TELEGEI

Home

Аққан жұлдыз

Сәбит Мұқанов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Аққан жұлдыз

Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы Шоқан Уәлихановтың қысқа да жарқын ғұмырын, дала өркениетін зерттеудегі ерен еңбегін арқау еткен тарихи роман.

Екінші кітап

РОМАН

БІРІНШІ БӨЛІМ

Мен қазір жергілікті сұлтандармен және қарасүйек қазақтан шыққан байлармен аразбын. Олар өздерінің құлдарын («жалшыларын» деген мағынада С. М.) өте жаман халде ұстайды, құлдар олардан қалай құтылудың жөнін білмей, қорлығына көне береді. Мен қожаларға «жалшыларыңды жақсы ұстаңдар, еңбектерін дұрыс төлеңдер» дегенді талай рет талап еттім, «орындамасаңдар заңға айтам» деп қорқыттым. Ал, далалық пролетариатпен ете доспын, өйткені олар мен біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз. (Апполон Майковқа 6. XІІ. 1862 жылы жазған хатынан).

СӘТТІ САПАР

«ТАҒДЫР ТОРЫНДА»

Кадет корпусындағы оқуын өте жақсы бағамен аяқтаған Шоқанды Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Гасфорт өзіне адьютант қып алуға ұйғарғанын осы шығарманың бірінші кітабын аяқтағанда айтқанбыз. Гасфорттың ондай ұйғарындыға келуіне бірнеше себеп болды: Б і р і н ш і – Омбыға қызметке келгелі байқауынша, бұл жеткіншек азият, осы қаладағы «жоғарғы қауым» аталатын топқа түгелімен араласып, олардың сүйкімдісі саналып алған, әсіресе бикештерге, олардың ішінде өз бәйбішесі Елизавета Николаевнаға. Ол Шоқанмен танысқан күннен бастап, еріне «не деген тамаша жігіт еді?!» деп таңданып жүрді де, «оқуы аяқталады» деген шақта, еріне оны адъютант қып қабылдауды ұсынды. Сондағы ойы: хан тұқымы, сымбатты сұлу жас жігіт, білімі де, мәдениеті де жоғары... Осындай экзотика ерінің ғана емес, өзінің де маңында болып, құрмет көрсетсе, Омбыдағы бірінші дама болып есептелетін Елизаветаға бұдан артық сән бола ма?!.. Әйелінің, бұл ойын айтпаса да қас-қабағынан, үн ырғағынан сезген Гасфорт бірден «мақұл» деді. Е к і н ш і – Омбыға келіп қазақ дуандарының хал-жайымен танысқаннан кейін Гасфорттың жасаған қорытындысы: аты «Россияға бағынды» демесең, орыс заңы бұл елдің арасына әлі кірген жоқ, бұнда әлі де тозығы жетпеген ескі әдет-ғұрып белең алуда. Отарланған елді бұндай халге қалдыруға болмайды, орыс заңы оның да арасында орнауға тиіс. Сонда, ол заңды жүргізетін кім? Гасфорт танысып үлгірген «сұлтандар», «билер» аталатындардың, ішінде өзіне ондай жәрдемші көрінбейді. «Қайдан табу керек?» деп іздестірген Гасфорттың көзіне Шоқан шалына кетті. «Егер тәрбиесін келістірсе, – деп ойлады ол,– бұл жігіт бұл мәселеде жақсы жәрдемші бола алады». Ү ш і н ш і – арғы тегі неміс барондарынан тарайтын Гасфорт үнемі өсу жолында келе жатқан адам. 1812 жылдың. Отан соғысы басталған кезде Москвадағы атты әскер училищесінде оқып жүрген ол майданға алынды да, француздар жеңіліп, Париж алынғаннан кейін, Россияға көп ордендермен және подполковник даражасымен оралды. Содан кейін Қырымдағы әскери қосынға полкты басқару қызметіне барған ол, 1830 жылғы орыс-түрік соғысында тағы да көзге түсіп, генерал-майорлық даражаға жетті. Соғыс біте бірінші Николай оны Севастопольдағы атты әскер дивизиясына командир ғып жіберді. Т ө р т і н ш і – қазақ даласы мен Орта Азияны отарлауды бірінші Петр заманынан ойланған Россия патшалығы, бірінші Николай тұсында қазақ, жерінің көпшілігін меңгерген де, Орта Азияға күнгей жағынан таянып келе жатқан Британия империясынан бұрынырақ қамтып қалу жабдығын жедел қолға алуға бекінген. Ондай шабуылды жүргізу үшін, ең алдымен, Орта Азиядағы халықтардың жер-суын, күш-қуатын, салт-санасын, әдет-ғұрпын біліп алу керек. Бұл іске кімнің лайықты екендігі туралы мемлекеттік советте сөз болғанда, Гасфорттың кандидатурасы өзгелерден лайықты көрінді, себебі – Балтық теңізінің қолтығындағы, Қырым мен Кавказдағы елдердің хал-жайын түсінуде Гасфорттың Россия мемлекетіне тигізген көп пайдасы бар. Батыс Сібірге сол мақсатпен жіберілген Гасфорт, бұл ауыр жүкті кімге артуды ойланғанда, өзі білетіндерден ең лайықтысы Шоқан сияқты. Себебі: мәжілісте бірге болған шақтарында байқаса, Шоқан сонау Византияның, орта ғасырдағы арабтың, кейінгі ғасырлардағы француз бен неміс. саяхатшыларының Орта Азия туралы ілгерілі-кейінді жазғандарын түгел оқығанын және ол шығармаларға сын көзімен қарайтындығын аңғарады. Ендеше, сол зерттеулерді Россия көзімен тереңдете түсу ісіне Шоқанды да неге қоспасқа?.. Б е с і н ш і – мәселеге толығырақ тоқтайық. Кейінгі даражасы генерал-лейтенант болғанмен, Батыс Сібірдің генерал-губернаторы болып барғанға дейін Гасфорт өзін «біріншіден соңғымын» деп түсінетін еді. Сібірге аттанар алдында оны патша сарайының министрі, генерал-аудитор граф Блудов шақырып ап әңгімелесті. Блудов пен Гасфорт көптен таныс еді. Алғаш олар 1812 жылы басталатын Отан Соғысында танысқан. Сол кезде армияны басқаратын Блудов әлде небір досының таныстыруымен Гасфортты өзіне адьютант қып алған. Ісімен де, қылығымен де жаққан Гасфортты патша сарайына жақын Блудов үнемі көтермелеуге себеп боп, ақысы оны Батыс Сібірге генерал-губернатор ғып жіберуді де бірінші Николайға сол ұсынған. Гасфорт Омбыға аттанарда Николай сапарда жүрді де, оның атынан Гасфортқа өзі сөйлесіп:

– Өзіңді енді «наместникпін»1 деп ұғын да, жалтақсыз батыл қимылда, – деді. Бұл қызметте ұзақ тұратындығын ескерте келіп, қажетті жәрдемді аямайтындығын айтты. Енді өзін «біріншімін» деп түсінген Гасфорт Омбыға бара, резиденциясын2 дұрыстауды жедел қолға алды. Оған дейінгі Батыс Сібірдің генерал-губернаторлығы орналасқан кеңсе және тұрақ жай қарағайдан қиылған екі қатарлы екі үй болатын. Жел үрлеп, жауын шайып... дегендей, бөренелері қарауыта қоңырланып кеткен де, іргесі, бұрыштары, төбесіне жапқан қаңылтыры шіри бастаған. Оның іштей бақкүндес адамы князь Воронцов болатын. Оның Гасфорт екі жақтан күндейтін: бірі – ордендер өзінде де көп болғанмен, Воронцовтікі әлдеқайда мол; екіншісі – Воронцовтың әр жерде, әсіресе Қырымда өзіндік салтанатты сарайлары бар, Гасфортта ондайлар жоқ. Бұл жағынан Воронцовқа жетуі мүмкін емес. Сондықтан Гасфорт Омбыда салдыратын резиденциясын сыртқы тұрпат жағынан Романовтардың Петербургтағы «Қысқы сарай» аталатын ордасына ұқсатуды мақсат етті. Ондай сарай Воронцовта жоқ. Әрине, Омбыда көлемі ондай кең, архитектурасы ондай сұлу үй салуға қаражат та, материал да жетпейді; ендеше, қысқы сарайды «түйе» десең Омбыға оған ұқсас «бота» сияқты үй тұрғызуға ғана шама келеді. Бұл ойын іске асыру үшін Гасфорт Омбыға арнаулы кісі жіберіп, қысқы сарайдың кішірейген бейнесін жасатып алды. Содан кейін сол ойын Блудовқа жолдап, қажетті мөлшерде қаражат және шеберлер алды. Гасфорттың қатынасуымен жасалған резиденция үйі төмендегідей болмақ: Кадет корпусының шығыс жағындағы орманмен қоршалған алаңға орнамақ, батыс жағында бірер орамды түгел қамтыған Кадет корпусының үйі, ол Петербордағы генералдық штабқа ұқсайды; резиденция мен корпус арасында кең алаң, соның төңірегін Петербордағы «сарай алаңы» аталатын аумақ сияқты түрге келтіру керек те, атын «сарай алаңы» деп атауы жөн, аржағында – Ертіс, ол – Нева сияқты; сонда, жетпейтіні – адмиралтейство. Омбыда ондай үй салуға дәлел жоқ. Сонда да Гасфорттың көңілін көншітетін нәрсе – Омбы алаңындағы орманнан, адмиралтействоны қоршап тұрған бақшадай көрініс жасауға болады. «Мүмкін, – деп қиялданады Гасфорт, – Ертістегі кемелік пристань өркендей келе, түбінде оның жағасына да сондай үй және соған деңгейлес көпірлер салынуы мүмкін!». Сыртқы салтанат қабырғасына, қысқы сарайдікі сияқты колонналар жапсырылмақ. Олар ақпен, өзге қабырғалар жасылмен боялмақ. Сонда, сыртқы көрінісі қысқы сарай болады да шығады. Үйдің аумағы жарты орамды қамтиды; этажы екеу, бөлмелерінің еңсесі биік, терезелері үлкен; төменгі этаж – кеңсе, жоғарғысы – тұрақ. Бұл үй Шоқан Кадет корпусын аяқтар күзінде бітеді. Штат бойынша, генерал-губернаторда төрт адьютант болуға тиісті: соғыстық істерден, азаматтық істерден, отарлық істерден, жеке басының және үй ішінің қызметтерінен. Гасфорттың ойы – Шоқанды отарлық істер жайынан жәрдемші ету. Шоқанды адьютант қып алуда Гасфорттың тағы бір іш есебі бар: Бірінші Петрдің бас адьютанты және ақылшысы – Ибраһим Ганнибал есімді араб болғанын білеміз. Одан кейінгі патшалар атасының үлгісін қолданбай келеді. Наместниктерден қолданып жүрген Воронцов-Дашков қана. Кавказ наместнигі болып бертінде тағайындалған оның бір адьютанты – грузин және біреуі – азербайжан. Екеуін де Гасфорт жақсы біледі. Олар білім жағынан Шоқаннан әлдеқайда төмен. Егер ұстай, тәрбиелей білсе, Шоқанның Ганнибалдан бір де кем болмас қалпы бар. Әрі сымбатты жігіт. Оның үстіне қазақ – экзотика. Сондай адьютанты болуы өзіне де және көптің көзіне де қандай жарасымды! Гасфортта Воронцов-Дашковқа еліктеп, оның кавказ елдеріне қолдана бастаған либералдық шараларын Сібір бұратаналарына, олардың ішінде қазаққа қолдану ниеті бар. Бұл жайда да Шоқан таптырмайтын жәрдемші болуы мүмкін. Шоқанды Гасфорт адьютанттыққа осындай ойлармен қабылдады. Бұйрықты ол Шоқан Кадет корпусын бітіріп, дипломын қолына алысымен-ақ берді. Бірақ, қашаннан бастап? Илиадидың, «Шоқанды қызмет алдынан біраз тынықтыру керек» деген пікірін Гасфорт қолдады. Өйтпеуге болмайтын да еді: корпустың барлық кластарында жақсы оқуға тырысқан және сол мақсатына жыл сайын жеткен Шоқан соңғы курстарда абыройын сақтағысы кеп, астан, ұйқыдан басқа уақыттарын түгелімен еткен сабақтарын жазған дәптерін жинап алып, пысықтауға, тың сабақтарын үлгеруге арнады. Бұрынғы курстарда да сабаққа ықлас қойып жақсы оқитын Шоқан, кластық гимнастикаларға еріншектеніп, көбіне бармай жүретін еді де, спорттың екі түрінен қалмайтын еді: бірі – жаз айларында, бос уақыттарын салт атқа мініп, бет алған жағына (көбінесе дала мен орман арасына) қыдыру; екіншісі – қыс айларын Сібірде мұзы қатқан Ертіс үстінде коньки тебуге, бірде қар бетінде шаңғымен сырғанауға арнау. Сол шақтарда қуқыл өңі қанданып, шыныққан сыла денесінің бұлшықтары тастай қатты болатын. Корпусты бітірер жылдың, қысында, ондай спорт түрлерімен шұғылдануға уақыты болмағандықтан, Шоқанның өңі бозарып, бұлшық еттері босаңсып кетті. Корпустың соңғы екі-үш жылдағы дәрігері, әке жағынан грек, шеше жағынан қырым татары Илиади дейтін кісі еді. Туысы қырымдық болғанмен, медициналық білімді Лейпниц университетінде алған ол біраз жыл Бавария емханасында дәрігерлік құрып, бір сәтте Гасфортпен танысты да, соның шақыруымен Севастопольге қызметке келді. Білімдік және тәжірибелік жағынан Илиади бүкіл Қырым жарты аралында бірінші болып атаққа шықты. Оны Воронцов тартып алғалы жүргенде, Қырым жарты аралынан Батыс Сібірдің қызметіне ауысқан Гасфорт, Илиадиді Омбыға ала кетті. Омбыда өз денсаулығын бақылатумен қатар, Гасфорт Кадет корпусының бұрынғы надан емшісін жатақхананың санитарлық ісін басқаруға ауыстырды да, орнына Илиадиді тағайындады. Корпустың саулық жұмысын жақсы жолға қойған Илиадидің ерекше көңіл бөлген адамының біреуі – Шоқан. Оның шыққан тегіне де, зеректігіне де, өткірлігіне де, тәртіптілігіне де қызыққан Илиади «өкпесі ылғалды» деп жоритын. Шоқанға білген ақылын айтудан, білген емін қолданудан тынбады. Шоқан сүйетін екі спорттың біріне, яғни коньки мен шаңғыға Илиадидің өзі де құштар еді, сондықтан, Шоқан ерінсе де, ол ерінбей кейде еріксіз әкетіп жүрді. Корпустың соңғы курсында Шоқан Илиадидің ол ырқына көнбеді. Ақыры, Шоқанның жүдеуіне, жөтеле бастауына сықты. Оны Илиадиден басқа елеген кісі болған жоқ. «Енді не істеу керек?» дегенді ойланғанда Илиадидің тапқан ақылы, – корпусты бітіріп, дипломын алған Шоқанды кеңсе қызметіне табан аузында отырғызбай, алдағы жаз айларында далаға, еркін ауаға, қымызға, ақтан жасалған азыққа, жас етке жіберу; бос уақыттарын аңшылықта өткізуді ұсыну. Бұл ақылға Шоқан да, Гасфорт та көнді. Гасфорт, тек, бір ғана бұйрығын айтты. Осы бұйрықты тудырған себепті оқырмандарға қысқаша баяндай кетейік. Қазақ даласының солтүстік жағын он тоғызыншы ғасырдың, басында отарлап болған патша өкіметі, сол даланы меңгеру мақсатымен Ырғыз, Торғай, Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы, Аягөз сияқты қалалар салғаны, тарихи материалдардан мәлім. Бұлар алғаш қазақ-орыс станицалары болып негізделген еді де, қалалық даражаға жүре келе жеткен еді. Солардың ішінде қала атағын кейінірек (1862 жылы) алғандарының біреуі Атбасар. Басында Ақтөбе мен Омбы жолының үстіне ірге тепкен бұл станицаға ат қойылып, айдар тағылмай, тек, жүргіншілер, әсіресе әскерлер ат шалдыратын бекет қана болып келген. Кейін станица іріленіп халқы көбейген соң, жыл сайынғы жаз ортасында сауда-саттық базарының орны болуға айналған. Сол базарларға өзге малдармен қатар ат та көп жиналатындықтан, станицаны жергілікті халық әуелі «Ат базар» деп, бертін келе, «Атбасар» деп кеткен. Үкімет 1854 жыл станицаға сол есімді бекіте салған. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы болып келген Гасфорт, Орта Азияға Россияның ықпалын жаюды неден бастауды ойланғанда есіне Атбасар түсті. Батыс Сібірдің бұл бөлшегін он жетінші ғасырда отарланып болған Россияның ондағы халықтарды сауда-саттықпен тартқысы келді де, қазіргі Семей мен Кереку арасындағы Ямышевка станицасына жәрмеңке ашты. Содан кейін Қиыр Шығысты да қазіргі Халықтық Монголия мен Бурятия шекарасындағы Кяхта қаласынан жәрмеңке ұйымдастырды. Содан кейін Ямышевканың мәні төмендеп, Сібірдегі жәрмеңкелерден Кяхта бірінші орынға шықты. Оған Қытай түгіл Тибеттен, одан аса, Индиядан керуендер тартылып, саудасы күсет болды. Бір мәліметте, он тоғызыншы ғасырдың орта кезіндегі бір жылда Кяхта жәрмеңкесі жеті миллион, сегіз жүз мың пайда тапты деседі. Бұл сол кездегі ішкі Россияның ең, зор жәрмеңкесі – төменгі Новгородтың (қазіргі Горький) жылдық табысынан екі есе артық болса керек. Шығыс Сібірдің ол кездегі генерал-губернаторы граф Муравьев-Амурский. Гасфорт оны көптен біледі және іштей бақас; Кяхта жәрмеңкесін Муравьевтің жетістігіне санайтын Гасфорт, сауда жүйесінде де онымен жарысуды, күші кетсе озуды ойлады. Сондағы меңзегені Атбасар жәрмеңкесі. Сөйтуге бекінген Гасфорт, сауда министрі граф Бибиковпен хат арқылы байланысып, жыл сайын, жаз ортасында Атбасарда жәрмеңке ашуға ұлықсат алды. Одан россиялық қана емес, жер жүзілік мән беру үшін, сауда палатасы арқылы және газеттер арқылы шет мемлекеттерге жарнамалар таратты. Жәрмеңкенің беделін көтеру үшін арнаулы комитет құрылып, председателі Гасфорттың өзі болды. Орынбасары – ерекше тапсырмалардың чиновнигі полковник Майдель. Жәрмеңкенің тәртібін сақтау, Батыс Сібірдің соғыс губернаторы Гутковскийге жүктелді. Жәрмеңкені нөкерлерін ерте барған Гасфорттың өзі ашты. Сөйтіп, Атбасарды Кяхтадан оздырмақ та, одан әрі, тығыз байланысу арқылы Орта Азия елдерін отарлауға қол созбақ. Сыртқы саясатын осылай жоспарлаған Гасфорт, Атбасар жәрмеңкесіне бару сапарын «қазақ дуандары» аталатын елдердің өзара болып жүрген дау-шарларын бітістіре, бітпегендерінің себебін ұғынып, тиісті шараларды кейін қолдануға пайдаланғысы әкелді. Ол үшін жәрмеңке күндерінде алты дуанның сұлтандары мен билерінің мәслихатын шақырды. Гасфорт қарамағындағы қазақ дуандарын біліп басқаруға тырысатын адам. Бұл жайда «аға» я «кіші» сұлтандар аталып қазақ ауылдарын басқаратындармен талай рет кеңесіп, бірде-бірінен аузы тұшырлық азық ала алмай қойды. Қайсысымен пікірлессе де, шалағай тілмаштар жеткізіп түсіндіре алмай ма, сұрауларға қайтарар жауаптары құнарсыз ба, ешбіріне қанағаттанбайды. Кеңескен шақта олардың бәрінің де айтары – өз қара бастарының қамы ғана. Бұл мәселе жөнінде Гасфорт Шоқанның тамырын кадет күндерінде де басып байқаған, сол кезде де оның қазақ халқы туралы білері ұшан-теңіз сияқтанған. Ол өз білімін Гасфортқа да ауысқысы келіп, орыс ғалымдарынан: Рычковтың, Левшинның, Палластың және басқалардың қазақ жөнінде жазған кітаптарын оқуды ұсынған. «Қазақ жайында көп біледі» деп санайтын Шоқанды Гасфорт сұлтандар мен билердің Атбасарда шақырылған мәслихатына тілмаш есебінде пайдаланбақ болды. Мәслихатқа алдын ала даярлық керек. Ол үшін, генерал-губернаторлықтың және қазақ дуандары басқармасының архивтерін ақтарып, шешуін күтіп жатқан кейбір күрделі дау-шардың мән-жайынан мәліметтер ала кету керек. Бұл жұмыстың ауыр екенін шамалай тұра, генерал-губернатор тарапынан болған бұйрыққа Шоқанның амалы болмады. Оның үстіне нағашысы Мұсаның:

– Жанаралдың айтқанын істе. Демалуыңа жағдай жасайын: Ертістің тоғайлы көгалына бірнеше кигіз үй тіктіріп, жасау-жабдығын түгелдейін, қымызы қонақтарыңа да, өзіңе де мол жетерлік бие байлатайын, тілеген шағыңда саятшылау үшін қасыңа құсбегілер қояйын, ән мен күйге әуессің ғой сен, оларды да таптырайын, – дегені қамшы болды. Мұсаның айтқанын орындады да, Шоқан күніне бір мезгіл архивтағы «іс» аталатын шумақ қағаздармен айналысуға кірісті.

«БҰҒЫ БАБАЙ»

Қайда не іс барын табу Шоқанға ауырлыққа түскен жоқ. «Батыс Сібірлік» аталатын архивты – әке жағынан – эвенки, шеше жағынан – бурят Максим Миронович Баргузин дейтін қарт басқарушы еді. Оның әкесі – Мирон екінші Екатерина тұсында Сібірдің шығысындағы тунгус және монгол тұқымдас ұсақ халықтардан құралған казачествоға жазылып, өмірін әскер қатарында өткізген. Максим Миронович школа есігін ашпай, хатты өз бетімен танып кеткен және хатқа ете жүйрік кісі екен. Қоңыр енді, бет сүйектері шығыңқы, кішірек мұрны талпақ, қиғаштау қысық көзді, қасқа маңдайлы, сирек сақал-мұртты адам. Бойы аласа болғанмен, жауырыны жалпақ, кеудесі төстек, бұлшық еттері тастай қатты, сіңірлі саусақтары ұстаған жеріне қышқаштай қадалып, осы қалпында күресе кетсе, бойы серейгендерді алып соғады. Төбелесе қалса, құлаштай соққан адамын ұшырып түсіреді; жаяу жүріске төзімді, биік ағаштарға сілеусіндей өрмелейді, барып тұрған шаңғышыл, ертеден қара кешке сырғанаудан қажымайды; суға да жүзгіш. Қартая келе, жастағы дене өнерінің көбін доғарғанмен, шаңғышылдығы – бұрынғы қалпы: тек, жерге қар түсті-ақ, ұлттық ықшам киімдерін киіп, тас-түйін боп буынып алады да, сырғанақты қаладан тысқары тұстарда тебуге кетеді де қалады. Кейде ол әлдеқайда қонып, бірнеше күн жүріп келеді. Сонда «жоғалтқандардың» қайран қалатыны: шаршаудың орнына ширап, қарттықтан қуқыл тартқан өңі қоңыр-күреңденіп құлпырып кетеді. Баргузиннің ой-санасы туралы, соған байланысты туған халқы – эвенкилердің хал-жайы туралы аз сөз. Байқал көлінің төңірегін ертеден мекендейтін тунгустардың да, монғолдардың да біздің дәуірден (Айсадан) бұрынғы діні – шаман, яғни өлген адамның аруағын («жанын») тәңірі тұту болғанын білеміз. Бұл дәуір бастардан бәлкім ілгерірек арғы түбі тибеттен өрбіген будда діні, монғол даласы мен тайга орманына да біртіндеп жайылады да, орта ғасырларда шаманнан үстем болуға айналады, оған қуғын жасайды. Бірақ, онымен шаманизм құрып кетпей, қарапайым халық арасына тамырын тереңдете береді. Патшалық Россия ол төңірекке қанатын он жетінші ғасырдың ортасынан жаяды да, жүз жылдар шамасында түгел отарланып болады. Содан кейін, өкімет Қиыр Шығыстың тұрғын халықтарын христиан дініне зорлықпен қарату ісіне кіріседі. Патша миссионерлері тұрғындарды «Айса туыпты-мыс» дейтін, январь айының бірі күні өзендерге, көлдерге топтап айдап, мұз-ойықтарға әкеп, түгелімен қойдай тоғытады. Бұндайды көрмегендер «үсініп-қабынып, ауырып, өліп...» дегендей жалпылама апатқа ұшырайды. Бұндай өкім-зорлыққа көнгісі келмегендер орманға, тауға аралдарға тығылып, қуғыншылармен қарсыласады. Осы кезде, бұрынғы бытысқан шаманизм мен буддизмге енді христиан діні кеп қосылып, көп адам үш дінді аралас қолданады. Баргузин де кейбір кездерде, әсіресе әскери қызметтен босаған соң, шаман түрінде көрініс беріп қоятын еді. Оның қысқы киімдері көзге ерекше түсетін: басында бұғы бұзауының бас терісінен жасаған бөрік, үстіне түгін сыртына қаратқан, жаға-жеңдерін, етегін тунгус өрнегімен жалпақ қып кестелеген, ұзындығы тізеден түсетін кең тон; аяғында қонышы белбеуге өткермеленетін, түгі сыртына қараған, жұмсақ иленген бұғы терісінің үлкен етігі, соның тізе тұсынан, бұғы бұзауының тұяқтары алынбаған пұшпақтарын салбырата тігіп қояды. Осы түріне қарап, қазақтар оны «Бұғы бабай» дейді, орыстар «Олень – отец» дейді. Шаманша киініп Бұғы бабай жүрген жерге жұрт, әсіресе, балалар көп жиналады. Кейде ол корпустың төңірегінде көріне қалса, кадеттер шулай қаптап, қоршап алады да, кеңес айттырады. Көпті көрген Бұғы бабай әңгімешіл де, ертегішіл де. Және соларды мейлінше қызық қып айта біледі. Шоқан да оның талай кеңесін естіген, бірақ корпусты тауысқанша жеке сөйлесіп көрмеген. Енді, міне, Гасфорттың жұмсауымен, оған Бұғы бабаймен тілдесуге тура келді.

– Быс қазақша сүйлесе ме, русша сүйлесе ме? – деп сұрады, қазақ сөздерін бұза айтқанмен, бірсыдырғы түсінісе білетін Бұғы бабай Шоқанмен танысқаннан кейін.

– Ықтиярыңыз.

– Қазақша мен нашар биледі.

– Ендеше орысша.

Сөйлесіп байқаса, Бұғы бабай, орысшаға орыстың өзін жаңылдырарлықтай ағып тұр.

– Сен қазақтың қай руына жатасың? – болды Бұғы бабайдың Шоқанға бірінші сұрауы.

– Ешбір руына да жатпаймын. Мен хан тұқымымын.

– А-а-а... Сонда қай ханның?

– Абылайдың.

– О-о-о... Оның қай баласының?

– Уәлінің...

– Э-э-э... Уәлінің қай баласының,?

– Шыңғыстың...

– Ім-м-м,– деп Бұғы бабай жұқа қабағын жиыра, сығыр көзін қадай, Шоқанға аз қарап алды да,– дұрыс екен! – деді.

– Не дұрыс, бабай?

– Абылай тұқымы екенің. Әкеме еріп, бала күнімде, Қызылағаштағы Абылай атаңның ордасына енгенім бар. Сонда атаңды көргем. Кескінің келген екен оған. Ол да сен сияқты қара-сұр өңді, ашаң жүзді, сыла денелі.орта бойлы еді. Бергі атан, – Уәлі қарақалпақ қызынан туған. Ол нағашысына тартқан етжеңді, дөңгелек жүзді, аққұба өңді болатын. Бұғы бабай Шоқанның тұрпатын көзімен бастан-аяқ тағы да бір шолып алды да:

– Иә, келіпсің Абылайға. Әсіресе мұрын жағы кең, шеке жағы қысық, көзін, мен қалың қабағын, келіпті. Бірақ, сенің өңің одан қуқылдау. Оның беті алабұртып, қара-күреңденіп тұратын,– деді.

– Оқудан жүдеудің салдары болар, – деді Шоқан, іштей «бұның бәрін есіне қалай сақтаған!» деп қайран қалып.

– Әкеңді көрген жоқпын, – деді Бұғы бабай, көңіліңе келмесін, балам, естуімше, «қиянатшыл адам» дейді.

– Нағашың кім еді? деді Бұғы бабай, «Шоқан жәбірленіп қалды ма?» дегендей, сұрауын жылдам жалғастырып әкетіп.

– Баянауыл төңірегіндегі Қаржас руынан, Шорман деген кісі.

– Кучуктің бе?

Шоқан күліп жіберді.

– Неге күлесін?

– Сіздің қазақтарды жақсы білуіңізге. Шорманның әкесі – Күшік екені рас.

– Білмегенде ше? Жаңа туды деп отырмысың, мені? «Қартыңмын, қартыңмын, не көрмеген қартыңмын» деп қазақтың бір жырауы айтқандай, еліңнің кең даласының қай түкпірін араламады дейсің мені. Кучук Мурзагуловты да көргем. Жастай елді ол. Чурман одан бала күнінде жетім қалып, он үш жасынан биліккө араласты да, «Бала Шорман» атанды. Сан рет мәжілістес болдым. Оған тартсаң жаман болмассың. Ал, әкеңе тартсаң... Бұғы бабай ар жағын айтпады.

– Неге бөгелдіңіз?!

– Әкеңді көргенде, еліңді аралағанда білерсің.

Бірнеше рет сөйлесіп, ау-жайымен танысқаннан кейін, көңіліне ұнаған Шоқаннан Бұғы бабай архивтегі істерді не мақсатпен ақтаруын сұрады да, түсінгеннен кейін:

– Ә-ә-ә, солай ма? – деп, аз уақыт ыңыранып ап:

– Балам, – деді даусын созып.

– Әу, ата!..

– Нысаналы ісің бар ма, қараймын деген?

– Жоқ, ата. Сізді «көп біледі» деген соң ақылдаса отырып, қажеттісін теріп алайын деп ем.

– Неге?

– Олай теру қиын.

– Арғы атаң Абылай «бағынамын» деген уәдесін Россияға ерте бергенмен, ол уәдесін орындамай елді. Оның қарамағында болған қазақтардың азшылығы ғана, бергі атан, Уәліхан болғаннан кейін ғана «орыс патшасына бағындым» деген ант ішті. Содан бері Россия қарамағында келе жатқан елінің патша әкімдерінен де, өз әкімдерінен де көрмеген қорлығы, зорлығы жоқ. Қорлық көрушілер «орыс үкіметімен әділеттік табамын ба» деген ниетпен Уәлі заманынан бері, Омбыдағы үкіметке арыз жаудыруда. Бұлар сол арыздардың біразын «тексер» деген бұйрықпен қазақ сұлтандарына жібереді, ол қағаздар қайтпайды. Немен тынары белгісіз. Естуімше, «үстімізден жоғарыға шағым айтыңдар» деп, сұлтандар арызшылардың өздерін жазғыратын сияқты. Бірақ, арыз онымен тоқтамайды. Оларды тексеретін ұлық Омбыда жоқ. Кейбірін тексермек болып, кей кеңселердің алдыратыны бар. Олар да бұнда оралмайды...

– Неге?

– Істі қарауға тиісті әкімге бай қазақтар мол ғып пара береді де, қағаздарды өртетіп жібереді...

– Қойыңызшы!..

– Таңданба, ұлым. Ертең, қызметке кірісе, өзің де ұшырасасың ондайға. Мүмкін, өзің де күйдірерсің талайын...

– Ешуақытта!.. – деді Шоқан тітіркеніп.

– Тітіркенбе, балам. Еліңде: «қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген мақал бар. Сол айтқандай, адам туа бұзылмайды, жүре бұзылады. Ол ескен ортаңа байланысты. Пара алмайтын әкімді мен көрген де, естіген де жоқпын. Омбыда да солай. Патшаға, министрлерге жолданған арыздар осында қайтады да, олардың да қызығын от көреді...

– «Өртенеді» дегеніңіз ғой?

– Әрине. Өртенбейтін істер де толып жатыр. Көп заманнан бастары архив сарайында сығылыса шаң басып қалған, бірталайы шіріген, шіріктер қызығын тышқандар мен егеуқұйрықтар (көріп) жатыр. Олардың мекендері қағаздардың ара маңайына жолауға да қорқады. Ана жылы сарайға кіріп кеткен итті де талап жеді...

– Апырай, ә!.

– Сен де оларды ақтарам деп әуре болма. Егеуқұйрық таламағанымен шаңға батасың. Одан да қазақтың, қазіргі тұрмысына ортақ бір мәселемен ғана жақсылап таныс.

– Қандай мәселе ол?

– «Барымта» дегенді білемісің?

– Білем.

– Айтшы, білсең!

– Дауласқан екі жақтың бірінен-бірі мал, әсіресе, айдауға оңтайлы жылқы малын үйірлеп тартып алу...

– Біледі екенсің. Қазақ арасындағы барлық даудың түйіні, осы барымтамен шешіледі. «Сыдырымта» дегенді білемісің?

– Ол не?

– Барымтаға алған малды қайтармай сіңіріп кету.

– Естігем, – деді Шоқан. – «Білсе – барымта, білмесе – сыдырымта» деген екен ғой.

– Дұрыс. Осы «барымта» мен «сыдырымта» қазақтың кең даласына түгелімен толып болды. Ақыры, кейінгі кезде ұрлыққа айналып кетті. Ұрылар қазір жекеленіп те, топтанып та жүреді.

– Бандалар ғой, олар?

– Сондай бандалар қазақ даласында да көбейіп болды қазір. Жергілікті әкімдер оларды тыю орнына жәрдемдеседі, олжалас болады.

– Онда қиын болған екен!

– Осы жайда, момындар тарапынан түскен арыздар қисапсыз. Көбі қаралмайды. Бірен-сараны қаралғанмен, шара қолданылмақ болғанмен, бандылардың атамандары ырыққа көнбейді.

– Ондайлары да бар ма?

– Бар. Мәселен, Ходжук.

Оның кім екенін сұрастырғанда, қарақшылық атағы ел ішіне кең жайылған, Уақ руынан шыққан Мақаштың Қожығы болып шықты. Атағына қанықтығымен қатар, Шоқанның оны бала шағында, әкесінің үйіне келе қалған бір жолында бетпе-бет көргені де бар: алдынан қарағанда шалқақ, артынан қарағанда еңсең жуантық денелі, қара-тарғыл өңді кішігірім керсендей қара бұжыр бетті келген адам. Мұрын түбінен шекесіне қарай қисая біткен сығыр көзді, қабағы қалың да еді. Маңдайы тар, үнемі қырып жүретін шашының тебендеген түбірі сипаған қолға тікендей қадалатын. Талпақ танау, еріндері дүрдиген қалың, ұстара тимеген мұртының әрбір қылы сояудай, көселеу жалпақ иегіне шашырай шыққан. Түсі ызғарлы, кекештене айтатын сөздері мейлінше тұрпайы, мінезі шәлкем-шалыс Қожық, әлі күнге дейін Шоқанның көз алдында. Сол көргенде, шалдуар Шоқан, өзгелерге жасайтын еркінсуін оған да жасаймын дегенде, Қожық қатты тұтыққан дауыспен:

– Құдайдың, баласы болсаң да, әрі кетші! – деп, түйенің табанындай жалпақ алақанымен жағынан тартып жіберген. Шоқан жалп ете түсті. Жақ сүйегі қирап қалғандай ауырған... Содан кейін оған маңайлау түгіл, көрген жерде қаша жөнелетін. Міне енді, кадет корпусын бітірген Шоқан, Бұғы бабайдың сілтеуімен, сол Қожықтың қылмысты істерімен танысатын болды!.. Кезегі келгенде, оқырман көпшілікке Қожықты да қысқаша таныстыра кетейік: ол қазақ руларының ішінде – Уаққа жататынын жоғарыда айттық. Уақ ішінде ол «Қобыланды» және «Ер Сайын» жырларында аталатын Қараман батырдың тұқымы. Кейін рулы елге айналған Қараманның мекені, қазіргі Қостанай облысының «Қара су» аталатын ауданында. Қожықтың әкесі – Мақаш «Құндызды» өзенің «Қойбағар» және «Жасылбағар» көлдерін төңіректеп жүреді екен. Өзі мыңдаған жылқысы бар, «момын бай» атанған кісі бопты. Мақашты Абылай баласы – Қасым «ырқыма көнбедің» деп, бар малын айдап әкеліп, тақыр кедей ғып тастаған. Соны кек көрген Қожық, жасы жете атқа мініп, Қасымды қудалаған патша әскеріне жәрдемдесіп, Қоқан хандығының жеріне айдап тастаған. Одан кейін Кенесарымен де еш болып, орыс әскеріне қосылып оны да Арқадан қуысқан. Сол жаугершілік заманда, «білсе – барымта, білмесе – сыдырымта» аталатын істерге көп араласып, Қожықтың «құлқы бұзылған» да, Айғанымның тұсында ұрлыққа ауысып кеткен. Және ол, «ұсақ» ұры емес, «ірі» ұры боп, маңайына топтаған жасақ жинаған, ұрлық малдарын алыстан тарттырған. Іздеген иелеріне теңдік беру орнына, ат тонын тонап жіберген, біразын өлтіріп тастаған.

– Егде тарта,– деседі білетіндер, – Қожық қол басқара алатын, бәрі де батыр және өжет жортуылда ағаларынан қалыспайтын. Нарғыз егер жалғыз қыз болған. Олар тұтаса жүргенді малды болса да бұза берген, қандай қалың алдырмаған. Қожық табиғатында «зорды» танымайтын, әкімге бағынбайтын, өзінен жоғары кісі бар деп санамайтын, күш көрсеткісі келгендерге күшпен жауап беретін тентек те, содырлы да, өктем де адам болған. «Істері осы» деп Бұғы бабай ұсынған қағаздар тігіндісін Шоқан ақтарып қараса, «Үш жүз» аталатын қазақтарда, ат жетер жердегі орыс, татар, башқұрт елдерінде оның содыры тимегені аз екен. Шоқан Қожықтың істерінен керекті мәліметтерді ғана іріктеп алды да, өзгелерін архивке қайтарып берді...

«АЙЖАН»

Жәрмеңкенің басқа даярлығы да жүріп жатты. Сұлтандар мен билердің Атбасарға жиналуы туралы жер-жерге шапқын кетті. Жәрмеңке орнын даярлау яғни жеңіл материалдардан уақытша болса да сауда дүкендерін, сарайларын салу, палаталар құру жабдығы, қазақ-орыс әскерлерінің, Имантау қаласында тұратын екінші бөлімінің атаманына тапсырылды. Жәрмеңкені мың шақты кигіз үймен қамтамасыз ету, сол төңіректегі Көкшетау, Ақмола, Баянауыл үш дуанның аға сұлтандарына жүктелді. Ішінде Шыңғыс та бар. «Тере тастан қатты» деген мәтел бар. Қисайған жағынан түзелуді олар намыс та көреді, қорлық та көреді. Шоқан кадет корпусына түскелі, бір рет те ат ізін салмаған Шыңғыс сол қасарған қалпымен баласы кадет корпусын аяқтағанша да отыра берген еді. Сөйтіп жүрген шақта Шоқанның оқуын аяқтаған хабары, оған жалғаса, «Жанарал-гүбірнадыр Шоқанды өзіне атұлтан3 ғып алыпты» деген хабар дүңк етті. Шыңғыстың құдайдан жатса-тұрса тілері – Шоқанның биік шендердің біріне тұяғы ілігуі, содан бастап жоғарылауы еді. Қараңғы қазақтар «атұлтан» деп кішісінгенмен, орыс тілінен мәліметі бар Шыңғыс ол сөздің маңыз-мағынасын жақсы біледі. Кейде «ұлы князьдар» аталатын биік даражалы адамдарға полковниктердің,, кәтте генералдардың адъютант болғанын көргені бар. Батыс Сібірдің генерал-губернаторына Шоқанның адьютант болуы, Шыңғыс. тын, ұғымында – ірі даражаға тұяғы ілігудің басы. Аржағында қалай көтерілудің жолын зерек баласының таба алуына күмәні жоқ. Шыңғыстың «жанса!» деген үміті солай тұтана бастаған шақта, «Атбасардың биылғы базарын жанарал-гүбірнадырдың өзі келіп ашады дейді, Шоқанды ерте келеді дейді» деген хабар, оған қосымша, «жәрмеңкеде алты дуанның аға сұлтандары мен билерінің мәслихаты болады дейді, оны да жанарал-гүбірнадырдың өзі басқарады дейді, тілмашы Шоқан болады дейді» деген хабар жер жарды. Осыдан артық не тілесін Шыңғыс?! Ендігі оның қаупі – сырттай «өкпелі» деп еститін. Шоқанның Атбасар жолында туған үйіне соғу-соқпауында. Омбыдан Атбасарға тік тартатын жол Бурабайды, Балқаш, Ақан тауларын басады. Бұл жол Шыңғыстың ешбір мекеніне соқпайды.

– Егер, – деп қауіптенеді Шыңғыс, – тұқымымызға тартқан қыңыр, тентек шіркін өкпе-назына жетектетіп, тік жолмен тартып кетсе қайтем?! Өйтуі Шыңғыс үшін елім. Құсмұрын қосылған Көкшетау дуанында оның досынан дұшпаны көп. Шоқан жолшыбай соқса, достарының көңілі есер еді де, дұшпандарының көңілі өшер еді, сөйтіп кейінгі жылдарда үстінен жоғарғы ұлықтарға арыз кетіп жатқанын білетін, содан қауіп күтетін Шыңғыстың соңғы жылдарда түсе бастаған еңсесі қайтадан көтерілер еді. Егер соқпаса – дұшпандарының отына май құйғаны. Көңіліне сондай қобалжу кірген Шыңғыс, Шоқанға өзі баруды «кішірею» көріп, достас, сенімді адамдарынан бірер кісіні жіберіп алуды ойлады, сонда таңдағандары: Уақ атаулы рулардан Тоқпайдың, Жарылғамысы, Қарауыл атаулы рулардан Байсарының Шөбегі. Екеуі де естияр, сөз білетін, тыңғылықты кісілер. Шақырып ап астыртын ақылдасқан олар көне кетті. Екеуін Аба бастап, Омбыға сапар шекті. Шоқан әкесіне іштей қатты наразы бола жүре, оларға тез көнеді. Нағашысы Мұсаға сырттай жақындаса жүре, «қарына тартпағанның, қары сынсын» дегендей, әке мен екеуінің бірін таңдауға келгенде, оның бүйрегі, әрине, әкеге бұрады. Оның басына да «хан тұқымымын» деген тәкаппарлық мықты ұялап алған. Мұсаны «қарасүйекке», өзін «ақсүйекке» санайтын ол, қанша жампаңдағанымен, нағашысын іштей кейде менсінбейді. Кадет корпусына әкелу жолында, бір сәтте әкесінің:

– «Бөрі арығын білгізбес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей, жұртқа жүнімізді қампайтып кісімсінгенімізбен, хан тұқымы – біздің ішіміз жалаңаштанып келеді, балам. Атамыз Абылайдың қара шаңырағы құлады. Оны болашақта көтеру үміті жалғыз сенде ғана. Сенің де, менің де ендігі тірегіміз – ақ патша, оған жағу үшін тілін білуіміз керек. Сені оқуға әкеле жатқан себебім де сол. Ақылсыз бала емессің. Айыбын, – тентектігің. «Тентектен түзелген жақсы болады» дейді қазақ. «Оқу–шала естіні бүтін, бүтін естіні данышпан қылады» дейді. Оқы. Түзел. Кісі бол. Сөйтіп, атан, Абылайдың шөккен аруағын тұрғыз! Ел басқар. Есепке қасыл! – дегені тасқа салған таңбадай Шоқанның басына берік орнап қалған. Әкесі ат ізін салмағанмен, елден қатынасатын кісілерден естуінше, Құсмұрын дуаны таратылған шақта, «басынан ұшты» деген бағы, Көкшетау дуанына аға сұлтан болғаннан кейін тағы қонған сияқты. Кейінгі кезде сол бағы тағы да қопаңдап қайтадан қашуға талпынатын түрі бар. Егер ұша қалса, «тігілді ме» деген Абылай ордасының заман дауылына төтеп бере алмай, тағы да жалп ете жығылуы мүмкін. Шоқан өйтпеуіне тілектес. Ендеше, желпілдеп тұрған орданы жөнге келтіру керек. Ол үшін әкесінің, аға сұлтандық даражасын сақтап, шайқала бастаған беделін бекіту керек. Ол үшін, Атбасар жәрмеңкесіне жиырма пәуеске, қырық нөкер, жүз салт атты әскермен баруды жоспарлаған Гасфорт пен Майельді әкесінің үйіне түсіріп аттандыру керек. Бірақ, бұндай қонақты көтеру оңай боп па? Ауыл қонағы болса бір сәрі. Оларға керекті тамақ: ет пен қымыз. Ондай ас Шыңғыста аз болғанмен, елде көп. Көкшетау дуанына қарайтын алты руда Шыңғыстың қанша қонағы болса да жалғыз өзі көтеретін дос байлары көп. Шоқан апаратын қонақтар қазақы қонақтардан мүлдем басқа. Бұлар шылғи европалықтар, ендеше европалық ішімдіктер яғни арақ, шараптар керек. Қайдан табылады олар? Табылған күнде, ақша қайдан табылады? Шоқан осы жайларды ескерткенде:

– Елміз ғой, – десті Жарылғамыс пен Шөбек, – «ел іші – алтын бесік» деген. Бізге де табылар, сондай бір бесік.

– Сонда да, көктем жаумайды ғой ақша. Жерден де шықпайды, көптен бармағанымызбен, қазақ аулының хал-жайынан хабарымыз бар. Қазіргі ауылда ептеп ақша жинай бастағандар барын білем. Олардан сіздерге қажетті мөлшерде ақша шықпайды.

– Онда жұмысың болмасын, мырза,– десті елшілер,– бізге Омбы әкімдерін туған аулыңа соқтырам деген берік уәдеңді берсең болды, ар жағын ел болып қарастырамыз да, қандай және қанша төрелермен келсең, де, риза ғып жіберу қамын жасаймыз. Шоқан берік уәде берді де, елшілер қайтып кетті. Олардың сенгені ел емес, Қызылжар, жалпы Қызылжар емес, оқырмандарға осы шығарманың бірінші кітабынан мәлім – Малтабар. Баяғыда, Шоқанды Шыңғыс оқуға апара жатқан жолында, Қызылжардағы Малтабарға соғып, оның, телегей теңіз байлығынан, әсіресе ақшасынан пайдаланғанын білеміз. Шыңғыс қаншама төресінгенмен, оның қалтасының тақырлығына, бере берсең ала беретің тойымдықты білмейтін ашпа-жалап екендігіне Малтабардың көзі жеткен. «Бір жылға қоян терісі де шыдайды» дегендей, Шыңғыстың бір жолғы шығынына шыдауға бекінген ол ақшасы аздарға ауыр салмақ болатын, ұлан-байтақ суммаға «ыңқ» дей қоймаған. Сөйте тұра Малтабар есеп дәнігін істеп, «берерім сонша болғанда, аларым қанша?» деген сұрауды басынан шығармаған. Сол сұрауды түптеп кеп байқаса, берері көп те, алары жоқ. Соны түсінгеннен кейін, Шыңғысты Омбыға апарып салған Малтабар, Қызылжарға ерте оралып, Шыңғыс та қайтқан кезде, үйдегілеріне «жолаушылап кеткен еді деңдер» деген де, өзі таптырмайтын жерге тығылып қалған. Содан бері Шыңғысқа өзі де маңайлаған емес, оған өзі де жолаған емес. Өзге сапарын былай қойғанда, Атбасар 1853 жылдың жазында ашылғалы жатқан жәрмеңкеге қатынасуды ниет еткен Малтабар сауда орнын даярлау ниетімен Атбасарға көктемнен бері сан рет барып қайтты. Сонда қашса құтылмайтын, Атбасар жолы жиектеп ететін Сырымбет тауына, оның солтүстік етегінде отыратын ордаға бір рет те соқпай, мезгілсіз уақытта үнемі жанап өтеді. Бұл өтулерін Шыңғыс сезбейді емес. Малтабарды көріп қалған әлдекімдер мәлімдеп жүреді. Шыңғыс та оған қың ете қоймайды; несіне етсін, түсіп тұрған күні жоқ және ондай күн түседі деп ойламайды да. Енді, міне, Шоқан Омбы әкімдерін ертіп келе қалса, күтіп алуға ақша керек. Және көп керек. Ондай мөлшердегі ақша, Шыңғыс білетін адамдардан жалғыз Малтабарда ғана бар. Ендеше, Омбы төрелерін бастаған Шоқанның туған үйіне соғуына көзі жетсе, қайткенде де Малтабардың қалтасын қолға түсіру керек. Сондықтан, Жарылғамыс пен Шөбекті Омбыға аттандырар алдында, оңаша сөйлесті де:

– Құдай оңдап, Қанашжан үйге соғуға көнсе, қайтарда Қызылжарға тоқтаңдар да, Малтабарға жолығыңдар, – деген. Малтабардан ақшаны қалай алу амалын Шыңғыс күні бұрын ойлаған. Оны ешбір дүние мүлкіне қызықтыра алмасын біледі. Жалғыз қызығары – әйел ғана. Шыңғыс білетін Малтабар «қазақ байыса қатын алады» деген мақалға берік жүгінген адамның бірі. Және оның жалпы әйелге емес, «жас иіске», әсіресе сұлуға құмарлығын Шыңғыс ана жылы байқап қалған. Бұл жағынан Малтабарды қызылға шабатын қорқауға есептеген Шыңғыс, «қайдан табам, ондай қызылды?» деген ойға батқанда, есіне Айжан түсе кетті. Айжанды біз осы шығарманың бірінші кітабынан білеміз. Қаршадайында панасыз жетім қалған оны, Омбыдағы оқуға еріксіз кетіп бара жатқан Шоқан шешесі Зейнепке: «саған қалдырам, өз балаңдай күт» деп тапсырып кеткені мәлім. Баласына «жарайды» деп уәде берген Зейнеп, кішкене Айжанды артына міңгестіріп, қараша ауылдан ордаға әкеткенін де білеміз. Зейнеп Айжанды қызы Рақияның, қасына қосты. Олар бірге тұрды, бірге ойнады, бірге тамақтанды, жатар жерлері де бірге – Зейнеп пен Шыңғыстың жазғы кигіз үйінде, оң жаққа құрылған торғын шымылдықтың іші. Осындай жағдайда бірге ескен екі қызды, Зейнеп мұсылман шариғатының «әйел тоғыз жасында балиғ болады», яғни «ерге беруге жарайды» деген заңына бағындырып, бұған дейін еркек-шоралау киініп келген екеуін де «бойжеткен» салтымен киіндірді. Бұдан кейін, басқа күтімдері бұрынғыша қалғанмен, екі қыздың сырт көріністері басқаланды: Рақияның, бөленгені жібек пен барқыт, киімдерінің өн-бойы асыл тұнған моншақ, құлақтарында салпыншағы кө алтын сырғалар, шашбауында алақаны жалпақ, үзбесі мен теңгесі көп күміс шолпы, білектерінде күміс пен алтыны аралас білезіктер, саусақтарында сақиналар, басындағы қамшат құндызынан дөңгелете жасаған бөркін алтын зерлі үш топпен тыстаған, оның төбесінде жайқалған сарғылт үкінің үлкен шоғы, маңдайында тотының құлпырған бір тал қанаты. Айжанды Зейнеп қара-дүрсін ғана киіндіріп, моншақтармен әшекейлеген жоқ. Бірақ, жұрттың көзі жылтырап киінген Рақияда емес, жұпыны киінген Айжанда. Ол Рақиядан әлдеқайда сымбатты, өлшеусіз сұлу. Білетін жұрт Айжанды дене жағынан да, кескін жағынан да, жас шағындағы аумаған шешесі – Күнсұлу дейді. Ол да осындай талдырмаш сұңғақ бойлы болатын деседі білетіндер, ол да осы сияқты қылдырықтай қыпша бел болатын. Оның да екі бұрым ғып өрген қолаң шашы тірсегіне түсетін. Оның да көздері осындай томпақтау, мөп-мөлдір, қап-қара. Кірпіктері оқшантайға қаз-қатар салған садақтың жебелеріндей ұзын, тістері тізген меруерттей әппақ. Саусақтары осы сияқты, судан тартқан сүйріктей жұп-жұмсақ еді деседі... Түр-тұрпаты ғана емес, мінезі де аумаған шешесі деседі біреулер,– бұл да шешесі сияқтанған сыпайы, әдепті. Ол марқұм үлкеннің, алдынан кесіп етпейтін. Қаршадайынан жетім қалған мынау қызы, сол мінез-қылықтарын қайдан үйреніп қалған!..

– Шеберлігін айтсаңшы, – деседі біреулер, – он саусағынан өнері тамған ісмер емес пе еді Күнтай? Маңайдағы елде әлі жетіп, әдемі киінгісі келгендер үстіне ілетін лыпаларының бәрін соған піштіріп, біразы соған тіктіріп алмайтын ба еді? Матаны қайығанда, мәнерін машинадан кем түсіретін бе еді? Кестеге қандай еді жарықтық, көрген кісінің көзі сүрінетін еді ғой, өрнегіне? Оюға қандай еді қолы!.. Осы маңайда отаулап қыз ұзататындар, жасау, жиһаздарын Күнтайға әшекейлетіп алатын еді ғой!.. Сол өрнектеріне қазақ түгіл орыс та қызығып, біреулері сүгіретін де салып алған деседі. Бұл жағынан да қызы шешесіне ұқсаған да қойған! Зейнеп бәйбіше Айжанның сондай өнерлерін пайдаланып, қаршадайынан қол өнеріне отырғызып қойды. Рақияны Айжанға салыстырғанда тым ажарсыз-ақ. Ең алдымен, оның бойы өспей, тарбиған тапалтақ болып қалған. Жастары құрдас Айжан екеуі қатар тұрғанда, Рақияның ұзын тұрқы оның кеудесінен ғана келеді. Сол қалпымен бып-быртық, жұп-жуан. Қысқа мойнына шекелері жалпайған бас біткен. Көзіне түскен дудар шашының тұлымы бір-ақ қарыс және жылқының жалындай қатқыл. Өңі қоңыр-тарғыл. Қысыңқы бітік көз, танауы кең май мұрын, дүрдиген қалың ерін. Осындай сиықсыздығына мінезсіздігі де дәл келген. «Төрт-бес ұлдан кейін көрген жеңсік» деп, Зейнеп оны туған «үнінен мәпеледі де, аяғын басып, тілі шыққан күндерден тұрпайы қимылды, бейпіл сөзді болды. Рақия «көк инені көзіне түрте білмейтін» олақ. Ол, ең аяғы, көйлек-көншегінің үзілген түймесін де қадап ала алмайды. Өз бетімен шайын да қойып іше алмайды. Соның үстіне барып тұрған салдыр-салақ, Айжан тауып бермесе қай киімінің қайда жатқанын да білмейді; тіпті, айта берсең Айжан жуындырмаса, өз бетімен шомыла да алмайды. Қыз күнінде сондай Рақия, ертең біреуге барса қайтпек? Балалы-шағалы болса ше? Ендеше, қасында Айжан сияқты пысық біреу болмаса, «көштен қалып, аштан өлетіннің» нағыз өзі!.. Рақияның қорлығынан құтылар амалы жоқ, барар жер, басар тауы жоқ Айжанның, көз жасын төгуден басқа қолынан келері болмады. Онда да, оңашада ғана, Рақияның көзі шалып қалса, «немене, жылайсың? Байың, өліп, бақытын, күйіп отыр ма? - деп шыжғырады. Жалғыз сүйенері «Әя-апа» деп атайтын Зейнеп еді, басында арашалайтын ол да кейінгі кезде қызының өктемдік қылықтарын көрмеген сияқтанады. «Есейе келе арқа тұтармын» деп үміттенетін жалғыз ағасы Жайнақты Шыңғыстың он төрт ағасының бірі – Әміре Тоқырауын бойындағы төреге ұзатқан қызына «жеті жетімнің» біреуі ғып қоя берген. Содан бері өлі-тірісінен хабар жоқ. Итжеккенге жер ауып кеткен әкесі Ақпан да хабар-ошарсыз. Басқа жанашыры болмаған соң, тәңірінің талайына берген қорлығына көнбеуге шарасы жоқ. Осынша ауыр халдегі Айжанға, тоғыздан онға шығарда көңілін көншітерлік игілік кездесе қалды. Сол жылы, бір кезде Айғаным Шұңғырша Қарауыл аталатын рудан Бұхара Шәріпке оқуға жіберген Талас баласы Науан табан аудармай он сегіз жыл оқа, «он екі пәнді тәмәм ғып» туған еліне қайтып келді. Ол жалғыз келмей, өзі оқыған Коклан медресесінің бас мүдәррисі – Ғабдулла Ғабдуһудің қызы Гүлшаһрамен көңіл қосып, сабағын бітіргеннен кейін, жасырын түрде, салт атпен қазақ даласына зытып отырды. Гүлшаһраның әкесі білімді Байруттың дарро-әл-фнунінен алған хатым – кәрдан екен. Бұл Ислам әлемінде екі бағыттың күресіп жатқан шағы: бірі – «мүтәкаддимин» аталып, құдай сөзі – құранмен, пайғамбар сөзі – хадиске талқылау жасаттырмайтын, ғылым оқуларынан безетін кертартпа бағыт; екіншісі – мүтәкаллимин» аталып, медреселерде құран мен хадиске де сын көзімен қарайтын «ахирет» сабағымен қатар, «дүние сабағын» да, яғни ғылымды да оқытуды жақтайтын прогрестік бағыт. Байруттан соңғы бағытты ұстап келген Ғабдуһу, Бұхарадағы, Коклан медресесін осы жолға түсірді. Ол ұлдармен қатар, медресе сыныфын да ашып, өз қызы Гүлшаһраны қоса, әмірдің, тіл алатын уәзірлердің, имамдардың қыздарын да оқуға қосты. Бұл Ислам әлеміндегі бірінші жаңалық еді. Осы жаңалықты қазақ, даласына Науан мен Гүлшаһра ала келді. Науан «шариғат» аталатын дін сабағына және «тариқат» аталатын дүние сабағына жүйрік; Гүлшаһра поэзияға, әсіресе арабтың, фарсының, және Орта Азиядағы мұсылман елдерінің арғы-бергі заманда жасаған ғашықтық жырларына жетік. Оның көңілін Науанға шешілместей түйіндеп берген де осы жырлар. Науан келгенге дейін «хан мешітінде» имамдық құру, «хан медресесінде» бала оқыту міндеттерін Ғалиакбар есімді татар молдасы атқаратын. Ол хатты Орынбор маңындағы Қарғалы аулының, медресесінен таныған, «түрікше» аталатын кітаптардан басқаға тісі батпайтын, ой өрісі тар, барып тұрған фанатик, мейлінше кертартпа адам. Айғаным заманынан келе жатқан бұл молда, кейінгі жылдары керенау тартып, жұма күндері болмаса, мешітке барып намаз оқымайтын. Баяғыдан бері алдын көрген шәкірттерінің бірен-саран зеректері болмаса, өзгелері «намаздығын» ғана шала үйреніп, жазу-сызуға шорқақ болатын. Қыз баланы ол оқытпақ түгіл, маңайына да жолатқан емес. Оның ойынша – әйел де бір, шайтан да бір. Екеуі де адамды аздырушылар. Басында бұл елге садақа сұрап келген Ғалиакбар, сіңісіп алғаннан кейін мінез шығарып, кім көрінгенмен ұрсыса беретін және тілі удай ащы болып, балағаттаған адамын шаяннан кем шақпайтын. Сондай молдадан Шыңғыс та, ел де қалай құтылудың амалын таба алмай жүргенде Науан келе қалды. Ел екеуін салыстырып қараса Науан – теңіз де, Ғалиакбар – шұқанақ. Сондықтан, Шыңғыс имамдықты да мүдәрристікті де Науанға беріп, Ғалиакбарды азаншылық пен қайыр-садақа алу ісіне ғана қалдырды. Оның көнбеуге ылажы жоқ. Бірақ, сырттай көне кеткен сияқтанды да, іштей Науанға «әй, бәлем, сені ме?!» деген кекке бөленді. Науан «Коклан медресесінің үлгісімен «хан медресесінде», ұлдармен қатар қыздарды да оқытуға ниет етті. Ұлдарға сабақты өзі бермек, қыздарды Көкешіне4 оқыттырмақ. Ұлдан оқушылар көп жиналды. Бәрін ала берсе медресеге сыймайтын. Сондықтан, қалаулы адамдардың, балаларын таңдауға тура келді. Ал, қыздар ше? Қыз баланы «жат жұрттық» санайтын, «байтал шауып бәйге алмайды» деп менсінбейтін қазақтан қызын сабаққа беруге көнген жалғыз – Шыңғыс қана. Оның сабаққа беруге – Рақия. «Ата даңқымен – қыз, мата даңқымен – боз өтеді» дегенмен, «мына түр, мына мінезіне қарағанда, осы қызымды ешкім алмай қоймаса не қылсын!» деп қауіптенетін-ді Шыңғыс. Қызғылықты қыздарға, әсіресе атақты адамдардың қызына бесігінен бастап құда түскендер толып жатыр. Рақия онға келіп қалды. Бұндай жасында біреуге атастырмайтын қыз қазақ аулында болмайды. Рақияға ешкімнің де өйтпеуі жақсы ырым емес.

Осындай уайымда жүрген Шыңғыс, Науанның:

– Қызды сабаққа беруге сіз жетекші болыңыз, сұлтан! Өзгелер сізден үлгі алады,– деген сөзіне, «оқу – жарым естіні бүтін есті етеді, бүтін естіні данышпан етеді» дегенге сенетін Шыңғыс тіл қайырмастан көне кетті. Зейнеп те сондай ойда еді. Бұл мәселеде ойлары қабысқан әке мен шеше, Рақияны Көкештен оқытайын десе, жападан-жалғыз көнер емес. Ендеше, оның қасына Айжанды отырғызу керек. Бұған да Рақия әрең көнді. Бірақ ол оқып жарытпады. Ішінде арабтың «әліп-биі» бар «Иманшарт» аталатын жұқа кітапша, көп болса, бір жұма ұстауына жетеді. Одан әрі түтесі шығып, шеттері жымырылады да, беттерін кір басып, тұтынуға жарамай қалады. Қолға оңайлықпен түспейтін бұл кітапша іске алғысыз болған шақта, жазуға шебер Науан мен Көкеш, бір тарақ қағазға «әліп-биді» жазады да, шыбықтың жарған басына қыстырып береді. Ол, тіпті де ұзаққа бармайды, сөйтіп, қыстырма «әліп-билер» тез ауыса береді. Сондай қыстырманы Көкеш ұғындырмақ болып қаншама тырысқанмен, Рақияға жұма түгіл, ай түгіл жыл тәулігінде де ұқтыра алмай шаршады.

Ал, Айжан ше?

Бетіне кір жұқтырмай, қағаздарын сындырмай таза ұстаған ол, бір айдың шамасында «Иманшарттың» «әліпбиі» түгіл, ішіне сыйған бар сөзін түгел жаттап алды. Бір жылдың мөлшерінде Айжан «Әптиектен» өтіп, «түрікше» аталатын кітаптардың қолға түскендерін түгел тауысты. Айжанның зеректігіне қызыққан Көкеш, араб пен иран тілдерінде жазылған кітаптармен таныстыра бастады. Бұл тілдердің сарфын (грамматика), нахун (синтаксис), мантиғын (логика) өтіп, одан әрі дін философиясын талқылайтын «ғақа-идке», басқа діндермен талас мәселелерді шешуге тырысатын «фиқһиға» бару керек. Араб тілінің ол кездегі сарфын «Шарх-Ғабдолла» дейді. Бұл, Ғабдолла есімді кісінің араб тілінде жазып, әр беттің төңірегіне фарсы тілінде түсініктер (комментария) берген еңбегі. Аталған екі тілді білмейтін кісіге «Шарх-Ғабдолланы» меңгеру өте қиын. Бірақ, бұл кітапты Айжанға ұқтыру, Көкешке ауырлыққа түскен жоқ. Оның аржағында, жаңағы әдіспен жазылған «Молла Жәлил» (наху). Сабаққа отырудың үшінші жылында Айжан бұл кітаптарды игеріп қалды. Ол Көкешпен араб және фарсы тілдерінде еркін сөйлесе бастады. Көкеш зерек шәкіртін өз бағытына түсіруге тырысып, араб пен Иран поэзияларының шеберлері жасаған көркем шығармалармен таныстыруға кірісті. Сонда байқағаны, өзі сияқты, бұл қыз да ғашықтық бәйіттері мен қиссаларын ықласын сала оқиды, кей жырға әсерленген шақта нақ өзі тәрізденіп, көзіне жас алады!.. Көкештің даусы әдемі еді. Өз мекеніндегі дос қыздарының мәжілісінде жырлайтын оны, құрбылары «Бұхара бұлбұлы» деп атайтын. Өзбектің талай тамаша әндерін құйқылжыта айтқанда, құрышы қанбайтын құлақ болмайтын. Науан да үнді жігіт еді. Екеуі қосылып ән айтуды Бұхарадағы бау-бақшаларда жасырын жолығатын сәттерінен бастаған. Науаннан ол қазақ әндерін үйренген де, Көкеш оған өзбек әндерін үйреткен. Бірге сайраған екі бұлбұлдың алғаш, бау-бақшада қорғалай, құмыға шыққан үндері, қазақтың кең даласына шыққаннан кейін, жетер мөлшеріне дейін биіктеген. Жолшыбайға құмайтты, шелді кең даланы кезетін ұзақ жолды олар қосыла айтқан әндерімен қысқартқан... Сырымбет саласындағы елге келгеннен кейін де олар қосыла айтатын әндерін доғарған жоқ. Бұхара сияқты қызығы көп шәһардан аз ғана үйлі хан аулына келген Көкештің іші кейде қатты пысып кетеді. Сондай шақтарда көз жасы ағыл-тегіл болатын. Ғашығының көңілін аулау үшін, Науан салт атпен қасына ертеді де, күзді, көктемді шақтарда айнала қоршаған қарағайлы қалың орманды, төбеден төніп тұрған айыр өркешті Сырымбет тауының салаларын кезіп, немесе, айналасы ат шаптырым «Қылы» келіп жағалап кетеді. Орда ауылдың жаз шығар жайлауы – Ұлытау, Кішітау жақ беттегі белесті жалпақ далаға, сол маңдағы «Қалмақкөл», «Салқынкөл» одан әрірек – «Құлаайғыр» өзені. Науан ол өлкелерді де Көкешке салт атпен түгелге жақын аралатты. Оны да місе тұтпай, жаз ортасында шәкірттер үйді-үйіне тараған шақта Көкшетауға ортақ: Айыртау, Имантау, Сандықтау, екі Жыланды, Зеренді, Ақан, Бурабай тауларының да көбін көрсетті. Бұл таулардың төңірегінде, о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтің түбі терең, асты қайраң көлдер көп. Науан көргенде Көкешке оларды да аралатты. Екеуінің сондағы серіктері жекелеп, я қосылып айтатын қазақ пен өзбектің әндері... Көкештің байқауынша, Айжан әнші қыз. Дін сабағында құранды әндетіп оқуды «мақам» дейді. Бұхара сияқты үлкен қалалардың мешітінде, намазға жиналған көптің алдында, мақамдап аят оқу, опералық театрлар сахнасында ария айту сияқты өнер. Европаның әнші артистеріндей, Ислам дүниесінде де атаққа шыққан талай мақамшылар болған. Көкеш Айжанның әнші боларын әуелі құран оқыған мақамынан сынады. Оның да даусы күмістей сыңғырлайды. Бұл даусына қызыққан Көкеш, ауылда әндетуге қымсынатын Айжанды не орман ішіне, тау саласына, белесті жыраққа алып кетеді де мақамдар мен әндерге жаттықтырады. Көкеш Айжанның зеректігі мен үнділігіне ғана қызықпайды, түр-тұлғасына да қызығады. Өзін өзбек кескіндінің сұлуына санайтын ол, Айжанды қазақ кескіндінің қас сұлуы көреді. Бұхара мен Көкшетау арасын мекендеген мыңдаған қазақ ауылдарына соққан ол, талай сұлуларды көре жүре, нақ бұған теңдесерін кездестірген емес. Сонысына қарап, «егер мен еркек болсам осыны ғана таңдар едім» дейді ол ішінен. Бұл ойын сүйікті ері Науаннан жасырмайды. Көкештің көңілін жықпайтын Науан, «мен де сөйтер едім» дей алмайды.

– Бірақ, амал нешік – деп күрсінеді Көкеш, – қазақ арасында аз болғаныммен, әдет-ғұрпымен танысып та үлгердім. Қазақта:

«Бір жаман мал бердім деп алып кетті,
Жылқы екен қыздың байы, сығыр ойбай!»

деген өлең бекер айтылмаған. Қалың малын төлесе, қазақ қызын шал да, кемтар да ала беретінін көріп жүрміз. Әсіресе, кедейдің қыздарын!.. Теңіне тиетін қыз кемде-кем. Айжан бейшара да солардың біріндей қор болып кете барады да! Бұл қорлықтан Айжанды қалай құтқарудың ебін, Науан мен Көкеш қалай ойласа да таба алмайды. Тек, Көкеш қана алыстағы бір үміттің ұшқынын жылтыратқандай болады. Ел әйелдерінің салтымен Шыңғысты «сұлтан» деп атайтын ол:

– Осы сұлтанның, – дейді, Науанмен оңаша сырласқанда, – Омбыда оқып жүрген баласы бар деседі ғой?

– Бар дейді, аты – Шоқан дейді.

– Сыртқы жұрт оны әдемі жігіт, оқымысты жігіт дейді.

– Мен де солай деп естідім, – дейді Науан әйелінің көмекейінен келе жатқан бір сырдың лебін аңғарғандай елеңдеп. – Оны неге айтып отырсың?

– Соның жұбайына Айжан лайық сияқты.

– Айтпайтын сөзді айттың ғой, Көкеш...

– Неге?

– Ол ханның баласы – ақсүйек, бұл жалшының қызы – қарасүйек...

– Бола берсін. Көңілдері қосылса, қай сүйек екені неге керек? Егер ол ақылды жігіт болса, бұл қызға көзі түссе-ақ құмартады...

– Мүмкін. Бірақ, сонда да үйлене алмайды!

– Неге?

– Ең алдымен, Шоқанның әкесі мен шешесі көнбейді...

– Мейлі, көнбесе!.. Біз қарадық па, менің әке-шешемнің көнген, көнбегеніне?

– Бізді қорқыныштан қазақтың кең даласы құтқарды. Олар қайда барады, жауларынан қашқанда?

– «Орысшыл» деседі ғой, сол жігітті? Орыстың да жері кең дейді ғой?

– О да бар екен-ау! – дейді бұл сөз көкейіне қона қалған Науан. – Бірақ, ол кәпір арасы ғой!

– Бола берсін. Қорлықта өлгеннен, шоқынып кеткен жақсы!

– Астапыралда!....

– Айжанның болашақ тағдыры туралы олар осылайша толғанып жүрген шақта, ойда жоқ кесір кездесе кетті. Сырымбеттің күнгей жағында, отыз шақырымдай жерде «Иман» аталатын тау болатын, соның етегіне он тоғызыншы ғасырдың басында «Иман» аталатын татар селосы орнап, тұрғындары казачествоға жазылған да, қазақ-орыстар даражасында патша өкіметінің осы маңдағы күзеті болумен қатар, қазақ арасында қандай наразылықтар барын полиция басқармасына астыртын хабарлап тұратын, татарша аты – Салах, орысша аты – Сергей Яманкин урядник басқаратын. Шыңғыс ауылындағы Ғалиакбар молда, «атам заманнан» тыңшылық қызметін атқарып, тұрған жеріндегі тышқанның қыбырлағанына дейін Яманкинге жеткізе беретін. «Орнымда тартып алды» деп өшіккен Науанның із-өкшесіне Ғалиакбар жарық алып түсті де, қымс еткенін қағазға тізіп Яманкинге мәлімдеді де тұрды. Бұл мәліметтерден «кәпірге қарсылықтың» иісі көңірси бастаған соң, Яманкин Ғалиакбарға арнаулы тапсырмалар беріп, «Науан жүреді» дейтін жолдың тораптарын қазыңқырай, тереңдете бастады. Содан келіп шыққаны: Науан христиан дүниесіне дұшпан, ол қазақ арасына ислам идеясын таратады, қазаққа түрік сұлтандарын жақсы көрсеткісі келеді, сайып келгенде ол барып тұрған пан-исламшыл-пан-түрікшіл адам. Яманкин бұл мәліметтердің қорытындысын жоғары қарай хабарлады да, ақыры, Россияның ішкі істер министрі – генерал-адъютант Перовскийден Науанды Сырымбеттен Көкшетау қаласына көшіруге, онда полицияның қатты бақылауында ұстауға бұйрық келді. Яманкин сол бұйрықты орындап, бір кеште он шақты қарулы солдатпен сау ете түсті де, Науан мен Көкешті әй-түйсіз кешірді де әкетті. Неге екенін жазықсыздар да, ел де білген жоқ. Шыңғыстың кейінірек естігені – «патшаға зиянды адам». Одан арғысының керегі жоқ, зәресі ұшып қорқуына сол сөз де жетеді. Бұл таяқтың ауыр соққысы ең қатты батқан адам – Айжан. Ол не болып не қойғанын білмей де қалды. Бірін айындай, бірін күніндей көріп жүрген екі жарық сәулесі жалп етіп, ойда жоқта сөнді де қалды; оның аспанын қалың бұлтты қап-қара түн жапты! Арты неге соғарына ойы да, ақылы да жетпейді. Ұстаздары кете, Айжанның тұрмысында Рақияға байланысты тағы бір жаңалық басталды. Оқуға, шаруа жабдықтарына шорқақ Рақия, кішкене күнінен ыржаң-қылжаңға әуес болатын. Еркек-шора кезінде, өзін бейпіл еркек баладай ұстайтын ол қызша киінгенде де сол дағдысынан арылмай, кім көрінгенмен жарбаңдап ойнай беретің қандай сөзді айтқысы келсе де тартынбайтын, өрескелдігін тастамайтын. Сонда Зейнеп байқаса, қызы енді, жалпы балаша емес, ер балалармен, кейде бозбалалармен қызша қалжыңдасатын түрі бар. Еркіне жіберсе, бетімен кетуге де бейім. Көкеш бар кезде, сабақты сылтау ғып, Зейнеп оны күндізгі кездерде көгендеген көбдіктей тырп еткізбей қоятын еді, сабақтан босай өзі бақылап, аяғын қия бастырмайтын еді. Енді сабақтан құтылғанда қалай ие болмақ?! Осы жайды ойланған Зейнеп, қызын тырп еткізбейтін берік «құлып» тапты, ол – Шыңғыстың бірге туған ағасы Мәмке батырдың үйі. Уәлі ханның он төрт ұлының бірі – Мәмке өзге туыстарынан бөлініп, Кенесары қолына қосылған да, патша әскерімен соғыста жүріп, жас жігіт шағында оққа ұшқан. Оның әйелі – Бүбі жиырма бір жасында жесір қалған. Уәлі тұқымдары «ендігі Абылайымыз осы болады» деп жүргенде, мезгілсіз қаза тапқан Мәмкені, басы – тоқал шешесі Айғаным болып, бұл атаның барлық әйелдері жыл тәулігі жоқтаған. Ерінен жиырма бір жаста жесір қалған сымбатты, сұлу Бүбіге әменгерлік заңымен кейбір төрелер үйленбек болғанда, «батырдың аруақты төсегін басқаға бастырмаймын» деп, Бүбі көнбеген. Бүбі Айғаныммен төркіндес, әлдене оқымысты қожаның мұсылманша сауаты бар қызы екен. Аруақ сыйлап ерге тимеген Бүбі намазын, оразасын қаза қылмаған, шақырмаған үйлерге бас сұқпаған, шақырған үйлердің де елеулілеріне ғана барған, бос уақытын тісі батарлық кітаптарға қараумен өткерген. Сондықтан Мәмкені сыйлайтын жұрт оны да сыйлап, үлкендері «әулие келін» деп, кішілері «әулие апа» деп ерекше қадір тұтқан. Бала күнінен мінезі салмақты Бүбі, жесір қала тіпті салмақтанып, Зейнеп сияқты сырлас, сыйлас абысын-ажындары болмаса, үйіне еркектер түгіл, әйелдерді де кіргізбеген. Зейнеп Рақия мен Айжанды осы Бүбінің қолына берді. Рақияны берген себебі жоғарыда айтылды. Айжанды қоса беретін себебі: Рақияға күтуші болсын дегендік қана емес; қыз болып қылтия бастағаннан кейін оған ауылдың, қыз құмарлары, әсіресе Шыңғыстың ересек болып қалған баласы Жақып маза бермейтін болды. Олардың бәрінен қалай қорғамақ? Сондықтан Зейнеп оны да Бүбінің қолына қамағысы келді. Қолына берген қыздарды «әулие апай» қақпанға түскен түлкідей етіп-ақ ұстады. Айжан тәртіптен таймайтын кісі. Еркінсіп өскен Рақия бастапқы күндері бұлталақтайын деп еді, күші көп, қолы қарулы Бүбі:

– Былай көндірейін сені! – деп, біраз мелжемдеп алды. «Аюға намаз үйреткен таяқ» дегендей, соққы батқан Рақия, Бүбінің бұйрығынан бас тартуды қойды. «Күнін өткізуге ермек болсын» деп Бүбі оның қолына ине беріп іске отырғызды.... Айжанды Малтабарға беру ойы Шыңғысқа осы кезде туды.

ҚҰПИЯ ҚҰДАЛЫҚ

Енді Шыңғыс Омбыға жұмсаған жолаушылар жайына оралайық. Шоқанның туған үйіне келу ризашылығын алған Жарылғамыс пен Шөбек Қызылжардағы Малтабарға coғуға ниет еткенін жоғарыда айтқамыз. Салт жүретін ұзақ жолдың бойында, мінген жорғаларын ара-тұра ғана көсілтіп, жерді ұтып алулары болмаса, олар көбінесе бүлкіл аяңмен ғана отырады да, ішті пыстыратын ұзақ жолды, қызғылықты кеңестермен қысқартады. Қастарында оншақты жолдас-жоралары бар. Қос ағалары оларға кейде, «аттарыңның басын ірке жүріңдер!» деп қатарласып қалады да, оңаша сөйлескілері келгенде, «озыңқырап кетіңдер!» деп араларын алшақтатады, құпиялары біте, жалбағайларын бұлғап жақындатады. Жарылғамыс бір сәтте сөйтті де, Шөбектен басқа серіктерін алға қарай оздырды. Неге екенін білмеген Шөбектің көңіліне қауіп кіре бастады. Ол екеуі түйдей құрдас еді. Қара өңді Жарылғамыс алпамсадай денелі, қарулы адам, ал ІІІөбек сарғылт өңді, жуантық семіз, тапалтақ денелі, қарусыз адам. О заман да бұ заман, қазақ құрдастарының қолмен де, тілмен де қатты ойнайтын әдеті бары мәлім. Қол жағына келсе Жарылғамыс жеңеді де, тіл жағына келсе Шөбек жеңеді. Тілден жеңе алмайтын Жарылғамыс Шебекті алып-ұрып астына умаштай басады да, білгенін істеп, «өлдім, талдым» дегенде әрең босатады. Сондықтан, Шөбек арашалар біреулердің қасында болмаса, Жарылғамысқа тілін түйремейді. Жарылғамыс жеке жерде әзілдескенді, Шөбек көпшілік бар жерде әзілдескенді жақсы көреді. Ол Жарылғамысты «Қара аю» дейді, Жарылғамыс оны «Сары шаян» дейді. Омбыдан Қызылжарға беттеп келе жатқан жолда да, іштері пысқан олар біраз қақтығысып келе жатқан. Екеуінің құрдас екенін білетін жолдастары олардың тіл, я қол батырып ойнауларына көбіне араласпай, тек, Жарылғамыс умаштаған Шөбек «өлдім!» деп айқайлағанда ғана айырып алатын. Бірде Жарылғамыс Шөбекті атынан жұлып ап, жерге тастап кеткен де, серіктеріне «бармаңдар!» деп бұйырып, бірталай жер жаяу жүргізген. Жарылғамыс жолдастарын соңғы рет оздырып жібергенде «сөйте ме?!» деп қауіптенген Шөбек:

– Арттарыңа алаңдай шабыңдар! – деп қалды, тебіне, шоқыта жөнелген жолдастарына.

– Неге? – деді, қатар келе жатқан Жарылғамыс.

– Кім біледі, сен кәпір аюдай арбаңдап, тағы да бас саларсың!

– Қорықсаң сен де жөнел, шаңдарын қаба!

– Қумаймысың сен? Атың ағынды, жетпеймісің? Жетсең ғой, «қаштың» деп қолыңды батыра түсесің? «Қашқан жауға қатын ер», одан да, не көрсем де қашпай көрейін. Жарылғамыс «ә, солай ма?!» деп, масаттанғандай бір күрілдеп қойды да:

– Әзіл-оспақтан басқа да кеңесім бар еді, – деді.

– Ие, қандай? – деді Шөбек елеңдеп.

– Осы біз ғой, Қызылжардағы Малтабарға келе жатырмыз?

– Ие, келе жатырмыз. Оны неге сұрадың?

– Жас иіске құмар Малтабардың, біз атайтын қызға құлай кетуі сөзсіз.

– Менімше де. Әсіресе қыздың сұлулығын сипаттай алсақ.

– Тіліміз жеткенше баяндап бағармыз. Жетпегенін көргенде білер.

– Жеткізе алайық, жеткізе алмайық, «сұлу» деген сөзді құлағы шалған соң, әрі «балапан жас қыз» деген соң, Малтабар көруге, әрине, құмартады.

– Мен естіген қыз болса, «көрді» дегенде, «қызықты» дей бер.

– Маған сонысы керек. Ал, Малтабар қызыға қалды дейін, сонда сол қызды ала ма?

– Неге алмайды? Кім бөгет болады?

– Шоқан! – деді Жарылғамыс адырақ үлкен көзін Шөбекке алайта қарап.

– Қайдағы Шоқан?

– Кәдімгі Шыңғыстың.

– Ол неге бөгет болады?

– Арғы шешімін саған қалдырып, мен көрген-білгенімді айтайын.

– Ие?!

– Омбыға төрт-бес қонғанда, менен Шоқан сол қыздың жайын бір емес, бірнеше рет сұрады.

– Не деп?

– Әуелі «сондай қыз бар екенін білесің бе?» «Қаршадайынан жетім қалған бейбақ еді» деп, оқуға аттанарда Әяапаға (шешесі – Зейнепті ол да солай атайтын) «өз қызыңдай күт деп тапсырып едім, күтімі тәуір ме?» дегені бар. Мен «тәуір деп естідім» деген соң, «ордаға бір үлкен жолда келіп, содан оқып жүр дейді, өзі зерек дейді деген сөз рас па?» деді. Мен болған істен тана алмай қап, «рас еді, бірақ ол молда өкіметке жақпай, ауылдан Көкшетау қаласына қуылды» деп ағымнан жарылдым. Сөйтіп, қыз жайында Шоқаннан мені майлы шектей айналдырғаны!..

– Неліктен өйтті екен?! – деді, Жарылғамыс айтқан сөздердің байыбына әлі байыбына бара қоймаған Шөбек.

– Қайдам? деді ішкі пікірін тез аша қойғысы келмеген Жарылғамыс.

– Сонда да?

– Хан тұқымына менен гөрі сен сырласырақсың, әрі іргең айырылмаған қоңсысың, мән-жайын көбірек білесің, неге жорысаң да сен жоры!..

– Не деп жоримын? Хан тұқымының не барып тұрған қатал қара жүрек, не үлбіреген аямпаз ақ жүрек бола қалатын әдеті бар. Бұның да ақ жүрек болғысы келгені шығар...

– Жо-жоқ, – деді Жарылғамыс Шөбектің сөзін бөліп – жәй ақ жүректік ғана емес сияқты бұл...

– Енді не дейсің?

– Шоқанда сол қызға құмарлық бар ма деп қалдым.

Шөбек қарқылдап күліп жіберді.

– Неге күлесің?

– Бой жеткелі көрмеген қызға қалай құмартады?

– Сөз әлпетіне қарағанда, осы қыздың сымбаттылығы мен сұлулығына Шоқанның құлағы қанған сияқты. Мен естігенім болмаса көргенім жоқ еді, сол қыз расында да айта қалғандай ма?

– Мен көрмей жүріп, бір сәтте тасадан көз тігіп ем, шынында да адамзаттың періштесі екен! Қатын құмар Малтабарға Шыңғыстың сол қызды көлденең тартпақ болып жүруі де содан ғой деймін...

– Мен де солай ойлаймын. Бірақ, Шоқан Малтабардың қолын жеткізсе!

– Ойнап келе жатыр екен десем, шындап келе жатыр екенсің ғой, тәйірі, – деді Шөбек, кейіген кескінмен. – Қызыққанмен, Шоқан соған үйленер деймісің? Әйелқұмарлық хан әулетінің ата дағдысы. Құмарта қалған күнде де, «күйек астыдан» әрі бармайды. Малтабарға қалғаны да қанағат.

– Әй, білмеймін,– деді Жарылғамыс басын шайқап,– қорқам мен!..

Жарылғамыс жобалаумен қорықса, негізінде «қорқарлық» та жәй бар еді. Кадет корпусына түскелі, Шоқанның өз туыстарынан ешкім қатынаспағанмен, аналық жүрегі елжіреп Зейнеп жыл сайын көктемде бір, күз де бір Абаны және қасына қосқан біреулерді Омбыға жұмсап, Шоқанға сыбаға жіберіп алатын. Сонда Шоқан, туған жерінің өзге тіршілігімен қабат, Айжан жайын да сұрастырып қоятын. Төрелердің төсек қамын ойлап жүретін Аба, өсіп келе жатқан Айжанды өлердей мақтайтын, сондағы ойы – Шоқанды әйел құмарлық жағынан тұқымына тартады деп санайтын ол Айжанның сымбаттылығы мен сұлулығын құлағына құю арқылы «безіп жүр» деген үйіне тартудың бір амалы болатын. Сондықтан, Шоқанға жолыққан сайын Айжанды мақтай беретің оған гүлі ашылмаған кезде қауыштыру мақсатымен, маңына басқаны жолатпай, қызғыштай қорғайтын.

– Ал, Шоқан ше?

Корпуста оқып жүрген күндерінде, оның арабша оқытушысы Костылецкиймен жақын болғаның сол арқылы арабтың тілінен, әдебиетінен мәліметтер алғанын білеміз. Сонда, Шоқанның ерекше қызығатыны – ғашықтық жыр» лары болушы еді. Бұл тақырыпта жазылған Европа поэзиясымен таныстығы бар Шоқан, араб жырларында оларға ұқсамайтын өзгешелік табатын. Мысалы, араб жігіттері сұлу қыздарды өңінде емес, түсінде көріп ғашық болады да, соны іздеп азап шегеді, не (мысалы, Қасым патшаның, баласы – Сейфүлмәлік) адам емес, пері қызына ғашық болады (Әміре), немесе тумай жатып ғашық болады «Ләйлі-Мәжнүндегі» Ғабдүули, тағы тағылар. Солардың көбі іздеу жолындағы азаппен өледі. Мұратына жете алмаған кейбіреулері «ғашқи Илаһи» жолына, яғни, софылардың қолы жетпейтін құдайға құмартуы сияқты, «тән емес, жан ғашықтығына» айналады. Біздің Шоқан Абаның Айжан жайлы әңгімесін ести-ести, оны көруге қатты құмартып алды. Шақыра келген Жарылғамыс Шөбекке «барам» деп уәде беруіне үлкен себептің бірі осы еді. Бірақ бұнысы ғашықтыққа айналады деген ой Шоқанда жоқ. Үйлену ойы оның басына әлі кірген жоқ. Оның ойы – Гасфорт кеңсесінде төрт-бес жыл қызмет істеп, содан кейін Петербургке бармақ та «жоғарғы» аталатын оқулардың біреуін бітірмек. Содан кейін саяхат жолына түсіп, аяғы жетер жерлердің бәрін әсіресе Азия мен Африканы араламақ, содан кейін, еңбектерін оқыған атақты саяхатшылар: Венециялық Марко Поло, Фламандық Рубруквиюсь, қытайлық Юань Цзянь, араб – Әл-Идриси, ағылшын – Кук, қазақ – Мұхаммед Хайдар - Дулати, француз – Абель Peмьюзе, орыс – Иакин Бичурин, Фин – Кастрен тағы басқалардың үлгілерімен ғылымдық еңбектер жазбақ. Осы белестерге шығып болмай, үйлену ойы жоқ. Шыңғыстың ойы Шоқанды Кадет корпусын аяқтай салысымен үйлендіру. Бірақ, кімге? Құсмұрында аға сұлтан болып тұрған шағында, ол көршілес орынборлық аға сұлтан Ахмет Жантуриннің бесіктегі қызына құда түсіп қойған. Ол соңғы бірер жылда «балам ер жетті, Шоқан оқуын бітіре алып кетсін, әйтпесе басын босатсын» деп хабар үстіне хабар айтуда. Көкшетау дуанына аға сұлтан болғаннан кейін, онымен сүйектес болғысы келгендер де әр рудан біріндеп емес, бірнешеулеп табылды. Солардан Шыңғыстың әзірге уәде бергені–Ұлытау төңірегін мекендейтін бес болыс Бағаналы руының бірінші шонжары – Сандыбайдың Ердені. Ерден Бағаналыға ғана емес, маңайдағы өзге руларға да беделді адам. Оның үстіне қазақ даласының Қоқан хандығы жақ шетінде отырғандықтан, орыс өкіметін «Қоқанға бағынам» деп, Қоқан ханын «Россияға бағынам» деп қорқытып, шынында біреуіне де бағынбай. Ұлытау төңірегіне өзі «қарадан хан болып» жүрген кісі. Соның үстіне «батыр Ерден» аталған жауынгер адам. Шыңғыс оны қорқып сыйлайды да, тату көршісі болғысы келеді. Құда болу себебі содан. Естуінше оның қызы бой жетіп қалған, өзі бәйбішеге лайық семіздеу жалқын сары қыз дейді. Ерден де былтырдан бері Шыңғысты мазалап, «құдай қаласа, тойды алдағы жазда жасармыз» дейді. «Дәм білер, көрерміз» дейді Шыңғыс. Олай дейтіні: былтырдан бері құлағын жаңа бір жел қағуда: Омбының соғыс губернаторы Карл Карлович Гутковскийдің үлкен чиндегі жалғыз ағасы болады. Оның әйелі Гасфорттың қарындасынан туған жиені болады, ағасы ер« терек өледі де, Гутковский бала жаста жетім қалған жалғыз қызы – Катеринаны асырап, өз баласы ғып алады. Осы қыз, Шоқан Кадет корпусында оқып жүрген шақта онымен дос болады да, Омбы гимназиясын Шоқаннан бірер жыл бұрын тамамдап, Петербордағы ақсүйек қыздардың институтына түседі.

– Бала күнінен достасқан қыз бен Шоқанның арасынан,– деседі білетіндер,– қарым-қатынас үзілмепті, олар бір-біріне ғашық дейді. Гасфорт пен Гутковский Шоқанды күйеу болар деген үмітпен қолдайды дейді. Шыңғысқа ең жағымды сөз осы. Омбының ең үлкен екі ұлығына бірдей күйеу болса, арманы не? Ахмет, Ерден дегендер көрмей жүрген қазағы ма? Шыңғыс Шоқанға жіберген өкілдеріне «Гасфорттың жиен қызы жайында не қауесет барын да біле қайтуға тырысыңдар» деген еді. Шөбек пен Жарылғамыс ол жайда ештеңе біле алмай қайтты. Шоқаннан сұрастырса, қылжаққа салып жөнін айтпайды, басқа «біле ме» дегендер және Шыңғыстың Шоқанға арнап кімге құда түскенін естігендер:

– Қой неге өйтсін: қалың қазақтың ішінен кімнің қызын, қандай қызды болса да таңдап алу мүмкіндігі бар мырза орыстың шегір көз, сары шашына қайдан қызықсың – деп маңайлатпайды. Сонымен, Жарылғамыс пен Шөбек, Айжан мен Шоқан жайындағы сөздерін доғарғаннан кейін, тағы да жерді ұтып алу ниетімен аттарын тебіне жөнелді... Малтабар қаннен қаперсіз еді. Шыңғыс жұмсаған адамдарды, ол үйіне келіп түскенде бір-ақ білді. Малтабар бұрыннан танитын жолаушыларды жылы шыраймен қабылдады. Олар жол жайын бірден баяндай қоймай, жата-жастана, жырақтан орағыта түсіндірді. Сонда олар «Шыңғыс жіберіп еді» демей, өз беттерімен жол соқты келген болып, әңгіме үстінде Малтабардың Шыңғыс ордасына ат ізін салмау себебін білмек болды. Қу Малтабар ол сөзге «қол тимей кетті, әйтпесе көңіл баяғыдай» деп қана жауап берді. Сондай аңдыса сөйлескен сәттердің біреуінде, шешен Шөбек Айжанға да соғып, оны өлердей мақтады. Малтабардың құлағы бұл мадаққа елеңдей қалды. Үйіндегі үш-төрт әйелінің бәрін де «тоздыға» санап, төсек жаңарту ниетінде жүрген оның көктен тілегені жерден табылған сияқтанды. Оның қызға сырттай қызыға қалған қалпын байқаған жолаушылар, «сол қызды көрмеймісің?» дегенді тура айтпай, «Атбасарға барар жолында хан үйіне соқпаймысың?» деген сөзді көлденеңдетті. Залымдықты алыстан болжайтын Малтабар, үйіне жолаушылардың неге келгенін енді ғана жорамалдады. Содан кейін мәселе ашығына көшіп, шешен Шөбек әдемі сөздермен сырлай отырып, шынын айтты. Малтабар ол сөздерді қуана қарсы алып, жуық арада жүргелі отырған Атбасар жолында Шыңғыс ордасына соға кетуге уәде берді. Омбы төрелерін күтіп алуға даярланып жүрген шағында алдап шақырған қызылы болар; барам, көрем қызды: көңіліме ұнаса, берем сұраған ақшасын; қанша сұрар дейсің, ең көп болғанда Атбасар жәрмеңкесінен алам ба деген түсімнің жүзден бір жарнасы ғана болар!» Шоқанның қыз туралы сөзін олар Малтабарға сездірген жоқ. Шоқанмен және Малтабардың ордаға соғу хабары Шыңғысты шектен шыға қуантты. Өйтпегенде ше? Елге «жанарал-гүбірнадырдың оң қолы болыпты-мыс» деген Шоқан үйіне соқса және жалғыз емес, басы жанарал ғып, Омбының бас әкімдерін түгел ерте келсе... оларды күтіп аларлық қаражатты Малтабар берсе, Шыңғыс құдайдан одан артық не тілейді?!.. Құсмұрын мен Көкшетау дуандары қосылып, екеуі де Көкшетау аталғанын білеміз. Сол үлкейген дуанның, аға сұлтаны Шыңғыс болғаны да есімізде. Бұл дуанда: Атығай, Қарауыл, Керей, Уақ, Қанжығалы, Күрлеуіт, Бағаналы, Алысай – сегіз ру бар. Алғашқы кезде бұл рулар «Құсмұрын. «Көкшетау» деген бұрынғы әкімшілік аттарын тастамай, өзара жіктесіп жүрді. Екі жікті де тең ұстағысы келген Шыңғыс аға сұлтанға ақылшы болатын екі заседательдің біреуін Құсмұрын жігіндегі елден, біреуін Көкшетау жігіндегі елден алды. Құсмұрыннан таңдағаны – Табайдың Тәштиті, Көкшетаудан таңдағаны – қоныс жағынан Атығайға жататын, арғы түбі алтын орда ханы – Тоқтамыстан тарайтын Маңдай батырдың баласы Әбдіғапар. Екеуі де елдеріне беделді адамдар және жас жағынан Шыңғыспен құрбылар. Олар үкіметтен айлаған жалақы алады да, Шыңғыспен жылында бірер қабат бас қосқаны болмаса, өзге кезде мекендерінде тұрады. Бағынышты елдерін ірітіп, сүзістіріп ұстау, қанаушы тап билеген заманның әдеті болғанын білеміз. Шыңғыс та сөйтіп, үлкейген Көкшетау дуанының аға сұлтаны болғаннан кейін де, ру мен руды, ру ішіндегі аталықтарды өзара араздастырып, шабыстырып отыруды салт қып алды. Ол ру ішіндегі «басты адам» дейтіндердің біреуін әрі итеріп, біреуін бері тартып... дегендей ала-құла ұстады. Содан ба, әлде Россияға бағынғаннан кейін қазақтың бұрынғы әдет заңынан жыл сайын алшақтап, орыс заңына жете алмай, әурешілікте жүруінен бе, көші-қоны аралас қазақ, рулары өзара қым-қиғаш болып, жылдан жыл дау-дамайы өрши түсті. Соған байланысты ел ішіндегі «барымта», «сыдырымталар» белең алып кетті.

– Соны қалай тыю керек?

Хан заманында ұрылар «арғы жағы – ханнан, бергі жағы – ру басы билерден ығысқан» деседі. Хандық туы құлағаннан кейін, уақ-түйегі болмаса, «мықты» аталатын ұрылар билеріне пысқырмайды да, өктемдік жасағысы келген билердің өздеріне дүрсе қоя береді; «аға» және «кіші» аталып патша өкіметіне қызмет ететін сұлтандардың арқа тірері – Омбы әкімдері. Сұлтандар ұрылар жайын үкіметке хабарлап та тұрады. Басында үкімет шара қолданып, бірен-саранын кіріптар етіп те байқады. Бірақ, онымен ұрылар саны жыл сайын азаю орнына көбейе түсті. Бәрін жою үшін, қазақ даласына қарулы қалың әскер шығару керек, оның аты – «елді жаппай дүрліктіру» деген сөз; оның арты көтеріліске соғу қаупі бар... Бұл жайды Омбы үкіметі Петербурға хабарлағанда, «күшпен түгел тыям дегенді қойыңдар, біртіндеп еппен тыйыңдар» деген бұйрық алды. Біртіндеуге болар түрлері жоқ. Мысалы, бізге аты-жөні өткен тараулардан мәлім Мақаштың Қожығын жергілікті сұлтандар мен билер тыя алмаған соң, Омбы үкіметі Қызылжардың үйездік начальнигі Мамонтовқа «қарулы отрядпен бар да, балаларын да, өзін де ұстап Омбыға жеткіз» деген бұйрық берген. Сол бұйрықты орындауға барған Мамонтовқа Қожық «көнем, тақсыр!» деп құлдық ұрған да, «қазақ ғұрпымен, үйімнен дәм тат» деп, қой сойып қонақ асы берген. Сонда сорпаға меңдуана (белена) тастап, уыты сіңген сорпаны ішкеннен кейін, қонақтар түгел есірген. Сол кезде Қожық қаруларын сыпырып ап, аяқ-қолдарын қыл арқанмен байлаған да, өзгелерін бір оңаша үйге қамап, құрымға бөлеген Мамонтовты шаңыраққа асып, бірнеше күн ұстаған. Тірідей сүрленген Мамонтовты Қожық босатып:

– Білгендеріңді істеңдер! – деп қоя берген.

Бұл оқиғадан кейін, Омбы үкіметі қырға қарумен шығып, ұры ұстаймын дегенді қойған. Ел бетімен жайыла берген. Оларды жинауға әлі келмесін көрген Шыңғыс, Омбыға барын үкімет адамдарына ақылдаспақ ниетінде еді. Енді, сәті түсіп, сол үкімет үйіне келгелі жатыр және оларды Шоқан бастап әкеледі. Атбасар жәрмеңкесінің кезінде, алты дуанның билері мен бас қосқан мәжіліс болуы туралы, мәжілісті генерал-губернатордың өзі басқаруы туралы нұсқау-хат Шыңғысқа да келген. Мәжіліске өз дуанынан қатынасатын адамдарды ол даярлап та жатқан. «Сол мәжілісте» – деп қиялданады Шыңғыс, – ел адамдары мен Омбы төрелерінің арасына Қанашжан дәнекер болса, менің де төбем көкке жетпей ме? Оның да атақ-абыройы аспанға шарықтамай ма? Содан кейін, «төмендеп келеді» дейтін даражам тағы биіктемей ме? О, жасаған жайлар не, тек сол күнге жеткіз де, оралған бағымызды тіл-көзден сақтай гөр!». «Әлде қайтемін», бұған дейін қысқы ордасының, алшақтамай қойып келген Шыңғыс, көңіліне қуанышты ойлар ұялағаннан кейін, қонақтарын көктемдегі мекенінде қарсы алуға ойлады. Ол мекен Сырымбет тауының күнгей жақ бетінде, жиырма шақырымдай жердегі «Саумал» аталатын көлдің жағасында еді. Түбі терең, асты қайраң, аумағы ат шаптырым бұл көлдің батыс жақ биік жар қабағына қалың шытырман болып өскен қызыл қайыңның орманы төмендеп барып, көл шетіне тірелетін. Көлдің суы саумалдау, мал суаруға болмаса, адам ішуге сортаң татиды. Ал, оның суын татқан мал, қайдан болса да қашып кеп ішеді. Көлге орман арасындағы жыралардан да, етек жақтан да бал-бұлақтар құйылып жатады, көл төңірегін қоныстаған жұрт ауыз суды содан алады. Жар қабақ жағынан қарағанда Саумалкөлдің бітімі өгіздің имек мүйізіне ұқсайды: теріскей жағы жуантық, мұқыл, күнгей жағы жіңішкелеу, сүйір. Сондықтан, орыстар ол көлді «Кривое озеро» дейді, кейін соған жақын орнаған орыс поселкесі советтік дәуірге дейін «Кривоозерное» аталып кеп, бертінде Володаровка болып өзгерді. Саумалкөл қабағы, су жағынан бірталай биік болғанмен, үстіне шықсаң айналасы жазық далаға айналып, әр тұстағы таулар бар мүсінімен айқын көрінеді. Теріскей жақ ойпатына біткен қарағай орманның арасынан, Сырымбет тауының ұшар басы жалаңаштанған екі өркеші қылтияды; күнгей жақта, аттың еріне ұқсайтын қырқасы, бойын бұлт тан асырған, мол денесі дөңгелене бітіп, дария көлді қаусырған құшағы қымқалау боп, екі босағасы кезеңдене түйіспей қалған көгілдір түсті Айыртау тұрады. Орда ауылы қысқы мекенінен қозғалғанда, көктем кезінде Саумалкөлдің дөңіне қонатын еді де, биені сол арада байлап, шілде туа Ұлытау жақ жырақтағы «Қалмақ», «Сал« қын» аталатын көлдерге беттейтін еді. Бірақ, бұл ауыл асықпай көшіп, жол бойында сынысып отыратын ауылдардан ерулігін жей жүретін. Биылғы жағдай одан басқарақ болды. Әуелі Малтабарды, одан кейін Шоқан тобын Атбасар жолының үстінде күтіп алу үшін, Саумалкөл жағасынан қолайлы тосқауыл жоқ. Басқа жолдардың бәрі де бұрыс. Осы себеппен хан ауылы Саумалкөлдің жарқабағын жиектей қонды да, малдарын бағатын қарашы ауылды көлдің шығысындағы тоғайлы жазығына орналастырды. Салтанатты жыл болатындықтан, Шыңғыс өз ордасына да, бірге қонатын отаулары мен қонақ үйіне де кіршіксіз ақ кигіз жаптырды. Қонақ үйін ол ылғи ордадан алшағырақ тіктіретін. Биыл да сөйтті. Ал, «отау» аталатын, бұған дейін ордаға іргесі тақау қонатын Мәмкенің үйін биыл алысырақ тұсқа орнаттырды. Неге бұлай болуын Шыңғыс пен Зейнеп, Бүбі үшеуінен басқа жан білген жоқ. Шөбек пен Жарылғамысты Омбыға аттандырар алдында, үнемі ақылшы көретін Зейнепке Шыңғыс «осылай да осылай!» деп мән-жайды дәттеткен. Сонда, аз уақыт тұнжырап қалған Зейнеп Шыңғыстың:

– Ие, не дейсің, бәйбіше? – деп қайталай берген сұрауына:

– Обал болмай ма? – деген-ді.

– Неге обал болады? Ауы атқа, аузы асқа жарымай жүрген жалғыз атты жалаңқая біреуге берсем обал. Дәулеті теңіздей шалқыған, ішері алдағы, ішпесі арттағы, босағасын аттай үлде мен бүлдеге орайтын кісіге берсем, несі обал?

– Жәй, жас шамалары алшақ дегенім ғой.

– Сөз еместі айттың ғой, бәйбіше! Оның не оқасы бар? Жас тоқал алған талай шалды көріп жүрміз. Аш, жалаңаш жүрген жігітке барғаннан, дәулетті қартаңға барып, ішініп, киініп отырғаны артық емес пе? «Қарт» деп, қарт адам ба Малтабар? Мен білетін Малтабар болса, әлі де бірер қызды қартайтады. Ол да рас сияқтанған Зейнеп әрі қарай таласпаған. Екеуі де Малтабардың қыз көруге келер-келмесін күткен. Енді Малтабар келетін болды. Оған қызды көрсетудің жағдайын жасау керек. Өйтуді Шыңғыс төмендегідей жоспарлады, ауылды Саумалкөлге көшіргенде, Мәмкенің отауын орда үйден алшақ тіктіру керек те, қонақ үйге түсетін Малтабар, не ертемен, не кешпен... дегендей, қыздар үйде болатын мезгілсіз бір шақта кіріп баруы керек. Сонда көзі жалған қыз Малтабарға ұнаса болды, арғы әңгіме оңай. Үйінде бұндай өрескелдік болып көрмеген Бүбі шошып кетпеу үшін, Зейнеп күн бұрын ұғындырып қояды. Бүбі Зейнепті «келіншек» дейтін еді. Басында жесір, әдемі жас қатынға әмеңгер Шыңғыс аяқ сала ма деп қауіптенетін Зейнеп, жүре-келе ондай оқиға болмауына сенген де екеуі абысын-ажын болып сырласып кеткен. Сондай Зейнептің Малтабар жайлы айтқан сөзіне қарсы болмаған Бүбі.

– Тек, былай болсын, келіншек, – деген тұжырымын айтты. – Күйеу бұл отауға кірерде, мен ішінде отырмайын, келерінен белгі берілсе, тысқа шығып кетейін. Жоспар дәл орындалады: Қызылжардан Саумалкөлдегі орда ауылға бір-ақ күнде жеткен Малтабар, Абаның бастауымен, Шыңғыстың қонақ үйіне түсті. Сәті келгенде, өзге күндерде топырлап жататын қонақтар, бүгін бұл үйде жоқ екен. Бертін келе еті қалыңдаған Малтабар, таразы жас шағындағы елгезектік салтынан егде тартқанда да арылған жоқ еді. Үйінде де құс ұйқылы ол жолға шықса тіпті сергіп, ояу кезі түгіл ұйқыда да тышқанның сыбдырын сезіп жататын, өлі түнде әлденеше оянып, даладағы дүниелерін, сұлыға тойғызғаннан кейін арқаннан босатпайтын аттарын әлсін-әлсін тысқа шығып қарай беретін... Бүгін мұрнына «жақын жердегі маңда ұйықтап жатырға» жорыған сұлу қалыңдығының, иісі келгендей, ол тіпті сергіп, «ұйықтармын» деген дәмемен көзін қанша жұмса да, мызғи алмады. Бір өлеңде:

– «Кетпейсің тұрсам ойдан, жатсам түстен Басымды не сиқырмен әуреледің?!» – дегендей, сыртынан сипаттаған қыздың бейнесі көз алдында елестеді де тұрды. Оған бұл түннің ұзақтығы жылдан кем көрінген жоқ. Сілесін солайша қатырған таң созылып барып, әрең дегенде атты-ау!.. Кеше кешке Малтабардың қызды қалай көруі сөз болғанда:

– Анау ақ үйді көріп тұрсың ғой, – деген еді Аба Малтабарға, Мәмкенің отауын қолымен нұсқап.

– Бадырайып тұрған үйді көрмей не бопты маған? – деген еді Малтабар. – Онда не бар?

– Сенің қалыңдығын, сол үйде. Мәмке батырды естіп пе едің?

– Естідім, – дей салған, естімеген Малтабар.

– Жаугершілікте өлген батыр ғой ол.

– Солай десетін...

– Соның жастай қалған қатыны байға тимей, аруағын күтіп, сауыт-саймандарын күзетіп, кө жылдан бері жесір отыр.

– Ә-ә-ә...

– Ол жәй қатын емес, әулие қатын. Күні-түні оқитыны – намаз. Бейсауат кісі үстіне батып кіре алмайды. Түн мезгілдерінде есігі ішінен құлыптаулы болады.

– Апырай, ә...

– Хан-ием саған бермек болған қызды сол үйге қамап ұстап отыр. Сондағы ниеті –«ашылмай, шашылмай барсын» дегендік. Құдай жазса көрерсің, Малтеке, менің байқауым бекер болмаса, бұл әлі «емшек табы – аузынан, бесік табы – арқасынан кетпеген» періштедей таза қыз. Бұл сөздерді естіген соң Малтабардың қызды көруге құмары тіпті күшейген. «Ертең» деген мезгіл, оған өмір жетпейтін алыстық сияқтанған. Өз еркіне салса, Мәмкенің отауына сол сәтте-ақ кіріп барар еді, оны Шыңғыс белгілеген тәртіп көтермейді!.. Көрер таңды тағы да көзімен атырған Малтабар, таң сібірлей арқандаулы атының төңірегінде жүрді де қойды, себебі, уәде бойынша Абаның белгілеген тұстан көрініс беруін күтті; шытырман орманның отау жақ жиегін жағалаған Аба, Бүбінің дәретке шығар кезін күтті. Оған да әр минут сағаттай көрініп, батырдың отауына тіккен көзінің майы сарғайғандай болған уақытта, Бүбі бар болғыры, желеңін басына бүркеніп, есіктен әрең дегенде шықты-ау!.. Уәде, Бүбінің үйінен шыққаның орда маңындағы атқа жайдақ мінген Аба, сонадайдан жортып өтумен сездіреді. Бұл – Абаның жақын тұстағы жайылымда оттайтын сауын биелерді жинар шағы. Тағы бір уәде: Малтабар Мәмке батырдың отауына жалаңаш қыратпен емес, жарқабаққа өскен шытырманның бір қабат жиегімен барады. Абадан белгі алған Малтабар, жарқабаққа еппен еңкеңдей жетіп, қалың шытырманның аяққа оралуына, бетін осуына қарамай, қасқырдан қашқан қабандай жылдам қимылмен жүрді де, «отау осы тұста болар» деген мөлшерде, құрт көтерілетін биікке өрледі. Оның көз өлшемі дәл-ақ екен, жарқабақтың шетіне таяна қонған отаудың іргесінен тура шықты. Батырдың көрініп тұрған есігіне ентелей кіріп баруға жүрексінгендей, Малтабар жарқабақты жиектей өскен орманды тасаланып аз кідірді де, «ұялған ұрғашыдан құр қалады» деген мақалдың итермелеуімен, жамылтқы кигізі түрулі тұрған жарма есікті ішке қарай нұқып қалды, ол ашылып кетті. Еппен басқан Малтабар үйге кіре берді. Қаннен-қаперсіз екі қыз бұл кезде төсек-орындарын жинастырып жатыр еді. «Аруақты орын» деп, өзгелер түгіл өзі де үстіне шықпайтын, бет жағын оюлы сүйектермен, жарқырақ тастармен әшекейлеген, тапалтақ кең төсек-ағаштың Бүбі алдына жататын да, шымылдық құратын; «іргеге жақын жатса, біреулер сырттан сыбырлап тіл қатар, немесе сайқы-мазақтау біреулер сағанақтан шыбық жүгіртіп мазасын кетірер» деген оймен Бүбі қыздарды төрдің шыбық түгіл сырық жетпейтін ортасына жатқызатын. Үй ішін жинастыру жабдығында жүрген қыздар, әсіресе Айжан, Малтабардың үйге кіріп келуін аңғармай қалды. Әдетте, бұл үйдің түндігі күн сәскеден жоғарыламай ашылмайтын, оған дейін, кигіздері жаңа үйдің іші қара-көлеңке болатын. Бүгін қашқарлық құманын қолына ұстай дәретке шыққан Бүбінің түндікті күнгей жағынан кең ғып ашуы, қыздарға түсініксіз болған. Оның, бүйтуі кездейсоқ емес еді. Айжанның түр-тұлғасын Малтабар түгел және айқын көру үшін, «сөйт, келіншек!» деп Зейнептің тапсыруы еді. Қыздар табалдырықты аттаған Малтабарды тез аңдамас па еді, қайтер еді, егер күйбеңдеп жүрген екі қыздың өз қалыңдығы қайсысы екенін Малтабардың тез көргісі келмесе. Сол мақсатпен ол «іһә» деп қаттырақ дыбыстап қалғанда, күтпеген үнге қыздар жалт қарады. Малтабардың түрі көрмеген кісіге, әсіресе – қыздарға Шошынғандай еді. Ол соңғы жылдарда ерекше шарланып Кеткен. Кейбір семізге қазы ғана қалың бітіп, өзге денесі сылалау болады ғой. Малтабардың бар мүшесіне май бірқалыпты өсіп, ортадан төмендеу денесі жуан бөшкедей тор» Сия дөңгеленіп алған. Семіз біреулердің бас еті ашаңдау болады ғой, бұның басы да семіріп, беті кіші-гірім табақтай болып жалпайған. Бұғағы салбыраған, шүйдесі күдірейген, қабақ астына шодырая біткен шел былай да кішірек көзін сығырайтып, күлгенде жабылып қалатын болған. Сондай бетінің, кем-кетігін қабалау боп қалың біткен сақалы бүркеп тұратын еді. Осы сапарға шығарда, жас қызға қияқ мұртты, шоқша сақалды болып көрінгісі келді де, бурылданған бет түгін тонап әкеп, иегінің ұшына бір тұтамдай тұлдырын ғана тастады. Өсімтал сақалының, қырған түбірі ілезде қаулап, ылай көлдің бетіне қатқан қара көк мұздай жылтырай қалды. Малтабардың бір әдеті – сақалын жүндеуде, мұртын басуда ешкімге де сенбей, ол істі өзі атқаратын. Жасырақ кезде оның дірілсіз қатты қолы, бетіне ұстарадан дақ түсірмейтін. Бертін келе, басына да, қолына да аздап қалтақ кіре бастаған ол, қанша сақтанам дегенмен ұстара жүзін тайдырып ап, бет терісінің әр жерін қалпын кететін. Кеше, орда ауылға келе жатып, орман арасындағы оңашада, «мен қырып берейін» деген атқосшысына сенбей, сақалын өзі алам дегенде бет терісін қан-жоса ғып кескен. Сол жараларынан жылап аққан қанды, бұлақтың сазын басып, әрең тоқтатқан. Қалыңдыққа киімдерімен де ұнағысы келген Малтабар, шекесі жалпақ басына татардың, қонымсыз дөңгелек тақиясын, үстіне орыстың тылтиған тар костюмін киген, сондықтан, бұрын етегі ұзын, пішімі мол татарша шапанмен, жүргенде жасырынып тұратын салпы семіз қарны, енді ері бауырына ауған ат сияқты салбырап бұлтия қалған. Осындай бейнемен кіріп барған Малтабардан қыздар қалай шошымас! Малтабар дыбыс бергенде жалт қараған екі қыздан, жеңілтек мінезді Рақия, бірінші боп сыр білдіріп, «аһ!» деп бақырып қалды да, терге қарай сырулы тұрған шымылдықты оранып тығыла қойды. Айжан айдаһар арбаған қояндай, қаны ішіне тартылған сұп-сұр кескінмен, бір сәт қимылсыз қатты да қалды. Оның сымбаты мен келбетіне қайран қалған Малтабар: «Міне, қыз!» ден алақандарын бір-біріне сарт еткізе соғып жіберді. Малтабарды көрген шақта қатты шошынған Айжан, есін енді жиып, сып беріп шымылдыққа кіріп кетті. Сол кезде сырттан келе жатқан адамның сыбдыры да естілді. Дыбыс беруіне қарағанда – әйел. Абаның Малтабарға ескерткені: – Қызды көрсең болды. Тіл қатпай-ақ қой. Қатқаныңмен жауап ала алмайсың. Мәмкенің әулие қатыны тыста ұзақ болмайды. Ол үйге жақындай дыбыс береді, сонда сен есіктен шыға жөнел! – деген.

– Жарайды, – деген Малтабар.

Сол уәдемен есіктен шыға бергенде, көлденең келіп қалған Бүбі желегінің етегімен бүркей тұра қалды. Малтабар оған қарамастан, ірге түбіндегі жарқабақтың төменгі жағына тұна өскен қисық-қыңыр қайыңдардың ішіне сіңді де кетті. Содан ол, өзі орналасқан қонақ үйдің тұсынан барып, биікке бірақ көтерілді. Сыртынан естіген дыбыстарға қарағанда, қонақ үйде біраз адамның басы құралып қалған сияқты. Алысырақтағы ашаларға байланған салт аттардың да саны бірталай. Малтабар бұл үйге түк көрмегенсіген, түк білмегенсіген бейнесімен кірген еді, үйдің төрінде тізіле отырған адамның көбі білеміз қайда барып, не көріп келгеніңді!» дегендей жымия қарап сәлемдесті. Бұл топтың ішінде Шөбек пен Жарылғамыс та бар екен. Малтабар жүрісінің жайын біліп, ішке түйіп отырған олар, өзге қонақтар алдында сыр бермеуге тырысып түстерін жинақы ұстады. Былайғыларының малтабармен амандық-саулық және қалжың сөздерінен білеміз дегеннің лебі аңқып тұр. Ендігі әңгіме Шыңғыспен қыздың бағасына келісу. Бұл жайда бетпе-бет сөйлесулері мүмкін емес, оған екі себеп бар: бірі – ханның нәсілі екендігін, дуанда аға сұлтан екендігін биік ұстауға тырысатын Шыңғыс кім көрінгенмен жамырап кеңесе бермей, көп істерге тұпа-тура араласа бермей, алыстан салқынын сала отырып, біреулер арқылы, ойдағысын ішкірнелей орындайтын еді; екіншісі – бұл қазақ деген елдің қандай хабаршы шайтаны барын кім білсін, қанша жасырам дегенмен, «отыз тістен шыққан сөз, отыз ру елге жетеді» дегендей, «ұзын құлақ» арқылы ілезде тарайды кетеді. Малтабармен ол әлі сөйлеспек түгіл кездескен де жоқ, сонда да «Шыңғыс Ақпанның асырап отырған жетім қызын Малтабарға тоқалдыққа береді дейді» деген хабар, үш жүзге болмағанмен, орта жүзге түгел тараған. Сол қаңқу Шыңғыстың да құлағына шалынған. Сонда оның қайран қалатыны–осы сөзді кім таратады, қалай тарайды?! Үй ішінен бұл сырды білетін адам жалғыз Зейнеп. Уәделері бойынша, ол ешкімге айтпайды. Одан басқа білетіндер: Аба, Шөбек, Жарылғамыс. Олар да айтпайтындығына қарғанып, ант-су ішеді. Бүбі жұрттан жырақ жүретін кісі. Сонда кім?! Өсектен жасқанған Шыңғыс аулына келген Малтабармен сөйлесудің ретін таба алмай, «тиянақты» деп тағы да Жарылғамысты жұмсады. Оған, тек, аузын қанша ашатындығын ғана айтты. Дәметері – «бір жарым жұдырық», яғни қағаз ақшамен мың жарым сом екен. Сол кездегі бағамен ол жүз шақты ту биенің құны. Бұл – төрелерге арнап қаладан сатып алатын ішімдік-жемдікке керек. Ол үшін мың сом да көл-көсір ақша, қалай шашсаң шаш-етектен келеді. Қымыз, ет сияқты азықтар өз алдына, Шыңғыстың көңілдес байлары оларды керегінше табады. Айжанға қатты қызыққан Малтабар, Жарылғамыстың жүйелеп, жіктестіріп, жетілтіп айтқан кеңесін тыңдап алды да, жауабын қысқа қайырды.

– Маған дүние қымбат емес, адам қымбат, – деді ол. – Көрдім қызды, көзім де, көңілім де толды. Денедегі екі жұдырықты жалқылап қайтеміз, екеуін де тұтас берем.

– Екі мыңды ма?! – деді Малтабардың мырзалығына қайран қалған Жарылғамыс, сөзіне сенер-сенбесін білмеғендей, анықтап алғысы келгендей.

– Әрине! – деді Малтабар жымиып.

– Өйдөйт дерсің!..» – деді қуанып кеткен Жарылғамыс. – Қашан?

– Осы жәрмеңкеден орала.

– Атбасардан ба?

– Әрине. Не саған, не сен сияқты біреуіне, не сұлтанның өзіне қолма-қол тапсырып кетем. Тағы да айта кететін бір сөзім – бұларым сұраусыз ақша. Және де ескертерім – қыздың қара басын әкетсем болды, жасау-масау, көлік-мөлік дегендер керек емес.

– Сонда, сол Атбасар базарынан қайтқан жолыңда ала кетпекпісің, қалыңдығыңды? –деді Жарылғамыс, Малтабардың сөзіне түсіне тұра, анықтап алғысы көп.

– Әрине! «Береген қолым алаған» демей ме? Қалың малы төленген соң, қыз менікі емес пе?

– Рас.

Шыңғыс Малтабардың бұл тілегіне қарсы болған жоқ.

Малтабар «екі жұдырықтың» орнына, Шыңғыстың қолына құрғақ уәдені ғана ұстатты да, Атбасарға жүріп кетті. Малтабар аттана, Шыңғысқа Гасфорттың Омбыдан Атбағарға жүретін сапары туралы, жолшыбайғы қазақ сұлтандарының қандай даярлықтар жасауы жайында бұйрық та келіп қалды. Бұйрық бойынша, Көкшетау дуаны Гасфорт пен нөкерлерін Ақан тауының етегіндегі дария, көлдің жағасында күтуге тиісті. Ендеше орда ауыл Саумалкөлден сонда көшуі керек. Шыңғыс өзіне бағынышты елдің игі жақсыларын тез жинады да, көші-қоны жайынан, қонақтарды қалай қарсы алу жайынан ақыл құрды. Мәслихат тарқағанда Жарылғамыс бірер күнге қалып қойды да, оңаша сөйлескен Шыңғысқа бір жайда ақыл айтты.

– Ақанға көшерде, – деді ол Малтабардың қалыңдығын қысқы ордаңды күзететіндерге қалдырып кет.

– Неге?

– Сырдың бәрі бірдей айтыла бермейді ғой, сұлтаным. Мен саған қалтқысыз дос адаммын. Бұл – достық сөзім. Осы тілімді ал. Неге бұлай деуімнің мән-жайын кейінірек айтам. Қазір қыстама! Астында зілі бар ақыл екенін аңғара тұра, сөзге тоқтағыш Шыңғыс «болсын» деді. Жарылғамыстың іш пікірі Шоқанның Айжан тағдырын шұқшия сұрастыруы еді. Содан бері оның көкейінен «осы қызға қызықпағай еді?!» деген күдік кетпей қойған. Бұл сырдың бетін ашса, былай да шалғай жүрген әке мен баланың арасы тіпті шиеленісіп кетуі мүмкін. Ендеше қызды Шоқанға көрсетпеу керек, Малтабарға атастырғанын сездірмеу керек. Гасфортқа атқосшы Шоқан, бастағысы белгілеген жолмен Атбасарға тік барып, тік қайтады, Сырымбетке соқпайды, содан кейін қызды Малтабарға қалай жөнелтуін Шыңғыстың өзі біле береді. Жарылғамыстың тілін алған Шыңғыс, көп кешікпей орда алуын Ақан тауына көшірді, Айжанды Сырымбет етегіндегі қысқы орда күзетшілеріне жөнелтті. Ұмытып барады екенбіз: Айжанның баяғыда кісі өлтіріп жер ауып кеткен әкесі Ақпан, Қиырдағы Сібірде көп жыл каторгіде болып, Романовтар меншігіндегі алтын қазбасында ауыр бейнетті қызмет атқарған да, өкпе ауруына шалдыққан. Содан жұмысқа жарамсыз Ақпан жазасын аяғына дейін өтеуден босанып, өзі сияқты топқа ерген де, мекеніне беттеген. Көп жыл жүріп, көп азап шеккен ол, әуелі Құсмұрынға, одан Сырымбетке тірі аруақ күйінде әрең жеткен. Ол – Айжанды, Айжан – оны көрген. Бірақ, бұл екеуінің бір-біріне жәрдемі жоқ, дәрменсіз көрісу болған. Содан кейін, Ақпанның сырқаты, Айжанның қайғысы. бұрынғыдан да үдей түскен. Ауылын Ақанға көшіргенде, Айжанның Сырымбетке жіберілуін Аба жұртқа «қыз әкесін күту үшін жіберілді» деген хабар таратқан. Оған ешкім де сенген жоқ. Айжанның Малтабарға берілуін естіп отырған жұрт:

– Белгісіз жерден білдірмей алып кетсін дегені ғой, – десті.

Әңгімені Шоқан жағына аударайық.

Атбасар жәрмеңкесін өзі ашпақ болған Гасфорт нөкерлерімен Омбыдан ертерек шығып, жолшыбайғы жерді, елді асықпай аралай отырып, жәрмеңкеге басталар алдында ғана жетпек еді. Жүріс маршрутын ол географиялық картаға қарап отырып өзі белгіледі. Сондағы сызығы: Омбыдан шыға Бурабай тауы, Көкшетау қаласы арқылы Атбасарға соғып, одан әрі Түркістандатып, Тәшкенге баратын «хақ жолының» сорабымен тарту. Бұл жолдың өн бойында, қазақ, даласына қадақ-құдақ орналасқан қазақ-орыс станицалары бар, аралары жиырма бес-отыз километрден. Шоқанның туған аулына бірер күнге соға кетуін мақұлдаған Гасфорт:

– Тек, жол бойында болса ғана дегенді аятты.

Гасфорт қолынан қызыл қарындашпен түсірген сызықтың бойында, ондай мекен – Ақан аталатын тау ғана. Гасфорттың бұйрығы: жолға он бес пәуеске даярланады да, оларға үш-үштен қырық бес чиновник отырады. Әрқайсысына бойлары, түсі, түгі ұқсас жақсы жылқылардан үш-үштен аттар жегіліп, алдарында жүйрік жылқыдан көсем салт шауып отырады; пәуескелердің алды-артын шапқынмен жүз қылыш қоршайды, аттар да, қылыштар да станица сайын ауысады. Станицаларға таңдаулы аттар: Баян, Қарқаралы, Ақмола, Көкшетау – төрт ауданнан жиналады. Ол кездегі қазақ арасында арбаға көнбіс жылқы кемде-кем. Омбы өкімдері келіп қалғанда, жиналған аттар арбаға бас білмей жатса, немесе асаусып ала қашып бүлдірсе, одан жаман жоқ. Соны білетін Батыс Сібірдің полиция басқармасының начальнигі полковник Майдель дуан бастықтарына «аттарыңды арбаға үйретіп қойыңдар» деген бұйрық берді. Оның орындалуын бақылау, станицалардағы қазақ-орыс атамандарына тапсырылды. Қылыштарды әзірлеу де солардың міндетінде. Сұлтандарға ерекше тапсырмалар, аттар ағытылатын жерлерде, келе жатқан әкімдер тыныстау үшін жақсы кигіз үйлер тігілу керек те, іштері көрікті жиһаздармен безеніп, төрелерге лайықты тағамдар тұру керек. He тағам керектігін алдын ала жіберілген шапқын хабарлайды. Бұл жұмысты алты дуан генерал-губернатор қасындағы советник аталатын Тұрлыбек Көшенов басқарады. Омбыға жылында бірер рет қана шақырылатын ол, негізінде Қалғұты өзенінің, бойындағы ата мекенінде, Күрсары Керейдің ішінде тұрады. Омбы әкімдерінің Атбасарға барар жолында күтіп алу жабдығы қызу қарқынмен жүріп жатты. Гасфорттың ойы – Атбасарда алты дуанның игі-жақсылары бас қосумен пайдаланып, ауыл арасындағы біраз дау-дамайды бітіре қайту, бітпеген істердің ау-жәйін байқап, келешекте не істеу шарасын қарастыру.

КЕНЕТ КЕСЕЛ

Гасфорт «ертең ертемен аттанамыз» деп бұйрық берген күннің, түнінде «құдай ұрып» ауырды да қалды. Ұйқыға жатқан оған, бір кезде, ішкі сарайын жылан жайлағандай сезім пайда болып, шошып оянды.Ояна сала байқаса, шек-қарнын әлде не суырып жатқандай, кіндік тұсы удай ашып бүріп барады. Оның жатқан жері жуық арада ғана мекендеген жаңа резиденциясының жоғарғы этажында еді. «Омбыға патша туысарынан, министрлерден, жоғарғы чиньдерден біреулер келе қалса» деп, Гасфорт жоғарғы этаждың тең жартысындағы жасаулары сәнді, мебельдері көрікті, көркем картиналармен, Романов тұқымынан патша болғандардың бояулы сүгіретпен салынған портреттерімен безенген кең зал мен үлкен бөлмелерді мейманхана ғып бос қойдырған, тең жартысындағы қарсыма-қарсы бөлмелерге әйелі мен өзі орналасқан. Орталарында сәулетті вестибюль. Мақтаншақ Гасфорт кейде өзіне арнаулы бөлмелерге, кейде сый қонақтарға арналған бөлмелерге ұйықтайтын. Ауырған түні ол сыйлық бөлмеде қонған. Бертінде ол әйелімен бөлек бөлмелерде ұйықтау әдетін шығарған. Себебі, жасында сидам денелі Гасфорт егде тарта шарланып, содан ба, басқа себептен бе, қалғыса-ақ үйді басына көтере қорылдайтын, кейде ұйқысырап әлденені сандырақтап кететін де, қатардағы төсекте жататын әйелінің тиыштығын бұза беретін. Бұл дағдыдан арылу орнына, жыл сайын үдете түскен соң, төсегін әйелінен алыстатып, екеуі қарама-қарсы бөлмелерге жататын. Әйелінің тиыштығын ауырған жолы да бұзғысы келмеген Гасфорт, дыбыс шығармауға тырысып еді, ішкі сыздау еркінен тысқары «ах, ух!» дегізіп айқайлатып жіберді. Дөрекі дауыстан шошып оянған Елизавета Николаевна, әуелі «бұрынғы дағдысы шығар» деп тым-тырыс жата тұрды да, ерінің ыңқылы үдеп бара жатқан соң, орнынан тұрып қасына барды. Гасфорт ішін екі қолымен де басып, төсек үстінде дөңбекшіп жатыр екен.

– Не болды, Гуська5? – деді Елизавета еріне.

Аһлап-уһлеген Гасфорттың сөз айтуға шамасы келмей, қолын жақындатқан әйелінің білегінен шап беріп ұстай алды. Қатты қысқан уыс Елизаветаның еті жұмсақ, сүйегі нәзік білегін сындырып жібере жаздады. Қолы қарулы ол сындырар ма еді, қайтер еді, егер жаны ышқынған әйелі қатты дауыспен «ойһ» деп бақырып қалмаса. Ері қысуын сонда ғана босатты. Әлсіреген Елизавета:

– Гуськам менің, не болды, саған? – деп жылап жіберді.

– Өліп барам, маманя!.. – деді ері дөңбекши түсіп.

Ерінің бұл қылықтары ұйқысыраудан емес, аурудан екенін енді ғана түсінген Елизаветаның:

– Жәрдемдесіңіз! – деген ащы даусы, еріктен тысқары қатты шығып кетті. Әдетте бұл үйдің маңына түн мезгілінде қарулы солдаттардан күзет қойылатын, олар төмендегі этажда отырып, Гасфорт адъютанттарының біреуі басқаратын. Бүгінгі күзеттің бастығы Гасфортқа денщик қызметін атқаратын – Алмазов еді. Гасфорт қапыда жасалатын қастықты күні-түні күткенмен, адъютанттарына сақ болуды тапсырғанмен, ондай іс кезікпес деп сенетін. Күзетшілер, қожаларының қорылы естіле, даяр дивандарға қисая кететін де, күндізгі қызмет басталғанша ұйқыларын қандырып алатын. Бүгін де сондай халдегі Алмазов, диван үстіндегі шырт ұйқыдан, әйелдің құлағына сап ете қалған ащы даусынан шошып оянды да, есеңгіреген бейнеде, бас жағында сүйеулі тұрған қынаптағы қылышын шан бере ұстап, атып түрегелді. Ол қалғыр алдында керосин шамның білтесін төмендетіп, жарығын бұқтырып қоятын. Бүгін де сөйткен шам, әлденеге сеніп қапты. Бөлме тастай қараңғы. Есеңгіреген Алмазов, жан-жағын қармалап, қайдан тескіндік табарын білмей жүрген шақта, әлдекімнің кіре бергені сезілді. Алмазов дыбыс берсе күзеттегі солдат екен.

– Не болды, ваше благородие?! – деді солдат.

– Бәсе, не болды?! – деді Алмазов.

Жоғарғы этаждан аһлап-уһлеген еркек пен әйелдің сасқалақтаған дыбыстары естіліп тұр. Солдат сіріңке тұтатты да, шам жақты. Жоғарғы этажда ыңғайсыз бірдеме болып жатқанын сезіп, Алмазов шамды ұстай, солдат берданкасын безене, шөгеннен құйылған басқыштарды саңғырлата аттап, жоғарғы өрледі. Дыбыс естілген бөлмеге екеуі кіріп барса, Гасфорт төсегінде дөңбекшіп жанталасып жатыр, не істерге білмей сасқалақтаған әйелі Гасфорттың қасында бәйек болып жүр. Кіргендерді көрген Елизаветаның аузына түскен сөз:

– Дәрігер!

Бұл қалада «бірдеме біледі» дейтін дәрігер, – Илиади ғана, өзгелері «емші» аталатын фельдшерлер. Илиади ішкіш адам болатын. Күндізгі қызмет сағаттарында үнемі орнынан табылатын ол, кешкісін дос-жарандарына барып болуды жақсы көретін. Илиадидің араққұмарлығын білетін олар, қайдан болса да тауып, шамасы жеткенше суаратын. Содан қай мезгілде болса да үйіне қалтақтап жететін, оған шамасы келмесе, жығылған жерінде жатып қалатын. Бүгінгі түнде де бір досынан сілейіп шыққан Илиади, жолшыбай әлде не тұсқа құлап, содан үйіне таң ағара жетті. Госфорттың күтіп отырған адамы оны арбаға мінгізіп ала жөнелді. Тәжірибесі көп Илиади, бұл сырқатты «бүйрегіне, я қуығына тас байлану» деп жорамалдады. Ондай тасты ірітетін дәріні Илиади білгенмен, «шеттен келеді» дейтін дәрі Москва мен Петербургтен басқа қалалардан табылмайды. Үлкейіп кеткен тастарды дәрімен іріту де қиын. Оларды жарып алатын оташы (хирург) Омбыда жоқ, өзі «тәуекел» ғып көрер еді, оған қажетті сайман да, көмекші де жоқ. Петербург пен Москваның біреуіне апаруға тым жырақ, оларға жете алмайды. Екатеринбург қаласының емханасында жақсы оташылар бар деп естіледі, ол да Омбыдан аса жырақтықта, дегенмен жәмшік жолындағы курьер аталатын тығыз ылаумен жүрсе, бірер күнде жетіп қалуы мүмкін. Қауіпті жол болғанмен, жан сақтауға айла жоғын көрген Гасфорт амалсыздан көнді. Ол атақ-абыройды өзінен басқаға қимайтын кісі еді. Атбасар жәрмеңкесі жайында да сөйтті: өзі барып ашпайтын болғаннан кейін, нөкерлерінің ешқайсысының да ошаң етпеуіне бұйрық берді де, жәрмеңке тыныштығын сақтауды соғыс губернаторы – Гутковскийге жүктеп, оған жәрдемшіге Шоқанды ғана берді. Олардың қарамағында қазақ-орыс әскерлерінің Имантаудағы екінші бөлімі болады. Гасфорттың өзі Курьермен Екатеринбургқа сапар шекті. Шоқан жолға шығуға әзір еді. Ең алдымен, корпусты бітіргеннен бергі айдан астам уақытта, Бұғы бабайдың ақылымен архив материалдарын шала ақтарған ол, мезгілінің көбін нағашысы – Мұсаның Ертіс жағасындағы тоғайлы, көгал арасында тігіп берген кигіз үйінің төңірегінде өткізіп, еріккен шақтарында атқа мініп, суға қармақ салып... дегендей, тәннің, де, жанның да рақатын көрді. Оның үстіне, қазақша және орысша қалаған тағамы беріліп, әп-сәтте көкке тойған кебеңдей етейіп, арық денесі қатая жұмырланып алды. Жөтелі де өзді-өзінен басылып кетті. Ендігі арманы, – осы күйінде туған еліне жетіп, сағынған даласында біраз сайрандап қайту. Өйтуіне Гутковскийдің:

– Ауылыңа бара бер де, мені Атбасардан тос, – деуі себеп болды. «Ақан тауына қоныпты» деп естіген, туған аулына Шоқан төте тартса, Омбыдан шыға, Бурабай, Көкшетау қаласы, Зеренді арқылы түсер еді. Бірақ, екі себеппен өйтпеді ол. Бір себебі–құлағы естіген болмаса көзі көрмеген, хан аулының жаңа қонысы Сырымбет тауына соғып, көре кеткісі келді. Екінші – (бұл ең бір себебі) Гасфортты үйінде тосқысы келген Шыңғыс, оны жеке нөкерлерін бастап келу үшін, екі заседателінің бірі – Табайдың Тәштитін Омбыға жіберген еді. Гасфорт ауырып қалғаннан кейін, өзін «дүрлердің» біріне санайтын Тәштит, «Шыңғыс болса бір сәрі, оның сарыауыз баласына қосшы болып қайдан барам» деп ойлады да, әлденені сылтау ғып аулына қайтып кетті. Бірақ ол, жәй емес, Шоқан мен Шыңғыстың арасына от тастап кетті: Жарылғамыс Тәштиттің әкесі Табайға өкіл-күйеу болатын, сондықтан ол Тәштитпен де өте достасып, Жасырар сыры болмайтын. Осы жолы Омбыға шыққан, Жолшыбай үйіне қонған Тәштитке Жарылғамыс Шыңғыстың Айжанды Малтабарға атастырғанын айтып қойған, сондағы ойы – «Шоқан естіп, қызға деген құмарлығынан қайтсын» деуі еді. «Жарайды, айтайын» деген Тәштит, құлағы шалған қауесетті өз мақсатына пайдаланғысы келді. Тәштит Шыңғысқа іштей еш еді. Оған себеп: нағашысы – Есеней селкілдек ауруға ұшырап (паралич) төсектен тұрмайтын халде жатқанда, Тәштитті ертіп бір жақтан келе жатқан Шыңғыс сол үйге қонған; сонда серігінен қымсынбастан, Есенейден аулақ жататын Ұлпанның қасына жұрт жата келіп, таң ата бір-ақ оралған. Бұған қатты намыстанған Тәштит, бірдеме деуді бойына мін көріп, іштей түйілген содан бері сырттай жылтырағанмен, шамасы келсе қарымын қайтаруды арман ететін. Сондай ойдағы Тәштитке құдай көктен тілегенін жерден беріп, Айжан жайында Шыңғыс Шоқанмен араздастырудың сәті түсе қалған сияқтанды. Өзін «қу қазақтың бірімін» деп санайтын Тәштит Омбыға бара Шоқанға бірден сыр білдірмей, сөздерін Шыңғысты мақтау жағынан бастаған ол – «елді жақсы ұстайды, сондықтан атақ-абыройы зор» дей келіп, «көріп-қасарға қайырымы мол» дей келіп, бір сәтте Айжан мәселесін басып қалған.

– Басқарған елінің жоқ-жітігіне қарасуы былай тұрсын, – деген ол, – әкең аулының қоңсы-қолаңына да өте мейірімді, олардың күнделік қамын ғана ойлап қоймай, болашағына да бақыт жолын сілтейді. Оған бір мысал: қолында әке-шешесі, туған-туысқаны жоқ, бір жетім қыз тұрады екен, сол бейшараны кім көрінгенге жетектетіп жібермей, қолын жылы суға малып отыратын дәулетті біреуге беретін болыпты...

– Кімге?! – деп елең ете қалды Шоқан. Тәштит ол жайын аңғармаған болып, «Малтабарға» деді де, өлердей мақтанады. Шыңғыстың бұл іске неге барғанын да, қанша ақша алғанын да айтып берді. Шоқанның кіршіксіз таза көңіліне мына хабар удай себіліп, жаны түршігіп кетті де, Тәштиттен қайталай сұрап, анығына көзі жетті. Тәштит Шоқанның бет құбылысынан ішкі күйін ұға қойды да, өз ішінде «маған сүзіскендерің керек, қай жеңгенің менікі» деді де, «қызды көргісі келсе тура тапсын» дегендей, қазіргі мекені Сырымбетте екенін айтты. Тәштит жайында кете барды...

Шоқанға енді не істеу керек?

Айжанды зорлық құрсауынан қалай құтқарудың айласын таба алмаған Шоқан «не де болса бара көрейін» деген тиянаққа келді; оның Сырымбетке соғудағы екінші мақсаты осы еді. Географиялық картаға қараса, Сырымбетке соғу үшін Омбыдан Қызылжар келу керек те, одан «Бөрілі» және «Жалаңаш» аталатын екі «Торанғұл» арасымен Жаман Жалғызтауға, одан Сырымбетке бару керек. Осы маршрутпен жөн тартпақ болған Шоқан, іш пікірін өзге достары түгіл, жанындай жақсы көретін нағашысы Мұсаға да айтқан жоқ. Мұсаны Гасфорт Атбасарға ерте баратын нөкерлерінің тізіміне қосқан еді. Гасфорт ауыра, ол тізім адыра қалған. Енді не істемек Мұса? Шікірейген Шыңғыстың Шоқанның оқудағы кезінде Омбыға ат ізін салмауына, Мұса шектен шыға ашулы. Онысын Шоқанға сездіріп те жүрді. Сәті түсіп, Гасфортқа ере барғанда Шыңғыстың бұл қылығын бетіне баспақ еді, оның реті келмеді. Енді не істеу керек? Алпамсадай қалпымен Шоқанға ат қосшы болып баруы керек пе? «Сиыр – судан, су – сиырдан жериді» дегендей, хан тұқымының Шыңғысы да, басқалары да мұрындарын шүйіріп көкке көтергенмен, оларға іштей күле қарайтын адамның бірі – Мұса еді.

– Несімен сөйтеді?! – дейді ол ішінен, – замана дауылы көтеріп соғып, қаңқасын қиратқан, кигізі де дал-дал жыртылып желпілдеп желге ұшуға даяр тұрған ордасымен бе?.. Осы күні ол да бір қазақ, мен де бір қазақ, ол да орыс патшасының жалынышты қызметкері, мен де сондай қызметкер!.. Сондай халін түсінбей, несіне шіренеді ол?!.. Ойы осындай Мұса: «жиеніме ат қосшы болуым төмендікке жатар. Бұл жөніне тарта берсін, мен Атбасарға басқа жөнмен барармын» деген тиянаққа келді. Өйтуіне Шоқанды өкпелетпейтін дәлелдер де тапты. Шоқан оның еруін қалаған да жоқ, Айжан туралы мәселені сездірмеді. Мұса ол жайдан хабарсыз еді. Шоқанның ойы Сырымбетке елеусіз жүріспен бару. Сөйту үшін, ол офицерлік те, қазақша да жақсы киімдері бола тұра үстіне олардың бірін де артпай, офицердің жорық жолына киетін жұпыны, қоңыр-дүрсін киімдерін ғана ілді. Олар ылаумен жүріп кетті. Мұса оған «оқу бітірген байғазың» деп сыйға тартқан қазақы киімдерін киюді ұсынды. Олары: басында жасыл пайымен тысталған, маңдай жақ етегін қасқита қайырып қоятын қара-пұшпақ бөрік; сыртында ақ ботаның түбітінен иіріп, арқауын қызғылт жібек жіптен өткермелеп тоқытқан ермектің, жаға, жеңіне, өңіріне тықыр қара құндыз әдіптеген желбегей шекпені; оның ішінде қытайдың ақ-сарғылттау өңді, қалыңдау шушынша (чечунша), белін қынамалау ғып, етегін кеңдеу ғып тіктірген, түймелерін қара ала күмістен үзбелеп қадаған қамзол; бұтында ешкі терісінен иленген (замш) өн бойын әр түсті жібек жіппен ернектей кестелеген жырық кең балақты ойран шалбар; аяғында кестелі шоңқайма етік, оның сыртында күміс шегелермен әшекейленген кебіс; белінде оқшантайлы, қынды кісе... Нағашысының бұл тілін Шоқан алмады. Сондағы дәлелі –«жолшыбайғы елдің көбі қазақ деседі, олардың алдында тотыдай түрленіп қайтем. Ала жүремін, керекті жер болса киермін, әйтпесе жата берер. Офицерше жарқырамауым – ондай киімді адамдардан қазақтар қорқады дейді. Шоқанның қасына, күтуші есебінде татарша – Тұхфатолла, қазақша – Тоқбет, орысша –Тома аталатын солдат ерді, Уәделері: Тоқбет қазақ, я татар тілдерін білмейтін орыс солдаты болып қана жүреді. Екі жүз шақырымдай деп есептелетін Омбы мен Қызылжардың арасында ол кезде қазақ-орыстардың аралары алшақ үш қана станциясы бар еді: Омбыға тақау – Коломзино, орта тұста – Есілкөл, Қызылжарға тақау–Токушино. Олардың арасында қазыналық ылаулар байланған бекеттер. Омбыдан Түменге қарай созылатын ойпатты орыстар – «Ертіс – Есілдің» қайқаңы (низменность) дейді, қазақтар «Жолдыөзек» дейді. Бұл сайдың өн бойына «Уақ-Шоға» аталатын рулар қыстайды. Шоқан жүрген шақта олар Баян жақтағы Өлеңті, Шідерті өзендерін жайлауға кетіп, қора-қопсылары бос қалған. Ел көзіне шалынғысы келмеген Шоқанға олардың, қажеті де болған жоқ. Суыт жүрген ол, ара қонып Қызылжарға жетіп барды. Бұл қаланың «Қызылжар» аталатын себебі Есіл өзенінің топырағы қызғылт түсті жарына орнағандықтан екенін білеміз. Қаланың орнына алғашқы қазықты 1745 жылы Петр және Павел аталатын ағайынды екі кісі қаққаны, содан қаланың орысша аты – Петропавел болып кеткені де мәлім. Қала «Ой» және «Дөң» болып екі бөлімнен құралады. Білетіндер – «басында қазақ-орыс станциясы болып жарқабақ астына Ой қала түскен дейді. Дөң қала жарқабақ үстіне жүз жылдан кейін орнай бастаған. Шоқан Құсмұрыннан Омбыға оқуға бара жатқан кезде, Дөң қалада аралары алшақ азғантай ғана үй бар еді. Енді, бес-алты жылдан кейін іңірлетіп келіп, түнде салт атпен аралап көрсе, Дөңнің, үйлері, ойдан әлдеқайда көбейіп, ана жылғы қала шетінде жасалған, ішіне қалың орман өскен, аумағы кең мұсылман зираттары, енді Дөң қаланың қоршауында қалыпты. Қалаға танылғысы келмеген Шоқанның бағына қарай жәмшік үйі Дөң қаланың шетінде екен. Жолаушылары көп болатын жәмшік айдаушы, өзгеге бермейтін мәнін Шоқанға да берген жоқ. Одан салт ат сұрап ап, іңір қараңғысында қаланы аралаған Шоқан, бір қалтарыста Малтабар үйін де жанап өтті, Оған деген өшпенділігі қайнап кеткен ол бір мезетте «үйіне өрт қойсам қайтеді?!» деп те ойлады. Бірақ, лезде ашуды ақыл жеңіп, «онымен не бітірем?» деді де тоқырады. Қызылжардан таң сіберлей аттанған Шоқан, жолда Дәнежін (Надеждинск), Көгерін (Ново-Николаевск), Қарақоға жүз шақырымдар шамасындағы «Мүсін» бекетіне жетті. Олай деп аталатыны: соңғы жылдарға дейін Есіл өзенінің орманды биік жарында, Зілғараның Мұсасына қыстау болып келген бұл мекенді Зілғара тұқымымен өштесіп алған Шыңғыс Көкшетау дуанына аға сұлтан болғаннан кейін сылтау тауып, ағайынды он төртін де түгелімен Есілдің батыс жағындағы жырық жер – «Алакөл-Салпыққа» көшіріп жіберген де, «жәмшік жолының үсті» деп бекет орнаттырған. Мұсаның жұртына орнаған бекет орысша «Мусин» аталып, қазақтар «Мүсін» деп кеткен. Мүсіннен Сырымбетке баратын жәмшік жолы екіге айрылады екен: бірі – екі Торанғұлдың арасымен тура тартады, онымен жүрсе, Сырымбет жүз шақырымдай жер екен. Арада бекет жоқ, сондықтан жәмшік те жоқ. Мүсіннің жәмшігі ол жолды жырақсынғандықтан, Сырымбетке апармайды екен, онымен тек ұзақ сапарлылар ғана жүреді екен; екінші жол – «Жаман Жалғызтау» аталатын бекет арқылы тартады. Мүсіннен ол бекет қырық-елу шақырымдай. Сырымбетке бұрыстау болғанмен, жәмшікті жолаушылар сонымен жүретін болған. Шоқан да сөйтті. Мүсіннің күнгейіне қарай тартатын бұл жол жиырма бес, отыз шақырымдық тұсқа дейін ормансыз жалаңаш даланы кезеді. Даланың Есіл жақ беті дөңестеу, Сырымбет пен Жалғызтау жағы қайқаңдау. Сондықтан, Мүсіннен ұзамай-ақ, қос өркешті Сырымбеттің де, нар өркешті Жалғызтаудың да төбелері көріне кетеді. Біздің жолаушылар Мүсіннен аттанған шақта, таңы ғана буалдырланатын бұл тұстың күні шыға, төңірек жарқырап ашылды да кетті. Көтерілген күн қыза бастаған кезде, айналаны сағымның толқыған теңізі тұтастыра бөлеп алды. Сағымға бөленген таулардың тұла-бойы көгілдірленіп, мөлдір көк кәукердің, тауындай жайнап кетті. Толқын көтерген көгілдір таулар биіктеп, аспанмен астасты да, теңізде жүзген кемелердей жап-жақын тұсқа кеп қалған тәрізденді. Естігені, кітаптан оқығаны болмаса, «тау» аталатын биікті бұрын көрмеген Шоқанға, сағымда қалқыған екі тау, бүгінгі көгілдір аспанмен астасқан шоқылар сияқтанды. Оның «анау тұрған» тәрізденген Сырымбетке, осы тұстан тартып кетерлік зауқы соқты. Сол ойын сыртқа да шығарған оған, бұл маңайды шарлап баққан атшы.

– Сағым көтеріп тұр, әйтпесе алыс және тете баратын жол да жоқ. Біраздан кейін арасынан еткізбейтін жыныс орман кездеседі, – деді. Асыққанмен амал қанша!.. Жолаушылар Жаман Жалғызтаудан бетін бұрмады.

«ЖАМАН ЖАЛҒЫЗДА»

Бұл таудың «Жалғыз» аталатын себебі, – «Көкшетау» тіркесіне кіретін кө таулардың теріскей шығысында оғашырақ тұрады: «Жалғыздың» ығындағы көлемі мен көркі өзге шалқарлардан аспаса кем түспейтін, көлдің суы адам татпастық, ащы, сондықтан оны тұрған ел «Жаман» дейді. Адам жаман санайтын сордың суын мал баласы қымыздай сіміреді де, арық-тұрақ ілезде «қап болып шыға келеді». Адамға «жаман» бола тұра, «Жалғыздың» айналасы толған суы балдай мөлдір бұлақ. Қарағайы, қайыңы, терегі аралас өскен қалың орманның ішіндегі Жаман Жалғызтаудың пішіні, – аумаған кигіз үй, тастары қолмен құрастырғандай ұсақ, сол ұсақтардың арасынан етектен төбеге дейін қалыңдай ескен ағаштар, аумаған сеңсең папаха сияқты. «Жалғыздың» төңірегін Қарауыл руының Көлдей, Көшей дейтін аталары қоныстайтын еді. Таудың сормен аралығында, кейін әлемге «Үкілі Ыбырай» атағы жайылған, дүние жүзіне мәлім «Гәкку» әнін шығарған ақынның ауылы қыстайтын. Олардың арғы түбі қалмақтан келген қоңсы дейді, сондықтан «Қалмақ аулы» деп те аталады. Қалмақтың бергі жағында – Дербісәлі би дегені болыпты. Одан: Әбілге, Маңдай, Сандыбай (Ыбырайдың әкесі). Сандыбай сол маңайдағы қазақтан бірінші болып көрік басқан, темір соққан кедей адам екен. Өзге ауылдастары жаз жайлауға көшкенде, Сандыбай қыстауда қалып, кәсібінен қол үзбейді екен. Үнемі үсті-басы күйе болып жүретін оған, жақын жеңгесі «Қарамұрын» деген ат қойып, елі де солай деп кеткен. Бір өлеңінде Ыбырайдың – «Әкеміз Қарамұрын ұста бопты, кемірге өзімді өзім қия алмадым» деуі содан деседі. «Өрт кетіремін» деген қауіппен Қарамұрын «дүкен» аталатын темір соғатын жәйін қыстаудан жырағырақ тұстағы бұлақтың қайнар көзінің жағасына орнатқан еді. Қасында Имантаудан ылау айдауға жалданған, кең шатырда жеке қара бастары ғана тұратын, бірі егде, бірі жас – екі татар бар. Олардың аттары төртеу, тарантас жалғыз. Қарамұрынның өз тұрағы шымнан салған жер үй. Шоқан келер күні, оның үйінде, амандық біле жайлаудан кеше келген ағасы – Әбіле қонақтап жатыр еді. Мүсіннен келген ылаушы, Шоқанды сол үйге тура әкеп түсірді. Бұл кезде күн байығанмен, дала әлі жарық. Шоқан Сырымбетке табан аузында-ақ жүріп кетер еді, ылаушы татарлар тарантасқа екі ат жегіп, «Саумалкөл» бекетіне ертемен жүргінші әкеткен екен, содан оралмапты. Жайдақ екі ат қорада екен, олармен қайда барады?.. Шоқандар ат басын тірегенде, Қарамұрын үй-ішімен және қонағымен, шым үйдің ық жағында ауыз ашар жасап жатыр екен. Тік келіп, қастарына тоқыраған жүргіншілерге қараған олар жолаушыларды дағдылы біреуге жорып, майы кілкіген дәмді құймақтан қолдарын жазбай, сораптап асай берді. Тарантастан түскен Шоқан оларға мұсылманшылап сәлем берді. Тоқбет үндемеді. «Қазақ қой мынау!» деп күңкілдесіп қалды отырғандар.

– Шайға кел, жігіт! – деді Қарамұрын.

Шоқан тоқ еді: жолшыбайғы кідірмеймін деп ойлаған ол, Омбыдағы әскерлік ұйымнан, үйіне жеткенше ішіп-жеуге жетерлік азық алып шыққан. Жалғызтау деңгейіне жақындаған шақта, шоқ ағаштың етегіне тоқтап, біраз қаужалып алған. Сондықтан, «рахмет!» деп қолын қусырып, басын иді де, Тоқбетке орысшалап:

– Тауға таман барсақ қайтеді? – деді.

– Барайық, – деді ол.

Үй иесінің «дәм татыңдар» деуіне қарамай, екеуі жөнеле берді.

– Әлгің аты «қазақ» демесең, – деді Шоқандар алыстаңқырағанда Қарамұрын ағасына, – тік бақай, кісі киік біреу ғой өзі.

– Кім екенін абайладық ба? – деді Әбіле.

– Жоқ.

– Ендеше соның Шыңғыстың баласы.

– Қай Шыңғыстың?

– Аға сұлтан Шыңғыстың Омбыда оқып жүрген баласы.

– Шоқан ба?!..

– Сол ғой деймін. Бала күнінде көріп ем, одан түсі өзгергенмен, кейбір келбеті сақталған, әсіресе қабағы мен көзі. Бала шағына қарап, өскенде де бойы шарға болар ма деп жорамалдаушы ем, буылып өскен екен ғой, бойы соқтауылдай боп кетіпті.

– Тілің тимесін, жерге түкір!

– Түкіре береміз-ау!.. Үйіне келеді деген. (Аз ойланып) – Бірақ, жолы бұл емес қой, неге қыңыратқып келеді екен бұл жаққа?

– Білдім! – деді сол қолының бармағын тістеп, ойлағандай аз кідірген Әбіле, өзіне-өзі тез жауап беріп.

– Нені білдің? – деді Қарамұрын.

– Рас болды! – деді Әбіле, өз тізесін түйгіштеп.

– Не рас болды?

– Қауесет.

– Қандай?

– Осыны «Ақпанның есіп келе жатқан қызына құмартады» деген.

– Менің құлағымды да сондай бір өсектің желі шалып еді, – деді Қарамұрын. – Неге оны растайсың?

– Түзу жолынан бұл жаққа бұрылудың басқа себебі жоқ. Айтпадың деме, осы сол қызды көруге келе жатыр.

– Қыздың Сырымбетте екенін қайдан біледі?

Елдің, аузы елу емес пе? Біреулер жеткізген болар.

Ағалы-інілі екеуі осылай сөйлесіп отырғанда, тау етегіндегі орманға сіңген Шоқан мен Тоқбет те оралды. Ылау тартатындардың әлі де келмеуіне олар өкінді. Мүсіннен әкелгенге «тым болмаса Сырымбет тауына жеткізіп сал» деп еді, ол: «Аттарым босаңсып келеді. Әрі, үйде қауырт жұмыстарым бар еді» деп көнбеді. Жіпсіз байланған қонақтарына Қарамұрын қолдағы аз ғана ешкілерінің семіз серкешінің біреуін сойып, қонақасы беруге әзірленді. Бірақ, қандай? Оның шым-күркесінде қонақтар, әсіресе хан тұқымы, ірі орыс әпесері – Шоқанның жайланып отырар жері жоқ: өзі тар, өзі қолаңса сасыған күрке, «төсеніш» дегендері иленбеген тері-терсектің қасаңдары, иіс-қоңысқа үймелеген қаптаған қалың қара шыбын. Соған «кір» деуге ұялған Қарамұрын:

– Ал, мырза, – деді Шоқанға, сыртта серкешін бауыздамай, желкесінен ұстап тұрып,– болып тұрса, сенің сыбаған, серкеш түгіл, тоқты-торым түгіл, құлын мен тай! Олар бізде жоқ. Бізде бары – мына ұстап тұрған серкеш, осыған риза бол да, бата қыл! Ондай әдет барын білгенмен, берілетін батаны білмейтін Шоқан сойыларын білгендей бақыра маңыраған серкешті Қарамұрын мойнынан тақымына қыса ұстап, қол» дарын жайғанда, сасқалақтағанда жан-жағына жалтаңдап еді, Әбіле ол жайын түсінгендей:

– Ауылдан бала шағында кетті ғой, батаны қайдан білсін, мен айтайын ол батаны, – деп алақандарын жоғары көтере, ішінен бірдемені күбірледі. Серкеш сойылып бола, Шоқанға айтуға бата алмаған Қарамұрын:

– Әбеке! – деді ағасына, – қайда береміз қонақтардың асын?

Ол сұрауды неге бергенін түсіне қалған Әбіле:

– Дүкеннің қасы дұрыс болмас па екен? Қалың бетегесі жабағыдай ұйысқан, мал баспаған, иісі де жақсы шөбінің. Ай да ымырт жабыла туады. Және толықсыған жарық кезі. Қалай көресің, мырза? – деп Шоқанға қарады. Шоқан шым күркеге келген бетінде басын ғана сұғып, түрінен де, иісінен де жиіркенген бейнемен кейін шегінген. Оған енді сүйресе де кірер ойы жоқ. Отыруға лайығырағы жәмшіктердің шатыры сияқты, оның кірер жақ етегі сыртынан арқанмен шандылғанын да көрген. Далада ұзақ отырысқа жарарлық емес: күн еңкейе ызыңын көбейте бастаған сары маса, бейуақ таяна қалыңдап барады. «Сонда да тыста отырған жөн болар, – деп жорамалдады Шоқан ішінен.– Кең дала. Алды ашық дала. Көзге алыстағы шалынады. Айы толған түннің көрінісі де әдемі!..».

– Мақұл, ағай, – деді ол, сұрауына жауап күтіп, телміре қараған Әбілеге. Отырарлық орын көрсетілгенмен, ол араға жаяр төсегіш болған жоқ. Керегі не, оның? Қалыңдай, ұйыса, жапырыла өскен биік бетегенің жамбасқа жұмсақтығы мауытымен тысталған мақта көрпедей! Мұндай жерге отыруға Шоқанның жаны бала кезінен-ақ құмарды. Ертіс ойпатының қалың шалғыны да осындай жұмсақ болғанмен, асты дымқос, сондықтан мұрынды тез бітіріп тастайды; ал мынадай бетегеге қанша уақыт қисайғанмен, адам еш тымауратпайды. Бетеге үстіне тұрқын соза, қырынан қисайған Шоқанды маса да мазалай алмады. Қарамұрын шет жақ алысырақ тұстан көңнің түтінін бықсытып қойды да, қалыңы емес, талмаусыраған лебі ғана жетіп, соның иісіне де маса м.олай алмады. Қас қарайып болмай, аспанның күнгей-шығыс жиегінен айдың сәулесі біліне бастаған, көп кешікпей қызыл күрең жиегі жылтиды; сол түспен биіктей берген толған ай дөп-дөңгелек болып тұтас көрінгенде, үлкендігі қазақ арбаның доңғалағындай екені Бұл түрінде не деген көрікті еді, жарықтық-ай!.. Көкжиектен көтерілген сайын қызыл-күрең бояуы сұйыла берген ай бозғылдана келіп, аспанның иығына шыққан шақта, әппақ сүттей боп жарқырап алды!.. Ауыл бозбаларының:

Әттең, айдың жарығы күндізгідей,

Ер жігіттің қадырын қыз білгендей... дейтін.

Ай жарық, терезеңнің дәл түбінде,

Шашыңа таққан шолпың саудырасын... дейтін.

Биік таудың басына бұлт айналсын,
Жаның шығып бара ма, көз байлансын,–-

дейтін шағы туды.

Бүгінгі жыпырлаған жұлдызды аспанның ашықтығы', айдың жарықтығы сондай Шоқан отырған тұстан күндіз көзге шалынатындардың бәрі қазір де сол қалыптарымен самсап тұр!.. Дала!.. Кең дала! Жаман Жалғызтаудың күнгей-батысы бұйра қалың орман!.. Былайғы жақтарының бәрі де таусыз, армансыз жалпайған жазық!. Іргеде тұрған «Жалғыз», мана маңына жақындағанша тапалтақ сияқты еді, жанына жақындай биіктене берді де, Іңір бастала, ай туа аспанға шырқай көтеріліп, төбесі түн қараңғысымен тұтасып кетті!.. Күндегі дағдысы ма, бүгінгісі ғана ма, – қияда бүркіттері шаңқылдап, шыңдарда байғыздары шұрылдап, тоғайда бұлбұлдары сайрап, бертінде ет иісін сезген сауысқандары шықылықтап, күн жауар алдындағы әдеттерімен, оғаш бастарына қаптап қонған қарғалары шулап.. арсылдаған, ырылдаған, үрген, шәуілдеген, маңыраған, мөңіреген... сияқты дыбыстардан орман бүркенген таудың тұла-бойы толып кетті. Оған, төмендегі сортаң көлде қонақтаған: аққу, қаз, үйрек шағала, шіңкілдек шіл, тауқұдірет, қызғыш... сияқты құстардың ансамбль тәрізді тұтаса, келістіре шығарған үндері қосылады... Көл-мөлін қоса, осы құстардың бәрін бір-ақ жұтып қоятындай, тымық кең даланы солқылдатқан әупілдек үні естіледі... Не деген көрікті түн... не деген көрікті аспан... не деген көрікті дала... не деген көрікті тау... не деген ғажап идиллия!.. Шіркін, осы тамашаларды таңданарлық түрде сипаттай алатын ақын туар ма еді!!.. Осындай ойдағы Шоқан, жоғары-төменге, төңірегіне таңдана қарап тамсанады да, «Жалғызға» әлсін-әлсін жалтақтай беріп,– «бұның жаманы мынау болғанда, жақсысы қандай екен!»–дейді ішінен. «Жақсылар» дегендерін де тез көруге асығады... Қарамұрын үйінде «дән» аталатын азықтың иісі де жоқ еді. Шай орнына қолданатын шәлпиді, олар ешкі сүтінен жасалған құрт, ірімшікпен ішетін «шәйді» үлкен тас құманға қайнататын. Басқа сусыны жоқ. Қарамұрын Шоқанға бұндай «шай» беруге ұялап отыр еді.

– Сусын бар ма, ұста ағай? – деді шөліркеген Шоқан.

Қарамұрын орнына Әбіле жауап беріп, қандай ұялса да «шай» барын баяндап еді:

– Маған сонысы керек, – деді Шоқан. – Құрт пен ірімшік ежелден жақсы көретін астарым. Көптен аузыма тимей сағынып жүр ем. Шәлпи шәйін ішіп көрген емен, ішкендер мақтайды. Мен де ішіп көрейін. Кадет корпусында болған жылдары да, одан кейін де, Қарамұрынның қара-қоңыр өңді жобалғы түсті, әжім кескінді арық қара қатыны тас-құманға қайнатқан «шәлпи шайындай дәмді суды ішіп көрмеген еді. Қант татыған қызыл жас ірімшікпен аузының дәмін алып сораптағанда, мейірі қанғандықтан тұлабойы терлеп қоя берді. Сол кезде ық жақтан көтерілген қоңыр-жәй жұмсақ самал желпімесе, оның денесі су болып ағып кетер ме еді, қайтер еді? Самал оны жәй желпіген жоқ, жусаны аралас, селеулі, көделі даланың ашқылтымдау жұпарын мұрнына иіскете желпіді. Онық жан-тіні «шәлпилі шайдан да бетер рақаттанды. Сусыны қанған ол, шынтағын жастана жатқан қалпында қалғып кетті. Көзі жаңа ғана ілінген Шоқанды асы піскен Қарамұрын амалсыз оятты. Әйтпесе, еті жидіп дәмі кетеді. Серкештің түгел асқан еті, ағаш түбірінен ойып қолдан қазылған шұқырша керсенді лық толтырды. Бала күнінде Шоқан етті тәуір-ақ жейтін. Корпусқа бара ол дағдысынан ажырап, бертінде «саған ет жеуге жарамайды» деп Илиади атымен тыйып тастаған. Әнеугі Ертіс жағасында да, нағашысы Мұса тігіп берген үйде де, қасында болған Илиади, жегісі келген еттен қолын қаға беріп, шылғи сүттен жасалған тамаққа қамаған да қойған. Одан да торалған Шоқан, етке, әсіресе жас етке тыңқия тоюды арман ететін. Mінe, Қарамұрынның үйінде сол арманына жетті. Және «ет» дегені, жалпы «ет» емес, «жеуге жеңіл» дейтін – ешкінің оның ішінде шелі сауыстанбаған серкештің еті. Басқа берер дәмі жоқ Қарамұрын, ескілеу мыс бақырға, жер-ошаққа асқан серкештің етің астына жаққан отты маздатып жібермей, бәсең қызумен баптап қайнатқан еді. Қатаймай да, жидімей де, жұмсақ қана болып піскен еттің, ішінде тау жуасымен, саз буылдырығын турап бұқтырған тұздығы да ете татымды болды. Шоқан етті, әсіресе, семіз серкештің қалың сүбе майларын, үлпершегінің үлкендігі қалпақтай бүйректерін, белдеменің ұзын омыртқаның, кәрі жілік пен жауырынның жұмсақ еттерін өлердей көп жеді. Оған қоса, аздап ермен татыған майлы сорпадан жуан аяғын тастап алды. Ал енді кенеттен кездескен осы тойымдықты бойларына сіңіру керек. Әлгі қалғып кеткен шағында Шоқанның ұйқысы қанып қапты. Енді көзін жұма алар түрі жоқ. Тау мен көлдің өн бойында у-шу думан болып жатқаны анау!.. Биіктен алған толық ай жерге күміс сәулесін себелей тіпті жарқырап кетті! Салқын самал да жұпар иісін аңқыта түсті!.. Бұл ғажайыптардың бәрінен тым-тырыс татып та рақат көруге, ләззат алуға болар еді, егер оған лайықты мекен Гипса!.. Ол жоқ!.. Мана масадан қорғанып бықсытқан түтін аздан кейін өңменнен атуға айналған соң, Шоқан отын өшіртіп тастаған. Оны қайта тұтатқанда не рақат табады?.. Бұларға лайықты төсеніш бұл үйде жоғын көріп отыр. Бетеге қанша құрғақ дегенмен, түн ортасы ауа шық түссе, топырақ дымқостанады да, одан әрі төсексіз жатуға болмайды...

Не істеу керек?

Шоқанның ойы, таң атқанша таудың, көлдің бойларын кезіп серуендеуге соғып кетті. Осы ойын білдіргенде Қарамұрын:

– Дұрыс қой, мырзам. Бірақ жаяу аралай алмайсың. Құстардың шуы іргедей жерден естілгенмен, көл бұл арадан бірталай жер. Жағалай түсу одан да жырақ. Алыстан қарағанда таудың көлемі тіккен кигіз үй сияқтанғанмен, айналасы ат шаптырымнан артық. Күндіз болмаса және атпен болмаса, түнде төбеге шыға алмайсың:

– Мана «шықтым» деп отыр едіңіз ғой, өзіңіз?

– Бізді қойшы!.. Осы арада туып, осы арада өскен бізге үйреншікті тірлік емес пе. Талшық етеріміз аң ғой, мырза. Аң да – бір, мен де – бір. Расы да солай еді: таудың тастақ биігінде арқар, қарақұйрық, киік бұғы сияқты аңдар қаптап жүреді. Қарамұрынның негізгі азығы солар. Аңдарды ол ысырап қып босқа қырмай, керегінше ғана атып жейді. Атқанының етін де ысырап қылмай, сүрлеп ап азықтанады. Онысы таусылмай, жаңасын атпайды. Тауға өрлегенде, тас арасын кезгенде, оның ептілігі мен шапшаңдығы аңдардан кем емес. Сезгіштігі мен көргіштігі де сондай. Қандай сақ аң болса да қапысын табады. Оның, мылтық ұңғысын қолдан бұрайтын да енері бар. Бурайтыны жалпы мылтық емес, жалғыз оқты – шиті. Бірақ, бұл іс әрі ұзақ, әрі ауыр болғандықтан, ілуде бір қимасына болмаса, былайша мылтық жасамайды. Ал, жасаған екі аяқты шитілері көзге ілінгенді мүдіртпейтін тигіш. Оның өзіне бұрап алған мылтығы да сондай. Сонысына қызығып, тілін тыңдата алатын мергендер Қарамұрынның мылтығына не ту бие, не құр аттан кем төлемейді. Қарамұрынның «сұрперен» аталатын мылтығын Шоқан мана көріп менсінбеген, иесінің «мүдірмейтін мылтық» деуін мақтаншақтық көрген. Сонда да сынағысы кеп:

– Аңға қай кезде шығатын едіңіз? – деп сұраған.

– Ертемен, жусайтын шақтарында, – деген Қарамұрын. «Сондай шағын көрер ме еді» деп ойлап қойған Шоқан. Енді, міне, қонақасысын ішіп, серуенге шығуды ниет еткен Шоқан, іштей «осы ұстаны да желіктірсем қайтеді?» деді де:

– Менімен ерер ме едіңіз? – деді оған.

– Қайда?

– Мысалы, тауға. Уақыт жетсе – көлге.

– Ерейін, мырза, – деді Қарамұрын.

– Аңшылауға болады ғой?

– Неге болмасын.

– Мысалы, тау ешкісі мен арқарға?

– Әрине, болады. Бірақ олар таудың ұшар басындағы биік шыңдарға ұқсайды.

– Барамыз!..

– Оңай да болмайды, мырза, баруға.

– Неге?

– Өрмелеуге қиын жерлер көп.

– Несі бар, өрмелесе? Дем алып отырып ерлерміз.

– Олай болмасын, мырзам, – деді Қарамұрын. – Серігің мен екеуің жәмшіктің қорада тұрған аттарын мініңдер. Білекті қарулы жылқылар. Және тауға талай шығып жүрген. кәнігілер. Ер-тоқым біреу-ақ анау келіп жатқан ағамдікі. Сәнсіздеу ер. Түнде кім көріп жатар бізді. Серігің, жайдақ мінер.

– Өзіңіз ше?

– Айттым ғой, мырза, – «аң да–бір, мен де – бір» деп. Көрерсің, аттарыңнан озып отырам. «Болса болар!» деп жорыды Шоқан ішінен. Көзі алғаш түскен сәттен бастап Қарамұрын дене жағынан да, қылық жағынан да оның сынында. Дене жағынан: орташадан биіктеу, денесі мейлінше сом, сүйектері жуан, тұла бойындағы тастан қатты бұлшық еттері қимылға кіріскен шақтарында толқындай түйірленіп кетеді; темірді ол көбіне күн көзінде отырып соғады екен, содан тотығуы ма, көмір мен темірдің шаңы басудан ба – өңі сіңір қара; басы үлкен, мұрны қоңқақ, кішірек қара көздері өткір, мойны жуан, иегі сүйір Қоңыр мұрты қалың, сақалы иек астына ғана біткен шықша, жалпы тұлғасы батыр бейнелі адам. Шоқан іңір алдында Қарамұрынның күркесіне кіргенде, «сурперен» мен қатар босағада сүйеулі тұрған, шанағы кішігірім қазандай, мойны сорайған, жарылған жерлері шегеленген, үлкен қара домбыраны көрген. Пернелері орнында, шегі тағулы, тиегі салулы екен. Домбыра тарта білмейтін Шоқан, шегін саусағымен шертіп қалғанда сұңқ ете қалды.

– Кім тартады мұны? – деген Шоқан қасында тұрған Қарамұрынға.

– Мен, – деген ол.

– Жақсы тартасыз ба?

– Қайдам, өзіме жақсы сияқты.

– Тартып көріңізші!

– Қазір уақыт жоқ. Кейінірек.

– Ән де айтасыз ба?

– Ептеп.

Шоқан Қарамұрынның домбыра тартуын да, өлең айтуын да естуге асыққанмен, қонақ күту жабдығының әбігерлігімен, Қарамұрынның қолы тимеген. Енді, тауға өрлерде Шоқанның сол домбыраны ала кеткісі келді.

– Болсын! – деді Қарамұрын.

Аттар әкелінді. Әбіле ерінің сиқы жоқ екен: ен бойы жіппен шандылған, ескі ашамай сияқты алқам-салқам бірдеме; саймандары да үзік-үзік, түйін-түйін ескі қайыстар, бір үзеңгісі – ағаш, екіншісі – темір; тоқымы – желқом, құйысқаны, емілдірігі, тебінгісі, жонасы жоқ... Шоқан бұндай ер-тоқымға отырудан жайдақ мінуді жақсы көрді. Ол ерді Тоқбет те менсінбеді. Жайдаққа астарына төсеніш жоқ. Еттері қораш аттардың арқалары қылыштың қырындай екен. Қарамұрын Шоқанға «жайдақ мінсең құйрығың түсіп қалады» деп еді, «түссе мейлі» деп болмады Шоқан.

Ал, енді қайда бару керек?

– Әуелі көлге барсақ, – деді Қарамұрын, – тау аңын аңдудан кешігеміз. Әдейі барған соң көлден бірдеме атуымыз керек. Айдын көлдің құстары түнде жағадан жырақта қалғиды. Оларды оқ шала алмайды. Тек таң ата ғана отқа шығу үшін жағаға жақындайды. Тау аңдарының жусайтыны да осы кез. Олардың, әсіресе, арқар мен тау ешкілерінің жусар жері биік шыңдардың басы екенін айттым. Жел жағынан жолатпайды, ол тұстарда: аңдығандардың иісін сезсе-ақ жытып отырады, сондықтан ық жағынан жақындау керек. Бүгінгі ық жақ текшелеген биік шың. Орап бармаса оған тура шығу қиын, өйтуге көп уақыт керек. Шоқанға құс атудан, аң ату қызық сияқтанды, себебі, естігені болмаса, көрмеген нәрсесі еді.

– Онда кетеміз, – деді Қарамұрын. – Мен бастаймын, сендер ересіңдер.

– Мақұл.

– Қару жисаң мылтық жи, жаяу жүрсең таяғың, қарның ашса тамағың» деген, – деді, оқшантайы, қыны бар кісесін беліне бекем буған, мылтығын көлденең ұстаған Қарамұрын, таудың көлбеген төскейіне аршынды адыммен ентелей басып.

– Мынаған сен ие бол, – деп Шоқан қолындағы домбыраны Тоқбетке ұстатты да, өзі жаяу Қарамұрынның ізіне түсті. Тоқбет те ерді. Олар аз уақытта қалың орманның арасымен жоғары өрлей бастады. «Тайпақ» дегенмен, бұл жағы да бірталай биік екен. Соған ентелей көтерілген Қарамұрын төбеге тік тартпай қиғаштап, қырындап кетеді. Жаралғаннан бері балта тимей, өрт шалмай өсіп тұрған қалың орманның арасы аяқ алып жүргісіз шытырман. Кесе-көлденең құлап, жүріске қиындық келтіретін ағаштар да аз емес. Жыралар да сайлар да, тастақтар да жиі кездеседі. Солардың ішіне Қарамұрын судай сүңгиді, ал Шоқан мен Тоқбет беттерін, бұтақтарға остырып, аттары сүріне-қабына, аяқтарын әрең алып келеді... Тоқбет:

– Осы бейнетке бізді кім айдады екен? – деп іштей кеюде.

Астына аттың арқасы батып, отыруы қиынға айналуы болмаса, Шоқанның өкініші жоқ. Оған естігендерінің, көргендерінің бәрі де таңсық сияқты. Осы беттерінде олар көп жүрді. Уәделері: аңдарды шошытпау үшін өзара дыбыс қатыспау. Ара-тұра ғана Қарамұрын тоқырап, ергендердің аз сөзбен халін сұрайды. Олар «жақсы» деп сыр бермеген болады, қиналып келе жатқандарын айтпайды. «Өзіңіз?» деген сұрауға, «аң да – бір, мен де – бір демедім бе?» деген жауап қана береді Қарамұрын. Қандай биікке өрмелегенмен ентікпейді, жолдағы кедергілердің біріне де сүрінбейді, ентелей басып тарта береді... Не деген ептілік! Не деген қуат!.. Қарамұрын тың болғанмен, ергендер қалжырауға айналған шақта, жарық ай аспанның батысына қарай жамбастаған шақта, олар тастары кесек шыңдарға келіп килікті.

– Отырар жеріміз осы тұс, – деді Қарамұрын. – Әне, Шолпан да жарқырай бастады ғой, таң да алыс болмас. Ықтасын тұсқа жақсы шақта жетіп қалдық. Әлі де аздап биіктейміз. Бірақ ат жете алмайды, біз тоқырар тұсқа. Оған жаяу ғана көтеріле аламыз.

– Болсын! – деді атқа отыруы өте қиынға айналып келе жатқан Шоқан, ат арқасынан түсе беріп.

– Мен де, – деп Тоқбет те жерге түсті.

Екеуінің де бөкселері бастырмай қалыпты. Қажалған бұттары удай ашиды. Түрегеп тұруға халдері жоқ олар жерге жам'бастап жата кетті.

– Ренжімеңдер, – деді олардың халін түсінгенмен, аяушылық сөз айтуды ыңғайсыз көрген Қарамұрын,– аттарды осы арада қалдыру керек.

– Неге?

– Таудың бұдан жоғарғы жағы жалаңаш бұдырмақ тас, олардың арасынан ат жүре алмайды, биігіне өрлей алмайды.

– Ә-ә... Қалай қалдырасыз, аттарды? Байлап па, тұсап па?

– Екеуінің де қажеті жоқ.

– Неге? Бетімен кетіп қалмай ма?.

– Осы арадан тырп етпейді.

– Неге?

– Мынау көделерді көрдің бе, мырзам? – деді Қарамұрын, тастардың арасынан сирей, түптеле, қоюлана өскен шептердің кейбірін еңкейіп сипап.

– Көрдім.

– Аты не екенін білемісің мұның?

– Көде» демей ме? – деді Шоқан, дәл басуына сене қоймай.

– Көденің қайсысы?

– Кө болушы ма еді, бұның аты?

– Бірталай. Мынаны біреулер «тас кеде», біреулер «шал кеде» дейді. Шалдың ұйыса өскен сақалы сияқты емес пе бұның әр түбі?

– Ұқсайды, – деді Шоқан көделердің әр түбіне бір қарап.

– «Ұқсайды» емес, дәл, – деді Қарамұрын. Осыларды «тас» дейік «шал» дейік қалай десек те, малдың да, отшыл аңның да құныға жейтін шөбі. Өзі таудың осындай биігіне, тастардың арасына ғана өседі, сондықтан көп малдың бұл араға аяғы жетпейді, жеткендері шалса-ақ өзге шөпті місе тұтпай осы шалкөдеге қашады да тұрады. Мына аттардың татқан-татпағанын білмеймін, егер тата қалды бар ғой, тұмсығын көтерместен іскектейді. Көрерсің, мырзам, біз жоғарыда аз жүрейік көп жүрейік қайта оралғанда, аттарды осы арадан табамыз.

– Апыр-ай, ә! – деді Шоқан нанбағандай.

– Оны көре жатармыз, қазір нысаналы тұсқа тез жетуіміз керек.

– Мақұл.

Қарамұрын «оралып қалар» деді де, шалкөдеш құмарта жұлуға кіріскен аттардың ауыздықтарын ағытып, тізгіндерін бастарына түрді. Кеңсірік тамырлары, тістері қыршылдай оттаған аттар, шал көдені ауыздарын толтыра асаған сайын құныға түсті!..

– Ал, кеттік!–деді Қарамұрын. «Сөйтсек сөйтейік» дегендей, серіктері орындарынан көтерілмек болып еді, тәлтіректеп аяқтарын нық баса алмады, әсіресе – Шоқан; оның аттығы мен тақымдары қатты қажалған, бөксесіне ие болар қалпы жоқ сияқты; Тоқбет те ауырсынғанмен, намысына тырысқандай, аяқтарын аттай алатын. Шоқан да тұра беріп құлап кетер болған соң тік түрегелген Тоқбетке сүйене берді.

– Айтып ем ғой, мырзам, «жайдақ атпен тауға өрлеу қиын болады» деп, – деді Қарамұрын болмадың «қызық көрем» деп...

– Өкініп тұрмын ба, соған? – деді Шоқан намыстанғандай.

–Жоға, сырағысын айтам да... Ілгері жылжиық!..

Шоқанның кібіртіктеген аяқтарын баса алмауына көзі жеткен Қарамұрын:

– Шырағым, ұялғанды қояйық бұл арада; шамаға қарайық. Сендей ақсүйекті арқалау, мен сияқты қарасүйекке мін емес, талайыңды арқалағанбыз. Көтерілер тұсымыз бірталай биікте, оған шығар шамаңның жоқтығы көрініп тұр; жиналып әдейі келген соң, шықпай болмайды; намысты қой сен; мен сені арқалап алам! – деді де, Шоқанның керегі жоқ» деп бұлқынуына қарамай, жеп-жеңіл көтеріп әкетті. Мылтықты Тоқбетке ұстатты. Сол қалпымен кесек тастардың бірінен-біріне ырғығанда, ептілігі киіктен бетер екен. Бірталай салмағы бар Шоқанды шопақ құрлы көрер емес. Қанша айтқанмен, шынығып ескен солдат, еңкеңдей ентелеген Тоқбет те қалып к.ояр емес. Қарамұрынның тоқтауға меңзеп келе жатқан тусы – «Қатынас» аталатын шың. Бұл осы таудың ең биік шоқысы. Әлде не заманда әлдекім шың тастың жылтыр қабырғасын қашап құланның сүгіретін салған. Шыңның маңайы ұңғыл-шұңғыл тасасы көп тастар. Желдің лебіне қарап, бұл ара ықтасын болатын шақта, аржағындағы шыңдарда жусайтын аңдарды Қарамұрынның талай атып алғаны бар. Жүрісі олардан әлдеқайда епті Қарамұрын, қалаған «Қатынасына» еркін жетті де, арқалаған Шоқанды түсіріп, үшеуі біраз тыныс алды. Толық ай батысқа қарай ойысқанмен, сәулесі әлі жарқын қалпында еді. Аспандағы ала-шабыр бұлт ара-тұра әр тұсынан қоюланып, аңшылардың үстін баса сіркіреп өтеді. Сондай бұлттар желді аударып әкете ме деп қауіптенеді Қарамұрын. Жел ауып ықтасын ауысса, иісшіл аңдардың бұл тұсқа жоламаулары мүмкін. Аз тыныстанғаннан кейін, аңшылардың, әсіресе Шоқанның іші пыса бастады. Не істеу керек? Оның еркіне салса, Тоқбет өңгеріп келген үлкен домбыраны Қарамұрынға ұстатып шерттіріп көру, одан әрі дауысын қостыру еді. Екеуінің де сезімтал аңдардың құлақтарына шалынып үркуін сыбырлап қана айта кеп:

– Сәті түссе, – деді Қарамұрын,– қанжығамыз қанданғаннан кейін көрерміз.

– Қанжыға бар ма бізде? – деді Шоқан, бейнелі түрде айтылғанын түсіне тұра.

– Аңшының аузы дағдыланған сөздің сырағысы да, – деп жауап береді Қарамұрын. Біраздан зеріге бастаған Шоқанның төңіректі барлағысы келді.

– Оқасы жоқ,– деді Қарамұрын.– Бірақ, еппен, сақтықпен...

Төңіректе барлай қояр жер де шағын екен: шоқиған «Қатынтастың» шығыс жақ таяуында, төбесінен төмен қараған кісінің басы айналарлық терең құз; алыстан киіз үй сияқты күмбездене көрінетін «Жалғыздың» шығыс жақ жартысы кертіп алғандай жарқабақ; орманға бөленген тайпақтау батыс жақ жарымы қайқайған қалың жынысты далаға тұтасып кеткен... «Ақ келеді» деген тұс «Қатынтастай» төмендей біткен шыңдар мен шоқылар екен. Қарамұрынның айтуынша:

– «Қанды басы бері тартса, арқарлар болсын, бұғылар болсын, киіктер болсын, сол тастардың арасына жусайды да, күзетшісі, әне бір «мая» тәрізденген қырқаның үстіне шығады. Олар төңіректі осылайша барлап тұрған шақта, аспанның шығыс жақ шекесінен, жел үрлеген шоқтай жайнап Шолпан көріне кетті.

– Таң Шолпаны туды, – деді Қарамұрын. – Аңдар да көп кешікпей келе бастар. Жасырынайық. Аңшылар «Қатынтасты» ықтай жасырынды. «Күзет аңы көтеріледі» деген жота «Қатынтас» қасындағы жақпардың жырасынан көрініп тұр. Ақпан шитінің екі аяғын жерге қадай құрып алды да, мылтықтың дүм жағын иығымен тірей, қарашығын қарауылына қарай, бір тізерлей, бүк түсіп отыра қалды.

– Аңдар әлі көрінген жоқ қой, ерте емес пе әлі? – дейді Шоқанға:

– Даяр отыру керек, мырзам. «Мені ат» деп тұра ма аң? Қапысын тауып, тез басып қалу керек, – деді Қарамұрын. Шоқан мен Тоқбет көздеген шыңға «Қатынтастың» екінші босағасындағы жырадан қарап отыратын болды. Олар күткен аңдары «әне көрінеді, міне көрінеді» деген үмітпен үн-түнсіз, қимылсыз бірталай уақыт отырды. Мұндай халде, уақыттың тасбақа жүрісімен әрең жылжитын әдеті... Аң көрінуін күткендердің, шыдамдары жұқарып, жыртылуға айналды. Сондай шыдамсыздықты күшейте түскісі келгендей, ай да аспанның батыс жиегіне батып, төңірек қарауытып кетті. Аңшылар, әсіресе Шоқан қараңғылыққа тұншығуға айналған шақта, шығыстан таң сібірлей бастады... Сол кезде, көз тіккен шыңдарының өзіне ғана тәуелді таңы сияқтанып, бауыры бозамық, жоны қоңыр бір жануар шың төбесіне көтеріле берді. Мұндайды бұрын көрмегенмен, Шоқан тани кетті: арқар!.. Қошқары екені, шекелеріне иіріле біткен жуан және үлкен мүйіздерінен көрініп тұр. (Арқардың, қошқарын қазақтың «құлжа» дейтінін Шоқан білмейтін еді). Құлжа көтерілген жотаның арғы еңісінде, бұдырмақ тастарға жан біткендей, әлденелер қыбырлайды. Шоқанның ойынша, олар, әрине, мына қошқардың саулықтары мен қозылары. Олар әлден уақыттан жатып жусағандай, қыбырларын доғарып тым-тырыс бола қалысты... Төңірегінде қауіп бар-жоғын абайлап алғысы келгендей, құлжа айбарлы мүйіздерін аспанға көтере жота тастың үстінде ерсілі-қарсылы жүрді де, «қауіп жоқ екен» дегендей, танауын жерге тоса, жотаның қақ, ортасына төрт тағандап қалшия қалды. Семіз құлжаның ірілігі «құнан өгіздей» дерлік екен. Бірақ, қарны ондай қампиған жуан емес, жарау жылқыдай тартыңқы; ұрт жағы – кер миық, әуке орнына жалбыраған жал біткен, алдыңғы аяқтары қаққан қазықтай тіп-тік қапталдығынан төменгі бауыр жүні бозамық, таңының түгі әппақ, жабу сияқты жон терісі қара қоңыр. Тарихшылар «адам қоғамының өмірінде, баяғы заманда «аналық» аталатын, яғни аналар үстемдік жасаған мезгіл болған» деседі. Ол рас та шығар. Бірақ, қай мезгіл болса да, қоғам өмірінің, сыртқы қамқоры – ерлер, ішкі қамқоры – әйелдер болуына ешкім таласуға тиісті емес. Ал, аңдардың өмірін алғанда, табындап жайылатын олардың күзетінде үнемі еркектері ғана тұруы да, талассыз шындық. Құлжа да сондай қарауылдардың біреуі. Үйірімен күні бойы оттайтын ол, жусайтын шақта, қарамағындағыларын тастардың тасасына иіріп тастап, өзі биікке көтеріліп күзетке тұрады. «Қатынтастың» екінші босағасынан атылған мылтықтың даусы гүрс ете түсті. Кенет дыбысқа селк ете қалған Шоқан «құлжа не халде екен?» деп жалт қарап еді, қашуға қарғыған сияқты қимылмен, таңы ағараңдаған құлжа жота тастан көтеріле беріп, әрі емес, бері қарай бейімделіп құлай берді... Бұдырмақ тастардың арасына жоқ болды... «Үйірі» деп жорыған жануарлар қыбырлай қаша жөнелісті де, ар жаққа жоқ болды. Өліп үлгерген бейшара күзетші домалап кеп тоқтаған тұсында бүлк етпестен қалып қойды...

– Тиді! – деді орнынан тұра берген Қарамұрын.

Құлжаға қарай тұра жүгірген ол да бұдырмақ тастардың арасына сіңіп кетіп, лезде алпамсадай құлжаны арқалап бері қарай көтерілді. О талмау жүректің тұсынан тиген екен. Жарасынан аққан қан жылап тұр...

– Тез алып тастамаса жынының дәмі етіне шабады, – деді де, Қарамұрын құлжаның, ішін жарып шек-қарынын аударып тастады.

– Адал аңның ішінде май болмайды, – деді ол Шоқанға, – етінде де туырылған май сирек кездеседі. Онда да ұрғашылары мен қозыларынан. Үйірге түскен еркектерінің ең семіз дегенінде, пышақ сыртындай ғана майлар қызыл етпен қабаттасып бітеді. Саулықтарына қарап жүрген шақта, құлжаның еті күлімсі сасып жеуге келмейді. Қазір үйірден ажыраған шағы, сондықтан етін жеуге болады. Бірақ, дәмі ұрғашыларындай болмайды... Саған, мырзам, не саулығын, не қодығасын атып жегізуім керек. Оған оралым болмай қалды. Жатар болсаң, тағы да атып берермін. Әйтпесе, «бұйырғаны осы» дейміз де:

– Әрине.

– Ендеше кеттік! – деп Қарамұрын құлжаны арқалауға бейімделіп еді:

– Өлең ше? – деді Тоқбет «орыстығын» ұмытып, қазақшылап.

«Мұнысы қалай?!» дегендей таңдана қараған Қарамұрынға:

– Қазақ арасында көп болған орыс. Қазақша ептеп тіл қағары бар, – деді Тоқбетті кешеден бері «орыс» деп жүрген Шоқан. Одан арғы сөзді ән-күй жағына аударып еді:

– Айдалада, таудың төбесінде, құланның қаңғырып жүрген текесіндей арқырау ұят болмай ма? – деді Қарамұрын.

– Оқасы жоқ, – деді Шоқан. – Уәде солай еді ғой.

– Мақұл.

Қарамұрынның әрбір саусағын, арықтау жас баланың білегіндей деуге болатын еді. Үнемі темір тұтып, балға соққан оның алақандары да, саусақтары да түйінделген мүйізгек. Сондай қолы шектерді қағып, пернелерді басқаны, жорға аттың тұяқтарындай тайпаңдап кетті.

– Ал, кәне, қосылып жіберіңіз! – деген шақта бір кісі қоңыр үнмен баяулата бастап, кейінгі жағын тауға ентелей шыққан өзі сияқтандырып шырқап кетті. Не деген күшті, әдемі дауыс! Әне бір жылы Омбыға «Италия мектебінің қазіргі ең тәуірі» деген атағы бар Камилло Франсуа Эверарди гастрольмен келген еді. Атақты әншіні тыңдауға жиналған халық оның зор дауысына тәнті болған.

– Шіркін-ай! – деп ойлап отырды Шоқан, Қарамұрынның әнін зер сала тыңдап, – қазақ елінде де бар екен-ау, мынадай ғажап күшті, ғажап көркем дауыстар!.. Әттең, не керек, халықтың, қымбат қорына қосылмай, далиған далаға босқа тарап, із-тұзсыз кете барады-ау! Тым болмаса, осындай әншілердің мұрагерлері туса!.. Бір құлжа олжасы бар аңшылар кейін оралса, манағы қалған жерін айнала оттаған аттар шалкәдені әлі де құмарта іскектеп жүр екен. Бұл кезде көкжиектен қылтиған күннің тармақты сәулесі, манағы шың тастардың төбесін малып, сұрғылт түсті шоқылар алтынға боялғандай сап-сарғылт емен жайнай құлпырып тұр. Қарамұрынның еркіне салса, Тасқатыннан құлжаны тірсегінен еткізген аршамен сүйреп, Шоқанды арқалап әкелу еді.

– Өзім ептеп жүрермін, – деп Шоқан көнбеді.

Шоқанның етекке түскенге дейін шеккен азабын сипаттамай-ақ қояйық. (Азапты айтудың несі қызық). Біз оның осынша азапқа неліктен түсу себебін қысқаша ғана баяндайық. Кадет корпусындағы ұстазының және досының бірі Костылецкий араб поэзиясының әдемі нұсқаларын айтып отыруды жақсы көретін. Бір сәтте ол ересек болып қалған Шоқанға арабтың көне замандағы ірі ақыны Әбу Ғалә әл-Мағарридің махаббат жайында жазған бір ауыз төрт тағанын (рубағият) жатқа айтқан: Махаббат та бейне сәуле, Бар сәуленің тегі – от. Түскен сәуле, адам әуре Не жалын, не сөнген шоқ. Осы төрт тағанға қызығып жаттап алған Шоқан өз басын да сондай бір сәуле шалады деп ойламаған еді. Оның шалғанын енді ғана абайлағандай... Қазақтың халықтық бір өлеңінде:

Кетпейсің тұрсам ойдан, жатсам түстен,
Басымды не сиқырмен әуреледің?!

дейтініндей, оның есінен де, түсінен де Айжан шықпай қойды. Сонда, еткен күндерін көз алдынан өткізсе, араб поэзиясында, не қазақ жыры «Қозы Көрпеш – Баянда» сипатталатындай, Айжанға ол кішкене күнінен ғашық сияқты. Баяғыда, туған үйі Құсмұрын қырқасын мекендеген шақта, құрдасы Жайнақпен ойнап жүріп, ол Ақпанның үйіне сансыз кіріп, сансыз шығатын еді. Сонда, жасау-жиһазы жоқ бұл үйден оның көзіне қола сақинаға орнатқан титтей ақ меруерт сияқтанып Айжан ғана жарқ ете қалатын. Омбыға оқуға аттанарда шешесі Зейнепке Айжанды тапсырып кету себебі де іштей ерекше жақсы көруінен еді. Оқу жылдарында да оның Айжанды естен шығармауын жоғарыда айттық. Сондай сүйікті Айжанын өрмекшідей Малтабардың торлап жүргенін де ескерттік. Шоқанның ендігі ынтасы қалай да құмартқан Айжанмен «есейіп қалды» деген шағында дидарласу. Жолшыбай әлденеше отырып, әлденеше тұрып, дегендей Қарамұрынның етектегі мекеніне Шоқан «өлдім-талдым» дегенде әрең жетті. Сонда да ол намысына тырмысып, Қарамұрынның «мырзам, қалжырадың ғой, бұл арада бізді көріл тұрған ешкім жоқ, арқалап алайын» деп әлденеше рет жасаған ұсынысының біреуін де қабылдамады; сонда есіне берік тұтқаны Суворовтың: «Бейнетке төзе алмаған солдат, зейнетке жете алмайды» деген қағидасы. Өзі қолақпандай жігіт бола тұра, бірге жаяулаған Қарамұрынның арқасына асылуды ол ар көрді. Олар етектегі мекенге шалшы түс бола әрең жетсе, жәмшіктер де оралған екен. Жүремін десе аттар да, тарантас та даяр. Оның үстіне:

– Шаршадың ғой, мырзам, бір күн болса да тынығып, ең берісі – ертең жүр; әйтпесе, денең өзіңе келгенше осында жат! – деп Қарамұрын жік-жапар болды. Шоқан:

– Жоқ, жүрем! – деуден танбады. Ол танар еді, егер, көзі көрмеген Айжанның магниті оны өзіне еркінен тысқары тартпаса!..

СЫРЫМБЕТ САЛАСЫНДА

«Жалғыздан» Сырымбетке тартатын екі жол бар еді: бірі – орман арасынан жыландай жорғалайтын жалғыз-аяқ соқпақ, тұрқы жиырма шақырымдай ғана, бірақ онымен салт қана жүруге болады; екіншісі – орманның теріскей жақ жалаңқы тұсын жағалап кетеді, оның тұрқы соқпақтан екі есеге жақын ұзын, бірақ бұл жолшыбай кедір-бұдыры көбірек болғанмен, тарантас жүре алатын жол. Шоқанда салт мінер хал жоқ, сондықтан, жырақтығын біле тұра, тарантасқа амалсыз келісті де, кешікпей жүріп кетті. Ол аттана Әбіле де жөніне тартты. Оның кім екендігін жайлаудан бұл араға неге келгенін оқырмандарға қысқаша айта кетейік. Әбіленің Қарамұрын аталған Сандыбайға туған аға екенін жоғарыда ескерткенбіз. Олардың әкесі – Дербісәлі Әбіліш– «бұл өзі бойы шарғалау, нәзіктеу, ұғымталдау, сұңғылалау, қара жұмысқа жарамсыздау болар» деп, Есіл бойында мешіті, медіресесі бар Қожақмет хазіретке бала шағынан сабаққа берген. Оның оқуын тауысқан зерек Әбіле Қызылжардағы Мұқаметжан қаридың медіресесіне барып, «хатым-кардан» болып шыққан. Сол кезде Шыңғыс Көкшетау дуанына аға сұлтан болып келген. Оған дейін, Айғаным заманынан бері дуанда Балта Керей руынан Maңабайдың Мұхаметқалиы хатшы болып келген екен. Керей, Уақпен зыйты бар Шыңғыс, Мұхаметқали олардың тыңшысына санап, өрісін біртіндей тарылта келіп соңғы үш-төрт жылда одан құтылғанда ғана орнына Әбілені отырғызған. Бірақ, Шыңғыс ел билеу істерінде оған Мұхаметқалидай еркіндік бермей, тізгінін тартыңқырай ұстайтын. Әбілеге сол да қанағат. Оның бар ынтасы – Шыңғысқа қайткенде жағыну, қайткенде сенімді кісі болу. Малтабар, Шоқан, Айжан жайларында елге тарап кеткен әңгімені Шыңғыс Әбіледен жасырмай, елге беттегенде, баласының Сырымбетке соғу қаупін айтып, жүрер жолын жобалап, Әбілені «Жалғызтауға» әдейі жұмсаған еді. Ол кездегі арасы сирек ауылдарда бейсауат жүретін адамдар көзге шыққан сүйелдей. Әбіленің Сырымбетке бара қоярлық сылтауы жоқ, ал «Жалғызға» сылтауы бар: өткен көктемде тәуір көретін бір баласы өліп, аулының зиратына жерлеген, соған кеп Әбіле ай сайын дұға оқитын. Шоқанмен жолығысқан, дәмдес болған шақтарында, Әбіле оған осы қайғысын ғана білдірді де, хан баласының алдында әдеп сақтаған бейнемен, өзге сөздерге араласпады, тек сұрауларына қысқаша ғана жауап айтты да, өз тарапынан сөз қыспады; өз ішінде тығылып жатқан түйіннен бірдеменің ұшығы көрінер ме екен деген дәмемен, ол үнемі Шоқанның аузын аңдумен болды. Мұсылман дінін оншалық ұнатпайтын Шоқан, молдамсып мүлгіген Әбілеге көңіл бөлмей, ұсталық, аңшылық жайлы қызық әңгімелері кө Қарамұрынмен болды. Шоқан аттана, Әбіленің де аттанған себебі – басқаша білгені болмағанмен, Шоқанның Сырымбетке тарту хабарын Шыңғысқа тез жеткізу. Шыңғыс Әбілеге «Шоқан Айжанға қызығады» деу жағынан ештеңе сездірмеген ол тек «Малтабарға сол қызды беру ісіне бөгет бола ма» деген қауіпті ғана ескерткен. Сырымбетке неге баруын сұрауға өзінің батылы жетпеген Әбіле Қарамұрын арқылы сұратқанда:

– Әжемнің басына! – депті Шоқан.

– Әжесі – Айғаным ғой, – деген Әбіле, інісіне, – көзін көрген а дамы емес, неге барады оған? Аят оқуға ма! Естуім, осы бала, ислам дінін жек көреді дейді.

– Енді неге келе жатыр? – деген Қарамұрын.

– Ақпанның қызын көруге.

– Қайтеді ол қызды?

– Қызылшыл қырандай емес пе, хан тұқымы? Ажарлы қыз бар деп естісе, көргенше, тояттағанша есінен танбай ма бұлар? Бұл да сол «қызылға» құмартып ұшып келеді.

– Апырай-ә?!.. Естігенім болмаса, көрген емен сол қызды. Өзі расында сондай айта қаларлық па?

– «Хордың қызы» десем күнәлі болармын. Аспанда ғой олар. «Жұмақта» деседі ғой. Ал, жердегі әйел жынысында бұдан сымбаттыны да, ажарлыны да көрген емен.

– Ендеше, көрсе қызығады екен!

– Неге көрмейді! Іздеп бара жатқан жоқ па? Сырымбетте деседі ғой.

– Сонда!

– Бұның арты неге соғар екен!

– Неге соқсын! «Иесіне керек болса, қоңсысы өкпелемейді» дегендей, қарашаның беті жылтыраған қатын-қызы ежелден хан тұқымының үлесі, өзгелер олардан қалған-құтқанға да риза! Әбіле де жөніне кете барды. Уәлі ханның Сырымбет тауына қоныс салуы, тоқалы – Айғанымның тілегін орындаудан шыққанын, біз осы шығарманың бірінші кітабынан білеміз. Оған қоныстану, Уәліге оңайлыққа түспеген. Патша өкіметінің бұйрығымен «хан ордасы» аталатын мекенді салуға кіріскен әскерге аюлар үнемі шабуыл жасап, оңашаланған талайын жеп те қойған. Ақыры, аюды адам жеңіп, орманға бөленген екі еркешті таудың саяң етегіне орда орнаған. Қарулы қуғынға ұшыраған аю табындары әлдеқайда босып, Сырымбет төңірегінде азы ғана қалған. Айғаным және Шыңғыс заманында, адамға осы «азының» да залалы кем тимейді екен. Әсіресе жаздыгүні, ел жайлауға кетіп, қора-қопасы құлазып бос қалған шақта. Осы кезде аюлар жас қабырларды ақтарып, өліктерді жейді екен. Сондай оқиғалар кездесе берген соң, қарашыларын ертіп орда ауылы жайлауға көшкенде, еруге жарамайтын азын-аулақ үй күзетте қалады екен. Олар зиратпен қатар орданың үйлерімен қора-қожыларын да және қыстауда қалдыратын қоймаларын да күзетеді, әйтпесе маңайдағы селолар мен жатақтар, ол-пұлдарын ұрлап шыдатпайды. Сырымбет тауының теріскей жақ етегінде, аумағына ат шауып жете алмайтын, айдыны орта тұсына біткен, төңірегі қопалы қалың қамысты, екі-ақ жердегі жалтырынан суат беретін тұлабойы құс пен балыққа толған, қабандары қойдай өретін айналасын жиегіне дейін қалың орман қоршаған үлкен көл бар. Оның бұрынғы аты «Шошқасы» екен. Пірәлі ишан бір келгенінде:

– Аты «доңыз» көлдің өзі де арам, – деп, – бұрын «Қылды қарауылдың» мекені болған,– деп, көлдің атын «Қылды» ғып өзгерткен. Кейін ол «Қылы» аталып кеткен. Ордаға жұмсалатын қарағайды әскер Қылы көлінің шығыс жақ жиегінен бастап кескен екен. Ағаш көп кесілгендіктен, ол тұс аумағы кең алаң болып кеткен. Орданың күзетшілері осы алаңда, қылшақты өзенінің көлге құяр қолтығында, зиратқа жақын тұста, шымнан жасалған балағандарда отырады екен. Аржағында орда да жаяу қатынасатын жақын тұста. Орда мешітінің қасындағы бір бөлмелі қарағай үйде, бізге белгілі азаншы – Ғалиакбар қарт тұрады. Бұл кезде ол жайнамаздан түсер халы жоқ, белі бүкірейген, буындары босаған, көзі бұлдырланған, құлағы мүкістенген, таяқсыз тұрып жүре алмайтын қарт. Құр «ер қара» демесе, күзетке оның себі жоқ. Жыл жағдайына қарай «күзетші» аталатындардың үй саны көбейіп те, азайып та жүретін еді. Биылғы саны үш үйдің жұрнағы. Олар: айналадағы ағашты атпен аралап бақылап жүретін Орманбай, қолындағы тақтай тоқылдағын, іңірден таң атқанша қағудан тынбайтын – Тоқпақбай және сырқатының аса ауырлығынан, орнынан жылжуға шамасы болмай қалған–Ақпан; қалған жандары – анау екі үйдің қатын-қалашы, бала-шағалары. Күзетшілердің тұрақ-жайы шымнан жасалған балаған екенін жоғарыда айттық. Олар тігерге тұяқ жоқ кедейлер. Өзге берер азығы жоқ Шыңғыс «жайлауға тиышсыз мал» деп, ешкілерін оларға қалдырып кетеді; маса, сонасы қалың орман маңында ешкіден басқа мал шілде айларында шыдай алмайды. Күзетшілердің азығы – сол ешкілердің сүмесі: сүттей де, айрандай да ішеді, қаймағы мен қаспағы да қалың және дәмді болады, артылған сүт пен айраннан құрт пен ірімшік те қайнатады, егіз лақтаған ешкілердің, сықарын есейе келе сойып та жейді. Қылшықты түбіттерін кіріп ермек те тоқиды, өлген-жіткеннің терілерін илеп тон да тігеді, қысқасы өскелең ешкілердің күзетшілерге одан басқа да көрсетер пайдасы көп. Шыңғыстың күзетшілерге көліктен қалдырары – төрт-бес есек. Өзге көлік жаз айларында бұл араға шыдамайды. «Шыбын-шіркейге шыдамды болады» деген соң, Шыңғыс есектерді Орта Азиядан келетін өзбек сәудегерлерінен сұрап алған. Жалғыз ат – Орманбайдың ғана келіп. Шоқан Қылы көлінің жағасына, күзетшілер балағаны жағынан күн кештікке қарай ойысқан шақта ілікті. Төбелері шошайған балағандардың не нәрсе екенін білмей келе жатқанда, көзіне көл жағасының тақырында жусаған бір топ ешкі ұшырады. Маңында мал жүргенге балағандарды «кісілер тұратын күрке болмағай еді» деп жорамалдады Шоқан, Тақырға жусаған ешкілер тұсында біреу ербиеді. Содан жөн сұрау мақсатымен, Шоқан делбешіге соған қарай ойыса жүруді айтты. Таянып келсе, қара-дүрсін киімді жас қыз!.. Қолында бауынан білегіне ілген кішкене ағаш шелек. Жолаушыларға таңдана қарап тұрған қыз олар жақындаған шақта киіктің аңдаусызда алдынан арыстан шыға келген лағындай аңырып тұра қалды да, сол лақтың халіндей, жүрегі тас төбесіне шығып, өкпесі алқымына тығылып, тұла-бойы дірілдеп кетті. Қатер төнгенде қашып құтылудан басқа жәрдемшісі жоқ жәндіктей, Айжан да балағандарды беттей жүгіре жөнелді. Шоқан оның жалт еткен көзінен Айжан екенін байқап қалды: шешесіне тартқан, үлкен қара көз! Беті бала шағынан гөрі сомдана, қызғылт шырайы құлпыра түскен сияқты. Бірақ, жалпы бет бейнесі сүйір иектенген. Денесі бала кезінен әлдеқайда биіктеген! Бұл түрінде жасы он екі, он үште емес, он бес-он алтыда дерлік үстіне ілгені етегі тізеден төмен түскен қазақы, жалаң ескі көйлектен дене мүсіні аңғарылмады. Бала шағындағы қою қара бұйра шашы өсіп, өрген екі жуан бұрымы тірсегіне тиеді.

– Айжан! – деп қалды Шоқан, еркінен тысқары, қатты дауыспен.

Дауысты естігенмен қыз тоқырамады, жүгірісін жылдамдата түсті...

Әлде, Айжан емес пе? – деген күдік кірді Шоқанға,– бола қалған күнде, мені танып жалт берді ме, танымай жалт берді ме? Бұл жатырқауы ма, жасқануы ма, жабырқауы ма? «Несі болса да бара көрейін» деп, түлкі қуған тазыдай, қыздың соңына түскісі келді. Ол ылаушыға аттардың басын бұрғызғанша, жүгірген қыз бергі шеттегі, аңырайған есігі апандай қарауытып тұрған балағанға кіріп кетті. Жолаушылар сол есікке таянып, аттарын тоқтатты да: «біреуін, шығып кет!» деп дыбыс берді. Жауап та жоқ, үн де жоқ, кісі де жоқ!..

– Сен кіріп шықшы! – деді Шоқан Тоқбетке.

Бұл сөзді бұйрық санаған Тұхфатолла, тарантастан қарғып түсіп, балағанға үн-түнсіз кіріп барды да, лезде қайта шықты.

– Ие, кім бар екен?

– Төсенішсіз төрінде, аса жүдеу, сақал-шаштары өскен, түсі суық, киімдері жыртық бір еркек жатыр, тегі ауыр сырқат адам: еріндерін жаланып ыңқылдай береді, сөзге жауап қайырмайды, өткір көздері өңменімнен өтіп кете жаздады. «Ақпан болмағай да!» деген ой кеп қалған Шоқанға.

– Әлгі қыз ше? – деді.

– Ол теріс қарап тұрып қалды да, бетін бері бұрмады. Тастан жасалған мүсін сияқты, ешбір қимылсыз қатып қалды. Ол Айжан еді. Әлгінде жолаушыларға қарай қалғанда, қалаша жобалғы киінген, әдемі жас жігіттің Шоқан екенің өзге кескіні өзгергенмен, бұрынғы қалпынан аумаған қалың қабағы мен шекелеріне қарай шалқая біткен қою қара қастарынан тани кетті. «Шоқан келеді» деген хабар оның құлағына шалынбаған еді. «Қайдан келді?! Неге келді?!» деген ой туманы жауып кетті оның басын. Күркеде жатқан сырқат Ақпан еді. Алыстағы Сібірден сүлдерін сүйретіп мекеніне әрең жеткен одан «қашқын болар ма» деп қорыққан Шыңғыс, Имантаудағы полицмейстр Салах Сагинович Яманкинге мәлімдеп, «каторгадан ауру болғандықтан босатылды» деген анықтамасын көрсеткеннен кейін ғана қарашы аулына тоқыратқан. Елге келе сырқаты меңдей түскен Ақпанды «тез өледіге» жорып, жайлаудан көшерде Шыңғыс күзетшілерге тапсырып кеткен. Жұлығын жалап отырған кедей күзетшілерге Шыңғыстың беpіп кеткен азығы жоғарыда айтқан ешкілердің сүмесі ғана екенін білеміз. Ақпан да соған ортақ. Төсек тартып жатып қалған, дәрет сындыруға да дәрмені жоқ. Ақпаннан көрші-қолаңдары безініп, оны бір балағанға оңаша орналастырған да, іші жиіркенішті иіс-қон, ысқа толған күркеге бас сұғар жан табылмай, «ішер» деген ас-суды есіктен ғана кіргізіп, босағаға қойып кететін. Ақпанның ол астарға сүйретіліп баруға күші кейде жетіп, кейде жетпей сұғанақ иттер ішіп кететін. Оған ас құйған ыдыстан жиіркеніп, басқа адам ас ішпейтін даяшылар ит жалап кеткен ыдысты жумастан, жаңа асты құя беретін. «Ас» дейтіні – көбіне қатықсыз қара көже. Осындай халдегі Ақпаннан көршілері қалай құтыларын білмей, жиіркене қарап жүрген шақта Саумалкөл жағасындағы орда ауылдан Айжанды түйеге мінгестірген Аба келе қалды. Бұған дейін Зейнеп Айжанды Ақпанға жолықтыру түгіл, маңына да жолатпайтын. Бейшара қыздың туған әкесіне жаны қатты аши тұра, оңаша көз жасын төккеннен басқа дәрмені болмайтын. Саумалкөлден аттандырарда Зейнептің Абаға тапсырғаны – «басқа бір күзетшінің үйіне орналастыр!» Айжанға тапсырғаны – «әкем деп маңына жоласаң ауруы жұғады да, өзің де оның дертіне шалдығасың». Аба Айжанды Тоқпақбайдың үйіне тастап, ханшаның бұйрығын ескерткенмен, ол аттана салысымен Айжан әкесі жатқан балағанға жетіп барды. «Барма» деуге көршілерінің батылы жетпеді. Әкесінің үйіне барған Айжан, еш нәрсесінен жиіркенбей, күркесінің ішін әлекедей жалады. Ол тап-талдырмаш қалпымен қарулы екен. Көрші-қолаңнан қара сабын сұрап алған ол, легенге шым-шым ғып ысытып қойған сумен әкесін тап-таза ғып шомылдырды. Сонда денесі алпамсадай, сүйегі ауыр, қимылға дәрмені жоқ әкені баладай биледі. Тырдай жалаңаш әкесінен ол қымсынған жоқ. Бір рет жуып кетіре алмаған кірін, әлденеше рет жуып әрең дегенде кетірді. Содан кейін, денесі тазарған әкесіне, өзінің көйлегінен ықшамдап үстіне және бұтына лыпа жасады. Айжанды қара-дүрсін киіндіретін Зейнеп ләмбік аталатын матадан, бидайына түйенің жүнін салдырып, астарымен сырмалатқан желен тіктіріп берген еді. Біраз киген желеннің тозығы да жете бастаған. Дегенмен – жылы. Айжан соны әкесінің үстіне жапты. Сақал-шашын тап-тақыр ғып алдырды. Әкесінің шіруге айналған қоғажай төсегін жас қоғажаймен жаңартты. Төсеніші жоқ күркенің ішіндегі көң-қоқырды шығарып тастап, белуардан құрағы аралас өлең-шөп жәйді. Күрке содан кейін иіс-қоңыстан арылып жан жайланардай дем алғызды. Айжан келе Ақпанның ас-суы да өзгеріп, ауыз тұшырлық халге жетті. Ол сауын ешкілерден сүтті біреуін көршілерден сұрап ап, сүмесінен әкесіне әртүрлі дәмді тағамдар жасады, әсіресе сүтті ұзақ қайнатып қойылтқан балқаймағы дәмді-ақ еді. Аузы асқа жарыған, денесіне, үй-ішіне тазалық кірген Ақпан оңала бастап, бұрын бас көтермейтін ол ара-тұра төсек үстіне шоқиып отыратын болды, «сөзден қалды» дейтін ол көңілін сұрағандарға тіл қатуға айналды, сонда кімге болса да айтары:

– Айжанды берген құдайға, бүгін өлсем де ризамын! Ендігі тілегім, мен жасай алмаған өмірді тәңірім соған берсін!

– Туған баланың аты – туған екен ғой,– деп таңданысты жұрт. – Кәзіргі күйінде Ақпанға кім жолағандай. Сол қалпынан мына қызы жиренбей, күркесінің де, өзінің де, адам маңайлай алмайтын ласын тазалап, бәрін де жұнттай ғып қойды.

– Әсіресе, өзің – десті біреулер, – жап-жас қыз, ұят-аятты да қойып, алпамсадай әкесін жас баладай шомылдырғанын көрсең!..

– Ұялғанда амалы қанша! Өзінен басқа кімі бар, тазалайтын?

– Адал сүт емген бала екен де!.. Өркені өссін!..

Жұрт бұл сөзді Айжанның өзіне де айтты.

Ақпанның көңілі көтерілуін көпсінгендей, тілеуі құрғыр біреу, бір күні Айжанның Малтабарға сатылуын естіртіп қойды!.. Содан кейін не істеуге білмей сасқан Ақпанның бар ермегі – Сібірдегі лагерьден беліне қыстырып ала қайтқан балтасын қайрау. Көп жыл жолдасы болған, шымболаттан жасалған бұл балта, қайрауын тапса қыл қабады, бір жетілсе жуыр маңда мұқалмайды. Малтабар жайында әкесі қызына, қызы әкесіне тіл қатпайды, ішкі ойларын бірінен-бірі жасырады. Бірақ, екеуі де өз ниеттеріне жетуден қайтпайды. Шоқанды көрген Айжан күркесіне қашып кіргенде, Ақпан ұйқылы-ояу халде еді. Бұның жәй қимыл емесін сезген Ақпан, маужыраудан серги қалды да, төсектен басын көтере беріп.

– О не, Айым?! – деді.

Айжан жауап бермеді. «Ә» дегенше болмай, күркенің есігінен жақындап келе жатқан пар атты көрінді. Айжан үрейлі кескінмен терге таянды да, теріс қарап тұрып қалды. «Малтабар болар ма?!» деген ой кеп кетті Ақпанға. Сол ойдан өкпесі аузына тығылған ол, төрдегі Айжан теріс қарай бергенде басының астындағы балтаны суырып алды да, бауырына басып, бүк түсіп л«ата қойды Ниеті – Айжанға жармасушы болса, қару қылу. Өйтуге жарарлық қуат бойында бар сияқты. Сондай халдегі ол, Тоқбеттің кіріп шығуын көргенмен, «арты неге соғар екен» дегендей қимыл көрсеткен жоқ.

Айжан ше?

Шоқаннан қашқан оның басына ақыл күркеге кіре оралды.

– «Иә,– деді ол жорамалын бекітіп, – сол!.. Шоқан аға!.. Қайдан келді? Неге келді? Әлде кездейсоқ кезігуі ме? Әдейі келуі ме?..» Сол бір сәтте Айжанның есіне ұстазы – Көкештің сөзі түсе кетті.

– Шыңғыстың Омбыда оқып жүрген баласы бар көрінеді ғой, – деген еді Көкеш, Айжанмен оңаша сөйлесе қалған бір шағында, – жақсы жігіт деседі... Ол жолы бұл сөзді неге айтқанын аңғара алмаған Айжанға, Көкеш сатылаған сөздер арқылы «шіркін, сенің жарың сол болар ма еді!» деген арманын да ескертіп қойған. Бұл арманды естігенде қаны бетіне шауып, кескіні қып-қызыл боп ұялып қалған Айжанның есінен, кейін осы сөз шықпай қойған. Бірақ ол, Шоқанды аспандағы күндей көріп, қолы жетеді деп үміттенбейтін. Сөйтіп жүргенде Айжанның құлағы, жыбыр ауыз Рақиядан «Омбыға барғандардан Қанаш сені сұрайтын көрінеді» деген сөзді шалған. Рақияның ол сыбысты айтудағы мақсаты, – «елге келеді деп естіген ағасы, мынадай жас сұлуды пайдаланып кетсін» деп Айжанның көңілін күні бұрын Шоқанға бұрып қоюда еді. (Жігіттер мен қыздарды, әсіресе, ер жете бастаған ағасы – Жақыпты жағыстырып тұру Рақияның қызық көретін қылығы да). Рақияның «сұрастырыпты» деген сөзіне Айжан сенетін. Шоқанның онысын өзіне қамқорлығының жалғасы деп қана түсінетін «менде ойы бар» деген пікір басына ұяламайтын. Міне, сол Шоқан күркесіне келіп қалды. «Жолсоқты келуі» дейін десе, аттарының басы тура, «бұнысы әдейілеп келуі болар ма? Қасындағылары кімдер?!..» Сол ойда тұрғанда, аңырайған есіктен арбалылардың күркеге тақала бастағаны байқалды. Кіре берген Тоқбеттен жасқанған ол теріс қарай қалды да, оның шыққан дыбысын естігенде, бетін есікке бұрды. Сол шақта «Шоқан» деп жорығаны да есіктен бас сұқты. Бетін теріс қарата берген Айжанның тұла бойы тағы да қалшылдап кетті. Ол қуған қасқыр қақпайлап әкеп, бұлтара алмайтын тұйыққа тыққан қоянның халіне түсті...

– Айжан! – деген дыбыс шалынды құлағына.

Есінен танғандай халдегі Айжан, бетін кейін қарай жалт бұрып, еңіреп жылаған үнмен:

– Қанаш аға! – деп құлашын жая ұшып кеп, Шоқанды бас салғанын білмей қалды. Айжанды құшақтай бауырына басқан Шоқанның, да көзінен жас ыршып кетті. Дірілі күшейе түскен Айжанның қызу денесі, Шоқанның тұла бойын бұлаудай бусандырып барады... Шоқанның осындай бір қызды іздеп келе жатуынан хабары бар Тұхфатолла қыз Шоқанды құшақтай алған шақта есіктен кіре беріп, аңырып тұра қалды. Шоқан кіре бергенде кім екенін біле алмаған Ақпан, теріс қылығын көрсе, балтасын ала ұмтылуға ыңғайланған еді, жат адамның «Айжан!» дегенің қызының оны «Қанат!» дегенін естігеннен кейін, екеуінің құшақтаса кетуін көргеннен кейін, балтасын ұстай төсегінен жылжи берді де, кідірді. «Қанаш» Шоқанға әке-шешесінің еркелетіп қойған аты екені есіне түсе кетті оның. Құсмұрыннан оқуға аттанарда Айжанды шешесіне тапсырып, «күт» деп кеткенін Ақпан естіген. Содан бері оған іші жылып «бір көрсем-ау! Алғысымды айтсам-ау!..» деген арманда жүретін. Көре қалса, шағар мұңы кө те. «Мынау, сол Қанаш болар ма?!..» – деген ой келіп кетті Ақпанға, Айжанның «Қанаш» деген даусын естігенде. Айжан оны еңірей жылап құшақтай алғанда, – «сол болғаны ғой!» деп бекітті Ақпан ойын. Енді өзінің де Шоқанның жүзін көргісі, онымен тіл қатысқысы келді. Сондықтан

– Айым! – деген дыбыс берді ол, – босат, Қанашты, онымен менің де амандасқым келеді. Құлағына сол дыбыс кіргенде ғана есі кіре бастаған Айжан, не істеп тұрғанын енді ғана сезгендей, құшағын тез жазды да, бүркіттің тегеуірінінен әлдеқалай сытыла қалған қояндай жып беріп әкесінің биік қып салған қоғажай төсегінің ығына жоқ болды. Шоқан да алған аңынан айрылып, аңыра қалған бүркіттей оны іздегендей жан-жағына алаңдай бергенде, көзі қасына таяу тізерлей отырған, түрі көрден шыққан адамның бейнесіне ұқсайтын, арық денесінің саудыраған сүйектері қапшық сияқтанған жұқа, кең көйлегіне әрең жасырынатын, тірі аруақ Ақпанға түсе кетті. Жерге таянған, жіліктері жуан оң жақ қолына, қайқы жүзі жалтырай қайралған, «шалымы жарты көз» дерлік қысқалап сабынан уысына қысқан балта. Ақпанның қорқынышты сұрқынан да, қолына ұстаған балтасынан да сескенген Шоқан, санамен емес, сезімнің итермелеуімен шегіншектей берді. Оның бетіне өткір көздерімен тесіле қараған Ақпан:

– Апырай, сенбісің, Қанаш? – деді.

Жауап бермей шегіне түскен Шоқанға:

– Қорықпа, Қанаш. Танымадың ба? Мен Ақпанмын! – деді ол «осыдан сескеніп тұрған болар» дегендей, балтасын әрірек ысырып қойып. Қайдан танысын, Шоқан: бұрынғы биік балуан дененің орнында буындары шодырайған, бар сүйегін сыртынан санап аларлық қаңқа ғана қалған; бұрын еркектің сұлуы саналатын келбетінен қалғаны – сімілтірі қоңырайған мұрнының жіктері сүйеленген шеміршектері мен үлкен қара көзінің суалған көлдің шүңірейген арнасы сияқты аумағы ғана; сол белгілерінен Ақпан екенін шырамыта бастаған Шоқанға:

– «Ат арыса – тулақ, ер арыса – аруақ» деген осы, шырағым, – деді Ақпан. – Айжанға көрсеткен жақсылығыңның бәрін естідім. Бізден қайтар демеймін, ылайымда құдайдан қайтсын! Көңілі босаған Ақпан кемсеңдеп еді, көзінен жас шықпады. Ақпанның балағанына тоқыраған пар атты кім екенін білгісі келгендердің кеу-кеулері көңілді бөліп жіберді. Қолында мылтығы бар Тұхфатолла оларды кіргізбеді. «Бір мылтықтың аузына мың кісі сыяды» дейтін мәтелге сенетін олар, кимелеп кіруге бата алмады. Сөйтіп тұрғанда, босағадан сығалаған әлдекім Шоқанды танып қап.

– Тере! – деді өзгелеріне сыбырлап.

– Қан төре?

– Шоқан!

– Қай Шоқан?! – десті, оның бұл араға келуі өңіндегі түгіл түсіне де кірмеген әркімдер.

– Хан-иемнің Омбыға оқуға кеткен баласы.

– Не дейді-ау, жаным?!..

– Ол қайдан жүр?

– Мәнісі бар оның,– деп, іші бірдемені сезетін Орманбай қасындағыларға көзін қысты.

– Не мән?..

Орманбай жауап бергенше, сырттағылардың дабырын естіп тұрған Шоқан, күркеден шыға берді. Хан тұқымын өздеріне ие көретін бұл ауылдың қарашылары, төрені көргенде, қолдарын кіндік тұсына қусырып, белдерін бүкірейте, бастарын ие қалушы Ақпан балағанының алдына жиналғандардың үлкен-кішілері Шоқанға да түгелімен сөйтті. Өзге төрелердің салты: не бәріне одырая қарап, үн-түнсіз өтіп кету болатын еді де, не әлдеқалай себеп тауып төменшектенген қалыптарын одан әрі төмендете түсетін бірдемелерді айту еді. Шоқан өйтпеді. Ол есіктен шыға, бастарын ие берген жұртқа, көңілді дауыспен:

– Уа, халайық, бәріңізге бір сәлем! – деп, оң қолын кеудесіне қоя, басын иді. Жылы леп шыққан тұсқа, көз астарымен жымия қарай бастаған көпке:

– Құрметтеріңізге рахмет! – деді.

Одан әрі не істеу керек?

Шоқанның ұшқыр ойы шешімді тез тапты.

– Көрмеген қысқы ордаға соғып, әжемнің басына дұға оқыта келіп ем, – деді ол көке. – Бастайтын қайсының бар? Сырын түймеген төренің алдында «мен» дей қоюға қымсынған көптің ішінен бір балаң жігіт иген басын көтеріп:

– Мен, Қанаш! – деді, тағы да төменшектей қалды. Шоқан тани кетті: азандық аты

– Тоқпақбайдың баласы – Сақпан, лақап аты – Сақа.

Ол «Сақа» десе – сақа еді: Шоқанмен бір жылы туып, балалық шағын бірге өткізген ол, Жайнақпен қатар ұстайтын сенімді досы да, өзі «иненің көзінен өтетін» епті болатын; қайда жұмсаса да, тапсырған істі шапшаң және ұқыпты орындайтын.

– Сақа! – деп қалды Шоқан, қатты дауыспен.

Қуанышты кескінмен басын көтерген Сақаға Шоқан шаттық бейнеде құшақ жайып:

– Кел бермен! – деді.

Сақа жүгіріп кеп, жаюлы құшаққа бөлене кетті. Қарап тұрған жұрт өзара күңкілдесіп:

– «Өзге түгіл әкесіне де иілмейтін, қақырайған қатты» дегені қайда?

– «Шоқынып кетті» дегені қайда? «Әжеме дұға оқи келдім» деді ғой?! Тестерін тақаса, айқырған қолдарын қатты қыса аз тұрған Шоқан мен Сақа, мауықтары басылғандай болған шақта құшақтарын жазды.

– О, ит! – деді Шоқан, еркелеткен үнмен, екі иығынан да қапсыра ұстай ап, Сақаны сілкілеп. – Тұрқыңнан емес, көлденең өсіпсің ғой, тап-тапал боп?!..

– Сен тырна құсап сорайып кетіпсің ғой! – деді Шоқанға бойы үйренген Сақа, әзілден ұтылғысы келмей.

– Ал, кеттік!

– Қайда?

– Ордаға!.. «Білем – дедің ғой, оның жолын?»

– Білем.

– Ендеше, мінейік анаған! – деп, Шоқан Сақаға тарантасты нұсқады. Екеуі қолдасқан қалпымен ырғып мінді. Тоқбет те мінді. Онда үн жоқ. Шоқанның кім екенін білмейтін де, сұрамаған да, тек ішінен «киргизден де чиновник шыққан екен-ау» деп таңданып қана қойған қартаң ылаушы орыс, көзі көрген, бірақ түгіне түсінбеген құбылыстарға аң-таң! Аздап қазақша білетін ол, үлкенді-кішілі күзетшілердің бәрін де біледі, үлкендерімен ашына-жай аты – Прокопий. Ол сөзге тілі келмеген қазақтар «Біргепе» дейді. Прокопий десе ешкім білмейді. «Біргепені» білмейтіні жоқ. Тарантасқа отыра:

– Ханның ордасын білесің ғой, Біргепе? – деді Сақа.

– Білем.

– Ендеше, тарт соған!

Олар кете барды. Жиналған жұрт аңырып қала берді. Жұртқа көнбей, балағанның үңірейген есігінің ішкі босағасына жабысып, көзінен жасы сорғалаған Айжан да қарап тұр. Шоқанның қайда, неге кетіп бара жатқанын ол білмейді. «Біржола кетіп бара ма?!» деп ойлаған ол тарантастағылар ұзаңқырай берген шақта:

– Айым, – деді Ақпан, қызының неге көзіне жас алғанын сезіп, – бекер соқпаған болар, Қанаш. «Қыран құс қайрылып шалады» деген, ораламай кетпес! Ылаушы сөз тыңдағыш адам екен. Шоқанның кім екенін ордаға жақындай білген, сыртынан атына қанық, Шыңғыспен тамырлау ылаушы, Сақаның «Сырымбет тауының саласына көтерілеміз» деуіне қарсылық білдірген жоқ. Сала жайпақтау сияқтанғанмен, арбалы аттардың шығуына недәуір қиын екен. Аттар қарсаңға мықшия, дем ала ерлеп жотаға әрең көтерілді.

– Асу осы,– деп аттардың делбесін тартып тоқтатқан Сақа жерге түсіп, – өркештердің төбесінде қызықтар бар, барайық, – деп Шоқанды қолынан тартып еді:

– Ауырыңқырап отырмын да, – деді Шоқан, қозғала қоймай, – тағы келерміз, кейін оралайық. Не «ауруы» барын Сақа іштей жорамалдайды. «Шоқан Айжанға құмар дейді» деген сөз оның да құлағына шалынған. Шоқанның мана көл жағасында жүргенде тарантастағылардан ығысқан Айжан ізімен қуып келгенің әкесінің күркесіне тығылған Айжанды көріп шыққаның жұртпен бірге Сақа да бақылап, жүріс-тұрысының бәріне де мән берген; «енді не болар екен?!» деп тұрған шағында, Шоқанның кідірмей ордаға тартуы Сақаға жұмбақ сияқты болып қалған. Ол осы жұмбақтың тез шешілуіне құштар. Олар ордаға оралды. «Орда» дегені: терезелері көп, орта тұсында қала тәртібімен салынған жалғыз есігі бар, еңсесі биік төбесі жасыл бояулы қаңылтырмен жабылған, жуан қарағай бөренелерден қиылған ені кең, тұрқы ұзын үй екен; қабырғаларының сырты сұрғылт бірдемемен қапталған. Шоқан сипап көрсе, киіз екен.

– Естуімше, – деді Сақа сөз қосып, – алғашында әппақ киіз екен бұлар, және шыли ақ қозының жүнінен басылған екен; жылдар өтіп, жел жалап, жаңбыр шая берген соң, түсі сұрғылттанған; үйдің ішкі қабырғалары да осылай қапталған деседі, өз көзіммен көрген емеспін.

– Неге?!

– Хан мен ханша тұратын үйлерге біздей пақырлар бас сұға ала ма?

– Рас па, осының?!

– Оллаһи!.. Өтірік айтсам жаным шықсын!

Сол кезде есегін тепеңдетіп Тоқпақбай келе қалды. Орданың кілті қалтасында екен. Төреге тіл қатып көрмеген байғұс мана «тарантасқа міне кетейін» деуге бата алмапты. Одан бері биенің бірер сауыны болғанмен, шабан есекті өкпеге тепкілеп әрең жетіпті. Есік ашылды. Ішкі жақта үйді екіге бөлетін кеңдеу коридор бар екен.

– Оң жақ бөлегінде, – деді Тоқпақбай, – бәйбішесімен, бірер бала-шағасымен хан-ием тұрады.

– Неше бөлме бар онда?

– Білмедім. Сыртынан топшыламақ, біздей кісілер кірмейді ғой оларға. Сол жақ бөлегінде кейінгі кезге дейін Жақып мырзамен кейінгі мырзалар тұратын. Жақып... Тоқпақбай кілт кідіре қалды. Онысы, – Жақыпқа байланысты бір оқиғаны «Шоқан біле ме, жоқ па?» дегендік еді. Былтырғы күзде, орда ауылда үлкен бір оқиға болған: Құсмұрыннан Сырымбетке көшіп келгелі, Шепе ағаш қорығыш боп, бір бұрау кескен кісіден кеміне бір тоқты, я лақ алатын; көбірек кескен кісіден түйесін, атын деген сияқты Ірі қараларын тартып алатын; берері жоқтарға дүре соқтыратын, содан өліп қалғандар да болған. Ақыры, жұрт өшіге кеп, өткен күз салт атпен орман аралап жүрген оны,әлдекімдер мойнынан ағашқа асып кетіпті, өлімтігі сасып кеткенде табылған... Шепеде бала жоғын, әйелі – Салиқа бейпіл болғанын білеміз. Сол Салиқа ерінің қырқын бере желігіп, «не төре тұқымынан таңдау беріңдер, не басымды босатыңдар» деген. Сонда сүйенгені – Шыңғыс қол артар дүмді тұқымының біреуі. Төрелер амалсыздан таңдау бергенде, Салиқа құрығын ержетіп қалған қайнысы – Жақыпқа салған. Байбалам салып қашқалақтаған он жеті жасар Жақыпты, басы Шыңғыс боп:

– Жесірді жібереміз бе? «Аға өлсе – іні мұрасы» деген, кәрісінсең бірер жылдан кейін жас тоқал аларсың, – деп, мойнын бұрап еріксіз көндірген... Бұл оқиға Шоқанға хабарланбаған. Тоқпақбайдың тұтығып тұрғаны сол, сондықтан Шоқанның:

– Неге кідірдің? – деген сұрауына «жәй, әншейін» деп жауап бере алмай қалды. Бұның жәй тұтығу емес екенін шамалаған Шоқан, «жата-жастана білермін» деп, аржағын қазғылаған жоқ. Жайлауға көшетін орда, көлік көтерерлік аса қажетті нәрселерді ғана әкететін еді, қалғанын жинастырып орда қасындағы тұйық сарайға сығылыстыра жинап, қалың қақпасының сыртынан жуан салтқы басып, үлкендігі күректей құлыппен бекітетін еді. Орданың ішінде тек ағаштан жасалған мүліктер ғана қалады. Оның да кілті Тоқпақбай да. Жасаусыз аңыраған орданың ішін аралау Шоқанға қызық көрінген жоқ. Ол тез шықты. Тоқпақбай оған сарайдың қақпасын ашып, ішіндегі қоймаларды көрсетті. Көп қойма сандықтарда екен, олардың кілтін Зейнеп тастамайды екен. Көзге көрінетіндері: кілем, киіз және солар ұқсастар. Бұларды қомсынған сияқтанған Шоқанға Тоқпақбай.

– Бұқара-шәріпте орданың мешітіне төсеуге арналып, әдейі тоқылған, тұлабойы жазылған дұғалық, патшаның баласы Омбыға келгенде Ертіс жағасына тіккен, керегесі күміс, уығы алтын үйге, хан-әжем осы кілемді төсеген, оны көріп пе ең төре-ием? – деді.

– Жоқ.

– Ендеше көрсетейін, – деп, Шоқанның «керегі жоқ» деуіне қарамай, Тоқпақбай үюлі жатқан мүліктердің үстінен кілем сияқты үлкен бірдемені төмен қарай домалатты. Жерге түсе шетін жазып байқаса, түрлі түспен құлпырған, ұстап көрсе шым-жібегі опайке-былғарыдай сықырлаған кілем!..

– Аржағын жазбай-ақ қой, – деді сапасын шетінен-ақ байқаған Шоқан. – Қымбат мүлік екенін көріп тұрмын.

– Қымбат мүлік бұл үйде көп, төрем, – деді Тоқпақбай,– көктем шыға кептірмек болып жайғанда, осынау кең алқапқа сыймай кетеді... Бұл сөзді «немқұрайды» тыңдаған Шоқан, «шаршап келем» деп, бүгін осы арада тынығарлық көңілін білдірді.

– Қайда, сонда? – деді Сақа.

– Осы ордада.

– Төсек-орын ше?

– Олар табылады, – деді Тоқпақбай. – Әлгі мүліктерден көтеруге келетін, жұмсақтау бірдемелерін ордаға кіргізіп төсейміз.

– Сол жетеді, – деді Шоқан.

Тоқпақбай сарайдан кілемге теңделген бір буманы көтеріп әкеліп, арқанын ағытса іші толған көрпе-жастық екен. Шыңғыс пен Зейнеп жататын бөлмеде, екеуі мол сиятын, орыс шебері тақтайдан жасаған жалпақ, орындықты ағаш төсек болатын еді. Соның үстіне түкті кілем жайылып, көрпе-жастық төселіп, тынысқа рахат орын болды. Тамақ жайы кеңес болғанда, Шоқан саквояжында әскерлік даяр астар барын айтты.

– Бола берсін, – деді Тоқпақбай, – «қуыс үйден құр шықпа» демей ме, қазақ, «жыланға да ақ тамызады» демей ме? Біз де бірталай қауым емеспіз бе, осы маңда. Кедейлігіміз рас. Бірақ табанымызды жалап отырған жоқпыз...

– Әдемі сөздеріңді қоя тұрып, береріңді айт, әке! – деді Сақа.

– Бергенде, – деді Тоқпақбай қипақтаңқырап, – бұл төренің сыбағасы құлын мен тай, олар жоқ. Қой да жоқ...

– Қанаш, сен, – деді Шоқанға еркінсіп үлгірген Сақа, әкесін кимелеп,– бұрын өзге еттен лақ етін жақсы көретін едің ғой, сол әдетіңді қойдың ба?.

– Неге қоям? – деді Шоқан.

– Шикі қаймаққа езген ақ ірімшікті ше?

– Оны да қойған жоқпын.

– Төремнің осы әдеттерін білгендіктен, – деді Тоқпақбай, – бір семіз тушамды сойып астырып қойдым. Қаймақ та, ақ ірімшік те даяр. Оларды осында әкелетін шығармыз?

– Енді қайда? – деді Сақа. – Біздің балағандарда Қанаш отырарлық жер бар ма?

– Неге отырмаймын? – деп Шоқан сыпайысыған болып еді:

– Ондай орын жоқ, – деді Сақа.

– Сен тез қайт та, тағамдарды мұнда жеткіз,– деді ол әкесіне. Бақыр қазанды ала кел. Жолшыбай тоңазыса, ешкі майы жегізбейді.

– Мақұл, – деп Тоқпақбай есегіне міне берді.

– Ыдыстар да таза болсын, – деді Сақа жөнеле берген әкесіне. – Салақ қатындарға емес, Айжанға жуғыз! Оның қолы тиген ыдыс, айнадай жалтырайды. Сақа соңғы сөздерді Шоқан үшін, оның көңілін Айжанға аудара түсу үшін айтты. Бұл тақырыптағы сөздер іле жалғасып кетті. «Сен сол қызға келдің бе?» деуге бата алмаған Сақа, алыстан орағытқысы кеп, Айжанның мінез-қылығын мақтаумен болды. Неге мақтауын жорамалдаған Шоқан, кейбір дүдәмал хабарларды анықтап алғысы кеп:

– Науан хазірет деген Бұхарадан оқыған молда болыпты ғой осы ауылда? – деп сұрады Сақадан.

– Болды. Талай жыл тұрды.

– «Онық қатыны да оқымысты екен» деген сөз рас па?

– Бір қатесі жоқ. Қарындасың Рақия содан оқыды. Айжан қасында болып, бірге оқыды.

– «Оқуға Рақия – топас, Айжан зерек болды» деген рас па?

– Солай деседі, – деді Сақа, «рас» деуге, «қарындасын топас деу, Шоқанның көңіліне келер» деген оймен.

– Сен анығын айт, – деді Шоқан, – «кітаптары көп екен» дейді ғой Науан мен әйелінің? «Айжан солардың бәрін де оқып тауысыпты» дейді ғой?

– Оншасын білмедім. Кітапты көп қарайтыны рас. Бізге мәлімсіз әлде не қылмысымен, Имантауда тұратын орәднек Науан мен қатынын Көкшетауға айдап әкеткенде, медіреседе тұратын кітаптары қалып қойған. Әлиәкбар молда оларды мешітке апарған. Өзінің тістері ол кітаптарға батпаса керек. Басқа оқи алатын кісі бұл маңайда жоқ. Тек, Айжан ғана оқи алады деген соң, мен Әлиәкбардың көмескі көретін көзін алдап, мүкіс құлағына естіртпей, қайдағы жуан-жуандарын қымқырып әкетем де, Айжанға әкеп берем, «кісі көзіне түспе» деймін. Ол байғұс балға құмыққан арадай қадала қалады да, күлкісін, жылауын араластыра отырып, әудемде қалың кітапты бітіріп тастайды. «Не қызығы бар екен?» десем айтпайды. Мен тағысын тағы әкелем. Мешіттің бұрышына үйілген кітаптарды Айжанға түгелге жақын әкелем, әкелгендерімді ол тез тауысады. Шоқан Сақаға да, Айжанға да риза болған қуанышпен күліп жіберді.

– Неге күлесің?

– Жәй, әншейін...

– Күлме! Рас! Жолықпай кетпейтін шығарсын, Айжанға, сонда өзіңнің көзің жетеді оқымыстылығына. Бала жастан сенісіп өскен Сақадан, Айжан жәйлі сырын енді бүгуді Шоқан лайық көрмеді де, бұл араға неге келу себебін қысқаша баяндап берді. Сонда баса айтқаны, қайткенмен де Айжанды «Малтабар» атты қорқаудың құлқынынан құтқару.

– Оның қиындығы жоқ сияқты ғой, – деді Сақа, – хан-ием, бұндай борышқа сені Омбының көп ұлығын ертіп, әкеледі деген соң бататын бопты. Бірақ, құдай сақтап, Малтабардан әзірге іштеңе алмапты деседі ғой. Енді, ұлықтар келмейтін болса, хан-иемнің шығынға батар іштеңесі жоқ. Ендеше, Малтабарға «жөніңе кет» деп қолын бір-ақ сілтемей ме? Әсіресе, сен аралассаң? Не істейді Малтабар Хан-иеме? Бармағын тістейді де кете барады. Сақаның бұл сөзі Шоқанның көкейіне қонады. Соған көңілі көншиін десе, қу Сақа құрдас Шоқанға қалжыңдаған болып отырып, тағы бір салмақты сөзді бықсытып қояды.

– Хош, – дейді ол қылмыңдап. – Айжанның басы босады дейік онда менің күдігім жоқ. Содан кейін? Кенет сұрауға, Шоқан кенеттен жауап бере алмауын байқаған Сақа:

– Ошаққа тас болған қызды көрген де, естіген де жоқпыз ғой, Қанаш-ие? – дейді сөзін жалғастырып.

– Әрине.

– Бұл қыз да бір байға тиюі керек қой?

– Сөз бар ма онда.

– Сонда кімге?

– Қайдам!.. Бұйрықты біреу бар шығар.

– «Бұйрық» деген не ол? Оның тура аты – «Қалың мал». Малды кім көп берсе, Айжанды да сол әкетеді. «Ақпанның қызы» дегенді қайбір «қас батыр, қайран жақсы» дейтін аталықтар, күпсіген байлар, немесе терезесі тең жастар алар дейсің. Менсіне ме олар бұл сияқты сорлының қызын? Тоқал керек, бала керек кәрі-құртаңның біреуі алып кете барады да!.. Ондайлардың талайын көріп жүрміз.

– Рас! – деді Шоқан ауыр күрсініп.

Айжанда Сақаның өзінің де көңілі болатын. Бірақ, құлағына «Шоқан да құмартады дейді» деген сөз шалынғандықтан «рас болса ұятқа қалармын» деп өзін-өзі еріксіз тежей беретін. Тағы бір сезіп жүргені – әмеңгерлік заңымен мосқал жеңгесі – Салиқаға еріксіз қосылған Жақып та, «Айжанды тоқалдыққа алмақ» деседі. Ол Айжанға кіжіңдей де бастаған, бірақ, Бүбі үйінде мазалауға бата алмаған да, одан кейін жайлау жаққа алыстап кеткен. Төре тұқымынан Айжанға одан басқа да көз алартарлары аз емес. Айжан Малтабардан босанған хабарын естіді-ақ, олар өлімтікке шапқан қасқырлардай қаптайды да, өзара таласып қай жеңгені жейді. Малтабардан басы босана қалған күнде, Айжанның төбесіне төнетін осындай қара бұлттар барын аңғаратын Сақа, Шоқанның әу-жайын байқау ниетімен, оның:

– Сонда не істеу керек? – деген сұрауына:

– «Теңі ме» деген біреуге басын байлау керек, – деген жауап берді.

– Кімге, сонда?

– Мысалы, маған!

Бұл сөздер аузынан шыға сала Шоқанның кескініне көзі түскен Сақа шошып кетті. Шоқанның көздері шатынап, дірілдеген ұрт еттері түйіле бастаған екен. Ондайда қаһарын төгер адамы қашып құтылу керек. Сақа да сөйтуге орнынан қобалжи бастап еді, ашуын ақылына жеңдірген Шоқан:

– Отыр! – деп қойды Сақаға алая қарап.

Шоқанның әлгінде жел үрлеген қызыл шоқтай жайнап кеткен көз жанары қалпына түсе бастауын көрген Сақа, қобалжуынан орнығуға айналды.

– Ендігәрі айтасың ба, сондай сөзді? – деді Шоқан.

– Айтсам, аузыма қан толсын.

– Жаңа неге айттың?

– Сені сынайын деп.

– Неге? «Бас кеспек бар да, тіл кеспек жоқ» деген деп бастап, Сақа Айжан мен Шоқан жайында естігендерінің бәрін айтып берді де:

– Кәне, өтірік деші осыны? – деді.

– Өтірігі де, шыны да бар, – деді Шоқан.

– Қайсысы өтірік, қайсысы шын?

– Шыны: осы қызды кішкене күнінен жақсы көретінім рас, бұл араға сол қызды басына төнген қатерден арашалауға келуім де рас; ал, өтірігі: осы қызға мені үйленеді деген жорамалдар...

– Неге өтірік болады ол?

– Мен сияқты оқыған, саналы адамға үйлене қою оңай емес...

– Неге қиын болады ол?

– Үйленетін адаммен әуелі танысу керек, одан кейін сынасу керек. қылығы, мінезі сыныңа толу керек, оның сынына сенің толуың керек, бір-біріңе ұнауың керек, біріңді бірің сүюін, керек, содан кейін ғана қосылуға болады...

– Ойбо-о-ой, – деді Сақа даусын созып, – ертегі ғой, мынауың?! Киіз туырлықты қазақ арасында көрмек түгіл, естімеген де жұмыс қой бұл!

– Көрмесең көресің. Орыс сияқты мәдениетті елдердің арасында бұл – дағдыға айналған іс.

– Қазақты сол дағдыға үйретпекпісің?

– Несі бар, үйретсе?

– Әй білмеймін,– деді Сақа басын шайқап,– байларда мыңдаған жылқы болады, солардан үйретілгендері жүзге жетпейді, өзгелері жүген-құрық көрмеген асаулар. Қазақ та солар сияқты емес пе? Қалай үйрете аласың олардың бәрін?

– Ол, рас, бірақ... – деп келе жатты да, бұл тақырыптағы кеңесті Сақамен соза беруден пайда жоғын абайлаған Шоқан, – әй, – деді тізеге алақанымен қағып қап, – қысыр сөзді қояйық та, іске кірісейік.

– Қандай?

– Бүркегенмен беті ашылып қалған сөзді қайтеміз, жасырып? Бүгін менің Айжанға жолығуым керек.

– Е, бәсе, – деді Сақа қуанып кетіп, – мені босқа шыжғырғанша, жөніңе көшші, солай! Не істеу керек, жолығу үшін?

– Менің балағандарға қайтып баруым ықғайсыз.

– Әрине.

– Сен барасың да, онда?

– Әрине. Сен осы үйде күтесің.

– Өйтуге болмас.

– Неге?

– Мен қала тәртібінде өскен адаммын. Оның тәртібінде – қыз жігітке емес, жігіт қызға барады.

– Сонда не қыл дейсің?

– Сен кешікпей жөнел де, қыбын тауып қызға тіл қат. Егер келуге көнсе, мен оны бұл үйде емес, жолда тосайын.

– Қай тұста?

– Мына бір тайыз өзенді кесіп өткен едік қой.

– Иә, аты – Қылшақты.

– Мен оның жағасында тосармын да, сен қызды ертіп келерсің.

– Мақұл. Бірақ, қыз байланған соң.

– Түнде ай жарық қой.

– Ауыл ұйықтады-ау деген шақта. Мен білетін Айжан болса, көзге түсіп, өлсе келмейді. Жұрт үйықтай келуі мүмкін.

– Егер келсе!..

– Басқа шақырады десе, әрине, келмейді. Сені шақырады» десе, еншалла, келер деймін. Ұмытып барады екеміз: Жаман Жалғызтау мен Саумалкөл бекетінің, орталығы саналатын Сырымбетте жәмшік аты байланбайтын, екі жақта жүргіншілерді біріне бірі жеткізіп салатын, түйісе қалғанда ғана аумастыратын. Бүгін, сәті түскенде, Жаман Жалғызтаудан келген ылаушыға Саумалкөлдікі кезіге кетті де, қонатын Шоқанды ертеңіне алып қайтуға ризаласты. Жалғызтаудікі сол күні қайтып кетті. Саумалкөл аттары етті де, тың да екен. Әсіресе, ойнақшыған көкжал шабдар біреуі шайтанның отын ала қашқандай. Сақа сол атпен балағандарға күндіз шоқытып барып қайтты да, Шоқанға қуанышты хабар әкелді:

– Ретін келтіріп тіл қаттым, – деп ол, – «жарайды» дегендей басын изеді. «Шоқанның асын ішкізіп Жатқызамын да, ауыл ұйықтады-ау деген шақта осы атпен оралып, міңгестіріп қайтам» дедім. Оған да басын изеді...

– «Бас изеген» бола ма екен, – деді Шоқан кейіп, – аузынан уәде алу керек еді ғой!..

– Сөзге мылқау сияқты қыз ол. Біреулер бірдемелерді айтса, естімеген адам сияқтанып, бедірейіп отырады да қояды. Сонда, сөз білмейді емес; айтқысы келгенде ағып тұрады... Қызыл іңірде Тоқпақбайдың қонақасысы да келіп қалды. Ыдыс та, дастарқан да, орамал да тозықтары жеткен» мен таза екен. Ет те, сорпа да өлердей дәмді. Қаймаққа бұлғаған ақ ірімшік те сондай. Тоқпақбай қонағына осыларды Айжан даярласқанын айтты. Сақа әкесіне білдірмей, Шоқанға «көрдің бе?» дегендей көзін қысып қойды. Ет еңсеріліп желінді. Дегенмен, бүйрек майы қалпақтай тушаның семіз етін тұтасымен тауыса алмайтын болған соң, Шоқан жарты етін ертеңгі сәскелікке қалдыртты. Қонақтарын түні бойы күзетіп шыққысы келген Тоқпақбай, қораға қонып қалды. Бір қаға берісте баласы оған:

– Түнде Шоқан екеуміздің қайда баруымызда жұмысың болмасын, – дегенді ескертті.

– Болсын, – деді олардың қайда барарын іштей жорамалдаған Тоқпақбай. Орда мен балағандар арасы үш-төрт шақырымдай жер еді, Қылшақты қақ ортада. Өзеннің көлге құятын сағасында Айжан мен Сақаны күтіп тұрмақ болған Шоқан Сақаның «ол тұсқа дейін атқа міңгесіп барайық» деуіне көнбеді, кешегі жайдақта қажалған тақымы, өйтуге жарамайтынын жасырды. Жұрт жатты-ау деген шақта, екеуі балағандарға жаяу бет алды. Шоқан кешқұрым Тоқбетке:

– Сен астан кейін іңірде жат та, ұйқыңды қандыр, ай жарық, мен осы маңда Сақамен біраз жүре тұрам, – деген. Тоқбет ас ішкеннен кейін, ауыз үйдегі әлдене төсенішке қисайған да, ұйықтаған тәрізді дыбыс білдіріп ояу жатқан. Өзін тәртіпті солдатпын деп санайтын ол дыңдай офицерге күзетшілікке берілгеннен кейін, сақтық жасап, қауіп жоғына көз жеткенше қалғымайтын. Оның үстіне, Омбыдағы полиция басқармасының, «Уәлихановтың басқан ізін түгел бақыла» деген тапсырмасы да бар. Осы себептермен, балағанға беттеген Шоқан мен Сақа орда іргесінен басталатын орманға жасырынғанша тасадан соңдарынан қарап тұрды да, қараларын үзген шақта берданкасын көлденең ұстап соңдарына түсті. Айжан мен Шоқан туралы жүріп жататын әңгімелерден оның хабары жоқ еді, дегенмен, Шоқанның жүріс-тұрысына қарап, бірдемені ол да жорамалдады, оның арты неге соғарын күтті. Қылшақтының құйылысына жақын сырғауылдан салған көпірге жете, бұлар аралап келе жатқан ағада шоқтары таусылып, аржағынан ашық алаң басталды. Сақа көпір үстінде тоқырады да: Осы арадан ажырайтын болып ек қой, – деді Шоқанға, – ай жарық, әне, балағандар ербиіп көрініп те тұр, мен оларға жалғыз баратын болған едім ғой.

– Сөйдегенсің. Бірақ, мен неге ере бармаймын?

– Уәделескен едік қой ол жайда?

– Бірақ...

Ешбір «бірағы» жоқ, Қанаш. «Уәде құдай аты». «Ердің екі сөйлегені...»

– Сөзді көбейтпей жөніңе тарт! – деді Шоқан. Сақа ентелей басқан адыммен кете барды. Осы бір тұстың масасы ерекше қалың болатын еді. Солар Шоқанның үстіне бұлттай оралып, жан сақтарға жер таппады. Бар айласы, – қайыңның жапырақты бұтақтарын қапсыра ұстап, денесінің ашық тұстарын қағына беру. Одан мазасы кетуі кеміген жоқ. Шыбықтан жасқанған қалың маса өршелене түсіп, үстіне жабыла қонды да, түйе мен жылқының қалың жон терісінен инедей өтіп кететін тұмсықтарын қадай бастады. Шоқан өн бойын сипалаумен болды. Масалармен алысып, көпір маңында ерсілі-қарсылы жүрген Шоқан, бір мезетте, іші пысқандай, ойға да шомып кетеді. Сондағы бар ойы Айжан төңірегіне ғана оралады. Бұл, әрине, мейлінше әдемі қыз. Қала, далада көрген қазақ қыздарынан әдемілігі буған маңайласатын қызды Шоқан кездестірген емес. Бұл қазақ, сұлуы. Қазақтан да бұндай сұлу кездесуін Шоқан ұлттық мақтаныш көреді. Бірақ, сырты сұлудың іші сұлу ма? Яғни қылық, мінезі (ұлу ма? Ажары меруерттей мөлдіреп туратын талай әйелдің қылықтары мен мінездерінің түкке тұрмайтынын кездестірген. Ондайлар қазақта да жоқ деймісің? Естуі мақтаулы болғанмен, Айжанның қылық-мінезінің қаншалық құнды екенін кім біліпті?.. Сақа Айжанды ертіп әкелуге кетті. Ере ме, жоқ па? Келе ме, жоқ па? Ермесе не істеу керек? Ере қалса, жолыға қалса, саналы өмірін қалада өткізіп келе жатқан Шоқан ауыл қызының тілін таба ала ма? Ұғыныса ала ма? Оның Айжанды көргенге дейінгі ойы бір басқа еді, көргеннен кейін бір басқа. Көргенге дейін оның негізгі мақсаты – қазақтың ескі, феодалдық әдетінің, темір торына шырмалған бір сорлы қызды, қайткенде содан құтқару еді. «Қыз одан кейін қайту керек?» дегенді ойланбаған, «үйленем» деу басына да кірмеген, жәй «әдемі» дегенге, бозбалалық қызығу ғана болатын, «оның арты насырға шабар» деген ой да жоқ-тын. Айжанды көргеннен кейін бұл ойы түбірімен өзгеріп кетті. Оның сымбаты мен ажарына көзі түсе, қатты қызықты; алғаш сана емес, жыныстық сезім билеген Шоқан, оны құшуға құмартты. Кейін, ақылға келген шағында да, осы құмарлықтан шыға алар халі жоқ сияқты; сонда, егер Сақаға еріп Айжан келе қалса, құмарлығын оған хайуандық түрде білдіру керек пе? Адамдық түрде білдіру керек пе? Бастапқы түріне Шоқан, әрине бара алмайды, ол – европалық, орыстық тәрбие алған, саналы мырза; «адамдық түр» дегеннің мағынасы – екі жағының да сүйіспендік тіл тауып, бірін-бірі ұғу; сондай тілді Шоқан да, Айжан да таба ала ма, жоқ па? Бұл мәселені Айжанмен жалғасқан шаққа қалдырған Шоқан Айжан тағдырына тағы да толғанып кетті. Европаның, орыстың, орыс тіліне аударылған басқа елдер көркем шығармаларының бәрін дерлік, судай сапырып оқыған Шоқан ғашықтық жайларының талай түрімен таныса жүре, Айжан тағдырына ұқсас тағдырды бір ғана шығармадан кездестірген, ол петрошевшілдердің көрнекті біреуі – Николай Петрович Григорьевтің «Солдат әңгімесі» аталатын қысқаша хикаясы. Октябрь революциясына дейін ешбір баспасөз бетін көрмеген бұл хикая. Омбыдағы кадет корпусының оқушыларына қолжазба күйінде тараған. Кейін «петрошевшілдер ісі» аталатын архивтық материалдардың ІІІ-томына қосылған бұл хикаяның қысқаша мазмұны төмендегідей: Петербургтағы әскерлік бөлімшелердің біреуіне қайыршы шал келеді, солдаттар танысса, шал Семенов атындағы лейб-гвардиялық полктың 1812 жылғы Отан соғысында атаққа шыққан солдаты – Михайлов екен. Солдатқа алыну тарихын ол төмендегідей баяндайды: Крепостнойлық шаруаның баласы едім. Тұрмысымыз нашар еді. Бірақ, мен жұмысты қиратып істейтін балуан жігіт болып естім. Бізді қарамағында ұстайтын помещик қатал, қиянатшыл, бейбастақ неміс болатын: кім көрінгенді қазықпен сабайтын, өлтіріп тастайтыны да болатын, себепсіз балағаттайтын, жас қыздарды тіпті бала қыздарды зорлай беретін... Бір күні жұмыстан келсем кәрі әке-шешем жылап отыр. «Неге?» десем жанымдай жақсы көретін, сымбатты, сұлу болып өскен қарындасым Машаны әлгі қожамыз масқаралап кетіпті! Ыза мен намысқа шыдамай қожаға бардым да сілесін қатыра сабадым. Сол үшін өкімет мені солдатқа берді. Мен 1812 жылғы Отан соғысына қатынасып, үлкен абыройға іліктім, наградалар алдым.. Содан үйіме оралсам, әкем де, шешем де өлген, ауруға шалдыққан қарындасым өлім алдында. Осы күйіктен арақ ішіп кеттім де, осындай қайыршылық халге жеттім! Осындай халдерін баяндай келе, Франция халқы қиянатшыл королін қуғанын айта келе, орыс солдаттарын орыс патшасын да тақтан қууға шақырады. Ол шет елде, әсіресе Францияда қожалары кедей шаруаларды, солдаттарды адамша ұстайтының Россия шаруалары мен солдаттарының халі өте ауырлығын, орыс патшаларының Россияда тізгінді мейірімсіз немістерге ұстатуын сипаттай келіп, шал әңгімесін: Француздардан біз – орыстар кембіз бе? Әкелеріміз құдайға илануды айта жүре, «оған сенбе, өзіңе сен» дейді. Шіркін, маған ерік берсе, орыс балалайкасына немістерді билетер едім де, «кузькинаның шешесіне жіберер едім!» Неден қорқамыз, біз – батыр солдаттар? Өлім біреу-ақ!.. Қандас шаруаларды байларға қорлатпаймыз, оларға азаттық әпереміз! – деп аяқтайды. «Француздың ұлы революциясы аталатын 1789 жылдан, Европада 1848 жылы болып өткен революциялардан, 1825 жылы болған декабристер көтерілісінен, 1849 жылы әшкереленген петрошевшілдер оқиғасынан хабары толық, бірақ, өзі монархиялық пікірдегі Шоқан бұл оқиғалардың біріне елтімей, үнемі міней қарайтын, сондықтан, Григорьевтің «Солдат әңгімесін» оқыған шақта, көркем әдебиетке талғамы күшті Шоқанға қара-дүрсін жазылған қысқа шығарма оншалық әсер ете қоймаған. Сол әңгіме Айжан тағдырына байланысты есіне түскен шақта, Шоқан үлкен мән бере бастады. Машаның да, Айжанның да тағдырлары ұқсас. Машаның әкесі мен Айжанның әкесінің де тағдырлары, Машаның солдат ағасымен, Айжанның жетімдікке берілген ағасы – Жайнақтың да тағдырлары бір-біріне тым ұқсайды. Жайнақтың өлі-тірісін, тірі болса не халде екенін білер жан естілмейді. Ақпанның халін көзімен көрді. Айжан сырласуға әзір тұр. Одан не нәтиже шығары белгісіз. Оны Малтабардан айырып алу оңай сияқты орыс заңына жүгінсе, ешкім де бөгет бола алмайды. Бұндай күшке әкесінің жығыла кетуіне кім кепіл? Егер алыса кетсе ше? Әкені жығу оңай боп па? Жыққанда не болмақ? Ел не демек бұл оқиғаға? Әкесінің мінезі қатал екенін біледі. Сондай әкені жауықтырып алса, арты неге соқпақ? Осындай сұраулар басын қатырып жіберген Шоқан, үстіне үймелей қонған масалардың денесін тітіркендіре ащы шағуын да елеместік халге жетті. Шоқан солайша жүре тұрсын, біз Айжан жаққа оралайық. Шоқан аттанып кеткенде, өз балағанының босағасына сүйеніп тұрған Айжанның жылап қалғанын білеміз. Тарантастың қарасы үзілген шақта, ол әкесінің төсегіне келді де, шөке түсіп, ал кеп еңіреді. «Бұ несі?! – деп ойлады, төсегіне жамбастай қисайған Ақпан, – сағынды дейтін екі туып, бір қалғаны емес, әлде, жақсылық көргені есіне түсті ме екен? Оған неге осынша бүлінеді?!.. Сырттай болсын, іштей болсын, алғыс айтуы жетпей ме?» «Шоқанның Айжанда көңілі бар» дегенді Ақпан естіген жоқ, сондықтан «жас шіркін, – деп ойлады ол қызы туралы, – әдемі жігітке көзі түскен соң қызығып қап, қолы жетпейтін жұлдыз екенін еске түсірді ме екен? Әрине, ол – аспанда, бұл – жерде. Екеуінің арасы тым алшақ!» Ойын әр саққа жүгірткенмен тиянақ таба алмаған Ақпан, екеуін үдете түскен қызына бірер рет «оның не, Айым?! Қойсаңшы, балам!» деп еді, қою орнына күшейе түсті... Неге бүйту себебіне ақылы жетпеген Ақпан несі болса да жәй жылау емесін аңдап, қызының қылығына жаны ашыған жүрекпен, көз жастарын тамшылатып қойды, онысын Айжанға сездірген жоқ. Айжан сол қалпында ұзақ жылар ма еді, қайтер еді, – егер күн байыр шақта балағанына Тоқпақбай кіріп келмесе.

– Айжан үйде ме? – дей кірді ол, іші көлеңкеленуге айналған балағаннан, Ақпан төсегінің ығында шөкесінен жатқан Айжанды абайлай алмай:

– Үйде, – деді Ақпан.

Айжан жылауын доғара қойып, ықылығын білдіргісі келмей, даусын таныған Тоқпақбайдың неге іздеу себебіне құлақ тікті.

– Әлгі Шоқан мырзаға қонақасы берейін деп ем, – деді ол.

– Қайда тоқырады? – деді Ақпан.

– Қысқы ордаға. Бүгін сонда қонатын болды. Қонақасыға қара ала тушаны сойдырып жатырмын. Біздің үйдегі салақтау екенін білесіңдер. Орамал, дастарқан, ыдыс-аяқ дегендеріміз кірлеу болады. Асты Шоқанға олармен апару ұят. Төре тұқымдарының бәрі де кінәмшіл, ақсүйек, жиіркенімпаз ғой. Даяр асты дәмдендіріп пісіру де біздің қатынның қолынан келмейді. Қаймаққа бөктірген ақ ірімшік те ала барайын деп ем. Оны Шоқан өзі жақсы көреді екен. Айжанға осы тамақтарды әзірлес, ыдыстарды тазалас дегелі келіп ем. Бұл баланың пісірген тамақтары дәмді болып жүр ғой, – деді Тоқпақбай.

– Қайдам? – деді Ақпан, көп жылаған Айжанның ас әзірлеуге халі бар-жоғын біле алмай. Өзі қалғып жатыр еді, Айым, әу, Айым! – деді Ақпан оятқан боп.

– Барам, – деді, Тоқпақбайдың сөздерін түгел естіген Айжан, «әу» деудің орнына, басын көтеріп.

– Тоқаң саған кепті ғой, Айым.

– Естідім.

– Ұйқылы-ояу жатыр екенсің ғой, «барам» дедің ғой?

– Барам! – деді Айжан, сілкіне түрегеп.

Шақырғанға қуанып кеткен ол, жылау артынан тынысын тарылтып, жиіленіп кеткен ықылықтың әп-сәтте қайда жоқ болғанын білмей де қалды. Қалжыраған бойы сергіп кетті. Өйтпегенде ше? Шоқанға қолынан дәм жасап беру, қандай бақыт! Шапшаң қимылмен дәмді тағам әзірлеуге кіріскен Айжанның есі-дерті Шоқан: бала шағында көрген сәттері де көз алдынан қайта-қайта тізбектеліп етіп жатыр. Іңірде жер-ошаққа жағылған от, ай туғанша түнерген төңіректі тіпті қап-қара ғып жіберді. Айжан «сол қараңғылыққа бөленіп, бір жағынан Шоқан шыға келе ме» деген сезіммен, жалт-жұлт айнала қарай берді... Тағамдар тәтті болып даярланды. Соларды апарыса келген болып, бір қаға берісте тіл қатқан Сақа, Айжанға астан кейін, ауыл ұйықтай оралатының көнсе оны ерте кететінің өйтудегі мақсатын айтты. Оның:

– Барасың ғой? – деген сұрауына, Айжан басын изеді.

Сақа ауыл ұйықтай, ай туа келсе. Айжан балағанның көлеңке жағында күтіп отыр екен.

– Әкең сезді ме, бұныңды? – деген сұрауына:

– Білмедім, – деп жауап берді Айжан.

Әлі көз шырымын алмаған Ақпан қызының кештен бергі жүріс-тұрысын аңдуда. Түнде бір жаққа барар қалпын да аңғарды. Құлағы сақ ол Сақаның келген сыбдырын да, Айжанмен арасында болған сұрау-жауапты да естіді. Олар жөнеле бергенде, есікке еңбектеп кетіп, қаралары үзілгенше қарап тұрды. Олар орда жаққа беттеген соң, Сақаның Айжанды Шоқанға апара жатуын да жорамалдады. Қызының адамдық қасиетін білем деп ойлайтын Ақпан бүгінгі қылықтарына аң-таң. «Шоқан» десе елпілдеді де қалды! Неге?! Әлде, бейбақ, «алады» деген дәмеде ме? Болмайтын нәрсе ғой ол! Аспандағы айға қол созу ғой! Босқа әурешілік қой, олай ойлау!.. Ендеше неге елпілдейді?! Мазақ болуға ма? Ондай бала сияқты емес еді ғой! Неге сұрамадым? Неге тыймадым? Неге жібердім, қасқырға, бейкүнә лағымды? Неге арашаламадым, әлім жеткенше? Неге өлмедім жолында?!.. Осы ойдан Ақпан ағыл-тегіл жылады! Өзінің дәрменсіздігіне күйінді. Сөйтіп ақыры қалжырап, сүйретіле кеп төсегіне қисайған, ұйықтап кетті. Айжанның келер-келмесіне көзі жетпей тұрған Шоқан олардың көл жиегіндегі қамыс ішімен қасына таялып қалғаның басқан аяқтарының сыбдырынан аңғарды. Бірақ, адам я хайуан екенін шамалай алмаған ол «көлдің қопасында қабандар жүреді» дегенді есіне түсіріп, шалбарының оң жақ қалтасындағы пистолетін суырды да, хайуан көрсе атуға ыңғайланды.

– Айжан екеуміз, – деді Сақа, құрақ арасынан көріне беріп.

Шоқанға жақын келген Айжан басын иіп сәлем етті. Енді не істеу керек? Қала қызымен қалай жолығудың не десудің жайын Шоқан жақсы біледі, ауыл қызының жайын білмейді. Сондықтан, Айжанға не дерін білмей аңырып қалғанда:

– Масасы көбейіп кетіпті ғой мынау араның, – деді Сақа, – ордаға тез жетіп, баспана табайық. Ал, кеттік! Сақа бастай берді.

– Сіз жүріңіз, аға! – деді, еркектің алдына әйел түспейтін ауыл әдетін сақтаған Айжан Шоқанға.

– Қатар жүрейік, – деді ол.

Қатарласқан Айжанды Шоқан қолтықтауға ыңғайланып еді, олай жүруді көрмек түгіл естімеген Айжан «бұнысы несі?!» дегендей қымсынып денесіне Шоқанның, созған қолын жуытпады.

– Қала ғұрпы осылай, – деді Шоқан.

– Мен ауыл баласымын ғой, аға! «Баласымын ғой» деуін, Шоқан «баламын ғой» деген мағынада ұқты.

– Ордаға беттеген сүрлеу, тау етегіне таяна екіге айрылатын еді: оңға қарайғысы – ордаға, солға қарайғысы – Сырымбет тауының екі өркешінің арасындағы Беласуға. Сақаның еркіне салса, Шоқан мен Айжанды ордадағы Шоқанға төсек даярлаған бөлмеге кіргізу, «аржағын аллаға тапсырып» жапқан есікті өзі сыртынан қарауылдау еді. Осы түннің аржағында Шоқан мен Айжанның арасында қандай қарым-қатынасы болуында Сақаның жұмысы жоқ. Бүгін екеуін оңаша қамады, Шоқан алдында құрдастық қарызын ақтады, одан кейін қайтсе де мейілдері! Сол ойдағы Сақа жолдың айырымына жеткенде, оңға қарай ойыса беріп еді:

– Айжан екеуміз, – деді манадан үн-түнсіз келе жатқан Шоқан солдаты орман арасы мен тауға көтерілетін соқпақты қолымен нұсқап, – мынамен кетеміз.

«Солай ма?» дегендей Айжанға қарап еді:

– Ықтиярыңыз, аға! – деді ол.

– Ойбай-ау салулы төсек, салқын үй барда, маса-сонасы көп ағаш арасынан не аласыңдар? Және «сол саланың ар жақ, бер жағында түп мезгілдерінде аю жүреді» деген сөз бар, – деді Сақа.

– Мейлі, арыстаны, жолбарысы аралас жүрсе де, – деді Шоқан.

Шоқан мен Айжанның Сырымбет саласына беттеп кетулеріне көзі жеткен Сақа:

– Мен де ерем, сендерге, – деді.

– Ермейсің! – деді Шоқан бұйрықты үнмен.

Сақа тіл қайыра алмады. Мана балағандар қасында кездескен сәттен бастап, Сақаның байқағаны: Шоқанның бала күндегі өзімшіл, тәкаппар мінезінің бірталайы әлі де сақталыпты, әлі де «айтқаным болсын» дейтін сияқты. Онысына қарсылассаң, аяғы жанжалға соғады.

– Кеттік, Айжан! – деп, Сақаның бетін қайырған Шоқан Беласу соқпағына түсе берді, Айжан артынан ере берді, Сақа қалшия қалған қалпынан қозғалмады. Ол Шоқанның неге бүйтуіне түсінбей тұр. Қызды иемденгісі келсе, есігі жабық, оңаша ағаш үйден қолайлы жер жоқ. Аттың арқасы қажаған тақымын әрең басып жүріп, сол жайды Шоқан Сақаға айтқан) өрі бірталай таудың төбесіне қиналып шыққанда не болады? Айжанға да Сақа аң-таң: бұған дейін кісі-киіктеніп, маңына бозбала атаулыны жолатпайтын ол «Шоқан» дегенде, неге жұрдай бола қалды сақтық қылықтарынан?! Айжанның бүйтуіне Сақа түгіл Шоқанның өзі де аң-таң. «Үн-түнсіз неге ере береді? – деп ойлайды ол. – Оның тілін менің таба алмауым сияқты, менің тілімді оның да таба алмауы ма, бұл?! Неге келе жатқаның қайда келе жатқанын шамалай ма, тегі?! Осы бір сәтте Шоқанның ойына бала кезіндегі бір оқиға түсе кетті: төрт-бес жастағы кезінде, әлдекім оған аққудың қауызынан жаңа шыққан сары үрпік, көгілдірін әкеп сыйлаған; Шоқанның жан-тәні соның үстінде болып, көз алдында ірі аққу болып өскен, ол өте сұлу және өте қылықты құс болған: қашып, қуып... деген сияқты Шоқанмен ойнайды; итті тістеп алса қаңсылататын, ешкіні тістеп алса бақыртатын, басқа баланы тістеп алса жылататын тістері өткір ол ешуақытта Шоқанның жанын ауыртпайды; өкпелей де, еркелей де біледі; түнде үй қасына қалғитын құс, Шоқан көбірек ұйықтап қалса, бар даусымен қиқулап оятады; Шоқан оған үнемі ақ ірімшік береді, кейде ол «өзің де же» дегендей, тұмсығына тістеген ірімшікті Шоқанның аузына тосады; Шоқан қайда барса да соңына ереді, кейде адасып қалса, қашан көргенше сұңқылдап мазаны кетіреді... Сол аққуды бір түнде, ауыл үйықтай ұрланып келген қасқыр ала қашып, зарлана сұңқылдаған даусынан оянған ауыл да, Шоқан да міне қуатын ат табылмай, ажалдан айырып ала алмай қалған. Қолында өскен сол дос – аққуы есіне түссе, зарлы сұңқылы құлағына естіле қалғандай, жүрегі елжіреген Шоқанның тұлабойы тітіркеніп кететін... Тауға өрлей соңына еріп келе жатқан Айжан Шоқанға нақ сол аққу сияқтанып кетті. Бұл да аққудай, үн-түнсіз елпілдеп келеді. Сонда, Шоқан кім? Жаны сүйер досы ма? Әлде, жегелі келе жатқан қасқыры ма? Айжан «қасқыр» деп емес, «адам» деп еріп келе жатыр. Баяғы Құсмұрыннан Омбыға аттанып бара жатып, жолынан әдейі бұрылып кеп, шешесіне тапсырып кетуі, Айжанның күні бүгінге дейін көз алдында. Содан бері, Айжанның ұғымында, дүниеде шын адам жалғыз ғана, ол – Шоқан. Шоқанды көру арманы болып жүрген шақта, құдай айдап келе қалды, балағандардан кеткенде қайтып оралмас деп қайғырып еді, енді шақыра қалды; сөзге келмей баруға көне кетудегі мақсаты – оңаша бір жер тауып, басындағы мұңын түгелімен шағу еді, сол ниетпен келген Айжанның Қылшақты көпіріне келе, тілі байланды да қалды! Әлі де сөйтіп келеді, тілі, ол, осы тілі «оңашаланса шешілер» деген үмітте; Шоқан қайда беттесе де соңынан ере беру себебі осы. Шоқанның да ойы ақылды боп өсіп келеді «мұсылманша көп оқыпты» деп естіген Айжанмен оңашада еркін сөйлесіп, ау-жайын байқау, жүрек сырын содан кейін ақтару..... Тоқырауға келе жатқан тұсы, – Сырымбеттің мана күндіз көрген екі өркешінің бірі. Барлық таудың да өркештенген тұсы жалаңаш тастардан құралуы сияқты, Сырымбеттің де екі өркешінің оң жақтағысы тікшіл, сүйірлеу еді. Мұқылынан тікшілі біраз биік және сырттан сүйір көрініп тұрғанмен, төбесіне шықса ортасы үлкен кигіз үйдің жұрты тәрізденген дөңгелек, оның төңірегінде жайылған керегеге ұқсас тас қорған бар; Шоқан өркештің ондайлық құрылысы барын білмейді, оның ойы – өркештің үстіне шығып отыру. Соған жеткенше, артынан ерген Айжанға тіл қатпақ емес. Екеуі де таудың төскейіне үн-түнсіз ентелеуде... Шоқан «бармайсың» дегенмен, жандай досын белгісіз қауіптен қорғау үшін, аз уақыт орнынан қозғалмаған Сақа, олардың қарасы үзіле, бой көрсетпей, соңдарынан еруге ыңғайланып еді, сырт жағынан сыбдыр естілді. Сақа жалт қараса, мылтығын көлденең ұстаған Тоқбет!

– Сен қайдан? – деді Сақа оған сыбырлап.

– Өзің ше? Қайда барасың?

Шоқанның соңынан.

– Неге?

– Мен оның күзетшісімін.

– Қайда кеткенін білемісің?

– Білем. Мен сендердің соңдарыңнан еріп келем.

– Білемісің, қайда тоқтарын?

– Шамалаймын.

– Жолын таба аламысың?

– Табам. Күндіз көргем. Сен кейін қайт, – деді Тоқбет, мылтығын көтеріп, – мынау барда оған ешкім тие алмайды. Барған жерінде тасаланып отырам да, қайтарда арттарынан ерем. «Қайтайын» деді де, кейін бұрылған боп Тоқбеттен тасаланып тұра қалды да, ол ұзай соңына ерді. Тоқбет қайыңы, терегі, қарағайы аралас, арасынан ит мұрны өтпейтін, ағаштары жуан биік боп өскен қалың орманның арасын кезетін соқпақпен, Шоқан мен Айжан кеткен жаққа ентелей өрледі. Сол бір тұста таудың иығынан құлайтын ағысы қатты бұлақ болатын, соқпақ соны жиектейтін. Алаңқы жерде жарқырап тұратын айдың сәулесі орман жынысының ішінде қара көлеңкеленіп кетті. Адамның мезгілсіз жүрісінен мазалары кеткендей, орман арасының құстары у да шу бола қалды. Орман арасының әлде не аңдары қалғудан шошып оянғандай бұтақтарды сыбдырлатып қаша жөнелісті... Шоқан мен Айжан соқпақты бойлай тауға өрлеп барады. Шоқанның күндіз аяғын әрең бастыратын қажалған тақымы тауға өрлей жазылып кеткен сияқтанды. Шамалы қарсаң кездескенде алқына бастайтын Шоқан, тікшіл биікке өрлегенде, жайпақ жермен келе жатқан кісідей ентікпей, демін еркін алады. Бұндай сергектігі, бойына махаббат сезімі құйған қуат сияқтанады оған. Олар сол қалпымен Сырымбет саласының қырқа жонына шықты. Шоқан солға қарай ойысты.

– Аға, қайда? – деді демін ентіге алған Айжан тоқырап.

– Анау өркештенген тастың төбесіне.

– Осы тұсқа тоқтасақ қайтеді?

– Шаршадың ба, Айым? – деді Шоқан кейін қайрылып. Айжанның ентігуін көрген ол:

– Қолдасып көтерілейік! – деді де, Айжанның сол жақ алақанынан ұстады. Нәзік алақанның қылуы оттай жалындап тұр. Жетектеген Шоқанға Айжан қарсылық білдірген жоқ. Қырынан қаланған жалпақ тастардың үсті кедір-бұдыр екен, олардың бетіне қалың боп шыққан қына шыққа малшынып, аяқ басуға тайғақ. Айжан бірер жерде сүрініп құлай жаздаған соң, Шоқан оның денесін өзіне тартты да, бір қолын арқасынан, екінші қолын тақымынан ұстай, көтеріп алды. Салмағы мамық жастықтай-ақ Айжан:

– Аға, қажеті жоқ! – деп бұлқынғанмен, Шоқан оны босатпады, сол қалпымен қорған тастың ернеуіне жетті.

– Отыруға қолайлы орын бар екен ғой, мұнда, – деп, Шоқан көтерген Айжанды ернеуге түсірді де, белінен құшақтай, аяқтарын төмен салбырата, иығын иығына тақай отырды. Айжан бұл қимылдардың біреуіне де қымсынбай, ырқына көне берді. Одан әрі сырласу басталып кетуге тиісті ғой. Бірақ, өйте алмады олар. Қолға – қол, денеге – дене жабысып, басқа – бас тақалғаннан кейін, олардың, өздеріне тәуелді тілдері күрмеліп, бүкіл табиғаттың, олардың ішінде адамның жастық шағына байланысты өркендеу тілдері сөйлеп кетті. Сол тілдер екеуінің де жинақы денесін отқа қақтаған қорғасындай балқытып жіберіп, не болып, не қойғанын олар сезген де жоқ. Махаббаттың осы шырмауынан олар ұзақ уақыт шыға алмас па еді, қайтер еді, егер жақын арадан мылтық даусы гүрс ете түспесе! Түнде, тұнық ауада, тас арасында, орман ішінде атылған мылтықтың даусы тіпті ащы шықты. Шошып кеткен Шоқан мен Айжан түрегеп үлгермей, атылған мылтықтың жан-жаққа дірілдей жайылған жаңғырығы бәсеңдеп үлгермей, екеуінің нақ қасынан добалдай бірдеме домалана құлады. Таң ағарып қалған екен... Екі адам тас үстіне жүгіріп шықты: бірі – Сақа, екіншісі – Тоқбет.

– Аю ғой, мынау! – деді Шоқан шошынған дауыспен үңіле беріп, шегініп. Қорқып кеткен Айжан оның бауырына тығылды.

– Аю! – деді Тоқбет.

– Кім атты? – деді Шоқан.

– Мен! – деді Тоқбет.

– Сен қайдан келіп қалдың?

– Күзетшің емеспін бе, мен сенің?

– Сақа, сен ше?

– Мен де күзетшіңмін. Мана айтқан едім ғой, «осы маңайда аю жүреді дейді» деп? Рас болды ғой... Қорбаңдаған аю көтеріле бергенде зәремнің ұшқаны-ай! Өз қолымда қару жоқ! Құр қолмен бассалғанда, немесе, тас атқанда не істейсің оған!

– Сол кезде мен бір тасты тасалап тұрдым да «талмау жерің осы!» деп, қос өкпеден тартып кеп қалдым! Аң тоңқалаң аса қулады.

– Жігіт! – деді Шоқан риза боп кетіп.

– Көрейікші өзін, – деді Тоқбет масаттанғандай, тірі ме екен, өлі ме екен.

– Тірі болса ойнап жатыр деймісің, бұлайша сұлап! – деді Сақа.

Аңды қозғап көрсе, өліп қапты. Берданканың өткір оғы бергі өкпенің сыртынан тиіпті де, төсінің ар жақ шеміршегін ойып өтіпті, Жүндес аюдың, «үлкендігі құнажын сиырдай» деуге сиярлық. Ұрғашы екен. Желіні сүтке шертіп тұр.

– Осы маңайда күшігі болу керек, – деді Сақа, – тауып алсақ қайтеді?

– Қой, – деді Шоқан, – күшігін іздейміз деп пәлесіне ұрынармыз.

– Қандай?

– Әкесі жоқ деймісің бұның?

– Болса, күшігін ол да қорғасар еді, көрінбегені – болмағаны ғой.

– Болса, қорғанатын мылтық бар, – деді Тоқбет.

– Іздейік, – деді Сақа.

– Қайдан табасың, қалың ағаш пен кесек тастардың арасынан.

– Ана бір жылы, бір аңшының көргені бар.

– Нені?

– Аюды.

– Қайдан?

– Оның айтуынша осы шоқының арғы құлай берісінде, жуандығына екі-үш кісінің құшағы әрең жететін, бұлақтарының аумағы кең қораға сыймастық үйеңкі бар.

– Үйеңкі өсе ме, бұл тауда? – деді Көкшетау жерінің өсімдіктерінен хабары бар Шоқан.

– Хан атаңның заманында, бір орыс үйеңкінің жас шыбығын Есіл бойынан әкеліп отырғызса керек, содан еніп кеткен көрінеді. Өзімнің де көргенім бар, іші кең қуыс, соған аралар бал салады, аю балды алып жейді.

– Ендеше көрейік, – деді Шоқан да қызығып.

– Олар барса, үйеңкінің төңірегіне үйілген, түбімен қопарылған, жуандығы сырғауылдай қарағайлар, теректер, қайыңдар!

– Бұлары несі? – деген сұрауға.

– Көрмей тұрсыңдар ма? – деп жауап берді Сақа, – үйеңкінің анау жоғарыда үңірейіп тұрған қуысына, аюдың бойы жетпейді, өрмелеп шығуға, діңгегі тік, соған сатылап шығуға жасаған айласы ғой.

– Сонда, тамырымен қалай қопарған, бұндай ағаштарды?

– Күшті хайуан ғой ол! Ту қойларды, кішігірім өгізшелерді құшақтай көтеріп әкете береді.

– Апырай ә?!

– Күшіктері көрінбеді ғой, бұл арадан?

– Әне, тығылып отыр! – деді, Шоқанның артына қорғалаған Айжан, үйілген ағаштардың астын қолымен нұсқап. Бәрі үңілсе, үлкендігі қанден иттей ғана екі ақтөс, қоңыр күшік шөке түсіп отыр. Олардың ығысып бақырғанына қарамай Тоқбет пен Сақа тасадан суырып алды да, екеуін Тоқбеттің шапанына бөлеп, байлады. Үйілген ағашты сатылап, балдың бар жоғын білгілері кеп қуысқа үңілмек оларды ішінен ызыңдай қаптап шыға келген аралар қуып шықты. Жабылған аралардан бәрі де бастарын қорғап, тырым-тырағай қашты. Айжанды Шоқан шинелінің етегіне жасырып, денесін бүйіріне қатты қысып алған еді, сонда байқаса, дірілдеген денесі, от-жалын болып күйіп барады. «Бүкіл адамзатта жалғыз жанашырым» деп, азғантай уақытқа болса да соңынан ере қалған Шоқаны, қатардағы еркектердің біреуі боп, мылқау нәпсінің соқыр тілегін орындап тынды... Алыстағы арманы болса да, Айжан үшін қалың қара бұлт басқан аспанынан жылтырады деген жалғыз жұлдызы – Шоқан еді; әлгі зорлығынан кейін, оны да қара бұлт бүркеп, әлемді қою қара түн басты да қалды... «Енді, пана тұтарым жоқ, енді бәрібір өлікпін!» деген ойға бекінді Айжан. Сондықтан Шоқанмен ажырасқан соң-ақ, бірінші ағашқа, белін тас қып буған қайыс белбеуді тұзақтап асыла қалмақ... Айжанның бұл ойын, денесінің дірілі мен қызуынан, Шоқан айтпай-ақ ұқты... Қорқау нәпсінің құлқынына қалайша тез түсіп қалуына, оның өзі де айран-асыр! Енді не істеу керек? Арқалай қашқан қозыны алысқа апарып, азаптап жеп, тойғаннан кейін өлексесін тастап жортып кететін қасқырдай бет алған жағына тарта беру керек пе? Онда кім болғаны? Айжанның өлексе болып қалмауына жалғыз ғана жол бар, ол – кедергі атаулыны қиратып, жаны сүйіп үлгерген қызды өмірлік жарына айналдыру. Бірақ, қалай? «Кедергі» дегендерді шамалап көрсе, асуы қиын асқар таулар, кешуі қиын мұхиттар сияқты... Соларды дүние жүзіндегі ғашықтардан кейбірі өте алып, көбі өте алмауын, Шоқан ертегілерден де естіген, кітаптардан да оқыған. Сондай сергелдең жолға Шоқан түсе ала ма, жоқ па? Көп толғанудан кейін Шоқан ол жолға түсуге бекінді. Бірақ, қалай? Ол жайда, егер тілін шығара алса, Айжанмен ақылдаспақ та, шығара алмаса, өз жоспарын айтып, соны орындауға серт бермек. Ол жоспары: Айжанмен бүгін, қазір қоштасқаннан кейін туған аулына тығыз жүріп кетіп, әке-шешесінен ұлықсат алмақ та, егер олар ұлықсат бермесе, орыс заңына жүгініп күш жұмсамақ; бұл бетінде «хандық» «күңдік» деген ұғымдарды сыпырып тастап, тек, «адамдық» деген сананың ғана еркіне көнбек. Шоқанның бұл ойларынан хабары жоқ Айжанның басын билеген жалғыз ой – қайткенде де тез өлу! Сондай санада олар Қылшақты көпіріне жетті. Ол маңайдың жазғы таңындағы ауа құбылысы қызық: түнде айы, жұлдыздары жарқырап тұрады да, таңға жақын, не таң сіберлей көк-жиектен көтерілген қою бұлт, лезде аспан әлемін бүркеп ап, желкемдене қалған ауаның екпінімен, сапырыла жөңкіледі кеп, ол кейде төпей құйып өтеді де, кейде «ақ жаңбыр» аталатын сіркіреумен, күн ұзаққа, кейде әлденеше күндерге созылып тұрып алады. Бүгін де таң құлаң-иектене шығыстан торлана қалған бұлт көкті күтірлете күрілдеп, найзағайын жарқылдата, шүмектей құйып батысқа беттеді де, содан қайтып оралмады, арт жағы сұйыла, сирей кеп, біздің геройлар Қылшақты өзеніне тақала, аспанның шығыс жиегі жарқырай ашылды да, биік аспанды белуардан тармақты нұрына бөлеген күн, көк төбесінен жайнап көтеріле берді. «Айжанды түнде осы арада тосып алған Шоқанды серіктері осы арадан ордаға қайтар» деп ойлаған еді, өйтпеді Шоқан. Көпірге тақала:

– Сендер қайта беріңдер! – деді ол Тоқбет пен Сақаға.

– Сен ше? – деді олар қосынан.

– Мен Айжанды мекеніне апарып салам.

– Біз... – деп келе жатқан екеуіне:

– Тіл қайырудың қажеті жоқ, – деді ол бұйрықты үнмен, – қайтыңдар, мейлі; тұрыңдар, мейлі! Айым, екеуміз кеттік. Денесін ілгері қарай икемдеген Шоқанның жүрісіне Айжан қарсылық білдірген жоқ. Іштей өйтуіне қарсы: біріншіден – үнсіз жүре берудің қажеті қанша? Екіншіден – маңа, Сақаға еріп балағаннан кеткенде ұйықтаған сияқты болып жатқан сорлы әкесі не халде? Айжанның ойынша, «ол ұйықтап білмей қалды»; егер онысы жалған ұйқы болып бәрін де біліп жатса ше? Ондай халде болса, неге үн шығармады ол?! Жанындай көретін жалғызын Сақаның ертіп әкетуіне қалай көнді?.. Көне қалғандағы ойы не?.. Айжан қолына келіп, денесіне аздап әл біткен Ақпанның, ашық күндердегі әдеті, таң біліне балағаннан тысқа шығып, сәске көтерілгенше, күн сәулесіне қызынып отыратын; бүгін де солай отырса қайтпек? Оның жүзін ұялмай қалай көрмек? Апан бұл кезде дағдылы орнында ояу отырды. Қызында Шоқанның көңілі барын, қызының Шоқанда көңілі барын Шоқан балағанына бас сұққанға дейін сезбейтін еді Ақпан. Шоқан көріне байқаса, қызы жылан арбаған бозторғайдай берекесізденеді де қалды!.. Артынан, Тоқпақбай Шоқанға арнаған дәмдерін даярласуға шақырғанда, «барам!» деп құрақ ұшты да кетті!.. Онысы да түсініксіз... Одан кейін Сақа келіп, ертіп әкеткенде Ақпан ояу жатыр еді. Сыбдырын сездірмеген қимылмен қызы балағаннан шыға бергенде, «Айжан!.. Қайда?!» деп қала жаздады да, неге екенін өзі де білмей аузын баса қойды. Ондай дыбыс бермеуіне өкінген Ақпан неге екенін өзі де білмей, жастық астындағы балтасын ұстай еңбектеп есікке жетсе, Қылшақтыны беттей қараңдаған екі адам ұзап қалған екен. Олар Сақа мен Айжан. Енді үн қату тіпті ыңғайсыз, ұйқыдағы ауыл оянуы мүмкін. Өйткені ұяты тіпті күшті. Қызын Сақаның қайда алып бара жатқанын енді ғана жорамалдаған Ақпан егіліп, ал кеп жыла!.. Неге?.. Сақа оны, сөз жоқ, Шоқанға әкетіп барады. Төрелердің әйел құмарлығы, жеңсікқойлығы Ақпанға мәлім. «Шоқан да солай екен ғой!.. Дұрыс, ол тұқымдық дағдысымен шақыртқан екен дейік, сонда, балапандай бейкүнә, періштедей пәк көріп жүрген жап-жас және ақылды деп санайтын қызы, бұйдалы тайлақтай елпілдеп, Сақаға неге ере қалды?!...» Осы ойлар басын қатырған Ақпан, балтасының басына алақандарын төсеп, иегін сүйеген түрде, қызын ойлаған сайын жылауын үдете түсті. Сондай бейнеде ол таңның атқанын да, жаңбырдың құйып өткенін де, шыққан күннің жылы сәулесін де сезген жоқ. Ол, тек, денелері жабысқан Шоқан мен Айжанның жақындап қалған сыбдырларынан ғана басын көтерді. «Түсінікті! – деген ой кеп оған, – бұның арты не болады?!» Қызын да, Шоқанды да ұялтқысы келмегендей, ол бүкшиген қалпында иегін балтаға тағы сүйеп, қалғып отырған бола қойды. Олар оны нақ қасына келгенде ғана байқап, шошынған үнмен «астапыралда!» деп тоқырай қалысты. Ақпан кенет дауыстан шошып оянған боп:

– Мазағың ба бұл, Қанаш?.. Азабың ба? – деді суық түспен, өткір көздерін қадай, басын көтеріп.

– Азабым! – деді Шоқанның ұшқыр ойы, жауапты тез тауып.– Неге ондай сұрау қойдыңыз?

– Жәй, әншейін... Хан тұқымының мазағы да аз болмайтын...

– Мен хан тұқымы ғана емеспін, адамның да тұқымымын...

Ол сөзге сенбеген, жата-жастана сөйлескісі келген Ақпан:

– Айым, қонақ келді ғой, үйге! – деді, ел дағдысы есіне түсіп.

– Барымызды берерміз, әке! – деді Айжан Шоқанға жымиып.

Бұл – Шоқан көргелі Айжанның бірінші жымиюы. Соған риза боп кеткендей:

– Ал, Айым, сен қаласың да,– деді Шоқан демін соза алып, – мен кетем де!..

– Мен сізді шығарып салам!

Бұл сөздердің мәнісін жорамалдаған Ақпан Шоқанның «адамның да тұқымымын» деген сөзіне енді ғана мән бере бастады. Сондықтан:

– Шығарсаң шығар, балам! – деді Айжанға.

Шоқанның «өзім де барам» деуіне болмай, Айжан оны Қылшақты көпіріне дейін алып барды. Оның кешеден бері байланып қалған тілі, енді ғана шешілді. Көпірге дейін Шоқанға ол көп сөздерді айтып үлгерді. Сонда байқаса, ағып тұрған шешен! Көргеннен бері көркіне ғана қызығып жүрген Шоқан, оның іші толған арабтық және ирандық поэзиялардың қымбат қазынасы екенін байқады. Оның бұған дейін бұл елдің поэзияларынан «білем» дейтіндері, көл қасындағы шұқанақ сияқтанды. Рухани ұстаздарының бірі көретін – Иоганн Гетенің «егер мен, Иранның, атақты жеті ақынының ең төменгісі қатарлы жаза алсам, өзімді ірі ақынмын деп есептер едім» – деген сөзінің мағынасын Шоқан енді ғана түсінгендей болды. Солардан Айжанның көбірек мысал кетіргендері: Хожа-Хафиз бен Шайх-Сағдидың ғашықтық және мінез-құлықтың тақырыптарға арнаған қысқа бәйіттері. Бұлардың бәрі де Шоқан бұрын естімеген, көрмеген меруерттер мен маржандар! Міне, саған «бұйығы» дейтін қыз!.. Осындай болады екен ғой, шығыстың оқыған қыздары!.. Шоқанның бұған дейін білемін дейтін қыздары – европалықтар, әсіресе – орыстар. Әзірге басынан өткерген тәжірибелерге қарағанда, ол қыздар сөйлескіш те, сырласқыш та, сүйіскіш те. Мысалы,– Гасфорттың жиені, Гутковскийдің қызы – Катерина. Бала жасынан дос болып өскен оны, Шоқанның он бір жасында сүйгені бар; одан кейін байқағаны – Катеринаның өзінде көңілі бар, Үйленгісі келсе, жар болуға жарайтын да қыз: сымбатты, сұлу, оқығаны көп, ақылды, тағайынды... Сондай сипаттарына қызыға тұра, Шоқанды кідіртетін жалғыз нәрсе – отаршыл чиновниктің тәрбиесінде өскен Катерина «қазақ» атты адамдарға менсінбей қарайды; ал, халқына қызмет атқару ойындағы Шоқанға сол халықпен сыйласатын әйел керек. Сондай әйел оған сыр түйіскен Айжан сияқтанды; оның Айжанға үйленем деп серт беруі де содан. Әттең, жол қысқа болып аз сырласып, аз сөйлесіп қалды Шоқан. Көбірек сөйлесейін десе, мүмкіндігі бар: «Ордаға бірге барайық десе, Айжанның тартынар түрі жоқ; Шоқан ондай ұсыныс жасамады, ол енді ойын нәпсіге емес, ақылға жеңгізді; «ендігі керегі,– деген ойға келді ол, балағаннан қайта, уақытша арман емес, өмірлік арман; мықты болсам, соған жетуім керек!..» Олар көпірге таянғанда жүрістерін бақылаған Сақа мен Тоқбет ағаш арасында жасырынып тұрды. Көпірге жете:

– Ал, Айым! – деді Шоқан, – осы жерден кейін орал.

– Айжан үндемеді. Несіне үндесін? Енді қайтып қолы жетуден үміті жоқ аспандағы жұлдызы–Шоқан әлдеқалай ағып кеп, құшағына қаусырылған еді, сол құшақтан сол жұлдыз ұшқалы тұр; Шоқан қаншама сендірдім дегенмен, өз аузынан да «сендім» деген сөз әлденеше рет айтылғанмен, қайтып оралуына Айжанның күдігі күшті. Бірақ, соған қайғырмайды ол. «Бақыт атаулының бәрі уақытша» деп түсінетін оған, мына бақытының бір күндік қана болуына риза. Көп күндігі оралмаса да мейлі. Оралмауына көзі жеткен күні, баруға бекінген құшағы – қабір... Сонда да қимастық көңілін құшағына жабысқан қимылынан аңғартқысы келген Айжан, жасы мөлтілдеген көздерін көтере, Шоқанның бетіне тіккенде:

– Айым! – деді, Айжанның қызуы дағдылы қалпына келген денесін сол қолымен бауырына баса, оң қолымен сәскелікке барып қалған жарқын күнді нұсқап, – сені шын сүюіме және берген сертімнің беріктігіне, бүкіл әлемнің ең қымбаттысы – сонау күн куә!.. Олардың еріндері бір-біріне қатты қадала сүйісті. Бұл – қожа мен күңнің, қуатты мен дәрменсіздің еріксіз сүйісуі емес, теңдескен адам мен адамның, біріне бірі құмартқан екі жыныстың жүректері елжірей сүйісуі еді!..

АҚАН АЯСЫНДА

Енді Шыңғыс жаққа оралайық.

Гасфорттың ауырып қалу себепті Атбасар жәрмеңкесіне келе алмау, емделуге кету хабарын, оған тілектестердің ішінде Шыңғыстан қатты қайғырғаны болған жоқ.

Өйтпегенде ше?

Гасфорт үйіне келе қалғанда, ол «өлгенім тірілді, өшкенім жанды» деген қуанышқа бөленетін еді.

Өйтпегенде ше?

Батыс Сібірдің генерал-губернаторы, ақ патшаның оң көзінің бірі – Гасфорт қарамағындағы үлкен ұлықтарының бәрін ертіп, қаптаған пәуеске, қалың қолмен, екпіндеткен, шаңдатқан шапқынмен ордасына кеп түсе қалса, солардың бәрін баласы – Шоқан бастап келсе, Шыңғысқа одан артық абырой бар ма, атақ бар ма?!.. «Досы аз, дұшпаны көп» емес пе оның?.. Дұшпандары жер мен жексен болып қалмай ма? Достарының еңселері көтерілмей ме?.. Міне, енді абыройын да, даражасын да соншалық биікке көтереді деп дәмеленген Гасфорттың келмеуі, манағы мақалды керісінше айтқанда, Шыңғыстың «тірісін өлтірді, жанғанын өшірді»... Енді оған Шоқанның туған үйіне келуі де бір, келмеуі де бір; келгенде не бітіреді, келмегенде не бітіреді?.. Шоқан келе қалғанда, Шыңғысқа жалғыз ғана пайдасы бар сияқты. «Сенімен де, сенімен де құдамын» деп, әр рудың ірі адамдарын емексіткенмен, Шыңғыстың ішкі қулығы – егер Шоқан біреуін ғана таңдар болса, не біреуін бәйбішелікке алар болса, бірінші етіп Бағаналы – Найман руынан шыққан атақты бай және батыр, бес болыс Бағаналының бастаушысы – Сандыбайдың Ерденінің қызына тоқырату. Олай деуіне себеп Арқадағы Арғын, Найманда Ерденнен беделді қара қазақ жоқ. Ұлытау өлкесін мекендеген ол ар жағынан Қоқан келсе, – «саған бағындым» деп, бер жағынан орыс барса – «саған бағындым» деп, екеуіне де жөнді бағынбай, әредікте жүр; орысқа жағынғысы келсе, қоқандық қазақтарды шауып, Қоқанға бағынғысы келсе, россиялық қазақтарды шауып, екі жақты да шошындырып ұстайды. Шыңғыс та одан қорқады. Соны білетін омбы әкімдері Шыңғысты қорқыта түсу үшін «елді жақсылап басқара алмасаң, аға сұлтандығыңды Ерденге береміз» деп, қоқан-лоқы көтеріп қояды... Ерденнің төрт әйелінен ұл көп еді де, қыз жоқ еді. Ақыры, кіші тоқалынан қыз туып, таңсық балаға «Ақмаңқа» деген ат қойған. Кейін «ақ» түсіп қап, «Маңқа» болып кеткен. Ерке қыз ес біле «Маңқа» деген атқа намыстанып, «Мырза қыз» дегендерді де ұнатпай, Маңғазға тоқыраған. Ерденнің Маңғазды ерекше жақсы көруіне көп себептің бірі түсінің өзі тәрізді сарғылттығы. Өзге балаларының бәрі де шешесіне тартқан қоңыр. Көшпелі ауылда туып-өскен және еркек-шора болып өскен Маңғаз ат жалын тарта сері болғысы келіп, сәнді киінді, жақсы ер-тұрманы бар, әдемі ат мінді, қасына қалың нөкер ертіп, бәрінің де салтанатын өзіне ұқсатты; алысқа үдере көшетін ол ауылда Маңғаздың көші өзгелерден салтанатты да, сауықты да болды; ит жүгіртіп, құс салу сияқты саятпен де әуестенді. Әнші, күйшілері, балуандары қасынан үнемі қалмады. «Қызсың» деймін деп, талайлар одан таяқ та жеді. Сөйтіп жүрген серінің құлағына бір кезде Шоқанға атастыру хабары шалынды. Еркегімсіп еркінсігенмен, жынысын және оның болашағын жақсы түсінетін Маңғаз, «қарадан шыққан хан – Ерденнің қызымын» деп қара қазаққа қатын болуды кемшілік көретін еді, сондықтан төре тұқымына жар болып баруына қуанды. Оның үстіне, Шоқанның атақ-абыройының өсіп келе жатқан хабары құлағына жыл сайын, ай сайын дүңкілдеп естіліп жатады. Сондай төресін тез көруге жаны құштар. Біреулер:

– Сен ғана емессің Шоқанға айттырған қыз; сенен басқа да талайлары бар, – десе, ауылдың атақты адамдарының көп қатын алуына көзі үйренген Маңғаз:

– Оқасы не, оның?! Өзім бірінші болсам, маған сол жетеді, одан кейін үйірлеп алса да мейлі! – дейді. Аз күннен кейін Шоқанның Атбасар жәрмеңкесіне келу хабары дүңк ете түсті. Бұған Маңғаз ғана емес, Ерден де қатты қуанды, ол да «Шоқан басыма үйме-жүйме бақ әкеліп орнатады» деп түсінді. Алғаш ол Гасфортпен келуіне әзірленіп, Атбасар өлкесіне ақ үйлі, жасаулы ауыл қондырмақ еді; артынан Гасфорттың келе алмау хабарын естіді, бірақ оған дәл Шыңғыстай қайғыра қойған жоқ. «Малым да, басым да толып тұр» деп түсінетін ол, шен-шекпенге Шыңғыстай құныға қоймайтын еді. «Жәрмеңкеге әскер ерткен Шоқан ғана келеді» деп естіген соң, қызы онымен оңаша сұхбаттассын деген оймен, жәрмеңке жағасында өтетін «Керегетас» пен «Жабай» өзендерінің түйіскен тұсына жасаулы жалғыз-ақ отау тіктіретін болды. Бұл хабарды Шыңғыс естіп жатты. Соған да шүкіршілік етіп жүрген кезінде, құдай ұрып Жаман Жалғызтаудан Әбіленің, ыңғайсыз хабар әкеле қалуы бар емес пе?!.. Шыңғыстың кешқұрым, малмен суға түсерде салт мініп көруге қызғылықты құла қасқа жылқыларын аралап келетін әдеті болушы еді. Бүгін де сөйтіп, түбі құм-қайраң Ақая көлінің мөлдір, тұщы суына қанған жылқыларын өріске беттеп келе жатқанда, алдынан тепеңдей жортқан біреу көріне кетті. «Ыңғайсыз жүрісті бұл кім?!» деп көзін тігіп келе жатқанда, «танымасы» Әбіле болып шықты. Оның бүкіш, берік белжеміш «көк шолағының танауы делдиіп, қара терге сабылған. Бұл жүрісі ұнамаған Шыңғыс, қайдан, неге бұлай келе жатуын тез білгісі келгендей:

– Неге асығыс қайттың? – деді сәлемдескен соң-ақ, – Жуық арада ғана кетті деп еді ғой, балаңның басын бекітуге?

– Бекіте алмадым.

– Неге?

Әбіле жағымпазданған бейнемен, інісі Қарамұрынның үйінде көрген-білгенін Шыңғысқа айтып берді. «Сонда Шоқан мырза келе қалды деген сөз құлағына шалынудан жүрегі дүрсілдей бастаған Шыңғыс Сырымбетке кетуін естігенде, Шоқанның Айжанға құмарлығы жайында құлағына шалынған қауесеттердің бәрі шындыққа айналғандығын көріп, ашудан сұп-сұр боп кетті. Әбіле жақсылық орнына жамандық жасағандай сезініп шошынды, Шыңғыс одан әрі үндемей бұрылып жүре берді. Үйге түсі қаша сұрланып жеткен Шыңғыс еш жанға жауап қатпай жатып қалған; сонан түн ортасында оянды; бас жағындағы адалбақанға сәулесі жарық, көресің шамы ілінген, Зейнеп соның қасында үрейлі кескінмен тізесін құшақтай үрпиіп отыр, басқа адам жоқ.

– Не болды?! – деген әйеліне Шыңғыс Әбіледен естігенін айтып берді.

– Е, тәйірі, сол ма еді?! – деді, естігеніне мән бермеген Зейнеп, – сонша қайғырып, соған!..

– Бәйбіше-ау, мән бермегенде...– деп бастап, Шыңғыс көңіліндегі күдігін ақтарып берді.

– Сені құдай алмаған екен! – деді Зейнеп, әлі де мән бермей.

– Неге?!..

– Бала-шағаның сөзіне араласып...

– Қайдағы бала-шаға?

– Қап, енді, айтуға аузым бармай отырған сөзді шығарасың-ау енді!..

– Қандай сөзді?

– Неменеге мылқау бола қалдың, түк білмегенсіп?.. Бозбала болып көрмедің бе өзің? «Бетінің қаны бар» деген қыздардың қайсысына көз алартпаған едің сонда?

– Уа, қой!–деп, ескілерді еске түсіруге ұялғансыған еріне:

– Ендеше айтып отырғаның не?– деді Зейнеп өршеленіп,– балаң азар болса, өзіңе тартқан шығар, көзі қызыққан ұрғашыны көлденең өткізбей, етегіне жармаса кететін!.. «Пәлен жерде қызыл бет бар» десе, Шыңғыс басыңмен, күні кешеге дейін ұялмай-қызармай шапқылап келген жоқпысың?..

– Ұят сөзді айтпасайшы, бәйбіше!..

– Сен неге айтасың?

– Не деп? – деді, әйелімен бұндай сөзге келудің, арты кейде жанжалға соғуын есіне алған Шыңғыс, не тақырыпта кеңесіп отырғанынан жаңылып қап.

– Бозбалашылық құрған балаңның жолын аңдып?

– Ол емес, бәйбіше.

– Енді не?

– Бірыңғай бозбалашылық болса, қайғырам ба? Қай жігіттің жолына тосқауыл болам? Мені мазасыздандыратын басқа нәрсе.

– Не? Малтабар ма? Оның несінен ығысасың, енді? Күткен төрелерің келмейтін болды. Сондықтан одан алам ба деген ақшаның керегі де болмай қалды...

– Неге керек болмасын, бәйбіше!.. Ақшаның керексіз болатын, көптік қылатын кезі жоқ қой. «Қыз» деп қызықты ғой Малтабар ол қалыңдыққа. Егер болмай шықса...

– Алжудан саумысың, Шыңғыс, өзің көр-жерді кеңес қып, аузыңды ауыртып? – деді Зейнеп ар жағын айтқызбай, – ондай ой мазаңды алса, қолыңнан жеңгелет!.. Намысына тиген Шыңғыс әйеліне адырая бір қарады да, аузына келіп қалған «не оттап отырсың?!» дегенді айта алмады. Жас кезінде бірер қабат үні де, қолы да тиген Шыңғысты Зейнеп бертінде билеп ап, егесте қолын түгіл, тілін де тигізе алмайтын; қол қата алмағанмен, жүре келе өткірленген тілін Зейнеп Шыңғыстың жанына батыра түйреп алатын, Шыңғыс оған ыңқ дей алмайтын. Сол салтымен, бұл жолы да әйелінің бетіне қаймыға қараған Шыңғыс кейінгі кездегі ең ауыр сөзі, – «мұндарды» ғана қолданып:

– Айтпайтын сөзді айттың ғой, мұндар-ау! – деді әйеліне, – біраздан кейін, Малтабары құрысын, мен үшін. Қай бір теңдесіп ілік болған адамым ол менің? Ақшасы да құрысын, айта берсең! Әзірге оның ақшасынан оң қолым, оймақтай аузым таза. Тал шайнап, қыл жұтпаған адаммен айрылып кетуім де оп-оңай. Түптегенде, менің уайымым онда емес, басқада...

– Неде?

– Тіліңді ұзағырақ ұстап жүрсің ғой, бәйбіше, сен маған,– деді Шыңғыс демін соза алып,– о да бір уақыт шығар!..

– Құлындағы – сақауыңды, құнандағы – тісеуіңді қопармай айтарыңа келсейші! – деді Зейнеп қабағын шығып.

– Келсем, маған Малтабардан бұрын балаң қиын бола ма деп қорқам.

– Қай балам?

– Қанашты айтам да!

– Оның не қиыны бар?

– Сол қызды соның өзі алам десе қайтеміз?

– Астапыралда! – деді шошып кеткен үнмен, жағасын екі қолымен қапсыра ұстай алған Зейнеп.

– Неге шошыдың, бәйбіше?

– Айтпайтынды айтқаның, не қылғаның?

– Қандай айтпайтынды? – деді Шыңғыс, әйелін ширата түсіру ниетімен.

– Неменеге білмегенсіп қалдың? «Қанашжан күңін алады» дегенге аузың қалай барады?!..

– Ылайымда өтірік болсын, бәйбіше! Егер рас болса ше?

– Мүмкін емес! – деді Зейнеп, басын шайқап, – оқу аздырып жібермесе, Қанашжан өйтуге тиісті емес.

– Әмин, айтқаның келсін! – деп Шыңғыс алақандарын жайды да, сақалын сипады. Бәйбішесінің аужайын байқаған, іштей риза болған оның ойы бұл сөзді әрі қарай қоздырмау еді.

– Кімнен естідің бұндай хабарды? – деп сұрады Зейнеп.

– Ел аузына қақпақ боламысың? – деді Шыңғыс, тура жауап бергісі келмей, егер берсе, айтқан адамға Зейнеп өшігіп кетер деп қорқып. Оның салтында, өшіккенінің тыйтығына жетпей тынбау бар.

– Кім де болса айт! – деп дікеңдеген әйеліне:

– Мүмкін өтірік болар, түп қазығы дұшпан біреуде болар, жата-жастана, оны да анықтармыз, әзірге жөнелтіп кетпей, сабыр ете тұр, бәйбіше! – деді.

– Білмей қоймаймыз, – деді Зейнеп нық дауыспен, – жалған сөзді шығарған кім де болса, түбіне жетеміз!

– Әрине. Тек жалған болсын.

Олар содан кейін Шоқанның тез келуін асыға күтті. Ол да кешікпеді. Айжанмен Қылшақты көпірінің үстінде жыртылғандай болып айрылған ол суыт жүріспен Имантауға барса, Шоқанға еруге жоғарыдан бұйрық алған ондағы әскери бөлімше даяр отыр екен. Екінші бөлімнің командирі – Ақ жайық сағасын мекендеген Ноғайбақ Беклемишев ясаул екен. Шоқанды жақсы қабылдаған оның ұсынысы – бұл арадан шеру тартпай, 25 қылышты бір взвод қана ертіп, қалғанын Атбасарда тұратын жүздікті пайдалану. Шоқан ол ұсынысты мақұлдады да, еретін взводы Ақанға бірер күн кешігіп келер деп, Тоқбет екеуі, Ақандағы орда ауылға жүріп кетті. «Таныған жерге бой сыйлы, танымаған жерге тон сыйлы» деген мақалды есіне алған Шоқан, алтын түймелері де, погондары да жарқылдақ мундирін киіп, қару-құралдарын асып алды. Ол Гасфортқа еріп келе қалғанда, Шыңғыстың қарсы аларлық жоспары басқаша еді: Бурабай тауынан бастап, арасы жүз шақырымнан астам Ақанға жеткенге дейін, әрбір тосқауылдайтын тұсқа сәнді ат мінген сері жігіттер, сұлу қыз, келіншектердің, құсбегілердің, ақындардың, әншілердің топтарын қойып тосқауылдың біреуінен екіншісіне дейін пәуескелерді жанамайлаған шабыспен, әнмен, жолшыбайғы көлдер мен бұлақтарда алғыр құстарға аққу, қаз, үйрек сияқты құстарды ілдіру, қысқасы, сауық-сайранмен қарсы алып, шығарып салумен жүргізіп отыру еді.. Осылайша әзірленіп қалған тосқауылдағылар, Гасфорт келмеу хабары естілгеннен кейін, бет-бетіне тараған. «Шоқанның өзі ғана келеді» дегеннен кейін, «жалғыз кеп түсе қалмасын» деп, «жүрер жолы Гасфорт белгілеген із болар» деп, Шыңғыс Шоқанды, шамасы, Ақанға отыз-қырық шақырым боларлық Зеренді тауынан қарсы алуға әзірленген де келе жатқан хабарын жеткізетін шапқыншыларды Бурабайдан бастап қойған. Хабар жете салысымен, қасына кіші сұлтандар мен билерден, ақындар мен құсбегілерден нөкерлер ертіп, Зерендіде өзі қарсы алмақ та, жолшыбай, Гасфортқа әзірлеген сауықтарының шағын түрін Шоқанға да көрсетпек болған... Енді баласының Сырымбеттетіп келе жатқан жайын естіген Шыңғыс, оны тек, аруақты ордасында жатып, күтіп алатын болды. Онда да, ордаға тура келтірмей, «тиыш жерде тынықсын» деген сылтаумен, Шоқанға әзірлеткен ақ отауды айналасына ат шауып жете алмайтын Ақан келінің ордадан жырақтағы бір бүйіріне тіктірді. «Сағынған балаңның қасында бол» деген сылтаумен, «сәлемдесем дегендер де сонда болар» деген сылтаумен, Зейнепке арнап бір ақ киіз үй тұрғызды. Өзі істің беталысына бақпақ: оңы болса ғана Шоқанды ордасына кіргізбек, онда да, сәлем бере келсе ғана; егер келмесе, немесе теріс ыңғайы болса, көрмей қаларлық та ойы бар. Шоқанның келуін хабарлайтын шапқыншы Ақан тауына жүйрік атты бусандырып жететін жерге қойылған еді. Сол тұста бекет байланатын. Шыңғыстың, тапсырмасы, – ар жағынан ылаулатып келген Шоқанды көре сала, шауып отырып ордаға алдын ала жету; хабар жеткеннен кейін, ағасы Аппасқа бастатып, қозы көш жерден қарсы алуға он шақты адам шығармақ, өзі ордада тоспақ, Аппас «алдымен шешеңе сәлемдес» деген сылтаумен Шоқанды өзіне арнап тігілген отауға апармақ. Сол маңда Шоқанмен амандасуға жиналғандарды түсіретін, бес-алты ақ үйден құралған ауыл бар. Оған кім көрінген жортып келе бермейді, шамасы, ауылдан екі-үш шақырымдай жерге орнатылған, тармақтары көп ашалар бар, қасында қараша үй; келушілер әуелі соған тоқырайды да, Шоқанға келу үшін күзетке қойылған адамнан ұлықсат сұрайды, белгілікті адам болса, оның өзі-ақ жібере береді де, белгіліксіз біреу болса, ақ ауылдағы Аппасқа хабарлап, ол ұлықсат етсе ғана келіп, етпесе кері қайтады. Ұлықсат алғандар аттарын қараша үй маңында қалдырып, өздері-ақ ауылға қоянның жымыңдай жалғыз аяқ жолмен жаяу келеді. Шоқанға тігілген отауды Байсарының Шөпегі әлде не байдың үйі жаңа түскен баласынан алып келген. Іші-сырты өте көркем әшекейленген, жасауы мол отаудың жалғыз жетпейтіні – темір төсек. Ақылшылардың айтуынша, қалада, орыс арасында өскен Шоқанның, қазақы ағаш-төсекті менсінбеуі мүмкін; оған «болскей»6 аталатын, тұлабойында жарқырауығы көп асты секіртпелі темір төсек керек. Ондай төсек қазақ ауылдарынан табылмаған соң, Шөпек әдейілеп Көкшетау қаласына барып, татардың бір байынан қолқалап әкелді. Оның төңірегіне «масақана» аталатын түсі құлпырған көгілдір торғын шымылдық құрылды. Тәртібі осылай жасалған ауылға, Шоқан және оны қарсы алған топ, түс ауа жетті. Сонда:

– Қанашың келіп қалды, Әя-апа! – деп, Аба есіктен кіре бергенде, «не дейді?!» деп жер таяна түрегелуге ұмтылған Зейнеп, етбетінен құлады. Ол ауыр денесін билегенше, босағаға соқтыққан қылышы жалтылдап, Шоқан да кіре берді.

– Апа! – деп кірді, шешесі осында екенін естіген ол, құшағын жая, бар даусымен! Зейнеп тұрып үлгермей, қасына келіп тізесінен отыра қалған Шоқан оны құшақтап үлгерді... Қатты қимылдан ба, өлшеусіз қуаныштан ба, Зейнептің тепеңдей соққан жүрегі алқымына тығылып, желпілдеген өкпесі демін әрең алғызды. Оның қақала-шашала шыққан үнінен: «Қанаш!.. Қанашжаным!.. Жүрегім!.. Қолқам!.. Шыбын жаным!»–деген сөздер ғана естілді. Дене күші азайғанмен, Зейнептің қолдары қарулы еді. Сол қарумен қаусырған Шоқанның денесін қатты қысқанда, нәзік бойындағы әлсіз сүйектері күтірлеп сынып жатқан тәрізденді. Оның үстіне көзінен бұлақтай саулаған жастары, Шоқанның аймалаған бетіне нөсердей төгіліп, қысаңқы демін тарылтып барады. Сондай ыңғайсыздығы бола тұра, көп жылдан бері көрмеген шешесінің құшағынан шығуға Шоқан тырмысқан жоқ. Шеше қысқан сайын ол жабыса түсті. Ол:

– Соншама неге егілдің, апа?!.. Қойсайшы, апа!..– дей берді.

Ана мен бала сол қалыптарында ұзақ тұрар ма еді, қайтер еді, егер құлақтарына Аппастың:

– Ке-ле-е-ен, жетер енді! Жолдан қалжырап келген баланы шаршатпа! –деген үні естілмесе. Аппас Уәліден туған он төрт ұлдың үлкені. Жұрт оны «момын, бір сөзді, тоқтаулы кісі» деп сыйлайды, Уәлі нәсілдері де «Үлкен аға» деп қадыр тұтады, өзгеге өктем – Зейнеп те келіншек күнінен именіп жүреді... Сондай адамның даусы құлағына шалынған соң, Зейнеп Шоқаннан құшағын жазды да, арқасын жауып жүретін торғын шаршысының етегімен бетін сүртіп, демі денесін селкілдете ықылық атты. Көпке дейін ықылығы басылмаған Зейнепке құттықтау сөздер айтқан Аппас:

– Ал, келін, өзгеміз кетейік, көп жылдар бойы көрмеген шеше мен бала, бір-біріңді сағынған шығарсыңдар оңаша қалып мауықтарыңды басыңдар! – деді. Аппас және қасындағы бірер адам шығып, Зейнеп пен Шоқан оңашаланды. Үлкен ағасының «басыңдар»деп кеткен мауқы, Зейнепке белгілі, ол Шоқанды қайткенде де Айжан мәселесінде ырқына көндіру. Өйтуге күші жетер-жетпесіне сенімі жоқ Зейнеп «шамам келгенше айналдырып көрейін» деп, ордада бас қосқан Уәлі тұқымдарына уәде берген. Енді баласымен оңаша қалғанда не істеу керек? Сағынған баласымен көріспей жатып, кеңірдектен ала кету керек пе, болмаса, тапсырмаға аналық мауқын басып ап кірісу керек пе? Сол оймен қинала қалған Зейнепті бұл тұйықтан Шиқан шығарды. Анасының ойын сезгендей, өзінің де сөзді неден бастарын білмегендей, «балта көтерілгенше ағаш жал табадының» керімен, ол:

– Апа, мен аздап дем алсам қайтеді?– деді.

– Ал, құлыным! – Зейнеп, көне кетті. – Анау салып қойған төсегіңе жат! «Сөйтейін» деп төсекке беттеген Шоқан, шешесі кетіп қалар деп ойлаған еді. Өйтпеді Зейнеп. Шешесінің кетпеу қалпын байқаған Шоқан:

– Апа, өзің де тынықпаймысың? – деді.

– Мені қай құдай алар дейсің, Қанашжан. Жайланып жата бер! Қисайғым келсе, осы арадан да орын табылар, – деді Зейнеп. Шымылдықтың алдын түсіріп, сыртқы киімдерін шешінген, жолға арнап тіктірген пижамасын киген Шоқан, сыбдырға қараса, оң жағында бүктелген шыт көрпемен, көлемді жастықты көтеріп шымылдық ішіне шешесі кіріп келеді екен. Ол:

– Қанашжан! Көзіңнің шырымын ал, мен төсегіңнің алдына қисаям, – деп еді:

– Мен онда, қасыңа қисаям, – деді Шоқан.

– Неге, құлыным-ау?! Жамбасыңа жер батар.

– Құшағыңды сағындым, апа!..

– Ендеше, келе ғой, күнім!

Шоқан төсектен домалай түсті.

Көрпе үлкен де, қалың да еді. Жастық та көлемді болатын. Соларды темір төсек алдындағы түкті кілем үстіне төсегінде, шеше мен баланың құшақтасып қисаюына мол жетті.

– Зейнеп сол жақ білегін Шоқанның мойны астына төсей жатты. Шоқан сонда шамаласа, көрмеген көп жылдардың ішінде, шешесінің бұрын сыла ғана семіз денесі, қазір тіпті жуандап, құшақ қаусыра алмастай болып кеткен екен. Тек, қызыл шырайлы беті ғана жалпаймай, бұрынғы сопақтау, көркем келбетін сақтап қапты. Зейнептің сынауынша, – бала шағында «шарға бола ма» деп жоритын денесі, қазір сұңғақтана өсіп, ортадан жоғарырақ бойлы жігіт бопты; бет бейнесі де бірталай өзгеріп, көз аумағы кеңи мұрын үсті көтеріле, қастары қалыңдай, өңі қоңырлана түскен сияқты, жоғарғы ерніне қырбық қара мұрт түбіттене бастаған... Шешесісінің құшағына бөленген Шоқанның есіне, Айжанның «араб ақындарының бірінен» деп айтып берген бір ауыз өлеңі түсті:

Қыздар неге өседі, әкесінің
Бауырында бөбек боп мәңгі жатпай?!
Ұлдар неге өседі, әкесінің

Мәңгі ембей ақ сүтін бал-бұлақтай?!..

Өлең есіне түсе, Шоқан ауыр күрсінді. Өйтпегенде ше?.. Омбыға аттанардан бір-ақ жыл бұрын доғарған жоқ па еді шешесінің мамасын соруын?.. Өйтпей ұйқыға кете алып па еді?.. Ұйқысын аша алып па еді?.. Қымс етсе «апа!» деп бауырына жабыса кететін ғой. Жастыққа бастары тие, шеше мен баланың арасында қызық арбасу басталды: жолдан шаршап келді деген баласын тынықтыру оймен, Зейнеп тез қалғыған бейне білдірмек болып, мұрнын пысылдата қойды; «ұйқы-күлкі көрмей күткен болар» деген ойдағы Шоқан да сөйтті. Бірақ, ұзақ арбасуға шыдамады олар. Қимылды ең алдымен, Шоқан сездірді. Айжан туралы бекіген сертін сол қалпынан бұлжытпаған ол, Сырымбеттен, шыға кездестірген Көкшетау өлкесінің бірінен бірі асып түсетін ғажайып сұлу бейнелерін жұмған көзінің, алдынан біраз уақыт өткізіп жатты да, әлдене шақта, есіне шешесінің мойнына жастаған білегі түсіп, «ұйытып алдым ба» дегендей, басын еппен көтеріп, қолын өз денесіне қарай ақырын икемдеді. Зейнеп оянып кеткен болып:

– Жайша ма, Қанаш? – деді көзін ашып.

– Жәй, «қолың ұйыды ма» деп...

– Ойбой, күнім-ай, ұйыса қайтуші еді? Он ай көтеріп, омыртқам үзілгендей болғанда да ауырсынбаған қалқам-ау, құшақтағанда неге ауырсынайын!.. Түр-тұлғаңа қаншама қадалып қарағанмен, құмарым қанар емес, құлыным; еңкейші, бері қарай, тағы да сүйейін!.. Басын иген Шоқанды бауырына басқан Зейнеп, ағыл-тегіл жылады кеп...

– Апа, мұның не?!..

– «Не» дегенің не, сәулем-ау!.. Жұрт сені «өсіп кетті, пәлен боп, түген боп кетті...» дегенмен, өзіме ауылдан аттанған қалпың сияқтанасың да тұрасың!.. Жүрегі елжіреген Шоқан жылап жібере жаздады. Оның есіне бала шағында Жаманқұл ақыннан естіген, желісін әлі ұмытпаған «Көр-ұғылы» жыры түсіп кетті: шешесі өлгенде, Көрұғылы құрсағында кетеді де, біраз күннен кейін қабырда туады; алып және батыр боп туған бала өлік анасын емсе, мамасынан сүт шығады; бала үш күнде торалып аяқтанады да, қабырды тесіп сыртқа шығып ойнайды; сол маңға жайылған жылқы келгенде бір әдемі құлынды ұстап мінеді, ол да баладай тез есіп, аз күнде бала – балуан жігіт, құлын – ірі тұлпар болады; бала енді ат үстінде ойнай бастайды, бірақ, мекені – қабыр, елік анасының қасы; анасын баласы қанша емсе де саулаған сүті сарқылмайды; сөйтіп жүргенде бала қырқынан шығып, ойыннан мекеніне келсе, қабыр тесігінің аузында адам айтқысыз үлкен айдаһар оталып жатыр!.. Ысқырып айбат шеккен айдаһар Көрұғылыны жуытпайды; айдаһарға шамасы келмеуін байқаған батыр, «тым болмаса, анамның ақ сүтіне ақтық рет мейірімді қандырайын!..» деп зарланады; мейірімсіз айдаһар зарға құлақ аспайды, меселі қайтқан Көр-ұғылы жортуыл жолына түсіп кете барады...» Есіне түскен осы ертегі-жырдың мәніне Шоқан енді ғана түсінгендей болды. Олардың сол қалыпта қанша жатарын «аллам» білер еді,– есік жақтан сыбдыр естіле қалмаса. Екеуі де сығалай қараса, біреу киіз есікті көтеріп, ағаш есікті ашып жатыр. Зейнеп тани кетті, – Шоқанға қызмет етуге белгіленген Тақырбас екен. Хандық заманда «төре», «төлеңгіт» болып бөлінетін, «төресі» – хан тұқымы, «төлеңгіті» – келімсектер болатын, төлеңгіт төренің ішкі-сыртқы күту жабдықтарын атқаратын әдет, хандық дәурені өткенмен, олардың арасында әлі де жүріп жататын еді. Төлеңгіттерден Шыңғыстың соңғы кездегі жәрдемшісі – Кірқабақтың Тақырбасы, Зейнептің жәрдемшісі, оның пысық таза әйелі – Асыл болатын.

X. АЛАУЫЗДЫҚ

Шоқан Ақан басында болған күндерде, жабдығын түгелдеу Аппасқа тапсырылған. Ол –Уәлінің жеті әйелінен туған он төрт ұлының қазіргі үлкені екендігі жоғарыда айтылды. Одан үлкені – Әбәйділдә еді. Россия патшасына қарсы болған оны хандық құрған Айғаным Итжеккенге жер аударып жіберген. Содан ол Айғаным өлген шақта жүдеп-жадап қайтқан. Көкшетау дуанының аға сұлтаны болып, Шыңғыс «шешеммен араз» демей, Әбәйділдәні құрметтеп қарсы алып, аз уақыт қана тұрып өлгенде, жылы толған асын өзі басқарып, жер күңіренте, ұлан-байтақ қып өткізген. Осы қылықтарына риза болған Аппас, Шыңғысты қадір тұтып, сыртынан–жидашы, ішінен – ақылшы болатын. Шыңғыс та борышта қалмай, Аппасты Абылай тұқымының ақсақалы ғып ұстаған. Бурабайдың ар жағында Шарықтас өзенін жайлап жатқан оны, Шоқан келеді деген хабарды естіген Шыңғыс әдейілеп шақыртып алған. Шоқанның алдынан Шыңғыстың өзі шықпай, Аппасты жібергені – Жаман Жалғызтаудағы, Сырымбеттегі қылықтарын естіп отырғандықтан, «көре сала көрісіп қалармын» қорыққандық, Аппас Шоқанды мойытып әкелер деп сенгендік еді. «Қызыл тілден жүлде алады» деген шешен Аппас, қарсы алған Шоқанның алдынан бір саба қымыз бен бір семіз тоқтының етін пісіріп ала шыққан. Сол дәмін бір бұлақтың жағасында беріп отырып, серіктеріне «Шоқанжанда оңаша сөзім бар еді» деп, жекеленді де, ордада күтіп отырған әкесіне сәлемдесе кетуін ескертті.

– Өзі неге келмеді?! – деп сұрады Шоқан. – «Алты жасар бала алыстан келсе, алпыстағы атасы алдынан шығады» дейтіндеріңіз қайда?

– Әкелігін сатқаны да және ол әкең бірер жылдан беpі «құяң» деген сырқатқа ұшырап, ара-тұра белін баса алмай қалады; мен барсам сонысы ұстай ғап, төсектен тұра алмай жатыр екен, – дей салды. – Ол – әке, сен – бала екен, келмесе, сен бар! Қайдан барады, Шоқан; әкесінің ұстап жатқан «құяңы» тәндікі емес, жандікі екенін Шоқан Аппас айтпаса да шамалайды. Жаман Жалғызтау мен Сырымбеттен ескен өсек желі оған жетіп жатқан болу керек, сол жел үрлеген хандық намысы кәзір жалын атып жатуға тиісті; сондай лапылдаған шағында көріне қалса, бұны да шарпуы сөзсіз; олай өртенгенде не болады?.. «Ақылсыз емес» деп санай» тын әкесінің, алдынан өзі тосқауылдамай, шешесін кесе-көлденең тартуын, Шоқан өртелмеудің амалы деп ұғады; түсінісу үшін, оған әкеден шеше жеңіл; ол «құтырған бурадай зіркілдеп отыр» деп санаған әкесін «бұйда боп шегерер» деп шешесіне сенеді, сондықтан шешесіне тез жетуге асығады... Шоқанның әкесіне бара қойғысы келмеуін сөз әлпетінен аңғарған Аппас өткеріле түсейін деген ойымен өтінішін қайталап еді:

– Жалынба, Үлкен аға, – деді қарсы алған топпен бірге келген, көргеннен бері Шоқанның мінез-қылығын ұнатпай отырған Жақып,– сәлемді сатып алмайды кісі. Берсе берер, бермесе қояр. Жақыптың сөздерін кідің алған Шоқан, оған түйіле бір қарап қойды да үндемеді. Тетелес ескен ол екеуі, Шоқан оқуға кеткенге дейін бірі мен бірі ұрсыса, төбелесе беретің өш те. Шоқанмен көріскен жерде, өзгелері шапыр-шұпыр қолдасып, жамырай амандасқанда Жақып іркіліп оңашарақ тұрды. Сонысын ұнатпаған Шоқан кішірейіп бара қоймады. Бұл қылықтарын ұнатпаған өзгелері көрсе де көрмеген болды. Жақып ауылдың сал жігіттеріндей сәнді киінген екен. Бала кезінде де бойшаңдау ол екі жас үлкен Шоқаннан биік болмаса, аласа емес. Имек мұрындау, кем иектеу қызыл шырайлы кескіні көркем жігітке таңдық. Сақаның сырттай таныстыруынша: Жақып мейлінше әйел құмар, қызыл бетті қыз-келіншекте, оның құрық салмағаны жоқ, егер көнбесе, қастандығы даяр тұрады. Орда ауылдан балағандағы әкесіне барған Айжанға да сол бейбастақтығын көрсетем деп, Ақпан оны балтамен шауып өлтіре жаздаған. Сол жайларын естіген Шоқан, оған сырттай өшіккен, амандаспау себебі де содан... Шоқан Аппастан даярлаған отауына тура тартуын өтінді. Аппас сөзін жықпады. Онда жете, тыста амандасқан көпке:

– Бұнда Шоқан мен шешесі ғана болсын, өзгелерің кірмеңдер, – деді Аппас. Жиналған жұрт қонақтарға арналған ауылға кетіп, отауда шешесі мен баласы ғана қалды. Олардың қандай халде екендігін жоғарыда баяндадық. Шоқанның және оның қонақтарының бүгінгі сыбағасына бір ту бие, бір семіз құлын сойылып, еттері жерошақтарға қазан-қазан асылып жатты. Ұсақ тамақтардан нелерді даярлау керектігін Зейнеп Мықияға күн бұрын ескерткен. Отау мен қонақ үйлердің, арасын тек Тақырбас қана байланыстырады өзгеге ұлықсат жоқ. Бұл ол отауға орналасқан Шоқан мен шешесінің ұйқыға кеткенін хабарлады. Аппас «оятып алармыз» деп жұртты сыбырмен ғана сөйлестірді. «Кісінейді» деп аттарды алысқа айдатты... Тақырбас отауды іргеден ғана тыңдап кеп жүрді...

– Оянды, сөйлесіп жатыр, – деп хабарлады Тақырбас, отауға кеш құрым барып қайтқанда. Бұл кезде «Шоқан жақсы көреді» деген құлын етінің қуырдағы даяр болған еді. Мана төсекке қисаярда, ол «бұлақ басындағы тоқтығым басылған жоқ, аздап қана сусадым, бірер аяқ қана қымыз сімірген. Енді «оянды» деген хабарды естіген Аппас Тақырбасқа:

– Бар, дәм даяр болғанын айт, – деді.

Бұл шеше мен баланың аймаласып жатқан шағы еді. Үйге кірген адамның сыбдырын естіген олар қараса, – Тақырбас. Шоқанның жас бала шағында, ол ересек еді. Балалар ойнаған шақта, біреуде Шоқанның есесі кетіп бара жатсa, сөзін де, күшін де жұмсап алып беретің үнемі қамқоры болып жүретін. Шоқан оның «басын» қойып, «Тақыр» деп атайтын. Сол «Тақыры» енді сақалы, мұрты бар, сыпайы киінген, әсем жігіт – ағасы болыпты!.. Алғаш көргенде, даурыққан көптің ішінде, Шоқан оны» мен жөндеп амандаса алмаған. Енді оңаша отауға кіргенде, Шоқан жатқан орнынан атып тұрып:

– Уау, Тақырым!.. Аман-саумысың?–деп, жүгіріп кеп құшақтай алды. Тақырбас та Шоқанды айқара құшақтап кеуделерін жапсырған олар, арқаларынан қағысып, аз уақыт тұрды. Зейнеп төренің төлеңгітке жалпақтауын ұнатпайтын кісі еді, сондықтан:

– Болды, Қанаш!.. Екі туып бір қалғаның ба еді, сонша жабысып?! – деді, ұнатпауын даусынан аңғартып.

– Тақыр ғой бұл, апа!.. Тақырбас қой!.. Бала кездегі досым!..

– Ол – бала кезің. Енді ер жеттің...

– Ересекке достың керегі жоқ па?

– Болды, қайымдаспай! – деді сөзден жеңілген Зейнеп, Тақырбасқа «балама әлі де бұйрығым өтеді» дегенді ескертпек болған дауыспен.

Достар құшақтарын жазған шақта:

– Ие, Тақыр, жайша келдің бе? – деді Зейнеп.

Ол «Тақыр» дегенді Шоқан солай атағандықтан емес, «төлеңгіт» деп менсінбей, «кедей» мағынасында қолданатын Зейнепті «ханша» көретін Тақырбас, олай атауына мән бермейтін. Әлі де сөйтті де:

– Үлкен ағаң жіберді, «Қанаштың ас ішер уақыты болды, қуырдақ даяр» деп, – деді.

– Мен қуырдақты жей алмаспын, апа, – деді Шоқан.

– Неге, Қанашжан?!

– Оқудағы күндерде, қазына бізді шөпке қамаған...

– Қайдағы шөп? – деді Зейнеп, тура мағынасында түсініп.

– Жейтін де шөп болады, апа,– деді, «овощи» дегенді білмейтін шешесіне, не екенін түсіндіріп жатуды қажет көрмеген Шоқан, – соған үйреніп қалған іш, Жаман Жалғызтаудан бастап жеген етті көтере алмай жүр, апа.

– Ондай шөбіңді қайдан табамыз, қалқам-ау?

– Оның орнына: сүт, айран, ірімшік, құрт сияқты ақ болса!

– Онда оңай болды ғой. Қайсысын әзірлесін?

– Жаңадан іріткен ақ ішімдік теріс болмас еді! Піскен қаймаққа бөктірсе тіпті жақсы!..

– Бар, Тақыр, Асыл келінге айт, тездетсін!..

– Тым тез болмасын, – деді Шоқан, – күн жаңа ғана кешкіріп келеді. Қазір асқа зауқым жоқ. Іңірсіз әкелмеңдер.

– Оған дейін қарның ашпай ма, күнім-ау?

– Тәтті қымыздың тоқтығы әлі басылған жоқ, апа.

Зейнеп шығуға ыңғайланған Тақырбасқа:

– Астан бұрын келіп, жарық жағып кетерсің, – деді.

Тақырбас шығып кетті.

Ac уақытын кешіктіруде Шоқанның да, Зейнептің де өзінше есептері бар. Мана жыласып көрісуден бері, олар бір-бірімен іштей аңдысуда, сондағы айтарлары Айжан жайындағы сөздер: Шоқанның мақсаты – үйленуге шешесін көндіpy; Зейнептің мақсаты – баласын үйленбеуге көндіру; сондықтан мана бір-біріне түскен мейірімдерін мас болып жатқан сәтте де, ойларынан бұл мәселе шықпаған. Қазір де екеуінің ойы – ас әкелгенге дейін мәселенің басын ашып алмақ.

– Тақырбас шыға сөзді Шоқан бастап кетті.

– Апа! – деді ол.

– Әу, күнім!

– «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені, емен ағаштың иілгені – сынғаны» деген мәтел неге айтылған?

– Қайдам, Қанашжан – деді Зейнеп, бұл сұраудың неге берілуін шамалай тұра.

– «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген мәтел ше?

– Мені неге мәтелдермен қамалап жатырсың, күнішегім? – деді Зейнеп, баласының сөз төркінін аңғара түсіп

– Тағы бір мақал айтайын, апа?

– Айт. «Ауызға келген түкірік, қайта жұтса мәкүрік» деген.

– Қазақ – «алты жасар бала атқа шапса, алпыстағы анасы тақымын қысады» дей ме?

– Дейді...

– «Шеше – кеме, әке – жезде» дей ме?

– Дейді!.. Неге үймелетіп кеттің бұл мақалдарды?!

– Мәні бар, апа.

– Қандай?

– Қазір айтам. Сонымен, апа, «халық данышпандығы» дейтін мақал-мәтелдерге қарағанда, шешенің балаға жақындығы әкеден артық болғаны да! «Сөйткені де» деп қала жаздап, әке мен баланың арасын ашу емес, қосу ойындағы Зейнеп:

– Әрқайсысы өз орнында қадырлы шығар, балам, – деді.

– Оған әзірге таласпай-ақ қояйық, – деді Шоқан. Баяғыда данышпан біреуден, әлдекім, қазақта «жігіт-мігіт» деп қосақтала айтатын сөздер бар, солардың «жігіті» кім? мігіті» кім? деп сұрапты; сонда, данышпан, – «жігіт» деп сөзіне тұрақты, ойға алғанын орындамай тынбайтын, сол бетінде өжет, қайратты, өлмей ар-намысын жібермейтін адамды айтады; ал, «мігіт» деп күн көргіш еркекті айтады депті. Маған осы екеуінің қайсысы болған жөн, апа?..

Зейнеп не дерін білмей жалтақтайын деп еді:

– Сені «шешем» деп, «туған баласына турасын айтады» деп сұрап отырмын, апа!

«Мігіт бол» деуге аузы бармаған Зейнеп:

– «Жігіт» боласың да, сәулем! – деді.

– Онда, сертіме жетуім керек пе менің?

– Қайдам, қандай серт екенін?

Ендігі оспақтауды қажет көрмеген Шоқан:

– Ап-п-а-а!..– деді еркелеген үнмен даусын соза, мойнынан құшақтап.

– Ә-ә-әу, құлыным! – деді Зейнеп те аналық мейірімі ұстап кетіп, бетінен құшырлана иіскеп.

– Апа, – деді еркелей түскен дауыспен, құшағын жазып алдына шеке түсіп отыра қалған Шоқан, – менің туысым ауылда болғанмен, тәрбием орыста болды ғой?

– Ие?

– Орыста қыз бен жігіт бірін-бірі таңдап қосылады...

– Ол орыс қой?..

– Орыстан басқа мәдениетті елдердің қыз-жігіттері де сөйтеді...

– «Қазақтың қыз-жігіттері де сөйтсін» дегің келе ме?

– Әрине.

– Балам-ау, болмайтын жұмыс қой оның!

– Неге?

– Елдің сүйегіне атам заманнан сіңіп қалған ғұрып қой. Оны кім бұза алады?

– Мен!..

– Сен?!.. Қанаш?!..

– Иә, мен Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов!

– Қалай?

– «Құл», «күң» деген сөз қазақта кемсініп айтылатын сөз екені рас қой, апа?

– Солай айтылуға тиісті!

– Неге?

– Олар, не жаугершілікте тұтқын болып келеді де, не біреуден біреу сатып алады.

– Сатып алмай құл да, күң де болмайтыны рас қой, апа? – деді Шоқан әдейі шегелеп.

– Оның несін қайталап сұрай бересің?

– Сұрайтыным: біз – «қазақ» атаулы күңнен туғандарыңыз!

– Астапыралда!.. Неге?..

– Қазақта қалың малға сатылмайтын қыз жоқ. Солардың бірі – өзіңсің!

– Мен де күңмін бе сонда?

– Әрине! – деді Шоқан түрегеп, ерсілі-қарсылы жүре бастап.

– Балам-ау,– деді Зейнеп, Шоқанның бұлай деуін күлкі көріп,– мендей күң бола ма?!

– Тұрмыс жағынан сенің күң емесің рас, апа! Өйткені, сен хан тұқымы – аға сұлтан Шыңғыстың әйелісің, атақты Шорман бидің қызысың...

– Ендеше, не айтып отырсың? Әкең маған да қалың мал төлеген!..

– Айтатыным: қазақ әйелдерінің бәрінің маңдайы, сен сияқты теңін тауып жарқырай бермейді. Қалың малдың күшімен, көп қатынның бірі болып кете баратын, кәрі шалға, кемтарларға сатылатындар аз ба?

– Құдайдың бұйрығы ол! – деді, бұл сөзден тосылған Зейнеп.

– Құдайдың емес, қалың малдың бұйрығы, апа! Осы бұйрықтың тамырына балта шабу керек.

– Кім шабады оны?

– Мен!

– Қалай, ақымақ балам-ау?!

– Қалың малсыз қатын алуды, сүйгеніме қосылуды қазақта бірінші болып бастаймын да, өзгеге үлгі көрсетем! Шоқанды көргелі жолағысы келмей қашқалақтап отырған сөзіне, Зейнеп амалсыз кідіріп, «қайдағы қатын?» деген сұрауды еріксіз берді.

– Мақсатты сөзге жаңа жеттік, апа! – деді Шоқан, шешесінің алдына тағы да жүгіне ғап, өзі бастай алмай отырған сөзін, шешесі бастағанға қуанып.

– Апа,– деді ол жалбарынған дауыспен,– «шеше – кеме», деген қазақ мәтелін, мана саған бекерге ескерткен жоқ едім...

– Неге ескерткен едің? – деді Зейнеп андауси ғап.

– «Қалың малдың тамырына қазақтан бірінші болып балта шабам» дедім ғой жаңа?

– Қолыңнан келмейтін іс қой, құлыным, бұл! Елдің бойына атам заманнан, ата, бабасынан сүйегіне сіңіп, атадан балаға мирас болып келе жатқан әдет қой!..

– Рас айтасың, апа! – деді Шоқан ауыр күрсініп, – бұл бір шеті-шегі алысқа жайылып кеткен, түбі терең телегей-теңіз. Оны кешіп өтуге, күш-қуаты зор, берік кеме керек.

– Оны қайдан табасың, балам-ау! – деді Зейнеп, баласының берер жауабын шамалай алмай ғап.

– Бар, апа, ондай кеме!..

– Қайда?

– Қасымда!

– «Қасымда?»

– Ие, апа! Ол – өзіңсің.

Енді ғана түсінген Зейнеп, не дерін білмей тоқырап қалғанда, оған тыныс бермей жеңуге талаптанған Шоқан, жеппелетіп кетті:

– «Шеше – кеме!» дегенді қазақ сондықтан айтқан, апа!.. Ол – «екіталай жерде, шеше баласын суға батырмайды, не өзі бұрын батады, не алып шығады» деген мағынада айтылған сөз. Ата-бабаның қаймағы бұзылмай, қаспағы қырылмай келе жатқан, өзің айтқандай, қазақ атаулы елдің сүйегіне сіңіп болған телегей-теңіз сияқты ескі әдет-ғұрыптан мені алып, өтетін жалғыз кеме – өзіңсің, апа!.. Сен өйтпесең, мен ескілік теңізіне тұншықтым, апа!.. Апа!.. Апажан! – деді Шоқан, жалбарынған үнмен, шешесін тағы құшақтап бетінен сүйіп!..– Ая, апа, құлыныңды!.. Қасқырларға талатпа оны! Зейнептің әлгі бір шақта қатайып алған көңілі, баласының лебінен денесіне тараған қызуға тағы да балқып кетті. Әлгінде үп-үлкен кісі боп салғыласқан баласының, тағы да жалынышты сәби бола қалуы, оның сай-сүйегін сырқыратып жіберді. Сол сөзімнің екпінімен:

– Күнім-ау! – деді жасқа булыққан Зейнеп, – маған не істе дейсің, кеме болғанда?

– Өзіңнің көнуіңде күдігім жоқ, апа! – деді Шоқан, шешесін мойнынан қаусырған құшағын жазып, – өйткені, сен кемедей шешесің. Ал, әкемнің жақындығы қазақ айтқан – «жездедей-ақ». Оның да маған жаны ашиды, бірақ, нақ сендей ашымайды. Оның үстіне «хан тұқымы!» деген, «аға сұлтан!» деген, «Шыңғыс!» деген атақтары бар. «Сондай адамның баласы, атастырып қойған ақсүйектердің, билердің, байлардың қыздарына үйленбей, қарашысының қызына үйленді» дегенді намыс та, қорлық та көреді...

– Бәсе, деймін-ау! – деді Зейнеп, Шыңғыстың бұл ойларын мақұлдағандай.

– Немене «бәсе?» – деді Шоқан, шешесінің кімді қолдап отырғанын абайлай алмай ғап.

– «Бәсе» дейтінім: қандай жерлерден құда түсіп жүр әкең саған!.. Баяғы бала кезіңде құда түсіп қойған Жантөре ханның аға сұлтаны Ахметі, «балалар ер жетті, енді келінім түсірсін» деп әкеңе дамылсыз кісі жібереді; Күнтиместен Сырымбетке көшерде, қалың, малына жер-суын беріп, әкең Сибанда Есенейден соңғы байы да, қадырлысы да болып жүрген Өзденбайдың Өсібіне құда түскен ғой, оның қызы да ер жетіп отыр дейді және сымбатты да, көрікті де деді; «жақын жер» деп, «жауықса да, жақын болса да салмағы күшті» деп, Ұлытау, Кішітау бойындағы қалың Бағаналы-Балталыны ашса – аясында, жұмса – жұмырында ұстап отырған Сандайдыбайдың Ерденіне де құда түсіп қойды; қызы Ерденнің шешесіне тартқан, жалқын сары бәйбіше болатын түрі бар дейді....

– Мен де естідім бұларды, – деді.... Шоқан, қуланған кескінмен, шешесінің тағы да атайтын адамдары барын біліп, ар жағын тыңдағысы келмей, – бәрін де алдырмақ па әкем солардың?

– Несі бар, алдырса? Ала тулы арғы атаң жиырма бес қатын алған, бергі атаң – Уәлиде жеті қатын болған.

– Өз әкемде ше? – деді Шоқан қулана түсіп Тосылған Зейнеп күліп жіберді.

– Әкеден асып қайда барам, апа? – деді Шоқан, шешесіне сынай қарап, – ол біреу ғана алса, мен де сөйтем.

– Мейлің, атағандардың, немесе атамағандардың біреуіңе ғана құрық сал онда.

– Менің құрығым түсіп болған, апа!

– Кімге? – деген сөз шығып кетті Зейнептің аузынан аңдаусызда.

– Айжанға! – деді Шоқан, «енді жасырудың жөні жоқ» деген ұғыммен.

– Аллау, Қанашжан! – деді дәл бұл есімді осы арада атай қояды деп ойламаған Зейнеп, үрейлі кескінмен. – Не дедің?!

– «Айжан» дедім, апа! – Шоқан шегелеп.

– Аллау, күнім-ау, жастықтың әуесқойлығына жорып жүр едім ғой, құлағым шалған бұл қауесетті?

– Әуесқойлығым емес, шыным, сүйікті апа! Ол мені көркімен де, сымбатымен де, ақылымен де, білімімен де қызықтырады. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» дегендей, ол – менің әйелім!...

– Некелеріңді кім қиып еді? – деді Зейнеп сасқанынан.

– Екеуміздің де арымыз!.. «Жаным – арымның садағасы» деген мақалды мана тегін айтқан жоқпын да, мен не үйлену сертіме жетем, не өлем!..

– Соңғы сөзіңді айта көрме, Қанашжан!

– Айтпайын, апа!.. Өлмейін!.. Өлудің керегі де жоқ. Қолдан келіп тұрған іске неге өледі адам? Ол – арзан өлім болар еді. Мен өзімді ондай арзан өлімге қимаймын. «Арзан» дейтінім: маған сүйгеніме үйленудегі оңай нәрсе жоқ. Бұл жайда қазақшылық қамалап бара жатса, өзім жақсы білетін орыс заңына иек арта қоям. Оған қарсы тұруға бір Шыңғыс түгіл, мың Шыңғыстың әлі келмейді!

– Ендеше неге қиналып отырсың?

– Әкемді де, сені де сыйлағандықтан. Әсіресе, сені. Маған сендердің ұлықсаттарың, баталарың қымбат!

– Мені қойшы! – деді Зейнеп,– «пәлен-түген» дегенмен, мен от басында отырған қатынмын ғой. «Қатынның, қаруы – қарға адым жерге» деген, «қатынның ашуы қазан қайнатуға ғана жетеді» деген. Бұл жұмыста барлық салмақ анау әкеңе түседі. Сені қойшы, сен сүйгеніңді аларсың да, Омбыңа ма, одан әрі ме, кете барарсың. Әкең ел ішінде, бүгінге дейін елде оның досы да, қасы да болып келді. Сен сөзіңді орындар болсаң, бұдан кейін дос азаяды да, қас көбейеді.

– Білем, – деді Шоқан. – Мен оған пана бола алам!

– Қалай?

– Солай боларын күн бұрын болжап, Омбының ең үлкен ұлығына айтқанымда: «Қорықпа! Әкең де қорықпасын! Мен барда сендерге ешкімнің, тісі бата алмайды» деген...

– Ойбой, күнім-ай! «Алыстағы жанаралдан, жақындағы генерал» демей ме? «Ел итінің құйрығы жуан» демей ме?

– Дей берсін, «Тышқанға мысықтан күшті жоқ» дегендей, елде дүр болып жүретін аға сұлтандарың, өзің айтқан капралдардың алдында құрдай жорғалайды. Білемісің «капралдың» кім екенін?

– Қайдам. Ел аузындағы сөз болған соң айтам да.

– Ол, орыс шендерінің ең кішкентайы. Сонымен, апа, – деді Шоқан, сөйлеуге ыңғайланған шешесін бөгеп, – ұзын сөздің қысқасы, әкем көнсе – көнді, көнбесе ырқыма көшем де, Айжанға берген сертімді орындаймын!

– Әкең оған көнсе!..

– Бір-ақ адам бар, оны көндіре алатын...

– Кім?

– Сен»!...

– Мен?!..

– Ие, сен!.. Әкем сыртқа «Шыңғыспын!» деп күпілдегенмен үйдегі биі – сенсің. «Еркек–бас, әйел – мойын» дегенді қазақ бекерге айтпаған. Мойын қайда бұрылса, бас сонда. Сен күшті мойынсың, апа!.. Оған оқуға кеткенше көзім жеткен, кеткеннен кейін де солайын естіп жатам. Сонымен, сүйікті апа, әкем көнсін, көнбесін, мен айтқанымды орындамай қоймаймын. Ендеше, әкем мені қастарының қатарына итермесін, әкелік мейір көрсетсін, содан кейін, өзім өлмей, оны жауларына қорлатпаймын. Осыны өзім айтуға, арандап қалам ба деп қорқам. Сен оның адал жарысың, әрі сөзіңді өткізе алатын адамысың. Саған салмақ салуым осыдан, апа!

– Зейнеп үндемей қалды, онысы – баласының өтінішін орындауға іштей көнуі еді; бірақ, еріне сөзі өтер-өтпесіне көзі жетпеген ол, баласының:

– Кәне, не дейсің, апа? – деуіне, аз уақыт мелшиіп тұрғаннан кейін:

– Көрейін, балам! – деді.

– Көрме, апа, осылай істе!

– Қайдам! Әкең көнсе!..

– Өзің көндің ғой, апа?

– Көнбегенде қайда барайын!..

– О, апа!.. Апажан! – деп Шоқан шешесін бас сап, аймалай бастады... Сол сәтте, үйге Тақырбас кіріп, шеше мен баланың бірігіп кеткендей болған тән-жаны бөліне берді..

– Ас даяр, – деген оған, Зейнеп:

– Әкеле беріңдер! – деді де, ол шыға Шоқанға: – Meні бір қиын қыспаққа салдың, балам, ана болған соң түспеуге амалым жоқ; несіне болса да шыдадым. Бірақ, бұл іске ыстықтай сұғынбай, ақыл-айла қолданайық.

– Қандай?

– Сен Атбасарыңа аттана бер! Шиыршық атып отырып әкеңді мен еппен июге тырысайын; не жайы болғанын артыңнан шапқыншы жіберіп хабарлармын! Іңір асынан Шоқан піскен қаймаққа езген ақ ірімшікті ғана жеді де, салқын сары қымыздан бірер аяғын ғана сіміріп, содан кейін салт атпен серуендеп қайтар ойын білдірді.

– Бірақ, – деді ол Тақырбасқа, – қасыма өзіңнен басқа жан ермесін. Ат жүрісі тиышты жорға болсын. Ерттеулі екі атпен олар көл жағалап кетті. Бірге жүргісі келген Тоқбетке, Шоқан ермеуді бұйырды. Зейнеп:

– Сендер оралғанша осы үйде қаза намаздарымды оқып отырам, – деп қалды баласына. Оған дейін қасында Асыл отырмақ болды. Құманын Асылға көтерткен Зейнеп те дәрет алғысы кеп, тысқа шығуға есіктен аттай бергенде, әлдекіммен кеудесі қақтығып қалды.

– Бұ қай қанжауғыр?! – деді шалқасынан түсе жаздап оңалған Зейнеп.

– Мен, апа!

Даусынан тани кетті, – Жақып.

– Сен қайдан жүрсің?

– Өзің қайда барасың?

– Дәретке.

– Ендеше, сен оралғанша, мен осы үйде отыра тұрам. Асыл, сен келмей-ақ қоярсың.

– Неге?

– Апаммен сөздерім бар. «Сөздері» Шоқан мен Зейнеп оңашаланған шақтан бастап, оның уақыты осы үйдің іргесінен тың тыңдаумен өткен. Ірге оған қолайлы да. О шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін Ақан көлінің батыс жағын орманға бөленген тау қоршап тұратын да, қалған үш жағы белесті жалаңаш дала болып кететін. Шоқанға арналған үй шығыс жақтан көлге құлап жататын өзенсымақтың биіктеу жарқабағына тігілген. Қонаққа арналған ауыл арғы жарқабақта. Жаз суы сарқылып жылап қана ағатын өзеннің тұла бойы түптеле өскен бұйра тал. Жақып іргені осы талдардың арасында, жарқабақтың жиегінде жатып тыңдады. Онысын сырлас санайтын Тақырбастан жасырмай, неге тыңдау себебін айта кеп, «бұ маңайға жан жолатпа» деп тапсырды. Оның қояннан да сақ құлағы қиядағы сыбдыр мен сыбысты еркін еститін еді. Сондықтан, шешесі мен ағасының ауыздарынан шыққан үннің ақырынын да, қаттысын да түгел естіді. Әкесінің Шоқанға шешесін неге жұмсауын білетін ол, әкесі де баяғыда Омбыда оқып жүрген кезінде, бір бай татардың қызымен әулігіп, соны алам дегенде, әжесі – Айғанымның оны райынан күшпен қайтарғанын естіген ол, Зейнеп те Шоқанды сөйтер деген үмітте еді. Онысы босқа шықты. Қайраты әжесінен артық болмаса кем емес дейтін шешесі, Шоқанға бірден құлап, алдына түсіп ап, айдаусыз жортты да отырды. Аяғы, Шоқанның ырқына шешесінің көнуімен тынды.

Енді не болады?

Жақыптың жорамалынша, Уәлихан тұқымдарының былай да қырсық шалудан құтылмай келе жатқан абыройы, енді біржола бүлінеді: бағынышты елдері бұған дейін қақ жарлы болып, біреулері қастасса, біреулері достасып жатушы еді, енді достары да қастасады. Мысалы, Бағаналы Ерден. Қалың ел: Бағаналы-Балталыны ашса – аясында, жұмса жұмырында ұстап отырған ол, қызын Шоқан алжаса намыстанады да, Көкшетау дуанының күнгей жағындағы дүйім жұртын Шыңғысқа жауықтырады. Ол сияқтылар әр рудан бар. Жапа-тармағай көтерілген соларды Малтабардың мол ақшасы қолтықтап жіберсе, алақанның аясындай аз ғана төре төтеп бола ала ма? Олардың өздері де сиырдың бүйрегіндей бытырап жатқандар ғой!.. Жақыптың осы ойлармен басы қатып отырған шақта, сырттан Асыл қолтықтаған шешесі кірді де, терге төсеген тай терісінің жұмсақ бөстегіне орнықты. Жақыптың манағы сөзі есінде, Асыл кетіп қалды. «Ол да ірге тыңдамасын» дегендей, Жақып тысқа бірге шығып, көзімен жөнелтіп салды. Шешесінің қасына отырған Жақып, естіген-білгенін және болашақтан не күтетінін қысқаша түп-түгел баяндап берді. Зейнеп оны «сұңғыла»7 деп кішкене күнінен ұнатпай, аналық бейіл білдірмей, қымс етсе сабап, қорғалтып өсірген еді. Бертінде сайқы-мазақ қылықтарына қарап, маңына жолатпай қойған. Оның ұғымында, Жақып бетімен жүріп тұратын делқұлы біреу болуға тиісті. Бір сәтте, ағасы Мұсаға ере келген төркіні Қаржас – Сүйіндіктің ең тоқтаулы деген биінің біреуі – Ақпанның Секербайы (Шыңғысқа Жақыпты нұсқап:

– Жезде, сен анау балаңды қағажулау ұстайды екенсің. «Тентектен түзелген жақсы болады» деуші еді, көрерсің түбінде ордаңа осы не болады, – деген. Сол құлағында қалған Зейнеп, Жақыптың мына сөздерін тыңдап отырып:

– Есі кіріп қалған екен ғой бұл жындының! – деген ойда отырды.

Мәселе анықталғаннан кейін, шеше мен бала Уәлі шаңырағына төнген қауіп-қатерден аман құтылу үшін не істеу жайын ақылдасты. Олар әр түрлі жоспар құрғанмен, біреуіне де тоқырай алмай отырғанда Тақырбас келді. Шеше мен бала:

– Heгe келдің? – деген сұрауды қосарлана берді оған.

– Жолтабардың Мұқаны жіберді, – деді ол, – Оны хан-ием шақыртқан екен. Қазір жүргелі жатыр. «Жақан мырзаға жолыға кетейін деп ем» дейді. Жолтабардың Мұқаны, сол кезде «ата сақалы аузына біткен», «отызында орнықты үйге» айналып, «жігіт ағасы» болып жүрген кісі еді. Қызылжардан аздап орысша және мұсылманша оқығаны бар, тілі тұттықпалау, «он екі ата Дәуіт» аталатын Атығай руының Сырымбеттегі хан ордасына көрші Көшқұлы, Ораз дейтін аталары бар. Мұқан солардың жастарынан қазіргі «берекелісі» саналатындықтан, Шыңғыс «қолқанат» қып, онда-мұнда жұмсап жүрген. Бұл жолы қайда, неге жұмсауын Зейнеп пен Жақып болжай алмады. Бірақ, тегін шақыру емесін екеуі де жобалады, сондықтан:

– Бар, – деді Зейнеп Жақыпқа.

– Біздің кеңесіміз жайынан іштеңе сездірейін бе?

– Жоқ, ойбай! «Үркейін деп тұрған жылқыға, жапырақ байласаң не жорық!» дегендей былай да осқырынып отырған әкеңді үркітіп алар. Бір жаққа жұмсап жібермесе, Мұқан «ізімен қайтсын, неге шақырғанын естиік, не амал қолдансақ та содан кейін ақылдасып көрейік». Жақып барса, Мұқан атқа қонуға дайын екен, Шыңғыс жіберген адамына «қасына кісі ертпесін» деп тапсырған екен. Ол жалғыз аттанды.

ӘКЕ СЫРЫ

Мұқан Шыңғысқа жеткенше, біз оқырмандарға Шыңғыстың оны неге шақыртқан себебін айта отырайық. Шоқанның ордаға соқпай, сәлемдеспей өтіп кетуіне, шағатын бүйідей тырсиып терісіне әрең сыйып отырған Шыңғысқа, бізге өткен тараулардан белгілі – Жарылғамыс тағы бір жаңалық хабар әкелді: Уақ руының бізге белгілі атақты ұрысы – Мақаштың Қожығы, Шағалақ Керейдің ұрысы – Ертісбайдың Медебайы, «Сегіз ата – Қарауыл» аталатын елдің ұрысы – Бекмырзаның Баубегі, «Шоқан Атбасар жәрмеңкесінің үстінде үшеуін де ұстатады» деген қауесетпен бармауға бекініп жүреді де, қалың қолмен келеді деген, «жанарал-гүбірнадыр ауырып қап емделуге кетіпті, аз ғана солдатпен Шоқан ғана келетін Бопты» деген соң, қапысын тауып, әрі салғанда өлтіріп, бері салғанда сілейте сабап алуға ұйғарыпты. Жарылғамыс Шыңғыс пен Шоқанды осы қатерден сақтандыруға келіпті. Шыңғыс кірпі терісінен жасалған төсектің үстіне жалаңаш аунағандай болды. Енді Жарылғамыс келе одан да ауырлап, тұла бойы дірілдеп кетті.

Өйтпегенде ше?

Мал екеш мал да шамасы жеткенше, баласын жауына баласын бермеуге тырыспай ма? Үйіріне қасқырларды жолатпай, қарсы шауып қайырып тастайтын айғырларды Шыңғыс талай көрген; «сасық саналатын сиыр да төлдерін ортаға ала қорғап, біреуіне де қасқырдың тісін тигізбейді; боталы түйеге бура не адамды, не аңды жолатпайды; жеке биенің – құлынын, жеке сиырдың – бұзауын қасқырға алдырмағанын біледі; «ең момын» дейтін қойдың қошқары да қасқырды сүзіп басын жарғанын ел аңыз ғып айтады!.. Шыңғыстың әкелік мейірімі ұстап, оны қайткенде «қасқырларға» талатпау, жегізбеу қамын ойлай бастады. Сонда есіне Қанжығалы Бөгембай батырдың шөбересі – Саққұлақ би түсті. Қанжығалы: Қырғызбай, Теңізбай болып бөлінгенде, Қырғызбайы – Ереймен тауын, Теңізбай – қазіргі Қостанай облысының Урицк ауданындағы «Отынағаш» өлкесін мекендейтін. Аралары алшақ бұл екі ағайын, кейбір жылдың, жазында, «Қалмақкөл», «Салқынкөл» аталатын өлкені жайлап, «өлікке – бата, тіріге – сәлем» дейтін қарым-қатынастарын жасайтын. Биыл да олар осы жайлауға келгенін Шыңғыс естіп отырған. Бөгембай Абылай ханның тұсындағы батыр. Жасы одан үлкен Абылайды Арқа қазағы ақ киізге салып хан көтергенде, бір бұрышын Бөгембай ұстап, аузына түкіріп бата берген, сондықтан Абылай оны өмір бойы қадыр тұтып, «қартекең» атап кеткен. Қанжығалы қарт Бөгембайды «Бөген ата» деп ұраны жасаған. Бөгембайдан – Тұранәлі, одан – Бапан, одан – Саққұлақ. Ол өз тұсының өте беделді кісісі еді деседі. Жасы Шыңғыстан мүшелден астам үлкен. Құсмұрында аға сұлтан болып тұрған шағында Шыңғыс Отынағаштағы Қанжығалының шешені – Айдапсалдың Асаубайына ренжіп, «Қорқылдақ» аталатын қонысын, Сіргелі – Уақтың Шабанқұлына тошақ, қырық тұсақ пар алып, тартып әперген. Саққұлақ соған өкпелеп, Шыңғыстың ордасына жоламай жүргенде, ауылдары «Құлайғыр» өзенінің бойында түйісіп қап, Шыңғыс байтал сойып ерулік берген. Көңілдері содан бері жақсы еді. Шыңғыстың оны арқа сүйеу көруі сонан. Ақаннан Қалмақкөл шоқытқан атты шалдырмай жететін тұста еді. Соған қос атпен тартқан Мұқан ертеңгі бие бауы кезінде жетіп барды. Мұқаннан хал-жайды естіген Саққұлақ, бірден көне кетті, сонда Шыңғыс үшін емес, Шоқан үшін. Өзін әділ билердің біріне санайтын, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін қамалды бұлжытпай қолдануға тырысатын Саққұлақ, Шыңғысқа сырты жылтырай жүре, оның қиянатшылдығын, парақорлығын іштей қатты ұнатпайтын; оның үстіне Шоқанға кекірейген қылықтарын естіп, ете наразы еді; сондықтан қара басына қайғы түсе қалса, қынжыла қоярлық қалпы да жоқ болатын. «Шыңғыстың Шоқан деген баласы Омбыда орысша оқып жатыр дейді» дегенді естігені болмаса, жүзін көрген емес. Бұрынғы естуіне мән бермей жүрген шақта, жуық арада ғана Күрсары-Керейдің он екі мың жылқы біткен байлары Мәті мен Дәулен, әкелері – Еменге жер күңіренткендей ас берді. Асқа шығыстан – Қарқаралы, Семейден, батыстағы – Торғай-тосыннан, Күнгейде – Ақтау, Ортаудан, Теріскейдегі – Қызылжар, Қорғаннан халық жиналған. Саққұлақ та болды сонда. Баяннан келген Шорманның Мұсасы, жиені – Шоқанның атағын көтеру ниетімен, Кадет корпусын бітірушілерге жасалған тойдағы сөздерін асыра бағалап, «хандықтан айрылған елімнің береке-бірлігі кетті, ол қазір қазақ әкімдерінің де, орыс әкімдерінің де талауында отыр; мен оны осы қорлықтан құтқарам!» деді дегенді айтты. Жұрттың қышыған жеріне тиген бұл сөз, азғантай біреулерді ызаландырумен қатар, мұңды көпшілікті күрсіндірді де, жылатты да. Саққұлаққа да бұл сөз қатты эсер жасады. Шоқанның бала кезінде, Балта – Тұрсымбай батырдың, оны «Абылай ағама айнымай тартыпты ғой» деуі елге тарап кеткен, ол сөз Саққұлаққа да жеткен. Содан бері ол, «Абылайдан ел басын құрайтын біреу болар ма?!» деп дәмеленген. Еменнің асында Мұсаның мақтау сөзін естігеннен кейін, ол дәмесі зорайып Шоқанды көруге құмартты. Сондай Шоқанға «қауіп төнді» дегенді естіген соң Саққұлақ «қазақ даласының аспанында жаңадан жалтырады ма?!» деп дәмеленген жұлдызы сөніп қалардай көріп, оны сөндірмеу қамына тез кірісуге бекінді. Ол, әуеле, Мұқанның көзінше:

– Ә-ә, ала бұт ит, саса ма екен солай?!.. Күшігіне жерігін қасқыр, қорқа ма екен ол да?! – деп, Шыңғысты біраз сыбап алды да, – атыңды шалдырған соң ізіңмен қайт та, сұлтаныңа сәлем айт: мені «ордасына кешікпей келеді» де, оған дейін шамасы жетсе, баласын Атбасарға жібермеу қамын жасасын, ар жағын ақылдасамыз.

– Қиғақ аға,– деді Мұқан,– сөзіңізді бөлгенге кешіріңіз! Шоқан кері қайта алмайтын сияқты. Жанарал «жәрмеңкесі өткізбей қайтпа!» деген бұйрық берген сияқты...

– Сонда да барсын Шыңғыс баласына. Мен де бірер күнде жетермін Ақанға; баласы мен әкесін беттестіріп, арасында әстәста айтып, дәнекер болармын. Шоқанды қорғау қамын қарастыра берермін. Шоқанды қорғау қамын Саққұлақ Мұқан аттанбай жатып-ақ қарастырды. Оның ойынша, «қанша мықты» дегенмен, – «ұры к... қуыс», ел болып ауыз біріктірсе, «көп қорқытады терең батырады». «Туды түйген жұдырық қана ұстайды». Елді тұтастырып алса, ұрылар Шоқанға тук те істей алмайды!.. Елді тұтастыруды Саққұлақ Теңізбай Қанжығалының сол кездегі ең дүмдісі – Меңдеке балаларынан бастағысы келді. Олар: Шауыпкелді, Шәңкі, Меңдібай, Бадырақ, Арқай, Шоқай, Белгібай деген жеті ағайынды еді; бәрі де жау түсіргіш батыр, қандарын торсыққа құйған өжет, тұтас жүргенде рулы ел батпайтын айбынды. Қол бастайтыны – Шауыпкел, сөз бастайтыны – Шәңкі... Саққұлақ әуеле Шәңкі мен Шауыпкелді шақырып, мән-жайларды айтты да:

– Бөген атамның қолынан көтерген Абылайдың ордасын баукеспе қарақшыларға қорлата алмаймын; басы – өзім боп, атамның аруағын шақырам. Атқа мінгелі отырмын; Қырғызбай баласы түгелімен соңымда болады, Теңізбай, сен қайтесің? – деген тік сұрау қойды.

– Біз қайтушы ек, Сақаға,– деді Шәңкі. – Бөген – бабам бүкіл Қанжығалының ұраны! Оны атасақ біз де артына ереміз. «Қалың Қанжығалыны тұтастырдым» деп сенген Саққұлақ, енді «Көкшетау дуанының көпшілігі саналатын сегіз ата Қарауыл мен он екі ата Дәуітті (Атығай) тұтастыру талабына кірісті. Саққұлақтың табан аузында Мұқанға еріп кетерлік те жайы бар еді. Оның аз күнге тоқырауына екі себеп болды: Бірі – жолдаған сәлемі Шыңғысқа жетіп, оны оралымына келтіру; екіншісі – Абылай заманынан келе жатқан әдет: кім де кім ордаға барар болса, «сыбағаң» деп, оның иесіне, ең кеміне бір семіз тайды жетектей барады, жұмысы барлар, я жағынғысы келгендер «сыбағаны» ту биелетіп, одан асса, қысырақ үйіріндетіп жетеді. Бұрын бірер ғана жылқы жетектететін Саққұлақ, «Шоқанның келуіне, қонақ басты болуына» деп, қысырақтың құнажын, дөнежін, байталдарынан құралған шағын айғыр үйірін айдатып апаратын болды. Одан өзіне түсіп жатқан ауыртпалық жоқ: Теңізбай Қанжығалыда Қарасай дейтін момын адамға сол бір тұста мыңнан аса құлалы жылқы біткенін естіген; соның Жанжігіт, Байжігіт, Молжігіт дейтін үш баласын нөкеріне ертуді сылтау ғып, қысырақ үйірін сұратты, ол сөз қатпастан беретін болды. Қасына екі Қанжығалының шек шығарларынан таңдаған он бес шақты кісі ерткен Саққұлақ Мұқан кеткеннен екі-үш күн кейін Шыңғыс ордасына барды да, Шоқанның орнын сипалап қалды. Оған күні кеше Имантаудан Беклемишев басқарған бір ызбот салтты әскер келіпті де, Шоқанға Гутковскийдің кетіп бара жатуын хабарлап, Атбасарға бәрі тығыз тартып отырыпты. Шоқан шынында бұл арадан «кетпеді», «қашты». Оған себеп, – мұң-зарын айтушылардың көбейіп кетуі еді. «Шоқанға ешкімді де жолатпаймыз» деп, Аппас басқарған топ төңіректі қарауылдап-ақ баққан еді, сонда да ие бола алмады. Қайдан ие болады? Ауылдың сырт жағын қоршаған көл мен таудан басқа тұстың бәрі де ашық, көрінген жерден келуге болады; жалаңаш тұстан жолатпаса, бұталы сайлар бар, оларға жасырынып жылжығандарды қалай бөгейді?!. Бөгей алмады, қарауылдар. Кеген күні іңір асынан кейін, қасына Тақырбасты ғана ертіп, салт атпен серуендеп кеткен Шоқан отауына таң қараңғысында оралып, қымыздан сусындап алды да, болыскей карауатына жатып, дүние дыбысын естімейін дегендей, жамылған жұқа жібек жуырқанын басына дейін орап алды. Төрге жатқан шешесінен басқа жан жоқ бұл үйде, ол тастай қатып, күн түске тармасқанда әрең оянды. Содан кейін сергіп қайту ниетімен тоғайға барса, іші қаптаған адам!.. Кімдер екенін сұрастырса, Шоқанға шағымын айта келгендер!.. Олар шулай қоршағанда, тазылар қамаған түлкідей, жан-жағына жалтақтаған Шоқан не айтарын білмей қалды... Ол, осы халде ұзақ тұрар ма еді, қайтер еді, егер құлағы сақ Тоқымбет, тоғайда күмбірлеген үнге, мылтығын кезеніп жетіп келмесе!.. Ол жиналғандардың әй-түйіне қарамай сөзін тыңдамаған соң, «дөң асарының» ұңғысын аспанға қаратып, бірер рет басып жіберіп еді, мылтық даусынан зәресі ұшқан жиын, бет-бетімен ыдырай қашты. Ол да тыйым бола алмады. Күні бойы тысқа шықпастан әлде не кітапқа үңілген Шоқан, кешқұрым Тоқымбетті ертіп, тоғайды кезіп жүрсе, бір топ талдың арасынан жөнеу киінген, қырбық қара мұртты, көркемше, бойшаң жігіт шыға келді. Сақ Тоқымбет оған мылтығын кезенем дегенде «тоқтат!» дегенді қабағынан білдірген Шоқан, жігітке «кімсің?» деп еді, анау жауап орнына, еңіреп қоя берді. Жәй сөзіне бәсеңдемеген оны, Шоқан ұрсып тоқтатып еді, анау суырыл'ып елең, айта бастады:

Мен келдім Керекуден Шыңғыс ханға,
Бір қорғау бола ма деп ғазиз жанға;
Бұтаға қорғалаған торғай едім

Ит Жақып ұстап берді оязнайға.

Сөзімнің құлақ салшы, бұрмашына,

Сөйлестім оязнайдың тілмашына.

Бәрі де қылығымның алдан шықты,

Жалғанда сырыңды айтпа ұрғашыға...

Шоқан жігітті өлеңінен әрең тоқтатып, жәй-жапсарын сұрастырса, өзінің нағашысы – Шорманның Исасының жылқышысы Араб дейтін жігіт. Өзі серілеу, палуандау екен. Иса Ертіс бойын мекендейтін Бәсентиін руының шонжары – Қазанғаптың, Бердалысынан баласы Зындаға қыз айттырады, сол қызға құда түскенде, Араб ере барады да, Бердалының Мұса деген баласының сұлу келіншегімен көңіл қосып, бір түнде екеуі екі жүйрік атпен зытып отырады.

Қайда бару керек?

О бір жылдары Зейнеп Шорман тұқымдарына төркіндеп кеп, құрметіне ұлан-асыр той жасалғанда, күрестің бас бәйгесін Араб алған екен; соған риза болған Зейнеп «біздің жаққа да бір келерсің» дейді екен. Сол сөз есіне түскен Араб, апасына қорғаламақ болып, Шыңғыс ордасына барса, Жақып оның әйеліне қызығады да, шешесіне жеткізбестен, сөзі өтетін Беклемишевке «ұры, қашқын» деп ұстатады. Арабтың Шорман тұқымының ұрыларына еріп жылқы айдайтыны да болған екен. Солардың куәсі – алып қашқан әйелі болады. Жақып «өзім алам» деген соң, әйел білгендерін кейіте береді. Беклемишев Арабты Қызылжар абақтысына айдатқанда, жолда қашып, «Шоқан келеді» деген соң, оны «әділ» деп естіген соң, жолын тосып жүр екен. Әйелін Жақып иемденіп қойыпты.

Өзгеге болмаса да, Жақыпқа әлі келетін Шоқан Арабқа:

– Қаласаң қайтартайын, бірақ, жобаң жақсы жігіт көрінесің, кім көрінгенге тие беретін қатынды қайтесің, оны алма да, еліңе қайт. Мұса мырза менің тілімді алатын кісі, соған хат берейін, ол ешкімге тигізбейді,– деді. Ақылды жігіт айтқанға көнді. Осындайлар және одан да жаман жәбірленушілер көбейіп кетті. Оларды келтірмеуге ешкім төтеп бере алмады. Қолында жәбірлеушілерді тыятын құралы жоқ Шоқан, олардан қашып құтылудан басқа амал таппады. Ішкі пікірінде, Омбыға орала, бәрінің мұңын бір-ақ бітірмек. Оған әлі жетер-жетпесіне сенімі берік емес. «Құланның қасынуына, мылтықтың басуы» дегендей, жеке қашуға ыңғайсызданған, бірақ, сағат өткен сайын қашу ойы күшейе түскен шақта, Ақанға екінші рет түнеп оянғанда, тасыр-тұсыр шапқылап ызбот келе қалды... Шоқан олармен кете барды... Саққұлақ Шоқанның кетіп қалуын араз әкесін көргісі келмеуге жорып, ренжи қойған жоқ. Оның ойынша – «бекіре балықтың тұмсығы тасқа тірелмей қайтпайды» дегендей, өмір теңізіне жаңа ғана құлаш ұрған оның да беті, тұмсығы тасқа тірелмей, яғни қатты бір кедергі көрмей қайтпайды. Бір қаза көргенінше пенде тасар.

Пенденің қатты қаза көңілін басар,–

деп Орымбай ақын айтқандай, қаза көрмей, яғни өмір өрінде соққы жемей, бұның да тасыған көңілі сабасына сарықпайды. Ендеше, бара берсін де, артынан жеткенше, қасы мен досының кімдер екенін ойлана тұрсын. Шоқан аттана, Зейнеп ордаға қайтқан екен де, Шыңғыспен екеуі қайшы жақтарға тартып, келісімге келе алмай, кикілжіңде отыр екен. Саққұлақтың ортаншы тоқалы – Қоянкөз, Сүйіндік руында Қаржас Шорман тұқымымен байлықтан да, шеннен де ит жығыс түсіп жүретін Боштай тұқымының қызы болатын; Сүйіндік, Қаржасты туыс санайтын Зейнеп, Саққұлақты бұл жағынан жезде көріп, екінші жағынан Шыңғыстан жасы үлкен ағаға санап, еркелігі мен әзілін араластыра, маңдай шашы мен сақалының орта тұсы ақ жолақ болғандықтан «Қасқа қайнаға» дейтін де, көрінген жерде тілін де, қолын да жұмсап ойнай беретін; оны балдызы санайтын Саққұлақ «Қызыл қашар» деген ат қойып, бірінің бірі қандай ауыр ойындары болса да көтере беретін. Зейнеп «Қасқа қайнағасының» қасындағыларын қонақ үйге жіберді де, Шыңғыспен үшеуі оңашаланғанда, Шоқанға берген уәдесін, оған ерінің көнбей отырғанын айтып берді. Саққұлақ сабырмен екі жағын да тыңдап ап, өз сөзіне көшті. Әуелі ол, сыпайылық ретінде, елеп шақырғаны үшін, салмағын көтерер деп сенгендігі үшін, астына көпшік қоя сөйлеп, Шыңғысқа ризашылығын айтып алды. Содан кейін «Дос – жылата, дұшпан – күлдіре айтады» деген мақалды сатылап, «дос көріп сенгенің рас болса» деп алдына кедергі қойып ап, «жасың кіші» дей отырып, Шыңғыстан қымсынбай еркін сөйлеп кетті:

– Біз «пәленбіз, түгенбіз» деп аталарымыздың аруағын алға ұстап шіренгенімізбен, қазақтың тоқпағынан басқаны білмейтін қараңғымыз; ал, сен мұсылманша да, орысша да сауатың бар, қала-далаға бізден көбірек араласқан, заман ағымына бізден жетік, көзің ашық адамсың; сөйте тұра, Шоқанға «ана қатынды алма, мына қатынды ал» деп көлденеңдейсің! Оның туысы сенікі болғанмен, тұрмысы – орыстікі. Ендеше, Шоқан орыс заңына бағына ма сенің тозығы жеткен ескі заңыңа бағына ма? «Тозығы жеткен» дегенге келейін: үздіксіз көшіп жүретін, малы-жаны ортақ арғы аталарымыз қатынды, не жаугершілікте қармалған күндерден алады екен де, не туысы өліп әмеңгерін алады екен; бертін, ел тоқырай, малы көп адамдар «қалың мал» дегенді шығарды да, малдылар ғана қатынданып, малсыздар тізесін құшақтауға айналған. Малды – аз, малсыз – көп. Сол көп қатынды қайдан алады? Бұның аты – «тозығы жеткен заң» емей немене?

– Рас, – дейді Зейнеп.

– Ал орысқа келсек, – деп жалғастырды Саққұлақ сөзін, – оларда қалың мал жоқ дейді, әркім көңілі ұнатқанына қосылады дейді...

– Қанашжанның да айтатыны осы, – деді Зейнеп.

– Шоқанның да сөйткісі келеді деп естимін...

– Үстінен түстің, қасқа жезде!..

– Сен, Шыңғыс, балаң қарашыңның қызын алады дегенді ақсүйектік бойыңа намыс санайтын көрінесің. Сонда қай заңмен? Атаң Абылайдың алпыс қатынының тең жарасы жаугершілікте қолға түскен күңдер екен. Өз әкең Уәлі – тезекті күңіне аяқ салып, Шеген, Шепе содан туғанын білесің. Менің әкем – Бапан да, жаудан келген қалмақ қызынан туған...

– Оның бәрін санай беріп қайтесің, Сақа! – деді Шыңғыс,– түйінді түсін бір-ақ білдірсейші!

– Сен пайғамбарымыз саллаһу ғайлайһе әссәләмнан қалайсың?– деді екпіндеп отырған Саққұлақ, іркіле алмай ғап. – Оның да төрт қатынының екеуі – кәнизак, соңғы қатыны –Ғайшаны тоғыз жасында алғанын кітаптан білген боларсың... Зейнеп мырс етті.

– Неге күлесің, «Қызыл қашар?»

– Атыңнан айналайын жарықтық, тым жас қызды алған екен де!

– Шариғат бөрікпен ұрғанда жығылмаған қыздың бәрін де байға беруге қосады... Шариғатты қоя тұрып, тариқат жайын тауыс! – деді Шыңғыс.

– Тауыссам, – деді Саққұлақ, – балаң Шоқанның қатынды қайдан алуына араласпа. Онда жұмысың болмасын.

– Енді неде болады, жұмысым?

Саққұлақ «жұмысың ба?.. Жұмысың...» деген сөздерді ыңырана, салмақтай, теңселе айтып отырды да, Шыңғысқа тура қарап: Ол сенің де, менің де, бүкіл елдің де ортақ жұмысымыз, – деді.

– Қандай?

– Біз ескі заңнан ата-баба заңынан кетіп келеміз де, жаңа заңға, орыс заңына жете алмай келеміз. Оған біздің жетуіміз керек, онсыз күніміз жоқ. Соған жетуді сен де білмейсің мен де білмеймін; ауылда «игі жақсы» деп жүретіндеріміздің ешқайсысы да білмейді. Осыны «Шоқан біледі деген сөз құлаққа шалынады. «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақадай, жасы кіші демеңіз, ақылы жетсе атадай» депті. «Тіл-аузымыз тасқа», осы баланың ой-санасы жоғары деп естиміз; «ердің ғана емес, елдің де баласы боларлық талабы бар» деседі; «ілгері басқан жасты, кері кеткен кәрі бөгейдінің» көбі болмасын, біріміз шаужайынан, біріміз құйысқанынан тартып... дегендей, биікке өрлер ойы болса, қамалап қалжыратпайық. Кімді қатынданса да еркі, ол еркектің ғана жұмысы; ердің жұмысы – ел басқару; сол жағын сұрастырайық та, алға басар адымы болса, жан-жағынан демейік!

– Рас-ау, Қасқа қайнаға! – Зейнеп жылап жіберді. Сөзді одан әрі жалғастыруға, ас даяр болған хабары келіп қалды. Ертеңіне шақырылған кісілер де келіп қалды. «Ет дегенде бет бар ма» дегендей, бұл жолдың өн-бойы қан сасуын сезген әр рудың қызылшыл құзғындары, Құлболды мен Жаубасарға қаптай еріп келді. Сөз төркіні төмендегіге сарықты: ашылуы жақындап қалған Атбасар жәрмеңкесіне осылардың бәрі де барады. Оған дейін «ұрылардың әулиесі» аталып жүрген Қожыққа, сол уақыттағы «Уақ атаулының тоқтаулысы» дейтін Қурай Уақтағы «әулие» Жолшораның немересі, Ермен батырдың баласы – Самыратты, Медебайға «бүкіл Керей атаулының тоқтаулысы» дейтін Бикекерей Ақмырза бидің немересі, Жаңбыршы бидің баласы – Жаназарды; Баубекте Мейрам Арғынның Қозған, Қақсал аталатын бұтағында әрі биі, әрі байы Сәдібектің Сәркесін жіберіп, «Шоқанға қастық қылам деу ниетінен қайтасыңдар ма? Немене, тұтасып алған төрт момынға, оған қоса, Қанжығалы, Күрлеуітке қарсы шығасыңдар ма? Онда тұрысатын жерлеріңді айт!» деп кісі салды. Бұлай болады деп ойламаған мына дүмпуден, зәресі ұшқан олар артынан пысып, өйтпеуге ант-су ішті... Россия өкіметі биыл бірінші рет мемлекеттік мән берген Атбасар жәрмеңкесіне жиналған халықта хисап болмады. Оған: батыс шеті – Ырғыз бен Торғайдан, шығыс шеті – Қиыр Сібірден, күнгей шеті – Алматы мен Қапалдан, шығыс күнгейі – Әндіжан мен Қоқаннан, батыс күнгейі – Үргеніш пен Хиуадан, батыс теріскейі Мәкәржа (қазіргі – Горький) мен Ірбіттен сәудегер атаулы ағыл-тегіл келіп жатты. Үш жүзге бөлінетін қазақ руларынан да, ат жетер жерден келмегені жоқ. Жәрмеңкенің осыңдай мөлшерде боларын күн бұрын болжаған Батыс Сібірдің үкіметі, күн бұрын комиссия жіберіп орын қаратқанда, Балқаш тауынан ұзын Есілге беттеп ағатын Жабай өзенімен, Ақан тауынан басталып, Жабайға Атбасар төңірегінде түйісетін Керегетас өзенінің Есіл жақ тілімен айтқанда, бұл алқаптың радиусы – жүз шақырымдай; алқапқа ұйысқан жабағыдай, басы селеулі, ащы, тұщысы аралас қалың бетеге бітеді; айнала қоршаған суы тұщы өзендерді айтпағанда белесті, тастақты келетін бұл даланың өн-бойы толған бал-бұлақ. Шоқан бастаған әскери жүздің шатырларын Жабай мен Кереге тастың түйіскен сағасына орналастырды. Қастық қаупі барын құлағы шалған Қоқан, жауларына қапысын таптырмау үшін өте сақтанып, бетімен бейсауат жүруді доғарды. Ол ең қызық көретін: қаршыға, лашын, тұйғын, ителгі сияқты алғыр құстарға: қаз, үйрек, дуадақ сияқты адал құстарды ілдірмек боп шақырған саятшыларға да, «жұмыс көп» деп ермеді. Жауларынан қорғауға әкесінің қам жегенің осы ісіне пайдаланбақ боп, Қанжығалы Саққұлаққа кісі жібергенің оның ризаласқаның Ақан көлінің жағасында Жолтабардың Құқаны толық баяндаған. Шыңғыстың бұл қылығына қатқан жүрегі жібігендей болған Шоқан Мұқанның:

– Енді де сәлем бермеймісің? – деген сауалына жауап бермеген. Ондағы ойы: «Айжанды алу ниетінен бәрібір қайтпаймын. Әкемді осыған көндіруге шешемді жұмсадым. Икемге келсе сәлемдесермін, келмесе – бет алған жағыма жорта берермін». Әкесінің беталысы қалай болғанын Мұқан хабарламақ болды. «Қалауын тапса қар жанады» дегендей, Зейнеп пен Саққұлақ екі жақтан салмақ салуына Шыңғыс шыдай алмады да, олай бұлтақтап, бұлай бұлтақтап, ақыры «әкелік» аталатын тұйыққа қамалып, шығар жері қалмаған соң:

– Болсын, – деді амалсыздан,– «азар болса, шіріген бір жұмыртқам болар» деп баламды көрмей-ақ кетер едім, оған шыдамым да жетер еді; ал, сен екеуіңді қалай көрмей кете алам?!.. Зейнеп, сен – құдай қосқан некелі қатынымсың, жас кезім болса, жан-жағыма жалтақтамай-ақ тастап, «бала – белде, қатын – жолда» деп жортып жүре берер ем; енді «жер ортасы–көк төбеге шыққанда, сенен айрылып қайда барам?!.. Ал, Саққұлақ, сен, осы кезде, тепкен тасын, өрге домалаған, атқаның тиіп, айтқаның жөн болып тұрған адамсың, сондықтан да Шоқан жайлы қысылғанда тапқан, сүйеніш көрген сенің тіліңді алмағанда қайда барам?!.. Көнген Шыңғыс, құяңын сылтау ғып, Атбасарға бармайтын болды.

– «Әке» деген, «Шыңғыс» деген атым бар ғой, – деді ол баламның аяғына жығылғандай, мен іздеп бармайын Шоқанды, ол мені іздеп келсін. Зейнеп пен Саққұлақ, бұл жөн сөзге таласпады. Саққұлақ:

– Егер «ел дейтін болса, балаңды әкеп аяғыңа жығам!» – деп уәде берді. Қуанған Зейнеп, Жолтабардың Мұқаның қос атпен Шоқанға шаптырды. Ол да қатты қуанды. Әкесіне риза болған ол, енді жәрмеңкенің тез тарауын тіледі.

НАРҒЫЗ

Бірақ, жәрмеңке тым тез тарай алмады. Сауда-саттықтың барлық түрі күн сайын қыза түсті. Сәудегерлердің табысына шек жоқ. Ауылдардан айдалып келген малдар, әсіресе жылқы мен қой мөлшерсіз. Бұған дейін бағасы жоқ жүн-жұрқа мен тері-терсек те тиын-тебендік түсімге жарады. Бұл шаққа шейін ақша ілуде біреуде ғана бары естілетін еді, енді ол, әркімнің-ақ қалтасында сылдырлады. Ауылдың малы да, шикізаты да мейлінше арзан, бірақ, оған қарап жүрген жан жоқ, кедей түгіл байлардың некен-саяғында бар дейтін ақша, өз алақанында жылтырайтын болған соң, сататынын бағасына қарамай ұра береді; соның салдарынан, бұрын жыртық-тесік жүргендердің көбі бүтінденіп қалды. Өндіріс бұйымдарына сусап отырған даланың қант-шайды, киімдік нәрселерді алуында қисап жоқ... Жәрмеңке жұртқа, әсіресе қазақтарға сауда-саттықтың ғана емес, ойын-сауықтың да майданы болды. Қазақ ойыншыларының репертуарында театр артистерінің де, цирк артистерінің де, концерттік өнерпаздардың да қызғылықты номерлері барын Шоқан бірінші рет көрді; қазақта: «Ақын», «жыршы», «күйші», «бақсы», «әнші», дегендердің ел ішінде де нелер талант барын байқады!.. «Шіркін осыларға білім берсе!» деп арман етті ол ішінен. Бұл өнерлерді көру, былайғы халыққа да аз рахат болған жоқ. Олардың басы бұрын той-томалақ, үлкен астарда қосылатын еді. Кейін, барымта мен сырымта көбейген соң, ондай жиындар өте сиреп, тек, қазақтар «базар» деп атаған жәрмеңкелерде ғана ыдыраңқы ел жүз көрісетін. Сондықтан, «базар» өлең-жырда сауық орнына саналып, ауыл арасында – «базардан алып келген» деп басталып, «темір астау... шәй тостаған, күміс жүген, өмілдірік, кәмшат, құндыз бөрік, опайке етік, бөз белбеу» деген сияқты өндіріс бұйымдарын мадақтау көбейіп кеткен; балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» сияқты мақалдар да шыққан... Ауылдық бұрынғы өнерпаздары, шеберлігін енді базарға бейімдеп, көпи ішінде көрсететін ойындарын театрлық түрлерге айналдырған. Базар қызу қарқынмен жүріп жатты. Оның тиыштығы да тамаша болды. Бұдан бұрынғы шағын шақтары шатақсыз етпейтін базардың биыл тиыш болуына төмендегідей себеп бар еді: баяғыда патша өкіметінің әскері Ақтөбеден Омбыға жол тартқанда, болашақ Атбасардың орнына алғаш қада қаққан жүздіктің (сотня) атаманы – Бугаев болған. Кавказда, Терек өзенінің бойында, туып-өскен ол, шенінің кішкене күнінен-ақ содырлы болып, отарланған тұрғын халықтың қамшыдан көзін аштырмайтын, бәрін қанша қылғыса да жемсауы толмайтын. Атбасарға тоқыраған кезде даражасы жауылға жеткен, өскелең, қалың, жирен түсті сақалының иек тұсын ғана қырып, өзге жағын мұртына тұтастыра, еркіне қоя берген, алақандай айран көз, қайқы мұрын, кең танау, қапсағай, зор денелі кісі болатын. Мінезі шектен шыққан қаһар, қымс етсе қамшы үйіріп сабап тастайды. Сақал-шашы ерте бурылданған оны қазақтар «Көк бұқа» дейді; орыс тілінде бугай бұқа, «біздің» Бугаев жәй емес, «сүзеген бұқа», сондықтан Атбасар төңірегіндегі қазақтар: «Боз бұқаның сүзуінен сақта!» деген тілек-бата шығарып алған. Қазақ даласында ашылған ірілі-уақты жәрмеңкелерде, «бажы алу» деген болған, ол – мал айдап әкелгендерден «ауыз оты», яғни жеріне оттағаны үшін, жергілікті адамдардың ақы төлеттіруі. «Жергілікті» дегендер – түгелге жақын қазақ-орыстар, өйткені, үлкені болсын, кішісі болсын, жәрмеңкелер, солардың станицаларында өтеді. Жәрмеңке ашыларда әскерше киініп, салт ат мінген, қаруларын асынған қазақ-орыстар топтасып жүріп, сатарман малдар жайылған төңіректі кезеді де бажысы алынған малдың санына бояудан белгі соғып береді. Ол кезде ақшасы жоқ қазақтар: тері-терсек, жүн-жұрқа сияқты нәрселер төлейді, немесе, тоқты-торым сияқты уақ қаралар береді. Боз бұқаның өзіндік бажысы бар: ол жас күнінен, орыстар «телятина» деп атайтын бұзау етіне құмар, сондықтан бажыға, тек тірі бұзауды ғана алады. Атбасар жәрмеңкесі алғаш, кішкене боп ашылған жылы, оған сиыр малы өте сирек түскен, себебі, маңайлаған көшпелі ауылдар малдың бұл түлігін бақпайтын, тек кең далаға сирек қоныстанған орыс селоларын ғана әкелетін, олардың көбі – қазақ-орыстар. Боз бұқаның оларға тісі батпайды... «Сиыр малы базарда пұл болады» деген қауесетпен, қазақтар да сиыр жинай бастап, жәрмеңкеге жылдан-жыл көбейте әкелуге айналған, солардың бұзау атаулысы – Боз бұқанікі. Оған қазақтар қыңқ етпейді, себебі, басқа сояры жоқ біреу болмаса, олар бұзау түгіл сиырдың етін де жемейді, оны «сасық» деп менсінбейді, бұзау етін ауызға салуға болмайтын «жылбысқа» көреді. Боз бұқаның әрбір жәрмеңкеде бажыға жинап алған бұзаулары, келесі жәрмеңкеге дейін жеуіне еркін жетеді. Биылғы мол жәрмеңкенің ашылған күні бажы жинауға шыққан Боз бұқа, базарға бұзаулы сиырын әкелген бір қазақ кедейіне кездесе кетті. Ерте туып марқайған, енесінің сүті жағымды бұзау, үрген қуықтай сеп-семіз, доп-домалақ екен. Оған бірден қызыға қалған Боз бұқа, қазақша шалағай тілімен.

– Әй, қырғыз, бері кел! – деді атын тебіне жақындап.

– Мені қайтесің? – деді қазақ қозғалмай.

– Әкел, бері, анау бұзауды!

– Неге?

– Байла, мұнау шилбирга! – деп Боз бұқа ұзын қайыс шылбырының ұшын ұсынды.

– Неге байлаймын?!..

– Әккел, әккел!.. Әйтпесе мукулаш жейсің! – деп, Боз бұқа қамшылы қолының түйген жұдырығын көрсетті. Боз бұқаны танымайтын қазақ, бұл қылықтарын қалжың көріп, енді тілдеспей теріс қарай беріп еді:

– Түс, аттан! – деді түсін суытып, қасына ерген ондыққа (десятник). Ол түсті. – Байла анау бұзауды мойнынан шылбырыңмен! Теріс қараған қазақ, енесін емуге ыңғайланған бұзауды ондықтың ноқталаған шылбырды басына кигізгенін байқай алмай қалды. Ол, тек, сүйрелеуге көнбей көткеншектеген бұзауды, ат үстінен қамшымен ұрмақ болған Боз бұқаның «а, ну, соп, халера!» деген даусына бұрылғанда ғана көрді. «Бұнысы несі?!» деп шошып кеткен қазақ ноқтаның бау жағынан ұстап алғанша, үші Боз бұқаның қолына тиіп үлгерді. Қарулы Боз бұқа атын тебініп, бұзауды сүйрей жөнелмек болғанда, қазақ жармаса кетті. Ол да қарулы екен. Екеуі теке-тіреспен тұрғанда, суырып әкетуіне сенбеген Боз бұқа, қолындағы дырау қамшымен қазақты, шашы бүгін ғана алынған тақыр басына бар пәрменімен тартып кеп жіберді. Өткір қамшы осып жіберген бастан күрең-қызыл қан бұрқ ете түсіп, самайынан төмен қарай саулай жөнелді... Қазақты ол тағы да осқылай берер ме еді, қайтер еді, егер, сырт жағынан өз басына да қатты бірдеме сарт ете қалмаса!.. Оның басынан да қара қан жоси жөнелді. Бұл Шоқанның қамшысы еді. Жәрмеңкенің тиыштығын сақтауға келген Батыс Сібірдің, соғыс губернаторы – полковник Гутковский, өзі сырттан бақылаушы болуға жәрмеңке ашылуын жұртқа биік мінберден Шоқанға жариялатқан. Оның кім екенін білетін жұрт:

– «Шоқынды» дегені қайда?!.. «Қазақ тілін ұмытып қапты» дегені қайда?!.. Мынауың қазақша сайрап тұр ғой! Өзі қалай ділмар еді! – деп қайран қалған. Сонда қасында тұрған Гутковский, жиналыс. ыдырай:

– Ендігісін де өзің басқар, – деп, Шоқанды базарда қалдырып, өзі «тынығам» деп шатырына кетіп қалған. Қызғылықты базардың қызығына тоймай, қасына ерткен ондық пен және Тоқымбетпен базар ішін аралап жүрген Шоқан, Боз бұқаға кездесе кетті. Оның қылықтарын анадайдан, байқаған Шоқан, атын тебініп жеткенше, бұзауға таласқан қазақтың басынан Боз бұқа қан саулатып та үлгерді. Бұл оқиғаның не екенін Шоқан айтпай жорамалдады, өйткені оның қылықтарын естуден құлағы сарсыған еді. Міне, сондай өкім-зорлығының біреуі көз алдынан кездесе кеткен соң, буған ызаның еркімен бұл да Боз бұқаға қамшы жұмсады... Қатты соққан қамшыдан есеңгіреп қала жаздаған Боз бұқа, «бұ не болды?!» дегендей, ауырған тұсын алақанымен сипамақ болып еді, алақаны саулаған қанға тиіп жылп ете түсті. Не болғанын сонда ғана аңғарған ол, «кім, бұл?» дегендей жалт қараса, бұған дейін танысып үлгерген Шоқан Уәлиханов!.. Оның жәрмеңкедегі правосы үлкен болғанмен, Боз бұқадан чині кіші, жасы кіші, оның үстіне, «қырғыз» сондықтан, танысқаннан бері тәртіп сақтап, сыйлаған болып жүргенмен, ішінен «қырғыз да начальник болып па?!» деп менсінбей жүрген. Міне, енді сол «қырғыз» қамшы соғып, басын қанатты!.. Осы ойдан Боз бұқаны қазақ-орыс атаулының арғы-бергі намысының бәрі кернеп кетіп, сол намыстың екпінімен, сол жағына асынған қылышын қынабынан қалай суырып, Шоқанға қарай қалай көтергенін білмей де қалды. Ол шауып жіберер ме еді, қайтер еді, егер араларына киліге берген Тоқымбет қылышты қолын шап бере ұстай алмаса!.. Ол ұстай алумен ғана тоқырамай, қарулы қолмен, қылышты қолды бұрып жібергенде, буыны шығып кете жаздаған қолдан қылыш жерге түсіп кетті. Бұл хабарды естіген Гутковский, ертеңгі базар ашылар алдында, мінбер төңірегіне жұртты жинатты да, солардың көзінше, Боз бұқаның қаруларын, пагонын, белбеуін сыпырып ап, шендерін сыпыратынын жариялап, абыройын айрандай төкті. Боз бұқаға шамасы келетін жан жоқ деп шайтын жұрт, Шоқанға да, Гутковскийге де сансыз алғыс айтты. Жәрмеңкеге шыбын ызыңдамайтын тиыштық орнады. Шоқанның қарулы әскердің қоршауында келуінен және Саққұлақ бастаған іргелі елдің қамқор болуынан сескенген жаулар жағы енді тіпті бұқты. Сонда да тым-тырыс жатуға шыдамады олар, әсіресе – Малтабар. Айжанға қатты қызыққан оның, қашан қолына ілектіргенше, «қанаттыға қақтырмайды, тұмсықтыға шоқытпайды» деп сенгені Шыңғыс пен Зейнеп еді. Ордадан Атбасарға сол сеніммен аттанған ол, «Шыңғыс Айжанды Сырымбеттегі ауру әкесіне жіберіпті» деген хабарды естігенде, «бұ несі?!» деп қайран қалды. Іле себебін де білді. Бірақ, Шоқан төре басымен төлеңгітінің, оның ішінде ең сорлысының қызына иіліп келе қояды дегенге сенген жоқ. Сөйтіп жүргенде қазақтың ұзын құлағы Омбыдан Атбасарға беттеп аттанған жолының бойында Шоқанның қайда тоқырап, не істегенін айна-қатесіз жеткізді де отырды. Оған қарсы шабуыл жасауға ақшадан басқа күші жоқ, қарастырып көрсе, ақшаның бас сұғар жері жоқ... Не істеуге білмей аңырған Малтабардың құлағына, Айжан мәселесінде, Зейнептің Шоқанға жақтас екені де, Шыңғыстың қарсы екені де шалынды. Соған есек дәмелі болып қалған Малтабар: «Сұлтанға сәлем айт, көнбесін, уәделі ақшамды жәрмеңкеден қайтқан жолы қолына ұстатып кетем» деп астыртын кісі де жіберді. Ол «Шыңғыстың солқылдап қапты, тегі көп тегеуріні шыдатпай, көніп те қалған қалпы бар» деп қайтты. Бұл үміті де үзілгендей болған Малтабар, ендігі сенімін Шоқанға қарсы ұрыларға жүктеп еді, ел талқысына түскен олар да тиянақты болмай шықты. Енді не істеу керек? «Осы жәрмеңкеде кісі өлтіргіштер бар дейді» дегенге, ол жасырын адамдар жұмсап іздетті; біреулер табылған сияқтанды оған, көп ақшаны Шоқанды өлтіргеннен кейін бермек боп, азымен аузын майлап еді, ретін келтіре алмады ма, көбін артынан беруіне сенбей, азына қолын бұлғағысы келмеді ме – ол із-тұзсыз көрінбей кетті. Содан кейін табылғандармен «қанша бересің?», «қанша аласың?» саудасы ғана болды да, ешбір тиянаққа келген жоқ. «Мінезі тігін дейді, ұнатпағанын бас салып сабайды дейді, өшігіп іздеп жүр дейді», деген қауесетпен, Малтабардың өзі, Шоқан жүрген жерге жоламады, қапыда бірен-саран үстінен түскенде, қалың топтың арасына тығылып қалды... «Ақшаның алмайтыны жоқ» деген сенімдегі Малтабардың, ол құрғырға бірінші рет өкпелеуі осы ғана. Өзінше намысы бар оның, Айжан жолынан ақша аянар ниеті жоқ. Оны алудың реті келмеген күнде де, жолында жолбарыстай жатып ап, тілеуінен тайдырған Шоқанның көзін жоюға, ең кемі, атақ-абыройын кетіруге жәрдемі тисе, ақшаны қанша болса да шашатын!.. Бұл тілеуі де күннен-күн кесіліп келеді: Шоқанның жәрмеңкеге келе көтеріле бастаған атақ-абыройы, сазды жердің бәйтерегіңдей, күн сайын мәуеленіп биіктеп барады! Оның не өзіне, не тамырына шабар балта көріну түгіл естілмейді. Малтабарға жүктеген үміті буалдырланып кеткен жау жағы, енді оның жеке қара басын мұқатарлық күш іздеді, сонда тапқаны – қарақшы Қожықтың өткірлігімен де, қайраттылығымен де, өжеттігімен де, сөзуарлығымен де ел аузына іліккен, тоғыз ұлдан кейін көріп еркелеткен, еркекшора ғып есірген «жалғызы» – Нарғыз еді, ерке аты – Нарша. Ол ағаларына еріп ұлыққа аттанатын, солардың қатарында сойыл соғатын, шапқан аттың құлағында ойнайтын. Өңі – сіңір қара, аласалау тарамыс денесі тастай қатты, қара кемір шашының талдары жылқының ту құйрығындай, ойнақшыған қап-қара көзді, қарулы, қайсар дейтін. Бір мезетте Шоқанды, Қозған руының байы – Сәдібектің Сәркесі шақырады деген хабар дүңк ете түсті. Шоқанды шақыруға Сәркенің Шоқанмен тұстас, «Жамбай мырза» атанған баласы – Жамангөздің өзі келді. Ол Шоқанға тамақ ішкізіп қана жібермей, базардың сері жігіт, сұлу қыздарын бірге шақыру арқылы, бірер күн қызық-қызметке ойын-сауыққа бөлемек болды. Сол оймен, Шоқанның достары түгіл дұшпандарынан Бәубектің Мағзұмын, Медебайдың Құлғарасын, Қожықтың Текебейын, Тілемістің Ташатын тағы сондайларды қоса шақырды.

– Ие бола аламысың? – деген әкесіне:

– Төрт момынның баласы Шоқанды қорғауда тас-түйін екенін біледі олар, тырп ете алмайды. Егер әрекет шек болса, оларға алпыс ауыл, Қозған – Қақсалдың да әлі келеді, – деді. Сәркенің үй тіктірген жері, – көлденең, Есілге жақын, дау тұста «Түйе қамыс» аталатын аумағы ат шаптырым Қарасудың жағасы еді. Суда балық та көп, құс та көп, майқоғасы–май, сүйрігі бал татиды; қасқа, қайран, суатына мал тұяғы батпайды, жиегі күлтелеген жібектей жасыл шалғын, айналасы ұйпаланған шүйгін... Шоқанның келуіне байланысты, бұл жағаға, іші жасаулы бірнеше ақ үй тігілді. Шақырылған мезгілге Шоқан да, Ынжық балалары мен Құлғарадан басқалары да түгел жетті. Гутковский де шақырылған еді, ол «басым ауырдыны», сылтау ғып келмей қалды. Анығында, қашқаны – ет. Жас ет жесе, ішіне тоқтамайды. Жамангөз Шоқанды шара барғанда,–«шіркей шақпауына кепіл болайын, сояуларын шошайтып, солдаттарыңды ертпей-ақ қой, тиісті қыз-бозбала оларыңнан сескенеді де, ойын-сауығының сиқы болмайды» деген. Және бір өтініші: «Қазақы киімдерін, бар деп есітем, мынау үстіңдегі тылтиған солдат киімін тастап, қазақша киініп кел!» Сол сөздерге құлақ асқан Шоқан, қазақша киінді де, қасына: Шыңғыстың кенже қарындасы – Үкіні алған Шөбектің Сердалысын, нағашысы,– Мұсаның өзі келмей, «сен бар» деп жұмсаған баласы – Садуақасты, Сасық байдың шешен баласы – Мырзабекті ертіп келді. Шоқан келе, ойын-сауық басталып кетті. «Жастар, өздерің бірыңғай болыңдар» деп Шоқанның сәлемін алғаннан кейін, Жамангөздің қонақтар түскен үйіне Сәрке де, ол құралыптылар да жолаған жоқ. Шақырылған қыз-бозбала үсті-үстіне келіп жатты. Олар, әрине «пәленше-екен, түгенше-екен» деген атақтылардың ғана балалары. Былайғыларды жан-жақтағы алысқа қойылған тосқауылдар жолатпайды... Жұрттың басы құрала келе, қандай кең кигіз үй болса да сыймайтын болды. Күн ырайы сол бір тұста жылы да, ашық та еді. Жиналған көпшіліктен кет дері жоғын көрген Жамангөз, мәжілістің көл жағасында өтуін ұсынды. Жастар оған ризаласқаннан кейін, ауыл адамдары төсеніш тасымақ болып еді:

– Бұл араның қалың бетегесі, мамық бөстекке бергісіз екен; соның үстіне отырамыз, – деп Шоқан алдыртпады. Мәжіліс қыза берген шақта, сол тұсқа таяу, көктемде таситын суы шілде туа құрғап қалатын өн-бойына қалың қоғажай өсетін сайдан үш салтты қылт ете қалды. Сол шақта әлде не ақын, әлде не қызық жырды айтып, көпшіліктің көңілін ұйытқандықтан салттыларды абайламады. Олар: Қожықтың Нарғызы, тетелес ағасы – Қанғожа, қалыңын төлеген, бірақ әлі үйленбеген күйеуі, – Медебайдың Құлғарасы еді. Бәрі де мойындарына садақ асынған, белдеріне қылыш байлаған, оқшантайлары жебеге сірескен, ерлерінің қасына шоқпар ілген, бастарына – дулыға, үстеріне шығыршықты сауыт киген, қамшылары жуан қарулылар. Қаннен қаперсіз отырған жұрт, оларды қастарына жақындап қалған аттар дүбірінен аңғарды да, түрлерінен түршіге қалды, әсіресе, Қожық балалары екенін танығандар. Мәжілістің қызығына батқан Шоқан, таялып келген қарулы салттыларға мән бергенмен, ақынның жырын да қимай, айта беруін өтініп еді, әлдекім салттылардың кімдер екенін құлағына сыбырлағанда, ет жүрегі сескеніп, көппен бірге орнынан түрегелді.

– Шыңғыстың Шоқаны деген қайсының? – деді Нарғыз, кескін және киім жобасынан оны шамалай тұра, әдейі:

– Мен! – деді Нарғыздың атынан да, қылық-мінездерінен де хабары бар Шоқан, сөз әлпетін байқап алғанша білмеген бола тұрғысы кеп.

– Ә-ә... Жақсы!.. Өте жақсы! – деді, Шоқанның түр-тұлғасы көңіліне ұнай қалған Нарғыз, атын тебіне жақындап,– «Мақаштың Қожығы деген кісіні біледі» деп естіген ек, мен соның қызымын... Атым – Нарғыз...

– Ә-ә...

– Жақсыны көрмек үшін» дейді. «Шыңғыстың жақсы туған бір баласы бар» деген соң, «өзі дүниенің оқуын тауысқан» деген соң, әдейі көруге келдің оны сөкпессің.

– Неге сөгем?

– Қожықта тоғыз ұл бар, олардан туғандарды қосқанда еркек кіндіктіміз – он жеті. Сенімен теңдесуге жарайтындары да аз емес. солар келмей, менің неге келіп тұрғанымды білемісің?

– Қайдам...

– «Қожық тұқымын мұрнынан тізіп айдап әкетеді» дегеннен қорқып!..

– Өзің қалай келдің, онда?

– Сені «орыс болып кетті» деп естіп, «орыс ұрғашыны сыйлайды» деген соң... Бұл әзіл-оспақты Жамангөз бөліп жіберді.

– Әу, бикеш, – деді ол Нарғызға, – жүзіңе танық болғанмен, атыңа қанық ек. «Әзілің жарасса атаңмен ойна» депті. Шоқанмен екеуін, жақсы әзіл бастадыңдар. Ендігі сөзді аттан түсіп, алқа-қотан отырып кеңессеңдер қайтеді?

– Маған ат үсті де жетеді...

– Дәм бар, Шоқанмен табақтас болып сыбағаңды же!..

– Сыбағамды жеп болсам сенен. Шоқанға қарап: – кем Қожық, (Жамангөзді қолымен нұсқап) бұның «сегіз мың жылқылы Сәдібек» атанған бабасымен ерегісіп, сегіз жүз жылқысын тапа-тал түсте отарынан айдап ап сіңіріп кеткен. – Рас па, Жамангөз?

– Солай болған деседі, – деді Жамангөз, болған істен тана алмай.

– Сыбағама жете ме, сол? – деді Нарғыз Шоқанға қайнаңдай қарап.

– Көбірек те сияқты, – деді Шоқан Нарғыздың өрлігіне іштей риза болғандай.

– Оны айтсаң, – деді Нарғыз өршеленіп, сенің қайынағаң Бағаналы Ерден, әкесі Сандыбайға жер күңіренте ас беріп, нөкерімен барған әкемді лайықты үйге түсірмей, өкпелеген әкем желісін қиып, тапа-тал түсте сауын биелерін зырылдауық тартып айдай жөнелткен. Сонда қумақ болған Ерденге шешесі Сары бәйбіше: «Ол жасанған жау, саған алдырмайды және қалың қопаның қабанына ұқсаған түрі жаман, маңайласаң жарып тастайды, оған сен емес, мен барайын» деп «Сағым сары» аталатын екпіні ұшқан құсты шалатын жорғасымен жеткен екен де, ағып өтіп, алдыңдағы бір төбеде атынан түсіп тосқан екен; бәйбішені таныған әкем «неге келді екен, білейін» деп барады, Е онда, бәйбіше әкемнің сәлемін алмай: «Әй, Қожық, аңнан туып па ең, адамнан туып па ең?» –деген де, әкем «жеңдің, бәйбіше!» деп жылқысын қайырған екен; бәйбіше әкемді ерте барып, «Ерденнің айыбы» деп, ақ отаулы қыз, айғыр үйір жылқы берген екен. – Рас па, әлеумет?

– Рас, – десті бірнеше адам.

– Маған неге айтып тұрсың, бұларды? – деді Шоқан.

– Сол Ерденнің жыл сайын құрсағы құрғамай балалай беретің жуан бөксе, жалқаяқ семіз сары бәйбіше боларлық қызын алмай, бір күңіңді алады деп естідім, рас па? Шоқан үндемей қалды.

– Ол өзіңнің жұмысың, – деді Нарғыз, – мен өз жұмысымды айтам да, өзімше қайтам.

– Иә?..

– Сені әкеме өш деп естідім. Ұры емес ол, барымташы. Оған үйреткен – өз ағаң Кенесары. Ол ағаңның қырғыздар кескен басының қу сүйегі Омбыда, өз қолыңда деп есітем... Сен де өшіктіре берме жұртты. «Иттің иесі болса, түлкінің тәңірісі бар» деген. Бізде ел-жұрт бар. Екіталайда бізге де қабырғасы қайысатындар аз емес. Оларды айтпағанда, Мақаштың кіндігінен жаралғандар да кегін жібермейді. Қыз екеш – қыз мен де мына қаруларыммен қанға қан қайтара алам! – деп, Нарғыз мойнына асынған садағын суыра берді. «Өзіне ата ма» деген қауіппен шегіншектеген Шоқанды, қасындағылардың кейбірі садақтан жасқанғанмен, кейбірі қоршай қойды, тасадағы Тоқбет те мылтығын оңтайлай бастады. Нарғыз иығынан жылдам қимылмен садақты сыпырды да, оқшантайдан бір оқты суырып, түйенің мойнақ қайысынан көрген сірестің орта тұсына айырынан қадап, үзеңгіден суырған сол аяғын, бүккен тізесін ердің қасына тірей оқ қадаған сіресті оң қолымен мықшия кері тартқанда, садақтың қыртысын еменнен жасалған сауыры доғадай иіле қалды. Сол қалпымен, ет асылған жер-ошақты төңіректеген тазы итті нысанаға алып, тартып кеп жібергенде, ысылдай ұшқан ұзын оқтың жебесі, иттің қос өкпесінен кірш ете түсті. Қаңқ етіп, оршып түскен бейғам иттің шамасы, бетімен лағып, бес-алты адымдай жерге баруға ғана жетті де, омақаса құлады. Тегі, жебе жанды жеріне терең қадалу керек. өлер алдында аяқтарын тырбаңдатудан басқа қимылға шамасы келмеді. Аздан кейін сұлық бола қалды. Иттің иесі тазысына оқ тие:

– Ойбай-ай, енді қайтейін!..– деп тұра жүгірді де, иті өле ашуға булыққан кескінмен бері оралын, Нарғызға бірдеме деу бейнесін көрсеткенде:

– Әй кет былай! – деді, әлгінде қауіптеніп жасқанған, Нарғыз итті атқанда мергендігіне сүйсінген Шоқан, қоршаған топ ішінен суырыла шығып:

– Аттық итім еді... – деген ит иесіне: Түйелік болса да мен төлейін, – деді. Келе ғой, – деді ит иесіне Нарғыз, айбарлы кескінмен оқшантайынан тағы бір оғын суыруға оңтайланып, – тамұққа өзіңді де итіңнің артынан жөнелтейін!.. «Шынында да сөйтер!» деп қорыққан ит иесі, қалың топтың ішіне тығыла берді.

– Біздің оқ осылай тиеді! – деді ол Шоқанға масаттана қарайды,

– Жарайсың! – деді Шоқан.

– Ал енді қылышымның қимылын көрсетейін бе?

– Көрсет.

– Қолыңа ораған ағың жібек пе?

– Иә,

– Бері әкел!

Шоқан, «оны қайтесің?» деместен, жұқа жібек шарфын мойнынан суырды да:

– Бер анау қызға! – деді серігіне.

– Мынаған деді Нарғыз, ағасы Қанғожаны нұсқап. Ол алды да, теке мүйізінен күміспен нақыштап жасаған шақшысын бір бұрышына түйді. Нарғыз сол жағына асқан қайқы ауыр қылышын қынабынан суыра берді. Қанғожаның Шоқан берген шарфтың бұрышына шақша түюі, жұқа шүберек биік ұшсын дегені. Осылай істеу оның дағдысы. Ол қарындасының:

– Ал, ат аспанға! – деген бұйрығымен, уысына жентектеген шарфты жоғары қарай сілтеп кеп жіберді. Шамалы жерден төмендеп, кеулеген желден желбіреп келе жатқан жұқа жібекті, төбесіне жақындай орта тұсын ала, Нарғыз қылышпен тартып кеп қалды... Қылыш шүберекті қақ айыр оның төнген жұрт, жерге түскенде ғана көрді.

– О, ғажап! – деп қалды жұрт бір ауыздан. Оларға Шоқанның да үні қосылды.

– Біздің қылыш осылай қырқады! – деді Нарғыз, масаттана түсіп.

– Рас!..

– Ал, кеттік! – деді ол серіктеріне.

Асқа қаратудан күдер үзген Жамангөз:

– Қыз-ойнақ кешке болады, алтыбақан құрылады, кел! – деді, кетуге атының басын бұра берген Нарғызға.

– Егер Шоқан менімен қатар отырса! – деді Нарғыз.

– Отырам! – деді Шоқан.

Нарғыз да, серіктері де аттарын тебіне жөнеліп, ілезде терең сайға жоқ болды.

– Келмейді, – деді біреулер.

– Келеді, – деді Шоқан.

Қазақтан бұндай қыз шығуы Шоқанның өңі түгіл түсіне кірмеген. Бұл не ғажап көрініс?! Қарасу жағасына кешке «алтыбақан» құрылып, дәстүрлі ойындар жүріп жатты. «Қалада өскен тік бақай» дегенмен, қазақы ойындарды білуде Шоқан ауылдың байырғы жігіттерінен кем емес екен. Оның кемдіктері: домбыраны шерте білмейді, қазақ әндерінің бірталайын білгенмен, айтуға даусының нашарлығынан қорғанады. Ойын қызып жатқан шақта, өзге дүниені ұмытқан қыз-бозбаланың біреуінің де есіне Нарғыз кірген жоқ. Оны ойынға қайтып оралады деп ешкім ойлаған жоқ. Тек оның қара қабыланның қаншығына ұқсаған түр-тұрпаты Шоқанға ғана ара-тұра елестеп, әлгі жоқ болып кеткен сайын қараңғы түнде бірде адам, бірде аң бейнесінде қараңдап келе жатқан сияқтанды; бірақ ол Нарғыздың «келем» деген сөзін кекесінге, я қылжаққа жорып, орала қояр деген жоқ... Бір кезде сай жақтан шырқыраған, дүбірлеген дыбыстар естіле қалды. Ойыншылар оған алаңдай бастағанда, екі салт елең етті. «Нарғыз болар ма?!» Алтыбақанға таяна, салттының біреуі атынан қарғын түсті де, екіншісіне, «мә ұста атты!» деп шылбырын ұсынды. Әйел даусы!..

«Бұл, әрине, Нарғыз!..»

Сол екен. Қасындағысы Құлғара.

– Неге ақырдыңдар? – деді ол топқа жақындай, – Шоқан қайда?

– Мұндамын!..

– Сертіңе сен жетсең, мен жеттім. Кәне, отырамыз ба әткеншекке қатар?

– Отырамыз!..

– Кел, ендеше!..

Шоқанды қолтықтап алды да, әткеншектің доңғалана салбырап тұрған үш арқанының оң жақтағысына таяна беpіп бойы жетер жоғарыдан жіпке секіріп мініп:

– Ал, мырза, сен қайтесің? – деді Шоқанға.

– Қыз қарғыған биікке мен де қарғи алам...

– Ендеше, кел!..

Шоқан да қарғып, Нарғыздың қасына отырды. Қарсы жаққа да бір қыз, бір бозбала отырды. Төртеуі орта арқанға аяқтарын тіреген кезде, әлдекімдердің күшті қолдары шайқаған әткеншек ерсілі-қарсылы ырғала, аспандай жөнелді... Нарғыз сол қолымен арқаннан ұстады да, оң қолымен Шоқанның аш белін қаусырып алды. Әдейі ме, әлде екпінді шайқаудан құлармын деп қорқа ма, Шоқанға кенедей жабысып, белін қатты қысады: жаратылысы солай ма, әлде қызыққа қызынуы ма, денесінің ыстық лебі, Шоқанның жабысқан жағын бусандырып барады... Бала кезінде теуіп, одан кейін ұмытып кеткен әткеншекке шыдау, Шоқанға алғаш ете қиынға соқты. Арқандарды ырғаушы жігіттердің қолдары қарулы ма, әлде екпіндеп алған қимыл, физиканың үдеу заңына бағынуы ма, бірден қатты шайқалған әткеншек жоғары көтерілгенде, сол күні аспанда жиі жылтырай қалған жұлдыздардың қалың ішіне үңгігендей, төмен құлдырағанда, жеті қабат жер астына түсіп кеткендей әсер берді. Шоқанның басы айналып, есінен танғандай, жүрегі өрекпіп құсқысы келгендей болды... Бірақ құспады ол. Төңіректі қоршаушыларға да, ырғаушыларға да, қасында қадала жабысқан Нарғызға да шала-шарпы есімен сыр бермеуге тырысты, өйтуді намыс көрді. Мінген қыл арқанның таңын қылыштай қиып бара жатумен ол сонда ғана сезді. Намысына тырысқан Шоқан оған да шыдап бақты, әткеншек тоқтамай, дыбыс бермеуге бекінді. Басында, Шоқанды «қалай шыдар екен» дегендей, әткеншекті қатты ырғаған қарулы жігіттер біраздан кейін шыдауына көзі жеткенде бәсеңдете ақырын ырғады. Таңын қыл арқанның қиюын ұмытып кеткен Шоқан, төңірегін сабырмен шолуға кірісті. Сол кезде манадан бергі жарық ай да көкжиекке жасырынып, жұлдызы жыпырлаған аспан түнере, жер беті қарауыта қалған еді. Шоқанға кең даланың сол кездегі келбеті Гетенің «Фауст» аталатын драмалық поэмасындағы «Вальпургия түніне», немесе Гогольдің Май түні» аталатын хикая поэмасына ұқсап кетті. «Екеуінің қайсысына көбірек ұқсайды?» дегенде, «Валъпургиядан» гөрі, «Май түніне» жуықтау сияқты, өйткені, «Вальпургия» жын-шайтандардың сауығы, «Май түні» адамдар сауығы; бірақ, мына қазақ даласында болып жатқан сиқырлы көрініс «Май түнінен» де өзгеше. «Май түні» тоғайлы Днепр жағасында өтіп жатқан кешті сипаттаса, Атбасар даласындағы түн: ормансыз, таусыз, өзені, көлдері жырақ, ұшы-қиырына көңіл болмаса, көз жетпейтін жап-жалпақ, теп-тегіс бұйратты шөл далада етіп жатыр. Бұның да тылсымы күңгірлей сөйлеп тұрған, сыры сан алуан құлпырып тұрған, тек өзіне тәуелді сиқырлы көрінісі бар!.. Гете мен Гогольдің поэмаларын аузының суы құри қызыға оқыған Шоқанның, олардай ғажап суреттер қазақ даласынан да кездесуі, ояудағы есіне түгіл, ұйқыдағы түсіне де кірген жоқ-ты. Атбасар даласының бүгінгі түндегі сиқырлы көрінісі де ғажайып: жан-жақта жыпырлай жалындаған есепсіз көп от, кең даланың өн бойына тұтас жайылып жатқан сияқты. Олардың қалыңдығы аспандағы жиі жұлдыздан бетер!.. Кең даланы кернеген ән бір-біріне ұласа, тұтасып кеткен. Оған, базарға айдалып, үйірінен айрылған малдардың, қалың жиналған базаршылардың мазасы кеткен аңдар мен құстардың, шырылдаған шегірткелердің дыбыстары қосылып, адам мен хайуанат әлемі тамаша бір ансамбльдің артистеріне айналғандай!.. Не деген ғажап көрініс, не деген ғажап үндер!.. Шіркін, осындай көркемдік пен келісімділікті кемеліне келтіре суреттей алатын Гетелер мен Гогольдер қазақтан да шықса!.. Нарғыз келгенше, жиналған жастардың алтыбақанға деген қарығы басылып қалған еді, сондықтан Нарғыз бен Шоқаннан кейін тебуге құмарлар табылмай, ойынның өзге түрлері басталып кетті. Солардың бірі,– Арғынның «Алтай», «Қарпық» аталатын руларынан басқа елде сирек ұшырасатын «татулық» ойыны. Оның мәні: өзге ойындар бітуге таянған шақта, осы ойынды басқарушы «хан», ойынның барлық қызметін жұптанып көрген қыздар мен боз-балаларды «енді татулық ойындар» деп, «уәзірлеріне» бұйрық беріп, жұп-жұбымен кең далаға бытыратып жібереді... Осы ойын басталғанда, «кетеміз» деп Нарғыз құлшынды да, ондай ойынды көрмек түгіл естімеген Шоқан, көпшіліктен қымсынып тартыншақтанды. Бірақ, «хан» әмірі орындалып, «уәзірлер» екеуің алысырақ тұстағы қалың шидің арасына айдап салды.

Жұрттан оңашалана, сөзді Нарғыз бастап кетті:

– Арғы атаң Абылайдың он бес қатыны, отыз ұлы, қызы болыпты деп есітеміз, – деді ол. – Бергі атаң Уәліде жеті қатын бопты дейді...

– Олар неге қажет болды саған? – деді Шоқан кенет кеңеске елеңдеп.

– Мәні бар. Тыңда!..

– Тыңдадық...– деді Шоқан, ар жағын естігісі кеп.

– Шешең Зейнеп әкеңнен мықты шығып, қос қатынға қолын жеткізбеген дейді...

– Рас...

– Сонысына қарамай, әкең саған толып жатқан жерден қыз атастырып қойған дейді...

– Мәселен?

– Тобыл бойының аға сұлтаны – Жантөренің Ахметінің, Обаған бойындағы Сибанның байы – Өздембайдың Өсібінің, Бағаналы Сандыбайдың Ерденінің...

Қайдан естідің бұларды?

Жұрт естігенді мен естімей не бопты? Оларды азсынсаң, Омбыдағы жанаралдың жиенін де алады деген қауесет те бар. Қайсысын қашан алушы едің олардың?

– Бәрі де бос сөз...

– «Күңіңе үйленеді» деген ше? – деді Нарғыз, бетіне бұрыла қарап. Шоқан үндей алмай қалды.

– Оны «көрікті қыз» деседі. Бірақ, күң ғой ол? Сен хан тұқымысың ғой және орыс әпесері. Әкеңмен арпалыста көрінесің. Сенен гөрі оның іргесі берігірек қой!.. Түптегенде ол жеңеді.

– Оны көре жатарсың, – деді Шоқан. – Сонда маған айтқың келгені не?

– Орысыңды білмеймін. Анау қыздардың үшеуін де көрдім. Олар баланы төпеп таба беретін сал бөкселер. Ep іc– ер, серіге–сері боларлық біреуі жоқ.

– Ондайлар қайдан табылады? – деді Шоқан қуланып.

– Іздесе неге табылмасын. Ел ғой, – деді Нарғыз салмақпен.

– «Тапқаным – өзің десем қайтер ең?» – деді Шоқан құйқылжыған дауыспен.

– Мен айта қалғандай-ақ қатын болар ем саған, – деді Нарғыз демін ауыр алып. – Бірақ, ол болмайтын іс.

– Неге? – деді Шоқан қылжақтаған дауыспен.

– Басы байланған мал, ешқайда кете алмайды, мен – солмын.

– Түсінбедім.

– Түсінбесең, мана күндіз де, әлгінде де солбырайып қасыма еріп жүрген сөмпек қара, қалыңымды түгел төлеп қойған күйеуім; ол,– өзің менің әкеммен қоса ұстағалы жүрген атақты Медебай батырдың жалғыз баласы – Құлғара!..

– А-а-а...– деп Шоқан ойланып қалған қалпын көрсетті.

– Тәңірінің бұйрығы солай болды! – деді Нарғыз демін соза алып.

– Сол бұйрықты бұзса қайтер еді?

– Қалай?!..

– Орыс заңымен.

– Ол – орыс заңы. Қазақ, заңы басқа.

– Ол да күшті заң!

– Әй, Шоқан, Шоқан! – деді Нарғыз басын шайқап, – қанша ақылдымын, білімдімін дегеніңмен, әлі талқыны аз көрген қайыссың ғой. Бәрі де оңай көрінеді саған, алабұртқан албырт бетіңде!.. «Бекіре балықтың тұмсығы тасқа тимей қайтпайды» дегендей, тасты сүзбей қайтпайсың ғой, сен бұл бетіңнен!.. «Мынау бір ағып тұрған данышпан ғой!» деп ойлап қалған Шоқан сөзін бөліп:

– Осынша кең ой, мына жұдырықтай басыңның тар сүйегіне қалай сыйып тұр! – деді.

– Мені қойшы, тәйірі, – деді, ойының жалғасынан жаңылмай тұрған Нарғыз, – әкенің оң жағында далдаңдап жүргенмен, «байтал шауып бәйге алмайды» дегендей, қанша ұзаққа шабар дейсің. Біреудің босағасына қатын боп кірген соң-ақ өзге қазақ қызы сияқты, менің де барар жер, басар тауым – от басы, ошақ қасы ғана болады. Содан кейін «қатын қайраттанса, қазан қайнатадының» кебін кием!

– О, ақылдым! – деді Шоқан, даусын соза, Нарғызды құшақтай ап орыс риза болған адамын сүйеді. Сені сүюге бола ма?

– Ол – орыс, мен – қазақ. Қазақ қызы жаласып-жұқтасуды жек көреді.

– Қыз бозбалалар неге сүйіседі ендеше?

– Олар менен басқалар...

Шоқанға сөз таусылып қалған сияқтанды. Енді кері қайтқаннан басқа ештеңе жоқ. Кейін қайтқанда екеуі де бірнеше қадам аттағанша үндеспеді. Ойы «дәуде болса, әкесі жайында жүрген болар» дегенге тоқыраған Шоқан:

- Нарғыз! – деді топқа таяна.

- Әу.

- Бір сертке тұра аламысың?

- Қандай?

– Әкең мен ағаларыңның ұрлық-зорлығын қойғыза аламысың?

– Қайдам!

– Мына қалпыңмен қойғыза алуға күшің жетеді.

– Сонда?

– Ешкімнің тие алмауына мен кепіл болар ем.

– Қалай?

– Омбыға жиналған көрсету қағаздарды түгелімен ермер едім де, іздерін тып-типыл қылар ем.

– Қолыңнан келе ме осы?

– Келеді. Өйткені, қағаз атаулы менің қолымда.

– Рас қой? – деді Нарғыз, қуанышты үнмен, жүрістен бөгеліп қарсыма-қарсы тұра қап.

– Рас!

– Ендеше...– деп Шоқанды бассалып құшақтады да, ернін ерніне қатты жапсыра, құшырланып сүйді. Лебі оттай екен. Көзінен сорғалаған тамшылар, еңкейе құшақтаған Шоқанның бетін жыбырлата шайып кетті...

ӨНЕР ӨРІНДЕ

«Жүрген аяққа жөргем ілінеді» дегендей, бұл сапарын жүлделі жолға санаған Шоқан, тағы бір табысқа бөлене қалды: Атбасар жәрмеңкесі тиыштықпен тарар алдында келушілер мен тұрған халық бірлесіп, той тарқар жасауға келісті. Онда, өзге ойындармен қатар ат шабыс пен палуан күресі болмақ, екеуінің де бәйгесі – залог, ол – әркім қалаған атына да, палуанына да бәсекелесіп мал я ақша тігу; бұл – қазақ, даласына қазақ-орыстар әкелген салт; олар үлкенді-кішілі жәрмеңкелердің бәрінде де бұл салтын қолданбай қойған емес. Бәсекеде залогке жиналған көп мал, көп ақшадан жиырма жүйрік пен он пар палуанға бәйге тігілді. Аттар Атбасардан отыз-қырық шақырымдағы Терісаққан өзенінің Есілге құйылатын сағасынан шабылмақ болды, жарысқа жүзден астам ат кетті. Күрес Жабай мен Керегетас өзендерінің түйіскен тұсындағы кең жазықта өтетін болды, жан-жағы, осындай жиналыс боларын болжап табиғаттың өзі әдейі жасағандай, екі өзеннің сатылана ескен аңғары. Күрес көргісі келгендер соларды жағалай отырғанда, Шоқанның есіне, суретін кітаптан көрген көне Рим амфитеатры елестеп кетті. Бірақ, театр тәрізді дөңгелене біткен бұл алқап, адам қолынан жасалған театр атаулының бәрінен де әлдеқайда кең. Рим қаласындағы ең зор амфитеатр Колизейге жетпіс мың кісі сыяды десе, бұл арадағы жиын жүз мыңдай бар!.. Күрес пен Бәйгеге қызымпаз қазақтар, бұндай жиынды жанжалмен аяқтайтынын білетін Гутковский, даяшылық қызметті әскерге тапсырып, басқаруға Шоқанды тағайындады. Күреске түсушілер: қазақтан, орыстан, татардан өзбектен дегендей, әр ұлттан. Солардың өзгелері майда ашық кескінмен шыққанда, екеуі бастарын бүркеніп келді. Сырт тұлғалары ұсқынды. Ірі бойларының биіктігі шамалас олардың біреуі – бесті бұқадай күжірейген жуан, екіншісі – семізден жараған бесті аттай сидам, жұмыр. Балақтарын түрінген балтырларына қарағанда, жуан, көмірдей қара; сидам сүйріктей-ақ... Екеуінің де қазақ екені лақаптарынан байқалады: жуан – «Бура палуан», жіңішке – «Кер тайлақ». Залог салу жобаларына қарағанда. «Бураны» Көкшетау дуанының қазақтары, «Тайлақты» Қарқаралының қазақтары шығарып отырған сияқты... Олардың қайдан және кімдер екенін ешкім айтпайды... Майданға «Бураны» Қарқаралы атынан Мөшкенің Қазанғабы8 , «Тайлақты» Көкшетау атынан Кішкентайдың Аққошқары алып шықты. Екеуі де екі дуанның дөйлері, соған қарағанда, палуандар да дөйлер болу керек. Бұл екі палуанды өзгелерден бұрын шығаруға Шоқан себеп болды: «Ит қорыған жерге өш» дегендей, бастары бүркеулі бұларды тез жұлқыстырып, бәйгені қайсысы алуына, салт ат үстіндегі Шоқан құштар да; кітаптан, баяғы көне Римде, Колизейде арыстан, жолбарыс, бұқа сияқты сұмдықтармен арпалысуға, өз ара қылыштасып қырқысуға гладиаторлардың бастары осылай бүркеніп шығатынын оқығаны бар; қазақ арасының күреске бүйтіп келетінін көрмек түгіл, естіген емес. Даяшылар бүркеп алып келген палуандарының жамылтқыларын сыпырды да, әрқайсысы өз палуанданына «бағың ашылсын» деп қоя берді. Олар шайнасатын бурадай, сүзісетін бұқадай аз уақыт аңдысты да, ұстасуды «Тайлағы бұрын бастап, жалаңаш кеудесіне кіндік тұсынан буған қайыс белбеуге жармаса кетті. Бұл «Бураның» ішіне кіріп үлгергенше, ол белдеме тұсынан қаусыра құшақтап үлгерді. Әдіс алысқылары келгендей, екеуі де аз дем қозғалмай тұрған қалыптарында тас болып қата қалды. Енді не болар?!.. Шоқанның тілеуі «Тайлақта» тұр: жасөспірім қайыңдай оны анау таудан құлаған кесек тастай, түбірімен құлатып баса қала ма деп зәресі жоқ. Күрестіруші екі жақ та ұран шақырып, азан-қазан, у-шу!.. Шоқан ешқайсысына қосылмайды. Оның ішкі тілеуі «Тайлақта» екенін айттық... Бір кезде, аллам сақтасын, үстінен албастыдай басқан «Бураны», салмаққа майысып барып, сынбай түзеліп ауырлықты серпіп жіберген емендей, «Тайлақ» «һауп!» деді, арқалай жөнелді. Анау күш бермеуге тырысып тырбаңдаған аяқтарын жерге жеткізе алмады, «Тайлақ оны үйіре жөнеліп, айналдырып апарып тастап кеп жіберді, неге екенін білмеді, Шоқанның көзінен жас ыршып кетті. «Бура», тегі талып қалған болу керек, жығылған жерінен қозғалмай сұлық жатты; жыққанменен, күшінен асқан болу керек, бойын жазбақ болған «Тайлақ» сенделіп кетті; оны көрген Шоқан атынан қарғып түсіп құшақтай алды, кескініне сонда түссе – аумаған Жайнақ!..

– Өй, Жайнақ! – деп қалды ол.

– Қанаш! – деді анау ентіккен демін зорға алып.

Екеуі де еңіреп құшақтаса кетті.

Оқиға былай екен: баяғыда, әлде не төренің ұзатқан қызына жетімдікке берілген Жайнақ, ірі жігіт болып өсіпті де, он алты жасынан палуанға түсіп, жамбасы әлі күнге жерге тимепті. Содан аты көтеріле бастаған оны, бір сәтте Қарқаралы дуанының аға сұлтаны–Құрбек иемденіп жүрген адамынан қалап ап, әлденеше бәйгеге ие бопты. Атбасар жәрмеңкесіне де сол әкелген екен... Құшағын жазған Шоқан, Жайнақты босатпастан, күресті бір төбенің басында қызықтап отырған Гутковскийге алып келді де, аз сөзбен мән-жайын айтып берді.

– Мен сұрап ала алмаймын мұны, – деді ол полковникке, – сіз ғана ала аласыз... Кісі жіберіп шақыртқан Құсбек қорқатын Гутковскийге Жайнақты бермеймін дей алмады. Гутковский ақыл иесі кісі еді. Көп көзінде жарқылдауды жек көретін ол, Атбасарға келгенде де, жәрмеңке күндерінде де жарқылдамай, жұпыны түрде ғана жүрді де, Омбыға қайтарда да сөйтті. Шоқан мен ол екі жаққа аттанды: Гутковский Омбыға тік тартатын жолмен, Шоқан, – «Ақаннан Құлаайғыр өзеніне көшіпті» деген ордаға. «Құлаайғыр» Омбы жолынан кеп бұрыс. Сонда да бармауға болмайды: Жолтабардың Мұқаны арқылы шешесінен алған хабарға қарағанда, амалсыздық аралынан шыға алмаған Шыңғыс, Шоқанның Айжанды алуына көніпті, бірақ, қалай?.. Ол жайды ошақбасы отырып ақылдаспақ болыпты; «бұл жолы алып кетем» деуіне, өлмей көнер емес дейді. Онысына Шоқан қынжылмады. Жайнақ ордаға онымен бірге баратын болды. Сонда бір шүйке басты қолына ұстатады да, Айжанды қолына беріп, екеуі орданың қоңсысы бола кетеді... Гутковский Айжан жайын естіген. Оның қызы – Катеринаға Шоқанды үйленеді деп жорыған біреу Шоқан мен оны араздастырмақ болып, үстінен барлық жағдайды баяндайтын «домалақ қағаз» түсірген. Гуманист Гутковский оған мән бермеген, хат алғанын Шоқанға сездірмеген, жақсы көретін көңіліне қаяу түсірмей, іштей «кімді алса да еркі» деген тұжырымға келген. Шыңғыс Шоқанды жыландай жиырыла қарсы алды. Бірақ, Зейнеп күн бұрын иін қандырып тастаған ол, тек қанын ішіне тарта сұрланып, ажар бермегені ғана болмаса, көңіліне келер қылық та көрсеткен жоқ, сөз де айтқан жоқ. Шоқан әкесінің салқындығына мән бермей, өз мақсатын іске асырды. Бұл беттегі оның басты мақсаты – Жайнақты орналастыру еді. Ол үшін, ең алдымен, үйлендіру керек. Шоқанның құлағын қаққан жел бойынша, Атбасардан бірге еріп келе жатқан Жолтабардың Мұқанын да бой жетіп отырған, сымбатты бір қарындас бар. Соны Жайнаққа атастырмақ болып тамырын басып көріп еді, Жайнақтың жігітшілігін жоғары бағалайтын ол, сөз айтпай көне кетті.

– «Теңі келсе тегін бер» деген, – деді ол. – Жасы жеткенше ешкімге уәде бермеуім – ақылы кемелденсін де, теңін тапсын деп ем. Ондай теңін құдайдың өзі айдап әкелді. Бұл маған ұнайды. Маған ұнаған, қарындасыма да ұнайды. Тек қана айтарым: «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу жоқ» деген. Өзі Жолтабардың қызы, Мұқанның қарындасы бола тұра, ат артына мінгестіріп жіберуім, ел-жұрттан ұят болар; әрі әкесі өлген жетім бала, «Мұқанға не болған, бүйтіп?!» деген сынға қалармын. Сенің жүрісің тығыз көрінеді. Жолыңнан қалма. «Маған ұнады» дегенмен, күйеу мен қалыңдық бірін-бірі көрсін. Еншалла, ұнатысар, содан кейін жер күңіренте той жасап, үстіне үй тігіп, алдына төрт түліктен мал салып ұзатам. Екеуі осыған келісті. Үйін түсіргеннен кейін, Айжанды Жайнақ қолына алатын болды. «Күтушілері» деген сылтаумен, Жайнақтың үйі орданың қасына тігілуді Зейнеп мақұлдады. Шыңғыс та қарсы болған жоқ. Оның жаман ойы: «ажарлы қызға кім қызықпайтын еді? Құмартқанның талайы қалып қоймайтын ба еді? Шоқан да сөйтер! Жалғыз тәуір осы деймісің! Бұдан да тәуірлер табылар, соларға әулігіп, безінер де кетер!» Жайнақты да, Айжанды да жайғастырдым деп көңілі көншіген, «Омбыға тез жетем» деп Гутковскийге уәде берген Шоқан, әке тілегін орындағандай, жолдағы Айжанға »дейі соқпай, Омбыға тете жолмен тік тартты. Ордадан Омбыға ылаулатып аттанған Шоқанның, ұзақ жолдың ен бойында басын билеген ойы: Омбыдан Атбасар барып, одан кейін оралғанға дейін көрген-білгені. Соның бәрін қорытып келсе, сәтті сапар болыпты. Ең алдымен, жайылымдағы қалың қойдан адасып қап, қайда барарын білмей, жапан түзде жалғыз маңырап жүрген жетімек қозыдай Айжанды, осы сапарында кездескенге дейін, оны қамаған қасқырлар «әне жейді, міне жейді!» деген қауіпте еді. Кездескеннен кейін оны өз қамқорлығына алып, қасқырлар түгіл жолбарыстар мен арыстандар жолай алмайтын халға келтірді. Екінші, бала кезіндегі досы Жайнақты, әкесі Шыңғыс әлде не төренің ұзатқан қызының түйесіне мінгізіп, жетімдікке беріп жіберді» дегенді естігенде жаны түршіге қайғырып, оны азат етуді өмірдегі ең зор мақсатының біріне санаған еді. Сол Жайнақ, Атбасар жәрмеңкесінде әлдеқалай ұшыраса қап, не жабайы біреу емес, елдің атақты палуаны түрінде ұшырап, оны еркіне шығарды да, үстіне үй тіктіретін қойнына қалыңдық салатың орда қасына қоңсы қонатын халға жеткізді. Үшінші, «шеше – кеме» деген мәтелдің шындығына кемі айқын жетті. Бұрын да жақсы көретін шешесін ол, енді шексіз сүйіп қайтты. Қанша қатігездік көрсеткенмен, әкесін де ол сөккен жоқ. Несіне сөгеді? Оның халіндегі адам шексіз, шекпенсіз қалай күн көре алады? Бар тіршілігі соған байланысты болған соң, ең алдымен, өз өлмеуін ойлайтын ол, шенің шекпенін сақтауға қажет болса, қандай қымбатты болса да құрмалдыққа шалады, солардың ішінде, қатыны мен баласын да. Сөйтуге шімірікпес-ақ еді ол, егер күші жете алмай қалмаса!.. Үй ішінің күшіне төтеп беріп-ақ бағар еді, егер ел-жұрт болып салмақ салмаса!.. Ел-жұрт!.. Оның не екенін Шоқан осы сапарында ғана аңдады. Сапарға шыққанға дейін, оның түсінігінде, хандығынан айрылған, отарлық халға түскен «қазақ» атты елдің береке-бірлігі кетіп, бассыздық белең алып, бірін-бірі тыңдауды қойған, өзара атыс-шабыс көбейген, ел болудан қалған. Енді, ішіне кіре көрсе, олай емес. Қазақ елінің де бұзығынан түзігі көп. Оларда береке-бірлік күшті. Сол бірлік болмаса, Малтабардың миллиондаған ақшасымен, зорлықшыл қара күштер, ең алдымен Шоқанның өзін жаншып тастар еді, өйте алмады олар «Көп қорқытады, терең батырады» деген рас екен. Шоқанға қастық қолдануға қамданған азшылық қамқор көпшіліктің терең теңізіне батып кетті. «Ел іші – алтын бесік» деген де рас екен. Жақсы көретін ұлы – Шоқанды жаудан арашалаған олар, ел мейірімінің «алтын бесігіне» берік бөледі де, бермеді!.. Шоқанның қазақ елдігінен байқаған игіліктері бұл ғана емес. Онық ата-бабасынан бері құралып келе жатқан қымбаттарының қоры мол екен. Көне Европаның, көне Россияның мәдениет тарихын, әсіресе фольклорын жақсы білетін Шоқан, қазақ мұраларынан дүниежүзілік қымбат қорларға саналатын мұраларға, әсіресе, рухани» мүліктерге толып жатқан ұқсастық тапты. Бір мысал, шешендік сөз. Шоқанның атың ісін кітаптан көріп, шешендігіне бас ұрған бір адамы – көне Римнің Цицероны еді. Ондайлардың қазақта да барын, Шоқан Атбасар жәрмеңкесінде көзімен көріп, сөздерін құлағымен естіді. Оған әсіресе: Қанжығалы – Асаубаймен, Қарауыл – Мырзабек ұнады. Олар «ылдидан шапса төске озған, ертеден шапса кешке озған, томаға көзді қасқа азбан» сияқтылар. Өзара әзіл-оспақпен қағысқанда, олар әдістеніп қалған тазы мен қасқырдай, біріне бірі көпке дейін алдырмайды; көпшілігі беріспей, жеңіспей кетеді. «Билер» аталатындардың бас қосуын, Шоқан көне Грециядағы Акропольде судьялардың мәжілістеріне ұқсатты. Солар сияқты қазақ билері де бірін-бірі шешендікпен, яғни сөз логикасының ұтымдылығымен алысады екен. Қазақта – «сыйынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын» деген мақал план шыққан сияқты. Мықты, яғни тапқыр би, қорғаған адамын қандай қиындықтан алып шығатын көрінеді. Билердің ішінде қазақ, заңына жүйріктер де аз емес екен. Олар «Қасым ханның қасқа билігі», «Есім ханның ескі биілігі», Әз Тәукенің «жеті жарғысы» деген сияқты, қазақ, халқының заңдық кодексіне айналған шешімдерді жақсы біледі. Әз Тәукенің «жеті жарғысы», Шоқанға көне римнің «он екі таспасы» (таблица) сияқтанып кетті. Шоқая қазақтың музыкалық және сөздік фольклорында шек пен шет жоғын көрді. Көп не көрнекті музыканттар ішімен оның есінде үш адам ерекше сақталды: Бірі – Сіргелі Уақтан шыққан қобызшы – Қоңырдың Дайрабайы. Көп заманнан атадан балаға мұра болып келе жатқан, еменнің иір тұсынан жасалған, ұстала, майлана келе қарайып, темірдей тырсылдап қатайып алған қайқы қобызды Дайрабай сөйлеткенде, үні ағаштікі емес, адамдікі сияқтанып, нелер ғажап оқиғаларды түсінікті тілде айтып береді де, тыңдаушысын жылатып, күлдіріп, қайғыртып, қуантып, сүйсіндіріп, күйіндіріп дегендей нелер халге түсіреді. Сонымен қабат, оның күйлері, оқиғалық жағынан біріне бірі жалғасқан қазақ тарихы. Қазақ өмірін баяғы заманда ажалдан қашып құтыла алмаған Қорқыт зарынан бастайды да, монғол Шыңғыс хан кезіндегі «Ақсақ құлан, Жошы ханға» соғып, аяғын Шоқанның өз атасы – «Абылайдың ала байрағымен» тындырады. Осы екі арадағы пәлен жүз жылда, қазақ халқының басынан өткен жеңіс-жеңілістердің көбіне музыкалық талдау жасайды. Мұндай күйлердің бәрі шын мағынасындағы: драмасы, трагедиясы, комедиясы аралас, тыңдауға қызық поэмалар. Дайрәбайдың өзі қызық адам екен: ұзындау денесі сөмпектеу келген, иықтары қушық, қоңыр өңді, көздері шүңірек орақ мұрын; жасы жетпісті алқымдағанмен, түсі көмірдей қара шоқша ұзын сақалына да, сирек ұзын мұртына да әлі қылау түспеген. Жүресінен отыра ғап, қобыздың қияғын қыл шегіне ысқылағанда жуан саусақтары аспанда қанаттарын ғана дірілдетіп, басқа қимыл жасамай сайраған боз торғай сияқтанып кетеді. Екіншісі, Сибан Сүйіндік батыр тартатын сыбызғы. Кәдімгі далада өсетін қуыс қурайдың түбірін және ұшар бұтағын кесіп тастап, бұтақтарын аршып, құлжаның өңешімен қаптап, төменгі жағына, перне орнына сегіз тесік жасап, саңғырата кептіріп алғанда бұл тіптен әуенді келеді. Дембелше толық денелі, жуан мойынды, көсе кескінді Сүйіндіктің, сыбызғы түбін қисайтып алған сол жақ ұртының азуына тірей, ішіне бар қуатымен дем бергенде, күшке түскен күйден күре тамыры білеудей боп, көздері шарасынан шатынай шығып, күрең тартқан беті Ісіне қалады. Шоқанның шамалауынша, сыбызғының өзіне тәуелді күйлері бар сияқты. Мәселен, жау айдаған жылқыдан мекеніне қашқан боз айғырды жолда бес қасқыр қамап, солармен алысқан айғырдың орқырай тістесіп, тепкілей тулай, арқырай кісінегенін баяндайтын «Боз айғыр» жау шауып кеткен елде, жар астында жатып қап, ұйқысынан ояна табынын іздеген бұқаның жолшыбай жолыққан жолбарыспен өкіре, мөңірей алысқанын сипаттайтын «Тарғыл бұқа», айрылған ботасын іздеп боздаған «Боз іңген» тағы тағылар. Үшінші – домбыра. Қобыз бен сыбызғыға қарағанда, ол бертінірек жасалған, және күнделік өмірмен тығыз байланысты аспап сияқты. Бұның, да талай күйшілерімен кездескен Шоқанның есінде – жас та болса ел ішіне «Сайдалының сары Тоқасы» атағына ие болған, жас мөлшері өзінен аз-ақ қалқыңқы, томпақ көз, жирен түкті жігіт. Тоқа өсе-келе де сотқар болып, өкімет оны жуық арада Семей жаққа жер аударған екен де, домбырашы ол айдауда жүріп, «Саржайлау» деген күй шығарған екен. Жерін сағыну тақырыбына шығарған бұл күй, тыңдаушының тұлабойын ерітіп Шоқанды да сөйтіп, ол көзіне жас алды. Тоқаның одан басқа: «Қосбасар», «Терісқақпай» деген екі күйі де ғажап екен. Бұл күйлерді тартқанда, домбыраның екі шегінің, сегіз пернесінің асты-үстін түгел сөйлетіп, нелер әдемі үндер шығарды. Сол үндерден Европаның ең көп дауысты аспабы – фортепьяноның барлық дыбысын естуге болады. Шоқан бұл сапарда әншілердің де талайын тыңдады. Кадет корпусында музыка сабағында өткен ол, ноталарды және дауыстар бөлшектерін білетін еді. Қазақ, әншілеріне осы жақтан қараса, бас та, баритондар да, тенорлары да, олардың драмалық лирикалық түрлеріне бөлінетіндері де бар. Әйел дауыстары да сопрано мен альтоның түрлеріне жүйеленіп кетеді. Бір ғажабы – орысқа араласқанға дейінгі қазақ әндері «гөй-гөй» аталып, биік шырқалатын сияқты көретін; сөйтсе асқақтай шалқып кетеді екен. Соңғы жүйелі әндердің, ең биігі де, ең құлпырмалысы да Біржан әндері сияқты. Шоқанның оқыған шығармаларынан Нарғызға ұқсатқаны,– Проспер Мерименің «Кармен» аталатын хикаясының бас кейіпкері – Кармен. Шоқан оны француз тілінде оқыған. «Түсінің тоттанған жездей жылтыр қоңырлығынан» да, «бойының тарамыс шапаттылығынан» да, «қасқырдың қаншығынша құныға қарауынан» да, жүріс-тұрысының «бедеу байталдай оңтайлылығынан» да, өткір мінез-қылықтарынан да Нарғыз – нақ сол!.. Бірақ, ол Кармендей Кордов жылқы заводының қорасында, қамауда өскен «бедеу» емес, қазақтың ұшы-қиырсыз кең даласында туып ескен. Сонда і.асына еріп жүрген «күйеу болмысы» – Медебайдың Құлғарасы, «Кармендегі» Данкайредей бұны жауынан қорғау қамында еле ала ма? Әлде жәй бір Далбаса ғана ма? Карменді сүйгені өлтірді де, қабірін пышақпен қазып көмді!.. Нарғыздың тіршілігі немен тынбақ?.. Цыган қызы Кармен, ерлік жолында «бандит» аталған әйел. Ал, Нарғыз ше? Ерлік пе оныкі, ұрлық па? Бұндай адам өз ажалынан өлген емес; оны біреу өлтіреді де, не өзін өзі өлтіреді; қайсысы болса да, Нарғызды да алдынан күткен ажал сондай... Кашли кездеседі ол?.. Оқырман көпшілікке бұл сұраулардың жауабын, романның алғашқы беттерінде береміз. Әзірше романның тартылып келе жатқан желісінен шықпайық. Қазақтың Шоқан естіген музыкалық фольклоры соншалық бай болса, сөздік фольклоры одан да бай сияқты. Есебі жоқ ертегілерді былай қойғанда лирикалық және эпикалық шығармалардың өзі ұшан-теңіз. Батырлық эпостарда «Игорь полкі туралы сөзге» ұқсайтын «Ер тарғын» сияқтылар, лиро-эпостарда «Ромео Джульеттаға ұқсайтын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқтылар кездеседі. Ұлттық өзгешеліктермен қатар, бұлардың адамгершілік сарындары бір; көне Европаның эпостарында бастан-аяқ өрбіп отыратын мифологияның, қазақ эпостарында жұқа ғана элементтері бар реалистік жағынан, қазақ, эпостары, орта ғасырлардағы жазба әдебиетіне ұқсаңқырайды. Және бір көңіл бөлетін жағы, «батырлық жыр» аталатындар, оқиғалық жағынан біріне бірі жалғасып, өзара тізбек (цикл) болып кетеді екен. Мысалы: Уақ батырдан – қара қасқа атты Қамбар, одан Ер Көкше, одан Ер Қосай, одан Сары Баян... деген сияқты. Қазақ, эпостарында Шоқанды қайран қалдырған – ат образдары; батырлардың біріне бірі ұқсамауы сияқты, олар мінетін тұлпарлар да бірі мен бірі дараланған; европалық эпостармен жақсы таныс Шоқанға, отырықшы европадан шыққан жыршылар, жылқы өсірген көшпелі елдердің жыршыларындай малды, соның ішінде ер серігі атты бейнелей алмайтын сияқты. Театр тәрізді фольклор ше?.. Шоқан олардан: «Ақындар айтысын» көне гректің екі артист қана ойнайтын дианис театрына, қыз-бозбаланың «хан жақсы ма?» аталатын ойынның көне римнің – «сатурналиіне», көне елдердің «мим» аталатын театрын қазақтың «үндемесі» мен «мыршымына»; базарда топтасып өнер көрсететіндерді француздың «жәрмеңкелік» аталатын театрының, немесе орыста «скоморохтар» деп атайтын халықтық театрдың артистеріне балады. Қазақта: «ойыншы, күлдіргі, қу, мысқылшыл, сықаққой, қылжақ» аталатындардың бәрі де табиғатында артист болып туғандар. Жыршыларда да артистер аз емес, мысалы «Алпамысты» жырлаған Атығай Шауыпкел, «Қозы Көрпешті» жырлаған Бағаналы Жанақ, – батырдың да, шалдың да, кемпірдің де, қыздың да, жалшының да, қысқасы, осы шығармаға қатынасушылардың бәрін де өз даусымен, өзіне тәуелді қимылдармен керемет қызғылықты ғып көрсетіп береді. Бұл артистіктің европада жоқ түрі. Бақсылар ше? Бұғы бабайдың баяндауымен, шаман дінінен аздаған мәліметі бар Шоқан, кездескенше оларды сол діннен қалған шарлағандар (алдаушылар) деп есептейтін еді; Атбасар жәрмеңкесіне олар да қаптап келген екен. Сонда, байқауынша, көпшілігі шатпақ-шарлағандар болғанмен, ішінде шын мағынасындағы арбағыштар да (гипнотизер) аз емес екен. Мысалы, Сибан-Тұяқ бақсы көптің көзінше қызарған қызу темірді тілімен жалайды, табанына басады, үйде отырып есіктен кіріп келгенде, қайдан, қалай шығып үлгергенін сезбейсің; қобызға үй хайуандарының бәрінің де даусын салып, қойларды маңыратады, сиырларды мөңіретеді, жылқыларды кісінетеді, түйелерді боздатады... Сөйткенін Шоқан көзімен көрді. «Аңдарды да солай жақындатады» дейді, «жыланды інінен шығарады» дейді. «Бұл, әрине, гипноза! – деп санайды, қаладағы гипнотизерлердің нелер ғажап фокустерін көрген Шоқан, – бұлар да, әрине, болашағы зор өнер!..» Атбасарда көрген осылардың бәрін көз алдына келтіріп қорытқанда, қазақ халқы ғасырлар бойы жасаған өнер мұраларының молдығына Шоқан қайран қалды. Ол тек екі нәрсеге ғана өкінеді. Бірі – бұл мұраларды әлі жинаған, зерттеген адам жоқ. Ауыздан ауызға мұра атаулылардың бәрі бірдей көше бермейді, бір түрлері есіп те, бір түрлері өшіп те жатады. Солардың ішінде теңіз түбіне тұнған асыл тастардай, іздеуші мен табушысын күтетіндер де аз болмау керек. Қашан шығады ол күткендер?! Шоқанның екінші өкініші: аталған қымбаттар қанша құнды болғанмен, олар өткен замандардың мүліктері. Көне мүліктерін бағалай, керектілерін іске асыра отырып, Европа мен Россия ол күндерден қазір әлдеқайда ілгері кетті! Оларда қазір оқу да, ғылым да, өнер де, әдебиет •іс үздіксіз өркендеу жолында келді... Россияға жақтасқан жылдардың ішінде жұтқа ұшырамай, жау шабуылына ілінбей, ашаршылық көрмей, былайынша, азат өсіп келе жатқан қазақ, елінің тұрмыс күйі де біркелкі тәуір еді. Ішінде байлары да, кедейлері де бола тұра, қарасыз отқа қарап отырған шаруа ауыл ішінде кемде-кем болатын. Сондықтан, кедей жағы тапшы тұрғанмен, аштан өлгені кездеспейтін қайыр сұраған бірен-саран ғана ұшырасатын. Оның үстіне кең далада жазы-қысы үдере көшіп, еркін, таза ауаның мұхитында жүзіп жүргендіктен, мал бағудан басқа бейнеті болмағандықтан, адамдары денелі де, ажарлы да болатын. Әсіресе қыз-бозбалалары. Олар, қазақтың «сұлу қыз, әсем жігіт бәрі сонда» деген өлеңіне куә боларлықтай. Бұларды көрген Шоқан «халқымның түр-тұлғасы осындай екен-ау!» дегендей, шаттанды да. Бірақ, не керек, бәрі де бүгінгі думанына мәз, ертең не боларын білмейтін шыли надандар. Шоқанға ең өкініші осы. Осы өкінішінің үстіне, қараңғы қазақ Шоқанға бір қатты опық жегізді: Кадет корпусында оның сурет пен музыка сабақтарын да жақсы өткенін білеміз. Сол білімін Атбасар жәрмеңкесінде іске асырып, қызғылықты талай нәрсенің қарындашпен бейнесін түсірген еді де, жақсы көрген ән-күйлердің нотасын да жазған еді. Олар бірі – қалың, бірі – жұқа екі альбом толтырған. Бұл өнерлерден хабары толық Гутковскийге көрсеткенде, – «шын шеберлік және өте бағалы» деген баға берген осы альбомдары бір күні із-түзсіз жоғалды да кетті. Ұрлатушылар, – «адам сүгіретін салуға болмайды» деген ұғымдағы надан діншілдер. Көп алым алып ұрлап беруші – Тоқбет, Шоқан қанша тіміскілетсе де ізін таба алмады. Сөйтіп, қайран қымбат еңбектері надандықтың түпсіз теңізіне табылмастай батты да кетті!.. Бұған қатты ренжи отыра, Шоқан өзінің де, елінің де жарқын болашағынан күдер үзген жоқ. Үміті – қазақ елі қазіргі күйінде мәдениет түрені тимеген құнарлы тың топырақ сияқты екен: не ексең де бұрқырап ене кететін!.. Тек тұқымы, азығы күні жетсін!..

ЕКІНШІ БӨЛІМ

СІБІРДЕГІ САБАҚТАР

ҚУ ЖӘНЕ ҚУЫС БАСТАР

Шоқан омбыға оралғанда, Гасфорттың, қысқы сарайында бұдан он шақты күн бұрын басталған салтанатты той аяқталып келеді екен. Тойды ол ұлан-асыр ғып жасаған. Себебі: Омбыдан Кетрампорға9, «ең жеңілі пышаққа түсіп қана жазылам (операция), әйтпесе өлем» деген қорқынышпен аттанған ол, екі қатерден де аман құтылып, мекеніне қаз қалпында келді. Илиади Кетрампорға онымен бірге аттанған еді. «Сырқаты – бүйрегіне тас байлану» деп жорамалдаған ол, сол кезде мұндай науқасқа, тек Германияда ғана қолданылатын азын-аулақ таблеткасын содан ала келіп, ешкімге білдірмей сақтап жүрген әнатин дәрісінің бірер капсулін жолға шыға Гасфортқа жолшыбай жұтқызған да, содан азапты жаны аз да болса жәй тапқан. Кетрампорға сырқаты бәсеңдеп жеткен Гасфортқа, ондағы дәрігерлер марендер дейтін дәріні ерітіп, қызғылт түсті сұйықты қантқа тамызған да, жұмаға жақын уақыт жегізген. Сөйтіп бақылағанда, несебіне араласып, әуелі қызғылт түсті, ірімтік ұсақ тастар түсіп, арты құмға айналып кеткен, жұмадан аса несебі дағдылы қалпына келіп, ішті бүрген сырқат тоқтаған. Содан кейін, емхана «сырқат жазылды» деп қорытып, қайталамауына қажет ақылдарын айтқан да, Гасфортты Омбыға қайтарған. Қуанышына үлкен той жасаған Гасфорт, тек екі нәрсеге ғана іштей өкінген: бірі – майлы тамаққа құмар және мешкей оны емхананың бұл тағамнан ең кемі екі жылға дейін тыюы; екіншісі – стопкасыз тағам татпайтын кейде сілейгенше ішетін арақтан тыюы. Сәтті өткерген сырқаттың зардабы батқан Гасфорт, той үстінде қанша қызыққанмен, бұларды тата алмады. Тойдың ақырғы жағына ғана іліккен Шоқан, бай дастарқанның сарқытын ғана татты да, қызметін атқаруға кірісті. Оның белгіленген қызметі Гасфортқа атұлтандық екенін біз өткен тараудан білеміз Туған елінің тұрмысымен тереңдей танысқаннан кейін, орыспен салыстырғанда оның саясаттық, шаруашылық, мәдениеттік жағдайлары әлдеқайда төмендігін көрді. Бұндай халден қалай құтқару туралы кейбір жоспар да жасады. Соларын іске асыруда Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Гасфортты пайдалану ниетіне кірді. Адъютанттық қызметіне кіріскен Шоқанға, іс жағынан пәлендей ауыртпалық түсе қойған жоқ. Төрт адъютанттың әрқайсысына арнаулы қызмет жүктейтін Гасфорттың Шоқанға тапсырғаны: Батыс Сібірлік кеңселердің күн сайын ертемен келіп, өткен күнде нелер болғаның бүгін атқаратын нелер барын рапорттауын тыңдап ап, Гасфортқа хабарлау, жеңіл-желпілерін өзі тындырып жіберу; екіншісі, саятқа құмар Гасфорттың оған байланысты қажеттерін басқару. Бірінші тапсырманы бұлжытпай орындаған Шоқанның мінез-құлықтарына ерекше көз салған адамы Гасфорттың өзі болды. Алғашқы күндерден-ақ байқауынша, мансабы – «Батыс Сібірдің генерал-губернаторы» аталып, «патшаның оқ көзі (наместник) саналғанымен, ол мемлекеттік істердің біреуімен шұқшия шұғылданбайды екен. Оның күн сайынғы кәсібі: таңертең кешірек оянып туалеттерін асықпай, бабымен жасап алады да, сарай қорасының өзінен және дене күтушісінен басқа жан бас сұқпайтын қоршаулы бөлшегіне кіріп дене шынықтыру қимылдарын жасайды. (Әділетін айтқанда, бұл жүйеде ол айта қалғандай спортсмен. Бұл жайда ол атаққа шыққан кісі. Сондықтан да семіздігіне қарамай, оның адъютанттарына дос-жарандарына ұстатып, көрсетуді ұнататын бұлшық еттері тастай). Содан кейін ол «семіріп кетем» деуді дәлел ғып, сәскелік асты жеңіл ғана ішеді де, адъютанттарын кезек-кезек қабылдап рапорттарын тыңдайды. Қабылдауға қажет чиновниктер болса, қандай қауырт іс болмасын, түстен кейінгі сағаттарға қалдырады. Рапорттарды тыңдағаннан кейін кәсібі, салт атпен серуенге шығу. Өзін ескі кавалериске санайтын ол, атқа да мықты: ертеден қара кешке жорту мен шабуға қажымайды. Салт аңшыласа ертері, «атқа жақсы жүреді» деп санайтын Шоқан ғана. Кейде топ ертіп ақшалай қалатыны да бар. Өйткен шағында, кей күні «орыс тазысы» аталатын денесі, әсіресе бас бітімі сұлу, өресі биік қаруы мол, адымы адуынды иттерін ертеді, олары бір қора. Түлкіні, қоянды құтқармай қағатын олар, жекпе-жек жұлқысында қасқырды да жеңеді, жұбын қосқанда аюға да шамалары келеді. Спортпен сонша шұғылданатын Гасфорт, кеңселік міндеттерін орындауда, дүние бүлініп жатсын, қара су теріс ағып жатсын, қың етпейді. Қазақтық мәселелерге де ол сондай. Шоқан адъютант болғанға дейін, Сібірде қызмет атқарған он шақты жылда, Гасфорт қарамағындағы қазақтың алты дуанының біреуіне де аяқ аттап көрген жоқ екен. Сондықтан оларда не болып, не қойып жатқанына құлағы тығындаулы. Қазақ өмірінен түк білмейтін оның, бұл елдің, тұрмысы туралы пайдаланатыны өсек-аяң, ғана. Осындай мән-жайын көргеннен кейін, Шоқан Атбасар сапарында көрген-білгендері туралы, әсіресе, қазақ елін басқару жайлары туралы айтпақ болған сөздерінің біреуінің де бетін ашпады. Несіне ашады? Гасфорттың ол жайда ойлану түгіл, өйтуге талаптанар ниеті де сезілмейді. Сондай қалыптағы Гасфорттың қазақ елі туралы кейде ақылға қонымсыз, іске асқысыз әлденелерді былшылдап кететіні де бар. Мысалы, бір күні, қызмет бабымен кабинетіне кірген Шоқанды ол кідіртті де:

– Қазақта жылқы көп деген рас па? – деп сұрады.

– Солай сияқты, – деп Шоқан өзі көрген, я естіген қазақтың біраз жылқылы байларын атап берді. Сол жылқылардың кейбір тақыршылық немесе мұздақты қыстарда жұтқа ұшырап қырылып қалуы туралы сөз болғанда:

– Егер ат қора жасап, қыс сонда күттірсе қайтер еді? – деді Гасфорт. Шоқан жауап орнына күлді.

– Неге күлесің?

– Ол мүмкін емес, Жоғары мәртебелім.

– Неге?!

– Қазақ арасында он, он бес, жиырма мың жылқысы бар байлар бар. Мың жылқылылар жиі ұшырасады. Соның бәріне қора қайдан жетеді? Шөп қайдан жетеді?

– Жетеді! – деді Гасфорт сенімді дауыспен.

– Қалай, Жоғары мәртебелім?

– Сібірдің ағашы миллиондаған түгіл, миллнардтаған жылқыға қора бола алады.

– Ол рас, Жоғары мәртебелім, – деді Шоқан Гасфортты іштей мысқылдап, онысын сыртына сездірмеуге тырысып. Ағаш жетеді. Бірақ, соны қазақ даласына қайткенде тасып жеткізе аламыз?

– Жол салдырамыз. Оны да ағаштан төсетіп.

– Ол да ақылға қонады. Көлікті қалай жеткізер екенбіз, ағаштарды тасуға?

– Бар мүмкіншілікті түгел қолданамыз. «Қандай мүмкіншілік?» деген сұрау көмейіне келіп қалғанмен, «сыр алдырармын» деп қауіптенген Шоқан, ақтала беріп айтпай тоқырай қалды. Гасфорттың осындай былшыл сөздеріне, кейде әдемі қиялдар да араласып жүреді.

– Естуім, – деді ол бір Шоқанға сөйлескенде, «қазақ даласы» аталатын кең өлкенің сібірлік жақ жиегі егінге қолайлы қара топырақ көрінеді. Соған дән септірсе қалай болар еді?

– Жақсы болар еді, – деді Шоқан. Бірақ, ол үшін, көшпелі қазақтарды отырықшылыққа аудару қажет болар.

– Несі бар, аударса? Айтамыз, отырғызамыз!..

– Өйте қою айтуға оңай болғанмен, атқаруға оңай бола қоймайды, Жоғары мәртебелім.

– Неге?

– Ғасырлар бойына санасына сіңген көшпелілік психологияны өзгерту жеңіл емес.

– Егер бұйырса ше?

– Бұйрықтың жүретін жағдайы да, жүрмейтін жағдайы да бар, Жоғары мәртебелім. Біз талқылап отырған жағдайға бұйрық етпейді.

– Енді не өтеді?

– Тәрбие ғана, Жоғары мәртебелім.

Бұл мәселеге одан әрі тереңдегісі келмеген Гасфорт әңгімені басқаға аударып әкетті... Дарақылана мақтануында шек жоқ: ол күздің қатқақ кезінде, Петербургтан соғыстық оқу орындарының начальнигі, даражасы биік император ұлы князь, генерал-инспектор Константин Константинович келе ғап, соны қарсы алатын соғыстық парадқа Гасфорт әзірленгенде, кеудесіне барлық ордендері мен барлық медальдарын қадамақ болды. Онда әсіресе медальдар көп еді, солары төсіне сыймай, «қайтем?» деп ақылдасқанда, «ботфортыңыздың қонышының жоғарғы жағына!» деген ақыл айтты Шоқан. Бұл қылжақты түсінбеген Гасфорт Константинге осы бейнеде көрінем деп күлкі болды. Тағы бір қызығы – Гасфорт бір күні Шоқанды шақырып алды да:

– Диккенс дегенді жұрт көп айтады, сол кім? – деп сұрады.

– Білмеймін, тегі Омбыдағы Острогке қамалған біреу болу керек, – деді Шоқан.

– Ендеше, соны маған келтір! – деп бұйырды Гасфорт.

Кейінгі бір күнде «таптың ба?» деп сұраған Гасфортқа,

Шоқан Диккенстің ағылшын жазушысы екенін баяндап, портретің кейбір жаңа шығармасын көрсетті... Гасфорттың бір мінезі: кінәсін сирек мойындайтын сирек ұялатын еді. Бұл жолы да сонысына бағып ұялу орнына «солай ма?» деді де қойды. Гасфорттың бір жақсысы, жалғыз Диккенс жайында емес, өзге де жайларда да Шоқанның қылжақтарын көтере береді де, ешқайсысын ауырламайды. Сыртқы омбылықтар мұнысын, «жиені – Екатерина Карловна Гутковскаяға үйленеді деп дәмеленгендіктен, түбінде туыс болар деп еркелетуіне» жориды. Расында да, Гасфорт бұл ойдан құр емес-ті. Соның үстіне «спектакль» атаулылардың ішінен комедия жанрын ғана жақсы көретін. ГІетербургта, Москвада болған күндерінде Гольдонидің немесе Мольердің, әйтпесе Гогольдің пьесаларын көрмей кетпейтін ол, комедиялық геройлардың қылықтарына шегі қата күлетін «өзім де бірі емеспін бе?» деген сұрау басына келмейтін Омбы чиновниктерінің өрескел мінездерін сықақтағыш Шоқанды үй ішінің артисіне санап келемеждеген адамдарының мінез-қылығын айнытпай ұқсатуына жайы рахат табатын. Өзін мазақтауды Гасфорт сықаққа емес, еркелеуге санайтын. Шоқан Гасфортты көзінше аз әжуалағанмен, көзі жоқ жерде одан көп мазақтайтыны болмайды. Бұлары жүре келе, кең репертуарға айналып, талай мәжілістерде талай адамдардың шектерін қатырады. Бір ғажабы, осыларды Гасфортқа ешкім де, кәтте өзінің әйелі мен туған қарындасы да жеткізбейді. Бәрі де, бұл күлкілі кеңестерді, қызық комедиядай көріп рахаттана тыңдайды. Басы Гасфорт етіп, Шоқан Омбы чиновниктерін тек тыңдаушыларын күлдіру үшін ғана емес, әзінің оларға деген ішкі наразылық уын төгу үшін, ыза-кегінен жеңілу үшін мазақтайды. Олары, шынында мазақ емес, мысқыл. Кейде оған «іске қатынасы жоқ мысқылдаудан не пайда?!» деген ой да келіп кетеді. Гогольге, немесе Салтыков-Шедринге сенсе, «қуыс бастар» Омбыны ғана емес, бүкіл Россияны жайлап алған. Солардан құтқаратын кім? Қалай ойласа да, Шоқан бұл сұраудың жауабын таба алмайды.

КАТЕРИНА

Шоқанның Омбыда «қуыс бастар» тобына қоспайтын екі-ақ чиновнигі бар: бірі – батыс сібірлік полиция басқармасының начальнигі полковник – Павел Федорович Майдель, екіншісі – Батыс Сібірдің соғыс губернаторы полковник Карл Казимирович Гутковский. Басқа немістер сияқты, Майдель салқын есептің адамы. Арғы тегі ІІ Екатеринаның тұсында Бавариядан келген ол, содан бері тұқым қуалаған барлаушылар. Омбы қызметіне Гасфортпен бір тұста келген оны, россиялық полиция басқармасының саяси қылмыстылар жұмысымен шұғылданатын үшінші бөлімінің шефы – граф Нессельроде Гасфорттан бастап, Омбыда бастары құрылған поляк тектес әкімдерді бақылауға жіберген. Бір дуалы ауыздың айтуынша, 13-ғасырдан басталатын тевтон дәуірінен бері саяси құпия істерде немістен асқан ел болған емес. ІІ Екатерина дәуірінен Россияда бұндай істердің шебері немістер болған. Солардың нәсіліне жататын Майдель, Батыс Сібірге келгелі, Россия монархиясына шек келтірушілердің ізіне сығалай қарауда. Сонда оның ерекше көздейтіндері поляк тектес Гасфорт пен Гутковский болды. Жүре, сынай келе, Гасфорттың басы бос бөшкенің ішіндей саңғырлаған қуыс екеніне оның да көзі жетті. Гутковский одан әлдеқайда терең де, маңызды да. Ол да өзі сияқты Россия тағына мейлінше берілген адам. Сонысына көзі жете тұра, «поляктар немістердің ата жауы» деген ұғымдағы Майдель, сырты жылтырағанмен, Гутковскийге ішін бермей, бойын сырғақ ұстайды. Ал, Гутковский ше? Шоқанның да бала жастан байқауынша, Гутковский орыс армиясының мундиріне жан-жүрегімен берілген кісі. Ол Россия империясының шегі кеңи беру мақсатындағы адам. Петербургтағы паждық кадет корпусын жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде бітірген ол, патша сарайының қасындағы сібірлік комитетке қызметке орналасқан. Сол қызметінде комитеттің председателі князь Чернышевтың сынына толған да, І Николайға таныстырып, Батыс Сібірдің соғыс губернаторы етіп тағайындауына себепкер болған. Патшаның оған жүктеген міндеті – Орта Азия хандықтарына барлау жүргізіп, оларды Россияға бағындыру шарасын қарастыру. Кызметінің алғашқы күндерінен бастап Гутковский бұл тапсырманы есінен шығарған емес. Сонда оның ойындағыдай барлауды Орта Азияда кім жүргізбек? Саяхатшы, я сәудегер атымен барып-қайтып жүретін орыс адамдары ма? Олар жинап әкелген жасырын мәліметтер Батыс Сібірдің әкімшілігінде бума-бума. Ал, ақтарып байқаса, көпшілігі «дейді» аталатын бос қауесеттер. Көңілге қонарлық, табан тірерлік мәліметтер аз. «Енді не істеу керек?» деген сұрауға тірелген Гутковскийдің көз тіккен тұманды болашағында жылтырап көрінген сияқты жалғыз жарығы – Шоқан. Оның көзі Шоқанға кадет кезінен түсе бастады. Шоқанның пысықтығына, білгірлігіне, өткірлігіне қарап, «осыдан іс шығуы мүмкін» деген ойға келді ол. Сондықтан да, кадет шағынан оны жылы қабақпен жан тартып, бойына да, үйіне де үйір қыла бастады. Атбасар жәрмеңкесіне бірге бару, Гутковскийдің Шоқанға байланысын тығыздата түсті. Бұл сапарда байқағаны – Шоқан жәй ғана пысық, жәй ғана ақылды, жәй ғана білімді, жәй ғана өткір жас емес, ол жүктеген міндетін көтере алатын қайратты да, жігерлі де, істеріне тиянақты да жас. Шоқан жайында ойлайтыны: «Халқын сүйетін албырт жастықтың әуені ғана болар. Талпынғанда қайда барады ол? Алғашында тулап көреді де, аздан кейін алқынып барып болдырады, әйтпесе өзге бостандықшылар сияқты, бұл да Россияның отарлық торына шырмалады, ар жағы белгілі!..» Гутковскийдің өз ойы: Шоқанның қайрат-күшін теріске, яғни жанжалшылдыққа емес, оқиға, яғни Россия империясының пайдасына жарату. Гутковскийдің әйелі – Екатерина Христиановна Гасфорттың туған қарындасы екенін білеміз. Ол жалғыз ғана құрсақ көтеріп, қыз перзентін өз есімімен атаған. Бертін бала өсе келіп, екі Екатерина қабаттасып жаңылдыра берген соң, шешесі өз атында қалған да, қызы «Катерина» болып кеткен. Әке-шешенің, нағашы туыстарының еркелетіп атаулары: Катя, Катюша... Гасфортта бала жоғын білеміз. Сондықтан, жеңсікқойлығы ма, қаны бірлігі ме, әлде тәтті қылықты бала болуынан ба, Гасфорт та Катеринаны жанындай жақсы көріп, оны көрмесе тұра алмайтын еркелететін болды. Әке-шешеге болса болмаса да ерке. Гасфорттың құрсақ көтермеген әйелі – Елизавета Николаевна балаға іштей сырғақ болғанымен, ерінің және қолынан ұзатқан қайын-сіңлісінің көңілдері үшін Катеринаны сырттай жақсы көргенсиді. Сонымен, Катерина екі үйдің арасындағы «тел қозы»... Бұл үйлерге кадет корпусының алғашқы кластарынан үйір болған Шоқан, өзінен екі жас кіші Катеринамен тез достасып кетті. Тентек мінезді Шоқан, сәбилік санадан шықпаған, ақ көңіл, нәзік мінезді Катеринаны алғашқы кездерде әлденелерден өкпелетіп, кейде жылатып та алып жүрді. Бірақ, неге екенін кім білсін, өзгелерге өкпелесе, көпке дейін сол ойынан арыла алмайтын Катерина, Шоқан қалай өкпелетсе де тез кешіріп, аралары қайтадан жарастықты болып кете барады... Сөйтіп жүріп, екеуі бірін-бірі тату туыстай жақсы көріп алды. Бірер күн көріспесе сағынысып қалатын болды; Шоқан сүйікті Катясына ерте демей, кеш демей келгіштей береді, келген сайын көңілін аулайтын ермек тапты. Ал, Катерина да Шоқанды көрмесе тұра алмады, кейде Шоқан сабақ жағдайымен келе алмай қалса, оқудан тысқары уақыт болса, жатақханасына, кейде тіпті класына іздеп барып, сабақ аяқтала үйіне ертіп қайтады. Тоғыз жасынан жергілікті қыздар гимназиясына түскен, оған дейін губернанткадан хат таныған Катерина сабаққа ете зерек еді. Әсіресе француз тіліне. Кішкене күнінен үйренген бұл тілді ол ете жетік білетін. Сонысының Шоқанға да себі тиіп, қадағалай үйреніп жүрген бұл тілдің сабағын Катеринамен бірге пысықтады... Екі баланың мұншама дос болуына, Катеринаның туғандары аса риза; олар «осының арты өмірлік серіктікке соқса!» деп тілейді. Былайғы жұрттың да жорамалы осы. Сөйтіп жүрген Шоқан Катясынан 1850 жылдың күзінде айрылды да қалды. Сол күзде Петербургқа әйелімен сапар шеккен Карл Казимирович Катеринаны ала кетті де, сонда асыл текті қыздар институтындағы пансионатқа орналастырып қайтты. Сағынған достардың арасынан жиі хаттар үзілмеді. Бірақ, хал-қадарларынша қанша ыстық сөздер жазғанымен, көрмей көңілдері көншімеді. Көрісудің сәті 1853 жылдың авгусы туа ғана түсті. Шоқан Атбасар жәрмеңкесінен оралса, Катерина Омбыға келіп жатыр екен. Олар, әрине, тез жолығысты да, бір-біріне таңдана қарасты. Катеринаның байқауынша, Атбасардың, ұзақ жолынан тотығып қайтқан Шоқан, бұрынғы сұрғылт өңінен қоңырланып, есейген жігіт болған. Талдырмаш бойы сомдана толыққан; түбіттене бастаған мұрты қалыңдап қарайған; мінезі де салмақтанып, бұрын ұшқалақ сияқтанатын қалпын өзгерткен; жүріс-тұрысында да бұрынғы шапшаңдық жоқ. Ал, Катерина ше? Шоқанның сынауында ол да өзгеріп кеткен: «орташалау болар» деп шамалайтын бойы, көрмеген жылдарда сұңғақтанып, бойшаң болар қалпын байқатқан; қыпша белі қынамалы курсистка формалы көйлектерінен қылдырықтай көрініп, кеуде жағы көне замандағы шебер мүсіншілердің қоладан құйған мадонналары – бюсті сияқтанды, алтын бұп-бұйра шашы ұзарып, арқасына қос бұрым боп құлай түскен; бала шағында жүзін тұтас жабатын қызғылт рең, қазір бет үсіне үйіріліп қауызынан жаңа ашылған қызыл гүлдей жайнай қалған; бала шағында пістелеу мұрны, қазір дөңестене қырланған; қарасарғылттау қасы қоңырланып, қоюланыңқыраған; көріспеген жылдарда қылық-мінездері де бірталай өзгерген: балалық шағында, көрінген жерде Шоқанның мойнына асыла кететін кейде арқалауын жақсы көретін ол, енді сырғақсыған; қазіргі сөз төркіні балалықтың мағынасыз былдыры емес, байсалды кеңестер төңірегінде, соған кейде махаббат мәселесі де араласып, ғашықтар жайындағы оқиғалар да сөз болып кетеді. Бұл тақырыпта оқыған көркем шығармаларында, әсіресе романдарында қисап жоқ сияқты. Махаббат мәселесінде өзінің де зердесі оянып қалғанға ұқсайды... Тіршілігі қызғылықты Петербургтан бұйығы, тұрмысты Омбыға келген Катеринаның аздан кейін іші пысуға айналды. Сол қалпын байқаған әкесі қандай ермек табуға ойланғанда, есіне салт ат түсті. Катерина салт атқа бала шағынан әуес еді. Алғаш біреуге жетектеткен атқа мініп, үйрене келе өз бетімен де жүретін болған. Петербургта бұл дағдысына машықтана түсіп, бос уақытының біразын атқа шынығу станицасында өткізетін атқа жүру өнерінде көзге де түсетін. Петербургтан салт атпен жүруге мейлінше ысылып қайтқан Катеринаға, көңіл көтерудің бұл түрін жалғастыруға жағдай толық еді. Атпен серуендеуді жақсы көретін Гасфорттың қорасында арғымақ тұқымды да, қарабайыр тұқымды да, жылқылардың жүйрігінің де, жорғасының да, желістілерінің де талай таңдаулылары бар. Гасфорттың соларды не арбаға жегіп, не салт мініп, қала-даланы орманды кезіп түспейтін күндері сирек болады. Ал, күз туып сонар бастала ол нөкерлерімен салт мініп, аң аулаудан тыным көрмейді. Катерина Петербургтан келген кезде аңға немесе көлге балық аулауға болмаса, оған Катерина сирек еретін болды. Оның еркімен үздіксіз еретіні Шоқан. Атқұмар Шоқанға салт серуендеуге шыққанда, қасына Катеринаны ерту рахат. Сөйтуіне Гасфорт та жағдай жасап, қызметтен тысқары уақыт түгіл, қызмет сағаттарында да салт мініп, Катеринамен серуендеп қайтуға ұлықсат ете береді. Кейде кейбір істермен шұғылданып қолы тимей жатса, серуенге зауқы соққан Катерина, нағашысынан Шоқанды сұрап а лады. Гасфорт сүйікті жиенінің, тауын еш нәрседен шағылдырмайды. Өмірін халқына қызмет атқаруға арнаймын деп бекінген, сол халықпен үйлесе, сыйыса аларлық жар таппақ болады; бұл жағынан қарағанда, Катерина сынына толу түгіл әлдеқайда олқы жатады: аристократ семьясында туып өскен ол, демократ саналатындарға мұрнын шүйіре қарайды; әсіресе «бұратана (инородцы) саналатындарға, олардың ішінде – қазақтарға; сол сырын Шоқанға сездіріп ап екеуінің жанжалдасып қалғаны да бар, содан кейін тілін тарта ұстағанмен, Катерина кейбір қапылыс шақтарда, әлі де сыр алдырып қояды. Шоқан оны осы жағынан икемге келтіру талабында, бірақ қашан?.. Оған көзі жетпейді де, Катеринаны жанындай жақсы көре жүріп, махаббат мәселесінен сыр шертпейді. Ол екеуінің, бұлай арбасулары ұзаққа созылар ма еді, қайтер еді, егер өсекші жұрт бықсыған оттарын үрлеп жібермесе! Ол от бізге белгілі Майдельден тұтанды. Өзінен өзгені күндегіш ол, Атбасар жәрмеңкесінен абыройлы қайтқан, одан кейін Батыс Сібірдің генерал-губернаторына және соғыс губернаторының сүйіктісі бола бастаған, кәтте, оларға күйеу болуы байқала бастаған Шоқанды күндеді, әлдеқалай «азиятқа», оның ішінде жаны жек көретін «киргизға» ондай абыройды қимады. Ол Шоқанды осы абыройдан ада ету айласына кірісті. Сонда «таптым» деген бірінші айласы – Айжан мен Шоқан жайында Тұхфатуллиннен естіген әңгімесі. Майдельге Шоқанның кімге үйленуі қажет емес, Айжанға байланысты, Гутковский мен Шоқан арасына, Гасфорт пен Шоқан арасына іріткі түсіру... Өйтпегенде ше?.. Шоқан мен Катерина өзара әлі ұғысып болмағанмен, көлденең жұрт оларды әлдеқашан болашақ қалыңдық пен күйеуге жорып қойған. Ол күнге әлі талай уақыт бар деп санағанмен, Майдельге Шоқан мен Катеринаның арасына бүлік өртін осы бастан тұтата беру қажет. Егер Катерина араздасса, әкесі Гутковский де, нағашысы Гасфорт та араздасады. Өйте қалса Майдельге құдайының бергені!.. Майдель тұтқан өсек өртін өршітер адам даяр, ол – Омбының, өсек қордасы баронесса Бляу. Оның ері Бавариядан келген барон – Вильгельм Бляу. XX ғасырдың бас кезінде, Батыс Сібірде ерекше тапсырмалардың чиновнигі болып қызмет атқарған да, Наполеон соғыстарында армияға кетіп, қаза тапқан. Әйелі Омбыда тұра берген. Жас аралары алшақ болғанмен, қылықты баронесса Майдельдің көңіл сүйерінің бірі. Соның үстіне араласар адамы, қатынасатын қоғамы көп Бляу, полиция басқармасында тыңшылық қызметін де атқарып, Омбының қай жерінде, қандай тышқан қалай жорғалағанына дейін Майдельге хабарлап тұрады. Шоқан мен Катерина арасына өсек өртін тұтату жайлы Майдель айтқан өтінішке, баронесса бірден көне кетті. Сонда қайдан, қалай тұтату керек? Әрине, Гасфорттың әйелі Елизавета Николаевна мен Гутковскийдің әйелі – Екатерина Христиановнадан. Баронесса олармен дос. Олар қала өсегін көбінесе осыдан естиді. Және баронесса жәй ғана өсекші емес, есегінің дәм-тұзын татыра, ретіне келтіре айтқыш. Ол кофе ішіп, аз уақытқа ғана кеңесуге келген боп, қызғылықты бір өсектерді дәмдендіріп бастап кетеді де, аяғын ұзақ күнге, ұзақ кешке созады... Генералшаларда ондай әңгімелерді тыңдарлық уақыт жеткілікті және құмарта тыңдап, хал-қадары жеткенше, әрі қарай ездері де өрбітіп әкетеді... Сондай бір мәжілісте баронесса, генералшаларға Шоқанды көтермелей мақтап отырып:

– Сол жігіт Атбасар сапарынан үйленіп қайтыпты деген қауесет рас па? – деп сұрап қалды.

– Естіген емеспіз, – десті. Шоқанды Катеринаға ұйғарып жүретін генералшалар, таңданған кескінмен. – Кімге?

– Айтуға ауыз бармайтын қауесет!..– деді баронесса, генералшаларды сол кеңеске құмарландыра түсіргісі кеп.

– Айтыңыз!..

– Нанбайтын сөз!..

– Сонда да!

– «Нанбайтын» дейтінім: хан тұқымы, орыс офицері, ақылды, білімді Шоқан, туған аулындағы құлының қызына үйленген!..

– Мүмкін емес! – деді екі генералша қосарланған дауыспен.

– Менің де нанғым келмейді. Бірақ осылай болуы анық!..

Баронессаға сенетін екі генералша, бұл хабарды екі түрлі жан-жүйесімен қабылдады. Елизавета Николаевна Катеринаны ерінің көңілі үшін ғана сырттай жақсы көрген боп, іштей баланы сүймейтін бедеулік санасын өзгертпейтін сондықтан оның тұрмысы мен тағдырына да «немқұрайды» қарайтын; бұл жолы да сол қалпын өзгертпей, «ах, ох!.. Онысы қалай?!..» деп абыржыған сияқтанғанмен, іштей қынжыла қойған жоқ. Ал, Шоқанды қызының күйеуі болады деген сенімдегі Екатерина Христиановнаға баронессаның есегі төбесінен жайдай соқты. Бұл соққыдан оның басы айналып, жүріп өрекпіп талықсып кете жаздады. Өйтпегенде ше?.. Катерина мен Шоқанның бір-бірін шын жүректен сүйе бастауын, түбінде тағдырларын қосарлық ойлары барын Омбыда естімеген жан жоқ сияқты. Олар енді мына хабарды естісе не демек?! Бұл ойлардан басы айналған сияқтанған І Екатерина Христиановна баронессаға да, жеңгесіне де сыр бермеуге тырысып:

– Кімге үйленсе де мейлі! – деген болды. Онысы сыздаған жүректен шыққан сөз екендігі бет-ажарынан байқалып тұрды. «Өсек өрті тұтанды» деп сенген баронесса, «бұл жолға осы да жетеді» дегендей, ар жағын өршіте түсуді келесі жолғасулардың сыбағасына қалдырды... Бірақ Екатерина Христиановнаның сыбағысында тұтанған өсек өрті, баронесса үрлемей-ақ, күннен күнге өрши берді. Неге екенін өзі де білмейді оның, Шоқанға қызы ғана емес, өзі де ғашық; бірақ әйелдік жүректен емес, аналық жүректен. Кішкене шағынан білетін Шоқанды, ол туған баласынан кем көрмейді. Сонша сүйетін адамы жалғыз қызымын, өмірлік жары болса, анаға одан артық бақыт бар ма? Сондай үміттегі Екатерина Христиановна баронесса Кляудың өсегін естігенде алғаш есеңгіреп қалғанмен, есі кіре осы өсекті анықтау амалына кірісті. Бірақ, қалай? Шоқаннан сұрауға ма? Өйткенде, қате болса мақұл, рас болса ше? Ар жағын айтуға аузы бармайды... Бұл есекті қызы естісе ше?.. Бірақ, қызына бұл жайда сөз қатуға батылы жетпеді. Егер қатса, қызы өзінен әлдеқайда артық ауырлар деп қорықты. Қызын «әзі қайтер екен?» деген сынға қойды. Сонда да «әлдекімнен естіп қала ма?!» деп зәресі жоқ. Омбыға тараған өсек желі Катеринаның да құлағын қақпай қоймады. Баронесса жұмсаған әлдекімнен әлдеқалай естіген өсекке, ол Да қатты қынжылды. Бірақ ол да шешесіне тартқан сабырлылығына бағып, анықтағанша іштен тынып жүре берді. Бірақ кімнен, қалай анықтау керек? Әрине, Шоқанның өзінен. Оның расын айтуына Катеринаның ешбір күмәні жоқ. Өйтудің де сәті түсіп, сырқатынан жеңілдене бастаған күндердің біреуінде үйіне Шоқан келе қалды. Ақылды қыз жандай досын тігінен тарпа бас салмай, әңгімені оспақтаған сөздерден бастап кетті. Августы орталаған сол бір тұстың райы, Сібірде сирек кездесетін тыңшулау болып, төсектен тұрып жүрген Катерина аздап пысыңқыраған халде де еді. Шоқанмен бұрынғы қалпынша жылы амандасқан Катерина:

– Омбының күні қапа болып кетті. Үйден шығып салқындар бау-бақшасы жоқ. Көшелері – шаң. Орман арасына кетіп тыныстауға саулық босатпай жатыр! – деді, бетің кеудесін нәзік алақандарымен желпіп.

– Омбының Петербургқа ұқсамайтыны рас, – деді Шоқан қалжыңбас ойнақы қалпына бағып. – Бұнда сәулетті баулар, скверлер, оларды сәндендіретін ескерткіштер, көркіне көз тоятын құдайы үйлер (храмы), салтанатты сарайлар, мөлдіреген каналдар жоқ... Күн кешкіре, Омбыны сұрғылт буалдыр басады, түн туа қою қараңғылық бүркейді; шамдары жарқырап, халқы серуендейтін көрнекті көшелері де, сауығы қызық театрлары да жоқ!..

– Сондай қызғылықты Петербургті көрген кісінің Омбыда тұрғысы да келмейді.

– Ол Петербургқа үйреніп қалған сен боларсың. Ал, бізге, яғни маған Омбы да қанағат...

– Бұдан тәуір қаланы көрмегендіктен айтасың, Шоқан! Егер көрсең, сенің де бұнда тұрғың келмес еді...

– Тұрғым келер еді, сүйікті Катя!.. – деді Шоқан, – Петербургқа тұра қалған күнде де, Омбыға қайтуға асығар едім...

– Үйленсең ше?

– Үйленсем де!

– Жұбайың ұлықсат бермесе ше?

– Ұлықсатына қарамаған болар ем...

– Неге?! Оның пікірімен санаспайсың ба?

– Менің пікіріммен санасса ғана...

– Мысалы, қандай пікіріңмен?

Бұған дейінгі сұрау-жауаптарын қалжыңды кескінмен айтқан Шоқан, соңғы сұраудан кейін, байсалды кескінге көшті де, түпкі сырын аңғартқысы келген салмақты дауыспен:

– Катя! – деді.

– Ия, Шоқан! – деді Катерина да салмақтанып, ол оны сезгендей.

Әркімге туған, өскен жері, елі қымбат. Менің туған жерім – батыстық сібір. Туған елім – қазақ, тәрбие алған қалам – Омбы. Бұлар менің ең қымбаттарым...

– Болса ше?

– Қолдан келген қызметімді, ең алдымен солардың игілігіне жұмсау ниетіндемін.

– Сонда?

– Менің туған елім мәдениет сатысының төменгі басқыштарында, оны жоғары көтеру керек.

– Ол үшін?..

– Солардың ішінде болып, жетекшілік жасауым керек.

– Бірге тұрып па?

– Қажеті болғанда, сөйтіп те?

– Aha! – деді Катерина, көп мағыналы үнмен, – жұбайын да сондай тұрмысқа көнетін әйел болуы керек қой?

– Әрине!..

Катеринаның көңіліне түйткіл болған сөз шешілгендей болды.

Енді не істеу керек? Бұл сөзді әрі қазғылау, Шоқанмен араздасып айрылу деген сөз. Өйтуге ақылы жеткенмен, батылы жетпеді. Қалай жетеді? Араларында да бала жастан шешілместей болып шиеленіскен достық. Сол бір күнәсіз көңілдерін еске түсіргенде, Катерина «осы қалыпта тұра бермей, неге «қыз», «жігіт» болып ер жеттік?!» деп те өкінеді. Шоқанның түпкі көңілі өзінде емесін сезген сағаттан бастап, Катеринаның басы осындай ойлармен дал болды. Сонымен қатар, ойын кейін намыс та кернеді. Өйтпегенде ше?.. «Шоқан осыған үйленеді» деген өсек өрті, Омбы ішінде күн санап өршуде. Жан ашыр және сырлас құрбыларының бұл жайда оны құттықтағаны да бар, Соның бәрі жоққа шықса, ел не демек туғандары, достары не демек? Романдар көзімен қараса, бұның арты монастырьға кету... Өз ойы жетпеген Катерина, бұл мәселеде, ең жақыным деп санайтын шешесіне ақылдасты. Оның айтқаны:

– Асықпа, қызым. Жасың жетіп отырған жоқ. Күйеуге шығуға алда бірталай уақыт бар. Сол уақыттың сынына салу керек бұл мәселені. Шоқан күңіне үйленеді дегенге мен өзім нанбаймын. Бұл мүмкін нәрсе емес. Ер адамның көрсе-қызарлық жайы белгілі. Сымбатты, ажарлы қыз деседі. Соған әлдеқалай қызыға қалуы рас та шығар. Ер жынысты адамның жолында ондайлардың талайы кездесіп те, қалып та жүреді. Мен білетін Шоқан болса, бір көрмеге қызыққанмен, күңіне үйленетін масқараға бармайды. Көрерсің, жүре келе айниды ол. Осы жайды уақыттың өзі көрсеткенше, сен сабыр ойла да, оған дейін институтынды аяқта! Катерина осы ұсынысқа көнді де, шешесі арқылы жол жайын әкесінен басқа ешкім сезбей, әлдекімдерге еріп, ылаумен Петербургқа аттанып кетті. Салқын қоштасқан Шоқан, оның бұл жайын түсінбеген жоқ. Түсінгенде не істейді?.. Өз шешіміне берік!.. Жұрт білетін жайды Гасфорт та сезбей қойған жоқ. Сезу былай тұрсын, Омбыдағы өсек қапшығының ең кеңінің біріне саналатын әйелі, бұл жайды оған әлдеқайда есіре жеткізді. Қызға, әсіресе аққудың көгілдірігіндей боп өсіп келе жатқан Катеринаға таңдаған күйеуі табылады деген сенімдегі ол, әйелі айтқан өсекке қынжыла да қойған жоқ. Шоқанның қылық-мінездерін ұнатып жақсы көргенмен, іштей «азиат» деп менсінбей қарау онда да болатын. Сондықтан «күйеу болмаса мейлі!» деп те бекінеді ол. Оның ойы – Шоқанның қайрат-жігерін, өнер-білімін мемлекеттік істерге мейлінше пайдалану. Бұл жағынан баламы жоқ жан сияқты...

ЖАЛҒАСҚАН ЖҮРЕКТЕР

Гасфорттың жұғысса өртеп жіберетін оттай, батырып жіберетін судай қорқатын сөзі «революция» еді. Есейген кезінен бастап, бұл сөз оның ұғымында, көк тәңірісінің жердегі өкілі – патшаны, оған қоса, патшашылдық құрылысты түбірімен жою... Қалай ойласа да ақылына сыймайтын сөзден Гасфорт ат-тонын ала қашты. Соншама қорқатын оқиғаға, 1825 жылдың декабрінде өзі де килігіп, сенат алаңында декабристерге оқ атушылардың, және аямай, өшіге атушылардың бірі болды. Декабристер тиісті жазаларын тартқаннан кейін, «енді тишыққан болармыз» деп жүргенде, мылтық гүрсілі бүкіл Европаны сілкіндірген 1848 жылдың революциясы естіле қалды. Гасфорт оған да қатты елеңдеп, «патшалық Россияны қай жанынан киіп кетер екен» деген үрейлі алаңмен жүргенде, ол оқиға жырақта күркіреген күндей айбынмен Россияға жеткен, әрең деп басылды!.. Оған да шоқына шүкіршілік етіп жүргенде, жыл тәулігі айналмай, құлағына Петербургтан петрошевшілдер оқиғасы шалына кетті. Қаңқуға қарағанда олар декабристерден де жаман. Декабристер өздері тілеген еркіншілікті патшаның қолымен жүргізбек болса, петрошевшілдер патшашылдық былай тұрсын, Россиядағы крепостнойлы правоны да жоймақ. Олай бола қалса, бұл ауыр таяқтың күшті соққысы Гасфорттық өзін де қансыратуы мүмкін. Өйткені, оның да Кавказда крепостнойлық шаруалар бағып келе жатқан помещиктік шаруасы бар. Соншама қатерлі өртті тұтатуға тырысқан петрошевшілдер Омбыға айналғанда, Гасфорт қолынан келетін қаталдықтың бәрін жұмсады: корпустың алдынан өткен оларды, тапқа тізген кадеттерге шыбықпен сабатудан бастап, жүдеп-жадап келген тұтқындарға Омбы Острогінде де күн көрсеткен жоқ. Сондағы қолшоқпары Шпигель аталатын адьютанты. Ол «шаш ал десе, бас алатын» қаһар. Адамдық санадан басында түк жоқ ол, Гасфорттың петрошевшілдерді қатал ұстау туралы бұйрықтарын әрдайым асыра орындайды. Сол жендетке 1853 жылдың жазында, Шоқан Атбасар сапарында жүргенде, ажал жетті де өлді. Гасфорттың басына «орнына кімді қою керек?» деген сұрау туғанда, есіне бірінші болып түскен адам – Шоқан. Оған Шоқан екі жақтан қолайлы көрінді: Бірінші, оның ұғымында, бір халықтың адамына, екінші халықтың адамы мейірімсіз бола алады. Романовтардың кейінгі үш-төрт ғасырда, сарай төңірегіндегі әкімшілікке әуелі татарларды, одан кейін немістерді топтауы, Балтық төңірегіндегі, Қавказдағы, Қырымдағы, Сібірдегі отар елдерді билеуге көбінесе соларды жіберуі осыдан. Сондықтан да Гасфорт Омбы острогын немістен шыққан Шпигельге басқартқан. Отар ел – қазақтан шыққан Шоқанның тұтқындарға қаталдығы одан кем болмауға тиісті. Екінші, «Омбы острогы» аталатын қамал, сырынан Гасфортқа жарылуға әзір снарядқа ұқсайды да тұрады, сондағы іштей кернеген қызуы – петрошевшілдер сияқтанады. Бұл есімді саяси қылмыстылардың ойы, ісі қандай болғанын Гасфорт өсек-аяңнан ғана топшылайды да, егжей-тегжейін білмейді. Қағаз қарауға еріншек ол, Петербургтан Омбыға петрошевшілдердің ізін шала келген, олардың қылмысын баяндайтын бума-бума істердің біреуінің де бетін ашқан емес. Кейде ашайын деп ойлағанмен, бұл бумалар қордалы жыланның апаны сияқтанады да, «өрбітіп алармын» деген қауіппен қолдарын тигізе алмайды. Оған да Шпигельді жұмсаса, жұдырықтан басқаға ебі жоқ ол, ақтармаса да ақтардым деп, «пәлені, түгені бар екен» деген қорқынышты үдете соғып, жолағысы келмейтін Гасфортты тіпті шошытады. Сөйтіп ішін ашып көруге талай оқталып, сақтанған сайын қол тигізуге батылы жетпей жүрген петрошевшілдердің істерін, Шпигель өлгеннен кейін, Гасфорт Шоқанға ақтарту арқылы білгісі келді. Мұндай іске Шоқанның ақылы да, білімі де, ынтасы да жетуін Гасфорт жақсы түсінеді. Оның ұсынысына Шоқан көне кетті.

Неге?

«Революция» деген сөзді, оның сол кездің ұғымындағы мәнің Шоқан Кадет корпусында оқып жүрген кезінде, тарихтан сабақ беруші Гансевскийден естіген. Ол, әсіресе, 1789–94 жылдарда Францияда болған ұлы революция тарихына ұзақ тоқтап егжей-тегжейін түгел айтып беретін... Бері келе, Батыс Европаны тітіреткен 1848 жылдың революциясы қалай басталып, немен тынғаны кадет корпусына да, Шоқанға да жетіп жатты. Оның алдында 1825 жылы Россияда болатын декабристер көтерілісінің мән-жайынан да Шоқан хабардар. Ол, негізінде дворяндардың жаман патша орнына жақсы патша отырғызу мақсатынан шыққан көтеріліс екенін біледі. Шоқан оларға іштей жылы ұшырағанмен, сырттай қолдаған емес. Сөйтіп жүргенде петрошевшілдер оқиғасы дүңк ете қалды. Оның да хабары Омбыға, кадеттерге тез жетті. Сондай еміс-еміс хабарға Шоқанның мейірі қанбай, анығын білуге құмартып жүргенде, Гасфорттың Омбы острогын бақылауға алу туралы ұсынысы, ойына дәл келе кетті. Петрошевшілдердің істерінен бұрын, Шоқан «Омбы острогы » аталатын қамалдың тарихымен танысып алуды мақұл көрді. Соған байланысты материалдарды қарастырып көрсе, оның іргесі, 1716 жылдан бастап, Омбы өзенінің Ертіске құятын оң жақ, биік жарқабағының ұшар үстіне Омбы қаласымен бірге қаланған екен. Аумағы ат шаптырарлық кең, қабырғалары қарағай бөренелерден қиылған, қырқаларына ұшталған ағаш қазықтан жиі аран тігілген, төрт бұрышында күзет тұратын мұнаралары бар, темір қақпасы шығысқа қараған бұл қамал, алғашында көршілес көшпелі елдердің шабуылынан, тұрғын адамдардың қорғануы үшін жасалған. Кейін, он сегізінші ғасырдың өн бойында, он тоғызыншы ғасырдың алғашқы ширегінде патша өкіметінің отаршылдық саясатты қатал жүргізуіне қарсы көтерілген елдердің мыңдаған бостандықшылдары Сібірге жер аударылғанда, алғаш кідіртетін орны осы қамал болып, кейбірі ұзақ тоқыраған да, енді біреулері әрі қарай жөнелтілген. Декабристер көтерілісінен бастап, бұл қамалға орыстың саяси қылмыстылары да тоғытылып, біртіндей келе, қамалған тұтқындар түгелге жақын орысқа айналған. Қамал Шоқанның бақылауына көшкен шақта, оның кіріптарларының көпшілігі петрошевшілдер еді. Өзге білім жүйелерінен гөрі, іші көркем әдебиетке көбірек бұратын Шоқан, петрошевшілдердің істерімен танысуға кіріскенде, ең алдымен жазушыларды көрді. Олар төртеу екен: Федор Михайлович Достоевский, Сергей Федорович Дуров, Алексей Николаевич Плещеев және Николай Петрович Григорьев. Алғашқы үшеуінің шығармалары журналдарда басылып жүретін ал Григорьевтің «Солдат әңгімесі» деген хикаясын қолжазба күйінде тарап жүрген нұсқасынан кадет кезінде оқыған. Бұл төртеуінен Шоқанның алғаш қолға алғаны, Федор Михайлович Достоевский. Онысында мән бар. Есін білгелі Шоқанды толғантатын ой – қоғам құрылысындағы жағдай. Әуелі, ауылда, одан кейін Омбыда байқауынша, адамзаттың қоғамдық тұрмысына «жоғары» және «төменгі» жақтары бар; «жоғарғылары» – тұрмысы жақсы байлар, «төменгілері» – нашар тұрмыстағы кедейлер; арғы-бергі орыс әдебиетімен таныстығы мол Шоқанның білуінде орыс қоғамындағы «төменгілердің» шындық тұрмысын, орыс әдебиетінде бірінші рет дәл сипаттаған жазушы – Достоевский. Оның «Бишаралар» және «Зәбірленгендер мен жапа шеккендер» деген атпен журналдарда басылған романдарын Шоқан кезінде бақайшақтарына дейін шағып оқыған. Осындай халдердің ауылда да барын білетін Шоқан «бишаралар мен қорлықтағылар кемшіліктен қалай құтылу керек?» деген сұрау қойғанда, өзі таба алмайтын жауабын әркімдерден сұрастырып, олар да көңілін көншітпеген соң, «мүмкін өзі білер» деген оймен, Достоевскийге жолығуды, пікірлесуді арман ететін. Петрошевшілдердің, олардың ішінде – Достоевскийдің істерімен танысуға кіріскенде, бұған дейін алыста сияқтанатын арманына Шоқанның қолы іліккендей болды. Достоевскийдің материалдарын біраз ақтарып алғаннан кейін, Шоқан острог коменданты Свинягинді шақырып алды да, тұтқындардың жағдайын және өздерін қалай ұстауын сұрады. Свинягиннің айтуынша, тұтқындардың ішінде, мінезімен де, қылығымен де ерекше адам Достоевский. Шоқан Свинягинге тез арада қамалға барып, хал-жағдайларымен көзбе-көз танысатындығын айтты. Комендантқа бұл сөз ұнаған жоқ. Себебі тұтқындардың тұрмыс жағдайы да өте нашар еді. Начальник алдында момақанси қалғанмен, ол жоқта мастықтан көз ашпайтын аузына арақ тисе, тіліне тиек болмай, бағыныштыларды бейпіл сөздермен сыбаудан тынбайтын онымен де қоймай, қымс етсе жұдырық жұмсайтын қол қышуы қанбаса, кез келген нәрселермен төбелейтін Свинягин, Шоқан қамал ішімен танысса, осы қоялары қопарылар деп қорықты. Шпигель ондай қылықтарын елемейтін. Шоқан қиянатты қолдамайды деп естиді. Ол содырлығының үстіне, зұлымдығына найза бойламайтын тақыс, ішінде не сыр барын аңғартпайтын қу еді. Осторгке қамалған адамдардың қандай жүйеге бөлінетінің олардың қайсысын қалай бақылауды полиция басқармасы оған басында айтқан. Оқуы жағынан шала сауатты болғанмен, тоқу жағынан Свинягин жүйрік те. Тұтқындардың қандай қимылдар жасауын, ауыздарынан қандай лептер шығуын ол мүлтіксіз бақылататын; олардан естігендерін полиция басқармасындағы басшы начальнигіне күн сайын хабарлайтын. Кейде, кейбір қатерлі камераларға алдап-соғарлар (провакатор) жіберіп, тұтқынның қапысын табуға тырысатын. Тұтқындардың қайсысына сырттан кімдер қатынасатынын да Свинягин үнемі бақылап отырып, начальнигіне табан аузында мәлімдейтін. Шоқанның қамалға бару ниетін Свинягин сол күні-ақ начальнигіне мәлімдеп қойды. Ол Майдельдің, құлағына салып еді, «бақылат, тыңдат» дегеннен басқаны айтпады. Полициялық, әсіресе тыңшылдық білімнің барлық мәнін тамам еткен Майдель қандай істер болса да асықпай, саспай, егжей-тегжейін түгелдеп алуға тырысатын еді. Шоқанның ізіне кадет күнінен түскен ол, Атбасар сапарын бақылауды Тұхфатуллинға тапсырған. Айға жақын жолаушылағанда Шоқанға момақансудан басқа мінез де, қылық та көрсетпеген Тұхфатуллин, оның жүріс-тұрысын да, қайда не айтып, не қойғаны да Майдельге ауызба-ауыз жеткізген. Сол естігендерінен өрт тұтанар деп дәмеленгені – Катерина мен Шоқанның арасы еді; ол дәмеден әзірше ештеңе шықпай, Катерина томаға-тұйық түрде Петербургіне аттанып кетті. Ол әрине, жай аттанған жоқ. Майдельдің ойы – соны асықпай анықтау. Шоқанның петрошевшілдер ісін бақылауы, Майдель үшін жаңалық. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Шоқан демократтық идеямен де әуейленетін сияқты. Шоқанды «білем» дейтін Майдельдің ойынша, бұл еш нәрсе өнбейтін іс. Сонда да бақылау керек. Свинягинге тапсыруы да содан. Шоқаннан күтетін ең зор қаупі – халқын сүюі, соның заман жайынан ұйқыдағы санасын оятуға тырысуы. Майдель үшін бұл жақсы ниет емес. Бірақ қашан анықтағанша қадағалай зерттейтін жәйт. Петрошевшілдер ішінде қазақ жоқ. Олардың программасында отар ұлттарды теңдестіру идеясы бары рас. Шоқанның осы қақпанға түсуі мүмкін. Оны сығалай сонарлау керек. Майдель сонарлай берсін, біз әзірге оқырман көпшілікке Шоқан жолығар алдындағы Федор Михайлович Достоевскийдің хал-жайын қысқаша баяндап берейік. Оның Омбы острогіне қамалуы алты жылға айналып барады. Содан бері отырған камерасы: ішкі қуысы айналымға келмейтін тар, темір торлы кішкене терезесі жоғарғы жабықта ғана сығырайған, шикі кірпіштен қаланған қабырғалары үнемі ыстанып тұратын дымқос, ауасы әрі салқын, әрі сасық, жатар орны – тағандарын тасқа бекіткен темір төс ағаш, төсеніші – сабан көптеген тоқымалы жөке, қалың темірден жасалып, сыртынан үнемі қаптаулы тұратын есіктің орта тұсында күн сәулесі бар шақта күзетшілер сығалайтын үлкендігі көз аумағындай ғана тесік оның да бақылаудан тысқары уақытта жауып қоятын қақпағы бар, темір ыдысқа құйылған мардымсыз ас сол жаппалы есіктің табалдырығынан ішке сырғытылып жіберіледі де, кезінде ішіп үлгерсін, үлгермесін, байланған шынжырмен кейін тартылып алынады; дәретке күніне үш-ақ мезгіл ұлықсат етіледі, одан басқа уақытта қайтсе де шыдау керек, шыдамаса карьер аталатын тамұққа тыға салады. «Дәретхана» дейтіні іші әрі қараңғы, әрі лас кең қора; тысқы ауада тыныстау, аптасында екі-ақ рет... Осындай мекенде тұратын Достоевский, Свинягин айтқандай, ояу сағаттарында, көздерін жұмған, басын екі алақанымен қатты қысқан қалыпта, аяқтарын жерге салбырата, кровать үстінде қимылсыз отырады да қояды. Кешірген күндерінің бәрін көз алдынан сансыз рет тізбектей өткізетін оның ойы 1849 жылдың 22 декабріне біраз кідіріп тұрады. Сол күні жоғарғы соттың соғыстық коллегиясының шешімімен, петрошевшілдерден дарға асылуға бұйырылған он бес адам, жаза орнына күндізгі сағат он бірде әкелінген еді, солардың біреуі – Федор Михайлович Достоевский. Асылуды «қызық» көрушілер алаңға былай да көп жиналған. Оның үстіне, халықты мұндай қылмыстан шошыту үшін, әскер және полиция қызметкерлері былайғы жұртты да айдап әкеп, Петербургтағы Семеновский алаңына иіріп қойған. Сол араға құрылғандардың арқалығына, жазалыларды асатын тұзақтар салбырап тұр. Тәртіп бойынша, әр жазалы бір-бір тұзақ астына келіп тізесінен шөге отырады да, Петропавел қамалының начальнигі генерал – Набоков соғыс коллегиясының шешімін жариялайды, священник жазаланушыларға елер алдындағы өсиетін айтады. Содан кейін қылмыстылар тұрады да, тақтай табуреткаларға көтеріледі, бастарына қапшық киіледі, қолдары-аяқтары тұсалып, мойындарына тұзақ ілінеді, содан кейін жендеттер бастығының қол сілтеген ымымен, арқанның екінші ұшын ұстап тұрған жендеттер асылатындарды тарта жөнеледі... Асылуға тиісті серіктерінің қатарында орта тұсын ала тұрған Достоевский үлкен көгілдір көздері, тиісті тәртіптер орындалып жатқан шақта, төңірегін қоршаған қалың топта болды. Тұтқынға алынған, Петропавел қамалына жабылған шақта, өз басының қылмысы жоқ деп санайтын ол, сот мұншама қатал жаза кесер деп ойламаған еді, сондықтан соттың шешімін, коллегия мүшесі – князь Гагарин жариялағанда, күтпеген жазаны естіп, бетін алақанымен баса, өкіріп жылап жіберген. Екі жағында қатар тұрған жақын серіктері ағайынды Дебулер еді, олар Достоевскийдің бұл осалдығын ұнатпай, екі бүйірінен де қатты түртіп қалды. Достоевский селт етіп көз жасын тыя қойды. Содан кейін қандай ауыр ойларға шомғанмен көзіне жас алған емес-ті. (ол жасты асылар алдында алғысы келмеген Достоевский, Шоқанның Петербургте сол күні ызғарлана қалған аязындай, бойын берік ұстап, қатты да қалды. Дәл қазіргі сағатта өздерін қоршағандардың бәріне бірдей Достоевский ерігіп тұр; қарапайым жұрттың бәрін де қайратсыз тобырға санап, «қырманға апарған қойлардай, шетінен қырар ма еді!» деген ызада тұр... Сондай ойда тұрғанда елім жазасының шешімі оқылып та, поп ахиретке жөнелтер уағызын айтып та, басына қара жамылтқы киіліп те, мойнына дар тұзағы ілініп те, тұзақтың арғы ұшын жендеттер тарту әрекетіне кірісе бере, асылатындар мінетін табуреткалар әрқайсысының қасына қойылып та, денелері күшпен көтеріліп те үлгерілді. Асылатындардың, олардың ішінде Достоевский көңілдері «енді өлдік!» дегенде бекіп, тек азап секундтарын жандары түршіге күткенде, құлақтарына әлде не аттың шапқан дүсірі шалынды, ат жақындап кеп тоқтай қалған сияқтанды; әлдекімнің «кешірім!» деген қатты үні естілді. Айғайлы арғы сөзін «ұлы даражалы государь императордың кешірімі!» деп жалғастырған ол, асылуға бұйырылғандардың жазасын, патшаның оларды Сібірге мәңгілік каторгіге жіберумен ауыстырғанын айтып берді... Жұрт тым-тырыс... Музыка әлде не күйді қысқаша ойнап берді. Шала-жансар сияқты халде тұрған Достоевскийдің одан кейін сезгені: мойнындағы өлім тұзағы алынды, басындағы өлім қапшығы сыпырылды, ойына «асылдым!» деген сана бекіген кезде, өлімді көргісі келмегендей тарс жұмып алған көзін ол әлі ашпап еді, қасындағы әлдекім «түс!» деп жекіді оған. Қаһарлы дауыстан сескенгендей жалт қараса – жандарм!.. Ол түсін суыта түсіп тағы да «түс» деді де, түсуін күтпегендей, қол-аяқтары кісендеулі Достоевскийді табуреткадан итеріңкіріп қалды. Достоевский құлап барып оңалды... Сонда ғана байқаса, шапқыншы, патша сарайының министр!, генерал-адьютант князь Долгоруков екен. Алты ай бойына үздіксіз қараңғы тас қамауда жалғыз жатып, жаны түгіл тәні де ойсырап әлсіреуінен бе, әлде тірі қалуына есі шығып қуанудан ба, Достоевский тағы да көзін жұмған күйінде теңселіп барып құлап кетті. Жандармерия адамдары оны жер ауушыларға арналған барактың лазаретіне, ессіз күйінде сүйреп әкеп тастады. Сібірге жер ауатындар шаналы атпен ең әуелі Қазан қаласындағы лагерьге апарылатын еді де, сонда Сібірдің қай тұсындағы қамауына, кімдер жіберілетіні іріктеліп, топ-тобымен әрі қарай жөнелтілетін. Достоевский Омбы қамалына баратындардың тобына ілікті. Қыс басы – қырауда, ат ылауымен Қазаннан Омбыға жету оңай болған жоқ. Тұтқындар көбінесе жаяу аяңдайды да, шанаға, тек, жандармерия қызметкерлері және болдырған я сырқаттанған тұтқындарды ғана отырғызады. Сол бір қыста боран көп және қатты болғандықтан, жүргіншісі аз жол бойына жал-жал күртіктер тұрып, алдағы тоқырау орындарына әлсіз аттар түгіл, қарулы жылқылар да сүлдерін сүйретіп әрең жетеді. Біразы болдырып жолда қалады. Ал, тұтқындарға тыным жоқ. Қашан қалжырап жығылғанша, қарға малтығып олар ілгері тырмысып жылжи береді... Солардың біреуі – Федор Михайлович Достоевский. Қазаннан Омбыға айдан астам уақытта әрең жеткен жолында, сан рет қалжырай жүре ол бір жерде де шанаға аяқ артқан жоқ. Табиғаттың оған берген дене қаруы күшті еді. Сол қуатын ол, әуелі Петербургтағы Чермак пансионатында, одан кейін инженерлік училищеде оқыған жылдарында гимнастика сабақтарына белсене қатынасу арқылы шынықтыра түскен. Құрбыларымен күресе кеткенде, ол, бірсыдырғы балуан да. Ауырлық көтеруге де мықты болатын. Осы қару оған жаяулаған, жүрісі ауыр тұтқындық сапарында медеу болып, кейде күні-түні салпақтауға төзіп бақты... Жаяулаудың үстіне, тұтқындардың қарны аш: олардың жолшыбайғы асы суға қайнатқан шірік овощтың сорпасы, іші аязданған арпа нанының жұдырықтай ғана кесегі. Өзге тағамды көздері де көрмейді... Тұтқындар Петербургтан бірсыдырғы жылы және жеңіл киіммен аттанған. Қазандағы жандармерия оларды түгел сыпырып алды да, үстеріне тозған, жамаулы, жел мен аязға панасы жоқ, жауырындарына қарғыс таңбасындай сарғылт түсті шүберек тіккен, кенептік матадан жасалған әлде не жексұрын киімдер; аяқтарына бергені: балтырға орайтын ысқаяқ шұлғау мен жөкеден тоқылған шабата. Бұл киімдер тұтқындарды жолшыбай дірдектете тоңдырады Тоңғанмен амал қанша, арық малдай сүмеңдеп әлі жеткенге дейін жылжи береді. Қалжырап құлағандарды, я сырқаттарды шанаға отырғызады. Оның да рахаты жоқ, Қимылсыз халде дірдектеу күшейеді, сондықтан, шанадан түсіп, шамасынша тағы жаяу қыбырлайды. Әлсіз ауруларды кез келген жерге, кейде далаға тастап кетеді. Өліктер де сондай... Өзге тұтқындар да, солардың қарулыларының бірі, – Ф. М. Достоевский де Омбыға аса қалжырап жетті де, көшеге сапта шұбырған түрлерінде кірді. Кадет корпусы үйінің алдынан өтерде, қолдарына өткір шыбық ұстаған кадеттердің әр тұтқынды бастарынан бір-бір шықпыртып өткізгенің Достоевскийді Усовтың өзі де сабамағаның Шоқанға да сабатпағаның біз осы романның бірінші кітабында баяндағанбыз. Петербургта дарға асылар алдында, көздері жаутаңдаған қарапайым жұртты санасыз малға, әкімдерді жыртқыш аңға санаған Достоевский, сол ойын Омбы көшесіне кіргенге дейін, Усовтың Шоқанға «ұрма, Достоевский!» деген даусына жалт қарағанға дейін, сонда шыбығын көтере берген қалпында қата қалған Шоқанға көзі түскенге дейін өзгертпеген. Шыбығын көтере беріп ұрмай қалған азиат кескінді Шоқанға оның іші жылып кетті. Бірақ, «қай азиат?» «Монғолы ма, басқа біреуі ме?» Қайсысы болса да, тұтқынға алынғалы адамдық кескіннен көріп отырғаны осы ғана! Усовтың даусын естігенмен, оған да жаны жібігенмен, қаз-қатар тізілген кадеттердің қайсысы екенін түстеп үлгере алмады... Камалға кіріптар болған күндерде Достоевскийдің ой-санасынан жылы жүзді жас «азиат» шықпай қойды. Оны көру, реті келсе – сөйлесу Достоевскийдің арманы. Бірақ, қалай? Қашан? Бұл сұрау, кешусіз теңіз сияқты көрініп, оған малтудан тыным таппаған, ұзақ малтып ұшы-қиырына жете алмаған, сонда да күдер үзбеген Достоевский, қалжырауға айналған күндердің біреуінде, күн сайынғы дағдысымен, кровать үстінде, басын алақандарымен қыса қаусырып, аяғын жерге салбырата, көзін жұма, тұнжырап отыр еді, темір есіктің сырт жағынан құлағына сыбдыр шалына қалды. «Әдеттегі біреулер болар» деген оймен, Достоевский дыбысқа көңіл бөлмеді, отырған қалпын өзгертпеді. Салдырлап есік ашылып, әлдекім кіргендей болды. Қамал камерасына бұған дейін келіп жүретін адамдарының мінез-құлығы Достоевскийге таныс: ақыра, жекіре, боқтай, байланыса кіретін олардың өздері үн қатып, не істе деуін бұйырғанша, кескіндеріне түйіле бір қарап, көзін төмен түсіре қоятын Достоевский, бұл жолы да сөйткісі кеп, есіктен кіргенге қараса, монгол кескінді кіші офицер!.. «Бұл кім?!» дегендей, Достоевский түйіле қараған көзін төмен түсірмеді. Камераның қара көлеңке сәулесіне үйренген оның алғыс көзі жас офицердің түр-тұлғасын тез және айқын шалып қалды: ортадан гөрі сұңғақтау, талдырмаш денелі, қоңыр енді, қалқанын көтере киген картузынан ілгері сұғынған кең маңдайы мен толық шекесі түгел көрініп тұр; мұрын жағы кеңдеу, шықшыт жағы тарлау, көздері қиғаштана, шатынай біткен; қабақтары қалың көз үсті томпақ; түп жағы қою, үш жағы сұйық қастары, қабақтан шекеге қайқая көтерілген; жотасы қырлау, кішірек мұрнының танаулары делдиген, жоғары ернінің үсті қарауытып түбіттене бастаған... Бұндай сәулеге көзі үйренбеген Шоқанға, Достоевскийдің кровать үстінде қарауытқан денесі, тірі емес, елі бірдеменің елесі сияқтанды. Аздан кейін ол сурет айқындала бастады... Оның қылмысты ісіне 1846 жылы атақты сүгіретші Ройтер бояумен салып, өзіне сыйлаған портреті тіркеулі еді. Онда Достоевский инженер формасында сәнді киінген, мұрты қырылған, қырма сақалы қысқа ғана тебіндеген, толықша денелі, қалың бетті жас жігіт; мына көріп тұрғаны оған ұқсамайды: сақал-мұрты қабаланып еркіне кеткен; «кескіні шырайлы ма» деп жорамалдаған ажары тоттанған қорғасын сияқты қара-сұрланған, «қалың ба» деп ойлайтын шашының маңдай жағы сұйылып, ерт жүрген жердің шөбіндей селдіреген; бұрынғы қалпында тек қана торсиған шекесімен, татарлар тәрізді шығыңқы бет сүйегі... Бір-бірін осылайша тез бағдарлап үлгерген олардан тілге Шоқан бұрынырақ келді. Тұтқындалғанға дейін Достоевскийдің аға офицер екенін білетін ол, өз чинінің одан кішілігін білдіргендей:

– Корнет Чокан Чингисович Уәлиханов!.. Батыс Сібірдің генерал губернаторының адьютанты! – деді честь беріп.

Оның жылы үніне іші жылығандай:

– Тұтқындағы Федор Михайлович Достоевский! – деді ол, кроватынан түрегеп.

– Сізді білем, Федор Михайлович, – деді Шоқан ақырын адыммен оған беттеп. Тұтқынға алынғалы алыстай тұлғасы тұмандана берген адамдық бейне, Шоқанның денесі өзіне жақындаған сайын Достоевскийге тағы да біртіндеп айқындала бастаған сияқтанды. Таянып келіп қолын ұсынған Шоқанға ол да дымқос арық алақанын беріп:

– Кешіріңіз!– деді көзін Шоқанға түйе тігіп, – қайда көрдім мен сізді?!

– Осы Омбының көшесінде болар...

– Иә-иә!.. Біз айдалып кеп кіргенде!.. Қасыңыздағы біреу есімімді атағанда, сіз мені қолыңыздағы шыбықпен сабамай өткізіп жібердіңіз... Рас па?.

– Солай болған!...

Достоевскийдің бойын «өлгені – тірілгендей, өшкені – жанғандай» қуаныш сезімі билеп кетті. Содан есінен таңғандай болған ол, магнит тартқан темірдей, «о, адам!» деп, жыламсыраған үнмен Шоқанды қалай құшақтай алғанын білмей де қалды.

– О, адам!.. Бірінші адам!.. – деп Достоевский Шоқанды бас сап құшақтады да, еңіреп жылап жіберді... Свинягин бұның бәрін камера есігінің тар тесігінен сығалай байқап тұрды... Құшақтасқандардың қаншалық тұрарын аллам білер еді, егер сығалаушы қапыда жөтеліп қалмаса!.. Кенет дыбыстан сескене қалған олардың құшақтары өздігінен жазылып кетті.

– Шпик! – деді Достоевский ақырын үнмен.

– Бола берсін!..

– Мейірім етіңіз! – деді, қайта құшақтағысы келгенмен реті жоғын ойлаған Достоевский, «отырыңыз!» дегендей, кроватын нұсқап.

– Өзіңіз де! – деді Шоқан, қимылымен, отыруға ықласы барлығын аңғартып. Қатар отырған Достоевскийге Шоқан әуелі петрошевшілдер ісін басқаруды начальнигинің тапсырғаның біраз істерді қарастырып үлгергенің ол істердің Достоевскийге байланыстыларын қадағалай қарағаның оның себебін, талантына табынатын адамы көргелі, танысқалы әдейі келгенін қысқаша айтып шықты.

– Сізді көріп танысып шығудан басқа жұмысым жоқ, – деп аяқтады сөзін Шоқан. Дос адам табуына қуанудан ба, адъютант атаулыны қожасының көлеңкесі деп санайтындықтан, сырын түйіп болғанша сырғақсуынан ба, Шоқан жылпыңдағанмен, мінезі сабырлы Достоевский бұл жолы шешіліп сөйлесе қойған жоқ. Сол жайын байқаған Шоқан, «бойы үйренген соң түйіні тарқатылар» деп ойлады да, аз отырғаннан кейін «тағы да жолығысармыз» деп кетіп қалды. Айрыла сала бір-бірін сағыныса бастады олар. Сондағы мақсаттары бірінің-бірі кім екендігіне тереңдеп, түпкі асылдарының не екенін көру. Олар кешікпей жиі жолығыса бастады және камерада ғана емес, генерал-губернаторлықтың кеңсесінде, Шоқанның пәтерінде... Гасфорттан сұрастырып байқаса, Достоевскийді ол білмейтің ешбір шығармасын оқымаған кісі боп шықты. Сондықтан, қызықтыру ниетімен, оның шығармаларын аспанға көтере мақтап, «Орыс прозасының Гогольден кейінгі биігі осы» дегенді айтты. Сол бағасына Белинскийді кепіл ғып, оның «Отечественные записки» журналында «Кедей адамдарға» жазған сынын көрсетті. Оқығаны аз болғанмен, естігені, тоқығаны көп Гасфорт, Белинскийдің өткір сыншы екенін білетін еді. Ол Шоқанға сенбегенмен, сыншыға сеніп, Достоевскийге көңіл аударды. Оның қорқары: жалпы петрошевшілдердің, олардың ішінде – Достоевскийдің идеялық жағы болушы еді. Шоқанның баяндауынша, тұтқындалғанға дейін француз утопистерінің социалистік идеясымен еліккен Достоевский, абақтыға алынған күннен бастап, төбесінен төңкеріліп түскен. Қазір ол, «революция» былай тұрсын, «социализм» дегеннен, қасқырдан үріккен жылқыдай қашады. Оның қазіргі сенімі – христиан діні. Ол да осы діннің «құдайы» саналатын Айсадай: зорлыққа қарсы тұрмауды, қиянатқа төзуді, бұл дүниеден таппаған жақсылықты ахиреттен күтуді қолдайды; патша және патшашылдық мәселесіне де осылай қарап, олардың болуын тіршіліктің табиғи заңына санайды... Бұлардың бәрі Гасфортқа жағымды сөздер, сондықтан Достовескийді көруге, жолығуға, пікірлесуге ол да құмартып, көңілді бір шағында кабинетінде қабылдады да. Бірақ, сөзуар Гасфортқа тұйық Достоевский ұнамады, сондықтан, одан кейін қабылдаған жоқ. Шоқанның пәтері – Омбыға алғаш келген жылы, мейманханасына түсетін Варвара Коробейникованың сәудегер, бай інісі – Мирон Коробейниковтың үйі еді. Тері саудасынан байыған ол, тез арада бірінші – гильді сәудегерінің даражасына жетіп, Омбының орталығына асты күйген кірпіштен, үсті қарағай бөренеден екі этажды үлкен үй салған. Шоқанды бала жасынан білетін ол, корпусты бітіріп, Гасфортқа адъютант болғаннан кейін, «бір күніме керек болар» деген оймен, жасаулы бірер бөлмесіне тегін тұрғызған. Шоқан осы бөлмеде Достоевскиймен бір емес, бірнеше рет жолықты. Кейде қондырып та жүрді. Басында баласынып қарайтын Шоқанмен сөйлесе келе, оның ой-санасы марқайған жас екеніне көзі жеткен Достоевский, шүйіркелесе келе, теңдесе сөйлесіп ешбір сырын іріккен жоқ. Сондай ұзақ кеңестерінде Шоқанның қалтқысыз достығына күдігі қалмаған Достоевский өткен күндерінің әсеріне қоса, басында пісіп жүрген болашақ біраз шығармаларының мазмұндарын да жыр ғып айтып берді. Мысалы, кейін «Өлік үйдің хаттары» деген атпен жазған мемуарлық романы. Сонда сипатталатын оқиғаларды баяндағанда, Шоқан «Омбы острогы» дегеннің, онда қамалғандардың тұрмысы не екенін айқын көрді. Не деген тамұқ тұрмыс. Кейін «Ағайынды Карамазовтар» деп атаған романында, әкесін өлтіретін олардың қылығы, Достоевскийдің өз үйінде болған оқиғаларға ұқсайды екен. Оның әкесі – Михайл Андреевич те, Карамазовтардық әкелеріндей тентек сотқар, өр көкірек зорлықшыл, бейбастық, араққор, бағыныштыларын да, әйелін де, балаларын да қорлап ұстаған оны, қиянаты өткен шақта, ұлдары өлтіруге де ниет еткен, солардың ішінде ересек болып қалған Федор да бар: соған келісіп кезегін күтіп жүргенде, белгісіз біреулер орман арасында өлтіріп кетіп тыншыған.

– Артынан,– деп аяқтайды Федор Михайлович, бұл кеңесін,– крепостной шаруалар өлтіргені сезілді: құтылуға құмартып жүрген әкенің ондай ажалына жанымыз ашыған жоқ. Революциялық социалистік идеямен ауырушылар Достоевскийдің ойында «делқұлылар» (идиоты) мен «жындар» (бесы) олар орынсыз қан төгуден басқа еш нәрсе бітірмейді. Сондай ойдағы Достоевскийдің өз беталысын шамалайын десе, қазақ мақалының «су аударған дөңбектей, жел аударған қаңбақтай» деуіне ұқсайды. Бірақ, адамды сүю, оған жақсылық ойлау санасынан айныр түрі жоқ. Сонда, қоғам «жақсылық» аталатын тиянаққа қалай жетпек?.. Күрес жолымен бе?.. Олай дейін десе, ерте замандағы патрицей мен плебейлердің қанды арпалысынан мыңдаған жылдарға үздіксіз созылып келе жатқан таптық күрес, қамалушылардың қолын бостандыққа жеткізген жоқ! Тарих жүрісінің беталысына қараса, қашан жетудің елесі әлі де көрінбейді... Шоқанның, «ендеше не істеу керек?» деген сұрауына Достоевскийдің берер жауабы – христиан дінінің көнбістік жолына түсу... Оған сенейін десе, христиан діні шыққалы қашан!.. Содан бері қоғам өміріндегі теңсіздік күні сәулелену орнына қараңғылана түседі... Сонымен, Достоевскийдің гуманизмі, Шоқанға ар жағында не бары белгісіз аспан кеңістігіндей, көгілдір түпсіз тұңғиыққа ұқсайды... Достоевскийден сонда да безінбей, достық жігін күннен күнге тығыздай жымдастыра беретін себебі: саналы өмірінде әзірге жолықтырып үлгерген адамдарында, дәл мұндай гуманисті кездестірген емес. Өзі атақты славянофильдердің бірі бола тұра, бұл адамзатты түсіне, ұлтына, жынысына, жасына бөлмей, еңбек білім жүйесіндегі «адам» атаулыны түгел сүйетін сияқты. Сондықтан да ол, орыс ойшылдарының арғы жағындағы Николай Новиков пікірлестерінің, бер жағы – петрошевшілдердің Россиядағы «бұратана» аталатын отар ұлттарды, орыс ұлтымен тең ұстау идеясын ұната, көтермелей сөйлейді. Шоқан да өзін гуманистке санайтын адам. Бүкіл адам қоғамының теңдікке жетуін ол да арман етеді. Бұл оның арғы арманы. Бергі арманы туған елі – қазақтың елдігін, шаруасын, мәдениетің тұрмысын европаның орыстық даражасына көтеру...Бірақ, қалай?.. Достоевскийді жас жағынан да, білім жағынан да өзінен үлкен көретін Шоқан, «сол білер ме екен?» деген оймен сұраулар қойып көрсе, берер жауабы, жалпы гуманистік идеясынан әлдеқайда көмескі! Өйтпегенде ше?.. Жер шарының географиялық картасына көз тіксе, оның шығыстық жартысын, егіздің терісіне меңзесе, соның шеткі бір пұшпағындай ғана көрінетін Англия не істеп отыр соңғы төрт-бес ғасырда? Ол Американы, Австралияны, Азияны, Африканы бірінен соқ бірін жаулап, көпшілігін отарлық құлдықта ұстап отырған жоқ па?.. Бойлары алпамсадай үлкен болғанмен, өнер-білімнен артта қалған отарлар, өз жерінің көлемі титімдей Англияға қарсыласа алды ма? Тулап көргендерін тойтарып, демін ішінен алғызып жүрген жоқ па?

Франция ше? Испания ше?.. Оларды былай қойғанда,

Европада континентінің батысына талақтай жабысқан, жерінің тілген таспадай ғана көлемі бар Португалия ше?.. Голландия, Дания, Бельгия ше? Отарларымен бойларын салыстырғанда ергежейлі сияқты осылар талай алып елдердің үстіне мініп aп, өкпеге тепкілеп айдап жүрген жоқ па? Россия да дүние жүзіндегі ең зор отаршыл мемлекеттің бірі ғой? Оның да жаулап алған жері мен елі ұлан байтақ. Солардың бірі қазақ. Қорлықта келе жатқан бұл отар елдердің теңдікке жетуі қашан? Және қалай жетеді? Кім жеткізеді? Достоевскийге Шоқанның қазақты мәдениетті ел жасау туралы ойы, утопизмнің де ең нашары сияқтанады. Бұл жағынан Шоқан оған «ХІХ-ғасырдың Дон-Кихоты» деп қарайды. Кітаптардан оқуынан ба, ауызша естуінен бе, ол мінез-құлық жағынан Лермонтовқа, немесе оның бас геройы – Печоринге ұқсауға тырысты: ретіне қарай зілді де, шапшаң да, орнықты да, ұшқалақ та; тігің де сыпайы да; сөзуар да, үндемес те; солар сияқты егеске де жаны құмар және егескенін жеңбей тынбайды, сонда кеудемсоқтықпен емес, білімімен, дәлелімен... Ал, жалпы біліміне келгенде, не деген зор эрудит! Әсіресе: тарихтан, философиядан, эстетикадан, энтографиядан, тағы сондай гуманитарлық білімдерде! Табиғат танудан да білетіндері толып жатыр!.. Оқусыз ауылдан кеше ғана келген бала-жігіт, аз жылдың ішінде мұншама көп білімді қайдан алып үлгерген!.. Бұл жағынан қарағанда, шын мағынасындағы феномен!.. Ал, ой-санасының қалыптасу жағына келгенде, мартен пешінде балқып тұрған болатқа ұқсайды; қызу күшті, бірақ қайда, қандай қалыпқа құйыларын әлі анықтамаған сияқты.' Ниет ететін қалыбы – саясат. Оған құйылып оңған адамды Достоевский көрген де, естіген де емес. Шоқан олардан асып қайда барады?.. Ол да солар барған жерге барып, қылығының ақыры, бері салғанда өкінішке, әрі салғанда апатқа ұшырайды. Қалтқысыз сүйіп үлгерген жас досын Достоевский ондай опық жеуге қимайды, сондықтан, «опығы жоқ-ау» деген бағытқа икемдегісі келеді. Сол мақсатпен сырласа әңгімелесіп отырған бір шақта: – Шоқан! – деді Достоевский.

– Әу, Федор Михайлович.

– Бір ақыл қоссам, ұнар ма еді саған?

– Айтып көр.

– Сен ғой, менің байқауымша, қазақ халқынан шыққан, европалық білімі бар бірінші адамсың?

– Солай сияқты.

– Көбейту керек қой, сол халықтан сен сияқты адамды

– Дұрыс қой, бірақ қалай?..

– Өзің сияқты, орыс школына қазақ, балаларын тарту арқылы.

Осы арада Шоқан Достоевскийге жаңа бір мәлімет айтты.

– Қазақ халқының, – деді ол,– Россияға шет-құшақтан бағына бастауына жүз жылдан асып барады. Содан беpі,– деп, қазақтан қай жерде кімдер орысша оқығаның бармағымен санап берді. Олар тым аз екен.

– Бірақ, – деп жалғастырды Шоқан сөзін, – бұлардың бәрі түгелімен патша өкіметінің чиновниктері. Іштерінде, туған халқының хал-жайын ойлайтын оның өркендеуіне жәрдемдесетін біреуі жоқ.

– Өзің ше?

– «Жалғыз қаздың үні шықпайды» дейді қазақ халқы. «Жалғыз адам майданда жауынгер емес дейді орыс мақалы. Мен жалғызбын.

– Әңгіме сендейлерді көбейту жайында болып отырған жоқ па?

– Қалай көбейеді ол? – деп, Шоқан әнеугі Атбасар жолында қазақтарды орыс оқуына үндегенің талай адамдар балаларын Омбыға жібереміз деп уәде бергенің сол уәдесінде біреуінің де тұрмағанын зор өкінішпен айтып берді.

– Ауылға жақындатса қайтер еді школаны?

– Қалай?

– Тұп-тура ауылдардың өзінде ашса?

Шоқан қарқылдап күлді.

– Неге күлесің?

– «Бездім» деген утопияға қайта оралдың ғой, Федор Михайлович!

– Неге?

– Ашатын кім ондай школаны ауылда? Ауыл түгіл орыс селоларында?.. Қазақтар түгіл, біздің Батыс Сібірдің орыстарынан да жүзден тоқсаны хат білмейді; селолардың басым көпшілігі «школа» деген сөзге түсінбейді, себебі, ондай мәдениет ошағын көрмек түгіл естіген жоқ!..

– Өкінішке қарай, – деді Достоевский, демін күрсіне алып, – ішкі Россияда да солай!.. Бұл әңгіме тұйықталып қалды. Әрі қарай созуда мән жоғын ұққан Достоевский, Шоқанды тағы бір бетке бұру ниетімен, адамзаттың қазіргі уақытта алдыңғы қатардағы ойы да, білімі де Европада екенің тұтқындалғанға дейін омы көру, аралау, сабақ алу ниеті болғаның ол арманын тұтқындалу кескенін айта кеп, сөз аяғын Шоқанға соқтырды да:

– Сен де осыны істеуің керек! – дегенді ұсынды.

Шоқан тағы да қарқылдап күлді.

– Неге күлесің?

– Мені, кішкене адъютантты ондай саяхатқа жіберетін кім? Қаражат қайда оған!..

– Әкеңді бай кісі дедің ғой.

– Не қылған байлық ол?.. Ауыл байларында ақша жоқ. Барлық мал-мүлкін сатса, ақшасы

Европаны бірер жыл аралауға жетпейді

Бұл әңгіме де тұйықталып қалды.

Олар осындай тұйықтардан шыға алмай шырмалып жүрген шақта, Шоқан қозғаған бір мәселенің сәті түсе қалды. Достоевский Гасфорттың қабылдауында болғаннан кейін, генералдың көңілді отырған бір шағын пайдаланып, Шоқан оған Шығыс Сібірдің генерал-губернаторы Муравьев-Амурскийді мақтап кетті. Сондағы сылтауы – «бурят ғалымы Доржи Банзаровтан алдым» деген хаты. Банзаровпен ол 1850 жылы Петербургтан туған еліне кетіп бара жатып, Омбыға соққан жолында, есімі бізге осы романның өткен тарауларынан таныс, бурят шалы Бұғы байдың, үйінде танысқан еді. Әуелі Қазан қаласындағы гимназияны, одан сондағы университетті бітіріп, Петербургта ғылыми жұмыстармен шұғылданған, баспада жарияланған ғылымдық мәні терең еңбектерімен дүние жүзіне әйгілі Банзаров, жолыққан шақта жасы он төрттен он беске жаңа шыққан Шоқанның ақылдылығына, кітапты көп оқығандығына, ұғымпаздығына, ой-санасының ерте марқая бастауына қайран қалған Жасы да, білімі де әлдеқайда үлкен бола тұра, Банзаров Шоқанмен теңдесе сөйлесіп, оның болашағына аса зор үміт жүктеген, сырласа келе туысындай көріп, жылағандай айрылысқан; содан кейін туған жеріне кеткен Банзаров Шоқанға оқта-текте хаттар жазып жүрген. Өлкелерінің тіршілігі туралы, өзінің не істермен шұғылдануы туралы толып жатқан мәліметтер хабарлайтын. Ол хаттардың Гасфортты ойға қалдырар деген кейбірін Шоқан генералына көрсететін. Олар қызық көрінетін. Шоқан кей хаттың мазмұнын ауызша айтатын. Шоқанның әдетінде кейбір жайды өсіріп те, өшіріп те айта салатындық болушы еді. Банзаровты көтермелей сөйлейтін ол, кейде хатта айтпағанын айтты деп, өз жанынан талай қызықтарды қосып жіберетін. Аңқылдақ Гасфорт оларына иланатын. Сондай қылығына бағып жуық арада Шығыс Сібірдің Омбы арқылы Петербургқа өткен әлде не жүргіншіден естіген кеңесін Банзаровтың хатына айналдырды да, аяғын Гасфорттың қытығына тиетін сөзге бұрып жіберді. Гасфорт Муравьев-Амурскиймен барлық ісінде де бақас еді, ол не қызметің не қылығын болса да одан асыруға тырысатын. Сол қалпын білетін Шоқан, «Банзаровтан келді» деген «хаттың» мазмұнын ауызша айтып беріп:

– Сіз, әрине, ағайынды Бестужев дегендерді білесіз, – деді ол.

Гасфорт «білмеймін» деуге арланып, «білем» дей салды.

Өтірігін сезген Шоқан «қалай білесіз!» деп қазбаламай:

– Декабристердің ішінде олар ең ауыр қылмыстылардың қатарына қосылатынын да білеміз? – деді генералын шыңдай түсіп.

– Әрине.

– Сондықтан да, ұлы даражалы государь император Бестужевтардың үлкені мен кенжесінің әскерлік чиндерін сыпырып, солдатқа берді ғой. Ортаншылары: Николай мен Михайлды Сібірге, каторгіге жіберді ғой.

– Білем, – деді Гасфорт тағы да өп-өтірік. – Халдері қалай екен солардың? Сібірде олар патша сарайының Нерчиндегі күміс кенін қазатын шахтасына түсіп, жұмыс істеген. «Сондай ауыр азапта өлгенше жүре беретін оларды генерал Муравьев-Амурский ажалдан айырып алды» деп жазыпты, Банзароз маған.

– Қалай?

– Бестужевтардың үлкені Александр, кейін «Марлинский» лақабын алған үлкен ақын кісі болғанын білеміз.

– Әрине, – дей салды Гасфорт.

– Солдатқа берілген ол Кавказдағы соғыста ерлік көрсетіп, сол қайраты үшін патша оны есіркеген де, Петербургқа шақырып, офицер мундирін қайта кигізген. Өз халін жақсартып алған Марлинский Петербургқа әлдеқалай бара қалған Муравьев-Амурскийге жолығып, Нерчиндағы інілерінің ауыр халін жеңілдетуді өтінген. Муравьев ұлы жандылық көрсетіп, Ішкі істер министрі граф Растопчин арқылы, Сібірдегі Бестужевтардың өмірлік каторгасын әуелі жиырма жылға шегертіп, біраздан кейін сарай министрі, князь Галициннің жәрдемімен, каторжандық халден мүлдем босатқан. Банзаровтың хатына қарағанда, олар қазір Селенга острогінде еркіндікте жүрген көрінеді. Николай жазушы да, суретші де екен. Ол осы өнерін шеберлендірумен шұғылданады дейді. Ал, Михаилды – он саусағынан өнер тамады дейді: әрі зергер, әрі темір ұстасы, әрі балташы болса керек. Ол да осы өнерін өркендетуде дейді.

– Апырай-ә?!.. – деп қалды Гасфорт.

– Сіздің әріптесіңіз генерал Амурский осындай игілікті іс істеген! – деді Шоқан енді Гасфортты қайрауға кірісіп. – Сізге де неге атқармасқа, сондай игілікті істі?

– Неге?–деп қалды Муравьевтің абыройына іші тарыла қалған Гасфорт.

– Бестужевтар, қанша талантты дегенмен, – деді Шоқан, мақсатына енді тура келіп, – төртеуін қосқанда бір Достоевскийдің ширегіне келмейді. Олардың қасында бұл – төбесіне жан шығармайтын асқар таудай, ал, аналар – етегіндегі төбешіктей!

– Одан не мораль!.. – деді Гасфорт, адъютантының не айтқалы келе жатқанын енді ғана шамалағандай.

– Мораль, – деді Шоқан ендігі сөздерін нығарлай айтып, – сонша үлкен Достоевскийді тар және қараңғы камерада неге ұстаймыз? Оны неге еркіне шығармасқа? Бестужевтардың кім екенін кім біліп жатыр? Кім керек қып жатыр, олардың, қайда жүргенін? Ал, Достоевскийдің қайда, не халде отырғаны орыстың ғана емес, бүкіл Европаның мәдениетті қауымы түгел біледі; ауыр халіне түгел қайғырады; егер ол осы халден босана қалса түгелімен қуанады, босатушыға алғыс жаудырады. Сондай ұлы абыройға сізге неге ие болмасқа, Жоғары мәртебелім?! Мақтаншақ Госфорт кеудесін кере дем алып, «жөн сөз екен!» деп қалды.

– Князь Галицинге сіз Амурскийден әлдеқайда жақынсыз да, өтімдісіз де, Жоғары мәртебелім. Отан соғысында сіз князьдің сенімді және сүйікті адьютанты болдыңыз; Амурский оның маңына да жолап көрген жоқ.

Шоқанның соңғы сөзіне тіпті масаттанып кеткен Гасфорт:

– Солай-ақ болсын! – деп столды қойып жіберіп, орнынан атып тұрды, – хат жаз князьға менің атымнан және жақсылап жаз!..

– Шамам келгенше. Жоғары мәртебелім!..

Жазылған хаттың жауабы, екі-үш айда қайтып келді.

Ондағы бұйрық: «Достоевский абақтыдан босансын. Солдатқа берілсін. Қызметті Семейдегі шекаралық батальонда атқарсын!» Гасфорттың тағы бір игі ісі – Семейге басқа бір тапсырмалармен жүргелі жатқан Шоқанға Достоевскийді ерте кетуге ұлықсат етті.

СУҒА КЕТЕ ЖАЗДАҒАНДА

Бұл көктемнің ала-сапырандау шағы еді. Қар еріп болғанмен, жер әлі миы шыққан саз. Омбыдан Семейге ылаумен бару үшін Ертістің «Орыс жағы» аталатын солтүстігін жағалау керек. Бұл жолмен сапар шегіп көрмеген Шоқан білетіндерден сұрастырса, ылау мінетін мекендердің аралары алшақ, көліктері қоңсыз кезі, қазіргідей лайсаң шақта атпен жолға шығу бейнет. «Ендеше не істеу керек?» дегеннің жауабын Шоқан тез тапты. Гасфорттық игілікті ісінің біреуі «Омбы флотилиясы» деген атпен Ертіс үстінен соңғы бірер жылда су жолын ашу еді. Оның батыс жағы – Тобылға, шығыс жағы – Семей арқылы Зайсан көлінің «Қара Ертіс» құймасына тіреледі. Осы екі арада, көбінесе жүк тасу жабдығына жүретін флотилияға кейде кісі де мінеді, әсіресе кішірек баркастарға. Шоқан сұрастырып байқаса, мұзы ертерек сөгілген Ертісте Семейге қарай жүруге он төрт ескекті баркас даярланып жатыр екен, бортына отыздан астам жүргінші алмақ. Білетіндердің сөзіне қарағанда қазіргідей аласапыран кезде сазды жағамен Семейге ылаулатып жетуге айға жақын жүруі керек, су жолы, көп дегенде – жарты ай. Шоқанның осы баркаспен кеткісі келді, ондағы ойы сумен сапар шекпеген өзінің де қызық көргісі келуі, қамаудан шыққан досы Достоевскийге еркін ауада дем алғызғысы келді. Шоқанның бұл ойына Достоевский қарсы болған жоқ. Жолға шығар алдында Шоқан Достоевскийді бірер күн пәтеріне алып тынықтырды, сақал-мұртын қырғызды, шашын қырықтырды, жергілікті гарнизоннан солдат киімдерін алып берді, сөйтіп, кешегі сорлы тұтқын енді адам қатарына қосылып, жұнттай боп алды. Баркасқа бұл екеуінен басқа отыратын жолаушылар – солдаттар мен жұмысшылар екен. Жүргіншілер үсті ашық баркасқа отырғанда, табиғаттың мейірі түскендей, осы кезде «қара д,ауыл» да бәсеңдей бастады, күн шуақтанды. Мезгіл – Ертістің суы кең арнасына лықылдай толып тасуға таянып қалған шақ еді. Ол жолаушылар аттанғаннан бірер күн кейін тасыды. Достоевскийге өзеннің тасуын көруден қызғылықты нәрсе болмайтын. Сондықтан, ескен өлкесіндегі кіші-гірім өзендердің тасуын місе тұтпай, «кең жайылады» деп естіген Еділ бойын бала жігіт шағында әдейілеп аралағаны бар. Ертіс оған Еділдей көрініп кетті. Ертістің тасыған суы «Қазақ жағы» аталатын ойпатына құлайды екен. Бұл бетке жайылған судың ұшы-қиыры көрінбейтін теңіз. Тегі, жайылымы біраз алыстыққа дейін терең де болу керек, ойпатқа өскен қалың тоғайдың қылтиған бастары ғана көрінеді... Ағысы қатты. Ертістің жайылымы да екпінді бетінде қалқып бара жатқан нәрселерден байқалады. Жайылым көк болғанмен, баркас өзеннің терең арнасынан аумай келе жатқан сияқты. Қатты ағысы кеудесінен итергенмен, күшті қолдар құлаштай сермеген ескектер баркасты ілгері жылжытудан мүдірмейді!.. Не деген күшті серпін!.. Жолаушыларды, әсіресе, Шоқан мен Дортоевскийді баркастан гөрі ескіштер қызықтырады. Қайдан, қалай таңдап алғандарын кім білсін,– он төрт ескекке жеті-жетіден екі қатар болып отырған олардың түр-тұлғалары аса ірі, денелі. Ауыздарын қалық сақал мен мұрт басқан. Өзгелері орыс кескінді бұлардың арасында, қазақ кескінді жалғыз-ақ адам бар, оның да ірілігі аналардан кем емес, ол да түгі сұйықтау, түсі қап-қара, қылдары жылқының ту құйрығындай қатқыл сақал-мұртын ұйпаландырып еркіне жіберген. Оның қазақ, я солтүстік халықтардың бірі екенін айыра алмаған Шоқан біраз күнге дейін тіл қатқан жоқ... Бойы үйрене атын сұраса – Қаранар. Одан басқа сұрауларына мылқау адамдай жауап қайтармайды. Содаң кейін Шоқан үн қатпайтын болды... Жетеуінің де кигені еттері жылтылдаған жалба-жұлба жыртық. Содан көрінген бұлшық еттері биік шыңның бойында бұдырмақталған тастарға ұқсайды. Бірақ қимылсыз қаланған тастарға емес, жер сілкігенде күтірлей құлайтын қимылдағы тастардай. Күштерінің көптігінен бе, ыстық-суыққа пісіп-қатуынан ба, ашықты-жабықты жағдайда тоңазымайды да, пысынамайды да!.. Жуандығы да, ұзындығы да түйенің жіліншігіне ұқсас білектері, ескектерді созып-тартып қимылдаудан ертеден қара кешке тынбайды; ара-тұра кезектесіп, мызғып алысады да, жайылған кең судың екпінді ағысына қарсы қайықтарын ентелетіп есе беруден жалықпайды. Не деген қажырлы адамдар, қарулы қолдар!.. Ана жылы Еділ бойын кезгенде, Достоевскийдің бір мақсаты бурлактардың өмірін көру болған. Сонда, ондап, жүздеп... дегендей ауырлы-жеңілді қайықтарға, кейде кемелерге жуан кендір арқанның ұшынан жасалған ноқталарға жегіліп, ыққа қарай да, желге қарай да шірене тартудан мойындары босамайтын бұларды Достоевский өз тұсындағы заманның бар ауыртпалығын сүйретушілерге есептейтін. Осы тақырыпқа шығарма жазсам ба деп жиналып жүрген шағында тұтқынға түсіп қалды. Өзі түгіл елесі бұлдырамайтын бақытты іздеуден ойы шаршаған ол кеңеспен ұзақ жолды қысқарту үшін бурлактар өмірінен абайлаған қызғылықты эпизодтардың біразын әңгімелеп береді.

– Неге жазбайсың осыларды? – дейді, қызыға тыңдаған Шоқан.

– Орыстың қазіргі әдебиетінде бұл тақырыпта батыл жаза алатын жалғыз-ақ адам бар,– дейді Достоевский.

– Ол кім?

– Николай Александрович Некрасов!

– Оның жаза алатыны рас! – дейді жазу майданында жуықта ғана көріне бастаған Некрасовтың қалам сілтеуімен таныстығы бар Шоқан. Жолаушылар ескіштердің қуатты қимылдарына қызыға қараудан да жалығар ма еді, қайтер еді, егер он төрт балуан ара-тұра үн қосып өлең айтып отырмаса!.. Күндерін бірге еткізетін олар әндете дауыс қосуға жаттығып алған болулары керек, тұтасқан үндерінен жарықшақ шықпайды. Орындайтындары орыстың әлде не бір биік екпінді, зарлы әндері!.. Қазақ та серіктерінен қалыспайды... Достоевский бұл әндерді көбінесе тұнжырай тыңдайды да, кей кезде шыдамастан қосылып та кетеді. Өзге жолаушылардан да қосылатындары аз емес: Даусының ажарсыздығына қарамай, хорға делебесі қозған Шоқан да ара-тұра мұрнынан міңгірлеп қосылады. Жолаушылар Семейге дейін осындай халде барар ма еді, қайтер еді, егер Омбыдан шығуларына он шақты күн болып қалған кезде қайықтары суға батып кету қаупі тумаса. Атын «Омбы флотилиясы» деп қопа қардай қылғанмен, бұл пристанның қарамағындағы қайықтар, педияның малындай кәкір-шүкір, ескі-құсқылардан құралғандар болатын. Төстабандарының, қабырғаларының тақтайлары сөгілген, шіріген, олардың көбі жамау-жасқаумен жүре беретін. Қайықтардың көбірек таситын жүгі: дән, овощ балық, үн сияқты азық-түліктер. Солармен қоректенетін тышқандардың көптігінде қисап болмайды; әсіресе орысша «крыса», қазақша «егеуқұйрық» аталатын дөкейлерінде. Қазақтардың казак-орыстардан естулерінше, үлкендігі кішігірім мысықтай дөкей тышқандардың қаруы тісінде емес, құйрығында. Егеу сияқты жаралған ол құйрықтар ағаш түгіл тас пен темірді де теседі. Жабылып кетсе кісіні де, малды да жеп қояды. Казак-орыстар қулықпен айтқан бұл сөзге қазақтар нанып, «егеуқұйрығы бар» деп, Ертісті өрлейтін қайықтарға мінбей қойған. Кісіні, малды жеуі ертегі сияқты болғанмен, егеуқұйрықтардың қайықтар мен кемелерді тесіп шыдатпауы ақиқат. Омбы флотилиясында олардың бүлдірмегендері жоқ. Біздің жолаушылар мінген баркас та сондай жыртық-тесіктердің біреуі еді. Оны басқаратын боцман жолға шығару қауіп екенін айтқанмен, флотилияның өр кеуде, қатал капитаны «бара бер!» деп ақырды да, бет қарай алмайтын боцман баркас түбіне жиналған суды төгіп, тәуекелге бел байлап аттанып кетті. Жолшыбай жылаудан тынбаған суды, іркілген шақтарында, шелек бақыраш, тағы сол сияқты ыдыстармен іліп ап төктірді де отырды. Олар сол қалпымен Семейге де жетер ме еді, қайтер еді, егер, тілеуі құрғыр, егеу құйрықтар баркастың түбін тесіп жібермесе!.. Қайық түбінің жігіне кірген дәндерді, аш егеуқұйрық тіміскілей қазып жүргенде, шіріктеу бір тақтайды үңірейтіп тесті де алды. Сол тесіктен лықылдай кірген су, ыдыспен көсіп төгуге бой бермей, қайық ішінде көлки бастады. Соны көрген боцман, баркастың түбі тесілгенін болжады да, ескекшілерге, қайықты судың жайма тайыз жағына қарай бұруға бұйырды. Олар қайық бетің жалма-жан жаймаға бұрып, ескектерін жанталаса сермей бастады. Бірақ жайма жақын жерде емес сияқты. Ертістің бұл жақ беті кең жазық қалың тоғай екенің тоғайда үйеңкі, Терек сияқты ағаштардың жуан және биік болып өсетінін біледі. Бір жағы шытырман қалың тал. Олардың бойы да атты кісіден әлдеқайда биік. Қайықшылар бет бұрған жақта, талдардың үсті тып-типыл теңіз, арғы биік ағаштардың да, бастары ғана қылтияды. Соған қарағанда, тіпті әрменге дейін, кісі бойлар тереңдік жоқ сияқты. Ал, қолдағы құралмен қаншама жанталасып төксе де, қайыққа көрген су аласару орнына жоғарылай береді, қайықтың денесі суға шөгіп барады.

Тайызға аман жетуден күдер үзуге айналған боцман:

– Шамаларың жеткенше жан сақтаңдар! – дегенді айтты.

Жүзе білмеуден бе, сасқалақтаудан ба, біреулер суға қарғу қалпын көрсетіп, киімдерін шеше бастады. Шоқанның кадет кезінде Ертіске жүзіп үйренгендігі бар, бірақ жақын тұсқа ғана. Мына су телегей теңіз. Одан ете ала ма, жоқ па?.. Одан үлкен уайымы – Достоевский жүзе біле ме, жоқ па?... Сұраса, ол басын шайқайды. Ендеше суға кеткені де!.. Жандай дос көретін адамын ажалға қалай қимақ!..

– Жан сақтаңдар! – деп ақырған Қаранар даусы селк еткізді. Соның демеуімен Шоқан да, Достоевскийді көтеріп, жүзе жөнелді. Досының аман жағаға жетеріне көзі жеткенсін, Шоқан да еркін құлаш ұрды. Әйтсе де жағаға талмаусырай жетті. Бұл ара орысша – «Кряковск»10, қазақша – «Кереку» аталатын қаланың деңгейі екен. Қаранардың айтуынша, қала жақын. Бірақ, арқалағандары оған қазір қалай жайлана қояр таныстары жоқ. Сол жайды ақылдасқанда Қаранардың айтқаны:

– Сіздер осы арада қалыңыздар да, шешініп, киімдеріңізді кептіріңіздер. Сыртынан көргенім болмаса, бұл – ішіне кірген қалам емес. Соған барып, жайланар жер іздейін. Күн жылы, әрі желкем. Мен оралғанша үстерің дегдіп те қалар... Өздерің де тыныстарсыңдар, қорыққан жүректерің басылар... Ол «өзге киімдеріңді өздерің бірдеме қыларсыңдар, бумы тарта алмайсыңдар» деп, екеуінің аяғындағы солдат етіктерді әрең дегенде суырып берді. Суланған шұлғаулардың тұтқырлығы сондай екен, Қаранардың шірене, шыжымдай тартқан қарулы қолдары, етікпен қабат сирақтарын да суырып әкете жаздады. Өзі шешкен кенеп дамбалын мықтап бір сықты да, дымқостығына қарамай бұтына киіп ап, қала жаққа жең тартты да, ілезде қалың орманға сіңіп кетті... Орманды да, даланы да тастай қараңғылық бүркеп кетті.

– Қаланы таба алар ма екен, байғұс! – деді екі дос қосынан.

– Табар,– десті сенімсіз үнмен.

– Не деген қарулы адам! – деді, жөніне көзін тіккен Шоқан.

– Не деген жақсы адам! – деді Достоевский...

– Түрінен шошымаса жарар еді, қала халқы!

– Мүмкін...

Олардың жорамалы дұрысқа шықты. Қалың орманның сиректеу ішіне кіре орналасқан аз үйлі Керекудің шеттеу бүр үйіне жеткен Қаранар, қақпасына бас сұғайын десе, салтқысы киілген, жабық. Бөтен адамның иісін сезген иті, шабаланып қоя берді де, алып тастағысы келгендей, қақпа табалдырығын тырналай өршеленді... Адам дыбысы сезіле қоймаған соң, Қаранар қақпаны әуелі ақырын, одан кейін қатты қаға бастады. Үй иелері бұл мезетте, шыраның жарығымен іңір асын ішіп отыр еді. Иттің үруіне, қақпаның қағылуына қарап, олар жат біреу барын жобалады да, астарын доғарып, шыраларын сөндіре қойды. Себебі, кейде осы маңда, сібірліктер «варнак» немесе «посельщик» деп атайтын қаңғырғандар жүреді. Олардың көбі Сібірдегі каторгілерден қашқандар болады. Жүдеп-жадап жүретін олар ұрлық та қылады, үйлерді, кісілерді тонайды да, кейде жеке, кейде үйлі жанды өлтіріп те кетеді. Сондықтан Сібірдің тұрғындары күн бата терезелерін, есіктерін, қақпаларын тас қып бекітіп, даусы таныс біреу болмаса, басқаға ешуақытта ашпайды. Қаранар қақпасын қаққан үй де сөйтті. Қақпадан терезелерге барып, әрқайсысын шертіп, дүрсілдетіп көргенмен, тым-тырыс дыбыс бермеді. Кісі жоқ дейін десе, иті бар. Қора ішінен әлде не жылқы, әлденеге оқыранып та қойды. Ит түгіл малдар да елегзігендей, маңыраған қой-ешкінің, мөңіреген сиырдың дауыстары естілді. Адам даусы жоқ!.. Қаға-қаға қалжыраған, әрі түні салқын жерде тоңазыған Қаранар, терезе қақпасына аузын тақай, қатты дауыспен үйдегілерді боқтап алды да, көрші үйге жылжыды. Оның қақпа, терезесін қағып көрді, одан да дыбыс жоқ!.. Содан, үйден үйге көшіп дегендей, қаланың ең ішіне кіріп алды. Барлық үйде де шабалана үрген бір-бір ит!.. Біреуінен де адам даусы естілмейді. Не қылған қала, бұл?!.. Адам емес, кілең иттер тұратын қала ма?!.. Сөйтіп жүріп шіркеуі бар бір алаңға жетсе, маңында сарай сияқты ұзынша бірдеме қараңдайды. Жақындап барса, бергі қабырғасы жоқ лабаз. Ішінен оттаған, пысқырынған жылқылардың дыбысы естіледі. Қаранар жорамалдай қалды: осындай қалалардың орта тұсында «өртші» аталатын мекен болады. Онда «өрт шыға қалса» деген сақтықпен, арбаға артқан су құйылған бөшкелер, жегілетін аттар, өрт сөндіру саймандары және күзетшілер тұрады. Солай жорыған Қаранар «кімі бар екен?» дегендей, аттарға жақындай бергенде, адам көргенде не босануды, не жемді тілейтін әдеттерімен, бірер ат оқырана қалды. Сол дыбыстан арба үстінде қалғып жатқан күзетші оянып кетті. Ол бір өте қағылез, сақ құлақ, көреген шал еді. «Аттар неге оқыранды?!» дегендей, сақ ол тақтай қорапты арбадан басын ғана қылтитып сығаласа, қараңдаған біреу бері қарай келе жатыр. «Варнак болар!» деген ой келеді оған. Жақын арада ғана осы қаладағы дәулетті үйдің бар жанын белгісіз әлдекім түн мезгілінде, бесіктегі баласына дейін түп-түгел қырып кеткен. Жұрт оны варнактың ісіне жорыған. «Мынау қараңдаған да сондай біреу болар ма?!» деп қауіптенген шал, арбаның алдыңғы жағынан еппен сырғып түсті де, «өртші» сарайының төбесіндегі биік каланчаға шықты. Онда өрт білінсе қағылатын қоңырау бар. Соның дыбысы естілсе болды, шіркеудің де барлық қоңырауы даңғырлай жөнеледі. Қала халқы ілезде жиыла қалады... Каланчаға көтерілген шал қоңырауды қағып жібергенде, іңір құлшылығын (молитва) әлі тауысып болмаған поптар да «өрт шықты» деп елеңдей қалды да шіркеу қоңырауына ұмтылды: Үдете соғылған қоңырау үндері шағын қаланың бар түкпіріне жетіп, азан-қазан қылды да жіберді... Ағаштан салынған Кереку, бұдан бұрын да талай өртеніп запы болған тұрғындар, ашықты-жабықты қалпында «өртші» сарайына тұра жүгірісті... Қаранар бұл шудың неге шыққанына аң-таң болып, не істерге білмей тұрғанда, жан-жақтан қаптаған жұрт сарайды қоршай қамап алды. Мәлімсіз адамның әлі өзіне енді жетпейді деп сенген шал, бар даусымен, каланча төбесінен: «Варнак, варнак!» – деп айқай салды. Қайдағы «варнак» екенін білмеген көпшіліктің ішінен шалдың қасына көтеріліп: «Кәне?.. Қанда?..» деп еді, ол өз білгенін айтты.

– Варнак қашып кетпесін, қоршауды нығайта түсіңдер! – деп айғайлады, каланчадағылар үн қоса. «Варнактың қайда екенін білмесе де, «айрылып қалмайық» дегендей, қоршаған жұрт арасын сығылыстыра түсті.

– Қайда, варнак? Қараңғыда қалай табу керек?

Шалдың да, жұрттың да теріс жорамалын шамалағандай, қашу ниетінде жоқ Қаранар:

– Мен бармақ («варнак» дегені) емеспін, – деп дыбыс берді. Даусын естіген оның түр-тұлғасын көргісі келгендерден біреу:

– Сабан бар ма? – деп сұрады.

– Бар.

– Ендеше, жақ соны!

– Неге?

– Дауыстағанның денесін көрейік.

Күзетші шалдың қалтасында сіреңке болушы еді. Төменге түскен ол, арбада астына төсеген бір құшақ қу сабанды алды да, сіреңкемен тұтатты. Қу сабан лау ете түсті де, төңіректі жарқыратып жіберді. Қамаған жұрт сонда Қаранарды көрсе, тұлғасынан, түрінен жан шошырлық жалаңаш біреу.

– Варнак! – деп жұрт дүркірей қашуға айналғанда

– Тоқта! – деп команда берді біреу.

Бәрі жалт қараса, осы қаланың атаманы екен. Ол қаһарлы да, беделді де адам болатын. Бағыныштылар одан қорқады да, сыйлайды да. Түгелімен «әскери халық» (население» саналатын бұл қаладағы қазақ-орыстардың арасында, бір рота солдат тұрады. Олар да осы түнгі ереуілге елеңдеген

– Ұстаңдар! – деп бұйырды атаман, қоршағандарға Қаранарды нұсқап.

– Адамзаттық алыбы болар бұл!.. Бұған күш келе қоймас! – деп, бас салуға ешкім бата алмады. Жұрттың бетін байқаған Қаранар, аз сөзбен болса да кім екенін білдіргісі кеп, бірақ қорыққан жүрегі өкпесін аузына тығып, кекештеніп сөйлей алмай қалды. Сол кідірісін пайдаланғандай:

– Қару қолданыңдар! – деп ақырды атаман, үрейлі көпке.

Сол тұста, әлденеге пайдалану үшін көсілте үйіп қойған сырғауылдар мен қазықтар бар еді. Бұйрыққа бағынған көпшілік соларды қолдарына ұстай бастады.

– Ұрыңдар! Өлтіріңдер! – деп ақырды атаман.

Не істерге білмей, сандала сілейіп тұрған Қаранардың үсті-басына төпелеген соққылар жауып кетті. Қатардағы біреулер ондай соққының бірер тиюін де көтере алмай қылжия кетер еді, басын қолдарымен қорғай жанталасқан Қаранар, біразға дейін шыдап бақты. Бірақ, «ұра берсе құдай да өледі» дегендей, «құдай» емес, қанша алып болғанмен, жанды мақұлықтың бірі болып жараланған, үстіне тынымсыз төбелеген таяқтан қалжырап есі ауды да құлап кетті. Сонда да төпелей берген дүлей қарулар оны өлтіріп тынар ма еді, егер әлдекім көпті кимелей, Қаранарға жақындап, қолдарын көтеріп, бар даусымен:

– Тоқта! – деп ақырмаса.

Бұл осы қаланың көп жыл атаманы болған, қартая келе тақуалық жолға түскен, сөзі тоқтаулы бір қарты еді. Оған атаман да қарсы келмейтін. Қараңғыға көздері үйренген көпшілік шалдың өзін де, сөзін де танып соққыдан тыйыла қалды. Адам өлтіруді тәңірі алдында ауыр күнәға санайтын шал, әлі де біразының сойылдары көтерулі тұрған көпті дінмен емес, заңмен қорқытпақ боп:

– Соқпаңдар енді! – деді көпке, таяқ жеушінің ербеңдеген аяқ-қолынан, әлі тірі екенін аңғарып, – өлтіріп ап, пәлесіке қалып, жазаланып жүрмеңдер!..

– Ол, варнак!

– Кім болса да мейлі!.. Ұрып өлтіруге хақыларың жоқ. Жазасын заң береді. «Заң» дегенде тыңдаулы казак-орыстар Қаранарды әлі де ұрғылары келіп тұрғанмен, шалдың сөзінен аса алмады. Енді кірпігі ғана қозғалған шала-жансар сорлыны, атаманның бұйрығымен, солдаттар «өртшінің» саймандар сақтайтын берік қоймасына сүйреп кіргізіп, есігін тас қып жапты. Енді не істеуді ертең күндіз ақылдаспақ болған жұрт, бет-бетімен тарады... Олардың ертеңіне не істерін аллам білер еді, егер таң сарғая, Шоқан мен Достоевский келе қал.маса!.. Қаранарды таң білінгенше күткен олар, «неге кешікті?» деген қауіппен әрі бар тамағы суға кетіп, қарындары ашқандықтан, әрі тоңғандықтан, әрі түн бойы жайылған су киімдері дегдіп, киюге келгендіктен, «сол байғұсты іздейік» деп, «қорек тауып, қарын тойғызайық» деп, Қаранар кеткен жаққа жөн тартты. Қаланың жақын екенін олар түнде үрген иттердің, соғылған қоңыраулардың дыбысынан шамалаған. Иттерді дүрліктіруші Қаранар болар деп жорамалдаған олар, қоңыраулар неге қағылуына түсінбеген... Енді қалаға кірсе, түнде дүбілген халықтың біразы ояу, кейбіреулері көшеде екен. Солардан сұрастырса, қамаулы «варнак» барын, дүбілуге сол себеп болғаның бүгін сазайын тартатынын естіді. «Варнакты» Қаранарға жорыған олар, атаманды іздеп барса, рота штабының кеңсесінде екен. Былайғы жұртқа бедірейе қарап, ырық бермейтін атаман, кезі келсе сөгіп, не ұрып шығаратын Шоқанның генерал-губернаторға адъютант екендігі документін көргеннен кейін құрақ ұшып жалпаңдай бастады. Шоқан оған «варнак» туралы өз жорамалын айтты. Бәрі көруге барса, түнгі қатты соққыдан шалажансар қалған Қаранар қазір есін ептеп жинағанмен, қозғала алмастай жаралы: денесі көк-ала қойдай, басы долырып ісіп, көздері жұмылып кеткен. Шоқанның дыбысын естіген, таныған ол, кемсеңдеп жылайын деп еді, шамасы жетпеді. Кім екенін анықтап алмай, бейкүнә біреуді мұндай халға келтіргендігі үшін, Шоқан, әуелі атаманды біраз сөгіп, нәтижесінен қорқытып алып, тынықтыру, емдеу жайын сұрастырса, қалада, рота қарамағында емші (лекарь), оның қарамағында «госпиталь» аталатын үйшік бар екен. Қаранарды сонда орналастырды. Ол қозғаларлық тіл қатарлық халға екі-үш күнде ғана келді. Онда да емшінің жәрдемімен. Оқығаны аз болғанмен, тоқығаны көп емші, «ісік ішіне түссе өледі» деп, оны түсірмеу үшін, түйенің шұбатына, қайнатқан ерменнің (лебеда) ащы суын араластыра ішкізе берді. Сыртқы ісікті ыдырату үшін, ешкінің тон, майын сіңірген кенепті күніне екі-үш рет ауыстыра орай берді. Содан ба, әлде, дене қуатының күштілігінен бе, екі-үш күнде, сыртқы жалқаяқ ісіктің көгерген табы ғана қалды. Ішінде зақым жоқтығына асқа зауқы соғуы куә сияқты. Ол мешкей адам болушы еді. Шоқанның сөзінен, Қаранарға көрсеткен қылығы үшін басына жазалану қаупі туған атаман, сырқаттың керекті тамағын аяған жоқ. Қаранардың өлмесіне, сауығуына көздері жеткен Шоқан мен Достоевский, жазылған Қаранарды жөніне жеткізуді атаманға тапсырып, өздері ілгері кетуге ниет етті. Оған Қаранар қарсы болған жоқ. Ертең ылаулатып кетпек болған күннің кешінде Достоевскийді ғана ерткен Шоқан Қаранарға жолықса, кеңесуге келіп қалған қалпы бар екен. Ол, «мырза» атап алған Шоқанға ең алдымен, «қатардағы жалшы» деп қарамай, қымбат уақытын қиып, көп жақсылық көрсеткендігі үшін сансыз алғысын айтып алды. Содан кейін кеудесіне кірбең болып жүрген бір сырын ақтарып қалғысы келді.

– Мырза, – деді ол, Шоқанның кетуге айналған қалпын байқап.

– Әу, Қареке?

– «Қареке» дейсің, мені, ә?!..

– Оның не өрескелдігі бар?

– Сен ақсүйек, мен қарасүйек!..Сен төре, мен жалшы!..

– Болса ше?

– Жай, менімен теңдесіп сөйлескеніңді, тең адамдай қамқорлық көрсеткеніңді айтам!..

– Сен бізге қамқор болмадың ба? Сені ажалдан мен құтқарсам, мені және менің досымды ажалдан сен құтқардық. Жақсылықты сен бастадың да, мен қостадым.

– Жәй, әншейін, жақсы адам екеніңді айтайын деп едім.

– Өзің ше?

Қаранар жауап бермеді.

– Сен де жақсы адамсың! – деді Шоқан.

– Мырза! – деді Қаранар, даусын байсалдандырып, – кеудемде құсықтай топ болып жүрген бір сырымды айтып қалайын деп ем де саған.

– Қандай сыр?.

– Қайық үстінде сенің маған сөйлескің келді, мен сөйлеспедім.

– Неге өйттің?

– Сені дұшпан көргендіктен...

– Неге, ойбай?! – деді Шоқан шошына ғап.

– Сен ғой, хан – Шыңғыстың баласысың?

– Қайдан білесің оны?

– Естідім.

– Араб дейтін жігіт, осы жақтан қыз алып қашып, мұнда сыйыспайтын болған соң, қорғалап әкеңе барған ғой. Сонда, інің бе, ағаң ба, – бір туысың қатынын тартып алып, өзін «қашқын» деп орысқа ұстап берген...

– Ә-ә, – деді Шоқан, Атбасар сапарында, Ақан көлінің басында сондай жігіттің жолығуы есіне түсе ғап. – Ұсталып па екен, сол?

– Ұсталмақ түгіл, Ит жеккенге жер аударылған.

– Апырай, ә!.. Ол кімің еді, сенің?

– Туған нағашым еді, шешемнің інісі... «Бұтаға қорғалаған торғай да аман қалады» деп еді. Паналап барған бейбақтарға әкең бұта құрлы бола алмаған.

– Рас...

– Онан да жаманын айтайын ба?

– Ие? – деді Шоқан елеңдеп.

– Сенің нағашың Қаржас Шорман деп естимін.

– Рас:

– Шорманның баласы Мұса мырзаның бір қылығын айтайын ба?

– Айт!

– Менің әкем Қарабек көп жыл Шорман тұқымының жылқышысы болған. Өзі менен де ірі кісі екен, атан түйені көтереді екен. Бір шақта желдеген саяқты іздеп жүріп, сортаң көлің жағасына жусаған түйелерге тап болады. Жақындап барғанда, шабынған бура, тұра ұмтылады. Астындағы аты жүйрік әкем біразға дейін шалдырмай, ақыры, құтқармасын көрген соң, тастақты сайға тығылады. Бура да сол сайға түсе қалады. Тұйыққа қамалып, енді құтылмасына көзі жеткен әкем, қопарылып жатқан жуандау қайыңның түбірін ұстап қорғанайын десе, бура жақындай түседі. Жасқауына болмай, кимелеп келген бура аузын сала бергенде, әкемнің сілтеп қалған шоқпары шекесіне тиіп, бура омақата құлайды да, аяқтарын ербеңдете сермеп, тыншығады; әкем қараса шоқпар бураның шекесін ойып жіберген екен... Сол бура Мұсаның інісі Исанікі болып шығады. «Мал ырысы» деп санайтын бураны әкемнің өлтіргенін білген Мұса, «елу жылқы ұрлап әкеле жатқанда қолға түсті» деп, әкемді абақтыға алдырады да, сот Итжеккенге айдап жібереді...

– Қиянат екен! – деді Шоқан.

– Содан біз үйелмелі-сүйелмелі жеті ұл қалып ек. Мен кенжесі едім. Мені Семей затонында қара жұмыс істейтін бір жам-ағайыным асырап алды да, соның қолында ер жетіп, қайықшы болдым.

– Ағаларың?

– Олар жас шағында ел ақтаған қайыршы боп жүрді де, ер жете, бірінен соң бірі қазақ-орыс қаласындағы бір жесір бай қатынға жалшылыққа тұрып, ақыры, сол қатын біреуін шоқындырып, бай ғып алды.

– Кейінгі ағаларың ше?

– Олар да шоқынды.

– Бәрі де ме?

– Түгелімен...

– Шешелерің?

– Үлкен баласы мал түлігі болғанша, ауыл байларында сауыншы боп жүрді, сол баласы шоқынған соң қолына барды.

– Ол да шоқынды ма?

– Енді қайтуші еді? Басқа барар жер, басар тауы болмаса?!.. Семейге атпен жүрсең, көргің келсе, жолда көресің.

– Қайда? Қалай?

– Жолыңда қазақша – «Қиық», орысша – «Лебежі» деген қазақ-орыс қаласы бар. Сонда тұрған шоқынды Александр Иванович дейтін бай бар, соның әкесіне тиген.

– Ол да шоқынды болған ба?

– Болған. Көп отаспай өлген. Тұрғын оны жатсынбай, шешесіндей күтіп отыр дейді.

– Шешең де шоқынған ба?

– Әрине.

– Көп пе Тұрғындағы шоқындылар?

– Семейге жеткенше аралары таяқ тастам болып отыратын орыс қалаларында шоқындыдан аяқ алып жүре алмайсың. Кей қаланың тек жартысына жақыны шоқынды. Қазақтан мұнша шоқынды барын Шоқан білмейтін еді. Ана жылы Дорж Банзаровпен жолыққанда, Қиыр Шығыстағы елдерді, олардың ішінде – буряттарды христиан миссионерлері қалайша зорлап шоқындырғанын естігенде, бұл зорлыққа Шоқанның иманы қасым болды. Енді, міне сол оқиға алдынан шықты. Қаранардың, ағаларынан басқа қазақтардың қалай шоқынғанын білу үшін, жолшыбайғы қалалардың «шоқынды көп» дегендеріне тоқырап аттанғысы келді. Сол ниетпен:

– Шешеңнің аты кім еді? – деп сұрады ол.

– Баршагүл еді. Орыстар – Варвара деп өзгерткен. Қазақтар оны келемеждеп «әруей» қойған. Білмеймісің ол сөздің мәнін?

– Жоқ.

– «Делқұлы», «есуас» деген ұғымды айтады. Шоқынғалы көрген емеспін. Естуімше: орыс дініне мейлінше берілген. Мұсылман адамдарды өлердей жек көреді, оларды көрсе қашады, маңына жолатпайды.

– Ерінің фамилиясы кім екен?

– Білмедім. Бірақ, біліп те керегі жоқ. Ол маңда «әруей қатын» дегенді білмейтін жан жоқ сияқты. Шоқан Қаранардың кеңесін, ол кеңесті ұқпай, мелшиіп отырған Достоевскийге баяндап берді.

– Не деген тамаша хикая еді! – деді Федор Михайлович. – Жазуға қандай қолайлы және қызғылықты оқиға!..

– Сен жаз!

– Жоқ, – деді Достоевский, – бұны жазу үшін қазақ болып туып, соның басынан өткерген қасіреттерді көзіммен көруім, басымнан кешіруім керек. Мұны, мысалы, сен сияқты кісі ғана жаза алады!..

– Ал енді, біз жүрелік! – деп кетер қалпын байқатып түрегелген Шоқанға:

– Сөз бітпей қалды ғой, мырза, – деді Қаранар.

– Қандай?

– Мен мана «саған дұшпан едім» дедім бе?

– Айтпақшы сол бар екен ғой, – деді Шоқан қайтадан отырмастан, «тез және қысқа айт» дегенді қимылынан аңғарту ниетімен.

Онысын түсінген Қаранар:

–Тойтарысын ғана қайырайын, мырза, жолыңнан қалдырмайын, – деді.

– Сөйт, Қареке!..

– «Сөйтсем», ұяма сонша бүлік салған Шыңғыс пен Шорман тұқымынан тым болмаса біреуін өлтіру арманым. еді. Шоқан түршіге қалғандай болды...

– Иә, иә, мырза! – деді ол қалпын аңғарғандай, Қаранар сөзін шегелей айтып,– арманым еді. Сен Омбыда қайығыма отырғанда, «құдай көктен тілегенімді жерден берді» деп қуанған ем...

– Білетін бе едің мені?

– Білгенде ше? Аспанды жапқан қара бұлттың арасынан жалғыз жұлдыз жарқыраса, көзі бар жан көрмей қоя ма?.. Омбыда сенен басқа кім бар, қазақтан ілікке ілегіп жүрген? Бұл сөздер жанына жағып кеткен Шоқан, сұрағына жауап күткендей болған Қаранардан бетін Достоевскийге бұрып, орысшалап берді.

– Ақылды сөздер! – деді Достоевский де, риза болғандай.

– Ие, Қареке? – деді Шоқан Қаранарға қарап, неге өлтірмегенін енді жорамалдағандай боп.

– Сонымен, мырза, қысқасы, өлтірейін десем, орын да, рет те көп-болды. Ішімді кек кернегенмен, елдік намысым қолымды көтертпеді.

– Бітті, Қареке! – деді Шоқан, – айтпай-ақ қой аржағын.

– Өзім де тауыстым, айтарымды.

– Ал, қош, онда! – деп Шоқан есікке беттеді. Достоевский соңынан ерді. Аяқ басу жобасына қарағанда, Шоқанның көңілі босаған қалпы бар. Сол көңілін Достоевскийдің белгісі келмеді, үн қатпады. Бұл жайды олар ылаумен Керекуден Семейге беттеп шыққанда ғана кеңесті.

– Ер адам екен де, – деді Шоқан, Қаранарды еске түсіріп, – «жүзден – жүйрік мыңнан – тұлпар» дейді қазақ мақалы. Халықтан нелер тұлпарлар шықпайды, – деді ол Достоевскийге, «тұлпар» деген сөзді түсіндіріп.

– Иә... Халық – қайнар күш қой.

ШОҚЫНДЫ КАПИТАЛИСТ

Қаранар айтқандай, Керекудің Семей жағында, Ертістің екі жағасы да сыңсыған ел екен. «Қазақ, жағы аталатын тоғайлы бетін тасыған су басқан; қимыл көрінбеуіне қарағанда, ауылдар тасқыннан бұрын қырға көшіп кеткен болу керек. «Орыс жағы» аталатын дөңестің оңында жиі орналасқан қазақ-орыс станицалары. Олардың атын білетін біреуден Шоқан жазып алған. Сонда көңіл бөлгені: – әр станицалардың орысша және қазақша қосақ аты бар. Мысалы, Подстепной – Зергер, Янусова – Тұзқала, Черный – Қаражар, Лебяжье – Қиық немесе Бос-бос, Белокаменка – Ақтас, Известка – Тас қайнатқан, Далон – Мақсым, Тривенька – Соқыр, Грачевка – Ақсақ, Семи Ярка – Капитан, тағы сондайлар. «Таяқ тастам» дегенмен, бұлардың аралары өлшеп пішкендей: жиырма бес шақырымнан. Сондықтан, көктемнің ылайсаң шағында бірінен біріне ылаудың қоңсыз аттары қара терге шомылып әрең жеткізеді. Қарындары ашқан шақта кей станицалардан жүрек жалғап алмаса, көбіне жолаушылар кідірген жоқ. Аттардың жарауынша суыт жүріп отырды. Шоқанның сондағы мақсаты «Керекуден жетпіс шақырымдай» деген Қиыққа тезірек жетіп, Әруей кемпірді көре кету, реті келсе тоқырап, тілдесіп кету. Және бір мақсаты Қаранар «Лебежі» деп атаған станицаны орыстардан сұрастырса, «Лебяжье» екен. Бұл есімі тарихқа түскен атақты станица. Іргесі Семейден де, Омбыдан да бұрын орнаған. Сібірге сұғынған орыстар, жәрмеңкені алғаш осы қаладан ашып, ол кезде Россияға бағынып болмаған сібірлік халықтармен, монғол тектестерден, не Қытаймен сауданы осы станица арқылы жүргізген; бұдан талай атақты атамандар шыққан; Шоқанның кадеттік досы – Григорий Попанин сонда туған, сондықтан оны Шоқанға өсіре мақтайтын. Шоқан көруге құмартатын. Міне, енді, сол көрудің сәті түскен сияқты. Оның өзге станицалардан тез сырғып, Лебяжьеге ұмтылуы да содан. Бірақ, Шоқан асыққанмен, арық аттар асықпады. Ылаушы қанша айдағанмен, олар болдыра беріп, жолшыбай әлсін-әлсін шалдырып отыруды тіледі. Олар сондай күйбеңмен, күйлі көлікпен әрі кетсе – ара қонып, әйтпесе бір күнде жетіп баратын Лебяжьеге үшінші қоналқада әрең жетті. «Лебяжьені» қазақтар «Қиық» деп бекерге атаған жоқ екен. Ертістің биік жар қабағының астына орналасқан бұл станицаның дөңінен қарағанда, өзенге қарай созылған көшелері қиғаштай, қиығынан көрінеді. Тұрғын шоқындының үйін табу, жолаушыларға қиын болған жоқ. Дөң үстінде жөн сұраған біреу «анау тұрған» деп, жасыл шатырлы, қомақты, еңселі үйді нұсқады. Ол маңайдағы үйлердің арасында көп үйректің арасындағы қаздай қақырайып тұрады екен. Жақын сияқтанған бұл үйге, кілкіген ылайы қоймалжыңдана тұнып тұрған көшелерді бойлап, болдырған аттармен жету қиынға соқты, Сүлдерлері сүйретіліп бұлар әрең жетсе, сәулетті қарағай үйдің қақпасының алдында әскери қазақ-орыс формасында киінген, қазақ, кескінді, қияқ қара мұртты, шоқша қара сақалды, бойшаң, жуантық біреу тұр екен. «Тұрғыны осы болар» деп шамалаған Шоқан орысша я қазақша амандасарын білмегендей кідіріп еді:

– Шыңғыс сұлтанның баласы болмаған едің, – деді қара сақал, жақындаңқырап, таза қазақ тілімен. – Сәлем қайда?

– Ассалаумаликем! – деді ыңғайсызданып қалған Шоқан, арбадан түсуге ыңғайланып.

– Түспей-ақ қой, – деді қара сақал, – жер саз, аяғың былғанады. Аттарың қораға кірсін. Төсеулі тақтай бар. Сонда түс.

– Сіз кім боласыз?

– Осы үйдің иесі – Тұрғын Сабатаев. Ар жағын кейін кеңесерміз, түсіңіз!

– «Бұл мені қайдан біліп тұр?!» деген ойда болды, қораға кіріп, жалпақ төселген жол тақтайға түскенше Шоқан. Білетіні: Омбыға барып жүретін ол, өткен қыста сапар шегіп, сонда, көшеде жаяу келе жатқанда көрген. Тоқырап танысуға батпаған. Қарсы кеп, еткізіп жібергеннен кейін, біреуден «бұл кім?» деп сұрағанда, анау түсіндірген; сол төренің Кереку маңында суға кетіп қала жаздағаның одан Керекуге барған оқиғаларын ұзын құлақтан естіп отырған; бірақ «орыс мінезді – тігін» деп еститін Шоқанды өз үйіне келе қояр деген ойы жоқ еді. Міне, енді келді!.. Оның алыстан шалатын көзі Шоқандарды дең үстіне тоқырап, жол сұрағанда-ақ шалған. «Бейсауат кімдер екен?» деп тұрғанда, ылаулары төменге түскен жолаушылар бері қарай аңқылдаған өз көшесін бойлағанда, кім екенін көріп қалғысы келген Тұрғын, қақпа қоспасынан сығалай қараған. Қазына жүргіншілері екенін ылаушының доғасындағы қоңыраудың қаңғырлауынан шамалаған Тұрғын, жәмшік үйіне баратын шығар деп жобалап тұрғанда, ылау аттарының басы өз қақпасына бейімделгеннен кейін, «Шыңғыстың баласы болар ма?» деп қақпадан шыға келген. Ондағы ойы – «сөзі Омбы төрелеріне түгел тыңдаулы» деп естіген Шоқанмен танысып қалмақ, шама-шарқынша күтіп жібермек. Сол ниетпен үйіне түсірген Шоқанның алдында құрақ ұшты. Аты «шоқынды» дегенмен, ол қазақша тұратын жасау-жиһазын қазақша құрайтын төсеніштерін қазақша жайғызатын; қазақша соғым сойып, кісісіне арай кәделі қонағасы беретін адам еді. Көктемге қарай сойған бір семіз байталдың қонақтық мүшелері түгел тұруына қарамай, Шоқанға одан «хан сыбағасын» астырумен қатар, арнаулы мал тамағын қанатпауды ықғайсыз көріп, бордақыға байлап отырған семіз сарықтарының біреуін алып ұрды. Онысын білдіріп қойғысы кеп:

– Мырзам! – деді ол қой сояр пышағын Шоқанға көрсете қайрап отырып,– Ата-бабаларыңды да, өзіңді де естуім бар, киіз туырлықты қазақтың ордасысыңдар. Сыйлаймыз! – деп бір қойды. Аздан кейін жәй-жапсарымен таныстырып кетті. Осы маңайдың құстары айтады дейді ғой, «күніміз үшін теңізге кетеміз, балапандарымыз үшін мұнда келеміз» деп. Солар айтқандай, балалары көп, жарлы әкеміз күні үшін шоқынса керек. Біз де соның салтымен «шоқынды» аталамыз. Бірақ, әкем де мұсылмандық дінге берік болған адам, біз де берікпіз. Күндіз шіркеуге барып шоқынып, түнде үйге кеп намаз оқимыз. Ораза, намазды қаза қылмаймыз. Қол қайырымызды кемітпейміз. Одан әрі сөйлеуге жалшы сияқты бір орыс жігіті, сойылатын қойдың даярын хабарлады. Тез соймаса ымырт жабылатын. Соны ескеріп абыржи түрегелген Тұрғын, «ойбай, сонысы бар екен ғой» деп есікке беттей берді де, аз кідіріп:

– Сенің, сыбағаң қой емес, тай еді, төрем, – деді, – бірер күн болсаң оны да жерсің. Әзірше, тоқты-торымға риза бола тұр!

– Рахмет, Тұреке!

Тұрғын шығып кетті. Шоқан Достоевскийге оның жайын айтып берді. Үнсіз тыңдаған Достоевскийге бұл сапары қызғылықты оқиғаларға толы жол сияқтанды. Тұрғын қонағасыны аямай тартты: қой түгел асылып, астау толы еттің үстіне үйіткен басы салынған, қой етінің семіздігі әппәқ қардай; оның үстіне қалыңдығы қарыстай, майы сап-сары тұтас қос қазы, жуандығы жеңді білектей карталар кесіліп кеткен; олардың үстіне етегі етектей, қыртыс майының да қалыңдығын көрсеткісі келгендей, әр тұсын ыржита тіліп қойған жаяны тұтасымен жаба салған. Бұндай асылған етті бұрын көрмеген Достоевекий астауға аузын аша, таңдана қарады да, Шоқаннан:

– Көп қой мынау!.. Неге әкелді мұншаманы?! – деді.

– Жеуге, – деді Шоқан жымиып.

– Кімдер жейді?..

– Екеуміз.

– Қойшы! – деп таңданған досына, Шоқан аз сөзбен қазақтың ет жегіштігін қысқаша айтып берді. Қонақтар кеп еттің мұртын да сындыра алған жоқ. Әлгінде шәймен бірге ыстық және дәмді қалашты шикі қаймаққа малып, іштерін толтырып алған олар, еттің қызылынан ғана дәм татты да отырып қалды...

– Еттен кейін түнде сусарсыңдар, – деп Тұрғын қонақтарын дәмді шайға тілегенінше қандырды да, «енді тынығыңдар» деп, қонақ кәде жасатты. Оларға ауылша жатса да, қалаша жатса да ерік берілді. Қонақтар қалашаны ұнатқан соң, төсек оңаша бөлмедегі қала салтымен өрнекті әдемі жасалған ағаш кроваттарға салынды. Оның төсеніштері де сәнді, жұмсақ, жылы екен. Қонақтарын қарама-қарсы екі кроватқа орналастырған Тұрғын:

– Егер ұйықтағанша кеңескілеріңіз келсе, орталарына, кілем үстіне қисаяйын, – деп еді:

– Сөйтіңіз, ағай! – деді. Төсегін кілем үстіне салған Тұрғынға бірінші боп Шоқан тіл қатты, және «Достоевский де түсініп жатсын, мүмкін кеңеске араласар» деген оймен, қазақша емес, орысша, өйткені жобасына қараса, қазақша сөзге шешен Тұрғын, орысшаға да ағып тұр; және сібірлік қазақ-орыстардың говоры аталатын акцентпен сөйлейді. Тұрғынды іштей ұнатып, сыйлап үлгерген Шоқан, сыпайылық қып, оған «сізбен» тілдесіп, «ағай» деп атап алған. Сондықтан сұрауларын орысша бергенмен, «сізін» және «ағайын» өзгертпеді ол.

– Ағай, – деп бастады ол сөзін, – осы үйде ас әкелуге жәрдемдесіп жүрген орыс жігіті мен сізден басқа кісі көрмедік қой? Үй-ішіңіз кімдерден құралуын білуге бола ма?

– Әрине...

– Атай берсеңіз!..

– Әрине, әйелім бар, – деді Тұрғын жымиып, – «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» – біреу емес, екеу. Біреуі – орыс, біреуі – қазақ.

– Орысы үлкені ме, кішісі ме? – деді Шоқан жымиып.

– «Шоқынды» атағымыз болған соң үлкені болады да.

– Көрінбеді ғой, жеңгейлер?

– Бұл жөнде қазақ ғұрпын сақтаймыз. Қонақтарға қатынды араластыруды ерсілік көреміз.

– Әдеттің күшін қара! – деп қойды Достоевский.

– Балаларыңыз да бар болар, әрине, – деді Шоқан.

– Олардың басы барырақ: екеуінен бес ұл, үш қыз...

– Бәрі де оқитын болар?

– Біреуі-ақ.

– Неге?

– Бұл қаланың школы шалағай. Семейде, Омбыда, Барнаулда тәуір школдар бар, бірақ бәрі әскерше. Оларға біз сияқты мещандардың, баласын алмайды. Анау балам да оқымай қалар ма еді, қайтер еді, егер Сібірдегі буряттан шыққан оқымысты Банзаров деген себепкер болмаса.

– Білесіз бе, Банзаровты?

– Неге білмейін? Осы үйге түсіп кетіп жүреді. Бір сәтте сол маған «өзің оқымай қалған екенсің, балаңды оқыт» деп үлкен ұлымды қалағандай ғып әкетті.

– Қайда?

– Қазанға. Сондағы өзі оқыған гимназияға. Амандық болса, биыл бітіреді. Содан кейін Парижға жіберем!..

– Парижға?! – деді Достоевский.

– Неге таңдандыңыз? Ол қалада өзім де болған кісімін...

– Қалай?! – десті екі дос қосынан.

– Осы үй, – деді Тұрғын, әңгімесін алысырақтан бастап, – қайын атамдікі. Ол, – деді Шоқанға қарап, – орыс жеңгеңнің әкесі. Аты – Терентий, фамилиясы – Казанцев.

– Сіз де орысша атым солай дедіңіз ғой мана?

– Дедім. Әкем қайын атамның атын қосқан. Қазақтар оны бойының ұзындығына қарап–«Серекей» дейді, мені ретіне қарай «Тұрғын» деп те, «Тұзбай» деп те атай береді...

– Ә-ә...

– Қайын атамның әкесі де өзі де осы маңайдағы сорлардан тұз қайнатып байыған адамдар. Серекей тіпті бай болып, бір жағы Қытайға, бір жағы ішкі Россиядан асып, Европаға түз төккен және жүздеген тонналап; кейін ол, Россияның шет мемлекеттермен тұз саудасын жүргізетін акционерлік қоғамына бастық боп, бір үйді Петербургтан да салып, өзі көбіне сонда тұрады.

– Міне, қайда кетті әңгіме! – деп қойды Шоқан Достоевскийге... – Ол қоғамның бөлімшесі Омбыда да бар.

– Қызық әңгіме! – деді ол.

– Сонымен, сол Казанцевпен қалай жақындасып жүрсіз, сіз?

– Алғаш өзім емес, әкем. Ол осы төңіректегі Найман руындағы жылқылы бір байдың баласы екен. Жасынан пысық болып өскен ол осы Лебяжьеге үйір болады да, Серекейге приказщик боп, саудасын жүргізеді. Сөйтіп жүріп Серекейдің қарындасына үйленеді де шоқынады. Бірақ, ауылдан да қол үзбей, ағайындарының қолында қыруар мал есірген кісі.

– Өзіңіз?

– Мен де сол малдарға иемін. Бірақ, негізгі салығым ауылда емес, осында...

– Парижға барғаныңызды айтыңыз!..

– Саудамен. Қайын атама еріп. Бір емес, әлденеше рет. Бір сәтте қыстап қалғаным да бар.

– Тілін де үйрендіңіз бе?

– Енді ішінде тұрған соң... Нан алып жерлігім бар.

Шоқан білген мөлшерінде французша сөйлесіп көрсе, жорғадай маймаңдап барады.

– Балаңызды Парижда оқытуыңызға сендім енді! – деді Шоқан, – Өзге балаларыңызды неге оқытпадыңыз?

– Қайтем, оқытып? Құдай зердесіне салса, оқымай-ақ адам болар. Зердесіз болса, оқыса да түк шықпайды. Ондайларды көріп жүрміз. Мен өзім не қазақша, не орысша «әліпті – таяқ» деп білген кісі емеспін. Сонда да есебімнен жаңылмаймын, оған келгенде «үш қабат бухгалтерия» дегендерді де көзді жұмып отырып шығарам.

– Не деген зиректік! – деп қойды Шоқан.

– Орыс саудагерлерінде де осындайлар көп, – деді Достоевский.

Шоқанға Тұрғын жүрген жол, бүкіл қазақтың түсуіне лайық сияқтанып кетті. Ол сырын Тұрғын да қолдағандай боп:

– «Мынау кәпір, анау мұсылман» деген емес, – деп қойды бір сәтте. Менің ұғымымда «дін» деген жәй сөз. Әңгіме онда емес, күн көріп, тұрмыс жасай білуде. Не бітірді қазақ мұсылман боп.

– Мұсылман боп та оңып отырған жоқ. Құдайының пайғамбарының кімдер екенін білмейді, құлшылығы да түкке тұрмайтын әурешілік.

– Рас айтасың, мырзам! Ертеңі не боларын білмеген сорлы, беталды құла-дүзге көше береді, көше береді. Замана жылдан жылға тарылуда. Жерден, судан жыл санап айырылуда. Біраздан кейін малдарын жаяр жер қалмау қаупі бар...

– Рас...

– «Қала бол» десең, зар қағады. Суда-саттыққа еріншек. «Бойында кіреші бар, білдірмей шоқындырады» деп ақшадан безген қазақтардың талайын көрдім...

– Мен де...

– Тұрмысы жүдеу. «Мыңқырған» дейтін кей байдың үйінде төсеніші, үстінде киімі жоқ.

– «Кейбірінде» емес, көбінде...

Бұл қалпымен қалай ел, қалай жұрт болады?!..

– Рас, Тұрғын ағай.

Тұрғынның сырын ішіне түйіп алған Шоқан, этнографияны да зерттеп жүрген қалпына бағып, салмақты кеңесті әрі қарай созбай уақ-түйектерді сұрастырып кетті.

– Орыс әйеліңіз оқыған кісі ме? – деді ол.

– Школы жоқ жерде қалай оқиды. Қатынын мақтады деп сөкпе, мырзам. Былайша, ақылды, үй жабдығына қолайлы кісі.

– Қазақ әйеліңіз жас па?

– Жас. Бертінде қыздай алдым. «Ноқтаның жуан тұғыры» дегендей, жобалғы ғана адам. «Үй шаруасына, балаға керек» деп ала салдым. Кедейлеу біреудің қызы еді.

– Орыс жеңгей қарсыласпады ма? – деді Шоқан қуланып.

– Неге қарсыласады?..

– Орыс әйелі тоқал алдырмайтын еді ғой деуім де.

– Осы Ертістің бойындағы елде, – деді Тұрғын салмақты үнмен, – «мынау – орыс, анау – қазақ» деген ұғым жоқ. Осы Қиықтың орыстары қазақша сөйлегенде байырғы қазақты жаңылдырады, үй-іштерінде қазақша сөйлесіп отыратын семьялар да көп. Қазақ-орыстың қыз-бозбалалары сауық құрғанда, қазақтың әндерін орысшамен араластыра соғады. Қазақша мал өсіріп, соғым сойып, қонағасы беретін орыстар да аз емес.

– Жылқы да соя ма сонда?

– Үй басы дерлік.

– Қазақтар шошқа соя ма?

– Қолдан соймағанмен, кез келген жерден алады.

– Қыз алып, қыз беру ше?

– Толып жатыр. Сондағы сылтаулары «шоқыну». Өзіңіз білетін боларсыз, қазақта қалың мал бар, сондықтан жарлыға қатын алу оңай емес..

– Рас.

– Төлер қалың малы жоқтар шоқынған болады да, орыс қызын ала береді.

– Орыстар ше?

– Олар да ала береді қазақ қызын...

– Қайдан табады?

– Қазақта не көп кедей көп. Ауылда олардың бәріне күн көрерлік кәсіп табыла бермейді де, еркегі де, әйелі де тентіреп қалаға кеп, орыстарға жалшылыққа тұрады. Бұл арада ондайларды «жатақ» дейді.

– Ақыны қалай төлейді сонда?..

– Түкке тұрмастық. Көбі – тамағы үшін жүреді...

– Тұрмыстары қалай болады?

– Өлмешінің күні. Өте нашар. Қожалары оларды қорлықта ұстайды.

– Түсінікті. Тағы бір сұрау, сіздің шешеңіз қазақ, қой?

– Туған шешем бе?

– Ие.

– Орыс демедім бе әлгінде.

– Қазақ шешеңіз бар деп естіген едім де.

– Қазақ әкесінің әйелін тумаса да шеше дей беретіні бар емес пе?

– Бар.

– Әкемнің қолына ауылдан балаларын ерткен бір жесір әйел келеді де, жөні бүтін болған соң әкем соған аяқ салады.

– Аты Әруей ме?

Тұрғын күліп жіберді.

– Неге күлесің?

– Солай екені рас. «Қайдан естіген?!» деп.

– Керекуден, – деп Шоқан қалай естігенін қысқаша айтып берді.

– Дәл айтқан, – деді Тұрғын.

– Сол кісіні көруге бола ма?

– Болмайды.

– Неге?

– Қазақ кескіндінің бәрінен қашады. Кездесе қалса мазақтайды.

– Неге?

– Ауылдан қорлық көріп келуінен бе, әлде, діншілдігінен бе, әйтеуір...

– «Діншіл» дейсіз бе?

– Ол жағы сұмдық. Осы қалада одан көп шоқынатын шіркеуге одан көп баратын біреу де жоқ...

– Сонда христиан дінінен түсінетіні бар ма?

– Мұрнына исі де келмейді. Сөйте тұра, барып тұрған тақуа. Оның қасында, шоқынды семьяда орыс қызынан туып, туа сала мойныма кірес асқан мен, әлдеқайда мұсылманмын. Мұсылмандық дегенді естігісі келмей зыр қаға қалады, айтайын десең құлағын алақанымен басып, теріс қарап кетеді...

– Апыр-ай, ә?!.. Маған неге көруге болмайды ол жеңгейді?

– Әрине, болады. Бірақ дағдысымен, тіл тигізіп, мас« қаралап шығара ма деп қорқам да. Сонда да тәуекел, көрейік ертең.

– Онда мен алдымен кіріп, кім екеніңді түсіндіріп шығайын да, мырза.

– Мақұл.

Ертеңінде ертемен жолыққан өгей шешесі, Тұрғынның оңашада күн бұрын түсіндіруіне қарамай «келмесін, көрмесін, көрмеймін, келсе ит терісін басына қаптап қуып шығам!» деп байбалам салды. Сол қалпын естіген Шоқан, бара қоюға жүрексінді. Сол Күні Семейге беттеп жүрмек болған қонақтарына:

– «Нар жолында жүк қалмайды» деген, «төс табаны жер сызған, атан жүрер жол екен» деген сөздер бар. Осы үйде бірер жыл бұрын бурадан кестірілген, өмірінде болдырып көрмеген, қай мезгілде, қандай жүкті болса да сүйрей беретін жүрістілігі аттан бетер, құрғақ жерде жортуға да қажымайтын қара түкті нар бар, соны жайлы бричкаға жегіп берейін, қолқасы аман болса кейістік көрсетпес, жолшыбай ылаулатып әуре болғанша, Семейден бір-ақ қайтарыңдар! – деді.

Достоевский Шоқанның еркіне салып еді, ол:

– Қожаның айтқаны дұрыс болу керек, көшпелі ел қатты мақтайтын көлік. Мініп көрейік. Ұнамаса жолдан қайтарармыз, – деп ризаласа кетті.

– Тағы да қоныңдар. Бір емес, бірнеше күн! – деп Тұрғын жік-жапар болғанмен, былай да кешігіп келе жатқан жолаушылар тоқырамай, сол күні түс ауа жолға шықты. Бастаушылар Елбегей атты бойының биіктігі он жасар ұлдай ғана, бірақ денесі жуантық. сирақтары қотан аяқ, көселеу иегіне біткен сақалдары өрт орнында қалған қурайлардай сирек және ағарғаны абайланбастай сары буырыл, былшықты бітік көз, бет ортасында танаулары үңірейген қайқы, пұшық мұрын, ерні кезеріп, езуі көбіктеніп жүретін жайын ауыз біреу. Шоқан оны менсінбеуін «жол біле ме бұл шал?! дегенді сылтау ғып білдіргісі келіп еді, Тұрғын күліп:

– Дүниенің шар тарабын түгел кезген адам. Жолшылдығы да керемет. Жүрген жақтарында барар жерлерін көзін жұмып отырып табады. «Жасынан – түйеші. Құтырған шағында адам көрсе алып тастайтын қандай бураларды жетектеп жүре береді. Бұған олар тимейді. Мына мінгелі отырған атандарын, бура кезінде адам алғыш еді. Сол мінезін кестіргенде де қоймай, кім көрінгенге ұмтылады. Қаймығатыны жалғыз осы шал. Өзгелер бұл атанға жолауға қорқады. Сенімді басшы деп беріп отырмын, – деді. Шалдың, мұндай қалпына қызыққан Шоқан, соған ұқсатып Достоевскийге қазақтың «қаңбақ шал» аталатын ертегісін айтып берді. Күлу түгіл, езу жию да салтында жоқ досы, Шоқанның бұл әңгімесіне қарқылдап алды. Олар жүріп кетті.

– Европа тілінде «капиталист» деп атайтындар, осы Тұрғындар екен, – деді Шоқан былай шыға. – Олардың, қазақтан да көріне бастауының алды екен, бұл Тұрғын.

– Сонда халқын, түсетін ендігі жолы осы деп ойлайсың ба?

– Әрине.

– Сақтана ойланатын нәрсе ол. Бұл жолға түскен Европа оңып отырған жоқ.

– Неге?

– Капиталистердің еңбекші халықты, отар ұлттарды қанауы, оларға тарихи орнын берген феодалдардан әлдеқайда артып кетті.

– Бірақ орыс та түсе бастаған жоқ па осы жолға?

– Ол орыстың қуанышы емес, қайғысы. Оған өзінің, ата-бабасы жүздеген жылдар бойына жүріп келген жолынан лайықтысы жоқ. Бұл пікір қазіргі орыс қоғамында «словянофильство» аталатының Достоевскийдің сол пікірді қолдаушы екенін білетін Шоқан, пікір таластырғысы келмеді.

СЕМЕЙДЕ

Тұрғынның айтқаны дұрысқа шықты. Жолаушылар мінген қара нар қандай қиын саздақтардан шірене сүйреп алады да шығады. Соны көрген Шоқанның есіне, бір ақыннан жазып алған жырдық: Төс табаннан саз кешсе, Нар түйе тартар бүгіліп, Намысқа ерлер «ә» десе Ер төсектен безініп, Жорыққа шығар жалау ап, Шыбын жаннан түңіліп, – деген жолдар түседі. Керекудегі Қаранар адамның алыбы болса, мынау, мініп келе жатқандары хайуанның алыбы сияқтанады. «Аяқты хайуанда ең мықтысы – піл» деп есітетін Шоқан әзірге оны көрген емес. Ал, көргендерінен, бұдан күштісі жоқ сияқты. Сонда татар дәмі күніне үлкендеу бір саптаяқ түз. Ол да балшығы араласқан қара тұз. Соны асап ап езуіне сілекейі шұбыра бытырлатып шайнағанда, қарап тұрған кісінің төбе құйқасы шымырлайды. Қалай ғана жейді екен, десейші?!.. Одан басқа жемі – бірішкеге басып алған алабота, ермен сияқты ащы шөптер. Оларды да көмештей күйсейді. Аяңдаған шақтарында, аузын жынына толтыра күйіс қайырып та қояды. Анда-санда ғана адақтатып қана тоқырамаса, «жолаушы ақысы жүрсе өнеді» деп, түйеші ілгері сұғына береді. Жүрісі ұтымды да екен жануардың, биік сирақтарын кере созғанда, ат пен өгізден екі есе кең аттайды; сазды жерде болмаса, дегдісін я құрғақ жерде еңкілдеп жортады да отырады... Аракідік адамның жан-дүниесін шымырлата боздайды...

– Тегі, зары болар, – дегенді айтады Шоқан, «бұ несі?!» деп сұраған Достоевскийге. –Малдық халға түскелі, бұл бейбақтың кезбеген керігі бар ма? Әсіресе көшпелі елдердің қолында. Қазақты алсақ, арғы тегі – Сақтан, бергі тегі – Гуннен бастап, пәлен мың жыл бойына бар ауырлығын сүйреп келе жатқан, түйе жануарлар емес пе? Сол мерзімде нелер кейістік көрмеді дейсің бұлар? Қазақта: Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң, Кең жайлау құлазиды ел кеткен соң, – деген өлең бар. Ауыр және ұзақ жолда нелер нардың белі кетпеді дейсің, талайларының өлімтігі Қобы (Гоби), Сахара, Бетпақдала сияқты кешуі қиын шөлдерде қалмады дейсің!

– Рас! – дейді түйені аз білетін Достоевский де, Шоқан сөздерінен көлігінің бейнетін ойша шамалап.

– Қиықтан екі жүз шақырымдай жерде дейтін Семейге олар арада екі қонып барып қалды. Семей қаласы туралы Шоқанның білетін бірталай мәліметі бар: оның алғашқы іргесі Омбыдан әлдеқайда бұрын қаланған. Орыс қаруы Орал тауынан аспаған шақтың өзінде, Строгоновтар дейтін сәудегерлер, ол кезде Ертіс бойын мекендеген моңғол тұқымдас халықтармен, әсіресе қалмақ, дүрбіт, торғауыт аталатындарымен сауда-саттығын болашақ Семей қаласы орнар тұстан бастаған. Сонда орыс саудагерлері жеті шатыр тігіп жатқандықтан, мекен атын «семь палата – жеті шатыр» қойған. Осы есімді орыс қаласының іргесі, Омбымен қатар қаланғанын білетін Шоқан, оны да Омбы сияқты керемет болар деп жүрсе, ішіне кіре байқағанда, бұл да Кереку сияқты шап-шағын станица!.. Бұл да қалың қарағай ішіне сіңе салынған. Үйлері де сондай. Айырмасы – Керекуде қамал жоқ. Мұнда бір кезде Омбы қамалы түрінде орнаған тақтай қорғанның орны және кейбір қақпасы ғана сақталған; көшесі – арбаға бөгеті қоймалжың саздан бетер есілген құм. Өзі жел тұрса-ақ құм-боран болып кетеді екен. Жолаушылар келгенде жел қатаңдау еді. Содан бұрқыраған құм көзді әрең аштыратын дем алғанда өңменіңе тығылып, демді әрең алдыратын... Жолаушылар да сөйтті. Бар жақсысы олардың түсер үйі белгілі: Семейде Қытаймен сауда бұйымдарын байқап өткізетің орысша – «таможная», қазақша – «кеден» аталатын орын бар. Соның басты чиновнигінің. бірі Исаев. Тұрғынның таныс, көңілдес адамы. Жолаушыларға ол соның үйіне түсуді ұсынған. Түйеші ол үйді біледі. Еңселі қарағай үйге түйеші атанның басын тіресе, шалқасынан ашылған терезеден әлдекімді қатты үнмен балағаттаған еркек даусы естіледі. Жолаушылар оның кім екеніне оқиға болып жатқанын да білмей, арбадан түсер-түспестерін де білмей, аз уақыт аңыра қалғанда қақпадан тықыр естілді. Жолаушылар жалт қараса, қара дүрсін киінген, денесі сымбатты, бірсыдырғы сарғылт өңі бар, әдеміше орыс келіншегі.

– Хозяйка! – деп сыбырлап қалды түйеші, серіктеріне.

Келіншек бұларға таянып келді, амандасқан белгіде сыпайлық көрсетті.

– Хозяйннің белгілі әдеті, – деді келіншек түйешіге. – Mac. Бетімен сөйленіп отыр. Кешікпей қылжияды. Түсіңіздер! Олай дейтіні: Қиықтан бұлардан бұрын атпен келген біреуден, «бірер күнде осындай бір қонақтар барады, күтініп отырсын» деп Тұрғын Исаевқа хабар салған. Ол дайындалып-ақ қалған еді, әлдеқайдан арақ кездесіп, құныға ішетін дағдысымен үйіне удай мас боп қайтты. Ондайда бетімен сөйлеп ешкімді де тыңдамайтын Исаев, сабырлы, әдепті әйелінің «қой!» деуіне қарамай, бетімен лағып отыр еді:

– Қонақтарың кеп қалды! – деді түйе даусын есітіп бері келе жатқан арбалыларды «солар шығар» деп жорамалдаған әйелі, мас ері тишығар деген үмітпен. Ері бәсеңдеу орнына үдеп кетіп, құлағында қалған «қонақтарды» сыбай боқтауға айналды. Енді бірдеме десе, теперіш көрерін байқаған әйелі, ерінің қасынан сытылып тұрып кетті де, тысқа шықты. Ондағы ойы – жобасына және әдетіне қарағанда кең кроватқа шалжия шалқасынан құлаған ері тез қалғиды. Ендеше, қонақтарды өзі қарсы алу керек. Әйтпесе ертең есі кіргенде «неге түсірмедің?» деп, ері әлек салады. Қонақтар арбадан түсіп үлгергенше, Исаевтың қалғып та, қорылдап та үлгерген дыбысы естіле бастады. Қоңқақ мұрны үлкен, танауы кең оның қорылы, бауыздалған жылқының қырылынан кем болмайтын еді.

– Ұйықтады, – деді әйел. – Қашан ұйқысы қанғанша, пышақ салсаң да сезбейді. Әйелдің, аты-жөнін сұрастырса, Мария Дмитриевна Исаева екен. Әдейілеп қойған сұрауға қысқа, тұжырымды ғана жауап бермесе, өз бетінен тіл қатпайды... Сол күні үйге қонған жолаушылардың күтімі жаман болған жоқ. Бұл үйдің столындағы тағамдар Тұрғынның дастарқанындай көл-көсір болмағанмен, аз да болса дәмді екен. Ең дәмдісі келіншектің өзі. Оның отырыс-тұрысында, қас-қабағында, көз қарасында, сөздерінде ерекше бір ләззат бар. Өріп қоятын шабдар түсті шашы майдалаған алтындай жалтылдайды. Қою қастары да сондай. Түктерінің түсі солай бола тұра, ұзын кірпіктері қап-қара. Соның көлеңкелеуінен болу керек, көгілдір көздері де қоңырлау тәрізденеді. Далада сақа сияқтанғанмен, қарсыма-қарсы жақын отырып қарағанда, уылжыған жас! Сол бейнесі тартқандай, жолаушылар ара-тұра құныға қарап қойса, келіншек қымсынғандай, көздерін төмен түсіріп жібереді... Достоевскийдің байқауында, тән жағынан да, жан жағынан осындай бір ете нәзік әйелдер, дворян қоғамындағы кейбір жүдеген семьядан ұшыраушы еді. Сондай біреу болар ма деген оймен, ептеп өмірбаянын білейін десе, ол жөніндегі сұрауларына жауап бермей, төменшектей береді. Несіне жауап берсін: Астраханда, тегі – дворян, жасы жетіп әскерліктен босанған, кедей генералдан туған ол, сол қаладағы гимназияны пансионда бітірді де, сол кезде сол қаланың шекара саудасында қызмет атқаратын бұдан мүшелдей үлкендігі бар Исаевтың көл-көсір ақшасына, әлдеқалай күп беріп батып кетті де, содан шыға алмай қойды!.. Шығайын десе, амалын да табатын. Бірақ, адамгершілік құлықта тәрбиеленген ол, бойы үйреніп алғаннан кейін тілдеуден, ұрып-соғудан көзін ашырмайтын ерінен айрылуды масқара санайды. Бір жағынан дінге де сенетін бейбақ, «тағдырымның маңдайға жазғаны осы болар» деп те ойлайды, қарсыласуды қылмыс та, күнә да көреді... Исаев үйіне қонған күннің ертеңіне Достоевский мен Шоқан қала комендантына барды. Ол Омбыны Кадет корпусын Шоқаннан бірер жыл бұрын бітірген, тегі – Имантаулық қазақ-орыс, сондықтан, Сырымбеттен шыққан Шоқанды ата көршісіне санап жақсы көретін, кеткенінше жақын тартып жүретін. Сол қалпын әлі де өзгертпеген екен. Аздап қазақша да білетін ол, Шоқанды көрген жерде тани кетіп:

– О-о-о, бауур! Қайдан?! Қалай? – деп құшақтай, сүйісе қарсы алып, жалпаңдай амандасты. Ол, Достоевскийдің жазушы екенің тағдырын бірсыдырғы білетін еді, сондықтан, танысқаннан кейін оны да құрметпен қарсы алды да, «әуелі тұрмысымен таныс» деп солдаттық казармаға ертіп апарды. Онысы атқорадан жаман бірдеме екен. «П» әрпіне ұқсатып салған, бір орамның үш қабырғасын шұбала тұтас қамтыған, екі жағынан тақтайға қысқан қамыстан салынған, терезелері сығырайған кішкене, шатыры жоқ, төбесі жайпақ, кең бөлмелері ылас, төсеніштері ескі және кір, матрастарына қамыстың ұлпасы толтырылған, дөкір қара темірден жасалған кроваттары қиқы-шойқы, кең қорасының іші былыққан қоқтық, әрі бұрқыраған шаң... Шоқан діншілдерден «тамық – жетеу» деп естіген еді. Мынау казарма солардың бірі сияқты. Достоевскийдің де ойы солай. Бірақ, басқа барар жері жоқ ол, іштей бұған да көндігуге бекінді. Шоқан олай бекіне алмады. Омбы острогын жеті тамықтың ең жаманы – Жаһаннамға санайтын ол, «содан құтқардым ба» деп әкелген досын, нақ сондай болмағанмен ұқсап қалатын мына тамыққа тығып кетуге аяды.

Не істеу керек сонда?

Пәтерге тұрғызу жайын айтып көрсе, комендант қарсы болар емес.

Сонда кімнің үйіне?

Бұл қалада Исаевтан басқа танысы жоқ. Мастығы басылған шақта сөйлесіп көрсе, ол–сыпайының сыпайысы, Сондықтан ептеп барып айтқан өтінішіне «болсын» деп көне кетті. Дақпыртпен айтуын айтып қалғанмен, іле толқып та қалды ол. Себебі, өзінен мүшел кіші Мария Дмитриевнаны, ешбір жат қылығын көрмесе де, еркек атаулыдан қызғанатын еді. Өзі маскүнем болғанмен, көзі қырағы ол әйеліне Достоевскийдің сүзіле, өлусірей қарауын бірде байқап қап, «мынау қалай-қалай қарайды?!» деп ішіне түйіп қойған. Дегенмен Шоқанға берген уәдесінен шығу да қиын болды. Тұрғыннан келген хабарға қарағанда, шекара саудасының біраз тетігі Шоқанда. Оны ренжітуге болмайды, кесірі тиюі мүмкін. Сондықтан тығыз-таяңға жеткен шақта, Шоқанның:

– Қайтесіз, Александр Иванович? – деуіне,

– Қалсын, тұрсын, – деді ол еркінен тысқары.

Семейдегі жұмыстарын бітіріп, ырымшыл Достоевскийдің қайыққа мінуін ұнатпауына қарамай, «ыққа қарай тез жүріп, Омбыға тез жетеді» деген баркаспен кейін қайтуға жиналған Шоқанның Достоевскиймен айрылысуы өте ауыр болды. Семейге келе, Москвадағы туған ағасы Михаил Михайловичке жазған хатында – «бұл жақтан, өзгелер түгіл, туған бауырым – сенен де жақын дос таптым!» – деп жазған еді, Шоқан туралы. Бұл «ала тіл» емес, жан сыры еді. Омбыда адамдық бейнені содан ғана көрген Федор Михайлович, Омбы мен Семей арасында бірнеше күн серік болып, ауыр қатерді бастарынан бірге кешкеннен кейін, тіпті жақын көріп, екеуі бір дене болғандай боп кетіп еді. Енді сол дененің тең жарысын тағдырдың балтасы қақ бөліп шабуға тұр. Оған жаны қалай ауырмас?! Досының ойы бұлайша ауырлауын айтпай-ақ, бет бейнесінен, қас-қабағынан түсінген Шоқан, көңілін көтеpіп кетерлік себеп іздеді, сондағы тапқаны – Мария Дмитриевна. Федор Михайловичтің оған құныға қарауын күннен күн үдете түсуін аңғарған Шоқан, аттанар күні таңертең, дағдылы қылжақбастығына бағып, әйелдерге байланысты бірдемелерді күлкі түрінде сөйлеп отырды да:

– Федор Михайлович! – деді бір сәтте.

– Әу, достым.

– Махаббатың болды ма сенің?

– Жоқ. Қызығуларым болды.

– Осынша жасқа келгелі махаббатың болмауы қалай?

– Сыныма толатын әйел кездеспеді.

– Сондай әйел енді ғана кездескен сияқты ғой?

– Кім? – деді бейғамсыз пішінде елеңдей қалған Достоевский.

– Мария Дмитриевна! – деді Шоқан жымиып.

– Оны қайдан білдің?

– Көз қарасыңнан!..

Достоевский қабақ шытты да, үндемей қалды.

– Былайша мүләйімсігенмен ол да көзін саған солай тастайтын сияқты.

– Солай ма?! – деді, Марияның ондай қалауын абайламаған, іштей «ендеше жақсы екен» деп қуанған Достоевский.

– Нақ солай Егер бұған дейін махаббат отына шарпылмасаң, сол оттың жүрегіңе түскен алғашқы ұшқыны осы болмағай да!..

– Бере гөр, тәңірі! – деп қалды Достоевский.

Достоевскийдің Исаеваға көз тастауын сезгенге дейін,

Семейде қалатын досын «жалғызсырар!» деп уайымдайтын Шоқанның көңілінен ол уайым арылған сияқты болды. Сондағы ішкі тілегі:

– Тек жаны сүйер жары болғай да!

Сондай толқымалы ойдағы олар амалсыз айрылысатын болды. Сөйтер алдында құшақтасып қоштасқан олар, көз жастарын сығып та алды. Исаев ол кезде мас және ұйқыда еді. Соны пайдаланып, коменданттан келген тарантасқа мінгелі шыққан Шоқанды, Достоевскийге ере Мария да жөнелтуге шыққан еді. Неге екенін кім білсін, достардың жыласқан қалпын көрген оның да жүйесі босап, біреу «сен неге жылайсың?» дер дегендей, немесе өзіне ие бола алмасын сезіп, «еңіреген даусым шығып кетер» деп қорыққандай, Шоқанмен қоштасуды да ұмытып, бетін шәлісінің етегімен басты да, қақпаға кіріп кетті. Онысын жыласқан достар сезген жоқ. Айрылмасқа амалы жоқ олар, төстерін тақасып біраз тұрғаннан кейін, құшақтарын жазды. Содан кейін, «ал көріскенше!» деп қолдасқанда, Достоевский Шоқанға:

– Егер таба алсаң, маған құран мен Гегельді жібер, әсіресе философиясын; мүмкіндігіне қарай, тезірек! – деді.

– Тырысайын, – деді ол кітаптарды неге керек қылғанын біле алмаған Шоқан.

СІБІРДІҢ СЫРЛАРЫНАН

Шоқан Омбыға қайтқанда, орысша – «шхуна», қазақша «желкен» аталатын қайыққа мінді. Бұл кезде әнеукүні ғана теңіздей тарбия жайылып жатқан Ертіс, сабасына қарай сарқылып, тек кең арнасын толтырып қана ағып жатыр еді. Орыстың «парус» деген сөзін, бұл маңайдың сушылары «желбезек» дейді екен. Қазақ тіліне кірген ол сөз Шоқанға жаңа да, қызық та көрінді. Оның білетін «желбезегі» – балықтың шықшытындағы тыныс алатын мүшесі. Оның дамылсыз желпілдеп тұратыны рас. Ал, мына қайық үстіне кенептен құрылған, қайықты жел екпінімен жүргізетін жалпақ қалқан да соған ұқсайды екен, сондықтан оны да «желбезек» деу, тауып ұқсатқан атау. Желкенді Шоқанға Омбыдағы гарнизон начальнигі Насонов, өз қарамағындағы қайықтардан «затон» аталатын, Семейде жақын тұстағы қайықтар станицасындағы шеберлікте биыл ғана жасалғанын берді. Оның айтуынша, ықтасынға тартатын қайық, Омбыға кеп болса, бір жұманың ішінде барып қалуға тиісті. Сәті түскенде, сол бір күндері шығыстан соққан екпінді самал, ыққа жүзген желкенді зымырата қуды да отырды. Бұл қалпындағы жылжуы, желісті аттың жүрісіне барабар дерлік. Шоқанның, қасында қайықшы солдаттан басқа кісі жоқ. Ол, былай да жел бүгілдіре итеріп келе жатқан желбезекті, әлденеге қозғай беруден тыным таппайды, Шоқанмен жөнді тіл қатыспайды. Алғаш қайықтың жылдам жүзуін қызық көрген Шоқанның біраздан кейін іші пыса бастады. Адамның ондайдағы бір ермегі – өлең айту, немесе, соны ыңырсу болса, үн байлығын бермеген тәңірісіне өкпелі Шоқан, дөкір даусымен өңдетуге қымсынатын дағдысына бағып, «ың» деп дыбыс шығармай, көздерін табиғаттың тез алмасып келе жатқан әдеміліктеріне жалтақтай тігумен ғана болады. Көкіректегі ермегі – Семейде көрген-білген дері. Семейде ол, тек досы Достоевскийді жеткізіп салуға ғана бармаған-ды, бағынышты генералы Гасфорттың «аса-құпия» деген бір тапсырмасын орындауға барған-ды. Өткен қыстың аяқ шенінде Омбы арқылы Семейге, генералдық штабының сібірлік ерекше корпусты бақылайтын инспекторы – генерал-лейтенант Николай Семенович Хрущев өткен еді. Омбыға біраз күн тоқырамақ болған ол, бір мәселеде Гасфортпен жанжалдасып қап, бірер күнде Семейге жүріп кеткен. Жанжалы – оның қолында патша сарайының қасындағы сібірлік комитеттің председателі князь Чернышевтың «анықтай кел» деп тапсырған материалы бар; ол ішкі істер министрлігіндегі азиялық департаменттің директоры Евгений Павлович Ковалевскийдің патша атына жазған хаты. Бұл хатта, өткен жаз Омбыға келіп қайтқан Ковалевский, Батыс Сібірдің басқару ісінде орысқа қаны жаттардың толып кеткенін баяндаған. Сонда ол – «корпустың генералы Гасфорт, штаб генералы Фредерике – немістер; соғыс губернаторының жәрдемшісі Гутковский, сібірлік казак-орыстардың бұйрықшыл (наказной) атаманы Кринский – поляктар; олар тез арада бір шведке Омбыдағы аса маңызды астық жұмысын басқарушы, онымен де қоймай. соғыс білімінен түк хабары жоқ Армондт есімді бір финді казак-орыстардың линиялық батальонына командир ғып тағайындады» деп мәлімдеп, бұлай болуға қатты наразылық білдірген. Словянофильдік иісі аңқыған бұл хатты тексеруді, патша сібірлік комитетке тапсырған; ол міндетті Н. С. Хрущевқа жүктеген. Өзімшіл, ер кеуде Гасфортты қытығына тиіп екеуі ұрсысып айрылды. Хрущев Семейге жүріп кетті. Семейде, одан арғы Сібірде оның анықтамақ болып бара жатқан мәселесі «шығыстық шекарадағы жәрмеңкелерге, Қытай компрадорлары11 ағылшын мануфактуралары12 түсе бастады деген хабар. Ол хабарға орыс өкіметі мазасызданып Хрущевқа осы сыбысты анықтап қайтуды тапсырған. Телеграфы, телефоны жоқ Семейге кеткен Хрущевтан көпке дейін хабар болмай, көктемнің ылайсаң кезінде, Гасфортқа «тез арада, маған Қиыр Шығысқа жұмсайтын бір барлаушы жіберіңіз» деген хат келген. Гасфорт ондай жұмысқа Шоқаннан лайық таба алмай, «бар, біл, қажет болса, жұмсаған жеріне барып қайт» деп Шоқанды жіберген, Семейге барған Шоқан бірнеше күн Хрущевқа жолыға алмай әуре болды. Сондағы естігені әйел құмар және араққор генерал Семейге бара қызғылықты төскебасар тапқан да, жергілікті біреу қолдан ашытатын татымы күшті ақ араққа душар болып, күні-түні соны ішуден, «ғашығын» құшудан босанбаған. Қалада оған «қой» деуге батылы жететін ешкім жоқ... Күндерін сондай «рахат» пен өткізіп жатқан Хрущевтың есіне, мемлекеттік тапсырма көктемде ғана түсіп, «жолы ауыр» деген Қиыр шығысқа өзі сапар шегуді қиынсынған да, Гасфорттан кісі сұраған. Жергілікті жұрттың, әсіресе офицерлердің айтуынша, Хрущев бір ішсе құныға ішіп, талай күндер есін жия алмайды екен. Сол кездегі сандырақтары, сықаққойлардың аузынан шекті қатыратын нелер қызық анекдот болып тараған. Сол қызықтарды ести, күле жүре, Хрущевтың қайда жұмсарынан хабары бар Шоқан, Қиыр шығыстың сол кездегі хал-жайын біліп те алды. Оған бұл мәліметті беруші, аты-жөні бізге өткен тараудан таныс Александр Иванович Исаев. Қоғамдық өмірдің әр жүйесінде әрекет жасайтын адамдардың ақылдысы да, ақымағы да болуы сияқты, маскүнемдердің ішінде де сондайлары бары мәлім. Біздің Исаев ақылды маскүнемдердің қатарына жататын еді. Оны араққа үйреткендер – шекара саудагерлері. Тіршілігі алдау-арбауға құрылған олардың Таможныйға түспейтін күні жоқ, бұл мекеменің чиновниктеріне әрдайым жалынышты. Ендеше, сый-сыяпатпен олардың аузын тығындап қою керек сондағы бір құнықтыратыны – арақ. Араққа осылай үйренген Исаев, оны аузына алса, өзіне ие бола алмайтын халға түскенмен, есті күндері түгіл, есірік күндерінде ешкімге ұпайын ұттырмайды, қандай қылжақтап отырған халінде де есесін жібермейді. Ал есі бүтін кезінде одан ақылды кісі жоқ. Өзге ақылымен қатар, ол Россия намысын ешкімнен кем қорғамайтын отаншыл. Сондықтан бұл мемлекетке келер пайда мен зиянға, сау түгіл, мас кезінде де құлағы түрік. Қиыр шығыстағы шекарада орыстың ар жақтағы мемлекеттермен сауданы көбірек жүргізетін жері – Кяхта қаласы. Жәрмеңкесі жыл сайын қыс – бір, жаз – бір болып тұратын Кяхтаға Исаев кем дегенде жылына бір, немесе, екі бармай қоймайды. Сонда шекарадан арғы елдердің не істеп, немесе не істеуге ниет етіп жүргенін тыңдап қайтады. Россияның ол тұстағы көршісі Қытайды, ол кезде Цин патшалығы аталатын манжурлер билеп тұрған кезі. Феодалдық тіршілік жасайтын бұл патшалыққа он тоғызыншы ғасырда Англияның, Американың және Японияның капиталы кіре бастап, Қытай компрадорлары арқылы шекара саудасына өндіріс бұйымдарын басып кетуі мүмкін; екінші саудасына өндіріс бұйымдарын төгуге айналғаны рас. Бұдан Россияға төнетін екі қауіп бар: бірі–өндірісі күшті бұл мемлекеттердің арзан және көп бұйымдары, Россияның қымбат және аз бұйымдарын басып кетуі мүмкін; екінші – бері жылжуына кедергі қоймаса, жәйін жатқан кең Сібірге терең сұғынып, өз қарамақтарына алуға тырысуы мүмкін. Исаевтың айтуынша, бұл қауіп соңғы біраз кездерде бәсеңдеді, оған себеп – Цин патшалығына бағынышты монғол халқының «арат» аталатын шаруалары (крестьян), сол патшалыққа қарсы бостандық қозғалысын жасауы. Он сегізінші ғасырда монғолдың ел аузында ертегі болып кеткен халықтық батыры – Амурсаннан бастап берген бұл қозғалыстың аяғы монғол халқының жапа-тармағай көтерілісіне айналып, соңғы ширек ғасырда мейлінше белең алған. Цинда оны басарлық күш жоқ. Капиталистік елдер бұл жағынан жәрдем бере алмайды.

– Ендеше, – дейді Исаев, – теңіздер мен мұхиттардың ар жағындағы алыстықта жатқан капиталистер Қытайдың компрадорлық саудагерлеріне көмектесе алмайды, Цин патшалығының араттарға шамасы келмейді, ендеше, компрадорларды әлсірету үшін, іргелес отырған Россияның монғол араттарына сүйемел болуына жағдай толық. «Мақұл сөз екен» деген қорытындыға келеді Шоқан. Ол кезде Тобыл губерниясының бір үйезіне саналатын Семейдің үйездік начальнигі Неволин еді. Негізі жуас және үстінен түскен арыздары көп оны, шадыр мінезді Хрущев иектеп ап, бірдемені сұрағанда болмаса, өздігінен аузын аштырмай қойған. Шоқан Хрущевқа сол арқылы жолықпақ болып жүрді де, үміті үзіле бастаған шақта, Омбыға оралуға ниет етті. Сол кезде Хрущевтың, есі дұрыстала ғап, өзінің шақыртуымен Омбыдан әдейі келді деген офицерді іздетті. Неволин арқылы ол тез табылды да. Хрущев төмен чиндегілерге қатал, оларға бұйырудан басқаны айтпайтын кісі. Оның үстіне орыстан басқаға қырындай қарайтын – шовинист. «Офицер» дегені монғол түсті біреу болып шыққанда ол айран-асыр қалды. Бұл түсті адамдардан офицер шыққанын ол естіген де, көрген де жоқ еді. Сондықтан, есіктен кіре тұра ғап:

– Батыс Сібірдің генерал-губернаторы, сібірлік ерекше корпустың бас командирі генерал-лейтенант Густав Християнович Гасфорттың жеке басының адъютанты корнет Чокан Чингисович Валиханов! – деп честь бергенде, ақырған кескінмен таңдана қарай қалды да, іле жыны ұстай ғап:

– Сен қайдан? – деді түйіле қарап.

– Омбыдан.

– Қай тағдырдың айдауымен?

– Сіздің шақыртуыңызбен.

– Мен... сені... шақырттым?! Ха-ха-ха!..

– Неге күлесіз?

– Мен сені... азиатты шақыртам?!

– Арнаулы – мені емес, генерал-губернаторлықтың офицерін.

– Сол сенбісің?!

– Кешіріңіз, генерал-майор! – деді қитықтанған Шоқан, – офицерлердің намысын қорғау туралы Ұлы Петрдің бұйрығы есіңізде болар? Менің үстімде де офицерлік мундир! Өз көзімен оқымаған Хрущев, ауыздан-ауызға тарап жүретін бұл бұйрықты естіген еді. Петрден бұрын офицерлер солдаттарды, генералдар офицерлерді сабай берген. Орыс пен швед соғысында офицерлерінің ерлігіне көңілі толған Петр, өз оң қолы – Меныниковтың атақты бір офицерді ұрып жатқан үстінен шығып бұндай халды тыю ниетімен, офицерлерге генералдардың қол қатпауы, қылмысы болса заңмен жазалау туралы бұйрық берген. Ол бұйрықты өзі де оқымаған Шоқан, кадет кезіндегі сабақтан естіген. Мына азиаттың ол бұйрықты білуіне іштей таңдана қалған, заң, шегінен аттауға батылы жетпейтін Хрущев қайымдасқан офицердің қасаруынан таулары шағылғандай болды да, енді «сеннен» «сізге» көшіп:

– Отырыңыз! – деп орын нұсқады.

Аз уақыт тіл қатысқанда Шоқан Хрущевтың түр-тұлғасына көздерін жүгіртіп үлгерді. Ол жуантық тапал денелі, қан-сөлсіз ақ сарғылт кескінді, мықыр мойынды адам екен. Ол ашуланғанда бойы дірілдей қалатын сол дірілі тез тарқай қоймайтын адам еді. Шоқанмен қайымдасқан шақта да сөйткен. Икемге келе онысы бәсеңдеген сияқтанғанмен, әлі де астынан толқитын судай, сырт бейнесі жыбырлап тұр. Сондықтан, ол «отырыңыз!» деп сыпайысығанмен, әрі асығыс, әрі «тағы да толқытып алармын» деген қауіппен Шоқая:

– Рахмет, Ваше превосходительство! – деді ақырын дауыспен.

– Отырыңыз! – деп қайталады Хрущев бұйрықты өтінішін қайталап, жазба столының бергі бетінде екі креслоның біріне өзі отырып, бірін Шоқанға нұсқап.

– Рахмет. Асығыспын.

– «Асығыс» қалай? Қайда? – деді Хрущев.

– Омбыға!

– «Омбыға?!» Неге?

– Генерал Гасфорттың тапсырмасымен келген едім. Ол тапсырманы орындадым.

– Қандай тапсырмалар?

– Ол мәліметті генералыма ғана жеткізем.

– Маған ше?

– Сіз бен менің байланысым жоқ.

– Не дейсің?! – деп, ашуы қозып кеткен Хрущев, төменгі ернін тістеп, он, жақ жұдырығын түйе орнынан атып тұрып, қимылсыз Шоқанға кердеңдеген адыммен жақындай бергенде, көңіліне «қойып жіберер ме, кәпір?!» деген қауіп туа қалған Шоқан, жасқанарлық жер жоғын байқады да және өйтуді намыс көрді де, айбат шеккен кескінмен:

– Сізге әлі де Ұлы Петрдың бұйрығын ескертем! – деді.

Ашуы қоза түскен Хрущев, Шоқанның көз алдына саусағын безеп:

– Мен саған көрсетем! – деді.

– Не көрсетесіз?

– Чиніңді сыпырттырам!..

– Ол сіздің, хұзырыңыздағы жұмыс емес, Ваше превосходительство!

Ашуы тіпті қайнап кеткен Хрущев ықылық атты да, есікті нұсқап «шық!» деп ақыруға ғана шамасы жетті. Әскерлік бұрылыспен жалт беріп, теріс айналды да, Шоқан шығып кетті. Сол бетінде Ертісте дайын тұрған желкеніне мініп Омбыға бет қойды. Насонов айтқандай, ыққа қарай әрі су, жел айдаған желкен, зымырай жүзді де, айналасы бес-алты күннің ішінде Омбы портына жетіп барды. Ол, әрине, кеңсеге келе, генерал Гасфортқа Семейде көрген-білгендерін қысқаша, бірақ толық дәттеп берді. Хрущевтің алдында ерсінгенмен, одан ажырай, қазақтың «мықтыменен күреспе. Мықтыменен күрессең Жығылсаң да, жықсаң да жара түсер денеңе» деген мәтелі түсіп, «қызметі де, өкілдігі де зор неме, ретін тауып сүріндірмесе не қылсын!» деген қауіпте қайтқан еді. Онысын начальнигінен жасырған жоқ. Хрущевпен әнеукүні ұрысып айрылған Гасфорттың көңіліндегі кірбің әлі тарап болмаған, сондықтан шағым айтқан Шоқанға:

– Әй, оны қоя тұр! – деп қолын бір-ақ сілтеді. Сондағы сүйенгені – сарай министрі князь Голицын. Патшаға ықпалы күшті дейтін ол тұрғанда, Гасфорт сөзі тыңдаусыз қалады деп қыңбайды. Шоқан Семейден әкелген хабарлардың көбіне көңілі көншіген Гасфорт, бір ғана хабарды көңіліне кідік алды, ол, шекараның арғы бетіндегі монғол араттарының қозғалысы, «қозғалыс» емес-ау көтерілісі. Гасфорт көтеріліс атаулыға, әсіресе шаруалар көтерілісіне жаны түршіге қарайтын кісі. Европалық шаруалар көтерілісінен де хабары бар ол, орыстың крепостной шаруаларының көтерілісі не екенін жақсы біледі. Кіші орыстар (малорусь) жерінде шыққан бірер зор көтерілісті өзінің де қан-жоса ғып басқаны бар. Ал, егіні аз, малы көп деп санайтын Азияда, әсіресе көшпелі монғолдарда, ең алдымен «шаруалар» аталатын қоғам жүйесі бар деп, бола қалған күнде оларды көтеріле қояды деп ойламайтын. Сол ойды Шоқанның хабары түсірді. Гасфортқа қажеті шекарадан арғы монғолдар емес, одан бергі «бурят» аталатындар. Естуінше, «ұлы орыс», «кіші орыс», «ақ орыс» аталатындар өзара қандай жақын болса, тағдырлары қандай тұтас болса, монғолдар мен буряттар да сондай. Әр жүйелі орыстардың көп ғасырларға созылған шаруалар көтерілісі бір-біріне ете ұқсас, бірі мен бірі айрылмастай сабақтасып жатады. Сол сияқты монғол араттарының көтеріліс «сырқаты» Россия шегіндегі тұқымдастарына, яғни буряттарға жұқса қайтпек? Буряттар бұның емес, Шығыс Сібірдің генерал-губернаторына бағынышты ел, сондықтан олардан келетін пәле, ең алдымен бұған емес, Муравьев-Амурскийге тиеді. Бір жағынан Россия мемлекетінің де тиыштығын көксейтін Гасфорт, Шоқан хабарын естігеннен кейін, беделді саналып келе жатқан бақастасы – Муравьевқа кір келтіру мақсатымен, «осылай да осылай» деп күтілетін қаупі туралы ойын сол кездің ішкі істер министрі – князь Долгоруковке хабарлап, оны астыртын тексертуге өзінің бейімділігін мәлімдеді. Жауабы «әне, міне келер» деп Гасфорт асыққанмен, Долгоруков асықпай, «астыртын кісі жіберуіңізге қарсылық жоқ» деген «немқұрайды» хаты жаз ортасы ауа ғана жетті. «Кімді жіберу керек?» деген сұраудың жауабын Гасфорт тез тапты: «Әрине, Шоқанды!». Бұл ұсынысты Шоқан бірден қабылдады. Семейден арғы Сібірді, оның халықтарын, әсіресе, Байқал көлінің төңірегіндегілердің олардың ішінде саналы адамдарды, әсіресе, Доржи Банзаровты көру Шоқаның зор арманының бірі еді. Ол тез жүріп кетті. Бүкіл Сібір бір ғана әкімшілікке бағынатын кезде 1727 жылы орыс пен қытай мемлекеттерінің «кяхталық» аталатын сауда шарты жасалған; сол шарт бойынша Россияның мойнына мінген, әлі төленбеген бір борышты Қытай өкіметі, кейін екі әкімшілікке бөленген Сібірдің бірде шығысынан, бірде батысынан даулап, Россияның жоғарғы өкіметі арқылы екеуін де оқтан-тектен мазалай беретін, сол мазалау, биыл да болып, Шоқан Шығыс Сібірге осы мәселені анықтап қайтуға жіберілді. Темір жолы жоқ Сібірдің ол кездегі жылдам көлігі – ылау. Кейін темір жол түскен жүйенің ен бойында, сол кезде жалғаса тұтасқан жәмшік. Солардың бірінен біріне ауысқан Шоқан, аттар күйлі, жер құрғақ, жол даңғыл шақта, Омбыдан бірнеше мың шақырым тұратын Үркітке (Иркутск) жарты айда жетіп барды. Өзі бірінші рет келіп тұрғанмен, Шоқанның Үркіт туралы оқығаны да, естігені де көп еді. Омбыдан аттанар алдында соларын екшеп, қалта книжкесіне қысқаша анықтама жазып алған. Осы анықтамада айтылған сөздер! орыс жауынгерлері Үркіттің алғашқы іргесін 1661 жылы Үркіт өзенінің Аңғараға құятын сағасына «Үркіт қыстауы» деген атпен орнатады. Сол қалашық жылдан жыл үлкейе береді де, ақыры зорайып, 1803 жылдан бастап бүкіл Сібірді билейтін генерал-губернаторлық сонда орнайды; ол Россияның монғолдар және қытайлармен саясаттық, саудалық қарым-қатынас жүргізетін орталығы болады. Сібірге жыл сайын терең сұғынып, арғы шеті Камчатка мен Сахалинге барып тоқтаған Россия өкіметі, игере бастаған жылдарынан-ақ, кең Сібірді айдау, қамау өлкесіне айналдырады. Оған ең алдымен орыс-швед соғысынан кейін қолға түскен шведтер жөнелтіледі. Содан кейін, «поляк литва көтерілісшілері», «декабристер», «петрошевшілдер» тағы сондай «қарғалғандар» лек-легімен жөнелтіледі де отырады. Басы Қазан қаласындағы лагерьден шығатын бұл ұзақ «кеш», жолшыбайғы қалаларда азды-көпті кідіріп, соңғы көлік ағытатын қаласы – Үркіт болады. Оның ащы дәмінен Сібірге айдалатын қылмыстылардың татпай кеткендері жоқ. Сондықтан жалпы Сібірді Россияның «кең абақтысы» деп атайтындар, Шығыс Сібірді сол абақтының тұйық өңіріне, Үркітті темір қақпасына санайды. Осының бәрін жазба және ауызша материалдардан жақсы білетін Шоқан, сол абақтыны көруге құмар еді. Міне, соның сәті енді ғана түсті. Сырт көрінісінде Үркіттің Омбыға ұқсастығы да, өзгешелігі де бар екен. Ұқсастығы: Омбы осы есімді өзеннің Ертіске құяр тұсындағы тау тәрізді биік дөңнің қыратына орнап, етегін күнгей жақтағы кең ойпатқа жайып жіберген, Үркіт те сондай, оның да теріскей жағы Саян тауының аласарып жеткен жотасына асыла, етек жағы Үркіт өзенінің Аңғараға құятын сағасына жайыла орнаған екен. Айырмасы: Омбыны сол есімді өзен ғана қақ жарып, Ертіс күнгей-батысын орап қана өтеді. Үркітті Аңғара қақ жарып ағады екен. Бұның да жалпақтығы мен екпінділігі Ертіске таласарлық. Қала көлемі Омбыдан кең сияқты. Шоқанның ойы атының басын қолында адресі бар Банзаровтың пәтеріне тіреп, қаланы содан кейін аралау, жабдықтарын содан кейін бітіру еді. Үй адресін ол тез тапты. Сібірлік қалаларға тәуелді, асты күйдірген кірпіштен, үсті қарағай бөренелерінен құралған, аумағы да, қорасы да кең, ұсқыны салтанатты екі қабат үй екен. Бірақ іздегені үйінде болмай шықты. Ол әлдеқайда жолаушылап кеткен. Енді қайда түсуді білмей аңырған Шоқанға, әлдекім, осы қалада мейманхана міндетін атқаратын атам заманнан «ақ үй» аталып келе жатқан жұртқа түсуді етінді. Үркіттегі аз ғана ескі үйдің бірінен саналатын бұл үйді мазақтаушылар, Солтүстік Америка құрама штатының Вашингтондағы «ақ үй» аталатын өкімет астанасына балап, Үркіттің «ақ үйін» «Россия тұтқындарының астанасы» деген лақап таратып жіберген. Соны білетін Шоқан, «ақ үйге» барса, кірпіштері жеміріліп, қарайған бөренелері көрінеу көзге шіріп, құлағысы келгендей бір жағына қарай қисая қыңырайып тұрған, арық түйедей арбиған бірдеме. Оған түсуге көңілі соқпаған Шоқан, «тағы қайда орын бар?» деп сұрастырса, «бүкір үйде» (горбатый дом) болуы мүмкін дегенді айтты біреулер. Оған барса, өзен жағасына бүкшие орнаған, тәп-тәуір қарағай үй екен. Үркітте бұндай үй барын да Шоқанның құлағы шалған. Естуінше, «ақ үй» де, «бүкір үй» де генерал-губернаторлықтың қарамағында, оларға құрметті қонақтар орналасады. Шоқан кіріп көрсе, «бүкір үйдің» ішкі бөлмелері де жинақы екен. Документтерін көрген комендант, Шоқанның түсуіне ұлықсат беріп, тәуір бөлмелерінің біріне орналастырды. Ол күні тыныққан Шоқан, ертеңіне генерал-губернатордың кеңсесіне барды. Оның бағына қарай, Шығыс Сібірдің бас әкімі Муравьев-Амурский граф қызметінде екен. Гасфорттан келген қонақты кім болса да тез қабылдамай, көпке дейін тұрқын созып әуре қылатын еді. Амурский өйтпеді, адъютанты арқылы аты-жөнің қызмет бабын естіген Шоқанды ілезде қабылдады. «Түлкінің жүгірісін қыран байқар»дегендей, ол екеуі бір-бірінің әу-жайын алғашқы кездескеннен-ақ байқап қалды. Графтың байқауынша, осынау жігіт жас та болса ақыл-ойдың түйіні сияқты адам. Бағалауынша, «бұл – Банзаров номер 2». Араларындағы айырма, – Банзаров көп сөйлеуді жақсы көретін шапшаңбай, ал, мынау, өзі аз сөйлеп, көп тыңдайтын сабырлы; Банзаровтың қылық-мінездерінде торығу, шаршау, жасқану тәрізді сақтық белгілері бар сияқты; ал, мынау, әлі бауы ашылмаған бала бүркіттей, неге сілтесең де түскелі тұрғандай». Шоқанның байқауынша: қоңыр енді, ашаң сидам бойлы, мұрындылау, көзділеу, қабақтылау, сұлу кескінді, түктері қара майдай жылтыр қара, кішіпейіл Амурскийдің сөз әлпетінде отаншылдық, мемлекеттік ой-сана бар сияқты. Бірін-бірі осылай ұғынған олардың ашық кеңестерінде әрқайсысының өз көздеген мақсаты бар. Амурскийдің мақсаты, «мынау ойлы, саналы, білімді жасты өзіне жәрдемшілікке аударып алуға болмас па екен?» Шоқанның мақсаты – бұған дейін патша әкімдерінен ойлы, парасатты адамды кездестірмеген ол, Амурскийді көргеннен-ақ кен өзегіне кездескендей боп, не асылы барын түптей қазып байқамақ. Амурский кеңес үстінде Сібірдің географиясын да, ұлттарын да тәп-тәуір білетінін аңғартты. Жүйелі әңгімелерін де ол содан бастап, кабинетінің арқа жақ қабырғасында құрулы тұрған, етегі келте, ақ жібек шымылдықты таяқпен сырғыта тұрып, тасаға ілінген географиялық картаға Шоқанды шақырды. Шоқан таянып барып көз тіксе, Сібірдің географиялық картасы екен.

– «Сібір» деген осы, – деді Амурский, карта төңірегін таяғымен шолып, – географтардың есебінше, бұның жер көлемі бүкіл Батыс Европадан үш есе артық!

– Білем, – деді Шоқан.

– Бүкіл Азияның орталық кіндігі Сібірде екенін білесіз бе?

– Білмеймін.

– Білмесең, – деді Амурский, таяғының үшін Саян тауларының етегіне жүгіртіп, – мынау ирек «Ұлуғ», мынасы «Кішік» хемдар аталатын екі өзеннің мына жерде түйісіп, ар жағы Енисей аталып ағатын тұсында13. Бұл өлке манжурлық қытайдың, монғолдар княздігіне қарайды. Тұрғын халқын уранхай дейді.

– Оны білем. Арғы түбі бізге туыс, түркі тұқымдас халық.

– Мен де солай естідім. Ал, – деді Амурский, таяқ үшімен Сібір картасын тағы айнала шолып, осынша кең жерде қанша халық тұрады десеңізші! (Жауап күткендей Шоқанға қарап еді, ол үндемеді). Не бары екі жарым миллионға толмайды. Ал, бұдан жер көлемі үш есе тар Батыс Европада ширек миллиардтан астам халық бар.

– Одан хабардармын.

– Орал тауынан 16-ғасырда өткен орыс қаруы, айналасы бірер ғасырдың ішінде мұз теңізін жиектеп отырып, Камчатка мен Сахалинды Россия қарамағына қосумен тынды.

– Білем.

– Бұл теңіздің «Беринг» аталатын себебі не? – деді Амурский, таяғының үшін сол есімді судың суретіне тіреп.

– Алғаш ашушы –Беринг болғандықтан шығар.

– Ол кім?

– Солтүстік полюстің жер-суын зерттеуші ғалым, – деді Шоқан, Амурскийдің бұл сұрауды неге беруіне түсінбей.

– Ұлты?

– Менімше – неміс.

– Білдің. Сол ма осы теңізді алғаш ашушы?

– Енді кім, Жоғары мәртебелім.

– Біздің казак-орыс атаман Дежнев. Әңгіме ғып тұрған теңізіміздің жағасына Дежнев, Берингтен алдақашан бұрын барып, орыс тұрағының қазығын қаққан.

– Meн мұны естімеген ем.

– Біздің естігеніміз әлі көп, господин поручик өзіміздің жетістігімізді басқаға жапсыра салу кемшілігі Россиядағы жаман әдеттің бірі.

– Рас, Жоғары мәртебелім.

– Сібірдің жер байлығы ше? – деді Амурский, картадан креслосына оралып. Алтынның дүние жүзінде ең көп жері, осы Сібір. Бұның алтыны құмымен сапырылыса араласып жатыр. Тұрғын халықтар оны көне заманнан бері елеп алатын болған. Россияның қолы жете, молырақ еленіп, соңғы бір ғасырда мың бұттан астам алтын екшелді деген мәлімет бар. Алтынның молдығымен қатар құнсыздығы да сондай: топырағы торқа болғыр Ұлы Петр, Тобыл қаласында салынған шіркеудің төбесін жабуға отыз алты бұт алтынға ұлықсат еткен! Ағылшындар мен американдар қолға түскен алтынын банк қоры ғып сақтайды. Россия ондай халге әлі жеткен жоқ.

– Рас, Ваше превосходительство.

– Алмазы ше? Біздің бір ғана Якутияның өзіндегі алмаздың запасы жер шарының батыстық жарымындағы запасқа тең деседі. Американың Аляска арқылы Сібірге қол созуы да сондықтан, әсіресе, қазіргі Қырым науқаны қызып жатқан кезде; бірақ, – деді Амурский қызына сөйлеп, – одақтастардың тұмсығын Севастополь қорғанысында қиратып жатқан орыс жұдырығы, Аляска жақ шекараны да солай қорғай алады!

– Сенеміз, Ваше превосходительство, – деді Шоқан селсоқтау дауыспен. Өйткені «Қырым науқаны» деген атпен орыс және одақтастар (Англия, Франция, Италия, Түркия тағы басқалар) арасында 1853 жылдан басталып қызу жүріп жатқан соғыста, экономикасы мен мәдениеті Европаның артында қалған Россия жауларынан қатты таяқ жеп жатқан. Соған орыс армиясының өзге жауынгерлеріндей Шоқан да іштей қатты намыстанатын. Бұл мәселеде Амурскийдің әу-жайын біліп алмай өз сырын ашқысы келмеді. Амурский таяғымен шолып тұрғандай географиялық карта Гасфорт кабинетінің нақ осындай қабырғасында, дәл осылай ілулі тұратын. Ол біріне-бірі тасаланған бірнешеу болатын. Бұнда да солай екен; бергі бетінде – физикалық карта, екінші қабатында – географиялық. Үшінші қабатта – тарихи-этнографиялық. Бірақ Амурский геологиялық этнографиялық және басқа карталарды көрсетуге асықпай, әуелі географиялық картаның саяси жағын тамамдап алғысы келді. Ондағы ойы, өзінің мемлекеттік істерін ойдағыдай орындап жүрмін деп сенетін ол, батыс көршісін, яғни Гасфортты орындай алмай отыр деп ойлайтын сондықтан адъютанты айта барсын деген пікірмен:

– Сібірдің солтүстік жағына біз берік орнап алдық, – деді ол таяғының үшімен Алтай, Тарбағатай Тянь-Шань тауларының картада тарғылданған жоталарының қырқаларын шолып, – бұл тұстарда Россия шабан қимылдап жатыр. Ал, ұмтылғыш Англия Индия арқылы, Орта Азияғa жыл сайын ілгері сұғынуда...

– Сөзіңізді бөлгенге кешіріңіз, – деді, өзін Батыс Сібірдің отаншылымын деп санайтын Шоқан, Амурскийдің сөзін бөліп,– бұлайша қарасақ, Хива хандығы Россияның табалдырығына тіпті таяу тұр ғой...

– Дәл солай! Осы ойықты, – деді Амурский таяқ үшін Россияның сол кезде Күнгей шығыс шегіне жүгіртіп апарып, Каспий теңізінің шығысына тіреп, тез тегістеп, Памир, Алтай, Тянь-Шань тауларын отанымыздың табиғи қорғанына айналдыру керек.

– Әрине, – деді Шоқан, – бірақ бұл Батыс Сібірдегі генерал-губернаторлықтың әлі келетін жорық емес.

– Мен олай деген жоқпын, поручик – деді Амурский Шоқанның намыстана қалғанын түсініп, – Россияның шығыстағы кезекті саясатын айтып тұрмын.

– Ол дұрыс.

– Ол үшін ең алдымен қырғыз-қазақтың Россиядан тысқары жатқан өлкелерін мемлекетімізге қосу керек! – деп таяғымен Түркістанның және Жетісудың өлкелерін шолып өтті.

– Бұл пікірге қосылам.

– Бұл жұмыста сіздің еңбегіңіз ерекше болу керек – деді Шоқанды ақылды офицерге санап үлгерген Амурский.

– Орыс офицерінің мундирін бекерге киіп жүрген жоқпын, Ваше превосходительство, – деді Шоқан честь беріп, маған тапсырылатын іс болса, абыроймен орындауға тырысам.

– Сенем! – деді Амурский, әскери дәрежесінің үлкендігін пайдалана, әрі өзімсіне Шоқанның арқасынан қағып. Карта қасында одан әрі қақырайып тұра беруге жалыққандай, немесе, қатпардағы өзге карталарды көрсеткісі келмегендей, Амурский столына беттеді де, Шоқанды да отыруға шақырған белгі көрсетті. Өзге карталарды да көргісі келген Шоқан «мүмкін болса!» деп, өзі қарауға ұлықсат сұрады. Сібірдің ол кездегі геологиялық картасы өте кедей еді, сондықтан Шоқан оған көзін көп тоқыратпай, тез аударып жіберді де үшіншіге біраз уақыт үңіліп алды. Бұл карта Гасфорттың кеңсесінде де бар. Соған және архивтік материалдарға қарағанда, Батыс Сібірде әр түрлі ұсақ ұлттар жиілеу, Шығыс Сібірде сиректеу болатын. Ал, барлық Сібірді тұтас алғанда, Батыс Европадан үш есе үлкен оның бойында не бары екі миллионға жетпейтін халық; ал, Европада – ширек миллиард!.. Халық әсіресе, Шығыс Сібірде сирек. Ондағы тұрғындардан жүздеген шаршы шақырымға бірен-сараннан ғана адам келеді. Бұл жерлерді қалай толтыру жайлы, Шоқанның Омбы әкімдерімен пікірлесіп, тиянақты жауап ала алмағаны бар. Ондай жауапты Амурскийдің де бере алмасын болжаған Шоқан, саналы әкім деп түсінген оның, тым болмаса қиялын байқағысы кеп, Шығыс Сібірдегі халықтарды біле тұра білмегенсіп:

– Ойпыро-о-ой! – деді даусын соза, таңданған кескінмен,– бұл жақтағы Сібірде де толып жатқан халық тұрады екен-ау! Одан әрі халықтар атын санай бастады: юкагирлер, тунгустар, якуттар, монғолдар, буряттар, даурлар, камчадандар...

– Олар көп! – деді, әрі қарай санауын тыңдағысы келмеген Амурский, – отырыңыз, мұнда! Ол ұсынысын тыңдамауды әдепсіздікке санаған Шоқан, нұсқаған орынға отырды. Одан әрі не десулерін білмегендей, екеуі де аз уақыт тына қалды. Сол тұйықтан шығуды Амурский бастап, қалжыңды кескінмен:

– Қалай Густав Христианович, сувенирлер, коллекциялар жинауда құмар еді ғой, ол? Әлі де сөйте ме? – деді.

– Иә, ондайы бар, – деді Шоқан, бұл қалжыңның арты неге соғарын шамалай алмай.

– Германштадтан алған қызыл қарындашының тұқылын әлі сақтай ма?

Шоқан күліп жіберді: Өйткені: «Венгрия науқаны» аталатын соғыста, Россия Австрияны жеңіп, бітісу шартына қол қоюды бірінші Николай, сол соғысқа қатынасқан Гасфортқа тапсырыпты-мыс, «сол шартқа Германштад қалада осымен қол қойған едім» деп, бір жуан, қызыл қарындаштың шынжырлы тұқылын Гасфорттың төс қалтасынан тастамайтынын білетін. Сол қылығын омбылықтар оңашада ажуалап жүретін. «Сол ажуа Үркітке де жеткен екен-ау!» деп күлді Шоқан. Бірақ, генералын қылжаққа қиғысы келмеген ол, күлкісін тез тыйып:

– Густав Христиановичтің жақсы жауынгер екені рас та ғой! – деді.

– Ендеше неге күлдіңіз?

Күлерлік қылық-мінездері де бары рас.

Генералын қорғаштауына іштей риза болған Амурский, ойында жалпы Сібірді, оның ішінде, – Шығыс Сібірді қайткенде халыққа толтыру мүддесі бола тұра, кіші офицермен, оған қоса отар халықтан шыққан офицермен бұл қытықты мәселені кеңескісі келмеді.

Қалай кеңеседі?

Сол бір тұстағы Сібірдің қоғамдық тұрмысы, әлеуметтік теңсіздік жағынан, іші-сырты түгелімен сыздаған сырқат, олардың біреуін қозғасаң бәрі де қақсай жөнеледі. Соны білетін Амурский, бұл мәселеге жолағысы келмеді, сондықтан, өз әміріндегі қай халық қалай тұруы жайында сөйлеспеді.

КЕШІРІЛМЕЙТІН КЕК

«Кяхта шарты» дегенді Гасфорт көпірте сөйлегенмен, жәй-жапсарын Шоқан Үркітке келе білсе, шынтуайтына келгенде, үрейлене қоярлық ештеңе емес екен, тіпті, айта берсең, түкке де тұрмайтын бірдеме сияқты: баяғыда манжурлік Қытай мен Россия арасында, граф Савва Рагузинский қол қойған шекараны белгілеу шарты болғаны рас, соның бір тармағы – сауда-саттықты қалай жүргізу; одан бері сан жылдар етіп, сан саудалар жасалып, алғашқы шарттың мазмұны түгіл қағазы да тозған, жазулары оқуға келмейтін халге жеткен. Бірақ Манжурдің айлакер өкіметі, Россияны әурешілікке сала беру үшін, тозған шарттың түймедейін түйедейге айналдырып, әлсін-әлсін мазалай беретін. Россияның сыртқы істер министрлігіне түскен бұл хатты, оның Азиялық департаментіндегі кеңсешіл чиновниктер «тексеріңдер» деген немқұрайды сөзін, Сібірдің кейде батыстық, кейде шығыстық әкімдеріне жолдай салатын. Шоқан Шығыс Сібірге сол істі анықтауға барғаннан кейін, Амурский тиісті мекемелеріне тапсырып, олар алдақашаннан сақталатын анықтамаларды көрсетумен ғана қанағаттанды. Одан әрі қазғылайтын ештеңе жоғына көзі жеткен Шоқан көргеніне мәз болды. Содан кейін қайтып кетуге де мүмкіндігі бар Шоқанның атағы жер жаратын Кяхтаны көргісі келді. Өйтуіне тағы бір себеп, ынтасы құрып іздеп келген Доржи Банзаров, Амурскийдің әлде не тапсырмасымен, Шоқан Үркітке келер алдында соған кеткен екен де, әлі де біраз отырып қаларлық жайы бар екен.

– Патша әкімдерінің бұратана ұлттардан шыққан білімділерді оншалық ұнатпауын аңғартатын Шоқан Банзаров жайында Амурскиймен сақтана сөйлесті. Банзаровпен таныстығын жасырған Шоқан, оның есімін, қандай адам екенін Амурскийдің аузынан естігенде, буряттан да бұндай ойшыл оқымысты шығуына таңданған боп, беретін бағасына тереңдей түскісі келді. Амурскийдің сипаттауынша, Банзаров Сібірдегі ғалымдардың ең биігі. Ол барып тұрған феномен.

– Жалғыз ғана «әттегенесі», – дейді Амурский, демін соза алып, – сонша білімді, сонша талантты, сонша іскер адам, соңғы кезде ішімдікке салынып, бұлініңкіреп жүр!.. Банзаровты көруге бұрынғыдан бетер ынтыққан Шоқан Кяхтаға баруын, Амурскийге тек жер, ел танумен ғана байланыстырып еді, граф ол тілегін бірден қабылдап:

– Банзаров Сібір өлкесін ең жақсы білетін адамдардың бірі, егер бұл жақтың өзге тұстарын да көргіңіз келсе, егер өзі тілесе қалаған бетті Банзаровпен бірге аралауыңызға да болады.

– Өте жақсы болар еді, – деді Шоқан.

Амурский Банзаровқа записка жазды және Шоқанның қолына жолшыбайғы жәмшіктердің «курьер» аталатын тығыз жүрісін пайдаланатын жолдама ұстатты. Үркіттен Кяхтаға беттейтін жол, Байкал көлінің күнгей жағын орап кетеді екен де, Селенга өзенінің құйылысына жете, сол өзенді сағалай оңтүстікке ойысады екен. Байқал жағасындағы табиғат көркемдігі тамаша: оң қанатта орманға бөленген таудың жоталары мен сайлары, сол қанатта ұшы-қиыры жоқ сияқты тулай толқындап жатқан жасыл жайқын көл. Байқалдың қандай көл екендігіне Шоқан география білімінен көптен таныс та, көруге құмар да. Бірақ, бұл жолы оның көңілін көл қызығы емес, ой қызығы көбірек тартты. Оның қазіргі ынтасы – тезірек Кяхтаға жетіп, атағы күшті Банзаровты тез көру. Ол туралы естігені көп болғанымен ана жылы Омбыда бір-ақ рет жолғасты. Ол кезде жеткіншек (подросток) жаста болғандықтан, еркін сөйлесуге әрі қымсынды, әрі уақыт аз болды. Бірақ сөз әлпетінен ой-санасы үлкендігін, Россияның, әсіресе Сібірдің бұратана (инородцы) аталатын елдеріне қамқоршы болу ойын абайлап қалды, Банзаров жазған еңбектерден оның қолына әзірге түскені – «Қазан университетінің ғылымдық хаты» аталатын жинағының 1846 жылы басылған үшінші томында «қара-сенім немесе монғолдардағы шамандық» деген есіммен жарияланған еңбегі. Шоқанды бұл еңбекпен Кадет корпусының оқытушысы Николай Федорович Костылецкий таныстырған да, Банзаровтың бұл еңбегін неміс философы – Людвиг Фсербахтың «Христьян дінінің мәні (сущность)» аталатын атақты еңбегіне теңеп, «бұл метериалистік тұрғыдан жазылған ғылыми маңызы өте терең, шаманизмді түсінуде бұл бірінші жаңалық» деген. «Қара дінді» шұқшия оқыған Шоқан, оның философиялық жағынан гөрі, әдеттік жағына көңілін көбірек бөліп, қазақ тұрмысынан да шаманизмнің іздерін тапқан. Осы тақырыпта онымен пікірлесуге құмар да. Оның үстіне, Банзаровтан естіген саяси идеалдар туралы пікірлесіп, бұл мәселеге тереңдемек те. Шоқанның Банзаровпен тез жолығуға асығатын себебі осылар. Көңіл асыққанмен, ат жүрісі асықпады. Селенганы сағалаған жол, Саян тауының «Алмалық» аталатын бір сілемін аралап отырады екен де, әрірек белесті тайга біразға дейін қоршап барып, «Қаз көлі» аталатын тұстан әрі орманы сирей, белесті кең далаға шығады екен. Бұл тұста да табиғаттың қызғылықты суреттері көп болғанмен, Шоқанды билеген ой – Кяхтаға тез бару. Жолшыбай ылаулаған ол, нысаналы жеріне жұмаға жақын жүрді. «Дауылпаз деген құс бар, даусы жер жарады, қасына келсең жұдырықтай» дегендей, атағы жер жаратын Кяхтаны көргенде, «Е, осы ма еді!» деп, Шоқанның көңілі толмай қалды. Теріскейдегі дөңестен құлдырай құлайтын жолдан шаланың бар бейнесі алақанның аясындай көрінеді екен: көлемі Батыс Сібірдегі қазақ-орыс станицаларының кішігіріміндей-ақ; азғантай көшелерінің орталықтағы біреуі ғана түзулеу, өзгелерінің бәрі сай-саланы қуалаған қиқы-шойқы; қаланы қақ жаратын тереңдеу сайда су сияқты бірдеме жылтырайды, ылаушының айтуынша, «Кяхта» деген сол. Ол өзен емес жәй бір жылай жылжып жататын жылға сияқты. Екі этажды үлкендеу үй бұл қалада бір-ақ жерде ербиеді. Ылаушы оны «Монғол-орыс школасы» дейді; сол тұстағы алаңда жалғаса салынған, ақпен боялған ұбақ-шұбақ ұзынша сарайлар, оларды ылаушы, – «жәрмеңке дүкендері, саудасыз кезде есіктері жабық іштері бос тұрады» дейді. Қаланың арғы шетінде қызыл кірпіштен қаланған, мұнаралары биік шіркеу шошаяды.

– «Троицко-Савск шіркеуі» деген сол, – дейді ылаушы, – Байқалдың бер жағында бұдан биік те, кең де, көркем де құдай үйі жоқ. Содан әрірек көрінген ұзынша үйлер, шекара күзетіндегі әскер тұратын казармалар. Онан әрі – Монғолия... Жәмшік салтында жолаушы атының басы, – «тоқырау қорасы» (постоялый двор) аталатын үлкен қарағай үйдің қақпасына тіреледі. Шоқандар да сөйтті. Олар тоқырағанда үйдің ашық терезесінің біреуінен дуылдаған сөз, саңқылдаған күлкі естілді. «Бұл не?!» деп елеңдегендей болған Шоқанға:

– Кең бөлмесінде дойбы мен карта ойыны жүріп жатады, – деді ылаушы, арбадан түсе беріп, – көңілді отыру үшін, ойыншылар арақ та ішіп қояды, – монғолдың «арахы» деген атпен, айраннан я қымыздан жасайтыны, орыс арағынан күшті, басты қатты ауыртады. Жиналатындар, көбінесе, шекарашылар; яғни буряттың казак-орыстары, қатты ішеді, олар мас та болады, олар төбелеседі де, әсіресе орыс казак-орыстарымен... Кісі өлімі де болып қалады... У-шуға қарағанда, қазір де бір жанжал болып жатқанға ұқсайды. Не істеу керек? Үйге кірсе ме, кірмесе ме? Шоқан сол сұраудың үстінде ұзағырақ тұрып қалар ма еді, қайтер еді, егер, аздан кейін, урядник формасындағы аласалау бойлы, аузы-басын сарғылт түк басқан жалаңбас, шашы дударланған, біреу есіктен тәлтіректей шыға келмесе!.. (Өлеңдеткен ол, ылауға көз қиығын ғана тастап, қасынан иіс берді де кілт бұрыла тоқтай ғап: Чокан! – деді құшақ жая.

– Бұл кім?!» дегендей таңдана қараған Шоқанға:

– Мен ғой!.. Гриша!–деді урядник жақындай түсіп.

Григорий Потанин екенін сонда ғана шырамытқан Шоқан:

– Гриша!.. Алтыным, менің! – деп құшақтаса кетті.

Ол әскерлік қызметке осы жылдың көктемінде кеткен. Шығысқа кетуін білетін Шоқан, одан бері хабарласпаған еді. Потаниннен бірер хат алған. Салақсып оларына жауап қайтармаған. Онысын «ірілендіге» жорыған Потаниннің де өзімшілдігі ұстап, хат жазуын доғарған. Солайша сырттай туысқан сияқтанғанмен, көңіл күйлері баяғы Кадет корпусындағы тату-тәтті қалпында еді. ІІотанин әскерге аттанғанда екеуі жыласып айырылған. Бұл құшақтасуда да көздеріне жас алысты олар. Сол қалыптарында біраз тұрып қалар ма еді, қайтер еді, егер Потаниннің ізін шала үйден тағы біреулер шыға келіп, таңдана қарай ғап, үндерін қоса, «мына қызықты қара!» деп шулай күлмесе! Сол үн құшақтарын еріксіз жаздырған екі дос, көздеріне сенбегендей, біріне-бірі құныға қарай берді. Шоқан Потаниннің әскерлік міндетін өтеуге, шығыстық Сібірге жөнелтілгенін білетін еді де, дәл қай жерде жүріп жатқанын білмейтін еді. Ал, Шоқан мұнда келеді деген ой есіне түсу түгіл, түсіне де кірмеген Потанин, оның көктен түскенін немесе жерден шыққанын білмей қалғандай болды. Потанин қызмет атқаратын кавалериялық эскадрон шекарадағы казарманы мекендейтін. Бұның да тұрағы сонда, ара-тұра Кяхтадағы махаббатына келіп-кетіп, кейде тоқырау қорасындағы үйдің кабачегіне де бас сұғып, көңіл көтеріп шығатын. Шекара өте тиышты болғандықтан, ара-тұра әскерлік ойындарымен шұғылданулары болмаса, басқа атқарар істері жоқ, сондықтан іш пысқан кездерде кабачектан арахы жұтып, дойбы, карта ойнап, күлкілі әзіл-оспақтар айтып күн кешіреді.

Күлкілі шудан құшақтарын жазған шақта:

– Ал, бізге барамыз, – деді Григорий Николаевич.

– Қайда ол «бізін,»?

– Осы қалада.

Екеуі де жәмшік арбасына мініп, Потанин сілтеген жөнге тартты. Байсалды кеңестерді орнығып сөйлескісі келген Потанин, бастаған жөніне әкеле жатып, қара басының бір сырын ашып берді.

– Казак-орыстың әскерлік қызметі жиырма бес жыл екенің оны өтегенше үйленуге хақы жоғын білесің, Қанат, – деді Потанин, «қазақ сөздерін ұмытқан жоқпын» дегенді білдіргісі келгендей, «қ» әрпін әдейі көмейіне күрмелдіре, байырғы қазақтай шығарып, – оған көп бар ғой, әлі! Деген жастық жалыны тұтанса шыдатпайды екен. Мен осы қаладан Баянымды таптым...

– Қайдағы Баян? – деді Шоқан түсінбей.

– Кәдімгі Қозы-Көрпештің!..

– Сондай ғашық қызың бар ма?

– Бар! Және қазақтың ғажайып ертегісінен ешбір айырмасы жоқ ғашықтық!

– Құттықтаймын.

– Бірақ, арамызда Қарабай да, Қодар да жоқ әзірге; болмайтын да шығар деп ойлаймыз.

– Әрине.

– Үйлену уақытын әскерлік қызметі созғанмен, қашан да болса қосылуға серттестік. Қыздың аты-жөнін білдіріп қояйын: Александра Викторовна Лавровская. Әкесі Константин Васильевич, Қазан университетін бітірген, содан либералдық пікірге үгітші болғандығы үшін жер ауып Үркітке келген. Қызы сонда туады. Күнәсі кешірілген әкесі мекеніне оралғанда, гимназияда оқыған қызы қалып қояды. Гимназиядан ол монғол және қытай тілдерін біліп шығады да, орыс-моңғолдың Кяхтадағы школына сабақ береді. Енді бар өмірін, монғол тұрмысын зерттеуге арнамақ. Мені де соған жетектегісі келеді.

– Жақсы жетек екен! – деді Шоқан.

Олар барса, Александра Викторовна пәтер үйінде екен. Потанин таныстырған Шоқанға ол бірден үйріле кетіп, көп жағдайын Гришадан естігенің көруге құмарлығын, көріскенін өзіне бақыт санайтынын айтты. Ақыл, мінез жағынан бай Григорий Николаевич түр-тұлға жағынан оншалық көз тартар емес те: бойы шарға, жуантық, дөңгелектеу бетінің сүйектері шодырайған; пұштиған мұрнының танауы делдиген, сол сиқының үстіне, иегіне ұстара тигізбейтін қазақ-орыс салтын қолданып, қоңыр түсті сақал-мұрты қалыңдай өсіп, бетінің көзі мен мұрнынан басқа жерін жаба тапты. Айрылған шақта олай емес еді, енді бұлай бола қалуына қайран қалған Шоқан, жолшыбай:

– Аз уақытта қалай қаулаған?! – десе, Сақал-мұртты тез өсіргісі келсе, казак-орыстардың бетіне әуеле ұстара жүгіртіп алатынын білмеуші ме едің? Мен де сөйтем деп, аз айдың ішінде қаулаттым да алдым – деп жауап берген.

– Неге өйтеді?

Казак-орыстардың ұғымында,– сақалы жоқ еркек сиықсыз.

Ә-ә-ә...

Осындай, түр-тұрпаты мақтаулыға жатпайтын еркекке, қымбатты, ғажап келбетті қыз душар болған. Орыстың сұлуы! Не деген бақытты жігіт еді, Григорий Потанин!.. Сөйлесіп байқаса, – білімі ше? Әдебі ше? Мақсаты ше? бәрі де бір-біріне жарасып тұр!.. Бұндай жары бар жігіттің арманы не?.. Осы арада Шоқанның есіне Айжаны түсіп кетті. Александра орыс сұлуы болса, ол қазақ сұлуы! Екі әдемі гүлдің бірінен бірін қалай асыра мақтай алады адам? Екі сұлудың араларындағы айырма: Александра – адамзаттың асқар таудай мәдениетінің шыңында жүрген сияқты, ал, Айжан тегінде. Шоқанға сонысы ғана өкініш. Бірақ, аз уақытқа ғана болса да ана жылы Сырымбет тауының саласында өткізген рахат минуттері есінен кетер емес. Сол рахат жолының қайда апарарын, қалай ойласа да ақылы жетпейді. Шегіне көз жеткісіз арманға жету ойынан бұрын да тауалы шағыла беретін Шоқан, бұл жолы да сөйтіп, «ә-ә-ә, көре жатармыз, не боларын!» деп, оң қолын бір сермеді де, бетін тіршілік жабдығына бұрды. Сөз әлпетіне қарағанда, Потаниннің Шоқанды осы үйге қондырар қалпы байқалады. Соны анықтағысы кеп:

– Қайда болатын ек? – деп еді,

– Әрине, осында! – деді Александра Викторовна, – екеуіңіз де менің құрметті қонағым боласыздар!

– Сөйтеміз бе? – деді Шоқан Потанинге жымия қарап.

– Әрине, – деді әзіл төркінін түсіне қойған Потанин.

– Онда.. – деп Шоқан Банзаровты іздеп келгенің оны да араға алу қажеттігін айтты. Потанин да, Лавровская да Банзаровпен таныс, дос екен. Бірге болуды екеуі де мақұлдай кетті. Әдейі кісі жіберіп хабарласса, Банзаров жолаушылап кеткен екен. Пәтері: – «Ертең келуге тиісті» депті. Шоқан қонуға бейіл білдірген осы үйде, сол күні, түбі ауыр трагедияға соға жаздаған бір оқиға бола қалды. Өзін мейлінше қазақуар орысқа санайтын кішкене күнінен қазақ ғұрпын ұнатып өскен, сол дағдысы күшейе түспесе, бойынан әлі де арылмаған Потанин, етті қазақша жеуді ұнататын еді және ұзын құйрық сарықтың етін емес, тегене құйрық қойдың етін. Ондай қойлар Кяхта маңында да көп екен, әсіресе, монғолдарда. Олардың қойлары, үстіне адам мінсе аяғы жерге тимейтін ірілері; көбі көлемі де, салмағы да денесіне беріспейтін құйрықтылар; сектерінің, тұсақтарының, қошқарларының құйрықтарын екі доңғалақты итарбаға артпаса, өздері сал-бөкселеніп көтере алмайды. Үнемі ащылы отта жүретін олардың майлары сүт тәрізді жүрекке шық ете ғап, қандай мешкей болса да аузына салдырмайды. Осындай қойлардың бір табынын Потанин «эскадрон асханасына» деп арзан бағамен (ту қой күміс ақшамен бір-ақ сом) саттырып алған да, қаңғырып жүрген бір қазаққа бақтырып, керегінде сойғызатын әсіресе тартылған марқаларын. Сондай дағдысы бар Потанин, Шоқанға қонағасыны қазақ, ғұрпымен өзі бермек боп, қалыңдығы мен екеуінен ұлықсат алды да, салт мініп марқа әкелуге кетті. Тағы бір ойы: бақташысы болып жүрген қазақты Селенгада мойнына дорба сап тіленші боп жүрген жерінде кездестіріп, аяушылық келтірген де, менің маңымда бол деп Кяхтаға алып келген. Оқымаған, жасы қырықты орталаған, еркін өскен түктерінен адамға емес, аюға ұқсас балуан денелі біреу, қазақтан басқа елдің, тілін білмейді. «Қайдан жүрсің?» десе, «жер ауып» дейді. Неге ауғанын айтқысы келмей тыжырынады, ар жағында зілді оқиға барын жорамалдаған Потанин «жарасын тырнармын» деп қазғыламайды, атын «Қодығұл» дейді, руын, мекенін айтпайды. Тіл алғыш... Мал бағуға ұқыпты... Қазақты жақсы көретіндігін осы Қодығұлды ұстауымен де дәлелдегісі келген Потаниннің ойы, оны Шоқанға ерте келіп, «міне, бір қазағың!» деп мақтанбақ еді, өзіне айтпайды деген сырларын Шоқанға айтқызып, реті келсе жеріне жетуге жәрдемдесу еді. Ол ойы болмай шықты: Шоқанға мақтанбақ болған ол, Кодығұлға да мақтанбақ боп, «осындай қонақ келіп қалды, туысың!» деп мән-жайын қысқа баяндап еді, жалаңаш аяғына от басып алғандай бейшара қойшы селк ете қалды; әлде не ауыр сезімнің тереңіне батып тұншығып бара жатқандай, кескіні құбылып, бет-аузы жыбырлап кетті...

– Не болды саған?! – деді, Қодығұлдың мына түрінен шошына қалған Потанин.

– Жәй әншейін, – деуге ғана шамасы келді, қалшылдаған бойына ие бола алмаған Қодығұл, жерге бүгесінен отыра кетіп.

– Жүрегіңнің қыспасы бар ма еді? – деді Потанин, құлап кетер» дегендей иығынан демеп.

– Қо-ян-шы-ғ-ғ-ғым! – дегенді ышқына айтты да, Қодығұл бір қырына қисая кетті. Ауыр денеге, әлі аз Потанин ие бола алмай, оңтайлы жатуына ғана жәрдемдесті. Содан кейін «өліп бара жатқан жоқ па?» деп тамырын басып көрсе, жүрегі лыпылдай соғып тұр. «Қояншық» дегені орысша – припадка екенің одан адам өлмейтінің ұстамалы бұл сырқат біраз уақытсыз басылмайтының оған тиыштық керектігін білетін Потанин, қасында ұзақ тұруға, өзінде уақыт болмағандықтан, серік боп жүретін бурят балаға тапсырды, өзі кейін қайтты. Бір марқаны өңгеріп ала кеткісі кеп тұрды да, оны жайғастырып соятын кісі жоғын еске алып, тастап кетті. Енді, амал жоқ, бүгінгі Шоқанның қонағасына, казармада сақталатын сүрленген еттен апарып асады. Ол қай бір бабындағы сүр!.. Жуықта Қодығұлға сойдырған ту қойдың етін сүрлетпек болғанда, жаздың шыбыны көп ыстық күндерінде борсып әрең тобарсыған. Содан кейін құрттап кетер деп бір ыдысқа бұқтырып тастаған. Аздап сасыған иісі.де шыға бастаған. Бірақ, амал қанша!.. Қазақты қонағасысыз жатқызу да, тауық тәрізді бірдемемен алдастыру да ұят. Әскерлік сөмкеге сасықтау сүрді салып ап, қанжығасына байлаған Потанин, «қайтып жатыр екен?» деп Қодығұлға соқса, есін жиып қапты, бірақ Шоқанға бармауға бекінген Қодығұл, «жүрегім әлі ойнақшып тұр, жазыла беріп қайта ұстайтыны болушы еді» деп кеудесін алақандарымен басты да, Потанинннің жалынып шақыруынан бас тартты. Потанин амалсыз жөніне кете барды. Бірақ ол, Қодығұлдың сырқаттануына сеніп кетті, айлакерлігі екенін сезбеді.

Неге айла жасады Қодығұл?

Оның шын аты – Есқара, есімі бізге осы романның бұрынғы тарауларынан мәлім,– атақты ұры Мақаштың Қожығының баласы. Шоқан Атбасар сапарынан қайтқанда, Қожықтың жаулары, әсіресе Шыңғыс «бұл тұрған жерде біз тұрмаймыз, тұрсын десеңіз, арамыздан әкетіңіз!» деп, генерал-губернатордық атына піргеуір жасап берген. Қожық ұрлығын қоймай елдің әбден тынышын кетіргенсің Шоқан да ол піргеуірді қолдап, оңайлықпен қолға түспейтін Қожықты да, оның сайдауыттай сегіз ұры баласын да арнаулы жіберген әскери отряд қапыда бас салып ұстаған. Қожықта ұл бала тоғыз болатын. Солардың ішіндегі иіс алмас ең момыны, ұрлық-қорлыққа араласпай мал баққышы осы – Есқара еді. Отряд оны да ұстағанда, ел-жұрт боп, Есқараны алып қалмақ болған. Отряд өтінішке құлақ аспай, өзгелерімен бірге әкеткен. Итжеккенге жаяу айдалған Мақаштардан, сақал-шашы буырылданып қартайып қалған, ауыр денелі Қожық тұтқындық азабына шыдамай жолда өлген. Бейіті сол арада қалып қойған: оның көмілген көмілмегенін құдайым білсін! Мақашовтардың қалған тоғызы Итжеккенге түгел жетіп, балық аулау ісіне қосылған. Сонда, үнемі тулап жататын Беринг теңізінде, қайықтары аударылып кетіп, жүзуге шорқақ өзгелері қарық боп кете барғанда, сушыл Есқара пәлен шақырымдай малтып шыққан. Содан қашқан. Қайда барады, қашқанда? Географиядан хабары жоқ ол, қайдан қалай келгенін білмейді. Бар білері, – ұзақ жүрді, ауыр азап көрді. Итжеккенге келе, күннің де қайдан шығып, қайда батуынан да жаңылып қалды. Тек шығуын, батуын ғана көреді. Ел-жұртының қай жақта екендігінен түк саңлау жоқ. Сондай Есқара, басы қай жаққа ауса, сол жаққа қаша берді, қаша берді... Беттеген жағында ел де ете сирек екен. Пәлен күнде ғана адам тұрағы кездесіп қалады, оларды көре тұра жоламайды, сезбестік түрде орап етіп кетеді. Бар қаруы–лиственница аталып, Сібірде өсетін, «темірден қатты» дейтін ағаштан жасалған шоқпар. Ауырлығы зілдей. Тайганың ішінде көп күндер қаңғырған Есқараға осы шоқпар ғана сенімді серік болды... Қаңғырған Есқараның жолында, бір мезетте аң сиреп, ашығуға айналды. Енді адам тұрағы кездессе бармай, қайыр сұрамай амалы жоқ. Сондай халге Потанинге кездесуін, оның қамқорлыққа алуын жоғарыда айттық. Сөйтіп жүргенде, Шыңғыстың баласы Шоқанға кезігем деген ой өңі түгіл түсіне кірген бе? Сондай адамның жақын жерге, созған қолы жететін жерге келуін естігенде, жүрегінде оған деп сақтаған кек уы, бірден барлық тамырын қуалай, қанына тарай жөнелді де, өзіне өзі ие бола алмай, талықсып кету себебі содан еді. Есін жиғанда көрген ой:

– «Әб-бәлем, қасқырдың бөлтірігі, қанды басың бері тартып қол жетер жерге келдің бе? Қолымды сенің қаныңа бояған сәтте өліп кетсем де арманым жоқ!» Өйту үшін, көзіне көрінбеу керек те, қапысын тауып, сенімді серігі – шоқпарын сілтеу керек. Аю мен жолбарысты бір соққаннан қалдырмайтын қаруы, Шоқанды да шыдата қояр ма екен! Қозы әкелуге кеткен Григорий Николаевичтің іңірде өзі ғана келуі, ол сөзді құлақтары шалып қалған Шоқанға Александраға да жаңалық болды. «Неге?» дейтін сұрауға оның әзірлеп әкелген жауабы:

– Қайда сіңіп кеткенін білмеймін, қойлар да, қойшылар да жоқ. Іздей-іздей сілем қатты. Үйдегілер «оқасы жоқ» деген болды. Бірақ, аңғаруларына қабағына қатыңқы бірдеме байланып келгендей. Неге екенін сұрамады. Александраны оңашалаған Григорий. қашқаным мынау!» деп борсыған етті көрсетіп еді, мұрнын шүйіре қараған Александра,– «жыныққан екен, ауыртып алармыз» деп одан тамақ жасауды қоспады, «аш болмассыздар» деп, өз білгенінше тәтті-дәмді бірдемелерді әзірлеуге кірісті. Оңашаланған Григорийден Шоқан не кейістігі барын сұрап еді, Шоқаннан жасырар сыры жоқ ол, Қодығұл жайын қысқаша айтып берді. Сонда қараса, Шоқанның сұрғылт өңі қуқылдана ғапты. Ол да басына оралған ойды досынан жасырған жоқ.

– Анық қазақ қой өзі? – деп сұрады алғаш.

– Қазақты басқа ұлттан айыра алам ғой, Қанаш. Нақ қазақ.

– Қашқын екені рас па?

– Солай дейді.

– Онда бұл, – деді Шоқан ойланғандай аз кідіріп, – жер ауған қазақтардың бірі. Әр кезде жер аударылған олар көп. Бірақ, менен неге үрейленеді?! Сонысына қарағанда, менен жапа шеккен біреу ғой бұл! Ондайлар бір ғана фамилия, – деп Қожық тарихын баяндап берді.

– Бұл қашқын, – деді ол, бекіген сеніммен, – дәу де болса, Қожықтың бірге айдалған тоғыз ұлының бірі. Бәрі де бас кеспе, қан ішерлер. Егер олардың бірі болса, бүгінгі түн маған қауіп! «Сонда не істеу керек?» деген сұрауға Потаниннің тапқан жауабы, үй төңірегіне қарулы солдаттардан күзет қою. Бірақ, олармен қауіпсіз болуға іштей күдікті; эскадронда әскери тәртіп нашар, солдаттар салақ, бейғам, қалғымпаз. Дегенмен, Шоқанның көңілі үшін болса да қойғызу керек. Өз ойында, көптен көріспей сағынуды сылтау ғып, қауіпті түнді кеңеспен ояу өткізбек. «Үрейленер» деген оймен бұл сырлардың бәрін Александра Викторовнадан жасырды. Ол әлдеқайдан үйрек жұмыртқа, картоп тауып, аса дәмді тағам сыйлады. Қонақтар мейлінше риза. Күткен қорқыныштан жүрегі қобалжыған Шоқан, тағам аузына тұши тұра, шаршап кеппін дегенді сылтауратып жөнді жеген жоқ, арахыдан татқан да жоқ. Табақтасының тартына жеуін көрген Григорий де, қарны аша тұра қомағайланбады. Қонақтарының неге бүйтуін түсінбеген Александра Викторовна «жеңіздер!» деп біраз өтінді де, сөзі өте қоймаған соң «дәмсіз болғаны ғой, әзірленген тамақтың!» деп кейіген кескін көрсетті. Қонақтарына ол назы да өте қоймаған соң енді қолқалауды қажет көрмеді. Қарағайдан қиылған бұл үйде төрт бөлме болатың Александра соның сыртқы есігі басқа, кішірек біреуінде тұратын. Егер қонақ-монақ келе қалса, жандары аз қожасы, көрші бөлменің әдетте жабық тұратын есігін ашып қоятын. Онда үш-төрт кісі еркін сыйып жататын қарағайдың тақтайынан жасалған ауыр ағаш кровать бар. Шоқан мен Потанин сонда түнейтін болды. Шоқанның қорқынышты сезімін байқап отырған Потанин, жатар алдында оған, төңіректе күзет жүретінін айтты. Оның үстіне жүрек бергісі кеп:

– Ешкім де келе қоймас. Әсіресе, Қодығұл. Ол Қожық баласы боп шыға қалғанда, бұнда кеп, батыл қимыл жасайтын жігіт сияқты емес. Дене күші болғанмен, қайрат шықпайтын жасық, ынжық, біреу, – деді. Шоқанның естуінше, Қожықтың тоғыз ұлының сегізі өжет те, біреуі жуас. Омбыдан Сібірге жөнелтерде кездескен Шоқанға ол жайлы Қожықтың өзі де:

– Хан тұқымы, өшігіп тұрсың ғой Мақаш әулетіне. Жалынбаймыз, білгеніңді қыла бер. Күн туар күн болса, есемізді қайтарамыз; тумаса амал нешік. Жалғыз ғана айтарым: өрт жүрген жерде де бір түп кеде аман қалатын еді. Мақаш тұқымын түгел құртам деме. Менен туған еркек кіндіктілер түгелімен қамауыңда. Немерелердің барлығы тырбиған қыздар. Бізден де бір еркек ұрпақ қалсын да. Өзгеміз жазықты болғанмен, жазықсыз бір балам бар, аты – Есқара. Ол «қой аузынан шөп алмаған» момын. Өзгеміз үшін күйдірме оны, обалдан қорық, алып қал», – деген.

Шоқан бұл сөзге солқылдағанмен, әкесі:

– Арғы атан, Күншығыс, өскен соң кек қайтарады деп, жау жағының жас ұлдарын да қырғызып тастайды екен. Ертең өсіп-өнсе, Есқараның өзі болмағанмен, одан ұл туа қалса, бізден айдауда өлген аталарының кегін қайтармай қоймайды, – деп Есқараны қалдыртпаған. Потаниннің артынан сипаттауына қарағанда, оның қойшысы болып жүрген қашқын зәлтті. Бірақ, «қасқыр баласы қаппай қоймайды» дегендей, қабуға әзірленбеуіне кім кепіл бопты? Қылығын естігенде сөйтуі де кәдік! Бір кроватқа төстерін тақаса, құшақтаса жатқан Шоқан мен Григорий, қорқыныштың ғана емес, бұрынғы өткен, қазір бастан кешіріп жатқан, келешекте күтеді-ау деген жайларды әңгімелесеміз деп, жатар алдында көздеріне тығылған ұйқыларын қашырып алды. Сондағы ең көп кеңескендері сібірлік халықтардың ауыр тағдырлары, соны қалай жеңілдетудің амалдары. Бұл жайда Шоқан, Потанин күндіз қойға кеткенде, Александра Викторовнамен де біраз кептесіп қалған. Талдырмаш бойлы, сыпайы мінезді бұл қыздың ой-санасы жас мөлшерінен алдеқайда озық: гимназияны бұдан бір-ақ жыл бұрын ғана бітірген аржағында бір семьяның сүйікті еркесі болып өскен өмірлік тәжірибесі аз жас қыз сияқты емес, көрген-білгені көп, олардың бәріне өз көзқарасы бар, қасабалы әйел сияқты. Кеңесіп отырғанда Шоқан оны, бір сәтте іштей, Катерина Карловна Гутковскаямен салыстырып байқады: кітаптық білім жағынан ол бұдан биік сияқты да, өмір шындықтарын тану жағынан бұл одан әлдеқайда жоғары сияқты. Кяхтаға келуіне жылға жетпегенмен, жергілікті бурят пен монғолдар тұрмысынан біліп үлгергені ұлан байтақ. Соларынан ол, Шоқанның ұлықсатымен, айтуға қажетті-ау деп санаған біразын, Потанин оралғанша әңгімелеп те берді.

– Ең алдымен, – деді ол, ағайындас арғы тектерін бөле сөйлегенмен, тілдерінде аздап айырма болғанмен, әдет-ғұрып, салт-сана, өнер-әдебиет жағынан бұлар бір монетаның екі жағы, бір кітаптың тұтасқан екі беті. Одан арғы егжей-тегжейін менен гөрі Григорий Николаевич көбірек біледі. Қажет көрсеңіз содан сұрарсыз.

– Діндер қос-қабат: шаманизм мен ламаизм сапырылыса араласып жатыр. Доржи Банзаровтың «қара дін» аталатын еңбегін оқыған боларсыз.

– Әрине,– деді ойлана отырып. Өйткені ол діннің қазаққа да қатынасы кеп.

– Онда менің халімді жеңілдеттіңіз, мен ендеше Банзаровтың «жақсыға» санайтын жақтарына соқпай, оған сенетіндердің қазіргі өміріне тигізіп отырған орасан залалын айтайын.

– Тыңдауға бейілмін, – деп қойды Шоқан, қызыққан белгі көрсетіп.

– Бүкіл сырқат атаулының басым көпшілігін шаман діншілдері емдейді және барып тұрған тағылық түрде. Олардың емінен сырқат жазылу орнына мен дейді. Бір мысал: бала туар алдында қиналған әйелдің әлсіреуі, кейде талықсып, кейде өліп те қалуы табиғи нәрсе; шамандар...

– Қазақта оларды «бақсы» дейді, – деді Шоқан.

– Сол «бақсы», – деді жаңа сөзді тез ұстай алғыш, ұға қалғыш Александра, – әйелдің әлсіреуін, жын басады деп түсініп, (жындардың аттары бірталай)..

– Қазақтар да солай...

– Жөнді күшпен қашырам деп бейшара әйелді ұрып-соғып нелер ауыр азапқа салады. Көбі сол таяқтан өледі...

– Бізде де...

– Бір сәтте, азаптанып жатқан әйелге араша түсем деп, сәтіне қарай әйелдің жаны ғап, содан мені буряттар «жаңа бақсы» атап, әйелі босанатындар шақыра беретін болды!.. Сонымен, – деді Александра еріксіз езу тартып,– ойда жоқта, мені акушерка ғып шығарды. «Енді медицина дәрігері болсам ба» деген мақсатым бар.

– Тамаша мақсат.

– Бірақ, болған күнде де, жалғыз мен қалай үлгере алам, дүниеге келер бала біткенді туғызып? Одан басқа сырқаттардың жәрдемшісі кім? Жоқ, олар! Бұларша – «аймақ» бізше «губерния» аталатын бір өлке елде ғылымдық шара қолданатын бір де медик жоқ.

– Бұл маңайда шаманнан басқа «дәрігер» – «Тибет емі» аталатын әдістерді қолданушылар; олар дәрі-дәрмекті шөптен жасайтын көрінеді, олары көбінесе пайдалы сияқты, бірақ, бұл әдіске жетік «ламалар»...

– Бізше – молдалар...

– Өз білгенін басқадан жасырып, өлгенде жолын тұтатын бірер адамды жасырын даярлайды дейді, сондықтан ондай дәрігерлердің саны көбеймей, ел арасынан некен-саяқ қана ұшырасатын көрінеді.

– Қазақ байғұста ол да жоқ! – деп қойды Шоқан күрсініп бары бақсылар ғана!..

– Қай діннің үйреткенін білмеймін,– деді Александра ауыр күрсініп ап, – буряттар арасында сиреңкіреген, монғолдар арасында тұнып тұрған бір аса жаман әдет: өлуге бет алған сырқатты, шала-жансар кезінде, аяғына арқаннан тұзақ сап, атпен айдалаға сүйреп тастау. Ондайлар иттің сыбағасы: кісі етіне дәніккен иттер талап жейді.

– Көзіңізбен көрдіңіз бе?..

– Кездестім де, қарауға дәтім шыдамады. Тағы бір сұмдығын айтайын ба?

– Иә?..

– Алпыс па жетпіс пе, сол жастардың біріне келген діншіл қарт, «өмір жолын тауыстым» деп санайды екен де, өзін бір жұмалық азығымен тірідей айдалаға, не таудың арасына апартып тастайды екен, оны да иттер мен аңдар талап жейді екен!..

– Қойыңызшы-ау!..

– Өзім көрмедім, Потанин көріпті...

– Оған сенуге болады...

– Бұл салт, – деді Шоқан, ризалық кескінмен, – құдайға шүкір, біздің қазақта жоқ!..

– Потаниннің айтуынша, бүкіл мұсылман елінде де жоқ.

– Мұсылмандықтың бір тәуірі осы.

Надандық трагедиясы Шоқанның сезімін ауырлатып жіберген болар деген оймен, Александра жаманға санайтын тағы біраз әдеттерді айтқысы келсе де айтпай, қонағының ауырлап қалды-ау деп жорыған сезімін жеңілдету ниетімен, сездерін «еркектерге ұнайтын болу керек» деп санайтын бір жайға ауыстырып жіберді.

– «Ламаизм» деген, будда дінінің сопылары тұтынатын жол сияқты.

– Менімше де солай.

– Ол дін бұл араға бертінде келгенге ұқсайды.

– Он алтыншы, не он жетінші ғасырдан болу керек.

– Будда дінінің храмын – «Дацан» деседі екен. Солар да, өзге діндердегі сияқты, «лама» аталатын үлкенді-кішілі дін басылар тұтатын түрі бар.

– Білем.

– Олар төңірегіне, біздің монахтар сияқты үйленбейтін діншілдер тобын құратын сияқты; бірнеше ұлы бар адам, біреуін ғана қолына ұстап, өзгелерін монахқа беретін сияқты, олар еркімен ынталанып баратын сияқты...

– Неге?

– Ашығын айтқанға кешіріңіз! – деді Александра айтуға ұялғандай, күлімсірей төмен қарап,– үйленетін жігіт қалыңдығын дацанға апарып некесін қидырады екен де, сонда қалдырып кетеді екен.

– Неге? – деді Шоқан ар жағын жорамалдай тұра, әдейі сұрап.

– Бірінші түнді монахпен өткізу үшін дейді, – деді де, Шоқан «қалжыңды сұрауын жалғастыра берер ме» деген, оларына жауап бергісі келмеген оймен, сонысын сездіргісі келгендей, орнынан түрегеп, бетін теріс бұрып жүріп кетті Александра. Сол қалпын аңдаған Шоқан, тағы да бірдемелер сұрамақ болған ойынан тиыла ғап, бұл қыз жайындағы бағасын іштей қорытты. «Егерде, – деп бағалады ол, – Айжан мен Катеринаның ішкі-сыртқы қасиеттерін сапыра араластырып жіберерлік күш табылса, тұтасқан бір Александра шығар еді-ау!». Содан кейін қалжыңды салмақты кеңеске айналдырғысы келген Шоқан:

– Сондай монахтар көп пе екен? – деп сұрады, бетін бері бұрған Александрадан.

– Потаниннің айтуынша монғолдық еркектердің тең жарасынан артығы болу керек... Әңгімені әрі созуға Потанин кеп қалды. Әңгіменің аяғын, бір төсекке құшақтаса жатқан соң жалғастырып әкетті. Ол да сөзін жалпы сібірлік олардың ішінде – монғолдық тұқымдардың егер өнер-білімге жұғыстырса, лап етіп жана кетуге әзір тұрған талантты, ақылды, парасатты елдер екендігінен бастады. Сондағы үлкен бір дәлелі – Доржи Банзаров. Потаниннің алдын ала айтқаны: Банзаров шығыс тарихының осы бір кезеңінде туа қалған феномен14. Ол шын мағынасындағы данышпан. Қазір дүние жүзіндегі ойшылдардан бұдан асары жоқ. Оның негізгі мақсаты: тұрмыс қалыптары ойлы-қырлы болып келе жатқан адам қоғамын, олардың ішінде – отарлық шығысты, оның ішінде – сібірліктерді, оның ішінде өз туған елі – буряттарды тіршіліктің бар жүйесімен теңестіру. ( омы қалай істеудің жолын жанталаса іздеуде...

– Таба алмайды ғой оны! – деді Шоқан демін соза ауыр алып.

– Рас! – деді Потанин де сондай сезіммен, – адам қоғамы саналанған кезден бастап, талай ойшылдардың миын шаршатқан, бірақ жете алмаған талабы ғой бұл.

– Дегенмен ізденуден тынудың керегі жоқ. Тіршілік дегеннің өзі – үміт емес пе?

– Ол да рас.

Потанин одан әрі Доржи Банзаров жайындағы әңгімелерін жалғастырып әкетті. Оның өмірбаяны Потаниннің алақанында екен. Әуелі осы жағын таныстырып алғысы келіп:

– Сібірде келген орыс отаршылдарынан, алғашқы ақылды адам, патшаның сол кездегі сенімді өкілі – граф Савва Рагузинский болғанға ұқсайды, деп бастады ол сөзін. – 1727 жылы Россия мен Қытайдың шегін белгілеген «буралық» аталатын шартқа қол қойған сол кісі.

– Сол «бура» не? – деп сұрады Шоқан.

– Өзен аты. Тегі гундар тұсынан сақталған түркілік атау болу керек. Ондай атаулар бұл маңайда көп. Мысалы, «Аргун» деген өзен бар. Бұл, тегі «Арғыннан» шыққан. Гундар заманында, сол өзенді қазақтың «Арғын» аталатын руы мекендеуі мүмкін.

– Қызық екен.

– Граф Рагузинскйй туралы сөзімізді аяқтайық. Оның ақылдылығы, – сол шарттан кейін тұрғын халық: эвенклер мен буряттардан казак хошундарын құрып...

– «Хошун», – деп алды Шоқан.

– Монғолдардың әскерлік жиын деген сөзі...

– Қазақтардың «қосын» деген сөзі сияқты екен.

– Екеуі бір мағыналы сөз болуы мүмкін. Сонымен, граф ұйымдастырған қосындар, құрылғанынан бүгінге дейін шекараның сенімді сақшылары болып келеді. Сібір ұлттарынан казак отрядтары құрылуын естігенмен, егжей-тегжейін білмейтін Шоқанның ол жайды біліп алғысы кеп:

– Казактік чиндері орыс казактары сияқты ма? – деп сұрады.

– Әрине, түгелімен: онбасы, елубасы, жүзбасы... дегендерінің бәрі де бар. Ең жоғарғысы – наказной атаманына дейін. Бұл өлкенің қазіргі наказнойы буряттан шыққан атақты тайши – Дымбыл Галсановтың баласы. Менің әкеммен Омбыдағы казактің училищені бірге бітірген, орыс тіліне жетік атаман. Ол жайда кейінірек...

– Доржи Банзаров, – деп жалғастырды, Потанин сөзін, – онбасы – Банзар Боргоновтан Селенга өзенінің жағасында 1822 жылы туған. Ар жағын қысқарта баяндайын: бес ұлы болған Банзар, кішкене күнінен зиректігіне көңіл бөліп, әуелі дацан ламасына монғолша тілін сындырған да, одан кейін, он бір жасқа шыққанда, осы Кяхтада жуырда ғана ашылып, оқуы жүріп жатқан орыс-монғолдың әскерлік школасына берген. Зирек бала төрт жылда оны «ерекше» деген мақтаумен бітірген. Сол кезде Қазандағы гимназияға буряттан төрт бала жібермек боп, біреуіне Доржи іліккен. 1836 жылы төртеуі де қабылданған. Келер жылы жер жағдайын көтере алмай, екеуі өлген, біреуі қашып кеткен.

– Қап! – деп қалды, төртеуінің гимназия бітіруіне іштей тілектес болып отырған Шоқан.

– Иә! – деді де, солай өкінетін Потанин, – сонымен, гимназияны Доржи алты жылда ерекше бағамен тамамдайды. Содан гимназия басшыларының ізденуімен, Қазан университетіне түседі.

– Бәрекелді!..

– Бұл университетте дүние жүзіне әйгілі ұлы математиктердің бірі, орыстың сол кездегі алдыңғы қатардағы прогресшіл ойшылының бірі – Николай Иванович Лобачевскийдің ректор кезі.

– «Ғалымдығының үстіне, кісілігі де зор еді» деседі, білетіндер.

– Мен де солай естідім.

– Сонымен, Банзаров жайы?..

– Университетті де төрт жылда, озық студенттер қатарында тауысады. Одан гимназияда үйрене бастаған. француз, неміс және латын тілдерін жақсы біліп шығады. Оларға қосымша: санскрит, фарсы және татар тілін біледі.

– Тамаша екен!

– Енді не істеу керек?

– «Бәсе» деймін-ау? – деді Шоқан.

– Сол бір тұста, Қазан университетінде орыстың шығысты зерттейтін атақты ғалымдары және ағартушылары: Аристов, Ковалевский, Котельников сабақ береді екен. Олар Банзаровқа университетке кіре көңіл бөліп, үлкен үмітпен қатарларына ала бастаған. Мысалы, қытай, манжур тілдері жүретін университетте оқытушы нашар болып шынтуайтында оқытушы ол емес, оған жәрдемші, бұл тілдерді және иероглифын жақсы білетін Банзаров болған.

– Сонымен? – деді, Банзаров тағдырының әрі қарай қалай өрбуін естуге асыққан Шоқан.

– Сонымен, қазандық қамқоршылары Банзаровты Петербургтағы Ғылым Академиясына қызметке жібертеді. Оған патша сарайы қасындағы сенаттың ұлықсаты керек. Оны алу қиынға түседі.

– Неге?

– Банзаровты қазақ-орыс дедік қой. Әскерлік міндетін жиырма бес жыл өтемеген қазақ-орысқа өзге қызметке шығуға ұлықсат жоқ. Осы қиын мәселені сенаттың шешуіне жылдан артық уақыт өтеді. Бұл мерзімде Банзаров, ішіне «Қара дінді» қоса, көптеген ғылыми еңбектерді жариялайды. Маманы табылмай, академия архиві мен кітапханасында ошарылып жатқан қытай, манжур, монғол, үндістан, фарсы елдерінің материалдарын, кітаптарын ретке келтіреді. Синолог15 аталып жүретін Бичуриннің, Шмидттіқ жаңсақ пікірлерін әшкерелейді, оқымыстылар оны «ориенталистердің арыстаны»16 деп атайды.

– Сонымен, ақыры? – деді Шоқан асығып.

– Ақыры,– деді Потанин күрсініп ап, – сенат Банзаровты Петербургта қалдырмауға ұйғарады. Патша ол пікірмен ризаласады.

– Ох, оңбағандар-ай! – деген сөз шығып кетті, ыза кернеген Шоқанның аузынан; бұл даттаудың ішінде патша да бары есіне түскен ол, «хатасын» түзегісі келіп, – қайда жіберетін болған, сонымен? – деді.

– Байқал төңірегіне.

– Кім ғып?

– Ерекше тапсырмалардың чиновнигі ғып.

– Aha! – деді де, Шоқан ойланып қалды.

– Өйтпегенде ше?

– Бұл чин қарамағындағы халықтың ішінде патшашылдыққа қарсы немесе прогресті жақтайтын пікірге тыңшылық жүргізіп, үкіметтің тиісті орындарына хабарлап тұру. Байқал төңірегі тунгустар мен буряттар. Екеуі де отар елдер. Екеуі де бостандық көтерілісін әлсін-әлсін жасап тұрады деп есітеді. Ендеше, сол елдерден шыққан Банзаров, туған жеріне тыңшы болып барады екен ғой. Саналы адам санатында жүрген Банзаровқа бұдан артық азап бола ма? Сенат пен патша, осы азапқа Банзаровты қасақана жіберетін болған ғой!..

– Сонан? – деді Шоқан.

– Сенат әуелі Қазанға жібереді.

– Онысы несі?!

– Менімше, ондағы ойы: төрт жүз жылдар, отаршылдық тепкісін көріп, елдігін сақтауға жанталасып келе жатқан татарлардың сырын білуге, тыңдап көрсін дегені болар.

– Ондағы мақсаты не?

– Байқалда қалай тыңшы болуды, алдын ала үйрету де.

– Рас-ау! – деді Шоқан.

Сөздерін одан әрі жалғастыруға, көңілдерін үрген иттің даусы бөліп кетті. «Ит» дегеніміз: денесінің үлкендігі жаңа туған көжектей ғана, бірақ одан әлдеқайда жіңішке, жүні шымқай қара, бауыр жағы сарғылт, тықыр түкті, танауы таңқы, көздері едірейген, құлақтары шашақты, құйрығы түбіне шолақ қанден. Александра оны бауырын көтерген күшік кезінде біреуден қалап алған еді. Одан бері ақылы өскенмен, бойы сол қалпында қалып қойды. Ал, ақыл дегені адамнан бетер сияқты, ұқпайтын нәрсесі жоқ. Сақтығы сұмдық: жердің асты-үстіндегі қыбырлағанның бәрін, олардың жақсысы мен жаманын түгел сезеді. Арам ниеттіге жаны өш. Даусы шаңқылдаған ащы, жек көргеніне қабаған. Тісі тиген мақлұқ маңына жоламайды. Кісі қолынан тамақ жемейді, иесі лұқсат етпей тағам татпайды. Жұмсауына елпілдек. Үйде қалса сенімді күзетші, түзге шықса айтқанын орындайтын тіл алғыш... Еркек ит бола тұра ұрғашы санағысы кеп, атын «Дуська» қойған. Оның ырылдап я үріп дыбыс беруі, – маңайда ыңғайсыз бірдеменің бары. Тиыштық болса тым-тырыс. Александраның, қасынан қалмайтын Дуська, Шоқанды алғаш көргенде жатырқап мазасызданайын деп еді, иесі «өзіміздің кісі» дегеннен кейін «ауыл үй» қонып, еркелеп алды. Жатарда қалжыңдап Шоқан Александра бөлмесіне жатпақ болғансыған еді, Дуська ызалана ырылдап, қуып шыққандай болды. Потанинға да сөйтеді екен. Сондықтан, Александраға:

– Некелене қалсақ қайтеміз? – десе,

– Оны ұғындыруға болады, – дейді Александра.

Хозяйкасының бөлмесіндегі жұмсақ креслода жататын Дуська көп уақытқа дейін дыбысын шығармады. «Тегі, екеуі де ұйықтаған болу керек» деп жорамалдады әңгімелері қыза түскен достар. Сөйтіп тым-тырыс тұрған Дуськаның әуелі ырылдаған, одан кейін шаңқылдай шәуілдеген үні шыға қалмасы бар ма?.. «Бұ несі?!» дегендей жатқан орнынан басын көтере берген Потанин, еркінен тысқары кровать қасына сүйеп қойған қылышын ұстай алып, қынабынан суыра бастады, қолы сөйткенмен көзі терезеде; басын жастықтан Григорийге қосарлана көтерген Шоқан да, жатарда жастық астына тыққан кольтін17 суырды. Оның көзі де терезеде. Бұл дүбірді естігендей, қатардағы бөлмеден үстіне жазғы пальтосын желең жамылған Александра мен сыртқа қарап шәуілдеуін үдете түскен Дуська да кіре берді. Жақында ғана туған ай мана батып кетіп, «бестік» аталатын кәресін шамы достар жатқанда сөндірілгендіктен, бөлме іші тастай қараңғы. Дала да сондай!

– Неге үрді? – деген дыбыс берді Потанин.

– Жәй үрмейді. Біреу болу керек – деді Александра.

Есқара жайын естімеген ол:

– Әлдекім шығар, маңайдан өтіп бара жатқан. Дуськаның ондайға құлақ түре қалатын әдеті. Осы маңда қарулы күзетші де бар емес пе. Сіздер неге дүбілдіңіздер?! – деді қонақтарына.

– Сол болу керек! – деген даусы естілді Потаниннің.

– Кім ол? – деді, басына «қауіпті жат біреу болғаны ма?!» деген ой орала қалған Александра.

– Кейін айтармын, Сашка, – деді Потанин әрі салқын бөлмеде тоңазыған, әрі үрейлі сезімі бойынан кетпеген дірілді дауыспен.

– Осылай отыра береміз бе, үрейленіп, – деді Шоқан, – тысқа шығайық та байқайық.

– Кімді?! – деді Александра тоңазығандай, я қорыққандай дірілдеуге айналып. Итті ерткен бәрі, қаруланған түрде топтаса тысқа шықты. Терезе сырты, ішіне қалың бұта ескен терең сай еді. Шәуілдеген ит төмен құлай, бұтаға сіңді де кетті. Даусына қарағанда, ол әлденені қуып жеткен. Анау қорғанып маңайлатпаған сияқтанды. Әлдекім, әлде не барын шамалаған қарулылардың да итке қарай баруға ниеттері шапты. Бірақ, қалай барады? Терең сайдың түнгі елесін тұтас алғанда, мыңдаған кісілерді жұтқалы аранын ашып тұрған, адам айтқысыз кең терең көрге ұқсайды! Күзетшіні іздесе, бір қуыста мылтығына сүйенген қара басқыр, шөкесінен отыра қорылдаған қатты ұйқыда. Оны оятудың қажеті не? Ит абалаған жақта біреу барын бәрі де жорамалдады. Оның кім екені Александраға танық болғанмен Шоқан мен Потанинға анық сияқты. Солай шамалай тұра, қорқытқысы келмегендей, олар Александраға әлі де естіртпеді. Бәрі де үйге кірді. Иті оралған Александра, оның қуғанын, қалаға түнде ұрланып келіп жүретін жабайы шошқаларға жорыды. Сондықтан, қалшылдай тоңазыған итін бауырына баса, төсегіне жатты да, денесі ілезде ысыған иттің жылы буына бөленгендей маужырап, тез қалың ұйқыға кетті... Шоқан мен Потанин да орындарына жатты. Бірақ олар енді шүйіркелесе кеңеспейді. Шоқанның айтқаны:

– Расымен сол болғаны ма?!

– Менімше, нақ сол.

Потаниннің ойы қаталасқан жоқ. Шынында да бұлар жатқан бөлменің терезесіне таянып келген Есқара еді. Ол, мана екі достың қайда жатарын сырттан бақылап, кәресін шамның әлсіз жарығынан көріп кеткен. Әлде не күйлеген қаншықпен әуейленген Дуська, бір топ төбетке араласып, алысырақ жаққа кетіп қалған. Алғаш жылы үйдегі кровать үстінде бастарын көтеріп отырып кеңескен екі досты терезеге еппен басып кеп сығалай қараған Есқара айқын көрді. Қаруларын ала келмеуіне ол қатты өкінді. Қаруы екеу еді: бірі – өткір қайраған балта, екіншісі – монғол садағы. Балтаны оның сілтегіштігі сондай: өзге ағаш былай тұрсын, «темір батпайды» дейтін фихта мен лиственница бөренелеріне шапқанда ұңғысынан кіргізеді. Ал, садақ тартуды осы Кяхтаға келе, монғол солдаттарынан үйренді. Садақ тарту, олардың әскерлік ойындарының бір түрі. Нысанаға олар жуан ағаштың безінен жасаған дөңбекті тігеді. Соған ең кемі жүз адымнан, әйтпесе, қарының қаруына қарай одан да әрі жерден атқанда, жебесі мүлтіксіз қадалады. Соны қызық көрген Есқара да ілезде жаттығып ап, оқты ең алыстан, ең дәл тигізетіндердің, жебені сағалата кіргізетіндердің бірі болған. Шоқанға ол осы екі қарудың қай реті келгенін қолданбақ болған: жақын көз кеп қалса балтаны, алысырақ болса садақ оғын жұмсамақ Соңғы күндерде Есқараға «көкшетаулықпын» деген бір қаңғырған татар кездескен еді. «Айлас қатын мұңдас» дегендей, екеуі бірін-бірі тез танып, тез мұңдасып, тез сырласа қалды. Сырлары – екеуі де күштіден зорлық көргендер, екеуі де қиырдағы Сібірге айдалғандар, бұл жолда екеуі де ауыр азапқа ұшырағандар, екеуі де бұл азаптан қашқандар. Айырмалары – татар орыстың тілін де білетін, барар жөнін де білетін кісі болып шықты. Ол Есқараны ертіп, жуық арада ел жақтарына жөн тартпақ. Татардың уәдесі: елін қалай, қайдан табарын білмей, басы айналып қалған Есқараны, туған жеріне жеткізіп салмақ болды. Аржағын алласына тапсырады да. Есқарада «ел» дейтін ел де жоқ. Мақаш тұқымы түгел қамалғанда мейірім көрмеген елді оның көргісі де келмейді. Көруге ынтығатын жалғыз адамы – туған қарындасы Нарғыз. Әкесі мен аға, інілері ұсталғанда, ол үйінде қыз қалпында қалған еді. Атастырғаны – Шағалақ Керейдегі Медебайдың Құлғарасы. Ол да бау кеспе ұрының бірі. Қожыққа теңдес кезінде құда түскен Медебей, Мақаштың барлық кіндіктісі айдауға кеткеннен кейін, қалған жетім-жесір, бала-шағаны менсінді ме, жоқ па? Менсінбесе қайтті? Көктегі күнге қолын созғандай, Атбасар жәрмеңкесі кезінде сорлы Нарғыздың Шоқанға қызықанын құлағы шалғаны бар Есқараның. Ол немен тынды екен? Ақсүйек хан тұқымы қарасүйектің және жәй ғана «қарасүйек» емес, патшаның кәріне ұшыраған қылмысты, тұтқын қарасүйектің қызын алады деймісің Алмағанда да «ұрғашы» атаулыға жеңсікқой төре тұқымының мазақтап кетпеуіне кім кепіл?.. Басын осы ойлар қатырып жүргенде, жөн білетін татарға кездесіп, еліне жету, сүйікті қарындасының халін көріп, қолынан келгенше қамқорлық жасау үміті туа қалды Есқараға. Сол үміті орындала қалса, аржағында өзі не болса да шорт тебей!.. Татар екеуі «әне қашамыз, міне қашамыз» деп, сәтін түсіре алмай жүргенде, құдай айдап Шоқан келе қалды. Есқараның көктен тілегені жерден беріліп, енді реті келсе, «қаныпезер қасы» санайтын дұшпанның қанын төксе, қарындасына жете алмаса да арманы жоқ сияқты. Шоқанның жатқан жерін көрген, бойында қаруы болмауына өкінген Есқара, сырттағы сайдың белгісіз бір қуысына жасырып жүрген қаруларына жүгіріп барса, сол қуыста тығылып жататын татар жоқ. Оны іздеуге я тосуға уақыты жоқ Есқара қаруларын қолына ұстай кейін жүгіріп, аңдыған терезенің түбіне таяна бергенде сыбысын сезіп қалған Дуська шәуілдей жөнелді. Тез қайтып келіп, терезе түбіне таянуын Дуськаға сездіріп алды. Бұл үйде ит барын білмеген еді ол. Сонысы ойда жоқта табыла кетіп, дауысы ащы қанден шаңқылдай қалғанда: «Қап, үйдегілерді оятпаса не қылсын!» деп өкінді ол. Сонда да ойын орындамақ боп, терезе түбіне көзін қадап еді, оның қасқырдан қырағы қарашығы, ит даусына елеңдеп, жатқан кроваттарынан бастарын көтерген достарды шала кетті. Қараңғы бөлмеден денелердің елесі ғана қараңдағанмен, бергісі Шоқан екенін мана шам жарығымен көрген. «Сәті түсіп тұрғанда қапы қалмайын!» дегендей, ол шегіншектей беріп, балтаның сабын кендір белдігіне сырт жағынан қыстыра салды да, садағының түйе тарамысынан тартқан бауына оғының айыр түбін тірей, жебесін Шоқан қараңдаған тұсқа сүйрете көздей бастады. Сықырлай иілген емен садақтың тысырлай тартылған қайысын босатып қалғанда, терезе шынысын сыбдырсыз тесіп өтетін оқ, сыртқа арқасын қаратып отырған Шоқанның денесіне кірш етіп қадала қалар еді. Сол оқты тереңдете қадағысы келген Есқара, садақты күші жеткенше иіп, екі басын түйістірер халге әкелді. «Енді жетті!» деген шағында, арт жағынан әлдекім құшақтай бас салып, Есқараны сол қалпымен шалқасынан, түсіргенде, қолдан босанған оқ, терезеге емес, аспанға қарай зымырап кетті... Бас салған өзінің серік татары еді. Есқара үңгірге барып қаруларын ала жөнелгенде, жақын жерде жүрген ол, «бұ несі?! Қайда барады қарумен?!» деп кідіртпек болды. Бірақ, дыбыстауға болмайды, әйтсе, жасырын жатқан жерінен сезіліп, қолға түсіп қалу қаупі бар. Татар түзелгенше, Есқара сайдан көтеріліп кетті де, еңкеңдей жүгіре басқан адыммен нысаналы үйіне бет қойды. Татарға енді дыбыстауға тіпті де болмайды – қала іші! Есқараны садақ тартуға ыңғайланған шақта қуып жеткен татар, неге бүйтуін білмесе де, (бұл жайын Есқара оған айтқан жоқ-ты) жәй қылық емесіне, бір пәлеге байланысты екенін жобалады; артынан қаусыра құшақтап құлады. Сол шақта үйден шәуілдеп шыққан қанденге ерген әлдекімдердің дабыры естіле қалды.

– Қаштық! – деді татар, Есқараны құшағынан босатып, жағасынан қапсыра ұстап, сайға қарай сүйрей жөнелді. Серігінің ырқына көнбеуге Есқараның амалы болмай, сайға бірге домалай жөнелді... Көкірегін кернеген кек бұрынғыдан да керней түсті... Түнде дүрліктірушінің кім екенін білмегенмен, Потанин «жәй біреу шығар» деп жорамалдағанмен, Шоқанның ойынан «Есқара» деген күдік кетпей-ақ қойды. Олай ойлауына тағы бір себеп, туған еліндегі сенісер досының бірі, – Жолтабардың Мұқаны, Қожықтың және оның балаларының жайы туралы Шоқанмен әңгімелесіп отырып, Қожықты:

– «Ұры» дегенмен есті ұры. Оның ұры болуына хан тұқымы сен кінәлісің. Сенің Есенейге өшіккен Кенесарың, Қожыққа «соны жақтайсың» деп, әкесі – Мақыштан қалған мың жылқысын бір түнде айдады да кетті. Сөйтіп, кешегі мыңқырған байдың баласы – Қожық бір түнде «жұтап», тақыр кедей боп, жүген ұстады да қалды. Қайтадан жинауға, далада жатқан мал бар ма? Сондықтан ұрлық жолына түсті де кетті.

– Онысын мен де естігем.

Қожықтың балаларын жекелеп сипаттағанда, Мұқан Есқараға көбірек тоқтады.

– «Әке балаға сыншы» дегендей, – деді ол, Қожықтың өзге балаларын жұрт әкесіне тартқан «бау кеспе» деп көтермелегенмен, әкенің өз көңілі ұйыған баласы – Есқара. Оны Қожық «мінезі тұйық демесең, қылтың-сылтыңы болмағанмен, менен туған балалардың ең естісі осы – Есқара. Бұл қайратын сыртына емес, ішіне жинайды. Көрерсіңдер, түбінде Мақаш шаңырағының тұтқасы осы болады, намысын да осы жоқтайды, кегін де осы қайтарады» дегенін естідім. Жуас демеңдер бұны. «Жуастан жуан шығады» дегенді есте тұтыңдар! – деген. Қожық та, балалары да ұсталып, айдауға кетер алдында Қожықтың «Есқараны қалдыр» деген зарына құлақ асқысы келген Шоқанды, ондай емексуден айнуға Мұқанның жаңағы сөзі себеп болған. Содан бері кездескісі келмей, оны айдаудан оралмайды деп жүргенде, ойда жоқта Кяхтадан жолыға кетті. Жүз көріспегенмен, Потанинның сипаттауында – сол! Түнде келіп жүрген де сол! Ол күдігі ертеңінде анықталды. Баққан қойларын кеше кешке қорасына қамаған Қодығұл бүгін жоқ болып шықты. Қасына еретін бала қайда кеткенін білмейді. Бұл бірінші кездескен оқиға. Қайда кетеді ол? Әрине, көкке сусап. Бұл қылығына қарағанда, әкесінің оған берген бағасының дұрысқа шыққаны!.. Үрей күдігі көңілге кірмесін деңіз. Егер кіре қалса, одан арылу қиын. Соның бір мысалы, Шоқанның басында бұған дейін де болатын: төрт-бес жасында қабаған бір итке өзі ұрынам деп, анау қатты қауып алып, жарасы көпке дейін бітпеген. Содан кейін оған ит атаулының бәрі қауып алатын сияқтанып, маңына дарытпауға тырысатын ол үшін, қайда барса да, күні бүгінге дейін қолына қамшы, таяқ сияқты қару ұстамай жүрмейтін. Ит атаулыға өштігі сондай: бетімен жүрген бейкүнә иттерге де алыстан ақырып, қолына түскен нәрсені лақтыратын да, маңайлатпай қашыратын. Күдігіне кірген Есқара оған жатса-тұрса оның есінен кетпей, қапысын тауып қабуға аңдыған ит сияқты елестеді де тұрды. Одан қалай құтылу керек? Осы күдік кернеп алған Шоқан, ұйқыдан талған Потанин тан, қараңғысы кезінде, қорылдай қалғып кеткенде де көз шырымын ала алмай, тас қараңғы бөлмеде, қояндай бақырайды да жатты. Оған әрбір сыбдыр, күткен жауы келе жатқандай әсер беріп, созыла жата беруге төзбей, басын әлденеше көтеріп, жан-жағына алақтай қарады. Сөйтіп жатқанда, атпастай сияқтанған тан, сібірлей бастады-ау!.. Қатты қалғығанда ұйқының тез қанатыны бар. Потанин да сөйтіп, Шоқан бір қозғалғанда оянып кетті де, терезеге төне қарап:

– Таң атып қалған екен ғой! – деді. – Ұйқым да қанып қапты ғой. Тұру керек. Сен қалғыдың, ба?

– Аздап мызғыдым,– деді ол, ояу жатуын айтса, досы себебін сұрар деген оймен: Себепті айтуға болмайды. «Шоқан» басымен сонша үрейлендім деуі ұят! Досының ол қалпын аңғара алмаған Потанин, қабағының қатыңқылығын, түнде шала ұйқы болуына жорып, өзінің ұйықтағысы келмегенмен, Шоқан, қалғи түссін дегендей.

– Әлі ерте. Біраз жата тұрайық, – деп бетін теріс бұрып, көзін жұмып пысылдаған болды. Шоқан өйте алар емес. Ішкі ереуілі оны дөңбекшіте бергенін абайлаған Потанин, өтірік ұйықтап жата беруге шыдамай: Әлде, тұрамыз ба? – деді Шоқанға қарай аунап. Сөйтсек те болады. Екеуі үстеріне жеңіл киімдерін ғана жамылып тысқа шықты. Шоқан кольтін шалбарының қалтасына сала шықты. Александра Дуськаны таң ата тысқа шығарып жіберетін еді. Бүгін де, сөйткен екен. Шоқанды жатырқаған қанден ол тысқа шыға шәуілдей үргенде, Шоқанның денесі селк ете қалды да, Потанин «Жетеді! Жат!» деп жекірген соң Дуська өршеленбей өз жайына кетті. Сәскелік ас алдында кісі жіберіп білдірсе, Банзаров келмепті. Пәтер иесінің айтуынша, қалада бүгін түске дейін бітіретін жұмысы бар. Тез оралуға тиісті. Александра Викторовнаның, қонақтарын сәскеде тойғызар тамағы жоғын білетін Потанин кеше бере алмаған сыбағасын бүгін жегізбек болып, түнгі күзетте ұйықтап қалған, ерте оянған күтушісін (денщик) казармаға жұмсады да, ерттеулі екі ат алдырып, бағынышты жүздігінің (сотня) жұмысымен таныстыруға алып кетті. Потаниннің жүзі басы ясауыл қарамағындағы әскердің күн сайынғы дағдылы денешынықтыру ойындарын, көбінесе оның өзі емес, елубасы, онбасы сияқты жәрдемшілері басқарады. Бүгін де сөйтіп, достар барған шақта, жүздіктің ертемен атқаратын ат ойыны бітіп, жаяулаған казактар чехарда ойнау үстінде екен; онысы солдаттар арасы он саржаннан тізбектеле, қолдарын тізелеріне тірей еңкейіп тұрады да, артқысы жүгіріп көп алдыңғысының басынан қарғиды. Сөйтіп, бірінің үстінен бірі қарғып, ен, көп қарғығышына шылымдық темекі, үстеме тамақ, бірер жұтым арахы сияқты сыйлық береді. Тосын көзге қызық сияқтанатын бұл ойын, көңіл қобалжуы әлі де басыла қоймаған және осындай ойынды бала шағында ауылда да талай көрген Шоқанға айта қалғандай қызғылықты бола қойған жоқ. Оның басынан кетпейтін ой «қараңғы ұры, әлі де маңайын торып, қапысын аңдып жүр!..» Казармаға келе ол қауіп күшейе түсті: қойларын қорасына қамаған Қодығұл жоқ болып шықты. «Ол – Есқара!».

– Қайда жүр ол?!

Қорқыныш кеулеп алған Шоқанның өз ойына салса, Үркітке қазір-ақ қайтып кетер еді. Бірақ, қалай, қалай? «Әдейі іздеп келдім» деген Банзаровты көрмей ме?.. Потанин Шоқанның бұл үрейін сезбеді, оның қабағы қатып, түсі сұрлануын, түнде ұйықтамауына жорыды. Өз ойын да Дуськаның түнде дүрліктіруі бөледі, бірақ терезеге келушіні Шоқанды аңдушы деген күдік басына келмейді, оны бетімен жүрген біреуге жориды; Қодығұлдың да жоғалуына мән бермей, «қаңғырынды шіркін, басы ауған жағына кете барған болар» деп жорамалдайды. Түндегі қонағасыны түкке тұрмайды деп есептеген Потанин, «лайықты сыбағаңды берем» деп, Шоқанның еркінен тысқары, бір күрең қасқа марқаны сойғызды да, сәскелік ас кезінде алдына тартты. Ойы үрейлі Шоқан одан да жөнді жей алмай отырғанда, Банзаровтың Кяхтаға оралуын хабарлаған шапқын келіп қалды. Көңілдегі қорқынышын сол қуаныш қуып шыққандай боп серги қалған Шоқан, Потанинді ертті де салт атпен ілезде қалаға тартты...

ТАҒДЫРЛАСТАР

Банзаров бекерге қыдырып кеткен жоқ-ты. Шоқанның Үркітке келгенін және бұны сұрастырғаның іздегісі келуін ол алдақашан естіген. Ана жылы, бала жігіт шағында, Омбыда кездескен Шоқанның болғалы тұрғанын байқап қалған Банзаров, оны еш уақыт есінен тастамай, тағдыры қалай өрбуіне құлағын тігіп жүретін. Оның ойынша, Шоқан Кадет корпусын тәмамдаумен тынбай, оқуды әрі қарай жалғастыруы керек. Сол ойын Шоқанның өзіне де айтқан. бірақ, іс жүзінде олай болмай, корпусты бітірген Шоқанның Батыс Сібірдегі генерал-губернаторға адьютант болып орналасқанда, Банзаров «әттегене-ай!» деп өкінген. Сөйте тұра, «университеттік білімім бар мен не бітіріп жүрмін. Чиновниктік қызмет қана ма?» деп ойлап қоятын. Қайткенмен «ерекше туған» деп санайтын Шоқанмен бір кездесіп, сырласуға, пікірлесуге құмар еді. Шоқан Үркітке келді деп естіген соң сол арманынан шықпақ, онымен жолықпақ болған. Бірақ, қалай? Үркітке іздеп барса ма? Өйтуге де ойы соққанда, Кяхтаға келу хабары да жетіп қалған. «Ендеше, осында тосу керек». Бірақ, жәй тосқысы келмеді Банзаровтың. Әрі алыстан келген қонақ, әрі хан тұқымы, әрі ойшыл адам деп білгендіктен, Шоқанды өзінің ғана емес, бүкіл елінің қонағына санап, оны елдік құрметпен қарсы алғысы келді. Сондағы ойы, көшпелі бурят халқының ауылдары қалың отыратын бір тұсына апарып, таңдаулы жайлауын, әдет-ғұрпын көрсететін ұлан-асыр той жасау. Ондай жайлаулар Бурятияның әр жерінде болғанмен, Банзаровтың таңданғаны Кяхта мен Верхноудинск18 қалаларының орта деңгейіндегі «Қаз көлі» аталатыны. Айналасына ат шауып жете алмайтын суы тұщы, түбі құм-қайран бұл көлдің кең жағасына буряттың ауылдары қаптай қонады. Солардың ішінде атақты Шодоевтары да бар. Шоқан Үркіттен шығады-ау деген кезде Банзаров сол кезде «Қаз көлі» төңірегін жайлап отырған Юмсун Шодоевқа барды. Ол бурят халқының тұқым қуалаған атақты зайсандарының19 және байларының бірі еді. Россия үкіметіне де ол тұқым алғашқы адымдарынан жағып бір атасы – Балтұрық 1711 жылы Тайшы20 атағын алып, Байқал көлінің ық жағын орап жатқан Хорин руларының әкімі болған. Шодой соның баласы. Осы чин атадан балаға ауысып отырып, біз сипаттауға келе жатқан Юмсунға жеткен. Қазір жасы егдетартқан ол жас жігіт күнінен тайшы. Оның үстіне ата-бабасынан мирас болып жатқан ауыр дәулеті бар. Асыра мақтаушылардың аузына оның «қырдағы малы қырық мың, ойдағы малы он мың». Соның қаншасы растығын білгісі келген Банзаров, астыртын аңғарып көрсе: қырдағы жылқысы төрт-бес мыңдық, ормандағы бұғысы екі-үш мыңның төңірегінде көрінеді. Оған қоса, бірер мың қойы, бірер жүз түйесі бар сияқты. Оған қоса, кең көлемде аң терісі мен балық саудасын да жүргізеді. Сырттағылар оны «ақшаны арбаға артып жүреді» деседі. Юмсунды әкесі бала шағында орыс-монғол школасына сабаққа беріп, екі хатты да жақсы танып шыққан. Тұрмыс салтына өзге тайшылардан бөлек, орыс әкімдерінше тұрады. Балаларының бәрі де орысша сауатты. Бір ұлы – Петербург университетінде оқиды. Өзі Банзаровпен дос. Банзаровтың оған айта барған тілегі: Шоқанды ұлан-асыр той жасаумен қарсы алып, буряттың тұрмысын, ойын-сауығын көрсету еді. Өйту түк қиындық келтірмеуін біле-тұра Юмсун бірден көне қоймай:

– Әкеле беріңіз, бір қонақты ойдағыдай күтіп аларлық қауқарымыз бар ғой, – деп «сүйей салды» сөз ұстатты. Ондағы ойы, Үркітпен астыртын хабарласып алу еді. Ол Шығыс Сібірдің генерал-губернаторы Муравьев-Амурскиймен әкей-үкей адам; оған ақылдасып алмай, көзге түсерлік ешбір адымын баспайды. Кісі салуға тағы да бір себебі: Амурскийді үйіне қонақ қып жіберуге талай даярланғанмен, орайы келмей жүретін; өзінен бұрынғы генерал-губернатор – Пестельдің қонақшыл болам деп опық жегенін білетін Амурский сақсынып, Шодоевтің де, басқалардың да шақыруына бара қоймай, «әне-міне» деген сүйреткіге сала беретін. Егер бұл жолы келе қалса, Банзаров «жасаңыз!» деп өтінген тойын Шодоев генералға да, Шоқанға да арнап, дойбы тілімен айтқанда «екі жеп биге шықпақ». Іш-пікірі осындай Юмсун Шодоев Банзаров кете, жөн білетін сенімді біреуін астыртын Үркітке жіберіп хабарланса, «жағдайыма қарармын» деп өзі келер-келмесін екі-ұшты ғып айтқан генерал-губернатор, Шоқанды айта қалғандай қарсы алуға ұлықсат беріпті. Амурскийдің келер-келмесіне балды да, балсыз да болғанмен, Шоқанның келуіне күдігі жоқ. Юмсун, оның көңілі үшін емес, қиын-қыстау жағдайларда қажетін өтеп жүретін, әлі де керек күні көп болар деп ойлайтын Доржи Банзаровтың көңілі үшін және Амурский «жасасын» деп нығарлай тапсырғанын естіп, бурят ғұрпымен ұлан-асыр той жасауға әзірленді. «Сол тойда, егер келе қалса силауға» деп, осы үйдегі қымбат мүліктерді қарастырғанда, лайықты екі нәрсе әзір екен: біреуі – іші бұлғын, жағасы құндыз қара құлын терісінен тіккен жарғақ; екіншісі – тұрмандарының күміс әшекейлеріне алтын жалатқан ер-тоқым. Екеуі де ғажап, әдемі болғанмен, жарғақты қымбатырақ көріп генералға тартпақ. Шоқанға алтынмен аптап, күміспен күптелген ер-тоқым да жетіп жататын. Өзге жабдықтары тығыз әзірленуде... Шодоевтан ала-көңіл қайтқан, бірақ іштей «қайткенде де барамыз» деп бекінген Банзаров Кяхтаға оралса, Шоқан бұл қалаға кеше келіпті де, Потанин оны Лавровскаяның пәтеріне орналастырыпты; сол үйге іздеп барса, Потанин оны Троицко-Спасовкедегі казактар казармасына әкеткен. Оған шабайын десе, мана Банзаровтың пәтеріне өтіп бара жатқанын терезеден көрген Александра, Потанин тосқауылға қойып кеткен солдатты хабарға, казармаға жіберіп қойған екен, сондықтан амалсыз тосуға тура келді. Оның шауып келе жатқан Шоқанның да ойлары «ана жылғы көргеннен өзгерді ме екен?!» Құшақтасып амандасқан олар, қатар отырып кескіндеріне қараса, өзгерістері бірталай сияқты: Банзаровтың ол кездегі әжімсіз беті тарам-тарам жолақтанған, өңі де, бұрынғыдан қоңырлана түскен, маңдай шашы сиреп кейін шегінген қап-қара көз жанары да қоңырланып, қарашығының төңірегі көгілдірлеу түспен сақиналанған; тығыршықтай денесі арыған, ажары сынық; Шоқанның бойы бұрынғысынан биіктеп, ортадан жоғары кісі болған, кескін-кейпі де есейген, тебіндеген мұрттары қалыңдап қалған, бұрын да өткір көздері өткірлене түскен... Кеңесті Банзаров бастап кетті де, өзімсінгендей «сен-мен» сөйлесіп, әуелі қысқаша он, сапар тілеуін айта кеп:

– Қазір кетеміз, Шоқан! – деді, «ш» әрпін ысқыра, қалыңдата айтып.

– Қайда?

– Халыққа!

– Қайдағы?

Банзаров Құс көлінің маңында жасап келген даярлығын айтты. Шоқан іштей риза бола тұра, «ол қалай?» деп сыпайысынған болып еді:

– Енді қалай? – деді Банзаров, – шындығын айтқанға ренжімейтін боларсың. Біріншіден, арғы түбін қазсақ, монғол Шыңғыс ханның ұрпағысың, ендеше, менімен қандассың; екіншіден, ежелден қан-жынымыз араласқан қазақ халқының өкілісің; үшіншіден, Шығыс Сібірге Батыс Сібірден келген қонақсың; сені сыйламағанда кімді сыйлаймыз? – деді. Былай да бұл қаладан кетуге асығып отырған Шоқан, аттануға қарсы болған жоқ. «Қаз көлінің» Кяхта жақ беті, орманы сирек белесті дала болушы еді. Онымен салт та, арба мен де жүруге болатынын айтып, Банзаров Шоқанға таңдатып еді, одан әрі салт қана жүре алатын жерлер барын айтқан соң, Шоқан арбаны таңдады. Олар сол күні ылаумен аттанды. Атаманнан ұлықсат алып үлгермеген Потанин қалып қойды. Александра мен екеуі Шоқанды мөлшерлі кезде төменгі Анкараның Байкалдан шыға беріс сағасындағы ескі Үркіт қалашығынан тоспақ. Банзаров Шоқанмен жүз көріскеннен-ақ, ежелгі танысындай ашық сөйлесіп, ашық сырласып кетті. Кяхтада уақ-түйек бірдемелерді кеңескен ол, жолға шыға, салмақты кеңеске ауысты.

– Сен, әрине, – деп бастады ол сөзін, – ориенталист болуға әзірленіп жүрген жігітсің. Шығысты, олардың ішінде Сібірді зерттеушілер көп. Мысалы – Симон Палластың, Эбергарт Фишердің немесе Герарт Миллердің Сібір туралы томдап жазған кітаптары бар; оларды оқыған боларсың.

– Түгелімен. Әсіресе, Палласты. Ол қазақ елін де біраз зерттеген кісі.

– Білем. Қалай қарайсын, оның зерттеулеріне?

– Үстірт білетін де, ағат айтатын да жерлері бар сияқты...

– «Бар» емес, көп. Осы арада бір сырымды айтып қояйын ба саған?

– Естиік.

– Орыстың соңғы ғасырдағы пікір ағымдары: словяндық және батыстық болып екіге бөлініп жүргенін білесің...

– Әрине...

– Бастапқылары, негізінде – орыстар...

– Білем.

– Ал, мен,– деді Банзаров күле сөйлей,– отар және ұсақ ұлттан шыға тұра, барып тұрған словяншылмын!..

– Қызық екен!

– Петербургтағы Ғылым Академиясына сыйыса алмауға осы сенімім себеп болды. Академия қызметіне араласа байқасам, оқымысты аталатындардың көбі – неміс. Олар, әрине, батысшылдар. Мен соларға қарсылар жағына шығып алдым да, айтысты мәселелер төңірегінде сайыстым, кеп! Әсіресе, шығысты зерттеу мәселесінде. Бұл жайда, басы – академик Шмидт қып, көбін жеңіп шықтым. Сол айтыс үстінде Фишер мен Миллердің Сібір туралы жазғандарын да қатты сынға алдым. Әрине, бос сөздермен емес, талассыз дәлелдермен, сондықтан да батысшылдар мені араларынан кетіргісі келді.

– Түсінікті,– деді Шоқан.

– Ал, сен ғой, біздің бұл, Шығыс Сібірге, осындағы тұрғын елдердің тағдырымен танысқалы келдің?

– Әрине. Батыс Сібірді жақсы білетін сияқтымын. Оның тағдыры туралы оқығандарым көп. Соңғы кезде бұл мәселемен ерекше шұғылданып жүрген кісі, орыс географы – Ипполит Завалишин.

– Естуім бар еді. Өзімен де, еңбектерімен де таныстығым жоқ.

– Мен таныспын, «Батыс Сібірдің тарихы» аталатын үш томды еңбегі жазылып біткен. Академияның бағалауына жіберілді. Бір данасы Омбыда. Мен қолжазбаларын түгел қарап шықтым, өте бағалы еңбек. Бірақ жарық көруі де қиын болар. Ішінде либералдық пікір көп. Ондай ойларға жол табу қиын болып жүр ғой.

– Рас. Біздің Шығыс Сібірді орыс ғалымдарынан қазір көбірек зерттеп жүрген адам – Афанасий Прокофьевич Щапов. Ол да либерал, оның жазып жүргендері де көп. Оның да еңбектерінің жарық көруі қиын.

– Солайлау болып тұр! – деді Шоқан, демін соза алып.

– Бірақ, жазыла беру керек солар, – деді Банзаров, – түптеп барып жарыққа шықпай қоймайды. Біздің де ат салысуымыз керек бұл ұлы іске.

– Сіз әрине, – деді өзімен салыстырғанда, сақа кісіге «анаған Бапзаровты «сен» деп атауды ерсі көрген, «сіз» деп атауға дағдыланған Шоқан, – жазып та жүрген боларсыз а?

– Жоқ. Бұрынғы жазғандарым болмаса, жаңадан жазуға мен әлі материал жинау үстінде жүрген кісімін. Бұл жөнде менің алға ұстар үлгім, фин ғалымы – Матвей Кострен...

– Еңбектерімен аздап таныстығым бар...

– Жүріс тұрысымен ше?

– Қай жағынан дейсіз?

– Халқының тұрмысымен танысу жағынан...

– Ол жағын толық біле бермеймін.

– Білмесең, фин тұқымдас халықтар Скандинавия жарты аралынан бастап, Мұз мұхитын жағалай, әлденеше мың шақырым жерге жайылып жатады ғой. Халқын сүйген Кострен осы тұқымдардың тұрмысын жақсылап білу үшін қартаң тартуына қарамай, әлі күнге дейін жаяу аралап жүреді. Сондықтан баспада жарияланған еңбектеріне қарағанда, бұл тұрмыстар туралы білетіндері ұшан теңіз сияқты. Мен де бұнда келгелі «бурят-монғол» аталатын елдердің ішкі өміріне үңілудемін.

– Жақсы екен, – деді Шоқан.

– Саған да осы жолды ұсынам.

– Есте болар...

Шоқан кеңес үстінде байқаса, туған елінің тарихы және тіршілігі туралы Банзаровтың біліп үлгергені керемет көп. Солардың бірталайын «Қаз көліне» жеткенше айтып та берді.

– Европа елдеріндей, я Қытайдай біздің монғол, қазақ, сияқты көшпелі елдерде көне замандардан сақталған жазу-сызу болмаған ғой.

– Орхон-Енисей жазуын айтпағанда, – деген сөз қосты Шоқан.

– Оның бары рас. Бірақ ол әлі анықталып жетпеген жазу ғой...

– Рас. Айта беріңіз.

– Біздің монғол тұқымдас елдердің көне тарихын, тек ауызша шежірешілдерден ғана естиміз... Бізде де.

– Ол шежірелерді қағазға, аржағында – қытайлар, бер жағында – ламалар түсірген.

– Бізде, қожалар, яғни ислам дінін таратушылар...

– Шежірешілдердің айтуынша буряттардың арғы атасы қара көк бұқа болыпты-мыс.

– Бізде «Қыпшақтың бір руы айғырдан жаралыпты-мыс» деп «Торы айғыр» аталады. Тотимизм сенімінің мәселесі ғой ол; хайуаннан тарады дейтін тұқымдар көп қой, дүние жүзінде. Кешіріңіз, сөзіңізді бөлдім.

– Қара көк бұқадан тарағандардан бертінде булагат руы тарайды, тегі сол булагат – бурят болу керек. Бізде «соболь» аңын булаған дейді...

– Бізде собольді бұлғын дейді.

– Екеуі бір сөз болу керек. Айсадан бұрын Байқал төңірегін гун түріктерінен құралған мемлекет билеген ғой. Айсадан бері, әуелі – ұйғырлар, одан кейін қырғыздар мемлекет құрған. Сол кезде монғолдар мен түріктер қан жағынан да, тіл жағынан да қатты араласқан. Содан қалған сөздер «бұлғыннан» басқа да толып жатыр.

– Сонымен, буряттар өз мемлекетін қашаннан құрған?

– Тұтас бір хандық буряттардан ешуақытта да болмаған. «Болам» дегендері тез тарап кеткен.

– Қазақта да солай.

– Сібірдің бірталай халқын жаулап алған Шыңғыс та, буряттарды түгел бағындыра алмаған.

– Қазақ руларын түгелімен.

– Орыстар отарланғанша, бурят рулары өз алдына хандық құрып келген.

– Бізде де.

– Батыс Сібірге он алтыншы ғасырдың орта кезінде кірген қаруы, Енисей өзенінің батыс жағына тіреліп, жетпіс, сексен жылдай тоқыраған да, Бурят өлкелеріне қарай жылжыған. Олар «бурят» деген есімді бұрмалап «брат» атаған. Брат жеріне Байқалдың теріскей жағын орай сұғынған орыс қауы, аз жылдың ішінде «Даури елі» деп те атаған бурят жерін аз жылда иемденіп болған. Қарулы, күшті Россияға садақпен қарсы тұра алмаған біздің аталастар орыс әскеріне жанжалсыз бағынған.

– Біздің ел де сөйтті.

– Бірақ, жанжал бағынғаннан кейін басталды, – деп жалғастырды Банзаров сөзін – оған негізгі себеп екеу болды; бірі шаруашылық қысым, екіншісі – рухани қысым. Әуелі шаруашылық қысымды айтайық, «ясак» деген сөзді, сен әрине білесің?

– Шыңғысханнан қалған сөз ғой ол. Қазақ «жасақ» дейді. Солай деп әскери қосынды да айтады. Соған қарағанда алғашқы мағынасы – «әскерлік шығын», яғни жеңілген жақ жеңушіге төлейтін «контрибуция» болу керек.

– Мен де солай ойлаймын. Россия патшасының қаруы, біздің шығыстық сібірден жасақ сұрай кірді.

– Батыс Сібірден де.

– Бірінші Петрдың бұнда шабуыл жасау туралы берген бұйрығында «тұрғын халықтарды обьясачить» деген сөзі бар, онысы, «бірден жасақ алу» деген сөз ғой.

– Әрине.

– Алғашқы жасағы – жылына түтін21 басынан бір бұлғын.

– Қымбат екен!.. Және табыла бере ме ол?

– Қиын болса да табады. Сібірлік Тайганың ең көп аңы – бұлғын. Бір мәліметте, он сегізінші ғасырда патшалық қазынаның үштен бірін бұлғын терісі өтеген. Солар Сібірдікі.

– Көшім хан Ермактан жеңіліп, баласы Мәметқұл қолға түсіп Москваға жіберілгенде, інісі Есім жасырын қуып барып, қаһарлы (Грозный) Иванның қатынына мың бұлғын пара өткізу арқылы босатып алды деген хабар бар еді, рас екен ғой сол!

– Рас ол. Сібірлік әкімдер де параға мыңдап болмағанмен, жүздеп бұлғын алады.

– Біздің халық ақсүйектер (ояндар, ламалар) және қарасүйектер болып екіге бөлінеді. Қарасүйектерді «қыштым» деп атайды, ол тегі түріктердің «қысу» сөзінен туған «қыстым» болу керек яғни «қыспақта тұратындар», яғни кедейлер, жасақты жинаушылар – ақсүйектен қойылатын әкімдер мен ламалар. Өздері жасақ төлемейтін олар, өз құлқындарын да ұмытпайды. Қыштымнан жиналатын жасақ, екі-үш еселеніп кетеді.

– Ақшалай жиналатын жасақты жергілікті әкімдер бізде де сөйтеді.

– Патшаның орыстан тағайындайтын әкімдері жергілікті жауыздардан аспаса, кем түспейді. Мысалы, бізде атаман – Пахомов деген болып еткен. Нояндар қыштымдарды қысса, ол нояндарды қысып, параға тоймайтын болған. Атына тілі келмеген буряттар оны Багаба-хан деген...

– Бізде князь Светловты – Эспетеу деген сияқты екен, – деді Шоқан күліп.

– Ақырында, қыштымдар оны өлтірмек болғанда, өзі қашып үлгерген де, қолдарына бурят серігі – Шадриков түсіп қап, ауыр азаппен көзін жойған. Соның арты халықтық көтеріліске айналған соң, мазасызданған патша – екінші Екатерина, өз қасындағы секунд-майор Щербачевты тексеруге жіберген де, бұндағы әкімдердің қылмысы анықталған соң, тексерілуі ұзаққа созылған істің нәтижесінде генерал-губернатор Пестель, азаматтық губернатор – Трескин, тайшы Дымбыл Галсанов, қызметтерінен алынып, сарай министрі – князь Голициннің, қолдауымен сотталудан әрең аман қалған.

– Ондай шаралар бізде әзірге жоқ! – деді Шоқан күрсініп.

– Содан кейін жасақ жыю тәртіпке салынып «хэб» аталатын заңмен, бұлғын орнына мал яки ақша төлеуге ұлықсат берілді. Оны да төлей алмағандар өзін сатып, крепостнойлық халге кешті. Көбі қазір шахталар мен заводтарда еріксіз жұмысшы. Біразы нояндардың жұмыстарын атқарады.

– Бізде әзірге мұндайлар жоқ.

– Ол сендердің бақыттарың. Байқал төңірегіндегі шаруашылық қысымының жайы осылай болып келеді!..

– «Рухани қысым» дегеніңіз?

– Ол бізде дінге байланысты. Байқал төңірегіндегі елдердің ежелгі діні – шаманизм...

– Оның үстіне сіздің «Қара сенім» деген еңбегіңізден таныспын.

– Жақсы екен оның. Ғасырлар бойы сол сеніммен келген байқалдықтар арасына кешегі он жетінші ғасырдан бастап будда дінінің сопылық тармағы ламаизм келіп кірді. Осы екі дін өзара қырқысып жүрген шағында Россия патшалығының отаршылдық саясаты, христиан дінінің миссионерлерін жіберді. Олар тұрған елдерді шоқындыру саясатына кірісті. Бірақ, қандай әдіспен?

– Иә? – деді Шоқан құмарлана құлақ тігіп.

– Алтын орда татарларының кейбір мырзалары сияқты біздің буряттардан да чинге қызығып, алғаш өздігімен шоқынған нояндар болды. Мысалы, Андрюша мен Митюша Степановтар атанған, бурятша фамилиялары Берегаев дейтін нояндар, христиан дініне 1693 жылы кешкен. Қыштым арасынан да аздап шоқынушылар шыға бастаған. Мысалы Онохов. Үкімет оны жасақ жинаушылыққа тағайындап мейлінше қиянатшыл болған. Содан ба, әлде діншілдігінен бе, хориндар тайшысы – Дамба Дугар Иринцеев, орыс селосында тұратын Оноховты түнде терезесінен ұрлатып ап, арқасына өлердей қамшы соқтырып, «лама дініне қайтам» деген уәдесін алып, босатқан. Содан кейін шоқындыларды ұрлау, сабау, өлтіру көбейіп кеткен. Бірақ, миссионерлер әрекетін доғармай, үгіті өтпеген соң, күні бүгінге дейін жергілікті халықтарды зорлықпен, кейде мылтық күшімен шоқындыруда. Осы ретте, Шығыс Сібірдің қазіргі прхиепископы Никон Нилмен қатты аразбын. Бұл православяндық шіркеудің осы ғасырдың басында атағы шыққан оқымыстысы – Николай Федорович Нилдың баласы. Менің оған айтарым,– халықты зорлықпен емес, үгітпен көндір! Оның айтары – «үгітке көнбесе қайтем?» Менің айтарым, – «ендеше, зорлама!»

– Батыс Сібірдегі, Орал тауындағы, Еділ бойындағы Нилдарға да мен осыны айтқалы жүрмін.

– Бірақ, тыңдамайды, оныңды! Босқа әуре боласын. Оның мысалы – мен. Өз қара басым, ешбір діндік сенімді танымайтын – атеистпін...

– Мен де сондай ұғымға бейіммін.

– Ендеше, ойымыз бір жерден шықты. Бірақ, адам қоғамының санасы түгелімен атеизмге жеткен жоқ. Дін сенімі қоғам арасында көпке созылады. Менің айтарым: қай дінге болса да, адам өз сенімімен бағынсын, зорлап бағындыру болмасын!

– Гениально! – деп қалды. Шоқан.

– «Рухани қысым» дегенім осы.

– «Осының аржағында ақымақтық бір ой жатады, – деді Шоқан. Патша өкіметі, отар елдерді өзіне дін сенімі арқылы жақындатқысы келеді. Қата пікір ол. Оған мысал – орыстар мен татарлар арасы. Опричина22 дәуірінде олар бір-бірімен сеніскен жайда еді. Сонда орыс әскерін татар ханы Шингилай (мұсылманша – Шаһ-Ғали) тамаша басқарып тұрды. Кейін, патша өкіметінің жәрдемімен, ислам діні татарлар арасында кең тарағанда, Қырым татарлары соңғы бір ғасырда, Россия мемлекетіне екі рет опасыздық жасады. Дін жәрдемдессе бұл не?!..

– Дұрыс пікір. Бірақ, осы пікірді үкіметке түсіндіру өте қиын.

Одан әрі ойға кеткендей, екеуі де біраз уақыт кеңестерін доғарды. Ой түйіндерін әлі тоғыстырып үлгермегенмен, екеуінің де, халықтарының тағдырлары біріне-бірі өте ұқсас сияқты; ой-саналары да желді күні қатар тұтанған өрттей, бір бетке ауытқи өршиді. Сонда тірелер тиянақтарын шамалап көрсе, екеуі де бірін-бірі қолдан келмеске жармасып жүрген қазіргі заманның Донкихотына меңзейді.... Шоқаннан өзіне жан-серігін тапқандай болған Банзаров, оған буряттардың сыртқы саясаттық өмірімен бірсыдырғы таныстырып болдым деп санады да, енді ішкі өміріне үңілдірмек болды. Бірақ, тағы да ұзаққа созылатын бұл кеңесін бастамады ол; сондағы ойы,– «Қаз көлінің» төңірегін көрсін. Онда бай да, қыштым да, қоңсылар да, ламалар да, шамандар да бар, әрқайсысының өзіне тәуелді тұрмысы бар; Юмсун той жасай қалса, бурят халқының ойын-сауықтарын да көреді; солардан өзі ғибрат алсын да, қорытынды жасасын». Юмсунның күтінуі керемет болып шықты. Ас та, той да... деген сияқты халықтық мерекелер де, буряттар да күн бұрын сауын айтады екен. «Қырық рулы қазақ» дегендей, буряттардың да толып жатқан рулары Байқал көлінің батысы мен шығысын, күнгейі мен теріскейін кең орай жайылып жатады екен. «Сібірлік халықтар» дегенде, сол бір тарихи кезеңде сан жағынан ең көбінің бірі – бурят екен. Банзаровтың қолында жалпы сібірліктердің, олардың ішінде, бурят руларының географиялық картасы бар еді. Шоқанды сонымен таныстыра отырып:

– Аз халыққа көп халықтың өктемдік жасайтыны белгілі, – деген ол, – орыстар бурятқа өктем десек тунгус я түрік тұқымдарынан арасына сіңген аз руларға буряттар да өктемдік жасап, көбін қыштымға айналдырып жібереді.

– Юмсун сауынды өз ұлысындағы рулардың бәріне айтып келер күнін қосымша хабарламақ болған. Тойшыл жұрт онысын күтсін бе? Шоқан мен Банзаров жеткен шақта «Қаз көлінің,» кең аумағын толтырып тастапты. Дегенмен Юмсун елеулі адамдарының түгел келуін тосты да арнаулы қонақтарын құрметтей тұрғысы келді. Оның өз ордасын Шоқан анадайдан айтпай-ақ таныды: аршыған жұмыртқадай әппақ, сәулесі күнге шағылысқан ақ киіз үйлер; көлемдері маңайдағы үйлерден үлкен де, еңселері биік те; біреуі тым зорырақ, ол, тегі, тайшының өз ордасы болар; екі жақ қанатындағылары,– не отаулары не қонақ үйлері болар... Қоңыр, қараша үйлер олардан алшақ тігілген; олар, әрине, бурятша айтқанда, – қыштымдардікі, қазақша айтқанда, – қарашылар... Жалпы айтқанда, бұндағы ақ ауылдың да, қарашы ауылдың да сыртқы көрінісі, Шоқанның өзі туып, өскен ақ және қара «ауылдарға ұқсайды. «Ауыл» – бурятша – «айыл» екен. Шоқан енді, сол айыл үйлерінің ішін көруге құмартты. Қонақтарды жүрісінен таныған тосқауыл, алдарынан шығып қарсы алды да, орданың оң жағындағы үйге түсірді. Бұл да әппақ іші кең кигіз үй. Жалпы құрылысы қазақ, үйіне ұқсағанмен, бірталай айырмашылығы да бар екен: қазақ үйлерінің уық қарлары имек бұндағы уықтар тіп-тік сояу; бұның шаңырағы он, және сол жақтан, басы ашаланған бағанамен тіреулі; керегенің ішін айнала, будда дінінің мифологияларынан алынған кестелермен әшекейленген әр түсті жібек кілемдер ұсталған; шаңырақтан қытайлық шашақты абажурлар салбырап тұр. Сыбырлап сұрастырса, бұл – Юмсунның інісі және әкімшілік істерде жәрдемшісі Дамденнің үйі екен. Сыпайы сөзді ол, жылы қабақпен қарсы алған қонақтарына, ағасының аздап тымауратып қалғаның саулық болса, ертең қабылдайтынын айтты. Дамденнің күтуінде кемшілік болған жоқ; қонақтарының сыбағасына семіз тай сойдырған ол, табақты мүшелеп, мол ғып тартты. Шоқанның бурят үйінен бірінші рет тамақ жеуі. Естуінше, – бұл тұқымдас халықтар етті шала пісіріп береді; оның үстіне, Банзаровтың баяндауынша, Монғол-буряттар қаннан жасалған тағамға құмар.

– Қой болса – бүйеніне, жылқы болса – жұмыршақ қарнына тығады да, – деген ол, – сол малдың қаны араласқан іш майын, не бауыздау қанын құйып, қазанға асады...

– Оны да шала пісіре ме?

– Әрине.

– Өзім жеп көрмегенмен, қазақта да «қан соқта» аталатын осындай тағам болған деп естіп ем. Қазір жоқ. Бірақ, қазақ жақсылап пісіреді. Шала піскенді қалай жейді адам?!..

– Жегенде көрерсің. Ел ғұрпымен есептеспей болмас!

– Әрине, – деген Шоқан, шала піскен етті, әсіресе, – қанды жеуге күн бұрын жиіркене отыра. Сол сыбаға алдарына келіп қалды. Түрік тұқымдас елдердің сыбаға тартуынан хабары бар Дамден, сыйлы қонаққа қой болса басын, жылқы болса, шекесін тарту салтын біледі. Сондықтан ол, сойылған тайдың бір шекесіне қоса, қанға толған жұмыршақты бірге астырған. Ет түс кезінде желінетін. Түндігі ашық, шаңқайған күн сәулесінен іші сүттей жарық үйде Дамден қонақтарының алдына әуелі шеке мен қан-соқтаны әкеп тартты. Бір епті жігіт өткір кездікпен торсиған жұмыршақты тіліп жібергенде, шала піскен қара-күрең қан ақтарыла қалды. Ғұрып бойынша, сол «соқтаны» үй иесі қасықпен көсіп алып, қонақтарға асату керек. Дамден де сөйтті: Шоқанды ең кәделі қонағы санаған ол, шанағы кіші-гірім ожаудай ағаш қасықпен, іркілдеген қоймалжың қанды көсіп ап аузына тосқанда, көздері жаутаңдап қайтерін білмей сасқалақтаған Шоқанға:

– Асаңыз! – деді үй иесі.

Амалы қанша!.. Шоқан «қайдан шықса, одан шықсын!» дегендей, көзін жұмып жіберді де, ернеу аузына тақалған қасықты қауып кеп қалды да, демін де алмастан қылқ еткізіп жұтты да жіберді. Көзінен жас ыршып кетті. Құсып жібере жаздаған қалпын аңғартқысы келмей, тамағына сүйек тұрып қалған қасқырдай, мойнын изеңдетіп жұтына берді. Абырой бергенде, құспады!.. Одан әрі, турағанда қаны шыпшыған етті жеуден Шоқан тайсалған жоқ. Бір жақсысы, буряттар әлденеден дәмі қышқылт сірке (уксус) жасайды екен, соны сеуіп жесе еттің шикі-пісісі байқалмай кетеді екен. Етке әбден тойған, сол қалпымен жата қалса, дөңбекшіп ұйықтай алмас па еді, қайтер еді, егер салт мініп, қасына ерген нөкерлермен көл жағалап кетпесе. «Ертеректе болыпты-мыс» дегенмен, құс салу буряттардың ұмытып кеткен ермегі. Оның орнына, бұлар – атқыштар. Мылтық та бар екен оларда, мергендері жетерлік бірақ олар садақ тартуды жақсы көреді екен. Аумағы кең «Қаз көлінің» теріскей жағасы ғана шөптесін өзге жағы (көпшілігі) құм-қайраң. Аңшылар кешке қарай құстардың отқа жайылатын шағында аттанған еді. Күн еңкейген. Жанға жайлы қоңыр жай ауа, аздап желкемдеу!.. Шалғынды жиек жыпырлай оттаған қаз екен. Аулаушы и я ба, өздері бастарын көтере қаңқылдайды да, ұша жөнелген салт аттыларды жуық келтіреді. Деңгейлескен шақта, садақшылар ат үстінен оқ тартса, көздегеніне жебе кірш ете қалады. Оқ .тиген қаз далпылдап ұшпақ болады да, оған дәрмені жетпегендей қисая кетіп, қанаттарын қағады. Садақшылардың сілтеген оғы мүлт кетпейді. Не деген мергендер!.. Осылай атылған талай қаз қанжығаға байланды. Шоқанға да бірнешеуі. Аумағы кең болғанмен, олар көлді айналып түсті. Бір тұсында шомылып та алды. Шоқан сонда байқаса, қазаға қамалғандай балықтар тұнып жүр.

– Негe ауламайды, бұны?! – десе:

– Бұл маңайдағы өзге сулардың балықтары жетеді, – деп жауап береді серіктері. Аңшылар мекендеріне қалжырап оралды. Бұл елдің төсегі – жайған текемет болады екен де, оның үстіне аюдың, бұғының, я басқа аңның жұмсақ иленген терісін төсейді екен. Көрпе-жастық бұл бай үйде де болмай шықты. Содан ыңғайсызданған Банзаров:

– Буряттар мата тоқыған ел емес. Киетіні де, төсек-орны да тері-терсек. Бұрын көздемені бұхарлықтар мен қытайлықтардан алушы ең Россияға бағына, олар тоқтатылды. Орыс бұйымдарын сәудегерлер жеткілікті әкелмейді, – деді. Шоқанның астына қалың бүктелген оюлы текемет оның үстіне былпылдай иленген аю терісі төселді де, басына ұзындығы жарты құлаштай жуан дөңбек тасталды. Бұрын мұндай төсекке жатып көрмеген Шоқан, жолдық киімін шешінбестен қисая кетті. Сондай төсек Банзаровқа қатар салынған еді. Күтуші екеуінің үстіне түйе жүн өрмектен тігілген бір-бір үлкен шекпенді айқара жапты да, шығып кетті. Екеуінен басқа жан жоқ. Иелерінің қайда жатуларын сұрастырса, бұл – қонақтық үй екен де, иесі жататын үй басқа екен.

– Шоқан жатқан үй, «Қаз көлінің» қайраң жақ жағасына таяу тігілген еді. Оның адалбақанға ілген білте шамы сөнгеннен кейін, кешқұрым аспанды бүркеп алған бұлттан түн тастай қараңғы еді. Көлдің Алмалық аталатын тау жақ желкесінен ескен жел іңірге қарай күшейіп күндізгі самалдан беті ғана дірілдеп жатқан көл, жел қатая толқынданып кеткен. Дүрмек ішінде отырғанда Шоқанға сезілмеген толқын, қараңғы үйдегі төсекке жата оны жағаны сүзгілеген шалп-шұлп дыбысы әлдилегендей тез көзі ілініп кетті. Ол қатып ұйықтады. Дабырдан оянып кетсе, бие бау уақыт болып қапты. Банзаров тұрып кеткен. Киініп ап тысқа шықса мал жайғастырудың әбігерлігі. Бәрі де қазақ аулындағы сияқты: бұлар да құлындарын желіге байлайды екен; жылқы болған соң қашағаны да болады, соларды қайырған жайдақтар айғай-ұйғай, тасыр-тұсыр шабыс; желілері қатар қағылған екі үйірдің айғырлары шайнаса төбелесіп жатыр!... Бала шағында Шоқанға бие-баудан қызық көрініс болмайтын. Өз бітірері жоқ ол, қашқан-қуғанға қосыла кетіп, беталды далақтай беретін. Кейде осы шабыстан қалжырап жығылатын. Қазір де сөйткісі келіп кеткенмен, бір елдің мырзасы деп, бір ел төбесінен тік тұра күтіп жатқанда, атқа шабу жеңілдік болар деп, өзін әрең ұстады... Банзаров көрінбейді. Ол да Шоқан сияқты, атқа мінуге жылқы қайтарысуға құмар еді. Түнде жақсы ұйықтаған ол, ертемен өрген қой, ешкілердің шулауы мен маңыраған үндерінен оянып, сыбдырсыз киініп тысқа шыққан да, ат ерттетіп aп, малдарды жайғастыру жабдықтарына араласып кеткен. Өзі сөйте жүріп, көзі Шоқан орналасқан үйде болды. Шоқанның тысқа шығуын көрген соң, желі басынан шауып келді. Байланып жатқан құлындар Шодоевтардікі екен. Шоқанның:

– Неше айғырдың үйірі сауылады? – деген сұрауына:

– Дәлін білмедім, – деп жауап берді Банзаров, – шамасы үш-төрт бар-ау деймін. Желі ұзын. Біреуіне «жүз шақты құлын байланады» деді.

– Онда биелер жебей сауылатын болды ғой.

– Ол не?

– Ұзын желінің бір басынан бастап сауылған биелердің екінші басына жеткенше сауындары келіп қап, сауу қайтадан басталады. Қазақтар осылай саууды «жебелеу» дейді.

– Бурятша аты да бар сияқты еді, есіме түспей тұр!

Біреу бұларды сәскелікке шақыра келді. – Бірақ, – деді ол, – тағам тайшының өз үйіне әзірленеді. Тайшысы – Юмсун екен. Дамден бастаған олар, тайшы үйіне кірсе, жасау-жиһазының көркі көзді сүріндіретін ғажап: ең алдымен, он екі қанаттық бұл үйдің іші ат ойынын жасарлықтай кең; кереге, уық, шаңырақ ағаштары түрлі түсті бояулармен әшекейленген, шаңырақтың төрт тірегі де сондай; керегенің ішкі айналасына уықтарының қарларын қамти ернектері ғажап кестелі жібек жамылтқылар тұтылған; терде шырақтары жалтылдаған, төңірегі әшекейлермен қоршалған құлшылық орны; кестелене тоқылған бау-шуы да аса ажарлы... Бұл әдеміліктерге жаутаңдай қараған Шоқанның көзі тойып үлгермей, үй ішінен біреулер сәлемдесе кетті. Шоқан қараса, екі адам: біреуі қоңырқай түсі жас сияқтанғанмен, орта бойлы денесі балпиып кеткен семіз, сақал-мұрттары сиректенген ұзынша қап-қара қылдар, үстінде монғолдың перлі маталарынан тігілген ұлттық киімдері, кеудесінде бірнеше орыс ордендері мен медальдары жалтырайды; бұл, жобасы, Юмсун тайшы болу керек; екіншісі, дембелше жуантық, егде кісі; ол сақал-шашын тап-тақыр қырғызып тастаған; жалаңаш кеудесіне сол жақ иығының үстінен, он, жақ қолтығының астын ала, денесіне айқара салған сарғылт жамылтқышына қарағанда лама сияқты. Банзаровтың таныстыруынша расы да солай болып шықты. Банзаров ламамен құшақтасып амандасты. Себебін артынан білсе, бұл, баяғы 1835 жылы Банзаровты Қазан гимназиясына орналастырған білікті лама Галсан Никитуев екен. Ол Шодоевтар еткен ғасырда «Қаз көліне» жақын тұстан салдырған дацанда ата-бабасынан лама болып келе жатқан, ез басы «көзі ашыққа» саналатын адам екен. Олар қонақтарын, әсіресе Шоқанды жылы жүзбен қарсы алды. Юмсун баяғыда Омбыдағы казак офицерлерінің училищесінде Шыңғыспен бірге оқыған болып шықты. Бірақ бұл бірер кластан кейін кетіп қалған екен. Сонда да Шыңғысты ұмытпапты: «Ұсақ халықтан екеуміз ғана едік тату едік» дейді. Тайшы және ламамен кеңесіп отырған Шоқанның екі көзі үй ішіндегі бай жасауларды, әсіресе құлшылық (молитва) орнын шолу болды. Сонысын аңғарған мақтаншақ Юмсун амандық-саулықтан кейін:

– Сіз буддизм жайында жетік емес шығарсыз, құрметті қонақ, құлшылық орнымызбен таныстырайық, – деп, ол міндетін орындауды ламадан өтінді. Михрабтың төрінде, шығып келе жатқан күн сәулесіне бөленген Сакьямунидің (будданың) алтыннан жасалған, малдасын құрып отырған кішкене фигурасы. Оның төңірегіндегі күн сәулесінің әр түсті бояулары, сондай түсті қымбат тастардан жасалған әшекейі; екі жақ төменінде он екі шадиярдың күмістен жасалған фигуралары. Бәрі де аса шеберлікпен ете көркем жасалған. Діндік жағын былай қойғанда, бұлар шын мағынасындағы көркемөнер шығармалары: Солайша таңданған Шоқанға, Банзаровтың кейінірек айтқаны:

– Дацанның михрабы бұдан әлдеқайда қымбат, әлдеқайда көркем.

Бір еріккенде, жақын тұстағы дацанға барып қайтса, рас екен. Христиан шіркеулерінің әшекейлеріне таңырқайтын Шоқан, дацанның салтанатын олардан әлдеқайда әсем көрді. Әсіресе кестелері. Бұндағы кестелер өлі материалдарға жан беріп құлпырта қимылдатып қойғандай. Шіркін, адам қолының өнері, нелер ғажап көркемдіктерді жасайсың-ау!.. Барлық даярлықтары әзір болғанмен, Юмсун жасамақ болған той, төрт-бес күнге кідіріп қалды. Сонда былайғы жұрт көп жиналғанмен, Юмсунның зарығып күткені генерал-губернатор. Еміс-еміс хабарға қарағанда, «келеді-міс» деген де сыбыс бар, оны тоспай болмайды. Тойдың кідіруі Шоқанға залал болған жоқ. Банзаровқа ерген ол, сол бір күндері «Қаз көлін» жағалай қонған бурят ауылдарының «жақсы», «орташа», «кедей», «сорлы» деген үйлерін түгелге жақын аралап шықты. Сонда байқағаны: «Тәуір» дегені тіпті тәуір екен де, «жаман» дегендері тіпті жаман екен. «Жаман» дегендері, қазақта «жаман» дейтіндерден әлдеқайда сорлы сияқты. Жалпы алғанда «жақсысы» да, «жаманы» да қазақ өміріне өте ұқсас. Тіршілік түрі осы болса, ой-сана, оқу-білім жағынан да дәлме-дәл сияқты. Тек қана айырмасы, Шоқанның, байқауынша, қазақтың мұсылмандығы –шалағай; ал, мұнда шаманизм де, ламаизм де тамырларын кең жәйіп алған; қазақ, еліндегі сияқты, мұндағы христиандық та бұралқы ит сияқты ашығып босқа қаңғырып, ұлып жүр... Ең тамашасы – музыкалық және әдебиеттік фольклор екен. Қазақтікі сияқты, буряттарда да олар ұшан-теңіз. Тарихи жырлар да, ғашықтық және батырлық эпостар да толып жатыр. Тарихи жырлардан ең маңыздысы, Манжур басқыншыларымен күрескен Монғол – Бурят көтерілісшілерін бастаушы, ертегілік батырға айналып кеткен Амурсанан екен. Оның сипаты, балалық шағында Шоқанның Жаманқұл ақыннан естіген жырындағы Исатай – Махамбетке ұқсайды екен. Ал, батырлық эпостарының ішінде бурят жыршылары айлап айтып әрең тауысатын «Гэссэр» бар екен. Бұл монғол – буряттардың «Илиадасы» сияқты, көлем жағынан да, көркемдік жағынан да беріспейді, атты сипаттауда асып түседі.

– «Гэссэрді» Шыңғыс ханның бейнесіне жорушылар да бар, – дейді Банзаров, – бұл зерттелетін мәселе. Көне заманда, яғни Шыңғысқа дейін, татарлар Сібірде де көп болған ғой. Оның бір куәсі – Сахалин аралын Азия құрғағынан бөлетін судың аты, атам-заманнан бері «Татар құйылысы». Сондықтан ба, басқа себебі бар ма,– бурят әндері татар әуендеріне өте ұқсас. Және көп, және әдемі сазды. Музыкалық құралдарынан Шоқанға ең ұнағаны сыбызғы, онысы – қазақтың қурайдан жасалған сыбызғысы. Қазақтікі сияқты, кейбір сыбызғышылар, ұзақ сақталу үшін және берік болуы үшін қурайын қойдың өңешімен қаптап алады екен; соларын безілдеткенде үні жан тамырларыңды солқылдатады!.. Қазақтан өзгешелігі – буряттарда толып жатқан би бар және бәрі де ормандағы, судағы, даладағы аңшылық тақырыбына құрылған. Қызғылықтылары да аз емес. Шоқанның күндері көңілді болып өтіп жатқанда, тойға Амурскийдің өзі емес, оның жәрдемшісі Шығыс Сібірлік казактардың бас атаманы Прохор Кафтыров келіп қалды. Ол, Сібірдің осы бөлегін жаулауда мейірімсіз аты шыққан атаман – Христофор Кафтыровтың ұрпағы; мінез-құлық жағынан, ол арғы атасынан аспаса, кем соққан емес. Оның өзгелерді қамшылауы мен қылыштауы былай тұрсын, заңда правосы теңдес дейтін бурят пен эвенкилерден құрылған казактардың өздеріне де және қатардағы солдаттарын ғана емес, жоғары чиндегілерін де бет қаратпай балағаттап, сабап тастайды. Ескерте кетейік: буряттар мен эвенкилерден казак отрядтарын, Байқал төңірегі Россияға бағына, 1727 жылы граф Савва Баргузинский құрған. Содан бастап, Шоқан барғанға дейін, манжурлік Қытай мен Россия шегін зор абыроймен күзеткен бұл отрядтардың өзі іштерінен ондық, елулік жүздік командирлер ғана тағайындалған да, шамасы, жетпіс шақты жыл өткенде буряттан бірінші атаман боп, атақты жайсаң Бадалуев белгіленген. Қартайған шақта, ол атамандығын баласы Гомбо Цереновке берген. Бұл атамандықтар, Шоқан барар алдында жойылып, ұлттық отрядтар орыс казактарының командирлеріне бағынып қалған. Банзаров Шоқанға оңашада бұл жөнінде наразылығын айтқан.

– Қызмет атқара алмаса бірсәрі, – деген ол, – жергілікті отрядтардың жауынгерлігі, сенімділігі орыс-казактарынан аспаса кем түспеген, солай бола тұра, үкіметтің олардың бастарын қырқып, кеуделерін ғана қалдыруы әділетсіздік. Амурскийдің Кафтыровты жіберуі: осындай, кейбір жиындарда жанжал көтеріліп кетіп, арты көтеріліске айналғаны бар, олай болмау үшін жұрт қорқатын кісі керек. Кафтыровтың «шаш ал десе, бас алатын» кісі екенін білмейтін бұл төңіректе кісі жоқ. Ол «тәртіп сақтау үшін керек» деп, казактардың бір елулігін ала келді. Енді, қарусыз жұрт тырп етіп көрсін!.. Оның, тағы бір жүктеп келген міндеті – Шодоев ордасындағы лама – Галсан Никутуевтан құпия материалдар алып қайтпақ. Ол буряттар арасындағы тыңшы. Шоқан бұл өлкеге аяқ басқалы, Банзаровпен араларында не әңгіме болып жүргенін тыңдаушылар да бар. Солардың ішінде жолшыбай жәмшік айдаушылар да кіреді... Банзаров Шоқанға Шығыс Сібірдегі отарлаушылардың, отарланушылар арасында ұлт теңсіздігі туралы айтқан бір кеңесінде:

– Отаршыл әкімдер отар болған елдердің былайғы қарапайым халқы түгіл, нояндары мен байларын да кемшілікте ұстайды. Біздің нояндарды олар «князцы» деп атайды да, «князь» деген сөзді көп көргендей, ол сөзді қолдануға қимағандай болады.

– Бізге «князь» түгіл «князцыны» да қимағандай, ноян сияқтыларымызды «сұлтан» дейді. Қайдағы «сұлтан» ол? Бұл есім біздің заманда түрік патшаларына ғана қолданылады. Қазақтан қайдағы патшалар? Менімше, қазақ нояына «сұлтан» атын жапсыру, мақтау емес, мазақтау сияқты... Мен Батыс Сібірдің әкімдеріне:

– Оның орнына орыстың «султанчик» деген сөзін қолданса, дәл болады – десем...

– Олай деу, мазақтау сияқты естіледі ғой.

– Естіле берсін!.. «Сұлтаны» да мазақ, бәрібір мазақ. (онда қазақша ол, «сұлтан» емес, «сұлтансымақ» болады... Ол сіздерде «князь» деген ұғымды береді...

– Сонымен, – деді Банзаров, қылжақшыл қалпын байқап жүрген Шоқанды, ойын сөзден шынға қарай бейімдегісі келіп, – қысқасын айтқанда, туған халқының арасында тәңірідей қоқаңдайтын біздің Шодоев сияқтылар, патша ұлықтарының алдында құрдай жорғалайды.

– Бізде де солай. Россия чинінің біздегі ең кішісі капрал. Қазақ әкімдері соны да «ұлық» көріп, сіздің сөзіңізбен айтқанда «алдында құрдай жорғалайды», содан барып, қазақта «алыстағы жанаралдан, жақындағы кіпырал» – деген мақал туған. Іс жүзінде де солай болып шықты. Кафтыров келгенше, өзін жұрт көзінде осы елдің буддасы сияқты ұстап отырған Юмсун, ол келе, алдына құрдай жорғалаған бейнеде, жоқ жерде иіліп-бүгіліп, құлдық ұрды да қалды. «Не деген төменшілік!» деп тұрды, ол қалпын абайлаған Шоқан мен Банзаров іштерінен намыстана қарап. Буряттарға одырая қарап, аяқтарын кердеңдей басқан Кафтыров Шоқанға сыпайылау келді. Ол екеуі Үркітте, генерал-губернатордың кеңесінде жолығысқан. Сонда, өзі алдында тәжім ететін Амурскийдің Шоқанға көрсеткен ілтифатын аңғарып, іштей «азият» деп менсінбегенмен, сырттай бұл да сыйлаған болған. Оған қоса, «Қаз көліне» жұмсарда, Кафтыровтың бұратана ұлттарға қолданатын қылығы аян болғандықтан, Амурский оған «Батыс Сібірдің өкілі» деп ренжітпеуді, құрметтеуді тапсырған. Кафтыров сөйтуге тырысты. Той басталып кетті. Оның думандары, қазақтық думандарға ұқсас екен. Көптеген қызық, қызметтің арасынан Шоқанға қазақта жоғы төртеу сияқтанды: Бірі – балуандар күресі: қазақ балуандары майданда бірден ұстаса кетеді де, білетін әдістерін қолданып, бірін бірі тез жығуға тырысады және жекпе-жек шыққан балуандар жығысқанша, өзге жекпе-жектер күреспейді; бурятта екі жақтың да осы жиында күресетін балуандары топтала, түгел шығады екен, бұттарына балағын түре киген кең шалбардан, белдеріне бос байлаған қайыс белбеуден басқа, үстерінде лыпа болмайды екен; екі жақ жақындаса, әуелі, бір-біріне айбат шеккендей, билеген тәрізді, қоқырайыса жүріседі екен; сонда, екі саның екі жамбасын, екі тізесін алақандарымен шапалақтап ап, одан кейін, тәуеткендей, алақандарымен жер сипап, бәрі жапа-тармағай ұстаса кетеді екен; бұлар қазақ балуандарындай: үйіру, қағу, шалу сияқты ешбір тәсіл қолданбай, реттей келсе, тек аяқтан ғана алып, көтеріп соғу күшіне басады екен; жыққанға бұнда да: «Ұлы», «орта», «кіші» аталатын «тоғыздар» сыйланады екен; оған құндыз бұлғын, тиін сияқты қымбат аңдар терісі қосылып, тоғыздың өзгелері үлкенді-кішілі мал түліктерінен құралады екен... Екінші ат өнері: бір адам асау жылқыны бұғалықпен үйірінен ұстап арпалысуына қарамай, табан аузында ерттеп, тулауына қарамай, табан аузында мініп, сол бетінде үйретіп алу, қазақта атымен жоқ. Буряттар сөйтеді екен. Ең алдымен, қашқан асаудың мойнына бұғалық түсірулері ғажап: қыл арқанды қолына шумақтай ұстап қуады да, арқан жетер тұсқа барғанда, шумақты сілтей лақтырса, басындағы тұзақ асаудың мойына іліне кетеді; қуғандардың бірі емес, бәрі де сондай, бірінің де сілтегені мүлт кетпейді. Үшіншісі, ат үстінен ептілік. Шөбін тақырлаған қара жерге бір сомдық күміс тастап, соны екпіндей шауып келе жатқан ат үстінен қағып әкету ойыны қазақта да бар. Осы өнердің буряттарда, қазақта жоқ бір түрі бар екен: жерге бөрік қалпақ сияқты бас киімді шалқасынан тастайды да, шұқырына нысанаға қамшы қояды; содан салт мінген жігіттер нысанаға беттей, аттарын борбайлап шабады; міндет – шапқан бетінде нысананы жанай өте беріп, ондағы қамшыны алып, өз қамшысын орнына тастап үлгеру!.. Нысана түбіндегі топқа қосылған Шоқанның қайран қалғаны, сол бәсекеге қатысқан жиырмадан астам жігіттің біреуі де мүлт кеткен жоқ. Төртінші, садаққа мергендік: Бұл енерді Шоқанның садақпен қаз атушылардан көргені жоғарыда баяндалды; онда: отырған қаз түгіл, ұша жөнелгенің тіпті, оқ жетер биікке кетіп бара жатқанын мүлтіксіз құлатқанын көргенде, мергендіктеріне қайран қалған еді; бұл жолы садақшылардың көздегені, ағаш безінен жасалған домалақ дүңбекше; оған жүз қадам тұста жаяу тұрып садақ оғын тигізу жердегі буряттарға түк те емес екен; ең ғажайыбы, зымырай шауып келе жатқан ат үстінен де жебені кірш еткізе түсіреді!.. He деген мергендік!.. Банзаровтың айтуынша, бұл өнерлердің бәрі де көшпелі елдерде ең көне заманнан бірге жасап келеді.

– Бірақ, – дейді ол демін соза алып, – бір кезде соғыс «шері болған бұл ойындар, қазір тек әдет-ғұрыптық ермек қана!..

– Рас! – дейді Шоқан да демін ауыр алып, – осындай ғана қаруы бар елдер, соғыстың мануфактуралық, яғни қол төбелестік дәуірін бастан кешіріп, механикалық дәуіріне, яғни отты мылтық дәуіріне, оның ішінде зеңбіректер қолдануға көшкен елдердің жауларына қарсы тұра ала ма?! Соны көрген қазақтар, «бай – бір жұттық, батыр – бір оқтық» деген де мақал шығарған.

– Данышпандық мақал! Сіздің ел мен біздің елдің қарулары сондай!..

– Рас!.. Біз тағдырлас елдерміз.

ТАБЫЛМАҒАН ТҮЙІН

Екі-үш күнге созылған той тамаша болып өтті. Бұл күндерде көрген қызықтарын, былайша қыдырса, Шоқан бірнеше айда байқап бітіре алмас еді. Буряттың халықтық тұрмысынан оның той үстіндегі көрмегені кемде-кем! Бұл тұрмыстан оның қырағы көзінің шалмаған түкпірі жоқ. Сонда өзі түсінбейтіндерін Банзаров арқылы ұғып, егжей-тегжейлерін тереңдей біліп алды. Бұл білгендері оған ешбір оқу орындары баяндап бере алмайтын сабақ болды. Той тарқар алдында, Шодоев Банзаровқа Шоқанға тартар сыйлығын ескертті. Амурскийге арнаған бұлғын ішікті, ол, өздері ғана білетін құпия себеппен Кафтыровқа сыйлауға ұйғарыпты, Шоқанға арғымақ атпен алтын ерді тарту ойы бар екен. Бұл жөнде Банзаров Шоқанға шынын айтып барған соң, бұған лайықтаған нәрсесін басқа біреуге беруіне Шоқан намыстанып, «ерттеулі атты Омбыға қалай жеткізем» деген сылтаумен алғысын ғана айтты. Онысын шын көрген Юмсун «ендеше бір ішікке мол жетерлік елу бұлғын берейін деп еді, «қалай апарып, қайда сақтаймын?» деп Шоқан оны да алмады. Банзаровтың ойы, Шоқанға буряттардың аңшылығын, әсіресе, «қамау» аталатын түрін көрсетпек еді; Банзаров бұл кәсіпті мейлінше қызғылықты ғып суреттегенмен:

– Жаз ғой, аңдар түлеп жүрген кез ғой, еттері де арық, босқа өлтіргенде не болады? – деп, Шоқан ықлас қоймады. Ақыры, құрғақ рахметпен Банзаров екеуі аттанатын болды. Шоқанның Байқал көлін көруге құмарлығын білетін Банзаров, оны сонда апармақ. Бірақ, қай жолмен? Тау ішін аралап, Баргузинға дейін салт кетуге болады, ол ылди-өрі көп қиын жол екен; Селенга осторгына барып қайыққа мінсе, тігірек әрі тиышты жол. Шоқан соңғысын қалады. Ағысты ықтай жүретін желкенді қайық шапқан аттай зымырайды екен. Сәтіне қарай жел де артынан. Сағасына жетсе, арғы шеті көрінбейтін Байқал да тып-тиыш. Олар одан әрі де қайықпен кетті. Ескекті қайық тауға тірелген көлді жағалады да отырды. Әлі де жел тымық.

– Толқынды күніне кездеспейік! – деді Банзаров, – онда жүргізуіміз қиын болады. Көлге төніп, көлеңкесі суда дірілдеген орманды таулардың бейнесі, адам қайран қаларлықтай көркем. Олардың көлге биік жарқабақ болып тірелген етектерінен жердің сыртқы қатпарлары қандай түсті болғаны айқын көрініп тұр. Геологиялық білімнен де аздаған хабары бар Шоқанның шамалауынша, бұл қатпарлар тектоникалық23 өзгерістердің куәлары. Болашақ геологтардың зерттеуіне бұлар үлкен материалдар. Жеңіл ғана желпіген самалдың лебінен тұнық судың беті шымырлап жатыр. Алақанға алғанда мөп-мөлдір судың, көлдегі түсі жап-жасыл! Кейбір ете терең тұстарында болмаса, көл түбі байқалып, не түсті тастар тұнғаны ап-айқын көрінеді. Банзаровтың айтуынша, елу саржанға дейін сондай. Мөлдірлігіне таң қалған Шоқан, қаншаға дейін көрінуін қызық санап, бақыр монета тастаса, ирелеңдей батып бара жатқаны көпке дейін көрінеді; мүмкін, түбіне түскені де көрінер еді, егер қайық сол араға тоқырай қалса!.. Бірақ тоқырай алмайды ол, ілгері жылжи береді... Жолаушылардың қайық тұмсығын алғаш тірер жері, Байқал көліне шығыс жақ бүйірінен келетін Баргузин өзенінің құйылысы. Ол араны тунгус тұқымдас, эвенки елінің Барғожа тұқымы мекендейді. Өзен соның есімімен аталған. Байқал бойында серуендемек болған Шоқан «тозып, азайып барады» деген бұл тұқымды көре кеткісі де келді. Байқал көлінің өзін де, жағасын да тамашалап көзін біраз тойдырған Шоқан, бурят тұрмысын біраз көрдім деп ойлаған Банзаровтан тунгустар жайын әңгімелеуді өтінді. Банзаров ол жайды да жақсы білетін боп шықты. Оның айтуынша, Айсадан пәлен мың жыл бұрын дәурен сүрген Мальта» аталатын көне халықтар осылардың арғы аталары болу керек. Содан скифтер заманында, күнгей жағынан Тува, Алтай, Якут сияқты түркі тілдес елдер, монғол тұқымдас кейбір рулар жауыға келіп, байқалдық Тайгадағы тунгустарды Мұз мұхитының жағасына қуып тастаған болу керек. Сүргіннен кешеулегендері жаулаған елдермен араласып, Орал тауындағы көне рулардай будандасқан болу керек. Эвенки сондайлардың бірі.

– Ерте заманда,– деді Банзаров,– олар пәлен ғасыр бойына өз алдына мемлекет құрып, арғы түркі тілдес мемлекеттермен, бергі Шыңғыс ханмен, тіпті бергі манжурлік қытаймен соғысқан, көбіне беріспеген ел. Сол қыспақтардың ішінде саны азая кеп, Россияға бағынғанда, ме бары отыз мыңдай ғана адамы қалған. Олардың азығы – балық. Бұрын көлдердегі, өзендердегі балықты еркін аулайтын оларға, патша әкімдері тыйым салып тастап, екі жүз жыл бойына ашығып келе жатқан эвенкилер саны да, әлі де жыл санап азаюда. Граф Савва Баргузинский, олардан да атты қазақтар қосындарын құрып, шекараны күзетудегі еңбектері ешкімнен кем емес, Хортица Батур сияқты атаққа шыққан ерлері де аз емес. Сонда да жергілікті үкімет буряттар сияқты оларды кемшілікте ұстайды. Балықтан басқа қорегі жоқ олардың, әсіресе кедейлердің тұрмысы өте нашар. Саны көп буряттар кемшілікке қарсы ара-тұра көтеріліс жасап, елдігін де танытып қояды. Оны істеуге, аз халық эвенкилердің қуаты жетпейді. Одан да аздар, одан да қуатсыздар толып жатыр. Сібірде, мыңнан, жүзден аз-ақ асатындар да жоқ емес. Бұл жайға архивтық, әдебиеттік мәліметтерден қанық Шоқан, «олар қайсылары» деп сұрамады. «Тағы да тарихи материалдармен басын қатырдым ба» дегендей, Банзаров Байқал көлінің тақырыбына ауысып кетті.

– Бұл көлді қаншалық білетін едің? – деп сұрады ол Шоқаннан.

– Өте аз,– деді, біраз мәліметтерінен хабары бар, суда күні-түні жүзе беруден жалыққандай болған Шоқан, Банзаровты сөйлеткісі кеп...

– Көңілсіз болмаса, қысқаша таныстырайын.

– Ұзақ болса да оқасы жоқ. «Оразаға көшкен ермек» дейді қазақ.

– Ендеше тыңда.

Шоқан тыңдауға ықыласын қойған белгі көрсетті.

– Байқал дүние жүзіндегі тұщы көлдердің ең үлкені екенін білесің ғой.

– Хабарым бар.

– Аумағы отыз бір және жарты миллион шаршы шақырым; ұзындығы – 636 шақырым; көлденеңінің кең тұсы – 80, тар тұсы – 25 шақырым; ең терең түбі мың жарым capжындай; бойында 27 арал бар, ең зоры – Ольхонаның аумағы жеті жүзден астам шаршы шақырым; жарты аралдан ең зоры – «Святойнос» – «әулие тұмсық»; көлге 300-ден астам өзен құяды да, батыс жағынан «Төменгі Ангара» аталатын жалғыз ғана өзен шығады; айнала төнген тау, ең биігі екі жарым мың саржындай... Бұл жолы да, бұдан бұрын да Шоқанның Банзаровқа қайран қалған бір жері, цифрларды есепсіз көп білуі және бәрін де жатқа соғуы. Өзі олай емес, қағазға қарамаса, белгілі бір цифрды, мөлшерлі шамадан да айта алмайды... «Цифрларды соға беру, Шоқанды зеріктіріп жіберді ме? дегендей, «бұны білмес» дегендей Банзаров Шоқанға Байқал төңірегінің бір ертегісін айтпақ болды.

– Бізде мынадай бір мифологиялық ертегі бар, – деп бастады ол сөзін. – Құятын өзендердің бәрін қызына санайтын Байқал, «Аңғара есімді біреуін аса еркелетеді екен дейді. Оның екеу екенін білетін боларсың?

– Қалай?

– Аңғара шығыстық және батыстық болып екіге бөлінеді.

– Ә-ә... оны географиялық картадан көргенім бар. Екі бөлек ол өзендер, бір есіммен неге аталады?

– Тұрғындар екеуін бір-ақ өзенге санайды. Мифология қызық қой. Ол Аңғараға жан беріп, тірі қызға айналдырады да, бойжеткен шағында күйеу іздетеді. Қайдан табады оны? Әкесі – Байқал қатал. Ол өзге қыздарын да, бұны да қаусырған құшағынан босатпайды. Сондай қамауда жүрген Аңғара бір кезде Енисей атты жігіт бар деп есітеді. Соны көру керек.

– Болды қызық! – деді Шоқан елігіп.

Ол кездегі Аңғара, тек шығыста ғана екен дейді. Енисейге жету үшін, су астымен жасырын жүзіп бару керек те, «әкесінің» батыстық жарқабағын бұзып өтіп, Енисейге жету керек.

– Ие, сонымен? – деді Шоқан тыңдауға құмарта түсіп.

– Шын, тастан биік болып біткен Аңғарды, бойжеткен денесін құмарлық қуаты кернеген «қыз» бұзып өтіп, Енисейге жетеді қауышады. «Батыстық Аңғара» деген осы.

– Қызық екен, өзге қыздар ше?

– Ол бейбақтар, – деді Банзаров күліп, «әкесінің» құшағынан әлі де шыға алмай торығуда. Жастық шағын қапаста өткізген олар, кейінгі кезде кемпір де болып қалды... Қайық үстіндегі осындай кеңестер біріне бірі жалғаса берді, бәрі де қызық. Күн өткізуге керемет болды. Селенге мен Баргузин арасы екі жүз шақырымдай еді. Ескекті қайық ол екі араға жұмаға жақын уақыт жүрді. Байқалдың мінезі қызық екен: алыстан келген қонағын ренжітпейін дегендей, ол күндіз қимылсыз тұна қалады да, «енді жағаға шық та тынық» дегендей, кешке қарай толқындап кетеді. Толқыса қатты толқитын көл екен ол. Ондай кезінде де жүзе беруге, бастаушылар «қайықты аударып жібереді» деп қорқады. Солайша қауіпті болғандықтан бірнеше кеште жағаға қонуға тура келді. Оның көрінісі көркем болғанмен, тұруға рахаты жоқ екен. Байқал жағасындағыдай көп масаны Шоқан еш жерде ұшыратқан емес. Бұнда оның қалыңдығы қоюлана көшкен бұлттай, қайда барсаң да қамап ап, миллиондаған саны үстіңе үймелей кетеді; тұмсықтарының өткірлігі инеден бетер, шаққаны удай; қорғалар жер, тек қана, балықшы эвенкилердің күркесі, олардың ішіне тұнған масаның қалыңдығы, тыстағыларынан жиі. Балықшылардың қорғанар амалы – түтін; масалар булығып жоламасын дегендей, қостардың төбесін тұмшалап жауып тастайды; көлденең кісі тұншығып елерлік қою түтіннің ішінде тұрғындардың қалай тіршілік жасауы қайран қаларлық нәрсе. Олардың үйреніп алуы сондай: ащы түтінге қақалмай, шашалмай, астарын ішіп, әңгімелерін соғып, музыкаларын тартып өлеңдерін айтып... дегендей мәре-сәре болады да жатады!... Не деген тұрмыс, не деген шыдамдылық, не деген көнбістік!.. Рахаты мен азабы араласқан осы жүріспен, біздің жолаушылар Баргузин құйылысына да жетті-ау! Барлық өзендердің теңізге сарқитын атырауы кеңейіп, тармақтанып кетуі сияқты, Баргузиннің Байқалға сарқылатын тұсындағы тармақтары тым тарбиып жатушы еді. Солардың арасына сирек орналасқан тұрғындардың басым көпшілігі эвенкилер, он сегізінші ғасырдың бас кезінде «Баргузин острогы» деген атпен орнаған орыс казактарының мекені, содан бері жөнді көбейген жоқ, Шоқан барған кездегі саны жүз үйге жетпейді. Шоқанға шығыстық сібірдің экзотикаларын көбірек көрсету мақсатындағы Банзаров, оны Баргузин сағасындағы эвенки нояны, сол маңайдың тайшысы Хоргица – батыр тұқымы және эвенкилік казак елулігінің ясауылы Юноғойдың үйіне апарды. Үш мыңнан астам бұғысы бар дейтін оның «үй» дегені: сүйегі ұзын сырғауылдан тігілген, сырты қайын, қабығынан жасалған терезе тәрізді бөлшектерден құралған кең қос екен. Жасау жағына келгенде Шодоевтардың үйлері, бұның қасында жұмақтай. Мынаның ішінде малдар мен аңдардың терісінен иленген төсеніштерден басқа түк жоқ. Бұнда да буддаға құлшылық орны бар екен. Ондағы құдайшықтар металдан емес, сібірдің лиственница, пихта сияқты, қаттылығы темірдей ағаштардан жасалған; ал аю әдемілігіне келгенде алтын мен күмістен жасалғандардан асып түспесе, кем соғар емес. Отыруға, жатуға жиренгенмен, бұл халықтың да тұрмысымен танысқан Шоқан, өзін зорлағандай, түнеп шығуға бел байлады. Юногой қолдан келген сыйлығын аяған жоқ, бірақ, соларды қабылдау, Шоқанға оңайға да түскен жоқ; қалай түседі? Оның құрметіне бұғының семіз қашары сойылды да, алғашқы сыбағасына, қашардың қан мен «тұздықталған» шикі бауыры тартылды; тәуекелге бел бұған Шоқан, жылымшы қан ішіндегі туралған шикі бауырдан татып көрсе, кіртілдеген дәмсіз бірдеме; аузына ала құсып жібере жаздаған ол, лоқсып барып, сасқанынан жұтып жіберді!... Одан да сорақысы,– шикі балықтың, әсіресе дүние жүзіндегі сулардың Байқалдан басқасында жоқ дейтін, ерекше қадірлейтін омульдің етін сүйегінен аршиды екен. де, шикі қалпында тұрамшылап қонаққа береді екен. Жалпы тунгус тұқымдарының, олардың ішінде, эвенкилердің ең сыйлы асы осы екен. Көзін тігіп көрсе, сарғыш ірмекке ұқсайды. Қанша батырланғанмен, Шоқан оны аузына сала алмады; ал, Банзаров, «саулықты күшейтуге бұдан артық дәрі жоқ» деп, астаудағы турамшыны алақанына толтыра асап-асап жіберді... Шоқанның бұл қосқа жатқысы келмеуін аңғарған ол, л..ими арадағы орыс казагының үйіне түнетті. Юногой да ертеңіне Шоқанға өз халқының ойын-сауықтарын көрсетті. Сонда көзге ерекше түскені: асау, қашатын бұғыларды қалай ұстап, қалай үйретулері. Бұл жағынан олар жылқы үйреткіш буряттар тәрізді. «Басқа да көрсетер қызық қызметі көп» дегенмен, Баргузин сағасына төрт-бес түнегеннен кейін, көргеніне қанағаттанған. Шоқан, енді жүру жабдығын ескертті. Банзаровтың еркіне салса, Шоқанды Байқал көлінің шығыстық жиегіне дейін апарып, одан әрі чукчилар жеріне дейін көрсету еді, өйтуге, қызмет бабынан дәлелдері де бар. Бірақ Байқал төңірегінде көбірек жүріп қалуын, қызмет жайын айтып, Шоқан оған ризаласпады. Географиялық картадағы бейнесінде, қанаттарын жаза қалықтап ұшқан шағалаға ұқсайтын Байқалдың Баргузин тең жарасындай. Арғы жартысына бару үшін, «әулие тұмсық» аталатын тауы Баргузиннан көрініп тұратын аралды орап кету керек екен. Батыстық Аңғараны көре кетуге зауқы соққан Шоқан, «Әулие тұмсықтан» ойысу ойын айтты. Банзаров қарсы болған жоқ. Шоқан аттанарда Юногойдың берген сый-сыяпаты: бұғының илеген терісінен кестеленіп әшекейленген, шолақ тон, тізе тұсына бұғы бұзауының тұяқтарын ілген қонышы биік етік төбесіне бұғы тайыншасының тармақты, түкті мүйізін тіккен берік. Соларды киіп көргенде, Шоқан өзінің Омбыдағы дос қарты – Бұғы бабайдың жас шағына ұқсады да кетті. Бұл сыйды Шоқан зор ризалықпен қабылдады. Мұнартқан төбесі оралған бұлттан арылмайтын денесі жақын сияқтанып тұратын Әулие тұмсыққа қайықпен жету оңайға соққан жоқ. Баргузинмен екі арасында «Чивыркуй құйылысы» аталатын ойпат болушы еді. Осыдан үздіксіз соғатын жел, кейде дауылға айналып, көлдің сол арадағы толқыны керемет көтеріліп кететін. Европа жерін аралаған граф Баргузинский, бұл араны, сондай Бискай құйылысына ұқсатып, жергілікті халықтың «Чиворкуйіне» тілі келмегендер, графтың тіліне бағып, «Бискай» деген де ат таққан. Бискайдың талай кемелерді жұтуы сияқты, Байқалдың «Бискайы» да талай қайықтарды батырған. Анау, үлкен Бискай сияқты, бұл кішкене «Бискайдың» да қызығы, тып-тынық болып тұрады да, ілезде бұрқана жөнеледі... «Жан әне шығады, міне шығады» дегенде «Әулие тұмсықтың» ығына ілекті-ау!.. Жынды желді сол қақпайлады ма, әлде жыны басылды ма? Дауыл да, толқын да бәсеңдеді. Ол арада балықшылар күркесі бар еді. Өліп-талып соған әрең жеткен жолаушылар, үсті-бастарының дымқостығына қарамастан, балықшылар сол маңайда жабайы өсетін тарыдан ашытатын корчемоны сусындары қанғанша ішті де, балықтан жасалатын басқа тамақты ауыздарына алмай, астарына қоғажайды қалың төсеп жатты да қалды. Дәмі қышқылт корчемо денені тәп-тәуір қыздырады екен. Омбыға келетін қазақтар «кіршіме ішеді» дейтін еді. Онысы – тарыдан ашытқан «бал сыра» да, одан адам қатты мас болатын. Шоқанның да сөйткені бар. Қазақтың кіршімесі осы корчемо екен ғой деп ойлады Шоқан. Қалжырап келуден бе, кіршіме күшінен бе, Шоқан тас болып ұйықтап қалды. Содан ұзақ уақыт тұяқ серппес пе еді, қайтер еді, егер ұйқысы қанған Банзаров оятып жібермесе. Оянса шалшы түс болып қалған екен. Дымқос киімдер үстінде кеуіп қапты. Тысқа шықса Байқал көлінде жиі кездесетін әдемі күндердің бірі. Су да тұп-тұнық. Оның айнадай жарқыраған бетінде түк қимыл жоқ. Кеше құсқан түнде кіршіме сіңген іші-бауыры қолқылдап, қарны қатты ашып қалыпты, сондықтан жатақ орнына қайтқанда, тақтайдан құрастырылған столсымаққа таудың жуасын араластырып, жүмысшылар шикі балықтан жасаған тамақты, жылымшы татуына қарамастан, қолдан жасалған тұрпайы үлкен қасықпен көсіп ап, Шоқан қауып-қауып жіберді. Кеше жеуге жиренген асы, бүгін өте дәмді сияқтанып кетті. Жарты аралдың биік шыңды бұл тұмсығын неге әулие атануын сұраса, христиан дінінің алдамшы миссионерінің біреуі, жасырынып кеп, шыңның төбесіне «әулие Серафимнің» бояулы сүгіретін (икона) іліп кетеді екен де, содан түс көрген боп, «мені әулие Серафим шақырды» деп, сүгірет ілінген шыңға көп адам барады екен. Алдарынан сүгірет шыққан соң «әулиенің»аян бергеніне нанған қараңғы халық, шыңды «әулие тұмсық» атап кеткен екен. Ол маңайды бірер күн аралағаннан кейін, жолаушылар тағы да жең тартпақ болды. Банзаровтың ұсынғаны – осыдан Ольхон аралына кету керек те, онда бірер күн болып ар жағында Батыс Аңғараның көлден шығар босағасындағы орыс пен бурят казактарының аралас отырған Үркіт қыстауына (зимовье) кідіріп, содан Үркіт қаласынан шығу керек. Қайықпен жүрген кісіге «Әулие тұмсықтан» Ольхон аралы нағыз сөткелік жол болатын. Одан әлдеқайда артық болар ма еді, қайтер еді, егер шығыстық Аңғарадан батыстығына қарай беттейтін су ағысы, қайықты итермелеп отырмаса. Қайықтың тез жылжуы, желдің де, судың да тымықтығы, ауа райының жайлылығы біздің жолаушыларды көңілдендіріп жіберді... Ольхонның қызықтарына қанағаттанғандай болған жолаушылары әрі қарай сырғып, Үркіт қыстауына барса, Григорий Потанин мен Александра Лавровская тосып жүр екен. Үркіт қаласынан ажыраспақ болған достар, қалған аз күндерін Үркіт қыстауында еткізуге бел байласты: ол телегей теңіз сияқты Байқалдың босағасында, айналасы қалың орман, қайсысына барсаң да мол серуен... Байқал толқыған күні одан безер болған Шоқан, бойы үйреніп алған соң бетінде серуендеуге құмартып алды. Әулие тұмсықта, Ольхонда тұрған сағаттарында ол мойын бұрар уақытының бәрін қалқыған қайық үстінде, су бетінде өткізуге тырысты. Үркіт қыстауында да сөйтті. Аяқ астынан тулағыш Байқал, оны енді қорқыта алмады, қалай шайқаса да шыдай берді... Сондықтан, ба әлде іші қызғылықты орман арасының масасы буатындықтан ба, Шоқан қымс етсе:

– Байқалға!.. Қайыққа!.. – дейтінді шығарды.

Достары ол тілегіне көне кетеді.

Бүгін де сөйтті олар. Өйтулері жақсы да болды. Бәрінің де ойы, әнеугіден бері талқылап жүрген мәселелерінің, айрылар алдында тиянағын табу еді. Бұлардың еркін кеңесіне бөгет болмайын дегендей, таңды тулаумен қарсы алған Байқал да, қайықтары суға шыға тыныштала қалды. Достар ұзақ кеңесті. Ол сөздерінің бәрін тізе берсе, көлемді кітап болар еді, сондықтан біз оқырмандарға олардың тұжырымды пікірлерін қысқаша ғана баяндап береміз. «Ұлы Британия» аталып жүрген Англияны алсақ, оның жаулап алған жерінің мөлшері Россиядан әлдеқайда кең. Бірақ, Россия тұтаса кеңіп келеді де, Британия шашырай кеңіп келеді. Түйген жұдырық, тарамданған саусақтардан әлдеқайда күшті. Ендеше, болашақ қуат Британия жағында емес, Россия жағында. Дүние жүзіндегі күшсіз елдер күшті елдердің бөлісіне түскенде, әзірге түгел бөлініп болмаған континент – Азия. Оның «жақын шығыс» (семит тұқымдас елдер) аталатын өлкелерін, Индия мұхитының қоршауындағы елдерін Англия мен Франция бөліп ап болған да, ендігі көздерін Орта және орталық Азияға тігеді. Әсіресе – Англия. Ол қазір осы өлкелерге қол сұғу әрекетінде жүр. Бұл өлкелер Россияның көршілері. Ендеше, Азияның бұл бөлшегіне Россия Англияның аяғын аттатпауы керек. Қазіргі заманда әлсіз елдер әлді елдерге сүйенбей, тәуелсіз тіршілік жасай алмайды. Оған соңғы бірер ғасырда, қызу қарқынмен жүріп жатқан отарлау саясаты куә. Сонда, мысалы,

Орта және Орталық Азия кімге сүйенбек?
Біздің, ақылдасушыларымыздың ойларынша, Россияға!

Ал, сонда отарлаушы Россиямен, оның отары болған елдердің арасындағы қарым-қатынас қандай болу керек? Бәрінің де пікірінше: туысқандық, достық, жәрдемдестік негізінде. Ондай қарым-қатынас бұл күнге дейін болған емес. Патша өкіметі бұратана (инородцы) аталатын елдерді аса қорлық пен кемшілікте ұстауда. Оның айқын куәсі Сібірдегі ұсақ ұлттар. Бірақ, сонымен, орыстың ез бейнетқорлары, яғни крепостной шаруалары мен жұмысшылары рахатта отыр ма? Жоқ! Олар да ауыр азапта. Солардың қамын ойлаушылар бар ма? Әрине, бар. Арғыларын айтпағанда, олар: декабристер, петрошевшілдер, жеке адамдарынан Чернышевский, Белинский, тағы басқалар. Патша өкіметі оларға мейірім жасаған емес, талайын атқан, асқан, айдауға жіберген.

– Айдау мекені – Сібір. Олардың тұрмысы, баяғы құлдардың немесе крепостной шаруалардың тұрмыстарынан әлдеқайда жаман. Сібірге жанды адам түгіл, жансыз нәрселерді де жер аударған. Банзаровтың есіндегі материалдарға қарағанда төмендегідей ғажап оқиға болған: 1691 жылы, Углич қаласының Романов тұқымына өшіккендері Қаһарлы Иванның таққа мұрагер баласы – Дмитрийді өлтіреді. Осы жайда, патшаның балдызы Борис Годунов қырғын жасайды да, көтеріліс жасалғанда қаңғырлап хабаршы болған шіркеудің тілдері, етектері тоналып, әуелі Тобылға, одан кейін алыстағы Сібірге жер аударылған.

– Сол «сорлы» қоңырау, – дейді Банзаров, – 250 жылдан астам уақыт Нерчин абақтысында қамаулы. Мекеніне қашан қайтарын білмейді. Банзаровтың мәліметтеріне қарағанда, Сібірге жер аудару қаһарлы Иваннан басталған. Ол әуелі Қазан, Астрахань хандықтарынан ырқына көнбегендерді айдаған, Шығыс Сібірдегі қазіргі татарлар солардың ұрпақтарынан. Одан кейін Россия – Швед, Россия – Литва, Россия – Поляк соғыстарында қолға түскен «жаулар» жіберілген. Одан – крепостнойлық правоға қарсылық көрсеткен шаруалар, одан – декабристер, петрошевшілдер дегендей, айдаушылар біріне-бірі жалғасқан да жатқан.

– Сонда да шығыстық Сібірдің халқы молаймай, не бары қазір екі жарым миллиондай ғана, солардың тең жарасына жақыны ғана орыстар. Патша өкіметі кең Сібірді айдалушылармен толтыра алмаған соң, жоспарлы көшіру саясатын да жүргізіп көрді. Одан да үлкен нәтиже шықпады: тым алыстағы жер, жетуге көп уақыт керек жетсе тіршілік жасарлық жағдай жоқ; сонан, ақыры ұятсыздыққа да барып, бес мың қызды айдап көрді, онысы – жігіттерді қызықтырам дегені болу керек. Абақтыға баруға қай жігіт еркімен қызығады? «Сібірді тұтас алғанда, үлкен бір абақты» деген атақ алдақашан жайылған. «Ал, сонда осы Сібірді адамға қалай толтыру керек?» деген сұрау туғанда, Потанин бұрын естілмеген бір пікірдің иісін шығарды:

– Орал тауының шығысындағы Россияны, батысындағы Россиядан бөлу керек – деді ол.

– Неге?

– Крепостнойлық Россияның түзелер түрі жоқ. Біздің декабристер, 1789 жылғы Францияның, ұлы революциясы лаулатқан өрттің ұшқыны сияқты болып еді, өкімет оны өршітпей, қан-жоса ғып басып тастады. 1848 жылы бүкіл Европаны тітірентіп, талай монархтарды тағынан ұшырған революциясы, Россияға бас сұға алған жоқ. Крепостнойлық право жыл сайын жұмсару орнына қатайып барады. Россия капиталистік елдердің соңынан сүмеңдеуде, өндіріс күші әлсіз...

– Өйтпегенде қайтеді? – деді Потанинді іштей қостап отырған Банзаров сез қосып.– Біз барымызды пайдалана білмейміз. Айқын мысалы – Иван Петрович Кулибин. Ол он сегізінші ғасырдың архимеді. Мектептік білімі бастауыш қана бола тұра, табиғатында аса дарынды туған ол, өз бетімен талаптану арқылы өз тұсындағы механика білімінің ең биігіне шығып, талай ғажап машиналарды жасады. Телеграфтың оптикалық бірінші амалын ойлап шығарған сол. Осы өнерін іске асырудың орнына, патша өкіметі оны қолдамай, ақырында күнін көре алмай аштан өлді. Ал Француздар Кулибиннің ізін шала шыққан Шапты аспанға көтеріп, жаңағы өнер соның табысына айналып кетті.

– Ондай мысалдар толып жатыр, – деді Потанин. – Бүкіл Европаны Наполеон құлдығынан құтқарған Кутузовты қастерлейміз бе? Жоқ! Европалық ой-санада ұлт азаттығы мәселесін бірінші көтерген Николай Новиковты ше? Жоқ! Атай берсе толып жатыр. Осыларды тиісті дәрежесінде көтере, пайдалана алмаймыз.

– Рас,– деп қойды Шоқан да.

– Байлығымызды да пайдалана білмейміз, – деді Банзаров, – мысалы мал басын өсіруде Россия дүние жүзіндегі ең бай мемлекеттің бірі. Сол малдың құны ше?..

– Өте арзан, – деді Шоқан. Басында жүрген бір материалды жариялап қалғысы кеп,– қалталық книжкесіне үңіліп, – баспада жарияланған бір материалда, он сегізінші ғасырда Тобыл қаласында жыл сайын ететін жәрмеңкеде, атан өгіздің бағасы – екі сом елу тиын, шошқа 35 тиын...

– Түгелімен бе?

– Әрине. Әрі қарай тыңдаңыздар. Бекіре балықтың бір бұты алты тиын...

– Мүмкін емес! – деп шуласа қалды бәрі.

– Нанбасаңыз, қараңыздар! – деп, Шоқан мәлімет алынған баспаны көрсетті. – Әлі де қымбаттап оңған жоқ, – деді Шоқан,– күні бүгін Қызылжарда (Петропавл) ту қойдың бағасы бір сомнан аз-ақ асады, шыжғырған майдың бұты жарты сомдай ғана...

– Европада бұдан сан есе қымбат, – деді Потанин.

– Әрине, – деді Шоқан, – сондықтан шошқаның қыртыс майына құмартқан Шығыс Европа біздің Кіші орыстардың (малорусь) базарына шабады.

– Ол жөнде, – деп сөз қосты Банзаров, – ұлы Гогольдің «Бұдан бір ғасыр кейін Европа бізге шошқа майын алу үшін ғана емес, ақыл да алуға келеді» деген сөзін есте тұтуымыз керек.

– Оған дейін тұрқымыз созылып бітпесе жарар еді, – деді Потанин күрсініп.

– Өйтпеу үшін не істеу керек сеніңше? – деді Шоқан.

– Оралдың бергі жағынан россиялық Америка жасау керек.

– Бөліп пе?

– Әрине.

– Арғы Россия ше?

– Ол крепоснойлық қалпында өркендей береді. Бара-бара одан да бір Бисмарк шығуы мүмкін.

– Өз пікірің бе бұл?!..

– Менен зорлардан да қолдайтындар, қолдау ғана емес, теориясын жасаушылар бар.

– Мәселен?

– Афанасий Прокофьевич Щапов!

Бұл кісі Шоқанға тіл таныс, Банзаровқа әрі тіл, әрі көз таныс адам еді. Сібірдің хал-жайы туралы, оның орталықтағы газет, журналдарға басылған талай мақалаларын Шоқан оқыған, оны Сібірдегі бұратана халықтардың қамқорына санап, қатты ұнататын. Бірақ, жүздесу сәті әлі түспеген. Ол еңбектерін Банзаров та ұнатып, Петербург дәуірінде талай жүздескен, талай пікірлескен; славянофиль Банзаров, оның Сібірді білуін, Сібір тағдыры туралы ойларын, әсіресе, Фишер мен Миллерден жоғары қоятын. Бірақ Потанин айтқан пікірін Петербургта өз құлағымен естіген емес. Шоқан да, Банзаров та бұл пікірге елеңдей қалды. Щапов екеуінің де қадыр тұтатын адамы еді, ал мына пікірі құлаққа жат естілді. Олардың бұған дейінгі ойларынша, қазақ, даласы да, Сібір де тек Россия сүйену арқасында ғана прогреске жете алады. Сондай түсініктегі Шоқан сөзді Банзаровтан бұрын бастап, бірден:

– Мен бұндай ойға қарсымын, – деді.

– Неге? – деді Потанин.

– Россиядан бөлінгенде қайда барамыз? Англияға ма? Америкаға ма?

– Ешқайсысына да.

– Қалай, сонда? Күшті бір мемлекетке сүйенбей, біз өркендей аламыз ба?

– Менімше де солай, – деді Банзаров.

– Сеніңше қандай жолы бар, бұратана елдердің өркендеуіне? – деп сұрады Потанин Шоқаннан.

– Оқу жолы. Америкада ағылшындардан қорлық көрген индиялықтар көтеріліс үстіне көтеріліс шығарып, қандай қырғынға ұшыратса да басылмай келіп еді; кейінгі жылдарда өкімет мұқтаждарына көңіл бөле бастап, араларына аз да болса мектеп ашып еді, көтеріліс бәсеңдеуге айналды.

– Сол құрама штаттың жергілікті халықтарды қалай құлданып отырғаның өзі «республика» атана отыра, әлсіздерді құлдану әрекетін көне замандардан асырып жіберуін білетін боларсың?..

– Ол, жалпы отаршылдық саясаттың ащы жемісі! – деді Банзаров.

– Біздің өкімет те осы әдісті қолдануы керек дегің келе ме? – деді Потанин.

– Әрине, – деді Шоқан.

– Ол іске аспайтын қиял, – деді Банзаров...

– Неге?

– Отаршыл мен отар бар шақта, екеуіне теңдесу жоқ.

– Сонда, сізше не істеу керек?

– Білмеймін...

Сөзге араласпай, алақанымен су бетін сипауды ермек қып отырған Александра Викторовна Лавровская:

– Әу, достар! – деген дыбыс беріп қалды.

Бәрі жалт қарады.

– Мен кеңестеріңізге қатынаспай, тек тыңдаушы ғана болып отырдым,– деді ол,– талай қиын мәселелерді қозғадыңыздар сіздер, бірақ біреуінің де түйінін таба алмадыңыздар. Бұл жөнде сіздерден бұрын да талай ойшылдар ақылын тауысқан; сіздермен замандастардан да тауысып жүргендер аз емес, болашақта да болады олар; менімше сіздер таппаған түйіндерді табу ісін өркендегіш тарихтың үлесіне қалдыру керек те, оған дейін халыққа қолдан келген қызметті адал және белсенді түрде атқара беру керек!

– Сөйткен дұрыс болар, – деді Банзаров.

– Әрине, – деді Шоқан,– бірақ, Щаповтың да, Потанинның да пікірлеріне қосылмаймын. Қайталап айтқанда, менімше, Россия бөлшектеніп емес, тұтаса, молаю түсіп өркендеуі керек. Сіз қалай дейсіз, Доржи?..

– Мен ойлану үстіндегі кісімін...

– Ол идеяға қосылмауыңызды ұсынам. Гриша, сен де қайт бұл пікірден!...

– Неге, Қанаш?

– Біріншіден, Россияның құлағы сақ, полициялық үкімет білсе есірмейді тамырын тез жұлып тастайды...

– Жасырын пікір емес бұл, ашық айтыла бастаған пікір!..

– Онда әсіресе!..

– Бүгінгі Россия басқаруында ашық пікір айтуға жол жоқ, – деді Потанин ауыр күрсініп.

– Әу, достар! – деді Лавровская сол сәтте, аспанды көзімен айнала шолып, – кеңес қызуымен байқамай да қаппыз ғой, аспанды қалың бұлт қоршап апты ғой. Жел де тына ғапты. Бұл дауыл алды. Қайығымыз жеңіл, су толқыса жазым болармыз. Жағадан алысырақ жүрміз. Жақындауға тырысайық!..

– Мақұл! – десті бәрі де.

ҮШІНШІ БӨЛІМ

АЛЫСҚА АТТАНАРДА

ӨКІНІШ ЖӘНЕ ҮМІТ

Үркіттен Омбыға оралған Шоқанның ойын жалғыз ғана мәселе биледі. Ол, Шығыс Сібірге барғанға дейін «Бұл Сібірде менен көп білетін кім бар екен? Әй, болмас!» деген ойда жүргенде, алдынан таудай теңкиіп Банзаров шыға келді. Бірнеше күн онымен жолдас болғанда байқағаны, білім жағынан оның қасында бұл тау етегіндегі төбе сияқты ғана. Банзаров сібірлік және шығыстық мәселелерге өте жетік екен. Әсіресе, монғол және түрік тұқымдас халықтардың тарихына. Мысалы, монғол империясы аталған мемлекет туралы, әсіресе Шыңғыс ханның тұсы туралы бұған дейін білем дегені, теңіз қасындағы көл сияқты ғана болын қалды. Хан тұқымдарының, әсіресе, әкесі Шыңғыстың: «Біздің арғы тегіміз күн шуақта жаралған хан – Шыңғыс!» деп мақтанулары, Шоқанның санасына есін білген күннен бастап берік ұялаған. Ә, солай екен ғой! деп, іштей өзі де мақтанатын. Сөйтіп жүріп Кадет корпусына түскеннен кейін, Шыңғыс хан туралы орыс тіліндегі мәліметтерді оқығаннан кейін, лепірме көңілі бәсеңдеп қалған, орысша мәліметтерде Шыңғыс: талағыш, жойғыш, аң бейнелі қанішер. Тек соғыс өнерінің тарихынан сабақ беретін Гутковский ғана «ұлы қолбасшы болған» деп дәріптейді, бірақ, қалай, несімен екенін дәлелдемейді. Корпустан осы ұғыммен шыққан Шоқан, енді Банзаровпен кеңесіп көрсе, «Шыңғыс» дегенің ірі қолбасшылығының үстіне, ірі ақылды, ірі болжағыш жауынгер! Оған үлкен дәлелдің біреуі: «Шыңғыстан қалыпты-мыс» деген, «алтын топшы» аталатын күнделік. Банзаровтың баяндауынша тарихтық және әдебиеттік мәні зор бұл шығарма, ханның көзі тірі кезінде қытай иероглифымен және ұйғыр-монғол әріптерімен жасалған. Ол жазуларды Банзаров жақсы біледі екен.

– Басқа тілдерге, – дейді Банзаров, – әсіресе, европа тілдеріне бұл шығарма әлі аударылған жоқ. Петербургта тұрған күндерімде, орыстың шығысты зерттеуші ғалымдарын мазмұнымен, ең алғаш ауызша мен ғана таныстырдым. Олар менен «Алтын топшыны» орыс тіліне аударуды өтінді. Мен уәде бердім. Бірақ аудару да оңайға түспейді. Күнделік үш том. Бәрінің көлемі орысша кітаптың мың бетіндей.

– Кірістіңіз бе?

– Жоқ.

– Неге?

– Уақыт таба алмай жүрмін.

– Менімше, табу керек.

– Әрине. Таба қалған күнде де аудару оңай емес.

– Неге?

– Өте биік әдебиет тілінде жазылған. Өлеңдері мен қара сөздері аралас. Ұлттық ерекшеліктері көп. Соларды дәл беру қажет.

– Өйтуге күшіңіз жететін сияқты ғой?

– Тырысып көрем.

– Қашан?

– Көк тәңірісі медет берген кезде...

– Ол қашан болар деп жорамалдайсыз?

– Әзірге тілек үстіндемін.

Аударуға кіріскен кезін және қалай жүріп жатқанын Банзаров Шоқанға хабарлап тұрмақ болды. Банзаровтан бұл хабарды асыға күткен Шоқан, онымен жарысу ниетіне кірді. Сонда қай жүйеден? Шоқанның байқауынша, кітаптық мәліметтерді бұдан әлдеқайда көп біледі деп шамалайтын Банзаровтың бір ғана жетпейтін жері бар сияқты, ол – Шығыс Сібір, Қазан, Петербург қалаларының төңірегіндегі жерлер мен елдерден басқа жақтарды географиялық карталардан болмаса, әлі өзі көзімен көріп білмеуі. Кітаптық білім алу жөнінде Банзаровпен теңесуді, шамасы жетсе, озуды мақсат еткен Шоқан, бір мәселеден оның алдын орағысы келеді, онысы – саяхат. Сәті түсе қалса, ол Россияның да, оның шектестерінің, де, аса берсе, дүние жүзінің де біразын кезбек. Бірақ, қалай? Кім жібереді оны? Қандай қаражатпен?.. Бұл сұраулардың шешілуіне көзі жетпеген Шоқан, «білудің артықшылығы болмас» деген оймен, атақты саяхатшылардың өздері жазған немесе олар туралы біреу жазған кітаптарды іздестіре бастады. Ондай кітаптар Омбыда көп те, жоқ та емес екен. Кітап құмарлардың жинағандарын байқастырса, аржағы Мысыр, Иран, Грек Рим, Қытай саяхатшылары жайынан, бір жағы Араб, Византия саяхатшыларының жайынан орта ғасырлардағы Ағылшын, Француз, Неміс тағы басқа елдер саяхатшылары жайынан орыс, француз, неміс, ағылшын тілдерінде бірталай кітап табылды. Шоқан соларды шетінен оқуға, қажетті жерлерін жазып алуға кірісті, Осы құныға оқудың үстінде Банзаровтан ол күткен игілікті хабар орнына, Шоқан Үркіт қаласында танысқан бурят зиялысы – Гомбоевтан 1855. жылдың март айында «Банзаров елді» деген қайғылы хабар келді. Одан бір ай бұрын, бірінші Николай патшаның өлген хабары алынған. Бұл оқиғаға қатты қайғырған Гасфорт бүкіл Омбыға және Батыс Сібір қарамағындағы елдерге аза тұттырып, өкіметтік кеңсе және оқу үйлерінің алдарына қара жалау байлатқан. Дүрмекпен Шоқан да қайғырған болған, бірақ, орыс армиясының өзге офицерлері сияқты, «қырым науқаны» аталатын соғыста басқарушылық ете алмауына қарап, Шоқан да патшаға іштей қатты реніште еді, сондықтан, Гасфорттың ырқына қарап, бет ажарын суытқан болғанмен, ішкі пікірінде, «барсын, иманы жолдас болсын!» дейтін. Банзаровтың өліміне Шоқан шын жүректен қайғырды. Гомбоевтың хатын оқып, «өлді!» деген сөздерін көргенде жүрегі тас-төбесіне шығып, жылап жібергенін өзі де байқамай қалды. Қайғының тұманына сүңгіген Шоқан, бірнеше күн есін жия алған жоқ. Сол қалпын байқаған Гасфорт, бүйту себебін сұрап еді, Шоқан Николайдың өліміне аудара салды. Өз қайғысы Банзаров екенін жасырды.

Өйтпегенде ше?

Сібірлік шығыстық елдердің тағдыры жайында ойланатын тірі адамдардан оның кездестірген бірінші байсалды кісісі – Доржи Банзаров. Ол түйіндерін таба алмағанмен, бұл мәселеде оның білетіні ұшан-теңіз. Шоқанның түсінігінше, мәселе түйіндерді таба білуде ғана емес, олар туралы ойлана білуде. Оның байқауынша – адамзаттың ой-санасы үздіксіз ілгерілеуде, осы бетінде, біреулерге көмескі көрінген идеяларды біреулер айқындап, талай жұмбақтар шешілуде. Ендеше, отар елдердің қазіргі ауыр тағдыры бара-бара жеңілденіп, түбінде бұл түйіннің де шешілуі ғажап емес. Отар мен отарлану мәселелерін білуде, Шоқан Банзаровты өзіне ұстаз тұтқандай болған. Егер, қыршын жас кезінде өлмей, әлі біраз жыл жасаса, шырмауында жүрген ойларының кейбіреулерін шешер ме еді, қайтер еді?.. Ондай бақытты тағдыр маңдайына жазбады!.. Бұл жағына қайғыра отыра, Шоқан Банзаровтың елімін табиғи іс деп те санады. Өйтетіні, елінің тағдырына қоса, оның өз басының тағдыры да ете ауырын көзімен көріп қайтты. Шоқанның бағалауынша, Банзаров шын мағынасындағы ғалым адам. Ғылым жүйесінде, әсіресе, шығысты зерттеуде қызмет атқарса, оның ашатын жаңалықтары ұлан-байтақ сияқты. Бірақ, патшалық өкімет қолын да, тілін де байлап, оны жолағысы келмейтін, «ерекше тапсырмалардың, чиновнигі» аталатын қызметке қосқан.

Қандай қызмет ол?

Өкіметке қарсы қимылды сығалай бақылап, жоғарғы ұлықтарға хабарлап отыратын қызмет. Сол міндетпен Сібірге барса, ондай қимыл-қозғалыстардан аяқ алып жүргісіз. Отарлық ауыр жағдайда отырған халықтардың ірілері түгіл ұсақтары да қысылған үндерін, қиналған қимылдарын үздіксіз көрсетіп, жеңіл-желпі оқиғаларға да барып қояды. Осылардың бәрін үкіметке мәлімдеп отыру, сол халықтарды іштей сүйетін Банзаровқа қандай ауыр!.. Оның хабарлары салдарсыз кетпейді, үкімет ұсақтарына – ұсақша, ірілеріне – іріше шаралар қолданып, кезінде басып жатады. Кейбір қозғалыстардың, әсіресе көтерілістерді басуы насырға шауып, құрал күші қолданылады да, ақыры қан-жосамен бітеді. Осындай қатаң шаралардың қолданылуына Банзаров «бас айыптыны өзім» деп санайды да, әрбір шараға қатты қынжылады, сөйте тұра зұлымдыққа санайтын міндеттерін орындамауға амалы жоқ. бүгін жүрегін айнытқан істерін ертең қайтадан жаңғыртады!.. Бірақ, онымен, отар елдердің отаршылдыққа қарсылығы тыйылып қалмайды, «сөнді» деген от қайтадан тұтана береді... Амалсыз атқаратын қызметіне жаны күйетін Банзаров, мұңын шағар кісі таба алмай, қайғының уытын арақпен қайтару жолына түскен. Банзаровпен кездескенше, Шоқанның құлағына Потанинның сіңіргені. «Кейде ішпей жүреді де, бір ішсе құнығып ап, әлденеше күнге созады. Ол кезде ес-тұсын білмейді». Бұл сөздерден шошынып қалған Шоқан, бірге жүрген күндерінде байқаса, Банзаров арақты аузына да алмайды. Қытығына тиіп алармын деген қауіппен, неге өйтуін Шоқан сұрамайды. Жарты айға жақын жолдас боп бірге жүрген Банзаров, Шоқанға тек ажырасар күннің алдындағы кеште ғана сыр алдырды. Сол кешті өзінің Үркіттегі пәтерінде Шоқанмен оңаша өткізген ол, «қоштасар алдында» деп жайған дастарқан үстіне «қытай чаркасы» аталатын бозамық арақты қойды да, бокалды көтеруге сылтаулар тауып, жөремелдете әлденешеуін қотара салды. Әрбір маскүнемнің тез мас болатын әдеті. Банзаров та сөйтіп, бірер чаркадан кейін тілі күрмеле бастады. Тағы біраздан кейін тұтыға әрең сөйлеп, Шоқанға басында жүрген мұңын шағып, кеңкілдеп жылап та алды. Сөз арасында Шоқанды әлсін-әлсін құшақтай сүйіп, өзінің де көп жасай алмауын, атқара алмаған істерін серіктеріне, олардың ішінде Шоқанға жүктейтінін де білдірді. Шоқанның да басы қатты зеңіп қалған екен. Мастықтан «пахмелсіз» жазылмайтын Банзаров, мана, ояна сала, бір бокал чарканы тастап алған, содан кейін «сынған» басы аздап тәуірленген. Ол Шоқанға да сөйтуді өтініп еді, жатар алдында біраз құсқан, әлі де ішінің ашуы кетпеген Шоқанның құлқы соқпады. Шоқанды қаладағы жәмшік үйіне дейін шығарып салған Банзаров, онымен жылап айырылысты. Сондағы сөзі;

– Енді көрісе аламыз ба, жоқ па?..

Оның елімін естігенде, Шоқанның есіне соңғы сөзі түсе қалды. Жылап жіберуі де сондықтан. Шоқанның өкінішті қайғысы ұзаққа созылар ма еді, қайтер еді, егер үмітті бір хабар құлағына шалына қалмаса. Сол 1855 жылдың февралы аяқтала, осы айдың 19-ы күні, Николай марқұмның баласы – екінші Александрдың таққа отыру хабары келді. Білімді жұрт та, Шоқан да бұл хабарға қуанды. Таңданғаны: «Король» және «патша» аталатындардың бәрінің бұған дейінгі салтында, король я патша өлсе, оның жылы толмай, мұрагері таққа отырмайды. Ал, екінші Александр, әкесі – Николайдың «беті жасырынбай жатып», яғни жыл түгіл ай да толмай патша бола қалған! Онысы несі?!. Жас патшаның бұл қылығын әлденеше саққа жүгірткен жұрт (солардың ішінде Шоқан да бар), көп талқылаудың аяғын бір пікірге ғана әкеп тіреді: бұдан екі жыл бұрын Қырым науқаны» аталып басталған соғыс әлі де қызу жүріп жатыр. Айқасқан күндерден бастап, «одақтастар» аталған жаудан Россия үнемі жеңілуде. Қара теңіздің россиялық жағасының біразын одақтастар басып алды; қазір олар, бұл жағадағы ең берік бекініс дейтін Севастополь ішіне де кіре бастады. Россияның адамдық шығыны да аз емес. Отанын ерлікпен қорғаған мыңдаған жауынгерлер қазаға ұшырауда. Солардың қатарында орыстың теңіздік флотының атақты қолбасшысы Корнилов пен Нахимов та бар. Өте ауыр қаза. Дүйім көпшіліктің тоғысқан пікірінше, Россияның осынша орасан шығынға ұшырауына бас айыпты – жұрт арасына «шоқпарлы Николай» лақабы жайылып кеткен патша; тек соның ғана мемлекетті де, армияны да ақылмен емес, жұдырықпен басқаруынан.

– Соның салдарынан, – деді жұрт, – «Қырым науқанында» Россия қатты күйзелушілікке ұшырап жатқан кезде, жас патшаның яғни екінші Александрдың, ескі салтты сақтауға мұршасы болмаған шығар. Енді, үміт туралы. Жұрттың да, Шоқанның да естуінше, екінші Александр әкесі сияқты тас құдайдай қақырайған, өз ырқынан басқаға илікпейтін ұрда-жық, кеудемсоқ адам емес, салмақты, парасатты, ойшыл, жөнді сөзге құлақ асқыш, икемшіл жігіт. Сондықтан, одан бірінші үміті – Қырым науқанында әкесі көрсеткен ақылсыздықты тез түзеп, Россияның, одақтастар әкеткен есесін қайтару. Екінші үміті – қырым науқанында да, басқа жағдайда да Россияның ұтыла беруіне бас себептің бірі – әлеуметтік және экономикалық өркендеулердің Батыс Европадан артта қалуында. Осы мешеуліктен құтылу үшін Россиядағы бас қырсық крепостнойлық правоны жою керек. Еміс-еміс естілетін қауесетке қарағанда, мемлекет басқару ісіне жас жігіт кезінен араласа бастаған екінші Александр осы пікірде деседі. Қазір оның жасы отыз төртке толып, ақылы кемелденген шақ. Оның үстіне, таққа отырып, мемлекет тізгінін қолына алды. Енді не істеймін Ендігі тілек: крепостнойлық правоны жою ісін, ылайымда, қолына алғай да!.. Үшінші Шоқанның ж е к е ү м і т і– ана жылы, мұрагер шағында, әуелі Кавказды, одан кейін Сібірді аралап түскенде, отар халықтардың, әсіресе, сібірліктердің ауыр халіне жаны ашыпты-мыс деген лақап бар; егер онысы рас болса, крепостнойлық правоны жоюмен қатар, бұратана халықтарға да түзу қарап, азаматтық, шаруашылық, мәдениеттік өркендеулеріне жағдай жасауы мүмкін ғой. Екінші Александрдың таққа отыруынан осындай үміттер күткен Шоқан бір мәселеде нысанасынан айрылып қалғандай болды: бірінші Николай еле сала, Петербургта оны азалау жиналысына Батыс Сібірдегі қазақ, дуандарынан да өкілдер шақырылатынын ескерткен ішкі істер министр! Гутковтан хат келді. Бірақ, мезгілі көрсетілмеген. Асығыс Гасфорт дуандарға шапқын жіберіп, әрқайсысынан екі адамнан әзірлеуге бұйрық берген. Өз ұсынысы: аға-сұлтанның өзі және кіші сұлтандардың таңдаулы біреуі. Ол сұлтандардың орысшаға әуселесі қандайлығын жақсы білетін Гасфорт, өкілдерді бастап баруды Шоқанға тапсырмақ боп, даярлануын ескертіп қойған. Шоқанның барар ниеті жоқ, сондықтан ол жолға әзірленуді емес, сол сапардан қалай сытылып қалудың айласын қарастыруда. Дуан өкілдері жолға әзірленіп жатқан шақта, екінші Александрдың патша болған хабары да сап ете қалды. Бұрынғы дағдыларға қарағанда жаңа патшаның таққа отыруы да тойлану керек. Мысалы, 1825 жылы бірінші Николай таққа отырғанда, дуан басылар Петербургтағы тойына барып, сыйлар апарып, киіт алып қайтқан. Екінші Александрды да солай тойлаулары мүмкін.

Сонда қайсысы бұрын болады? Аза ма? Той ма?

Қайсысы бұрын боларын біле алмаған Омбы, екеуіне де қажет-ау деген даярлықтарын дабырасыз жүргізе берді. Кімдер, қалай баруы туралы Омбы мен Петербург арасында қат-қабат хаттар жүріп жатты. Ақыры, ішкі істердің жан,а министрі князь Бибиковтан азалық жиналыс сол жылдың мартының ортасында болатын хабар келді. Бұл кезде азаға кімдер баруы да анықталып болған еді. Олар: Көкшетау дуанының аға сұлтаны подполковник Шыңғыс Уәлиханов, кіші сұлтаны Шөпек би Байсарин, болыстық правитель Аққошқар Кішкентаев, Баянауыл дуанының аға султаны, жүз басы (сотник) Мұса Шорманов, кіші султаны, хорунжи Шекербай Малгелдин; Ақмола дуанының аға султаны подпоручик Ыбырай Жайықбаев, кіші сұлтан Бегалы Қоңырқұлжин, Қарқаралы дуанының аға сұлтаны Құсбек Таукин, кіші сұлтаны Тәттімбет24 Қазанғапов. Бұлардан басқа Батыс Сібірдегі орыс губернияларынан баратын да өкілдер (депутация) бар. Бәрінің тізімі қырық шақты кісі. Бастаушылары – Гасфорт. Жеке басының нөкерлері он-шақты адамнан құралған Гасфорт, адьютанттарынан кімді ертуді ойлағанда таңдауы, әрине, Шоқанға түсті. Ол өзгелерінің бәріне епті, пысық, өткір, оқы.мысты; сол сипаттарының үстіне азият, экзотика!.. Гасфорттың одан қымсынатын жалғыз ғана жері – тым пысық, тым өткір, тым білгіш; сол салтына бағып, кейде орынсыз кимелеп кететіні бар; және мысқылшыл, сықаққой. Омбыда соларының бәрі де жарастықты сияқты, бәріне де Гасфорттың бойы үйренген сияқты. Петербургта да сөйтер болса иесінің абыройына нұқсан келтірмей ме? Өйттірмеу үшін, Гасфорт бір сәтте хұзырына шақырып алды да, мәймөңкені былай қойып, Омбыдан шыға, жолшыбай, әсіресе Петербургта қалай жүріп қалай тұруды, өзін қалай ұстауы туралы Шоқанға толып жатқан бұйрықты өнеге (натация) айтты. Оның қатты да, жұмсақ та жайларын жақсы білетін Шоқан, кескін-кейпіне, үн құбылысына қарап, бұл жолы қатал отырғанын байқады да, ешбір сөзіне таласқан жоқ. Несіне таласады? Қатаяр қалпына түскенде, ол өзінен өзгенің терісі түгіл, оңын да тыңдамай, ырқына көндірмей қоймайды; қарсылық білдіргенді, ойсырата қауып тастайды. Сондай қалпын біле тұра Шоқан оған қарсы сөз айта ала ма? Кадет кезінде адьютант аталатын қызмет одан арман сияқтанатын еді. Сол қызметті енді өзі атқарып, дәмін татып көрсе, тым кермек екен. Ол да – бір, күтуші де (лакей) – бір. Әсіресе – Гасфортта. Оның адъютанттарын жұмсамайтын жері жоқ: Әсіресе жиындарда Шоқанды да қолжаулықтай жұмсай береді... Петербургқа баруға құлқы шаппаған Шоқанның тілегі қабыл болғандай, бармауына бір себеп кездесе қалды. Сол бір күндері Омбыға орыстың сол кездегі атақты дипломаттарының бірі,– Александр Естафьевич Врангель келе қалған еді. Арғы тегі шведке жататын ата-бабаларынан талай фельдмаршалдар, генералдар, адмиралдар, елшілер шыққан, өзі де шет мемлекеттердегі соғыстық атташеліктің және елшіліктің сынынан өткен Врангельді, патша бұл өлкеге Россия мемлекетінің аса бір қажетті деп санаған мәселесін барлап келуге жұмсағанды. Онысы: Орта Азияға Индия жақтан сұғынып келе жатқан Англияны қалай тойтару және реті келсе сол өлкедегі хандықтарды Россия ықпалына қалай қарату, сәті түссе, қалай бағындыру еді. Врангель осы тапсырмамен Омбыға келгенде, Гасфорт Аягөз жағына жолаушылап кеткен еді. Сондықтан ол, Гасфорт оралғанша Семейдегі шекара күзетіне барып, Орта Азия туралы жинаған материалдары болса танысып қайтуға ойлап жүріп кеткен. Семейде Врангель қанағаттанарлық материал болмай шықты. Бірақ, ол барғанына өкіну орнына қуанды: атағын естігенмен, жүздесіп көрмеген, сөйтуге қатты құмартатын Федор Михайлович Достоевскиймен жолығысты. Бұл Федор Михайловичтін, көңілінің аса бір жүдеу шары еді: оның ғашығы – Мария Дмитриевна Исаева күйеуінің қызметі Барнауылға ауысу себепті көшіп кеткен, соған Федор Михайлович қатты қайғырып жүрген. Бұрын таныс болмағанмен, Врангель екеуі тез үйлесіп, тез достасып кетті. Врангель мәдениет мәселелерін, олардың ішінде – көркем әдебиетті, оның ішінде Достоевскийдің баспада жарияланған еңбектерін жақсы білетін кісі болып шықты. Жалпы кез қарасында, ол бірінші Николайдың декабристерге, петрошевшілдерге қолданған қатал шараларын мақұлдамайды екен, Достоевскийдің басына түскен ауыртпалыққа жаны ашиды екен. Достоевский Семей губернаторы генерал-майор Панинның адъютанты капитан Демчинскийдің пәтерінде тұрады екен. Ол да көзі ашық, саналы, сергек офицер болып шықты. Егер сонымен бірге тұрып, көңілін көтермесе, еңсесін басқан қайғыдан Достоевскийдің жаншылып қалар түрі бар сияқты. Врангельмен жолығысу, оның бойы мен ойын тіпті сергітіп жіберді. Олар күн сайын Ертістің Семей қасындағы кең аралына кетіп, ұзақ күнді суға жүзумен құмға аунау, серуенмен өткізді. Сондай шақта талай сырлар ақтарылды, талай келешектер болжалды. Екінші Александрдың таққа отыруына екеуі де бірдей қуанышты болып шықты. Европадан мешеу қалды деп санайтын Россияны алға бастауынан екеуі де қатты дәмелі екен. Сөз арасында олар Врангельдің жол жайын да әңгімелесіп қояды. Орта Азияның тарихы, қазіргі тағдыры және болашағы туралы Врангельдің азын-аулақ білетіні Достоевскийге көп сияқты көрінді. Өзінің білетіні көр-жер, кәкір-шүкір. Соны қалайша толық білу жайын кеңескенде және соған кімді жұмсау қажетін ақылдасқанда, Достоевскийдің ең қолайлы деп атағаны – Шоқан Уәлиханов. Орта Азия туралы Достоевскийдің «білемін» дегендері Шоқаннан естігендері ғана екен. Оның айтуынша, Шоқанның бұл тақырыпта білетіндерінде түп жоқ, ендеше бұл мәселе жайында Гасфортпен емес, Шоқанмен пікірлесу қажет. Достоевскийдің бағалауынша: ханзадалық намыс жағынан ол – Гамлет; ұлттық намыс жағынан – Отелло; қазір ол, – торға қамалған бүркіт; күш-қуатын көрсету үшін оған шарықтай ұшатын кеңістік керек!.. Врангель бұған дейін еркек пен еркектің дос болғанын көрген еді, ғашық болғанын көрген жоқ еді. Достоевскийдің Шоқанды жақсы көруі – соңғысы сияқты.

– Илансаңыз, – деп аяқтады ол, – Шоқанға деген махаббатым, көріспеген күндерде, мен оны жан ғашығым – Мария Дмитриевнадан артық демейін, кем сағынбаймын. Себебі, жолыққан еркек атаулыдан, мен әзірге адамдықтың шын бейнесін содан ғана таптым. Сыртынан таныстырған Мария Дмитриевна да осы пікірде екенін Врангель Достоевскийге жазған хатынан көрді. Өткен жаз Шығыс Сібірден оралған Шоқан жолшыбай Кузнецк қаласына соқты да, Исаевтардың Семейден сонда көшкенін әлдеқалай естіп, әдейі іздеп барды. Ері ол кезде дағдылы мастық қалпымен есін білмейтін халде жатқанда, күтпеген Шоқанды көрген Мария Дмитриевна көрісе жылап қарсы алды. Оның халі қазір тіпті ауыр екен: Достоевскиймен байланысы барын сезген Исаев Кузнецкіге содан қашып көшкен екен де, Мария Дмитриевнаның қылығын қымс етсе бетіне басып тілдей, сабай береді екен. Шоқанның ол халді жеңілдетер шамасы жоқ. Қолынан келері – үкіметке айту. Оған «тағдырдың жазғаны осы» деп Мария ұлықсат етпеді. Бірер күн мұңдасып Семейге беттеген Шоқаннан Мария Достоевскийге хат жазып берді де, ез мұңынан ештеңе айтпай, тек Шоқанның кісілік қасиетін мақтаумен болды. Ол хатты оқыған Достоевскийдің алдында Шоқанның бұрын да биік санайтын адамдық бойы одан да жоғарылай түсті. Достоевскийдің Шоқанды қастерлеуі соншалық, өзінің ең қымбат санайтын қағаздарын Шоқан сыйлаған қобдишада сақтайды екен. Оның ойынша, бүкіл Омбыда Шоқаннан басқа мемлекеттік ойы бар кісі жоқ. Орта Азияны барлау қажет болса, бұл қызметті атқаруға тек ол ғана лайық. Бірақ, Достоевскийдің естуінше, бірінші Николайдың, Петербургта июнь айында өткізілетін азалық жиналысына, Гасфорт Шоқанды ерте кетпек ендеше, Врангель оны өз мақсатына жұмсауға босатып ала ала ма, жоқ па?

ТОПАСТАР ТОЙЫ

Ұмытып кете жаздаппыз: бірінші Николай елді дегенді естіген күндері, ешкімнің көңіл айтуына да елікпей жылап жатып алған Гасфорттың түпкі уайымы, жаны жәннаттан орын алған болар деп санаған патшаға ажалдың жетуі емес еді. Гасфорттың ойынша да Николай егде тартқан 59 жасында, Қырым науқанын басқара алмағандықтан, басқарған елінің және дүние жүзінің алдында тұнық беделі шайқала бастаған шағында мезгілсіз өлді. Оның ішкі уайымы – өз қара басы. Николайға ол қыбын тауып, сүйікті болған адам. Өлгеннен кейін, тағына отырған баласына жаға ма, жақпай ма? Жақса, құба-құп; ал жақпаса ше? Соңғы ойдан үрейі ұшып, не істеуге білмей жылап жүрген кезінде, патша сарайының қасындағы сібірлік комитеттің председатели князь Чернышевтың арнаулы өкілі, Батыс Сібірдің соғыстық картасын жасаушы, генералдық штабтың инспекторы, генерал-майор барон Сильвергельм келе қалды. Содан берген хатында, досы санайтын Чернышев Гасфортқа жаңа патшаның Орта Азияға көз алартар ойы барын айта кеп, осы жайда, алдын ала қимылдап қалуын, яғни Россияға жуықта ғана қараған Алматы жағын шолып, әрі қарай сұғынудың мүмкіншіліктерін қарастыруын тапсырды. «Егер, – деп аяқтапты князь қысқаша хатың – осы тапсырманы абыроймен атқарсаңыз, жаңа патша алдында да абыройлы болуыңыз ғажап емес!» Гасфорттың Аягөз жағына сапар шегу себебі осы еді. Бірақ, ол бұл сапарынан мардымды ештеңе өндіре алмай қайтты. Аягөзге бара естісе, Россияның Тянь-Шань тауына таянуынан сескенген Қоқан хандығы қалың әскермен россиялық Алматы, Қапал жағына шабуыл жасау қамына кіріскен; соның қамауында қалам ба деп қорыққан Гасфорт, сол бір тұста Алакөлдің суы тасып, әрі қарай өткел бермеуін сылтауратты да, «су сабасына түскенше» деп кейін оралды. Бірақ, жай оралмады ол. Керегінің бәрін тындырып қайтқан немедей, алдына шапқын жіберіп, ұзақ сапардан аман қайтуының құрметіне деп, бару қарсаңында Омбыға той жасатуды бұйырды. Аягөзге келерінде Семейлетіп жол шеккен ол, қайтарында Шыңғыс тауының шығыс жақ етегін жиектеді де, тау жотасының «Шаған» аталатын асуына Абыралыға, одан Қарқаралыға, одан Баянға тартып, Омбыға Ертістің ығымен тік түсті. Бұл жөні оған оңайлыққа да соққан жоқ. Пәлен күнге таусылмайтын бұл қашықтықта арба жүрерлік жол жоқ екен. Арбаға жеге қоярлық ат та жоқ, бәрі қамыт киіп көрмеген асаулар. Алдын ала кеткен шапқын жолшыбайғы елдердің әр тұсынан таңдаулы аттарды байлатқанмен, арбаға бас білері табылмады. Өзі де, нөкерлері де пәуескелетіп жүрген Гасфорт тарпан, аттарды қисынсыз қыстап жектірем деп, арбаларын түгелге жақын қиратып алды. Ақыры, амалсыз салт жүруге тура келді. Бұрын кавалерист25 болған, салтқа мықтымын деп ойлайтын Гасфорт, бұл жолы қатты қажып, атқа отыра алар халі болмаған соң, біраз жерде түйенің теңіне отырды. Омбыға осылайша қалжырап жеткен ол, аман келуіне әзірленіп жатқан тойдың күнін біраз шегеріп, сібірлік бөлек корпустың госпиталында біраз күн демалып, емделуге ұйғарды. Семейден қайтқан Врангель оның осындай халіне кезікті. Врангельді ол көрмек түгіл естіген де жоқ еді. Оның секунт-адьютанты Алмазов:

– Осындай чиновник келіп жатыр, өзіңізге ғана айтатын құпия істері бар сияқты, – деп хабарлағанмен, Гасфорт қабылдауға асыққан жоқ, Несіне асығады? Омбы оған қақпасыз қора сияқты. Мына шетінен кіргендер, ана шетінен шығып жатады. Тынымсыз ағыл-тегіл жүргінші. Кейбіреуін біледі, кейбірін білмей де қалады. Біреулері қожаңдай, біреулері жалына келеді. Бәрін де көре-көре еті үйреніп кеткен. Сондықтан, келген-кеткенін елемеуге де айналған. Кейбір салмақты дегендеріне де ол құрақ ұша қоймай, толып жатқан сылтаумен, талдырып барып қабылдайды. Өйтпей қайтсін: өзі білетін Россияда қирап, өртеніп бара жатқан ештеңе жоқ сияқты. Тұтанған бірдемелер болса, патшашыл тәртіп тез сөндіре қояды. Баяғыдан бері осылай келе жатқан Россия, әлі де солай аяңдай береді де... Гасфорттың қабылдауы кешеуілдеуіне Врангель онша мазасыздана қойған жоқ. Сондағы алданышы – Шоқан. Достоевский сыртынан өлердей мақтаған Шоқанға, ол Омбыда тез жолықты да, алғашқы кеңесінен-ақ ұнатып, ашық пікірлесіп кетті. Россияның жержүзілік саясатын кеңескенде, оған Шоқанның бір пікірі ұнады да, оның айтуынша Россияның қазіргі бақасы – Англия болғанмен, түпкі қаупі – Германия.

– Біздің ғасырдың ортасына дейін, – деді Шоқан, бұл пікірін қорыта кеп, – бөлшек-бөлшек болып келген феодалдық Германияның басын Бисмарк қосып, тұтасқан мемлекетке айналдыруға бет алды. Енді ол, бұған дейінгі Европаның орта ғасырлардағы тарихына алма-кезек үстемдік жүргізіп келген Италияны, Испанияны артына тастап, алдыңғы қатардағы Англия мен Франциямен жағаласуға айналды. Бұларды да жеңу үшін, Германия құрығын алысқа сілтеп, Қытайдың Тынық мұхит жағасындағы күнгей қаласы – Кантонның меруерт өзені құятын сағасына, «Крупп – Стальдің»26 зеңбірегін орнатып отыр.

– Солай ма?!..

– Иә, иә!.. Және анау-мынау емес, алыстан ұратын шолақ тұмсық гаубица. Ол тұмсықтың ұрар нысанасы – «теңіз арыстаны» аталатын Англия флоты. Солайша көзін жыраққа тіккен қазіргі бургерлік Германия, Орта және Орталық аталатын Азия өлкелерін шұқшия зерттеуде. Оның куәсі – Сібірді терең зерттеген Гумбольт, Паллас, Фишер, Миллер, тағы басқалар.

– Россиялық академияның қызметкерлері ғой олар...

– Бола берсін. Сонда да немістігін ұмытпайды. Қазір Азияның бұл өлкелерін терең зерттеп жүрген ғалым, – қазіргі тірі – Риттер. Оның географиялық еңбектерімен таныстығыңыз бар болар?

– Аздап, үстірт...

– Мен толық таныспын. Неміс тіліндегі барлық томдарын да оқыдым. Соларды орысшаға аудару ісіне де қатынаспақпын. Бұлар өте байсалды еңбектер. Орта және орталық Азияның жер-суын бұдан артық баяндайтын шығармаларды мен білмеймін.

– Оларды да немістік көзқараспен жазылғанға санайсыз ба?

– Менімше, шын білімде ұлттық кескін жоқ. Онда адамдық кескін ғана бар. Сондықтан да ғылымның жетістігі жалпы адамзатқа ортақ. Оны білімі жоғары елдер ғана меңгереді. Германия сол биікке өрлеп келе жатқан мемлекет.

– Ол рас...

– Тағы бір жаңалық: бисмарктық Германия, қазір дүниежүзілік барлау (разведка) ісіне де қол сұғуда. Ол «Ост-Индия» деген атпен Батыс Индияда Англия құрған шығысты барлау компаниясына, өзінің атақты агенті – Адольф Шлагентвейтті жұмсап, Орталық Азияға өткен оның қайда екенін қазір біле алмай сандалып жүр. Бір мәліметте, Қашқарияның ханы – Уәлихан төре өлтіріпті-міс деседі. Ол анықталуды күтіп тұрған іс... Шоқан мен Врангельдің, арасындағы бұл кеңес әлденеше күнге созылды. Гасфорттың госпитальда жатуымен пайдаланып, олар кейде салт атпен орман аралап, кейде қайықпен Ертісті бойлап кетеді. Сонда Врангель көбіне Шоқанды сөйлетіп, тұйықталған жерлерінен сұраулар арқылы шығарып ап, оның Азия туралы пікіріне тереңдей береді. Сондағы Шоқан туралы келген ойы: «Достоевскийдің мақтауына тұрарлық адам екен. Россия патриоты дегені де рас екен. Тек солай ірі мәселеге, ез ұлтының қамы деген сияқты ұсақтарды араластырады. Дегенмен, Орта және Орталық Азияның біз білмейтін өлкелерін барлап қайтуға бұдан лайықты кісі жоқ... Осы ойын Шоқанға білдіргенде:

– Егер ием жіберсе! – деп жауап берді Шоқан. «Иесіне» жолығу, Врангельге оңай болған жоқ. Секунд-адъютанты арқылы білдірсе: «Той өткен соң ғана» депті. Оның тойы орыс және қазақ ғұрыптары араласқан түрде өткізілмек еді. «Орыс» дейтіні: той болар күні соған араласар немесе маңайласар орыс адамдары түгелімен орыстың ұлттық киімдерінде болулары керек ат-тұрмандарын да мейрамдық түрде сәндеулері керек тағамдарын да орысша даярлау керек әсіресе Сібірдің құймағы мен тұшпарасын (пельмен), балықтың бәлішін... Ал, қазақтар ақ кигіз үйлер тіктіріп, іштерін жасаулатып, оларға сұлу қыз-келіншектер, әсем жігіттер, шеберлер жинатып, желілеп биелер салдырып, көгендеп қойлар тіздіріп, қазақы тағамдар қойғызып, ат шабыс, балуан күрес сияқты ұлттық ойындар көрсетіп... дегендей, сән салтанат айта қалғандай болуы керек... Қалың болады деп мөлшерлеген жиынның тәртібін сақтауға, Ертістің той өтетін көгалды кең, алқабына, қаладағы әскер атаулы сапқа тұрады... Бұл тәртіптердің бәрі ойдағыдай жүру үшін, алдын ала бірнеше рет репетиция жасалып, Омбының чиновниктері дамыл-тиыштық көрген жоқ. Қазақ жағын даярлау Шоқанға тапсырылған еді. Ол қызметті атқару ісін Шоқанның; әуелі кімдер барын біліп алғысы келді. Сұрастырып байқаса, «Омбы төңірегінде» деп саналатын: Баян, Қарқаралы, Ақмола, Көкшетау дуандарынан «іске татиды» дейтіндер түгел жиналған. Келгісі келгендерге түгел рұқсат етсе, Омбы маңына сыймас та еді, «аға» және «кіші» аталатын сұлтандар, көңілдері ұнататындарға ғана хабар айтты да, былайғыларына «арналып шақырылғандар болмаса ұлықсат жоқ, барса да қуып жібереді» деген хабар таратты. Сонда да аз адам жиналған жоқ. Іштерінде «Петербургқа барады»дегендер түгел, қастарында ас, той сияқты талай жиындарды қолдарынан өткерген қу мүйіздер де бар. Қазақтардың бұл науқанға қалап қатынасуы, тәртіпті қалай сақтауы туралы міндеттер «қу мүйіздердің» мойнына жүктелді. Шоқан, тек сырттан бақылаушы ғана болып жүретін болды. Бұл тойға Шыңғыс та келген. Делбешісі – Жайнақ. Жылпос, сөзуар, көрікті оны, Шыңғыс қасына қоңсы қонғалы атқосшы ғып алған. Шоқанмен көріспеген екі-үш жылда, оның денесі де, кескіні де бірталай өзгеріп, семізше, қырбық қара мұртты, ұсқынды жігіт болып алған. Ал, мінез жағынан бұрынғы ойнақы қалпы. Шоқан әкесін өзі пәтерде тұратын үйге түсірді. Үйіне жазған хатында ол әкесінен шешесін ерте келуін өтінген еді, ондағы дәмесі – күтушілік қызметін атқарады деп естіген Айжанды ерте келер деп дәмеленгендік еді. Ол қулықты түсінбейтін қазақ па? Шоқанның хатын көрген, Айжанды оған жолатқысы келмейтін Шыңғыс, әйелі Зейнептің жүpeгі ауруын сылтау ғып, «жолға шыдамассың, аманшылық болса, Қанашты осы сапардан үйге ерте қайтармын, сонда ұзақ кідіріп мауқыңды басарсың» деп қалдырып кетті. Шынында да аса семіру салдарынан жүрегі әлсіреп, талмаусырай беретін Зейнеп, еріне «ерге алмасаң, өзін, де келме!» деген шартпен босатты. Шешесінің келмеу себебін айтпаса да жорамалдаған Шоқан, оспақтап Жайнақтан білмек болып еді, хан-иесінің:

– Қарындасың жайында сұраса, «одан күдер үз. Атбасардан қайтқан сапарында соқпай кеткен соң, сенен көңілі қалып болған, енді көрер түрі жоқ» деп біржола бездір! – деген бұйрығын есіне қатты сақтаған Жайнақ, Айжанның Шоқанға жан жүрегімен берілгенін біле тұра, тапсырманы амалсыз орындады. Ол сөзіне сенер-сенбесін білмеген Шоқан, қыбын тауып қайта сұрамақ болды. Бұл тақырыпқа кейінірек ораламыз. Әзірше Гасфорттың тойына әзірлік жайын әңгімелей тұрайық. Той даярлығы жақсы жүріп жатты. Қу мүйіздер де орыс чиновниктерінен қалысқан жоқ. Өткізетін сауық-сайранның бәрі де тәртібімен ойдағыдай өтуіне сенім мол. Көңілі бұл жақтан кеншіген, Орта Азияға жұмсау жәйлі ойын Врангель Гасфортқа өткізеді деп сенген Шоқан, қазақтардан Петербургқа баратындарға «бірге жүрсем жолшыбай да, Петербургта да құлақтарына құямын» деген ойларын, Омбыда айтып қалмақ болды. Ол үшін, бәрімен де жақындасып сырласуы керек қой. Өйтейін десе, хан тұқымының бәрін де, олардың ішінде Шоқанды да «қожырадыға» санайтын «қарадан хан болғандар», яғни қазақтан дуан басы болғандар, шіреніп маңайлатқысы келмейді; өзі барып жанасуға төрелік тәкаббарлығы ұстайды; жалғыз ғана жуықтар адамы, – нағашысы Шорманның Мұсасы; сыр айтатын оған ақылдасып көрсе:

– Қайтесің, үлкен басыңды кішірейтіп; Омбыдағы ұлықтар алдында құрдай жорғалайтын олар, Петерборда жұмған ауыздарын да аша алмайды. Несіне арам тер боласың, – деді.

– Өзің ше? – деген сұрауға:

– «Жалғыз қаздың үні шықпайды» дегендей, көптен бөлініп мен не бітірем? – деді ол. Жалпы ау-жайларын байқап көрсе, Мұсаның айтқаны дұрыс сияқты. «Ішкен мәз, жеген тоқ» деген сияқты, Гасфорттың елеуіне елірген «игі жақсылар», «әкелері көрден тірілгендей» мәз-мейрам. Қара бастарының қуанышына ылай судай көпіргендер толып болмай бәсеңдер түрлері жоқ. Олардың да тойға деген әзірлігі тамаша... Белгіленген жердегі той, тағайындалған кезінде басталатын болды. Ол араға Гасфорт та, нөкерлері де жиналған жұртты тан, қалдырарлық түрде бармақ. Қаладан шығарда ол, салт көсемі бар, төрт-төрттен сегіз атты қатар жектірді де, қасына тек әйелін ғана отырғызды; оның ізін шала шығатын нөкерлерінің алдыңғы пәуескесі алтыдан, одан кейін төрттен, екіден... дегендей аттарды парлатып жекті. Олар той жасалатын алқапқа жеткенше екпіндей шауып отыруға тиісті. Екі жақта жанапайлай шабатын салттар. Бұлар қаладан шығарда, шіркеу атаулының қоңыраулары қағылады, бірер мешіттің мұнарасынан азан шақырылады. Әдетте, бұндай қылықтар патшаға ғана қолданылады. Батылдығы жететін біреу Гасфортқа соны ескерткенде:

– Мен кіммін, осы араның патшасы емей?! – деп ақырып тастады.

Тойдың, церемониялары27 түгелімен арнаулы комиссияның қолынан жазылған, Госфорт бекіткен түрде өтті: алғашқы күні – орысша, келесі күні қазақша. Екеуінде де олқылық болған жоқ. Сол думанның ішінде «қаздай қалқып, үйректей жүзген» Гасфорт өз қасында болатын нөкерлердің санатына Врангельді де алды. Генерал-губернатордың халықты осынша сабылтып, өз құрметіне осынша ұлан-асыр той жасауы Врангельге ұнаған жоқ. Бірақ, ол дипломаттық қалпына бағып, ішкі пікірін жасырды да, қошеметшілдердің қатарында думанға араласып кетті. Өз ойында: аты «наместник»28 екенмін деп, мұншама еркінсуге болмайды. Бұл еркінсу емес, басыну; халықты үкіметке жақындату емес, алыстату, ендеше, бұл өрескел қылықты, халыққа жақындасу ниетіндегі жаңа патшаның, құлағына тигізу керек. Гасфорт Врангельді аудиенцияға29 той қызығы басылғаннан кейін шақырды. Той күндері де мардымсыз әлденелерді мылжыңдап Врангельдің басын қатырған Гасфорт, аудиенцияда да сол қалпын өзгерткен жоқ. Мысалы, қазақ, арасында өнер-білім тарату туралы ойларын айта кеп, бұл елдің тәртіпсіз шаруашылығын жөнге қою жайын айтып отырды да:

– Жылқы малы көп екен, менің қарамағымдағы елдерде, – деп қойды бір мезетте, – мың жылқылы байлар жиі кездеседі. Он мыңға дейін жылқы ұстайтындар да аз емес. Он бес-жиырма мың жылқы бағатындарды да кездестірдім. Бірақ, солардың бәрі бойлары кішкене, салмақтары жеңіл жылқылар. Білем дейтін біреулер бұл жылқыларды ауа райының қандайына болса, да төзімді, мұздақ болмаған қыста, тебінмен оттап шығады, мініске де шыдамды, еті де, қымызы да асыл» деп мақтайды. Олары рас та шығар. Бірақ, мемлекетке де пайда одан? Еті базарлы мал емес, көшпелілерден басқа ешкім жемейді, мемлекетте олар аз; дертке, әсіресе екпе ауруына дәрі дегенмен, қымызын да солардан басқа тататындар көп емес, мен өзім ұнатқан жоқпын...

– Сонда, сізше не істеу керек? – деп қойды, көп сөзді Гасфорт бұл кеңесін де созып кетер деп ойлаған Врангель.

– Менімше, мемлекетке пайдасыз жылқылардың санын азайту керек те, Кавказ үлгісімен арғымақ жылқыларды көбейту керек. Гасфорт одан әрі Кавказда әкесі және өзі өсірген арғымақтарды мақтай жөнеліп еді, ол сөзді де қысқартқысы келген Врангель:

– Оның бәрі дұрыс қой, бірақ қалай есіру керек қазақ даласында арғымақтарды? – деді.

– Әрине, жылқы заводтарын ұйымдастырып.

– Қора қайдан табылады оларға?..

– Жасатамыз. Сібірдің босқа ыбырсып, босқа шіріп жатқан шетсіз-шексіз қалың орманы қанша қора салдырсақ да молынан жетіп жатыр!..

– Ол рас, – деді Врангель, Гасфорттың бос қиялын, ішінен мазақтай отыра, онысын сыртынан сездірмеуге тырысып.– «Сол ағашты кесетін кімдер!» дегенім ғой.

Гасфорт байқаусызда агат сөз айтып қалды:

– Крепостнойлық правоны жою жабдығында емес пе Ұлы патша ағзам?..

– Сондай ойы бар.

– «Жерсіз босатады» деседі ғой.

– Солай деседі...

– Сонда қайда қоямыз сол жерсіз босанған шаруаларды?

– Сізше қалай?

– Сібір сияқты, қазақ даласы сияқты бос жатқан жерлерге көшіру керек. Қалай дейсіз?

– Салмақты пікір...

– Сібірге келгендері ағаш кеспегенде не бітіреді?

– Ойланатын іс екен, – деді Врангель бұл пікіріне мән беріп, – Сол кесілген ағаштарды жырақтағы Сібірден тасыту жұмысы қиын болып жүрмесе?

– Неге?

– «Көлік қайдан табылады» дегенім ғой.

– Қазақта түйе көп, соларды пайдаланамыз; асау жылқыларды үйреттіреміз...

– Қазақ даласында жолдар жоғын айтқан едіңіз...

– Жасатамыз?...

– Қалай?

– Негізгі трассаларға ағаш төсетеміз...

Врангель күліп жіберді.

– Неге күлесіз?

– Қызық идеал екен де! – деді Врангель, болмайтын сандырақты айтуына күле тұра.

– Іске аспайтын нәрсе деп ойлайсыз ба? – деді ол ойын түсінген сияқтанған Гасфорт.

– Сіз басқарсаңыз, әрине асады.

– Осыны істетуім хақ!..

– Тілектеспін!..

Алғашқы аудиенцияда, Гасфорттың осы сияқты былшылдарын жалыға тыңдаған Врангель, келген жол жайын екінші кездескенде ғана айтты. Өз ойында жүрген қиялдың іске асуы елестей қалған Гасфорт қуанып кетті. Оның ойынша Орта Азияны басып алу, онша қиын жұмыс емес. Оған бір дәлелі, осы ғасырдың бас кезінде Сырдарияның саға жағына шабуыл жасаған граф Перовскийдің найзасын «Ақмешіт» аталатын қоқан қаласына әкеліп бір-ақ тіреуі, осы бетінде елеулі қарсылықты аз ұшыратуы; екінші дәлелі, – өткен 1854 жылы полковник Хаментовский Жетісу жағына жасап қайтқан жорық ол да найзасын Іле сыртындағы Тянь-Шанның орта тұсына апарып тіреді де, тоқыраған тұсына патшалық Россияның «Верный»30 аталатын бекінісін (форпост) орнатып қайтты; оған да көрсетілген қарсылық болымсыз...

– Ендігі міндет, – деді ол, Врангельге серпе сөйлеп, кабинетінің қабырғасында ілулі тұрған Орта Азияның топографиялық картасын таяқтың ұшымен шолып, сол кезде «Перовский» аталатын Ақмешіттің тұсын бір, Верный тұсын екінші рет түрте көрсетіп осы арада ашылып тұрған қышқашымыздың екі ернін біріктіре қоямыз.

– Кешіріңіз! – деді Врангель, дипломаттық жұмсақтығын қолданып, – сіз оңайлатқанмен, бұл шаралар жеңілге де түспейді. Оған сіз мысалға алып отырған Перовский мен Верный қалаларын оларда болған қырғын куә. Мен білетін мәліметтерге қарағанда, ол айқастарға орыс армиясының шығыны да аз болмаған.

Өзі де білетін бұл шындыққа Гасфорт іштей мойындап:

– Сізше не істеу керек? – деген сұрау берді.

– Бұл жайда мен, сіздің есіңізге, өзімнің емес, Ұлы государьдың тапсырмасын ғана салам. Биік даражалы ол кісінің ойы, әдіс-айласыз қойып кетіп, орасан шығынға тағы да батпау үшін, ең алдымен, Орта Азияның қазіргі күндерде қандай қарсылық көрсетер мүмкіндігі барын барлап алу қажет, отарлау ісіне содан кейін кірісеміз. Бұл пікірді «патшанікі» демей, «өзімдікі» десе, Гасфорт біраз таласып, жеңілсе ғана көнер еді; «патшанікі» деген соң аузына құм құйылды да:

– Сонда, қалай бастау керек барлауды? – деген сұрау қойды.

– Кісі жіберіп те.

– Қайдан?

– Әрине, Омбыдан.

– Егер табылса! – деді, әдіске емес, күшке сенетін, Омбыда әдісшіл адам жоқ деп ойлайтын Гасфорт.

– Бар, ондай адам.

– Мәселен?

– Шоқан Уәлиханов!

Гасфорттың көздері едірейе қалды. Шоқанды жақсы көргенмен, білімді жасқа санағанмен, мемлекеттің мұндай ауыртпалығын көтеретін күші бар деп ойламайтын. Сол сырының белгісін бетіне шығара қойған Гасфортқа:

– Неге таңдандыңыз? – деді Врангель. – Менімше, Омбыда бұл тапсырманы одан басқа атқара алатын кісі жоқ сияқты. Мына сез Гасфорттың намысына тиді. «Жоқтардың ішінде менің де болғаным ба?! деп ойлаған ол, қызараңдап қалды. Сол қалпын көре тұра сезбеген боп:

– Менің тоқтағаным – Уәлиханов. Егер сіз ризалассаңыз, Ұлы государьға осы кандидатураны айта барам, – деді Врангель.

Әуелі намыс, артынан ақыл билеген Гасфорт, Врангелдің:

– Қалай дейсіз? – деген сұрауына, амалсыздан:

– Мақұлдаймын! Өзім тәрбиялаған адамым, егер ол мемлекетке пайдалы істі атқара алады деп сенсеңіз, мен оған қуаныштан басқа не айтам?! – деді. Екеуі осыған келісті. Азалық жиналысқа Батыс Сібірден қатынасатын депутацияның Петербургқа жүруіне де аз қалған еді. Оны Гасфорт басқаратынын білеміз. Шоқанның еру, ермеуі сөз болғанда, өз пікірін сұрап еді, ол жұмсалатын жөніне даярлық жасауды сылтауратып, қалып қойғысы келетін ойын білдірді. Врангельге ол сөзі дәлелді көрінді, ал Шоқанның халқын сүю санасымен сырқаттанып жүруінен хабары бар, сол сырқатын Петербургта да сездіріп aп, бұлдіріп жүре ме деген қауіптегі Гасфорт, оның ермеуіне өкінген жоқ, қуанды.

ӘРҚИЛЫ АРМАНДА

Шоқанның Петербург сапарына бармауына қатты қайғырған адам Шыңғыс қана болды. Замана жайынан сезімі бар оның байқауынша, баяғыда Драгомиров айтқандай, хандық дәуірі адыра қалуы былай тұрсын, хан тұқымына «сұлтандық» аталатын даражаның өзі жылдан жылға сұйылып барады. Дуан құрылған алғашқы кезде, «аға» аталатын сұлтандардың бәрі, «кіші» аталатын сұлтандардың басым көпшілігі төрелерден, яғни хан тұқымдарынан еді. Кейінгі кезде ол даража сиыр-құйымшақтанып барады. Соңғы жылдарда алты аға сұлтанның төртеуі қара қазақтан болып, хан тұқымынан екеуі ғана, яғни Көкшетаудағы өзімен, Қарқаралыдағы Тәукенің Құсбегі ғана қалған еді; жуық арада, қиянаттарын айтып, көп жылдар бойы ел-жұрты үстінен жаудыратын шағымдар тексерілгенде, жоғарғы ұлықтардан Құсбекті аға сұлтандықтан босату туралы қағаз келген. Ел оның орнына Өскембайдың Құнанбайын31 атапты деген хабар бар. Ол да қара қазақ. Сонымен, өрттен қалған жалғыз түп көдедей, хан тұқымдарынан аға сұлтандыққа әзірге қалып тұрған жалғыз Шыңғыс. Кіші сұлтандардың да төреден қалғаны некен-саяқ. Кенеуі кеткен дүние осы қалпымен ыдырай береді де, көп кешікпей түгел сетінейді. Хан тұқымының, олардың ішінде өзінің халін, дауылды күнгі теңіз бетінде қалтылдаған қайықта отырғандай көретін Шыңғыстың жан сақтар үміті тек Шоқанда ғана еді. Кадет кезінде де, одан бері де сан рет ренжіткенмен «өзіңдікі өзекке тепсең де кетпейді, кісінікі кісендесек де тұрмайды» деген мақалға қатты сенетін Шыңғыс, «жас қой, албырт қой, барып-барып бір оралар» деген ойды қанағат көретін. Шоқанның Гасфортқа адьютант болуына Шыңғыс қатты қуанған. Оның түсінігінде «адъютант» кішігірім шен емес, ол патшаларға генералдар адъютант болғанынан хабардар. Оның ұйғаруында: «Адъютант» начальнигіне «атқосшы» ғана емес, жан серік те. Шоқанның Гасфорт алдында қандай қызмет атқарып жатуына құлағын түрік ұстаған Шыңғыс, «еркесі дейді» дегенге масаттанып, «ә, құдай бере гөр!» деп, өсе беруін үздіксіз тілейтін де. «Петербургтағы азаға баратын топты Шоқан бастайды-мыс» деген хабар дүңк ете қалды бір сәтте. Оған Шыңғыс шегінен шыға қуанды. Сондағы ойы – Кеудесінде көптен арман болып жүрген бір нәрсені осы сапарда, немесе күзге қарай, жаңа патшаның таққа отыру тойына барғанда («Шыңғыс пен Шоқан ол депутатцияның ішінде бар» деген анық хабар естіледі), замана тілін біледі дейтін, ірі ұлықтарға, кәтте патшаның өзіне жолығуға өресі жетеді дейтін Шоқанды өз мақсаттарына пайдалану. Шыңғыс Омбыға осы дәмемен келді. Үмітіне қарай Шоқан да бұл жолы жарқын жүзбен қарсы алды. Өйтуіне бірнеше себептер болды: Б і р і н ш і д е н, аты «аға сұлтан» дегені болмаса, беделі басқарған елінің алдында жылдан-жыл төмендеп, жылдан-жыл жазған шағым-арыздар көбейіп барады, оларды тексере бастаса, бұның да Құсбектің ізін құшар, яғни, аға сұлтандықтан қуылар түрі бар; сөйте қалса, не болмақ? Сене қоярлық дәулеті шағын, жұрттың жұқанасын жонып жеумен күн көріп келе жатқан кісі; бағынан айрылса, одан да айрылады; сондағы өзінің және үй ішінің тіршілігі не болмақ? Осы жайларды ойлай келе, ондай қылық арына ауыр болғанмен, әкесінің үстінен жиналған материалдарды Шоқанның басып тастайтын да әдеті бар. Е к і н ш і д е н, Алты дуандағы «аға» және «кіші» сұлтандардан, бағынышты еліне аз да болса, үстірт те болса орыс заңын қолданатын осы ғана. Бұдан басқалары қазақтың, «киіз кітаптары» не айтса, сонымен келе жатыр. Елді билеп-төстеп қалғандардың өзге сұлтандардан гөрі, бұған көбірек өшігуі де, үстінен арызды көбірек жаудыруы да содан. Әкесінің бұл қылығы Шоқанға жағады, сондықтан бұл мәселеде де оған іші жыли қарайды. Үшіншіден, сұлтандардың ішінде, бағынышты елінің арасына аз да болса өнер-білім сәулетін таратуға бұдан басқа тырысып жүрген біреуі де жоқ. Мысалы, соңғы төрт бес жылда оның ынта жұмсауымен мал және адам фельдшерлерін даярлайтын қаладағы училищелерге Көкшетау дуанынан қазақтың он шақты баласын жіберген және бәрі кілең панасыз жетім балалар. Әке-шешесі барлардан «баламызды шоқындырады» деп ешкім ризаласпаған, ақыры, сөзі өтетіндерге жалбарынып, олар жетімдердің жақындарына ақша беріп, жылаған балаларды оқуға байлап жөнелткен. Солар білім алып қайтса, қазақтар үлгі алады деп сенеді. Төртіншіден, елдің ауыз әдебиетін жинауды Шыңғыс Шоқанның бала кезінен бастаған. Сол игілікті ісін әлі де ілгерілетіп, түскендерін Шоқанға жолдауда. Бесіншіден, әңгімелескен шақта Шоқанның шамалауынша, ажырасудан бұрын да «түрікше» аталатын кітаптарды қарастырып жүретін әкесі, одан бері тіпті көп қараған сияқты. Ертеде оның қарайтындары: софы Аллаяр, Хожахмед Яссауи, Сүлеймен Бақырғани, «Қиссасөл – Әнбия» сияқты діншіл кітаптар болса, соңғы кезде «хандар», «түрікмендер» шежіресі – «Жәмғу – аттауарих», «Тюзика- әт-Тимур», «Бауыр нама» тағы сондай тарихи кітаптарды қарастырып, көп білім алған түрі бар; соларды оқып қана қоймай, үлгі ала отыра, қазақ шежіресін жасау ниетіне кірісіпті. Осы жайларын естіген Шоқан, оған Алексей Левшиннің «Қырғыз – Қайсақ ордасының тарихы» атты үш томын жіберген еді, енді байқаса, оларды да қарап шығып, бірталай өнеге алған, біраз жеріне сыны да бар екен. Әкесінің қолына мұншама кітап қайдан түсуін сұрастырып көрсе, Талас ұлы Науан хазіреттен қалған мүлік екен. Оның жайын сұрастырса, ана жылы «Итжеккенге» айдалып кеткеннен хабар-ошар жоқ екен, өлі-тірісі мәлімсіз. Айдалу себебін сұрастырса, бір жағы Ғалиакбар молданың үздіксіз жасырын көрсетулері болса, екіншіден ол патша миссионерлерінің қазақ даласына христиан дінін таратуға ашық қарсы болып, әлде не поптың ауылдарға таратпақ болған алтын мұқабалы «Инжилдерін» (Евангелие) отқа жақтырған екен. Ең үлкен айыбы сол болса керек.

– Әйелі бар ма? – ден сұрады Шоқан.

– Санадан сарғайған бейбақ, жуықта ғана Көкшетау қаласының көшесінде аштан өлді деп естідім. Шоқан ауыр күрсінді. Лақап аты «Көкеш», азандық аты «Гүлшаһра» болған бұл әйел туралы, Сырымбет саласында жолғасқан сәтте, Айжан Шоқанға сан алуан сезімтал сөздер айтып, жүрегіне жылылық түсірген еді. Сондықтан, Атбасар сапарынан Омбыға оралған ол, Көкшетау қаласына жолшыбай әдейі соғып, көріспек сөйлеспек болған еді, «ерінің соңынан кетті» деген хабар естіді де, кездеспеуіне қатты кейіді. Көкеш сол кеткеннен ұзақ жоғалып, ерін таба алмай, қалжырап қайтқан да, Көкшетауға келе төсек тартып жатып алған, қарасар жаны болмаған; ақырында тіленшілік тұрмысқа түсіп, жүдеп барып өлген.

Не деген өкініш!.. Бұны естісе Айжан не халде екен?!

Бірақ, әкесінің ұнатпайтынын біліп, Айжан жөнінен Шоқан оған «ләм-мим» деп тіл қатпады... Баспасөз – Омбыда қазақ дуандарының басқармасынан жұмасына бір шығатын екі бетінің бір жағы орысша, бір жағы татарша ресми листок; Шыңғыс оны мұсылманша хат білетіндерден жиырма шақты адамға зорлағандай жазды. Әкесінің мұнысына риза болған Шоқан, орысшаны түсінуге де шамасы келетінін еске алып, өткен жылдың басынан Петербургта шығатын «Орыс сөзі» газетін өз ақшасымен жаздырып жіберттірді. Әкесінің игілікті істері Шоқанға қатты ұнады. Әйтпегенде ше? От та, ерт те ұшқыннан тұтанады. Әкесінің қазақ арасын өнер-білім тарату жайлы әзірге атқарып келген қызметі ұшқындай ғана. Содан от я ерт тұтанып кетпесіне кім кепіл бопты? Бала жігіт кезіндегі Шоқан ойға алғанының бәрін бұрқырата тез бітіріп тастағысы келіп лепіретін еді, кейін замана талқысына түскен соң, әсіресе, Банзаровпен жолыққан соң біраз бәсеңдеп, енді ектеу орнына ептеу санасына келген. Оның бас мақсаты патриархалдық өмір сүріп отырған қазақты шаруа жағынан да,мәдениет жағынан да, азаматтық ой-сана жағынан да жылдам өркендетіп, европалық елдердің қатарына қоса қою еді. Осы мәселе жайында Банзаров екеуі пікірлесіп көрсе, бұндай сатыға көтерілу үшін, отар елдер былай тұрсын, Россиядағы ең көп, ең алдағы дейтін ұлт орыстың «төменгі» аталатын басым көпшілігіне де әлі талай уақыт керек сияқты. Қарулы күшінің аржағы Степан Разин мен Емельян Пугачевтан, ақыл күшінің аржағы Николай Новиков пен Александр Радищевтен таратылатын орыстың халық азаттығы жолындағы күресі, тоқтау орнына күшейе түскенмен, әлі де түк тиянаққа келген жоқ. Басқарушылар жағы жұмсару орнына жылдан жыл қатайып барады.

– Ендеше, – деп қорытқан бұл пікірлерін Шоқан мен Банзаров – отар елдерден бұрын құлдықтан орыстың төменгі жағы, яғни бейнетқорлары азат болу керек. Орыстың өзі ондай күнге қашан жетуіне, біздің пікірлесушілердің ой еріс.і жетпейді. Олардың өресі жететін ой – «ағартушылар» атағы тағылған әлгі Новиков пен Радищев және олардың жолын тұтушылар. Олар келген қорытынды, – қоғам өрісі қайда барарын өркендегіш тарихтың есесіне қалдырып, қазіргі күндер үшін «төменгі» аталатын адамдардың азаттық санасын оятып, өркендету; оған апаратын жол – мектеп, баспасөз. Орыс арасында туған бұл идея жылдан жыл кеңіп келе жатқанмен, нәтижесі айта қаларлықтай емес, мектептік я баспасөздік білім жағынан, Россия әлі де европалық елдердің артында. Ал, Россиядағы отар елдермен салыстырғанда, орыстар әлдеқайда озық. Банзаров пен Шоқанның ойынша, отар ұлттар шаруа және мәдениет жағынан, ең алдымен, алдыңғы қатардағы орысқа жету керек. Аржағында өмір көрсете жатар. Шығыс Сібірден қайта Шоқан бұл тілегіне жетудің жолын іздеп көрсе, ондай жолдың өзі түгіл сүрлеуі де көрінбейді. Қалай көрінеді ол сүрлеу? Қазақтың болмашы азшылығының әзірге білетін сауаты – мұсылманша; оны да өз тілінде емес, татар я түркі аталатын қазаққа түсінігі аз тілдерде ашқан; ал орысша сауат бірен-саран сұлтандарда ғана болмаса, өзгелерінде атымен жоқ.

Қалай жету керек бұл сауатқа?

Ойлап-ойлап, оған Шоқанның ақылы жетпей жүргенде «шоқпарлы Николай» өліп, «ағартушылық идеясына бейім» деп есітетінін екінші Александр таққа мінді де, Шоқан ойының қараңғы аспанында болмашы бір сәуле жылтыраған сияқтанды. Бірақ, «бой қалай жетеді оған?!» деген арманда жүргенді, бірінші Николайдың Петербургтағы азалы жиналысына барудың сәті келе қалған сияқты болды. Аза үстінде айтылатын арман-тілек болмауға тиісті, ондай тілек тек той үстінде ғана айтылатын болар... Аза артынан жаңа патшаның таққа отырған тойы да алыс емес, азаға баратындардың тойға да барулары қазірден-ақ белгілі. Ал, Шоқан оған бара ала ма, жоқ па? Оған барғысы келеді-ақ Шоқанның: сонда өз өресі жетпеген жерлерге, басы, әкесі – Шыңғыс қып, тілін алатындардың бәрін де жұмсап көрмек. Ол әрекетінен не шығарына көзі жетпейді. Бұл жолы, бұл жайда әкесіне де тіл қатпайды, «несі болса да кезінде көрерміз», – деп ойлайды. Әкесінің соңғы кездегі қылықтарына қатты риза Шоқан, бұл жолы оның көңілін аулайтын ғана мінез-қылықтар көрсетіп, білгенінше, шамасы жеткенінше күту мақсатында, сөйтіп, болашақта атқартқысы келген істерінің көлеңкесін, осы бастан көңіліне түсіре бермекші... Қылықтарына, сөзіне қарап, Шоқанды «икемге келген екен» деп түсінген Шыңғыс. өзінің ойындағы мақсатын іске асыру ниетіне кірісті. Жәйдары бір кеңестің үстінде ол:

– Қанашжан! – деді Шоқанға, еркелеткен дауыспен.

– Әу, әке, – деді Шоқан да сондай кескінмен.

– Шешеміз орыс оқуына зорлап түсіргенмен, біз кезінде қадырын білдік пе орыс сөздерінің.

– Түсінуге де, түсіндіруге де шамаңыз келеді ғой, әке.

– Шалағай білгеннің не сәні бар, балам. Көп сөздерін, кейде аса қажет сөздерін білмей, қорланып жүреміз. Аз жыл болса да орысша оқыған Шыңғыс, орысша жазуға да, сөйлеуге де шорқақ еді. Бұл тілдің көп сөзін ол бұрмалап, қазақ тілінің заңына сүйрелеп, бұзып отыратын. Ал, титулдарды «прапорщиктен» бастап, фельдмаршалға дейін орыстың сауатты адамдарындай дәл түсіреді. Мына жолы да солай!.. Бұл сөздерді бұзбай айтуға тырысатындығы ғой ол!

– Неге күлесің? – деген әкесіне:

– Сіздің көп білетіндігіңізге қайран қалып, – деді Шоқан, кескінін томсартып.

– «Өзім ғана білем» деп ойлап па едің балам? – деді Шыңғыс масаттанғандай, – біз де бірдемелерді ұғамыз!.. Сонымен, дворянин, граф дегендердің тура мағынасы не боп шықты?..

– Қызметтерімен ерекше жаққандарға, патша тарапынан тағылған атақ...

– Өзім де солай жорыған едім, Қанаш...

– Неге?

– Тобылдың Үйге құятын сағасында Әбілқайыр ханның тұқымы, ұрпағы Ахмет Жантурин сол маңайға сұлтан-правитель болып тұрғанын білесің...

– Білем. Болдық та ғой үйінде?

– Ұмытпаған екенсің. Сол Ахмет айтушы еді: «Бір Әбілхайырдан: Нұралы, Ералы, Айшуақ, Бөкей болып төртке тараймыз; солардың ішінен дворяндық даражаға жеткені – Бөкей тұқымы ғана, Бөкей ордасының қазіргі ханы – дворян» деп.

– Онысы рас көрінеді. Николай патшаның, сіздер баратын азалы жиналысында ол да болатын хабары бар, аманшылық болса, сонда көрісесіз...

– Әмин!.. Ал, «князь» деген сөзі не мағынада, орыстың?

– Ол тіпті ірі сөз, – деді, әкесінің сатылап қайда шыққысы келіп жүргенін айқынырақ болжаған Шоқан.

– Ол да біздің хан тұқымы сияқты болды ғой. Қаны хандыққа жататындардан ғана болмаса, басқа қанды еркек ешуақытта хан бола алған емес. Мысалы Ақсақ Темір Күреген. Жер жиһанның қаншасын билегенмен, ол, тек «әмір» ғана болып, «хан» атағын ала алмады ғой.

– Оны кімнен естідіңіз, әке?

– Оқып көрдім: «Зафарнамадан»32 және Әбілғазы Баһадүрханның33 «Хандар шежіресінен».

– Князьдар да солай екені рас.

– Бәсе, – деді Шыңғыс қанағаттанғандай, – өзім де солай болар деп жорамалдаушы едім.

– Бұл сөздерді неге сұрастырып отырсыз, әке?

– Үміт дүниесі емес пе, балам? Біреуіне біздің де қолымыз жетсе!» деген дәмемен де; Баронның қажеті жоқ дедің. «Қалған екеуіне жетуге тырмысып көрсек қайтеді?» деген қиялға кеткен едім де.

– Оған неге құмарттың, әке?

– Құмартпағанда ше, балам-ау! Арғы атамыз Шыңғыс хан жердің жүзін, күннің көзін билепті деседі. Одан кейінгі атамыз Жошы хан ордасын алтыннан тігіп, қазақ, елі түгіл, Еділ-Жайық бойына бұйрығын жүргізген. Бергі аталарымыз: Әз Жәнібек қосқан үш жүздің басы, жуықтағы атамыз Әз Тәуке өлген соң ғана бытыраған; кешегі атамыз, аруағыңнан айналайын Абылай, қанатын Орта жүзден асыра жайып, ана шеті Алатаудағы қырғызға, мына шеті Кіші жүздің бергі бетіндегі Жағалбайлы – Жаппасқа ықпал жүргізген. Одан дейінгі үшінші атан, Уәли ұшпақ тым, тек Атығай – Қарауыл мен Керей – Уақтың ғана ханы болып қап, жеті жүз жылға созылған хандық даражамыз, сиыр құйымшақты ала кеп, ақыры, кешегі әжең34 марқұммен тұйықталды бізге жеткен сімілтірі – менің қолымда тұрған аға сұлтандық. Хандық даражасы біздің бұл Сібірде жойылып, сұлтандықтан құрылғанда, алты дуанның да аға сұлтандары хан тұқымынан белгіленген еді, кіші сұлтандардың да көпшілігі біздің төрелерден болған. Қазір ше? Алты аға сұлтаннан қалғаны жалғыз мен-ақпын. Кішілері де солай сұйылып келеді. Қазіргі сұлтандардың көбі, «қарадан хан болғандар» аталатын қара сүйек қазақтардан. Сонда, аталықты біреулер болса екен-ау, іштерінде «әкесі болды жетесіз, шешесі болды некесіз» деген сияқтылары да бар...

– Мәселен? – деді Шоқан.

– Ақмола дуанының қазіргі аға сұлтаны – Жайықтың Ыбырайы.

– Оның не міні бар?

– Міні сол, тегін қозғасаң қазақ, та емес.

– Енді кім?

– Естек.

– Ол қай ел?

– Башқұртты қазақтар «естек» дейді.

– Одан қалай келген Ыбырай?

– Көкшетау қаласынан, бұрнағы жылы өзін, көрген Ақан тауына қарай жүргенде, Зеренді аталатын бір тамаша тау бар, етегінде «Ақанға» беріспейтін шалқар көл. Сол Зерендіге жақындай бергенде, он, қолыңда «Қошқарбай» аталатын шоқы тұрады. Осы шоқы, Ноғай – Қарауыл аталатын елдегі Қошқарбай батырдың мекені екен. Сол батырдың қолына, Жайық бойындағы естектерден бір жігіт солдаттан қашады да, Қошқарбайға қорғалайды; аты – Гимада-аддин болса керек қазақтар оны жерінің атымен – Жайықбай деп кетеді. Өзі молдасымақ болса керек қазақ арасында молда жоқ кезі, Қошқарбай оған балаларының тілін сындыртып, молда ғып ұстайды.

– Шала дүмбілездің бірі екен ғой.

– Әрине.

– Содан?

– Қошқарбай Кенесарыға қарсы болған, орыс әскеріне қосылып, оны қуысқан адамның бірі болған. Кенесары жеңіліп, оны қуысқандарға шен-шекпен үлестірерде, Батыс Сібірдің генерал-губернаторы – князь Горчаков, Қошқарбайды да еске алып, Қараөткелде болатын жиналысына шақыртса, патшаның шенін шоқындыруға балайтын өзінің оны алғысы келмеген Қошқарбай, «сен барып қайт, берерін сен-ақ ал» деп Жайықбай естекті жібереді де, қолына Горчаков атына мұсылманша жазған хат ұстатып, баяғы Сперанскийден алған сақина мөрін басады.

– Болды қызық! – деді Шоқан, құмарта тыңдап.

– Жайықбай мұсылманша да, орысша да хат білетін кісі екен. Қошқарбайдың хатын тапсырған ол Горчаковке жағады.

– Әрине, солдаттан қашқан башқұрт екенін жасырып?

– Болса болмаса да.

– Қошқарбайдың қара күштен басқа өнері жоғын білетін Горчаков, хатына, мөріне сүйеніп, оның орнына, Ноғай – Қарауылдық кіші сұлтаны ғып Жайықбайды тағайындайды.

– Ыбырай соның баласы ма? – деді, әңгіменің аяғын естуге асыққан Шоқан.

– Солай. Қошқарбайдың қолына келген Жайықбай, сол үйдің есігінде жаугершілікте келген қалмақ күңіне үйленеді. Арасынан тұңғыш болып Ыбырай туады. Осы жайда, Есенбай – Қарауыл Шауыпкел ақын шығарды дейтін мынадай бір өлең бар. Ыбырай аға сұлтан боп күпей бастаған кезде Шауыпкелге кездесе қалады. Сонда, тасып тұрған Ыбырай «мені мықтап жамандашы, ат, шапан берейін» депті. Сондай айғайлап қоя берген Шауыпкел:

Ыбырай, әкең естек,
шешең қалмақ,
Салт болған кірмелерді олжаланбақ,–

дей бергенде намыстанып кеткен Ыбырай, ызаға шыдай алмай, теңселіп ыңырана бастаған. Сол қалпынан қорқып кеткен Шауыпкел:

Басына бес дуанның іс түскенде,
Аунайды саған қарай ауыр салмақ!

деп бастапқы сөздерін жуып-шайып жіберген.

– Сонда да қатырған екен! – деді Шоқан күліп.

– Содан бағы жанып, әкесінің үлгісімен мұсылманша, орысша хатқа үйренген Ыбырай, есейе келе, Омбы әкімдеріне тіпті жағып, Қоңыр Құлжа төренің аға сұлтандығын сыпырды да алды. Енді қолынан шығарар түрі жоқ.

– Жігіт! – деп қойды сүйсінген Шоқан.

– Айта берсең, – деді Шыңғыс сұстана түсіп, – «қарадан хан болғандардың» басқаларынан да сондай былық шығады.

– Мысалы? – деді «қарадан хан болғандардың» өмірбаянын көбірек білгісі келген Шоқан.

– Әз нағашың.

– Шорман ба?

– Оның әкесі – Күшік.

– Оның неменесі бар?

– Айтайын, тыңда!

– Ал, тыңдадық,– деп Шоқан әкесіне жақындай отырды.

– Ақмола мен Омбының арасына кең жайылып жат» қан елдің бірі – Күрсары Керей. Сол елдегі Әмен Семен деген байлар Күшікке нағашы екен. Әкеден туа жетім қалған Күшікті төркініне көшкен шешесі ала кетеді. Сол кезде «киіз қотыр» деген ауру болады екен дейді. Күшік жастайынан соған ұшырап, «Қотыр Күшік» атанған екен. Есейген оны нағашысы жылқы соңына салып, бір сәтте «жиендігіңе үлесім» деп, меңсіз қара түкті қотыр тай берген екен дейді. Оған Күшік қорланып, жылайын десе ақылды шешесі,– «кейіме, балам, қыдырып жүріп, Қыдырдың ізін шалды дегендей, мен мал танысам осы тегін тай емес, түбінде сенің ырысын, осыдан тарайды» деген екен дейді. Ақыры, анасының айтқаны келіп, нағашысынан еліне көшкенде, қара тайдың тұқымы жүзге жетіпті-міс.

– Бұнысы жақсы сәуегейлік болып шықты ғой.

– Солай екені рас. Бірақ «қотыр тайлы қотыр Күшік» аты соңынан қалмай, оның тұқымына өштер әлі де сыртынан мазақтап жүреді.

– Не демейді сыртынан. «Хан артынан жұдырық» демей ме? Бетпе-бет айта алмаса болғаны да.

– Айтуы айта алмайды, балам. Сол «қарадан хан болғандардың» бетіне өзгелер түгіл өзіміз де тура қарай алмайтын халге жеттік.

– Ол жағы, әрине, көңілсіз, – деді, әкесінің басына түскен тарихи ауыртпалыққа жаны ашығандай болған Шоқан.

– Осындай даража биігінен құлдырай құлаған шағымызда, кездесті деген жалғыз тірегім сенсің, Қанашжан! – деп Шыңғыс көзіне жас алды да, қалтасынан орамалын суырып, уқалай сүртті. Бұл – шын жылау. Хан тұқымына деген тарихи шеңбердің жылдар жылжи тарыла беруіне тәні де, жаны да қысыла түсуіне қамығудың жылауы. Бірақ, қалай жеңілдету керек соны? Графтық, дворяндық, князьдық атақтардың біреуіне жетумен бе? Одан не түседі? Шоқан білетін тарихта, бұндай даражаларға қолы жеткен және ұзақ тұтынғандардың талайы азып-тозып кеткен. Әкесінің де сондай күйге ұшырамасына кім кепіл? Ұсақ ұлттардан ол атаққа ие болғандардың талайын, Шығыс Сібірден көріп те қайтты. Өз халықтарына қожаңдағаны болмаса, патша әкімдеріне теңдесер біреуі жоқ. Бәрінің басында да жалтақ, жалбарынышты, жағымпаздық күн. Осылай ойлаған Шоқан әкесінің көңілін қалдырғысы келмей, тағы бір сөздердің арасында зор атақтардың биігіне көтерілу қиын екендігін дәлелді сөздермен айта кеп, парасатты әкесін түсіндіргеннен кейін, «дәм жазса Петербургқа баруға ниет еттік қой, сонда тамырларын басып көрерміз. Бұл жолы ретін келтіре алмасақ, жаңа патшаның таққа отырған тойына барғанда, тағы да айналдырармыз» деп, әкесін жұбатты. Әкесі:

– Жарайды, шырағым. Жағдай солай болса, асыққанмен амал қанша! – деп күрсінді де қойды. Шоқанға «атаққа сен ілік» деуі ат өтті ғана сез еді. Шын ниетін биіктің қандайына болса да өзінің шыққанын тілейді, Шоқанның өнер-білімін, осы мақсатына көтерілер бетінде баспалдап көреді. Әке мен бала осылайша бірімен бірі арбасып, баспалдамақ болып жүргенде, Шоқан мен Врангель арасындағы келісім сөздер басталып кетті. Шоқан бұл сөздерге үш жақтан қуанды: бірінші – Петербургтағы тойға болмаса, азаға барарлық құлқы жоқ еді, онда бару тек Гасфортқа және қазақтық депутацияға атқосшы болу ғана; азада өзіне тиетін сөз де, сыбаға да жоқ; екіншісі – қазынаның жолға берер қаражаты өте аз: сұлтандардың «ағаларына», бір айлық мөлшермен, күніне бір сомнан, «кішілеріне» елу тиыннан, адъютантқа да сондай, Петербургқа дейін қарауылдап баратын солдаттардың күніне он тиын олардың уряднигіне – отыз тиын; арзаншылықты уақыты болғанмен, амалсыздарға ғана болмаса, Шоқан сияқты мол жүргісі келетіндерге бұл қаражат жұмырына да жұқ болмайды. Өз қалтасы жұқа. Қалыңдатайын десе, мүмкіндік бар-ақ: дау қуған қазақтар параны шыжымдап емес, уыстап ұстататын оған өзге әкімдер құныққанмен, Шоқанның жолағысы келмейді, қызмет бабымен аталатын жалуанасы, күн көруіне әрең жетеді. Әкесі келгенде қайтерін білмей сасып қалған еді, жол көрген адам онысын сезді де, «расхотыңа» деп бір бума қағаз ақша ұстатты. Алғысы келмесе де, амалсыз алды. Сөйткен әкеге Петербург жолында да масыл болғысы келмейді; үшінші – саяхатқа құмарту арманына қолы ілігетін сияқты; әсіресе Орта Азияға; бұған дейін қазақ даласының бір көршісі – Шығыс Сібірді түгел аралағанмен, біраз тұсын көріп, жері, еті туралы мәліметтер алып қайтса, енді Орта Азияны араласа, тағы бір көршілерімен танысады; сәті түссе, бұл жолының ұзара беруі мүмкін. Врангель мен Шоқан келісті. Ендігі ризашылық Гасфортта. Шоқаның Петербурга жоламауын тілейтін Гасфорт, әуелі Врангельге «анау, мынау» деп арындаған болды да, «бұл сапар сәтті болса, ең алдымен сіздің абыройыңыз» дегеннен кейін, әрең деп көнген болды. Ендігі мәселе Шыңғыста. Оның көнер-көнбесі мәлімсіз. Көне қалса құба-құп. Ал, көнбесе ше? Шоқанның өзі айтса, көнсе бірсәрі... Көнбесе, көптен араздасып жүріп, жуықта ғана татуласқан әкесімен тағы араздаса ма? Оған Шоқанның барғысы келмейді. Ендеше, кімді жұмсау керек? Шоқанның таңдауы, Батыс Сібірдің соғыс губернаторы полковник Карл Казимирович Гутковскийге түсті. Ол Шыңғыстың да, Шоқанның да сенісетін, сыйласатын сырласатын адамы болатын.

– Мақұл, айтайын, – деді ол бірден.

– Бірақ, әкеме сөйлер алдында есіңізге саларым, – деді Шоқан Гутковскийге, – Орта Азияға жұмсалатын болсам, Петербургтің бұл жолғы сапарына бармаймын.

– Неге?

– Орта Азия туралы білетінім аз. Ол жайлы тарихтық және архивтық материалдар Омбыда көп. Соларды үлгергенше ақтарып, керектілерін теріп алуым қажет. Петербург сапары бүйтуге мұрша бермейді.

– О да мақұл екен, – десті Врангель мен Гасфорт.

Шыңғысқа сөйлескен Гутковский, алыстан орағыта, әуелі Шоқанның ақылын, білімін, қызмет әлемінде көтерілуге мүмкіншілігі зорлығын, оған шығар басқыштардың тетігі, тек екінші Александрда екенің патшаға жетер және жағар жолдардың қандай екенің өзінің бұл істерге тілектестігін, қолдан келер жәрдемін беруге әзірлігін айта кеп, сөз ақырын Шоқанның қайда баруы пайдалы болуына тірегенде, Шыңғыс торға қапыда түскен бүркіттей шырмалды да қалды. Оған Шоқанның қайда баруы қажет емес, қалай көтерілуі қажет. Сондықтан, Гутковскийдің сыпайылап айтқан дәлелді сөздеріне ол ұйып қалды да:

– Не дейсіз? – деген сұрауына:

– Біздің фамилияға сізді ешуақытта да пайдадан басқаны ойламайды деп сенетін адаммын. Үлкен басыңызды кішірейтіп айтып отырғаныңызға рахмет. Сізге – лайық, маған – лайық, айтқаныңыз бола берсін, – деді.

Сөйте тұра, алыстан болжағысы келетін дағдысына бағып:

– Тілеуі алдағы жас адамның азаға баруын іштей ұнатпай да жүр едім, Петербургтық бұл сапарынан қалып қоюына ренжімеймін де, ал сонда алдағы күзде жаңа патшамыздың таққа отырған тойына бару жайы қалай болады? – деді.

– Оны уақытында көрерміз, – деді Гутковский, – біреуге біреу түсімен ғана емес, ісімен де жағуы қажет емес пе?

– Әрине. Ең алдымен – ісімен!

– Ендеше, Шоқанның да патшаға ең алдымен ісімен жағуы қажет.

– Ол да жөн екен!

Көп кешікпей Врангель де, Батыс Сібірдің Гасфорт бастаған депутациясы да Петербургқа ылаулатып жүріп кетті. Қазақ өкілдерінің тілмаштығына облыстық басқарманың чиновнигі, татар тілін білетін Андрей Ииконорович Добшинский берілді.

АЗА САПАРЫ

Петербург сапарынан айдан астам уақытта оралған Шыңғыс қуанышпен де, ренішпен де қайтты. Қуанышы – Шоқанның Петербургқа бармағаны да дұрыс екен. Бара қалғанда, аяқ-асты боп жүргені болмаса көзге көрінерлік ешбір жағдай жоқ екен. Бұратана ұлттан шыққан кіші офицер, ол түгіл, Омбыда өзін жер тәңірісіндей ұстайтын Гасфорт та қақпайда қалып қойып, патша түгіл министрлерге де біразға дейін маңайлай алмай соры қайнап жүрді. Ондай кемшілікті көргеннен де көрмегені жақсы. Бұған да қуанғанмен, Шыңғыстың бұдан әлдеқайда зор қуанышы: Шоқанның, аты патшаға да жетіп, омы Орта Азия жаққа жұмсауға патша ризашылық беріпті.

– Енді, – деп мақтанды, бұл істі өзі өтегендей болған Гасфорт, Шыңғысқа, – тек көзім тимесін» де, сау, аман болып, патшаның мына тапсырмасын абыроймен орындап кайтса жердегі балаң аспанға бір-ақ шырқап шығады, содан кейін оны патшадан сібірлік қазақтар басқармасына председатель ғып сұрап алам. Аржағында генералдық чин де таяу тұр; оның аты, сіздің фамилияңыз биік даражалардың тауына ерлей, биіктей береді деген сөз!...

Бұл сөздерге Шыңғыс терісіне сыймай қуанды да:

– Бәрі сіздің арқаңыз, Ваше превосходительство! – деп құлдық ұрды. Петербургтан оралған Шыңғыстың, қуанышы осы болса, реніші: азаға қопа қардай ғып шақырғанмен, сібірлік аталатын халықтардың өкілдері, олардың ішінде – қазақтар елеусіз ұсталды.

– Петерборда «қонақтар қорасы» аталатын үй болады екен, – деп баяндады Шыңғыс бұл жайды Шоқанға, – бір орамды түгел қамти, алқа-қотан отыратын ауылдай тұтаса, дөңгелене салынған үйшіктер екен. Маңындағы биік үйлерден бойы әлдеқайда аласа, небары, екі-ақ этаж, (осындай сездерді жаттап алу және дәл айтуға жаны құмар Шыңғыс «э» әрпін нығарлап айтты), астыңғы этажы түгелімен сауда-саттық дүкендері, үстіңгісі – мейманхана.

– Бізге алғашында осы да қанағат көрінді, – деп жалғастырды Шыңғыс сөзін, – бірақ, үйрене келе байқасақ, кемшілікте екенбіз.

– Неге? – деді Шоқан.

– Қонақ қорасына, тек сібірліктердің қарапайым жағы ғана орналасқан, ұлықтарымызды «гостиница» аталатын әдемі, салтанатты үйлерге түсірген. Кавказдан, Балтық теңізі жақтан, Бұхара әмиратынан келгендер де гостиницаға апарылған, біздің, қазақтан оған іліккені нөкерлерімен Меңдігерей Бөкейханов қана. Жолы да, жасы да үлкен адам болған соң, Меңдігерейге әдейілеп барып сәлемдессем, жатқан үйі «Ангельтер» аталатын мейманхана екен. Біз орналасқан үймен салыстырғанда, ол жұмақ сияқты, ал біздікі оның қасында шынында да нағыз «қора». Атын тауып қойған. Оған Петербург татарларынан орысша және мұсылманша оқыған бір епті қуды жәрдемге беріп, ол аз күнде кең байтақ астананың есік-тесігінен көрсетпеген жерін қоймаған; ал, сібірлік қазақтардың жәрдемшісі Добшинский жолшыбай да маңғазсып түк бітірмей Гасфорттан көз таса тұстарда арақ ішумен әуреленіп келіп еді, Петербургта ол салтын тіпті үдетіп ап, күні-түні мастықтан басын көтермей қойды. Тегі қазақ атаулының жаратылысын жек көретін ол, «саудың басындағы ой, мастықта тіліне ауысады» дегендей, қосылған қазақтарына көмектесу орнына, әуелі еппен байқап көріп, үйрене келе өктеп боқтай беретін болды. Алыстағы жанаралдан гөрі, жақындағы кіпіралдан қаттырақ қорқатын қазақ, сұлтандары, Добшинский не десе де үндемей жеңеді, қатты қызған кезде, кейбір сұлтанға тілі түгіл қолы да тиіп қалады. Сұлтандардың ызаланған кейбірі, шағым айтайын десе, Омбыдан шыға бере озып кеткен Гасфорт, сол қалпымен Петербургқа дейін жеткізген жоқ. Петербургта жақсы мейманханалардың тәуір номеріне орналасқан ол, бастапқы күндердің бірінде өзіне ерген депутацияның басын қосып, жүріс-тұрыс тәртібімен таныстырды да, ара-тұра төбесін көрсеткені болмаса, жұғысуды қойып алды. Депутация қиындықты киімнен де көрді. Ауқатты қазақтардың қашан да мақтаныш көріп киетіні түлкінің жонынан, бауырынан, пұшпағынан немесе, күзен, ақ тышқан сияқты ұсақ аңдар терісінен, тіпті байлары бұлғын, құндыз сияқты қымбат аңдардан жасалған ішік. Бұндай ішіктерді, әсіресе күзен, ақ тышқан, пұшпақ сияқты жеңілдерін, сыпайы жерге барған қазақтар, жылдың өзге мезгілдері түгіл, шілденің сарша-тамызында да үстіне артып ап, пысынап өлгелі жүреді. Қыс күндері қасқырдан, аюдан, жаннаттан тіктірген тысты тондар. Петербург сапарына шыққан сұлтандар қолында бар ішікті киіп үлкен орындарда байлық белгісін көрсеткісі келді. Ішігі жоқтары түйенің я қойдың жүнінен тоқыған астарлы ауыр шекпендерін алды. Тек «патшаның сыйы» деп санайтын тұрпайы қара шұға шекпенін ала шыққан жалғыз Шыңғыс қана. Аяқ киімдері тіпті сорақы: бәрінде де қоныштары қара саннан келетін, кигіз байпақты саптамалы былғары етік. Оның ішінде шұлғаулы мәсі, жалғыз Шыңғыста ғана, салт жүрген кезде жеңіл, шолақ қоныш шиблет. Оны қазақтар «Шыңғыстың шолақ етігі» деп, кейде «шегелі етігі» деп атын бұрмалап алған. Ақшадан тарыққан сібірлік қазақ,тар, көлік жағынан да қағажу болды. Бұлар өздерінің теңсіздігін Меңдігерей Бөкейхановпен өлшейді. Меңдігерей көргісі келетін жеріне баруы үшін, қарлы күні шанаға, лайсаң, күні фаэтонға жегуіне пар ат беріліп қойған. Қайда жортам десе де еріктері; ал сібірліктерде ондай жоқ, извозщик аталатындарды жалдайын десе ақша жоқ. Сондықтан баруға, көруге міндетті деген жерлерге салпақтап жаяу жетеді. Ондай орындар Петербургта толып жатыр екен. Бәріне барса зорығып өлетін. Аз ғана жерлерге барғанда да қалжырап қайтады. Жалпы алғанда, теңсіздік кемшілігі, сібірлік депутапияның қазақтарынан ғана емес, ұсақ ұлттарының да, орыстарының да басына түсті. Петербургтің неге бүйту себебін, өзара күңкілдескен олар таба алмады. Жалпы бағынышты елдерді сөйтеді дейін десе, Кавказдан, Балтық теңізі қолтығынан, кіші және ақ орыстардан. Бұхара эмиратынан келгендерге көңіл бөлуі де, күтуі де әлдеқайда артық.

– Неге бүйтеді?! – деген сұраудың жауабын, Омбыға оралған сібірлік қазақтарға Шоқан тауып бергендей болды.

– Россия патшалығына, – деді ол, – олардың қызметі сіздерден артығырақ өткен. Мысалы, Меңдігерей Жәңгір ханның баласы. Ол Кіші күздегі Әбілхайыр ханның нәсілі, Жәңгір ханның баласы. Бүкіл қазақ атаулыдан Россияға бірінші болып еркімен бағынған – Әбілхайыр. Оның Ералы, Нұралы, Айшуақ, Бекей есімді төрт ұлы болған. Өткен ғасырдың үшінші ширегінде Емельян Пугачев бастаған орыс крестьяндары патшаға қарсы көтеріліс жасағанда, сол кездің ханы Нұралы сол кездің патшасы Екінші Екатерина жағында болып көтерілісті басуға көп күш берген. Сібірде ондай адам болмаған. Осы ғасырдың бас кезінде Кіші жүз хандығы екіге бөлініп, Жайықтың шығыс жағына  Нұралы тұқымы ие болған да Жайық пен Еділ арасына Бөкей әмір жүргізіп оның аумағы «Бөкей ордасы» аталған. Бекейдің хандығы, оның баласы, өздеріңіз атап отырған Жәңгірге, ол өлген соң, баласы Меңдігерейге ауысқан. Ол ең алдымен, сіздер емес, Саратовтың кадет корпусында тәрбиеленген офицер, орыс-түрік соғысына қатынасып ерлік көрсеткен жауынгер. Даражасы – полковник және сібір қазақтарынан әлдеқалай бола салатын полковник емес, орыс полковниктерінің қатарында жүре алатын кісі. Бізде Абылайдың бір баласы Қасымның, олардың балалары Есенгелді мен Саржанның, Кенесары мен Наурызбайдың Россияға қарсы көтерілген кезінде, Бөкей ордасында Исатай Тайманов және Махамбет Өтемісов бастаған шаруалар көтерілісі болған. Біздегі көтерілісті менің атам – Уәлі, әжем – Айғаным, мынау әкем – Шыңғыс болып, осы отырған бәрін, боп баса алмай, ақырында Алатау жағына айдап тастауға ғана әлдерін, келді де, сіздердің абыройларыңызды алақанның аясындай қырғыз алып, Кенесарының кескен басын Омбыға әкеп берді. Ал осы кезде Жәңгір хан өз қол астындағы көтерілісті қан-жоса ғып басты да, патша алдында үлкен абырой-атаққа ие болды. Сондықтан да Бөкей ордасының хандығын күні кешеге дейін сақтады. Әне, Петербургтың Меңдігерейді сіздерден артық күтетін себебі осы. Петербургтағы азаға барғанда жазаға леккендей қорлық көрген сібірлік қазақтардың, ол олқылығын түзеуге мүмкіншілігі де бар еді, енді, алдағы бірер айда, сол Петербургта, екінші Александрдың тәж киіп, таққа отырған, яғни патша болған тойы өткізіледі. Оған да Сібірден және сібірлік қазақ, дуандарынан депутация баруы туралы ішкі істер министрлігінен Омбыға да бұйрық келіп жатыр. Бірақ, әнеугі азаға кім көрінгеннің қалай болса солай, салдыр-салақ баруынан аузы күйгендей болған ішкі істер министрлігі, бұл жолы сібірдің батысына да шығысына да қатал сөздер айтып, тойға жіберілетіндерді әр елден таңдауды, оларды жақсылап киіндіруді бұйырған. Оның үстіне, Петербургтан аттанар алдында, Россиядағы отар елдерді басқаратын генерал-губернаторлардың бәрін жинап ап мәслихат құрған граф Бутков даярлықсыз келгендерді, әсіресе Гасфортты көзге шұқығандай болып, «осы кемшіліктеріңді тойға түзеп келіңдер!» дегенді ауызба-ауыз арнаулы түрде тапсырған. Сондай ескерту алып қайтқан Гасфорт, той жайын күн бұрын ойланып, оған тағы да өзі бастап баратын депутация құрамын, Петербургтан Омбыға орала сала жедел қолына алды. Бірінші мәселе – баратындар кім? Әсіресе, қазақтан. Оған ұзақ ойланып, басын қатыратын ештеңе жоқ, әрине азаға барғандар. Бірақ, тойға баратындарды, азаға баратындардай Гасфорттың өзі белгілей салмайды. Оның азаға әзірліксіз келуін, сөйтіп, ұятқа қалуын ескерте кеп, ішкі істер министрі оған тойға әзірлікпен келуді тапсырған. Сонда, бірінші қойған шарты, тойға баратындардың тізімін және мінездемесін күн бұрын жасап, Петербургтан бекіттіріп алу. Осы тапсырманы орындауға кіріскенде, Гасфорт өз қол астындағы қазақтардан, азаға барып қайтқандардан басқа лайықтарды таба алмады. Ол солардың тізімін және мінездемесін жасап, ішіне түсінік хатын қосып, граф Бутковқа жолдамақ болды. Бекітер-бекітпесіне балды да, балсыз да емес. Тізім және мінездеме жасау жұмысын Гасфорт Шоқанға тапсырды. Омбыда бар материалдарға сүйене отыра, көмескі я жоқ жерлерін білмеймін дейтін адамдардан сұрастыра жүре Шоқан жасаған тізіммен қысқаша мінездемелер төмендегідей болып шықты: Шыңғыс Уәлиханов. 1816 жылы Көкшетау дуанының «Сырымбет» аталатын тауының етегінде туған. Орта жүздің ханы – Абылайдың ұрпағы, әкесі Уәлі де, шешесі Айғаным да орыс өкіметі таныған хандар болған. Омбыда казактардың офицерлік школында тәрбиеленген, 1843 жылы орыс әскерін бастап, Кенесары Қасымовты қуысқаны үшін Александр лентасына қадалған алтын медальмен наградталған, соңғы қызметі – Көкшетау дуанының аға сұлтаны және облыстық басқарманың ақылшысы, соңғы чині – подполковник. Мұса Шорманов. 1816 жылы, Баянауыл тауының етегінде, Арғын руының Қаржас аталатын тайпасында 13 жасынан елді басқару ісіне араласқан Шорман би Күшіковтан туған; 16 жасында кіші сұлтандыққа іліккен, Кенесарыны қуысқандығы үшін 1839 жылы хорунжи чинін алған, Шығыс Сібірдегі алтын ошақтарынан Қытайдың зорлықшылдарын қуысқандығы үшін сотник чині берілген, қазіргі мансабы – Баянауыл дуанының аға сұлтаны, соңғы чині – ясаул. Ыбырай Жайықов. 1801 жылы Ақмола дуанының Қошқарбай аталатын тауының етегінде туған. (Одан әрі Шоқан Ыбырайдың ата тегі және чинге көтерілу туралы әкесінен естігенін жазайын деп еді, ақылдасқан Мұса, «ол ұят болар» деп жаздырмады). Кенесарыны қуысқандығы үшін сотник чинін алған, қазіргі қызметі – Ақмола дуанының аға сұлтаны. Қанғожа Тәтенов. Арғы атасы – Жәңгір Абылай ханмен бірге туған. Оның баласы – Сұлтанбет, оның 14 ұлынан Шаншар дейтіні майорлыққа, Орыс дейтіні хорунжилыққа, одан капитандыққа жетіп, Орта жүз қазағынан бірінші рет алтын медаль алған, одан 1793 жылы туған Тәтен де капитан боп, Ертіс бойындағы Бәсетиін, Қыпшақ және Уақ руларына аға сұлтан болған; одан туған Бапы – бірінші Александрдың таққа отырған тойына барып, ясаул чинін алған. Қанғожа соның баласы. Ол да Кенесарыны қуысқандығы үшін сотник даражасына жеткен. Қазіргі чині – Көкпекті дуанының аға сұлтаны. Әбілез Әділов. Туған жылы мәлімсіз. Орта жаста. Әкесі Әли – әуелі Аягөз дуанының, одан кейін Алатау дуанының аға султаны болған. Оның әкесі Әділ Абылай ханның отыз ұлының бірі. Абылай ол баласын Жетісудағы Найман, Жалайыр, Үйсін, Дулат руларын билеуге жіберген. 1824 жылы Кенесары әкесі – Қасыммен соғысып жеңгені үшін, Андрей лентасына қадаған алтын медаль және қымбат тастармен әшекейленіп, аты жазылған күміс жүзік алған; 1846 жылы Кенесарымен соғысқаны үшін тағы бір алтын медаль және подполковник чинін алған. Әлидің өзі алыстағы жүріске жарамайтын жетпіс жастағы қарт болғандықтан, орнына Әулиеата дуанына жақында ғана аға султан болып тағайындалған баласы поручик Әбілезді жіберуді өтінген. Бұл тізімге өкілі кірмей қалған жалғыз дуан – Қарқаралы. Оның соңғы кезге дейін алма-кезек ауысып келген аға султандары Құсбек және Жамантай дейтін Барақ ханның тұқымдары, өзара бақ талас болып, бірінің үстінен бірі арызды жаудыра берген де, ақыры, бірінің түбіне бірі жетіп, екеуі де енді қайтып оралмастай, қызметтерінен босанған. Ел олардың орнына, болғысы келмеуіне қарамай, «ел тоқырар кісі» деп, Тобықты руынан Өскембайдың Құнанбайын ұсынып, жуық арада жоғарғы жақтан бекіп келген. Құнанбай сонда да «жуықта хажыға кету ниетім бар» деп, мөрін алмай, Петербург тойына да барғысы келмей, «тыңғылықты кісі» деп, орнына дуанның белгілі бір биі – Қаракесек руынан Қазанғап ұлы Тәттімбетті ұсынып Омбыға хат жазған. Омбы оның мән-жайын тексертсе, туған ағасы Құттымбет, 1826 жылы бірінші Николайдың таққа отыру тойында поручик чинін және Андрей лентасына қадаған күміс медаль алып келген екен. Арғындағы Қаракесек руының «Шаншар» тайпасынан шыққан Мөшкенің Қазанғабында Ырсымбет, Құттымбег, Тәттімбет, Жақсымбет, Ашшымбет дейтін бес ұлы болған сияқты, олардан басқа тағы бес «беті» кішкене күндерінде өлген, сонымен Қазанғапты кіндігінен тоғыз «бет» болғанға ұқсайды. Қазанғаптың өзі патша әскеріне қосылып Кенесарыны қуысқан, хорунжи чинін алған; балалары да «ақ патшаны» жақтап, чинге іліккен. Атақты Біржан салдың ақын Сарамен айтысында: Ұл тумас Қазанғаптай ата ұлынан.

Тұқымы дегдар болған жатынынан,
Полковник чинге жеткен түгелімен,
Шырылдап туған бала қатынынан,–

деуі содан болса керек.

Осындай дегдар тұқымнан болғандықтан, Петербург тойына баратындар тізіміне Тәттімбет те қосылды. Тізімге леккендер хабарланып, қастарына кімдерді ерткісі келуі сұралғанда олардан төмендегідей өтініш түсті: Шыңғыс кіші сұлтандардан: Атығай – Қарауыл руларының болысы Байсарының Шөбегін, Әлке – Байдалы руларының болысы Аққошқар Кішкентаевты; Мұса, Сүйіндік Қаржас руларының болысы Секербай Малгелдинді, өзінің кенже інісі, он екі жастағы Әужанды; Ыбырай, Бөрші, Темеш руларының болысы, хан тұқымы – Қоңыр Құлжаның Бегалысын ұсыныпты. Толықтырылған тізім тез арада Петербургтағы сібірлік комитет пен ішкі істер министрлігіне жолданды. Бұлардың баруына күдігі жоқ Гасфорт, енді жаздың жағдайына лайық, дұрыстап киіндіру қамына кірісті. Сонда орысша ма? Ұлтынша ма? «Орысша» дегендері: «Патшаның сыйлығы» деп берілген, тұрпайы қара шұғалардан тігіп, жаға-жеңдерін оқалаған шекпендер; олар ауыл арасында ғана сәнді, патша әкімдерінің арасында келеке қылатын киімдер; іштерінде хорунжи, сотник ясаул атақтары барлар бірталай болғанмен, ясаул чииіндегі әскерлік киім Шыңғыста ғана бар. Өзгелерінде жоқ. Сондықтан, аза сапарында сыйлыққа алған қылыштарын мойындарына асқысы келген оларға, «есекке күміс тұрман артқандай көрінесіңдер» деп, «қайтқанда аларсыңдар» деп Шоқан бар қылышты сыпырып алып қалатын болды. Тойға жаман-жәутік шекпендермен жіберуді ерсі көрген Гасфорт, Шоқанның ақылымен, баратындардың бәріне де, жақсы көздемеден қамзол-шалбар, бірнеше көйлек-дамбал, кебіс-мәсі дегендерді Омбыдағы татар шеберлеріне қазақы үлгіде тіктіретін болды да, даярланған шақта, бағасын өздері төлеуге тапсырды. Сырттарынан желбегей салатын шекпенді түйе жүнінің өрмегінен қазақша кең ғып тіктіруге бұйырды. Ендігі мәселе – қазақ депутаттарын кімнің басқарып баруы. Добшинскийден аузы күйген қазақтар, оны я ол сияқтыларды ерткісі келмеуін Гасфортқа ашық айтты. Генералдың «енді кім?» деген сұрауына ешқайсысы жауап бере алған жоқ. Қалай береді? Сібірлік қазақтарда Шоқаннан басқа орыс тілін және орыс тәртібін білетін жан естілмейді. Оның баруына Шыңғыс пен Мұсадан басқалары түгелімен іштей қарсы. Қолы леккен жердің бәрінде де Шоқанның биіктеп кетуіне күдігі жоқ олар, дәурені өтіп кеткен хан тұқымынан тағы біреуінің орыс чинінде жоғарылауын іштей күндейді, сол сырларын сырттарына қалай шығарудың тәсілін таба алмай әлектенеді. «Әр Мұсаға бір Перғауын» дегендей, Шыңғыстың іштей қатты күндеп жүрген кісісі бар. Баяғыда, бастапқы қатынынан туған Әбәйділда Айғанымға қарсы боп, Россияға қарсы көтеріліс жасағанын білеміз. Сонда Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Сперанский оны алдап, «Керей – Уақ» руларын саған билетем» деп жанжалын біраз уақытқа доғартқан. Сол кезде Сұлтанғазы дейтін бес жасар ұлын аманатқа алған. «Аманат» дейтіні бір ұлын патша өкіметінің қолына береді де, егер антын бұзса, өкімет аманатты өлтіреді. Бірақ, ақылды Сперанский, Әбәйділда антын бұзып тағы да көтерілгенмен, қолына алған Сұлтанғазыны өзімен бірге Петербургқа алып кетеді де, пансионаттағы орыс сабағына береді. Содан оқи берген Сұлтанғазы, патша сарайының қасындағы «Паж» аталатын кадет корпусын бітіріп чині жоғарылай береді де, Шыңғыс Петербургқа барған шақта, патша нөкерлерінің қатарына кіреді. Соны естіген Шыңғыс, қызғаныштан жарыла жаздағанмен, сырын білуге жақындайын десе, анау бір кекірейген маңғаз!.. Шыңғыс Петербургта болған күндерде, ол жұғысу орнына қашқалақтап, маңайламай қояды. Абайсызда бірер кезігіп қалғанда байқаса, түр-тұлғасы кесік-кейіп аумаған әжесі. Әкесі де осы сияқты менмен, кекір кісі болатын. Ол да «тоқал баласы» деп Айғанымнан туғандарға өш еді. «Өш қана емес, дұшпан да. Айғанымның өзін я кезіккен балаларын өлтірмек боп, Әбәйділда талай аңдыған да, қолы жете алмаған. Соны білетін «тоқал балалары», «ол ұсталып, Итжеккенге айдалды» дегенді естігенде, «шоқ-шоқ!» деп сандарын шапалақтап қуанған. Сол Әбәйділда Итжеккеннен біраз жылда оралып, көп кешікпей сырқаттанған да, елер алдында туыстарына «менің жаназама Айғаным балалары кірмесін. Оларға қастықтан басқаны жасамаңдар!» деген өсиет қалдырған. Соны естіген Айғаным балалары да, Шыңғыс балалары да, «бәйбіше балаларын» келіспесе, кескілесер жауы санайтын. Шоқан да осы рухта тәрбиеленген. Сондықтан, әкесі Петербургтағы азаға аттанарда «Сұлтанғазы Абылайханов дегеннің аты естіледі, сол Әбәйділданың баласы емес пе екен; сұрастырып қайт, егер сол болса, сырын тарт, әкесінің өсиетін естіді ме екен, жоқ па екен? Әжемнің35 ұрпағына қалай қарайды екен?» деген. Шыңғыстың Сұлтанғазы туралы көрген-білгені жоғарғыдай. Естуінше, қайсысы екені мәлімсіз, ағайынды Әбәйділда, Аппастың балаларынан біреуі, астыртын түрде Петербурға ат ізін салыпты-мыс» деген қауесет бар. Тіміскілеп байқаса, Әбайділданың «жастай қағынған» аты шыққан Қашқымбай деген баласы болса керек. Қайсысы барса да, әкелерінің өлердегі өсиетін Сұлтанғазыға айтпады деймісің? Оның Шыңғысқа жоламау себебі сол кегін қайтарғысы келмеуіне кім кепіл?.. Ол жағын құдайға тапсырған Шыңғыстың қаупі – «патша сарайына кіріп жүрген кәпір, Шоқанның есу жолына кедергі жасамаса неғылсын?!» Шоқан депутацияға еріп Петербургтағы тойға барар болса, «анау кәпір құсыттық жасап, жазымға ұшыратар» деп бір сескенетін, «патша жұмсағалы отырған сапарына кесір келтірмесе не қылсын?!» деп екі сескенетін Шыңғыс Шоқанды той сапарына қайткенде ертпеу тәсілін таба алмай қатты қиналды. Ондай тәсілді Гасфорт тапты. Оның да Шоқанды адъюданттықтан жоғарылатқысы келетін хұлқы жоқ. Сол ниетіне қарай жан,а патшаның қабылдауында болған оның құлағына жамандау бір сөз де шалынған еді. Шоқанның Орта Азияға жұмсалуы жайында кеңесіп отырып, Гасфорт патшаға оны асыра мақтап алды да. соған сеніп қалған патшаның аузынан:

– Россияға бағынышты елдердің әрқайсысынан біздің таққа шын берілген адамдар болса, елінің тізгінін соған ұстатқан жөн. Мысалы, Кавказда, Балтикада, Кіші орыста солай болып жүргенін білесіз. Егер Валиханов бұл сапардан абыройлы келсе, сібірлік қазақтарды басқару ісін сотқа неге тапсырмасқа? – дегенді айтып қалды. Гасфорт бұл сөзден іштей сескенген еді. Ол өзін Батыс Сібірдің, оның ішінде сібірлік қазақтардың «жарты патшасымын» деп есептейтін кісі, реті келсе осы қызметінде өле-өлгенше тұра беру ниеті де бар. Сондай көңіліне, патшаның сөзі тікендей қадалып, Шоқан туралы арам ойын іштей тереңдете түсті. Бұған дейін, Орта Азияға жұмсалатын Шоқанның қатерлі сапардан аман оралар-оралмасын болжай алмаған ол, енді келмес сапарға кетуін де болжалдай бастады. Онысы – Орта Азиядан аман қайта қалса, тарихтың сол бір кезеңінде, ішіне кіруге ешбір сыртқы мемлекеттердің тұмсығы бата алмай жүрген Орталық Азияға, оның ішінде «Шығыстық Бұхара»36 аталатын өлкеге жіберу. Одан аман қайтпауына сенімі берік сияқты. Сырт естуінше, ол өлкенің қазіргі ханы – Уәлихан тере Европадан барған оқымысты адамдардың басын кеседі де, бас сүйектен жасаған күмбезіне іліп қояды. Гасфорттың осы арам ниетінің ішкі мәнін аңғармаған патша да мақұлдай кетті.

ТОЙ САПАРЫ

Гасфорт той сапарына әзірленіп болдым деп шамалаған шақта, баруға тиісті депутацияның Петербургқа жолданған тізімі де бекіген күйінде келіп қалды. Бұл, «шілденің сарша тамызы», аталатын ыстық күндер еді. Тойға баратын қазақтардан, жалғыз Шыңғыстан басқа орыс тілімен нан сұрап жер біреуі жоқ. Тілмаш бола алмауын Шыңғыс серіктеріне күн бұрын ескертіп, «өліп баратырмын десеңдер, ауыздарыңа орысшылап су тамыздырмаймын», – деді.

Енді кім бар?

Бүкіл сібірлік қазақтар ішінде оқығандардан орыс тілін білетін жалғыз Шоқан ғана. Оның бұл сапарға бармауы мәлім болды. Не себепті екенін Шыңғыс жасырмай, бір жағынан мақтаныш көріп, «жаңа патшаның арнаулы тапсырмасын орындауға қалады» деген сез таратты, «өзім де білмеймін, тегі аса құпия болу керек» деп, не тапсырма екенін айтпады. – «Шоқындырады» деген үреймен орыс оқуынан қашқалақтап балаларын школаға бермей келген сұлтандар, қателіктерін енді ғана түсінді. Шоқан соны пайдаланып, жер-жебірлеріне жете ұрысты да, ұялған сұлтандар «осыдан аман қайтсақ па? Ұл балаларымызды шетінен орыс оқуына берерміз! деп ант ішкендей болды. Омбының тұрғын қазақтарынан орыстық тілін біліп, хатын білмейтіндер бірталай. Оларды тілмаштыққа ертуге болмайды: бәрі де ұсақты-ірілі сауатсыз, сиықсыз сәудегерлер ғана. Добшинскийден аузы күйген сұлтандардың татарша білетін орыс тілмаштарына жолағысы келмейді. Осы жайларды ақылдасқанда, ең қолайлы адам, Омбыдағы мешіттің имамы, түмендік татар – Халил халфе болып шықты. Ол мұсылманша білімді Қарғалыдан, орысша білімді Томскийден алған, сол кезде татар арасынан көріне бастаған зиялылардың біреуі еді. Алыс жолдарға талай шығып ысылған да адам. Жасы отыздың жуан ортасында. Осы кандидатураға Омбы әкімдері тоқырағаннан кейін, өзі де бұл істе ризаласқаннан кейін, Петербургқа баратын депутаттар атқа қонды. Аза сапарында ауыр бейнетке ұшыраған жолаушылар, той сапарында кейістік көрген жоқ. Ең алдымен, аза жолында, Омбыдан Петербургқа дейін толассыз төпеген жаңбыр той жолында бір де тамбай, аспан үнемі жарқырады да тұрды. Аза сапарында жолшыбай ылау міну де қиынға соғып, кей жерде әлденеше түнеп қалғандары бар еді. Үкімет орындары ылаушылардың сол бейғамдығын түзеткендей той жолының өн бойында байланған аттар, қай кезде болса да даяр тұрып, жүргіншілерді кідіріссіз іліп ала жөнелді. Осы қарқынмен, аза жолына жарты айдай уақытын кетірген жолаушылар той жолында бір-ақ жұма жүрді. Петербург та біздің жолаушыларды жылы жүзбен қарсы алып, бұлар болған он шақты күнде «ақ түн» аталатын жарқын қабағын бір рет те жаппай үнемі жарқырады да тұрды. Азаға барған қазақтардың «шіркін, осындай үйге біз де бас сұғар ма екенбіз?!» деп арман еткен «Ангельтер» мейманханасына, той сапарында олар да түсті: кейбіреулеріне жеке, енді біреулеріне екі-үш төсекті номерлер тиді. Бәрінің де барлық қажеті ішінде. Халил епті адам екен. Ол бұрын бұндай орында тұрып көрмеген бейбақтарға «мынаны былайша пайдалану керек!» деп номер ішін бәріне де түгел таныстырып шықты. Асты кең бөлмеге даярлаған дастарқаннан бәрі тұтасып бір мезгілде ішетін болды. Қандай тамақ әзірлету міндетін Халилге жүктеді. Әр бөлмедегілерді ас кезінде жинап, азықтандырып тарату міндеті де сонда. Омбыдан аттанарда, әр сұлтанның үйлерінен әкеткен дәмдерін, «аш болмайсыңдар» деп, Шоқан зорлағандай алып қалған. Жолшыбайғы азық ойдағыдай болмай, тек ақ жұмыртқамен ғана күн көрген қазақтар Петербургқа олқы қарындау жеткен. Петербург олай болмады. Тойға келгендерге берілетін ас ағыл-тегіл. Солардың ішінен қазақтардың тағы да таңдағандары: ақ ірімшік шикі қаймақ, айран, сүт, май сияқты ақтан жасалған тағамдар, ал, еттен, шошқа былай тұрсын, «пісмілдәсіз бауыздаған» деп құс, қой, сиыр сияқты «адал» көретін малдардан да алғаш татпай жүрді. Оны естіген өкімет, мына «еркелігін» де көтеріп, сол маңдағы татар қасапшысына апарып, етке керек хайуанды көздерінше бауыздатты. Мейманхана етіне қазақтар солай үйренді. Күннің ашықтығы, тілмаштарының ептілігі қазақтарға Петербург қаласын еркін көруге мүмкіндік берді. Мейманхана төңірегінде қонақтарға арналған фаэтонды аттар тізіліп тұрады. Ат алудың да, жетекші алудың да тәртібін жақсы білетін Халил халфе астан, ұйқыдан бос мезгілдерде қазақтарға қаланы қыдыртады да жүреді. Петербургты сонша көп қыдырған біздің қазақтардың ұққаны не? Енді соған келейік. Бірінші қаланың өзі туралы. Бұған дейін олардың еркін аралап көрген ең үлкен қаласы – Омбы. (Азаға келген жолы Петербургты аралай алмағаны есімізде). Бейнелеп айтқанда, олардың ұғымындағы Омбы сәулетті сарай сияқты да, онымен салыстырғанда, қазақ қыстаулары қой қора сияқты. Ал, Петербургты аралағаннан кейін, оны Омбымен салыстырғанда, «тамаша» деп таңданатын Омбы, бұның қасында қазақтың қыстауы деуге сыятын; Омбыдағы екі-үш қатар үйлерді «аспанмен тірескен!» деп жүрсе, Петербургтағы кейбір биік үйлердің төбесі, әсіресе ордалар мен шіркеулердің мұнаралары бұлтты күндері аспанның ішіне сүңгіп тұрғандай; Омбының ең биік деген шіркеуі Петербург шіркеулерінің ең аласасына татымайтын; Омбының ордасына саналатын генерал-губернатордың кеңсесі бұндағы ордалармен, әсіресе қысқы ордамен салыстырғанда мая қасындағы «итарқадай»... Ең кереметі, құрылыс материалдары, әсіресе тастары. Қазақтардың тас. атаулыдан бұған дейін білетіндері,– жергілікті таулардың орысша «известняк» аталатын сұрғылт тастары. Былайша ол да қатқыл сияқтанғанмен, атақты қазақтардың қабірлеріне қойған құлпылар, ең көп дегенде елу-алпыс жылға шыдайды да, одан жел мен суға желініп, бұдырмақтанып іри бастайды. Батыс Сібірдегі қазақтар түгіл орыстарды да және басқа ұлттарды да қайран қалдырған құлпы, дәуірі жүріп тұрған Айғанымның ері – Уәлиге Самарқаннан әдейі алдырып орнатқан «көкаласы». Негізгі бояуы аспан түсті болған, күн сәулесіне. шағылғанда өңі ойнақши құлпырып тұратын бұл тасты, жақындағы ауыл-село адамдары дамылсыз шұбырып, көруге тоймауы былай тұрсын, алыстан әдейі іздеп келетіндер де аз болмаған. Сонда бәрінің бірауыздан айтары: – «Мұндай да керемет көрікті тас болады екен-ау!..». Біраз жұрт бұл тасты көре алмай арманда қалды. Ел жайлауға шығып, қора есіз қалған бір жазда, тілеуі құрығыр әлдекімдер ұрлап әкетіп, із-түзі табылмай қойды. Басқа тастардан қазақтардың көргені – мәрмәр (мрамор). Оны да Қызылжар, Омбы сияқты қалалардағы орыстың моласында, қазақтың зиратында атақты адамдардың қабіріне қойылған құлпылардан ғана кездестіреді; жүзіктің көзіне орнататын ұсақтары болмаса. өзге түсті тастардан олардың хабары жоқ. Енді, Петербургқа келсе, бұлар көрмек түгіл естімеген нелер түсті тамаша тастар аяқ астында шашылып жатқандай. Көбінің беті айнадай жалтыраған. «Жаратылуы осылай ма, әлде қолдан майдалай ма екен?!» деп таңданысады қазақтар. Қайсысы болса да қаптап жатыр. Талай үйлердің, шіркеулердің кейде іргесі, кейде бүкіл денесі осындай тастардан өрілген; кей тұста алаңдарға да төселген, өзендер мен каналдар арналары да кемерленген!.. Не деген көп, не деген ғажайып тастар!.. Бұндай әр түсті тамаша тастар «Исааки соборы» аталатын ғажап үлкен, ғажап биік шіркеудің тұла бойында тұнып тұр. Ол қазақтар орналасқан мейманхананың терезелерінен айқын көрінеді. Халилдің, әркімнен сұрастырып, шала-шарпы ұғуынша, Петербург қаласының іргесі 1703 жылы қаланған. Сол кезде орыстар шведтермен соғысып қап, бір арпалыста «Бірінші Петр» аталатын патша жаудың қамауында қалса керек те, батыр серіктерінің ерлік қимылымен әрең құтылса керек.

– Сол күні, – дейді Халил, – Айса дінінде Исаак аталатын әулиенің туған күні екен. Бұл, тегі ислам дінінде «Исхақ» аталатын пайғамбарға ұқсайды.

– Астапыралда! – деп қалды, Исхақ пайғамбарды халфенің кәпір дініндегі әулиеге теңгеруін ерсі көрген қазақтар. Халфе оларға Айса дінінің бас кітабы Интилде (Евангелие), одан әрі Мұса дінінің бас кітабы «Тауратта» (Талмуд) айтылатын әулиелердің аттары «Құранда» өзгеріңкіреп қайталанатынын баяндап берді. Халфенің оқуы көптігіне ден қойып алған қазақтар, сене қоймаса да, «солай ма?!» дей салысты.

– Сонымен, – деді халфе Исааки соборы туралы сөзін жалғастырып, – аса қатерлі қамаудан құтылуын, Петр Исаактың жебеп-желеуінен деп санайды да, оның құрметіне қаланың, орта тұсынан, ез қолынан қиып, кішкене ағаш шіркеу орнатады. Сол шіркеу бертінге дейін келіп, Павел патшаның бұйрығымен қопарылады да, орнына қымбат тастардан, қаладағы ең кең, ең биік ең көркем анау шеркеу тұрғызылады. Оның да аты «Исааки соборы». Халфе бұл шіркеу түгіл, бүкіл қаланың қандай қиындықпен орнауын да сұрастырып көрген екен. Оның айтуынша Петербург, түбіне сырық бойламайтын былқылдақ саздың үстіне орнаған.

– Қалай?!..

– Қара майға малшыған қарағай бөренелерді астына батыра берген де, кептеліп болған шақта, үстіне тас төсеген.

– Кімдер батырған, сонша бөренені?!

– Құлдықтағы қара шекпендер, – деп Халил Россиядағы крепостнойлық правоны білгенінше түсіндірді. Бұл жайды естімеген «орысты орыс құлданады» дегенге нанғысы келмеген қазақтар күдіктене әрең иланып, халфе сезін:

– Сансыз мың құлдар сөйтіп, бұл қаланың іргесін әрең қалаған; ауыр азапта жыл сайын мыңдаған адамдар өле берген, олардың орнына тыңдары үстемелей қосыла берген, сонымен, бұл қала өліктер сүйегінің үстіне өскені Қабір үстінде отырғандай, қазақтар «Астапыралда!» деп жағаларын ұстады. Исааки соборын сыртынан шолғанда, олар екі көрінісіне таңдана қарады: бірі, жуандығына үш-төрт кісінің құшағы әрең жететін, ұзындығы зәулім ағаштың бойындай биік, қызғылт граниттен тұрғызған толып жатқан тас бағаналар. Халфенің айтуынша, әлдеқайдағы тұтас тастан жасалып, мұнда домалаумен келген.

– Қалай?!

– Әрине, ездері домаламайды, адамдар домалатады.

– Қалай?!

– Жаралған жерінде тұтас тастан қашалып, діңгек құлпына келгенде, көліктер көтеру түгіл сүйрей алмайтын бұларды былайша әдіс қолданып тартады екен: әуелі жерге қаз-қатар бөренелерден жол салынады, соның үстіне тағы да бөренеден торап төселіп, мыңдаған адам, суға малшынған жуан кендір арқанмен діңгектерді домалатады...

– Япырай, айласын-ай!.. Алыс жер ме екен, сонда?..

– Пәлен жүз шақырым болса керек – дей салды, жер мөлшерін білмейтін Халил халфе. Қазақтардың екінші таң қалғаны – Исааки соборының төбесіндегі толып жатқан мұнаралардың үстінде жарқыраған жамылтқы. Бұндай жарқырақтар өзге шіркеулердің мұнараларында да, адмиралтейство аталатын су жолы басқармасының шпилінде де, кейбір сарайларда да бар; бәрінен көбі Исааки соборында. Қазақтар ол жарқырауықтарды әуелі жез, я бояу деп жүрсе, сұрастыра келе, алтын болып шықты!.. Және қоспасыз саф алтын дейді!.. Халфе есіріп айта ма, анығы ма?

– Қалай және қайтіп үлгерген бұлай майдалауға?! – деген сұрауға, оның да жайын білмеген халфе,– әкелуінен майдалауы қиын деймісің?– деп жалтара жауап береді. Қазақтарға ең түсініктісі – собордың мұнараларында күнге шағылыса жалтыраған жамылтқы.

– Қанша алтын жабылды екен бұл шіркеуге? – десе:

– Жүз жиырма пұт дейді! – деп жауап береді халфе.

Қалталарына бес сомның алтыны түсіп көрмеген, алтын сақина ілудегі біреулерінде ғана кездесетін қазақтар:

– Шіркеу жұтып жатыр екен ғой, алтын атаулыны! – деп қояды.

Қазақтардың Петербургта ғана көрген бір жаңалығы, әр тұсында ұшырасатын мүсіндер, әсіресе адам мүсіндері. Ондай мүсіндер болуын көрмек түгіл естімеген олар алғаш көргенде «бұл не қылған мақұлық?!» деп шошына қарады. Бойлары үйреніп тамашалаған шақта сұрастырып көрсе, өткен уақыттағы патшаларға, батырларға, ардақты адамдарға орнатылған ескерткіштер. Соларды көргенде біреулері: – «Біздің нелер қадырлы аталарымыз, қымбат адамдарымыз ескерткішсіз өтті-ау!» деп өкіністі; ислам дінінің шариғатында «сүгірет салу харам» деген ұғым санасына сіңгендері «кәпірдің өзімен кетсін бұлары», деп безінді. Мүсіндер ішінен олардың айран-асыр боп, айнала жүріп қарағаны, – «Мыс сал татты» аталатын Бірінші Петрдың ескерткіші. Оның аты да, ат тұяғы таптаған жыланы да, адам мүсіні де тірі қалпындай!.. Қазақтардың оған таққан жалғыз міні, аю терісін ат арқасына жаба салған Петрдің жайдақ отыруы. «Ер-тоқымы болса, бұдан да артық жарасар еді!» десті олар .. Қазақтар Петербургта көргендерінің бәрін кереметке санап, кейіне шала-шарпы түсініп, кейіне түсінбей; бірақ көре беруге құмартып жүрген шақтарында, «жаңа патшаның коронациясы37 мұнда емес, Мәскеуде өтеді-міс» деген сыбыс шықты. Сол сыбыс расқа айналып, Москваға баратындардың поезбен баратыны анықталды. Поезд!.. Қазақтар «от арба» деген болады дейді, көліксіз арба оттың қызуымен жүреді дейді, сондай көп арбаның бірі біріне тіркесіп, рулы елдің жүгін де, адамдарын да бір-ақ жола тиеп әкетеді дейді» деген ертегі сияқты хабарды естігені болмаса, кездерімен көрген жоқ-ты. Өткен көктемде осы қаладағы азаға келген олар, «Петербург пен Мәскеу арасында темір жол салынып жатыр дейді, үстінен от арбалар жүре бастапты дейді», дегенді естіген. Өкімет орындары соны көрсетуге апармақ болғанда, алдына барса асап қоятын айдаһардай көрген қазақтар сырттан қос-үрей боп, бармаған... Енді, міне, сол от арбаға мінудің де реті кеп қалды. Енді бармасқа амалы жоқ. Сондықтан «көппен көрген ұлы той» деген мақалға сүйеніп, не де болса мінуге бел буды. Темір жол Россияда жасаң құрылыс. Оның алғашқы торабын «жынды патша» аталған Павел, Петербург пен патша селосының арасындағы жиырма төрт шақырымға үйдірген де, рельсін оның баласы – бірінші Александр 1835 жылы жүргізген. Содан кейінгі Петербургтан Москваға беттеген темір жол торабын бірінші Николай елер алдында ғана төсетуге кірісіп, жолдың аты «Николаево» қойылған. Бұл құрылыс басталар алдында, темір жолшы инженерлер Николайға жолдың салынар жобасын көрсеткенде, сазды ормандардың құрғақ тұстарын аралап кететін қисық сызықтарды Николай ұнатпаған да, «былай салынсын» деп, Петербург пен Москва арасында линейкамен түп-түзу сызық тартқан. Оны орындамауға хақы жоқ құрылысшылар, шығыны және бейнеті ез жоспарларынан екі-үш есе артып кететін жол ісіне кіріскен. Тез бітуі қиындаған жолдың қызығын көре алмай, кенеттен өліп кеткен Николайдың ісін, тағына отырған баласы, екінші Александр жалғастыра берген. Оның бұйрығы – өзінің таққа отыру тойына бітіру. Бірақ, «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзыпты» той қарсаңында Николай темір жолының тең жартысына ғана рельс төселіп, ар жағы бітпей қалған. Оны тойға дейін бітірудің амалы жоғын көрген патша, құрылыс ісін той тарағанға дейін доғарып, қонақтарын біткен тұсы, – Боровичи станциясына дейін поезбен апарып, одан әрі ат көлігіне ауыстыратын болған. Жолаушылар поезға Петербургтың «Николаево» вокзалынан отырды. Ішіне көп кісі отыратын вагон қазақтарға Сібір селоларында «бес қабырғалы» аталатын ағаш үйден әлдеқайда үлкен сияқтанды. Поезд қозғалғанша, «басымыз айналар, құлармыз» деген қауіппен оларда зәре-құт қалған жоқ. Сөйтіп отырғанда составтың қалай қозғалып, қалай жүріп кеткенін аңғармай да қалды. Біраздан кейін «неге теңселеміз» деп терезеден қараса, қоршаған ормандар, кездескен үйлер ағын судай арт жаққа зымырап барады!.. Петербургтан түн ортасында аттанып, «жарты жолда» дейтін Боровичиге тан, сібірлей жетті. Пар-пар жегілген аттар ол арада даяр тұр екен. Жолаушылар қанша болса да жеткілікті және бәрі де әлекедей жаланған жарау арғымақтар, арбалары солқылдақ фаэтондар... Поездан арбаға міну оларға тамұқтан жұмаққа шыққандай болды. Солқылдақ арбаның жұмсақ жүрісі, поезда кірпік қақпай келген олардың қалғуына бөгет болған жоқ. Шала ұйқылы олар, ылау аттарының жолшыбай бірер ауысуын, өңі емес, түсі сияқты сезді. Сөйтіп Москва шетіне қалай кіруін аңғармай да қалды. Москва!.. Бұл сезден жолаушылардың, ұйқысы ашылып кетті. Өйтпегенде ше?.. Соңғы мың шақты жылдың ішінде, бұл қаланың, ең алдымен оның дәуірлеуіне дейін бытыраңқы өмір сүріп келген орыстардың басын қосып, күшті мемлекет жасауын, одан кейін, жылдар өте, жан-жағын көбірек қармап, көршілес елдерді қосу арқылы, қазір дүние жүзіндегі ең үлкен, ең айбынды қалаларының бірі болуын, бұл жолаушыларда білмейтіндер кемде-кем. Ол қазір, кең байтақ Россияның жау жеңе алмайтын алып астанасы. Кейінгі ғасырларда Петербург та астана атын алғанмен, білетіндердің айтуынша Москва – үлкен орда да, Петербург оның отауы. Сондай Москваның көшесіне кірген жолаушылар, жан-жағына алақтай қарап, Петербургпен салыстыру ойында болды... Қазақтардың шамалауынша да, Москва шынында да үлкен орда сияқты екен. Оның көшелері тарлау, үйлері қоңырқай, бойы дембелше сияқтанғанмен, бәрі де салмақты, ауыр, ұсқынды көрінеді. Бұнымен салыстырғанда, Петербург жаңа үйленген жac жігіттің сәнді отауындай әлем-жәлемі, жарқ-жұрқы көп. Біреулердің Москваны «далдиған деревня» деулері де қисынға келетін сияқты. Жолаушылар Петербургты да үлкен деп жүрсе, Москваның үлкендігі оның әкесіндей!.. Оның тарлау, қиғаштау, біріне-бірі жалғасқан ұзын көшелерін аралап ұзақ жортқан қазақтардың Кремль көрінген шақта, есіне аталарының «таусылмайтын жол болмайды, табжылмайтын ел болмайды» деген мақал түсті. Кремль!.. Москвада ондай қамал барын Шыңғыстан басқа қазақтар естіген жоқ екен. Ол туралы, баяғы офицер шағында естігендерін Шыңғыс серіктеріне шала-шарпы баяндаған болды. Сөйте тұра, таңдана қараса, биік қабырға әр тұсында төбелері сүйриген, үстіңгі жағы кетіктенген, түсі қоқыр күрең мұнаралар!.. Халфе қанша білгішпін дегенмен, Кремль тарихын қазақтарға баяндап бере алмады. Оның бар білетіні, – он төртінші ғасырда Едіге бастаған алтын ордалықтардың осы қамалды бір жаз бойы қамап жатуы екен. Халфенің ұғымында, «алтын орда, татар ордасы. Үш жүз жылдай дәурен сүрген ол орданың, сол жылдарда орыстың да бірталай өлкесін билеген татарлар». Санасында татаршыл ол:

– Сонда, – деп мақтанды қазақтарға, – татарлар осы Кремльді қоршай қамап тұрған шақта, сырт жағынан басқышпен жоғары өрлеген аталарымыздың басына іштен қорғанушылар қайнаған су төгеді екен. Халфенің айтуынша, Москвада татарша аталатын біраз орындар бар, мысалы: «Яуза» аталатын өзен «жауыз» дегеннен шыққан. «Арбат» деген көше, «арба» және «ат» деген сөздерден құралған, тағы тағылар... Солардың біреуі Кремльдің күнгей жағын жағалап ететін «Москва» өзенінің орысша «Балчуки» аталатын жағасы еді. Ол, түрікше «балшық» деген сөз болса керек бертінге дейін сазданып жататын саян, болыпты. Тойшыл қонақтардың қайсысы қайда орналасуы күн бұрын белгіленгенде, қазақтарға бір саудагердің Балчукидегі «Тоқырау» аталатын ағаш үйі бір жұма тұрады деген есеппен қырық үш сом елу тиынға жалданған. Сондағы сметасы қызық: жаз болса да отын керек деп, жағуға төрт саржан кетеді деп, саржан басына бес сомнан алған; өзеннен бөшкемен су әкелуге үш сом, сәкі жуушының күніне 50 тиыннан, үш жарым сом, көйлек-көншекті жууға бір кісіден 25 тиыннан, барлығы екі жарым сом, шам құятын бір пұт тон, майға төрт сом елу тиын, жан басы – он сом. Қазынадан төленген бұл шығынның сметасын, сарай шаруашылығының министрі граф Олденбург бекіткен. Бір заманда тал, терегі араласқан қалын, тоғайға бөленген Балчукиге бертінде үйлер салынып орманы сиреген екен. Дегенмен, Петербург төңірегімен салыстырғанда айналасы жалпақ жайлау сияқтанып, қазақтардың тыныстары кеңейіп кетті. Халфе оларды Москвада да жетектегісі кеп еді, «бәрі бір қала көрінеді ғой» деп ерінген қазақтар көп жүре қоймады. Іштерінен «бәрі бір емеске» санайды. Петербургтың биік үйлері біркелкі, ал Москвада арбиған биік үйлердің арасында, көп түйенің арасындағы қой-ешкі сияқтанған ұсақтары да кездесе береді екен. Коронация кешіккен жоқ. Оның Никольский соборында өтетіндігін оқырмандарға ескерткеміз. Ендігі мәселе, өздеpін мұсылманға санайтын қазақтардың, шіркеуге кірер-кірмесі. Баяғы Омбыда оқып жүрген жылдарында, «шіркеуде шоқыну қалай болады екен?» деген оймен, көлденең мұсылмандардың көзінен жасырынып, Шыңғыс сан рет кірген. Имамға ұйыған мұсылмандардың намазға үнсіз қимылдай беруімен салыстырғанда, христиан дінінің әндете өткеретін құлшылығы Шыңғысқа қызық көрінген. Коронацияның құлшылығы жайшылықтағыдан әлдеқайда қызғылықты болуға тиісті. Ал, соған қатынасайын, көрейін десе, серіктерінен бата алмайды. Ислам дінін шалағай білетін олар, шетінен фанатик сондықтан шіркеуге сүйресе кірер түрлері жоқ. Генерал-аудитор, князь Чернышев басқарған той комиссиясы, мұсылман қонақтардың жайын ойлап, корония уақытындағы патшаға арналған құлшылықты Москвадағы татар мешітінде еткізуді ұйғарды. Сонымен қатар, шіркеуге де кіремін деушілердің қолына пропуска тапсырды. «Қайтер екен?!» дегендей, бірін-бірі бақылаған қазақтар түгелімен мешітке кетті де, шіркеуге барғысы, коронацияны көргісі келген Халил халфе, бірдемені сылтау ғып, тобынан қалып қойды. Коронация біте, Балчукиде бастары қосылғанда, Халил шіркеуде болғаның коронация қалай болғанын қазақтарға қысқаша айтып берді:

– Шіркеудің де мехрабы болады екен, – деді ол, бұған дейін де талай көргенін жасырып, – орыстар оны «алтарь» дейді екен. Терінде қымбат тастармен, алтынмен безенген тақ тұрады екен, сол жағында сүйеген таққа лайықты, келтелеу асай-мусай, оны «скипетр» дейді екен. Оң жағында, төбесінде кіреші бар алтын топ, оны «держава» дейді екен, тақтың төбесінде әлгі қымбат мүліктермен безенген тәж...

– Сонымен? – деді «коронация» дегеннің қалай болатынын тезірек естігісі келген қазақтар.

– Шіркеуге чиндерін тағынған халық лық толған шақта, «орган» патшалық гимнді ойнай жөнелді.

– «Орган» дегені не екен?

– Сіздер көрмеген, айтқанмен түсінбейтін күй сандық... Күйдің орысша аты – «музыка».

– Гимні не?..

– Мақтауға арналған ән-күй...

– Бөлмеңдер сөзін!.. Сонымен?..

– Ойналып жатқан тамаша күйді, әлдекімнің «Ұлы император!» деген күшті даусы бөліп жібергендей болды, бірақ күй онымен доғарылу орнына күшейе ойналды. Шеркеу толған жұрт, қолдарын кеуделеріне қоя, бастарын ие қалды...

– Өзін, қай тұсында тұр ең?

Мақсатым патшаны көру болған соң, таңда жақындау тұрам да...

– Әрине. Бірақ жолатты ма, оған?

– Қарамадым, жолатқан-жолатпағанына. Әскерлік адамдардың «қайда?» деп қақпайлауына қарамастан көздерін тасалай жылжи бердім де, «осы тұс жетер» деп тоқтадым.

– Иә, сонан?..

– Жұртпен бірге мен де басымды игенмен, көз қиығым – тақта. Сөйтіп тұрғанымда, жарқылы көп желең жамылған біреу бастаған, сондай жарқырақ киімділер және поптар қоршаған біреу, арғы сыртқы есіктен бері қарай көріне берді.

– Патша болмағай да алдыңғысы!..

– Портретіне көзім қанған патшаны тани кеттім...

– Ие, ие?..

– Ол етегіндегі аз ғана басқышпен көтерілді де, таққа отырды. Сол кезде «архирей» аталатын ақсақалды жас поп, тақ төбесінде тажды көтеріп ап, патшаға ұсынды. Таж киген патша түрегеп, «державаны» он, алақанына көтеріп, аса таяқты сол қолына ұстатты... Содан кейінгісін көруге де, естуге де болмай қалды: азан-қазан шулаған әндету мен күйлер құлақты тұндырып жіберді... Жұрт сапырылыса бастап, патша төңірегін жауып жіберді!..

– Осы көргенің де аз емес! – деп қазақтар. – Біз оны да көре алмадық қой!.. Содан кейін, «біз неге бармадық соған?», «сені кім тоқтатты?» деген сияқты өкінішті, даулы сөздер халфенің құлағын керең ғып жіберді. Ертеңінде жаңа патшаның таж киюіне байланысты Кремль қасындағы Қызыл алаңда әскери парад болды. Қазақтар бұл кезде, бір жүйелі қонақтардың арасында Қызыл алаңның теріскей жағында «Қытай қаласы» аталатын бөлшекті орай қоршаған аласалау қамалдың, төбесінде тұрған еді, сондықтан олар әскери парадты мейлінше айқын көрді. «Парад» деген сөзді олардың бірінші естуі. Оның не екенін алдын ала білетін адамдардан сұрастырып түсінген. Бірақ, есту бір басқа екен де, көру бір басқа екен. Естігенде тез көруге құмартқан қазақтар, көрген шағында естерінен танғандай болды. Олар Қытай қаласының төбесіне парад баталардан бұрын күн шыға кеп орналасқан еді. Оған дейінгі әсерлері, таң біліне күмпілдеген соғыс оркестрлері, тұтаса жаңғырыққан күшті үндерімен қаланы басына көтергендей болған. Бұндай оркестрдің кішірек түрін олар Омбыда да көрген. Бірақ, хайуанатқа салыстырғанда, Омбынікі – тышқан сияқты да, мынау – түйе сияқты. Осы үн үсті-үстіне үдей түсіп, бұрын мұндайды естімеген қазақтар түгіл, Москваның да құлағын керең ғып, өзге дауыстардың бәрін құмықтырып тастады... Парад сәскеге жақын басталды. Сол кезде Қызыл алаңның жан-жағындағы көшелерден әскерлік қосындардың әр түрі қаптай бастағанда, тұтасқан қалың қимылдан қазақтардың басы айналғандай болды... Бір кезде қимыл басылып, төңірек тыныш бола қалды. Сонда қызыл қақпадан ақ арғымақ аттар ойнақшыған жарқылдақ киімді бір топ салтты шоқытып шыға келді. Қақпадан шыққандар, сапта қатып қалған әскерлік қосындардың ашық Кремль жақ алдынан шоқытып етті. Даң-дұң дауыстар естілді. «Әскер мен патшаның сәлемдесуі» десті біреулер. Сәлемдесу тұтасқан гуілге айналды. Патша тобы қақпаға қайта кірді де, аздан кейін Кремльдің бергі қабырғасына тақтайдан уақытша жасаған кең мінберге арғы іштен әлдекімдер көтеріле бастады. «Патша!..» «Семьясы!..» «Туыстары!..» «Нөкерлері!..» деген сездер естілді жан-жақтан. Оркестрлер бұрынғысынан да күшейе, гүжілдей жөнелді... Сол кезде Кремльдің куранты сағат онды соқты да, «патшаны сақтай гөр, тәңірі» күйін ойнап, ол аяқталғанда, соғыс министрі князь Долгоруковтың командасымен, тастай қатқан әскерлердің қимыл маршы бастала жөнелді. Оркестр үдей түсті. Бұл қимыл қазақтарға үлкен бір теңіз толқығандай, өздері соның топанына тұншыққандай әсер берді. Одан әлдеқайда мол, әлдеқайда ұсқынды парадты қазақтар Петербургта, Марсовое поле аталатын алаңда көрді. Москвалық парадқа сол қаланың жергілікті гарнизоны ғана қатынасқан еді, ал Петербургтағысына Россияның құрғақтағы, судағы қарулы күштерінің барлық түрлері де қатынасты. Соған қараған қазақтардың бір ауыздан айтқаны:

– Осындай қалалары, осындай өнері, осындай әскері, осындай қаруы бар елге төтеп барғысы келіп, қарсыласқан аталарымызда ақыл болсайшы!.. Бағынғандарының есі дұрыс екен!..

ТОЙ ТАРҚАР

Петербургта да, Москвада да көп қызық көрген қазақтардың ендігі ең зор арманы, патшамен дидарласу болды. Той тарқар таянғанша, ол арманы, қол жеткісіз қиял сияқтанып, кейбір күндерде, кейбір жағдайларда алыстан ғана көздері түсіп, ұрымтал, жақын жерге жуымай-ақ қояды. Той тарқар таяна, патша Кавказдың, Балтиканың, Славян тұқымдарының, Орта Азияның, Сібірдің... деген сияқты қауымдардың тойға келген өкілдерін Петергоф, патша селосы, қысқы және басқаша аталатын сарайларында топтап қабылдап, әрқайсысына арнаулы сый-құрмет көрсетті. Неге екенің кім ескерткенін кім білсін, «сібірлік» және «орынборлық» аталатын қазақтардан келген өкілдерді өзге топтарға қоспай, патша қысқы сарайда жеке қабылдады. «Орынборлық», «сібірлік» деген терминдер он сегізінші ғасырдың орта тұсында шыққан. Сол кездің патшасы – екінші Екатерина, араларында қоныс жанжалы бола берген Орта және Кіші жүздің шекарасын ашып беруді, Орынбордың генерал-губернаторы, князь Неплюев пен Сібірдің генерал-губернаторы князь Горчаковқа тапсырған. Олар және екі жақтың билері бас қосқанда, орыстар жағы «қазақтардың өздері шешсін» деп, қазақ жағы, сол кезде үш жүзге әділ атағы жайылған Жазы биге тоқырап. ол «шегіміз осы болсын» деп Обаған өзенін белгілеген. Содан бері Обағанның батыс жағы «орынборлық қазақтар», шығыс жағы «сібірлік қазақтар» атанған. Сібірлік қазақтардың хандығы 1822 жылға дейін ғана созылып, Айғаныммен аяқталғанын білеміз. Ал 1801 жылдан бастап «бөкейлік» және «оралдық» болып екі хандыққа бөлінген орымборлық қазақтардың хандықтары, Бөкейде 1845 жылы Бекей ұлы Жәңгір ханның өлуімен, Оралда 1809 жылы Айшуақ ұлы Жантөренің өлуімен аяқталып, одан кейін Сібірдегі қазақтар сияқты, орымборлықтар да әлденеше әкімшілікке бөлініп, оларды да «правитель» атанған аға сұлтандары билей бастаған. Екінші Александрдың тойына, бөкейліктердің аға сұлтаны Меңдігерей Бөкейханов бастаған депутация келген, іштерінде атақты күйші – Шығай ханның баласы Дәулеткерей бар; оралдық депутацияны правитель Жантөрин бастаған, оған ергендердің ішінде Алтынсары Балғожин38 бар. 1826 жылы бірінші Николай таққа отырған шақта, сібірлік депутацияны басқарып, сол тойға қатынасқан Сартай Шыңғысов еліне қайтқанда, «патша орымборлықтарды бізден жоғары ұстап, ерекше күтті» деген өкпемен келген. Сол Николайдың азасына келгенде, орымборлықтарды әлі де жоғарырақ ұстағанын Шыңғыс көзімен көрген. Ал мына екінші Александрдың тойында, екі жақтың да қазақтарын Петербург ала-құла көрмей, тең даражада, бірсыдырғы жақсы күтті. Сондықтан, орымборлық пен сібірлік қазақтар, бұдан бұрынғы кездесулеріндей, өзара шікірейіскен, күндескен жоқ, жалғасқан күндерінен бастап «әкей-үкей», аралас-құралас, сырлас болып кетті. Петербургтағы, Москвадағы, ол екеуінің арасындағы жол бойындағы күндерін көбінесе бірге еткізген орымборлықтар мен сібірліктердің сырласа кеткенде кеңес қылатындары, патша өкіметінің қазақ даласына салған отаршылдық құрсауларының шеңбері жылдан жылға тарыла, қысымның қатая түсуі. Бұл мәселеге олар халық мүддесі жағынан емес, ездерінің әкімшілік қуаттарының жылдан-жыл әлсіреп, дала билігінің тізгінін патша чиновниктері жылдан жыл қатайта ұстауы. Егер патшаның қабылдауында бола қалса, олар осылардың бәрін мұң ғып шақпақ. Сол тілектері қабыл болғандай, патша қазақтарды жеке қабылдады. Орымборлықтарды «орда кеңесі» аталатын мекеменің председателі генерал-майор – Гавриил Васильевич Ващенко, сібірліктерді Гасфорт бастап апарды; бәрін сарай қасындағы сібірлік комитеттің председателі, аншеф-генерал – князь Александр Чернышев басқарды. «Аудиенция» аталатын бұл қабылдауда, мемлекет мүлкінің министрі адъютант генерал граф Кисилев, ішкі істер министрі генерал-аудитор граф Блудов, финанс министрі барон Брок соғыс министрі генерал-инфантериеден князь Долгоруков, заң министрі генерал-майор граф Синявин, оқу министрі граф Алексей Толстой тағы басқа чиндер болды. Бәрі де соғыстық формасында және барлық ордендерін, медальдарын кеудесіне қадап алған... Сібірлік қазақтардың бұған дейін көрген ең үлкен генералы – Гасфорт; орымборлықтардікі – барон Игельстром. Оларды да қопа қардай көретін қазақтар, енді патшамен, министрлермен салыстырып байқаса, арыстанның я жолбарыстың қасындағы иттей бұғады. Жергілікті жерлерде Гасфорттар бірен-саран ғана ғой. Ондайлар, олардың әкесіндейлер бұнда толып жатыр. Ал, бір-бірінен сұрастырып байқаса, бүкіл қазақ, атаулыда әлі күнге генерал чиніне жеткен біреу де жоқ екен. Кавказдықтарда бар сияқты. Соларды көрген қазақтар «біз де шен алып, шекпен кидік деп мақтанамыз-ау!» деп, генералдық чинге жетуді арман ете күрсінеді. Қазақ арасында күпсіп жүретін хорунжи, капитан, майор, жүздік ясаул, кәтте, подполковник полковник... дегендер бұнда иттің құлы итақай сияқты... Россияның жоғарғы чиндеріне көздері сүрінген қазақтардың қысқы сарайдағы аудиенциялық залға жеткенше сілелері қатқандай болды. Толып жатқан есіктерден, іштері ертегідей безенген коридорлардан, залдардан, бөлмелерден өткен оларды, қақ жарыла тығыз сапқа тұрған офицерлік чиндегі қақиған қарулы адамдар араларынан өткізіп тұрды. Тек кірпік қаққаннан басқа қимылдары жоқ. Бәрі де тас боп қатып қалғандай!.. Сонша қарулы күзетке бөленген патшаның, қабылдау залына жету оңай болып па?.. Қазақтарға да қиын болды жету. Және өзге қиыншылығының үстіне, олардың басқарушылары, «сарайға кіре төменшілік көрсетіп, қолдарыңды кеуделеріңе қоя, бастарыңды иіп жүріңдер!» деген еді. Олай жүруге жақын жер болса жақсы ғой. Сарай ішінің жүрісі ұзақ екен. Ұзаққа бүкшеңдеген қазақтардың белдері талғанмен, бұйрықты орындамауға амалдары жоқ. Отырар, дем алар орын да көрінбейді. Екі жақта тікейген күзет, оның үстіне бастап келе жатқандар да қыспаққа ала, аяқтарын жылдам адымдайды. Солардан жасқанып, жүріп келе жатқан жерлерінде көз тоқыратып көре алмады. Сөйтіп «ес кетті, жан шықты» дегенде, әрең деп тоқырасты-ау! Бұл – қабылдау залының алды еді. Сонда аз отырып тыныстағаннан кейін залға шақырылды. Онда адам саны көп болмағанмен, бәрі де жарқылдақтар. Орта тұстарындағы тақта отырған сары мұрт сұлуша адам патша болар деп шамалады, тағы да төменшік халдегі қазақтар, отырғандарды тек көз қиықтарымен ғана көрді. Нұсқаған орындарға қымсына келіп орналасқан қазақтарға, патша ойда жоқ қимыл көрсетіп, тақтағы орнынан тұрды да, сәлемдескендей басын иді. Одан әрі не істеуге білмеген қазақтар, төңіректерін әлі де көз астарымен сүзіп, тым-тырыс қатты да қалды. Басқа жоқтығын байқағандай, граф Киселев патшаның қазақтарды наградтау туралы указын жариялады да, оларды иелеріне үлестіру – князь Чернышевқа бұйырылды. Сібірлік қазақтарға тигені – төменгі чиндерінен бірер саты көтерілу, сонда Шыңғыстың жеткені – полковник. Мұсаныкі – подполковник, өзгелері бұрын үлкен сияқтанғанмен, енді уақ-түйектер, солардың ішінде Мұса Шормановтың он екі жасар інісі – Әужанға да хорунжи чині ілекті. Қазақтар чинге емес, алдына бес жүз сом, артына жүз сомдай берілген сыйлық ақшаға қуанды. Қазақтар атынан патшаға алғыс айту Шыңғысқа тапсырылған еді. Гасфорттың ымымен түрегелген оның бойы дірілдеп, әрең шыққан үні тұттықты да, берекелі ештеңе дей алмады. Сондай сыйлықпен аудиенциядан тараған қазақтардың ең үлкен олжасы, қолдаспаса да, сөйлеспесе де патшаның денесін, кескінін еркін көрді. Көргенше «жер құдайының түр-тұлғасы өзге адамнан ерекше болар» деген қиялда жүрсе, енді көргеннен кейін жасаған қорытындылары – «ол да басы жұмыр пенденің бірі!» Сол күні кешке патшаны тағы да жақын жердей көрудің сәті түсті: қысқы сараймен жалғасқан «мемлекеттік эрмитаж» аталатын салтанатты үлкен үйде тек патшаның өзіне семьясына және нөкерлеріне арналған, бірер жүзден артық көрермен сыймайтын жабық кішкене театры бар еді; тойды басқарушылар басты қонақтарға осы театрда концерт көрсетпек болды. Арнаулы комиссия концерт программасын жасағанда, қонақтар ішіндегі әнші-күйші дегендердің тан,- даулыларын қатынастыруға ұйғарды. Кімдер барын сұрастырған комиссия қазақтар арасынан Дәулеткерей мен Тәттімбетті тапты. Бұлардың әрқайсысы да өз өлкелерінде атаққа шыққан күйшілер. Әрбірінің халықтық және өзіндік толып жатқан күйлері бар. Петербургта да, Москвада да кешкі уақыттарының көбі босқа өтіп, іштері пысатын қазақтар екі күйшіні ермек қып, жеке де, жарыстырып та күйлер ойнататын сонда бірінен-бірі аса алмай, үнемі ит жығыс түсе беретін. Тартатындарының бәрі жан тербететін, біріне-бірі ұқсамайтын тәтті күйлер. Жалпы алғанда, Тәттімбеттің «Бозайғыр», «Тарғыл бұқа», «Ала байрақ», «Жау жетті, ел кетті», «Көкей кескен», тағы біраз күйлері қазақ, өмірінің жаугершілік замандағы тұрмысын, көбінесе зарын сипаттайтын көнерген өмірдің бейнелері, ал Дәулеткерей: «Сырым сазы», «Арғынғазы», «Кеңес», «Шалқыма» аталатын күйлерін Кіші жүздің әр кездегі халықтық көтерілістерін сипаттайды екен, немесе «Ақбала қыз», «Қос алқа», «Желдірме», «Ысқырма», «Қос ішек», «Бұлбұл» сияқты күйлерін күнделік тіршіліктің, әр тақырыбына арнайды екен. Қай тақырыпқа арнаса да, екеуінің де әрбір күйлері көңіл түкпіріне жетіп, жанды желпінтетін тамашалар. Қазақтардың, арманы: «шіркін, бұл күйлерді біз ғана естімей басқалар, әсіресе патша естісе!» Осы тілектері қабыл болғандай, концерт комиссиясы олардың есімдерін программаға қосты. Қазақтар оған қатты қуанды. Эрмитаж театрының жалпы құрылысы қазақтың кигіз үйі сияқты дөңгелене, орындары төменнен жоғары өрлей сатылана салынған еді. Сахнасы кең, оның екі жақ босағасының оңында патша ложасы, солында министрлер ложасы. Қазақтар тиісті орындарына отырған шақта, сахнаның да, ложалардың да шымылдықтары жабулы түр, залдың төбесінде сәулесі күннен де өткір сияқтанған, төңірегі асыл тастар сияқты бірдемелермен әшекейленген шамдар шоғыры. Бұл, сол бір тұстағы Петербургта, тек қысқы сарайға ғана орнатылған электр движогінің жарығы екенің электрдің не нәрсе екенін естімеген қазақтар білген жоқ. «Құдайдың құдіреті ме, бұл сәуле, патшаның құдіреті ме?!» деп таңданыса қарады қазақтар люстраға. Бұрын концерт дегенді көрмек түгіл, естімеген қазақ,тар, «ойын осы жақта болады» дегенге, шымылдықтың ашылуын асыға күтті. Бұған дейін олардың театр атаулыдан көргені Петербургтағы «Маринка» болатын. «Патша қызына арнап салдырған екен» деген бұл үйдің ішкі әдемілігіне қайран қалған қазақтар Вердидің сол күні ойналған «Риголеттасынан» түк те түсінген жоқ. Түсіну орнына, музыканың, және артистердің азан-қазан шуынан бастары айналып, бірер актысын көргеннен кейін кетіп қалысты. Содан кейін «театр ойыны» атаулының бәрінен безіп, Петербургта да, Москвада да Дәулеткерей мен Тәттімбеттен басқалары ешбіріне бармай қойды. Олар эрмитажға да бармас еді, егер ол ойынға ез серіктері қатынаспаса. Бәйге атаулыға аты қазақтың бәрі желөкпе келетін әдеті. Бұл қазақтар да Дәулеткерей мен Тәттімбетті күйшілер бәйгесіне қосқандықтан, сол әдеттің намысына тұншығып, олар міндеттерін орындап шыққанша, озу тілегінде ес-тұстарынан айрылар халде отырды. Сахнаның да, ложалардың да шымылдықтары ашылды. Залдың сәулесі сеніп, жарық тек сахнада ғана қалды. Көрермендер, олардың ішінде қазақтар, апанына төнген аңдай сахнаға көздерін тіге қалысты. Сахна сәулесінен ложаларда отырғандардың да қылтиған бастары көрінді. «Әне, государь!» деп сыбырласты қазақтар төңірегінде біреулер. Бірақ, енді оған жақындау қайда?!.. Концертке оркестр де, хор да, жеке және жұптасқан әншілер мен күйшілер де қатынасты. Қазақтар бұлардан да тук түсінген жоқ. Олардың асыға күткені өз адамдары. Сол оймен шыдамдары шытынап сынуға таянған шақта, конферансье қазақ күйшілерін де атады-ау!.. «Бәйге» десе қаны қызып, дегбірінен айрылатын қазақтарда, «қайтер екен?!» деген оймен ес-түс қалған жоқ. Олардың ең зор қаупі – «ішкі құрылысы кигіз үй тәрізді дөңгелене жасалғанмен, аумағы одан әлдеқайда кең, төбесі әлдеқайда биік бұл үйге домбыраның дыңылдаған даусы жете ала ма, жоқ па?!» Қазақтардың сиынбаған аруақ, құдайы қалған жоқ. Ойналған күйлерге олар тынысын тындыра құлақ тікті. Күйлер ойнала жөнелді... Аруақ көтерді ме, әлде дыбыстары сондай ма, залдың іші домбыраның шанағына айналғандай, күй үні күмбірлей жөнеліп, жоғарғы ложада отырған қазақтардың құлағына, қасында ойналғандай анық естілді... Бірінші болып шыққан Дәулеткерей, әуелі «Желдірме», одан кейін «Ысқырма» аталатын екі күй ойнап берді. «Желдірме» жүрісті аттың адуынды қимылын, «Ысқырма» дауылды желдің екпінін аңғартады екен. Екі күй орындалғаннан кейін, залдағылардың шапалақтары ду ете қалды. Қазақтар да қолдарын шатырлата соғып жіберді... Көзі қырағы біреулердің байқауынша, патша отырған үйшікте де қолдар қағылып жатыр. Тәттімбет «Сылқылдақ» пен «Көкейкесті» күйлерін орындады. Ол да бар өнерін аяған жоқ. Оған да шапалақ кем соғылмады... Қазақтардың ұғуынша «шапалақ соғылу» деген, «ұнатты» дегеннің белгісі, күйлерге көрермендердің көңілі көншігенін шапалақ дыбыстары аңғартып тұр. Енді бұның арты не болар екен?!.. Арты қайырлы болып шықты. Концерт тарай үйіріне қосылған күйшілердің айтуынша, оларды патша өзі отырған бөлмеге шақырып алған да, екеуінің де қолдарын қыса құттықтап, әлде не төресі кеуделеріне алтын медаль қадаған!.. Қазақтар бұған қуанды да, қызғанды да. Қуанғаны – бәйгеге қосқан жүйріктерінің жүлдеге ілігуі, қызғанғаны – абырой.

Өйтпегенде ше?

Пәлен ханның, тұқымы, пәлен чинді, пәлен сұлтан болып жүрген олардың біреуінің де патшаның қолына қолдары тиген жоқ, біреуі де жақын жерден жүздесе алған жоқ; біреуі де патшаның көзіне көрсете сыйлық алған жоқ... Сондай құрмет пен бақытқа, қазақ, атаулыдан,тек күйшілер ғана кенелді!.. Бұған «шонжар» аталатын қазақтар қалайша күйінбес?!..

БӘЙГІГЕ ҚОСҚАН БІР ТАЙ

Зор абыройға жеткен күйшілер үшін Петербургқа бірге барған серік сұлтандардың сүйінген, я күйінген көңілдерінің ешбір мәні болған жоқ. Себебі олар абырой биігіне серіктерінің сермеуімен емес, өздерінің шарықтаған өнерлерінің қияға қаққан қуатты екпінімен көтерілді. Екі күйшіден: Дәулеткерей – төре, Тәттімбет – қара халықтан шыққанын білеміз; сондықтан олар, алған абыройларына да өздері туып-өскен органың көздерімен қарады. Қазақ даласындағы хан тұқымдарының ішінде ән мен күйді ерекше күйттегендер Бөкей ордасының төңірегінен көбірек табылатын еді. Шонжарлар бұндай өнермен шұғылданбайды дегенмен, басы Бәкей ханның өзі боп, оның ұрпағынан сан сәйгүлік әнші-күйшілер шыққан. Соны олар атақ-абырой көрген. Дәулеткерей де сондайлардың бірі болатын. Ол ханзадамын демей, қарапайым жұрттан шыққан күйшілермен, әсіресе Сағырбайдың Құрманғазысымен жұрт көзінше жарысқа да түсетін. Оза қалса мақтанбай, озбай қалса өкінбей қайсысына болса да өнер салыстырудың ісі деп қана қарайтын. Сондықтан, Петербургта, патшаның алдында Тәттімбетпен күй жарысына түскен ол, «бір күйден мен оздым, біреуінен ол озды» ден, жарысушының өнеріне теңдескен баға берді. Тәттімбет те сөйтті. Бірақ оның Дәулеткерейге де, басқаға да сездірмеген бір сыры болды. Анау кезде, яғни екінші Александрдың таққа отырған тойына, Петербургқа барары анықталған шақта, жолға шығар алдында, сол маңайдағы ауыл адамдарының салтымен, Тәттімбет Қаз дауысты Қазыбектің шөбересі Алшымбайдан бата ала барған еді. Жасынан билік құрған ол, Тәттімбет барған кезде, «жасым жетті, тұғырдан түстім» деп жұрттың жиынына барудан қалған да, үйінде батагөй қарт қана болып отырған. «Би ордасы» саналатын бұл үйге, сөзге түсетін шешен, жауға шабатын батыр сияқтылар әдейі соғып, «жол болсын» айтуын тілейтін. Тәттімбет те сол ниетпен барды. Алшымбай «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін халықтық қағиданы берік тұтатын кісі еді. Естуінше, арғы атасы Қазыбектен басталатын оның баласы Бекболатқа, немересі Тіленшіге ауысып, кейінгі жағы Алшымбайға тірелген биліктің бұл ордасынан, жұрт үнемі туралықты, әділеттікті ғана күтіп дағдыланған. Сондықтан да қасиетті ордаға санап, тілеулі алыс сапарға шығатындар, биден бата алып, қолынан дәм татып аттануды өзіне бақыт санайтын. Жол жайын айтып бата тілеген Тәттімбетке, қол жаярдың алдында, Алшымбай көңілінде түйткіл боп жүретін бір нәрсені айтып қалғысы келді. Ақ патшаның қарамағына көшкен ел, оған «әділ еді» деп аға сұлтан болуды ұсынғанда, «орыс заңын білмеймін» деп көнбеген. Әйткенмен орыс заңына түсініп жетпеген ел дау-дамайы бола қалса, дуан басыларға емес, Алшынбайға жүгінетін. Оның жаны жек көретін нәрсесі пара болатын. Өзі бұл жайда «тал шайнап, қыл жұтқан» адам емес. Аталары да солай болған. Бұл жағынан келгенде, патша әкімдері «түйені түгімен, биені жүгімен жұтса да тоймайтындар». Аларына келгенде, олардың табар сылтаулары көп. Құлқын құмарлықтары биыл тіпті үдеп кетіп, бірде «жанаралдың сауығу тойы» деп, одан кейін «жаңа патшаның таққа отырған тойы» деп, ел ішінен жинамағандары жоқ. Әсіресе «сойыстық» деп қой мен жылқыны, жылқыдан тайды көп жинайды. Патшаның тойына деп, бір Қарқаралы дуанынан жүзден астам семіз тай жиналған. Соларды жұрт патшаға айдатады деп ойласа, ел ішінің сұлтандары өзара бөліп алады. Бұл жемқорлыққа шыдамаған ел, Омбының әкімдеріне шағым айтса, ешбірі іске аспайды.

Енді кімге айту керек?
Әрине, патшаға!

Оған қол жету қиын.

Сондай ойда жүрген елдің де, елге жаны ашитын Алшымбайдың да тілегі қабыл болғандай, Петербургтың тойына Тәттімбет те баратын болды. Ол елдің қалаулы және сенімді адамының бірі еді. Ана бір жылы Омбыда қазақ сұлтандарының маслихаты жүргенде, «ел қамы» дегеннен аузын ашқан Тәттімбет қана болғанын «ұзын құлақ» таратып әкеткен де, содан бері ел басына «айтса осының ғана батылы жетеді» деген ұғым туған. Алшымбай да сондай ұғымда болатын. Сондықтан, Петербург сапарына шығар алдында бата тілеп келген Тәттімбетке бірінші тапсырғаны: жергілікті әкімдердің халыққа көрсететін озбырлығын патшаға аузы жетсе сөздей, жетпесе хатпен естірту болды. Тәттімбет бұл тілекті орындауға уәде етті. Оның ойы, бұл жұмысты Петербургқа кіре сала қолға алу еді, бірақ, қалай талаптанса да, ауызша тіл қатудың айы табылмай қойды. «Әне, міне» деп есек дәмелі болып жүрген кезінде той тарқауға да айналды. Бір үміті – концерт күні жүздесер болса айтып қалу еді, ол тілегі орындалғанмен, бетпе-бет келгенде батылы жетпеді. Одан кейін жолай алар жәйі жоғына көзі жеткен Тәттімбетке, енді хат беруден басқа жол қалмады. Соны жазатын кім? Біреуге жаздыруға болмайды. Онда, «отыз тістен шыққан сөз, отыз ру елге тарап», жасырып жүрген сыры ашылып қалады. Оның арты жақсылыққа соқса игі, егер жамандыққа?.. Аржағын айту түгіл, ойлауға да батылы жетпеді Тәттімбеттің. «Батырға да жан керек» дегендей, оған да жан керек. Ендеше, тек өзіне ғана сену керек...

Ал, сонда қалай жазу керек?

Қолының орысша бас білмеуіне Тәттімбет бірінші рет осы арада ғана қатты қапаланды. Оның білетін хаты мұсылманша ғана. Онысы да қазақша мен татаршаның арасындағы бірдеме... Тәттімбет осы арада қатты бір өкінішке түскендей болды. Омбыдан аттанарда Шоқанды ел қамқоры көретін ол, Алшымбай «жан адамға сездірме» дегенмен, бір оңашада Шоқанға сездіріп қойған. Петербургқа аттанғалы жиналған «игі жақсыларда», ішіне әкесін қоса, ел қамын жейтін жан жоқ деген ойдағы Шоқан, Тәттімбеттің мына сыбырына қуанып кетті де, патша атына беретін арызды өз қолынан жазуға ықылас білдірді. Тәттімбеттің естуінше, бұрын жазылған осындай бір арызды өкімет орындары қуыстырып, кімнің қолынан шыққанын тапқан да, жазушыны жазалаған. Шоқанды ондай жазаға қимаған Тәттімбет, несі болса да өзі көргісі келіп, «былдырақтасам да бірдеме табармын» деп, Шоқан ұсынысын қабылдамады. Енді қалам ап қағазға төнсе, басындағы әдемі ойлары, қасқырдан үріккен жылқыдай бытырай қашып, қайыруына көнер емес. «Сонда ғой, – деп екінді Тәттімбет, – Шоқанға жаздырып ап, мұнда көшірте қойсам ғой, бұл кедергіге кездеспес едім!» «Көшірушінің кім екенің тыққан қоймамызды оның бермеуін кім біліпті?!..» деген қауіп те кірді, оның ойына. Содан кейін, табаны тағы да «несі болса да өзім көрейінге» тіреліп, оған «еркек тоқты құрмалдық» – «ел үшін не көрсем де бейілмін» деген қайрат қосылып, ол қалам ұстап қағазға отырды. «Әркім білгенінше базарлайды» дегендей, Тәттімбет шалағай сауатының шамасы жеткенше, «Ғиззатлу уа хұрмат- лу ұлұғ Пади-Шайымыз – Александр Меклай ұғлы Рауманып хазратларина ғаризнама» деп бастап, хатын бір ғана мәселенің төңірегіне құрды. Ол–елдегі әкімдердің жемқорлығы және нені сылтау етуі туралы. Осы мәселенің өзін өтпейтін балтамен мыжғылаған ағаштай дөкір ғып, әрең бітірді де, патшаның қолына тиер-тимесіне, тие қалғанда, үсінер-түсінбесіне көзі жетпеген ол беруге бекінді. Ендігі толқығаны, – хатқа қол қою керек пе, әлде «домалақ қағаз» түрінде беру ме? Естуінше, «домалақтың», яғни қол қойылмаған қағаздың көбі аяқсыз қалады. Қол қойылса, тексерілмей қалмайды; оның екі жағы бар: іс расталса құба-құп, расталмаса сілтеген шоқпары өзіне тиіп, біреулерге қазған орына өзі түседі, ондайларды біледі Тәттімбет, оның қол көтеріп отырғандары өңкей дөкейлер. Сонда сөзі расқа шықса мақұл, ал шықпаса ше? Осы жағдайды ойлағанда Тәттімбет сасқанынан терлеп кетті. Бірақ, ол есін тез жинап, «еркек тоқты құрмалдық» деген тиянаққа тоқтады да, несіне болса да шыдауға бекініп, хаттың аяғына «Тәттімұхаммед Қазанғапұғлы» деп іздей қалса табылатын аты-жөнін жазды. Қазақтың ол кездегі сауатсыз билеріне патша өкіметі аты-жөні жазылған жүзік жасатып беретін. Сондайдың біреуі Алшымбайда да болатын. Тапсырмасына қоса бата беріп аттандырған Алшымбай «керек болса, менің, жүздік мәрімді баса саларсың» деп қолына ұстатқан еді. Қалтасына берік сақталған жүзік-мөрді Тәттімбет хатқа баспады, сондағы ойы – «не ауыртпалығы болса да өзім көтерейін, қарт адамға салмақ түсірмейін!» Петербургтан Омбыға оралған Тәттімбет, осы жайды Шоқанға айтқанда, ол қала ғұрпымен Тәттімбетті бауырына баса құшақтап, түкті бетіне тұмсығын тақай сүйді де:

– Ризамын, Тәтті аға! – деді оң қолын сілке қысып, – Патшаға жетпесе амал жоқ, жетсе тілегіңіз орындалады. Бұл әкесіндей жауыз емес, жақсы патша!

– Әкесімен қырын жүруі сен сияқты екен ғой, – деді Тәттімбет.

– Халықшыл патша, одан күтер жақсылығым көп, соның жолын қууға тырысам!

– Әмин!

– Арты не болар екен, бұның?! – деп елеңдеген Тәттімбетке:

– Тәуекел, көрерміз, – деді Шоқан, – ауыртпалыққа соғар күн туатын болса, сіздің беліңізді талдырмаспын, салмақты жағын өзім көтерермін. Еліне қайтқан Тәттімбет, Алшымбайға сәлемдесе барып, өтінішін орындап қайтуын жасырын дәттегенде, сәуегей қарт.

– Ұл болып туғаныңнан айналайын! – деп жылап жіберді де, бауырына басып, – «бәйгеге қосқаным солқылдақ тай ма деп жүрсем, белі бекіген бесті болып шықты ғой. Өркенің өсе берсін, құлыным! – деп бата берді. Ендігі мәселе – хаттан шығатын нәтиже. Ол жайда екеуінің көңілінде де «не болар екен?» деген ереуіл!.. «Асарымды асадым, жасарымды жасадым» деген ұғымдағы Алшымбайдың ендігі бар тілегі – Тәттімбеттің ісінің оңғарылуы. Бұны ол, өзінің ғана емес, киіз туырлықты қазақтың ішіндегі момын көпшіліктің тілегіне санайды.

«ҰЗЫНҚҰЛАҚ»

«Қазақтың күйлерін патшаның өзі мақтапты» деген қауесет, кең даланың барлық өлкесіне найзағайдың жарқылынан да тез тарағандай болды. Таратқан қуат ең алдымен –«ұзынқұлақ». Көптің көңілін елеңдеткен «ұзынқұлақ» Шоқанға да тым тез жетті. Осындай терминді алғаш кім шығарғанын қанша зерттесе де, ол әзірге таба алған емес. Оның ойынша, кім шығарса да, «бұл тарихтық, философиялық, тұрмыстық мәні терең термин». Тарихтық мәні: қазақтың өткен өміріндегі елеулі оқиғалардың бәрін кейінгі ұрпақтарға бұлжытпай жеткізіп келе жатқан хабаршы осы «ұзын құлақ»; философиялық мәні: жеке адамдардың қысқа құлақтарынан құралатын бұл хабар, құлаққа құлақ жалғаса келе, өлшеусіз созылып, мөлшерін шамалап болмайтын, кең даланы түгел орап жатқан керемет бір ұзынға айналып кеткен; тұрмыстық мәні: мектебі, телеграфы, баспасөзі, өнердің өзге құралдары жоқ қазақ даласы, егер, осы «ұзынқұлақ» болмаса өз тіршілігінде және дүние тіршілігінде нелер болып жатқанын қайдан білер еді?!.. Бұрын болған, бүгіндер болып жатқан тіршілік оқиғаларының кейін өсіре, кейін өшіре хабарлағанмен, солардың көмескі болса да ізін сақтайтын осы «ұзынқұлақ». Шоқанның ұғымында «ұзынқұлақ» деген – халықтық құлақ. Бұндай құлақ барлық халықта да бар сияқты. Бірақ, халық болғаннан бері сауатсыздықтың тақсіретін қатты тартып, өз құлағынан басқа хабаршысы болмаудан ба, әлде, салынып алудан ба, қазақтың «ұзынқұлағы», Шоқанға өз елдерінің құлақтарынан да ұзынырақ сияқты... «Патша қазақ, күйлерін мақтапты» деген «ұзынқұлақ», кең даланың аспанын түгел құрсап алған бұлттан ойнаған найзағайдан барлық жерде жарқ-жұрқ, жалт-жұлт етіп жатқан шақта, Омбыға Петербургта шығатын «Северная пчела39» газетінің эрмитаж концертін жоғары бағалаған номері де жетіп келді. Номерде орыстың сол кездегі атақты ориенталисы40 белгілі тіл маманы, қазақ, тұрмысының білгірі Владимир Дальдің «күй теңізі» аталатын мақаласы қазақ даласының ән-күйге ерекше байлығын баяндай келе, сол үлкен өнердің өкілдері: Дәулеткерей Сығаевтың және Тәттімбет Қазанғаповтың күй тартуға өте шебер адамдар екенін шұқшия талдап, мақала аяғын: «Өнерпаздар государь императордың өз қолынан шеберліктеріне лайықты алтын медаль алысты!» деп бітіріпті. «Ұзынқұлақ» хабарынан да қуанған Шоқанның, газет мақаласын оқығаннан кейінгі шаттығында шек болған жоқ. Оны ерекше шаттандырған нәрсе қазақ күйін патшаның, өз құлағымен естіп, өзі алақан соғып, күйшілерге өз қолынан алтын медаль тапсыруы. Бұл Россияның сол кездегі «көзі ашық» аталатын қауымының, олардың ішінде Шоқанның екінші Александрға ең биік романтикалық көзбен қарайтынын білеміз. Олардың естуінше, бұл патша балалық шағында, орыстың сол кездегі көркем әдебиетінде сентименталист атағы жайылған көрнекті ақыны – Василий Андреевич Жуковскийдің тәрбиесінде болған, сондықтан, оқыған көпшіліктің мөлшерлеуінде, екінші Александрдың нәзік жанды адам болуға тиіс, оның Россиядағы крепостнойлық правоны жою шарасына кірісуі де, осыған байланысты болу керек. «Эрмитажда Россиядағы отар елдердің ән-күйлерін тыңдауы да сондықтан емес пе екен, – деп жорамалдады Шоқан іштей музыкаларын бағалағанда, өздерін де бағаламас па екен олардың?.. Оның арты Россия ұлттарының өзара теңдесуіне соқса тамаша болар еді-ау!..» Шоқанның өзі жалпы музыканы, оның ішінде қазақ музыкасын ерекше сүйетін адамның бірі еді. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деп Абай айтқандай, жалпы қазақтың бала туғанда «шылдақана» аталатын сауықты ән-күймен өткізетіні мәлім. Сол сауық Шоқан туғанда да жасалып. Зейнептің бірінші перзенті ұл болуын хан тұқымы және елі болып зор қуанышпен қарсы алып, қалжасына бие сойып дегендей, шылдақананы ұлан-асыр ғып жасаған. Баланың құлағы үнді қырқынан шыға ести бастайды деседі. Шоқанның құлағы үнді неше күннен кейін естігенін кім білсін, қашан естісе де құлағына шалынған алғашқы үн, бізге белгілі – Күнсұлудың (Күнтай) аузынан шыққан әлдилеу. Сондықтан да есін біле Шоқан оны да шеше көріп, атын атамай, «Күнтай апа» дейтін еді. Күнтай бірсыпыра әнші болатын. Есі кіре бастаған кезде де, Шоқан оның ән құшағына бөленіп қалғитын... Шыңғыстың сол бір тұстағы ордасынан әнші, күйші жыршы дегендер арылмайтын еді. Олардың үніне де бала шағынан құлағы қанған Шоқан, оқуға аттанғанша өлеңші, күйші болам деп те біраз талпынды; бірақ қабілеті жетпегендей, босқа әуреленді: әнге үні келіспеді, күйге саусақтары оралымсыз болды... Біреулер бұны, хан тұқымына ән-күй дарымауына жорыды. Онысы бекер сияқты, егер рас болса, Шыңғыстың бірге туған інісі Қанқожа неге бармағынан бал тамған күйшілердің бірі?!.. Әнге, күйге олақтығын өз басының дарынсыздығына жорыған Шоқан, ауылынан оқуға аттанарда бұл тілегіне жете алмай арманда кеткен еді. Кадет корпусында музыка сабағы да жүретін еді. Шоқан оны да ынтамен оқып, корпусты бітіргенде музыкалық сауаты кадет болып шықты. Сол білімін іске асырмақ болып, Атбасар жәрмеңкесіне жиналған әнші, күйшілердің өнерін нотаға түсіріп те байқады. Өзінше, тәп-тәуір жазған сияқты. Соны корпустағы оқытушысы – Вагнердің өңдеуіне берермін деп ұйғарғанда, «құдай ұрып» дегендей, қолжазбаларын, сүгіреттерін ұрлаған жауыз, ноталарын қоса әкетті... Сол өкініші кеудесінен кетпеген Шоқан Омбыда қолына түскен әнші, күйшілердің өнерлерін, шамасы келгенше өзі, шамасы келмегенде Вагнерға нотаға түсіртетін еді. Бірақ, Омбыға ондай өнерпаздар аз келетіндіктен, мардымды ештеңе құрала қоймаған. Сөйтіп жүргенде, жаңа патшаның таққа отыру тойына баратындардың ішінен Тәттімбетке кездесе қалды. Оның ойнаған күйлеріне қарағанда, бұған дейін күйші көріп жүргендердің бәрі түкке тұрмайтын сияқты. Соны көрген Шоқан, «шіркін, Петербургтағы музыка шеберлері тыңдар ма еді, бұл ойнауды?!..» деп арман еткен еді. Міне сол арманына жетті. Қазақтың күйлерін патшаның өзі ұнатып, күйшілерге сыйлық бергізуі, – қазақ күйлерінің абыройы аспанға ұшуы... «Шіркін, енді осы ұшқан абыройды, биіктетіп, кеңейтіп әкетсе!..» Шоқан осындай тәтті қиялға ғарып болып жүрген күндерде, Петербургқа кеткен жолаушылар да Омбыға оралып қалды. Олар жеткенше «ұзын құлақтан» естіген, газеттен оқыған хабарларға, көргендердің ауызша әңгімелерінен молырақ қанармын деген ойда еді ол, бірақ күткені болмай қалды оның. Жолаушылардың Петербургта күйшілерге. қарсы тұтанған қызғаныш оты сену орнына дауылдай түскен еді, сондықтан «патша еледі» деген абыройды қиғысы келмеген олардан Шоқан:

– Ие, қалай болды өзі?! – деп өзеурей сұрағанда:

– Жәй, әншейін, желікпе көңілдің ісі де; әйтпесе, қыра қойған ештеңесі болған жоқ, – дей салысты. Бұл «нем құрайды» сөздеріне Шоқан оншалық ренжи де қойған жоқ. Несіне ренжиді?.. Қазақтың «шонжар» аталатындарының басым көпшілігі әнді еріккеннің ермегіне санаған, сондықтан да «ерінбеген етікші, ұялмаған өлеңші болады» деген мақал шығарған, ал күй атаулы оларға «бақсының бал ашатын сарыны» сияқты бірдеме. Сондықтан да кей шонжарлар «тұқымымыздан әнші, күйші шықпады» дегенді мақтан көретін.

Ал, қарапайым халық ше?
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең»–
деп,

«Бала туса күзетер шылдақана.

Шуласып өлең айтар сонда және»–
деп,
«Біреулердің кісісі өлсе қаралы ол,

Қаза көрген жүрегі жаралы ол.

Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,
Зарланып неге әнге салады ол?!»

деп, данышпан Абай айтқандай, қазақтың тууы мен өлу арасындағы өмірі түгелімен ән-күйге бөленіп өтпей ме? Өмірінде кездескен нелер қуанышты және қайғылы оқиғалардың айқын ізі тек ән-күй мен аңыздарда ғана қалмай ма? Өз өмірі ән мен күйге бөленген қазаққа, ата-бабаларының ән-күйлері «ұзынқұлақ» арқылы жетпей ме? Олардың өз ән-күйлерін кейінгі ұрпақтарға «ұзынқұлақ» алып ұшпай ма? Ендеше, халықтікі емес пе, «ұзын» аталатын құлақ? Ал, «қысқа» дегені күнделік тойғанына мәз болатын тоғышар топастардікі емес пе? Құлақтардың жалпы жайы осылай болғанмен, қоғамдық тұрмыстың әрі түйесінде де «ала», «құла» дегендері барлығы сияқты, қысқа құлақтылар ішінде де, өзгелерінен аз да болса түрігіректері болмайды емес, сондайлардың біреуі Шыңғыс еді. Жас шағында қазақтың, орыстың музыкалық құралдарын ойнауға әуестенген ол, домбыраны, гитараны, мандалинді, сырнайды жап-жақсы үйреніп, кейбіреулеріне даусын да қоса бастаған. Сондайға үйірін естіген, егде тарта діншілдікке салынған шешесі – Айғаным, жасырып ұстайтын құралдарын бірде көріп қап, бәрін де көзінше қиратып, сынықтарын отқа жаққан. Содан көңілі қайтқан Шыңғыс, шешесі өлген соң да жолай алмаған. Бірақ, оңашада әсем ән, тәтті күй дегендерді тыңдаудан қашпайтын. Той сапарында да сол салтына бағып, өз күйшісі Тәттімбетке де, Бөкей күйшісі Дәулеткерейге де жеке жолғасқанда күйлер ойнатып рахаттанатын, кейде екеуін егестіріп те көретін; сондағы бағасы әділ боп, біреуін «хан тұқымынан шыққан» деп, біреуін «жол серігім» деп ешқайсысына жан тартпайтын. Ол осы әділеттігіне Омбыға оралғанда да бағып, қай күйшінің несіне сүйсінгенін жиналған жұртқа айтып берді. Той сапарында көрген-білгендерін Шыңғыстан басқа түгелдеп баяндай алғандары болған жоқ. Олардың бар айтатыны «тамаша, керемет!» деген сияқты үстірт мадақтау ғана болды. Несімен тамаша, несімен керемет екенін біреуі де байыптап бере алмады. Петербургтан аттанар алдындағы бас қосқан мәжілісте бәрінің бір ауыздан пәтуа қылғаны, елдеріне орала, орыс өнерін мақтау, халықты сол өнердің қайнар бұлағы – орыс оқуына шақыру еді. Қайту жолының үзеңгісіне аяқ сала, ол уәделерінен ең алдымен өздері тайып, Омбыға келе, «ал, кәне, қайсыңның, балаңды жазайық» деген сұрау туғанда, біреуі де «менікін» дей алған жоқ. Тойдан Гасфорт та аса көңілді қайтты. Ең алдымен оның мансабы жоғарылап, генерал-полковниктік даражаға жетті. Оның үстіне, «адъютант» лақабы қосылып, патша сарайына еркін кіру правосына ілекті; оның үстіне, көгілдір жолаққа (лента) қадалған әулие Владимирдің екінші даражалы ордені берілді; оның, үстіне алтынмен үш мың сом ақша сыйланды... Осынша құрметке көңілі судай тасыған Гасфорт, алғашқы дақпыртпен Омбыдағы қызметін уақытша атқаруға қалдырған генерал-лейтенант Александр Михайлович Павловскийге хат жазып, арнайы шабарманнан беріп жіберді; жаңа императордың таққа отыру тойының жалғасын қазақ, даласында да еткізу қамына кірісуді бұйырды. Павловский жорықтық жабдықтардан басқаға шорқақ адам еді, сондықтан Шоқанды жақсы білетін ол, бұл шараны іске асыруды ұйымдастыру жағын соған тапсырды. Ұсынысты қабыл алған Шоқан, бұл жайда жасаған жоспарын Павловскийге бекіттіріп ап, ұйымдастыру істеріне кірісті. Оның жоспарында той қалың қазақтың арасында өтуге тиісті, сондағы өз қалағаны – Бурабай тауының бауыры. Оны таңдауы: арғы атасы Абылайдың хан көтерілген жері, бергі атасы Уәлінің хандық құрған мекені болғандықтан, ол мекеннің тарихы және көркемдігі туралы нелер әдемі аңыздар естігендіктен өз көзімен аралап көруге мейлінше ынтық еді. Сол ынтығының басылу сәті түсіп, Павловский мақұлдаған жоспарды, Петербург сапарынан оралған Гасфорт та ұнатып, дуан бастықтарына нұсқау хат жазылды да, Бурабай тауында бастары түйісетін жұртты иіріп-жусату ісі Шоқанға тапсырылды. Омбыдан Бурабайға баратын жол сан тарам, солардан алғашқы ұйғарылғаны: Баянауыл, Қарқаралы, Көкбекті дуандарын аралай отырып, қайтар бетте Шыңғысты бөктерлей, Аягөзге соғып, одан Балқашты сағалай жортып, Шерубай Нұрасы арқылы Есілге құлап, жолшыбай Ақмола мен Атбасарға түсіп, одан «Құлаайғырды» жайлап отырған туған еліне бару, Бурабайға той тақалған кезде ғана келу еді. Сонда ол сібірлік қазақтардың алты дуанын түгелге жақын аралап түседі. Өйтуіне уақыты жетеді. Алғашқы жоба бойынша, Орта Азияны аралау сапарына ол биылғы күзде жетуге тиісті еді. Патшаның ұйғаруы басқаша болған. Ол қарамағындағы материалды екшелей келе, әуелі әлі толық меңгеріп болмаған Жетісу өлкесін тағы да барлап қайтуды, сол кездің белгілі саяхатшысы – Петр Петрович Семеновке тапсырып, тойы тарқай аттандырған. Омбыға Шыңғыстармен бірге келген Семенов, жұмсалған жолынан алдағы көктемге дейін оралмақ болып әуелі Семейге, одан өрі Жетісуға бармақ болған. Шоқан екеуі Семейге дейін бірге бармақ болған. Шоқанның Орта Азия сапарына Семенов орала шықпақ. Шоқанның осындай жол жөнін кенеттен естілген бір «ұзынқұлақ» бөлді де жіберді, ол – бізге осы кітаптың «Сәтті сапар» аталатын тарауынан аты мәлім Қожық қызы Нарғыздың әдейі суға кетіп өлу хабары еді. «Білемін» деген әлдекімдердің айтуынша, бұл бүкіл «Уақ» аталатын елдің қабырғасын қатты қайыстырған оқиға болған; бұл жайда ақындар жоқтау жырын шығарған, сол бір тұста Орта жүздің ең күшті қобызшысы танылған Сіргелі Уақ Дайрабай: «Қапыда өтті-ау қарындас!» және «Суға кетті-ау, Еркетай!» деген керемет күйлер шығарған; оларды тыңдаған жанның «иманы қасым» боп, «құйқа тамыры шымырлайды» деседі. «Бұл өлімге бас айыпты өзіммін» деп санаған Шоқанның құлағына алыстағы жырлар мен күйлердің аңыраған зары талықси естілген сияқтанды да тұрды. «Қайтейін енді... Қожықтың ұрлығынан, зорлығынан қалың ел зар илемеді ме?! Әкемді тоқтатам деп ең, сен тұрдың ба уәдеңе? Жоқ...» – деп ойлады Шоқан. Әйтсе де ол өз құлағымен естімей, оқиға болған жерді өз көзімен көрмей дегбірі қалмады, сондықтан. Бурабайға бару сапарын өзгертпек болды. Бастапқы бару сапарын да жасаған өзі еді. Ондағы ойы, той жабдығын ұйымдастыруды сылтау ғып сібірлік қазақтардың дуандарын еркін аралап көру еді. Енді Нарғыздың тағдырына байланысты, сапарды өзгерту керек. Бірақ, оны істеу оңай емес, генерал-губернатор мақұлдап қойған. Не дәлел табу керек оны өзгерту үшін? Шоқан бір ғана дәлел тапты да, Гасфортқа естіртті.

– Шешем қатты ауырып қалған екен, – деді ол, – тығыз шапқыншы жіберіп, тез келсін депті. Мұнысы бекер сылтауы емес еді: кейінгі кезде тым етейіп кеткендіктен бе, әлде Шоқанның, жоламай жүруіне жаны күйзелгендіктен бе, – соңғы бірер жылда Зейнептің жүрегіне қыспа пайда болуы рас та. Кейбір қаттырақ қысыла қалғанда, оның басына «жүріп кетем бе» деген қауіп те туатын. Петербургтан оралған Шыңғыстың Жайнақты ертіп аулына асығыс қайтып кетуіне де, «бәйбіше төсек тартып қалды» деген хабар алуы себеп болған. Барса, Зейнептің ондай ұстамалысы болып өткені рас та екен, бірақ, қазір тәуірленген екен. Шыңғыстың «Қанашжан үйге ұзақ жолмен орағытып кететін болды» деген хабарына, оны сағынып жүрген Зейнеп қатты ренжіді де:

– Бар, әл үстінде жатыр деп хабарла, сонда қалай келмес екен! – деп қос атпен Абаны және Жайнақты жұмсады. Енді қалай бармасқа?.. Шоқанның әкеден шешеге бейімін жақсы білетін Гасфорт, амалсыз ризаласты. Оның тек қана айтқаны: «Әлдеқалай той емес, государь императордың тойы. Ел де, Петербург та құлақтанып қалды. Шешең, тек, аман сауықсын. Барып көңілін жұбат та, Бурабайға тез жетіп, тойдың ұйымдастыру жабдығын тығыз қолға ал!» Шоқан «мақұл» деді де, қасына жалғыз Жайнақты ғана ертіп, асығыс жүріп кетті. Мақсаты Қызылжардан әрі Есілді бойлай отырып, Қожықтың мекені Меңзейге соғып, Нарғыздың жай-күйіне қанбақ та, «Алакөл-Салпық» аталатын мекен арқылы, «Құлаайғыр» өзенін жайлап отырған аулына соқпақ. Шоқанның Нарғыз туралы ойын білмейтін Жайнақ, оның Құлаайғыр жайлауына Омбыдан төте кетпей, әуелі Қызылжар келіп, одан Есілді өрлеуіне түсінбей, мәнін сұрап еді:

– Онда жұмысын, .болмасын, жүрген жаққа жорта бер! – деген кесімді, қысқа жауап қайтарды. Жайнақтың соңғы кезде байқауынша, балалық шағында икемшіл, жұғымды Шоқан Омбыға келе кекір мінезді болып кеткен. Бет алған ісінен қайтпайды, өзінікі ғана жөн, өзгелердікі қисық сияқты. Сол мінезін білетін Жайнақ тіл қайтармай, беттеген жағына салпақтап ере берді...

КҮЙДІҢ КҮШІ

Есіл бойын өрлеп келе жатқан Шоқанға ат жүрісінің жолы жырақтай күңіренген күйдің алыстан талмаусырай естілген үні жақындай түскен сияқтанды. Жайшылықта жадыраңқы ол, бұл бетінде жабырқаңқы. Жолшыбайғы елге жай-күйін білдіргісі келмеген ол, киімдерін де жарқыратып, жорық формасында жобалғы, қоңыр дүрсін келе жатыр. Бұл сапарының жайын өзгелер түгіл, ертіп әкеле жатқан жалғыз серігі – Жайнаққа да айтқан жоқ. Әскерлік чині әзірге корнеттіктен аспаған ол, жоғарғы чиндерден үміт еткенде, бір қызығатыны: майордан жоғарғыларының қарамағында, ең кішісі денщик аталатын күтушілерінің болуы еді. Сондай біреу өзінде де болуын арман етіп жүрген шағында, «құдай айдап» дегендей, Жайнақ келе қалды. Ол бұрынғысынан да ысылып, қазір «бір сырлы, сегіз қырлы» дегендей, жүзіктің көзінен өтетін жылпос болып апты. Әрі бірсыдырғы домбыра да тартатын, өлең де айтатын серілеу, оның үстіне, аяқ астынан қалжың табатын күлдіргі. Омбыға Шыңғыс ертіп әкелген Жайнақты, ол Петербурға аттанғанда, өнеріне қызыққан Шоқан қасында қалдырды да, қаланы жатырқап, қайтқысы келгенмен, «әкеммен бірге келдің бірге кетерсің» деп босатпады. Жайнақ, Шоқанның Есілді өрлей сапар шегу жайын да іштей жорамалдайды: «Шоқан Қожықтың сіңір қара қызына қызығып қапты дейді» деген хабар, оның Атбасар жәрмеңкесінде жүрген шағында дүңк ете қалған. Сонда жұрт: «Төре – төбет сияқты, оған ұрғашының бәрі бір бас» деген рас екен-ау!.. Әйтпесе, Қожықтың қанішер қара қаншығына қызығар ма еді?! – деп таңданысқан. Шоқанның Айжанды әурелеуін аң құмарлыққа санаған жұрт, Нарғызға қызығуын да сондай қылығына жорыған. «Сол қыз суға кетіпті» деген қаңқуды Жайнақтың құлағы да шалған. Одан кейін Нарғызға арналып шыққан ән-күйлер де жетіп, ондайға әуесқой Жайнақ кейбірін өзі де орындайтын болған. Мысалы, «Дайрабай қобызшы шығарыпты» деген күйлерді әлдекімнен үйреніп ап, домбыраға тәп-тәуір дыңылдататын, Шоқан бұл күйлерді ең алғаш Жайнақтан естіген. Сонан соң Нарғызға арналған жоқтау жырлар мен күйлерге құлақ түре бастап ақыры бұл қайғылы оқиғаның ізін қууға соққан. Шоқанның бұл оқиғаға неге елеңдеу себебін, Жайнақ қанша ойланса да таба алмайды. Жолшыбай тұнжырап келе жатуына қарағанда, – «бұл елімге іші аши ма?!» деген де ой көп кетеді. «Неге?» деген сұрауына жауап таппайды. Несі болса да жүре, бара көруге бекінеді... Жайнақпен шүйіркелесе қоймағанмен, Омбыда да, одан аттанғаннан кейін де, Шоқан өзі мен өзі іштей үздіксіз кеңесуде. Өзімен емес-ау, Нарғызбен... Ана жылғы Атбасар жәрмеңкесінде жалғасуларынан кейін оның Нарғызды көруі, шығыс сібірлік сапарынан оралғаннан кейін Омбыда. Бұл Омбыдан келген бір рота әскердің қапысын тапқан Қожықты, оның тоғыз ұлын түгелімен байлап ап, бәрін солдаттың жайпақ арбасына тұтастыра таңып Омбыға әкелген шағы еді. Сонда үкіметтен қорыққан ағайын-туыстан, дос-жараннан, құдандадан ерерлік ешкім табылмағанда, «өлтіріп кетпесеңдер қалмаймын» деп жалғыз Нарғыз ғана ерген. Жұдырық, мылтық, тілдеу сияқты ешбір қорқыту батыр қыздың бетін қайтара алмаған; ол алғашында жортқан арбалы аттардың шаңына ілесіп, өкпесін қолына ала ұшқан да отырған. Соны көріп, әрі ерлігіне сүйсінген, әрі аяған рота командирі, бауырлары мен әкесін таңған арбаға мінгізіп алған. Сонда әкесі:

– «Қыз да болса нар болсын» деген тілекпен атыңды «Нарғыз» қойып ем, балам. Үмітімді ақтадың. Ендігі ескертерім: жауға жалбарынба, намысыңды таптатпа!..– деген «кесінің сол сөзі тасқа шапқан таңбадай бекіп қалған. Сондықтан да хан тұқымын жауына санаған ол, тұтқындар Омбы абақтысына қамалғанда, «кілті соның қолында» деп естіген Шоқанға жолықпастан кеткен. Әкесі, бауырлары «Итжеккенге» айдалуға бұйырылғанын естіген Нарғыз, олармен бірге кетуге де бекінген еді. Бірақ, ол ниетіне жете алмай, тұтқындар белгісіз бір уақытта айдалып кетті де, іздерін сипалаған Нарғыз әлдеқалай жүргіншілерге еріп амалсыз мекеніне қайтты. Шоқан оның Омбыға келгенін естіген жоқ. «Ұзынқұлақ» – «осында» деген хабарды жеткізгеннен кейін, «өзі келіп жолығар» деген үмітпен жолықпай жүрді де, кейін іздеткенде жоқ боп шықты. Шоқанның Қожық тұқымына қалай қарауын естіген үй иесі, Нарғыздың жөнін айтпай, «осында қонып жүретін еді, кенет жоғалды, қайда кеткенін білмеймін деді. Шоқан, тек, «қайда кетеді?!» деген ойда қалды. Туған жеріне жөн тартқан Нарғыз, бетімен қаңғырған жоқ. Соңғы жолыққан сәтте, әкесінің «бата бұзба, балам. Екі аруақ бір құдайға шет болма!» деген сөзі құлағында қалған еді. Онысы «Медебай – Қожық» атанып жүрген шақтарында, «Керейдің кер азуы» Шағалақ керей – Ертісбайдың Медебайы деген кісі, Нарғызды кішкене күнінде Құлғара дейтін баласына атастырып қойған. Оның кескін-кейпі сіңір-қара болғандықтан, елі «Құлғара!» деп, сол есіммен атап кете барған. Қылық-мінез жағынан да дөрекі болып ескен. Сол жайларын естіген Нарғыз бой жете, Құлғараға «бармаймын» деген сөз шығарған. Медебай бұл кезде өлген. Өмірлік дос болып өткен Медебайдың аруағын сыйлайтын Қожықтың Нарғызға «бата бұзба» дейтіні содан да. Нарғыз Медебайдың аруағын сыйлаған жоқ, әкесінің сөзін сыйлады; сондықтан, Омбыдан еліне беттеп келе жатқан жолында, «Шалғақ шұбары» аталатын деңгейлес Кіндікті көлін жайлап, қаннен-қаперсіз отырған Медебай аулына түсе қалды да, қаннен қаперсіз отырған Құлғараға:

– Ырғап-жырғап ұзатылар күнім жоқ, қаралы басымды қақырайтпай, түн жамылып кел де, ырың-жырыңсыз алып кет! – деді. Тигісі келмей жүргенін естіген Құлғара, Нарғыздың тапсырғанын бұлжытпай орындап, «келмейді-міс» деген Нарғыз, ел-жұрттың ойында жоқта, Медебай үйінің келіні бола кетті. Бірақ, ұзаққа созылмады бұл келіндік. Құлғара ауыл-аймағына «ақ қабақ» атанған ашуланшақ, долы жігіт болушы еді. Нарғыздың өзі келген қадырына қарамаған ол, аз күн отасқаннан кейін, қыз күнінде менсінбеуін бетіне салық қып, қымс етсе тілдеуге, келе-келе қол жұмсауға айналды. Ауыл тәрбиесінде өскен Нарғыздың ұғымында, ері не істесе де, көне беру керек. Сол ұғыммен Құлғараның тілі, қолы тиюіне көне берер ме еді, қайтер еді, егер намысына қатты тиген бір жағдай бола қалмаса! Шағалақ ол кезде, іргелес кеп қонған орыс поселкелерінің үлгісімен қыстау салып, зәулім қалың ағаштық ішінде отырып, үйлерін шымнан қалайтын. Жаз жайлауға шығатын ауыл, ала қыстай шым үйде тұратын. Осындай бір үй, үлкен шаңырақта қалған Құлғарада да болатын. Одан басқа Шота, Шотбай дейтіндерінің еншісі бөлек, ені басқа. Биылғы күз, ауыл қыстауына қонған шақта, Құлғара мен Нарғыз бір мәселеде қатты керкілдесе қалды. Оған себеп: Медебай қартайған шағында қыздай тоқал алып, кешікпей ұл көрген де, «Сексенімде туды» деп атын Сексембай қойған. Содан кейін тоқал тағы бір ұл туғанда, «менікі емес» деп, «сасық иісті құлдардың бірінен» деп санаған Медебай, атын «Бүксік» қойған. Ел ол баланы «Мүк» деп атаған. Жұрт аузы не демейді: біреулер «құлдың емес, Құлғараның баласы» деп, біреулер «Шотбайдың Сауытбегінің баласы» деп, әркім әр саққа жүгірткен. Осы қауесет құлағына шалынған Нарғыз, оңашаланған бір шақта, Құлғараға «шыныңды айт!» деп қысып, арам болғандықтан ба, жаладан қысылғандықтан ба,– жауап бере алмаған Құлғара, машығына бағып, «қоясын, ба, жоқ ма?» деп өршеленген де, Нарғызды тұра сабаған, және жәй сабамай, «айдауға кеткен әкеңнің аузын...» деп сабаған. 15 ұл сөгу Нарғыздың намысына инедей қадалған. Оның есіне әкесінің «намысыңды таптатпа!» деген сөзі түсіп кеткен. Қатты кектеніп қалған ол Құлғараға...

Ал сол кегін қалай қайтару керек?

Нарғыз ұзақ ойланған жоқ: күз шым үйде ері мен екеуі ғана қонып, өзге жандары кигіз үйде жататын еді. Шым үйдің пешіне қойдың қыйы жағылатын. Нарғыз іңірде қыйды пешке толтыра тұтатты да, Құлғараның ұйықтар алдында сусындайтын қымызына меңдуананың суын қатып, есінен тана сұлаған ерін төсегіне сұлата жатқызып, өзі сытылып шыққан қалпында пештің мұржасын сыртынан жауып тастады. Ендігі жәй мәлім: шала жанған қидың иісінен ерінің сеспей қататыны анық. Құлғараның соны көрген туыстары, әрине, бұл өлімнің жаласын Нарғызға жабады. Жапса-ақ жәй жібермей азаптайды, өлтіреді... Ендеше не істеу керек?.. Әрине, қашудан басқа жол жоқ. Қашқанда қайда барады?.. Нарғыз саспады. Ол арада іргелес отырған қазақ-орыстардың қазақша Ақжар, орысша Петровка аталатын станицасы бар. Қазақтардың, олардың ішінде, Нарғыздың естуінше, әділеттік орыстан шығады, олар не істесе де заңға сүйенеді. Ал, намысы қозған қазақтың қаталдығы қасқыр сияқты: қанын сорғалата, тірідей талап жеуден шімірікпейді... Осындай ойға келген Нарғыз, түн жамылды да, Ақжарға зытып отырды. Артынан қуған қазақтар ізін ғана сипап қалды. Жолығып шынын айтқан Нарғызды орыстың жергілікті әкімдері «не десе де сот шешер» деп Омбыға жылдам жөнелтіп жіберіпті. Омбы оны «ісі ақталғанша» деп абақтыға жатқызыпты. Шоқан бұл кезде Шығыс Сібірде жүреді. Ол Омбыға орала, тұтқындар ісін бақылауды қолына алып, өзі жоқта не жаңалықтар болғанын қарастырғанда, Нарғыздың қылмысты ісі сопаң етіп шыға келді. Ісімен танысқан Шоқан Нарғызды көруге ынтықты. Ол үшін, генерал-губернатордың кеңсесіне келтіруді лайықсыз көрді де, Батыс сібірдің прокуроры – Верберьдің кабинетіне шақыртты. Нарғызды кабинетте көргенде Шоқан шошып кетті: ең алдымен киімсымақтан үстіне ілгені жалба-жұлба жыртылған, әрі баттасқан кір жалғыз кенеп көйлек, денесі әр жерінен жылтырап көрінген, оның ішінде не киім бары белгісіз; Шоқанның естуінше, қазақтар қылмыстыға, әсіресе, әйелге қара құрымнан жасаған «кебенек» атты масқаралау киімін орап, қара есекке я қара сиырға теріс қарата міңгізеді екен де, елді аралатады екен деседі. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген мақал содан қалған: Нарғыздың үстіндегі мына көйлегі де дәл сол кебенек! Кебенек ішінен Қаусай көрінген оның денесі, жамылтқы ішінен елестеген – тірі аруақ!.. Бет бейнесіне қарағанда, бар сүйегін сыртынан санап аларлық. Қылқиған мойны, қозғап қалса үзілгелі тұрғандай!.. Оңаша кабинетке кірген Нарғыздың осындай қалпын көзі шалған Шоқан сөзді неден бастарын білмей:

– Отыр, Нарғыз! – деді күрең былғарыдан жасалған жұмсақ креслоны нұсқап. Шоқанның шақыртқанын білмеген, әлдеқалай кезігуіне таң қалып, оған деген іштегі бар кегін, көз жанарынан атқылай қараған Нарғыз:

– Мен отыра-отыра шаршаған кісімін, төрем. Түрегеп тұру да жетеді маған. Айтарың болса, осылай тұрып-ақ тыңдаймын, – деді отты көздерін ойнақшытып. Не десін Шоқан оған? Бәрі белгілі, бәрі түсінікті... Оның аузына түскен сөз:

– Көргім келген еді де, Нарғыз!..

– Көрсең тұрмын, міне! Түрім де, тіршілігім де осы! Тағы неменемді көргін, келіп еді?

– Ештеңеңді де. Ендігі көргім келмейтіні – өлімің.

– Қалай тірі болады дейсің бұл күйімде...

– Егер тұтқыннан босатса ше?.

– Қалай?

– Оның тетігі қолда.

– Қайда бар дейсің сонда?

– Оны тіршілігің көрсетер.

Тіршілік бар ма менде? Алдыңда қаңқаң тұр демесең, мен қабірде жатқан кісімін.

– «Содан босатсам» дедім ғой?

– Босатпа, төрем!

– Неге?

– Мен өлмесем, сен өлесің!

Шоқан қарқылдап күліп жіберді.

– Неге күлесің, төрем?

– Сөзің қызық та.

– Түк те қызығы жоқ. Мен босансам, сен өлесің.

– Неге, қалай?

– Немене сен оқ етпейтін, қылыш кеспейтін, отқа күймейтін, суға батпайтын біреу ме ең?..

– Ал, ерегістім, онда! – деді Шоқан, – босаттырам сені! Содан кейін білгеніңді қыл! Қазір жатқан жеріңе қайтасың. Тез босайсың. Әкесі мен ағаларын абақтыға алдырғаннан кейін, Нарғыз Шоқанға деген махаббатын сөнді деп санайтын еді, сондықтан іштей, «шіркін, сәті түсіп кездесе ғап, жарып өлтіріп, қанын ұрттар ма едім!» деп арман ететін. Шоқанды көре, сол арманына жетудің сәті түсе қалған сияқтанды. Екеуі Веберьдің кабинетінде кездескен шақта не істерін білмеген Нарғыздың ойы балқыған қорғасындай толқып кетті. Бірақ, бұл арада қолданар қаруы жоқ...

Көп кеңесуде мән жоғын көрген Шоқан:

– Әзірге осы «сыйыңмен» бара тұр, – деді көз қарасымен ішіп-жеген Нарғызға, – абақтыдан босана салысымен жолық. Үсті-басыңды бүтіндейін. Сөйлесетін сөздер бар... Тағы да жолығу сәті түскелі тұрғанына көзі жеткен Нарғыз, Шоқаннан ажырай оны өлтіру жайындағы ойына құныға түсті. Екінші жолығарда қойнына пышақ тыға келеді де, қапыда талмау тұсынан сұғып алмақ. Аржағында не күйге ұшыраса да мейлі. Ол өзін «бәрібір өлікпін» деп санаған адам... Шоқанмен жүздескенше өлтіру ниетінен таймаған Нарғыз, кескінін көріп, лебізін естігеннен кейін, жүрегіндегі оған деген махаббатын тағы тұтатып алды да, қаншама сөндіргісі келгенмен әлі жетпей қойды, махаббат сену орнына өрши түсті. «Бұның арты не болады?» деген ойды санасына салмақтап көрсе, аспандағы ай мен күннің, я жұлдыздардың біреуіне қол созған сияқты арман!.. Ендеше несіне дәмеленеді?.. Қалай ойласа да дәмесі үзіле берген Нарғыз, жүрегінде лаулаған махаббат отын сөндіруге, елімнен басқа себеп таба алған жоқ. Ойы осыған тірелген Нарғыз қастық жасауға Шоқанды қимады да, былайша көрінуді мағынасыз санап, абақтыдан босана қалса өлуге бекінді.

Бірақ, қайда, қалай?

Құлағына еміс-еміс тиген хабарға қарағанда, туған ағаларының біреуі Есқара, Итжеккеннен қашып кеп, елінде тығылып жүрген сияқты. Нарғыздың соңғы арманы сол ағасын көріп, айдалған әкесі мен өзге ағаларының жәй-жапсарын есітіп, өмірімен содан кейін қоштаспақ болды. Ол абақтыдан көп кешікпей босады да, Шоқанға емес, ана жылы әкесі мен ағалары Итжеккенге айдаларда түскен үйге барып, еркектің ескі-құсқы киімін тапты да, Қызылжарға баратын әлдене жолаушыға еріп жүріп кетті. Нарғыздың босанғанын біліп отырған Шоқан, өзі келер деген дәмемен біраз күн тосты да, келмеген соң сұрастырып байқап еді, із-тұзын таба алмай қалды. «Келер ме екен, Алпамыс?! Келмес пе екен, Алпамыс?! Осы тойдың ішінде, тығылып та жүрмесін, ақылы көп қартамыш» – деп жырда айтылатындай, Нарғыздың қайда жүргенін біле алмаған, оның кек аларлық ойы барын байқаған Шоқанға «әлде, осы қалада тығылып жүріп мақсатына жетпек пе екен?!» деген де қауіп кірді. «Өжет қыз ол ойын орындауы да мүмкін!..» Жаяулап-жалпылап, арып-талып... дегендей Нарғыз туған еліне әрең жетті. Ел ішінде тығылып жүрген ағасы Есқараны табу қиындыққа соққан жоқ. Өзгеге өлсе айтпайтын ағайын, Нарғызбен жыласып амандасқаннан, жай-күйіне қанғаннан кейін, «аяқ астынан...» дегендей, екеуін тым тез жалғастырды. Есқара сол елдегі «үш мың шұбарлы Өте» атанған бір байдың бойдақ жылқыларын бағады екен. Ол жүдеп-жадап келген қарындасын қасына алып, тез торалту қамына кірісті. Нарғыз алысқа айдалған ағаларының хал-жайын сұраса, бәрі де алтын кенін қазатын шахты опырылғанда, астында қалып қойыпты. Қайсар әкесі бастықтармен ерегісем деп соққыдан және аштықтан өліпті. Қарағай кесу жұмысындағы Есқара ауыр бейнеттен қашыпты. Оның жолшыбай көрген азабы да ұлан-байтақ. Сол жайларға қанып алған Нарғызға енді тіршіліктің мәні тіпті де жоқ сияқтанды. Өлімге белін оралымсыз бекіткен ол, айлы әдемі түндердің біреуінде ағасы Есқараға еріп жылқы күзетіне аттанды. Жылқының ол кездегі жайылымы «Ақан Борлық» аталатын өзеннің Есілге тоғысар тұсы еді. Дәл құйылыстың қасында биіктігі тауға таласарлық, текшеленген тастарының тіктігі қолдан қалағандай, төбесіне аршаның шытырманы өскен, сүйриген тұмсығы екі өзеннің бұрқырай сапырылысып жатқан суының тұңғиығына төнген жарқабақ бар. Табысқан Есқараның қасында болған алғашқы күннен бастап, Нарғыз «Құз қия» аталатын осы шыңның ұшар басына күн сайын көтерілетін дағды шығарды. Ағасы оған, «қалың аршаның түбі толған у жылан» деп қорқытқанмен, – ажалым содан жетіп тұрса амал нешік» деп Нарғыз сескене қоймады. Ағасының:

– Неге бара бересің, қарғашым-ау, ол қияға?! – деген сұрауына:

– Аржағындағы жазық кең далаға қарау қызық. Қия үстінде тұрған шағымда, көзіме өзіміздің Қойбағар, Жасылбағардағы жайлау, жағасында отыратын ауыл, біздің үй, сән-салтанатты тұрмысымыз елестегендей болады! – деп жауап береді Нарғыз күрсініп. Кейбір шақта, Есқара «Құз қияға» қарындасымен бірге көтеріледі де, оған елестеген ата жайлау, бұған да елестеп, бұл да демін соза алып, қатты күрсінеді... Қожықтың төрт құбыласы түгел тұрған шақта, Есқара бұл үйдің ең жаманына саналып, оның үлесіне үй жабдығының тезек теру, құрт қайнату, түйені, биені, қойды сауу сияқты, қымыз пісу сияқтылар ғана тиетін еді. «Иіс алмас» есептелетін Есқара, бұлардың біреуіне де арланбай, ерінбей,жалықпай жүре беретін; қанша қимыл жұмсаса да қажымайтын қарулы болатын; әке балаға сыншы дегендей, төрт көзі түгелденіп, ошақ басы кеңескен шақтарында, – «қара» сын емес, «Есім» ғана айтатын Қожық өзге балаларына:

– «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, көтен жеген озар» дегендей, түптегенде бәріңнен осы Есім озады, атаның қара шаңырағына түбінде осы ие болады, жұқана да түптеп барып осыған бітеді,– дейтін. Әке солай бағалағанмен, туыстары олардың ішінде – Нарғыз, не бейнет болса да үнсіз атқара беретін оны «жаманға» санап, кісілік шығады деп ойламайтын. Нарғыз енді, Есқарамен «Құз қияда» кезіккен шағында байқаса, туған ағасы болғанмен, көп жыл бірге жасасқанмен, білмейді екен оны; әкесінің бағалауы дұрыс екен: сөзі де орнықты, намысы да күшті, қайраты да қажымастық. Ондайлығын қарындасы бір сөзінен тіпті қатты аңғарып қалды: жылқы жусап, «Құз қияның» ұшар басында аға-қарындас боп жандары жайлана сырласып отырған бір шағында:

– Наржан! – деді Есқара қарындасына.

– Әу, Ес-аға!

– Біздің түбімізге хан тұқымы жетті-ау, осы!

– «Қай жағынан» дейсің, Ес-аға! – деді Нарғыз біле тұра сұрап, ағасын сынай түскісі кеп.

– Кенесары біздің атамыз – Мақаштың бар жылқысын айдап кетпесе ғой, – деді Есқара, бұл жайды қарындасы «білмейтін шығар», білсе шала-шарпы білетін шығар» деген оймен, осындай оңашада толық білдіріп қойғысы кеп. – Әкеміз тақыр кедей боп қалмас еді...

– Рас, аға!..

– Хан тұқымына өшікпесе ғой, әкеміз атқа да мінбес еді?

– Ол да рас...

– Содан әкем – Ұшпақты, мықтыны барымталау, кек алудың жолы деп түсініп, ақырында «Ұры Қожық» атанып кетті.

– Рас!..

– «Ұяда не көрсе, соны іледі» дегенде, одан туған балалар да әке жолын қуып, жорықсыз отыра алмайтын болды...

– Жалғыз сен ғана болдың ғой, Ес-аға, адал еңбек атқарып, абыройды құдайдан ғана тілеген?

– Сонымен, не берді маған құдай?

– Тірі қалдырғаны – бергені емес пе? Әкем айтқандай, тірі жүрсең Мақаштың шаңырағын сен ғана көтере аласың.

– Бірақ, Наржан, маған ол тіршіліктің керегі жоқ!

– Неге?!..

– Мақаштың өзге ұрпағы құрығанда, мен неменеге тұлға бола алам?

– Сондағы ойың?

– Жастығымды ала жығылсам арманым жоқ. Ендігі мақсатым біреу ғана...

– Қандай мақсат?..

Есқара қарындасына Шығыс Сібірдегі «тірілерді» топтан қамайтын көрден қалай қашқаның жолда әлдеқалай Шыңғыстың әпесер баласына қалай кездесуін, оны өлтірмек болғаның бірақ, қолы жетпей қалғанын тілі жеткенше айтып берді. Ықылас қоя тыңдаған ағасының сөзін естігенде, Шоқанды өлтіру туралы екеуінің ойлары қабысуына Нарғыз таң қалды. Несіне таңданады? – Екеуінікі бір топырақтан енген кек!.. Ендігі мәселе осы кектің арты неге соғуда. Нарғыздікі қайраты қайтқан кек. Оны жоғарыда баяндағамыз. Ал, ағасының әу-жайына қараса, өлтірмей тынар түрі жоқ. Оның қылыштай қайралған өткір намысын қалай тойтару керек? Шоқанды өзі өлтіре алмаған, арасына өлтіртуге қимаған Нарғыздың ендігі тіршілігінде мән жоғына көзі жетті де, барлық ауыртпалықтан құтқарар өлім ғана екендігіне біржола бекінді. Ойын осыған тіреген Нарғыз алатын ажал – «Құз қияның» етегіне тоғысқан екі өзеннің қоспағындағы терең тұңғиық. Бұған дейін бірер рет сүңгіп көргенде, ол тұңғиықтың тереңдігінде түп жоқ сияқтанған, соған «Құл қияның» шоқтығынан қарғыса, күп періп түбіне батып кете барады. Бірақ, Есілдің жағасында, туып-өскен жүзу жарысында балықтан басқаға оздырмайтын Нарғыз, суға қарғығанмен, жан таласта малтып шыға келуі мүмкін, оны істей алмау үшін, мойнына тас байлауы керек... Бүгінгі маужыраған айлы әдемі түнде Нарғыз «Құз қияның» төбесіне осы ойын орындау ниетімен шыққан еді. Қасында – Есқара. Оған ішкі пікірін сездірген емес. Тек қана айтқаны:

– Айдың жарықтығы сүттей екен, төңіректі тамашалап біраз отырайық.

– Мақұл, – деді қаннен қаперсіз Есқара.

Екеуі «Құз қияның» шоқтығына атпен көтерілді де, аттарын арша түбіне қаңтара байлап, биік шыңның нақ құлай берісіне тақала, Нарғыз аяқтарын кемерге асып, Есқара бір тасты жастана кейінірек жатып, екеуі өткен-кеткен кейбір жайларды кеңесе бастады. Әңгімелерінің ұзын-ырғасы, бастан кешкен күндерінің ащы-тұщы жайлары... Төңірек әдемі-ақ!.. Айлы түнде де мұнартқан жырақ жерлердің талай тамашалары көзге шалынады екен. Сол тамашалар, ай мен күн сәулесіндей жұрттың бәріне неліктен ортақ болмайды екен?!.. Бұл дүние біреуге неге тар, біреуге неге кең?!.. Біреулер неге мол, біреулер неге қымқа тұрады?! Неліктен біреулер қайғыда, біреулер қуанышта?!.». Аяқтары шыңнан салбыраған, ағасымен бір тасты жастанған Нарғыздың миын осындай ойлардан қылады... Есқара ұйқышыл адам еді. Бір ұйықтаса, оянуы оңай да болмайтын, кейде алай-дүлей дауыл көтеріліп, сатыр-күтір күн күркіреп жатса да қозғала қоймайтын. Ұйқыға бөккендегі әдеті, – төңірегін басына көтеріп қорылдау!.. «Құз қияның» шоқысында да сөйтті ол. Өйтпегенде, қарындасы бүгін өлмес пе еді, қайтер еді! Онымен бастаса жатқан Нарғыз әлде не әңгімелерді айту үстінде қалғып кеткен еді. Оның бала кезінен бергі дағдысы, – кісі қорылдаған жерде ұйықтай алмайды. Баяғы төрт көзі түгел кезде де ол, Есқараның қорылына шыдай алмай, үнемі оның ас үйде ұйықтауын тілейтін. Сол салтын әлі ұмытпаған екен: сағынған Есқараға жалғасудың алғашқы күндерінде, қорылдауына шыдауға тырысты да, кейін одан аулақтау ұйықтайтын болды. Өлімге апаратын сатыдай «Құз қияға» көтерілгенде Нарғыздың сенгені ағасының тастай ұйқысы еді. Сондағы ойы ол оянған шақта жоқ болып шығу. Суға батуын білмесін деген оймен, ол бірер күннен бері ағасына Ұлытау жақта дейтін нағашысына кетерлік ниеті барын да ескертіп қойған. Қорылдан оянып кеткен Нарғыз ұйқылы көзін уқалап жан-жағына қараса, айнала түп-түгел қара күңгірт, күнгей жақ жиекке батып бара жатқан айдың үстіңгі ернеуі ғана қызараңдайды. Қорылдаған ағасына төне қараса, танауынан басқа мүшесінде тіршілік жоқтай, қимылсыз... Ағасының ауыр тағдырына аяушылықпен қарайтын Нарғыз, өзін оған масыл көріп, қайткенде оған жүк үстіңе жүк болмау қарызын да көп ойланатын. Бұл ауыртпалықты жеңілдетуге де өзінің өлуінен басқа жол таба алмайтын. Сондықтан, соңғы кездескен күндердің алғашқысында, не көрсе де бірге көруге бекінгенмен, одан шығар мән жоғына көзі жеткендей, «маңдайына жазғанын менсіз-ақ көре берсін» деген қорытындыға келген. Осы ойдағы Нарғыз, қорылдай ұйықтаған ағасы оянып кетер деген қауіппен, өз ісіне тез кірісті. Ол бала шағынан белін көмер белбеумен тас қып буып алуға дағдыланған адам еді. Кейін белбеуден айрылып, белі біраз жыл қоңылтақсып жүрген де, қолына ағасының қыл шылбыры түсті. Соны беліне тас қып буып алды да, ағасының, – «мықыныңды қияр» деуіне қарамай, ояуда түгіл ұйқыда да шешпеді. Осы шылбыр бүгінгі кеште де белінде еді. Соны ол тез ағытып алды да, «суға батырып әкетсін, сусып сыпырылмасын» деген оймен, бір ұшына қомақтылау бір домалақ тасты шырмай байлады; екінші ұшына шешілместей шие ғып екі қолын таңды; содан кейін орта тұсын мойнына тұзақтай орап ап, шырмалған тасты нақ кемерден суға қарай итеріп жібергенде, оның тартқан салмағымен денесі де төменге қарай толқи берді... Одан кейін не болғанын шың тастың бір қуысында шырылдай ысқырып отырған байғыздан басқа жәндік көрген жоқ. Төменге тартқан тас, Нарғыздың тулаған денесін босатпады. Ол тұңғиықтың түбіне жете, қимылсыз бір-ақ дамылдады!.. Есқара күндегі дағдысымен тан, біліне оянса, қасында қарындасы да, киім-кешегі де жоқ!.. Оның аңқау басы, – «нағашысына кетпек ойы бар еді, соған тартқан болар ма?!» деп жорыды. Ол осы маңайда аз күн аялдап, егер ешқайдан сыбыс сезілмесе, өзі жүрген жымба жолмен, нағашысы жағына жөн тартуға бекінді... Енді Шоқан жағына оралайық. Омбыдан Қызылжарға ылаулатып келген ол, Қызылжарға аз күн тоқырап, арғы жолдың жобасын сұрастырды. Білетін адамдардың айтуынша, Есілдің күнгей жиегін жағалайтын Петровка станицасы бар екен. Соған дейін, Есіл бойында аралары алшақ станицалар қадақ-құдақ кездеседі екен де, аржағында Есілден не оңға, не солға бұрылып кетпесе, орыс селолары болмайды екен. Шоқанның ойы Есілдің «Көлденең» аталатын бұрылысындағы «Жарқайың» жайлауына беттеп, одан «Құлаайғырға» тарту. Бұл жолдың үстінде тек қазақ қыстаулары ғана ұшырасатын көрінеді; жайлаудың мезгілі болғандықтан, бірен-саран күзетшілер кездеспесе, ол жөнде ел жоқ. Ал, сонда ылаулатып жүрген Шоқанға жолшыбай көлік қайдан табылады? Бұл ойдан Шоқан қысылайын деп еді, ретін Жайнақ тапты. Тапқан ақылы төмендегідей: Қызылжардан сексен-тоқсан шақырымдай тұста, Есілдің екі жақ аңғарын түгел меншіктенген Зілғара, Шопан дейтін байлар болады. Зілғарасы кісілік құрып, Уәлімен, одан кейін Шыңғыспен жұлқысады, бірде – ол, бірде – бұл жығып... дегендей, екеуі ит жығыс түсіп жүреді; Шопаны «мыңқырған бай» атанып, төрт түліктен, әсіресе қой мен жылқыдан мыңдаған бас мал ұстайды; оның қойы, бір кезде жиырма бес мыңға жеткен екен дейді. Россияға бағынғаннан кейін, ақшаны шоқындыру құралы деп естіген Шопан, сонша малдан біреуін де сатпай жүріпті; малдың өзі былай тұрсын, жүн-жұрқа, қыл-қыбыр, тері-терсек дегендерін де сатпай, қайыр сұрағандарға тегін береді екен... Бір сәтте, әкесіне еріп сәудегерлікке араласа бастаған Данияр, «Бөрілі Торанғұл» аталатын көлді күзектеп отырған Шопан аулына кезіге қалады. Мезгіл күзгі күзем екен. Қырқып жатқан қойдың жүні мая-мая.

– Бұны не істейсіз? – деп сұраса:

– Киіз бастырам, – деп жауап береді Шопан.

– Өйткенше, маған бер! – деп өтінеді Данияр.

– Қайтесің оны?

– Өзім білем, қайтерімді.

Шопан Даниярға табан арба жүнін тегін береді... Дәндеген Данияр, келесі күземде тағы кеп, бұл жолы құр қол келмей, «сыйға» деп бірер жәшік шай-қант ала келіп, бір мая жүнді тағы да тегін алады... Сөздің қысқасы, осы жүннен Данияр байиды да, дәулет жағынан бүкіл Қызылжардың алдыңғы қатарына шығып, бір ауылды түгел қамтитын тамаша жұрт салады; олардың ішінде, Қызылжардың ең сәулеттісіне саналатын, екі этажды тұрақ үйі де, мешіті де, медресесі де, дүкені де бар... Хан ордасы Айғаным кезінен Тастемір тұқымымен, әсіресе, Даниярмен байланысты боп, Қызылжарға келе қалса, көбінесе соның үйіне түсіп, қатты сый-құрмет көріп жүреді; бертінде олардың аралас-құраластығының тығыздануы сондай, Данияр бір баласының атын Шоқан қояды да, оған Жақыптың жуық арада туған бесіктегі қызын атастырып, «құда түсіп, құйрық-бауыр жесіп» те үлгереді. Бұл үйде бұрын болмаған Шоқанды, «бауыздау құдамыз барда, басқаны қайтеміз» деп, Данияр хажының үйіне түсірді. Ол, әрине, құшақ жая қарсы алды... Жата-жастана жол жөнін сұрастырса, құдасы Шоқандікі жұмбақ жүріс. Оның естуінше, Шоқан Қарқаралы, Семей жаққа сапар шегуге тиісті еді. Ол бетінен шешесінің сырқаты бұруына Данияр сенеді де. Оның тек қана түсінбейтіні: Құлаайғыр жайлауында отырған аулына барса, тура жолы бұл емес еді ғой?!.. Құлаайғырға Қызылжардан да тік кетпей, Жарқайдың тұсына дейін Есілді ерлеймін деуі қисынсыз, ол тіпті теріс бұрып әкететін қиғаштық. «Бұларын, не?!» десе, «жәй әншейін, жер көру ғана» дегеннен басқа Шоқан да, «менікі – төрем бастаған жаққа ере беру» дегеннен басқа Жайнақ та түс жарып ештеңе айтпайды. Жүріс және сөз түрлеріне қарағанда жасырын бірдемелері бар сияқты. Немене екенін қалай ойласа да Данияр таба алмайды; әзіл-оспақпен қағыстыруға, Данияр ол кезде егде тартып қалған кісі. Оның жалғыз ғана жорамалы – Шоқанның үйленетін шағы жетті, Ол қатынды қазақтан алады-мыс деген қауесет бар; Шыңғыстың оған деп талай жермен құда түсіп жүргенін де естіген, сондықтан «қыз қарауға шыққан жолы емес па екен?» – деп жориды Данияр. Жол жайын біле алмаған Данияр, Шоқанның жүріс қамын ойлай бастады. Оның бұл жөніндегі ылауы Ақжарға дейін ғана барады. Аржағында «көлденеңге» дейін қазыналық ылау да жоқ, ылауға салт ат сұрар ел де жоқ, тік Есілді жағалау адастырмайды демесе, Ақжардан арғы қыстаулар арасында көр білте сүрлеулер болмаса жол да жоқ. Жүріп көрген жерлерінің осындай қиындықтарын жақсы білетін Данияр, қылауы түспеген жас құдасының қыбын табу ниетімен, жәйлі тарантасқа жолға шыдамды екі атын жекпек болды да, «қайдан қайтарсаң еркің, басыбайлы сіңіріп кетем десең де мейлің; қатты айдап, алқындырып алмасаңдар болды; жортақ жүріске қажымайтын жылқылар қолқасы аман болса, қалаған жеріңе жеткізер!» деді. Аттарыңа қоса, жортуылға кәнігі жігітін де берейін деп еді, «Жайнақ жетеді» деп Шоқан алмады.

– Жөндерің оты мол жерлер, Есілдің шалғыны сұлыдан артық. Дегенмен, ара-тұра иіскеп қойғаны да мақұл, әрі көтеріңкі отырасыңдар, – деп Данияр тарантасқа екі қап сұлы артты. Жолаушылар жұмбақты жолына жүріп кетті... Есілдің ағыс арнасы жалпақ болмағанмен, алқап аңғары далиып жатқан кең. Осы алқапты Есіл, жыл тәулігінде көктем туа тасыған шағында бір-ақ толтырады да, сабасына шілде кезінде ғана сарқып, күн қыза борсыған, қалыңдығы сала құлаш құнарлы бозғыл топыраққа өсетін шалғын, шілденің сарша-тамыз тұсында биіктігі, тік тұрған адамның белуарынан келеді. Егер оны отай шапса, мыңдаған мая үйілер еді, аздап шабатындар мұртын да сындыра алмайды; көктемде, күзде жайылатын мал отына да мыңқ етпейді, сөйтіп, жыл сайын өскелең қалың шалғын, жыл сайын жабағыдай ұйысып, қысқа қарай қатпарлана жата береді; олар шіри келе көңге (торф) айналады да, шалғынның шығымын үдете түседі... Жыл сайынғы жаңа шалғынның арасы тұнған жидек пен ешкі бүлдірген. Олардың аңқыған иісі, дем тартқан адамның мұрнын жарғандай болады; соған, шілде туа буыны қатқан жуаның ашқылтым иісі қосылса, Есілдің сағымдана бусанған алқабы, ішіне кірген адамның жанын жұпар теңізіне жүзіп жүргендей рахаттандырады... Есілдің қалың тоғайына қарақат қалың шығып, көрген кісінің көзін еріксіз тартады... «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» дейтін мақалға сүйенген олар, Данияр «ал, бұзылмайды» деген сүр, құрт, ірімшік сияқты азықтарды алмай, «қазан аузы жоғары» деп тек ас пісіретін ыдыстарды және тұзды ғана алған еді, мылтықты бірсыдырғы жақсы ататын Шоқанның бұл жайдағы сайманы түгел. Есіл тасып тартылған шақта шұқырларда іркіліп қалатын «қара су» атты шеті қамысты, ортасы жалтыр көлдер, алқапта ығы-жығы, олардың бойы қаптаған құр, әсіресе үйректер мен қаздар; мылтықшы жоққа жақын жерде, олар адамнан қорықпай, таяқ тастам тұсына келтіреді; сондықтан қанша қырсаң да бола беретін. Бірақ, Шоқан ондай ысырапқа жазықсыз құстарды қимай, азығына керегін ғана аттырады; Жайнақ «сүр перен» аталатын мергеннің өзі екен, ол көздегенін құтқармайды. Көлдердің тұлабойы тұнған балық. «Неткен көл-көсір байлық, бұл Есілдің өнбойы! – деп таңданады Шоқан, – шіркін, осылардың түгелімен пайдаға асар күні бола ма екен?!» Есілдің екі жағы да тұрғындары жайлауға көшкен, орманның, немесе тоғайдың ықтасынына қонған есіз қыстаулар. Олардың көбі ағаштан қиылған, біразы шымнан қаланған үйлері үйме-жүйме орналасқан, көше тәртібі еш қыстауда да жоқ. Кейбір үлкенірек қыстауда мұнаралары сорайған мешіттер, олардың маңында күзетші болады екен. Есік, терезелері қоймаға тоғылған үйлердің іштері үңірейген, қора-қопсылары аңғал-саңғал, ашық-тесік. Жәндік атаулыдан қыстау іштерінде жиі кездесетіні – қарлығаштар, олар адамды сағынғандай, біздің жолаушылардың алды-артын орай ұшып, кейде қанаттарымен беттерін сипап кете жаздайды. Мешіт төбесінде у-шу боп сапырыла ұшқан қара тағандар!.. Күзетшілердің көбі Шоқанды естіген, кейбірі көрген адамдар екен. Аты-жөнін білген соң-ақ, олар жатып жастық, иіліп төсек болғандай, сыйлап зор құрмет көрсетті.

– «Оралдының баласы он бесінде баспын дер» деген осы екен-ау! Хан тұқымы кекір келетін еді, мынау иленген қайыстай жұп-жұмсақ қой. Ел тілегіне туған бала ғой, тек, ұзақ жасасын, бақыр! – деседі ел. Іші-бауырларына кіре кеңескенмен, Шоқан жол жайын оларға да сездірмей, «жол болсын?» сұрағандарға, «ел жайымен танысуға шығып едім» дей салады. Кедір-бұдыры, ой-шұқыры көп, кейде тұяқ тимеген тың жермен жүретін арбадан, жолаушылар жылдам қажиды да, жиі қонады. көбінесе, қыстауға емес, тоғайдың су жақ ықтасынына; ондай жерлердің жалғыз ғана бейнеті масасы. Шөп шығымды жылда масаның да қалың болатыны белгілі. Биыл да солай екен. Бірақ, Жайнақ Шоқанды оларға шақтырмайды: тоқыраған я түнеген тұстарда, бұта, қамыс дегендерді ілезде жинап ап, бықсыта түтетіп қояды да, түтін бөлеген Шоқанға маса жолай алмайды. Алғашында түтінге қадалатын Шоқан, кейін үйреніп алды да, сирегі түгіл қара-қышқылына да мыңқ етпей отыра береді. Жайнақ түтінді күндіз түгіл түні бойы да үзбестен сала береді. Оның қай кезде көз шырымын алары белгісіз. Қашан алса да алатын сияқты, өйткені не отырғанда, не жүргенде, ешуақытта да қалғымайды... Бала кезінен әңгімеге үйір Жайнақ, жігіт бола тіпті төселіп, «шешендердің ақындардың сөздері» дегенге түпсіз болып кеткен. Айтыстардан, эпикалық жырлардан білетіндері де толып жатыр. Әндерді де көп біледі, даусы шағындауына қарамай, ырғағын әдемі келтіреді домбыраны да тәп-тәуір тартатын ол біраз күйлердің басын шырмайды. Ұйқы мен тамақтан қолы бос шақта Шоқанның ермегі – Жайнақ білетін өнерлер. Ол отырып та, тұрып та, жүріп те айта береді. Соншалық жақын ұстайтын Жайнақты Шоқан бір ғана мәселеден маңайлатпай, ол жөндегі әңгіменің шеті шыға бастаса, «керегі не, соның?» деп қайырып тастайды; онысы – үйлену жайы. Бір рет тауы шағылған Жайнақ, одан кейін бұл жайға жоламай, бойын аулақ салады. Төре атаулының бір салты, – жігітшілікке әуесқойлық. Жастар жағын былай қойғанда, сақал-шашы қылаң, тартқан Шыңғыстың өзі де, көрікті келіншекке әлі күнге дейін қырындайды. Жастар жағында қанағат жоқ. Мысалға Жақыпты алса, «жөргегінен қағынған» ол, «беті қанды» қыз-келіншекті құрығынан құтқармауға тырысады; әлі жеткенін күшпен, жетпегенін сұспен бағындырмақ болады, көбінесе, ол мақсатына жетеді де... Ал, Жайнақ Шоқанға бақса, оның жігітшілікті Омбыда да, Қызылжарда да күйттегенін көрген де, сезген де жоқ. Әсіресе Қызылжардағы Даниярдың үйінде. Оның өзінде де, туыстарында да бойжеткен әралуан қыз бар екен. «Адам көркі шүберек» дегендей, бәрі де сәнді киініп, қымбат тастармен, алтын-күміспен безенген, бұл қыздардың ішінде өте сымбатты және көріктілері де бар. Бәрі де Шоқанға қызыға қарайтын сияқты. Кейбір әке-шешелерінің де, қыздары Шоқанға жанасуын ұнататын қалыптары байқалады; бірақ, жанасса жармасар деп қауіптенгендей Шоқан оларға өзеуремейді, түсін салқын, денесін жинақ ұстайды. Осы салтын Шоқан Қызылжардан аттанғаннан кейін де өзгертпей, жолшыбай кездескен бірен-саран қыз-келіншек қылмыңдай қарағанмен, салмақты түсін өзгертпеді. «Мұнысы несі?!..– деп ойлады, ғашықтық жырларынан да хабары бар Жайнақ, – әлде бұның да басқаға бұрылтпайтын ғашығы бар ма екен? Кім ол?.. Бір кезде өз қарындасы – Айжан деп ойлаған оның жорамалы көмескіленіп барады. «Жанаралдың жиен қызы» деген қауесет бар, оған сенерін де, сенбесін де білмейді... Өзге әуліккен қызы жоқ сияқты. Ендеше, көлденеңдерге қызықпайтыны несі?!..» Жайнақтың көңілінде бір ғана күдік келе жатыр: жолшыбай демалған шақтарында көңілдерін көтеруге ән айтып, күй тартса, ол қисынын тауып «Дайрабай шығарыпты» деген «Қапыда еткен қарындас» пен, «Суға кетті еркетай» дейтін екі күйді көбірек ойнайды. Өйтетіні, осы күйлерді алғаш естігенде, неге шығарылғанын айтқанда Шоқан «ә, солай ма?!» деп тіксініп қалған. Сонда Жайнақ , та тіксінген. Өйткені бұл күйлердің Қожық қызы Нарғыздың өліміне арналғаны белгілі. «Нарғыз бен Шоқан жақын боп қапты» деп дүңк еткен «ұзын құлақты» Жайнақ та естіген, оған нанар-нанбасын білмей жүргенде, тұтқынға алынған Нарғызды абақтыдан Шоқан босатыпты деген лақап та тарай қалған, жұрт та, Жайнақ та «көңілдес болмаса неге босатады?» деп жорыған. Сөйткен Шоқанның Есілді ерлеп жұмбақ жолға шығуы, сол қыздың қазаға ұшырауын анықтау емес пе екен?! деп күдіктенеді Жайнақ. Оның «несін анықтайды, болар іс болды, бояуы сіңді» дегендей емес пе деп те ойлайды. Қалай толғанса да бұл сұрауларына жауап таба алмайды. Тек қана жолшыбай аңғарып келе жатқаны, Дайрабайдың күйлерін Шоқан әлі де құныға тыңдайды. Сол қалпын байқаған Жайнақ, қисынды-қисынсыз жерлерде аталған күйлерді шамасынша шебер орындауға тырысады... Бұл жұмбақ көп кешікпей шешілді: көлденең Есілдің бітуге таянған тұсында, «Тереңсай» аталатын алқабында, ' Қарағайлы» аталатын дөңесті, Балта Керейден азғантай ғана үй, – Нашан батырдың ауылы мекендейтін еді. Бұрынғы қонысы Мәулікте41 таяу бұл ауылдың жерін өткен ғасырдың аяқ шенінде «Дубровная» аталатын қазақ-орыс станицасы тартып алып, тұрғындарын беталды құла дүзге қуып жіберген. Жақын жерде бос қоныс жоқ.

Енді қайда барады олар?

Бұл Абылай ханмен тұтас, онымен бірге талай жорықта болып, «батыр» атағын алған Нашанның тірі кезі екен. Россияға қарсы ол, «орыс қалаларынан іргемді аулақ салам» деп, Есілді өрлей қоныс іздегенде, «жан-жағы төрт түлік малдың жайылымына да, жусауына да қолайлы екен» деп қалың қарағайлы дөңестің ығына құрық шанышқан екен де, сол араға қыстау салған екен. Бұл қалың Уақ пен Атығай, Қарауыл руларының қамауындағы жер. Олардың Нашанды араларына қоныстатқысы келмей, сан рет малдарын қуып, ұрыс-жанжал жасайды. Батыр ауыл бұл қысымға болмай, сойылға сойылмен, қамшыға қамшымен жауап беріп, ірге тепкен жерінде тырп етпей отырып алады. Ұзаққа созылған дау, Нашаннан баласы Тегіске жетіп ақыры екі жағы да орыс заңына жүгінеді. Сонда, Тегіс орныққан тұсын «ата жерім» деп даулайды, сондағы дәлелі, нақ сол тұстағы бір дөңесте Керей Тоқсан бидің қабірі дейтін биік оба бар екен. Даудың шешімі Көкшетау дуанының аға сұлтаны Шыңғысқа түсіп, «атам ардақтаған Нашан батырдың әулеті еді» деп, Тегіске көңіл еткен өлкесінің бәрін заңмен бекітіп берген. Бірақ, онымен де ұрыс-жанжал бітпей, аз руды көп ру жерін өртеп, малын ұрлап... дегендей мазалай берген. Содан ерғашты болған Нашан ауылы, кей жазда жайлауға да шықпай, жер-суын қорғап отырып қалатын болған. Биыл да сөйткен еді бұл ауыл: жақын тұстағы бір биікке қонған еді де, маса-сонасы, шыбын-шіркейі көп жерде малдарын багымен ұстайтын еді. «Мал» дейтін мал да аз. Тегістің, үш баласы: Бабақ, Қозыбай, Жантеліде не бәрі жүзден аз-ақ асатын жылқы бар, оның да тең жарасы үлкен шаңырақтағы Жантеліде. Қойлары сойыстыққа жетерлік қана. Жүктік түйелері жырақтағы сортаңға айдалған... Шоқанның беттеп келе жатуын алдын ала, күн бұрын жеткізетін «ұзын құлақ» бұл хабарды Нашан аулына да әкелді. Тегіс бұл кезде үйінде отырып қалған қарт еді. Шоқанның келе жатуын ол да естігеннен балаларын, ағайындарын жинап алды да, неге келе жатқаның қайда барарын білмегенмен, «арғысы – Абылайдан, бергісі – Шыңғыстан жақсылық көріп едік» деп, «солардың бір балапанын» әлдері жеткенше күтіп жіберуді тапсырды. Бұл Қозыбайдың отауы жуықта ғана түскен кезі еді. Киізі ақ, сүйегі жаңа, іші жасаулы отау. Енші алған оның Шоқанға айта қалғандай қонағасы берер жайы жоқ. «Қонағасы» дегені, бұндай әрі хан тұқымының, әрі ақ патша әкімінің сыбағасы тоқты-торым емес, құлын, тай және «анау-мынаулары» емес, құрлары, семіздері. Ондайлар Бабақ пен Жантеліден ғана табылады. Бабақтың алақаны ашық болғанмен, қолында бары аз және байланып жүргендіктен, еттері қоң-тораз. Жантеліде құр жүрген құлын, тайлар бар, семіздері де жоқ емес, бірақ, ол қолындағысын қысып ұстайтын қара қазан. Шоқанға Қозабайдың отауы босатылып, Қарағайлының соны, сәнді тұсына тігілетін болды. Жантелі тай құлындарын қимай жалтақтағанмен, әке тегеуіріні оны да икемдеді. Атақты Дайрабай қобызшы, Тегістің туған апасынан туған жиені еді. Осы ауылда біраз күн нағашылап жатқан оны, Шоқанды ән-күйге құмар деп естіген Тегіс, «соған қызмет көрсет, содан кейін аттанарсың» деп босатпады. Дайрабайдың өзі де Шоқанды көруге құмар. Ана жылы Атбасарда әдейілеп барып, орнын сипап қалған. Енді «қазақтың ән-күйін патша да ұнатыпты, оған жеткізген Шоқан дейді» деген «ұзынқұлақты» естігеннен кейін, Дайрабай Шоқанды іздеп Омбыға бармақ еді. Оның жинала бастауын естіген біреу:

– Біраздан кейін Бурабайдың бауырында, ақ патшаның таққа отыруына арналған ұлан-асыр той болады дейді, соны Шоқан басқарады дейді. Сен оған Омбыға барып емес, ұлы думанда көрін, алты дуанның игі жақсысы бас қосады дейді сонда. Олар да көрсін, атағын, сонда мұқым қазаққа тегіс жайылады, – деген. Дайрабай сол сөзде тоқыраған. Енді, міне көктен тілегені жерден беріліп, ол жатқан ауылға Шоқан келе жатыр. Бірақ, оның күдігі: Қожық үйінің апатқа ұшырауына себеп болған хан тұқымы, Нарғызға шығарған күйлерін ұнатар ма екен? Ол күйлерді атамай-ақ, ойнамай-ақ қойса қайтеді? Өзге керемет күйлер де жетіп жатыр... Дайрабай несі болса да Шоқан келе көретін болды. Нашан ауылы асыға күткен Шоқан келіп те қалды. Ауыл оны әзірленген қалпында қарсы алды. Бұл ауылдан Дайрабайдың кездесуі Шоқанға зор қуаныш болды. Оның ендігі ынтасы,– кезін келтіріп, күші осынша жыраққа жетектеп әкелген күйді есіту... Бірақ, қалай ойнату керек соны? Шоқанның тапқан тәсілі: күні бұрын Жайнақтың аузынан есіне салдырып қою.

Оңаша кездескен бір сәтте Жайнақ:

– Сөйтерсің, Дайреке! – деп еді:

– Жарайды, шырағым, – деді Дайрабай.

Күй тартардан бұрын Шоқан Дайрабайдың түр-тұлғасын, кескін-кейпін біраз барлап алды. Ол өңкиген үлкен денелі, қалың бетті, қара сұр енді, қаба сақалды кісі екен. Кімнен естіп, қалай тез жиналғанын кім білсін, «жас төрені» көргісі келгендер Нашан ауылына қаптап кетті. Олар әуелі ауылға тоқырап, Шоқанға ауылдан аулағырақ тігілген үйге ұлықсатпен, бір ғана ізбен жаяу шұбырып барды. Ұлықсат беруші, отау иесі – Қозыбай. Жас жағынан Шоқанмен тұрғылас ол, оңаша күтпек болған төреге алғаш көп кісіні жолатқысы келмей, көңілі қалағандарын ғана келтірмек болған еді, ауылға келушілерге сол ойын естіртіп:

– Төре жолдан қажып келе жатыр екен, бірер күн тынықсын, содан кейін, кезекпен барып есендесерсіңдер, – дегенмен, қарағай ішімен ұрланып барғандар, оңаша тігілген отаудың айналасындағы сайға бұғып жатып алды. Ол күнгі түн айлы, жұлдызды әдемі еді. «Кісі аз келеді» дегенмен, батып кіруге жарайтындардың өздері отауға сыймайтын болған соң, соны көрген, күндіз біраз қалғып, тамақтанып жайланған Шоқанның өзі мәжілісті тысқа құруды ұсынды. Отау сыртында оған лайықты орын барын күндіз көрген: арғы дөңеске қалыңдай біткен қарағай жынысының бергі етегі театрдың бель-этажы сияқты дөңгелене жарқабақтанып, одан төменгі тұсы кең жазыққа айналып кетеді. Кеші желкемдеу болатын ол арада жарқабақ асты ықтасын. Мәжіліске Шоқанның сол тұсты таңдауын мақұлдаған Қозыбайдың жалғыз ғана қаупі, әннің немесе күйдің жел қаққан даусын кең дала көріп әкетіп естіртпей қоя ма дегендік еді. Сол жайды Дайрабайға ақылдасқанда:

– Әніңді білмеймін, – деген ол, – қобыздың даусы жер өмірге жетеді. Жел қағу оның үнін үдете түседі... Біреулер қобызды Шоқанға оңашада ойнап көрсетуін өтінгенмен, Дайрабай:

– Күй көптің мүлкі. Жұрт жиналсын, түгел естісін, – деген. Олай дейтіні: «Қобызшы» атанғаннан бері, қалаулы бір жерлерде болмаса, кім көрінгенге ойнай бермейтін. Бүгін оның қалаулы күні болып отыр. Шоқанның Атбасар жәрмеңкесінде маңайына әнші-күйшіні көп үйіргенін естімеген ел жоқ. Ол сонша қадірлейтін күйдің үнін патша сарайына жеткізіп, ақ патшадан мақтау алғызғанын да дүйім жұрт, олардың ішінде Дайрабай да естіген еді. Ендеше, күйді Шоқанға ойнап тыңдатпағанда кімге тыңдатады! Қазақ, күйлерінде білмейтінім жоқ деп санайтын Дайрабай, кез келген күйді күңіренте бермейді. Ел тарихын күйдің қалай көрсетуін білдіргісі келгендей, әуелі «арғы заманнан қалды» дейтін, жан-жағын жау қамаған, қайда қашарын білмей сасқан көшпелі елдің зарын баяндайтын «Қорқыт күйін», одан кейін монғол Шыңғыс ханның шапқыншылығына ұшыраған кездің күйігін сарнайтын – «Ақсақ құлан, Жошы ханды», одан кейін, «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» ауыртпалығын басынан кешірген қазақтар Абылайдың ала туының астына жиналып, тағы да көрші елдермен теңдесіп дәурен сүргенін сипаттайтын «Абылайдың ала байрығын», тағы сондай тарихтық мәні зор музыкалық поэмаларды, оқиғаларын ауызша баяндай отырып, біріне бірін жалғастыра орындап беретін. Өзге күйлерді әркімдердің қалауынша тартатын. Бүгін де сөйтті Дайрабай. Ол күй тартарда, жеміне шабардағы жолбарыстай бүкшие жүресінен отырып алады да, қобызды саусақтарымен ғана емес, бар денесімен ойнағандай, қимылдамайтын мүшесі қалмайды екен.; Ал, саусақтары... Сол қолының салалы жуан саусақтары, толқынды көлдің бетінде қалықтаған қаршығаның қанаттарындай елбелеңдеп, шекке жанасу-жанаспауы көзге байқалмай, қандай пернелерді басуын құлақ қана аңғара алады екен; шектерді бойлай, дірілдей қимылдаған салалы саусақтардың үсігі бас перне жақта жүргенде, шынашағы алқым жағына жетіп, ұзын кежегенің тұла бойын түгел қамти, жорғалайды. Қылдан құралатын қобыз шегінің үні өзге шектердің бәрінен де бөлек сияқты. Өзге шектер бір-ақ үн шығарса қобыз шегінде басын құрған жүзден астам қыздың әрқайсысы өз үнін шығарып, барлық үн тұтасқанда, көп аспаптың дауысынан естілетін оркестрдің үніне ұқсап кетеді... Солай ойналған күйлерге Шоқан жан-тәнімен елтіп отырған шақта, әлдекімнің:

– «Қапыда өткен қарындасты!» деген үн саңқ ете қалды. Кенет дауыстан Шоқан селк ете түсті. Оны «шошындыра түсейін» дегендей тағы біреу:

– «Суға кетті-ау еркетайды!» деп қалды. Былайғы жұрт: – «Екеуін де!» – деп шуласып кетті. Сондай ұсынысты күтіп отырған Дайрабай, қомданыңқырап отырып алды да:

– Ал, жақсы! – деп «Қапыда өткен қарындасты» бастай жөнелді.

Бұл, біздің заманның тілімен айтқанда, эпикалық жобада шығарылған күй еді. Негізгі Қожық үйінің, әсіресе Нарғыздың қайғысына арналғанмен, бұл күйдің мазмұны, қазақ елінің сол тұста басына түскен ауыртпалықты баяндайды. Күйдің басы алыстағы жайлауға бейғам көшіп бара жатқан елдің баяу жүрісін елестеткендей, жұмсақ, жәйлі басталады, содан кейін, жайбарақат жөнде жау тигендей, күйдің даусы азан-қазан, у-шу болады да кетеді, сол шудың ішінен жекпе-жек те, жапа-тармағай да арпалысқан қимылдардың қарқыны естілгендей болады, сол кезде ерекше қайрат көрсеткен бір батыр қыздың үні естіліп, біраздан кейін, қалың жаудың қамауында қалады да, найзаға ұшады... «Қапыда өткен қарындас» күйін осы жәйді айтып ап орындаған Дайрабай «соның жалғасы» деп, «Суға кетті-ау еркетай!» күйін тартарда, «ол былай болған екен» деп, әуелі оқиғасын айтып береді:

– Жұмық (онысы Қожық) дейтін батырдың қартайған шағы екен дейді. Оның әлекедей жаланған тоғыз ұлы бар екен дейді, бәрі де найзагер батыр екен. Солардың Нарбота (онысы – Нарғыз) дейтін өзі ерке, өзі жау жүрек қарындасы болыпты. Ол да еркекше киініп, шашын желкесіне түйіп жауға шабады екен дейді...

Шоқан елеңдей, Дайрабай кеңесін жалғастыра түсті:

– Сонымен, көш жөнінде кездескен жауға Нарбота қарт әкесіне және ағаларына еріп бірге шабады да, әкесі де, ағалары да арпалыста қаза тапқаннан кейін, қалың жаумен жападан жалғыз алысады. Сол қимылы былай екен, – деп Дайрабай күйін тарта жөнеледі. Бұл бастапқы күйдей сабырлы үнмен өркендемей, сабырсыз үнмен, жылан арбаған бозторғайдай шырылдап кетеді екен. Солайша тартылған күй, мөлшерден артық ширатылып шырт үзілген қыл арқандай кілт тоқтай қалады екен де, ең ақырғы үні тас құлаған судай шалп ете түседі екен...

– Міне, сонымен, – деді Дайрабай, күй ойнауын доғарып, қобызды қасына сүйей сап, – жау қоршаған Нарбота, қашқалақтай арпалысып, бір өзеннің биік жарқабағына тіреледі де, құтылар орын жоқтығына көзі жеткен соң ат-матымен суға қарғиды да батып жүре береді... Бұл оқиғаны күйден ғана естімей, көздері көрген жұрт кеуделерін жара күрсінісіп алды. Шоқан ше? Бастапқы күй бастала ұнжырғасы түсуге айналған ол, екі күйдің де кімге арналғанын жан жүйесімен ұғып отырды. Тұла бойы шымырлап, өз-өзінен қалай көзіне жас алғанын ол сезбеді.

Қасына тақала отырған Жайнақ:

– Қанаш, не болды саған?! – деп қалды ол.

Шоқан жауап орнына бетін басты.

Маңайдағылар, сонда ғана сезіп, неге жылауын жобалаған біреулер, «ә, бәлем, сол керек саған!» деп табалады. Енді біреулер, «жұқа жанды» деген сөз рас екен; «хан тұқымынан да бұндай көңілшек кісі шығады екен-ау!» ден сүйсінді де, таңданды да. Осы топтың қара-көлеңке бір шетінде Есқара да отыр еді. Біраз уақытқа дейін Нарғызды нағашысына кетті деп ойлайтын ол, соңғы кездерде суға кетті деген аңызға тоқырап, соған кінәлі деп санайтын Шоқаннан кек алу ниетінде еді. Дайрабайдың күйлеріне Шоқанның жүйесі босауын оның да қырағы көзі шала қалды. Ол да бұл қылығына таң қалып, жұрт аузында жүрген бір сезді «рас болар ма» деген ойға кетті. Оның естуінше, жұрт Шоқанды Нарғызға құмарттырып та, қосып та қойған. Соған нанбайын десе, жылқыда бірге болған күндерінде, Нарғыз бір түні ұйықтап жатып, түсіндегі сандырағы Шоқанды жақсы көретінін білдіріп алған... Енді, міне соны растағандай, Шоқанның Нарғызға шығарылған күйлерге елтуін қарашы!.. Ойы «рас екен-ауға» тоқыраған Есқара, Шоқанды өлтіру ниетінен табан аузында қайтты да, көзіне жас алған қалпымен топтан сырғи жөнелді. Бірақ, бетімен кете бармады ол. Кеше Шоқан осы ауылға келе, Қарағай бауырындағы «Айдаһар» аталатын түпсіз терең дейтін қара суға шомылған, оны Есқара жағадағы қалың талдың арасынан көріп тұрған, жетіп баруға қасындағылардан батпаған. Ол судың «Айдаһар» аталуы, түрі де айдаһарға ұқсас, талай адамды да жұтқан. «Шоқан бүгін де шомылмас па екен?» деп ойлаған Есқара, топтан ажырай, тал арасына тағы да тығылды. Ондағы ойы жамандық емес, жақсылық. Есқара болжағандай, Шоқан Нашан аулынан аттанар алдында Айдаһарға шомылмақ болып тағы келді, бұл жолы нөкермен емес, жалғыз. Ол шешініп болып, жардан тік басталатын тереңге құлауға ыңғайлана бергенде, әлде не сыбдыр естіле қалғанға жалт қараса, тал арасынан түрінен де, киімінен де адам шошырлық бір еркек шығып келеді. Шошына қалған Шоқан суға секіруге ыңғайланғанда.

– Қорықпа, төрем! – деді еркек. – Қашпа! Суға түскеніңмен құтқармаймын. Мен осы көлдің балығындай жүзетін адаммын.

– Сен кім едің? – деді еркектің сөзін шын көрген Шоқан.

– Қожық дегенді естуің бар ма?

– Иә? – деді Шоқан үрейлене түсіп.

– Мен соның баласымын.

Шоқанның бойы дірілдеп кетті.

– Қорықпа! – деді онысын абайлаған Есқара, қойнынан қынаптағы көздігін суырып – міне, сенің ажалың! Қорықпа, бірақ. Мен сені өлтірмеймін, өлтіргім келсе, құтқармаймын. Шоқанның қорыққанынан тілі күрмеліп қалды.

Нарғызды ұмытқан жоқсың ба?

– Жо-жоқ...

– Ол менің қарындасым. Соған шығарылған күй тартылғанда, сен көзіңе жас алдың ғой. Оны қамаудан құтқарған сенсің. Сені жақсы көретін ол. Сол үшін ғана жаныңды қалдырам сенің. Әйтпесе, Сібірде жетпеген қолымды құдай бұл арада жеткізіп тұр.

– Сібір?.. Қайдағы Сібір?

– Сондағы бір қалада қонып жатып ұйықтай алмағаның есіңде ме?

– Иә, иә...

– Мен едім, сонда ұйықтатпаған...

– Апырау, не дейді?!..

– Рас!..

– Ал енді, өлімнен құтылдың, – деді де, – мынаны сыйладым саған, осыны көргенде Нарғызды есіңе түсірерсің! – деп кездікті жерге шанша ұрып қалды. Өзі жылаған бейнемен теріс қарап жүре берді.

Мына қылыққа қатты әсерленген Шоқан:

– Ендігі қамқоршың мен болайын, қысылсаң, маған кел! – деді. Есқараның жауабы:

– Оны көрерміз.

МАХАББАТ МАГНИТІ

Дайрабайдың Нарғызға арнаған күйлерінен халық пен Шоқан жасаған қорытындылардың қабысатын да, қиғаштасатын да пікірлері болды. Қабысатыны, бұл күйлер бір адамның, я бір семьяның, қайғы-қасіретін ғана баяндамайды, күштілердің өктемдігі, көзін ашырмайтын момын көпшіліктің ғасырлар бойына созылған мұң-зарын да баяндайды. Сондықтан да, күйлер ойналған шақта, Шоқанның ғана жүрегі елжіреп, ол ғана көзіне жас алған жоқ, күй көкейіне қонғандардың көздері шыланбағаны кемде-кем еді. Қиғашы, ақар-шақар ауыл болып отырған Қожық тұқымының ұлпа-отанымен құрып кетуіне нақтылы себепкер Шыңғыс екенің оған Шоқанның қолғабыс тигізгенін білетін жұрт, күйге елтіген Шоқан жылағанша оған өшігіп, кегін қалай алуды білмей ызалануда еді. Ал, көзіне жас алуын көргеннен кейін, оны жұқа жанды адамға санап, іштей мүсіркеді. «Шоқан Нарғызға қызығыпты дейді» деген қауесетті құлақтары шалған жұрт, оның күйге әсерленуін көргеннен кейін: «Сонысы рас болмағай да?!» деп өзара күңкілдесіп қалды. Бірақ, «оның несіне күйзеледі?!» деген сұрауға, бұл жиыннан жауап қайыра алған жан табылмады. Олардың ішінде ғашықтыққа, әсіресе қатынды үйірлеп алатын хан тұқымының ғашықтығына сенетін кісі жоққа жақынды; көпшілігінің ұғымында қазақтың «бала – белде, қатын – жолда» деген мақалы. Бірен-сараны ертегіден естіген ғашықтарды күңкілдей бастаса, өзгелері «тәйт әрі, ертегіні шындыққа санамай!» деп ақырып тастайды.

– Ендеше неге келді осы араға, – деген сұрауға тағы да ешкім жауап бере алмайды. Көпшіліктің көңілі екі ойға сарқылады: бірі – «өзі салған өрттің күйігін жаба жүрмесін!» Екіншісі – «Қожықтың шаңырағын құлатқан қылмыстың себебін аша жүрмесін!» «Ол не үшін?» дегенге тағы да жауап табылмайды. Біреулер «Қожық үйіне жаны ашитын кім барын бақылауға жүрмесін» деп те сескенеді. Жұрттың ойы осылайша әлденеше саққа жүгіреді де, тиянақ таба алмайды... Жұрт Шоқан туралы осылай ойласа, Шоқанның жұрт туралы ойы басқаша. Ең алдымен, күй тыңдаған жұрт тан, сарғая тарағанда, толқыған ойын баса алмаған Шоқан, ол сабасына түскенше қонақтаған үйіне барып жатпай, реті келсе атпен, әйтпесе жаяу серуендеп біраз жүріп қайтуды ниет етті. Үй иесі Қозыбай елгезек адам еді. «Қажет болып қалса» деген оймен, бірер тәуір атты кеше кешке жайылымға беттеген жылқыдан алып қап, кейін тұсап, кейін арқандап дегендей, ұстап отырған. Оларға қосымша, Шоқан құсқа шыға қалса, ере жүргісі келетін бірнеше жігіт бар. «Кәне» дей қалғанда, бәріне де бапты ер-тоқымдары даяр. Қозыбайдың және бір дағдысы, жаз – қаршыға, қыс – бүркіт... дегендей босағасынан бір қыраны арылмайтын еді. Биылғы жазда, оның үйінде, тұғырда отырған «Тақыс тарғыл» атанған қаршығасы барын, алғыр құсқа көзі жасынан қаныққан Шоқан, кеше осы үйге бас сұққаннан-ақ байқап қалған; «қандай өнері бар?» деп сұрастыруына қарағанда, Қозыбайға осы құсты салғызғысы келетін ықласы барын аңғартқан. Құсы бабындағы Қозыбай, қонағының зауқы соғар сәтін күткен.

Шоқан құсқа шығу ниетін білдіргенде:

– Бәрі де даяр, – деген Қозыбайдың аттары ілезде ерттеліп қалған. Ергісі келетіндер бірталай екен. Шоқан, тек Қозыбайдың еруін ғана тіледі. Жайнақ болса-болмаса да оның қасынан қалмайтын көлеңке. Құс салу ісіне Шоқан мейлінше қызба адам еді. Бүркіт түлкіге, қаршыға мен лашын қаз бен үйрекке түсерде ол есінен айрыла шауып, даурығып болатын. Бұл жолы өйтпеді ол. Жақын жердегі баттауықты жағалаған, онда осы мезгілде отқа шыққан үйрек қаптап отыруын білетін Қозыбай, бір тұста атын тебіне шоқыта беріп, дабылын дүрсілдете қағып қалғанда, шошынған үйректер дабырлай ұшып көтеріле берді. Томағасын сыпырған Тақыс тарғылды сілтеп қалғанда, зымырай ұшқан үйректерді қуа жөнелді ол.

– Қанды басың бері тарт! – деп шапқылай жөнелді Қозыбай қаршыға соңынан. Әдейі ме, әлде аяушылығы ма, құстың құстарды қууына қызына қоймаған Шоқан:

– Әрі тарт! – деп қалды да, желіге қоймады.

Оның ықпалына қарайтын Жайнақтың, Қозыбайды қуа жөнелгісі келгенмен, елірген атының басын тежеуіне қарап, ол да бөгеле берді. Тақыс тарлан ұшқыр екен. Үйректердің соңынан сүйреңдей ұмтылған ол, әп-сәтте біреуіне жетті, оны арқасынан бүрген қалпымен төңкеріле төмендей берді.

– Ілді! – деді Жайнақ бар даусымен, – Ал, шабайық!

– Сен шаба бер! – деді Шоқан оған.

– Сен ше?

– Мен аяңдап та жетем.

Шоқанның бұндай жағдайда бұрынғы қызба мінезін білетін Жайнақ, мына қылығына таң қала тұра, желіккен көңілдің желпуімен, үйректі іліп жерге түскен қаршығасының қасына тоқырай қалған Қозыбайға қарай шаба жөнелді. Жайнақ жетсе, қомағай қаршыға, сұлық жатқан добалдай қоңыр үйректің кеудесіне қонып ап, төсін шұқи бастаған екен.

– Неге тұрсың? – деді, атынан әбігерлене түсе берген Жайнақ,– обал ғой, тірідей төсін шұқытқан.

– Ілдіргеннен жегені обал деймісің? – деді Қозыбай, әлі де абыржымай, қалжыңды дауыспен.

– Өй, өзін, қызық екенсің ғой. Жаны шықпай бауыздайық, – деп Жайнақ қамзолының қалтасындағы бәкісін суыра бергенде, сылбыр шоқытқан Шоқан да жетті.

– Тарт әрі, пышағыңды жылтылдатпай! – деді Қозыбай үйректі бауыздауға айналған Жайнаққа, өзі де атынан түсіп, қаршығаны үйректен айырып.

«Неге?» деп қарай қалған Жайнаққа:

– Төре бауыздасын! – деді Қозыбай.

Үйрек сұлық жатыр.

– Тірі ме? – деді Шоқан, үйректен үріккен атын тебіне жақындап:

– Тірі, – деді Қозыбай. Атынан түскен Шоқан:

– Кәне? – деп үңілсе, үйректің кіп-кішкене, қап-қара көзі қыпылықтап жаутаңдайды.

– Неге қозғалмайды бұл?! – деді Шоқан.

– Бұру батып кеткен болар...

Шоқанның үйректі жіберткісі келіп еді, дәрмені бітіп қалған екен, қозғаса шала-жансарланып былқ-сылқ етеді. Сол қалпын көрген Жайнақ, «қарап тұрамыз ба осыған?» деп өткір бәкісімен қыл тамағынан орып жіберді. Бауыздаудың жанына батқанын білдіргісі келгендей, үйректің аяқтары мен қанаттары ғана серпіліп, өзге денесі дірілдей қалды. Тамағынан тамшылаған қаны ап-азғантай екен, соны ішуге несіне құмартады жыртқыштар!.. Өлген үйректі «міне, мырза!» деп Қозыбай ұсына беріп еді, Шоқан ұстай қоймады.

– Мен байлайын қанжығама! – деп Жайнақ қолын созды.

Қозыбай Шоқанның бұл қылығын паңдығына жорыды, ал Жайнақ бұған мүлдем түсінбеді. Шоқанның өзіне түсінікті. Бұған дейін ол басқа біреуден осындай қылық көрсе, оны меланхоликке санар еді. Өзін емес, ол Жайнақ қанжығасына байлап жатқан анау өлі үйректі Айжанға меңзеп тұр. Қаршыға өзі сияқты. Неге қуды үйректі қанқұмар қаршыға?.. Неге өлтірді жазықсыз жанды?.. Айжан да осындай жазықсыз жан. Оның да өмірі осындай қазаға ұшыраумен бітпеуіне кім кепіл?.. Шоқанның есіне тағы да Нарғыз тағдыры түсіп кетті. Оған арналған күйлерді Дайрабайдың ойнауын тыңдағанға дейін, туған халқының алдында сана-сезімін, ар-ұятын кіршіксіз көретін Шоқан, күйлерді тыңдағаннан кейін, байқаса, әкесі бастаған қиянат дүниесінің жетегіне ерем деп, сол дүниенің жолағысы келмейтін батпағына малтыққанын білмей ғапты. Енді қараса, тереңіне тартып бара жатқан сияқты. Одан шығу керек. Әсіресе, қобыздың, қылына күй болып оралған оқиғадан!.. Ел тұрмысының қуанышты, қайғылы кезеңдерін жүздеген, мүмкін мыңдаған жылдарға жеткізіп келе жатқан күйлер, Нарғызға арналған күйлерді де алысқа алып кетпеуіне кім кепіл?.. Ендеше, Шоқанның жоруынша, Нарғыз күйлерін бүгінгі жұрт қана емес, болашақ та күңірене тыңдап, ел-жұртты осындай азынатқан адамға үздіксіз қарғыс жаудырса қайтпек?.. Сондай ойлар жанын азаптаған Шоқан, өткенге өкіне тұра, ауыр қылмысқа санаған ісін енді қайталамауға бекінді. Ол үшін не істеу керек! Әрбір мақсаттың алысы да жақыны да бар. Алысы – адам қоғамының, оның ішінде қазақтың арасындағы қиянат дүниесінің тамырына балта шауып, енді қайтып өспейтін халға келтіру; жақыны – зұлымдықтың күнбе күнгі тұрмыста кездесіп жататын кейбір әл келетін тамырын қолма-қол қырқу. Сондай бір тамырлар Айжан төңірегінде тығылып жатқандай. Айжанның тағдыры туралы толғанудан Шоқанның ойы ешуақытта толастаған емес. «Өзім үйленем» деуден көңілі айни бастаған сияқты. Қалай үйленеді? Әке-шешесі, туған-туысқаны түгелімен қарсы. Олардың ырқына көнбейін десе, елдің игі жақсы аталатындары да, тығыз байланыса бастаған орыстың оқымысты қоғамы да, бұл қылығына қиғаш қарайтын түрі бар. Солардың бәрінің де көңіліне қарамау оңай болып па?!.. Осындай ауыр ойлар Шоқанның басына Дайрабайдың күйлерін естігеннен кейін туа бастаған еді, қаршыға салуға аттанғанда, маңайдың аспанында тан, ата қалыңдай қалатын бұлттай қоюланып кетті. Нарғыздың тағдырына күйзелген Шоқан, Айжанға қалай күйзелмес. Тек, адамгершілік көзбен қарағаны болмаса, Нарғыз бен оның арасында «алты аласы, бес бересі» болған жоқ; тек Қожық тұқымының құруына себепкердің бірі ғана болмаса, Нарғыздың қара басына жасаған ешбір қастандығы жоқ; қастандық орнына, оны абақтыда шіруден құтқарды, содан кейін неге өлгені түсінікті де, түсініксіз де. Түсініктісі – барар жері, басар тауы жоқ адам, өлім құшағына кірмегенде қайда барады?.. Түсініксізі – жәбірлікке ұшыраған жалғыз сол ма? Бәрі бірдей еле бере ме солардың? «Мың күнгі ұшпақтан, бір күнгі тіршілік» дегендей, жанын сүйретіп жүре бермей ме, көбі... Қайткенмен де өлді Нарғыз. Оның өліміне жалпы болмаса, жалқы қатынасы жоқ Шоқанның.

Ал, Айжанға ше?

Егер Шоқан соқтықпаса, ол да тағдырдың маңдайына жазғанын көріп, біреуден артық, біреуден кем... дегендей, із ба, көп пе күн кешер еді. Шоқанмен шырмалғанша оның босқа санайтын басы Сырымбет саласында өткізген тәтті түннен бастап байланды да қалды. Одан кейін, Атбасар сапарынан оралған Шоқанның соқпай кетуіне Айжан өкпелеген жоқ. Мұсылманша бірталай білімді Айжанның еркек пен әйелдің қарым-қатынасы туралы өзінше философиясы бар. Ол білетін құран-кітаптардың баяндауынша, алғаш жаралған – еркек, яғни Адам ғалайһүссәләм. Әйелді, яғни Хауа ананы тәңірі сол еркектің бір қабырғасынан ғана жаратқан. Олардың дұшпаны ғып ғалайһү әл-лағнаны (шайтанды) ібіліс жаратқан. Тәңірі оларды жеті қат көктің үстіндегі жұмаққа орналастырған екен дейді. Жұмақ іші толған жеміс. Бірақ, оларды адамның да Хауаның да татуына болмайды. Татса, іштері нәжістенеді де, жұмақты былғайды. Осындай жайды аңғарған ібіліс, адам мен Хауаның қайсысы азғыруға бұрын түсетінін бақылайды да, Хауаның қызыққыш қалпын көріп, оны әлдене жеміске құмарттырады да, аузына салдырады. Содан кейін Хауа әлгі - жеміске ерін де қызықтырып, ол да біреуін жұта бергенде жақсылық періштесі – Жәбрәил жұтқыншағына жармасып жартысы өңешінен өтеді де, жартысы өтпейді... Бұйрығын бұзған Адам мен Хауаға ызаланған тәңірі, оларды жұмақтан қуады да шығады... Осы «оқиғаны» құраннан да, кітаптан да көрген Айжан, Хауаны айыпты санап, жынысым еді демей, оған іштей өшігетін, кінәсіз санаған адамды аяйтын. Содан бергі тіршілікке қараса, қашан да еркекті аздыратын әйел сияқты. Сол күнәсі үшін, тәңірі әйелді үнемі қорлықта ұстап келе жатқан сияқты. Бұған Айжан оқыған кітаптар мен ол көріп келе жатқан тұрмыс куә сияқты. Оның білетіні «мынау – байдікі», «мынау – кедейдікі» демей, еркекпен салыстырғанда, әйел атаулының бәрі кемшілік пен қоршылықта. Кітаптың «ең әулиесі» дейтін құранға, оның өкшесін баса жүретін шариғатқа бақса, ең алдымен әйелді солар қорлайды. Өйтуі емей немене? Дін кітаптарының бәрінде де бір еркектің бірнеше әйелді қатар иемденуіне болады, ал бір әйелдің бірнеше ері болуына ұлықсат жоқ. Еркектің де, әйелдің де некеден бұрыла басуын «зина» дейді, шариғатта ол – күнә. Айжанның ойынша, «бірнеше әйелі бар еркек бұрыла басып қайтеді? Ал, көптің бірі болатын әйел, бұрыла баспағанда қайтеді?..» Ендеше, шариғат оны неге қылмыс санайды?!.. Шариғаттың бұл әйелге деген бірінші әділетсіздігі. Екінші шариғаттың айтуынша, «зина» жасаған күндерде, қиямет қайым42 кезінде әйелдің тартар азабы, еркектен әлдеқайда ауыр және ұзақ. Айжанның ойынша, «күнә атаулының бәрі бір емес пе? Ендеше, жазасын да неге тең тартпайды?! Үшінші, бұл дүниедегі хұқұқ (право) жағынан әйел шариғатта жарты кісі, ал анау дүниеде тіпті теңсіз. Олай дейтіні, күнәсіз я күнәсінен арылған еркек ол дүниеде жұмаққа кіреді де, хордың қызын құшады, ал, әйел ол дүниеде43 өзгелер түгіл, өз ерінен де құрамай қабады... Бұл да сорақы әділетсіздік емес пе? Шариғат әйелге осылай қараса, Айжанның тұрмыста көретіні: байдың, бидің, кедейдің әйелі демей, қазақта ұрғашы атаулы түгелімен теңсіздікте. Қалай тең болады ол, егер теп-тегіс қалың малға сатылып, қалағанына бара алмаса?.. Қазақтың малы көп байлары осыны пайдаланып әлденеше қатын алады, шалдары жас қызды алады, қалыңы – төленсе, қыздар кемтарларға да беріле береді, әсіресе кедей қыздары!.. Байдың қызы да қалың малға сатылғанмен, «тамағы тоқ, көйлегі көк» дегендей, күн көрісі кедей қызынан тәуірлеу, ал хұқұқ жағына келгенде, ол да теңсіз: ері балағаттайды, сабайды, ұлықсатынсыз аяғын бұра бастырмайды; ері еле қалса, ауыл салтымен ол да әмеңгер аталатындардың біреуіне еріксіз тиеді. Осындай теңсіздіктегі әйелдер теңдікке ұмтылмайды емес, теңіне қызықпайды емес. Өйтудің кітаптағы, я аңыздағы аты – ғашықтық. Араб, Иран елдерінде болыпты деген ғашықтардың Айжан кітаптан талайын оқыған, мысалы: Сейфіл-Мәлік пен Бәдіғұл-Жамал арасындағы, Ләйлі мен Мәжнүн арасындағы, Жүсіп пен Зылиқа арасындағы ғашықтықтарды, тағы сондайларды... Солармен үндесе, қазақ, жыршыларының аузында жүретін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек – Төлеген», «Сегіз – Мақпан», «Алтай – Сұлушаш», «Наурызбай – Қаншайым» тағы тағылардың ғашықтық оқиғаларын еске алса, бәрінде де жалындап тұрған ғашықтық!.. Солардың бәріне Айжан нанады. Өйтпегенде ше? Өз басының Шоқанға құмарлығы солардың ешқайсысынан кем емес. Оның тек қана қорқатыны, ғашықтардың ілуде біреуі ғана болмаса, көпшілігі мұратына жеткен емес! «Мен де сондай халге ұшырасам қайтем?» деген ауыр ой Айжанның басын даң қылады. Бұл жөнде оның жалғыз ғана сырласар адамы Жайнақтың әйелі – Жұпар. Осы босағаға келіншек болып түскелі, ол Айжанның жандай досы. Екеуінің де бір-бірінен бүгер сыры жоқ. Әсіресе Айжанның. Жұпарға ол Шоқанға деген сүйіспеншілігін түгелімен көйітіп, сонда біз бұған дейін білмейтін бір жаңалықты қосып:

– Не Ләйлідей, не Баяндай бесіктен ғашық болдым демейін, бірақ мен де Шоқанға ес білгеннен бері қатты құмармын, маған онсыз өмір жоқ. Қосылу жайын кең,ескенде, екеуінің де ой табаны «құрғақ қиял» дегенге тіреле береді. Айжанның еркіне салса, көптің бірі болуға және халал жүфті болуға да, некесін қидырсын, қидырмасын, тек «менің әйелімсің» дегенін естісе, тілегін тілеп отыра беруге де бейіл!

Олай да болмаса ше?

Ислам шариғатында мұсылманның өзін өзі өлтіруі кешусіз күнә, ондайлардың орны – мәңгілік жаһаннам; соған сене тұра, егер Шоқан біржола безіп кетсе, Айжанның тірі жүргісі келмейді, қай әдіспен болса да өлгісі келеді. Ол ғашықтың күйігін бұл дүниеде тартып жүруден, ол дүниенің тамығына мәңгілік өртеніп жатқанын артық көреді. Сүйікті қайын сіңлісінің бұл сырын Жұпар Жайнаққа түп түгел дәттететін... Есілді өрлеп келе жатқанда Жайнақ Шоқанға қарындасының бар сырын емес, мақсатына жете алмаса өлімнен басқаны керек қылмауын ғана сездіріп қойған. «Егер сертіне жетіп өле қалса, обал-жазығы менің мойнымда!» деп ойлаған Шоқан, Айжанды қайткенде ондай тұйық қамаудан босату ойы қатты толғантады. Бірақ, қалай? Оны Айжанмен кездесе көрмесе, оған дейін табар тиянағы жоқ сияқты. Өзі білетін ғашықтар оқиғасына көз жіберсе, бұндай жолға түскендердің бері салғанда ауыр азап шекпегені, әрі салғанда харап болмағаны кемде-кем. Шоқан да мені сүйеді деп сенетін Айжан, оны да сол ғашықтардың халіне түсірем бе деп қорқады. Түсе қалса, Шоқанды емес, өзін кінәлайды. «Егер, – деп ойлады ол. – Сырымбет етегінде кездескен шақта қыз болып қылымси қалмасам, маған ол соқтығар ма еді, жоқ па еді?..» «Енді болары болып, бояуы сіңді» дегендей, – деп жалғастырады Айжан ойын, – Шоқанды білмеймін, менің жан жүрегім оған шешілместей байланды».

Ал, соны қайткенде үзбеу керек?

Шоқанның бірегейі ғып үйрене алмауына Айжанның ақылы жетеді. Ол көбінің бірі болса да өзін бақытты санап қойған әйел екенін білеміз. Өйтсе несі бар! Мұхамметтің пайғамбарлығына, алланың жердегі елшісі екендігіне шек келтірмейтін Айжан, некелі қатыны төртеу, некесізі алтау – барлығы он екенін кітаптан көрді. Жариясы сонша болса, құпиясы қанша екенін кім біліпті?.. «Пайғамбар» дегені сондай болса, Шоқанның арғы атасы – Абылайда отыз қатың бергі атасы – Уәліде жеті қатын болыпты деседі; әкесі–Шыңғысқа, азулы шешесі Зейнеп үстінен қатын алдырмағанмен, ауыл арасындағы сыбыр-күбірге қарағанда ол да үйінен ошаң етіп шетке шыға қалса, «жас иіссіз» жүрмейтін сияқты. Бұрынғы әулие-шадиярлар, немесе, өз аталары қатынды үйіріп алғанда, Шоқан неге сөйтпейді? Айжан сөйтуіне, өзі кебінің бірі болуына тілектес. Сондықтан, құлағына «Шоқан Омбыда жанаралдың қызына жанасып, оны алады-мыс» деген қауесет шалынғанда да қыңқ ете қойған жоқ.

Несіне қыңқ етеді?

Естуінше, Абылайдың отыз қатынының алтауы-ақ қазақ деседі. Өзгелері: қарақалпақ, өзбек, ногай сияқты мұсылман елдерден болуымен қатар, қалмақ немесе орыс сияқты кәпір елдерден де болды дейді. Атасы сөйткенде, Шоқан неге өйтпейді?.. Қысқасы, Шоқан қанша қатын алса да, қай діннен алса да, солардың бірі болуға, Айжан ой буынын берік бекіткен. Шоқан жоламай кетсе де, Айжан оған деген ойын бұзбақ емес. Оқыған кітаптарынан оның ұққаны: «тән» және «жан» ғашықтығы дегендер бар; бастапқысы – тек қиялдағы ғана; соңғысы – тән ләззатына байланысты. Жан ғашықтығы тек тәңіріге ғана арналған, оған қол жетпейді; «тән» ғашықтығына да қолын, кейде жетіп, кейде жетпейтіні болатын сияқты. Бірақ бұл сәтті мен сәтсіздікке ғана байланысты, әйтпесе аспанның емес, жердің ғашықтығы, бұл кітапта «нәпсі» аталатын тілектің ғана азығы; тіршілік дүниесінде оның құмары қана беруі мүмкін емес, сондықтан да құранда –«күллө нәфсен за – иқатөн әл-мәуіт» – «барлық нәпсінің сусынын тек өлім ғана қандырады» деген аят бар, ал пайғамбардың хадисі қанағатсыз нәпсіні тежеу мақсатымен «барлық нәпсіге де тойымдылық керек» депті. Айжан соның екеуіне де бейіл. Шоқан қарамай кеткен күннің өзінде де ол табанын тойымдылыққа тіреп, Зейнептің панасында тақуалықпен ғана отыра бермек те, жан азығын содан ғана таппақ. Бірақ осы бетінде оған ешкім бөгет болмаса екен!.. Бөгеті – билеушілердің бөгде біреуге қосуды ойлауы. Ондай бөгделер жан-жақтан жылт-жылт етуде. Шоқанды «алмайдыға» жорыған, Малтабарды «ала алмайдыға» жорыған олар, бірде Шыңғысқа, бірде Зейнепке, бірде Жақыпқа Айжанды қалап кісі салып, табындаған мал, тан, қаларлық жасау-жиһаз ұсынады. Соларға Шыңғыс пен Жақып қызығайын десе, Зейнеп Шоқанға «ешқайда да жібермеймін, қашан келгеніңше қасымда болады» деген уағдасын бұзбай, ешкімді маңайлатпайды. Қалай да Шоқанның осы келе жатуын Зейнеп пайдаланып не «әрісін», не «берісін» істетпек. Өз ойында – «әрісі», яғни Айжанды теңдес басқа біреуге беруге, баласының ұлықсатын сұрағысы келеді. Ал Айжанның мақсаты – осы сапарында Шоқанның бетін байқап, ең бері салғанда көбінің бірі болып отыра беруіне бейілдігін айту, оған ризаласпаса, оқиғасын естіген Нарғыздың жолын құшу. Нарғыз пен Шоқанның арасындағы қарым-қатынасты түгел естіген, оны кәнизәгінің, біріне санаған Айжан, батыр деп естіген қыздан Шоқанды қызғана отыра, Есіл бойын өрлеуін, сол қыздың өзін болмағанмен, мекенін көргісі келуі деп санап, бұнысын ер жігітке жорыған. Сонымен ұзын сөздің қысқасы, Зейнеп те, Айжан да Шоқанды сабырсыздана сағынып, келуін асыға күтуде. Есілді өрлеп келе жатқан жолында Шоқан Жайнақтан емен-жарқылап сұрастырса, Айжанның көңілі әлі де өзінде сияқты. Жайнақтың айтуынша, бұл мақсатына жете алмаса, Айжанның да тірі жүрер түрі жоқ. Ендеше Айжанға да «Нарғыздың жөніне тарта бер!» деу керек пе? Өйту Шоқанның жүрек жарасын ұлғайта түспей ме? Ол Нарғыздың тағдырын, адамдық арының айдауымен ғана қайғырды; Айжанмен жүрегі жалғасып қалған адам, ендеше Айжаннан күтер қайғының салмағы Нарғыздан әлдеқайда ауыр болуға тиісті... Шоқанның сан-саққа самғаған ойы, күші жетсе, осы сапарында Айжанның өзіне деген күдерін үздіріп, көңілін қайткенде көншітер тәсілін табу; жетпесе... деген сөздің ар жағындағы ойы, бұлт бүркеген аспандай тұманданып кетеді... Нашан аулының және оған жиналған жұрттың еркіне салса, Шоқанды осы араға және төңірекке біраз күн тоқыратып, қолдарынан келген қадыр-құрметтерін молайта түсу еді. Бірақ, шешесінің сырқатын сылтауратқан Шоқан, келген күннің ертеңіне аттанып кету ниетін білдірді. Омбыдан шыққан Шоқанның беті қалай қарағаның онымен сол арада ажырасып, еліне тура тартқан Аба Шыңғысқа айта барған еді. Бұл бетке неге жөн тартқаның ayлына қайда барып бұрыларын дәл шамалай алмаған Шыңғыстың көңілі бір ғана жорамалға тоқырады: әжесі Айғанымның көзін көрмеген, ол туралы айтылатын сөздерден жақсы көріп жүретін Шоқан, осы жайда әкесімен кеңескен кездерінде, әжесінің туған-өскен жерін көргісі келетін көңілін білдіретін еді. Сондықтан, Шоқанның Есілді ерлеп кетуін, жеңісқой баласының осы ойын орындағысы келуіне жорыды да, алдын ала, сарғалдақ Қожаның мешіті қыстауынан ұзамай жайлайтын. Есіл аңғарының «Қызылшың»44 аталатын жеріне Абаны және Жақыпты жұмсап, «тосып ап, бірге келерсіңдер» деп тапсырды. «Қызылшыңға» Шоқаннан бұрын жеткен олар, сол тұстан жүргенмен, жанаспай өтіп кетуіне тан, қалысты да, Нашан ауылына ертеңіне қуып барды. Бұл кезде Шоқан қонған аулынан туған аулына беттеп, аттанғалы жатыр еді. Аба мен Жақып келе, оның бұл жөні өзгеретін болды. Олардың айтуынша, Шоқанның таулы, орманды, сулы жерді жақсы көруін білетін Шыңғыс, аулын «Құлаайғырдың» жалаңаш жалпақ даласынан, орманға бөленген Иман тауының төңірегіндегі «Байсарының балықтысы» аталатын шалқар көлдің жағасына көшірген де, у-шудан аулағырақ болсын деп, Шоқанға арнаған бірер ақ үйді Иманның етегіне, «Арықбалық» көлінің жағасына тіктірген. Көлдің «Арық» аталатын себебі, оның балығы өте семіз болады екен дейді, соны жей алмаған бір дуалы ауыз, «мынау, не деген арық балық еді!» деп қалжыңдаған, содан «семіздің» орнына «арық» қолданылып, көл «Арықбалық» атанып кеткен. «Байсарының балықтысы» мен «Арықбалықтың» арасы қозы көшке таяу жер. Шыңғыстың Шоқанға арнаған үйді «Арықтың» жағасына тіктірудегі бас себебі Айжанмен арасын қашықтату еді. Оның еркіне салса, Шоқан аттанғанша, Айжанды «көз көрмес, құлақ естімес» бір тұсқа тасалата тұру еді. Өйтетін себебі, – әнеугі Петербургта болған тойға барған сапарында ол өзінше келінді болып та қайтқан. Гутковскийдің қызы – Катерина сонда оқитынын білеміз, сол қыз мейманханадағы Шыңғысты тауып алып, оған жиі қатынасып, қолынан келген қадыр-құрметін көрсеткен. Шоқанды «бұл қызбен де жақын дейді» деген қаңқуды құлағы шалған Шыңғыс мұнысын болашақ келіннің көңілін аулауына жорыған. Катерина оған түр-тұлғасымен де, мінез-қылығымен де қатты ұнаған. Оның үстіне Гутковкийдің қызы, Гасфорттың жиені сондай биік адамдармен ілік-шатыс болудан артық бақыт бар ма? Омбыға осы оймен қайтқан Шыңғыс, туралап айтпағанмен, ойын баласына ішкірнелеп сездірген. Әкесімен татулықты ғана көксеп жүрген Шоқан, ытырына қоймай, «кезінде көрерміз, әке әзірге үйлене қояр ойым жоқ» дей салған. Шыңғыс еліне Шоқаннан балды да, балсыз да болмай қайтқан. Өз ниеті – қайткенде де осы мақсатына жету. Тілегі,– осы бетінде бөгет кездеспесе екен!.. Мүмкін бөгеттің біреуі Айжан. Зейнеп «қыздан күдер үзген» деп сендіргенмен, Атбасар сапарынан оралған Шоқанның жолдағы үйіне соқпай кетуіне қарап, «Зейнептің сөзі рас та болар» деп дәмеленген Шыңғыс, «алтын көрсе періште жолдан таяды» деген мақалды да еске алады. «Шоқан Айжанды көрсе, тағы да елтіп кетуі мүмкін» деп қорқады. Айжанды қасына алғаннан кейін, жүрек сырқатын сылтау ғып Зейнеп Шыңғыстан жатар үйін де, төсек-орнын да бөлектеген, содан кейін, қапыда болмаса Шыңғысқа көрінбейтін Айжанға көзі әлдеқалай түсе қалса, түр-тұлғасына, ажарына Шыңғыстың өзі де қызығып кетіп, егделігі есіне түсетін де, тәубасына әрең қайтатын. Егер «аузы алты қарыс» жұбайы болмаса, баласы Шоқанмен сұхбаттасып қалғанын құлағы шалмаса, егделігіне қарамай, осы қызға Шыңғыстың өзі-ақ құрығын салар еді. Өйтуге алдында үлгісі де тұр: әкесі Уәлі, шешесі Айғанымды елу тоғыз жасында алған, Айғаным сонда он алтыда екен дейді. Шыңғыс әлі елуге де жеткен жоқ. Ал, сырт тұлғасына қарағанда Айжан әйел болып та пісіп қалған сияқты. Сол түріне Шоқанды қызығар деп қорыққан Шыңғыс. Айжанды әлдеқайда жытыра тұру ойы бар еді, Зейнеп оған көнбеді. Айжан мен Шоқанның қарым-қатынасы жөнінде Зейнептің түсінігі қызық. Ол «махаббат» дегенді «бар» деп те, «болады» деп те ойлаған емес. Оның ұғымында әйел еркектің нәпсілік құмарын тарқатуға ғана жаралған жәндік. Сондықтан, «Шорманның қызымын» деп үстінен қатын алдырмағанмен, Шыңғыстың «анау-мынау» жүрісін естігенде ың ете қоймайды, солай болуға тиіс сияқты қарайды... Балалары жайында да пікірі осы. Қыздарын қорғаштағанда, «масқара болып қала ма» деп қана қорқады. Әйтпесе бейілі кең, ал ұлдары «не істесе де мейлі» деп қарайды. «Шоқан Айжанмен үйлесіп қапты» дегенді естігенде, оқиғаға ол осы көзбен ғана қараған. Кейін абайласа, Шоқанды білмейді, Айжан оған қатты құмартып қалған сияқты. Былай қараса, Шоқанға жұбай болуға жарайтын-ақ қыз; аты «қара сүйектің» оның ішінде жалшының қызы демесе, төмен етектілердің періштесіндей-ақ қыз! Содан қарап «ақсүйек», «қара сүйек» дегендер қайдан шықты екен?!» деп іштей кейіп те қояды. Шоқан Айжанды ала қояды деген ой, Зейнептің басына ешуақытта кірген емес. Оның Айжанға қамқорсуын, болса да ойнап-күлген қызын қорлағысы келмеуіне жориды. Шоқанның келе жатқанын естіген Зейнеп, «тағы ойнап-күлсін» деп ойлады да, ол аттанарда қайда орналастыру жайын ақылдасып қалғысы келді. Зейнептің еркіне салса, Шоқанға арналған отауды, орда ауылдың жақын тұсына тіктірмек еді, Шыңғыс оны ұнатпаған соң ерінің еркіне қарсы тұрмады, «жолыққысы келсе жымба жолдарын табар» деп ойлады. Нашан ауылынан ерген бір топ жігіт Шоқанды «Алакөл Салпық» аталатын жайлауға дейін шығарып салды. Шоқан Қызылжардан келген ат-арбасын сол арадан кері қайтарып, құрбыларының қатарында салт мінуді қалады. Олардың беттеген жайлауында Атығай руының атақты бегі Зілғара мен атақты байы Шопан тұқымдары отыр еді. Зілғараның он төрт ұлының ішінде ең өжеті саналатын Әлібекті, Шыңғыс «Итжеккенге» жер аудартып жіберген. Оның артынан қуынған ағасы – Тұрлыбек Омбыға барғанда, жөн-жосықты білмейтін надан кісіге Шоқан жол сілтеп, патшаның атына арыз жазды да, Петербургқа жөнелтті. Арыз көп кешікпей сенатқа жетіп, Тұрлыбектің тілегі қабылданды да, Әлібек айдаудан қайтып келді. Жақыптың айтуынша, кісі өлтіргіш Әлібек, «хан тұқымының қанын ішпей кегім қайтпайды» дейтін көрінеді. Сондықтан оның ауылына соқпау, өзіне кезікпеу керек. Шоқанның айтуынша,–«әкемнің ісіне мен жауапкер емеспін, менің оған көрсеткенім – жақсылық қана. Ендеше маған неге тиеді?! Шоқанның ол жорамалы рас та еді. «Хан тұқымы» дегенге қаны қатқан Әлібек, оның Тұрлыбекке жол сілтеуін, сол жолы оңғарылып қайтқанын естігеннен кейін, «хан тұқымынан да бұндайлар туады екен, а!» деп таң қалған; ол ойының бекуіне, Шоқан әкесіне қарама-қарсы жүр дейді» деген, ел ішін кернеп кеткен қаңқу қосылып, ойы «е, бақыр-ай, азамат екен ғой, бетінен жарылқап, өркені өсе берсін» деген тиянаққа тоқтаған. Солай санаған адамды көруге құмар да. Осы сапарында Омбыдан шыққан Шоқанның қалай жүріп, қайда тоқырағаның Нашан ауылындағы жәй-күйін, «ұзынқұлақ» Әлібекке қолма-қол жеткізіп тұрған. Содан бері қарай бұрылмақ болғанында «ұзынқұлақ» оған Шоқан келуден әлдеқайда бұрын жеткізген. Бейілі Шоқанды сыйлап жіберуде болған. Әлібек жолына үй тіктіріп, бие байлатып... дегендей ауылын күтіндіріп, өзі сақалды басымен елпеңдеп жолда тұруды лайықсыз көріп, қарсы алуды, тоқал шешесінен туған, жас жағынан Шоқанға құрбы Ақбұзау мен Ережепке тапсырған. Шоқанның «асығыспын, ас ауыз тиіп қана аттанам» деуіне қарамай, ауыл маңындағы жылқыдан бір семіз қара құлақ асау құлынды ұстатып ап, көзінше алып ұрып бауыздатқан да, етін қазанға сала бастаған. Бұл күн кешкіріп қалған мезгіл еді. Енді қонбауға амалы жоқ. Шоқан ол күні ұйықтай алмай, түні бойы елегізіп шықты. Сондағы қорыққаны Әлібек. Ол туғанда сүйінші сұрап барған кісіге, Аңдагүл Аты.гайдың атақты биі Құрымсы:

– Атын қойдыңдар ма? – депті.

– Қойдық, – депті анау.

– Кім деп?

– Әлібек деп.

Сонда Құрымсы:

– Әлібек туды дегенше әлек туды десеңші, – деген екен.

Сол сәуегейлік расқа шыққандай, ат жалын тартып мінген Әлібек «аттының – атың жаудың – таяғын» дегендей, шаппаған ел, таламаған адам қоймаған. Ол Есілдің төменгі жағында Қожықпен, жоғарғы жағында Баубекпен құрықтас болып, арғы шеті – Ұлытау, Кішітаудан, бергі шеті – Есіл, Ертістен үйірлеген жылқыларды қудырған да отырған Зілғара қиянатшыл кісі емес екен дейді, баласына ол барымта сайын, «енді тоқта!» дейді екен де, тоқтамаған соң баласының сойған малынан бір-бір жапырақ етті қыл шылбырға тізе береді екен. Сол тізбек толған кезде, «шылбыр үстіне шықтың, балам, енді тоқыра!» десе, Әлібек оған да тоқырамай, сол тұста ұсталыпты-мыс. Әке сөзінің қадырын сонда ғана біліпті-мыс... Шоқанның естуінше, Әлібек кісіні түрегеп тұрып бауыздауға шімірікпеген адам. Хан тұқымына өштігі анау! Сондықтан, өлтіру күдігі кернеген ол «алдап қонғызбаса не қылсын!» деген оймен түні бойы көз шырымын алмай, тыстағы әрбір сыбдырды келіп қалдыға жорып, шөп басын жел қимылдатса да, оянып кете берді. Сонымен, көрер таңды көзімен атырды. Ақбұзау мен Ережеп оны ертеңіне де қондырмақ еді, Шоқан асығыстығын айтып көнбеген соң, кешегі құлыннан қалған жарты етті тағы да асып, түстік алып аттануға тоқыратты.

Сол еті пісті-ау деген шамада:

– Қабан ағаң келе жатыр, – деген күңкіл естіліп, одан ығысқандай, бөгделер үйден дүрліге шыға бастады. Жайнақ та соларға ерді, Ақбұзау мен Ережеп те қопаңдай бастады. «Қабан ағаң» құлағында қалған Шоқан, оның кім екенін біле алмаған кескінмен, «кім?» дегендей Ақбұзауға қараған еді, не сұрағысы келгенін түсінгендей:

– Әлібек ағам, біз ол кісіні солай атаймыз, – деді Ақбұзау.

Ақбұзау мен Ережеп орындарынан түрегелгенде Шоқан қозғала қоймады. Онысына түсінбеген зілғаралықтар, үнсіз шығып кетуге ыңгайсызданғандай:

– Төре, сен ше? – деді қосынан Шоқанға.

– Мен осында тосам! – деді Шоқан нық дауыспен.

– Жападан жалғыз ба? – деді Ережеп.

– Үйде қасқыр жемейтін шығар.

Арғы сөз сарқылып қалғандай көрген зілғаралықтар, «мынау не дейді?!» дегендей Шоқанның кескініне алая қарады да шығып кетісті. Жалғыз қалғанына ыңғайсызданғандай, Шоқан орнынан тұрып, мазасызданған бейнемен, ақырын адыммен үй ішінде ерсілі-қарсылы жүре бастады. Оны мазасыздаған ой,– білетін адамдардан естуінше, Зілғара атығай ішінде Құдайбердіге, оның, ішінде Андагүлға жатады. Андағұлда Қаратоқа, Байтоқа дегендер болған. Қаратоқасы – батыр, одан Зілғара; Байтоқа – бай, одан Шопан. Зілғара Уәлімен тұстас адам. Әкесі – Қаратоқа. Абылайдың қолбасшыларының бірі болғанмен, Зілғара Абылайдың бір баласы – Қасыммен қастаса өскен де, орыс өкіметімен араздасқан Қасымды Түркістан жаққа қусыруға себепкер болған. Сол қызметі үшін патша оған хорунжи чині мен дворяндық атақ берген, (патшаның сондағы грамотасы әлі күнге Қызылжар қаласының музейінде сақтаулы). Оның үстіне, Есіл өзенінің қазіргі Явленна аталатын селосының тұсында мекендейтін Уанас руын күшпен көшіріп, Зілғара мен Шопанды орналастырған. Айдаудан Шоқанның көмегімен қайтқан Әлібектің өзіне қас, я дос екенін Шоқан білмейді. Қайсысы болса да батырлық даңқы баршаға белгілі болған адамды көргісі келеді. Нашан аулынан аттанған Шоқан «Алакөл Салпықтан» қашса құтылмайтының ол жолдың бойында Әлібек ауылы отырғанын естіді. Егер ат басы тура тірелсе, оның ойы Әлібек үйіне түсе қалу еді. Олай болмай, зілғаралықтар оны оңаша отауда қарсы алды. Онда Әлібек жоғын көрген Шоқан, қалай кездесуді білмей отырғанда, «Қабан аға» аталатын Әлібек келе жатқан хабарын естіді. Әуелі ол жұртқа ере шығын қарсы алуды ойлап қалды да, атағы қанша зор болғанмен, қара сүйектен шыққан адамға, ақсүйек басымен кішіреюді ар көрді. Ол уақытта қазақтың ғұрпында: «Ассалаумағалейкүм» деп араб салтымен сәлемдесу салты жоғын, әйел адам жасы үлкен еркекке көрінбеуге тырысуын, кенеттен кездесе қалса, сол жақ тізесіне қолдарын арта, басын төмен түсіне отыра кетуін, жасы кіші еркек, жасы үлкені кездескенде, екі алақанын кеудесіне басып иіле қалатынын Шоқан біледі. Аттардың дүсіріне қарағанда тысқа шығып кеткендердің қарсы алмақ болған «Қабан ағасы» Шоқан отырған үйге таянып кеп тоқтады. Күткендердің онымен қалай сәлемдескенін Шоқан аңғара алмады, тек қана естіген даусын.

– Қонағың аман ба? «Қонағың аман ба?» деген дауыс, Шоқанға қабанның қорсылы сияқты естіледі. «Әлібегі осы болар ма? «Қабан аға» деп босқа атамай, дыбысы да қабанға ұқсас болар ма?» деген ой келіп кетті Шоқанға.

– Қалай қонақ? Риза ма күтулеріңе? – деді әлгі қорсылдақ дыбыс.

– Бар мәзір, жоқ жай! – деген жауап естілді.

– Үйде ме өзі?

– Үйде, Қабан аға!

– Төре тұқымы солай келеді! Күнін көре алмай жүрсе де, кеудесін көтеріңкі ұстайды. Ол келіп амандаспаса, мен кіріп амандасайын. Қабан дауысының және біреулердің аттан түскен сыбысы, Шоқан отырған үйге беттей аяңдаған сыбдыры сезілді. Не істеуге білмей қалды Шоқан: орнына отыра кету ме, әлде есік алдында қол қусыру ма? Тысқа шықпауын еске алған Шоқан, «несі болса да көріп алайын» деген оймен, отырған орнына жантая кетті; «қару жұмсаса қайтем?» деген қауіп, оның қолын санасынан тысқары, шалбарының оң, жақ қалтасындағы «американка» аталатын кішкене тапаншаға апарды. Сол кезде ашыла берген есіктің сыбдырына қарай қалса, қара өңді, тарамыс, орта бойлы біреуді алдына сала Ақбұзау кіріп келеді... Өткен жаз Байқал төңірегін аралап жүргенде, ол бір топ бурят әскерімен, Баргузин өзенін өрлеп аңға шыққан еді. Олар кезген тұс, құрғаққа біткен қалың қамыс екен. Қаннен қаперсіз келе жатқан Шоқанның аты әлденеден жалт еткенде, Шоқан жалп етіп түсті де қалды. Құлаған жерінен жалма-жан басын көтере берсе, үлкендігі тайынша бұқадай бір қара қабан қорсылдай ұмтылып келеді... Зәресі кеткен Шоқанның жаны тас төбесіне шықты. Үрейлене шегіншектей берген оны, қабан жарып та тастар ма еді, қайтер еді, егер серік буряттардың бірнешеуі атып үлгермесе!.. Мерген мылтықшылардың тұтаса тиген оқтары қабанды қалпақтай ұшырды... Мынау қабан сияқты адамның (Шоқан оны «Әлібек» деп жорыды) қимылы сол – Байқал қабанына ұқсайды... Сол қалпынан денесіне діріл пайда бола қалған Шоқан, ықтиярынан тысқары орнынан тұрғысы келген қимыл көрсетіп еді:

– Жата бер! – деді «Қабан», – хан тұқымының шіренгеніне қазақ баласының көзі үйренген. Айта келген азын-аулақ сөзім бар, соны тыңдатам да кетем. Орнынан тұрмаған Шоқан, «тыңдадық» дегендей кескін көрсетті.

– Айта келгенім, – деп бастады Әлібек сөзін, – «Жақсыны көрмек үшін» дегендей, атағын, жер жарған бала болған соң ең алдымен көргелі келдім.

– Рахмет, Қабан аға! «Рахмет» деген сөзді білмейтін Әлібекке, ол сөз «Ақмет» боп естілді де, «мені солай атадыға» жорып:

– Атым Ақмет емес, Әлібек, төрем! – деді, Шоқанды «мысым жеңіп тұрған санап...

– Білем, Әлеке! – деді Шоқан, сонда ғана есі бүтінденгендей, Әлібектің «рахметті», «Ақметке» жоруына езу тартып.

– Білсең, бөгеме!.. Күнің алдақашан өткенмен, хан тұқымы осындай кекірейген кепиеттігіңді қоймайсың...

– Не істедім, Әлеке, «кепиет» боп?

– «Бөгеме» демедім бе сөзімді!

– Сөздің реті келіп қалған соң, Қабан аға!

– Өйтпесең хан тұқымы боласың ба сен. Ар жағын тыңда сезімнің: әкең боп, өзін, боп, басқаларын, боп, хан тұқымы, кеше айбынды ауыл болып отыратын Қожықты, ұлы-отанымен құрттыңдар. Қожықтың үлкен ұлы – Текебай, менің, қызығады алған күйеуім еді. Панасыз қалған қызым бала-шағасымен қаңғырып кеп қолымда отыр. Өзге келіндері де сондай. Сол күнәңді жуғың келді ме, немене Қожықтың қор болған қызына қамқорлық жасап, бейнетінен құтқарыпсың, оныңа тәңір жарылғасын. Бірақ онымен күнәңнан түгел арыла алмайсың, бұныңның сазайын күндердің күнінде тартасың.

– Ол емес еді, айта келгенім, – деді Әлібек, аз кідіріп, – сөзден сөз шығып кетті.

– Аға, тізе бүкпеймісің? – деді Ақбұзау қолымен терден орын нұсқап.

– Тізем талған жоқ,– деді Әлібек інісіне алая қарап, сөз қосқанын ұнатпағандай.– Сонымен,– деді бетін Шоқанға қаратып, – бас жұмысым – жүзіңді көру еді. «Түcі игіден түңілме» деген екен. Әкең сияқты бетіңнен отын, шықпайды екен, ажарың жұмсақ екен. Сырт естуіміз ел қамын есінен шығармайды дейді. Оныңа ішім жылиды. Баяғыда атаң – Абылай түс көрген екен дейді. Түсіне арыстан, қасқыр, түлкі кірген екен дейді. Соны білгір біреуге жорытса, анау, «арыстан – өз заманың, қасқыр – балаларыңның, түлкі–немере, шөберелеріңнің заманы; ел билігі сенде ғана тұрады екен, сен өлген соң балаларын, елді қасқырдай талап быт-шыт қылады екен; одан кейін түлкідей алдамшы өмір басталады екен» депті. Айтқаны дәл келді, аруағыңнан айналайын атаңның: қасқыр – сенің әкең мен біз сияқты ел талаушылар; бірақ, сен түлкі болма...

– Кім болайын, Қабан аға!..

– Адам бол!..

– Ол не деген сөз?

– «Елді талама да, алдама да» деген сөз. Түсінікті ме?.

– Өте түсінікті.

– Айта келгенім осы еді. Ал, мен кеттім.

– Дәмге қарамайсыз ба?

– Ол менің дәмім ғой. Сен риза болсаң жетті.

Әлібек жалт бұрылды да шығып кетті. Ақбұзау ере шықты. «Қабан ағаның» сөзіне мейлінше риза болған Шоқан, жүгіре шығып, сол ойын айтып, қолынан аттандырайын деген оймен орнынан көтеріле берді де, өйтуін жалпақтауға жорығандай, қайтадан жантайды. Сондағы ойы: «Қабан» емес, «адам» ғой мынау!.. «Жаман» деп естігенім «жақсы» болып шықты ғой! О, адам, сенің бойыңда таптырмайтын талай сырлар сақталады екен ғой!..» Зілғаралықтар «қон, жат, бір емес, бірнеше күн жат!» деп жік-жапар болғанмен, Айжанның махаббат магниті тартқанда, Шоқан дегбір таба алмады. Оны Нарғыз мәселесінде сынай түскісі келген біреу «Қожық қызының суға кеткен көрікті жер» деп көңілін толқытайын деп еді, Шоқан оған да елеңдемей, үйіне тез жеткісі келетін жайын айтты. Имантауға олар күн байыр алдына жетті. Тауға шыққыш, төңірегін тамашалағыш Шоқан, Иманның да, аумағының да мөлдіреген әдемілігіне қызыға қоймай, салт атпен шаршап келуін сылтауратып, арнап тігілген үйде бүгінше тыныстағысы келетінін айтты. Шоқанға арналған үйдің төңірегінде тағы да үш-төрт ақ үй бар еді. Шоқанға еріп келгендер де, қарсы алғандар да соларға орналасып, Шоқан өз үйіне, тек Жайнақты ғана жатқызды. Ол кеште Шоқан ақ сияқты жеңіл тамақтар болмаса, басқа тағамды татпады. Қызыл іңірден төсеніші қалың темір кроватқа жатып қалды. Қасындағы үйлерден тамағын тойғызып, кешірек келген. Жайнақ, Шоқанды оятып алмайын деген қауіппен, аяқтарын ұшымен басып, іңірде төрге тастай берген жастыққа ақырын қимылмен қисая кетті. Бүгін ерекше бірдеме болар деген ойында жоқ, жата сала қор ете түсті. Шоқан ол жатардың алдында ғана қалғыған еді. Оның төзбейтін дыбысы – қорыл болатын. Жайнақтың қорылдауы оны оятып жіберді. Ояна сала, оның мана қалғыр алдындағы ойы жалғаса жөнелді. Бұрын бүйтпейтін ол, Айжанға жақын келдім деп ойлағаннан кейін, көңілі сол ойдың әр сағына жүгіріп, ешбірінің де тиянағына жете алмай, қалжырап барып қалғыған. Сол сақтарға кезеген көңіл тағы қыдыра бастады. Егер ерік оның өзінде болса, тұра салар еді де, көңілі соққан жеріне жетіп тынар еді. Оған жол жоқ. Айналасы ғасырларға, мүмкін мыңдаған жылдардан бері биіктей, қалыңдай түспесе, аласарып, жұқарып көрмеген әдет-ғұрыптың қамаған қоршауы, одан өгуге немесе бұзуға ынталанғанмен, әзірге қолдан келгені жоқ. Қашанға дейін қамалды бұл қоршауда?.. Сол ойдың тұңғиығына батқан Шоқан, шығуға тырысудан қалжырап, тағы да қалғып кетті...

Ал, Айжан ше?

Ол да бүгінгі кеште Шоқаннан кем толғанған жоқ. «Шоқан Имантаудың етегіне келді» деген сезді құлағы шалғаннан бері, оның жаудыраған көздері ашылып-жабылудан дамыл таппады: ашылса Шоқан жоқ болып кетеді де, жабылса көріне қояды және құбылмалы нелер әдемі бейнеде көрінеді!.. Ғашықтық сезімнің қаптаған қалың толқынына бөленген Айжан жұмған көзін ашпайын десе, көретін кісілерден ұялады, жұмбайын десе, Шоқанның елесінен айрылып қалады. Оның осы көрінісін үнемі қасында болатын Зейнеп қана аңғарды да, ерсі көрген бір сәтте:

– Неменеге қыпылықтап кеткенсің! – деп жекіп тастады. Сонда да қоя алмаған Айжан, көзін жұмғысы келсе теріс қарайтын болды... Айжан сол қалпында кешті де батырды. Ет-жеңді болған кезінен бастап, Зейнеп кешкі төсегіне іңірден-ақ қисая бастайтын. Айжан одан оңашарақ, босаға жаққа жататын. Бүгін де сөйтті Зейнеп Шоқанның жолдан шаршап келгенін естіген ол, сәлемдесуге ертең келер деген оймен, қас қарая-ақ, мамық төсегіне бөленді де, Шоқанды аман көру қуанышына батып, қалың ұйқыға кетті. Айжан да төсегіне сол кезде жатқанмен ұйықтай алмады, өйткені, мана, күндіз көзін жұмғанда ғана елестейтін Шоқан, енді, айы қараңғы, бұлты қалың, түн басқан үйдің тас қараңғы ішінде көзін жұмбаса да Шоқанды көріп жатыр. Бір сәттерде бұнысы елес екенін ұмытып қап, құшақтай алғысы келгендей қарманып та қалады, бірақ ешнәрсе ілікпей, өзін-өзі ғана құшақтайды!.. Құрғақ құшақтаудан қалжыраған Айжанның көңілі, шын құшақтауға соғып кетті. Бірақ, қалай?.. Жатқан жерлері алшақ!.. Құшақтамай қоймауға бекінді Айжан. Ол жататын үйдің ағаш есігі тор көзді екі жарма еді, аржағын шимен астарлаған кигіз есік жабады. Ағаш есіктің аздаған сықырлауығы бар, егер топсасына су тигізсе үні шықпайды. Зейнептің ұйықтаған дыбысы сезілген кезде, Айжан есіктің топсасын дымдады да, еппен басып, көйлекшең, жалаңбас, жалан, аяқ тысқа шықты. Даланың желкені мен салқынынан ба, әлде «біреу көріп қала ма» деген қауіптен бе, денесі дірілдеп кетті.

Не істеу керек?

Оның төңірегіне тіккен құлағына, таңертең жылқы жыюға арқандап қойған кісі көруге елегзіген аттың оқыранған даусы шалына қалды. Қуанып кеткен Айжан, елбеңдей жүгіріп қасына барса, түннің түсіне боялуынан ба, түгі сондай ма, ат – көмір қара екен. Ол көйлегі желбеңдеген Айжаннан үркіп тартынып еді, Айжан арқанды қазық түбінен ұстап, ақырын дауыспен құр-құрлап, еппен басып атқа жақындады. Негізі жуан ат, қыздың қолы басына жетіп, ақырын сипағаннан кейін үркуін доғарды. «Осы атпен барайын, – деп ойлады Айжан, – іздегенше оралармын». Қалай міну керек? Ер-тоқым жоқ, жүген де. Айжанның ойы, атты арқанның бір үшімен ноқталап, қалған жағын шумақтап қолға ұстау еді. Ұзын арқанның шумағы жұп-жуан болды. Соны құшақтай Айжан ат арқасына ырғып мініп алды. Мінген аттың арқасы қылыштың қырындай екен. Айжан оған қараған жоқ. Көңілі Иманға тез жету болғанмен, шаба жөнелуге, ат дүсірі әуелі иттерді, одан ауылды оятар деген оймен, ұзап шыққанша аяң-жортаққа салып, одан кейін борбайлай жөнелді. Бұл түнде ерекше оқиға болар деп ойламағандықтан ба, әлде самалды салқын түнге бұйығудан ба, – Шоқан жатқан ауылдан Айжан атының елеулі дүбірін ешкім сезген жоқ. Атын алысырақ бір бұтаға байлай салған Айжан, еппен басып кеп, Шоқан жатқан үйге келді. Ол тігілгеннен кейін, Зейнеп кеше әдейілеп кеп көргенде, Айжанды ерте барған. Шоқанның жатар орнын да Айжан сонда көрген. Кроватты көргенше, тағат уа ғибадаттан басқа іс ойында жоқ Айжан, көргеннен кейін әйелдік нәпсінің еркіне беріліп, бұған дейін Шоқанның жүзін көруді ғана арман етсе, енді ғашықтық құмарын қандыруға ынтыққан. Сондай ниетті Айжан, Шоқан жатқан үйге еппен кіріп, еппен басып кроватына таянып, дыбысына құлақ түрсе, шырт ұйқыда екеніне мұрнының пысылы куә болып тұр.

Осы ұйқысын бұзуға ма, жоқ па?
Бұл жолы бұзбаса қашан бұзады?

«Бұзуға ма, жоқ па?..» деп толқыған Айжан, ықтиярынан тысқары, ыстық лепті аузын Шоқанның құлағына жақындата:

– Қанаш! – деп қалды ақырын, бірақ қуатты сыбырмен.

Бұл жұмсақ сыбыр құлағының өңменінен өтіп кеткендей боп, былай да елегізіп ұйықтаған Шоқан, даусын шығара «аһ!» деп көзін ашып алса, қасында адамның елесі сияқты бірдеме тұрғандай.

– Бұ кім? – деп қалды, Шоқан ақырын дауыспен.

– Мен, Қанаш, Айжан!..

– Айым! – деп Шоқан кроваттан басын көтеріп алды.

Екеуінің құшақтары айқаса кетті...

СОПЫЛЫҚ САЛДАРЫ

Ислам діні қазақ даласына дәл қай кезден кіре бастауы әлі толық дәлелденбеген мәселе болғанмен, соңғы мың жылдың алғашқы ғасырларында тарауына бірталай көмескі куәліктер бар. Бірақ, қазақ, үйлеріне бас сұққан сол дің мекенін тез ауыстыратын ауылдардың жұрттарын да ұмытып, бертінгі кезге дейін, көшпелі ауылдармен бірге көше алмаған. Сондай кешке ере алмай келе жатқан исламға, қазақ даласы өзіне бағынғаннан кейін, патша өкіметі ерекше қамқорлық жасап, ерекше екпінмен ұялатуын, біз, ең алдымен, Шоқанның осы тақырыпта жазған ғылми еңбектерінен көреміз. Шоқан «қазақ, еліне тарай бастады» деп шошына қараған құдайшылдық, оның биік шоқысы – сопылық, сол кезден еркектерді ғана емес, бірен-саран әйелдердің де арасынан ұшыраса бастауына қазақ ауыз әдебиетінде толып жатқан дәлел бар. Осындай алғашқы сопылардың бірі – Айжан еді. Оның сондай қалпын Сырымбет саласында кездескен шағында да Шоқан байқап қалған. Қаршадай қыздың бойына сопылық сезімі осынша сіңуіне қайран қалған. Одан бері де Айжан діндарлық сезіміне тереңдей түсті. Баяғы Көкеш заманынан оның қолында қалған жалғыз кітап, – Мұхаммет пайғамбардың хадистерінен құралған «Мишкат шари?», «Мишкаттың» қатал қағидасының біреуі, – некесіз ерге әйелдің жоламауы. Жолай қалса, қияметтегі жазасы, қырық мың жылдық жаһаннамның жалынына өртелу. Бұрнағы жылы, Сырымбет саласында Шоқанның еркіне берілген Айжан, «Мишкат» қағидасын еске алатын еді де, ол азаптан қияметте қалай құтылудың шартын іздейтін еді. Ол шартты да «Мишкаттан» тауып, «егер сол еркекке некесі қиылса, азаптан арылады» деген рауаят көрген еді, сондықтан қайткенде де Шоқанмен некеленің одан кейін «хала жұфты» болып өмір бойы отыра беруге бейіл еді. Сондай ойда жүргенде, Имантау түбінде екінші рет ауыр күнәға батуға тура келді.

– «Тентектің ақылы түстен кейін кіреді» дегендей, Айжанның тентек сезімі санасына, тек, Шоқанмен ғашықтық құмарын басқаннан кейін ғана оралып, қайталанған «қылмысына» көңілі күйзеле қалды да, «тәңірі алдында бұл күнәма не деп жауап берем?!» деген оймен, Шоқанның аймалаған ыстық құшағына бөленіп жатып, жылап жіберді. Шоқанның «бұның не, Айым?!» деген сұрауына, біраз жалындырып алғанша жауап бермеді Айжан; Ақыры шынынан ақтарылды. Айжанның жан жүрегі езіле ақтарған сыры, Шоқанға ертегі естігендей ғана сезім берді. Кадет корпусына түсіп, кітапты меңгере бастаудан-ақ, оның ерекше көңіл бөлген бір мәселесі философия болатын. Бұл жайдағы шығармалардың арғы-бергілерімен таныса, өз заманының ой мөлшері философияны спиритуализм және материализм деп екі салаға бөлетінің алғашқысы – материялдық негізі жоқ қиялдар екенің соңғысы – материяның болмысына байланысты екенін ұққан. Материалистер аталатын ғалымдардан Шоқанға ерекше ұнағаны – француздың он сегізінші ғасырдағы ойлысы Жан Мелье. Шет елдердің өзгелерінен гөрі француз тілін жақсырақ білетін Шоқан, ол халықтың шығармаларын түп нұсқасынан оқуды ұнататын еді. Мельені де сөйтті ол. Оның «Өсиет» аталатын кітабымен өз тілінде танысты. Табиғаттың, қоғамдық тұрмыстың барлық мәселелеріне де материалистік көзбен қарайтын Мельенің ойынша, – еркек пен әйел жыныстық қарым-қатынастарында ерікті болу керек ұнатысса бірге тұрын, ұнатыспаса ажырасу керек; оның ойынша «неке», «талақ» дегендер, қажетсіз, жалған жұмыстар; «махаббат» деген де жоқ, тек, адам мен адамның, олардың ішінде еркек пен әйелдің бір-біріне сенісіп дос, болулары ғана бар, ол да мәңгілік емес, сенуіне күдік туғанша ғана. Мельенің осы пікірін қабылдайтын Шоқан, кейін, неміс философы – Людовиг Фейербахтың «Христиан дінінің сыры» атты еңбегін оқығаннан кейін, діннің махаббатқа деген пікірінен көңілі тіпті суып, бұл мәселеде де барып тұрған атеистік ойға тоқырады. Сондай ойдағы Шоқанның түсінігінде тіршілік мәселесінде ислам діні дін атаулының ең керітартпасы. Сол пікірді қуаттайтын ол, дінге шын ықласымен сенетін Айжанның неке туралы ұғымына қалай қарап, не жауап беруі керек? Ойлап байқаса, осы төсектің үстіндегі қазіргі мәселе, дінге сену, сенбеуде емес, «Айжан» атты бір жәндікті өлтіру ме, өлтірмеу ме"? Оның сыр әлпетін бақса, некесі қиылмаған жағдайда тірі тұрар ойы жоқ... Ондай ойымен есептеспеу, әлсіз бір жәндікті аяғымен езе салғандай болар еді. Ондай ойға тоқырауға, өзін адамгершілмін деп санайтын Шоқанның ары бармады. «Нем кетіпті, – дегенге тірелді оның ойы, – қидырсақ қидыра берейік некені; ар жағын көре жатармыз».

Сопы қыздың шыдамын оның сынағысы да келді. Сондықтан:

– Оқасы не оның? Қидырамыз да тастаймыз! Бірақ, жасырын ба, жария ма? Бұл сөздер Шоқанға жеңіл болғанмен, Айжанға ауыр. Неке қиюдың шарты, – қастарында, ең кемі екі куә болу керек. Ол куәлар бұл оқиғаны елге таратып жібермесіне кім кепіл? Оның аты да «жария» емей немене? Ал, жарияға Шоқанның да, Айжанның аяқ басқысы келмейді, ендеше некелері де қиылмайды, оның аты, – бұдан былай да күнәға бата беру... Осылай ойлаған Айжан, ыстық сезіміне суық су төгіліп, ғашықтық оты сене қалғандай. Шоқанның құшағынан күштегендей сытылып шықты да, кроваттан жерге ырғып түсе қалды. Бұл қылығына түсінбеген Шоқан, Айжанның артын ала жерге түсіп:

– Бұл не, Айым?!.. – деді.

– Қайтам, Қанаш!

– Қайда?

– Мекеніме.

– Осы емес пе, мекеніміз?

– Бұл сіздің мекеніңіз.

– Сенікі де болса қайтеді?

– Болмайтын іс ол.

– Неге?!

Айжан жауап қайтармай, босануға бұлқына берді. Ана жылы көргенде де, қазіргі құшағына алған кезінде де, Айжанның денесі Шоқанға нәзік, әлсіз сияқты еді, мына алысуына қарағанда қарулы екен; оған әлі келмеген Шоқан алысам деп алқынып қалды. Шоқанның құшағынан әрең босаған Айжан тағы ұмтылуына ұстатпай, есіктен шыға қашты. Қууды, я қумауды білмеген Шоқан, қараңғы үйде аңынан адасқан тазыдай аңырып тұрып қалды... Құлағы қояннан да сақ Жайнақ, Айжан мініп келген аттың дүсірінен мана оянып кеткен еді де, содан кейін қараңғы үйдің ішінде нелер болғанын түгелімен сезіп жатқан еді. Келгеннің қарындасы екенін де алғаш шамалаған ол, сыбырлардан анығына көзі жеткен соң сөздеріне тек қана құлақ түріп, сүйіспендік әрекеттерінің, арты неге соғарын бақылаумен ғана өп-өтірік ұйықтаған бола қойған еді, сөйтіп жатқанда Шоқан мен Айжанның арасында алыс-жұлыс басталуына қайран ғап, Айжанды Шоқанның тоқтата алмауына көзі жеткен кезде орынан атып тұрып, қарындасына ұрсуға, тоқтатуға көңілі соғып кетті. Бірақ өйте алмады. Аралары көп жыл ажырап жүріп, сағынып көріскен қарындасын, жолыққан сағатынан бастап үнемі еркелетіп ұстайтын. Айта берсең, Шоқанмен Сырымбет саласында қауышуын түп-түгел ести тұра, әйелі – Жұпар ғана болмаса, өзі бұл жайлы қарындасына сыр да білдірмейтін, ауыз да ашпайтын. Соншалық қадірлейтін қарындасының мына құпиясына қалай қатынаспақ ол!.. Жұлқынған Айжанға күші жетпей амалсыз босатқан Шоқан алқынуын аздап басқаннан кейін тысқа шықса, ала көлеңке бола бастаған далада жайдақ мінген атты дүсірлете шауып, қараңдаған әлдекім кетіп барады... «Айжан болар» деген ой келіп кетті, алыстай берген салттының артынан қадала қараған Шоқан. Артынан естілген сыбдырдан сескенген ол жалт қараса – Жайнақ!

– Неғып тұрсың, Қанаш?

– Жәй, салқындайын деп...

– Түн қапа емес қой?..

– Сонда да...

Ар жағын қазса былығын шығарып алармын дегендей, Жайнақ:

– Үйге кірейік, Қанаш, тоңазырсың! – деді.

– Кейінірек, – деді Шоқан, – аздап салқындағым келіп тұр...

Айжан жайына оралайық.

Өзін күнәкәр жанға санаған ол, бұл маңайдың таң қараңғысынан қалыңдап алатын бұлтты, тәңірінің өзін жазалауға жұмсайтын құралына санап, нөсерін құйып, найзағайын жарқыратып, күнін күркіретіп... дегендей, қаһарын төккенше панама жетейін деген ойымен, астындағы атын тебініп, бар шабысына салды... Зейнепке келсек, «тас ұйқылы» саналатын ол Айжанның мана шығып кеткенін сезбей де қалған. Шәйді көп ішетін оның таң біліне түзге шығатын әдеті болушы еді. Денесі далия семіріп кеткен Зейнеп, өз бетімен отырған орнынан тұра алмайтын, сүйемелсіз жүре де алмайтын, дәретін де өз бетімен ала алмайтын; бұл әрекеттерінің бәріне де Айжан оған жәрдемші болатын. Тысқа шығарында Зейнеп оята-оята, ақыры белгілі мезгілде Айжан оянып алатын дағды шығарған. Зейнептің дәреттік су құйылатын «тас құманы» іңірде жағылған оттың қоламтасында жылы тұратын. Отырса тұра алмайтын Зейнептің дәретіне арналған түбі тесік орындық болатын... Денесі жеңілдеу кезде намаз оқитын Зейнеп, ауырлай келе иліге алмайтын болған соң соңғы кездерде ғибадаттан қалған... Бүгін де бұрынғы дағдысымен таң қараңғысында оянған Зейнеп, Айжанның бұл кезде сезілетін күйбеңі естіле қоймаған соң, «бұ несі?!» дегендей аз жатты да, зәр қысып шыдатпаған соң:

– Айжан! – деді ақырын үнмен. Жауап жоқ. Қаттырақ атады, дыбыс жоқ! Одан да қаттырақ атағанда, есіктен әлдекім кіре берді.

– Кімсің?! – деді Зейнеп.

– Менмін, Әя-апа! – деді даусы жіңішке әйел.

– Менің кім?

– Айжан!

– Қайдан келдің?

– Жәй... ішім бұрап... тысқа шығып ем...

Арғы сөздерге шыдамы жетпеген Зейнепке, Айжан күн сайынғы жәрдемін көрсетіп, төсегіне әкеліп қайта жатқызды. Бұған дейінгі дағдысында, Зейнепті жайғастырғаннан кейін, Айжан намаз оқуға кірісетін... Бүгін өйтпеді... Іші бұрағанына Зейнепті сендіргісі келгендей, төсегіне жатты да, қыңсылаған дауыспен ыңқылдауға айналды. Онысын аурудың азабына жорыған Зейнеп, «неге бүйтті екен, байғұс!» деп аяды. Біраздан кейін жылаған, өксіген дыбысы сезілді... «Қатты азаптанды-ау, байғұс!» деп мүсіркей түскен Зейнеп:

– Айжан! – деді.

– Әу, Әя-апа!

– Жылап жатырсың ба?

– Иә, Әя-апа.

– Неге?

– Ішімнің бұрауы күшейіп...

– Бірдемеге орап ыстық қоламта бас!..

– Шыдап көрейін, Әя-апа, мүмкін басылар!..

Одан әрі сөйлесуге, Зейнеп дағдылы қалпымен маужырай бастады да, кешікпей ұйқы теңізіне батып кетті. Айжан жылауын үдете түсті... Сол «сырқатынан» Айжан ертеңіне де айыға алмады. Зейнеп іші бұрауына әлі де сенулі. Бірақ, неден бұрағанын білмейді, өзінше ас жақпағанға жориды. Қасына шақырып ап денесінің, қызуын байқаса қол тигізбейді... Не болды екен, бейшараға?!.. Айжанның шын қасіреті неде екенін бұл ауылдан жалғыз ғана адам сезеді, ол Шоқанды жайғастыра аулына келген ағасы Жайнақ. Әйелі Жұпарға айтпайтын оның сыры болмайтын. Өткен түні көрген-білгенін Жұпарға түгел кейітіп берген. Жұпар ғашықтық дегеннің не екенін бұған дейін білмейтін, ертегіден естігеніне нанбайтын. Енді байқаса болуы да мүмкін сияқты. Өткен түннің оқиғасын естігеннен кейін, Жұпар бұл күдікті ойын бекіте бастады.

Ал енді осы «сырқаттың» емі не?

Естіген ертегілеріне қарағанда ғашықтық сырқаттың емі бір-біріне құмартқан екі жастың өмірлерін біріктіруі.

Сондай халге жете ала ма Айжан?

Жұпар да, Жайнақ та бұл сұраудың жауабын таба алмайды...

Өлеңші Жайнақ, әлдеқайдан «Жүсіп пен Злиқа» аталатын ғашықтық жырын жаттап ап айтып жүретін. Соның бір жерінде, ғашықтығына сенбеген Жүсіпке, «қамшыңды бере тұршы!» депті Злиқа; «Оны қайтесің?» депті Жүсіп, «сабына үрлеп қана берейін» депті Злиқа. Жүсіп «мә» деп берген қамшының сабына Злиқа үрлеп қана қайтарғанда, Жүсіптің қолы қолдырап күйіп қапты. Злиқаның ғашықтығына сонда ғана сенген Жүсіп, содан кейін үйленген екен дейді. Бұл – бақытпен аяқталған оқиға. Ал, «Ләйлі – Мәжнүн» аңызында, Ләйліге қосыла алмаған Ғабдүлуәли жынданып, «Мәжнүн» аты байланған. Осы тақырыпта «Науан шығарыпты-мыс» дейтін төмендегі елеңді Жайнақ айтып жүреді:

Баласы Қасым патша Сейфіл-Мәлік,
Фәһімлә бұл сөзімді жадыңа алып,
Қаншама су жүзінде көрген бейнет,

Бәдиғұл-Жамал үшін сафарлаяып.

Ғараптан Ғабдулуәли жиһан кезген,

«Мәжнүн – Ләйлі» деген ат байланып.

Алардан ғибрат етіп жазамын хат,

Қалмайды ашық сөзден көңілде тат.

«Әміре Ғашық үшін қандай болды,

Түсінде көрінумен бір феризат.

Злиқа Жүсіпке де болған көп зар

Осындай шын ғашықтар әр елде бар.

«Тағдырдың тадбирі жоқ» деген рас,

«Ләуле күн ләмиә халиқ» хадисте45 бар.

Сайып келгенде, құранның да, хадистің де тоқырары: тағдырды яғни тәңірінің «тәухү-әл махфузда»46 жазғанын өзгертер күш жоқ; онда жазылғаны, – «бұл дүниенің рахаты» шайтандікі, адамдық рахат ана дүниеде, яғни ахиретте ғана; бұл дүниенің рахаты тәндікі емес, жандікі ғана, ол тек тәңіріні сүю ғана... Өзінің де мұсылманша аздаған сауаты бар Жайнақ, исламның ғашықтық туралы терең талдауын әйелі арқылы қарындасынан естіген. Сондықтан ол да бұл дүниенің ғашықтығына тек қол жетпес мағынасында ғана сенеді; әсіресе қарындасының Шоқанға ғашықтығын: Шоқан қайда? Қарындасы қайда? Бірі – аспанда, бірі – жерде, қарындасының аспанға созған қолы қалай жетеді?.. «Осылардың қайсысына ұқсар екен, бұлар?» деген сұрауға да ерлі-зайыптылар жауап таппайды... Оларша қайсысына ұқсаудың тетігі Айжанда емес Шоқанда. Ол қайтер екен?.. Айжанның артынан қарап қалған Шоқан, денесі дірілдей тоңазығанмен, түннің әлдеқайдағы түпсіз тұңғиығына көзін қадап тұрып алды. Мұнысының не екеніне түсіне алмаған Жайнақ. «Апыр-ау, осы Айжанды шын сүймегей де!» деген ойға көмілді. Сол ойдың салдарынан ба, әлде тан, қараңғысының салқын самалы үрлеуден бе,– Жайнақтың да тоңазыған денесі қалтырап кетті. Сол қалпын сезгендей:

– Жайнақ! – деді Шоқан дірілдеңкіреген дауыспен.

– Әу, Қанаш! – деді Жайнақ, тісі-тісіне тимей сақылдай ғап.

– Үйге барсайшы!...

– Неге?

– Тоңдың ғой.

– Өзің ше?

– Мен тоңған жоқпын.

– Неге дірілдейсің ендеше?

– Жәй, әншейін...

– Менікі де «жәй әншейін».

– Барсайшы, «бар» деген соң!..

– Жоқ, Қанаш, қайда тұрсаң да сенімен бірге болам... Сол қалыптарында тан, сіберлегенше тұрған Шоқан Жайнаққа еріксіз ақтарылып бүгінгі түнде басынан кешірген оқиғаны түгелімен айтып берді. Жайнақ та бар білгенін жасырған жоқ. Қорытынды сөзінде Жайнақтың, мақалдата айтқаны:

– «Тыңдамасқа айтылған қайран сөзім, жыламасқа ағылған қайран көзім!» дегендей, сол қарындасымды ақылды ма деп санасам барып тұрған ақымақ сияқты...

– Неге олай дейсің, Жайнақ?

– Демегенде ше? «Келместі қайтарма, жетпесті қума!» демей ме?.. Жетпеске неге жүгіреді, ақымақ болмаса?

– Қайдан білесін, жетпесін?

– Қайдан жетеді? Сен – аспандағы жұлдызсың, ол – жерде шырылдаған торғай...

– Қоя тұр оны! – деді Шоқан бұйрықты дауыспен, сөздерін Жайнақтың санасына дін ұғымы арқылы сіңіру үшін тәңіріні атай сөйлеп, – «қашқанның да, қуғанның да сыйынатыны – тәңірі» дей ме қазақ?

– Дейді...

– «Иттің иесі болса түлкінің тәңірісі бар» дей ме?

– Дейді...

– Ендеше, таңдағыны тәңіріге тапсырайық та, үйге кіріп, тыныс алайық...

– Болсын!..

Айжан сол қызына ауырғаннан айықпай, жүрегі лоблып лоқси берді, бірақ, асты аз ішуден бе, әлде ғашықтық бұған жүректің қысыла беруінен бе, қанша лоқсыса да құспады. Осылайша қиналған қалпын көрген, «не болды бұған?!» деп тан, қалған, «қиналды-ау, бейшара» деп аяған Зейнеп, Айжанды жатқан төсегінен қозғамас па еді, қайтер еді, егер таң намазын оқыған Шыңғыстың бұл үйге күн шығар кезде бас сұғатын әдеті болмаса. Сол әдетті білетін Айжан, Зейнепті бабына келтіргеннен кейін Шыңғыстың ас үйін мекендейтін Жұпарға кетіп, бәйбішенің және сұлтанның сәскелік асын даярласатын. Егер бөгде біреуге бөгелмесе, Шыңғыс таңғы тамағын Зейнептің қасында ішетін, тағамды ас үйден көбінесе Жайнақ таситын, ол үйде болмай қалса, басқа жылпос жігіттердің біреуі таситын. Шыңғысты бүгін де сөйтер деп ойлаған Айжан, дәретке шығуын қақырына-түкіріне дыбыс беруінен білдіретін хан иесінің үніне құлақ түріп жатты да, үн естіле, сүлдерін сүйрете түрегелді.

– Иә, Айжан? – деді Зейнеп, «неге тұрдың» деп сұрағандай дауыспен.

– Жұпарға барам, Әя-апа.

– Неге?

– Хан иемнің дыбысы естілді. «Естілсе ше...» – дей алмады Зейнеп. Қалай дейді. Шыңғыс келгенде, сұлап жатуға қалай шыдайды, бейшара күң?.. Соны ойлаған Зейнеп:

– Қызуың қалай? – деді.

– Үдеп бара жатқан сияқты...

– Жүрегің?

– Лоблиды...

Айжан дағдылы қалпымен желеңін басына бүркенді де, есікке тәлтіректей әрең жетіп, шұбатыла шығып кетті. «Не болды екен, бейшараға?! – деген ойда қалды Зейнеп, – әлде тысқа мезгілсіз шыққан бейбақты бірдеме соғып кетті ме екен?!..» Шырт ұйқыдағы Жұпар, сықырлауық есігінің ашылған дыбысынан шошып оянды. Сәуле түсе бастаған үйден Айжанның кіре бергенін оның өткір көзі айқын барлады... Бұған дейін бүйтіп көрмеген сүйікті қайын сіңлісінің, мезгілсіз уақта бұлай жүруіне қайран қалған Жұпар, Айжанның аяқтарын тәлтіректей, ыңқылдай басуына үрейленіп, төсегінен атып турды да:

– Не болды, еркем?! – деп құшақтай сүйемелдеді. Айжанның:

– Әя-апама!..– деген даусы дірілдеп естілді.– Тамағын даярлас.

Ендігі қайымдасудың жолы жоғын аңғарған Жұпар, ыңғайсыз қисайған Айжанды дұрыстап жатқызып, «не болды бейбаққа?!» деген үрейлі оймен шығып кетті. Мезгілінде иелеріне беретін сәскелік тамақты даярлап та үлгерген Жұпар, таситын жігіт шақыруға ыңғайланғанда, Жайнақ жетіп келді. Бұған дейін бұндайда ақкөңілси аңғалақтай кіретін оның қазіргі жүрісі сылбыр, жүзі жабырқаңқы, қабағы қатыңқы... Әңгіме астан кейін басталды. Жайнақ Жұпардан көрген-білгенінің біреуін де жасырған жоқ... Не істерге білмей сасқалақтаған әйеліне Жайнақтың оңашалап айтқаны:

– Сырын сұрашы өзінің! Ақылды бала сияқты еді. Мынау істеп жүргені – ақылсыздық. Не еткісі келеді екен өзінің?!..

Сырласқан жеңгесіне Айжан шынын айтты:

– Мені жұртқа жариялаған некемен алмасына жұғысқан күннен-ақ көзім жеткен, – деді ол.

– Ендеше неге әуре болып жүрсің?

– Болмайын десем де, жүрегімді жеңе алмай жүрмін.

– Сонда?

– Бұдан былай некесіз жолығудан тыйылам.

– «Неке?!..» Қалай қидырасың оны?.. Шоқан көне ме оған?..

– Көнсін, көнбесін тағы бір жолықсам!..

– Қалай?

– Оның ретін Жайнақ ағам табады да.

– Көнбесе ше?– деп қалды Жұпар.

– Онда, – деді Айжан салмақты дауыспен, – маған елімнен басқа жол жоқ.

– Өлім?! – деді Жұпар шошынып.

– Иә! – деді Айжан салмақты даусын өзгертпей.

Сөз осымен доғарылды да, Айжанның сөздерін Жұпар еріне түгел жеткізді. Бұл сөздерді Жайнақтан естіген Шоқан, Нарғыз барған батылдыққа Айжанның да баруына күдіктенген жоқ. Ғашығын өлімге қимаған ол, не істеуді Айжанның өзімен ақылдаспақ болды да, ретін тауып оңаша жолықтыруын өтінді. Өйту қиын ба Жайнаққа. Құдайдың адамы сирек мынау жаратылысында тасаланатын нелер түкпір жоқ. Солардың бәріне сыймайтындай, Шоқан Айжанмен Жайнақтың лашығында кездесуді тіледі. Жайнақ қара-құрым лашықты қомсынған ойын білдіріп еді:

– Оқасы жоқ, – деді Шоқан.

Шын ғашық бірін бірі алдамайды.

Қайғысыз шіркін жүрек зарламайды.

Қара тас ұйқың келсе болар төсек,
Ғашықтықтың сұлулықты таңдамайды. –
деген елеңді естімеп пе ең?

– Естімек түгіл айтам да.

– Ендеше сандалып тұрғаның, не?

– Жеңілдім.

Шоқан мен Айжан жолығатын түннің пердесі сәулесі сүттей жарық, кемеліне келген айдын, тууымен ашылды. Айжанның Шоқанға келіп кетуінен хабарсыз Жақып, алғашқы кезде екеуін де күндіз-түні аңдыды. Бірақ, ешбір сыбдырлары сезілмеген соң, әрі Айжанның ауырып қалғанын естіген соң, күзет те сирей бастады. Айжанмен жолығуға ниет еткен күні Шоқан Жақыптың сондай бір бейғамсыздығына тап болды. Имантауға келгелі Шоқанның бір ермегі, егер күн райы тәуір болса, қасына Жайнақты ғана ертіп, ұзаққа серуендеу еді. Бүгінгі айлы түнде де сөйтті ол. Бірақ, бұған дейін бұндай түнді жаны сүйетін ол, бұл жолы көктің биігіне көтеріліп, толықси жарқыраған айды ұнатпай, беті бүркелуді тіледі. Тілегі қабыл болғандай, Жайнақ алысырақ тасаға тұсап қойған аттарға жеткенше, аспанды ала-шабыр бұлт бүркеп, жарық сәуле көлеңкелене бастады. Соған қуанған Жайнақ, ақырын дауыспен: Баянауыл басынан бұлт айналсын.

Жаның шығып бара ма, көз байлансын,

Екі жастың тілегін беріп алла.

Айдың жүзін бұлт басып қараулансын!.. –

деп әндетіп жіберді. Өзін дінсізбін деп санайтын Шоқан, түн өзгерісінің мына түрін, әлде не күштің көрсетіп тұрған көмегі сияқты көрді... Қазақ, ғұрпында ағасы апа, я қарындасымен сырласуды ұят көреді де, өзі айта алмайтын сөзін оларға әйелі, яғни қыздың жеңгесі арқылы ғана жеткізеді. Жайнақ та сөйткен. Шоқанның бүгінгі түнде келуін Жұпардан естігеннен кейін, Айжанның денесінде жалындаған қызу да басыла бастады, жүрегінің жиіленген дүрсілі де бәсеңдеп табан аузында сауығуға айналды. Ауыл жата оңаша үйде жалғыз қалған оның ендігі қаупі, – «Қанашты біреу көріп қалмағай еді!» Оған ешкімнің қол да қата алмауына, тіл де тигізе алмауына Айжанның иманы кәміл. Сонда да, егер өсек-аяң тарап кетсе, жұрт алдында ұятқа қалар деп сескенеді... Осы ойдың үстінде оның есіне құранның – «Әнниса-ө хаббатө аш-Шайтан» – «қатын шайтанның тұзағы» деген сөздері түсіп кетті. «Қанашқа шайтан тұзағы мен болмасам не қылсын!» деп қорықты ол. Сол ойда жатқанда есік сықыр ете қалды. Айжанның денесі дір ете түсті. Әлдекімнің үйге кіре берген сыбдыры естілді. Айжан басын төсектен көтергенше «Айым!» деген ақырын дыбыс естілді. «Қанаш!» деген даусы қаттырақ шығып кеткен Айжан аузын алақанымен баса қойды. Құшақтарының қалай айқасқанын олар білмей де қалды. Сол кезде табиғаттың тағы бір қызық көрінісі бастала қалды: Шоқанды жан адамға көрсеткісі келмегендей өз үйінен орда ауылға бүркеп жеткізген бұлт, Шоқан Жайнақтың лашығына кіре ыдырай бастады да, аспанды кеуделеп барған толық ай тағы да жарқырай ғап, лашықтың жыртық-тесіктерінен енген сәуле, ішін бозамық сәулеге толтырып жіберді. Құшақтасқан қалыптарымен төрдегі төсенішке жамбастай қисайған екі жас, бір-бірінің бет бейнелерін көріп отырып кеңесті. Екеуінің де ол түнгі сезім тізгіні саналы ақылдың қолында болды. Аз уақыт аймаласқаннан кейін, сөзді Шоқан бастап, әуелі Айжанның көңілін көншітіп алғысы келгендей:

– Ал, Айым, мен не істе десең де орындауға бейіл боп келдім, – деді. Айжан бұл жолы тайсалған жоқ, ойы тоқыраған ниетінің бәрін де айтып берді. Бұлардың бәріне Шоқан Жайнақтан қанған еді. «Неке» дегенге осқырына қарайтын ол, Айжанның көңілін шошытпау ниетімен, айта келген басқаша бір тиянағына алыстан орағытып жетпек боп:

– Айым! – деді, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Шоқанның осы жолы неке қидырып кетуіне тірелген Айжанның барлық ойын ұғып болғаннан кейін.

– Әу, Қанаш!

– «Қанашқа», «жанды» қосшы!

– Қанашжан!..

– «Кісілік» деген сөзге сенемісің?

– Қандай кісінің?

– Мәселен, менің?.

– Сенем!..

– Неліктен?

– Сізді мен...

– «Сіз» дегенді қойып, осыдан былай сен де маған «сен» десең қайтеді, Айым!

– Олай деу маған ерсі ғой, аға...

– «Аға» деуді қойсаң қайтеді енді!..

– Неге?

– Мен «ағамын» ба, саған, «жар» емеспін бе?

– Егер ондай жағдайға жетсек!..

– Жетеміз!.. Кейін емес, қазір! Осыған сенсең тек, «Қанашжан!» деп қана аташы және «сен» деп қана сөйлесші!..

– Болсын, Қанашжан!

– Сонымен, менің кісілігіме сенесің ғой?

– Әрине...

– Дәлелін,?

– Ұмытып кете бармай, оралып келуің...

– Құлағыңа жат естілсе де айтайын, мен өзімнің кісілік арымды, ешбір діннің ең жоғарғы заңына айырбастамас емі Сенемісің осыған?

– Сенем!..

– Ендеше көлденең куәлардың керегі не?..

– Қандай «куә?» – деді Айжан, әлгінде «неке қидыруға ең кемі екі куә керек» деген сөзі есінен шыға ғап. Соны ескерткенде «ә-ә...» дей берген Айжанды әрі қарай сөйлетпей:

– Астамшылық деме, Айым! – деді Шоқан, – мен өз арымды «екі» түгіл, мың куәнің, олар түгіл, бүкіл адамзаттың кепілдігіне айырбастамас ем! Сенемісің, осыған?..

– Сенем!..

– Ендеше не қажеті бар неке қидырудың?

Айжан жеңіліп қалғанын сезінді...

– Ендеше қояйық арзан куәлікті! – деді Шоқан бастырмалатып, – мен сені некелі әйелім көрейін, сен мені некелі ерін, көр! Тоқтасамыз ба осыған... Айжан алақанымен бетін басып жылаған келбет көрсетті.

– Неге жылайсың?

– Бұл дүниенікі осымен қанағат болар, – деді Айжан өксіп, – ахиретті қайтеміз?..

– Тәңірі жүрек сырын бізден кем түсінбейтін болар!.. Тек адал көңілімізге арамдық араластырмасақ болғаны да!.. Тоқтаймыз ба, осы уәдеге?

– Тоқтамағанда амал қанша! – деді жылауын доғарған Айжан ауыр күрсініп. Айжанның ойы осыған тиянақталды деп санаған Шоқан, Жайнақтан және Жақыптан естіген бір сөзін Айжан да білетін шығар деп, ол жайда да көңілін көншіктіріп кетпек.

– Айым! – деді Шоқан Айжанның кісілікке тоқырауына риза болғанын айтып, тағы біраз аймалап ап,–«қызға кім қызықпайды» дегендей, сен сияқты қызға қызығушылар көп болуы сөзсіз. Ондайлар аз емес сияқты. Сондайлар кіжіңдей бермеу үшін және туыстарым да саған деген адымын аңдап басу үшін, мен әкемнен басталатын жұртқа сенімен некем қиылды деп жариялаймын!..

– Неге ойбай?! – деп қалды шошып кеткен Айжан.

– Жын-шайтан маңыңа жоламау үшін!

– Өйте көрме, Қанашжан! – деді Айжан Шоқанның, мойнынан құшақтай ап.

– Неге олай дейсің?

– Қашқан орыңа қайта құлау болмай ма ол? Сақтаймын деген абыройыңды төгу болмай ма? Аңдып жүрген жауларың айнала қоршап алмай ма?.. Мен десең бұны істеме, Қанаш!..

– Қамалаған жаудан сені де құтқару үшін бұдан басқа қандай жол бар, Айым?

– Бір ғана жол бар, – деді Айжан ойланып, – хан - иемнен ұлықсатсыз маған ешкім тие алмайды. Оның тетігі Әя-апамда. Не десең де, соған ғана ескертсең болады.

– Ол да мақұл екен, – деді Шоқан аз ойланып.

Сөз осымен біткендей боп, таңның тақалуын бозторғайдың шырылдаған даусы хабарлап, ерте тұратындардың көзіне түспеу үшін Шоқанның кетуі қажет болды. Айжан мен оның арасында болған сөздерді Жайнақ пен Жұпар сыртқы іргеден түгел тыңдаған еді. Сөз аяқталуын сезген олар да ғашықтарға ажырасу жайын ескерткен қимыл байқата бастады. Кетуге ыңғайланған Шоқанның, құшағынан босатқан Айжанға айтқаны:

– Мен ұзақ сапарларға шыққалы жүрмін, Айым!..

– Естідім...

– Біздің басымыз көпке дейін қосылмауы мүмкін.

– Мүмкін... тіпті, өмір бойы.

– Олай болмауына тырысармыз...

– Әрине. Неге қозғадың бұл сөзді?

– «Нәпсі» деген бар дейді ғой адамда?.

– Бар. Көп.

– Не нәрсе сол, шариғат ұғымында?

– Тіршіліктің тілектері...

– Ә-ә...

– «Еркіне ерсең шек болмайды дейді шариғат, оларда...»

– Жібермеу үшін не істеу керек?

Бұл сұрауларды өзінің нәпсісін қалай ұстауына арналды деп жорыған Айжан:

– Жалғыз ғана кедергі бар, ол – қанағат, – деп жауап берді. – Талай пайғамбарлар, талай әулиелер мен әнбиялар, – деп жалғастырды Айжан сөзін, – тек сол кедергіге ғана тоқырап тәубаға келген. Бір ғана мысал: Дәуіт пайғамбардың тоқсан тоғыз жұфыты болған екен дейді...

– «Жұфыт» не?

– «Қосағы», анығырақ айтқанда – «қатыны» деген сөз.

– Айта бер, аржағын!..

– Дәуіт ғалайһе – әссәләм тоқсан тоғыз қатынды қанағат көрмей, тағы да қосым деп жүргенде, Жәбірәил періште адам түрінде көріне қалады да, «бір қой сұрай келдім» дейді. Дәуіт «оны қайтесің?»десе, Жәбірәил «қойым тоқсан тоғыз еді, біреу қосып, жүзге жеткізейін деп едім» дейді. Сонда Дәуіт оған «тоқсан тоғыз қойды қанағат көрмеген неткен жансың» деп ұрысады. Жәбірәил «ендеше, сен неге тоқсан тоғыз жұфытты қанағат көрмейсің?» дейді де, көзден ғайып болады. Дәуіт қанағатсыздығын сонда ғана түсініп, тәубаға келеді...

– Қызық екен. Бұл әңгімені неге еске алдың?

– Мен сенің некеленуіңе құштар едім.

– Ол жайда уәделестік қой.

– Аллаһұ тәбарака уа тағаланың «бір мың және бір аты бар» дейді, «Хадис мұтауатрда»

– Ол не?

– «Хадис» деген Мұхаммадүн Мұстафа, Саллал алла-һү ғалайһө уассәләмнің аузынан шыққан сөз.

– Ә-ә...

– Хадис үш жүйеге бөлінеді: «Мәшһүр» – көп жұрт естіген сөздер, «мұтауатр» – бірнеше кісі естіген сөздер, «уахид» – жеке кісілер оңаша естіген сөздер, осылардың ең тоқтаулысы – алғашқы екеуі.

– Солай екені – деді Айжанның шариғатқа жетіктігіне іштей қайран қалған Шоқан.

– «Хадис мұтауатр» – «Алланың көп есімінің бірі уағада» дейді...

– Ендеше, мен сенем, ол есімге! – деді Шоқан.

Сол уәде беріктігіне қол алысып, ақтық рет құшырлана сүйісті... Екеуінің де көңілдері қалтқысыз көншіді... Құшақтарын жазғанда Айжан амалсыздан үйде қалды да, Шоқан амалсыздан тысқа шықты. Сонда басына ала шыққан ойы – христиан дінінің мұндай сенімдегі қыздары, дүниенің бәрінен безеді де, қалған өмірін монастырде құдайға құлшылықпен өткізер еді. (Шоқан ондай қыздардың талайының тарихын біледі). Ал, Айжан – мұсылман. Мұсылман дінінде ерлерден сан сопылар шыққанынан хабардар; әйелден соны шыққанын естіген де, көрген де жоқ. Айжанмен сыр түйіскеннен кейін «Исламнан да шығады екен-ау сопы әйел!..» деп таңданды Шоқан. Айжанның ойында қалған сөз: «Уәдесіне сенем. Менің тірегім – қанағат. Ал, оның тірегі?.. Ар жағын Айжанның ойлағысы келмеді... Егер Айжанның айрыларда қойған шарты – бұл жолы бұдан кейін көріспеу болмаса, Шоқанның Имантау төңірегінде біраз күн жата тұрарлық уақыты да бар еді. Ол жаны сүйер жарына қосылудан басқа, осы сапарында әке-шешесімен де, ағайын-туғандарымен де тіл табысып, ашына-жай болып алған. Олардың Айжанмен арасындағы махаббат «ұрлығын» сезбеуіне де қайран қалуда... Көңіл көтергісі келсе, осы маңнан нелер әнші, күйшілер де, аңшылар да, басқа қызық нелері де табылатын. Соларға бөгелейін десе, не өзі, не Айжан ықтиярларынан тысқары білдіріп алармыз деп қорқады, оның арты шатақ. Ауылында аз күн жатқан Шоқан, өзі кеткеннен бергі өзгерісін байқаумен болды... Ең алдымен, әкесі Шыңғыс туралы байқағаны – соңғы он шақты жылда ол құлдырай егделеніп бара жатқан сияқты. Шоқанды оқуға апарған жылы қара қоңыр түсті сақал-шашына біртіндеп кіре бастаған ақ қылтан, енді қалыңдап, түсі ақбуырылға айналған. Бұл түс әнеугі көргеннен де ағараңдап қалған сияқты. Жақ жағының бұрын ағаруын көрсеткісі келмегендей, қара көзінде тұтасымен еркіне жіберетін сақалын қазір ықшамдап, иек тұсына ғана шошайтқан. Мұрты қосыла қалың көрінетін ол сақалдың нақ ортасы ақ қасқаланып, қара бұлттың арасынан көрінген күн сәулесі сияқтанып екі жағындағы қара қылшықтардың ажарын көркейте шешіп тұр. Егер сол қасқаны қырып тастаса, мұртқа тұтасқан ұрт қылтандары ғажайып әдемі бакенбард47 бола кететін. Қала әкімдерінен көріп, өйтуге де ойы кететін Шыңғыс, қазақ арасына әзірге кірмеген, әрі шариғатқа хилаф48 келетін бұл түрге барғысы келмейді. Оның қоңыр сұрғылт өңі Шоқан кеткенде жып-жылтыр, теп-тегіс болушы еді. Кейінгі жылдарда әжімдене бастаған бұл ажардың. қазір қатпары қалыңдап, шақат топырақтың бетіндей тілімденіп кеткен. Содан сұсты кескіні қазір жігерсізденіп, ешкімді ығыстыра алмайтындай халге жеткен тәрізді... Жас жағына келгенде бұлай бола қаларлық реті жоқ сияқты. Өзімен түйдей құрдас төлеңгіт – Тақырбастың мөлдіреген қап-қара сақал-мұртында әлі ақ қылаңнан нысана жоқ. Бет-аузы опайке49 былғары сияқты жып-жылтыр. Құрдастық жөнінен Шыңғыспен қазыса қатты ойнайтын ол, атын «Көк серке» қойған. Көзінше айтуға бата алмағыңмен, сыртынан былайғы жұрттың біразы, әсіресе – дұшпандары солайша атайды. Ал, Шыңғыс қаруын қайтармақ болып, Тақырбасты «қара есек» дейді, оған қорқар кісі болмағандықтан біреулер, әсіресе, қалжыңдасатын қатындар бетіне айтудан қымсынбайды. Шыңғыстың ертерек егде тартуына толып жатқан себеп бар, солардың ең бастыларынан біріншісі «ақтағаны – алғыс, қаралағаны – қарғыс» болатын хандық дәуірін аңсау; арғы аталарын адамнан емес, күншуақтан жаралыпты дегенге сенетін, өзін ақсүйекке, қазақтарды қарасүйекке санап, олардан кеудесін жоғары ұстайтын Шыңғыс, хандық жойылып, дуан шыққаннан бері ақ сүйегі біртіндеп қарайып боркеміктеніп бара жатқанын қатты сезінеді. Өйтпегенде ше?.. «Сібірлік қазақтар» аталатын алты дуан елде, қазір өзінен басқа, хан тұқымынан бір де аға сұлтан жоқ. Өзгелерінің бәрі де қарасүйектер. Сонда аталықты қазақтардан болса бір сәрі-ау! Бірталайы тексіздер. Мысалы, алты дуанның үстінен генерал-губернатордың қасында советник болып, былтыр ғана ажалы жеткен Көшеннің Тұрлыбегі, Омбы тұрғындарының сиырын бағатын жатақтың баласы: алты дуан Омбы әкімдерінің алдында ішіндегі қазіргі ең беделдісі Көкпекті дуанының аға сұлтаны – Тілеубердин Әлжан, оның атасы Мәмбет соқыр, жалғыз атты, жалаңқая, әрі баукеспе ұры екен дейді. Оның баласы Тілеуберді орыс қаласының малын бағатын жатақ болып, үлкен ұлы Әлжанды орыс сабағына берген. Содан заң-законды біліп, Әлжан Батыс сібірдің генерал-губернаторы, князь Горчаковтың көзіне түскен де, ол Көкпекті дуанына аға сұлтан болып кеткен хан тұқымы Әбілез Әділовті қызметінен босатып, орнына Әлжанды отырғызған. Аға сұлтан бола ауқаттанып жүре берген Әлжан, қазір сібірлік қазақтардың ең байының бірі және малдың ғана емес, саудасы күсет болып тұрған ақшаның да байы. Ақмола дуанының аға султаны – Жайықтың Ыбырайы. Оның әкесі Жайық, Жайық өзенінің жағасында туып-өскен башқұрт екен. Жігіт бола солдаттан қашып, Көкшетау еліндегі Қарауыл Қошқарбай батырға келіп паналайды да, дуан ашылған Омбыдағы жиналысқа шақырылған Қошқарбай, «тіл білесің» деп Жайықты жұмсайды. Сол жиналыста ол да Омбы әкімдерінің көзіне түсіп, есінде қалады да, Ақмоланың бірінші аға сұлтаны – Қоңырқұлжа Құдаймендин үкіметке қылмысты болып қызметінен алынғанда, орнына Жайықтың мұсылманша және орысша хат білетін баласы Ыбырай тағайындалады. Ол да қазір ең беделді аға сұлтандардың бірі. Орыстың тілін және жазуын білу жағына Шыңғыс та ешкімге беріспейді. Ақ патшаға атқаратын қызметі де адал сияқты. Сонда да Омбы әкімдерінің кейіндеу ұстауын, ол хан ұрпағы болуынан ғана көреді. Шыңғыс «бақыт» дегеннің барына сенетін кісі. Бақытты қазақтар «маңдай» деп те атайды. «Бақыты қайтқан» дегенді «маңдайы қайтқан» немесе «маңдайы тайқыған» деп те айта береді. Шыңғыстың ойынша «күн шуақ тұқымыңның маңдайы алдақашан тайқыған». Түркіше кітаптарды жақсы түсінетін оның қолына, бір мезетте атақты тарихшы Әбілғазы Баһадүр ханның «Хандар шежіресі» деген кітабы түскен. Соған қарағанда, дүние жүзіндегі ең зор мемлекетті құрған монғол Шыңғыс ханның арты сарқылып, Мұхиттай мол хандықтың кішкене шалшығы Абылай ханның төңірегіне іркілген де, оның арты «дуан» сияқты саздаққа айналып кеткен. Сондай малтығып отырғандардың біреуі – Шыңғыс. Оның халі бұрнағы жылдағыдан да ауырлаған. Қарамағындағы қалық елді тұтас алғанда, Керей мен Уақ бір жүйе болып, Атығай мен Қарауыл бір жүйе болын, қазір екі жүйелі «түйе айдайды». Алғашқы жүйесін Шыңғыстың екі заседателінің бірі, – негізі Көшебе Керей Табайдың Тәштиті, екінші жүйесін, Тоқтамыс ханның ұрпағы Сәбдінің Әбдіғафары басқарады. Тәштит бізге бұрынғы тараулардан аты белгілі Есенейдің – жиені. Есенейдің жас тоқалы – Ұлпанмен Шыңғыстың жақындығын білетін Тәштит, бір сәтте сол күйіктен нағашысының селкілдек сырқатқа ұшырағанын айтып, енді аяғын тарта басуды өтінген. Шыңғыс оған қарамай «үйреншікті отына» баруын доғармаған соң, араларына «сайтан кіріп», Тәштитпен кейінгі жылдарда араздасып алған, содан бері Керей мен Уақтың бес болысы, аты «Көкшетау дуанына қарайды» демесе, Шыңғыстың құрығынан шыққан. Керейдің бір жүйесі Ақсары, Көксары аталып, Көкшетау мен Ақмола дуандарының Ертіске дейінгі шығыс жағында жатады. Барлық Керей – Уақтың үстінен қарайтын советник Көшеннің Тұрлыбегі. Ол Шыңғысқа қыңыр тартып жүретін. Одан өліп құтылдым ба деп жүргенде, атақ-орнын баласы Нөгербек басты да, «осбайлап»50 Тәштитпен түтіні қосылып, ауыз жаласып алды. Ал, Атығай мен Қарауылға келсе, Абылай хан көтерілгенде алты қыз беріп, қан-жыны араласып кеткен олар, Абылай өле бордай тозып, бет-бетімен кетті. Қазір олар хан тұқымының бақ күндесі, олармен жауығушылар көп, Әбдіғапар да солардың ішінде. Хан тұқымының бір таянышы «қырық рудан құралды» дейтін Төлеңгіттер еді. Кешегі Айғаным заманына дейін құлдардың қызметін атқарып жүретін олар, кейінгі кезде «бас-басына үй тігіп, мал айдап...» дегендей өздері мен өздері болып, құлдық ұрып бағынудан қалып барады. Байыған біреулері хан тұқымы – төрелермен үзеңгілерін қатарластыра бастады. Осыларға қарағанда, жылдан жылға сарқылып келе жатқан хандық бақыттың теңізі сарқыла кеп, ақыры ақ тақырға айналатын түрі бар. «Дәулетіне, бағына қызықтырам ба» деген оймен, Шыңғыс Шоқанға талай аталықты, атақты жерлерден қыз атастырып көрді және аты «қыз» емес, «жансыздар» жұмсап, әдемілерін де таңдады. Не кесір соққанын кім білсін. Шоқан оларды көрместен зыр қағып, жуымайды!.. Қала ғұрфымен тұрғысы келсе, Госфорттың жиені Катерина бар. Ол да орыстың сұлуы!.. Мінез-қылығы қандай!.. Шыңғыс Петербургқа екі барғанда да алдында құрдай жорғалап қызмет көрсетті. Онысы Шоқан ала ма деп емексігендіктен болу керек. Сол қызға құлқы құлаған Шыңғыс, «осыдан артық қатын табылмас» деген оймен, Петербургтан қайта Шоқанның құлағына:

– Атаң Абылай да бір қатынды орыстан алып, мінез-қылығы жағымдылығынан елге «орыс сұлу» аталып кеткен. Бұны да сондай болар деген үміттемін, – дей келе, құлағына құйып багын еді, не әрі, не бері демей, керең кісідей мелшиіп отырды да қойды. Баласының сол қалпына көңілі жүдеп қайтқан Шыңғыс, Омбыдан, Қызылжардан шыға, Есіл бойын өрлей жүрген әрбір адымы қайда, қалай басылғанын ұзынқұлақтан түп-түгел естіп отырды. Қожықтың қызын қайырғанын естігенде Шыңғыс ызадан терісіне сыймай жарылып кете жаздады. Оның сақал-шашы осы күндерде ағара түсті. Солайша бұлғалақтап жүрген Шоқан, енді аулына келді. О л келердің алдында Шыңғыс пен Зейнептің арасында қатты кикілжің болып қалды. Мәселе Айжан жайында. Бұрнағы жылы Рақияны құтты жеріне қондырғанда, Шыңғыс оның тиісті еншісіне қоса жеті жетім берген еді. Бақ жетіміне Айжанды бермек болғанда. Зейнеп толып жатқан сылтау тауып алып қалған. Әйеліне сөзін еткізе алмаған Шыңғыс:

– Келешекте біздің үйге бас қырсық осы болмаса мұрнымды кесіп берейіні – деп долданған да қойған. Одан бері бірталай уақыт өтті. Айжан Зейнептің қасында тұрып жатты. Жұрт көзінде ол да, жеңгесі Бөкен де Зейнептің күтушісі. Жас әйелдерді олайша ұстау ханша даражасындағы Зейнепке жарасып тұр... Атбасар сапарынан оралған Шоқанның ордаға соқпай кетуіне қарап, жұрт Шоқанды «күңінен бездіге» санады да, сұлу келіншекте, әдемі тоқалда ойы барлар Шыңғысқа кісі сап, сұрағанын бермек болып еді, Шыңғыстың кейбіреулеріне көңілі де құлап еді, Зейнеп жыландай ысқырынып маңына жолатпады. Сонда еріне айтар дәлелі, – денесінің ауырлап кетіп, дәретке шейін өз бетімен ала алмауы, ас-суын ішуге де жәрдемші керегі. Онысына көңілі тоқыраған Шыңғыс:

– Қашанға дейін жүреді мұнда? – десе:

– Дәмі таусылғанша, – деп жауап береді Зейнеп.

Дәмінің қашан таусылары мәлімсіз.

Зейнептің өз ойына келсек, – Атбасарға бара жатқан жолында, Шоқаннан Айжанды бой таса қыла тұрған, сонда да ебін тауып жолыққандарын естіп, тыюға болмайтын құмарлыққа санаған да, Атбасардан кейін оралғанда:

– Айтқанға болмадың, балам, – деген Зейнеп Шоқанға. – «Арам жесең, тойғанша» деп, енді алмай тынба! Бірақ Атбасардан тартқанда бізге тура тарта бер. Кейін қатыны мен Жайнақты қасыңа кешіріп аларсын, да, қарындасы ере кетер. Аржағын өздерің білерсіңдер. Осы шартпен Айжанды қасында ұстаған Зейнеп, алуы алып қалғанмен, төсек көрген қызға ие бола алу, бола алмауына күдіктенді де. Сол оймен жүріс-тұрысына сығалай қараса, Шоқанға шын берілуінен бе, дінге қатты сенуінен бе, ошаң еткені сезілмейді. Міндетті қызметтерін өтеуден басқа уақытын әлде не кітаптарды беріле оқуға жұмсап, кейбір кездерде көз жасын сығып та алады. «Бұл не деген ұстамды қыз?» деп қайран қалады Зейнеп. Шоқан келді. Оның Айжанмен кездесуіне ешбір қарауыл бөгет бола алмады. Сүйіскен екі жүрек жалғасудың әдісін таба берді. Олардың сездірмейміз деген сыбдыры мен сыбыры Зейнепке де, Шыңғысқа да сол сәттерде жетіп жатты. Не істесін Шыңғыс! Өз қолын өзі қалай кессін! Ызаға іштей булыққан оның сақал-шашының ағаруы үдей түсті. Ішіндегі сызы күн санап қалыңдай түскен ол, сырттай жылтырағанмен, Шоқанмен бел шешіп кеңесе қойған жоқ. Айжанмен арасындағы қарым-қатынастарды әкесі сезбейді деп жүретін Шоқан, оның бұл салқындығына не себеп барын біле алмады... Сазарған салқындығынан аумаған Шыңғыстың Шоқанға қатты ұнаған бір жері, Науаннан қалғаны бар, өзінің жинағандары бар, ауыл жағдайында көлемді кітапхана жасап алған. Олары екі жүйелі: бірі – дін жайындағылар, екіншісі – тарихи кітаптар, олардың ішінде «Жамғұ-әттәрауих» «Тарихи Рашиди» сияқты әлденеше томдығы да, Әбу-Жағфар Аттахауи, Мұхамбет Хайдар-Дұғлати, Жамаледдин Афғани сияқты ғалымдардың жеке кітаптары да бар; солардың ішінде қолжазба қалпында Насыр Хұсыраудың, Ақсақ Темірдің, Бабурдың Ұлықбектің, Әбілғазының тағы біраз білгірлердің мемуарлық түріндегі «намалары» да жүр. Шыңғыс бұлардың бәрін шұқшия және түсініп оқиды екен. Тағы бір ұнағаны: Әбілғазының «Хандар» және «Түрікпен шежіресі» деген кітаптарына еліктеп қазақ шежіресін жинап, тәртіпке келтіре бастапты. Және бірі, қазақтың ауыз әдебиетін кәп жинапты. Соңғы жылдарда Шыңғыс атқа мінерлікті азайтып, уақытының көбіне кітап оқуға, жинағандарын ойластыруға жұмсайды екен. Былайғы бос уақыттың ғибадатпен өткізеді. Бес уақыт намазын кезінде өтейді. Ислам дүниесіне осылайша тереңдеп алған Шыңғыстың орыс мәдениетінен алған ең көрнекті үлгісі, – үй ішінің ыдыс-аяғын, төсек-орнын, киім-кешегін, жасау жиһазын мәдениетті тұратын ол, кигіз үйде тұратын дворяндар мен помещиктерге ұқсатқан. Бұл үйге де, өзге төрелерге де орыстан кірген бір «жаңалық» – еркектері киімдерін орысшаға бейімдеп, татарша тіктіруге айналған. Біразы бастарына қалпақ, не татар тақиясын киетін болған. Етіктері де тар қоныш, қисық табан. Бұндай киімдерді әдемі тігетін шеберлер бәріне бірдей табыла бермей, шала-шарпылардың қолдарынан шыққаны, орысша мен қазақша фасонды араластырғаны күлерлік түрде жасалған. Мысалы, Сәмеке деген төре, қара қалпақтың етегін оқа және құндызбен жиектеп төбесіне шоқпардай үкі таққан; қытайдың ақ чесуншасынан татаршалау тіктірген қамзол шалбарын да солай әшекейлеп, шалбарының салбыраған бауына зерлі шашақ жасатқан... Шоқанның туған інілері Жақып, Мақы, Махмет, Ахмет, Қозыке, Қоқыш киімдерін Имантаудың шебер татарына орысшалау тіктіретін болыпты. Солардың ішінде ержетіп қалған Жақып салдық құрады екен де, Сәмеке сияқты әлем-жәлем боп жүреді екен. Жасы қазір он алтыдағы Жақып, қып-қызыл бозбала. Ол маңайдағы ауылдың ажарлы қыз-келіншегіне маза бермей, көбіне өкім-зорлық жасайды екен. Жұрт оның сол қылықтарын Шоқанға шаққаннан кейін, ол Жақыпқа өнеге айтайын деп еді, Жақып қарсыласа кетіп:

– Әуелі өзін, жөндел, ақылды маған содан кейін айт! – деп бетін қайырып тастады. Жалпы алғанда, көрмеген аз жылда ауыл өміріне бірталай жаңалықтар кірген. Жыл тәулігінің әр кезінде жан-жақтағы станцияларда жиі болатын базарларға жүн-жұрқасын, тері-терсегін, малдарын сататын қазақтардың қолына ілеккен соң, киімді бұрынғыдай қолдан илейтін теріден, қолдан тоқитын ермектен жасауды азайтып, базар бұйымдарын қолдана бастапты. Орыс тілін білетіндер бұдан біраз жыл бұрын емге табылмаса, орыстармен қарым-қатынас жасауға жарайтындар қазір әр ауылдан табылады екен. «Шіркін, енді соларды оқыта бастаса!» деп арман етеді Шоқан. Оқу жағына келгенде, соңғы аз жылдың ішінде, ауыл арасына «қожа, молда» дегендер қаптап кеткен. Бұрын Орта Азиядан бірен-сарандап келетін, өздерін «пайғамбар тұқымымыз», «ақсүйек – сейіт-задалармыз» дейтін қожалар, қазір әр рудың ішінен табылатын болыпты. Олар бала піштіру, қайыр-садақа жинау сияқты ұсақ «кәсіптерінен» басқа, қазақтың кейінгі, Россияға бағынғанынан бастап тұрмысына кірген жаңалықтарын өлең-жырмен жамандауға кіріскен. Мәселен, Шортамбай, Серәлі, Майлы, Мәделі сияқты қожалар талантты да ақындар сияқты. Олардың өлең-жырлары ел арасына кең тарап, жыршылықта талабы барлар жаттап алған. «Молда» дегендер түгелімен татар, я башқұрттар. Олар түгелге жақын не солдаттық қызметтен қашқандар, не қылмыс жасап, жазадан қашқандар. Солардың бірі – Ғалиасқар Шыңғыстың да қолында тұрады екен. Шоқан оның әу-жайын байқап көрсе, мұсылманша оқуды, яғни әріптерді көзі танымаса, қолы танымайды, яғни екі әріптің басын біріктіріп жаза білмейді, өзге түгіл, өзінің де аты, жөнін қағазға қондыра алмайды. Сондай «молдалардың» алдына да «тілін сындыр» деп қазақтар балаларын жинап береді екен. «Тіл сындыру» орынды табылған сияқты. Молдалар балаларды оқуға үйрету орнына, түсіндіре алмаған «оқуларын» біле қоймадың деп шәкірттерін қатты сабап, тілдерін орамалмен бұрайды екен. Соның салдарынан шолжың я сақау болып қалған балалар бар екен... Тағы да Шоқан тан, қаларлық бір нәрсе, – Россия үкіметінің басындағылар христиан дініндегілер бола тұра, мұсылман молдаларын қатты қуаттап, оларға қамқорлық жасайды екен. Солардың ішінде тонын айналдырып киген бірен-саран миссионерлер де барын Шоқан байқап қалды. Бұл жайларда ол Омбыда қайта мәселе көтеріп, халықтың өркендеуіне бөгет дін уының далаға кең бүркілуіне қарсылық білдірмек. Шоқанның осы сапарда ауылда көрген ерекше зорлық-зомбылығының аса бір ауыр түрі қара шығын. Ол үкіметтің заңды алым-салығынан тысқары, жергілікті әкімдердің «уақ-түйек шығынға» деп жинайтыны. Аты «уақ» болғанмен халықтан жиналатын шығынның ең ауыры осы екен. Заңды алым-салықта мөлшер бар, ал, қара шығында мөлшер жоқ. Жергілікті әкімдер қанша алғысы келсе сонша жинайды. Соңғы екі-үш жылда «қара шығынға» деп, әсіресе «патшаның» жанаралдың тойларына» деп, қисапсыз көп мал жинаған. Солардың тағайынды жеріне оннан бірі ғана барады екен де, өзгелерін жергілікті әкімдер шендеріне лайықты бөлісіп алады екен. Жемқорлар өз сыбағасына қалатындарды ылғи тай, құнан-құнажын, дөнен-дөнежін сияқты жылқылардың семізінен жинайды. Осы жайда, Шоқан Имантауда жатқан күндерде түскен бір арызда, жергілікті кіші сұлтанның біреуі, бір тақыр кедейдің қысыр сауып отырған жалғыз тайын тартып алған. Қара шығынды кейбір тілі келмейтіндер «қара шыбын» дейді екен. Шоқанға ол тауып қойған ат сияқтанып кетті. Расында да солай сияқты. Қара шығын денеңе қонып құрттататын қара шыбындай, елдің денесіндегі жебірлік жарасын құрттатқандай, жанын аса ауыртады екен. Ендеше, қара шығыннан құтылмай, «қара халық» аталатын момындар қиянаттан көз аша алар емес. Шоқанның ойынша, бұл зорлықты тыюға, патшадан басқаның күші келер емес. Оған осы жайда Тәттімбет атынан жолданған шағымнан табар жоқ. Егер ол хабар Омбыға оралғанша келмесе, толып жатқан дәлелдерге сүйенген ендігі шағымда жоғарғы жаққа Шоқанның өзі жолдамақ. Осы істерді атқару үшін той жабдығын тезірек өткеру керек те, Гасфортқа айтарын той үстінде ескертіп, айтпайтынын (ондайлары да көп) жоғарғы жаққа жеткізу үшін Омбыға тезірек оралуы керек. Зейнеп Шоқанға басқаша қарады. Ол білетіндерін білмегенсіп, көргендерін көрмегенсіп, Шоқанға аналық мейірмін өзгерткен жоқ. Шоқан да оған жас баладай еркеледі. Сондай мейіріммен кездескен бір сәтте, Шоқан шешесіне Айжанмен қосылу туралы айтқан ақылын ескертіп еді:

– Қайдан білейін, қарғам! – деді Зейнеп.– Әкеңнің абыройы жылдан жыл төмен түсіп барады. Оны ренжіте беру де қиын. Тойға мен де баратын болдым ғой. Айжанды ала барайын той өтсін. Содан кейін тағы ақылдасармыз. Оның алғашқы ойы, – патшаның тойына әке-шешесін және біраз көңілдестерін Бурабайға өзімен бірге ала кету еді. Өйтуіне әкесі сырғақ жатыр. «Жә, бәсеге» келгенде шешесі әкесінен шыға алар емес. Жалғыз болса да аттануға бел байлаған оның аулынан ертуге ықласты үш-ақ кісі табылды. Бірі – жылпос құрдасы Жайнақ, екіншісі – әкесінің туған інісі, елдің ең атақты қобызшысы Қанғожа, үшіншісі – туған інісі Мақы, азанмен қойылған аты Әбу-Мұхаммет. Шоқан оқуға кеткен жылы апыл-тапыл жүре бастаған, алдыр-бұлдыр тілі шығып қалған бұл інісі бес жасында сүзекпен ауырады да өледі. Мезгіл қыс екен. Ол кездегі ауылдың әдетінде ұзақ сапарына елікті кигіз үйден шығару бар. Мақыны да сөйтіп, ағаш үйден кигіз үйге шығарып қойса, шала өлген бала тіріледі де, суықтан құлағы мен тілі байланып қалады. Содан саңырау және сақау болып өскен Мақы балшықтан, астан, ағаштан нелер түсті фигуралар жасайтын қағаздан, матадан нелер өрнекті оюлар оятын шебер болатын қалпын көрсетеді. Кішкене күнінде ажырасқан Шоқанға ол сырттан құмартып, көруге асығуын білдіріп жүреді де, көріскен сағатынан бастап, оның қасынан шықпай, түнде бірге ұйықтайды. Мақыдан түбінде үлкен өнерші шығуынан дәмеленген Шоқан, әке-шешесіне осындай кемтар балаларды оқытатын орысша школалар барын айтып, соған беруге үгіттейді. Бұған әкесі көнгенмен шешесі көнбейді, қасынан шығарғысы келмейді. Шешені еппен көндіргісі келген Шоқан, Мақыны Бурабайға ерте кетіп, аз күнге болса да ажыратқысы келді. Аттанар алдында Мақы Шоқаннан қалмайтын қалпын көрсетті. Әке мен шеше амалсыз көнді. Бірақ шарттары:

– Бурабайдан әрі алып кетем деп дәмеленбе. Одан арғыға ұлықсат жоқ. Қайтсек те алып қаламыз.

– Оны бара көреміз, – деді Шоқан.

Тойдың басталуына әлі де жарты айға жақын уақыт бар. Тойға Гасфорт бастаған Омбы төрелері келмек. Оларға лайықталған үй Шыңғыстың, тек, жайлау күндері тігетін шаңқан боз ордасы. Шыңғыс Бурабайға сол орда тігілер кезде барады. Қасына өзіне арналған қосалқы үй тігіледі. Омбыдан тарқардағы уәделері бойынша сол кезде Баянауылдан артынып-тартынған Мұса мырза да келіп Шыңғысқа қосылмақшы да басқа қонақтарды бірігіп қарсы алмақшы. Шоқанның есуін ол да даража көріп, буына пісіп жүреді. Мына жолғы қызық-қызметін көзінен өткеріп, терезем тең дейтіндер алдында «бұндайың бар ма?» дегендей. Шоқанмен мақтанбақшы. Шоқан Айжан туралы Бурабайда шырыш бұзар болса, Шыңғыс оны Мұсамен қалдырғысы келеді. Мақы күміс тұрманды қара жорға тайға мініп, Жайнақ оны шылбырынан жетектеп алды.

– Қайырлы сапар! – деп қалысты аттандырып салғандар.

КӨКШЕНІҢ КҮМБЕЗІ

«Көкше» атанатын тауды көру Шоқанның ең ынтық ойының бірі еді. Оның ол туралы естіген ертегілері мен қараған қағаздарында қисап жоқ. Ертегілердің көбі Шоқанның арғы атасы Абылай мен бергі атасы Көкшенің қалайша хандық құрып ел басқарғаны, бастарынан кешірген ауырлықтары мен жеңілдіктеріне байланысты. Ал, қағаздары Россия патшалығынан Көкшеге әр кезде келіп жаналған әртүрлі запискалар, хаттар. Бұлар Омбының архивында сақталған. Осы қолжазбалардың ішінде ерекше маңыздысы Көкшеге Абылайдың тірі кезінде келіп, аты-жөнін айтпай, жазғанына танымастық шимаймен қол қойған офицердің «Абылай хандығы» деп атаған, қалыңдығы еліге жақын дәптері. Бұл, тегі кітап ету мақсатымен жазылған дәптер сияқты. Бірақ қанша сұрастырғанымен, ондай кітаптың ізін Шоқан таба алмады. Дәптер иесі әріптерді өте сұлу түсіретін кісі екен. Және ол адамның жазушылыққа да бейімі болу керек: сөздері бейнелі, шешен сипаттаулары көркем, оқиғаларды қызық құрастырды. Осындай қасиеттері болғандықтан қолжазба оқуға жеңіл де, тартымды да. Офицер Абылайға татулық кеңестерімен ғана емес, оған бағынышты ел мен жерді барлау мақсатымен де келген сияқты. Абылай оған қарамағындағы өлкелердің бірталайын, әсіресе Бурабай төңірегін аралауға рұқсат еткен. Офицер солардың хал-жайын толық сипаттаумен қатар көбінің, әсіресе Көкшенің іші-сыртының топографиялық картасын жасап, қолжазбасына тіркеп кеткен. Абылай туралы жоғарғы пікірдегі офицер оның Орда тіккен Бурабай тауына ерекше мән берген.

– Мен,– деп жазған офицер Көкшенің табиғаттық бітімі туралы, – Россияның, Европаның талай тамаша жерлерін аралай жүріп, табиғаты астанаға бұдан көркем және бұдан лайық жерді кездестірген емен. Оның сипаттауында тәңірінің бір ете шебер архитекторы, Көкше аталатын таудың радиусы жүз шақырымдай өлкесін циркульмен дөңгелете сызып алған да, сол сызықтың батыс жақ тең жарасына жотасы биік, асулары тар үш тау орнатқан. Он, жақ қанатында Шортан, сол жақ қанатында Шабақ, ортасында Көкше. Бұлардың іші-сыртына нелер кең және терең, сулары тұщы шалқар көлдер біткен. Таулардың ен бойлары және кездердің жағалауы «ит тұмсығы етпестей» дерлік қалың орманға бөленген.

– Осы табиғаттық бекіністің бәрін, – деп жалғастырады офицер сөзін, – Абылай жаудан қорғану шараларында толық пайдаланған. Бұл кездегі жау қаупі жаз айларында болатындықтан, жаздың үш айында Абылай ордасын Көкшенің қойнауындағы қалың орманның етегіне біткен «Оқжетпес» дейтін асқар шыңның қасындағы алаңға қондырып, алысты көрсететін шың төбесіне қарауыл қояды екен. Бұны тұрғын ел «Абылай алаңы» дейді екен. Алаңның алдында «Бурабай» аталатын шалқар көл, жан-жағында асуы қиын таулардың кезеңі. Таулардың бәріне қосқандағы аты «Бурабай» жергілікті жұрттың ертегі ғып айтуынша осы таудың киесі боп жүретін мифологиялық ақ бас қара бура бар деседі; Абылай ордасының хандығы біткен шақта бұл бура шөгіп тас боп қатып қалыпты-мыс. Бурабай тауының шығыс жақ жырағында шоқысы аппақ боп көрінетін бөлекше бір тау бар. Жұрттың айтуынша ол шоқы алыстан Бурабайдан әлдеқайда аласа сияқтанғанымен, шындығында биік болмаса аласа емес. Жаугершілік заманда Абылай осы шоқының төбесіне от тұтатады екен де, түтінін көрген жұрт жау қаупін айтпай сезіп тез жинала қалады екен. Жаугершілік заман өткеннен кейін Ақшоқы түтеуден қалған...

– Абылайдың, бекінісі бұл ғана емес, – деп жалғастырады офицер сөзін. – Оның көктемдік және күздік қоныстары да ете берік жерде. Көктемдік қонысы Көкше мен Шабақтың солтүстік жағын орап жататын «Үлкен Шабақ» аталатын көлдің батыс жағынан ішіне қарай сұғына біткен, ұзын тұрқы үш-төрт шақырымдай, көлденеңі бірер шақырымдай жарты арал. Аралдың төңірегін көл жаралғаннан бері сүзгілеген толқындар құм мен тасты жентектеп биік жар ғып тастаған. Ол жарлардың үстіне мойылы, талы, тікені, терегі, қайыңы аралас, арасынан жан жүре алмайтын нулы жыныс ескен. Жарты аралдың жағалауы – тереңдігі күрт кететін тұңғиық. Әлдекімдерді өз өлшеуінше бұл тұңғиықтың түбі елу-алпыс құлаш сияқты, сондықтан жарты аралға жан-жақтан қайықпен келуден басқа жетер құрал жоқ. Абылай көктемін үнемі «Көкқасқа» аталатын осы жарты аралда өткізеді екен.

– Күздігі де керемет бекініс. Ол Бурабайдың шығыс жағындағы Торайғыр тауының етегіне біткен «Қотыр» атты шалқар көлдің, күнгейінен кіретін жарты арал. Оның да ұзындығы мен көлденеңі Көкқасқа шамалас. Одан айырмасы Қотырдың ен бойына талы мен қарағайы аралас қалың орман өскен. Күзгі айларда қатты есетін жел Қотыр аралына кіре алмайды деседі. Көлдің «Қотыр» аталатын себебі – оның суы күзге қарай тартылып, әр жерінен тастақ аралдар шығатын сияқты. Сонысына қарап «Қотыр» дегенмен көлдің кеңдігі де, суының тереңдігі де Бурабайдан бір де кем емес. Бұған да тек қайықпен қатысуға болады. Ал, «Қайық» атаулы бұл өлкеде жоққа тән.

– Абылайдың ордасы қыс айларында. Үлкен шабақ көлінің ық жағындағы «Қызылағаш» аталатын қайын, шоқтың ішіне тігіледі екен. Мен өзім қыстың қатты суық күндерінде орданың қасына тігілген кигіз үйге қонып көрдім. Ішіне отты маздатып жаққаннан кейін оның да жылылығы ағаштан я тастан қаланған үйлерден кем болмайды екен. Сонда өткізген түндерім өмірімдегі ең рақат түндердің қатарына қосылады. Осылардың бәрін сипаттай келіп офицер «Көкшенің күмбезі» аталатын жотаға ерекше тоқырайды.

– Оған біз, – деп сипаттайды офицер, – теріскей жағынан келдік. Мезгіл – жаз айлары. Көкшенің алғашқы нобайын біз, оның теріскейінде жүз шақырымдай тұратын Азат өзенінің тау сияқты биік жар қабағына көтеріле бергенде көрдік.

– О-о-о, ғажап! – деп таңданады офицер,– оңтүстік жақтағы көкжиектен, көгілдір бояуы сол күнгі ашық аспаннан да қоюырақ жалтылдаған тау сияқты теңкиген бірдеме көзіме шалына кетті! Бергі жақ бұйратты далада теңіздей толқыған сағым көзіме шалынған көгілдір жотаны, жойқын теңіздің үстінде жүзген кемедей қалқытып әкеле жатқан сияқты... Тау жоталарының алыстан бәрі де көгілдір көрінетінін талай көргем. Мынаның көгілдірлігі олардың бәрінен де әлдеқайда қою.

– Жақын тұста сияқтанған бұл тауға тез жетпек боп біз шоқыта жөнелдік. Бірақ, атымызды қанша қинағанмен көзімізге көрініп тұрған тау жортқан сайын алыстай береді... Енді көгілдір тау батар күннің түрлі-түсіне боялып тотының қанатындай құлпырып кетті. Ол күні жете алмасымызды білген біз жолшыбайғы ауылдардың біреуіне тоқырадық... Офицердің сөздерін осымен аяқтап, енді Шоқан жағына оралайық. Имантаудан Бурабайға беттеп аттанған оған, мақсатты жеріне жетуге екі жол бар еді: бірі,– тік тартып, Бурабайдың күнгей жағына бертінде орнаған, орысша Шучье, қазақша Шортан аталатын қазақ-орыстар станицасына түсу, екіншісі,– Көкшетау қаласына соғу. Іргесі 1824 жылдан бастап қаланған бұл қаланы естігені болмаса Шоқан әлі көрген жоқ-ты. Бұл қалада Көкшетау дуанының аға сұлтанына помощник аталатын майор тұрады. Және жуық арада, осы қалада Көкшетау оязы деп аталатың Тобыл губерниясына қарайтын әкімшілік бар. Оның атаманы да, Шыңғыстың помощнигі де осы қаладағы атаққа шыққан атаман – Тимофей Семенович Аргунов. Шоқанның оған соға кететін жұмыстары бар. Аргуновтың арғы атасы арғын руынан шоқынған адам екен деседі. Өз әкесі Семен Аргунов та Көкшетау қаласының станица кезінде атаманы болған. Қазақтар оны Ысыман дейді екен. Ол мейлінше сотқар болып, қазақтар арасында «Ысқаяқ Ысман» аталған. Тимофейдің де сотқарлығы әкесінен кем түспеген. Ол осы маңайдың тұрғындарынан бірінші боп, қала қасындағы Бұқпа көлінің жағасына темекі еккен екен. Сондықтан оның Тимофей атына тілі келмеген қазақтар, әуелі «Темекіші» деп, одан «Темешке» деп, біреулер сұйық сары мұртына қарап «Түлкі мұрт» деп, әр түрлі аттар қойып алған. Темешке «тегіме тартам» деп қазақша төрт түлік мал өсірген, жаз айларында киіз үй тігіп жайлауға шыққан, бие байлатқан, қыс соғым сойдырған, қазақтарға өзі қазақша қонақасы беріп, олардан сондай қонағасы ішкен; ауыл арасының дау-шарына араласып билік айтқан, оның сөзі тұжырымды болған, өзі барып тұрған парақор. Шыңғысты бұл билейді. Бұны Шыңғыс билей алмайды. Екеуі жең ұшынан жемтіктес. Шоқанның шенін өзінен жоғары санамағанмен, генерал-губернатордың босағасында отырған оны есігінің иесі деп ойлайтын Түлкі мұрт «бір күніме керек болар» деген оймен, «Имантаудағы үйіне келіпті-міс» дегенді естіген соң әдейі іздеп барып амандасты да, Көкшетаудағы үйіне қонаққа шақырды. Өзінің де барғысы келіп жүрген Шоқанға бұл шақыру ұнай кетті. Қалаға бұрын қайтып кеткен Түлкі мұрт ауылынан бірнеше күн кейін шыққан Шоқанды Имантау мен қала арасындағы Желтауға тіккен шатырдан тосып алды. Түлкі мұрт бұл араға бір семіз құлын сойғызып, бір саба қымыз әкелген екен. Ойы «табиғаты тамаша» дейтін осы арада түнету екен. Қалаға тез жеткісі келген Шоқан оған тоқыраған жоқ. Ілгері тартқан олар Көкшетау қаласының желке жағындағы Бұқпа адырына көтерілгенде, Шоқанның көзі шығыс жақ көкжиектен жалтырай көрінген көкпеңбек бір жотаға түсе кетті. «Көкшенің күмбезі осы болар ма?» деген ой келіп кеткен Шоқан қызыңқырап келе жатқан атының басын тежеді. Үзеңгілес келе жатқан Түлкі мұрт та іркіле берді.

– Сонау көгерген не? – деді Шоқан.

– Тау.

– Қай тау?

– Ата мекенің Көкшетау. Соның күмбезі, – деді Түлкі мұрт Шоқанға жағымпазданған кескінмен. Тау атаулының, әсіресе жекелерінің алыстан көгілдір көрінетінін Шоқан да білетін. Ал, мынау олардың бәрінен де өзгеше, мұның көгілдірлігі олардың бәрінен де қою, жалтылдай құлпыруы олардың бәрінен де артық. Енді соған тезірек жету керек. Бірақ тым тез жете алмады Шоқан. Оны Түлкі мұрт Бұқпа етегіндегі қаланың орта тұсындағы үйіне әкеп түсірді. Осы үй туралы аз сөз: оның іргесін Тимофейдің бала кезінде әкесі – Семен қалаған және дағдылы орыс үйлеріндей емес, Европада коттедж аталатын үйлердің үлгісімен қалапты. Ол үлгіні Семен 1812 жылдың соғысы кезінде жеңімпаз орыс армиясының қатарында болып Европадан алып қайтқан. Архитектурасы сұлу жасалған бұл қарағай үйдің төбесіне жан-жағы кең терезелі мезонин орнаттырған. «Коттедж» деген сөзге тілі келмеген жергілікті жұрт, оны орыстың кутеж дегеніне айналдырып әкеткен. Олай деуі ретке де келеді. Ысыман да, Түлкі мұрт та араққор және бір ішсе үзбей ішетін, ішсе бұзақылықтары үдейтін нағыз «кутежниктер» болатын. Мастықтан қалжырап жығылған кездерінде олар ұзақ тынығу үшін мезонинға шығып есігін тарс жауып алатын. Олардан мазасы кететіндер бір сәт естерін жиып, оның жататын орнын «мазалы» қойып алған. Түлкі мұрт Шоқанды осы мазалыға орналастырды. Оның еркіне салса осы үйде және басқа жақындарының үйінде «кутеж» жасап Шоқанды бірнеше күн сілейту еді. Омбыға барып жүретін бір адамнан естуінше Шоқан арақты теріс көрмейтін кісі. Онысы рас та еді. Осы жай құлағына тиген Шыңғыс Имантаудан аттанарда Шоқанға:

– Аргунов та, ол қаланың басқа қазақ, орыстары да араққұмар, соларға еремін деп бүлініп қап жүрме. Әрі саулығыңа залал, әрі абыройыңды кетіреді. Mac қазақ-орыстар қол салудан да қашпайды деп сақтандырған. Шоқан бұл қалада аузына арақ алмауға әкесіне уәде берген. Көкшетауда сол уәдесіне жетті де, «сырқатым бар еді» деген сылтаумен арақ татпады. Есін үнемі сақ ұстаған Шоқанның қызметінен бос кезінде көзін айырмастан қарай беретіні көшеден де, терезеден де көрініп тұратын Көкшенің күмбезі. Офицер айтқандай, ол күн тәулігінің: таң, түс, кеш, түн аталатын төрт мезгілінде және солардың аралығындағы уақыттарда біріне-бірі ұқсамайтын әр түске ауысып бояуын құлпырта береді... Тағы да офицер айтқандай, күндіз, сағым көтеріле, Көкшенің күмбезі жойқын теңіздің бетінде қалқыған алып кемедей қимылдайды да тұрады. Сол қалпында ол кейде алыстаңқырап, кейде тіпті жақын, қаланың нақ түбіне таянып қалғандай болып та көрінеді. Сонда Шоқанға:

– Кел, тезірек! Шық үстіме дегендей басына бүркенген бұлтының күркіреуімен, найзағайының жарқылдауымен шақырып та тұрғандай сияқтанады. Шоқан Көкшетаудан Бурабайға келген күннің ертеңінде-ақ жүріп кетер еді өйтуге жұмыс босатпады. Жұмысы: Бурабай бауырында патшаның таққа отыруына байланысты қазақ, дуандарының еткізуге әзірленіп жүрген тойының тәртібін сақтау Аргуновқа және оның қарамағындағы осы ояздың бес жүздігіне жүктелген. Сол тәртіпті қалай жүргізудің планын толық жасап алу қажет. Осы жұмысын екі-үш күнде әрең бітірген Шоқанға Бурабай төңірегіндегі елдермен шақырушы келіп қалды.

БУРАБАЙ БАУЫРЫНДА

Бурабай төңірегін мекендеген қазақтар тере, қара, төлеңгіт аталып, үш жүйеге бөлінуші еді. «Төре» дегені хан тұқымдары. Олар бұл маңайда ат төбеліндей ғана азғана үй. «Қара» дегені қазақтар. «Төлеңгіт» дегені хан тұқымына әр кезде қазақтың әр руларынан немесе жаугершілікте қолға түскендерден жиналғандар. Әуелі Бурабай маңындағы төрелер туралы сөз. Абылайда «отыз ұл болды» дегенмен ол өзінің көзі тірі кезінде, «орта» және «ұлы» жүздер аталатын елдердің әр руларына басқарушы ғып бір-бір ұлын жіберген. Бурабай маңында Қасым және Уәлі дейтін екі баласы-ақ қалған. Екеуі хандыққа таласқанда, жұрт Қасымды бұзыққа, Уәліні түзікке санап хандықты Уәліге берген. Россияға қарсы шыққан Қасым да оның балалары да Көкшетау маңынан қуылып, Қоқан хандығына паналауға барғанда, Россияның тыңшысына саналып Қоқан ханы бастарын кескен. Соңғы балалары Кенесары мен Наурызбай да орыспен жауласып Алатаудағы қырғыздарды шаппақ болған бетінде жеңіліп, қаза тапқан. Сонымен Бурабай төңірегінен Қасым ұрпағы да біткен. Абылай орнына хан болған Уәлінің үлкен әйелінен туған Әбайділда мен Аппас екі жақта болған. Момын Аппастың билік, ерлікте жұмысы болмай шаруасын бағумен ғана шұғылданған. Ал Әбайділда Уәлі өлгеннен кейін оның әйелі – Айғаныммен хандыққа таласып, Россия Айғанымды жақтағаннан кейін оған қарсы көтерілем деп Сібірге жер аударылған. Артында қалған балалары Көкшетау дуанының әр жерінде орналасып, Бурабайдың түбінде Болат дейтін баласы қалған. Россиямен тату кезінде, Әбайділда Сұлтанғазы дейтін баласын Омбының сол кездегі генерал-губернаторы князь Горчакова аманатқа берген екен дейді. Аманаттың шарты: егер Әбайділда антынан тайса, аманатқа берілген баласы өлтіріледі. Бірақ, Әбайділда антынан тайғанмен князь Горчаков Сұлтанғазыны өлтіруге қимайды да және түбінде әкесіне қарсы салу ниетімен Петербургтағы Паж кадет корпусына оқуға орналастырады. Айдаудан аман оралған Әбайділда: «Мені айдатқан Айғаным» деп оның баласы Шыңғысқа өш болады да, содан кек алуды өлерінде баласы Болатқа тапсырып кетеді. Сол тапсырмамен Болат Шыңғысқа да, оның балаларына да еш болады. Әсіресе, – Шоқанға. Шоқанның Омбыдағы генерал-губернаторға адьютант болуын ол қатты күндейді. Оның тілегі де, үміті де Сұлтанғазыда. Паж кадет корпусын бітіріп патшаның сарайына қызметке орналасқан Сұлтанғазы, еткен жылдың жазында ата мекеніне келіп кетіп, Шоқан туралы «оның шені менің шенімнің тобығынан да келмейді» деген лақап таратып кеткен. Осы себептермен Болат Бурабайға келе жатқан Шоқанды қарсы алудың орнына, қайткенде оның абыройын төгудің амалын қарастырып жатқан. Соның бір шарасы есебінде Аппастың бұзық болып ескен баласы Қашқымбайды Шоқанға қастық жасауға қайрап жүрген, бұл ниетін сезген әлдекім, жорықта жүрген бетінде өлтіріп кеткен. Ендігі қалған төреден Шоқанға жаны ашитын жалғыз Аппас қана. Ол, ана жылы, Атбасар жолында жолыққаннан бері Шоқанды жанындай жақсы көріп, бар тілегі соның үстінде еді. Енді Бурабайға келе жатыр дегенді естіген соң Аппас біраз мазалана бастады. Сондағы ойы «ертең Шоқан келеді. Ол, әрине, жалғыз емес, жолдас-жораларымен келеді. Одан кейін осы Бурабайға алты дуанның игі-жақсылары және Омбының әкімдері түгел жиналады. Олар Абылайдың аруағына, соның туын көтеріп жүр деп түсінетін Шоқанға келеді... Сонда соларды күтіп алатын кім? Үйлерді кім тіктіреді? Қонақасы және басқа жабдықтарын кім даярлайды?..» Шоқанның қандай жоспары барынан Аппастың хабары жоқ. Жыл сайын жергілікті әкімдер «қара шығын деген атпен, елден көптеген мал жинайтын. Ол шығын биыл да мол, бірақ неменеге керегін ел де, Аппас та білмейді. Осындай жайды сасқалақтаған Аппастың есіне, жасы сол кезде жүзге таяған Аңғал батыр түсті. Оның әкесі Бабаназар Абылайдың әрі батагөйі, әрі «көріпкел» сәуегейі болған екен. Ел аузындағы ертегінің айтылуынша, Абылай жорыққа ма, басқа бір жүріске ме аттанар болса Бабаназардан бата алады екен. Ол бата берер алдында «қалғып көрейінші, тәңірі түсіме қандай аян берер екен?» деп Ақшоқының, етегіне қисаяды екен; қараңғы жұрттың сенімінше болжалдың көбі келеді-міс. Оны жұрт «Түркістандағы Түмен баптың жиені екен, соның аруағы дарыған екен» деген де лақап таратқан. Сондықтан былайғы аламанның бәрі Бабаназарды тек, «Баба» деп атап, айтқанын екі қылмайды екен. Абылай хан көтеріліп, оған Атығай мен Қарауыл рулары үш-үштен алты қыз бергенге, Атығайға жататын Бабаназар Зағыпыран есімді қызын да қосқан екен. Содан, Бабанзар Абылдайдың әрі батагөйі, әрі қайын атасы болыпты. Аңғал Бабаназардың сексен жасында туған сүт кенжесі екен дейді. Жасынан жігерлі, қайратты, жүректі болып өскен Аңғалды бала жігіт көзінен Абылай қасына ерткен. Талай жорықта батырлық көрсеткен оны Абылай қайда барса да он, қанатынан тастамайды екен. Сондай сенгендіктен, Абылай оған Ақшоқының етегінен қоныс беріп төбесін түтетуді тапсырған. Аңғал қартайған шағында аттан түсіп біреулер әдейілеп кеп, ақыл, я бата сұрамаса үйінен шыға қоймайды екен. Аңғал мен Аппас жас шақтарынан өзара көңілдес болатын. Бертінде кедейленген Аңғалға Аппас «атамның сыбағасы» деп жыл сайын кеміне бір семіз тай жіберіп тұратын. Шоқанды және оның қонақтарын қалай күту жабдығын Аппас Аңғалмен ақылдаспақ болды. Аңғал Шоқанды естіген еді және Абылайдың аруағын көтереді деуден үмітті еді. Сондықтан Аппас барып ақылдасқанда:

– Тоқсан сөзінің түйіні қадірлі қонақтарды жақсылап қарсы алу ғой, өйтуге бүкіл ел жабыла қимылдамаса, екеуміздің әліміз келмейді, – деді.

– Өзімнің де ойлап келгенім осы еді, Аңғал. Бірақ сол елді қалай жинаймыз? Атпен аралап түсуге алыс. Меніңше Ақшоқының басын түтетсе қайтер еді?

– Көптен түтелмеген шоқы ғой ол. «Бұ несі?!» – деп елдің зәресін ұшырып жүрерміз.

– Ондай жаугершілік жоқ қой қазір. Жақсылыққа да түтейтін уақыттары болған көрінеді ғой. Мысалы, Абылай атамды хан көтерерде. Бұны да ел игілікке жоруға тиісті және үлкен бір мерекенің нышанына санауға тиісті.

– Бұл жұмысты Шыңғыспен ақылдасып алған жөн болар, – деді істің артын көбірек ойлайтын Аңғал. – Ел де, жер-су да соның, қарамағында ғой. Оған дейін маңайдағы жақын тұстан ел ағаларын шақырып ақылдаса тұрармыз және Шоқанның өзімен де ақылдасармыз. Оған кісі жіберіп шақырту керек те, алдынан үй тіктіріп қою керек. Осыны мақұл көрген Аппас үйді қайда тіктіруді ақылдасқанда Аңғалдың ұсынысы «Көкқасқа жарты аралы» болды. Шақыруға кімдерді жіберуді ақылдасқанда, Аппастың сол кезде атқа мініп ел сөзіне араласып жүрген баласы Бералыны және Аңғалдың кенжесі Жанбатырды, тағы бірер жігітті ұйғарды. Олар Шоқанды Аргуновтың үйінен тапты. Бурабайға жетуге былай да асығып жүрген, Көкшетаудағы шаруаларын аяқтаған Шоқан күн кешкіріп қалғандықтан қалада қонуға әрең төзді. Бурабай төңірегінің өзін және басқа қонақтарды қалай қарсы алу туралы әңгімелерін Бералыдаы естігенде Шоқан қуанды да, ренжіді де. Қуанғаны – шешен біреуден жазып ап жатқа білетін бір мақал есіне түсті. Ренжігені,– үкіметтік тойды сылтау ғып елдің атқа мінерлері қара шығынды көбейтеді деп қауіптену. Шоқанның бала күнінен бері байқауында «қара шығын» аталатын алым-салық момын көпшіліктің сілесін қатыратын ауыртпалық. Соның бір белгісі, Шыңғыстың өзі «патшаның тойы» дегенді сылтау ғып, қара шығынға елден кілең ту қойлар мен, семіз байталдарды жината бастаған екен. Шоқан Имантаудағы үйіне барған шақта, мұндай бойдақтардың саны бірнеше жүзге жетіп қалған. Ал, қонақтарға солардан жұмсауға көп болса бір жүзі ғана керек. Бұл дуандағы жиырмадан астам болыстың біреуінің ғана бергені. Өзге он тоғызын қосса ше?.. Келетін қонақтарды қалай күту жабдығын әкесімен ақылдаса отырып, «артық» деп мөлшерлеген малдарды иелеріне тез таратып беруді етінді. Қарсы қояр дәлелі жоқ Шыңғыс амалсыз көнді. Шоқан осы жайды Бурабай төңірегінде Бералыға да ескертіп еді, ұнатпаған ол:

– Өзің барасың ғой, «артық» дегеніңді кесерсің де, кемін қосарсың, – дей салды. Олар Көкшетау қаласынан тура Көкқасқаға тартты. Жолы бәлкім бұрыстау болғанмен, Бералы Шоқанды «Хан» аталатын суы сортаңдау көлге әдейі соқтырды. Сонда көрсетейін дегені осы көлдің жағасында хан көтерілген Абылайдың тойына қанша мал сойылғанын қазылған жерошақтардың орнынан көрсету еді... Сол күні олар іңірлетіп Көкқасқаға тігілген үйге кеп қонды. Сол кеште аспан бұлттанып, көл беті қара көлеңке боп тұрғандықтан жағаға жақын тұсы болмаса су беті көрінбейтін еді. Салт жүріп шаршаңқырап келген Шоқан іңір асына тек қаймаққа езген ақ ірімшік қана жеді де жатып қалды. Ерте жатқан ол ертеңіне таң, сібірлей оянып тысқа шықса, күн аса желкем екен. Содан судың беті ақ көбіктенген толқынға толып кеткен. Көл төңірегін көзімен түгел шолғысы келген Шоқан жағаның бір биіктеу төмпесіне шығып қараса, Шабақтың аумағы былтыр көрген Байкалдың Баргузин тұсындағы кең қолтығына ұқсайды. Ол тұстағы тереңге де жүріп көрген Шоқанның Шабақтың айдынына да құлаш ұрғысы кеп кетті. Сол ниетпен ол жатқан үйіне қайтты да, ұйықтағандарды оятып алмайын деген қимылмен саквояжынан шомылатын костюмін алып үстіне тез ілді де, қайтадан көл жағасына барды. Бералының бұл көлді сипаттауынша: аумағы жүз шақырымнан кем түспейді, суының жар қабаққа жақын жердей тереңдігі жиырма құлаштай, әртінірек барса жетпіс құлашқа жетеді, жарты аралдың солтүстік өкпе тұсында Көкше мен Шабақ тауларының түйісетін, «Көкмойнақ» аталатын кезеңі бар. Ар жағындағы бұрылыста атақты Оқжетпес. Арал мен Мойнақтың арасы екі-үш шақырымдай. Шоқан Байкалда жергілікті елдердің сушыларымен жарысып «шамасы бес шақырымдай» дейтін су бетінің жырақтығында талайынан озып та шыққан. Шабақ бетімен Көкмойнаққа жету оның жарты жолындай ғана. Суда жүзу Шоқанның ең құштар жұмысының біреуі болушы еді. Сондықтан оның ойы серіктері оянғанша Көкмойнаққа барып қайту болатын. Ол көп ойланбай толқып жатқан суға күп берді. Судың бәрі бір болмай ма, Шабақтың суы Байкалдан ауырлау ма, әлде толқындарының қарсы алдынан соғуынан ба, Арал жағасынан біраз ұзаңқырағаннан кейін, Көкмойнаққа жете алуына Шоқан күдіктене бастады. Бірақ артындағы жаға да, алдындағы жаға да алыс сияқты. Әйткенмен кейінгі жағадан алдағысы жақындау тәрізді. Шоқанның ендігі талабы, алдағы жағаға қайткенде де аман жету... Көкмойнақтың көлдің ішіне кіре біткен бір шыңы «Ебейбас» атанатын еді. Соған тақалғанға дейін су асты ете терең. «Ебейбасқа» аяқтары да, қолдары да талған Шоқан ентігіп әрең жетті. Тақала бере су астындағы кесек тастарға шығайын десе бәріне де жасыл мүк ескен, жылтыр мұздың үстіндей тайғақ. Соларға әрең деп өрлеген Шоқанның қолы жағаның ернеуіне өскен талға ілікті-ау. Судан аман шыққанына қуанған ол шыңның үстіне өскен тырбық қарағайлардың арасындағы қалың бетегеге бауырын төсеп сұлай кетті. Сол кезде таудың аржағынан көтерілген күннің жылы сәулесі Шоқанның арқасын шалып, ұйқысы қанбаған, әрі малтудан шаршаған Шоқан маужырағандай болып қалғуға айналды. Ол қалың ұйқыға да сүңгір ме еді, қайтер еді, егер құлағына дүбірлеген ат тұяғы мен күбірлеген адам үні шалына қалмаса. Шоқан жалма-жан басын көтеріп ап, дыбыс естілген жаққа қараса, шыңның аржағынан екі адам көтеріліп келеді, бірі – Бералы, екіншісі – Жайнақ. Олардың қайдан жүргенін оқырман көпшілікке қысқаша баяндап берейік: мана Шоқан суға құлаш ұрған кезде өткен түні осы маңайды қарауылдап жүруге қойған Төлеңгіт шал көріп тұрған. Үйден шыққан Шоқанды көрген оның, суға түсе жөнелер деген ой үш ұйықтаса басына кірмеген еді. Керек десең, Шоқанның Шоқан екенін танымаған Төлеңгіт «бұл не қылған адам» дегендей тал ішімен бұғып жақындады да, кім екенін сонда ғана танып біліп, Төлеңгіт басымен төреге тіл қатуға қымсынды. Сөйткенінше болмай қонақ төресі суға атты да кетті. «Мұнысы шомылып шыққысы келуі ме?» деп ойлаған Төлеңгіт, суға құлаш ұрған Шоқанның денесінен көз жазбай қадала қарап тұрса алыстап барады. Бұнысы ерсі көрінген және неге өйтуін түсінбеген Төлеңгіт қарсы алдынан толқындаған суға жазым болар деп қорықты. «Енді не істеу керек?!» деп сасқалақтаған Төлеңгіт, бұл жайды тезірек Бералыға хабарлауды ұйғарды, Бералы бұл кезде шырт ұйқыда еді. Төлеңгіт оны оятып көрген, білгенін қысқаша айтқанда, «не дейсің?!» деп шошып кеткен Бералы өз көзімен көргісі келгендей жүгіріп тысқа шықты да, Төлеңгіттің «осы тұстан» деген биігіне көтеріліп, «сонау тұсқа қарай» деп нұсқаған көлдеріне көз тіксе алыстап кеткен Шоқанның су бетінде қылқиған басы ғана көрінеді; қимылдарын қаптаған толқын аңғартар емес. Оған баруға Бералының да шамасы жоқ. Соңынан қуатын қайық та жоқ... Енді не істеуге білмей сасқан Бералының есіне алдын орап барудан басқа амал болмай қалды. «Алды» дейтіні жарты аралдың алқым тұсынан тауға көтеріліп келдің тас қабақ жарымен қырқалай жүретін сүрлеу. Онымен жүру өте қиын: соқпақтың сүрлеуінің ені өте тар, онда қарсы келген екі жаяу кісінің бұрылып өтетін жері жоқ тұстар бар; сүрлеудің он, жағы аспанмен астасқан шыңның аяқ басар жері жоқ қия тас, сол жағы құлдыраған тастақты құз, кей жерлерде томпайған кесек тастардан ат түгіл жаяу кісі де еңбектеп әзер өтеді. Кейбір еңкейген тұстарында жүруші сырғанап құлап кетерлік. Оның аржағы терең көлдің жағасы, кейбір тұстарына тырмысқан ат күшеніп әрең шығады, жаяу кісі жүре алмайды... Жергілікті қазақ-орыстар оны «Байкал соқпағы» деп атаған. Соқпақтың жүруі осынша қиын болғанмен, Бералы мен Жайнақтың жүрмеске амалы жоқ, оларға Шоқанның аман я жаманын «Ебейбас» тұсына барып байқау керек. Жаманы – жағаға шыға алмау, жақсысы – шыға алуы. Шоқан Байкалда қанша жерде қалай жүзгенін Бералыға Көкшетауда айтып берген. Бералының бар үміті, Шоқанның осы сөзінде ғана. Бірінің артынан бірі шұбырып тар соқпақпен үнсіз келе жатқан Бералының да, Жайнақтың да іштей тілегі, – Шоқанмен тірі көрісу. Осындай тілектегі Бералы мен Жайнақ «Ебейбастың» үстінде Шоқанды тірі кездестірген соң қуаныштарында шек болған жоқ. Сұраусыз жоғалғанына кешірім өтінген Шоқан, амандық-саулық сұрасқаннан кейін:

– Не бұйырасыз,– деді қалжыңды кескінмен Бералыға.

– Бұйрық сол,– деді ішкі ашуы әлі де басылып болмаған Бералы салқын түспен,– ерттеулі атыңды жетектей келдім, аралда күткен жұртқа қазақша киімдеріңмен көрінсін деп өңгере келдім. Соларды қазір киесін, де атыңа мініп, бізбен бірге Көкқасқаға қайтасың.

– Оқжетпес осы тұстан жақын деп ең ғой, соны көре кетсек қайтеді?

– Ол болмайды,– деді Бералы қабағын түйген қалпымен.

– Неге?

– Біріншіден, қорқынышпен күтіп тұрған жанды көпшілік жансыз тастардан гөрі керегірек, екіншіден, қалың орманға бөленген Оқжетпес, жақын болғанмен жету оңай емес. Оған жететін сүрлеу тіпті тар, кей жерде жоғалып кетеді; орман арасында қаптаған жыртқыш аңдар. Сол жақтағы қопалы қамыстың іші толған қыр шошқалары. Олардың торайларын жаңа ғана өргізген кезі, сондықтан қабандары тұра шауып, қашып құтыла алмағанды жарып тастайды...

Бералының бұл сөзін қорқыту деп түсінген Шоқан:

– Сонда да тәуекел деп көрсек қайтеді? – деп еді.

– Бір ажалдан әрең құтылып тұрғанда екінші ажалға жібере алмаймын және басы Бапан, боп күтіп тұрған көпшілікті зарықтырудың керегі жоқ. Соларға кездескеннен кейін, амандығыңды көрсеткеннен кейін Бурабайдың қай жерін қашан аралауды ақылдасармыз... Бұл сөздерге көнген Шоқан іздеп келушілермен кейін оралды. Есімі ел санасына сонша терең сіңген Шоқанды көру, реті келсе тілдесу, мұң-мұқтажын айту әрбір ауыл адамының арманы болатын. Сондықтан да Көкқасқа аралына оны көруге жиналған көптің ұшы-қиыры жоқ та. Олардың еркіне салса сол қаптаған қалпымен «келе жатыр» деген Шоқанның алдынан шұбырып, жеткен жерлерінде қарсы алу еді, ондай қимылға басқарушы боп жүрген адамдар «онымыз әдепсіздік болар» деп, шашау шығармай жұртты қайырып тұрды. Бұл қыбырлаған жұртты Шоқанның қырағы көзі Көкқасқаның алқымынан кіре бере-ақ шалды. Бералының айтуынша бұл Шоқанды көргісі келуге ынтығып тұрған жиын.

– Ендеше тезірек жетейік! – деп Шоқан шоқытпақ болып еді, Бералы ондай жүрістің көп алдында ерсілігін ескертті. Олар аттарын шерте аяңдатып топқа таяна берген кезде:

– Енді аттан түскеніміз жөн болар, Бер-аға! – деді Шоқан.

– Неге, Қанаш?

– Көптің аты «көп» қой, Бер-аға. Біз «бірен-саранбыз» ғой, көпке құрмет көрсеткеніміз жөн болар.

– Өзің біл, – деді Шоқанның бұл кішіпейілдігін іштей ұнатқан Бералы.

– Мен білсем, – деп Шоқан атынан түсе қалды да, ат шылбырының ұшын қосарлана түскен Жайнаққа ұстатты. Бералы да аттан түсті. Ол да атының шылбырын Жайнаққа берді. Шоқан мен Бералы қатарласа, үш атты арттарында Жайнақ жетектей, топқа таянған шақта Аппас бастаған азғана адам қарсы жүрді. Өзге топ бастарын төмен иіп, қолдарын кеуделеріне басып қимылсыз тұрып қалды. Аппас барылдауық дауысты адам еді. Көптен көрмей сағынып жүрген, бүгін жоғалтып алу қаупі туған Шоқанды көргенде ол құшағын жая, сөйлене, барқырай жылаған қалпында бассалып көрісті... Аппастың құшағынан әрең босанған Шоқан былайғы бас иген көпшілікке жақындап, бар даусымен:

– Ассалаумағалейкум, халайық! – деп сәлем берді де, бәріне құрмет есебінде оң қолын төсіне басып, басын иді. Құлақтарына жағымды естілген бұл үн, көптің көңіліндегі төреге деген көлеңкені жарқырай шыққан күннің сәулесіндей айықтырып жіберді де, барлық жұрт күнін көргісі келгендей, бастарын бір демде көтеріп алысты. Шоқан да еңсесін көтеріп, төңірегін айнала қоршаған қалың топқа тағзым етті. Сол кезде: «Аманбысың, Шоқанжан!.. Жолың оңғарылсын, шырағым!.. Өркенің өсе берсін!.. Бағын, арта берсін!.. Көп жаса!..» – деген сияқты амандасулар тұс-тұстан қаптап кетті...

– Бер-аға, мен осы елдің жақынымын ба, жатымын ба? – деген сұрау қойды.

– О не деген сөзің? – деді Бералы, таңданғандай, – сен де Абылайдың бір ұрпағы емеспісің? Ендеше, қалайша жат боласың?! Әрине, жақынысың.

– Олай болса, – деді Шоқан, – мен неге бұл елдің қонағы болам?!

– Сен алыстан аңсап келген туыссың ғой, – деді Шоқанның сөзінен Бералы жалтарыс тапқандай, – сондықтан сені де қонақ есебінде күтудің ешбір ерсілігі жоқ.

– Жоқ, Бер-аға, мен бұл елге қонақ емес, қонақтарды күтуші болайын.

– Оны ел білсін,– деді Бералы.

– Бералы жеткізген сөзді сырттағы керкілдескендер мақұл көрді. Олардың Шоқанға деген сүйіспеншілігі арта түсті. «Жұрттың көңілін көншіттім» деп ойлаған Шоқан олардың ризашылығын естігеннен кейін енді Бурабай бойын тойға дейін түгел аралап шығуды мақсат етті. Осы жайды Бералыға ақылдасқанда, ол:

– Ата-мекен біздікі болғанмен, оның қазіргі иесі қазақ-орыстар,– деді Бералы. Бурабайдың кең көлемді бойында қазаққа қарайтын тоқымдай да жер жоқ. Осы кең өлкені түгел иемденіп алған қазақ-орыстар, қазақтың бір малы ішіне өтсе бассалып ұстайды да, «по трава» дейтін шығынын төлетпей қайтармайды. Кейде табындаған көп мал түсіп кетсе «по травасы» да ауырлайды. Бір жылы бір байдың қалың жылқысы Бурабайдың ішіне кіріп, соның «по травасына» Шортанның қазақ-орыстары шығынына деп елу жылқысын бермей кетті. Жер жайындағы озбырлығы сондай болса, Бурабай бойындағы «меңіреу» аталатын қалың орманнан бір бұраулық, не бір сырғауылдық ағаш кестімейді. Кесіле қалса бір ағашқа бір қой айып тарттырады. Орманның әр тұсында «лесник» деген атпен қойылған күзетшілер бар. Олар маңайына жолаған қазақтарды «ағаш ұрлай жүрсін» деп бері салғанда айып тарттырады да, әрі салғанда сабайды. Сондай соққыдан өліп кеткен қазақтар да жоқ емес.

– Ендеше, – деді Бералы сөзін қорытып, – бұл таудың ішін саған аралатар қазақ жоқ және көптен көрмеген тау ішінің соқпақтарын да таба алмайды қазақтар. Оның үстіне: аю дей ме, сілеусін дей ме орман ішінде өріп жүреді. Ырқын таппаған адамдарды олар жазым қылады. Батылдық көрсетем деген кейбір орман аралаған қазақтарды аюлардың жеп қойғаны да бар. Сондықтан қазақ атаулы «меңіреуге» бас сұғуға қорқады.

– Қазақ-орыстар ше? – деді Шоқан.

– Олар қарусыз жүрмейді ғой және топтанып аңшылайды. ...Сонымен – деді Бералы сөзін аяқтап. – Орыстарға да ықпалын, жүретін көрінеді ғой, тауды аралағың келсе басшыны солардан ал.

– Мақұл, – деді Шоқан.

Көкшетаудағы Аргуновтың ұйғаруынша, Шортандағы қазақ-орыс жүздігі оның атаманы Карабашев Шоқанның қарамағында болуға тиісті еді. Шоқан Көкқасқаға екі түнеп үшінші күні таңертең тұрып жатқанында, қасына бір взвод салтты әскер ерткен Карабашев жетіп келді. Ол Шоқанның Бурабай ішін қазақ-орыстарға бастатып аралау ойын мақұлдай кетті.

– Осы солдаттармен өзім бастап аралатам, – деді ол.

Біреулердің айтуынша Карабашевтың да арғы атасы Қарабас дейтін шоқынды қазақ. Сондықтан Шоқанға қаны тарта ма, әлде өзінен дәрежесі жоғары Аргуновтың «қызметіңді жақсылап атқар» деуінен бе, жылпос мінезді Карбашев Шоқанның алдында құрақ ұшады. Карабашевтың бастауымен, он шақты солдаттың қостауымен Шоқан Бурабайдың іші-сыртын түгелге жақын аралады. Қазақтардан қасына ергені жалғыз Жайнақ. Бералының да ергісі келіп еді, басқа жабдықтардан қолы босамады. Жабдығы,– негізгі салынған Шортан станицасына салған Шоқанға күн сайын ауылдан керек қылатын азықтарын жеткізіп тұру. Оның үстіне, тауды аралаушылар ретіне қарай атты да, жаяу да, су бетінде қайықпен де жүретін болғандықтан, Бералы ондай жүрістерге төзетін емес. Шоқанның тау аралағанда байқауынша Абылай заманында келіп осы төңіректі сипаттаған офицер таудың бойындағы әдеміліктерді мейлінше-ақ дәл көрсеткен екен, Шоқанның оның қолжазбасынан танысқаны мен көзбен көргендегі айырмасы, көзіне ұшырағандардың бәрі тірі тұрғандай елестейді, ал, сипаттауда бұлардың бәрі өлік, бейнесінде. Олай көруіне Шоқан таңданбайды, өйткені қашан да тірі табиғаттың елі суреттен әлдеқайда қызғылықты екенін жақсы біледі... Бурабайдың сұлулығына сүйсіне жүре Шоқан оның бойынан офицердің қаламымен бояуына түспеген бірталай тамашасын байқады. Бірінші тамашасы, бұл таудың өн бойында бықып жатқан алтыны. Жергілікті жұрттың ертегі ғып айтуынша осы таудың орнында, бір заманда алтыннан жаралған көл бар екен дейді. Жаратушы жер бетіне тауларды үлестіргенде аспаннан осы көлдің үстіне Бурабай тауы құлаған екен дейді. Сонда, Алтын көлді тау басып қалып, шашырандылары төңіректегі құмға сіңіп кеткен екен дейді. Алтын ұнтағын жинаудан қазақта да байығандар бар дейді. Мысалы Бурабай төңірегіндегі Қарауыл руынан шыққан Жантайдың Дүйсембісі. Ол бастапқы кезде «қасқыр көз» атанған жалғыз күйрік атынан басқа малы болмаған кедей екен. Қазақ-орыстардан көріп алтын ұнтағын жинауға кіріскен оның кішірек бір сандық алтыны болған деседі. Сонысына күпсіген ол, Айдостың Махамбеті дейтін мың жылқылы байға:

– Сенің бар байлығыңды мен бір қалтаммен ғана сатып алам, – деп мақтанады екен. «Қармай берсе қар да таусылады» дейді қазақ. Сонысы расқа шыққандай Бурабай маңының құмына сіңген алтын ұнтақтары, жабылған жұрт елей берген соң таусылады да, орындарында тек шұқанақтары ғана қалады. Шоқан бұлардың көбін аралап көрді. Сонда көрген жерлерінің беті араның ұясындай шұрық-шұрық тесік. Құмдағы ұнтақты солайша екшеп тауысқан жұрт, енді «тау басып қалған» алтын көлдің өзін іздеуге кіріседі.

– Сонда, – деп ертегілейді тұрғындар, – бір таудың астын қазған жұрт, аржағындағы кең үңгірге кез келеді. Оның іші илеуінде құжынаған құмырсқадай қалың жылан екен. Қазушылар содан қашып қырға шығып кетер деген қауіппен қазған құдықты бекітіп тастайды.

– Содан бері, – деді бұл әңгімені Шоқанға айтушы жұрт,– жер астына ұмтылуды қойып жүр еді, енді соңғы төрт-бес жылдың ішінде неміс дей ме, ағылшын дей ме, орыс сияқты әлдекімдер шұқылап жүр. Қазақ болып кеткен, атақты Науан хазіреттің әйелі Хұснөл-Банаттың әкесі Фахридднн дейтін татар шығарған деп, бір жыршы Шоқанға «Шаһмаран» атты қиссаны жатқа айтып берді. Бұнда жер астындағы жыландардың патшасы – Маран сипатталады екен. Фахруддин бұл қиссаны Бурабай төңірегінің ертегілеріне құрған. Бурабай тауының астындағы байлықты жұрт осылай ертегі қылса, үстіндегі байлығы одан да артық сияқты. Мысалы, өсіретін егін. Тау төңірегінің топырағы мейлінше құнарлы екен. Оның қара қыртысының қалыңдығы көзден артық. Осы топыраққа, бұл маңайға жаяулап келген сияқты болған қазақ-орыстар аз жылдың ішінде егіннен де бұрқырай байып кеткен. Сонда балық аулаудан, жер қорудан басқаға шорқақ қазақ-орыстар егінді жалдамалы қазақтардың күшімен өсіреді екен. Жерді соқалайтын, майдалайтын солар, қазақ-орыстар тек тұқымын ғана сеуіп береді, одан кейін күтетін де, оратын да, соғатын да, сарайларға таситын да жалданған қазақтар. Соншалық еңбегіне алатыны «тоқты-торымның құны» дегендей дәннің бірер қап елендісі ғана. Қазақта «алтын, күміс тас екен, арпа бидай ас екен» деген мақал бар. Соның растығына қазақтардың көзі қазақ-орыстармен араласа жетті. Баяғы «атам заманда арпа мен тары егіпті-міс» дейтін қазақтар, одан бері егінмен шұғылданбай, тек мал өсірумен ғана кеткен. Енді, қазақ-орыстардан нанның дәмін татып көргеннен кейін «бар жиғанын соған сап» бір қап астыққа бірнеше қой, немесе ту сиыр, құр ат беретін болған. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» дегендей қазақ-орыстарға еліктеп қазақтан бірер десятина егін себе бастағандар да көрінген. Мысалы, Бурабай тауының ық жағын мекендеген Ақсары Керейде Маңқаның, Шағырайы деген кісі болған екен. Сол адам бастапқы жылы ауыл қотанындай аумаққа бидай өсіріп жақсы өнім алған да, сол араның -болысы және байы Қарпықтың Жанботасы бір қап астық сұраған. Шағырай ол өтінішін орындай қоймаған соң, келесі Жылғы егінін өсіп тұрған шағында Жанбота малына таптатып, қала болуға ыңғайланған Шағырайдың ауылын өртетіп жіберген. Содан қорқып қазақтан ешкім де егін салмайтын болған. Қазақ-орыстардың тез баюына бір себеп,– балық. Бурабайдың бойында сексен көл бар деседі. Солардың көбінің іші бықыған балық. Қанша ауласа да таусылмайтын бұл балықты, аушылардың судан шелекпен іліп алғанын Шоқанның өз көзі көрді. Неткен көп балық!.. Бірақ, қазақтар осы байлықты да пайдаланбайды. Олар балықты жеуді жақсы көреді де, аулауды жек көреді. Қазақ байғұстың ағам заманнан бері есіріп күн көріп келе жатқаны жалғыз – мал. Бірақ бұның тұрақты шаруа емес екені ғасырлар бойында әлденеше рет дәлелденген. Содан «батыр – бір оқтық, бай – бір жұттық» деген мақал шыққан. Ол мақалдың растығын жас Шоқанның өзі де көрді. «Мыңқырған» аталатын талай байлардың, кейбір жұт жылдарда құрық ұстап қалғанына өзі куә. Сондай шығынға ұшырай жүре бұрынғы қазақтар мал шаруасының олқылығын тез толтырып алған. Оған жағдай жерінің кеңдігі, мысалы, қыстауын жылы жақ Сыр мен Шудың бойында өткізіп, жайлауын Арқа мен Сібірдің жазықтарында алуы. Осы жайылым кейінгі кездерде тарылып, қазақ даласына Ақтөбе, Торғай, Атбасар, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы, Баян қалалары орнап, олардың арасына қазақ,- орыс станицалары тартылғаннан кейін көштің кең жолы әр тұстан кесілген. Қазақ-орыстар қазақтардан «біркот алып, тамақтарын тойғызбай көштерін өткізбеген. Шоқан сұрастырып көрсе қазақтардың «біркот» деп жүргені, орыстың «проход» деген сөзі екен. Шоқанның ойынша, көш жолы бұлай тарыла берсе мал шаруашылығының алды да тұйықталатын... Бурабай бойына біткен осынша көп байлықты іске асыруда Шоқанның өз пікірлері бар. Егер қызметі жағып, сәті түсіп қазіргі патша екінші Александрға жолыға қалса, Шоқан оған жалпы Сібірдің, оның ішінде қазақ, дуандарының байлықтарын бұғаудан қалай босатып, қалай өркендету жайын түгел айтқысы келеді. Сол сөздеріне реформатор атанып жүрген жаңа патшаның құлақ асуына күдіктенбейді.

ЖҰМБАҚ ЖҮРІСТЕР

Шоқан Бурабай бойын армансыз аралап, асық ойынының тілімен айтқанда, бүгесі мен шігесін, алшысы мен тәйкесін, омпысы мен шомпысын түгел көрді. Карабашевтың «ең соңында шығамыз» деп қалдырған жалғыз биігі – Көкшенің қырқа жотасы. Оның айтуынша ол биікке көтерілетін жалғыз тұс – Оқжетпестің Абылай алаңы жақ желкесі. Бірақ, аттың аты ғана және бұрын көтеріліп кәнігі болған ат қана шыға алады. Сондайын шамаламай көтерілем деушілердің талайы апатқа ұшыраған. Жасы егде тарта бастаған Никонор Карабашевтың өзі де бұл желкеге өмірінде бір-ақ рет көтеріліп, қайтарында тастақты тік сүрлеуден аты тайып, аз-ақ өлмей қалған. Карабашевтің айтуынша Көкшенің, қырқасынан Бурабай тауының іші-сырты, ұңғыл-шұңғылы алақанның аясындай айқын көрінеді. Сырт жағында алпыс шақырым дейтін Көкшетау қаласы аяқтың астында тұрғандай болады, Көкшетау дуанындағы таулардың бұл жотадан көрінбейтіні жоқ. Осы сөздерді естіген Шоқан Көкшенің жотасына шығуға құштарлана түсті. Ол Оқжетпестің, желкесіне, реті келсе, шыңның төбесіне шығуға да ынтық. Етегінен басына қарағанда адамның бөркі түсетін бұл биік шыңның төменгі жағын қалың орман қоршап тұрады да, жырақтан болмаса жақын жерден бойын көрсетпейді. Абылай заманындағы офицер Оқжетпестің шыңын көне Мысырдағы ферғауындардың әсіресе, ең биігі – Хеопстың пирамидасына ұқсатқан.

– Бірақ,– деген ол,– жалпы ұқсастығы болмаса, Оқжетпес Хеопстан әлдеқайда мол, әлдеқайда биік. Пирамидаға қаланған тастардың ең ауыры екі-үш тонна ғана болса, Оқжетпеске қаланған кейбір тастың салмағы пәлен мың тоннаға жетер еді. Офицер Бурабай тауының қойнауын, әлдене алыстағы заманда, әлдене патшалықтың астанасы боп, кейін әлдене себеппен қираған зор қаланың орнына әр жерінде өскен шоқырларын патшалардың пирамидаларына ұқсатады. Сондай белгілі және естен кетпестік орындардың ішінде Шоқанның көзіне Оқжетпестен соңғы ең қызықты көрінген орын, Көкшенің шоқтығы сияқты тұсынан көрінетін, қираған әлдене сарайдың сақталған қабырғалары мен сәкісі сияқтанған бір ойық тас. Карабашев оны «сайтан сырғанақ» деп атады да, ол туралы тұрғын елдің төмендегі ертегісін айтты.

– Тіпті армандағы заманда,– деді ол,– осы Бурабай әлдене құдіретті патшаның астанасы болған екен дейді. Оның тұрағы сонау «Сайтан сырғанақтың үстіне орнаған сарайдай екен дейді. Патша әйелқұмар адам болса керек кең сарайды толтыра әйелдерін жинап ап, елді басқарудың орнына әйелдермен сауық құрады екен дейді. Бүйтуіне тәңірі қаһарын тігіп, тауды сілкіндіреді де, сарайды қиратады. Құлаған тастары төмен домалаған сарайдың табаны сияқтанған кең орны жын-сайтанның ойнағына айналады. Таудың жотасынан төмен қарай құлдырап тік түскен «Сайтан сырғанақтың» Шоқан Карабашевтан ұзын және көлденең ендерін сұрады.

– Шамалаушылардың жобасынша,– деді Карабашев,– бұл подвалдың ұзын тұрқы жүз құлаштай, көлденеңі елу құлаштай деседі. Көкшенің жотасына шығуға, аттарды тағалатып, ерге құйысқан және өмілдіріктер байлатып, Карабашев әзірліктер жасады. Сол бір күндерде Көкшетаудан шапқын келіп Шоқанға екі пакет тапсырды: біреуін ашса, патшаның таңда отыруына байланысты. Бурабай бойында жасалуға тиісті тойдың болмауы хабарланған, екіншісі,– генерал-губернатордың кеңсесінен Шоқанның Омбыға тез оралуы туралы бұйрық. Той туралы бұйрыққа Батыс Сібірдің соғыс губернаторы Карл Казимирович Гутковский қол қойған. Бұл бұйрыққа Шоқан іштей қуанды, – «Тәттімбеттің қолынан жолданған шағым хат патшаға жеткен болар, мынау соның салдары болар» – деп жорыды ол. Өзі жайындағы бұйрықта, оның Орта Азияға жұмсалуы туралы Гасфорт жасаған ұсынысты патшаның қабылдағаны, бұл сапарға жиналудың қажеттігі ескертілген. Бұл да Шоқан үшін үлкен қуаныш. Тойдың болмауы туралы бұйрық қазақ, дуандарының аға сұлтандарына тығыз шапқын жіберілді. Неге бұлай болуын, олардың ішінде, Шорманның Мұсасынан басқасы болжай алған жоқ. Мұсаның болжауы,– ол Тәттімбеттің ағасы Құттымбетпен жан аяспас дос та және құда да болатын. Тәттімбеттің ағасынан жасырар сыры болмайтын. Петербургтан қайтқан ол, «Аға, жан адамға тісіңнен шығармассың» деген өтінішпен, патшаның атына шағым хат жолдағаның өйтуіне Шоқанның ақылшы болғанын бастан-аяқ, түп-түгел айтып берген. Бұл кеңесті Құттымбет Мұсаға айтып, Шоқаннан сөз шықпауын өзіне ескерт және бақыла, егер сөз шықса менің ініме де, сенің жиеніңе де, басқа сұлтандарға да, Омбы әкімдеріне де жаманат келтіруі мүмкін деген сақтандыруын айтқан.

– Олай бола қалғанда,– деген Құттымбет Мұсаға,– талайлардың өліп кетуі мүмкін. Бұл сөзден зәресі кеткен Мұсаның Омбыдағы әкімдер бұндай хабарды сезген-сезбегенін білу үшін Омбыға барғысы келді. Ол қазақ сұлтандарының ішінде Омбыға көп барғыштардың біреуі болушы еді. Жерінің жақындығынан ба, жұмыстары бола беруден бе, оның үйіндегісінен Омбыда жүретін уақыттары көп. Сондағы бар мақсаты ретін тауып, «ісім түсер-ау» дейтін Омбы әкімдеріне, әсіресе Гасфортқа кездесе, реті келсе сөйлесе, жақындаса беру. Қазақтың «Құрғақ қасық ауыз жыртады» дейтін мақалын есінен тастамайтын ол жолыққан әкімдерінің дәрежелеріне лайықты сый-сыяпатын ала баратын. Өткен бір жылдарда Қытай мен Россия арасындағы бір дауды бітіріп қайтатын комиссияның бастығы боп Мұса Шорманов барған. Сол сапарында ол қытайлардан және Монғолдардан: «Қойтұяқ», «Тайтұяқ», «Аттұяқ» аталатын алтын жентектеріне (слиток) қоржынының бір басын толтырып қайтқан. Сол олжасынан Омбының кейбір әкімдеріне, әсіресе генерал-губернаторға ептеген үлес беріп қоятын. Сондықтан генерал-губернатордан бастап бергі бірнеше әкімдермен әкей-үкей болып, ара-тұра олармен жасырын түрде «кіршіме» аталатын бал сыра да жұтып қоятын. Сымбатты биік денелі, көркем кескінді, сыпайы сөзді, тапқыр ақылды, табанды қылықты, тұрақты мінезді Мұса Омбы әкімдеріне түгелімен сүйкімді де болатың көбімен жақын да жүретін. Кейбірінің үйіне, әсіресе Гасфорттың сарайына қонып қалатын кездері де аз болмайтын. Сондай қадірлі Мұса Омбыға келіп әрқайсыларының тамырын басып байқаса, шағым хаттың патшаға жетуіне олар түршігеді де, бірақ бұл иістің кімнен шыққанын шамалай алмайды. Шоқанның қатынасы бар деген ой Гасфортқа үш ұйықтаса келер емес. Ол күдіктенудің орнына Шоқанды көтермелей сөйлеп, «оны ұлы дәрежелі император Орта Азияға менің ұсынуыммен жұмсайтын болды. Егер тапсырылған жұмыстарды абыроймен атқарып келсе, мен оны сібірлік қазақтар басқармасының председателі етіп тағайындауды Ұлы патшамыздан өтінем»,– деді. Гасфорттың бұл сөзіне қуанған Мұсаның есіне Құттымбеттің сөзі түсіп, «бұл хат тексерілсе, Шоқанның да қатынасы бары анықталса, Гасфорттың басындағы оған деген жылылық суып, дос орнына қас болып кетуі мүмкін ғой. Сонда генерал-губернатормен ұстасуға Шоқанның әлі келе ме?» – деген ойға батты Мұса. Бұл ойдың тереңінен малтып шыға алмаған Мұса Шоқанның өзінен анығына жетіп, соған қарап не шара қолданудың ретін қарастырмақ болды. Оның сандық түбінде бір аттың төрт «тұяғы» түгел жатқан. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дегендей, жақсы көретін жиенін аман сақтап қалу үшін Гасфортқа солардың бәрін де өткізуге Мұса бейіл. Бірақ, бірден өзі барып қалса мінезі тігін жиенімен жанжалдасып қалуы мүмкін, сондықтан алдын ала Шыңғысқа кісі жіберіп, Шоқанмен екі жақты сөйлесуді мақұл көрді. Ондай кісілер үшеу: бірі – өзінің көмекшісі санайтын, Баянауылдың кіші сұлтаны, сенімді досы болғандықтан Петербургқа екі рет ертіп барған адамы Малкелдінің Сенербайы, екіншісі – тағы бір сенімді серігі Боштайдың Құсайыны. Үшіншісі – әрі шабарманы, әрі әншісі ғып ұстап жүретін пысық жігіт Сатылғанның Жарылғабы. Мұса бұларды Шыңғысқа жұмсаудың сылтауын да тапты: соңғы қоштасарда, Шыңғысқа ол:

– Жезде, апам болса қартайып келеді енді сүйек жаңғыртпаймыз ба, – дегенді айтқан.

– Жаңғыртайық,– деген Шыңғыс көне кетіп, – сонда, қайсымызда қыз, қайсымызда ұл бар?

– Астамшылық болмасын, жезде, – деген Мұса,– менде қыз бала әзірге жоғырақ. Садуақас дейтін үш-төрт жасқа келген ұлым бар.

– Ендеше менде сол шамадағы қыз бар.

Екеуі осы екі баланы атастырмақ боп, еліне қайта Мұса құдалыққа кісі жібермек боп ажырасқан. Әлгі үш адамды Мұса Көкшетауға осы сылтаумен аттандырмақ. Аттанарда оларға айтқаны: «Шоқан бұл күндерде Бурабай маңында болу керек ол жолдарың. Бірақ сендер оны білмеген боп етіп кетерсіңдер де, Имантаудағы Шыңғыстың ордасына тік тартарсыңдар. Шыңғыстың Бурабай бауырына үй тігетін уақыты да жақындады. Онымен сол арада түйісерміз. Осындай тапсырма берген Мұса шағым хат жайындағы құпиясын Көкшетауға жұмсаған адамдарынан жасырды. Шоқанның Шыңғыспен екеулеп отырып анықтағысы келді. Баянауылдықтар барса Бурабайға үй тіктіруге әзірленген Шыңғыс тойдың болмауы туралы бұйрық хатты алып, не себепті екенін біле алмай сасқалақтап отыр екен. Ол Мұсаның құда түсу ниетін қарсы алды. Бірақ оларға келмей, неге Бурабайда түйісуді бұл түсінбеді. Сонда да дәрежесін өзімен тең көретін, туысын және кісілігін өзінен артық көретін жандай досы Мұсаны Бурабайда қарсы алмақ боп жергілікті кіші сұлтан Қарпықтың Жанботасына, «Күміс» аталатын көлдің жағасына өзіне, ере барғысы келетін бәйбішесіне арнаған үйді «Жайнақ» көлінің жағасына, екі арадағы «Ақ» аталатын көлге Мұсаға арнаған үйді тіктіруге шапқын жіберді. Ертеңіне, «үй тігіліп болған шығар» деген шамада пәуескеге жеккен пар атпен делбесін Абаға ұстатып Шыңғыс жүріп кетті. Сол күні кешке қарай бір пәуескеге жалғыз өзі сиятын Зейнеп те жолға шықты. Баянауылдықтар апасына ерді. Олардың арасында жалғыз атқа жеккен тарантасқа, Зейнептің күтушісі саналатын Бөкен мен Айжан отырды. Олар солай тарта берсін, біз Шоқан жағына оралайық. Баяндауылдықтардың соқпай етіп кеткенін Шоқан біліп отырды. Олардың Имантауға жым жолмен кетіп бара жату себебін ол жоралмалдады да. Оның ойынша тойдың болуы туралы бұйрық сұлтандардың бәріне де, олардың ішінде әкесі Шыңғыс пен нағашысы Мұсаға да жетуге тиісті. «Бірақ олар бұндай бұйрыққа не себеп болғанын білмей әуре-сарсаң болып жүруге тиісті. Сондықтан бастарын қосып қалай білу жайын ойластырып жүрген шығар» – деп жорамалдайды Шоқан.

– Бастарын қосқан олар, «сен білетін боларсың деп мені қыстаса қайтем деген де ойға келеді Шоқан. Шынын айтпауды екіжүзділікке санайды, ондай қылыққа барғысы келмейді. Ал, айтқанда ше? Бұл сұраудың алдында Шоқанның жүрегі дірілдей қалады. Өйту – әкемен де, нағашымен де ат кекілін біржола кесісу. Әкемен айрылу, көптен бері «дүрдараз, бірде тату, бірде араз» болып келе жатқан Шоқанға оншалық ауыр сияқты емес. Оны қатты ойландыратын нәрсе Мұсамен араздасу. Алғашқы көріскен күндерінен бастап Шоқан одан жылылық туысқандықтан басқа ешбір сырын аңғарған емес. Мұса оны жанындай жақсы көретін адам сияқты. Оның да шен мен шекпенге құмарлығы әкесінен кем емесін Шоқан жақсы біледі. Бұнысын күн көрістің тілегінен туатын жәйтке санайды. Сондықтан оны бұл қылығы үшін кіналамайды да. Сонша жақын көретін адамы, ертең шағым арызы тексеріліп сөзге іліксе, ел ішінің өңге әкімдері сияқты бұның да былықтары ашылса, жаулар жағына шықпағанда қайтеді Мұса?!.. Өзге жаулармен сойылдасуға Шоқан бейіл және әзір сияқты. Мұсамен өйтуге батылы да жетпейтін сияқты... «Жүз ойланып, мың толғанып...» дегендей осылардың бәрін салмақтап келгенде егер әкесі мен нағашысы сыр сұраса Шоқан ағынан ақтарылуға, содан кейін не салмактары болса да шыдауға бекінді. Бірақ, бұл ниетіне жете алмады ол. Көкшенің жотасына көтерілмей кетпеу ниетінен қайтпаған ол, осы арада түйіседі деп жорамалдаған әкесі мен нағашысы келгенше мақсатына жетіп үлгірмек болды да, Карабашевқа «бүгін кешке дейін аттарын әкелсін» деген хабар айтты. Оның әкелген аттары ығай мен сығайлар екен. Соңына ерткен төрт-бес солдаттары бар. «Жыртқыш аңдар кездессе» – деп бәрі де қаруланып алған. Қазақтардан Шоқан жалғыз Жайнақты ғана ертті. Аттар тауға өрлеуге кәнігі екен. Қандай тастақты, тікшіл соқпақтарға мысықтай өрлейді. Бұндай жерлермен жүріп дағдыланбаған Шоқан, аты еңіске төмендегенде басынан лықып түсіп қала жаздап, өрге тырмысқанда жаясынан сыпырылып қала жаздап, кейде аттың жалына, кейде құйысқанына жармасып, Оқжетпеске әрең дегенде көтерілді. Төменнен қарағанда желкенің аржағындағы қия тас ап-аласа сияқты еді, желкеге барғаннан кейін ол тас сорайып ұзарып кеткендей болды. Қалаған кірпіштей тіп-тік боп өрілген шоқы, үстіңгі етегінен, шамасы елу құлаштай биік сияқты. Ол аяқ жері азғантай жалаңаш тас екен. Оған көтерілуге Жайнақтан басқаларының жүрегі тұрмады. Ол өзгелерінің «өлесің» дегенін тыңдамай, «ажалым осы арада жетсе амал қанша» деді де, тастан тасқа арқардай ырғып лезде төбесіне шықты да кетті. Бұдыры аз тастан оның түсуі шығуынан да жеңіл сияқтанды. «Оқжетпес» пен Көкше шоқтығының арасында «Үш қыз» атанатын біріне бірі жалғаса біткен үш шоқы тас бар. Ертегінің айтуынша, «Оқжетпес бір кезде жаны бар батыр екен. Оның бір-біріне тетелес өскен, бәрі де бойжеткен үш қарындасы болады екен. Бір мезетте, қапыда қаптап жау келіп қалғанда, ұйқысынан шошып оянған Оқжетпес атып түрегелгенде үш қарындасы артына тығыла қояды. Содан кейінгі бір заманда ағасы да, қарындастары да тас шыңға айналып кетеді...» Етектен қарағанда Оқжетпес пен Үш қыздың және Көкше шоқтығының аралары жап-жақын сияқты көрінеді. Бірақ, ерлеген кезде ол аралар недәуір қашық екен. Соларды бойлаған аттар Көкшенің шоқтығына ақ көбіктеніп әрең көтерілді. Карабашевтың «сол шоқтықтан бұл өңірдегі таулардың бәрі түгел көрінеді» дегені рас екен. Шоқан күдістеу біткен шоқтықтың үстіне шыға келгенде жан-жақтағы таулардың бәрі де сайрап қоя бергендей әр тұс та сүйірлене көгеріп жарқырай кетті. Шоқанға олардың бәрі де таныс сияқты.

– Анау,– дейді ол шетінен санап,– әрине «Жаман Жалғызтау»!.. Әне, ботадай «Сырымбет»!.. Әне, інгендей өркештенген «Айыртау»!.. Сонау, семіз нардай теңкиген «Қошқарбай»!.. Сонау, қосақталған тайлақтай қатар тұрған «Екі жыланды»!.. Әне, бір үйген жүктей көрінген «Сандықтау»!.. Әне бір түсінің жасыл я көктігі белгісіз бұлдыраған «Зеренді»!.. Анау үйірінен адасқан аттай жеке жайылып жүрген «Ақаң»!.. тағы да толып жатқан таусымақ адырлар мен шоқылар... Абылай заманының офицері айтқандай бұл таулардың бәрі үлкен бір бай ауылдың жеке үйлері сияқтанады. Не деген тамаша ауыл!.. Не деген көркем таулар!.. Осынша көркем жерде туғанына Шоқан шалқи мақтанады!.. Соның бәрін көзімен мейірлене шолған Шоқан, бәрінің ордасы немесе үлкен ауылы сияқтанған Бурабайдың да өн бойына тамашалай қарады. Үлкен бір таудың бейнесі аумаған шөккен бура тәрізді. Оның аржағында «Бас батыр» аталатын жота да, шалқасынан қимылсыз жатқан алып адамға ұқсайды, әне, ұзындығы шақырымдай болатын қоңқиған мұрыны!.. Әне, жартастана біткен қалың қабағының үстіне қасындай боп түксие ескен қалың қарағай!.. Әне, тақыр тастардан жалпая біткен кеудесі!.. Қысқасы, бұл да тас боп қатқан адамның бейнесіне дәл келеді... Бұл көркемдіктерге, қанша қадала қарағанмен көздің сусыны қанар емес, сондықтан Шоқан Карабашевқа «Сайтан сырғанақтың» тұсын көрсек қайтеді деген тілегін айтты. Ол сырғанақтың жоғарғы жағында су агар сай сымақ болушы еді, соның арғы жағындағы дөңесіне шығу ниетімен Шоқан саяңнан атын қарғытып етпек болды. Ат қарғуға жүрексінгендей таянып кеп тұра қалды да, кейін басқысы келгендей шегіншектеді. Оны аттың босқа қорқуына санаған Шоқан қарғыту ниетінен қайтпай, бүгежектеген атты таңынан ала өткір жуан қамшысымен тартып-тартып қалды. Қамшы батқан жануар амалсыз ырғымақ болғанда, алдыңғы аяқтары саяңның арғы құрғақ ернеуіне емес, сазданған тұсына ілікті. Сазға сырғанады ма, әлде оның асты босаң ба, аттың тіреу таба алмаған алдыңғы тұяқтары «Сайтан сырғанаққа» қарай жылжи бастады. Жайнақ Шоқанмен қатар тұр еді. Шоқан атының төмен сырғуынан қорыққан ол, төменге қарай кетіп қала ма деген қауіппен, өз атынан қарғып түсе, Шоқан атының жуан қыл құйрығына жармаса кетті. Бірақ, жылжыған атты тоқтатуға күші келмейтін сияқты... Сасқалақтап жан-жағына қараған Жайнақтың көзіне сол арада тасты жарып өскен жуантық қарағайдың қисық түбірі шалына кетті. Шоқан атын тоқыратуға өз күші келмеуіне көзі жеткен Жайнақ, қыл құйрықты әлгі түбірге орап үлгерді. Сол кезде, сазға тайғанаудан ба, әлде саз астының күтірлей төмен құлаған тастарынан тіреу таба алмағаннан ба,– құйрығы түбірге оралған ат, қалталақтап барып мінер жақ қабырғасынан жығылды... Карабашев та, солдаттары да бұл кезде аттарынан түсіп, Жайнақтың қасына жүгіре басып келіп қалған. Сол арада бірімен-бірі жіптен ұстасып, ат құлаған тұстан үңілсе, аржағы тасы мап-майда құлдыраған құз. Соның ернеуіне аттың тұмсығы тақалып тұр. Егер құйрығы босаса-ақ ат та, «аяғым!» – деп зар қаққан Шоқан да әрі қарай домалап кете баратын. Онда, екеуінің де күлпәрасы шығуында сөз жоқ. Не істеуге білмей сасқалақтаған Карабашевтың басына келген ой,– Шоқанға ұшын тұзақтаған жіп тастау керек те, соған жармастырып, аттың құйрығын босату керек сәті түссе Шоқан сонда сыпырылып қала береді. Жанын сақтаудың одан басқа шарасы жоқ. Шоқанға ол осыны дауыстап ұшын тұзақтаған шылбырды түсіріп еді:

– Ұстадым! – деген даусы естілді оның.

– Берік бол!..

– Шамам жеткенше.

Сол кезде, кейін сүйреп алуға шамалары келмейтін аттың құйрығын Карабашев босаттырды. Қирап өлуіне көзі жеткендей болған жануар шұрқырай кісінеп, төменге тастай домалап кете барды. Шоқанның «Тартыңдар!» деген аянышты даусы естілді. Оны үстегілер жоғары көтеріп алса, сол жақ аяғының сүйектері сынғаны я еті езілгені мәлімсіз, бұл аяғын баса алмайды. Көкмойнақтың кезеңінде, маңайдағы станицалардың қазақ-орыстары жаз айларында әскерлік ойынмен шұғылданатын алаңы болушы еді. Сол арада «басы ауырып, балтыры сыздағандарға» жедел жәрдем көрсететін фельдшерлік пункт болатың. Карабашевтың ұсынысы мертіккен Шоқанды соған тезірек жеткізу керек. Фельдшері орнында болуға тиісті. Бірақ оған атпен апаруға мүмкін емес сияқты. Шоқанның атқа отырар жайы жоқ.

– Енді не істеу керек? – деген Карабашевқа:

– Мен арқалап алам! – деді Жайнақ.

Аяғынан ауырсынған Шоқанды солдаттар Жайнаққа арқалатты. Қарулы Жайнақ оны шопақ құрлы көрген жоқ, емпеңдеп ала жөнелді...

ЖАН ЖОЛДАСТАР

Орыстар «Госпиталь» деп атайтын дәрігерлік орынды, қазақтар «Қосбайтал» дейтін еді. Олай дейтіні, ілгерірек бір кезде осы арада қосақтаулы жүрген екі байталды қасқыр жеп кеткен. Сол орын «Қосбайтал» атанған да, соған салынған «Госпитальға» қазақтардың тілі келмей, «Қосбайтал» атап, сол атымен кете барған. «Врач» дегенді қарапайым орыстар «лекарь» дейді, оның қазақшасы,– «емші» ғой. Қазақтар «Қосбайталдық» дәрігерін «емші» демей, «лекер» дейді. Олай дейтіні, осы емханаға жігіт кезінде келіп қазір шал болған фельдшердің шешек егуден басқа қолынан келері жоқ. Сондықтан басқа ауруға жәрдемі жоқ фельдшерді қазақтар «ә, оны қоя тұршы!.. Ол емші емес, жай лекер ғана ғой» дейтін. Сонымен қазақ арасына «лекер» аты жайылған фельдшер, алдына келер науқастар аз болғандықтан «жергілікті жағдайға үйлесіп, көбінесе бос болатын уақытын мал өсіруге пайдаланатын. Жыл тәулігінің барлық уақытында жақын бос тұратын «Қосбайталдың» үйін ол шаруашылығына пайдаланып, ішіне тауық, үйрек, қаз сияқты құстарын; сыртына қой, ешкі, шошқа сияқты малдарын өсіретін. Сондықтан «Қосбайталдың» іші-сырты үнемі лас болып жататын. «Сестра» деп ұстайтын әйелі мейлінше салақ адамды... Мертіккен Шоқанды жолдастары жеткізген шақта, «Қосбайталдың» былыққан үйі сол қалпында екен. Одан арғы жерге жетуге шамасы жоқ Шоқан, «Қосбайталдың» лас ішін тез сыпырттырды да, ішіне қалың шөп төсеп сонда жатты. Лекердің шамалауынша мертіккен аяқтың сүйектері түгел қираған, оны енді ұршығынан кесіп тастамаса болмайды. Сөйте қалған күнде бұл операцияға, бұл өлкеде, Омбыдан басқа жасар жер жоқ. Оған жөнелту үшін, біріншіден – Аргунов хабарланбай болмайды, өйткені, Шоқанның тағдырына бас жауапты – сол. Екіншіден – бұл маңайда Шоқанды Омбыға жеткізерлік арба жоқ. Ондай арба тек Көкшетауда ғана бар. Ол да өліктерді таситын катафалог қана. Осы хабармен Көкшетауға қос атты шапқын кетті. Шоқанның мертігуі жан-жаққа жайдың оғындай тез тарады. Дұшпандары «сол керек!»–деп табалады да, достары не істеуге білмей састы. Олардың аты жеткені қаптай шауып «Қосбайталға» келіп еді, төңірегін қоршаған әскер маңайына жолатпады. Шоқанның қасында қазақтан тек Жайнақ қана болды. Шоқанның хал-жайын сыртқы жұрт содан ғана естіді. Оның айтуынша мертіккен аяқ күп болып ісіп кеткен, қол тигізбейді. Лекердің жорамалын да Жайнақ Шоқанның жанашырларынан жасырған жоқ. Зәресі ұшқан олар, сынықшыға көрсетуге ойлады. Бұл маңайда жақын жерде, Ақсары Керейден шыққан «Сырбай сынықшы» деген болушы еді, жұрттың ұғымында, ол «сынықтың әулиесі», қолы сипаған жердің сынығы, өзінен-өзі орнына түсе береді. Біреулердің айтуынша күлпәрасы шыққан талай сүйектерді Сырбай орнына түсіріп артынан елеусіз болып кеткен. Сол сынықшыны жұрт Жайнақ арқылы Шоқанға естіртіп еді, бақсы-балгерге сенбейтін ол жаны қатты қиналып жатқандықтан алдыруға рұқсат берді. Қос атты шапқыншы Сырбайды лезде алып келді. Ол мертіккен аяқты сипап көрді де:

– Бұнда сынық жоқ, бұл, тек, сіңірінің созылып, етінің езілуі ғана сияқты.

– Аузыңа май, – деп қуанған жұрт, емінің не екенін сұрады.

– Семіз жылқының ұлпа қазысы болар еді, бірақ оның қазір сүрі болмаса, жасы табылмайды ғой!..

– Одан басқа не ем? – деп сұрасты әркімдер.

– Семіз аюдың шелді терісі. Оны да табу қиын ғой.

– Табылады, – деді сол кеңеске қатынасқан Карабашев.

Бес-алты солдатпен Жайнақты ертіп Карабашев аю атып әкелге тауға кетті.

– Таң құланиектене Жайнаққа арқалатып дәу бір аюды алып Карабашев те жетті. Әлгіні сойып қараса, теріге жабысқан майлы шелдің қалыңдығы екі елідей бар дерлік. Соның шап жағын ойып алған сынықшы, Шоқанның мертіккен аяғын тұтас бөлеп орады. Бұған дейін жанын қайда қоярын білмей азаптана дөңбекшіп жатқан Шоқан, таң сіберлей маужырай бастады да қалың ұйқыға кетті.

– Иә, сәт!..– десті мұны біліп қуанған жұрт.

Ертеңіне Шоқан күн түске тармаса оянды, Сонда қараса, мертіккен аяғы қозғаса ғана ауырады да, қозғамаса мазаламайды. Кеше, сырқат үдеген кезде от жалын боп алаулаған денесінің қызуы бүгін бәсеңдеген. Өзі түні бойы ағыл-тегіл терлеп төсегі су құйғандай малшынып қапты. Кеше лыпылдап тұрған тамыры бүгін жайымен соғады. Бүйтудің бәрін өз жәрдемінен деп санаған Сырбай сынықшы, масаттана сөйлеп:

– Айттым ғой кеше «сынық жоқ» деп. Сол сөзім бүгін тірілді. Енді Омбы-сомбыңның керегі жоқ. Шоқанды осы төсектен өз қолымнан тұрғызбай, баратын жеріне апаратын атына мінгізбей тырп етпеймін, – деді.

– Оны жоғары мәртебелі генерал-губернатор біледі,– деді, катафалкін күйретіп түс ауа келген Аргунов. Ол Омбыға курьер мен шапқын жібергенін айтты. Шоқан жайланып оянған кезде, жүрістерін өлшеп қойғандай, Күміс көлдің жағасында Шыңғыс пен Мұса да түйісті. Олардың екеуі де Шоқанның мертігуін жол үстінде естіген еді. Осындай хабарды естіп түйіскен жезде мен балдыздың ауызынан шыққан сөз: – Ләйім да шипасы болсын! Ақкөлге тіктірген үйге сол күні кештете жеткен Зейнеп те ете ауыр халде еді. Мана Шыңғысқа кездескен тілеуі құрғыр Зейнепке де ұшырасып, оған да жамандық жағын баса айтқан еді. Бұл сөзді естіген Зейнептің жүрегі алқымына тығылып, талып қалды. Ат қосшысы оның есін әрең жиғызып болған, кезде арт жағынан баянауылдықтар мен Зейнептің күтушілері мінген тарантастар да жетті. Атқосшы оларға не хал болғанын айтқан жоқ. Зейнептің айтуға халі болған жоқ. «Не болды?» – деген сұрауға Зейнептің қайтарған жауабы «Жүрегімнің қыспасы ұстап қалды» деді де қойды. Генерал-губернатордың Аргуновқа жауабы үш-төрт күннің ішінде келіп қалды. Ол Шоқанға бұйрық хат есебінде жазылған. Хатта Гасфорт Шоқанның мертігуіне қайғырғанын айта кеп, Аргуновқа Шоқанды Омбыдағы әскери госпитальға тез жеткізуін бұйырыпты. Сол бұйрықты естіген Аргунов Шоқанды табан аузында аттандырмақ болды. Катафалктың не екенін білетін Шыңғыс Шоқанды оған мінгізуді жаман ырымға жорып, өзінің үсті тиышты пәуескесін ұсынды, Аргунов оны қабылдады. Ендігі мәселе. Шоқанды кімдердің жөнелтіп салуында. Әрине, бірінші адам Жайнақ. Оның жәрдемінсіз Шоқанда қимылдар хал жоқ. Жайнақтың Шоқанға деген достық қызметі, оның мертіккен көзінде тіпті өтіп кетті. Қазақтың «жан қияр дос» дейтіні осы бір тұста Шоқанға да айқын сезілді, жұрт көзіне де ерекше түсті. Жайнақтың өткен өмірін жақсы білетін Шоқан оның болашағы туралы қатты ойланды. Қоғамдық тұрмыстағы орны жағынан, Жайнақ көп төлеңгіттің, яғни құл дәрежесіндегі адамның бірі. Ал, кісілік жағынан «бір сырлы, сегіз қырлы» дейтіннің нақ өзі. Табиғат оған сұлу сымбат та, балуан дене де әдемі кескін де берген. Соның үстіне тіл біткеннің шешені, ақыл біткеннің ойшысы, ағып тұрған жыршы, балбырап тұрған әнші, басқан жерінен бұлтармайтын табанды, жүзіктің көзінен өтетін епті, сертінде тастай қататын берік, айнымас дос. Бір адамның бойына осынша қасиет бітуіне Шоқан қайран қалады. Сондай адамды қорлық қалпында жүргізе беру керек пе, болмаса өзінің бойы өнері жететін жеріне қою керек пе? «Қайткенде сөйтуге болады?» – деп толғанған Шоқанның бар тапқан амалы,– өзімен Омбыға ерте кетіп сонда бойын баспайтын, намысын қорламайтын бір жерге орналастыру. Сондай мақсаттағы Шоқанға Жайнақты Омбыға ерте кетудің сәті түсе қалды. Өйтуіне қарсы боларлық ешкімде де дәлел жоқ. Екінші ерте кететін адамы – Айжан. Ол мертіккен Шоқанды көргеннен кейін ұят-аяттың бәрін сыпырып тастады да, «некелі әйелімін» деп, білектерін түріне күтісу жабдығына араласып кетті. Оған да ешкім қарсы болған жоқ, өйткені бұл арада ол атқаратын қызметті етерлік жан жоқ. Осы қызметін ол Шоқан Омбының госпиталына орналасқанша орындай беруге тиісті. «Қанашжаннан тірі айрылып қалмаймын. Оның құрмалдығы боп өлуге қай жерде болса да бейілмін» – деп құлшынған үшінші адам – Зейнеп. Кім қалай ұғындырмақ болса да Зейнеп «барамын да, барамын» деген сөзінен танбады. Оны байлап тастамаса, тоқтатар күш жоқ сияқты. Амал қанша!.. Жұрт Зейнептің тілегін орындайтын болды. Шоқанды қолынан жазып аламын деп ниет еткен, оны жақсы көретін Сырбай сынықшы:

– Мен де Омбыға ере барып, атқа мінгенін көрмей қайтпаймын деді. – Оның сөзі де жұртқа жөн көрінді. Ендігі еремін деген Мұса ғана. Сол жөнге қайтатын ол, Шоқанды Омбыға жеткізіп сап, хал-жайына біраз қарайлап, егер оңалуға бет алса Баянына қайтпақ болды. Өзін тәсілқой адамның біреуіне санайтын Шыңғыс, «той болмаудың түбі неге соғар екен» деген қауіпте болды да, «әліптің артын баққысы» кеп, «тиыштық бола қалса, ат ізін содан кейін салармын» деген ойға бекінді. Шоқан аттанарда «Қосбайтал» төңірегіне жиналған жұртта есеп болған жоқ. Ешбір қорғаштау бөгет бола алмады. Шоқанды көтерген Жайнақ пәуеске үстіне құшақтай отырғанда, көзіне жас алмаған жан болған жоқ. Осы топтың ішінде сақалдарынан жастары шұбыра еңіреген адамдардан Аңғал мен Аппас көзге ерекше түсті. Ол екеуі де мойындарына қойдың көгенінен бұршақ салып алған. Баяғы көне заманның әдетінше, тілегі болмағандар сол бұршаққа қылғынып өлуге тиісті. Біздің екі қарт өйтуге де бейіл. Бірақ, олар да, жұрт та «сырқаты бері қарады» деп санаған Шоқанның, сауығуына сенеді... Шоқан да, оған ерушілер де «Қосбайталдан» Омбыға беттеп қозғалғанда барлық жұрттың бір үнмен шу етіп айтқан сөзі:

– Сау бол!.. Амандықпен көрісейік!..

Екінші кітаптың соңы

20 август, 1969 жыл. Алматы.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙