ауылға жақындай бергенде, жылт-жылт етіп жұлдыздар көрініп, іңірдегі ақ сандақ сарғайып бата берді. Шам жанысымен отыз-қырық ылғи жалшы-малшылар Артықбайдың кең шым үйіне жиыла бастады. Бұлардың ортасында еңбек инепекторы, қолында қарындаш, қағаз. Жалшылардың арызын жазып алып отыр. Жалшы-батрақтар бірінің сөзін бірі тоспай жабырласып «ақымды бермейді», «киім бермеді, міне жалақаш жүрмін, бай ұрды, міне таңбасы, ауырып қалып едім, берген торпағын қайтып алып қойды» – деген арыздарын айтып жатыр. Бәрінің сөзі, мұңы, арызы еңбек ақы, киім, тамақ, тұрмыс, байдың зорлығы. Бұл шулаған жиылыс еңбек базары. Инспектор: – Мына жалшылардың айтып отырғандары рас па? – деп, Артықбайдың бетіне қарады. Артықбай: –Жасыратын қылық жоқ, айтып отырғандары рас, байлардың мұндай қылатындары рас қой, шырағым,–деді. ІІІ Шай ішіп отырған жұп-жуан Жақыл бәйбіше қол орамалмен бетінің терін сүртіп тастап: – Бұрын ыңқ етпейтін жалшыларды осы большевик дегендерің өзі құтыртып жіберді-ау, – деді. Жастыққа шынтақтай беріп: – Әлгі қағынып жүрген ауру атақ шөп салмай, суыққа ұшырып елтіріп алмаса не қылсын, – деді Нұрманбай... – Үш күннен бері не бітіріп жүр екен. Уа, шіркін-ай, қона түстеніп жүрген шығар,– деп, бәйбіше кекетті. Іңір шайды ішіп аяқтай бергенде, Жаманқұл келді. Келісімен бәйбіше Жаманқұлды жылыдай қолға алып біраз тілдеп алды. Бай үндемеді. Бай үндемеген соң, Жаманқұл да бәйбішенің сөзіне қарсы ештеңе демеді. Бәйбіше
Жаманқұлды оқты көзімен атып: «Не қылып мелшиіп отырсың, мына «кереңді» іш те, көлік саймандарыңды дайындап, шепке бар», – деді.
Жаманқұл осы неге шатынап отыр деген оймен үңірейіп, бәйбішенің бетіне қарады. – Батыр, біраз жүрдің ғой, бүгін түн қатып барып әнеугідей жоннан бірер шана шөп алып кел, – деді Нұрманбай ызғарланып.
Жаманқұл жондағы шөптің табылмайтынын, бар болғаны қалың күртіктің астында қалғандығын айтып көріп еді, бай мен бәйбіше: «ерініп отырсың ғой, бар деген соң бар», – деді.
Жаманқұл қарыса алмады. Шайды ішті де, пар егізді жегіп алып, мидай аппақ мұздың бетімен шуу шүулеп жылжи берді. Келесі күннің түн ортасы. Аппақ сең, көк мұздың бетінде жүйткіп соққан ақ боранның арасында жалғыз қылтанақ қара керінеді. Қылтанақ қара ақырын-ақырын қозғалады. Бірақ аппақ қардың бетінде жүріп келе жатқан қараның қозғалғаны білінбейді. Жалғыз-ақ жанына барған адамға шөпті шананың сырғып қозғалғаны, өгіздің сырт-сырт сықырлаған тұяғының сыртылы мен Жаманқұлдың «шүу-шүулеген» дыбысы естіледі. Әрібері жүрген соң, өгіз болдырып мойнын қайырып тұрып алды. Жаманқұлдың тамақ ішпегеніне бір тәулік болған. Бойынан қызуы кетіп, әрі күндізгі күртік қарды қазып, шөп артқанда қызып терлеген тері қатып, іші-бауырын қалтырата бастады. Шөпті тастап жеңілдетіп жүріп кетейін десе, барған соң «неңді әкелдің» деп тағы бай ұрсады. Осыны ойлады да, біраз шөпке шалдырып алған соң, жүріп кетер деген оймен өгізді доғарып, шөпке жіберді. Шәрке етік еу, жыртық байпаң сіресіп кеткен. Аяқтың басын дызылдатып әкетіп барады. Жыртық биялайдың тесігінен, далба-дұлба жеңінің жыртықтарынан саулаған суық қолтығына ішейін үрлеп мұздатады. Қарап тұрған соң, Жаманқұл тіпті тоңайын деді. Отырып аяғын шөпке орап еді жылынбады. Отырған сайын аяқ-қолы мұздай берді. Әуе ашық, аязды үскірік борап әлі соғып тұр. Жаманқұл тоқып әлсірейін дегенін сөзіп ұшып түрегеліп еді, аяғы басуға жарамай етбетінен түсті. Қайта қайраттанып түрегеліп, жан ұшырып жүріп өгізді жекті. Өгіздер әлін жиып алған екен, бақайы сытырлатып аяңдай бастады. Жаманқұл жылынар ма екем деп жаяу жүрмек болып еді бұрынғыдай аяғында әл жоқ, жансыз. Өгіздің аяқына ере алмай қала берді. «Тфу-тфу» деп Жаманқұл өгізді тоқтатып тырмысып, әзер дегенде шананың үстіне мініп, аяғын шөптің арасына тыққан болды.
Өгіздің белгілі ақырын аяқымен әлі жүріп келеді. Шананың үстіне мінген соң, Жаманқұл одан жаман тоңғанын сезді, «Үсідім... өліп қаламын-ау» деген қауіпке кірді. Аяқ-қолында жан жоқ. Жалғыз кеудесінде ғана жан бар. Миы айналып, жүрегі айнығандай болды. Әлден уақытта өгіздің қарайған қораның алдына келіп тоқтағанын сезді. Жаманқұл жан ұшырып басын көтеріп алып қарап еді, егіздер тура бастап жеткізген екен. Жаманқұл шананың үстінен қармалап түсіп еді, аяғы басуға, қолы ұстауға келмеді. Шананың үстінен домалатқан жансыз нәрседей домалап кетті. Ұмтылып тұрайын деп еді, тұра алмады. Өзінің нашарланғанын сезді де бар жан даусымен айқай салды. Бірер қабат айқайлап еді дыбыс жоқ. Тағы бірнеше қабат айқайлаған болды. Одан былай өзінің не болғанын білмеді. Таңертең өзін төл үйдегі пештің төбесінде жатқанын көрді.
Өнебойын қарап еді, аяқ-қолы бартиып, ісіп, үсіп кеткен екен. Жаманқұлдың аяққолы сыздайды, сырқырайды, бірақ үсіген аяқ-қолына қылған жан жоқ. Башпайем лары семіз кісінің терлегені сияқты болып, шып-шып суы шығып бартиып тұр. Жаманқұл әлі баяғы төл үйде, қозы, бұзаудың арасында жатыр. Қалайсың деп есіркеп келген жан жоқ. Бір жеті өткен, Жаманқұлдың көзі ілініп кеткен екен. «Қалайсың, Жаманқұл?» деген дауысқа көзін ашып жіберсе, Қали екен. Қали Жаманқұлдың аталас туысқаны еді. Әдейі халін білейін деп келген екен. Жаманқұл Қалидың бетіне қарап: «Қор болдым» – деп, жылап жіберді. Қалидың да іші аяп кетті. «Калайсың, не қыл дейсің, Жаманқұл?» – деді. Азырақ басын көтеріп, жыламсыраған дауыспен: «Бөтен емессің ғой, мені қор қылма, ит жемеде өлтірме! Үйіңде тамақ, дүниең мол болмаса да, мені үйіңе апарып күт. Мұнда жатып адам болатын емеспін. Тірі болсам жақсылығыңды ұмытпаспын». Көзінің жасын сүртіп алып: «Ақымды сұра, маған тамақ, мынау үсіген денемді емдетуге пұл керек қой»,– деді. Қали жарайды деп шығып кетіп, әлден уақытта қайтып келді. – Не берді? – деді Жаманқұл. – Іштеңе беретін емес. «Ақысын жемеспіз, төл аяғы катып жаз шыққан соң, бірер мал берерміз», – деді. Ақырында: – «Жаманқұлды емдеуге әзірге ақша беріңіз», – деп едім, «Ақша оған түгіл өзімізге жоқ», – деді. – Енді қайтеміз? – деді Қали. – Қазір не амал қыламыз. Тірі болсақ көрерміз. Не қылса да үйіңе жеткіз, – деді Жаманқұл. Тал түс. Күннің көзі шарықтап жылы лебін беріп жан-жануарды шуақтатып қардың бетін күңгейлетіп ерітіп тұр. Қалидың тор шолағының астына басқан ит шанада құрымға оранып кетіп бара жатқан адам – Жаманқұл. Жаманқұлдың көңілінде: «Жазылсам көрермін сені!» деген сенімді үміт... ІҮ Ел жайлауда – «Ертең үлгілі сот болады» деген хабар маңайдағы ауылдың бәріне естілген. Ертеңінде сот мәжілісі құрылатын Қожекең ауылына жұрт жиыла бастады. Байлар, атқа мінерлер, ақсақалдар жиналып сыбыр-сыбыр. Болмас, беті қатты көрінеді. Анау күнде мың сомға бітісейік дегенде, Нұрманбайдың өзі көнбеді, Бірақ олар да көнетін емес еді. Енді қазір не амал қыламыз деп дағдарысады. Сот мәжілісі ашылды. Жиналған жұрт не болар екен деп таңырқауда. Сот бастығы: – Жауап алынып болды, қылмысты істі анықтап сипаттайтын куәлардың жауабы да, одан қала берді мына материалдар да жеткілікті – деп, сот ағасы бір уыс қағазды көрсетті. Бұл қағаздар ауылдық кеңестің, партия ұясының, батрак ұйымының, доктордың берген куәлік сипаттама қағаздары еді. Анталап иін тіресіп, қандай үкім болар екен деп күтіп тұрған халықтың құлағына: «Жаманқұлдың еңбек ақысы үшін тоғыз жүз сом, аяғы үсіп жарымжан болып қалғаны үшін айына отыз сомнан, бір мың жеті жүз сомды тығыз өндіруге,
Нұрманбайдың еңбек заңына бой сұнбағаны, Жаманқұлды үсіп ауырып жатқанда қарамай, күтпей қорлаған жазасы үшін үш жыл еркінен айыруға және без жүз сом айып салуға» деген үкім сөздер естілді.
Үкімді естігенде байлардың иығы түсіп, басын шайқап, жылжып жүре берді. Кедей жалшылар «сол керек, ендігәрі байлар байқар» деп, шаттанып қалды. Екі милиция Нұрманбайды алдына салып дуанға қарай айдап жүре берді. Жаманқұлдың: «Мен сияқты жалшылардың теңдігі үшін құрылған кеңес үкіметі, кеңестің әділ соты жаса», – деген куанышты дауысы естілді. Сарша тамыз ыстық күн. Өткен жылы демалысқа барғам. Сол кезде жер бөлісінің жүріп жатқан көзі, уездік қаладан шығып, қара жолмен ауылға қарай келе жатқанымызда, алдымыздан бес-алты салт атты адам кездесе кетті. Көбін танымаймын, елдің үштөрт жуан-жуан байлары, түсі қашқан, иығы салбыраған, өте берді. Бұлардың арт жағында келе жатқан, көзі үңірейген қара кісі көзіме жылы шырай кетті. О да мені таныды білем, бізге қарай бұрылды. Көрмегелі төрт-бес жыл болған, тосаңсып қалған екемін, таныстық, Жаманқұл екен. – Е, қайда барасың, мына алдыңа салып айдап бара жатқандарың кім ? – дедім. – Бұлар кәдімгі жауыздар ғой, – деді. – Иә, байлар ма, не қылды бұлар? – Тағы да баяғысын бастап жер бөлісіне қатысып шатақ шығаратын болған соң, жауып қояйық деп апара жатырмыз, – деді. – Өзің милиция ма едің? – Қазіргі күнде ауылдық кеңестің бастығымын. Милициялар болмаған соң, тиісті орнына табыс қылайын деп апара жатқаным ғой – деп, масаттанып күліп қойды. – Өзің жалғызсың, бет-бетімен қашса айырылып қаласың ғой дедім. – Біздің мынау уысқа түскен байлар құтыла алмас, – деп, бартиған бүкір саусағына көрсетті. Әрі-бері сөйлескен соң қош айтыстық. Артыма бір қарап: «Жаса жалшының үстемдігі, теңдігі!» – деп, жанға жайлы жазғы самал желді жұтып, алға қарай жүріп кеттік. 1929ж.
АРДАҚТЫ ЖАН Ел жайлауда. Бірақ басқа уақыттағыдай жайлаудың, көкорай шалғынның, құлпырған даланың сәні жоқ. Сәске түс. Күннің көзі қып-қызыл көгілдірленіп нұрын шашып, көк шатырдың төбесіне қарай көтеріле берді. Елдің кәрі-жасы, қыз-келіншек, бозбаласы басқа уақыттағыдай сыбырласып, сыңқылдасып күліспейді. Қайғыда. Бір нәрсеге ақыл таппай қамалуда. Күндегідей ауылдың қотанында қыдырып қымыз ішіп, серуендеп жүрген жан көрінбейді. Анда-санда шалдар қырға шығып үлкен ауыл жақтан кісі, қара көрінер ме екен? Не хабар бар екен? – деп, біраз қарап тұрып еңсесі түсіп, ауылға қарай қайтады. Менің көңілімде ондай қайғы, кауіп, қорқу жоқ. Бірақ ел қайғырып тынышсызданғанға мен де азырақ қайғырып тынышсызданам. Көңілім тыныштық іздегендей болады. Бұрынғыдай ауылды қыдырып жүрейін десем ауыл көңілсіз қай үйге бармасақ да, жылау-сықтау, қайтеміз, не болар екен – деп,
ақыл сұрау. Бұлардың мұндай болып отырғаны неше түрлі ойлар түсіреді. Олардың жылап-сықтап отырғаны қапаландырады. Сондықтан бұрынғыдай ауылды көп қыдырмаймын. Үйде отыра бергенге ішім пысты, далаға шықтым. Баяғы ауыл, баяғы жайлау сияқты емес көңілсіз, күн күліп, жер жылап тұрғандай көрінді. Ауылдың сыртына шығып, көгал жерге шалқамнан жатып, аспандағы бұлттардың қозғалып, бірінің артынан бірі тізбектеліп, әуеде жүзіп бара жатқанына қарап ойланып асатыр едім. – Не қылып жатырсың қаннен қаперсіз,– деген дауысқа басымды көтеріп алсам, Қасым екен. Ол біздің ауылдағы қара малдан жалғыз сиыры ғана бар, еңбегімен жанын жалдап, әке-шешесін асырап жүрген нағыз кедей жігіт еді. – Не қыл дейсің, отыр,– дедім. – Отырамын ғой, саған әдейі ақылдасайын деп келдім,– деп Қасым әңгімесін бастады. – Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы деген дұрыс мақал-ау! Мен өзім қара басым орынсыз, жанымнан қорқып жүргенім жоқ, қайда барсаң да бір ай-күн дегендей, ажал келсе қайда болса да өлеміз. Біз жаны ардақты бай баласы емеспіз ғой, қайда жүрсек те тірі жүрсек болады. Байға жалданып әке-шешемді асыраймын деп, үш-төрт жылдан бері үйде бір отырғам жоқ. Бірақ тапқанымыз тамағымыз бен киімімізге жетпейді. Рас, менің өзім тізімге ілігіп отырғаным да жоқ. Және қазақ жігіттерін алғанмен, соғысқа кіргізбей «окоп қаздырады» дейді ғой! Бір жағы жұрттың бәрінен қалып сорайып жүргенде бағатын малым жоқ, табатын пайдам шамалы, міне, осыны ойлай отырып, не болса да бір байдың баласының орнына жалданып кеткім келіп тұр. Бұған не ақыл айтасың,– деді. Мен жұлып алғандай: – Кімнің орнына, кімге жалданып барасың?– дедім. – Ыбырай қажы бір жұмадан бері біздің үйге екі қабат келіп, бір қабат үйіне шақырып апарып: «Не алсақ да Еркіннің орнына бар»,– деп, жалынып тұр. – Қанша мал береді?– деп, Қасымның бетіне қарадым. – Мен пәлендей мал бер деп сұраған жоқпын, өз аузынан беріп тұрғаны бір жарамды ат, екі сиыр, жүз сом ақша. Мен үймен ақылдасайын деп, анық уәдемді бергем жоқ. Бірақ бұл ойымды үйдің ішіне айтқам жоқ. Олар, әрине, ұнатпайды ғой. Егер сен бар деп ақыл берсең, үйдің ішіне ақыл айтып түсіндіріп, тоқтатармыз деп ойлаймын. Жанынан бөзіп жүрген кісі жоқ қой, оларда малдың керектігін білер,– деп менің аузыма қарады. Мен азырақ ойланып үндемедім, ішімнен «байдың малы ардақты, жарлының жаны ардақты» деген мақал тұрмыс тіршілік жүзінде дұрыс емес екен-ау деген ойға қалдым. Аз отырған соң: – Өзің білесің, өзіңнің анық ойың қалай?– деп, анық жауап бере алмадым. – Өзім жалданып кетуге буынымды бекітіп тұрмын,– деді. Қасымның ыңғайын көрген соң: – Жарайды, барсаң бар! Бірақ байдан құныңды толтырып ал. «Құныңды толтырып ал» дегенім сені ажалдан бұрын өледі, барған азаматтар тірі қайтпайды дегенім емес, әйтеуір мал үшін барасың ғой дегенім,– дедім.
– Айтқан ақылың дұрыс. Мал үшін, тұрмыс үшін болмаса жаннан безіп әдейі өлімге барамын деп отырғаным жоқ. Аз болсын, көп болсын малы кәрі әке-шешем мен жас балаларға қорек болар – деп ойлап тұрмын.
Әйтеуір қайда жүрсек те жанды жалдап күнелтіп жүрген адам біз ғой,– деп – ұшып түрегеліп,– енді Ыбырай қажы бұрынғы беретіннің үстіне тағы бір бұзаулы сиыр қосса, тіршілік тұрмыс айдаса, сонда кеттім,– деп қолымды ұстады. Күз еді. Салқын желдің лебімен ағаштың жапырағы судырлап, қалбалаңдап, ұшып барып жерге түсіп тұр. Күннің көзі жерге салқын жүзбен қарағандай боп жазғы күнгі ыстық лебін бермей, жоғары көк күмбездің төбесіне қарай өрлей бастады. Жаратылыс көңілсіз. Ауылдағы адамға жаратылыстың көңілсіздігі де, көңілділігі де ешбір әсер етпейді, Ауыл у-шу. Ат даярлаған, өгіз жеккен адамдар, әлгіндей болмай-ақ ауылдың қотанын қаптап кетті. Бұлар кім? Қайда барады? Бұлар соғысқа «окоп қазуға барады», ең алдымен дуанға приемға барады. Ауылда дауыс қылып жыламаған жан жоқ, Кететін жігіттермен кезеккезек көрісу. Еңкілдеген шал, еңбектеген баланы, қатын-қалашты ертіп, жүретін жігіттер арбаның жанына келді. Бірақ приемға баратын жігіттерді ауылдың қалатын адамдары босататын емес. Бірінен соң бірі құшақтап жабысады. Жанжағыма қарасам, жүретін жігіттер өздері ұмтылып кететін емес. Ауыл адамдары босататын көрінбейді. «Апырай кеш болып қалды-ау». деп, – шулап, жылап жатқан ауыл адамдарының арасында тұрған жүретін жігіттерге қарадым. Қарасам: Қасым арбаның жақтауынан ұстап шешесінің жанында тұр екен. Қасымның бетіне көзім түсіп еді «тәуекелдің кемесінде» тұрғандай, басқалардай кезінде жылаған жас жоқ. Жанында тұрған шешесіне: «Төрт-бес айда қайтып келеміз, көп жылап уайымданба!»– деп, ақыл айтқан даусы естілді. Мына жағыма қарасам, арбада жайланып жалғыз Базарбай отыр. Базарбайдың кезінде жас түгіл көңілінде ешнәрсе жоқ сияқты. Таңырқап: «Әй, Базарбай, Базарбай!»– дедім. Алғаш жыламай қаннен қаперсіз отырғанын ерен көрсем де, артынан Базарбайдың тап осы сағатқа дейін үй жоқ, күй жоқ, әлпештеп өсірген, есіркеген ата-ана жоқ, өмірінде байдың текпісінде қой бағып қор боп жүргені есіме түскен соң, «бұған бәрі бір-ау» деген ойға келдім. Әлгіндей болған жоқ, сырт жағымнан шулап жылаған дауыстардың арасынан: «Алдай, алдай, талып кетті-ау» деген ащы дауыс естілді, жалт қарадым. Мырзабек екен. Жанымда тұрған Сабыр ақсақал: «Байғұс өмірінде үйінен шетке шығайын деп тұрғаны осы ғой, қайтсін»,– деді. Мен тұрып: «Қайткені бар болсын, ажалдан бұрын өле ме екен?»–дедім. «Ай, сендердің жүректерің, көңілдерің қалай қатты еді. Байдың әлпештеп өсірген жалғыз баласы ғой. Үйден түзге аттап шығып көрмеген»,– деп, Сабыр ақсақал тағы өз сөзін мақұлдады. Арбаның қасында тұрған Қасым жүгіріп Мырзабектің жанына барып: «Ажалыңнан бұрын өлесің бе? Қатын-қалаштың жылағанына жылап «қатын» болып кеттің бе? Ай ант ұрған-ай! Жайшылықта да қатын едің, енді не жорық, жетер енді ырылдай бермей»,–деп қолынан тартты. Жайда сықақ қылып жүретін болғандықтан Касымның сөзін ешкім елең қылмады. Амал жоқ. Жылаған елдің көңілін аулап бөгеліп тұратын уақыт жоқ. Ертең сағат 12-де приемға барып кірмекпіз. Жүріп кеттік. Ауыл шулаған, жылаған қалпымен әйел-
еркегі, қатын-қалашы жаяулап бір шақырым жерге дейін жылап шығарып салып шұбырып келеді. Қасым екеуміз бір арбадамыз. Қасым маған қарап: – Жылап қалғандардың көңілін басу үшін өлең айтайын ба?– деді, – Әй, жынды, қойсайшы,– дедім. – Жоқ, айтам,– деді. Жігіттердің көңілі көтерілер деген оймен: «Айтсақ айт»,– дедім, Қасым қатты мұңды дауыспен: Кір жуып кіндік кескен жер аман бол, Шортандай жүзген айдын көл аман бол, Бір басы ер жігіттің не көрмейді, Келгенше біздер кайтып ел аман бол. Не келіп, не кетпейді ер басына, Ермейді ер жігіттің ел қасына . Келеміз төрт-бес айда елге қайтып, Аз уақыт ойнап жүріп ор басында. Мен «ор басында» не деп күліп жібердім. Шын көңілмен Қасым: «Окопты айтамын ғой»,– деді. Қасым өлең айтқан соң жігіттердің көңілі азырақ сергігендей болды. Улаған, шулаған жұрт бірте-бірте арылып қала берді. * * * Жүріп келеміз. Күннің көзі шапақтанып, қызарып, ұясына батып барады. Арбаның үстінде отырған жігіттердің қайсы-біреулері мұңайып еңсесі түсіп, кайғыда отырды. Арбаның сықырлап селкілдегені денесін қозғалтып, ойын бөлгендей болды. Ашық айсыз қараңғы түн. Таң мезгілі, арба әлі «сықыр-сықыр» жүріп келеді. Бәріміз де тоңайық дедік. Әлден уақытта алдыңғы арба қараталдың ығына келіп тоқтады. От жағылды. Бұрынғыдай ойын-күлкі жоқ, жігіттердің көбі мұңаюда, Жалғыз-ақ аспандағы жымыңдаған жұлдыздар жылт-жылт етіп «біраз күнде аман-есен қайтып келесіңдер» деп ымдағандай болып, бізге күліп қараған сияқты.
Біраз оттың сәуле лебі қыздырған соң, қайсыбіреулер маужырап, оттың басына қаптал күпісін айқара жамылып, қисая бастады. Бәріміз де қисайдық. 1928ж.
БАЙДЫҢ ЖАУЫЗДЫҒЫ М-нің аудандық халық биі болғанына алты ай. Таңертең шайын ішті де, сағатына қарап еді, сағат тоғыз екен. Сотқа барайын деп, портфелін құшақтап, шығып бара жатып, бұрылып әйеліне қарап: «Кешегі қазақтар келсе, мені тоса тұрсын»– деді де, кеңсесіне кетті. Сотқа келсе, бөтен ешкім жоқ. Хатшысы Б. Қағаз жазып жалғыз отыр. М. портфелін үстелдің үстіне қойып, орындыққа отырды да, кітапқа қарап: – Сен әнеугі Ахметтің баласына шақыру қағаз жіберіп қойдың ба?– деді. Б : – Жоқ, жазып даярлап қойып едім. Бүгін поштаға жөнелтемін. М : – Жібермегенің жақсы болған екен. Жібермейақ қой. Б : – Әнеугі арыз берген қазаққа, осы числаның онында шақырамыз деп өзің уәде қылып жатыр едің ғой.
М : – Ол уәде не болсын. Ол қазақтың өзі бір жұманың ішінде келіп жолығам деп еді, келмеді. Кешегі қазақ саған жолықты ма? Б : – Жолыққан жоқ, өзіңмен оңаша сөйлесіп отыр еді ғой. Ол кім өзі? Не жұмысы бар екен? М : – Әнеугүнгі қазақ, Ахметтің баласы биемді ұрлап сойды деп арыз берген. Сол Ахметтің баласының жақын ағасы. Б : – Сол Ахметтің баласының жұмысы ма, сүйтіп жүргені? М : – Иә, ауданда басқа да жұмысы бар. Б : – Басқа жұмысы немене? М : – Жуырда келіні қашып кетіп ерік алам деп тұп-тура болыстың кеңсесіне барған екен. Болыс бұлардың жағынікі ғой, ерік берілмейді деп қайтарып жіберіпті. Келінінің ағалары халық сотына апарып, ерік әпереміз деп жатқан соң, алдын ала келіп, сол келінінің жұмысын айтып жүр. Б. қолындағы ұстап отырған қаламын тастап шашын сипап күлімсіреп М-ге қарап: – Екі жұмыс бірдей келіп тұр екен, не дедің ол қазаққа? М : – Саған ақылдасайын деп, ештеңе дегенім жоқ, «Не қалауың болса да ал, мына жұмыстарымды реттеп бер» дейді. Енді бұл қазақтың жұмысын қалай қыламыз? Б : – Бес-алты ай қызмет қылып келеміз, Не берген продукт жоқ, не алған жалуниямыз жоқ. Ау сондайлардан бірдеңе іліктірмесек, аштан өлеміз бе? Реті келіп тұрғанда, ауызды ашып бос қалмау керек. Тым болмаса бір семіз соғым әкеп берсе, жұмысын реттеп жіберуге болмай ма? Қашанғы ақ жүрек боламыз? Сен бірақ ажары тәуір әйел болса, соның сөзін сөйлеп, жақындасып кетесің. Жолдас, бір ауық сол мінезіңді қойып, судиялық қалпын құрып, ызбарланып отырсақ болмай ма, көрінгенге бой көрсетпей-ақ. М. қолындағы оқып отырған қағазын тастай беріп сақ-сұқ күліп: – Ой алдағаныңа бола қояйын, мені бір үлкен кісі қылып, отыртып кетпекшісің ғой. Бұл сөзді айтатын жөнің бар, әнеукүнгі Жамалдың тұсында, саған зорлық қылып кеттім білем. Бірақ өзіңнің ебің жоқ, әнеу күні поштабай да бір келіншекті сырт қораға апара жатқан. Б : – Сен құрлы ебім бар-ау, бірақ жазудан қолым босамайды. Және сен алдымды күні бұрын орап, алып жайлап қоясың. М. күліп алып: – Ағаң екі жағына бірдей емес пе? Өзіңнің өнерің жетпеген соң құр қаласың да, болмаса осы күнде айтқаныңды істетпейсің бе,– отырған орнынан тұрып Б-ның жанына келіп: – Жә, ол қазақтың жұмысын қалай қыламыз?.. Б : – Өзің білесің, мен сенің қашан айтқаныңнан шығып едім. М :– Жарайды олай болса. Мен мынаны ойлап тұрмын: бір семіз соғым мен он пұт бидай берсе, айтқандай қып жіберейік. Б : – Әбден жарайды. Бірақ біреу біліп қалып жүрмесін. М : – Сен поштабайдан басқа кісіге сездірме? Мен ол қазаққа өзім барып жолығайын. Үйде күтіп отырған шығар. М. орнына келіп отырды. Қалтасынан кисетін алып, шылым орап тұтатты. Папкасын ақтарып қарап отырды да ішінен бір қағазды алып, Б-ға қарады:
– Мынау әнеу күнгі Оспан болыстың Наурызбай Бірімжан баласын ұры деп көрсеткен протоколы екен.– қолындағы қағазды Б-ға ұсынып,– Мә, Бірімжан баласына шақыру қағаз жаз, 10 числоға. Б. қағазды алып оқып шықты. – Наурызбайды мен білемін, ұрлық қылмайтын жігіт. Анау ағайындары Қожахмет балаларымен араз болатын. Болыс сол байлардың нұсқауымен көрсетіп отыр ғой. М : – Біз қайдан білеміз оның ұры екенін, ңұр екенін. Бізден гөрі болыс жақсы білетін болар, кімнің ұры екенін. Әнеу күні Оспан екеуміз сөйлескенде сен жоқ па едің? Б : – Бармын мен, қағаз жазып отырып, сөзді жөнді ұға алмай қалдым. М: – Ұға алмай қалса, мен ұқтырайын. Осы күні адам баласының арасында әркім өзінің пікіріне қарай, тұрмыс пайдасына қарай бір-біріне әртүрлі байланыс қатынас жасайды ғой, егерде біз сол өзімізбен пікірлес адамдармен байланысып қатынаса қалсақ, сол қарымқатынас жасаған жолдастардың арқасында қатарға қосыламыз, һәм солардың бірде болмаса, бірде пайдасы тиеді. М-нің сөзін аяқтатпай есіктен тықыр естілді. М. сөзін тоқтатып алдында жатқан «Бостандық туы» газетін қарап отыра қалды. Б. қаламын қолына алып, Бірімжан баласына шақыру қағаз жаза бастады. Әлгідей болмады, есіктен бір еркек, бір әйел кіріп келді. Орта бойлы, сары сақалды, басында тымақ, қолында қамшы Құлжан: «Ассалаумағаләйкүм!» – деп М-ге қол бере бергенде, М : – Жарайды. Қол беруің міндет емес, артыңа қара, есікті жап, үйге суық еніп кетті!– деді. Құлжан сасқалақтап есікке қарап артына оқыс бұрыла бергенде, ескі етіктің мұз қатқан өкшесі сырлаған тақтайдан тайып кетіп, шалқасынан түсе жаздады. М. мен Б-нің екі көзі келіншекте. Жас әйел орта бойлы, қара торы, дөңгелек жүзді, қара қасты, өткір көзді адам екен. Суыққа тоңған екі беті қып-қызыл, Үстінде қара сәтен ішік, басында мамық шәлі. Бұл Жәмила. Бұрын сот көрмеген Жәмила есік жақта жатсынып азырақ қырындап тұрды да төмендегі орындыққа барып отырды. М. Б-ге қарап, жымың етіп: –Ничего, стоит,– деді орысшылап. Сөйтті де қайтадан төмен қарап, жағын таянып әлдеқандай бір ойға кетті. Ойындағысы, әрине, ажарлы жас келіншек еді. Ол туралы не ойлағаны да белгілі. Көңілдегі жауыз әдет екі жолға таласып, М-ның түсін бұзды, үріп ауызға салғандай сұлу келіншек... Айтқанымды істейді ғой. Бұған қарсы келген ой: кешегі қазақтан бір семіз соғым мен он пұтбидай алсам, жылқының семіз етін екі-үш ай жеуге болады... Бидай қымбат, он пұтқа бір жақсы жазғы етік пен шерстяной тройка алып киер едім. Бұл екі ой біріне-бірі қарсы келді де тұрды. Қайсысын қыларын білмей, дағдарып жоғары қарап, беті алмадай қып-қызыл келіншекке көзі түсті де, ойы қайта өзгерді. Көз алдында тұрған келіншек болашақ ойды ұмыттырғандай болған кезде, басын жоғары көтеріп алып, Құлжанға қарап: – Жә, не жұмысың бар, мына әйелің кім?– деді. Құлжан тура қарап, тымағының бауын шешіп:
– Біздің қарындасымыз болады. Жәмила Сәрсенқызы. Бір жыл болды, Мұқан Шахмет баласына ұзатып едік, бұл күнде ұрып-соғып, күн көрсетпеген соң, ол сізге арыз әкеліп, басына ерік сұрап келіп тұр еді. М : – Біреудің арызын айтып, адвокат болма! Ол кісі арызы болса, өзі айтар. Құлжан Жәмилаға қарап: – Түрегел арызыңды айт, жаздырған қағазың қайда? Жәмила түрегеліп, қалтасынан арыз қағазын алып М-нің қолына берді М. қолына қағазды алды да : –Қазір арызыңды қарауға уақыт жоқ, оңаша жұмысымыз бар, шыға тұрыңдар!– деді. Б. күлімсіреп Жәмилаға қарап: – Ұзап кетпеңіздер, мына ауыз үйде отыра тұрыңыздар!– деп қалды. Құлжан Жәмила екеуі шығып кетті. М. Жәмиланың арызын Б-ға ұсынып:– Оңаша, не жазған екен? деді. Б. кағазды алды да, М-ға қарап: – Әнеугүнгіден бері ерік алатын, қыз-келіншек саябырлап тұр еді, тәуір болды-ау. М : – Оның рас, келсе қыз, келіншек келсін, басқадан гөрі олардың дауы көңілді болады. Б : – Бұл келіншек те әнеугүні Ақжамалдан кем көрінбейді, енді мұны калай қыламыз? М : – Оқышы арызын, не жазған екен?! Б. оқи бастады. «Ү. аудандық халық биіне арыз. Мен Жәмила Сәрсен қызыннан. Он төрт жасымда әкем қырық жетінің малын алып, Мұқан Шахмет баласына ұзатқанына бір жыл болды. Барған соң үш айдан кейін, күйеуім Мұқан өлді, бұдан кейін екі-үш ай өткен соң жас әйел ерсіз отырмайды деп, Мұқаннан ағасы жасы 35-ке келген Жамұқанға баулай бастады. Жамұқанның қыздай алған бұрынғы қатыны болған соң, тигім келмесе де бәрі жабылып, кәптеп кемектеген соң амалсыз тиіп едім. Содан бері оның бұрынғы қатыны мен екеуміздің арамызда бір күн тыныштық болмады. Түк жазығым болмаса да, күндестік пен күйеуіне шағыстырып екі күннің бірінде ұрғызып, күн көрсетпеді. Һәм үйімнен барған бар жасауымды бұрынғы қатыны жиып-теріп сандығына салып алды. Теңдікте ұстамай, ұрып-соғып күн көрсетпеген соң үйіме қашып келдім. Күндікте қорлықта жүрген әйелге ерік, теңдік беретін совет сотында отырған ағайлардан өтінемін: басыма ерік беріп, қалған нәрселерімді алып берсеңіз екен. Арыз ұсынушы: Жәмила Сәрсенқызы.» М : – Жарайды, ретіне қарай көреміз,– деп түрегеліп портфеліне қағаздарын салып.– Мен үйге барып кешегі қазаққа жолығайын, сен келіншекті оңаша шакырып алып сөйлес, жұмысыңды ертең қараймыз де. Бүгін осында қонсын, енді аузыңды ашып қарап қалма! – деп шығып кетті. Б. бір қолын қалтасына салып, бір қолымен ішін сипап ерсілі-қарсылы жүріп ойланды: «Қой, оңаша шақырып алып, келіншекті айналдырайын»,– деген қортындыға келді. Есікті ашып: «Үйге кіріңіздер»,– деп шақырды. Құлжан мен Жәмила кірді. Жәмила тағы да төмен барып орындыққа отырды. Құлжан Б-ның жанына келіп:
– Інім, қайырлы болсын орның, бұрын, Николай заманында, сотта ылғи орыстың төрелерін көруші едік, үстіне батып кіре алмаушы едік. Енді міне өзіміздің қазағымыз, өзіміздің інілеріміз отыр. Атың кім шырағым? Б : – Атымды қайтейін деп едіңіз. Бар, анау үйге тыға тұр. Мына кісіден оңаша жауап аламын. Құлжан: – Жарайды шығайын, інім. Енді бір жақсылық қылыңыз, жақсылығыңызды ұмытпаспыз. Б : – Жарайды, шыға тұр. Құлжан шығып кетті. Б, шылым тұтандырып алып, орнына отырды да, Жәмилаға жылы жүзбен қарап: – Замандас, бері жақын келіңіз! Азырақ сұрайтын сөзім бар. Жәмила мұны түсі жылы жақсы жігіт екен, жақсылық қыл, басыма ерік берсе игі еді деп ойлады. Бар ойлаған көкейкесті күдігі алдағы болашақ өмірінің қандай болатындығы еді. Ол ақырын басып Б-ның алдындағы үстелдің жанындағы орындыққа келіп отырды. Б. жылы жүзбен: – Замандас, арызыңды айта отыр. Не себепті күйеуіңнен шығамын деп жүрсің? Жәмила: – Күйеуімнің менен басқа қатыны бар. Соның тіліне еріп, ұрып-соғып күн көрсетпейді. Б : – Болыстың канцелирясына барып арыз қылдың ба? Жәмила:– Барып арыз қылған едім. Болыс: «Ерік бере алмаймын, қарсылық бар»,– деді. Енді Жамұқанға барып адам болатын емеспін. Рақымшылық қылып, басыма ерік әперсеңіздер жақсы болар еді. Б. ызаланып: – Әйелге бостандық дегенге бәрің желігіп кеттіңдер ғой! Оп-оңай ерік не бола қойсын, Әлгі бастығымыз сіздің арызықызды оқып, «ерік берілмейді» деп кетті. Ол жолдас бір бет, алғаннан қайтпаушы еді. Жәмила: – Жақсылығыңызды ұмытпас едік. Жолдасыңызға ақылдасып, қара басыма ерік берсеңіздер жақсы болар еді. Енді ол Жамұқандікіне барғанымнан өлгенімді жақсы көремін,– деп Б-ға жалынышты жүзбен қарап отырды. Б-ның Жәмиланы көргеннен бергі ойлағаны: қалай сөз бастап, қалай жақындасудың жайы еді. Көңіліндегі дайын тұрған сөзді Жәмилаға қалай ретін тауып айтсам деп отырды да: – Біздің жолдастың бір көңілі түскен кісісі болмаса, бола қоймаушы еді, Бірақ жақсылықты білетін болсаңыз, ақылдасып көрерміз. Жәмила: – Біздің қолымызда не жақсылық бар. Көрінгеннің колында мал сияқты сатылып жүргеніміз. Қорлықта, зорлықта жүрген біз сияқты әйелдің қолын теңдікке жеткізетін сіздер емес пе? Біз жақсылықты сіздерден күтеміз. Б. түрегеліп, Жәмиланың жанына жақын тұрды да, күлімсіреп: – Замандас, дұрыс айтасың. Жақсылық қылған да, бір-бірімізге бөліп беретін малымыз жоқ. Бұл күнде мал алып, пара алып, кісіге жақсылық қылмаймыз. Жақсылық, жамандық деп көңіл жақындығын айтамыз. Жәмила бұның сөзіне түсінгендей болды, түсі қуаң тартып кетті: – Көңіл жақындығыңыз кандай? Б. Жәмилаға жақындаңқырап келіп күлімсіреп, қолын Жәмиланың қойнына жүгіртті:
– Көңіл жақындығы дегеніміз асастық, Бәріміз де қазақтың баласымыз, бірбірімізді жатырқайтын орнымыз жоқ, сондықтан бастығымыздың көңілін ауласаңыз, сонда жұмысңыздың реті келеді. Жәмила Б-ға қарап «қолыңызды тартыңызшы» деп Б-ның қолын қағыңқырап жіберді де: – Бұл сөзді шын айтып тұрсыз ба?– деді. Б : – Ойыным да осы, шыным да осы,– деп күлімсіреді. Жәмила: – Мен мұнда сіздермен көңіл қосып, ойнап-күлейін деп келгенім жоқ. Қорлық, зорлық көрген соң, калың қара ағаштай пана тұтып, сіздердің арқаңызда теңдікке жетемін деп келдім. Бұл ойыңызды қоя тұрыңыз. Б, көңілдегі жерден шыға қоймағанын көріп: – Замандас, оңай тұрған ерік болса ала ғой енді,–деді. Жәмила бұрынғы өткірлік мінезімен даусын шығарыңқырады: – Совет өкіметінің әйелдерге әперген еркіндігін сіздер сатып бересіздер ме?! Б : – Әйелге ерікті сатып бермейміз. Бірақ байы тірі әйелге енді бұдан былай ерік берілмейді, жаңадан келген бұйрық бар. Жәмила:– Байы тірі әйелдер де басына ерік алып, күйеуінен айрылысып жатыр гой. Сіздің закондарыңыз бір түрлі екен. Б : – Замандас, соңыра судья келген соң жауабыңды алып, басыңа ерік берсе де, беріссе де сонда көрерсің. Жәмила екі талай ойға калып, бұрынғы көрген қорлықзорлығы басына қайта оралғандай болып, мұқайып орнынан тұрды да үйден шықты. Көп кешікпей М. да кіріп келді. М. портфелін үстелге койды да, шылым орап тартып тұрып Б-ға қарады: – Қалай, жолдас, реті келетін бе? Күні бойы оңаша болдың ғой, қалай, сөйлестің бе? Б : – Өзің не бітірдің, кешегі қазақтарға жолықтың ба? М : – Ой, оны қоя тұршы, мына келіншектің әңгімесін айтшы? Б : – Келіншектің ыңғайы теріс. Өзі ауыр антұрған көрінеді. М : – Не дейді өзі? Б : – Сөзі толып жатыр, болатын түрі жоқ. «Сіздермен ойнап-күлейін деп келгенім жоқ» деп мақайына жуытпайды. Енді келіншекті қой, «балығынан болмаса бақасынан» деген, өзің не бітірдің? М : – Қазақтар мен кетісімен-ақ келіп, күтіп отыр екен, жолықтым. Б : – Бағанағы айтқанның шамасы болатын ба? М : – Оған құл ғой, оның ар жағындағыны айт. Б : – Келіншектен гөрі сол пайдалы болар. М : – Ол келіншек қайда? Шақыр өзін? Жауап алып, көнбесе, көндіретін жеріне қайтарайын. Б. түрегеліп есікті ашты да: «Үйге кіріңдер»– деп дауыстады, сөйтіп, орнына келіп отырып, қағаздарын ақтара бастады. Жәмила мен Құлжан бөлмеге кіріп, қарсы түрегеп тұрды. – Манағы мына қатынның арызы қайда? – деді М. Б. бөлек папканың ішінен Жәмиланың арызын алып, М-нің қолына берді. М. қағазға біраз қарап отырып: – Жәмила Сәрсенқызы сіз боласыз ба?
– Иә. – Жасың нешеде? – Жасым он бесте. – Күйеуің тірі ме? – Тірі. – Не себепті шығамын дейсің? – Қолықңыздағы арызда жазылған. Менен басқа тағы бір қатыны бар. Мені теңдікте ұстамайды. Ұрып-соғып күн көрсетпейді. – Жарайды, жайларың белгілі ғой.– Құлжанды көрсетіп: – Мынадай мал алғысы келген, мынадай ағаларының азғырғанына ерін әуелде еркіңмен тиген күйеуіңді тастап жүгіре беремісің? Жоқ, ол болмайды. Болыстың конселяриесіне барып білдіріп, удостоверение алдың ба? Жәмила: – Жоқ. М:– Олай болса, сізге ерік берілмейді. Біріншіден, болыстан әкелген растау қағазың жоқ, екіншіден байың тірі. Бар қайт, шырағым, жылы орныңды суытпа. – Болыстан қағаз әкелсек ерік бересіз бе?– деді Құлжан. М. ашуланып қаттырақ дауыстап: – Мен не айтып отырмын? Байы тірі қатынға енді бұдан былай ерік берілмейді. Жоғарыдан келген бұйрық бар.– Б-ға қарап: – Болысқа қатынас қағаз жазшы,– деп иек қақты. Б. қағазды тез жазды да М-ның қолына берді. М. оны оқып көріп, «жарайды» деп конвертке салды да, пенеттеп Құлжанның қолына берді. – Мына бұйрық қағазды жоғалтпай болыстың қолына табыс қыл. – Жарайды,– деді Құлжан. Жәмилаға қарап: – Жүр, шырағым, жолың болмады ғой. Жәмиланың түсі қашып, терең ойға қалып, аз күннің ішінде көрген көп қорлығы көзіне елестеп кетті. Жамұқанның сүйкімсіз құшағында өмір бойы қалғандай боп, есі ауып есіктен әзер шықты. 1922ж.
ҚАН ЖАСПЕН ЖУЫЛДЫ Талай замандар маңынан топырлаған адам, қыбырлаған мал кетпеген, сыпылдаған қуанышты дауыс, саққылдаған шаттық күлкі үзілмеген аппақ шағаладай ақ орда бүгін әлде неге күңгірт тартқан. Кешегі сампылдаған шаттық дауыс пен саңқылдаған күлкінің бүгін бірі де естілмейді. Өткен күнде талайды зарлатқан, талайды қуантқан, талайды күңіренткен ақ орданың иығы түсіп, бұрынғы аруағы кетіп, елсіздегі моланың қабырғасынан исі гуілдегендей боп, бүгін өзі күңіренеді. Күзгі қарасуық кәрлі жел, өз обалың өзіңе дегендей болып, екпіндеп-екпіндеп соғып ақ орданы құлата жаздап, солқылдатады. Бүгін таң атқаннан ақ орданың іші бұлан-талан болып, буынысып түйіне бастаған еді. Сәске түс кезінде ақ орданың жанындағы арбаларға аттар да жегіліп «сендерді тез апарып тастаймыз, бол жылдам» дегендей анда-санда пысқырып, аяқтарын тебініп тықыршиды. Әлгідей болмай-ақ маңындағы ауылдардан жуан-жуан қарақұстай қомпиған, сақалын шошаңдатқан ақсақалдар, байлар, ақ жаулықты,
кең құрсақты, бұғағы салбыраған бәйбішелер де «ботагөзі» ақ ордасымен амандасуға ағыла бастады. Қымбатты достары, тілектес жегжаттары амандасуға келген соң, ақ орда одан жаман күңіренді. Өмірінде кейтік көріп, жылап кермеген соң, «ардақтылардың» ащы даусы да естілді. Талай сорлының көз жасына ылтипат қылмаған жас жүректер жібігендей болды. Кейбір орысша киінген жастардың, жалбыр тонды жалшылардың жүзінде қуаныш белгісі бар. Құлайын деп тұрған ақ орданы аямайды. Мұңды дауысты шулап жылағандарға көңілі елжіремейді. «Бұл сендерге аз» дегендей болып, сырт бұрылып жымың-жымың етеді. Әлгідей болмай-ақ арбаға көрпе-жастықтарын тиеп, күрсініп амандасады. «Ой бауырымдаған» дауыстар шықты. Әсіресе ақ орданың ішінен шыққан сепкіл бетті, жуан қара бейбішенің бақырып жылаған даусы, әйелдердің көбінің көңілін босатты. Амандасуға келген ақсақалдардың да көзінен сорасы ақты. Осы қалыппен жұрт улап-шулап жегулі арбалардың жанына келе берді. Бұл уақытта қырық жылғы ескі лашенка арбаны шолақ қарагерге жегіп, Әлидің жалбыр тонды кіші баласына божысын ұстатқан анадай жерде талдырмаш аққұба жас әйел келіп түсіп жатыр. Бұл әйел өткен-кеткенді ойлап, терең қиялға батып, өзіне өзі риза болғандай боп күлімдейді. Жыламайды, сазарып мыналарға таңырқап қарайды. Бұл әйелдің кім екендігіне жұрттың көзі өлі түскен жоқ еді, жуан қара бәйбіше дауыс қылып, арбаның жанына келе бергенде, анадай арбасының жанында тұрған аққұба әйел: «Мен амандаса келдім» деп кішкене қара бәйбішеге қарай қарсы жүрді. Бәйбіше өзіне қарай келе жатқан әйелді танып «ой бауырым» деп, құлашын жайды. Аққұба әйел де келіп бәйбішенің құшағына кірді. Бәйбіше көрісіп мауқын басты. Аққұба әйел жылап даусын шығармады. «Жолың болсын» деп көзін ғана шалады. Сол тұрған жерінде қалтиып тұрып қалды. Бетінде қорасанның дағы бар ұзын бойлы ақсары жігіттің көзі шешей амандасып, көрісіп жатқан аққұба әйелге түсті. Әлде неге тәубасына келгендей болған көңілі белгілі бір күштің думпуімен жібіген тас жүрек көзінше мейрімділігін көрсеткендей болды. Кінә менде деген ойға түсірді. Аққұба әйелден «бақылдық алайық» деген қортындыға келтірді. Бұл ақ орданың иесі байдың мырзасы еді. Көзінен ағып тұрған жасын орамалмен сүртіп, жылы ұшырап, аққұба әйелге кеп амандасты, бірақ бетіне түзу қарай алмады. Төмен қарап тұрып: «Сенің жазығың жоқ еді, біз кетіп барамыз, бақыл бол»,– деп күрсінді, Аққұба әйел беті сүфланып, теріс қарады да: «Сенімен бақылдасайын деп келгенім жоқ, бақыл болмай-ақ қоям»,– деп, арбасына қарай жүре берді. Ескі кек, көрген қорлық көңілін кернеді. Біркездегі мырзасына амандаспады, бақылдығын бермеді. Жұрт арбаға таман келіп аттанатын уақыт жақықтаған сайын, кеткендердің де, қалғандардың да жылаған дауыстары қой жамырағандай шулай берді. Бұл уақытта жығылайын деп тұрған ақ, орданың сол жағындағы қараша үйге сүйеніп, белі бүкірейген, бет аузы талай кейістіктің зардабымен шалбар-шалбар болып тырысқан, кірлеу жаулығының үшін салбыратпай шиыршықтап мойнына ораған қолында таяғы бар бір қара кемпір тұр. Кемпірдің бетіндегі көзінен аққан жасының тарам-тарам болған таңбасы, бұрынғыдай көрінбейді. Былшықтанған көзі жайнап, шулап жылағандарға қараған сайын ойнақшиды.
Анау ақ ордаға «ой бауырым» деп елінен, жұртынан айырылып кетейін деп жатқандарға, ақ ордасынан «қымбатты құтбаннан» айырылып, қабырғасы сөгіліп, көзіне жасы егіліп жүргендерге де – бәріне күліп қана қарайды. Ішінен көңілі жай тапқандай, жүрегінің жарасына ем тапқандай болып, неше жылдан бері тартпаған қуаныш белгісін білдіретін сол көзінің жанары тартып, қарт ананың қуанышты қалпын білдіріп тұрды. Ақ орданың ақтың күнімен қоштасуға келген сол жердегі әйелдердің көбі жылағанда, талай қадырлы ақсақалдардың, ел мырзаларының көзінен жас шыққанда, сол жердегі жұрттың көбі «ой бауырым» деп зарлағанда, іші жібімейтін, жүрегі елжіремейтін, көзіне жасы келмейтін, осылардың бәріне күліп қана қарайтын, бұл не деген тас жүрек кемпір? Не үшін осының бәріне жаны рақаттанып, күліп қана қарайды. Неге жүрегі жібімейді? Жүрегі неден тас боп қатқан ана? Кімнің анасы?
Сол тірідей елден айрылып бара жатқан орданың иесіне, ашулы «қадырлы» мырзаға бақылдық бермей, жүрегі жібімей, сазарып қалған аққұба әйел кім? Не үшін былай деді. ІІ Бұдан бірнеше жыл бұрын Сентябрь айының аяқ көзі. Малдың түгін тартса, май шығатын мезгіл. Үйездік қаланың оң жағындағы далаға мал мен жан ағыла бастады. Мал мен жан сонау бес шақырымдағы таудың бетіне сыймай қыбырқыбыр етеді. Ат шабысы, шаңдаң, айғай-ұйғай. Халықтың көптігінен біреуді біреу біліп болмайды; әрбір жан да, мал да өз тіршілігімен қыбырлап қозғалады. Бұл күздігүнгі боқырау жәрмеңкесі еді. Жәрменкенің ортасында ұры итше сылаңдаған ақшалы алыпсатарлар, жуан-жуан саудагерлер, елдің жақсы атқа құмар мырзаның некен-саяқтары, бәрі бір топ жылқының айналасынан ұйлығып шықпай жүр. Өткен күн-ақ Құсайын қажынікі ат, айғыр әкепті, ой шіркін, ат ішінде неше түрлі көк мойын шірік майлары бар екен деген лақап жәрмеңкеге жайылған. Мына жұрттың қарап жүрген жылқысы осы Құсайын қажының ат-айғырлары еді. Атайғырларды көріп, сатып алуға саудаласатын адамдардан басқа, бұл жерге жиналғандардың бірсыпырасы бетінде қорасандағы бар ұзын бойлы ақсары жігітті (Сұлтанқожаны) қошемет етіп жүрген ақсақалдар мен жас мырзалар, қулар еді. Құсайын қажы қажылық шарапатымен, байлығымен бір болыс елді аузына қаратқан бір үйездің ашулы байы еді. Сұлтанқожа нөкерлерін шұбыртып жәрмеңкеде, түс ауғанша жүрді. Түс ауа бергенде ат сататын басшы приказчиктеріне: «Енді көп ширай бермеңдер, ақша керек. Малдың жарым жартысын сатыңдар!» – деді де, бір екі нөкерімен қалада жұмысым бар деп пәтеріне тартты. Сұлтанқожаның қаладағы пәтері, өзінің жегжат жездесі Абдығапар молданікі еді. Сұлтанқожаның жанында күн бойына сөйлеп, Сұлтанқожаны албастыдай арбап келе жатқан орта бойлы аққұба жігіт Әбдуш деген азырақ оқыған, қызметке араласып жүрген Абдығапар молданың інісі еді. Әбдуш Сұлтанқожаның қалаға келгендегі переводчігі, бір жағы ақылшысы, тілшісі еді. Қашан Сұлтанқожа дуанға келсе, жанында аңшының итіндей еріп жүрген Әбдушті көресің. Бұлар келіп қақпадан кіре бергенде, Абдығапар молда сары құманын қолына ұстап, дәретке шығы келе жатыр екен, қарсы ұшырасты.
– Қалай, жезде, реттеліп жатыр ма?– деді Сұлтанқожа. Абдығапар молда көзі ылғи жасырын жүрісі бар әйелдің кезіндей ойнақшып, күліп тұратын, қара мұртты, аш өңді кісі еді, мұртын бір сипап: «Бәрі дайын болды»,– деп көзін әдетінше күлімсіретті. Аздан соң жүре беріп артына қайырылып: «Байтал тіпті орасан семіз болды, табан екі елі қазысы бар екен»,–деді. Сұлтанқожаға жағынған кейпін көрсетті. Сұлтанқожа: «Семіз болғаны абиыр,» – деп, аттан түсе берді. Кешке таман Абдығапар молданың төргі үйі екінші түрге түсті. Есіктен төрге шейін кілемдер төселді. Жұмсақ көрпелер жағалай төселіп, ақ жастықтары жайылған қаздай болып, қатар-қатар іргеге қойылды. Абдығапар молда төрелерді қонаққа шақырғанда, европа салтымен биік үстелге тамақ бермейтін. Бұл жолы да ескі әдетімен жиырма кісілік дөңгелек үстелді үйдің ортасына орнатты. Барынша мінсіз даярлануда. Келетін қонақтар жай қонақ емес, төрелер, әкімдер. Күн батқан соң-ақ, өкілеп, үштеп ақ жағалы орыс-төрелері – бәрі келе бастады. Сұлтанқожа орысша тәуір киімдерін киіп, сыртқы басқыштан қонақтарды қарсы алып қош келдіңіздер деп қонақтардың киімін шештіріп, құрметтеп, үйге кіргізіп тұрды. Қонақтар келіп отырысымен-ақ шаралап қымыз, шертберттеп, бөтелкелеп арақ, коньяк, сыра топ-топтап үстелдің үстіне ағыла бастады. Бұған біраз қарқындаған соң, тағы да үстелдің үстіне жылқының семіз еті, кәмпит, мампаси, шай-шекер, түрлі жемістер кеп төгілді. Төрелер біраздан соң-ақ, тойған тоқтыдай маңқиып, кеңкиді. Кейбіреулері қызып, қылжыңдай бастады. Бұл төрелердің ішінде судья тергеуші, милиция бастығы, тағы басқа бірнеше төрелер бар еді. Көбірек қызғандары: «Уа, шіркін, Сұлтанқожа, жігіт екенсің»,– деп арқасынан қағып қояды. Бұған жауап қайырғандай болып Сұлтанқожа: «Сіздің де жігіттігіңізді көрерміз, сынармыз»,– деп бірдеңені (көңіліндегі мүддесін) ескертіп қойды. Міне, бұл түн осылай өтті, бұл түнде елде не болып жатқанын төрелер қайдан білсін. Жалғыз-ақ Сұлтанқожа мен Әбдуштің көңіліне ойдағыдай қылып орындай алса жақсы болар еді деген ой келеді. Азырақ күдіктенеді. Ертеңінде жәрмеңкенің қызу қыбырлап жатқан көзі еді. Түс ауа берген кезде жәрмеңкеде «Құсайын қажының жылқышысын ат сүйреп өлтіріпті»,– деген хабар дүңк етті. Біреуден біреуге естіліп жәрмеңкедегі жұрттың бәрі хабарланды. Кейбіреулер: «Бір жылқышыны ат сүйретіп өлтіргені мұнша неге дабыра болып кетті, мұның бірдеңесі бар шығар?»– деген күдік ойға қалды. Ертеңінде таңертең «Сұлтанқожа өлген жылқышысын керсетуге үкімет адамдары мен доктор алып барайын деп жатыр»,– деген хабар да жұртқа жайылып болды. Сәске түс болды. Қыбырлаған қаланың, жыбырлаған жәрмеңкенің арасынан оқшау шығып, қаланың күншығыс жағындағы қара жолмен қырға қарай екі пар атты жөнеле берді. Бұлар келген адамды тексеруге, зерттеуге бара жатқан, өкіметтің өкімдер мен мамандары еді. Сырт адамдарға бұлардың беті қатты сияқты. Әлде қайтеді деген ойға түсіреді. «Бір пәле болмаса игі еді» деп жәрмеңкеде жүрген Құсайын қажыныкіне тілеулес ақсақалдар мен жегжат жақындардың көңілдеріне азырақ қорқыныш қауіп келді. Бірақ Сұлтанқожаның көңілінде казіргі келе жатқан бетінде онша қорқыныш қауіп жоқ сияқты. Өткен күні түнде ғана азырақ «қалай болар екен» деп қауіптеніп шықса да, бүгін таңертең төрелерден жылы жауап алғаннан кейін, көңілі тынышталған еді. Бұл келе жатқан өкімет адамдары: тергеуші, доктор, бір
милиция және бір поштабай еді. Сұлтанқожа тергеушімен бір арбада келеді. Сұлтанқожаның ойлап келе жатқан күдікті ойы: «әзер болса, бір жыл қысыр қалатын он шақты байталдың құлыны ғана» деген ой еді. Тергеуші толықтау келген қара жігіт еді, арбаның селкілдегеніне мазасы кетті ме, әлде түнде ұйқысы қанбаған ба, әлде бүгінгі тойғаны денесін балқытып келе ме, әйтеуір маужырап, қораптың оң жағына қисайып, пырылдап ұйқыға кетті. Күн кіші бесіннен төмен ауа бергенде, алдарынан сарғайған сары дала құба жоқда жалғыз тігілген ақ отау көрінді. Бұл отау өлген жылқышының басына тігілген Сұлтанқожаның алғашқы келіншегінің отауы еді. Өлген жылқышының басына тігілген отаудың жанында төніп тұрған атты адамдар келе жатқан өкімет адамдарын көрген соң, қарсы шапты. Бұларға кұрмет көрсеткендей болды. Сұлтанқожа елген жылқышының басына тігілген өзінің бір кездегі сүйіп алған келіншегінің отауын көргенде, «үйді иесінің басына тігеді» деген кісінің сөзі болушы еді; бұл отауды тіккені несі, бұдан басқа үй табылмады ма екен, бұл «иттің басына тіккені несі» деп ішінен қызғанғандай болды. Бұлар келген соң-ақ, заң бойынша елген жылқышыны союға кіріскенде, сол жерге келген ел адамдары, әсіресе келген адамның кейбір жақындары, шыдап тұра алмады. Денесі шіміркенін, көзіне жас алып далаға шығып кетті. Өлген адамның ішін қарағанда, ішінде басқа аурудың белгісі жоқ, жалғыз көк бауыры ісіп қанталаған деді. Сыртқы денесінде: желке жақ шеке төбесінің шаштары жапырылып, қажалып қызыл шақа болған, мойнында жағалай көгеріп қанталаған таңба бар екен; бұдан басқа денесінде ат теппеген, жара болған ешбір белгісі, ауруы табылмады. Басқа тексерісте мінген аты жылқының ішінде жүгенімен бос жүргені, ер тоқымы бір шақырымдай сүйрелген бетте шашылып жатқаны, сыңар етігі жүз қадамдай жерде шешіліп қалғаны табылды. Өліп жатқан жерінен бірнеше саржандай сүйрелген ізінде жердің балшығын тырнап кеткен саусақтың таңбасы көрінді. Өлген адамды сойып, қарап болған соң, доктор басын шайкап, орысшалап: «Аттан жығылып өлді деуге қиыны жоқ. Ешбір өлерлік сыртқы денесінде ауыр жара жоқ, жалғыз-ақ мойнындағы таңба»– деп тергеушіге қарады. Шынында доктор қортынды актыны жазарда қорқайын деді. Бұрыннан түсіндіріліп койылса да, елдің қазақтарына сенбей «біздің қараған қортындымызға сенбей, риза болмай өзге дәлелмен тағы да көрсетіп, басқа доктор, басқа өкімет адамдарын шақырса, өтірігіміз білініп, шала жұмысымыз ешкере болып қалар» деп күдіктеніп тұр еді. Доктордың қорқып тұрғанын сезе қалып, докторға қарап күлімсіреген болып, көзін қысып, жанынан өтіп берген болып, тергеуші доктордың қолын қысып қояды да, орысшылап: «Қорықпай-ақ қой, аттан жығылғанда өз атының шылбыры мойнына оралып кетуі де мүмкін»,– деді. Доктор аттан жығылған адам аяғынан ілігіп, басынан, мойнынан ілікпейтінін шамалап анық біле алмады. Қанша сенбей тұрса да тергеушінің сөзіне «мүмкін» деп сенгендей болды. Ешқайсысында шындықты ашып, әділдікті көрсететін жүрегі, жігері, көңілі болмады. Бәрін де күңгірт, сасық тұман басты. Көңіл қарайды. «Ат сүйретіп өлтірген» деп қортынды жасалды. Өздерінше заңға келтіріп, акты жазылды. Ұзын бойлы шоқша сақалды ауылнай келіп растап, былш еткізіп мөрін басты. Бұл жерге келгендердің, бәрінің аузына құм құйылды. Көздеріне ақ шел қапталды. Өлген жылқышыны өкімет адамдары
тез көмуге рұқсат қылды. «Ат сүйретіп өлтірген екен»– деген лақапты елге, жұртқа таратпақ болды.
«Құдайдың қазасы, біреуге ажал оттан, біреуге судан, пәле деген аяқ астынан. Бүйректен сирақ шығарып, жамандық қумайық, ел болса партия, жабулы қазан жабуымен қалсын, кәне осыған бата қылайық»– деп, Текең ақсақал сақалын текенің сақалындай шошаңдатып өсиет айтты. Бұл жердегі жұрттың көбі «жарайды» десті. Бұл уақытта күн кеш болып, тап осы жерде де ерекше қараңғылық баса берді. Жұрт тарасты. Түнде баласының сүйегін үйіне алып келгенде қарт анасы шашын жайып, дауыс қылып зарланды. «Ат сүйретіп өлтірген екен» деген жұрттың, әдейі алып келген ақсақалдардың жайластырып түсіндірген сөзіне сенбеді. Бұрыннан естіп жүрген сыбыс сөздерден күдіктеніп қарт ана: «–Баламның ажалы кісіден, дәу де болса баламның ажалы Сұлтанқожадан,»– деп, қарғап-сіледі.
Жүрегі елжіреп, қорлық ыза бәрі қабаттап талықсып кетті. Бірақ қарт ананың сөзін жұптап, шындықты, әділдікті ойлап, қарт анаға болысатын жан болмады. Көп ауыз бірікті, бір ауыз жоқ болды. Кейбір іштерінен сезіп тұрған жақындары дуан да, ұлық та байдікі, күштінікі, олардікі деген қортындыға келді. Оқиғаның қалай болғаны сөзіліп, көрініп тұрса да жылқышының өлу жаласы «ат сүйретіп өлтірген болып» танылды. Өлген жылқышы кім? Не себепті өлді? Шынында осылай-ма еді? Бұл былай еді. Сонау ақ орданың оң жағындағы ақ отау – Сұлтанқожаның сүйіп алған келіншегі Рахиманың отауы. Ақ отаудың ішінде отырған аққұба талдырмаш келген жас келіншек Рахима. Рахиманың түскеніне бір жылдан асқан. Рахима Сұлтанқожаның сүйген жары. Бір-біріне балдай тәтті еді, бірақ соңғы кезде Рахиманың жүзінде ренжу, қайғы белгісі көріне бастады. Рахима неге ренжиді? Рахиманы кім ренжітіп қапаландырды? Анау ақ орданың ішінде, сары тегенеде қымыз сапырып отырған бұғағы салбыраған жуан қара бәйбіше Рахиманы жанындай жақсы көреді. Өйткені Рахима жалғыз қарғасының келіншегі, екінші жағынан Рахима қара бәйбішенің інісінің қызы, сіңлісі. Інісінен жарып шықпаса да Рахиманы қандай жақсы көрсе, Сұлтанқожаны Рахимадан да артық жақсы көреді. «Қарағым, жалғызым» деп, екеуін бірдей еркелетеді. Бірақ кейбіреулердің көз қарасынша бұлай емес. Әсіресе Мұқанның ойынша бұлай емес. Мұқан – орта бойлы, дембелшелеу келген, қошқар тұмсық, қалың мұрты аузын жауып тұратын қара кісі. Қажынікімен үй арасында үй жоқ. Қажынікі мал сатса да, біреуге мал беру сияқты жұмыстарына әдейі шақырып ақылдаспаса да ақыл айтқан болып қатынасып жүреді. Қажының үйінен соғым, бұйым, тағы басқа ондай-мұндай басы артық нәрселерді сұраусыз алып кетеді. Ылғи қажының үйінің дүниесін өзімсініп жүреді. Мұқанның мұндай мінезін қажы көп елемейді, Сұлтанқожа білсе де үндемейді. Жалғыз-ақ бәйбіше жаратпайды. Анда-санда бәйбіше: «Иесіз жатқан дүние бар ма екен»– деп даусын шығарып та қояды. Бәйбішенің мұндай жаратпаған, ұрысқан сөзін, ішінен «қаңбас, итаршы болып саған не жетпейді» деп, Мұқан жүре тыңдайды. «Ішінен шықпаған соң, Сұлтанқожаны қанша іші елжіреп жақсы көреді дейсің»- деп, Мұқан бәйбішеге сенбейді. Соңғы кезде Мұқанға түрлі ой түсті. Мұқанның бұл ойының бірі мынау: сексенге келіп селкілдеп отырған қажы ертең елсе, бәйбіше
келінмен қосылып малға ие болғысы келеді ғой, екеуі қосылып Сұлтанқожаны ертіп алады ғой, сонсоң мені малдың маңына жуытпайды ғой. Егерде Сұлтанқожаның келіншегі бәйбішенің жақыны болмай, басқа адам болса, бәйбішеге қарай бұрмаламас еді. Малға бір жағынан өзім қожа болар едім деген жаман ойға келді. Өйткені Мұқан қажының інісі. Сұлтанқожа Мұқанның баласы. Бәйбішенің пұшпағы қанамаған адам. Сұлтанқожаны жасынан бала қылып бауырыңа салған. Қазір мың-мыңдаған малдың, дүние мүлкінің негізгі иесі Құсайын қажы болса да түпкілікті иесі Сұлтанқожа. Міне осы мақсатпен Сұлтанқожа арқылы малға қожа болғысы келген. Мұқан ауыл үйдің қатын қалашының арасына: «Рахиманың құлағы саңырау, мылқау, жаман және ауру, Сұлтанқожа менсінбейді екен» деген өтірік лақапты тарата бастаған еді. Осы лақап шығысымен Сұлтанқожа да Рахимаға салқын қарай бастаған еді. Соңғы кезде Мұқанның үгітіне ұйып, Сұлтанқожа екінші келіншек алуға да бел байлап қойған көзі еді. Рахиманың соңғы кезде жүзі ренжу тартып, көңілі қайғылы болып, бұрынғы шаттық тұрмысынан айрылып жүргені өзі туралы түрлі өтірік өсектердің тарап, әсіресе Сұлтанқожаның салқын қарай бастағаны еді. Рахима отауында оңаша отырып, біреуді күбірлеп қарғайды, анда-санда келіп апасына арыз қылады. «Не жазығым бар, шынымен қор болам ба»,– деп жылайды. «Үш-төрт айдан кейін Сұлтанқожа Тәшеннің қызын алады екен» деген лақап елге тарай бастады. Бұл лақапты жұрттың көбі ерсі де көрмеді. Кейбір отыз – қырық жасқа дейін қатын ала алмай жүрген жалшылар ғана: «Байлар ойына не келсе соны істейді ғой, бір қатыны жетпей ме екен» – деп, ерсі көргендей болды. Түс кезі еді. Қар жапалақтап жауып, күнбатыстан соққан ызғарлы жел жауған қарды ұшырып, жаяу борасындатып тұр. Бұл уақытта кезеңдегі жалғыз аяқ жолмен бес алты жуан-жуан салт аттылар Қажының үйіне келіп түсе бастады. Қажы қонақ үйінде жұмсақ, тері бөстегінің үстінде жастыққа шынтақтап отыр еді. Есіктен қажыға сәлем бере, елдің жайын айта келген соң, Сәкең, Ақаң ақсақалдар және бірнеше байшікеш мырзалар келіп кірді. Қажыға жабыла қол беріп, оңшантайлы күміс кісілерін ағытысып отырысып-ақ әңгімеге кірісті. Бірсыпыра әңгімеден кейін, бір-біріне басын изесті. Сәкең отырып «сен айт» деп, Ақаңға сақалын шошаң еткізіп иегін қақты, Ақаң қажыға қарап, сөзін Мұқамбеттың шариғат сүннетінен бастап, мырзаның осындай ойы бар екен деп жайлап түсіндіріп етті. Қажы төмен карап ойға кетіп, көпке дейін үндемеді. Сәкең қарны шартиған, тасбақадай тырбиған, тапал кісі еді. Сөйлеуге ыңғайланып қажыға қарай бұрылып алды да, өзінше аталы көзді қажының құлағына ұқтырып, бәйбішеге де ескертіп ағыта берді. Сәкең мен Ақаң соңғы сөзді бастағаннан беріақ бәйбішенің кейпі кетіп қап-қара күреңденіп, ашуланып отыр еді. Шыдай алмады. Ақаңға тесіле қарап: «Елдің арасына от жаққандарың аз еді, енді біздің үйге келіп, арамызға от жақтыңдар ма? Болмас, болмас, байқаңдар»,– деді. Ақсақалдар: «Әйелдігін білдіртіп, қарына тартып отырған иықты ғой»,– деп, бәйбішенің сөзіне жауап қайырмады. Төргі үйдің есігінен сығалап, тыңдап тұрған Рахима тістеніп: «Пәле іздеген рақымсыз тас жүрек жауыздар»,– деді. Қажы әрібері ойланып отырған соң, не айтар екен Мұқан ақсақалдардың сөзін жұптаған
сияқты сөздерді қыстырып отыр еді. Қажы қараған соң: «Өзіңіз біліңіз, кеп ұнатып отыр ғой, менің қарсылығым жоқ» – деп былш еткізді. Мұқан «қарсылығым жоқ» деген соң, отырған жұрт тағы кеу-кеулеп әкетті. Қажы бұрын бәйбішенің ескертіп жүрген сөздерін еске алса да, баланың жастық, көңілі ғой, бетін қайтармаймын және көп те ұнатып отыр ғой деп ойлап, күтіп отырған жұртқа: «Алса алсын»,– деп жауап берді. Бәйбішенің түрі одан жаман түнерді, ашуланғаннан не айтарын білмей, бұл жерде сөзі өтпейтін болған соң, оңаша барып сөйлеп мауқын басайын деген оймен орнынан толықсып тұра берді. Есікте тыңдап тұрған Рахима, қажының «алса алсын» деген сөзін естігенде, көзінен маржандай жас ыршып, жерге сылқ етіп құлап кетті. Бәйбіше келіп Рахиманың басын көтерді. «Жауыздардың қылығы ғой» – деп, өзінің ашуын білдірмей, Рахиманы жұбатқан болды.
Келесі жаз. Елдің жайлауға жаңадан көшіп келген көзі. Ауылдың маңы ыңжың, орданың маңы топырлаған ат, топтанған кісі, сапылдаған дауыс, саққылдаған күлкі. Ақ орданың оң жағындағы ақ отау әлі сол орнында, бірақ азырақ күңгірт тартқан сияқты, бұрынғыдай отауға топырлап қыз-келіншек, бозбала, саяқ қатындардың көбі кірмейді. Иесіз калған мола сияқты болады да тұрады. Бұрын үйінен шықпайтын отаудың иесі Сұлтанқожа биыл жаздай, басқа бір жұмыс болмаса, Рахима үшін отауына кірген емес. Не қырсыға кіріп, әдейі кіргісі де келмейді. Өйткені ақ орданың оң жағында сүйіп алған жары бар. Отауда түсі аппақ қудай болып өзгерген анда-санда уһілеген дыбысы ғана шығып, кішкене баласын ғана ермек қылып жалғыз Рахима отырады.
Анда-санда қара бәйбіше келіп Рахиманың көңілін жұбатып, ақыл айтады. Шынымен Рахима жас қыршын өмірін сөндіргені ме, күлмей, езу тартпай қалған өмірдің ешбір қызық ләззатын тартпай, солған гүлдей сөнгені ме? Жоқ, Рахима өмірден өзінше ләззат іздейді. Келешегін ойлайды. Әлі де бақытты болып өмір сүруін тілейді. Опасыз Сұлтанқожаның қорлағанына жігерленіп, соның ызасын қайтаруға амал, айла іздейді, соңғы кезде Рахима оңашада отауына Төлеу келсе ғана азырақ жымиып күліп, көңілі жадырайтын болды. Сонша Рахиманың көңілін жадыратып, күлдіретін Төлеу кім? Төлеу сол жақындағы ауылдың бір кедейінің баласы, өмірі жалшылыққа жүрген отыздар шамасына келген дембелшелеу, қара мұрты бар, қара торы жігіт еді. Төлеу екі-үш жылдан бері Құсайын қажының жылқысын бағатын. Төлеу жылқышы, кысы-жазы мың жылқымен бірге өріп, бірге жусайды. Қысқы боранда, жазғы жауында мың жылқының бірін шашау шығармайды. Көзімен желіндетіп, қолынан құлындатып, ит-құсқа шалдырмай бағады, есіреді. Жағасы жайлауда жылқы да, жылқышы да ауылда болып, ауылдан өрістететін әдеті. Жылқышылар ауылда жүрген кезде кір-коңын мезгілімен жудырып бой сергітіп те жүреді. Міне, Рахиманың Төлеуді көргенде жымнып күлуіне себеп болған осы кез еді. Төлеу Рахимаға жастығымен бойын тоқтата алмай, өзі орынсыз тиісіп қылжақтаған жоқ. Өмірден біржола үміт үзбей, келешек мүддесін ойлап, бір жағынан Сұлтанқожаның босатпай, не теңдікте ұстамай құр басын байлап қойғанының ызасын қайтару үшін, Рахима Төлеуді өзі жақын тарта бастаған еді. Төлеу уақытша көңіл жұбату шығар деп ойлап қашпаған, қарсы алған. Өмірінде
қолы жетпеген шынардың басына шыққандай болып, өзінің де көңілін көтеріп ойнап-күлгісі келген. Рахиманы жалғыз өзі ғана езу тартып күлдірген. Біраздан соң-ақ Рахима мен Төлеудің жымыңдасуы, аз ғана болса да бір-бірінен ләззат алысуы, ауылдың, үйдің арасына жаман суық өсек болып тарала бастады. Өсекті кейбір үлкендердің де құлағы шалды. Бұл есекті Сұлтанқожа есітсе де, онша ренжіп абыржыған жоқ. Түбі қалай болатынын топастығынан ойлап ұшығына жете алмады. Жазаласа Рахиманы қызғанбақ түгіл қалай кұтыларын біле алмай жүр. Әлде қашан-ақ құтылар еді, тумаса да туғандай болған шешесі ренжиді, қарғайды деген оймен бөгеліп жүр. Бір жағынан Рахимаға алғашқы алған әйелі болып бөлек үй болып жұрттың көзіне солай көрініп тұра берсе, абыройы айрандай төгілмейтін, шешесі де ренжімейтін сияқты көрінді. Осы көріністер мен өсек те өз бетімен жүріп, күндер өтіп тіршілік те қозғала берді. Алтын сәулесін әлемге түсіріп батып бара жатқан күннің қып-қызыл нұры, аспандағы көкше бұлттарды алқызыл түрге бояп, шығыс жақ қара қошқылданып қас қарая берген кезде, бұзаудың, сиырдың мөңіреген, қойлардың маңыраған, қатын-қалаштың бұзау қайдалаған дауыстары ың-жың болып естіліп тұрды. Ауылдың түрі күндегідей жайдары, күндегі тіршілігімен қозғалады, бұл уақытта ақ орданың есік алдында жуан қайыңнан жонған ақ таяғын қолына ұстап, мұрты дүрдиіп аузын жауып, жауатын бұлттай түнеріп, күреңденіп бір нәрсені ойлап Мұқан тұр. Әлден уақытта, шапанын желбегей салып, үйден Сұлтанқожа шығып еді. Ашулы түспен, салқын ызбармен Мұқан: «Бала, бері жүрші»,– деді. Сұлтанқожа артынан ере берді. Екеуі ауылдың сыртындағы сайға барып отырды. Әлемге сәуле шашып тұрған күннің кызыл нұры да таралып, қараңғылық әдейі осылардың ішін де, сыртын да қаптай бергендей болды. Мұқан отырысымен таяғымен жерді тіреп, аузына кіріп тұрған мұртын кейін қайырып қойды да, ызбарланып: – Бала, сен не ойлап, не біліп жүрсің?– деді. – Не ойлап жүрейін, білгеніңді айт,– деді. – Не, білмей жүргенің, жасың жиырмадан асты,енді қашан білесің?– деп зекіп қойды. – Ал енді айтсайшы білмегенімді,– деп Сұлтанқожа жалтақтай берді. – Мен білсем сен онда аруақтың, қала берді бәріміздің абыройымызды төгейін деп жүрсің. – Неге?– деп, бетіне жалт қарады. – Ана қатыннан құтыл деп әлде қашан айтқам, әлі қипақтап, ана мыстанның көңіліне қарап жүрсің. Неге екенін, абыройдың қалай төгілгенін, енді азырақ шыдасақ көресің! Казір-ақ жұрттың бәріне де естіліп, ауыздарына іліге бастапты. Бұл сұмдық, бұдан артық масқарашылық бола ма?– деп ашуланып, таяқ пен жерді салып-салып жіберді. Сұлтанқожа сөздің бағдарын түсіне қалып: – Ал енді не қыл дейсің? – деді. – Бір-ақ ақыл қалды, енді екеуінен де құтыл! Мұның үшін «ақсақ тоқтыны құрбандық қыл», абыройымыз төгілмесін.– Біраз ойланып отырып:– Қап,ерте құтылғанда дәнеңе жоқ еді, сүйтпей болмайды,–деп басын шайқады.
Сұлтан ақырған пішінмен Мұқанға қарап: – Қалай қылмай дейсің? Көзін жойғанда шығарамыз да жібереміз, одан басқа не қыламыз?– деп тағы жалтақтады. – Ой, шірік, шығарып жібергенмен құтыларсың! Сөйтіп қатынды төркініне оңай жібере қоймақпысың ғой, уа, шіркіннің ақылын,– деп кекетіп, Сұлтанқожаға көзін алартты. Тағы да сөзін бастап: – Осы болған өсекті жұрт білмейтін шығар, біздің дұшпанымыз жоқ шығар, ертең жұрт не демейді бәленшенің қызы Құсайын қажының Сұлтанқожасын менсінбей, жылқышымен көңілдес болыпты. Әрі-беріден соң жылқышыға тиіп алыпты демей ме? Ертең сен жылқышының көзін жоймай, қатынды шығарып жіберсең, қатын сол жылқышыға тиіп алады да, бізге бір жау емес екі жау болады, сіңлісіне кемпір болысып үш жау болады. Сөйтіп қатынға, балаға енші сұрайды. – Сенің осындай жуастығыңды біліп, ана қатын әдейі ерегісіп істеп жүр. Осы айтқанымды істейді. Сонсоң не болдың, малы құрсын, жұрттың бетіне не деп қараймыз, екеунің де көзін жоғалт! – Ал енді қалай қыламыз? Азырақ ойланып, таяғын көлденең ұстап, Сұлтанқожанын құлағына таман үңіліп, ақырын дауыспен: – Ең алдымен жанға сездірмей, бірақ айласын тауып жылқышының көзін жою керек, Оның аяғы тынышталған соң, қатынның да көңілі басылады. Басқа жол таба алмайды. Содан кейін қатынды ауру деген лақап таратып, төркінін шақырып алып, арбасына салып жіберу керек, Азар болса үйінен алып келген жасаусымағын алар. Осыны ескермесең, жұрттың алдында масқара боламыз. Қазірдің өзінде-ақ жайыла бастапты. Тез осыны істе! Істемесең маған өпкелеме! Қашан айттың деме! Бәріміз қажының абыройын қорғайық, мен болдым,– деп, Мұқан тұрып жүре берді.
Сұлтанқожа отырған орнында ойланып бірсыпыра отырды. «Сүйтпей болмайды екен»,– деген қортындыға келді. Кешкі іңірдің қараңғылығымен бірге Сұлтанқожаның көңілінде, түнерген қараңғылық, жамандық қаптап ала жөнелді.
Сәске түс кезі. Ауыл тегіс бір жаққа жүруге қамданып жатыр. Біреу атын ұстап, біреу арбасын даярлап, біреу өгізін жегіп, жанына тайша-танасын байлап, қамданып жатты. Әрі-беріден соң-ақ, күнбатысқа қарай созылған қара жолмен илеуіне тамақ тасыған құмырысқадай қыбырлап, жұрт ағыла бастады. Бұл күзгі боқырау жәрмеңкесіне малын, астығын сатып, керек-жарақ алып қайтуға жөнелген ел шаруалары еді, Жұртпен қатар Құсайын қажынікі де әбігерленіп, дайындалып жатқан. Әлгідей болмай: – Дайындалып болдыңдар ма? – деп есіктен Сұлтанқожа кірді. Мамық ақ жастықты шынтақтап отырған қажы азырақ қозғалып, Сұлтанқожаға қарап: – Қанша жылқы айдаттың,– деді. Сұлтанқожа белбеуін шешіп жатып: – Ат-айғыры бар елу шақты,– деді. – Сонша сататын ақшаның қанша керегі бар, өзіміз де тиынсыз емеспіз ғой, көп айдатыпсың ғой – деп жақтырмаған түрін көрсетті.
– Кезінде ақша керек болып қалса, біреуден қарызға ақша сұрап жүрудің өзі ұят, олай-бұлай жұмыс болып қалса, соның бәрі де ақшамен бітеді ғой,–деп, бір жұмыстың болайын деп тұрғанын әдейі сездірейін дегендей, өзінің ойын айтып салды. Қажы онша ақша неге керек екен деген ойды азырақ ойлады да, онша түбірдемеді. Ақшадан да малының көз алдында жүргенін жақсы көрген сезіммен малды көп сатқанын жақтырмады: Сұлтанқожа шешініп шайға отыра бергенде, анадай төмен отырған ұзын бойлы танауы тарбиған жалпақ бет ақсұр жігітке көзі түсті. Сұлтанқожа көрісімен: «Е, батыр, келдің бе, кел бері, шайға отыр»,– деп Салпаққа қарап арбаған жыландай түсін жылытып күлімсіреді. Салпақ екінші ауылнайдағы Күрең деген байдың жылқышысы еді. Бұрын ұрлық қылып ат үстінде жүрген. Соңғы кезде оларды тыю жұмысы қатаңдай бастаған соң Күрекеңнің жылқысын бағып, азырақ бұрынғы жұмысты әдетін істеп те жүретін. Салпақ бұрыннан-ақ Құсайын Қажынікімен жақын жүретін, өйткені Құсайын қажылардың бір апасынан туған жиен жекжат еді. Және соңғы кезде Сұлтанқожа сенімді көріп «жасырын алып келуге» жұмсайтын жігіттің бірі еді. Салпақ: «Мені неге шақырды екен, жәрмеңкеге бірге алып барайын деп шақырды ма екен, әлде басқа жұмыс па екен? – деп ойлап отырып шай ішті. Сұлтанқожаның көңілін кернеген ой, орындауға жобалаған жұмыс күндегі түрекелді де: «Салпақ, жүр далаға шығайық» – деді. Екеуі аяңдап сайдың астына түсті, бұлардың не істеп, не сөйлесіп жүргенін ешкім де елемеді, сезбеді. Сұлтақожа Салпақтың бетіне қарап, бірсыпыра сөзді айта келіп: «Біздің үймен жақын болатын болсақ, менімен өмірлік дос болам десең, міне осы жұмысты ел базарға кеткен екі-үш күннің ішінде орындайсың. Сенің ғана қолыңнан келеді. Саған ғана сенеміз»,– деді. Салпақтың өңі қашып сұрланайын деді. Еті түршігіп: «Қиын жұмыс қой, дәтім шыдамайды ғой»,–деп берді.
Сұлтанқожа Салпаққа жақындай беріп, секпіл бетінің түгі тікірейіп: «Артынан қорқып тұрған шығарсың, өзімізді де, сені де қорғайтын аруағымыз, малымыз, киіміміз, еліміз бар, жалтақтамай осыны орындауға батыл кіріс. Кішкене тұрып, жүзін жылытып күлімсіреп қарап: «Біздің мал жетеді ғой, біздің мал сенің малың. Міне, бүгін елу ат айғыр айдатып отырмын. Осының көбін осы жұмысқа жұмсаймын. Қазір жәрмеңкеге жүрейін деп отырмын, үй ішіне керек нәрсеңді айт, ала келейін. Құдай білді дейін, дуандағы ұлықтардың тамағынан ас жүретіндерінің бәрі біздікі, ол жағынан қауіптенбе, осыны орында!»– деді. Салпақ төмен қарап, біраз ойға қалды. Ойланған сайын беті сұрланып, көзі қанталай берді. Салпақ әлі ойланып тұр. Сұлтанқожаның сөзін қайтарып, тапсырған жұмысын істемеймін десем, мынау майын мініп жүрген ақсұр атты алып, қазір өзімді жаяу жібереді. Үйдегі әке-шешенің сауып отырған құлынды биесі мен бұзаулы сиырын қазір айдатып алады. Істесем, мұның бәрі өзімде, тағыда не аламын, десем қолым бос. Асылған ағашым биік, қорған мықты. Қанша жазықты болсам да, жауға ұстап бермес. Ұсталатын болсам, өзі де бірге кетер деген ойға келді. Сұлтанқожаның баяғыдан бері душар болып жүрген көңілін қимады. Көңілін қимағандықтан емес, дүниеге сатылды, жамандыққа жүрегі қарайды. «Жарайды, қолымнан келгенше істеп көрейін» – деп, инеліктей қадалып тұрған
Сұлтанқожаға жауап берді. «Уәде осы болсын»– деп, Сұлтанқожа Салпақтың қолын ұстады.
Кешкі іңір. Күннің жарық сәулесінің орнына түннің қараңғылығы қаптап, ауылдың маңы күңгірттене бастады. Ауылдың у-шу даусы да басылып, қыбырлаған жұрттың жүрісі де сұйыла берді. Бұл уақытта құдық жақтан қауғасын иығына салып, маңдайының терін жеңімен сүртіп, анда-санда қақырынып қараңдап біреу келеді. Бұл құдықтан жылқы суарып болып, азырақ шаршаңқырап, аяғын баяулап басып келе жатқан Төлеу еді. Төлеу Рахиманың отауының жанынан өте бергенде, отаудың жанында сүйеніп тұрған Рахима:– Төлеу,– деді. Төлеу Рахима екенін білген соң, ақырын жылысып жанына келді. Рахима күлімсіреп: – Сен неге жоламай кеттің, әнеугі сөзіміз қайда?–деді. – Өсек көбейген соң, азырақ бойымды тартып жүргенім ғой,– деп Төлеу де күлімсіреді. – Е, қорқып жүр екенсің ғой, саған да осындай сақтық пайда болған екен. Мен қорықпай белімді бекем буғанда, саған не жалтақтық қылатын орын бар? Тәуекел қылу керек қой,– деді. – Әшейін еңісін байқап жүргенім ғой, болмаса қорқып күні бұрын шошынып, бойымды аулаққа салып жүргенім жоқ,– деді. – Ендеше,– деп Рахима Төлеудің қолтығына кіріп жақындай берді. Екеуі сүйісті. Әлгідей болмай ақ орданың есігі тарс етті. Біреу шыққандай болды. Екеуі де сескенді. Рахиманы қысып ұстап тұрған күсті саусақтарын Төлеу тартып алды да: «Ай қараңғы, күзетке ерте аттанам, ертең кешке оңаша бір сөйлесейік, әзірше қош бола тұр» – деп, Төлеу жүре берді.
Төлеу тамағын ішіп болып, аттанайын деп киініп жатқанда, даладан: «Жылқы оңаша шықты, қарасуға қарай бет алып жатыр»,– деген жылқы іңірттетіп келген Мұқанның кіші баласының даусы естілді, Түнде жылқыны Ізекең аулының жылқысымен бірге шығаратын бір жылқышысы түні бойы Төлеуге серік болып әңгімелесіп жүріп, таңды атыратын еді.Төлеу келе жатып, бүгін неге жылқыны оңаша шығарды екен деген ойды біраз ойлап, жердің оты қашыңқыраған соң, қара құрық болмай, жылқы оңаша оттасын деген шығар деген қортындыға келді. Одан артық, түбірлеп басқа себептерін сезе алмады. Төлеу жылқыға келген кезде, айсыз қараңғы еді. Аспандағы алашабыр бұлттардың арасынан анда-санда жерден жұлдыздар көрініп, Төлеуге жымыңдап қарағандай болады. Кейде тұтас қара бұлттар ауысып келіп, Төлеудің жүрегін одан да жаман қараңғыландырады. Қараңғылық Төлеудің үстінен әдейі басқандай болады. Ақырын ғана солтүстік жақтан ескен салқын жел Төлеудің бетін шарпиды. Анда-санда, мен күзетіп жүрмін дегендей аңдыған жауға (қасқырға) айбынды «айт, айт»– деген Төлеудің даусы мен жылқылардың бырылдап, пысқырған дыбыстары ғана естіледі, Бұдан басқа дыбыс, дыңғыр білінбейді. Жалғыз-ақ дыбыс, дыңғыры жоқ, білінбей жылқының екінші жағында Төлеуді торып, аңдып атының жалын құшып, бұғып, қолында ұзын құрығы бар, астында ақсұр аты бар, «Төлеу қашан аттан түсер екен» деп, қаны қарайып біреу жүр. Бұл – Салпақ, Алғашқы қаптаған қара бұлттар ысырылып кетіп, азырақ қараңғылық айыққандай еді. Біраздан кейін тағы
да тұтас қара бұлт Төлеудің үстін қаптап, қараңғылық басып кетті. Төлеудің күндегі әдеті; таң аппақ боп атқан соң ғана, күн арқан бойы көтерілгенде аттан түсіп, көзінің шырымын алатын еді, Бүгін әлде неге, жалғыз жүргенге ме, бойы маужырап, әрі-беріден соң-ақ көзіне ұйқы келе берді. Анда-санда, күндегідей емес, жүрегі лып-лып етіп қозғалғандай болады. Бірақ жүрегінің неге орынсыз қозғалып соғуын Төлеу сезбейді. Бойы маужырап, ат үстінде калғыңқырап кетіп, тағы бірсыпыра жүрді. Бір аздан соң, таң келеді дегендей болып қызарып, бұрыштанып, нұрын шашып Шолпан туды. Төлеу «немене бүгін ұйқы басып кетті» деп денесін сілкіндіріп серпиін деп еді, болмады. Қаптаған қара бұлттьң қараңғылығы мен бірге дұшпан ұйқы қайта басты. Кісінің басында табан қозғамай тұратын тор биені қаңтарып, құрыққа байлады да, әдетінше күпісінің бір жеңін шешіп, тұмағын алып басына жастап, басын жеңінің қуысына тығып Төлеу қор етіп, ұйқыға кетті. Бұл уақытта Төлеу қашан аттан түседі деп Салпақ әлі аңдып жүр. Төлеу таң атқанша аттан түспесе, оның жолы болмайды. Таң атып жарық болса жылқының ішінде жүрген қаны қарайған бөтен ойлы адамды көріп қалады, Салпақ егерде Төлеу таң атып жарық болғанша аттан түспесе, артынан білдірмей келіп, мойнына құрық салып бұрап, сүйреп кетуді де ойланды. Бірақ оған батылдығы бармады. Құрық дәл мойнына түссе, түспесе, Төлеудің өзімен шамалас қарулылығын есіне алып, аударып ала алмаспын, қой, олай алғызбас деген ойға келді. Қазір аңдып жүрген Салпақтың құлағына Төлеудің «айт, айт!» деп жүрген даусы естілмей, көзіне қараңдап жүрген қарасы көрінбей қалды. Таңның шеті сөгіліп, әсермен кектің іргесінен жарық сәуле азырақ көріне бастаса да, әлгі төбедегі қара бұлт қараңғылығын осы араға түсіріп тұр еді. Төлеудің аттан түскені, аттан түссе-ақ ұйқыға кеткені, енді Салпаққа мәлім болды. Ойлаған жамандық ойының бір басқышына шыққандай болды. Салпақ атының айылын мықтап тартып, қашқығасындағы ұзын қыл шылбырды шешіп алып, Төлеу жатқан жерге, қарайған қара бұлттай түнеріп, жақындай берді. Салпақ Төлеудің нақ қасына келгенде, «ал жау келді» дегендей болып, тор бие ақырынырақ осқырып, алдыңғы аяғымен жерді тарпып қалды. Тор биенің тебініп осқырғанына Төлеу оянбады. Салпақ бар батырлық қайратын жиып ішінен тәуекел деді. Төлеу басын күпісінің жеңіне тығып жатқанын көрген соң, мойнына құрық салып тартып кетуге болмайтынын сезді. Алғашқы шылбыр дайындаған жобасы деп келді. Жалма-жан құрығын сол жақ қарына ілді де, ұзын қара шылбырды тұзақтап, екінші жақ үшін түйіп тақымына басып, қайырып апарып шылбырдың түйген үшін ермен құрығының арасына салып, шығып кетпестей етіп бекітті. Астындағы атын ептеп бастырып, Төлеудің қақ басына жақындап келіп, тұзақтаған шылбырды еңкейіп дайындап тұрып, даусын өзгертіп: «Төлеу, Төлеу!»– деді. Қақбасынан «Төлеу» деген дауыс құлағына сап еткенде, азырақ еті түршігіп, шошыңқырап оянып, күпісінің жеңінен басын шығарып алып, көтере берді. «Қиуасы қалай болады» деп күтіп тұрған жауға «міне, басым, міне мойным» деп ұсынғандай болды. Көтерілген Төлеудің басы Салпаққа қарай бергенде, дайындалып төніп тұрған қылшылбыр Төлеудің мойнына түсіп кетті. «Шу» деп екпіндеп тарта жөнелді. Төлеудің: «Ах, дұшпан-ай... қапыда кеттімай...» деген дыбысы ғана естілді. Сүйретіле-ақ жөнелді. Дүбірлетіп ала
жөнелгенде, тор бие үркіп осқырды. Менің иемді қайда әкеттің дегендей болып, құлағын тігіп сүйретіліп бара жатқан Төлеуге, сүйреп бара жатқан жауға қарап бір-екі қабат оқырынып құрықты сүйретіп, Төлеудің сүйреліп кеткен жағына қарай құлағын тігіп аяңдай берді. Мойнына шылбыр түсіп сүйретіле берген алғашқы кезінде Төлеу қолын мойнына түскен шылбырға қарай қарманды. Аттың екпіндеп шапқан тартуы, қыл шылбырдың меңдеп буындырғаны, әлсіретіп тынысын тарылтқан қалпы, қолымен шылбырды қанша қарманса да төмендете алмады, тоқтата алмады. Сүйретіле берді. Басы қолымен әсерді тіреуге бөгеу болып тоқтатуға жанталасты. Сүйретілген қалпымен біресе етпетінен түсіп, біресе шалңасынан түсіп, басымен жер тіреп еді бірі де бөгет болмады. Мидай жазық дала сырғаната берді. Қалың кедені, татты шалғынды бырт-бырт жұлып, тыныш оттап жатқан қалың жылқы Салпақтың Төлеуді сүйретіп бара жатқанын көргенде алғаш үркіп, артынан осқырып, шұрқырап, денесі сескеніп мазасы кетіп, Төлеудің сүйреліп бара жатқанына назаланғандай болып құлағын тігіп қарап тұрды.
Салпақ бір шақырымдай сүйреген соң, азырақ атын баяулатып, жұмыс біткен шығар деп артына қарады. Төлеудің алғашқыдай қарманған, денесінің тулаған жанталасқан қозғалыстары басылғандай көрінді. Тағы да азырақ баяулатып, тоқтай қалып, байқап еді, жанталасқан, ышқынған, денедегі тіршіліктің ақтық жойылып бара жатқан қозғалысы ғана білінгендей болды. Салпақ сенбеді. Аяушылық қылмады, қара жүрегін қан жауып, тағы да тартып кетті. Және жарты шақырымдай сүйретіп, «жұмыс біткен шығар» деп бір жола тоқтады. Бұл уақытта Төлеудің денесі тағы да он шақырым сүйресе де, ештеңені сезбейтін болып тынышталған еді. Салпақ аттан түсіп, Төлеудің анық елгенөлмегенін білуге жанына келеді. Салпақ Төлеуді, өліп қалды ма деп аяушылық қылып, не қорқып қарамады, анық тірі ме екен деп жүрегіне қолын салып қуанып қарады. Еш жан белгісі білінбейді. Төлеудің оң жақ көзі алайып ашылып, «өзгенікі өзге болсын, саған не жазығы бар еді» дегендей, Салпаққа әдейі қарап жатқандай көрінді. Төлеудің көзі түскенде Салпаққа екінші түрлі ой түсті. «Кешегі ойнап, күліп жүрген онды замандасты, бүгін біреудің тілімен сұлатып салғаным бекерлік болды-ау»,– деген ойға келді. Өзінің айыпты екенін сөзіп, денесі азырақ шымырлап кетті. Ілезде бойын жинап алып, «болар іс болды,- жалғыз мен жазықты емес, жазықты Сұлтанқожа, оған ерген мен, оның әйелін айналдырған сен» деген сияқты ойлар бірінің артынан бірі қаптап келе берді. Кеп ойлап тұрмады, атына мінді де тор биені ұстап ер-тоқымын алып, жүгенімен қоя берді, ер-тоқымды сүйретіп жүріп Төлеудің сүйретілген ізіне шашып тастады. Ат сүйретіп өлтірген адамның көрінісін жасады. Салпақ айналып тағы да Төлеудің жанына келді. Енді ойлап келгені, «ат сүйретіп өлтірді» деуге дәлел, себеп болғандай Төлеудің денесіне таңба, жара салу еді. Төлеудің жанына келген соң, аттан түспей біраз тұрды. Алғашқы ашу, орындаймын деген іс орындалып қайрат, жігердің басылған калпын көрсетті. Қара қанды ішіп тойғандай болған жүрек, өліп жатқан Төлеудің денесіне ұрып, жара түсіруге батпады. Денесі сескенгендей болды. Ат үстінен Төлеудің басына үңіліп қарап еді, желке жақ төбесі жерге қажалып, азырақ қызыл шақа болып шашы жапырылған екен. Бұдан басқа мойнында азырақ қанталап
көгерген шылбырдың таңбасын уқалап кетіруге ойлап еді. Жоқ, уқалағанмен кетпес деген қортындыға келді. Енді аттан түскісі келмеді. Денесі жиренгендей болды. Бұл уақытта ағарған сәулесін әлемге түсіріп таң да атып, мақайдағы қарақұраны жарығымен көрсетіп келе жатыр еді. Салпақ «болар іс болды» деп кейін қарай ізін тасап, таңның астына қарай жасырынып – шу деп тартып кетті. Төлеудің сүйегі құба жонда, ат сүйретіп өлтірген сияқты болып қала берді. Елге де, ұлыққа да «ат сүйретіп өлтірді» болып танылды, естілді.
Төлеудің қалай өлгенін, жердегі шөп, жайылған жылқы, астына мініп жүрген тор бие, аспандағы жұлдыз, жаңа туған Шолпан, ағарып атқан ақ таң барлық тілсіз табиғат көрді. Өзінше қарғыс айтты. Мұны істеткен Мұқан мен Сұлтанқожаның, істеген Салпақтың жауыздық қылмысына, көрген табиғат тілсіз куә бола алмады. Жасырын түрде оқиға анықтала берді, бірақ жарыққа шықпады. Айлар өтті, жылдар өтті. Күннен күнге заман өзгерді. Талай жауыздық қылмыстардың беті ашылды. Әлі де ашылмаған сырдың бірі осы еді. Әңгімеміздің басындағы, сонау ақ орда адыра қалып, кешегі елге талай жауыздықты қолымен істеген. Сұлтанқожа мырза, оның әкесі Құсайын қажы, конфискенің қармағына ілігіп, мал-мүлкінен айырылып, үй ішімен жер аударылып жатқан көзі еді. Сонау қараша үйдің жанында, ақ орда мен амандаса келген барлық еркек, әйел шулап жылағанда, кетейін деп жатқандар зарлағанда, бұларға күліп қана қарап, жаны рақаттанып тұрған белі бүкірейген қара кемпір, неше жыл бойы баласын жоқтап зарлаған, жауыздардың жауыздығын біліп, ақ орданы, Сұлтанқожаны жамандық өз бастарыңа келсін деп қарғаған Төлеудің мейрімді анасы – Балжан. Анау байдың мырзасы келіп, алдына иіліп, «кінә менен, бақыл бол» дегенде, «бақылдығың керегі жоқ» деп сазарып қалған аққұба әйел, өзінің теңіне тиіп, теңдік өмірді сүріп жүрген, қазір апасына амандасуға ғана келген Сұлтанқожаның алғашқы келіншегі – Рахима. Ауылдың, үйдің арасы ығы-жығы... Анау ақ орданың маңындағылар бірбіріне құшақтасып, көрісіп, жылауда. Жалшы, малшылар, сауыншы әйелдер, «малың да, жерің де өзімізде қалды» деп жымыңдап күлуде, қуануда... Әлгіндей болмай, «ой бауырым, қош бол!» – деген дауыстар үдеп, жегулі аттар қозғала берді. Балжан күлімсіреп, таяғын сілтеп: «Кет жауыздар, жолыңа жуа бітсін!» Азырақ түсін өзгертіп: «Қан, қанмен жуылмады, қан жаспен жуылды. Бірақ кек қайтты. Мұндай болғандарыңды тірі күнімде көзіммен кергеніме арманым жоқ»,– деді. Байлар, бәйбішелер, «қадірлі» ақсақалдар ақ ордасынан айрылғанына ренжіп, жүрегі елжіреп амандасуға келгенде, көзінің тірісінде өзін неше жыл зарлатқан ақ орданың ойран болғанын қызық көріп, әдейі көрейін деп келген Балжан біраз қарап тұрды да, қарасы үзілген соң, көңілінің көптенгі мүддесін орындағандай болып қуанышпен үйіне қарай аяқтады. 1929ж.
ҚОҢЫРАУ Қыстың ажарсыз ақ жамылған борасынды кешінде ауыл адамдары мектептегі жиылысы ағыла бастады. Кең бір бөлмелі тоқал ағаш үй, ішінде жартысы сынған бес-алты парта, қабырғада ілулі тұрған түрлі плакаттардың шеті
жырымданып жыртылып, кейбір шегесі суырылып салбырап тұр. Үйдің ішкі көрінісі ауыл мектебі екендігін танытқандай еді. Бөлменің ортасында қап-қара кір биік стол тұр, тақтайының арасы ырсиып ашылып кетіпті, Столдың жанында буыны босап, мас болған адамдай, мыжырайып бір аяғы сынған орындық тұр. Терезенің түбінде пияласы қарайған кішкене лампы жылтырап қана жанады. Мектеп үйінің жарық жетпеген түкпірлері қара көлеңке тартады. Талпақ келгендегі мектептің көрінісі осындай еді. Талпақ қолындағы нәрсесін столдың үстіне қойды да, қырауланған мұртын сүртіп: «Жұртты сүйреп әкелмесең жиылысқа келмейді. Той болып жатыр, ет жейсің десе, қандай шұбырар еді»,– деп іштей кейігендей болды. Столдың үстіне қойған нәрсесінің түрін қара көлеңкеленіп жанған шам анық көрсете алмады. Бірақ сыртқы түрі: төбесінде шашағы бар, көлемі кішіректеу, түсінің қаралығы болмаса нағыз Стамбул тақиясы сияқты еді. Мұнысы қоңырау болатын. Бұл кейбір жолдастардың аңыз қылатын күміс қоңырауы емес, тіпті доғаға тағатын қоңырау да, жиылыс, съездерде президиумның столында тұратын сәнді қоңырау да емес, бұған лайықты да емес. Кәдімгі жұмыс өгіздерінің мойнына тағатын дағдылы өгіз қоңырауы еді. Талпақ төртпақтау келген жалпақ бет жігіт болатын, Шын аты Жұмақан, денесі талпақ, беті жалпақ болған соң, жұрт Талпақ деп атап кеткен. Талпақтың жалшылықтан босанып, үйінде тұрғаннан бергі қызметі ауылдың орындаушы. Жиылыс болатын болса, кеспелдек таяғын қолына алып, ауылдың арасында тасбақадай домаланып жаяу жүріп жұртты шакырады. Әлгідей болмады біреу кіріп, біреу шығып жұрт мектепке жиыла бастады. Ұзын бойлы, шоқша сақалды «қыртыс» Айтбай тымағын сілкіп қолына алды да: – Осы үй басына жан қалдырмастан неге жинап жүрсің,– деді Талпаққа қарап. Талпақ кейіген пішінмен бетін тыржитты да: – Жұмыс тығыз, инструктор келді, «жаппай коллектіп» келді,– деді. – Инструкторың инструктор ғой, оны білеміз, талай көргеміз, коллектіпті де білеміз. Бұрыннан да жиырма шақты үй коллектіппіз. Ал енді «жаппайы» несі?– деп Айтбай тағы сұрады. – Онысын инструктордың өзі біледі. Қазір келгесін түсіндіріп айтар,– деп тағы да Талпақ қабағын тыржитты. Төргі партада отырған Алпыс Талпаққа қарап: – Заман осындай бола берсе, сен де бір күні инструктор болып шығарсың,– деп мысқылдап мырс етіп күлді. – Сендей тоққа сөз қалған жоқ, сені мұнда шақырған кісі де жоқ,– деп Талпақ жауапты қысқа қайырды. Өйткені Алпыс қара тізімдегі, ауылдағы байшікеш дегеннің бірі еді. Алпыс ішінен «сенде маған қарсы сөйлейтін болдың-ау» дегендей, көзін алартып бір қарады да үндемеді. Есіктен кіре берген ауыл адамдары: – Инструктор келді. Инструктор келді. – Қайдан? – Ауданнан. – Округтен. – Центрден,– деп дабырласты.
Мектеп бөлмесіне инструктор келіп кірді. Белсенділері жанында еді. Орта бойлы, қара мұртты, толық қара жігіт, қолындағы портфелін столдың үстіне сарт еткізіп тастай берді де, қасқыр ішіктің жағасын қайырып жіберіп, жеңін созып, «тарт» деді. Екі жігіт қасқыр ішікті жеңінен тартып шешіп алды. – Тегіс жиналдыңдар ма? – Иә, келіп болған шығар. – «Болған шығарды» қой, келіп болды де! Өкілдің дауысы қаттырақ шықты. Өкіл папиросын аузына қыстырып тұтатты да, столдың үстінде тұрған қоңырауды көріп, қолын шошайтып: – Мыналарың не?– дерт таңданғандай болды. Ұрсып тастай ма дегендей болып жалтақтап: – Бұл қоңырау,– деді Талпақ. – Бұл неге керек,– деп екі қолына алды да, қоңырауды қаттырақ сілкіп қалды. Қоңыраудың даусы шахтының сигналынан кем болмады, даңғыр етті. Өгіз қоңыраудың даусын естігенде жұрт жымдай болды. Жаңағы өкілдің алғашқы даусынан сескеніп отырғандардың жүрегіне қоңыраудың даусы қосылып шың еткендей болды, Төрде отырған біреу: «Даусы қалай ащы еді»,– деп еді Талпақ: – Біз үйренгеміз бұл қоңыраудың даусына. Енді жиылыста тәртіпке шақыратын сигналымыз осы,– деді. – Әй, сен «сигнал» дегенді қайдан білесің,– деп Талпаққа қарап, өкіл таңырқағандай ыңғай көрсетті. – Мен баяғыда заводта жұмыс істегем ғой. Сонда жұмыс тоқтарда, басталарда осындай үлкен коңыраумен сигнал беретін,– деп Талпақ өкілдің бетіне күлімсіреді. – Ал ендеше, сигналыңмен жиылысты аш ,– деді өкіл.
Қоңырау екі қағылды, қоңыраудың даусы мектептің ішін жаңғырықтырғаны былай тұрсын, терезенің тесігінен, есіктің ашығынан сыртқа шыққан үн даланы да жаңғырықтырды. Жұрт жым-жырт, жиналыс ашылды. Өкіл анда-санда қолындағы папиросын сорып, түтінін бұрқырата сөйлеп тұр. Сөздің нәрі «жаппай коллектив». – Болыңдар! Бол! Боласың! Болсақ тұқым, көлік, қарыз ақша, машина, трактор, комбайн, автомобиль... тағы-тағылар беріледі. Боласың! Барлық мүлікті жүз процент ортаға саласыңдар! – Сұрауға бола ма? – Болады, – Бір жан қалмай, калектіп болады дейсіз, байлар да бізбен калектіп бола ма?– деді Талпақ. – Жоқ, байды атама! – Біз бұрын жиырма үй артель едік, сол бұрынғы қалыпша, колхоз болмай, бөлек артель болсақ қайтеді?– деді Айтбай. – Артель де бір, колхоз да бір, бәрі бір болады, бірігеді, осы маңдағы барлық ауылдар бір колхоз, бір артель боласыңдар. Барлық малды ортаға саласыңдар. Қаулы аласыңдар!– деді өкіл. – Қарсылық жоқ, болдық,– деген бірең-сараңдауыстар естілді.
– Бұл қалай болады, бұлай болғанда қалай күн көреміз,– деген сөздер жиылыстағылардың арасында сыбыр-сыбыр естіліп тұрды. Аздан соң сыбыр қатты дауысқа айналды, отырған жұрттың сыртқы түрі де, ішкі сезімі де құйын соққан теңіздің бетіндей толқыды. Талпақ тұрып: – Жұрт, неге толқисыңдар? Әйтеуір калектіп залалды емес, болайық, бірігейік,– деді. – Жарайды, болсақ болайық,– деген біраз кісінің дауысы естілгендей болды. Өкіл тұрып: – Енді болыңдар,– деді. Айтбай тұрып, бетінің терін өңірімен сүртті де: – Бұрынғы артель бұлай емес еді, бірақ бұған да қарсылық жоқ, үкімет осылай болсын деп бастап отырса, инструктордың сөзі дұрыс болса, болсақ болдық, деді. Коллективтің басқармасына Талпақ сайланды. Артель құрылғаннан кейінгі әзірде шығып ауыл ішінде айтылып журген: « Талпақ басқарма, Байдан жасқанба, Басқарма болып, Желігіп мастанба!» деген өлеңді айтып біреу күлді. Оның сөзіне:– Дұрыс айтады,– деп жастар тағы күлісіп қалды. Мектеп үйінің іші халықтың буы, шылымның көк түтінімен буалдырлана түсті. Тағы да өгіз қоңырау қаңғыр етті. Қоңыраудың даусына толқыған жұрттың жүрегі алғашқыдай сескене қоймады. Жиылыс жабылды. Жүз жиырма үй бірігіп колхоз болды. Жиылыстан шыққан жұрт аязды түнде сықырлай басып топ-тобымен жаппай коллективті өздерінше талқылап әңгіме ғып тарқап бара жатты. ЖАҚ-ЖАҚ Екі-үш күннен кейін Талпақ Айтбайдікіне келсе, Алпыс сол үйде түстеніп отыр екен. Жанында Кұрман, Барлыбай бар. Талпақ кірісімен, Алпыс мұртын сипай түсіп: «солай ғой» деп сөзін тоқтата қойды. Талпақ пен Алпыс бірін-бірі жақтырыспай амандасқандары екі иттің кездескендегі ырылдасқанындай көрінді. Біріне бірі жаман көзбен қарап, ішінен «әй сені ме» дегендей болды. Үй ішіндегі әңгіме коллектив жайында екен. Талпақтан сезіктеніп, Алпыс сөзін тоқтатқанмен Айтбай мен Барлыбай коллектив туралы әңгімені соза берді. Әңгімеге Талпақ та кеп килікті. Талпақ жаман көзімен Алпысқа бір қарап қойды да : – Айтеке, мал-мүліктеріңді тегіс жаздырдыңдар ма, жұмыс көліктерін қашан апарып бересіңдер,– деді. Қазандық жақта жүрген Айтбайдың әйелі Жамал, өзгелерден бұрын сөзді іліп ала жөнеліп, күйеуіне көзін аларта қарап: – Жұрттың алдына түсіп, желігіп, жұрттан бұрын еліріп, бәрін жаздырып отырған сен. Тырнақтап жиған азғана малды ортаға бер! Мені қоса бер! Сөйт те мына шиеттей балаларды қыр!– деп шаптығьш сөйлей берді. – Қатын, қой енді,– деді Айтбай. Жамал тоқтамады, сөзді үдете берді. – Осы саған не бар желігіп, тамағыңды тауып іше алмай жүріп,– деп Талпақты да бір шарпып өтті. Айтбай Алпысқа қарап ренжіген кескінмен:
– Үш күннен бері тыныш ұйықтағамыз жоқ. Мына қатын-ақ мазаны алып барады,– деді. Алпыс сақалын сипап, басын изеп: – Айтпап па едім, кетер мазаң, кетер,– деді. Одан арман қарай сөйлеуге Талпақтан қорғанды. Отырғандар бір-біріне қарады. Сен бірдеңе айтсайшы дегенге ұсап Барлыбай Талпаққа қарай бұрылды. Екі көзі біресе Жамалда, біресе Алпыста. Ішінен «мыналар бүлдірді-ау» деп ызаланып отыр. Есік жақтан шолпының сылдыры естілді. Сабира екен. Ол сабақтан келген баланың ыңғайын көрсетті. Кітап, қағаздарын терезенің түбіне қойып, шешесінің не туралы сөйлеп жүргеніне құлаң салды. Жамал өлі сөйлеп жүр, Сабира кісілердің артымен апасына таман жағалап, жақындап келді де: – Апа, қойшы енді! Екі-үш күннен бері әбден үйдің ішінің мазасын алдын ғой. Жұрттан ала бөтен емес қой, бұл коллектив, коллектив болған ауылдар бар, олардың тұрмысы бізден жаман емес, Аштан өліп, көштен қалған жоқ, біз де сондай болармыз,– деді. Жамал қазанды сапырып жатып: – Саған сөз қалған жоқ, жүзіқара. Осы сөзді мұғалімнен үйреніп жүрсің ғой,– деп тағы да өршеленді. Жамал сөзінің төркіні Алпыстан шыққанын сезіп, ашу кернеп алқымына тығылып, жеке өзі бір жақ сияқты боп қалған Талпақ сөзді неден бастарын білмей отыр еді. Сабираның сөзі Талпақты жетелеп әкеткендей болды. Сөзді қалай бастағанын да ол байқамады, көзін алартып Алпысқа қарады: – Сен жауыз ғой бәрін бүлдіріп жүрген, қысқарт тіліңді. Егерде бұлай шаруалардың арасына үгіт жүргізетін болсақ, тиісті орныңды табасың, – деп Талпақ омырауының түймесін ағытты. Алпыс үндей алмады, түсі қара күреңденіп, ашудан денесі дірілдеп, жұмылған жұдырығы қалш-қалш етті. Тұра төбелесуге, Талпаққа қарсы сөз айтуға бата алмады. Ішінен «қап бәлем, қап бәлем, тұра тұр» деп, көмекейі күбірлей берді. Талпақ ұшып түрегелді де, Барлыбай мен Айтбайға қарап: – Сендер мына жауыздың өсегіне ұйып отырсыңдар ма, болмаса неге үндемейсіңдер?! Жаным-ау, сендерді мынау Алпыс азғырып отыр ғой. Айтсаңдаршы шындарыңды. Әлде сендер Алпысты коллектіпке кіргізбегенге ренжіп отырсыңдар ма?– деді Талпақ қабағын түйіп. – Жоқ, азғырғанға еретін біз бала емес қой, калектіпке кірдік деп уәдемізді бергеміз, Алпысты калектіпке алмағанға онша ренжіп те отырғанымыз жоқ. Бірақ кәмпескеленетін байлардың қатарына Алпысты қосып жібергендерің дұрыс емес қой дейміз. Мұның енді кампескеленіп айдалып кететіндей жазығы жоқ қой,– деді Барлыбай маймеңкелеп. Талпақтың кернеген ашудан көзіне ешнәрсе көрінбеді, Жалпақ сары беті ашудан қып-қызыл болып күреңденіп кетті көзі шатынап ұясынан шығып, ашулы дауыспен: «Алпыс сияқты байлардың қылығымен тікеден-тіке күресу, оларды бір жола жойып жіберу оңай, ал, сендердің осы былқылдақтықтарыңмен күресу қиын-ау. Осындай «екі айда былқылдап жұмысқа кедергі жасап, өз пайдаларыңды өздерің білмей, жанды күйдіресіңдер-ау! Мені езген байлар мынау Алпыстар, сендерді де езбеді ме, айтыңдаршы!? Неменесіне іштерің ауырып отыр. Енді калектіптің берекесін қашыртайық», – деп Талпақ бұрыла берді. Айтбай жұлып алғандай орнынан қозғалып: «Талпақ, тұра тұршы,
азырақ сөйлесейік. Ас пісіп тұр, ет же, әңгімелесіп кет»,– деп жарымсақтанғандай болды. Талпақ артына қарап: «Алпыспен отырып, келісе алмаймын. Сендермен тағы бірде сөйлесермін»,– деді де шыға жөнелді. «Барсын ол итті қайтейін деп едіңдер» – деп, Алпыс Талпақтың артынан қолын сілтеді. «Бұл Алпыс қалай» деген кісіше Айтбай мен Барлыбай біріне-бірі қарады. Айтбай мен Барлыбайдың көңіліне алғаш Алпыстың сөзі ұнап еді, соңынан Талпақтың сөзі ұнап, екі жолды, екі ойды кезек ойлады. Бірақ екеуіне де болашақ тұмысты көрсеткен Талпақтың жолы ұнай берді. Шынында Алпыстың келешегіне жүректері сеніңкіремеді. Әлгідей болмай дастарқан жайылып, ет келді. Етті турай бастағанда, Барлыбай отырып: «Осы малдың барын салып калектіп болғанда, келешекте осындай ет жей аламыз ба?» деді Айтбайға бұрылып. – Ай, білмеймін,– деді Айтбай төмен қарап. – Жерсің атаңның басын,– деді Алпыс қолындағы уыстаған етті асай беріп.
Үшеуінде де үн жоқ. Етті жеп жатыр. Жамалда да үн жоқ, сорпаны сапырып отыр. «Осылай неге азаптанып, неге бет алдына әбігер болып отыр» дегендей Сабира қабырға мүжіп отыр. Айтбай мен Барлыбай, Алпысқа сенбейді, «осы неғып кетеді, нені бастап жүр» - деп, Талпаққа да сенбейді.
ПРОЦЕНТ
Ай жарымнан кейін.
Мал-мүлікті жүз процент ортаға салып, жүз процент болып ұйымдасқан Талпақтың коллективі тарқап, он-ақ проценттей ғана болатын кедей шаруалар ғана Талпақтың қасында еді. Бұл уақытта байлар тегіс конфискеленген болатын. Бірақ малдары ғана алынып, өздері басқа жерге жіберілген жоқ еді. Бүгін кешке жанындағы жолдастары мен Талпақ коллективтің мәліметін даярлап, мектепте түн ортасына дейін отырды. Процент шығаруды білетін Талпақ па, «пәлен процент», «түген процент», «осы процентті толтыру керек» деп Талпақ мұғалімнің басын қатырды. Ұйқы жоқ. Бұйрық тығыз. Жұмыс көп, дамыл жоқ. Талпақ проценттің ұшы-қиырына шыға алмады. Ұйқыдан шаршап, проценттен басы айналған Талпақ түрегеп отырып, қор етіп ұйықтап кетті. Жанында есеп шығарып отырған мұғалім байқаған да жоқ. Бір аздан соң «Талпақ осы дұрыс па?» деп бетіне қараса, Талпақ ұйықтап отыр екен. Мұғалім «Әй, Талпақ» деп түртіп қалды. Талпақ көзін ашты да «ұйықтап кеткен екем» деп есінеп, көзін уқалады. Екеуінен өзгелері тарап кеткен екен, біз де қайтайық десті де, екеуі тысқа шықты.
Әуе ашық, жұлдыз жылт-жылт етеді. Жерде жаяу борасын. Желдің лебімен ағаштың шуылдағанынан басқа, сақ иттің анда-санда үргенінен басқа дыбыс естілмейді. Мұғалім тұрып: «Біздікіне жата қалсаң қайтеді», – деді. «Жоқ, үйге барып жатам, таңертең Байжан ауылына барып, есеп алам. Ондағы арық көліктерге шөп дайындаймын» – деп, кеспелтек таяғын қолына алып, домаланып, жаяу борасынның арасына кіріп, қарасы үзілді. Мектеп пен Талпақтың үйінің арасы жарым шақырым. Талпақтың көзі ашық, көңілі ұйқылы-ояу, аяғын шықыршықыр басқанын сөзіп, жолдың сорабымен келе жатыр. Әлгідей болмады арт жақта аттың дүбірі, шананың сықырлағаны естілді. Талпақ жәй келе жатқан адамдар шығар деп елеген жоқ, ілгері аяңдай берді. Жақын келіп қатарласа
бергенде қараса, бір салт атты мен бір шаналы екен, шанада екі кісі. Қатарласа беріп, салт атты адам Талпақты «мәссаған жүз процент» деп кеспелтек шоқпармен салып кеп жіберді. Шоқпар басынан тимей, иығынан тиді. Талпақтың жүрегі зу етті. Талпақ құлай қоймады. Салт аттыға қарай кеспелтек таяғын сермеп ұмтыла берді. «Ұста иттің баласын» – деп, салт атты тағы салып жібергенде, Талпақ кеспелтегімен қағып жіберді. Екеуінің қолындағы ағаштары сатыр-сұтыр қағысып қалды. Аяқ астындағы қар бұрқ-бұрқ етеді. Жағаласып жүргенде артынан келіп екі кісі жабысып ұстай алғанын Талпақ байқамай да қалды, – Сәл көтеріп шанаға, бір жола көзін жояйық – деді салт атты. – Дұшпандар-ай, қапыда жалғыз кездестім-ау, Алпыстың бұзылғанысың-ау,– деген Талпақтың даусы естілді. Талпақ көтеріп шанаға апарып салғанын бірақ білді. «Енді өлдім»,– деген ойдан, жүрегі дірілдеген қатты қорқыныштан басқа ұрған таяқ Талпақтың денесіне білінбеді. Алпыс сары атына міне беріп: «Алдымыздан біреу келіп қалды, жылдам тарт! Бас аузын, даусын шығарма»,– деді. Аттың тұяғынан қар бұрқ етті. Талпақ үстінен басқан дұшпанмен шананың ішінде алысып жатты, бұлар жолдан бұрылысымен-ақ, аттар қалың қарға түсіп бөгеле берді. Қарсы келе жатқан пар аттылар да жақындап қалды. Қарсы келген шанадағы біреудің: «Әй, кімсіңдер?»– деген айғайы естілді. Бұлқынып жатқан Талпақтың құлағына айғай, көзіне пар атты шана шалына кетті. Талпақ бұлқына беріп, бар даусымен: – Кеңес өкіметінің досы болсаң, құтқар!– деп айғайлап қалды. Арттан «тоқта-тоқта!» деген дауыс шықты. Дұшпандар тыңдамай бұрылып тарта жөнелді. Тағы бір екі қабат Талпақтың «құтқар, құтқар!» деген даусы естілді. Қашқан шана тоқтамаған соң, әлгі кездескен пар аттылар түсе шапты. Шананың үстінде түрегеп тұрып біреу тағы бір-екі қабат: «Тоқта! Тоқта!» деді. Алдыңғы шана тоқтамады. Мылтықтың даусы екі қабат гүрс етті, салт атты бұрылып қаша жөнелді. Алдыңғы шана ағашқа жақындап қалған еді. Шанадағы ат жүре алмайтын болған соң, түсе сап, ағашқа қарай екі дұшпан қаша жөнелді. Ат тұрып қалды, шанада домаланып қараңдаған Талпақ көрінді. – Сен кімсің? – Мен Талпақ. Кеңес өкіметінің досы екенсіңдер ғой, ажалдан құтқардыңдар мені,– деп дауыс шығарып жылап жіберді. – Ана қашқындар кім? – Дұшпандар, байлар. – Танисың ба? – Танимын.
Ауылдың белсенділері түн ішінде-ақ аттанды. Дұшпандар, Алпыстың баласы және басқалар, сол түнде-ақ ұсталды. Талпақты ажалдан құтқарған түндегі пар атты, колхоз құрылысын нығайтуға, қисайғай істі түзеуге жіберілген жиырма бес мыңның бір өкілі еді. Ертеңінде аспан ашық тал түсте күннің көзі қызулы нұрын жерге төгіп, ақ тебіндей тұтасқан қыраулы қардың бетін балқытып еріте бастаған еді. Бұл уақытта мектепте болатын жиналысқа ауылдың адамдары да жинала бастады. Өкіл мектептегі жиылысқа келгенде, дағдылы орнында стол, столдың үстінде баяғы егіз қоңырау тұрды. Талпақ үстелдің жанына келіп, өгіз
қоңырауын қағып қалды да, жиылысты ашылды деп жариялады. Жиналған жұртқа, алғашқыдай егіз қоңыраудың қаңғыр еткен даусы ерсі де көрінбеді, бұрынғыдай сескенбеді де. Жиналған жұртқа қоңыраудың даусы да, келген өкілдің бет ажары да бір жақсылықты ескерткендей болды. Өкіл орнынан тұрды да: «Кәне, жолдас басқарма бастығы Талпақ, ауылдық кеңестің ағасы, сіз де істеген істеріңізді еңбекшілердің алдында баяндаңыздар, еңбекшілердің алдында істеген жұмыстарыңызды тыңдап, қатесі болса көпшілік болып түзейік, солай ма жолдастар?»– деді халыққа қарап күлімсірей. – Жарайды, жарайды, жолдас,– десті, кейбіреулердің: «Бұрынғы өкілдердей емес, жүзі жылы екен» деп күбірлеген дауыстары естіліп, отырған жұрттың жүзіне үмітті ажар кіргендей болды. Бөркін тастаған, самайынан да, мұрнының ұшынанда тер аққан Талпақ істеген істерін баяндап айтып тұр. «Уһ» деп демін алды да, маңдайының терін жеңімен сүртіп Талпақ орнына отыра кетті. – Ал, ауылнай, сөз сіздікі, қосымша айтарыңыз бар ма? – Басқа не айтайын, мұндағы калектіптендіру туралы Талпақтың айтқанының бәрі дұрыс. Қоса айтарым жоқ,– деп отырған жұрттан ауылнай қорғалағдай болды. Өкіл сөйлеп тұр. Жұрт жым-жырт тыңдауда. «Коллективтің маңызы... еңбекшілердің еркі... келешек тұрмыстарың үшін... бұл жолдың дұрысы олай емес, былай...» деген сайын, отырған жұрттың ажары кіре берді. «Бәсе, осылай болса керек қой» деп күбірлеген дауыстар әр жерден естіліп тұрды. Өкіл ұзақ сөйледі. Ол азырақ бөгеліп: «Ұзақ сөйлеп кеттім, әлде менің сөзіме жалықтыңдар ма?» –деді. – Жоқ, сөзіңіз жақсы, ойдағы жерден айтып тұрсыз, сөйлеңіз жолдас,– деген дауыстар естілді. Біраз сөйлегеннен кейін, өкіл сөзін тоқтатып: – Жамағат, енді сөз сіздерге берілді, көңілдегі сөздеріңізді, мұң-мүдделеріңізді айтыңыздар,– деді. – Маған бер! Мен сөйлеймін. Мен айтам,– деген дауыстар шулап кетті. Талпақтың егіз қоңырауы қағылды. Тәртіпке шақырылды. Жұрт кезек-кезек көрген білгенін сөйледі. Әркім тілектерін еркінше айтты. Сөйлегендердің бірсыпырасы бұлай болса, коллективке қайта кіреміз десті. Қайтадан түсінік болды. Талпақ тұрып, егіз қоңырауын қақты да: – Бұрынғы әдісімізді қойдың, енді ақылмен, үкіметтің тура жолымен іс қылайық, калектіптің маңызын, пайдасын толық түсіндік қой, енді еріктеріңше келіп калектіпке жазылыңдар,– деді. – Мен жазылам, мен жазылам,– деген дауыстар қабат шықты. Алғаш жүз процент болып ұйымдасып, артынан он проценті ғана қалған, Талпақ басқарған коллектив бұл жиылыста сол маңдағы ауылдың қырық бес процент кедей, орташаларынан алпыс шақты үй колхоз болып бірікті де ақырында ұйымдасқан нағыз коллектив болып шықты. Талпақ егіз қоңырауын қолына ұстап тұрып: – Енді бар күшті қосып, егіске дайындалайық,– деді. – Жарайды, ертеңнен бастап!– деді дауыстар.
– Ал ендеше жиылыс жабылды,–деп Талпақ өгіз қоңырауын қақты. Қоңыраудың дауысы түсінбегенін түсінген, көңілдегі қапырығын шығарған, алдыға үмітпен қараған шаруаларға қуаныш хабар сияқты боп естілді.
ДАЛА ҚЫРАНЫ Биыл. Жаздың самал желі акырын ғана ескен жайлы бір күні Қ. станциясына келдім. Бұл Қ. станциясына өткен жылғы жазғытұрыдан кейін бірінші келуім. Мен вокзалдың қала жақ алаңын басып, ақырын аяңдап станцияның алдыңғы поезд тоқтайтын алаңына шықтым. Жан-жаққа қарап ерсіліқарсылы жүрушілермен қатар жиырма-отыз қадамдай аяңдағаннан кейін-ақ көңілім әлде неге жайланып қуанғандай болды. Көңілімнің қуанғанына неге деп таңданғаным жоқ. Ол өзінен өзі белгілі еді. Далаңқы алаң тап-таза, алаңның орта көзі шарбақталып ішіне ағаш отырғызылған бақша. Шарбақтың айналасы жағалай ұзыннан ұзақ орнатылған үстелдер. Үстелде отырған киімі бүтін, түсі ажарлы, портфельдерін, чемодандарын ұстап қаз-қатар тәртіппен отырған жолаушылар. Мынау вокзалдың алдындағы 25-30 қатар тартылған поезд тоқтайтын жолдың барлық өне бойы қызыл вагондармен толы еді. Мыңдаған жүк тиелген қызыл вагондардың қотандағы жусаған қойдай иіріліп тұрғаны, паровоз даусының андасанда ғана естілуі бір түрлі көңілсіз еді. Қазір бұл көріністің бірі жоқ. 25-30 жолдың көбі бос. Вокзалдың екі жағында екі паровоз саңқ-сұңқ етіп дыбыс береді. Станцияда сол екі паровоздың тістеп алып жүрген екі ғана товарный қызыл вагондері бар. Бұлар дамылсыз маневр жасауда. Құлағымызға «ана жолға», «өне жерге тоқтап», «қозға» деген сөздерді түсіндірген стрелочниктің сырнайының даусы, бұған жауап беріп, саңқ-сұңқ еткен паровоздың дауыстары естіледі. Тап сол минутте менің көзіме іссіз жүрген адам, иесіз тұрған вагон құралдар көрінбегендей болды. Ана жылы тап осы екі жолдың үсті түсі қашқан далба-дұлба адамдарға толық болатын. Посадка болғанда «қай вагон», «мен қалдым», «билет жоқ» деген ащы дауыстар құлақты тұндыратын. Вагонның ішіне сыймай асып шыққан есік тұтқасына жармасқан адамдардан әр вагонның есігіне үлкен бір шоғырмақ топ пайда болған. Поезд жүруге қоңырау қағылды. Арт жағымнан «апырау қалдым ғой» деген ащы дауыс естілді. Жалт қарасам, түсі қашқан, алқынған бір әйел. Арқасында бір үлкен сандық, алдыңғы жағында үлкен бума қап. Бір қолтығында үш-төрт жасар қыз бала, арқасындағы сандықтың үстінде екі жасар шамасында шашы жалбыраған, беті-аузы қап-қара бала, әйелдің жаулығының жыртың жерінен мықтап ұстап жабысып жатыр. Әйелдің бір жақ қолтығында екі дорбашық, бір қара шәйнек, тағы бірдекелер көрінеді. Сол минутте: «Жаның бар ма Жабыс» – деген ащы дауыс естілді. Әлгі әйел де бар күшін жинап үстіндегі жүгімен вагонның тұтқасынан жабысқан адам шоғырмағының арасына кіре берді. Әйел жан ұшырып қолын вагонның тұтқасына созайын деп, бірнеше қабат оқталып еді, колтығындағы баласы Жәмила түсіп кететіндей көрінді. Екінші қолы тағы бос емес. Бос болса да вагон тұтқасында бұл әйел ұстарлық жер жоқ еді. Поезд оқыс қозғалғанда, соғылысқан елдің екпінімен, есікке жармасқан әйел құлап кете жаздады. Әйткенше болмай поездың жүрісі де жылдамдай бастады. Әйел қолтығындағы баласын жоғары көтеріп, иығындағы
жүгін бір-екі ырғап түзетіп, есігі алдындағы шоғырмақтың арасына кіріп, вагонның тұтқасына қолын тигізбек болып, айналып ұмтыла бергенде, артқы вагонның тұтқасына жабысқан шоғырмақ келіп әйелді арт жағынан соғып кетті. Әйел ұшып түсті. Алдымен әйелдің мойнында отырған бала құлады. Қолындағы бала, арқасындағы сандық, алдындағы бума быт-шыт болды. Алдыңғы шоғырмаққа жабысқандардың арасынан жыртық тымақты еркек, бір сандық, екі жәшікті және бір баланы қолтықтап «қап, іліге алмады-ау бишара» деді де түсуге айналды. Аяғы жерге тиер-тиместе үстіндегі жүктерімен бірге шашылып домалап кетті. Әйелдің бір жақ, беті жараланып қаны жосып, бірсыпыра уақытқа дейін есін жия алмай жатқан еді. Екі бала екі жерге, бірінің қолы, бірінің шекесі қанап, жылап отыр. Осы жайрап жатқан көріністі көріп, қатты аяп ренжіген едім. Бұл шаруашылықтың кейбір салаларында әлі де болса төменгі орындардың басшылықтарының кемшілігінен, иесіздіктен туып отырған ажарсыз көріністер ғой деген ой келген. Сол көрініс көпке дейін есімнен кетпей жүрді. Міне, вокзалдың бүгінгі өзгерген, жақсы бейнесі көпке шейін көңілден кетпей жүрген реніш қаспағын қырып, жуып тастағандай болды. Қуаныш көңілмен артыма қарай бұрылып аяңдай бергенде, толықтау келген тапал сары жігіт бетпе-бет кездесе қалды. Жүзі жылы ұшырайды. Ақырын күлімсірей қарап: – Сіз маған бір таныс адам сияқтысыз,– дедім. – Болса болар,– деп о да күлімсіреді. Басынан аяғына дейін бір қарап шықтым да, басында жақсы сукнодан тіккен ала кепке, үстінде жаңа пальто, оның ішінде шақпақталған таза шереть костюм, кіршік шалмаған көйлегінің ақ жағысына таққан қара жібек галстук жарасып тұр. Кәдімгі қазақтың өсіп келе жатқан интеллигенттерінің бірі болып көрінеді. Бетіне қараған сайын, көзім қабағының жоғарғы жағындағы ат тепкен таңбасына түседі. Ол таңба бұрын маған таныс болса да, кәзір жұмбақ сияқты болып тұр. Бірақ, бұрын көрген сол таңба арқылы танып алудың ойында тұрмын. Біраз ойланып тұрдым. – Сен осы баяғы Талпақпысың,– дедім. Сары жігіт бетіме тікейіп қарап, жымиып күлді де үндемеді. Ішімнен «апырай ол болмады ма» деп қысылып күдіктеніп: – Ғапу етіңіз, жолдас, атыңызды білмесем де бір таныс адамға ұқсатып тұрмын,– дегенімде, бұрылып қатарласып жүріп: – Еркелігі жоқ, Сол ұқсатқан адамыңызбын,– деп тағы да жымиып күлді де: – Сізді мен де танып тұрмын,– деді. – Таныс болуымыз 30-жылғы жаппай коллективизацияландыру шығар, ұмытпасам,– деп бетіне қарадым. – Иә, сондағы Талпағыңыз болам,– деді ол. Мұнан бұрын қайда болғанын, не қызмет атқарғанын, осы күнде не қызмет атқарып жүргенін түйдектеп сұрай бердім. Талпақ біртіндеп бәрін айтып жатыр. Сөзі біртүрлі жайлы, артық сөз қыстырмай сабырмен салмақтап, 30-жылдан бері өткізген өмірін, істеген ісін айтып берді. Сөзін Талпақ аяқтай бергенде: – Осы күнде қандай қызмет атқарасың?– дедім. – Комбайнермін,– деді ол саспай ғана, даусын ақырын шығарып. Талпақтың киім салымына қарап, аудандық не облыстық мекемелердің бірінде қызмет істейтін
шығар деп ойлап тұрған қалпыммен тағы да басынан аяғына дейін бір қарап шығып азырақ таңданғандай болып: – Қашаннан комбайнерсің?– дедім. – Биыл үш жыл,–деп, екі жыл совхозда комбайнер болғанын, комбайнерлер курсын бітіріп, МТС-ке барып қызмет істегендігін айтты. Талпақ білегіндегі сағатына қарап: – Әлі поезға отырғызуға бір сағат уақыт бар, азырақ дем алып, буфетке барып отырайық,– деді. – Жарайды,– дедім. Буфетке келдік. Бұрынғы таныс буфет. Жан-жағыма қарасам, мұнда да бірсыпыра өзгерістер болған екен. Әрбір үстелге кіршіксіз ақ жаймалар жайылып, үстел басына иісін аңқытып гүлдер орнатылған! Аппақ кіршіктей желенді киген официанткалар үстелге келіп, отырғандарды жылы жүзбен қарсы алып жүр. Біреуі келіп: – Сіздерге не алып келейін?– деді, – Обед ішсек қайтеді,– деді Талпақ. – Өзің ішпесең маған қажеттігі жоқ. Бірер стакан – Сіз ішпесеңіз,– деп азырақ бөгеліп, маған қарап отырған Талпақ жүзін официанткаға қарай бұрды да: – Шай берсеңіз болады,– деді. Екі шоколадпен, екі стканға құйылған шай сылдыр етіп алдымызға қойылды. Әңгіме созыла берді. Талпақ менің жайымды білгісі келіп, бірнеше сұраулар берді. Сұрауына жауап қайтарып, өз жайымды сөйлей бердім. Талпақ сөзін тоқтатып, шайын ішуге кіріскенде менің көзім оның маңдайындағы таңбаға түсіп, ойланып қалдым. Бұл Талпақты бала көзінен бері үшінші рет көруім. Маңдайындағы таңбасынан көз алмай отырып: – Осы сенің маңдайыңдағы таңба неден болған, қашаннан бар?– дедім. Талпақ акырын стаканын алдына қойды да: – Бала күнде ат тепсе керек,– деді. – Қай уақытта, қандай ат тепкенін білесің бе? – Шала-шарпы білем, ұмытып та қалыппын,– деді. Әлде ұмытқандықтан ба, әлде айтқысы келмеді ме әйтеуір үндемеді. Біраз ойланып отырдым да: – Онда тапал сары бала едің-ау?– дедім. – Солай шығар,– деді Талпақ. Шынында кішкене, далба-дұлба тапал сары бала еді. Бұдан жиырма шақты жыл бұрын ел Қойтастың басында еді. Бір күні кешке таман жылқыны Қойтастың кұдығынан суарып жатқан мезгілде, біз Аужан қажының қара құдығының басында едік. Аужан қажының мың жарымдай жылқысы күніне екі-үш қабат осы қара құдық пен одан әрі арқан бойындай жердегі ақ кұдықтан су ішеді. Самайынан терін сыпырып тастап, алпамсадай қара бұжыр жігіт мына жақтағы науада, арықтау келген ұзын сары жігіт анау жақтағы науада қауғаны тартып тұр. Құдық басында бізбен қатар отырған екі жігіт бірі «ақ құдық сүтті» деп, бірі «қара құдық сүтті» деп ерегісіп отырды.
Күн бата берген мезгілде үймелеген-үйірілген жылқы сирей бастады. Науаның басынан жылқылар сирей бастағанда «енді кезек біздікі» дегендей сиырлар кеп науаға бас қойды. Сол кезде қажының Ғалымжан деген ортаншы баласы құдықтың басында ат үстінде тұр еді. Науадан су ішіп жатқан ала сиыры мен қара сиырдың арасынан қосақтаған марқа бұзауды тоқтата алмай, сүйретілген бетімен далба-дұлба тапал сары бала, мыңдаған жылқының тұяғымен өзіліп ойылып кеткен науаның айналасындағы тізеден келетін батпаққа келіп шомп етіп көміліп кетті. Бәріміз де жалт карадық, Бала батпаққа жатып қалмады, ұшып түрегелді. Ала бұзау ала сиырдың емшегіне бой ұра берді. Қара бала қолындағы таяқша келтегін алды да, ала бұзауды мойыншасынан тартып тұрып, тұмсығынан жасқандырып қағып қалды. Сөйткенше болмай ала сиырдың ар жағынан кеп үш төрт жылқы науаға бас қояды. – Малды басқа неге ұрасың, иттің баласы!– деп Ғалымжан қамшысын үйіріп тапал сары балаға қарай ұмтылды. Келіп қамшымен салып-салып жібергенде, сары бала аттың алқымына кіріп қалды. Қамшының сіленуімен Ғалымжанның астындағы тарпақ кер орғып түскенде, сары бала аттың екпінімен су ішіп тұрған тор биенің арт жағын ала батпаққа барып көміліп кетті. Тор бие қорс етті де, артқы аяғын бір сілтеп қарғып кетті. Батпақтың ішінде талпынып жатқан сары баланың басынан батпақпен аралас қызыл қан жоси берді. Тапал сары бала тұра алмады. Батпақты малшылап тыпырлап жатыр. Біреу тұрып: – Ал, ананы сүйре!– деді. Қауға тартып тұрған қара бұжыр жігіт: «Бишара ажалыңнан бұрын өлесің ғой!»– деп келіп, сары баланы батпақтан шығарып алды. Бала орнынан тұра алмады. Мал әбден су ішіп болған соң, қара бұжыр жігіт тапал сары баланы көтеріп ауылға қарай алып кетті. Түнде әңгімелесіп отырғанда: – Қажының үйінде бұзау бағып жүрген жетім сарыны, ат теуіп кетіп еді. Байғұс өліп қалды ма екен,– деді қапсағай қара сақалды кісі. – Жоқ, өлетін емес. Маңдайы қақ айрылып кетіпті бейшараның,– деді ала шапанды қара торы жігіт. Сол сағатта тапал сары баланың өлмей тірі қалғанын білген едік. Маңдайындағы таңбаға қарап отырғанда есіме түскен көрініс осы еді. Міне, менің алдымда отырған Талпақ атанған, кәзір комбайнер болып интеллигентше киінген сол қамшыны жамылып, батпаққа көміліп, ат теуіп басы жарылып өскен тапал сары бала 28 жылға дейін байдың жылқышысы болған осы Талпақ еді. Әңгіме тағы созыла берді. Уақыттың өткенін де сезбей қалдық. Әлден уақытта қоңыраудың қаңғыр еткен жаңғырығымен «посадка» деген дауыстар естілді. Отырған жұрт қаз-қатар тізіліп вокзалдың есігіне таман қозғала берді. Талпақ отырған орнынан ұшып тұра келді де: – Мен осы поезбен жүретін едім, сіз де осы поезбен жүресіз бе?– деді. – Жоқ, мен екінші поезбен жүрем,– дедім. – Ендеше сау болықыз,– деп қолын берді. Қолымды бердім. Қолымды қысты да, қош айтысты. Жұртпен бірге мен де вокзалдың алдына шықтым. Жолаушылар вагонге мініп жатыр. Қыбырлап жүрген жұрт бағанадан әлденеше рет көбейген екен. Бірақ вагон есігіне құйрықтанған бір де бір кезек көрінбейді. Вагонның есік
тұтқасына жабысқан адам шоғырмағы да жоқ. Он минуттік уақытта жолшылар өздерінің көрсеткен вагондеріне орналасып болды. Поездың жүретін минутінде қоңырау да қағылды. «Ал жүрдік!» деген сигналды беріп, паровоз бір ақырды. Поезд ақырын жылжып қозғала берді. Жүрген сайын жүрісін жылдамдатып, жыландай ирелеңдеп жорғалаңдап сызып, әп-сәттің арасында көзден ғайып болды. Ақырын аяңдап, сәндеп салған үлкен ақ тас үйге қарай бет бұрдым. Бұл вокзал үйі. Вокзалдың жоғарғы жақ маңдайында ұзын жалпақ қызыл шүберекке ақ жазумен үлкен етіп жазған: «Ұлы Отанның барлық тапсырмасын мүлтіксіз орындаймыз!» деген ұранды оқыдым. Ішімнен: «Бұл ұран, бұл жігер, бұл тәртіп уақытымен жүзеге асқан көпшіліктің тілегі ғой»,– дедім. ІІ Сәске түс кезінде қаладан шықтық. Төрт дөңгелекті жел табан ағып келеді. Жел табаннан шыққан тұманданған қара қоңыр шаң машинамен құйрықталып будақталып, жол бойына ұзыннан ұзақ созылып қалып келеді. Біз қаланың шетіне шыға бергенде Қиыр Күншығысқа бет алып, бірінің артынан бірі күркіреп, әуенің көк қырандары – аэропландар аспанның асау әуенін тілгілеп өте берді. Әуенің көк қыраны көзден таса болып, қалың әуеге әбден көміліп көзден ғайып болғанша көзім сонда болды. Бұдан кейін де бұл күнгі техниканың әдіс күштерін, оның себептерін салыстырып ойлап отырдым. Машина ағып келеді. Әлден уақытта менің ойымды трактордың даусы бөліп жіберді. Трактордың даусы шыққан жаққа бұрылып қарап едім, екі жерде екі трактор төрт лабагрейкеден тіркеп егін шауып жүр екен. Біз әлгі екі арада елу шақырымдай жүріп Жолдыөзектің қабағына келіп қалған екенбіз. Жолдың екі жағы сарғайып, желдің ақырын лебімен толқып тұрған егіс екен. Сол кезде оң жағымыздан бір қала көрінді. Жер шарысын көптен көрмегесін, ұмытып қалған екем. – Бұл қай қала?– дедім жанымдағы шоферге. – Бұл Шолақ Досжай болса керек,– деді. Тағы да бір ескі көрініс есіме түсті. Бұдан 25 жыл бұрын сол Шолақ Досжан ауылының ар жақ жанында жатқан қара жолмен талай купецтің малын айдап өткенім бар еді. Сонда қалың қатар екі шоқ ағаштың бірінде Шолақ ауылы, бірінде Досжан ауылы болатын. Бұл Жолдыөзектің бергі қабағы Алтай ауылына дейін жарты метр қара топырақты, қау-шөп шығатын далаңқы-далаңқы егістік жерлер еді. Жолдыөзектің өнбойы сары мия, көк құрақ, аттың алқымынан келетін шабынды. Жолдыөзектің арғы қабағы Құмдыкөл қаласына дейін бұ да жарты метр қара топырақты иесіз жатқан дала еді. Бір гектар егісті көрмейтін едік. Қ. қаласына қарай жаз-күз бойы ағылған купецтердің малдары жолдың екі жағымен жарты шақырымдай, анау жолдың екі жақ бетіндегі сыңсып тұрған қалың егіс еккен жермен жүретін мыңдаған малдар, қалың қауды тұяғымен жапырып ақ селеуді сындырушы еді. Шолақ Досжан ауылындағы жер қожаларының, атқа мінерлердің (Шолақтың балалары Төлеп, Ахмет, Мағзұм және Досжанның өзі мен оның балаларының және басқа атқа мінерлердің) негізгі бір кәсібі «ауыз от» еді. Бұлар бес-он шақырым жерден айдаған табынның алдынан шауып шығатын. Жолдың екі жағындағы ақ селеуді сындырғаны үшін алым алатын. Көбінесе ең табиғатты, жердің бетіндегі ақ селеуді сындырғанын төлетіп, еңбексіз пайда
тауып семіруші еді. Қазір адам да жер де өзгерген, жаңа қалыпқа түскен. Ақ селеудің орнында толқынданып, жайқалған егіс. Айдаған табынның алдынан шауып шығып жолдың екі жағындағы ақ селеу, қау-қауданды қорғап, малдың тұяғынан алым алып, пайда табатын адамдардың аты ғана қалыпты. Солардың маңында отыратын, жалғыз шолағымен қалаға отын, шөл, тезек тасып күн көретін кедейлер қазір бірі комбайншы, бірі тракторшы, лабагрейкеші, мая салушы, малателькеші болып, тағы-тағы сондай машина құрал-саймандарды иемденіп, егін жинап жатыр. Біз қаланың жанындағы көлденең жолмен өте бергенде алдымыздан пар өгіз жеккен ақ сары жігіт кездесті. Тоқтап жөн сұрадық. – Бұл қай қала?– дедік. Ақ сары жігіт өгізін тоқтатып, машинаның жанына келіп:– Бұл Шолақ Досжан,– деді. – Бұл қаладағы колхоз да Шолақ Досжан колхозы деп атала ма?– дедім. – Жоқ,– деді сары жігіт. – Әңгіме қала мен колхоздың атында емес, затында ғой, әйткенмен аты да, заты да жаңару керек қой,–дедім. Шофердің сөзіне сасыңқырап тұрған ақ сары жігіт азырақ жайланғандай болып, маған қарап күлімсіреді де: – Дұрыс айтасыз, жолдас, әлі жаңарып, өзгеріп болғанымыз жоқ қой, бұрыннан аталып қалған ат болған соң атап жүрміз. Рас, жаңаруымыз, керек – деді.
Шолақ Досжан ұзыннан-ұзақ екі қатар салынған қала екен. Қаланың орта кезінде үлкен әдемі үйлер, кеңсе, аурухана, клуб, кооператив, магазин, столовой тағы сондай мәдениет орындары. Сырткы түрінен-ақ мәдениетті болуға айналғанын көрсетіп тұр. Біз ілгері жүріп кеттік. Жел табан алға таман зырлай берді. ІІІ Түс ауа берген кезде толқынданған егіс даласына кірдік. Көк ала, сары ала түспен боялған егіс теңізі ұшы қиырына көз жетпей толқып тұр. Алға таман он минуттей жүрген соң-ақ, жолдың екі жағындағы толқынданған егіс даласынан, тұмсығын салбыратып, қанатын қалың егіске жайған жердің «көк қыранын» көрдік. Жанымдағы шофер жан жағына қарап, машинаның рөлді бір оңға, бір солға бұрды да: – МТС-тың комбайндары егін жинауға кіріскен екен,– деді. Жол бұрылып, егін шауып жүрген комбайнның біріне жақындай берді. Шамасы жүз елу гектардай егін даласын екі комбайн айналып жүр. Тыр-тырлаған трактордың даусы мен зырылдаған комбайнның даусы жарты шақырымнан естіріп жүр. Біз жақындай бердік. Орып алған егіс даласының ортасы дөңгеленіп, айналадағы шоқ ағаштай болып дөңестеніп тұр. Сонау толқып жер бетіне сыймай тұрған қалың егіс қайда кетіп жатқаны алыстан аңдаусыз қарағанда, белгісіз сияқты: не көпене, не ат жал, не мая, не тасыған адам – бірі де көрінбейді. Шапқан жердің бетінде қатар-қатар созылып шашылған сабанның ұнтағы ғана көрінеді.
Жердің «көк қыраны» – комбайн тоқтаусыз толқынданған егісті айналып зырлай берді. Біз ілгері қарай етіп кеттік. Әлгідей болмай бір қалаға келдік. Үйлерінің сыртын сары, ақ балшықпен сылаған, кейбіреулерінің төбесі сабан,
орта кезінде бірсыпыра үйдің төбесін қаңылтырмен жапқан. Көшесі кең, Европа тәртібімен салынған қала екен. Біз төбесін қақылтырлаған, терезе қақпақтарын ақ сырмен сырлаған үлкен ескі қарағай үйдің алдына келіп тоқтадық. Үйдің алдында жүк таситын, бір жеңіл машина тұр. Бұл МТС-тың конторы екен.
Директордың кабинетінде қара мұртты, орта бойлы, аш өңді, көзі шүңіректеу келген орыс ағайынға кездестік. Ол қарсы алып, ұшып түрегеліп қолын берді. Бұл жолдас орнына отырды да басындағы кепкесін алып, үстелдің үстіне қойды да, бізден жөн сұрады. Жөнімізді айттық. Бұл МТС-тың директоры екен. Директор жолдас қап-қара бұйраланған шашын кейін қарай қолымен қайырып қойып еді, көптен таралмаған шаш сияқты, ырыққа көнбей баяғы қалпына келіп, дударлана түсті. Ол оны елең қылмады. Директор махорканы трубкеге нығарлап салып, тісіне қыстырып тұтатып бір-екі қабат сорды да: – Бәрекелді, жақсы келдіңіз,– деді. Мен алдымен комбайнның жүрісін, жұмыс қарқынын сұрадым. Ол жиырма бір комбайнның қайсысы қалай жұмыс істеп жүргенін, оларға бөлінген егіс даласын, комбайнерлердің қайсы жақсы, қайсы нашар істейтінін бірбірлеп айтып берді. Тағы да трубкесін тұтатып альш, бір-екі сорды да: – Комбайнмен жинауға кіріскенімізге бүгін тоғыз күн болды. Алғашқы күндерде тегіс жақсы жүріп кетпесе де, соңғы бес күндікте бір қалыпта көбі жақсы істеп жүр,– деді.
Мен бұрылып отырып, қойнымнан кішкене дәптерімді алып, қарындашпен түрте бастадым да: – Жақсы істейтіндері күніне қанша гектар жинайды?– дедім. – Үш күннен бері екі комбайнер күніне он тоғыз жиырма гектардан жинап тұр. Бір комбайнер әуелден жақсы істеп еді, ол кеше жиырма екі гектар жинады. Нашар істейтін үш комбайн бар, олар күніне жеті-сегіз гектардан асыра алмай жүр. Өзгелері орташа он-он бір гектардан орындайды,– деді. – Жақсы, алдымен сіздердің кейбір жақсы істейтін комбайнеріңізбен, кейбір нашар істейтін комбайнеріңізбен танысқым келеді? – Құп болады,– деп, директор орнынан тұрды. Мен де тұрдым. Далаға шықтық. Директор маған қарай бұрылып келді де: – Алдымен жақсы істегендерді көріңіз, настроенияқыз көтерілер,– деп қара мұртын қисайта күлімсіреді. – Жарайды, жақсы дегеніңіз кім?– дедім. – Егін жинау басталғаннан бері күніне он сегіз-жиырма гектардан кемітпей келген, кеше жиырма екі гектар жинаған комбайнер Қожақұлына барамыз,– деді. Азырақ ойланып, Қожақұлы деген бірнеше жігіттерді білуші едім, соның бірі бола ма деп: – Аты кім ол Қожақовтың?– дедім. Директор бөгеліп, аз ойланып тұрды да: – Ғапу етіңіз, жолдас, ұмытып қалдым,– деп қызараңдай түсті. Машинеге міндік, қалың толқыған егістің арасымен ағып келеміз. Мен әлгі айтқан комбайнер
Қожақов кім екен деп ойлаймын. Бөшкентай Қожақұлы деген ақсағай қара жігіт бар еді. Ол соңғы кезде кооперативтің ақшасын орынсыз ұстап, сотты болып жүр деп еді, ол болуға мүмкін емес. Алматыда бір Қожақұлы деген жігіт бар еді, ол қазір Мәскеуде институтта оқуда. «Енді кім, қай Қожақов» деп ойлап келемін, сөйткенше болмады, машина комбайн шауып жүрген жерге келіп тоқтады. Директор түсіп маған бұрылды да: – Айтқандайын бұл геройдың аты Талпақ,– деді күліп, біз комбайнға қарай аяңдадық. Менің ойым Талпақта, ішімнен: әнеукүні Талпақпен жақсы әңгімелестім, оның комбайнер екенін білдім. Талпақтың фамилиясы Қожақұлы екенін неге ұмыттым. Талпақтың фамилиясы Қожақұлы екенін ана бір – жылы кездескенімде жақсы білген едім. Әнеу күні кездескенде «Талпақ-Талпақ» деп шүйіркелестім. Бірақ фамилиясы кім еді деп ойыма да алмаппын. Адамда кей уақытта, осындай ақырассыздық болады екен деп өзімнен өзім өкініп келемін. Біз егіс даласына келгенде комбайн артынан сабанды ысырып, тұмсығынан қызыл алтын бидай төгіп, қанатын қалың егіске жайған көк қыран жақындай берді. Біз қарсы алғанға ол тоқтамай өте берді. Комбайнның басқышынан жоғары шыққанда, рульді басқарып тұрған тапал сары жігіт бізді қарсы алды. Ол мені танып қолын беріп кезіндегі жалпақ қара көзілдірігін маңдайына көтеріп қойды да маған тіктеп қарап: – Жолыңыз болсын, жолдас,– деді.
Талпақ екенін таныдым. Әнеугі көргендегі сыртқы түрінің бірі жоқ, үстінде қоңыр бомазиден тіккен күртке, шалбары да сондай ықшамды, күрте көйлегін шалбарланып алған, үсті-басы, бет-аузы, қасын, кірпігін шаң басқан.
Талпақ маған «жолыңыз болсын жолдас» дегеннен басқа тіл қатқан жоқ. Өз жұмысын істей берді. Бір қолымен мотордың рулін басқарып қояды, екі көзімен комбайнның барлық қозғалысын болжап, көзін көбінесе төмендегі көсіліп жатқан шалғыдан аудармай тұрғандай, Жалғыз ол ғана емес шалғы бұрқыратып кескен сабақты барабанға айдап жеткізетін айналып тұрған палан оны, бұрқыратып соғып шығарып жатқан барабанды, төменде моторды, алда сүйреп бара жатқан тракторлардың жүрісін барлық машина аппаратының істеп келе жатқан қозғалысын тегіс көзбен көріп, дыбыстарын құлақпен тыңдап басқарып тұр. Талдырмаштау келген қара жігіт комбайнның бір үстіне шығады, бір жерге түседі, біресе қанатына жабысады. Шалғысын көреді. Шалғының тісіне іліккен кек қақпақты көз ілестірмей жұлып алады. Біресе барабанның жоғарғы аузына, біресе артқы сабан тастайтын жерден үңіліп қарайды, комбайнның асты-үстіне түсіп ұшып-қонып жүрген бір жан. Біз жүріп келе жатқан комбайнның дірілдеп, екпіндеп қозғалған қозғалысынан қалтырап басқыштан әзер шыққан едік. Мынау талдырмаш «қара жігіт» басқышы былай тұрсын, комбайнның көлденең темірлері, қанаты, трубасы тағы басқа жерлерінен жай теп-тегіс жердей басып, комбайнның айналасында шауып жүр. Ішімнен: «Апыр-ай, аяғы не ғып тайып кетпейді!» – деп ойлаймын. Комбайн зырылдап айналып келеді, үш-төрт метрдей жердегі қалың егіс қырқылып палатноның айдауымен барабанға кіріп жоқ болып келеді, жоғарғы тұмсықтан тап-таза қызыл бидай саулап тұр. Машинаның барлық тетігі тоқтаусыз зырылдауда. Комбайнның,
оны басқарған адамның ісі айызды қандырып, «Па, шіркін!» деп разы болып тұрмын. Егістің екінші жағына айналып шыққанда екі пар егізбен үлкен жәшікті арбалы бір әйел мен бір еркек комбайнмен қатарласа берді. Арба қатарласа бергенде комбайн тоқтады да жәшікті арбаға аққудың мойнындай тұмсығынан қызыл бидайды лақылдатып ағыза берді. Біз жерге түсіп бидайды уыстап көріп тұрмыз, бидай тап-таза маржандай. Оң жағымызда жүз саржандай жерде төрт дөңгелекті вагонше балаған тұрды. Сол вагоншенің жанынан бір әйел жүгіріп шықты да қоңырауды сылдыратып, жіңішке дауысымен: «Түскі тамаққа!»– деп айқай салды.
Талпақ комбайнның үстінен түсті де балағанға қарай аяқдады. Біз де балағанға келдік. Талпақ алдымен үстіндегі күрткесін шешіп жуынуға кірісті. Бетін сүртіп, біздің жанымызға келгенде: – Ал , Талпақ, мына жолдасқа әңгімеңді айта бер,– деді директор трубкесін сорып қойып бетін сүртіп болып: – Не айт дейсіз бұл жолдасқа?– деп Талпақ директорға қарады, – Сенімен әңгімелесем деп келді, комбайнды тоқтаусыз жүргізген өнеріңді айт. Мен ана бригаділерге барамын,– деп директор машинесіне қарай бұрылды. Біз сабанның үстіне төселген алашаның үстіне отырдық. Сол минутінде-ақ ас пісіруші әйел Талпақтың алдына бір тарелка нан мен ішінде екі кесек еті бар, кеспе нан салған сорпа әкеліп қойды. Мен тамағын ішсін деген оймен біразға дейін үндемей отырдым. Менің екі көзім комбайнда болды. Талпақтың көмекшісі талдырмаш «қара жігіт» тамаққа келген жоқ. Комбайнның айналасында жүр. Қолында комбайнның қозғалатын тетіктеріне май жіберетін құрал, ішіне автол толтырып алған насос. Талдырмаш «қара жігіт» кезіндегі жалпақ көзілдірігін маңдайына көтеріп қойып, қолындағы насоспен автолды комбайнның майланатын тетіктеріне жіберіп жүр. Біресе комбайнның астына шалқасынан жатып, біресе қырын тұрып, біресе кішкене доңғалақтарға асылып, басын, аяғын салбыратып жіберіп, біресе барабанның ішіне бар денесімен кіріп кетіп майлап жүр. Қимылына көз ілеспейді. Сондай епті. Менің көзіме талдырмаш қара жігіттің денесі сүйек, буын жоқ, резеңке сияқты болып көрінді. Оның денесі комбайнның шынжырына оралды. Доңғалақтары мен доңғалақ болды, кішкене тесіктерге оның денесі, қол-аяғы сыйып кетеді. Үш метрдей биік комбайнның басқышы жоқ жерінен бірақ ырғайды. Екі көзім сонда, таңырқап отырмын. Әлден уақытта Талпаққа қарадым. Талпақ тамағын ішіп болуға жақындаған екен. – Ана жолдасың тамақ ішпей ме?– дедім. Талпақ алдында жатқан ақ орамалмен аузын сүртті де: – Мен ішіп болып комбайнды жүргізіп кеткен соң, келіп ішеді. Екеуміз бірдей тамаққа отырған соң, машина майланбай тұрады. Онан соң майлауға бірсыпыра уақыт өтеді ғой,– деді. Комбайнды майлап жүрген талдырмаш «қара жігітке» көз жіберіп азырақ тұрдым да: – Апырай, өзі епті жігіт екен, қашаннан комбайнер болып жүр?– дедім Талпаққа қарап.
– Жолдас, жігітіңіз не? Ол менің әйелім Үрқия,–деді ыржиып күліп Талпақ. Мұндай ұялмаспын. Бетім қызарды білем, ұялғанымды білдірмей: – Әйел екенін бет аузынан, кескінінен айыра алмағаным, жолдасыңның бет аузы шаңдақ, сыртқы киімнен айыратын ешбір белгісі жоқ қой,– дедім. Өйткені Үрқияның үстінде Талпақтың үстіндегідей қоңыр бомазиден тіккен күрте мен шалбары бар еді. – Уақасы жоқ,– деп Талпақ қолын сүртті. Сол кезде ас пісіруші әйел Талпақтың алдына үлкен бір кружка сүт әкеп қойып, тарелкелерді жинап алып кетті. Уақытты бос өткізбей Талпақтан комбайнның жайын сұрай бастадым. Ол сұрағандарға жауап беріп, айтып отыр. – Комбайнерлердің бірсыпырасы он шақты гектардан артық жинай алмайды, сен сияқты үздіктері 20 гектар, тіпті одан да артық жинайды, оның мәнісі қалай?– дедім. Талпақ тужуркесінің төс қалтасынан папиросты алып, тұтатып, бірер қабат сорды да: – Алдымен өзің иемденген машинаның бар тетігін жақсы білуде, оны білуге шын көңілді қоюда, онан соң шын ынтамен жұмыстың өнімді болуы үшін бар күшіңді, өнеріңді салып ерінбей істеуде. Ал енді, комбайн туралы келсек, оны жүргізуші комбайнерлер комбайнды жақсы меңгере білуі керек. Комбайнның артық жинауында меніңше таңданарлық ешбір керемет жоқ. Жер жүзіне таң сәулесі түскеннен соң, кешкі сәуле таусылып қараңғы болғанша ешбір тоқтатпай жүргізе білуде және комбайнды сүйреп отырған трактор да, тракторшы да өте жақсы болуы керек, онымен қатар басшы комбайнер өзінің комбайнын ғана біліп тұрмай, трактор мен тракторшыны да басқарып отыруы керек. Комбайнерлердің бірсыпырасының тракторы мен тракторшы да жұмысы болмағандықтан тракторы тоқтап қалып, не тракторды дұрыстап жүргізе алмай, егіске комбайнның шалғысының жартысын ғана не артық сұғындырып жіберіп, ат жал қалдырып отыратын тракторшылар болады. Ал , ат жал қалдырмай комбайн шалғысын ылғи сағалатып тоқтаусыз жүргізіп отырса жұмыс өнімді болатынын өзіңіз де білетін шығарсыз,– деп, маған Талпақ бір қарап қойды. – Дұрыс айтасың Талпақ, ал комбайн қайткенде тоқтаусыз жүреді?– дедім. – Комбайнның әрбір тетіктерінің жайық, қозғалысын, қаншаға шейін жұмыс істейтінін күн бұрын біліп, алдын ала оны түзетіп, ауыстырып отыру керек, сонда тоқтаусыз жүреді,– деп, Талпақ комбайнның бөлшектерінің қасиеттерін айтып отыр. Мен тыңдап отырмын. Менің алдымда кешегі бұзау баққан, келдегін сүйретіп ауылдық орындаушы болып, ауылдан-ауылға жаяу жүгірген, үсті-басы дал-дұл, надан Талпақ – білімпаз инженер, техниканың инженері, ауыр машина – комбайнның инженері болып, маған түсіндіріп отыр. Мен одан сабақ алған адамдай «иә, иә» деп оның сөзінің бәрін таңырқап, тыңдап отырмын. Ішімнен: «Бұл адамның өскені»,– дедім. Тағы да Талпақ сөзін бастап: – Комбайнның жақсы жұмыс істеуіне комбайнмен шабатын егін алаптарын күн бұрын дайындау керек. Бір учаскеден екінші учаскеге көшкенде түнде көшіп, комбайн күндізгі жарық күнді түгелдей пайдалану керек. Қысқаша айтқанда,
комбайнның үздіксіз жүруіне осындай жағдайлар керек,– деп, Талпақ тұрып киіне бастады. Мен де тұрдым. Тракторшы, Талпақ үшеуіміз комбайнға қарай аяқдадық. Біз келе жатқанда комбайнның жанында торы шолақ атқа жеңіл арба жеккен біреу тұр екен. Арбаның үстіндегі темір бочкадан бір жақ аяғы ақсаңдаған ақ сақалды шал бензинді шелекке құйып, жоғарғы бактың жанындағы Ұрқияға беріп тұр. Біз комбайнның жанына барып жеткенде Ұрқия комбайнның үстінен қарғып түсіп, Талпақтың жанына келіп «комбайн дайын» деп Талпаққа қарап күлімсірегендей болды. Талпақ біресе маған, біресе Ұрқияға қарап: – Мына кісі менің бұрыннан таныс жолдасым,– деп, менің аты-жөнімді айтып Ұрқиямен таныстырды, Ұрқия маған оң қолын соза берді. Мен атымды атап қолын қыстым.
Талпақ комбайнды бір айналып, барлық тетіктерін көзімен шолып өтті де қарғып комбайнның үстіне мінді. Сол минутта трактордың моторына да, комбайнның моторына да от беріліп, зырылдап, гүрілдеп кетті. Комбайн жылжып жүре берді. «Көк қыранның» жоғарғы тұмсығынан қызыл алтын саулай жөнелді. Ұрқия ақырын аяңдап, тамақ ішуге балағанға қарай жүрді. Бензин әкеп тұрған шал шойқаңдап жүгіріп, комбайнның артынан азырақ ере түсті де, тоқтап біраз қарап тұрды. Аздан соң қайтадан арбасына қарай аяқдады. Менің екі көзім шалда. Шал арбасына жақындай бергенде, мен шалға таман жақындай бердім. Мен жақындай берген соң, шал бұрылып тоқтап маған қарады да, сол қолымен ұзын ақ сақалын сипап тұрып: – Мен өте қуаныштымын,– деді. Мен сол уақытта шалға тікелей қарадым. Бұрын алыстан шал екенін ғана аңғарып тұрған екем, бұл жолы шалдың түрі, қияпаты өте қызық болып көрінді. Шалдың көзі үңірейген, ұзын қалың қасы аппақ болып көзінің қабағын жауып тұр. Мұртының ортасы басыңқы келген де, ұшы жуан қып-қызыл. Ұзын қалың ақ мұрты аузын көрсетпей жауып кетіпті. Маңдайы кере қарыс, қартадай жиырылып жатыр. Екі жауырыны қақпақтай, кәріліктің салдарынан алдыңғы жағына таман имиіп еңкейген екен. Мен бетіне қарағанда түсінде бір қуаныш бар сияқты. Көзінің нұры жылт-жылт етіп ойнап тұр. Ол кішкене кара трубкесін алғашқы көргенде аузына тістеп жүр еді, сол күйінде әлі тістеп тұр екен. Бірақ, трубкеге темекі салып, тұтатып бұрқыратқан жоқ. Трубкені құр тістеп жүр. Шалдың көзінен көзімді алмай тұрып: – Неге қуаныштысың, қарт?– дедім. Шал сақалын сипап тұрған сол қолын шошайтып комбайнды көрсетіп: – Анаған!– деді. Тағы тіктеліп шалдың бетіне қарап тұрдым да : – Неге жылайсың, қарт? – дедім. Шал оң қолының алақанымен көзінің сорасын сүртті де: – Қуанғанымнан,– деді. – Неге қуанасың, қарт?– деп шалға жақындай түстім, Шал бұрылып егін жаққа, сосын маған қарады да, даусын жайлап шығарып: – Неге қуанбасқа,– деді қолын шошайтып.– мына өлкенің бәрі біздің еғін, біздің қаланың егіні. Оны анау комбайн шауып жинап жүр,– деді. Шал азырақ бөгеліп көзінен шыққан сорасын сүртті де:
– Қуанғаннан көзімнен жас та шығып кеткен екен,– деді. – Қуанған себебіңізді толық айтыңызшы, қарт,– дедім. – Неге қуанбасқа,– деп маған карады да менің жауап күтіп тұрғанымды сезгендей болып: – Өткен күн мен бұл күнді салыстырып тұрмын, балам. Әттеген-ай, бұдан жиырма жыл бұрын ғана неге тумадым екен?– деп сөзін баяулата берді. Менің құлағым шалдың аузында, көзім оның сорасы аққан кезінде болып тұр. Шал сөзін неге қуанбасқа деп тағы бастады. Мына жатқан өлкеде екі мың гектар егін бар, оны жүздеген адам қол орақпен орып жүрген жоқ, оның орнына бес комбайн шауып жүр. Біз бұдан елу жыл бұрын шамасы, қаламызда екі жүздей үй болды. Онда жұмысқа жарайтын бес жүздей жан бар еді, сол барлық жұмысқа жарайтын жанның істейтіні бес жүз десятина Круппанов деген помещиктің егісі еді, онда өзімізге деп помещиктің жерінен он таяқтан ғана егін салушы едік. Сол он таяқтай егінімізді жинап алуға мұршамыз да болмаушы еді. Оны жинап алуға помещик рұқсат бермеуші еді. Кей жылдары ол он таяқ егініміз қурап түсіп қалушы еді. – Қазір дүние, тұрмыс тіпті өзгерді. Үй басына он гектардан артық егіс келеді. Оны комбайнмен жинап береді. Бұл бір рахат тұрмыс емес пе, балам?– деп шал сөзін тоқтатты. – Қарт, жасың нешеде?– дедім. – Жетпіс бестемін,– деді. – Аяғыңыз неге ақсайды,– дедім. – Сол езген ескі заманның белгісі,– деді шал. – Ол қандай белгі,– деп, шалдың ақсаңдаған аяғына қарадым. – Жұмысқа жарайтын адамдардың барлығы да күндіз күні бойы, кейде ай жарықта түні бойы помещиктің егінін жинайтын едік. Ол жылы өзіміздің он таяқтай егінімізді жинап алуға рұксат бермеді. Бір күні түнде он шақты адам бөлініп, өз егінімізді орып, жинап жүр едік. Түн ортасы кезінде қара айғырға мінген Волков деген помещиктің сақшысы келіп, «сендер жұмыстан қашқандар» деп қолындағы қайыс ерген ұзын, жуан қамшысымен сабай жөнелді. Мен сол уақытта аттың алқымына қағылып жығылдым. Ат осы аяғымды басып кетті. Тұра алмай қалдым, сонда жамбасым сынған екен. Мен ол кезде он екі-он үш жаста болсам керек. Екі ай жатып жазылдым. Сонан ақсақ Петр атандым,– деді шал. – Сонымен ол помещиктен қалай құтылдыңдар? – дедім, Шал аузындағы трубкасын қолына алды да: – Одан жаңылмасам 1906 жылы болса керек, сіздің қаланың ер жүректі жігіттері көтеріліс жасап, помещиктің үйін де, егінін де өртеп жіберді. Содан кейін сол ер жігіттердің бірсыпырасын ұстап әкетті, келесі жылы жарты патша Столыпиннің бұйрығымен Сібірге көшіп кеттік. Сонан бастап помещиктен құтыла бастадық, шырағым,– деп сөзін тоқтатты да, трубкасын тағы тісіне қыстырды. – Трубкаға темекі салып тартпай, тістеп жүргеніңіз қалай?– дедім. Шал бұрылып арбадағы бензин құйған темір бөшкеге қарады да : – Мына бензинді білесіз ғой, от алғыш май екенін, содан сақтанып трубкамды мұның жанында жүргенде тұтатпаймын, қосқа, үйге барғанда тұтандырам ғой,– деп шал жүруге айналып, атының божысын дайындай бастады. Сөйткен кезде
комбайн екінші рет айналып біздің тұсымызға жақындай берді. Комбайнның келе жатқанын көріп тұрды да: – Анау Талпақ жақсы қазақ, настоящий молодец, мастер,– деді шал. Ұрқия тамағын ішіп болып, біздің жанымызға келді. Комбайн өте бергенде қош айтысқан ишаратпен Талпаққа қолымды былғадым. Талпақ та бір қолын рульден босатпай тұрып, бір қолын былғап қоштасқан ишаратын білдірді. Жанымда тұрған Ұрқиямен қол алысып: – Қош, жұмыстарыңыз өнімді болсын!– дедім. – Айтқаныңыз келсін!– деп жымиып күлді де, ол комбайнға қарай жүре берді. Комбайн зырлап, қалың егісті айнала берді.
НҰРМАННЫҢ САНАСЫ Таң бозарып келе жатқан мезгілде жазғытұрғы қоңыр салқын желді қырындай кешіп, шал жайған көлігін қосқа жақындатты. Тамақтарын ішіп, дайындалып тұрған жас жігіттер, егін екпінділері, көлікке қол қойып, машина, соқа, тырмаларды айналдыра бастады, Әлгідей болған жок, дойбының тақтайындай шақпақталған жер бетінен әр қайсысы өзінің тиісті орнын алды. – Соп! Соп! – Мен бір жарымды жыртамын. – Біз екі жыртамыз. – Біз бесті тырмалаймыз,– деген жарыс сөздер естіліп жатты. Түнде көлік күзетуші, күндіз қос күзетуші шал аппақ сақалын бүкір сауағымен бір сипады да, жер қыртысына қол қойған екпінділерге азырақ қарап, ойланып тұрды да, келіп бричка арбаның жетегін тығырық қылып үстіне отырды. Жерді таяғымен екі нұқып шоқыды да, басын азырақ көтеріп алып: «Иә, елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан. Көзімен көріп, қолмен істегенде ешбір таңсығы жоқ... Кеше қылшылдаған жас. Бүгін қаусаған шал. Өмір – тұрмыс, адам өзгереді,– деді дауысын шығарыңқырап. Бұл соңғы сөйлемді шал жаңағы екі жарым жыртамыз деп бара жатқан Рақымға арнап айтты, өйткені шал Рақымның екпінді, белсенді болып жүргеніне күдіктенуші еді. Биылғы егіс басында еткен екпінділігіне қарап «көндігеді» деді шал. Осынша шал сенбейтін Рақым кім еді деп оқушылар таңданарсыздар. Таңданатын дәнеңесі жоқ. Рақым бір кезде солқылдаған бозбала еді. Бір кезде қатын алып, мал малданған орта шаруа еді. Бір кезде байлардың ақшасымен сауда қылатын ұсақ саудагер еді, ол байлардың атқамінері еді. Ол 28 жылы Ахмет жонжар конфискеленгенде «Ахмет конфискелеуге жатпайды» деп әуреленген еді. Сайлауда Ахмет ұсынған адамға қол көтермедің деп қыбын тауып осы шалдың өзін оңашада қамшысының астына алған еді. Осы қылықтары үшін, екі жылдай қара тізімге алынып, жекелер қатарына қосылған еді. Бұдан кейін байды жақтап, колхозға кедергі жасау жұмысын астыртын сыбырмен жүргізіп көрді. Бірақ онысы да жарыққа шығып жексұрын болып, шетке қағыла берді. Жұртшылықтың санасы өскен сайын Рақымға атқа мінерлікпен үй ішін асырайтын, оңай олжа, былай айтқанда тамақ, киім табыла қоймады. Мінекей, сонымен Рақым колхозға кіріп, биылғы жылы колхозда еңбек етуге белсене кіріскен еді. Міне, осыдан Рақымның белсенді болып жүргеніне шал сенбеуші еді.
Төмен қарап ойлап отырған шал, біраздан кейін басын көтерді. Көзі қостың оң жағында жылтырап жатқан қара жерге түсті. Әр жерде шоқақтап ұшып-қонып жүрген қарғаларды көріп, шал ұшып түрегелді. «Ай, мына жарықтықты-ай, көмілмей қалған дәнді жеп қойды-ау!»– деді даусын шығарып. Шалдың күндегі әдетті жұмысы – керексіз-керекті болса да, қоста қалған соқалардың күрегін сөгіп алып, оларды егеумен, шыңдаумен күн өткізетін еді. Сол жұмысына кіріспек болып отырған шал, жыртқан жердің бетінде жайылған қарғаларды көрген соң, үстінен қапталын тастап, жеңілденіп, таяғын алып барды да: «Тәйт! Еңбексіз айуандар» деп, қарға жайылған жаққа қарай құлаштап, таяғын лактырды. «Қарқ, қарқ»,– деп шалға қарғыс атқандай болып, қарғалар бетбетімен ұшты. Олардың қайда қонғанында шалдың жұмысы болған жоқ. Тағы сол қарғалар келсе қумақ болып егін басында шал түске шейін отырды. Түске жақындай бергенде, ауыл жақтан арбалы адамдар келді. Бұл уақытта отын теріп әкелуге кеткен Жамалдың да қарасы көрінді. Ауыл жақтан келе жатқан арбалы қосқа жақындай бергенде, шал да қосқа келіп жетті. Мойнында қызыл галстугы желбіреген, екі бетінен қаны тамған қара торы беті балбырап Сәлім арбадан түсті де, аталап шалға қарай жүгірді. Қуанған белгісін білдіріп күлімсірегенде, шалдың опырайған аузы салбыраған мұрты оң жақ бетіне қарай қисайғандай болды. «Сәлімжаным, құлыным!» – деп, шал Сәлімді құшағына алып, маңдайынан сүйді. Арбаның артында келе жатқан жаяулардың арасынан жырылып, Гүлсім шалға қарай жүрді. Ол, балаша жүгірген жоқ, естияр адамша салмақпен келіп: – Ата, шаршадың ба?– деді. – Қарағым, Гүлсім, сен де келдің бе?– деп шал Гүлсімнің маңдайынан иіскеп, аузын-мұртын қисайтып күлімсіреді. Гүлсім мен Сәлімді құшақтап тұрып: – Бүгін өлсем де арманым жоқ,– деді. – Неге?– деді Сәлім. Сәлімнің маңдайынан сипап тұрып: – Мен жете алмағанды, менен қалғанды сендер жетіп, көріп орындайсыңдар, қарағым,– деп екеуіне кезек-кезек қарады. – Ата ,– деді Гүлсім, Шал Гүлсімге бұрылды. –Жақсылық, қызықты тұрмысты өз көзіңмен көрмей, басқа біреулердің көргені несі қызық, ата?– деді. Шал сақалын сипап, біразырақ ойланып тұрды да: – Жақсылық, қызықты тұрмысты жасаушыларды көре бастаған сендерді көргенімнің өзі қызық емес пе? Бұрынғы тұрмыс қорлығын көріп өлген шалдар мұның исін де сезбей арманда кетті ғой,– деді. – Иә, солай, солай ғой, ата?– деп айтпақшы болып келе жатқан сөзін білдірмей тоқтатты да : – Әне қара, апам келді,– деді. Гүлсім мен Сәлім шалды тастай берді де апалап жер ошаққа от жағуға кіріскен Жамалға қарай жүгірді. Балалар шешесіне жүгіріп кеткен соң, балаларға сүйсіне қарап тұрған шалдың көзі тағы жазық жотаның бетіндегі қарайып жатқан егіске түсті. Басын шошаңдатып шошақтаған
қарғаларды көрді. Шалдың көңіліне бір түрлі қызғаныш кіріп: «Қап, мына еңбексіз айуандар»,– деді. Біразырақ қарғаларға қарап тұрды да : – Сәлімжан қарағым, бері келші?– деді. – Немене, ата? – Ана жыртқан жердің бетінде немене жүр, олар неғып жүр, білесің бе? – Білем, олар жиылып жүрген қарғалар ғой, ата,– деді. – Не ғып жүргенін білесің бе? – Не қылсың? Жайылып, оттап жүр. – Жайылып оттағаны бізге пайда ма, зиян ба, қарағым? – Пайдасы да, зияны да жоқ шығар деймін, ата. – Жоқ, қарағым, пайдалы емес, өте зиянды. Ол ана себілген тұқымның жер бетінде көмілмей калғанын теріп жеп жүр. – Неге зиянды ол?– деді тағы да Сәлім, жайылып жүрген қарғаларға қарап. – Неге зиянды екенін айтайын, ана жолдас балаларыңды ертіп келші, қарағым,– деді. Сәлім арбасынан нәрселерін түсіріп жатқан балалардан үш баланы ертіп келді. Шал таяғын шошайтып тұрып көрсетіп, балаларға түсінік беріп сөйлеп тұр. «Осы жаңа жерге сеялка жүрмейді – деп пе, әйтеуір бірдеңе деп тұқымды қолмен шашыпты. Қолмен шашқан ба әлде аз ғана бораналағаң ба, әйтеуір шашқан тұқымның жер бетінде қалғандары бар. Былтырғы жиылыста сендерге келген жақсы өкілдің «бір түйір де жерде қалмасын» деген үгітін естіген шығарсыңдар. Ол өте дұрыс айтты-ау. Бір тұқым дәнінен неше түп, неше бидай өсетінін білесіңдер ме?» Балалар біреуі «білеміз» деді, біреуі «білмейміз, көп шығатын шығар» деп шалдың бетіне қарады. «Анық білмесеңдер, бір дәнге алпыстан шығады. Содан жер бетінде қалған жүз дәннен неше дән шығар еді?– деді шал. Дереу қалтасынан тетрады мен қарындашын алды да, алпысты жүзге көбейтіп: – Алты мың,– деді Сәлім. – Олай болса өткен қыста азық жоқ болып ашығып отырғанда, басқармадан сұрап әкелген бір жарым кило бидайды бірнеше күн қуырып жеп аштан өлмей қалғанымызды білесіңдер ғой, жүз дәннен өнетін бидай сол ажалдан алып қалған бір-бір жарым: кило бидай шамасында болады. Бірақ ондай жүз емес, әлде неше жүз бидай жер бетінде қалып еңбексіз айуандардың азығы болып жатқанын көрдіңдер ме?– деді шал. – Ендеше қарғаларды қуайық,– деді балалар. Мектеп балалары бүгін мектепке арналған егінді салуға келген еді. Бүгін көлік босамайтын болғандықтан, төрт бала шалдың артынан ерді. Алдымен шал мен балалар жеке шоққа келіп, майдалап аршып, алпыс-жетпіс жіңішке ағаш кесіп алды. Бұларды жыртқан жердің басына әкеліп адамның иығы сияқтандырып ағашты көлденең байластырды. Ағаштар басына адамның басы сияқтандырып, көлденең байлаған ағашқа адамның қолы сияқтандырып қау шөп байластырды. Балалардың кейбірі «мен нағыз күзетшінің көзін жасаймын» деп жылқының құмалағынан көз жасады. Кейбіріне қоста киюге жарамай қалған жыртық шапандарды, тымақты әкеліп
кигізді. Сөйтті де дәні тегіс жасырылмай қалған жердің әр тұсынан бір екі қарақшы орнатты. Егіншілер түскі тамаққа келіп, көліктерін доғарып жатқанда, бригадир Айтбайдың жанына келіп, шал: – Мына пластаға себілген тұқымның көбі жасырылмай қалыпты. Тегі қайтадан тырмаламаса болмайтын шығар. Мұны тырмалаған Рақым ғой. Басқалардың тырмалағаны ондай емес. Бетінде дән қалғаны көрінбейді,– деді. Айтбай шалдың бетіне қарап: – Иә, оны өзім де көрдім. Қайтадан тырмалаттырармыз. Және оның ондай көңілдегідей тырмаламағанын тексерерміз,– деді. Мына шағында көлігін доғарып жатқан Рақым: – Алжыған бишара түрткіленеді де жүреді,– деді. Жанында тұрған тапал қара жігіт: – Алжығандықтан түрткілегендік емес. Екпінді болдым деп жүріп, жұмысты шала істегендігіңді дұрыс айтып тұр,– деп шап ете түсті. Көліктер доғарылысымен, шал көлікті жайып өріске қарай өрледі. Қырдағы жеке шоқтың сайынан көлікті суарып шыға бергенде, арт жағынан: – Е, Құреке, қалың қалай, көңілің күйленді ме?– деген дауыс естілді. Жалт қараса, кепкесін маңдайының ат тепкен таңбасына қарай қисайта киген Хасен екен. Хасен шалдан бригадирдің жұмыстарын сұрай келіп: – Қалай, Құреке, жігіттердің қимылы көңіліңе ұнай ма?– деді. – Бірен-сараң қолының ұшымен істейтін жалқауы да бар, жазығы жоқ, байғұстардың көбі ынтасымен істейді. Бірақ ана пластағы тұқымды қолмен шашып, соның дәндері жасырылмай, жердің бетінде қалғандары бар, маған осылары ұнамай жүр. Пластаға тұқым себетін машина болмай ма екен? – деді шал. – Иә, ол машина әзір бізде аз, бірақ жақсылап тырмаланбаған екен. Ол пластаны кімдер тырмалап еді, Құреке,– деді Хасен. – Әлгі Рақым деген жаңа екпінді ерің,– деп Хасеннің бетіне қарады. – Әлде Рақым жаман тырмалаған ба екен? Сізге оның қимылы қалай, ұнай ма? – Мен соған түсінбеймін, былай сыртқы түрі, белсенділігі, сөзі биыл жап-жақсы. Бірақ ана жерді тырмалағанын, соның жұмысын ұнатпай жүрмін. – Иә, солай шығар, әйткенмен Рақым мен Сабырдың колхоздың мүшесі болып істеп жүргеніне қалай қарайсыз? – Бұрынғысына қарағанда біраз өзгергендік бар, әзір сеніп кетуге де болмайды, құр бұрынғы кінәсі үшін жазалауға да болмайды. Еркімен жіберуге де болмайды. «Қағушысы келіссе киіз қазық жерге кіреді» дегендей бастай білсек, бақылап істете білсек, бәрі де түзелер,» – деп қосқа қарай жүрді. Кетіп бара жатқан Хасеннің «әлгі пластаны қалай тырмалағанын байқармыз» деген даусы шалдың құлағына шалынды. Ертеңіне жұмысшылардың біразы балаларды ертіп, мектеп егісін салуға жөнелді. Соқаның артынан сап тізіліп, тәртіппен аттанған балалар: «Біз қыршын қаһарман . Аттандық егіске Еңбектен жаралған , Тоямыз жеміске.
Көгертіп колхоздың, Дән берер, даласын, Еңбекпен, өнермек, Білім мен жақсартам! Тұрмыстың қаласын, – деп қосылып әндетті. Шалдың көзі күлімсіреп әдетінше езу тартты, қуанған пішінмен кетіп бара жатқан балаларға қарап: «Жасақдар, қарақтарым!» – деді де, саусағымен көзін сүртті. Бірнеше тамшы жастың тамып кеткенін өзі де байқамаған екен. Көзінің айналасында қалған, қуаныштың күшінен шыққан үш-төрт тамшыдай жас бүкір саусағына жұқты.
Шалдың көзі қарайған егін бетіне түсіп еді, кешегідей қарғалар көрінбеді. Қарғалар көрінбеген соң, әдетінше қалған соқаның күрегін айналдыра бастады. Бір соқаның күрегін сатіп алып, алдына төс пен балтаны қойып отырды да, соқаның күрегін шыңдауға кірісті. Шал қай соқаның қай күрегі болса да ұстарадай өткір болып, жерді сауырдай қып, терең тілгенін ғана ұнатады. Шынында соқаның күрегі пышақ сияқты өткір болмай, дөкірлеу болады ғой, міне осылай дөкірлеу болғанының бірін де шал ұнатпайды. Мұнымен жерді қалай тіледі, терең ала алмайды, әрі көлікке ауыр болады ғой деп бірнеше қабат соқашыларға айтып та жүрді шал. Оқушылар, соқаның күрегіне талақтай жабысқан, бүгінгі екпінділерге өзінше сын көзімен қарайтын өзіне қылған шал деп жазушыға сұрау қоюларықыз мүмкін. Оны қысқаша таныстыра кетуге де болады. Сонымен бұл шал кәдімгі Қожекен ауылындағы Нұрман қарт. Нұрман биыл алпыс сегізде, сегіз жасынан былайғы еңбек стажын есептесек, дәл алпыс жыл болады. Нұрманның жиырма бес-отыздар шамасына келген көзі еді. Ол кезде Нұрман Азнабайдікінде жалшы еді. Сол жылы орасан жұт, аштық болды. Қазақ даласында мал өлтірмеген, ашықпаған ел кем де кем-ақ еді. Бұл кәдімгі Ресейде 1892 жылы болған аштық жыл. Қазақша айтқанда, малды тақырлатып кеткен аты шулы «тақыр қоян» еді. Бұл жұтта Азнабайдың бір мың екі жүз қарасынан бір жүздей-ақ қара қалды. Мұның ішінде сауын боларлық мал қалмады. Көбі түйе, қотыр өгіз, арық аттар ғана қалды. Нұрманның үйіндегі жеті жанның оразасын ашып отырған жалғыз қоңыр сиыр мен торы шолақтың екеуі де аштың құрбаны боп, март айының ішінде-ақ «аттанған» еді. Қоңыр сиырдың бұзау тайынша ын ашыға бастаған соң, ертерек өздері-ақ сойып алып еді. Сонымен не керек, тігерге тұяқсыз Нұрманның үйінің жандары өлмей қалғанын олжа көріп, қара жерге қарап өздері ғана шықты. Азнабай бір күні өлген малдың терісін алып, астық іздеп Сарыөзектегі қазақ – орыс даласына келіп еді. Сол он шақырым жерге екі күн жүріп ертеңіне кешке келді. Азнабай базардан тиеп келгендей қуанып, бәйбішесі Сағила, тоқалдан туған екі бала, Нұрман бәрі жүгіріп, қарсы шықты. «Екі күн жүріп 6 теріні 20 қадақ бидайға әке-жәке деп зорға айырбастадым. Онда да өзіміздің тамыр Жәгерге, басқалары тіпті 10 қадақ бидай береді», Нұрманға қарап: «Мұны білген болсам, күзді күні бір жарым пұт астықтың орнына бір бесті берген болар едім»,– деді. Күздігүні Азнабай бір жылдың ақысына бір кәрі саулық пен бір жарым пұт астық берген еді Нұрманға. Соны міндет қылғандай болды. Шынында Нұрманның үйінің іші майды аузынан
ағызып отырған байлар ашығып жатқанда өлмей аман шығуы, осы бір жарым пұт бидай да бірсыпыра себеп болған еді. – Мынау қоңқиған ағашың не?– деді Нұрман мен бәйбіше Азнабайға қарап таңданғандай болды. – Бұл егін салатын сабан,– деді. – Бетім-ау, бұл не керек?– деді бәйбіше. – Мұнымен Нұрман егін салады. Жігер осыны апарып егін сал деп ақыл берді. Білмеймін не боп шығатынын. – Бұл біздің жерге жүре ме?– деді сабанның күрегін ұстап көріп Нұрман. – Жүргізіп көреміз. – Оған тұқымды қайдан табасың?– деп бәйбіше ұнатпаған пішін көрсетті. – Қазір қалған мал бұлды болмағанмен, бірер бұт тұқым алуға беретін зат бар ғой осы үйде,– деді. Бәйбіше ұнатпай тыржың етті де, қапшықтағы бидайды алып, үйге қарай жөнелді. Ертеңінде ағаш сабанға қотыр өгіздерін тіркестіріп жегіп қамыстының сайына келді. Азнабай мен Нұрман бірі өгіздің басын жетектеді, бірі сабанның тұтқасын ұстады, екі күн әуреленді. Тың жерге сабан батпады. Бұлар әдісін де білмеді, үйренбеген өгіздер жөнге де жүрмеді. Жердің жаңа көктеп келе жатқан тамырын жұлмалап қайтып келді. Ертеңіне Азнабай «Сарыөзек» қаласына келіп, Егорге сабанмен жер жыртқан әңгімесін сөйледі. Егор күлді де: «Сендер оны жаңа жерден жүргізе алмайсыңдар, ол ағаш соқамен ескі жұмсақ жерден жырту керек»,– деп Егор ақыл айтып, түсінік берді. Қайтып келген соң, Азнабай Егордан алған жұмсақ жерді жыртып, бір пұт тұқымды салуға Нұрманды шығарды. Бәйбіше егіншікің азығына арықтан өлген малдың төрт бәлек қақпыш ет пен үш-төрт қайнатым шай берді. – Бәйбіше, бір шөкім бидай салмаймыз ба?– деді Нұрман. –Дәмесін қара,– деп бәйбіше Нұрманға бажырая қарады. Нұрманда үн жоқ, бергенін алып шығып жүре берді. Ішінен «құдай бұл байға күн салып қойған соң, амалың бар ма? деп ренжіді. Өмірінде егін салуды көрмеген Нұрман, атам заманғы ескі, мұқалып тозған доғал ағаш сабан, көтеремнен жуырда тұрған қоңыр өгіз бен қара қасқа өгіз және жаздай қозы бағып, қыстай қазандықтың, шошаланың отын жағып, суын әкеліп, өне бойы далба-дұлба құрым болған, аяққолы қап-қара болып жарылған «тонды бала» топырағын бұрқыратып бес жылдай аударылмаған жер қыртысымен күресті. Бұған қарағанда, көгалға жылқыны, қойды, түйені қаптатып жіберіп, тор бедеумен ызғытып барып, қайырып тастап, тор бедеуден түсе қалып, көгалға аунап жүріп, мал бағу қазақ баласына еңбектің ойыншығы емес-ау, тұрмыстың серуені сияқты болып елестеді. Нұрманның көзіне ол кезде шынында солай көрінуші еді. Келесі күні бір пұт тұқымды шашып беруге Егор келді. Нұрман, Егор екеуі өз тілдерінде сөйлеп, бірінің айтқанын бірі түсініскендей болды. Егор махоркесін тұтандырып, сарғайып іс болған саусағына қыстырды да Нұрманның жыртқан жеріне қарап: – «Мына жыртқаның жарамайды, тіпті жарамайды,– Жердегі шашылған тұқымның біреуін қолына алып,– мынау шықпайды, тайыз жыртылған». Екі саусағын қатар қойып көрсетіп, тағы мынадай терең жырту керек деп түсіндірді. Нұрман түсінді. Егорді жетектеп апарып:
– Мынау өтпейді,– деп сабанның күрегін көрсетті. Егор: – Ничего, ничего, жарайды,– деп, Нұрманның жауырынынан қағып, махоркесін тағы бір сорып: –Жыртып үйрену керек, мына тұтқаны дәл қадап, ұстай білу керек,– деп, соқаның құлағын қалай ұстау керектігін көрсетті. Бес жылдан бері жыртылмай жаңа жерге айналған егіс мұңыл ағаш соқаға өте қиынға соқты. Түс кезі еді. Өгізді доғарьш, біраз оттатып, суарып кел деп тонды баланың алдына өгізді салып беріп, өзі арбаның көлеңкесіне қисайып отырды. Тонды бала дегеніміз Қайыр деген бір жетім еді, әкесі өліп, шешесі күн көре алмайтын болған соң байға тиіп кеткен-ді. Бұл Азнабайдың қол малайы. Ол өмірінде мата көйлек киген емес. Қысы-жазы үстінен бір жаман тоны түспеуші еді. Сондықтан оны ауыл адамдары «тонды бала» деп атап кеткен еді. Тонды бала өгізді оттатып, суға қарай беттегенде салт атпен Азнабай да егін басына келіп жақындай берді. Азнабай арбаның қасына келгенде Нұрман әрі шаршағандықтан, әрі қарны ашқандықтан, әлсіздіктен, әлгідей болмай көзі ілініп ұйықтап кетіп еді. Азнабай аттан түсті де, жақындап келіп, «Шошқаның талтүсте ұйықтап жатқанын»,– деп, Нұрманды теуіп жіберді. Нұрман шошып, басын жұлып алса Азнабай екен. – Теппей-ақ жай айтсақ да болмай ма, бізде адам баласымыз ғой,– деп ұшып тұра келді. – Неге ұйықтайсың талтүсте, адам қатарына қосылғың келген екен, шошқа!– деп Азнабай ақырды. – Ит болмасаң шошқасың!– деді тағы да Азнабай зекіріп. Нұрман бұрыла беріп: «Қап»,– деді. – «Қап» деп не қылмақшысың?– деп қамшысын билетіп ұмтыла түсті. Нұрман үндемеді. Енді бірдеңе десе, жанжал ұлғаятынын байқады. Ашудан Нұрманның өне бойы дірілдеп кетті. Ішінен «жағасынан алып езгілесем» деп ойлады. Бірақ арты жаман. Бұл жерде шамам келгенмен бәрібір ол маған ойына келгенін істейді, қазір өзін жоқтайтын адамның әлсіздігін ойлап, сабыр қылып өзін-өзі тоқтатты. Енді бірдеңе десе қамшының астына алайын деп тұрған Азнабай Нұрман үндемеген соң, білегінен қамшысын түсірді де: «Енді езбей жылдам бітір»,– деп зекірді де аттанып Сарыөзек қаласына қарай жөнелді.
Бұрын да Азнабай әлденеше қабат ұрып, ұрысқанда Нұрман қарсыласып үндемеуші еді. «Көп қуса батыр болады» дегендей бұл жолы бір екі ауыз сөзбен қарсыласып қалды. Тонды бала келісімен өгіз ағаш шанаға жегілді. Қолының бар қаруын, бір жағынан салмағын салып, сабанның құлағын мықтап ұстап, сабанның күрегін жерге терең қадауға, барлық күшін салды. Екі қары, иығы салбырады. Нұрман бар күшін салып сабанның күрегін жерге нығырақ қадап, егіздер тарта алмай тоқтап қалады, бостау ұстаса соқа беттен қалқиды. Бірнеше күн әуреленді, бір жыртқан жерді қайтадан жыртты. Бірақ қалай өткірлеу шамасын таппады. Сабанның күрегін ұстап тұрып: «Тап мына жерге өткір кетпен сияқты асыл темір орнатса»,– деп арман қылды. Осы құрал, осы азаппен бірнеше жыл Нұрман Азнабайдың егінін салды. Кейінгі жылдарда өзінің жақсы түсінбегенінен, ағаш соқаның күрегі өтпегендіктен бір жыртқан жерді екі қайтара жыртып салатын
болды. Азнабай шығынсып сатып алмағандықтан, темір соқа Нұрманның қолына түспеді. Нұрман бертін келе, жалғыз баласы Жақия ер жетіп, өзінің жалшылық орнын басқан соң, үй шаруасына айналып, кейде ширек десятина, кейде жарты десятина егін салып жүрді. Бір жыл екі тайыншасының біреуін беріп, Ковалев деген бай орыстан он соқаның ішінен «осы өткір соқа» деп біреуін таңдап алып еді. Міне, осы тәжірибелерді көрген Нұрман, соқа көрсе оның күрегін өткір, я өткір еместігіне қарайтын. Жыртылған жерді, әсіресе жаңадан жыртылған жерді көрсе, «шіркін-ай мынаны жыртқан соқаның күрегі қандай екен» деп бірсыпыра ойлап, өзінше талқылаушы еді. Жер жыртып жатқан адамдар кездессе, тоқтай қалып боразданы қараушы еді, бүкір саусақтарын жыртылған бораздаға салып, жіберіп: «Төрт елі, бес елі, азырақ тайыз,не тереңдігі жарайды» дегендерді өзіненөзі сөйлеп, жыртылған жердің тереңдігін өлшеп, оны бірсыпыра ойлап жүруші еді. Тіпті болмаса, жер жыртып жүрген адамдардың соқаның тұтқасын қалай ұстап жүргенін қарап, тамсанып тұрар еді. «Неге былай тікірейтіп жерге қадап ұстайды» деп ойлап тұрғанда: Нұрманның қолы сабанның күрегін жерге қадап ұстағандай болып қозғалыпқозғалып кетер еді. Қолының қалай қозғалып кеткенін жанында тұрған адамдар да, өзі де байқамай қалар еді. Мінекей, алпыс сегіз жасында колхоздың егістігінде жүргенде соқаның күрегіне жармаса беретіндігі шалдың бұрыннан еңбек тәжірибе санасынан туған ескі әдеті еді. Жиылыста, тамақ ішіп отырған қиын жерде Рақым мен Сабырдың сөйлесіп отырғанының үстіне кездессе, олардың сөздерінен бір жарықшақ шығарып алып, ойға келкейтін тапқыш сөздермен, кейде кекетіп, кейде жай қателігін айтып, жақтырмаған пішінмен түйреп ететін еді шал. Кейде Рақым мен Сабырдың сөзін қуаттаушылар: «Ай, шалым-ай, сен де бір кезде көресін сатып жүретін саудагер едің, Азнабай баласының сойылын да сорып едің-ау бір кезде,– деп, кейде сырттан, кейде өзіне де айтып салатын еді. Шынында жұрт бірдеңені біліп айтады ғой. Әйткенмен шалды жоғарғылардың бұлай кінәлауы бұл күнгі жұртшылық пікірге дұрыс не теріс келетінін ашу үшін, шал қалайша керосин сатып, Азнабай баласының қалайша сойылын соққанын, қысқаша оның өмірін таныстыра кетелік, Нұрман шал өмірінде екі ақ байға жалшы болды. Алғашқысы – сегіз жастан бастап, жиырма екі жасқа дейін он төрт жыл Көкбай деген байға жалшылықта тұрды. Сонан жалғыз баласы Жақия ер жеткенше отыз жылдан артық Азнабайға жалшы болды. Азнабай «тақыр қояннан» кейін қайта байып бұрынғы қалпына түсе бастады. Бертін келе, үлкен баласы Жамантай ержеткен соң, сауда кәсібімен айналысты. Азнабай ол жылдары толықсыған сол елдегі алдыңғы қатардағы байлардың бірі еді. Бұрын жалшылықта, қара жұмыста жүрген Жақия өзінің зерек пысықтығынан байдың атарман-шабарманы болып, істеген ісінің бәріне де адал, тыңғылықты болды. Кейде Жамантайдың божысын ұстап жәрмеңкелерге баратын Жамантайдың сенімді жолдасы болып алды. 1910 жылы болса керек, Жамантай сүзек ауруынан қаза тапқан соң, Азнабайдың сауда жұмысын Жақия жүргізе бастады. Енді Жақия Азнабайдікіне жалшылық ретінде жүруді қойып, Азнабай ақшасын пайда ортаққа ұстап, мал мен сауда қылатын саудегер болды. Сол кезде үйдегі бір-екі қарасын бағып, үй жұмысына
айналысқан Құрекеңнің шаруасы түзеліп, кісі түсетін орта шаруалы үй болып қалды. Міне, осы кезде Нұрман жаз егін салып, шөп шапты. Қысты күні қарап отырмай қоңыр шолақ өгізбен дуаннан керосин әкеп, кейде ұн әкеп елге қыдыртып жүретін. Керосині біткен үйлер «Құрекең қашан келеді» деп күтіп отыратын. Сөйтіп жүргенде Нұрманның жалғызы жардан құлап, 1919 жылы күздікүні Жақия сүзек ауруынан қаза тапты. Кемпірі Балжан, келіні Жамал екі немересі Гүлсім мен Сәлім, ортасында соларды асырайтын еңбекші болып, Құрекең қалды. Жақия өлгенде, Гүлсім екі жаста, Сәлім іште қалған еді. Осыдан кейін Нұрман бейнеттің қамытын қайта киді. Жақия өлген соң бір айдан кейін, Жақияның сол кезде бес жүз сомға алған аты шулы қара кер атын және алты жасар атан өгізін балаңда аласым бар деп Азнабай ұстатып алды. «Өзімнің отыз жылдан артық, баламның жиырма жылдан артық еңбегінің қадірін біліп, бағаламады, бұл итке енді құдай күн салмасын»,– деп жазғытұры Нұрман келінінің төркіні Салықтың қасына көшіп кетті. Кеңес заңы орнай бастаған соң, кейбіреулер Нұрманға «Азнабайдан өзің мен балаңның еңбегін даула» деп ақыл айтты. Оны келіні Жамал да қостады. Бірақ Нұрман мұның мәнісіне анық түсіне алмады. Екінші жағынан Салыққа ақылдасып еді, Салықтың: «Ай, құдай, қойсайшы, оған сенің шамаң келмейді ғой»,– деген ақылына тоқталып, ақы даулап шағым бере алмады. Бұл кезде Нұрман кедейленіп, малдан айырылып, құдасы Салыққа масыл бола бастап еді. Салық Нұрман көшіп келген жылдары орынға бие берем деп екі биесін соғымға сойып алып, дәнеңе бермей Нұрманның малын олжа қылса да, енді залалы тиетін болған соң, безуге айналды. Бір күні Салық баласын Азнабайға жіберді. «Нұрман өзім мен баламның Азнабайдан елу жылдың еңбегімді даулап, дуанға барам деп отыр. Мен сіздің алдықыздан өтейін деп бір жолға тоқтатып отырмын, ағайыншылық ретінде не айтасыз деп хабарландырып отырмын»,– деген әкесінің тапсырынды сөзін айтқызды. Жалақы даулағандар қиратып алып жатқан кез, мына хабарды естігенде Азнабайдың жүрегі тас төбесіне шықты. Салыққа арнап хат жаздырып, менің малым Нұрманның ез малы, кешіп келсін. Бірге ішіп-жесін, атап беліп алам десе тағы өзі білсін. Осыны айт. Кешіріп алып кел деп көршісі Сәрсембіні жіберді. Нұрман мен Жамалдың қайта көшіп барғысы келді. Азнабайдың жанына қайта кешті. Көшіп келісімен сауынға бір сиыр берді, кымыз ішіп, ет жеген сайын Кұрманды шақыратын болды. Сырттан қараған адамға Нұрман сол үйдің төрінде отыр, ауылдың бір қадірлі ақсақалды сияқты болды. Шынында олай емес еді. Бәйбіше бұрынғысындай Жамалды мал сауысуға шақырып жұмсамақ болып еді, Жамал көнбеді. Тіпті анда-санда болмаса Азнабайдікіне кірмейтін еді. Осы қалыппен үштөрт жыл өтті. Жайлаудағы жаздың жәйлі бір тынық түні Нұрман мен Жамалды бәйбіше етке шақырды. Ас ішілді, басқа жұрт тарады. «Баяғы айтқан уәдемді орындай алмай келдім» деп Азнабай бірсыпыра майда сөздерді айта келіп: «Басқалар да алып жатқан мал қайта еңбектерін сіңген сендерде болсын, ортақ мал ғой, төрт құлынды бие, бір ат, бір дөнен, екі өгізді өз малым деп түстеп иемден, ауылнайдан карточкесін де бірдеме қылып алып берермін. Тіпті ен салып койсақ да мейлің»,– деді Азнабай мен бәйбіше. Кіші баласы Қажы: «Еңбегіңіз сіңген адамсыз ғой, тағы да қарап тұрмаспыз»,– деді, Нұрман мұнысы қалай деп
таңырқады, ішінен азырақ қуанғандай болды. Бір жағынан «осы шын айтып отыр ма?» деп күдіктенгендей болды. Ішінен бұлардың бір бұлтағы бар шығар дегенмен, «Жарайды, мұныңызға рақмет, Азнеке!–деп Құрекең разылық пішін көрсетті. Ертеңіне Азнабай Нұрманға малды түстеп көрсетіп берді. Азнабайдың мал бергені астыртын жайыла бастады. «Мұнысы қалай, Нұрманды жарылқағаны не себепті екен» деп естіген жұрт та таңырқасты. Сол кезде Ақкөлден Хасен келіп жатқан еді, бір күні Құрекең жоқта оңашада Хасен Жамалмен ұзақ сөйлесті. Кешке жатар мезгілде: – Ата,– деді Жамал. – Келін қарағым, не айтасын,– деді Құрекең. Жатыр еді, басын көтерді. Жамал жасырын сырдың қандай екенін ашып, Құрекеңнің алдына салды. Конфискенің хабарын берді. Біраз ойланып отырып Құрекең: – Солай ма екен? Өзім де жай емес шығар деп ойлап жүр едім. Қалайда кедейлерге теңдік тиетін заман болған шығар деп жүр едім, келіп жатса екен ғой,– деді. – Әйткенмен, ата, үндеме. Әзірге сыр білдірмейік оларға,– деді Жамал. – Бергенін алып кетпесе, кезінде көрермін,– деп елде өзінің, әлде басқаның сенімді күшіне сенгендей болып, Құрекең қайта қисайды. Ауыл Жарықкелдің басында еді. Жаздың жәйлі жайлауы болса да, жайлаудағы елдің көбі жайбарақат өмір керегін істеп күндегідей қозғалып жүрсе де, бүгін Азнабайдың үйінің ішінде, сыртында біреу қайғырған, біреулер әдіс-айланы аңдыған у-ду, у-шу күндегідей емес ерекше бір қозғалыс. Мал санай келген өкіл адамдардың аттарының басы тоқтайтын арбаның жанында әдейі біреуді күткендей, бір нәрсе ойлап Құрекең тұрды. Кепкесінің айналасынан ұйысқан жүндей қара шашы дударлана шыққан қара жігіт, арбаның жанына келіп аттан түсе берді. Бұл Азнабайды конфискелеу жұмысын басқара келген өкіл Орынбай деген жігіт еді. – Сізге бір ауыз айтатын сөзім бар еді,– деді арбаның жанында тұрған Нұрман. – Орысша ма?– деді Орынбай. Кішкене ойланғандай болып, бүкір саусағымен сақалын бір сипады да: – Көп сөз емес, сонда да жасырын еді. – Ендеше,– деп өкіл оңашалау тартылған арбаны жағалай берді. – Жолдас, мен сөзге шорқақ адам едім, көп сөйлеп жайымды айтып басыңды қатырмаймын. Жайымды білгіңіз келсе, осында белсенділер және өлген жалғыз баламның әйелі бар солардан ести жатарсыз. Менің айтайын дегенім,– деп азырақ бөгеліп, ойланып,– мынау Азнабайды жек көруім я жақсы көруім ол өзіне бір басқа әңгіме, бірақ мен көңіліме ұнамаған арамдық қулықты біле тұра жасырып тұра алмайтын әдетім бар еді,– деп тағы да азырақ бөгелді Нұрман. – Иә, отағасы, ол сезген арамдық дегеніңіз не?– деді Орынбай үңіле қарап Құрекеңе. – Оны әлі кезінде айтармын, тіпті соны құдайдан жасырмағанда адамнан жасырайын ба, сол әлгі Азнекең мені бірдеңе біледі деп менен сұра дегендей болса, өзінің көзінше, тіпті сол жұрттың көзінше айтайын. Дәуірі жүріп тұрғанда қорқып қорғалағаным да жетер, енді ажал жетейін деп тұрғанда несіне қорқайын,
әбден қатын болып-ақ өмір өткіздік қой,– деп Құрекең өмірдегі бірінші ерлігін көрсеткендей. болып, соңғы сөзін нығарлай сөйледі.
Үй ішінде он бес шақты адамдар отыр. Көпшілігінің кескіні мұртынан күлген, біразы кабағын қарс жауып үмітсіздікке салынған сияқты еді. Түсін, санын атап: – Мына малдар кімдікі? – деген Орынбайдың сұрауына жұлып алғандай: – Нұрмандікі,– деп жауап берді Азнабай. – Қалай онікі?– деп Орынбай қадала түсті. Азнабай баласы екеуі қосарлана сөйлеп, қалайша Нұрмандікі болғанын, өздерінше түсіндіріп, сөзінің аяғында «сенбесеңіз, Нұрманның өзінен сұраңыз» деп дәлелдеп қойды. – Олай болса шақыр Нұрманды,– деп ауылдың кеңес ағасына бұйырған болды Орынбай. Әлгідей болмай Нұрман да келіп кірді. Нұрман келгенде, үй ішіндегі адамдар екі тарап болып отырғандары байқалды. Біраз адам саба мен Азнабайдың төсегінің арасына ұйлығып отыр. Кескіндері қорқып, сасып ығысқан адамдар сияқты. Екінші жақтағы көпшілік аналарды ұстап алуға ыңғайланып «ә бәләм, қолға түстің бе?» дегендей, шабуыл жасап отырған адамдар сияқты еді. Орынбай шылымын сорып, түтінін будақтатып – Азнабай пәлен уақытта мынадай малдарды сізге бергем, бұл малдар Нұрмандікі дейді. Бұл малдар сіздікі ме еді, отағасы? деді. – Шырағым-ай, осы Азнабаймен бірге жасастым. Тіпті жамандыққа қимаймын да. Бірақ осы Азнекеңнің өтірік айтып алдағанына, тіпті сіз сияқты жап-жақсы жігіттерді алдағанына күйемін. Сөзін қаттырақ шығарып:– «Бұл, бұл ма? Ойлап отырсам, Азнабай мені талай алдады ғой, жалғыз баламның беті жасырылмай жатқанда, жалғыз атын ұстатып алды ғой. Не көрмедік. Сонысына қарағанда тіпті мұны аяғың келмейді. Ол жағы былай тұрсын, мен өмірімде өтірік айтып көрген кісі емеспін, шынында Азнабай маған бірде мал берген жоқ. өзімнің маңдайыма біткен бір сиыр мен бір тоқтылы қойым бар,– деді Нұрман. Азнабайдың өңі қашып, жағы суалып: – Апырмай, Құреке-ай, саған не боп кеткен, құдайың қайда? Шыныңды айтсайшы,– деді. Сөйдегенде есіктен Жажал да келіп кірді – Қазір жанымда құдай бар, жоқ екенін білмеймін, осынша жұртты сен алдады деп мен алдай алмаймын ғой,– деп әдетінше бүкір саусағымен сақалын сипады Нұрман. Азнабай көтеріңкіреп: Сол малдарды саған бергенімде, сенікі екендігін жұрт біледі ғой, мына ауылнайлардың өзі де біледі ғой, қалай танысың?– деді. – Иә, жұрт білсе біледі. Әнеугүні маған бердім деген торы атты Сарыөзек қаласына барайын деп ұстағанда: «Қызыл май болады, мінбе» деп бергізбедің ғой. Менің атым болса, онда сенің не жұмысың бар еді? – Апырмай, Нұрман-ай, сол малдардың карточкелерін де алып бердім ғой, оған не дейсін, оны мына ауылнай да біледі ғой,– деп үмітті көзімен ауылнайға қарады. – Малдың карточкелерін сізге бергені рас па,– деп өкіл Нұрманға қарады.
– Біреуін беріп еді, сол нетіпті...– деп Нұрман күмілжіді. – Маған бір ауыз сөз беріңізші, жолдас,– деді Жамал жаулығының шетін жағына қыстыра беріп. – Айтыңыз! – Айтсам, біздің мал жайды мына белсенділер біледі. Шалдың күмілжіп отырғаны малдың карточкелерін ұрлатып алып, сасып отыр. Оның мәні былай: кедейдің үйінде тісі бүтін сандық бола ма, әнеугі кезде конфиске болмайтын болыпты деген бір лақап шыққан кезде, үйде кісі жоқта аузы ашық сандықты ақтарып карточкедерді өздері ұрлап алып отыр. Ұрлағанды сырттан көрген адамдар да бар, бірақ бетбе-бет айғақ бола алмай отыр. Егерде карточкелерді ертеп жібермесе, осы үйдің бір жерінен шығар еді,– деді Жамал. Орынбай жанындағыларға қарап, орысшалап екі ауыз сөзді айтты да, жолдастарымен бастарын изесіп, тінтуге кірісті. Тінту ұзаққа созылған жоқ. Әуелі үй іші адамдары қара бастарын тінткенде, Азнабайдың мәнісінің табанынан карточкелер сопақ етіп табыла кетті. Нұрман ашулы түспен Азнабайға қарап: – Ай, Азнабай-ай, жауыз-ақ екенсің-ау, сенің құдайың қайда осынша жұртты алдап, енді өз обалық өзіңе,– деп Нұрман тұра келді. – Енді сіздің жұмысыңыз бітті. Тағы сөйлесерміз, ұмытпаспыз сізді, үйіңізге барып, жата беріңіз,– деді Орынбай жылы сөзбен. Шығуға ойланып, қолын Азнабайға таман шошайтып: «Осының малын, жанын елу жылдай бақтым. Бүгінгі күнге дейін осының малының, жанының тілеуін де тілеп келдім, тіпті соларым ағат та болған сықылды көрініп тұр, біз қараңғы адам ғой, тағдыр солай жазған шығар деп ойлаушы едік, тегі солай емес-ау деймін»,– деді. Елу жыл кейде қарсыласып, көбіне қорғалап, бірге жасасқан Азнабаймен ренішті түрде ақтық айрылысып, үйіне келіп, өмірдегі бір тыным демалыс ұйқысына, жанбасын тесетін сырмақ, тесегі, томар сияқты түйдектелген қатты жастығы бір түрлі жанына тиышты болып, күндегідей бірде аунақшымай қалай ұйықтап кеткенін Нұрман сезбей де қалды. Күн артынан күн туып, тартыстан күрес туып, өмір алға қарай өзгеріп зырлай берді. Сол тартыс өмірдің толқыны – бұл күнде қаусаған шал Нұрманды, колхоздың мүшесі ғып, оның көлігін бағуға айдап шығарған еді. Күндіз қосты, түнде көлікті бағатын шалымыз, бүгін де қосты бағып әдетінше қоста қалған артың соқаның күрек, пышақтарын шыңдауға кіріскен еді. Түс кезінде күн бұлттанып, түнеріп, жауын сіркелеп тұр еді. Бір мезгілде күн жарқылдап, өте қатты шарт етті. Шал селк етті. Әдетінше «алла!» деді. Осының салдарынан алла есіне түсті. Өлім, ақірет, тамық, жұмақ, күнәкәр, шапағат сияқты ескі ұғыныстар бірінің артынан бірі тізбектеліп келе берді. Ақыры өзінің бұрын құлшылық қып намаз оқығандығы, бұл күнде оқымай келгендігін ойлады. Біраз ойланып отырды да, өзінен өзі «Осы кұдайға құлшылық дегеннің өзі не боп барады? Елу үй колхозда төрт-ақ кісі намаз оқиды екен. Бұлар Шаймерден қажы, Қожекенің бәйбішесі, Айтпан молда, өзіміздің екпінді Рақым. Тағы Рақым келіп килікті. Өзіндей өзге жұрттың бәрі намаз оқымайды, Рақымның намаз оқитыны қалай? Осы егін салып жүрген отыз-қырық адамның ішінде жалғыз Рақым ғана намазын
қаза қылмай оқиды. Жер жыртып жүргенде көлігін тоқтатып қойып, намаз оқып жатқаны. «Бұл қалай»,– деп бірталай ойлап отырды. Мұндағы «бұл қалай»– дегені: комсомолдардың жиылысын тыңдап тұрғанда бір комсомолдың байлар, қажылар, молдалар, сопылар еңбекшілерді алдау үшін діншіл болып намаз оқып, ораза ұстайды дегенін естіген еді, сол есіне түсті. Сол үшін кешегі бригаданың жиналысында жұрт өзін мыштай қылды ғой. «Енді мұндай салақтығымды қоям» деп уәдесін беріп, пластаны нашар тырмалағанын мойнына алды. Жиылыс ендігәрі мұндай істесе зиянкес деп колхоздан шығарамыз деп ақтық ескерту мен сөгіс бергенде, қайтеді олар?» деп ойлады ақырында Нұрман. Кайтадан күннің шатырлағанын, алдында жақындап тұрған өлімді ойлап, «осы қалай өзі, намаз оқығандардікі дұрыс па, жоқ құдайға құлшылық қылмай, намаз оқымай жүргендердікі дұрыс па?»,– деп біраз дағдарып отырды. Біраздан кейін өзінің намаз оқып жүрген кезін ойлады. Шынында Нұрман өмірінде елу жылдай намаз оқып, ораза ұстады. Бұл баласы ер жетіп, өз үй шаруасына айналып, рақаттана бастаған дәуірден бастап, Азнабайды конфискелеген кезге дейін еді. Осы байларды қалай артық жаратып, оларға мал, бақ беріп отыр деп сенген сенімінің конфискеден кейін іргесі сөгіле бастаған еді. Осыдан кейін «құдіреттің күшіне» шек келтіргендей болып, бұрынғы оқып жүрген намазды салақсыта бастап, бертін келе тіпті қойып кетіп еді Нұрман. Манадан бері ойланып отырған шал: «Моллалар, ескі сопылар, «құдайдан тілегеннің екі бүйірі шығады, адамнан тілегіннің екі көзі шығады» дейді. Осынысы тіпті бекер-ау. Қайта адамнан тілеп, адамды алдағандардың екі бүйірі шығады да, құдайдан тілеп қарап отырғандардың екі көзінен сорасы шығады. Міне өсиет. Рақым колхозға кірмей үйінде намаз оқып, бар кәсібі өсек айтып көріп еді, аштан өлуге жаны шығып бара жатқан соң, жалынып жалпайып жүріп, колхозға кіріп екпінді болып жүр. Кәзір еңбексіз тамақ жоқ,»– деп, тағы да Рақымды өзінше бір тексеріп етті. Шал осы қортындыларға келіп отырғанда, балалардың қосылып былай деп өлең айтқаны естілді: «Біз қыран, жас ұлан ! Қызыл ту қолымда Құрметтеп бас ұрам Лениннің жолына!» – деген дауыстардың ішінен Гүлсімнің өзгеден ерекше қоңыраудай сылдыраған таныс даусы естілді. Балалар мектеп егінін бітіріп, бітірген табысына қуанышты әндер салып келе жатқан еді. – Ой, қарақтарым,– деді шал, жүрегі жыли. Сәлім аталап жанына келгенде: – Қарағым, не деп өлең айттың,– деді шал. Сәлім дауыстап: «Құрметтеп бас ұрам Лениннің жолына» – деп айттым деп күлді. Шал Сәлімді бір қолтығына, Гүлсімді бір қолтығына қысып тұрып: – Қарақтарым ұрпағым, мен сендердің жолыңа бас ұрам,– деді шал. – Біз Ленин жолындамыз ғой, біздің жолымызда болсақ – Ленин жолында боласыңыз ғой, ата!– деді Гүлсім күліп.
– Сендер Ленин жолында болғанда мен болмаймын ба? Тіпті, оны айтасын, мен сендерден бұрын Ленин жолындамын,– деді қарт Нұрман. 1984 ж. Орал
АНА ҚҰШАҒЫНДА Мерген «қара үңгірдің» биігіне шығып, жан-жаққа қарап, туған жерін танығанда, болаттай берік жүрегі азырақ елжіреп, көңілі босағандай болды. Өйткені ол туған жерін сағынып келіп тұрған жоқ, сегіз жыл бойына зарлап, көзі көр болған, туған анасына өзінің тірі екендігін көрсетіп, бір қуантып кету үшін келе жатыр еді. Бұл уақыт – 1918 жыл август айының орта кезі, кешкі екінді мезгілі еді. Мерген аттан түсті де күрең қасқаны шалдырып, күн батып іңір болғанша отырды. Сол маңдағы жер де, көл де, ел де Мерген отырған жерден анық көрінуші еді. Анау Қамыстыкөлдің басында отырған екі ақ ауыл баяғы қалпы, өзіне белгілі жаудың ауылы. Одан үш шақырымдай оңтүстікке қарай Найзатомардың басында отырған қараша ауыл Мергеннің өз ауылы. Жердің қалпы бұрынғысындай көрінсе, елдің ұзын ұрғасы да бұрынғы қалпында көрінді. Анау өзіне жау болған екі ақ ауыл болмаса, оның қарасы өшкен болса, қараңғы түскенін күтпей-ақ тапатал түсте келер еді. Өйткені Мерген қашқын. Бұдан екі ай бұрын Р. қаласындағы ақтардың түрмесінен қашып шығып, жасырынып жүрген адам. Мергеннің бұл сапары қазақ елімен жүріп отырып, Орынбор не Қостанай арқылы ішкі Ресейге, қызылдарға өтпек. Бұл елдің маңына келген кезде, анасының балам деп зарлап отырғаны есіне түсіп, елге бетін еріксіз бұрған еді. Анау Камыстыкөлдің басында отырған екі ақ ауылға қарап отырып, Мерген бірсыпыра ойланды. Ол өзінен өзі, иесіне олардан қауыптанам, азар болса «большевик» деп ақтардың қолына ұстап берер, ел ішінде өлтіріп тастай алмас, бізге енді ұсталу, қашу деген үйреншікті іс болды ғой, соған бола әдейі бұрылып келген сол, анамның жүзін көрмей кете алмаспын» деп ойланды да, күрең қасқаның ауыздығын салып, айылын тартып, мініп алды. Іңір қараңғысы қоңырланып түсе берді. Мерген Найзатомардың басында отырған қараша ауылға қарай тура тартты. ІІ Қараша үйлердің шаңырағынан, есігінен, жыртығынан оттың жарығы жылтжылт етеді. Аспан бұлт еді. Күн батыстағы ақ таңдақты жауып қараңғыландыра берді. Ауылды айналып келе жатқан Мергенге қараша үйлердің түрін көрсетпей тастады. Мерген жарықта көрсе де тани қоятын емес, ауыл бірсыпыра өзгерген еді. Шеттегі ауылдан өтіп, «біздің ауыл осы шығар» деп келе жатқанда Мергеннің алдынан бұзау жетектеген екі бала кездесе кетті. Балаларға жақындап келіп: – Қарақтарым, Нұржан үйінде ме екен, білдің бе?– деді. – Бағана күндіз үйінде жүрген,– деді балалардың бірі. «Байғұс тірі екен ғой»– деді ішінен Мерген. Мерген ауылды жағалап келеді. Ауыл бұрынғы қалпынша болса, алқа қотан отырған ауылдың алдыңғы қатарындағы үйлердің оң жақ шетінен санағанда екінші қараша үй өзінікі, бесінші қараша үй Нұржандікі еді. Мерген мал қараған адамша ауылды бір ақталды да
кейін бұрылып, қаз-қатар отырған қараша үйлерді санап, бесінші үйдің жанынан келіп тұрды да, жайбарақат дауыспен: – Нұржан ағай, шығып кетіңізші,– деді. – Нұржандікі оң жақтағы алдыңғы үй,– деген мосқалдау әйелдің даусы шықты. Нұржандікі төртінші үй боп шықты, әйел нұсқаған үй жанына келіп тұрып: – Нұржан ағай үйде ме?– деді Мерген. – Иә, үйде,– деген Нұржанның даусы шықты. – Ағай, шығып кетіңізші, азғантай ғана жұмысым бар еді. Нұржан үйден шыққанда, Мерген аттан түсіп жанына жақындап келген Нұржанның қолын ұстады. «Сен кімсің?» деп тесіле қараса да, қара көлеңке Нұржанға Мергеннің кескінін танытпады. Жарықта да тани қоюы қиын еді. Өйткені жыл жарым түрмеде, бес жыл ұдайымен каторгада ауыр жұмыста, бір жыл бойы жаяу жалпы қашуда, жыл жарым партизан қатарында соғыста, алты ай және түрмеде болған және қашуда жүрген адамның кескіні соншама өзгеруі өзінен өзі белгілі ғой. Атын жетектеп бұрыла беріп: – Бері жүріңізші, азырақ сөйлесейік, содан кейін танырсыз,– деді Мерген. Біраз жүріп барып тұрғаннан кейін Мерген: – Мені рас танымай келесіз бе, ағай?– деді. – Шырағым, танымай келе жатқаным рас,– деп бетіне үңілді, тіпті көрген адамдарына ұқсата алмады. – Танымасаңыз мен – Мерген,– деді. – Не дейсің, жаным-ау! Қай Мерген?– деп, Нұржан сасқалақтап қалды. – Кәдімгі баяғыда айдалып кеткен өзіңіздің ініңіз Мерген боламын. – Қой шырағым, мені күлкі қылайын деп отырған қулардың бірі шығарсың, тіпті даусың ұқсамайды ғой,– деп Нұржан түксие қалды. Шынында, Мергеннің даусы да бірсыпыра өзгерген еді. – Ағай, ініңіздің бетінде не белгісі бар еді? – Оң жақ маңдайында қап-қара меңі бар еді,–деп көңілі азырақ елжіреп, жүрегі лүпілдей бастады. Мерген жалма-жан тымағын жерге алып қойды да, қалтасынан сереңке алып, тартып жіберіп, жарықты бетіне ұстап: – Ал, қараңызшы, таныр ма екенсіз,– деп, Мерген азырақ жымиып күлді. – Апырау, апырау! Ұқсайды... Тап сол Мергеннің қара меңі. Жаным-ау!.. Екі беті қып-қызыл нарттай толықсыған бала еді ғой, бет-аузы түксиген қара мұрт, екі жағы суалған. Сұр жігіт... Бұл кім? Мергенмін дейді. – Сол інің Мерген мен, мен тірі келдім. Нұржан дауысын қаттырақ шығарып: – Ой, бауырым!– деп Мергенді құшақтай алды. – Ағай, даусыңызды қатты шығармаңыз, сабыр етіңіз. Апам тірі ме? – деп Мерген күрсінді. Нұржан еңкілдеп жылап: – Тірі, қарағым, тірі. Қарағым-ау, кектен түстің бе, жерден шықтың ба? – Ағай, сабыр қылыңыз мен сіздерді, апамды қуантайын деп, өзімнің тірі екендігімді керсетейін деп келдім. Осы маңда менің дұшпандарым әлі бар көрінеді. Менің келгенімді дабыра қылмаңыздар, бірер күн болам да кетем, мен
ұзақ сапарда жүрген адам, мүмкін болғанша менің жауларым сезбесін,–деді Мерген. Бұл сөзге шала түсінген Нұржан: – Не дейсің, қарағым? – деді. Жаңағы сөзін қайталамай Мерген: – Апама барып хабар беріңіз, бірақ даусын шығарып жыламасын және мен келді деп көршілерге хабар бермей-ақ қойыңдар, өйткені өзіңе белгілі, осы маңда менің дұшпандарым бар ғой, ұқтыңыз ба, ағай?–деді. Бұл сөзден әлденені азырақ аңдағандай болып «жарайды, қарағым, жарайды», – деп Нұржан тұра жөнелді.
Атын жетектеп үйіне қарай келе жатқанда, бір жас жігіт жүгіріп келіп «ағатайлап» құшақтай алды. Бұл Мерген кеткенде он бір жасар қалған інісі Ержан еді. Сол шығар деп болжап: – Қарағым, Ержанбысың?– деді Мерген. – Иә, ағатай,– деп елбелектеп алдына түсе берді. Мерген үйге кіргенде, қарт ананың екі көзінен жас парлап құшағын жайып, егіліп тұр еді. Сегіз жыл еңіреген ананың құшағына Мерген кіргенде ананың тізесі бүгіліп, талықсып құлай берді. Мерген қолтығынан сүйей берді, әдейі даусын шығармады ма, болмаса даусын шығаруға шамасы келмеді ме қарт ана ақырын «құлыным, құлыным» деген сөзге ғана тілі келіп, құшағын Мергеннен жазбай, тізесін бүгіп, отырып еңірей берді. Соншама ауыр азапты, соншама қорлық-зорлық көрген, өмірінде көзіне жас алмаған Мерген ананың құшағына кіргенде, көзінен жас парлап кеткенін өзі де байқамай қалды. Қара тасты балқытқан ананың жүрегі Мергеннің жүрегін де балқытып, елжіретті.
Есті ананың жүрегі жарылмады. Қуанғаннан, сағынғаннан елжіреген жүрек, парлап аққан көздің жасы бірсыпырадан кейін басылды. Есін жиып, көзін сүртіп Мергеннің тұлғасына үңіліп қарады да: – Енді бүгін өлсем де арманым жоқ,– деді ана. Күңкілдесіп, сөйлесіп-мұңдасып ұзақ отырды. Жатар мезгілінде Мерген Нұржан мен Ержанды далаға шығарып алып оңаша ұзақ сөйлесті. Мерген өзінің ұлы сапарда жүрген бар сырын айтты. Бір-екі күн ғана болып кететіндігін, бұл ауылдың өзіне пана бола алмайтындығын білдірді. Анау ақ ауылды қолымен нұсқап: – Бұл иттер баяғы қалпы, бұларға сенуге болмайды,– деді. – Мен не айтайын, қарағым, өзің білесің,– деді Нұржан. «Қарағым,– деді Мерген Ержанға қарап,– сен менің атыма ие бол, оттат, тықайт, шынын айтқанда, өзім қолға түссем де атым, ер-тоқым сайманым қолға түспесін, өзім қолға түссем босануым онша қиын болмас ат-сайманым қолға түссе тауып алу қиын болып, қанатым кесіліп қалар, жұрт жүрмейтін жерге апарып оттат, түнде ауыл жатқанда келіп хабарласып тұрарсын, қарағым,»– деді. Шынында, күрең қасқа ердің серігі және ұшқыр қанаты еді. Обь қаласындағы ақтардың түрмесінен қашып шыққанда жолдасы Василий Иванычтың тауып берген аты еді. Мерген таң әлетінде түрмеден қашып шығып жардың жағасындағы кірпіш сарайда тұратын жолдасы Василийге келген. Василий Иваныч Мергенді көрген соң, қатты қуанып: «Жарайды, ерім, бірақ бұл жерде паналап тұруға болмас»,– деген. Екеуі біраз ақылдасып, сөйлескеннен кейін, Василий Мергенге біраз күн ел
ішіне кетіп жасырынып жүруді мақұл көрген. Тағы да Василий сөзін бастап: «Сенің поезбен кетуің де, не жаяу кетуің де қолайсыз, екеуі де қауіпті, қолға түсіп каларсың, мен саған ертең кешке дейін бір ат таптырып берейін, сонымен шығып кетерсің. Сен мына жарты бөлке нанды ал да, Обьтың жағасындағы таудың ішіне барып жат, ертең түнде бір соғарсың,– деді, Жарты бөлке нанды алды да, Мерген талдың ішіне қарай сіңіп жоқ болды.
Таңертең ерте тұрып, Василий шығып кетті де ұзын бойлы, үсті-басы алқамсалқам еңгезердей сары жігітті үйге ертіп келді.
Батыр, сен бүгін түн ортасына дейін бір жақсы мықты ат тауып бере аласың ба? Бірақ ер-тоқымымен болсын,– деді, Василий еңгезердей сарыға қарап тұрып. – Әбден болады, оның несі бар, мен тіпті Королевтың күрең қасқасын әкеп берейін,– деді ол. Күрең қасқа Королев деген байдың екі жылдан бері алдына мал салмаған жүйрік аты еді. – Мейлің, соны әкелсең тіпті жақсы, бірақ сенімді ат болсын,– деді Василий. – Оны қай жерге әкел дейсіз? – Түн ортасынан арман қарай көпірдің ар жақ бетінен күтеміз. – Жарайды,– деп қол алысып, еңгезердей сары шығып кетті. Түнде жатар мезгілде Василийдікіне Мерген келіп бірсыпыра сөйлесіп отырды. Біраз отырғаннан кейін ат әкелетін жерге баруға дайындалды. Шығайын деп тұрғанда Мерген тұрып: – Василий, менің жанымда ешбір белгі қағазым жоқ қой, ол қалай болады,– деді. Василий аз ойланып тұрды да: – Ә, солай екен-ау, айтқандайын документтен айрылғансың ғой. Мен саған бір белгі қағаз берейін, бірақ сақ ұстарсың, өзге қағазды жолшыбай тауып аларсың,– деді. Терезенің кәсегінің астынан төрт бұрышты кішкене қағазды алды да жазды: «...Бұл жолдас Мерген Қожақов 1917 жыл декабрь деп жазды да, өзінің партияның адамдарына белгілі қолын қойды. Мерген мен Василий көпірдің ар жақ бетінен бір сағаттай күткен мезгілде, ат жетектеген бір адам көпірден өтіп келе жатты. Ол көпірден шықты да ысқырды. Аздан соң бұлар да дыбыс берді. Еңгезердей сары жігіт күрең қасқаны әкеп, Василийдің қолына ұстатты да жүре берді, ол ұзап кеткен соң: – Ал, жолдас,– деді Василий,– енді қош айтысамыз. Қоштасардағы бір ауыз сөзім: мен бұл қаладан еш қайда шыға алмаймын, мен осында отырып, партия ұйымының жұмысын және жұмыскерлерді ұйымдастыру шараларын жүргізем. Партияның маған тапсырған міндеті осылар. Сен менімен каторгадан қашқаннан бері, яғни төрт-бес жылдай жолдас болдың, мен сені тәрбиеледім, сол үшін мен сені ұмытпаймын. Ол үшін сен партияның міндетін ұмытпа, революция жолына қызмет істе! Енді мұнда қайтып орала алмасақ, көп кешікпей қызыл ерлерге қосыларсың, қош,– деп Мергеннің қолын алды. – Ұмытпаймын, жолдас! ¥мытпаймын,– деді де, Мерген күрең қасқаға мініп алып, алашабыр бұлт басқан айдың қара көлеңкесі астына қарай жылжып, жүріп кетті. Содан бері күрең қасқа Мергеннің сенімді серігі, ұшқыр қанаты болып еді. Таңға жақындаған мезгілде Ержан ауыл тегіс жатқан соң келіп, Мергенмен хабарласып, сөйлесіп жүрді. Ертеңінде-ақ өз ауылы Мергеннің келгенін тегіс
білген еді. Бәрі де келіп амандасты. Біреуі шай қайнатып, біреулері ет асып, мал сойын шақырды. Сонымен Мерген ауылда үш-төрт күн жатып қалды. Мергеннің кескін түріне, киген киіміне, сөйлеген сөзіне көргендердің бәрі де таңырқасты. Жап-жас балғындай жігіт соншама өзгерген десті. Бір күні ауыл жатар мезгілде Мергенге Сарыбас келді. Ескі досты көрген соң Мерген Сарыбаспен құшақтасып амандасты. Ұзақ сөйлесіп шүйіркелесті, Сарыбас Жамантай аулының жайын, әсіресе Бөкеннің жайын айтты. Мерген аз үндемей ойланып отырып: – Әлі сол Жамантай балаларының құлы болып жүрсің, ә?– деді. – Енді қайтерсің, дәурен соларда тұрғанда,– деп Сарыбас күрсінді. – Бөкеннің жайы қалай, байдың бәйбішесі болып алды ғой, әбден-ақ ұмытқан шығар? – Ұмытты, ұмытпады деп не дейін? Онда жазық жоқ еді, бірақ жауыз күш еріксіз көндірді ғой, Мерген,– деп Сарыбас сөзін үзіп-үзіп сөйледі. Сол күні түнде Сарыбас, Нұржан, Ержан және сол ауылдағы жантық Жұмағұл деген кедей пысық жігіттермен Мерген ұзақ сөйлесті. Ол сол жігіттердің ұғымына шамалап заманның саяси ағымын айтты. Ішкі Ресейде совет үкіметі орнап, қызылдар, большевиктер қанатын жайып келе жатқанын, бұл жерлерге де жететінін, байларға қарсы кедейлердің ұйымдасуы керек екендігін түсіндірді. Мергеннің бұл хабарына отырған бауырлас жолдастары серпіліп қуанып қалды. Әңгіме аяқталып, орындарынан тұра бергенде: – Титығымызға жетіп болды ғой иттер, енді келетін болса қызылдар тез келсе екен,– деді Сарыбас. ІІІ «Ел құлағы елу» дегендей, Мергеннің келгенін Жамантай ауылы да естіген еді. Онымен қатар «Мерген қашып келіпті дейді, патшаның түрмесінен қашыпты дейді, өзі коммунист болыпты дейді» деген ұзын құлақ хабар да сыбыр-күбірмен астыртын бірсыпыра адамдардың құлағына шалынған еді. Кешке таман Жамантайдың үлкен баласы Жантелі ақ үйдің сыртына шықты да: – Әй, біреуің маған Мұсаны шақырып жіберші,– деді де, ақырын аяңдап ауылдың сыртындағы дөңеске барып, демалып отырды. Мұса (Жамантайдың кіші баласы) қазіргі бұл елдің болысы еді. Мұса келіп, жанына отырғаннан кейін, бетіне қарап ызбарланып: – Ел бағып ысылғандай болдың ғой, қазір не біліп жүрсің,– деді. – Не білейін? – Әлгі Мергеннің қашып келіп, ауылында жатқанын есіттің бе? – Есіттім... – Солай жүре бере залалы тимейді деп білесің бе? – Залалы неге тимесін. – Олай болса не ойлап отырсың, келгеннен бері кедейлерін азғырып жатқан көрінеді, өзі патшаның түрмесінен қашып шығыпты дегенді айтады. – Сонымен, не ақыл айтасыз? – Ақыл сол – бізге ол өте қауіпті адам, оның көзін жоймай болмайды. «Елді азғырып жүрген қашқын коммунист» деп ұстап, жөнелту керек. – Есіткен соң, өзім де солай ойлап отыр едім.
– Ендеше сүйт. Ешбір ағайыншылаған көңілге қарама,– деп, Жантелі даусын қаттырақ шығарды. Ауыл жатқан мезгіл, түн қараңғы, бұлт еді. Ауылдың сыртында үш адам ұзақ сөйлесіп отырды. Бұлар Мерген, жанында Ержан мен Нұржан еді. Мерген осы түнде таң ата жүрмек болған соң Нұржан мен Ержанға ақыл айтып отыр еді. Іңір қараңғысынан бері ауыл сыртынан да екі кісі торып жүргенін, қотан шетінде Мергеннің үйін бақылап екі кісі жатқанын бұлар сезген жоқ еді. Әлден уақытта Мергендерге қарай екі салт атты, үш жаяу адам тура жақындап келе жатқаны көрінді. Мергеннің көзі келе жатқандарды көрісмен «қап, мыналар жау болмаса игі еді» деп ұшып тура келді. Нұржан мен Ержан да үрпиісіп тұра келді. Жалмажан Мерген ақырын дауыспен: – Қарсыласудың қажеті жоқ, ал, мынаған ие бол,– деді де, қалтасынан алып нағанын Ержанға ұстатты. Аттылы-жаяу жау жақындай берді де: – Сен Мергенбісің? деді – Иә. – Сені болыс шақырып жатыр,– деді жаяудың бірі. – Ертең күндіз барып жолығармын. – Жоқ, қазір жүресің. – Ерікті ме, еріксіз бе? – Қалай болса да жүресің. Мерген қарсыласпады. Жауларға еріп уақытша түннің қараңғылығына кеміліп, жаудың ауылына қарай аяңдай берді. Бұлар ақ ауылдың қотанына кіре бергенде: – Ай, қайсың, бері келіңдер,–деген дауыс шықты. Бұл қашқынды ұстауға кеткендерді күтіп, жатпай үйінің жанында отырған Жантелі еді. Салт аттының бірі Жантеліге қарай жақындай берді. Мұсаның өзі еді. Мұса жақындай беріп: – Ұстадыңдар ма қашқынды? –деді. – Ұстадық. – Қайда апарасыңдар? – Біздікіне таман. – Сенің үйің көпшілік қой, біздікіне әкеп кісен салып тастаңдар,– деді. Шынында Жантелі Мұсаның үйінің маңындағыларға сенбеді, күдіктенді. Жантелі Мергенді үйіне кіргізіп, босағаға әкеп отырғызып, екі қолын артына байлатты. Кісеннің бір жағын керегеден салғызып, бір жағын Мергеннің оң аяғынан салғызып, кілтті алып қара қамзолының омырау қалтасына салып алды. – Ай, болыс!– деді Жантелі далаға шығып үйіне кетіп бара жатқан Мұсаны шақырып.– Әлгі орысың келсе ертең дуанға жөнелттір! Мынау қара таяқтарың келіп «босат» деп жалбақтап мазаны ала берер, тез көзін жою керек,– деді қатуланып Жантелі. – Жарайды,... мақұл – деп, жауын мұқатқандай боп дүрбиіп Мұса үйіне қарай аяңдай берді.
Қызарып күн шығып, барлық әлемді нұрына малған кезде, Жантелінің бәйбішесі түндік ашып, күннің сәулесін үйдің ішіне түсірді. Мерген керегеге сүйеніп қалғып отыр еді, бәйбішенің үйге кірген тықырымен оянып кетіп, кісен салған аяғын көсіліп, түзеліп отырды. Бұл екеуінен басқалар таң салқынының тәтті ұйқысында еді. Әлгіндей болмай-ақ жаулықтың сыртынан қызыл шәлі ораған, қап-қара көзі мөлдіреген, жүзі ашаңдау аққұба әйел кірді. Ол ши жаққа бұрылды да: – Шешей, ожау алайын деп кеп ем,– деді. – Сол жақта тұрған шығар,– деді де, бәйбіше жайнамазын жайып намаз оқуға кірісті.
Есіктен кіргенде аққұба әйел Мергенге тура қарай алмай, бір жағы қарауға батылы бармай көзінің қиығымен шалып өтіп еді. Ожауды алып есікке қарай бұрылғанда, аққұба әйелдің көзі Мергенге тура түсті. Сол секунтта Мергеннің бұдан сегіз жыл бұрынғы келбетінің елесі мен қазіргі келбетінің елесі бір аяныш сурет сияқты болып кетті. Мергеннің көзі көзіне түскенде аққұба әйелдің төбесінен қайнаған қорғасынды құйып жібергендей боп бойы шымырлап, жүрегі елжіреп, миы қайнап кетті. Бұлар екеуі де бірін-бірі таныды. Аққұба әйел бір минуттан артық бөгеле алмады. Бір жағынан бәйбіше сөзіктене ме деп қауіптенді, екінші жағынан көзіне булығып келген жасты ірке алмады. Көзі жасаурап, кісенде отырған жігіттің кейпін бұлдыратып жібергендей болды. Көзін Мергеннен алып, ілгері адымдап, босағадан аттады. Үйді айнала берді де шәлісінің үшімен көзінен парлап кеткен шын жүректен тамшылаған аянышты жасты сүртті. Ол үйіне жақындай бергенде ішінен: «Біздейлер зорлықтан құтылып, ерікті жасайтын күн болар ма екен?» деді. Бұл аққұба әйел бір кездегі Мергеннің айттырған қалыңдығы, өмірлік жолдасы болуға шын берілген, жан сүйген, ғашық жары Бөкені еді. Бөкенді бұл қалыпта көруі, қанша салқын канды болғанмен Мергеннің жүрегіне әсер етпей қалған жоқ. Біраз уақытқа дейін ол өткен дәуірін ойлады. Ұзақ күн өтіп, кеш жақындай берді. Дуанға Мергенді алып жүретін болыстың милициясы кешке дейін келмеді. Сонымен Мерген кісендеулі қалпымен Жантелінің босағасында тағы қонбақ болды. Күн батуға жақындай берген мезгілде, Жақыл биқасап қапталын бүркеніп, түзге таман шыққанда: – Қалқажан, мен де шығам, тұра тұр – деп, Бөкен үстіндегі қара пешпетін шешіп, басына бүркене берді. Жақыл аяғын кідіртіңкіреп басып азырақ аялдады. Бөкен келген соң, күндегі күңкіл сөздермен екеуі сайға қарай аяңдай берді. Жақыл Бекеннің қайын сіңлісі, Жантелінің үйіндегі асыранды қызы еді. Ауылдан ұзап шыққан соң, Жақылдың бетіне қарап: – Менің бір айтқанымды орындаймысың, қалқажан!– деді. – Айтсайшы, не туралы? – Орындайтын болсаң айтам. Орындамасаң айтпаймын және достықтан айрылам,– деді Бөкен Жақылға тікелеп қарап. – Сонша не болды, жеңеше-ау, айтсайшы әуелі. – Жоқ, не де болса орындаймын деп серт берсең айтам. – Ал, айтшы, Бөкен, орындайын,– деді Жақыл. – Рас па?
– Рас. – Орындайтын болсаң, анау сіздің үйдің босағасында байлаулы жатқан жігітті босатып жіберуге көмектес. – Қалайша, жеңеше-ау? Ол менің қолымнан келе ме?– деді аз ойланып тұрып. – Келеді, түк те қиыншылығы жоқ. Жалғыз-ақ үйдің іші ұйықтаған мезгілде атаңның қалтасындағы кісеннің кілтін алып, Мергеннің қолына берсең болады. Жақыл бірсыпыраға дейін үндемеді. – Әлде атаңның көңілін қимай тұрсың ба? Атаңның сенің көңіліңе қарап жүргені де белгілі ғой?– деді Бөкен. Бөкеннің сөзінен әкесінің Қожағұлдың есалаң, жаман баласына зорлап берейін деп отырғаны есіне түсіп, Жақылдың бойы мұздап тітіркенгендей болды. Бөкен тағы сөзін жалғап: – Еркектің кейбіреуі қандай жақын болса да, әйелдің көңіліне қарамайды ғой. Тіпті баласын да аямайды ғой,– деді. – Ендеше, сен Мергенді неге аяп тұрсың. – Ол әйелге жаны ашитын жігіт, сені жақсы көретін Сағындықты біреу босағасына байлап қойса аямас па едің? Жақыл аз ойланып тұрып: – Түсіндім, жарайды,– деді, – Қарағым Жақыл,– деді Бөкен жыламсыраған дауыспен,– әйелдер сорлы ғой, менің жүрегімнің жарасы сенің жүрегіңе байланбайды деп ойлайсың ба? Қарағым! Өмірде ұмытпаймын осы жақсылығыңды! Адамға сездірмей орында, қалқажан,– деп Бөкен Жақылды құшақтап, бетінен сүйіп, жылап жіберді. «Айлас әйел мұңдас» дегендей Жақыл да Бөкеннің мұңына мұң қосып шын көңілімен тапсырғанын орындамақ болды. Түн қараңғы, бұлт еді. Үйде қонақтар болғандықтан, Жантелінің үйі бүгін күндегісінен ұзақ отырып жатты. Қабекең ауылына кеткен Мұса кешке қайтқан жоқ. Болыс үйде болмаған соң, Бөкен еркіндеу болып, үйге бір кіріп, бір шығып тықыршуда еді. Бөкен шымылдығын түсіріп, төсегіне киімшең біраз жатып, ел ұйықтады-ау деген кезде далаға шықты. Жантелінің үйінің артына тартылған арбаның астына кіріп, қозғалмай отырды. Анда-санда үрген иттің дауысынан өзге, жанындағы үйден де, даладан да басқа дыбыс естілмейді. Жым-жырт. Жатарда үйдегілер далаға шығып кеткен кезде, төсек салып жүрген Жақылдың: «Ағай, түнде ұйықтамай отырыңыз»,– деген сөзі Мергенге әлденелерді ойлатып, ұйқысын келтірмеді. Түн ортасы ауып, таң да жақындады. Ұзақ отырып жатқан Жақыл үй ішінің ұйықтағанын күтіп, өзі де ұйықтап кеткен еді. Әлден уақытта оянып, Жақыл басын көтеріп алды. Азырақ ұйқысын ашып, ойланып отырды да ақырын, ептеп кроваттан түсті де сипалап жүріп әкесінің қара қамзолын тауып, омырау қалтасынан кісеннің кілтін алды. Бұл тықырды Мерген сезіп отыр еді. Жанына таман бір адам ақырын адымдап келе жатқаны байқалды. Жақыл қолын созып, Мергенге таман қармана берді. Оның қолына қарай Мерген де қолын созды. Мергеннің қолы қолына тигенде кісеннің кілтін ұстатты да, ақырын сыбырлап «Ашыңыз да кілтті қайтып беріңіз»,– деді. Мерген кілтті алып, сылдырын шығармай бір-ақ басты да, кісеннің тілін жұлып алып тастап, кілтті күтіп тұрған Жақылға берді. Жақыл
кілтті қара қамзолдың омырау қалтасына апарып салды да, кроватын сықырлатып төсегіне жата бергендей болды. Мерген ақырын үйден шығып жүре бергенде, арба жақтан шапан жамылған әйел көлденеңдей берді. Мерген мұның кім екенін сезді. Ішінен «қанаты қатып келе жатқан бостандықтың қарлығаштары» деді. Ауылдан азырақ ұзаған соң, тоқтап артына қарап бұрылып: – Бөкенбісің?– деді Мерген. – Иә. Қолын ұстап қысты да: – Маған көмек көрсетіп жүрсің бе, оныңа рақмет. – Жүрегімнің қалай соққанын сездіру ғой. Болмаса біздің қолдан не келеді дейсіз,– деді Бөкен. – Қай мезгіл болды, Бөкен? – Таңға жақын. Шолпан туыпты ғой,– деді Бөкен денесі қалш-қалш етіп. Ол денесінің неге қалшылдап тұрғанын сезбеді. Бұл кезде бұлт айығып, Шолпанмен қатар күншығыстан таң да ағараңдай бастап еді. – Ал, мен кетейін,- бұл жерде ұзақ сөйлесіп тұра алмаспыз,– деді Мерген. – Бір ауыз жөніңізді айтын кетсеңіз екен. – Әзірге жөнім: таң атып қалды, бүгін осы Қамыстыкөлдің ішінде болармын. Жаяу қашып шыққанмен алысқа ұзай алмаспын, қазір аңдағайлап шапқан қуғыншылардың қолына түсіп қалармын,– деді Мерген. – Оныңыз да жөн екен,– деді жақындай беріп Бөкен. – Бір ауыз сөзді шамаң келсе менің шешеме жасырын хабарландырыңыз, ертең ауыл жатқан мезгілде, көлдің жағасына менің атымды жеткізсін,– деп, Бөкенмен қош айтысты да Мерген Қамыстыкөлге таман жылжып жүре берді. Өмірінде орындай алмай жүрген бір міндетін орындағандай болып, көңілі біраз жайланып, Бөкен төсегіне келіп жатты. Таң ағарып атып келе жатқан мезгілде, таң намазына тұрған Жантелінің «қашқын қашты» деген ащы даусымен ауыл шырт ұйқыдан шошып оянды. Ауылдағы бар атпен жан-жаққа, жол-жолға шапқыласты. Бір топ адам барып, Мергеннің ауылын тінтті. Жылқы келген соң тағы бір топ адам қашқынды іздеп аттанды. Жантелі кісеннің кілті қалтасында болған соң, және бұл сияқты кісеннің кілті бұл ауылдарда жоқ болғандықтан, Мергеннің босанып кетуін ешкімнен көре алмады. «Жеті жұртты аралаған қу, өзі бірдеңе қып ашқан ғой» деген қорытынды жасады. Шаңқай түс. Ауылдағы еркектің бәрі де Мергенді іздеп, атқа мініп кеткен. Бұл мезгілде қап арқалап тезек теруге шыққан болыстың үйінде сауыншы боп жүретін Сарыбастың әйелі Ажар тезек терген боп жүріп, Мергеннің анасына барып хабар да айтып келді. Әрі-беріден кейін Бөкен екі шелекті күйентеге іліп алып, Қамыстыкөлге қарай су әкелуге аяңдады. Бір шелектің ішінде кішкене торсыққа құйған қымыз, бірінде дорбаға салған бауырсақ бар еді. Таң атып жарық болғанша Мерген қамыстың құрғақ жеріне паналаса да, жарық болған соң, құрғақ жеріне паналай алмады. Етігін, шалбарын шешіп көлдің суын белуарынан кешіп, көлдің орта шеніндегі қалың қамыстың ішіне кіріп паналаған еді. Мергенге бұл жолы кездескен қиыншылық, судың суықтығы, не болмаса етін қамыс жыртқаны емес, судың ішінде ұзақ күнге аяғынан тік тұру жанына қатты батты, аяғы тала берді. Бір мезгілде қызыл шөлі
оранған әйел күйентесін иығына салып, Қамыстының жарынай түсіп келді де айнала берді. Көл маңында басқа жан жоқ еді. Көл жағалап келе жатқан әйелдің «Саумалкөл» әнімен салған зарлы үні естілді. Сондағы Бөкеннің айтқан өлеңі: Ей қалқа, сен де арманда, мен де арманда, Жылайды екі арманда-ау айрылғанда. Қолынан елсіз жанның не келеді Сұңқары қайта ұшып, қайрылғанда? Ақ Бөкен аялайды түскен торға, Сұңқары сүрінген соң қазған орға, Көзінен тайып болып ұшқалы тұр , Көл бетін көргенім де әрең, зорға. Қыстауым Қараүңгірдің түбегінде, Желге ұшқан жас өмірге күлемін бе? Сырты сау , іші түтін жаттай болып, Бөкеннің шер қайнайды жүрегінде. Бөкеннің зарлы үнін Мерген естіп тұрды. Көлді жағалап келе жатқан Бөкен екенін анық танып, шеткі калың қамысқа қарай жылжи берді. Бөкен жақындап көл шетіне келген мезгілде Мерген жан-жаққа қарап көл маңында адам көрінбеген соң, тымағын қолына алып, жоғары көтерді. Бөкен тұрды да көлдің жиегіне кеп жеңін түріп, су алатын адамша көлге кірді. Мергенге бетпе-бет жақындап келе бергенде, қайғылы, қапырықты жүректің әсерімен Бөкеннің көзі жасаурай берді. Бөкен жанына келгенде Мерген даусын шығарып: «Октябрьдің көмектестері»,– деп күлді.
Мергеннің күлуі – қамаудағы қазақ әйелінің қолынан осындай іс келгеніне революцияның нышанасы деп ойлап, қуанғандықтан еді. Мергеннің күліп қарсы алғанын көрген соң, Бөкен шәлісімен көзін сүртіп, ішінен жылап тұрғанын білдіргісі келмей, бойын тоқтатып Мергенге жайдары түспен қарады. Бірақ айтуға аузына сөз түспей Мергеннің бетіне жалтақтап қарай беріп, шелектегі қымыз бен бауырсақты ұсынды. Мерген кішкене торсықтағы қымыз бен бауырсақты қолына алды да: – Біздің шешейге хабар бердіңіз бе?– деді. – Хабар берілді. – Сенімді адамнан ба? – Сенімді адам, Сарыбастың әйелін жіберіп алдым. Сарыбастың әйелі деген соң, Мергеннің көңілі орнығып, сенгендей болды да Бөкеннің бетіне жылы жүзбен қарап тұрды да: – Біреу-міреудің көзіне түсіп қаларсыз, тез суыңызды алып қайтқаныңыз мақұл. Сіздердің бұл жәрдемдеріңізге үлкен алғыс айтам және ұмытпаймын,–деді. Бөкен аз ойланып тұрды да күрсінді. Кетуге ыңғайланып тұрды да: – Әйтсе де жөніңізді айтып кетсеңіз екен, бұдан былай бұл жаққа ораласыз ба, жоқ па?– деп Мергенге қарап көзі жаутаңдап жасаурай берді. Бөкенге жайдары жүзбен қарап: – Жылама, шырағым,– деді Мерген,– қуанатын уақыт жақындап келеді. Мен ұзақ сапарға барам, көп ұзамай тіршілік болса келерміз. Мен келмесем, менің
жолдастарым қызыл ерлер келер. Оларға осындай көмектесерсіңдер, олар сіздерді біржола бостандық таңына шығарады, Ол күн жақын. Кәне, Бөкен, әкел қолыңды,– деді Мерген Бөкенге қолын созып. Бөкен Мергенге қолын берді. Мерген Бөкеннің қолын ұстап тұрып: – Мен сені еш уақытта ұмытпаймын, Және ризамын, қош,– деді. Кезінде іркіліп тұрған жасты қызыл шәлісінің ұшымен сүртіп, акырын жылжып Бөкен жүре берді. Суын алып көлдің жарынан асып кеткенше Мерген Бөкеннің артынан қарап тұрды. Бөкен суын алып ауылға жеткенше және одан кейін ұзақ уақыт Мергеннің «ұмытпаймын» деген сөзінің мәнісін ойлады. Ұзақ ойлап ақыры ол сөздің мәнісіне түсінді. Ауыл жақтан бір мезгілде ат жетелеген бір адам Қамыстыкөлдің жиегін айнала берді. Мерген көріп тұрса да басқа адам бола ма деп үндемеді. Ат жетектеген кісі көлді біраз айналып қайта оралды да кенеттен «ағатай» деп дауыстап қалды. Бұдан басқа үндемей көлді айнала берді. Сол мезгілде қалың қамыстың арасынан Мерген шығып ат жетектегенді танып қарсы жүрді. Жақындап келіп: – Ержанбысың, қарағым,– деді Мерген. – Иә, ағатай, мен! Мерген келіп, күрең қасқаның шылбырынан ұстап, нағанын алып қалтасына салып, аз ойланып тұрды да: – Қарағым Ержан, мен енді жүрем. Басқа не айтайын. Апам жыламасын, қайғырмасын, қош қарағым,– деп Ержанның бетінен сүйді. Ержан жыламсыраған дауыспен: – Қайда барасың, қашан келесің, ағатай?– деді. – Қарағым, мен ұлы сапарға барам. Жауды жеңбей аттан түспеймін, анау күні айттым ғой, көп кешікпей қайта айналып келеміз. Мәңгілік теңдік таңының атқанын көздеріңмен ертең-ақ көрерсіңдер,– деп, Мерген күрең қасқаға мініп алды. Азырақ Ержанмен қатарласып жүрді де: «Қош енді, қарағым, тілектес бауырларға сәлем айт»– деді де Мерген күн батысқа қарай шу деп жүріп кетті. Ержан үйіне келгенде қарт ана жатпай қараша үйдің босағасына сүйеніп, күтіп отыр екен. – Қарағым, ұзаттың ба ағаңды,– деді қарт ана жыламсыраған дауыспен. – Иә, кетті. – Не айтты, қарағым? – Ұлы сапарға барам, жауды жеңбей аттан түспеймін деді және ұзамай айналып келеміз,– деді. – Одан басқа ештеңе айтқан жоқ, апа,– деді Ержан. Қарт ана азырақ ойланып отырып, жаулығының ұшымен көзінің жасын сүртіп, орнынан ұшып түрегелді де қатуланып, дауысын шығарып: – Қарағымның ұлы сапары оң болсын!– деді. Қараша үйге кіре беріп, ішінен «арманым жоқ, енді жыламаймын» деп ойлады. Қарт ананың жүрегі қуанышты, бақытты өмірдін белгісін беріп тұрғандай боп жиі соқты.
1937ж.
ӨТКЕНДЕГІ МЕН БҮГІНГІ Жаздың жылы лепті самал желі аңқылдап соғып, жер бетіндегі селеуленіп шыққан көк шөпті ырғалтып, кілемнің түріндей құлпыртып бұйраландырады. Жан-жануарды маужыратып, рақаттандырады. Белес-белес белдер, алыстан көгілдірленіп төбесінен ұшпа бұлттарды әрмен ұзатып жатқан биік-биік таулар көрінеді. Міне, осынау далада, асқар белдің ортасын қақ жарып қарайған бір сызық жатыр. Бұл қарайған сызық сонау мұнартқан асқар белдерді тіліп өтіп, күншығыс жаққа қарай ұзын арқандай ирелеңдейді. Созылған, қарайған сызықтың үстінде, желбауға өрмелеген шыбын сияқты қаптаған адам, көлік саймен қыбырқыбыр етеді. Бұл кең дала, сары белді қақ жарып қарайған сызық жаңа салынып жатқан шойын жол. Темір жолдың бойында желбауға ермелеген шыбындай қыбырлап жүргендер, жерді қазып жолдың астын тегістеп жатқан жұмысшылар. Таңның атысы, күннің батысы қыбыр-қыбыр. Жол төселіп жатыр. Күн өткен сайын темір жол қос ішектей созылып, көкжиекке қарай ұзап кетіп жатыр. Бүгін күндегідей емес, созылған, қарайған жолдың бойында қыбырлаған жұмысшылар көрінбейді. Жаңа салынып жатқан темір жолдың екі жақ бетінде шымнан, тақтайдан тұрғызылған балағандарының жанында жұмысшылар жиылысып әңгімелесуде, қайсыбіреулері тамақ ішуде, хат білетіндері газет, кітап оқуда. Әрқайсы өздерінше жайланып әрекет қылуда. Өйткені бугін демалыс күн еді.
Түскі тамағын ішкен соң, кешке таман Төлеудің балағанының жанына он шақты жұмысшылар отырып, әңгімеге кірісті. Өздерінің жұмыстарының қалай жүріп жатқанын, қанша тапқандарын, жол басқармасының жалақыны қалай бергенін, демалыс күнді қалай өткізгендерін сөз қылып, әңгімелесіп отыр. Қисайып, қара жерді шынтақтап жатқан жалпақ бет сары жігіт Төлеуге қарап сөз бастап: «Бұрын сен осындай жаңа салынған темір жол жұмысында болдым деп жүруші едің, ол күнде де тәртіп осындай ма еді?»– деді.
Төлеу қырықтар шамасына келген шоқша сақалды, шүңірек көз, қара жігіт еді. Басын көтеріп алып: «Өй, сендер әлі ештеңе көрген жоқсыңдар ғой, жассыңдар ғой»,– деп өзінің көп көргендігін білдіре, сөзге кірісті. «Бұрынғы заманда қандай қиыншылықпен мал тапқанымызды осы күнгімен салыстырсақ, осы күнгі әшейін ойыншық емес пе?»– деді. Көлденеңнен балалау қара торы жігіт неге деп қосарлана кетті.
«Негесі мынау: осы күнде істеген ісіңе дау бар ма? Ол күнде,– деп, аз ойланып алып,– біз бұл темір жолда істегенімізге міне жиырма жыл болған екен, Онда да осындай бір жерде жиырма шақты қазақ жұмысшылары жұмыс қылып едік, онда мен екі-үш жылдай істедім. Ол күнде істеген еңбегіңді дауласып, төбелесіп, таяқ жеп, әзер дегенде тамақтың сімілтірін зорға алатынбыз». «Неге?»– деп, алғашқы сары жігіт және қосарланды.
«Өй, ол күндегі құрысын да! Артельщигі, подрядщигі бір жесе, десятингі штраф тағы бірдекелерімен екі жейді, конторы үш жейді, сонымен кейбір күнге түк алмаушы едік. Ол конторлардың қалай жегенін ұғындыру үшін сондағы бастан кешірген бір әңгімені айтайын,– деді. «Айтсаң айт, ермек болсын»,– деп, сары жігіт тағы қостап қойды. Төлеу сөзін бастады. Жазғытұрым шойын жол
салына бастаған жерге үш жігіт жұмыс іздеп бардық, жолдың бергі жағында жұмысшылар толық екен. Жұмысшы керек дегенге екі жүз шақырымдай жерге капшығымызды арқалап, жаяу бардық. Онда жаяу жүру деген не? Жас кезіміз. Барған соң, күнделік жұмысқа кірістік, күнімізге елу тиын беретін болды. Біз жұмысқа кіріскен жер – салынып жатқан жолдың бойын қолын шошайтып көрсетіп – тап осы екі белдің арасы сияқты топырақты ойып жолды жоғарылататын үйінді еді. Сол жұмысшыларды, жұмыстың көп жерінде подрядчиктің конторы бар екен. Подрядчик дегенде уақ подрядчиктерді айтпаймын, подрядчиктердің ең үлкенін айтам. Ұсақ подрядчиктер ана үлкен конторы бар подрядчиктерден балшық басуға подряд алады. Не бірнеше аттылы жаяу жұмысшыларды істетіп, істегендеріне бір-ақ есеп алады. Сөйтеді де жұмысшылармен өздері келісіп, өзінің келіскен бағасымен жұмысшыларға сімілтірін береді. Сонымен алғашқы кезде күндеме жұмыста жүрдік. Аты бар жұмысшылар бізден көрі ақшаны артық табатын сияқты көрінеді. Бірақ бізде ат жоқ. Сол күндеп істеп жүргенде таңертеңгі сағат 6-дан кешкі сағат 6-ға дейін істейміз-ау, Ол сағатпен де істетпейді, күннің шығысынан кешке күн батып, қас қарайған соң, бірақ қоямыз. Оған дейін десятник деген бірдемесі ылғи аңдиды да жүреді. Сол күні бойы жүргенде кейде штраф салып қояды. Күнімізді жазбай, не жарты күн жазып қояды. Бір күні түк жазығым жоқ, менің күнімді жазбай қойыпты. Неге жазбадың деп десятниктен сұрасам, контордан сұра дейді, Контордан сұрасам, десятниктен сұра дейді. Ақырында білсем, балағаннан су ішіп келейін деп кетсем, «жұмыс уақытында кетіп қалды» деп күнімді жазбай қойған екен. Одан кейін және бір күн белгіленген жерден басқа орынға топырақ үйіп қойдың деп 8 сом штраф салғаны бар емес пе? Онда да түк жазығым жоқ. Ай, көрсетуші еді-ау!..» Жантайып жатып керіліп, манағы сары жігіт: «Не деген ит десятник дегенің! Ал содан кейін?»– деп қойды.
Төлеу тағы да сөзін бастады: «Сонымен бір айда күнделік жұмыс істегенде күнімізге алған акшамыз тамағымыздан қалатын болмады, енді не қылу керек деген ой түсті. Бір күні Салпық деген қазақ подрядчикке барып жолықтым. Бізді мына жұмысыңа кіргіз деп ем, бұрыннан бірең-сараң көріп жүрген таныс болса да, «жаяу кісіні алмаймыз, атты кісі болмаса» деді. Мен тұрып: «Бізге не қылсаң да контордан несиеге ат пен арба алып бер!»– деп жалындым. Салпық деген дембелінелеу келген дорба сақал дөңгелек жүзді қара кісі еді. Мырс етіп күлді да: «Аса ебін тапқан сенімді жүмысшыларға болмаса, кім көрінгенге контор ат арба бере бермейді, сұрап, сөйлесіп көрейін. Бірақ бере қалса мен де бір сыбаға боламын ғой» – деді. Амалым бар ма, атпен істеген жұмысшылар ақшаны күреп табатындай көрдім. Күніне бір атты кісі бір кубтан артық топырақ тасиды, сонда күніне бір жарым екі сом табатын сияқты. Сонымен аз ойланып тұрып: «Жарайды, сіз де бос болмассыз, әйтеуір өзіміз үш кісіміз, арба сайманымен екі ат алып бер»,– деп жалындым. Жалынғанмен жөнді жауап бермеді, сөйлесіп көрейін деп кетіп қал ды. Ертеңіне тағы бардым. Салпық азырақ түсін суытып тұрды да: – Бала, оңайлықпен беретін емес. «Сенің үшін саған сенімді кісі болса ғана береміз»– деді контор, Ал енді өздерің маған қандай үлес бересіңдер?– деді.
– Мен қайдан білейін, өзіңіз білесіз,– дедім. – Өзім білсем, бір сыбаға алам,– деді. – Мұныңыз көп қой,– деп, шамам келгенше мен де жырындылыққа салып жатырмын. «Сөйтпесе бола ма»,– деп мосқалдау келген қара жігіт дұрыстап қойды. «Не керек, өзіміз ақылдасып, әрі-бері сөйлесіп, амал бар ма, алтының бірін Салпыққа бермек болып сайманымен елу сомнан қойып екі ат алдық, Содан, не керек, атпен істей бастадың-ау.» Сары жігіт: «Қанша ақша таптыңдар?»– деп тағы қосарлана кетті. Мосқалдау қара жігіт: «Сенің көкейіңді тескен ақша-ау, тұра тұрсайшы, Төлеудің өзі айтсын!»– деді. Төлеу тағы да сөзін бастады. «Ақша тапқаны құрсын, ақырында, жанжалдасып, төбелесіп қамалып қала жаздадық». «Жаңа келді қызығына»,– деп Жұмағұл басын көтеріп алды. «Сонымен атпен бір ай істедік. Топырақты алыстау жерден тасығанда күніне бір жарым куб, жақын жерден екі куб тасимыз. Бір ай істедік, ақша беру деген қайда! Тамақпен керек-жарақтан артқан болса ат-сайман үшін контор мен Салпық ұстай береді. Екі ай істедік, қазған жеріміздің, тасыған балшығымыздың қанша екенін үш-төрт күнде келіп десятник бір өлшеп әкетеді. Қаншаға жазғанын білмейміз. Бірақ қанша қазған жер бір куб болатынын әбден түсініп мөлшерлеп алдық. Бір күні десятник қазған жерімізді өлшеді, біз өзімізше үш жарым куб болады деп қойғамыз. Десятниктен неше куб деп сұрап едік екі жарым куб деді. Кем жазып жүргенін сездік. Не керек, артынан анығын да білдік. Десятник пен Салпық мейрам күні ылғи қол ұстасып мас боып қылжаңдап жүруші еді. Сонда баяғы біздің, тағы басқалардың қазған жерін кем жазып біздің еңбегімізді ішіп жүреді екен-ау.
Сонымен үш айдай істедік, бір тиын қолға алған жоқпыз. Тамақты контордың дүкені бар, содан книжкамен аламыз, книжкаға өздерінше жаза береді. Орысша не жазғанын да білмейміз. Не керек, күні-түні жан аямай істейміз. Үшеуміз де жұмысқа қандай мықты төселіп қатып алдық. Үш ай біткен соң бір күні конторға барып есеп қылайық, енді ат, арбаның ақшасын өтеген шығармыз деп ойладық, Өзімізше үш айда екі жүз кубқа жақын топырақ тасыдық. Тіпті ат, арбаның құнын өтесек, екі атпен қайқайып отырсақ та олжа ғой деп жүргенбіз. Бір күні үлкен подрядчиктің конторына келдік. Үлкен подрядчик Абрамыч деген қара сақалды, ат жақты, қыр мұрынды шоқша сақалды біреу еді. Өзі қазақша тіл біледі, конторщик інісін шақырып алды да өздерінше сөйлесіп, Салпықты шақырып алып «мыналармен есеп қыл» дегендей болды, әлгіндей болмай жантаңдап Салпық та келді. Есепке отырдық, конторщик есепшотты сартылдатып қағып жатыр. Алған тамақтардың, аттың сұлысы, бірең-сараңалған көйлеккөншек киімдерің – барлық алғандарың 200 сом болады. Істегендерің 270 сом. 120 куб балшық тасыпсыңдар деді. Ішіміз суып кетті, құдайдың қос қолдап ұрғанын сездік. 270 сомның алтыдан бірі 45 сомын Салпық алып та қойған. Сонда үшеуміздің 3 айда тапқан табыстарымыз 25-ақ сом болып шықты. Әлі де ат, арбаның төлейтін 75 сомы бар. Алған нәрселеріміз, ішкен тамағымыз өзіміздің есебімізше 130 сомдай. Істеген жұмысымыз 350 сомдай болды деп, ат-арбаны төлеп, енді жүз бірдеме сомға жақын ақша аламыз деп қуанып жүргенбіз. Енді
қайттік? Ашуландық. «Олай емес шығар, қайтадан есепте, өтірік, біздің істегенімізді кем жазып, өздеріңнің бергендеріңді артық жаздыңдар» деп салғыластық. Болу қайда, контордан қуып шықты. Әлгі контор бастықтары былай тұрсын-ау, «Не оттап отырсыңдар! Ақымызды жеді деп. Бұлар кісінің ақысын жемейді, сендер бұлай жанжал шығаратын болсаңдар полиция әкеп, өздеріңді жаптырып қояды. Бар жұмыстарыңа» деп, өзіміздің қазақ қой, болыса ма деп жүрсек, Салпық өзімізді боқтап ұрсып ала жөнелді. Амал жоқ жанжал шығаруға қорықтық, күнде біз сияқты ақы туралы жанжал шығарғандарды полиция шақыртып алдырып қорқытып, кейбіреулерін жаптырып қоятын. Ыза болдық, салымыз суға кетті, Енді қайтеміз деген ойға түстік. Рақым деген жолдасымыз өжеттеу еді, былай шыққан соң: «Енді мұнда құр тамақ үшін істей беруге болмайды. Не қылса да ат, арбасын алып бір түнде тайып отырсақ қайтеді»,– деді. Екінші жолдасым екеумізден мосқалдау келген қорқақтау жігіт еді: «Құдай сақтасын, жер үстінде жүрсек қояр ма, аттың распискасы өздерінің қолында, менің билетім конторда, қайда кете аламыз? Қайда барсақ та қашқын ұрылар деп ұстайды, сонсын абақтыда жатамыз. Жоқ, жоқ, болмайды»,– деп мақайлатпады. Енді қайтеміз. Істейік десек, мойын жар бермейді. Істегенің далаға кететін еңбек сияқты, қолға түсетін дәнеңе жоқ. Әрі сөйлесіп, бері сөйлесіп, ақылдасып жұмыс істемеуге ойландық. Күз де таянып қалған. Енді күндеп болса да жұмыс істеп үйге ұн-шайлық бірдеңе алып қайтайық, бұл ретпен жұмыс істей берсек бәрібір жер қатқанша ешнәрсе таба алатын емеспіз деп ойладық. Содан конторға барып, «аттарыңды өздерің алыңдар, біз жұмыс істемейміз» дедік, Контор маңайлатады деген не, арықтаған атты, тозып қалған арба, сайманды алмаймыз, босатпаймыз, әлде болса да біраз істе деп қыстады, біз де болмадық. Атын, арбасын контордың жанына апарып тастап едік, Салпық келіп бізді ал боқтасын сол жерде. Салпықпен төбелесіп те қалдық. Содан контормен әрі сөйлесіп, бері сөйлесіп аттың арықтағаны, арба, сайманның тозғаны үшін амал жоқ он куб топырақ тасып бермек болдық. Бір жұмадай тағы да контордың пайдасына он куб топырақ тасып беріп, билетімізді алып, керек сайманымызды арқалап, жазған құлда шаршау бар ма – жаяулап тайып отырғанымыз. Міне, баяры жұмыстың жайы осылай болатын. Подрядчиктер теріңді сыпырып қаныңды сорып алып қоя беретін»,– деді. Сары жігіт: – Содан қайда бардыңдар? – деп қойды. Төлеу: – Содан екінші бір ауданға барып бір айдай күндеме жұмыс қылып азырақ ұншайлық ақша тауып, жер қатқан соң, жаяулап елге қайттық-ау! Одан басқа не қылушы едік. Қазір осындай ма? – деп мойнын бұрып, жан-жағына бір қарап алды. Бұл кезде күн кепі болып, күннің көзі қызарып, алтын сәулесін әлемге шашып, жердің жүзін құлпыртып, нұрландырып тұр еді.
Төлеу тағы сөзін бастады: «Қазіргі жұмысшылар бақытты ғой. Ол күнде теңдік жоқ, сөзің де өтпейді. Көп істесең аз аласың, аз істесең тіпті дәнеңе жоқ. Осы күнде, рас, аз істесең аз, көп істесең көп, қанша істегеніңе қарай аласың. Ешкім бір тиыныңды жемейді. Бір тиын шатақ болса, бір сағат артық істесең, местком бар, бақылап отырады. Барлық істейтінің сегіз сағат. Қалған күнге
ұйықтасақ да мейлің, бойыңды көтеріп гөлайттап жүрсең де ерік Анау қызыл мүйіс анау денсаулық орны. Анау мектеп–сабақ оқисың ба? Кітап, газет оқисың ба? Бәріне ерік. Бәрі тегін, ешбір подрядчик жоқ. Бірең-сараң болған подрядчиктер де бұрынғыдай емес, құйрығын қысып жүреді. Одан соң осы жол кімдікі? Өзімдікі, өзіміз секілді барлық еңбекшінікі. Қазір қарашы! Күнде келмесе де жетісінде бір қабат басшы жолдастар келіп, өкіметтің жайын, қазіргі өкіметтің не істеп отырғанын – бәрін айтып, біздің алдымызға есеп беріп баяндама жасайды. Бәрі өздеріңдікі дейді. Өздерің үшін істеңдер. Барлығы еңбекшілердің, барлық жұмысшылардың пайдасы үшін дейді!» –деп, Төлеу әңгімесін бітірді. Жұмағұл басын көтеріп алып, отырғандардың арт жағында түрегеп тұрған балалау жігітке қарап: «Әй, газетші бала, әнеугүні газет оқып, осы темір жолдың салынуының бір мәнісі бар деп жүр ең. Не мәнісі бар екен? Бізге, қазақ еліне қандай пайдасы бар екен, бала» деп ат қойып еді. Контордан, қызыл мүйістен ылғи газет әкеп оқып жүретін болған соң, Рақымға жолдастары «газетші бала» деп ат қойып еді. Рақым қалтасынан бүктелген қазақша газетті суырып алып, жазып тұрып: «Мынау өзі үлкен, ұзақ мақала, Бәрін оқып шықпай-ақ жолдың салынғаны
туралы жазғанын оқиын. Бұл мақаланы Москвадағы ма, Қызылордадағы ма, қазақтың үлкен бір басшы азаматы жазыпты»,– деп, газеттің әлгі жерін ішінен оқып алып, «былай дейді» деп дауыстап оқи бастады. Отырған жұмысшылар Рақымның аузына қарай қалды.
«Бұрын патша өкіметі қазақ даласына, мәселен, Ташкент темір жолы, тағы басқа сондай темір жолдар салған. Оның мақсаты: қазақ еңбекшілерін өнерлендіріп, өркендету емес-ті, ондағы мақсаты, қазақ елін, күншығыс елін отарлау, қазақ елінің түрлі жер, мал бұйым байлығымен пайдалану. Байлар өкіметі өзінің істеп шығарған нәрселерін қазақ еліндегі базарға апарып сатып, қазақ елінің толып жатқан бұйым, байлығын өзіне тартып алу еді.
Енді бұл Түркістан – Сібір жолын салудың мақсаты ондай емес. Бұл жолдың пайдасы қазақ еңбекшілеріне ете көп. Түркістан елі мен Сібір елін қатынастырып, бірінің мұқтажын бірінен әкеп жеткізіп тұру. Бір жер де астық жоқ болып қалса, дүние керек жарағына мұқтаж болып қалса, соны осы темір жол арқылы жет кізіп тұру. Және бұл өлкедегі жер, кең байлығын іске асырып, қазақ даласындағы жер, кен байлықтарын еңбекші халыққа пайдаландырьш, онымен қабат жұмыскер, қара шаруа өкіметінің өндіріс жұмысын алға бастырып, кеңестер одағының шаруасын күшейтуге, жалпы еңбекшілердің мұқтажын етеуге, халың шаруасын өркендетуге, әсіресе бұл жергілікті халыңтың еңбекшілеріне аса пайдалы»,– дейді. Жұмағұл басын көтеріп алып: «Онда бұл жол қазақ еңбекшілеріне, біз сияқты жаяу-жалпы жүретін жұмысшыларға үлкен пайда болады екен ғой, неге десең әйтеуір жол маңында кәсіп көбейеді ғой. Бұрын Семей мен Алматыға пайда іздеп жаяу-жалпылап бір ,ай жүріп барушы едік. Енді бір-екі жылдан соң күніне барып тұрамыз ғой»,– деп, көңілденген, қуанған түрін білгізді. Төлеу: «Бәсе, мен бұл жол қазақ еңбекшілеріңе өте пайдалы үлкен несіп болды деп айтып жүрмін ғой. Енді тарайық»,– деп ұшып түрегелді. «Ертең ерте жұмысқа тұрамыз, тиыштық қылайық» деп жұмысшылар балағандарына тарады.
БОЛСАҚ, ЖҰМАДІЛДЕЙ БОЛ. Жұмаділдің жұмыстан келе жатқанын көрген соң-ақ, бірге жұмыс істеп жүрген інісі төсегінің басында тығулы тұрған қазақша газетті ала сала сүйінші сұрайтын кісілер Жұмаділге қарай қарсы жүгірді. Сағымбай жай келе жатқанын сөзіп Жұмаділ: «Немене жайшылық па?»– деп дауыстады. Сағымбай жүгіріп келіп, қолындағы бүктелген газетті ұстата беріп: – Біздің елдің байлары газетке шығыпты, соны оңаша көрсетейін деп келіп едім,– деп алқынып демін алды. – Кәне!– деп Жұмаділ газеттің бетін аударып жатқанда: – Міне! «Біздің елдің жауыздары» деген тұр ғой,– деп, Сағымбай қолымен керсетті. Жұмаділ оқып шықты. Хабардың айғына «Ж. Б.» деп қол қойған. Баяғы өзінің жазған сөздері. Жұмаділ «әй, балам» деп масаттанып, қуанып кетті. Өзі сияқты кедей жалшыларға қорлық көрсетіп әкімшілігін жасап, мал дүниесін сақтау үшін, түрлі өтірік өсектер таратып, елді алдап жүрген байларды тап осы газетке шыққан хабармен мұқатқандай болды. Тағы да қайтадан оқып шықты: кейбір сөздерін қысқартып түзеткен. Жұмаділ өзінің атын, фамилиясын толық баспай «Ж. Б.» деп бас әрпін қойғанына таңырқап, неге толық атымды жазбадым екен деп ойға қалды. Өйткені Жұмаділ бұдан бұрын екі-үш қабат елдің хабарын жазғанда ылғи өзінің атын тблық жазыһ қоятын. Газетке хабар жолдаған тілшілердің көбіне жасырын атпен жазатынын, ашық Жазғанда тілшілерге қандай зиян келетінін білмейтін еді. Бір жетіден кейін газетке жазылған хабар елдің бәріне, жол бойындағы жұмысшылардың көбіне мәлім болды. Газетті біреуден біреу алып тегіс оқыды. «Елдің байларын біреу газетке жазыпты, апырай мұны кім жазды екен» деседі, таңданады. Кейбіреулері: – Дәу де болса мұны Жұмаділ жазған шығар, мына «Ж. Б.» дегені Жұмаділге келеді. «Ж»– Жұмаділ, «Б»– Байсалбайұлы шығар,– деп жұрттың көбі Жұмаділ жаздыға ұйғарды. Жазғы шілденің ыстың күні. Сәске түс. Күн шарықтап көк күмбездің төбесіне қарай дөңгеленіп өрлей бастады. Бүтін жол байында жұмыс қылған жан көрінбейді. Жұмысшылардың кейбіреулері тамағын ішіп, тәуір киімдерін киіп, ауылға барып қыдыруга даярланып жүр. Өйткені бүгін «құрбан айты», демалыс мейрам күн еді.
Әрі-беріден кейін маңындағы ауылдарға кейбір жұмысшылар аттылы-жаяу ағыла бастады. Қожекең ауылына қарай жаяулап келе жатқан бес-алты жұмысшының ішінде Жұмаділ де келе жатыр. Жолшыбай бұлардың сөйлеп келе жатқан әңгімесі көбінесе сол елдің байларының газетке жазылғандығы, оны кім жазғандығы турасында болды. Әлден уақытта шоқша сақалды шүңірек көз қара жігіт: – Сол газетке жазған хабарды елдің көбі Жұмаділ жазыпты деп жүр ғой, сенің жазғаның рас па еді,– деп Жұмаділге қарады. – Оның несін сұрайсың,– деді Жұмаділ. – Әшейін, жай сұраймын. Білейін дегенім ғой, болмаса сен жазыпты деп айғақ болып біреуге айтайын деп жүргем жоқ, қайта сенің жазғаныңа қуанам ғой,–деді. Жұмаділ түсін азырақ өзгертіп:
– Менің жазғанымды өздерің де білесіңдер, қайта-қайта несіне сұрай бересіңдер?– деді. Осылай әңгімелесіп отырып ауылға келді. Бұлар өздерінің бірнеше таныс ауылдарын қыдырып, кешке таман Қожекең аулынан шығып, Әйтекең аулына келе жатқанда, алдарынан елдің он он бес шақты жарысқан боз балалары қарсы ұшырады. Бұлар жаяу, аналар атты, бір-біріне қарсы келіп тоқтай қалды. Пұшпақ бөрікті, сәтен қамзолды сары жігіт: «Уа шіркін, мыналардың айттап жүргенін қара»,– деп күлді. Сары жігіттің сөзіне қарсы: «Әркімнің қызық айты өзінше»,– деді Жұмаділ. Сөйткенше болмады, сары жігіттің жанында тұрған мақпал қамзолды қара жігіт сары жігіттің құлағына сыбырлап: «Әнеугі газетке жазды деп жүрген Жұмаділ осы»,– деді. Ә, сол ма деп сары жігіт қара жігітке қарап көзін қысты. Бұлар сөйлесіп тұрғанда жаяу жұмысшылар жөніне қарай аяңдай берді. Атты бозбалалар аз ғана аяңдап, азырақ бөгеліп артына қарап тоқтады. Мақпал қамзолды қара жігіттің: «Қазір бұл жерде ондай жанжал шығару қиуасыз. Ауыл жақын және өздері бірсыпыра кісі, басқа бір жерде ебін табу керек»,– деген даусы естілді. «Жарайды ендеше, бүгін-ертең аңдып, жол бойына жұмыстарына қайтып бара жатқанда ен далада кездесейік»– деп, аттарын борбайлап шаба жөнелді. Бұл сары жігіт Жұмаділ газетке жазып, жауыздық қылмыстарын көрсеткен Кайсарбай деген байдың немересі Ғалымжан еді. Басқалары сол ауылдьщ жастары, ылғи байлардың мырзалары еді. Ертеңінде кешке таман жаңа салынып жатқан темір жолға қарай жанында төрт жолдасы бар Жұмаділ келе жатты. Алдарынан кешкі ескен самал жел аңдыздатып соғып тұр. Қарсы соққан аңызақ желге бетін төсеп кеудесін ашып бұлар жаяу аяңдап келеді. Әрі-беріден соң күн батып қас қарая берді. Әлгідей болмай арт жақтарынан аттың дүбірі естілді. Азырақ тыңдап еді, тура арт жағынан естіледі. Әлдекім уақытсыз жүрген деп азырақ тыңдап сескенгендей болды да бұлар тағы аяңдай берді. Әлгіндей болмады аттың дүбірі жақындағандай болды. Арттарына қараса бір топ атты кісілер шауып келеді екен. Бұлар кім десіп таңырқап тоқтай қалды. Атты кісілердің «осылар» деген даусы естілісі-ақ мұң екен, лап қойды. «Жұмаділ қайсы?», «Мынау, мынау!»– деген дауыстар жақғырықты. Атты кісінің екеуі келіп Жұмаділге жабыла кетті. Қамшының астына алып жатыр. Жұмысшылардың өзгелерін де босатпай аттылы кісілер ұрып жүр. Жұмаділді ұрған сайын: «Ә, газетке сөз жазатын батыр. Жазасың ба?»– деп ұрады. Әйтеуір аттылардың қолында сойылы жоқ. Жұмысшлардың қолында да қару жоқ, әлі ұрып жүр.
Жұмаділ алғашқы кезде есі шығып, қару қыла алмай сасып қалып еді. Кішкенеден кейін ашынып, жармасып қару қыла бастады. Амал не, қолында қаруы жоқ жаяу кісі ештеңе өндіре алмады. Сап етіп, Жұмаділдің қонышындағы пышағы есіне түсті. Басын қорғап бұғып жүрген қалпымен қонышындағы пышағын бір қолымен суырып алды. Қолын сермеп тағы жоғары жармасып «енді біржола өлтірейік» деп, ұрып жүрген манағы сары жігіттің санына қарай құлаштап сермеп қалып еді, пышақ бір жерге сақ етіп сағасынан кіріп кетті. Оны тыңдаған жоқ әлі ұрып жүр. Жұмаділ пышағын суырып алып, тағы сермеп қалғанда, Ғалымжанның ащы даусы шықты. Ұрғанды қойып, қолындағы қамшысын, аттың тізгінін босата берді, астындағы аты да омыраулағанды қойып,
баяулағандай болды. Ғалымжанның жанындағы жендеттері қасына келіп, «не қылды» десіп жинала бастады. Жұмаділ қасындағы жолдастары босанысымен алдыңғы төбеге қарай жүгірді. Бұлар төбенің басыңа келіп тасты жинап алып, енді келсе көрейік десіп, күтіп отырды. «Не қылды, не қылды» деген жендеттерінің сұрауына, өлімсіреген дауыспен Ғалымжан: «Пышақ салып алды»,– деді. Ғалымжанның өзі жараланып қалған соң, бұрынғыдан гөрі сескенейін деді. Және Жұмаділдердің төбенің басына шығып, тас жинап алғанын сезді. Енді қайта барып армансыз болып, ештерін алуға мырзалар бата алмады. Сол жерде Ғалымжанның тор төбел атын бауыздап, «қап, болмас, бәлем, тұра тұр» деп міңгесіп, ауылдарына қарай мырзалар тайып отырды. Тағы келеді ғой деп Жұмаділдер тасты жинап алып төбенің басында көпке шейін күтіп отырды. Бірақ мырзалар келмеді. Түн ортасына жақындаған мезгілде, бір-бір етек тасты қойны-қоншына толтырып, жол бойына қарай аяңдай бастады. Ертеңінде Жұмаділ болған уақиғаны жол бойының басқармасына, месткомға, саяси мекеменің өкіліне білдірді. Барлығын тәдтіштеп жазып, газет басқармасына жіберді. Үш ай өтті...
Аудандық соттың кеңсе құрған жеріне жұрт ағылып, жиналып жатыр. Сот құрған үйдің іші халыққа лық толған. Келген халықтың көбі елдегі байлар мен жуандар, қақ жартысы жол бойындағы жұмысшылар, қысқасы, екі таптың тартысқан адамдары. Сот алдында отырған айыпкерлер сол елдің бірнеше шонжар байлары. Ішінде Қайсарбай, оның баласы Ғалымжан, тағы басқа бірнеше байлар отыр. Екі милиция екі жағынан мылтығын ұстап айыпкерлерді күзетіп тұр. Сот бастығы мәжілісті ашып: «Талапкер Жұмаділ Байсалбайұлын шақыр»,– деді. Әлгіндей болмай орта бойлы, қара мұртты, бадырақ көз, дембелше қара жігіт бір қолына бөркін ұстап, бір қолында қазақша бүктелген газеттері бар, соттың қарсы алдына келіп тұра қалды. Байлар бұл қара жігітті көріп, оқты көзімен атты, жек көріп қабағын тыржитты. – Атың, әкең аты кім?– деді қара жігітке сот ағасы. – Жұмаділ Байсалбайұлы. – Хат білесің бе? – Казақша білем. – Бұрын сотты болдың ба? – Жоқ. – Жасың нешеде? – Жасым отыз бесте. – Шаруашылық тұрмысың қандай? – Бұрын батырақ, осы күнде жұмысшы. – Ал енді өз жайыңды, осы іс туралы көрген-білгеніңнің расын айтып, сөйле,– деді. Жұмаділ азырақ бөгеліп, бетінің терін саусағымен бір сыпырып тастап, жауап беруге кірісті: – Мен өзім кедейдің баласымын, он жасымнан бері қарай жалшымын. Әкем де мына байлардың жалшылығында өмірі өткен адам еді. Бұрын мен бұл байларды
газетке жазбақ түгіл, бұлардың мұндай жауыздығын көрсетпек түгіл, соларға қарсы бір ауыз сөз айтуды да білмеуші едім, қорқушы едім. Анау отыған жуан қараның таяғын талай жеген едім. Оның бержағында біздің бағымызга кеңес екіметі орнады, Елде болсын, қай жерде болсын біздей жалшыларға, кедейлерге теңдік тие бастады. Бірақ онда да байлар бізді бір жағы қорқытып, бір жағы алдап өздерінің дегенін істетіп келді. Міне, бұлардың жауыздықтарының қандай екенін, бізді қандай сорлатып келгенін бір-екі жылдан бері ғана анық сезе бастадым. Өйткені осы салынып жатқан жаңа жолға келіп жұмысқа кіріскен соң, темір жол жұмысшыларын оқытуға арнап ашқан школға кіріп сабақ оқыдым, содан хат таныдым. Газет оқуды үйрендім. Бұл байлардың бізді қандай өзіп келгенін сол газет арқылы біле бастадым. Байлардың мұндай жауыздығын білген соң, кедейлерге, біз сияқты жалшыларға істеп отырған зорлығын көрген соң, шыдай алмай газетке жаза бастадым. Тағы басқа жауыздықтарын, мал жасырғандарын көрсетіп бар білгенімше газетке жаздым. Жасырмаймын, өтірік те айтпаймын, бұларды газетке жазған мен.– Жұмаділ азырақ бөгеліп байлардың түрлі жауыздықтарын айтып, ақырында, газетке бізді жаздың деп төрт-бес жігіт жиналып келіп, Ғалымжанның өлтірмекші болып, ұрғанын айтты. Жұмаділ сөзін бітірген соң, бірнеше сұраулар берілді. Бұған да Жұмаділ ашық анықтап жауап берді. Жуандау келген қара кісі: «Апырай, мынау былықтырды-ау, менде несі бар»,– деді сыбырлап. Жанында отырған, сотты тыңдауға келген кедей шаруа Мұқамбет деген: «Қайтсін байғұс, әбден ашынған ғой»,–деді. Бұдан кейін Жұмаділдің куәларынан жауап алды. Куәлардың бәрі де Жұмаділдің айтқанын дұрыстап, байлардың жауыздықтарын айтып, газетке жаздың деп төрт-бес жігіт келіп ұрғанын, газетке жазылған хабарлардың бәрін растап, жауап берді. Сот айыпкерлерден, олардың куәларынан жеке-жеке жауап алды. Бұлар да түрлі айламен тануға кірісті. Бірақ жауаптарынан оңдап шатасты. Жауап алынып болған соң, айыптаушы мен ақтаушыға сөз берілді. Қаралаушы қоғамдық айыптаушы жол бойындағы кәсіпшілер одағының бастығы Қасен деген жігіт еді. Тілге ұсталығы дәл Орынбектей болмаса да, байлардың жауыздықтарын, олардың қандай статьямен айыпты екенін, қоғамға қандай залалды адамдар екенін бірін қалдырмай сөйлеп шықты. Бұдан кейін ақтаушы Аманжол сөйледі. Бұл да Жияншадай сөйлемегенмен бірсыпыра өзінше дәлел келтірген болды.
Сот құрылысы үкім жазуға шықты. «Не болар екен? Қандай жаза кесер
екен?»– деп күтіп тұрған иін тірескен халық.
Жалшылар, кедейлер жағы ішінен қуанып күтсе, байлар, жуандар жағы қауіптеніп, қалтырап күтуде. Әлден уақытта сол келеді деген дауыс естілді. Жұрт ұшып түрегелді. Айыптау қаулысы оқылды. Ғалымжан Қайсарбай немересі тілшіге қастық қылып ұрып өлтірмекші болғаны үшін сегіз жыл қатаң ұстаумен еркінен айыруға, одан кейін үш жыл азамат құқынан айыруға. Екінші Қайсарбай Бағыс баласын, өзі бай болып, салықтан мал жасырған үшін екі жыл түрмеге отырғызуға, бес жыл басқа губернияға жер аударуға, елу жылқы, жүз қой, бес жүз сом ақшасын қазына
пайдасына алуға және Бердібек Шоқаман баласының жалақысын бермегені үшін, Бердібек жалшыға сегіз жүз сом жалақы өндіруге, байға бес жүз сом айып салуға кесілді.
Мұнымен қатар Қайсарбай сияқты мал жасырған, жалшының жалақысын бермеген үшін Сегізбайға жоғарыда айтылғандай жаза кесіліп, айып салынды.
Байлар жағының адамдары үкімді естігенде, қалтырап, тұра алмайды. Түстері біресе аппақ қудай, біресе қара күрең болып құбылып, еңсесі түсіп, иығы салбырап, «бұл неткен зауал?» десті. Сот мәжілісінде болған жұмысшылардың, байдан қорлық көрген кедейлердің, бәрінің кеңілі көтеріңкі. Дұшпандарын әбден ақтық жеңгендей болып қуанып, «бәсе сол керек жауыз байларға» деп дабырлап сөйлеп кетті. Жұрт топырлап далаға шықты. Жұмаділ де сыртқа шықты.
Жұмаділдің жанына бірсыпыра жұмысшылар, кедейлер жиналып «қарағымай, ерледің-ау» ден дабырласып сөйлеп қошеметтеп тұр.
Араларынан жол жұмысшыларының бірі, шүңірек көз қара сақалды кісі тұрып: «Міне, жолдастар! Байлардан теңдік алғанды құлағымыз естуші еді, бүгін анықтап көзіміз көрді, бұл жолы мына Жұмаділдің жігерімен алып отырмыз. Болсақ, Жұмаділдей бол»,– деді.
ҚЫЗМЕТ БАТЫРЫ Темір жол бойында, екі станцияның арасында кішкене үйшіктің ішінде тұратын орта бойлы шоқша сақалды қара кісі Жаманбай. Жаманбайдың кәсібі темір жолдың бойын қарап босаған винттерін бұрап, шегелерін мықтап кағып, шіріген шпалдарын ауыстырып салып, төмен басылғандардың астына балшық, құм толтырып тегістеу. Қыс болса жол бойының қарын тазалап, құдайдың құтты күні бір дамыл көрмейді. Жаманбай таң атысымен тұрып алып, жол бойына кетеді. Кешке дейін сол жол бойында винт бұрайтын темірі мен күрегін иығына сальга жолдың әр жерін шұқылап, қарап жүргенін көресің. Жаманбай қазақша саптама етігінің қонышында бір қызыл, бір жасыл екі кішкене жалауы болады. Бұл жалауын ылғи қонышынан тастамайды.
Жаманбайдың бұл кәсіпке кіріскеніне міне биыл он бес жыл. Қарайтын жері шақырымдай жер. Міне осы екі арадағы жолдың жаман-жақсы жұмысына Жаманбай жауапты, міндетті сияқты. Бұл күнге дейін, жол бойының мастерлерінен, басшы жұмыскерлерден, анда-санда келіп қарайтын жол мамандарынан, начальниктен ылғи мақтаудан басқа пәлен деген ешбір сөгіс алған жоқ болатын. Жазғытұры еді. Қар еріп, су сайлардан сарқырап ағып жатыр. Бүгін де, күндегідей Жаманбай ерте тұрған, винт бұрайтын темірі мен күрегін иығына салып, домбыраның шегіндей қаз-қатар созылған темір жолды бойлап келе жатыр.
Түнде Жаманбай қатын-баласынан бұрын жатып, ұйықтап қалған, Күлсім тігіп отырған. Екі-үш жасқа келген Сәлім әкесінің қойнында тұрған қызыл жалауды суырып алып, «мен пионер, мен коммунист» деп кішкене қызыл жалауды ұстап жүріп, бірсыпыра ойнап, ұйқысы келген соң, жалауды ірге жаққа тастап жатып қалды.
Жаманбай түнде үйден шығарда қонышындағы кішкене жалауларды көріп қоятын. Бүгін ұмытып қонышын қарамады. Жаманбай анда-санда жерге бір тоқтаумен жүріп отырып, 3-4 шақырымдай жүрді. Рельстің винттерін, шпалдың шегелерін босаған ба деп шықылдатып соғып керіп, босағандарын мықтап бұрап, ұрып түзетіп бекітіп келеді. Сол бетімен жүріп отырып, Жаманбай будкадан бес шақырым жердегі Сарыөзек сайына келді. Күндегідей басылған жерлерін белгілеп, босаған винттерді бұрап келе жатыр. Кенеттен Жаманбайдың көзіне екі рельстің қосылған жері ағытылып шығып, бір жақ рельс қисайып қалғандығы көрінді. Жаманбайдың зәресі ұшып кетті. Келіп қараса, шпалдардың табанындағы балшықтары қазылып төмен түсірілген. Бірнеше шпалдардың шегелерін суырып алып тастаған, кеше Жаманбай бұл жерге келген, онда аман болатын. Бұл 1921 жылдың жазғытұрым уақыты еді. Онда осы маңдағы тауларды паналап, ел талап жүрген басмашылар жүретін. Басмашылар мүмкіндік болса поезды талайық, әйтпесе поезд құлап бүлінсін деген қастықпен өткен күні жолды бұзып аңдыған еді. Бірақ басмашылардың тілегі болмай, бұл жерден почта поезы түнде өтпей бүгін бес-алты сағат кешігіп, күн шыққан соң, сәскеде өтетін болған. Сонымен бандылар таң аппақ атқанша аңдып, поезы келмеген соң, таудағы тұрағына қарай көзге түспей жылысқан еді.
Жаманбай мұны көрген соң, жаман састы. Енді поезд келсе құлап қирауында сөз жоқ. Бұл бұзылған жолды қазір поезд келгенше түзету керек. Бірақ жалғыз Жаманбайдың шамасы келмейді. Мұндай жұмыстарды алдыңғы будкада тұратын жұмысшылармен қосылып көптеп істейтін. Бірақ олардың бері қарай шыққан қарасы әлі көрінбейді. Ен алдымен Жаманбай алдыңғы будкадағы жұмысшыларға хабар беруге ойлады.
Жоқ, барып хабар беруге болмайды, өйткені оған дейін арт жақтан поезд келіп қалып, бұзылған жерге құлау қаупі бар, Жалма-жан жүгіріп жүріп, жолды түзететін саймандар іздеді. Бір-екі тот басқан винттер, бірнеше шпал шегелерін, рельсті көтеретін ағаштар тауып алды. Бірақ мұнымен жалғыз Жаманбайдың бұзылған жерді түзетуге шамасы келетін емес әлі. Сүйткенше болмады Жаманбайдың көзіне арт жақтан поездың будақаған түтіні көрінді, Жаманбай жан ұшырды, даярлаған саймандары мен балка ағаштары мен рельсті көтермек болды, бірақ шамасы келмеді.
Келе жатқан кісі мінетін үш санды почта таситын поезд. Жыландай жорғалап, ұшқан құстай зулап, түтінін будақ-будақ шығарып, ағып келеді.
Жаманбай енді поезды тоқтатуға ойланды, жалмажан қонышындағы жалауды суырып алып еді, қызыл жалау емес жасыл жалау. Қайтадан оны тығып жіберіп, қызыл жалауды қараса қонышында жоқ. Енді бұрынғыдан жаман састы, зәресі ұшып кетті. Поезд ағып келеді. Поезды тоқтату керек. Не қыларын білмеді. Енді поезд құлайды, жұрт қырылады, деген қауіпті қорқынышты сурет көз алдына елестеп кетті. Енді не қылса да поезды тоқтатып, құлатпай, адамдарды аман сақтап қалу керек.
Поезд бір жарым шақырымдай жер қалғанда, Жаманбай жолдың қақ ортасында тұрып алып қолын былғап айқайлай бастады. Жаманбайдың айғайын паровоздың машинисы әлі естіген, сезген жоқ. Поезд әлі ағып келеді. «Енді поезд мына жерге келіп құлайды-ау! Енді қайтем» деген ғана аузынан дыбыс шығады. Тағы қолын былғап жан даусымен айғайлайды, поезд жақындап қалды. Паровоздың машннисі жолдың ортасында тұрған адамды жаңа көрді, «кет» деп паровозды бір-екі айғайлатты. Оған Жаманбай кететін емес. Жолдың бұзылған жерінен поезға қарай қарсы жүгіріп келіп, қолын былғап: «Мен көптің құрбаны, мен міне қызыл белгі»,–деп рельстің үстіне құлап, бір жақ қолын былғай берді.
Жаманбай құлағанда поезд екі жүз саржандай жерде қатты ағынмен келе жатыр еді. Жаманбайдың құлағанын көрген соң, машинист тез кейінгі тормозды басқаратындарға хабар беріп, поезды тоқтату шарасына кірісті. Вагонның құлақтары сарт-сұрт, шыр-шыр етті. Поездағы жұрт не себепті бұлай кенеттен тоқтады, неге айғайлады деп әбігерленді. Паровоздың екі иінінен демін алып ысылдаған даусы, анда-санда аңырып қалғаны естіледі.
Поезды табанда тоқтату мүмкін емес. Бар вагонның тормоздарын жауып бірте-бірте тоқтатылды. Өйткенмен паровоздың алдыңғы дөңгелегі Жаманбайға бір саржандай қалған кезде дөңгелеуін қойды. Паровоздың дыбысы Жаманбайдың қақ жанынан естілсе де не екенін білген жоқ. «Енді өлдім, енді келіп басты...» деп өмірмен қоштасып жатыр. Бірақ әлі де анда-санда қолын сермегенін қойған жоқ еді.
Паровоз тоқтаған соң тағы бір-екі ақырып қалды. Оған Жаманбай тұрып кететін емес, тағы қолын баяулатып бір-екі қабат сермеп қойды. Жалма-жан вагоннан жұрт та, паровоздан маншинист те түсті. Жолдың ортасында сұлап қолын былғап жатқан адамның жаңына келіп жиылды. Жұрттың бәрі де «не болды, не болды?» деп сұрап жатыр. Тағы да қолымен жолдың бұзылған жерін көрсетті. Поездың қызметкерлері, паровоздың машинисі барі де Жаманбайды таныды. Жаманбайдың сілтеуімен жолдың бұзылып, жүруге жарамайтын болып жатқанын көрді.
Енді жұрттың бәрі де Жаманбайдың жолдың үстіне неге жатқанын, неге поезды тоқтатқанын да білді. Жұрт Жаманбайды тұрғызып алды.
Поезд қызметкерлері дереу Жаманбай даярлаған саймандармен екі рельстің алынған жерін қосып, жолдың астын тегістеп 15 минуттың ішінде жолды түзетті де поезд жүріп кетті. Поезд қызметкердері Жаманбайға риза болғандығын ілгергі станция начальнигіне мәлімдеу үшін, поезға отырғызып бірге алып келді.
Станцияға келген соң, Жаманбайды начальниктің алдына әкеп мәнісін айтып, жұрт Жаманбайға «қызмет батыры» деп алғысын жаудырып жатты.
ЕСКІЛІКТІҢ КЕСІРІ, ЖАҢАЛЫҚТЫҢ ЖЕМІСІ Айтбай биыл сауатсыздықты жоятын мектепті бітіріп шыққаннан кейін, хат танып қазақша газет, кітаптарды оқи бастаған. Бүгін жол бойындағы
жұмысшылардың демалыс күні. Айтбай жұмысшылардың қызыл мүйісіне түсте келіп еді. Бұрыштағы үстелге отырып бір кітапты әлі оқып отыр. Жұмысшылардың қайсы біреулері газет-журнал оқып, бірі келіп, бірі кетіп жатты. Айтбайдың оларда жұмысы жоқ, әлі манағы кітабын оқып отыр. Кітапты кешке шейін оқыды. Айтбай қараса қызыл мүйісте жан қалмаған. Бәрі тарап біткен екен. Сүйткенше болмады Айтбайдың жанына қызыл мүйісті басқаратын жолдас келіп: – Жабатын уақыт болды, күн кешкірді ғой, шықпайсыз ба?– деді. – Жарайды ендеше, мына бір кітаптың қызығымен отырып қалған екенмін, шығайын. Мына кітабыңды мен бүгінше оқып, ертең әкеп берейін,– деді Айтбай. – Бұрын мұндай кітаптарды әркімге көп таратып бермеуші едік, аса керекті болса ал,– деді. Айтбай қызыл мүйістен шығысымен ойға шомды. Өзінен өзі: «Апырай мына кітаптағы сөздердің бәрі рас болса, бақсы-балгер дегендердің өзі тамақ үшін адамды сататын құзғындар екен»,– деді. Әрі-бері ойлап, балағанның алдына таман келіп, кегал шөптің үстіне жатып кітаптың өзіне керекті жерлерін қайта оқуға кірісті. Біраздан соң, кітапты жерге қойып Айтбай ойға кетті. Бұл ойлағанда өзінің бар өмірін көз алдынан бір сыдыртып өтті. Сонда бар ойы әйелі Қадишаның жүкті болғанына, ұлының туа салып өлгеніне сая берді. Айтбайдың бүгін бұл кітапты мұнша қызығып оқығаны, барлық ойының алғашқы баласының тумай жатып өліп қалғанына келіп тоқтаған себебі мынау еді.
Айтбайдың бұл оқып отырған кітабы «Ана мен баланың денсаулық тұрмысы» жайында жазылған кітап. Айтбай жанын жалдап, еңбегімен күн көріп жүрген жалшы еді. Бұрын әкесі тірі, үш-төрт қарасы бар кезінде, әкесінің айттырып алып берген қалыңдығы Қадиша еді. Қадиша Айтбайды қандай жақсы көрсе, Айтбай да Қадишаны сондай жақсы көретін. Айтбай байдың шөбін шауып, егінін орып жұмысын істесе, Қадиша байдың сиырын, биесін сауып, тезегін теріп, құртын қайнатып, легенін төгіп, бай үйінің бар жұмысын істеуші еді. Айтбай мен Қадиша қосылғаннан кейін де Қадиша төрт-бес жылға дейін бала көтермеді. Айтбай да, Қадиша да балаға зарыққандай болған кезде, Қадиша жүкті болған, Қадиша жүкті болған соң, Айтбай да, Қадиша да іштерінен қатты қуанып жүрді.
Қадиша жүкті болып жүрген кезінде де байдың малын сауып, үйін көшіріп, тезегін теріп, жұмысын істейтін. Ауылдағы қазақ әйелінде жүкті деп бойын күтетін әдет бар ма? Әсіресе байдың үйінің жұмысында жүрген әйел бір жері ауырса да жатып тыныштық алмайды. Қадиша салпылдап жүре беретін.
Күздігүні еді. Ауыл қыстауға жаңадан қонған кез. Бір күні Қадиша кешке шейін шермендеп жүріп байдың үйінің қорасына сөрелеген тезегін тасыды. Кешке таман өне бойы әлсіреп жұлын тұтасы сіресіп, ауырып өзінің жаман жер үйіне келіп құлаған.
Айтбайдың үйінде жалғыз кәрі шешесі бар. Қадишаның басында «қарағым, қай жерің ауырады» деп жалғыз сол отыр. Өткен күн таңертеңмен Айтбай егін басына, байдың егінін соғуға кеткен.
Екі күннен кейін егіншілерге ас әкелген баладан: «Айтбайдың келіншегі босанды, қиналып босанды, ұл тапты деп естідім. Бірақ баласы өлі екенін, тірі екенін білмеймін»,– деген хабарды естіді Айтбай. Айтбайдың жүрегі алып ұшты, Қадиша босанды дегенге бір жағынан қуанса, екінші жағынан «қиналып босанды, баласы өлі екенін, тірі екенін білмеймін» дегенге ренжіп, тынышсыздана бастады. Кешке ауылға барып келуге ойланды. Жұмыстың ерте бітіп, кештің тез болуын күтті. Күткенде уақыт тез өте ме? Әйтеуір Айтбай бір жағы қуаныш, бір жағы реніш оймен жүріп жұмысты тоқтатқан соң, қас қарая қоңыр өгізге жайдақ мініп, Қадишаның халін білуге, көптен зарығып күткен нәрестенің шырылдаған даусын естуге үйге тартты.
Айтбай ауылға келгенде ауылдың алды жатып қалған екен, үйіне кіргенде, сығырайған білте шамның жанында шоңайып әжесі және ауылдың бір-екі баласы отыр еді. Оң жақта сұлап қозғалмай Қадиша жатыр. Анда-санда «уһ» деген демі естіледі. Одан басқа жас баланың шырылдаған даусы, қуанышты ың-жың, у-шу ойын-күлкі дәнеңе жоқ. Үйдің іші жым-жырт. Айтбай әжесінің бетіне қарады да ажары онша емес, ренжу тартып отырған түсін көрген соң, іші суып кетті. Үндемеуге шыдай алмай: – Әже, жәй ренжіп отырсың ба?– деді. – Ренжіп отырғам жоқ, келіннің жаны қалса болады,– деді, сыр білдірмегенсіп. Айтбай «баладан күдер үзген ғой» деп ойлады да, ақырын шекпен күпісін тастап, Қадишаның жанына келіп: «Қадиша қалайсың?»– деді. Қадиша көзін ашып Айтбай екенін көрген соң: «Шүкір әйтеуір, жаным бар, білмеймін әлі»– деп сөзін үзді.
Әрі-беріден кейін жас баланың болар болмас ыңырсыған дыбысы естілді. Айтбайда үн жоқ, күпісін жастанып, ойға кетті. Ең алдымен Қадишаның тірлігін, одан кейін баланың тірлігін ойлап, шаршап келсе де көпке дейін ұйықтамай жатты. Таңға жақын Айтбай ұйқылы ояу жатыр еді, «байғұс нәресте өліп қалыпты ғой, құдай бізге мұны да көпсінгені ғой» деген әжесінің даусы естілді. Айтбай басын жұлып алып: – Әже, не дейсің,– деді. – Не дейін, жата бер. Өзің мен келін екеуің тірі болыңдар, бала өліпті,– деді. Айтбайдың көптен күткен қуанышы реніш болды. Құдай аямаған, құдай әдейі басқалардай қуантпаған нағыз бақытсыз адамдай болып жатты да қалды. Таңертең жұрт тұрған соң, Қадишаның халін біліп жас нәрестені жерледі де кешке таман егін басына кетіп қалды. Он бес күндей жатып Қадиша да тәуір болып түрегелді. Қадиша тәуір болып жазылып кеткен соң, Айтбай да, Қадиша да зарыққанда көрген баласының көріне салып жоқ болғанын ойлай бастады.
Бір күні түнде жатқан соң, Айтбай мен Қадиша екеуі баланың қалай туып, қалай өлгенін әңгіме қылды. Қадиша өзінің қалай қиналып босанғанын, қатындардың не істегендерін айтты. Екеуі де әлде сол балгер шешейдің қысқанынан өлді ме екен, әлде іште жатқанда бір дерт пайда болып, ауру, жарым-жан болып туды ма екен деп екі ойлы болып жүретін.
Айтбай бүгін мына кітапты оқығаннан кейін, жоғарыдағы оқиғаны ойлап шығып: «Жауыз балгер шешей болмаса қазір ата, апа деп жүгіріп жүретін бала-ау! Бұлардың бәрінің істейтіні адамға жақсылық емес екен-ау, өздерінің атағы үшін не дүниеге, пұлға қызығып білгір, балгер болады екен-ау. Әрине, мұның бәрі ескі әдет қой»,– деген қорытындыға келді. Айтбайдың ендігі ойы: Қадиша биыл тағы жүкті, бір-екі айда босанады. Осы күнде өзінің жанында жұмыс қылып жүр. Енді Қадишаны қатындардың қолына түсірмеу керек деп ойлап, тағы да кітапты азырақ оқып отыр еді. Балағанның алдынан: – Әй, жүріп шайыңды іш ,–деген Қадишаның таныс даусы естілді. Айтбай жалт қарады да қолын былғап: – Өзің мұнда келші,– деді. Қадиша маң-маң басып Айтбайдың жанына келді. Айтбай отыр деді. – Ал айта берші, немене күні бой жоламай кеттің,– деді Қадиша. Айтбай отыр деп етегінен тартты. Қадиша отыра бергенде: – Ана жылғы баланы өлтірген сенің балгер шешейлерің екен,– деді. – Оны қайдан білдің? – Оны мына кітаптан оқып білдім. – Онда не дейді?
Айтбай кітаптың керекті жерлерінің бәрін Қадишаға оқып шықты. Қадиша рас шығар-ау деп тамсанды. Айтбай: – Сен енді жұмысты қой. Жаныңды күт, ай күніне тақалғанда жұмыс қылған залалды болады дейді. Сені мына ауылдағы нағашылардың біреуінің үйіне апарып қояйын, сонда барып босанғанша жаныңды күтіп жат,– деді. Қадиша: – Койшы, жалғыз қалай жүресің? Сендердің салып берген топырақтарыңды төгіп, қоңыр өгіздің басын жетелеп, су әкеліп, шай қайнатып, тамақ істеп бергеннен басқа қиратып істеп жүрген жұмысым шамалы ғой,– деді.
Айтбай тағы да Қадишаға айы күніне тақалған әйелдің жұмыс қылуы залалды екендігін түсіндірді. Тұрып екеуі де балағанына шай ішуге аяңдады. Күннің сәулесі әлемді қызыл нұрымен бөлеп қызарып бата берді. Ай жарым уақыт өтті. Тал түс. Жол бойы қыбырлаған жан. Бәрі де топырақты қардай боратып, бірі төгіп, бірі салып, бірі жазып тегістеп аласұрып, қыбырлап жүр. Көлігі арықтап қалған соң, тынықсын деп Айтбай ташкемен топырақты тасып жүр.
Тайға мінген бала далбақтап шауып келіп: «Келіншегің толғатып жатыр»,– деді Айтбайға. Айтбай қолындағы күректі, ташке арбаны лақтырып тастай беріп: «түс, тайыңды маған бере тұр»,– деп тайға мініп алып жол бойындағы денсаулық бөліміне шапты. Онда акушерка бар болатын. Күн бұрын барып акушерка әйелмен уәделесіп, сөйлесіп қойған еді.
Айтбай акушерка әйелді әкелгенде Қадишаның да іші ауырып, безектей бастаған еді. Айтбай мен акушерка әйел үйге кіріп келгенде үйге қатындар да толып қалған екен. Біреуі аспа жіп құрып, біреуі тағы да орамал даярлап, өздерінше қамданысып жатыр екен. Акушерка әйел орысшалап Айтбайға: – Мына топырлаған әйелдердің керегі жоқ,– деді. – Сіздер бәрің де шығыңдар, қалса бір-екі епті әйел ғана қалсын. Өзгелерің ренжімей үйлеріңе қайтыңдар,– деді Айтбай. – Ойбай, бетім-ау, мұнысы несі, бір маржаны әкеп, бізді қуғаны несі,– деп беттерін бірі тыржитып, бірі шымшып үйден шыға бастады.
Акушерка әйел қандай епті. Төсек-орынды жайластырып салып Қадишаны жатқызды. Самауырға су қайнаттырып, суды жылытып бәрін даярлап жүр. Қадиша бұрынғыдай қиналған жоқ, қорыққан да жоқ, жайланып жатыр. Акушерка әйелдің жәрдемімен тағы да сазандай ұл бала тапты, Қадиша да, Айтбай да есі шыққанша қуанды, акушерка әйелге қайта-қайта рақмет айтты. Айтбай сып деп акушерка әйелге бір сом ақша беріп еді: – Біз ақымызды қазынадан аламыз, бұған ана баланы орайтын шүберек алыңдар,– деп берген ақшасын алмады. – Тағы келіп көріп тұрам. Енді сендерге айтатын түсінік: бұл туған балаға қазынадан ақша беріледі және балаң өліп қалса да керек-жарағыңа қазына ақша береді,– деп қамсыздандыру кассасынан ақшаны қалай алатынын түсіндірді.
Айтбай акушерка әйелдің қайта-қайта қолын ұстап, өзінің білген алғысын айтып шығарып салды. Төрт-бес күннен кейін Айтбай, Қадишамен туған баланы қамсыздандыру кассасына апарып жиырма сомдай ақша алды.
Өзінің кітапты оқып түсінгендіктен осылай істегеніне, акушерка әйелдің жәрдемімен Қадишаның аман - есен босанғанына есі шыққандай қуанды.
Қазір Айтбайдың соңғы баласы екіде жүгіріп жүр. Алғашқы баласы тірі болса атқа мініп жүретін еді.
БОЛЬШЕВИК ҚЫЗЫ СУЫҚ ХАБАР Оң жағы таумен оралған, сол жағы өзенмен шырмалған, қойнаудағы екі шіркеуі, бір мешіті бар, бұрын «дуан» атанған кішкене ескі қаланың сыртқы көрінісі өлі сол қалпында.
Бұл қаланың айналасының табиғаты, елі бай, жері шұрай, астығы, еті, майы, қаймағы мол, әрі арзан болғандықтан кімдер келіп тұрмады, кімдер келіп тұруға қызықпады? Келді, тұрды, келді кетті, кетті келді... Бұл қала әлі де елді-мекеннің алдыңғы қатарлысы. Губерниядан, облыстан ауданға жіберілетін қызметкерлер бұл ауданға таласып баратын болып жүрді. Осы екі қаланың ортасындағы базар майданынан оңға қарай созылған ұзын көшенің бойында, төбесін темірмен жапқан, терезесінің қақпақтары ақ сырмен сырланған, екі бөлмелі қос ағаш үй көптен тұрады.
Бұл көптен қызметкерлердің пәтер үйі, бұл үйде кімдер тұрмады? Талайлар тұрды. Соның бірі, қазір тұрған – Сабыржан.
Төргі бөлме алдыңғы бөлмеден үлкенірек. Екі бөлменің іші де тап-таза, европа тәртібімен жиналған. Үстел беттері ақ жайма, кестелі дастарқан, жарасып тұр. Төргі бөлмеде барқыт тысты диван, стенаға ұстаулы, еденге төсеулі масаты кілемдер. Екі жақта екі жылтырауық темір кереует, ортада жазу үстелі, оның тұсында ілулі түрлі карточкалар, тағы-тағылар. Мәдениетті, бақытты адамдар тұратын үй екені ішке кіргеннен-ақ беп-белгілі боп тұрады.
Үй қарайтын әйел Жақыл, бүгін үйдің қожаларын күндегіден көбірек күтті. Сағат дәл бесті соққанда есік тықырлады. Жақыл есікке жақындай бергенде, Сабыржан кеп есік ашты. Жақыл кейін шегініп жол беріп, Сабыржанның бетіне қарады. Сабыржанның күндегіден түсі өзгеріп кеткен екен. Жақыл азырақ сескенейік деді, үйткені кейде мас болып келгенде түсі бұзылып кетуші еді. Әлде мас болып келді ме екен деп ойлады. Сабыржан бетінен қаны тамған, толық, ақ сары жігіт еді. Бұл жолы аппақ сұп-сұр болып, бетінің түгі түксиіп шығып, қабағы түсіп, шүңіректеу көзі одан да жаман батыңқырап, жасаурап, жайдағыдай көзінің қарашығы ойнақшымай, сүзіліп қарап, төргі бөлмеге өте берді. Төргі белмеге барды да, портфелін үстелдің үстіне тастай берді; күндегідей үстелден алысырақ тұрған орындықты салдыратып ыңғайсыз тартып алып отырды да, алдымен оң қолын, содан кейін сол қолын үстелге айқыш-ұйқыш салып, оның үстіне басын қойды.
Әлден уақытта азырақ басын көтеріп алып: «Қап! Наконец, іс бұзылды»,– деді де басын қолының үстіне қайта қойды. Біраздан қейін төргі бөлменің есігін ашып: «Тамақ әзірлейін бе?»– деді Жақыл. Үн жоқ, жауап қайтармады Сабыржан. «Бір жері ауырып отыр ма?»– деп таңданып Жақыл есікті қайта жапты. Әлгідей болмай сыртқы есік ашылды. Қолында қара портфелі бар европаша киінген орта бойлы қара торы әйел кірді. Қолындағы портфелін қойып үстіндегі плащын шешіп іліп жатып: «Жәке! Бүгін көбірек күттірдік білем, «біздің жігіт» келді ме?– деп күлімсіреді. Сабыржанды кейде еркелетіп «біздің жігіт» дейтін еді, бұл мінезін Жақыл да әбден білетін. Жақыл келді деген сөзді күндегідей емес даусын болар-болмас шығарып, көңілсіз айтты. Қара торы әйел есікті ашқанда, Сабыржан манағы қалпында отыр еді. Азырақ бөгеліп таңданғандай болып бір-екі адым аттады да, күндегі әдетті даусымен «Сабыржан!»– деді.
Сабыржан үндемеді. Қозғалмады.
Қасына келіп Сабыржанның кепкасын үстел үстіне алып қойып, басын
сипап тұрып:
– Ой, неғып отырсың?– деді.
Сабыржан үндемеді.
– Сабыржан! Немене?– деп қара торы әйел күндегісіндей күлімсіреп
еркелегендей болды,
Тағы үндемеді.
– Өзі шешінбей отыр. Тұр, шешін! Тамақ ішейік! Неғып отыр өзі?– деп оң жақтағы кереуетке жүре бергенде, Сабыржан басын жұлып алып: – Не болсын, құдай атып отыр. Қара торы әйел шошынып: – Не дейді? Қандай құдай?!.. Сабыржан әйелдің бетіне қарап тұрып зілді дауыспен: – Сенің құдайың. Сабыржанға таман ұмтылып жақындай беріп, таңырқап: – Не дейсің, жаным! «Сенің құдайың» дегенің не? Не болды, жаным? – Партиядан қуылдым, билетімді алып қойды. – Не дейді? Не қылмысың бар еді? Жаным-ау! Рас айтасың ба? – Рас айтпағанда ойнап отыр дейсің бе?– деп Сабыржан әйелдің бетіне ажырайып ашумен қарады. Жақындай беріп таңданып: – Кім деп, не деп, не жазығың бар деп? – Білмеймін. – Өзің ішінде болдың ба, райкомның қаулысы болды ма? – Иә. – Не деп, кім деп? – Өзің барып білші! Қолыңнан келсе түсіндірші! Жала екенін, менің ақ екенімді білесің ғой,– деп Сабыржан жалынғандай болып, мүләйімсіп қарады.
Қара торы әйел есіктен кіріп келгенде райком секретарының кабинетінде орта бойлы қара мұртты арықтау келген қара жігіт тұр еді. Бұл үстел үстіндегі қағаздарын жинастырып түскі тамаққа қайтқалы тұрған райком секретары болатын.
Қара торы әйел «мұның мәнісі қалай, жолдас!»– деп еркіндей келді. Өйткені қара торы әйел бұл секретарьмен көп істес болмағанмен, үш-төрт жылдан бері осы ауданда қызмет ететін. Екі жылдай комсомолдар комитетінің секретары, әрі райком бюросының мүшесі болып істеп, қазір деткоммука меңгерушісі болып істеп жүргендіктен, өзін сыналған сенімді маман ретінде ұстап еркін тұрды.
Сабыржан да екі-үш жылдан бері осы ауданда істейтін. Алғашқы кезде бухгалтер қызметінде болып өткен жылдан бері райсоюздың жауапты қызметкері еді. Секретарь күндегідей жылы ұшырап қараудың орнына, бұл жолы салқын жүзбен қағаздарын жинастыра берді.
Әйткенмен, қара торы әйелдің түрі біресе бозарып, біресе қуарып айтатын сөзін тілінің ұшына келтіріп, көзі жалт-жұлт етіп қара жігітке қарай берді.
Біраз қағаздарын жинастырып болған соң: – Не айтайын деп едіңіз? – Біздің Сабыржанның не қылмысы бар еді а? Соны білейін деп келіп ем. – Не қылмысы бар екенін білмеуші ме едіңіз,– деп, тікелеп қарады қара торы әйелге.
– Жоқ, не қылмысы бар екен,– деп қара торы әйел жақындай берді. – Жолдасыңыздың кім екенін білмеуші ме едіңіз, ол туралы сізбен ерекше сөйлеспекпін,– деді дауысын ақырын шығарып. – Білмеймін... Кім екен? Не қылмысы бар екен? Айтыңызшы! Әдейі соны білейін деп келіп едім.
Райком секретары қара торы әйелдің бетіне азырақ қарап тұрды да басын шайқап: – Сіздің жолдасыңыз Сабыржан большевиктерді бауыздаған, алашорда отрядының офицері екен. Кара торы әйелдің аузынан: «Не дейді! Алашорда!» деген сөз өзгеше бір дауыспен шығып шошынып кейін шегініп қалғанда, артында тұрған үстелге соқтықты, салдырап үстел жерге құлады. Қара торы әйелдің түсі қуарып кетті. Қорқыныштың, ызаның зардабынан алып ұшқан жүрек, қайнағаннан денесін біресе қыздырды, бірісе суытты. Шүу дегенде аузына сөз түспей қалды. – Не дейсің, жолдас! Не дейсіз! Біздің Сабыржан ба? Иә, сіздің Сабыржан алашорданың қанішері екен,– деп әйелге бір қарап қойды да жұмысын істей берді. Қара торы әйел сұрланған, шошынған қалпымен бір қадам ілгері басты да. – Актіні оқуға бола ма?– деді. – Жоқ, әлі жазылып болған жоқ, мазмұны сол, одан басқа да қылмыстары бар. Қара торы әйел сұрланған түрімен екі адым кейін шегінді де, ақырын дауыспен: – Қап мен... не ғып... қап мен не ғып білмедім?– деді де жалт бұрылып шығып жүре берді. Қара торы әйел есіктен келіп кіргенде Сабыржан үстелге басын қойған манағы қалпында отыр еді.
Сабыржан ақырын басын көтеріп жаңағы келген қара торы әйелге қарады. Әйелдің кескінінен рақымшылықтың, жақсылықтың, қуаныштың ешбір нышаны көрінбеді. Шынында әйелдің бойын ашу кернеген еді. Сабыржан қарағанда, қара торы әйел сұрланған пішін, ызбарлы қатты дауыспен Сабыржанға тікелеп қарап аз тұрып: – Жүзі қара! Жасырынып жүрген жау екенсің ғой! – Кім? – Сен! – Мені кім дейсің? – Сені «алаш» дейді. – Мен жау! Мен кімге жау!?– деп Сабыржан үстелді жұдырығымен қойып қалып, созалаңдап орнынан тұрды. Екі көзін қара торы әйелден аудармай сұрланып, біраз қарап тұрды да өзінің кереуетіне қарай жүрді.
Уытты қара көзін манадан Сабыржаннан алмай қарап тұрған қара торы
әйел:
– Рас па, жаным-ау! Мен кім, жолдасым кім?..
«Алашорда»...– Жыламсыраған дауыспен:– Мен не ғып білмедім?– деп кереуетіне барып құлады да солқылдап жылай берді. Сабыржан да кереуетіне түбі шіріген теректей күрс етіп құлаған еді. Күн кешкіріп үйдің іші қараңғылана берді. Әлде қашан Жақыл үстелге тамақ дайындап қойған еді. «Ас ішіңіздер, суып кетті»,– деп Жақыл бір-екі қабат даусын ақырын шығарып айтсадағы екеуі де қозғалмады. Таңертеңнен бері тамақ ішпеген асқазанының тамақ керек қып тұрған мұқтаждығын кернеген ашу, ыза, ұят басып білдірмей жатты.
Үйдің іші қап қараңғы. Үн жоқ, тып-тыныш. Екі кереуеттегі екі адамның мұрындарынан шыққан демі ғана «пыс-пыс» етіп, көмескі естіледі. Екеуі де жастықты құшақтаған. Анда-санда Сабыржан жатқан кереует тыныштықты бұзып, сықырлайды. Қалайда Сабыржан бір қалыбында жата алмай аунап дөңбекшіп, тиышсызданып жатқан белгісін берді.
Анда-санда қара торы әйелдің «уһ» деген дыбысы естіледі. Іштегі ызадан, өкініштен туған жалынның лебі ауыздан шығып жатқан сияқты.
«Алашорда» деген ат қара торы әйелдің ішіне бүлікті салып, миының, жүрегінің, сөзім тамырларының мазасын алып барады.
Басқа дыбыс, қозғалыс жоқ. Тек қара торы әйелдің бүйірі бүлк-бүлк етеді.
Кім білсін қара торы әйел сүйген жолдасына жаны ашып жатыр ма? Кім білсін «Алашорда» деген құбыжық аттан қорқып сол үшін Сабыржанды қазір жек көріп, ренжіп жатыр ма?
Қалайда қара торы әйел қатты күйінді. Таң атқанша кірпік ілмеді. Жастыққа көздің жасы қанша аққаны белгісіз. Ес білгеннен бергі өмірі, әке-шешесінің өмірі бәрі елестеп тізбектеле берді.
«Сабыржан алашорда» дегенге қатты күйінген, ызаланған, өкінген, бүйірі бүлк-бүлк етіп жылап жатқан қара торы әйел Сабыржанды шын сүйіп өмірлік ғашық жар боп қосылған, Серікбайдың жалғыз қызы–Сағила еді. ІІ АЛҒАШҚЫ СОҢЫ Әкесін оң жаққа әкеп салғанда, Сағила он жаста еді. Бұл 19-жылдың жазы болатын. Даладан шешесі Батиқаның жылаған ащы даусы естілгенде, Сағиланың үрейі ұшып кетті. Шырылдап жылап қоя берді. «Жалғызым жайрады, жалғыз жаным жайрады» деп, үйге айқай салып жылап кірді Батиқа.
Ауыл адамдары Серікбайды көтеріп алып кіріп, оң жаққа салды. Әкесін көтеріп есіктен кіргізгенде, Сағила бұрынғыдай әкелеп жүгірмеді, қалшиып қатып қалды. Өзін аз тоқтатып әкесінің кескініне қарады да, өлгенін сезгендей болып жан даусы шығып шырылдап жылап қоя берді. Жұрт Сағила мен Батиқаның жылағанын көпке дейін тоқтата алмады. Сағила әкесің өлген түрі тіпті жаман қорқынышты болып көрінді. Бет-аузы бартиып іскен, үсті-басы, бет-аузын қан жапқан. Басынан екі жерден, оң жақ иығынан қылышпен шабылған, кеудесінен істікпен шаншылған еді. Бір күн және ұзақ түн өтті. Ертеңінде түс мезгілінде Серікбайды мәңгі тыныштыққа ұзатты. Батиқа мен Сағила ұзақ күн мен түнді жылаумен өткізді.
Батиқа Серікбайды өлтіргендерге лағнат жаудырып олардың кім екендіктерін айтып жылады. Сағила шешесінің не айтып жылап отырғанын, әкесін кім өлтіргенін алғашқы күндері ойлап ұғына алмады. Оның көз алдында әкесінің өне бойын қан жапқан қорқынышты суреті, әкесінің жансыздығы, өлгендігі, қабірге ұзатқаннан кейін енді әкесінің жоқтығы елестейді.
Серікбайды жерлегеннен кейін үш күн өтті. Көңіл айта біреу келсе-ақ, Батиқа дауыс қып жылайды. Жыраулап жылайды... «Жазықсызды құлатқан , Тұрмастай қып құл атқан , Не жазығы бар еді-ау! Бізді осындай жылатқан Жас өмірді қуартқан, Қызыл гүлді суалтқан . Тып-типыл боп жайрап қал! Елді осылай шулатқан Тарылды -ау тіпті тынысым Не болар енді жүрісім , Алашпа, әлде Колчакпа ? Атың мүлдем құрысын!» Апасының осылайша жылап Серікбайды өлтіргендерге лағнат айтқаны, ауыл адамдарының, әсіресе жақын ағайындардың Серікбайды өлтіргендер жайлы сөзі құлағына аз-аздап сіңген Сағила әкесінің қалай өлгені туралы ойға қалды. Кім де болса, біреулердің елтіргенін іздей батады. Жас жүректің кегі аз-аздап қозғала берді. Бірде Сағила әкесінің өлгені туралы түні бойы ойлап шықты. Ол түнде түсінде әкесін мылтықты, қылышты адамдар өлтірейін деп қуып жүргенін көрді. Таңертең Сағила оянғанда үйдің іші шай ішіп отыр екен. Ауыл адамдары шай ішіп болып үйден шыққанша, Сағила төсектен тұрмай жата берді, Батиқа Сағилаға қарап: – Тұр, қарағым, шай іш! – Жоқ, ішкім келмейді. – Неге, қарағым, бір жерің ауырып жатыр ма? – Жоқ, бірдеңе ойлап жатырмын. – Немене, қарағым? – Түсімде мылтықты, қылышты адамдар әкемді өлтірем деп қуып жүр екен, содан қорықтым.– Батиқаның көзінен жас сорғалап кетті. Сағиланы шошытпайын деп даусын бұл жолы шығармады. –Иә, қарағым, сол дұшпандар ғой әкеңнің түбіне–жетіп, бізді жылатып койған. Сағила басын төсектен көтеріп: – Апа!– деді. – Ау , қарағым! – Әкемді өлтірген кімдер, олар неге өлтірді, апа? Батиқа Сағиланы құшақтап, бетінен сүйіп-сүйіп алды.
– Қарағым!– деді Батиқа,– бұл күнге дейін елді, кедейлерді билеп келген Әлжан, Ақмет сияқты байлар бар ғой, олар кедей халықты жек көреді, әкеңді өлтірген сол байдың жендеттері алашорданың бір офицері мен Колчактың әскері. – Не қылмайсың деп, апа. – Біздікіне келе беретін Жақып деген тамыр орыспен жақын болдың деп, кедейлерге болыстың деп өлтірді. – Оны қайдан білген апа? – Үкіметке карсы адам деп, оны Ақмет сияқты байлар айтса керек, қарағым. Осы сөздерді айтқан соң-ақ Батиқаның көзінен жас ағып қоя берді. Сөзін тоқтатып, жаулығының шетімен көзінің жасын сүртті. Сағила да үндемеді. Әлсінәлсін апасының бетіне қарай беріп, ол да мұқайды. Әкесінің өлтірілуі туралы апасының жоғарыда айтқан сөздерін Сағила бұлдыр түсінді. Алып ұшқан албырт көңілі, жас сезімі байлар, жуан Ақмет, оның жендеттері алашорда офицері, ақтың өскері, Колчак үкіметі тамыр орысы Жақып – деген сөздерді біріне-бірін жалғастырып ойлай берді. Бірақ ұшығына шыға алмады, қортынды жасай алмады. Жалгыз-ақ Сағилаға осы айтылған сөздердегі көрінген жексұрын нәрселер, суреттер әкесін жоғалтқан, өлтірген болып елестеді.
Шынында, Сағиланың әкесі Серікбай жуан Ақметтерге, Колчактың, алаштың жендеттеріне жазықты адам еді. Өйткені олардың үкіметін әлсіретуге, кұлатуға шамасынан келгенше жәрдем етті. Жан-тәнімен оларға қарсы болды. Серікбай отыздың ішіне жаңа кірген орта бойлы, толықтау келген, екі жауырыны қақпақтай, денелі жігіт еді. Бет бейнесі уытты өткір көзді, қошқар тұмсық, кең маңдайы, бетінің азырақ қорасан дағы бар, қара торы еді.
Серікбайдың бір қасиеті ес білгеннен бастап әділдікті сүйетін еді. Байлардың, ақсақалдардың, би, болыстардың, атқа мінерлердің істеп жүрген қиянаттарынан ылғи жиіркеніп отыратын, ылғи олардың жолсыз істерін, мінездерін сынап, мінеп сөйлеп отыратын еді.
Серікбай әкеден жалғыз жігіт еді. Әкесінің тірі кезінде де, әкесі өлген соң да шағын шаруасы болды. Мал дегенде өлім-берім көкпарлығы бар, жалғыз аты болды, жалғыз көк биесі бар, ол жылда құлындайды. Апрель, март айларынан басқа айлардың бәрінде көк биені сауады. Үйінен қымыз үзілмейді. Бұдан басқа екі сиыр, терт-бес қойы болатын. Үйінің іші тап-тұйнақтай таза кірсең шыққың келмейтін. Серікбайдың сырттан табатын пайдасы жалғыз-ақ жылда Атбасар жәрмеңкесіне барып Долгоруков деген көпестің табын басшысы болып малын айдайтын. Көпес өзгелерден Серікбайға жалақыны көбірек беретін. Өйткені жолшыбай малдың отын-суына тарықтырмай және ауыз от, суға төлейтін шығындарды ебін тауып аз төлететін еді. Серікбай екі-үш айдың ішінде жүз теңге, кей жылы жүз елу теңге алып келетін. Осы ақшага киім-кешек, артығына қысқа соғым сатып алатын. Август айынан бастап өзіне керекті шөбін шауып, шаруасын істейтін. Өзге кедейлердей Серікбай дүниеге соншама мұқтаж болып та отырмайтын. Осыдан артық болып байимын деп біреудің бірдеңесін алып жұлып алдап жеуден қатты сақтанатын, мұндайларды тіпті жек көретін еді.
Мақайдағы ауылдың жастар жағы Серікбайсыз ойын, тойға бармайтын, өйткені Серікбайдың тура шап, өткір күлдіре сөйлейтін келісті тілімен қатар, азырақ келістіріп ән салатын, әсіресе топқа түсетін балуандығы да болды. Серікбай өлгенше бірең-сараң болмаса, күрескен жігіттен жығылмаған, ел ішіндегі бас болмағанмен орта балуан жігіттің бірі еді.
16-жылы Серікбай жаздай окопқа бармаймыз деп көтерілген жіктерді бастап жүрді. Октябрь айында окопқа кетті. Серікбай окоптан қайтқанда, бірсыпыра өзгеріп қайтты. Сыртқы түрі – басындағы тымақтың орнына малақай, күпінің орнына пенжак қана емес, ішкі санасы, дүниеге көз қарасы бұрынғыдай емес, бірсыпыра өзгерілген еді. Өзгесінен бұрын, бұрынғы бір беткейлігінің үстіне, бұрынғыдай қарысып қалудың үстіне, айлакер әдіс мінездерін жамап алған еді.
Серікбай үйіне май айының бас кезінде келді. Май айының орта кезінде уақытша үкіметтің ауылдың, болыстың орындарының сайлауы болды. Бұл сайлауда кім екендігін, бұрынғыдан өзгергендігін Серікбай елге айқын көрсетті. Серікбай алдымен сайлауға келген кісіге бұрын патша үкіметіне Николайға болыс, старшин, выборный болып қызмет істеген, ел жеген адамдардың тізімін берді. Олардың кейбірін байлар ұсынғанда қарсы шығып сөз сөйледі. Бұл жолы Серікбай өз аулының және жақын көрші ауылдардың өмірінде сайлау көрмеген кедейлерін, «сендер сайлауға, сайлануға қаңыларық бар азамат болдыңдар» деп ертіп апарған еді. Байлардың ауылдың милицияға ұсынған адамының үстінен неше жыл старшин болғандығы туралы Серікбай тарапынан арыз түсіп, төре «басқа адам көрсетіңдер» дегенде, байлар жағы үрпнісіп қалды. Кедейлер жағы «Серікбай Нұржанұлын сайлаймыз» деді. Бір болыс елдің инабатты ақсақалы, әрі ірі байы Аужан қажы тұрып: «Ол баланы жаман бала демеймін, бірақ жас қой, жасты ел білмейді, ол елді білмейді. Бұл қызметке бұрыннан ел қызметін атқарып жүрген азулы естияр адам керек қой. Бұл бала жастыққылар деп ойлаймын»,– деді. Байлар жағы «қажының айтқаны дұрыс» деп шулап қоя берді.
Дауысқа қойылғанда байлар жағы көпшілік болып Серікбай сайланбай, байлардың бір жендеті сайланып кетті. Осыдан бастап Серікбайдың байларға қарсы беті айқын ашыла берді. Май айының аяқ көзі. Жердің көк майсасы көк кілемдей боп түрленген. Жан-жәндіктің бәрі рақаттанған, боз торғай таң сәріден аспанға өрлеп шырқайды.
Таң ағарып атып келе жатыр, ауыл әлі ұйқыда. Бұл уақытта Федоровка қаласынан шыққан жолмен ауылға қарай бір пар атты кек арбада бір әйел мен бір еркек келе жатты. Бұл келе жатқан Серікбайдың тамыры Жақып, жанындағы әйел келіншегі Ольга еді. Бұлар Серікбайдың үйінің жаныңа келіп аттың басын тірегенде, күн қызарып жаңа шығып келе жатыр еді. Жақып үйге кірмей тұрып, Серікбайдың тұсына келіп: – Серікбай, Серікбай,– деді. – Бұл кім?– деген уйден дауыс естілді. – Мен Яков, тамыр, айда тұр, далаға шық,– деген Жақыптың даусын естіді.
Жақып Серікбаймен бұрыннан таныс еді. Бұл жолы Серікбайдың окоптан келгенін естіп, егін салып болған соң, әдейі амандасайын, сөйлсейін деп келген беті еді. Серікбай жеңіл киініп далаға шыққанда Жақып, Ольга екеуі есік кезінде күтіп тұр екен. Бұлар бір-бірімен шұрқырасып күлісіп, мәз-мейрам болып амандасып жатты. Өйткені Серікбайдың екі жылдан бері көргені осы еді. Жақып соғыста еді. Соғыстан қайтқанына екі айдай-ақ болған. Екеуі де ұзақ жолдан, қауыпты сапардан қайтқан адамдар. Мәз-майрам боп ұзақ амандасты. Бұл уақытта үйдегі Батиқа да киініп жылы төсектен тұрған еді.
Ольганың бетіне жымиып қарады да: «Сіз үйге кіріңіз, біз Серікбай екеуміз далада азырақ сөйлесеміз»,– деді Жақып. Ольга үйге кірді. Серікбай мен Жақып ағаштың арасына қарай аяңдады. Екеуі бір көгалға отырып ұзақ әңгімелесті. Серікбай мен Жақыптың дауыстап даңғойланып амандасқан дауысынан Сағила да оянған еді. Ол әкесімен Жақыптың сөйлесіп отырған жерін тауып алып, әкесінің жанына бір отырып, бір тұрып, маңайдағы жаңа шығып келе жатқан гүлдерді жұлып, бұтаңтарды сындырып алып, біресе әкесіне келіп, біресе ағаш ішіне кетіп секіріп «әке» леп, әкесінің айналасында ойнақтап жүрді. Әңгімесін аяқтай келіп Жақып: – Мен білсем, түбінде бұлар қашады да, большевиктер жеңеді,– деп түрекелді. – Себебі? – Себебін жаңа айттым ғой. Тағы бір себебі бұлар көпшілік бұқарамен сыйыса алмайды. Қайта ол бұқараны жәбірлейді. Ал, болыыевиктер бұқарамен сыйыса алады, үйткені оның негізінің өзі төменгі бұқара – жұмысшылар мен қара шаруаның арасынан шыңқандар. Жақыптың басқа сөздерімен ңатар, бұл сөзі Серікбайға дәлелді көрінеді. Екеуі үйге қарай аяңдай бергенде, Жақып Серікбайға қарап күлімсіреп: – Сен ойлаған ясерімнен шыңтьщ,– деді. – Әлде сенімсіздеу болып келіп пе ең? – Жоқ, ойлаған жерден шығар, Ресейде не боп жатқанын көзімен көріп, құлагымен естіп келді ғой деп болжап келіп ем. Саған сенбесем қару әкелем бе? Ал, соқамен ол мылтықты қайда орналастырасың? – Бізге қару табылса, орын табылар еді. Екеуі Жақыптың пар атын жетектеп Серікбайдың қорасына кірді. Кек арбаның күймесіне толтыра салған шептің астында екі винтовка, бір наған жатыр екен. Екеуі де жап-жаңа, винтовканы алып жатып: – Азамат соғысы тамырын жаюында сез жоқ, құралсыз отыруға болмайды. Бірақ, мықтап сақтау керек,– деді Жақып. Екеуі лом темірді қолдарына алып, кірпіш қораның қабырғасындағы қырынан қалаған екі кірпіштің арасына мылтықты орналастырды. Жақып винтовканы қойып жатып: – Жақып өтіп, су тиіп бүлінбес пе екен?– дәп Серікбайдың бетіне қарады. – Жоқ мен не бағады дейсің, осыны бақпағанда – Жақыптың бетіне тура қарап, өзінің сенімдідігін көрсеткендей болды.
1918-жылдың басы кезінде Жақып келмеген соң, Серікбай әдейі қалаға Жақыпқа жолығайын деп іздеп барды. Барса үйінде жоқ екен. – Он шақты күн болды оязға кеткелі. Айтқандайын естідің бе, Серікбай? Қалаға Совдеп орнапты. Кәдімгі Яков екеуің іздеп жүрген большевиктердің үкіметі,– деді Ольга. Серікбай қалаға Совдеп орнағанын естіп, әдейі анығын білейін деп келіп еді. Ольга аның хабарын айтқан соң,– бұл тіпті жақсы болды-ау – деп Серікбай қатты қуанды. – Апырай, Жақып маған не ғып хабар бермей кетті,– деді тағы да Серікбай. – Оның саған хабар беретін мұршасы болмады. Вір записканы алды да қалаға жүретін атпен бір күні түнде жүріп кетті. Содан бері әлі хабар жоқ. Серікбайға Ольга естіген-білгенін бәрін айтты. Бұл жолы Серікбай ауылға жаңа хабарды алып, қуанып келді. Бұдан былай Серікбай байларға қарсылықты бұрынғыдай көмескі түрде емес, ашық істей бастады. Ол алдымен жанына сол ауылдардың Жамат, Жанғожа, Пошкентай деген пысық кедей жігіттерін ертіп алды.
Бұлар алдымен жуан Ақметті мұқату керек деген пікірге келді. Жуан Ақмет атам заманнан бері елді езген, бірнеше жыл болыс болған шіріген бай еді.
Жуан Ақмет те бұларды жақсы көрмейтін, әсіресе Серікбай мен
Пошкентайды жек көретін, қас дұшпаны деп білетін.
Бұдан бірнеше жыл бұрын жуан Ақметтің інісі ШАқметті бір тойда
Серікбай оңдап тұрып сабаған еді.
Жүз қаралы адам көкпарды ала жөнелгенде, тапал Сыздық жирен дөненімен қызып кетіп, қосыла кетіп еді. Әрі беріден соң, тапал Сыздық жирең қасқа дөненмен көкпарды алып үздік шыгып кетіп қайта оралып ойыса бергенде, бір топ адам көлденеңнен шапты, соның ішінде Серікбай да бар еді, Көлденең шапқандар жақындай бергенде Сыздық қасқа жиреннің басын тартып тоқтай берді. Жуан Ақметтің інісі Шақшет келіп: – Бері әкел теріні,– деді. – Неге берем, озып ал,– деп Сыздық шақ ете қалды. – Бер деген соң бер – деп, ШАқмет жармаса түсті. Сыздық бермей бұрыла бергенде, Шақмет Сыздықты «кімге қарсылы қыласың»– деп тобылғы сапты қамшысымен басқа салып-салып жіберді. Сыздық жалғыз жирен қақа дөненінен басқа малы жоқ сорлы кедей еді. Серікбай Сыздықты аяп кетті. Жауыздыққа шыдап тұра алмады. Балуан білегінің күші қайнап, жуан қамшысымен Шақметті тартып-тартып жібергенде, Шақмет аттан ұшып түсті. Төбелес болды да қалды. Жұрт арашаға түсті.
Ақырында, ақсақалдар ақылдаса келіп Серікбайға ат шапан айып салды. Содан бері Ақмет пен Шақметтің Серікбаймен қаны қас. Бұдан басқа Серікбайдың ауылнайды сабағаны, билерге, ақсақалдарға тіл тигізгені біріне-бірі жамала берген еді.
Совдеп қалаға орнады, деген хабарды естіген соң-ақ, байларға қарсы әрекетінің бірі олардың жауыздылығын көрсетіп арыз беру болса, екіншісі жуан Ақметтен Пошкентайдың малын даулау болды.
Пошкентай, Оспан ағайынды жігіт еді. Кәрі әке-шешесі бар, екеуі де жасынан құл ретінде Ақметтің есігінде жүретін. Пошкентай Оспандай емес аңғал бір-бет жігіт еді.
Қыстың бір боранды түнінде ауыл жата бергенде Пошкентайды Дүрия шақырды. Дүрия жуан Ақметтің тоқалы. Дүрия әрі мейлінше сұлу әрі өткір, отты әйел еді. Пошкентайға күлімсіреп қарап: «Торы атты қорапты шанаға жекші, екеуміз бір жерге барып келеміз»,– деді Дүрия.
Ат жегіліп дайын болды. Дүрия қолындағы шетпертті шанаға салды да: «Көшекең аулына қарай тарт»– деді. Пошкентай аттың басына мінді, семіздей жараған торы ат ала жөнелді. Борандатқан желге қарсы етегі далаңдап, шалбарының жыртығынан жел саулап, Пошкентай желе шоқытып келеді. Дүрия қорапта бүркеніп тұр. Барлық ашу, ыза, намыс, қызғаныш, одан туған ерлік Дүрияның өне бойын кернеген еді. Өйткені, жуан Ақмет Дүрияны алғаннан бері де суық жүрісті қойған жоқ еді. Ол болыс болып жүрген көзі былай тұрсын, қай уақытта болсын елдегі тәуір деген қыз-келіншекті айналдырып солардың бірін зорлап, бірін қорлап, алдап бозбалашылығын қоймады. Бұл жолы жуан Ақмет Әйтіке қажының еркек-шора боп күйеуге тимей отырған Ақыш деген қызының үйінде қонып, соның жанында жатпақ еді. Бұл қызбен жүретінін Дүрия бұрыннан білетін, кешке жуан Ақметтің жанынан қайтқан Сағит «болыстың беті Ақышқа» қарай ауды. Бүгін сонда деген хабарды Дүрияға айтқан еді.
Дүрияның келе жатқан беті не болса да бір бүлік шығару. Өзінің жауын мұқату, мұны Пошкентай бұлдыр түсінеді. Бірақ болыстың бүгін осында қонып жатқанынан хабары бар. Әйткенмен Дүрияның неге келе жатқанын, не істейтінін ойлап біле алмады. Және Дүриядан батып сұрай алмады. Бұлар Көшекең аулына келгенде ауыл жаңада жатқан екен. Боран бұрқырап соғып тұр. Пошкентай «жұмысы осында шығар» деп ойлап, тура Әйтіке қажының биік шошаласының ығына кеп тоқтады. Дүрия басындағы шәлісін мықтап орап алып, шанадағы шетперт шыныны алды дағы: «Осы жерде қозғалмай тұр! Мен шанаға келіп мінгенше қозғалушы болма»,– деді Пошкентайға.
Сүйтті де шетпертті құшақтап жүгіріп кетті. Дүрия шошаланы, үлкен крс ағаш үйді айналып шықты. Жан көрінбеді. Бораннан қорғалаған иттер де үрмеді. Шетпертті жерге қойды да, лапас қораның астына аттарға салған шөптен бір құшақ шөпті әкеп қос ағаш үйдің бұрышына қойды. Шетперттегі толы керосиннің біразын шөпке, көбін ағаш үйдің бұрышына құйды. Жүрегі алып ұшып біраз тұрды да, «не болса, ол болсын» деп қойнынан сіреңкені алып тартып жіберді. Бірақ бір-екі тартқанын жел үрлеп сөндіре берді. Ақырында,етегімен қалқалап, керосин құйған шөпке таңап тұрып сіреңкені тартып калғанда, сіреңкенің оты керосинге лып етті. Жалын Дүрияның бетін шарпыды. Кейін шегініп сасқалақтап құлап қала жаздады. Азырақ есін жиып қарап еді, от лапылдап ағаш үйдің қабырғасын алып бара жатыр екен. Пошкентайдың көзіне жарқылдаған от көрінді. Айнала жап-жарық боп кетті. Ішінен «Ай, сотқар қатын бүлдірді-ау!»– деді. Үйткенше болмады, тыныш ұйықтап жатқан үйдегі адамдардың шуы естілді.
Шу естілгенде: «Енді жұмыс бітті»,– деп тұра жөнелді Дүрия. Шетпертті әлде алуға шамасы келмеді, әлде ұмытты. Жүгіріп келіп қорапқа міне беріп: – Пошкентай, қарағым, атыңды айда,– деді. Дірілдеп, тоқып тұрған торы сызып женеле берді. Әйтіке қажының үйінің маңы у-шу. Үйдің жартысы күйген мезгілде, әзер дегенде қалғанын сөндіріп алды. Түні бойы ұйқы, тыныштық, жылы төсек адыра қалды. Жуан Ақметтің жоспары бұзылды. Өрт сөндіріліп болған соң, ол басқа үйге барып жатты. Аяқ астынан шыққан өрт Ақышқа өте жайсыз тиді. Бұл да өрт сөндіріп болған соң жанындағы отау үйге барып жатып еді. Бірақ ұйықтай алмады. Жуан Ақметте түні бойы деңбекшіп ұйықтай алмай шықты. Екеуінің түні бойы ойлаған ойы, «өрт біздің кесірімізден болды-ау» деген бір ой еді. «Не бізді қызғанған адам, не бізге қастық ойлаған адам, неде болса біздің беделімізді кетіріп, атағымызды шығаратын өрт болды» деп қынжылып, тынышсызданып ұзақ таңды көрер көзімен атқызды. Таңертең жуан Ақмет шай ішіп отырғаида Жантай мен Сәлім келіп сынған шетперттің аузын Ақметтің алдына тастай беріп:
«Кім өрттесе де, керосин құйып өртеген екен, міне керосин әкелген ыдысы»,– деді. Шетперттің аузына байлаған ала жіпті жуан Ақмет танып отыр. Өз үйінің шынысы. Қап-қара Ақмет одан жаман қап-қара болды. Шетперттің жіп байланған сынығын алды да, аттанып үйіне келді.
Үйіне келгенде жуан Ақметтің қап-қара кескіні ашумен сұп-сұр боп кеткен еді. Ол ешкімге тіл қатпады. Үйге кірісімен үйде отырғандарға «шығыңдар үйден» деді. Үйдегілер үнсіз сытылып шыға берді. Төргі үйге кіріп шешінді де: «Ай, қатын бері кел!» –деді.
Дүрия кірісімен есікті бекітіп алды. Ақмет Дүрияға қанталаған ашулы көзімен қарады. Бұған қарсы еңі құп-қу болып, Дүрия да безере қалды. Қалтасындағы шетперттің ала жіпті аузын жерге лақтырып тастап: – Мені күйдірмек болдың ба, әлде бүкіл елді өртемек болдың ба?– деп ақырып ұмтыла берді. – Бүйтіп жүргенше күйіп кет!– деп Дүрия безеріп козғалмады. Жуан Ақмет жуан қамшымен Дүрияны ұра берді. Жығып салып басқа, көзге текпіледі. Әрі-беріден кейін Дүрияның қозғалуға шамасы да келмей қалды. Дүрия сол таяқтан айдан артық ауырып жатты. «Бұзылған қатынды бастаған осы» деп, ертеңінде Пошкентайдың бір ат, бір бұзаулы сиыр, үш қой, екі тайынша – барлық малын тартып алып, кәрі әке-шешесін шулатып, қысты күні шұбыртып, ауылдан көшіріп, қуып жіберді.
Серікбайдың басшылығымен Пошкентайдың жуан Ақметтен дауламақшы болған малы осы мал еді. ІІІ Бұлар Серікбай мен Пошкентай еді. Ортадағы арықтау келген ақсағай көк ат. Қайырдың аты шулы көк аты. Пошкентай өзінде ат болмаған соң қалаға барып келуге сұрап мінген. Шеткі пәрешкедегі сеп-семіз қайрақтай сұп жұмыр көк ат Серікбайдың көк дөнені.
Көк денен – дөнен емес, алты жасар ат. «Мен жылқы танысам, осы көк дөненнің аяғында желі болар» деп Атбасар жәрмеңкесінен сатып алған болатын. Содан бастап Серікбайдың кек аты «көк дөнен» атанып кеткен. Пәрешкедегі көк дөнен он-он бес шақырымға дейін ылғи алып қашып отырды. Пошкентай Серікбайдың бетіне қарап жымиып күлді де :– Осы көк дөненнің желігі жәй желік емес, тегі жолымыз, ойлаған ойымыз болар,– деп ырым қылғандай болды. – Әрине, жолымыз болады,– деді Серікбай желе шоқытып келе жатқан аттарға қарап қойып. Екеуі жолшыбай әңгімені соғып келеді. Жуан Ақметтің, Әлжанның, Мұқаметжан, Мұстапалардың, би-болыстың істеген істерін, қылмыстарын білгендерінше айтып, әрқайсысын бір-бір шолып өтті. Қараңғыдан жарыққа таман шыққандай, қалың қара тұманда адасып жүріп, баратын жолын тапқан адамдай, өмір бойы бой бермей келген жауын жеңуді анық білгендей екеуі де қуанышты. Пошкентай ай даланы жаңғырықтырып айғайлап сөйлеп, анда-санда сақ-сақ күледі. Кейде өлең де айтып ән салады. «Ауылым Қызылағаш саласында-ау, Байлардың таба қылма баласын а-ау. Көк атты парлап жегіп шықтық жолға , Совдептің боламыз деп панасында-ау, деп айғайлап әндеткенде, Серікбай Пошкентайдың бетіне қарап, сақ-сақ күлді. – Неге күлесің? – деді Пошкентай азырақ күдіктенгендей болып. – Мына өлеңіннің әні болмаса сөзі дөрөкілеу шықты. Қыздардың алдында айтатын өлеңін бұдан көрі жатық болушы еді,– деп Серікбай тағы күлді. – Ендеше – Пошкентай тағы айғай салды: «Жүр еді көрген сайын Кім сүймес сіздей ерді Қыздар-ай, Есалымен Ән салады сағынғаннан «Пошін-ай » деп, досым -ай деп, Қызыл ағаш осылай деп ». – Бәсе-бәсе мына салық не дейді, осылай соң,–деп Серікбай сақ-сақ күлді. Пошкентайдың өзі де күлді. Осы сияқты әңгіме күлкімен өлеңдетіп отырып қонаға қалаға кеп жетті. Шанадан түсе салысымен Серікбай жүгіріп Совдептің кеңеесіне барып еді, ешкім жоқ екен. Кеңсенің алдында тұрған күзетшіден және бір ер адамнан Жақыпты сұрап еді, ол Жақыптың кім екенін, кайда екенін білмейтін болып шықты. Ертеңінде Серікбай мен Пошкентай Совдептің кеңсесіне келгенде сағат дәл он бір екен. – Кеш қалған екеміз,– деді Серікбай Пошкентайға қарап. – Әлі ұйқымыз ашылған жоқ қой,– деп Пошкентай бір нәрседен құр қалған балаша аузын бұртитты. Ұзын коридормен келе жатып оң жақтағы есікке бұрылып кіре бергенде:
– Тоқтаңыздар, кіруге рұқсат жоқ, қазір заседание болып жатыр,– деді есікті күзетіп тұрған әскерше киінген адам. – Қашан бітеді заседание? – Бірер сағаттан кейін. Әскерше киінген адамға жақындап келіп: – «Мұнда Жақып па?»– деді Серікбай. – Қай Жақып, фамилиясы кім? – Жақып Павлов, – Ә, иә, Яков Сергеевич Павлов осында,– деді. Жақып осында деген соң жолымыз болды дегендей екеуі де қуанып кетті. Мәжілісті басқарып отырған шүңірек көз кара жігіт қорытынды сөзін аяқтай келіп: «Қорытынды сөз, істейтін іс осы болсын»,– деді де, аз тоқтап шылымын бір-екі сорып алды да сөзін қайта бастап: – Қалайда бар күшті ұйымдастырып Жамантау қаласындағы ақтардың ұясын бұзып, қару-жарақтарын, басты адамдарын қолға алу керек. Болмаса ертең өзімізге қарсы шабуыл жасауында сөз жоқ. Сонымен жазылған неше кісі, кімдер барады, Яков Сергеевич? Тізімің қайда?– деп мәжіліс бастығы Жақыпқа қарады. – Әзір барлығы он үш кісі – деп, Жақып тізімді оңып шықты. – Азбыз,– деді терде отырған шинельді сары жігіт. – Аздықңа қарамаймыз. Біз болыневиктер аз болсақ та жеңеміз. Отрядты жолдағы Сергеевка мен Андреевка қаласынан толықтыру керек. Онда бізге тілектес, қаруы бар майданнан қайтқан бірсыпыра адамдар бар, оған күні бұрын екі адамды жасырын жіберу керек,– деді мәжіліс бастығы.
Көпшілік «мақұл» десті. Мәжіліс жабылды. Жамантау қаласында осы уездік қаладан қашып барып ақтардың ұясын жасап жатқандар – уездік земствоның бастығы, казак орыстардың бұрын атаманы болған Кузнецов және үш-төрт офицер жиырма шақты ескі армияның солдаттары еді. Бұлар Жамантаудағы казак орыстарды желіктіріп, мақайдағы кулактарды ертіп алып, совдепке қарсы топ жасап алған еді. Есік ашылып жұрт шыға бастағанда, Серікбай мен Пошкентай орындарынан тұрып, шыққан кісілерге қарай жүрді. Қарсы алдарынан Жақып кездесе кетті. Жақып Серікбайды көріп күлімсіреді. Жақыптың қолын ұстай беріп Серікбай да күлімсіреді. Пошкентайдың аузы ыржиып ашылып, ерніндегі насыбайы керініп о да куліп қуанып тұр. – Мен сені көптен күткен едім, тіпті жақсы болды келгендерің,– деді Жақып қол алысып тұрып. – Қазір кеңседе асығыс жұмыстарың бар ма?– деді Серікбайдың бетіне қарап. – Онша асығыс жұмысымыз жоқ, мына Пошкентайдың арызы бар және менің тапсыратын білдіру қағаздарым бар,– деді Серікбай. – Ендеше жүріңдер,– деп Серікбай мен Пошкентайды ертіп совдеп бастығының кабинетіне кірді Бұлар кіргенде совдеп бастығы Волковтың жанында үш-төрт кісі тұр екен, біреуі совдеп мүшесі Касенов.
– Мынау менің жолдасым, ауылдағы байлармен аянбай күресуші, совдептің ауылдағы тірегі Серікбай Нұржанов,– деп Жақып Серікбай мен Пошкентайды бастықпен және басқа тұрған жолдастармен таныстырды. – Ауылдан шыққан большевиктер десейші. Ал қазір бұлардың тығыз жұмыстары бар ма?– деді бастық Жақыпқа қарап. – Совдепке беретін арыздары бар сияқты,– деп Жақып Серікбайға қарады. Серікбай мен Пошкентай жазған арыздарын ұсынды. Шүңірек кез қара жігіт арыздарын алып Серікбайдың тұлғасына қарап тұрып: «Ертең таңертең келіңдер, сейлесейік»,– деді.
Түнде Жақыптың пәтерінде Жақып пен Серікбай оңаша ұзақ сөйлесті. Серікбай Жақыпқа ауылдағы көрген-білгенін айтты. Жақып Серікбайға қалада не болып жатқанын және Москва, Петроградта, Орталық Россияда не болып жатқанын түсіндірді. Жақып әңгімесін аяқтай келіп: – Баяғы өзіміз айтқан азамат соғысы өрісін кеңітіп, құлашын жайды. Сибирьдің кеп қалаларында совдеп орнады. Ендігі міндет ақтарға, атамандарға қарсы аяусыз күресу, солардың тұқымын құртып, барлық жерде совет өкіметін орнату,– деді. – Қалай жоямыз оларды?– деді Серікбай тура қарап. – Ертең жүргелі отырмыз. Қалай жойғанды көресің,– деді Жақып. – Қайда жүрсіңдер? Жақып Жамантау қаласындағы ақтарды жоюға жүретіндігін айтты. – Кәдімгі баяғы осындағы атаман Кузнецов па? Нағыз ит еді-ау өзі. Сол ма, ақтарды бастап жүрген? – Иә. Серікбай азырақ төмен қарап ойланьш отырды да басын көтеріп алып Жақыпқа қарап: – Азсыңдар ғой,– деді. – Аз болсақ та, қарасын өшіреміз. – Әлде сен бізбен бірге барасың ба, Серікбай?– деді Жақып Серікбайға күлімсірей қарап. – Барсам барам, несі бар? – Соғыстан қорықпасақ? – Күрескен соң, шындап, мықтап күресу керек қой деп ойлап тұрмын,– деді Серікбай түсін суытып. Серікбай отрядпен бірге бармақ болды. Келесі күні он бес адам отряд командиры Яков Сергеевич болып, шанаға қару-саймандарын артып, қаладан шықты. Серікбай көк дөненге салт мінді. Жолда Сергеевка қаласына бір күн, Андреевка қаласына бір күн тоқтады. Алдан жіберген адамдар отрядпен бірге Жамантау қаласына баруға он бес шақты қарулы адамдар дайындаған екен. Солар қосылған соң отряд бірсыпыра күшейді. Бір пулеметі бар, өзге қарулары жетерлік еді. Андреевка қаласынан Жамантау қаласы жиырма шақырым еді. Жүретін күні таңертең Жамантау қаласына барлауға Сергей мен Серікбайды жіберді. «Түнгі сағат бір кезінде Жамантау қаласының бер жағындағы Ленскийде боламыз, сол жерден хабар күтеміз. Бірақ қателеспеңдер!»– деді Жақып екеуін аттандырьш тұрып.
Отряд Андреевка қаласынан күн батқан соң шықты. Бұлар Жамантау қаласынан бес шақырым бері тұрған қалың ағаштың арасындағы лесникке келгенде, түн ортасы ауған еді.
Әрі-бері отырғаннан кейін Жақып сағатына қараса сағат бір жарым болған екен. Даладағылар тықыршып, қала жаққа қарай берді. Сүйтіп тұрғанда көк атты ызғытып келе жатқан салт адамның қарасы көрінді. Бұл Серікбай екен. Отряд қуанып қалды. Бәрі Серікбайдың аузына қарады. Серікбай сөйлеген жоқ. Қоншынан екі бөлек қағазды алып Жақыпқа ұстата берді Жақып қолына алып оқи бастады. Жазған Сергей екен. Сөзді былай бастап жазыпты: «Қазір сағат бір. Қаланы көзіммен жатқыздым. Казармаларында отыз шақты солдат бар, өзгесі – офицерлер. Полковник пен тағы басқалар. Андрей деген кулактікінде қонақта болып, жаңа тарап жатысты. Бірсыпырасы қызу»– деп, атаманның, офицерлерінің қайда жатқандығына дейін жазған. Екінші қағазда қаланың планын салып, кім қай жерде жатқанын көрсетіпті, хаттың аяғында қалада жалғыз-ақ ояу тұрған күзетші бар. Ол мылтық-сайман сақтайтын қойманың алдында, казарма үйіндегі күзетші сыртта емес, іште тұрады,–депті. Аспан бұлт. Ақырын қар жауып тұр. Жел жоқ. Буалдыр. Ұзын екі көшенің бойымен қаруланған отряд шеп құрып келе жатты. Алдымен Жақып, Серікбай тағы төрт-бес адам Сергей жатқан үйге келді. Сергей қақпаның алдында жасырынып күтіп отыр екен. Жақып Сергеймен азырақ сөйлесті де, алдымен қару-жарақ тұрған қойманы алу керек. Оның алдында тұрған күзетшінің үнін өшіру керек. Қару-жарақ қоймасын алмай, казармаға қарсы пулеметті құрып, қоршап алмай, мылтық даусын шығарушы болмаңдар»,– деді. Жақып тағы сөзін бастап: Кару-жарақты күзетіп тұрған солдаттың үнін кім барып өшіреді? Мылтық даусын шығармай өлтірудің айласын іздеп сөйлесіп тұрғанда Серікбай келіп, – Мен барып тұқымын құртайын,– деді. – Қалайша? – Өзім байқап көрейін, – Көрейінді қой, қапы болмасын,– деді Жақып, – Жоқ, қапы болмайды,– деді Серікбай көшеде тұрған арбаның кіндік темірін алып жатып. Серікбай кіндік темірді алды да көк дөненге мініп ақырын аяңдап жүре берді. Қару-жарақ тұрған қойма бұл үйден екі кеше ілгері еді. Қойманың қарсысында солдаттар жатқан казарма. Серікбай аяқтап келе жатып қоймаға таман жақындай бұрыла жүрді.
Қолына найзалы винтовка ұстаған солдат ерсілі-қарсылы жүр екен. Серікбай жақындай бергенде күзетші: – Кто там? Стой!– деді. Серікбай тоқтамады, жақындай берді. – Стой, стой! – Лошид патирал, лошид убижал,– деп дауыстады да Серікбай тағы да жақындай үсті. Күзетші қазақ екенін танып, сен кім ?– деді дауыстап.
– Мен Бейсембай,– деді Серікбай жақындай беріп. Бейсембай деген сол қаланың табыншы жатағы болатын. – Жоқ сен Бейсембай емес – деп күзетші Серік байдың шылбырынан ұстап Серікбайдың бетіне үңіліп қарай берді. Күзетші Серікбайдың үңіліп қарай бергенде, оң жақ қолында дайындап келе жатқан кіндік темірмен күзетшіні төбеден періп кеп жіберді.
Күзетші солдат дыбыс шығаруға шамасы келмеді. Тұрған қалпында тізесі бүгіліп шөге беріп, сол жаққа қарай қылжақ етіп құлай кетті. «Жұмыс біткен шығар»,– деді ішінен Серікбай, құлаған солдатқа азырақ қозғалмай қарап тұрып. Солдаттың аяғы дыр еткендей болып бір қозғалды да қайтып қозғалмады. Серікбай еңкейіп ат үстінен солдаттың винтовкасын алды да ақырын аяқтап жүре берді. – Күзетшінің жұмысы бітті. Міне винтовкасы,– деп Жақыптың жанына келіп, винтовканы ұсынды. – Молодец, Серікбай,– деді Жақыптың жанында тұрған жігіт. «Қару-жарақ қоймасын алыңдар! Казармаға қарсы пулеметті орнатыңдар!»– деді Жақып. Сол жердегі адам екі-екіден бөлініп, атаман мен офицерді жатқан жерінен ұстауға жөнелді.
Жақып пен Серікбай атаман жатқан үйге келді. Бұлардың қолында винтовка жоқ, екеуінің қолында да наған. Жақыптың қалтасында екі-үш бомба бар еді. Серікбай келіп есікті қақты. Жақып оның артында тасада тұрды. Біраз тарсылдатқан соң аржағынан: – Бұл кім?– деген әйелдің даусы естілді. Серікбай орысша-қазақша араластырып: –Скарей аш есікті! Атаманға срочный пакет. Сапсем срочный пакет, аткрой есік,– деді. – Мен қазақ Бейсембай, аткрой есік, срочно пакет атаманға,– деді тағы Серікбай. Әйел есіктің ілгегін ұстап тұрып: – Срочно пакет, срочно пакет болса ашу керек,– деді өзінен өзі. Есікті ашып жібергенде есікте тұрған қазақ көрінді. Серікбай кіре берді. Үй иесінің әйелі Серікбайды бастап атаман жатқан үйге жүре бергенде, Серікбайдың артынан көрінбей жүріп отырып атаман жатқан бөлмеге Жақып та кірді. Пештің мойнындағы басып қойған шамды жарық етіп көтергенде: – Что, срочно пакет,– деп атаман да оянып басын көтере берді. Бұл уақытта Жақып пен Серікбай бірі кроваттың бас жағынан, бірі аяқ жағынан тұра қалған еді. Алдында тұрған Серікбайды ұйқылы ояу көзімен болжап: – Но, что давай пакет!– деді басын көтеріп атаман. – Мә саған пакет – деп, Серікбай қолындағы нағанын тоса қойды. Ол нағанды көрмеді. Кроватьтың аяқ жағында тұрған Жақыға ілгері ұмтылып: – На тебе пакет!– деп нағанды атаманның кеудесіне тоса қойды. Атаман: – О! о! о!– деп қалтырап кетті. – Сіз тұтқындалдыңыз тез киініңіз,– деді Жақып орнынан қозғалмай тұрып.
– Не дедіңіз?– деп сасқалақтап, кереуеттің аяқ жағында ілулі тұрған шалбарына қол соза бергенде: – Қозғалма орныңнан,– деп Жақып ақырап қалды. Атаман селк етті. Жақып шалбарды алып қалтасын қарап атаманға берді, Жақып атаманның бас жағына келіп жастығын көтеріп қалып еді, наған жатыр екен, алып Серікбайға беріп: – Ал, ана қару-саймандарын жинап,– деді. Шам ұстаған үй қожасының әйелі дірдір етеді. Ар жақтағы есікті біреу ашып еді, әйел оған қарап «өшір қараңды» деді. Есік тырс етіп қайта жабылды. Серікбай ілулі тұрған қылышты, кереуеттің аяқ жағында сүйеулі тұрған винтовканы жинап алды. Атаман киініп бола берген кезде, Жақыптың бетіне қарап: – Сендер кімсіңдер? – Біз уездік совдептің сіздерге арнап жіберген отрядымыз. Атаманның өңі бұрынғыдан жаман сұрланды. Ашудан денесі қалш-қалш етті. Бұлар атаманды сарайға әкелгенде, бұлардан бұрын екі офицерді әкеп сарайға қамаған екен. Біраздан кейін уездік земствоның бастығын да әкеп қамады. Әрі-беріден кейін таң ағара берді. Жақып қойманың жанына келіп: «Қала тұрғанша бір жола жайлап, казарманы және басқаларын тегіс қолға алу керек,– деп Сергейге бұйрық беріп,– казарманың ар жағынан мылтық даусын шығарыңдар!» – деді.
Казарманың ар жағынан мылтық даусы күрс-күре етті. Казарманың терезелері сынып сылдырап ішіне түсіп жатты. Казармада отыз шақты солдат бар еді. Апыр-топыр болды. Шала-шарпы киініп винтовкаға жүгірді. Команда беретін офицердің бірі де жоқ. Жапырласып шығып қарсыдағы қару қоймасына қарай жүгірді. Онда екі пулемет бар еді. Жиырма шақты солдат есіктен шығып қоймаға қарай жүгіре бергенде, мылтық даусымен қатар, қарсы алдарынан бытырлаған пулеметтің даусы естілді. Солдаттар есікке қарай қай тегі солдаттар винтовкаларды және басқа саймандарды терезеден лақтыра берді. Серікбай, Сергей және үшеу-төртеулері қаруларды шанаға салып жүрді.
Күн шықты. Қала тұрды. Жаулар тегіс қолга түсті. Қаланың барлық адамы шақырылып, митингі жасалды. Жамантау қаласының қалалық ревкомы сайланды, атаман, земствоның бастығы, төрт офицер және он шақты солдат пен қаружарақтарын тиеп, он шақты шанамен отряд уездік қалаға қарай жөнелді. Серікбай қаладағы пәтеріне келсе, «Пошкентай, малын тез алып бер» деген совдептің бұйрығын алып, елге қайтып кеткен екен. Серікбай қалада тағы үш күн жүрді. Жақыптың рекомендациямен Серікбай партия қатарына алынды. Ертеңінде Серікбай совдеп кеңсесіне келіп, Жақып және совдеп бастығы Волков пен бірсыпыра сөйлесті. Олар Серікбайға ауылда істейтін жұмыстарды тапсырды. Серікбай үйіне бұрынғыдан көңілді көтеріңкі, өте қуанышты, бірсыпыра өзгеріп қайтты.
Серікбай үйіне келгенде іңір қараңғысы еді. Батиқа шам жағып жатыр екен. Сағила есіктен кірген әкесін танып келіп Серікбайға қарсы жүгірді. Серікбай Сағиланы көтеріп алып бетінен сүйді. Сағиланы жерге қойып, шешініп, тағы да Сағиланы алдына алып бетінен сүйді. Батиқа да күйеуінің көңілді келгенін байқап, аман келдің бе, деп Серікбайдың бетіне қарап жымиды. Бұл уақытта Серікбайдың кішкене үйінің ішінде – баланың әкесіне, әкенің баласы мен әйеліне,
әйелдің күйеуімен баласына – үшеуінің бір-біріне жүректерінен лаулап жанған сүйіспеншілік махаббаты шалқып тұрды. Сағила әкесінің алдында еркелеп жатып: – Әке, қайда барып келдің, қалаға бардың ба?–деді. – Иә, қарағым! Қалаға бардым. Жаулардың жазасын бердім. Әкең, қарағым, большевик болды. Большевик деген сөзді естіп Батиқа Серікбайдың бетіне қарай қалды. – Немене? Ұнатпай қалдың ба?– деді Серікбай. – Жоқ, Әншейін, бірдеңеге сақ болып жүрмесең. Сағиланың «большевик» деген сөзді алғаш естіген еді. Әкесіне қарап: – Большевик деген не, әке?! – Ол, қарағым, дүниеге жақсы тұрмыс орнататын та үрікті. Үшеу-төртеуі басқыштың алдында оқ тиіп құлап та қалды. Аздан кейін казармаға тағы оқты жаудырды. Есіктен, терезеден оқ зулап өтіп жатты. Казарманың сынған терезесінің түбінен: «Қару-жарақтарыңды тастаңдар, өздерің тегіс беріліңдер!– деген Жақыптың қатты даусы естілді. Аздан кейін іш жақсы адамдардың аты, соның партиясы,– деді Серікбай.
Сағила «большевик» деген сөзді ішінен жаттап қайта-қайта айтып, әкесінің алдында ойнап отыра берді.
Ертеңінде Жанғожа, Пошкентай және басқа ауыл кедейлері келіп, Серікбайдың әңгімесін тыңдады. Серікбай келгендерге совдептің орнағанын, түбінде қызылдардың жеңіп шығатындығын түсіндіріп, көп әңгіме айтты. Пошкентай тұрып «малын алып бер» деген бұйрықты болыстың орындағыдай отырғанын айтты. – Осы иттермен енді аянбай күресу керек – деді Серікбай ашуланып. – Алдымен осы малды алу керек. О да бір мұқатқанымыз болады,– деді Жанғожа тұрып. Бірақ бұйрық тез орындалмады. Сан саққа жүгіртілген қазақшылыққа кездесті. Бір айдай сөз боп жүріп, елге шыққан совдеп мүшесі Касеновтың көмегімен бір ат, бір бұзаулы сиырды зорға алды.
Пошкентай бұл малын иемденіп тұра алмады. Жаз ортасында совдеп құлағаннан кейін, жуан Ақмет ат пен сиырды қайтадан тартып алды. Күрес шиеленісе түсті. ІV
Серікбай үйде жоқ болатын. Ауылдың барлығын тінтті. Жақыпты таба алмады. Жанғожа мен Жұматты ұстап әкетті. «Жақыпты тауып бермесеңдер атам»– деп, мейлінше сілейте мылтықтың дүмімен ұрды. Бұларды Петровка қаласына апарып үш күндей ұстады. Оязға жөнелтпек болды. Келесі күні таң алдында Жақып Серікбайға келіп: – Мен үшін олардың күюге жөні жоқ. Мені дезертир деп қуып жүр, маған ештеңе қылмайды, не апарып жауып қояды, не майданға жібереді. Сендер өз жұмыстарыңды ептеп бұрынғы құрылған жоспар бойынша істей беріңдер, мен барып көрінем – деді.
Серікбай: – Барма, көрінбе! Оларға не қылар дейсің, бірер жұмадай ұстап қоя береді – деп еді. Жақып болмады: – Мені қолға түсірмей, оларды босатпайды – деп, Серікбаймен қоштасып Жақып жүріп кетті.
Үш күннен кейін таяқтан өне бойы кек ала қойдай болып Жұмат пен Жанғожа келді. Артынан «Жақыпты майданға жөнелтіпті» деген хабар естілді. Жақып оншақты күннен кейін бір күні түнде тағы сап ете түсті. Бұл жолы Жақыпты ауылға жасырып ұстауға болмады. Серікбай Жақыпты қырық шақырым жердегі «Алакөлдегі» нағашысы Нұғмандікіне апарып салды. Ол ауылдың бірсыпырасы балық аулайтын еді. Жақып балықшы орыс болып сонда қызылдар жақындағанша жүрді.
Жақыптың қашып келгенін жуан Ақметтер сезген еді. Бұл ауылға, Серікбайларға бұрынғыдай емес бақылау күшейе берді. Серікбай да, Жанғожа да көбіне үйінде тұрмай ат үстінде болды. Бұл кезде «қызылдар Қазанды алып Уфаға жетіпті, енді аз күнде Сибирьге келеді» деген хабар да естіліп жатты.
Бір күні Колчак әскерлері келіп Серікбайларды тағы тінтті. Еш нәрсе таба алмады. Олар еш нәрсе таба алмай келгенде, болыс – жуан Ақметтің інісі Шақмет: – Ертең қызылдар келгенде, сенің де, біздің де басымызды жоятын осылар, бұлардың көзін осы бастан жоймай болмайды,– деді. Болыстың жанында губерниядан келіп алаш әскеріне ат жинап жүрген Нұрым деген алаштың офицері отыр еді. Нұрым:– Олар кім – деп, Серікбайдың, Жақыптың мән-жайын сұрады. Шақмет бәрін айтып берді. – Олай болса, бұларды, алдымен Жақыпты, Серікбайды, тағы басқаларын елді бүлдіртпей, ұстап жабу керек. Тез ұстап жабу керек,– деді. Бұл кезде Серікбайлар да сақтанып, жиылып сөйлесу керек болса, оңашалау Төсекең аулына барып сөйлесетін. Күндіз тарап ат үстінде болушы еді.
Бір күні Серікбай, Жұмат, Пошкентай, Жанғожа Төсекең аулындағы Жұмағұлдың шошала үйінде сөйлесіп отырғанда, Жұмағұлдың қатыны жүгіріп келіп: «Ойбай, қарақтарым-ау, әскер кеп түсіп жатыр»,– деді сасқалақтап, Отырғандар үрпиіп ұшып тұра келді. – Шама келгенше қолға түспейік,– деді Серікбай қалтасынан Жақып берген шанағын суырып алып жатып. Серікбай есікке жүгіріп барғанда, ар жағынан әскерлер де келіп қалған екен. Біреуі есіктен басын сұға бергенде Серікбай басып салды. Әскер құлап түсті. Біразға шейін дыбысы естілмеді.
Енді кейін сейілген шығар деген оймен Серікбай атылып есіктеншыққанда, оң жақ иығына қылыш кірш ете түсті. Екінші жағынан сермеген қылыш басына тиді. Екі солдат екі жақтан жабыла түсті. Қазақтың «қамқоры», алаштың азаматы Нұрым нағанын тосып, шопхаланың аузында тұра қалды. Солдаттар Серікбайдың әлсірегенін байқап қоя берді де, винтовкасын алып кеудеден Серікбайды найзамен шанышты. Алысып жүрген Серікбай сонда барып
әлсіреп құлады. «Мұның жұмысы біткен шығар, айда алып жүріңдер өзгесін»,– деді офицер. Серікбайдан басқасында қару жоқ еді. Бағынды.
Өлген солдатты арбаға салып, Жанғожа, Жұмат, Пошкентай үшеуін алып жүріп кетті. Жұмағұлдың әйелі Рақила ойбайды салып, Серікбайдың аулына қарай жүгірді, Ел у-шу болды. Серікбай өлгеннен кейін үш қүннен соң, Жанғожалар дуанға апара жатканда екі солдатты өлтіріп қашыпты деген хабар естілді. Хабар анық болды, Бірақ сол бетімен бұлар қашан қызылдар келгенше ауыл қарасын көрмеді. Қашып жүрді. Мінеки, Сағиланың әкесі Серікбайдың оқиғасы осы еді. Сағила әкесі өлгеннен кейін өзгерді. Бетінің қызылы азайып, бозарып жүдеу тартты.
СОҚҚЫ ҮСТІНДЕ
Октябрь айы. Кешке таман, алғашқы жауған ақша қар жапалақтап тұрды.
Көк ала айғырына мінген Жанғожа желе шоқытып Қызылағашқа қарай
жақындай берді.
Қызылағаш Сібірдегі үлкен шаһардың бірі атанған Н. қаласына қатынасатын қара жолдың үстінде еді. Осы жолмен шеру тартып келе жатқан әскерлер жаңа ғана Қызылағаштағы ауылға кеп аялдаған. Жанғожаның әскерлердің қызылдар екенін естіп, бұларға әдейі жолығайын деп келе жатқан беті еді.
Жанғожа қыстауға жақындай бергенде, ағаш арасынан бес-алты қызкеліншек көрінді. Жанғожа қыз-келіншектерге бұрыла жүріп: «Солдаттардан зардап болып қалған байғұстар-ай жасырынып жүр екен ғой»,– деді ішінен.
Жақындай берген Жанғожаны танып, қыздар да ағаштың шетіне таман шыға берді. Рәмила мен Жақып, екеуі бой жеткен қыз, Қапиза мен Меруерт он екі-он үш жаста еді. Екі келіншектің біреуі Оспанның Гүлжамиласы екен. – Неғып жүрсіңдер ағаш арасында, жидек теріп жүрсіңдер ме? Қар жауғанда жидек тере ме екен? – деп Жанғожа көзін ойнақтатып күлді. – Біреу қорқып жүрсе, бұл күледі ғой,– деп Рәмила Жанғожаға жақындай берді. Жанғожа жақындей беріп Рәмиланың қолын ұстады. – Түу қолың толқып қалған екен ғой,– деп, Жанғожа Рәмиланың қолын қысыпқысып қалды. Рәмила қолын қысқанын елемей, Жанғожаның бетіне қарап көзін жаутаңдатып күлімсіреді. Жанғожа да Рәмилаға тесіле қарап күлімсіреді де: – Мен тұрғанда неден қорқасың, мен пана бола алмаймын ба? –Ағатай, сіз ылғи біздің жанымызда емессіз ғой,– деп Рәмила тағы да күлімсіреді. – Ылғи жанымда бол десең, жаныңда болайын, кейбіреулер ұнатпай жүрмесе. – Қойыңызшы, ағатай қалжыңды,– деді Жақыл тұрып. Сөйтіп тұрғанда Жанғожаның көзі Оспанның Гүлжамиласына түсіп: – Масқара-ау, мынау пері соққан нағып жүр,– деп сақ-сақ күлді. Қыздардың бәрі де күлді. – Жаным-ау, саған да солдаттар қызыға ма? – Қызықпай,– деп Гүлжамила аузын бұртың еткізді.
– Жаным-ау, анау аяғыңдағы байпағы несі,–деп, Жанғожа тағы сақ-сақ күлді. Қыздар одан сайын күлді. – Анау күні солдаттар келгенде, бізбен бірге түні бойы далада жатқан. Сол күні қатты суық болды ғой, біз ауылдан киіз алдырып жамылып едік, сонда аяғы үсіп қалыпты байғұстың,– деп Рәмила Гүлжамилаға қарады.
Жанғожа күйеуімен замандас, құрдас болғандықтан Гүлжамиланы сықақ қылып қатты ойнайтып еді. – Перістанау, түрің мынау, саған солдаттар жолда жатсаң қарамайды, бар, үйіңе барып жат. Па, шіркін-ай! Мынаған қызықпаса игі ед,– деп тағы күлді Жанғожа.
Шынында Гүлжамила жас болса да, үсті-басы дал-дұл өте салақ, дарақы әйел еді. Осы түрімен қыздардың қатарында жүргенін Жанғожа тіпті ерсі көрді. – Жарайды енді, қорықпаңдар, жүріңдер ауылға,– деді Жанғожа атынан түсіп. – Үй қаптаған солдаттар ғой,– деп Рәмила Жанғожаның бетіне жалт-жұлт қарады, ойнап тұр ма –деп ойлап. – Болса қайтеді? Маған сенбейсіздер ме? – Жоқ, сенеміз, әйтсе де кім біледі. – Жоқ, бұлар ақтың солдаттары емес, қызыл әскерлер, әйелдерге тимейді, қайта қорғайды. Жүріңдер, сөзді қойып,– деп, Рәмиланы қолынан ұстап ауылға таман аяңдады. – Қойшы, сал жігіт, байқайықшы,– деп, Нұрила кейін шегіншектей берді. – Осы есерсоқ бізді бірдеңеге соқ қылып мазақтайын деп жүр, бармайық,– деп Гүлжамила да кейін тұрып қалды. Жанғожа бұрылып Гүлжамилаға ажырайып қарап тұрып: – Келме ауылға! Қалған аяғыңды үсітіп кел!– Жанындағы қыздарға қарап: – Жүріңдер, тимейді, тигізбеймін,– деп, ауылға қарай қыздарды ертіп жүре берді. Бұлар Рәмиланың үйінің алдына келгенде үш-төрт қызыл әскер аттарын жемдеп, тазалап тұр екен. Жанғожа әскердің біреуіне жақындай беріп: – Сіздер мына әйелдерді неге корқытасыздар?–деді орысшалап. Әскер Жанғожаның бетіне жалт қарап, шіміркенгендей болып: – Сіз не айтып тұрсыз? Біз ешуақытта да әйелдерді қорқытпаймыз, бізді ақтардың жауыздықпен тәрбиеленген солдаттары деп тұрсыз ба?– деді. – Мына әйелдер сіздерден қорқып ағаш арасында жасырынып, тоқып отырған жерінен әкелдім. – Әкелгеніңіз жақсы, бізден қорықпасын, жүре берсін,– деп әскер қайтадан атын тазалауға кірісті. Жанғожа екінші әскермен біраз сөйлесіп, әскер бастығы қайда екенін сұрап алып, дивизия командирі отырған үйге кірді.
Ауылға әскерлер келгелі бір сағаттан артық болды. Ауыл адамдары алғаш қауіптеніп үрпиісіп, әбігерленіп бірі ағаш арасына, бірі қораның ішіне жасырынды. Батиқа қозғалмай үйінде жұмысын істеп отыра берді. Әскерлер келгелі Сағила үйге әлденеше кіріп, әлденеше шығып, әскерлердің келген хабарын, кімнің үйіне түскенін, бөркінде қызыл шүберегі, қызыл жұлдызы бар екенін айтып бір кіріп, бір шығып жүрді. Байқаған кісіге Сағиланың жүзінен әлде неге көңілденген, шаттық белгісі аңғарылады.
Батиқа Сағиланың жеткізген хабарынан қызылдың әскерлері екенін сезіп отырды. Бірақ өзгелердей елеуреп қорықпады да, әрі соншама қуанып жалбақтағысы келмей салқын қанмен ішінен: «Келсін, келетін уақыты болды ғой»,– деп отыр еді. Есік тырс етті. Қолында котелогы бар бір қызыл әскер кіріп келді. Басындағы қара папағында кызыл шүберектен тіккен қызыл жұлдыз белгісіне қарап тұрып: – Сендер кімсіңдер?– деді Батиқа. – Біз қызыл әскерміз. – Неге келдің мұнда? – Бір азырақ сүт сатасыз ба? – Ақшаң көп пе? – Азырақ бар. – Сендер большевиксіңдер ме? – Иә. – Сендер Совет өкіметін орнатасыңдар ғой, ә? – Иә, орнатамыз. – Әкел, ыдысыңды бері,– деп Батиқа колын созды. Әскер котелокты қолына ұстата берді. Батиқа құтыға сүтті толтыра құйып, әскердің қолына беріп тұрып: – Мұнда сенікі нашандік бар ма?– деді. – Бар, анау үшінші үйде отыр,– деп, қалтасынан бір теңге ақшаны алып Батиқаға ұсынды. – Жоқ, алмаймын, дарым,– деп, әскердің бетіне карап күлімдеді. Әскер рақмет айтып шығып кетті. Батиқа киініп далаға шықты. Сағила далада ойнап жүр екен, апасына қарай қарсы жүгірді. Батиқа Сағиланы жетектеп, әскердің командирі отырған Баймұқандікіне кіргенде, Жанғожа командирмен сөйлесіп отыр екен. Үйде командирден басқа төрт-бес кызыл әскер бар. Сағила қызыл әскерлердің киімдеріне, маңдайындағы қызыл жұлдызына, мылтық, қылыштарына жағалай қарап таңырқап тұрды. Батиқа түрегеп біраз қарап тұрды: – Нашандік командир қайсы?– деді. – Мына кісі,– деді Жанғожа қолымен нұсқап көрсетіп. Батиқа командирдің бетіне қарап тұрып азырақ күлімсірегендей болды. Әлгідей болмай қайтадан сұрланып кескіні қуара қалды. Ішінен әлденелерді ойлап, толқып тұрғаны сөзілді. – Бұл кісі кім?– деді командир Батиқаның бетіне қарап тұрып.
Жанғожа Серікбайдың әйелі екенін айтты. Бұдан бұрын Серікбайдың қалай өлгені, ақтардың не істегендері туралы айтып отыр еді. Батиқа жүзі қуарып бір адым ілгері аттап тағы тұрды. Сол кезде көзінен маржандай жас домалап ыршып-ыршып кетті. Көзінен жас ыршып домалаумен бірге өңі қызара бастады. Қолын командирге қарай созып тұрып жыламсыраған дірілдеген дауыспен: «Біздің Серікбай тірі болса, сендерді қарсы алып, сіздермен бірге масайрасып, жауға қарсы ойранды бірге салысар еді»,– деп көзін басып, жылап қоя берді.
Командирдің жанындағы аудармашы татар Батиқаның сөзін түгел айтып бергенде, командир Батиқаны аяғандай болып орнынан қозғала берді. Көзін басқан қолын алып қызыл ерлерге көз жіберіп бір қарады да тағы жыламсыраған дауыспен: «Үш-ақ ай, сендер үш ай бұрын келсеңдер етті! Не Серікбай жаным үш айға дейін жанын бірдеме қып сақтаса етті»,– деп талықсып Батиқа құлай бергенде, командир ұшып түрегеліп қолтығынан ұстап, ілгері сүйемелеп әкеп отырғызды да, өзі жанына отырды. Сағиланың беті қып-қызыл болып, біресе апасына қарап, біресе командирге қарап, екі көзі жаутаңдап, жыламсырап тұрды.
«Тиышталыңыз. Тиышталыңыз апай»,– деді командир жылы жүзбен Батиқаның бетіне қарап. Батиқа «уһ» деп демін алды да, түзеліп отырып шәлісімен көзін сүртті. – Соншама көп қайғырмаңыз. Төңкеріс жолында Серікбай сияқты талай ерлер құрбан болды. Бірақ біз неше жүз жыл бұғауда байланып, табанда өзіліп келген әлде неше миллион еңбекшіні бұғаудан босатып, бостандық әперіп, қуантып отырмыз, бұл қуаныш тегін келген жоқ. Серікбай сияқты төңкеріс ерлерінің күшімен келді. Бұл қуаныш күнде соншама қайғырмай сізде қуаныңыз,– деді командир. – Қайғырғаннан ғана жылап отырғам жоқ, сіздерді көріп шаттанып қуанғаннан да,–деп, Батиқа командирдің бетіне жылы жүзбен қарады. Батиқаның келгеннен бергі кескін жүзінің үш түрлі құбылғанын әсіресе соңғы сөзге түсініп, жаңағы қайғылы көріністі жүзінен ілезде ажыратып, дағдылы қалыпқа түсіп, жүзінің жылы ұшырай қалғанын байқап отырған командир бір жолдасына қарап «умница» деді. Жолдасы «иә, солай» деп командирге басын шұлғыды.
Шынында Батиқа сабырлы, көп сөйлемейтін адам еді. Сырын білмеген адамдар жуас әйелдің бірі деп ойлайтын, бірақ Батиқа көбіне үндемей-ақ жүріп бәрін білетін, кісіге ақысын да жібермейтін, анда-санда реті кеп сөйлеп қалғанда ол сөзіне кімді болса да тоқтататындай қып дәмді сөйлейтін есті, сабырлы әйел еді. Командир Жанғожа мен Батиқаның сөз ұғатын адамдар екенін байқап байлардан, ақтардан көрген жәбір-жапалары үшін бірсыпыра жұбаныш сөз айтты. Елдің жайын сұрап ұзақ сөйлесті.
Бұл уақытта әскерлер кешкі тамақты ішіп болған еді. Командир сағатына қарап: «Сағат он, аттануға даярланыңдар»,– деп бұйрық берді, өзі де тұрып киіне бастады. Батиқа да Сағиланы қолынан ұстап, үйіне қайтпақшы болып түрегелді. – Түнде жүресіздер ме?– деп Жанғожа командирдің бетіне қарады. – Иә, түнде жүріп, таң атқанша уездік қалаға жетуіміз керек. Сіз жолды жақсы білесіз ғой, мақұл көрсеңіз қалаға дейін бізбен бірге жүріңіз,– деді командир Жанғожаның бетіне қарап. – Жарайды, әбден болады,– деді Жанғожа жұлып алғандай. Командир: – Қош болыңыз, көп қайғырмаңыз,– деп Батиқаның қолын ұстады. Беті қыпқызыл болып, жаутаңдап тұрған жас қызға қарап: «Иә, сен, қарағым, большевик
қызы, жақсы бол, сабақ оқы»,– деп, командир Сағиланың шашынан сипады. Қош айтысып жүріп кетті. Қыстың орта көзі. Күн суық, кейде боран, кейде аяз.
Батиқа күні бойы қораның ішінде азғана малын жайлайды. Сағила үй ішіндегі жұмыстарды істеп, әбден әдеттеніп келеді. Күннен күнге айналасындағы тұрмыстың мәнісіне түсіне бастады. Ақ, қызыл, Колчак, алаш, совет, бай, кедей тағы-тағыларды өзіндей балалардан гөрі артық аңғарады. Әкесінің не себепті өлгенін, кім өлтіргенін жақсы түсінеді.
Батиқа мен Сағилаға жаныашыр дейтін жақын туыс Жантас еді. Жантастың әкесі Серікбайдың әкесімен бірге туысқан. Серікбайдың тірі кезінде Жантастың Серікбайдың үйімен көп қатынасы болмайтын. Кей уақытта тіпті араз болып жүретін. Өйткені әркімнің сөзін сөйлеп жағымпазданып көбінесе өсек айтып, бірді бірге атыстырып жүретін мінезі болғандықтан Серікбай Жантасты жек көретін. Кейде тілдеп ұрсатын. Серікбай өлгеннен кейін Жантас қатыны Ұрқиямен Серікбайды бірге жоқтап, Батиқа мен Сағиланы аяған болып, жақындасып кетті. Күнде келіп Батиқа мен Сағиланың қал жайын сұрап, ақыл айтып, шаруасына қолқабыс етіп, шын жаны ашыған сияқтанып жүрді.
Жантастың ішкі ойы: Батиқа жас, байға тимей отырмайды. Байға тисе біреңсараң Серікбайдан қалған малға тең ортақ болам ғой, болмаған күнде қора-қопсы тағы сондайларына ие болам деген еді. Батиқа көнсе, Ұрқия ұнатса Батиқаны екінші әйелдікке алып, мал-жанға ие болып отырмақ еді. Осы ойлармен Жантас Серікбайдың қалған шаруасына қолқабыс көрсетіп шөбін тасып, отынын даярлап беріп жүрді. Көбінесе сыртынан айғайшы болып, ішінен ақылшы болып, қысқа жетерлік отын-шөбін даярлап тасытып беруге көмек көрсеткен Жанғожа мен Жамат еді. Жанғожа Батиқа мен Сағилаға екі-үш күнде бір келіп, ақыл айтып, көңілін көтеріп, жұбатып жүрді.
Осы кезде ауылға сүзек ауруы жайыла бастады. Ауылда он шақты кісі сүзек болып ауырып жатты. Екі-үш кісі өліп те қалды. Сағила мен Батиқа түскі шайды ішіп отырғанда Ұрқия келіп: «Апырай, Жанғожаның сырқаты күшті көрінеді, тіпті ауыр жатыр екен»,– деді.
Батиқа түршігіп қалды. Шайды ішіп болып: «Қарағым, шайды жинап үйде отыр, мен Жанғожаның көңілін сұрап келейін»,– деп шығып кетті. Батиқа Жанғожанікіне келгенде, Сәни тамыршы Жанғожаның тамырын ұстап отыр екен. Жанғожа демін екі иінінен алып жатыр. – Қалай, тамыршы, қорқынышты емес пе?– деді Батиқа отыра беріп. «Апырай-апырай,– деді Сәни,– жүрегінде бір ұйысқан қан тұр екен, дәу де болса биылғы ердің соққысынан байланған қан-ау. Сол қан жүрегін буып тұр екен. Кішкене тоқтап: «Алла сақтасын, ештеңе етпес»,– деді сұрланып тамыршы.
Өңі құп-қу болып отырған Жанғожаның әйелі Шоңлай: «Таңертеңнен бері сандырақтап жатыр»,– деді мұқайып. Батиқа Жанғожаға жақындай беріп: – Қалайсың, қарағым,– деді дауыстаңқырап. Жанғожа азырақ бұрылып қарап, қырылдаған дауыспен қолын сілтеп:
– Батиқа! Батиқа! Серікбай қайда? Серікбай екеуміз болмаса, жалғыз мен жеңе алмадым-ау ақтың офицерін, иығында жарқырап тұрғанын қарашы! Қап болмады. Жоқ мен Серікбайға барам... Серікбайға!– деп айқайлап екі рет ышқынды. Жанында отырғандар түршігейін деді.
Біраз отырғаннан кейін, Батиқа далаға шығып келейін деп кетіп бара жатыр еді, Жанғожаның көзі түсіп кетіп: – Ай, Батиқа, қайда барасың, кетпе, кетсең мені Серікбайға ала кет,– деп дауыстап қолын сілтеді. – Жоқ, қарағым, кетпеймін,– деп Батиқа жанына қайта кеп отырды. Жанғожа күн батқанша сандырақтап жатты да, күн батқаннан кейін кеудесінің қырылы зорайып, екі иінінен демін алып жата берді. Біраздан кейін қолын ақырын сілтеп «болмады ау, болмады-ау» деп одан басқа сөз сөйлеуге шамасы келмей сұлқ жатты. Түн ортасы ауған кезде Жанғожа ақтық демін үзді. Жанында отырғандар шулап жылап қоя берді. Батиқа үйіне ертеңінде сәске кезінде келді. Сағила апасының кешіккенінен қорқып отыр еді, есіктен Батиқа кіргенде апалап қарсы жүгірді. Батиқа қызының бетінен сүйіп: – Немене, қорықтың ба, қарағым? – Жоқ, Ұрқия апам екеуміз малға шөп салдық, шай қайнатып іштік, ол осында жатты. – Апа, түнде неге келмедің, неге онда жаттың?– деп болған оқиғаны білгісі келді. – Жай, қарағым,– деді Батиқа. Сағила қорқады ғой деп ойлап Жанғожаның өлгенін айтқысы келмеді. – Неге жыладың, апа?– деді Сағила апасының көзіне қарап тұрып. Кішкене бөгеліп тұрды да: – Қарағым, Жанғожа ағаң өліп қалды,– деді. Соны айтқанда Батиқаның көзінен үш-төрт тамшы жас домалап кетті. Сағила сездірмеген болып теріс қарап жаулығымен көзін сүртті. Сағиланың көзі жаутаңдап, беті қуарып: – Не дейсің, апа! Жанғожа ағам өлді дейсің бе? Неге өлді, Колчактар өлтірді ме, апа? – Жоқ, қарағым, ажалынан ауырып өлді,– деп тағы да теріс қарап жасаураған көзін сүртіп, ыстық қоламтаны әкеп Батиқаның ішіне басты. Әрі-беріден кейін қызу үстіне қызу қосылып, Батиқа тиышсыздана бастады. Алғаш байқамай жатыр еді, денесі тіпті ұнатпағанын сөзіп, бір уақытта оң қолымен орамалға түйген қоламтаны алып лақтырып Сағила әлде нені ойлап мұқайды. Батиқа Жанғожаның өлгеніне қатты қайғырды. Сол ауылдағы бас көтерер жігіттің бірі Жанғожа еді, оның үстіне Серікбайдың досы, әрі Батиқаның көмекшісі, ақылшысы, арқа таянышы еді.
Батиқа шешініп, Сағиланы алдына алып отырды да: «Біздің сорымызға Жанғожа да өліп қалды, енді бізге кім бас-көз болады, қарағым»,– деп Сағиланы аймалап сүйіп жылап жіберді. Сағиланың өңі азырақ бозарып, жыламай, жаутаңдап апасының бетіне қарай берді.
Жанғожа өлген күні суық боран еді. Батиқа Жанғожаның үйінен кешке келіп, қораның ішінде жүріп азғана малын жайлады. Қораның қар кіріп тұрған
тесіктерін бекітіп, күн қараңғылана бергенде үйге кірді. Сағила шам жағып жатыр екен. Батиқа сыртқы киімдерін шешіп тұрып. – Сағила қарағым, төсек салшы, бойым әлденеге қалтырап, көзім қарауытып барады,– деп отыра кетті.
Сағила күндегісіндей жүгіріп жүріп төсек салды. Батиқа төсегінде жатқаннан кейін бойы ауырлап өне бойы қыза бастады. Бірсыпыра тынышсызданып жатып таң алдында көзі ілінді. Таңертең көзін ашқанда басы сынып, қатты ауырып барады екен. Басын көтеріп тұрам ба деп байқап еді, тұра алмады. Ауырғанын сезді. Кешке таман қызуы бұрынғысынан да көтеріліп денесі ауырлай берді. Түні бойы сусын үстіне сусын сұрап тынышсызданып шықты. Үштөрт күннен кейін Батиқа алас ұрып сандырақтай бастады. Есі кіргенде көзінен ыстық жасты ытқытып, ауруынан қатты қауыптенеді. Анда-санда Сағиланы жанына шақырып алып басынан, шашынан сипап аймалап иіскейді. Осы қалпымен тағы екі күн жатқанда Батиқа нашарлай жіберді. «Ұнатпайды ғой, ыстықты бекер басқан екенсің, шешей»,– деп Ұркия жаратпай қалды.
Сағилада ұйқы жоқ, өңі қуарып, апасының бетіне қарады да отырды. Әріберіден кейін Батиқаның кеудесінің сырылы көбейіп, екі иығынан демін алып тағы да тиышсыздана берді. Тағы сандырақтады Батиқа, әлсірей берді.
Әлден уақытта таң алдында қолын сілтеп «уһ» деп демін қатты алып, көзін ашып жанына қарады. Сағиланы көріп, қолын созды. Сағила өңі қашып жыламсырап апасына жақындай берді. Батиқа Сағиланың мойнынан қатты құшақтап бетіне бетін тигізіп қысып жатты. Көзінен ыстық жас ытқып-ытқып кетті. Бар күшімен бойын жинамақ болып бір ышқынып алды да күрмелген тілімен: – Мен әкеңе... барам... қарағым... әне Серікбай. Әне!.. Серікбай мен Жанғожа шақырып тұр... Сен не боласың?.. Болмады-ау, қарағым... қап-қап!..– деп ананың тілі күрмеліп сөзін үзді...
Сағила шыр етіп жылап қоя берді. Жанында отырғандар Сағиланы «ештеңе етпейді, қарағым, жазылады» деп жұбатып еді. Сағила көпке дейін уанбады. Батиқаның бұдан кейін тілі сөйлеуге келмей сұлық жатқан қалпында демі сирей берді. Таң атып келе жатқанда ақтық демі үзілді. Сағила апасының кеудесіне басын қойып, жылай берді. Анда-санда Сағила «апа, апа» деп апасын қозғайды. Апасы қозғалмайды, жауап та бермейді. Тым-тырыс. Сағила одан жаман жылайды. Бетін жауып қойса, Сағила апасының бетін аша береді.
Таңертең жұрт тұрған соң, шымылдық құрып Батиқаны оң жаққа салмақ болғанда Сағила тіпті ышқынып қорқып кетті. «Тиме осылай жатсын, онда апарма!» деп қатты жылады. Сағила жылап болмаған соң, Ұрқия алдына алып ұстап отырды.
Түс ауа берген кезде, бес-алты кісі көтеріп Батиқаны үйден алып шыға бастады. Батиқаны есіктен көтеріп шығып бара жатқан кезде, Ұрқияның алдында отырған Сағила ұшып есікке қарай жүгірді. Есікке жақындай бергенде, екі әйел екі жағынан ұстай алды. Сағила есікке қарай бар шамасынша тырмысып тулап:
«жіберіңдерші, жіберіңдерші, апаммен бірге барам... әкетпеңдерші апамды!»– деді. Тыстағыларға «апа! апа! апа!.. апа!» деп жылатан Сағиланың ащы даусы естіліп тұрды. Үш күн ұдайымен Сағила тамақ та ішпеді, ешкімге тіл қатып сөйлеспеді, «тұрып тамақ іш, қарағым» деп уатқанға жауап бермей, бүк түсіп жатып «апалап» жылай береді. Үй ішінде жүрген адамдарды адам деп, жанашыр деп санамады. Ол өзін жалғызбын деп есептеді. Алдын болжап бұдан бұлай не болатынын да білмеді. Есілдің күзді күнгі кұба талындай қуаң тартып, аппақ қудай болып жүдеді. Жетісі өтті. Ай өтті. Күн артынан күн ете берді. Бұрынғыдай емес Сағила жылауын азайтып, азырақ есін жия бастады. Есін жиюмен қатар ой артынан ой туа берді. Алдымен ол, енді маған кімнің жаны ашиды, кім қарағым деп жақсы көріп маңдайымнан сипайды? Кім тамақ беріп, кім киіндіреді?– дегенді ойлады. Кейде үмітсізденіп оңаша жылайды. Кейде үміттеніп әлде неге уанады. Сондағы ойлаған үміті, жанашыры жанында отырған Жантас пен Ұрқия, алыстағы нағашысы Дүйсенбай болып көрінеді. Бұлардан жақсы, бұлардан жоғары, жанашыр қорғаушысы кім екенін ол кезде Сағила ойлап ұшығына шыға алмады,
Жазғытұры, қар еріп жатқан мезгілде, бір күні кешкі іңірде үйге қасқыр ішік киген бір адам келіп, етігін сыртқы ішігін тастап, үн жоқ төрге отырды да құранды сылдыратып, әндетіп оқи бастады.
Үйде Сағила мен Ұрқия отыр еді, бұлардың екі көзі құран оқып отырған қонақта болды. Басында дөңгелек ноғай бөркі, мойнында жуанды, адырақ көзді, беті былшиғандау қара жігіт еді. Алғаш байқамай тосақсып қалса да әрі-беріден кейін Сағила мен Үрқия шырамытып тани бастады. «Илаһи әмин» деп қол жайып батасын жасап болған соң, мойнындағы бөкебайын тастап, Ұрқиямен бір-екі ауыз сөзбен амандасып көңіл айтып, Сағилаға тесіле қарап: – Келші, қарағым, нағашыңды танимысың,– деп, қонақ Сағилаға таман қолын созды. – Бар, қарағым, нағашың,– деді Ұрқия Сағилаға қарап. Сағила ақырын созылып тұрып қонақтың жанына келді. Қонақ алдына отырғызып екі бетінен кезек-кезек сүйді. Бұл Сағиланың нағашысы Дүйсенбай еді. Дүйсенбай мен Батиқаның әкесі бір, шешесі басқа еді, Батиқа Дүйсенбайды жақсы көретін. Сағила да жалғыз нағашым Дүйсенбай деп көңіліне демеу қылатын. – Әкеңнен де апаңнан да айрылып жетім қалдың -ау, қарағым – деп, кеудесін қозғалтып азырақ еңкілдеп жылап, тағы Сағиланың бетінен сүйді. Оң қолымен қалтасынан орамалын алып көзін сүртті. Сол уақытта Сағиланың көзінен маржандай жас домалап аға берді. Бірақ даусын шығармады. Бірсыпыра уақыт мұңайып отырғаннан кейін Дүйсенбай Ұрқиямен сөйлесіп хал-жайды сұрай бастады. Сағила нағашысының алдында отыра берді. Түнде жанына жатты. Кесілген үміті қайта тебіндеп керіне бастады. Бұдан былай арқа тұтар, жанашырым осы нағашым деп ойлады. Көңілі бұрынғысынан көтеріліп, кескіні ажарланып қалды.
Сағилаға Дүйсенбайдың майда мінезі, тәтті сөзі, әке-шешесі өлгеннен бергі «қарағым» деп маңдайынан сипаған адамның ең сүйкімдісі, жақсы боп көрінді.
Шынында Дүйсенбай кім болса да асты-үстіне түсіп тұратын, кісінің көңілін жықпайтын майда жігіт еді. Ол жасынан ескіше, жәдитше, дін оқуын оқыды. Совет екіметі орнаған соң және үш айлық курста болды. Қазір басқа болыста, Тезекбай аулындағы мектепте мұғалім еді. Сағилаға Дүйсенбайдың күлімдеген көзі, жылы жүзі, жаны ашып сөйлеген тәтті сөзі бір түрлі Дүйсенбай ылғи Сағиланы аяп алдына алып, бетінен сүйіп, шашынан сипап жанына үйір қылып алды. Анда-санда сөз арасында «мен үйге алып кетейін, сабақ оқытам, біздің үй жақсы, жақсы киімдер кигізем» деп Сағиланы үгіттей бастады.
Расында, Дүйсенбай Сағила нағашымдікіне барам десе, еліксе алып кетпек еді. Сондағы мақсаты әке-шешесі жоқ жетім баланы тәрбиелеп, сабақ оқытып, адам қылу. Әсіресе өзім тәрбиелеймін деп Сағиланы еліктіріп алып кетсем күйеу мен қарындастан қалған азғана мал-мүлікті де көшіріп алам ғой дегені мақсат еді. Осы екі мақсатпен Дуйсенбай алып кетем деп Сағиланы майда тілімен азғырып айналдыра бастады. Оңашада Сағила Дүйсенбайдың сөзіне елігіп «барсам барайьн, бірақ тәтем мен атам жіберсе» деп Дүйсенбайдың бетіне қарады. «Нағашыммен бірге кетем деп тәтең мен атаңа айт, жібермеймін десе нағашымнан қалмаймын деп жыла» Сағиланы баурына қысып сүйіп, бетіне күлімсіреп қарап, жыландай арбады. Таңертең Ұрқия шай жасап жүргенде: – Тәте,– деді Сағила аузын бұртитып, Ұрқияға тура қарап тұрып. – Не айтасың, қарағым? – Нағашымдікіне барам, нағашым алып кетем деді. Ұрқия түршігіп қаяды. Азырақ жүзін жылы ұшыратып: – Қой, қарағым, әке-шешеңнің үйін тастап қайда барасың? Нағашыңның үйі алыс, нағашың әшейін айтатын шығар, қой, қарағым,– деді. – Тәте, рас айтады,– деді Сағила. Түс кезінде үйде Дүйсенбай мен Ұрқия сөйлесіп отыр еді. Жантас пен Асқар келді. Асқар сол ауылдың ақсақалы болмағанмен, атқа мінер, шамасынша беделі бар қара сақалы еді. Амандасып отырып: – Құда, қайту қашан, асықпасаң әлі бір-екі күн жат,– деген сияқты сөздерді айта келіп, Асқар қара мұртын бір қайырып қойды да азырақ ызбарланып: – Құда! Әуелден сыйлас едік, әлі де сыйлас болармыз, күйеуің мен қарындасыңның сүйегі жасырынбай жатып, баланы еліктіріп, Сағиланы алып кетем дегеніңіздің мәнісі қалай?– деп, Дүйсенбайға бұрылды. Дүйсенбай азырақ ойланып отырып: – Баланың өзінің барғысы келеді. Және біздің ауылда мектеп бар, сабақ оқытып тәрбиелейін деп ойлап едім. – Сағилаға жаны ашитын, тәрбиелейтін адам жоқ емес бар ғой, мектеп десеңіз бұл елден де мектеп ашылатын шығар, сіз Сағилаға қанша жанашыр болғаны қыз бен баланы сізге ертіп жіберіп, Серікбайдың шаңырағын құрыта алмаймыз ғой,– деп
Асқар соңғы сөзін өте ызбарланып айтты. Бұлардың мұндай түрлерін көрген соң, сөзін шығын қылып, қарсыласпай: «Жақсылап тәрбиелесеңіздер болады, бала өзім барам деген соң, алсам алып кететйін деп ойлап ем», – деді Дүйсенбай күлімсіреп.
Кешке таман Сағила нағашысымен оңаша сөйлесіп отырды. Дүйсенбай жиеніне майда тілімен жаншыр жақсы сөздерін айтып қорадағы малдарын басқа үй ішіндегі бар нәрселерін, сандықтарында не бар екенін сұрастырды. Сөйтіп отырып, Дүйсенбайдың көзі Серікбайдың ілулі тұрған түлкі тымағына түсті. Дүйсенбай түрегеліп тымақты қолына алып сілкіп-сілкіп жіберіп басына киді. Қайтадан алып тымақты жан жағына қарады. Тымақ жап-жаңа еді. Тысы көк барқыт, іші қызыл түлкі. Мұның түлкісін Серікбай Атбасар жәрмеңкесінен әкеп, 15-жылы тіктіріп киген. Анда-санда алыс жерге қонаққа не кейбір сыпайы жерлерге барғанда болмаса, соңғы жылдары ауыл арасына әсіресе қалаға киіп баруды ерсілеу көріп көп кимеген еді.
Тымақты ұстап тұрып, Сағилаға күлімсіреп қарап: – Қарағым, мына әкеңнің тымағын мен киіп кетейін, ана бөріктен құлағым тоқып келді. Өзі маған жарасады екен, жарайма қарағым? - деді. Сағила біраз ойланып үндемеді. Таңертең аттанарда Дүйсенбай киініп жатып, Сағиланың жанына келіп: – Тымақты киіп кете берейін бе, қарағым? – деді. Үйде Ұрқияда тұр еді, Сағила да жаутаңдап, Ұрқияның бетіне қарады. Ұрқия теріс қарап үндемеді. Сағила аузын аздап бұртитып аздап сыбырлап, «Тәтем ұрсады», «өзім кием», – деді. Бұл соңғы үйретінді сөз еді. Қысылып, амалсыз айтты.
Дүйсенбай қайталап үндемеді. Киініп болып Сағиланы көтеріп құшақтап тұрып: – қош қарағым, жаздыгүні тағы келем. Жақсы бол қарағым, – деп бетінен сүйіп тұрып сыбырлап: «тымақты басқа біреулерге беріп жібермесін, ие бол қарағым», – деді.
Дүйсенбай жүруге айналып, қош айтыса бастағанда, Сағиланың көзінен маржандай жас ыршып-ыршып жылап жіберді. – Нағашы тағы кел, – деді Сағила есіктен шығп бара жатқан Дүйсенбайға. – Жарайды, келем, – деген Дүйсенбайдың даусы естілді. 1937ж.
Мазмұны Алғы сөз ...........................................................................................................................3 Жәмила қалай сауатты болды? ....................................................................................13 Ескендір .........................................................................................................................30 Жаманқұлдың теңдігі ...................................................................................................37 «Ардақты жан» ............................................................................................................44 Бидің жауыздығы ..........................................................................................................47 Қан жаспен жуылды .....................................................................................................53 Қоңырау..........................................................................................................................67 Дала қыраны ..................................................................................................................75 Нұрманның санасы ......................................................................................................87 Анаң құшағында ........................................................................................................100 Өткендегі мен бүгінгі .................................................................................................111 Болса, Жұмаділдей бол ..............................................................................................116 «Қызмет батыры» ......................................................................................................120 Ескіліктің кесірі, жаңалықтың жемісі ....................................................................122 Большевик қызы .........................................................................................................126
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру