Армян жазушыларының әңгімелері. Эмаяк Сирac. Арарат
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Эмаяк Сирас — «Армян жазушыларының әңгімелері. Эмаяк Сирac. Арарат» (Көркем әңгіме). ЭМАЯК СИРAC
ЭМАЯК СИРAC
АРАРАТ
(Романнан тарау)
САТЕНИК ПЕН МИХРДАТ
Габриэл әкесімен екеуі Вртанестікінен шығып, үйлеріне қарай беттеді. Наапет және Пеброне мен Ребек те күйеулерімен бүгін осылардыкіне келіп қонбақшы еді. Кешкі тексеруден өтуге бұйрық алған Гарсеван мен Аракел әскердің шақыру пунктіне кетті. Түгендеуден өткеннен кейін бұлар да Михрдаттікіне келуге тиіс.
Сатеник үйде, жүрегі дүрсілдеп, баласы мен ерінің келуін күтіп отыр, бар тапқаны Габриэлдің кішкене чемодандағы киім-кешегін аударыстырып, бір алып, бір сала береді... Баласының әр киімін қолына алып, бетіне басып, әлде неше рет шөп-шөп сүйгенін, көз жасына бұланып, нешеме рет қайта орнына салғанын бір құдайы білсін. Әйелдің әуелден кішірек жаралған бітімі бұрынғысынан да құрысып, шөгіп қалған сияқты. Габриэлдің соғысқа баратынын естіген үш күннен бері күндіз күлкі, түнде ұйқы көрген жоқ. Ұйқы көрмей, жылай бергендіктен, көзі қызарып, ісініп кетті, ажым айғыздаған бет нұсқасына, аз да болса, рең беріп тұрған көз жанары мүлде сөнді. Әйелінің көзінше Михрдат сыр бермеген болады, бұл үш күннің бәрінде үй жұмысын бір өзі атқарып жүр, ең ақыры тамаққа дейін өзі пісіріп түсіреді. Міне қазір, үйіне келген бетінде де, келмекші қонақтарына кешкі асты өзі пісіруге кірісті.
Наапет кірген бетінде Сатениктің қасына барып, онымен жайдары амандасты, сылап-сипап, көңілін көтермекші, тоқтау айтып, дес бермекші. Бірақ, мұны керек қылған Сатеник жоқ. Қасына келіп, бәйек боп тұрған меймандарын көрмейтін сияқты. Әрі-беріден соң Габриэл шешесін құшақтап алып, өз бөлмесіне алып кетті. Габриэлдің кеудесіне басын сүйеп алып, Сатеник соның жүрегінің соғуын тыңдағандай боп, біраз тұрды, содан әлден уақытта барып бірдеңе деп күбірлеп, әлде нелерді созып айта бастады.
Сатеник Бритлисте туып-өскен еді. Он бес жасқа келгенде оны біреуге күйеуге берді, қыз ол адамды, молда некесін қиып, екеуін қол ұстастырғанда бір-ақ көрген болатын. Күйеуге тиген алғашқы бес жылында бөтен адамның көзінше ол күйеуіне тіл қатып көрген жоқ, тек екеуі оңаша қалғанда ғана, басқалардың құлағына шалынбайтындай етіп, сыбырлап қана сөйлесуші еді. Бұл кезде ол күйеуінің атын атап көрген емес, ол туралы біреумен сөйлесе қалса, сол сөйлесіп отырған адамының ретіне қарай, ерін «отағасы» деп, әйтпесе, «пәленнің, түгеннің ағасы» деп атаушы еді. Содан әкесі мен шешесі қайтыс болған соң, Абраам аға-інілерінен бөлініп, енші алып шықты. Бұрынғыдай ерінің бетіне келмей, сөзсіз бағынғанмен, осыдан кейін Сатениктің арқасы кеңігендей болды. Абраам үй ішімен Ван көлінің жағалауындағы Арчеш қаласына көшіп барды, ол өзі алтын зергері еді, мұнда да сол кәсібін істей берді. Дүние жүзілік бірінші соғыс басталған кезде, Сатеник үш баланың анасы боп қалған. Бұлардың тұңғыш ұлы Арпиар жиырма екіге келген. Бұған тете туған үш баласы бірдей бір індеттен қайтыс боп кеткен. Содан кейін көрген бес жасар ұл Амбарцум мен екі жасар қыз Асанет әке-шешесі мен үлкен ағасының әлпештеген еркетайлары боп өсіп келе жатты. Ал тұңғыш ұлын Сатеник інісіндей көріп, онымен санасып, теңбе-тең адамша сөйлесетін.
Сөйтіп жүргенде бұлардың басына сұмдық қара күн орнады, ері де, Арпиар да бір кеткеннен үйіне қайтып оралмады. Сатеникпен көршілес талай-талай әйелдердің ерлері мен ержеткен балалары да осы кепке ұшырады. Ері мен ұлының қандай қазаға кезіккенін Сатеник көп уақыт өткенде барып әрең білді. Әнуар-паша мен Талиат-пашаның жендеттері Арчеш қаласының барлық еркектерін жинап, қаладан айдап шығып, сол маңдағы бір терең сайда бірін қоймай қырып салған екен.
Сөйтіп, Сатеник жұдырықтай екі жетіммен жесір қалды. Содан соң ол туған жерін, үй-жайын, жиған-терген барлық мүлкін қалдырып, өзі көтергендей бірнеше буыншақ-түйіншегін бір көршісінің арбасына тиеді де, қаңғып бара жатқан босқындармен бірге, арқа еті арша, борбай еті борша болғанда, Ереванға келіп жетті. Алғашқы бетте ол ептеп-септеп күн көрді. Босқындарға көмек көрсететін комитеттің жәрдеміне, Ереван байларының кірін жуып, отын жағып тапқан азын-аулақ табысын қосып, тәлкесеу, талшық жасады. Бірақ, осыны да көп көргендей, жығылған үстіне жұдырық қайта тиді. Көп ұзамай кіші ұлы ауырды да қаза болды. Сатеник енді қаршадай қызымен, жапан дүниеде жалғыз қалды. Осыдан былай бес жасар Асанетін көзінен таса қылмай, жалданып барған жеріне де, өзімен бірге ала жүретін болды. Енді қайтсін бишара, қаршадай қарғасын қалдыратын кімі бар оның?
Сатеник өзі Сурб-Саркис шіркеуінің қорасында, үй ішімен бірнеше босқындар паналаған ашық-тесік сарайда тұрушы еді. Келесі жылы оның халі бұрынғыдан да ауырлай түсті. Басына түскен бұрынғы қайғыға ашаршылық қосылды. Енді ол баласын көтеріп, шіркеудің алдына баратын болды, жаны ашыған біреу бір тілім нан берер ме екен деп үміттенеді, ол тұрсын, беттің арын белбеуге түйіп, қайыр-садақа сұраған күндері де болды. Ал Асанет күннен күнге нашарлай берді. Бір суық күні, баласын жалба-жұлба жаялықтарға орап алып, Сатеник шіркеудің алдына тағы барды да, жалпақ тастың үстіне отырды. Сол отырғаннан ол мол отырды. Аз да болса өстіп жылытамын ба деп, баласын бауырына баса түседі. Тиісті жәрдемін алуына әлі де бірнеше күн бар, қайтайын десе, бас панасының суықтығы осы даладан бір де кем емес. Сатеник өстіп отырғанда, өзінің мұнда неге келгені де есінен шығып кетті — баласының бірден бірге көгеріп бара жатқан бетіне қарап қатып қалыпты.
Бір мезетте Сатеник қатты шыңғырып жіберді де, шіркеудің қорасына төселген тастың үстіне бала-маласымен құлап түсті. Содан есі кіріп, көзін ашып алса, әлде кім бауырындағы баласын ажыратып алмақшы болып, өзіне қарай тартып барады екен. Мұны сезген Сатеникке әлде қайдан күш біткендей болды, әлсіреген саусағы баласына қайта жармасып, тістесіп қатты да қалды.
— Бермеймін!..— деді жан таласқан ана.
Өмірінің ақтық үмітінен айырылатынын сезіп, есінен танып бара жатқанның өзінде де әлгі адамның мейрімсіз қолын бар әлінше итере берді, бірақ сол араға келіп қалған адамдар оны баласынан айырып әкетті де, зар жылаған ана мұздай тастың үстіне қайта құлады. Әлден уақытта есін жиса, Сатеник шіркеу азаншысының аядай бөлмесінде жатыр екен. Мең-зең болған басын көтеріп, айналасына қарап еді, қасындағы орындықта отырған бір адамға көзі түсті. Әлгі кісінің үстінде жамау-жамау шинелі бар. Сақал-мұрты өсіп кеткен, бет-жүзі құп-қу, көзі шүңірейіп, жақ сүйегі сорайып тұр, тәрізіне қарағанда, әлде қандай ауыр дерттен жаңа көтерілген адам сияқты. Айтқандай-ақ, әлгі адам орнынан тұра беріп еді, жуан таяғына сүйеніп, сүлдерін әрең көтеріп тұрды. Өзінің қолынан баласын айырып әкеткен адам дәл осы екені Сатениктің есіне енді түсті, осыдан іші-бауыры мұздай болып, әлгі кісіні оқты көзімен атты да жатты.
Сатеник оны иттің етінен жек көріп жатса, ал мынау адам оны, ебін тауып, жұбатқысы келе береді, бірақ сорлы болып, жалғыз қалған анаға ешбір жұбаныш жоқ екенін де біліп отыр. Сол арада бөлмеге шіркеудің азаншысы келіп кірді. Ол Михрдатпен екеуі өлген нәрестені шіркеуге алып кетті, онда апарған соң поп жалма-жан батасын оқып, басқа да қайтыс болған босқындармен бірге, кішкене Асанетті зияратқа апарып қойды. Әйтеуір, Михрдаттың қолынан келгені — Асанетті көп өліктермен бір қабырға көмдірген жоқ. Өзінің әлсіздігіне қарамастан, балаға өз алдына қабыр қазып, жеке жерледі де топырағының үстіне бірнеше үлкен тас үйді. Ертеңіне зияратқа Сатениктің өзін ертіп барып еді, бишара ана көз жасын көл ғып төгіп, қызының қабырын құшақтай құлады.
— Зекетің кетейін, қайрымды жігіт, мені де осы жерге қоса көм, тәңірің жарылқасын, жақсы адам! Мына қабырды аш та, қызымның қасына қатар жатқызып, бетімді топырақпен қайта бүркеп кет!— деп жалбарынды Сатеник.
Сорлы болған ананың шын ниеті, жалғыз тілегі осы екеніне Михрдатта күмән қалған жоқ, бақытсыз әйелдің бұл жалғаннан мүлде күдер үзгенін ол да түсінген еді.
Зияраттан қайтып келген соң, жыртық сарайдың бір бұрышына тығылып алып, Сатеник тағы зарланды:
— Бар жақынымнан айырып, жалғыз қалдырғандай, бұл құдайға мен не жазып едім, қандай қырсық-кесірімнен мұндай сорлы болдым? Енді маған бұл өмірде тірі жүрудің керегі не?— деп көзінің жасын көл ғып бұлады.
Осыдан былай Михрдат оған күнде келіп тұрады, тапқан-таянған тамағын әкеп береді, біраздан соң өз сөзіне Сатениктің құлақ қоя бастағанын байқап, Михрдат оған өзі білген көңілін айтуды мақұл көрді.
— Менің сөзіме құлақ сал, Сатеник, бұл қайғы жалғыз сенің басыңа түсіп отырған жоқ қой. Өзіңді өзің тірідей көме беруге болмайды. Тірі жан тірілігін істейді, өлгенмен бірге өлу жоқ...
Осылай деп айта келе, Михрдат оған өз басынан кешкен кепті шертті, тыңдап қараса, мұның тағдыры да Сатениктің тағдырынан артық емес екен. Дүние жүзілік бірінші соғыс басталар кезде Михрдат Эрзрумның маңында армяндар мекендеген бір қыстақта мұғалім болыпты. Соғыс басталғаннан кейін көп кешікпей мектеп үйін казармаға айналдырыпты да, Михрдаттың өзін әскерге алып кетіпті. Бұл кезде оның әйелі мен екі жасар ұлы Габриэл бар екен. Михрдаттың әкесі мен өзге туысқандары Эрзрумда тұратын. Түрік армиясына алынып барған алғашқы айларда Михрдат солдат қатарында болады. Бірақ біраздан соң түрік әскерлері армяндарға қару-жарақтарын тапсыруға әмір етеді де, өздерін ерекше лагерьге айдап барып, тұтқын есебінде ұстайды. Мұны айтқанда: «Сөйтіп, өз жерімізде өзіміз тұтқын болдың»,— деп, бір күйзеліп қойды Михрдат. Содан бір кезде байқаса, тұтқындардың саны күннен күнге азайып барады: оларды топ-тобымен бір жаққа айдап кетіп жатыр, бірақ содан қайтып ешкім келмейді. Осыдан бастап тағдырының таусыларына Михрдаттың да көзі жетеді, бірнеше күндер өткенде, басқалар сияқты, мұны да айдап барып, не атып тастайды, не шауып өлтіреді. Жандәрмен, бірнеше жолдастарымен уәде байласып, бір қараңғы түнде ол лагерьден қашып шығады. Соның арасынша Әнуар-паша мен Талиат-пашаның жендеттері, Герман императоры Вильгельмнің ақылы бойынша, армяндарды жаппай қыруға кіріскені де мағлұм болады. Михрдаттың басына қара түнек орнады. Жалаң аяқ, жар кешіп, қызыл аяқ қыр кешіп, өлдім-талдым дегенде, өзінің үй іші қалған қыстаққа жетті. Бар арманы — әйелі мен кішкене бөбегі Габриэлді бір көру еді. Бірақ ол үміті ақталмады, қарсы алдынан талан-таражға түсіп, иесіз қалған қыстақ кездесті: түрік әскерлері қыстақтың халқын қырғанын қырып, қалғанын бостырып жіберіпті. Михрдат түрік тілін жақсы білуші еді, енді ол соны пайдаланып, түрікпін демекші, сөйтіп, қашып-пысып кеткен босқын армяндарды қуып жетпекші болды. Бірақ ол үмітінің орындалмайтынына ұзамай-ақ көзі жетті. Қай жерге келсе, сол жердің бәрі шабыншылыққа ұшырап, ақырайып-сақырайып бос қалған, жолда кездескен жанның бәрі армяндардың қырылып, жойылып, босып кеткендері 1 туралы жан түршігерлік кептерді айтады. Бұл қырғында тек естияр еркектер ғана емес, еңкейген кәрі, еңбектеген жас, әйел-сәйел демей, бәрін бірдей қырып жоя беріпті. Бір жерге келгенде Михрдаттың өзін де ұстап алып еді, тура келген ажалдан, әйтеуір, зордың күшімен әрең дегенде құтылып кетті. Сол қашқаннан қашып отырып, құз жартастың арасына келіп жасырынды, сонда отырып, көп ойланып, көп толғанды, ақырында, жақын жандарын көруден күдерін үзіп, тауаны қайтты. Бұдан соң күндіз жатып, түнде жүріп, солтүстікке қарап тарта берді, күндердің күнінде, шаршап-шалдығып, майдан шебіне жетті, бір қолайлы кезді аңдып отырып, орыстар жағына өтіп шықты.
Орыс әскер бөлімінің командиріне басынан кешкен оқиғаны айта келгенде, армяндардың ауыр халінен оның да хабардар екенін сезді. Армяндардың басына орнаған қаралы күн бүкіл дүниеге мағлұм болғанына Михрдаттың көзі әбден жетті.
Михрдаттың ел ішіне баруына рұқсат етілді. Мұнда келген соң ол туып-өскен жерінен, үй-жайынан айрылған өзіндей топ-топ босқындарға кездесті, бұлардың бәрі де, өлмегенге өлі балық дегендей, өйтіп-бүйтіп күнелте бастаған екен, сонда да өздері болашағынан үміттерін үзетін емес. Өзінің туған қыстағынан айдап әкеткен шаруаларды түріктердің қырып жібергенін Михрдат осылардан естіді. Сөйтіп ол бұл дүниеде жападан-жалғыз қалды... Сол кезде Михрдаттың жасы жиырма беске жаңа толған еді, бірақ, қара шашына ақ кіре бастаған. Жұмыс істейін деп еді, ештеңеге көңілі шаппады. Сондықтан орыс армиясының бір бөліміне өзі тіленіп кірді. 1918 жылға дейін ол осы бөлімде табан аудармай қызмет етті, көп ұрыстарға қатысып, жақсы солдат, жылпық барлаушы деген абройға ие болды. Содан, қызмет еткен бөлімі Россияға қайтқанда, ол Сардарабадта қалып қойды. Бірақ көп кешікпей Армения бұрынғыдан да қиын жағдайға кездесті: түріктер келіп, Ереванға қатер төндірді. Сардаразадта өліспей беріспейтін қызу майдан.қайта қайнады. Михрдат көтерілісшілер қатарында шайқасқа шықты. Бұл жолы армян халқының асығы алшысынан тұрып, түріктер түре қуылды. Осы майданның соңғы ұрысында аяғынан оң тиіп, Михрдат Ереванға емделуге жіберілген еді. Аяғы айыға бастаған соң, өзінің жерлес ағайындарын іздеп, ол Сурб-Саркис шіркеуіне барған, шіркеудің қорасында, қолында өлген қызы бар, Сатеникке кездескен себебі осы болатын...
Енді Сатеникке келген сайын оның айтатыны:
— Бүйтіп, өзіңді өзің тірідей өлтіре беруге болмайды, тірі адам тірілігін істеуі керек,— дей береді.
Сатениктің бұған берер жауабы — тек үндемей жылай береді. Қызы өлгеннен кейін Занга өзеніне қойып кетіп, суға батып өлсем бе екен деген ой оның басына сан келіп, сан кеткен еді, сонда оған жалғыз тоқтау салу беретін нәрсе — осы мен, қалай дегенмен де, Михрдатқа қарыздармын-ау деген пікір болатын. Сонымен, Сатеник оның кір-қоңын жуып тұрады, шинелін жамап береді, оған арнап ұйық тоқып қояды. Кейінірек Михрдат бұл барақтан кетіп, бір лашық үйге шыққанда, Сатеник кейде сонда барып, үйін жинап, тазалық сақтап тұратын болды.
Михрдат өз үй ішінің басына түскен бақытсыздықты ойлап бір күйінсе, әрі өзіндей боп, жалғыз қалған Сатениктің қайғысына ортақтасып, екі күйінді. Сатеникке кездесіп, таныс болған бір жылдың ішінде — егер екі бақытсыз жан тағдырын қосып, бірлесетін болса, оның екеуінің де қайғысы жеңілетінін Михрдат келе-келе түсінген еді. Сатениктің бұл өмірдегі жалғыз сүйеніші өзі боп қалғанын ол жақсы білді. Қаралы әйелді қайғының қармағында жалғыз қалдыру — оған: «Бұл дүниемен қоштас, енді сен күтетін мұнда ештеңе де жоқ!«—деумен бірдей еді. Арменияның әрбір сүйем жерінде қаны судай шашылған құрбандықтардың санын тағы көбейту Михрдаттың қолынан қайдан келсін?
Ал Сатеник мұндай биік мұрат ойлай алған жоқ. Дегенмен Михрдатты көріп тұру оның да қажетіне айналып еді. Бір күні, Михрдаттың жарасы әбден жазылған кез еді, Сатеник үйдің ішін жинап болып, енді қайтуға ыңғайланды. Бірақ сол арада сөзден сөз туып, әңгіме басталып кетті де, Михрдаттың жалғыздықтан жалыққанын сезген әйел көпке дейін сонда отырып қалды. Сол күні ол Михрдатпен бірге түнеп шықты.
Осыдан соң бірнеше ай уақыт өтті, әйелдің ішіне бала бітіп, жүрегінің асты жыбырлай бастады: Сатениктің өмірінде енді жаңа мақсат пайда болды.
Сатеник сол бұрынғы сарайының бір бұрышында тұрып жатты, жалғыз-ақ, жүрегінің асты қыбырлағанын сезген сайын бір қуанып, күлімдеп қояды, бір жағынан келешегі не боларын уайымдап, жұрттың бетіне қарауға да ұялады. Осы ұялшақтықтың салдарынан кейде өзіне өлім тілейтін кезі де болады. Бірақ, сол өлімді көксеген сайын, өмір оның етегінен тартып, жіберетін емес, өмір сүруге құштарлық одан сайын күшейе түскендей. Ол енді, шынымен-ақ осы менің жас нәрестем болар ма екен, тағы да сол жас баланың шыр етіп жерге түскен дауысын есітер ме екем, шынымен-ақ оны шен айналып-толғанып, сылап-сипап отырар ма екем, тағы да оны баяғыдай әлдилеп ұйықтатып, бесігіне асылып ұйқысыз таң атыратын күн келер ме екен?— деген ойға берілді. Осы арманнан оның жаны жадырап, бақыт құшағына бөленді. Сатеник енді мүлдем өзгеріп, бойына жаңа қуат-жігер пайда болды, өзі көңілденіп, құлпырып, жайнап кетті.
Сонда да ескі әдет-ғұрып бойынша тәрбиеленіп өскен әйелдің ұғымында некесіз жаралған баланың анасы боламын-ау деген ой жанына қатты бататын еді. Бұған дейін оның екі қабаттығын ешкім байқаған жоқ-ты. Енді біраздан бері өзімен бірге сарайда тұратын босқындар оған сезіктене қарайтынды шығарды. Ол тұрсын, кейбір әйелдердің: «Көрдіңдер ме, мына үндеместің қандай жолмен кеткенін!».. деген қаңқу-шаншу сөздері де Сатениктің құлағына шалынып жүрді. Міне осындай қорлыққа шыдай алмай, әйелдің өзіне өзі қол жұмсағысы келіп кететін. Оның бұл өсекке қарсы айтатын дәлелі де жоқ еді: өйткені екеуін теңестіріп келгенде, Михрдат одан он бес жастай кіші болатын!.. Бұл кептер туралы Сатеник әлі Михрдатқа бір ауыз сөз айтқан емес. Әйткенмен бір кезде ол Сатениктің жүкті екенін байқап қойды да, әлденеге жүрегі алып-ұшып, үндемей отырған бетінде жылап жіберді. Мүмкін, ол бұлай болады деп ойламаған да шығар. Ал енді Сатеник шынымен бала тауып беретін болса, оған тағы бұдан артық не керек? Мұны білген соң Михрдат Сатениктің бұдан былай сарайда тұруына көнбеді, оны-мұнысын буып-түйіп алды да, өз үйіне көшіріп апарды. Әйелдің азын-аулақ заттарының ішінде алғаш Абрааммен некелескен уақытта уәкіл әкесі Манаваз сыйлаған таурат кітабы бар екен, Михрдат ақтарып отырып, осыған дейін тауып алды.
Бір кезде түпсіз шыңыраудың жиегінде жүргендей болған Сатеник енді өзіне пана болатын, қамқорлық жасап, жаны ашып, бағып-қағатын адам бар екенін көрді. Ал осындай азап шеккен әйел үшін өзінің кім боларын түсіне білген Михрдат оны алақанына салып әлпештеді, қас-қабағына қарап, күтіп ұстады.
Михрдаттың қасына келген соң Сатениктің жаны жай тауып, өзіне ие барын білді. Михрдаттан басқа ешкімнің бетіне қарамады, өсек-аяң, күбір-сыбыр, қаңқу-шаншудың біреуін де құлағына ілмеді, жалғыз-ақ, жанын сала күткені, есіл-дерті — өзінің туашақ, нәрестесінің дүниеге келген алғашқы шырылын есту ғана болды. Міне, сөйтіп жүріп, жиырмасыншы жылдың көктемінде Сатеник жаңа туған ұл баласын бауырына басты. Михрдаттың тілегі бойынша, жаңа туған жас балаға Габриэл деп ат қойды, бұл — Михрдаттың қаза болған ұлының аты еді.
Бұл не, шынымен жаңа өмірдің басталғаны ма? Бұған дейін Сатениктің ойына мұндай сауал ешбір келмеген еді. Осы бақыт кеудесін кернеп, енді ол жас бөбегін аялап сүйіп, мәпелеп асырауға кірісті... Бөбектің аты Габриэл... Сатениктің бұрын болған алты баласына, Михрдаттың жастай кеткен жалғыз ұлына — бұл бала енді бір өзі тең болды, бір кезде болған ана балалардың қуаныш, бақытын осы бала қайтып әкелгендей болды.
Михрдат өзінің бұрынғы кәсібіне — мұғалімдігіне қайтып орала алмады, өйткені мұнша бүлініп жатқан елге әзір ол мамандықтың қажеті жоқ еді. Сондықтан Михрдат әуелі темір ұсталығына кірісті, одан соң тігіншілікке ауысты, етікшілік істеді, біраз уақыт жетімдерге ашылған приютке тәрбиеші де болды.
Сөйтіп жүргенде жаңа заман келді. Арменияда совет өкіметі орнады. Бір уақыт азып-тозып, құрып бітуге айналған ел қайта жаралғандай жаңара бастады. Киім тігетін фабрика ашылды, оған Михрдат қызмет ететін приюттен отыз адам жұмысқа алынды. Өзінің тәрбиесінде болған шәкірттерімен бірге фабрикаға Михрдат та барды, біраз уақыт өткенде ол тігін цехының ең бір жақсы ісмері болып алды. Әке-шешесін бақытты еткен, оларға үміт - қуаныш берген кішкене Габриэл көсегесі көгерген отанының шуақты күніндей жайнап өсіп келе жатты. Михрдат жаңа өмірге жан-тәнімен араласып кетті. Ал Сатеник бір баласынан басқаны елемейді, оған Габриэлден басқа еш нәрсенің керегі жоқ. Сонымен, екі-үш жыл өтіп кетті, бұларға тағы бір қайғы болып, баланың тілі шыға қоймады. Гибриэл «мама» деген ардақты сөзді қашан айтар екен деп, Сатеник жаны қалмай күтіп жүр еді, бірақ мерзімді уақыты өтіп, ана одан үмітін үзе бастады. Баланың саусағын шошайтып, «м-м-м» деп ызылдап тұрып алатыны Сатеникті қатты қинады. Бөлмеде, қорада кішкене Габриэл зыр жүгіріп жүреді де, содан келіп, шелектің жанына барады, тағы да шешесіне жаутаңдап, «м-м-м» деп қолымен ымдайды. Бұл оның қолымды жу деген сөзі екенін Сатеник түсінеді. Бала әуелі саусағымен стаканды көрсетеді де, сонсоң өзінің аузын нұсқайды. Ал Сатеник басын шайқап тұрады да: «Мама, су бер»... деп айт»... «Егер айтпасаң — су бермеймін. Ал айта ғой: «Мама, су берші де»,— деп қиналады кеп. Бірақ бала қайта-қайта саусағымен көрсете береді, егер жуыр маңда бере қоймасаң — жатып кеп зарығып жылайды. Сонда барып шешесі баланы көтеріп алып, жұбата бастайды, онымен қоса егіліп, өзі де жасын төгеді.
Қараңғы әйел құдай алдында күнәкәр болған екемін деп азаптанады, бөгде еркекпен некесіз өмір сүргендіктен, енді соның жазасын тартып жүр екемін деп, опық жейді. Ал Михрдатқа мұндай ой мүлде келген жоқ. Ол барып, дәрігерлерді шақырып келді, келген дәрігерлердің бәрі де: баланың дені сау, біраздан соң өз-өзінен сөйлеп кетеді дегенді айтты. Бірақ бұған Сатеник сенген жоқ. Әйел баланы тәуіптерге қаратты, баласымен «әулиелерге» барып, қасиетті орындарға түнеп бақты. Міне осының бәрінен нәтиже шықпаған соң, бейкүнә бала күнәкәр шешесі үшін күйіп жүр екен, деген пікірге Сатеник әбден ден қойып алды. Сатениктің ойынша, егер Михрдат мұнымен ажырасып, жас жағынан өзімен құрбы әйел алса, бұл оны әбден дұрыс деп білмекші, өйткені енді қайтып бала таппайтыны Сатениктің өзіне аян еді.
Сатеник қанша қимағанмен, өзінің ойын Михрдатқа білдірді. Михрдат ұлын жанындай жақсы көретін. Сатениктің айтқан сөзі бұған қатты батты, соңғы айлардың ішінде болған оқиғаларды есіне түсіріп, бірнеше түн қатарынан көз ілмей жүрді.— Сатеник маған осындай сөз айтатындай, мен неден жаңылып кеттім, оның көңілін неден қалдырдым?— деп өкінді ол. Сатеник оған осыны айтып отырса, соған өзін жазықтымын деп білді Михрдат. Жоқ, бұл болмайды, ол бақытсыз әйелді ажал аранынан алып қалған өзі, оның өміріне ортақ болған өзі... Енді Сатениктің ол ойын орындау — тек өз қамын ғана ойлап, бас амандап кету болар еді. Сондықтан ол Сатениктің назарынан айтпай-ақ таныдым деп білуі бойынша, соның үнсіз тілегін орындамақшы болды: бір күні күндіз үйіне попты ертіп келді де, жеңіл-желпі неке қию ырымын жасатып, Михрдат пен Сатеник өздерін ерлі-зайыпты адамдар деп жариялатты.
Сатениктің білуінше, Михрдат бір шексіз қайрымды, көзсіз ер адам, мұндай адамдарды ол жас күнінде естіген ертегілерінен білуші еді. Бұл екеуі енді некелескен ерлі-зайыпты адамдар болды. Габриэл бұлардың адал туған баласы болды, осыны ойлаған Сатеник алдымен қосақты тұрмысына разы болып, көңілі көншігендей еді. Бірақ көп ұзамай ескі уайымы қайта басталды. Габриэлдің тілі әлі шыққан жоқ. Ал Михрдат мұнымен некелі кісі болды да, енді қайтып жас әйел ала алмайтындай, басқа бала көре алмайтындай болып қалды.
Осындай бітеу жара уайыммен пұшайман болып жүргенде, бір күні кенеттен Габриэлдің тілі шықты да кетті. Әуелі: «мама», «папа» деген ардақты сөздерді айтып былдырлағаннан кейін, бірнеше апта өтпей-ақ Габриэл, үш жастағы қай баладан болса да, кем сөйлемейтін болды. Сатеник қуаныштан жылап жіберді, баласы үшін құрбандық болып, оның басқан ізін сүйіп отыруға мейірбан ана әрдайым дайын еді. Күн құрғатпай, Габриэлді шомылдырған сайын Сатеник соңғы ожау суды құйып жатып: «Сені шомылдырған суым, балам, іләһи, Иордан дариясынан алынған, Силоам шарасына құйылған шарапатты су болсын!»— деп ылғи батасын беретін. Ол өзінің алғашқы алты баласын да осы дұғамен шомылдырушы еді.
Баласын шомылдырып болғаннан соң, киіндіріп, қолына алады да, оның үздіксіз былдыраған тәтті тілін ерінбей, жалықпай тыңдап отырады, өзі де оған оңай-оңай тақпақ үйретіп қояды.
Сабағынан үзіп алма,
Бөбегіне берді мама.
Сатеник Габриэлдің мұны түсінгеніне мәз-мейрам боп қуанады. Айтты-айтпады, кішкентай бөбек те қолын созып, алманы алуға ұмтылғандай болады, сықылықтай күліп, шешесінің орамалын жұлқылап, аппақ шашын қобыратып ойнайды.
Бұдан кейінгі өмір өз жөнімен жүре берді. Габриэл үлкейіп, мектепке барды. Сатеник енді оның заттарын құрметтегендіктен, тіпті қоярға жер таппайды, баласы ұйықтаған кезде шешесі оның киімін, мектепке апаратын сумкасын реттеп, әзірлеп қояды. Габриэл мектепте бірінші рет пионер галстугын байланып, соған қуанғандықтан, қып-қызыл боп жүгіріп келгенде, мұны көріп, Сатеник те қызарып қоя берді, осыдан кейін ол баласының қызыл галстугын түн сайын өтектеп қоятын болды. Сатеник те бала күнінде оқу оқып, хат таныған еді, енді Габриэл әліппе оқи бастағанда, баласының сабағына көмектеспекші болып еді, бірақ өзінің шамасы жетпейтінін біліп, ол ойынан тез-ақ қайтты. Габриэл әліппені біліп шыққан кезде, Сатеник ескі әліппеде болатын: «О, қасиетті крест, маған пана болып, қуат бере гөр»,— деген діни сөздерді баласы да оқиды екен деп, соны күтіп жүрді, бірақ жаңа әліппеде бұл сөздер жоқ боп шықты, сондықтан Сатеник енді өз ішінен:
— Оқуыңнан айналып өлейін сенің... Сенің қызыл галстугіңе құрбан болып кетейін!— деп айналып-толғанып қана отыратын болды.
Сатениктің Габриэлді жақсы көруі тіпті өлшеусіз болғандықтан, оның пайда зияны бірдей боп кетер ме екен деп, сақтануға болатын еді.
Жаз шыққан соң Габриэл шешесінен шолақ штан тігіп беруін өтінген еді. Сатеник соған әрең дегенде көнді, ал енді Габриэл физкультура сабағына қысты күні де қысқа штан кие бастап еді, Сатеникте тіпті дегбір-тағат қалмады. Габриэл мектептен келсе-ақ болды,.
Сатеник алдынан даяр тұрады, бәйік болып, баласының тізесін уқалай бастайды:
— Жылынды ма, жаным, айтшы, кәне, жылынды ма?— деп үстіне түсіп кете жаздайды.
— Мама-ау, мен тіпті тоңғам жоқ, пионердің адал сөзіне сене беріңіз, маған тіпті суық емес сияқты! — деп жұбатқан болады Габриэл анасын.
Сатеник баласының үстіне жазда да, қыста да ылғи қалың жүн көрпе жабады, ал Габриэл оны ылғи ашып тастаумен болады, сөйтіп ылғи ашық-шашық ұйықтайды. Жаз болса, бала пионер лагеріне барады, онда да Сатениктің жаны қалмай, ауырып қала көрме деп, толып жатқан ақыл-кеңес айтып жатқаны. Габриэл онда да бәрібір, бүкіл жаз бойы әмсе трусикпен ғана жүреді де, күн көзінен тотығып, қап-қара боп шынығып қайтады, ал қысты күні күнде таңертең мұздай суға шомылады. Баласының бұл дағдысына қарап, алғашқы кезде Сатениктің тағы есі шығып жүрді, бірақ келе-келе бұған да көндігіп кетті.
Габриэл ересейе келе Сатеникті жаңа өмірге араластыратын дәнекерге айналды. Көбінесе ол мектепте бірге оқитын құрбыларын үйіне ертіп келетін болды. Қыз балалар мен ер балалар аралас келіп алады да, дуылдасып сөйлесіп, сақ-сақ күліседі, әлденеге таласып, біріне бірі сөз бермей, қызараңдасып та қалады. Ал Сатеник осылардың көңілді айғай-шуына жымыңдап күліп қойып, жайлап қана сырттарынан бағып жүре береді, кейде күрсініп, ішінен күбірлеп қояды.
— О шіркін, қазір менің Асанетім болар ма еді... Мейлі, мына қыздар сияқты, ол да жалаң аяң, жалаң бас жүгіріп жүрсе еді, мейлі, анау ер балалармен үйір болып, асыр салып күлсе еді!
Мейрімді ана балаларға печенье, жеміс беріп сыйлайды, оларға тамақ істеп беріп, тойғызып та жібереді, ер баланың қал-жайын білгісі келіп, әке-шешең кім, аға-іні, апа-қарындастарың бар ма деп, қайдағы-жайдағысын сұрайды, егер ол бала біреудің жалғызы болса, онда Сатеник оны ерекше мәпелеп, айналып-толғанып қалады.
Бір күні жазғытұрым мектептен балалар күндегісінен ертерек қайтып, Сатеникті айнала қоршалай қалды.
— Мейрамыңыз құтты болсын, бүгін барлық аналардың мереке күні — сегізінші март!— деп келіп, ду-ду етеді.
Сөйтіп тұрғанда бір қыз келіп, Сатениктің басына жібек орамал жапты.
Тұтқиылда Сатеник не дерін білмей, сасып қалды. «Не дейді мыналар — аналар күні дейді, онысы несі еді тағы?»— деп тамсана берді. Ананың есіне басынан кешкен ауыр күндер түсіп кетсе керек... Ойланып көрсе, ол енді ана болып — бақытты болып қана қойған жоқ екен, оның үстіне сондай аналар үшін арнаулы мейрам күн белгіленген екен.
Сол күні балалар, қояр да қоймай, Сатеникті театрға алып барды. Содан кейін екінші рет театрға барғаны — Габриэлдің кәмелетке толғанын тойлаған күні еді. Театрда Сундукянның «Хатабала» деген пьесасын көрсетті. Сол спектакльдегі бай көпестің бақытсыз болған қызының бейнесі Сатениктің есінде сақталып қалыпты, ол соны кейін де қайта-қайта айтып, қоймай жүрді.
— Бишара болған Маргарит, қандай қорлық, нендей зорлық көрмедің! — дей береді.
Габриэл оқыған кітаптарының оқиғасын шешесіне әңгіме ғып айтып береді. Үйде кітап көбейді, Михрдаттың ескі кітаптарының үстіне жаңа кітаптар қосылды. Оның ішінде Лениннің жазған кітаптары, жазушылардан — Абовянның, Туманянның, Дурянның, Раффидің, Пушкиннің, Гюгоның шығармалары бар болатын. Әрине, көп жазушылардың есімдері Сатениктің есінде қалған жоқ, сонда да ол кітап дегенді аса қадірлеп ұстайды, кітаптарға шаң жуытпай, сүртіп тұрады, кей біреулерін тіпті ерніне де апарып, сүйіп қояды, өйткені сол кітапты Габриэл сүйсініп оқитын. Бір кезде Габриэл оған Демирчянның «Сато» деген әңгімесін оқып берді. Соны тыңдап отырғанда, өзінің бір тілім нан үшін біреулердің кірін жуған күндері ойына түсіп кетіп, Сатеник тіпті ызаланып айқайлап та жіберді.
— Қарашы, бұл қара жүрек жандарды!.. Оларша, шамасы, кір жуған әйел адам емес екен ғой?!— деп тас-талқан болды.
Әңгімеде бұл оқиғаның болған жері Ереван деп айтылушы еді, сондықтан Сатеник тынышсызданып:
— Габриэл, сен білемісің, Сатоның қызмет істейтін адамдары қай жерде тұрады? Сол жерден оны іздеп тауып, үйге шақырып келсек қайтеді, мүмкін, әліміздің келгенінше оған жәрдем көрсетерміз!— деді.
Габриэл күліп жіберді. Анасының әңгімені шын көңіліне алып қалғанын көріп, Сато деген — ол Демирчянның кітабының кейіпкері екенін тезірек айтып түсіндіруге тырысты. Бұған Сатеник разы болмады, кітаптың кейіпкері мен өмір сүріп жүрген адамның арасындағы айырма Сатениктің миына қонған жоқ, оның Сатоны көріп, сөйлескісі, оған өз ойын ашып айтқысы келді.
Анасының қалауы бойынша, Габриэл оның жақсы көретін кітаптарынан — әсіресе «Армения жарақаты» мен «Армян шабытынан» талай-талай хикаялар оқып берді.
Ал Михрдат ұлының жолына барын салады. Бір кезде қайғыдан тас болып қатып қалған Сатениктің тас құрсағын жібіткен, тас емшегін иіткен ұлына арнаған махаббатын көріп, Михрдат өзінің жасы көп кішілігін, ал Сатениктің жасы одан көп үлкендігін әсте байқатпауға күш салды. Михрдаттың осы қайратының арқасында, Сатеник оны елдің көзінше күйеуім деп айтудан енді қысылмайтын болды, алғашқыда Сатеник сөз арасында оны ымбалмен, әлгі «біздің отағасы» деп келуші еді.
Қазір Михрдат тігін фабрикасында цех мастері болып алған және өзі ең жақсы мастер деген абройға ие. Кәсіп одағының жергілікті комитетінің жәрдемімен өздеріне кішірек үй салып алды, әйелі, ұлы — өзімен үшеуі қазір сол үйде тұрады.
Сатениктің енді уайым-қайғыдан арылатын кезі келді. Габриэл жеті жылдық мектепті бітіріп, техникумға түскен еді, оны бітіріп, қазір заводта слесарь боп жұмыс істейді, енді оның заводтан тапқан жаңа достары, жаңа жолдастары бар. Сатеник күйеуі мен баласына келген қонақты әмсе құрметпен қарсы алады, меймандостың көрсетеді, ал бірақ өзі үйден шығуға, тамыр-таныстарына қонаққа баруға бір де баспайды.
Өзінің туған жерінен ала келген ардақты қол сандығына Габриэлдің қадірлі заттарын салып, көзінің қарашығындай сақтап жүреді. Сандықтың ішіндегі мына бір сауытта ұлының бір жасқа толғандағы бір шоқ, шашы жатыр, мынау соның бірінші рет «мама» деп айтқан күнгі үстіндегі көйлегі, мыналар: соның алғашқы әліппесі, бірінші қысқа штаны, бірінші рет мойнына таққан пионерлік галстугы, ал енді мына біреу «аналар күнінде» балалардың өзіне сыйлаған орамалы, Сатеник оны салынбай, осында салып қойған. Егер Габриэл үйінен ұзап шығып, бірнеше күнге бір жаққа кете қалса, Сатеник осы сандықтың алдына отырып алады да, сол заттарды ақтарып қарап, соларды көріп, иіскеумен сағынышын басып отырады.
Ал соғыс басталды деген суың хабарды естіген бетте Сатеник жұлып алғандай, ерінен сұрады:
— Соғысты бастаған әлгі османдықтар ма?
— Жоқ, Сатеник, бұл жолы османдықтар емес, немістер: қазір немістер елін фашистер билеп кетті ғой.
— Ал фашист деген кім?— деп сұрады Сатеник.
— Фашист деген — ол жаман адам.
...Ұлының кеудесіне басын сүйеп алып, Сатеник тағы да басынан кешкен қиын-қыстау заманды есіне түсіріп, толғанып, күйзеліп отыр. Анасының жүрегінде нендей ойран болып жатқанын Габриэл түсінеді, енді оны жұбатарлық ешбір амал-айла жоқ екенін де ол біледі. Құшағын айырмай, анасының жанында отырғанына бір сағаттан асты, оқта-текте оның орамалының астынан шашыраған аппақ шашын сылап-сипап аймалап қояды.
Бір мезетте Гарсеван мен Аракел келіп, кешкі дастарқанға отырды. Михрдат тықыршып, Габриэлдің бөлмесіне көз сала береді, бірақ анасы мен баласының құшағы жазылмай отырғанын керіп, бұларды қозғамай-ақ қояйын дегендей, қайта кетіп қалады.
Бір дәуір өткен уақытта Сатеник ұлын құшағынан босатты да, көзінің жасын зорға тиып:
— Бара ғой, балам, тамақ, іш, сонсоң төсегіңе жат, ал таңертең жүресің ғой,— деп күбірледі.
Сөйтіп ол, тілімді ала қояр ма екен дегендей, баласының бетіне қарады. Габриэл тұрып:
— Жоқ, мама, онан да мен сенімен отыра тұрайын,— деді.
— Жоқ, балапаным, оның болмайды, ұйқыңды қандырып алуың керек!— деді ана.
Осыны айтқанда, анасының тынышталуы үшін, өзінің тамақ ішіп, сонсоң төсегіне жатуға тиіс екенін Габриэл де түсінді.
Сатеник баласының төсегін салып қойды. Енді екінші бөлмеге көз салып еді, қонақтар жатып, ұйықтап қалған екен, Габриэл келіп төсегіне жатты, анасы да келіп, бас жағынан отырды.
МИХРДАТ ТАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛАДЫ
Михрдат Шогакат-майрик пен Цовинарды үйлеріне жеткізіп салды. Баласы ауырып үйде қалған Седа енесін шыр көбелек айналып, күтіп алды.
Үйіне қайтуға айналған Михрдат ескі дәстүр бойынша:
— Ал жаныңа сау-саламаттық берсін,— деп Шогакат-майрикпен қош-есен бол айтысты.
Өз үйіне қайтып келген соң Михрдат бау-бақшасының ішіне кіріп, жеміс ағаштарына қарап, аялдай қалды, алма ағаштарының басындағы пісіп келе жатқан алмаларға көз жіберді, сонсоң жеміс танаптарындағы арам шөпті жұла бастады да, көп ұзамай-ақ, жұмысқа құлқы болмай тұрғанын сезді. Өткен жылы Арарат асқары мен оның сұлулығы туралы Наапет, Асканаз үшеуінің осы арада құрған жайма-шуақ әңгіме-дүкені, Габриэлдің болашағы туралы ойлаған өзінің арманы еріксіз есіне түсті. Осыдан жүрегі ауырып кетті. Мұның ендігі зор уайымы Сатениктің хал-ахуалы боп қалды. Габриэл соғысқа аттанған күннен бастап Сатениктің жайы кеткен, күні-түні баласын айтып зарланып, ылғи ауыра береді. Тіпті баласынан хат келіп тұрса да, жаны жай таппай қойды. Михрдат жұмыстан үйіне келерде үнемі жүрегі лүпілдеп келеді.— Балаң үшін, оның армияда алып жүрген абройы үшін сен разы болып, оны мақтаныш етуің керек емес пе деп, ол Сатеникті үгіттеген, тоқтау айтқан болады. Бірақ оған құлақ қойып жатқан Сатеник жоқ, оның есі-дерті, бар арманы — ұлын қайта бір көру...
— О, дариға, тағы бір көріп, көкірегіме басып, сонсоң кеудесіне сүйеніп тұрып, өліп кетсем, арманым болмас еді...— деп зарланады ана.
Top үйіне кіріп келгенде Михрдат кішкене сандықтың алдында жүгініп отырған әйелін көрді. Сандықтың ішіндегі нәрселерді алып-салып аударыстыра береді. Михрдат оның бірдеңе деп күбірлеген дауысын естіді, тыңдап байқаса — былай деп жалбарынады:
— Мен сенің кестелі көйлегіңнен айналып өлейін... жазды күні жеңін шынтағыңнан асыра түріп, осыны киіп шығушы едің ғой... Сен үшін мен құрбандық, жан балам... Қалайша сен осы қаладан өзіңе тең бір қыз таппадың?! Тым болмаса маған алданыш немерем болатын еді ғой!.. Міне мынау сенің галстугың еді... Мынау тарағың... Ең болмаса бір шумақ шашыңды қалдырсаң еді, соны жүрегіме басып, дертіме шипа қылатын едім ғой... О, көзімнің қарашығы, нұры балам, сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма қадалсын, саған деген жамандық маған келсін, мен-ақ мүрдем кетейін, мен-ақ арам қатайын! О, Габриэл - жан, шыбыным, жаным менің, баға жетпес алтыным менің.
Батасын тоқтатқан кезде Михрдат оның қасына барып, мынаны айтты:
— Қой енді, тұр, Сатеник, кел тым болмаса бүгін бірге отырып, тамақ ішейік. Сен Габриэлді мейрімді, жақсы бала ғып өсірдің — бұл саған аз олжа ма? Байқасақ, бүгін де майданға қаншама адам кетті! Ойлашы өзің, біздің осы арамыздан осынша адам кеткенде, басқа қалалардан қаншама кетіп жатыр! Бізде тағы Тбилиси, Баку, Москва, Саратов сияқты тағы тағы толып жатқан қалалар бар ғой... Ал осылай неғұрлым көбейген сайын, сонау құдай қарғаған жауды да біз соғұрлым тезірек жеңеміз, сөйтіп, біздің балаларымыз да аман-есен үйге қайтып келеді... Кәне, тұр енді, менімен бірге столға отыр!
Михрдат әйелін осылай жұбата жүріп, сонымен бірге столды жасай бастады. Сол арада Сатеник еденнен көтеріле берді де, аяғын жөнді баса алмай, тәлтіректеп барып, орындыққа отыра кетті. Жалғыз-ақ, азар-азар естілетіндей үнмен:
— Тамақты мен отқа қойған едім... Асүйді қарашы...— деді.
Михрдат әйелінің мұнша нашарлағанын ешқашан көрмеген еді. Керосинканың үстінде асулы тұрған сорпаның бетін ашып көрді де, дәмін кіргізетін көк өсімдіктер қатып, бабына келтірді. Енді біраздан соң асүйдегі кастрюлді алып келіп, екі аяққа сорпа құйды да, біреуін Сатениктің алдына қойды. Оған азырақ қуат беріп, көңілін көтеру үшін екі стақанға шарап құйып, біреуін әйеліне ұсынды, онымен стақанын қағыстырып:
— Ал, Сатеник-жан, ішіп жіберейік, мықты бол, берік бол, қосағым!— деді, көңілді дауыспен.
Бірақ, бұл өмірде енді Сатеник қарайлайтындай ештеңе қалмаған сияқты боп көрінді. Габриэл соғысқа кеткеннен кейінгі оның халі кісі шошырлық еді. Михрдат келіп қасына отырады, айтқан әңгімесін құлақ қойып тыңдайды, өзі де оған көрген білген бар жаңалығын айтып береді, осыдан соң ол бір сергіп қалғандай болады. Михрдатқа бұрынғы қалпынша, риясыз разылығын білдіреді, бірақ жүрегінің түкпірінде өзін оған бір масылмын деп санайды.
Сатеник ас құйылған аяқты алдынан сырғытып қойды, орамалымен көзін сүртті, сөйтіп, өзінше жорамалдап отырған кісіше, дауыстап сөз бастады:
— Әлгіде ғана өзің айттың, көп адам кетті деп... Сонда осының біткені ме екен? Жаңа өзіңнің алдыңда ғана мына көрші келіп, ол да айтып кетті. Ой, Михрдат, мен басқаша ойлап отырмын ғой: егер соншама жұрт кетіп жатса, онда халдың қиын болғаны емес пе! Сонда менің Габриэлім жазатайым... Ой, тіл-аузым тасқа... Мен сорлы не айтып отырмын!..
— Жоқ, атама, Сатеник, олай деп ойлаушы болма! Егер сенің бұл қасіретіңді Габриэл біліп қойса, оның қабырғасы қайысады. Жауынгер адамға ата-анасы сүйеніш болуға тиіс, анасын ойлап, ол уайымдамауы керек. Ал сен?..
— Амалым не, енді қалай қылайын, Михрдатжан... Жүрегі түскір өртеніп барады...
Михрдат тамағын тездетіп ішіп, столдағы ыдыс-аяқты жинады да, Сатениктің жанына барып, маңдайын ұстап көрді. Қолтығынан сүйеп, ептеп қана орнынан тұрғызды да, төргі үйіне апарып жатқызып, жақсылап жауып салды.
— Сен тынығуың керек, Сатеник. Мә, мына дәріні іш, бұл жүректі жайғастыратын дәрі. Ал мынау компот. Аздап тамақ ішіп, ұйықтап кетсең, жақсы болар еді. Ертең Габриэлден тағы хат келуі керек. Өзің ойлашы, біздің баламыз не деген ілтипатты, қалай да аптасына бір хат жазып тұрған жоқ па! Таңертең мен келген соң, екеуміз отырып, хат жазып жібереміз. Мен Асканаз бен Араға да тапсырдым, егер Габриэлге кездессеңдер, толық хат жазып жіберіңдер дедім.
— Жақсы, жақсы, сен ештеңе ойлама,— деді Сатеник, ерін ол да жұбатып. Сонсоң аунап түсті де, баласының суретін қолына алып, Габриэлдің жүзінен көз алмай, ұзақ қарап, жатып қалды.
Михрдат сағатына қарады да, жұмысына асыға бастады: тігін фабрикасында ол цех меңгерушісі еді, және осы жетіде түнгі кезекте істейтін.
Цехке келіп, Михрдат ең алдымен машиналардың жайын тексеріп шықты, өзінің жұмыс істейтін столын тәртіпке келтірді, осыдан кейін ғана өзінің орнына тұрып, электр қайшыларды іске қосты да, жұмысына құлшына кірісті. Сол кезде елулер шамасындағы бір әйел мастерскойге кіріп келді:
— А-а, келіп қалғансың ба?— деді әйел, Михрдатты көріп, жымиып.
— Иә, солай, Заруи бикеш... Бүгін біз қандай-қандай сайдың тасындай жігіттерді майданға аттандырдық десеңші!..
— Ой, несін айтасың! Айтпақшы, осы сұрайын деп жүрген бір нәрсем бар еді: біз осынша қысқы киімді неге тігіп жатырмыз?..
— Сен баяғының мақалын есіңе алсақшы,— деді Михрдат маңызданып.
— «Қысқа жаздан қамдан»,— дейді ғой ол мақал.
— Мақалың тұрыпты ғой, Михрдат, бірақ, бұған қарағанда, мына лағнат соғыстың қысқа дейін бітпейтін болғаны да!
— Сірә да, солай болса керек.
— Біздің әскер оларды қашан қуып шығар екен?
— Сабыр ет, бикеш, сәт шыдасаң — жау қашады.
— Ал анау инглиздер мен американдардың уәделері не болды?— деп сұрады Заруи.
— Әлі сол уәде қалпында.
— Сен біле-білсең, мен инемен матаны шанышқан сайын: «Осы соғысты бастаған адамның көзіне мынау ине осындай боп қадалсын»,— деп ылғи қарғыс жаудырып отырамын. Ал қой енді, матаны бер.
— Мә, бикеш, ала бер. Ал әлгі сөзіңді мен Габри-әліме жеткіземін.—«Көрдіңдер ме, біздің ел ішінде қалған совет адамдарының не деп ойлайтынын және жұмысты қалай істейтінін»,— деп қуанып, жолдастарына айта жүрсін!
— Жаз, қарағым, жаз!— деп мақұлдай түсті Заруи, сөйтті де пішіліп қойған бір құшақ киімді алып, өз жұмысына кетті.
Мастерскойдің іші еркек-әйел жұмысшыларға толды. Түнгі сменаның жұмысы қыза бастады. Михрдаттың өзі де өндіре қимылдап жіберді, ара-арасында жолдастарына істің жөнін көрсетіп береді, қолы босап кетсе, оларға дес беріп, әзіл айтып, кей біреулерін мақтай түсіп, көңілдендіріп қояды. Мана қасына келіп кеткен байырғы жұмыскер әйелдің жігерлі сөзіне қуанып, оны ертең Сатеникке айтып бармақшы болды. Мүмкін, жұмыскердің сөзі — ұлы кетіп, қайғы жеңген әлжуаз әйеліне, аз да болса, қуат берер. Егер Сатеник сонша жүдеу әлсіз болмаса, егер ол осы фабрикада, не үйінде жұмыс алып істейтін болса, бұл жұмыс оны ауыр ойлардан айықтырар ма еді, әлде қайтер еді деп те топшылады ол. Михрдат өзінің ешбір сөзінен, яки қас-қабағынан Сатениктің секем алып, ренжуіне жол бермеді, оның дертін ауырлап содан көңілі жарым болып жүр-ау дейтіндей, ешбір шет мінез көрсетпеді. Михрдаттың бұл адалдығы тек жалғыз өзінің ғана тарапынан емес, сонымен бірге баласының да айтылмаған аманатын орындап жүргендей болып көрінді оған. Габриэлдің хаттарында анасының жайын көп тапсыратыны, сірә, осыдан болса керек!.. «Әке, мамамның жылауына жол берме. Ол өзіне кітап оқып бергенді, не болмаса, кітапты әңгіме ғып айтып бергенді ұнатушы еді. Мен сенің қолың тимейтінін де білемін, сонда да, мүмкін болғанынша, әредік-әредік менің кітаптарымның кей біреуін оқып беруге көңіл бол»... деп жазады Габриэл. Кейде ол шешесінің өзіне тура жазып жібереді: «Баға жетпес асыл анам, ақ сүтін беріп асыраған мейірлі қамқорым! (Анасының осы бір сөздерді өте ұнататынын Габриэл білетін.) Мені ойлап уайымдама, мұндағы хал-жағдайым жақсы, жолдастарым тіпті керемет. Қасиетті, игілікті іс үшін майдандасып жүргендерге ешуақытта ешбір жаманат жоламауға тиіс, сондықтан уайым дегенді мүлде көңіліңе алма!»
Осы хаттар есіне түскенде, әйеліне қуат болсын деп, Михрдат оны не жатқа айтып беруші еді де, не болмаса, бастан-аяқ қайта оқып беруші еді, сондай кезде Сатениктің ұлын көрем деген үмітінің жоқтығын, өмірден мүлде күдер үзіп жатқанын ол байқап қалатын.
Сменасы біткеннен кейін, таңертеңгі алғашқы трамвайды күтпестен, Михрдат үйіне қарай жаяу тартып кетті. Қорасына кіріп, бағының ішінде бір минуттей аялдады, шапақ атып келе жатқан күнді, жапырақ жая, мәуелеп келе жатқан ағаштар мен шілік-бұталарды тамашалап, қызыға қарады, сонсоң жанындағы кілтімен есікті ашып, үйге кірді. Шаршағанына қарамастан, бұрынғы әдеті бойынша, әуелі жуынып алды да, сонсоң төргі үйіне келді. Бұрын күйеуі үйге кіргенде, бетін ашып, ақырын ғана дыбыстайтын Сатениктің әдеті болушы еді. «Михрдат, келдің бе, сенбісің?» дейтін ондайда. Содан соң көрпесін қайта бүркеніп алатын да (жаз болсын, қыс болсын, ол осылай ұйықтаушы еді), ерінің жауабын күтпестен-ақ, ұйықтап кететін.
Ал Сатеник бүгін күндегі сөзін де айтқан жоқ, үстіндегі жұқа көрпесі қимылдаған да жоқ. Михрдат бұған: «А, құдай берген екен, ақыры бүгін қатты ұйықтап қалыпты! Бұл жақсылықтың нышаны, мүмкін, ұйықтаған соң азырақ тынығып сергитін шығар...»— деп ішінен қуанып қалды. Сонсоң ол ептеп қана шешініп, өзінің крауатына барып жатты. Үш-төрт сағат ұйықтағаннан кейін, жақсы тынығып тұратын Михрдаттың әдеті еді, тұрып алып, бау-бақшасында жұмыс істейтін, базарға барып келіп, үйдегі жұмысының бәрін өзі жайғастыратын. Сатениктің шаруамен айналысуына ол рұқсат етпеуші еді. Ал соңғы бір айдың ішінде жүрегінің дерті мүлде төсек тартқызып, жатқызып тастаған.
Төсегіне жатып алып, Михрдат өзінің Заруимен сөйлескен сөзін, Габриэлден бүгін келуге тиісті хатты есіне алды, Сатениктің ойын бөліп, оны қалай серпілтудің амалын ойлады. Ол көзін жұмып жатты да, бірақ ұйықтай алмайтынын сезді. Ақырын қолын созып, әйелінің бүркеулі көрпесін төмен түсірмекші болды, бірақ ол ойын қойып, қолын қайта тартып алды: «Қой, ұйқысы қансын, таңертеңгі ұйқы тәтті болады!»— деп ойлады. Сөйтіп өзі екінші жамбасына аунап түсті. Тағы да ол: «Шешең сені аңсап, сағына беруін бірте-бірте қойып келеді деп, Габриэлге жазып жіберетін болдым»— дегендей пікірге де келді.
Қанша шаршап келсе де, ол ұйықтай алмай қойды. Әрі-беріден соң әйеліне қарай қайта бұрылып жатты да, енді Сатениктің бетінен көрпені қалай да ашып, онымен бір ауыз да болса, тілге келмекші болды.
— Сатеник,— деді ақырын, сөйтіп әйелінің бетіндегі көрпені ептеп сырғытты және тағы: — сен сонша қатты...— дей берді де, қолын созған бетінде сілейді де қалды.
Сатеник екі қолын айқастырып, Габриэлдің суретін ұстаған күйі сұлқ жатыр. Бетінде ешбір толқын жоқ.
Әйелінің демсіз денесін құшақтап алып, Михрдат ұзақ жылады.
— Тағы жалғыз қалдым!..— деп өксіп-өксіп жіберді.
Әйелінің сұлқ жатқан жүзіне қарап отырып, бұл қазаны Габриэлге естіртіп, хат жазудың қиын болатынын ойлады. Баласына не айтуға болады? Сонсоң Сатеникке төніп барып, ақырын күбірлеп:
— Мынау — өзім үшін, бұл — Габриэл үшін...— деп бетінен қайта-қайта сүйді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру