Әйел жолы. Кино-әңгіме
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
Кино-әңгіме
Бірінші бөлім
1916 жыл
Күздің дауылды түні. Дулат байдың аулы ықтырмамен күзеуде отыр. Қой-ешкілер бүрсең қағып, ығып кетердей маңырап, шулап дүрлігіп жүр. Иттер үреді. Дауыл ұлып шулағандай ышқынады. Барлық малшы-малай, еркек-әйел тыста айғай салып, тынымсыз арпалысып жүр. Қартаң бай Дулат пен баласы Доғал жылы киінген, қолдарына шоқпар ұстаған. Мал үшін жан ұшырып әбігерде жүр. Ақ үйлердің маңындағы бүріскен жыртық, шоқпыт лашықтарға ақырып ұмтылысады. Кедейлердің жалаңаш бүрсең қаққан балаларына, кемпір-шалдарына шейін малды күзетуге айдап шығысып жүр. Аз уақытта, ауылдың шетіне түнгі иіруге қалың жылқыны жылжытып айдап, үш жылқышы келді. Өңшең семіз, үркек асаулар ауыл маңына байыздамай, жоси береді. Ауыл шетіне қалың жылқыны үйіріп болған соң, ақ айғырға мінген, атпал балғын денелі жастау жылқышы Сатай осы ауылдың шетіндегі қара лашық үйіне кеп, білегіндегі сойылын түсіріп тастап, аттан түсті. Жұқа, жыртық киімнен шүмектеп су өткен. Қабағы жадау, қажып-талған, қарны да ашқан, бейнет кешкен жігіт лашығына кірді. Қарт шешесі Жанат, бес-алты жасар жалғыз қызы Алуа ұйқысыз үркуде, үйде от та жоқ, ыстық ас та жоқ. Бірін - бірі аймалаған аш жандар, енді ғана сәл тыным алмақ. Жанат Сатайды қарсы алды, киімін шешіндіріп, құрғатқысы келеді. Сатай Алуаны аймалайды.
—Сен неге ұйықтамағасың, Алуа жаным, кішкентай.
—Сені тостым.
—Мені неге тосасың, ұйықтамаймысың ерте.
Жанат:
—Ұйықтамайды, көзінің шырымын алмайды сен жоқта, анасы қайтыс болғалы сол емес пе көргені, қарғашым.
Алуаның ақ сұр сұлу жүзі ерте қайғы тартқан. Жас бөбек әкесінің қойнына кіріп, қасына жатты. Даладан айғай үзілген жоқ. "Қасқыр!" деп, "Ұры, жау!" деп, қауіпті сөздер айтып, қарбаласып жүрген жандар көп. Дауыл қатайып, суық жауын қиыршықтаған қарға айналып кетеді. Иттер тобы арсылдап, жақын жердегі жауды сездіргендей. Жылқы жапырылып үркіп, жоси береді. Бай Дулат Жанат кемпірдің үйіне ақырып келіп, әмір етіп тұр: -Шық далаға! Малды көзде, қызынды да киіндіріп шық! — деп ақырады. — Сатай неге шықпайды? — деп ашулы зіл тастайды. Осы кезде бай баласы, жас мырза, жылы киінген Доғал келіп ақырады. Сатай амалсыз Алуаны оятпай тұрмақ боп, қам етеді. Бөгеліп жүр. Байлар кезек ақырып жазғырады, ұрсады. "Неге тыным аласың?" деп жазғырады. "Бүгін катер, бүгін жылқыға жау тиеді!" деп қорқысады.
Жанат үйде күбірлеп Сатайға:
-Бұлар неғып бүгін үркіп жүр өзі? Жауы нес, Саташ-ау?
-Тыныш жүре ме бұл пәле басылар. Отарбай баймен жау емес пе, жаздай жұлқысқаны қане, болыстық үшін. Енді барымталасып, қолдасуға шықты. Әнеугүні бұлар алғызыпты ғой... Қазір Отарбай да барымташы аттандырыпты дейді. Құлан, Бұлан дейтін екі сойқан ұрыны басшы етіп аттандырыпты. Солар осы бүгінгідей лайсаң түнде соқтығады деп қорқады.
Тыста тақап келген зілді айғай. Байлар ақырады.
-Сатай! Қайтіп ұйқы тыныштық алады? Бүгін жау тисе қайтесің?
Сатай өзінің су болған киімін көрсетеді.
-Үсті-басым су, жаурадым ғой, түн ұзын.
-Сөйлеме, мін атыңа! — деп, жас бай Доғал ақырады.
-Биттей аяныш болсашы... Мен де адаммын ғой.
Сол жайды айтқаны үшін Доғал боқтап қорлайды. Сатай ашулы жауап береді. Доғал ұмтылып, шоқпармен ұра береді. Шошыған Алуа жүгіре шығады.
-Тиме, ұрма ағамды.
-О, құдай жазаңды берсін, — деп Жанат қарғайды.
Байлар еріксіз Сатайды ақ айғырға мінгізе береді. Осы кезде арсылдаған иттер тобын шұбырта шулатып, түнгі ауылға қалың топ аттылар — барымташы жаулар қаптап, құйындай соқтығады. Сойыл, шоқпарларын қағысып, "кеу-кеу" десіп, азан-шуды молайтып, қалың жылқыны үркіте қуады. Ауыл үстіне жалған жапырылып құлағандай болады. Семіз сәйгүліктер қойлардың, сиырлардың, түйелердің үстінен секіре-секіре, лашықтарды құлата асау селдей ақтарылады. Жосып босқан жылқы арасында оларды сойылдап бөле қуып бара жатқан — жаулар. Тап ортада еңгезердей алып денелі екі ұры — Құлан, Бұлан ойран салып, құтырына шабады. Ауылдан атқа міне жөнелген жылқышылар тобы ағылады. Арасында, алдында ақ айғырға қамшы басып, құшырлана шапқан — Сатай. Ұзын ақ сойылын биік көлбетіп, көтере шауып келеді. Айқасу. Сатай боз айғырды қамшылап, шоқпарын жұлқа көтеріп ап, бір жауды бастыртып кеп жетті де, желкеден беріп жіберіп, жауырынынан алып жұлып тастады. Екінші жаулардың екеуі:
—Ортаға ал, ортаға... боз айғырды ортаға ал... — десе береді.
—Алсаң ал. Келсең кел! — деп, Сатай бастырта жете бере, оң жақтағы жау сойыл сілтегенше ұрып жіберіп, ұшырып түсіреді. Екінші жау ұрып қалады. Бірақ Сатай:
—Түс... Түс, — деп бұйыра ақырып, сайысып кетеді. Ол жау да шаншыла құлады.
Осылай жол бойы жылқышыдан да, жаудан да аттар босап, ойнап шығып жатыр. Ұзақ соғыс. Жылқышыдан да, жаудан да топ-топ аттан ұшып түсіп жатқан жаралылар. Майданда үш-ақ кісі қалған; Құлан мен Бұлан, Сатай. Екі ұрыға енді еркін жеткен Сатай бұйрық етіп: "Түс!", "Түс!" деп ақырады. Аналар қуып бара жатқан соңғы бір топ жылқыны айырып алады. Екі ағайынды бөрілер, сотқар ұрылар бұған жабыла соғысады. Сатай Құланды жекпе-жек кездескенде, ол бір ұрғанша, үш ұрып жіберіп, есеңгіреткен күйде, аттан жұлып түсіреді. Енді Бұланды шоқпар қағысып, тура бетке алып, сілейте ұрып жібергенде, құлап бара жатқан Бұланның қолындағы алтатары тарс атылады. Үй алдында түйілген қабақпен шошынып тұрған Алуа. Ол меңіреу түнге телміріп қадалғалы көп заман. "Үйге кір" деген әжесін де тыңдау жоқ. "Ағам, ағатайым..." деумен қара түнге мелшие қадалып қарап тұр. Тыңдап тұр. Сартылдаған сойылдар, тасырлап шапқан ат тұяқтары. Кісінеп, осқырып жосыған, шошып босқан асаулар. Арсылдаған иттер. Ақырып, арпалысып жүрген қатал жауыз байлар. Бәрін де Алуа "қой" дегендей, "тоқташы, тына қалшы" дегендей елемейді. Әлі екі көзі қараңғы түнге қадалып, шошына үркіп тұр. Бозарған еріндері тек қана қыбырлап, "ағам", ағатайым" дей береді. Тарс етіп мылтық атылды. Алыста, бұл қараған жақта жалт етіп от көрінеді. Алуа шошығаннан шыңғырып қалады: "Ағатайым!" Бұл кезде Құлан жығылған жерге Бұлан да жығылған еді. Шекесінен қан ағып, талмаусырап ол жатыр. Сол екеуінің қасында оқ тиіп құлаған, алып кеудесі ажалменен алысқан, демі бітермен болған Сатай жатыр. Басында мұны есіркегендей, боз айғыр ғана иіскелеп, жер тарпып, "тұршы, жүрші" дегендей боп тұр. Күндіз. Дүние тыныштық. Жыртық лашық ішінде, шоқпыт төсек үстінде өлімші күйде Сатай жатыр. Басында жылап шешесі отыр. Төсін құшақтап, аймалап өксіп, талықсыған Алуа жатыр. Еріндері соңғы рет сәл қыбырлаған Сатай арман айтады:
—Бейбақ сорлыларым-ай, көр аузында анам қалдың. Бесіктен шығар-шықпаста балам қалдың. Кеше ғана анаң өліп еді. Бүгін мен де жоқ. Қасыңда жанашыр жан да жоқ. Жақының да жоқ. Тым құрыса екеуіңді босағада қалдырғанда, адам қасында да қалдырмадым. Жыртқыш аңның інінің аузында қалдырдым. Қасқыр інінің аузында қалдырдым-ау. Кім есіркейді, кім пана болар?
Көзі босағада жылап отырған кішкентай денелі, баладай ғана бойы бар, бала жігіт Сексекке түседі. Ол Сатайдың қасында нар қасындағы ешкідей. Сатай сөйлеп жатыр:
—Бар жақын дегенде жалғыз қарабасты еркек анау Сексек. Бірақ ол кімге пана болады? Қолынан не келеді сорлының?
Сексек жеңіменен көзін сүртіп, жылап отыр:
—Дегенің рас. Сен кеткен соң, мені тіріге санап қайтесің. Қалпым мынау, қауқарым қаны. Менен қайыр жоқ қой. Өзім тіпті Алуадан да бетер жетіммін ғой, - деп кеңкілдейді.
Сатайды бір уақыт өлім алдындағы сандырақ, қызу қыстайды. Дүниені тұман басып, мұнар жеңіп, лайлайсаң, ұйытқыған әбігер басып кеткен еді. Ерегес: "Қайт-қайт, түс-түс!", "Аттан, аттан!" дегендей тайталас сөзін үзік-үзік айтып қалады. Көз алдында қатты дауыл, ақ айғырдың басы, қарсы сойыл сілтеген қарасақал, еңгезердей жау. Сонымен ұстасып қалған қалпында бір сәтте, алдындағы жау қасқыр бейнесінде, ақсиып тістерін сақылдатып, беті-жүзіне шапшып келген қасқыр бейнесіне айналады. Біресе қасқыр пішінінен Доғалдың жүзі туады. Ол боқтап ұмтылып тұр. Шоқпарға таласып, Сатай екеуі ұстасып тұр. Осы түнде болған сурет сол айқасқан, егескен күйде, біресе қасқыр, біресе Доғал жүздері кезек ауысып барып, тұманға батады. Бітті тыныс. Өлді адам. Кетті азамат. Талып жылап Алуа қалды. Ортасынан опырылғандай, өнебойы қақ бөлініп сынғандай, бүрісіп Жанат кемпір қалды. Әкені қара жерге қойғалы алып кетісті. Жер төсекте, тағы сол шоқпыт құрым арасында жанталасып жатқан кемпір Жанат. Жанында жалғыз ғана Алуа. Ол сәл өсіп қалғандай, өңінде зар. Көзінде жас.
- Әже, әжетайым, жапа-жалғыз мені кімге тастап барасың, әжетайым...
Кезеріп ерні кемсендеп, зорға сыбырлап, зарлы әже үн қатады:
- Қарашығым, балапаным-ай, мұндай да қатал дүние бола ма екен. Е-е, жасаған-ай, кімге қалдырдым сен бейбағымды, сорлы жетімегімді. Ешкім жоқ, тек бекем бол, сорлы балам. Неге болса да бекем бол, жасымай алысып қал не болса... жалынған бас қорғау емес, жағаласқан бас қорғау, сәулешім. Әкеңдей, Сатай ымдай бол, не айтам...
Енді бір шақта бұрынғыдан жүдей түскен, көйлегі жыртылып, шашы үрпие түскен, тек сәл ғана жіңішке, тіп-тік, нәзік, сұлу бойы созыла түскен Алуа тағы бір жаңа қабірге Сексек берген күректі алып, топырақ салады. Көмілді бұл өлік те, ол кеткен әжесі. Орлы әжем, сен де кеттің, — деді де, Алуа жалғыз ғана есіз далада сенделе қозғалып, ұрдай жетімдікке, панасыздық дүниесіне жүре береді. Жалаң аяқ, жалаң бас, дудыраған шашы бар алты жасар Алуа уана алмай зарлап, жылап келеді. Жалғыз, жапан түз.
Артында, алыста иығы түскен, уайым жеңген Сексек те жалғыз келеді. Жерошақта түтіндері будақтап, көп самауырлар қойылған, қазан-қазан ет асылған, үлкен ақ үйлер алдында, араларында керме жанында қарбалас. Келіп-кетіп жатқан қонақтар. Бай үйінде жас мырза Доғал көп қонақ жігіттерді, паң бәйбіше, кербез келіншектерді күтіп отыр. Даяшылар жүгіріп жүр. Осы үйдің жанында Алуа жылап келеді. Қайда жүргенін көрмегендей, қайда келгенін білмегендей сүріне - жығылардай жетім қыз. Үйдегі қонақтар қатты жылаған үнді естіп, күлкілерін, сауығын тыйып, үрпиісіп қалады. Алуа есіктен қарап, үй ішінде, төрде көп жастықтарға жантайған, қымыз ішіп қызып, шалқыған қызықмасы сәнді топтарды көреді. Ортада, төрде гимназия мундирін киген, тікірейтіп шаш жіберген, паң, сері жас мырза Мардан биік төсек үстінде шалқып, еркелеп жатыр. Жанында сұлу келіншек, жеңге мұны құшақтай түсіп еркелетіп отыр. Мардан сұлу жеңгенің жүзіне папирос түтінін бұрқыратып жіберіп, анау бетін басып жалтарғанда, мәзденіп күледі. Жылаған Алуаға паңдана қараған жас жігіт Мардан "кетіңдер" дегендей белгі етеді.
—Әжем, жалғыз әжем де өлді, — деп жылайды Алуа. Мұның қасына Мардан келіп зекіп, желкесінен нұқиды.
—Өлсе, құдайыңа жыла. Әжең түгіл, әжеңнен зор да өледі, — деп, қымызға мас күйінде, шайқақтап күледі де, — елдің мазасын алмай, аулақ бар! Бар! — деп зекіп айдап жібереді.
Алуа есіз каңыраған шоқпыт лашық ішінде әжесінің тұл қалған жыртық құрым, жер төсегіне отырып, етпетінен түсіп жылайды. Маңына келген жан жоқ, жалғыз жылайды. Тек бір сәтке ғана Сексек келіп, үйге азырақ тезек әкеп төгіп, Алуаға қарап бас шайқап, қынжылып кеп, жас жетімді аймалайды. Маңдайынан сипайды.
Екінші бөлім
1926 жыл
Алуа 14-15-ке келген. Үстінде жыртық көйлек. Иығы түтеленген ескі кемзал. Доғал байдың үлкен, аппақ үйінде қатал бәйбіше Алуаға бұйрық етеді. Шидің қасында айналмалы бөшке тұр, сонда ашыған қаймақ, Алуаға соны айналдыруды бұйырады. Ауыр бөшкені әлсіз қолдарымен кезекпе-кезек, тынымсыз айналдырып деміккен, тер аққан Алуа әрекет еткелі көп заман. Осы үйге Доғал бастаған бір топ мырза қонақтар кіреді. Мұнда кербез киінген ұзын бойлы Сейіт, тығыз бұйра сақалды, бітік көзді Жәкеш, көсе келген, орақ тұмсық, сояу қара Байыр және шерміш жуан мырза Сартай бар. Қонақтар кірген соң, бәйбіше Алуаға көзбен белгі етіп, шидің ішіне кіріп, май шайқауға бұйырады. Алуа ши ішінде тынымсыз әрекетін істеп отыр. Бір шақта мырзалар алдына қойылатын қымыз зор тегенеге құйылады. Бәйбішенің бұйрығымен Алуа қолына шіләпшін, құман алып, ши ішінен шығып, мырзалардың қолдарына жағалай су құяды. Бір түрегеп, бір еңкейіп, үй ішіндегі қонақтарды жағалап айналып қозғалған Алуаға Сартай мырза қызыға қарайды. Қызды көрсетіп Байырға сыбырлайды. Тұрпайы, қомағай жүзді мырзалар бұл қыздың бойына да, жүзіне де, арқасына төгілген ұзын, сұлу шашына да құмарта қызыққандай.
Сартай Доғалға бұрылып, жаңағы қыздың жөнін сұрайды.
—Доғал мырза, осы жаңағы қолға су құйған қыз кімнің қызы?
Өзгелер де Доғалға үңіледі. Доғал оларды түсінеді де, күледі.
—Өзіміздің баяғыда өлген бір жылқышымыздың қызы. Осы үйдегі қызметкеріміз. Қайтейін деп едіңдер? — деп, сақылдап күледі.
Сартай алғашқы құмарлық жүзімен Доғалға иіле түседі.
—Доғал мырза, көңіл шіркін ауып отыр, сезіп отыр ғой ішің. Шіркінді тәуір киіндіріп, ауыр жұмыстан тыйып, ақ отауға алып, балапандай бауырға басса, — деп, кеңкілдеп күлгенде, үйдегінің бәрі де масайып, мәз болысады. — Аты кім өзінің, аты кім? — деп Сартай сұрайды. "Алуа" дегенде, Сартай іле жөнеліп: — Алуа, Алуаш, — деп, — алақанға салып аялап қана қызықтар ма еді оңаша.
Осы кезде Алуа өз атын атағанды естіп, жаңағы жайсыз сөздерге түршігіп, шошына тыңдайды. Ендігі сөздерді ол ауыр жұмысын істей отырып, ылғи үрку, жиренумен тыңдап отыр.
Кербез, кекір Сейіт сұлу мұртын сылай отырып, байлау айтады:
—Олай болса, ынтығып өзек жарғандай не бар? Доғал мырзаның қолындағы қыз, дегенінен қалатын несі бар. Шын қызыққан біреуің тоқал етіп ал да қой.
Сартай ентелеп:
—Алар-ақ ем, беремісің, Доғал? — дейді.
Бағанадан Доғал өзі де ойлана күлімсіреп отырған.
—Жоқ. Өзім аламын тоқалдыққа. Түлкінің күшігіндей өсіріп кеп, енді қызыл шулан жетілген шақта, қызығын саған беретінім нем? — деп, кеңкілдеп күледі.
Алуа шошып бір тұрып, бір отырады. Бірақ кете алмай, амалсыздан жұмысын істейді. Қартаң қонақтың бірі бурыл сақал, жасы үлкен адам жігіттерге мысқыл ете қарап, сөз тастайды:
—Өй, сендер қыз саудалап жатырсыңдар, бірің қызығып, бірің алып байлап жатқанда, бұл совет үкіметі қайда болады?
Алуа бұл сөзге елең етіп, соңғы үмітіндей аңыра, құлақ салады. Отырған мырзалар "бәсе, бәсе" деп, "елдегі сот, седватльді қайтесің?" деседі.
Сартай Доғалды мысқыл ете бастайды.
—Ә, бәлем, байеке, енді қалай? Маған бұйыртпайын деп едің, өзіңе де тимейтін болды ма, бәлем.
Алуа әлде де шошына тыңдап отыр. Осы кезде үйге оқыған жігіт Жаппар кіреді. Сәлем беріп, үй ішімен амандаса кеп, қатарға отырады. Доғал қымыз ұсынады. Сейіт әзіл етіп, жаңағы сөзді тағы қозғайды.
—Міне, совет өкіметінің кісісі келді. Мына Жаппардан сұраңдаршы, екі қатын үстіне қыз алғыза ма, жоқ па енді совет өкіметі?
Жаппар жәй, баяу ғана жауап береді:
—Естіп жатырсыздар той, көп әйел алдырмайтыны, қалыңмалға сатқызбайтыны, сүймегенге бергізбейтіні, әйел ырзалығынсыз ешкім қатын алмасын дегені — бәрі де анық сөз. Білмегенсіп қайтесіздер? — деп күле түседі.
Доғал сылқылдап Жаппардың сөзін мазақ еткендей күліп алды.
—Әлі де алғысы келген алар да, тигісі келген тиер де. Ей, қайда әлгі, шақырыңдаршы Сексекті.
Ендігі жайдан қатты шошынған Алуа атып тұрады. Шидің ішінен бұл шыға келгенде, мырзалар бұның мұнда екенін білмеген қалпында аңырып қараса, Алуа Жаппарға сәл көз тоқтатады. Жаппар да елең етіп, Алуаның сұлу жүзіне қадала қарап, таңданып қалады. Іркіліп қалған қыз ақырын салмақпен сұлу қозғалып барып, үйден шығып кетеді.
—Шақыршы Сексекті? — деп Доғал тағы айғайлайды.
—Шіркін балапан, ақ тұйғынның балапаны. Алуадай асылдан, — деп, бағанағы құмартқан Сартай аңсап, аһ ұрады.
Жаппар қымыз ішіп болып, шығып кетеді. Енді біразда осы жиын алдына жыртық киімді, жүдеу жүзді, ерні кезерген кішкентай бойлы Сексек келеді. Оны көргенде Доғал:
—Отыр, — деп бұйрық етеді.
Доғал мастау және тұрпайы батылдықпен сөз тастайды.
—Жә, Сексек, сенімен келелі сөзім бар. Келіс сөз. Қысқасы, мына сенің қарындасың — Алуа бүгін бойжеткен қыз болды. Өсірген өзім. Енді өзім сол қарындасыңды алайын деп отырмын. Қойшы, сөздің қысқасы, маған ырзалығың керек. Мына ағайынның төрт көзі түгел отырғанда, ырза-қошыңды айт, дәл осы орныңнан тұрғанда қайнағам, Доғалдың қайнағасы боп тұрасың, — деп, бір жағын шын, бір жағын бұлтақ етіп мастана сөйлеп отыр.
Үйдегі бар мырза кеңкілдеп, дабырлап күліп, Сексекті көрінеу тәлкек қып жатыр.
—Уа, құда Сексек, қошемет сенікі.
—Құдалық қайырлы болсын, Сексек, сар сүйегім.
—Қайран, Сексектей қайнағасы болғанның арманы бар ма?
—Сексекке қолы жеткен бұл заманда ең жақсы кісі болады.
—Ал, лебізіңді тыңдалық, қайнаға Сексек? — десіп ыржаң, қылжаң қаққан мырзаларға Сексек кезек көз салып, үндемей отырады. Ақырында, түрегеле береді де, бір тізелеп отырып, Доғалға қарап үн қатады.
—Мырза, мен бұл сөзге жоқпын. — Содан ары үндемей тұрып алады. Доғал зілдене қарайды:
—Не дейсің?
—Жоқпын сол, жоқпын.
—О не дегенің?
—Екі қатын үстіне тоқалға мені алмайсың. Алуаны аласың. Ендеше, ырзалығын өзінен ал.
—Әуелі сенің ырзалығыңды сұрап отырмыз. Сен ырза болсаң, қыз ешқайда кетпейді.
Сексек шошиды.
—О, құдай көрсетпесін, қой. Қойыңыз, мырза. Жоға, мазағыңызды қойыңыз, құдай көрсетпесін, мен жоқпын, — деп, кете бергісі келеді.
—Не дейсің, әй, сен ит. Тұр, тоқта! — деп Доғал ақырады. Үйде отырған мырзалар қоса өрекпіп шошытпақ болады.
—Ұста ананы! — деп Доғал бұйрық етеді.
Сексек қашып кетеді.
Алуа әжесі өлген күндегі қалпынша, қара лашықта өзгеше қиналып, өксіп жылайды. Ақ үйлерден бір топ кемпір, бәйбішелер келе жатады. Лашық жанына жетіп, еріндерін шығарып, асқақ жиреніш көрсетеді. Семізше суық жүзді қара бәйбіше батыл басып, лашыққа кіреді. Дабырлап сөйлесіп, өзгелер де кіреді. Ауыздарында алдау, аярлық сөздері. Алуаға киім ұсынады. Жылап жатқан орнынан жұлқынып тұрған Алуаның жүзінде қатты ашу, қарсылық бар. Қатындар дабырлап, зекіп сөйлеп, бір жағынан бұйырып, бір жағынан ақыл айтқан болады.
—Ерге тимейтін қыз болмайды.
—Ырысыңа қуансаңшы.
—Қай сорлыға мұндай бақ қонып еді?
—Кімнің жұптысы болатыныңды ойласаңшы.
—Доғалға қолы жеткеннің арманы бар ма еді?
—Екі әйелдің үсті түгіл, жеті әйелдің үстіне де Доғал десе қай ханның, қай төренің қызы бармас еді.
Жылап жұлқынған Алуа безер боп қарсылық білдіреді.
—Керегі жоқ... Ырысы құрысын. Тимеймін. Ырза емеспін... Ырза емеспін дедім мен.
Әйелдер мұны бас салып, үстіндегі киімдерін жыртып, жұлмалап алысып, жабыла басып отырып, жаңа киімдер кигізеді. Қалыңдық киімі.
—Апарамыз, кешке Доғалдың кіші отауына апарамыз.
Жыртық киімдерінің бәрін жұлмалап, бүктеп алып кетіседі. Аппақ, кішкене отауда жасаулы төсек, шымылдық. Оңаша көркем жай. Сонда орта жасқа келген, семірген, жылтыр қара сақал-мұрты молдаларша күзелген бай Доғал кердең басып жүр. Жаңағы Алуаны зорлаған семіз қара қатын жанына жылмиып кеп, құттықтау айтады.
—Құсың құтты болсын, қарағым. "Ерді кебенек ішінде танимын!" дегендей, көзің көріктіні жыртық шоқпыт ішінен де таныпты. Сондай сұлу екен. Өзің жіберткен жақсы киімді кигенде хор қызындай боп кетті.
Доғалдан сый алады. Ауыл әбігерде, қонақтар келіп жатыр. Еркек, әйел, кәрі-жас, мырзалар, бәйбішелер — бәрі де Доғалға қайырлы болсын айта келгендер. "Доғал үйленеді. Тағы тоқал алады. Жас тоқал, сұлу тоқал" деген ыржаң, жылмаң суық сөздер. Жылап, аласұрған Алуаға жүдеу жүзді, шаршаған Сексек келеді. Алуаға қарап, бір қызығып, бір жабығады. Жаңа, жақсы киім соншалық жарасқан Алуа өзгеше нұрланып кеткен. Бірақ қыз көзіндегі жасты көріп, Сексек бас изеп, мұңаяды. "Түйеден келдім, тағы да түйеден келдім" деп, бірдеңені міңгірлей береді.
Алуа бұған ұмтылып, ашулы жүзбен бекіне сөйлейді.
—Тимеймін Доғалға, жауызға, итке. Әкемнің түбіне жеткен жалмауыз, қорқау қасқыр болатын. Ұмытқам жоқ, сатылғам жоқ! — деп зарлап, мелшие қарап тұрып қалады. Сексекке батыл басып келіп, өз байлауын айтады.
—Өлтірсе де тимеймін. Оған тигенше өлемін. Мынау әжем сорлыдан қалған ескі құрым шаңыраққа, мынау желбауға оралып, асылып өлемін, — деп, ала жіп желбауды жұлып алып, мойнына орай береді. Сексек жүгіріп келіп, жылап боздап жүріп, арпалысқан бойында қыздың мойнынан жіпті босата алмаған соң, пышағымен қиып жібереді. Жығылып жатқан Алуаны аймалап сөйлеп жатады.
—Мені ғана тыңдашы, соны айтқалы келдім. Бүгін мен бір жақсылық әкелдім бе деп тұрмын саған. Өзім емес, өзімді қойшы, қураған жапырақтай мен байғұстың қолынан не келуші еді. Бүгін далада, түйеде сені аяп, өзім жылап жүріп, бір жанға кездестім. Сондай бір жігіт. Өзі қандай жігіт десеңші, — деп, айтып тұрған жайын ұмытып кетеді. — Жігіттің төресі-ау, бүлдіршіндей, үріп ауызға салғандай...
Алуа ашумен жалт бұрылады.
—Жігіті құрысын, жігітті сұрадым ба, жөнін айтсаңшы.
Сексек қарбаласып жөнге келе бере:
—Еке, соны айтам, тыңдашы. Саған құтылатын жол бар көрінеді...
Алуа басын жұлып алып, мұның екі иығынан ұстай алып, "тез айтшы" дегендей сілке түсіп, асықтырады. Түйе соңында жалғыз жүріп, сыбызғыда мұңды шер төгілткен Сексектің күйін жақында жүрген қойшы естиді. Екі-үш қойшы-малшылар, өгізге мінген, желқом жапқан жаман тайға мінген малшы да бар. Бұлар: Назарбек, Бейсен, Оспан дейтін Доғалдың қойшы-малшылары.
Үшеуі бастары қосылып, сыбызғы үнін тыңдап, Сексек жаққа қарасады.
—Далада сыбызғысы зарлайды, үйге қайтса, қарындасы зарлайды, есі кеткен Сексек пақырды көрдіңдер ме? — дейді жастау қойшы Бейсен.
Бұлардың арасында жасы үлкен Назарбек отыздың ішіне кірген. Шоқша сақалды Назарбек Сексекке қол бұлғап шақырады. Өздері де солай бұрылады. Түйеге, өгізге, жаман тайға мінген жалшылар далада мұңды жүздермен кездесіп, сөз қатысады.
Оспан сөйлеп тұр:
—Сабап-сабап сені көндіреді. Жылатып-жылатып Алуаны бағындырады. Осымен жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпай кеткені ме?
Сексек түйенің үстінде еңкілдеп жылап жібереді.
—Қайдан білейін, қайдан білейін. Қандай ақылдарың бар, тым құрыса соны айтсаңдаршы.
Бейсен сөйлейді:
—Ой, кеше Сатайды бәріміздің де көзіміз көре қалған еді ғой. Содан қалған қаршадай жетімек еді ғой. Алуаның ырза емесі рас болса, оның құтылатын бір-ақ жолы бар, соны өзіне айту керек қой.
Назарбек:
—Қандай жол, нені айтасың?
—Совет өкіметіне қашсын.
—Барса, совет өкіметінің құтқаратыны анық па? — дейді Оспан.
Бейсен өгізін тебініп, омыраулап сендіре сөйлейді:
—Құтқарады совет өкіметі. Кедейдің өкіметі, жылағанның өкіметі, — дейді. — Осындай жетімді қорғамай, енді кімді қорғайды?
Назарбек күдік айтады.
—Әй, кім білсін. Онда да Доғалдың аты озатын болмаса. Заң-зәкүнді де бұл біледі, айла-амалды да ол тауысады. Мұның құрығынан құтылу оңай емес қой. Босқа әуре боласың ғой, Сексек.
Бейсен құлшына сөйлейді.
—О, қойшы, етектен тарта бермей "шөк-шөк" деп. Осындайдың қырсығынан ғой, үкіметке барып айтар арызды да айтпай жүрміз. Міне, құлағыңды ұрайын жаудың малын, — деп, өгізді құлағынан салып қалып. — Алты ай қыс, алты ай жаз бақсақ та, алты жылдан бері ақы-пұл алмай сорлап жүрміз. Сөзін жеткізген, арызын айтқан батыл кедейдің бәрі де талай Доғалдай байлардан есесін алып жатыр дейді.
Оспан мұны қостайды:
—Біз болсақ, құр естиміз де жүре береміз. Айт, Сексек, осы тілі жететін біреу арқылы арызыңды айт. Қыздың зарлаған арызын жеткіз.
—Осыны істемесең, еркек болмайсың, — деп Бейсен де қостайды. Назарбек басын шайқап, астындағы тайын бұра береді.
—Арандатасың, Сексек сорлыны жарға жығасыңдар ғой, Доғалдан құдай құтқармаса, бенде құтқармайды ғой, — деп кете береді.
Қалған екі малшы Сексекпен еріп келе жатады. Сексек түйенің үстінде мұңайып, шөке түсіп жатып, тағы да зарлы сыбызғысын сарнатады. Осы кезде қойшылар бел асып келе жатқан жалғыз жігітті көреді. Ол — Жаппар. Бейсен мен Оспан Сексекке Жаппарды нұсқап, ақыл айтысады.
—Сексек, сен былай қара. Анау келе жатқан жігітті андап алшы, — дейді. Оспан да құптай ала жөнеледі.
—Осы жігіт аулы осы жақта болған соң, келіп қайтқан ғой. Советтің бір кеңсесінде істейді дейді өзін. Аты Жаппар. Біз қазір былай тайқып кетейік, сен сонымен оңаша сөйлесіп, қарындасыңның жайын айтшы, сол бір ақыл береді. Ақылдасасың ба?
Сексек мақұл деп бас шұлғиды. Екі қойшы өз қойларына қарай кетіп қалады. Сексек сыбызғыдағы мұңды күйін тағы да шерлендіре сызылтады. Ызындаған мұңды сарын есіз далада, алысқа естіліп тұр. Жел қаққан үзінді ызың, далада жортып келе жатқан жарау атты жас жігітке естіледі.
Сексектің қасына осы жігіт кеп жөн сұрайды:
—Бұл ненің күйі?
Сексек:
—Алуаның күйі, — дейді. — Қарындасым Алуаның сыңсуы, — дейді. Тартады да, жылайды.
Жігіт Доғал атын естігенде сескенеді.
—Ойбай, Доғал болса, мықты екен. Бәле ғой... Құтылу қиын, — деп тұрады да, — тоқташы, — деп ойланып, бір уақыт айлалы, ойнақы жүз көрсетеді. — Сен "мен айтты" деп жан баласына білдірме, әсіресе Доғалдың құлағына тиетін болмасын. Сенің қарындасың құтылатын жол бар. Анау қара биіктің астында, Суықбұлақ деген кең қоныс, мол жайлау бар. Сол жерде советтің соты бар. Волисполком бар, Союз қошы бар. Сонда қызыл отау деген бар. Өзің кеңес өкіметін естіп пе ең?
Сексек аузын ашып, көзі жыпылық қағып, басын изейді:
—Естіп ем.
—Е, сол кедейдің досы, жылаған қыз-келіншекке еркіндік, тендік әпереді дегенді естіп пе ең?
—Е, естіп ем...
—Ендеше, білдің бе. Бүгінгідей қарындасыңды алып қаш та, сонда кел.
Сол күні кешке бай аулының шетінде, шөккен түйенің жанында күбірлеп сөйлесіп, баспалап бұғып жүрген екі кісі көрінеді.
—Осы атанша бар түйеден жүйрік. Мен бәрінің жүрісі мен желісін сынағам ғой. Кел, мін, - деп, Сексек қорқып жүрген Алуаны өзі сүйемелдеп түйеге мінгізеді. Артына өзі мінгеседі. Сөйтіп, екеуі ұйықтап қалған ауылдан сытылып шыға береді. Ит үрсе, Сексек Алуаны иығынан басып, "бұқ, бұқ" дейді. Өзі түйенің екі өркешінің арасында жантая жабысып алған. Қорқақ көздері бақыраңдап, арттағы ауылға қарай жалтақтай береді. Алуаға "бұқ, бұқ, бұқсаңшы, ойбай, өзің еңгезердей екенсің ғой" деп, оны да түйенің екінші жағына жантайтады. Алуа мұның сақтығына күдіктеніп:
—Біз бұққанмен не түседі? Таудай атанды көрмейді ғой деп пе ең?
—Ойбай, білмейсің, үстінде біз көрінбесек болады, жәй өріп бара жатқан түйе деп ойлайды.
Аз уақытта екеуі ауылдан ұзап аулаққа шықты. Сары атанды желдірте тебініп, Сексек құтылғанға қуанып келеді.
—Атпен қашқаннан да осы жақсы.
—Бірақ атпен қуса, ұстап алады, ұзай алмаймыз ғой.
—Үндеме, жылқы түгел болған соң, түйемен қашты деп ойламайды. Жаяу қашып, жар астына тығылып жүр деп алысқа шығып іздемейді. Осының өзі Сексектің мықтап тапқан ақылы болды-ау, ә? — деп қуанып қояды. - Таң атқанша Қаратауға ілінсек болады.
Түнгі Дулат аулында қарбалас әбігер. Кешегі қатындар ұйқы-тұйқы жүгіріседі. Есіз бос қалған Алуаның лашығына қайта-қайта жүгірісіп келген, қарбаласқан ер мен әйелдердің жүгірісі көрінеді. Тұлан тұтқан айналаға қасқырша қарап, аласұрған бай Доғал жұлынып отауға кіреді. Шымылдықты жұлқып үзеді. Төсектің жастық, көрпелерін, құс төсегін лақтырады. Қолына қамшы алады. Үлкен үйіне ұмтылады. "Сен қашырдың, қайда жібердің?" деп бәйбішесіне ақырады. Семіз, кердең бәйбіше оң жауап бермейді. Ашумен теріс айналады. Доғал оны сабайды. Бұдан шығып, екінші әйеліне, суық түсті, ат жақты, биік бойлы, қабағы жабық тоқалға, ақырады. "Қайда жібердің? Сен жоғалттың, сендер болмасаң, оған қашудың жолын айтқан кім?" — деп ақырып, жауап тілейді. Тоқал сайқал жүзбен мысқылдай қарап, сылқ-сылқ күледі. Мұның да басына, мойнына Доғалдың қамшысы жауады. Отауға ұмтылады. Бәйбіше мен тоқал өз үйлерінің есіктерін жамыла қарап тұрып, Доғалды мазақ етіп табалай күледі. Доғал далада малшы, көрші, даяршы жігіттерін ақырып жияды, жан-жаққа жүгіртеді. Ауыл түн бойы әбігерде. Доғалға бір шақ ес кіреді.
—Ат, аттар тұр ма?
Жүгірісе қарасады.
—Тұр... Аттың бәрі кермеде...
—Қойшы аты қайда? Соған мініп қашпасын.
—Жаяу қашқан ба?
—Қойшының көк шолағы да орнында.
—Аттар түгел...
—Жаяу...
—Е, е, ендеше, осы маңда, ұзамаған болар...
Доғал:
—Жә, ендеше, жар астында тығылып жүрген шығар. Іздеңдер. Таң ата сүйреп әкеліңдер. Менен қашпақ па? Менен құтылмақ емес... Әкел шапшаң... сүйреп әкеліңдер, жөнел, түгі.
Бар малшы, көршілерді жан-жаққа жаяу жүгіртеді. Өзі ызалы жыртқыштай жұлқынады. Ертеңінде бай ауылдың, ақ үйлердің арасына, ауыл сыртына өңшең жарау ерттеулі аттар байланған. Ақсақалды, бурыл сақалды нелер шіренген байлар, атқамінер жуандар, қажылар және бөріктеріне сәлде ораған молдалар жиналған. Бай Доғалдың айналасына әйел азаттығының жаулары, ел ішінің жуан мойындары қоршау боп, топталып ап, неше алуан ашу, ыза, қарсылық, долылық сөздер сөйлейді. Мұнда "Заман азған, халық бұзылған. Оны аздырған, пәле салған" деген сияқты сан алуан қарсылық дүлей сөздер сөйленеді.
—Аздырды, қатынымды тартып алды, астыртын бұзып, шақыртып алды.
—Мұны істеп отырған сот, тергеуші, Волисполком.
—Елдегі үкімет басшылары.
—Бүлікті өзі бастады.
—Халықты бұзған біз емес. Кінә өздерінде, — дескен бұзарлық ерегес, сотқар сөздер асқындайды. Саба-саба қымыздар тегене-тегене боп ақтарыла құйылып жатыр. Көп сотқар, шонжарларды қатты қыздыра желіктіреді. Ауыл үстінде айғай-сүрең салып, арлы-берлі жосыған аттылар шабады. Доғалды ортаға алып, кермедегі, байлаудағы жарау сәйгүліктерге секіре-секіре мініседі. Өңшең жақсы киінген, семіз, сұлу ат мінген әшекейлі, әсем ер-тұрман тағынған жылтыр жүз, жуан кеуде, қалың құрсақ бай-құлақ атаулы қаптаған сел боп жөңкіле жөнеледі.
Сексек пен Алуа совет кеңселері тұрған ауылға жеткен. Екеуі көп үйлерді жағалай тергеуші кеңсесіне келеді. Осы тергеушінің алдында хатшы болып істейтін жылпос, жылмаң сұлуша жігіт бар. Ол кеше Сексекке далада кездескен жігіт, аты — Жаппар. Сексек оны көргенде, ежелгі жақын көзтанысын көргендей жылы ұшырай ұмтылады. Сексек Жаппарды тани сала, Алуаны сыртқа қайта тартып шығарып, сыбырлап Жаппарды мақтап жатыр.
—Әні, әні... Тап өзі... Кешегі айтқан жігітімнің тап өзі әні. Қандай жігіт, жігіт десең де болады, қыз десең де болады, әмбе жігіт, әмбе қыз, бүлдіршіндей... Үріп ауызға салғандай.
Бірақ жігіт мұны аңғарып, тез түсін өзгертіп, салқындап, паңдана қалады.
Тергеуші Сексектен қыздың жайын біледі. Алуаға жұмсақ сөйлейді:
—Атыңыз кім?
—Алуа.
—Басыңызға бостандық алмақсыз ба?
Алуа ұяла отырып, өте ақырын дауыспен қорғана жауап қатады:
—Ия, аға, бірақ соны айтам да қорқам, — тоқтап қалып, жылап жібереді. Тергеуші Сапар мұның қасына жақындап кеп, жаны ашыған күйде барынша жылы ұшырап сөйлейді:
—Неден қорқасың, кімнен қорқасың? Жөніңді айтшы, сені айттырған кісі бар ма еді?
—Жоқ. Бірақ айттырмай-ақ алмақшы болды ғой.
—Ол кім? Аты кім?
—Ол — Доғал. Мен үйінде алты жасымнан күң болып қызмет еткем. Әкем соның жылқысының соңында оққа ұшып өлген. Енді мені зорламақ болды. Екі қатын үстіне зорлықпен алмақ болды. Содан қаштым. Совет өкіметіне қаштым. Бірақ қашсам да, қорқам. Қуып келіп, мені қайтарып ала ма деп қорқам. Айтыңызшы, ағажан, совет өкіметі сіз бе?
Сапар жылы ұшырап күледі:
—Бар совет өкіметі мен емес. Бірақ совет өкіметінің бір адамы менмін. Және сол совет өкіметінің тапсыруы бойынша, мен сенің басынды қорғаймын.
Алуа жасты көздері жалт етіп, үлкен үмітпен қарап:
—Шын ба, рас па, ағатайым, совет өкіметім, әкем, — деп, тағы бір жылап, бір күледі.
Сапар мұның қасына отырып, шашынан сипап, көңілін орнықтыра сөйлейді:
—Біз сені қорғаймыз, зорлық пен қорлыққа енді бермейміз. Бірақ алдын ала келісіп алайық. Осы айтатын сөзімді жадында тұт. Доғал бай сенен айрылмауға тырысады. Сені іздеп те келуі мүмкін. Не алдап, не қорқытып сені өзіне қайтып әкетуге тырысатын болады. Сенімен көзбе-көз сөйлеседі. Біз сенен "Моғалға баруға риза емессің бе?" деп сұраймыз. Сен сонда қорғанбай, тайсалмай, өзіңнің жаңағы маған айтқан тілегіңді, жауабыңды айт. Совет өкіметі сені қорғайды, бірақ сенің "өзің де өз басынды қорғай біл!" деп ақыл айтады. Осыны түсіндің бе?
Алуа көзінің жасы құрғаған, өңіне сәл ажарлы рең біткен қалпында, ақырын ғана "ұқтым" деп бас изейді. Мұның артында тұрған Сексек те бірге шұлғып, Сапарға қайта-қайта сүйсініп, алғысты жүзбен қарап:
—Ұқтық, совет өкіметі аға, — деп қалбақтайды.
—Ендеше, қызыл отауға барыңдар. Сонда сендерге арыз жазып берсін. Сол арызды алып осында келіңдер.
Сексек қызыл отау дегенді түсінбейді.
—Мұнда қызыл үй жоқ тәрізді. Бәрі де ақ үй ғой, солай емес пе, Алуа.
Сапар күліп жіберді.
—Жүріңіз, мен көрсетейін.
Тергеуші өзі бармақ болады. Бастығының осындай ықыласын көрген Жаппар өзі де тап береді.
—Онда мен... мен апарайын да...
—Жарайды, апарсын, Жаппар ертіп барсын... - деп, тергеуші қалып қояды. Өзгелер тысқа шығады.
Тыста жұмыссыз отырған бір топ адам Сексек пен Алуаға қарап, өзінше болжау айтып отыр. Бір дауыс:
—Мынау да басына бостандық іздеп келген қыз ғой, байғұс, тергеушіден шыққанын көрмейсің бе?
Алуа қысылып қалады. Артында келе жатқан Сексек бас изеп, жымия күледі. Екінші дауыс:
—Қыз жақсы екен, тек жігіті жарымапты.
—"Жалтырдан қашып жалаққа" дегендей, мына жігіті не жарытады дейсің, — дейді. Сексек оған да ыржаңдап күледі.
Жаппар қашқындарды ертіп қызыл отауға келеді. Мұнда ең жасаулы үй көрінеді. Ортада биік стол, оның үсті толған журнал, газеттер, айнала суреттер, көсемдер портреттері, ұрандар. Қызыл отаудың басшысы — орыстың сұңғақ бойлы, алтындай сары шашты, үлкен көк көзді сұлу қызы. Ол — студентка Нина Ивановна Ершова. Мұның қасында бірнеше қазақ қыздары бар. Ол қыздардың біреуі, Сәруәр аттысы, аз оқыған, Нинаға көмекші, мұғалима тәрізді. Қалған екі қыз аса жас, Алуадан да кіші.
Жаппар Алуаның жайын Ниналарға үстірт айтады.
—Үш әйелдің бірі етіп алмақ болған байдан қашқан. Нина, сіздің тәрбиеңізге тергеуші жіберді. Арызын жазыңыз. Бірақ мұның байы аса зор, осы елдегі ең жуан құлақ, феодал, боржой, контра. Ал бәрін айттым, Нина, мұны қуып келсе, үлкен шатақ болар. Сонда мықты қорған болсын деп осы қызыл отаудағы қыздардың қолына жіберді, - деп, бір жағынан кекете күлгендей болады. Екінші жағынан, Алуаға енді көз алмай қарап, құмарта қызығып қалғандай. Ере келген жұрт ентелеп, "кімнің қызы екен, қашқан байы кім екен?" деп дабырлап жүр.
Нина Жаппардың кескінін түсінді де, оны салқын, сызды қабақпен жасқанта тайдырып, Алуаның алдына өзі шықты. Шала қазақша тілмен:
—Жігіт болған қыз... Қашқан? жақсы... үш қатын, кәрі бай?.. Тьфу, масқара... Осында бостандық... Қорықпа.
Алуа Нинаға тандана, дос көре сөйлейді.
—Мен сонда да қорқам. Доғал бай мықты, оның кісісі көп. Ол ашуланса жаман.
Сексек те осы кезде өбектеп, Алуаны қостай сөйлейді:
—Ол сабайды. Аямайды. Ол кімге де болса зорлық етеді.
Нина бұларды қасына отырғызып, Алуаны тыныштандыра сөйлейді:
—Олай емес, бай Доғал жеке-жеке сендердей кедейлерге зорлық еткен. Совет өкіметіне ол зорлық ете алмайды. Ал сендерге тигізбейді. Сендерге неге тидің деп жазалайды.
Сексек ентелей түседі:
—Сөйтіп, енді Доғал бай бізге ие емес пе? Біз одан кетуге еріктіміз бе?
Нина күліп, үлкен сеніммен сөйлейді:
—Енді Доғал сендерге хозяин емес, қайта аз уақытта, тез-тез уақытта, сен және сен (Алуаны және Сексекті көрсетеді) өздеріңнің сол ауылдағы бар нәрселерге: жерге, малға, үйге, қыстауға — бәріне ие боласыңдар.
Алуа қуана күліп, Нинаға жабыса сүйсініп, алғыс айтады.
—Біз бе? Малға, үйге ие боламыз ба?
Нина күліп, бас изеп:
—Одан да үлкенге ие боласыңдар.
—О, немене? — дейді Сексек. — Үлкен болғанда немене?
Нина Лениннің портретін көрсетеді:
—Мынау кісіні білесіңдер ме? Ол — Ленин. Сол кісі айтқан: "әрбір ас пісіретін әйел государствоны билеп үйренсін" деген.
—Нені? - дейді, — Неменені? — десіп Сексек пен Алуа қарасады да, түсінбейді. Сәруәр Нинамен күле қарасып, бұларға сөз қатады:
—Мемлекетті билеп үйренсін, — деп қосады.
—Немене? — деп, Сексек оны да түсінбейді.
Нина өзі ұғындырып, енді ойына түскен бір жайға сүйсініп күледі де:
—Совет өкіметін бастап, билеп үйренсін, — дейді Ленин, ұқтың ба? - дейді Алуаға.
Алуа күліп, бас изейді. Алғысқа толы жүзбен Алуа мен Сексек екеуі Ленин портретінің қасына барады.
—Аты жақсы жарықтығым, айналдым әруағыңнан, — деп, Сексек телміре қарап тұр.
Енді Алуаны Нина құшақтай жетектеп, столға қарай бұрады. Мұнда келгенің тіпті жақсы деп танытқандай болады Нина. Алуаны қолынан ұстап, иығынан аймалап қағып, достық, жылы шырай көрсетіп, күле қарайды. Оны аймалаған қалпында столға алып келіп, орындыққа отырғызып, Сәруәрға жазуға бұйырады. Сәруәр да сыпайы, жақсы қарап, Алуаның аты-жөнін жазып алады. Сексек те келіп, стол үстіндегі қағазға, қазақ қызы жазған жазуға екі көзі ежірейіп, ентелеп, қызыға қарап тұр. Алуаның арызын жазып болған Сәруәр Сексекті де қатар отырғызып, жазуға бейімделеді. Оны "жезде" деп орындыққа отырғызады.
—Атыңыз кім, жезде?
—Атым Сексек.
Сәруәр күліп жібереді. Өзге қыздар да күледі. Сыртта тұрған еріккендер де күледі.
—Шыным, шын атым Сексек.
Сәруәр:
—Сондай ат бола ма екен?..
Сексек:
—Ат болмайды, бірақ маған қойғанын көрмейсің бе, жұрттың.
Сәруәр:
—Жұрттың қойғаны қалай, әкеңіз қойған ат қайда?
Сексек:
—Ой, тәйір-әй, әкем қойған ат та жарып жатқан жоқ. "Жұмыр" қойыпты. "Жұмыр" дейтін мен бір пеш пе, қарбызбын ба? Әншейін ауызға салғанды қоя салған да... Қайта Сексек дегеннің мәні бар. Жұрттың ол атты қоятын жөні бар.
Айнала жұрт мұның сөзіне күліп, Сәруәр да қысыла жымиып, амалсыз тыңдайды. Сексек соғып отыр.
—Сексек атанғаным, мен көп уақыт Дулат байдың аулында ешкі баққам. Содан қазақ ешкінің атасын "Сексек ата" деп еді ғой. Мені "ата" деуге қимай, "Сексек" деп жарты атын қойған ғой.
Жұрт күліседі. Сәруәр бұдан және бір жөн сұрап:
—Ал Алуаны алуға сіз ырзасыз ғой? - дегенде, Алуа екеуі де күледі. Бұл тандана сөйлеп:
—Жоға... тәңірі... Алуаны алып мен неғылам... Қарындасым емес пе, — дейді.
Жұрт таңырқап, ырза болыса күледі. Сәруәр ендігі жайды түсіне алмай:
—Ендеше, бұ қалай?..
Сексек:
—Не қалайы болсын, қарындасым қашам деді, мен тоқтата алмадым. Ал мұны қашырып жіберіп, Доғалдай қасқыр қасында қалуға дәтім шыдамады, сабайды ғой деп қорықтым. Сонымен, бірге қаштым...
Тыңдаушы жұрт енді бұған қызыға қарап күліседі. Сексек тағы да жайларын баяндап отыр:
—Қатын-бала мүлде жоқ. Алуаның да менен басқа аталас ағайын, мүлде жақыны жоқ. Осы қашқан соң, мен де қаштым.
Нина бұның сөздеріне тандана ойланып тұрып, жөн сұрайды.
—Сіз қашпай-ақ кетсеңіз қайтуші еді?
Сексек:
—Жоқ, бостандық Алуаға керек болса, маған да керек. Қашпасам, Доғалдан құтыла алмаймын. Кішкентайымнан босағасында өскем. "Құлақкесті құлым" деп біледі. Талай қашқанымда, бала шағымда сабап-сабап, не қойына, не түйесіне салатын.
Совет кеңселеріне байлар даурығып келген. Ожарланып, айбат шегіп сөйлеседі:
—Қыз осында.
—Шығарып берсін... Лаң қылмасын.
—Қайтарсын қатынымызды.
—Барыңдар, іздеңдер.
Ат үстінен осылай дескен үндер естіліп тұр.
Сексек шошып кетті.
—Қуғын келді... Доғалдың өзі де бар, қасында бір қол кісі, — деген сөз естіледі.
Алуа жылап жібереді. Сексек үй ішінде шырқ айналып, тығылатын жер іздеп жүр. Бір сәтте төңкерулі жатқан қазанды көреді. Бір-ақ уыс боп, бүрісіп кетіп, Сексек сол қазанның астына тығылады. Анда-санда қазан астынан екі көзі бақыраңдап, кішкентай сақалы шошаңдайды.
Кеуектегі қояндай қымыңдап, тыныштық ала алмай жатыр.
Екіленіп келген жуандар кеңселердің әр үйіне кіреді. Бес-алты жуан байлар Волисполком кеңсесіне келеді. Бұл кеңседе отырған жас жігіт салқын қабақты, батыл жүзін келгендерге тастап:
—Немене, бәріңнің қатының бір-ақ кетті ме?
—Бізге қашқын қыз — Алуа керек.
—Қайда сол қыз?
Бұларға Волисполком бастығы жирене қарайды. Жауап бермей, кінәлай сөйлейді:
—Бұл жерден қызды тартып әкететін күш жоқ.
Байлар даурығады.
—Беталды қыз емес, қалындық.
—Инабатты адамның қалыңдығы.
—Қызды қайнынан, қатынды байынан айыртып отыра алмаймыз.
—Басқарсаң, әділетіңмен басқар.
Волисполком бастығы ажарланып, жаңағы соңғы адамға қадала қарап:
—Сен не дейсің? Қандай жолмен, қалай басқаруды тілейін деп ең, шыныңды айтшы?
Жаңағы бай тайсалмай жауап береді:
—Еліміздің жолын айтам. Бабамыздан келе жатқан жолымыз — баяғыдан келе жатқан дініміз, шариғатымыз бар.
Волисполком бастығы ақыра сөйлейді:
—Сол жолыңмен жүргізбексің бе, совет өкіметін? Көздеріңді ашып қара, ол күндерің өткен сендердің. Және бақырып-шақырмаңдар мұнда. Болмаса, әп-сәтте жуасытамыз.
Айнала үнсіз тұрған сазарған жүздерге жағалай, қайсарлана қарап шығады да:
—Волисполком ол қызды көрген жоқ. Ал бұл жерге келсе, ол бостандығын да алады, мұндағы жұрт оған нық қорған да болады.
Бұл топ жауап ала алмай шығады.
Сотқа кіргендер және де осындай өздерінің зілін өткізе алмаған. Тек тергеуші үйіне бір топ бай ортаға Доғалды ала кіріпті. Доғалдың қасында зор денелі қара сақал жауаптасады.
Тергеуші:
—Ия, келді Алуа Сатай қызы, — деп, салмақты ажармен сөйлейді.
Қара сақал бай Жәкеш дауға әзірленген пішінде:
—Ол мынау Доғал мырзаның әйелі болады. Ырзалығымен тиген әйелі.
—Қыз өзі бұл мырзаға ырза болмай кеткен болса, қайтесіз?
—Ол бекер. Қыз ырза болып, байдың жіберген сыйын да киген. Ырза болмаса, ол не?
Өзге байлар Жәкешті қостай береді.
—Ырза емеспін десе, өз аузынан айтсын. Көзімізге көрініп айтсын.
Өзге байлар даурыға сөйлейді.
—Күйеуінің көзінше айтсын.
—Ұрлап қорғамай, ашық қорғасын, закон болса?.. — деп, өрекпіген жуандардың бәрінің түстеріне үнсіз, батыл жүзбен қарап тұрған тергеуші енді қысқа ғана сөз айтады:
—Қыз "бармаймын, Доғалыңа қосылып бәрің бірге жоғал, мүлдем кет!" десе, не дейсіндер?
—Десе, көзімізше десін.
—Осы араға келтіріңіз де, жұрт алдында айтқызыңыз...
Тергеуші Жаппарға ақырын ым қағады. Жаппар шығып кетеді. Тыста бұл уақытта қызыл отау жанында қатты даурық, әбігер бар. Екі милицияны шетке қағып, ысырып, тығыз қоршап алған екі үйір топ тұр. Өзге бір әумесер, ожар қызба бас топтары үйді қоршап, жабығын созғылап, әр түрлі қатал зілді сөздер тастайды.
—Қыз осы үйде... Алып шық, түгі, суырып.
—Тартып ал, түгі...
—Талқан ет былай...
—Тұршы былай! — десіп, үйді кимелеп, есікте тұрған Сәруәр сияқты екі-үш қызды қолдарынан жұлқып, лақтырысып жібереді.
Қазан астына тығылған Сексек қазанның астынан бүлкілдеп көтеріле беріп, екі көзі бадыраңдап, қайта жата кетеді. Бір суық қабақ көсе мырза мен ала көз, орақ тұмсық, қара сақал екеуі қастарына содыр байларды ертіп алып, қызыл отау ішіне кимелей, жұлқына кіріседі. Алуа төрде тұр. Енді көз жасын тыйған, қабақ түйіп, қарсылыққа бекіп алған. Қамшыларын қос бүктеген зорлықшылар Алуаға ұмтыла береді.
—Ә, қашқын қыз, құтылып көр...
—Осыдан кетіп көр Доғалдан...
Сол кезде, сәтте, Алуаны өзінің бойымен қоршап: "Стой!", "тоқта!", "тиме!" деп қатты ашуға мінген Нина тұра қалады. Жаулар сонда да тоқтамай, бұларға қарай баса бергенде, Нина браунингті суырып ап, төсей қояды.
—Посмейте шевельнуться, уничтожу!
Жуандар жеп қоярдай өшіге қараса да, енді қыбыр ете алмай, тоқтап қалады.
—Убирайтесь вон! Кет! — деп бұйрық беріп, Нина сол қолымен есікті көрсетеді.
Осы кезде бұл үйге кірген жуандар тобын бастап келген содыр мырза, көсе Байыр арс етіп: "Кетсең кет былай!" деп, Нинаны қолынан тартып, жұлқып қалады. Нина ытқып ортаға шығып: "Милиция, милиция!" деп айғайлайды. Екі милиционер үйге жүгіріп кіре береді. "Тоқта, тұр былай!" деп милиционерлер бұйыра кіреді. Бірақ есік аузында тұрған жуандар оларды қоршап алады. Өршеленген Байыр жолына қайта тұрып қалған Нинаны қағып, шетке тайдырып, Алуаға тап береді. Нина барынша ашулы жүзбен:
—Тоқта! Кет! — деп, анау тоқталмаған соң, мылтықты басынан асыра, басып жібереді.
Байыр Алуаны босатып, кейін серпіледі. Нина тағы да өз бойымен Алуаны қоршап тұрып қалып:
—Мені өлтіріп қана аласың. Ал мен, осы тұрған байлар, мынау браунингімдегі алты оқпенен алтауыңды атып өлтірмей, өлмеймін... Бермеймін Алуаны... — дейді.
Екі жақ үнсіз үрпиісіп, оқты көздерімен атысып тұрып қалады. Осы кезде үйге Жаппар кіріп, есік алдындағы милицияларды қоршаған байларға:
—Тұр былай, қайт былай, бұл не бассыздық? Отқа түсушімеңдер? Доғар озбырлықты... — деп бұйрық береді. Үйдегі жуандар Жаппардан ұялып, именгендей үнсіз бағынып, бойсұнып қалады.
Енді Жаппар адымдап кеп Нинаға тақайды да:
—Алуаны следователь шақырады, сонда алып жүріңіз, — дейді.
Көсе Байыр үй ішінде кешеулеп қалып, соңғы екі жуанға сөз қатады.
—Қап, Жаппар болды, келді де тыйым салды, соның беделі болмағанда, өлісіп-ақ көріп ем, — дейді.
Нина мылтығымен жуандарды жасқап, өздеріне жол салады да, Алуаны бір қолымен құшақтай отырып, үйден алып шығады. Қаптағалы тұрған жыртқыш жүздерді көре тұра, Алуа, Нина, Жаппар үшеуі жаулардың қасынан өтіп, тергеушінің үйіне кіреді. Онда бағанағы жуандардан басқа, Доғалдың өзінен басқа, ақсақал, қарасақал, барлық қамау, қоршаулары түгел тұр. Нина Алуаны тергеуші столының қасына әкеледі де, өзі кейін басып тұрады. Мұның қасына Сәруәр мен өзге екі жас қыз да келген. Жаппар тергеушінің нұсқауы бойынша стол басына жазуға отырды. Тергеуші Алуаға ресми жүзбен, үнмен сөз қатады:
—Сатай қызы Алуа, сіздің мына Доғал Дулат ұлының әйелі екеніңіз рас па еді?
Алуа ұяла қарайды, бірақ тез жауап береді.
—Өтірік.
—Ырзалықпен тимекші болғаныңыз рас па еді?
—Өтірік.
—Сол ырза болғандықтан, Доғал берген сыйды алып, қабылдағаныңыз рас па?
—Өтірік.
—Ендеше, үстіңе киген киім кімдікі? Доғал "мен жіберген сый, мен кигіздім" дейді ғой.
Алуа аз бөгеліп ойлана береді. Жүзінде әділ ашу, бекініс белгісі. Өмірінде бірінші рет тартысуға бекінгендей. Осы кезде жаңағы тергеушінің соңғы сөзін өздеріне дем көріп, Доғалдың қасындағы мырзалар өршелене, екілене сөз тастап:
—Бәсе, соны айт.
—Өзің тігіп киген кемзал, көйлек шығар?
—Сатайдың сандығынан қалған болар.
—Кім кигізді екен, айтып көрсін, кәнекей, — деп асқақтап барады.
Біраз үнсіз тұрған Алуа енді тергеушіге шешіле сөйлеп, жауап қатты:
—Әуелі бұл киімді өздері бас салып ұрып, зорлап кигізген. Бірақ бұл киім, енді ойласам, менікі. Әкем Сатай осы Доғалдың отына күйіп, оққа ұшып өлген. Әкем мен екеуміздің дәл осы тұрған Доғалда бір көйлек, бір кемзалға татитын еңбегі жоқ деп айтып көрсін, осы тұрған ақсақал, қарасақал.
Кейін тұрған Нина сүйсіне күледі. Қазақтың жас қыздары жылап қуанғандай, Алуаны сыртынан айналғандай болысады. Тергеуші енді сол бір қалыпты, ресми қабілеті бойынша соңғы сұрақтарын береді.
—Сөйтіп, Сатай қызы Алуа, сіз Доғалға бармайсыз, солай ма?
—Солай, бармаймын.
—Өзіңізді оның әйелімін деп санаған емессіз, ол сіздің күйеуіңіз болған да емес?
—Емес.
Бағанағы қызыл отауда қазан астында бүлкілдеген Сексек енді қазанның астынан бетін-басын қылтитады. Беті-мұрны бес батпан қара қасқа күйе болған. Бақырайып тың тыңдайды. Ақырындап қазан астынан шыға береді. Айнала тыныш. Жабыққа жүгіріп барып, баспалап қараса, барлық қаптап келген аттылар салбыраған бойында, кетіп бара жатады. Тергеушінің үй жағынан Нина, Алуа, Сәруәрлар келе жатады. Қастарында Жаппар, бәрі де күлген мәз күйде. Алуа да бірінші рет жадырап, қуанып күліп, Нинаны бір құшақтап, бір сүйеді. Сексек аналар тақай бергенде, сыбызғыны ала сала, бір қуанышты ойнақы күй тартып, көзімен күлімдеп тұрады. Сырттағылар кіре бере, Сексектің жүзін көріп, бес қасқа күйе-күйе кескініне қарап, ойнақы жүзіне таңданып, ішектері қатқанша күліседі. Сәруәр әнге қосылады. Жаппар әндетеді. Әдемі әндер айтылады. Алуа бұл кезде қасындағы екі жас қызбен сөйлеседі.
—Мен де өзіндей, мені де солай тоқалдыққа бермек еді, содан қаштым.
—Қалыңмал үшін соқырға бермек еді, содан қаштым! — деп екіншісі айтады.
—Қызыл отау құтқарды. Нина.
—Енді не істейсіңдер? — деген Алуа сұрағына "Оқимыз!" деп, кітаптарын, қарындаш, дәптерлерін көрсетеді. Алуаға да осындай боласың дегенді айтады. Осы кезде сыбызғыға қосылған Сәруәр, Жаппар әніне Нина қосылады.
Аздан соң ол Алуа мен екі қызды да әнге қосылыңдар деп ымдап тартады. Әуелі екі қыз қосылып, артынан іркіліңкіреп, ұялып тұрып, Алуа да қосылып кетеді. Алуа қосылғанда үн мүлде өзгеріп, ғажап бір сұлу, нәзік, әсерлі саз араласқандай болады. Өздері ән айта тұрып, Нина, Сәруәр, Жаппар — бәрі де көздері зорайып ашылып, таңырқай бастайды. Ақырындап өзгелері тоқтасады. Жалғыз Алуа саз созып кетеді. Тамаша әсерлі, сұлу үні бар, естілмеген әнші шыққандай. Алуа бар шерін шешіп, шаттығын тамашалап, көктем күнінде өз бұтағына қонған бұлбұлдай ән безендіреді.
Үшінші бөлім
1928 жыл
Доғалдың үлкен үйінде қымызды қомағайлана сімірген қонақтар, бүгін көңілді ажарда емес, қабақтары суық, түйіліп сөйлесіп отыр. Кеңірдегі сорайған, ұрты, мойны жиырылған әжімге толы, арам құс бейнелес көсе молда өлікке құран оқығандай күңгірт үнменен оқшау жайды баян етеді. Доғалға қарап сөйлейді. Доғалдың үзеңгі жолдастары: Сейіт, Байыр, Жәкеш, Сартай бар.
—Шойын жолдың жұмысында жүрген бір қалың топ қазақ Молалыда құрбан айты күні "айт жасамаймыз" деп, жұмысқа шығыпты. Іледе тағы да қазақтың қалың жұмысшысы, шойын жол салушылары Іленің мешітін жапқызыпты. Бәйтолланы харам етіп, оның орнына сол жұмысшыларға мектеп ашыпты.
Ызалы жүзді Сейіт сөйлейді:
—Сол шойын жолға деп киіз үй сұрайды.
Мұның сөзін қостап, Байыр, Сартай, Жәкештер өздері естіген жаңалықтарын айтады.
—Лay, көлік қажет деп, біреулері ат, біреулері түйе, өгіз алғалы жүр. Қайта-қайта қаптап келіп, "жалда" деп емінеді.
—Шойын жолшылар тұстарыңа тақап келгенде, азық-түлік, ақ пен сусын жеткізіп беріңдер, — дейді.
Осы сөздердің бәрін естіп, үндемей сазарып отырған Доғалға енді Байыр салмақты сөз тастайды:
—Жә, бұл жол кімнің жолы, кімнің ырысы? Жақсылық күтеміз бе, жамандық күтеміз бе осыдан?
Бағанадан бері суық қабақ түйіп отырған Доғал енді шұғыл, шапшаң сөйлейді:
—Бұл жол жақсылық әкеле жатқан жоқ. Тыныштықта, қаланың құрығынан алыста, оқшау жатқан өлке еді, бұл Ақталдың бойы. Енді осы отырған барыңды омыраудан да, етектен де алғалы келеді. Бермендер. Сөздерің өткен, дегенің жеткен... ауыл атаулының бәріне "ешнәрсені жалдама, ешнәрсені сатпа" дендер! — деп қатты байлап айтады.
Қылжақбас Сартай күле сөйлейді:
—Қазір Қарақұмның ішіне кіріпті, мынау шілденің ыстығында су да, сусын да таппай, қаталасын бір.
Байыр да кеңкілдей күліп, қостай жөнелді.
—Аспаннан күн менен шөлі қинаса, аяқ астарынан Қарақұмның жылан, шаяны, қарақұрты сыйласын.
Доғалдың жүзі бұл сөздерге жібіп, жылына бастайды.
—Көрерміз, алдарында екі үлкен тосқауыл тұр. Бірі — Қарақұмдағы шөл, қамау, одан өткенше қашан. Әсіресе азық пен сусын жеткізуден елді тыйсаң, Түрксибтің соры сонда тосқанын көрерсің. Одан өтсе, тағы бір үлкен пәле бар.
Отырған қонақтар:
—Ол қайсы, ол не пәле? — деседі.
Доғал салмақпен сол пәле жайын баян етеді:
—Бері шыққанда Айғайдың өрі бар. Естуімше, шойын жолдың беті тура Айғайдың Тектұрының түбімен өтеді дейді. Сол Тектұрды құлатпай, жол өте алмайды дейді. Ендеше, Айғайдың Қызылқиясын, аспан құшқан асқар тасын алып көрсін. Тектұрдың бауырында Түрксибті тосқан тағы бір қалың сор бар, оны тамам ел жиып, өзіміз барып сорлағанын көзбен көретін боламыз, үндемеңдер.
Бәрі кезектесіп қайталап:
—Ел кедейін аздыртпау керек.
—Қолдан келсе, шойын жол жұмысына жібермеу керек. Онда барса, өзіңе қайта қаптайды, жауығып қаптайды.
Доғал бұл сөзді қорытып кеп, байлау айтады:
—Ата-бабамыз мекен еткен алтын бесік еді, Ақталдың бойы. Енді не боларын құдай білсін. Шойын жол келіп, көлденең өлкеңді көктеп өткен күні, асыл аталардың нәсілдері, не көреріңді кім білсін. Әйтеуір "у жесең руыңмен" деп бірлігіңнен айрылма, Жалайырдың баласы. Әсіресе, көресіні көргенде сол Жалайырдың өзінен шыққан пысығынан көресің. Аздырушының үлкені - үнемі тозбас дүкені тап осы келе жатқан шойын жол, осы Түрксиб.
Соны білсең, шоқтай болып түйіліп, осы отырған біріңді бірің сүйей де білерсің. Осыған баталасқандай, барлық бай бас изесіп "е" десіп, керсендерін көтеріседі... Қайнар ыстық күннің күйіп тұрған шағында, бұйра - бұйра, жал-жал Қарақұмның қалың ортасында қайнаған еңбек білінеді. Алдыңғы қалың топтар ішінде атақты грабарьлер, ташкешілер бір алуан тынымсыз қозғалыс, қимыл, бұрқыратқан әрекет үстінде. Сан жерлерде скреперлер, тағы бірқатар қадау-қадау жерлерде грейдерлер әрекет етеді. Мұнда элеваторлар, экскаватор "Марион" үлкен қимыл үстінде. Ұзыннан созылған топтар, тасқын бұлақтай қайнаған еңбек атып, Түрксибтің жол-жотасын жалдап созып барады. Құмырсқадай қайнаған қалың топ, сол даяр насыпьтар үстіне шпалдар тастап келеді. Рельстерге әзірлік жасап барады. Бұл тұста әрекет етіп жүргендер — қалың топ қазақ жұмысшылары мен украин, орыс жұмысшылары. Шпалдардың артынан рельстерді сүйреп әкеп, жеделдетіп келе жатқан растяжка тобы да жіті жүреді. Рельстерді ұдайы қайталаған белгілі бір командамен "Бросай!" деседі. Рельсті толтырған вагонеткалар қызу қайрат үстіндегі жұмысшылар тұсына келгенде, укладчиктер шапшаң таратып ала жөнеледі. Қолдасқан жұмысшылардың жиі естілетін айғайлары, үнемі бір сөзбен:
—Таста, таста. Оң жақ, жайырақ.
—Сол жақ, қаға түс, — деседі.
Бұлардың артынан жедел басқан заболтовка жұмысы келеді. Барлық қозғалыстар ширақ, қатесіз, қажырлы. Заболтовканың артынан және де тақымдап, жедел басып костылыциктер өкшелейді. Қалың жұмысшы қайраткерлердің жарым денелері жалаңаш. Күн астында еттері де, терлері де жылтылдайды. Шпал тастап, рельспен бастырып келе жатқан қалың бір топ қазақ жұмысшыларының көз алдында, шпалдың бойына орала бір топ қара шұбар жыландар иіріледі. Рельстер түскен жерлерде де бұралып, оралып шақпақ болған жыландар бар. Осы араға жолдың бойын аралап, жұмыс жөнін қағазға жазып келе жатқан Нина келеді. Оның қасында участка бастығы инженер, жыланнан сескене тоқтаған Нинаның көзінше жаңағы жұмысшылар шімірікпей күле қимыл етіп, әрбір жыланды шпалдармен бастырады. Қуа жеткен растяжканың жұмысшылары кей жыландарды мойнынан, белінен ұзын ауыр темір рельспен ездіре бастырады. Нина сүйсіне күледі. Бірақ күн ыстық, жұмысшылар шөлдеген. Қажырлы қайрат ата жүріп олар: "Су!", "Сусын!", "Нина!", "Су болса, сусын болса!" десіп, ар жақтан топ - топтан тілек етіп үн қатады. Нина өзі де қиналады. Бабын таба алмайды.
—Шыдаңыздар, шыдаңыздар, жолдастар! Қиыншылық күн, — деп, амалсыз ілгері жылжи береді.
—Флягадағы суларың бітті ме? — деп бастық сұрайды.
—Ол су емес, тұз...
—Тұз боп кетті... Тұздық!.. — десіп, жұмысшылар қатты қиналады.
Бөшкемен су тартқан аттар жетеді. Жұмысшылар ұмтылып, таласып татып көреді.
—Тағы да тұз!.. Тек тұз! Тұз емес, тұздық... Құрып қалсын! — деп, жұмысшылар төгіп лақтырысады, енді әсіресе қиналысады.
—Амал жоқ, құм осы, құдықтар мүлде тұзданып кетеді, — дейді бастық. — Амал не? Құрыған құм.
Келесі топтарда және де мұны білетін жұмысшылар бір қалыпты тілектер айтады:
—Су, сусын!
Қолында газеттері, хаттары бар Нина амалсыз айнала алыс бел жаққа қарайды.
—Түсінемін, қиын! Кандай ыстық, қымбатты достар, сабыр. — Әлде де бір нәрсе болар дегендей, жақындағы құм белдерге қарап, қадалып тұрып, түйілген қабағы жадырай бастайды. Өңіне үмітті күлкі пайда болып, бинокльін ала сала, қадала береді. Белден асып шауып келе жатқан салт атты қыз көрінеді. Соның артында йен құмның ұзақ жотасының бойымен ендеп келе жатқан көп жүргіншілер шыға-шыға келеді. Олар түйе мінген, өгіз мінген, шабан жадау аттар мінген өңшең қазақ кедейі. Әрбір жүргіншінің екі жағында теңделген местер, "су, сусын келеді" деп қуанған Нина айғай салады.
Шапқылап келген қыз — Алуа. Ол аттан түсе бере:
—Су, сусын, жолдастар! Сусын келеді! Ақталдың бойындағы біздің халық сіздерге көмекке келеді, — деп, Алуа қуана сөйлейді. Қолында қамшы, қынай белін тоқ белбеумен ораған, шашын жұқа орамалмен әсем түйген.
Алуаны Нина құшақтай алады.
—Достар, су, сусын... Мына қыз, сусын қыз!.. — дейді. Қуанған жұмысшылар асыға ұмтылады. Қазақ кедейлері Қарақұмның ұзақ бойына созыла қанат жая тұрып ап, жұмысшылар тобын қымыз, айран, шалаптарымен, суық сумен жағалай жүріп сусындатады.
Нина мен Алуа өздері де қатар жүре отырып, жұмысшылар тобын түгел сусындатып өте береді.
—Сусын қыз... Девушка напиток, девушка кумыс. Қымыз қыз... девушка шербет... — деп, бар жұмысшы күліп, жадырап, Алуаны ілезде даңқтандыра қошеметтеседі. Тағы да еңбек қайнап кетеді.
Құмның шетіне соңғы рельстер түсіп, заболтовщиктердің соңғы болттарын қадап, жол бойында жұмыс тоқтайды. Құм біткен. Қарақұмнан қалың бейнет, қатты ауыр еңбекпен жеңіп озған жұмысшылар ендігі салқын қоңыр кешті қуанышпен қарсы алады.
Түн. Жұлдызды аспан астында жеңіл митинг. Нина сөйлеп тұр.
—Бірінші бесжылдықтың бірінші алыбы — Түрксиб, бүгін өзінің жолында ең бір қиын, азап белден өтті. Біз Қарақұмды басып өттік, жолдастар. Және құмды да, жәй сахараны жеңіп өткендей, жылдамдық алғырлықпен басып өттік. Біздің участок Қарақұмды күніне екі жарым километрлік жылдамдықпен жеңіп шықты. Бүгінгі күн біз тағы бір үлкен қуаныш уақиға көрдік. Сіздерге — Түрксибтің қажырлы қайраткерлеріне қазақ халқының барлық еңбек жұртшылығы өзінің тілегін әкеп қосты. Байлардың, феодалдардың, кулактардың қастық, жаулық үгітіне қарамай, қазақ сахарасының кедейлері біздің еңбекке өзінің тілегі мен көмегін әкеп қоспақшы. Ілгеріде де жеңіс осындай болсын, жолдастар. Енді алдымызда тағы бір сын тұр. Ол — Айғайтас. Соны жеңіп алайық.
Нинаның қасына денелі орыс жігіті Петров қарғып шығады.
—Мен жолдас партия хатшысының сөзін барымша қостаймын. Даешь Айғайтас — Крикгора. Ендігі біздің іс, ұранымыз сол болсын — Даешь Айғайтас.
Барлық жиынның көңілді, қажырлы жүзінде батыл, берік бір-ақ ұран бар:
—"Даешь Айғайтас!", "Даешь Крикгора!"
Жолдың ұзын жотасы созылып барып, аяқтар жерде көлденең түсіп, биік аспанға шаншыла оқтай атылып тұрған қызыл тасты Тектұр бар. Мұның аты — Айғайтас. Взрыв жасаушылар бастығы Петров болып, осы жартастың етегінде екі ұзын індей етіп, штольна қазып болған. Соңғы рет жартас ішіне салған аммоналды, шнурларды қарап өткен техниктер тобы жартастан ұзай береді. Айнала жырақ жерлерде, бел астында, жартастар сыртында, жар жағасында сыймай кеткен қалың ел. Мұнда Түрксибтің неше ұлттардан құралған жұмысшылары, командирлері бір бөлек, қазақ жұмысшыларының топтарында бұлар ортасын аралап жүрген Нина, Алуа көрінеді.
Жұртшылық екеуін қуанып, күле сыйлап қарсы алады.
—Сусын қыз. Қымыз қыз.
—Девушка напиток, девушка шербет.
Алуаның қасында қалаша киінген Сексек те келе жатады. Енді бір топ қатарда атқа мінген, күміс ер-тұрман тағынған байлар тұр. Осы топтың ортасында Доғал мен оның серіктері.
Бұлар сенімсіздікпен бас шайқап, Айғайтасқа қарап тілек айтысқандай болады.
—Ала алмайды, жыға алмайды Айғайтасты.
—Сені құлатам деген қу пірліктің сорын көреміз біз бүгін, Айғайтас.
—Жарықтық Айғайтас, бауырында талай ұран шақырылып еді, бүгінгі ұран сол болсын, ойран апат ток мына тоқтаусыздар тобына, — деседі.
Тағы бірқатар қалың топ жаяу-жалпылы, жұпыны киімді, өгіз, есек, түйе сияқты көліктеріне мінгескен, әр алуан жастағы, әр түрлі ел кедейі. Олар арасында сенімді, көңілді сөздер көп туады. Қарақұмнан асқанда, Айғайтасты басқанда, бұл шойын қарасақал желпіне сөйлейді:
—Басады да асады. Бұл өнерде құдайыңның құдіретінен де бетер күш көрдік қой.
—Бәсе, күш көрдік. Бұрын көрдік дегеніміздің бәрі құш емес, көбік екен ғой, тәйірі.
—Анық өнер советте ғой, жолың болғыр. Көрерсің, дегеніне жетеді қазір.
Жастар жағында қалжың, әзіл.
—Айғайтасты Түрксиб ұшырса, ел ішіндегі қалған тас - томарды біз ұшырамыз, — деп, бір жас жігіт, батыл кедей әзіл аралас зіл тастайды.
—Бәрекелді, сөз сол, — дескен, қостаған, ұғысқан үндер естіледі.
Бір шақта барлық жұртқа тегіс жайылған бұйрықтай бір толқын өтті. Ұзаққа созылған қалың жиындар бұға-бұға түсті. Көптен тосқан от атылды. Қалың күтірмен күн күркіреп, аспан жарылғандай. Алып үн атылғанда, әуелі жер сілкінгендей, бар дүние қалт еткендей болды. Барлық көздер қадала қараған Айғайтас, биік Тектұр бір сәтке бой созып көтеріле түскендей болды. Және де сол қалпында күрсініп қалғандай болды да, күл-талқан боп төмен қарай төгіле жөнелді. Ұсақ тастың тасқыны қалың топан суындай ойға қарай ақтарылды. Тура взрыв жасаушылардың тілегі орындалғандай, құлатам деген жақтың өзіне, дәл бұйырғандай барып төгіліп жатыр. Осы кезде, аспанға қарай жәй көтеріліп, қалың қызыл бұлттай шаң кетті. Енді взрыв жасаушылардың топтары қуанысып, күлісе айғай салып, шаттанады. Барлық Түрксиб жұмысшылары, қызметшілері, әйелдері бірін-бірі құттықтап, мәз болысып қол алысады. Қуанысқан Нина, Алуа орамалдарын бұлғасып, шат күлісіп, құшақтасады. Бұларды қалың топ ел кедейін ерте жүрген Сапар қуанып құттықтайды. Аттарына мінген, иықтары салбыраған, бастары төмен түсіп тұнжыраған байлар, енді бұрылып, үнсіз тарап бара жатысады. Әлі елсіз, үй-дүкендер салынбаған, адам қолымен орнатқан зат-бұйымнан тек қана шойын жолдың аяқтап келген бойы көрінеді. Рельсі үстінде бір топ вагондар тұр. Іші - тыстары мол жарықпен сәулеленген, сырттарында, маңдайында ұрандары бар бір вагон — клуб-вагон аталады. Біреуі — қызыл бұрыш, тағы бірі — кино -вагон. Клуб - вагонда әсем жиылған, кішкене сахна сымақ бар. Онда трибуна. Сол жерде Нина. Түрксибтің әр ұлттан жиылған топтарына саяси сабақ беріп жатыр. Тыңдаушылар — бұрынғы құмды, бүгінгі Айғайтасты жеңген орыс жұмысшылары, украин грабарьлары, қазақтың костылыциктері. Осы топтың алдыңғы қатарында қағаз, қарындашы қолында, Нинаны тыңдай түсіп, жазып отырған Алуа көрінеді. Оның қазіргі ажары көрікті, сыпайы киінген. Мұның қатарында Сексек те Нинаны тыңдап, ырзалық, тоқмейіл жүзбен қарайды. Осы клубтың екінші бөлімі, кең жазыққа мол қатарларымен тізіле тігілген қазақ үйлерінде мәжіліс жүріп жатыр. Екі-үш киіз үйді біріне бірін жалғастырып, ұзынша клуб етіп, әсемдеп тіккен. Киіз үйлердің көшелері сол клубқа кеп тіреледі. Қазір клубта қазақ жұмысшыларының қалың тобына Алуа газет оқып беріп тұр. Стол басында Алуаны тыңдай түсіп, жұмысшылар арасындағы үгіт мәжілісін басқарып Нина да отыр. Алуа газетті оқып болған соң, Нина жұртқа енді сауық кеші болатынын жариялайды. Киіз үй клубының төрінде Нина әзілқой көңілді жүзбен, конферанс жұмысын атқарды.
—Қадірлі достар, жолдастар. Біздің бүгінгі сауық кешімізге үлкен халық артистері құрметпен қатынасады. Бұл жолы анық халықтың қайнар ішінен шыққан халық артистері алдарыңызға шығады. Бұл халық артистері — ұлы Түрксибтің өзінде туған еңбек ерлері сияқты, дәл өздеріңіз сияқты, осы күндерде, осы айларда өнерлер тапқан артистеріміз, — дейді.
Қазір киіз үйге, ұзын клубқа толған жұмысшылар және де көп ұлттан құралған. Бәрі де Түрксибтің қайраткерлері. Осы жиын алдында өнерлі шеберлер кезектесіп сахнаға шығысады. Орыс жұмыскерлерінен шыққан атақты взрывник Петров, үш досымен қосылып баяндарда әсем күй төгілтеді. Экскаваторшы украин мастері де екі-үш жолдастарымен бірге шығып, ұшқын атқан екпінмен "Гопакты" билеп береді. Осы қатарда Сексек шығады, тартатын күйлерінің жайын өзі жариялайды.
—Жолдастар, мен өзімнің жаңа күйімді тартам, оның аты — "Айғайтас" және "Петров пен Сексек" деген күй.
Жұрт күліп, қол соғады. Сексек өзі де күліп, тағы да баяндайды.
—Айғайтас құлады. Оны құлатқан Петров маған жер құдайының өзіндей көрінді. Ал мен, Сексек, қуаныштан өзім де бес есе, он есе өскендей болдым. Өзім де бір Айғайтастай боппын. Міне, менің күйімнің туған сыры осындай. "Түрксиб" күйі.
Жұрт дулап қол соғады.
Енді Сексек қобызда аса көңілді күй тартып, анда-санда күйіне даусын қосып, бақ етіп айғайлап қояды. Сөздері "Айғайтас", "Петров", "Сексек", "Петров, Сексек" дейді. Халық өзге артистерді де қуана қарсы алып жатады. Енді бір кезек сәнді кемзал, ұзын көйлек, кәмшат бөрік киген, бұралған сұлу күйінде Алуа шығып, қазақтың халық әнінен екі-үш әнді төгілтіп айтады. Сексек мұның әніне өте нәзік үнді сыбызғы үнін қосып, қостайды. Барлық жиын бұл өнерпаздарды аса ыстық достықпен, үлкен алпыс-қуанышпен қарсы алысып отырады. Осы сахна уақиғаларының кезінде, көрушілердің алдыңғы қатарында отырған Нина мен Сапар үнемі әңгімелеседі. Олар сахнаға күле қарап, қол соғады. Шаттана отырып, үлкен жауапты жұмыс шешіседі.
Сапар Нинаға ырзалық жүзбен сөйлейді:
—Тасқорғанның уездік партия комитеті Қарақұм мен Айғайтасты сендердің участкаларың жеңгенің өз науқаныңдай қуаныш етті. Барлық уездің, әсіресе Ақталдың бойында өмір кешкен қазақ кедейлері соншалық сүйсінді, соншалық қуанды да.
Нина күле тыңдай отырып, жауап қатады.
—Жолдас Сапар, Айғайтас басына сонша көп халықты сіздің Укомның әдейі жиғызғанын мен түсінгем.
Сапар күледі. Оның тәжірибелі жүзінде ақылды, ойлы салмақтылық та бар.
—Әрине, қалың ел дос. Бірақ көп достың ішінде Айғайтас құламаса екен деп, іштерінен дұғаларын оқып тұрған, бақсылық сарынын салып тұрған жаулар да болған. Оны өзің аңғарасың ғой?
Нина күле отырып жауап береді.
—Әрине, олар өзі де Айғайтастар ғой.
—Бәсе, дұрыс айтасың. Ендеше, Тасқорғанның уездік партия комитеті сенің партиялық ұйымыңнан көмек сұрайды. Сендер әдейі Турксибте, осы құрылыста істеп, саяси сауаты ашылған кешегі қазақ батрактарынан бірнеше үгітші адам беріңдер. Бізге көмек етсін, соны сұрауға мен әдейі кеп отырмын.
Нина ойлана отырып, бас изеп, көнген белгісін білдіреді де:
—Қандай науқан бастамақшы Уком?
Сапар күлімсірей отырып, тұспалмен жауап береді.
—Жаңағы өзің айтқан Айғайтастарға біздің уезде, біздің облыста және бар Қазақстан көлемінде үлкен бір науқан ашылды. Қазақ халқының жаңа тарихының жолында тұрған Айғайтастарды соққыға алып, шабуыл жасаймыз. Соған көмекке кісі бересің. Бердің бе?
—Береміз.
—Кімдер, қазір аташы? (Қағаз, қарындаш алады.) Мен осы сағатта сөз байласып кетем.
Нина енді сахнаға қарайды. Онда конферанс Алуаның шығатынын мәлімдеген. Нина Сапарға қарай отырып:
—Жазыңыз, бірінші сізге беретін кісіміз әне, — дейді.
Басында кәмшат бөрік, әсем сәнді киім киген Алуа, бұл кезде тамылжытып ән шырқап тұрады. Сапар оның аты-жөнін қағазға жазып жатыр.
—Бұл үгітшіні қабыл алдым, мақұл, — деп, Нинамен қоса күліседі.
Доғалдың үлкен үйінде, бұрынғы үзеңгі жолдастары Сейіт, Байыр, Сартай, Жәкештер отыр. Сол жағында, төменде семіз бәйбіше мен сұлу сұңғақ тоқал бар. Бәйбіше көзі жасты, долы жүзі жылаулы. Доғалдың қарсысында орысша жақсы киінген, түрі Доғалға ұқсағанмен, шаш қайырып, сақал-мұртын қырған, анық қала адамы интеллигент пішінде Мардан отыр. Доғал Марданға үңіледі:
—Қаладан сен келеді деп көптен күттік. Айтарың бар ма? Жоқ па?
Мардан үнсіз. Шыдамсызданған Байыр сөйлейді:
—Доғалдың басын аман алып қалар айла-амал бар ма? Оқыған деп, көзқарақты деп сенгеніміз сен емес пе едің?
Сартай да қостайды:
—Ата қоныс жерден кетсе де, елден кетті деген не сұмдық. Мол Ақталдың бойына сыйғызбаймыз ба? Иен жалайыр — дүйім ел едік. Қойнымызға сыйғызбаймыз ба?
Жәкеш, Сейіттер де Марданға үңіледі.
—Өзің араласпасаң, біз істейтін амалды айт.
—Өзге болмаса, біз ара түсеміз, тым құрыса біз ұстанатын заң-зәкүн болса, соны айтып берші.
Мардан әлі де үндемейді. Доғал енді соңғы кесер сөзін айтады.
—Ал, мен таусылайын, бітейін! Тым құрыса, кешегі атадан, әкем Дулаттан, сол атаның атын сақтап, өзің аман қаласың ба, өзің қандай жол таптың?
Тағы да ұзақ үнсіздік. Соның артынан салқын, салмақты жүзді Мардан қысқа ғана, бір-екі ғана сөз тастайды:
—Ағам болғаныңмен, саған айтар ақылым жоқ!
Айнала жұрт тіксінгендей жалт қарасады. Мардан шімірікпестен қатты кесіп тағы айтады:
—Жоқ, сол. Жүз толған, мың ойлан, бұл жолғы іске амалың жоқ, байлар. Сондықтан ақын да жоқ! Туысқандық қарызын ада қылу үшін, тек қоштасып кетуге ғана келдім! Болды! — дейді.
Доғалдың бәйбішесі өксіп жылап жібереді. Тоқал Марданға қарап, кекесін тәрізді түсініксіз бір ажармен жымияды да, күліп қалады. Далада осы кезде "келе жатыр!" "келе жатыр!" деген дабырлаған қалың жұрттың дабыры естіледі. Мардан тұрып жүре береді. Доғал мен қасындағы атқамінер серіктері соңғы бір-бір серт сөздерін шапшаң айтысады.
—Өзгеден үміт қалған жоқ. Неде болса, осындағы малшы, жалшының өзіне жалын!
—Соларды өздерің бағыңдар!
—Мен де, Доғалдан өзгеміз батрактардың арасына барып, не де болса, жиын ішінде, қастарында отырайық.
Доғал дауыстап:
—Байыр, сен Назарбектің жанында болғайсың, — деп қалады.
Бүгін батрактар ақ үйлердің арасында еркін басады.
—Келе жатыр. Әне.
—Әне келеді, — дескен үндер шығады. Дабырлаған батрактар қалың топ болып, ақ үйлердің сыртына оралады. Ауылға қарай бір шоғыр салт аттылар келеді. Ең алда екеуі. Соның бірі ақ жорғаны ағыза салдыртып келе жатқан, басшы азамат тәрізді. Мұның соңында қалған топ шапқылай ілеседі. Сырттағы жиынға келе бере алдыңғы аттылар тоқтады. Боз жорғалы секіріп түсе береді. Бұл — қыз. Өзге келгеннің бірі — салмақты, көрнекті азамат Сапар. Осыны өзгелер қоршап, ортасына алып, алдына шығарады. Құрмет ете ұстайды.
—Бұ кісі кім? — деп кәрі сауыншы көршісінен сұрайды.
—Бұрын тергеуші болған — Сапар. Қазір осы ояздағы ең үлкен адам.
Артқы топтың ішінде, енді қалаша, жартылай ауылша киінген Сексек те бар. Жиын кедейлер Сексекті танып:
—Сексек...
—Ойбай-ау, өзіміздің Сексек.
—Айналайын Сексек-ау, жолың болсын, — десіп, қуана қоршайды.
Сексек оларға Алуаны нұсқайды.
—Мені айтасыңдар, мен үлкен қызметкер емеспін, мені қайтесіңдер қошеметтеп. Ана жауапты қызметкерлерді күтіңдер.
Алуаны танып қалған әйелдердің үндері естіледі.
—Қарағым-ау, мынау Алуа. Өзіміздің Алуа!..
—Айналайын, Сатайдан қалған жалғыз көз!
—Жанат кемпірдің өлгені тіріліп, өшкені жаныпты-ау, сорлы жетімдердің!..
Енді біразда қалың жиын қоралай отырысады. Бір шетіне бай Доғал, оның әйелдері және бұларды маңайлап, жағалаған бірнеше ақсақал, қарасақал, ел жуандары, атқамінерлердің селдір тобы көрінеді. Бұлар соңғы уақытқа шейін кедейлер арасында араласа жүрген. Қалың жиын ортасына жаңағы бір топ кедейлердің қоршауында Сапар, Алуа келе жатады. Қатарында он шақты кісі серіктері. Топ ішінде Сейіт, Байыр, Жәкеш, Сартай да бар. Доғалдың қасындағы ақсақал, қарасақалдар — ана жылғы тергеуші кеңсесінде Алуаны тартып алмақ болған содырлар, енді қыбыжықтап Доғалдан қаша отыруға тырысады. Біреуінен соң біреуі тымақтарын, бөріктерін көздеріне таман киіп, ысыра түсіп, бастарын төмен тұқырта береді. Алуа тұп-тура осы топқа қарай басып келіп, алдарына тұрады.
Сапар байлар тобының дәл қасында тұрып алып сөз бастайды. Сөйлеп тұр:
—...Е, жолдастар! Ағайын-туған, ата-бабаларыңнан бері Доғал байдың мал шетінде күн кешкен кешегі сорлы кедей, бүгін мына жиында, бір жақта отырған сендерсің. Қалың тобың бір араға қосылған. Ардақты совет халқы сенсің... Қарсыңда отырған азғана тобың — бәрінді босағасында шіріткен асқақ байың мынау. Кеселді түйін шешіліп, кердең мойын кесілген күн, міне, осы... — деп тағы да сөйлеп тұр. Өткір, шешен, алғыр жүзді Сапар жұртқа ұнап, жанасып та барады. Жүзі сұлу, үні әмірлі, әсерлі де. — Бай Доғал ата тегінен келе жатқан озбыр жуан, феодал. Осыны өз ортаңнан кетірем десең, ерік сенде, осы отырған кедей — көпшілік не дейсіндер? Кетіреміз дейтіндерің ашық сөйлеп, ниеттеріңді айтыңдар. Біз сендердің еркіңше шешеміз... Кәне.. — деп, Сапар тоқтайды.
Кедейлер әуелі күбірлесіп іркіледі. Араларындағы сөздері:
—Ал тұр, айтшы, Бейсен.
—Уа, сөйлей білмеймін, өзің айтшы, Оспан.
—Сен айт... Мен шықсам болды, тілім күрмеліп қалады...
—Жә, айтсаңшы бірің. — Бірақ әлі де жұрт үнсіз. Байлардың кейбірі жорғақтап, бірер кедейді түртпектеп отыр. Бөгеліс көп.
Доғал:
—Қарызым, ата қарызым, нан-тұз қарызым бар емес пе еді бәріңде... Шын-ақ оққа байлап бересің бе, — деп күбірлеп отыр.
Байлар қасында отырған Назарбек орнынан тұрады.
—Уәй, жолдастар, осы кәмпеске деген не өзі? Малды, жерді алушы ма? Жоқ, малды, жерді алып ап, тағы айдау ма?
Жұрт түршіге қалады, Сапар жауап береді.
Бүгін батрактар ақ үйлердің арасында еркін басады.
—Келе жатыр. Әне.
—Әне келеді, — дескен үндер шығады. Дабырлаған батрактар қалың топ болып, ақ үйлердің сыртына оралады. Ауылға қарай бір шоғыр салт аттылар келеді. Ең алда екеуі. Соның бірі ақ жорғаны ағыза салдыртып келе жатқан, басшы азамат тәрізді. Мұның соңында қалған топ шапқылай ілеседі. Сырттағы жиынға келе бере алдыңғы аттылар тоқтады. Боз жорғалы секіріп түсе береді. Бұл — қыз. Өзге келгеннің бірі — салмақты, көрнекті азамат Сапар. Осыны өзгелер қоршап, ортасына алып, алдына шығарады. Құрмет ете ұстайды.
—Бұ кісі кім? — деп кәрі сауыншы көршісінен сұрайды.
—Бұрын тергеуші болған — Сапар. Қазір осы ояздағы ең үлкен адам.
Артқы топтың ішінде, енді қалаша, жартылай ауылша киінген Сексек те бар. Жиын кедейлер Сексекті танып:
—Сексек...
—Ойбай-ау, өзіміздің Сексек.
—Айналайын Сексек-ау, жолың болсын, — десіп, қуана қоршайды.
Сексек оларға Алуаны нұсқайды.
—Мені айтасыңдар, мен үлкен қызметкер емеспін, мені қайтесіңдер қошеметтеп. Ана жауапты қызметкерлерді күтіңдер.
Алуаны танып қалған әйелдердің үндері естіледі.
—Қарағым-ау, мынау Алуа. Өзіміздің Алуа!..
—Айналайын, Сатайдан қалған жалғыз көз!
—Жанат кемпірдің өлгені тіріліп, өшкені жаныпты-ау, сорлы жетімдердің!..
Енді біразда қалың жиын қоралай отырысады. Бір шетіне бай Доғал, оның әйелдері және бұларды маңайлап, жағалаған бірнеше ақсақал, қарасақал, ел жуандары, атқамінерлердің селдір тобы көрінеді. Бұлар соңғы уақытқа шейін кедейлер арасында араласа жүрген. Қалың жиын ортасына жаңағы бір топ кедейлердің қоршауында Сапар, Алуа келе жатады. Қатарында он шақты кісі серіктері. Топ ішінде Сейіт, Байыр, Жәкеш, Сартай да бар. Доғалдың қасындағы ақсақал, қарасақалдар — ана жылғы тергеуші кеңсесінде Алуаны тартып алмақ болған содырлар, енді қыбыжықтап Доғалдан қаша отыруға тырысады. Біреуінен соң біреуі тымақтарын, бөріктерін көздеріне таман киіп, ысыра түсіп, бастарын төмен тұқырта береді. Алуа тұп-тура осы топқа қарай басып келіп, алдарына тұрады.
Сапар байлар тобының дәл қасында тұрып алып сөз бастайды. Сөйлеп тұр:
—...Е, жолдастар! Ағайын-туған, ата-бабаларыңнан бері Доғал байдың мал шетінде күн кешкен кешегі сорлы кедей, бүгін мына жиында, бір жақта отырған сендерсің. Қалың тобың бір араға қосылған. Ардақты совет халқы сенсің... Қарсыңда отырған азғана тобың — бәрінді босағасында шіріткен асқақ байың мынау. Кеселді түйін шешіліп, кердең мойын кесілген күн, міне, осы... — деп тағы да сөйлеп тұр. Өткір, шешен, алғыр жүзді Сапар жұртқа ұнап, жанасып та барады. Жүзі сұлу, үні әмірлі, әсерлі де. — Бай Доғал ата тегінен келе жатқан озбыр жуан, феодал. Осыны өз ортаңнан кетірем десең, ерік сенде, осы отырған кедей — көпшілік не дейсіндер? Кетіреміз дейтіндерің ашық сөйлеп, ниеттеріңді айтыңдар. Біз сендердің еркіңше шешеміз... Кәне.. — деп, Сапар тоқтайды.
Кедейлер әуелі күбірлесіп іркіледі. Араларындағы сөздері:
—Ал тұр, айтшы, Бейсен.
—Уа, сөйлей білмеймін, өзің айтшы, Оспан.
—Сен айт... Мен шықсам болды, тілім күрмеліп қалады...
—Жә, айтсаңшы бірің. — Бірақ әлі де жұрт үнсіз. Байлардың кейбірі жорғақтап, бірер кедейді түртпектеп отыр. Бөгеліс көп.
Доғал:
—Қарызым, ата қарызым, нан-тұз қарызым бар емес пе еді бәрінде... Шын-ақ оққа байлап бересің бе, — деп күбірлеп отыр.
Байлар қасында отырған Назарбек орнынан тұрады.
—Уәй, жолдастар, осы кәмпеске деген не өзі? Малды, жерді алушы ма? Жоқ, малды, жерді алып aп, тағы айдау ма?
Жұрт түршіге қалады, Сапар жауап береді.
—Кәмпескеленген кісі ел ортасында қалуға керексіз, жағымсыз жан. Сондықтан ол басқа облысқа жер аударылады...
Жаңағы қарт іле жөнеледі:
—Жә, ағайынды-қарындас, қарға тамырлы қазақ ек, жер өртеп, ел шауып, кісі өлтірген жоқ еді. Ұзында өшті емес ек, малын алсаң ал, тек өзін ел ішінде қалдыр. Ата - қоныс мекенін ал, тек бір басына ерік бер десек қалай? Осыны айтқанды жазғырып жазаламайсың ба, түгі, кедейге ерік бердім дейсің. Ендеше, сол ерікті кедей осылай десе, не дейсің? — деп отыра қалады.
Сыртында: "Осылай, осылай" деп жуандар жағы қожырайды.
Сапар жұртқа сынап, барлап қарайды.
—Бар кедей осылай дей ме? Мына кісі бәріңнің ойыңды айтып тұр ма, жолдастар?
—Жоқ... жоқ, — дескен үндер шығады. Бірақ шығып сөйлеуші жоқ... Ұзақ пауза. Сол кезде Алуа шығады.
—Жолдастар, кедей-батрактар. Бүгін біз, жігеріміз болса, Ақтал бойында болмаған байлау жасаймыз, ол тарих байлауы болады. Ол байлауды Ленин партиясының жәрдемімен жасаймыз. Мыңғырған малы менен осы өлкенің бар елін өзіне жем етіп, құл-малай етіп басып келген Доғал бай қанаушы обыр бай болатын. Енді бұл жерлердің ол иесі емес, біз, кедей-жалшы, ие боламыз. Барлық анау жылқының да иесі ол емес, біз боламыз. Қоралаған қой, өлкені басқан түйе, сиыр және де оныкі емес, біздікі. Біздікі болса солар, бұл бай бұл өңірде тұрмау керек. Әйтпесе, кесірі тимей қоймайды. Солай емес пе, шыныңды айтшы, жұрт.
Батрактар қол соғады:
—Солай. Солай...
—Дұрыс. Біздікі, бәріміздің сөзіміз сол.
—Бәріміз үшін айтты.
Осы кезде Байырдың, Сартайдың күбірлеп сөйлеген түртпегін сыртымен естіген Назарбек, тағы да үн қатып, орнынан баяулап тұрып, сөйлеп кетеді:
—Жаңа осында, ортамызға келген, бұрын осы ауылдың қызы болған Алуа бала сөйледі. Шырағым Алуа, Сатайды Доғал өлтірген жоқ, қаныпезер ұры Бұлан өлтірген. Өзіңді болса, "екі қатын үстіне алам" дегені болмаса, басыңа қандай қастық етті. Ол "алам" деді, сен "тимеймін" дедің. Көнбедің де, кеттің де бардың ғой. Сол үш-ақ жерін, малын алудың үстіне, "өзін тағы құртам" демексің бе? Бұ не? Өз басыңның кегін қуғаның ба? Мен тағы айтам, жерін алайық, малын алайық. Өзін болса, әлі де болса Ақталдың бойында қалдырайық.
Сапар бойы кең, жағалай қарайды да, аз уақыт үнсіз тұрып қалады. Алуа Сапарға тақап:
—Сапар аға, мен жауап берем, мен сөйлеймін тағы! Мынау құйыршық, өзі кедей болса да, құлақтың құйыршығы боп, итаршы боп тұр, сөйлеймін!
Алуаның өңінде ызалы, жалынды толқын бар. Екі көзі ренішті, ашу үстінде, кең ашыла қарап, сонша сұлу ұшқын атады. Сапар Алуаға ақырын ғана күбір етіп:
—Тоқта. Мына жұрттың өз ішінен біреулер сөйлесін, — дейді.
Көпшілік үнсіз. Сапар тағы да біраз тұрып:
—Жә, жұртшылық, мына Назарбектің де сөзін тыңдадыңдар. Не дейсіндер, неге байладыңдар?
Біраз тағы да үнсіздік созылған соң, шеттен қатаң бір үн шығады.
—Жолдас Сапар, маған сөз беріңізші?
Барлық жұрт солай бұрылады. Жиынның шетірек тұсында, орнынан түрегелген, қалаша жақсы киімі бар оқымысты жігіт көрінеді. Ол — Мардан.
Батрактар арасында сыбыр-күбір сөз жүреді.
—Бұл — Доғал байдың інісі.
—Қаладағы, қызметтегі інісі.
—Көптен күткен тірегі.
—Әдейі көмекке шақырған ғой.
Алуа да осы кезде Сапарға ақырын ғана мәлім етеді.
—Бұл - Доғал байдың інісі, интеллигент - Мардан. Өзі де феодалдың мұрагері.
Сапар салқын, сабырлы жүзбен Марданға сөйлеуге белгі етеді. Мардан алғашқы сөздерін баяу бастап, аздан соң, жиынның ортасына қарай, батыл басып шығып, Сапар мен Алуаға ажарлы, кесек жүзін тура қадап тұрып, қатты үнмен сөйлейді. Батыл жүзбен маңызды сөз тастайды.
—Мен осы батрактардың дәл осы жиынына әдейі келген адаммын. Біреулер мені "туған ағасы Доғалмен қоштасқалы келді, қолынан келсе, ақыл бергелі, көмек еткелі келді" деп те ойлаған болар. Солай ойлағанның ең басы — мынау отырған, менімен бір ата, бір анадан туған Доғалдың өзі болатын. Бірақ мен ол үшін келгем жоқ. Ақталдың бойына бүкіл қазақ даласына келген жаңа дәурен сәулесі түсті. Мынау ұлы құрылыс Түрксибтің осы өлкеге жеткені — талай тарихтық жаңалықтың зор бастамасы. Енді біраз жылда, ай санап, жыл санап, Ақтал бойындағы еңбекті сүйген, советтік қазақ халқы, мүлде басқа сапаға, басқа биік белге шығасыңдар. Киіз туырлықты, қалың ұйқылы, көшпелі тірлік қалады. Ақталдың бойында гүлденіп кеткелі тұрған тамаша өлке бар еді. Бірақ оны түгелімен кімдер баурады? Өздері өнерді, еңбекті сүймейтін, бар еңбекшіні қараңғыда, езгіде ұстап келген мынау Доғалдар, менің ағам — Доғалдар, оның достары анау Байыр, анау Сартайлар билеп келген.
Осы сөздің тұсында батрактар мұны қостап, ырза бола дабырласады.
—Бәрекелді, дегенің рас.
—Уа, жолың болсын.
Доғал мен оның қасындағы топтары қабақ түйіп, қарғыс айтады. Оқты көздерімен атады.
—Құдай атсын, құдай атқыр. Азғын. Шіріген жұмыртқа, - деседі.
Мардан даусын қатайта түсіп, ажарлы, батыл түсін Доғалдарға түйіле қадап алып сөйлейді.
—Енді Ақтал бойы еңбексіз арамтамақтар мекені болмай, еңбек иесіне, анық иесіне ауысады. Халық иесіне тиеді. Тиеді де, Ақтал бойы еңбекпен, өнермен өзгереді, жаңғырады. Алуа қарындас барды айтты, ол халықтың тілегі. Жерден, малдан ғана айырып қоймай, Доғал сияқты жандарды елден де айыру керек. Доғал бұл өңірден кетірілсін.
Мардан сөзін бітіргенде, батрактар барынша сүйсініп қол соғады.
—Солай, бәрекелді!
—Дұрыс.
—Болды, байлау сол, дауысқа сал, — деседі.
Сапар дауысқа салғанда, бар батрак қол көтереді.
Сол батрактардың сыртында тасалап, бұғып отырған байлар ғана қол көтермейді. Алуа Марданның қолын қысады. Қалың кедей қоршауында, күлкілі қуанышты жүзді Алуа қарап тұрып қалғанда, жалғыз ат жексең жайдақ арбамен Доғал және оның бәйбішесі түнеріп төмен қарап, қаралы жол кешіп, кетіп барады. Бұларға сырт қарап, қайта бұрылып, байынан бөлініп қалған тоқал көрінеді.
Төртінші бөлім
Маңдайында "Қостөбе" деген жазуы бар вокзал үйінің қасынан Бейсен, Оспан, Жаппар, Назарбек тобы жылдам басып өтеді. Екі қабат үлкен тас үйдің бір жағында "Рабфак" деп, тағы бір жақ бетінде "Учебный комбинат" деп жазылған. Жүргіншілер "Рабфак" есігінен кіреді. Мұнда, үлкен жарық бөлмеде кітапхана. Ұзын стол бойында кітаптарға үңілген оқушы жастар, қыздар. Оқшауырақ стол басында Алуа қалың кітаптарды оқып, жазып отыр. "Сатаева Алуа, сені сұрайды" деген дабыстар келеді. Алуа шығады. Келгендермен кездеседі.
—Біздің колхозға сені шығады дегелі тосудамыз.
—Неге келмей жатырсың? Бізде трактор да, машина да жоқ.
—Бензин тағы жоқ, eгіc басталып жатыр.
—Арық қазғалы жатырмыз.
—"Ақтал" колхозы қала салып, мектеп салып жатыр. Сен келіп көмек, сеп көрсеткенің қайда?
Алуа бұларға сабырмен, өз адамынша сырласа сөйлейді.
—Мен шығамын, барамын. Бірақ станция "Ақтал" колхозына шеф болғаны рас болса, трактор берсін. Машина сайман берсін. Бензин жеткізіп берсін, осыларды түгелдемесе, шықпаймын деп отырмын мен. Жүріңдер, қазір сөйлесеміз.
Бұл топ асыға жөнеліседі. Далада осы кезде қалың, көңілді жиын. Учебный комбинаттың көбінше қазақ жігіттерінен құралған ересек оқушыларын бастап, далаға Нина шыққан. Оқушылардың бір талайының жүзінде кешегі күнгі жұмысшы, батрак болған сырт ерекшеліктері әлі жоғалмаған. Бұлардың арасында мұрттылар, шоқша сақалдылар да бар. Жас жігіт, ықшам оқушылар да аз емес. Алуа өзі келе жатқан тобымен осылай бұрылады. Жолдастарына айтады:
—Тоқтаңдар, қазір бір үлкен мерекеге дәл келдіңдер, білесіңдер ме, мұның бәрі де осы Ақтал бойының бұрынғы өздеріміздей малшы-жалшы батрактары болатын.
Нина көпшілік оқушыларының қоршауында, әзіл аралас ақыл айтып тұр:
—Қазір сендер әрқайсың өз орнында экзамен ұстайсың. Енді бірақ кітап пен оқытушы қастарында жоқ, ендігі кітаптарың машина, техниканың өзі. Бастарың мығым ойласын, қолдарың бекем, дәл қимыл етсін. Міне, оқытушының, кітаптың өздеріңе қосылып біріккен нәтижесі сол. Өздеріңе сенімді болыңдар, мықты болыңдар, — деп күле, иландыра сөйлейді.
Осы кезде бұлардың қасына машина келеді. Одан бір топ адам түседі. Мұнда Алматыдан келген тілші - журналшы Мардан, дистанция начальнигі, Түрксиб қызметкерлері. Екінші машина. Алдыңғы келгендер мен Ниналар — бәрі қосылып, сол соңғы машинада келген кісіні қарсылайды.
—Обком, обком машинасы да келді, — деседі.
Машина тоқтағанда, бұрынғы қалпынан сәл тола түскен Сапар шығады. Барлық жұрт вокзал үйінен өтіп, рельс бойына шығысады. Нина биікте тұрып, өзінің оқушыларын кезегімен мамандық орындарына, атын атап ұсынып тұрады.
—Қызыл тулы Түрксиб коллективінің ішінен шыққан, бұрынғы қазақ батрактарынан бүгін Түрксибтің өз бойында, үлкен мамандық еңбек ететін қайраткерлер әзірлеп тұрмыз. Тарих жолына қазақтың Түрксиб бойында туған, советтік шойын жолшы мамандарының мықты тобын шығарамыз. Кезекпенен атайтынымыз мыналар: Оспанов Ораз, — дегенде, 720-50-ші паровоздың иығына Нинаның қасынан бөлініп, балғын бойлы, сұлуша қазақ жігіті қарғып шығады.
—Түрксиб бойындағы бірінші қазақ — паровоз машинисі. - Қимылдары батыл, еркін Ораз машинасының бір-екі тұтқаларын қозғап қояды да, жұртқа қарайды.
—Мен кешегі бала жігіт күнімде, осы Қостөбеде қоңыр өгізге мініп, Сартай байдың қоралы қойын баққан малшысы едім. Осы Қостөбенің жанында, мимырттаған өгіз аяңымен талай күндер, талай айлар, көп жылдар кешкен ем. Бүгін сол өгіз аяңға жеткізбей қоятын елсіз құм, қу медиен, қу даланы қырық километр шапшаңдықпен мынау "Комсомол" паровозымен жүйткіп өткелі аттанып тұрмын. Сөз қысқа, машинам жүр деп тұр, мен жол тарттым. Бұл күнге, бақыт күніне бар алғысымды арнадым.
Жұрт қуана мәз болысады. Осы кезде, жерде бес кісілік кішкене оркестр "туш" ойнайды. Барлық жұрт күле, сүйсіне бұрылысады. Екі қобыз, бір сыбызғы, екі домбыраны басқарып, өзі жасаған оркестрін ойнатып тұрған Сексекті көріп, қалың жұрт әсіресе сүйсіне қошеметтейді.
Нина:
—Біздің екінші, жаңа өнерпазымыз — жол мастері, бұрынғы батрак Байжанов, — дейді.
Өз орнына Байжанов барады.
—Паровоз бөлімінің начальнигі орынбасары Смағұлов. 1927 жылға дейін жылқышы болған.
Кезегімен ол шығады. Бұлардың бәрі шыққан сайын Сексектің оркестрі "туш" ойнап тұрады.
—Он кісі — болашақ дежурный по станции, — деп Нина айғайлайды, — 20 кісі машинист помощнигі, 30 кісі стрелочниктер, — осы топтар барлығы бөлініп-бөлініп шығып тұрады. "Туш" ойнап тұр. — 20 кісі начальник станцияның оқуын бітірді, — дейді.
Қалың жиын қошеметпенен Нинаның өзіне де қол соғады. Енді біразда Сапар, станция начальнигі, Нина, Алуалар және бұларға қосыла Мардан да бөлек шығады. Сапар станция начальнигіне Алуаны көрсетіп:
—"Қостөбе" жақсы істеді. Станция өз жұмысын да, оқу комбинатын да жақсы сапаға көтерді. Бірақ, жолдастар, әлі де көп қарыздарын ақталмаған, ада болмаған бір жағы бар.
—О не? - десіп Нина, начальниктер бұрылысады.
—Сіздер мынау Ақталдың бойында бірнеше колхозға шеф едіңдер. Күштерің бар, колхоздарда егіс, үлкен науқан басталғалы жатыр. Сіздер әлі іс көмегін де, күш көмегін де, адам көмегін де берген жоқсыңдар. Мынау Алуа Сатаева "Ақтал" колхозына әлдеқашан барады — деп едіңдер, неге мұнда жүр?
Алуа жауап береді:
—Рақмет мұны айтқаныңызға, жолдас Сапар. Мен шеф болса, шефтік болсын деймін. Барсам, "Ақтал" колхозына "Қостөбе" станциясының көмегімен барам. Әне, олар сол көмекті сұрап келіп, мені шақырып отыр. Менің қолыма трактор, бензин, машина берілсін. Мен оқуымды тоқтатып, қазір жөнелемін.
Сапар станция начальнигіне бұрылып:
—Жолдас начальник, ендігі іс, жауаптылық — бәрі сізде, - дейді.
Нина мен Алуа екеуіне Мардан оралады. Мардан өз жайын баян етеді.
—Мен Алматыдан әдейі келдім. Мені баспа орындары жіберді, газеттен келдім. Бүгінгі, жаңағы мерекені жазам. Ақтал бойының бүгін жеткен салтанатты табысын жазам.
Алуа Марданға таңырқай қарап:
—Сөйтіп, сені мақтайды екен, Нина. Несі бар, жақсы ғой, ә?
—Жақсы, жазсын, сонда жақсы болар.
Мардан бұларға әдеппен иіліп, орала сөйлейді:
—О, мен сондай сүйсіндім, сондай қуандым. Әрине, мен бар шамам жеткенше жақсы жазам, мақтап жазам.
Алуа әзіл етеді:
—Жоқ, біз сіздің мақтап жазғаныңызды сұраған жоқпыз.
Нина Алуаны қостайды.
—Әрине, әсіресе Алуаның оқуын қимай, колхоз науқанына кешігіп жатқанын қатты сынап жазу керек.
Мардан әлі де сақ, орамды жүзбен сөйлейді:
—Жоқ, мен көптен көрмеген Ақтал бойының соншалық жаңғырған, жайнаған шағын көріп тұрып, бүгін сынап қарауға мұршам жоқ.
Алуа енді қағыта сөйлейді:
—Жолдас Мардан, онда бүгінгіні сынай алмасаңыз, бұрын кім болғанын еске алсаңыз, бұл жерде жаңағы батрақ атаулының күйі не болғанын еске ала жазсаңыз, сын да, шын да қаулап шығып жатқан жоқ па? Әлде оны ұмытқан ба едіңіз? - деп, мәнді пішін көрсетіп, Нинамен қосыла күліседі.
—О, ұмыту ма? — деп, Мардан тез басқа, еркін қырға, құбылысқа ауысады. — Ол бұрынғыға мен өзім де сондай кектімін. Білуші едіңіз ғой, Алуа. Бұрынғының сорақысын ашып жазу керек болған кезде, ол менің өзгеше құлшынып істейтін ісім болар.
Алуа әлі де сынасып, ырғасып келеді.
—Бәрекелді, мен сіздің сол бұрынғы замандарды, халдерді жақсы біліп, жақсы әшкерелеп жазғаныңызды оқуға қызығар едім.
Мардан іле жөнеледі:
—Ендеше, мен осы күнде тарих ғылымына маманданып келе жатырмын. Қазірде оның кезі емес, бірақ аз уақытта, менің қазақ тарихы туралы жазған еңбегімді де оқырсыз. Сіз қызығып оқитын болсаңыз, ол жәй мені әсіресе шабыттандыра түседі, Алуа, — деп, аса биязы, сыпайы әзіл қалпына сөз ауыстырған Мардан, Алуаны бұл жерде бөгеп кетеді.
—Иә... Сапарыңыз оң бол сын... Жайнатыңыз біздің туып-өскен асыл Ақталымыздың бойын. Қарындасым Алуа, жолыңыз болсын, — дейді. Алуамен екеуі мағыналы түрде бір-біріне бас иісіп, анық сырттай қошемет көрсетісіп айрылысады.
Осы көшеде Алуа Бейсен, Оспанменен жедел басып сөйлесіп, "жүреміз, жөнелеміз" десіп кетіп бара жатысады. Осы көшеде, екінші жаққа қарай бет бұрып, Мардан мен Жаппар біріне-бірі иық тиістіріп, сырласа сөйлесіп барады.
—Қандай боп өскен өзі, әрі сұлу, әрі есті, — дейді Мардан.
—Иә, аса жақсы.
—Ендеше, несі бар, ухаживать ету керек.
Жаппар таңдана қарайды, Марданның ниетін ұққысы келгендей.
—Қалай ухаживать ету? Мақсат не?
Мардан маңыздана күледі.
—Ухаживаттің мақсаты біреу ғой, ал өзгелері содан әрі өздігінен туады да. Бұл өзі, тегі, өрлей түсер. Бәлки, ұзаққа да сілтер. Ал соның қажеті бар ма? Мұны бұрынғы батрак деп жіберіп жатыр. Іс жүзінде не істесе, соның бәрінің өзі де бір тың үгіт болады. Міне, бар мақсатты осыдан айыру керек қой.
Жаппар мұны түсінді, енді ақылдаса сұрайды.
—Өзін ухаживать еткізер ме екен?
—О, оған сенің бірнеше жақсы жағдайың бар ғой. Ең әуелі, 1926 жылы өзін құтқарған кісісің. Екінші, өзің сұлу, өзің бойдақ жігітсің. Және өзің жақсы фермаға бастықсың. Солай емес пе? Ал содан ары... тегінде, жолаушы жүрген әйел әр кезде әлсіздеу, еркекке күні түскіш болады. Сен болсаң екі шартқа мығым бол. Өзіне қатты ілтифат көрсет те, жабыса бер, сонан соң аса жиі мақтай бер, тамашалай бер. Еркектің жабысқақтығы салғаннан жирентіп жібермесе... көбінше дегеніне жеткізеді.
Екеуі қол қысып қоштасып тұр. Ажарлары жігіт пен қыз арасын ойлаудан әлдеқайда алыс бір жайға серттескен адамдардай. Кешке Марданның кабинетіне ақырын есік қағып, жалтаң көз, жасырын жүрісті бір адам кіреді. Өңі қатты тотыққан, екі көзі жалт-жұлт, жарқ-жұрқ еткен оқшау адам. Мардан есікке шапшаң ұмтылады.
—Жалтыр?
—Жеттім бе, әйтеуір. Аман, тыныш жүрмісің, жалғызым, ең соңғы сүйенерім, Мардан жаным...
—Ақырын, тыныш, өздерің ше? Келді ме?
—Келді, жетті елге.
—Серіктері бар ма?
—Бар, бесеуміз. Жолдастары өңшең сен тұр, мен атайын... Өткелектің бәрінен өткен, барды басынан кешіргендер.
—Елде ешкімді көріп табысты ма?
—Әзірше сақтық етіп жүр, қит етсе көрсетеді... Ел кедейі бұрынғы емес, өшігіп болған дейді ғой шетінен.
—Солай. Аса, аса сақ болсын, сенбесін ешкімге, ұстап береді. Бірақ қандай күнде де мені көрмеген, білмеген бетте кетісіңдер... ұқтың ба?
—Әрине, ол кісі де соны айтады.
Мардан бір буда ақшаны орап береді, құрал да ұсынады.
—Ал өздеріңе айтарым, бұл өлкеден мал-мүлік, күш - қаржы алыңдар да, тайып кетіңдер. Құмға, шекараға тартыңдар, — деп, ойланып тұрады да, ендігі сөздерін салмақпен айтады.
—Айтпақшы, жақында сол елге Алуа дейтін қыз барады.
Баяғы біздің жылқышы Сатайдың қызы. Өзі менің тегімді, бұрынғыны да тым көп біледі. Ал мен партияға кірмекпін. Доғалмен туыс та емеспін. Фамилиям Дулаттан емес, төртінші атам Есеннен. Осыны да біле жүрсін. Ал, бар.
—Қош, бәрін ұғындым, бек бол.
Ұрлана, жалтақтай тайқып кетеді.
Алуа далада ақ айғырға мініп, жортып келеді. Астындағы айғыры баяғы Сатай мініп соғысатын ақ айғырдан айнымайды. Алуаның қасында бір топ аттылар. Арасында Сексек те бар. Ол қалаша киінген. Ақ айғырға қарап Сексек қайран қалады. Қатар келе жатқан қартаң колхозшыға бұрылады.
—Ақсақал, мынау қай текті жылқы?
Колхозшы ақ айғырды біледі.
—Е, бұл баяғы Дулат байдың тегінен.
Сексек түс көргендей қатты таңырқайды.
—Ойбай-ау, ақ айғыр ма?
—Иә, атақты ақ айғырың.
—Дулат байдың ба?
—Е, Дулат байда болған.
—Ойпырау, не дейсің, не дейсің? Әлі тірі дейсің бе?
Колхозшы Сексектің аңқаулығына күледі.
—Жоға, бұл анау ақ айғырдың баласы емес пе? Бірақ өзі де сондай, бәйге... Үйірі де мол.
Сексек Алуаға оның атының жайын айтып, кеңес береді.
—Сен ылғи осыған мін. Мұның әкесі сенің әкеңнен ажыраспаған.
Аттылар бір қыстақ жанынан өтеді. Сексек бұл жерді таниды, бірақ Ақтал бойы өзгерген.
—Мынаны қара, Алуа. Мынау Кеңсу ғой. Біз осы арадан қашып ек қой.
Алуа да жерді таниды.
—Онда тек киіз үйлер еді.
Алуаның қасында Жаппар келеді. Ол Алуаға барынша зор ілтифат көрсетеді.
—Енді киіз үйді тек музейден көрерсіз. Халықтың отырықшылыққа қандай қуанып ауысқанын білсеңіз...
Сексек өзінің қасындағы екі құрбысын қалжың етеді.
—Дүниенің өзгергенін айтсаңшы. Мынау Оспанның сақалы да жоғалып кетіпті. Тон шекпенді де тастапты. Баяғыдан қалған жалғыз жұрнақ — мұрты ғана.
Колхозшылардың киім үлгілері бұрынғыдан мүлде өзгерген. Оспан да қалжыңдайды.
—Ал Сексек тіпті мұртты да беріпті. Жұрт қартайса, бұл жасарады.
—Енді қалай? Өзім үшін, әкем үшін де қайта тұрғым келеді.
Далада шексіз мол жерлер жыртылған. Алуа жолдастарымен егіншілерге келеді. Бұлардың ортасында колхоз бастығы Бейсен, ол Алуаны қарсы алады.
—Сенің көмегіңе халықтың ырзалығын айтсаңшы, Алуа.
Көп колхозшы Алуаны қоршап алып, өздерінің сүйсінгенін айтады. Алып қайраткер тракторды Алуаның көмекке әкеп бергені үшін алғыс айтысады.
—Атағын ғана естуші ек.
—Піл әкеп сыйладың ғой, қызым.
—Жануардың қайраты-ай.
—Колхозға анық сенгенім осы.
Алуа тракторшы Сашамен сөйлеседі. Бұлар бұрын таныс, өз адамдарынша кездеседі.
—Саша, саған жұрттың қандай қуанатынын білдің бе?
Тракторшы күледі. Оның өзі де дән ырза.
—О, Алла, мен машинаны мұндай жақсы көретін жұртты көргем жоқ. Бұлардың көзінде мен трактор емес, планеталар арасындағы ракетада келе жатқан кісідеймін.
Алуа, Саша мен Бейсен және бір топ колхозшы төбе басынан тағы жыртылатын мол, тың жерлерге қарап тұр. Ат үстінде тұрған жиынға желе шоқып, шауып отырып асыққан, асығу үстінде аптыққан, сәл ашуланған жас жігіт жетеді. Киімі жартылай қалаша, өңі жұқалау, сұлу келген жігіт. Бұл — гидротехник Арман. Ол келе Бейсен, Оспанмен амандасады. Жаппармен де таныс. Алуа екеуі салқын ғана қарасып, сәл бас изеседі. Жігіт салған жерден Бейсенге кінә арта сөйлейді:
—Маған берген кісілерің қайда, "Ақтал" колхозы? Қашанғы тосам?
Бейсен қысыңқырап Алуаға қарайды.
—Біздің бар колхозшыны әуелі егінге шығарды ғой мына кісі.
Арман ашулана, кекете сөйлейді.
—Eгіc, eгіc. Мен істеп жатқан жұмыс колхоздікі емей, жаудікі ме?
Бейсен дауласпай, баяу жауап қатады.
—Бірақ егістің күні тығыз, алдымен егіс деді ғой мына ауданнан келген кісі.
Арман ашуланады.
—Тыңдамаймын, аудан түгіл, аспаннан келсін.
Алуа еріксіз сөзге араласады.
—Бұл кісіге не бересілерің бар еді, Бейсен? Кімді сұрап тұр?
Арман өзі омыраулап сөйлейді. Алуаға да суық, зілдене қарайды.
—Мен ерігіп жүрген кісі емеспін. Ақталдан арық алғалы, осы бес колхозға, биыл жаз қалың егінді суаратын су бергелі жүрген гидротехникпін.
Алуаның өңі жадырап, жылына қарайды.
—Ә, мен білемін, сіз жолдас Армансыз ба! Ісіңізге сәт болсын. Ақтал бойының көптен күткен маманы сізсіз.
Арман түсін жылытпай, әлі де ызалы сөйлейді.
—Күткені бар болсын. Мезгіл өтіп барады. Мен әр колхоздың берем деген адамын емініп сұрап, жалынып алмақ па екем?
—Жолдас Арман, сіздің асығуыңызды түсінемін. Бірақ мұндағы жайды сіз де ұғыныңыз. Құрғаққа егетін егістің бір күні өтсе де, үлкен қатер. Бұл тұстың күні шыға келе қайнап кетеді. Құрғақтың егісін анық бір күн өткізіп салса, көп күн өкініші кетпейді. Сондықтан бар колхозшының күшін осы жотаға әдейі салғызып тұрмын. Сіздің ісіңіз үш күнге шыдайды.
Арман омыраулап ашу шақырады.
—Керегі жоқ ол басалқаның, маған кісі керек.
—Бүгін сізге кісі жоқ.
—Онда менің ісім жоқ. Сіз ауданнан келген болсаңыз, бассыздық етпей, алдымен менің ісімнің мәнін түсініңіз.
Алуа берік, салқын, салмақты сөз тастайды.
—Сабыр етіңіз, жолдас.
—Керегі жоқ сабырдың, жиылыс шақыр ендеше.
—Жиылыс осы, өзге жиылыс шақырылмайды. Тыңдаңыз, ұғыныңыз айтқан сөзді.
—Тыңдамаймын. Сіз менің ісіме бөгетке келгенсіз, мен ауданға, Алматыға шағамын сіздің ісіңізді. Шақырыңыз жиылысты.
Алуа:
—Жиылыс осы, "Ақтал" басқармасы осында тұр.
Бейсенге бұрылады да:
—Жолдас "Ақтал" колхозының бастығы, колхоз басқармасының мәжілісі осы арада өткенін мақұл дейсіз бе?
Бейсен:
—Мақұл, асығыс болса, өтсін қазір. Аштым жиылысты. Мәселе — біреу. Гидротехник Арманға он кісі колхозшыны бүгін беру ме? Үш күннен соң беру ме? Мәселе ашық. Үш күнге егіс уақыты тығыз, тосуға болмайды. Сондықтан жолдас Арман үш күн тоса тұрсын. Мұнда, жотадағы құрғақтың егіні бітсін деген ұсыныс бар. Осыны қостағандарың қол көтер.
Саусақтарына қамшыларын ілген Оспан, Бейсен сияқты бірнеше колхозшылар қол көтереді.
Арман ашулы серпінмен атын борбайлап, ойға қарай шаба жөнеледі. Алуадан қалыспай жүрген Жаппар, жаңағы сөздер мен жаңалықтарды екі ұдай аңғарады. Алуаның көзінше үнемі жарқырап күледі де, одан жүзі тая бере беті, ажары шұғыл өзгере қалады. Көптен оқталып, Алуаға сан рет бір жайды айтқысы келеді. Бірақ қызды жұмыс пен өзге адамдар алаң ете береді... Ақыры, бір алаң мезгіл тауып, қатар келе жатып, Алуаға сөз қатады:
—Алуаш, келгенің, туған жерге осындай боп келгеніңіз қандай тамаша. Сені мұнда қандай жақсы көретінін байқайсың ба жұрттың?
—Мен де туған жерім мен елімді сонша сағынған екем, енді ғана аңғарам.
Жаппар Алуаға ынтазар көзімен қарайды.
—Сені өзгеше күткен, өзгеше сағына күткендер де бар, оны байқайсың ба?
Алуа бұл сөзге таңырқайды, тоспаған жаңалығы. Бірақ сұлу жігітке қадалған көздерінде бұрын ешбір жанға ашылмаған жүректің соншалық шыншыл бір толқуы бардай. Бір сәтке соншалық жұмсарып, әзіл тартып көзін төмендетеді.
—Биыл ғана, бүгін ғана емес. Талайдан солай ғой. Ылғи күтумен, белгісіз күтумен, бір ғана қиялмен тірлік еткен жан бар ғой.
Алуа қатты ұялғандай, атының жалына сәл иіледі де, сыпайы жүзі жымиып, өзінен-өзі сырын жасырғандай, басын шайқайды. Үлкен толқынмен деміккен, сұлу жүзді жігіт бұған жанаса, төне түсіп, айдалада жапа-жалғыз екеуі болса да, сыбырмен, үзіле өтініш айтады:
—Қазір жауап берме, жаным, тек үмітімді, күдерімді үзгізбе. Мен сенің шұғылаңа алыстан, алты қырдың астынан елтіген жанмын...
Алуа қолын сыртына көтеріп:
—Тоқтаңыз, жетті... айтпаңыз, — деп үзік-үзік әлсіз үн қатады.
Үміт арта түскен Жаппар тағы да ентелеп, жанаса түсіп, соңғы өтініш айтады:
—Қазір жауап айтпа, өтінемін. Ертең кешке Текелінің бауырында Назарбек шалдың қой фермасына келші. Елден аулақ, оңаша ғана, сонда ғана сөз қатысайық. Тостым сонда, келесің бе? Айтшы, жаным, өтіндім!
Алуа жауап берген жоқ. Өзінің үнсіздік қалпында, біраз толқи түсті де, енді атын қамшымен бір салып, шаба жөнелді. Жаппар қалып қойды. Ол сенімді, сайқал жүзбен жымия түсті. Алуаның қасында Сексек қоса шауып келе жатып, ештеңені аңғармай, Жаппарды мақтап келеді.
—Жаппар неге қалып қойды?
—Білмеймін... Білмеймін...
Алуа өзінің ішкі даусына жауап қатқандай. Ол Сексектен де ұялады. Өз ішінде оянған сезімін анау көріп қоятындай тығыла түседі. Сексек өз бетімен сөйлеп келеді.
—Неғып қалып қойды екен. Өзі бірдеңеге ренжігендей, өңі де қып-қызыл боп балқып қалыпты. Бірақ сондай сұлу, жігіттің төресі, бүлдіршіндей... Үріп ауызға салғандай...
Алуа күле береді. Жаппар турасында Сексектің айтқан сөздерін ұнатып тыңдағандай. Сексек Алуаны күлдіргеніне ырза боп, тағы сөйлейді.
—Шын бүлдіршіндей сұлу. Ал шаруасы қандай. Мал жағының бригадирі ғой. Қойлар фермасы тап өзіндей, тегіс тамаша дейді.
Кешке, колхоз клубында Алуа, Сексек, Жаппар. Мұнда көп үлкендер, балалар да мол. Мұндағы еркек, әйелдер баяғыда Доғалдың батрактары болған, кейін оны кәмпескелеген, бүгін егінде болған колхозшылар. Жүздері, киімдері, көңіл күйлері — бәріне қарағанда, бұлар енді мүлде басқа адамдардай. Жақсы киінген, өздері көңілді. Клубта балалар көп, олар оқытушысы Сәруәрдің қасына жиылған. Бұл баяғы 1926 жылы Алуа қызыл отауда кездестірген қыз.
Балалар мен оқытушы Сәруәр Алуадан өтініш етеді:
—Бізге қаланың әнін айтып беріңізші.
—Жаңа әндер үйретіңізші.
Үлкендер де Алуаның ән салуын сұрайды. Алуа көпшілік жүзіне қарап, ән айтуға көніп, клубтың сахна жағына шығады. Бұл өз кезегін тосып тұрғанда, қасына Арман келеді. Арман әлі де салқын, Алуаға жақындай түседі.
—Өкіл жолдас, сіз ауданнан келіп, менің ісімнің бір "Ақтал" колхозы емес, осы барлық Ақтал бойына ең қадірлі, ең қажетті іс екенін түсінбегеніңіз не? Мен соншалық ызалымын.
Алуа қысылмастан күліп сөйлеп, жауап береді:
—Түсінбеді деп сізге кім айтты?
—Түсінсеңіз, Ақтал бойында бірінші рет тоғам алудың әрі бүгін үшін, әрі болашақ үшін қаншалық тарихтық уақиға екенін маған айтқызудың не қажеті бар еді?
Алуа тағы да күледі.
—Сізге оны айт деген кім бар, қажет қылған кім?
Арман Алуаның күлкілі пішініне ызаланады.
—Айтам ғой, сіз түсініп те жетпеген сияқтысыз.
Осы уақытта Алуаға кішкене қыз Әсия жүгіріп келеді.
—Алуа тәте, сіздің сахнаға шығатын кезегіңіз, — дейді де, өзі халық жаққа жүгіре шығып: — Қазір бізге қаланың әнін Алуа тәте айтып береді, — дейді.
Арман сөзін айтқысы кеп, ентелеп тұрса да, Алуа күледі де, сахнаға қарай жөнеледі. Ол әдемі әнді әсем шырқап айтып өткенде, зал дулап, сүйсініп қол соғады. Мұның әнін шала тыңдаған Арман алдынан ұмтыла шығады.
—Сіздің ойыңызша, қазір астықтан басқа дүние жоқ.
Алуа күледі де:
—Қазір одан басқа ән бар, — деп ойнақыланады. Арман ызалы:
—Иә, астық пен ән. Одан басқа түк жоқ, солай ғой, Алуа?
—Астық пен он. Қазір одан басқа түк жоқ.
Зал "биске" шақырып дулап жатыр. Алуа Арманды әзіл еткендей күледі де, сахнаға қарай шыға береді. Ол онда тағы да әдемі ән шырқайды. Арман бұл жерде бұлқынып қалған. Әрлі-берлі жүріп, бір сәтте, амалсыздан Алуа әнін тыңдай қалады. Ән сондай жақсы, мұны жеңіп бара жатқандай. Жігіт жүзі сүйсінген күлкіге ауысады да, кейін өзімен-өзі алысып, тыю салғандай, шұғыл өзгеріп, ашуға басады. Қайта ұмтыла береді. Алуа күліп, сахна сыртына шығады. Жас қыздар тамашалап, сүйсініп, құшақтай қоршап жүрген Алуаға Арман тағы наразы сөздерімен тап береді.
—Астық қана дейсіз. Арықтың әкелетін қасиеттерін ойлап та көрген жоқсыз. Бұл өлке, Ақтал бойы енді бидай ғана емес, қант қызылшасын өсіретін, қант заводтарына толатын өлке болады. Арық жүрген соң бұл өлке әлдеқандай бидай емес, ақ күріштің балқып өсетін өлкесі болады. Бұл өлкеде сан саты электр станциялары орнайды, ол не деген сөз?
Алуа күледі де, еркін, кең әзілді салып, өз сөзін тастайды:
—Мұның бәрі дәл бүгін, мен үшін тәтті түс, қазір мен үшін ақ күріштен қызыл бидай көп қызықты. Үйткені қазір, әсіресе қазір, бүгін... соны ектіру, үлгіру менің ең зор қиялым.
Арман қолын сілкіп, мұнымен сөйлескеніне өкінгендей, соңғы қорытындысын жасайды:
—Түу, не деген, не деген шолақтық. Сіздің бар түсінігіңіз артта қалған, отсталый.
Алуа және күледі.
—Қызыл бидай біздің халық үшін, жалпы адамзат тарихы үшін, қаншалық артта қалған ұғым болса, менің де бүгін артта қалғандығым сол болсын, жігітім. Бола қойсын, — дейді де, енді бағанадан қасына оралып жүрген, кішкене қыз Әсияға иіледі.
Арманнан сырт айналып кеткен. Жігіт анық араздық сақтаған адамша, оқыс жалт бұрылып жөнеп кетеді.
—Сен кімнің баласысың, Әсия, кішкентай? Сен сондай жақсы ән саласың. Маған апаң мен ағаңды көрсетші, — дейді Алуа.
—Олар жоқ...
—Қалайша?
—Олар өлген. Әжем де өлген. Әжем де өлді ғой менің.
Мұның ендігі жайын Сәруәр айтады.
—Туғандары жоқ. Біздің мектептің жатақханасында жатып оқиды, өседі.
Алуа қызды құшақтап көтеріп, тізесіне отырғызады, әңгімелеседі.
—Сен сондай әдемі ән айтасың. Менің ойымша, атақты артистка боласың ғой деп ойлаймын.
—Жоқ, мен ұшқыш болғым келеді.
—Айналайын, о да сондай жақсы. Білесің бе, мен де ұшқыш болуды қиял етемін. Жарайды, екеуміз бірге ұшамыз да. Ал, қазір кел, ән салайық.
Екеуі ән шырқайды. Осы залда маңына үлкен топ оқушыларды жиып алып, Сексек хормен ән айтуға үйретеді. Өзі хормейстер, өзі дирижер. Тағы бір топқа барып, домбыра, қобыз оркестрін ретке салады. Скрипка, гитара, мандолинаны да күйлеп береді. Домбырада кішкене қызық күй ойнайды. Ал Жаппар әлі де Алуаның маңына оралып жүр.
—Бес жыл, жиырма алтыншы жылдан бері бес жыл бойы. Көзім жатқа қарамас. Жат та маған жарамас.
Алуа:
—Болды, арғысын айтпаңыз...
Жүзіне сәл сезік, ашу білінгендей, үнсіз. Артынан аз жуасып, мойындағандай.
—Аузыңызға қандай сәтсіз жолдар оралды?.. Мен көп ойланып, асықпай жүріп дегенімді тапсам деген қиялдамын. Бұл жайда мен қиялшылмын. Ал сіз қатты қатал емессіз бе? Екеуміз екі сайдың жемісі емеспіз бе екенбіз осы, орысша айтқанда?
—Орысшаны білу керек. Бірақ сыр мен шынды қазақ тілімен айтсаңшы, Алуаш?
—Бұл да бір қызық шындық екен.
Алуа бойын жия сөйлейді. Бұлардың қасына Арман келеді. Жаппар Алуамен енді істің жайын сөйлеседі.
—Мен бүгінгі түн тауға, фермаға кетем. Алуа, кішкене жас қозыларды көргіңіз келе ме? Олар сондай сүйкімді ғой.
Алуа толқиды.
—Мен барар едім. Және малшыларда болғам жоқ. Қозы қай фермада?
—Назарбек қартта, тау ішінде, Тереңсайда. Барасыз ба?
—Бәлки, барармын да, ертең...
—Жә, мен сізді қарсы алам. Солай шештік, дәл ғой?..
—Дәл, кешке...
Жаппар Алуамен қоштасады. Алуа оны көзімен ұзатып салады.
—Тауға несіне барасыз, Алуа? Қойда неңіз бар? — деп, Арман батыл сөйлейді.
—Е, барса несі бар? Онда қазір мал балалап жатыр, компания.
—Саулықтар сіздің жәрдеміңізсіз де қоздай алады. Шабандар көп, одан да маған көмек етсеңіз етті. Біз колхозға сөзбен емес, іспен көмек етушілерміз ғой.
Алуаға мұның кекесіні жақпайды.
—Сіз сөзбен көмек жасауға болмайды дейсіз бе?
Жігіт Алуаны ыза қылғанын байқаса да, бұрынғысынша мысқылдай түседі.
—Иә, сөзі көптің бәрі де көмегім көп дейтін әдет қой.
—Не сіз қателесесіз немесе жұртты орынсыз тұрпайы кінәлауға құмарсыз.
Арман күледі де, енді Алуаны ашуландырғанын көріп, соңғы сөзін айтып, тая береді.
—Ендеше, сол фермаңызға барыңыз да, бір жүз саулыққа егіз табу жөнін үгіттеңіз. Соған көндіріңіз. Колхоз қазынасын сөзбенен байыта түсіңіз.
Алуа ашулы жүзбен теріс айналады. Екі айрылып кетіседі. Енді Алуаға колхоз бастығы Бейсен келеді. Мал туралы естіген жәйсіз хабары бар, соны айтады.
—Алуа, бірталай малды жоғалтып тұрмыз. Ақ айғырдың үйірінен таңдаулы алты ат пен ту бие жоқ.
Түнде үлкен төрт құлақты бейітте 5-6 кісі жасырына тығылады. Түстері ұры, жау реңдес. Біреуді тосады. Тышқанша шықылықтап үн қатысады... Тыстан да сондай үн келеді. Бұлар тосады. Жеткен Жалтыр. Құрмет көрсеткен бастығы бар, ол — Доғал. Сақал-мұрты тығыз өскен, өзгерген. Қолында обрез. Доғал қатал, қысқа үн қатады.
—Сатылды ма?
—Сатылды... Шүкір, енді пул да бар. Аттарың сай ғой?
—Сай. Аз күнде басқа жаққа ауамыз.
Қасында өзіндей қатал, бекем серігі бар. Сол шыға сөйлейді.
—Бұл колхозды масайратып қалдырмай, түршіктіріп кетеміз.
—Жүрегін шайлықтыра беру шарт.
—Оның рас. Әлі қызығушымен қатар қобалжушы да көп. Тракторға мәз болса, мықты бір шығыннан шошып, түршігіп қалсын. Әйтпесе, Ақтал бай Доғалдың тұсындай емес, көгерді десіп шулатып жатыр.
Доғал:
—Кім шулатады? Қаладан келгендер де бар ғой?
—Бар.
—Ол кім?
—О несін айтасың, баяғы өзіңіздің жесіріңіз, жылқышы Сатайдың қызы Алуа кепті. Сол кепті, тракторды сол әкепті.
—Алуа ма?
Доғал ызалы сызданады.
—Айт анаған. Маған сол немені кездестірсін.
Жалтыр қызметке әзір, жағына жымияды:
—Сіздің көргіңіз келетінін мен білген ем, мырза.
—Ендеше, не істеп ең?
—Онымен көрісетін жеріңізді айтам.
Жалтырға ырза болған бандалар кісіней күліседі. Жалтыр тағы сөйлеп тұр:
—Және бір қызығы, тап сол Алуа ақ айғырға мініп жүр.
Доғал бұл хабарға әсіресе қызығады.
—Ол менің баяғы бәйге айғырымның баласы ма? Кәмпеске жылы дөнен еді, қазір кемеліне келген, бұл да бәйге ме екен?
—Қандай бәйге десеңізші. Әкесінен де атақты. Алуа соны мініп жүр.
—Тартып аламыз, сөз жоқ. Менің қанатым сол болды, өз малым. Тағдыр өзі әкеп тұрған жоқ па?
Доғал жолдастарына қарайды. Қол соғысады. Ақырын баспалай қарап, аттарына кетеді. Қалың түн ішінде есіз тауда, мелшиген жым-жырт тастар арасына батып жоғалып бара жатысады. Үлкен тау бөктерінде терең шатқа тығыла отырған жалғыз қыстау. Сол қыстаудың сыртында, азғана жас қозыларды жайып, ойға қарай бет бұрып тұрған Назарбек. Мұның сақалына бұл күнде бурыл кірген. Айнала көгеріп келе жатқан әсем дүние. Алыс, кең көк дала. Ұзын таяғына сүйеніп, күлімсіреп ойланып тұрған Назарбектің жүзі бір сәт алдына қарап, шұғыл өзгереді. Есік пен төрдей жердегі жартастың басына сескене қарайды. Жартастың ар жағынан жасырына көтерілген адам жүзі көрінеді. Қара сақалына бурыл араласқан, бұл күнде қаба сақалды болған, баяғы мырза — Доғал.
—Сен кімсің, ей? — деп, Назарбек сескене қарайды. Шегіншектейді.
—Сескенбе. Назарбек, Назарбек. Мен, мен той.
—Доғал... Мырза Доғал?
—Ия, бұрын мырза болса, бүгін не десең де ырза Доғал.
—Неғып жүрсің, қайдан жүрсің?
Доғал енді жіті басып жетіп келіп, екі қолымен Назарбектің қолын алып, қаужаңдаған болады.
—Неғып жүруші ем, міне, тау-таста аң болып, бұғып жүрмін. Жалайырдың баласы, жанашыр біреуің болса, оң назарыңды сұрай келдім.
Назарбек тіксіне қарайды.
—Өзің қашып жүрсің ғой?
—Менен ерік кеткелі қашан, сүйтпей неғып жүр дейсің. Осы өмірде бір өзіңнен басқа сенерім жоқ, жан жүзіне көрінгенім де жоқ.
Назарбек енді шұғыл өзгеріп, түйіліп ызалана сөйлейді:
—Сүйтіп, мені паналап келдім десейші.
—Таптың. Әрине, Назеке.
—Мені жасыр деп тұрсың ғой?
—Әрине, Назеке.
Назарбек ашулы жүзбен шұғыл кесіп, қатты дауыстап жібереді.
—Жоқ. Енді алданатын Назарбек жоқ. Баяғы құл Назарбек жоқ, мырза Доғал.
Доғалдың жүзі шұғыл өзгереді.
—Не дейсің? Мен неге болса да бел байлаған жанмын. Жалғыз сенгенім сен, іздеп келгенім сен. Кейін тағы оралам. Ойлан, жөніңе көш, Назарбек. Сен маған пана боласың. Боласың, — дейді де, жалт беріп жөнеле береді.
Қыстаудың тасасына қарай әйелімен бірге басқан Назарбек, ерттеулі атты нұсқайды.
—Қостөбеге жет, Алексей мені біледі. Бірақ сөзімді айтсаң түсінеді, — дейді де, өзі қайтадан қозыларына қарай бұрылады. Әйелі жылдам басып, атқа қарай кетеді.
Түн. Тау ішіндегі оқшау қыстау. Онда жас қозылар мал қорада. Алуа мен Назарбек шам алып, қораны аралап шықты. Далада ит үреді. Назарбек аландай береді. Иттер тағы үреді.
—Ит үре бергені не бұл, шырақ?
—Е, қайтеді, ата.
—Әй, білмеймін, балам, осы тауда жаманат сыбыс та жоқ емес-ау.
—Қандай сыбыс?
—Кешелер бөгде жүрген бес аттыны көрдік деседі.
—Тасқа тығылып жүр ме?
Алуа мылтығын сайлап алады. Шал оны медеу көреді.
—Е, қарағым, көңіліме мынау бір медеу болды-ау.
Иттер шабалана береді.
—Шамды өшірсем қайтер екен?
Шал фонарьді өшіреді, екеуі үй жаққа шығады. Қорада ақ айғыр байлаулы. Оның жанынан өте бергенде, шалдың есіне бір нәрсе түседі.
—Міне, әкесі қандай еді, марқұм Сатай тек соны ғана мінуші еді. Қанша ұры түсірді, өлгенде де соның үстінде өлді. Мен баяғыда "қосында алысам" деп, Бұланның соққысы тиіп аттан құлап қалғамды.
Алуа күледі.
—Сен әкеңдей бол, ер бол. Доғал байды қарғап өтіп еді. Мен одан кейін де Дулат Доғалды пір көріп шатасып жүрдім. Білесің бе, Доғал айдаларда, сол қанқұйлыта ара түскен аңталдығымды айтсаңшы.
Алуа шалға сүйсініп күледі.
—Япыр-ай, ата, мына сөзің қандай жақсы.
—Ойбай-ау, несін айтасың. Ол күні тантығаным үшін опық жей-жей, мына сақал-шашты да бір күзде ағарттым ғой.
Қақпа қағылады. Шал Алуаға алақтайды.
—Бұ кім екен, бөгде қатыс қой.
Қақпа таты қатты қатылады. Иттер шабаланып тұр.
—Сескенбе, ата, мен бірге шытайын... Байқаңыз!
Екеуі есіктен сыталайды. Қараңғыда бес атты, бәрі бес ат мінген, түстері жат.
—Түстері жат мына кәпірлердің... Япыр-ай, сорыма жалғыз да болмадым... Сенің бейнетіңе душар болдым ба, балам?
—Әкемді аузыңа алдың ғой, ата, жаңа... әкем деп білермін... Енді маған сен! Ашпа!
Тыстан ақырған үндер:
—Аш!
—Аш дереу қақпаны!
—Сен кімсің, ей?
—Ауданнан... ГЕПЕУ-ден, аш.
—Ашпаймын, күндіз кел!
Тыстатылар жаяу кеп есікті соққылайды.
—Доғал, жөнел былай! - деп Алуа айғайлайды. — Атам!
—Атып көр!
—Ә, сен мұнда ма едің? Сен керексің!
—Кім керек?
—Алуа... Сатай жылқышының қызы Алуа керек.
Алуа есікке жабысып, нақтылап қарап алып, селт етіп бұрыла береді.
—Ә, дұшпан, таныдым мен де, сен бе едің, дұшпан?! — Атып қалады. Тыстағылар:
—Ойбай, танып қалды.
—Бәрібір біліп қалды. Енді өліспей кету жоқ. Не де болса ат! Атыс! Басып ал ферманы! — дескен қызу серттер. Атыс... Іштен Алуа атады. Шалға да бір алтатар беріп қойған. Ол Алуаны көре тұрып:
—Қарашығым-ай, ұл болмасаң болма, ұқсапсың ғой ағаңа, — дейді.
Атысу...
Алуа шалды үйге тартады. Үйткені жаулар қараңғы сырттан терезеге беттеген. Алуа үйден, есіктен де, терезе қақпағынан да кезек атады.
Шал қораға жүгіріп, ақ айғырды шешіп, әзірлеп келе береді.
—Мә, атыңа мін. Сен қаш. Тым құрыса сен құтылшы!
Шал өзі атып жүр. Алуа да осы жаққа жиі-жиі атады да:
—Ата, қорықпа, Мен құтылсам, сен де, қозылар да құтылады.
Алуа тағы атып-атып кеп, секіріп қораға шығып, ақ айғырмен жеті түнде құйықтыра жөнеледі. Жаулар аңғарып қалған. Кешігіп барып аттарына міне ұмтылысады.
—Кетті!
—Қыз кетті!
—Жой, жоғалт көзін! Ат, атқыла!
Бес атты қуып келеді. Шашы жайыла түскен, атқа ерше еркін шапқан Алуа, артына қарай отыра оқ атып қашады. Қолында жеңіл карабин, сонымен атады. Өзгелер алыстап қалады, тек біреуі жетермен боп жанын салып қуады. Ол үздіксіз атып келеді. Алуа енді дәлдеп ату үшін көлденең тура қалады. Шауып келе жатқан жау көлденең тұрған Алуаны көздеп атып қалады. Алуа ақ айғырдан қулап түседі. Бірақ мылтығы қолында, қалтыраған қолымен өзіне қарай шауып келе жатқан жауды нысанаға зорға дегенде, бар күшін жиып, мөлшерлеп алып, атып қалады. Шауып келе жатқан жаудың қолындағы мылтығы ұшып кетеді. Кейін жалтарып шаба жөнелген ақ айғырды, артқы жаулардың іліп әкетіп бара жатқанын көреді. Алуа бір тұрып, бір жығылады. Соңғы бұл жаралаған жау да атының жалына жабыса түсіп, кейін, өз жолдастарына қарай шауып барады. Алуа қиналуда, жан-жаққа көз тігуде. Алабұртқан амалсыздық бір қинаса, жарасы екі қинап, қардың бетін қан етіп құлап түседі. Тағы ұшып тұрады.
Колхозшылар мен банданы қуған ГПУ әскерлері шауып келеді. Алуа соларға:
— Жау! Банда! Қозылар тұрған қораны да өртеп жатыр! Тезірек! — дейді.
Барлық жұрт шаба жөнеледі. Бытырай, тарай, қоршай шапқан. Аздан соң атыс... Алуа қора жанында, онда өрт лаулаған. Қозылар қорасына жетіп қалған. Оқ тиген Назарбек тұрып-жығылып жүр. Құшағында төрт жас қозы. Колхозшылар төбесі жанып жатқан қорадан қозыларды құшақтап алып шыға бастайды. Ұзақ алысу, арпалысу соңында қозылар құтылды, шал талып кетті. Осы кезде ГПУ әскерлері ұсталған бандыларды алып келеді. Доғалдың қасында екі қолы жаралы Жаппар. Шал басын көтеріп:
—Бұ да сонда ма екен?! Бригадир бандит.
Алуа жаңа ғана жалт қарап біледі.
—Сен бе едің?
Жаппар үнсіз. Алуа қатты ызамен түйілген:
—Қайыр, мен өзімнің бір адасуымды атқан екем ғой, болсын солай.
Сәлден соң Арман Алуаға тақап келеді.
—Айтып ем, қаңғып не бар деп?
—Сіз немене, табалаушымысыз?
Арман күледі. Кекесін бе, әзіл ме, белгісіз... Алуа бұған деген наразылығын ірке алмайды:
—Құтқарушымның бірі болмасаңыз, сәуегейлігіңізге таң қалар ем...
Жеңіл газик ішінде жаралы Алуаны бір жағынан Нинаның өзі сүйеп отыр. Екінші жақтан қартаң жүзді, ақшыл мұртты дәрігер. Алуа Нинаны омырауынан сипап, өзіне бұрып:
—Мен не істедім? Түгел білдің бе, менің не болғанымды?
Нина қысқа ғана жауап қайырады.
—Қой әзір, Алуа, басқа сөзді сөйлеме.
Алуа болмай, оны омырауынан тартып:
—Қоя алмаймын. Айт маған, не білдің, не ойладың!
Нина кесіп, қатаң үнмен байлаулы сөз айтады.
—Қазір менен бір сөз естімейсің. Жазыл, емдел, өзге бар сөз сонан соң, ұқтың ба? Тыныштал! — деп, Алуаны зілді сөзбен тоқтатады да, басынан құшақтап, туған апасындай алақанымен бетін аймалап, жұбатқандай болады.
Машина Қостөбедегі больница жанында. Санитарлар мен дәрігерлер, Нина Алуаны больницаға жеткізеді. Больница койкасында жарасынан тәуір болып қалған Алуаның қасында ақ халат, чепчик киген Нина отыр, Алуа жылап сөйлейді:
—Мен ұяттымын. Партия алдында ұяттымын. Өмірде бір жанды сүйген болыппын да, сонша адасыппын. Неге жараймын, түкке жарамаймын.
Нина тыңдап отырып, ойлы жүзбен кейде салқын жымиып күліп қояды. Алуа қиналып жылап, сөйлеп жатыр.
—Соншалық зор сенім артқанда, колхозшы қалың жұртшылық сондай қуанышпен, достықпен сеніп қарсы алғанда...
Нина сәл жымия түсіп, салқын ғана бас изеп:
—Рас, солай еді.
Алуа тағы да қиналып:
—Солай болса, сонымен кетсем етті. Не деген сор, не деген мазақ... Қандай ұят. Қандай қиналамын. Комсомол бетіне енді не деп қараймын?
Өксіп-өксіп жылап жібереді. Нина мұны еркіне жіберіп отырып, енді біразда, қатал реңмен бұйыра сөйлейді.
—Енді бері қара.
Алуа жастықтан жасты жүзін көтеріп, бұрыла қарайды. Нина сөйлеп отыр.
—Мұның бәрі теріс емес. Рас, теріс емес деймін. Мынау көзіңнің жасы, жаңағы өкінішің — өзіңді өзің жазалауың. Бәрі де теріс емес, дұрыс деймін. Сол саған керек. Себебі ты была дурой! — деді. — Идиотка, анық дура боп шықтың. Рас, бар мәселеде емес, мына бір мәселеде — жүрек мәселесінде. Ал колхоз жұмысында ойдағыдай істедің. Болды. Бұл саған сабақ. Совет әйеліне бар ерік берілген. Бар кісен, тыйым, зорлықтар күйреген. Бірақ әрбір әйел, жалпы бар совет адамы сияқты, өзіне-өзі қатал, өз ішінде тыйымшыл болу керек. Әсіресе өзі жас, өзі сұлу болса, сол ерекше шарт.
Алуа бұл сөзге бас иеді, енді серт, ант тәрізді сөздер айтады.
—Соның рас. О-о, мен бұдан былай жүректің есалаң сезіміне ырық бермеймін. Бұрын біліп көрген емес ем. Енді бұл сондай сабақ болар маған.
Нина іле сөйлейді:
—Сабақты оқуды тек адасумен ғана, жүрекпен адасумен ғана оқу дұрыс емес, қажет емес. Ерекше ескертіп айтам, Алуа, сен әлі өмірдің басында танасың. Бар-бәрі, тамаша тірлік, мол-мол, шексіз болашақ әлі сенің алдында. Алыста, алыста. Сол үшін бір-ақ нәрсені түйемін: оқы, оқы, оқы. Сатан партия да осыны айтады. Өйткені бізге Ленин өзі осыны айтқан. Сен ғана емес, мен өзім де әлі талай-талай оқымақпын.
Нина енді кешірген жүзбен жадырап күледі де, Алуаны құшақтап, бауырына тартады. Екеуі қатты қуанысып табысқандай сүйіседі. Алуа жылап сүйеді:
—Кеш мені, Нина, — дейді.
Нина еркелете күліп:
—Дура, дурочка, Алуа, - дейді.
Бесінші бөлім
1939 жыл
"СССР тарихының кабинеті" деген жазуы бар бөлме. Кітап полкалары. Төрде гүлдерменен безелген ұзын көлденең стол, соны жағалай отырған жарымы орыс, жарымы қазақ оқымыстылары. Көпшілігі орта жасты және егде тартқан, бурыл шаштылар да көрінеді. Ғылым кеңесінің бірнеше мүшесі әйелдер. Солардың бірі — орта тұста отырған, тола түскен, келісті киінген Нина Ивановна. Мәжіліс бастығы бурыл шашты, орта жасты, көзілдірікті қазақ түрегеліп, есікке қарап белгі жасайды.
— Кіріңіздер! Бері жақындаңыздар, ғылым кеңесінің сіздердің дипломдық жұмыстарыңыз турасындағы қорытындысын тыңдаңыздар!
Ғылым кеңесінің алдына қатарланып келіп тұрған отызға жуық жастар. Ерлер, қыздар аралас. Соларды кезекпен дауыстап шақырып, директор ғылым кеңесінің қорытынды бағасын айтады. Бір уақыт ол дауыстап: "Сатаева Алуа!" дейді. Бұл күнде өңі бұрынғысынан сәл толыңқырап, нұрлана түскен, әдемі киінген, ұзын қос бұрымы шұбалған Алуа сәл ілгері шығады. Сыпайы жүзі қысылып жымия береді. Ғылым кеңесі Сатаева Алуаның "СССР-дағы әйелдер арасындағы коммунистік қозғалыстың жайы" деген тақырыпқа жазған дипломдық жұмысын "өте жақсы" деген бағамен қабылдады.
Енді біразда барлық топқа арнап, соңғы сөз айтылады.
—Жолдастар, достар. Институт босағасынан өтіп, енді тірлік, еңбек, қайрат табалдырығынан сенімді аттап, іске араласуларыңызға жол босын айтамыз. Алдағы еңбек майданында зор абыройлы, халыққа қадірлі асыл азамат болуларыңа тілеулеспіз, достар.
Жиын қол шапалақтайды. Студенттер үлкен букеттер көтеріп, ғылым кеңесінің мүшелеріне әкелісіп тапсырысады. Түрегеліп тұрған Нинаға Алуа мен тағы екі қыз, бір жігіт гүл әкеліп тапсырады. Қуанышты, салтанатты қарбалас. Директор, Нина, тағы бір-екі ғылым мүшесі сөйлеседі. Директор аса ырза болған жүзбен:
—Алуаның жазғаны, сөйлегені — бәрі де сондай ойлы, орнықты.
Нина қостап, сүйсіне күледі.
—О, Алуа оқуға өмір тәжірибесінен келген. Оның әйел жайын зерттеуінде де үлкен мән бар. Мен айтайын — оның бұл еңбегі ғылымдық еңбек болуға жақын тұрған нәрсе.
Тағы бір ғылым мүшесі, орыс оқымыстысы қостайды:
—Сатаеваны ғылым жұмысына, аспиранттыққа жіберсе лайық, сол қажет деп есептер едім.
Осы кезде бұл топтың қасына сөздерін тыңдап тұрған орта жасты, бурыл шашты, көзілдірікті, аса сәнді киінген қазақ келеді. Ол сөзге араласады. Директор оны таниды, өзгелерді таныс етеді.
—Таныс болыңыздар, профессор Есенов, Москвадан жаңада келген. Қазақтың белгілі оқымыстысы.
Нина бұл кісіні таниды. Екеуі бірін-бірі енді аңғарысып, қолын қысысып амандасады. Ол жаңа адам — Мардан.
—Мен жаңа сіздердің Сатаева турасындағы соңғы сөздеріңізге қызығып құлақ салдым. Әсіресе оны аспирант етіп қалдырып, ғылым қызметіне беттету керек дегендеріңізге соншалық қосылам. Мен енді ұсыныс айтайын, біздің ғылымдық зерттеу институтына, яғни біздің филиалға жіберу керек.
Сол бөлмеде, онан соң үлкен залда және осы институттың ұзын коридорында үнемі жүріп әңгімелескен Нина, Мардан, Алуаны көреміз.
Нина сөйлейді:
—Онда Алуаның диссертация тақырыбы да мәлім болды ғой.
Мардан:
—Қандай тақырып деп ойлайсыз?
—Мұның ең татымды, ең қызықты тақырыбы әйел мәселесі болуы керек. Өзіңе ұнай ма, Алуа?
Алуа:
—Әбден ұнайды, Нина Ивановна. Мардан ата, сіз қалай дер едіңіз?
Мардан сәл ойлана жүріп жауап береді:
—Әйел мәселесі, Қазақстандағы әйел мәселесі дейміз бе?
Нина:
—Тек Қазақстандағы ғана ма?
—Қазақстанның ғылым қызметкерлері ең алдымен "Қазақстанның өзінің тарихына байланысты тақырыптарды зерттеу керек деген" жалпы жол бар. Москва осылай белгілеген.
Алуа ойланыңқырап:
—"Қазақ әйеліне Октябрьдің бергені" деп жазамыз, солай ма?
Нина мұны дұрыстағандай қостайды да:
—Онда, әрине, солай болуға лайық.
Мардан бұл тұста да өз пікірін ойланып, бірақ салмақты, даусыз сөз сияқты етіп айтады:
—Ия, ол айтқаныңыз диссертацияның бір бөлімі болатыны рас. Бірақ мәселені шын ғылымдық дәрежеде шешу үшін бұдан кең қойылу керек. Тарихтық ғылымның талап ететін шарттары қамтылу керек.
Нина:
—Көрдің бе, Алуа. Сенің алдында әлі көп қиын да, қызық та асулар бар. Әлі екеуміз тағы да талай ойланармыз.
Алуа қуана күліп, өз жайын қорытқандай айтады:
—О, Нина Ивановна, Мардан аға, мен әлі талай ұзақ ізденуге, сол үшін көп-көп оқуға соншалық әзірмін.
Мардан салмақпен қорытады:
—Міне, сөйтіп Алуа жолдас, енді сіз біздің Тарих-этнография институтына ауысасыз. Сонда тез келуіңізді күтемін.
Алматы облыстық партия комитетінің үлкен кеңсесі. Сонда бірінші хатшының әдемі жасанған кабинетінде Сапар отыр. Бұл күнде шашына сәл бурыл кірген, жасы ұлғаюмен бет бітімі, денесі де өзгеріп, тола түскен. Мұның қасында Нина Ивановна. Сапар сөйлеп отыр.
—Ақтал ауданында әйелдер арасындағы жұмыс ойдағыдай емес, жеткіліксіз. Сен бір мықты адамды ұсынсаң деймін. Не айтасың?
Нина сәл салмақпен қарап, ойлана түседі де, жауап қатады:
—Ақталдың бойына кісі керек екені рас. Соған мен бір адамды тапқан сияқтымын. Бірақ... — деп ойланып қалады.
—Ол кім?
—Ол ғылымда анық өсетін адам сияқты.
—Кім ол, айтшы?
—Сатаева Алуа, есінде ме?
—Есімде. Ол оқу бітірді ме?
—Бітірді. Және сонша жақсы бітіріп, екі институттың ұйғаруы бойынша аспирант боп қалмақшы.
—Кешігіп оқыса да, ғылымға соншалық бейімділік көрсетті, ә?
—Соншалық зейінділік көрсетті. Оны есіме алып отырған себебім, өзі тарихшы. Оның үстіне, дипломы әйел мәселесі турасында жазылған еді.
Сапар түрегеледі де, сүйсініп, бекіне сөйлейді:
—Өте дұрыс. Мен Алуаның бұрынғы өмірін білгендіктен ғылымда осындай жолға түскенін аса заңды деп табам. Ендеше, Нина Ивановна, шешілді. Ақталға тура сол Алуаны жіберу керек.
—Қалайша, жаңа ғылым жұмысы дегеніңіз, қане?
Сапар бекініп, байлап сөйлейді:
—Аспирант болсын, бірақ заочный аспирант. Ал әйел мәселесін кітапханада ғана зерттемей, өмір-тәжірибеден, күнделік партиялық құрылыстан оқып, зерттеп қорытсын. Мақұл ма?
Нина жадырап, күле түседі.
—Онда институты мен Алуаға обкомның осы байлауын айтып ұғындыру керек.
Осы бөлмеде Сапар, Нина Ивановна, Алуа үшеуі. Бұлар көп сөйлескен, көп жайды айтысып түсініскен адамдар сияқты. Сапар енді Алуаға әр сөзін салмақты етіп айтады. Өте мәнді, маңызды жайды басалқадай айтып отыр:
—Ақтал бойы өзге өлкелердің бәріне үлгі аудан болғанындай, адамның өсуі де соншалық үлгілі, озғын болсын. Осы жайды партия қамқорлығы арқылы барлық мүмкіншілікті алған қазақ әйелінің халінен анық таныту керек. Ал сол ауданда бұл жай ойдағыдай емес. Сен қарт аналардан, жас әйелдерден, оқушы қыздардан үлкен, жақсы топтар шығарасың. Жеке, озғын, атақты қайраткерлер, даңқты азаматтар өсіруге міндеттісің. Баста сол ауданның әйелдерін. Бұл сенің қарызың. Сенің қолыңмен партия сол ауданда үлкен тарихтық істер жүргізуге талап етті деп біл. Міне, осындай міндетпен аттандырамыз.
Алуа өте ықыласты жүзбен сүйсініп ұғынған сияқты.
—Айтқаныңыздың бәрін қабыл алдым. Бірақ бүгінгі маған артқан міндеттеріңіз мені ғана қарыздар етпей, "қажет болған орында, кезегі келген мезетте мені сүйеп отыруға өздеріңізді де қарыздар етсін" деген жалғыз-ақ өтініш айтам.
Нина мен Сапар бұл сөзін қостап, Алуамен қол алысады.
Поезд "Қостөбе" станциясына жетеді. Вагоннан түскен Алуаны Сексек қарсы алады. Үйде шай үстінде екеуінің әңгімесі болады.
—Неменеге күлесің? Ылғи бір күлесің де отырасың, күлесің де жүресің, — дейді Сексек.
—Е, күлмей не бопты?
—Әлі күнге не үй, не күй жоқ. Менде болса шүйкебас жоқ, сенде болса бақырбас жоқ. Құр ұшамыз да жүреміз, ұшамыз да шарлаймыз. "Бытпылдық бөдененің үйі жоқ" деп.
Алуа күле береді де, әзіл етеді:
—Па-ай, не деген сорлы едік десеңші.
—Енді не? Оқу, оқу, тағы да оқу дедік. Тостық. Талай тостық. Ақырында кеп бітірдік. Сонымен, енді бірдеңе болар деп ем, ә, сен болсаң тағы Алматыдан жалғыз кепсің. Ауданда саған сай жігіт қаптап тұр ма? Бар-бәрі сондай, үріп ауызға салғандай жігіт атаулының бәрі де онда қалды ғой. Сен немене, солардан қашып шықтың ба?
Алуа күле жауап береді.
—Мені қой, Секе, менің баяғыда бір аузым күйген де.
Сексек мұны сөйлетпей жарыса жөнеледі.
—Е, немене? Мені қой дегені несі? Ат боп кеткенсің бе?
Алуа бір жағынан күліп, бір жағынан шынын айтады:
—Баяғыда өзің тели-тели жүріп аузым бір күйген. Содан іркіліп қалмап па ем? Өзің болмай шынды айтқыздың. Сөйтіп, мені қой дедім ғой. Ал енді, сырға сыр орай болсын, өзің неге үйленбейсің осы?
—Е, мен үйленбейін деп жүрмін бе?
—Апыр-ау, ендеше, бөгет не?
Алуа Сексекті өзінің сөзіменен әзіл етеді:
—Алмадай қыз атаулы айналаңда қаптап жүр. Үріп ауызға салғандай. Бәлі, осында не қарап жүрсің? Немене, жұлдызың жараспай жүр ме?
—Ойбай, дәл өзі табылмай жүр ғой.
—Онысы қандай еді?
—О, менің іздегенім көңіліме көңілі сай, әсіресе бойыма бойы сай қыз емес пе?
Алуа танданады.
—Онысы тағы қандай "Мың бір түн"?
Сексек мұның ұғымсыздығына ызаланғандай боп екілене сөйлейді:
—Е, маған өзімнен бойы ұзын қыз неге керек? Осында бір-екеуі мен үйлесе жаздап барып, шалжиысып кеттік қой. Бәрі сол бойдан. Маған: "бойы тапал, осындай еркек бола ма екен?" дейтінді шығарыпты. Және осы күнде тіпті қызы құрғырдың бәрі дередей боп кетіпті. Міне, маған, мысалы, сен сияқты ұзын сирақ қыздың не керегі бар, оны қайтем? — деп, аяғының ұшынан басып, Алуаның басына қарай басын созады да, қылжақтайды: — Ақырдан сұлы жейтін аттай мойным созам ба? Зәуі-сайтан бетінен сүйгім келсе, аяғым астына орындық қойып жүрем бе? Ал, мен, білдің бе, Жиренше шешен сияқты... Ол өзіммен шешендігі тең қыз тапқанша үйленбеймін деп еді ғой. Мен бойыма бойы тең қыз тапқанша үйленбеймін.
—Жарайды, со да серт боп па?
—Е, серт болмаса себеп. Ал сенде тіпті себеп те жоқ қой.
—Жарайды, жарайды. Сенің тілегің құдайыңа жетсе, осында әлдебір күйеуге де кездесермін. Кім біледі.
Алуа күледі, Сексек сенбейді. Алуаны қылжақ етеді.
—Иә, осы жақта Бетпақ дала бар деген. Сонда Алуаны тосып, баяғы Баян сұлуды іздегендей тоқсан сері тосып тұр деген. Қу медиен, қу даладан табарсың, қатқаныңның басын!
Алуа мұның сөзіне мәз болып күле береді. Сексек ашулана түсіп, тағы мазақ етеді:
—Сен бе, сен күйеуге тисең, мұрнымды кесіп берейін.
Алуа бұған қалжыңдайды.
—Қой, мұрныңнан айрылып қаласың, неғыласың, бойы тең қыз кездескенде, мұрны пұшық деп тағы пәле ғып жүрер.
Жаздың нұрлы жылы күнінде "Газик" машинасы атызып отырып, биіктеу төбешікке шығады. Жотаға тоқтайды. Машинадан екі адам түседі. Бұлар — Алуа және райком хатшысы Бейсен Сатов. Екеуі де жеңіл, таза киінген. Бейсен көп өзгерген, бұл күнде сәл қасқа бола бастаған. Самайында ағы бар. Қозғалыста, әр мінезде, айналаға қарауда мол дүниенің иесі болған, көп тәжірибе жинаған маңызды адам тәрізді. Жолдан оқшауырақ басқан екеуі, жотаның бір мұрын - шақтұсына келеді. Сол жердің төменгі жағы биік құз, жартас. Кең өлке мол бақшаларға, қалың ну тоғай, көгал өсімдіктерге толған. Арырақта түтіндеп жатқан заводтар байқалады. Бері жағалай қараса, отырықшы қалалар, колхоздар ендеп жатады. Ылдилап кетіп жатқан, шексіз кең теңіздей өсімдіктер. Жырақта тыныштық дүниесін, ен өлкені дағдылы үнімен оята шұбырған паровоз. Шалқар ұзақ поездар ерсілі-қарсылы кетіп, өтіп жатады.
Алуа сүйсіне күліп, тоя алмайды. Қызыға қарап қалған. Бейсен сөйлеп тұр:
—Міне, Алуаш, баяғы Ақталыңның бойы. Сен күң бала боп, күбі шелекпен алысқан, жерошақ басында шіріген балалығыңды өткізген жер. Мен, Бейсеннің, қоңыр өгіз үстінде, дәл осы жоталарда, осы мынау, машина тұрған жердің өзінде, сан рет ұлы жастар төккен жерім.
Алуа қостай сөйлейді, екеуінің жүзінде де дуэт айтқандай ымсыз, үнсіз ұғысу бар. Бейсеннің сөздерін соның айтқан үніне салып, Алуа іле жөнеледі:
—Ол шақта, Ақтал бойы киіз үйлі ауылдардың күзеу, көктеу, қыстау еткен жері ғана еді.
Бейсен іле жөнеледі:
—Сен Доғалды айдарда Жалайырдың жеті байының орнына жеті мың үй орнайды бұл өлкеге деп ең. Біліп айтыпсың. Міне, бұл күнде, осы Ақталдың бойында, біздің Ақтал ауданында сол жеті байдың орнына жетпіс колхоз кең жайласқан.
—Міне, Алуаш, туған өлкең бүгінгі қарқынына орай қайрат күтеді, азаматы сенен.
Алуа, Бейсен сертпен уәделескендей болады.
Екеуі машинаға қарай аяңдап келеді.
Алуаның мойнындағы жібек шарфысы ұйтқып ұшады. Сүмбіл шашы желменен жарыса жұлқынады. Алуа ұзаққа телміріп қадала қарайды. Ендігі жүзінде ой да, қиял да, сүйсіндірген үміт, сенім күлкісі де бар. Екі қабат үлкен үйдің маңдайында "Абай атындағы он - жылдық мектеп" деп жазылған. Қораның іші айнала салынған мол үйлер. Ол жатақхана тәрізді. Алуа мен Сәруәр тыныш ұзын коридор бойын жағалап келеді. Бесінші класқа кірді, онда қазақ мұғалімі есеп оқытып жатыр. Балалар ұшып тұрысты. Алуа олармен амандасты да, мұғалімнен кешірім өтініп, журналды қарады. Класты жағалай шолып өтті. Қыздар менен ер балалар саны шамалас. Енді бір кезек алтыншы класс ішіне кірді. Онда орыс әйелі, қартаң оқытушы табиғат сабағын жүргізіп жатыр. Мұнда да жаңағыдай іс-әрекет етті Алуа. Қыз бала, еркек бала саны қарайлас. Осылайша Алуа мен Сәруәр жетінші класқа келеді. Енді қартаң оқытушы, көзілдірікті, аласа бойлы қазақ бірге кірді. Ол өзін "Жексенов, Абай атындағы онжылдық мектеп басқарушысы" деп таныс етті. Сегізінші класс. Мұнда оқытып жатқан қазақ жігіті, класта алдыңғы кластардан айқын айырмыс бар. Жиырма бес шамалы оқушының бесеуі ғана қыз, қалғандары ерлер. Алуа журналды қарап, класқа тандана көз тастайды да, дәптеріне сызып алады. Енді Алуа тоғызыншы класқа кіреді. Онда қыз саны үшеу-ақ, оқушылар жиырмадан асады. Оныншы класс балалары жиырма, мұның ішінде оқушы қыз біреу-ақ. Осы кезде қоңырау соғылады. Алуа кластағы жалғыз қызбен сөйлеседі. Ол қыз Алуаны тани кетеді.
—Алуа тәте. Мені танисыз ба? Мен сізді ұмытқам жоқ. Білесіз бе. Ақтал колхозында 1931 жылы, сіз екеуміз концертте... — деп күле бергенде, Алуа қуанып, мұны құшақтай алады.
—Әсия, Әсия, Асюша. Қандай жақсы өскенсің?.. Есімде... Екеуміз ән салып, жарысқанбыз, — дейді де, енді шұғыл өзгеріп, аса бір үлкен сыр сұрағандай сөйлеседі. — Жә, Асюша, сен маған айтшы, неге сенен басқа қыздар оқымайды?
—О, оқымайды, тәте. Бізде, мұнда солай...
Алуа қатты түйіліп, ойланып қалған. Енді директор кабинетінде Сәруәр, директор үшеуі. Алуа аса салқын, сызды жүзбен директор мен Сәруәр екеуіне қадала сөйлеп тұр:
—Бұ не, бұ қалай? Жетінші класқа шейін қыздар мен еркек балалар саны бірдей. Ал 8, 9, 10-кластарда олар соншалық аз, жоққа тән. Немене, әлде Ақтал ауданының қазақ қыздары жетіжылдықтан әрі оқымасын деген заңы бар ма? Жолдас директор, Жексенов, ұғындырыңыз, жөнін айтыңызшы маған.
Жексенов бөгеліп, таңданыңқырап жауап береді:
—Әрине, не хорошо. Бірақ қалайша екенін білмеймін... еріген қардай...
—Сіз білмейсіз бе себебін?
Шал иығын көтеріп танданады, алақанын жаяды.
—Оны менің білуім қиын, білуім қиын себебін. Қыздар оқуға келмейді.
—Сөйтіп, сіз себебін білмейсіз бе? Сәруәр, сіз де соны аңдамағансыз ба?
Сәруәр момын, аңқаулық жүз көрсетеді.
—Мен өзім де қайран қап тұрмын. Бұлай болар деп ойлаған жоқ ем. Қандай!.. Көрінеу өрескел айырмыс қой.
Алуа ашулана сөйлейді.
—Сіз оқу бөлімін көрмегенсіз, аңдамағансыз! Ал, сіз, қарт педагог, бұл туралы ойлануға да, қиналу былай тұрсын, ойланып себебін шешуге де шұғылданбағансыз! Жарайды, мұның себебін шешіп, ашып көрерміз!
Колхоз даласы. Жасыл eгіc пен ұзақ, мол өлкені жаңғыртқан еңбек ізі білінеді. Бұл тұста күтімді тақталары айқындаған қызылша егісі. Жауын жауды. Ол қатайып, нөсерлеп келеді. Eгіс шетінде, үш-төрт жеміс ағашының саясында бірнеше жас балалар. Екі жасар тұлымды қыз бала, үш жасар еркек бала және емшек баласы, тағы төрт жасар қыз бала бар. Осы өңшең жас баланың ортасында ересегірек алты жасар қыз тұр. Жауын жауысымен жас балалар жылай бастайды. Ересек қыз біреуіне жүгіріп барып уатады. Екіншісі жылайды, оған барса, тағы біреуі жылайды. Ақыры, есі шығып қиналады да, өзі де қоса жылап жібереді. Жылдам басып Алуа келеді. Балаларды аймалап, қоршай береді. Қасында бригадир Садық.
—Айналайын, жылама. Апаларың қайда, сен айтшы? — деп, ересек қызға қарайды. Ол жылап тұрып, ызаланып сөйлейді:
—Апамыз әне, жұмыс істеп жүр. Мені осылармен тастап кетті. Ал бұлар жылай береді, жылай береді. Мен қайтем? — деп, тағы жылайды.
Жауын астында жүгірген бірнеше шешелер, Алуаны көріп амандасып, балаларын қолдарына алып, уата береді.
Жауын басылған. Алуа осылай әйелдермен әңгімелеседі.
—Бұл қай колхоздың егісі?
—"Ақтал", "Ақтал" колхозынікі, — деседі әйелдер.
—Бригадиріміз тұр ғой, міне.
—Немене, күнде жұмысқа осы балаларды ала келесіңдер ме?
Ұзын бойлы, балғын денелі бір әйел Алуамен ынталы жауаптасады:
—Енді қайтейік? Өзің осы, апыр-ай, шырамытып тұрмын-ау, өзіміздің ауданға қызметке келді деп еді, Алуа емессің бе, айналайын?
Алуа күліп:
—Алуамын, апай.
Үш-төрт әйел Алуаға ұмтылысып:
—Алуа, Алуаш, — десіп, қуана қол алысып шүйіркелеседі. Әйелдер жан-жақтан енді Алуаға наразылық жайларын білдіре бастайды.
—Колхозымыз бай, бірақ көрдің бе, міне, ылғи күнде жұмысқа осы балаларды ала шығамыз. Үйде күтетін кәрілеріміз жоқ.
Алуа:
—Ясли қайда, детсад қайда?
Әйелдер бірауыздан жарыса айтысады:
—Ұйыстырған жоқ, мынау бригадир... Мынау Садық.
—Әлі күнге ұйыстырмай, уәде беріп келеді колхоз бастығы мен бригадир. Қасымызда балалар болғандықтан, өзге әйелдердей емес, еңбегіміз де шала.
—Көзің көрді ғой, міне. Көңіл ала болған соң, жұмыс шала болмай ма, еңбек зая кетеді.
Алуа бұлармен әңгімелесе келіп:
—Араларында стахановшыларың бар ма? Озаттарың кім?
—Әй, бәрі шамалас қой, қарағым.
—Ондайды арамыздан өсіріп шығара алмай жатырмыз ғой әлі.
Алуа наразы, салқын жүзді, "түсінікті, түсінікті" дейді де, Садыққа бұрылады:
—Жә, жолдас бригадир, бұны не дейміз? Ақтал бойы — қызылшаның бүкіл Одақта ең мол өсетін жерінің бірі. Бұнда рекорд, дүниелік рекорд беретін өнім алу шарт. Ал сізде бірде-бір озат қызылша маманы жоқ, бірде-бір стахановшы әйел жоқ. Бұл қалай?
—Рас, бол май тұр. Өздері де саналы колхозшы дейміз, сонда да өздігімен ынта, бейіл көрсетпейді... қымс етсе бригадир.
Әйелдер бұған сын, кінә сөздерін таласа айтады:
—Бригадир демей, кім дейміз, бәрі сенен емес пе?
—Не жағдай жасадың, кімге жасадың?
—Керек десе, баламызға баспана жоқ күндіз.
—Озат боп шықпайық дейміз бе, өзгелерді естімей, көрмейміз бе... Бірақ сен, бригадир, жалған уәдеден басқа не бердің...
—Сен оңдырмапсың... — Алуа енді бұндағы дауды қорытады:
—Аналар, құрбылар. Сөз қысқа және мәлім... Сендер мақұл көрсеңіздер, біз мына бригадир жәйін бүгін колхоз жиылысына саламыз, мақұл ма?
Әйелдер тегіс дауыстап мақұлдасады.
Енді Алуа сиыр фермасында. Қасында баяғы қарт Назарбек, көңілді сөйлеп, есіп келеді.
—Несін айтасың, қарағым, қарық болған шағымыз. Мынау сиыр фермасы, бірнеше жүз мөшке сиырларымыз бар. Бұлақтай шетінен. Осы жерде май заводымыз тағы бар. Колхоздың табысын атама.
Алуа үндемей тыңдап келіп, сауыншы әйелдер арасына араласады. Олар да Алуаны танып, қуанып қарсы алысады. Алуа бұлар мен Назарбекті қасына алып әңгімелеседі.
—Кәне, жеңгелер, апалар, шындарыңды айтшы, ең озғын, озат сауыншы, стахановшы қайсың?
Бір қартаң әйел күледі.
—Қарағым Алуа, "Ақтал" колхозшысының жаманы бар ма? Бәріміз де озатпыз.
Тағы бір әйел күліп қостайды:
—Біреуді озғызып жіберіп, өзгеміз қарап тұрамыз ба?
—Озған да ешкім жоқ, қалған да ешкім жоқ. Өзгеде бар он саусақ әрқайсымызда да бар.
Алуа бұлардың күлкісіне таңданғандай Назарбекке қарайды.
—Сөйтіп, бәрі бірдей стахановшы ма? Жоқ, бәрі бірдей орта қатарлы сауыншы ма?
Назарбек бас шұлғып:
—Е, сол-сол айтқаның ғой. Орта қатар. Стахановшы деп бөлгеніміз жоқ бұлардың ішінде.
Бір жас әйел Алуаның ажарынан басқа жайды байқап, өзгеше сөйлейді. Ол — Назарбектің қызы Айбала.
—Сендер Алуаның не іздеп тұрғанын андамай тұрсыңдар-ау, қатындар. Біздің завферма әкеміз, біз де, менше, қарық қып тұрған жоқпыз. Алуа стахановшы неге жоқ деп сұрап тұрған жоқ па? Сендер ондайымыз жоқ деп мақтанғалы тұрмысың, түгі? Стахановшы шықпағанына ұялсақшы, өкінсекші одан да. Болмаса, ана атын естіп жатырмыз ғой Салиха Оңғарбаеваның. Сондай озат әйел бізден шықпас па еді? Ал мұнда сондай боп озат боп шыға алмай жатырмыз, соны айту керек қой.
—Бәсе, соны айтсаңызшы, құрбым, атыңыз кім? — деп, Алуа жылы ұшырап соған оралады.
—Атым Айбала, Алуаш. Стахановшы шықпай жатқаны, үйімізде адамымыз көп. Мұнда сауын, үйде бала күтімі, ас пісіру, бір үйлі жанды күту, екі ұдай боп алақ - жұлақпен күніміз кешеді. Арамыздан не бір депутат, не бір ордынос, озғын әйел шықпағанына ішіміз күйеді. Ұғып кетші, түсініп кетші ең болмаса соны. Осы емес пе, қатындар, айтатындарың, солай демеуші ме едіңдер?
Бар қатындар шулайды:
—Солай.
—Осыныкі жөн, барды Айбала айтты! — деседі.
—Ішімізде ауру, ақсақ-тоқсағымыз да бар. Локтрден көмек көрмейтін, дәрі таппайтын, бейнет кешетін жайымыз бар.
Алуа бас изеп, бұл әйелдерге енді шындарымен шешілгендері үшін, алғыс айтқандай болады.
—Бәсе, міне, осыны айту, шынды айту керек. — Айбала бұл сөзге қатты ойланып, енді бір байлауға бекінеді.
—Анық шынды айт дедің ғой, Алуа... Әй, қатындар, ендеше, келіндер, анық сол шынның өзін айтайық. Олай болса, мына тұрған қарт, біздің Назекең, тап осы фермаға бастық болуға енді жарамайды. Шынын өзің айтшы, әке. Осыным дәл емес пе?
Әйелдер Айбаланы қостап бас изеседі. "Өзі айтсын, Назекең өзі айтсын. Осыны бекер дер ме екен?" деген сөздерді естіп, Назарбек саса бастайды.
—Апыр-ай, мыналар не дейді?! Баяғыда өзіңмен бірге осы колхоз үшін қан төгіп ем-ау, Алуа.
—Оныңыз рас, Назеке. Сізді орныңнан алса, айыптамай-ақ алуға болады.
—А, солай ма? Жаза жоқ қой... Ендеше, осы қыз біліп айтқан болар... Шын-ақ мені босатып, бір жасқа табыс ете қойындар!
Әйелдер бұған ырза болысады. Бір қартаң әйел енді Алуаға ақыл сала сөйлейді.
—Ал, Алуа, осылай болды ма? Ендеше, дәл осы фермаға бастық етіп, өз ортамыздан мына Айбаланың өзін қойындар.
Алуа:
—Бұл жерде біз шешпейміз! Колхоз өзі шешеді ғой.
Бірақ осы сөздерді ортаға салайық, сүйтпесе болмас, — дейді. Алуа Ақталдың тауға жақын төскейіне орнап жатқан, мол құрылыс басында. Мұнда үлкен электр станциясы салынып жатыр. Ағаш тасыған, тас қашаған, ташкелер көтерген, үлкен экскаваторларды жүргізген, шақырлатып тас ұсататын камнедробилкаларды жүргізген, неше алуан қайнаған адам топтары. Сан өндіріс цехтары салынып қалған. Жартылай біткен үлкен мастерскойларда токарьлік станоктар, әр алуан движоктар, ұзын залдар бойына созылған трансмиссиялар, ұзын ленталық конвейерлер. Осының әрқайсысы өз күйімен зырылдап, қақпағы ашық сағаттай, қыбырлап қайнап, еңбек етіп жатыр. Алуа байқап келеді. Қара жұмыс болмаса, өнерлі мамандық жұмыстың бірде-біріне араласқан әйелдер жоқ. Қазақ, орыс әйелдерінің бәрі де жұпыны киімді қара жұмыстар істесіп жүр. Алуа біреулерден "строительство бастығын білдіңіз бе? Құрылыс бастығы қайда?" деп сұрайды. Оған бір коридордан көрінген есікті нұсқайды. Сонда "Начальник строительства" деген жазу бар. Алуа осы кабинетке кіреді. Үлкен стол басында Арман отыр. Қасындағы соңғы кісіге, будыраған бір топ қағаздарға қол қойып береді. Оны жөнелтеді де, Алуамен жақсы амандасады. Екеуі кеңес үстінде. Алуа кінәлап сөйлеп отыр. Оның түсі түйілген, зілді, сәл наразы сияқты.
—Сіздің өндірісіңізде істейтін жұмысшының 25 проценті әйел екен. Көбінің үй іші бар, балалары бар. Сіз үлкен, мол, бай өндіріс басында отырсыз. Айналаңыз болса бақша, жайнаған дүние, молшылық. Немене, сіздің детясли, детсад жасауға мұршаңыз келмей ме?
Арман ызаланып сөйлейді:
—Алуа, бұныңыз қалай. Сіз бен біз осылай көріспекші ме едік Ақталда?
—Бәсе, мен де бұлай кездесерміз деп ойламап ем. Өзіңіз тураңыздағы оң ойымды ісіңіз турасындағы оңсыз ойым бұзып тұр. Қазір менің осыдан басқа сезімім де, ойым да жоқ. Жөнін айтыңыз, бұ не қылғаныңыз?
—Мен станция сала алмай жатсам, о несі. Мен оған қарсы дейсіз бе? Айыптамай, көмек етсеңізші.
—Көмек етсе, жаңағы толып жатқан әйелдер үшін мамандық еңбек арам боп па? Неге бірде-бір әйелді қайратына, әйелдік қалпына сай орынға ауыстырмайсыз, үйретпейсіз?
—Мен қазір үйретуші емес, оқу орны боп жата алмаймын. Үйренгендермен асығыс жұмыс істеу үстіндемін. Аспаннан түскен кісіше, қалайша сөйлейсіз!
—Аспан емес, жолдас начальник, бұл анық жердің сөзі, жұрттың сөзі! Біздің құрылыстардың барлығында да қара жұмысшысынан үлкен маман жұмысшыларына шейін, керек болса, құрылыс начальнигіне шейін, бар маманды өз ортасынан жағдай жасап, өз арасынан өсіреді, шығарады. Немене, бір қатып қалған кәрі ағаш, ескі кәрі мамандай сөйлейсіз? Ал бүгінгіні қояйын, бүгін станция саласыз. Бірақ ертең соны жүргізесіз ғой, солай ма?
Ызаланған Арман қатты, қысқа жауап қайырады:
—Иә, жүргіземін, не демексіз?
—Сонда, осы станцияның маман жұмысшылары әзірленді ме?
—Ол құрылыс міндеті емес, басқа орындардың міндеті.
—Жоқ, олай емес. Біз, аудан жұртшылығы, олай ойлай алмаймыз. Өз ауданымызда болатын станцияның ертең керек болатын бар саты мамандары, дәл бүгін осы құрылыста жүрген жұртшылық арасынан әзірлене беру керек дейміз. Мен сізден осы жайлар бойынша, құрылысыңыздағы әйелдер халін айрықша еске алып, ерекше қам-қарекет етуіңізді талап етемін.
Алуа осындай жалындап сөйлеген кезде, соңғы шақта Арман буған қызыға да қарап қалған еді. Енді шұғыл өзгеріп, жұмсарып сөйлейді.
—Ал, ұрсып болдыңыз ба? Өзіңіз не деген қатал, зәрлі адамсыз. Ашудан басқа айтарыңыз бар ма, жоқ па? - деп күледі.
Алуа бойын бермейді. Салқын нұрлы көзін Арманға аз тоқтатып тұрады да, жылымайды. Ол шұғыл қоштасады.
—Сіздің өндірісіңіздің бүгінгі хақында ашу мен реніштен басқа айтарым жоқ.
—Мен пәтер қамдатқалы жүрмін... Ақылдасуға бола ма, жоқ па... Ресми сөзден басқа сөзің бола ма, тегі?
Алуа жүруге айналады:
—Менің қарамағымдағы жұрт орналаспай тұрып, мұнда келмей жатып ең алдымен өзім орналасам ба? Онда қандай дұрыстық, жарастық, тыныштық болмақ? Ендеше, пәтер жәйін менсіз ойлаңыз, - деп, қоштасып кете барады. Арман қиналып, шарасыздық халде қалады. Бұрын нық байланған бір серт бұзылғандай. Араларындағы дәнекер үзілермен болғандай.
Арада екі жыл өткен. Нина Ивановна, Сексек, Алуа үшеуі өткен бөлімдерде Алуа жалғыз аралаған көп орындарды бірге аралап өтеді. Сондағы тәртіппен Алуа бастап, бұл топ сол мектептің 8-класына кіреді. Қазір қыздар мен ер балалар саны бірдей. 9-класқа кіреді, оныншыны көріп өтеді. Бәрінде де қазақ қыздары көңілді, көрікті. Сондағы, екі жыл бұрынғы жолменен, осы мектептің ішінде бөлекше жұмыс істеп жатқан курстарды көреді. Агрономиялық курсы, зоотехникалық курсы, электростанция мамандық курсы — бәрілеріңде оқып жатқан, таза киінген, жақсы, ажарлы қазақ әйелдері. Бұлардың ішінде, Кәмшат, Анар, Жамал сияқты, қазір Алуаның маңына оралып жүрген жастар бар. Және Шанда сияқты, бұрын колхозда болған Алуа құрбы әйелдер де бар. Бәрі де Алуаға өз апа, сіңлісіндей мінездер көрсетіседі. Нина Ивановна көргендерін қағазға жазып келеді. Енді бұлар колхоз даласында қызылша еккен әйелдер тобына келеді. Анада, ұсақ балалары бөгет боп қинауға салған әйелдер, енді Алуаны күле қуанып, өздерінің күндегі досындай қарсы алады. Айрықша бірнеше гектарды өзі баққан, бұл ауданның ең озат, Демченко сияқты атақты қызылша маманы Жанар Алуаменен жақсы амандасады. Нина Ивановна Жанарға Алматы газеттерінде басылған оның үлкен суреттерін көрсетеді. Қайырлы босын айтады. Жанар Ленин орденін алған, соны құттықтайды. Демченконың рекордынан бұл әлдеқайда артық, бүкіл одақтық рекорд жасаған. Даңқты Жанар осы болады. Ниналар қасындағы фото қор Жанарды, өзге озат әйелдерді қайта-қайта суретке басып жүр. Осы топ Айбаланың сиыр фермасында. Онда, анада көрінген әйелдер қатты өзгерген. Киім салымдары, түр - ажарлары өте жақсы жаңғырғандай, бұлар да атақты сауыншы боп даңқ алған. Бірнешеуі орден татынған, өкімет мүшесі значектерін қадаған. Сауын орындары, айналадағы еңбек тәртібі, өздерінің киімдері — бәрі де өзгерген. Бұрынғыдан сұлуланып, толып, шеттерінен нұрлана түскендей. Бұлар да Алуаны қуана қарсы алысып, құшақтап, дос тұтып, ұзатысады. Көздерінде үнемі күлкі, достық сенім, ырзалық, шаттық бар. Тағы осы топ колхоздардың белгілі, өздеріне қажет жағдайларын аралап, танысып келеді. "Ақтал" колхозы, ондағы аса жақсы, ұқыпты жасалған детясли, детсадтар бұлардың көздерін қуантқандай. "Киров" колхозы, бұнда да және де жақсы детясли, детсадтар, таза киімді, ұқыпты, сұлуша орыс-қазақ жас әйелдері, тәрбиелі нянялар көрінеді. "Октябрь" колхозы, мұнда да сондай күтімді, бапты яслилер, детсадтар. Бар жерде таза киінген, қозыдай домаланған, жас лақтай секіріп ойнақтаған, күншуақ балаларындай дендері cay, жүздерінде күлкі - шаттық белгісі бар балалар көрінеді.
Тағы бір өзгеше ортада жүрген Нина, Алуа, Сексектер.
Мұнда ұзақ ретті тәртіппен созылған столдар. Ақ асжаулықты, жасаулы столдар, үлкен өндірістің столовойы көрінеді. Жұмыс істеген сұлуша, жылпос, көңілді әйелдер. Орыс-қазақ әйелдері мол. Жүргіншілер бұл арадан өтіп, қазір үлкен іске кіріскен мол станцияның цехтарын аралап келеді. Қастарында Арман бар. Кең щиттер жанында істеп тұрған, әдемі киінген маман қазақ әйелдері көрінеді. Келесі цехта, үлкен агрегаттар жанында еркектермен қатар, тағы да мамандық еңбекте тұрған әйелдер. Әрбір зор, мол машиналы цехтардың бәрінде де жақсы киінген, жүздері жарқын, өнерлі қазақ әйел қызметкерлері. Мұнда да Алуаны өз достарындай қабыл алған шырайлар айқын көрінеді. Нина Ивановна мұнда да көп белгілер аңыстап, өзінің қағазына түртіп алып жүр. Кешкі мезгіл. Үлкен станция. Ұзын Ақтал бойына, бар колхоздарға, совхоздарға, толып жатқан өндірістерге, ауданға өзінің мол жарытын жіберіп жатыр. Станцияның саялы, көлеңкелі көркем бақшасының ай жарығы түскен аллейінде Сексек пен Нина Ивановна қатар барады. Алуа мен Арман бір бөлек сөйлесіп келе жатады.
Алуа қазір өте айқын шыншылдықпен сөйлеп келеді.
—Міне, қазір мен ырза болмасқа мұршам жоқ. Екі жыл ішінде қаншалық айырмыс тұтанын бар аудан емес, бір сіздің өндірісіңіз ғана көрсетіп тұр той.
Арман салмақпен қостап, күле түседі.
—Жә, пәтерді енді әзірлесем бола ма? Жетті ме мезгіл, жоқ па, Алуаш?
—Пәтерді енді әзірлесең болады. Ойламады, тоспады, асықпады демеңіз?
Екеуі шын зор қуаныш, бақыт тапқан сүйгендерше осыдан ары үнсіз тұрып қалады. Сол кезде Нина мен Сексек оралып келеді. Нина Ивановна көңілді, Алуаны қолтықтап алған. Қыза, сүйсіне сөйлеп келеді.
—Мені обком жібергенде, осы ауданда сендер тапқан табысты көріп кел деп жіберген. Бізге жетіп жатқан хабарлар шын ба екен, түгел барлап біліп кел деген еді. Бірнеше күннен бері көрдім, таныдым. Бұл араға сөздің, баяншы түсіндіргіштің қажеті жоқ. Ақтал ауданындағы әйелдер арасындағы партия басшылығы өткізген екі жылдық тәрбиелік жаңалықтарды, жан-жақты мол істерді тек осы Ақтал ауданында ғана қалдыруға болмайды. Сол үшін сен осындағы екі жылдық еңбектің, тартыс - қиыншылықтың, табыс жақсылықтың бәрін де жазуың керек. Жаздың ба осыны?
—Жоқ, Нина Ивановна, әлі жазып қорытқаным жоқ. Жазсам, пайдалы, бағалы еңбек шығар ма еді?
—Неге шықпасын? Партиялық құрылыс үшін де және одан ары ғылым үшін де зор, мол қорытынды шығады. Кесек пайда туады.
—Ендеше, ұмыттыңыз ба, Нина Ивановна, мен диссертация жазғалы жүр едім ғой.
—Неге ұмытам? Бәсе, жазбақ болатынсың. Міне, сен сол диссертацияның бар негізін қалап болдың. Енді менімен Алматыға жүруің керек те, диссертацияның аяқталуын, түгел жазылып қорғалуын қатты мақсат етуің шарт. Обком маған сенің жөнінде, сенің қамында, бар істің ақырында, осылайша, өзгеше тапсырма міндет берген-ді. Бұл айрықша міндет болатын. Сен ертең менімен Алматыға жүресің.
Алуа қуанып тұрып Нинаға алғыс айтады. Жұрмекке бекінген, енді Арманға, оны қимай қарайды да:
—Пәтер асықпай қамдана берсін, Арман... Мен тағы да біразға сенен бөліне тұратын болдым ғой... Ал ренжіме, жаным.
—Амалым қанша... — деп, Арман Нинаның көзінше Алуаны сүйеді де, осы арада сәл қиналып, өкінгендей қала береді. Онымен ұзақ қол ұстасып, қоштасқан Алуа Нинаға еріп барып, машинаға мінеді.
Жарық айлы түнде, бақшаны жағалап, айқын созылып жатқан жол бойында, шапшаң машина жарқ етіп жөнеліп кетеді. Арман жалғыз, ұзақ, үнсіз қарап қалған. Алматыда келісті үлкен үйде, оқшау кабинет ішінде, үлкен стол жанында көп кітаптар, қалың қолжазбалар арасында бурыл басы иілген, көзілдірікті Мардан отыр. Мұның қасына Алуа келеді. Үлкен бөлмеде екі жақ қабырғада және есікке тақаған жақтарда столдар бар. Онда қазақтың оқымысты жас әйелдері, әр алуан жастағы әр түрлі киінген ғылым қызметкерлері отырады. Мардан столы төрде.
Алуа отан өз жайын баян етіп отыр.
—Мен өзімше диссертациямның бар керекті материалын жиып болдым деп есептеймін.
Мардан салқын, сынай қарап отыр.
—Жиғаныңыз бүгінгі өмір материалдары, солай ма?
—Әрине, совет өміріндегі әйел қауымындағы үлкен өзгеріс, табыстарын түгел қамту — менің ең үлкен мақсатым ғой.
Мардан енді шұғыл өзгеріңкіреп, көңілдене сөйлейді:
—О, Алуа, жарайды. Мұныңыз өте дұрыс. Онсыз әйел мәселесі жөнінде тарихтық ғылымның диссертациясы болуы да мүмкін емес. Бірақ бұл жай сіздің диссертацияңыздың қақ жарымы.
Алуа таңданыңқырап:
—Жарымы? Ал өзге жарымы не болады?
Мардан барынша қамқор, дос пішінмен сөйлейді, сырлас адамдай, ынталы кеңес беріп отырғандай көрінеді.
—Білесіз бе, тарих ғылымының талабы зор. Ол әрқашан кең ғылым. Әр тақырыпты өзінің тамырымен, түгел топырағымен кең қамтып алуды талап етеді. Болмаса, ертең қорғай бастағаныңызда, қай жердің болсын, ғылым кеңесі тек бүгінгі күн материалына сүйенген еңбекті анық ғылымдық және оның ішінде тарихтық еңбек деп түгел қабылдамауы мүмкін. Ондай диссертацияны ВААК әсіресе бекітпеуге болады. Тарих деген ғылымның өзінің "тарих" деген атынан-ақ көрініп тұр ғой. Әр мәселені ұшынан кесіп алып, кертіп алып зерттемейді, барлық арғы-бергі жайы - менен, тегі - тамырымен қоса тексер дейді.
Алуа ойлана отырып, амалсыз көнуге бейімделгендей.
—Сонда, мен не істеуім керек?
—Сонда сіз, революциядан бұрынғы және тіпті сонау хандық замандардан бастап, Тәуке тұсындағы қазақтың әдет-салтын зерттеп, Россияға қараған соңғы және мұсылманшылық, шариғат жолы әйел халіне араласқан кездегі көп жайларды зерттеп, шолып келуіңіз керек. Және әсіресе, мен өзге бір топ әйелдер атын атап берем, мысалы: Қараүлек, Құртқа, Баян сұлу, Қыз Жібек, Айман — Шолпан және Бопай сияқты халықтың ескілігінде, тарихында сақталып келген талай әйелдер жайын түгел танып, зерттеуіңіз шарт. Түсіндіңіз бе? Институт кеңесі сізге осы жөндерді зерттеуге тапсырады, — деген кезде, Алуа бұған жауап айтқанша, үй ішінде қарбалас басталады.
Есік жақта тұрған репродуктор сөйлеп кетеді. Ол ақырындау сөйлейді, бірақ хабар өзгеше, күтпеген суық хабардай. Жақын столда отырған қазақ жігіті репродукторға қарай тап береді. Оның артынан қарсы отырған әйел жүгіреді. Жақын столдағы екінші жігіт ұмтылады. Ақыры, көрші үйдегі еркек - әйелдер түгелімен репродукторға қадалған, Мардан, Алуа да солай қарасады. Үй ішіндегі әбігер, қарбалас бұларға да жеткен. Енді алдыңғы адамдардың үзік-үзік сөздері естіледі. Түстері суық, қабақтары түйілген, ауыздарында бір-ақ сөздер: "Соғыс!", "Соғыс!", "Соғыс!", "Фашистер соғыс жариялаған!", "Соғыс!", "Соғыс!" десіп Мардан да ұмтылады. Қабақ түйген, салқын ауыр күйде Алуа жай-жай қадам басып, репродукторға қарай жақындай береді. Еріндері ақырын ғана қозғалып, ауыр сұрақтай, қатаң сыбыр етеді: "Соғыс?", "Соғыс?.."
Алтыншы бөлім
"Қостөбе" вокзалының басы. Бірінші жолда әскери ұзын эшелон тұр. Вокзалда, эшелон жанында қайнаған жұрт. Әскерге бара жатқан азаматын ұзатып келген барлық аудан жұртшылығы. Аналар, әйелдер, балалар да мол көрінеді. Қарсы поезд келеді. Ол пассажир поезі. Соның орта тұстағы вагонынан Алуа түседі. Қолында жеңіл чемодан. Ол перронда эшелон бойында асығып жүріп келе жатыр. Әр вагонның алдында әскер азаматтар Алуаға қошемет етіп оралысады.
—Алуа, Алуаш, Алуа! — деседі. Алуа олармен қимай қоштасып келе жатады. Келе жатқан бір топ аудан қызметкерлері көрінеді. Бұлардың ортасында Бейсен.
Алуа бірер сөзде Бейсенге:
—Алматы... Алматыдан жеткенім осы болды. Немене, қанша жандар аттанып жатыр? — дейді.
Бейсен:
—Міне, көп жастар бар, көбін өзің білесің. Қызметкерлерден де бірталай азамат бар.
Топ енді ілгері жылжып келе жатып, бір вагоннан секіріп түскен Әсияны көреді. Ол әскери киім киген. Алуа құшақтап сүйеді. Әсия күлкілі сұлу жүзбен жалындап тұрғандай.
—Алуа тәте, мен өзім сұрандым. Еркіммен барам Отанды қорғауға.
—Солай байладың ба, жаным? Жолың болсын, бақыт тап, абырой тап, аман бол, айналайын, — деп, Алуа Әсияны көзінен сүйеді. Аяп қимағандай ұзақ құшақтап тұрады.
—Есінде болсын, мұндағы туған-туысқан, елің-жұртың — бәріміз сенің жақсылық хабарыңды күтеміз. Бұл ауданнан Отанды қорғауға бара жатқан бірінші қазақ қызы сенсің. Біз сенен үнемі хабардар боламыз. Сені көп сағынамыз, көп ойлаймыз, оны есіңнен шығарма. Бақыт тап, бауырым.
Алуа өзгеше күйде. Амалсыздық қинағандай Арман екеуі сәл оқшауланып, жәй басып барады. Сырласып сөйлескен жандардай. Сөздері баяу, ақырын жайлап айтылады. Айырылысудың соңғы сағатында айтылатын сөздер анық жан сыры. Жалғансыз шыны Арман сөйлейді:
—Әнеугі, сіз Алматыға кетер кеште айтысқан аз сөздер, бүгін қойныма салып, майданға алып бара жатқан ең соңғы қымбат асылым. Көптен күткен, іздеген, енді ғана кезіккен табысым тәрізді.
Алуа қысылып, ұялғандай сәл қолын көтереді. Осы жайды түгел айтқызғысы келмегендей. Бірақ өзі қимай, өзін - өзі де билей алмай, Арманға тұңғиық көзін қадап, жаңағы естігенін қайтадан тағы айтқызғысы келгендей болады. Бір уақыт күрмеле тұрып, өзі де сәл шешіледі.
—Иә, Арман, ол кеш... сондай еді. Бар сөздер есімде қалар. Ұмытылмас... Ұмытылмассыз...
Арман Алуаның қолын екі қолымен ұстай алып, жүрегіне басады.
—Алуаш, рас па? Қуанышым, бақытым боларсыз. 0, мен армансызбын деп аттанам. Солай деші, Алуа. Солай аттан деңізші.
Алуа сәл бойын жиыңқырап, әлі де Арманнан көз алмай тұрып, біраз үндемей барып, енді басқаша, ойлы бір жүз көрсетеді:
—Әнеугүні айтып ем ғой, өз ішімді өзімнің алғаш ашқаным, сөзбен болжап айтқаным, бірінші рет осы ғана деп едім. Есіңізде ме, сонда көптен мұз боп қалған бір тоң бар деп едім ғой.
—Есімде, Алуаш.
—Ендеше, сол кештен бері, сізді еске алған сайын сол мұз ерігендей, сіз мені сондағы айтқан тоңымнан ерітіп, жылытқандай боп едіңіз.
Арман шексіз мол қуанышқа толы. Алуа бір қолымен Арманның сұлу бетін сипап тұрып, соңғы сөзін сөйлеп тұр:
—Араға мына күй араласты. Айырылсақта, шаттықсақтап қаламын. Солай ма, Арман?
—Солай. Мен шексіз шаттық ала кетемін, Алуа.
—Сау бол, бақытты бол.
Осы кезде паровоз қышқырып, эшелон қозғалуға айналады. Арман мен Алуа вагонға қарай жүріп келе жатады. Алуа сөйлеп келеді:
—Бақытты бол, аман бол.
Арман мұны құшақтап, бетінен сүйеді.
—Бар сертім, бар тілегім сенімен. Шақ қуаныш болса да, осы соңғы сәтте ғана бақытымды тапсам да, сол азғантайдың өзі талай ұзақ айырылудан, талай таудай бейнеттен алып өтер қуатым болсын, қанатым болсын.
Сүйіседі де, вагонға мініп кетеді.
Аэродромда. Самолет тосқан екі-үш кісі. Ортада Алуа. Дағдылы пассажирлер самолетінен бөлек, арнаулы адамдар мінетін бір самолет келіп қонады. Одан шыққан адамдарға Алуа қарсы жүреді. Келген кісі — Сапар. Оның артында хатшы, сақшы серік есебінде тағы бірер кісі келеді. Сапар жақсы киінген, толық, көрнекті. Ірі жауапты қызметкер тәрізді. Алуамен екеуінің сөзі соғыс жайында. Сапар соңғы сводка қандай екенін сұрайды.
—Ленинград жайы қалай?
Алуа күйзелген пішінде:
—Бүгінгі хабар да жақсы емес. Қаланы қоршап қалған сияқты. Шойын жол қатынасы үзілген көрінеді.
—Міне, осыған байланысты майданды тылдың барынша сүйеуі қажет деп отырмыз. Отанның бар күшін мобилизациялық әзірлікте ұстау деген партия ұраны бар ғой. Сол талапты орындап ақтау үшін біздің республика басшылығына бір ой келді. Мына Шығыс Қазақстан, Семей облысы екеуінде болып қайтып келе жатыр ем. Жолай саған әдейі соғып тұрмын. Мен бір үлкен іске сендердің ауданың басшылық етсе деп ем. Райком соны өз қолына алып, аудан жұртшылығын осы бір үлкен бекініс қайратқа түгел жұмылдыра білсе деймін. Мұны және Ленинградты қорғаудың ұраны ретінде көтеру керек. "Отан үшін!" деген майдан ерлерінің ұранын еңбек ұраны етіп көтеру шарт. Осы жөнде, Ақтал райкомы, республикадағы ең алғашқы басшылық қимылды сендерге жүктегіміз келеді.
Алуа құптағандай бас изейді. "Ақтал" колхозының клубында колхозшылардың қалың жиыны, мол көпшілік әйел. Сахнада Алуа, Жанат, Бойченко Зина стол басына отырған. Осы жиылыс үнсіз ғана құлақ тігіп әдемі оркестрдің, ұлт оркестрінің үнді күйін тыңдайды. Әрі оркестрді, әрі аз кісілік хорды бастап Сексек ән төгіп тұр. Жамбылдың "Ленинградтық өренім" деген өлеңіне Сексек жазған бір қанғата тәрізді, әсем күй. Біресе күшті күй, біресе Сексектің өзі бастап, ағыл-тегіл жыр төгіліп кетеді.
Сексек жырлап тұр:
...Қаласына Лениннің
Жан-жағынан елімнің,
Ағытылған отарба
Батырларын жіберген.
Ауыл, қыстақ, шаһарда
Ел салмағы қорғасын,
Қорғағалы ордасын,
Құйып жатыр қалаға
Деп жауымыз сорласын!
Осы күймен жалғас Алуа сөйлеп тұр.
—Барлық ұлы Отанымыздың ыстық жалынмен сүйген ең қадірлі қаласы — Ленин шаһары қатерге түскенде, аянар жан, іркілер жұрт, кешігер күш болмауы керек. Біз Ақтал ауданының Отан сүйген қажырлы әйелдері атынан, бүгін жауға қарсы оқ есебінде, Қазақстан көлемінде ең бірінші рет колхозшы, жұмысшы, қызметкер әйелдер — майданға аттанған жауынгер ерлеріміздің аналары, жарлары, апа - қарындастары, қыздары боп, осы үлкен үндеуді қабыл аламыз. Өзімізге қояр шартымыз, Отанымызға берер сертіміз сол: өзіміз еңбек еткен колхозда, бригадаларда, совхоздарда, фермаларда, отарқашарларда, заводтардың цехтарында, "Қостөбе" станциясының бар сала жұмыстарында, барлық кеңселерде, оқу-мәдениет орындарында, өзіміз қызмет еткен майдандарда барлық Ақтал ауданының еңбек етуге қуаты бар әйелдері өзімізді майдан үшін, Отан қорғау үшін бәр-бәр күшін сарп ететін мобилизациялық халде дейміз.
Жаңағы аталған еңбек салаларының бәрінде қызмет етуші әйелдер. Өздерімізді стахановтық, ударниктік озат еңбекке осы сағаттан бастап берілдік, бекіндік деп санаймыз. Сол үшін бригадалар мен бригадалар арасында, аудан көлемінде колхоздар мен колхоздар арасында, совхоздардың фермалары, отарлары арасында, өндірістердің цехтары мен бригадалар арасында осы күннен бастап, "Отан үшін!" деген ұранмен социалистік жарыс шарттарын жасаймыз. Бұл байлауымызды бүкіл Қазақстан республикасының көлемінде мәлім етіп, кең таратып, Қазақстандағы бар облыстарда, бар аудандарда еліміздің отаншыл еңбекші әйелдерінің бәріне осындай жолмен еңбек етіп, қайрат етуге үндеу жариялаймыз. Алуа осы сөзді үлкен шарт хаттай оқып шыққанда, барлық жұрт түгел, жігерлене қол ұрады. Тұтас сілкінген халық ажарын көрсетеді. Тағы осындай жиын "Киров" колхозында. Онда да жиын алдында басқашарақ клубта Алуа отыр. Мұнда енді оның қасында Старикова Шура, Әлима бар. Әйелдердің орыс, қазақ, ұйғыр сияқты ажарлары бар қалың тобының алдында Алуа жаңағы сөздерді жариялап тұр. Оның даусы ақырындап өше береді. Соныменен жалғас күй дамып өрлей түседі. Сексектің өзі бастап, Жамбылдың манағы өлеңінің жалғасы еспелеп, дәуірлеп ағындап тұр.
...Қазақстан жерінен
Мұнай да ағып тасыған.
Сұр қорғасын темірмен
Сол тасқынға қосылған.
Қара көмір, қызыл мыс
Секілденіп жалын күш,
Барып жатыр осыдан.
Өткен колхоздағы сияқты, мұнда да жаңағы үндердің аяғына бар жерде қол қойып жатқан аналар, қыздар, жас әйелдердің шоғыр-шоғыр топтары көрінеді. Және де Алуа келесі колхозда, өзгеше клубта қалың жиын алдында. Қазір мұның қасында Зайцева Поля, Зурә, өткен көріністей тағы да Алуа айқын үнмен жоғарыла, Ақталда оқылған үндеуді оқып тұр. Тағы да күй дәуірлей, асқындай түседі. Тағы да Сексек үні басымдап, үдеп естіле береді. Және де сол өлең жалғасы еспелеп айтылып келеді.
...Сәт сағаты жеткенде,
Оған жарлық еткенде,
Жаудың тілі байланар,
Солар сөйлеп кеткенде.
Оққа ұқсаған дәндерім,
Қызыл шырай алмалар
Бал татытып дәмдерін,
Барып жатыр бәрі де,
Жүйрік пенен жорғалар,
Соның бәрі көмегім
Қанқұмарды жеңуге,
Желкесінен жегенін
Сығып ала беруге.
Және де өткендегі көріністей қалың әйел жиындары шоғыр-шоғыр болып, қолдар қойып жатыр. Сексек оркестрі мен өлеңдерінің тұсында осы әрекеттер қалың топ әскер қимылындай ретті, қарбалассыз, қалетсіз. Барған сайын, жиыннан-жиын сайын, ширай түскен, өзгеше тәртібі үдей берген қалыптар көрінеді. Әйелдердің бәрінің жүздерінде қадірлі қала Ленинградтың қиналған шағын аса жақсы ұғынған, сол үшін бойларына қажыр жиған, бекінген ажар байқалады. Әлі де оркестр ойнап, Жамбыл өлеңдері төгіліп тұр. Сол қалып үзілместен жылдам-жылдам ауысқан, жаңағыға ұқсаған тың көріністер туады. Көрушіге белгілі сиыр фермасының сауыншылары арасында, ашық аспан астында үлкен жиын жүріп жатыр. Алуа сондағыдай ортада. Енді жаңағы үндеуді оқып тұрған Айбала, мұның қасында Захарова Наташа. Тағы да қалың селдей ағыла толқыған Жамбыл жыры, оркестрдің әсем күйі. Осындай жиын және жылдам ауысып, үлкен өндіріс цехында, агрегаттар арасында өтіп жатыр. Мұнда көпшілігі орыс әйелдері. Араларында қазақ әйелдері де көп. Ортада Алуа. Үндеуді оқып тұрған Попова. Оның қасында жиылыс басшылығында Алуамен қатар тұрған Бану. Тағы да оркестр, тағы да ән, өлең атылады. Және де тез ауысқан халде мол коллектив жиылған үлкен зал. Бұл аудан орталығының жиыны. Мұнда барлық әйелдер активі. Басқарып отырған және де Алуа, Сәруәр, Шанда, Сәуле, Халатова. Үндеуді оқып тұрған сол Халатова. Ол жақсы дауыспен серттей қадап, нақтылап айтып тұр. Және де алдыңғы суреттердей оркестр мен Жамбыл өлеңі төгіледі. Сексекке қосылып орыстың көп жас әйелдері бірге жырласады. Қалың жиын, зал жырлайды. Сексек бастап тұр. Сөздер:
Уә, қаһарман өренім,
Мақтанышым, беделім,
Сырда тұрып аңғарам,
Құтырған жау өлерін.
Жауға жұртты шақырған
Сайыпқыран Жданым,
Мектеп, завод, шахтыдан
Жинаған ұл-қыздарым.
Ворошилов қол бастап,
Нажағайдай ойқастап,
Қаймықпауға, қайтпауға
Кәрі-жасқа ой тастап,
Жасандырған жасағым,
Жетсін деймін сендерге
Жыл құсындай өлеңім,
Қаласында Лениннің
Сайыпқыран өренім.
Және де үдеп, ширай түскен реттілік әйелдер жүзінен, бойлары мен қимылдарынан айқындай береді. Оркестр ойнап, жыр төгіліп тұр. Жұрт үндеуге реттілікпен келіп, үйір-үйір оралып, көп столдар айналасында тегіс қолдар қойып жатыр. Ендігі бірнеше тез ауысып отыратын көріністер, бәрі де өткен бөлімдерде болған жиылыстардың іс жүзіндегі үлкен нәтижелі, жалынды қорытындысы есепті. Тез ауысып, кезектеп көрініп отырады. Қант заводының қалың жұмыскері қатар тұрып, конвейермен өткізіп жатқан істері қайнайды. Бір жағынан қант қызылшасы әкелініп төгіліп жатса, заводтың екінші жағынан даяр аппақ қант кесек-кесегімен де, рафинад түрінде де, құмшекер қалпында да іркусіз тасқындай, мол-мол шығып жатыр. Мұнда, ірі жұмыс үстінде Халатова, Сәуле, Шанда көрінеді. Барлық өндірістің ұзақ машиналарының үстінде ұзын созылған ұрандар. Онда: "Баршасы майдан үшін!", "Отан үшін!" деген жалынды сөздер жазылған. Жылдам ауысқан сурет электр станциясының үлкен агрегаттар цехын көрсетеді. Мұнда Попова, Бану сияқты әйелдердің қайнаған еңбектері танылады. Бұл жерде де ұранда "Отан үшін!" деген сөздер жазылған. Осылайша, сиыр фермасында тасқын өзендей ағыла төгілген сүт, шайқалған май, бас-бас әдемі оралған сырлар ағылып жатады. Қайнаған еңбек. Мұның ортасында, "Отан үшін!" деген жалау астында еңбек етіп жатқан Захарова Наташа, Айбала. Колхозда мол бидайлар тасқыны өзендей ағып, үн болып даяр мешоктар толып, конвейермен кетіп жатады. Мұнда да сол ұран астында еңбек еткен Зайцева Поля, Зурә көрінеді. Енді бір кезек ұшы-қиыры жоқ өлкені егіс даласына айналдырған тракторлар, топ тракторлар келеді. Маңдайларында және де жазу, ұран, сол ұран. Бүл тракторларда Старикова Шура, Әлима еңбек етіп келеді. Тағы бір кезек, колхоздың жайнаған егіс даласында, қызылшаның өсімін баққан, бар күшті соған төккен, ұшан - теңіз далаға шұбатыла, шұбарлана жайылып, ұзаққа кетіп жатқан еңбек үстіндегі әйелдер. Бұлар арасында дамылсыз әрекет үстінде қайрат атқан атақты стахановшы, қызылша маманы әйелдер: Бойченко Зина, Жанат келеді. Осы далалардың әр жерлерінде ұран жазылған тулар, егіс озаттарының табыстарын, суреттерін салған жанды газеттер, құрмет тақталары кезектеп кездеседі. Жанат, Бойченко фамилиясынан басталған тізімдер өте мол-мол көрінеді. Жеңген еңбек мыңдар қимылымен қарыштап бара жатқан тәрізді. Жаңағыдай әр еңбек майданында қалың қимыл, тынымсыз әрекет үстінде алысқан әйелдер топтары біресе көктемде, біресе күзде, тағы көктем, тағы күзде және жазда әлденеше рет, нешелер суреттермен кезектеп ауысып отырады. Бұл уақыттарда бізге таныс әр колхоз, совхоз, өндірістерде істейтін әйелдердің өздері де, киімдері де кезектеп өзгереді. Жүздері тотыға түскен, беттері ашаңдау. Бірақ барған сайын сол жүздерде қайрат, жігер үдей түскен. Отаншыл азамат санасы әрбір еңбек ерінің жүзінен шапақ атқандай. Алуаның өзі де дәл осындай сан өзгерістер кешеді. Ол да мезгіл өткен сайын тотығып, бет-жүзі ашаңдап жүдей түскен. Бірақ соған орай шымырай, ширай берген. Бірде ол ат үстінде шауып келеді, бірде арбада. Кейде жаяу асығып, бригадалардағы топтарға айнымас, шұғылалы күлкілі жүзімен араласып кетеді. Арада маусымдар, қыс пен жаздар, жылдар да өткені білінеді. Осы кадрлар ауысып, енді бір күзге, үлкен жеміс табыс алған маусым аяғына айналады. Үстеріне жаңағы ұран мен туларын орнатқан машиналар, ұзақ салқар обоздар қызылшаны көп өзендердей ағызып әкетіп жатыр. Таудай қызыл қырмандардан бидай қапшықтарын және де сондағы өзендердей ағызып әкетіп жатыр. Аса тамаша көркі бар ақ меруерттей күріштер тау-тау болып қаптарта түсіп жатыр. Жаңағыдай "Отан үшін!" деген ұранмен ұзақ-ұзақ машиналардың, арбалардың салқар-салқар топтарына артылып, тиеліп кетіп жатыр. Барлық обоздардың алдарында: Жанат, Бойченко, Зайцева, Зурә, Старикова, Әлима сияқты әйелдер. Олар әдемі киінген, жігерлі, шапшаң қимыл атқан күйде. Туларының түбінде отырып, өздерінің машиналы, арбалы обоздарын бастап, тартып бара-бара жатысады. Қостөбе вокзалынан кетіп жатқан эшелондар. Әсіресе жаңағы колхоз далаларынан өздерінің барлық өсім - өнімдерін әкеліп, жөнелтіп тұрған қуанышты әйелдер. Шеттерінен қайрат, жігер, жалқын атқан күлкілі жүздер... Алуаны қоршай тұрған бір үлкен топ коллективтік ғажайып скульптура тәрізді. Балғын, басым, озғын әйелдер тобы. Кетіп бара жатқан эшелонға қолдарын сермеп, орамалдарын желпіп, күліп қарасып тұрған бақытты және жеңген топ. Осылардың тап ортасында, биіктеу орында өзгелерден бойы асыңқырап қол сермеп тұрған Алуа. Айналадағы мұны қоршаған орыс, қазақ озғын әйелдерінің әсем тобы, қазір бір сәтке әдемі бір апофеоз тәрізді танылады. Алматы вокзалынан ерекше бір ұзақ эшелон жөнелгелі жатыр. Мұны ұзатушы басшы азаматтар, үкімет адамдары тұр. Осында Сапар бір бөлек келеді. Нина жетеді. Эшелонның көп вагондары толған неше алуан азық, жеміс, сәлемдеме, етік -киімдер, әсіресе бал, шай, құрыш, тірелген ұндар, кептірген еттер және ерекше көз тартар көрінісі бар Алматының алмалары. Эшелонның алдыңғы, орта тұстағы және соңғы вагондардың бойларына ұрандар жазылған: "Барлығы фронт үшін!", "Барлығы Отан қорғау үшін!", "Туған Қазақстаннан сәлем!" — деген жазулар. Эшелон алдында жақсы пассажир вагоны. Бірталай жұрт, басшы адамдар тобы сол вагонға жақындайды. Вагон ішінен осы эшелонды майданға, сыйға республика атынан апара жатқан ерлер, әйелдер шығады. Бұлардың ішінде қызметкерлер, әр жасты жұмысшылар, колхозшылар да бар. Осы сый эшелонды майданға апара жатқан топтың басшысы — Алуа. Алдыңғы шыққандар жерде тұрып, Алуаның вагоннан көрінуін күтеді. Осы кезде Алуа шығысымен, Сапар, Нина өзгеше қуанып, оны құттықтай жөнеледі. Алуа түсінбейді.
—О, не болған, жолдастар, айтсаңдаршы?
Сапар барлық айналадағы жұрт пен Алуаға үлкен баппенен қуаныш жайды баян етеді.
—Тамаша, Алуа, Ақтал ауданы Одақтық Қызыл ту бәйгесін алды.
Алуа жарқырап күліп, қуана жөнеледі. Сапар қолын көтеріп, оны тоқтата түсіп:
—Сабыр ет, аудан басшылары, сендерге алғыс телеграмма келді. Тағы сабыр ет, Ақтал ауданынан жиырма кісі Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Соның он бесі әйел, соның ішінде біріншісі Алуа Сатаева, — дегенде, Нина, Сапар екеуін Алуа бірдей құшақтайды. Қуана сүйіседі. Айналадағы жұрттың бәрі де мәз, ду-ду шаттықта.
Нина күле тұрып, Алуаны құшақтай қысып тұрып, сөйлейді:
—Міне, майданға барғанда сен осындай жеңіспен барасың. Ақтал ауданының әйелдері, қандай ғажап азамат боп шықтыңдар. Майдан ерлеріне бар герой әйелдер жайын бас-басына түгелдеп, толық білдір.
Осы уақытта қоңырау қағылып, паровоз шыңғырып, поезд қозғалуға айналады. Алуа жерге түсіп, Сапармен, Нинамен, Сексекпенен соңғы рет қоштасады. Сапар қолынан бірнеше пакет-папкалар алады. Қазір Алуа майданға лайық жарымы еркекше киім киген. Ақыры, шығарып салушылар тегіс жақсы шыраймен соңғы қош-қоштар айтысады да, поезд майданға қарай тартып кетеді. Тоғайы қалың, көгі мол Россияның бай өлкесінің біріне, шеткі станция басына жаңағы эшелон кеп тоқтаған. Бұл жерге осы эшелонды қарсы алуға атақты "Н" дивизиясынан бір топ әскери адамдар келген. Лейтенанттар, майорлар, бұларды бастап келген дивизияның политкомиссары Бейсен. Ол Алуаға келе бере құшақтасып көріседі. Сый әкелуші, сый қабылдаушы топтар бауырлас туыстардай қуанысып, мәз болысып қалысады. Толып жатқан машиналарға сансыз мол сыйлар аударылып салынып жатады. Енді грузовой, легковой машиналармен жолдан, станциядан бөліне шығып, батысқа қарай далаға, тоғайға, алыс тоғайларға беттеп тартып бара жатқан жолаушылар, оларды қарсы алған Бейсендер. Осы қалың топ дивизия штабы орнаған жерде. Дивизия командирі көп орденді, ұзын бойлы, кесек келбетті генерал, өзінің бар штабыменен Алуа тобын қарсы алған. Алуа ашық, айқын жүзбен генералға қарап, оның қасындағы топқа қарап, сәлем рапорт сияқты аз сөз айтады.
—Жолдас генерал, сіздің дивизия ерлерінің әрекетін Қазақстан жұртшылығы түгел біледі. Зор мақтан етеді. Мақтан етіп қана қоймайды, айлар бойы, күндер бойы мұндағы сіздердей ер ұлдарын, ер азаматын, аға-бауырларын, дос-туыстарын үнемі ойлаудан, сатынудан айықпайтын әкелер мен шешелеріңіз, жарларыңыз бен дос-жарандарыңыз, туған халқыңыз сіздерді сүйген, сағынған сәлемін әкелдік. Және сіздерді сағынған туған өлкеңіз Қазақстанның сәлем-сауқат сыйы есебінде, сіздерге жіберген әр алуан дәмін әкелдік. Қабыл алыңыздар.
Генерал құрметпен Алуаның қолын алады. Күлкі, әзіл, қуанышты шырайлар. Енді бір кезекте, сол келген сыйлар дивизия столовойында, полктер орталығында, батальондарда, взводтарда, содан әрі землянкаларда, окопта отырған қазақ, орыс, ойғыр солдат, офицерлеріне түгел тарап жатқаны көрінеді. Полктерде, батальонда, кейбір землянкаларда Алуа топтары командирлермен, солдаттармен өте жақсы амандасып, аралап өтіп жүреді. Бұл топтың қасында генерал және Бейсен. Бір шақ генерал мен Бейсен екеуінен Алуа Әсияның жайын сұрайды. Генерал баян етеді:
—Әсия Жабаева біздің дивизияның ерлерінің ішіндегі ері боп шығып еді. Ол сондай қуандырды, мақтандырды да, сондай уайым еткізіп қайғыға да салып кетті бізді.
Алуа үркіп сөйлейді:
—Не дейсіздер, ол қаза боп па еді? Мен оны көремін деп келіп едім. Осы полк, осы батальонға әдейі келген шағымда, оны көрем, көрісем деп келе жатыр ем-ау.
Генерал сәл таңырқап:
—Сіз оны естіген жоқ па едіңіз? — Бейсенге қарайды.
—Мен әдейі мезгілімен білер деп айтпап ем. Әсия Жабаева Алуа жолдастың қолынан өсіргендей, туған сіңлісіндей өз қолынан майданға аттандырған бауыры еді.
Алуа жылап барып жасын тыяды. Генерал баян етіп тұр:
—Ол пулемет атқыш болып, жауға осыдан он күн бұрын, дәл осы батальонның қазіргі бекінген орнын алу үшін біз соққы жасағанда, сондай өжет қайрат атып еді, бір өзі елу шамалы немісті қырған еді. Кейін шабуылды өзі бастап: "Казахстанцы, за мной!" деп ұран тастап, немістің үлкен бекініс орнын біздің тартып алуымызға себепші болды. Оның батальоны шабуыл жасаған түс немістің мол күші қалың жиылған жер екен. Біз жаудан аса мол, аса қымбат ғажап трофейлер түсірдік. Қазіргі шақта, Әсияның аты біздің бар батальондарда, полктерде, барша дивизияда соншалық қадірлі, оның үстіне, біз бүгін ғана Жоғарғы командованиеден мәлімет алдық. Әсия Жабаева "Совет геройы" атағына ұсынылыпты.
Осы адамдар және өзге бұларға ерген жұртшылық бір топ совет ерлерінің қойылған жерлерінде. Сонда Әсия қабірінің алдына келіп, тізе бүккен қайғылы жүзді Алуа көрінеді.
Осы кеште Алуа Бейсен екеуі оңаша әңгімеде. Алуа сырласқандай жай сұрайды:
—Бейсен, мен білем. Бүгінгі Әсияның жайындай тағы бір ауыр жайды маған айтуға қимай отырған тәріздісің. Маған сұратпай айтсаң етті. Кімнің жайын сөйлеп отырғанымды түсінесің ғой, — деп, уайымды жүзбен Бейсеннен жауап күткендей, қадала қарап қалады.
Бейсен аса күңгірт жүзбен, сәл ақырын ғана ерні қыбырлап:
—Түсінемін. Сұрағаның Арман ғой.
—Бар ма, тірі ме?
Бейсен үнсіз. Алуа өксіп-өксіп жылап жібереді. Бейсен сөйлеп отыр:
—Сен келгелі күн бойы "осыны қашан сұрайды" деп едім. Не дерімді ойласам да таппап ем, Алуаш, сенің ғана жан күйерің емес, менің де осы майдан қатты табыстырған, сондай асыл досым еді Арман.
Алуа жылап отыр:
—Қашан, қашан? Ол қаза болған ғой, қайда? Қашан қаза болды?
Бейсен:
—Үш-ақ күн ғана болды. Үлкен шабуыл үстінде қатты қақтығыс, қалың соғыс кезінде қайтпай қалды. Белгісі жоқ болғанның ішінде, сол қырғында қаза болды деп отырмыз.
Алуа екеуі де қатты уайыммен үнсіз салбырап қалады. Осы кезде генерал жылдам басып, ажарлы, көтеріңкі жүзбен келеді.
—Жолдастар, білдіңдер ме, көрші дивизиядан, генерал Матвеев штабынан, мен, міне, аса қымбат хабар алдым. Жаңа ғана связной әкеп тұр. Үш күн бұрын біз жоғалтқан, менің аса қымбатты командирімнің бірі Баисов Арман бар екен.
Алуа аптыға қуанып, ұмтыла тұрады. Бейсен де соншалық шаттана дауыстай, күле жайнап атқып тұрған.
—Шын ба, жолдас генерал? Білдіңіз бе, сіз біздің қонағымыз Сатаева жолдасқа қандай қуаныш әкелгеніңізді білдіңіз бе?
Генерал сұрақ белгісін айқын танытқан жүзбен Алуаға жалт бұрылады. Алуа сәл өзін іркіп, ұстана тұрып қуанышын жасыра алмайды.
—Рас, жолдас генерал, жасыра алмаймын, сіз қуаныш қана әкелген жоқсыз, бақыт әкелдіңіз.
Генерал іркіле беріп:
—О, жақсы екен, бірақ... бірақ, — дей береді.
Бейсен:
—Баисов Арман — біздің Алуаның осы соғыс майдан кезінде атасқан, серт байласқан күйеуі.
Генерал шұғыл өзгереді.
—О, ол сондай жақсы екен, жолдас Сатаева, бірақ білесіз бе, мен сіздің үмітіңізді алдай алмаймын. Мен оның бар екенін біліп қуанып тұрмын, бірақ ол жаралы. Айтуына қарағанда, ауыр жаралы. Матвеев дивизиясының санитарлары бүгін тауып алып келіп, Баисовтың сұрауы бойынша, маған хабар жіберіпті.
Алуа тағы шошып, қайта жылап жібереді.
Алуа полевой госпитальда. Қатты жаралы, өнебойы, басы - беті де шымқап таңылған, әлі де сыртына қаны шып-шып шығып жатқан, өлім халіндегі Арманды Алуа аймалап, жабыса құшады. Қиналып өксіп шерленеді. Ауыр налада. Анда-санда толқын, қайғы арасында, Арманға өзінен - өзі сыбыр шер ашқандай болады.
—Неліктен, япыр-ай, не үшін?.. Мұндай да жаза бола ма? Мұншалық қатал ауыр дерт бола ма?
Қыбырсыз, үнсіз, өлі жандай тым-тырыс жатқан Арман сәл ғана ернін қыбырлатады. Өте әлсіз сыбырын аңдай алмаған Алуа, жүзіне жүзін тақап, төне түседі. Арман тағы үнсіз, енді зорға дегенде кірпіктері қозғалып, баяу ғана көзі ашыла береді. Қап-қара нұрлы, ойлы, бірақ ауыр қасірет шеккен көздері Алуаның жүзін бір танып, бір жоғалтқандай. Жасаулы кең бөлмеде, оңашада үлкен қызмет столының жанында көп кітаптарға, қалың қолжазбаларға үңілген, қолдарында қарындаш-қаламы бар Нина мен Алуа көптен еңбек еткен, сол ұзақ еңбек үстінде біраз талған, қажыған пішінде. Нина Ивановна салқын ажармен Алуаны кінәлай сөйлеп отыр. Қолында Алуаның үлкен қолжазбасы.
—Мен оппонент боламын. Сен диссертация қорғауға көп әзірлік жасағансың. Бірақ мұнда толып жатқан керексіз, артық дүниені теріс бағыттан шарлағансың. Мысалы, мұнда әлдеқандай Алтын Орданың, хандар сарайының жоқшысы, заршысы Қараүлекті неғыласың? Әмеңгерлік, жесірлік салтының соншалық тұтқыны, күңі болған Қыз Жібектен не іздейсің? Және, әсіресе орыс халқы мен қазақ халқының жауы болған Кенесарының қарындасы Бопайды несіне осынша көтеріп дәріптейсің? Қазақ әйелінің халіне арналған ғылымдық еңбектің бір мақсаты осында болғаны ма? Мен сенен сұраймын, осы ма?
Алуа ойланып, қысылып жауап береді:
—Осы бөлімдерді қоспаса, толық ғылымдық зерттеу болмайды, тарихтық, ғылымдық қабілет болмайды десті ғой.
Нина шапшаң, ызалана сұрайды:
—Кім солай деді?
—Менің екінші оппонентім. Анау профессор Есенов Мардан солай деген жоқ па.
—Ол өзі адасады, өзімен бірге сені де адастырған. Ал, болмаса, өзің аңғарарсың, ойларсың, сен саясат жолында піскен адам деп ойлаймын. Мұның артында өзгеше залалды улар жатқан болмасын. Ойласаңшы, сенің өзіңнің ғана өмірің, тартысың, тағдырың біздегі әйел халінің соншалық зор тарихы емес пе? Жалғыз сен көргеннің бір өзі қандай ғылымдық еңбекке тақырып болмас еді?
Алуа ойланып отыр, бірақ әлі байлаған жоқ.
—Сүйтіп, бұрынғыға арналған бөлімдерді түгел тастаймын ба?
Нина ашуланып сөйлейді:
—Қимай отырсың ба? Осыны өзің андамағаның үшін, енді мен ұрсамын саған. Кінәлаймын мен сені. Және есінде болсын, мен оппонент болғанда, осы жөнде қаталығың болса, аямай соғамын, айтпадың деме.
Екеуі үндеспей, ұзақ қарасып барып айрылысады.
Жемісі жайқалған бақшалары мол, асқар биік қарлы заңғарлары ала бұлт арасында мұнарланған ғажайып өлке күншуақ шақта. Асфальтті кең, түзу көшеде оқшау, әдемі особняктің есігі ашылады. Есік алдында үлкен, сәнді жаңа машина тұр. Соған қарай жаңағы үйден шыққан, жақсы киінген екеу қозғалады, жүріп келеді. Күліп, көңілді сөйлесіп шыққан бұл екеу - Алуа мен Арман. Арман сәл сылтып басады. Екеуі де жазғы, өте ұнасымды, жақсы киімдер киіскен. Машина бұларды алып жөнеледі. Енді бір кезек, үш қабат үлкен үйдің парадтық есігіне әкеледі. Бұл үйге көп жандар шұбыра кірісіп жатыр. Осы үйдің ішіндегі үлкен келісті зал, әсем жиналған сахна, сонда отырған еркек -әйелдер аралас, әр жасты ғылымдық кеңес мүшелері. Зал толы қазақтың, орыстың аса мол жиылған, өзгеше бір мәжілісі. Залдың орта тұсында отырған Сексек те көрінеді. Ғылым кеңесіне сәл оқшауырақ жерде, жеке стол басында сөйлеушіні тыңдай түсіп, қағаз жазып Алуа отыр. Қазір қатал үнмен прокурор тәріздене сөйлеп тұрған Алуаның айыптаушысы есепті профессор Мардан Есенов:
—...Тағы қайталап айтамын, құрметті ғылым кеңес мүшелері, диссертант Сатаева Алуа көп еңбек етіп, анық тарихтық ғылымға қажет болған деректерді жинап алса да, білгенін пайдалана алмаған. Соның орнына бар еңбегін азға, саязға сайған. Ғылымдық зерттеу емес, женотдел үгітшілеріне блокнот есебінде жүрерлік брошюра қатарынан аспайтын, немесе журналдық мақаланың бойынан аспаған, арзан шындықтарды тізген. Осы себепті мен Сатаеваның еңбегін ғылымдық бағасы бар еңбек деп тани алмаймын. Сондықтан, құрметті ғылым кеңесінің мүшелері, совет оқымыстысының ары маған бұйыруы бойынша, мен бұл еңбекті диссертантқа кандидаттық ғылым дәрежесін беруге жетерлік еңбек деп санамаймын. Бұл еңбек үшін Сатаеваға тарихтық ғылым кандидаты атағын беру мүмкін емес деп қорытамын.
Алуа міз бақпай қарап отыр. Оның жүзінде сескенген, жасыған күй жоқ. Қайта, жігерлене, қайрат жия түскен, қайсар ажары бар. Мардан сөзінің соңғы тұсында, залда және ғылым кеңесінің мүшелері арасында әр алуан қозғалыс, толқу, түйілген қабақ, түршіккен түстер көрінген. Біреуге біреудің айтқан қатты, шапшаң сыбырлары, таң болған сөздері, қүңкіл -сыбыр, әр түрлі жыбыр түрінде бүкіл үлкен зал бойында айқын аңғарылып тұр. Жұрт аузындағы сөздер:
—Қандай қатты байлау.
—Не деген аяусыз соққы.
—Бүйтетін болғанда, оппонент боп несі бар?
—Мынау тегін емес қой, мұның артында бір үлкен зілдер жатқан жоқ па өзі?
—Неғылған қастан мінез сияқты нәрсе? — дескен әр жасты ерлер, әйелдер сөздері естіледі. Залдың дабыры, наразылық сыны, кейде ызалана түршіккен үндері, түрлері байқалып тұрады. Жұрт ұзақ уақыт тыныштық ала алмай, дабырлап, қобалжып кетеді.
Ғылым кеңесінің бастығы ұзын бойлы, кесек жүзді қазақ жігіті қоңырау қағып, залды зорға тыныштыққа қайырады. Арман да жаңағы күйлердің бәрінің тұсында Алуаға үнемі қайрат бергендей, ажарлы жүзбен қысылмай, қымсынбай қарап отырған. Ешкімге бір ауыз сөз қатпай, әлі де Алуа жүзіне қадалып отыр. Қазір Алуа трибунала сөйлеп тұр. Зал жым-жырт тынып қалған. Бірақ жаңағы неше алуан наразы болған, түршіккен, ызаланған адамдардың бәрі де, Алуаның ендігі сөздері күшейіп, басымдап, Марданды сынап, соққыға ала бастаған кездерде, Алуаға қарай жылысып, тілеулестік пен достыққа анық ауысып бара жатады. Алуа барған сайын өктеп, үдеп сөйлеп тұр.
—Жолдастар, профессор Есеновтың менің еңбегімді айыптаған сөздеріне қарсы айтатын дәлелдерімді қорыта келіп, құрметті ғылым кеңесінің мынау жайға айрықша назар аударуын мақсат етемін. Профессор Есенов мені Қараүлек, Бопайлар жайын жазбадың деп кінәлайды. Менің диссертациямның жөні ең алғаш 1939 жылы, одан кейін 1941 жылы сөз болып жүрген шағында, әр кезде жаңағы әйелдерді профессор Есенов маған үнемі көлденең ұсынатын еді. Мен, осы кісінің айтуы бойынша, ол әйелдер жайын, заманын аса көп уақыт бөліп, зерттеп шықтым. Зерттеп шықтым да, мынау диссертацияма кіргізгем жоқ, әдейі кіргізгем жоқ. Себебі, біздегі әйел жайын зерттеген еңбектің ең зор, ең қасиетті тақырыбы да, мақсаты осы кітап ішінде мен жазып шыққан бір-ақ жайға арналса жетеді. Ол — біздің Отандағы әйелдер арасындағы коммунистік қозғалыс тақырыбы. Ал Қараүлек, Бопайлар хан сарайының, біреуі — Ноғайлы ханының, біреуі — қазақтың жауы Кенесары хандығының жоқтаушысы, қостаушылары. Осылардың жайын маған "жаз" деп тықпалай берген себепті, мен қазір осы жиын үстінде өте айқын түсініп тұрмын. Сол түсінігімді, мына отырған жұртшылық — сіздер де түсінсін деп тұрмын. Профессор Есеновтың менің қолымменен бұрынғы Алтын Орда, Ноғайлы хандықтарының, кешегі қазақтың феодалдық, хандық сорақылық тұрмысын жаздырмақ мақсаты бар екен. Бұл ғылымдық проблема деп аталған бопты. Анығында, ол ғылымдық проблема емес, атын атап, бар сыры мен шынын ашып айтайын, жұртшылық, ол барып тұрған буржуазиялық, ұлтшылдық программа екен.
Залдағы жұрт Алуаға барынша достық, тілеулестік ажар көрсетіп, қыза қостап, сүйсінгендей болады. Ғылым кеңесінің бастығы залды тәртіпке шақырады. Енді Алуа өте қайратты, ажарлы жүзбен жалындап тұрған қалпын сәл баяулатып, іркіп, ой мен жігерін енді басқаша сөйлеп, таныта бастайды.
—Профессор Есенов маған дау айтып тұрған жоқ, зор қарсылық қайрат атып тұр. Бір жайды еске алайын, 1926 жылы мені екі әйел үстіне зорлықпен тоқал етіп аламын деген бай болған еді. Сол бай 1931 жылы, коллективизация тұсында маған оқ атқан еді. Сол байдың бірге туған інісі, профессор Мардан, сіз едіңіз, — деп, Марданға қарап тұрып сөйлейді. — Сіз сол ағаңыздың конфискациясы тұсында жұртшылықты бір әрекетпен сендірген болдыңыз. Бірақ ол түлкі жүріс екен. Содан бері, 1931 жылы, мен Ақталда істеп жүргенімде, әрі ұры, әрі банды боп кеткен сіздің ағаңыз қашып ауданға келгенде, Алматыдан сіз де сол тұстан барып шығып едіңіз. Мен сіздің сондағы банды ағаңыздың атқан оғына ұшырап едім. Ол сонда мені жоймаққа оқ атқан еді. Сіз сол тұста неге барып, неге кеттіңіз? Мен ол шақта аңқаулықпен аңдамаппын. Бірақ мен бүгін, осы сағатта бар жайды, сіздің бар жайыңызды, өмір жолыңызды анық түсініп тұрмын. Мен сондағы ағаңыз атқан оқтан өлмей қалып едім. Бүгін сіз сол ағаңыздың қолынан түскен мылтықпен мені қайта атып тұрған жоқсыз ба? Атып тұрсыңыз және көп әзірленіп кеп, көп жасырынып, боялып, құбылып кеп атып тұрсыз.
Зал тағы да қызынып, Алуаға сүйсініп, мұны барынша қостап ду-ду етеді. Жиылыс бастығы залды зорға қайырып, тыныштап алады. Алуа енді еркін, кең, сәл күлімдеген жүзбен, салмақты үнмен соңғы сөздерін айтады:
—1926 жылы мен сол қорқау байлардан үрейім ұшып қашып, қызыл отауға келген ем. Сонда мені студентка, орыс қызы Нина жаудың оғына өз кеудесін төсеп, қорғап алып еді. Сол орыс қызы, партия, совет азаматы, партиялық, лениндік ғылымның батыл қайраткері, профессор Нина Ивановна Ершова бүгін де мені зор қаталықтан қорғап, профессор Есеновтың алдауы мен аздыруына ергізбей, аман алып қалды. Тағы да мың сан рақмет, орыстың жақсы адамы — Нина Ивановна! — деп сөзін бітіреді.
Зал дулап, шулай сөйлеп, қатты сүйсініп қол соғады. Ғылым кеңес мүшелерінің біраздары да шыдай алмай қол соға бастаған. Осы Алуа сөздерінің және залдағы жұрттың жоғарыда суреттелген мінез, әрекет, құбылыстарының қатарында төмендегі бір бөлек уақиғалар үнемі жарыса жүріп отырған. Көп ішінде Сексек мәз болып күліп, кейде дауыстап та сөйлеп, кейде Алуа үшін рақаттанып, масайып қалады.
—Е, е, бәсе! Бәсе! Тап солай. Дәл солай. Дәл-дәл солай. Бәсе, біздің Алуа қалай?! — деп жорғақтап қол соғып, тыным ала алмайды. Сонда мұның қасында отырған кішкентай бойлы әйелге Сексек мінездері ерсі көрінеді. Ол бір-екі рет тамсана қарайды да, енді шыдай алмай, Сексекті кекете сөйлейді:
—Е, мына бейбаққа не боп кетті? Ұшып кетер ме екен? Сексек мұның кекеткенін байқап қалады.
—Әй, сен не дейсің өзің? Қарашы тілін, қаршадай боп ап.
Сексек қасындағы көршісін кішкене қыз екен деп ойлайды. Анығында, ол бойы аласа ересек әйел. Енді Сексектің сөзіне әйел намыстанады.
—Қаршадай? Қарашы сөзін. Өзі таудай кісімсіп. Екеуі бір-бірін жаңа ғана аңғарысқандай бұрылысып, оқшырая қарасады. Сексек бұл келіншекті анықтап аңғарған сайын, қуана таңырқап, тамашалай береді. Енді мұның ұрыспақ ниеті жоқ, қайта оқыстан мәз болып, себепсіз күле береді.
—Не дедің, әй, айналайын, таудай деймісің?
—Е, таудай десе немене? Болмаса нардай жігіт дейін бе?
—Айт, айт, айналайын, тағы айтшы? Ой, астай... Келіншек енді бұған тандана бастайды. Тамсанып қояды.
—Қарағым-ау, есалаң ба? Немене ыржалақтайды өзі? Сексек болса, келіншекке барынша еңсесі кетіп, мәз бола қарап отыр.
—Ой, астай. Ой, тоба... Іздегенге сұраған...
—Сұраған болса сұраған. Қорқар деп пе ең сенен?
—Ө не дейсің, қалқам-ау? Келіншек әлі ұрысқан халде:
—Е, шошып кетер деп пе ең сенен, дәу неме, айбатыңнан қорқар деп пе ең?
Сексек үйіріліп, қуана күле береді.
—Е, қорықпа, ойбай, қорықпа. Айналайын, тек қана, бір ғана сөз айтшы, қалқатайым. Осы, күйеуің бар ма? Жоқ па?
—Жоқ болғанда қайтейін деп ең? Қорғаны жоқ деп жеп қоям ғой дейсің бе? Ал, күйеуім жоқ.
Сексек алақайлап қуанып, орнынан бір атқып тұрып, бір отырады. Бұл кезде Нина менен Алуа аса ыстық құшақ қосып сүйіседі. Екеуінің де көзінен жастар домалайды. Сексек өз қуанышымен мәз:
—Іздегенім дәл, дәл өзі... - дей береді.
Тарап жатқан жиын ішінде, үлкен зәулім ұй жанында Сексек пен жаңағы келіншек те кетіп барады. Сексектің бойы келіншектен әнтек биігірек. Сексек келіншекке сүйсіне қарай түсіп, жөнін айтып келеді.
—Бұл жайды жақсылап тыңда, жарқыным. Мен енді барымды айтам. Осы шаққа шейін, Жиренше шешен сияқты, өзіме лайықтыны іздеп келгем. Бойы лайықтыны айтам. Бойыма бойы теңді айтам.
Екеуінің қасынан бойлары ұзын паралар өтіп жатады. Сексек соңғы бір параға одырая, ұнатпай қарап қалады.
—Болмаса анадай, тырнадай әйелді мен неғылам.
Қасындағы келіншектің иығына, дене мүсініне мойын соза айнала қарап, масайрап сүйсінеді.
—Ой, астай... дәл өзі... Тап іздегенім, а-а-айналайын...
Енді келіншек те күліп, бұған жылы ұшырайды. Жымия күледі.
—Ендеше, менің атым Балжан. Балжан.
—Айналайын атыңнан... Аты қандай десеңші. Әрі бал, әрі жан... Сондай тәтті... Бүлдіршіндей. — Өз-өзінен мәзденіп: — Үріп ауызға салғандай...
Екеуі де мәз, қуаныса күле береді.
Көп кісілік сәнді самолет үлкен шаһар үстіне төніп тақап келген. Самолет ішінде тек әйелдер. Орта жасты, толық денелі орыс әйелі, соның қасында Алуа, қатарда, кейінгі реттерде отырғандар: түрікмен, өзбек, әзірбайжан, қырғыз, тәжік сияқты, советтік шығыс елдерінің әр жасты, жақсы киінген әйелдері. Тағы бір қатарларда: Сирия, Ливан әйелдері және қара Африканың негритянкалары аралас көрінеді. Самолеттегі әйелдердің барлығы төменге, шаһар көрінісіне қадала қарасқан. Барлық ауыздарда: "Пекин", "Пекин" деген сөздер. Самолет баяу айналып, шексіз мол қаланың үстін әдейі дөңгелей шолып, көрсете ұшқандай. Самолет қанатының астынан енді мол Пекин ашыла береді. Ұзақ, шексіз созылған қабырғалар. Неше алуан сәнді пагодалары аспандаған, қат-қабатталған, біреуі биігірек, бірі төменірек орналасқан ескі ғажайып ғимараттардың талайын жай барлап, кезіп өткен самолет аэродромға түседі.
Мұнда жаңа самолет әкелген қонақтарды қарсы алушы қытай әйелдері шығады. Қалың жиын үстінде дүние жүзіндегі талай халықтардың жалаулары, тулары. Соларда орыс, қытай, араб, индия, ағылшын, корей, Вьетнам, түрік тілдерінде жазылған ұрандар: "Жасасын азиялық әйелдердің бірінші конференциясы!" Қонақтар машинада. Машиналар сыртқы шаһарды, оның парктерін, усадьбаларын басып өтіп, Храм Небу (Тянь-Тянь) және мінәжат үйі Фаюансы сияқты ғажайып ғимараттарды көре отырып, отельге кеп тоқтайды. Енді бір кезек сансыз көп машиналар сан алуан үлгіде киінген неше түс, нелер типтес Азия әйелдерін қала сыртындағы салтанатты сарайға әкеледі.
Алуа мен оның жолдастарына қытай әйелі орысша баяндап тұр.
—Біздің қазір келген жеріміз патша қатын — Ци Сидің жазғы сарайы, — дейді.
Осы сарайдың салтанатты галереяларын, жеке-жеке алаңдарын аралап келе жатқан шақта, Алуаға өзінің жолдастары, совет әйелдерінің басшылары бір ерекше жайды тапсырып, сөйлесіп келеді.
Орта жасты орыс әйелі Алуаға ақылдаса сөйлеседі:
—Осы конференцияға келген мұсылман әйелдерінің бір тобы советтік шығыс елдерінің кейбір өкіл әйелдерімен сөйлесеміз дейді. Соған сен сөйлес, Алуа.
Өзге әйелдер де Алуаның баруын мақұлдайды. Бірақ жан-жақтан сол әйелдер достық ескертулер айтысып, тілектестік білдіріседі. Сенімді жүздермен, бейілмен ұзатып салысады.
Алуа осы сарайда музейлік ғажайып қымбат статуялар, Будданың әр алуан суреттері тұрған орында жай қозғалып, сөйлесіп келе жатқан бір топ әйелдер арасында. Қатарда қалып жатқан идол, статуя, изваяниелердің ішінде неше алуан адам шошырлық айдаһарлар, көп басты жыландар, ақсиған тіс, қорқыныш күш иелері, әлденеше сұм қадам жүздер, бейнелер көрінеді. Кейбіреулері қоладан, кейбірі күмістен, темірден, ағаштан, сургучтен, тағы біреулері фарфордан, гипстен, балшықтан жасалған жаңағыдай неше алуан құдайлар, қараңғы, қаскөй, қатал күштер бейнелері үнемі созылып, ілесіп отырады. Бұл галерея көрсетіп тұрған пішіндердің, кескін - мүсіндердің бәрі де Алуамен сөйлесіп келе жатқан мұсылманшылықтың жоқшысы, қараңғы саналы кейбір діншіл әйелдердің шындық дүниесін аша түсіп, танытқандай. Әйелдердің Алуадан басқа, бәрінің киім -үлгілері әр бөлек. Мұнда Индия мұсылман әйелдерінің киімі, иран әйелінің, түрік әйелдерінің, сирия, ливан, ауған әйелдерінің киім үлгілері, бет -тұлғалары аңғарылады. Араларында кейбір европаша киінген, оқыған әйелдер де бар. Бурыл шашты қартаң иран әйелінен басқа, көбінше жас әйелдер байқалады. Орта жасты иран әйелі мен ақ шашты түрік әйелі Алуаға кезек қадалып, мұнымен таласып, кейде ызалы, кекесін түрде дауласып отыр.
—Сіздер, қазақ, өзбек, татар, түрікмен сияқты халықтар, бұрынғы тарихта Русия мұсылмандары аталатынсыздар. Бұл елдердің көбі ислам дініне кірмес бұрын, жабайы уахшилер еді. Исламият сол халықтардың әйелдер халіне не жаңалықтар кіргізгенін сіз білмейсіз.
—Әлбетте, білмейді. Үйткені бұл кісі өзі мұсылман емес.
Тағы да бір әйел өршелене сөйлейді:
—Себебі бұл кісі дінсіздерден.
—Өзіңіз дінсіз бола тұра және халықтарыңыз тарихына дін тарихының не қосқанын білмей тұра, сіз бізге сөйлеген сөздеріңізде ислам дінін жамандап тұрсыз. Сіз ең әуелі ислам дінін бастаушы Мұхаммед Мұстафа өзі айтқан жолды білесіз бе? Білмейсіз.
Алуа бұл әйелдердің ызаланған, томырылған жүздері мен сөздеріне күле қарап тұрған. Енді ол салмақты жауап қайтарады:
—Жоқ, білмейді емеспін, білермін.
—Айтыңызшы, білсеңіз. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар әйелге оқыма деген бе?
Алуа күліп, бас шұлғып тұрып сөйлейді:
—Жоқ, оқысын деген.
Анау әйелдер таңданыңқырап күліп, ентелей түседі. Сонда Алуа ете таза араб тілімен пайғамбардың хадисін айтады.
—"Әл гилми фаризатун ғәлә кулли мүслимина уә мүсли- мәтун".
Әйелдер таңғалып, алдыңғы шабуылдарынан сәл іркіле бастайды. Алуа бір қалыпты кең, күле сөйлеп тұр.
—Рас, осылайша пайғамбар: "Ғылым мұсылман ерлермен бірге мұсылман әйелдерге де фарыз" деген. Бірақ соны айта тұрып, мұсылман ғаламының барлығында әйел халқының масқара күңдікке, қорлыққа ұшырауына осы жолдың өзі себеп болған.
Әйелдер шуылдап, дабырлайды.
—Өзі емес, кейінгі жалған ғұламалар, қараңғы фанатиктер. Кейінгі замандарда бұзып өзгерткен әйел халін.
Тағы бір әйел мұны қостайды:
—Мысалы, сұлтандар, шахтар құрған храмдар пайғамбар әмірімен туып па еді? Чадра, чачуандар болсын деп айтып па еді? Әр хаулидә ичкәриләр болсын деп қашан пайғамбар айтып еді?
Алуа әлі де еркін, мысқыл жүзбен сөйлейді:
—Рас, оларды айтқан жоқ. Бірақ өзі өмірінде тоғыз мәртәбә үйленген Мұхаммед демейтін бе еді. Көздері тіріде, қатарынан төрт әйелмен никахта болып түру мүмкін деген кім еді? Тоғыз жаста қыз бәлиғаға толады деп Райшаға өзі қызыққандықтан, жас нәресте әйелді аздыру жолын ашқан кім еді? Дінбасы, ахлақ, адамшылық, әділет басы дейтін ұстаз өзі соны істесе, кейінгі шахтар, сұлтандар, әмірлер, халифтер харамдар жасамай, не жасаушы еді? Әйел жынысын азат ету жолында дұрыс ойлайтын болсаңыздар, ол дінмен байланысты болады деп білмеңіздер. Қай діннен болса да әйел халіне рақым күтпеңіз.
Әйелдер ішінен ақ шашты түрік әйелі қатал үнмен кесе сөйлейді:
—Біз әйел халі үшін, азаттығы үшін алысушымыз. Сонымен бірге және айтамыз, әлхамду лилләһи және мұсылманбыз.
Алуа енді қатаң сынап сөйлейді:
—Міне, сіздердің елдеріңіздегі әйел қозғалысының соры осы. Біз бір-бірімізбен аналар, апа-сіңлілер, құрбылас әйелдер есебінде кездесіп тұрмыз. Әрқайсымыздың артымызда сан миллион аналардың, жас әйелдердің тағдыры, тарихтық тілегі.
Анау әйел Алуаның сөзін ызаменен қағады.
—Сіз бізді діннен аздырамын деп үгіттемеңіз.
Алуа қатаң, шапшаң сөйлейді:
—Мен үгіттемеймін, бірақ мен сізге шындықты айтам. Әйелдер арасындағы буржуазиялық қозғалыс Турция, Иран әйелдері — сіздерден ғана басталған жоқ. Францияда, Америкада, Англияда феминистка, суффражисткалар қозғалысы ертеден-ақ басталған. Бірақ солардың бәрінде де бүгін, сіздердегі сияқты, буржуазиялық қоғамның дініне, заңына байланысты кертартпа сана басым болғанда, әйел халіне әлі күнге түк өзгеріс кірмей келген. Сондағы сордың ең үлкені — осы сіздер сияқты біреулер өзінің христиан дінін, біреулер буддизмді азаттық оймен аламыштап, бос қана әурешілікте келген. Сіздерге әйел халінің жоқшысы болғанша, тыныш қана инабатты мұсылманның иғдиқатты хаиымы ғана болып отыру жайлырақ деп білемін. Болмаса, ойлана білсеңіздер, қазіргі біздің заманда, XX ғасырда, әйел халінің шешуі бір ғана жолда, бір ғана негізде келетінін аңғарар едіңіздер.
"Үгіт", "үгіт" деп жаңағы екі-үш әйелдер ызалы намыспен жұлқына тұрысады. Бұрқ-сарқ етіп жұлына жөнелген сол екі-үш әйел байқалады. Бұлардың бірі — ақ шашты турчанка, екеуі — соған жасы тетелес иран, ауған әйелдері. Осымен қатар, жаңағы Алуа сөздері мен мінездеріне еріксіз ой бөліп, бұл сөйлеп тұрған уақытында амалсыз ден қоя, анықтап құптай бастаған әйелдер көбейеді де, әсіресе солардың жастар жағы Алуаны бұрынғыдан да қоршай түсіп, дос тұта бастаған ажар байқатады.Алуаның қасында қалған әр ұлттың әйелдері бұны қамап қоршай түсіп, жабыса сөйлеседі. Жан-жақтан тың сұрақтар беріседі.
—Азия әйелдерінің тартысын, сізше, енді қандай ұрандар астына тез ұйыстыруға болады?
—Иә, сіздің жаңағы айтқаныңыз рас, Азия әйелі тартыспен, үлкен әлеуметтік тарихтық тартысқа қатынасумен ғана есеге жетеді.
—Дін бұл жолда программа емес. Ол тек бөгет.
—Бәсе, біз сізбен дін таласы үшін кездеспек емеспіз. Жаңағы әйелдер адасады. Сіз бізге ендігі тың тартыстың, бар Азия әйелінің басын қосатын тартыстың бетін айтыңыз.
Алуа батыл, бекіп сөйлейді:
—Міне, бұларыңыз анық орыңды сұрақ. Бұл жолда менің айтарым — жалғыз-ақ дәл бүгінгі күндер үшін ұран. Ол бейбітшілік үшін ұран. Аналық, жар жолдастық, жас қыз талапкерлік — бәрі үшін жалғыз үлкен қауіп төніп келеді дүниеге. Ол тағы бұлт қоюлап келе жатқан дүние соғысы... Сіздер мен айтпай-ақ, өз тағдыр тәжірибелеріңізден білесіз, бәріңізде көріп, татып болдыңыздар. Бар жаманшылық пен сорды бұрынғысынан он есе жаманырақ, сорырақ ете түсетін соғыс. Азия әйелі әрі өзінің әйелдік, аналық, балалық бақытын қорғау үшін, әрі дүниелік ең ұлы, ең таза, биік, ақтық ұранға үн қосу үшін — тек қана бейбітшілік ұранын қостасын. Дұрыс па осы?
—Дұрыс.
—Анық айқын жол осы.
—Шынымен, бар Азия әйелін, дініне, тіліне, ұлтына қарамай, өздерін бір-біріне қосатын және бәрін апарып дүние жүзі әйелдерінің тартысына қосатын осы жол, - деп, жас, көрікті египет әйелі Алуаның қолын алады. Бірге тартысуға серт етіскендей болысады.
Зор зал толған неше алуан киінген аса көп әйелдер жиыны. Мұнда орыс, қытай, корея, бирма, Вьетнам, Индонезия, индия, иран, ауғанстан, аравия, сирия, ливан, қара жұрт әйелдері және де көп. Совет Одағының халықтарының әйелдері де мол. Осы соңғы топ арасында Алуа.
Индия әйелі сөйлеп тұр:
—Индияда әйел саны еркектен 13,5 миллион кем. Көп әйелдер өмірін жастай ерге беру құртады. Ерте ана болу ғана емес, кем-кетік болу да, қаза табу да содан туады.
Япон әйелі сөйлейді:
—Японияда осы күнге дейін күндікке әйел менен балалар сатылуда. Қазіргі күнде де құл сатушылар қолынан жаңағы күң мен құлдарды сатып алушы сан фабриканттар бар.
Бирма әйелі сөйлеп тұр:
—Бирмада әйел еңбегі еркек еңбегінен 45-50 процент кем төленеді. Қамсыздандыру мен қауіпсіздендіру заңдары әйелдерге арналмайды.
Алуа құлағына наушник киіп, шешендерді тыңдап отыр. Екі көзін сол әйелдерден алмай, толқына қарап, кейде қағазға жаза отырады. Сирия әйелі сөйлейді. Бұл — кеше Алуамен сөйлескен әйелдердің ішіндегі Алуаны түсіне бастаған жас әйел.
—Сирияда әйелді сатып алу, сату әлі күнге қаз-қалпында. Шариғат бойынша, дәл бүгінгі күнде де көп қатын алу бар.
Енді сөйлеп тұрған иран әйелі, бұл да Алуамен сөйлесуде оның сөзіне көбірек ден қойған әйел болатын.
—Мұсылман әйеліне азаттықтың ажалын әкелген шариғат әзір Иранда, Ауғанстанда өз қуатын толық сақтауда. Көп әйел алу, қызды сату заңдары сақталуда. Никах, талақ хақысының бәрі де тек қана еркек ықтиярына берілген.
Енді бір кезекте председатель әйел сөзді Совет Одағындағы шығыс елдер әйелі өкілі Сатаева Алуаға береді. Зал бұған үлкен ілтифат көрсетеді. Алуа сөйлеп тұр:
—Құрметті әйелдер, Азия халықтарының әйелдері, апалар, сіңлілер. Мен сіздерден сонша көп нәрсені естідім. Әрине, мұндағы айтылғаннан да ары сан сорақы күйлер түгел жетіп, түгел айтылмай да жатқан болар. Сондай сұмдық күйлердің біразын өзімнің бала шағымда, Ұлы Октябрь революциясынан бұрын, мен өзім де көргем. Менің анам, үлкен шешем, менің әкем, бабаларым сияқты, оқымаған еді. Ал мені, жасқа толмаған жетім қызды, бай үшінші әйел етіп зорлап алмақ болған-ды. Мен содан қашып, безіп едім. Сол қашу сапарымда совет заңынан пана таптым. Мен тек қана азаттық алғаным жоқ, тендік қана алғаным жоқ, білім жарығын да алдым. Өзімнің бақытымды да таба алдым. Қазір мен тарих ғылымының кандидатымын. Өз үкіметіміздің мүшесімін. Осының бәріне мен өзгеше әйел болғандығымнан жеткем жоқ. Мен — біздегі миллиондардың, сан миллион әйелдердің қатардағы бірі ғанамын. Осылайша анық бостандық күні азғана уақыт, бір ғана буын өмірінің өзінде-ақ қайғылы қасірет заманын қуып, әйелдің гүлденген күншуақ күнін туғызды. Мен не айта аламын сіздерге. Тек бір ғана тілек айтар едім. Оным, Азияның қалың миллион әйелдері, сіздерге біздің Отанымыздағы әйелдердің жайынан анық, дәл шындықтар ғана жетсе екен. Екінші: көре тұра айтпай қоя алмайтын, үндемей тына алмайтын бір ғана ойымды айтайын. Ол — барлық Азия халықтарының басшы қауымына айтатын бір ғана сұрағым. Ол — өткеннің, бүгінгінің және көп елдерге болашақтың сұрауы. Ол — Азия халықтарының қақ жарымы әйелдер турасындағы сұрауым. Қашанға шейін Азия әйелінің тағдырын осыдан екі жарым мың жыл бұрын орнатылған Сидхарта Гаутама Будданың заңы шешпек? Қашанға шейін екі мың екі жүз жыл бұрын орнаған Ману кодексі әйел күйін билемек? Қашанға шейін мың жарым жыл бұрын әйелді қорлау заңын орнатқан брахманизм, индуизм әйел тағдырын билемек? Қашанға шейін, мен және сұраймын, бүгіннен мың үш жүз жыл бұрын орнап, әйел жынысын күндік қорлыққа салған мұсылмандық шариғаты қатал заңын соза бермек? Сіздерге және маған мәлім, Азияның талай тайпаларының, халықтарының арасында ең әуелгі қоғамның әйел жайындағы сорақы заңы да сақталып келеді. Ол қоғамда пуналуа болып еді. Бүгін соның орайына полиандрия, яғни бір әйелмен бір үйдің ішіндегі барлық еркек ортақ өмір сүретін заң жойылмай отырған жерлер де бар ғой. Мен өз сөзімді бітіремін. Жалғыз сұрақпен бітіремін. Бұл — ар сұрағы. Біздің ғасыр сұрағы. Бар Азиядағы аналар, ханымдар, апалар, қыздар сұрағы. Осы қорлықтардың бітер күні бар ма, жоқ па?!
Алуа сол сұрағымен енді залға ғана қарап тұрған жоқ, экранға, барлық көруші жұртқа, дүниеге, әлемге қарап, тарих сұрағын тастап тұрған тәрізденеді.
А я ғ ы
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру