TELEGEI

Home

Бәсеке (Әбіш Кекілбаев)

Әбіш Кекілбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Бәсеке (Әбіш Кекілбаев)

1965 жылы жазылған «Бәсеке» повесі Әбіш Кекілбаевтың жанрлық ізденісінің жаңа бір қырын танытады. Зерттеушілер бұл шығарманы ертегі-повесть жанрына жатқызады. Жазушы ертегі фабуласын повестің сюжетіне айналдыруда көркем шығарманың өзіндік заңдылықтарына сүйенген. «Бәсеке» повесіндегі фабулалық уа...

КІРІСПЕ

Ана махаббаты, дәлірегі – оның жетіспеушілігі туралы көпшілікке танымал спектакльден шыққаннан кейін мен театрдан метро вагонымен келе жаттым. Шешесінің баласын тастап кетуіне қатысты тақырыпты талайлар қаузады. Иә, бұл драма өмірде жиі ұшырасады, бірақ, шын мәнінде, тым сорақы қылық емес, өйткені, онша айқын көрінбейтін, сондықтан да оған көп көңіл аудара қоймайтын басқа бір драма бар: бұл – ана махаббатының арнасын асып-төгілетін шағы, сол кезде ол адамдарға әлдеқайда көп қиындықтар алып келеді. Вагон ішінде отырғанда мен нақ осы жөнінде ойладым. Ымырт үйірілген шақ, адамдардың қарасы аз. Спектакльдің жүз жылдан аса қойылып келе жатқанына және белгілі қаламгер жазғанына қарамастан, қойылымды қарап шыққаннан кейін тақырыптың әлі толықтай ашылмағанына көңілім құлази берді. Сол жерде «балама» спектакль идеясы бас көтере бастады. Иә, тек идея ғана – оны жүзеге асырудың қандай да бір жоспары болған жоқ. Біріншіден, мен ешқашанда драматургияны өз ыңғайым санаған емеспін. Екіншіден, басқа мәселелердің жүгін арқалап жүргендіктен, бұл тақырыпқа тереңдеуге мұрғам жоқ еді. Дегенмен, осы спектакльді өзімнің жаза алатыныма сенімділік барын сезіндім, өйткені, маған тақырып, тіпті, басқаша, әлдеқайда қайғылылау әрі әлдеқайда ауқымдылау қырынан жете таныс... Кенет аялдамадан бұрынғы бір пациентіме егіздің сыңарындай ұқсас әйел мінгені! Бірнеше жыл бұрынғы, маған алып келген кездегі киген қап-қара киімі бар. Әлгі әйел ұлынан айырылып, екі жылдан бері қайғыдан қан жұтып жүр екен. Жарқырап күлгенді, жадырап жүргенді көргісі келмейтін – өйткені, ұлы өлді ғой! Бұл қиын жағдай еді – оны ешкім құсадан құтқара алмаған екен, ал менің ұшаққа мінуге екі сағаттай уақытым қалды. Мен қайғының басты себебін түсініп, оны түйсігіне жеткізе білгендіктен, оның өмірге қайтып оралуына көмектесе алдым. Осы уақиға өмір бойы есімде қалды. Ойтүрткі тақырыптың жанды да маңызды екенін, оның мәнісін ашып, адамдардың санасына жеткізу керектігін аңғарту үшін, міне, сол әйел метро вагонына кіріп келді. Әрине, бұл баяғы әйел емес еді. Мен Жазмыштың әрнәрсенің қыбын тауып, қиюын келтіре қоятын шеберлігіне әлдеқашаннан таңғалуды қойғанмын. Бұл маған енді айқын ишара еді, сөйтіп, жұмысқа кірісіп кеттім. «Жанды ойлар» кітабына арналған «Ана махаббаты» тарауы осылай жазылған-тұғын. Бірнеше жыл өтті, осы уақыт аралығында бұл тақырып әлсін-әлі бас көтере берді. Көптеген жаңа мысал жинақталды, мен тақырыпты тереңірек зерттей түстім, ал «Әлем – менің жан-дүниемде» сериясының кезекті кітабын жазуға ниеттенген шақта тағы бірнеше рет белгі берілді, солар не туралы жазатыныма күмән қалдырмады. Жалпы, шамадан тыс, асып-төгілген ана махаббатының мысалдары жетіп артылады. Тіпті, күн сайын кездеседі. Бұл –шындығында жаппай етек жайған құбылыс, Сіз осы кітапты оқып отырған кезде көз алдыңызда өтіп жатқан уақиғаларға түбірлей қарап, осы проблемаға жан-жағынан үңіле аласыз. Мысалы, «Семь дней» журналы поштамен келгені және оның мұқабасына: «Ольга Петровна: «Мен тек ұлым үшін өмір сүремін» деп жазылғаны – белгі емей, немене?!. Мұның да таралымы миллион данадан асады. Мен енді әлгі ұлдың тағдыры қалай болатынын біліп тұрмын. Е, жарайды, бұл Ольганың жеке мәселесі ғой дейік, бірақ оның мына дүниетанымы даңғайыр аудиторияға таралады, ол да көпшілікке үлгі болуы мүмкін ғой. Және де бұған ештеңе қарсы тұрып, қайырым жасамайды, ешкім тап осындай миллиондаған таралыммен оның өз ұлын құртып жатқанын айта алмайды! Миллиондаған адамды теледидардың алдына жинайтын «Менің отбасым» атты телехабар да шектен тыс, шамадан артық ана махаббатының бәрін құртып, бүлдіретін әсері барын тілге тиек етпейді. Бұл жөнінде, сірә, арнаулы психологиялық әдебиеттен басқа, ешкім жұмған аузын ашпайды, тіпті, арнаулы басылымдар да мәселенің тереңіне бойлай бермейді. Кітап жазу үшін Озёра қаласына «шығармашылық сапарға» аттанар күні С. қаласынан хат алдым, онда бір әйел он екі жасар ұлынан айырылғаны жөнінде жазыпты. Хат жолдары әйелдің қайғысынан қайысып тұр, ұзын-ырғасынан ұққаным: баланың әкесінен бес жыл бұрын ажырасып кетіпті, себебі, «ол ішімдікке салына бастаған». Хаттан ұлына өлшеусіз махаббаты және оны қызғыштай қоритыны аңғарылып тұр. Әйел кез келген нәрсеге қатысты «біз» дейді: «біз емделдік», «біз былай жасадық...», тап осылай кете береді. Қайғылы жағдайға душар еткен шамадан артық, асып-төгілген аналық махаббаттың кәдуілгі көрінісі көз алдымызда тұрды. Осы хат соңғы түрткі болды, соның алдында маған басқаша бір белгі берілген еді. Мәскеуде Аналардың бірінші халықаралық конгресіне бардым. Ол «Құтқарушы Христ храмы» соборының залында өтті. Бәрі: сәулетті зал да, қаптаған шетел делегациялары да, өкілетті қонақтар да, сөйлеушілердің маңызды тақырыптары да, форумның жоғары мәртебесі де өте салиқалы көрінді. Осы конгресте сөз сөйлеуге шақырғандықтан, «Ана махаббаты – мәселенің кері әсері» деген тақырыпты қаузауға ұйғардым. Менің топшылағанымдай, сөйлеушілердің бәрі тек ана махаббатының бір жағы туралы, ананың зор рөлі жайында ғана айтты да, ешкім әйелдің рөлі жөнінде де, еркек пен жұбайлардың рөлі жөнінде де тіс жармады. Құдды бүкіл тірлік тек ана болуға, олардың махаббатына ғана байланып қалған сияқты. Тіпті, православие рухбаны өз сөзінде: «Ау, еркектерді қайда жібердіңіздер сонда?» деп қалды. Жиналысты жүргізіп отырған психология профессоры сөз кезегімді ақырын кері шегере берді, өйткені бұл әйел баяндамаммен таныс әрі менің ұстанымыммен келіспейтін еді. Мен онысын байқап, өзім жөнінде құлағдар еттім. Ақырында ол маған сөз кезегін беріп, мынадай уәжбен алдымды орағытып өтті: «Қазір мен бір адамға сөз беремін, оның пікірімен әсте келіспейтін шығарсыздар, әйтсе де шыдамдылық танытып, тыңдап шығыңыздар» деді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, сол арқылы ол қалғып-мүлгіп отырған аудиторияны оятып, менің сөзіме қызығушылығын туындатты. Бір таңғаларлығы, шамадан артық ана махаббатының орасан зияндылығы туралы, құндылықтар жүйесінде бірінші орында балаға емес, ата-аналардың бір-біріне сүйіспеншілігі тұруға тиістігі туралы жағымды әсер етті! Бұл мені қуантты. Бірақ, жүргізуші әйел беріле қоймайды. Ол менің сөзімнің негізгі постулаттарын дауысқа салды (тосын жағдай!) да азшылық болып қалды – мың жарым адамдық аудиториядан небары екі адам (өзі және көмекшісі) ғана «қарсы» дауыс берді! Мен өз зерттеулерімнің дұрыс бағытпен бара жатқанына, аналық махаббаттың теріс жағы да бар екенін жұрттың көбі іштей түйсінетініне, тек соны мына өмірде іске асыру керектігіне көз жеткіздім. Бұл кітап осылай дүниеге келді. Шамадан артық ана махаббаты тақырыбының жаһандық сипаты бар, тек кей халықта ол басқаларына қарағанда әлсіздеу көрінеді, бірақ ол бәрібір жоғалып кетпейді әрі әлемдегі толып жатқан проблемаларды туындатады. Отбасындағы ұсақ кикілжің мен ажырасулардан бастап балалардың өлім-жітімі мен күрделі әлеуметтік қақтығыстарға және қансоқта соғыстарға дейінгі проблемалар – міне, басты себебі асып-төгілген ана махаббаты болып шығатын жағдаяттардың бір парасы осылар. Теріске шығаруға асықпаңыз! Оқып шығыңыз, ойланыңыз, күнделікті тұрмысты бажайлап көріңіз, сонда менімен ләппай келісіп, өзіңіз де осы айтылған сөзге дәлел табасыз. Бұл дүниеге көзқарасыңызды түбірінен өзгертіп, Сіз данагөй бола түсесіз. Ал, енді ең бастысы, Сіз теріске шығармай, тақырыпқа шығармашылық тұрғыдан келе алсаңыз, онда өзіңіздің және балаларыңыздың өміріндегі көп нәрсені жақсы жағына қарай өзгерте аласыз.

АНА БОЛУ ЖӘНЕ МАХАББАТ

Ананың ойы – ұяда,
Баланың ойы – қияда

Пойызға мінген сайын қызықты кездесулер болып жатады. Вагонның тап-тар купесінде барокамерадағыдай 2-4 адам бірнеше сағат бойы қамалып отырады, соның арқасында ашыла әңгімелесуге жағдай жасалады. Жазмышта маған оқып-үйренуге, тәжірибе жинап, адамдарға көмектесуге әртүрлі жай-ахуалдарды ұсынады. Мен бұған дейін талай жол хикаяларын жаздым. Олар, негізінде, қарапайым, әдеттегідей болады, тек өзіне даңғайыр даналықты дарыта келеді. Міне, осы жолы да купеде әңгіме өрбіді. Надежда (сапарласымды осылай атайды) Мәскеуге бара жатты.

– Балақайыма барамын, ол әскери училищені бітіреді.

– Сөз саптауыңызға қарағанда, «балақай» енді 22-23 жаста шығар. Үлкен «балақай» ғой, ал Сіз оны әлі кішірейте, еркелетіп атайсыз.

– Иә, ол маған өмірімнің ақырына шейін кішкентай күйінде қалады! Өйткені, менің перзентім ғой. Оның үстіне, кенже бала, иә, оны тап солай «менің кішкентайым» деп атаймын.

Мен Жазмыштың тағы да өзіме шамадан артық, шектен тыс ана махаббатының үйреншікті үлгісін ұсынғанын түсіндім де, әлгі әйелмен әңгімемді жалғастыра түстім:

– Қызық екен, Сіз баланы еркексіз қалай тудыңыз? Неге «біздің» емес, «менің балақаным» дейсіз?

– Иә, әрине, күйеуім оның дүниеге келуіне атсалысты, онсыз бола ма, бірақ мен баланы өзімдікі санауға үйреніп кеткенмін, оның үстіне күйеуіммен арақатынасым нашарлап кетті, ол арақ ішеді ылғи. Аналардың бәрі «менің балам» дейді ғой.

– Иә, шынында да, аналардың көбі балалары жөнінде солай айтатыны рас. Құдайға шүкір, бәрі емес, әйтеуір! Айтайын дегенім: шешесі баланы «біздікі» емес, «өзімдікі» деп атаса, осының өзі-ақ отбасындағы қарым-қатынастың қандай екенін аңғартатынын, тіпті, баланың тағдыры қалай қалыптасарын көрсетететінін талай байқадым. Бұл қарапайым сынақтама тәрізді, тек әрқашанда дәл шығады әрі өте дәйекті көріністі көз алдыңа әкеледі.

Ал, күйеуіңізбен қарым-қатынасыңыздың нашар болатын себебі: Сіз үшін өмірдегі ең басты құндылық – балаларыңыз. Иә, қойнындағы жарының өзіне ілтипаты жоқ болғандықтан, әйелдік энергиясын күйеуін ардақтауға емес, ас та төк аналық сүйіспеншілікке айналдырып алғандықтан, еркектер жиі арақ ішеді. Міне, содан олар маскүнемдікке салынып, қыдырымпаздық жолына түседі.

– Маған өмірдегі ең ардақты нәрсе – балаларым. Солар үшін ғана өмір сүремін. Басқаша қалай болуы мүмкін, егер де бұлаңқұйрық біреу емес, шын мәнінде ана болса, кез келген әйел үшін балалары бәрінен де қымбат тұрады. Ана баласы үшін өмірін де қияды.

– Құдайға шүкір, жұрттың бәрі бұлай ойламайды, әйтпесе, Жер бетіндегі саналы тірлік әлдеқашан тоқтап қалар еді. Иә, басқаша ойлап, мынау пәнидегі ең басты нәрсе – балалар емес, ерлі-зайыптылар, яғни, жарасымды жұбайлар деп есептейтіндердің арқасында Жер бетіндегі тіршілік әлі жалғасып келеді, – міне, ең үлкен құндылық осы, өйткені, олар Он сегіз мың да бір ғаламдағы ең жасампаз күшті – махаббатты қолдан жасайды, олар тіршілікке – дем, тұрмысқа мән береді. Еркек пен әйел, қосақтар – ең басты, құндылық!

– Жә, қайдағы «қосақ»! Күйеуі аузы құрғамай арақ ішкен жерде қандай махаббат пен қосақ жайында сөз болуы мүмкін. Ол балалардың тірлігіне, жалпы үйдің шаруасына жүдә көңіл бөлмейді, сондықтан бүкіл ауыртпалықты мен арқалаймын.

– Айтыңызшы, сонда Сіздің өміріңіз осылай басталып па еді? Бұрын ол Сізге ұнамады ма? Сонда не, ол алғашқы күннен іше бастады ма? Шындығында, ол Сіздің қасыңызда жүріп солай болды ғой, демек, Сіз де оның «өрлеуіне» өз үлесіңізді қостыңыз.

– Онымен тіл табысу бастапқы кезден оңай болған жоқ. Ол өзінің шешесіне қатты байланып қалған, шешесі де біздің тірлігімізге ұдайы араласып, қия бастырмады.

– Міне, көріп тұрсыз ба, өмірдің өзі-ақ баланың анасы қатты байланып қалуы оның келешек өміріне кесел келтіретінінің мысалын көрсетіп тұр ғой. Енеңіздің қателігін неге қайталайсыз ендеше, сол жолмен кетіп бара жатқаныңызды көрмейсіз бе енді? Бәрін айт та, бірін айт, Сіз балаларыңызға басыңызбен байланып, тастай қатып қалғансыз, оларды да алдарынан әке тағдыры күтіп тұр. Өйткені, балаларға өзіңде барды ғана бересің! Міне, күйеуіңіз екеуіңіз де оларға өз бастарыңыздағы проблемалардың жалғасын қалдырасыздар.

Міне, біз осы ыңғайда әңгіме өрбіттік. Мен көп әйелдің шамамен осылай сөйлейтінін білемін. Жол ұзақ еді. Әр нәрсенің басын шалып, оның бүкіл өмірін талқыға салдық. Надежда көлденең көзқарастың, бұған қоса, психолог пайымының арқасында өзі және өзінің өмірі хақында көп нәрсені ұғып қалды. Сол әйел осы әңгімеден сабақ алып, өміріндегі әлденелерді жақсы жағына қарай өзгерткен шығар, өйткені, оны маған бекер жолықтырған жоқ қой деп үміттенемін. Мен бүкіл әңгіме арқауын тарқатып жатпаймын, өйткені, кітап сол бір тақырып – еркек пен әйелдің қарым-қатынасы, балалар мен ата-аналар, әлбетте, махаббат туралы баяндайды. Мен де адамдардың өмірдегі алуан түрлі жай-ахуалдарда соншалықты ұқсас қателіктерге жол беріп, тек содан соң пайда болған проблемаларға күйініп, бармай тістейтіндеріне талай көз жеткіздім. Сондықтан, сөзді созбақтамай, тақырыптың тереңіне бойлай бастайық. Өмір тура күн сайын үлгілер мен сабақтар түріндегі тіршілік түйткілдерін алға тартып, адамдарды тұрақты тәлімдеп келеді. Кейбір сабақтары өте байыпты, олардың арасында көптеген тартысты, тіпті, қайғылы жағдаяттар да ұшырасып қалады. Балалар мінген автобус жол апатына ұшырады, перзентханада бөбектерге айықпас ауру жұқтырды, балалар үйі өртеніп, жеткіншектер қаза тапты, аквапарктің нақ балалар жүрген бөлігінің шатыры құлап түсті, балалар мінген ұшақ қирады, терроршылар мектепті басып алды, балаларды зорлап, өлтіріп тастады... Осы тақілеттес хабарлар жыл сайын қаптап шығады. Көп баланың ауырып өлетінін, су айдындарына батып кететінін, машинаның астына түсіп қалатынын, тіпті, қараптан-қарап із-түзсіз жоғалатынын айтып жатпай-ақ та қояйық. Неге балалар өледі? Олар тіршіліктен тым ерте, тіпті, қайғылы жағдайда кететіндей мына дүниеде не істеп қойды, қандай күнә жасап үлгерді? Қайғылы оқиғадан сабақ алу қиын, иә, біз алмаймыз да, ал, бірақ, қайғыға қайғы жамылып, сабақ қайталана береді. Балалар жеке-жеке және тобымен үсті-үстіне өліп жатады. Телехабарлар мен газеттер осы сабақтарды бүкіл әлемге жария етеді, жар салады, бірақ мына біз бәрібір бастан өтіп жатқан уақиғаның басты қағидатын түсінгіміз келмейді. Ал, осынау қорқынышты сабақтар біздің әрқайсымызға арналған ғой! Енді, міне, олар біздің жанымызда болып, жақын-жуықтарымызға тиіп жатыр. Сыңайына қарағанда, мұндай сабақтардың әлі жалғаса беретін түрі бар, өйткені, адамдардың ой-санасы баяу өзгеруде. Бала атаулы ажал құшқан кезде, мейлі, тіпті бөтен болса да, ақылды сабырға сүйеп, болып жатқан оқиғаның себептеріне байыптай қарау әсте қиын. Бұл үшін ой-сананың өрісін кеңейту қажет-ақ. Иә, саналылықтың, парасаттылықтың биігінде өмір сүретін кез келді, әйтпесе, проблемалар қордалана береді де, адамдардың өмірден «түсініксіз» себептермен кетуі көбейе түседі. Өмірден өтіп бара жатқан баланың жаны қиналмайды, ата-анасы қиналады. Бұл оларға, сондай-ақ, олардың жақын-жуықтарына, осы трагедияны білетін жандарға да айықпастай қайғы жамайды. Осындай қасіретті оқиғадан адамдардың әрқайсысы қандай сабақ алуға тиіс? Ең маңыздысы әрі ең қиыны – болған оқиғаның себептерін түсіне білу. Басқалардан гөрі мына менің балаларынан айырылып қалған ата-аналармен талай тілдесіп, осындай қайғыға душар еткен себептерді індете іздестіруіме тура келді. Міне, енді сол көп жылдық тәжірибем басты себеп ата-аналардың балаларына шамадан тыс сүйіспеншілік сезіммен қарауында, яғни, құндылықтар жүйесін шектен тыс бұрмалауында жатқанын көрсетіп отыр. Ата-ананың, көбінесе, шешенің шектен тыс, шамадан артық сүйіспеншілік сезімі үлкенді-кішілі трагедиялардың себебі болып табылатыны біреулерге сенімсіздеу көрінуі мүмкін. Терістеуге асықпаңыз, мен нақ солай екенін дәлелдеп шығуға тырысамын. Менің дәлелдеріме мойынұсынып, түсіністікпен қабыл алғандар өз өмірін өзгертті. Бұл аз десеңіз, баласын жоғалта жаздағандар мәселенің мәнін түсіну арқылы ғана ұрпағын аман сақтап қала алады! Айтылған себептің айқындығын растайтын мұндай мысалдар жетіп артылады. «Библиядағы» Ибрагимнің өз ұлын Құдайға құрбандыққа шалуға алып келетін көрінісінің рәміздік сипаты бар. Осы тәмсіл кенен даналықты өзек еткен. Адамзатқа құндылықтардың ақиқи жүйесін қалпына келтіру ғибратталады: ең басты байлық балалар емес, Жаратушы Ие, яғни, Махаббат дейді. Бұл сабақ адамзат баласына мыңдаған жылдар бұрын берілді, ал соны ұққандар көп пе? Жұрттың көпшілігі балаларды өмірдегі ең үлкен құндылыққа балайды. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ата-аналарға басқа түскен қайғылы жағдайдың себептерін түсіндіру өте қиын. Тек біршама уақыт өткеннен кейін ғана олар бірдеңе түсініп, амал жасай алады. Ондай трагедиялар болмауы үшін, ата-аналар соншама қиналмауы үшін, кәнеки, бұл мәселеге мейлінше тереңірек үңілейік. Адамдар балаларға қатысты проблемалардың шынайы себептерін неғұрлым көбірек сезінген сайын тек әлгі адамдарда ғана емес, басқаларымыздың да басымыздағы қиындықтар соғұрлым аз болады. Қасиетті кітапта айтқандай, өзіңді құтқара алсаң, өзгелерді де құтқарасың. Тірліктің мұндай драмалық және трагедиялық спектакльдерінің барлығындағы басты әрекет етуші тұлға аналық сезім болып табылады. Балаларын ес-түссіз жақсы көретін әкелер де кездеседі, бірақ, едәуір сирек. Иә, бұл түсінікті де, өйткені, аналық сезім әйелде екіқабат кезінде оянады да, өзінің тал бойына тың тіршілік біткенін сезіну рахатына және жаңа адамды күту бақытына бөленеді. Ал, одан кейін бөбектің жарық дүниеге келуі, оны алғаш қолына алғандағы таңданысы мен қуанышы, емізуден алатын тұңғиық ләззаты мен қанағаты, оның өз махаббаты мен қамқорлығын қажет ететінін сезіну бақыты жалғасып ала жөнеледі. Осының бәрі аналық сезім мен эмоцияның таңғажайып әрі қайталанбас жиынтығын құрайды. Бұл шынында да солай, аналардың көпшілігі мұны толықтай бастан өткереді. Ана перзентіне өмір сыйлағаннан да көп нәрсе істейді. Ол басқаларға қарағанда баланың мінез-құлқы, дүниетанымы, тағдыры қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Қасиетті ана махаббаты осылай жаралады, ол жөнінде тек көтеріңкі леппен айту салтқа айналған. Аналық махаббатты (Құдай деңгейіне дейін ұмсындыра) асқақтату ауанында оның зияндылығы туралы айту аса қауіпті, бірақ қажет. Адам өміріндегі әйдік кеңістікті алып жататын осы сезімнің екі жағын жете түйсіну әркімге керек. Ана болу дегеніміз – адамзат жаралғаннан оған инстинкт түрінде дарыған бағдарлама. Ол ұрпағын туып, тәрбиелеу үшін қажет. Бұл –жалпы жануарлар әлемнің бағдарламасы, бірақ жан-жануарлардың адамнан айырмашылығы: дербес өмір сүруге төлдерін өз түріне лайықты болып өсулері үшін дер кезінде босатып, тіпті, қуып жібереді. Ал, адамдардың инстинктісіне қоғаммен, діни ағымдармен сабақтасып жататын қосымша қоғамдық бағдарламалар үстеледі. Содан енді аналық сезім әйел өміріндегі басты нәрсеге айналады. Кішкентай кезінен қыз баланың санасына оның ана болуға тиістігі сіңіріледі! Ол төңірегінен тап сондай тірлікті көріп өседі, қоғам да оған тап сондай өмірдің мәнін таңады. Ал, оған бұл дүниеге сүю үшін келгенін ешкім айтпайды! Иә, ол өзін, адамдарды, күйеуін, Жер шарын, өмірді сүюі керек, ал, егер өзі қаласа, осы сүйіспеншіліктің салдары сияқты ана болуы бақыты да бұйыруы әбден мүмкін. Иә, өмір сүрудің басты мақсаты емес, тек салдары ретінде ғана! Ал, талай әйелзаты әйелдік қасиетін ашып үлгерместен ана атана салады. Соның салдарынан олар нағыз әйел де, ана да бола алмайды. Ана махаббаты туралы сөз қозғағанда, оның қасиетті екенін айту салтқа айналған. Бірақ, ана махаббатының теріс жағын ашып айтпайынша, адамдар еркек пен әйелдің, ата-ана мен баланың арақатынасындағы күрделі мәселелерің ақиқатына жете алмайды. Әдебиетте, кинода, театр қойылымдарында ана махаббатынан ада қалған балалардың тақсіреті жөнінде көп айтылады, ал, енді осы мәселенің басқа жағы жөнінде жақ ашпайды. Менің пікірімше, адамдар өз балаларының тағдырын талқан қылатын, тіпті, кейде ажал құштыратын, әйелдердің өздерін ауруға ұшыратып, отбасы мен қоғамды күйрететін шамадан артық ана махаббатының кереғар, қарама-қайшы қырын жете түйсіне бермейді. Оған қоса, әйелдердің көбі бұл жөнінде естігісі де келмейді.

Шектен шыққан, шамадан артық ана махаббаты деген нені білдіреді? Бұл – баланы жақсы көру сезімінің күйеуіне қатысты сүйіспеншіліктен асып кетуі, ананың құндылықтар жүйесінде балалары бірінші орынға шығып, ал әкенің, тіпті, кейде әйелдің өзінің кейінгі орынға ысырылып қалуы.

Ана махаббатының шектен шығушылығын көрсететін белгілі бір критерийлер бар. Бұл, ең алдымен, балалардың ауруы мен ауыр тағдырлары. Екіншіден, күйеуінің мүмкіндігін іске асыра алмауы, оның ауырып қалуы, көбінесе, ішкілікке салынуы. Үшіншіден, отбасылық қарым-қатынастарда қордалы проблемалардың болуы. Одан кейін, тұтастай қоғамда жолы болмаған еркектер мен әйелдердің қаптап кетуі де – шектен шыққан, шамадан артық ана махаббатынан тамыр тартып жатады. Мұның бәрі менің ойдан шығарып, қиял құрастырған нәрсем емес. Төңірекке зер сала қараңыз, сонда Сіз осы уәжімнің көптеген дәлелін көресіз. Айтпақшы, ананың сезімін махаббат деп атауға бола ма, жалпы? Шын мәнінде, онда шынайы махаббат аз ғой. Сондықтан, оны ана сезімі деп атаған дұрысырақ болар еді.

Осы бір залалды сезімнің пайда болуының негізгі себептері неде? Бірінші әрі ең маңызды себебі: әйел өз өмірінің мәнін ұқпайды да, соның салдарынан құндылықтар жүйесі бұзылады. Бұл даулы нәрсе сияқты көрінуі мүмкін, бірақ тиянақты психологиялық талдау нақты осы жәйт басты себеп екенін көрсетті.

Жер бетіне не үшін келгенін жете түсінбеген әйелдер кейде «менің міндетім – бала туу» дер ойлайды. Бәрі осы жаңсақ ойдан басталады – балалары өмірдің мәніне айналады.

Екінші себебі әке-шешелерінің және әже-аталарының бастан өткерген осындай проблемалары болып табылады. Яғни, әдетте, бұл арғы тегінен тамыр тартып, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді.

Үшінші себебі заманауи қоғамның балаларды өмірдегі бірінші орынға қоюға мәжбүрлейтін моральдық ережелері мен дәстүрлері болып табылады. «Қасиетті аналық сезім» ұғымының діни ағымдар арқылы нық наным арқауына айналуымен мәселе күрделене түседі де, бұл дүниетанымның негізі саналады.

Төртінші себебі адамдағы меншіктеу ауанына дарыған ұрғашының табиғи, жабайы сезімі болып саналады. Меншіктену сезімі әйелдің қайтарымды ілтипатқа үмітін үрлейді де, бөбек өз ықыласын ашық түрде көрсетіп қалады, осының өзі-ақ ана мен бала байланысын күшейте түседі. Мұның бәрі басымен байланушылықтың шылбырын ширата еседі, оны ғұмырының соңына дейін үзе алмай өтетіндер көп. Сүйікті баласына қатысты бойына меншіктеу сезімін сіңірмеген әйелзаты ілеу де біреу шығар, сірә. Бұл құлық жұрт аузынан тастамайтын жоғары руханилық қасиеттен жұрдай болады.

Аналық сезімінің бесінші құрамдас бөлігі – аяныш, мүсіркеу. Орыс әйелдерінің еркектерге де, әсіресе, балаларға жан ашығыш келеді. Аяныштан өзін құрбандыққа шалады. Сүйіспеншілігінен гөрі аяныш сезімін білдіру әлдеқайда оңай, сондықтан ол махаббаттың орнын жиі алмастырады. Алайда, ол жан ашып мүсіркеген адамын бүлдіріп, құртып жібереді, оның дамып-жетілуіне кесел келтіреді. Әлсіздерді, сырқаттарды, мүгедектерді аяй отырып, олардың осынау жәй-ахуалын орнықтыра түседі. Адамды аяп, есіркеген сайын оның проблемалары көбейе түседі.

Мұнда осынау жаһандық проблеманың – шамадан артық ана махаббатының негізгі себептері көрсетілген. Оларды өмірде, әр отбасында дерлік жиі ұшырастыруға болады. Солай өмір сүріп келе жатырмыз. Ал, кәне, өмірдің өзінен алынған бір мысалды қарастырайық. Үш адамнан – әкеден, шеше мен баладан құралған кәдуілгі отбасы. Табыстары орташа, ерлі-зайыптының білімдері жоғары, отбасында тату-тәтті қарым-қатынас орнаған: отағасы арақ ішпейді, беталды қыдырмайды, үй ішінде ұрыс-керіс естілмейді. Бала жуас, елгезек болып өсті, мектепте «ойдағыдай» оқыды, топқа қосылмады, темекі тартпады, есірткіге еліккен емес. Әке-шешесі балаға разы болып, тып-тыныш, момақан тірлігі үшін қолпаштап бақты – ол ештеңеден мұқтаждық көрмеді. Жалғыз ұлды жан-жақты қамтамасыз ету үшін олар енді бала тууды ойламады. Өздерінің байланыстары мен қаржылық мүмкіндіктеріне орай оны (ақылы) оқытатын институтты таңдады. Балаға қайда оқыса да бәрібір еді, оның үстіне, бәрінің ақысы төленетіндіктен, ештеңеге қиналып, күш жұмсаудың қажеті де жоқ-тұғын. Студентке ата-анасы «Жигули» сатып алып берді. Өмір сол баяғы тып-тыныш қалпында өтіп жатты. Ұлы бір қызбен тұрғысы келгенде, шешесі: «Үйленген кезде, еркің білсін, бәрі жұрттыкі сияқты болуға тиіс» деді. Институтты бітірер қарсаңында ұл импорттық машина сұрады. Ата-анасы тыраштанып (шешесі банктен кредит алып), туған күніне орай оған су жаңа «БМВ» сыйлады. Мұндай жай-ахуалдың қай жерінен асып-төгілген ана махаббатын көріп тұрсыз дейтін шығарсыз? Иә, баланы аздап еркелеткен шығар, ал кім еркелетпей жатыр? Егер әке-шешесінің мүмкіндігі жететін болса, жалғыз баланы жарқырап жүруіне неге мүмкіндік бермеске? Балалардың әке-шешесінен де жақсы киініп, бірсыпыра артықшылықтар иеленетінін жиі байқауға болады. Алайда, шамадан артық ата-ана сүйіспеншілігіне қатысы бола тұра, бұл – өз алдына бөлек әңгіме. Қалыпты жағдайда мұның бәрін елемеуге болар еді, бірақ бұдан кейін орын алған уақиғалар еріксіз ойлануға жетелейді. Туған күнінде машинаны сыйлыққа алған ұл жүйткіген жылдамдықпен бағанға соғылып, қаза тапты, онымен бірге үш досы опат болды. Жалғыз ұлдан айырылған ата-ананың қасіретін айтып жеткізу мүмкін емес. Ал, шешесі ай сайын баланың ажалына не себеп болғанын есіне түсіріп, бес жыл бойы машина несиесін төлеуіне тура келеді. Неге бұлай болды? Тағдыр неліктен бұл әйелді аяусыз жазалады? «Не үшін?» дейді ана аңырап. Адамдардың да, оқиға болған қаланың да атын атамастан ата-анасының рұқсатымен осы жайтты сипаттап жаздым. Кәнеки, осы бір күрделі жағдайдың жай-жапсарын ұғынып, одан сабақ алуға тырысып көрейікші. Бұл көп адамның өз проблемаларын жете түсінуіне көмектеседі деп үміттенемін. Үй ішінде әйелдің «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болды. Өрталап, жігерлі әйел отбасындағы негізгі мәселелерді, әсіресе, ұлына қатысты шаруаның түйінін өзі шешті. Оған мынау өмірдегі басты құндылық баласы болды. Жазмыштың өзі талай рет табалдырыққа жақындата тұра, екінші баланың үйге кіруіне үзілді-кесілді қарсы тұрды. Иә, ол отбасының, әсіресе, ұлының тірлігін толықтай бақылауға алды. Күйеуі жұмсақ мінезді еді, әйелінің айтқанын мыңқ етпей орындады. Ал, егер соңғы машинаға қатысты қарсылық білдіргеніндей наразы бола қалса, әйелінің тегеурініне төтеп бере алмай, тез илігетін еді. Ол ұрыс шығармауға тырысып, осы күйіне әбден көндігіп алды, мұнысы отбасында тату-тәтті қарым-қатынас орнығуына мүмкіндік берді. Бірақ, жалтақтап, жалпақшешей күн кешкен әкенің ұлы алдында абырой-беделі қалмады. Әкеге қарап өскен ұл әлгі жалтаңкөз ұстанымның пайдалы екенін – неғұрлым аз егессе, соғұрлым көп сыяпат алатынын ерте сезінді. Анасына баласының көнбістігі ұнады, оны сол үшін қошеметтеп, қолпаштай берді. Бірақ, «үндемегеннен үйдей пәле шығады» деп тегін айтпаған ғой. Буырқанған бұла күш-қуат сыртқа шығар саңылау іздеді, ал төңірегін анасының бақылауы мен тыйымдары тұмшалап тұрды. Ол ақыры жол тапты: құпия түрде автожарыспен айналысты. Кәсіби емес, өзі сияқты ерік-жігері езіліп, көңіліне қанағат таппай жүрген бозбалалармен бірге әуесқой спортқа есі кетті, оларға өздерінің ешкімнен кем еместігін дәлелдеу керек еді. Олар милиция болмайтын жол учаскесін тауып алып, еш ережесіз құйын-перен жарысты – оларға психологиялық жағынан «шектеу сызығынан» шығып кету керек болды, бойды кернеген бұла күш соны талап етті. Көз көргендердің айтуынша, бозбала рульді ұстағанда мүлде өзгеріп кетеді екен. Ол басқа: ызақор, қатал адамға айналады. Бұғаудан босап, еркіндікке енді шыққандай еліріп, қауіп-қатерге қарамай жүйтки жөнеледі. Ол шешесімен келе жатқанда жылдамдықты рұқсат етілген 60 немесе 90-нан асырмаған. Қаза болғаннан кейін оның шамамен сағатына 200 км жылдамдықпен келе жатқанын айтқанда, анасы сенбей: «Ол ешқашанда жылдамдықты 90-нан асырған емес!» дей берген. Ол ұлының жай-күйін білмейтін еді. Ұлының ішкі жан-дүниесі анасына беймәлім болды. Оған сыртқы тәртіптілігі ғана керек еді, баласы оны бұлжытпай сақтады. Адуындау ана махаббаты ашық достықты қаламады. Тек бір бағытқа бастайтын қарым-қатынас қалыптасты. Әкесінің бала алдында беделі болмады. Баланың дос тұтқан жалғызы адамы – атасы еді. Жас алшақтығына қарамастан, ол бұнымен дос болды, атасы қайтқан кезде бозбала қатты қайғырып, моласына жиі барып жүрді. Бір туысқан әйел қорым жаққа неге бара беретінін сұрағанында, ол «атаммен әңгімелесуге барамын» деп жауап берген. Оған достық қарым-қатынастың жетіспегені анық еді. Жазмыш жігіттің хал-жағдайы онша емес екенін ескертіп, әке-шешесіне бірнеше рет түрлі белгі берді, бірақ алып-ұшқан ана махаббаты ештеңені елемеді. Сүйіспеншілік неғұрлым күшейген сайын, ана санасына әлденені ұқтыру соғұрлым қиындай түседі. Сондықтан, шеше байғұс ұлының екідай жағдайын, қосқұлық тірлігін, онда шынайы құндылық жоқтығын аңғармады. Өзінің де құндылық жүйесі бүлінген еді, соның салдарынан әйел жәй-ахуалы дәйекті бағамдай алмады да, ескерту жасап, ишаралаған белгілерді естімеді, көрмеді. Бала өлімі – әрқашанда ата-анаға сабақ. Мұндай уақиғалар тек әке-шешесіне емес, сондай-ақ ағайын-тумасына, бүкіл әулетіне, айналасындағы адамдарға да ауыр тиеді. Өкінішке қарай, сондай ауыр сабақтардың өзінен ой түйіп, тәлім жиятындар некен-саяқ. Адамдар өзгенің ғана емес, өзінің қателігінен де тәлім ала қоймайды. Сондықтан, ата-аналар өз балаларынан қапияда айрылып қала берді. Аналық сезімге, мейлі, титімдей болса да, махаббат қуаты дариды, сондықтан, енді махаббат жайында сөз қозғайық. Ал, Махаббаттың өзін жекелеген құбылыстарға бөлшектеп, «ана махаббаты», «долықтық махаббат», «жан-жануарға сүйіспеншілік», «отанға махаббат», «құдайға махаббат» және т.б. тәрізді ұғымдардың пайда болуы неліктен деген сұрақ туындауы мүмкін. Шын мәнінде, мұның бәрі махаббат, бәрі Құдайдың құдіреті – бұл Махаббат болмаса, ештеңе өмір сүре алмайды, қайда барса да, өмірден еш мән таппайды. Бірақ, адамда мына дүниедегінің бәрін оңай өңдеп, бәрін жіктеп-талдайтын құрал бар, ол – парасат, пайым. Пайым оған бәрін тиянақтай түсіндіру, бәріне анықтама беру үшін керек. Ол махаббаты жекелеген құбылыстардың шоғырына бөлшектеп, олардың әрқайсысына анықтама береді. Содан соң тежеліп қалмайды. Махаббат шоғырының әр бөлігіне баға беріп, оған өз көзқарасын қалыптастырады. Мұндай бөлудің шегі Махаббатты адамилыққа және құдайылыққа жіктеу болып табылады. Осылайша, ақыл-ес құдайдан Жазмыштың әлдеқандай бөлігін бөлектеп, оны басқа бір иерархқа береді, одан кейін осы өрескелдікті тігісін жатқыза түсіндіру үшін ақылгөйси бастайды. Содан кейін ақыл барша адамды, барлық уақиғаны, өмірдің бүкіл көріністерін бөледі де, бір-біріне қарсы қояды, содан бөлшектелген дүниенің бөліктері арасында күрес басталады. «Әзәзіл дегеніміз – ақылдың шалығы» деген сөз бекер айтылмаған, ал сонау Ежелгі Рим заманынан бері «Бөліп ал да, билей бер» деген нақыл мәлім – мұның бәрі ақыл-ес, пайымға қатысты шыққан. Қазіргі кезде, Бірлік дәуірінде қайнар бастауға, Махаббаттың бөлшектелмеген қалыбына оралу керек. Пайым бөлінуге алып келді, енді ол бізді осы тығырықтан шығарсын. Ана махаббатын ерекшелеп, оған қасиеттілік мәртебесін дарыту адамды және адамзат нәсілін даңғайыр проблемаларға киліктіретінін түйсіну қажет. Және де осы түйсік Махаббат бірлігіне бастайтын тағы бір қадам болсыншы.

Құдай дегеніміздің өзі – Бірегей Махаббат. Шынайы, ақиқи Махаббат деген осы, ол көп, бірнешеу болуы мүмкін емес, ол шектен тыс күйінде көрінеді деп те айта алмайсың. Демек, балаларға да, ересектерге де ауыртпалықтар алып келетін шамадан артық ана махаббаты дегеннің өзі Құдайдан бөліну екен. Бәлкім, енді осы уәж балаларына шамадан артық, шектен тыс сезімін арнап, өбектей беретіндерді ойландыратын шығар!

Ана сүйіспеншілігі бүкіл сезім шоғырынан ерекшеленіп, Махаббат атаулының барлық бөлігінен үстем тұратындықтан ғана проблемалар туындатпайды. Ол біраз қоспаны: меншіктеу сезімін, бауырына басушылықты, тәкаппарлықты, бала арқылы өзін дәріптеу пиғылын, т.б. бойына жиғандықтан да, соған себепші болады. Сөйтіп, ана махаббатының өзінде махаббат тым аз болып шығады. Сондықтан, «аналық сезім» деп атаған дұрыс. Осы сезімнің құрамдас бөліктерін, қасиетті махаббатты қадырсыз машақатқа айналдыратын қоспаларын да егжей-тегжейлі қарастырамыз. Оған жануарлар әлемінің әлмисақтан келе жатқан ұрқын таратып, ұрпағын жалғастыру интинктісі негіз болады. Адамнан гөрі жан-жануарлар бұл түйсікке мүлтіксіз бағынады, тіпті, өзін құрбандыққа шалудан тайынбайды, ал адам баласы көп жағдайда ақылға жүгініп, амал ойлап, инстинктіні тұншықтырып тастайды. Осыған орай аналардың кейде табиғи түйсікке томпақ келетін тұрпайы әрекеттерге баратын жәйттері жиі кезігеді. Телеарналардың бірінде әлдебір әйелдің қарызынан құтылу үшін бес айлық бөбегін сатқанын хабарлады. Сананың салқыны тимеген таза инстинкті аналық махаббатты ояту үшін қажет.

Санамен тұмшаланбаған инстинкті ана махаббатын туындату үшін қажет. Өзімшіл сезім. Ана баланың бойынан өзінің шешілмеген мәселелердің жалғасын тауып, саналы немесе бейсаналы түрде балаға өз проблемаларын арқалатып қояды. Мысалы, өзі жалғызбасты әйел, бірақ қызының күйеуге шығып, «дұрыс отбасына ие болуын» қалайды. Еркек қасынан табылуы үшін өз басын баптап, күтпеуге мойны жар бермейді немесе жұп құрып, жаңа отбасын құрудан ат-тонын ала қашады, сөйте тұра, осы міндетті қызы арқылы атқарғысы келеді. Бұл барып тұрған өзімшілдіктің өзі – шешесі қызының тұрмыс құру талабын қожыратып жібереді. Баланы қолғанат қылып, соның көмегімен өзінің қарттығын қамтамасыз ету пиғылы да өзімшілдікке жатады.

Меншіктеу сезімі. Әдетте, аналық сезімде осы құрамдас бөлік негізгі орынды иеленеді. «Менің балам», «менің қаным да, жаным да осы» және т.б. деген сөздер әйелдердің аузынан жиі шығып, кесірлі уытын төңірекке жайып жатады. Осынау меншіктену сезіміне бұл кітапта айрықша назар аударамыз. Әйел махаббаты. Иә, әйелзатының өз ұлына нәзік немесе ашық сезімін жиі кездестіруге болады. Одан еркекке ашыла алмай, әдірам қалған махаббаттың лебі есіп тұрады. Бұл отбасында еркек жоқ кезде ғана емес, сондай-ақ ерлі-зайыптының арасында шынайы сүйіспеншілік ахуалы орнамаған немесе арақатынастары нашарлап кеткен кезде де байқалуы мүмкін. Әйел өзінің ешқайда жұмсалмаған махаббатын ұлына апарып үйіп-төгеді. Әдетте, бұл бейсаналы түрде жүріп жатады, алайда, саналы түрде, әдейі жасалатын, тіпті, интимдік қарым-қатынасқа икемдеуге де баратын жәйттер де ұшырасып қалады. Шешесі саналы және бейсаналы түрде ұлының үйленгенін қаламайды. Сөз жүзінде «сенің үйленетін уақытың болды ғой» деп қақсай бергенімен, түпсанасында басқа ой жаңғырып, жолын жабуға жанталасады. Әйелдің ешқайда жұмсалмаған энергиясы өзгеше сипатта – қызғаныш арқылы көрінуі мүмкін. Бұл жерде де өте нәзік, елеусіз немесе жойқын, ашық түрде ықыласын арнап, қызының тұрмыс қүруына кедергі келтіреді. Аналардың көпшілігі өздерінің ішкі жан-дүниесіне тура қарап, адалдықпен бағамдай білсе, әйелдік сезім көрінісін таба алар еді.

Өте көп жағдайда әйелдік махаббаттың орнын мүсіркеушілік басады немесе онымен бірге жүреді. Әлгінде мүсіркеу, аяныш білдіру туралы айтқан едік. Расында, бұл энергиясы жөнінен өте жойқын сезім, көп нәрсені жасай алады... Және де аналық сезімнің осы құрамдас бөлігі – ең жарқыны әрі тазасы. Нақ осы бөлік эволюцияға жетек болады. Бұл – ЕРКЕК пен ӘЙЕЛДІҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНІҢ НӘТИЖЕСІ іспетті балаға арналар махаббат. Иә, бұл ана махаббатының көп әйел сезініп, мойындай бермейтін басты құрамдас бөлігі осы. Адамды жан-жануарлардан ерекшелеп тұратын да нақ осы. Ақыл-есі дұрыс адамда осы құрамдас бөлік негізгі болуға тиіс, алайда, ол аталған алуан сезімдер астарында онша байқала бермейді. Аса қасиетті аналық сезімді оятып, алауын маздатуды да әйел өміріндегі еркекке махаббаттың рөлін түсінуден бастау керек! Әлемде орын алған жағдайларға қарағанда, балалар көбінесе жарық дүниеге ата-ана арасындағы махаббаттың жемісі емес, ана сүйіспеншілігін өзіне көбірек тартып алатын қосақтың үшінші мүшесі ретінде келеді. Аналық махаббаттың қалыптасу тарихына сәл тоқтала кетейік. Еркек пен әйел арасындағы сүйіспеншілік тарихы сияқты ана махаббатының да жалпыға ортақ жылнамасын жазу әсте мүмкін емес, – бұл ұғымдар әртүрлі қауымдастықтарда тұрақты түрде дамып, толығып отырады.

Ана махаббаты сан ғасырлар бойы ардақталып келеді. ХVІІІ ғасырдан бастап ана махаббаты мәдениеттің міндетті нормативтік ережесіне айналды. Қоғам балаларға әлеуметтік қамқорлық көлемін ұлғайтып қана қоймай, оларды отбасылық тірліктің ұшпағына көтерді, тіпті, ерекше жауапкершілік жүгі шешеге жүктелді. Өзінің баянды бақытын балаларынан тапқан мейірімді де ізгі жүректі ананың аңсарлы образы жасалды. Балаларға гигиеналық қамқорлық жағы жетіліп, медицинаның арнаулы тармағы – педиатрия пайда болды.

Аналық махаббат жеке-дара сезім қалыбынан қоғамдық көңіл ауанына ауысқан шақта болашақтағы әлеуметтік эволюцияға тұтастай әсер ететін өте маңызды әлеуметтік кезең туындады. Әйелдердің құдай қосқан қосағына сүйіспеншілік сезімі балаларына арналған махаббатқа орын беріп, бағдарын ауыстырды. Бұл ерлі-зайыптылардың өзара қарым-қатынасын бұрынғыдан да күрделендіре түсті. Ал, бұрындары да тап осындай болды ма? Мен «жоқ, бұлай болған жоқ» деймін. Эпиграфтағы мақалға көңіл аударыңыз, онда ғасыр қойнауынан келе жатқан даналық бар. Демек, ата-бабаларымыз әлгі әсіре сезімнің теріс жағын баяғыда-ақ көре біген. Осы қоғамдық сана ана махаббатын бірте-бірте ерекшелей келе, құндылықтар жүйесін бұрмалауға және мемлекеттілік құрылымын қатаңдатуға қатысы бар соқыр сенімге, сөзсіз иланымға айналады. Христ ілімінде әйелдің рөлінен Құдай ананың және әйелдік қасиеттен аналық сезімнің рөлі басым тұрады. Бүкіл ғұрыптық рәсімдер, бүкіл діни қағидаттар ана сезімінің қасиеттілігін паш етеді. София мен оның дін жолында құрбан болған үш қызы туралы жұрттың бәрі біледі. Шіркеу оларды әулиелер санатына қосып қойды. Әпсаналарда Софияның күйеуімен қалай тұрғаны жөнінде ештеңе айтылмайды. Сірә, қайғылы уақиғаларға қарағанда, бұл отбасында қиындықтар болған сияқты. Әйтпесе, әлгі үш қыз – Вера, Надежда мен Любовь тура анасының көз алдында қаза таппас еді. Өмір заңы бұлжымайды: адам өзінің кеңістігінде әлденені шамадан артық көрсетсе, оны тартып алады. Христ ілімінде ерлі-зайыптылар арасындағы жыныстық қарым-қатынас теріске шығарылмайды, сондай-ақ тиісті дәрежеге көтерілмейді де. Ал, табиғат шектен шығушылыққа төзбейді, ол үйлесімділікке ұмтылады, сірә, «Киелі кітапта» еркек пен әйел арасындағы шынайы махаббат жайында баяндайтын «Сүлеймен пайғамбардың әндері» кітабының пайда болуы да сондықтан шығар. Правословие ағымында эротика, шын мәнінде, тыйым салынған тақырып болып саналады әрі «астыртын» сипат иеленеді. Бәлкім, Ресейдің «жатақ эротикасы» дер аталатын салты осынау тыйымның негізінде пайда болған шығар. Сірә, балаларға қамқорлық ізгі ниеттен туындаған шығар, – сол кезде балалардың өлім-жітімі көп болды. Бірақ, «жақсы ниеттен тозаққа да жол шығады» деп бекерге айтпаған ғой. Ақыр аяғында тантып кеткен кез келген тұшымды идея өзіне-өзі қарсы шығады. Парықсыз пайым адам затын тағы да тұрлаусыз жолға салып жіберді. Баланың сау-саламат дүниеге келіп, бақуатты өмір сүруі сыртқы жағдайларға емес, едәуір дәрежеде ата-ананың бір-біріне қарым-қатынасына, олардың сүйіспеншілігіне байланысты. Міне, осыған орай отбасының жарастығын дамытуға жағдай жасау керек. Ал, әйелзаты көбінесе бала туу құралы ретінде бағамдады. Ана мен бала құқыларын қорғау мұратындағы ұзаққа созылған науқан өзінің әлеуметтік және ахлақтық жемісін ала келді. Балаларды ұнатпау ұят саналғандықтан, «нашар» шешелер «жақсы» көрінуге тыраштанып, ана махаббаты мен қамқорлығын бейнелеп бақты. Пайым арқылы, сезімнің сыртқы көрінісі арқылы әйел шынында да бұрынғыдан бетер аналық сезімді бастан өткере бастады. Ана махаббаты да мына өмірде бұрынғыдан зор құқыларды иеленіп, бойына отбасы мен қоғам қуатын молырақ жия түсті. Ақыр соңында аналық сезім әйелдердің басты пешенесіне айналып, әйел қылықтылығы, еркекке сүйіспеншілігі, қосақтасуы – ана болу бұйырмысының тасасында қалды, бұлардың бәрі екінші орынға ысырылды (мысалы, әлем аналарының форумын еске алыңыздар). Бірақ, еркекті сүймей ақиқи, шынайы ана болу мүмкін емес қой! Нақ сол құмыққан қылықтылық, еркекті елжіреп сүйе алмау, қосақтың қадірін бағаламау көптеген проблеманы туындатып, анаға да, балаға да кесірін тигізеді. Сондықтан, егер зер сала үңілсек, баланың дүниеге келуіне орай, әдетте, ерлі-зайыптының арасындағы сүйіспеншілік реңі солғындап кететінін аңғарар едік. Баланың дүниеге келуі отбасын нығайтады деп есептеледі. Иә, отбасы алдында, әсіресе, еркектерде жауапкершілік күшейе түсуі мүмкін, бірақ, көбінесе сүйіспеншілік сезімі азаяды. Шешесі балаға көбірек көңіл бөліп, махаббатын арнайды, ал күйеуі қағыс қалады. Баланың тууына байланысты пайда болатын шаршап-шалдығу, күрмеулі тұрмыстық қиыншылықтар, махаббаттың жаңа нысанының көзге көрінуі әйелдің еркекке құштарлығын, ұрғашылық қалауын едәуір кемітеді. Бұл отбасындағы бақыттың сарқылып, баланың қиын тағдырының басталу сәті болуы мүмкін. Бір-біріне сүйіспеншілікпен тірлік ететін, балаларымен жақсы қарым-қатынас орнатып, құндылықтардың дұрыс жасап алған ата-аналар бар. оларға қарап тұрсаң, олардың шаруасы да, отбасы ахуалы да, балаларының жағдайы да тәуір екенін көресің (әсіресе, басқа проблемалар астарында бұл айқын көзге түседі). Бәрі жақсы, тек кенже баланы дүниеге әкелгеннен кейін... оны басқаларынан гөрі ерекше жақсы көретін әдет тауып алады. Міне, сөйтіп үй ішін «кенжетаймен» бірге проблемалар жайлап алады... Пермьге жолшыбай бірге барған электровоз машинисінің басынан өткен жағдай осыған ұқсас. Оның отбасында бәрі жақсы: үш ұлы бар, бақуатты тұрады екен. Бірінші ұлының жағдайы өте жақсы, екінші ұлының хәл-ахуалы әлқам шүкірлеу, ал, үшіншісінікі... Үшінші ұлдың проблемасы кішкентай кезінен-ақ бой көрсеткен, 16 жасынан темекі тарта бастапты. «Біз оны тым еркелетіп жібердік,- дейді әке,- Енді келешегі қалай болады?» Мәселе еркелетіп жіберу де емес, бар пәле ерлі-зайыптылардың бір-біріне сүйіспеншілігін саябырсытып, төсек қатынасын сиретіп жіберуінде, бар ықыластарын «кенже бала» жаққа бағыттауында жатыр. Ол шешеге де, әкеге де өмір сүрудің орталығына айналды. Содан кенже ұлдың тағдыры басқа сүрлеуге түсіп, бұрыс бағытқа беттеді. Отбасылық проблемалаларды зерттей келе, ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншіліктің солғындап, сезімдердің суып кетуіне, ашыналық қалтарыстардың пайда болуына, ажырасуға алып келетінін себептерді табуға болады. Мұқият зер салсаңыз, сіз төңірегіңізден осы айтылғандардың дәлелін көре аласыз.

Мұның себебі әйелдердің басты міндетін түсінбеуінде жатыр. Жер бетіндегі әйелзатының басты міндеті – бала туып, ана атану емес, өзінің мәнін, әйелге тән қылықтарын, асыл қасиеттерін ашып, соның арқасында, – Махаббат кеңістігін құру! Ал, қалғандарының бәрі – соның салдары.

Ана болу дегеніміз – әйелдік қасиетті ашудың тек бір сатылық кезеңі ғана! Ал, Мемлекет адамның ақиқи бақытқа жетуіне шын мәнінде мүдделі емес, өйткені, Махаббат кеңістігінде дәурен сүретін адам Мемлекеттің «құрбандығы» мен «қолбаласы» болуды қаламайды. Бақуатты әрі молшылыққа кенелген адам шенеунікке телмеңдеп, алақан жаймайды да, пара да ұсынбайды. Ал, қоғамдағы билікке өмірде жолы болмаған, алақан жайған, еңсесі езіліп, есесі кеткен пенделер керек, сондықтан да ол алдыңғы лекке аналық түйсікті шығарып, әйелзатын Адам жасайтын нәрсені – махаббат пен әйелдік қасиетті кері ысырып тастады. Махаббат пен қоғам – қарама-қайшы ұғымдар. Н.А.Бердяев: «Адамзат қоғамының махаббаты мен тірлік-тынысының трагедиясы тап осында жатыр. Қоғам махаббатты жақтырмайды. Жан-тәнімен сүйетін адам қоғамның жауы саналады» деп жазды. Осы уәж жиырмасыншы ғасырдың басында айтылды, ал, қазір басқа заман, қоғамның да өзгеретін кезі келді. Қоғам мен махаббаттың антогонизмі ой-сананың белгілі бір деңгейінде ғана туындайды. Бірігу дәуірінде бұл антогонизм жоғалады, тіпті, ол қазірдің өзінде жылжып кете бастады. Адамдардың міндеті – осы үдерістің отын үрлеу. Әйтпесе, адамзат қалыпты өмір сүруден қалады. Махаббаттың өз өміріне кіріге бірігуіне адам қалай ықпал ете алады? Әрине, махаббатты бөліктерге жіктеп, бөле-жармастан, сүйіспеншілік аясында өмір сүру арқылы ғана. Аналық сезім, ана болу дегеніміз – махаббаттың ғажайып сырын ашудың бір сатысы ғана, бірақ оның бөлек тұрған, әсіресе, басты құрамдас бөлігі емес. Енді жүктіліктің өзі ана махаббатының едәуір өсуінің сатылы кезеңіне айналды. Бұл да табиғи нәрсе, сезімі оянып, әйел ана міндетін атқаруға даяр болуға тиіс қой. Жүктілік – әйелдік қасиетті одан әрі жарқырата ашудың маңызды сатысы. Міне, тап осы тұста күйеуіне айрықша назар аударып, бұрынғыдан да нәзік әрі елжірек сезімін білдіргені, сол арқылы қылықтылықтың жаңа деңгейіне шығып, Махаббаттың әлдеқайда күшті әрі ауқымды өрісін жасап алғаны жөн. Бұл ретте бала олардың жанға жайлы, мамыражай Махаббат кеңістігінің шуағына бөленеді де, отбасы нығая түседі. Ал, егер әйел перзентіне шұқшиып, еркекті мүлде елемесе немесе одан біржола безініп, төсек қатынасын тоқтатса, онда бала жатырда дұрыс жетілмейді, отбасы сынақтар шырмауына тұтылып қалады. Осы орайда еркектің рөлі жөнінде айтқан абзал. Әйел бойында аналық сезім оянған сәтте оған да зайыбына көбірек көңіл бөліп, қамқорлау, сүйіспеншілігіне бөлеу, оның кеңістігінен шығып кетпеуге тырысып, махаббатын жарқырата ашуына серпін беруі қажет. Ал, еркектер көбінесе осыны сезінбей, жұмыс пен шаруаға, кейде қыдырысқа басымен кетіп қалады. Жүктілік, босану мен баланы бағып-қағу – әйелге махаббатын жарқырата ашып көрсетудің жаңа сатылық кезеңі! Егер еркек өзін ақылға аялдата алса, онда әйел осы кезеңде бұрынғыдан бетер қылықты, ілтипатты бола түседі. Көбіне-көп әйелдер еркекпен махаббатсыз қатынас жасап, баланы «өзі үшін» туады – бұл, әдетте, бала тағдырына тым қолайсыз таңба қалдырады. Әйел өзі сүйген еркектен бала тапқанда мүлдем басқаша жай-ахуал қалыптасады – махаббаттың перзенті жаралады, ал, бар ықыласы, зейіні балаға ауып кетсе, тағы да барлығын бүлдіріп алады. Жанында еркек кіндікті болмаса, әйелдің бүкіл махаббаты, барлық жұмсалмаған күш-қуаты балаға бағышталады. Мұндай жағдайда баланың өмірде жолы болуы, өзінің болмысын сақтап, бақытқа кенелуі өте қиын. Бұл ретте ол, негізінен, шешесінің «психикалық жатырынан» өмірінің ақырына шейін шыға алмай кетеді.

Жалғызбасты әйелге «жалғыздықтың мектебін» тезірек бітіру үшін өзіне, өзінің әйелдік қылығына көбірек көңіл бөлу қажет. Шынайы махаббат балаға сүйіспеншілігі мен назарын үйіргенде емес, жұп құрағанда ғана бой көрсетеді! Болашақ және қазіргі аналар меңгеріп алса оңтайлы болар шындық осы.

Егер әйелдің толғағы ауыр келсе, әлдебір кеселі асқынса, бұл ерлі-зайыптылардың арақатынасында олқылық барын ишаралайды. Бала аурушаң, мазасыз болса да себебін, ең алдымен, ата-ананың қарым-қатынасынан іздеген жөн. Бар пәле сонда бұғып жатыр, әйтсе де екінің бірі оны өз бойынан, өзінің қарым-қатынасынан іздемейді, сырт жақтан табады көбінесе.

Ауыра қалған жағдайда көбінесе медицинаны кінәлайды. Иә, бұл салада олқылықтар жетеді, бірақ басты нәрсе еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынаспен, олардың махаббат кеңістігімен айқындалады! Ерлі-зайыптылардың мықты махаббат кеңістігіне, сүйіспеншілік өрісіне ешқандай проблема тұмсығын тыға алмайды! Осыны әрдайым есте ұстап, ешкімді кінәламай, себепті әркім өз бойынан іздеу керек.

Бірінші балаға қарағанда екінші бөбектің әлсіздеу, шынжаулау туатынын жиі байқауға болады. Мұның басты себебі – бірінші перзенттері дүниеге келгеннен кейін еркек пен әйелдің арасындағы сүйіспеншіліктің солғын тартуы. Яғни, екінші бала Махаббат кеңістігінде әлсіздеу болып туады. Әдетте, әлсіздеу балаға анасы көбірек қамқорлық жасап, көңіл бөліп, сүйіспеншілікке бөлейді, сол арқылы өзінің әйелдік қасиетінен және жұбайынан алыстай береді. Қиындықтар шиыршығы төмен қарай ширатылады да, көп ретте қайғылы уақиғаға алып барады. Бір әйелге бес жасар қызы: «Мама, сен менен гөрі әкемді жақсы көрші, әйтпесе, мен өліп қаламын» дейді. Шешесі: «Сен не деп тұрсың? Мұны кім айтты саған?» деп сұрады. Қыз: «Мен білемін» дейді. Бір жылдан соң ол көз жұмады.Осы уақиға мені айран-асыр қылды. Жазмыш, былайша айтқанда, әйелдің проблемасын бетіне басып, тікелей ескерту жасады, бірақ ол отбасын трагедияға жетелеуін жалғастыра берді. Ал, әрқашанда ым-ишара келіп жатады, Жазмыш адамға іш тартып, барынша жәрдемдесуге тырысады, тек адамдар оны елегісі келмейді. Нақты бір жағдайды (ал, ол көпшілікке ортақ) егжей-тегжейлі қарастырайық. Бір бикеш жүрек қалауымен сүйгеніне тұрмысқа шығып, тиісті уақытында ұл туды, жүкті кезінде де, босану барысында да, одан кейінгі кезеңдерде де қиындық көрген емес. Кез келген әйел сияқты ол ұлына тиісті, тіпті, аналардың басым көпшілігі тәрізді, қажетті шамадан артық көңіл бөле бастады. Ал, осы «көңіл бөлудің» шегі қайда дейсіз ғой. Оны тап баса айтып, дәлме-дәл анықтау қиын, оның үстіне, бойжеткендер мен қыздарға олардың басты міндеттерін түсіндірмейді, жұбайын жақсы көруге үйретпейді, мұның түбегейлі маңызды қылық екенін айтпайды. Әдетте, жас келіншектер өз әке-шешелерінен өнеге алып, ұрпақтан ұрпаққа көшіп келе жатқан отбасылық проблемаларды мойнына орап, олардан бетер тұрмыс ауыртпалығына арқасын тосады. Соның нәтижесінде үйреншікті жағдай алдынан шығады – күйеуінен гөрі баласына сүйіспеншілігі арта түседі. Отбасындағы қарым-қатынастың едәуір нашарлағанын байқамайды, бәрі қалыпты сияқты көрінеді. Бірақ, осы «қалыптылық» шын мәнінде бар қатерді ішіне бүгіп жатады. Отбасы тек ұрпақ жалғастыру үшін емес, негізінен, жеке тұлғаның бағын ашу, адамның рухани өсуі үшін құрылатынын ешкім және еш жер үйретпейді. Сондықтан, егер күйеуі ішімдік ішпесе, қыдырмаса, тапқан табысын үйге әкелсе, онда отбасында бәрі – «қалыпты», ал ерлі-зайыптылар сүйіспеншілік сезімдерін сақтап қалса, жүдә тамаша деп есептеледі! Ал, енді нағыз үлгілі отбасында рухани өсу үздіксіз жүріп, махаббат пен бақыт өрісі кеңейе беруге тиіс қой! Бұл да – бұлжымайтын, бүкіл ғұмыр бойына созылатын созылатын құбылыс. Эволюцияның жолын кесу әсте мүмкін емес. Әлгі отбасы жөніндегі әңгімемізді жалғастырайық. Екінші ұл дүниеге келеді, бірақ, ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілік, махаббат маздағы кемшін болғандықтан, бұл бала аурушаң болып шықты. Шешесі үлкен ұлы мен күйеуін екінші орынға ысырып тастап, оған ерекше көңіл бөледі. Титімдей, оның үстіне, дімкәс бөбекке жаны ашып, өбектеу өз дегенін істемей қоймады.

Сіз: «Ау, бұл табиғи нәрсе ғой! Аурушаң балаға көбірек көңіл бөлу керек» дейтін шығарсыз. Иә, тек ол өзіне және күйеуіне залалын тигізбеуі керек! Қарапайым шындықты: бір нәрсе тапшы болса, оны ең болмағанда дұрыс бөлу керектігін түсініп алу қажет! Егер бала ауырса, ең алдымен ата-анасы бір-біріне сүйіспеншілік сезімін арнауы керек. Әке-шешесінің Махаббат өрісінде бала сырқатынан тезірек айығады.

Адамдағы махаббат шешегін толық ашса, бәріне жетеді, ешқандай бөліп-жіктеудің қажеті жоқ. Егер де сүйіспеншілік сезімі толық ашылмаса, онда былайша бөліп көріңіз: әуелі өзіңізді және қосағыңызды, содан соң балаларыңызды, ата-анаңызды сүйіңіз, одан әрі ол тас лақтырған судың бетіндегі толқындай жөңкіліп кете береді. Бұл ең тамаша тәсіл емес, бірақ көп қиындық туындатпайды. Өз отбасыңызда сүйіспеншілік қалай бөлінетініне талдау жасаңыз. Әлгі әңгімемізге қайтып оралайық. Әйел ауру баласына көбірек көңіл бөлген сайын оның проблемалары қаптай бастады. Иә, бала үйдің үшінші қабатынан құлады, оны құтқарып қалды және де шешесі тікелей құйдыру әдісімен оған қан берді. Ұлы енді оған тура мағынасында «қаны бір қимас жан» болды. Ілтипат пен сүйіспеншілік айрылған күйеуі қатты сырқаттанып қалды.

Бірсыпыра уақыттан кейін кенже ұлы нашақорлыққа салынып, қаза тапты. Өкінішке орай, мұндай мысалдар өте көп. Уақиға әркелкі өрбиді, бірақ олардың себебі, әдетте, біреу болады. Әйел бар махаббатын баласына арнап, өзі мен күйеуін екінші орынға ысырып тастаса, проблемадан қашып құтыла алмайды. Менің практикамда жағымды мысалдар да бар. 16 жасар бала хирургия бөліміне түсті де, жағдайы күрт нашарлап кетті. Хирург маған баланың әке-шешесін алып келді. Мен олардың отбасындағы қарым-қатынас мәселелері қарастырылатын лекцияларды тыңдауларын өтіндім. Бала басындағы проблемалардың себептері әке-шеше арасындағы қарым-қатынаста жатқандықтан, олармен екі рет жеке-дара әңгімелестім. Екеуі жақындасып, бір-біріне үйірсектей бастады.Лекциялар курсының соңына таман, ешқандай қосымша жұмыс жүргізілмегеніне қарамастан, баланы ауруханадан құлан-таза етіп шығарды. Балаға тікелей өзіне арналған сүйіспеншіліктен гөрі ата-ана арасындағы сүйіспеншілік, отбасындағы Махаббат кеңістігі ауадай қажет екенін түсінуіміз қажет. Ол неғұрлым көптеу болған сайын баланың дамып-жетілуі соғұрлым табиғилау болады, – ол күннің нұры мен судың нәрі жеткілікті дарақ сияқты мәуелей өседі. Мен осы ақиқатты бір әйелге ұзақ түсіндірдім, оның келісе қоюы қиын еді, өйткені, оған өмір бойы қадеттенген көптеген тұрмыстық дағдыларынан бас тартуға тура келді. Содан соң ол саяжайдағы көрші әйелдің: «Сен балаларыңды тым жақсы көресің екен, күйеуіңе де мойныңды бұрсаңшы, – сонда балаларыңның болашағы жарқын болады!» деген сөзін еске алды. Бірақ, бұрын ол мұндай сөздерге құлақ аспайтын еді. Ал, қазір соны есіне түсіріп, басқаша көзбен қарап: «Шынында да, көрші әйел мен күйеуі бір-бірін сүйеді – балалары да, немерелері де бақытты өмір сүреді» деді. Демек, халық даналығы әлі өшкен жоқ әрі көптеген әйелзатының бойында: бірінде бейсаналы, интуитивті, кейбіреуінде саналы түрде сақталып қалған, әйтпесе, адамзат нәсілі әлдеқашан құрып кетер еді. Мақтанышпен әрі өрекпи айтатын: «Мен балаларыма бәрін бердім! Өз өмірімді соларға арнадым!» деген сөзді жиі естуге болады. Мен осы сөздердің мән-астарын: «Мен өзімді, өз махаббатымды аша алмадым, әйел болу қолымнан келмейді, сондықтан бақытты отбасын құрай алмадым. Иә, мен жосықсыздау, бірақ оңайлау жолды – өз махаббатымды балаларыма беруді таңдадым, сөйтіп, оларға мына өмірдегі қиындықтарды туындаттым» деп тәржімалаймын. Әйелдің балаларына берген әлгі махаббатын нақ осылай түсіндіруге болады. Өз өміріңізді адал, шыншыл көзбен шолып көріңізші – тап осындай жәйт кезікпей ме? Шамадан артық ана махаббаты келесі ұрпақ буынының отбасын құрап, тып-тыныш түтін түтетуіне үлкен кедергі орнатады. Тек осы жөнінде ғана бір кітап жазуға болар еді. Нақ сол аналар балаларының өзіндік даму жолына түсу барысына жиі араласып (әрине, ізгі ниетпен), сол арқылы да бақытты тұрмыс құруына бөгет жасайды. Музыка пәнінен сабақ беретін бір әйел неліктен ұлының өмірінде жолы болмай, жасы отыздан асса да, жар сүйе алмай жүргенін сұрады. Мен оған көпшілікке ұғынықты музыкалық образды мысалға келдірдім. Көзіңізге елестетіп көріңізші: үрмелі аспаптар оркестрі: үлкен түтік-кернейлер, трубалар, дауылпаздар, даңғыралар...ойнап тұр. Сол оркестрдің ортасында Сіздің ұлыңыз отыр. Ал, оркестрге бір бикеш келіп, скрипкамен махаббат әуенін тартқысы келеді. Ол ана махаббатының анау оркестрдің даңғырасындай дауысынан естіле ме? Баламен бірге тұрған көп жылдық әрі қандық байланысты иеленген ана махаббатының қуаты өте күшті. Иә, қалыңдыққа өзінің (тіпті, кейде толықтай ашыла алмаған) сүйіспеншілігімен ондай қуатты ана махаббатын еңсеруі өте-мөте қиын. Ата-анамен бірге, бір шаңырақ астында тұрған кезде жағдай одан сайын күрделене түседі. Сондықтан, жастарға, әсіресе, әке-шешесінің бір-біріне сүйіспеншілігі болмаса, бақытты тұрмыс құра алмаса, өмірді дербес, өз беттерінше бастағандары жөн. Ана махаббатының тегеурінімен жас жұбайлардың сүйіспеншілік сезім оты тез сөніп қалуы мүмкін. Осы себеппен ажырасулар саны артып, талай тағдырдың тоз-тозы шықты. Валерий Комиссаровтың «Менің отбасым» атты телехабарында жас жігіт өзінің хикаясын айтып, аудиториядан ақыл-кеңес сұрады. Оның ұнатқан қызына үйленуін шешесі қаламаған: «Егер сен соған үйленсаң, мен әкеңнен ажырасамын» деген. Ал, жастар бір-бірін өте сүйген, ұлы бәрібір үйленген кезде әйел шынымен күйеуінен ажырасып кетеді. Әкесі содан араққа салынып, күйзеліске ұшырайды, ал шешесі: «Міне, не істегеніңді көр енді!» деп, баласын кінәлайды. Бір әйел маған әңгімесін айтып: «Менің қызым өзінің шешесінің етегіне оратылып, кіндігі байланып қалған жігітке тұрмысқа шығып еді, әлгі енесі жас жұбайлардың тірлігіне ұдайы араласып отырады. Мен күйеу баламның шешесімен сөйлесіп, жастардың өз өмірлерін сүріп, тірліктерін жасауына кедергі келтірмегені жөн екенін айтып көрдім, бірақ ол түсінбейді. Күйеу бала да онысын қалыпты жағдай санайды. Мұндай жағдайды мен не істеуім керек?» деп еді. Мұның жауабы мынадай: «Біріншіден, аталмыш уақиға осы әйелдің өз бойында қызына арналған шамадан артық махаббат бар – әйтпесе, мұндай жағдайға кезікпес еді. Өмір ағымы адамның ішкі жан-дүниесінің айнасы іспетті, сондықтан ол өзіне тек өзі сияқтыларды тартып тұрады. Мұны мойындап, алдымен өзі қызын жөніне жіберіп, оған шектеусіз дербестік беруге және әйелдік қасиетін көрсетуге көмектесуі қажет. «Қалай?» дейтін шығарсыз? Міне, былай: екіншіден, – аналардың өздері әйелдік қасиетке мән берулері жөн! Жас жұбайларға мықтырақ үлгі болып, отбасындағы қарым-қатынастарды дамытудың ақиқи жолын көрсетулері керек. Өзіне, өз жұбын құрап, жарасымын нығайтуға, өз бақытының барша қырын ашуға талпынуға тиіс, сонда балалары да біртіндеп өзгере бастайды. Ал, ана жақта, басқа ана – қыздың енесі де жақсарып келе жатқанын көресіз. Балалар есейген, шешелері егде тарта бастаған сайын аналық сүйіспеншілік сезімі «азулы» бола түседі. Осынау сүйіспеншілік астарындағы меншіктеу сезімі ұлғайып, агрессивті сипат иеленеді, ал балалары оны айқын сезініп, аналарынан мүмкіндігінше алыс кетуге тырысады. Кикілжің өрши береді. Балаларын өзіне байлап қою үшін, олардың аянышын ояту үшін ауырып-сырқауға көшеді. Міне, тағы бір тағдырдың талқысы. Бір әйел төрт ұлын, әсіресе, кенжесін есі кете жақсы көрді. Олардың әйелдерімен, яки, келіндерімен бірге тұра алмады, ұлдарының әрқайсысы екі реттен үйленді, ал кенжесі мүлдем бас құрай алмай, араққа салынды. Ересек ұлдары шешесінің өз тірліктеріне кедергі келтіретініне көздері жетіп, одан іргесін аулақ сала бастады. Сол кезде әйел өзінің бар махаббатын немерелері мен жанынан әлі қарыс қадам ұзатпаған кенже ұлына арнады. Есейе келе немерелері де енді әжесіне жолағысы келмеді – ол бұлардың да дамып-жетілуіне тұсау салды, оларды бір-бір тұлға емес, әлі сәби көрді. Соқа басындай сопайып жалғыз қалған кейуана өзін-өзі қол салып өлді. Тура бір жылдан соң кенже ұлы аяқ астынан көз жұмды – анасы оны да өзімен бірге ала кетті. Есейген шақта балалары безініп, тастап кетпеуі өзін әр ата-ана сүйіспеншілігін алдымен өзіне, өздерінің жұбайлық қарым-қатынасына жұмсауы керек! Ал, қосағы жоқ болса, онда өз өмірін бас қосып, жұбайлық қарым-қатынас орната алтындай етіп құрғаны жөн, сонда ғана балалары бұрынғыдан бетер байырқап, жан дүниесін жандырып-күйдірмейтін, жаймашуақ сәулемен ғана жылытатын Күнге ұмсынғандай үйіріле түседі. Өздерінің қосақтаса дамып-жетілуіне, қарым-қатынастарын нығайтуға назар аударған ата-анаға балалары қызығып, солардай болуға талпынады. Психологтар мен медицина мамандарына «психикалық инцест» термині белгілі, оны психикалық «қан араластыру» деп те атайды. Нақты жағдайда бұл былай көрінеді: ана баласына махаббатын еркекке арналар махаббаттың орнын ауыстырғыш ретінде пайдаланады. Бұл ұлының еркектік қасиеттерінің ашылмай қалуына әкеліп соқтырады. Ол немесе инфантилді(қыз қылықты) жігіт өмір сүруге, тындырымды тірлік істеуге қабілетсіз келеді, отбасын құра алмайды, құрған күнде де оны бақытқа кенелтуге шамасы жетпейді немесе агрессивті болады, соның ішінде, өзін өбектеп өсірген шешесіне жиі ашуланып, ызаланады, ашу басып, өзін еркек ретінде сезіну әрі өмірін ойран қылған шешесінен бейсаналы түрде өшін алу үшін ішімдікке, есірткіге үйірсектейді. Егер де әйелдер еркекке қатысты махаббаттан аналық махаббатты асыра пайдаланудың залалды екенін ұғынса, әрі оған жол бермесе, мына дүние басқаша болар еді! Ауру-сырқау атаулы, маскүнемдік, қансоқта соғыстар, балалар мен еркектердің өлім-жітімі едәуір азаяр еді. Кейбір халықтарда ана махаббаты әжептәуір асқақтата әспеттеледі, осының өзі-ақ тұтас ұлтқа зардап шектіретін проблемалар туындатады. Міне, зерттеуге тұтарлық маңызды мәселе керек болса!

Ана махаббатын еңсеріп шыққан кезде бала өзінің табиғи қасиетін дамытып, сүйікті жарын табады және махаббатын жайып сала алады, ал шешесі өзінің аналық қарым-қатынасын әлі де өзгертпесе, ересек ұлын қасынан қылелі ұзатқысы келмесе, оның өмірінде проблемалалар қайтадан пайда болуы мүмкін. Балаларының тұлға ретінде қалыптасуына кедергі жасай беретін әйелді өмірдің өзі жойып жібереді. Бұл әрқилы ауыр сырқаттар түрінде жиі көрінеді. Бірақ, көбінесе дәрігерлер араша түсіп, әйелдің өмірін сақтап қалып жатады, бірақ кеселдің түбірлі себептерін жоя алмайды! Енді науқас шеше балаларының отбасына ауыртпалық жамап, өзіне көбірек көңіл бөлулерін талап етеді.

Шамадан артық ана махаббаты басты себепкер болып табылатын «әйел аурулары» туралы да жеке кітап жазуға болар еді. Махаббат мейірімін балаларына үйіп-төгу әйелдің еркекке сүйіспеншілігіне селкеу түсіріп, жыныстық қатынасы жарасымдылығын бұзады, ал, мұның бәрі әйел организмдегі энергияның тоқырау құбылысын туындатып, кейбір ауру түрлерін қоздатады. Бұл жөнінде, әлбетте, сексопатолог-мамандар жазғаны жөн. Осыдан-ақ аға буынның рухани оянғандарының өздері үшін де, балалары мен немерелері үшін де өте маңызды екені көрініп тұр. Ал, медицина мамандары Гиппократ антының тек қана адам тәніне емес, ең алдымен, жанына, оның жан дүниесіне қатысты екенін түсінуі қажет! Гиппократ: «Философ дәрігер Құдайға пара-пар!» деп бекер айтпаған. Ондай ойшыл дәрігер әйелдің де, оның балаларының да ауыр сырқатқа ұшырауының себебін түсініп, тығырықтан шығар сенімді жол табуларына жәрдемдесе алады. Кең таралған бір құбылыс – ата-аналары бақиға озған балалардың өздерін кінәлі сезінуі. «Ананы олай, мынаны бұлай істегенде, олар әлі тірі жүрер ме еді, қайтейін...», «Мен оларды барынша мәпелей алмадым, соның кесірінен өмірден ерте кетті» және т.б. деген сияқты. Шын мәнінде, мұндай кінәлілік сезімі өмір сүру қалыбына кері әсерін тигізеді. Кінәлілік пен қорқыныш сезімі – адам үшін ең зиянды қылықтар. Кінәлілік сезімі арқылы ата-аналар балаларының өміріне ықпал етулерін жалғастыра береді де, олардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруларына кедергі жасайды. Сол бір сәтте солай болуға тиіс нәрсенің бәрі өтіп кетті, енді ешнәрсеге өкінудің керегі жоқ. Баспаға автор келді. Табалдырықтан аттай бергенде ғайыптан тайып саусағын жарақаттап алды. Ол дәрігер әрі бәрін – йодты, дәкені алып жүреді екен, – жарасын тез таңып тастады. Біз шаруа жайын сөз етіп отырғанда, маған жарақаттанып қалған саусақ жайы маза бермеді. Әңгімемізді аяқтаған бойда:

– Кәне, енді сенің саусағыңмен айналысайық, – дедім.

– Е, оның айналысатын несі бар? Мен бәрін істеп қойдым, енді қабына қоймайды.

– Әй, дәрігерлер-ай, шіркін! Айтуға ғана оңай ғой, әйтпесе, қабыну тап-таза, зарарсыз жағдайда да болуы, ал, тіпті, кейде антисанитариялық ортада да түк болмай, жазылып кетуі мүмкін екенін өзің білесің ғой. Осы жарақаттың себебін жоюымыз керек.

– Қандай «себебін» – есіктің тұтқасын ауыстыру керек пе?

– Сен бір ақиқатты ұмытпа: кездейсоқ ештеңе болмайды. Иә, мына жарақат та – бірдеңенің белгісі, ал ол менің көз алдымда өткендіктен, сол себепті түсінуіңе көмектесемін. Сол қолыңның саусағы жараланды, демек, себебі ата-анаңа, бәрінен бұрын анаңа байланысты шығар.

– Мамам бірнеше жыл бұрын қайтты, мен оны өте жақсы көрдім. Иә, мен оны қасыма алып бақпағаныма қатты өкінемін, әлі де өмір сүрер ме еді сонда.

– Ал, егер қолыңа алып баққаныңда бұл қамқорлығың оған, ең бастысы – өзің мен отбасыңа жайлы боларына сенімдісің бе?

– Әрине! Маған және оған жайлы болар еді ғой. Ол мені өте жақсы көрді. Жақсы көруден артық не керек адамға? Ет жақын, елжірей сүйетін адамдардың бірге тұрғаны жаман болушы ма еді?

– Шынайы махаббат артықтық етпейді, ал, енді өзімшіл сезім – өліп-өшкен сүйіспеншілікке елігудің мүлдем болмағаны жақсы. Айтпақшы, анаңның әйеліңмен арақатынасы қалай еді?

– Онша болмады. Әйелім ақылды жан, барынша қас-қабағына қарап бақты, бірақ екеуінің арасы бәрібір жараспай-ақ қойды.

– Ал, егер анаң сендермен бірге тұрғанда, әйеліңе қалай боларын және де екеуіңнің қарым-қатынастарың қалай қалыптасарын ойлап көрдің бе? Күмәнділік пен кінәлілік сезімін серпіп таста – бәрі қалай болуға тиіс еді, солай болды. Оның мына өмірден кетуі – сол кезеңде сендер үшін ең оңтайлы жол еді, өйткені, оған сен нақты ешқандай жәрдем бере алмайтын едің. Тек тиісті рухани жай-күйге жетіп, көп мәселенің мәнісін ұғынғанда ғана шынайы көмек көрсетуге болатын еді.

Анаңмен қарым-қатынасыңды айқын түсініп, кінәлілік сезімінен арылуың үшін саусақ уақиғасына тап келдің. Шындығында, кездейсоқ ештеңе жоқ... Ана махаббаты әлі талай проблемалар туындатары хақ. Бұл – іргелі зерттеуге өзек болар тақырып, қазір біз тек оның шағын бір бөлігін ғана қарастырамыз. Міне, мысалы: әкенің өз балаларын жақтырмауының түп-төркінінде әйелінің балаларға көбірек көңіл бөліп, бар сүйіспеншілігін арнайтынынан туындайтын қызғаныш жатады. Баланы неліктен жақтырмайтынын еркектің өзі түсінбейді. Әйелі де түсіне алмай, күйеуіне ренжиді, оның балаларға жеткілікті көңіл бөлмейтінін бетіне баса береді... Яғни, ауру бастың ауыртпалығын сау басқа апарып салады. Содан проблемалар шыркөбелек айналдыра жөнеледі. Көбінесе аналар алапат аналық сезімнің ырқымен, балаға әбден байланып қалғандықтан, оның мінез-құлқын, оның дұрыс-бұрысын байыпты бағалай алмайды да, оған қатысты қияли көріністер құра бастайды. Асып-төгілген аналық сезімнің ағынымен балалар шолжың әрі ашушаң болады, ал әке-шешесі олармен тілдескенде тығырыққа тіреліп, қарым-қатынастың қолайлы жолын таба алмай дағдарады да, балалардың талап-тілегіне бейімделе береді немесе қысым көрсетіп, олардан өздерінікіндей күшті сезімнің қайтарымын талап ете бастайды. Асып-төгілген аналық сезім баланың еркіндігіне нұқсан келтіріп, өзін-өзі танытуына кедергі болады. Ана өзінің дүниетанымын әкеліп таңады, оның бала көзқарасын білуге зауқы шаппайды. Бұл оған қатаң бақылау орнатуынан байқалуы мүмкін. Жалпы, мына өмірде баланың шешесіне ызаланып, долданғанын көргенде, себебін олардың қарым-қатынасынан іздесек, қателеспейміз. Бір бозбала кез келген сөзге «Жоқ!» деп жауап беретін, тек мән-маңызын түсінгеннен кейін ғана жөн-жосықты сөздің өзіне қинала құлақ асатын еді. Сөйтсе, шешесі бұл баланы «есі кете қалап алып», есі кете жақсы көрген болып шықты. Ол жатырда жатқанда-ақ ана махаббатынан жапа шегіп, оның психикасына әу бастан ештеңені жақтырмау, қарсы шығу реакциясы сіңіп қалған – ол өзіне көңіл бөлу мен қамқорлық жасаудан тойынып біткен еді. «Ақылдан өрбіген» ана махаббатын да жиі кездестіруге болады. Шешесі баланы «ғылым бойынша» тәрбиелеуге кіріседі. Ол шешесінің педагогикалық қабілетін сынау полигонына айналады. Әйелдер баланың, ең бастысы, өздерін тәрбиелеуі үшін берілгенін ұмытып кетеді! Балалар – біздің кішкентай және де кейде әлдеқайда данагөй ұстаздарымыз. Олар ата-аналары бақыттылау дәурен сүруі үшін жаралған. Міне, балдырғандардан үйренетін нәрсе осы, сонда олар да әке-шешеден өзіне керек тәлімді алып, бақытқа кенеледі. Әке-шешенің балалары арқылы өздерінің орындалмаған армандарын жүзеге асыруға тырысатын жәйттері жиі кездеседі. Әдетте, мұның арты жақсылыққа апармайды. Маған бірде балалы әйел келді – қызының ауруы асқынып, ешқандай ем қонбай қалғанын айтты. Ал, себебі қарапайым еді. Әйел ісмерлікті өте жақсы көріп, өмір бойы сонымен айналысқысы келген, бірақ басқа кәсіппен шұғылданып жүр екен. Қызы бойжете бастаған шақта оны халық шығармашылығы мектебіне апара бастапты. Иә, бұл, шығармашылық деген тамаша нәрсе-ау! Бірақ, шығармашылықтың бұл түрі қызға емес, анасына ғана керек болған еді. Ал, қыз ән салғысы келді. Содан баланың жан дүниесіне зорлық жасалды. Басқа бір мысал келтірейін. Шешесіне мәнерлеп сырғанау алабөтен ұнады, ол да қызын кішкентайынан мәнерлеп сырғанау секциясына берді. Титімдей қызды балабақшадан қала орталығындағы Спорт сарайына сүйреледі. Қыздың емес, анасының қалауы басты шарт болды. Оған бұның керек еместігін ишаралаған талай белгі берілді, бірақ шешесі алған бетінен қайтпай, қызды жаттығуға желкелей берді. Содан бір күні әйел мұз үстіне шығып кетіп, оңбай жығылды. Үстінде тоны мен бөркі болғанына қарамастан, құлаған кезде миы шайқалды. Сонда ғана қыздың бір жаттығу барысында бірнеше мәрте құлап, үсті-басы көкала болып жүретіні миына жетті! Иә, енді қайтып қызын қыстамауға бекінді. Анасы өз өміріндегі мағынасыздықтан қашып құтылу үшін бар назарын балаға аударатыны белгілі жәйт. Ол оның бүкіл тілегін орындап, бабын табуға даяр тұратын «қожайын – құл» немесе «ниеттес» ретінде қарым-қатынас орнатады. Бала анасының қыңыр, қырсық қосымшасына – масылына айналады, шешесінің де соған көңілі толғандай мәз-мейрам болады. Мұндай одақ аясында отбасындағы әкенің орны артық, қажетсіз көрінеді. Ол да балаға ықпалын біржола жоғалтып алмауы үшін күресіп бағады да, ақырында арақ ішуге салына бастайды, әлде отбасынан кетіп тынады. Психологиялық тұрғыдан бәрін әйелдің өзі бала дүниеге келгеннен бастап әзірлеп қойған, ал еркектің безіп кетуі соның салдары ғана. Әйелдер, көбінесе, бастан өткерген уақиғаның ақиқи себептерін мойындамай, жәй-ахуалды одан сайын ушықтырып, «оңбаған», «тастап кеткіш тасбауыр» күйеуіне кәрін төгеді де, баласымен бұрынғыдан бетер оқшауланып, өзінің әйелдік қасиетін жоғалтып алады. Отбасындағы құндылықтар жүйесі бұзылуының кесірінен еркек қоғамда да бұрынғыдан күрделілеу жағдайға кезігеді. Бұл оның қызметтік мансабына кесірін тигізіп, әйелімен қарым-қатынасы шиеленісе түсуі мүмкін. Отбасындағы бірінші орнынан «ысырылып тасталған» еркектің қоғамдық ортада да еңсесі тіктелмейді. Ол көкке «самғап», өз дарынын ұштай алмайды, тек жер бетінде «жорғалап» мігір таппайды. Оның отбасын материалдық жағынан қамтамасыз етуі қиындап, бұл тізгінді де әйелі қолға алуы, тіпті, оны отбасы кеңістігінен біржола тықсырып шығаруы мүмкін. Әсіресе, әйелдің ерік-жігері мықты болса, мұндай жайт жиі орын алады. Балалардың бойында да әкені қор тұту құлқы пайда болады. Олардың еркектік қуаты бәсеңдеп, соған лайқатты уақиғаны өзіне үйіре тартады. Қыздың жанында – оны барынша кемсітіп бағатын жігіт, ал жігіттің жанында, бәлкім, өзін «етекбасты» еркек қылып қоятын әйел пайда болуы мүмкін. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» демекші, балалардың проблемалары әке-шеше проблемаларынан өрбіп шығады. Сондықтан, балаларына көмектескісі келетін ақылды ата-ана өздерін, өздерінің арақатынастарын дұрыстауға жете мән береді. Күйеуі отбасынан кетіп қалғаннан кейін әйел, әдетте, баласына бұрынғыдан бетер өбектеп, өзінің бүкіл энергиясын соған сарп етеді. Бұл жалғыздық үдерісін күшейтіп, баланың проблемаларын ұлғайта түседі. Анасы өзіне тұрақты көңіл аударып, қамқорлық жасауды талап етіп, баланы үнемі қасында жүргенін қалайды, оның жеке басының тірлік-тынысын қадағалап отыруға тырысады. Уақыт өткен сайын бұл өскелең қарқынмен өрбуі ықтимал: шешесі баланы мейлінше өзіне матап, оның дербестігіне, өз бетінше әрекет етуіне шектеу қоюға көшеді. Ол баланың өмірін сүре бастайды («біз мектепке кеттік», «біз мектеп бітірдік», «біз күреске қатысып жүрміз», «біз институтқа бардық...»), сөйтіп, бала қабілетін одан сайын төмендетіп, дамып-жетілуіне бөгет салады. Шамадан артық аналық сезім ұлдың бойындағы еркектік бастауларды бұзып, қашса да құтыла алмас психикалық ауытқуларға душар етуі де мүмкін. Мәселен, гомосексуализм себептерінің бірі нақ осы болып табылады. Бала болмысындағы еркектік қасиеті тұншығып, әйелдік бастаулар қарқынды дами бастайды. Тағы бір ауқымды тақырып: әйел аналық сезімін соншалықты айқара ашқан шақта аналық махаббат кеңістігіне күйеуін де кіргізіп жібереді: – ол тағы бір «баласына» айналады, ал өзі оған тағы бір «маматай» болып шыға келеді. Әйелдер күйеуі жөнінде баласы сияқты етіп айтуға ұялмайды – олар осы арқылы өздерінің әйел болудан қалғандарын ұқпайды. Бұл көптеген проблеманы қоздатады, мысалы, әлдебір әйел оның бойынан балаға емес, еркекке тән сипатты көріп, ертіп алып кетеді. Шешесі мен қызының өзара әрекеттесу мәселесі бөлек қарастыруды қажет етеді. Әсіресе, бойжеткен қыз өзінің жалғызбасты анасымен бірге тұрып жатқан жерде әжептәуір қиындықтар бас көтереді. Егер де ересек қыз шеше ықпалын еңсеріп, өзінің әйелдік қасиетін аша алмаса және одан ірге ажыратуға шамасы жетпесе, онда анасы оның өмір жолын біржола кесіп тастайды. Анасы қызының күш-қуатын сіміріп, күш-қуат тұрғысынан соның есебінен өмір сүруі мүмкін. Қызы дертке шалдығып, шапшаң қартаяды, ал шешесі шалқып өмір сүре береді... Егер олар рухани даму жолына түспесе, шешесімен бірге тұрған қыздың шапшаң қартаятыны мәлім. Ал, шешесі маңдайына жазулы мерзімінен де ұзақ өмір сүруі мүмкін – қызы өзінің энергиясымен оның денсаулығына демеу болады. Яғни, ол өзінің бақытын, өзінің несібесін құрбандыққа шалады. Міне, осылай олар бір шатырдың астын пана тұтқан екі егде әйелге, көп ұзамай екі мәужіреген кемпірге айналады. Олар бір-біріне ұқсап кетеді, тіпті, қайсысы шешесі, қайсысы қызы екенін ажырату қиынға соғады. Егер әйел өз өмірінің басты міндеті – сүйіспеншілік сыйлап, Махаббат кеңістігін жасауды орындай алмаса, онда ең қымбат нәрсесі – жастық шағынан көз жазып қалады. Қызына шамадан артық махаббатын арнаудан тағы бір мысал келтірейін. Әйел күйеусіз қалып, өзінің жалғыз, бірақ енді ересек қызының тірлігіне жосықсыз араласа беруін тоқтатпады. Еркектердің бәріне берер бағасы біреу еді: «бұл саған жар болып жарытпайды» деген. Бірақ, қызы тұрмысқа шықты да, отбасын құруға, содан соң сақтап қалуға тырысты. Ақыр соңында, күйеуі екеуі мүмкіндігінше шешесінен алысқа – Камчаткаға кетуге шешім қабылдады. Айтпақшы, балалардың әке-шешеден алыс жаққа қоныс ауыстыруының көп себептерінің бірі – тап осы өбектеген қамқорлықтан қашу. Мен әйелі өте жігерлі, үстем мінезді бір отбасын білемін. Оның қоластында екі баласы бар еді, олар өмірлік жолдарын дербес таңдай алмағандықтан, өз жас шамаларынан тым ересектеу көрінеді. Тек Америкаға (!) кетіп, шешесімен байланысын біржола үзген ұлы ғана бақытты отбасын құра білді. Сондықтан, арақашықтық та кейде араша болады. Камчаткаға күйеуімен кеткен бикеш бақуатты отбасын құрып, балаларын дүниеге әкеліп, өсіріп-өндіре бастады. Сол кезде алыста қалған шешесі хабарласып, ауырып жүргенін және көп кешікпей өлетінін жеткізеді. Қыз анасына ұшып жетіп, бағып-қағуды қолына алады. Ал, шешесі айлап, жылдап өмір сүре береді. Қызы үйіне қайту үшін жолға жинала қалса, өлімші хәлге енеді. Қызы амал жоқтықтан тағы қасында қалады – шешесі қайтадан тіріледі. Қыз күтуші жалдап еді, шешесі: «Саған кім қымбат – туған анаң ба әлде күйеуің бе? Сен кеткен бойда мен жантәсілім қыламын, мені осы күйімде тастап кетсең, өзіңді өзің кешіресің бе? Мен әуелі өлейін, содан соң қалай қаласаң, солай өмір сүре бер» деді. Содан әйел шешесінің қасында омалып отырғанда уақыт ақырын жылжи берді, арада он жыл өте шықты. Анда-санда күйеуі келіп тұрады – жол алыс, жер шалғай, жиі келіп тұра алмайды, ал, әйелін шешімтал қадам жасап, бір жағына шығуға көндіре алмады. Сонымен, шешесі қайтыс болды да, қызы оны жерлеген бойда Камчаткаға кетті. Ол басқа бір қазаға қайта ұшып келді, – тап сол күні күйеуі көз жұмды. Мен сол келіншекпен кездескен кезде көп кешікпей оның да бақиға аттанатынын бажайладым, – өйткені, шешесі әлі өзінің өрісінде жүргенін, мұны о дүниеде қасына шақырып жатырғанын аңдадым. Шын мәнінде бұл соншалықты сирек кездесетін жәйт емес-тұғын. Адамдар уәлі уақиғаларды сабақтастырып, бастан өткен жәйттердің себептері жөнінде жете ойланбайды, ал мына пәниде кездейсоқ ешнәрсе жоқ. Балалары о дүниеге аттанғаннан кейін көп кешікпей әке-шешенің де ажал құшатынының артында көбіне-көп осы себеп – ата-аналарының балаларына етене байланып қалатыны тұрады. Кейде қыздардың бойында кіп-кішкентай күнінен айлапат аналық сезім пайда болады. Егер оны тәрбиелеп, тәлімдеу барысында арнаулы шараларды қолға алмаса, есейе келе әлгі қыз шешесін отбасынан аластап шығады, тіпті, ажал құштыруы да әбден мүмкін, – екі ана бір үйдің ішіне сыйыспайды. Бірақ, қыз да отбасын құра алмайды. Ол үшін отбасы деген – өзінің аға-інілері, апа-сіңлілері және әкесі ғана. Мен осындай мысалдарды да білемін, ондайлар біз ойлаған шамадан әлдеқайда көп, толып жүр. Осы орайда да құтқарушы амал ананың өз жұбайына махаббатының тұрақты түрде өсе түсуі, өзінің әйелдік қасиетін айқара ашуы болмақ. Мынадай мысал арқылы ата-аналар мен балалардың өзара қарым-қатынасының тағы бір қырын қаузайық. Қыз институтты жақсы бітіріп, жұмыс жөнінде ұтымды ұсыныстар түсе бастады. Ол шешесімен бірге тұрды, әлбетте, шешесі оған материалдық жағынан жәрдемдесті. Біршама уақыт өткен соң қыздың жұмысында қиындықтар пайда болып, ақырында біржола шығарып жіберді. Шешесінің қайткенде де өз мүмкіндігін іске асыруына кедергі келтіретінін түйсігімен сезінген қыз басқа қалаға кетіп, жақсы жұмыс тапты. Шешесі «ширығып», бұрынғыдан бетер көмегін үйіп-төгуге кірісті – шығыны көбейді ғой. Қыздың басын қайтадан қиындықтар торлап, тағы жұмыссыз қалды. Осы уақиғалардың бәрінің себебі «балаларға дербес, өз беттерінше өмір сүргенге шейін материалдық жағынан көмектесуге болады, ал одан әрі өздері еңбек етіп, табыс тапсын» деген қағиданы бұзушылықта жатыр еді. Мен жануарлардың бұл мәселеде адамдарға қарағанада ақылды қадам жасайтынын – өз төлдерін тек белгілі бір жасқа шейін ғана қоректендіретінін талай айтқан едім. Ал, шамадан артық адами аналық сезімнің, мүсіркеушіліктің кесірі батпан, кесапаты мол. Мынадай қарапайым шындықты есте ұстау керек: егер ата-ана ересек балаға жүз теңге берсе, ол мың теңгені, яғни, он есе, бәлкім, жүз есе көп ақшаны жоғалтады (еңбегімен таппайды). Шешесі баланы жалғыз тәрбиелейді – бұл қазіргі кезде кең таралған жағдай! Мұндай жағдаяттың басты себебі шамадан артық ана махаббаты болып шығады. Әйел өзінің табиғи қасиетінің энергиясын аналық сезім энергиясына аударады, әйел ретінде солып қалады. Оның құндылықтар жүйесінде күйеуі бірінші орында тұрмайды, сондықтан ол бұл кеңістікке жоламайды, тіпті, төбе көрсете қалғанның өзінде көп аялдамайды. Әйел де еркектердің ешқашан кідірмейтініне таңғалып, оларды тұрақсыз деп кінәлай жөнеледі. Мынау көпшілікке белгілі аксиома: ажырасқан және жанжалдасқан отбасылар дегеніміз – баланы тым асыра сүйіспеншілікке бөлеудің, отбасындағы құндылықтар жүйесі бұзылудың нәтижесі. Ал, жанжалдасқан және ажырасқан отбасылар мына өмірге проблемалардың келесі бір будасын жіберіп, бала тұлғасын дамыту қалыбын бұрынғыдан бетер бұзады. Соның салдарынан өмір айдынына жарасымдылықтан ада балалар шығып, ата-ана өнегесімен және солар сияқты өз тірліктерін жасай бастайды.

Әйелдердің көбі: «Иә, мен күйеуімді сүйемін! Ал, ол бәрібір арағын іше береді» дейді. Ал, мұндай сүйіспеншіліктің негізінде не жатыр? Иә, мұқият зер сала қарасақ, әлгі сүйіспеншіліктің күйеуін құрметтегендіктен емес, мүсіркегендіктен туындағанын көрер едік. Тағы да адами қарым-қатынастың соры – мүсіркеушілікке қайтып оралайық. Мүсіркеушілік аналық сезім энергиясымен қоректенеді, ал құрметтеу қалыбы әйел энергиясы ұлғайған сайын өте түседі! Әлсіздерді аяп, мүсіркейді. Аналық қылығын көрсете, мүсіркей отырып, әйел еркекті қорлайды, оны көпе-көрінеу өзінен төмен қояды, ал содан соң оның өмірде жолы болмағанын бетіне басып, кінә артады. Нақ сондай «мамаша» әйелдерден «мүсіркеймін, демек, сүйемін оны» деген сөз қалған. Мүсіркеушілік, аяныш дегеніміз – әйелде шамадан артық, шектен тыс аналық сезімнің бар-жоғын білдіретін қарапайым әрі дәйекті нышан.

Мәселенің күрделілігі мынада: сырттай бәрі табиғи нәрсе сияқты көрінеді. Анасы баласын қамқорлайды, уайымдайды, егер оған бірдеңе бола қалса, өзін қоярға жер таппай дегбірсізденеді. Ал, басқаша қалай болуы керек? Қамқорлық жасамауы, уайымдамауы керек пе сонда? Біріншіден, бәрі шамадан аспағаны абзал. Екіншіден, балалармен қарым-қатынастың барлығы мүсіркеушілік пен меншіктену сезімімен алда болғаны жөн; арақатынас оның дербес жан екенін және өз тәжірибесін бастан өткеруге келгенін, иә, ата-ананың міндеті – олардың сол тәжірибені алуларына қажетті жағдай жасау әрі мейлінше еркіндік беру екенін түсінуге құрылады.

Отбасылық қарым-қатынастарға жан-жақты әрі тереңдей үңілген кезде (кеңес беру үшін арақатынастың бүкіл қырына бойлау қажет) небір қызық жәйттерді көруге болады. Зерттеу нәтижелері көрсеткеніндей, егер отбасында ішінара болса да құндылықтардың дұрыс жүйесі құрылса, онда осы үйелменді басқа отбасыларынан ерекшелеп тұратын жағымды нәрселер бой көрсетіп үлгереді. Мысалы, егер ерлі-зайыптының арасында алып-ұшқан махаббат болмаса да, әйелі күйеуін тұқырта бермесе, балалардың көзінше ешқашанда онымен ұрсысып-керіспесе, құрмет тұтып, отбасының басшысы ретінде сыйласа, балаларынан да сондай ілтипатты талап етсе, онда тұрмыстық проблемалар күрт азайып, балалардың өміріне жарқын сәуле жүгіреді. Бірақ, мұндай тұрақтылық уақытша ғана. Ерте ме, кеш пе, Жазмыш, бәрібір, ең басты нәрсе әйелдің еркекке махаббаты екенін, оны елеп-ескермесе, қиындыққа кез келетінін еске салады. Иә, шынында да солай, міне, мысалы: құндылықтар жүйесінің бұзылуынан әйелдің өзі азап шегеді – бар күш-жігерін жұмысқа сарқып, миына қан құйылады, ал ерлі-зайыптылар арасында сүйіспеншілік болмағандықтан, күйеуі ашық түрде ашына тауып алады. Балалардың, бір қарағанда, хал-ахуалы әзірше жақсы сияқты. Бірақ, олар бірсыпыра уақыттан кейін өздерінің отбасылық қарым-қатынастарын дамытуға күш-жігерлерін жұмсай бастаған кезде, соңдарынан әке-шешенің проблемалары қуып жететіндерін ұмытпаулары керек. Адамдар өмір дегеніміз – мектеп, ал оның әрбір сәті әлдеқандай сабақ екенін ұмытып кетеді. Мектепті еске алыңыздаршы: материалды жақсы меңгерсең, сол сабақты оп-оңай, ойнақтап, рахаттана өткізесің, ал түк білмесең, онда әлгі сабақтан зәре-құтың қалмайды, сұрақ қойса, бір қызарып, бір бозарасың, «екілік» баға түрінде азап шегесің. Өмірде де солай, тек әлдеқайда салмақтылау. Бірақ, енді ең негізгісіне – өмір сүру сүре білуге, отбасылық проблемаларыңды жете түсінуге ешкім арнайы үйретпейді және адамдар жұрт сияқты өмір сүреді де, тек ат төбеліндей аз ғана бөлігі өздігінен оқып-тоқу арқылы осы шырғалаң шеңберінен шығуға тырысады. Соңғы кезде бой көтерген тағы бір тақырыпқа тоқтала кетейін. Қазір, әсіресе, ірі қалаларда әйелдерді және жұбайларды бала босануға даярлайтын әрқилы мектептер көбейді. Бұларда психолог мамандар, дәрігерлер, рухани тәлімгерлер жұмыс істеп, бала туу барысы мейлінше табиғи түрде өтуі үшін қолдан келгенін жасайды. Баланы үй жағдайында да, су ішінде де босанады... Олардың ұраны – «саналы ата-ана болу». Осының бәрі шынында да дені сау балалар тууға ықпал етеді. Сондықтан да табиғи босануға ұмтылыс артып келеді. Мен мәселенің кейде осы мектептерде де кезігетін теріс жағы жөнінде айтқым келеді. Олар асыра сілтеп, ана болу,әке атану мен дені сау бала туу қамын басты мақсат етіп қояды. Әлдекім «олар сол үшін, дені сау баланың дүниеге келуіне көмектесуүшін жаралған ғой» дейтін шығар. Бірақ, сәбидің өмірі дүние келу сәтімен бітпейді, енді тек басталады ғой, оның одан әрі даму жайы мен тағдыры тек жайлы босануға емес, сондай-ақ әке-шешесі арасындағы қарым-қатынасқа да байланысты ғой. Бұл мектептердегі оқып-үйретудің бәрі еркек пен әйелдің бойына негізінен ата-ана болу сезімін бойына бағытталған.Әйелден – ана, ал еркектен әке даярлайды. Мұның айқын көрініс табатыны соншалықты: алғашқы жылдары әйелдер – әйелдігін, ал ер адамдар еркектік қасиетін жоғалтқанын байқауға болады. Олар – ана мен әке, басқа ешкім де емес! Тағы құндылықтар жүйесі бұзылады. Өйткені, көбінесе жас жұбайлар әлі нағыз еркек пен әйел болып үлгермейді, оларға бәрінен бұрын өзін және бір-бірін сүю білігі жетіспейді ғой. Жас ата-ананың құндылықтар жүйесін дұрыс түзіп, махаббат машығына үйренуіне, туысқандарымен қарым-қатынас орнатуына, рухани құндылықтарды қаделеп, соның нәтижесінде – сау-саламат перзенттер тууына көмектесу қажет. Міне, сонда балалардың басында проблемалар болмайтыны кәміл.

Әйелдік қасиеттің әлсіреп, аналық сезімнің нығаюы секс тек бала туу үшін керек деген адасқақ пікірге алып келеді. Бұл түбірінен қате, шатасқан пікір, мына дүниеде ауыр зардаптарға ұрындырады3.

Бала ана махаббатынан айрылатын жағдайлар жөнінде де бірауыз сөз айтқанымыз абзал. Мен бала отбасында «сүйкімсіз» болатын немесе анасы оны тастап кететінін көптеген жәйттерді зерттедім. Бір ғажабы, бұған да, көбінесе, шамадан артық ана махаббаты себепші болады екен. Кейбір әйелдердің айлапат аналық сезім бунап тұратындықтан, Жазмыштың өзі баланың жанын ондай жойқын зорлықтан құтқаруға және алуан амалдармен ана тәрбиесінен аулақтатуға барынша тырысады екен. Отбасында екі бала болатын, ал шешесі солардың біреуін аса жақсы көретін көптеген мысалдарды білемін. Және де сүйіктіден гөрі сүйкімі кемшіндеу баланың тағдыры тәуір болып шығады. Бір отбасындағы қыз кішкентай күнінен өз бетімен жүрді, әйтсе де дербес, белсенді тұлға болып өсті, енді қазір нақ сол қыз әке-шешесіне көбірек көмектеседі, ал шешесі өбектеп баққан, үкілі үміт артқан ұл енжар әрі ішімдікке үйір болып шықты. Бала ана қамқорлығынан айырылатын мұндай жағдайларда мәселеге тереңірек үңілген жөн: ондай шешелерге ренжімеу және оларды кінәламау керек. Көбінесе мұның астарында бала жанына бейсаналы түрде бостандық беріп, оның мейлінше толық ашылуына мүмкіндік туғызу мұраты жатады. Өз балаларының дамуына кедергі келтіріп, уысынан шығармауға тырысатын әйелдердің көбі өмірден біржола баз кешеді. Жазмыш деген асқан ақылгөй, кейде ол біз ойлағандағыдай да дана болып шығады, сондықтан ашуланбайық және айыптамайық, түсінуге талпынайық. Шындығында, әр нәрсенің мәніне неғұрлым терең бойлаған

-----------------------3. Жұбайлық өмірдегі және отбасындағы сексуалды қарым-қатынас – менің «Махаббат құрдымы», «Сыңарын іздеу – аңыз бен ақиқи тірлік» атты екі кітабыма арқау болған тақырып. сайын, жаратылыстың кемелдігі мен жарасымдылығын соғұрлым көбірек түсінеміз! Күйеу баласының өзіне неліктен өшпенді екенінің себебін табу үшін маған бір әйел келді. Оның екі ересек ұлы бар екен, олар баяғыда, шынын айтқанда, екінші рет үйленген, міне, енді кенже қызы тұрмысқа шығыпты. Шешесі қызына қолынан келгеннің бәрін істеген, тіпті, өзі тұратын кіреберістен пәтер сатып әперген, ал күйеу баласы үйлену тойынан кейін енесі табалдырықтан аттатпай, «енді бізге келуіңді доғар» депті. Қызымен тек телефон арқылы тілдеседі екен. Содан әйел «енді не істеуім керек?» деп сұрайды. Күйеу баланың құлқын өзгертуге бола ма, бәлкім, қызын мұндай басқыншыдан біржола құтқарған жөн шығар? Әңгіме өрбіте келе, әйел үшін басты құндылық балалары екені және де олардың тірлігіне басы бүтін араласып, барынша көмектесуге тырысатыны түсінікті болды. Осының бәрі ұлдарының тағдыры еш оңбай, тозы шығуына алып келген. Ал, мұны көзімен көрген күйеу бала енесінен келер қатерді түйсігімен сезінген шығар, мәселені бірден төтесінен қойған. Ол дұрыс істеген еді! Жас жұбайлар үшін өздерінің өрісіне ешкімнің кірмегені, ішкі тірлігіне араласпағаны өте маңызды. Жас отбасының ішкі әлемін кедергісіз құруы үшін бастапқы кезде өзіне тән «карантин» керек – өйткені, олар сол үшін бір-бірімен етене қарым-қатынас жасап, өздерін ашу қамымен бас құрады ғой. Мейлі, «өз білгендерін істей берсін», сөйтіп, олар қажетті тәжірибе жинақтайды ғой. Ал, әке-шешелері, егер осындай маңызды сәтте өз балаларына көмектескілері келсе, қолдан келгенінше бір-біріне жақын болуға тиіс! Жас отбасы – ата-аналарға арналған мектеп, бұл – олардың бір-біріне қарым-қатынасының жаңа сатысы. Егер де жас жұбайлардың басына қиындық төне қалса, оның түп-төркінін ата-ана өз бойларынан іздеп табуы және жойып жіберуі керек, сонда балаларының басындағы проблема да жойылып кетеді. Міне, балаларға, шынайы сүйіспеншіліктің тура жолы осы! Аса қажеттілік болмаса, жас жұбайлар үйіне бара берудің керегі жоқ. Бұл әрқашанда жағымсыз әсер етеді. Ата-аналардың араласа беруінен қаншама отбасы ойран болды! Сан жетпейді! Ана болу сезімі балаларды тәрбиелеу мәселесімен тығыз байланысты. Жұрттың көбі тәрбиелеу қиындығына тап келеді, мұнда да, көбінесе, шамадан артық ана махаббатының тамырын көруге болады. Баланы неғұрлым өбектеп, жақсы көрген сайын, соғұрлым оны тәрбиелеу қиындай түседі, оның бойында өзімшілдік пен басқа жағымсыз қылықтар арта береді. Содан енді ықпал етудің басқа әдістерін қолдануға тура келеді. Біз бұрын айтқан «Семь дней» журналын парақтап, актер әйел Ольга Понизова мен оның ұлы туралы репортажды оқып отырғанда, кейіпкердің «Никита мамасы жалғыз екенін түсінеді, оның шешесінен басқа ешкімі жоқ. Менің ұлыма қатысты сезімімді кәдуілгі аналық махаббат деп атауға болмайды. Менің өмірімде Никитадан маңызды ешкім де, ештеңе де жоқ» деген сөздеріне көз тоқтатамыз. Мақала бастан-аяқ ана мен бала махаббатына арналған. Шешесін де, ұлын да қандай тағдыр күтіп тұрғанын топшылау үшін ерекше көріпкелдік қасиетті иеленудің қажеті жоқ. Сірә, анасы ұлын әдейі солай тәрбиелеген шығар, дәлірегі, оған болашақта өз қателігін түзету үшін көп күш-жігер жұмсауына тура келеді, әйтпесе, бұл әйелді күрделі проблемалар күтіп тұр алдында. Өйткені, бұл жалқы емес, әдеттегі, жалпыға мәлім жағдай ғой. Содан, күндердің бір күнінде мынадай жағдай қылаң береді: шешесі «қайырсыз» баласын мұның істеген жақсылығын, өзін құрбандыққа шалғанын бағаламағаны үшін жазғырады: «Мен саған өзімнің жастық шағымды қидым, сені жәутеңкөз еткізіп, жаныңа жара салмау үшін күйеуге де шықпадым!» дейді, ал ол: «Мен сенен жастық шағыңды құрбан етуіңді сұрадым ба?» деп қыңыраяды. Осы мысал арқылы бала тәрбиесі жөнінде тағы бір қорытынды түюге болады. Балалар анасының жалғызбастылығын қалыпты жағдай деп санауға тиіс емес. Олардың ой-санасына жалғызбастылық деген – уақытша құбылыс екенін жеткізіп, оларды шешесі жалғыз жүрмеуін тілейтіндей күйге алып келу керек. Нақ шешесі ғана осылай тәрбиелей алады және солай істеуге тиіс. Ешқашанда балалардың санасына шешесінің бірден-бір тірегі нақ өздері екенін сіңіре беруге болмайды. Мұндай сөздерден кейін балалар ата-анадан жеріп кетеді. Тағы және тағы да еске саламын, бала әке-шешенің Махаббат кеңістігінде табиғи әрі жарасымды түрде дамиды! Ең үздік тәрбие жеке үлгі-өнегемен беріледі. Ал, сол кезде оның бойында әрқилы «измдер» төбе көрсетеді. Бір ақылды әйелдің: «Мен балаларды тәрбиелемеймін, мен олардың өсуіне көмектесемін!» дегені бар. Керемет сөз! Балалардың төңірегіне Махаббат пен Даналықтың кеңістігін жасағанда ғана олардың бойындағы Жер бетіне ала келген тұма қасиеттері ашылады. Құдай дегеніміздің өзі Махаббат, сондықтан ол әр адамға толық Бостандық береді. Әрбір Жан иесі азат және өзіндік тәжірибе жинақтау үшін Жер бетіне өз міндеттерін арқалай келеді. Және де өзге жанды өзінің меншігі санап, оны басқа Жазмыштан бөлектеп, оқшаулауға, оған қоса, зорлық көрсетуге ешкімнің қақы жоқ! Мұны неліктен «жақсы көруші» ата-аналар жасайды? Кім оларға ерік берді? Құдай тағала мұндай қылыққа бармайды! Тәрбиелеп, тәлім берудің қастерлі қағидасы: «тәрбиеші, өзіңді тәрбиеле, сонда өзгелерді де тәрбиелей аласың!» дейді. Осы даналықты ата-аналар әрдайым есте сақтағандары абзал. Ең үздік тәрбие – өнегеңді көрсету, ардақты ата-аналар, кәнеки, өзімізді тәрбиелеумен айналысайық, сонда соңдарыңа ерген, қатарларыңда жүрген балаларың да тәрбиелі болып өседі. Жұрттың көбі: «Балалар – біздің кішкентай ұстаздарымыз» деген сөз тіркесін естіп жүрген шығар, бірақ оны толық шамада түсінгендер некен-саяқ, ал енді балаларға тап осылай қарайтындар, сірә, табыла қоймас. Балалардың жаны нәзік әрі сезімтал келеді, содан соң олар кіп-кішкентай айна сияқты біздің проблемаларымызды, балалық, жастық шақтағы (тіпті, ересек кездегі) проблемаларымызды көрсетіп тұрады, оларға ренжиміз, өздерімізді сыйламайтындай көріп, тіпті, жазалаймыз да. Иә, әлгі айнаға үңіліп, өз проблемамызды көруге, оны жоюмен шұғылдануға зауқымыз жоқ, белгілі бір ертегідегідей, біз өзіміздің сұрықсыз кейпімізді көрсетіп тұрған қол айнаны қиратып тастауға тырысамыз. Сәби шағынан бала анасына деген шынайы да терең махаббат сезімін бойға сіңіреді. «Мама» сөзінің барлық тілде салмағы бар. Бала да ана тарапынан қайрылар сүйіспеншілік сезімге құштар, сондықтан да анасынан келген нәрсенің бәрі оның жан-жүрегіне бойлап, біржола орнығады. Ананың аса күшті энергиялық ықпалы бар, оның жәй-күйі бірден балаға беріледі. Әйелзаты осыны есте ұстап, әрдайым өзінің ойлары мен сезім ауанын қадағалап отыруы керек. Әсіресе, баланың әкесіне қатысты өкпе-реніш, ашу-ыза, қызғаныш, өшпенділік бала тәрбиесіне теріс әсерін тигізеді. Осынау төмен энергиялар ағыны баланың психикасына қатты ықпал етіп, ауыр бағдарламаларды жүктеп қояды. Бала ондай сөздерді құлағымен естімесе де, жағымсыз әсерлері жете береді. Ол төмен энергия былығына бой үйретіп алып, ашушаң, қиқар болады, обырлана бастайды, одан әрі өмірде балаға едәуір жақын тұрып, байланып қалуға жан-жақты негіз иеленеді. Иә, жауырды жаба тоқудың қажеті жоқ. Әкелердің бойында кейін қызғанышқа айналатын қызына сүйіспеншілік сезімі ұшырасады, ол кейін қыздың өз қосағын тауып, отбасын құруына кедергі келтіреді. Бірақ, тағы да қайталап айтамын, мұндай жойдасыз сезім әке мен шешенің арасында жеткілікті махаббат болмаған шақта пайда болады да, еркек өзіне жетіспейтін энергияны қызынан алады әрі оны қасынан қыл елі ұзатқысы келмейді. Кейде бұл деспотизмнің жабайы түріне ұласады, соның салдарынан бойжеткендер көбінесе зорланып қалады (көбінесе еркектер суық жүріске салынып, сырттан «тоят алады», бірақ бұл енді басқа – көңілдестік туралы кітаптың тақырыбы). Бұл кітапта мен әдейі ана махаббатына мән беріп, ең алдымен әйелдердің назарын осы проблемаға аударғым келеді. Олар балалармен тығыз байланысты, еркектерден гөрі олардың ықпалы күштірек. Дегенмен, ата-ананың балаға сүйіспеншілігін тұтастай алып қарастыруға болар еді. Бірақ, тағы да қайталап айтамын – ең басты проблемалар алапат ана махаббатымен астасып жатыр. Ойымды қорытар тұста екі тамаша философтың әрі әр текті халық ғұламаларының айтқан сөздерін келтіремін. Бірі – Германияда, екіншісі Үндістанда өмір сүрді.

Абд-ру-шин (Оскар Эрнст Бернгарт) өзінің «Ақиқат аясында» атты еңбегінде: Жер бетіндегі әйелдік қасиет атаулыны әйелдің негізгі міндеті – ана болу деген сандардың ұғымның зілмауыр салмағы езіп-жаншып келеді. Күйеуге шықпай қалған қыздарға, нақ солай некеде бала таба алмаған келіншектерге де, жұрттың көбі жалған жанашырлықпен, кейде тіпті көзден таса табалаушылықпен қарайды. «Кәрі қыз» сөзі көбінесе жымысқы мысқылмен айтылады, сол арқылы әйел үшін неке қидыру ең асқақ мақсат екенін, тіпті, оның табиғи тағдыры екенін мегзейді... Әйелдің табиғи тағдыры одан әлдеқайда жоғары – Рухта жатыр! Адами әйелдік қасиет ана болудағы басты мақсатты іздеуге тиіс деген ой арқылы әйелдік бастаудың қадырын қашырып, абыройын кетіреміз! Өйткені, сол арқылы ол төмендетіліп, Болмысқа байланып қалады. Иә, ана болу, әлбетте, қасиетті құбылыс, оның айдары да, айбары да – ана махаббаты. Бірақ, аналық сезім тек сіздің пәнилік тәніңіз үшін ғана бар болады, сонымен бітеді. Алайда, өзі әу бастан өзінің әйелдік қасиетін ақиқи, айқын сезіне алса, әйел рухани тұрғыдан ең мәртебелі Орын иеленеді! Жер бетіндегі әйелдік болмыстың Мәртебелі міндеті – Жарық дүние энергиясының тұрақты ағынын қамтамасыз ете отырып, өзінің айналасын ізгілендіру, өйткені, мұнда тек алабөтен сезімталдылығының арқасында Әйелдік қасиет қана дәнекер бола алады деп жазады. Ошо (Багвана Шри Радниша) шығармаларынан мен әйелдерге кеңес беретін сөздерін теріп алдым:

Ана болу дегеніміз – пәнидегі ең үлкен жауапкершілік.

Ана болу дегеніміз – үлкен өнер, оны үйреніп алу керек. Ана болу өнерінің қыр-сырын меңгеріп ал! Мен бірнеше кеңес берер едім. Біріншіден, ешқашанда балаға өзіңнің меншікті затың ретінде қарама, баланы иеленуге болмайды. Ол мына дүниеге сенің арқаңда келеді, бірақ саған тиесілі емес. Жаратушы Ие сені құрал, сені аспап ретінде пайдаланды, бірақ бала – сенің меншігің емес. Оны жақсы көр, бірақ ешқашанда оны иемденбе. Егер анасы баланы иемдене бастаса, оның өмірі бақытсыз болады. Сен оның тұлғалық қасиетін бұзып, кәдуілгі заттың біріне айналдырасың. Тек затты, дүние-мүлікті: үйді, машинаны иемденуге болады, бірақ адамды ешқашанда иемденуге болмайды. Екіншіден, сен ересек адамға қалай қарасаң, балаға да солай қара. Ешқашанда оны есі жоқ сәби деп бағалама. Балаға алғаусыз құрмет көрсет. Жаратушы Ие сені қожайын ретінде таңдады. Құдай сенің жан-дүниеңе қонақ ретінде кірді. Баланы құрметтеу аса оңай емес. Оны кемсіту қиын емес. Қорлау оп-оңай, өйткені, ол дәрменсіз ғой. Балаға ересек адам сияқты құрмет көрсету керек. Егер сен баланы құрметтесең, оған өз көзқарасыңды ырықсыз таңбайсың. Оған ешнәрсе таңуға тырыспаңыз. Оған жай ғана бостандық, дүниені тану бостандығын беріңіз. Осынау таным өрісінде батылырақ болуына жәрдемдесіңіз, бірақ ешқашанда оған қозғалу бағытын нұсқап отырмаңыз. Оған күш-қуат бер, оны қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ет: оған керек де осы. Бала дүниені өзі, сенен аулақта жүріп тани берсін, мейлі. Бірақ, әрине, бостандық қателікті жоқ қылып жібере алмайды. Бостандық бере отырып, біз балаға қателесу құқын беретінімізді аналардың түсіне қоюы қиындау. Бала әлдебір дұрыс, жаман нәрсе істеу құқын иеленуге тиіс. Баланың ұғымтал, ақыл-есті болып өсуіне көмектес, бірақ оған әмір ете берме, ондай бұйрықтарды бәрібір ешкім орындамайды, ал балалар екіжүзді болып өседі. Үшіншіден, моральды тыңдама, дінді тыңдама, мәдениетті тыңдама: табиғатты тыңда. Тіпті, саған қиындық тудырып, әбігерге түсірсе де, табиғи нәрсенің бәрі тамаша. Мұндай сезім ауанының себебі сенің өзіңді табиғатпен сәйкесті түрде тәрбиелемегеніне байланысты. Әке-шешең қолдан келгенінше тәрбие берді, бірақ бұл тәрбиеде нағыз өнер, махаббат сипаты болған жоқ. Бәрі кездейсоқ өтті. Бұрынғы қателіктерді қайталама. Барлығына табиғат қана қам жеп, қамқорлығына ала берсін. Сен тек табиғи қабілеттердің ашылуы үшін ғана керексің. Сонымен балаға кедергі келтірмейтіндей ыңғайда жақсы көр, құрмет тұт, көмектес. Төртіншіден, жарық дүниеге перзент шыққан кезде, тек ол ғана тумайды: бұл – жалпылама істің бір бөлігі ғана – сондай-ақ анасы да және сен де қайтадан туасыңдар. Бала саған өте күшті әсер етеді.Ол сені байыптады. Сен басқа адамға айналасың. Бірде мен кіп-кішкентай қыздың шешесіне жабысып алып: «Сен менің құдайымсың» дегенін естідім. Сөзінің жаны бар: баланы жаратушы ата-ана , расында, құдайлар сынды! Бәрі махаббаттан ұрықтанады ғой. Мейлі, тіпті, махаббаттың бір көрінісіндей құмарлық болса да, бір асыл сезім емес пе! Әйтеуір, махаббатсыз бала тумайды. Ата-ананың сүйіспеншілігі неғұрлым «сапалы» болса, оның жемісі де соғұрлым «сапалылау» шығады. Баланың одан арғы өмірі де жоғары сапалы болуы үшін ата-аналары одан әрі де бір-біріне бұрынғыдан бетер сүйіспеншілікпен қарауы керек. ал, балаға, есейіп, естияр болуына орай көбірек достық пейіл керек. Үйлесімді адам осылай қалыптасады. Әйтпесе, уақиға осы тарауға бастау болған мақалдағыдай өрбиді, онда, менің ойымша, бұл тақырыптың бүкіл қыры мен сыры, нақты проблеманың себептері мен салдары бейнеленген: «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» дейді.

ПСИХИКАЛЫҚ ТУЫТ

Жұлдызқұрттың ойран дегені –
Көбелекке мейрам келгені
Ричар БАХ

Соңғы кезде әйелдерден: «Қазір нағыз еркекті кездестіру мүмкін емес. Олар басқа жаққа ауып кеткен!» деген сөзді жиі естуге болады. Иә, ащы болса да, ақиқатын айтып отырғанын мойындаған жөн, шынында да, нағыз еркектік қасиеттерді: күш-қайратты, қайырымдылықты, ерік-жігерді, кеңпейілділікті, жасампаздық пен жолы болғыштықты– әсіресе, бір жігіттің бойынан таба қою біршама қиындау. Мұның себебі неде? Міне, осы жерде де тағы да негізгі себеп шамадан артық ана махаббаты, соның салдары – жетілмеген «психикалық туыттар» болып шығады. Бұл құбылысқа анықтама бермес бұрын әуелі өмірден алынған мысалдарды келтірейік. Менің қабылдауыма Семён келді, 48 жаста екен. Бойы биік, денесі шымыр, әдемі жігіт, тіпті, оның басында проблема бар деп ойламайсың да. Семён бір қарағанда «әдеттегідей» өмір сүрген. Отбасындағы кенже бала еді. Айтпақшы, анасы өзінің махаббатын аямай «үйіп-төксе», балалар қолдан келгенінше ерте үйленіп немесе тұрмысқа шығып, үйден кетіп қалуға, «әлдебір алыс жерге» қоныс аударуға тырысады. Егер оның сәті түсіп, орайы келе қалса, онда тағдыр жүгі жеңілдейді. Ал, енді Семенге үйдің кішісі ретінде ана қамқорлығының бүкіл тегеурініне төзуге тура келді. Оқитын институтын (мұның жүрген-тұрғанын көз жазбай бақылап отыру үшін) әке-шешесі таңдады, ол үйге жақын болды. Жігіт ақылды – шешесінің зор мақтанышы еді. Осының өзі оны баласына бұрынғыдан бетер байлап-матай түсті. Әйтсе де, ол қыздармен ортақ тіл табыса алмады. Анасының бет қаратпас ықпалына бола жас жігіттің алдында ауыр тағдыр күтіп тұрғаны айқын аңғарылды. Кез келген пенде сияқты Семёнді де Жазмыш жақсы көріп, жолын ашқысы келді де, басқа амал таппаған соң, әртүрлі әдіспен оны анасының езгісімен құтқарып қалуға тырысып бақты. Шешесі ауыр сырқатқа шалдықты, бірақ, дәрігерлер оны ажалдан уақытша арашалап қалды (міне, осы жерде тағы бір «қияңқы» сұрақ туындайды: «не сырқаттың себебін түсінбестен, ажалдан арашалап қалу арқылы олар ізгі іс тындырды ма?» деген), ал әйел енді өзінің ауруының желеуімен ұлын жанында ұстауын жалғастыра берді. Дәрігерлер көмегінің салдарынан жәй-ахуал бұрынғыда да ушыға түсті. Шын мағынасындағы ізгі ниетпен де тозаққа жол тартылады екен кейде. Жазмыш табанды түрде әйелге белгі беруін жалғастыра берді: әлде ұлыңды еркіне босатып жібер, әлде өзің жаһаннамға жөнеле бер деп ишаралады. Әйел екінші жолды таңдады. Көп кешікпей бақиға аттанатынын түйсінген ол ұлына бір қалыңдық тауып беріп, соған үйленуге иландырады. Бала (кез келген жас шамасында) шешесіне психикалық тұрғыдан тәуелді болса, анасы оның тірлігін оп-оңай басқара береді. Кейбіреулер бұғаудан бұлқынып шығуға талпынады, бірақ бұл, әдетте, сәтсіз аяқталады. Көбінесе осының салдарынан сүйіспеншілікпен емес, асығыстау отбасынан құрайды, немесе әбден зәрезап қылған қамқорлықтан іргесін аулақ салуды ғана ойлап, басы ауған жаққа кете барады. Әйелі шешесінің көшірмесі болып шықты және енесі өлгеннен кейін тап сондай көзқарас ұстанды. Екінші «мамашасына» айналды. Ол әйелінің марқұм шешесіне біртіндеп ұқсап келе жатқанын, тіпті, сыртқы кейпі, ой-пікірлері, сөз ләмі аумай қалғанын көріп, таңғалды. О дүниеге кеткендердің жаны Жер бетінде қалғандармен белсенді түрде өзара әрекеттесіп, сол арқылы бұ дүниеде жасай беретін жағдайлар талай ұшырасқан еді. Әлбетте, бұл отбасындағы қарым-қатынас та тиісті шамада өрбіді, олардың арасында алып-ұшқан сүйіспеншілік те, алданыш қылар бала-шаға да болған жоқ. Мұндай жағдайда жиі орын алатын жәйт – әйелдің түпсанасында күйеуі баласы сияқты көрінді, ал бұл әйелін анасы ретінде қабылдады, олар ерлі-зайыпты адамдар сияқты энергияларын жұптай алмады. Жұмысында да осыған ұқсас жағдай қалыптасты. Мұны өзінің қамқорлығына алған, «қалтадағы еркек» ретінде пайдаланғысы келген бастық әйел пайда болды. Иә, өзі де қаптаған «мамашалар» құрсауынан сытылып кете алмады. Бірақ, жастық жалын мен табиғи инстинктілер өз дегенін істеді – ол бір қызды кездестірді. Екеуі кездесіп жүрді, жігіттің біртіндеп сезімі ояна бастады. Махаббат өзінің қасиетті борышын адал атқарып, аналық сезім қуаты бірте-бірте саябырси берді. Ол, ақырында, жұмыс орнын ауыстырды да, бойында жасампаздық жігер тасыды – басшылық дарыны ашылып, мансабы көкке самғады. Ақырында, ол пісіп-жетіліп, өзінің өбектеген мамаша-әйелінен ажырасты да, өмірі қызылды-жасылды реңктермен құлпырып сала берді. Оның кемелдігін және ересектер тірлігіне даярлығын тексеру үшін Жазмыш тағы бір «емтиханын» тосты – жағдайдың қайталану жайы көрініс берді. Өмір мұндай сынақтарын әлдекімнің әлі де шешілмеген мәселелері ерік бермей, көңілін күмән жайлаған кезде жібереді. Бұл топ-менеджер болып істейтін фирманы басқаратын директор-әйел көз қырын салып, басын айналдыра бастады. Жай-ахуал тағы қайталанды – көкжиектен жаңа «мамашаның» төбесі қылтиып тұрды. Бұл нашар жолды таңдады – «емтихан» тапсырудан ат-тонын ала қашты: фирмадан кетіп, жұмыссыз қалды. Бірақ, емтихан тапсырылмай қалса, өмір ағымы атқарылмаған міндеттерін қайта-қайта алдынан тоса беретіні белгілі. Бір қателік екіншісін жетелей келеді ғой. Сүйген қызымен қарым-қатынасында түсінбестік пайда болып, екеуінің арасы алыстап кетті. Ол мүлде жұмыс таба алмады, тіпті, жүкті болғысы келді, бірақ ондағылар қабылдамай қойды, – еңбек кітапшасында жоғары лауазымды қызмет атқарғаны жазулы тұрғандықтан, бұған күдіктене қарады. Тағдыр әбден сынап бақты. Мұның бойын күмән, тіпті, қорқыныш сезімі жайлады. Тап осындай психикалық күйде аналық энергия оны қайтадан қаусырмалай бастады. Иә, осы кезде бір бай әйел жолығып, турасын айтып: «Мен сені үлде мен бүлдеге орап қоямын, ал сен менікі боласың» деді. Осылай ол «алтын торға» қамалды. Бірнеше жылдан соң ғана оны бұзып-жарып шығуға шамасы жетті. Міне, енді ол неліктен өз басына осындай жай-ахуал үйіріле беретінін түсінуді қалап, маған келіп отыр. Неліктен ол, аяқ-қолы балғадай, аптал ақылды, көрікті азамат өз жөнін еш таба алмайды, қарақан басын жарылқап, бақуатты отбасын құра алмайды. Оған не болғаны маған түсінікті еді. Қырық сегіз жыл өмір сүре тұра, ол психикалық тұрғыдан әлі тумаған шарана еді. Мұндайлар, шын мәнінде, толып жүр. Баланың екінші рет, психикалық туыты одан әрі өмір сүруі үшін өте маңызды және ол болмай қалса, оның басынан түсініксіз оқиғалар өтеді. «Психикалық туыт» дегеніміз – шеше ықпалынан шығу үдерісі, бұл адамның психикасындағы, ой-санасындағы сатылы кезең, ол психикалық пісіп-жетілуі барысында жүзеге асады. Тағы да бір анықтама берейік: «Психикалық туыт» – адамның ата-ана тарапынан үйірілетін психологиялық қамқорлық құрсауынан шығып, дербес, өзіне-өзі сенетін тұлға ретінде қалыптасуы. Әртүрлі адамдар бұл үдерісті әртүрлі кезеңде өткізеді. Мысалы, бозбала дербес өмірге ерте араласып, әке-шешесінен тәуелсіз күн кешсе, онда психикалық туыт ерте болады. Ал, көбінесе, соңғы кезде ата-аналар өз баласын зейнетке шыққанша өбектейтіні жиі ұшырасады, сөйтіп, әлгі бала психикалық жағынан әлі тумаған, шалажансар күйінде қалады. Психологияда да, сексологияда да интимофобияны – пісіп-жетілмеген, отбасын құруды қаламайтын адамның жәй-күйін зерттейтін тұтас бір сала бар. Мұндай еркектер әйелдермен жиі араласады, әсіресе, жыныстық қатынасты тартынбай жасай береді. Олар тамаша көңілдес, әйелдің көңілін аулайтын, жүрегін баурайтын сезімі сергек жан болуы да мүмкін, бірақ, отбасын құру олар үшін өте қиын шаруа, күрделі міндет. Егер де ішімдікке салынып кетпесе, олар елу жасқа толғаннан кейін, әсіресе, анасынан қол үзіп шыға алса немесе шешесі өліп қалса, үйленуге тырысып көреді. Кейде олар әйелдің, шешесінің немесе төңірегіндегілердің ықпалымен үйленеді, бірақ мұндайларға отбасы жасампаздықтың алаңы емес, керісінше: қажеттілік немесе тіпті, мойынға түскен бұғалық іспетті көрінеді, бұған амалсыз төзеді немесе төзе алмай, әйелден әйел ауыстыра береді. Интимофобия әлде «психикалық туыт» енді жаһандық проблемаға айналды. Еркектердің 30%-ы осындай психикалық дертке ұшыраған, бұл күйеуге шығып, толыққанды отбасын құрғысы келетін жалғызбасты әйелдердің жағдайын мүштите түседі. 30% дегеніміз – осы бір ауыр дерттің белгілері айқын көрінгендер, ал жалпы психикалық тұрғыдан шала туғандар саны – 60% шамасында. Қазір «нағыз еркектер» жоқ дейтін әйелдердің сөзінің жаны бар, тек олар жәй-ахуалдың басты себепкері өздері екенін мүлде түсінбейді. Психологтар ондай адамдарды тұрпатына қарай әлдеқашан түрге жіктеп те қойды. Біреулерге қызық көрінуі мүмкін сол жіктемені келтіре кетейін. Ең үлкен топ – «Мәңгі іздеушілер». Олар өмір бойы әйел, ұнамды іс, ақша іздеп өтеді, үнемі әлдебір мақсатты алға қояды да, соған жете алмайды, өмір жолын айқындауға еш шамасы жетпей, әбігерге түсе береді. Мұндай адамға бардың бағасын біліп, қолға түскен несібені қаделеу қиын, демек, ол әйелзатының, иә, тіпті, мына өмірдің де қадырын бағамдай алмайды. «Мәңгі жаралы». Бұрындары оны әйел, әлде тіпті мектептегі құрбы қызы өкпелеткен, содан әлгі өкпе-реніш анасы бұрмалаған мұның психикасына өшпестей із қалдырған, сондықтан ол осы көңіл ауанымен өмірден серігін іздеп, бүкіл әйелзатына бір бояуды жағып өтеді. Әдетте, мұндай жертабандаған өремен бақуатты отбасын құру өте қиын. Сондай-ақ, «Мәңгі бозбала», «Дон Жуан», «Тырық теке», «Үйленген интимофоб», «Жасырын жан» және т.б. топтар да бар. Аттарының өзі-ақ адамға мінездеме беріп тұр ғой. Негізінде, мұның бәрі мамандарға соншалықты маңызды әрі қызықты болып саналмайды, әйтсе де психикалық жағынан тумаған адамдардың тек саны ғана көп емес, түр-тұрпаты да алуан екенін түсінуге мүмкіндік берді. Бұл тақырыптың тереңіне бойлап, індете ізерлегісі келетіндер арнаулы әдебиетті оқып-тоқи алады. Ал, «психикалық туытқа» байланысты қыруар мәселенің шешімін тауып, түйінін тарқатуға осы кітаптағы материалдың өзі-ақ жеткілікті. Өбектей жақсы көрген аналары бар күш-жігерін жұмсағандықтан, мұндай еркектердің көпшілігі жоғары білімді болып келеді. Шешесі балаға білімнің ауыр жүгін арқалатып, әрқилы үйірмелерге, секцияларға қатыстырып, «нағыз еркек» тәрбиелеп шығаруға тырысады, бірақ, «артық қыламын деп, тыртық қылады». Жұмысқа, мансапқа көп уақыт арнауға мүмкіндіктері мол болғандықтан, олар тәуір қызмет лауазымдарын да иеленеді. Интимфобты, психикалық тұрғыдан әлі тумаған адамды Парламенттен де, Үкімет құрамын да кездестіруге болады, олар шығармашылық және ғылыми ортада да толып жүр. МГУ-дің профессоры А.М.Полежаев «Нобель сыйлығы лауреаттарының 80%-ы – интимфобтар» дейді. Яғни, бұлар – тұрмыстан жарасым таппай барша ғұмырын сүйікті ісіне арнаған жандар. Оларға шығармашылық, жұмыс, мансап, саясат, ақша – кез келген әйелден артық. Отбасын құруға зауқы соқпайтынын ондай адамдар үйреншікті себептер жиынтығымен: «Мен балаларды жақсы көрмеймін» «әйелдер жымысқы ғой», «ол әйел тым ақылды (немесе керісінше: ақымақ», «Біздің мүддеміз үйлеспейді», «Біздің ортақ нәрселеріміз көп – қызық емес», «Мен өз жартымды іздеп жүрмін», «Әйелдерсіз де өмірде қызық көп қой», т.с.с. деп түсіндіреді. Шамадан артық ана махаббаты салған психикалық жарақат жыныстық қатынас қабілетіне де жиі кері әсерін тигізеді, бұл еркектің әйелдермен ұзақ немесе түрлі қарым-қатынас жасаудан қашқақтауына да себепші болуы әбден мүмкін. Психикалық тұрғыдан әлі жаралмаған адам кез келген жаста ақылға қонымсыз қылыққа бейім тұрады. Психикалық жағынан әлі «психикалық планцет» деп аталатын жерде, анасының жатырында жатқандықтан, қоршаған дүниені соның сезімімен және менталитетімен ғана түйсінетіндіктен, оған дұрыс, батыл шешім қабылдау да қиын. Ал, бұл көбінесе өзінің дүние жөніндегі жеке өзіндік түсінігіне қарама-қайшы шығып, оны психикалық күйзеліске, ішімдікке, есірткіге душар ететін немесе жай әншейін өзге адамдармен арақатынасын қиындата түсетін күрделі жағдаятқа алып келеді. Әлбетте, мұндай жағдайда өмірде өз жолын тауып, еркек болып қалуы қиындайды. Олар әйелдермен етене, сенімді байланыс орнатудан тайсақтайды, жауапкершіліктен қорқады. Әйелдердің аузынан: «Қазір еркектер жоқ!» деген сөзді естіген шақта: «Иә, шынымен, төңіректегі еркектердің 60%-ы – психикалық тұрғыдан әлі тумаған шараналар. Бірақ, құрметті әйелдер, оларды кім тәрбиеледі? Кім өзінің ағыл-тегіл махаббатына батырып, оларды тұншықтырған? Өле-өлгенше, тәні жерге кіргенше, тіпті, о дүниеде жатып та өз балаларын жанынан ұзатқысы келмейтін кім?» деп сұрағың келеді. Интимфобияның ақырғы жағдайы сексопатологияға барып тіреледі. Мәселен, мизогиншілер деп аталатындары әйелдерден ат-тондарын ала қашады. Олар еркектер қауымының 3%-ын құрайды, ал, тұтастай алғанда, бұл өте көп мөлшер (Жер бетіндегі 100 миллиондай еркек). Олар қоғамнан оқшауланған кәсіп түрлерін таңдайды, алыс сапарларға аттанады... Олар анда-санда жыныстық қатынас жасайды, бірақ онысы өте қысқа әрі еш сезімсіз болады, рухани жағына жоламай, тек тән тоятын қанағаттандыру үшін негізінен бейтаныс әйелмен зауықтасады. Егер де осы құлықтың бастапқы себебін іздестіретін болсақ, міндетті түрде шешесінің балаға дұрыс, қате қарым-қатынас қалыптастыру дерегіне барып тірелеміз. Көбінесе мұндай еркектерді (шамамен 60%-ын) жалғызбасты аналар өсіреді. Жалғызбасты әйелдер жалпы тұрлаусыз, ұшқалақ келеді, үйде оның мінезін бәсеңдетіп, сабасына түсіретін еркекзаты жоқ, сондықтан бәрі баланың психикасына қотарылады. Қалай айтқанда да, жалғызбасты ана – белгілі бір кемістігі бар әйел, сондықтан да ол жалғыз қалды ғой. Моральдық және әлеуметтік жағынан ол, әдетте, кемсітушілік көрген жан. Осы кемістіктері сырт көзге байқалмауы мүмкін, бірақ түпсанасын бәрібір түрткілеп, бала психикасына кері әсер етеді. Шешенің ықпалы сағыздай созылып, ал баланың жаны өз жолымен жүруді қаласа, Жазмыш шешімтал шараларды қолға алуға мәжбүр болады. Көбінесе ана атаулыны мына өмірден ертерек алып кететін себебі: олар балаларын ешқашан еркіне жібермейді, өз бетінше өмір сүрулеріне кедергі жасаудан қайтпайды. Тіпті, о дүниеге аттанып кеткенде де ана шіркін ардақ тұтқан перзентінен айырылмайды. Көп кешікпей оны өзімен бірге ала кеткен уақиғалары талай ұшырасты. Немесе мәселе басқаша шешіледі: ол баласын аналық сезімі аумайтын басқа бір әйелге табыстайды. Осылайша, ол көзге көрінбей ұлының қасында жүргендей әсер қалдырады. Сол кезде де олар әлгінде нақты мысалмен сипаттап жазғанымыздай, есейген, ересек баланы өз бетінше өмір сүріп, дербес тұрмыс құрудан қақпайлай береді.

Бұл мәселені біз еркектің тағдырын мысалға алу арқылы қарастырдық. Себебі, еркектер мұндай жай-ахуалға әлдеқайда жиі ұшырайды. Дәлірегі, бұған «эдип кемістігі»4 салқынын тигізді. Бірақ, психикалық жағынан әлі

4. Эдип кемістігі – психоанализде қарама-қарсы жыныс өкіліне құмартып, долықтың қозу. Ұғымды 3.Фрейд енгізген.

жаралмаған әйелдерді де көп кездестіруге болады. Осы жерде тілге тиек еткен нәрсеміздің әйелдер қауымына да қатысы бар. Психологиялық тұрғыдан туу үшін адамның өзіне де бір амалын істегені жөн. Енді ол көп нәрсе өзі түсінуі де, түсініп қана қоймай, өзіне көмектесуі де керек қой. Міне, мыналар – адамның психикалық тұрғыдан туып, жарасымды дүниеге есік ашуының бірнеше кілті.

«Психологиялық туытқа» және шапшаң есеюге қатысты бірінші кілт қалыптасқан жай-ахуалдың себептерін мейлінше терең әрі қалтқысыз ұғынудан тұрады. Өткен өмірге «бүгіннің мінберінен», яғни, өзіңнің шалалығыңды мойындау тұрғысынан қараған жөн. Өзіңе адал әрі дәйекті көзбен қарап, өзіңнің психикалық тұрғыдан әлі дүниеге келмегеніңді мойындай білуің керек. Өзіңе өзің адал бол, алдаусыратпа – бұл оңай емес, бірақ онсыз жай-ахуалды қаз қалпында түсіну, демек, өзгерту мүмкін болмайды. Бұл жерде ешкімді кінәламау, ешкімге өкпе-реніш артпау және «жоғалтқан мүмкіндіктер жөнінде өкінбеу керек.

Анаңды кінәламаудың және оған өкпелемеудің маңызы өте зор. Ол өзіне біткен ой-санаға сүйеніп, бәрін ізгі ниетпен жасады. Ана деген – қасиетті нәрсе, ол өмір сыйлады, тіршілік нәрін берді, ал оған ренжу ахуалды асқындырып, «психикалық туытты» қиындатып жібереді. Реніш энергиясы арқылы ана ұлын одан әрі өзінің психикалық көрпесімен қымтап, қаусыра береді. Айтпақшы, бұл да аналардың психикалық жабыны – оларға өкпе-реніш бар екендігінің бір көрсеткіші. Өкпе-реніш адамның туған шешесімен қарым-қатынасындағы көптеген түйінді мәселені шеше алмағанын, иә, жалпы алғанда, рухани жағынан толықтай ашылмағанын айғақтайды. Ал, өкпе-реніштің өзі – шешенің баланы тырп еткізбей ұстауына мүмкіндік беретін тізгін ғана.

Екінші кілт – әкеге көзқарасты өзгерту, сол арқылы оның қуаты өзіңе келуіне жол ашу, бұл да еркектік бастауды қалпына келтіріп, оны дамыта түсуге түрткі салады. Әдетте, психикалық тұрғыдан әлі тумаған балаларда нақ осы еркектік қуат, әкенің энергиясы бәсең болады. Балалардың өмірінде әкенің рөлі, әсіресе, ол отбасынан кетіп қалса, немесе ішімдікке салынса, жете бағаланбайтынын жиі көреміз. Бірақ, «психикалық туыт» мәселесін шешудің маңызды кілті нақ осы жерде жасырынып жатыр. Өйткені, көбінесе ерлі-зайыптының арақатынасындағы араздықтың бастауы, отбасы ыдырауының себепшісі бала болады – шешесі бірінші орынға баланы қояды да, сол арқылы құндылықтар жүйесін бұзады.

Осының бәрін ұғынып, қай жерде жүргеніне қарамастан, тіпті, ол өліп қалса да, баланың әкесімен жаңаша қарым-қатынас орнатуы өте маңызды. Бұл кезде әке рөлін мойындап, оның жанын тереңірек түсіну адам өміріндегі бетбұрысты сәт болары кәміл. Мұндай түсіністікке жету көп әйелге де өте пайдалы болар еді. Нақ осы күйеуімен арақатынасын ретке келтіруде жалғыздықтан құтылудың, тұтас алғанда, еркектермен жарасымды қарым-қатынас орнатудың – бақытты отбасын құрудың кілті жатады. Әкемен қарым-қатынасын түзеудің еркектен гөрі әйелге пайдасы мол. Менің практикамда әке рөлін бұрынғыдан да жете ұғынудың әйел өмірін түбірінен өзгерткен жағдайлары көп ұшырасты. Бірде психологиялық тұрғыдан әлі тумаған еркектен (ал, оның жасы 50-де еді) әңгімелесе отырып, мен одан әкесінің фотосуреті бар-жоғын сұрадым. Ол жоқ екенін айтты. Ажырасқан шақта шешесі әкесінің бүкіл фотографиясын лақтырып тастапты, ал өзі оны ұмытып қалған. Мен «бәлкім, оның әлдебір заты қалып қойған шығар?» дедім. Сонда ол әкесінің айнасы қалғанын, оны майданнан ала келгенін есіне түсіреді. Мен оған: «Сіз әкеңізбен сол айна арқылы тілдесіңіз. Жарық дүниеге келгеніңіз үшін оған алғыс білдіріп, содан соң еркекше сөйлесіп, оның анаңызға қатысты өз міндетін орындай алмағанын, ұлын оның тәрбиесіне бере салғанын, мұның ұлға оңай тимегенін, шешесі оны өзінің психологиялық жатырында осы 50 жыл бойы ұстағанын, соның салдарынан ол өз өмірін сүре алмағанын айтыңыз. Міне, енді қайта тууыңызға әкеңіз көмектессін» дедім. Осы сөздерді айтып, ауыз жиып үлгергенше таңғажайып сезім пайда болып, түсіністік үні мен әкеге ризашылық сезімі тербетіп тұрғандай көрінді. Туыт үдерісі басталды! Ақырында ұлға әке энергиясы ағындай жөнелді.

Үшінші кілт – ересектік кезеңге белсене араласу. Бұл үшін, көбінесе, әке-шешеден бүтіндей ірге, ажырату, яғни, алысқа кетіп, олармен байланысты бәсеңдету, кез келген мәселеде дербестікке жету. Еркекті (әйелді) елеп, олардың қасиеттерін бағамдау, олардан ересектік мінез-құлықты үйрену керек. Өз қасиеттеріңді тепе-теңдікке келтірудің пайдасы мол. Жеке тұлға қасиеттерінің жарасымдылығы – пісіп-жетілген, кемел адамның нышаны. Бұған жетуге әр алуан психологиялық жаттығулар мен медитациялар, ең бастысы – көп адаммен ашық араласып-құраласу, туристік саяхаттар мен басқа да ұжымдық іс-шараларға қатысу жақсы жәрдемдеседі.5

Төртінші кілт – өзіңнің бүкіл тәніңнің вибрациясын арттыру. Бұған физикалық денені, ой-сананы және сезімдер арнасын тазарту; рухани даму; өзін және өмірдегі жолын өзі түсіну; ізгі істер, ойлар мен сезімдер; өзіне,

5. Қар: Менің «Бастаулар» атты кітабымда «Қасиеттердің теп-теңдігі» деген тарау бар. «Өзіңмен өзің болудың 1000 және бір тәсілі» тарауында да осы мәселенің шешімін табуға көмектесетін жаттығулар келтірілген.

Адамдарға, Жаратушыға сүйіспеншілік арқылы жетеді. Осының бәрі өз үнін асқақтатып, үні әлдеқайда төмен ана энергияның ықпалынан шығып кетуге мүмкіндік береді. Негізінде, осында ыспаттай жазған нәрселерді кез келген адам ұғынып, жүзеге асыра береді, бұдан да дербес әрі бақуаттылау өмірге барар жолға тек жалқаулық қана кесе-көлденең жатып алуы мүмкін. Еркектің психикалық туытына қасындағы әйелі көп көмек көрсетеді. Өзімнің кітаптарымда, сөйлеген сөздерімде және семинарларда әйелдерді өз күйеулерін тууға үндеймін, сонда мен оның нақ осы «психикалық туытына» көмектесулері керектігін мегзеймін. Соңғы кезде бұл нағыз өмірлік, өзекті мәселеге айналды, әйтпесе, адамзат қауымы өркениет өресіне әйел қылықты еркекпен және еркек құлықты әйелмен баруы мүмкін. Еркекті қалай туады? Еркектің қасында таза әйелдік қасиеттер көрсету керек. Оның еркектік қасиеттеріне ұдайы назар аударып, жалпы өз бойындағы еркек атаулы құрмет сезімін дамытқаны жөн. Сұңғыла әрі биязы болу – өзінің қалайтын әйелге еркектің жүргенін қалайтын әйелге ауадай қажет кілт, міне осы! Бұл кітапта баяндалған ілімдер көңіл қалаған әркімді бақытты өмірге жеткізер кілтті тауып алуына мүмкіндік берері хақ. Тіпті, баласы 60 жастан асып кетсе де, өз бойында оған деген шамадан артық аналық сезімі барын аңғарған әйел не істеуі керек? Мұндай қадамдарды да «кілт» деп атайық. Бұл шынында да шынайы түрде жақсы көріп, ессіз сүйетін аналарға арналған кілттер!

Бірінші кілт. Адалын айтсақ, балаға бағышталған осынау сезімдерде махаббат аздау болады. Онда өзімшілдік, өзінің кәрілік кезеңін қамтамасыз ету ниеті, орындалмай қалған армандарын жүзеге асыруға талпыныс, баланы бақытты етуге зәрулік (әрине, өзінің түсінігіне орай) пен түгелдей меншіктену пиғылы бар. Өзінің аналық сезімі туралы шынын әрі турасын айтудың өзі – жартылай, ал кейде толықтай табысқа жету! Осы хақында балаға да жиі айтқан жөн.

Екінші кілт. Осы аналық сезім негізінде бұған дейін қандай қиындықтар туындағанын немесе болашақта қандай проблемалар болуы мүмкін екенін дәйекті түрде көре білу қажет. Шынайы махаббат ешкімге және ешқашанда қиындықтар мен азапты ауыртпалықтар алып келмейтінін ұғынған жөн. Мөлдір махаббат, мейлі, шартағы алтын болса да, ешкімді торға тықпайды, керісінше: еркіндік береді. Ол тек қуанышқа кенелтеді, ал егер онда кесел, өкініш, уайым, нала, азап кезіксе, онда мұндай махаббатта бір нәрсе үйлеспегені. Тек бақытты ата-аналар ғана балаларын бақытқа бөлей алатынын әрдайым есте ұстаған абзал. Қалыптасқан жәй-ахуалды дәйекті түрде көріп, оны шешу жолдарын белгілеу – екінші кілт.

Үшінші кілт. Балалар – мына өмірге әке-шешенің емес, өздерінің міндеттерін орындауға келген дербес жандар екенін және де олар ата-ана алдында ешқандай міндетті еместігін ұғыну! Тек-тұқияндарын жалғастырып, өз қарттық шақтарын қамсыздандыру үшін ата-аналардың өздері өмірге алып келді ғой. Олардың балалық шағын еске алыңыздар, балалар бізге көл-көсір қуаныш сыйлады ғой, ал егер қуаныштан басқа жайлы жағдай орын алса, оны балалар емес, ата-аналары жасап қойды. Иә, олар қажет еткен махаббат кеңістігін жасай алмаса, соның салдарынан көптеген проблеманы туындайды.

Осындай түсінікке арқа сүйей отырып, ұлыңызды немесе қызыңызды босатып, өмірге, сүйген адамына еркін жіберіңіз, олардың тірлігіне кесел келтірмеңіз! Ақылға жүгініп, толық бостандық беріңіз, ал, егер балалар бөлек тұрса – оларды өзіңіздің ұстазыңыз, Жазмыш Сіздің орындалмаған міндеттеріңізді көрсетіп беретін айнаңыз сияқты қаделеңіз. Иә, балаларға үйретпеңіз, олардан үйреніңіз!

Төртінші кілт. Құндылықтар жүйеңізді қайта қараңыз. Бәлкім, онда жаңылысу бар шығар. Мына дүниедегі ең басты құндылық өзіңіз және жұбайыңыз екенін, бұл – бастаулардың бастауы, Сіздің ғаламыңыздың кіндігі болып табылатынын естен шығармаңыз. Екінші орында – сіздердің қарым-қатынастарыңыз, сонда дүниеге келетін Махаббат кеңістігі тұрады. Ал, егер Сіз жалғызбасты әйел болсаңыз, өзіңізге және еркек атаулыға сүйіспеншілігіңіз арқылы Махаббат кеңістігін жасап алыңыз, сонда күйеуіңіз де қайтып оралады. Балалар тек үшінші орынды иеленеді! Жақын да емес, алыс та емес. Бұл құндылықтарды өз санаңызбен тірлігіңізге осындай жүйелілікпен орнықтырыңыз, сонда Сіз кәдуілгі кереметті – Өз өміріңіздегі және балаларыңыздың тіршілік-тынысындағы таңғажайып жаңаруды, тотыдай түрлене түлеуді көресіз.

Өзіңізді, денсаулығыңызды күтіп-баптаумен, еркектермен қарым-қатынастарыңызды жақсартумен шұғылданыңыз. Әрдайым есте сақтаңыз: балаға тек өзіңде барды ғана болады, ата-ана неғұрлым көбірек бақытқа кенелсе, балалары да соғұрлым бақытты бола түседі. Иә, осындай жолмен балаларыңызға көмектесуге талпыныңыз. Бұл – ең тәуір көмек. Ұлыңызға еркек ретінде қараңыз. Оның бойындағы еркектік қасиеттерге айрықша назар аударып, нығайта беріңіз. Кейде мен аналарға: «Сіздің үйде бөгде еркек өмір сүреді деп ойлап көріңізші! Шындығында да тап солай ғой! Мінез-құлқыңызды осы ой елесіне орай түзіңіз – сәйкесті түрде киініп, онымен байыпты сөйлесіңіз. Мейлі, ол өзіне шеше емес, әйелзаты ретінде қарайтыныңызды сезінсін. Бұл оны дұрыс тәрбиелеу үшін өте маңызды! Ол тағы қайдан тәрбие алуы мүмкін? Сыныптас қыздары мен ауладағы құрбылары ондай ақылға жетіп, шынайы еркектік қасиеттерді дарыта алмайды ғой. Міне, аналарға, жалпы әйелдерге осындай, тағы да өте қарапайым әрі бәріне ұғынықты ақыл-кеңестер беруге болады! Шынында да, бәрі жай ғана оңай, өте оңай нәрселер! Және де ештеңені күрделендіріп қажеті жоқ, жай ғана осы мәселелерді шешу қамымен күн сайын алға жылжи беру керек, сонда Сіз көп ұзамай өміріңіздегі жағымды өзгерістерді сезіне бастайсыз. Егер әйел өзінің жан-дүниесін тыңдаса, «психикалық туытын» сезінер еді. Олар әртүрлі көрінеді. Бұл өміріндегі әлдебір айқын сәт немесе әлдеқандай уақиға болуы мүмкін, содан соң өзіне үзілді-кесілді «Жә, болды енді, ұлым (қызым) – дербес адам» дей алады. Немесе әлгі үдеріс ұзақ та елеусіз өте шығып, кенет баланың дербестік дерегін байқап қалады. Бұл оның әке-шешенің ығынан, үйінен кетіп қалуына байланысты болуы мүмкін, ал кейде үйінен кетпей, ата-анасымен бірге тұрып жатса да, бала енді ешкімге тәуелсіз болып шыға келеді. Бір әйел өз қызының психикалық тұрғыдан туу үдерісін тәнімен сезінді. Қызының он екі жасқа толған туған күнінде, тура ол дүниеге келген сағатта әрі тап сол минутта әйелдің етеккірі келе бастады. Ал, бұның алдында едәуір кідіріс болып, организм құдды осы сәтті күткен сыңайлы. Содан соң тағы да бір өзгеріс – қызы өзінен алыстап кететінін, бойжетіп, есейгенін түйсіну сезімі пайда болды. Әдетте, «психикалық туытты» бастан өткергендер баланың дербес, өз бетінше өмір сүруге шыққан сәтін ұмытпайды. Осы мәселені тереңірек түсіну үшін өмірден алынған тағы бірнеше мысалды қарастыруды ұсынамын. Игорь, 56 жаста, Мәскеуде тұрады. Түбегейлі психологииялық туыты 56 жасында, бізбен әңгімелесу барысында болды. Мұндай өзгеріс кейде табан астында өтеді. Бұл кезде «жаңа туған» жанның ғана емес, оған жәрдемдескен адамның бойында да таңғажайып сезім туындайды. Отбасында екі жігіт өмір сүрді. Үлкені мектеп бітірген бойда шешесінің қамқорлығынан құрсауынан сытылып шығуға тырысты. Институтқа түсіп, жатақханаға орналасты. Содан соң тез үйленіп, әке-шешемен байланысын үзуге тырысты. Бірақ, шеше қыспағы бәрібір оның тағдырына да салқынын тигізді – ол әлі күнге шейін перзент сүйе алмай жүр. Мен бұрын айлапат ана энергиясы бала туғызу функциясын бөгеп тастайтынын айтқан едім. Медицина, өкінішке қарай, мұндай өзара байланыс жөнінде ештеңе білмейді. Әйтсе де әлгіндей себептерді жоя отырып, көп адамның перзент сүюіне жәрдемдесуге болады, мұны тәжірибе растап жүр. Кіші ұлға жүдә қиындау соқты. Ағасы отбасынан кетіп қалған соң бүкіл аналық сезім бұған ағылып-төгілді. Жатақханаға кетіп қалуына рұқсат бермегендіктен, әке-шешесімен бірге тұрып, институтта оқи берді. Әлбетте, қыздармен еш байланысы болмады – аналық сезім энергиясын ешкім аттап өте алмады, есесіне ол ұдайы бақылауда жүрді, әке-шешесі де алаңсыз, бейқам күн кешті. Мұнда да уақиғалар дамуының «классикалық» нұсқасы қылаң береді. Игорь отбасының кенжесі еді. Ал, кенже балаға көп жағдайда сүйіспеншілік пен көңіл молдау бөлінеді. Ата-ана балаларына теңдей қарауға қалай тырысса да, кенжесіне бәрібір көбірек бұйырады. Басқаша жағдайлар болуы да мүмкін, бірақ олар тек қағиданы қуаттай түседі. Егер де ең сүйікті кенжесі ұл бала болса, жай-ахуал тіптен ушыға түседі. Одан әрі бәрі әдетте тап осы уақиғадағыдай өрбиді. Институтты бітірген соң ол еңбек бөлінісі бойынша алысқа кетуге сұранды, бірақ шешесі ол жақта да тыным бермеді. Ұлы туралы ұдайы ойлап, жиі хат жазу және телефон шалу арқылы бұның әр қадамын қадағалап отырды. Кәсіби білігін жүзеге асыру әрекетінен ештеңе шықпады да, ол Мәскеуге қайтып баруға мәжбүр болды, сөйтіп, тағы да шешесінің энергиялық өрісінің құрсауына түсті. Шешесі, әрине, үйлену қажеттігі – бәрі «жұрттыкіндей болуға» тиістігі жөнінде айтудан кенде болмады. Өзінің құрбы әйелдерінің селбесуімен бұған қалыңдық та тауып берді. Әдеттегідей, әйелі мінез-құлқы жағынан шешесінен аумай қалды. Әйелі бірден тізгінді қолына алды – бұл көнбіс, келіншектің аузымен айтқанда, «қолайлы» болып шықты, өйткені, анасы сондай негіз жасап қойды ғой. Келіншегі фирманың директоры, ал күйеуін бухгалтері етіп алды. Сөйтіп, Игорь екі әйелдің өрісіне қамалғандай күй кешті. Бірақ, бұл ұзаққа созылған жоқ, жас әйел енді егдесін тықсыра бастады. Көп кешікпей шешесі дүниеден озды. Иә, шешесі бұл ұлының еркектік бастауын бұзып кеткен еді, – оның да балалары болмады. Біршама уақыттан соң Игорь басқа әйелмен көңіл жарастырады. Әйелінің «баласын» уысында ұстап отырғанына сенімділігі соншалық, тіпті, онша алаңдай қойған жоқ – «мейлі, бала ғой, ойнай берсін» деп ойлады. Бірақ, сүйіспеншілік сезімі күн өткен сайын оттай лаулап, өрттей қаулаған Игорь орайы келген сәтте (күтпеген жағдай!) әйелінен ажырасатынын айтып салды. Яғни, махаббаттың қуаты аналық сезімдер энергиясын үстем шықты. Міне, сонда ғана алған бетінен қайтпайтын жігерлі де қайсар келіншек әлгі ажыратушы әйелді зеңбірекпен дамылсыз атқылағандай ауыр соққының астына алды. Ол «дуалап, 100% кепілдікпен кері қайтарып беремін» деп хабарландыру беретіндерді пайдаланды. Содан «ажыратушы әйел» көпе-көрінеу көктей солып, құрып бара жатты. Ал, бұрынғы әйелі күйеуін уысынан шығармады – ол өзінің бухгалтері қалпында қалуы үшін қолынан келгеннің бәрін істеді. Бұл өзінің орнына кімді алып келсе, әртүрлі себептермен жарамсыз бола берді – әйелінің өрісі ешкімді маңына жуытпады. Осындай күйге түсіп жүрген шағында ол жаңа әйелін ертіп, маған жолықты. Олардың жағдайындағы ең басты қиындық Игорьдің әкесіне теріс көзқарасы еді. Ол ұлына ұдайы сын-ескертпе айтып, намысын қорлап баққан екен. Бұл қарым-қатынасты өзгерту оңай емес еді. Бұл үшін, ең алдымен, неліктен әкесі өзін солай ұстағанын түсініп алу керек болды. Ал, себебі қайтадан ата-ана арасындағы қарым-қатынасқа алып келеді. Шешесі күйеуінен гөрі баласына көбірек көңіл бөліп, шамадан артық сезімін арнаса, әкесі бейсаналы түрде қызғанып, балаға кәрін төгетіні белгілі. Бала құдды ата-анасының арасына түскендей күй кешеді деп, әкесі түрлі тәсілдер арқылы онымен күресуге кіріседі. Игорь осының бәрін түсінген бойда әкесіне көзқарасын өзгертті де, туыттың сәті түсті. Егер «психикалық туыт» егде тартқан шақта, мінез-құлық қалыптасып, дүниетаным орныққан кезде өтсе, онда нәтижесі бірден байқала қоймайды – қайткенде де ананың психикалық жатырында өткізген он шақты жыл тіресіп бағады. Сондықтан, әлгі адамның өзіне де, жақын-жуықтарына да төзімділік танытып, титімдей жетістіктің өзіне марқайып, ересектік белесіне қарай басқан әр қадамына шаттанып, бағытынан жаңылмай, алға ұмтыла беруі керек. Осы айтылған мысалда «жаңа туған бөбектің» жанында сұңғыла әйел жүрді, ол туыт барысын өте сергек сезініп, жан-жақты жәрдемдесті, соның арқасында психикалық жағынан жаралу салыстырмалы түрде шапшаң әрі тиімді өтті. Олар тіпті қала сыртынан шағын жер телімін сатып алды да, еркек сол жерге үй салумен рахаттана айналысты. Бұл оның пісіп-жетілу, кемелдену барысын жеделдете түсті. Тағы бір осыған ұқсас уақиға бар: онда ұл тек әкесін емес, шешесін қатты жек көру сезімінің жетегінде жүрді. Оны әкесінің ерте өлуіне кінәлі деп есептеді (негізсіз де емес еді). Шынында да, алғыр, жігерлі әйел үй ішіндегі билікті толықтай қолына алып, іс жүзінде күйеуін отбасылық тірліктен тықсырып тастады. Бірсыпыра уақыттан соң еркек ішімдікке салынып, көп ұзамай көз жұмды. Содан баласы шешесін еш кешіре алмай-ақ қойды. Міне, осы өшпенділік оларды көзге көрінбейтін жіптей өмір бойы матап келді. Бұрын айтқанымдай, анасына қатысты кез келген жағымсыз ой мен кереғар сезім ағыны оның балаға ықпалын тек қана күшейте түседі. Ол қаншама аулақ кетуге тырысса да, анасы әрдәйім қасынан таяу бір жерден табыла берді. Ол мұның тірлігіне ұдайы араласып, бұрынғыдан бетер қазымырлана түсті, содан соң психикалық ауытқуға ұшырап, ұлының хәлі мүшкілдене берді. Тіпті, егде тартқан жасына және толып жатқан сырқатына қарамастан, әлгі есі ауысып кетсе де өмір сүре берді, сүре берді. Ал, ұлының телефонын есіне сақтап қалып, әбден ығырын шығара берді, шығара берді... Өмірде жиі осылай болады. Қартайған, аурушаң адамдар ұзақ өмір сүреді, енді олар өздерін естеріне түсіре алмай және не үшін тірі жүргендерін түсіне алмай, өсімдік тәрізді өмір сүреді, бұл бір ғана нәрсені – олардың балалары, сайып келгенде, өз міндеттерін орындауы үшін өмір сүретінін аңғартады. Мұндай жағдайда ұлға осыны жете түсініп, анасын біржола кешіруі керек еді. Тап осы мәселенің басқа қырларын ашатын тағы бір өмірден алынған мысалды келтіре кетейін. Шешесі Николайды жалғыз тәрбиеледі. Ұлы дүниеге келгеннен кейін әке өзінің шешесіне кетті де, қайтып оралмады – анасы оны жібермей қойды. Сол жақта оны үйлендіріп, қасында қалдырды. Яғни, оның тегінде, әкесі жағынан, мұндай проблема ұшырасқаны көрініп тұр. Әкесінің өзі психикалық тұрғыдан әлі тумаған еді, енді оның жай-күйі ұлына да берілді. Тоғызыншы сыныпта-ақ бозбала сыныптас құрбысына ғашық болып, көңіл білдірді. Қыз оның сезіміне жайбарақат қарап, меселін қайтарды. Оныншы сыныпта қайтадан сөз салып, тағы тауы шағылды. Тек әскерге аттанып бара жатқанда ғана ол қыздың «хат жазып тұрамын» деген уәдесін алды. Нақ сол хаттар арқылы бойжеткен оның мейірімді де момын адам екеніне көз жеткізді, ол қайтып оралған кезде оған күйеуге шығуға уәде берді. Қыз оны тұла бойынан еркектік қасиет көрмегендіктен елемей келгені түсінікті еді. Бұл одан әрі екеуінің жыныстық қатынастарына да салқын тигізді. Олар бірнеше жыл бойы анасымен бірге тұрды, бұл да олардың бақуатты отбасын құруына кесірін тигізіп, жас жұбайлардың қарым-қатынасын тым күрделендіріп жіберді. Отбасында құндылықтардың жосықты жүйесін қалыптастыру керек болып тұрған кезде үй ішінде іс жүзінде еркеккіндікті болмады. Сырт көзге бәрі қалыпты өтіп жатқан сияқты көрінді, бірақ үй іші еркектік энергиядан жұрдай еді, әйелі отбасындағы негізгі табыскер әрі басты қозғаушы күшке айналды. Бала тәрбиесінде еркек басты рөл ойнаған жоқ, тек бақылаушы орнында жүрді, кейін онысын талай бетіне басты. Егер де өзінің жай-күйін уақтылы ұғып, осындай жағдайға душар еткен себептерді түсінбегенде, бұл дарынды жігіттің тағдыры әлдеде мүшкілдене түсер еді. Мәселенің мәнісін бажайлап, бәрін түсініп алғаннан кейін шешесі көз жұмды да, оның есейіп, жетілу үдерісі жеделдей түсіп, әйелімен және балаларымен қарым-қатынасы лезде жақсара бастады. Кейде мұндай адамдар өзінің емес, өзгенің өмірін сүріп жүргендерін қаралай сезінеді. Ондай аян қартайған, татар дәмі ортайған шақта беріледі, сонда әлгі адам бөгде біреудің ғұмырын кешкенін, ал өзінің армандары мен ниеттері жүзеге аспай әдірәм қалғанын түсінеді. Ал, көп пенде өздерінің шын мәнінде әлі тумағандарын, сондықтан да қиял жетегінде ғұмыр кешкендерін ұғынбастан өмірден өтеді. Өмірде осы тақілеттес мысалдар толып жатыр. Кейде олар айқын көзге шалынады, ал кей кезде аналық сезім әсерін байқамай қаласың. Міне, психикалық тұрғыдан әлі тумаудың өте елеусіз бір мысалы. Бұл мысалда өз алдыңда психикалық тұрғыдан шала туған еркек отырғанын анықтау қиындығы сөз болады. Ондай дерек барлық жағынан мықты көрінетін еркек бетпердесінің тасасына жасырынып қалады екен. Оны Валерий деп атайық. Дене бітімі сомдағай, маңдайы кереқарыс, меңі бар, гүрілдеп сөйлейді, кеудесін кере ұстап, шығармашылықпен, отбасымен айналысады, балалары көп – осының бәрі оның нағыз еркек екенін айтып тұрғандай. Жақын таныса келе, оның басқа, өте нәзік, көзге шалына бермейтін, бірақ осы адамның өзге қырларын алдымызға жайып салатын қылықтарын біртіндеп көре бастаймыз. Мен оның өз көзқарасын табанды, тіпті, тістесе қорғайтынын байқадым. Әрі бұнысы ақымақтықтың шалығы емес еді – ол ақылды адам, «Жазмыштан озмыш жоқ», пәниде бәрі баянсыз екенін, осыған орай ешбір көзқарас соңғы сатыдағы, ақырғы ақиқат бола алмайтынын да түсінеді. Демек, мұндай үзілді-кесілділік оның мінез көрсетуі еді – сол арқылы өзін-өзі танытқысы келеді. Ал, өзін-өзі танытқысы келетіндердің дені – мына өмірде жолы болмағандар, ішкі жан-дүниесінде әлі шешілмеген мәселелері барлар. Оның баласы көптігін мақтанышпен әрі жиі айта беретіні де осыны аңғартады. Еркектердің бала туғызу арқылы өзінің мықтылығын дәлелдеуге тырысатыны көп кездесетін жағдай. Әрине, бұл бала туғызудың бірден-бір себебі емес, әйтсе де, тым жиі ұшырасатын, ал кейде басты себепке айналатын құбылыс екені белгілі. Оның тағы бір «баласы» – жиырма жыл бойы айналысып, әлі күнге шейін жүзеге асыра алмай келе жатқан шығармашылық жобасы бар екені мәлім болды. Бұл да оның психикалық тұрғыдан әлі тумағанын, шарана екенін айғақтайды. Рухани жатырда жатқан адам өмір шындығын шамырқана қабылдайды, оған өз көзқарасы бойынша баға жетпес, құнды идеяларын іске асыру, қадеге жарату өте қиын, жұрттың бәрі олардың пайдалылығы мен данышпандық жемісі екенін көре алмай тұрғандай көрінеді. Еркектердің көбі ұзақ жылдар бойы, тіпті, өмір бойы әрқилы жобаларды толғатып жүреді, олардың әртүрлі инстанцияларға апарып, өз жобаларының «аса құндылығын» көре алмайтын «топас», «мисыз» адамдарға өкпелеп, кәрін төгеді. Ал, жоба уақыт талабын ескермеген немесе өміршең емес, бірақ мұндай авторлар өмір шындығын дәйекті түрде байыптай алмай, бүкіл өмірін әуре-сарсаңмен өткізеді. Мына дүниеде «танылмаған данышпандар» мысалы көп кездеседі. «Әпенділер» дүниенің әрін кіргізеді, бірақ көп ретте әпенділік әлгі алаңғасардың өзіне, әсіресе – олардың жақын-жуықтарына азап шектіреді. Мұндай адамдардың туытына жәрдемдесу керек, сонда ғана олар өз қабілеттерін іске асырып, біздің өмірімізге молырақ қуаныш пен пайда алып келеді. Өйткені, олар өте дарынды жандар ғой! (Жалпы алғанда, адамдардың барлығы дарынды болады, тек ата-ана мен қоғам көбінесе сол таланттарды балшыққа батырып жібереді). Валериймен әңгімелесу барысында оның шешесі бірбеткей, адуынды әйел болғаны, күйеуін «табанына таптап» тастағаны мәлім болды. Әйел ұлын өте жақсы көрген, бірақ ол осы отбасына әкесінен гөрі табандылау мінез-құлықпен келген еді. Сондықтан, ол шешесінің қысымына барынша қарсыласып бақты. Ұдайы шеше билігіне қарсы күресіп-тіресу баланың мінез-құлқын ширата шыңдап, өмір майданына «жауынгер» етіп шығарды. Содан ол барлық нәрседен өзінің күшін, өзінің мінезін нығайтатын жол іздейді, үнемі өзін танытып, дәлелдеуге тырысты. Әкесі шешесінің қысымымен «аяқ сүртер шүберекке» айналғанын көргендіктен, ол әрқашанда өзінің тәуелсіздігін табанды, тіпті, қатал түрде қорғап қалуға ұмтылды. Міне, осылай өмір табалдырығынан уыздай жас, бірақ мық шегедей мығым «еркек» аттады. Шын мәнінде ол психикалық тұрғыдан әлі бозбала еді, есейген еркек ретінде әлі толық тумаған болатын. Бұл үшін әйел махаббатын анасының энергиясынан босатып, агрессиядан арылатындай әрі түбегейлі туып, тағы жаралатындай алапат құштарлықпен танып-білуі керек еді. Жазмыш оның жолын ашып, сондай бір бикешке жолықтырды да, екеуі үйленеді. Бірақ, балалық шағынан бойына сіңіп қалған жауынгерлік сипаты жігіттің босаңсып, жібіп, өз сүйіспеншілігін айқара ашуына ырық бермейді. Әйел де осынау «түрпідей» еркекке іңкәр сезімін көрсете алмай қиналады. Валерий сол әйелге өзінің алғаусыз сүйіспеншілігін арнап, жауынгерлік қасиеттерін емес, мінезінің жұмсақтығын, мейірімділігін, кең пейілділігін көрсетуі керек еді. Нақ сол кеңпейілділік, қарапайымдылық қана еркектің кемеліне келгенін сипаттайтын негізгі қасиеті саналады, ал оның санасында ата-ананың ықпалымен еркек болмысы жөнінде басқаша түсінік қалыптасқан еді. Әкесінің төменшіктеген хәліне тойып болған ол өзінің отбасында басқаша, барлық мәселеде еркек тек басында тұратын таза патриархалды қарым-қатынас құруға тырысты. Орта ғасырлық «еркекқос» қағидасына ұмтылыстың арғы жағында көбінесе өмірде жолы болмаған, «әлі тумаған» еркектер тұрады. Олар дөрекілігімен, қаталдығымен, тіпті, кейде озбырлығымен өзінің баладай дәрменсіздігін жасырғысы келеді. Алайда, заманауи әйелдер еркектің деспотизміне төзбейді, қазір баяғы кез емес, әйел көптеген құқыларды иеленеді, содан мұндай отбасылардың бақытқа кенеле қоюы некенсаяқ болады. Сонымен, біршама уақыттан соң Валерийдің әйелі кетіп қалды. Бұл оған күтпеген жәйт болды – ол өзін құрметтеуге лайқатты еркек санайтын еді, тіпті, өзінен әйелі кетіп қалады деген ой басына да кірмеген. Осы жәйттен кәдімгідей психикалық жарақат алды. Жазмыштың ырқын жалаң, үстірт пайымдаған оның жағдайында бастан өткен уақиғаның шынайы себептерін байыптай түсіну қиын болды да, ол «бәріне әйелдер кінәлі» деген жаңсақ қорытынды жасады. Ол «көкбет, арам әйел және жанашыр, ана әйел болады» деп ұйғарды. Содан Валерий әйел-ананы іздей бастады. Осылайша, өзінің ұзақ қарсыласқан нәрсесінеқайтып оралды – әйел-ананың қайтадан тұтқынына айналды. Іздеген адам табады. Ол көрнекі, ақылды еркек қой, ақыры іздеген, өзі белгілеген рөлді атқаруға көнетін әйелді тапты. Бұл отбасында партиархалды қарым-қатынас орнатты, бірақ, «аузы күйген үрлеп ішедінің» кебімен, бұрынғы олқылығынан сабақ алып, әйеліне ана ретінде қарай бастады: оның аналық сезімін мейлінше қолдап, қолпаштап, оны туа беруге мәжбүрледі (18 жыл ішінде бес бала тапқызды), оның мүдде-мұратын отбасы, ошақ қасының қамымен шектеуге тырысып, өзіне бала-шағаны асыраушының рөлін алды (солай болуға тиіс сияқты). Ол әйелдік қасиеттен қорыққандықтан, оны аналық сезімге ауыстырғандай әсер қалдырды, әлде шынымен де тап солай болды ма екен; әйелін үй шаруасына, бала қамына байлап қойып, дербестігінен айырды; оның бар күш-жігерін күйеуі мен балаларына жұмсауға бағыттап, жеке мүмкіндігін жүзеге асыруға жол бермеді. Мұндай ұстаным отбасының белгілі бір тұрақтылығын сақтады да (бес баласын шұбыртып әйел қайда кетуші еді), олар 18 жыл өмір сүрді. Бірақ, Валерий көздеген мұратына бәрібір жете алмады. Бұған дейін айтқанымдай, ол осы 18 жыл бойы өзінің жобасын жүзеге асыруға тырысып бақты, бірақ, қолынан келмеді. Иә, оның әйелімен әңгімелесу барысында ішінде ерте ме, әлде кеш пе, әйтеуір, түбінде бір сыртқа ақтарылып шығар үдерістің жүріп жатқанын аңғардым. Кез келген адам мынау дүниеге біреудің жолына құрбандыққа шалыну үшін емес, мүмкіндігін жүзеге асыру үшін келеді ғой. Мұндай өмір әбден жалықтырып, көңілін қалдырған кезде ол тұйық шеңберден жұлқынып шығады, тіпті, бақиға аттанып кетуі де ықтимал. Ондай мысалдар толып жатыр. Валерийдің әйелімен сөйлескен кезде осы іштей ширығу лебі есіп тұрды. Бұдан шығатын қорытынды біреу ғана: еркекке өзіне дәйекті түрде қарап, өз проблемаларын түсінуі керек, ал әйелі даналық қасиетін көрсетіп, оның «психикалық туыты» үшін жағдай жасағаны жөн.

Психикалық жағынан шала туғандар біз ойлағандағыдан әлдеқайда көп. Кез келген отбасын алып, шешесі балалардың өмірінде қандай рөл атқаратынын, балалардың, сондай-ақ әке-шешелерінің тағдырлары қалай екенін бажайлаңыз, сонда сіз шамадан артық ана махаббатының аталған нышандарының көбін қиналмай көре аласыз. Шындығында да, ана махаббаты билеп-төстеген отбасылар көбейіп кетті.

Мысалы, әйелдердің ұлдарын әскер қатарында қызмет етуден қалай «құтқарып» қалуға тырысатындарын қараңыздар. Қандай қулық-сұмдық жасамайды дейсің, шіркін, тіпті, өз баласының дене мүшелері мен психикасын жарымжан қылуға да даяр тұрады, тек оны әскерге жібермесе болғаны. Аналар армиядағы әлімжеттіктен және балаларын қақтығысты жерлерге жіберуден қорқады. Шын мәнінде, бұл жерде басқа да себептер бар. Көңіл түкпірінде, түйсік қатпарында шешелері өз ұлдарына билік жүргізе алмай қалудан қорқады! Өйткені, олар әскерден еркек болып оралады ғой. Телехабарлардың бірінде жағымды жаңалық ретінде күйеуін тастап, ұлы әскери борышын өте жүрген Шешенстанға барып, мерзімді қызметін бітіргенше сонда тұрған ана жөнінде әңгімеледі. Осы қылығы арқылы баласына бұрынғыдан бетер қауіп төндіріп, қатер үйіре түскенін әлгі әйел де, репортаж жүргізуші де білмейді. Егер де статистикалық мәліметтерді қолға алар болсақ, онда негізінен әке-шешесі арасындағы сүйіспеншілік кері кеткен отбасынан шыққан балалар қаза табатынын көретінімізге шәк келтірмеймін. Менің жеке зерттеулерім осыны растайды. Мен ондай «сынақтаманы» талай өткіздім. Маған әскер қатарында қызмет етуге қатысты талайлар көмек сұрап келді, мен ата-ананың бір-біріне қарым-қатынасын жөндеп, жәй-ахуалды дұрыс түсінулеріне көмектесуге тырыстым. Барлық жағдайда да бәрі тамаша, ойдағыдай өтті. Әрине, маған аналардың өз бастарын құрбан ете отырып, ақжарма махаббатымен балаларын құтқарып қалған деректері де белгілі. Тарихта да ондай мысалдар көп, бірақ мәселенің астарына үңіліп, «ал, сонда балаларды құтқару керек болатындай жағдайға кім алып келді?» деген сұрақ қою керек. Сонда ғана біз, бәрінен бұрын, анасының шамадан артық, асып-төгілген махаббатымен баланы драмалық, кейде тіпті трагедиялық жағдайға душар еткенін көреміз. Нақ әскер қатарында «психикалық туыт» өте жақсы жүреді – адам лезде дербес, өз бетінше тірлік істеу қабілетін иеленеді. Егер оған тағы да шешесі кедергі келтірмесе. Өзінің ұлы туралы ойларымен, өзінің сезімдерімен, өзінің хаттарымен қабаттаса бермесе! Бұл жас жігітті сәби қалпында, балалық шеңберінде қалдыруға бағытталған қуатты қару ғой! Ұлының адал қызмет етіп, дене бітімін жетілдіруін, нағыз еркекке айналып, қиындықтан қорықпауын ойлап, хат жазатын шешелер сирек-ау. Иә, ой ағыны, сезім иірімдері мен сөз лепестері алыстан да айлапат әсер етеді. Ал, әлгі хаттарда үрей, мүсіркеу, уайым-мұң, көз жасы көп болады... Содан соң жас солдаттардың өзін-өзі ұстай алмай, қашып кететініне, мүлдем түсініксіз қылмыстарға баратынына таңғалатындай жөніміз жоқ. Ата-ананың жас сарбазға қарым-қатынасын талдай келе, бәрі түсінікті болады. Сондай-ақ, армиядағы өлім-жітімнің жоғары екендігіне қатысты да алабөтен ой өрбітуге болар еді. Егер статистикалық зерттеулер жүргізіп, қанша студент түрмеге, жындыханаға түскенін, қаншасы есірткі мен ішімдікке үйірсектеп, азғындық жолға түскенін және көкала мас төбелес пен жол апатынан көз жұмғанын есептер болсақ, онда олардың саны әскер қатарында қызмет етуден зардап шеккендерден әлдеқайда көп болып шығады. Тек бұл деректер жөнінде көп айта бермейді; ал егер армияда бірдеңе бола қалса, бүкіл ақпарат құралдары әлгі деректі айдай әлемге жария етіп, жар салады. Бұған қоса, перзенттерінің білім алып, институтта оқуына және оны бітіріп шығуы үшін ата-аналардың қанша қаражат, тәни әрі жани күш-жігерлерін жұмсайтынын есептейтін болсақ, көз алдымызда естен тандырып, ақылдан адастырардай картина тұра қалады. Соған үңілсең, шеше атаулының балаларын қалай да армиядан құтқарып қалуға тырысып, арқасынан итеріп апарып, жаппай институтқа тықпалайтынын көресің. Сөйте тұра, олар ұрпағын тағдырдың талқысынан құтқарып қала ала ма? Шын мәнінде олар осы қылықтары арқылы баланың тағдырын қиындата береді. Олар балаларын қастарынан қыл елі ұзатпауға тырысады, сол арқылы оларды әлдеқандай қиындықтан қорғап қалуға дәмеленеді, ал, шын мәнінде, бірден көзге шалына бермейтін проблемаларды тек қана ұлғайта береді. Негізінде, олар өз балаларының психикалық жағынан жаралып, толық дүниеге келуіне көмектесулері керек, сонда институтта білім алу да, әскер қатарында қызмет ету де еш қиындық үйірмейді.

Балаларға алаңдап, үргедектенбеу үшін бір әмбебап нәрсені – ата-аналар арасындағы Махаббат кеңістігін пайдалану керек. Бұл шынында әмбебап құрал әрі бала қай жерде жүрсе де, мүлтіксіз әрекет етеді. Үлкенді-кішілі соғыстар, кесапаттар мен терактілер, кез келген төтенше оқиғалар кезінде адамдарды осы аман сақтап қалды. Сүйіспеншіліктен тәні сау, көркем әрі дарынды балалар туады. Бұл да олардың дер шағында психикалық жағынан толықтай жаралып, бақытты ғұмыр кешуіне септігін тигізеді.

Бұл тақырыпқа тағы да көп мысал келтіруге болар еді, бірақ мен осы жетеді деп ойлаймын. Егер зер сала қараса, әркім оларды төңірегінен, тіпті, жақын-жуығының арасынан көре алады. Ал, ең бастысы, мен бұл кітаптың көп адамның психикалық жағынан қайта тууына көмектесетініне үміт артамын.

ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ

Әр сәтіңді әрлей білгін мағынаға қаныққан,
Сағаттар мен күндеріңді алға қарай жаныққан.
Сонда сен де күллі әлемді құзырыңа аласың.
Сонда, ұлым, ұрқы мықты адам болып қаласың.

Киплинг Алдыңғы тарауларда біз адамның құндылықтар жүйесі және оны дұрыс түзудің қаншалықты маңызды екені жөнінде бірнеше рет айттық. Енді осы хақында егжей-тегжейлі әңгімелейтін кез келді. Шын мәнінде, бұл – адами қарым-қатынастарды құрылымдаудағы аса маңызды мәселелердің бірі. Адамдардың басым бөлігі үшін «құндылықтар жүйесі» дегеніміз – көлденең жатқан көк тастай, мына өмірде олар соған жиі сүрініп, шекелерін ісіріп ала береді, жақын-жуықтарын жоғалтып, өз өмірлерін қысқартады. Өмірлік құндылықтар жүйесі жөнінде бас қатыратындар ілеу де біреу кездеседі, ал бұл мәселелердің мәселесі ғой. Адамның өзіне ең алдымен не керектігін түсініп алуы қаншалықты маңызды екенін біз кейде ескере бермейміз. Иә, зымырандай зулаған уақыттың әр сәтінде күш-жігерді қайда жұмсап, алға қойған мақсат қоюды, тіршіліктің қым-қуыт тоғысында қандай жол таңдауды және т.б. нақ осы құндылықтар жүйесі айқындайды. Менің көзқарасым бойынша, құндылықтар жүйесін бұзу адам өміріндегі ең үлкен қиындықтарды туындатады. Егер өмірлік құндылықтар бұрыс белгіленсе, онда адам тегіс жерде сүрінгендей сан алуан проблемаларға соқтыға беретінін психологиялық зерттеу тәжірибесі көрсетті. Иә, шынында да, адам өзінің құндылықтар жүйесін құрып, оны мейлінше дұрысырақ, яғни, шындыққа сәйкестіріп жасаса, жеке өмір жолында жақсы жағына қарай таңғажайып өзгерістер бола бастайды. Одан әрі Сіз ұсынылған құндылықтар жүйесінің табиғилығын көресіз. Әрине, өмірдегі барлық нәрсе сияқты құндылықтар жүйесі сананың жәй-күйіне байланысты болады. Біз қалай ойласақ, солай өмір сүреміз. Бәзбіреулер үшін құндылықтар жүйесінде тек нақты, материалдық заттар жиынтығы: тамақ, киім-кешек, баспана, ақша болады. Басқа біреулерге әлгілердің мән-маңызы жоқ, олар тек рухани құндылықтармен өмір сүреді. Екеуінің көзқарастарын салыстырып, дұрыстығын безбендеудің мәні жоқ, әрқайсысы өздерінің сана-сезімдеріне қарай күн кешеді. Әуелі барша адам үшін маңызды ортақ құндылықтар жөнінде айтайық. Әр кезең, әр заман өзінің құндылықтар иерархиясын орнықтырады және бұл түсінікті де – эволюция жүріп жатыр, адамзат қауымы есейіп, жетіліп келеді. Бұл тарауда біз сананың әрқилы жәй-күйіне арналған құндылықтар жөнінде сөз қозғаймыз. Мейлі, әркім оған шығармашалықпен келіп, өз санасына сәйкес келетін жүйесін құра берсін. Екінші жағынан, таңдап, талғау мүмкіндігіне ие болу үшін басқа құндылықтар жүйесін де білген пайдалы. Егер оқырман құндылықтар жүйесінде алуан түрлілік сипат бар екенін, әрі олардың дұрысы мен бұрысы болмайтынын, тек адамның өз міндеттерін жүзеге асыруы үшін жұмыс істейтіндері және жұмыс істемейтіндері ғана болатынын түсіне алса, бұл тарау өз міндетін орындаған болып шығады. Міне, қарапайым мысал: жұрттың көбі ең тиімді қарым-қатынас дегеніміз – ең ұзақ, тіпті, өмір бойына жететін қарым-қатынас деп есептейді. Ал, бұл солай ма? Кейде қас-қағым сәттік жүздесу адами өмірін түбірінен өзгертіп жібереді, ол басқаша жағдайға өтеді де, оның шарықтау немесе құлдырау кезеңі басталады. Мұндай мысалдар тарихта толып жатыр. Екінші жағынан, талай адам өмір бойы бірге тұрып, өзіне де, өзгеге де арзитын ештеңе тындырмастан, іштей «бықсумен» өтеді. Мұндай мысалдар да жетіп артылады. Сондықтан, тірлікті қарым-қатынастың ұзақтығымен өлшеуге бола ма? «Міне, олар 50 жыл жұп жазбастан өмір сүрді!». Адамзат қауымы иеленіп келген құндылықтардың барлығына үңіле қарап, тексеріс жасайтын, тозығынан, яғни, енді жұмыс істемейтінінен арылып, жаңа басталған мыңжылдықтың өріне озығымен ғана аттанатын кез келді! Мысалы, «Еркек пен әйелдің өзара қарым-қатынасының мақсаты қандай?» деген сұраққа «Жұрттың бәрі сияқты өмір сүріп жатырмыз, әйтеуір» деп жауап беру, қазіргі кездегі ой-сананың орайына келмейді. Жұрттың көбі ойланып алып, шамамен: «Бірге өмір сүрудің мақсаты тұтастыққа (яки, өзін дамытуға), қуаныш пен бақытқа жетуге саяды» деуі мүмкін. Бірақ, бұл да енді кешегі, күні өткен мақсат, бүгін, жаңаша сана-сезімге орай ол басқаша болады.

Еркек пен әйелдің өзара әрекеттесу мақсатын бүгінгі деңгейде ұғыну жайы тұтастықты, қуаныш пен бақытты жасаудан тұрады. Айтыңызшы, осы мақсаттың екі анықтамасында қандай айырмашылық бар түбегейлі! Бірінде – «иелену», екіншісінде – «жасау». Біріншісінде – мұқтаждық, қажеттілік, ал екіншісінде белсенді өмірлік ұстаным, өз мүмкіндіктерін сезіну мен жасампаздық құлшыныс лебі есіп тұр. Бірінші ретте адам басқа біреу арқылы тұтастықты, бақыт пен қуанышты иеленгісі келеді, ал екіншісінде өзінің ішіндегі, жан-дүниесіндегі барды бөліседі. Біреуі – сырттан, ал келесісі өзінің ішкі жан-дүниесінен іздеп, оны сыртқа шығарады. Көріп отырғанымыздай, шынында да түбегейлі айырмашылық бар!

Әуелі мен адамдардың көпшілігі үшін маңызды, мейлінше кең таралған құндылықтар жиынтығын қарастыруды ұсынамын. Бұл жиынтыққа күйеуі, әйелі, отбасы, ата-анасы, жұмысы, достары, үй жануарлары, түрлі ермектері жатады. Бұл жиынтықтың, кем дегенде, Жер шары тұрғындарының 80%-ына тартымды да жағымды екеніне күмән келтірмейтін шығарсыз. Міне, осы тұстан мәселенің мәніне үңіліп, басын ашып алайық. Орташа деңгейдегі ұғыну қабілеті бар ересек адам құндылықтарының жұмыс істеп тұрған жүйесін қарастырайық. Ал, ондай адамдар көп-ақ. Әртүрлі аудиоторияларда және жеке-дара жүздесу барысында мен «Өзіңізге ең қымбат әрі бағалы тіршілік иесін атаңызшы?» деген сұрақ қойып жүрдім. Сонда алуан түрлі, тіпті, «Мысық» деген де жауап алдым. Бірақ, көбінесе: «Бөбек», «Балалар» дейді. «Өзімнің күйеуім», «әйелім» деген жауап сирек естіледі. Ал, енді мен: «Мен үшін ең сүйікті адам – мына өзім» деген жауапты ешқашан естіген емеспін. Адамдар өзін жақсы көретіні туралы айтуға жасқанады. Ұжымшыл рухта және өктем мемлекетте тәрбие алған адамның әлгіндей жауап жүдә басына кірмейді, ал, егер де ондай қылаң ете қалса, оны өзімшіл, эгоист атанудан қорқу сезімі басып-жаншып тастайды. Бірақ, эгоизм дегеніміздің өзін-өзі сүйіп, қадірлеуге жетіспейді. Өйткені, өзгеден гөрі өзін жақсы көру (ал, эгоизм дегеніміздің өзі осы) арқылы адам елеулі проблемаларға килігеді, сөйтіп, ол өзін онша жақсы көрмейтін кейіпте көрінеді. Иса пайғамбардың өсиетінде «Өзіңнің жақын адамыңды өзіңді өзің сүйгендей жақсы көр» деп анық айтылған. Ал, енді осынау «өзіңді өзі сүйгендей» шартын орындамаудың артында өз рөлін кемсіту де, эгоизм де тұрады. Иә, соның негізінде өркөкіректік те, өзін-өзі кемсітушілік те, озбырлық та, басқа жағымсыз құлықтар да бас көтереді. Өзін лайқатты орынға қойса болды, бәрі сол бойда табиғи қалпына келіп, адамның абыройы арта бастайды. Өзін шындап, беріле сүю дегеніміз – өзінің болмысына өте нәзік әрі терең әдіппен бойлау. Бұл – өзінің жан-дүниесімен оңашаланып, Жаратушы Иеге ұмсыну. Сондықтан, шындап жақсы көретін жандар онша көп емес. Осының өзі-ақ адамзат қауымына қиындық туындатады. Әр адамның бойында шетсіз де шексіз махаббат бар, неліктен сол үнемі көріне бермейді? Әсіресе, бостандық жөнінде ұмытқан кезде өзіңе, өзге адамға да шынайы сүйіспеншілікпен қарап, алғаусыз жақсы көру ерекше қиын, бәлкім, жүдә мүмкін емес те шығар? Сүйіспеншілік жөнінде ой толғап, сөз қозғап жататындар бостандық туралы айта бермейді. Ал, махаббатсыз шынайы бостандық болмайтыны сияқты бостандықсыз шынайы махаббат та жоқ қой! Махаббат пен Бостандықтың өзара байланысты категориялар екені соншалық, бұл, шын мәнінде бір ғана нәрсе, ол – Жаратушы Ие!

Әрбір жеке тұлғаның толық бостандығы – міне, дамудың табиғи және рухани жолы осы! Адамның санасында осы ойдың болмауы шынайы махаббаттың көрінуіне кедергі келтіреді. Ол толыққанды болмайды да, соның салдарынан махаббат адами және құдайы сүйіспеншілікке бөлінеді. Махаббат жоғалған немесе бостандық шектелген шақта қызғаныш, жеккөрініш пайда болады, әлде махаббат мүсіркеушілікпен, аянышпен шатастырылып, адам өзін-өзі кемсітуге, содан соң өзін-өзі жоюға барады.

Егер осы қағиданы – бастапқы кезде, қарым-қатынас басталған сәтте – әйел мен еркек қарым-қатынасының қақ басына қояр болсақ, онда талақша жабысып, жұбайын өзінің меншігіне айналдыру пиғылы жоғалады. Сонда ажырасулар әжептәуір азайып, сүйіспеншілік те күшейеді (бостандық махаббатты күшейтеді), балалар бақытты өмір сүретін Махаббат кеңістігі де ауқымды болады. Сүйіспеншілік пен еркіндік ахуалында туып-өскен балалар жарасымды болады және олардың мына өмірмен қарым-қатынасы да жарасым табады. Қазіргі кезде табалдырықтан Дәлу (Суқұйғыш) дәуірі аттаған шақта бостандық, еркіндік негіздердің негізі саналады. Біз қаласақ та, қаламасақ та өмірдің барлық саласы еркіндік иеленеді және де тұтқиыл жәйттерге тап келмес үшін бәріне дайын болуымыз керек. Өткен тарауларда Махаббат кеңістігі жайында сөз қозғалды, ал бұл – бостандық пен сүйіспеншілік қой! Кеңістік дегеніміздің өзі бостандық болып шығады. Егер де адамдар махаббат туралы қанша ойласа, бостандық жөнінде де сонша ойлап, екеуінің ажырамас ұғым екенін ұғынса, махаббатты маздатқандай еркіндікке де өріс ашуға ұмтылса, онда Жер бетіндегі тіршілік тынысы түбірінен өзгеріп кетер еді. Бұл кезде адами махаббат құдайылық сипат иеленер еді. Шын мәнінде еркіндік ешқайдан келмейді, ешкім әкеліп бермейді – ол адамның ішкі дүниесінде әуелден бар. Адам дегеніміздің өзі – еркіндік! Еркіндік орта, жартылай бола алмайды. Ол не бар, не жоқ. Сондықтан, еркіндікке титтей болса да, залал келтіру адамның болмысына зардап шектіру, бұл оны қинап, қорлайды және бостандығы үшін өмірін қиюға мәжбүр етеді. «Осынау тәп-тәтті сөз – бостандық» деген не? Әр адам мына өмірге өзінің міндеттерін атқарып, өзінің тәжірибесін алуға келеді, сол адамның еркін қалауын бұзуға ешкімнің қақы жоқ. Тіпті, Құдайдың да! Ал, адамдар, көбінесе, осы құзырды өзінің қолына алуға құмар! Соның салдарынан толып жатқан проблемаларға килігеді. Күйеуін (әйелін), баласын өзінің меншігіндей сезіну – бостандықты бұғаулаудың шектен шыққан көрінісі. Біз мұны да жаппай және жағалай жолықтырып жүрміз. Паспортқа мөр басылғандықтан, басқа адамның тағдырына билік жүргізуге болады деу – сандырақ. Сондықтан да «біз бір-бірімізді сүйеміз, ал неліктен денсаулыққа, қаржы-қаражатқа байланысты қиындықтарға ұшырай береміз? Бақытты әрі қуанышты сәттер неге тапшы, сүйіспеншілік бар кезде бәрі тамаша болуға тиіс емес пе?» деген түсінбестік пайда болады. Мұқият қараңызшы: Махаббат сияқты бостандық та жарқырай көрінді ме екен? Егер көрінбесе, онда махаббаттың жартыкеш болғаны, иә, осы кемістік те проблемалар туындатады. Қазір көп адам өзін діндар санайды, бірақ Құдай дегеніміз – абсолютті махаббат және абсолютті бостандық! Құдайдың құдіретіне сену – діни ғұрып-рәсімдерді емес, мынау пәниде жарқын көрінетін махаббат пен бостандықтың салтын сақтау ғана. Толық бостандық – өзара қарым-қатынастардың негізі, әйтпесе, олар бақытқа бөлемейді.

Алдыңғы тарауларда бостандықты бұғаулаудың неге әкеліп соқтыратынын көрдік. Қасиетті аналық махаббат, нақ осы өзінің бостандығы мен өзгелердің еркіндігін бұзу салдарынан өз балаларын жалмаушы құбыжыққа айналады ғой. Бостандық жоқ жерде махаббат та болмайды! Бұны әркім жақсы ұғынып, өз өміріне қолдан келгенінше көбірек бостандық алып беруі керек, сонда өзіне де, өзгелерге де жеткілікті дәрежеде сүйіспеншілік білдіре алады. Еркіндікті дамытудың өзі – сүйіспеншілікті дамыту. Сүйіспеншіліктің артуы тоқтап қалған кезде қараңыз: еркіндік өсіп жатыр ма екен? Көбінесе еркіндіктің тежелуі салдарынан махаббат та маздай алмай, саябырсып сала береді.

Міне, өмірде көп кездесетін жағдаят. Күйеуі әйелі өзіне көбірек көңіл бөлмесе, одан біржола кетіп қалатынын айтады. Әйелі ерік қалауын қолына алып, «көбірек көңіл бөлу керек пе, әлде жоқ па?» деген таңдау жасай алады. Одан арғы уақиғалар оның осынау еркін таңдауына байланысты өрбиді. Міне, енді өзге адамның бостандығына нұқсан келтірмей, оларды игі ниетпен, парасатты түрде қабыл алу керек. Өзара қарым-қатынаста ерлі-зайыптылардың екеуі де өз тілек-қалаулары мен ынта-ықыластарын еркін айтуы керек. Жұбайлардың біреуінің еркін таңдауы екіншісін қорлауға немесе ренжітуге тиіс емес. Қорлану немесе ренжу дегеніміз – өзінің және қосағының шынайы болмысын теріске шығаруды білдіреді. Мұндай жағдай бола қалса, бұл адамдардың шын мәнінде өздерінің кім екендіктерін естен шығарып алғандарын білдіреді. Міне, мынау – адамның бойында шынайы еркіндік бар-жоғын көрсететін қарапайым, бірақ мүлтіксіз сынақтама. Өзіңіздің сүйікті жұбайыңыз (зайыбыңыз) әлдебіреуге ғашық болып қалды дейік. Бұған ағыңыздан жарыла, адалдықпен, шын жүрегіңізбен қуаныңыз! Егер солай істей алсаңыз, онда осының өзі шынайы бостандық, осының өзі алғаусыз махаббат барын білдіреді. Егер қуана алмасаңыз, өзіңіздің онша бостан емес екеніңізді және сүйіктіңізге де еркіндік бермейтініңізді, тұла бойыңыздағы тұнық сезім – шынайы махаббаттың әлі ашылмағанын мойындаңыз. Өзгеге бостандық тек оған жайбырақат қарау арқылы ғана берілмейтінін ескеріңіз. Жақын адамның тірлігіне, өз өміріңізге жайбарақат қарау – Жаратушы Иенің шапағатынан алыстау. Егер өзіңіз жайбарақат, бейтарап қараған адамның төңірегінде әлдебіреу пайда болса, бұл – Сізден құдіреті күшті Құдай тағаланың теріс айналғанының нышаны. Өз өміріңіз жөнінде, Жазмыштың жазуы жөнінде ойланғаныңыз жөн. Пәнилік тірлік-тынысыңызда, дүниеге көзқарасыңыз да бірдеңе оқсамай жатқаны анық. Жайбарақаттық – Құдай тағалаға, яғни, Өмірге, Махаббатқа, Қуанышқа, Бостандыққа сенімді тексеретін сынақтама іспетті, себебі: осы айтылғандардың баршасы сияқты Құдай да бар. Кәнеки, енді сүйіспеншілік пен еркіндік мына өмірде қалай көрініп, құндылықтар жүйесінде қандай орын алатынын қарастырайық. Егер адам жұрттың бәрін алаламай, бірдей сүюге ұмтылуы керек дейтін болсақ, онда қандай құндылықтар жүйесі жөнінде әңгіме болуы мүмкін? Сіз кеңес билігі кезінде кең таралған «дефицит» сөзін ұмытпаған шығарсыз? Әлдебір нәрсенің тапшылығы, яки, дефициті бар болса, оны дұрыс бөлген жөн, әйтпесе, үлкен проблемалар туындауы ықтимал. Бұл ретте біз махаббатты дұрыс бөлу жайында әңгімелейміз, өйткені, Жер бетіндегі адамдардың барлығы, негізінен, махаббат тапшылығының зардабын тартып жүр. Міне, осы жұртшылық үшін сүйіспеншілік пен сана-сезімді дамыту сатысы ретінде жұмыс істейтін құндылықтар жүйесі ұсынылады. Жо-оқ, адамдарда махаббат емес азы – әр адамда сүйіспеншілік шексіз көп болады, тек сол сезімді көрсету жағы жетіспейді, тапшы. Ал, әзірше дефицит бар болғандықтан, әуелі осы тапшы нәрсені дұрыс бөле білу керек. Көп адам үшін нақ осы сүйіспеншілікті бөлу ісі зор маңыз иеленеді. Сөйтсек, бұған да үйрену керек екен! Бұл да Өз махаббатыңызды айқара ашудағы, Өзіңіздің бүкіл өміріңізді өзгертудегі шешуші қадам бола алады. Әрине, махаббатты «дефицит», «бөлу» деген сияқты сөздермен байланыстырғың-ақ келмейді, бірақ әзірше бұған көндіге тұруға тура келеді. Жер бетіндегі сүйіспеншіліктің артуына, оны білдіру білігінің ұлғаюына орай оны бөле-жарудың қажеті болмай қалады да, уақыт өтінде өзі-ақ жоғалады. Мен адамның махаббаты өзіне де және араласып-құраласатын өзгелерге де жететіндей өмір сүре алатынына нық сенімдімін, ал, әзірше жұрттың көпшілігіне алғаусыз сүйе білуді үйрену қажет! Құндылықтар жүйесін сезіну де – осы жолдағы маңызды қадам. Мысалы, адам өзінің Құдай тағаланың бейнесі бойынша және соған ұқсас кейіпте жаралғанын, өзінің Жер бетіндегі ең үлкен құндылық екенін ұқпаса, соның кесірінен итті немесе мысықты, автомашинаны немесе мемлекетті өзінің құндылықтар жүйесіне кіргізіп алып, асқақ тұтып жүреді... осылайша ол Құдай тағаланы және бірінші кезекте – өзін төмендетіп, өзіне бәле-бәтір атаулыны үйіріп алады. Өмірде біз мұндай жойдасыздықтың талай мысалын көріп жүрміз. Мысалы, «Мен балаларыма барымды бердім!» дейді. Иә, нәтижесінде не болды? Өз басындағы жалғыздықпен толып жатқан ауру-сырқау және балаларының қыңыр кетіп, қырсық шалған тағдыры. Құндылықтар жүйесін бұлайша бұзу қаншама проблемаға киліктіретінін алдыңғы тарауларда тарата түсіндірген едік.

Өзіңде жоқ нәрсені балаларыңа беру мүмкін емес екені осыдан-ақ түсінікті ғой. Өзіңді өміріңнің қақ ортасына қойып, өзіңнің құндылық жүйеңді құрмайынша, бақытқа кенеле алмайсың. Бүлінген құндылықтар жүйесі балаларға беріледі де, олар ата-аналары бастан өткерген қиындықтарға тап келеді. Кейде балалар шырғалаң құндылықтар шеңберінен шығар жол іздейді, тап сол кезде ұрпақтар буыны арасында жанжал оты тұтанып, проблемалар бұрынғыдан бетер қордалана түседі. Ал, ата-ана мен балалардың құндылықтар жүйесі бірдей әрі жосықты болса, онда осы әулеттегі бүкіл ұрпақтар буыны таңғажайып үндестік пен ізгілікке кенеледі. Ондай отбасылар да баршылық!

Бәлкім, адамның бірнеше нұсқадан әлдебіреуін таңдап алуы Сізге таныс шығар. Мысалы, әйелге бірнеше еркек ғашық болады, ал ол қайсысына көңіл тоқтатарын білмей, дал болады. Мұндай екідайлықтың себебі тағы да сол қалыптаспаған құндылықтар жүйесінде жатыр. Бәрін қайтадан өзін бағалай білуден бастау керек. Егер әлгі әйел өзін құндылықтардың қақ басына қойып, өзін-өзі ардақтай алса, оны әуре-сарсаңға түсірген нәрсенің бәрі орнына келеді. Әйелдік қасиетті жарқырата ашуына қарай жай-ахуал барынша оңайлап, айқындала түседі де, енді қалай істеу керектігі еш күмән шалдырмайды. Жалғыздықтың тап сондай себебі бар, одан да былай шығуға болады. «Өзіңе, сүйікті болмысыңа» көңіл аялдатып, назар шоғырландыруың керек, сонда бәрі үйлесіп жүре береді. Мәселені шешудің мейлінше тиімді осы тәсілі, бір қарағанда, күрделілеу көрінуі мүмкін. Егер әйел жалғызілікті болса, бұл оның мұндай ішкі жан-дүниесінің жәй-күйіне Жазмыштың өзі ешқандай жақсылық нышанын дарыта алмайтынын білдіреді! Ол өзінің құндылықтар жүйесін қайта қарауы керек, мәселенің шешімі сонда жасырынып жатқан болуы мүмкін.

Міне, осылай бәрінің ортасына да, бастауына да ӨЗІҢІЗді жайғастырыңыз!

Мұны істеу оңай емес. Өйткені, бірнеше ұрпақ буынының ой-санасына басқа құндылықтар жүйесі орнықты ғой. Балалық шақтан, отбасы тірлігінен, октябрят және пионер кезінен басы аяғына кеткен құндылықтар тықпаланды. Жас пионердің: «Мен, Кеңес Одағының жас пионері, өз жолдастарымның алдында өзімнің кеңестік Отанымды жан-тәніммен сүюге, ұлы Ленин өсиет еткендей, Коммунистік партия үйреткендей өмір сүруге, білім алып, күресуге салтанатты түрде уәде беремін» деген асқақ сөздерін қалай жаттағандары, содан соң толқып, салтанатты жағдайда ант еткендері жұрттың көбінің есінде, міне, осы арқылы олардың санасын адасқақ ой-пікір жайлап алды. Міне, мысалы, миллиондаған адам төбесіне көтеріп өскен құндылықтар жүйесі («Жас пионерлер заңы» бұл): Осы құндылықтар жүйесінде өзіне, ата-анасына, отбасына сүйіспеншілік қайда? Мұндай құндылықтар арқылы тек тілалғыш «еңбекқорды», жанын пида етуге даяр солдаттарды, партияға жан-тәнімен берілген мүшелерді ғана даярлауға болады...

Егер Сіз егер өзіңізге сүйіспеншілікпен толықпасаңыз, әр жасушаңыз махаббат әуеніне үн қосып тұрмаса, сыртқы дүние, сірә, не бере алады? Мүсіркеу ме – иә, мүсіркейді, бірақ шынайы сүймейді! Өйткені, шынайы махаббат тек құрмет тұтып, ардақтауға арқа сүйейді. Өзіңізді сүйіп, құрметтеу арқылы Сіз өзіңіздің жай-күйіңізді сыртқы дүниеге айшықтай көрсетіп, құндылықтардың өз мүмкіндігіңізді жүзеге асыруға жол ашатын иерархиясын қалыптастыра аласыз. Біз ересек адамның құндылықтар жүйесін қарастырып отырмыз, сондықтан, сүйікті адамға арналған лайқатты орын болмаса, махаббаттың алғашқы өрісі толық болмай шығады. Өйткені, ересек жан ерте ме, әлде кеш пе, жұп құрауды, қасында сүйікті адамының жүргенін қалайды ғой. Әзірше ол жоқ болса, болашақта осы жерде жұбайым (зайыбым) тұрады деген ниетпен, оған орын қалдырыңыз. Осы орынды ештеңемен және ешкіммен толтырып қоймаңыз! Иә, балалармен де, жұмыс қамымен де, диссертациямен де, ақшамен де, ата-анамен де, құрбы-құрдаспен де... толтырмаңыз. Сіздің қасыңыздағы орынның бос болғаны ерекше маңызды, сонда осы жерге әлдекім келе алады. Әйтпесе, келген адам әлгі жерде өзін жайлы, арқайын сезіне алмай, тез кетіп қалады. Көбінесе солай болып та жатады: қасына келген еркек бірсыпыра уақыттан соң табан астында қарасын батырады. Иә, оған орын жоқ! Ол ең басты орынның басқа біреуге әлде өзге бір нәрсеге беріліп қойғанын түйсігімен сезінеді, не көзімен көреді. Сонымен, махаббаттың бірінші шеңбері ӨЗІН, ал келешекте ҚОСАҚты (жұбайы+зайыбы) да қамтиды екен. Жалғыздықта жүре тұра, сана-сезіміңізде, жан-дүниеңізде өз жартыңызға, жұптасар сыңарыңызға орын жасақтау қажет. Бұл арман-тілектер, белгілі бір ой-пікірлер, қарама-қарсы жыныс өкіліне құрмет дағдысы түрінде жүзеге асатыны анық. Сол жерде көбінесе жалғызбастылық пен сәтсіз некелердің себептері жатады. Өзге жыныстыны құрметтеу өте маңызды, әйтпесе, Сізді өзіңізге құрмет сезіміне «тәрбиелеуге» мәжбүр ететін сияпат аласыз. Иә, оның әдістері де онша жақсы емес. Көп жағдайда қосақтың сыңарына арналған осы орынды балалары, жұмысы, пір тұтқан рухани ұстазы, тіпті, үй жануарлары иеленіп алады! Әлбетте, мұндай кезде адам қанша аласұрғанымен, бәрібір, жалғыз қалады әрі оған бақыттың мәнін толық сезіне алмайды. Тек іргесі берік әрі іші сүйіспеншілікке толы Мен+Ол атауы ғана көңілі қалаған нәрсеге жетуіне мүмкіндік береді. Жұп жазбаған Ерлі-зайыптының махаббаты – Он сегіз мың да бір ғаламдағы ең бағалы нәрсе! Ол – тіршіліктің негізі. Оларды бөле-жарып, араларындағы ең бастысын ерекшелеуге де болмайды, ол – ТЕҢ ДӘРЕЖЕЛІЛЕР! Суға түскен тасты көзге елестетіп көріңізші, ол неғұрлым үлкен болған сайын, су тамшылары соғұрлым шалғайға шашырап, иірімдері алысқа ұзап кетеді. Ал, егер қасына екі тас қатар құласа ше? Мейлі, олардың көлемі үлкен бола берсін, егер екеуінің арасында аз-мұз қашықтық болса, әлгілер толқынды өшіріп, айдынның астан-кестенін шығарып, аласапыран қылады. Өмірде де солай! Тек жұбайлар сүйіспеншілікпен, жарасыммен түтін түтетіп, бір бүтін күн кешкенде ғана олар артына жасампаздықтың жарқын ізін қалдыра алады. Күйеуі әйелімен сүйіспеншілік нүктесінде тоғысқанда ғана нұрын төгетін, жылу бөлетін Күні оңынан туып, ғаламшар-балалар өздерін тамаша күйде сезінеді. Егер ата-аналар өздерін сүймесе, олардың арасында махаббат болмаса, өздері де күңгірт, көмес сәуле шығарып, жеткілікті жылу бере алмайды. Солардың әлдебіреуі отбасындағы бірінші орынға өңмеңдей ұмтылып, өзімшіл үмітін үрлесе, сыңарын сыйламаса, жарықтың (жұбайлардың) өшуіне, ғаламшарлар (балалар) орбитасының бұзылуына алып келетін эксцентризм бас көтереді. Бұл метафоралар қақ ортада жұбайлар тұрған кезде маздаған махаббаттың бастауына айналатыны, бір-біріне сүйіспеншілігі күшейген сезім жалыны лаулап, жарық нұры молая беретінін көрсетеді. Өмірде орталық-жұбайлардан ажырап қалған шеңберлер 1-суретте бейнеленген. Сол бойынша одан әрі құндылықтар жүйесін қарастыра береміз.

1-сурет

Осы жұбайлар жасайтын кеңістік екінші шеңбер болып табылады. Бұл – отбасын құрайтын психологиялық әлеуметтік және экономикалық жиынтық. Бұған тұрғын үй де, «отбасы, ошақ қасы» деп аталатын бірлесе өмір сүру қалыбына қажетті нәрсенің бәрі де кіреді...

Мұнда ұсақ-түйек ештеңе жоқ. Жұбайлар төсегі де ерлі-зайыптылар кеңістігін қалыптастыруға әсерін тигізеді. Біздің бабаларымыздың жатын орнын шымылдық көлегейлеп, аяққа таптатпағаны әсте бекер емес. Тіпті, оған балалар да беталды-құла кіре бермеген. Шымылдық ішінде үшінші адамға орын жоқ! Бөгде зат та ілмеген. Әр жұбай өзі қажет ететін әрі қалайтын екінші шеңбер жиынтығын иеленеді. Егер де ерлі-зайыптылар осы мәселеге жеткілікті көңіл бөліп, ілтипаты мен сүйіспеншілігін арнаса, онда отбасы бақытын баянды етуге берік негіз қалайды. Осы кеңістіктің маңыздылығын жете бағаламағандықтан, жас жұбайлар отбасылық қайықтарын тұрмыстың жартысына өте жиі соғып, қиратып ала береді. Екінші шеңбердің мәселелерін бірінші орынға шығаратын басқа бір жағдаяттар да жиі ұшырасады. Яғни, сүйіспеншілікке емес, жұптасуға емес, керісінше отбасын құрудағы басты нәрсе деп, үй жасауға, «отауын сайлауға» иек артады. «Отбасы» дегеніміз – кешенді ұғым, оған жұбайлар, жұбайлардың кеңістігі кіреді, ал одан соң енді балалары да қосылуы мүмкін. Көбінесе бастапқы кезде отбасын құру мақсатын алға қойып, өздерінің бүкіл ой-аңсарын, сана-сезімдері мен іс-қимыл әрекеттерін соған бағыттайды. Кездестірген адамын бірден отбасы эталонымен өлшейді. Егер отбасын құру мақсаты бірінші орынға шықса, онда да құндылықтар жүйесі бүліне бастайды. Әуелі еркек пен әйелдің арасына сүйіспеншілікке суарылған қарым-қатынас орнатып, жұп құрған жөн, әйтпесе, материалдық кеңістік сияқты отбасы құрылуы мүмкін, ал ондай үйелменде мейірімді, махаббатқа толы ахуал бәрібір орнықпайды, ал соның салдарын болжап білудің өзі қиын. Материалдық базаны жасақтау мәселесі алға озған кезде отбасы тұйыққа тіреліп, Жазмыштан жырақтап қалатындықтан тиіселі қиындықтарға тірелуі мүмкін. Ал, Жазмыш жырыла қашып, жырақ кетуді ұнатпайды, бірлікке жетелеуге тырысып, Ғаламның осынау бөлініп қалған бөлігіне барынша әсер етіп бағады. Егер отбасы мүшелерінің біреуі ғана материалдық салаға ерекше көңіл аударса, онда ерте ме, әлде кеш пе, жұп ішінде шиеленіс пайда болуына, тіпті, ажырасуға дейін алып келеді. Егер әйелі материалдық қамтамасыз етуді бірінші орынға қойса, бұдан да күрделілеу жәй-ахуал туындайды. Мысалы, ол «ақшаны еңбегіммен тауып, бала-шағаны асыру үшін маған жұмыс керек» дейді. Бұл ретте құндылықтар жүйесі тұрпайы түрде бұзылады. Өйткені, әйелдердің басты міндеті – сүю ғой! Өзін және еркекті сүюі керек, сонда осы кеңістікке кірген күйеуі де қажет нәрсенің бәрін, соның ішінде жұбайлардың материалдық игілігін жасауға атсалысатын болады. Мәселенің табиғи шешімі осы. Көп кездесетін мысал. Бір әйел саяжай сатып алғысы келді. «Саяжай деген – талайғы арманым еді! Табиғат аясына шығып, өзімнің денсаулығымды және баламның денсаулығын жақсарту үшін». Жаман тілек пе? Жоқ, әрине, бірақ құндылықтар жүйесі көпе-көрінеу бұзылды. Бірінші орында саяжай емес, бала емес, оны саяжаймен қамтамасыз ете алатын еркек тұруға тиіс еді! Жазмыш оған қандай сабақ берді десеңізші. Ол саяжай сатып алуға қаражат жинақтап, қолайлы нұсқаны тапты да, құжаттарын рәсімдеу үшін бір еркекке қолындағы бар ақшасын бере салды. Ал, әлгі еркек ақшаны қалтасына басқан бойда зым-зия жоғалды! Иә, қарапайым, бірақ көрнекі сабақ. Ақшасын жеке басына, бой жазып саяхатқа шығуға, көңіл көтеруге, яғни, өзінің хал-қадырын арттыруға жұмсауы керек еді, міне, сонда ғана оның арманын жүзеге асыра алатын еркек жолығар еді. Жалпы, бұл өте маңызды тақырып. Отбасылық проблемалар нақ осы тұста тығылып жатыр. Кейде жәй-ахуалды өзгерту үшін көп күш-жігер жұмсаудың қажеті жоқ. Тек кейбір қарапайым нәрселерді ұғып алған жөн.. Мысалы, әйелге ақшаны табу емес, алу керек! Бір қарағанда, ұсақ нәрсе сияқты көрінер, ал, шын мәнінде, аса маңызды жағдай. Өмірдің мән-мағынасын ақша табуда деп ұққан әйел әйел болудан қалады, артық айтқаным емес, жеккідегі атқа айналады. Міне, енді ол тағдырдың тастақ жолымен балаларын, жұмыс қамын, кейде күйеуін де «арқалап» келеді, жүрген сайын жүгі ауырлап, мықшыңдай береді. Өзінің адал махаббаты, ағзам еңбегі үшін сый-сыяпатқа кенелу – бір басқа. Егер сана-сезімге осындай табиғи дүниетаным орнықса, бәрі өз бабымен орнына келеді. Өйткені, қалай ойласақ, солай өмір сүреміз ғой. Ал, кімнен алуы керек – Жазмыш ондай әйелге «қобдишаны» толтырып қоюдың амалын тауып, ретін келтіреді, әйтеуір. Тап солай өмір сүретін, әрі жақсы өмір сүретін әйелдер де күнделікті тірлікте жиі кездеседі. «Ал, мұнда бостандық бар ма сонда?» деген сұрақ туындайды. Бәз біреулер ортада бас қосқан жұп – екеу емес, тіпті, үшеу және одан да көп жан екенін, және де жарасымды әрі бақуатты дәурен сүретінін тілге тиек етуі мүмкін. Бірақ, мұның айтылған жәйтке қатысы қаншалықты? Біз нақты жұп, шынайы қосақ қатысатын тұрмыс құру нұсқасын қарастырдық. Бұл нұсқаға айтылғандардың бәрі дөп келеді, тек қарым-қатынас тұрпаты әрқилы болуы мүмкін. Тұтас халықтар мен дүйім мемлекеттердің басқаша ережелермен өмір сүретінін, қарым-қатынастың өзгеше түрлерін ұстанатынын жақсы білеміз. Сонда бұл «бұрыс» па? Құдай тағаланың құзырында дұрыс пен бұрыс дейтін ештеңе жоқ! Табиғаттың өзі мұны бізге көрсетіп келеді. Өйткені, екі және одан да көп Күні жарық төгетін, жылуға бөгетін жұлдыздар жүйесі де бар ғой! Жұбайлар отбасын құрып, бала туа алады. Мен отбасының басты мақсаты бала туу емес, еркек пен әйелдің етене әрекеттесуі, бірлесе күн кешулері арқылы өз мүмкіндіктеріне жол ашуы екенін тағы бір еске салу үшін «туа алады» деген тіркесті әдейі ерекшелеп, ирек қаріппен жаздым. Кейде біз басқаша жәйтті көреміз: әуелі жүкті болып қалады, содан соң отбасын құрып, реті келіп жатса, жұбайлық өмірді бастап, жүре-бара байырқаласып, бір-бірін сүйе бастайды. Бірақ, тұрмыстық және басқа проблемалардың қыспағында, бөбекке өбек бола жүріп, берік жұп құру өте қиын. Бұл тұста жас жұбайлар мен олардың әке-шешелерінің аса жоғары имандылығы мен ерен еңбегі қажет болады. Ал, олардың бұған қажетті тәжірибесі бар ма? Рухани деңгейлері жете ме? Мұндай мехнатқа іштей даяр ма? Шынайы жұп құрып, көңіл бірлемей, қалған шаруаның қыбын табу өте қиын, мұндай жағдайда олар қиындықтарға килігіп, тауқымет тартары сөзсіз. Анастасия айтпақшы, «Балалары үшін Махаббат кеңістігін дайындап алмай, топырлатып туа беру қылмысқа бара-бар».

Енді біз сүйіспеншіліктің үшінші шеңбері – балалар жайын сөз етейік.

Иә, иә – балалар үшінші орынға жайғасады! Көпшілік үшін бұл күтпеген, тосын жағдай, әйтсе де көптеген проблеманың себептері нақ осы жерде жатыр. Осы кітап мұндай шырғалаң жағдаяттан шығу жолын көрсетуге арналған. Өкінішке орай, жұрттың көбі, әсіресе, әйелдер балаларды ең жоғары өреге, тіпті, бірінші орынға қояды. Міне, ата-аналар мен балалардың соры қайда жатыр! Психикалық инцест те, әкелер мен балалар проблемасы да, балалардың тағдыр тәлкегіне ұшырауы да, олардың пәниден ерте кетуі де осыдан өрбиді. Алдыңғы тарауларда біз бұл тақырыпқа қатысты көп мысал келтірейк. Сүйіспеншілік дұрыс бөлінген отбасында дүниеге келген балаларды ойдағыдай тәрбиелеп, бақытты тағдыр иесі ретінде қалыптастыруға мүмкіндік мол болады. Осылайша, әке-шеше өз бақыты мен махаббатын балаларына дарытады. Бұл ретте олардың ұрпағына қалдырар ұлағаты ұлықтауға әбден лайық! Балалар да құндылықтардың табиғи жүйесі бар ақиқи дүниетанымды жөргегінен бойына сіңіріп, өздерінің Жазмышпен қарым-қатынасын үйлесімдірек құрады. Жаратушы Ие ақиқи құндылықтар жүйесін адамның есіне салуға мейлінше тырысып, әрқилы белгілер береді, ал пенде байғұс мұны елемей, Жазмышты ширықтыруын жалғастыра берсе, ол адам жолындағы ең үлкен құндылықты алып тастайды. Сондықтан да адам нені құлай жақсы көріп, не нәрсеге етене бауыр басып кетсе, әрі айырылып қалудан қатты қорықса, бәрінен бұрын нақ соны жоғалтып алатынын талай байқадық.

Төртінші орында әке-шешеге, өзінің тек-тамырына қатысты сүйіспеншілік тұрады.

Тек-тамырына махаббаты жоқ пенде жел жөңкілткен қаңбақ секілді. Сондықтан, адамның өз мүмкіндігін жүзеге асырып, үйлесімді дамып-жетілуі үшін тектік байланыстар сондай маңызды. Бұған тек әке-шешесімен ғана емес, сондай-ақ басқа тума-туыстарымен арақатынасының қатысы бар. Өзінің түп-төркінінен ажырамаудың мәні зор! Мұндай жағдайда адам тамырын тереңге жіберген теректей жер бетінде табанымен нық тұрады. Әке-шешесін жақтырмайтын, құрмет тұтпайтын, оларға өкпелейтін адам өзі отырған бұтақты шабатын пенде Жермен энергиялық байланысын жоғалтады. Бірақ, ата-анаға арналған махаббат құрбандықтың үлгісіне айналып кетуге тиіс емес. Ол төртінші орында тұрғанын ұмытпаңыздар! Ата-анаға махаббат хақында осы аттас тарау бар. Отанға сүйіспеншілік те осы шеңберге кіреді. Отан ұғымы ауқымды: бұл – өзің туып-өскен, ата-тегің тараған, балалық шағың өткен мекен, туған өлке табиғаты, елің... Кейде мемлекет Отан ұғымының орнын басуға үміт артып, өзін сүйіспеншілікке бөлеуге ұмтылады да, оны бірінші орынға шығаруға тыраштанады. Кеңес Одағында, тіпті, «Отанға арна әуелі іңкәр сезімді, ал, содан соң ойла мына өзіңді!» деген ән шырқалатын еді. Осынау адасқақ көңіл ауаны миллиондаған адамдардың тағдырына ауыртпалық артып келді. Адамның құндылығы мемлекет құндылығынан төмен қойылды. Әйтсе де отанға сүйіспеншілік өз орнында тұрса, адамның тұлғасын және энергиялық кенендігін қалыптастырудың өте маңызды факторы екені шүбәсіз.

Махаббат иерархиясындағы бесінші орында адамның әлеуметтік ортада шығармашылық мүмкіндігін, жасампаздық қабілетін іске асыруы, қарапайым тілмен айтқанда, оның қызметі, бабы, жұмыс қамы тұрады.

Тағы да қайталап айтамын – нақ осы жерде, бесінші орында тұрады! Иә, жұмысқа жұмсалатын уақыт жөнінен емес, жан-дүниеде алатын орны, сана-сезімдегі мән-маңызы жөнінен... Ал, шынайы өмірде, күнделікті тұрмыста біз нені көреміз? Адамдардың көпшілігі тірліктің осы саласына тек уақыты мен күш-жігерін ғана емес, іңкәр сезімін де сарп етеді. Жұмыс тым жиірек бірінші легке шығып кетеді. Мұндай жағдайда адам ауқымды нәтижелерге қол жеткізеді, бірақ сонымен қабат денсаулығын, отбасы мен балаларын, тіпті, өмірін жоғалтады. «Жұмысы түбіне жетті» деген тіркес нақ сондай жандарға қатысты айтылған. Біздің елде құндылықтар жүйесінің тап осы тармағын тиісті орнына қоюдың ерекше маңызы бар. «Ел игілігі үшін еңбек ету» ондаған жылдар бойы ең үлкен құндылық саналды. Идеологиялық машина осы мәселеге қатысты біраз тер төгіп, бірнеше ұрпақ буынының санасына кері кеткен құндылық жүйесін сіңіріп бақты. Мемлекет кәсіпорын, еңбек, жұмыс адамның өзінен әлдеқайда құнды, қаделі көрінді! Содан, енді, адамдар ауырып тұрса да жұмысқа баратын, әйелдердің жұмысынан кешігіп қалмауға жанталасып, әлі манаурап, ұйқысын ашпаған бөбектерін балабақшаға сүйрейтін болды. Жұрттың көбі үшін жұмыс ең үлкен құндылыққа айналды да, бұл ақырында адамдардың өздерін және бүтіндей алғанда, қоғамды көптеген қиындықтарға душар етті. Талай адамға жұмыс махаббаттан, ермек-бәзілден және т.б. нәрселерден гөрі маңызды саналып, тіпті, кейде отбасының жарасымы тек еркектердің ғана емес, әйелдердің ой-санасында екінші орынға ығысып қалады... Жұмыс көбіне бәрінің, тіпті, отбасының орнын ауыстырып, оған қоса, қаржы-қаражат, атақ-даңқ алып келетін, өзін танытуға, тәуелсіздігін және қоғамға пайдалы екенін сезінуге мүмкіндік берді. Мысалы, қару-жарақ өндіретін жұмыскерлер де өздерін ізгілікті іс атқарып, елді қорғап, әлемдегі күштер тепе-теңдігін сақтауға үлес қосып жүрміз деп есептеді... Төңіректегі адамдардың көпшілігі бүлінген құндылықтар жүйесін малданған шақта жұмысты бірінші орынға шығарған пенде қоғамдағы құрметті жан болып саналады. Осы жаңсақ пікірді жандандыра түсудің бірнеше шарғысы: әлгі жұмыскерді өзгелерден ерекшелей марапаттау, түрлі мәртебелер мен артықшылықтар беру сияқты тәсілдері бар. Содан, енді жұрт енді жаппай грамоталар алып, кеудесіне ерекшелік белгілерін, медальдер мен ордендер тағуға, атақ-дәреже үлесуге ұмтылды... Ал, самиян сүйіспеншілігін ашып, мөлдір махаббатын арнағаны үшін өкімет өңіріне орден тағып, уыстап ақша үлестірмейді, иә, өзі үшін және өзінің жақын тума-туысқандары үшін бақытты тұрмыс құрғандарға ғылым докторы дәрежесі мен лауреат атағын да бермейді. Бұл жерде, ендеше, қалай елігіп-желікпеуге, барша ғұмырыңды қалайша жұмысқа арнамай, жайбырақат қалуға болады?

Михаил Жванецкий осыны дәл аңғарып, тілінің тікенін қадап өтті:
«...– Мына жер неге дірілдеп кетті?

– Е, орыс әйелдері жұмысқа бара жатыр ғой» деп.

Мемлекеттік машинаның уысына әлі түспеген жастар құндылықтардың орашолақтығын, өмірге сәйкессіздігін түйсінеді де, әке-шешелері сияқты жұмыс істеуді қаламайды. Бұған қоса, әке-шешелерінің жансебіл еңбегі еш кетіп, өздеріне түк бұйырмағанын талай көрді. Ал, ересек буын жастарды кінәлай береді, ал құндылықтар жүйесін қисайтып жіберген өздері екенін ұқпайды. Міне, енді балалары басқа жағынан келіп, қисықты түзетуге, қателікті жөндеуге тырысады. Балалар мен жұмыс қамы – міне, құндылықтар жүйесін бұзып, сүйіспеншілікті айқара ашуға, демек, бақуатты өмір сүруге кедергі келтіретіндер осылар.

Қалғандарының барлығы: дос-жарандар, ермек-бәзілдер, діни, қоғамдық және басқа мүдделер, жануарлар дүниесін ынтазарлық алтыншы орынға шығады.

Тап солай! Мен осы айтылған тәсімнің көпшілікке тосын жаңалықтай көрінуі, тіпті, жақтырмаушылық сезімін тудыруы мүмкін екендігін топшылймын. Бірақ, теріске шығаруға асықпаңыздар! Мұнда шырқыраған шындық бар! Ой безбендеңіздер, талдап көріңіздер, сезініңіздер, сонда ғана осы қағидаларға құлақ аса бастайсыздар. Мемлекеттік жүйе басқаша көзқарас қалыптастыруға мүдделі әрі бірінші лекте ел, жұмыс, бала-шаға қамы тұратын... ал, адамның өзі әлдебір қиырда қалатын теріс, керітартпа құндылықтар жүйесін нығайту үшін істемегені жоқ. Енді кері оралып, оңтайын келтіретін, аяғымызбен тік тұратын мезгіл жетті! Мен осы айтылғандарды жаңалық санамайтын адамдарды да білемін – олар солай өмір сүреді. Иә, ондай отбасылар бақуатты, балалары да бақытты күн кешеді! Мұндай жарқын мысалдар жетіп артылады, әйтпесе, адамзат қауымы әлдеқашан құрып кетер еді. Адамның бағасын бірінші орынға көтеретін табиғи, шынайы құндылықтар жүйесін қаделеген жандар ғана бақытты болашағына кепілдік береді! Әрине, мен әлгі тәсімді қатаң ұстанып, қатып қалу қажет демеймін. Құндылықтар иерархиясы бұзылатын жәйттер, жекелеген сәттер кезігеді. Бірақ, бұлар – қас-қағымдық құбылыстар, егер әлгіндей көзқарас беірк орныққан болса, онда қысқа шалым ауытқулар оның жалпы қағидаттарына нұқсан келтіре алмайды. Стратегиялық бағыт бұлжымай қалады. Өз жүйеңізді талдап-талғап, жақын-жуықтарыңызбен бірге талқылаңыз, алғашқы кезде оны жиі еске алыңыз, сонда санаңызға сіңе береді. Сөйтіп, ол мейлінше шынайы, ақиқи дүниетанымды қалыптастырып, өміріңізді жаңғыртып, түлетеді. Шындығында, Құдайдың құдіреті ішкі жан-дүниеңізге әмірін жүргізеді, құндылықтар жүйесін дұрыс құру арқылы біз сол құдіреттің шапағатына бөлене түсеміз. Ұсынылған құндылықтар иерархиясы көптеген өмірлік мәселелерді тиімдірек шешуге мүмкіндік беретін белсенді жүйе болып табылады. Бірақ, ол жалғыз емес, бірнешеу, әрбір адам таңдау құқын иеленеді. Әртүрлі нұсқаларды байқап көріп, тәжірибе жинақтаңыз да, өзіңіз қалаған махаббат кеңістігіңізді жасап алыңыз. Бәлкім, сіздің шығармашылық ізденісіңіз одан да тиімді шешімді табатын шығар. Ең бастысы – сүйе біліңіз әрі бостан болыңыз!.. ...Құдай тағала бізді өзінің бейнесі бойынша әрі ұқсас етіп жаратты, өзінің Құдіретін танытуда тең үмбетін көргісі келді! Содан бері біздің есейіп, өзімен достасатын әрі сабақтасатын сәтімізді тағатсыздана күтеді! Бәз біреудің көкейінде: «Неге мен бұрын мұны білмедім, неге осыны мектепте оқытпайды?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Шынында да, ақиқи дүниетанымды құрылымдауға ауадай қажет қарапайым білім арналары неліктен жұртшылық жетпей қалып жатыр? Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, адамның тұлғаға айналуына қарсы әлдебір ғарыштық тылсым күштер шоғыры (эгрегорлар) бар. Екіншіден, олардың жер бетіндегі дем берушілері де – түрлі тылсым ілімдер, діни ағымдар, ғибадатханалар – адамның индивидтік қасиеттерінің жарқырай көрінуін жақтырмайды. Үшіншіден, мемлекеттер, әсіресе, тоталитарлық билік жүйелері адамды мемлекеттік машинаның бір тетігі жасап қоюға тырысады. Осы аталған үш жүйеге «қой аузынан шөп алмайтын» момақан, жәй-күйі аянышты, алақан жая жалбарынған, айтқан сөзге көнетін, айдаған жаққа жүретін кіріптар адамдар керек. Біз қандай мұраттармен және құндылықтармен тәрбиеленгенімізді еске алыңыз. Бірінші кезекте партияға, күн көсемге, отанға сүйіспеншілік тұрды (ал, «отан» деген «отау», «отбасы» сөзінен шыққан ғой.) Мемлекет те өзін ес-түссіз сүйіп, жан-тәнімен берілуді, тіпті, өмірін де қиюды талап етті. Еркек пен әйелдің арасындағы махаббат, отбасы жайы өзінің шынайы қалпына қайткенде де жете алмады. Баға жетпестей адам ғұмырын қайдағы бір ұшақ, трактор, сынақтан өтетін құрал үшін қия салды... Мемлекет пен дін жанын пида ететін құрбандықты қолпаштап отырды, оларға керегі де сол еді. Адамның өзі де көбінесе «мәңгілік бала» кейпінде қалуға келісім беріп, ересектердің жауапкершілігін арқалаудан тайсақтағанын, көптеген құқыларын ғарыш қойнауындағы және жер бетіндегі тпыодаған тылсым күштерге беріп қойғанын мойындау керек. Өйткені, жауапкершілікті әлдебіреудің арқасына арта салған әлдеқайда оңай ғой. Қазіргі кезде көптеген кітапта, ілімдерде айтылатын ақиқатқа жақындау мүмкіндігі пайда болды, тек ерінбеу әрі тоқырап, тоқтап қалмау керек! Ұсынылған құндылықтар иерархиясын ұғыну ақиқатқа қарай елеулі қадам жасауға мұрсат береді. Және де кешігіп қалдым-ау деп өкінбеңіз: «ештен кеш жақсы». Көңіліңіз қаласа, кез келген жаста қателікті түзетуге болады. Мысалы, жасы егде тартып, қартайға әке-шеше өз қателіктерін көріп, ашық мойындап, өздеріне және балаларына: «иә, мына жерден жаңсақтық жіберген екенбіз» дейтін болса, – өрен-жаранының өмірі күрт өзгеріп, жақсылыққа жол тартуына осы сөздің өзі-ақ жеткілікті! Керісінше, адам басым бағыттарда дұрыс бағамдай алмай, бұрынғы қадетімен күн кеше берсе, онда өзіне де, өзгелерге де қиындықтарды қордалай түседі. Соңғы кезде көп ұшырасатын бір мысалды қарастырайық: адам жұмыс іздеп жүр делік. Ол сөзіне және төңірегіндегілерге солай айтады: «Маған жұмыс керек» дейді. Жалпы, осы сөзінде ешқандай айқындық жоқ, қандай жұмыс іздеп жүргені, ең бастысы – не үшін екені бұлыңғыр, түсініксіз! Бәлки, сіз: «Қалай «не үшін?» Қаражат тауып, қазіргідей қиын кезеңде ілдәлдалап күнелту үшін ғой» дейтін шығарсыз. Мұндай жағдайда жұмыс табылады, бірақ жалақының жайы оқсамауы ықтимал: не ол өте аз мөлшерде болады, не оны кешіктіріп береді ылғи. Басқа да тиімсіз жақтары бой көрсетуі, атап айтқанда, жұмысы тартымсыз болуы, үйден алыс орналасуы, ұжымда қым-қиғаш ахуал қалыптасуы және т.б. әбден мүмкін. Тағы да асаси құндылық басымдықтары алдан шыға келеді. Адам ақиқатқа неғұрлым жақын болған сайын әлдеқандай мәселенің шешімін табу соғұрлым оңайлай түсетінін білетін шығарсыз. Бұл ретте де солай еді. Егер құндылықтардың басым бағыттары дұрыс айқындалса, онда мәселенің түйіні оп-оңай түседі. Біріншіден, жұмыс, қызмет атаулы адамға өз мүмкіндігін мейлінше ашып, шығармашылық қарым-қабілетін толықтай іске асыруы үшін қажет. Әлдебіреу: «Қайдағы шығармашылық қабілет?!. Күнелтуі керек қой! Әне, қараңдаршы, қаншама адам ғылыми дәрежесімен және атақ-даңқымен базарларда, дүкендерде жұмыс істеп жүр ғой» дейтін шығар. Иә, олар күнелтіп жүр! Олар алдында тұрған мәселе түйінін осылай шешуге ұйғарған. Егер адам мына өмірде бірнәрсеге қол жеткізгісі келсе, онда өзінің «МЕНін» бірінші орынға апарып қоюға тиіс.

Екіншіден, кез келген қызмет бабы еркек пен әйелдің бір-біріне құрметі мен сүйіспеншілігін арттыруға септесуі керек. Иә, өзара қарым-қатынастағы әлдебір шиеленісті туындатып, кермар кикілжіңге ұластыруға емес. Егер бірінші мәселе шешілсе, бұл өздігінен орын табады!

Үшіншіден, жұмыс қамы, қызмет бабы әлеуметтік мәселелерді шешу барысында (отбасына) көмектесуге тиіс. Төртіншіден, адам мүмкіндігінің шығармашылықпен жүзеге асуы төңірегіндегі қауымға, бүкіл адамзат баласына ауадай қажет. Енді, әр ұстаным өресі тұрғысынан құндылықтар жүйесіндегі лайқатты орынды анықтауға асықпай, ақылмен келіңіз. Дұрыс қалыптасқан дүниетаным адамның кез келген жағдайда өз мүмкіндігін асырып, бақытты ғұмыр кешуіне мүмкіндік береді. Жаңаша, ересек адамша ұғынатын кез келді. Бұған дейін болған қарым-қатынастардың әммасы тарих қойнауына кетті. Егер Сіз сол тәжірибеге қанағаттанып, одан өзіңізге қажет нәрсенің бәрі алып, деніңіз сау, басыңыз аман қалпыңызда жүрсеңіз және бала-шағаңызбен жақын-туыстарыңыз да бақуатты болса – онда Сізге алаңдап, мазасызданудың керегі жоқ. Бірақ, тіпті, осындай жағдайда да басқа бір тәжірибенің тамырын басып көріп, басқа бір өмірлік рөлді ойнап шығуға қақыңыз бар. Ал, егер әлденеге көңіліңіз көншімей жүрсе, жүдә жақсы. Ондай кезде тежеліп қалмай, батыл алға баса беріңіз! Ой-санаңызды, тұрмыс салтыңызды өзгертіп, тың тәжірибе жасаңыз, Өзіңізге ғана ұнайтын нұсқаны іздеңіз. Ең бастысы – жұрт қатарлы өмір сүрмеңіз, бір орында омалып қалмаңыз. Өзіңіздің Махаббат кеңістігіңізді қолдан жасап алыңыз! Бұрындары Сіз, сірә, бақытты, махаббат пен шаттықты дәметіп, осыларға қол жеткізуге жәрдемдесетін біреуді іздеген шығарсыз. Ал, енді бақытты, махаббат пен қуанышты қолдан жасауға талпынып көріңіз!

Өмірден тек өзің қосқан үлесіңді ғана таба аласың.

Төңірегіңе бірдеңе құрып, жасау үшін, соның бәрін өз бойыңнан табуың керек! Егер жан-дүниеңді жалғыздық жайласа, ішкі әлемің жұтап тұрса, іс жүзінде табу мүмкін емес нәрсені өмір бойы іздеумен өтесің. Қарым-қатынасыңның қай-қайсысы да жалғасын таппай, үзіліп қалады. Ішкі жан-дүниеңде құндылықтар жүйесі құрылмаса, уақиғалар бей-берекет, беталды-құла өрбіп, талай тосын жағдайларды туындатады. Адамның ішкі әлемі бос, қаңырап тұрса, оны ешкім толтырып бере алмайды... Сөз соңында айтарым: әр адамның бойында өмір сүріп, тірлік етудің өзіне бүтіндей қажет болар кез келген нұсқасы бар. Кез келген! Тек өзін еске алу керек! Және де әлдебір мезетте адам: «Менде құндылықтардың басым бағыттары жоқ! Бәрі бірдей құнды! Бәрі бір нәрсе, бәрі дегеніміз – мен және бәрі құдайы қасиеттер» дейтін жағдайға жетеді.

БӘРІ БАЛАЛЫҚ ШАҚТАН БАСТАЛАДЫ

Біз айтқан қиындықтар мен ауыртпалықтардың барлығы әлдеқайда ерте, туғанға шейін басталады, бірақ жаңа адам дүниеге келген кезде олар толық қырынан көрінеді. Бәрі сыртқа ақтарылып шығады, ештеңені жасырып, жауып қала алмайсың: отбасымен әулеттің шешілмеген мәселелерінің әммасы, ата-ана арасындағы қарым-қатынас қолайсыздығының, олардың балаға жасанды емес, шынайы көзқарасының бәрі – туу және одан әрі өмір сүріп, тірлік ету барысында көзге ұрып тұрады. Бірден байқалып қалатын ауру-сырқау нышандары, әрқилы жағымсыз жәйттер, өмірде жолы болмаушылық, отбасын құрудағы оралымсыздық атаулының бәрі сол балалық шақтан басталады... Бұл тарау ең соңғы сәтте, кітап жазуымды аяқтап қалған шақта туындады. Мен Нил Д.Уолштың «Құдаймен әңгімелесу» кітабын тағы бір мәрте шолып шықтым да, бұл жөнінде міндетті түрде айтуым керек деп үйғардым, өйткені, осы бір шақтың мәнін ұғып, маңызын түсіну балалардың «психикалық туытын» тездетіп, мейлінше сапалы пісіп-жетілуіне мүмкіндік береді. Егер ата-аналардың ақыл-ойы ең кемінде бір мысқалға артатын болса, балаларының тағдыры түбірінен өзгерер еді. Балажан ата-аналар, әдетте, өз перзенттерін қиындықтар мен шаруа қамының шырғалаңынан барынша қорғаштап бағады. Дұрыс істеп жүрміз, ата-ана деген балаларына «басын бұлт шалмаған» «бақытты балалық шақ» жасау үшін өмір сүреді ғой деп есептейді. Бірақ, мынаны естен шығармаған жөн: бала сәби шағынан ересек өмірге даярланады, кішкентай кезінде бойына дарытып, басынан толықтай өткермеген дағдыларды есейген шағында игеру аса қиын болады. Яғни, бүлдіршін кезінде балаға алдағы өмірде кездесуі кәдік ахуалдардың миниатюрасында өмір сүруге мұрсат беріледі. Егер ата-анасы оның дұрыс өмір сүре білуіне мүмкіндік туғызса, онда тірлігі тамаша, сәтті қалыптасады. Мысалы, бала мұңайып отыр делік. Себебі, ойыншығын жоғалтып әлде сындырып алған, жанынына жақын тұтатын адамдардан арасы алшақтап кеткен және т.б. Мұң – табиғи сезім, есейгенде ересектердің мұңына малтықпас үшін кішкентай кезінде оның да дәмін татқаны жөн. Мұң дегеніміз – адамның бір бөлігі, соның арқасында әлдебір жағдайларда әлденені жоғалтқан шақта іштегі наланы сыртқа итеріп, шығарып тастауға болады. Адам өзінің мұңын шағып, наласын ақтара білсе, еңсесін езген сезіммен тез арылып, жігерін де жани алады. Көңілсіз ойлар тұмшалаған шақта мұңға батып үйренген балалар есейе келе мұң-налаға үйреншікті құбылыстай қарайды да, ондай жай-күйден тез құтылады. Егер де балаларға «саған не болды, мұңайып, кәне, қабағыңды аш, еңсеңді көтер» немесе «Тыныш, жылама!» деп зеки берсе, ересек жасқа жеткенде олардың мұң шағып, жылауы проблемаға айналады, өйткені, кішкентайынан мұң-наласын ішінде тұншықтыруға мәжбүр етті ғой. Ал, ұдайы ішінде ұстап, тұмшалай тұншықтырып келген мұң-нала түбінде депрессияға ұласады да, соның негізінде бірталай проблемалар қаулап шыға келеді. Тағы бір сезім ауаны – ашу-ызаны алайық. Бұл да табиғи сезім, адамның өзіне ұнамайтын нәрсеге реакциясы. Бірақ, ашу өзге адамдарға қиындық тудырмауға тиіс. Міне, осы жөнінен балаға көмектескен жөн: ашуланған шақта басқаларды ренжітуге болмайтынын ол түсінуі керек. Бүлдіршіндердің ызасын табиғи түрде білдіруіне мүмкіндік беріп, қысым жасамаса, олар ересек өмірге байыпты қарай бастайды да, өз мінезін тежеп, ашуын ауыздықтай алады. Ашуланшақтық – жаман мінез, тәрбиелі адамдар оған ерік бермейді деп үйретсе, ересек шағында олар көптеген қиындықтарға жолығады. Сондай «олай істеуге болмайды!» деген тежеулердің кесірінен адам бойында өшпенділік қордаланып, аяғына тұсау салады. Қызығушылық жөнінде де осыны айтуға болады. Балалық шақта нақ осы қызығу сезімі бүлдіршіндерді ересектерден бірдеңе үйренуге, еліктеуге жетелейді. Қызығу дегеніміз – табиғи сезім, ол өзгелерден озық шығып, мақсатына жетуге және т.б. тәрбиелейді. Балаларға қызығушылығын ашық білдіруге мүмкіндік берсе, олар оны бүлдіршін кезінде бастан өткереді де, ересек шақта, әдетте, оған бой алдырмайды. Себебі, олар оны талпынысқа, белсенділікке, жасампаздық жігерге айналдыруды меңгеріп алды. Олар енді бұл энергияны басқарудың қыбын біледі. Бүлдіршін шағында қызығушылық деген – әсіре сезім, қызыға беруге болмайды деп үйретсе, ондай сезімді басынан өткермесе, сезімі ішінде тұншығып қалады да, ересек кезінде сол қызғанышқа, іштарлыққа айналады. Қызғаншақ адам – шалағай, кемеліне жетпеген шикіөкпе пенде. Тағы бір ауыр сезім – қорқынышты қарастырайық. Сөйтсек, оған да ақылмен қарап, парасатпен пайымдау керек екен. Қорқыныш, үрей де табиғи сезім, тек ауқымды аяда көрініс табады. Бөбектер тек қорқынышпен туады – қатты дыбыстардан және биіктіктен үрейленеді. Табиғи қорқыныш адам өмірін сақтауға көмектесетін сақтыққа тәрбиелейді. Ал, қалған үрейді, үргедек сезім атаулыны ата-ана мен қоғамның өзі сіңіреді. Егер балаларды қорқыныш, үрей – жаман сезім, одан аулақ бол деп үйретсе, бүлдіршінді үркіп, үрейлену атаулыдан қорғаштай берсе, есейіп, ересек атанған шағында тұла бойында тұншыққан әлгі үргедектікке айналады. Ал, үргедектік сезімі жүйке жүйесін тоздырып, адамды беймаза хәлге жеткізеді, үйлесімділікті бұзып, толып жатқан проблемаларды туындатады. Бір кереғарлығы, ең табиғи, тұнық сезім – махаббаттың өзін «өбектеген» ата-ана табиғи, шынайы күйінде көрсетуге кедергі келтіреді. Олар баланың сүйіспеншілік сезімін білдіруіне әрқилы шарттар қояды: ананы сүй, мынаны сүйме дейді; махаббатқа мейлінше шектеу салып, «өліп-өше ғашық болудан» сақтандырады; сүйіспеншілікті әрқилы ережелерге, нормалар мен заңдарға, ғұрыптарға бағындырып қояды. Мысалы, ғибадатханада шаттана күлуге, жұрттың көзінше ораза кезінде сүйіспеншілік сезімін білдіруге, т.б. тыйым салады. Мұның бәрі балаларды сүйіспеншілік сезімін ашық әрі батыл көрсету –әдепсіздік, ұстамды болу керек деген жартыкеш түсінікке алып келеді. Бертін келе олар сезімін ақылға бағындырады да, махаббаттың кейпі бұзылып, құштарлыққа, өзгені иелену құмарлығына айналып, осының өзі-ақ көптеген қиындықтарға киліктіреді. Ата-аналар шектен тыс қамқорлау арқылы балаларының еркі дамып-жетілуіне жол бермейді. Соның салдарынан тұлға ретінде дамуға қажетті табиғи сезімдер қыстығып, бүліншілікке ұшырайды. Осылай, алға қадам басқан сайын жолына тосқауылдар қойылып, олқылықтар орын ала береді. Жазмышты жаңсақ түйсіну дағдысы қалыптасады, өмір айдынына психикалық тұрғыдан әлі тумаған, өмірінің ақырына дейін кемелдікке жете алмайтын кембағыл пенде шығады. Осы айтылғандардың тек бала тәрбиесіне ғана емес, тәрбиешілерге де қатысы бар. Өзіңізге зер сала, мұқият қараңыз: бойыңызда қорқыныш пен үргедектік бар ма? Сүйіспеншілік сезіміңізді білдірерде іркіліп қала бересіз бе? Қызғаныш пен қызығушылық бар ма? Ашуланасыз ба? Күйзеліске түсіп, мұңға шомасыз ба? Егер өз бойыңыздан осы аталғандардың бірін тапсаңыз, балалық шағыңызды, сезіміңіз бен эмоцияңызды тұншықтырған сәтіңізді еске түсіріңіз де, қайтадан бастан өткеріңіз, оларды ашық, еркін түрде сыртқа шығарыңыз! Бұл үшін көлікке мінгенде, оны күтіп тұрғанда, жүріп келе жатқанда, тынығуға шыққанда, суға шомылып жүргенде пайда болатын бос минуттарыңызды пайдаланыңыз... Балалардан үйреніңіз, өйткені, олар біздің кішкентай ұстаздарымыз ғой, әлгі сезімдердің бәрін балалармен бірге бастан өткеруге тырысыңыз. Сөйтіп, Сіз өзіңіздің өткен шағыңызды өзгертесіз, сол арқылы осы шағыңызды да, әрине, бала-шағыңызды да жақсылыққа қарай бұра аласыз.

АТА-АНАҒА СҮЙІСПЕНШІЛІК

Ананың балаларына махаббаты мәселесіне осыншама уақыт арнай отырып, балалардың анасына, ата-анаға сүйіспеншілігі жөнінде сөз қозғамай, айналып өтуге болмас, сірә. Жалпы алғанда, бұл жеке бір кітапқа арқау болар тақырып, ал біз бұл жерде тек бірнеше мәселенің басын шала кетеміз. Өзінің әке-шешесін жақсы көрмейтінін айта алатын ілеу де біреу кездесетін шығар. Ал, шын мәнінде, ата-анаға арналар шынайы махаббат аса көп емес, шынымен әке-шешесін ұнатпайтындар, тіпті, жек көретіндер де толып жүр (ондай ұшқарылық та кездеседі). Сондай-ақ, ата-анасын өте күшті жақсы көретіндер, солардың жолында қара басын құрбандыққа шалуға даяр тұратындар да табылады. Әке-шешесінің мүдделерін бәрінен биік қойып, тіпті, оларға өз өмірін қиятын жандар жиі ұшырасады (ал, бұл енді екінші ұшқарылық). Кейде өмірінің ақырына шейін шешесімен бірге тұратын жалғызілікті қызды немесе ұлды кездестіруге болады. Бір-біріне кіндігі байланып қалғандай бауырмалдыққа, көл-көсір өзара көмекке даяр пейіліне қарамастан, мұндай жағдайда бала да, ана да, әдетте, бақытсыз, қамкөңіл болады. Иә, мұны сүйіспеншілік, махаббат деп атауға бола ма, тәйірі? Ал, адамдар осы арқылы олар бір-біріне өзінің махаббатын, қимастық сезімін білдіреді деп ойлайды. Мұндай жаңсақ пайым, адасқақ түсініктер өмірде көп-ақ, сондықтан, мен бұл мәселені әдейі көтердім. Бұған қоса, баланың ата-анаға қарым-қатынасы олардың өзіне қарым-қатынасына орай қалыптасады. Иә, «нені ексең, соны орасың». Құндылықтар жүйесін безбендей келе, әке-шешеге, әлде солардың біріне шектен тыс сүйіспеншілік тек балалардың өздеріне емес, олардың сүйікті ата-анасына да үлкен қиындықтар туғызады деп ой түюге болады. Мұны өмірдің өзі растап отыр. Шектен асқан, шамадан тыс нәрсенің бәрі үйлесімсіздікке ұрындырып, Жазмышты ширықтыра түседі, ол да осы асқынған ахуалды барынша жұмсартып, сабасына түсіруге тырысады. Сондықтан, әдетте, мұндай жағдайларда ата-аналар мен балалардың арасында талай кикілжіңдер шығады, олардың тұрмысын тату-тәтті еді деп айтуға келмей қалады. Бұл аз десеңіз, олардың арасында жеккөрініш сезімі ушығып, тіпті, балалары, әлде ата-анасы бақиға аттанып кетуі мүмкін, – олар бір-бірін мына тірліктен ығыстырып шығарады. Адам өміріндегі құндылықтар жүйесінің маңызды екендігінің тағы бір дәлелі осы. Тек отбасында үйлесімді, тату-тәтті қарым-қатынас орнап, парасатты құндылықтар жүйесі түзілгенде ғана балалары бақытты отбасын құрып, әке-шешелері үшін қолайлы жағдайлар жасай алады. Тек сондай жағдайда ғана олардың арасындағы шынайы сыйластыққа, сүйіспеншілікке, достық пейілге мелдектеген қарым-қатынасты күтуге болады. Мына өмірде көбінесе бәрі басқаша өрбиді. Әдетте, ата-аналар балаларына жөргегінен бұрмаланған, күлбілте көзқарас дарытады. Кейбір отбасыларда бірнеше ұрпақ буынына құндылықтардың бұзылған жүйесі бұйырады. Балаларды шамадан артық жақсы көріп, өбектей беру олардың еркіндігін бұзып, ата-анаға сүйіспеншілік сезімдерін табиғи түрде ашып көрсетулеріне кедергі келтіреді. Ал, соның кесірінен әрқилы олқы мінездер мен адасқақ құлықтар қаптап шығады. Және де мұндай жағдайда өсіп-өнген балалардан шынайы, ізгі сезімдерді күтудің өзі бекер. Мысалы, ата-ана алдында қарыздар болу сезімі кең тараған. Сәби шақтан ата-аналар, қоғам, діни ағымдар балалар өскен кезде қартайып, қалжыраған әке-шешеге қамқорлық жасауға тиіс деген ойды санаға сіңіріп бағады. Содан осы қарыздарлық сезімі салт-дәстүрге айналып, ұжымдық ой-санаға сіңіріліп, барша адамзатқа ортақ парызға айналады.

Қоғамда адамды өзін, өзінің мүдде-мұраттарын құрбандыққа шалып, ата-анасына толыққанды көмек көрсете алмағаны үшін кінәлі сезінуге мәжбүр ететін мораль орнықтырылады. Бұл ата-аналардың балаларына кінә артып, дағуа айтуына негіз қалайды. Олар балаларынан құрмет, махаббат, тұрақты жәрдем дәметеді, ал, бірақ мұндайда өздерін өзгерткілері келмейді: «Біз барымызды балаларға бердік, енді олар істеген жақсылығымызды өзімізге қайтарсын» дей береді. Мұндай ұстаным балалардың толыққанды өсіп-жетілуіне және әке-шешелерінің ұзақ та сау-саламат ғұмыр кешулеріне бөгет қояды. Бәлкім, «Ал, басқаша қалай болуы керек? Балалары қартайған әке-шешені бағып-қағу тиіс қой» дейтін шығарсыз. Ал, құлаққа тосын естілсе де айтайын: «балалары әке-шешеге ешқандай да қарыз емес».

Өз балаларына ең жақсы көмектің өзі осы. Кіріптар күй кешпейтін, абыройы асқақ ата-анаға балалары да әрдайым құрметпен және сүйіспеншілікпен қарайтын болады. Менің өзім ата-ананың бірімін, көп балам және енді немерлерім бар, содан да толық жауапкершілікпен айта аламын: балалары ата-анаға ештеңе қарыз емес. Осынау қарапайым сөзді жұрттың бәрі бірдей ұға қоймайды. Бір ғана өтінішім: оларды қатысты жан-дүниеңіздегі жағымсыз көзқарасты оята көрмеңіз. Ерте ме, әлде кеш пе, әйтеуір, түбінде жұрттың бәрі оларды түсініп, пәтуажаға келеді. Мынау жарық дүниеге балалардың өзі сұранып келмегенін, тек ата-аналары перзент сүюді қалап, оларды өз кеңістіктеріне шақырып алғанын айтудан бастайын. Ал, осы кеңістік әрқашанда сүйіспеншілікке бөгіп тұр ма еді? Жоқ, балаларға емес, әке-шешенің бір-біріне арналған сүйіспеншілігіне! Өз өмірлеріне шақырудай-ақ шақырып алды, бірақ қажетті жағдайларды жасап қойды ма? Владимир Мегре кітабының кейіпкері Анастасия: «Махаббат кеңістігін жасап алмай, бала туу қылмыспен бара-бар» дейді. Сондықтан кейде бұ дүниеге келудің өзі, өмірінің алғашқы айлары – бөбекке көл-көсір қуаныш сыйлай қоймайды. Иә, одан кейін де оларға оңай емес: жағалай «болмайды» деген сөз шығады, қатаң түрде оқытып-үйретуді қолға алады, баланы ішкі жан-дүниесі күйрейді, оның жеке өміріне араласу жалғаса береді. Балалардың дүниеге келуінен ата-аналардың өздері ғана қуанышқа кенеледі. Олар өздерінің тілек-қалауларының бәрін бұлжытпай орындап, әдіра қалған армандарын жүзеге асыратын тілалғыш, тірі ойыншыққа ие болғылары келеді. Ойнап-ойнап, құмарлығы қанған соң балаларға талап қойып, ескерту жасауға көшеді. Бала өсіп-жетілген сайын талап-тілек те күшейіп, қарыздарлық сезімді қаузау әрекеті қарқындай береді. Көп ретте күйеусіз қалған шеше енді қайтып тұрмысқа шықпай, «барын балаларына береді». «Мен сені өсіріп-өндірдім, бүкіл өмірімді саған арнадым» деген сөздермен қанықтырылған мұндай құрбандық балаларына бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік артып, оларды қарымта құрбандыққа алып келеді. Балаларға өзіңде жоқ нәрсені беру әсте мүмкін емес. Ондай шеше өз балаларын бақытты ете алмайды, арнасынан асып төгілген аналық сезімі оларға әсіресе, есейген шақтарында тек кедергі келтіреді. Балалары шеше тарапынан келетін кедергіні сезіне бастайды, кейде бұл түпсаналық деңгейде жүріп жатады, міне, сол кезде олар шешені жақсы көріп, құрметтеу былай тұрсын, тіпті, жек көріп кетеді де, ол кейін агрессияға ұласады. Жұрттың көпшілігі балаларға барынша назар аударып, қаржы-қаражатты аянбай жұмсау арқылы олардың сүйіспеншілігі мен құрметін жеңіп алуға болады деген жаңсақ ой, адасқақ дәменің жетегіне ереді. Бұл – түбірінен қате пікір. Бір-бірін сыйлап, сүйетін және ұзақ та бақытты өмір сүрудің өнегесін көрсететін ата-ананы ғана балалары шын мәнінде құрметтеп, жақсы көреді. Ана махаббатының басты құрамдас бөліктерінің бірі, бұрын айтқанымыздай, эгоизм болып табылады, бұл да кең таралған құбылыс. Ата-аналар бала бойында тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына жете мән бермейді, керісінше, сол бала арқылы өздерінің жоспарларын жүзеге асыруға тырысады, балалардың санасына өздерінің қамсыз қарттығын қамтамасыз етуге жауапкершілік сезімін сіңіруге тыраштанады. Әдетте, көптеген отбасы қажетті махаббат кеңістігінен ада болады, бойында ата-анаға қайтарар сүйіспеншілік сезімі де жұтап тұрады, ал, олар да өз кезегінде, жастары ұлғая түскен сайын соны талап ете береді. Кикілжің ұлғайып, шеті мен шегі жоқ ата-ана мен балалар араздығы осыдан өрбиді. Энергиялық өзара әрекеттесу құбылыстарын індете зерттеуші В.П.Гоч өмірде жолы болмаған, мұратына жете алмаған ата-аналар (ал, мұндайлар көп), белгілі бір деңгейде, өз балалары мен немерелерінің қанынын теспей соратын жалмауызға айналады. Олар, бір қарағанда, жан-жақты, соның ішінде материалдық жағынан көмектесіп отырғандай көрінгенімен, энергетикалық тұрғыдан балаларының мойнына мініп алады. Осы жері ерекше қызықты. Ата-аналардың ересек балаларына материалдық жәрдем беруі жаппай әрі жағалай ұшырасатын жәйт, бірақ ол ақылмен істелуге тиіс, әйтпесе, пайдасынан зияны мол. Ата-аналардың барлығы дерлік: «Ал, басқаша қалай болады, өйткені, балаларға көмектесу біздің парызымыз ғой» деп шыға келеді, бірақ бір қарапайым заңдылық бар: ата-ана балаларына материалдық тұрғыдан неғұрлым көбірек көмектескен сайын олардың кеңістігіне түсетін қаражаттың жолын соғұрлым көбірек бөгеп тастайды, балалардың еңбек етіп, табыс табуы бұрынғыдан да қиындай түседі. Қарапайым тілмен айтқанда, ересек әрі дербес балаларға берген әрбір теңге оларды жүз теңгеге шығындап отырады. Балалары мұны интуитивті түрде сезінеді, ата-аналары қанша жалбақтаса да, ат-тондарын ала қашып, жиырыла түседі. Мұның «бәле-бәтірдің басы» екенін әрі тек зардап шектіретінін түйсіне отырып, балалар материалдық көмекке алғыс сезімін арнамайды. Иә, «ақшаға махаббатты сатып алу мүмкін емес» деп әсте бекер айтпаған ғой. Бұдан шығатын қорытынды мынау: есейіп, ержеткен балалары әке-шешеден қаржылай көмек алуға тиіс емес, керісінше, мүмкіндіктеріне қарай, оларға көмектесулері керек. Ата-анаға махаббат осыдан көрінеді. Дей тұрғанмен, әке-шешеге материалдық көмек көрсету де қатардағы мәселенің бірі емес. Кейде ақшасы мыш-мыш балаларының жәй әншейін «өтеуін беріп құтылуға» тырысатынын байқауға болады. Бұл да өрескелдік. Мұндай көмек ешкімге пайда алып келмейді, керісінше, екі тарапты да тосын проблемалар киліктіреді. Ата-анаға материалдық тұрғыдан көмектесіп, қамқорлық жасау, әрине, керек, бірақ, ата-ана алдындағы «қарызын өтеу» көбінесе осымен шектеліп қалады. Жалпы, ата-анаға ең басты көмек олардың, дүниеге көзқарасын қазіргі уақыт талаптарына сай өзгертіп, таным көкжиегін рухани мазмұнмен байытудан тұрады. Әбден бауыр басып, кіндігінен байланып қалған ата-аналар, әсіресе, балалары ірге ажыратып, алыс кетуге оқталған шақта өздеріне көңіл аударту үшін жиі әрі қатты ауырып-сырқауға ұшырайтынын зерттеулер барысы көрсетті. Олар барынша өздеріне аяныш сезімін оятуға тырысып, сол арқылы балаларының күш-қуатын тартып алады. Мұндай жағдайда балалардың өмірде өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруы қиындайды, олардың алдында денсаулыққа, отбасылық қарым-қатынастарға, қаржы-қаражатқа байланысты көптеген проблемалар пайда болады.

Бұл – ойға азық қылар ақпарат ғана. Егер балаларының қасында аурушаң ата-аналар жүрсе, балалары оларға жеткілікті сүйіспеншілікпен қарамайды немесе аса парасаттылықпен ілтипат білдірмейді деген сөз. Ата-аналарға парасатпен, ақылмен берілген энергияның қайтарымы шаш-етектен болады.

«Ақылмен» деген сөзді әдейі ерекшеледім. Ата-анаға ең қымбат дәрі-дәрмек тауып беру, ең беделді клиникаға орналастыру, үнемі қасында мәпелеп отыру – әке-шешеге сүйіспеншілігін ақылмен, парасаттылықпен білдіру деген мағынаны білдірмейді. Олардың сана-сезімін өзгертіп, олқы сезімдерден арылуына, бір-бірімен, туыстарымен, көршілерімен ізгілікті қарым-қатынас орнатуына, өздеріне және мынау өмірге сүйіспеншілікпен көмектесу – міне, ата-ананың игілігіне қосар ақылды, данагөй үлесі осы ғана. Олардың қалған ғұмыры әлдеқайда мәнді, жарқын болуы үшін, өкпе-реніштің бәрін кешіріп, қолдан келгеннің бәрін істеу қажет. Оларды бірге тынығу үшін саяхатқа аттандырыңыз, дүниенің кеңдігін бірге көрсін. Жалғызілікті ата-ананың өмірге көзқарасын өзгертуіне, бәлкім, қосағын табуына қол ұшын беріңіз. Бір сөзбен айтқанда, ата-ананың бақытқа бөленіп, өмірдің ләззатына кенелуіне көмектесіңіз. Иә, бұған дейін рахатын сезініп, қызығын көруге мұрғасы жетпеген өмірдің!.. Міне, әке-шешеге арналар осындай сүйіспеншілік лебі мына Сізге де және Сіздің әулетіңізге де бірнеше ұрпақ бойы алдын ала қуаныш пен бақытты тірлікті нәсіп етеді! Ең бастысы, сірә, ең қиыны да – тыңғылықты білім, алабөтен сүйіспеншілік пен қуаныш сезімі арқылы ата-ананың жаңаша көзқарас қалыптастыруына көмектесу. Олардың құндылықтар жүйесін өзгертулеріне жәрдемдесу қажет, ал егде жастағы буынның көпшілігінде ол жалаңқат, жадағай идеологияның, тозығы жеткен салт-дәстүрлер мен қасаң түсініктердің кесірінен көпе-көрінеу бұрмаланып, берекесіздікке ұшырағаны белгілі. Бұл ересек буынның сорына қарай жиірек ұшырасатын пәлені – өкпе-реніштің көлемін азайтуға, әйтпесе, мүлде жойып жіберуге мұрсат береді. Опырмай, қамшы сабындай қысқа ғұмырда олар көкейге қаншама өкпе-реніш жиып алған десеңші! Балаларына, тума-туыстарына, мемлекетке, көрші-көлеміне, ең бастысы, бір-біріне өкпелері қара қазандай ғой, шіркін. Егер де осынау құмыққан құдықтай құлықтың арнасын сәл болса да тазартса, төңіректегілердің бәрінің өмірі өзгеріп сала берер еді. «Екінші кемелдік» тарауында ересектер буыны иеленуге тиіс дүниетанымдық қағидаттар жөнінде егжей-тегжейлі әңгімеленеді. Міне, сондай Жазмыш түсінігіне ата-ананы да бағыттаған жөн. Бұл жерде тер төге еңбек етуден қорықпау керек. Бәрінің өтемі еселеп қайтады. Қуаныш – ата-анаға сүйіспеншіліктің артуының және таңдаған жолдың дұрыстығының негізгі өлшемі осы! Егер олардың қуанышы молыға берсе, бәрі тамаша деген сөз. Егер олай болмаса – әке-шешеге өз махаббатыңызды көрсетудің ақылды, данагөй амалын ізде. «Иә, мен солар бақытты болуы үшін бәрін істеймін, бірақ оларды өзгерту қиын, ескіше өмір сүруге үйреніп алған, мені тыңдағылары келмейді тіптен...» деген әңгімені жиі естиміз. Міне, осы жерден-ақ әке-шешеге шынайы сүйіспеншілікті көруге болады. Сіз өз өміріңізге сүйіспеншілікпен қарап, рухани деңгейде өмір сүруге талпынсаңыз, әке-шешеңізге де ықпал ете аласыз. Дүниетанымның шынайылығы, руханилық, сүйіспеншілік, жалпы Өз өміріңіздің сапасы осыдан көрінеді. Жолыңыздың дұрыстығының ең жоғары критерий осы, өйткені, өз елінде пайғамбар болу әсте қиын шаруа. Бірақ, мүмкін емес нәрсе жоқ! Тек біртіндеп, ақырын осы бағытпен жүре беру керек. Сіздің тыңдамайтынына, түсінбейтініне, бағаламайтынына ренжімеңіз. Тама берген тамшы тасты теседі. Күндердің бір күнінде сарп еткен еңбегіңіздің қисапсыз саны ата-ананың өзіне, өмірге, мына Сізге қарым-қатынасының жаңа сапасына айналады. Мұндай еңбек еш кетпейді! Ата-аналармен қарым-қатынас сипаты арқылы балалардың тұрмыс сипаты қалыптасады! Осы материалды тағы бір тиянақтайық. Балалары әке-шешеге ештеңе қарыз емес. Олар мына тірлікке өз міндеттерін шешу үшін келді! Егер де бәрін ойдағыдай шеше алса, онда ата-аналары бақытқа кенеледі, ал, шеше алмаса – әке-шешесіне: «Сіздің отбасыңыздан шыққан өрен мына өмірге арқалай келген міндеттерін неліктен атқара алмады?» деген сауал қойылады. Мұндай ата-аналардың басына әлде балалары арқылы, әлде тікелей қиындықтардың бұлты үйіріледі, өйткені, олар әлгі жан иелерін нақ сол үшін жарық дүниеге алып келді ғой, бірақ өздері «келісімнің шарттарын» орындамады. Сондықтан, түрлі түпнұсқаларда: «ардақты ата-аналар, балаларыңа өз мүмкіндіктерін толықтай жүзеге асыра алатындай жағдай жасаңдар, сонда Жаратушы Иенің шапағатына бөленесіңдер. Сонда ғана балаларың да сендерге ілтипатпен һәм құрметпен қарап, табиғи түрде, зорлықсыз әрі ескертусіз өздеріңе өле-өлгенше көмектеседі» дейді. Балалардың әке-шешеден іргені мүлде аулақ салып, тез ұмытып кететін жәйттері жөнінде сөз қозғаған жөн. Мұндай жол да ешқандай жақсылыққа жеткізбейді. Балаларымен өзара әрекеттесу өрісінен айырылған ата-ана тез қартайып, тіпті, мезгілсіз қайтыс болуы мүмкін. Бұл ретте тек-тамырынан ажырау кесірінен балалардың тыныс-тіршілігінде қосымша проблемалар пайда болады. Бұл олардың өмір сүру тұрақтылығын әлсіретіп, келесі ұрпақтар буынының тағдырына теріс әсерін тигізуі мүмкін. Бір отбасындағы қос ұл өз беттерінше, дербес өмір сүруге ерте кетті. Тіпті, әлі үйленіп, отау құрып үлгермеген олар асып-төгілген ана қамқорлығынан қашып, оңаша пәтер жалдады да, әке-шешемен байланыстарын сиретті. Шешесі екеуін жан-тәнімен жақсы көретін еді, олар ат құйрығын кесісіп кеткенде де ойынан шығара алмады, өзінің сүйіспеншілігі мен қамқор пейілін бәрібір күйеуіне бөле алмады. Ол мұны түсінбеді, ешкім оған түсіндірген де жоқ. Соның салдарынан бейдауа дерті асқынып, қайтыс болды. Көріп отырғанымыздай, балалардың ата-анаға қарым-қатынасы отбасындағы қарым-қатынаспен өте тығыз байланысты екен. Іс жүзінде ата-аналар мен балалардың арасындағы проблемалардың барлық себептері балалық шақта жинақталады да, ұрпақтан ұрпаққа көшіп отырады. Сондықтан, өз әулетіңнің тәжірибесін зерделеп, текке тартатын шырғалаңның себептерін түсініп алған жөн. Әке-шешеңнің, тума-туыстарыңның өміріне имандылық тұрғысынан қарап, арғы ата-бабаларыңның тағдыр-таланына мейлінше терең үңіліп, қайталанбалы проблемаларды және олардың себептерін анықтау қажет. Ес жиып, етек қымтар кез келді. Жаңа дәуір келелі әулеттік, тектік міндеттердің ұсынықты шешімін талап етеді. Біз дәуірлер алмасар кезеңде Жер бетіне бекер келген жоқпыз. Тектік мәселелердің басым бөлігі тек әке-шешемен жаңа қарым-қатынастар құрғанда ғана шешіледі. Сол қарым-қатынастарда құрмет, махаббат пен даналық үшін бұрынғыда да асқақ естілуге тиіс. Ұл бала өзі үшін ана – оның өмірінде кездескен алғашқы әйел екенін түсінуі керек. Ал, қыздар, сәйкесті түрде, әкесіне қатысты осыны сезінуі шарт. Ата-анамен арақатынасқа жаңа дүниетаным өресінен көз салсаңыз, өзіңіздің қарым-қатынасыңызда орасан зор резервтер барын көресіз. Қазір ата-анаңызға балалық және жастық шақта қолдары жетпеген нәрсені тауып беріңіз, сонда сіз таңғажайып нәтижеге куә боласыз! Ал, бала кезде, әсіресе, жасөспірім, жастық шақта біз әке-шешемізді жиі ренжіттік әрі оларға ренжідік. Кейін, ес жиып, ақыл кірген шақта, балалардың өздері ата-ана болған кезде, олар өз өміріндегі әке-шешенің тұңғиық мәнін түсіне бастайды да, құрмет сезімі оянады. Жастықтың ұшқарылығы, жарық дүниенің жарқын көріністеріне әсіре құмарлық, өзінің мықтылығын дәлелдеп, ел ішінен ерекше көріну үшін барша жақсылықты иемденуге ұмтылысы, міне, осылардың барлығы кейде ата-анадан мүмкін емес нәрселерді талап етуге мәжбүр етеді. Тойтарыс беріліп, талап-тілегі орындалмаған ретте наразылық өрши түседі. Балалар: «Менің өмірімнің материалдық бастауын қамтамасыз етіңдер» дегенді жиі ойлайды, ал кейде ашық айтады. Осыған өте сақ болған жөн. Нақ осындай қамтамасыз ету әрекеті бақытты болуға мүлде кепілдік бере алмайды, керісінше, машина, пәтер сатып алып беру жеке тұлғаның табиғи қалыптасу үрдісін бұзады. Бәлкім, көптеген елдерде белгілі тәжірибеге назар аударған жөн шығар. Атап айтқанда, әлеуметтік жағынан берекесі тасыған швед елінде, материалдық қажетін толық қамтамасыз етіп алмайынша, жас жігіт үйленбейді. Жас кезінде білім алумен, қызмет мансабын өсірумен, тірлігінің әлеуметтік қырын жетілдірумен айналысады да, тек содан кейін отау құрады. Сонда жас жұбайлар әке-шешелерінің мойнына мініп алмайды, оларға талап қойып, кінә артпайды, керісінше, өздері ата-аналарына көмектесе алатындай күш жияды. Ата-анаға талап қойып, кінә арту жас жұбайлар басындағы көптеген проблеманың себепшісі болып табылады. Кең таралған құбылыс болғандықтан, менің жалғызбастылық мәселелерімен айналысуыма тура келді. Сонда көбінесе жападан жалғыз күн кешудің себебі ата-анаға кінә артып, дауға айту екенін анықтадым десем, сенесіздер ме? Бұл мәселенің себептері әкеге қатысты көзқарасында тығылып жатады. Неғұрлым көп кінә артқан сайын, соғұрлым қыздардың еркектермен қарым-қатынасы қиындай береді. Кінә артып, дауға айтуын қойған бойда-ақ өмірі жөнделіп жүре береді. Мысал келтірейін. Бір әйел ұзақ уақыт бойы тұрмысқа шыға алмады, жасы қырыққа келгенше отырып қалды. Қандай амал қолданса да, мұқият істеді. Ол әкесіне өкпе-ренішін жойып (бұл 18 жасқа толған кезде ол отбасын тастап кеткен), онымен татуласқан шақта ғана, ажырасуға кінәлі тек жалғыз ол емес екенін түсінді, сөйтіп, кәрі қыз өз махаббатын тауып, бала туды. Тиісті қорытынды шығару үшін мұндай мысалдар да жеткілікті. Бұған кереғар қарым-қатынасты ата-анаға қатысты шамадан артық, шектен тыс махаббатты да жиі кездестіруге болады. Бұл – өз алдына бөлек үлкен тақырып. Шамадан артық нәрсенің бәрі: тоя тамақ жеу, зорыға жұмыс істеу, дінге басы бүтін беріле сену... ата-аналарға немесе солардың біріне шектен тыс, ес-түссіз сүйіспеншілігін арнау да зиянды құлық. Мен анасын ес-түссіз, өліп-өше жақсы көріп өткен бір адамды білемін. Сол сезімін сақтап қана қалған жоқ, шешесі өлгеннен кейін тіптен өршіте түсті. Оны әспеттей ардақ тұтып, пұт-құдайға айналдырып қойды. Таң әлетінде және ұйықтар алдында оның портретіне мінәжат етті, ал қалған уақытта әлгі портретті сөмкесіне салып жүрді. Анасына арналған мұндай шексіз махаббатқа талайлар елжірей қарады. Шындығында, бұл шексіз, ессіз адасудың көрінісі еді. Осы мысал «Психикалық туыттар» тарауында көтерілген тақырыпқа астарласа кетеді. Өйткені, бәрі өзара байланысты ғой. Баланы өзіне байлап-матап тастаған айлапат ана махаббаты бұл жағдайда анаға арналған сүйіспеншіліктің арқасында күшейе түсті. Екі вектор тоғысып, қуатты өзара әрекет шарпуына айналды да, анасы көз жұмғаннан кейін де саябыр таппады, салиқалы сабырға бой бермеді. Бала ақылды еді, сабақты жақсы оқыды, әскери училищеге оңай түсті. Бұл – өте маңызды дерек. Нақ сол әскери тәртіп оның еркектік қасиеттерін дамытуға жәрдемдесті. Оны өмірде шыңдап, ширықтырды. Бірақ, шешесі әрдайым: оқу кезінде де, қызметін атқарып жүрген шағында да қасында жүрді. Бұл да өзінің зардапты із, кесірлі таңбасын қалдырды. Әскер қатарында қызмет етіп жүргеніне қарамастан, анасының ықпалы азаймады. Көрікті, мейірімді, келешегі зор әрі адамның жанын түсініп, жүрегін ұға білетін зерек жігіт еді, сондықтан оған әйелзаты бір көргеннен ғашық болатын еді. Бірақ, ол үйлене алмады, былайша айтқанда, «маңдайға жазғаны сол болды» (анасымен етене байланысы бірде-бір әйелдің жақын келуіне мұрсат бермеді). Сондықтан, олардың алып-ұшқан сезімдері жарты жолда қанатынан қайырылып қала берді. Ал, Жазмыш оған махаббаты маздаған талай әйелді жетелеп келді, олар мұны осынау томаға-тұйық тірліктен алып шығар еді, алайда, мұның өзі шығар жолға аяқ баспай, тайсақтай берді, өйткені, оның анасына махаббаты өте күшті еді. Ғашық әйелдер де азап шекті. Сөйтіп, ол талай тағдырдың тәлкекке ұшырап, түбіттей түтілуіне себепкер болды. Бір әйел ақырында діттегеніне жетті – екеуі үйленді. Кейін жігіттің өзі айтқандай: «мен оған емес, ол маған үйленіп алды». Психикалық тұрғыдан әлі тумаған еркектердің басында жиі ұшырасатын жәйт: олар шешесінің, әлде қалыңдықтың, әлде әртүрлі жағдаяттардың қыспағымен үйленеді. Мұндай отбасылардың, әдетте, тірлігі оңбайды. Біздің кейіпкерлеріміздің де жағдайы солай болды. Шешесі қасынан қыл елі ұзамады – әуелі олар бірге, содан соң бөлек пәтерлерде, бірақ жақын жерде тұрды. Перзенттері дүниеге келе тұра, ерлі-зайыптылардың арақатынастары шиеленісе берді. Әйелі: «ол бүкіл уақытын отбасында емес, шешесінің қасында өткізіп жүрді, ал ескерту жасағанымда, ол мені «тасжүрексің» деп кінәлады» дейді. Қасиетті аналық сезім мен ата-анаға алғаусыз махаббаттың астарында, шын мәнінде, адамдардың әлдебір адасқақ түсініктері мен олқы құлықтары, бұрыс біткен құндылықтар тізбегі тығылып жататынын жиі көреміз. Ата-ананы ардақтап, сүю қажеттігі жөнінде асқақ та асыл сөздерді естіген сәтте әлдебір қарсы сөз айтып, байыпты пікір білдіру аса қиын! Ондай сөздерге елігіп кетпей, ақылға жүгініп, шынайы махаббатты жалған, жалт етпе сезімдерден ажырата біліңіздер! Анасы қайтыс болғаннан кейін әлгі жігіт жыл бойы еңсесін тіктей алмай егіліп, мүрдем кете жаздады. Өзінің қалған ғұмырын аналық сезім мәселесіне арнады. Ана-әйелдер оның өмірінің мәніне айналды. Ал, әйелзаты ретінде қыз-келіншектерді енді кейінге ысырып тастады (жас күнінде де оларды бірінші орынға қойып жарытқаны шамалы еді). Осыған байланысты оның өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру қауқары төмендеді де, анау әйелі отбасындағы негізгі асыраушыға айналды, ал балалары оған құрметін жоғалтты. Ол мына өмірге өлшеусіз даңғайыр дарынымен, аңқылдаған, мейірімді жанымен келді, бірақ, анасының тегеурінді ықпалына түсіп, тірліктегі бағдарынан айырылып қалды, соның кесірінен өз мүмкіндіктерінің титтей бөлігін де жүзеге асыра алмады. Міне, айлапат ана махаббатының, оған қоса анаға арналған қарымта сүйіспеншілік сезімнің зардабы осындай болады. Ата-аналары бақиға аттанғаннан кейін балалардың басына түсетін кінәлілік сезімі – біршама кең таралған құбылыс. «Ананы олай, мынаны былай істеуім керек еді, сонда олар әлі де өмір сүрер еді-ау», «Мен оларды онша жақсы көрмедім, сондықтан жарықтықтар өмірден ерте кетті ғой» және т.б. деген сияқты. Шындығында, мұндай кінәлілік сезімі тірлікке кері әсерін тигізеді. Кінәлілік пен қорқыныш сезімі – адам үшін ең зиянды құлықтар. Кінәлілік сезімі арқылы ата-ана балаларының өміріне о дүниеден де ықпал етіп, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруларына кедергі келтіруін жалғастыра береді. Бәрі сол кезде қалай болуға тиіс болса, тап солай болғанын түсіну керек, және де бірдеңеге өкінудің қажеті жоқ. Баспаға бір автор келді. Есіктен кіріп келе жатқанда жазатайым саусағын жаралап алды. Ол дәрігер еді, асай-мүсейінің бәрін – йодты, дәкені өзімен бірге алып жүретін, – жарақатын шапшаң таңып алды. Екеуміз шаруа жайын сөз етіп отырдық, бірақ маған дәке оралған саусақтың жайы маза бермеді. Әңгімеміз аяқтала келе оған:

– Кәне, енді сенің саусағыңа көшейік, – дедім.

– «Саусаққа көшкені» несі?! Мен бәрін реттеп қойдым, енді қабына қоймас...

– Ой, осы дәрігерлер-ай! Бәрі айтуға ғана оңай, ал, шын мәнінде, қабынып, домбығу бұқырлап, залалсыздандырылған жағдайда да бола береді... керісінше, антисанитариялық, лас ортада жарақат еш асқынбай, жазылып кете салуы мүмкін. Осы жарақаттың салдарын емес, әуелі себебін жою керек.

– Қандай себебін – есіктің тұтқасын ауыстыру керек пе сонда?

– Сен бір айнымас ақиқатты –«кездейсоқ ештеңе болмайтынын» ұмыттың. Иә, мына жарақат та – әлдене жөнінде берілген белгі, ал ол көз алдымда болғандықтан, мен сол себепті түсінуіңе көмектесуім керек. Сол қолыңның саусағын жарақаттадың, демек, себебі ата-анаңа, дәлірегі, өзіңнің шешеңе байланысты болып тұр ғой.

– Мамам бірнеше жыл бұрын қайтыс болды, иә, мен оны өте жақсы көрдім. Тек кезінде қасыма алып, қамқорлық жасағаныма қатты өкінемін, бәлкім, әлі өмір сүрер ме еді.

– Ал, сен қасыңа алғанда – оған, ең бастысы, саған және отбасыңа пайдалы болатыныңа сенімдісің бе?

– Әрине! Маған және оған жайлы болар еді. Ол мені жан-тәнімен жақсы көрді. Жақсы көрудің, қамқор пейілін арнаудың артықтығы болмас, сірә. Ет жақын туыстардың, жақсы көріп, ардақ тұтушы адамдардың бірге тұрғанының несі жаман екен?!.

– Шынайы сүйіспеншілік ешқашанда артық болмайды, ал, енді өзімшіл махаббат ешқандай опа бермейді. Ашығын айтшы, сенің анаңмен әйеліңнің арақатынасы қалай болып еді?

– Онша емес еді. Әйелім ақылды, қанша тырысса да, екеуінің қарым-қатынасы бәрібір оқсамады.

– Ал, егер шешең сендермен бірге тұрса, әйеліңе қандай жағдайда жүретінін және екеуіңнің қарым-қатынастарың қалай өрбитінін ойладың ба? Ендеше, деркүмән мен кінәлілік сезіміңді жойып жібер. – Бәрі қалай болуға тиіс болса, солай болды. Оның пәниден өтуі – сол кезде сендер үшін ең тәуір нұсқа-тұғын, өйткені, нақты түрде сен шешеңе еш көмек көрсете алмайтын едің. Шынтуайттап келгенде, көмектесуіңе болатын еді, тек тиісті рухани жай-күйге жетіп, көп мәселенің мәнін ұққанда ғана.

Анаңмен қарым-қатынасыңды түсініп, кінәлілік сезімінен біржола арылу үшін саусаққа қатысты жағдаятқа ұшырадың. Шындығында, кездейсоқ ештеңе жоқ мына дүниеде... Ата-аналар өздеріне қатысты қарым-қатынастың іргетасын өздері қалайды. Олар әрқашанда өз дүниетанымдарының жемісін жейді, өздері балаларына қалай қараса, балалары да оларға солай қарайды. Өткен жылдарына өкінбес үшін ата-ана балаларына деннің саулығын беріп, Махаббат кеңістігін жасауы, дұрыс құндылықтар жүйесін құрып, өмір жолында алғашқы дербес қадамын басуына қажетті білім алуына көмектесіп, адами қауымдасудың бастапқы қағидаттарын таныстыруы қажет. Ең бастысы – өздері үлгі-өнеге көрсетіп, жарты қадам болса да алда жүруге міндетті. Ал, балалары «адам неғұрлым есейген сайын ата-анадан алар көмекті соғұрлым азайтуға тиіс» деген қағиданы әманда есте тұтқаны абзал. Сайып келгенде, ешкім ешкімге бірдеңе беруге міндетті емес. Ғажайып Ғалам Иесінің басты қағидаттарының бірі – «ешкім ешкімге ештеңе қарыз емес» дегенін бала шақтан жадта ұстаған жөн! Ата-ана нақты жан иесінің жаралуына мүмкіндік беріп, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына қажетті жағдайлар жасап берді, ал одан арғы жол жан иесінің өз ырқында.

Иә, ата-аналардың ең тәуір жәрдемі де сол – балаларының өз бетінше өмір сүріп, тірліктерін істеулеріне кедергі келтірмеу. Ал, балаларының ата-анаға жәрдемі – бақытты болуларына көмектесіп, дем беру.

ЕКІНШІ КЕМЕЛДІК

Кәрілік дегеніміз – кесірлі әдет, белсенді адамдардың оған уақыты болмайды
Андре Моруа

Бұл тарау зейнет жасына жеткендер үшін ғана емес, сондай-ақ әлі де осыған беттеп келе жатқандар үшін жазылды. Ол енді ғана өз бетінше өмір сүруге қадам басқандар үшін де пайдалы. Бұл білім арналары неғұрлым ерте қалыптасса, ғұмыр жолы соғұрлым қуанышқа толады, әрі оны өз қалауларынша талай жылдарға ұзартуға, ал аса батыл, шешімтал адамдарға мәңгілікке жалғастыра беруге болады! Осы тарау арқылы бәрінен түңілген, өзін керексіз сезінген ересек адамдардың үзілген үмітін жалғап қана қоймай, сондай-ақ оларға өмірінде бастан өткермеген жаңа жәй-ахуал рахатына кенеле алатындай жолды көрсетіп, жөн сілтегім келеді. Бітіп қалғандай көрінетін ғұмыр жолынан мән-мағына тауып, тірлік атаулының екінші тынысын ашу – ұлы міндет! Бұл міндеттің де үдесінен шығуға болады. «Бастаулар» атты кітабымда бұл тақырыптың бетінен қалқып қана өттім, енді осы тарауда оған толығырақ тоқталмақшымын. Тақырып шамадан артық, асып-төгілген аналық сезімнен туындайтын проблемаларды жою үшін де маңызды болып шықты. Егде тартқан, ақыл тоқтатқан, арсың-гүрсің құлықтан арылған шақта өзіңнің адасқақ пайымың мен жаңсақ пікірлеріңнен және балаларыңмен қарым-қатынастағы олқылықтарыңнан қалай арылу керектігі жөнінде ой безбендеуге болады. Сондықтан, мен осы кітапқа бұл тарауды енгізу маңызды әрі қажет деп ойладым.

Әңгіменің әрін кіргізіп, орайын келтіру үшін мен Нил Уолштың «Құдаймен әңгімелесу» кітабынан алынған мына сөзбен бастағым келеді: «Сіз шындығында ешқашан өлмейсіз. Өмір – мәңгілік. Сіз – ажалсыз адамсыз. Сіз ешқашанда өлмейсіз. Жәй ғана пішіміңізді өзгертесіз. Бірақ, сізге тіпті мұны істеудің де қажеті жоқ еді. МЕН емес, Өзіңіз солай ұйғардыңыз. МЕН мәңгі жасауға тиіс тән етіп жараттым сізді. Сен шын мәнінде Құдайдың қолынан бар келетіні, МЕНің бар жасай алатыным – алпыс, жетпіс, бәлки, сексен жылға сүйретіліп жететін, ал содан соң күйреп тынатын тән, ағза ғана деп ойлайтын шығарсың? Содан сен менің мүмкіндіктерімнің шегі осы деген ой түйдің бе?

Мен сенің тамаша тәніңе мәңгі өмір сүруді алдын ала белгілеп қойдым! Иә, сендердің ең алғашқы ет пен сүйектен жаралған өкілдерің іс жүзінде ауру-сырқаусыз және қазір өздерің «ажал» деп атайтын қорқынышсыз өмір сүреді». Осы сөздерде Ақиқат бар. Осы сөздерді қайта-қайта оқып шығып, әрқашанда біліп жүру үшін есте ұстаңыз, жадқа түйіңіз! Еске алған сайын күмәніңіз сейіледі, бұл енді Сізге білім де, тәжірибе де болады, сонда ғана бәрі Сіздің алдыңыздан құшағын айқара ашып, сәт сапар тілеп тұрады. Осы білім бастауларын тірліктің қағидасына айналдырып, тап солай өмір сүретін кез келді! Әуелі мен алға қойылған мәселені психология тұрғысынан талдауды ұсынамын. Аталмыш ғылым саласы адамды зерттеп-зерделеу ісіне көп еңбек сіңіріп, оны тереңірек түсінуге септігін тигізді. Расында, руханиятсыз психология өмірді бір қырынан, сыңаржақ қалпымен көреді, бірақ, біз психологиялық ыспаттағы білім арналарын рухани бөліктермен толықтырамыз. Сол күйінде бұл білім арналары едәуір мол пайда алып келеді.

КЕМЕЛДІК ДЕҢГЕЙІ

«Кемел адам» деген ұғым бар. Бірақ, ол көбінесе өте ауқымды әрі ұзақ ғұмыр кезеңі мен қасиеттердің қордалы шоғырын қамтиды, сондықтан ұғымның мәні жоғалып, әлгі жас құрлыпының шегін айқындау қиындап кетеді. Оның үстіне, адамдардың мінез-құлқынан кемелдіктің әртүрлі, кейде тіпті жас шамасына сәйкеспейтін деңгейін көруге болады. Кейде біз өтіп жатқан уақиғаға қатысты адамнан өзінің жас шамасына сәйкесті реакция күтеміз, ал ол басқаша, ойлағанымызға мүлде орайласпайтын қылық жасайды. Саясаткерлер мен басқа да көпшілік алдына шығып жүрген адамдардың сөйлеген сөздерін қарайықшы. Көбінесе олар өздерін ақыл-есі ауысқан пенделер сияқты ұстайды; өтірік айтады, қиялындағыны шындыққа балайды, шыдамсыздық пен өктем мінез көрсетеді, әйтеуір, олардың іс-әрекеттеріне парасаттылық жетпей жатады. Бұл да бір белең алған құбылыс. Өмір шындығының өзі ересектердің қалай ерке бала, өпірім жеткіншек, максималист -бозбала және т.б. деңгейінде қалып қойғанын, сөйтіп, бірнеше жас құрлыпының ерекше құлықтарын бойына жиып алғанын мысал ретінде алға тартады. Психология, әдетте, адам кемелдігінің мынадай деңгейлерін: бала, жеткіншек, жасөспірім және ересек кездерін қарастырады. Өмірінің әр сатылық кезеңінде адам өз деңгейінің мәселелерін шешеді, ал, егер олардың бірі шешімін таппаса, келесі жас құрлыпына өтіп, қордаланды да, әрқилы олқылықтар түрінде көріне бастайды, өмірлік проблемаларға ұласып кетеді. Ересек кез ғұмырдың негізгі кезеңін құрайды, міне, нақ осы тұста, әдетте, өткен кезеңдердің шешілмеген мәселелері барлық қырынан қораштана көрінеді. Соның салдарынан кереғар, қарама-қайшы жай-ахуал қылаң береді: адам жас құрлыпы жағынан – ересек жан, ал тұлға ретінде әлі шалапай, бөзөкпе пенде болып шығады. Міне, енді есейіп, тұлғаның кемелденуі барысында адамда қандай өзгерістер болатынын (қайткенде де, болуға тиіс, әйтеуір) қараңыздар да, мына өмірде (дұрысы, өз басыңызда) өтетін өзгерістермен салыстырыңыздар:

– жеке тәжірибе жинақтап, қабілет-қарымы артады;

– мейірімділік және жанашырлық қыры ашылады;

– ой қорытып, пікір айту еркіндігі бой көрсетеді;

– өзіне нық сенімділік пен барлық мәселенің мәнін жете түсінушілік сипаты пайда болады;

– төңірегіндегілердің құқылары мен еркіндігін мойнындап, өзіне және өзгелерге өктемдік жасаудан бойын аулақ салады.

Бұл, әрине, өте қысқы және жалпылама тізім. Бұдан әрі біз оны кеңірек және тереңірек қарастырамыз, әйтсе де, тап осы күйінде де ол өзімізге, өмірімізге мейлінше дәйекті қарауға, тіпті, көңіліміз қаласа, – қаншалықты пісіп-жетілген, кемел адам екенімізді бажайлауға мүмкіндік береді. Одан әрі қарай кемелдік деңгейі әрқилы әдіппен түсіндіріледі. Маған кемелдіктен кейін келетін ғұмыр кезеңін «кәрілік», «қарттық» емес, тіпті, Э.Эриксондай, «кейінгі кемелдік» те емес, тура «ЕКІНШІ КЕМЕЛДІК» деп атау ұнайды. Әрі өзімнің Дүниетанымыма дөп келеді. «Екінші» деген анықтауыш алдағы уақытта үшінші, төртінші... кезеңдерді де көру мүмкіндігін алға тартады. Сөйтіп, ғұмырдың келтелігі деген түсінік ғайып болады! Екінші кемелдікке 60-65 жастар шамасында көшеді (егер осы кезеңге шейін адам шын мәнінде ересек әрі кемел деңгейге жетіп үлгерсе). Ал, жұрттың басым бөлігі алпыстан асқан жасты кәрілік деп ұғады да, кемелдікке келмей жатып, бірден қалжыраған қарттыққа жетіп барады да, бұ дүниемен қоштасып жүре береді. Өмірдің осы сатысында өзінің жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асырып, бұған дейін беймәлім биіктерге жету, шын мәнінде екінші, әлдеқайда терең кемелдікке жету мүмкіндігіне қалтқысыз сенетіндердің қатары аздау әлі. Ал, ондай өмір жолына қадам басу қиын емес, тап осы жолға түсіп алып, аршындап алысқа кеткен адамдар да арамызда жүр. Шынында да, мен екінші кемелдіктен кейін үшінші де... төртінші де кемелдіктің келетініне, яғни, кемелденудің келесі сатылық кезеңдеріне әр адамның шақаты жететініне қалтқысыз сенемін. Табиғаттан дарыған адамның қабілет-қарымы кемелдіктің жай-күйін бірнеше мәрте еңсеріп, өз мүмкіндіктерін іске асырудың бүкіл соны сатыларына шығуына мұрсат береді. Және де мен кемелдік үшінші сатысына өткен жекелеген адамдарды жақсы танимын. Ал, бұған 83-86 жас шамасында өтеді. Қоғам ата буын ақсақалдардың қажеттігі мен маңыздылығын жете бағаламайды. Оларды асарын асап, жасарын жасаған, өз міндеттерін өтеген басы артық жандарға балайды. Әрі кеткенде, оларға анда-санда немерелерін бағып-қағып, алдарқатуды ғана тапсырады. Шын мәнінде зейнет демалысына шығуға орай өмірдің негізгі мәселелерін шешу қамы енді басталады! Бұған дейін қарбалас тірлік болды, көптеген «маңызды» міндеттер атқарылды, сөйтсе, олар, кейін белгілі болғанындай, түкке тұрмайтын, уақыттың сынағына татымайтын нәрселер екен. Қырық-елу жасқа дейін тек білім қуып, тәжірибе жинақтаумен уақыт өтеді де, содан кейін ғана ғұмыр бойы жиған-тергенді кәдеге жарату қамы басталады. Ал, мен қырыққа келген қырқылжыңдардың кәрілік жақындап қалғанын сарнап отыратынын талай естідім. Сонда олар кемелдікке жетіп, егделікке келіп қалғаны ма? Дұрысында айтқанда – жоқ, әйтпесе, бұлай айтпас еді ғой. Өйткені, кейде жасы алпысқа, тіпті, сексенге келсе де әлі шикі кісілерді көріп жүрміз ғой! Енді, кәнеки, психологтар жасақтаған ересек адам сипаттамасына зер салып, өзімізді де бағалап көрелік: ересек адам деңгейіне, яғни, кемелдікке қай жаста жететінімізді анықтадық, жалпы, соған жеттік пе екен әуелі?

КЕМЕЛДІК ҚАСИЕТТЕРІ

Әлгінде айтқанымыздай, егер адам психикалық дамуының барысында бұдан бұрынғы сатылық кезеңдердің бірінде: балалық, жасөспірім, бозбала шақта қалып қоймаса, өзін ересек, кемел кісі санап, мына сипаттағы қасиеттерді көрсете алады: Ересек адам ретінде өзгелердің құқыларын құрметтейді әрі олардың еркіндігін нұқсан келтірмеуге тырысады.

Өмір жолындағы қыруар құндылықтарды санына емес, сапасына қарай алады. Ересек адам – қабілетті оқушы, ол енді оқып-тоқи алады, нені үйренуді біледі, сонымен бірге өзге адамдардың алған білімі мен жиған тәжірибесін өз тірлігіне қолдана береді. Ол өзінің шығармашылық әлеуетін жасампаздықпен жүзеге асырады. Ол өзін дамытудың маңыздылығын түсінеді және бар зейіні тұлғалық қасиетті қанықтыруға ауған.

Ол өзінің сапалық қасиеттерін теңдестірген.
Ол икемді және бірбеткей емес.
Оның бойында даналықтың нышаны бар.
Ол Жазмыштың бірлігін және өзінің ондағы орнын сезінеді.

Азапты хәлді азайта түсер нақты істерге жанашырлық көрсетуге тырысады. Оның өмір сүру аясы ауқымды, алуан текті, онда шынайы құндылықтар жүйесі түзілген.

Ол белсенді әрі ширақ.

Ересек адам өмірден ләззат ала біледі. Өзін сүю деген – жай ғана сөз емес, өмір сүрудің негізі. Оған еңбек ету – өз мүмкіндіктерін ашу тәсілдерінің бірі, сондықтан ол тыным таппайды, мақсатты түрде әрі рахатына еңбек етеді. Ересек адам тән саулығының қадырын біліп, табиғаттың маңыздылығын түсінеді және денсаулығын баптауға уақыт бөліп, таза ауада тынығады. Ерлі-зайыптының өзара қатынасы, соның ішінде, жыныстық байланыс жасауы да оның тыныс-тіршілігінің ажырамас бөлігі болып табылады. Жұбайлық өмір, отбасы, ұрпақ жалғастыру қамы оған жәй әншейін жалпы мойындаған категориялар емес, өмір сүру салтының маңызды құндылықтары іспетті.

Ол өмірінің басты міндеттерін айқын түсініп, қалтқысыз орындауға кірісті. Міне, естияр (немесе, басқаша айтқанда, кемелдік деңгейіне жеткен) кісі қасиеттерінің шамамен алғандығы тізбесі осындай. Осыны қаперге ала отырып, жұрттың көбі кемелдік деңгейіне жетпейтінін, өзінің мүмкіндігін жүзеге асыра алмастан мына дүниеден ерте кететінін көруге болады. Бұған қоса, ерте қайтыс болудың басты себебі, меніңше, адамның өзіне бөлінген уақытта пісіп-жетілуге шамасы келмей, аталған қасиеттердің біраз бөлігін дамыта алмағанында жатыр, содан оның жаны мұндай «қызық емес» денеден құтылуға шешім қабылдайды. Тек кармалық міндеттері: жеке басының, отбасының және әулеттің әуресі ғана оны тағы біршама уақыт Жер бетіне кідірте тұруы мүмкін. Сонымен бірге, адам баласы бақытсыздық пен азапты сәттерге толы бола тұра, өмірге таскенедей жабысып алып, өлгісі келмейді. Шынында да, мына тірліктегі әлденені өзгертуге енді еш мүмкіндігі қалмаған, әбден қалжыраған қауқарсыз қарияның өзі де қиналып, тума-туыстарын да қинап, сүйретіліп жүргендерін жиі көреміз. Кінәмшіл, ұрысқақ, рақымсыз, сыңаржақ әлде тас сараң мінезі байқалып тұратын қарт кісіні көрсеңіз, оны әлі пісіп-жетілмеген, тіпті, кемелдіктің бірінші сатысына да жете алмаған адам деп айтуыңызға әбден болады. Егер де адам есжияр жасында, дұрысырағы – жас кезінде осы мәселелер жөнінде ой толғап, көкейін қаптаған көп салуалдың жауабын табуға талпынып, күш-жігерін аянбай жұмсаса, оның алдынан өмірдің жаңа сатылық кезеңдері ашылатыны кәміл. Ол зейнетке басқаша психикалық жағдайда, басқаша сана-сезіммен келеді де, дер шағында екінші кемелдікке қадам басады. Екінші кемелдік адам естияр кісінің міндеттерін орындап, екінші кемелдіктің міндеттерін түсінген әрі оларды атқарып шығуға бел буған шақта басталады. Кәнеки, осы жерде екінші кемелдікке тән қасиеттерді қарастырайық. Бұл қасиеттер бірінші кемелдік сипаттарынан қанаттанып, көкке самғайды. Екінші кемелдік сатысында бір сарынды, қол еңбегі мен «керек» деген сөз ілесе жүретін іс-әрекеттер мөлшерін азайта түскен абзал. Ойлап қараңызшы, біз «керек» деген желеумен мына тірлікте, сірә, қаншама нәрсе істедік. Егер де осынау «керектің» бәріне байыптай қарасаңыз, жалпы олардың бәрі түкке татымайтын нәрсе болып шығады! Иә, міне, енді сіздің кемел жағдайыңыз «керек» және «тиіс» сөздерін ақылмен бізбендеп, сабырмен сараптауға мүмкіндік береді.

ЕКІНШІ КЕМЕЛДІКТІҢ ҚАСИЕТТЕРІ

Екінші кемелдік дегеніміз – молырақ рухани тәжірибе мен ақыл жинақтайтын, кемеңгерлікке жететін кезең. Жалт етпе, бір сәттік қызықтың соғынан қуудан алшақтап, адам жәй-ахуалды, өзінің қылықтарын байыпты бағалау межесі келеді. Тұлғалық сипаттарды саналы түрде дамытып, бұған дейін негізгі шаруасынан қол тимегендіктен белсенді әрекет ете алмаған салаларда өзін-өзі жетілдіруіне, өз қабілетін іске асыруына мүмкіндік пайда болады. Екінші кемелдік – тұлға ретінде өсетін уақыт, сүйікті ісімен айналысып, рухани кеңістікті игеретін мүмкіндік, әсіресе, өткен жылдарда әртүрлі себептермен құмығып қалған құдай берген дарынын ашатын кезең. Бұл жаста адам аңғарымпаздық, өзін-өзі танушылық қасиеттерді көбірек көрсете бастайды. Жазмыштың сырын аңдап, тылсымын түйсіну үшін сырттай емес, ішкі жан-дүниесімен күш-жігерін жұмсайды енді. Екінші кемелдікке жеткен кісі өмірдің сатылық кезеңінің мақсатын сезініп, жүзеге асыруға – тек-тұқиянның данагөйіне, ақылманына айналуға ұмтылады. Бұл мақсатқа жету жолында өзінің жанды, сергек Дүниетанымын қалыптастырады. Яғни, Жазмыш түсінігі тұрақты даму үстінде болады.

Ол өз бойынан Құдайдың шарапатын табады.
Оған өмірдің мәні ашылады.

Ол мәңгілік өмір туралы Жаратылыс заңын ұғып, денсаулығын ырқына бағындыра бастайды. Жаратушы Иеге сүйіспеншілігі мен құрмет сезімі жетіспеуінің шалығы тәрізді біржақты пікір айтудан және кінә артып, мін тағу мінезінен біржола арылады. Жаңаны жоққа шығармайды, керісінше: жаңа атаулыны жан-тәнімен қабыл алуға құштарлығы арта түседі. Бұл рухтың жастығын білдіреді.

Ой-сана мен махаббаттың ауқымдылығы – оның табиғи жай-күйі.

Өмірден ләззат алып, рахатына бөлену орасан зор мән-мағына иеленеді. Данагөйлікпен бірге мынау тірліктің қуанышына кенелу өмір сүрудің екі бүтін, біртұтас өзегіне айналады. Адам толықтай әлеуметтің ақылманына, ар-ожданына, рухани тәлімгері дәрежесіне көтеріліп, тек-тұқиянының, халқының, күллі адамзат қауымының даму жолын айқындайды.

Өз міндеттерін саналы орындау үрдісі жүріп жатады.

Біз екінші кемелдіктің қасиеттерін сипаттадық, бірақ, әлгінде айтқанымдай, зейнеталды және зейнеттік жасқа жете тұра, жұрттың көбі бірінші кемелдіктің мәселелерін әлі шеше алмай жүреді. Сондықтан, әлдекімге екінші кемелдіктің постулаттары түсініксіз көрінсе – қапаланбаңыздар! Осы бағытпен жылжи беріңіздер, сонда даналыққа жетесіздер! Игі үрдіс байқалады. Мені отыз жасында кемелдік деңгейіне жеткендерді білетініме ризамын! Иә, менің ойымша, олардың саны артып келеді. Қазір таңғажайып кез! Мен, сондай-ақ, ғұмыр бойы әлгі аталған қасиеттердің жарым-жартысында да аша алмай, егде тартқан шағында, пойыздың соңынан қуып жеткендей, бұған дейін түйіні тарқатылмаған мәселелерін табысты шешіп жүрген жандарды да білемін. Мұндай адамдардың да қатары көбейіп келеді. Барша ғұмырын «қарапайым кеңес адамының» құндылықтарын малданумен өткізіп, енді жасы егде тартқан шақта дүниеге көзқарасын түбірінен өзгерткен адамдар жөнінде талай мысал келтіре аламын. Өмір бойы ғылыммен айналысқан, рухани нәрселер жөнінде еш ойланбаған Юрий Владимирович Макаров деген ғалым 62 жасқа келген шағында тылсым әлемнен ақпараттар ала бастады. Әуелкіде ол әлгі ақпараттарды ызыңдаған шыбындарды қақпайлағандай маңайына жолатпауға тырысты, кейін кәдімгідей қызығушылық танытып, ғалым ретінде зерттеуге көшті. Маятникпен жұмыс істеу тәсілдерін меңгеріп, таза ғылыми мүдде тұрғысынан келіп жатқан ақпараттарды жүйелеуге кірісті, ал содан соң мұның мәнісі тым тереңде жатқанына көз жеткізіп, сырын ұғып, күнделікті тірлігінде қолдана бастады. Соның нәтижесінде ол материалист-ғалымнан Жаратушы Иені көптеген діндардан гөрі жақынырақ білетін нағыз тақуаға (бірақ, соқыр сенімге еліккен емес) айналды. Осының өзі-ақ оның небір ғылыми мәселелердің шешімін тауып, денсаулығындағы, жақын туыстарымен қарым-қатынасындағы кінәраттарды жоюға мүмкіндік берді. Қазір ол 67 жаста, ғылыммен белсене айналысып, өзін материалдық жағынан толық қамтамасыз етеді, денсаулығы жақсарып, өзінің жас шамасынан кемінде 10 жылға жасарып кеткендей көрінеді, руханият саласында іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осы тақырыпқа кітаптар жазып жүр. Жақын-жуықтарымен, төңірегіндегі адамдармен қарым-қатынасы өзгерді – осылардың бәрі оның өмірін бұрынғы 60 жылындағы тірлігінен әлденеше есе қызықты әрі мазмұнды ете түсті. Макаров зейнеттік жас дағдарысын қиналмай, елеусіз түрде өткеріп, екінші кемелдікке емін-еркін кірді де, тиесілі міндеттерін белсене атқарды. Таңғаларлықтай үйлесімді, сүйкімді, бақуатты адам! «Бақыт деген не?» деп кез келген адамнан сұраңызшы. Іс жүзінде екінің бірі бақыттың бірінші бөлігі ретінде денсаулықты атайды. Шынында да, денсаулық дегеніміз – өмір сүріп, тірлік кешудің нағыз іргетасы. Ал, дені сау-саламат болу деген не? Осынау қарапайым сұраққа әрқилы жауап алуға болады. Менің ойымша, солардың ең дұрысы, көкейге қонатыны: «Дені сау деген – дененің сезінбеуін сезіну» деген жауап сияқты. Мұндай уәж бір қарағанда біртүрлі оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ, тек бір қарағанда ғана. Ол нақ осы денсаулықтың мәні жөнінде айтып тұр ғой. Дені сау адам барлық жай-ахуалда және кез келген ауыртпалық түскенде өзінің тәнін сезінбейді. Тән сау-саламат адам өзінің әлдебір ағзасы қайда орналасқанын айта алмайды, ол өз ағзаларын сезінбейді – өйткені, олар мінсіз әрі үйлесімді жұмыс істеп тұр ғой.

Ауру дегеніміз – үйлесімсіздік және жасампаздық қабілеттің шектелуі. Ауру – ЕРКІНДІКТЕН АЙЫРЫЛУ.

Денсаулық – тек жеке бастың емес, бүкіл адамзаттың құндылығы. Бұл – баға жетпес байлық. Неғұрлым адамның жас шамасы үлкен әрі денінің саулығы мықты болса, ол бүкіл қоғам үшін, Жер жүзі үшін соғұрлым қомақты құндылық алып келеді. Бұл – адамзат қауымының ағзам, асыл игілігі! Адамдар осыны тезірек ұғынса ғой, шіркін! «Саулық» деген сөздің астарынан өз басым тек тәннің емес, адамның барлық қырының, оның дүниеге көзқарасының саулығын да ұғынамын. Міне, мынау академик Г.С.Шаталованың қарапайым тесті, осы арқылы Өзіңіздің дені-қарыңыз сау ма, жоқ па, соны біле аласыз: «Егер денеңіздің барлық ағзасы мен мүшелері үйлесімді қызмет істеп тұрса, егер миыңыз олардың жұмысын мінсіз реттеп, үйлестіріп тұрса, егер сіз өзіңізде жүрек, асқазан, бауыр, бүйрек немесе басқа да ішкі ағзалар барын еске алмастан, сезінбестен өмір сүрсеңіз, егер сіздің психологиялық ауаныңыз іштарлық, сараңдық, өзімшілдік және т.б. адам өмірін улайтын сезімдерден ада сау-саламат кісінің рухани мүмкіндіктерінің байлығына сәйкес келіп тұрса, осыған орай өмір сізге кез келген жас шамасында, қаратамыр қарттыққа шейін жарқын да жайдары, мамыражай қалпында көрініп тұрса, демек, сіз табиғатпен үйлесімді, оның заңдарына келісімді түрде тіршілік етесіз. Ендеше, сіз шынында да сау-саламат жансыз».

Өз тәніңіздің құлы болуы да, қожасы болу да қажет емес. Яғни, тәнді жан мен рухтан жоғары қоюдың керегі жоқ, ал, жан мен рух та тәннен «жоғары» болуға тиіс емес. Бұлар – тең дәрежелі серіктестер, осында, Жер бетінде өмір сүретін дос-жарандар. Жан мен рух өз досының – тәннің үйінде (денеде) өмір сүреді. Оған тиісінше қарау: оның таза әрі сау, көңілді әрі бақытты дәурен кешуіне көмектесу үшін солай болуы керек. Міне, денсаулықтың тағы бір анықтамасы: «Денсаулық дегеніміз – Өз тәніңді сезіну қуанышы» дейді.

Денсаулыққа байланысты ылғи еске алатын Галина Сергеевна Шаталова жөнінде айтайын. Осы бір таңғажайып адамды жұртшылық жақсы біледі – оның кітаптары миллиондаған тиражбен таралған. Кейбіреулер оны теледидардан көрді, семинарларына да қатысты. Ол бірнеше мыңдаған адамның қадесіне асқан Табиғи сауығу жүйесін жасап шықты. Қазір ол 88 жаста! Адамның денін сауықтыру саласындағы жұмысын жалғастырып келеді. Тынымсыз ізденіп, тұрақты шығармашылықпен айналысып, өзіне де, өзге адамдарға да керемет жасаудан танған жоқ. Қасында жүріп, қапталдаса отырған сәтте оның қандай ғаламат әйел екенін сезінесің! Ал, ол қиын-қыстау тірлікті бастан өткерді – екі бірдей сойқанды: финн және Ұлы Отан соғысына қатысты, әскери хирург міндетін арқалады. Майданда хирург болудың не екенін, сірә, тек бастан өткергендер ғана білетін шығар – іс жүзінде олардың ешқайсысы 60 жасқа дейін өмір сүрген жоқ. Оған да небәрі 50 жас өлшеп берілген еді, бірақ ол тағдырын өз қолына алып, ғұмырын екі еседей ұзартты. Тек ұзартып қана қоймай, оны қызғылықты, жасампаз сәттерге толтырып, өзге адамдарға да көмектесе білді. Екі жыл бұрын ол маған да жәрдемдесті, оны «Бастаулар» деген кітабымда жаздым. Галина Сергеевна үшінші кемелдікке қадам басып, табысты іс тындырып келеді! Біздің еліміздегі, денсаулық жөніндегі ең ірі маман шығар деп ойлаймын.

Мен осындай кісіге жолықтырған тағдырыма дән ризамын!

Оның және басқа да көптеген адамдардың үлгісі болмысы кемел, дені сау әрі бақытты жан болуға ешқашанда кеш емес екенін көрсетеді.

Иә, шынында да солай. Кез келген жаста, кез келген жағдайда әулет мүшелерінің өміріндегі сәл ғана өзгерістің өзі бүкіл тума-туысқа әсер етеді. Әсіресе, әулеттің төрінде отырғандардың өзгерістерінің ықпалы күшті болады. Ересек буын өзінің негізгі міндеттерін шешу жолында бар болғаны бірнеше қадам жасаса, келесі буынның өмірін түбегейлі өзгертуге септігін тигізеді. Сол жолмен жүре отырып, олар өздерінің де, өз тума-туыстарының да тірлігін жайнатып, қуанышын еселейді. Міне, мен аға буынның басты бағасын негізгі құндылығы осындай деп білемін!

Өзінің міндетін сезінуші данагөй, ақылман адамдар –ҰЛТТЫҢ АЛТЫН ҚОРЫ! Олар осыған қажет нәрсенің бәрін жинақтаған: кем дегенде, қалай тірлік істеуге болмайтынын көрсететін өмірлік тәжірибе бар; ақырында өзін күтіп-баптауға жұмсайтын уақыты жеткілікті; дамып-жетілуге қажетті ақпараттың кез келгенін таба алады. Иә, жаңа дәуір де өмірді өзгертуге септеседі. Қалғаны қолдан келетін шаруа – тек ерінбей жаңа өмірді бастау керек, сол арқылы өз балаларына нақты түрде көмектесе алады. «Нақты» сөзіне тоқтала кеткім келеді. Ата-аналардан өз балаларын өліп-өше жақсы көретіндерін, солар үшін көп шаруа істегендерін және әлі де істей беретіндерін жиі естіп жүрміз. Адал көңілдеріне, ақжарма пейілдеріне күмән келтірмей-ақ қоялық, дегенмен, олар көбінесе аққұла адасады. Мұны тексеру оп-оңай: балалары есен-сау және бақытты ма? Егер шынымен солай болса, балаларға сүйіспеншілікті дәлелдеп бағатын артық сөздің қажеті жоқ. Ал, олай болмаса, түлкібұлаңға салып, бірінші кезекте өзіңізді алдамаңыз, одан да келеңсіздіктің себептерін іздеңіз,шынайы, нағыз махаббаттың тұма бастауларын ашыңыз, сол кезде нақты түрде олардың өміріндегі көп нәрсе жақсылыққа бет бұрады. Бұл кезде бақытқа бөленудің екінші бұлжымас қағидасын есте ұстаңыз: балаларыңыз бақытты болғанын қаласаңыз, алдымен өзіңіз бақытты болыңыз. Ал, бақытқа кенелудің бірінші бұлжымас қағидасы былай: бақытты болғың келсе – бол! Міне, енді тіршіліктің толас таппас дүрмегінен соң осынау қағидаттарды орындауға жағдай жасалып, мұрсат беріледі! Ендеше, кәнеки, сол мүмкіндіктерді пайдаланып, балаларымызға нақты түрде көмектеселік.

Зейнет жасының дағдарысы Әдетте кемелдік кезеңін келесі кезеңнен бөліп тұратын шекара зейнет демалысына кету болып саналады. Психологияда осы сәтті «зейнетке кету дағдарысы» деп атайды. Әсіресе, зейнет жасы кәсіби қызметтің аяқталуына сәйкес келген кезде бұл дағдарыс өте ауыр өтеді. Зейнетке шыққанға дейін адамға бәрі, тіпті, мейлі, бәрі болмаса да, көп нәрсе айқын болады. Үйреншікті жұмысы, белгілі міндеттер шеңбері бар. Содан аяқ-асты көп жылдық тірегі, көңілге демеуі жоғалады да, өмірдің мәнін қайта қарауына тура келеді. Әсіресе, жұмысты ең үлкен құндылыққа айналдырып алған адамға зейнетке кету дағдарысы тас арқалатқандай ауыр тиеді. Жұмысын лезде жоғалтып алған оған дүниенің бәрі күйреп қалғандай көрінеді. Көбінесе адамдар өмірінің осы сәтін қинала өткереді де, соның салдарынан тәни, жани кеселдерге ұшырайды, тіпті, мезгілінен бұрын қаза табуы да мүмкін. Адам талай уақыт бойы бұзылған құндылықтар жүйесімен өмір сүріп келді де, басты құндылығынан айырылған кезде өмірдің мән-мағынасы, іле-шала өмірдің өзі жоғалып кетеді.

Кейбіреулер зейнеталды жылдарын жұмыстан құтылып, зейнетке шығуды күтумен өткізеді де әрі «зейнетке аман жетсем ғой» деген тілегін қақсай береді. Ал, оған жеткен бойда, келесі кезеңге қойған мақсаты, не міндетті жоқ қалпында бақиға аттанып кетеді. Адам өзі мерзім кесіп, соңғы сағатын белгілеп қойды. Қалай ойласақ, солай өмір сүреміз, – бұл қағида барлық жердегі сияқты тап осы тұста да өзекті.

Әрине, зейнет дағдарысына үйреншікті өмір салтының бұзылуы, әлеуметтік статустың өзгеруі, белсенді шепке кейінгі буынның шығуы, денсаулықтың нашарлауы әсерін тигізбей тұрмайды, әйтсе де мен адамның бұрыс, жаңсақ дүниетанымы: жалпы алғанда, өмірдің, жекелей алғанда, нақты кезеңнің мәнін жете түсінбеуі, өз мүмкіндіктерін бағалай алмауы және олардың құлпын ашу амалдарын білмеуі, құндылықтар жүйесінің бұзылуы, мақсаттарын парықтай алмай, міндеттерді қате ұғынуы, рухани сауаттылықтың жетіспеуі ең басты себеп деп есептеймін. Яғни, шын мәнінде, әлгінде айтқан кемел адам қасиеттерінен туындайтын міндеттердің шешілмеуі егде жанның еңсесін жаншып, жанын күйзелтеді. Кемел адам зейнет дағдарысына ұшырамайды – сол сәтте ол бұған көңіл бөлмейді.

«Зейнеттік дағдарыс» адам зейнет жасына шейін кемелдікке жетпеген жағдайда пайда болады.

Мемлекеттік тәрбиелеу, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламаларының барлығы балалар мен жастарға арналған. Ересек жастағыларға арналған бағдарламалар ілеу де біреу, ал енді егде адамдарға арналған ештеңе жоқ. Бұл – түбірінен қате нәрсе. «Болашақ – жастардікі» дейді де, жұрттың бәрі келешек өткен күндердің иығында тұрғанын ұмытып кетеді! Аға буынның дамуы артта қалмауға, қатар жүруге, ал, дұрысы – қарыс қадам алға озуға тиіс! Ал, бұл үшін аға буынға, әсіресе, білім беру ісіне көңіл бөлу қажет. Бірақ, қандай білім беру жөнінде әңгіме қозғалып отыр? Өйткені, олар жалпы алғанда, ғұмыр бойы оқып-тоқып келді ғой. Бар мәселе – нені оқығанында! Бұл жаста рухани, психологиялық білім алу аса маңызды. Аға буын өзінің жас шамасына лайықты орын иеленуі үшін нақ осы білім арналары керек. Сонда ғана олар отбасы мен тек-тұқиянның данасына айналады. Сонда ғана жас ұрпақ алдыңғы буынның қателігін қайталап, құр дәменің жетегіне еріп, тұйық шеңберді шыр айнала бермейді. Өмірдің белгілі бір сатылық кезеңінде, ең жоғары кемелдікке жеткен сәтінде аға буын көп жағдайда белсенді позициядан кетіп, келесі ұрпақ буыны сол баяғы шеңберге шығады да, қайтадан үйреншікті жолды шиырлай береді. Аға буын өкілдерінің басым бөлігі кемелдік деңгейіне жетіп, көрсетілген міндеттерді шеше отырып, екінші кәмәлиятқа көшкенде ғана өркениет (техникалық прогресті мегзеп жазған жоқпын) жарасымды, жүйелі даму әлеуетіне ие болады. Әрине, кемелділік міндеттерін жүзеге асырып, екінші кемелдіктің міндеттерін орындауға кірісу оңай шаруа емес. Көп нәрсені қайта қарап, тіпті, әлденені қайтадан оқып-үйрену керек. Ал, бұл үрей туғызады. Оның үстіне, адамдар ерте өлу дерегіне бой үйретіп алған, содан зейнетке шығу оларға ажалға тура апаратын жолдың бірінші баспалдағы тәрізді көрінеді. Мынадай ой да кесе-көлденеңдей береді: «Ғұмырдың мәзі кетіп, азы қалған шақта бірдеңені қайта қараудың, әлденені өзгертудің қажеті бар ма?» деп тартыншақтайды. Оның үстіне, ешкім ештеңені ауыстырмай, қайта қарамай, «жұрт қатарлы» тірлік етіп жүргендердің мыңдаған мысалы көз алдынан өтіп жатыр. Ұжымдық ой-санада өзінің «елуден соң кәрілік келеді, адам орташа есеппен жетпіс жыл өмір сүреді, зейнетке шыққан соң саусақпен санарлықтай ғұмыр қалады, балалар қартайған ана-ананы бағып-қағуға тиіс және т.б.» деген сияқты таптаурын тұжыруларымен жүйкеге жүк салады. Осы айтылған уәждің бәрі кәдуілгі, шегіншек сананың шеңберінен сытылып шығуға кедергі келтіреді. Адамдар мұндай жайбасар жағдайға әбден үйреніп, икемделіп алған: күннен күнге көзтаныс әрі «қауіпсіз» ағыстың ыңғайымен жүзе отырып, бұрынғыша күнелте береді. «Қауіпсіз» сөзі әдейі тырнақшаға алынды, өйткені, шын мәнінде «жұрттың бәрі сияқты» өмір сүру әлдеқайда қауіпті болып шығады. Тап осындай тірліктен адамдар жиі өледі. Нақ сондай өмірде жағымсыз жәйттер кезігіп, сондай топыраққа ауру-сырқау тамыр жаяды, иә, ата-аналардың нақ сондай тірлігі келесі ұрпақ буынының тағдырын тәлкек қылады.

ҮНДЕУ

Мен көкжиектен енді өзінің зейнет жасым көзі шалғандарға, немесе осы белеске әлдеқашан барғандарға үндеу жолдаймын. Жетпіске жетпей, сексен жасқа өтпей жатып-ақ әбден қалжырап, бір аяғы – төрде, екіншісі көрде тұрғандай қалтылдап баратын халықтың тоқсан пайызы жүріп өткен таптаурын жолын емес, басқаша сорап – соны соқпақты ұсынғым келеді сіздерге. Сіздердің басқаша өмірді сүруге мүмкіндігіңіз бар! Сіз не жоғалтасыз? Жақсылы-жаманды бір ғұмырды кештіңіз әрі үнемі көңіліңізді көншітпесе де, белгілі бір нәтижеге жеттіңіз: толып жатқан ауру таптыңыз, отбасылық қарым-қатынаста да, балашаға, тума-туыспен өзара байланыста да проблемалар қаптады, әлеуметтік тұрғыдан бәрі бірдей оқсап тұрған жоқ, біршама шығармашылық әлеуетіңіз жүзеге аспады... Тап осы айтылған олқылықтар тізбегі талай зейнеткердің және зейнет жасына таяп қалғандардың басында бар. Тағы да қайталап айтамын – сіз ештеңе жоғалтпайсыз, енді басқаша өмір сүріп көріңіз! Жарты ғасырдай ғұмыр кешіп, қазіргі хәлге қол жеткізген дүниетанымыңыздың көлденең деген көкжиегінен аттап өттіңіз. Байқан көріңіз – бәлкім, тағы да осыншама, бірақ, әлдеқайда саналы, қызықты әрі жақынырақ дәурен сүрудің орайы келіп, сәті түсер! Және де сол арқылы балаларыңыздың тағдырдың тұйық шеңберінен сытыла шығып, бұрынғыдан да мәртебелі міндеттерді шешулеріне септігіңіз тиер. Келесі ұрпақтар буынына берік іргетас қаларсыз. Егер сіз үлгермесеңіз, бақытты да мәңгілік өмірге олар кенелер! Өткен өмірде мігірсіз еңбек, уайым-мұң, ауру-сырқау мен бітпестей бейнет көп болды. Адам баласының Жер бетіне келгендегі мұраты – деннің саулығы, жайдары да бақуатты тұрмыс толық күйінде қадеге асқан жоқ. Енді осы міндетті орындайтын кез келді. Уақытым аз қалды ғой деп ойламаңыз, сізге қажетті қадамдарды жасау үшін қанша керек болса, сонша ғұмыр бар әлі. Сіз еңбектене білесіз және қалай десеңізші! Ұзақ жылдар бойы бала-шағаны асырап, азды-көпті күнелтіске қолайлы жағдай жасау үшін «отанның игілігіне» еңбек еттіңіз. Енді өзіңізді баптап, өз игілігіңізге жұмыс істейтін, сол арқылы жеке басыңызға, балаларыңыз бен ғаламшар тұрғындарына нақты көмек беретін кез келді. Иә, нақ солай! Жыл сайын егде жастағы адамның бақуатты тұрмысы Жазмышқа жас кезіндегіден гөрі көбірек сыбаға сыйлап, мейіріміне бөленеді екен. Үйреншікті тірліктің көкжиегінен біртіндеп, асықпай аттап өту керек. Шалт қадам, шапшаң қимыл жасамаңыз. Ескі жүктің, ескі дүниетанымның қордалы ауқымы күшті қарсылық көрсетеді, бастапқы қадам басу қиын болады. Ал, есесіне қандай қызық десеңізші! Нәтижесі де тосын әрі тамаша ғой, шіркін! Бұл – ауру-сырқаудан арылудың да, жақын туыстармен қарым-қатынасты жақсартудың да, балалардың тағдырына жағымды өзгерістер енгізудің нәтижесі, ал, ең басты – мүлдем басқаша ішкі дүние жағдайына: деннің саулығына, тыныш та сенімді, мейірімді, сүйіспеншілік пен қуаныш, астық лебі ескен тірлікке жету!

Иә, бұл шынымен басқа өмір! Сіз оны өз қолыңызбен, дәлірегі – басыңызбен жасай аласыз. Адам қалай ойласа, солай өмір сүреді.

ӨМІРДІҢ МӘН-МАҒЫНАСЫ

Мен өмірдегі бағыт-бағдарды айқындайтын дүниетаным екеніне шүбәсіз сенемін. Және де ғұмырдың бір сатылық кезеңінен екіншісіне өту барысында Жазмышты түсіну аса маңызды. Өмірдің осындай байыпты бұрылыстары мен қым-қуыт қиылыстарында өмірдің мән-мағынасы мен құндылықтарын ұға білудің өзі шешуші рөл атқарады. Енді ең ауқымды мәселелердің бірі – өмірдің мән-мағынасын зерделеп көрейік. Әсіресе, егде жаста осы мәселеге қайта оралып отырған артық болмайды. Жұрттың көбі «мына өмірдің мәні неде?» деген сауалға мандытып жауап бере ала ма? Ал, сіз оған қандай жауап қайтарар едіңіз? Иә, бұл деген – өмір сүрудің стратегиясы, жолы әрі өзегі ғой! Сол өзегі бар кезде – өмір жалғаса береді, жоқ болса – адам кез келген сәтте бақиға кете салады. Әр адам өз өмірінің мәнін ұғынуы қажет, әйтпесе, ол шақшадай басын шарадай қылып, тауға да, тасқа да соғатын, құр сергелдеңге түсетін немесе тығырыққа тірер жолға түсіп алып, бекерге жігерін құм ететін тірлікке айналуы мүмкін, көбінесе солай болып та жүр. Бұл ну орманның ішінде, тайга жынысында адасқан адамның басындағы жәй-ахуал сияқты. Бір нұсқасында ол әрі-бері сенделіп, әл-дәрмені құрып, аштан өледі. Екінші нұсқасында ол жол тауып аман шығарына үміт артпай, күрке тұрғызып, жеміс-жидек теріп, талғажу етер тамыр жинауға кіріседі де, алғашқы қауымдық тірлік деңгейіне ауыса салады. Дұрыс жолды тек Ай мен Күнді және жұлдыздарды барлай қарап, өз соқпағын ілкіммен іздеген, өзінің мүмкіндігіне, қабілет-қарымына қалтқысыз сеніп, жөнімен пайдалана білген адам ғана таба алады. Тек солай жасағанда ғана үйге оралуға болады. Үйге, өзіне, өзінің табиғи болмысына, Жаратушы Иесі құзырына оралудан тұрады мына өмірдің мән-мағынасы. «Үйге қайту» үндеуін Бақиға аттану ретінде түсініп қалмаңыздар. Керісінше, мен пәнидегі, Жер бетіндегі мәңгілік өмірге шақырамын, бұл үшін өз болмысыңыздың мәнісін: еркіндікті, махаббатты, жасампаздықты, даналықты, қуанышты, бақытты айқара ашып тастаңыз, яғни, өз ЖАРАТЫЛЫСыңызды жарқырата көрсетіп, мына өмірде қадега асырыңыз. Бұл «өзіне келу» және «үйге қайту» деген мағынаны білдіреді. Егер өмірдің мән-мағынасы бұрын, ертерек айқындалмаған болса, ол жөнінде кемел шақта ойланған ерекше маңызды. Бұл, әлгінде айтқанымыздай, кемелдікке жетудің қажетті шарты. Жастық шақта жұрт сияқты тірлік етіп, тобыр ішіне ешқандай мән-мағынасыз өңмеңдей кіргенімен, жасы егде тартқан шақта адамдар «жұрт сияқты» өлгісі келмей, ғұмыр жолын барынша ұзартуға тырысады. Өмірдің мәні туралы ойлана келе, онша көңіл көншітпейтін нәрселерді көріп, мұндай тірліктің түпкі себептерін түсінуге және өмірдің мән-мағынасы мен өзін өзгертуге болады. Уақыт, әдетте, сол үшін беріледі. Бұл ретте екінші кемелдікке өтудің нақты мүмкіндігі пайда болады. Міне, сондықтан да мен өмірдің мән-мағынасы туралы мәселені тереңірек қарастыруды ұсынамын. Шындығында, әрбір адам өмірдің мәніне ие болады, ал, ол оның өмір сүру қалыбынан көрінеді. Адамның өмірі дегеніміз – оның мәнін жүзеге асыру. Мәні қандай болса, өмірдің сипаты да сондай болады. Тек көбінесе мәннің, соған сәйкес өмірдің сипаты да онша болмайды, адамның мұндай тірлікке ылғи көңілі толмай, назаланып жүреді. Ал, бұған кім кінәлі? Сондай мән-мағына дарытқан өзі ғой! Жұрттың біразы өмірдің мәніне жеңілтектеу қарап, өмірдің өзін де жеңіл-желпі бағамдауға бейім тұрады (Мұны «өмір жолымен жеңіл жүріп өту» деген сөзбен шатастырып алмаңыздар, ол – мүлдем басқа жәй-ахуал!). көбінесе өмірдің мәнін тірліктің жекелеген салаларынан: жұмыстан, ғылымнан, әлдебір шығармашылық арнасынан, отбасынан, балалар қамынан, руханилыққа ұмтылудан, адамдарға қызмет қылудан, Құдай тағалаға құлшылық етуден... табады. Бірақ, өмірдің мәнін осылайша тар өрісті, шектеулі өреде түсіну ауқымды проблемаларға жолықтырады. Мысалы, өмірінің мәні балалары болып саналған әйел, өткен тараулардан көргеніміздей, өзінің және балаларының тағдырын талқан қылып тынады. Иә, ондай әйел балаларына басымен байланып, өзін-өзі жазалайды, ал олар, әдетте, мұндай шырышты шешеден ат-тондарын ала қашады. Сөйтіп, дұрыс айқындалмаған өмір мәні бүкіл тірлігін әрі-сәрі қылып, өзіне де, балаларына да, қоғамға да ауыртпалық алып келеді. Өмірдің мәнін қандай да бір нақты, таяу тұрған мақсатпен шатастыруға болмайды. Себебі, біз мақсатымызға жете тұра, кез келген уақытта бағдарымызды жоғалтып алар едік қой. Мысалы, талай адамға өмірдің мән-мағынасы жұмысы болып табылады. Сондықтан, одан айрылып қалған немесе зейнетке шыққан кезде ол өмірдің мәнін жоғалтып, ешкімге керексіз сияқты дағдарып қалады, содан соң психикалық күйзеліске ұшырап, тіпті, мезгілсіз қайтыс болады. Тек материалдық қана емес, сондай-ақ, рухани асқақ мақсаттар да өмірдің мәні болуға тиіс емес. Қазіргі кезде жұрттың көбі құдайға құлшық етіп, ғибадат қылудан мән іздейді. Бірақ, бұл өзінің мәнін толық дәрежеде ашуға мүмкіндік бере алмайды. Ал, дінге біржола берілген адамдар бәрібір жанына жұбаныш таппай, қу жанын қинай береді, олардың балалары да қиналады.

Өмірдің мәніне өмірдің өзі ТОЛЫҚҚАНДЫ қатысуы керек.

Өмірдің толыққанды болуына оның құрамдас бөліктерінің бәрі түгелдей атсалысып, солардың ортасында сүйіспеншілік туындатып, бақытын қолдан жасауға мұғдалы адам тұруы қажет. Өмірдің мәні өмірден ләззат алу барысына да, негізгі адами тілектер аясына да қатысады. Бірақ, бұл жерде жаңсақтыққа жол бермеу керек. Ләззатқа ұмтыла отырып, өмірді жайлы қылуға болады, бірақ басты нәрсе осы ма? Егер ләззат өмірдің мәніне айналса, адам өз нәпсісінің құлы болып шыға келеді. Ләззат алып, рахатқа бөлену дегеніміз – өз өміріңнің мәнін қаделеудің, яғни, өзіңді жарқырата ашудың құралы, тәсілі ғана. Әлдебіреу азап шегіп, бейнет көру тәсілін таңдап алады, – ол өзінің ерік-таңдауы ғой дегенмен де, менің ойымша, ләззат алып, қуанышқа кенелу жолымен жүрген әлдеқайда қызықтырақ. Маған жан-дүниені дамытудың нақ осы жолы ұнайды. Біздің жанымыздың өзі – бағдар ұстап, бет түзейтін, және де өмірге бақуатты мән-мағына дарытатын нәрсе. Өмірдің мәнін бастан өткеруің, яғни, өз тірлігіңмен жасауың, тағдыр-таланыңмен таңдап алған ғұмырлық жолыңның дұрыстығын дәлелдеудің, тура жолыңды сала білуің керек! Иә, осылайша мән-мағынасы бар өмірдің өзіндік тәсілін орнықтырған жөн. Өзіндік әрі ақиқатқа бір табан жақын тәсілдің дұрыстығына өзің ғана түгелдей жауапты боласың. Бәлкім, адами болмыстың басты мұраты да осы: мән-мағына дарыту жолы шығар. Өмірдің мән-мағынасы ешкімге берілмеген, ешкім әкеліп бермейді де, егер бар болғанын қаласаңыз, оны іздеп табуыңыз, орнықтырып, дәлелдей білуіңіз керек. Өмірге сүйіспеншіліктің жоғарғы сатысы – өмірдің өзін сүйе білу! Сол арқылы біз өзімізді ажалсыздыққа лайық адам ретінде бекітеміз. Өмірдің мән-мағынасын іздеу дегеніміз –ажалсыздықты, мәңгі-бақилықты іздеу!

ӨМІР МЕН ӨЛІМ

Зейнет жасына жетіп, өз тұрғыластарының бірінен соң бірі дүниеге кетіп жатқанын көріп отырғандар үшін өлім туралы мәселе өте ушығып тұрады. Жұрттың көпшілігіне ажал – қайғы-қасірет, қатігездік, ақтап алуға келмейтін мағынасыздық. Өйткені, жеке тұлға, орны толмас ерекше тіршілік иесі құриды ғой. Сондықтан, адамдар қай заманда да ажалсыздықты, мәңгі-бақилықты аңсады, соған жетудің амал-айласын іздестірді. Ал, «өлмес өмір» деген не? Жарайды, адам ажалсыз дейік, ал сонда, егер кез келген мүмкіндік шексіздікке ұласатын болса, күш-жігерді бекерге рәсуа етудің керегі не деген ой тумай ма? Адам да өзін және өз тіршілігінің мән-мағынасын талмай іздеп, тер төгуден тартынып қалады ғой. Грекияның өлмейтін құдайларының іштері пысып, еріккеннен не бүлдіргендері мифологиядан мәлім!.. Өлім-жітімнің белең алуы, келешекте құрып кету қатері адамзат баласын «мына өмірде мән-мағына бар ма?» деген мәселені ұғынуға жетелейді. Өмірдің мәнділігін, далбаса еместігін қуаттап, оны ұзарта түсуге ұмтыла отырып, біз тек биологиялық ғұмырды ғана шынымен ұзартып қоймай, сондай-ақ моральдық тұрғыдан да ажалдың бетін қайтара аламыз. Осынау күрделі мәселе әрқашан адамның алдындан кесе-көлденең шыға берді. Ежелгі дүние философы Эпикурдің өзі «өлім үрейі – адамзат тақсіретінің негізгі көздерінің бірі» деп пайымдады. Адам кемелдік кезеңінің соңына таман бұл мәселеге өте таяу келеді. Бұл үрейді, менің ойымша, мынадай тәсілдер арқылы еңсеріп шығуға болады. Біріншіден, жанның мәңгі-бақилығына сену арқылы. (Менің дүниетанымыма елеулі әсер еткен) Александар Мень: «...Біз шын мәнінде өзіміздің пәнилік болмысымыздың үзігін даму сәті ретінде ғана аламыз... Енді, міне, біздің жаһанды кезіп өткен жолымыз мәңгілік рухани дамуымыз бен жарқырай көрінуіміздің маңызды бөлшегі болып шығады... Сонымен бірге, егер адам осында көп ештеңе істемесе, басқа өлшемдегі дүниеге барғанда оның мүмкіндігі қыруар болатынын ишаралайды... Ал, бұл біздің дамуымызға шек жоқ, әлдебір маңызды сырды бүгіп жатады дегенді білдіреді... Мұнда Адам идеясы, Адамның ғаламдық, ғарыштық аңсары жатыр. «Мен түрлі дүниенің жалғаушысымын». Дүниелердің байланысы, міне, адам нені білуі керек? Біз екі дүниені байланыстырамыз» деп жазған еді. Тіршіліктің шексіздігіне сенуді мәңгілік өмір туралы білімге айналдыру керек. Өмірдің шексіздігі мен мәңгілігі мәселесіне қызығушылық танытып, сенімділік пайда болғанша білімді сіңіріп, бойға жия берген жөн. Жан ұйықтап, түс көріп жатқанда үнемі бір дүниеден екіншісіне өтіп, ол жақтан бақи дүниеде де тіршілік жалғаса беретінін, және де қызығы мол өмір екенін түсінуге жеткілікті ақпарат алып келеді. Көптеген эгрегорлар (ұжымдық рух шоғыры) өлімнің бар болуына мүдделі, ол адамзат қауымын басқарудың қажетті шарты болып табылады. Осыған орай біздің міндетіміз бұл мәселеге тереңірек үңіліп, өз мәнімізді ашып көрсетуге кедергі келтіретін ең үлкен үрей, қомпиған қорқыныштан арылуға саяды. Екіншіден, өлім қорқынышынан құтылып, жер бетіндегі өмірді ұзарту арқылы оның сесін қайтару керек. Өмірді ұзарту мүмкіндікті жүзеге асырудың басқа сатысына көтеріліп, Жазмышты түсінігін одан әрі жетілдірумен, жаңа міндеттерді шешумен етене байланысты. Осылайша, кемелдіктің екінші, үшінші және келесі сатыларына көтерілуге болады. Алдымызға ажалдың зілмауыр үрейінен ада, тұтастай өз мүмкіндігін танытуға, жасампаздық жігерге толы өшпес өмір; шеті мен шегі, ақыр соңы жоқ тіршілік жөніндегі мәселені мақсат етіп қоюяымыз қажет. Сондықтан да, бұлыңғыр болашақтың қамы үшін бір сәттік, өткінші пайданың соңынан далақтап жүгірмей-ақ, кез келген идея мен жоспарды жүзеге асыруға, демек, өзіңе әділетті де адамгершілікті іс қылу мүмкіндігін дарытуға болады.

Шынайы адамгерлішік қылық нақ осы мәңгі-бақилық рухымен жасалады. Бұдан да әрі баруға болады – бәрі адамның сана-сезіміне байланысты. Қазір мәңгілік өмірге жол ашық, көңілі қалағандар осы жолмен жүре алады. мәңгілік өмірдің тап осында, жұмыр Жердің бетінде екенін түсінген адамдар қатары көбейіп келеді. Соларға қосыла аласыз! Көріп тұрғанымыздай, өлім қорқынышынан арылудың жолы алуан – солардың бірін таңдаңыз!

Өзінің ажалсыздығын қолдан жасауға талпынған адамдарға сансыз мадақ! Саналылық, Сүйіспеншілікті тудырып, Жақсылықты, Бақытты жасау мен өмірдің өзіне Ризашылық дегеніміздің өзі біздің ажалсыздыққа, мәңгі-бақилыққа барар жолымыз. Өмірдің мән-мағынасын осылай түсіну басқаша психикалық жай-күйді және жасаңдау психологиялық жас шамасын айқындайды. Өмірдің мәнін ұғынғаннан кейін бірталай мәселенің шешімі де басқашалау көрінеді: тұлғалық қасиетті қарқынды дамытып, хронологиялық жас шамаңа қарамастан, өзіңді жетілдіре түсіруге, мүмкіндігіңді жүзеге асыруға ұмтылу қажеттігін ұғынасың. Осылайша, екінші, үшінші және одан арғы кемелдікте іске асып, қадеге жарайтын өмір сүрудің жаңаша сипаттары қалыптасады. Міне, өз ұрпағыңа шынайы көмек керек болса! Осы тараудың бас жағында мен рухани немесе тәни тұрғыдағы ажалсыздық мәселелерін өзіміз шеше алатынымызды әркім жете түсінуі үшін «Құдаймен әңгімелесу» кітабынан әдейі үзінді келтірдім. Рухани жолдың да ұғыну қажет бір ерекшелігі бар. Ой-сананың белгілі бір сатысында адам өлімнен қорықпайды, бұл басқа, бұдан да жаймашуақ кеңістікке көшу екенін түсінеді. Ол енді рухани жағынан Жер бетінде көп нәрсеге жеткенін және пейіш иерархиясынан лайқатты орнын алатынын, былайша айтқанда, өзінің «күнәдан пәк» екенін сезінеді. Міне, енді, осынау жай-ахуал оны басқа, о дүниеге баурай тартып, пәнилік бітпейтін проблемаларға байланысты бұл тілек күшейе түседі. Осылай көп адам өмірден өрелі рухани жай-ахуал толқынына тербеліп, кете барады. Өрімдей жастар, әсіресе, егде тартқан жандар кетеді. Олар жәй әншейін пәни тірліктен, жер бетіндегі ләззат атаулыдан, бұ жалғанның міндеттерінен жалығып бітеді. Әрине, әрбір жан иесі бұл мәселені дербес, өзінше шешуге қақылы ғой, дегенмен, ой-санасының орамында осы мәселенің мән-маңызын үстірт емес, тереңірек түсінуге тиіс. Менің ойымша, бұ дүниедегі, Жер бетіндегі өз міндеттеріңді мейлінше жеткілікті мөлшерде шешкен кезде бақиға аттануға болады. Бұл нендей міндеттер еді?

Ғарыштық Сананы дамытып, оны шаттық пен бақытқа толы өмірде жүзеге асыру. Махаббатты жарқырата ашып, төңіректегі адамдардың бәрімен мейірімге, сүйіспеншілік пен құрметке суарылған қарым-қатынас орнату.

Жер мен Көкті Махаббатқа толтыру.

Өз тәніңе сүйіспеншілікпен қарап, мәңгілік өмірге барар жолмен мүмкіндігінше алысқа ұзатып, қиырға жетелеу. «Көптірме» және «көл-көсір»сөздерден тартынбаңыздар! Өзіңіздің ауқымдылығыңызды сезінетін және солай дәурен сүретін кез келді! Міне, осынау міндеттер орындалған кезде алаңсыз кете беруге болады. Ал, сол кезде басқа – «жалпы, осы кетудің қажеті бар ма?!» деген ой келуі мүмкін. Кемелдік сатысында, әсіресе, екінші кемелдік кезеңінде адамның мүмкіндіктері шынымен шексіз екенін сезіну қажет. Геронтологтар адам ғұмырының және одан да көп жылдарға жететіні туралы айтады. Қасиетті кітаптардағы әпсаналар мен уақиға желілері адам мың жылға шейін, яғни, біздің тілмен айтқанда, мәңгілік өмір сүретінін арқау етеді. Ауру-сырқаудан арылып, ағзалар мен дене мүшелерінің жұмысын жөнге келтірудің, денсаулықтың жай-күйін жақсартып, тіпті, пәни ғұмырды бірнеше есе ұзартатындай етіп тәнді жасартудың толып жатқан психофизикалық және рухани әдістемелері бар. Адам мүмкіндігін, қабілет-қарымын жарқырата ашудың көптеген таңғажайып мысалдары мәлім. Осының бәрі адам алдындағы жолдардың ашық екенін аңғартады6. Қартаю үдерісі тек физикалық дүниеде байқалады. Оның қалай өрбитінін адамды мысалға ала отырып қарастырайық. Организмнің микроәлемінде уақыт жүз есе жылдамдықпен өтуге тиіс, нақ осының арқасында организмнің жаңаруы жүріп жатады – бөлшектер неғұрлым тезірек туып, жетілген және өлген сайын, бүкіл тәннің жасару үдерісі соғұрлым шапшаң жүреді. Қартаю үдерісі микроқұрылымдардан басталады.

6. Бұл тақырыпқа мен «Басқарылатын регенерация немесе өзін-өзі тірілту» атты кітабымда баяндалған «Өлмейтін тән» практикасын ұсындым.

Олар өзі тәрізділерді туындатуды тоқтатып, организмге қордалана береді де, оны қартай»тып жібереді. Микроәлемдегі үдерістердің баяулауы оларды бытыратып әрі организмді құртып тынады. Ауқымды кеңістікте бұл үдерістер реттеледі әрі бақылауға алынады. Неге адам осыны өзінің микроәлемінде істей алмайды? Өйткені, өз микроәлемімен өзара әрекеттесуге мұршасы жетеді ғой. Организмді жасарту үшін микроәлемді уақыттың үдемелі жылдамдығымен қолдау керектігін ескере отырып, белсенді де алуан түрлі тұрмыс салты, жоғары жиіліктегі, яғни, шаттық пен бақытқа, сүйіспеншілікке толы сезімдер мен ойлардың екпінді қарқыны организмнің жап-жас қалпында қалуына мүмкіндік береді деп пайымдауға болады. Оптимистік ауаны мол, көңілі көтеріңкі адам аз ауырып, ұзақ өмір сүретіні баршаға белгілі. Осы ілімдерді игеріп, саламатты тұрмыс салтына, психикалық және рухани дамып-жетілуге бетбұру қажет. Бұл екінші кемелдікке өрлеуге қажет іргетас қалайды. Өйткені, дене мығым, тән сау болмаса, кемелдіктің келесі сатысы жөнінде сөз қозғаудан пайда жоқ.

Өлімнен қашудың керегі жоқ, өмір сүруге ұмтылу керек!

Мұндай мүмкіндіктерге сеніп, алға міндет қойған, ерінбей-жалықпай сол жолмен алға жүре берген жөн. Менің жанды мысалым бар: ол – жасы жетпіске келген маман. Бір жыл бұрын ол өзін күтіп-баптауды бастады, талай ауру-сырқаудан арылды, қазір жасару амалымен айналысып жүр. Жас шамасына қарамастан, әр адамның тұла бойында шынында шексіз резервтер тұнып тұратынын тәжірибе көрсетіп отыр! Галина Сергеевна Шаталованың өмірі де осыны дәлелдейтін мысал бола алады. Зейнеткерлік жас дегеніміз –денсаулығыңыз жөнінде байыппен ой толғауға мәжбүр ететін жас шамасы. Әдетте, осы жасқа жеткенше тұла бойға қималы проблемалар шоғыры қордаланады да, жанды қинап, тығырықтан шығар жол іздеуге мәжбүрлейді. Шығар жол әрқашанда табылады – тек ерінбеу керек.

ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ

Ғұмырдың әр сатылық кезеңі өзіне тән құндылықтар жүйесімен сипатталады. Бұның алдында біз ересек, яғни, кемел адамның құндылықтар жүйесін қарастырған едік. Екінщі кемелдіктің құндылықтар жүйесі несімен ерекшеленеді? Бұл кезде өмірдегі өз орнын табу, жеке бастың құндылықтарын айқындау аса маңызды нәрсеге айналады. Осы жас шамасында, әдетте, альтуризмі, өзінен гөрі өзгенің қамын ойлау қасиеті арта түседі. «Мен асарымды асап, жасарымды жасадым ғой, енді балаларым мен немерелеріме көмектесуім керек!» дейді. Альтуризм, әрине, керек, бірақ белгілі бір шекке дейін ғана, оның арғы жағында құрбандықтың құлағы қылтиып тұрады, ал бұл энергия алмасу мен Жазмыштың жарасымдылығына нұқсан келтіреді. Осы жас шамасында өзіңе сүйіспеншілікті арттыру бәрінен де қиын соғады, әйтсе де, екінші жағынан, бұған жеткілікті жағдайлар жасалады, солардың ең бастысы – уақыт. Ғұмыр бойы өзіңізді ардақтап, сүюге уақыт жетпес еді, енді, міне, ол жағы жеткілікті. Ендеше, өзіңізді баптап-күтумен айналысыңыз! Ғұмырдың осы сатысында, әдетте, таяп қалған өлім қорқынышынан туындаған әсіре діншілдік бой көрсетеді. Адамдар көбінесе соқыр сенімге иек артады. Сөйтіп, өз құндылығын төмендетіп алады. Мына өмірдегі кез келген құбылыс сияқты жосықсыз діндарлық ырқы адамды көкке көтеруі де, балшыққа батыруы да ықтимал, бәрі оның өзіне байланысты болады. Сондықтан, бар мүмкіндікті әркім өзіне қызмет етуге, өзінің құндылығын өзі көтеруге жұмсауы керек. Кемелдіктің екінші сатысында өзінің құндылығын сезіну айрықша маңызды әрі күрделі болады, өйткені, қоршаған дүние оған қолұшын бермейді, керісінше: аяқтан шалады. Заманауи қоғам жастық шаққа табынып, қарттықты мансұқтайды. Зейнет жасына жеткен кісі қоғамда екінші қатардағы адам саналып, оған жақын туыстары да, мемлекет те масыл ретінде қарайды. Міне, енді осындай жағдайда аға буын өкілдері, қариялар қауымы дегеніміз – тек-тұқиянның және тұтас ұлттың ақиқи алтын қоры екен ұғынудың маңызы зор! Бірақ, бұл – жай ғана статус немесе әлдеқандай артықшылық емес, ең алдымен, үлкен жауапкершілік. Өзін дамытуға, өзін жетілдіруге, өзінің мәнін ашуға, әлемде болып жатқан нәрселерге жауапкершілік!

Барлық құндылық атаулының басына Өзін қою – міне, міндет осы! Құндылықтар иерархиясына басқа қырынан келейік! Құндылықтар жүйесі адам махаббатымен етене байланысты – әлдекім бәрінен кімді артық жақсы көріп, аялай сүйсе, оған өзі де ардақты көрінеді. Ал, махаббат иерархиясының өзі неліктен пайда болады? Махаббаттың «тапшылығынан». Ол жеткіліксіз әрі жұрттың бәріне бірдей жетпейтін шамада болса, адам сүйіспеншілігін өзінде қалыптасқан құндылықтар жүйесіне сәйкес бөледі. Бұған қоса, «махаббатты бөлудің» өзі адамның жәй-ахуалы онша жақсы емес екенін білдіреді, ол енді оны қолапайсыз бөліп, сонысымен өзіне қосымша қиындықтарды үйіріп алады.

«Құндылықтар жүйесі» тарауында біз өзіңізді орта тұсқа, бастаулардың бастауына орналастыру керек екенін айттық! Екінші кемелдікке ене отырып, өзіңізге сүйіспеншілікпен қарамасаңыз, өмірде тиімді нәтижелерге жету мүмкін емес екенін түсінетіндей даналықты иеленесіз. Сіз де, сірә, ата-аналардың бойдағы барын жұмысқа, балаларына берген мысалдарын талай көрген шығарсыз. Ал, нәтижесінде не болды? Өздері жалғызбастылық пен түрлі ауру-сырқауға, ал бала-шағасы тағдыр тәлкегіне ұшырады. Тағы да ақиқи шындықты еске алайық: өзіңде жоқ нәрсені балаларыңа бере алмайсың, бәрібір.

Өзіңді өміріңнің орта тұсына апарып қоймай, оны бақуатты ету қолдан келмейді. Бұл мәселені дұрыс түсіну екінші кемелдік кезеңі үшін ерекше маңызды. Өмірдің аяқтала келгенін сезіне отырып, балаларыңызға мол жақсылық істегіңіз келеді. Бірақ, сырт қарағанда тым оғаштау көрінетін қылық жасауыңыз – яки, өзіңізге айрықша көңіл бөлуіңіз қажет! Иә, нақ осы жол өзіңізге де, балаларыңызға да, немерелеріңізге де ең көп пайда алып келеді! Ғалымдар тобы бірнеше жыл бойы жанасу байланысы (нақты денеге жанасу) жөніндегі мәселені зерттеді. Іс-тәжірибе барысында олар 450 қарттың өмірін бақылап, таңғаларлық нәтижеге жетті. Сөйтсе, жағымды, игі сезімдерін ішке іркіп қалатындарға қарағанда, еркелете сөйлеп, мейірімді лебіздерін аямайтын қариялар өз ғұмырын 20-30 жылға ұзартады екен. Америкалық дәрігерлер жылы шырайлы, достық пейілді жанасулар психоматикалық кеселдерді, үрей мен күйзеліс сезімін сейілтіп қана қоймай, олардан құлан-таза айығуға да септеседі деген қорытынды түйді. Науқастарды аялай сылап-сипағанда немесе оларға мысықты, итті, тіпті, жұмсақ ойыншықтарды сипалауға берген кезде қағысы бұзылған жүрек қалыпты жиілігіне келе қалады екен. Альберт Энштейн: «Мен жұмыста қиындыққа тап келген кезде әйеліме барып, құшақтауын өтінемін. Әйелдің жылуы мен мейірімі маған жаңа қуат серпін беретін еді» дейді. Басына тың идея келе қалса, Пикассо арқасын уқалап сылауды сұраған. Сименон «қолы қаламға илікпей» қалған шақта маникюр жасайтын әйелге жетіп барған. Мамандар әр күнді массажбен бастауға және аяқтауға кеңес береді. Мысыр перғауындары солай істеген. Мейлі, ол кәсіби шеберлікпен болмаса да, сүйіспеншілікпен істелгені абзал. Егер сізге ешкім массаж істей алмаса, өзіңіз істеп көріңіз! Мына мен, менің жақын туыстарым мен көптеген оқырмандарым ежелгі даосизм жаттығулар негізінде жасалған массаж түрін өзімізге жасап келеміз, және де пайдасы мол екеніне көз жеткіздік. Ол тек көңіл-күйді, хәл-ахуалды жақсартып қана қоймайды, деннің саулығына игі әсер етеді: созылмалы аурулар бойдан кетіп, дүниеге көзқарас жетіле түседі. Және де ол небары 4 минуттай уақыт алады, ал пайдасы шаш етектен. Екінші кемелдік кезеңіне шығу үшін, әйтеуір, құндылықтар жүйесін жете түсініп алу қажет. Әдетте, осы уақытқа шейін қисапсыз қателіктерге жол беріледі, ал өмір басқаша қағидаттарға құрылған болып шығады, далбаса нұсқалардың талайы тексеріледі де, енді ештеңені түзетудің реті келмейтін сияқты көрінеді. Бірақ, бұл олай емес! Өз қателіктерін жетеғабыл түсініп (тек ешкімге кінә артпай), өмірінің тап осындай болуына кесірін тигізген сияқты көрінетін жақын-жуық адамдарға өкпе-реніш атаулыдан арылу, қалай өмір сүру керектігін, құндылықтар жүйесі қандай болуға тиістігін түсіне білу адамның екінші кемелдік кезеңіне соны сана-сезіммен, жаңаша Дүниетаныммен өтуіне мұрсат береді, сол кезде әлгі кісінің және оның бала-шағасының тірлігі мүлде басқа сценарий бойынша өрбитін болады. Егер адам кемелдік жағдайына дер шағында жетсе, онда ол екінші кемелдікке өзінің қосағын ертіп, жұп құрай келеді. Сондықтан, сүйікті адамына лайқатты орын табылмаса, махаббаттың бірінші деңгейі толық емес, орталау болады. Ақиқи өмірде осы жас шамасындағы адам көп ретте жападан жалғыз қалады. Ондай жағдайда не істеген жөн? Мен бос қалған орынды жұмыспен де, балалармен де, немерелермен де, қандай да бір басқа мұрат-мүдделермен де айырбастаудың керегі жоқ деп ойлаймын. Көбінесе осы жаста «жалғыздықтың әрін келтіру үшін» үй жануарларын асырайды. Бірақ, ғұмыр аялдап тұрмайды ғой, екінші кемелдік те жұбайлық тұрмыстың жаңа сатылық кезеңінің бастауы болуы мүмкін. «Жә, маған оның керегі не енді?» деп, мұндай нұсқаны өз ғұмырыңыздың аясынан шығарып тастауға әсте болмайды. Ол керек, өте керек! Және де сүйікті балаларыңызға керек. Егер ондай мүмкіндік туып жатса, оны пайдалану қажет. Сөйтіп, көп мәселенің шешімін тез таба аласыз. Бұл – балаларыңызға көмектесудің нақты да сенімді жолы. Менің тәжірибемде ата-аналардың екінші жартысын табуына көмектесе отырып, олардың балаларын қыруар қиындықтан құтқарып қалған уақиғалар көп ұшырасты. Мысалы, осы жол «бейдауа» гемофилден емдеп шығаруға сеп болған бір жағдай әлі есімде. Кемелдіктің екінші сатысы, егер оған ақыл-парасатпен келе білсе, жас кездегіден де қызық болып шығуы әбден мүмкін. Өйткені, осы жас шамасында жалт етпе, жалқы мезет құндылықтар, алып-ұшқан албырт тірлік, қарбалас қимыл артқы легке кетеді де, өзінің ішкі жан-дүниеңді айқара ашып, айналаңмен араласып-құраласуға көп уақыт қалады. Егер де жаңа мүмкіндіктерді байыпты пайдаланса, бұған дейін бастан өткермеген рахатқа кенелуге болады! Бұл жасқа жеткенде өзің өмір сүретін кеңістікті жасап алу туралы мәселе жас кездегідей бүйірден қадалып тұрмайды. Баспана бар, тұрмыстық мәселелер белгілі бір деңгейде шешімін тапқан, әйтеуір. Үйдің, пәтердің тұрмыстың жаңа сапасына сәйкес келуі, яғни, қандай да бір өзгерістер жасау, мысалы, ғұмырдың жаңа кезеңіне лайықты баспанаға көшу жөніндегі әңгіме бір басқа. Өйткені, күн сайын қызметке асығудың қажеті жоқ, ендеше жұмыс орны несесе көлік жолына жақын жерге байланып қалудың керегі не? Бәлкім, қала сыртындағы тып-тыныш, жап-жасыл мүйіске қоныс аударған, әлде туған жер, өскен елге тартып кеткен дұрыс шығар. Пәтердің сән-сәулетін де ғұмырдың жаңа сатылық кезеңі мен жаңаша дүниетанымға сай келгені жөн. Осы жас шамасында адам, негізінде, қоршаған кеңістікті жіті сезінеді және оған мейлінше мамыражай жағдай керек. Өз жан-дүниеңіздің тілек-қалауына құлақ түріп, қадам басудан қорықпаңыздар. Ең болмағанда оны қазір естуге тырысыңыздар! Бәлкім, бұрыннан келе жатқан арманыңызды жүзеге асырып, қалаған жерде тұрғыңыз, еркін өмір сүргіңіз келетін шығар. Арман-тілектеріңізді еске түсіріп, олардың жүзеге асуына жәрдемдесіңіз, – бәрі өз қолыңызда! Тағы да әр нәрсенің шегін біліп, шамасын бағамдау керек: түрлі материалдық мәселелер, тұрмыстық ұсақ-түйек шаруалар оп-оңай үйіріміне тартып, адамды Жазмыштан және өз болмысынан алыстата береді. Шырғалаңы бітпейтін ондай шаруалармен әуреленіп, негізгі міндет – өз мәніңді жарқырата ашу жайын ұмытып кетуге болмайды...

...Екінші кемелдік – өз армандарыңызды жүзеге асыратын уақыт!

Екінші кемелдік сатысының құндылықтарын қарастыруды жалғастыра береміз. Құндылықтар жүйесінде балалардың маңызды рөл атқаратынын талай атап өткенбіз. Естияр адамның дүниетанымында балалар жұбайлардан, өмір сүру кеңістігінен кейін үшінші орында тұрады. Бірақ, бұрындары айтқанымыздай, жұрттың көбі, әсіресе, әйелзаты балаларды екінші, тіпті, үшінші орынға қояды. Бұл не нәрсеге алып келеді, енді соны тарата айтайық. Екінші кемелдік сатысында көбінесе басымдықтарды шатастыру қалыбы сақталып қалады, кейде тіптен күшейе түседі. Зейнет демалысына шыққаннан кейін ата-аналар балалары мен немерелеріне сарқылмаған сүйіспеншілігін үйіп-төгіп, көбірек көңіл бөледі. Бұл – күрмеулі нұсқа, бұл кезде осы отбасы мүшелерінің басындағы бар проблема ашыған қамырдай күмпиіп, шарасынан аса береді. Мынадай жәйтті өте жиі кездестіруге болады: жалғызбасты шеше (күйеуі әлде қайтыс болған, әлде үйден кетіп қалған) мен есейіп, ержеткен соқа басты ұлы немесе қызы бірге тұрады. Бұл, зады, өте қиын жағдай. Шешесі өзінің өмірлік серігін таба алмады (бала қамын бірінші орынға қойды) да, әлбетте, баласының да бақытты отбасын құруына мүмкіндік бермеді. Міне, енді тағдырдың өзі осы мәселенің себептерін түсініп, ақырында бір шешімін табуларына көмектесу үшін екеуін бір жерге жиып қойды. Бірақ, олар әлі ештеңенің байыбына барып, мән-жайын ұға қойған жоқ, біреуі екіншісін жер қойнына тапсырғанша осылай ілдалдамен күнелте берулері де мүмкін. Ата-аналар мен балаларға «бір-біріңнен мейлінше алыс кетуге тырысыңыздар!» деп жар салып, үн қатамын. Өзара қарым-қатынастың ең тәуір нұсқасы болғандықтан емес, жоқ, әрине, керісінше: адамдардың басым бөлігінің дүниеге көзқарасы бір шаңырақтың астында тұрып, бірлесе түтін түтетуге мүлде дайын емес екенін білгендіктен, осы жолды ұсынамын. Егер сіз шынында балаларыңызды жақсы көрсеңіз әрі шынымен оларға көмектесуді қаласаңыз, оларға кедергі жасамаңыз – өз бақытыңыздың іргетасын қалап алыңыз! Бірақ, кейде ересек балалар әке-шешесінен қыл елі ажырамай, олардың қолтығының астында жүруден тұрмыстық қолайлылық сезінеді. Олар сол қолайлылықтың отбасы бақытын басып тастайтынын түсіне қоймайды. Бойжеткен қыз күйеуге шыға тұра, баласын бақтыру үшін шешесі тұратын маңайдан пәтер сатып алуға тырысты. Ал, шешесінің одан басқа ермегі жоқ еді, үнемі қызының үйінде жүрді. Бұған қоса, ол күйеубаласын жақтырмады. Соның кесірінен отбасының ойраны шығып, жас жұбайлар ажырасып тынды.

Жас жұбайлар кеңістігіне ата-ана энергиясы енгуге тиіс емес! Сондықтан, кемел жасқа келгенде адасқақ ойлардан арылып, құндылықтар жүйесіндегі басымдықтарды өз орнына қоя білудің маңызы зор. Сол кезде жәй-ахуалды жақсылыққа қарай өзгерту мүмкіндігі пайда болады. Тағы да қайталап айтамын: жас егде тартқан шақта негізгі назарды өзіңе және өз кеңістігіңе аударып, балалар мен немерелердің тірлігіне араласпаудың ерекше маңызы бар. Екінші кемелдік сатысында тума-туыстармен қарым-қатынасты жақсартып, үзіліп қалған байланыс тінін жалғауға, өз түп-тұқияныңның барлық буынын бұрынғыдан да тығыз біріктіруге тырысу керек. Осының өзі-ақ балалар мен немерелерге үлкен көмек болады. Бұл кезде хат жазуға, қонақтыққа барып, баршамен тату-тәтті қарым-қатынас орнатуға мол мүмкіндік пайда болады. Осы жас шамасынның аса маңызды міндеттерінің бірі – түп-тұқиян, ру-текті өнегесімен біріктіруге шама-шарқы жететін ақылмен абызға, данагөй ақсақалға айналу. Міне, мұндай маңдайы жарқыраған данагөй ата-ананы балалары өз кеңістігінде көргілері келеді, иә, сонда ғана бірнеше ұрпақ буынының басын біріктіріеп, әулеттік тұрақжай тұрғызу да мүмкін болады. Бала тәрибесі жөнінде бірер сөз айтудың орайы келіп тұр. Балалар, әдетте, әке-шешенің өздері әлі ересек, кемел шақтан алыс кезде дүниеге келеді. Негізінде, кемелдік қырық, елу жасқа таман басталады, яғни, балаларды әлі жете піспеген, шалапайлау әке-шеше тәрбиелейді. Егер олардың өздері әлі ақиқи тірлікке жетіп үлгермесе, балаларды қалай ақиқи өмір шындығына баули алады? Сондықтан, ондай отбасынан мына өмірге кейде шалағайлау жандар шығып жатады. Бір таңғаларлығы, жалпы жас жұбайлар әйтеуір бір амалын тауып, өз балаларын тәрбиелеудің күрделі міндеттерін ойдағыдай атқара біледі! Осыны ескере отырып, балаларды тәрбиелеу ісіне әжелер мен аталарды мейлінше көп пайдалану керек. Бірақ, ата буын өкілдерінің бәрі бірдей үйлесімділік пен руханилық жағынан тәрбие ісіне пісіп-жетілмегенін есте ұстаған жөн. «Бала тәрбиесін ата-анадан, әсіресе, біздің елде – әке-шешенің ата-анасын, яғни, ересек буын өкілдерін тәрбиелеуден бастау керек» деген сөз дұрыс айтылған. Иә, бұл жерде де немерелерімен араласып-құраласу, етене байланыс орнату аталар мен әжелерге аса маңызды тәрбие сағаты болып шығады. Екінші кемелдік – өз іс-әрекетіңе бұрынғыдан да байыптырақ қарайтын кезең. Осы жас шамасында өз қызметіңді және оның ауқымын айқындап алудың маңызы зор. Мұнда дене еңбегінің аясынан интеллектілік, рухани салаға көшу қамына мән берілуге тиіс. Жұмысқа қатысты мәселе де, жалпы, проблемалар көп болады. Аға буын өкілдері көп жұмыс істеуге, және де жай ғана жұмыс істеп қоймай, «тер төгуге» әбден үйреніп алған. Өмірдің өзі соған үйреткен, содан олар жапыра жұмыс істеп, моншақтап тер төгудің қажеті жоқ кезде де, ауырып-сырқап жүрсе де қол қусырып, қарап отыра алмайды. Бұл жаста осыншама көп еңбектенудің қажеті жоқ екеніне оларды иландырудың өзі қиын. Ұдайы жұмысбасты болу өзімен толықтай айналысып, өмірдің қызығын тамашалауға және мән-мағынасына ой жүгіртіп, ақылгөй болуға мүмкіндік қалдырмайды. Ересек буын өкілдерінің тек жұмыспен ғана өмір сүретінін, мынау пәниге оларды тек жұмыс қамы ғана ұстап тұрғанын жиі көреміз. Жұмысынан айырсаң, бітті: әлгі адам ауыра бастайды, ал кейде өліп қалады. Бұл құндылықтар жүйесінің бұзылғанын білдіреді, және де оны мақтан тұтудың қажеті жоқ, әйтсе де кейбіреулер өзінің осындай кемшілігін жетістік көріп, кеудесін кере сөйлейді. Ондай адам өзінің не үшін өмір сүретінін білмейді, өзін сүймейді, өзге адамдарды да, иә, тіпті, өз балаларын да шындап жақсы көрмейді. Ол тек өзінде бар болғанда ғана балаларына деннің саулығы мен тұрмыстың бақытын сыйлай алатынын есінен шығарып алған. «Мұндай адамдарды өзгелермен, әсіресе, балалармен жұмыс істеуге жолату керек пе?» деген мәселеге мұқияттау қараған жөн. Өйткені, әлгі «еңбекқор» ебедейсіз болады және зейнет жасына жеткенге шейін оның бойына түрлі ауру-сырқау мен проблемалар қордаланып қалған, энергетикасы әлсірген. Міне, ол жұмысқа өңмеңдей ұмтылуда, сол жерде адамдармен араласып-құраласа жүріп, әлдекімнің қуатын сорып алады. Қарапайым тілмен айтқанда, қызметкерлер мен келгіншілердің «жүйкесін жұқартып», зәрезап қылатынның нағыз өзі. Егер мектептегі статистикаға сүйенсек, сынып жетекшісі егде, шау тартқан мұғалім болса, оқушылар жиі ауыра береді екен, – себебі, ол бейсаналы түрде балалардың энергиясын бойына сіңіріп ала береді. Тіпті, ол енді өндірісте жұмыс істетпесе де, қоғамдық қызметпен немесе бау-бақша баптаумен белсене әрі аянбай айналысуға ұмтылады да, өзінің денсаулығын күтіп, рухани әлемін дамытуға уақыт бөліп, күш жұмсамайды. Шынында да, қызмет істеп, әрекет ету құндылықтар жүйесіндегі маңызды ұстаным және де оған, әсіресе, екінші кемелдікке өту барысында ерекше мән беріп, байыппен көңіл бөлген жөн. Әрине, егде жастағылардың бәрі шетінен қуат жалмайтын обыр емес, әйтсе де, ықтималдылығы өте зор. Оны бағамдау критерийі тым қарапайым. Егер адам рухани әлемін байытып, имандылығын арттыра білсе (тағы да айтамын: ғибадатханаға барып, құдайға құлшылық етумен, діни жоралғыларды бұлжытпай сақтаумен ғана имандылыққа жету мүмкін емес), өзін үнемі күтіп-баптаса, күнделікті өмірде күліп-ойнап, шат көңілмен жүрсе, – ондай кісіге жұртшылықпен және балалармен жұмыс істеу тізгінін сеніп тапсыруға болады. Егде адамдар қызметінің жағымсыз қырлары – жастарға «қысым жасап», қазымырлануы, келешектің жарқын келбетін көре алмауы – көбінесе «аға ұрпақ өкілдері жас буынға орын беруге тиіс» деген пікір туындатады. Міне, содан белгілі бір жасқа жеткен кезде адамдардың лауазымды қызметте отыруына және т.б. тыйым салатын заңдар қабылданады. Жасының келуіне, тәжірибе жинақтауына орай адам дене қуатын, қарқынды да бірқалыпты еңбек етуді қажет ететін қызметтен әлдеқайда интеллектілі, рухани, жылдар бойы алған тәжірибесі мен біліміне сай келетін салаға табиғи түрде ауысады. Ал, бұл үшін өзімен, өзін дамытып-жетілдірумен шұғылдануы қажет-ақ. Сонда «жастар ығыстырып шығаратын» жәй-ахуал туындамайды. Имандылық жолымен жүріп, жиған білімі мен тәжірибесін ұштастыра білген адам ақылман ақсақалға айналады. Ақылман – мәртебелі атақ. Ақылмандарға зәруліктің ауқымы зор. Мемлекеттік думаны, Федерация кеңесін, үкіметтерді, аймақтардағы заң шығарушы органдарды алып қараңызшы: ақылшы болар данагөй ақсақалдар көп пе? Ой, шіркін, елге керек қой олар! Егер адамдар даналыққа жетуді қаламаса, ондай ақылмандарды қайдан аламыз, – өйткені, сол дәрежеге жету үшін біраз тер төгіп, өзін ретке келтірулері керек қой! Бұқара халық өз билігіне, үкіметіне лайық болады, сондықтан жоғары жақта, билік басында ақылман, данагөйлер пайда болуы үшін, олар алдымен отбасыларында көбейіп, көсегесі көгеруге тиіс. Осыған орай, күнделікті өмір ағымындағы даналықтың әрбір көрінісін маңызды құбылысқа балаймыз. Мәскеудің мэрі Юрий Лужков бірде Путинге Данагөйлер кеңесін құру жөнінде ұсыныс айтып, ақылмандар тізімін де ала келген. Бұл идея жүзеге аспай, аяқсыз қалғанына қарағанда, сірә, бізде әзірше даналықтың қадыры жоқ, әлде ақылмандар тізімі күмәнді көрінген, әлде ондай ардақтылар біздің елде мүлде жоқ шығар деп ойлаймын.. Данагөй дегеніміз – көп нәрсені білетін, немесе ұзақ өмір сүрген, әлде қисапсыз атақ-дәреже мен марапат-мадаққа ие болған адам емес.

Данагөй кісі, ең алдымен, – үйлесімді тұлға.

Екінші кемелдік денсаулығын баптап, өзін-өзі жетілдіру, отбасына, әулеті мен қоғамға мейлінше пайда келтіру жайын бірдей ойлайтын үйлесімді өмірдің, жарасымды тұрмыстың жарқын үлгісі болуға тиіс. Нақ осы кезде әйтеуір өзінің қабілет-қарымына, табиғи дарынына ден қойып, көңіл бөлуге, оны ғұмыр бойы айналысқан кәсібінен гөрі мүлде басқа салада жарқырата көрсетуге мұршасы келеді. Шынында да, талай зейнеткердің таңғажайып қабілеті ашылады. Мен екі полковникті жақсы білемін, олардың біреуі – балаларға арнап тақпақ жазуға, ал екіншісі оларды безендіруге кірісті, содан екеуі бірігіп, керемет кітаптар шығара бастады. Тағы бір зейнеткердің табиғи дарыны ашылып, елдегі көрнекі емшілердің біріне айналды. Басқа біреу жұмыс уақытында сүйікті ермегі – балық аулауға мүмкіндік беретін жеңіл қызметке орналасты. Сөйтіп, шексіз бақытқа кенелді! Иә, сіз де мұндай адамдардың талайын білетін шығарсыз.

Көп адамға екінші кемелдік деген – жетекші әрі іс-әрекетті ауыстыру сатысы. Екінші кемелдік сатысы қарадүрсін күнелтуді көздемейді. Сонымен бірге, бұл пісіп-жетіліп, кемелдену кезеңінің жәй ғана жалғасы да емес. Жалпы, іс-әрекетті ауыстыру тек қана сыртқы жағдайлардың ықпалымен емес, сондай-ақ ішкі себептерге байланысты, өз жан-дүниеңмен келісімді түрде жүргені жөн. Адам жастық шағында, ересек кезінде жеткілікті уақыт бөліп, күш жұмсай алмаған әуес, құмар істері өмірінің басты қырына айналып, көңіл түкпіріндегі тілек-қалауы мен әлеует-қарымын жүзеге асыра алатын екінші кемелдік өріне алып шығуы әбден мүмкін. Шығармашылық кәсіп иелері жетекші іс-әрекетті ауыстыру арқылы емес, жасампаздықтың жаңа деңгейіне шығу арқылы екінші кемелдік өресіне көтеріледі. Мұнда да жаңа дамудың басталуын өткізіп алмау маңызды, әйтпесе, тығырыққа тірелетін жағдай туындауы ықтимал. Адам жаны сүйіспеншілік пен қуаныштың тұрақты өсіп отыруын тілейді. Өзін ісін сүйген кезде кез келген қызметте, іс-әрекетте жасампаздық үлгісін көрсетуге мүмкіндік бар. А.Маслоу: «Кез келген етікші, тігінші немесе аспаз жасампаз жан атана алады» дейді. Егер зейнетке шыққаннан кейін адам өзін-өзі жетілдірумен, сүйікті ісімен айналысса, онда қабілет-қарымы буырана оянып, кез келген іс-әрекетте тұлға ретінде танылуына септеседі. Немен айналысса да, сүйіспеншілікпен, іңкәрлікпен істесе, әр қадамы жасампаздық актісіне айналып, әлгі адам Жазмышпен өзара байланыстың өзгеше, өрелі деңгейіне көтереді.

ЕКІНШІ КЕМЕЛДІК САТЫСЫНДАҒЫ ҚАСИЕТТЕРДІҢ ҮЙЛЕСІМІ Адамның қасиеттері өзіне ғұмыр бойы жинақталған жағымсыз, теріс тәжірибеге негізделген жасандылыққа бөгіп тұрады. Табиғи қасиеттерді қалыптастырып, сол арқылы сүйіспеншілікті мейлінше арттыруға, қорқынышты сейілтуге тырысу керек. Бір кереғарлығы, жасы үлкейген сайын адамның қорқыныштарының қатары да ұлғая береді: бала-шағасы үшін, денсаулығы үшін, жиған байлығы үшін үргедектеніп, жақындап қалған өлімнен қорқады. Білімі, тәжірибесі, ақыл-есі өскен сайын осынау қорқыныштарды азайта түсуге тиіс, бірақ мына өмірде кейде бәрі керісінше болады. Содан әлгі қорқыныштар жанын қинап, мезгілінен ерте қартаюға және ажал құшуға алып келеді. Сондықтан, қайта-қайта айта беремін: осы жас шамасында өзіңе сүйіспеншілікті үсті-үстіне үдетіп, сана-сезіміңді дамыту қажет. Қазір бұған бұрындары болмаған мүмкіндіктердің түрі бар. Қаншама ғылыми, эзотериялық, діни кітаптар шығарылып, әртүрлі дәрістер оқылуда, семинарлар өткізілуде, әйтеуір, көңілі қалаған адам солардың арасынан өзіне керегін таба алады. Тек ерінбеуі керек! Бір таңғаларлығы, жыл өткен сайын адамның азат тірлігі азайып, бостан көңілі тарылып барады. Негізінде, бәрі керісінше болуға тиіс! Білім, тәжірибе, даналық адамды әлдеқайда бостан, еркін қылуға тиіс, ал мынау өмірде – бәрі басқаша. Және де осы кереғарлық мынадай жағдаяттан: уақыт өтінде адам өзін әрқилы шеңберге қамап, көңіл ауаны мен табиғи сезімдерін тежеп қалатындығынан, ең сорақысы – өзінің және өзгенің сүйіспеншілігін шектеп тастайтындығынан туындайды. Қандай да бір қасиеттеің шектен шығып, шарадан асып-төгілуі осы жаста күшейіп кетеді. Ғұмыр бойы болмысында қандай қасиеттер басым болғанына байланысты адам бұл жаста тым қаталдау, бірбеткейлеу, сараңдау, қызбалау құлық көрсетуі мүмкін. Жыл өткен сайын кесірлі құлықтарды өзгерту қиын болатындықтан, қасиеттер теңгерімін жасауды мүмкіндігінше ертерек қолға алған жөн, өйткені, басым қасиеттер басқаларын ығыстырып шығара береді. Мұның астарында бірнеше себеп жатыр, солардың ең бастысы – мүмкіндіктер аясының тарылып, қысқаруы. Содан осыған дейін де орын алған олқы тұрмыс құлқы бұл жас шамасында ас ішіп, аяқ босату, ертелі-кеш ұйықтап, теледидар көре беруден аспай қалады. Міне, сол кезде әулет ақсақалы болуға мұғдарлы қария – көп істің түйінін шешер көмекші емес, масыл болып шығады. «Маған қырын қарайды» деп өзгеге өкпелейтін жөні жоқ, өйткені, осындай жағдайға жеткізген өзі ғой. Керісінше, осы кезде мына өмірді бұрынғыдан да мәнді де сәнді қылып, балалары мен немерелеріне өмір ағымымен парасатты қарым-қатынас орнатудың өнегесін көрсетуі керек. Көңілі қалап, тілегі түлесе, кез келген адам бұған қажетті мүмкіндіктерді таба алады. Әулеттің ақсалы өзінің қасиеттерін түрлендіріп, барлық қырынан үйлесімдірек болса, бұл бүкіл ру-тегіне игі әсер етеді! Мынадай қарама-қайшылық жиі ұшырасады: адам егде тартқан сайын оның тыныс-тіршілігінде қуанышты сәттер азая береді. Ол көпті көрді, талайды бастан өткерді, жан-дүниесімен сезінді, енді оны бірдеңеге таңғалдыру қиындау. Ал, таңғалу, жаңа атаулыға сүйсіну көңілге қуаныш шақырып, шаттық ұялатады, өйткені, таңғалу дегеніміз – танымның тұма бастауы ғой. «Ақылың толысса, азабың да молаяды»деп бекер айтпайды. Жалпы, осы орайда мұны «Білімің толысса, миың да молаяды»деп өзгерткен дұрыс сияқты. Данагөйлік мұң емес, қуаныш, шаттық алып келеді! Осы жас шамасында көбінесе өмірге қуаныштың көзімен қарауды қайтадан үйренуге тура келеді. Бұл – тамаша тәлім! Және де нәтижесі қандай десеңізші! Інжілдегі бір ғибратта «Сәби сияқты болыңыздар» дейді, бұл ретте оны: өмірдің қызығына бөбекше алғаусыз таңғалып, шынайы қуаныңыздар деген мағынада түсіну керек! «Сәби сияқты болыңыздар!» деген сәбидің санасын иеленуі емес, дүниені сәбише сезінуді ишаралайды. Ал, сана-сезім тірліктің кез келген мәселесінде пісіп-жетілген, кемел деңгейде болуға тиіс. Долықтық, яғни, сексуалдық қарым-қатынас жас ұлғая келе өшіп қалмай, керісінше, дамып-жетіліп, жаңа сапаға көшуге тиіс. Бұл – тақырып көптеген егде буын өкілдері үшін «жеті қат жердің астында жатқан» жабық нәрсе. Олар тіпті бұл жөнінде ауыз ашуға қорқады. Оларға жыныстық қарым-қатынас жөнінде де айта бастасаң, саған есі ауысқан немесе ауруға шалдыққан адам көргендей үрпие қарайды. Әрі-беріден соң: «Жә, сіз де айтады екенсіз, қайдағы секс?!. Біз онымен жастық шақта да айналысып жарытқан жоқпыз, «бала-шаға, жұмыс» деп жүргенде, уақытымыз жетпеді. Ал, қазір – жалпы, не тантып отырсың?» деп, іргесін аулақ салуға тырысады. Шындығында, жасамыс тартқан кезде долықтық белсенділіктің кемитінін көріп жүрміз. Және де бұл қалыпты нәрсе, тіпті, бұлжымас шындық ретінде қабылданады. Ал, ұзақ та белсенді жыныстық қатынас мысалдары некен-саяқ құбылыс ретінде бағамдалып, келеке қылады кейде. Бірақ, бұл – тым теріс әрі елеулі қате түсінік. Енді сондай жаңсақ, жартыкеш түсініктен арылатын кез келді. Қазіргі заман сондай – даналыққа жетіп, парасатқа жүгінетін кезеңге қадам бастық! Бойдағы буырқанған долықтық қуат жыныстық қатынастардың саны қисапсыз көп болуы керектігін білдірмейді. Бұрын айтқандай, екінші кемелдік кезеңінде бірінші орынға сан емес, сапа шығады. Ең алдымен осынау буырқанған, жойқын күш-қуатты денсаулығыңды жақсартып, тәнді жасартуға жұмсаған жөн. Саналы түрде жұмсаған долықтық энергия таңғажайып нәрселерді туындата алады! Бірақ, оған сақ болыңыз, ол «шатырыңызды ұшырып», есіңізді шатқаяқтатып жіберуі мүмкін. Психикалық кеселдердің көбі әлгі энергия сыртқа атылып шығып, оңды-солды жайпай жөнелген шақта пайда болады. Адамдардың басым бөлігінде (әсіресе, әйелдерде) жұмсалмаған долықтық энергияның ауқымды қоры бойда қалып қойып, шығатын жол іздейтін жағдайлары өте жиі кездеседі. Ол тысқа ытырынып шығуы үшін титтей түрткінің өзі жетіп жатыр. Сондықтан, осынау керемет күш-қуатты, шын мәнінде тіршілік энергиясын бейбіт арнаға бұра білудің маңызы орасан. Жас келген сайын ілім-білім, өмірлік тәжірибе жинақталып, әртүрлі байланыстар саны артады да, өзара қарым-қатынастар сипаты күрделене береді, отбасы, бала-шаға мен ағайын-туыс үшін, жұмыс бабы мен қаруаындағы адамдар қамы үшін жауапкершілік артады... Яғни, жас келген сайын адамға үлкен жүк түсіп, проблемалар да айналсоқтап, ақыл-ой мен сезім ауаның салмағы ауырлай береді, соған сәйкес жыныстық қатынас жасауға уақыты мен күш-жігері бұрынғыдан біршама азайып кетеді. Ол бітпейтін шаруа қамының тасасында қалады. Тек жекелеген долықтық энергиясы ерекше көзге ұрып тұратын адамдар ғана ұзақ уақыт бойы «қарқынын» төмендетпейді. Бұл мәселеде психологиялық жағы орасан зор маңыз иеленеді. Долықтық энергияны физиология емес, көбіне-көп психика айқындайды. Ал, адамдардың ой-санасында осы энергияның жандана, жайнай көрінуіне кедергі келтіретін жаңсақ түсініктер мен адасқақ пікірлер көп қордаланып қалған. Мұндай жаңсақ, жартыкеш пайымдарға діни ағымдар, қоғам ахылағы, адамдардың өздерінің шектеулі санасы негіз қалайды. Соңғы кезде осы мәселеге қатысты санада өзгерістер бары байқалады, бірақ әлі жеткілікті деңгейде емес, кейде мүлде басқа жаққа: азғындыққа, берекетсіздікке, долықтық қуатты жосықсыз жұмсауға бұрып әкетеді. Тыйым атаулыдан түріле қашып, тым тайраңдап кетудің ақыры осындай болатыны түсінікті. Бірақ, бұл да өтеді, бұл мәселенің жуан ортасы табылып, бәрі жөнге келеріне менің сенімім мол. Денсаулықты жақсарту, тәнді жасарту, ләззат алу, рухани дамып-жетілу – осы айтылғандардың бәріне долықтық энергияның көмегімен жетуге болады. Тіршілік энергиясын басқаруды меңгеруге жәрдемдесетін көптеген жаттығу бар. Ал, егер сүйікті адаммен секс жасауға мүмкіндік болса, әлгі аталған үдерістер жанданып, тезірек жүреді. Ал, долықтық энергия өмірлік мүдделер аясынан шығып қалса, онда дене мүшелерінің белсенділігі төмендеп, ажал мысықтабандап жақындай түседі (Тағы да еске саламын: «долықтық белсенділік» дегенде мен жыныстық актілердің жиілігі мен ұзақтығын емес, сексуалдық күш-қуаттың буырқанып тұрып, адамның тыныс-тіршілігіне, соның ішінде еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынасқа да белсене қатысуын меңзеймін). Мысалы, әйел өмірде өзінің долықтық әлеуетін аша алмаса, климаксы ерте келіп, қатар құрбыларынан әлдеқайда кәрі көрінетіні белгілі. Жасы келіп, егде тартқан еркектердің жас қыздарға көз қырын салатынын жиі байқаймыз. Тіпті, «Сақалының ағы дүр – желік буған шағы бұл» деген мәтел бар. Мұндай құлықты нәзік жандылардан да байқауға болады: жасы келген кейбір әйелдер жас жігіттерге құмартады. Көбінесе жұмысбасты еркектер бұл мәселені жезөкшелердің, әрқилы эротикалық шаралардың көмегімен шешеді. Мұндай құлық өзін-өзі сақтау түйсігінен шығады. Адамдар бейсаналы долықтық энергияны қоздатуға, сол арқылы белсенді тіршілігін ұзартуға тырысады. Сексуалды энергияның шығармашылық қызметке ықпалы ерекше байқалады. Шығармашылықпен айналысатын тұлғаның өз қызметінің әр кезеңінде жаңа ашына, долық басар серік іздейтінінің бірталай мысалы тарихтан мәлім. Сексуалды қуаттың қоздауы шабытты оятады екен.

Долықтық энергия дегеніміз – тіршілік ету, өмір сүру қуатының құрамдас бөлігі.

Шешімтал шараларсыз: жасаңдау көңілдес іздеп, жаңа қарым-қатынастар орнатпай-ақ, отбасын күйретпей-ақ, тірлікке сексуалды энергияның септесуін қалай ұзартуға болады? Отбасылық қарым-қатынастағы негізгі стратегия мынадай болуға тиіс: отбасы неғұрлым ұзақ жасап, жастары ұлғайған сайын, күйеуі мен әйелі эротиканың әртүрлі амалдарына, интимдік ойындарға, долықты қарым-қатынастың алуан түрлілігіне, нәзік иірімдері мен түпкі мәніне көңіл бөлулері керек. Күні бойы жосықты сөздер, пікірлер айтылып, алуан пішімдегі жанасулар орнын алуға тиіс! Сондай жағдайда ғана өзара әрекеттесу көтеріңкі сезімдер мен сезінулер деңгейінде өтеді. Яғни, долықтық энергия әрқашанда қоламтадай қоздаған қалпына болып, тірлікке мейлінше етене араласып кетуі керек. Ұдайы шығармашылық леп, шабыт қажет. Дем алып, тынығудың, отбасындағы қарым-қатынастың алуан түрлілігіне талпынған жөн. Саламатты, белсенді, шабытты, ұзақ өмір сүрудің кепілі осы әрі ол отбасының аурасын кез келген міндетті шешуге мүмкіндік беретін мықты энергиямен толтырады. Ұдайы өзін-өзі дамытып, тәни, жани, рухани жетілдіру ісі дәл сондай тұрмысқа негіз қалайды. Осыған жетер жолда ой-санадағы және сана астарындағы әйдік резерв жатыр. Онда пәрменді өмірлік күш-қуаттың толықтай ашылуына кедергі келтіретін әрқилы тосқауылдар мен бөгесіндер көп. Осы саладағы оңтайлы тәжірибеңізді пайдаланып, долықтық қатынастан ләззат алыңыз да, діни және басқа да тартақым шектеулерге пысқырмастан, оны өз өміріңізге еншілей біліңіз.

Нил Дональд Уолш өзінің Құдаймен тілдесуі барысында: «Сексуалды тәжірибе ең сүйінішті, ең қуанышты, ең қуатты, ең қоздаушы, ең жаңартушы, ең күш-қуат толықтырушы, ең нығайтушы, ең біріктіруші, тек адамдар ғана қабілетті тәни тәжірибені қалпына келтіруші нәрсе болуы мүмкін екенін әркім біледі. Бұған іс жүзінде көз жеткізе тұрып, сен, алайда, оның орнына секс жөнінде өзгелер жариялаған айыптауларды, бағамдаулар мен идеяларды таңдап алдың. Сенің нақ қалай ойлайтыныңа қатысты сол өзгелердің де өзіндік жеке мүдделері болған еді.

Осынау пікірлердің, айыптаулар мен идеялардың барлығы сенің жеке тәжірибеңе қарама-қайшы келді, өйткені, ұстаздарыңның қателесуі мүмкін екендігі миыңа кіріп те шықпайды, сен өзіңнің тәжірибең қате, бұрыс екеніне өзіңді иландырғың келеді. Соның нәтижесінде осы мәселеге қатысты өз шындығыңа сатқын жасадың, ал бұл сені түбінде күйретіп тынады» дегенді тілге тиек етеді.

Материалдық және рухани дүниенің бірлігі кемелдіктің екінші сатысында айрықша маңызға ие болады. Балалық, жастық, ересек шақта адам өмір мен өлімді, күн мен түнді, ізгілік пен жауыздықты таныды, яғни, қосанжар (дуальды) дүние жасап алды. Рухани жол, даналық жол қосанжар сананы бірлік санасына айналдырудан тұрады. Және де бұл тек екінші кемелдік кезеңінде мүмкін болады. Бірлік туралы мәселені жете түсіну үшін өткен шақ пен болашаққа дұрыс қарай білу қажет. Өткен шаққа, айыптау мен терістеуден қашқақтай отырып, құрметпен әрі сүйіспеншілікпен қараған жөн. Болашақ махаббатқа, қуанышқа, ақжарқын армандарға, ізгі де әдемі жоспарларға толып тұруға тиіс. Өткен шақ пен болашаққа осылай қарағанда ғана ғұмыр едәуір ұзара түседі. Сондай-ақ, осы шақтың қуанышы мен бақыты да ұлғаяды. Көрнекілік үшін математикалық «шексіздік» белгісін салып көрген жөн (қар.: 2-сурет). Жұрттың бәрі оны мектеп бағдарламасынан біледі ғой. Осы таңбаның бір қалемшесі – өткен шақты, екіншісі болашақты білдіреді деп ойлайық. Олар бір-бірімен өзара байланысты әрі әрқашанда тең дәрежеде. Өткен шақ неғұрлым көбірек құрметтелген, мойындалған, махаббат сезіміне молыққан сайын – болашақ қалемшесі соғұрлым үлкейе береді. Армандар мен жоспарлар неғұрлым шадыман-шаттыққа түссе – болашақтың қалемшесі соғұрлым үлкейіп, өткен шақты ұғыну да тереңдей түседі.

2-сурет Сызықтар бір нүктеде тоғысқан тұста адам тұрады, бұл оның «осында және қазір» деген орны. Осында адам өткен шақты балқытып, болашақты қалыпқа құятын қорыту ыдысы – отбақыр рөлін атқарады. «Осында – және – қазір» отбақыры неғұрлым таза болса, ондағы махаббат соғұрлым әйдік болады; ой-сана аясы неғұрлым әйдік әрі таза болса, өткен шақты соғұрлым тәуір, сапалы балқытып, болашақты жарқын етіп қалыптай алады. Қарапайым таңба ғана, әйтсе де, одан көп нәрсені көруге болады. Кездейсоқ ештеңе жоқтығына тағы және тағы көз жеткізесің. «Шексіздік» таңбасы адам баласының шексіз, мәңгілік өмірін бейнелейді. Материалдық және рухани әлемнің бірлігі – өмірдің барлық жағын қамтып, біздің бәріміз – Бір екенімізді түптің түбінде түсінуге алып келетін ауқымды тақырып! Адам мен табиғат, Жер мен Ғарыш, физикалық әлем мен тылсым дүние – бірегей әрі өзара байланысты. Осы философиялық тұжырымдама арқылы адам даналыққа жетіп, өмірлік жағдаяттарды тиімді шеше алады. Бұл жөнінде бірталай кітапта жазылған. Өз кітаптарымның арасынан мен «Бастауларды» ұсынар едім.

БІЗ ҚАНША ӨМІРДІ СҮРЕМІЗ?

Мен адамзат баласы Жер бетінде бір рет емес, бірнеше мәрте – қисапсыз өмір сүреді деген иланымға келіп үлгердім. Көпшіліктің көкейінде: «адам неге өзінің дене қауашығындағы және рухани аядағы өткен өмірлерін ұмытып қалады?» деген сауал бас көтереді. Ол аздай, Ғаламдық христиан соборларының бірінде шіркеу әдебиеттің бәрінен адамның пәни дүниеге бірнеше мәрте қайтып оралатыны туралы сөздерді түгелдей алып тастауға ұйғарым жасады. Өтіп кеткен жани және пәни өмірлері туралы адамның жадын неліктен жойып жіберуге тырысады? Сірә, шіркеу рухбандары адамның бұл өмірді тиянақты сүріп, шешілмеген міндеттерін «кейінге» қалдырмауы жөнінде қам жеген шығар? Бұл мәселе барлық заманда көтеріліп келеді. Ал, соңғы жүз елу жылдың беделінде тәни және пәни өмірдің қайталанып отыратын тізбектілігі жөнінде көбірек айта бастады. Реинкарнацияны растайтын деректер де енді мол жиналды. Қазір адамдар да тәни және жани ғұмырдың тізбектілігіне көбірек сеніп, көпшілігі бұрынғы өмірлерін еске алатын болды. Бұл мәселелерге қатысты жұртшылықтың ой-санасы едәуір алға жылжыды. Өткен өмірлер жадының жаңғырып, жаймалай ашылуы да мәңгілік ғұмырдың нышаны іспетті. Бақи дүниемен байланыстырушы Е.И.Ливенцов арқылы Жоғарғы Ақыл-ес берген аяндардың бірінде мынадай ақпарат бар: «Осындай мән-жайлардың бәрі Ғарыштық Ақыл-есті адам Ғұмырдың Тәни және Жани өмірдің бүкіл ырғағын қайта қарап, жаңадан бұ дүниеге келетін адамның жадында оның Рухани әлем және өткен тәни Өмір туралы білімдерінің ең қажеттері мен тиімділерін қалдыру қажеттігі туралы ұйғарымға келуге мәжбүр етті. Яғни, адам жаңа өмірде өзінің өткен ғұмырын қалай өткізгені, оның шыбын жаны адамзат жанының Рухани дүние Орбитасына барғанда және Ғарыш кеңістігінің тіршілігі туралы көп нәрсе білгенде өзіне не болғаны жөнінде хабардар болады. Ол өзінің өтіп кеткен Тәни өмірінен: ғылым негіздерін, тілдерді және жинақталған шығармашылық тәжірибені білетін болады. Бірақ, бұл адамның бойына тек соңғы өткен және қазіргі нақты сүріп жатқан Өмірі жинақталады да, одан кейінгі әрбір келесі ғұмыры оның ойлау, шығармашылық пен рухани мүмкіндіктерін жетілдіре береді. Адам әрбір жаңа өмірге құр қол, нөл күйінде емес, өзі жинақтаған, соңғы тәни Өмірінен еншілеген ілім-білімімен келеді. Бұл шешімдердің бәрін Рухани дүниенің Ғарыштық Ақыл-есі қабылдап, Өмірде жүзеге асыруда» дейді. Менің көкейімде тағы да бірқатар сұрақ туындайды. Адамның жадын ашу керек пе, әлде жоқ па деген мәселені өзі емес, неге әлдебіреу шешеді? Неге тек соңғы өмірді ғана еске алуға рұқсат етіледі? Неліктен адам жадындағы «ең қажет және тиімді нәрселерді» әлдебіреу анықтайды? Адамға бастапқыда берілген ерік бостандығы неге бұрмаланады? Мәңгілік өмір ағашының жемісін татуды қалаған әр адам мұны өзі жасасын! Мен осы мәселелерді қабырғасынан қойып, жалпы зерттеуге арналған қандай өріс барын көрсету үшін бұл тақырыпты төбеме көтеремін. Мұнда да әр адам өзінің үлесін қосуға тек өткен өмірдегі емес, болашақтағы білім көмбесін ашуы керек. Саналылықтың жаңа жәй-күйі жасы үлкеюіне орай ашылып, өмірді жаңа реңкке бояп, құлпырта түсетіні кәміл. Қойылған сұрақтарға қайтарар жауаптардың бірі мынадай болуы мүмкін. Сөйтсек, көп жағдайда өткен өмірді, өткен ғұмыр тәжірибесін қабыл алу мүмкіндігімізді өзіміз шектеп тастайды екенбіз. Көңілі қалап, зауқы шапқан кез келген адам өзінің сана-сезімін дамыта отырып, көңіл көзімен тек өткен шақтағы емес, болашақтағы да өмірін шолып шыға алады. Небір ғұламалар, данышпандар мен әулие-әнбиялар осы жолды көрсетіп кетті. Бұған қоса, адам бүгінгімен қатар өткен өмірді де сүріп, оларды түзетіп отыра алады! Бірақ, бұл – басқа кітаптың тақырыбы. Дүниетанымдық көріністердің осындай қысқаша суреттемелері арқылы мен сізді қызғылықты жолға – руханилыққа, даналыққа, тіршілікті пайымдаудың қуанышына кенелуге шақырамын! Шын мәнінде, өзіңді және Жазмышты тану – шексіз де шетсіз нәрсе!

МЕНің көптігі

Қайтадан психологияға оралайық. Тараудың басында кемелдік деңгейлері: бөбек, жеткіншек, жасөспірім, ересек адам аталып өтті. Психологтар көбінесе оларды МЕН-бөбек, МЕН-жеткіншек, МЕН-жасөспірім және МЕН-ересек ретінде көрсетеді. Жалпы, осы МЕН адамда әлдеқайда көптеу. Оншақты, тіпті, жүзшақты болуы да мүмкін, олар біздің МЕНнің сан алуан қырын ашады. Оларды «бетперде» деп те атайды. Бетперде көп болса, олардың әрқайсысы әлдебір шешілмеген мәселе болып шығады да, адам қаптаған қиындыққа тап келеді. Ең болмағанда, негізгі МЕН: МЕН-бөбекпен, МЕН-жеткіншекпен, МЕН-жасөспіріммен саналы түрде өзара әрекеттесу жәй-ахуалды әжептәуір жақсартуға мұрсат береді. Бүкіл ішкі МЕНі дамып, үйлесімділікке жеткен адам бүтін, біртұтас тіршілік иесі болып саналады7.

Адамда ішкі МЕНі мейлінше жарқырай көрінеді, оны психологтар «ішкері сәби» немесе МЕН-бөбек деп атайды. Сәбилік және жасөспірімдік кезеңдер – адам дамуының өте маңызды сатылары, сондықтан олар бүкіл ғұмыр ағымына сондай күшті әсер етеді. Осы жас шамаларының жетістігі мен кемістігін біз «осында және қазір» ұдайы сезінеміз. Өз мінез-құлқыңда сәбилік және жасөспірімдік ерекшеліктерді иеленудің толыққанды өмір сүру үшін маңызы зор. Алайда, бұл ерекшеліктер дамып-жетілген, сындарлы, үйлесімді болуға тиіс, сонда ғана олар өмір сүруге тиімді әсерін тигізеді. Әйтпесе, адам «осында және қазір» тірлікке жосықсыз, қисынсыз әдіппен қарап, әрқилы ақымақтыққа жол береді.

Мысалы, бойында дамымай қалған сәбилік қасиеттері бар еркек адамдарға қандай мінез ерекшеліктері байқалуы мүмкін. Олар өздері түсінбеген нәрсеге ашуланып, ыза болады, әуестікпен көрер көзге ерсі, жаман

-------------------------------------------7) Менің «Өзіңмен өзің болудың 1000 және бір тәсілі» атты кітабымда өзіңнің көп МЕНіңмен өзара әрекеттесіп, оларды үйлесімділікке жеткізу жаттығулары келтірілген.

қылық жасап қояды, ал одан неге бұлай істегенін сұрасаң, не айтарға білмей қалады. Олардың іс-әрекеттерін қарадүрсін сезім ауаны: тілек-қалау, ашу-ыза, қорқыныш билейді, сондықтан олар ләззат іздеп, жанына бататын жәйттерден қашқақтап, амалдап күнелтуге тырысады. Оларға әлдекімнің басқарғаны, нұсқау бергені керек, соның айтқанын бұлжытпай орындайды. Ой өресі «жаман» мен «жақсы», «дұрыс» пен «бұрыс» категорияларын әрі аспайды. Олар біреуге ұқсас болуды қалайды. Көп нәрседен, соның ішінде өз тәнінен, табиғат құбылысынан, ажалдан қатты қорқады. Төсек қатынасында шалағайлау, бейқамдау болады. Рухани жағынан олар көбінесе әрқилы секталар мен магиялық мектептерге тартылып тұрады. Ал, өзге діни ағымдарды, ілімдер мен мектептерді «жат нәрсе», «жаман», «шайтани ілім» деп жақтырмайды. Сірә, сіз осындай мінез қырлары бар адамдарды ұшырастырған шығарсыз. Шындығында, ондайлар толып жүр, ал мінез-құлқында әлгі ерекше қырлардың жұғыны барлар – одан да көп. Ересек жасқа жеткенде мұндай көріністерді «адалап», біржола арылған жөн, әйтпесе, әлгі «құйыршақтар» сүйретіліп, екінші кемелдікке өтуге кесел келтіріп, бұрынғыдан бетер былыққа батыра береді.

Дамуы бозбала деңгейінде қалып қойған адамдар кез келген жерде сүйегіне әбден сіңген бәсекелестік пиғылын және қайткен күнде де жеңіске жетуге тыраштанатын іштарлығын көрсетіп алады. Олар мынау дүниені жеңімпаздар мен жеңілгендерге, байлар мен кедейлерге, күштілер мен әлсіздерге бөледі. Ата-даңқты, қазына-байлықты, сырт келбетті адамның ішкі дүниесінің байлығынан жоғары қояды да, тиісті имиджді сақтап қалуға бар күш-жігерін сарп етеді. Жеке басының пайдасы үшін бәріне, тіпті, азапты еңбекке де даяр тұрады. Олар бақай есепке бейім, өз жүрегіне, ішкі сезімдер үніне құлақ түрмейді. Көп жағдайда тіл табысқыш келеді, адамдардың көңіліне жағатын нәрсені айтып, сендіре біледі, дәйектемелерді епсекті пайдаланып, аузын есеппен ашады. Өзгенің жәрдеміне жүгінбеуге тырысады, психологиялық кеңес алу жарымес пенделерге тән қылық деп есептейді. Олар әуестіктен саяхаттауға құмар келеді.

Осындай сипатқа ие адамдарды өте жиі кездестіруге болады. Мен ең көп таралған бетперде жөнінде әдейі айтып отырмын. Осы мінездемені бірнеше мәрте мұқият оқып шығыңыз, өзіңізге өзіңіз адал, тура қарап, әлдебір қыры бойыңызда бар-жоғын мойындаңыз да, солармен өзара әрекеттесуге кірісіңіз, олардың көрінісін әшкере етіңіз, ал бұл солардан арылуыңызға, мерейіңізді көтере түсуге көмектеседі.

Дамудың жасөспірімдік деңгейінде қалып қойған адамдар мінезінің негізгі сипаты: төңірегіндегілердің сезімдерін жіті түсінеді, өзін өзге адамдармен теңдестіреді, өзін-өзі құрметтеуге орашолақтық танытып, мынау дүниеге идеалистік тұрғыдан қарайды. Ақша оларға аса маңызды нәрсе емес, олар атақ-даңқ пен қазына-байлыққа өңмеңдеп ұмтылмайды. Олар жалғыздықты қолай көріп, соған сәйкесетін рухани ағымды таңдайды.

Екінші кемелдікке өтер кезде, құдды жаңа, ұзақ сапарға аттанып бара жатқан жолаушы сияқты, арқаға таңар жүгіңізді, өз қасиеттеріңізді бір тексеріп, артығын қалдырып, қаделісін мұқият түгендеп алғаныңыз жөн. Осы ішкі МЕНнің қасиеттерін шағын талдау өзіңізге сырттай қарап, жай-күйіңіз бен Дүниетанымыңызды, демек, өмірдің өзін өзгертуіңізге мүмкіндік береді.

ӨТКЕН ШАҚТЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҚТЫ ӨЗГЕРТУГЕ БОЛАДЫ

«Әуелі сөз болған» – баршаға белгілі тәмсіл. Бәрі ойға келіп тіреледі, ендеше ой жүйесінің жәрдемімен көп мәселені, соның ішінде кемелдік қасиеттерін дамыту жайын шешуге болады. Медитация жаттығуларын меңгеріп, кеңірек пайдаланыңыз. Бұл – ой-сананы өзгертудің тиімді құралы. Медитацияның ішкі МЕНімен өзара әрекеттесуі әлдебір жас шамасында қандай мәселелер шешілмей қалғанын көрсетеді. Мұндай ақпаратты алғаннан кейін медитацияның нақ өзінде де, шынайы өмірде де оларды шеше бастауға болады. Сәбилік және жасөспірім жақтың кейбір шешілмеген проблемалары біздерге балаларымыз бен немерелеріміз арқылы келеді. Мұқият зер салып, өзіңіздің «кішкентай ұстаздарыңыздан» үйреніңіздер. «Балалар – біздің мұғалімдеріміз» деп бекер айтпайды. Ішкі МЕНіңіздің үйлесімді қарым-қатынасын орнату өзіңізге сүйіспеншілік білдіріп, «Өзіңді сүйе біл» міндетін орындау ғой. Бұл жерде мынау Жазмышта бәрі қатар, бір мезетте өмір сүретінін еске алып, мүмкіндігінше жете ұғыну керек. Сіздің балалық шағыңызда – «осында және қазір» бар. Осыған неғұрлым алғаусыз, беріле сеніп, болмыстың бір мезеттігіне күмән келтірсеңіз, сәби шағыңызбен өзара әрекеттесу амалыңыз да тиімді болады. Мұндай медитациялық кездесулерді жасөспірім және жастық шағыңызбен де өткізе аласыз. Психологтар адамның тағы бір МЕНін анықтады, ол балалық және жастық кездегі шешілмеген проблемалардың негізінде қалыптасады. Осы жиынтық МЕНді «балғын ересек» деп атады. Сөздердің кереғар, қарама-қайшы тіркесімінің өзі-ақ проблеманың мәнісін бейнелеп тұр. Ересек адам өзінің жас шамасына еш сәйкес келмейтін қылық жасауы мүмкін. Тіпті, ұзақ уақыт бойы (кейде өмірінің ақырына шейін) «балғын ересек» күйінде қалып қоятындар, яғни, ересек өмірге қайтсе де түбегейлі түрде өте алмайтындар өте жиі ұшырасады. Бұл өзіне және төңірегіндегілерге біраз қолайсыздықтар туындатады.

Сәби шақты, жеткіншектік және жасөспірімдік кезеңдерді жөнге келтіріп, өз өмірінен «балғын ересекті» шығарып тастауға болады, бірақ кейде осы МЕНімен арнаулы өзара әрекет жасау талап етіледі8. Тағы да қайталап айтамын: «балғын ересектің» өмірі өзіңіздікімен қоса-қабат жүруі мүмкін екендігін ескере отырып, өзіңіздің «балғын ересегіңізбен» араласып-құраласып, оның шынайы өмірге шығуына жәрдемесіңіз.

Осы тарауда айтылғандардың бәрін ұғынып, тиісті медитациялар жасау мынау тірлікте қордаланып қалған көп мәселенің шешімін тауып, екінші кемелдік кезеңіне үлкен даналықпен келуге әрі мәселелердің жаңа шоғырын шешуге даяр тұруға мұрсат береді. Аға буын өкілдері көбінесе «жастар көп қателік жібереді, үлкен кісілерді тыңдамайды, олардың пікірлерін құрметтейді» дегенді тілге тиек етеді. Бірақ, өткерген жылдарымен емес, атқарған істерімен, өмір сүру салтымен құрмет-беделге ие болу керек қой. Аға ұрпақ буыны несімен мақтана алады сонда? Соғыста жеңіске жетіп, басым бөлігі әскери тапсырыстарға жұмыс істеген зауыттар мен фабрикаларды қаптата салғанымен бе, шикізаттық ресурстарды жасақтағанымен бе? Бұл құрмет тұтуға лайық еңбек пе? Олар заңды түрде басқаша сұрақ қояды: Сіздер елді өзінің ресурсы бойынша лайықты молшылық деңгейіне көтере алдыңыздар ма? Сіздер ұрпақтарыңызға экологиялық жағынан сау-саламат кеңістік қалдырдыңыздар ма? Өздеріңіз бақытты өмір сүрдіңіздер ме? Мықты отбасын құра алдыңыздар ма? Денсаулықтарыңыз мықты, қарттық шақтарыңыз қамсыз ба? Өмір жолыңыз сүйіспеншілікке толы ма? Ағайын-туыспен арақатынасыңыз жақсы ма? Сіз әлемді шарлай саяхат шегіп, осы жасыңызға шейін небір әдемі де тартымды жерлерді көре алдыңыз ба? Сіз жанкешті, ерен еңбегіңіздің, жайлы әрі сайлы тірлігіңіздің арқасында бақытты да алаңсыз тұрмыс кешуге қажетті игіліктердің бәрін иеленген шығарсыз? 8) «Жанды ойлар» кітабында «Өмір спектаклі» атты жаттығу бар, ол өткен шақты тиімді түрде бастан өткеріп, ондағы қажетті міндеттердің шешімін табуға мүмкіндік береді.

Міне, аға буын жауап беруге қиналатын сұрақтар осылар. Ал, алға тартылған сауалдарға нақты түрде қайтарылған жағымды жауаптар жастарды да аға буын пікірлеріне құлақ асып, ақыл-кеңестерін қабыл алуға және қателікті аз жасауға жетелер еді ғой. Бірақ, «ештен кеш жақсы! Мақсатсыз өткізген жылдар жанды қинап, жүректі сыздатпас үшін» қазірдің өзінде олқылықтардың орнын толтыруға, осылайша балалар мен немерелер тарапынан әлі де ілтипат пен сүйіспеншілікке бөленуге болады. Қай заманда да аға ұрпақ буынының басты міндеттерінің бірі – тәлім-тәрбие беріп, салт-дәстүрді сіңіру, бірақ «қатып қалған қасаңдарын» емес, дамып-жетілген, соны идеяларды дарыту еді. Ал, бұл үшін олардың өздері үнемі даму үстінде, бір адым алда жүруге тиіс! Алайда, өзінің тәлім-тәжірибесі мен ілім-білімін тықпалай бермей, өмір жолын таңдау еркінлігін беруі керек.

Әр тұлғаның толық бостандығы дегеніміз – табиғи, рухани дамудың нақ өзі. Бұл қағиданы аға буын өкілдерінің ұға қоюы қиындау – өйткені, тоталитарлық мемлекет алқауында туып-өсті, онда ерік-жігер жасампаздықтың басты құралдарының бірі саналды. Сол кезде бақытқа қарай сап түзеп, шеру құрып шықты! Сондықтан, олар көбінесе балаларын да өз жолдарымен күштеп жүргізгісі келеді. Тәлім-тәжірибені, ілім-білім мен салт-дәстүрді қысым көрсетпей-ақ, жеңіл әрі ойнақы түрде беруге болады. Астарлай, тәмсілдей айтуды үйрену керек, білім мен тәжірибе дарытудың осынау тәсілі ақылды, дана адамның арсеналына ауадай қажет. Қазіргі кезде балаларды көп жағдайда керек емес адамдардың тәрбиелеуі белең алып барады. Негізінен, ата-аналары тәрбиелейді, ал, бұл шындығында үйлесімді тұлға тәрбиелей алатын жандар емес. Лайықтылары сирек ұшырасады. Бала дүниеге келген кезде оның ата-анасы, әдетте, жас, тіпті, кейде өте көкөрім болады. Олардың өздері, «ес жиып, етек жауып» дегендей, нағыз естияр, пісіп-жетілген деңгейге жете қойған жоқ. Көпшілігі психикалық тұрғыдан әлі туып үлгермеген. Ал, бала тәрбиелеу үшін психиканың сау-саламат болуы маңызды шарт. Ата-ана атанғанымен, олар өмірден өз орындарын тауып, мүмкіндіктерін жүзеге асыра алған жоқ, әлі күнге шейін әке-шешенің ықпалында жүр, өз өмірлерінің және жалпы өмірдің мән-мағынасын түсініп үлгерген емес, ал енді өздері келесі ұрпақ буынын тәрбиелеуі керек. Нағыз қарама-қайшылық! Бір данышпан: «Егер балалар жақсы ата-анаға тап келсе, онда олар өздерінің тәрбиесімен аз ғана зардап шектіреді» деген екен. Алайда, көбінесе «тап келмейді». Иә, Құдайға шүкір, балалар өмір ағымында мұндай тәрбие зардаптарынан құтыла алады, бірақ ол оңай шаруа емес. Ал, енді өз балаларын тәрбиелеулері керек! Міне, солай тегершік айналып кете береді. Дегенмен, адамдар кейде мына өмірден тәжірибе жинақтап, даналыққа жетеді, шынайы рухани тұлғаға айналады. Бірақ, бұл тек егде жаста, өздері енді ата-ана бола алмайтын кезде болады. Ендеше, сіз де тығырықтан жол қайда екенін аңғара бастаған шығарсыз деп ойлаймын. Жоғары дамыған өркениетті елдерде жастар туады да, балаларды егде буын тәрбиелейді және де бұл – олардың басты міндеті. Біреулерінде – күш-қуат, балғын, сау-саламат тән, ал келесілерінде дамыған ой-сана, даналық, тәжірибе, имандылық бар. Аға ұрпақ буыны ақиқат пен өмірді, ненің жақсы, ненің жаман екенін, шын мәнінде «шыншылдық», «адалдық», «ұждандылық», «достық», «махаббат» деген сөздер нендей мағына беретінін біледі. Ал, енді мұндай үйлесімді үндестік адамзат қауымын тоғышарлық тығырығынан аман алып шығуға мүмкіндік береді. Тап осындай жолмен өте көп мәселелер, соның ішінде бір-біріне қарама-қайшы жағдаяттар да шешімін табады. Мысалы, жастар бір-бірін сүйеді, бірақ өздері бала тәрбиелей алмайтындарын айқын білгендіктен, олар үйлене алмайды. Қоғам бірлесе тұрмыс құруға әлдебір жас шамасының цензін белгілейді, бірақ мұның бәрі жасанды, жартыкеш шаралар, адамдардың бәрін бір қалыпқа салып, егізлің сыңарындай қылып қою әсте мүмкін емес. Басқа бір жәйт – долықтық қарым-қатынастар. Жастар тәрбиелеу тегеурінінен азат, еркін болса, жарасымды қарым-қатынастар орнатып, сындарлы дамытуға арналған уақытты толық күйінде пайдалана алады. Ал, балалардың дүниеге келуі көп жағдайда нақ осы сексуалдық қарым-қатынастарға кері әсер етіп, соның салдары біраз зардап шектіреді. Бірақ, уақиғалардың оңтайлы әдіппен өрбуі үшін екі маңызды шартты орындау керек. Біріншісі: егде жастағы ата-ана интеллекті жағынан мейлінше дамыған, мейірімді әрі шыдамды, психикасы сау-саламат, эволюциялық дүниетанымға ие кісілер болуға тиіс. Ал, екіншісі: бәрі бір кеңістікте өмір сүруге тиіс. Балаларды ата-анадан алшақтату дұрыс емес. Бірінші шарт орындалған кезде бұған мүмкіндік бар.

Бірнеше ұрпақ буынының бірге тұру мәселесіне кезіккен адам мұның оңай еместігін түсінеді. Ал, сонда бұдан шығар жол қайда? Жол бар, әрине. Қазір барлық сауалдың жауабы табылатын мезгіл. Жер бетін ілімдер жайлады. Содан Анастасия бейнесінде болашақтан хабар-ошар келіп, бірнеше ұрпақ буынының жарасымдылықпен бірлесе өмір сүруіне жеткізетін сондай жолды ұсынды. Осы жол әулеттік қарашаңырақ – атақоныс арқылы өтеді. Таңғаларлықтай қарапайым әрі тиімді жол9!

Сөзімді қорыта келе Нил Д.Уолштың «Құдаймен әңгіме» кітабынан үзінді келтірейін, онда Құдай тағала: «Сіз қарияларды өзіңізден жәй

9. «Звеняшие кедры России» сериясымен жарияланған Владимир Мегренің Анастасия жайындағы кітабында әулеттік мекенжай – атақоныс иелігі жарқын, бейнелі әрі қарапайым әдіппен сипатталған. Оқып шығуға кеңес беремін.

алшақтатып қойған жоқсыз, Сіз оларды итеріп жібердіңіз. Оқшаулап тастадыңыз. Олардан билікті тартып алдыңыз. Тіпті, мансұқ қылдыңыз. Сіздің қоғамның кейбір мүшелері аға буын өкілдерін аластап, мансұқтайды, жастар өздерінің табысының қомақты бөлігін төлеуге мәжбүр болатын жеңілдіктерді талап етіп, жүйенің жүйкесін жүн ететін масылдар ретінде мінейді. Ал, егер қарияларыңыз қоғам тірлігіне үлестерін қоспай отырса, бір ғана себебі бар: Сіз өзіңіз оларға мүмкіндік бермей келесіз. Сіз ешқандай пайдасы тимейтін кезде зейнетке кетуін талап етесіз де, оларды қоғамдық уақиғаларға қандай да бір мән-мағына дарыта алатын шақта қатардан шығарып, санаттан сызып таcтайсыз. Мұның тек бала тәрбиесіне ғана емес, сондай-ақ, саясатқа, экономикаға да, қарттардың ең соңғы тірек түктесіндей діни салаға да тікелей қатысы бар.

Жоғары дамыған мәдениеттерде қариялар жастармен қаз-қатар өмір сүреді. Оларды қоғам шартағының сыртына шығарып тастамайды. Оларды елемей, ескермей, қалған өмірін жападан жалғыз өткізетіндей жағдайда қалдырмайды. Оларды мейірбанды, жанашыр әрі белсенді қауымның қайталанбас қасиеттерге ие қадірменді бөлігі ретінде құрмет тұтып, ардақтайды. Олар да соған сәйкес келеді» дейді.

Осы айтылғандардан ойы алғыр, сезімі сергек жан көптеген ой түйеді. Ал, мен екі ой қорытындысын ерекшелей айтар едім:

Біріншісі: Аға ұрпақ буыны – отбасының қоғамның алтын қоры.

Екіншісі – Шын мәнінде алтын қор болу үшін Өмірден үйрену керек, үйрену және үйрену керек! Осы жолмен аяңдап келе жатып, бұрынғы кезде, соның ішінде, шамадан артық ата-ана махаббатынан туындаған проблемалардың бәрін жөнге келтіруге болады. Бірінші және екінші кемелдік кезең міндеттерін орындау шынайы құндылықтардың жүйесін қалыптастырып, өз тірлігіне, балалардың өміріне деннің саулығын, сүйіспеншілік, шаттық пен бақыт сезімдерін дарытады.

ТІЛЕКТЕР ДАНАЛЫҒЫ

Біз бір-бірімізге бірдеңе тілегенді ұнатамыз. Әсіресе, ата-аналар өз балаларына көп нәрсе тілейді. Ал, балалары әке-шешеге аздау тілейді, бірақ, бұл да аз нәрсе емес. Тілектестік арқылы олардың қарым-қатынасы жақсарады екен. Біздің тақырыбымызға дөп келетін әңгіме. Сонымен біз бір-бірімізге не тілейміз? Сөйтсек, бұл қарапайым, қатардағы мәселе болмай шықты, – бұл жерде де біршама білім, жіті ұғымдылық керек екен. Жұрттың көпшілігі, расында, әрдайым шын көңілден шықпаса да, көл-көсір жақсылық, ізгілік тілеп жатады. Әлдебір мерейтойдағы тосттарды тыңдап көріңізші – «қызыл тілде буын жоқ» екеніне көз жеткізесіз! Егер осының бәрі жүзеге асып кетсе, әлгі адам көкке самғап кетпей, жер бетінде қалай жүрер екен деп ойлайсыз. Бірақ, жамандық тілейтіндер де табылады. Қазір діндарлар көбейіп кетті, сондықтан олар ашықтан-ашық жамандық тілеуден тайсақтап, өзінің қарау көңілін, теріс батасын астыртын әлде көлкештеп шығаруға тырысады, шынтуайттап келгенде, онша көп емес болғандықтан, мұндай адамдарды біз есепке алмаймыз. Енді ізгі тілектер жөнінде айтайық. Сөйтсек, мұнда да бәрі оп-оңай емес екен, – иә, бұдан да сара білім мен жіті ұғымталдық, аңғарымпаздық керек болып шықты. Ой – материалдық нәрсе, сөз де солай. Баяғыда «бәрінен бұрын сөз болды» деп бекер айтпаған ғой. Тіпті, дінге сенбейтін мұнафықтың өзі ой мен сөздің күші арқылы не нәрсе істеуге болатынын бес саусағындай біледі. Ойдың күшімен заттардың орнын ауыстырып, жылжыта алатынын ғылыми дәлелденген мысалдар жетіп артылады. Ал, қарғыс ату, дуалау, үшкіру, демсалу, көз тию дегендер күнделікті өмірде кездесіп жатады ғой. Жұртың көбі бастан өткеріп, зардап шекті, ал, бәзбіреулер осынау магиялық тәсілдерді өздері басқа адамдарға қарсы қолданды. Жұрттың көбін ой мен сөз пәрменінің үлкен маңызға ие екеніне иландырудың қажеті жоқ, міне, сондықтан да бұл нәрселерге мейлінше сақ қараңыз, өйткені, тілектердің өзі ой мен айтылған сөз ләмінен тұрады ғой. Сондай-ақ, қалай ойласақ, солай өмір сүретініміз, яғни, қалай және не жөнінде ой толғасақ – бәрі мынау тірлікке көрініс табатыны белгілі және де ең адал да шынайы, ең терең де асыл ойлар орындалады. Нақ солар жүзеге асады. Сондықтан, өмірімізге өтіп жатқан уақиғалардың түп-тамыры біздің санамызда, ойымызда жатады. Ал, ойлардың тереңдігі мен адалдығы неге байланысты болады? Бұл осы ойларды адамның қаншалықты бастан өткергеніне, өмірде оны қаншалықты жүзеге асырып, иланымына айналдырғанына байланысты. Егер адам бір нәрсені ойлап, басқа нәрсені айтса және одан да бөлек нәрсені істесе, онда оның уәжінің сөзінің бақыр тиындық құны болмайды, – ойы ешқашан орындалмайды. Ата-ана, әдетте, балаларына әрқашанда барша жақсылықты тілейді, – ал балалары неге сондай ілтипат білдіруге сараңдық танытып, селсоқтау қала береді? Иә, жасалған «жақсылықтың» қайтарымы күткен деңгейден басқаша, тіпті, кейде қарама-қайшы сипатта болып шығады. Ата-анасы тілеген денсаулық пен бақыт мөлшері қайда? Олар шын жүректен, жан-тәнін сала тіледі ғой! Неліктен балалар бейнет көреді? Неге олардың өмірі бақытқа бөгіп, құлпырып тұрмайды? Кейбір сәттерде мен осы тілек-баталардан жасанды ғана емес, сондай-ақ, қауіпті екенін сезіне бастадым. Тіпті, маған әлденені тілеген анама: «Маған ештеңе тілемей-ақ қойшы. Мен де бәрі бар» дейтінді шығардым. Оны ренжітіп, көңілін қалдырып алмас үшін өзімнің сезім ауанымды, түйсігімді мұқият зерделеуге тырыстым. Сөйтсек, тілектерде бықыған былық жататын болып шықты. Сол себепті тілексөз өмір шындығына қабыспай, лағып кете береді екен. Әуелі Иса пайғамбардың осыдан екі мың жыл бұрын: «Иә, сіздің сөзіңіз: иә, иә, және жоқ, жоқ болсын, ал қалғандарының бәрі әзәзілдің сөзі» дегенін еске түсіріңіз.Шынында да солай – әзәзілдің сөзі. Баста қоқыс өте көп – бықып жатыр! Әлбетте, мұндай кәкір-шүкірдің ішінде алғыр ойдың пайда болып, жинақталуы, демек, жүзеге асуы жүдә мүмкін емес. Бастың ішін ретте келтіру керек. Бұны жұрттың бәрі біледі, бірақ қалай істеуге болады? Сөйтсек, тілектердің мән-жайын түсініп алып, осы бағытта байыпты қадам жасауға болады екен. Тіпті, осы тарауды оқып шығудың өзі ой жүйесін біршама реттейтіні сөзсіз. Ойларды ретке келтіру олардың шоғырлануы мен күш жиюын арттырып қана қоймайды, сондай-ақ энергия жоғалту мөлшерін де едәуір азайтады. Өйткені, әлгі ой мен сөздің қоқысы адам бойындағы біраз энергияны алып кетеді ғой! Бос, далбаса нәрсені тілеген адам – өзі текке энергия жоғалтады және өзгеге ештеңе бере алмайды. Міне, сөз қоқысымен әдетте былай алмасады: «Хал қалай?» – «Қалыпты». – «Жарайды, бақыт тілеймін» – «Саған да». Бастың ішін тәртіпке келтіру дегеніміз – өте маңызды мәселе. Ішін мазмұнмен толтырып қою, одан да маңызды. Бастың ішінде қандай иланымдар бар? Мысалы, біреу әлдекімге бақыт тілейді. Бір қарағанда, онда тұрған еш жамандық жоқ сияқты. Ал, тілек білдірген адам өзін бақытты сезіне ме? Ол басқа біреулермен бөлісу үшін жеткілікті мөлшерде бақыт иеленетініне сенімді ме? Өзгеге өзіңде бар нәрсені ғана бере аласың! Бұл – сый тартып, сияпат ұсынудың басты қағидасы. Ал, тілек, бата атаулы – ой, сөз жүзіндегі сый, егер ол даналықпен айтылса, кез келген сыйлық-марапаттан артық. Өйткені, ақ тілек, асыл бата адамның бүкіл өмірін өзгертіп, бірнеше ұрпақ буынына шарапатын тигізе алады. Бақыт тілеу туралы әңгімемізді жалғастырайық. Әрине, ақ тілек, ізгі ниетпен Көктің, Жердің, Ғарыштың және ғаламның энергиясы мен күш-қуатын тартып алуға болады. Тек адам осының бәрін ұғынып, сезіне алғанда ғана. Ал, егер олай болмаса ше? Оның ой-санасы ұйқы қандыру, қарын тойдырып, табыс табу деңгейінде қалып қойса ше? Онда бақыт жөніндегі түсінігі де тым шектеліп қалады. Ол өй-өресі басқа деңгейдегі, өзгеше өлшемдегі адамға қандай бақыт тілей алады? Өзінің тілек-пейіліне қандай күш қосып, пәрмен дарытуы мүмкін? Сондықтан кейде бәзбіреулердің өзіңе ештеңе тілемегінен қалап тұрасың, – ең тынышы сол. Бұл жерде көп нәрсе тілексөз, бата атаулыны ақ пейілге, сүйіспеншілікке, өзің тілек білдірген адамға құрмет сезіміне толтырудың тазалығына да байланысты болады. Бұл, абзалы, ең негізгі қағида. Яғни, тілексөздің қандай энергиямен қаныққаны шешуші рөл атқарады. Бір нәрсе жетіспей тұрса да, шексіз құрметпен сүйіспеншілік сезімін көрсетіп, шын жүректен тілек айтуға болады, сонда тілек білдірген адамның да, тілек білдіруші жанның да жолы ашылып, қалағаны қабыл болады! Бұл жерде «Бар болу – әрекет ету – иелену» деген эволюцияның негізгі заңы үстемдік құрады. Яғни, (егер өзге біреуге бақыт тілесең) сол сәтте өзің бақытты бол, сол бақыттың ләмін сезін де әрекет ет – сәттілік тіле, жақсы сөз арна, сен де соны иеленесің, сонда бақыт оған да, саған да бұлақтай ашылып, шуақтай төгіліп келеді. Бәлкім, «өзің қалаған жақсылықты өзгеге де тіле» деген ғақлия осыдан шыққан шығар. Данагөй, парасатты тілек таңғажайып нәтиже береді: ол тілек білдіргенге де, тілек білдірушіге де орындалады. Бұл жерде ой мен сөздің сиқыры мүлтіксіз әрекет етеді (осының өзі-ақ, «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» деген мәтелде айтқандай, әлдекімге жамандық тілеген адамның өзі түбінде соған тап келерін аңғартады). Ал, біз әлі күнге шейін өзімізде жоқ нәрсені шын пейілмен сыйлап, тарту ететіндей жағдайда жиі боламыз ба? Айтқанымыз жазбай келіп, тілегіміз қабылданатындай жағдайда! Бұл – өмір сүрудің «самғау биігі, шырқау шыңы», ұлық шеберлік, кенен даналық пен мөлдір махаббат үлгісі ғой! Басқа жағдайларда бәрібір өзінің айтар тілегің мен жүзеге асырар мүмкіндігіңді безбендеп алған абзал. Мәселен, ата-ана балаларына бақыт тілейді, ал өздері ажырасып, тоңтеріс жағдайда жүреді, олардың бақыты да орта қалыпта болады. Немесе сүйіспеншілік тілейді, ал өздерінің махаббаты тек жастық шақта ғана маздаған, иә, секске де теріс қарайды олар қазір. Ал, жыныстық қатынассыз қандай махаббат, іңкәрлік болуы мүмкін? Сол себептен олардың махаббат пен бақыт тілеуі де балаларына соншалықты керек, жағымды құлық бола қоймайды. Қалыптасқан дүниетанымы арқылы ата-аналар тілексөздерге көбіне-көп өздерінің бағдарламаларын тықпалайды, бірақ олар балалардың дүниетанымынан, қалыпты көзқарасынан алшақ кетіп, қалыпты өмірсүрулеріне кедергі келтіреді. Міне, сонымен ата-ана балаларына сүйіспеншілік, бақыт, денсаулық тілейді, ал өздерінде бұлардың ешқайсысы болмай шығады, демек, олардың тілегі босөзек, ештеңемен бекітілмеген гәп күйінде қалады. Сол себепті әлгі тілексөздерден ешкімнің өркені өсіп, желкені желбірей қоймайды. Сонда не, ештеңе тілемеуі керек пе? Әрине, тілеуі керек, тек алдымен ақылға жүгінген жөн. Маған не тілей алатыны жөнінде шешеммен асықпай, ұзақ ақылдастық. Ақыр соңында ол маған деннің саулығын, табиғатқа және Жаратушы Иеге сүйіспеншілікті тілей алады деген ұйғарым жасадық. Ал, қалған салаға шешемнің жоламағаны жақсы, өйткені, оның түсінігі менің іс-әрекет жасау өрісімді бәрібір қамти алмайды. Менің анам табиғатты жақсы көреді, ол өмір бойы жер баптап, бау-бақша екті, сол себепті оны жаратылысты және жерді аялап сүю жөніндегі тілегі текке кетпейді, қабыл болатыны күмәнсіз. Ал, Құдай тағалаға (Құдай деген бәрін қамтитын құдірет аясы!) сүйіспеншілікпен қарап, іңкәр сезімін арнауды тілеу дегеніміз – әмбебап тілек, жұрттың бәріне қабыл болады. Өзінің денсаулығы қандай екеніне қарамастан, барлық ата-ана деннің саулығын тілей береді. Балаларына тектік күш-қуатты, тұқым қуалаушылық, мираскерлік қасиетті нақ сол ата-ана дарытады ғой, сол себептен олардың деннің саулығын тілеген сөзі текке кетпейді, игі әсерін тигізеді. Ал, енді жұрттың бәріне бірдей денсаулық тілеу – қисынсыз қылық. Ауру-сырқау адамдарға бір орында байланып қалмай, дамып-жетілуі, денсаулықтың парқын түсінуі үшін беріледі. Өзіне немқұрайлы қарайтын адамға денсаулық тілеу күш-қуатты құмға су құйғандай текке зая етумен бірдей. Өздері энергия жоғалтады, өзге адамға септігі тимейді. Бәлкім, оған өз өмірінің қожасы болуды тілеу керек шығар? Әлде өзіне сүйіспеншілікпен қарауды, әлде даналықты, әлде рухани оянуды ма? Бұл әлдеқайда пайдалы болар еді. Ал, ауруының себептерін табуға, одан құлан-таза айығуға тырысып жүрген адамға деннің саулығын тілеу ірімшікке май қондырғандай болар еді. Даналық және тағы даналық керек! Осындай «ұсақ-түйектер» арқылы ол да жарқырай ашылады. Сол әңгімелесу сәтінен кейін мен бұл мәселеге бұрынғыдан бетер қызығушылық танытып, шешеммен бірге зерттей бастадым. Сөйтсем, ол өзінің өте жақсы көретін әрі ылғи уайымдап, ойлай беретін немерелерінің біріне не тілейтіні белгілі болып шықты. Оған күнделікті тірлігінде жетіспей жататын еңбекқорлықты тілеуі керек екен, ал еңбек етіп, тер төгудің не екенін анам жақсы біледі. Иә, бұған қоса, ол немересіне аға ұрпақ буынына өте жақын, жатық ұғым – жауапкершілікті тілей алады. Сондай-ақ, кең пейілділікті.., бұл да анамның жанына жаққан, бойына біткен қасиеттердің бірі еді. Соның нәтижесінде бәрі ойдағыдай болды – шешем немересіне айрықша керек әрі өзіне етене таныс нәрсені ғана тілейді, соған орай тілексөздің де дәруі, тұрлаулы әсері игі болады. Содан, міне, енді ол немересін еске алғанда іштей оған тілегін жолдап қоя салады. Уайым шегудің, шала бүлінудің қажеті жоқ, басы бостан, жүйкесі тыныш, немересіне де игі сәлем, ізгі тілегі жетіп жатыр. Бастың іші ретке келіп, жарқын тиімділігі жоғары ойларға лық толған. Даналық осылай жүзеге асады. Тілексөздің мұндай тәсілі таңғаларлық нәтижелерге жеткізеді. Осылайша адамның белгілі бір қасиеттерді қалыптастырып, дұрыс бағытта дамуына жәрдемдесуге болады. Бұған қоса, данагөй тілек арнау өзіңнің жеке ой-санаңды ретке келтіруге мүмкіндік береді. Әдетте ол жақ та қоқыстың қоймасындай былығып жатады. Әлдебір қажетсіз естеліктер, өкпе-реніштер, уайым-мұң мен басқа да жосықсыз ойлар мен сезім ауандары қордаланып қалады. Мұның бәрі ең дұрыс тілек таңдап, оның орындалуы күш дарытуға бөгет болады. Егер жиі ойлайтын жақын адамдардың әрқайсысына айтылған тілексөздердің мәніне бойлап, мағынасын ұғынатын болсақ, онда әлгілердің де, тілек білдірушінің өмірінде де көп нәрсеге өзгереді. Бастапқы кезде, бәлкім, осы тілексөздерді туыстардың әрқайсысына жазып беріп, жаттатқан жөн шығар. Ал, басқа адамдарға достарға, тамыр-таныстар мен шала танитын адамдарға арналған тілексөздерді не істеу керек? Олардың қасиеттерін, оларға не керектігін жете түсінуге өне бойы мүмкіндік бола бермейді, ал тілек айтуға, бата беруге тура келіп қалады кейде. Бұл үшін оңтайлы, әмбебап амал бар. Біріншіден, Құдай тағала бізге тек періштелерді жіберетінін еске түсіру керек. Иә, дәл солай! Мына біз оларға әртүрлі киім кигізіп, тіпті, кейде мүйіз тағып қоямыз. Періштелер біздің тірлігімізге қалаған спектаклімізді ойнап беру үшін келеді де, тиісті киім-кешегін киеді, тиісті рөлін ойнайды. Сол себептен өмір сапарында жолшыбай ұшырасқан әрбір адам – әйтеуір бір нәрсе үйрете алатын ұстазымыз деп толық сеніммен айтуға болады! Адамдарды және арадағы қарым-қатынастарды нақ осылай түсіну керек тілексөздерді де қиналмай табуға көмектеседі. Бұл – мына пәни дүниеде, өмір сапарында, мейлі, ең қысқа немесе ең күрделі сәт болса да, кездесіп қалғаны үшін алғыс арнау, ризашылық білдіру. Әсіресе, күрделі кездесу сәті үшін алғыс айтқан абзал! Тағы не тілеуге болады? Рухани оянуды. Байыптылықты. Даналықты (Егер өзіңіз осы жолға түссеңіз). Сондай-ақ, әмбебап тілексөзді – өзіне, өзгелерге, Жазмышқа, Жаратушы Иеге махаббатты айтуға болады. Міне, тілек айтып, бата беру – өте қарапайым нәрсе, әйтсе де өмір сүру қалыбына, күнделікті тірлікке өте күшті әсерін тигізетін қаншама нәзік иірімдері бар десеңізші. Кітапты аяқтай келе, мен сіздерге пәкиза парасаттылықты, өзіңізге, өзге адамдарға, Жазмышқа, Жаратушы Иеге ұлық махаббатты тілеймін!

Иә, біздің баршамызға ұдайы өсіп, еселене беретін бақытты бұйыртсын!

Ақпарат Анатолий Некрасовтың шығармашылығы іс-шаралары жөніндегі толық ақпаратты www.happymaіnland.ru сайтынан табасыздар.

Ынтымақтастық жасау және тренингтер ұйымдастыру мәселелері бойынша +79222109212 () телефон хабарласуға немесе maіl@happymaіnland.ru поштасына хат жолдауға болады.

А.Некрасовтың жеке консультациясына +79222109212 ( ) телефоны немесе maіl@happymaіnland.ru поштасы арқылы жазыла аласыз.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙