TELEGEI

Home

Мың жүрек

Сержан Закерұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мың жүрек

Сержан Закерұлы шығармаларында психологиялық бағыттағы ойларымен адам жанына бойлайды. Кейіпкерлердің мінезі мен ерекше ой-толғамдарына барлау жасай отырып тілдеседі. Адам санасына салынған қоғам салмағына ерекше тоқталады.

(әңгіме)

Әлдебір іске зауқым соқпай тұр. Мүмкін, ол да болса жанымның тәніме жасаған азабы шығар. Адамдардың жылдарды жалмайтыны қалай? Жоқ, жылдар адамдарды жалмай ма?! Бәрін жоғалтқан пенде үшін өмірді тыңнан бастау қияметтің қайымынан да қиын іс екен. Сібірдің тайгасында жүргендей шым-шытырық жол басам. Адамдар ағашқа айналыпты. Діңіне аздаған дымқыл араласып тоңға айналған жуан бел қарағайлар менің отандастарым, менің таныстарым, менің бауырларым. Әттең, сол ағаштарда мың жүрек бар ғой, ал менде ше, жалғыз жүрек... Бір танысым әйелінен безіп, көгендегі қозыдай төрт баласын жәутеңдетіп бір сылқымға ерді де жоғалды. Ал, ол сылқымның мың жүрегі мыңдаған жылдардың жемісін жеген бір түйір қарағай құртындай ма қалай, бұл орманда тоқылдауық деген сорлы да жоғалыпты. -Ей, не қарап отырсыңдар! Кесіңдер ана ағашты. Камаздар келуге жақын, -деді бригадир сөзінің басын зілді айтса да соңын байсалға тартып бәсең тіл қатты.

- Жарайды! – деді қаба сақал кер жаққа айналған шал қинала орнынан тұрып.

- Жарайды, басеке! - деп жылдам қозғалған бала жігіт балтасын алып шалдың соңынан түсті.Екеуі түске дейін жуан қарағайларды ендей құлатып, шөркелеп үлгерді де түскі асқа бас қойған. Шалдың ерні дірілдеп әлдебіреумен тілдесіп отырғандай көрінді.

«Әлдебір іске зауқым соқпай тұр. Мына орманнан жалықтым. Адамдар ағашқа айналды. Ағаштарда мың жүрек бар».

- Сіз бір нәрсе дедіңіз бе?- деп бала жігіт таңырқай сұрақ қойды.

- Жо, жоқ , балам еш нәрсе...

Екеуі қыбырлап қайта жұмысқа кіріскен. «Әлдебір іске зауқым соқпай тұр. Адамдар бір-бірін алдайды. Жүрегі жоқ адамдардан қорқатын едім, қазір жүрегі көп адамдардан алаңдаймын. Мына ағаштарда мың жүрек бар. Мың жүрек не істеткізбейді. Мүмкін, адамдар әлдеқашан ағашқа айналған шығар».

- Әкеліңіз, ата , мен кесейін, – деді жас жігіт ызыңдаған моторлы араның

даусымен қоса тағаты таусылып. Шал естімеді. Ызалана кесіп жатыр. Саусағының саласына дейін тер басып кетіпті. Күрс еткен дауыс шығып ен қарағай құлап түсті. Сұлап жатыр. Бұталары жылап жатыр.

- Мен кеттім, балам. Бұл жұмысты да қойдым, қарағым, - деді шал бет

аузындағы терін сүрітпестен.

- Неге?- дегенге әзер тілі келді жігіттің.

- Адамдар ағашқа айналған. Оларда мың жүрек бар, – деді шал артына қайырылмастан.

- Сонда қалай, ата?.. - деп жігіт тұрған орнында қатты да қалды.

- Солай, балам. Мен адам бауыздаймын! - деді шал ұзаңқырап барып.

Бұл сөзді жігіт шала естіді. Шалдың соңынан әлі қарап тұр. Қалың орман құжынаған адам сияқты елестеді. Бәрі сайқал күліп тұрғандай...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙