TELEGEI

Home

Абай. Алты бөлімді кинодарма

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Абай. Алты бөлімді кинодарма

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

І бөлім

Биіктеу жасыл төбенің басына қарай төрт салт атты өрлеп келеді. Қылаңы мен бараны аралас семіз сұлу аттар бастарын шұлғи тастап, жіті басады. Күміс үзеңгі таралғылар күнге шағылып жарқ-жұрқ етті. Аттылар дөң басына шықты. Ескі шошақ моланың түбіне келді. Төртеудің ортадағысы жуан денелі, орта жасты Абай. Селдір сұлу сақалына сәл ғана ақ араласқан. Атының басын өзгелерден оздырыңқырап кеп молаға көз салды. Айналасына азырақ әжім жиылған мұңлы көзін қысыңқырап қарайды. Қасындағы үш жас жігіт: Керім, Көкпай, Айдар сәл кейіндеу тұр. Олар – жазғы жеңіл киімдер киген сәнді жігіттер. Айдар мен Керімнің қолдарында екі көк шұбар қаршыға бар. Шабыттағы қырандар да молаға қадала қарап, алтын көздерін кірпік қақпай шаншылтады. Қазір бір құс ұшардай қапысыз аңдып тұр. Абай аз үнсіз тұрып, бір кезде денесін бұрмай, оң қолын ғана көтеріп артына қарай қайырды да, жігіттерге белгі етті. Жігіттер сұлу шошақ молаға таңырқай қарап, Абайдың қатарына келді.

Ақырын қоңыр үнмен Абай сөз қатты:

— Осы жалғыз мола осынау елсіз жотаға пайда болғалы, міне, биыл жүз рет жадырап жаз келді. Бұ содан бергі дәуірлер мен буындардың үнсіз куәсі осы мола ішіне ауыр сыр бүккен мола еді. Мезгіл сайын соғып өткенде, арылмаған қарызым бардай боламын. Бұнда жатқан қыз Еңлік пен жігіт Кебек. Екеуін махаббат үшін буындырып өлтірген еді. Жүз жылдан бұрын да, содан кейін де, дәл бүгінгі күнге шейін де ұлға тұсау, қызға ноқта болған ел заңы осы екеуін естімеген сұмдық еткен сендерсің деп ат құйрығына байлатып, сүйретіп өлтірген... дейді.

Аз тоқтап алыстағы жалғыз биік cap шоқыны нұсқайды. Құлазыған шошағы биік тік басында жел еседі. Керемет селеудің қалтыратып басын иіп соғады. Абай сөзі естіліп тұр.

— Еңлік пен Кебек құзғыннан қашып, аңдай боп тау ішін паналап аз дәурен сүрген еді. Сол бұйырмаған махаббат достықтан біткен бала, жөргектегі нәресте, жас ұлан әкесі мен шешесін өлтірген күні жөргекте жылаған күйінде осы иесіз биіктің басына апарып тасталған. Сол күні қара күні байып батқанша ішегі қатып жылап жатып, меңіреу, суық тылсым дүние арасында үні өшкен, мәңгі өшкен. Абай сөзін бітірді.

Жастар түйілген қабақ, шошынған жүзбен:

— Кім бұйрығы солай етті?

— Өлтірген, өлтірген кім?! — деседі.

— Өлтірткен Кеңгірбай. Біздің атамыз, мынау елдің анандай йен күшін бастаған әруағым Кеңгірбай! – дейді. Ойға таман қарайды.

Елдің қалың сәнді көші келеді. Құлын-тайы аралас мол жылқы шұрқырап, пысқырып қаптай басып келеді. Артыңда, қатарда қалың қол — салт аттылар. Және көп түйелерге маңғыстатып жүк артқан қаралы кілемдер жаптырған мол көш тақап келеді.

Жастар үнсіз, аңырап, сескеніп қалғанда Айдар:

— Елдің мынандай йен көшін бастаған, ол күнгі би, бүгінгі иенді әруақ Кеңгірбай?!. Кеңгірбай! — дейді.

Абай:

— Жүрек тілегін, жұмбақ, сырлы шыншыл жүрек сырын ең алғаш рет бұл өлкеде бірде-бір ғана рет батылдықпен жариялағысы келген Еңлік еді. Перде жыртып, шынжыр үзіп көрмек еді. Содан бері ол шынжыр қазақ қызының мойнына бұрынғыдан да темір бұғаудай бата түсті!.. — дейді.

— Керім — Кеңгірбай! Әруақты бабамыз Кеңгірбай!.. – деп тұнжырап қалғанда, Айдар бір оқыс оймен селт еткендей болып, Абайға:

— Абай аға, рұқсат етіңізші, талай өткінші, жолаушы осы жүз жыл бойында құранын оқып, бата қылды ғой Еңлікке. Мен бүгін соның жүрегіне арналған ерекше бір құран оқиын, рұқсат па екен? — дейді.

Абай: — Оқы! — дейді.
Сонда Айдар:

— Еңлік — Кебек құраны мынау болсын!.. — деп алып, шырқап тұрып әсем сұлу ән бастайды. Абайлар үнсіз тұрып, құптағандай тыңдайды.

Айдар Татьянаның Онегинге жазған, Абай жазған әнін жырлайды. Ән уағында қаралы көш тақап қалды. Көш алдында өзгеше жат бір топ келеді. Ол қаралы әйелдер. Басында қара желегі бар сұлу келіншек ортада. Ат үстінде соның оң жағында құйрық-жалын шорт кескен ақ аттың үстіне күміс ер-тоқым теріс ерттелген. Ішік-шапан теріс жамылған. Ер қасына киілген еркек тымағы артқа қарап киілген. Бұл өлген жанның тұлдағы ат-тұрманы. Қаралы әйел дауыс айтып келеді. Қасында суық түсті екі кәрі қатын қосыла жоқтап келеді. Арттарында қалың көш.

Осы топ моланың етегіне таман келгенде Айдар әні басымдап аспаңдай шығады:
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі алданыш.
Жас бала жайып саусағын,

Талпынған шығар айға алыс!..— деген үзіндісін айтып, созып тұрған шақта қаралы әйел әнін оқыс үзіп алады. Еріксіз тыңдап қалады. Тыңдай бере күйінгендей қабақ түйеді, қасындағы екі қатын да дауыстары үзіліп тоқтайды да, қайта басталуын күтеді. Басталмайды. Қос қатындар да булығып, күйініп айнала қарайды. Дөң басынан ән келеді. Қаралы сұлу (ол Ажар) ашулы, бірақ азған жүзбен ән тыңдайды. Екі қатын ызаланып қамшысын сермеп еркектерді шақырады. Бір-екі қарт шауып келеді. Дауыс үзілген. Төбені көрсетеді. Ән өктеп келіп, естіліп тұр. Қарт адам атын қамшылап, Айдар әнін мүлгіп тыңдап тұрған Абайларға шауып келеді. Тақай бере, әнді елемей, қатуланып:

— Ей, ағайын, неткен жансыңдар? — дейді. Абайдың жас жолдастары жалт қарасады.

— Қаралы көш келеді. Жарын жоқтап дауыс айтып келеді Ажар. Дауыспен қай ән таласушы еді. Тоқтат, жандарым, құдайға қарасаң! — дейді.

Абай ақырын атын бұрып, жәй ғана басын изеп, тебініп жүріп кетеді. Айдар әнін тоқтатып, бірге ереді. Өзгелер де қозғалады. Екі қаршыға дүр-дүр сілкініседі. Алдарына қадала қарап, алтын көздерінен от шашады.

Ойға түсіп келе жатып, Абай достарына:

— Міне, сол Еңлікті буындырған арқан астында тұншығып кеткен шер бар еді ғой. Ең болмаса бүгін күн осы мола, осы жүрек сырын ел-жұртқа дат ететін шақ жетті. Еңлік үнімен қыз жүрегі сыр айтсын, Кебек жүрегімен ер ашуы айтылсын. Ақынсыңдар. Осы жайдан әсем ұзақ жыр тусын. Қызығарың бар ма? Кімің жазасың, кәне!? — дейді.

Керім, Айдар қатарынан көтеріле серпіліп кеп:

— Абай аға, осы жайды мен жазам! — дейді Керім.

— Абай аға, мен бағана бекінгем, мен жазам, — дейді Айдар.

— Жоқ, мен жазам!

— Сен емес, мен жазам.

— Жоқ, сенің жөнің жоқ. Кеңгірбай мінезі жалпы қазақ ескілігінің мінезі. Еңлік жалпы қазақ халқының шерлі қызы. Мен де ортақпын, мен жазам! — дейді Айдар.

Көкпай, Абай күліседі.
Көкпай Абайға: — Бұл қалай, Абай аға, мыналар қырқысты ғой! — дейді.

— Айт, айт, сен айт! — деседі Айдар мен Керім.

— Ендеше, анау бір тауларда бір топ дуадақ отыр. Қаршығаларың көріп келеді. Қазір екеуің де құстарыңды қатар жіберіңдер. Кімнің құсы бұрын барып дуадақ ілсе, Еңлік жайын сол жыр етсін!.. — дейді. Абай күледі де, қостағандай болады.

Жігіттер "болды... Жарайды, ал, ал жібердік" десіп құстарын серпіп-серпіп жіберіседі.

Керім құсын жібере сала алдына қадалып, Абайға:

— Ал, Абай аға, осы билік байлау ғой? Солай емес пе? — дейді.

Көкпай: — Құстар көрді, қазір, қазір сын. Тура беттеді! — деп шабады.
Айдар Абайға жанасып, қатар шауып келе жатып:

— Абай аға, осы байлау ғой? – деп тағы қадалып сұрайды.

Абай түсіне сыншыл қатқыл ажар жиып алып:

— Байлау былай, тыңдаңдар. Анау құстарың дуадақты барып ілгенше, бір-бір ауыз өлең айтыңдар, — дейді.

Керім жақындап, шауып ентелеп келе жатып: — Жарайды, қаршыға жайында! – дейді. Абай: — Жоқ. Қысқы аязды түнде, гуілдеп жел үніне күй қосып отырып, кәрі әже немересін қандай сөзбен уатады. Соны айтып беріңдер... Ал, шапшаң айт! Көкпай сол кезде: — Әне, жетіп келді,— деп шаба жөнеледі. Керім қалт қарап, қатты қиналып түңіліп:

— Абай аға, мынау сын емес, жаза! — дейді.

Абай: — Болсын солай! Айт, айт жырыңды! — деп әмір етеді.

Айдар шауып келе жатып, қатарына сынай қарап шауып келе жатқан Абайдың құлағына шапшаң өлең айта бастайды. Айдар өлеңі:

Талай да талай шапшаң бар шығар,
Өлең етем шапшаң өзім қаршығамды.
Ақ түнек ың-шың, у-шу аяз түнде
Кәрі әже дәл былай деп зар шығарды.

Гулей соққан ақ боран,
Қорқытпа менің баламды,
Балам әже қойнында,
Келе алмайсың сен бұған.

Ұйқысынан айырма,
Кезе бер ессіз даланды.
Ұйықта, балам, оянба,
Әлдилеймін баламды.

Әлди, бөпем, әлди-ай,
Әлдилеген анаңды.
Деп жырласын кәрі ана,
Ұйқыға барсын сол бала.

Тілесе тағы жырласын
Жүз жыл бойы сол ана.
Қаршығам жемін іліпті,
Абай аға, бер қара!

Абай тыңдап келеді. Сүйсіне күледі. Керім айта алмай шауып кеткен. Сол сәтте бұлар дуадақтарына жетті. Көкпай алдан барып дуадақты қиырлатып басып қалған қаршығаға жете бере айғайлап:

— Айдар, Айдар, шүйінші. Еңлік жыры сенікі! — дейді. Айдар аттан секіре түсіп, қолына құсын алып міне береді.

Барлығы ілгері басады. Керім атынан түсіп, жерде отыр. Қаршығасы көрінбейді. Етегімен қоршай отырыпты. Аттылар тегіс тақап келді.

Көкпай қарап жіберіп, қарқ-қарқ күледі.

— Масқара! Керім, құс дуадақ ілудің орнына, дуадақтан қапа шегіп, қорлық көріп қалыпты! — дейді. Айдар да күледі. Керім қаршығасын жерден алады. Қыранның үсті-басы су, үрпиіп қалған.

— Басына дуадақ саңғып кетіпті!.. — десіп тағы күліседі.

Көкпай ызаланған Керімге қарап:

— Япырай, жақсы талап үстінде ырымы қалай жаман еді мынау жаман шәулінің, — деп тағы күледі.

Керім басын көтеріп өзінің күйінішін жеңіп, Көкпайға күлімсірей қарап:

— Көкпай-ай, сенде ақыннан көрі Көкпай көп болғаны несі екен?

Көкпай: — Не дейсің, Керім?

Керім: — Шын ақындық үшін кейде артық сөз айтпай, үндемей тыну Көкпайдың бар сөзінен шешендірек екенін түсінбей-ақ кеттің-ау сен! — дейді.

Абай Керімге жаны ашығандай қарап:

— Қаршыға өзіңе жаман құс емес. Ашу мен намыстың жиын оты бір басында болатын. Не жаманат болса өз басына! Керім, сен жазасың! — дейді. Айдар қуанғанынан атын шапшыта секіртіп шаттана жүйткиді. Қос аяқтап шапшып тұрған ақбоз аттың үстінде Айдардың қуанып ақсия күлген жүзі жалын атқандай. Қолындағы қаршығасы да талпына ұшып шабытқа тіленеді.

* * * Жартасты тоғайлы өзек бойына созыла қонған көп ақ ауылдар. Бір биік қара жартастың тұңғиық терең, жым-жырт суға төнген жерінде, жақын отырған ақ ауыл бар. Жарық айлы түнде қалың жартастың қара көлеңкесі сол ауылдың шеткі ақ үйлеріне жартылай түсіп тұр. Көп үйлер, ауылдар ұйқыда. Қотандағы қалың қой да үйірілген қалың ақ көбіктей боп, қалыңдап жиылып, қыбыр етпей жым-жырт жатыр. Жартас қасындағы ең шеткі үй оңашарақ тігілген. Сырты қара кестелі. Бұл Ажардың қаралы отауы. Үй ішінде дөңгелек үстел маңында, биік қазалы төсекке жақын жерде Ажар отыр. Қасында қатқан кемпір. Бұл – көш-жөнекей дауыс айтып келген ашулы кемпір. Төрде салқын түсті, ашаң сүйкімсіз жүзді Нарымбет, жайылған ашжаулыққа жақындай отырып құран оқиды. Үй іші сарылған уайым. Қара желек жамылған Ажардың үлкен бір жалынмен күрсінген жүзінде тіршіліктен, дүниеден түңілген суық бауыр қаттылық бар. Нарымбет құран оқып болды да, жұрттың бәрі бата қып бет сипаған соң, Ажардың жүзіне қырынан қарап отырып барып, шығып кетті. Ажар келген мен кеткенін көрмегендей. Мұңлы қара көздерін, ашаң тартқан ақ жүзін ешқайда бұрмайды. Ауыр оймен жерге қадала қарап қалған.

Кемпір бұған тіл қатты.

— Қаралы жылың аяқтап келеді. Жастай бақытың күйіп еді. Бірақ бала болмадың. Байсал тапқан кәрідей қаралы жылды өзгеге өнеге қып отырдың. Жаңағы қайнағаң Нарымбет те азалы аға жолынан танған жоқ. Жыл бойы сенің қасыңа кеп уайымына уайым қосып, күндегі құранын ұмытқан жоқ. Қара тастан басқаның бәрі жаңғырады. Енді алдыңды ойлайтын шақ жетті...

— Не демексіз? Менде өмірден үміт қалды деп отырсыз ба?

— Үмітсіз жалғыз шайтан ғана, олай деме. Енді мына қара желек сенен арылатын күн тақау. Ата-анаңның жолы сол. Жаңағы қайнағаң Нарымбет маған айт деп тапсырып кетті. Жесіріме ырзамын. Енді құдай жолын, ата жолын орындап, өзім алам дейді.

Ажар осы сөздің бойында, сұмдық сергігендей қабағын түйіп, сұрлана, шамдана қарап еді кемпірге. Жаңағы сөз біткенде күйіп жарылғандай боп еңіреп жіберді де, бетін жастыққа басты. Сәт қана солай етіп, бір уақыт шұғылдан бұрылып, жалт қарап:

— Екі қатын үстіне, соған тиемін бе? Жоқ, жылатпасын мені. Одан да бітпесін осы қаралы күнім... бітпей, тынбай мәңгі қара, қаралы аспан тұрсын басымда... Зорламаңдар! Айтпа, айтпа оны!

— Жаманшылық тілеме... Доғар ол сөзді. Шақырма пәле басыңа.

— Шақырамын. Ақ бұйрықты ажалын шақырамын құдайдың. Тілейтінім өлім... бүйткен, өртенген тірлік бергенше өлім, өлім жібер, жасаған!

Ажар кемпірдің сөзін тыңдамай қара шымылдығын түсіріп, түйіліп қалады.
Кемпір біраз шымылдық сыртында отырып, тұрып:

— Ақ бұйрық осы. Қосағың Нарымбет. Білдіргенім сол! — деп, ақырын басып, көлеңкедей жылжып шығып кетеді.

* * * Ауыл қалың ұйқыда. Ай сәулесі түсіп тұрған ұйқылы сай тыныш, жым-жырт. Анда-санда бір үрген ит даусына жақын тау жаңғырып, үн қосады. Алыстан бір ән келеді. Таныс ырғақты Татьяна әні. Ән жақындайды. Жартас жақтан келеді. Айлы түнде жалғыз өзі жартасқа өрлеп Айдар келеді. Жүзін жұлдызды аспанға көтеріп, кейде айналаға ойлы қызу жанармен телміре қарайды. Кейде тасқа отырып ойланып қадалып қалып, кейде тез жалындап, қызыға түрекеліп, асыға қайнағандай, кейде бір өзгеше ырғақ іздегендей бірсін-бірсін сөздер теріп, кейде қайтадан әсем сұлу ән айтып кетеді. Жүзі нұрланып, үміт, бақыт күлкісімен жадырай түседі. Ақ отауда Ажар жалғыз. Шамы өшкен, үйінің түңлігі жабылған. Қатты қайғымен бүк түсіп жатып, жалындай толқынады. Бір сәтте құлағына ән келеді. Ән тыңдап, бір нәрсені еске алғандай болды да, ашумен атып тұрып есік жапты. Ән басылмайды. Шаңырақтан түскен ай сәулесіне тақап келді. Қара шашы бетіне шашырай түскен. Намыспен, ызамен күйгендей шаңыраққа қарап, есікке атқып барып біреуді шақырды. Кәрі күзетші кеп, Ажардың бұйрығымен түңлік жапты. Үй қараңғы, қайғылы Ажар жүзі де қараңғы. Ән тағы келеді. Сөзі анық:

Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі алданыш.
Жас бала жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс...

Шал түңлікті жауып болды. Ажар байқамай ызамен тұрып, тыңдап қапты. Шалды қайта ақыра шақырып:

— Менің ән тыңдауым қалыппеді? Бар, қу, анау ән айтқышты. Аулақ кетсін!.. — деп төсегіне киімшең кеп сылқ етті. Жатпай түрекеп, бауырына үлкен жастықты бүктеп құшып басып тұр. Ән тағы келеді, ызамен жалт қарап атып тұрады.

Сол сәтте ән үзілді. Күзетші Айдар қасында.

— Әнің жұртты қинайтын көрінеді ғой, ей, жас жігіт! Қаралы көңіл жаралы ғой. Тыйсайшы.

— Айтпайын ба біржола?

— Маған салсаң, арырақ барып айтар ем.

Айдар бұрылып жартастың арғы бетіне қарай түсе береді. Ажар үй ішінде, ақ көйлегінің омырауы ағытылған. Жуан қара бұрымдары төсіне салбыраған. Бір нәрсеге қадала күтіп тұр. Құлағын салып, тосқандай. Енді іркілген ән естілмегеніне қынжыла асыққандай. Бірақ ән қайта келеді. Алыстан, ызыңдай, жіңішке сыбызғы сазындай келеді. Ажар жүзі елең етті. Бұрын жат боп кеткен бір жадырау, жақын сәт келгендей. Енді тыңдап қалтырай түсіп белгісіз, мағынасыз қол созғандай. Өзінің есікке таман жылжығанын байқамағандай.

— Талай түннен бері естіп келем осы әнді... Қаралы күнім бітерге жеткен сайын осы ән... Ия, дәл осы ән маған мұң қосты. Кім, айтушы кім?.. Әлде... Әлде бітер күнім, өтер өмірім иманы тәрізді ме осынау ән? Солай. Тағы... өмірге айтқан қош-қошым болсын ба? Шерлі, жетім жүрегімен шығарып салар сәлемшім... сәлемшім, сырласым, мұңдасым болшы сен, ән.

Жылдам басып үйінен шығып, шашы жайылған, алас ұрып жалындаған күйде жартасқа жетіп, тездетіп, асығып өрлей береді. Жартас басына шықты. Төмен үңілді, ар жағы тұңғиық. Үнсіз, жым-жырт қарауытқан терең су. Ән келді тағы да... Ажар жүзін жоғары көтеріп:

— Қош бол, шерлі бір ән... Менің шерімді айтқан ән! — деп тұрып, тастан тұңғиыққа қарай секіріп кетеді. Ұйқылы суық су шапшып барып құшағына алды. Су жағасыңда алысырақта ойда тұрған Айдар жартастан секірген адам бойын көріп қап, атқи жүгірді. Терең судың бетінде бір батып, бір шығып, екі адам жағаға қарай жылжып келеді. Ажар судан қолын суырып алып, өзін құшақтап жүріп келе жатқан Айдарды итеріп, бетке ұрып, құтылмақ болады.

— Босат! Нең... бар? – дейді

Айдар болмай, босатпай жағаға алып шығып, ай сәулесі түсіп тұрған тасқа әкеліп жатқызады.

Ажар есін жиғанда, Айдар басын сүйеп отырып:

— Неге бүйттің, Ажар жаным!.. — дейді.

— "Етімді шал сипаған құрт жесін деп,

Жартастан қыз құлапты терең суға!" — деген кім еді?..

— Абай, Абай ағам ед.. Ия!..

— Нарымбет!.. Екі қатын үстіне тоқалдыққа алмақ па?

— Ендеше, сол... — Айдар түсінді.

— Неге алып қалдың мені, кім үшін, қандай үміт үшін айырдың өлімнен? — деп қайта талықсып кетеді.

— Ән айтқан сен бе едің?

— Мен едім... ұзақ-ұзақ, көп-көп түндер айтып ем.

— Рас ... Бар түнде де естіп ем, сол әнге ұйып өлмек боп ем.

— Ол ән өлімді айтқан жоқ еді. Бірақ сен өлсең, бірге өлем десе қайтесің?

— Сондай да досым бар ма, менің! Мендей бақытсыздың?..

— Бар... Сен өлсең іркілмейді. Сол өлімге бірге кетеді. Ажар толқынып, жалын атқандай боп:

— Ендеше, өлмесін ол ән!

* * * Есігі түрулі үлкен ақ үйдің алдына қарай астындағы торы атын қансорпа ғып терлетіп, танау қақтырған Баймағамбет тақап келеді. Ақ үйден Қарлығаш тысқа шыға бере:

— Баймағамбет! Бәкең! Қаладан Бәкең келді! — дейді.

Үйден, көрші ауылдардан, тыстан жұрт жиылады. Балалар, қатындар. Ортада Еркежан. Үлкен үйдің ішінен Абай, Көкпай, Әлизаде шықты. Баймағамбет аттан түсер-түспестен:

— Шүйінші! Шүйінші, Еркежан! Абай аға... Әбіш, Әбдірахман келе жатыр, келіп қалды, — дейді.

Жиын тегіс: — Әбіш, Әбіш! — деп анталайды.

— Әбіш келе жатыр!... Мен жаңа ғана озып кеттім. Тақап қалды!.. — дейді.

Абай да қуанып: — Келді ме? Әбішім! — дейді. – Қасында кім бар?

— Қасында Долгополов Нипон!

— Долгополов па... жақсы! — деп, Абай Еркежанға: —Ал, әзірленіңдер, тосып алыңдар! — дейді.

Әйелдер, үлкендер жан-жақты қуана, қарбаласа тарасады. Абай дәлізде, Көкпай, Баймағамбет үлкен үйдің сыртында, жерде кілем... Баймағамбет қымыз сапырып, Көкпай беріп отыр. Баймағамбеттің атына артылған үлкен қоржынды алғызады. Ішінде сықап толтырған кітаптар. Абай кітаптарға қадалған. Бір-бірлеп қарап, бөлек-бөлек қойып жатыр. Абай топсалы орындықта. Баймағамбет Абайдың қимылына қарай отырып, қолына "Үш мушкатерді" алғанда:

— Міні, міні... Кітап осы болса керек. Долгополов пен Әбіш осыны әсіресе мақтап алғызды.

— Рас, Бәке, бұл екеуімізге жаман азық болмас! — дейді.

— Осыны тез оқып шығып, әңгімесін айтып беріңіз, Абай аға. Өзге ертектерім ескіріп қалды. Тіпті "Шорнайбек", "Таза бұлақ", "Петр бәлекейді" білмейтін баласы қалмапты осы елдің. Енді осы "Үш мушкатер" болмаса Баймағамбет ертекті балалардан сұрайтын болар.

* * * Қалың жиын ақ үйлердің сыртында тосып тұрғанда, үш ат жеккен пәуеске шапқылап тақап келеді. Пәуеске қасында, алдында, арт жағында шапқыласып келе жатқан жігіттер, балалар, қарттар да бар. Барлық жұрттың жүзінде қуаныш.

Пәуеске тоқтады.

— Әбіш, үш жыл бойы келмеген Әбішім! — деп Еркежан жыламсырайды.

Пәуескеден Әбдірахман секіріп түсті... Абайға қарай жүгіре басып келеді. Артынан ақырын түсіп, сүйсіне қарап, Долгополов келеді. Әбішті Абай, Еркежан және басқа үлкендер сүйіп жатыр. Абай Долгополовпен құшақтасып амандасып: — Қош келдің, Нипон! — дейді. Долгополовқа Абай Әлизадені көрсетіп:

— Таныс болыңдар. Мынау— Әлизаде. Менің қонағым, досым. Қиырдағы Кавказдың ұлы! — дейді. Танысу.

Үйде қалың сый жиын. Жағалай қымыз тостағандары қалқып жүр. Бір кезде тыстан тағы сый қонақтар келеді. Ол – Жиренше, Нарымбет. Әбіш орнынан тұрып сәлем береді. Амандасады. Нарымбет Әбіштің бетінен сүйеді. Абай Долгополов пен Әлизадеге: — Нарымбет! Әбдірахманның қайын атасы. Біздің сый құда, —дейді. — Қасындағы — Жиренше!

Долгополов біледі.

— Жиренше! Шешен Жиренше, ұмытқан жоқсыз ба мені? — дейді.

— Мына жиынға орысшасын айтып берсең қайтеді, Нипон! — дейді.

Долгополов орысшасын оқып береді.
Көкпай әдемі қоңыр әнін айтып өтеді.

Кейін Әлизаде: — Құрметті жиын, мен Абай қасында болғалы алты ай болды. Қайдан келдім, қалай келдім. Бір заман білерсіздер. Мен бұл жерден ел, достық таптым. Қазақ бақшасын жақсы көрдім, үлкен қазына көрдім. Рұқсат болса, мен елімнің алғысы есепті бір сарын айтайын, — дейді.

Жұрт құрметпен тыңдайды.
Әлизаде әдемі қоңыр ән айтады. Әзербайжан әні.

Осы ән аяқтай бергенде дүсірлетіп қатты келген салт аттың дүбірі естіледі. Үйдегілер алаң бола бергенде, есіктен асыға қарап Нарымбет ауылының адамы Мес: — Нарымбет! Бері шығып кетші! — дейді.

Хабаршы Нарымбетке, тыста:

— Нарымбет, тез атқа мін!

— Немене!

— Ажар жоғалды. Біреумен кеткен тәрізді!

— Кіммен? Қайда? — Нарымбет үркіп, ашулана қарайды.

— Кіммен кеткені мәлімсіз... Бірақ қашып кетіпті.

Нарымбет қарбаласып атқа ұмтылады.

— Жиренше! Ұстаз Жиренше сіз! — дейді.

Аздан соң Жиренше атқа мінеді. Екеуі шаба жөнеліседі. Жаңағы хабаршысымен Әбдірахман оңаша сөйлеседі.

— Қарағым, бүгін үйіңе ғана емес, бар еліңе сый қонақ ең. Бірақ сенің келген қарсыңа сұмдық сый тартты бір дұспаның.

— Немене, не болған?

— Нарымбеттің қолындағы қаралы жесірі Ажарды жаңа біреу алып қашып кетіпті. Саған да салған жарасы ғой. Нарымбет намысыма ара түссін, атқа мінсін деді! — дейді.

Әбіш атқа мінеді.

Үй ішіндегі жиын күңгірт тартқан. Сөз жоқ, үнсіз. Абай қасына Көкпай келіп отырып, ақырын сөйлейді.

— Абай аға, не мәні барын ұқпадым. Бірақ Айдар шапқыншы жіберіпті. Өмірде бір-ақ рет жәрдем қолын созсын деп, тілерім осы жол. Басым қатерде, тез жетсін, — депті.

— Не дейсің! Ол қайда жүр? Жыр жазып жатқан жоқ па еді?

— Жазып жатыр еді. Күні-түні көрінбей, жазып жатқан "Еңлікті". Бізге міні, бүгін сәлемі осы. Кешікпейік. Атқа мінсеңіз деймін.

Абай мен Көкпай да атқа міне жөнеліседі.

ІІ бөлім

Тау ішінде тоғай бойлаған тасты жолда қатты шапқан ат тұяқтары естіледі. Тұмсыққа кезегінен екі атты шауып шықты. Тақап келеді. Қашқан Айдар мен Ажар. Қара желекті тастаған, басына кәмшат бөрік, торғын салы ораған, белін қынап буған Ажардың жүрісі, бұрынғы қаралық кеткен. Айдар артына қарай-қарай шауып келеді.

— Бізге қуғын жақын. Жаңағы тұмсықтан андыздап қуғыншылар шықты. Көп аттылар. Алдында Мес пен Нарымбет.

— Aт! Шапшаң! – деп Нарымбет бұйрық етті.

Мес шауып келе жатып атқанда, Айдардың астындағы аты омақата жығылды. Айдар аттың басынан аттай түрегеліп, тоқтай қалған Ажарға:

— Қаш, жөнеле бер!.. — деп жүгіре басып кеп, Ажардың шауып келе жатқан атына қарғып мініп алды. Тебіне берді. Местің мылтығын Нарымбет жұлып алып, өзі дәлдеп атып жіберді. Соңғы ат тағы омақаса жығылды.

Ажарды қаусыра құшақтап, Айдар көтеріле түрегелді. Талықсып қалған жүзіне үңіліп, көзінен қоштаса сүйіп:

— Жаным, жалғыз сертім, өлсем аузымдағы иманым сенің әнің болады! — деді.

Ажар есін жиып, аяғын басып:

— Айдар бауырым, отқа өртесе арманым жоқ. Жат өмірде жалғыз көрген жарығым өзің ғана!..

Қуғын жеткен. Қалың аттылар. Қолдарында сойыл, шоқпар. Айдар қолы байлаулы. Нарымбет Ажарға қарап, Меске бұйрық етіп:

— Байла мына жүзі қараны да! — дейді.

Ажар қолы да қатты байланған. Шауып отырып Жиренше жетеді. Қасында Абайға түсі ұқсас үлкен кісі. Ол — Тәкежан болыс. Нарымбет үлкендерге:

— Көрдіңдер ме мына қарабеттерді! Жазаңды айт, жан күйер жақыным болсаң, түге!

— Ұлықтан кәр кетсе, елден ар кетеді. Қорлық, сұмдық ат мініп, түйе жетелеп келмес. Келгені осы ғой. Айт, Тәкежан! — деп, Тәкежанға барлық жиын қамалай қарайды. Тәкежан:

— Аянып қалар түгім жоқ. Туысқаным да, құда досым да сендерсің, бердім. Білгеніңді қыл, аяма!

Жиренше: — Тақ арқанды, ендеше мойындарына! — деп ақыра бұйрық етеді. Мес пен бірнеше жігіт қарбаласа қимылдап, арқанды әкеп екі жастың мойнына тастай береді. Осы кезде Әбдірахман, Керім тез шауып кеп жетеді. Ат үстінен кимелеп кеп, Әбіш Айдарды көріп:

— Айдар!.. Бұ не? — дейді.

— Айдар емес, оның аты қара бет. Қорлағаны мені мен сен. Жақыным болсаң аяма, өлтір қолыңмен, — дейді Нарымбет.

Әбдірахман салқын пішінмен жиынға қарап:

— Не қылмақсыңдар бұны? — дейді. Тәкежан атын ілгері бастырып:

— Ат құйрығына тағып, сүйретіп өлтіреміз қазір! — дейді.

Жиренше бұйрық етеді:

— Мін, мін атыңа! — дейді.

Әбдірахман Мес қолындағы арқан ұшын ұстай алып:

— Жоқ! Доғар! — дейді. Нарымбет екі көзі алара қарап, ашуменен қанталап:

— Әбдірахман, сенгенім сен бе едің? Жақыным, жан күйерім келді ме десем, жатым болып келіппең. Бара тұр!

— Тұрмаймын! Сенің қарындасыңды біреудің қаны, құнымен алам деп келгем жоқ, бермеймін.

Жиренше: — Жетті, Әбдірахман. Кім екеніңді таныттың, тұр былай.
Тәкежан да: — Қарама!.. Аяма! — дейді.
Нарымбет: — Мес! Тарт, жөнел сүйретіп! Әруақ... әруақ! — деп айғайлайды.

Мес енді тебініп жөнеле бергенде, аттың омырауына шауып кеп өз атының омырауын тіреп кеп тоқыратып, Көкпай арқаннан ұстай алады. Қатарында шауып кеп тоқтаған Абай, қолын халыққа созып:

— Тоқтат! Араша! Доғар жазаны! — дейді.

Жұрт үнсіз. Абай атын ілгері бастырып, Айдарға қарсы келіп:

— Айдар, бұ неткенің? Жыр жазбағың осы ма?

— Абай аға, жырым да, сырым да бір қосылды.

Тәкежан атын тебініп, ілгері қатты бастырып кеп:

— Не сөз болушы еді, бұл қаңғырған бұзықпен... Жой көзін!

Абай Тәкежанға қарай бұрылып, қолын қарсы көтеріп:

— Сен екеуіміз аға мен ініміз. Бір Құнанбайдың баласымыз. Найзабас жау боп шығу үшін іздегенің сылтаумеді? Қарасуыр сияқты ініңді бері қазады десе, әрі қазайын деппең. Неменеге құрық беріп тұрсың?

Жиренше Абайға:

— Қорғамақ ойдамысың, Абай?

— Араша тілеймін.

Нарымбет: — Ақтамақпысың аямас жауымды? Мен сені кім деп білемін бұдан соң, Абай? Жөніңді айт! Абай: — Қол қимылмен, жөнсіз жазамен өлтіргендеріңе жол бермеймін, арашашымын. Жиренше: — Жолсызбекен? Кебек пен Еңлікті өлтірген атаң, әруағың Кеңгірбай жолын қайда қоймақсың?..

— Кеңгірбай келеге салып, жолымен өлтірген. Сал тергеуге. Елдің талқысына сал. Ел бұйырса, сонда өлтір.

Нарымбет: — Арашашы сенсің ғой сонда. Дұспаным болдым десеңші.
Абай: — Ел жолымен араша тілеймін. Жазасын ел билігі атасын.

Жиренше: — Арашашы бар тауқыметті өз мойнына алатын. Соны алам деп айтып тұрсың ғой, сертің осы ма? Арылып айт!

Абай: — Арылдым. Алдым мойныма, бар ауыртпалығын.

Нарымбет: — Я, әруақ, не масқара! Абай, кеттім десеңші жақындықтан, достықтан!

Тәкежан.: — Не қорлық!

Жиренше: — Болды, жетті! Ағайынды, әруақты қаңғырған бұзар итке сатқан екенсің. Е, обалың өзіңе. Осыны ұмытпа, Абай! Тергеу ұзаққа бармайды. Әйтеуір өлімнен құтылмайды. Билік ертең. Ара биім Сырттан! Атадым әруақты елдің аға биін.

Абай: — Болсын. Мен де тоқтадым Сырттанға. Шеш мойындағы арқанды.
Көкпай, Әбдірахман, Керім арқандарды шешеді.
Жиренше: — Билікке шейін тұтқында болады екеуі де.

Тәкежан: — Арқан мойнынан шешілсе, аяғына кісен түседі. Сал кісенді! Айдардың аяғына. Екеуі де тұтқында менің қолымда болады.

Местер Айдарға кісен салады.

Айдар қараңғы жыртық үйде кісендеулі тұтқында. Ажар екінші үйде жалғыз, жүдеу... О да қамауда.

* * * Болыс кеңсесінде, үлкен бай үйде әскери тергеуші Самойлов пен советник Арғыман екеуі Жиренше, Нарымбет, Тәкежанмен сөйлесіп отыр. Арғыман сөйлейді.

— Абайдың Айдарға болысып, мына Нарымбеттің қатынын алып қашқызғаны қылмыс па?

Жиренше: — Қылмыс! – дейді.

— Ендеше, Абай халық алдында тентек, бұзар кісі ғой?

— Бұзар кісі!

— Бәрекелді, олай болса, патсаның заңы да бұны істеген Абайды бұзар деп есептейді. Және бір сыр — Семейдің жандаралы да Абайды сенімсіз бұзық кісі деп санайды. Оның осы сахарадағы бар істеп жүрген ісін ұлық біледі. Жек көреді.

— Ендеше, ұлық болыссын бізге осы жолы! — дейді Нарымбет.

— Болыссын ба? Дұрыс ол айтқаның. Жә, олай болса неге арыз жазып бермейсіңдер? — дейді Самойлов.

— Абақтыға салсақ, айдатсақ Абайды дәл сонда күшейтеміз. Барлық қалың қазақ жоқшысы боп шулап түрекеледі. Біздің басымыз қорлықта қалады, — дейді Жиренше. Арғыман ызаланып:

— Ия, арыз беруден қорқасыңдар. Өйткені Абай қалай барып ұлыққа арыз берушіні шағымшы, залым, бұзық деп, бар еліңмен жамандап, манаттап қойған. Содан қорқасыңдар ғой.

Самойлов:

— Жандарал кеңсесіне Қызыладыр болысынан арыз түсті. Болыстарды Абай масқаралап, халыққа жаман үлгі таратып жатыр дейді. Ал сол болыс мынау, Құнанбаев, сенсің... Сендер өз абыройларыңды да қорғаудан жасқанасың Абайға қарсы? Солай ғой?

Тәкежан үндемейді. Самойлов:

— Оның үстіне бүгін біреудің атасы қосқан қатынын алып қаштырып, елді бүлдіріп отырғаны мынау. Ертең бар қатын бұзылады. Бар қыз қашады! – дейді. Арғыман іле жөнеліп:

— Қалыңмал, бата, неке бұзылады... Сол ма тосқандарың? Беріңдер арызды.

Жиренше:

— Мырзалар, сендер біздің ақылға құлақ салыңдар. Арыз жол емес.

— Неге?

— Жасырынып барып, сыбырлап айтатын арыз, шағым әлсіздің ісі.

— Сендер қандай қайрат істемексіңдер?

— Біз Абаймен ел жолымен ашық алысамыз. Абайды ел алдында әйгілеп, ел көзіне тентек тебір қып көрсетіп, жеңіп алғанша, өзге қимыл қатыспау керек.

— Сонда жеңуге көздерің жете ме?

— Ертең Айдар бұзақылығы үшін Абайдың өзін айыпкер етіп, ел заңын, ата жолын бұзған адам етіп масқаралаймыз.

— Әлдерің келе ме?

— Келеді. Біз Абайды атадан азған, елді бұзған кісі қып шығарамыз.

— Осы қолдарыңнан келсе, айтқандарың жөн! — дейді Арғыман.

— Ендеше, біз осының артын күтеміз, — деп аз отырып Самойлов: — Сендер осы әйел дауының үстінде ел жолымен тентек етіңдер! Табалаңдар. Солай ететін уақыт келді. Өйткені Абайдың басқа да үлкен кінәсі көп, — дейді.

Тәкежан:

— Қандай кінә? — дейді.

— Абайдың патшалыққа қарсы айыбы көп. Соның бірі: оның қолында Сібірдің каторгасынан қашқан, патшалыққа қатерлі және бір адам алты айдан бері тығылып, ұлықтарға ұстатпай жүр дейді!

— О қандай адам? — дейді Тәкежан.

— Ол Кавказ адамы, қашқын, Әлизаде!

— Әлизаде? Әлизаде!.. — десіп Нарымбет, Тәкежан, Жиренше бір-біріне қарасады.

— Міне, дәл осындай адамның Абай ауылында бары рас емес пе?.. Бар болса біз ұстатпақпыз! Сендер не білесіңдер, осындай? Айтыңдар, кәне!

Тәкежан қозғалып, жөткіріп:

— Жо-жоқ. Ай, ондай адамды естімедік қой, — дейді.

Самойлов Нарымбет, Жиреншеге қадалғанда, олар Тәкежанға көз салып, бір нәрсе айтқысы кеп, артынан тоқырап қалысады.

— Есіткен бе едіңдер? Қаңғыған бір бөтен адам! Білсеңдер несіне іркесіңдер? Айтыңдар! — дейді Арғыман.

Жиренше біраз отырып:

— Қашқын десе, осы қашқынның үлкені Долгополов емес пе? Патсаға қарсылықтан айдалған дейді ғой осы жақ!? Рас па сол?

Самойлов:

— Рас!

— Ендеше, соны неге емін-еркін жібереді Абайға?

Арғыман:

— Долгополов туралы жандарал кеңсесі, Семей шаһарының полицмейстрі арқылы мына болысқа, Тәкежанға қағаз жіберіп отыр.

— Ескерсе, ұлық ең алдымен соны ескерсеші.

— Оны неге айтасың? — дейді Самойлов.

— Айтатыным Абайға неше алуан тіл жеткізіп, хат, кітап жеткізіп, елден, жұрттан ұзатып бара жатқан сол емес пе? Осы сонау өздерің жақтағы патсаға қарсының бәрі білген теріс сөзді ұғындыратын сол емес пе?

— Оның жәйі, жүрісі ұлыққа мәлім. Ол өз жөніне. Сендер қазір жаңағы Әлизаде турасын айтыңдар. Білетін сияқтысыңдар. Айтыңдар. Келгені бар ма? Қайда сол адам?

Жиренше аз отырып:

— Абайға келмейтін кісі жоқ. Талай бөтен жан келіп, кетіп жүреді. Қиырдан келіп, Қырымға кетіп жатады. Біз ойланайық! Есімізге түсірмесек?

— Ия, соған рұқсат етіңдер? – дейді Тәкежан.

— Ал, ойланыңдар! — дейді Арғыман.

— Ойлансақ, оңаша барып ойланып көрейік! Тәкежан, Нарымбет, екеуің бері жүріңдерші, – деп Жиренше Тәкежан мен Нарымбетті ертіп кетеді.

Самойловқа Арғыман:

— Басталды қырдың саясаты! — дейді.

— Абайды ұстап бергісі келмейді бұлардың. Елден қорқады. Атағынан қаймығады.

— Осы соңғы жайды его высокопревосходительство губернатор да ойлайды білем.

— Бірде-бір жан айтпайды. Не деген қиын шытырман? Тінтсе қайтеді?

— Ол рұқсат етілмеген. Мыналарды тосайық. Абайды осылар ел алдында жыққан сағатта аңду керек. Дәл сол уақытта Әлизадені ұстап алып, Абайдың өкімет алдындағы айыбын тағы тосу керек. Сол екі айып, екі үлкен айып Абайды ел арасынан айдауға мейлінше жетеді.

Самойлов: — Дұрыс байлау. Сот, билік күніне Әлизадені не қылса ұстап жеткізу керек! — дейді.

Жиренше Нарымбет, Тәкежанмен отырып:

— Әлизаде! Өзі әлі кеткен жоқ қой? — деді.

— Кеткен жоқ, Абай мені аяп отыр ма? Ұстату керек осыны! — дейді Нарымбет.

Тәкежан қарсы.

— Мені қайтесің, Нарымбет. Ол ауыл Абай ауылы деп аталмайды, Құнанбай ауылы дейді. Әкем Құнанбайдың ауылынан қонағын ұстатып беріп, мен жер үстінде қайтіп жүрмекпін?

Жиренше түсінді:

— Рас айтады. Ол елде жоқ сұмдық. Абайды бұнымен жықса, ұлық өзі жықсын. Біздің жарамыз ол емес, Айдар пәлесі де жетеді. Ел көзінде былғанбай алысамын. Тигізбейміз ол қашқынға! — дейді.

Нарымбет: — Ендеше, тым құрымаса ауылынан кетіртіңдер Абайдың. Шеттеу ұстаса, Абай да, сен де абыройдан айрылмайсың! — дейді.

Самойлов пен Арғыманға бұл үшеуі келіп:

— Әлизаде дегендерің жай жала болу керек. Ол бұл маңда болған емес, — дейді.

Самойловтар бұл жауапқа үндемейді. Арғыман аздан соң:

— Ендеше, сендердің сертің айтылды. Абайды мына Айдар билігінде барды салып жығуға, жұрт көзінде масқаралауға міндеттісіңдер! — дейді.

— Міні, бұның ақыл. Бұл біздің адал ашу жолында қатты аямай соғатын жеріміз, — дейді Жиренше.

— Аямайтын би де керек. Сырттан сондай билікке берік пе? — деп сұрайды Арғыман.

— Сырттанға өздерің ата жолын берік ұста, жазалыны аяма деп қатты айтыңдар! – дейді.

Осы жиын ортасында Сырттан. Жабырқау түсті ұлы қарт Сырттан мынау ұлықтар пішінін ұнатпай, сөздерін қырыс пішінмен тыңдап отыр.

Арғыман сөзін аяқтап:

— Ата жолынан ұл мен қызды аздырушы ата дұспаны, ел дұспаны. Өлім керек болса, өлім бұйыр, ақсақал. Ұлық қостамайды екен деме? Ұлық елдің тыныштығын бағады. Серігің берік. Шалқайсаң Шыңғысың, еңкейсең Ертісің сияқты артыңда ата жолы, алдыңда закон, ұлық жолы! — дейді.

Сырттан келте қып қайырып, қатқыл бір-ақ жауап айтады.

— Ара бимін. Билігіме қолқа жоқ. Тексеремін, турасын айтам. Жазықты болса, менің жолым қатты жол. Тек, бірақ, билігім қағаз жолымен жүрмейді, құдай жолымен жүреді. Төрем, білдің бе? Сөзім сол-ақ. Сөйлемеңдер. Килікпеңдер! — дейді. Жұрт үнсіз. Арғыман өзінің байламы етіп:

— Абай масқара болу керек ел алдында, осы билік үстінде. Ел жиреніп лағнет айтып шығу керек оған!..— дейді. Өзгелер үнсіз.

Абай мен Тәкежан. Тәкежан ызамен сөйлеп отыр.

— Мені қандай отқа салып жүргеніңді ұғатын күнің бар ма осы сенің!

— Не бопты?

— Әлизадені ұлық қуғызып отыр. Самойлов көп стражникпен қуа шықты. Енді сенің ауылыңнан ұстатамын!

— Ұстат! Несі бар. Несі бар. Кешегі Айдарды ұстатқаннан қиын боп па? Ұстат ұлыққа!

— Ұстатар ем жіпті. Ауыл сенікі емес. Әкемнің, Құнанбайды ауылы, әруағын қайтіп аттаймын. Мен Әлизаде бұл жақта жоқ дедім. Өтірік айттым. Бірақ ол қаншаға аужал болмақ? Өтірігім ашылған күні мен не болмақпын? Өтірік емей немене бұл? Ол ғана емес, кеше Долгополов саған қонаққа келді. Бүгін, міне, сонымен ілесіп жандарал кеңсесінен қағаз кеп отыр. Ол патсаға қарсы адам. Көз алмай бақсын депті. Ол қайда, менің әкем ауылында... Кімнен? Сенен? Бұл өтірік емей немене?

— Өз елінен қуғын көріп, қашып шыққан Айдар әні. Бауырыңа алып, ел көрмеген бүлік басы болып отырғаның. Кімнен айрылып, кімді тауып отырсың? Ағайын мен жақынның көңілін қарайтып отырған жоқпысың? Бұл өтірік емей немене... Жолдасың қазақ емес, орыстан, жөні түзу адам емес, қашқыннан, бүліктен... Қайда барасың осы сен? Бүгін бас тартпасаң, ел биі ертең Айдар үшін сені жығады. Не болдың сонда? Алыстағы ұлықтан, жақындағы елден, бәр-бәрінен сенімен қоса мен де ажырайын ба?.. Түспеймін ендігі отыңа!

— Ендеше, арыла келген екенсің. Бар да мені жаулай бер. Кімге қосылу өзіңе пайдалы болса, соған қосыл, ұқтың ба?..

— Ең болмаса маңыңнан кетірші. Кетірші анау Долгополовты.

— Кетпейді ол. Менің ардақты досым сол. Бірақ оны айтып-айтпай немене, сен екеуіміз ұғыспайтын жерге кетіскеміз.

— Ендеше, тым құрымаса Әлизадені ұстатамын. Абыройдан айрыла алмаймын біржола.

— Әмірің жетсе, ұстатып көр.

Әлизаде, Баймағамбет келеді. Әлизаде түйілген, ренішті.

— Абай аға, өмірде бір жанға қарыздар болсам, оным сіз. Көп жақсылық көрдім. Енді маған рұқсат етіңіз. Мына Тәкежан маған бүгін барды айтты. Мен жүремін.

Абай: — Жүрмейсің. Қасымда қал, Әлизаде.

— Жоқ... Мені ұстаушылар жосып жүр. Ең болмаса сенің ауылыңда ұсталмаймын. Бұны қатты өтінем. Енді мені жөнелт, Абай аға.

— Олай болса, сен ұсталмайсың. Еліңе аман жетесің. Мынау болыс сенің досың емес. Бұл менің ағам болса да, менің де досым емес. Бірақ көзінше айтар сертім сол болсын. Бүкіл сонау Атырау теңізіне шейін қазақ баласы бар жерде, менің сәлемімді ашып айтып отырып жол тарт. Мынау Баймағамбет сені көп жерге шейін шығарып, ертіп апарып салады, — дейді.

Әлизаде, Баймағамбет Абаймен құшақтасып аттанып жатады.
Абай сүйісіп құшақтасып, қолынан хат беріп:

– Жолдағы қалың ел қарындасқа арнаған мынау менің бедел хатым. Баймағамбет осы ұлан-ұзақ Арқада кім болсын, кім ұлық болса, тіпті, соның өз ауылына қондырып түстендіріп отыр. Ұқтың ба? Болыс қасың болса, дәл соның ауылынан, маңындағы елінен талай жас досың болатынына мен кепілмін. Сенің елің намыс елі еді. Сондайлық елдің қасиет намысы менің халқымда да бар. Соған сен, ол сені ешкімнің қорлығына бермейді. Бұл сахара жайлаған, ар-намыс, абырой күткен ел ішінде, — дейді.

— Ол ғана емес, Абай аға! Алты ай бойы қасыңда болғанда, сенің еліңнен алған сенімді берік серіктерім тағы бар. Оны жандарал мен болыстардың қылыш-мылтығынан осал деп білмеймін. Қасымда сен болған соң, мен қатіргіден кетіп, осы сахарада ұсталсам өлгенім артық... — дейді.

Баймағамбет, Әлизаде кете береді. Артынан Долгополов, Абай, Әбдірахман ұзақ қарап тұрып қалады.

ІІІ бөлім

Дөң басында отырған Жиренше, Тәкежан, Арғымандарға бір атты шауып келіп хабар айтады.

— Мынау бір-екі топ қалың қол келеді. Шет ел, алыс ел адамдары. Іздегеніміз Құнанбай баласы дейді.

– Құнанбай баласы болса мұнда! Мынау Тәкежан! Бері шақыр! — дейді Жиренше.

Жиырма-жиырмадан екі бөлек топ болып найман тымақты бір лек, керей тымақты бір лек жүргіншілер келеді. Орталарында екі топтың екі үлкен қариясы бар. Найман тобының басы Қартпай. Керей тобынікі Жортар қарт. Екі тобының да аттары жарап, сабылған, қара терге түскен. Қарттардан өзгенің бәрінің білектерінде сойыл, шоқпарлары бар. Кейбіреулердің қолдарында найза, жақындап келісті. Амандасты.

— Уа, жол болсын? Ағайын, не қып жүрген жансыңдар? – дейді Жиренше.

Қартпай, Жортар аттан түсіп, отырысады. Қартпай сөйлейді. Өзге жиын ат үстінде төменірек тұр.

— Уа, біз мына екі топ жауласып, қан төгісіп жатқан екі ру елдің елшісіміз. Менің тобым сонау Жетісуға қараған Найман. Мынау топ түу анау Қарқаралыға қараған Керей. Елімізден осылай қарап шыққалы апта болды. Арада қатты дауымыз бар. Балқыбек деген бір өзенге даулымыз. Келіссөзбен тоқтаса алмадық. Елдеріміз алысып, шабысып жатыр. Бірнеше кісі өлімі болды. Сол елдеріміз арадан әділет, туралық билік айтсын деп осында жіберді. Іздеп келе жатқаным Құнанбай баласы. Соның әділетін іздеп келеміз. Жөнін айтып, жолын көрсетіңдер, ағайын! – дейді.

Жиренше:

— Алыс жол шегіп, арман етіп келген екенсіңдер. Құнанбай баласы ат шалдығатын жерде емес. Дәл міне, алдарыңызда отыр, — деп, Тәкежанды көрсетеді. Жортар, Қартпай екеуі де Тәкежанмен түрекеліп, құшақтасып көріседі.

— Өксіп келдік, қарағым! — дейді Қартпай. Жортар Жиреншеге қарап:

— Қалған жөнін тағы өзің айт, Құнанбайдың қай баласы бұл кісі? — дейді.

— Сендер іздеген баласы осы. Осы болу керек!

— Сонда да атын, жөнін айтшы. Іздегенім бе екен?

— Құнанбай аға баласы осы. Болыс баласы осы. Іздегенің емей кім болушеді.

— Уа, жолың болсын, азамат. Жөнін ұғындырдың. Бұл мырзаның да жолы болсын. Бірақ біздің іздегеніміз бұл баласы емес еді.

— Е, енді кім керек? Үлкені осы, болыс ұлығы осы.

Жортар салқын тартып, тұруға қамданды:

— Уау, үлкен іздесем, ол үлкен елімізде де бар еді. Өзім де бір топтың үлкені едім. Менің іздегенім Құнанбайдың Абай деген баласы, енді айтайын.

— Абай не ғып ыстық боп еді? — дейді Арғыман.

Қартпай жауап береді:

— Жасы үлкен әр жерде көп, әділеті үлкен Абай ғана деп есіттік. Болыс деген одан да көп, Абай біреу ғана деп есіттік, — деп Тәкежанға қарап:

– Айып етпе, сен мырза, Абайдың "Әділет деп, елім деп" айтқан өсиет, өрнек сөзі еліміздің ішіне толы еді. Балабақыршымызға шейін бар жақсы лебізін білуші еді. Абай сенің ғана інің емес, Тобықтының ғана баласы емес. Қалың қазақ баласы еді. Соның өзі өсиет еткен әділетін іздеп келеміз! – дейді.

Тәкежан, Жиреншелер үнсіз. Арғыман жақтырмай, тыжырынып қалды.

— Надан, соқыр жұрт! Адам керек пе, атағы керек бұған. Атағы барға барын апарып үйіп-төгеді, — дейді.

* * * Абай үйінде, үлкен жиын қақ жарыла отырған. Орта тұста Абай. Бұның маңында Керім, Әбіш, Көкпай бар. Төрде Қартпай, Жортар дау айтысып отырған кісінің күйінде. Жортар Абайға қарап:

Қалың елім, қазағым, қалың жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі — қан, бірі май боп енді екі ұртың,—

деген сөзді сен айтыпсың, Абай. Қалың елің, қайран жерің үшін егіліпсің, азаматым. Мен соның үшін келдім саған. Мынау Қартпай айтарын айтты. Осыдан жүз жыл бұрын кесігі айтылған. Балқыбек өзенін Найманға бұйырылған деді ғой. Жүз жыл бұрын айтылғаны рас. Бірақ билікті кім айтқан? Осы Тобықтының сол күнгі биі Кеңгірбай айтқан.

Абай маңындағы жастар аңырып, анталай қарайды.

— Қалай айтқан? Жақсы мен жаманды айырмай айтқан. Ара би айтты деп Керей Балқыбектен айырылса да, сол жүз жылдан бері әділет көрмедік, қиянат, теріс билікке ұшырадық деп наразы боп келген. Әлде болған күнінде ол осы өзен үшін, жүз жыл үшін кем қойса, жүз рет алысқан, қырқысқан болар. Енді биыл сол жүз жыл ар жағында жатқан сырдың бір түйіні табылды. Мына Найман ішінде Керейге ұзатылған Таңсық дейтін қыз болыпты. Бүгін сол Таңсық 80-ге келген кемпір. Найманның сол жүз жыл бұрынғы дауында елінің тап қол басы, найза басы болған мықты ауылдың қызы еді. Сол кемпір өмір бойы жасырып келген бір сырды ашты. Найман қолы Таңсық кемпірдің жақсы көрген немересін өлтіріп еді. Соған күйініп барып, бүйткен Найман менің елім болудан кетті. Енді аталы ел Найман намыс деп іркіп келген сырымды ашамын деп, соноу жүз жыл бұрын болған Кеңгірбай билігінің сырын ашты. Ол сырды бұл кемпір өзінің сол заманда келіншек болған шешесінен, Қамқадан ұғыпты. Және не сыр дейсіздер ғой? Сырдың ауруы да, айыбы да сол. Кеңгірбай Найманға Балқыбекті Керейден алып бергенде, пара aп жеп отырып алып беріпті. Таңсық кемпір сонда параға берілген бұйымды айтады. Ол үлкен күміс — бесік жамбы екен. Жәй жамбыдан бөлегі не?

Жұрт тегіс анталап, қозғалып, жылжып, тығыздала бастайды. Бұл әңгіме үстінде Жортарға оқты көзімен керемет қарап, намыстанып келген тобықтылар да есіктен төрге қарай қыстығып тіреліп тұрып қалған. Жортар тобынан белгі алады. Ол ақ жібекке қара кестемен шеккен, Найманның "шөміш" таңбасының белгісі және жұлдыз құрттай қозаның суреті.

Жортар осыны жазып, халыққа көрсетіп:

— Жәй жамбыдан бөлегі осы мына таңба. Кеңгірбайға параға беретін күні жаңағы кемпір Таңсықтың атасы жамбыға "күндердің күні үшін" деп осындай таңба соқтырыпты да, Қамқаға оюын шектіріп сандығына қалдырған екен. Міні, менің, менімен бірге елімнің дауы да, дәлелі де осы. Жүре ме осы куәлікке? Бола ма осы айғағым айғақ? Әділ таразыңа сал, өзің шеш, Абай.

Найман жағы күледі. Алдымен Қартпай күледі. Бұлардың күлкісін ызалы тобықтылар қостайды.

Қартпай:

— Жортар-ай, өзің ұзақ жортсаң да теріс жорттың-ау. Кестені жүз жыл бұрын шеккен қол бүгін де шеге алады. Жамбы деген бір тас. Онда тіл жоқ. Қай жамбы мен сол Найман берген жамбымын деп тіл қатады? Әдейі келгенде Абайға басқа бір іркіп келген айғағың бар ма деп ем. Мынауың күлкілі ғой. Айтар дауым да жоқ тіпті мұныңа. Түс пе, алжу ма, бұл немене? — деп тағы күледі. Тобықтылардан жас жігіт намыстанып үн қатады:

— Көрде жатқан атамыз Кеңгірбайға кір тағып, осындай бұлдырды қуып та келеді екен? — дейді.

Абай кестеге қарап, көп қадалып қалған. Бір сәтте, ойланып отырып:

— Кеңгірбай би. Сол айтқан Кеңгірбай менің атам, Жортар қария! — дейді.

Наймандар қайран боп тағы күле бастайды. Жортар жағы шошынып, сескене түңіле бастайды. Жортар ғана үнсіз. Абайды бағып отыр.

Аздан соң Абай есікке қарап:

— Шақырыңдаршы Еркежанды! — дейді.

Жұрт таң болып қалған.

Еркежан кіргенде Абай төрдегі қалың жүктің ортасындағы бір үлкен сандықты көрсетіп:

—Ашшы, Еркежан, мынау сандықты! — дейді.

Еркежан сандықты ашып, Абай қолына бір кішілеу қол сандықты ұстатады. Абай соны ашып, жібекке қаттап оралған үлкен күміс алады. Бесік жамбы. Жұрт қайран болып, анталап төне түсіп, бірге қарауға асығады. Абай кестені қолына алып отырып, жамбының жалпақ жақ бауырын айналдырып қарап-қарап алады да:

— Кеңгірбай — менің атам. Мынау жамбы сол кісінің заманынан біздің тұқымның үлкен шаңырақтарын аралап келе жатқан ескі бұйым еді. Осыны менің үлкен шешем Зере марқұм арғы, үлкен биден алған "көз" деп еді. Екі елдің арасына билік айтқанда әділдік үшін алған сый деп еді марқұм. Таңсық кемпір бүгін ауыр сырдың түбін аударыпты. Маған да ауыр сыр ашыпты. Көр, халайық, мінеки, — деп жамбыны жұртқа бұрады. — Не деп тұр мына куәліктер? — дейді. Кесте мен жамбы таңбасы оң шығады.

Тобықты жігіттері намыстанып, әрі ұялып, әрі аса қатты сұмдық көргендей шошынып, жағаларын ұстайды. Соның бірі Керім. Абайды тоқтатқысы келгендей боп өзін-өзі зорға ұстап отыр. Қартпай түйіліп төмен қарап қалады. Жортар жүгініп алып, Абайға қадала қарап, әр сөзін аңдып қалған.

Абай қысқа, қатты, ажарлы байлау айтады.

— Би емеспін. Бірақ шындықты ашар айғағым бар. Куә болдым, ағайын. Алыс заманнан бүктеліп келген жат бір сырдың куәсі болдым. Атам айыбы үшін ұяламын. Жүз жыл бойы керей көрген әділетсіздік үшін қиналамын, қан жұтам, — деп жамбыны қолына көтеріп отырып:

— Пара алған қол мен берген қол екеуі бірдей кінәлі қол.

Атама атаң берген ұят белгі, мінеки! Ең болмаса бүгінгі ұрпақ ары тазарсын. Мә, Найман. Жамбыңды өзің ал! — дейді. Үй іші дүр еткендей таңырқап, аңырып қалады.

Абай екі биге қарап:

— Жамбы Найман өзіне қайтса, іс адалын тапсын. Балқыбек өзені, Керей, сенікі, — дейді. Керейлер қуанып, жадырап, алғыспен қарайды. Жортар жаңағы отырған қалпынан атқып келіп, Абайды құшақтап алып:

— Төреңе құлдық, қазым! – дейді.

* * *
Абай мен Әбіш, Көкпай, Керім. Әбіш Абайға тағзым етіп иіліп:

— Аға, келер ұрпақ нәсілің үшін де, солардың арын ақтағаның үшін де алғыс айтар, — деп әкесінің қолын сүйеді. Керім бағанадан билік үстінде қиналып отырған қалпында қалады, тұнжырап отыр. Абай соған қарап:

— Немене, Керім! Сен неге тоқырап қалдың? — дейді. Керім ауыр қозғалады, төмен салған басын жәй ғана көтеріп, Абайға қарап:

— Абай аға, мен қиналып отырмын.

— Көріп отырмын, мәнін айт.

— Қыбыла қайда екенін жаңылып бара жатқан сияқтымын. Ел қыбыласы не боп барады? Не істедіңіз? Күдікте қалдым ғой, Абай аға...

Абай күліп, Керімді сергітіп:

— Біз ұлы қыбыла іздеп жүргеніміз жоқ. Ел үшін де, өзіміз үшін де тірлікке жетекші болатын қыбыламыз деп жүрміз, ақын досым. Ол қыбыланы жүріспен, жорықпен, тартыспен барып табамыз. Бүгін саған айқын болмаса, ертең еңбекпен өмір талқысын көріп барып ашылғанда, алдыңнан мен мұндалап көрінеді. Алдыңа сен. Артыңа сиынба! — дейді.

* * *
Жиренше, Нарымбет, Арғыман тегіс ашулы. Бүліне, булыға шапшаң сөйлесіп тұр.

Арғыман: — Ұмытармысың осы қылығын? Кеңгірбай парақор, Кеңгірбай арам деуге аянбай батылы барған... Өлі әруақ, қадірлі ата Кеңгірбайды көрінде аунатып түсірген қорлық, намыссыздық қылығы үшін әсіресе жазалау керек ертең Айдар билігінің үстінде.

Жиренше: — Жаман би жанынан деп! Өлмес жерде өлтірер ме сүйегімді! Нарымбет: — Әділет! Не қылған әділет? Қорлық бұнысы да. Ертең Айдар билігінде, жұрт Кеңгірбай жолын ұстанбасын, Еңлік — Кебек жазасын атамасын деп әдейі істеп отырған жадыгөйлігі бұнысы... — дейді. Жиренше: — Көрермін, Айдарды аман әкеткеніңді. Енді, әсіресе, әруағым үшін, қасиетті бабам Кеңгірбайдың әруағы үшін, әсіресе, соның жолын ұстанам... Дәл Кеңгірбай атымен Айдарына өзім қоса билік үкім шығарып аластаймын ел арасынан. Айдарға жәрдем қолын созды дейсің ғой осымен. Жоқ, ол қолдан ұстаған бойында Кеңгірбай қарғысына ұшырап,

түпсіз қараңғы тұңғиыққа құларсың осымен! — дейді.
* * *
Арғыман, Нарымбет жасырын әңгіменің түрінде.

Нарымбет: — Әлизаде деген қашқын деп едіңдер ғой. Сол өзі бар адам болып шықты. Анығын білгің келсе, қазірде күнбатысқа қарай қашып, ұзап барады дейді. Абай, Айдар тергелетін күнге ұсталу қажет дедің ғой. Ал, ендеше, қапы қалма, қуғыз, қуғызып бақ! — дейді. Арғыман Бұғылы болысына, Шаған болысына, Делбегетей болысына деген пакеттерді бөлек-бөлек былғары сумкелеріне салғызып беріп, үш стражникті жөнелтіп жатады.

— Суреті міні!.. Кеткені жаңада... жетіңдер!.. Аз күн ішінде осында, дәл осы араға алып жетіңдер! – дейді.

Қылышты, алтыатарлы стражниктер қазақ атшабарын басшылыққа алып, салт атпен жөнеліп бара жатады.

* * * Абай жалғыз. Жазу жазып, қиналып, ауыр ойланып отырғанда Көкпай, Керім келеді.

— Сырттан келді!

— Сырттан... Сырттан қарт келді! — деседі.

Абай тез қозғалып:

— Айдарға кесік айтатын үлкен би! Ара би сол Сырттан! Бар, қарсы алыңдар!..

Керім, Көкпай, Әбіштер құрметпен Сырттанды кіргізіп, төрге отырғызады. Абай түрекеліп қарсы алған. Сырттан үлкен ақсақал, ақ қасты, зор денелі салқын би, Абайға қарамай сөйлейді.

— Ағайын ел қолқа салды. Алмасымды аламын, баспас жерге басам да.

— Біздің де ара биге тілегеніміз сізсіз, қария. Аманат ауыр екенін білеміз. Бірақ жасы үлкен ағасы боласыз халықтың. Сіз көтермей, кім көтерсін салмақты.

Сырттан сөзді салқын тыңдап, естімегендей боп:

— Анау адасқан әйелді, Ажарды шақырттым осында. Сенің көзіңше сұрайтыным бар, — деп жастарға қарайды. "Барыңдар!" дегендей белгі етеді. Абай да жастарға қарап, басымен белгі етеді. Керім, Көкпай, Әбіш шығып кетеді.

Сырттан: — Ара ағайын, ара бимін. Әуелі сенің өзіңнен арыла келген үш сөзім бар.

— Айтыңыз, қария.

— Ағайынның жүгініске барғаны жұлысуға шыққаны. Билікке бармай бітім тап азарыңмен.

— Қалай тап дейсіз?

— Айдарды айыптысың деп тыйым салып тоқтат та, Ажарды Нарымбеттің ауылына қайтарт.

— Ақсақал, Айдар жалғыз. Жауы менсіз де көп. Жау тобына қосыла алмаймын.

— Қосылмасаң қалыс бол. Қорғама Айдарды, бойың тарт!

— Оған да жоқпын, ақсақал.

— Ара ағайын, ара бимін, соңғы сөзім: тобыңа да, өзіңе де пәле шақырасың. Жау шебі молаяды. Елден, жұрттан айрыласың, соққы жейсіңдер. Осынша пәле тілеп не күн туды басыңа сенің, Абай.

— Қалың топ қарғадан қорқып, ұясын тастап безер бөдене бола алмаймын. Алысып көрем не көрсем де, ақсақал.

Сырттан үнсіз. Жым-жырт үйге Ажарды алып кеп кіргізеді. Екі қатқан, суық пішінді кемпірлер. Сырттан оларға қарамай, суық үнмен сөйлеп отыр.

— Ата-баба көрген емес сен істеген сұмдықты. Мынау сақал, шаш ағарғанша мен естіген емен мұндай сұмдықты. Қаралы күн өз ұясына жетіп батып болмайынша үзілген емес талтүсте, қаралы ноқта өзі шешілмей кесілген емес күнакар қолмен. Өздігіңмен басқан жоқсың бұл жолға, аздырған, жетектеген бар. Ол — Айдар! Сол емес пе? Айт шыныңды.

Ажар қанатынан оқ тиген балапандай дір етіп, ақырын дауыспен баяу ғана:

— Алдияр, ата, ол емес... айыпты өзім! — дейді.

— Арашалап, ақтамақсың Айдарды. Ендеше, бірге бастың қазаға. Алдың — өлім.

Ажар жүзі енді ашылып, ашынғандай. Қорқыныш, өкініш жоқ. Іштегі нұр сәуле зор сәулемен жарқырағандай боп, Сырттанға, Абайға қарады. Абай үнсіз. Мұңменен, көз алмай қарайды Ажарға.

— Қадірменді қария, ел ағасы жақсылар, алдым өлім болса, ең соңғы бір датымды айтсам, рұқсат па?

Сырттан соны естімек сияқты. Түйілген суық, ақ қастары жыбырлай түсіп:

— Жалған араласса, билігіме жарғыласқалы тұр, ағайын. Азамат қаны төгілгелі тұр. Адасқан бейбақ сорлы әйел, білермісің барды сен. Жан күмәнің үстінде имандай шыныңды айт десе, танырмысың таразының қасиетін. Жаныңменен шыныңды айт десе, ер-азамат болса арынан жанын садаға етер еді. Айтармысың сондай қиын шыныңды.

— Алдияр аға, айтайын жанымдай жалғыз шынымды.

— Сөйле ендеше.

Ажар сөйлеп отыр.

— ...Бекінгенім өлім еді. Тәңірінің жарық күні сөнген еді мен үшін. Көк тамырда тірлік қамы емес, өлім көлеңкесі жыбыр қағып жылжушы еді. Нарымбет алмақшы, қаралы күн бітпекші, үш қатынның бірі болсын деген дағдылы зорлық әмірі келді тірліктен. Шошына кірді қаралы мұңды отауыма. Мен өлімге бекіндім. Тек қана сол шақта барлық жастық жүрегімнің әлсіз нәзік тіліндей боп ән жетті бір жақтан. Әуелі менің арманымды, қыршын өмірімнің иманы болар дедім. Бір түн емес, көп түндер естушем. Менің ғана тірлігімнің зары. Менің ғана жүрегімнің өзіне ғана айтқан сыры деуші ем. Бір түні ән жақындады. Бақсам, айтушы кісі бар екен. Жердің, адамның әні екен. Ессіз болдым. Құрымақ болдым. Бұрынғы көп түндер қиял серігім болған шағын ойладым, сол әнді еске алып тұрып өлмек болдым.

Тағы айтып отыр. Абайдың көзі жасқа толғандай... Соншалық ағалық мейір шафқатқа, алғысқа толып телміріп қапты.

Сырттан суық, бірақ күрсініп тыңдайды.

— ...Қара түнде мойныма арқан тағып, енді асылып өлмекке жеттім. Сонда арқанның шалма тұзағы кеңейіп, екінші бір бас келіп, арқанға бірге асылмақ болды. Ән... ән иесі сол екен. Оның өлімге бірге басуға бекінгенін көрдім де, тірлікке мен өзімді шақырдым. Ол емес, мен бастадым қарсылыққа! — деп тоқтайды.

Сырттан Ажар жүзіне, соңғы сөздер тұсында үрке қарағандай қадала қарап қалып, енді баяу күрсінеді:

— Қылған ісің жат еді. Сырың да сондай жат екен. Ата жолдан, қаралы қалдан аздырған сені ән екен. Сыры бөлек ән екен. Өзің білемісің, есіңде ме сол ән?

Ажар жүзі бақыт ұшқынымен жалт еткендей болады. Ол ер, шыншыл жүз.

— Білемін... Есімде... — дейді.

— Айт ендеше.

Бұл күнге шейін тастай боп, қатып отырып қалған кемпірлер шоқ түскендей бүлініп, түлен тұтып қалады. Сұмдық күтеді. Абай Ажарға сүйеніш болғандай ағалық мейіріммен, болымсыз жымиып қарағандай. Ажар жүзін Абайға бұрып рұқсат сұрағандай қарайды. Бөгеледі.

— Білмекпін мен барыңды. Айт сол аздырған шыныңды. Барлық бөгде сырыңның ұшығына жеткіз көзімді, — дейді.

...Ажар Абайға қарап ән айтып отыр:
Амал жоқ, қайттім білдірмей,
Япырмау, қайтіп айтамын.
Қоймайды дертің күйдірмей,

Не салсаң да тартамын.

Ән өзгеше шерлі жүрек мұңнан бу алған. Соншалық ыстық жалын шалып тұрғандай.

Талайсыз, бақсыз мен сорлы
Еріксіз аттап ұяттан.
Қорлыққа көндім бұл құрлы,
Байқалар халім бұл хаттан.

Тоқталмақ сияқты еді. Сырттан қадалып тыңдап қапты. Абай көзіне кәрі жартас арасынан, сусап созған ыстық қызыл тас арасынан күміс бұлақ мөлдір су ойнап, аға жөнелген тәрізді. Абай тағы айт дегендей телміре қарайды. Сүйсініп, мейір атып қарайды. Жалын шалған ыстық жүз, жасқа толы нұрлы көз ұяттан алыстап, биік кеткен сияқты. Сол Ажар, ол тағы айтып барады.

Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі алданыш,
Жас бала жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс.

Ән тоқтаған. Сырттан түнеріп қалған қалыптан дүр етіп оянған қарт бүркіттей, шоқтығы шығып:

— Кім айтты? Кім өлеңі бұл өлең? Жоқтау сөзін жойдырып жалын тастаған кім бұл өлеңмен, айт!

Ажар көзін төмен салады.

Абай енді соншалық бір ірілік, үлкендікпен, шалқия қарап, суықтау ажар жиып:

— Қария, бұл сөзіңді Ажардан сұрама, менен сұра!.. Ол орыстың мұңлы қызы Татьяна айтқан шер еді. Жазған орыс бәйітшісі Пушкин. Мынандай сөз, мынау әнмен ел жасына жайған мен, мен едім! — дейді.

Сырттан селт етіп, Абайға жат жүзбен ұзақ қарап алады да, кемпірлерге белгі етеді. Ажарды алып кетіседі. Абай қасына Керім, Көкпай, Әбіштер келеді.

Сырттан томырылған ашу сырын бетіне жиып, Абайға:

— Естір жайларды естіп, білер бәленің бәрін біліп болдым. Енді билік күнім жақын. Ана жақтың даугер биін айтпақпын. Ол — Жиренше. Енді сендер биіңді ата. Сөздеріңді кімге ұстаттың, білдір маған! — дейді.

Абай сенімді жүзбен, Сырттан сұрауына таң қалғандай боп:

— Кімге ұстатамыз? Ұстайтын — мен. Мен өзім сөйлеймін Айдар, Ажар арызын! — дейді.

Сырттан ызамен жымиып Абайға бірінші рет қарап, қатты ажармен:

— Жоқ, сен сөйлемейсің! — дейді.

— Неге, қария?

— Сен жауапкерсің. Жаңағы сыр нені айтты? Кімді ұстатты? Жауапкер болсаң даугер бола алмайсың.

Абай мен шәкірттер қатты сескеніп, қиналып қалады.

— Япыр-ай, не дейді. Сондай тосқауыл бар ма еді жолыңда, есіл Ажар! — дейді.

— Айт, ата биіңді. Мен жүремін. Абай Керімге қарап, үмітпен оянып:

— Ендеше, біздің сөзді ұстайтын Керім! — дейді. Керім жақтырмағандай, күтпегендей үркіп, қарсылық білдіргісі келеді.

— Жоқ, сен, сен айтасың. Ең аяулы ақын інімді ең жүйрік жақын інім деп саған тапсырам. Саған тапсырам Айдар, Ажар тағдырын! — дейді.

Керім үнсіз... Сырттан кетеді.
* * *
Абай қинала толқып, Көкпайдан ауыр сыр естіп отыр. Көкпай:

— Айдар өлім күтеді, Абай аға. Өлмейін деп отырған жоқ. Бірақ ер сынын білдіреді. Жазып отыр. Талмай, қайтпай жазып жатыр Еңлікті!

Абай алғыс айтардай, үлкен жұбанышпен қарайды. Бірақ ауыр ойлар қайтадан қабағын түйгізеді.

— Жеткіз менің ағалық үнімді, Көкпай. Жазсын Айдарым. Ажар маған барды танытты. Інім, бауырым, ақындарым ғана емес. Халқымның санасы оянған, қыз да сондай қанатым, жетіліп қатарға қосылып қапты. Екеуінен аянар жаным жоқ. Осыны айт. Екінші жазсын. Төгілмей жазсын Еңлікті деп отыр.

* * * Қараңғы, түңлігі жабық үйде Айдар аяғында кісен бар. Іргенің әлсіз жарығына жабысып жазып отыр. Кісен кей қозғалысын қапы қайырып тастайды. Аяғы жара. Бірақ Айдар толқына жазады.

Қасында Көкпай.

— ...Солай деді Абай ағам. Қараңғы қамау орнына келер заман күнін көріп отырып жазсын...

— Келер заман күні... — деп Айдар ашаң жүз, жарқыраған көзін жоғары көтереді.

— Ажарым... Ажарым не болады?.. О сорға батқан Еңлігім менің... — дейді. Бірақ жасып айтпайды, тістенгендей.

— Терең шыңыраудың, қараңғы қамау зынданның түбінен алыстағы аспан көкке көз салсаң, күндіздің өзінде жұлдызды көресің деп еді, бірде Абай ағам. Мен осы қамау қорлық зынданның түбінен көпті көріп отырмын, — дейді.

— Міні, ендеше осыны айт жырыңда, жасқанбай айтсын... жеңдірмесін жазаға... Қара толқын қайғы-шер ақын намысын уламасын бір сәтте. Толқыған теңіз жағаға меруерт атқандай, осы уайым, ауыр ой нұрдай жарқын жыр толқысын халқына деді Абай ағам, — дейді.

Айдар жүзі бір болымсыз сәулеге қадалған. Намыс пен саналы сыр толған ойшыл көзіне, кішкентай алтын теңгедей боп күн сәулесі түсіп тұрып, кейде жылжи биік сұлу ақ маңдайына түседі. Толқып ойланып қағазға бұрыла беріп қабағын шытып қалады. Аяқта ауыр кісен шылдыр етіп баса береді. Айдар аяғын кісенмен қоса сипап қойып, қағазға қайта төнеді. Жазып жатыр. Тыста қылышы бар қарауыл жақын. Екеулеп жүр. Айдар жаза түсіп, оқып кетеді. Қабағын түйіңкіреп есінеген сияқтанып барып әндетеді, үнсіз әндетеді. Сыбырлап жырлап, ырғала-ырғала барып, кісенін көтеріп, домбыраша қаға беріп, желдірмеге түскендей суылдап, жөнеліп кетеді. Қызумен қағаз, қарындашқа ұмтылам деп кісенді тастай береді. Аяғына ауыр кісен соға түсіп, қабағын шытынып қалып, тағы жырына көшеді.

ІV бөлім

Болыстың үлкен үйінің төрінде Баймағамбет, Әлизаде қымыз ішіп отыр. Биік төсек жанында келбетті кәрі бәйбіше, байыпты ана әр нәрсені сұрап, Баймағамбетті тыңдап отыр. Қымыз ішіп отырып бәйбішеге бұрыла қарайды Баймағамбет. Тыстан болыс кіреді. Қасында атшабар, старшиндар бар. Қолында пакет қағаз, Баймағамбеттерге қадала қарайды, семіз жылтыр жүзді бітеу қабақ болыс тергеп тұр.

— Кім дедің осы сен мынау адамды?

— Каторгыдан шыққан мейман дедім.

— Қашып шыққан ғой?

— Ия, рас, қашқын.

— Ендеше, Әлизаде ғой, солай ма? Айт шының!

— Оның рас. Қайт дейсің? — деп Баймағамбет ашулана бастап қымызды жерге қойып, шаншыла қарайды.

— Ұста! — деп болыс атшабарларына бұйрық етеді.

Баймағамбет "тарт!" деп тап береді. Оған болмайды.

— Ұстасын, алыспа, Бәке! — деп Әлизаде түрекеліп, күліп тұрып қолын созды. Ал, болыс, ұста! Құмарыңнан шық! — дейді.

Әлизаде кісендеулі босаң ғана.

Үріккендей, таңырқағандай, шошынып жиренгендей түстермен балалар жүгіріп кіріседі, қатындар, малшы еркектер, жай келін-кепшік, қариялар жиыла береді. Анталай қарайды.

— Бұ не?

— Бұ кім?

— Не жазығы бар? – десіп, қаптай басып келеді.

Болыс қағазды бітіріп, советник Арғыман Сарбасовқа деп адресін жазып, печать басып, атшабардың сумкасына салдырып, асықтырып жатыр.

— Бол, тез алып барып өз қолына табыс ет. Тез жеткізсін, Шыңғысқа, Құнанбай ауылына жеткізсін деген бұйрығын орындап, қашқынды ұстап жөнелтіп отырған мен Шаған болысы Молдабай де! Тарт жөнел! Тездет! — деп аттарын ерттегенге тақат қылмай дегбірсізденіп жүр.

Үйде Әлизаде жиылған жұртқа жымия қарап:

— Бұ не дейсіздер ме? Болыстан сұраңдар! Мен мынаны-ақ айтайын. Туысқан бауырлар, — деп, Абайдың: "Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда" деген өлеңін бастайды.

— Не дейді!.. Қандай сөздер айтады?

— Өлеңші ғой.

— Сөз тегін болмас. Естілген сөз ғой! Бұ кім сөзі еді! — деп шал ентелейді. Әлизаде өзі ойымен өзі болғандай айта береді.

— Абай, Абай сөзі ғой! — деп, жүзі жарқ етіп жана түсіп, бір жас жігіт ілгері ентелеп шығады.

Бәйбіше Абай сөзі дегенде қозғалып, қос қолына сүйеніп, ілгері созылып үңіледі. Баймағамбетке:

— Бұ не, жаным, бұ кім еді? Абай сөзін айтып, жөнін айтса кешірер еді.

Баймағамбет нұрлы жүзінен түктері шығып, қатты-қатты, шапшаң сөйлейді.

— Ия, айтқаны Абай сөзі... Ал сендер ше... балаң ше? Балаң абақтыға ұстап берсін. Сүйт! — дейді.

— Өзі кім еді бұның?

— Өзі алыстағы жақсы елдің асыл абзал ұлы екен. Тұтқыннан қашып еліне барады. Осы жұртты елім деп шығып, сеніп келіп еді. Ал сендер, сендер бүйттіңдер, айдаттыңдар қайтадан, – дейді.

Кемпір жұртты қағып, ілгері басып Әлизадеге тақап келеді. Баймағамбет қатарына кеп:

— Бәйбіше, бұл үйге келген қонаққа кісен салу осы сіздің байыңыздың заманынан бар ма еді? Бұл шаңырақ қашаннан бері елден ерек көргенсіз еді! — дейді. Болыс та келген. Ашулы. Тоқтатпақ. Жұртқа "тара" дейді. Кемпір ашумен қарсылық білдіріп, жұртты жібермей тұрып, Әлизадеге үңіліп:

— Балам, Абай сөзін айттың ғой, елімнің асыл адамын қадірлеген жанбедің? — дейді.

— Шеше, мен қадірлеп еліме жеткізбек ем. Бірақ балаң оған жібермейін деп тұр ғой. Енді бір соңғы сөзін айтайын мен қадірлеген Абайдың, тыңда, ағайын, — деп, әндетіп кетеді.

"Алыстан сермептің" ішінен ел мінезін айтқан екі-бір шерлі мұңды шумағын айтады. Жұрт таңдай қағады. Сүйсінеді.

Ес кіре бастайды. Болыс екпіндеп ілгері басады. Атшабарлар кірген.

— Ал, жетті, шығар! Алып жүр. Атпен шапшаң! — дейді болыс.

— Доғар былай! Қорлама, былғама менің шаңырағымды. Жер қылма әруағымды! Бермеймін мен! — деп, кемпір Әлизадені қоршап қалады.

— Қой, апа, не болды саған!? Ұлық бұйрығы, — дей берген баласын кейін қағады.

— Сөзім қысқа, Абай атын пана қып кеп отырған бір елдің азамат арысына қас еткізбеймін мен. Оны істегенше жерге кір! Жоғал көзімнен! — дейді.

Болыс құлшынып, алып кетпек боп омыраулай береді.

— О, қой, қойшы әрі, aпa! — дегенде шеше ілгері ұмтылып, жүзін аспанға көтеріп, қатты түйілген қабағын өзгеше салқын, суық қайратпен баласына салып:

— Ей, балам... тыңда мені! Ақырғы ана даусын тыңда!.. Осы жанды егер осыдан тұтқын етіп жөнелтер болсаң, мына аналық ақ шашымды омырауыма жаямын. Мынау аналық ақ сүтімді көкке сауамын! — деп кеудесін ұстай береді.

Болыс шошып, сескеніп қалш қарап қалады.

Халық, әсіресе барлық әйелдер ашумен, жиренішпен болысқа қарап, лағнет айтқандай болады.

— Босат! Өз қолыңмен босат! — деп ана әмірлі қатал бұйрық етеді.

— Босат, шықпа алдынан, жетті. Босат тез! — деп, халық болысқа жан-жағынан қадала қарайды.

Болыс амалсыз оң қолын сілкіп атшабарларды шығарып жіберіп, пакетті қағазды сумкадан алып өзі жыртады.

Әлизадені өзі кісеннен босатып жатады.
* * *

Арғыман, Тәкежан Керіммен сөйлесіп отырғанда, атшабар пошта жеткізеді. Арғыман оқып, бұлан-талан боп атып тұрады.

— Ұсталған, ұсталған жерден болыс ауылының қатындары жасырын босатып жіберіпті. Тағы қашып кеткен. Соншалық керек адам. Болатын билікке шейін не қыса ұсталып, алып келінетін адам. Тәкежан! Тұр, шақыр тілмашты!

Тілмаш келеді. Арғыман жадырап бұйрық етіп тұр.

— Делбегетай болысына!.. Не қылса ұстап, кісендеп, түнделетіп шапқызып отырып жеткізсін. Әлизаде... Бүгін ерекше керексің, Әлизаде... Тәкежан, тілмаш, бар ұшыңдар, шапшаң, қос атпен. Үкілі поштамен жеткізіңдер. Делбегетай болысы, жеткізіңдер Самойловқа!.. — дейді. Тәкежан, тілмаш жүгіре басып кетіседі.

Арғыман Керімге: – Айтқаным сол! Абай тентек болғандықтан сөзден қалды. Дауды сен айтатын болдың. Сен Айдарды қорғап сөйлеген билікті Абайдың, Айдардың ғана құлағы естімейді ол сөзді. Олардың ғана көзі қадалмайды сенің аузыңа.

— Ия, Нарымбет, Жиренше де қадалады. Ол ағайын, ел-жұрт демексің ғой.

— Тіпті заң ғана да емес. Жалпы әруақ, ата-жұртың, қалың қазақ қадалады. Ол да емес. Семей, Семейдің ұлығы... Алдымен әскери жандарал көзі де қадалады.

— Е, оларға не жоқ! Нарымбеттің жесірі үшін жандарал не қып жанкүйер бола қалды?

— Абай соған да жеткізіп отыр. Міні, біліп қой. Бұл жолғы дау жесір дауы ғана емес. Дұрыстық пен тартыстың жасақ дауы. Және айтайын, Айдар ғана емес, Абай басы қатерде. Елді бүлдіртіп қоя алмайды ұлық. Абайдың өзі мен соңына ерген өзге жасақшысы, көмекшісі де қатерде.

Керім ыза болып, намыстана қарайды. Тоқтат дегендей белгі етеді.

— Сен, Арғыман, қазақ баласының, халықтың, ел-жұрттың намысы деген асыл қасиет бар. Оған қол сұқсаңдар – азғаның. Мен ұлықтың қоқан-лоқысына елімнің намысын, елдігі сыналар кезді сатпаймын. Абыройымды сатпаймын.

— Неге олай дейсің? Елдің намысын несіне айтасың.

— Елдің билігі, ата жолы, ежелгі тарихы сатылмайтын, жалтармайтын, ешкімге жағынбайтын және зорлыққа бағынбайтын сара жол. Ақжол. Мен сонымен болармын.

— Ә, жақсы айттың. Бол! Бол! Тек дәл сонымен бол. Бірақ қатерді ескертем. Ол қатер әсіресе Абайдың бұрын оңайырақ, жеңілірек жағын бұрын қамтыр, соны ескертем.

— Мен қатерге Абаймен бірге басудан таймаспын, Арғыман. Абайдан жаным ардақты демеспін, білдің бе? — деп атқып тұрып кетеді.

— Ә, ә, Абайдың ақтығына көзің жетсе, мейлің. Бірге бас. Ал бірақ Абай ата жолынан азған, ел аластайтын бүлік, сотқар болса, сонда да бірге болам десең, онда өзіңді-өзің жойып жүрме? Осыны ойла кетсең де. Ел Абайдан үркіп шыққан жерде қасында қалам деп пана да болмассың! Көре тұрып адасқаның үшін адамдық бағадан да айрыларсың, қанжығада текке қан боп кете бармасаң не қыласың? Бара бер... бірақ осындай алдыңдағы ізді ойлан, бар. Мен құрбылық қарыздан құтылдым, болды! – дейді. Керім жалғыз, қатты қиналып үріккендей боп ойланып кетеді.

* * * Айнала ұшан-теңіз селеулі сардала. Алда кішілеу қоңыр адыр. Ұзақ даладан келе жатқан екі салт атты. Адыр ішімен жалғыз аяқ жол жүреді. Сонымен екі салт атты тақап келеді. Адыр іші тарлау сайға айналды. Басында обасы бар шошақ қоңыр биікше бар. Соның басында атын төменге тұсап қойып, обаны таса қып баспалап суық көз қадалып тұр. Екі атты тақап келеді. Күміс ер-тоқымдары күнге шағысады. Суық көз қадала түсті. Аттылар жақын. Жыртық тымақ, тас түстеніп баса киілген. Обаның түбіндегі адам кейін сырғиды. Қара сақалы бар, қошқар тұмсық, ашаң жүзді көреген, сақ өзі. Аз кейінірек шегініп, тымағын төмен бұлғап, ілгері қарай бас дегендей белгі етті бір жаққа. Екінші жаққа тағы да тымағын сілтеп, алдын нұсқап ақырын қозғала бергендей. Обадан баспа қып тағы қарады. Аттылар жақын келеді. Сайға кіре бастады. Өзі кейінірек барып, мұрнынан төменгі жерін: аузын, иек, сақалын орамалмен таңып алды. Атқып кеп ойда тұрған атын міне шаба берді. Қолында ай балтасы күн көзіне жарқ етті.

Сай ішімен Әлизада мен Баймағамбет келеді. Күліп әңгімелесіп келеді. Бір кезде арттағы Баймағамбеттің аты ығысып, үркіп атқып кетті. Екі ат қағысып, соқтығысып қалды. Екі жолаушы арттарына жалт қарасты. Қараса, бес атты жау жақыннан, дөңнен аса, бүйірден шүйіліп сойылдарын, айбалта, найзаларын сатырлата қағысып жосып келеді.

— Қаш! Жөнел! — деп Баймағамбет атын тебініп жөнеле берді. Әлизаде атын қамшылап жосыта жөнелді.

Бірақ арттағылар бастырмалатып келеді..

Жолаушылар қатарласа шауып кезеңге шыға берді. Сөйткенде алдарынан айбалта, сойылдарын көлденең төсеп төрт ұры тұра қалды. Беттерін тегіс таңып алған. Киімдері сұп-сұр. Алды-арттың бәрі әмір, бұйрық, айғай:

— Түс! Түс! Бас... бас көзіңді!

— Түс аттан, жаның барында! — деп бағанағы басшы өзі жетіп кеп, Әлизаде мен Баймағамбетті бір-бір жасқап, салып-салып өтті...

Баймағамбет, Әлизаде аттарынан айрылған, жаяу. Киімдері тегіс тоналған. Әлизаде тасқа сүйеніп ұрыларға қарап басын изеп отыр. Баймағамбет жөнеле берген басшы ұрының атының ауыздығынан алды. Өзі дамбалшаң ғана, жалаңаш.

— Өй, тым құрмаса бір су басына апарып тастаңдар. Мінгестір! Өлтіремісің түге! — деп оралып жүр.

Ұрылар кетпек еді, бастық бұйрық етіп:

— Уай, сөзі жөн ғой сорлының. Қаталап өлер. Тым құрса мынау тау астындағы бұлаққа апарып тастайық! — дейді.

Әлизаде, Баймағамбет ұрыларға мінгесіп кеп, әдемі көк шалғынды сулы бұлақ басына түсті.

Ұрылар да түсіп, аттарын суғарып, өздері де сусындап жатыр.

Баймағамбет бұлақтың тасына шалжиып, талтая отырып алған. Мөлдір бұлақта бұның суреті айнадай әсем аппақ боп көрінеді. Баймағамбет сергіп көтеріле түсіп, еркін әмірлі жүзбен:

— Ал, ұрылар! Қызық болды, ә? — дейді.

Жас ұрылар қылжақ етіп күледі.

— Е, бұдан артық не қызық бар?

— Ат-тұрмандарыңды бердік, қызық әкелгені рас... — деп қылжақтай береді.

Баймағамбет міз бақпайды. Қоса күле түсіп:

— Ат-тонды тонағаның рас. Бірақ біздің әлі барымызды алған жоқсыңдар, — дейді. Кәрі ұры қызыға түсіп, жақын кеп:

— Ал ендеше, қалағаныңды айт.

— Айтам, отырыңдар! – дейді. Ұрылар Баймағамбетті мазақ етіп, бұлақ басына отырысады. Барлық жиын бұлақ суында мөлдіреп қозғала түсіп, күрсініп отыр.

— Ұрылар, сендерде қызықта болады. Бірақ іші пысатын сары бейнет те көп, солай емес пе? — дейді. Ұрылар қызыға түседі. Анталап тыңдағандай.

— Мысалы cap даладан жолаушылар келе жатыр. Тосып отырсың. Келді. Қаптадық, алдық. Немесе түнде жылқыға кірдің. Жылқышыны қан-жоса қылдың. Жылқыны сойылдап қуып, алып шықтың. Бұл қызық. Бұл рақат-ақ. Ал бірақ, үнемі ол бола бермейді. Кейде күнұзақ елсіз тауда, ессіз таста тоналатын кісіні күтіп сарыласың да отырасың. Ешкім келмейді. Ұшқан құс, қыбыр еткен тышқан жоқ. Сонда қайтіп күн көресіңдер. Іш пысады ғой. Мынау Әлизаде елі өмірде сондайға деген ем бар. Біріңе бірің ертек айтып отырсаң қандай рахат! — дейді.

Ұрылар қызыға түседі.

— Айт, ендеше, бір қызық ертек айтылады да ермек ететін, — дейді.

Баймағамбет:

— Бәсе, солай. Ал, тыңда, — деп бастап кетеді. — Уа, Нидерланд деген жұртта, Левдин деген шаһарда инквизиция деген сот бопты. Ұрылар ынтыға түсіп, түсіне алмағандай:

— Не дедің, өй?

— Орыс ертегісімеді өзі? — Баймағамбет басын зорға бұрып:

— Орыс емес, француз ертегісі! — дейді. Айтып, сөйлеп жатыр.

— Е, оны сен қайдан білдің?

— Абай айтқан... Абай айтып берген ертек.

Ұрылар бір-біріне қарап, қожырай түсіп:

— Абай, Абай деймісің? Абайды қайдан білуші ең? – деп ұрылар жақындай береді.

— Е, Абай менің жолдасым емес пе?

— Абай сенің жолдасың деймісің? Не дейсің, ей, өзің...

Жас ұры жақындап ырғала беріп:

— Сол осы Абай, Абай деген атты талай есіттім. Өзі кім дейді сол?

— Ол ақын, даулескер ақын дейді ғой. Солай ма, ой? — деп қарт ұры сөйлейді.

— Ақын да, білгір де, жақсы да сол.

— Ендеше, соның бір өлеңін айтшы! — деседі. Барлық ұры күліп анталай келіп, үнсіз тілейді.

— Өлең бе, өлең, ендеше, тап мына тоналған жігіттің кеудесіне лық толы, бәрі Абай өлеңі! — дейді.

Әлизаде өлеңді соғып отыр. Шырқай түсіп айта береді. "Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы", "Көзімнің қарасы", "Қор болды жаным" барлығын әнмен әсем айтады. Жел соқты. Арқасы тоңази түскендіктен бүрсеңдеп қойып айтады. Қамалап тыңдап отырған ұрының кәрісі Әлизаденің үстіне шапан әкеп жабады.

Баймағамбет: — Маған да жап! — дейді, бұйыра сөйлеген. Оған да жабады. Ән сарнап айтылып жатыр. Күн еңкейді. Баймағамбет сапылдап ертек соғып отыр. Ұрылар анталап басып алған. Тағы да Әлизаде ән соқтырып жатыр. Ұрылар алдарына ет, құрт, сусын әкеп қойған. Етіктерін әкеп береді. Күн батты. Қас қарая бастады. Су бетін жел үріп, жыбырлата соқты. Әлизаде "Ауылдың жаны терең саймен" бітірді. Ұрылар арқаға қақты. Айналып оралып жүр. Аттарын әкеп, қарт ұры өзі ерттеп, Баймағамбет пен Әлизадені қолтықтап алып аттарына мінгізіп, қол алысып қоштасып, жөнелтіп салып, қарап қалысады. Жас ұры "Көзімнің қарасы" деген әнді ырғақтап, нобайлатып айта бастады. Аттылар кетіп, барып-барып дөңнен асты.

* * * Қаралы кілем, қара киіздер тұтқан күңгірт үйдің ішінде көң беттенген суық түсті кемпір сыбырлап, шәншіліп, мұқата сөйлейді.

— Бүгін билік. "Көзін жой, қанын төк!" деп, ер-азаматты аттандырып жатыр ашынған ел. Сорлы бейбақ, адасқан, азған бейбақ, тіл құдайдан. Не деп барасың, не жүзбен барасың ием тәңірімнің алдына? Күнәлы сұмдығымды кешіре көр деп тіле! — дейді.

Ажар намаз оқып тұр. Жүдеу жүзі төмен салынған. Ерні баяу қыбырлайды. Тізесін басты, сәждаға барды. Жүгініп отырып бата қылды. Жайнамаз үстінен тұрмай, жылап, бүк түсіп қалды. Басқа бір жыртық оңаша үйде Айдар. Қабағы түйілген. Түрекеп, керегеге сүйеніп, сыртқа құлақ салып тыңдап тұр.

Қарауылдар сөйлейді.

— Қаптап барады. Жер қайысқан қол. Найза, сойыл, шоқпар да алысқан.

— Түстері қалай айдынды. Қайда барады бұлар? — Айдар үйде елең етіп, жалт қарайды. Жабыққа ұмтылады. Жабыса қарайды.

— Қалпы қандай суық еді. Билікке барады. Бүгін мынау жаралылардың билігі.

— Бәсе, қол басында Нарымбет, анау Мес!

— Әне біреу салмақпен, жекеленіп бара жатқан кім!

Айдар тесіктен қарап көріп тұр. Қалың аттылар, қаруланған, қатты кетіп өтіп барады.

— Ол би Жиренше ғой, – деді қарауыл зығыры қайнап, әрлі-берлі жүріп.

— Барып тыңдап, көре де алмадық. — Айдар Жиреншені көрді. Қап-қара атқа мінген, қара киімді. Жалғыз алда қолбасыдай.

— Әлдекімнің соры екен! Өзі қырғын шабыс боп кетпесе нетсін!

— О да болмай қалмас. Билік ырза қылса Жиренше, Нарымбет дегенін істейді, ырза қылмаса қол қимылды ойламаспекен осылар?

— Мынау жасанған қол тапап, басып, талқан етіп жібермесе не қылсын! — дейді.

Айдар сескеніп, ашу жиып, осы соңғы сөзден қапы түйсініп, басын жоғары жалт еткізе қарайды. Ой келген. Есікті ұрып тұр. – Шақыр!.. Шақыр мұнда болысты!.. Арызым, айтарым бар билік күнге! — дейді.

Тәкежан, тағы бірнеше жуан жирене қараған, паңдықпен зорға тыңдайды:

— Бүгін маған өлім айтар күн болса, өлтірер болса өз құлағыма естіртіп айтсын. Тым құрмаса бір ауыз сөзімді тыңдап өтсін!

Тәкежан аянышпен, қатал үнмен:

— Бұл тілегің болмайды. Бұл сахара көрмеген жол!

— Не қылса да қолыңдамын! Қашып жүргем жоқ. Отырмын ғой қолында. Кісенімен апарсын. Жалғыз сөз... — дей бергенде Тәкежан:

— Әділ билік алдында қара жүзді айыпкер отырар орын жоқ! — деп есікті жаптыртып тайып кетеді.

* * * Абай үйінде Еркежан намазын болып бата қылып, сырт айналады. Әбіш, Долгополов, Керім отыр. Олар ойда. Тыстан Көкпай кіреді.

— Қаптап келеді! Соғысқа, шабуылға беттегендей. — Еркежан, Қарлығаш, Көкпай, Долгополов есіктен қарайды. Жан-жақтың барлығынан қалың қол, аттылар қаптап келеді. Алды ауыл жанындағы көк төбенің етегіне барып түсіп, аттарын қалмақша байлап-байлап тастаған. Сойыл, найзалары ерлердің қасына сүйелген.

— Айтқыза ма билікті!?

— Түстері қалай суық еді! — деп Көкпай, Еркежан жүдеп, күрсінеді. Әбіш алтыатарына оқ салып болып, қалтасына тығады.

Еркежан бұл үшеулеріне келіп:

— Абай қасында болсаңдаршы! Қасынан ұзамасаңдаршы тым құрыса. Я, құдай, сақтай гөр! – дейді.

— Билікке омырау жасамаса, тірі қалмақ қой... — дейді Керім..

Долгополов ойланып отырған Әбішке:

— Бұның бір үлкен қамы мынау. Қазір тезінен осы маңдағы халықты, кәрі-жасты, малшы-көршіні, көпшілік елді жию керек! — дейді. Әбіш тез ұғынып:

— Рас, олар қарулы қол жиса, біз ел жиюымыз шарт. Тез-тез. — Долгополов Көкпай, Әбішке:

— Ал тез кісі жөнелтіңдер, шақыртыңдар! Жұрттың бәрі, биеші, түйеші, қойшы-қолаң. Бәр-бәрі жиылсын деңдер! — дейді.

Еркежан:

— Ол ем болса, Көкпай, шапшаң барсаңшы! — дейді. Көкпай тысқа кетеді.

Долгополов Әбіш, Керіммен сөйлесіп келеді. Алдарында көк төбе, жыбырлаған қалың аттар. Кейбірі ер-тоқыммен ересен жайылып жүр. Көпшілік шоқтай-шоқтай түйіліп байланып қойылған. Жер аз, бірақ жер қайысқан ел. Көк төбенің етегінен бетіне, басына шейін жапырлай екі жақ боп отырып жатыр. Көпшілік Жиреншелердің қолы. Биліктің басына жақын оқшауырақ Жиренше. Ол түйіліп, жирене қарайды. Әлдекімді кінәлап, жақтырмағандай. Бұл топ жағы мол. Екінші топ селдір. Онда Абай отыр. Қасындағы жастар. Аздаған үлкендер. Құралдары жоқ. Абай ойда. Жүдей қарап, алысқа, айналаға көз сала береді.

Керім, Долгополов, Әбіш сөйлесіп келеді, Керімге:

— Бүгін Айдардың қыз алып қашқаны ғана тергелмейді. Айдар ғана емес. Бастығы Абай боп, өзің де тергеуде боласың. Осыған бекініп ал! — дейді.

Әбіш Керімге жабыса сөйлеп:

— Бүгін тергелетін ақындық пен ақын. Бұл елдің аузында бұрын малды қорғаған, жерді қорғаған дау болушы еді. Бойыңдағы қасиетіңді, елдің қасиеті болатын асылыңды қорғауға сөз таппасаң не дейін! Жеңесің, Керім! — деп, құшақтай, жұлмалай түседі. Көңілдендірмек болады.

— Жиренше, кәрі түлкі, сені тасқа түсіруге тырысар. Бірақ қанша жүйрік болса да, ол артқа молаға қараған, әруақтан басқа нені сүйеу етеді. Сенің күнің алдыңнан, оңынан туған. Білім жарық күні. Жеңілетін жөнің жоқ! — дейді.

Керім салқын, сыздана тыңдап кеп:

— Артқа, молаға, әруаққа қараған деймісің. Дегеннің бәрі мола болса, барлық жер үстіндегі халықтардың діндері де бұрыннан қалған. Оны мола деу оңай ма, Нипонт. Дегенмен жеңу оңай ма, Әбіш!? — дейді де күледі. Жұмбақтау. Бірақ өзіне-өзі мығым.

— Ойлансаң ол қиын емес, Керім. Қысқасы, сенің жүйріктігіңе, біліміңе, өнеріңе де үлкен-үлкен сын осы ғой, — дейді Долгополов.

Тәкежан арғымақ ат үстінде, қастарында үкілі пошта шауып келеді. Арғыманға қағаз ұстата береді. — Делбегетай болысынан!

Арғыман асығыс ашып, жылдам оқып, жарқырай қуанып:

— Ұсталған! Ұсталыпты Әлизаде! Жіберілген осылай! Қайда, қазір қайда?

— Әкеле жату керек. Мені әдейі алдынан шаптырды.

— Қарауыл мығым ба?

— Мығым! Өңшең сенімді атшабардың бесеуін қосыпты!

Арғыман асығып, қайта бұйрық етіп:

— Шап! Тәкежан! Бер, қосар атты! Шаптыр. — Есі шыққан, шаршаған атшабарға: — Қазір қайта шап алдарынан. Тездет. Қазір қолма-қол жеткіз! Қуып отырып, анау Абай ауылының үстінде жиын боп жатыр, соған бір-ақ әкеліп түсіріңдер! Мені сонан табыңдар! Шап! Жөнел! – деп бұйрық етеді. Атшабар қос ат алып қайта шауып бара жатады.

V бөлім

Дөң басында жиын қалыңдаған. Жиренше мен Нарымбеттің аралық тұсынан ағайын кердең басып, сарала түймелі айбынды сұлу чиновник Арғыман келіп, орын алады. Түсі жадыраңқы, мәз сияқты. Нарымбетке иіліп:

— Істің бетін білдің бе? — деп, қадала жанасады.

— Мерейі үстем, үндеме! Ана жақ шүйкімдей. Жиреншені көрмеймісің зар күйінде! — дейді.

Жиренше моланың басына қонған қара құстай жаулана қарайды. Арғыман сүйсініп күле қарап ентелей түсіп:

— Ол ғана емес! Әлизаде ұсталыпты!

— Ұсталып па, қайда?

— Осында алып келеді, бүгін, қазір жеткізіңдер деп бұйрық еттім.

— Е, той болды десеңші! Самойловтар, стражниктер қайда, әзір ме?

— Жетеді... Әлизадені алып олар да жетеді. Той сонда басталады! — дейді.

Абай қасында қазақша киінген Долгополов, Әбіш... Жоғарырақ жерде Жиренше қарсысында Керім. Абайлар тобы әлі көп емес.

Нарымбет, Мес:

— Енді қашан?..

— Сырттан қашан келеді? — десіп дегбірсізденіп, айналаға мойын созып қарасады.

Абайлар да үнсіз, айналаға қарай береді.

Алыста айналада түтіндері будақтаған жыпырлаған қалың-қалың ауылдар. Мыңғырған мал. Алысқа қарап отырған Әбіштің жүзі сүйсініп жадырай бастайды. Долгополовты түртеді. Екеуі қадала қарайды. Төрт тараптың бәріне де осы көк төбеге қарай шұбырған жаяулар, мінгескендер, түйе мінгендер, аттылар — қалың-қалың селдер ағылып келе жатыр. Келе жатқан анық халық, іштерінде қарттар, жастар, орта жасты сақалдылар да көп. Жан-жақтан ағылып келіп көк төбенің төріне қарай сыймай, сығылыса қаптап кеп отырысып жатыр. Бұл күнге шейінгі көпшілік Жиренше кісілері, қарулы жігіттер еді. Соларды басатын селдей мол жұрт Абай жақтан, Жиренше жігіттерінің сыртынан орай келіп, қаптай отырыпты. Олардың да түстері суық. Абаймен барлық жерде бас изесіп, сәлем беріп, алыстан қол қусырып амандасып жатқандар көп. 20-30-дан бір топ, ортасында көселеу, қуқылт жүзді шал Асқар бар, топты жарып аттай-аттай басып кеп, Жиренше кісілердің алдыңғы қатарынан, қарулы азаматтардан ілгерілей өтіп кеп отыра бастады. Жігіттер жақтырмай, қырыс қарап, қабақтарын түйеді. Шал бөгейін дегендерге мойын бұрып күле қарайды, ілгері баса береді. Қасындағы тобы өңшең еңгезердей, суық қабақты, шоқша сақалды, шолақ мұртты ірі жігіттер. Бәрі де өздерін әлгі шалдай мысқыл пішінді, сайқымазақ адамдарша ұстайды. Омырауларын аша салып, алжа-алжалау келеді. Сырт бейнелері өңшең ірікті жау түсіргіш, ер жылқышылар сияқты. Нарымбет, Арғыман жақтырмай түйіле қарасып еді. Мес солардың бетімен шалдың тобы орналаса бергенде:

— Немене омыраулап, шетіңнен? Ел-жұртты баса-көктеп қайда барасың? — деді.

Шал бұның сөзін сорая қарап тыңдап алып, Нарымбеттерге, кейінгі қарулы жігіттерге қарап алып, қатты сөйлеп:

— Е, қу дала, қу медиен дөңнің басын да қызғанамысың бізден. Бұл араға саған әкеп табақ тартатын кісі жоқ көрінеді. Сыбағаңды жемейміз, отыра бер әрман! — деді. Қасындағы жұрт ду күлді.

Асқар, Абай және шетте жырағырақ жерге отырған орта жасты қабақ сақал зор дауысты Орман қалжың айтады.

— Уа, Асқар, мақұл айтасың. Мырзанікі төр болғанда, малайдікі дөң басы емес пе десеңші! — дейді. Тағы күлкі. Асқар басын шұлғып, иек қағып, аузын ашып, үнсіз күледі. Тісі жоқ. Екі езуінде екі ақ ұрт бар... Соған көзін сығырайта күлімсіреп отырып, ойнап мазақтап:

— Сал көзіңді, ашық дөң басына! Ерте шық, түсте шық, кешке шық, уа, түнде шық! Күзет малды! — деп дөң басын осы жылқышы, қойшы бізге-ақ бұйрып қоймаппең? Енді бұл кеш бұны да көп көрдің бе? — дейді.

Азғана жұрт күледі. Жиренше түк естімегендей сыздана шертиіп отыр. Танау қағады. Нарымбет, Мес бар, қасындағы жігіттер бар, тыжырынып, жиырылып қалады... Нарымбет қасындағы кең жауырын, суық қабақ, қылжақ бет Ботпай күлгендерге суық қарап, күжілдеп үн қатып:

— Уай, жарқыным, жетті! Болды!.. Еһе-еһе, еһе-еһе! — деп ұқсата мазақтайды. Нарымбет кісілері күледі. — Айт пен тойың емес. Күлкі күйлеп келгеніміз жоқ. Тек отыр, арман! — дейді.

— Е, күлкің келмесе, жылай бер ендеше!

— Біздің аузымызға сен иемедің?

— О несі? Күшіңді үйіңде айт! — деп, Асқарды, Орманды қостаған жұпыны киімді көпшілік әр жерден үн береді.

* * *
Жиын тағы қаптап келіп жатыр.

— Би қайда?

— Сырттан қайда бұл?

— Не ғып кешікті! — десіп Жиренше, Нарымбеттер күбірлейді.

— Сырттан ақсақал неғып кешікті? — деп Абай да асығып айнала қарайды.

Абай үйінде Еркежан Қарлығашты шақырып, төсек жанына апарып:

— Шеш киіміңді! — дейді. Қарлығаш күліп жайнап шешініп, еркекше шалбар киеді. Шашын басып тымақ киген. Сырғасын алып лақтырып тастайды. Әбден киініп шымылдық ішінен күле шығып, қолына сарала қамшының сабын сәнмен алып, мықынына таянып тұрып:

— Ассалаумағалейкум!.. Мал-жан, қора-қопсы аман ба? — деп күліп қояды.

Еркежан салқын түсте, қабағы қатыңқы, күрсіне түсіп:

— Күлкіні қой, Қарлығаш!.. Күлерлік күн бе?.. Тек бар айтқандарын ұғып, естіп отыр. Түгел ұғып ал. Жеткіз бізге,— дейді.

Еркежан қасында бірнеше уайым басқан қартаң бәйбіше, жас қатындар қабақтарын түйе қарайды. Еркежан Қарлығашты жөнелтіп жатып: — Көкпайды тап! Қасыңда бол соның! —дейді. Қарлығаш бұлаңдап, сәнденіп, ойнақшып кете барады.

* * * Қарлығаш дөң басындағы топ ішін саспай аралап, Көкпайды қарап жүр. Бойлай-бойлай қарап қояды. Жаңағы жұрт қазір жым-жырт. Төменгі қарулы және кедейлер, көпшілік жақ томсарыңқы. Қарлығаш бір кезде Көкпайды көрді. Орта жолда біреуді басып кетіп, ол қағып жібереді. Қарлығаш ұяла күле қарап өте береді. Біреудің иығынан аттай бергенде етегінен тартып бүріп алады. Жалынған сыпайы, жақсы жүзбен ашушаң шалды да арқаға қағып тағы өте береді. Терлеп-тепшіп Көкпай қасына жетіп, иығынан қағып қалып:

— Әрі отыр, балам!.. — дейді, жуандатқан даусын Көкпай байқамай ығысады да, Қарлығашты танып, бетін әйелдерше шымшып:

— Ойбай, бетім, сорақы! Сені кім шақырды!? — дейді. Абай жаққа қарайды екеуі де. Қарлығаш Көкпайды иығынан жұлқып өзіне бұрып:

— Үндеме, керегім бар, естимін! — дейді.

Көкпай тамсанып та, тамашалай да қарап:

— Ел ел болғалы ердің құны кесілетін дауға ең алғаш қатысатын сен боларсың. Бұ не масқара!? Жиреншеге айтсам ғой, тамтығың қалмайды қазір! — дейді.

— Осындай қорлықты көзі көріп, іші білсе де, жанға айтпай жасырып қалатын ең бірінші намыссыз еркек те сен боларсың! — дейді Қарлығаш күліп.

Осы кезде қастарындағы жұрт:

— Тоқта!

— Отыр!.. Би! Би келді!

— Билер келеді.

— Отыр!.. Тыныш отыр.

— Даурықпа! Би кеп қалды! — деседі.

Төмендегі жұрттың бәрі дөң басына қарай қадала, анталай қараған. Дөң басындағы Абайлар, Жиренше, Арғымандар да сол бір жаққа бет бұрған! Үнсіз тосып қалысқан. Енді дөң басында отырған барлық үлкендер жиыны — Абай, Жиренше, Керім, Нарымбет, Арғымандар бір сәтте тегіс дүрк-дүрк түрекелісті.

— Би!

— Би келеді!.. — десіп төмендегі жиын да орнынан тұрып аңырып қалысады. — Би! Би келеді! – дескен сыбыр, шолақ-шолақ күбір таудың төбесінен етегіне жетіп, етектен қайтадан дүр-дүр етіп дөң басына қарап:

— Би, би келіп қалды! — деп, толқи сыбырлай, сусылдай жүйткиді. Дәл осы шақта көк дөңнің тап биік басына қарай шығып келе жатқан үп-үшкір қос құлақ көрінеді. Жұрт қайран.

Енді бір сәтте күміс жүгенді ақ аттың қос құлағы, шоқпардай кекілі көрініп, содан әрі жылжи-жылжи кеп басы көрінеді. Күміс жүген жарқ-жұрқ етеді. Аттың басы жиынға амандасқандай шұлғи түсіп тоқырап қалды. Екі құлағы ойға, халыққа таман шаншыла қарап, төмендегі жиынға оқтай қадалған. Ойдағы биге қарай таң қалған, аңыраған жұрттың пішіндері. Би! Би келеді! Сырттағы қатты сыбыр. Енді ақ ат ілгерілей түсті. Ат үстіндегі Сырттанның омырауы, аппақ үлкен сақалы екі айырыла түсіп шалқып келген. Дөң басында қақ жарылып отырған Абай, Жиренше тобының тап ортасынан кеп шығып, Сырттан аттан түседі, әуелі ойдағы, айналадағы жиынға суық көзін болжай салып, паңдықпен сығырая қарап тұрып қалады. Жұрт түрекеп тұр. Үнсіз. Сырттан алда. Соның арт жағынан он шақты атты тақап келді. Өңшең ақ сақалды мен денелі, үлкен, күміс кіселі қарттар!.. Көпшілік баран атты. Тап орта тұста, аттың басын өзгелерден оздырып, ақсақалын жайып салып, жиынға қарамай жіті бастырып келе жатқан Сырттан астында үйдей аппақ аты бар. Жұрттың бәрі қадала сескене қарағандай.

— Өңшең аптал жүйріктер!..

— Бәрі де қатал билер!

— Бәрінен де Сырттан суық!.. — десіп Көкпай, Қарлығаш қасындағы жиын, томсара қарайды.

— Көкпай-ай, түстері қандай суық еді!.. — деп Қарлығаш Көкпайға қарай ығыса түседі.

Аздан соң қарттың ерні болымсыз қыбыр етті.

Екі жағынан Жиренше мен Керім кеп, бірі аттың ауыздығын ұстап, бірі қолтығынан алып үлкен құрметпен, еппен түсірді. Атты кейін алып кетісті. Екі би екі жағынан қолтықтап кеп, ең биік орынға отырғызды. Үстінде аппақ кебентайы бар, ақ елтірі тымақты, ақ сақалды, аппақ. Бір тамам жиыннан жоғары, жалғыз, оқшау, тап биік ортаға отырды. Арт жағын орай, ере келген басқа ақсақалдар орналасқан. Солардың ішінде суық жүзбен томсарған Тәкежан. Сырттан жайланып отырысымен жұрт жым-жырт ойдан дөң басына шейін демін ішіне тартып қалып, қатып қарай қалған. Сырттан қос қолын халыққа таман көтеріп бата қылатындай баяу созып сөз бастап кетті.

— Ей, ағайынды-қарындас! Күн райы бұзылды. Бейбіт елдің бейқам көшін көремісің? Қай сорға кетіп барады? Отқа түсе ме, опқа бата ма, қайда әкетіп барасың! Тату едің, тәтті едің, қарға тамырлы қарындас ең. Кер кезеңде керісіп тұрғаның мынау. Не тығырыққа қамалдық? Қиялап шығар жол бар ма? Әлде заман азды, заң тозды дермісің? Бірақ қисайта қылыш сермейсің, кессең өз қолыңды кесерсің. Кімді мәнсұқ етерсің? Кесір насырға шапсын ба? Жо, телегей толқын сабасына түссін бе? Барар бетің немене? Алдыңды тостым, ағайын...

Жиренше. Тағы да тас қияда қағысып тұрмыз. Тағыдайын шайқастық. Төменде, құзда "қанды басың бері тарт" деп құлағанды тосып, түпсіз терең тұңғиық тұр. Тұрсын солай, болсын солай. Бас пәлесі емес, ел пәлесі. Кімнен шықты, неден шықты? Неден шықса да, елді аямас қатыбас тастан шықты. Заман азды деймісің? Заман азған жоқ. Күн орнынан шығады, ай орнына батады. Заң азды деймісің? Заң азған жоқ, баланың аты бала, бөрінің күшігі емес. Қатынның аты қатын, қаншық емес. Ел азды деймісің, ел азған жоқ. Атам — қазақ, руым — Тобықты. Абай, елімді аздыра алмаймын. Ендеше, бүгін қолымдағы жесірімді алатын, ертең қойнымдағы қатынымды алам дер. Мұның аты кім? Ел қауына өрт қойған қас емей, кім осы? "Мен қастық деп" кеп тұрса, қасқара шаппас нем қалды? Қан болмай неге жіберем? Шабыспай неге шайлығам? Уытын жаяр у сойқы, тамырын жұлмай қалам ба?.. Талабым талғау емес, байлауым біреу... ел бүлігі сұм — екеуі де өледі... Өлгенде ат құйрығына байлап тұрып, сүйрете тартып жөнелтсін. Ит жемес боп өлсін. Ұл-қызым көзі көрсін. Керім. Қазақ, қазақ дейсің-ау, жер-жаһанға көзің сал. Қазақ та адам баласы. Қалың адам баласынан қазақтың қасқасы бөлек емес. Заман азбасын. Бірақ заманның күні-түні бар. Бәйшешек атқан сәуірі, сықырлаған қарлы, суық қаңтары бар. Бар кәрі саған ұқсаса, сен аязды қаңтарсың. Бар жас бірден тыныс етсе – ол сәуірдің таң шапағы. Қабысармысың, ұғысармысың? Мөңкімей тұрып, мойның бұр. Жас дәуреннің шамшырағы, махаббат дегенді естіп пе ең, я ұмыттың ба? Ләйлі мен Мәжнүн, Жүсіп пен Зылиха, Көрпеш пен Баян және ана Баймағамбет айтады: Ромео мен Джульетта. Сол шерлердің қанды зарын естігенде, қай адамның қабырғасы қайыспайды? Тобықты емес, шүршіт бол, шіміркенбей тыңдаған бар ма? Ажар бар да Айдар бар. Ажар жетім еді, жетім қозы түртіншек. Кім бастайды, қайдан бастайды. Ажарға не кінә бар? Балық басынан... не десең де Айдарды айтарсың... Бірақ Айдар кім еді? Айдар — елдің Айдары, көп торының ішінде ақты-бозды жүйрігі, қайтіп қолың батады? Рас, алтын ерің атқа батса, талқан қыл да отқа жақ дерсің, ұя бұзды, шідер үзді, ортама от тастады дерсің Айдарды. Бірақ Айдар кім еді? Айдар — елдің думаны. Қайтіп отқа қиясың?.. Рас, шеттен келсе шебіме тиіп несі бар, дос болса бедел сақтамас па еді? Ата-бабам әруағына, ағайынның ұйтқысына қас боп келді... келді де бұзды. Бірді бұзды, елді бұзды дерсің Айдарды. Бірақ Айдар ақының... асылың... Ол жас емес пе?.. Жастық албырт емес пе? Намысымды таптады дерсің Айдарды, не демек керек... Бірақ Айдар ақын... Албырт, қайтіп қиясың?.. Жиренше (кекесінмен күліп). Айтар сөзің албырт қой. Албыртса, тегі тергеу жоқ қой? Адамды қой, албыртқанмен, хайуан екеш хайуан да артын ойлайды ғой. Екі мысық қарықса, ол да адамның панасын іздеп келеді. Өзге мысық таламаса деп қара тартады. Ол екеш ол да жалтақтайды ғой. Керім. Жиренше, сіз үлкен кісісіз. Жол айтуым жөні жоқ, бірақ біздің бастан тарақ қалғалы қашан деп таз қыз айтыпты ғой, сол тәрізді ұмытқан нәрсеңізді қозғап қайтесіз? Болмаса, сүйіскен жастың жүрегінде не бар, басыңда не қалды, оны ұғар едіңіз. Жалғыз-ақ зәу шайтан өш мысықтан өзің қысылған шағында маған кел дер ем. Не керек. Ұмытыпсың ғой. Жиренше. Мен ұмытшақ емеспін. Сендер орыс боп барасың, оны да ұмытпаймын. Не деген азат Ажар, оны да ұмытпаймын. Қайда бастайсың елімді. Шеркеуге ме? Нарымбет, Мес, қарулы қол. Қозданып кетеді. Қамшылар қымтап, ұмтылысып қалады. Асқар тобы кес-кестей береді. Керім. Бұтаға қорғалаған торғай да аман қалмаушы ма еді? Айдар шеттен келген жалғыз жан еді. Зығыр жеп кеп еді. Абайды қорғалап келмеп пе еді? Абайды қорғаласа, әруақты ел деп, сені қорғалап келгені емес пе? Абайдың абыройын қайтесің? Абай елдің Абайы емес пе еді? Кімнің сағын сындырасың? Жиренше. Мен алысты сүзбейін, осы елдің кешегі көз алдынан өткенін, өз ішінен іздейін. Мамырды бұзып Қалқаман тап бүгінгідей шайқағанда, Әнет бабам, осы елдің әулие, кәрі бабасы, не ғып еді? Бұзақысың деп Көкенайдың садағына байлап бермеп пе еді? Арғын мен Найманды тап бүгінгідей Еңлік пен Кебек бүлдіргенде, бергі атам — қабілетті Қабекең не қып еді? Өз билігімен екеуін де мойындарына арқан тағып өлтірмеп пе еді? Сол Қалқаман, Кебек осал жандар ма еді? Ақын дейсің, Қалқаман, Кебектен асыл ма? Олар бұл елдің бұрын маңдайына бітпеген еңіреген ері емес пе еді? Бөтен емес, өзі еді, ет-бауыры еді. Ел тыныштығы үшін сонысын да аяп па еді?..

Керім. Аяныш.
Жиренше. Аяныш па? Жауапкер сендерсің...

Нарымбет қолы қозданып үрбіп кетеді. Халық әр жерден жақтырмай: — Отыр! Басыл... өрекпіме! — дейді. Қызу күшейген.

Керім үнсіз.

— Абай... Нарымбеттер сөйлетпейді. Қызу.

Сырттан сөз береді.
Абай. Халық емес билік айтқан.
Нарымбет. Ат мініп жадауыр деме.

Күлкі. Асқар екі ұртын тышқан тісіндей ақситып үнсіз күледі. Орман маңындағылар куәлік айтады. Пара алған.

Қарлығаш күледі... — Шайға қанбайды асылында... Бес самауырды жалғыз ішеді.
Көкпай. Қайдан білесің?
Қарлығаш. Өзім құйып бергем.
Абай. Кім шығады?

Бұрын баяу отырған халық енді қозданып, жан біте бастайды.

Абай. Ей, Жиренше, Қалқаман мен Кебекті айттың, Әнет пенен Кеңгірбайды айттың, текке айтқан жоқсың. Табандап тұрып, тап жығарым деп айттың. Жасағыңа өлі әруақты жиып кепсің. Өткенді айтып өктейсің кеп. Қойшысы ұйқыда, қойы қасқырмен бірге өрген күні еді демексің. Солай ма екен? Сен айтқанды айтты ма екен, сол өткен күннің халқы? Сен айтқанды айтты ма екен, мына бүгінгі ұрпақ, мынау отырған халайық? Айтпайды, үйткені өткені үшін күңіренген халық бұл халық. Өткен күннің қаттыларын, қаталдығын даттайсың. Қаттылық бір мен екіде, халықта ма еді? Сол қаттылар не көміп, нені егіп кетті... Қараңғылық, надандықты көмбе қып кетті. Еккенің тікен болса, орарың балауса болмас. Нені мұра қып кетті? Ұлына тұсау, қызына ноқта кидіріп, құл мен күң етіп кетті халықтың жас ұрпағын. Жиренше. Е, Абай, алыстағы атадан, Әнет бабаң, Кеңгірбайдан безіп шықтың ғой. Атаны қояйын, ал бірақ кешегі Құнекеңді — өзің туған әкеңді қайда қоясың? Тап осындай Қодар мен Қамқаны — ел бүлігі екі сұмды, нар түйеге мойындарынан қосақтап астырып өлтірген дәл сенің өз әкең емес пе еді? Ел сұмдықтан тыйылсын, көріп көзі қансын, түңіліп көңілі шайылсын деп істемеп пе еді? Сенің әкеңді мен өз көргеніммен куә етейін. Бұған не дейсің? Тіпті әкең ғана емес, өзіңді және куә етейін, бала күнінде менімен ере барып, тап өз көзіңмен көрген сен емес пе едің? Абай емес пе едің? Абай. Бәрекелді, көргемін, көргенім анық. Жақсы айттың. Ендеше, сол сұмдықты көргендіктен әлі күнге есіме түссе, ет жүрегім қан жылайды. Сол сұмдықты көргендіктен бүгін Айдар мен Ажардың тілеуін тілеп кеп отырмын. Оны сен де көрген едің, Жиренше, бірақ тағы да қисайта айтып, теріс айтып отырсың. Түйеге асып өлтірген еді дейсің. Сол ғана ма еді. Түйеге асып, соның артынан құз басынан құлатып, ақырында қырық рудың адамына қырық кесек атқызып, таспен мылжалап өлтіріп еді. Неге сүйтті? Қодарға тағылған кінә — шын кінә емес, жала еді. Ақ-қарасына жетпей-ақ өлтіру керек болды. Соның жауабын жалғыз алмай, көпке жаймақ үшін қырық атаның баласы өз қолдарымен кесек атты. Сол кесек атқанның бәрі де Қодарды өлтірушілер еді. Онда сенің атаң, Жиренше, сенің әкең, Оразбай, сенің атаң, Нарымбет, баршасы да бар еді. Бастығы — менің әкем. Ал осы әкелерді ақтаймын ба мен? Ей, халайық, біл міне, куә бол, ақтамаймын, қайта "ақ еді" деп жанын берсе, Жиренше берсін. Мен болсам, сол әкемнің және Жиренше, Оразбай, сендердің әкелеріңнің сол күнәлары үшін мына халық алдында қарыздармын деп санаймын. Ол қарызым — адамшылық, әділет қарызы; қарыздармын, халық, сенің алдында! Әлім жетсе, қолымнан келсе, сол қарызымды ақтамақпын... Бүгінгі елдің жетім қызы, жалқы жігіті, сені ақтасам, сол Әнет, Кеңгірбай, Құнанбайлар сияқты, келер ұрпақтан қарғыс алмаймын деп ақтаймын... Байлауым сол, өлтірем деген сөз жойылсын! Екі жастың тілеуін оңғарсын... Малмен тарқар түйінге мен жан, малмен жауаптымын. Сөзім осы, халайық... Ал енді мынау қария кесігін айтсын.

Жиренше. Сол ата-баба жолындамыз, олар заманы дұрыс заман.
Абай (қысқа). Неліктен, несімен дұрыс заман.

Жиренше. Өзгені қойғанда олар заманы пайғамбар заманына жақын. Заман өткен сайын сен сияқтылар көп шығып, елді аздырып, заманды тоздыра бермек. Сондықтан зарлы. Абай. Е, Жиренше, құдайдың рақымына алыс-жақын жоқ. Алатаудың басы күнге жақын, бірақ басында айықпас мұз, жібімес тоң жатады. Бауырында алма мәуе өсіп жан иесін қарқ қылады. Сенің аталарың пайғамбарға өз әкесінен жақын емес. Ол бар мұсылман бәріне мәлім кәпір болған дейді. (Жұрт қарқ күледі.)

— Қарыздармын. Халық... өз әкем үшін, мыналардың әкесі үшін де...

Орман. Бүгін халық сені тыңдап отыр, қария.

Сырттан. Айтылар сөз айтылды ғой... Мынау сақал-шашымның ағында, төрімнен көрім жуық шағымда қол-басыма қара жамылып, сақал-шашым күнәға батып, нақақ қанды мойныма жүктеп, құдай алдына не деп барам?.. Барар дәрменім жоқ... Сол екі сұм ит те болса, тірі болсын.

Дауыстар. Уа, айтқаның келсін!.. Бәсе!.. Дегенің болсын!.. Тілеуің берсін! Халық дүр еткен қуанышты. — Шүйінші! (Қарлығаш жүгіреді. Ылғи жұртқа оралып, жығылып, қайта тұра жүгіріп, таяқ жеп, сүйінші деп қақтығып жүреді.) Абай (Керімге). Неге мойып қалдың? Жарықтың бәрі гүлді әпере бере ме? Жеңілдім деп жасыма. Тегеурінің жетіле келе, Жиреншені әлі-ақ талай жеңерсің. Көтер қолыңды!

Керім. Абай аға, өзімді-өзім кешпестей түңіліп тұрмын.

Нарымбет (Абайға). Билік бітті, бір жеңіп берді. Бітті, тынды жаулық дейсің ғой. Шын үлкен жаулық, айықпас жаулық енді басталды. Ант етемін осымен. Абай. Ант етпеймін, серт етейін. Басыңа билік бітіртпеймін. Шын билік енді басталды. Ол осы ақынды үкімге байлаған мінездер туралы жыр жасайтын билік!.. Ей, халық, куә бол. Біліп қой. Енді өткен мінез, бөгде мінезге ақын айтқан, жырдың айтқан билігін есітесіңдер енді. Көкпай, шап Айдарға, алып кел. Біткен жырымен алып кел халыққа, — дейді. Жиренше, Нарымбет Кеңгірбай бейітінің басында құран оқып, бата қып болып, Нарымбет қолымен ақсарбас қойды бауыздайды. Қанына қол малысады. — Кек. — Бастарына тас көтеріседі. — Кек. Аяу білмес ашу.

VІ бөлім

Арғыман асығады. — Қайда, қайда Әлизаде? Тұтқын.—Тәкежанды қысады. Стражниктер жеткен. — Қайда? — Абайға билік аяғында өлердей өшіге, қызыға қарасады. Арғыман, стражниктер. Әлизадені, Баймағамбетті қолдарын таңып, ортаға алған бес атшабар ыстық күнде шыжып қайнап жүріп келді. Әлизаде ән салып, өлең айтып келе жатыр.

Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал
Қалмады елге тығындап, –

деген өлеңді айтып келеді. Бес атшабардың үлкені зор қара, қаба сақал Тайқар. Құлақ салып, артта жалғыз ақсиып күліп келеді.

Болды да партия,
Ел іші жарылды.
Өзге атшабарлар да тыңдап келеді.

— Дәл біздің болыс.

— Ол емес, дәл әкесі. 15 жыл болғанда осымен болды ғой.

— Оны айтамысыңдар? Біздің Абралы болысы да осы ғой.

Болыстың көті шөмейді...
Қарқылдап күліседі атшабарлар. Әлизаде мен Тайқар әңгімелесіп келеді.

— Абай айтқан деймісің? Жарықтық қалай-қалай тауып айтқан?

Баймағамбет: — Тілесең Абай сендей атарман, шабарман, бас кесерлерді де айтқан, – дейді.

— Қой мені неғысын?

— Сен басшы боп тұрсың ғой. Қол-аяғымызды байлап. Сыпайы, жақсы екен. Абайдың көз алдына барарсың, бәлем, Ыбырай, осылай байлап...

— Е, Абай сендерді не қысын, біз қашқынды...

— Абайдың осы қашқын досы болса қайтесің...

— Досы? Абайдың ба? Бұлар бір елдің еңіреген азаматы.

Тайқар Әлизадеге қарап басын шұлғып:

— Е-е... Бәсе, бұ қайдан біледі десем. Солай ма едің, жігітім!?

Тайқар қасындағы атшабарларға:

— Пай-пай, мына күн қызар болды-ау! Ел бар ма? Ел қайда, ойбай, ел қайда? — дейді.

— Бәсе, ел қайда? Шөлдедік, қажыдық қой, — деп жас атшабар жалына қарайды.

— Тоқта! — деп Тайқар бұйрық еткен. Төрт атшабарға екі жақтағы төрт бел биіктерін көрсетіп: — Сен анаған, сен анаған. Уа, сен анаған барып қарауылдап, ел бар ма біліп келіңдер. Жүре алмаймыз мына күнде, өлеміз бе? Ел тауып келіңдер! Бар, шап! — дейді.

Төрт атшабар төрт жаққа шауып кеткен.

Тайқар тұтқындарды тоқтатады. Аттан өзі бұрын түсіп, мынау екеудің де қолдарын шешеді. Аттан түсіреді.

— Жатайық... ұйықтайық! Келіңдер, ұйықтаңдар! – дейді.

Баймағамбет, Әлизаде таң қалысып, бір-біріне қарайды. Жатқан болады. Тайқар қорылдап жатыр. Баймағамбет Әлизадені түртті. Тайқарды нұсқайды. Ұйқыға кетті дейді.

Әлизаде кейін қарайды, екеуі ыммен сөйлеседі. Қашпақ сияқты. Баймағамбет Тайқарды бағып, үстіне төніп тұр. Әлизаде басын шайқайды. Ұйықтамаған дегендей. Бірақ аттарды ыңғайлай бастайды. Баймағамбет Тайқарды бағып тұр, бір нәрсені болжағандай. Әлизадеге көзін қысып, басын шайқап, күле қарап Тайқарға:

Уай, осы сен ұйықтап отырсың ғой!? — дейді.
Тайқар меңірене түседі:

– Әрине! — деп қояды. Әлизаде сескеніп қалады. Баймағамбет міз бақпайды.

Ендеше, түк сезбепсің ғой, ә?

– Әрине...

Екі қашқын аттарын жетектеп, Тайқардың басына келеді. Баймағамбет шылбырды босатып шешіп алып келіп, Тайқарға:

– Уай, ендеше ұйықтап жатқанда қол-аяғыңды байлап кетсек жақсы болды ғой! Ә? — дейді.

Тайқар:

– Әрине! Абайға сәлем де!.. — дейді.

Баймағамбет, Әлизаде тездетіп өтірік ұйықтап жатқан Тайқардың қол-аяғын байлаған.

Аттарына мініп алып, жарыса жөнеледі.
* * *

Той күні. Қатарлап тігілген көп үлкен, кестелі ақ үйлер. Топты мәнді киінген қыз-келіншек бір үйлерден шығып, бір үйлерге кіріп, күлкі, қуанышпен аралап жүр. Қарлығаш бастаған бір топ келіншек кестелі ақ үйге кірді. Шымылдық ішінде Ажар. Оның жүзі бақыт, қуанышпен жадыраған. Қарлығаш қасына келіп оралып... барлық әйелдер қоршап басына сәукеле кигізіп жатады. Тыста аттылар табақ тартып жүр. Көп қатар ақ үйлердің алдында күтушілер. Етке толы табақтар, қымызға толы тегенелер, бос тостаған, подностар лып етіп жатыр. Үйлер, үйлер толы үлкендер, қарттар, ортада Сырттан қымыз ішіп, қызара бөртеді. Екінші үйде жастар, оларда күлкілі қызу қымыз, қымыз ішіліп жатыр. Домбырамен әндер шырқайды. Далада, әсем көгалда сансыз көп атшылар, теңге алысады. Екпіндеп ұшқан жасау жүйрік аттармен серке тартылып жүр. Күрес, аударыс жасау бір топ жүр. Қалың топ көкпар артынан жел қуған өрттей шалқып алыс белге жосып кетіп, ауылдарына қарай қайта дүркірейді. Тұра қалып серке тартысады. Ұйлығып, үйіліп тұрысып қалып, тағы қос аттылар жұрттан тартып алып, шығып оза жөнеледі.

Үйдегі үлкен жиын арасында, Сырттан жиынында Абай.

— Енді жыр айтылсын!

—Бәсе, жыр, Айдар жыры бар деп ең, Абай. Соны айтқызайық.

— Айтқызыңдар. Келтіртіңдер Айдарды! Қайда Айдар... — деседі. Абай сүйсіне күледі.

Әйелдер ортасында Еркежан.

— Жыр! Жырын айтқызайық. Жақсы жыр жазыпты дейді тұтқында.

— Айтсын жырын, тойына айтпай қайда айтады.

— Айтқыз жырын, Еркежан! — деп бәйбішелер, қартаң қатындар Еркежанды қоршайды.

* * * Оңаша сұлу, жасаулы отау ішінде Айдар, Долгополов, Керім, Әбіш, Көкпай. Айдар қағазына қарап отырып, көптен айтып отырған сияқты. Терлеп қиналып, соңғы тынар жерін созып кеп әнін, жырын бітірді.

Көкпай сүйсініп кеп:

— Қайырлы болсын, ақылыңнан, өнеріңнен айналдым. Ақтадың Абай ағам ұстаздығын! – деп кеп Айдармен сүйіседі.

Долгополов, Әбіштер де құшақтайды. Керім суық. Ашумен қарайды Айдарға. Көкпайларға мазақ ете, мысқылдай қарайды.

Әбіш осыны байқап Керімге:

— Жә, Керім, сен не дедің!.. – дейді.

Керім ашулы: — Бұл қиянат. Елге, елдікке істеген қиянат! Тобықты — менің туған елім, аруақты асыл ел. Оның атасы Кеңгірбайды қабан деп қорлаған сен, Айдар, жатсың.

— Не дейсің Керім... Ендеше, барыңды жеткізіп айт! — деп Айдар қадалып жауап күтеді.

— Барым сол, жесірін бір алып, әруағын екі қорлайтын, ұрпаққа таңбалап беріп қорлайтын жаумедің сен? Айт жөніңді, — дейді.

Долгополов салқын, баяу үнмен:

— Керім, ең үлгі, басшы болатын ақын атаның ғана ұлы емес, елдің ұлы. Көрмеппең, білмеушімең?

— Жоқ, мен елдің ұлы болу үшін, әуел атаның да жақсы ұлы болу керек деген жолдамын.

Айдар ызалы: — Ендеше, шынға шын орай болсын. Сен билікте неге тоқтаған сырыңды да осымен аштым десеңші. Қайран Абай, саған да сеніп жүр-ау.

— Елден елді айырып ең, енді ағадан ініні айыруың қалды ма? Пәлесі болдың, сен бұл елдің.

— Сен аздың, ақын жолынан, ақ жолдан аздың. Қорқып, бықсып аздың.

— Айтқызбаймын бұл жырды, таратпаймын халыққа, айтып көр бүгін. Қарғыс! Қарғысы атар Кеңгірбайдың.

Әбіш: — Тоқтаңдар! — дейді.

Долгополов: — Ендеше, бұл жырды алдымен Абай тыңдау керек. Жарыққа бастаған жаңа жол әрқашан осындай қарсылық, ереуіл көрмей жүрмейтін, жасыма, Айдар! Берік бол жолыңа. Бірақ Абай тыңдасын! – дейді.

Керім ашумен үнсіз қостап:

— Бәсе, тыңдасын Абай ағам. Ол рұқсат етпейді. Етпеу керек бұл жырды. Таратпау керек, жырлаумен біздің жолдан елді үркітетін пәле жырла демейді.

— Болды, байлау сол! Тыңдасын Абай ағам! — дейді.

* * * Жастардың қалың жиыны керней берді. Үйді кернеп, лық толтырып басып барады. Жабықтан қарайды. Әрберден соң үзікті тіліп қарайды. Кернеген жұрттың тыңдағаны Айдар жыры. Ортада Абай, шәкірттері. Айдар домбырамен қостай түсіп, соғып отыр.

Мен көрем кешегі өткен ел күйігін...

Керім, Сырттан, Тәкежан, Жиреншелер жирене тыңдайды. Шалдар көбейген. Ашулы, ызалы жұрт молайған. Ән тоқтады. Алыстан, ауыл сыртынан, ауылды үй-үйлер арасынан жастар, балалар, қыз-келіншек, кәрілер, малшы-құлаң ағылып, ағылып келе жатыр.

— Жыр... Тамаша жыр!

— Айдар жыры.

— Жаңа жыр.

— Тыңдаймыз. Айтсын. Халыққа айтсын! — деп кернеп келеді. Ән аяқталды.

Сырттағы Жиренше, Тәкежандар үйдің үзігін сыпырып тастайды. Ашулы ақсиған тістер, арандай ашылған ауыздар айғайлап:

— Масқара...

— Әруақты қор еткен қастық бұл.

— Қарғыс!.. Қарғыс атсын бұл жыр иесін! — дейді. Жастар, үйдегі халық, сырттағы момын көпшілік таң қалған. Аңырған. Ашу жөнін түгел ұқпайды.

— Айт, Абай, жауабыңды. Кім айтқызды бұлай деп? — деп шал тепсінеді.

— Сен не дейсің осыған? Білемісің бұл сөзін, айт бірге, еліңе! — деп Тәкежан ентелейді керегеден.

Жастар жосылып жол береді. Сырттан шалдарды бастап үйге кірді... Түрекеп тұр, суық түсті.

— Абай, ағайын сенен жауап күтеді. Айт жауабыңды. Атамыз Кеңгірбайды қиянатқа салған мынаның өзі ме? Жоқ па? Аманмын де? Айт амандығыңды осы пәледен, Абай? — дейді.

Абайға барлық жиын ентелей қарап қалған. Жастар үмітпен қараған. Жаны ашып болыса қарағандар да бар.

Абай саспай, аса салмақты дана жүзбен жұртқа қарады:

— Уай, елім, жұртым! Менен жауап тілеймісің бұл жыр туралы? Ол жауапты менің өз жолымнан саған, сенің жасыңа, кәріңе айтқан көп мұңды баяу сөзімнен ұқпаппең, білмеппең!? Білсең керек еді. Бірақ жауап тілепсің... Айттым ендеше, міні. Тыңда, жұрт. Тыңда, жария ақсақал. Тыңда сен, Тәкежан. Ей, Жиренше, сен де тыңда! Тыңда да біліп ал, — дейді. Қалтасынан қағаз алып, халыққа қадала қарап тұрып соншалық ірі, өр, дана жүзбен өлең оқиды:

Адамның кейбір кездері,
Көңілде алаң басылсаны оқып кеп:

Жек көрсеңдер өзің біл! — дегенді соншалық қатты сындай, берік соққыдай айтып шығады. Қарттар үнсіз. Сырттан томсарып шыға береді. Керім шошынып, жиреніштен шошынып, жағасын ұстап кейін шегініп, шегініп кетеді. Жиреншелер үнсіз тістеніп, ернін шайнап қалған. Жалт беріп тап бергісі келгенде, жастар ду етіп, қуанышпен, жайнайды. Гу-гу еткен, аспанға атқан алғыс, қуаныш үні. Айдарды қолтықтап көтеріп алған. Түтіккен, түйілген жүзі бар Керім Арғыманмен бетпе-бет шаншыла қарасып тұр. Арғыман Керім күйін ұққан. Іштей, жасырындау ырзалықпен:

— Айтпаппем! — дейді. Керім сөйлеме дегендей төне түседі:

— Қолыңнан келер болса, әлің жетер болса, кетір, тез кетір Долгополовты осы ауылдан. Кетір Абай қасынан сол залалды бөтенді! Дертімді өзіміз емдейміз. Ол доңыздың жәрдемінсіз емдейміз. Кетір! — дейді.

Толғанып, қиналып тұрған қол, екінші қолдан у сауытын алды. Алған қолда алтын жүзік бар. Сауыт қытайдың қамыс сауыты. Сыртында ақ айдаһар суреті ойылған. Осы сауыт алтын сақиналы қолда. Алда қымыз. Тұнып түнеріп, тістеніп отырған Керім. Уды қымызға салды.

Даладан ентігіп, терлеп, омырауын ағытып келген Айдардың алдынан түрекеліп:

— Айдар, сен жеңдің. Абай ағам мен жаңағы халық мені саған жеңіп берді. Дұрыстығыңа көзімді жеткізді, — дейді.

Айдар қуанып құшақтай алады. Сүйеді Керімді.

— Уф, бір дертім тағы да арылды ғой! Қуанттың ғой! — дейді. — Шөлдегенімді де жаңа білдім! Қымыз ба, мынау! — дейді.

— Мә, іш! — деп, қымызды ұсынады Керім. Айдар ішіп жатқанда Керім бетін бұрып, қатты шошынып, тітіреп тұрып барып, жүріп кетеді.

* * * Жасаулы үйде сүйек төсек үстінде қатты ауру, әлсіз Айдар жатыр. Қасына Абай, Ажар, Еркежан төсектің аяқ жағына ала шымылдыққа жанасып тақап кеп қарап тұр. Долгополов қарап жатыр. Қарап болып, дәрі берді. Айдар іше алмайды.

Қарлығаш қасықпен тамызады.

Айдар Абайға қолын созып: – Абай аға, жан аға, жақын ғой. Қолың созшы! – дейді. Долгополов асығыс анализ жасайды. Өзінде қатты күдік, сескену бар. Ажар, Еркежан шошынып жылайды. Абай Айдар қасына төніп тұр. Ажар шошынып, ұмтылып кеп:

— Қаралы аспан басымда еді. Жалғыз көрген жарым, сен де тастап кетпекпісің мен сорлыны! — Айдар Ажардың бетіне алақанын төсеп:

— Жанып тұрған отқа бірге түсіп ең. Сенімен көрген күнім өмірімнің жапа-жалғыз шаттық күні еді. Тек жалғыз ғана күн болғаны несі? Не дейін, сорлы сүйгенім.

Абай сенделткен ауыр қайғыда.

— Қанатым! Келер күнге қалдырар жалғыз үмітім! Айдарым менің! Не болмақ сенсіз артым?! Дүние-ау, сен не деген қызғаншақ, зұлым едің...

Ауыр күрсініп, айнала береді. Абайға қарай, ерекше қобалжыған, қиналған күйде Долгополов қозғалады.

— Абай!..

— Немене, үміт бар ма биттей!? Досым! — дейді Абай.

— Құтқар, құтқара көріңіз! — деп, Ажар жалынады Долгополовқа.

Долгополов Абайды ымдағандай оқшау шақырады.
Айдар әлсіреп есінен айырылған. Сұлқ, үнсіз, қозғалыссыз жатыр.
Абай, Долгополов...

— Абай, әл жи! Құр жылама. Айдардікі ауру емес. Қастық. Айдар уланған! — дейді.

Абай: — Уланған!.. Айдарым! Сен уланғансың. Қасың кім? Аямас қара албасты қасым кім менің? Үй іші түгел білген. Керім, Көкпай, Еркежан — бәрі үріккен сыбыр, шошынған, жиренген күй үстінде. Айдар үзіліп барады. Ажар жылап жабысып құшақтап бүк түскен. Үй іші, тыстағы жұрт, барлық әйелдер, балалар, жігіт, азамат, қария, кемпірлер шұбап келіп, тіксініп шошынып, үнсіз ауыр мұңға батқан. Халықтың ауыр күрсінісі сияқты боп, кешегі ел думаны Айдарды бүгін қимаған, ауыр қайғы белгісі боп, талай аналар, әкелер көзінен жастар шығады. Ел күрсініп күңіренгендей:

— Алтын арай жырың қайда?

— Арманды Айдар! Бауырым!

— Асыл ұлан!

— Еңіретпеші еліңді! — дескен зар үндер келеді.

Абай есін жиып, ел қайғысына қарап, екі көзі шарасынан шыққандай боп қатты қадалып, сенделткен ойды меңгере-меңгере барады да... Бір сәтте, Әбдірахман, Көкпайды көріп:

— Шақыр! Жи! Шапшаң жи кешегі Айдар үкімінде болған елді. Айтарым бар! Қазір айтар, білдірер сөзім бар. Жеткіз маған барлық мен деген халықты, — дейді. Көкпайлар жөнелте бергенде:

— Шақырт кешегі болған Сырттанды, айыптаушы болған Жиреншені, бәрін шақырт. Бері әпкел халық алдына! Айдарым... бүгін жыламаймын мен. Алысамын сенің ғазіз басың үшін! Өзгелер жыласын. Мен әуелі алысып жағаласамын сен үшін! — дейді, салқын қайратпен.

Бетін берік ұстап кеп, Айдардың маңдайынан сүйіп, тесіле қарап тұрды да, бетін басып үйден шығады.

* * * Кешегі көк төбеге халық жиылған. Лық толы. Төбеге қарай, қақ жарылған халықтың ортасымен Абай мұңды, уланған жүзбен жанға қарамай жалғыз басып келеді. Төбе басына шықты. Оқшау жалғыз тұр. Сөйлеп тұр.

— ...У берілген Айдарға! Улатып өлтірген дұспан, ол дұспан Айдардың ғана дұспаны емес. Менің де, сенің де дұспаның, халық. Қараңғының досы. Жарықтың қасы, жат дұспан. Сенің бүгінгі буың, келер ұрпағыңның қасы! Жоқта, менімен бірге... Жаула, менімен бірге, жауыңды! — дейді.

Жұрт: — У, уланған!

— Айдарға у берген!

— Не деген сұмдық! Қандай жауыз!? — деп күңіренгендей боп сеңдей соғылысып, Абайға қарай ентелей қаптай жылжып келеді. Әр сөзін жүздеген үндер қайырып айтып, кек қайнап ілгері басып келеді. Қысылғандай, кірерге жер таппағандай Жиренше төмен қарап басылып барады. Қасында Сырттан салқын түйіліп, шошынғандай тіксініп тұр. Соған ығысатын сияқты.

— Айт, ата жаудың атын, Абай.

— Абай аға, көрсет бізге жауыңды! — деп жас жігіттер жақындай кеп Жиреншеге оқты көздермен қарасады. Көкпай осы топтың ең ортасында. Бір кезде ұмтыла беріп:

— Е-й, халайық. Тыңда... Тыңда менің сөзімді! — дейді.

Жұрт үнсіз қадалып тосып қалған.

— Айыпкер, жауапкерді іздейсің. Мен нұсқаймын сол жаудың жүзіне. Өзі істеді, өзі болмаса сол уды берген қол кімнің қолы екенін біледі. Тергет, жұртым, жұрт екенің рас болса! — дейді.

— Айт, айт. Көрсет соны! — деп жаңағы жігіттер тағы ентелейді.

Абай суық қайратпен Көкпайға қадалып тұр.
Көкпай секіргендей қозғалыс жасап, ентелеп кеп, Жиреншені дәлдеп нұсқап:

— Кеше өлімін тілеген. Осы халық бәрінің алдында өлсін деген кім еді? Мынау. Міні! Терге осыны! – деп Жиреншеге кезеп тұрып нұсқай береді.

Жиреншені жұрт тап беріп қоршап қысып, қамап алған. Тапап түтіп тастағалы өшігіп тұр. Жиренше айналасына, қамауға түскен қасқырдай күжірейіп, сұрланып, ашулана қарап алып:

— Тоқтат әрман. Біл жөніңді! — дейді.

— Жоқ, бер жауапты! Сен... сен білесің! — деп кеп, үш жігіт жағадан ала түседі.

Жиренше айғайлап:

— Тоқтат, Сырттан ақсақал! — дейді. Сырттан қолын көтеріп, жігіттерге тоқта дегендей белгі етеді.

Үнсіз тынған халық алдында Жиренше Абайға қарай аттай басып:

— Ей, Абай, айт өз аузыңмен, айт. Шынымен-ақ у берген мен деймісің? Көзім жетті деп айталамысың! Бер жауабымды! — дейді.

Абай Жиреншеге қадала қарап тұрып:

— Жаныңды бер. Жан иманыңмен ант ет. Болмаса сөзіңе сенбеймін, Жиренше, – дейді.

— Бер антыңды. Бер жаныңды. Айт, ақ болсын? — деп халық қаптай түседі. Жиренше енді ызалы, кекті жүзбен:

— Шулама шетіңнен. Сенбедің бе сөзіме. Менбекем арын, иманын сатар. Бірақ жауапты бәріңе бермеймін, көп шуылдақ. Алсын тергеуді мына Сырттан! — дейді.

Абай тер байлап, жалт еткен көзін жігіттерге, Сырттанға тастап алып:

— Бердім Сырттанға! Көзін жеткіз қарияның. Жаныңды бер де ақтал сол кісінің алдында. Бірақ қазір, қазір осы халық алдында көзім жеткіз ақтығыңа! — дейді.

— Қазір!

— Берсін қазір жауабын! — деп жұрт қостайды.

Жиренше, Сырттан бөлініп дөң басына оқшау барған.

Жиренше сөйлеп, Сырттан тыңдап отыр. Халық алысырақта аңдып, қадалап бағып отыр. Бір кезде Сырттан жағасын ұстады сескеніп. Жұрт селт еткендей, дүр етті.

— Тапты! Айтылды. Неде болса бір шындық айтылды, — дейді Көкпай.

Аздан соң Сырттан орнынан тұрады. Жастар Жиреншете қарай тағы тап береді. Сырттан қолын көтереді:

— Тимеңдер бұл жанға! — дейді.

Халық жұмбақ күйде түсінбей жым-жырт, сенімсіз түсте қалған. Сырттан Абайды, Жиреншені, Көкпай, Керімді әрқайсысына жүр деп белгі етіп артынан ертеді. Үйге кіреді. Айдар жаңа үзіліп кеткен. Қатындар жылауда, үй іші зар. Үлкендер кіргенде жасты көздер шерге толы, бұларға қарамайды. Ақырын күңіренуде.

Сырттан төрге келіп, Айдардың жүзін ашып, маңдайынан сүйіп:

— Асыл бауыр, арманды бауырым, қош! Қиянат әкеткен, қара жүзді зұлымдық әкеткен бауырым, қош. Кімнен сенің қазаң? Білсін әруағың. Біл, халайық. Біл, адал елім, жирен залымнан, қара албастыдан, жирен, жұртым, пәлекеттен! Көр, біл, міне, оның жүзін, — дейді. Тыстағы, үйдегі жұрт барлығы ентелеп басып үнсіз қатып тынып қалған.

Сырттан басын биік көтеріп, қатты ашулы, кәрлі жүзбен қарғыс сияқты қып үн қатады.

— Өлтіруші алыстың жауы емес. Жақыннан шыққан. Қойныңдағы қара шұбар жыланнан келген бұл ажал. Міні, сені өлтірген жау! — деп Керімді нұсқайды.

Үй іші дауыл қуған селдей сықырлап, лықсып толқып кетеді. Керім жұрттың талқысында... кергісінде... тымақ ұшты, тақия ұшты, киім дал-дұл. Сүйретіліп алып кетеді. Бір жерде Көкпай, Әбіш Арғыманды жағадан алып жұлқып соғып, қамшымен дүрені соғып-соғып халыққа береді. Жігіттер кителін талқан еткен, шашын жұлады. Бір кезде жалаң аяқ, жалаң бас дірдектетіп қуып, сабап айдап барады.

* * * Абай жалғыз. Зарда. Жап-жалғыз, күнбатысқа қарай жұтаң сары дөңнен үнсіз, ессіз сияқтанып сенделіп, ғазапқа түсіп, асып барады. Көзінен кесек-кесек жас домалап түсіп, буырыл мұртына, ағарған сақалына бырс-бырс тамады.

— Жалғызбын мен. Бірін әділетсіз өлім алып кетті, бірін қараңғы жауыздық ертіп әкпетті. Кім қалды? Неге қалдым мен жалғыз!?. Тағы жалғыз!.. — деп сенделгендей кетіп барады.

* * * Осы дертті сұрақтың жауабы сияқты боп, бір шолақ сурет көрінеді. Әлизаде, Баймағамбет.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙