TELEGEI

Home

Жалғыздың үні

Б.Ахмет

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жалғыздың үні

Жалғыздың үні. Б.Ахмет

БАЙМАХАНБЕТ АХМЕТ

Хикаяттар

ОН БЕСІНЕН ТОЛҒАН АЙ

І

Көктемнің сыбылыңқы, сұрқай күндерінің бірінде көршідегі Қаудыр атайдың көптен қаңырап бос тұрған қоржын тамының алды абыр-сабыр болды да қалды. Тіркемесіне сықастыра жүк тиеп алған әлдеқандай көк трактор «тыр-тырлап» сай қабағына әрең деп ілігіп, сол бойда төбеге ұрғандай тоқтап тынды.

— Бітті, әкеңнің гөрі... моторы тартпайды. Жүкті осында түсірем, — екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей жігіт қарадай түңіліп, жерге шырт түкірді. Іле қорбаңдап қорап үстіне шықты. Буылған теңдерді ерсілі-қарсылы лақтыра бастады.

— Әй, әй-й, қайным-ау, байқа – анаусының ішінде сынатын зат бар, — деп шыр-пыр болды төмендегі етжеңділеу әйел тап бір трактордың астына түсердей.

— Е, о не қылған зат? Маған деп жытырған бөтелкең болмасын!

— Тү-у, бөтелкесі несі? Ішер атау кереңді құлқыныңа сәріде-ақ құйып алған жоқпысың, түге? — Осылай деп күйіп-пісіп, күйбеңдеумен жүрген томашадай әйел біз жақындағанда барып бір-ақ еңсесін тіктеді.

— Үй-бүй-й, Қатпамысың? Аман-сау бармысыңдар?

— Қоныс жайлы болсын, абысын!

— Е, айтқаның келсін! Мынауың кім? И-ий, жарығым-ай,қайнағаның көзі... келші бері!— Мені өзіне қарай икемдеп, бауырына басып, маңдайымнан жеңіл ғана өпті де, қолыма кемзолының қалтасынан шығарып бармақ басындай сықпа құрт ұстатты. Бұдан әрі іс-місі болмай, әлгі апай апаммен шүйіркелесіп кеткен. Әлден уақытта қораптағы жүкті түгел түсіріп, үсті-басын қағып еңгезердей ағай тракторына бет алды.

— Әй, кім-әй, атың қалай еді, есіме түспеуін, көп жасарсың, сірә... Әлгі сөзіме неғып... Өкпеледің бе? Шәй ішіп кетсеңші...

— Ойы-бай-й... Шәй ішуді айтады ғой бұлар. Науқанның күйіп тұрғаны мынау! Бірақ, бұларға айттың не, айтпадың не... бәрібір, — мұртты ағай қолын сермей сілкіп кәбіңкесіне кептеле кіріп «стартерін» қуалай бастады.Аздан соң көк трактор сай табанына түсіп қайқаңдай тартты. Ауа райы мана таңертеңгіліктен бері бұзылыңқырап тұрғандай еді. Бірөңкей сұрқай бұлттар тұмшап күн көзі де көрінбейді. Жауын тамшысы бір-жар уақыт сараң ғана себездеп тұрды, тұрды да, әлден уақытта сатыр-сұтыр құйып берді.

— Орза, Орзажан... Қайда кетті бұлар?

Етжеңділеу әйел апаммен әңгімесін екі ұштылау қайырып, азынаған суық тамның ауызғы сенегіне ұмтылды. Сөйтсек, көшпен келген апай ғана емес, мұнда бірі көп болса бес-алты жастардағы шойындай қара қызды естиярлау әкпесі оны-мұны әңгімелерді айтып, алдарқатуда екен. «Қара қыз» шешесін көрген бойда бода-бодасы шыға жылап берді.

— Ой, жылауық, өзінің бетін тырнауық... Қоймадың ғой тіпті, — деп ересек қыз секіре билеп, мазақ өлеңін нәшіне келтіре айтқаны сонша, әлгі қара одан бетер ызалана долданып кетті. — Орза, қойшы осыныңды...

Жаңа қоныстанушылар бүгіндікке біздің үйге түнеп шығатын болды. Мана бір әзірде үсті-басы малмандай су болғанына қорынып, ызбайлана жылаумен болған кішкене сіңлісін жұбатып, тыныштандырып, осы үйдің үлкен қызының да көңілі жайланды. Көп болса, менен бірер жас қана үлкен, қолынан тастамай жүрген кітабын етпеттей жатып оқуға кірісті. Осының өзі шынымен-ақ анандай қалың кітапты шекілдеуікше шағатын болғаны ма? Бір жағы қызығып, бір жағы қызғанып та тұрмын. Біздің үйдегі бары-жоғы бір-ақ кітап... қалта кітап... «Қыз Жібек» деген. Әрине, оның мұқабасы мұныкінен қалың әрі көркем. Енді байқадым: қыздың тура маңдайы тұсында тарыдай қарақошқыл меңі бар, аққұба жүзі ашық, тартымды екен. Менің өзіне бұлайша тесіле қарауымда нендей гәп барын білгісі келді ме, ол ақырын ғана кітабын жауып, езуіне күлкі үйірді. Жымиғанда, тіпті әдемі болып кетеді екен.

— Сенің атың кім?

— Барақ. Ал сенің ше?

— Мен — Орзамын. Ал менің мына сен секілді інім бар. Қазір ол алыста, нағашыларымыздың қолында тұрады.

— Ол мұнда келмей ме...

— Неге келмесін... Жаз шыға апам сонда барады. Берсе — қолынан, бермесе — жолынан тартып алады. Көр де тұр. Өйткені, ол — біздің үйдің баласы… — Орза сөйтті де, әлдебіреулерге ашуланғандай қабағын шытынды.

— Апасы барса да бермейтіні қалай?

— Біздің апамыз өліп қалған!

Орза кенет... сөзден тиылып, төмен қарап, жанарын жерге салды. Маған ол енді болмаса жылап жіберетіндей көрінді. Жұбатқым келді ме, оның сөзінің түгіне түсініп тұрмасам да: — Менің атам да... Былтыр есегіне мінгізіп мені Көктөбенің базарына алып барған. Бостон шалбар, ақ жейде алып берді. Енді жоқ... Біреуді жұбатып нем бар еді. Енді өзім де жылап жіберуге шақ қалып тұрмын. Өйтсем, қыз алдында ұят-ты. Дес бергенде, одан әрі әңгімеміз қиюласа да қоймады... Үй іргесіндегі сайдан естілген судың арсы-күрсі күрілі көңілімізді бөле берген. Еріген қардың суы ма, әлде, бас құлақтан қашқан су ма екен? Оны енді ерте жарықта көрмесек, көге түртсе көргісіз шырттай қараңғыда қайдан білейік. Абырой болғанда, ортаңғы үйдегілер біздің әңгімеміздің бірін де естіген жоқ. Өйткені, көптен көріспегендіктен, олардың да айтар сырлары бір таңға жетерліктей-тұғын. Апам қолындағы ондық шамның білтесін бір басып, бір көтеріп:

— Қайным (Үркімбай деуге ауызы бармайды ) қайда жүр?- деп абыржи тіл қатқан.

— Е-е, ол жылқысына кеткен. Сонда түней салады ол сығыр... Бибі-апа немкеттілеу сөзін сабақтап отыр. Әне-міне түн болып кеткен. Аспан қақырап түсердей әлсін-әлі жалт ойнайды. Ақ жауын еселей түсті. Апам бізді кешкі асқа шақырды. Білте шамның әлсіз жарығы астында бес бірдей жан үбір-шүбір болып асқа отыра бастадық.

... Ертесіне сайға шүпілдей толған суды көрдік. Орза (сол да есім болып па, мен оны «Меңдіқыз» атаймын енді), Бибі апа және мен болып, сайдың арғы бетіндегі көптен қаңырап бос тұрған қоржын тамға кешегі қалың киізбен бастырылған ауыр теңдерді әрең деп жеткіздік. Үңірейіп, үрейіңді алып тұрар әлгі үй мұржасынан түтіні шыққан соң, тіпті жылыұшырап кетті. Бір қаға берісте Меңдіқызды жеңінен тартып тоқтаттым, әлден-ақ әк жібітіп, үй ақтауға кіріскен ол «не де болса тезірек айтсай» деп тықыршыды.

— Ініңнің есімі кім еді?

— Қабыш.

Меңдіқыз өтірік айтпайды, жазғасалым Қабышқа Бибі апаның өзі барады. Енді менің күн санамалап жазды мейлінше жақындатқым-ақ келеді. Тезірек жаз шықса, Қабыш келсе деймін.

ІІ

Көптен күткен ол күн де келіп жетті, ақыры...

Қабыш өгей шешесімен ілесіп келді. Әкесінің үйіне, «шыр» етіп алғаш дүниеге келген үйіне. Бірақ шаранасы кеппей жатып-ақ нағашылары алып кетіп, сонда өсіп, ержеткен соң мұның қайсыбірін біле берсін ол. Дегенмен өзімен кіндігі алғаш кесілген жермен арада бір үзілмес байланыс барын әлдебір түйсікпен сезе ме екен, әдепкіде арқаланып, көңілі де жайланғандай бір қунақы күйде жүрді ол. Бізді көзіне де ілмей, әстемсіп, көбіне бөлектене беретін. Үрген шардай топ-толық өзі. Қылығы жақпай қалған қайсыбір қалқанқұлақтарды әш-пұшқа келтірмей, аяғын көктен бір-ақ келтіріп, шаң қаптырады. Екі-үшеуіміз бірдей жабылсақ та, Қабыш әл бере қоймайды. Үшеуімізден дем сәтте бір үйінтік жасап, ұмар-жұмар қылады. Ер шекіспей, бекіскен бе? Әбден үйренісіп алғаннан кейін оны «кәмәндір» атап кеттік.

ІІІ

Біздің «Таскескен» ауылы құмның дәл етегінде. Талас өзені ауылымыздың іргесінен өтеді. Оның бір ағысты саласы — Көкөзек қол созымындай ғана жерде, екі беті жып-жылмағай, қалың қау әріректен барып бір-ақ басталады. Сала мен өзеннің қиылысынан бермен қарайғы жер-түбек, шөп шабыны басталмас бұрын есепші Әнуар ағай саржындап кеп жіберген, сол, ұзақты күн есебіне бір жете алмай қойған кең-байтақ қолтық осы қазір ерекше сән-салтанатты. Бидайығы бой тасалайды, бей-жай тыныштықты молдаторғай шырылы ғана шайқайды. Айтқандайын, тура маңдай алдына қызыл жалау қадаған көк трактор (Қайыпназар ғой, түнеукүні көші-қонда көрген) үшінші тәулікке қарады-қалыңнан малтығып шыға алмай жүр.

— Жақсы болды, биыл да бір мая тұрғызып алатын болдым, — деп қопаң-қопаң етеді.

Жалғыз сол ма, ауылдың үлкен-кішісі түгел қолына айыр алып сонда жүр. Осы кеше біз мектептен сөмкеміздің құр өзін сүйретіп қайтқанбыз. Кітаптарымызды түз-түгел кітапханаға тізімдеп өткіздік — бізге енді керек емес, іні-қарындастарымыз-ақ қарық болсын. Біз ғой келесі жылы одан анағұрлым көп кітап оқитын боламыз. Мектепке барғалы бақандай бес жыл, сөмке бәз-баяғы қалпында, тіпті тысына сия тамса неғылдейсің. Әлі де ұстай тұруға болар еді, әттең, келер жылы күрт көбейгелі тұрған оқулықтардың тақиясына тар келетіні болмаса. Осыдан кейін, лаж жоқ, сөмкеміз әліпті таяқ деп те білмейтін қаспақмұрындардың қолында кете барды. Содан ақ тер, көк тер ойынмен жүргенімізде, май-май қолын күртешесіне сүйкей салып, осы Қайыпекең келе қалсын.

— Қанеки, қайсың орнына ойнайын...

Сөзге келген жоқ, Әлтай «лып» етіп орнын босата қойды. Сөйтсек, Қайыпназар дегенің «мынау» деген атқыш, шеңбер ішіндегі асықтың бөрі тигендей ту-талақайын шығарғаны. Әлтайымыз да ауызы-мұрнынан шыққан «асық қалтасын» ышқырына жасырып, бір шетке ығыса берген. «Көке, Қаншайым келе жатыр!» деп сыбыр етті. Оны, бірақ, құлағына іліп жатқан Қайпназар жоқ, айтақыр бетіндегі жердің жігіндей тізіле қаздия қалған кенейлерді және бір бөрліктірмекке қам жасап жүріп, қапыда қалды. Бұл кезде Қаншайымның қолындағы солқылдақ шыбық шып етіп тілерсегіне оралып еді.

— Үйбүй-й, ұят-дағы, қатын көріп қойды...

Сөйтті де, тұра кеп қашсын. Қаншайым жонарқасынан шыбықпен шықпырта осып, өкшелей түсті. Артынша екеуінің сылқ-сылқ күлісіп, мәре-сәре болып жатқанын үйі артындағы бау ішінен естідік. Әлтайымыз қарағайдан қиып салған әулі шартақтан асыла қарап, жылтыңдап жетісіп қалды.

— Әнең қара, екеуі «қуыспақ» ойнап жүр. Көкем де әбжіл екен, талша белінен орай қысып... Қаншайымды-ы...

«Қайыпжан, қойшы енді, қырыққа келсең де өстіп, арсалаңдауыңды қоймайды екенсің» деген Қаншайымның қыстығыңқы үні талып жетті құлағымызға. Бұл кешегі күннің оқиғасы ғой. Ал бүгін асықты не етеміз, Ақжарға бармақпыз, балық дегенің сонда көрінеді. Әлгінде орнымнан тұрған бетте мұздай сумен жуынып-шайынғанымды, тіпті тастай құдық суының бір кесесін шімірікпей сіміріп салғанымды көрген апам шыж-быж болған.

— О несі, шәугімде су ысып тұр еді ғой. Сөйтіп жүріп «әнгениеңді» қоздырып алсаң... айтпады деме.

Па, шіркін, сондайлық әлжуаз бала мен бе екен. Осыдан көре қал, күзгесалым бұл Барақтан мынау деген спортшы шықпаса бар ма, атымды басқа қой. Тұп-тура Суворовша шынығамын. Оқушым, ақыры шеті шыққан соң бұл сырды несіне бүгіп қалайын. Каникулдың алғашқы күнінен бастап, денемді біртіндеп суық суға үйретпекпін. Бұл әдетімді мектепке барғасын да тастамаймын. Тіпті қыста да. Сосынғы жерде бұл Барағыңыз «морж» болмағанмен де, содан бір де кем түспес. Бүгін уәде бойынша шәй да ішпейміз. Одан да уақыт ұттырмай «Ақжарға» жетейік, ыстық болса да балық сорпасын сораптағанымыз көп жақсы. Алашадан тоқылған мына қапшықта, құдай-ау, не жоқ, күйелеш шәугім, құлағы сынған ескі қазан, тағы сондай кәкір-шүкірің жетерлік. Үйме-үй тентіреп жүріп, тірнектеп жиғанымыз. «Ақжардың» тайыздау тұсы кез болса, тіпті ау тартпаққа да уағда жасасқанбыз. Көзімізді тырнап ашқаннан бүгіндікке есі-дертіміз осылай қарай ауды да тұрды. Бірақ бас-аяғымыз жиналып болғанша да күн түске тармасып қалған-ды. Уәденің аты — уәде. Міне, екі-үш сағат болды артынып-тартынып жолға шыққанымызға. Таластың бойымен ұбап-шұбап, тура әскердегідей суыт жүріп келеміз. Осылай жүре берсек, алдымыздан бұзылған там, ескі диірменнің істен шыққан елек тасы кез болады. «Ақжар» — сол. Әлтай солай деген. Қазір де бас-басымызға бір-бір қап балықтан үлестіріп беретіндей өзіне-өзі сенімді кейіпте бізден оқ бойы алда ірі адымдап барады.

— Әй, мынаны қараңдар! — Кенет Қабыш тоқтай қалып, аяғы астынан әлденендей ауыр затты көтеріп алды. Аударып-төңкеріп қарап тұр. Сөйтсек, қыш құмыра, ернеуі сәл кетілгені болмаса, бүп-бүтін.

— Е, сол ма? — деп қолын сермеді Әлтай, — оның несі таңсық? Осы маңда ондай-ондайдан аяқ алып жүре алмайсың.

— Сонда... бұл жерде көшпенділер мекендеген болды ғой!

— Бұл жерде әлі... қазына бар! — деп қостым мен.

— Дәнеңе де жоқ, — деп қасарды Әлтай. — Не бар екенін білем мен...

— Иә, білгіш, сеніңше бұл төңіректің шешілмеген жұмбағы көп болды ғой. Не жұмбақ ол?

— Жын-шайтан! Білдің бе, жын-шайтан. Түнде жүрдің бар ғой, шибөрі шулап, байғыз сұңқылдайды. Жалғыз жүрме, пері соғып кетеді... Әкем солай деген.

Әлтай тағы нелерді айтқан еді? Иә-ә... бұл жер — киелі. Зауқайым маңайлаған малды жұтып қояды. Ана бір жылы түгенше дейтіннің аты осылай қарай келіп, ізім-қайым жоғалған. Қариялар айтыпты: «бұл тұсқа жібермеу керек еді, енді жоқ, оны алқаптың киесі ұрған». Жер аты «Тоқайбұққан» аталады. Әлтайдың айтқаны дұрыс та шығар, дәл қазір оған пәлен деп дау айтарлық шама жоқ бізде. Аяғымызды әрең алып келеміз. «Ақжарға» да жеттік-ау... Қабымызды, «қазан-ошағымызды», басқа да бау-шуымызды түгел жерге қойып, аз-кем дем бастық. Сосын құрғақ бұта, қу тезек жиып кеп от жақтық, мосы құрдық. Бұл жылынудың қаракеті емес, балық сорпа қайнатуға қам жасаған түріміз. Әйтпесе, әбден биіктеп, көтеріліп алған күн жарықтық шақырайып, онысыз да шекені қыздырумен тұр. Бәріміз от басына жиналдық, балық аулар алдындағы келісім мынадай: бір-бірімізді қанша жерден түлен түртсе де, айқайлап шақырмаймыз — бір, суға шомылғымыз келсе, әлі де уақыт бар, бұл өзі екінші кезекке қойылған мәселе — екі ме, ірілі-уақты балық түгел бөліске түседі — үш. Мәселенің «басын ашып» алғаннан кейінгі жерде не тұрыс? Сөзден іске көштік-жалпақ айдынның тұс-тұсынан қармақ лақтырысып, талтайып тұра-тұра қалыстық. Содан әлі тұрмыз... Айтпақшы, Алдаш қол басындай ғана тыран ұстаған еді, онысы әлден уақытта қолдан домбаздай салған кішкене тоспада қарны қампайып тырайып жатты... Көп өтпей, күн шекені шын-ақ қыздыра бастаған. Біз келіскендей бір-бір қағаз қалпақ (мұны ұмытпағанымыз қандай жақсы болған) жасап, киіп алыстық. Күн ыстығы енді қауіпті емес. Алайда қармағымызды балық қабуы былай тұрсын, ен айдында ерсілі-қарсылы жүзген пақырларың «мына төбемізде салбырап тұрған не нәрсе өзі» деп мән беріп, мойын да бұрмайтын секілді. Шамасы, әлгі тыраннан өзгесі жоғары өрлеп кетті-ау. Уәденің аты — уәде. Тұп-тура төрт сағат бойы тіс жарып, жақ ашыспадық. Көзіміз жылтырап, қалтқыны аңдып тұрғанымыз сол. Ендігі жерде балықтан қайран жоғын ішіміз сезіп, өзіміз де түңіле бастағанбыз. Келісімді алғаш бұзған Қабыш болды.

— Е-ей, — деп айқайлады ол. — Қарным ашты. «Ақжарың» — өзіңе, Әлтай! — Сөйтті де, іле қармақбауын жинай бастады. Іштері пысып, әбден-ақ зерігісіп тұр екен, оны өзгелері де қостап, өзен жағасы бір демде-ақ ызы-қиқы шуға толып кетті. Өзгермеген жалғыз Әлтай ғана. Бізге ерегескендей «алабұға, ақ балық, қармағымды қап, балық» дейді де, қармағының ұшына бірер түкіріп жіберіп, шиыра құлаштап лақтырады кеп. Онысы айдын ортасына шаншыла құлаған бетте ағыс алып қашып, қалтқысы жағаға қайырыла үйріле берді. Осы тұста ғой, «қарны ашқан» балалардың ызы-қиқы шуы оның да құлағына жеткені.

— Қап, — деді Әлтай соны естіп. — Енді балық түспейді. Осыларды қайдан ғана ертіп келе қойып едім. Әй, өңкей шуылдақ, келісімді бұзғандарың не? — Өзі бізге шын-ақ ренжіп қалыпты. — Сендермен енді «Ақжарға» келмейді екенмін. Сендер аз-кем қиындыққа шыдамайды екенсіңдер

— Иә, сен шыдайды деген.

Әлтай енді Қабышқа шүйілді:

— Сен ғой осы жұртты айнытып тұрған, ә. Бар, жолыңнан қалма. Саған апаң қаймақ қалқып қойған шығар, жүдә.

Әлтайдың тілі удай-ау, удай. Балалар көбінесе сонысынан тайсақтай беретін. Бұл сөзді, бірақ, Қабыш көңіліне ауыр ала қоймады.

— Кетсек, кетеміз. Ал сен... отыр солай омалып! — деді жайбарақат.

— Сендерге қырсыққанда бар ма, балық ұстамай кетпеймін! Кешкісін балық көп ілігеді қармаққа...

Сонымен, Әлекең жалғыз өзі жар басында жарбиған күйі қала берді. Біз апыл-ғұпыл жиналып, енді міне, енді әне кеткелі жатқанымызда да қимылсыз қалтқыны бағып отырды да қойды сабазың. Былай ұзай беріп:

— Ей-й, жайын сүйретіп кетпесін өзіңді, — деп мұқатты Қабыш оны. Әлтайда үн жоқ.

Сәлден соң Әлекеңді тарс ұмыттық. Дабыр-дұбыр әңгімемен біраз жер ұтып та үлгерген екенбіз. Күн тіпті ұясына отыруға айналды. Ал ауылдың қарасы әлі көрінер емес. Бір кезде артымыздан әлдекімнің ырс-ырс дем алғаны естілді, қалың шөп арасынан бірдеңе қылтыңдайды. Қарасақ, Әлтай. Қара терге түсіпті өзі. Келген бетте сылқ етіп отыра кетті. Ойпырым-ай, оны біз жалғыздан-жалғыз айдалаға тастап кете бергенбіз бе!

— Сендер... жаман жолдас екенсіңдер-р… — Әлекең оны да бөліп-бөліп әрең айтты. «Шынында да, рас қой енді...»

— Өзің емес пе, бұта-бытқылды бетке ұстап, соңымыздан қалыспай ердің де отырдың...

Әй, қу-ай, Қабыштың да білмейтіні жердің астында-ау. Елеусіз ғана Әлекеңнің әрекетін бақылап отырыпты. Соны сезіп, Әлтай құлағына шейін қызарып, үндемей қалды. Ұялғаны екен. Ұзамай біз шалғыны жапырылмаған тепсеңге тігілген киіз үй үстінен шыға келдік. «Дала қосы-ау, — деді Мәткәрім. — Пішеншілер тынығады дәу де болса...» Жанында — жерқұдық, басында қауға шелегіне дейін төңкерулі тұр. Құдайымыз беріп, кезекпен қанғанымызша, су ішіп бір жырғап қалдық. Жолым үйдің ішінен, сыртынан шалмалап байлап, жіппен қаусырыпты. Оны ашып кіру де анау айтқандай қиынға түспеді. Керегенің жіңішке шабақтары арасынан қол еркін сияды екен. Үйге кіргеннен-ақ қарнымыз шұрқырап «сыр» беріп қойды. Тіске басарлық бірдеңе табылмас па екен деп, тінткілеп, үй ішінің астаң-кестеңін шығардық. Дес бергенде, жабық арасынан қыстырулы бірер таба нан табыла кетті. Дастарханнан он шақты түйір қант та шықты. Күн ұзағына нәр сызбағанымыз бар, мұның өзі жұмырымызға жұқ та болып жарытпады. Бірақ ішімізге «ел» қонып қалды. Ал ауылға өрістен мал қайтуы үстінде табан іліктірдік. Қармақ бау, қап, қалбыр, ау секілді көр-жер дүниеліктерімізді құм төбе астына жытырғанбыз. Сол күйі әр қайсымыз өз-өз малымыздың соңынан еріп бердік. Ауылдағылардың бізді жерден, көктен іздеп таппай дүрлігісуі бекер болған екен. Біздің алдымыздан олар төрт көздері түгел шығып қарсы алысты. «Ей, мыналардан түбі бірдеңе шығады-ей, күні бойы күнсіп мал соңында жүріпті ғой! — деп үлкендердің өзі шын риза болып қалды. — Қойкезекке шықпай болмайды екен. Балалардан обал. Оқу жеп көз майы таусылғаны аздай, енді қой қайыртып қойғанымыз ұят-ты...» Күн ұзағына жолымызды тосып алаң болған шешелеріміздің көңілі жайланып, маңдайымыздан емірене бір-бір иіскеді де қойды. Біз, міне, үйдеміз. Керсен толы қою айранды дем алмай сіміріп салып, оттан жаңа әзірде ғана шыққан ыссы таба нанды қарбыта асап жатырмыз...

ІҮ

Қас қарайып, қой қораланған шақ. Білте шамның жарығы үйді әлсіз, өлеусі нұрына бөлеп тұр. Сырттағы оны-мұны шаруасын тындырып, үйге енді ғана кірген апам:

— Барақжан, — деп дауыстады. — Әлгінде Құбағұлдың екі кішкене «қаспақ мұрыны» құдайы тамаққа шақырып кеткен. Баратын ба едің?

— Жоқ, ұйқым келіп тұрғаны...

— Ә, сөйтсең, сөйте ғой, ендеше...

Апам кебісін тырп-тырп сүйретіп үйден әудем жер ұзай бере-ақ біреу терезе қақты. Бұл кім десем — Қабыш. Мені ымдап тысқа шақырып тұр.

— Ой, қорықпай кіре берсейші. Үйде ешкім жоқ. — Кірді. Қойнына қампайтып бірдеңе жасырыпты. Сонысына енді өзі де қысылғандай зорлана жымияды.

— Мынауың не?

— Бұл... нан.

— А-а?

— Нан деймін. Әлгінде біз дала қосында болдық қой. Тракторшылардың ертеңгі шәйге деп сақтап қойған нан, қантьн түгел сыпырып-сиырып соқтық келіп...

— Ал..

— Сол. Біздікі жөн емес. Қазір барамыз да, мынаны (қойнындағысын нұқып қойды) орнына қоямыз. — Шынында да қалай басымызға келмеген. Ұят-аят дегенді жиыстырып былай қойған екенбіз, жүдә. Мына Қабыш болмаса...

— Дала қосы қайда, біреу қайда. Қалай жетеміз-ей?

— Одан қам жеме. Сыртта сары бесті қаңтарулы тұр.

— Қой-й… — Сары бестіге жүрдектігі үшін бір мінуге ауылдағы әр бала құмар. Бірақ соның реті келсе де...

— Шын айтам, — деп сыбырлады ол. — Әкемнен жасырып әкеттім өзін.

— Кеттік, — дедім мен де қуанып кетіп. Бір таба нан, құтыға құйып айран алдым.

Былай шыға көрдік, жартыкештеніп ай туып келеді екен. Шабындықтан алуан түрлі шөптің исі бұрқырай есті. Теріскейден лекіген салқын самал бесті айғырдың тынысын ашып жіберді ғой деймін, «Қызылдың қырыны» шыға бергенімізде арқырай кісінеп берді. Оған әлдеқай тұстан әлдебір ат шұрқырай үн қосты. Біз жермен-жексен болып шөккен ескі үй орындары арасымен келеді екенбіз. Ойпырым-ай, сондағы қорыққанымыз-ай! Тап төбемізден қанаты су-су етіп түн құсы ұшып өтсе де, шошынып, ерге жабыса түсеміз. Сары бестіні ес тұтамыз баяғы. Тіпті оның басын кері бұрып, құлыперен құйғытсақ па дегенбіз. Бірақ дала қосы тым жақын қалды ғой. Әне, трактор шамы тепсеңге тігілген киіз үйдің төңірегін күндізгідей жарық етіп жіберіпті. Ат дүбірін естіп, біреу тысқа шықты. Құдай-ау, Қайыпназар аға ғой мынау!

— Бұ кім-ей? — Маңдайына алақанын кесе көлденеңдетіп қараңғылыққа үңіліп жүр. Бізді жарыққа шыққанда ғана таныды.

— Ей, батырлар, шөп теңдеп қайтқалы келемісіңдер...

— Жоқ-ә...

— Енді не...Әйда, асық ойнайық, ендеше… — Мынадай самала жарық астында бір қайтара «түйежамбас» ойнап жібергенде де болатын ба еді. Бірақ біз асық ойнауға келгеніміз жоқ. Осы арада бар шындықты жасырмай жайып салуымызға тура келді. Қабыш қойнындағы түйіншекті алып былай қойды. Мұны көріп Қайыпекеңнің көзі шырадай жанды.

— Мұнда үй де бүгін тігілді. Шабындыққа орақ салғанымызға үшінші тәулік. Бұл өңірдің шабындығы жапырылмаған әлі. Қызығып ора беріппін. Кешқұрымғы асқа бір-ақ отырмақ болғанмын. Аспаз әйел екі-үш таба нанды уыққа қыстырып кетем деген... Қайтып келсем...

Қайтып келгендегісі белгілі бізге. Жүзіміз ұяттан өрттей алаулап, жердің тесігі болса кіріп кетуге шақ қалып отырмыз...

— Әи-й, бауырларым-ай, жақсы келдіңдер ғой! Айдалада аштан-аш қалып...

Қайыпекеңнің, бірақ, ойына ештеңе кіріп-шығар емес. Нанды бұралақтата шайнай жүріп, шәй қамдауға кірісті. Қолы істе болғанмен, ауызы сөзден босайтын емес.

— Қазір баптап тұрып шәй ішеміз. Шірке-ен, далада ішкен ас қандай сіңімді десеңізші... «Әпитетің» ашылады тіпті. Бүгін тұжыр («дежурный» дегені) — мен. Менімен бірге шөп күзетіне қаласыңдар ма?

Біз бір-бірімізге қарадық. Қайыпекең, бірақ, жауабымызды күтпей әңгімесін одан әрі сабақтап кетті. Біз ештеме демедік. Өйткені, біздің тез арада кері қайтуымыз керек қой. Аздан соң Үркімбай қария сары бестіні көздеуге шығады. Құдайы тамақтан қайтқан бетте. Шақар шалдың ашуы тым қатты. Әрі түнгі сапарымыз құпия күйінде-ақ қалсын. Әлден уақытта мосы үстіндегі күйелеш шәугім бұрқылдап тасып-төгілді. Шынында да жұлдызды түнді жамыла иен далада мың-сан шек-шектің ғажап шырылы-үніне құлақ түре отырып шәй ішкен соншалықты әсерлі де болады екен. Сол түні ай да толық көрінді. Ай он бесінен-ақ толған екен...

Ү

Бұл Қабыштың үйінен соңғы рет ұзап шығуы болды. Сол күннен бастап-ақ үй іші өре түрегелісіп, Қабыштың аяғын қия бастыруды қойды, аңдушысы көп. Өгей шешесі Бибі, Орза да... қит етсе-ақ, шұрқан болып, күндікке мұның ізін аңдиды да жүреді. Түнеукүнгі балыққа, одан түнделетіп дала қосына баруымыз оған пәле болып жабысты. Қабыштың енді бізбен ойнауға уақыты да жоқ. Ертелі-кеш өмірі не бітіп, не қоймайтын қым-қуыт шаруаның соңында салпақтап жүреді де қояды. Күнге күйіп, тарала түсіпті өзі. Енді қайтсін-ай... Үркімбай үйінің ат көпір тірлігі Қабышқа ғана қарап қалған екен. Таң білінер-білінбесте оянып алып, желіге құлын байлап жата ма-ау. Бірер ірі қара мен елу шақты уақ малға да қарайтын сол. Күрпілдетіп күбі пісіп, май шайқап жатқанын да көріп қалдық. Мұның бәрін Қабыш, әрине, өз ықтиярымен істемейді. Үй ішіндегілер істемесіне қоймайды. Осының бәріне ол құлықсыз араласады. Бибі апа болса, «Қабаш келіп жаным тынды» деп күн астына шығуды қойды. Мен «Меңдіқыз» атап, есімін сонша дабырайтқан Орзаның өзіне Қабыштың отырғаны — опақ, тұрғаны — сопақ көрінеді. Әнеу күні «інім, інім» деп қолқа-жүрегі қоса үзілердей болғаны бер жағы екен. Өгей шешесінің үйіріліп ықпалынан шықпайды. Не айтса да тақ тұрады. Сөйтсе де, дастархан үстінде, ошақ басында, тіпті сиыр сауып жатып та қолынан әлдеқандай кітапты тастамай шұқшия оқып жүретіні қызық. Өстіп, күні бойы кітап оқиды. Қабышқа жасап жүрген әнебір қиянаты түсініксіздеу, бірақ... Осы күні ауыл-үйдің әңгімесі де Қабышқа көп ойыса беретін болды. Қай-қайсысы да «Бейшара балаға обал, түге» деп есіркеп, аяныш білдіріп жатқаны. Үлкендер айтатындай, Қабыштың ант атқыр тірліктің қамытынан босанып шығу пешенесіне бұйырмапты. Қайбір қылығы жақпай қалса-ақ, өгей шешесінің де, тіпті Орзаның да «тумай жатып шешесін жалмаған қу жақ» десіп, мүйіздейтіні де бар. Қабыш не десін... Өзіне босану кезінде о дүниелік болып кеткен анасының өліміне мен кінәлі болғаным ба деп, шынымен-ақ пұшайман болып үнсіз егіледі... Әттең-ай, оның басына не қиындық түссе де, бірге көтерісер едік. Алайда біздей жалаңаяқтарға оның үйінің әулісіне аяқ басудың өзі — мұң. Биік әрі берік бетон қоршаумен қоршалған сол әуліде үй иелерінің не істеп, не қойып жатқанын былайғы жұрт та біле бермейді. Өгей шешесі бізді көрсе-ақ ешкікөзденіп шыға келеді. Ерегессе, тайыншадай итін айтақтап қосып, қуудан да тайынбайды. Әрі-беріден соң Қабыштың өзінің де сыралғы достарынан іргесін аулақ сала беретіні бізге де ұнай қоймайды. «Кәмәндір» деген... Оны айтсаң... «Мен, мен… — деп міңгірлейді біртүрлі басыңқы үнмен. — «Кәмәндірлігі» құрысын! Әкем сендермен ойнағанымды көрсем аяғыңды қиям деген...» Бірде... айтақырдың шаңын аспанға шығарыфп, асық ойнап жатқанымызда, қасымызға келіп, ойынға қосылмай сырттан құр қарап тұрды. Әлсін-әлі үлкен адамдарша ауыр күрсініп қояды.

— Қабыш, келсеңші, — деп жапатармағай ойынға үгіттеп жігі-жапар боламыз ғой. Ол сонда да үнденмейді.Ауыл жаққа белгісіз бір үреймен жалтақтап қарағыштай бере ме-ау. Ойынға қосылғысы-ақ келетін секілді...

— Кел, кел, Қабыш...

Ауызымызды жиып алғанша болмады... Кенет... көшенің арғы бетінен шаң-шұң дауыс естіліп, артынша Бибінің дембелше денесін жеңіл игеріп, тез-тез басып тұсымызға таяп қалғанын көрдік.Екі білегін түрініп, долдана жұлқынып, әлдене деп ашулы сөздер айтады. Әрі-беріден соң бізді қорқытқан Бибі де емес, оған есік пен төрдей қаракер ат үстіндегі Қарасұр кісінің қапталдаса еріп келе жатқаны болды. Бимәлім бір түйсікпекн Қабышқа бір тықырдың таянғанын сезе қойдық.

— Полундра!

Сол, сол-ақ, тұс-тұсқа бытырай қаштық. Үркімбай бізді қайтсін, қаракерді басқа-көзге төпелеп, Қабышқа қарай туралап ағызып жөнелді. Әне-міне таптап кетердей қаракер де мойынын барынша созып, өңмеңдей ұмтылды. Сары бесті мұның қасында айналайын ғой. Мына қыршаңқы тигірді иесіне «адалдығы» үшін бе екен, Үркімбай «белі мықты» деп көбінесе алыс жолға шыққанда мінетін еді. Сол ... құйттай балада баяғыдан өші бардай орайы келсе қыршып тістегелі барын салып, бастырмалатып жөнелді. Осында келгелі жалтақ, қосүрей, ұркөпке болған сорлы бала ал дегенде құдайға не жазып қойғанын өзі де шамалап үлгірмеген. Десе де тез-ақ есін жиып, анадай жердегі топ шеңгелдің ішіне қойды да кетті. Сояу-сояу мық шегедей қалың тікен жалаң табанымды тіледі-ау, жалаңаш етімді жырымдайды-ау деген жоқ. Оқыс жай оны ойлатпады да. Қалыңға осқырынып, тік салудан тайсақтап, басын алып қашқан атын қанша омырауласа да, дегені болмай, дымы құрыған Үркімбай сол төңіректе түртінектеп біраз жүрді.

— Ән-нәні, ән-нәні, — деп «сенің кесірің» дегендей қаракерімен етпісірім уақыт алысты. Ара-арасында «жаның барында бері шық» деп Қабышқа дөңайбат жасап қояды... Қалай болғанда да, Қабыштың табанымды тікен тілкемдейді-ау деп қорынып, қорқасоқтамай, қау шеңгелге қойып-ақ кеткені бізге теңдессіз ерліктей көрінген. Шіркін-ай, Қабыш өйтпесе, «кәмәндіріміз» болар ма еді... Оның ит тұмсығы батпастай сояу тікенектердің бір қараңғылау қуысында «қайран анам-ай» деп қорс-қорс етіп жылап, өмірі өксіп отыр-ау... Қабыш-ай, жыламашы енді... Әйтеуір сол күнгі Үркімбайдың өз баласын өзі аямай, көресінді көрсеткен қаныпезерлігі көкірегімізге шемен болып қатып еді...

Одан беріде біраз күн өткен. Оны бірде дүкен алдынан көрдік. Қабыш емес, одан қалған жұқана секілді. Мойыны алма сабағындай, еті қашқан саусақтарымен алдындағы қайыс баулы сөмкені шұқылап, әркімге бір жалтақтап қарайлаумен тұр. Бізді көргенде қуанышы қойнына симай кетті өзінің. Сөйтсек, оның бұлайша қипыжықтауының мәнісі бар. Оны Бибі дүкенге жұмсаған екен. Қырсық шалғанда «тұз ал» деп берген сол ақшаны әлдеқалай түсіріп алыпты. Бірер пәшкі тұз... әкесі, қасында және біреулер бар,өткен түнде бір тай әкеліп сойған, соның етін тұздауға керек екен. Бізді көріп, мауқын басып, өз-өзінен солқылдап бір жылағаны арқамызға аяздай батты. Оның үйіне тұз алмай құр қол барғанында көрер құқайы, Бибінің долданған бет-әлпеті көз алдымызға келе қалды. Бәрінен де Бибінің құдайы беріп, Қабыштың қаққанда-қанын, соққанда-сөлін алуға бір ілік табылып тұрғанын айтсайшы! Тиын-тебен біздің қалтамызда жүреді дегенің не... Жылтырақ құмармыз ғой, зады. Өйтпеген күнде менің де қалтамның түбінде тиын ақша с аудырап жүруін жүрген еді. Осының алдында доғалы белдік сатып алып қойғанмын.

— Маған тек қарызға... ертесіне қайырып берем, — деп сөмкесін шұқылап кетті Қабыш. Осы жолы үлкендер секілді еңбек етіп өзіміз айлық таппайтынымызға, әй, бір пұшайман болдық-ау. Бізді бұл тығырықтан Қайнекей алып шықты қайта. Төс қалтасынан бір сомдық сөлкебайдың бірнешеуін сөзге де келмей суырып-ақ бергені.

— Кітап алғалы жүр едім. Күзге дейін әлі талай уақыт бар ғой, — деп үлкен кісілерше маңызданып қойды.

Қалай болғанда да, Қабыштың жолы болды. ... Жаз қызықтарымен жүріп бұл жайды да жадымыздан шығарып үлгердік. Тіпті Қабыштың өзін де ұмыта бастағандай едік. Бірде бізді іздеп Қабыштың өзі келді.

— Біздің үйге баралық, қымыз ішіп кетіңдер, — дейді ақай жоқ, тұқай жоқ кимелеп. Жүзі әдеттен тыс жайдарылана қалыпты. Сол минөтте біз оның мұнысын түнеукүнгі жақсылығымыздың қарымтасы деп ұқтық. Қайнекейдің де кітапқа деп сақтаған сөлкебайын әлдеқандай қылғысы жоқ еді. Бірақ мына қолқасына құлақ аспасақ, Қабыш ренжиді.

— Әйда, кеттік!

Жаздың кемеліне келген бір мамыражай шағы болатын. Бұл кезде Қабыштардың үйі «Көкөзектің» жоғары саласындағы когалды тепсеңде, желі басында. Неге екені белгісіз, Үркімбай үйі көзге біртүрлі суық көрінеді. Жан баласына жуымай, көбінесе саяқ жүретіндігінен бе, әлде. Қиыла өтінгеніне бола Қабыштың соңынан ықтиярсыз еріп келеміз. Дес бергенде жолым үйде жан баласы жоқ болып шықты. Үркімбайдың өзі түзде, жылқы өрісінде. Бибі екі қызын ертіп төркіндеп кетіпті. Соны білген соң барып еркінсіп, бір демде төрге озысып, жапыр-жұпыр отырысып алдық. Қабыш жалма-жан іргедегі жерқазбаға белуарынан жасырылған дәу сабаның жамылғысын серпіп, піспектей бастады. Сонша болмады, қымыз исі бұрқ етіп үй ішін алды да кетті. Қымыз аса дәмді еді. Солай бола тұрса да, бірер шыныаяқтан әрі асырып іше де алмадық. Бұрын-соңды дәмін татып көріппіз бе? Кекіргеніңде әлдебір ащы запыран алқымыңа теуіп, кеңсірігіңді жарып жібере жаздайды екен.

— Бұл — қулық биенің сүті. Әкем солай деп отырады. Жайшылықтағы келімді-кетімді кісілерге берілетін ашыған қымыран, әнеки, күбіде тұр. Ішіңді бұзады қайта...

Көкалалы жылқы — Қабыштікі, қымыз — Қабыштікі. Біз тек «ас ішіп, аяқ босатарлармыз». Бірер құсжастықты илектеп, тақ төрде көсіле шынтақтай түсіп жатырмыз. Қабыштың сөзі рас. Қымыздың уыты сәлден кейін буынымызды алып, басымызға шабайын деді. Бізді балбыратып бір ұйқы иектей бастағандай. Қызығушылық қой баяғы... сәлден кейін қоңыр кесе бәрімізді бір жағаттап шықты. Сосын тағы... Сол... Қабыштың үйіне «қымызмұрындыққа» жиналғанымыз кейін жаз бойы әңгімеміздің «жәрәкімалласына» айналып, жадымызға жазылып, жатталып қалған. Сол бір қышқыл қымыз... балалығымыздың кермек дәміндей де еді.

ҮІ

Ертесіне күн арқан бойы көтеріле бір-ақ ояныппын. Қашанғы әдетіммен суық сумен шайыну, шынығу дегеніңе беттер түрім жоқ. Денем дел-сал, есінеп-құсынап нар шетінде қалбиып әрең отырмын. Басым өзімдікі еместей, мең-зең. Маған салса, ұйқыға қайта бас қойғым бар... Осы күні ғой... мен үшін төбемнен жай түсіргендей оқиға болды. Азанғы шәйімді алдыма тосып бәйек болып жүрген апам кенет... өңі қашып: «Барақжан-ау, есіттің бе, Үркімбай қасқа тайды мерт болды деп жүр ғой... Жардан құлап, өзенге ағып кетті дей ме, бірдеңені көңірсітті, әйтеуір», — деп қара-ап отыр. Бұл сөзге сенер-сенбесімді білмеймін. Апыр-ау, күні кеше ғана емес пе... жездем Жеңіс ше... осы былтырғы жылы ғой, монтиған қасқа құлынды мәшине қорабынан қақпайлап түсіріп жатқанда-ақ: «бұл бейшара енесін арда ембеді, ендігі жерде мұның қамқоршысы — бір өзің. Мәпелеп бақ, көз қырыңды сала жүр, бас-көз бол. Әлі-ақ бір-біріңе үйренісіп кетесіңдер. Бұл — сенің бәсірең...» деп бір пәсте арқа-жарқа шаттыққа кенелтіп тастаған-ды. Қасқа тай құлын кезінде де келісті-тұғын. Әсіресе, алақанымнан жем жегенді қалай ұнатады десеңізші! Көзінен таса болсам-ақ шарқ ұрып іздейді де жүреді. Басын әнтек шұлғып, назаланғандай әлсін-әлсін кісінейтіні ше. Осынысын қызық көріп, әдейі жасыранамын, үй сыртындағы шөмелейді кеулей сүңгіп кетемін. Сонда ғой, сонда... қасқа құлыным менің, ізімше келіп, тура тұсымда шіңгірлей кісінеп, кіп-кішкене тұяқтарымен жер тарпып тұрмаушы ма еді... Қасқа құлын тай болып жетілді. Соңыра Үркімбайдың үйірлі жылқысына қосып, қыр ас ырып жібергенде де, соңына қарай-қарай қара үзді-ау жазған... Жылқышы құрығынан әлден теперіш көргендей қалың табыннан жырыла қашып, кілең бір абадан жігіттердің ит сілікпесін шығарып барып көзден таса болды. Күллі аспан кеңістігін күміс қоңыраудай үнімен тербеп, шіңгірлей кісінегені көңілден кетер ме... Қасқа тайдың... мертігуі мүмкін емес. Неге екенін білмеймін, қасқа тайдың алыс-алыс қолаттан құмығып жеткен қоңыраулы үнін құлағым шалғандай болған. Сол, сол екен, балдәурен балалығыммен біте қайнасып кеткен құла қасқаның қылықты әмбесі, сәмбі тұлғасы үйіріліп көз алдыма келді. Оның мерт болғаны үшін кімді жазғырарсың енді. «Тым құрыса, балаларың есейсін. Оған дейін жылқыммен бірге жүреді, жау алар деймісің.Әрісі, бұл менің ағайындық парызым да ғой!» деп қоярда-қоймай қолымыздағы азын-аулақ тұяқты малды бишігі астына шоқтай үйіріп, айдап жөнелген Үркімбай шалды ма? Осылай ұйтқытып өте шыққан қайнысына ернінің ұшымен ғана келіскендік рай танытқан апамды ма? Бүйтерін білгенде ме... білгенде Мойынқұм асырмай-ақ, құла тайымды қолда ұстар едім ғой. Кішкене көкірегіме шеңгелін салған өкініш жуық арада жазылатын емес. Тағы бір жаңалық… Қабыш үйінен қашып кетіпті. Қашқанда, әлгі өткелші шалдың ағаш үйінен бір-ақ шығыпты. «Ата, мен сізге бала боламын. Үйге екіншілей қадам баспаймын» деп есік көзінде жанары боталап отырып алыпты дейді. Қаудыр шал мән-жайға қанығып, қабағын қарс жауып «осында бол, балам» депті де қойыпты. Оқушым, осы арада Қаудыр атай жөнінде аз-кем тоқтала кетудің еш артықтығы жоқ. Екі-үш жыл бұрынғы мол жауын кезінде селге ұрынып, кемпірі мен алты жасар ұлы қоса-қабат құрбан болған-ды. Қаудыр атай, бірақ, үгіле босап қалмады. Көп өтпей, күш-қайратына қайта мінді. Күндердің күнінде «томартрестің» ауданаралық бөлімшесіне «охран» болып шыға келді. Сол бетте «Таласөткелге» біржола көшіп те алды. Өткелші шалдың құрығына Іргеқұмнан сексеуіл артып, ұрлықы мал басып өткендердің талайы жарыққа үймелейтін паруанадай топ-тобымен ілігіп жатты деседі ел. Осынысы үшін атайға аудан басшылары талай сыйлық та беріпті. Шынында да Қаудыр қарт осы жұмысына кіріскелі бүтіндей өзгерді. Бұрнағыдай төбе басында ауылдың қарадомалақтарын маңына жиып алып, қызықты хикая, ертегі шертпейді — бір, оқта-текте маңдайына жұлдыз қадаған елтірі тымағын милықтата киіп, сеңсең тоны жер сыза орталықтан төбе көрсетеді де, қанжығасына бөктерген тор сеткісіне пәшке-пәшке шылым, шәй-қантты сықап алып, кері қайтады — екі, елден бөлектеніп, саяқ жүргендікі ме, маңайына жарытып сөз де қашырмайды, томаға-тұйықтанып кеткен — үш... Кейін білдік. Қабыш өткелшіге «қонақ» болған күннің ертесіне: «Ата десе, шын айтам, қаласаңыз сізге бала болайын. Пионерлік шын сөзім» деп баяғы «әуеніне» қайта басыпты. Қамкөңіл қарттың ескі жарасының орны оқыс сыздап, сонда да періште көңіл баланың бетінен қақпай:

— Жоқ, Қабышжан, бұл сен ойлағандай оп-оңай шешіле салатын нәрсе емес-ау, — деп бір қауым уақыт іштей үнсіз толғанып отырыпты. Әлден уақыттан соң барып өзінің жұрт ойлайтындай тіпті де «үрім-бұтақсыз» емес екендігін, иншалла, ұзақ мерзімді әскери қызметте баласы жүргенін, оның да әне-міне келіп қалуға тиіс екендігін Қабышқа жұқалап жеткізіпті. Апақ-сапақ мезгілде Қабышты үйіне қайта әкеліп салған да атайдың өзі екен. Текке келіп кетпепті.

— Әй, Үркімбай, қаршадай баланы осынша қорлап,.. Өзің бала болып көрмедім, ештеме бүлдірмедім деп айтшы, қане... Оны қойып, сенің не істеп, не қойып жүргенің де бесенеден белгілі маған. Түбіңе осы қатыгездігің жетіп жүрмесін де… — деп, атай оның көзіне қамшымен шұқып, сес көрсеткен...

Шынында да ертесіне Қабыш үйінде жүр. Оны өрістен шылбыр сүйретіп келе жатқанында көрдік.

— Қабыш-ей, бері кел...

Бұрынғы «кәмәндіріміз» біздің анадай жердегі топ шілік арасына жасырына қалғанымызды көзінің қиығымен көріп үлгеріпті. Ештеме болмағандай ат шылбырын сам-соз күйде сүйрете келді де, үлкендеу бір қойтастың үстіне келіп отыра кетті. Сөйтті де үлкен кісілерше «ух-х» деп күрсініп салды.

— Мұнда келіңдер... ей, несіне қорқасоқтай бересіңдер, осы. Әңгіме бар...

Біз бір-бірімізді көрмегелі, емен-жарқын сырласып әңгімелеспегелі тұп-тура бір жыл өткен секілді. Бір-бірімізді әбден сағынысып қалыппыз. Енді оны қоршалай алқақотан жайғасып та алдық. Алайда Қабыш біртүрлі тұйық, бұрнағысынан көп өзгерген секілді көрінді бізге.

— Қайнекей, — деді ол бәсең, басыңқы үнмен, оған қолындағы бірер күміс бір сомдықты ықыласпен ұсынып жатып. — Жігіт екенсің! «Ер мойнында қыл арқан шірімейді» деген...

Сөйтті де Қайнекейді арқаға бір қағып қойды. Пәлі, мынауың шын өзгерген екен. Кенет Қабыш қабағын оқыс түйіп, ауыр күрсініп салды.

— Біле-білсеңдер... әнеукүнгі сойылған тай ұрлықы мал екен...

Сол. Сол, әлдебір түйсіктен денем дір етіп, төбе құйқамның оқыс шымырлап кеткені. Көзім алды тұманытып, дүние шыр көбелек айналғандай. Бірақ дем сәтте-ақ өз-өзіме келіп, бойымды тіктеп ала қойдым. Абырой болғанда, мендегі қас-қағым сәттік өзгерісті ешкім байқамады да. Тек Қабыш... әңгімесін аңысыз сабақтап отыр.

— Мұны сендерге ғана айтам. Әйтпесе, өз әкемді өзім әшкерелеп неғылайын. Бірақ енді ұрлық істеді бар ма... кешпеймін. Мұны өзі де мойындады. Әнеукүні... тай сойылған күні ше.. әкем мені артына мінгестіріп түбекке алып барған. Неге өйткенін өзім де білмеймін. Қас қарайған шақ, жан-жағын шолып алды да, бірден ор қазуға кірісті. Мен асау қара кер атты ұстап тұрдым да қойдым. Әкем қапшыққа салынған әлденендей ауыр затты қазған жеріне қайта көміп жатты.Оның не зат екенін сол сәтте білсемші... Әйтеуір, түбекте тұрғанымызды шамалағаным болмаса, анық қай тұс екені жадымда жоқ. Әкем әлгі затты көміп жатып, өзімен-өзі сөйлескендей «бар пәле-жала осымен кетсін» деуінен танбады. Әлденеден біртүрлі үрейленетін секілді. Өңі сынық. Күрсінуі де жиі. Әр жағында «Тоқайбұққан» қол созымы ғана жерде, тиіп тұр ғой. Не деп болады. Өз-өзінен қуыстанып, түсінен шошығандай болып жүрген әкемді бір жағынан аяп та кеттім. Содан ба, тіпті «пәле-жала осымен кетсін» деп өзім де тілекші болып, не де болса осы жерден тезірек кетсек екен деп тұрдым ғой... Әлден уақытта әкем ісін бітірді де, ың-шыңсыз кейін қайтып кеттік. Мен түк те сұрамадым. Сұраған күнде не айтары белгілі. «Тәйт әрі, найсап, ол сен араласатын шаруа емес» деп тиып тастар. Көп өтпеді, ертесіне үйге тұлан тұта ашу шақыра келді. Сендердің соңдарыңды ала жетті. Әуелі шешем екеуі көп айқайласты. Артынша маған шүйлігіп, ақай жоқ, тұқай жоқ, желкемнен алды да анадай жерге допша лақтырғаны...

— Түндегі жерге тай терісі көмілгенін енді біліп алған боларсың... онымен немді оқсатасың, әзер болса әкеңді жер түбіне айдатарсың. Сол ма? Қарай гөр, осылар ішсін, осылар жесін десем-ақ жазалы болып шыға келемін. Мінекей, ендеше...

«Әкем» деп жүрсем... басыма-көзіме төпелеп соқты-ай келіп. «Көкетай, олда-білдә, көргенім жоқ, білгенім жоқ» деп шырылдаймын мен. Көзіне қан толып кеткен бе дерсің өзінің. Тақа болмағасын қашуды ойладым. Қашқанда қайда барам. Дес бергенде есіме Қаудыр атаның түсе кеткені. Біз сол кісінің үйінде тұрамыз емес пе? Несін жасырайын, әкем ұры екен... Қабыш-ай, сен... қасқа тайымның мән-жайына қанық емессің ғой. Мынау сол болып жүрмесін. Қазір айтып жаныңды жаралап не етейін... Үркімбайдың қай ұрлығын біліп жатырмыз. Аңысын аңлылық. Бәлкім, Қабыш әкесіне тартып туса (Үркімбай да ұлы өзіне тартып тумағанына бармақ тістеп, өкініп, соңғы кезде не істеп, не қойып жүргеніне есеп беруден қалып, қате басқанын кеш аңдағандықтан да жоғарыдағыдай әрекеттерге барған болар) бұл сырды бізге білу қайда! Осы сәтте кімнің не ойлағанын білмеймін, арамызда бірауық үнсіздік орнай қалды. Осы кезде қасымызға Қайнекейдің қасқыр иті келіп көсіліп жата кетті. Әлі де күшік қой демесең, үйретуі кем соғып жүрген жоқ. Иесі жүзін бұрып тұрып не жасырса да тіміскілеп жүріп тауып ала қояды өзі. Қабыштың соған көзі түсуі мұң, кенет... орнынан атып тұра келгені. Біз, әрине, оның әкесі келіп қалған екен деп, айналамызға алақ-жұлақ қараймыз келіп. Сөйтсек, олай емес екен.

— Балалар десе, маған бір ой келіп тұр! — деді Қабыш, әлгіндей емес, өзінен бір қунақылық, сергектік сезіледі. — Әлгі... тай терісі түскірді осы итке іздетсек ше... Мүмкін оған әлі ешкім де тиіспеген болар. — Қайнекей де елп ете қалған.

— Іздеуге болады. Бірақ қалай?

— Қалайы несі?

— Нені іздейтінін Бекке қалай түсіндіреміз. Мәселе сонда ғой.

Осы арада Әлтай килікті сөзге.

— Әй, Қайнекей, «қалай-малай» деп несіне басымызды қатырып тұрсың. Ит деген сөйлеуді білмегені болмаса, айтқаныңның бәрін де түсінеді емес пе? Тек онымен «өз тілінде» сөйлесе алуың керек...

— Мен енді олай үйреткенім жоқ, — Қайнекей қипақтап қалды.

Бәрінен де қиыны осы болды. Қабыш желкесін қасып, аз-кем ойланып барып:

— Айтпақшы, сол күні қапшықты белінен буған арқан бар екен ғой. Міне, ол шылбыр...Қанша дегенмен, ат тері сіңген.

— Ойбай-ау, бағаналы бері соныңды айтпаймысың?

Сонымен, қойшы, табан астынан «ұрлықты ашу тобы» жасақталды. Бұл істің бізді қызықтырғаны сонша, айғақты затты бізден де бұрын біреулер тауып алып, жер сипалап қалмаймыз ба, тек тезірек кірісейік десіп, айналасы сүт пісірімдей уақыт ішінде тас-түйін жиналып, «түбек, қайдасың» деп тартып кеттік... Айналайын, қасқырит, адамға адал дос екенің рас болса, бізді ұятқа қалдырма, сыналар кезің келді сенің де... Ат тері сіңген шылбырды иіскеп алған соң, Бектен тіпті маза кетті. Тұмсығын әуеге тосып жортақтап біраз жүре түседі де, қалта қарап тұра қалып табаны астын иіскелейді. Соңынан қалмай шұбырып біз жүрміз. Солай түбекті күн ұзағына шарлаумен болдық. Бұл әрекетімізден де түк өнбесін әркім-ақ ұққандай еді. Сосынғы жерде көкорайға шынтақтай жата кетісіп, өзіміз кітаптан оқыған, кинодан көрген Динго, Қарақұлақ ақ Бим, Рекс секілді ақылды иттер жөнінде әйда бір әңгімені қыздырдық. Олардың қасында Бегің жіп есе алар ма! Әлі жас қой байғұс. Айғақты затты табу қайдан оңайға соқсын оған. Осыдан кейін мілиса ағайлардың жұмысына қызықпай көр. Қылмысы түс пен кештің арасында осылай оп-оңай әшкере бола беретұғын болса, ауылдың жалғызаяқ ұрыларының бүйтіп асықтары алшысынан түсіп жүрер ме... Бұл кезде күн тас төбеге шығып алған. Қызуы бет қаратар емес. Кең түбектің өне бойын ирек-ирек сағым кезеді. Әлден уақытта өкпе тұсымыздағы қалың қау басы әнтек қимылдағандай болған. Сол тұсқа қимылсыз көз тіге қалыстық. Бек қыңсылады. Міне, саған керек болса! Овчаркамыз бір ауыр затты дырылдатып сүйретіп-іп келеді. Орын-орнымыздан өре түрегелістік. Сөйтсек оның жұлқылап сүйретіп жүргені әлдекімнен қалған шұрқ тесік мақталы бешпент. Рас, бешпентке де ат тері сіңгені байқалады. Қалай дегенмен де бұл жерде Бекті кінәлаудың ешбір реті жоқ еді. Ол қызметін адал атқарды. Бек — біздің досымыз.

ҮІІ

Әнеукүнгі жайдан соң Қабыш бүтіндей өзгерді. Қоңқақтау мұрнының үсті тершіп, үнемі ой үстінде жүреді де қояды. Ауылдағы ірілі-уақты жаңалық атаулы оның құлағына алдымен шалынады. Барлығынан бұрын оның ұрлық мәселесіне айрықша маңыз аударатыны ше. Сол ұрлықтың қалай болғанын түп-тұғиянына шейін қазбалап, анықтап алмайынша ол шіркініңде маза болмайды. Бұл тұрғыда бізден қайран жоғын өзі де сезеді білем. Кездейсоқ оқиға бала қалса, көбіне ауылдағы қатын-қалаштың аузын бағады. «Осы құрғырыңның басы-қасында әкем болмады ма екен» деп уайымдайды баяғы. Әйтеуір әкесіне деген күдігі күшті. Мұны әнеукүні өзі де ашық айтты ғой. Оның топшылауынша, Үркімбай әнебір жиіркенішті кәсібін қайта бастағалы жүр. Өйткені соңғы кезде алыс-алыс жақтарға ат сабылтып, ұзай салып, әлденеше күн бойы үй бетін көрмей кетіп жүрген көрінеді. Үйіне оқта-текте, оның өзінде қараңғы түсіп, көз байлана бір-ақ оралады. Қабағы түксиіп, айналасына түнере қарап, Бибісі кәрлен кесемен ұсынған қымызды үн-түнсіз ұзақ сораптап ішіп отырғаны. Айналасына «ләм-мим» деп сөз де қашырмайды. Пәленің бәрі оның осы үнсіз қалып танытуында жатыр-ау. Теңіздің дауыл алдында тынып қалатыны секілді. Әншейінде малдың жайын бір қайтара пысықтап алмайынша жастыққа басын да салмайтын. Енді онымен іс-місі болмай қалыпты. Сыр алдырмайын дегені ме... Сол күні... «қойкезекке» шығатын болып қалдық. Өріске шыққаннан кейін тұяқты малдың жаяу-жалпыға қайырым бермей кететіні белгілі. Қорыққа жуықтаса-ақ көздері жайнап, андағайлай лап беретін қой-ешкінің анаусын бір, мынаусын бір қайырам деп жүріп-ақ аяғыңнан тозарың бар. Апам осыны ойлап, «баламнан обал-ды» деп, мана таңертеңгілікте Үркімбайдың үйіне барған. Бір күн мініске атын берер деген. Қайда-ан, атын түсіп берер атымтай Жомартың ба еді ол!

— Мінем десеңдер, әне кер төбел биелерің жүр емес пе? — депті.

— Тәйірі, ол дегенің бүгін-ертең құлындағалы тұр емес пе? — Үркімбайдың жылқысы ішіне жіберген жар дегенде жалғыз бие (қасқа тай ғой, анадай күйге ұшырады) саусаң сүтін дауламадық, қанша дегенмен, аяқты мал, көз қырыңды сала жүр деп аманат еткен малымыз.

— Бүйткен ағайындығың бар болсын, — дейді апам бұл жолы қайнысына шын кейіп. — Бір күнге атыңның терін қимағаның не? Бір күн кезекте баламның таңы айырылуы қалып еді енді. Қоя-ақ қой, сен болмасаң өзгенің рақымы түсер.

Қой кезегіне Қаудыр атайдың мәстегі жарады. Өзі осындағы дүкенге келген екен. «Мен бірдеңе қылып жетермін. Кешкісін ұмытпай жеткізіп берсе болады-дағы» — деп жүре беріпті... Сол бір күн, неге екенін білмеймін, бір ғасырға созылғандай болды. Не де болса өтті де кетті. Кешкілікте қой кезектен шаршап шалдығып келіп отырған бетім еді. Қабыштың сап ете қалғаны. Апам, қанша дегенмен, оның келуін қос көрмеді. Әкесінің сөзін жыққан ызасы бар, тап қазір оның астын-үстін қаққылап бірқыдыру ұрыс салып жібергісі де келген. Бірақ,Қабыш оны елең-құлаң құрлы көрер емес. Саусақпен іліп мені тысқа шақырып кетті. Осынысының өзімен-ақ бір тығыз шаруасы барын аңғартқан. Екеуден — екеу қораның қараңғылау түкпіріне қарай беттеп келеміз. Ол біреу естіп қалмасын дегендей аса сақ, сыбырлап қана сөйлейді.

— Әкем ұры демеп пе едім...

— Иә, дегенсің.

— Десем — сол, соған тап бүгін көз жеткізетін боламыз. — Өзіне-өзі сенімді. Дәлелдері де нық секілді. Досымның ұзақ уақыт бойы «із кесуі» өзінің шырқау шегіне таяп та қалғаны белгілі болды. Қолын сермей түсіп, қызулана соны әңгімелеп кетті енді. Оның айтуынша, Қаудыр атайға торы мәстегін жеткізіп берудің өзі бұл мәселені біраз жеңілдетеді. Ол былай тұрсын, ауылдан «Таласөткелге» апарар осынау шаңдақ жол бізді көп күндер бойы тағатсыздана күткен үлкен оқиғаның тап үстінен түсірмек. Тек асығу керек. Қабыш тап осы қазір неге де болса бәс тігуге бар. Өзге балаларды ертіп жүруге тым кеш, жедеқабыл аттанып кеттік...

Өткел жаққа көсіктей танауын ұмсына төсеп жіберіп, әлсін-әлі оқыранумен тұрған мәстегіміз беліне біз қонған соң-ақ жүрісті үдетті. Әдепкідегідей жол жиегіне өскен шашыратқы басын жүре шалудан да тиылып, әлде түнге қарай салқын тартқан жер-көктің жайбағыс сәті денесін сергітті, әлде тұс-тұстан жамырап кеп құлаққа жебедей қадалар сансыз шек-шектің беймаза шырылы тынышын алды, әйтеуір қақ-соқпен ісі болмай лоқ-лоқ желді де отырды. Сәлден соң айнала-төңірек бозалаң тартты. Тек көкжиектен әрі асып жоғалған күннің аз-кем қызғылт нұры ғана бірен-саран шөккен бұлттың шет-пұшпағына жармасып жүр. Біраз жүргеннен кейін әлгіндей болмай, аспанның да сұры қашып, қарауытқан алыс-жақын шоқылардың біріне-бірі мінгесіп-ұшқасқан сөлекет зор көлеңкелері ғана қалды. Осы сапар Қабыш түйнемедей ғана қалқан құлақ баладан гөрі қылмыстыны іздеу мекемесінің кәнігі із кесушісіне көбірек ұқсап кетті. Қызыл шәпкілі ағайлардың қылмыс болған жерден көктен түсе ме, апырым-ау, ғайыптан пайда бола кететіні бар ғой. Қабыш та мені кенет... айран-асыр қалдырды.

— Атыңның тізгінін тарт, оңға... оңға қарай бұрыл, — дегені. Ол айтқан жерге де жетіп, қиыстай беруім мұң, ат ерінен сыпырыла түсе қалып, ат шашасынан асар көк шалғынды жапыра иек артпадағы шоқыдан әрмен асып жоғалды. Ол аз күттіріп барып оралды. Жерден жеті кесек алтын тауып алғаннан бетер, мәз-майрам өзі. Жырта қарыс жайылып кеткен езуін де жиып жатпады. Әлденеге көңілі тоқ. Сосын дем сәтте салмақтана қалды. Асықпай басып қасыма да келді.

— Олардың қулығы бұл арада түкке де аспайды. Мына шоқының астымен ескі сүрлеу сорабымен кетіпті. Мәшинелерінің ізін таныдым. Үйге бірер мәрте келген, — деп екі қолын беліне салып, маңыздана түсті. Оның бұл тоқмейіл кейпі менің есіме Қаудыр атайды түсіріп тұр. Қаудыр атай да бұл арада, сөз жоқ, насыбайын асықпай бір атып алып, алдағы болар істіің ау-жайын екшеп кетер еді. Қабыш та:

— Ым-м,- деді ойлана түсіп. Тұра қал, айтпадым ба, бұрынғы «кәмәндірімізге» тек форма жағы жетпей тұр. Әйтпесе бар ма... әйтпесе... Менде үн жоқ. Қыбыр етпей Қабыштың іс-қимылын бағамын. Ойын бөлгім жоқ оның. Атқа қамшыны баса түстім. Аздан соң өткел, сол тұстағы вагон-үйшіктің де нобайы көзге шалынды-ау. Төңірекке бұл кезде көзге түртсе көргісіз қараңғылық үйіріліп қалған. Тек әрідегі баған басына орнатылған электр шамының жарығы ғана бұл жерге еміс-еміс жетіп тұр. Енді көп болса екі-үш жүз қадам ғана жүрсек, Қаудыр атайдың үйіне де жетеміз. Бірақ осы қарға адым жер соншалықты ұзайды деп кім ойлапты... Алдыңғы бетке қарайлаумен келем. Қабыш айтқан әлгі бір «қызығы» түскірге шын-ақ аңсарым ауса қайтем. Осы кезде Қабыштың:

— Тс-с, осы арадан ұзама. Мен қазір… — дегенін ғана естіп үлгердім. Өзі тағы да қалың қау ішіне сіңіп жоғалды. Демімді ішіме тартып, мәстек торының үстінде мойынымды ішіме алып, бүкшиіп отырмын. Құдай-ай, енді не болар екен...Самаладай жарыққа жаңадан көзім үйреніп, бойымның дірілдегені аз-кем басылды-ау деген мәурітте алдыңғы бетке абайлап қана көз жүгірткенмін. Қайдан сап ете қалғанын білсем бүрге болайын, вагон-үйшіктің алдында серейген көлеңкелер ерсілі-қарсылы қайшыласты да кетті. Өзді-өзі самбырласып сөйлесуді айтасың, аяқтарын да еппен жымып басатын секілді. Тұп-тура табаным астындағы тірліктің айқай-шусыз тындырылып жатқаны көңіліме біртүрлі секем алдырды. Осыныңның өзінде бір «кәкір» бар-ау. Қабыш байғұс тектен-тек сүрлігіп жүр ғой деймісің.

Кенет... әлгі бір арбайған көлеңкелер бірімен-бірі бытыса мидай араласып кетті. Бұлар кімдер? Мәстекті былай қалдырып, әлі де жақындай түспекке оқталғанмын. Сөйттім де. Бірақ, қалың шілік арасын бұза-жарып өте беріп, біреу маңдайыма келдекпен бір пергендей қалта қарап тұрып қалдым. Тап ортада... әлгі көлеңке дегенім адамдар екен... адам болғанда... әне, қамшысын үйіріп, ызбарланып Үркімбай тұр. Осы кезде ол қамшысын өткелге қарай ілкі сілтеп қалып еді, әлгі көлеңкелер құнжыңдаса әлдене нәрсені жерден көтерісіп ала берді. Жердегі... аяқ-қолы матаулы Қаудыр атайды көргенде... Атайдың аузы-басын шүберекпен тұмшап тастапты. Бұлқынып, әлдене айтқысы келіп, басын кекжите бір жазылып, бір бүктетіліп иретіледі.

— Тоқта! Қимылдама! — Осылай деп құлағыма шалынған Қабыштың, көп жасағыр Қабыштың дауысы демеп-ақ жібергені, шілік арасынан атыла шықтым. Қабыш оң бүйірге жасырыныпты. Қаудыр атайдың қос ұңғылы құс мылтығы-қолында. Әлгі бір апас-қапаста тауып ала қойған ғой. Әдетте, атайдың құсатары дәйім өзі шығып тыныс алатын зәу терек түбіндегі өреде ілінулі тұратын. Айт-айтпа, бұл бізге едәуір күш берді. Үркімбай жағы-өзімен үш адам, табан астынан жағдай бұлай өзгеріп шыға келеді деген ой үш ұйықтаса түстеріне кірмеген болуы керек, тіл-жақтан айырылды да қалды. Орын-орнынан қозғалу былай тұрсын, маса шаққан жерлерін қасынуға да зар болды. Оған Қабыш дігерлеп, ерік берер емес.

— Қолдарыңды көтеріңдер, — тапалдау сары ілкі шегіншектей түсіп еді, жәпірейген баланың үні жарықшақтанып жаман қатты естілді. — Атамын! — Сөйтті де мылтықтың қос құлағын сарт-сұрт қайырып қойды. Анадай жерде Қаудыр атай... аяқ-қолы шандулы күйде жатып та, біз шынымен оқ шығарып жүрер деп қорықты ма,әлдене айтқысы келгендей әлсіз бұлқынды. Әрине, ондай зұлымдық мыналардың қолынан келгенмен, Қабыш... бара қоймас.

Бір заматта әлгі көлеңкенің (шын мәнінде адам емес, бары-жоғы көлеңке ғана) біреусі бері қарай бір басты, екі басты...

— Атамын! — Қабыш өзін біреу буындырғалы жатқандай жанұшыра айқайлап жіберді. Жағдайдың ойда жоқта өзі ойлағаннан өзгешелеу сипат алуы оны шын састырайын деді. «Ойбай-ау, мәстек қайда? Басыма ерік тигені рас па, жоқ па дегендей жамандатқырдың қай жағына шығып кеткенін...» Мені де белгісіз бір үрей иектей бастаған. Үркімбай дегенің шынашақтай баладан қыңатын емес. Мылтықты оның қолынан жұлып алғалы өңмеңдей ұмтылып келеді. Қабышымыздың жағдайы шын қиындайын деді. Сасқаны болар, шегіншектей беріп, мұны өзі де аңдамай қалды, «атамын» деді біртүрлі жыламсырағандай бәсең дауыспен.

— Атсаң, өз әкеңмін. Қолыңды қақпаймын, — Осылай деп күңгір-күңгір дауысы ғана естіліп, Қабыштың әкесі үңірейген ұңғы ауызына сәт сайын таяй түсті. Төңіректің бәрі тұманытып кетті... күңгір-күңгір... бейне бір мына дүние әншейін түбі жоқ дүңгіршекке ұқсайды... Үркімбай да үңгір... сәлден соң шығар ауыз қылта-мылтық ауызына, ұңғысына келіп бір-ақ тірелетіндей...

Көзім алдында Қабыш Қабыш емес, жойқын күшпен ақтарыла бұрқап тасып-төгіліп келіп қалған қара тасқын-сел өтінде жападан-жалғыз ербиіп қалып қойған балаң шынар. Соның өзінде табиғат сұрапылына жөпелдемеде ырық бермес таңғажайып тегеурінділік, алғаусыз сенім көрем бойынан. Шынар, жар түбін емексіте үйіріп арқырай ағар тау селінің талайын бастан өткерген тәкаппар шынар, ендігі оның діңі қатайып, қандай бір қанқұйлы тасқынға да шыдас берердей тұрпатын көрсең сен оның!.. Үркімбай-жансыз қоңырау күңгірлеп тіпті таяқ тастам ғана жерде тұрды... Манағы бір әзірдегідей емес, Қабыштың да дауысы тың, зәрлі шықты бұл жолы...

— Атамын! Кет, зұлым! Әкем емессің...

Сонша болмады, мылтық гүрс етті... Үркімбай аяғынан әл кетіп, шөкелеп отыра кеткен. Қарасұр жүзін жуып айғыз-айғыз қан тарамдалар, сөйтіп, жер басып жүруіне мына ақ жайнақ дүниенің бір күндік сәуле, жарығы да бұйырмай, шалқалай барып құлар, сол күйі қара тасқа да айналар... деп күткенмін. Несін жасырайын, тәңірден де жалбарына сұрап, солай етуін тіледім. Бірақ не құдыреті барын, мылтық ұңғысынан түтін де көрінбеді, Қабыштың қолы шүріппеге енді ілінген беті екен, іле тартып ала қойып, өзі де не болып қалғанына түсінбей аң-таң күйде тұр. Осыны күткендей, қалың ағаш арасынан ер тұлғалы, тығыншықтай, сыптай тартылған бір сымбатты жігіт бері шығып, «бұл мен ғой» дегендей аз бөгелді де:

— Қаруларыңды тастауды бұйырамын! — деді мейлінше анық, нығарлай сөйлеп. Қабыш әлі атылып үлгермеген мылтығын анадай жерге лақтырып тастап, ізінше ағаш арасына сіңіп көрінбей кетті. Оның тағы да борша-боршасы шығып жылауға кеткенін тұспалдаймын. Ех, Қабыш-ай, тағдырың қандай ауыр... Сенің алдағы өміріңді ойлап, қабырғам қайысады ғой менің де. Жыла, көз жасы — ем, жан дерті дыммен кетер деседі ғой. Жігіттің көз жасын ешкімге көрсетпегені де бір ерлік-ау... Ғайыптан пайда болған тұлғалы ер кісінің жарыққа таяп келгенде әскери адам екенін, анау-мынау емес капитан екенін білдік. Ол қысқа да нық бұйрық беру арқылы үш бұзақының қолдарын желкелеріне қойып, жарыққа таман шөкелеп отыруларын талап етті, жалғыз өзі-ақ оларды тырп еткізбей қолдарын арттарына қайырып, матастыра байлап тастады.

Бұзақылардың тұтқынынан босанған бетте Қаудыр атай үстінің шаңын асықпай қақты, сонан соң жәйімен бие арқандауға жөнелген кісідей-ақ бір басып, екі басып келді де, сұрлана түтігіп, шөкелей отырып қалған Үркімбайдың бұжыр бетіне баптап тұрып бір түкірді:

— Қарабет! — Сол, сол, жаңа келген жасамыс жігіт екеуі біріне-бірі ұмтылыса келіп, ыстық қауышты. Бұл келген, кейіннен білдік, атайдың ұзақ мерзімді әскери қызметтегі ұлы капитан Құрамыс болып шықты.

ҮІІІ

... Бұдан кейін не болғанын өздеріңіздің де іштеріңіз сезетін болар, Үркімбай бірден қамаққа алынды. Ұзамай алыс қалалардың біріне жазасын өтеуге кетіп тынды. «Мың асқанға-бір тосқан» деген осы. Сыбайлас серіктерімен ұрлықтарына бірден-бір куә- Қаудыр атайды аяқ-қолы матаулы күйінде иірімге бір атып жүре бермек екен. Оның үстіне үсті березентпен жабылған тіркемелі мәшинеге жеті бас жылқы, отыз-қырықтай уақ мал тиеп алғаны мәлім болды. Бұл жылқылардың ішінде, бір сұмдығы, біздің бүгін-ертең құлындағалы тұрған кер төбел биеміз де бар еді. ... Совхоздың орталық клубында соты өтісімен Үркімбайдың бар малы тәркіленіп (оның ішінде бірлі-жарымының иесі осы өзіміздің ауылдан шығып, малын жазбай танып, таң-тамаша қалысқандар да жоқ емес), үйінен береке кетті. Бибі қалған мал-мүлікті жиып-теріп, Қазықұрт жағындағы төркініне көшті. Орзаны да, оның шойындай қара сіңлісін де (Үркімбайдың үлкен қызының қызы ол да), Қабышты да, нағашылары өз қолдарына алды. Үркімбайдың үйі көшетін күні нағашылары да келіп, ауыл-аймаққа құдайы тамақ таратқан. Қабыш пора-порасы шығып жылап жүр. Ал әлгі екі қыздың ойларына ештеме кіріп-шығатын емес. «Біз енді қалада тұратын боламыз. Ауылдың несі жақсы...» деп бірінен-бірі өтердей сыпсыңдасады келіп. Жаны мұрнының ұшына келіп дызалақтаумен жүрген Қабыш қана. Сөйтіп жүріп, Қайнекейге бір қалта асығын, маған сынық көз дүрбісін, алмасымызға қоймай тықпалайды: «достығымыздың естелігі болсын...» Сөйткен Қабышымыз бізбен қимай-қимай қоштасып кете барды емес пе? Бәріне кінәлі — Үркімбай. Оның арамдықпен, ашкөздікпен жиған дүниесі өзі қазған, түптің түбінде өзі түсетін орға, ақыры, алып барды. Сөйтсек, ауылдағы жалғызаяқ ұры да сол. Ауыл-үй, тіпті аяқ-табағы араласып отырған көрші-қолаңның малын да жымын білдірмей жытырумен келген... Қасқа тайды қасапқа жығып, қазанын толтырып алудан айылын жимағасын не жорық! Әлтайдың «Тоқайбұққанды» маңайлаған мал кері қайтпайды, алқаптың киесі ұрады» дегені де бекер сөз болып шықты. Сол тұстан Үркімбайдың ірілі-уақты ұрлықы малды тіздеп ұстайтын үңгірі табылыпты. Ол осында ел аяғы басылғанша сағаттап, тіпті тәулік бойына нәр сызбай, «оңай олжасын» жайғап отыра береді екен. ... Алыс-алыс қолаттан құмығып жеткендей қасқа тайдың қоңыраулы үнін құлағым шалғандай болған: дұрысы, сол бір бал дәурен балалығыммен біржола біте қайнасып кеткен күмбір-күмбір кісінеген құла қасқаның... қылықты әмбесі, сәмбідей тұрқы көз алдыма қайыра үйіріле берген... ... Солай... Қабыштың бізбен бір ғана жазды бірге өткізуді пешенесіне жазыпты. Сол бір жаз... балалығымыздың кермек дәміндей таңдайымызда қалыпты... ... Қош бол, Қабыш... Сенің адал дос, сенімді серік бола алғаныңды өмір бойына ұмытпаймыз ғой...Егер, егер сен әкеңе, Үркімбайға тартып туғаныңда бәрі де басқаша болар ма еді. Бірақ сенің әкеңе тартып тумағаныңның өзі қандай жақсы.

ҮЛКЕН ҮЙ

Түгіскен-Тоғызкент Асқар таулардан басын алып қазақ даласын қақ жара ағар қай-қай өзеннің де сиыр құйымшақтанып барып, құм шабырларына тарамдалып сіңіп түгесілер, суын әбден сарқып түгіскен жері — Түгіскені болатыны анық. Еліміз аумағында сонымен байланысты жер атаулары да көптеп кездеседі. Мысалы, Сарысудың Түгіскені — Жаңарқаның Жеңісінде, Ақүйіктің Түгіскені — Жаңақорған жерінде (осында аса ірі «Түгіскен» кеншары да болды), Жемнің Түгіскені — Байғанин ауданының аумағында. Басқа да майда түгіскендер жетерлік. Ал Таластың, Асаның Түгіскенінде — осы аттас ауыл да бар еді. Сарысу ауданының құрамындағы бұл ауыл бүгінде «Тоғызкент» аталады. Ауыл атауының бұлайша өзгертілуін құптайтындар да бар, құптамайтын, оның тарихын бұрмалап сан-саққа жүгіртушілер де бар. Ал шын мәнінде, бұл маңның Түгіскен деп те, Тоғызкент деп те аталуына тарихи негіз жоқ емес. Олай болатыны.... Орта ғасырдың XІ-XІІ жүзжылдықтарында оңтүстік өңірде, Дешті-Қыпшақ даласына әр, тірлігіне нәр берген атақты Інжу өзені (Сырдарияың көне атауы) Хорезм алабының да өн бойына қан жүгіртіп жатыпты... Осы Інжу өзенінің солтүстік шығысындағы кең жазық Түгіскен алқабы деп те аталған дейді көне көздер. Ондағы Жібек жолы, Хан жолы, Жау жолы бастары Түгіскенде түйіскен ірілі уақыты тоғыз қорған, кенттер болған. Олар атақты Отырар мен оның серіктері Жауһар, Бесік, Оқсыз, Балтакөл, Келінтөбе, Мейрамқала, Құмкент, Қарааспан кенттері еді. Замана зейілі, зұлматымен осы қорған — кенттер жермен жексен етілді. Біразының орнын табу да қиын бүгінде. Дегенмен, Түгіскен алқабында қазақтың айбынын асқақтатар тоғыз кенттің болғанына тақсыр тарихтың өзі куәгерлік те етеді. Тоғыз бірдей кентіміздің ескерткішіндей Түгіскен ауылы атауының Тоғызкентке өзгертілуі тарихқа соншалықты қиянат болмас. Атының онсыз да көп Түгіскендермен шатастырылмауына себі тиеді. Кеңестік кезеңде «Асыл тұқымды қой зауыты», қазір акционерлік қоғам мәртебесіне ие болып отырған Түгіскен — Тоғызкент ауылы нарыққа өтпелі кезеңнің аласапыранынан да іргесін қозғалтпады. Қазір де шаруалары шайқалмаған, туырлығы тұтас күйінде отыр. Күнкөріс көзі қораларындағы малының тұқымын үзбеді. Қайта еселеп көбейтті. Қазір өріске әр ауладан жүздеп мал өреді. Ауыл бақуатты, тоқ пейілмен қарайды. Мұнда қазір де үш мыңдай түтін бар. Партком хатшысы Оспан Тәттібаев, бас есепші Айдан Налеков, экономист Битан Тоқабаев, совхоз директоры Сейтжан Тасыбаев, бас агроном Жамат Төребеков, бас зоотехник Нұралы Мәдіомаров, бас веттехник Жолдыбай Ысқақов, бас инженер Сағымбек Байназаров, ұзақ жыл сауда саласында басшы қызметтерде болған Мырзаш (Мырзақожа) Жораев (ұлы Сағат Мырзашев бүгінде М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде факультет деканы, техника ғылымдарының докторы, профессор), пошта бастығы Тазабек Майыров (оның ұлы Жансерік бүгінде осы акционерлік қоғамның президенті), кассир Қойлыбай Қалышев, мектеп шеберханасының меңгерушісі Шорабек Қалдыбеков (үлкен ұлы Рәпілбек Тараздағы ғылыми-жобалау институтының бас маманы, екінші ұлы өзінің орнын басты — мектепте еңбек пәнінің мұғалімі), Түгіскеннен шыққан 12 Еңбек Ерінің үлгі-ісін жасампаздықпен жаңғырта жалғастырған шопандар Ленин орденді Керімбай Мәжінов, Тұрар Сәдібаев, Назымбек Дүйсенов, Саттар Құрманқұлов, түйеші Сұлтан Сағымбеков, жылқышы Аманбек Сыпабеков, сондай-ақ жұмысшылар кооперациясының төрағасы болған Қыздарбек Көпбаев, Аптабек Ахметов басқа да көптеген ғұмыры ғибратқа толы ардақты асыл азаматтар бір кездері бұл ауылдың уығын шаншып, шаңырағын көтерісіп, әл-ауқатын түзеп беріп кеткен еді. Олар өздеріне сеніп тапсырылған істі майда-шүйде деп қарамай, жауапкершілікті сезіне арға адалдықпен еңбек қылды, ауылдың бірісін-екі етті, ортақ игілікті еселеп үстей берді. Мал басын 70 мыңға жеткізіп, Түгіскенді «құм ішіндегі қалашыққа» да айналдырды. Олардың ұрпақтары қазір де ауылдың көсегесін көгертіп отыр. Түгіскен тарихының бір иініндегі осынау бір өрлеу кезеңінің — ұлағат-өнеге уақытының көзі тірі куәгері, ардагер аға Сейтжан Тасыбаевтың айтары мол.... Ұзақ жылдар бойы Түгіскен орта мектебіне басшылық еткен, аймақтағы осы саланың ізашарларының бірі, орысша сауатты жан-жақты білімді ауыл зиялысы Әбдіғазит Жылқыайдаровтың ұрпақ тәрбиелеу ісінде қалдырған ізі, ұлағаты ересен еді. Оның алдын көрген шәкірттері Түгіскенді талай жерге танытты. Тұлғалардың бірін-бірі тануы өмірдің заңдылығы да ма екен. Әбекең де Айдакеңмен жан қиысар досы болды. Ойық руынан тарайтын совхоз парторогы болған Оспан Тәттібаев та осы естелік жазбамыздың қағаз бетіне түсірілуіне бірден-бір себепкер Айдаекеңнің сенімді достарының бірі еді. Әсіресе, Зәурекүл апаны «қарындасым» деп іш тартып, өле-өлгенше етене қарым-қатынаста болды. Әбдіғази, Оспан, Айдан, Битан аталардың төртеуі де үзеңгілес, қызметтес қана болып қоймай, отбасы-ошақ қасы тәрбиесін де үндестіріп, бірінің үлгісін біріне жұғысты етісіп, өнегелі өмір кешкен нар тұлғалар еді. Алатаудың алыстаған құрлы асқақтай түсетіні секілді олардың елге сіңірген еңбегі, өнеге тағылымы ешқашан ескірмек емес. Осекеңнің де, Биекеңнің де, Айдакеңнің де ұрпақтары өсіп-өнген, өркендеген әулеттерге де айналды бүгінде. Айдакең демекші.... Жазылар естелік — жазбамыздың негізгі тіні, өрмегі де осы кісінің — Түгіскен-Тоғызкент ауылының бір ардақты арысының өмір жолы, отбасы - ортасы ауқымында өрбімек.....

Айдан көке Талас бойын жайлаған елдің еңсесін тіктеп, соғыс ауыртпалығын еңсеруге атсалысқан азаматтарының тұтас бір буынының ауызында — Айдан көке. Көзкөргендер Айдакеңнің жетім-жесірге — пана, кішіге — қамқор аға, үлкенге — ізетті іні, қандай істің де көзін таба білетін, батыл да турашыл, намысқой, жайсаң да жомарт кісі болғанын аңызға бергісіз ғып айтады әлі де. Ауылдастарым да айтқыш-ақ қой! «Бір емес, бірнеше совхозда бас есепші болды. Қашан көрсең де қалтасында мыс-мыс ақша жүретін. Есепке, шотқа жүйрік еді жарықтық!» — деді бірі. «Бір әулеттен қалған жалғыз тұяқ еді — жетілді, жапырақ жайды..» — деді екіншісі. Ал үшіншісі... «Жақсының аты өлмейді» деген сөз, тегі, рас. Айдан көке өмірден өткелі бері арада бірнеше ондаған жылдар өтсе де, көзін көрген замандас — тұстастарының, алдын көріп, тәлім-тәрбие алып, қамқорлығына бөленген, кезінде түрлі деңгейде басшылық қызметте болып, бүгінде зейнетке шыққан іні-әріптестерінің жүрек түпкіріндегі өзіне — абыз-досқа-ақылшы-ағаға деген құрмет сезімдері бір суымай-ақ келеді. Айдан көке бейнесі олардың көздерінен кетсе де, көңілдерінен кетпестей болып бедерленіп қалған. Кезінде Қазақстан КП Орталық Комитетінің мүшесі, Қордай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, партия және кеңес органдарында көптеген жауапты қызметтер атқарған, ҚР-ы еңбек сіңірген қызметкері, қоғам қайраткері Берден Байқошқаров алғашқы еңбек жолын Айдакеңмен бірге бастаған екен.

— Мен Айдакеңмен «Ойық» совхозында бірге жұмыс істедім. Ол кісі өжет те өткір, батыл, бетің бар, жүзің бар демей тік сөйлейтін, турашыл, адал, ақкөңіл, адамгершілігі зор, іске өте қабылетті, жігерлі еді. Ол кезде мен темекі шекпеуші едім. Ал Айдакеңнің болса «Беломор» папиросы езуінен бір түспейтін. Неге екенін өзім де білмеймін, ол кісіге қатты еліктеуші едім. Сол кісіге үнемі ұқсағым келеді де тұратын. Мықты кісілер темекі тартады екен ғой, деп ол кісінің «Беломорынан» білдірмей бірер талын жымқырып кетіп, темекі шегуді үйрене де бастадым. Сөйтіп әмбебаб шылымқор болып кеттім. Балалық па, ол арасын білмедім...

Айдакеңнің білімі, әсіресе елді басқару, ұйымдастыру қабілеті аса зор еді. Бір совхозды алақанында ұстауға қабілеті қапта жететұғын. Бірақ карьера (мансап) қумады. Бір емес, қатарынан бірнеше совхозға бас есепші бола алатын еді. Бірақ дүние қумады. (Бары-жоғы — халыққа адал қызмет етті, — дейді ол кісі ерекше толғанып. “Жақсы адамның соңынан «шу еретіні» белгілі”. Кезінде Айдан көкенің де үстінен домалақ арыз жазылып, Мәскеуден арнайы тексерушілер келіп, түк таппай, керісінше «Қолдау көрсетілсе, республиканың қаржы саласы жүйесіне де көптеген жаңалықтар енгізер еді-ау» деп есеп ісіне жүйрік, терең білімдар азаматтың қиян түкпірдегі ауылда елеусіз жүргеніне өкіне бас шайқасып, қабылет қарымын мойындап кеткені де ел жадында. Шынында да ол кезде аудан, облыстан Ресей жоғары оқу орнын бітірген орысша сауатты мамандарды қолыңа шам алып іздеп таба алмайтынсың. Бір ғұлама айтқандай, «ұзақ өмір дегеніңіздің өзі — мың-сан ұсақ детальдардың жиынтығы». Өмір — осындай мағыналы мезеттерінің мейлінше көп болуымен де өмір. Айдакеңнің жан дүниесінің ашылмаған қырлары да, елге, қоғамға берері де көп еді... Есіл ер ғұмыры жер ортада үзілді. Ол кісінің «мәңгілікке өзімен бірге кеткен нәзік жанын» кім түсінер? Бірде жансыз бейнесіне, көзкөргендер әңгімелерінің ауанына қарап, ұл-қыздарының бойындағы өнеге-тәлімнің түп-тамырын қуалай өзім бұрын көрмеген адамның мінез-болмысын ойша сомдамақ болдым... Сол сол-ақ екен, өткен күннің еміс-еміс елестері көз алдыма үйірілді. ... Сейіттер әу басынан-ақ ұйымшыл-ды. Олар бір кезде Үшарал ауылының бір бөлімшесі — Бозарықта ұйысып отырды. Бертінде Түгіскен ауылының негізін қалап, уығын шаншып, шаңырағын көтеріскен де солар. Ақкесене, Көккесене маңындағы жоңғарлармен сандаған қақтығыстарда елі, жері үшін арыстанша арпалысып, алмастай серпілген ардақты ер Топы батыр да ошақтының осы Сейіт атасынан шыққан еді. Жау найзасы бүйірінен тиіп, белін опырып кеткенде де міз бақпапты. Сол алған жарақатынан көп қиналып, бір жаз, бір қысты өткеріп барып дүниеден озыпты жарықтық. Ерлігін Ахмет қарт елге, ұрпаққа үлгі етіп, жырдай қып айтып отырушы еді. Әділбек батырдың өткір айбалтасымен қақ маңдайға қадай ұрып, сол кезде малға, жанға шауып үрей туғызумен болған үйелмендей шері — азулы жолбарысты қалай сұлатқаны, Иманбек, Налек, Дәуіт үшеуінің қырғыз асып, масақ теріп қайтып, Сейіт ауылын бір жаз, бір қыс асырап сақтағаны да ел жадында. Әлгі үшеудің бұл қылығын қырғыздар жағы ұната қоймайды. Содан да қитығып, масақ теруге бойы төбедей шоң қырғызды күресте жеңсеңдер ғана рұхсат береміз деп шарт та қояды. Сонда ортаға белсеніп Налек шығыпты. Бойы тәпелтектеу, төртпақ келген кісі екен. Ә дегенде-ақ шоң қырғыздың тілерсегінен ала толайым көтеріп, басынан айналдырып келіп, жерге қайта тікесінен тік қойғанында, әлгінің табан сүйегі үгіліп кеткен ғой. «Налек, міне, осындай белді балуан болған еді. Есіміне Қаратаудың теріскейі түгел қанық еді» деседі ел. Одан бері де не қилы заман өтті емес пе?... ...Атышулы 32 жылдың аштығы Нәлек үйінің шаңырағын ортасына түсіріп кетті. Әке-шешесінен, екі бірдей үйелмелі-сүйелмелі қарындасынан айырылған он жасар Айдан, ошақты руының Сейіт атасынан тарап, Байсейіт, Итемген – Қалет – Дүйсен – Ботбай – Байдалы - Нәлекке ұласқан ұрпақ сабақтастығын одан әрі жалғар ұл – бір түйір қан, жалғыз тамшы замана желінің өтінде үзілер-үзілмес діріл қақты... Сол тұста... Нәлектің ағасы Әділбектің әйелі Гүлбаһрам аналық махаббат-мейірімімен шарпыды. Мұны қызы Мөржаннан да артық көрді. Байдалы әулетінен қалған жалғыз еркеккіндік болғандықтан ба, тіпті ұрпақ сабақтастығы үзілмеуі жолында ұлы іс тындырдым деп міндетсінбеген күйі жалғыз қарадан тараған немере-шөберелерінің ортасында ақар-шақар, шалқып өмір сүріп, бертінде жасы 90-ға таяп, дүниеден озды жарықтық. Ұлықтасақ осындай аналарды ұлықтайық! Осындай ақылман анадан Айданның да алғаны көп-ті. Күндіз колхоз жұмысы діңкелетсе де, үйіне отын арқалап оралатын, қос қарғасын айналып-толғанып, барын ауызына тосып түн ұйқысын төрт бөлетін, жесірліктің қамытын мойнына жүктеп етегі — елпі, жеңі — желпі тірлік кешкен қайран Ана! Бұл кезде Айдан да анасына қолқанатқа жарап қалған-ды. Жетімдіктің жер-жебірі, жекен-суына жетер өксігі оның да өзегін шоқтай күйдіріп өтетін. «Ана, ауызыңды аққа жарытамын әлі» дейтін сонда анасының етегіне басын қойып еркелеп. Бұл — оның өзіне-өзі берген серті екен. Ұзамай-ақ колхоз ісінің не бітпейтін, не қоймайтын тірлігінің тертесіне жегіліп, өмір-өзеннің иіріміне араласып, толқыны үстінде қан көбелек ойнап кете барды... Арнайы бухгалтерлік курсты оқып, бітіріп, аудан орталығы Ақкөлдегі банкке қызметке кірген. Ұзамай батыста соғыс өрті бұрқ ете түсті. Ер-азаматтар Отан қорғауға бірінен соң бірі аттанып жатты. Әскерге шақырылу кезегі Айданға да жеткен. Сондағы Гүлбаһрам ананың күңіренгені, сай-сүйегіңді сырқыратардай зары-ай. Тумаса да туғандай болып, бауыр басып кеткен, бетіне қараған жалғыз ұлды көрінеу майданға – ажал өтіне аттандыруға көзі қимады. Кәдімгідей дауыс салып жылады. Соғыс комиссариатына ілесе барғанда да жалғыз ұлға ара-тұра алмады. Ұлының «Апа, қорықпа, жалғыздың жары — Құдай, мені оқ алмайды, аман-сау ораламын» деген бір ауыз демеу сөзі сеп болды қайта. Кәдімгідей естияр тартып қалыпты өзі. Етегіне жармасып шыр-шыр еткен қызы Мөржанға да қарамай, Айданды құшағына қысып бетінен сүйіп босатпай ұзақ тұрды... Ұлы қырдағы қара жолға түсіп ширақ адымдап бара жатты сәлден соң. Ананың қолқа-жүрегі сонымен қоса суырылғандай көкірек тұсы ашып, бір уыс болып бүктетіліп шөкелеп отырып қалды. «Аман қайт, жарығым» деді өзіне ғана естілердей күбірлеп. Осы күннен бастап Гүлбаһрам апаның бар тілеуі жалғыз ұлдың үстінде болған еді. Ана ұлын күнде жолына қарап, артық-кемі жоқ үш жыл күтті. Үш жыл бойы майдан мен тыл арасын үшкіл хаттар жалғастырып тұрды. Мұндай хат келсе, оны кешкісін май шамның жарығымен Мөржан мәнерлеп тұрып оқып береді... «Е, жарығым, аман-сау жүр екенсің ғой» — дейді ана жүрегі елжіреп. Бірде Айдан хатында: «Апа, жауды жеңеміз! Әнеукүні фашистің бір «Мессершмиді» бір батальон әскерді бас көтертпей бомбалап, қайта-қайта айналып соғып, әлек-шәлегімізді шығарғаны бар емес пе? Өзіңіз білесіз, мергендігімнің барын, әлгі сұмырай оқ жетер жерге жақын келеді кейде. Қапысын тауып ұшқышын атып өлтіріп, жер қаптырдым. Бұл үшін маған «медаль берді» деп жазыпты... Айдан көке арнайы кіші командирлер даярлайтын курсты бітіріп, аға сержант шенін алып, саперлер бөлімшесін де басқарыпты. Талай рет басқыншылармен бетпе-бет соғысуына да тура келген. Осындай бір шайқас кезінде сол қолына оқ тиіп ауыр жараланып, госпитальдан бір-ақ шығыпты. Кешікпей мүгедек деп танылып, туған ауылы Түгіскенге оралады. Омырауы орден, медальге толы жаяу жауынгерді Ақсайдың етегінде күллі ауыл тайлы-таяғымен алдынан шығып қарсы алып еді. Алқалы топтың алдында Гүлбаһрам ана бақыттан жүзі бал-бұл жанып, қуаныш жасы алқымын жуып «өшкенім жанды, өлгенім тірілді!» деп күбірлеп тұрды. Бақытты, бейбіт, мәміражай күндер әлі алда еді... Бұдан әрі... бұдан әрі Айдакеңнің аңыз-ғұмыры басталады. Мамандығы бойынша өз ауылында біраз жыл қызмет еткен бозым жігіт білім жетілдіру мақсатымен Ресейдің Саратов қаласындағы ауыл-шаруашылығы институты бухгалтерлік-есеп факультетіне оқуға түсіп, оны 1950-ші жылы бітіріп шығады. Ол кісінің өмірлік бағдар-мақсатын әбден айқындап, ойға алған шаруасын түгел ұршықша үйіре, өмірлік азық боларлық мамандықты жетік меңгеріп, өз қолы өз аузына жеткенде барып бір-ақ бас құрауының өзі тағылым аларлық іс. Бұйрық солай болды ма, әлде таңдауы басқа емес, біржағы өзіне жеңге болып келетін, ері соғыстан оралмаған елі ойық Сәрсенкүл Сыдыманқызының (қыздары Ырысалды, Сәулелерден немере, шөбере көріп бертінде дүниеден озды, аздап тәуіпшілдігі де бар еді жарықтықтың) үйіне қыдырыстап келген қарақат көз, мойыл шаш, айдай аруға түскенін айтсаңызшы! Салған жерден сөзі өтетін жеңгесіне «Сіңліңе көңілім қатты ауып қалды. Өзгесін өзің реттерсің» деп наз білдіріп, қолқа да салған көрінеді. Қыз да бұған кет әрі емес екен. Ақыры қос жүрек жарасып тынды. Ұлының қанды қырғыннан аман-сау қайтқанының өзіне «шүкіршілік» етіп, әлі-ақ бір шүйкебастың кезі келер деп тоқмейіл күй танытып, бір жағы жөргек исін аңсаумен жүрген Гүлбаһрам әженің осылай бір-ақ күнде құдай тілеуін де берген-ді. Көп өтпей Айдан көке мен Зәурекүл шаңырағында іңгәлап алғашқы сәби өмірге келді. Жылдар өте келе үбірлі-шүбірлі отбасына да айналды... Айдакең іштей «соғыста осылардың күлкісі, қуаныш-шаттығы үшін қан кештік қой» деп алып, бір жағы айрықша балажандығы да бар, совхоздағы қат-қабат жұмысы қатар келіп, мойын бұруына шамасын келтірітпей жатқан күннің өзінде ұл-қыздары үшін уақыт табатын. Шаңырақтағы он бір ұл-қыздың бабын табу, не қаласа соны орындау үшін де кемі жарты күнің кетіп қалады емес пе? Айдакең жұмысына жарты сағатқа болса да не кешікпей, не ерте шықпай-ақ совхоз шаруасын жапырып жүріп-ақ, бар ғұмырын балаларына арнап, сәуесін түсіріп, көлеңкесімен қорғап өтіпті. Біреуін қызмет мәшинесін жіберіп, қыдыртып, екіншісіне қолынан жетектеп жүріп балмұздақ, мұз кәмпит әперіп, үшіншісінің үйде сабақ әзірлеуіне көмектесіп, төртіншісін оқытып, жоғары білім әперіп, балаларының үйде де, түзде де жағдайын жасаумен болған секілді. Бір қарағанда, екі қолы бос зейнеткер кісінің өзінің зәуінде қолынан келе бермес жанкешті іс бұл. Әлдене жайды күні бұрын сезіп, бәріне үлгеріп қалуға асыққаны ма екен, әлде... Ел тұрмысы жүдеу сол бір кездің өзінде-ақ өзі жобасын сызып беріп, батареямен іштен жылытылатын ас үйі, жатын және балалар бөлмелері, залы, өзімен жалғас жазғы үйі, моншасы, жер қазбасы (погреб), отынханасы бар елде жоқ еңселі үй тұрғызуы да сол балаларының қамы, солардың тәрбиелі болуына, жақсы білім алуына жағдай жасауы секілді. Соңыра бұл үй бір емес, бірнеше отбасы балаларының жылы ұясына айналды. Айдакеңнің он бір ұл-қызының қатарын соғыс жесірі Сәрсенкүл апаның, бірер аталас ағайынның ұл-қыздары толықтырып, бес-он жыл бойы бір аяқтан ас ішіп, бір көрпенің астынан өрген күндері де болды. Айдакең мен Зәурекүлдің кең құшағына бас-аяғы 20 ұл-қыз сиыпты. Барлығын да «басы қараның бәрі игі» деп бауырларына баса беріпті... Барлығы да Гүлбаһрам әжелерінің тәрбиесін көріп, ертегісін тыңдап, тай-құлындай тебісіп, тату әрі көпшіл болып өсіп, онжылдықты бітіргеннен кейін әр тараптан бұйырған нәсібелерін іздеп кетіпті. Гүлбаһрам әженің «бала бақшасының» тәрбиеленушілері «көп ұлтты» болуын ескерді ме, Айдакең бірде сол тұста Түгіскенге ауып келген жағдайсыз грек отбасының алты баласының бірі — Коляны жетектеп әкеліп қосты да жіберді... Сол Коля онжылдықты бітіргенше осы үйде өсіпті. Соңыра Айдакең оны оқытып, жүргізушілік куәлік әперіп совхоз басшыларының біріне шоферлыққа жұмысқа алып, оның отбасына да кетер-кеткенше көмек көрсетіп тұрған. Кейін келе үйлі-баранды болып отбасы жағдайымен қалаға көшіп кеткенше қарым-қатынасын үзбейді. Қалааралық рейстегі күнделікті қатынап тұратын «Икарус» автобусын жүргізіп, Түгіскенге әр келгенінде өскен ұясының төрінде емін-еркін аунап-қунап жатып кетіп жүрді... Айдакең қалаға қызмет бабымен бір барғанында бір жалғызілікті қарт кісімен кездесіп танысып қалады. Оның кемтарлығына, тұрмысы төмендігіне байланысты оқу жасындағы қызын да дұрыстап оқыта алмай жүргенін естігенде жаны шыдап тұра алмаған ғой. Әлгі баланы өз қолына алып, бар жағдайын жасап, ауылда оқытып, онжылдықты бітіртіп, кейін жоғары оқу орнына түсуіне де көмек көрсетіпті. Неткен мырза көңіл, мәрт мінез десеңізші! Әрине, ол кезде тым құрыса совхоз директоры да емес, бас есепшінің қолында қайбір құзырет бар дейсің. Бірақ табыссыз болмағаны анық. Оның өз отбасындағы 13-14 адамнан артылғанын шашып-төгіп, тағы да осыншама жанның тамағын тоқ, көйлегін көк етуге жұмсаудың өзі екінің бірінің қолынан келе бере ме? «Сұңқардың жемтігін шашып жейтіні» секілді мәрттігі ғой баяғы! Айдакеңнің құралайды көзге атқан мерген болғаны да белгілі. Содан да құс атуға жиі шығып тұрыпты. Бірде-бір рет қанжығасы құр қайтқан жері және жоқ көрінеді. Бір барып-қайтқанының өзінде 50-60-тай қырғауыл атып түсіріп, соның бәрін ауылға кіргеннен-ақ шетінен сауғаға таратып беріп, үйіне құр қол қайтады екен. Күні бойы сол ауылдастары құс етіне жерігін бассын деп, сыз кешіп, су жалдап ақ тер, көк тері шығып жүретін болғаны ғой! Гүлбаһрам әженің тәрбиесін көріп өскендер — қазір де бауырына бір ауыл сиған үлкен үй — қарашаңыраққа жиі ат ізін салып тұрады... Олардың барлығы да қазақы тәлім алып, әже тәрбиесін көріп өсті. Осындай тәрбие-тәлімі Айдекеңе жиеншар Ділмұратты да шарпыған секілді. Ол баяғы Мөржан апаның қызы Мәриямның (Әшіркүл) баласы ғой. Өзбекстанның Ташкент облысында туып-өсіп, бүкіл саналы ғұмырын сонда өткізсе де оның да Түгіскен ауылы, Айдекеңнің ақар-шақар шаңырағында болған күндері әлі де бір бүйірін жылыфтумен жүр екен. Бүгінде дәрігер болып қызмет етеді.

— Әлі есімде. 1982 жылы жаз айында әжем төркіндеп келіп, екеуміз Зәуре апаның үйінде үш ай жаттық. Нағашыларым Ғалым, Бейбітттермен тез тіл табысып, шүйіркелесіп те кеттік. Біз күнбе-күн ауыл сыртында қозы бағып, суға түсіп, құмға қызыдырынып жататынбыз. Ал кешкілік бір үйдің адамындай дастархан басына жиналып алып, емен-жарқын әңгімелесіп, «Шығасы шықпай, кіресі кірмейді» деген сөз, тегі, рас. Айдакең жасынан жетімдіктің тақсыретін тартып, жалғыз өскендігінің, ал Гүлбаһрам әже талайдан жөргек исіне зар еткен, бесігін қаңсытқан жесірлік тағдырының қарымтасын қайтаруды діттеді ме, әйтеуір осы шаңырақтың өзінікі, өзгенікі бар қаншама ұл-қыз апы кіріп, күпі шығып ағылып-төгіліп жатса да, береке-ырысы бір ортаймапты-ау. Сол үрдіс, сол қазақы қалып, қыдыр-құт бертінге дейін сұйылмады. Айдакең дүниеден өткеннен кейін де Зәурекүл ана қарашаңырақтың отын өшірмей, ерінің аруағын әспеттеп отырды...

Гүлбаһрам әже жалғыздан өрбіген ұл-қызды тіл тимесін, көз тимесін деп жаттың да, жақынның да балаларымен мидай араластырып жіберіп, басы қарайып жүргенінің өзіне шүкіршілік етіп отырған секілді. Үлкен қыздардың фамилиясын аты өшпесін деп ері Әділбектің атына жаздыртып, «меншіктеп», «мен тұрғанда сендерге бала қайда» деп ұлы мен келінін көрінеу нығыртып, көз алартып қоятыны да ұрпағының амандығын тілеуі еді. Әже тәлімі үзілмей, әулет қыз беріп, келін түсіріп, ақар-шақар болып, сыңғыр-сыңғыр әуенімен келешектің көш-керуеніне қосылмаққа алғы күнге бағдар түзеп, артынып-тартынып Ұлы жолға да шықты. ... Елең-алаң. Шолпан туған шақ. Құмның қолат-қойнауынан суық леп көтерілді. Тұтас шырпылы баурайдың селдір тұманы етектеп жылжып, үп еткен желге бола ығысып ыдырай бастаған. Сәлден соң-ақ сексеуіл тоғайы аршыла көзге ұрды. Тоғызкенттің мұнар кілкіген құмдауыт шабыры иінінде айқұлақтанып, қос бейіт қарауытады... Одан әрі тағы бірі... Қарашаңырақта 20-дай ұл-қыз өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, өздерінің бұл дүниедегі осы ұлы миссияларын орындап болып, араларына бірер жыл салып кезегімен Жер — мәңгілік мекендеріне көшіп, тыншып ұйықтап жатқан Айдан көке, Зәурекүл апа, Гүлбаһрам әжелердің бейіттері бұл. «Жақсы адамдар еді», — дейді ел олар турасында. Олар текке өмір сүрмеген секілді. Құр кетпепті. Бойларында бар ізгілікті, өнеге-тәлім ұрығын ұрпақтарына енші етіп, бас-басына шақтап бөліп-бөліп беріп кеткен секілді. Әрқайсысында олардың кемінде бір ізгі қасиеті жүр. Құдды бір шашылып түскен сынықтары секілді. Асылдың сынықтары...

Дариға –Дахай Оның ашық қабағынан ұдайы мейірімділіктің ұлпадай нәзік нұры себздейді де тұрады. Ішкі әдемілігінің сыртқы көрінісі, парасат нұры ма, әлде. Биіктік те, кеңдік те, тереңдік те жүр сол нұр ішінде... Оны үй-іші түгел «Дахай» атап кеткен. Әкесінің қойған аты. Осы есімде не сыр барын кім білсін. Кейде құлаққа «Қаһан» деген секілді естіледі. Шынында да оның бойында былайғы жұртты бір демде шоқтай үйіріп аларлық сес-айбын, көпшілдік, қаталдық, талапшылдық қасиеттері тоғысқандай. «Еңкейгенге — еңкей, ол — атаңның құлы емес, шалқайғанға — шалқай, ол атаңнан ұлы емес» деген ұстанымның, темірдей тәртіптің де адамы секілді көрінеді. Оның бойына әженің де, әкенің де, шешенің де тәлімі қатар сіңген... Несін ежіктей береміз, бұл баяғы... Қарағанды медициналық университетінде оқитын, ауылға айында-жылында, онда да «кукурузникке» мініп ұшып келіп, ауыл шетіндегі айтақырға қонғанында, құдды бір Президентті қарсы алғандай Айдакең үйі тайлы таяғымен алдынан шығатын бұрымы тірсегін соққан бұла бойжеткен ғой... Осынау «отбасылық қарсы алу салтанаты» дегенді ойлап тауып жүрген де Айдакеңнің өзі баяғы. Қызымен күні бұрын телефон арқылы хабарласып, дәл келетін күнін үй-ішілік мерекеге айналдырып жіберуші еді жарықтық. Өйтпеген күнде ауылдың қаспақ мұрын қарадомалақтарының тү-у ит арқасы қияндағы Қарағандыдан Дахайдың қай күні ұшып шығатынына, қалаға, одан ауылға қалай жететініне қайдан өресі жете қойсын. Бірақ хабар құлақтарына қалай тиді, солай оларда дегбір қалмайды. Құдды бір айтақырдағы аэродром басына бармаса, бірдеңеден құр қалатындай-ақ. Мұндайда олар ешкімді де тыңдамайды ғой. Алыстағы әпкелеріне деген сағыныш-мауқын солай бір бассын, бауырдың жақындығын сезінсін дей ме екен, Айдакең мәшине тауып келіп, балаларын «ағызып-тамызып» аэродромға тасымалдауға кіріседі. Сол кезде мектепте оқитын Зылиха, Сәуле, Малика, Рабиға, Жамила, Әмина, Зәбира, Бейсен, Сенбек, Ғалым, Бейбіт, Айдакеңнің бауыры Маржанның қыздары үлкен қыз Рысалдының ұлы — Дәурен, жиен Жақан, Сара, Коля... бәрі-бәрінің де барғысы келеді айтақыр басына... Емшектегілер болса болмаса да ауылда қалады ғой. Соның өзінде бұлардың барлығын төрт көзін түгел аэродромға жеткізу үшін әлбетте, жеңіл «Уазик» әлденеше мәрте қатынауға мәжбүр. «АН-2» ұшағының ауылды бірнеше қайтара айнала ұшып барып жер бауырлай қонуға бет түзейтіні, бұлардың солай қарай андағайлап лап қоятыны, Айдакеңнің балаларын қақпайлаумен-ақ дауысы қарлығып, қалжырап бітетіні, ақырында төзімді тауысып барып Дахайдың да қарасы көрінетіні, тайлы-таяғымен келіп өзінің жолына қарайлап тұрған бұларды көріп қап, толқып, көзіне жас алып, құшағын аша қауышқалы траптан жүгіре түсіп келе жататыны — қай-қайсысының да әлі жадында. Бауырмалдықтың құдырет-күшін танытар сол елес-сурет бүгінде сағынышқа айналып, алыс жылдар иінінде бұларға қарай шәйі орамалын бұлғайтын секілді... Міне, мұндай сағынышты қауышулар бес жыл бойы ауық-ауық қайталанып, жақсы күндердің ақ жолтай ырымалдысы да болып, ақырында Дахайдың диплом алып ауылға біржола оралуына ұласты... Дариға – Дахай сол кездері бауырларына құшағын аша ұмтылып, траптан жүгіре түсіп келе жатқанында өзін күтіп, ошарылып тұрған бауырларының — іні, сіңілілерінің ерте ме, кеш пе әкелерінің орнына — әке, шешелерінің орнына — шеше болып қалатыны әрине, ойына да кіріп шықпаған. Бірақ «түбі, сендерге сая болам, күндерім» деп өзіне-өзі серт бергені анық-ты. Аяулы, асыл әкесі осыны өзінің әнебір әрекеті арқылы үнсіз ұқтырған да секілді-ау. Шыны да солай болып шықты, ақыры... Дариға Намаз Ормановпен (оның да мамандығы — дәрігер) бас құрап отандасып, өз қолы өз аузына жеткен тұста соңынан ерген іні-сіңілілеріне сая болып, барлығының да жоғары оқу орнын бітіруіне көмектесті... Намаз отбасылық адами қарым-қатынастардың барлығында да адал, ашық-жарқын, ақкөңіл, періште көңілді адам. Үлкенге - ізетті іні, кішіге — қамқор аға. Нағыз ғылым адамы. Қазақ медицинасының өркендеуінде өзіндік қолтаңбасы, үлесі бар. Кесек тұлға. Үлкен жолдың үстінде келеді. Ол ғылым әлеміне өзіндік сүрлеу — соқпағын Қарағанды медициналық институтын үздік бітіріп, сонда аспирантурада оқуға қалдырылған сәтте-ақ салып үлгерген-ді. Сол сүрлеу, сол соқпақ енді даңғылға айналды. Қарағанды, кейін Шымкент медицина институттарында ұзақ жыл доцент қызметін атқарды. Шымкент медициналық институтының бірінші проректоры, ғылыми проректоры болды. Намаз Орманов — бүгінде медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым Академиясының мүше-корроспенденті. Ормановтар отбасы үшін «дәрігер» әулеттік мамандыққа айналды. Бүгінде, бәрі дерлік осы салада. Жай дәрігер ғана емес, ғалым дәрігерлер. Отағасы Нәкеңнен бастап. Дахай докторлық диссертациясын қорғау үстінде. Үлкен ұлдары Талғат пен келіндері Ғалия — медицина ғылымының кандидаттары. Бағдаты — білікті дәрігер, өзінің жұмыс тәжірибелерін саралай қорытып, кандидаттық мимимумын жазып бітірді. Қыздары Ләззатты да құтты орнына қондырып отыр. Дахай әпкенің Шым қаладан Таразға келуі қазір де бауырлары үшін үлкен қуаныш. Баяғы ауылдағы айтақырдағыдай тік тұрып қарсы алып, бастарына хан көтере күтіп, қимай-қимай шығарып салысады. Осы күндерде Дахай өзінен кейінгі сіңлісі Зылихамен жата-жастана шүйіркелесіп, ел жайына, әулеттің тыныс тіршілігіне қанығады, бауырларының жақсысына — сүйінеді, жаманына — күйінеді, әсіресе бір-біріне қарасуды, бауырмал болуды қатты тапсырып, марғау сананың өзіне қозғау салып, сілкілеп оятып кетеді... Өздері — бейне бірі — әке, екіншісі — шеше орнын толтырып отырған Айдан әулетінің тірек-ұстындары да секілді…

Зылиха – Қалтай Айдан көкенің ашық жарқындығы, кеңпейіл, мырзақолдылығы басқаға емес, осы Зылихаға молдау дарыпты. Мұны біржағынан елдің бәрін алаламай бірдей көруімен, сенуімен де байланыстыруға болады. Адамға деген сенім. Аяушылық сезім. Екінің бірінде бола бермес осы бір қасиетті сезімге (мұндайдан Зекеңнің жолдасы Дәнебек аға да, інісі Ғалым да, келіні Гүлжанар да, күйеу баласы Зиятхан да... құралақан емес) Зылиха – Қалтайдың тұла бойы тұнып-ақ тұр. Өзім деген адамнан аянары жоқ, тіпті. Әйтеуір қолынан келсе, жақсылық, қайырым жасағысы келіп-ақ тұрады. Үлкенге де, кішіге де, қарау ниеттіге де, қаріп-қасерге де... Жақсылығым қайта ма, қайтпай ма деп те ала-көңіл болып жатпайды-ау. Шын мәнінде мұның пайдасы болмаса, зияны соншалықты көп те емес секілді. Кімнің болса да бойында тұнып жатқан өзіне де бимәлім жақсы қасиеттері болатыны белгілі. Зылиханың әрекеті соны түртіп оятатын секілді. Қанша жерден ашуланса да, соңына зіл сақтамайды-ау, бақай есебі де жоқ. Бұдан — мінезі де, қолы да ашық болудан, адамдарға ұдайы жақсылық жасауды ғана ойлаудан ешкім де, түбі жаман болмайды. Бұған Айдакең тағылымының өзі бұлтартпас дәлел ғой!. Зылиханың кейде өзінен кейінгі сіңілілері мен іні-келіндерін пәлендей аралас-құраластығы жоқ, алыстан қосылар ағайынның болсын той, азасына барып қайтуға күштеп, бастарын жиі қосып жатады. Кім шақырсын мейлі — шала шабылып қалады. Мұнысы біреуге — орынсыз төкпе-шашпалық, енді біреуге — әпенделік, тіпті әсіремақтангершілік секілді көрінеді. Жеме-жемге келгенде, бәрібір, Зылиханың әрекеті орынды, уәждері де қисынды екеніне кімнің де болсын көп өтпей-ақ көзі жетеді... Баз біреулер жомарттығын — жоққа, дархандығын — дарақылыққа, ақ жарқындығын — ашықауыздыққа балап жүрген Зылиханың өзі бірде былай деді: «Үлкен үйімізде өскен баяғы 20 ұл-қыздың бірі — Айбат — Алматыда тұрады екен. Үйлі-баранды, үбірлі-шүбірлі, тұрмыстары да жаман емес сияқты. Біраз жылдар хабарсыз кетіп еді. Сол... үй-ішімізді түгел шақырып, қонақ етіп, басына хан көтере күтсе болар ма? Баяғы бір үйде бірге өткізген балалық шағымызға ойша қайта бір оралысып, әбден шер тарқатыстық. Әже, әке, анамызды еске алып, жылап та алдық. Солай қарым-қатынасымыз қайта қалпына келді. Қырық жылдан соң. «Адамның күні — адаммен» — әкеміздің өмір сүру философиясы осы болған-ды. Ол кісінің жақсылығының із-тозсыз кеткені, қанекей? Із қалыпты. Айшықты да бедерлі із”. Зекең... бір сіңілісінің күйеуінің немере ағасы дүниеден озғанда, «ұяты әулетке келеді» деп іні, сіңлі, келіндерін тағы да шоқтай үйіріп, шақыру күтіп, буынып-түйініп әзір отырыпты ғой. Сіңлісі қазаны өткеріп, бір жетіден соң бір-ақ келмей ме үйіне. Онсыз да терісіне симай ашуланумен отырған Зекең «Өздерің қазақсыңдар ма, жоқ па? Ағайын кісілер өстіп те араласа ма екен? Шақыру күтіп, емексіп отырсақ...» деп дүрсе қоя беріпті оған... Ол бар адамды бауыр көреді. Қолынан келіп жатса бүкіл жер шарын, күллі адамзатты құшағына сидырғысы келеді оның! ... Зекеңе орынды уәжбен бәрін де орын-орнына келтіре қояр сарамжалдығы, қыз болса да Айдан әулетінің намысын жыртатын дегдарлығы, сірә, Гүлбаһрам әжеден жұғысты болған-ау. Ол және Дәнебек аға екеуі бір емес, екі бірдей әулетті — Айдан мен Битан әулеттерін осылай бұзбай-жармай басқарып отыр. Осы үрдіс-үлгісі, қазақы қалыбы үшін де екі әулетпен де қыз беріп, қыз алысып сүйек жаңғыртып, аралас-құраластықта болуға, жақын-жуық жұғысуға ниет етушілер көп-ақ. Ең әуелі Дәнебек аға мен Зылиха әпкенің өздерімен. Кеңестік дәуір кезінде де аузынан «құлқуалласы», қолынан «Құран кітабы» түспеген, бүтін бір ауылдың құтфа оқыған ғұламасы атанған Дәнебектің әкесі Битанның мінезі, тәрбие-үлгісі, бекзаттығы Айданнан бір де кем емес-ті. Осы мінез ұқсастығы олардың құдандалы болуының алғы шарты да болған секілді. Олардың төс қағыстырып, арадан қыл өтпестей дос болуы құдалыққа да ұласқандай. Бір-біріндегі тектілікті анық танып білген. Әбүйір болғанда ұл-қыздары әкелерінің емеурінін ерін ұшынан аңдағандай әлде, бұйрық солай болды ма, өздері ұғысып, түсінісіп ақар-шақар үйленіп, бөлек отау тігіп кетті.. Битан қария зәуінде бір үлкен былай тұрсын кішіге, тіпті өзінің ұл-қыздарына да «әй, сен» деп сөйлеп, дауыс көтеріп көрген кісі емес. Ескіше әжептәуір сауатты, мәдениетті, кішіпейіл, дегдар кісі еді. Ұл-қыздарын да аса көп еркелете бермейтін. Дегенмен, көңіліне кіді алса, айтарын айбын, сесімен, көзқарасымен-ақ аңғартар, бір тылсым күш бар-ды бойында. Осы күйімен-ақ ол балаларына талай тағылым-үлгі дарытып кеткен секілді. Осы қасиеті, ақылмандығы бүкіл бір ауылдың сыйлы қариясы да етті. Еңбекқорлық, адалдық, қайсарлық, талапшылдық секілді қасиеттерді де Дәкең басқадан емес, әкесінен алды. 1975 жылы Жамбыл гидромелиоративтік су-құрылыс институтын бітіріп шыққан бойда бала кездегі туған ауылын, Ақсай даласын суландырсам, малшыларға бұдан да жақсы үйлер соғып берсем деген арманын біртіндеп жүзеге де асыра бастады. Алайда оның ПМК-82 автобазасында механик, кейін аға инженер қызметтерін атқарумен сабақталған өмір жолы бертінде «Турист» автобазасының директоры болумен, жекеменшік коммерциялық құрылым ашуымен ұласты. Бұрынғы одақтық экономикалық байланыстардың үзілуі қандай құрылымды да ауылды дамыту әлеуетінен айырып тынғаны белгілі. Дәнебектің жеке кәсіпорын құруымен байланысты ауылына біраз сәуесі тиді қайта. Ақсайдағы егісті суландыру — инженерлік су жүйелерін жаңғырту ісін біраз сүйреледі. Жергілікті жердегі тұз кені игерілуіне де ұйтқы болып, тұраланған ауыл экономикасын көтеруге, ауыл адамдарының едәуір бөлігі жұмыспен қамтылуына күш салды. Дәнебек — бұған дейін, қазір де тұрмысы төмен көптеген отбасыларына көмек қолын созған кісі. Әйтеуір кім болса да қамқорлығына алып, жәрдем еткісі келеді де тұрады оның. Қанмен сінген қасиет. Ата, әке тәлімі баяғы. Дәнебек жаңа нарықтық жүйеге де тез бейімделді. «Бейімделді» деп сірәдағысын айтамыз да. Оның бойында бұрыннан бар қандай істі де ұршықтай үйірер іскерлігі, ілкімділігі, ұйымдастырушылық қабілеті нарық талаптарымен дөп келген-ді. Тірлігінің қиюы қашыңқырап қалған Жуалы аудандық газ тарату мекемесінің жұмысын жолға қояр басшы қажет болғанда, таңдаудың ең алдымен Дәнебекке түсуі де жайдан-жай емес. Ол осында өзінің «Жуалы жалын-газ» ЖШС-ін құрып, оны халықтың сұранысына сай қызмет көрсететін құрылым деңгейіне де көтеріп үлгерді. Бары-жоғы бірер жылдың ішінде Ұжым халыққа «көгілдір отын» жеткізуді бір күнге, тіпті бір сағатқа да тоқтатқан емес. «Отбасында адал, таза адам қоғамдық өмірде, еңбекте де адал және жолдастарына жанашыр болып келеді» деуі Дәкеңнің өзіне-өзі берген сипаттамасы да секілді. Оның отбасында қазір Данияр, Ерсұлтан атты бүлдіршіндей қос немересі гүлдей жайнап өсіп келеді. Олар жұмыстан қалжырап оралғанда «ата, аталап» мойнына оралып, шаршағанын бір сәтке ұмыттырып та жібереді. Осы сәт өзінің ата тәлімін енді немерелеріне жұғысты етудің жұлдызды мезеті туғанын іштей сезініп, алды-артын болжалдайтыны да бар. Құдайға шүкір, үш ұлының да өзін ұятқа қалдырған жері жоқ. Тұңғышы Дарын ішкі істер саласында қызмет етеді. Асыл — менеджер. Алмас — ТарМУ-ын білімгері. Келіндері жазира да ибалы жан болып жолықты. ТарМУ-дың көп салалы колледжінде референт болып қызмет етеді. Айтпақшы, өзі дәрігер болып қызмет ететін Зылиха әпкеміз екінші ұлын аяқтандырды жуырда. Келін іздеп, бармаған жері, баспаған тауы жоқ десе де болады. Осы миссиясын орындау ниетімен Алматыны да шарлап қайтты. Текті, тәрбиелі ортадан шыққан қыз болса ғой шіркін деп қиялдағаны да рас. Өзін баз бір құрбылары «Тақиялы періште» фильміндегі Әмина – тана апайға ұқсатып жүргенімен іс-місі болмады. Оның бір кездегі текті-тәрбиелі жермен қыз алысып құдандалы болуды, қанды бұзбауды, ұрпақты аздырмауды серт ұстанған баба салтын ортамызға бұзбай-жармай қайта оралтқысы келіп жүр!

Бейсен – Бешкан Биылғы көктем айында осы әулеттегі тұңғыш ұл — Бейсеннің (Бешкан) елу жасқа толуы мерейтойын өзі, отбасы, туған-туыстары болып дүрілдетіп өткізді. Бұл күні Тараздағы «Дегерес» мейрамханасын түн ортасы ауғанша түрлі-түсті от-шашу көмкеріп, сол тұстан әсем ән шалқып, көңілге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, тәтті лебіз нұры себездей төгіліп тұрды... Баяғы үлкен үйдің балаларынан тарап, өсіп өнген ұрпақтар үшін мейрамхананың кең залы да тар соққандай. Балалық бал дәурен қызықтарын бірге бөлісіп, алаңсыз күн кешкен бір кездегі балауса өркендер бүгінде бір-бір үй болып, қайсыбірі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бағаналы бәйтерекке де айналып, тамырын тереңге жіберіп үлгеріпті. Жас шыбықтардың желкілдеп өсіп жетіліп ормандай ұйысқаны секілді, бір ғана оғылан-ойын баласының өзі оман жұртқа айналыпты. Елу жылда ел жаңаратыны, бүтін бір ұрпақтың алмасуы болатыны өмірдің заңдылығы десек те... жылдардың өмірдің өзегінде кейінге кезегімен арқырай аққанын осы күні ғана түйсінген бір үйдің балалары үшін бұл анау айтқандай оңайға да соқпады. Бейсен-Бешканның елу жасқа толуы оларды әжептәуір ойлантып тастады. Базары тарқамастай көрінген балдай тәтті балалық шаққа деген қимастық бар көңілдерінде. Оған қарашаңырақ үлкен үйді, ата-жұртты аңсау араласқан соң не жорық. Сондай бір толқыныстан қай-қайсысының да көз аңғалағына бұрқ етіп сағыныш жасы тепті... Қарындасы Әминаның:

Бір ана төсін нәр қылдық,
Тұрды өмір соның ұшында!
Балалығымызды қалдырдық
Түгіскен ауылы тұсында.

Қарашаңырақты, үйді аңсап
Барсақ жаз, көктем, қысында,
Әзірсіз, аға, қиналсақ,
Құшаққа бізді қысуға!

Ағаның бары жақсы екен,
Алаңсыз самғап ұшуға!
Сүйенер Алатауымыз
Көктегі жарық Ай, күнсіз,

Беделсіз, аға, бетке ұстар, Алдымыздағы айбынсыз!, — деп өзіне арнаған жүрекжарды жырын тебірене оқып беруі Бейсенді де ілкі толқытып жібергендей болды... өзі ғана болса екен-ау, қыздардың да көңілі босап, көздерін бір-бір сулап алды. Озалда бәттай жайнаған қайран сол балалық бейісі-ай! Кімге де болсын ыстық қой! ...Әжелері өр еді, адуын еді. Әсіресе, ол кісінің көзін ашқанда — көргені, ауызын ашқанда — өпкені алғашқы ұл-немересін өзгелерінен бөлектеп асты-үстіне түсіп өбектейтіні, ең әрісі әке-шешесін де жолатпай, қызғыштай қоритыны қызық. Бейсен десе, бұл кісінің тіпті, шығарға жаны бөлек-ті. Ең дәмді, ең тәттінің бәрін соның аузына тосады. Ең жақсы көйлекті де соның үстіне іледі. Әже бауырында өсіп, өзіне деген әлгіндей мейірім, ықыласты сезінген соң ба Бейсен де өзінше шікәмшіл, кірпияз болып қалыптасты. Киімді таңдап киеді, тамақты да талғап ішеді... Әулеттегі әздек ұл... оның бабын әжесі ғана таба білетін. Бейсекеңнің сыптай болып киініп, шырт түкіріп жүретіні, бауырларын көрсе әстемсіп, шікірея қалатыны кейде өзінен үлкен әпкелерінің күлкісін де келтіретін. Олар іні-сіңлілерінің Бейсеннің қалайша әлгіндей «артықшылыққа» ие болғанын түсінуге милары жетпей, көрінеу әділетсіздікке шыдамай, бақырып жылап шая-бая болып жататынына күледі ғой баяғы. Әкелері базардан дорбалап түрлі ойыншықтар әкелгенде де, Гүлбаһрам әже оның ішіндегі ең әйбатын Бейсеннің өзі таңдап алуы үшін түпкірге ала қашып, соңынан шұбырған басқа ұл-қыздарды «әй, өңшең шуылдақтар, әрі жүріңдерші мазаны алмай», — деп жасқап, жолатпайтыны естен, сірә, шығар ма? Бейсеннің лагерьге барғаны да өз алдына бір қызық әңгіме. Бастапқыда Бейсекеңнің өзі құралпы балалармен бірге лагерьге ойнап-күліп, қаперсіз-ақ аттанады. Арада бір күн өте ме, өтпей ме, Айдекең лагерьге барып, ізінше «Ойы-бай-и, ана бала қиғылықты салып жатыр. Масаға таланған ба, өзі... әжеммен бірге демалам дейді. Енді қайттік...» деп салы суға кетіп оралады. Оны естіген Гүлбаһрам әже «Әне, сендер өстисіңдер. Жалғыз баланың бабын қалай табуды білмейсіңдер, түге» — деп ұлы мен келінінің алшысын қуырып та алады. Қалай болғанда да Бейсенді «Көктал» лагерінде демалуға көндіру, болмаса алып қайту керек екенін сол сәтінде-ақ түсінген зерек әже бір іске бекем бел буады. Ендігі қалған жол біреу – лагерьде баласы мен өзі де «демалуы» тиіс. Әйтпесе, болмайды. Бешканның мінезін біледі ғой!... Артынша мәшина алдырып, оған киіз үйін бар жарағымен тиеп, азық-түлігін қамдап, артынып-тартынып жолға да шығады әжей. Бейсекеңнің әпкелері мен қарындастары да ол кісіден қалмай еріп барады баяғы. Бешканның тағы қандай «қызық» ойлап тапқанын көздерімен көргісі келеді-ау, сірә. Бірақ Гүлбаһрам әже «жүгін» түсіріп болысымен тездетіп бұларды мәшинеге мінгізіп, Бейсекеңмен көп тілдестірмей, келген іздерімен кері қайтарып та үлгереді... Өзі содан лагерьдің іргесіне киіз үйін тігіп тастап, ауылдан қымыз, ет алдырып баласының бар жағдайын жасап бірауық лагеріне ойнауға жіберіп, бір ай бойы алаңсыз «демалдырып» бір-ақ қайтады ғой...

Бұл кейін жылда қайталанатын дәстүрге де айналды...

Сол күндері еске түсті ме екен, әлде... жанарларын бір-бір шықтап алған әпке, іні-қарындастары ілкі бір сәтке ғана созылған көңіл толқуларын басып Бейсенге жезделері, келіндері, күйеу балалары болып судай жаңа «Ауди-80» жеңіл автокөлігінің кілтін тапсырды. Бұл оны едәуір марқайтып та тастаған. Қалай болғанда, бұл сый балалық шақтың естелігіндей, бауырмалдықтың антындай қабыл алынды... Бейсекең Жамбыл технологиялық, жолдасы Аққыз Алматы энергетикалық институттарын бітірген. Бірі — есепші, екіншісі — энергетик. Бейсен бүгінде газ шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп жүр. Осы жерде айта кетерлік бір қызықты жайт, Зәурекүл апаның өзінің үлкен қыздары Дариға, Зылиха мен Бейсенді енесінің баласы етіп, бауырына салып басы бүтін беріп қойғандығы. Сосынғы жерде енесінен батпай оларды «қайын сіңілі», «қайын» көріп, аттарын тергеп, «Дахай», «Қалтай», «Бешкан» деп ат қойып жүрген де өзі. Бұл дүниеден оларды өз есімдерімен атамай-ақ өтіпті. Неткен дәтіне берік жан десеңізші. Тұңғыш келіні Айткүлді жолын сыйлап «Аққыз» атапты. Шамасы ол кісіде де бір ерек қасиет бар. Аузы уәлі-ау! Келінінің азан шақырып қойған есімі мүлде ұмытылды десе де болады. Бейнелі, көркем атау болғасын ба, «Аққыз» атайды оны ел әлі де. Бешкан мен Аққыз ұлдары Ғазиз бен қыздары Ләйла, Фариза, Фаридаларды (соңғы екеуі егіз) тәрбиелі етіп өсіріп, жетілдірді. Ғазиз ТарМУ-дің білімгері. Ата-аналары Ләйланы қолдан ұзату тойын жасап, құтты орнына да қондырды биыл…

Малика – Макия Оны «Макия» деп атап жүрген өзінен кіші інісі Ғалым еді. Тілінің бар келгені сол болса қайтеді енді. Періште емес пе! Оның қойған осы аты көпке дейін әпкесінің қосарлы есімі де болып жүрді... Адам баласы өте әлсіз болып туып, сараң жетілетіні белгілі. Көзді, тілді де көтере алмайды. Кішкене кезінде Малика көрер көзге сүйріктей сүп-сүйкімді, монтиған әдемі сәби болған-ды. Әркімнің көзіне жайтаңдаған көркі оттай басылып, бал тілін қызықтап сөйлетуді әуес көріп, өткен-кеткендер де оны жиі төңіректейтін еді. Күндердің күнінде былдырлап сөйлеп, құлдыраңдап шауып жүретін балпанақтай бүлдіршін қыз біреу-міреуден назарланып қалып, бір-ақ күнде мұрттай ұшып түсіп, үстіне бытысып «көз жара» шығып, ауырып, тәуіптен-тәуіп қоймай аралаудан кейін барып беті бері қарап, әупіріммен қатарға қосылған ғой.. Оның да бойында үлкен үй тәрбиесі, әже тәлімі жүр. Үлкенмен де, кішімен де адами қарым-қатынастардың барлығында да адал. Осы қасиеті оны ортасына, отбасына, әулетіне сыйлы етті. Кісіліктің, ар, ұят өлшемдерінің құйттай ғана көшірме-үлгісі де секілді. Көрінеу әділетсіздікке жаны шыдамайды, алдында кімің тұрса да қаймықпай мұны бетіне шыжғырып басуға пейіл. Қолы тисе-ақ болды қандай ісің де жанданып жүре беретін секілді. Кезінде ол кітапханашылық қызметте жүргенінде де өз ісіне мығым, мықты маман екенін талай дәлелдеген-ді. Мұның да қолы тым ашық, өзім дегенге өзегін суырып береді-ау. Орташа ғана дәулетті отбасының бірін екі етіп, жоқты жасап, барды ұқсатып отырған жайы бар. Жұрт оны сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына қарап, көбінесе «мұғалім-ау» деп те қалады. Шынында да ол әу басында осы мамандықты таңдап, ұстаздық жолына түскенінде, сөз жоқ білім қызметкерлерінің қатары бір білікті бала тәрбиешісімен толыққан да болар еді. Әттең... дегенмен, әдепті, ибалылығы оны ортасына, отбасына сыйлы етті. Енесі де оны босағасынан келін болып аттағанмен, қызындай көріп өтті. Бұлардың арақатынасы ене мен келіннен гөрі, ана мен туған қызының жақындығына көбірек ұқсайтын. Лайық апа қияндағы ауылда көбінесе өзінің кенже ұлының емес, осы келін-қызының, немересінің жолына жиі қарайлап, аңсаумен жүруші еді... Биыл көктемде қайран ана көп те ауырмай, ешкімге сабытын да салмай, 86 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Сондағы Маликаның дауыс салып жылағанын естіген жұрттың сай-сүйегін сарқыратты. Құдды туған анасын жоқтаған қыздың сыңсуы. Мұңлы сыңсу! Шынында да оның бұл екінші Анасын — қадірлі де жақсы адамды мәңгілікке жоғалтуы еді... Бірақ обалы неге керек, ол енесінің артын жақсы етіп жөнелтті. Қасықтап жиғанын шөміштеп шашты. Ұлының анасы алдындағы қарызынан оны Меккеге қырық рет арқалап апарып қайтса да құтылмайтынын адамшылықпен ұққаны еді бұл. Ана аруағы ырза болсын деді. Осынау бірісі кем дүниеде ананың орны, шынында да, бөлек-ақ қой! Малика адалдықтың, адамгершіліктің, шыныдай мөлдір шынайы өмір сүрудің не екенін өзінің сөзімен де, ісімен, көзімен де, көңілімен де — бар болмысымен ұғындыра, ұқтыра алады. Саналыға да, санасызға да... Ол өзінің ұлы Олжасты да аналық мейірімі мен адал тәрбиесіне ұйыта алды. Дұрыс бағдар берді. Жан дүниесін ұқты. Анасы ғана болып қалмай, сырласына, досына айналды. Оның қандай адаммен болсын шүйіркелесе сөйлесіп, тіл табыса білудің нәзік те шетін психологиялық иірімдерін терең меңгеруі де осыдан аңғарылады. Қанында туа бітті мұғалімдік қасиет бар. Адам бойында бар нәрсені жоғалтпай, жарыққа шығарып, жарқыратып көрсетуге ғана септеседі ол! Осының өзі қазір екінің бірінің қолынан келіп жатқан жоқ қой! Олжас әр жылдарда Талас ауданындағы Ақкөл, Ойық, Тараз қаласындағы №12, 45, «Мақсат» жекеменшік мектептерінде оқып, онбіржылдықты үздік аттестатпен бітіріп шықты. Химия пәнінен өткен қалалық олимпиадаларда қатарынан үш жыл бойы жеңімпаз, облыстық олимпиадаларда бір рет жеңімпаз, екі рет екінші орын жүлдегері атанды. Республикалық «Дарын» мектебінің сырттай тыңдаушысы болды. Үздік білімі үшін «Таң самалы», «Алатау» республикалық лагерлерінде, «Дарын» орталығында тегін демалу жеңілдігіне ие болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетін мемлекеттік білім гранты бойынша оқып бітіріп, бакалавр дәрежесін алды. Енді осы оқу орнының магистратурасында мамандығы бойынша білімін одан әрі тереңдету үстінде. Білімге аса ынталы. Маликаның жолдасы — Баймаханбет облыстық «Ақ жол» газеті руханият бөлімінің меңгерушісі. Ол турасында әріптестерінің «кабинадан кабинетке келген» деп әзіл қашыратыны бар. Не дегенде де, жаны бар сөз. Жастау кезінде жеті жыл жүргізуші болып, баспасөз ісіне өмірдің ыстық, суығын көріп, үлкен дайындықпен келіп араласқан жігіт. Жақсы журналист. Ақындығы да бар. Соңғы жылдары жергілікті баспалардан бірнеше өлең жинақтарын шығарды.

Рабиға Әулетте әке жолын қуып, есепшілік мамандықты таңдап алғандардың өзі үшеу екен — Бешкан, Рабиға, сосын Зәбира. Рабиға Теміртау металлургия комбинаты жанындағы жоғары оқу орнын есепші-экономист мамандығы бойынша бітіріп шыққалы бері де араға ширек ғасыр түсіп үлгеріпті. Теміртауда алаулы жастығы қалды оның. Бертінде Таразда жол-құрылыс мекемесінде табан аудармай көп жыл қызмет те етіп, орыс тілді ортаға сіңісіп, ол шын мәнінде «таза қалалық» болып шыға келді. Ұжымындағылар мұның құлағына азан шақырып қойған қазақы есімімен «Рабиға» деп атауды қиынсынып, әлде өзімсіне еркелеткендері де болар, «Рая» атап кеткен. Кейін мекеме тарап, көптен бауыр басып, үйреніскен ұжымынан да қол үзді. Көз көрген, таныстардың зәуінде бір бастары қосыла қалса, кәдімгідей шұрқырасып жатады. Қазір де «Рая» десе-ақ біртүрлі елеңдеп-ақ қалады. Әбден үйреніскен ұжымдағы ақар-шақар күндердің елесі тізбектеліп көз алдына қайта келеді. Білікті маманның қазір де қаны жерге тамбай тұр ғой. Оны шаруашылық жүргізуші түрлі меншік нысандарының басшылары өздеріне қоярда-қоймай жұмысқа шақырып, «құда» түсіп жатқандары жетерлік. Қайсыбір коммерциялық құрылымдарының берекесі кетіңкіреп қалған есеп-қисабының өзін тастай қылып түгендеп беріп, қол қайырын тигізетіні де бар. Оның осы шотқа жүйріктігінің сол күйі қызына көшкеніне не айтарсың! Мектепті бітірген бойда Индира «Әулиеата» университетіне ақылы негізде оқуға қабылданған-ды. Бертін келе ол өзінің есепке жүйріктігімен, білімге алғырлығымен университет ауқымына да танылып үлгерді. Оқу орнының басшылары да, жеке оқытушылар да осы бір қағылездеу келген, зерек те зейінді шәкірттерінен көп үміт күтетін. Оны автоматты түрде гранттық жүйеге көшіру әрекеті де содан туды. Жалпы, «Әулиеата» университетінде білімгерлерінің білім сапасын әділетті түрде бағалау үрдісі ең алдымен ректор Жомарт Қошқаровтың жалпы оқу орны тыныс-тіршілігінің қантамыры бүлкілін тап баса білуінің, талапшылдығының, жастарға тікелей өзі жанашыр болып, мұны ұдайы назарында ұстауының нәтижесінде қалыптастырылған-ды. Жомарт Қошқаров — өзі де ғалым, жастардың ғылыми ізденісіне де кең жол ашумен келеді. Оның университетті іргетасынан бастап өзі құрып, кадрларды да талғампаздықпен іріктеп алып, жуық жылдарда ең мәртебелі оқу орнына айналдыру миссиясын жанкештілікпен жүзеге асырып келе жатқаны атап өтуге тұрарлық. «Әулиеатаның» алғашқы қарлығаштарының бірі — Индира да Ж. Қошқаровтың әкелік қамқорлығын көп көрді. Ректордың шәкіртпен тікелей байланыста болуы да үйренерлік тағылым! Индира оқу орнын үздік дипломмен бітіріп шықты, ақыры. Өндірістік тәжірибеден өтуі кезінде де ол алымдылығымен «Каспийбанк» басшыларының назарына ілікті. Банкирлер оның оқуын бітірген бойда бірден өздеріне келіп қызмет етуі үшін қолдарынан келгенінше жағдай жасап бақты. Қазір ол осы ұжымның белді бір қызметкеріне де айналып үлгерді. Облыстағы ірі банктердің бірі осылай «Әулиеата» университетінің бір түлегін өздеріне аттай қалап алды. Айдан көке де бір кездері алғашқы еңбек жолын банкирлікпен бастаған. Парадокс! Ұрпақ сабақтастығы секілді, мамандық жалғастығы да қанмен келіп, жанға жұғысты болар құбылыс-ау, сірә.

Айдакең жолымен енді немересі жүріп келеді.
Сенбек

Айдакеңнің ғұмыры жер ортада үзілді. Ұл-қыздарының түгел қанатын қатайтып та үлгермеді. Тағдыр пешенесіне ең әрісі Дахайының диплом алған қуанышын көруді де жазбады. Ауыр қаза отбасын шөкелетіп тастаған-ды. Ең әуелі ес жиып, еңсесін тіктеген Гүлбаһрам әженің өзі болды. Боркеміктене берсе, балалардың болашағы не болмақ? Үлкен үй тіршілігінің арқауын босаңсытпасқа белді буып, тәуекел етіп, тағдырмен тайталасқа да шықты. Балапандарын болаттай берік болуға, биікке талпынуға баулыған ана — қыран дерсің өзін. Бір жолы қасына екінші ұл Сенбекті ертіп (өзінше ер қара тұтқаны ғой), құла қасқа атқа арба жегіп, Ақсайға шөпке шықты. «Басқа түссе — баспақшыл». Шілденің ми қайнатар аптабы астында, аңқаң кеуіп, шөп орып жинау дегенің бір қиямет-қайым тірлік екен. Бұрын кім білген. Айдекеңнің көзі тірі болғанда балаларына мұның бірін де көрсетпес еді-ау. Соны ойлағанда әжейдің көзі аңғалағына ілкі жас үйіріліп те қалады. Қолғанатынан жасырып, көз жасын үнсіз сығады кейуана. Сенбектің мұнымен іс-місі жоқ. Кәдімгідей шаруаға айналып, шөп айырлап, апы-күпі болып жүр. Әжей әрі ойлап, бері ойлап, «енді кімге сенеді, өз қамдарын өздері қылсын, әр іске ысылып, ширасын» деген шешімге де келген-ді. Сенбектің сәлден кейін-ақ алақандары күлдіреп ойылып, істен беті қайтып-ақ қалды. Құдайдың сәтін салуы ма, шабындықты аралауға шыққан сол кездегі совхоз басшыларының бұлардың үстіне келіп қалғаны. Оларға сол кезде сексеннің үстіндегі қариенің Айдакеңдей арыстың анасының ақ жаулығы ағараңдап, шөп шауып, шөпшек теріп жүргені біртүрлі ыңғайсыз көрінді. Кезінде талай қолынан дәм татқан, өздерінің де аналарындай болып кеткен асыл жанның алдында өздерін кінәлідей сезініп, жанарларымен жер шұқып қипақтасып қалды. «Әжей-ау, мұныңыз не? Бір қысқа жетер шөбіңізді соңыра өзіміз-ақ түсіріп беретін едік қой. Айдакеңнің аманаты еді бұл»., - десіп шұрқан болысты. Обалы неге керек, совхоз басшыларының сол уәдесі — уәде екен, ұлдар есейіп, әділбұлыққа жеткенінше бұл үйдің қыстық жем-шөбін үзбей, қарайласып тұрды... Отбасының онысыз да бұдан басқа шаруасы шаш етектен-тін. Көбінесе, еркеккіндіктінің қолын керексініп-ақ тұрады. Соның бәрін Сенбектің бір өзі ысқаяқтай қағыстырушы еді. Қара жұмыстан беті бір қайтпайды-ау өзінің. Малсақ, пысықай осы ұлын Зәурекүл ана да айрықша мейіріміне бөлеп өтті. Енді ше... үйдегі бар шаруа — қой кезегі де, қораның қиын ою да, отын-су дайындау да соның мойнында. Зәурекүл апа бірінен соң бірі мектеп бітіріп, әділбұлыққа жеткен ұл-қыздарын түгел оқытып, олардың жоғары білім алуына жағдай жасады. Қыз-беріп, келін түсірді... Мұның өзі анау айтқандай жеңіл іс емес. Мұның бәрінде де әуелі енесінің, сосынғы жерде... осы Сенбектің көмегіне арқа сүйеген-ді. Түгіскен ауылының теріскей бетінде қыстай су сіңіп, ала жаздай ылғалы бетіне тепшіп жататын ойдым-ойдым көлтабандар көп-ақ. Баланың еңбегіндей былқылдаған осындай биқасап өңірлерге салған бақшалықтарының күзге салым жемісін көріп, түгіскендіктер бір жырғап қалатын-ды. Қап-қап қауынқақ әзірлейтін. Бұл жерден Айдакеңнің отбасына да едәуір үлес тиді. Қауыншы — баяғы пысықай бала Сенбек. Оның бақшалығында кездей-кездей сары ала, торы ала қауындар туырылып, қақ-қақ айырылып жататын. Сол қауындарды Секең сөмке-сөмке ғып оқудағы бауырларына таситын... қазір де Айдакең әулетінің үлкен-кішісі Түгіскенді еске алса-ақ, қауын исі мұрындарына келгендей болады. Сенбектің сарыала әңгелектерінің исі... Үй ауласындағы бақшалыққа салған картоптан күзгесалым қап-қап өнім жинасып, пысылдап әже, апасына қолқанат болып жүрген-де сол баяғы Сенбек. Кейде өзінен кіші бауырларына «өй, өңшең жатып-ішерлер» деп түре тиісетіні де бар-ды. Бірақ, ашуының артында зілі жоқ. «Е, мен болмасам, сендердің күндерің не болады» деп үлкен кісідей күрсініп салады артынша. Мұны, әрине, аға, әпке, іні, қарындастарының біріне де білдірмейді-ау сабазың. Тек алқымын өксік буады. Жетімдіктің жер жебіріне, жекен суына жеткен өксігі... Бауырлары соңыра біртіндеп үй-жай болып, әр тараптан несібелерін іздеп кеткенде, Секең қарашаңыраққа да ие болып қалды. Келіншегі Рыскүл екеуі. Осы шаңырақта қыздары Назым, Жұлдыз, Құндыз, ұлы Әлішер дүние есігін ашты. Үлкен қыздары негізгі мектепті үздік бітіріп, өз күшімен педагогикалық колледжге де түсті. Секеңнің өзі болса, бүгінде Алматы асып, сауда-саттық жасап, кәсіпкерлікке бет бұрып кетті. Әредікте, Түгіскенге, қауындық салуға түптің түбінде бір ораламын деп те қояды өзіне-өзі. Өйткені, оның бір кездегі кездей-кездей сарыала, торы ала қауындарының бал дәмі бауырларының таңдайына үйіріліп, аңсаумен жүр емес пе?

Жәмила Оның не нәрсенің болсын тігісін жатқыза сөйлеп, жәйімен ғана жайдарылана күліп отыратыны, байыппен ғана қозғалар маңғаз кейпі, кешірімшіл, көпшіл мінезі... кейде Дариға — Дахайға да келіңкірейді. Осынысының өзі жолдасы Жұмағалидың бойында бар қасиеттерімен де дөп келгенін айтсаңызшы! Жастау кезінде түрлі деңгейдегі мерзімдік басылымдарға мақала жазып тұрыпты. Жан-дүниесінің тылсым бір түкпірінен қаламгерлік қабылет қоздап, қабындап келе жатты ма екен, әлде... Ол өзінің осы «ермек-ісін» көпке де созбады, орта жолда үзді, әттең. Мектепте, ең әрісі үйде де белсенді болғанының әсері тиді-ау, сірә. Қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасында жүретін қашан көрсең де. Аудан орталығында өтіп жататын пән олимпиадалары, түрлі байқаулардың біреуі де онсыз өтпейтін секілді көрінетін. Шынында да ол мықты математик еді. Есепті жаңғақша шағатын. Достарының есебін дем сәтте шығарып беріп, олар пысылдап көшіріп жататын. Сыныптастары қазір кездесе қалса соны еске алысып, күліседі. Өмірде ол, бірақ өз табиғатына келмейтін мүлде басқа саланың жалына қол артты. Күндердің күнінде фармацевтиканың мынау деген маманы болды да шықты. Жәмила бұл мамандықтың қай кезде де өзінің маңыздылығын жоймайтынын сол кезде-ақ бимәлім бір түйсікпен болжап-білді ме, әлде. Әсіресе, нарыққа өтпелі кезеңде дәрі-дәрмек өнімдері көпшілік қолды тауарға да айналып, «қаны жерге тамбай» кетті емес пе? Бұл салада да кәсіпкерлік өрістеді. Жәмила мен Жұмағалидың ақылдаса келе дәрі-дәрмек сатумен, жеткізумен айналысатын «Мөлдір» ЖШС-ін құрғаны да осы тұс. Жұмакеңнің облыстық сәулет-құрылыс басқармасындағы сәулетшілік жұмысын тастап, осы іспен түбегейлі айналысуына да тура келді. Ол кезде заманның зәйілімен жартымсыз айлық жалақыға қарап қалған, одан қалды оңтайландыру дауылына ұрынған көптеген талантты сәулетшілердің сауда-саттыққа кеткені, базарларға шыққаны белгілі. Күреп табыс таппаса да, жекеменшік дәріханалары отбасын асырап сақтауына, біртіндеп аяқтарынан тұруына едәуір септесті. Ең бастысы өздерін тұрақтап істер сенімді жұмыс орындарымен қамтамасыз етті. Ол қазір де күнкөрістеріне жарап тұр. Жұмағалидың соңғы жылдары аудандық газ тарату мекемесінің басшылығына қызметке тұруы шын мәнінде оның өміріне күрт өзгеріс әкелді. Оның бойындағы талайдан бері арнасын тауып кете алмай тепсініп жатқан тегеурінді қажыр-күшін, ұйымдастырушылық қабілетін, іскер-ілкімділігін, орнын тауып, толайым сарқа жұмсар кезі де келген-ді. Құрылыс-сәулет мекемесінде жүргенінде жеріне жеткізе тындыра алмай кеткен тірліктерінің, көкірегінде қайнап, әбден пісіп-толған тың ойларының қайнар көзі қайта ашылғандай... Қазір ол басшылық ететін мекемеде 30-ға жуық қызметкер еңбек етеді. Ол осыншама адамды берекелі іске жұмылдырып, өзара жарастырып, шатқаяқтаған сала ісін жолға да қойып үлгерді. Мекеме қызметі тұрғындар сұранысына әбден лайық. Әзірге Жәмила «Мөлдір» ЖШС-нің жұмысын бір өзі дөңгелентіп жүргізіп, отбасы берекесін ұйытып та отыр. Олардың тұңғышы Мөлдір Тараздағы «Азия» жекеменшік мектебін үздік бітірді. Тіпті ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында ең жоғары көрсеткіш — 120 баллға қол жеткізіп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Осылай облыстағы осындай ұпай жинаған бесеудің бірі болды. Мақсат әлі мектепте оқиды. Байзақ ауданындағы Қызыл Жұлдыз ауылының орталық көшелерінің біріндегі сәулеті әбден келіскен, іші-сырты зерлі-айшықпен көмкерілген еңселі үй анадайдан-ақ назарға ілігеді. Бұл — бастан-аяқ Жұмағалидың өзінің қолынан жұмырланып шыққан басты сәулеткерлік туындысы да секілді. Жәмила екеуінің күлдіреуішіне дейін өздері тауып, түгендеп, құрастырған қара шаңырақтары. Тату тұрмыстарының бедерлі-ізі, алтын айшығы.

Әмина Әулеттің жүлде қоржынына әуелі «Алтын медальді» Дариға - Дахай салған-ды. Сосын осы Әмина... мектепті бітірісімен Шымкент медициналық институтының фармацевтика факультетіне кедергісіз түсіп, оқуына үлкен жеңілдік болды бұл. Ол кезде аудан бойынша «Алтын медальге» мектеп бітірушілердің ілуде біреуінің ғана қолы әрең деп жететін-ді. Қазіргідей емес... Әминаның бала кездегі ашық-жарқын, жарқылдаған, ерке мінезі әлі де бойында жүр. О, құдырет! Біреуге жамандық ойлау, кек сақтау, көңіліне кір жасыру деген пенделіктен де ада, ашу өкпесінің өзі шәйі орамал кепкенше-ақ тарап, аққұба арайлы жүзі бұлт астынан шыққан күндей жарқ етіп көрініп, жадырап, жаймашуақтанып сала береді. Көңілі қатты қалған кісісінің өзімен ертесіне емен-жарқын сөйлесіп, шүйіркелесіп кеткенін өзі де байқамай қалатыны бар. Мәңгілік бала бейне! Әминаға өмірлік серігі де өзі секілді «Алтын медальді» жігіт болып жолықты. Самбо күресінен ҚР чемпионатының жеңімпазы ретінде Алматыдан ауылына алтыннан алқа тағып оралған Зиятхан еді ол! Кәдімгі бір кездегі өзі оқыған Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтында дүркіреп аты шыққан балуан бала. Зекең әлі де спорттың нағыз жанашыры, туған ауылы — Үшаралға да жиі ат ізін салып, бір кездері боз кілем үстінде білек күшін бірге сынасқан спорттағы серіктестерімен бірлесіп балғын балуандарға демеушілік көмек те көрсетіп қоятыны бар. Спорт десе ішкен асын жерге қояды өзі. Енді ше... спорт — оның жастығы! Спортты өзіне серт ұстанумен келеді. Оның тұңғыш қызы Әсемді буыны қатып, бұғанасы бекіген бойда самбо күресіне машықтандырып, баулып қызық қылғаны бар. «Мынауыңның өзі қыз балаға қол емес» деп Әмина біраз қарсыласқанмен де түк шығара алмады. Балалардың бәрін балуан қылып жіберер деп қорықты ма, Әмина кейінгі қызы Арайлымның тәрбиесін біржола өз қолына алды. Бишілікке баулыды. Еңбегінен нәтиже шықты, ақыры. Арайлым бүгінде «Айша-бибі» жастар ән-би ансамблі би ансамбілінің белді мүшесіне де айналып үлгерді... Зекең, бірақ «хоббиін» қояр емес. Әсемді, одан ұлы Мерейді спортқа баулып, арнайы мектепте де оқытып, үйде өзі «тренер» болып ақ тер, көк тер шала бүлініп жүр... «Мұны да үйренсін, артық болмайды тегі» деп қояды әредікте. Әсем керісінше білімге алғыр болып шықты. Айшабибі атындағы қазақ-түрік қыздар лицейіне конкурстан тыс қабылданып, қатарының алды болып та жүр. Тек спорттан бойын сырғақ ұстай бастады. Ендігі үміт — Мерейде. Зекеңнің елгезектігі ересен. «Өзім» деген ағайын, дос-жар, таныстан аянары жоқ тіпті. Қымбат шетелдік жеңіл автокөлігінің өзін соларға, қызмет көрсету үшін сатып алған ба дерсің! Бірін-анда, бірін-мұнда тасып, тыным көрмейді-ау. Көпшіл, сауықшыл, сал-сері, жомарт жанды жігіт. Екі күннің бірінде — Әминаны қоярда қоймай тойға алып жөнелетінін қайтерсің. Маэстро дерсің өзін. Айдан көке абатын, міне осындай күйеу балалары одан әрі көркейтіп те тұрғандай. Зиятхан — «Күміс-төбе»» ЖШС-нің директоры. Ал Әмина фармацевтика саласының білгір маманы... Ол екеуі... құстың қос қанаты да секілді.

Зәбира Шымкенттегі кооптехникумды бітіріп сауда ісіне тым ерте араласты ол. Біраз жыл туған ауылындағы Түгіскен жұмысшылар кооперациясында тауартанушы, сауда меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сауда ісінің болашағынан үміт күттірер білікті маманы болып қалыптасып келе жатыр еді. Бүкіл одақты сегізаяқтай шырмап алған кооперация желісінің тамырына балта шабылды... КСРО күйреп, бұрынғы экономикалық байланыстардың үзілуімен байланысты. Сала қызметкерлері мың-мыңдап еліміздегі жұмыссыздар армиясының қатарына келіп қосылып жатты. Бұл оларға моральдық тұрғыдан ауыр соққы да болып тиген-ді. Олардың қатарында Зәбира да бар. Ол уақытша әлеуметтік қызметтердің біразының басын шалып көрді. Бәрі де баянды болмады. Осылай, отбасы сол кезде совхоздың бас инженері қызметінде жүрген Әбдіхалықтың аз-мұз айлығына қарап қалды. Оның бұл жұмысының да шеті біртіндеп қымқырылып келе жатты. Тірліктері осылай жалғаса берсе, қолдағы уақ-түйек, қара мал да үнем болмайтын түрі бар. Әбдіхалық та, Зәбира да бір тығырыққа тірелгендей. Ақыры екеуі ақылдаса келе, үйдің шетінен азық-түлік, ұн өнімдерін сататын шағын ләпке ашты. Оны және уақыт оздырмай тіркетіп, заңдастырып та қойды. Ендігі шаруа қорадағы азын-аулақ мал басын көбейтуге ойысты. Бала-шағаның тамағы өсіп қалды. Не деп болады! Сосынғы жерде отағасы жалғыз аяқ артары астындағы «Волгасын» сатып, ақшасына біраз мал алды. Өз қамдарын өздері жасап, бұл үйдің енді мұртын балта кеспестей болған. Сөйтіп жүргенде, Әбекеңнің ауылдықтар ойлап тауып, ағайындардың өзі ішінде ойналып жүрген «лотереядан» бақытты билет түсіп, «УАЗ-69» жеңіл автокөлігін ұтып алғаны. Әбекең сонысын мініп, қолы боста балық сүзіп, қыраңнан 40-50 қырғауыл атып түсіріп келеді. Отбасы біршама бақуаттанып та қалғандай болды... Оның өзіне таныс, достары бірқатар аудандар әкімияттарында қызмет атқаруды қанша ұсынса да, біртүрлі іші тіл алмады. Ауылды қимады. Бірақ ішкі бір түйсікпен қалай болғанда да қалаға жақындаудың қажеттігін де сезген. Тұңғышы Назира мемлекеттік білім грантымен жоғары оқу орнына түсуі отбасының тыныс-тіршілігін түбегейлі өзгертіп тынды, ақыры... Олар қалаға тиіп-ақ тұрған Жуалы ауданының орталығы — Б. Момышұлы ауылына көшіп келіп, біржола орнықты. Өйткені Әбдіхалыққа осындағы газ шаруашылығы мекемесінен жақсы қызмет табылып тұр еді. Білікті есепші-экономист Зәбира да жерде қалмады. Отбасының ақар-шақар тірлігі қайта қызды. Ол «Жуалы–Газ құбыры» ЖШС-нің директоры. Әбекең астындағы арқырап ауыздығымен алысқан асауы — шетелдік автокөлігімен отбасын екі күннің бірінде Таразға апарып қыдыртып, оқудағы ұл-қыздарының хал-жағдайын біліп қайтады. Назира болашақта ағылшын тілінің мынау деген маманы болғалы тұр... сурет өнеріне бейім екінші ұлы Олжас политехникалық колледжде, кенжесі Назым мектепте білім алып жатыр... Бұлар осылай екеулеп жүріп өздері құрған отбасын дағдарыс шырмауынан ада-күде арылтып та үлгергендей-ау. Өмір-өзен сабасына түсіп, арнасын тауып, қоңыр ағыспен жәйімен сырғи ағып та барады…

Бейбіт Оның жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі жылдары қоғамымыздағы қайта құру, оңтайландыру өзгерістерімен дөп келді. Алматы сәулет-құрылыс институтын тамамдаған дипломды жас маманды мекемелердің құшағын жая қарсы алар түрі көрінбеді. Өйткені саланың өзі тығырыққа тірелулі, сәулет-құрылыс ісінің болашағы да бұлдыр еді. Сосынғы жерде сәулеткерлерге сұраныс қайдан болсын! Бейбіттің аулына алабұрта алып-ұшып жеткен көңілі су сепкендей басылып қалды. Бір кірпіші болып қаланайын десе, дүниенің көзге көрініп тұрған кетігі де жоқ-ты. Бұл мамандық таңдаудағы қателік те секілді көрініп, бір бимәлім өкініш ызғары алды-артынан азынап есті... Тараздағы ішкі істер бөлімдерінің біріне қатардағы жәй қызметке ілігіп, көңілін бір демдеді әйтеуір... Тәмпіш қара баланың бойында бұлқынысты бұла бір күш жасырынып, бұғып жатыпты. Қара бала қайың безіндей қайсарлықтың, мық шегедей мықтылықтың, құйттай үлгі көшірмесі де секілді еді... Бұл қасиеттері біртіндеп ашыла берді. Қандай қиын іске салса да қайтпайды, бұза жарып өтеді. Тапсырманы да тастай етіп тындырады. Ауылда өссе де, орысшаға жетік. Қызмет бабында кездесер түрлі құжаттар мен мерзімдік есептерді де сауатты жазып, толтырады. Мұндай өз ісіне жетік, «атқа жеңіл, құба төбел» маманды ішкі істер қызметі бөлімдерінің басшылары талайдан бері қолдарына шам алып іздеп, таба алмай жүрген-ді. Бейбітке «құда түсушілер» көбейді енді... Оны қаладағы қылмысты іздестіру басқармасы аттай қалап алып, не бітіп, не қоймайтын криминалдық сипаттағы мәселелерді мойнына үйіп-төгіп біржола жүктеп салды. Бекеңе керегі де осы екен. Жаңа жұмысына айрықша жігермен құлшына кірісті. Бұған дейін жабулы қазан күйінде қалып келген қылмыстық істерді ашудағы шеберлігімен де танылды. Мұндай қызметке тек тамыр-таныстықпен ғана тұруға болады деген тұжырымды жоққа шығарған біреу болса, ол, әрине, Бейбіт деу ләзім. Оның қылмыс философиясына мейлінше жетіктігі, адам мінезінің психологиялық иірімдерін жан-жақты меңгеруі оны ортасына бірер жыл ішінде-ақ сыйлы, қадірлі етті. Погонындағы жұлдызшалар саны да көбейе берді... оның ешкімге де сабытын салмай, өз қабылет-күшімен жаңа ортасына үйренісіп, біржола сіңісіп кетуі туыстарын да сүйсінтті. Содан ба, оны біраз уақыт бразилиялық белгілі сериялдың бас кейіпкеріне түр-түсін ұқсатып «Том Крусс» деп атап жүрді... Бейбіт те өзінің ақ, адал еңбегімен елге танылып, түтінін тіктеп кетті. Қызмет ыңғайына қарай Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетін сырттай оқып, бітіріп алды. Алғашында Қордай аудандық ішкі істер бөлімінің қылмыс іздестіру бөлімінің бастығы, соңыра Ақтөбе қаласында ішкі істер бөлімінің 6 Басқарманың бастығы болып қызмет етті. Қазір Қостанай қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы, милиция подполковнигі. Алыстан, тым-тым алыстан Таразға Бейбіттің, оның келіншегі Жанаттың, қыздары Жанерке мен Арайлымның туған-туыстарына жазып жолдаған көгершін хаттары жиі ұшып жетеді. Халықаралық байланыс желісі бойынша телефон қоңыраулары жиі шалынады... Оңтүстік аптабына күйіп, шыңдалып өскен бала қыран еліміздің солтүстік-батыс өңірлеріне де әбден бауыр басқандай...

Ғалым – Ақкөке Жақсы мінез қайдан жұғысты болады өзі? Әрине, ең әуелі тек, қан арқылы келеді ол. Отбасы тәрбиесінің, ортасының да ықпалы зор. Айдан көке ұрпақтары өздерінің арасына жат мінез құбылыстарының «қара мысықтай» сыналап еніп кетуіне әсте жол берген емес. Жұмыр бастының барлығына тән көңілге арамдық, қулық сақтау, іштарлық таныту, аяқтан шалу, өркөкіректік секілді пендешіліктің өзіне де. Ілуде бір, онда да абайсызда шалыс басқанының міні сол сәтінде-ақ бетіне шыжырылып басылып, тезге түсіп «беті» бері қарап жатады... Ата-тек, рухын аласартпай, асқақтатуды өздеріне серт ұстанған саналы ұрпақ: Шетінен ақ қанатты періштелер секілді, шетінен бауырмал. Қай-қайсысы да сәл сүйек шатыс жақындығы болса — бітті, кез келгенді мейірім — шафқат нұрымен шарпып, бауырға қысуға әзір. Жақсыда — жаттықтың жоғына, жақсының көзі де — жақсы, асылдың сынығы да — асыл болатынына, міне, мықты мысалың да осы. Зәурекүл апаның сүткенжесі — Ғалымға мейірімі ерекше түскен-ау, шамасы, күллі мінез, болмысы осы ұлдың бойына тұтасымен көшіп, қалыпталып қалыпты. Шымкент химия-технологиялық институтын бітірген. Келіншегі Гүлжанардың (ол да ҚазХҚ И-ын бітірген) да кісілігі мол. Екеуі қыздары Ардақ пен ұлдары Азаматты ешкімнен кем етпей, беттеріне жел тигізбей үкілеп, ата-әже лұғатына ұйытып, қазақы ғұрыпқа сай тірбиелеп өсіріп жатыр. Екеуінің, көп жылдарға созылған, тамшыдан теңіз құрағандай ақ тер, көк тер, ақ адал еңбектерінің, бірді екі етуінің, ілкімді іскерліктерінің нәтижесінде жеке бизнестері өрге басып, жуық жылдарда дүкені, кафесі, саунасы бар демалыс-сауықтыру кешенін іске қоспақ ниетте. Екеуі бейне бір Бабыл мұнарасын көтеріп жатқан секілді. Алдарына қойған мақсаттары да үлкен. Алла істерін сәтті еткей! Сол... Ғалым-Ақкөке (анасының еркелетіп қойған аты) ұлдың кішісі болғаннан соң ба, үлкендері әрлі-берлі қолдыаяқтай зыр жүгіртіп, әрнеге жұмсайды да жатады. Тап бір Ғалым солардың не бітіп, не қоймайтын аткөпір тірліктерін ысқаяқтай қағыстырып, жандарын тындыру үшін жаратылғандай. Қолын қусырып текке қарап отырса екен-ау... Мұның «Бабыл мұнарасын» көтеріп, жан алып, жан беріп жатқанымен басқаның тіпті іс-місі де жоқ. Ғалым-Ақкөке де мәрт жігіт. Кімнің болсын айтқанын екі етпей, айдауына көніп, қайда жұмсаса да — мейлі, «Темір тұлпарын» зыр қақтырып, құлыперен құйғытып бара жатқаны... Көбінесе мәшинесіне майды жол-жөнекей өз қалтасынан құя салады. Қызметін пұлдаса неғылдейсің. Мұндай тегін қызметке әркімнің-ақ емешесі құрып тұратыны белгілі... Бірде Ғалекең жолы болып, бағаның күйіп тұрған қысқы соғым уақытысында қазысы сере шыққан жылқының бір аяқ етін арзанға алады. Онысын қияндағы ауылдан мәшинесіне теңдеп, әупіріммен үйіне жеткізіп, «ух» деп дем басқан сәтінде... ойда жоқта сыныптас бір досы устінен түседі ғой. Аузының салымы бар екен өзінің. Содан әлгі етке оның да ындыны құрып, қызығып, «бөліссейші» деп жата-жармасыпты. Ақкөкенің қиналған жері осы. Бөлісейін десе, етті бұзып, тұздап, қазысын айналдырып қойған келіншегінен батпайды, бөліспейін десе досының көңілі қалады. Досы жалынып – жалпайған құрлы Ғалымның да «шегесі» босап, былқ-сылқ етіп қалады. Бір-екі рет ишара жасағанмен, Гүлжанар көнер түр таныта қоймайды. «Өзі аз, ауыз жарымайтын етті қырықпышақ қылып не етеміз!» — деп тиып тастайды. Былай шықса қолтығына су бүркіп, үгіттеп қоймай қора сыртында досы тұр! Өлердегі сөзін айтып. Ғалым келіншегінің алдына қайта-қайта айналшықтап келуін қоймайды. «Берейікші, ә, берейікші деп! Қыңқылдап қоймай кәмпит сұрағыштай беретін бала секілді. Гүлжанар, «мырс» етіп күліп, келісіп, сол етті Ғалекең досымен бөлісіп тынды, ақыры.... Әлгі еттің көп өтпей шеті көрініп, таусылуға айналғанда, расында да, семіз әрі арзанға түсті өзі «ә» депті де қойыпты бары-жоғы. «Қап, бекер бөліскен екенмін» деп өкінсе, қанекей... Оның бір көкесін қалың жауған қардан соң, әлі жол да түспеген қыстың көзі қырауда бұзылыңқырап тұрса да, мәшинесіне мінгізіп алып, ит арқасы қияндағы Құмкөл ауылына күн, түн қатып барып қайтқаны да бар. Әлгі көкесінің қиылып өтінгеніне бола. Өзінің жаңадан салып жатқан жекеменшік кафесінің құрылысы жүрмей, тоқтап тұрған кездің өзінде «бұларды қыстың көзі қырауда қайда жібере қоямын» деп құрылысшы жігіттердің отбасы, бала-шағасын ойлап, шөп басын сындырмаса да алты айдай айлықтарын төлеп, асырап-сақтаған мәрттігі ше... Қалтасында ақшасы барда, қарыз сұрағанның меселін қайтарған жері және жоқ. Ауылдан бір үйдің 4–5 жас баласын бірдей шақыртып алып, 2–3 жыл бойы үй салдырып, айлықтарын төлеп, ас-ауқатын, жатын орнын да қамдап беріп, жұмысқа баулып, кейін қала тірлігіне еттері үйреніп, қай-қайсысы да жүргізуші, газшы, құрылысшы болып өмірден өз орындарын тауып кеткенінше ата-аналарынан артық көмек көрсеткені де есте. Қазір де екі бірдей жасөспірім жігітті өзіндегі құрылыс жұмыстарына тартып, кәнігі шеберлерге қосып, әр неге машықтандырып, үлкен өмірге бейімдеуде. Олар мұны туған ағасындай, Гүлжанарды жақын жеңгесіндей көріп те кетті. Ата-аналары іздеп келіп, бұрын ауылда жұмыссыз текке сенделумен жүретін, іске орашолақ балаларының пысып, ширап, көп нәрсе үйреніп, өмір көріп, өз қолдары өз ауыздарына жеткеніне көз жеткізіп, Ғалым Ақкөкеге ризашылықтарын білдіріп кеткен көрінеді. Ғалым өз өмірінің ішінде мұндай ізгілікті, иманды істердің талайының басын қайырып үлгеріпті. Әрине, иманжүзді келіншегі Гүлжанар екеуі... Бірақ бұлардың «біз, міне, осындай айта жүрерлік іс тындырдық» деп міндетсігенін ешкім еш жерден естімепті де. Олар осынысымен де ортасына сыйлы, қадірменді, құдайға қараған жандар... Айтпақшы, осы биылғы жылы Ғалымның өз жоба үлгісімен тұрғызып, еңсесін тіктеп жатқан жекеменшік демалыс-сауықтыру кешенінің бір бөлігі жартылай іске де қосылды. Моншасының рахатын маңайындағы жұрт көріп жатыр. Техникалық қызмет көрсететін бекеті де отбасына табыс түсіруде.

Ләйла қыздың «үйге түсуі» тойы өткізілуімен кафесінің де тұсауы кесілді. Сән-салтанаты, ішкі дизайн-интерьері әбден келіскен екі қабатты ғимарат әркімнің-ақ көңілінен шықты. Айдан әулеті бұл күні ақ түйенің қарнын жарып тастады. Ақ дастархан үстіне дүниеде барды үйіп-төкті. «Кафелерің тойдан арылмасын» деп тілек тілеп, ағынан жарылды жұрт. Еркектер жағы бірауық тасқаяқ (бильярд) қағыстырып сергіп, ал әйелдер теңді ашып, тоғыз үлесіп, мәре-сәре болып жатты сол күні. Нар қамыстай ырғала толықсыған вальс әуені ше... Әсіресе, жұрт алдына шығып «Жылан биін» орындаған Әмина мен Зиятханың кіші қызы, жас та болса «Айша-бибі» жастар ән-би ансамблі би ансамбілінің белді мүшесіне айналып үлгерген буынсыз биші Арайлымның өнері, құда бала Қасымның сырнай сазына қосыла салған әні көпті тәнті етті. Екінші ұл Сенбек пен Рыскүл келіннің, Рабиғаның, Жәмила мен Жұмағалидың, Зәбира мен Әбдіхалықтың шаңырақтарынан өрбіген ұрпақтардың (тойға Қостанай облыстық ішкі істер басқармасында қызмет ететін Бейбіттің ғана отбасы келе алмады) да осы күні басы қосылып, арқа-шарқа болысты. Облыстың газ шаруашылығы саласында бірі – басшы, екіншісі — қосшы, үшіншісі — менеджер болып ақ, адал еңбек етіп жүрген күйеу балалар — ақ көңіл, жомарт та жайсаң жігіт Зиятхан да, мамандығы сәулетші, оқыған-тоқығаны, мәдениеті де мол Жұмағали да, Ауған соғысының ардагері, жоғары білімді инженер-газшы Әбдіхалық та құда күтуге барын салды, аяқтарынан тік тұрды десе де болады... Үлкен әулеттің жарасым-татулығы, мәдениеті сырт көзге әбден ұнады... Бүгінде Айдакеңнің немере-шөберелерінің өзі отыздан асып қалыпты, иншалла. Баяғы үлкен үй тәрбиесін көргендердің өрен-жаранын қосса алпысқа қаптал жетеді.! Ата-тек үлгісін жарасымды, келісімді, тату-тәтті өмір сүру эстафетасын болашаққа сол күйінде бұзбай-жармай жеткізіп, одан әрі жалғайтын да, міне, солар! Айдан көке, Гүлбаһрам әже, Зәурекүл апаның айқұлақ бейіттері «Тоғызкент» ауылы тұсындағы сексеуілді шабыр ішінде жатқанмен, рухтары ғасыр иінінен бүгінде алғы күнге сеніммен, мақтанышпен көз салып тұрғандай. «Үлкен үйдің жарығы өшпесін» дейтіндей.. Бұл — ұлы Әкелік, ұлы Аналық мақтаныш! Бүгінге — аманаты, болашаққа — хаты... Ұрпақтары бойына әбден сіңісті болған кісіліктің үлгі-үрдісінің ту-у басында тұр олар!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙