Өлгендер қайтып келеді
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Айзат Рақыш
Айзат Рақыш «Өлгендер қайтып келеді» прозалық жинақ Мазмұны «Айзат айшықтары» Шерияздан Елеукенов «Ақ арман алдамайды» (хикаят) Әңгімелер «Өлгендер қайтып келеді» «Той үстінде» «Келін бе, әлде кесапат па? «Жаңа жылдағы жалғыз тілек» «Кім кінәлі?» «Ауыл ашықауыздары» «Жас маманның басынан кешкендері» «Жүгінгүл мұғалімнің бір күні» Пьеса «Өмір сүруге хақым бар!» Эссе «Өмірімдегі ғажабым» Әзіл әңгімелер «Әкімнің әлектері» «Шындықгүлдің шырылы» «Қызыл кітапқа енген жігіт» «Шипагерлер шеруі» Айзат айшықтары Жас жазушының тұңғыш жинағы жайлы
Бір кездерде білдей жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» атты романын рахаттана оқып шығып, пікір жазғаным бар-ды.Ал жуырда жас жазушы Айзат Рақыштың «Өлгендер қайтып келеді» әңгімелер жинағы көзіме түскенде, «Бұл қалай? Ақырзаман туса бір сәрі, әйтпегенде Құдайдың құлы көр тақтайын бұзып, дүниеге қайта қалай келмек?»-деп таңдандым. Амал жоқ, кітапты парақтауға тура келді. Алдымен аталған әңгімені кітап мазмұны бойынша тауып алып, жедеқабыл оқып шыққан соң, жинақтың «Қанатымен су сепкен. Баспагерден арнау сөз» атты аңдатпасына көз жүгірттім. Онда «Өлгендер қайтып келеді» турасында «...Әңгімеге әйгілі Қызылағаш оқиғасы негіз болған. Мұнда табиғат апатынан зардап шеккен ауыл тұрғындарының аянышты халі, тиісті көмек көрсетуге міндетті болса да, көпе-көрінеу ынтасыздық танытқан билік өкілдерінің бойкүйездігі еш боямасыз суреттелді,»-делініпті. Қызылағаш оқиғасы-күні кеше болған оқиға. Ауылдың желкесіндегі су бөгеті бұзылып, тұрғындар ауыр трагедияға ұшырағаны рас. Алайда алғы сөздің «Өлгендер қайтып келеді» туралы бұдан арғы пікірі көңіліме қонбады.Ауыр жағдайдағы ауыл тұрғындарына «көмек көрсетуге ынтасыздық танытқан билік өкілдері» дейтін тұжырым өмір шындығына да, туындының идеялық-эстетикалық бағамымен де сәйкеспейді. Бүткіл Қазақстанға аян факт: төтен апаттың ізінше өкімет орындары Қызылағашта кең сарай, боз үйлер тұрғызғаны.Қала берді бұл шындықты Айзат әңгімесінің өзі де орағытып өте алмаған: «Қызылағашта қуыршақтай үйлер қаз-қатар тізілген. Көшелері де түзу. Қарғыс атқан түндегідей тас қараңғы емес, көше шамдарымен жарықтанған.» Осыдан кейінгі сөйлем әңгіменің аяқ жағындағы жоғары билік туралы «ақылмандар» деп кекететін, «арсыздар» деп айыптайтын, «Көсемнен сана қашқанда елді албасты басады» деген сияқты теңеу, мәтелдер «қаншама сылап-сипағанымен тұрғындардың жан жарасын жаза алмады» деген айып сынға бола «Өлгендер қайтып келеді» әңгімесін сыни, әшкере жанрға жатқыза алмайсың. Аталмыш әңгіме жүйесіне орынсыз қыстырылған, сарыауыздыққа салынғаннан басқа бітірері жоқ «қожайын» Дәулет атты кейіпкер туралы да осыны айту керек. Біздіңше, туынды тасқын салдарынан кенже баласынан айрылып, қайғы-қасірет шеккен Зейнеп байқұстың мұң-зарын шертеді. Ана жайлы киелі тақырыпты қозғайды. Ұлы сөз зергері Ғабит Мүсіреповтың Максим Горькийден аударған және өзі де романтикалық мәнерде жазған Ана туралы әңгімелер шоғырын еске түсіреді. Әңгімені оқып отырғаныңда, жас келіншек Зейнептің кезінде дәрігер атаулының сақтандырғанына көнбей, Құдайдан жалынып-жалпайып жүріп тауып алған, алапат су тасқынында ұшты-күйлі жоғалған Кенжетай қалайша өмірге қайтып оралмақ?!-деген сауал көкейіңнен кетпейді. «Әлде оны тасқын су ағызып бара жатқанда біреу-міреу құтқарып алды ма екен?!»-деп те ойлайсың. Шиеленіс солай шешілсе, бұл бәз-баяғы «үмітсіз-шайтан» деген қарадүрсін фабуа болды ғой деп кітапты жаба салар едің. Дес бергенде олай болмай шықты. Әңгімедегі ұзына бойы опынған Ана образы көңіліңді шартарапқа самғатады. «Мен ешқашан сәбиімді өлімге қимаймын. Ол тірі деген үмітпен өмір сүрем,»-деп зарлайды шіркін Ана. Қолынан тастамайтын Кенжешінің көк шыбығын кеудесіне басып, ауылдың ортасындағы тасқын құрбандарына арналған Ескерткішке келіп тұрып, «Тәттім де жоқ әкелген, уысым толмаған шекерге. Еркелеп жүгіріп шығып, кәмпитке қайта жұмсамасыңды білемін бекерге. Саған деген сағыныш пен құтқара алмаған өкнішімнің жасын төгіп, күніне келіп тұрам мына тастың түбіне! Сені бар деген үмітімді жүрегімнің түбіне жасырдым,»-деп уһілейді. Әдебиеттану ғылымы бойынша бұлайша кестелеу көзі жасты сентиментализмге емес, ой-қиялшыл романтизмге тән. «Іштен шыққан шұбар жылан» дегендей, Ана байқұс перзентін келмеске кеттіге қалай қисын?!
Ал «Өмірімдегі ғажабым» атты эссені Ана туралы гимн дее де боладвы. Туындыда бұл жанрға тән философичялық, өмірбаяндық, жеке әсер, еркін композицияя, публицистикалық, беллетристикалық сипаттардың бәрі бар. Эссе салтанатты әуенде аяқталады. Тыңдап көрелік: «Өмір сыйлаған, жарыққа құштар көңіл сыйлаған жан анашым, сенің көзіңдегі жарқыл маған арман нұры іспетті. Сендегі сезім иіріміне толы жыр ғұмырыма берілген ақ батаң секілді. Сол қасиетті бата-жырсыз мен өмірімді елестете алмаймын. Сенің аялы жанарыңдағы тек сенен ғана көретін шуаққа шомылмай мен өмір сүре алмаймын. Менің сұлу ғажабым, шығармашылық әлемімнің Темірқазығы, жастығыңның жалынын маздата берші! Қартаюға, шау тартуға еш қақың жоқ, анашым! Себебі сен мәңгі сұлусың, дарасың! Алланың берген сый-тартуысың!» Бір кездерде «өмірге сүйген жардай ғашық болған» жазушы әрі ақын Саттар Ерубаев сонау отызыншы жылдардың бас шенінде атақты «Менің құрдастарым» романының ілкі бөлімін, өзі айтқандайын «увертюрасын» Бақыт туралы соны сезімге бөленген сыр-жырын осындай мәнерде шалқытқан еді. Меніңше, көркем әдебиетіміздің бұл дәстүрін жалғастыра берсек, ұтпасақ ұтылмаймыз. Таңдай қақтырарлық пафосты тақырып талай ғасырдан соң егемен ел атанған Қазақстанымыздан неге табылмасын! Айзаттың «Той үстінде» атты тағы бір әңгмесінің тақырыбы-махаббат мұңы. Мұң болғанда бас кейіпкер Балаусаның өкінішті өмірі. Жас жазушы шығармасында айтпағын Балаусаның бір үйлену тойы үстіндегі сезім-күйін, аянышты тағдырын ішкі тебіреністерін суреттеу арқылы жеткізеді. Балауса келіншек пен күйеуі Дәурен екеуінің жастары елуге тақап қалса да, бала сүюден ада (Дәуреннің белсіздігі салдарынан) Бірақ Балауса өкініші оның ішкі толқыныстарының сыңайына қарағанда бас уайымы басқада. Сүйіп қосылған күйеуі тым селқос, самарқау, бос кеуде. Тойға келе жатқандарында Балауса «Дәурен, қарашы, теңірек тегіс қып-қызыл нұрға бөленіпті» десе «қартайғанда қияли болайын ба?»деп қағытады күйеуі. Әскерге кеткенде үш жыл бойы сарыла күткен сол марғаудың және енесі қатыгез Қарашаның үйлену тойын да өткізбей қойғанына Балауса күні бүгінге дейін назалы. Мына той үстінде тағы да сол ренішін күрсіне еске алады. «Келін болып түсіп беташарын жырлатып, ақ көйлекте пәк арманға бзленіп пе еді бұл Балауса?» Самарқау күйеуі келіншегінің тойда сөйлеген сөзіне де құлақ аспайды. Асаба «Өмірі еш жерде, ешқашан айтылмаған тілектің иесі Балауса ұстаздың құрметіне бәріміз бірдей вальс билейміз» дейді. Дәурен болса келіншегін биге шақырудың орнына тысқа шығып кетеді. Балаусаны Арман деген жігіт биге шақырады. «Сіздей көркем сөді әйелі бар жарыңыз, өнегелі анасы бар перзенттеріңіз шынымен бақытты шығар. Өз басым солай ойлаймын,» дейді. «Балауса тіл қатқан жоқ. Бар болғаны вальс әуенінің тезірек аяқталуын тілей берді,»-деп аяқталады әңгіме. Қанаты бар болса да ұша алмайтын қораз бен аққудайын ару соншама жылдар қалай бірге өмір сүрген деп ойлайсың. Айзаттың «Келін бе, әлде кесапат па?» әңгмесін әшкере жанрға жатқызуға болады. Балжан есіміне сай бұрымды емес, жүкті болып қалдым деп алдап күйеуге шыққаны, сүрініп кетіп екі айлық түсік тастадым деп және өтірік соғуы, қайын енесі Гүлсімнің қолын ұзартқаны былай тұрcын оны ауруханаға көрін деп айтасың деп төркініне кетіп қалуы, алдамшы, аярлығы қазақ ұғымында үлкен кесапаттық. Ақыры ол жұртты алдаймын деп жүріп өзін-өзі алдап соққандай халге душар болады. Құдай қосқан қосағы тастап кетеді. Осы оқиғадан табиғат та шіміріккендей. «Машинамен жарысып келе жатқан дөңгелек ай кенет бұлт бүркеніп жасырына қалды» Жас жазушы Гүлсім ененің жабығып, жабырқаған көңіл-күйін табиғат құбылысымен астастырып үстейді. Жалпы, жас қаламгердің ерғашты болмаған, өзінше бір ассоцияция, жарасымды сурет сала білетіні қуантады. «Құдіретті күн тіршілік біткенді ару айға аманат етіп ұясына шомып кетті. Кұннің алтын шапақтарын айдың ақ сәулесі алмастырды. Айдың сұлу серіктері сансыз жұлдыздар да аспан төрінен орын алып жарқырай төніп тұр,»-деп өрнектейді. Жансыз табиғатқа жан бітіп құбылады. «Жүгінгүл мұғалімнің бір күні» туындысы фельетон іспетті. Нарық заманының халық ағарту жүйесіне енгізген жаңалықтарын әжуалап сынайды: «Комиссия үсітне комиссия
келіп, мектеп ұжымының көзін аштырмайды. Көздегендері іс қамы емес, қызыл құлқынның қамы. Бірде сынып бөлмелерінің тазалығын тексермек болады. Жүгінгүл жалма-жан терезенің алдын сүртіп жатқанда, кіші басеке кіріп келеді. Ләм-мим демей кілтін сылдырлатады. Кілттің сылдырытеңгенің сыңғыры деген шартты ұғымға Жүгінгүлдің о бастан еті үйренген. Сондықтан кілттің сылдыры ұзаққа созылмады. Сәлден соң үстел үстінде Жүгінгүлдің сөмкесінен сүйретіле шыққан мың теңгелік жатты. Дәл осы мың теңге комиссияның қабағы ашық, жүзі жадыраңқы қайтуының бірден-бір кепіліне айналған. Ал кілтін күмбірлеткен кіші басеке коридорды бойлап кетіп бара жатты» дейді. Ұзамай министрліктен 4-9 сынып оқушыларын жаппай тестілеу келеді. «Мына сұрақ Жүгінгүлдің білімін емес, жүйкесін сынай келгендей. «Кенесарының жорыққа мінген тұлпарының тісі нешеу еді? Сайлау науқанына қатысу, тұрғындардың өлі-тірісін тексеру, қоқыс салатын қаптарды тұрғындарға тарату... Бүгінгідей нарық заманда шыбын-шіркей де текке ұшпайды. Бірақ мұғалімдердің күні сол шыбын-шіркей, құртқұмырсқалардан да төмен» Әзіл әңгімелер деп аталатын бөлімдегі «Шындықгүлдің шырылы» әңгімесі памфлет. Шала қазақша шатқаяқтайтын директор қарауындағы мұғалімге «әй, жемтік, значит мінез твой албажұлба,-дейді .Оқу ісінің меңгерушісі Дорбагүл «әй, ана Бәленше Түгеншиев интерактивті сабақ өтікізіпті. Соған менің атымнан пікір жаз» деп тепсінеді. Мұндай кеудемсоқ, дөрекі басекелердің қарауындағы мұғалім қайдан оңсын! Шындықгүл бір сынып бөлмесінің жанынан өтіп бара жатып мұғалімнің «Иттің баласы. Есектің миындай миың жоқ сенің» деп бажылдаған даусын естиді. Шындықгүлдің жанын шырылдатқан бұл күйдің астары үлкен қоғамдық мәселе. «Қай заманда да мектеп мәдениет бесігі. Алайда сол бесікке надандық баса-көктеп кіріп алған» деп қорытылады әңгіме. Көркемдік шындық өмір шындығынан туындайды. Айзат Рақыш жалпы білім беретін мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Шығарамаларының дені мектеп, білім тақырыбына арналса, ондағы оқиғалар туралы біреулерден естігенін емес өз көзімен көргенін жазып отыр. Драма,театр қай заманда да өз дәуірінің ең жанды, ұрымтал проблемаларын алға тартатыны мәлім. Айзаттың туындыларында көтерілген мәселелердің өміршеңдігі Парламент мәжілістерінде де, газетжурнал беттерінде жиі талқыланатындығымен де дәлелденеді. Айзат мамандығы дәрігер болмағанымен бұл проблемаға қатысты жазғандары да бүгінгі шипагер атанғандардың кейпі өмір шындығына сайма-сай бейнеленген. Айзаттың «Өмір сүруге хақым бар!» деген тұңғыш пьесасының бас кейіпкері Айым есімді мұғалім көзі ауырып дәрігерге көрінеді. Бірақ Алматы мен Астананың дәрігерлері «ауру әбден дендеп алған. Біздің қолымыздан келер қайран жоқ» дейді. Бұл шындықты пьеса Айымдай кейіпкердің тілімен былайша көмкереді: «Қазіргі медицина нендей ғажаптарды жасап жатыр. Таз болып қалса, шаш өсіріп береді. «Жынысын ауыстырам» деп желіксе, ұялмай онысын да ауыстырып береді. Алайда менің көзіме келгенде медиицина неге әлсіздік танытады?!» Жас жазушы пьесасында көтерілген бұл мәселе де көпке аян өмір шындығын паш етеді. Жуырда «Время» газетінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың «Пора менять систему-жүйені өзгертетін уақыт жетті» деген мақаласы жарияланды. «Сегодня очень часто в обществе,-деп жазады министрзвучит вопрос о некомпетентности врачей, вообще система здравохранения. К сожелению это надо признать» Пьесаның соңғы оныншы көрінісінде Айым Есіл өзенінің жағалауына келіп әлдебір Дауыспен айтысады. Айымның ерекше мән берерлік сипаты-басына түскен нәубетке тізе бүкпейтін жанында әжімі жоқ жас жігер қайраттылығы. Ішкі сырын пьесаның аяғында үлкен пафоспен аяқтайды: «Тек мына қоғам мендейлерді қор етпесін! Кемтар деп кемсіппесін! Еншімді бөліп бермесе де ешкімде есем кетпесін! Тең жүрейін он екі мүшесі сауменен! Өйткені өзгелермен үзеңгі теңестіріп өмір сүруге хақым бар менің!»- дейді. Қорытындылап айтқанда, пьесада нанымды орайын тауып қамтылған шындық бар. Оны жоққа шығара алмайсың. Бірақ жас жазушы ның тұңғыш пьесасының төрт құбыласы
сай десек, әділеттілікке көрінеу нұқсан келер еді. Туындының бағалы жақтарымен қатар олқы, кемшіл жерлерін де көрмеуге болмайды. Тегінде драма, комедия, сатира қайқайсысының да басталуы мен аяқталуы фабуласы мен финалы арасы іштей мықты байланысты болады. Әр көрініс ілкі көрінісітң жаңғыры ғы іспетті. Жас жазушының драматургия сияқты жауапты жанрдың міне осы тәсілін түгел баурап ала алмағаны байқалады. Біріншіден, автор пьеса композициясының сындарлы шығуын жете ойластырмаған тәрізді. Пьеса болмысында қазіргі жалпы білім беру жүйесінің жұтаңдығы және медицина дәрменсіздігі - қос проблема бір көрініс пен екінші көріністі байланыстыра алмай қыли көзденіп, екі жаққа тартып, бір тартыс орнына екінші қақтығыс ауысып туып отырғандықтан көп диалог сөздері кәдуілгі хроника очерк стилінде баяндалып кеткен. Біздіңше, пьесадағы тартыс ағысы бір сарынды. Кейіпкерлердің драмалық шиеленісі тым солғын. Әсіресе алғашқы жеті көріністегі диалог көпсөзділікке ұрынған. Тапқыр ойлы тартымды сөз шаппа-шап айтылудың орнына көбінесе шұбалаңқы сөйлемдердің тұңғиығынга батып кетеді. Ондай диалогтар соңыра театрда қойылатындай болса әртіске айтуға, көрерменге қабылдауға тым ауыр соғуы мүмкін. Пьеса туралы жас драматургтың өз ойларында да ерсі-қарсы пікірлер ұшырасып қалады. Автордан атты аңғартуында ол «біздің қоғамда рухани құндылықтардан материалдық байлықтың басым бағаланып жүргені өтірік емес. Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлейтін қазіргі заманда адамның сырт бейнесі оның өзіндік орнын табуына ықпал ететін болды. Он екі мүшесінде кемістігі не сырқаты бар жанды көрсек, саусақ шошайтып күлетін тым төмен деңгейге түстік» деп мәлімдейді. Бірден сауал туады: материалдық байлық-экономиканы әлемнің отыз елінің қатарына ілігетіндей етіп дамытпасақ рухани байлықмәдениет пен әдебиетті өркендету ісінде қандай іргетасқа иек артпақпыз? Содан соң мүгедектерге, мүмкіншілігі шектеулі адамдарға да біздің қоғам теріс қарап отыр деген тұжырымға да келісу қиын. Қайта БАҚ-тан ондай мүскіндерге жұртшылық қауым қолайлы жұмыс табуға септесуге тырысатынын күн сайын оқып-біліп жүрген жоқаыз ба? Кемтар адамға күлсең аузың қисайып кетпей ме? Автордың өзі де аңғартпасының соңында «мына жазған туындым сондай бір тәні сырқат, жаны асқақ арманға толы жас қыздың шындық өмірін арқау етті» деп жазады. Демек жас қыз күлкі шақыратын жан емес. Қайта бәріміз болып мақтан тұтатын ел азаматы. Талданып отырған кітап Айзат Рақыштың тұңғыш жинағы. Өз тақырыбы мен өмір күйін өзіне ғана тән айшықтарымен жырлап, көркем әдебиет табалдырығын аттаған жас жазушының ілкі қадамының сәтті басталғанын айта отырып, прозалық шығармалырын әлі ұштай түсетін кейбір кем тұстарына да назар аударсақ артықтық етпес. «Ақ арман алдамайды» хикаяты шын талант табиғаты туралы екі кейіпкерді бірбіріне қарамақарсы қойып суреттейтін ұтымды эпизодтармен көмкерілсе де, тартысқақтығыс жібінің босаңдығы баяндаудың ұзақсонарлығымен оқырманын қай тұстарында жалықтырып жіберетінін айту керек. Соңғы жылдары бізде не озық емес, не тозық емес, біреу айтқанды қайталап күйісіін оң қайыратын ортаңқол дүниелер қаптап барады. Тіпті ондайлар биік деіңгейлі сыйлық алған шығармалардың арасынан да табылып қалады. Қуанарлық жайт сол-Айзат Рақыш әдебиет әлеміне өз даусымен, тың образ, ой стилімен, әлі ауызға түсе қоймаған оралымдар, айшықтарымен келген мәдениетті жас таланттардың қатарына жатады дер едім. Айзат-ақын-ды. Жинағын «Ай-хой, дүние-ай», «Сағыныштан шәлі жамылғам» деген өлеңдерімен аяқтапты. Ай-хой дүние-ай! Құштар еткен армандарға, Тәлкек көрмей тағдырдан, Өткендерде арман бар ма? деп толғанады ол.
«Исходная ситуация» демекші, Бердібек Соқпақбаевқа қайта оралсақ, сол жазушымыздың «Балалық шақ» атты туындысының кішкентай кейіпкері ботинкаға қызығып қарап, шіркін, менің де дәл осындай ботинкам болсашы» деп армандайды. Балалық шағымен әлдеқашан қоштасқан, енді, міне, елжұртына алғашқы көркем жинағын ұсынып отырған жазушы Айзат Рақыш қарындасымызға Арман адамға әманда ой салады, Жігер қайрат бітіреді, сөйтіп арманшылға дем бітіп, жаңа жол ашып, алынбаған биіктерге бастайды демекпіз. Шерияздан Елеукенов Филология ғылымының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ақ арман алдамайды (хикаят) «Алтын күздің» әлегі
Ертіс өңіріне күз келгелі қашан?! Тіпті тамыз айының өзінде жайдары жазды тентектігімен жылдам жасқап, орнына жайғасып үлгерген шығыс күзі табиғаттың барлық болмыс-бітімдерінде бедерін қалдырып, патшалық құрып тұр. Қайда зер салып қарасаңыз да, күз-патшаның өзіндік өрнегін байқайсыз. Тоғайлар алтын түстес жапырақтардан алқа тағынып, алдағы қыстың қаһарынан хабарсыз күйде күбірлесіп тұр. Бұл күбірдің соңы әлсіз ғана қоштасу сыбырына айналары сөзсіз. Қызғылт реңге боялып, құлпырып ұзақ тұрмасын сезгендей жапырақтар күзгі желдің әсерінен дір-дір қағады. Көз ұшындағы жерден де күздің жүріп өткен пәрмені тайға таңба басқандай көрініп жатыр. Осы көріністерді іштей тамсана тамашалап келе жатқан Ұлмекеннің ойын әлдебір мұң шарпып өтті. Жүрегінің түбінде бұғып жатқан сағыныш сезімі айналадағы сағым түстерден қуат алып, ояна бергендей еді. Оңаша қалса болғаны, жанын жегідей жейтін сыздауық сағыныштың шырмауына біржолата түспес үшін, Ұлмекен мектепке тездете келді. Оқушылардың айғай-шуынан шұрқырап жатқан мектеп ауласында, әсіресе, сыныптастарының жанында сезімге беріліп, көңілін бұзып алу мүмкін емес-тін. Желім ойларын балалық дидарымен бүркеп, Ұлмекен сынып бөлмесіне кірді. Достарымен көңілді амандасты: -Сәлем, қыздар, жігіттер! -Қалайсың,Ұлмекен! -Қайырлы таң! Жарыса сөйлеген сыныптастарының ішінен Қымбаттың даусы ерекше естілді: -Қыздардың бәрі бетімнен сүйіп амандасады. Тек сен ғана алыстан «сәлем» деп құтыласың! -Бетіңнен сүйіп, қатты құшатындай сені әлденеше жыл көрмеп пе едім? Әрі жеке бастың тазалығы тұрғысынан алып қарағанда да сүйісіп сәлемдесу дұрыс емес. -Айтасың-ау сен де…-Қыздардың тәжікесін кілт үзген Берік болды. Төңірегін дуылдатып жүретін дағдысына басып, оқушылардың назарын өзіне аударды: -Қалайсыңдар, достар? Кіреберісте ілінген хабарландыруға көз жүгірткендерің бар ма? «Алтын күз» апталығы басталады екен. Сол жөнінде ақылдасуымыз керек. -Қызыл сиямен жазылып, «мен мұндалап» тұрса, қалай оқымайсың? Оқыдық қой. Әлде осы мектептегі жалғыз сауатты жігіт сен бе едің? –Бұл-Бекжанның достық шымшыма қағытпаларының енді басталған беті. -Түу, шуылдамай қоя тұрыңдаршы! Қазір сабақ басталғанша, бекерге отырмай, ақылдасып алайық!-Берік даусын көтеріп, тыныштық сұрағандай қабағын кіржитті. Сыныпта білгірлігімен, кітапқа көп үңілетін ізденімпаздығымен Көсем атанған Берік өтініш етсе,
әлбетте, орындалады. Көпшіліктің көзі өзіне қадалғаннан кейін, Көсем жоспарын жариялады. -Дәстүрлі «Күз аруы» байқауы бар. Күз өнімдерінен жарнама жасау бөлімі тіптен қызық. «Күз сыйы» тақырыбына сахналық көрініс әзірлеу керекпіз. Ең бастысы-осы шараны ұйымдастырушы, әрі жүргізуші болып біздің сынып бекітіліпті. -Күн-Көсем, әміріңізге құлдық! «Күз аруы» болып салтанатты шарада сән көрсетуге мен әманда дайынмын!-Бекжан қолын кеудесіне қойып, Берікке қарай иілді. -Бекжан, көзіңе көрінгеннің бәрін келемеждегенді қашан қоясың? «Алтын күз»-дәстүрге айналған шара. Осы мектептегі ең жоғары сынып-бізбіз. Қалай да жеңуіміз керек. Дайындық бүгін түстен кейін басталады.-Сынып әкімі Қымбат ешкіммен кеңеспестен, өз шешімін шығарып та қойды.Тек осы сәтте үнсіз тұрған Ұлмекен сөзге араласты: -Біз небары төрт күннің ішінде барлық талаптарға толық дайындалып үлгермейміз. Жақсы нәтижеге қол жеткіземіз десек, қара кешке дейін қалып әзірленуге тиіспіз. Ондай жағдайда мен үйіме қолғабыс ете алмаймын. Сабақ үлгерімімнің нашарлауы да ғажап емес. Сондықтан мен «Алтын күз» апталығына қатыспауға бел буып отырмын.-Қымбат қарсылық танытып үлгергенше, өзге оқушылар да дабырласып қоя берді. -Күні бойы мектепте жүреміз. Ата-анама титтей де көмегім тимейді. -«Алтын күз» деп әлектеніп жүргенде, бағаларыма қырау түспесіне кім кепіл? Одан да бақшадағы жеміс-жидекті қар түскенше жинап алайын.-Бұл-баяғы Бекжан. -Мен де күз өнімдерін жарнамалауға асық болып тұрған жоқпын.-Керіле сөйлеп, кербез жүруді ғана жаны сүйетін Шынар бұл пікірталасты өз пайдасына шешуге тырысып-ақ тұр. -Көпшілік болып шарадан қалыс қалуды жөн деп тапсаңдар, мен қарсы емеспін.- Берік көптің айтқанымен санасып, парасаттылық танытты. Сынып әкімі де басын изеді, әрине, халықтан мықты емес қой! «Дұрыс» деп танылған шешімнің ұрысқа апарарын ешқайсысы бажайлай алған жоқ.Түс ауа шәкірттерінің пікірінен құлағдар болған сынып жетекшісі Жұлдыз қаһарына мінді. Балалардың бірін қалдырмай шақыртып, мектепішілік шарадан өз беттерімен бас тартқан «көргенсіздіктерінің» кілтипанын білмекке құлшынды. Ашудың асау тұлпарына ауыздық салмай қайтсін?! Мектеп директорының жалғыз қарындасы Жұлдыздың бұл сыныпқа жетекшілік еткеніне жарты айдың жүзі толды. Осы мерзім ішінде басшы қарындасының бетіне ешкім жел болып тиіп көрмеген. Сол себептен жас ұстаз оқушылардың жеке болмысын, өзіндік беталысын білуге тым асыға қоймаған. Шәкірттерінен мынадай батыл әрекет күтпегендіктен, іштей таңданысы бар-тын. Сынып жетекшісі балалардың аптығын а дегенде басып тастамақ ниетпен сөзін қорқытып-үркітуден бастады: -Байқаймын, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып үйренген сияқтысыңдар. Бәрің бір кісідей қоғамдық шараға қатысудан сырт қалғыларың келсе, сендерге аттестаттың қажеті болмағаны ғой! -Жоқ, ауадай керек! Біз тоғыз жыл бойы қолымызға ине алып, аттестат деген құдықты қазып келеміз. Енді шыңырау түбінен су көзі көріне бергенде…-Бекжанның сөзін мұғалиманың ашулы даусы үзіп жіберді. -Қайдағы су, Бекжан? Ойланбай сөйлеп, опық жеп жүрме! Әйтпесе… -Апай, бәрін бастаған-Ұлмекен. Ол өзге достарымды да азғырып, сабақтан тыс уақытта мектепке келмеуге үгіттеді. – Қымбаттың мүдірмей айтқан сөзінен жалғыз Ұлмекен емес, бүкіл сынып аңтарылып қалды. Бәрінің жүзінде таңданыс бар. Алайда ішін тартып, Берік ұзақ тұрмады. Аққа жағылған күйені көрсе, шыдап тұра алмайтын мінезімен арашаға түсті. -Қымбат, сен қалайша кесіп-пішіп солай дейсің? Жұлдыз апай, Қымбаттың неге бүйткенін білмеймін, бірақ Ұлмекен теріс қылықтарға баратын нашар оқушы емес. -Иә, апай, бір бәріміз… -Тоқтатыңдар! Кімнің қандай әрекетке баратынын мен білмеймін. Бірақ, Ұлмекен, мынаны біліп қой: егер осы мектепті тып-тыныш тәмамдағың келсе, менің айтқаныммен
жүресің! Кешке шейін қалып, «Алтын күз» сайысына дайындықты бастаңдар!-Мұғалима «айттым-бітті, кестім-үзілді» деген сыңаймен өкшесін қадай басып шығып кетті. Ұнжырғасы түсіп кеткен Беріктің жанары Қымбаттың көзімен ұшырасып қалды. Оның ат жақты, сүйкімді жүзінен Ұлмекенді табалау тәрізді суық сезім ұшқыны жарқ еткендей көрінді. Ұстазының сыныптасына зілді сөздер айтып салғанына айызы қанып тұрғандай. Берік «Бұл Қымбат Ұлмекеннің жақсы оқитынын, өнерін көре алмай ма? Әйткенмен өзі де оқу озаты, домбырашы, әнші емес пе? Сонда қалай?» деген екіұдай ойға қалды. Берік осы сәт Ұлмекенге көзі түсіп еді, о, ғажап, ол өңін бермей, салмақты қалыпта отыр екен!Тым құрыса, «Қымбат, мені жаланың жалпылдаған жалынына неге күйдірдің?» деп сұрасашы! «Әй, жарайсың! Жігіт болсаң, нағыз сырбаз деп сені мойындар едім!»-деп Берік досына іштей сүйсініп отырды.Ұлмекеннің мына бір лебізі тіптен таңдайын қақтырды: «Достар, Жұлдыз апайдың бұйрығына бас иіп,«Алтын күзге» дайындықты бастайық! Қырық пышақ болып қырылыспай, тонның ішкі бауындай татулықта күн кешейік! Қане, кімнің «Күз аруы» атанғысы келеді? Қымбат, сенің даусың әдемі, тынысың кең. Кешті жүргізуді сен мойныңа ал! Маған сценарий жазу жауапкершілігін қалдырыңдар!» Үнінде реніштің көлеңкесі де жоқ. Ұлмекеннің үйіріп әкетуімен оқушылар өздерін сонша әлекке салған «Алтын күзге» қызу дайындықты бастап та кетті. Дабырласып отырса да, салқын секем мен әлдебір көңілсіздік бәрінің қабағында бар еді. Көңілді күлкісі мен бума-бума қалжыңы түгесіліп қалғандай Бекжан да үнсіз күйде отыр. Ал, Ұлмекен кештете үйіне келіп, бір қолын екі ете алмай жүрген анасына жанын сала жәрдемдесті. Оның кейіске толы сөздерін тыңдауына да тура келді. Тек түнге қарай сабақ қарауға отырғанда, күнделігін-жан сырласының парағын ашып, қарасын үзіп бара жатқан бүгінгі күнді қысқа ғана сөйлетті: «Жала деген желімдей жабысса, «ақпын» деп ақталу қиынға соғады екен. Анамның күніне мың мәрте «А, Құдай, пәле-жалаңнан сақтай көр!» деп неге тілек ететінін енді анық түсіндім.»
Жырлаған жүрек жылай да алады
Күзгі сары реңін жоғалтқан қара жер әлдеқашан ақ көрпесін қымтана жамылған. Биылғы қыс қалың жауған қарымен ерекшеленейін деп тұр. Қараша айының басында қыламықтана қылық көрсетіп, соңы көбік қарға ұласқан болатын. Артынша Қыс ханзадасы-Аяз келіп, ұлпа қарды аямай қатырып тастаған. Аяқ астындағы қар басқан сайын шықыр-шықыр етіп, қыстың сәнін асырып тұр. Аяз шіркін түні бойы асыр салып, таң ата тоғайларға қырау болып қымқырыла қалған. -Ұлмекен, таңғы ауа ерекше таза болады деседі. Соның әсері шығар, бетің мен мұрның қатты қызарып кетіпті.-Берік досын қағытып қойып, жолдың шетіндегі аппақ қарды жалаң қолымен уыстап алды. -Сен өзіңнің шиедей болып қызарып кеткен бетіңе қара! Мына кейпіңе қарап, сені Көсем емес, Пістегүл деп атауға бармын!-Ұлмекеннің қалжыңына Берік бір уыс қармен жауап берді. Мұндайда қарап қалатын Ұлмекен бе?! Сақылдай күліп, жылыстап кетіп бара жатқан Беріктің соңынан қуа жөнелді. Таңғы тұнық ауаны екі достың емен-жарқын күлкілері тіліп өтті. Ойнап жүріп мектепке қалай келіп қалғандарын да білмей, екеуі сыныпқа кіріп, демдерін зорға басты. Ерте бой көрсетіп үйренген Қымбат айнаға қарап,«шашымды жайып қойсам мұғалім ұрсып жүре ме?» деп өз-өзінен күйгелектеніп отырған болатын. Апыр-топыр кіріп келген сыныптастарына сәлемдесті де,«Осы екеуіңе қашан ес кірер екен? Әлі кішкентай бала сияқтысыңдар,»-деп басын шайқады.Оған шамданған да, жауап қатқан да жан болмады. Оқушылардың төрт көзі түгелденіп, сынып іші шуға тола бастағанда, Жұлдыз апай келді кербезденіп. «Сыныққа сылтау тауып, келмей қалғандар жоқ па?» деп сабақтың басында оқушыларын түгендейтін әдеті бар-тын. Кірген бетте сұрағаны Бекжан болды.
-Шынар, Бекжан қайда? Сенің көршің ғой. Мүмкін, келмеуінің себебін білетін шығарсың. -Білмеймін, апай. Кеше ауласын қардан тазалап жүргенін көргенмін. -Түсінікті. Бұл жолы өткендегідей орман аралап, Ертіс асып кетпесе болғаны.-Оқушылар Бекжанның өзеннің арғы бетіндегі орманшы ағасының үйіне барып, бір аптадай табиғат аясында армансыз сайрандағанын ұмытпаған екен, ду етіп күліп басылды. Көңілді күлкі бәсеңдей бергенде, сыныпқа дембелше келген, жүзі үнемі нарттай жанып жүретін, бойы ортадан төмен физик ағай Тәшен кірді. Оқуға құлқы жоқ шәкірттердің өзін баурап алатын тәжірибесі мол, ұлағаты терең Тәшен ағайдың әр сабағы көңілді өтетін. Сыныптың тыныс-тіршілігін жадына тоқып, Жұлдыз ұстаз кетті жөніне. Тәшен ағай бәз-баяғысынша үзіліс уақытына қожалық етіп, сабағын бастап кетті. -Балалар, Нъютонның бірінші заңы кімнің есінде? Ол заң нені арқау етті?-Бірінші болып Берік қол көтерді. -Ағай, рұқсат па? Нъютонның бірінші заңын мен әдеби тұрғыдан талдадым. Бір сөзбен айтқанда, заңның өзегі мынада: «жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды.» -Әдеби тұрғыда тамаша түсінік бердің, Берік. Бірақ мұны достарыңның бәрі бірдей түсінбегенге ұқсайды. Нақты ережені кім айтып бере алады?-Досының тапқырлығына риза болып отырған Ұлмекен қолын көтеріп, ұстаз рұқсатын күткенше, Қымбат орнынан атып тұрып, үлесін әлдекім тартып алатындай-ақ асығып-үсігіп айта жөнелді: -Егер бір денеге екінші бір дене әсер етіп, оны сол күйден шығармайынша, ол дене алғашқы күйін сақтап қала береді. -Жарайсвң, Қымбат! Өтілген тақырыпты мүдірмей айттың. Ал, бүгін сендерді Ом деген ғалым есімімен таныстырамын. Физика тарихындағы Омның еңбегі…-Сабақ жүйелі, тартымды түрде жалғасып кетті. Қызықты әсер еткені соншалықты, безілдей шыққан қоңырау үніне әдетте қуанып кететін оқушылар «түу, сабақтың тез өтіп кеткені-ай» деп реніш білдірісті. Келесі сабақ-Жұлдыз апайдың тәлімгерлік ететін пәні, яғни қазақ тілі. Бұл пәннің падишасы деп достары Ұлмекенді атайды. Себебі, есеп сабақтарында көптің бірі ғана болып отыратын Ұлмекеннің қазақ тілі мен әдебиетінде ерекше асқақтанып, өзгелерден оқ бойы озық деңгей көрсететін қасиеті бар-тын. Шешен сөйлеп, пікір таластыруға, көркем оймен көсіліп шабуға мүмкіндік алатын. Сондықтан сыныптастары Ұлмекенге «қзаақ тілінен көмектесші» деп жиі қолқа салатын. Үй тапсырмасын сыныпта орындап немесе әлдебіреуден көшіріп алуды қанына сіңіріп алған Мейіржанның да бұйымтайы бар тәрізді. Ол Ұлмекеннің жанына жақын келіп отырды. -Жұлдыз апай тқрт түлік туралы он мақал-мәтел жазып келіңдер деген, иә? Менің бар жазғаным үшеу ғана.-Ұлмекен сыныптасының емеурінін бірден түсінді. -Иә,«оннан кем болмасын» деген. Сондай ақ, бір-біріңді қайталамаңдар деп ескерткен. Қане, сен қандай мақалдар жазып келдің?-Ұлмекен Мейіржанның шмайға толып, иретілген екілік бағадан көз сүрінетін дәптерін қолына алды. Алғашқы жолды оқыды да, сықылықтап күліп жіберді. «Қой дегенде қоя ғой» деген Мейіржанның «өзіндік» мақалы дәптерде баттиып тұр екен. Ұлмекеннің бұлайша қатты күлгеніне назар аударған достары жүгіріп келді. «Бізге де айтшы, біз де күлейік» деп жан алқымнан алды. -Айтсаң ренжимін. Тіс жарушы болма!-деп доқ көрсеткен Мейіржан дәптерін Ұлмекеннің қолынан жұлып алып, бауырына басып, партаға жарбиып жатып қалды. -Ұлмекен, айтшы, нендей қызық ол?-деп сөзқұмар Сәуле тас кенедей жабысты. -Айтпа десе, қалай жария салайын? «Өкпелеймін» деп айбат шегіп отырғанын көрмейсіңдер ме?-Ұлмекен күлкісін тыя алмай, зорға сөйлеп тұр. -Тақтаға шықса, албасты басқандай тіл-аузынан айрылып қалатын Мейіржаннан қорқасың ба? Айтпасаң қой, қазір сабақта бәрібір білеміз!-Бұлболмашы нәрсеге буырқана қалатын Қымбаттың дауысы. -Қымбат, сен өмірдегі бардың бәрін қорқынышпен ғана өлшейсің-ау деймін. Сыйластық деген сұлудың бар екенін де ұмытпа!
-Ұлмекен, адамдық тақырыбына тереңдеп бармай-ақ қойшы! Сыйластық танытатындай Мейіржан кім екен соншама?-Сыныпқа Жұлдыз кірмегенде, даудың немен тынары белгісіз еді. -Кімде үй жұмысы жоқ? Сол оқушы орнынан тұрсын!-Бұл сұрақты қою Жұлдыздың әдеті десе де болады. Үй тапсырмасын түгендемей келген оқушыға бірден екі қойып, сабағын бастайды. Тарих пәнінен беретін Айтқали ағай тәрізді және бір мұрсат бермейді. Бұл жолы ешкім екілікпен бетпе-бет келмей, дүр етіп орындарына отырды. Жұлдыз өзі де дүмін баса беріп, сынып әкіміне әмір етті: -Қымбат, бүгінгі күннің ретін жаз тақтаға! Үшінші жаттығу деп көрсете сал!-Елбелек қаққан Қымбат мұғалімнің тапсырмасын орындай қойды. Тіпті берілген жаттығудың тапсырмасын да оқып берді: «Етістікке –атын, -етін, -йтын, -йтін жұрнақтарын жалғап, сөйлем құрап жазыңдар.» -Рахмет, Қымбат. Үй жұмысын сабақ барысында тексеремін. Мейіржан, тақтаға шық! – Ауыр күрсініп, Мейіржан тақта алдына келді. Бұған құпиясын еш ашпайтын жұрнақ, жалғау дегенді қанша жек көрсе де, тақтаға тапсырманы әлінше жаза бастады. Ұлмекен, Берік, Қымбат-үшеуі бірнеше сөйлемнен құрап үлгергенде, Мейіржан тек жалғыз жолды әрең жазды. Әупірімдеп жазған сөйлемі әлсіз үмітін ақтамады. Керісінше күлкіге қалдырды. Шек-сілелері қатып күлген оқушыларына Күлмесхандай көрініп жүрген Жұлдыз апай да қосылған. Мейіржан түкке түсінбей, тақтаға жалтақтап қарай берді.: -йтін жұрнағын қатыстыруы керек еді. Сөйлемінде «итін» бар ғой! Оның несі күлкілі? «Асан итін ертіп шықты.» Орта мектепті әне-міне аяқтайын деп отырған шәкіртіне Жұлдыздың түбір мен жұрнақтың айырмашылығын тағы да түсіндіруіне тура келді. Сабақ соңында Жұлдыз Қымбат пен Ұлмекенге маңызды хабарландыруды елеусіз ғана айта салды: «Қыздар, Тәуелсіздік күніне арналған аймақтық айтыс өтеді. Дайындалыңдар.» Мектеп намысын аймақтық деңгейде бірлесе қорғайтын қос сыыптас дайындыққа делебелері қоза кірісіп кетті. Түн ортасы ауған шақ. Қаламы жүрдектене бастаған Ұлмекеннің шабыт тұлпарына мінген сыңайы бар. Көз алдына сөз қарымы мықты қарсыласы елестеген сайын тіл ұшына көркем кестелер орала түседі. «Тіл падишасы» деп достарының дәріптеген құрметіне сай болуға барын салды. Сұлу Ай ақ қарға күміс сәулесін шашып, айнала тыныштыққа тұнып тұрған уақытта Қымбат тәтті түстер көріп, қиял әлесміне шомып кеткен еді. Айтысқа қатысатынын айтқанда, анасы Жұлдызды бай дастарханмен сыйлап, есесіне сөз сайысына қызын жеке баптауын қолқалайтынын меңзеген. Арқасын кеңге салып, алаңсыз пысылдап жатуының себебі де сол болатын... -Міне, айтыс болатын мектепке дейін төлейтін жолақың!-Анасы Ұлмекенге тыққан тиынтебенін ұстатты. -Апа, қолда бардың бәрін маған бергеніңіз не? Жалғас тәтті-пәтті сұрап, қыңқылдаса қайтесіз? -Ештеңе етпейді. Жалғастың жарасы жеңіл. Ал, сен осы сайыста бағыңды сынап қайт! Мектеп директорының жеңіл машинасы келіп, үйдің жанына тоқтады. Ішінде Жұлдыз ұстаз бен Қымбат отыр екен. Ұлмекен де көлікке келіп жайғасты. Сырт көзге ұстамды көрінсе де, көлік жылжып жүре бергенде, жүрегі аттай тулап қоя берді. Қымбат тіптен жайбарақат қалыпта.Әр нәрсені әңгіме етіп, Жұлдыз екеуі апалы-сіңлідей шүйіркелесіп келеді... Елім Керей болады,атым-Нартай, Қалжыр орта мектебін келдім мақтай, Ұл есімді бойжеткенді күтпеп едім, Ерге ұқсас мінезің бар ма шоқтай? Сахнаға шыққанда толқу мен үрейден буын-буыны дірілдеп кеткен Ұлмекеннің ойына «атыма байланысты сұрақ болар-ау» деген жорамал кіріп те шықпаған. Домбырасын
аспай-саспай қағып қойып, Нартай Ұлмекенге көз тоқтата қарап, жауап күтті. Ақ таңдарды ұйқысыз қарсы алып еткен еңбегі қас қағымда зая кетіп бара жатқандай Ұлмекеннің тығырыққа тірелген тұсы осы болды. Кенет құлағына марқұм әкесінің «Бір атадан жалғыз едім. «Әулетімнің атын мақтанышпен алып жүрер ұлға бергісіз қызым болсын» деп атыңды Ұлмекен қойдым» деп көз жұмарын сезгендей-ақ арғы аталары хақында терең әңгіме қозғаған соңғы өсиеті есіне түсті. Он жасар бүлдіршін демей-ақ жүрек түкпіріндегі арманы мен мұңын ақтарған сәті жадында жаңғырығып, сағымға айналған әке бейнесі жақындай түсіп, «Ұлмекен, қызым, мақтанышым бол!» деп дем беріп тұрғандай көрінді.Көзді ашып-жұмғанша Ұлмекен байсалды күйге еніп, домбырасына үн бітірді. Ұйқасты жолдар әке аманатынан серпін алып жатқандай, қоңыр даусы күмбірлеп, жауабын жұптап үлгерді. Бір атаның жалғасы, күнімін мен, Ер мінезді, ақ көңіл қызымын мен, Ұлмекен деп ат қойған әкем еді, Ұлға бергісіз қыз болар деп үміттеніп!
Тәуелсіздің тарихын білмейсің бе? Еліңді сол тарихпен сүймейсің бе? Егемен ел жолында құрбан болған, Ләззат, Сәбира -қыз, бас имейсің бе? Мектептің мәжіліс залына лық толып отырған қалың көрермен жаттанды емес, шынайы шумақтардың қыз өзегін жарып шыққанын сезіп, дүркірете шапалақ ұрды. -Өзі кішкентай қыз болса да, сөзі ірі екен! -Рас, мына қыздың бойында ер жігітке лайық өрлік, қайсарлық бар-ау!-Ешкімді оңайлықпен мақтай қоймайтын әділқазылар алқасының арасынан Ұлмекенге арналған жылы лебіз жүгіріп өтті. Мұқағали дос тұтқан қыз баласын, Мен де мақтан тұтамын ел анасын, Дос болып, кел екеуміз маздатайық, Қуантып, игі істермен ел арасын!-деп Нартай өз тарапынан достық ниетін, қошеметін білдіргенде, әділ сыншы-көрермен «Жиделіден келген қыз жеңді» деген жоғары бағасын беріп те үлгерді. Жиделі мектебінің асығы бұрын-соңды дәл бүгінгідей алшысынан түсіп көрмеген. Елу-алпыстай ғана оқушысы бар шағын мектепті аймақтың беделді, ошарлы білім ордалары назарға көп іле бермейтін. «Бүгін Жиделі мектебі мүлде соны қырынан көрінді,»-деп өзге білім ошақтарының таңданыс білдіруі де осыдан еді. Қымбат та салмақты сөз саптасымен қарсы келген қызды ойландырып тастады. Жұлдыздайын ұстаздың шәкірітмін, Жидегі мектебінің үмітімін, Есімің кім десеңіз менің Қымбат, Жарасқан тал бойыма сыр мен сымбат! Әр сөзін қадай айтқан Қымбаттың барынша дайындалғаны аңғарылып-ақ тұрды. Барлық өнерпаздарды зор ықыласпен тыңдаған төрешілер жүлдеді орындарды жариялаумен айтысты мәресіне жеткізді. -Бірінші орын биігіне Жиделі мектебінің шәкіртерін лайық деп таптық. Тәуелсіздік мерексеіне арналған бүгінгі айтыс шарасын болашақта дәстүрге айналдырамыз. Келесі жылы жас буын ақындар айтысында тағы да сендердің өнерлеріңе тәнті боламыз деген сеніміміз бар. Өнердің шын жанашыры-жайсаң ағалар сенімнен сырға тағып, арқадан қағып тұрса, жеткіншекке одан асқан бақыт бар ма? Алайда алдағы күннің қандай тарту ұсынарын кім болжап білген? Ертеңгі күн Ұлмекенге төбесінен жай түсірген тосын жағдай әзірлеп тұрды. Кешкісін Қымбаттың жеңісін атап өтіп, оның ата-анасының мол сый-сыяпатына мейлінше мәз болған директор мен ұстаз Жұлдыз ертеңіне ауқымды жиналыс жасап,
болған жайдың тонын теріс айналдырды. Мектеп абыройын асқақтатып, мерейін жекедара аспандатқан Қымбатқа ұжым атынан тарту-таралғы ұсынды. Ұлмекенді ортаға шақырып, «қатысқаның үшін рахмет» деп немкетті пішінмен ернін жыбыр еткізді. Ештеңенің байыбына бара алмай, аң-таң халде тұрған Ұлмекенге бір сәт ұстазының мына айтқан сөздері өзін таптап, жаншып, жұтып жібергісі келетін қаскөйлердің қорлықмазағындай сезілді. Әке аруағы тағы да көрініс беріп, перзентін қорғаштай түсті. У-шудан құлағы тұнған Ұлмекен әкесінің «Қызым, көпке сырыңды алдырма» деген даусын анық естіді. Дереу бойын жинап, жан-дүниесіндегі аласапыран тартысты жасырып, салмақпен «рахмет» деп басын изеді де, орнына келді. Қымбаттың жеңіс жайындағы ерлік хикаясы бітпесе де, сабақтар тәмам болды. Ұлмекен тез жиналды да, мектеп ауласынан шыға берді. Соңынан жүгіріп жеткен Берікке көз қиығын да тастамады. Тек өзі жалғыз келе жатқандай. Қою қастары одан бетер түйіліп, түнеріп алған. Сәби кезінен бірге ойнап өскен сыралғы дос бірден жұбатуға кірісті. -Ұлмекен, ұстаздардың бар еңбек пен абыройды Қымбатқа неге арқалатып жібергенін түсінбедім. Айтыста әр қатысушы жеке өзі үшін өнер көрсетпегенін білемін. Екеуіңнің ұпайларың қосылғанда барып, біздің мектебіміз бірінші орын алды. Ұлмекен, тыңдашы мені. -Берік, ары қарай сен өзің бара бер. Менің жолым осы жерден бұрылады. -Қайда барасың? Біз күнде бірге қайтып жүрген, жұптары жазылмаған достармыз. Жүр, кеттік! Жолшыбай әңгімелесеміз.-Беріктің қапалы досын жалғыз жіберетін түрі көрінбейді. -Апама тіс жарып еш нәрсе айта алмаймын. Онсыз да жарым көңілін одан әрмен құлазытқым келмейді. Әкеме барам! Бәрін айтамын!-Жылаудың аз-ақ алдында тұрған Ұлмекеннің даусы тұншыға шықты. -Зират басына ма? Қой, ауылдан аулақ шықпа! Қасқыр жеп қояды! -Өлімтік өтірікпен бетпе-бет келгенде,түз тағысы қорқыныш болып па?-Ұлмекен ауылдың күншығыс жақ шетіндегі бейіттерге апаратын жалғыз аяқ жолға түсті. Берік те ілесіп келе жатыр. Әкесі бұл дүниеден озғалы, Ұлмекеннің үнсіз қыстығып жылайтын әдеті барын Берік жақсы білетін. Сондықтан досымен қатарласып, оның аясы кең, ботаныі көздеріндей жәудіреген жанарындағы моншақ шықты көруге дәті бармады.
Тектінің тұяғы екен
-Ақпанның ақ түтек боранымен айқасып жүріп, наурыз айының келіп қалғанын да аңғармаппын! -Көсем, сен осылай пәлсапаңды соғып отыра берсең, жарқын жаздың шыққанын да білмей қаларсың. -Бекжан, сен «жарқын жаз» деп әдеби тілде сөйлейтін болғансың ба? Кітаптарыңды сөмкеңе қамап, қор қылмай, әр бетін бір шалып оқуды үйрендің бе?-Беріктің мысқылына сыныптастары қосыла күлді. Тақтаға шыққанда тілі мүкістеніп қалатын Бекжан қалжыңға келгенде дес бермейді. -Маған көркем тіл бітірген іш пыстырар кітаптар емес. Алдымнан қол бұлғап тұрған көгілдір көктемді сезініп, күннен-күнге құлпырып бара жатқан сұлу қыздарды көрген сайын небір сөз кестелері тілімнен төгіле бастайды. Ұлмекеннің бота көздерін, Қымбаттың белінен төмен құлаған жалқын сары түсті әдемі шашын, Шынардың қолынан бір тастамайтын кішкентай айнасын қалай жырға қоспайын?!-Бекжан қолын жүрегіне қойып, көзін шарт жұмды. Бұған бірі ашуланып, мысқылдай күлсе, енді біреуі бар көңілімен ақтарыла сақылдап, сынып бөлмесін ду-дүрмекке толтырып жіберді. -Достар, Жыл басыНаурызды қалай өткіземіз? Жаңа жыл мерекесінен кем қылмай, керісінше артық етіп аспандатуымыз керек.-Берік байсалдылық танытып, көптің көзін өзіне бұрды.-Ұлмекен екеуміз ұйымдастыру жағын мойнымызға аламыз.
-Көсем, көсем болсаң өзіңе! Жігітекең қалай қарар екен бұл сөзіңе?-Бекжан тақпақтата сөйлеп, төңірегін тегіс күлдірді. -Ұлмекен, әрине, келіседі. Ал, Бекжан, сен безендіру ісіне жауаптысың. Міндеттен ешкім де құр қалмайды! Мектептің ауласында оттай қызыл әріптермен «О, әлеумет! Әз Наурызға кел! Мерекені дәл мұндай, көрмеген әлі еш жер!» деп жазылған хабарландыруды оқып, одан әрі сымсыз телефон арқылы құлағдар болған ата-аналар, қала берді бүкіл ауыл тайлы-таяғына дейін мектептің ұядай ғана мәжіліс залына жиналды. Жетпіске жетіп жығылатын түтіні бар алақандай ауылда мәдениет ошағы жоқ. Бұрынғы мәдениет үйінің ғимараты кешегі Кеңес өкіметімен бірге құлап, келмеске кеткен. Өнерге сусап отырған қарапайым жұртшылықтың көп ойланбастан мектепке тартып тұрғанының түптамыры осында жатыр. -Ұлмекен, қалай қаннен-қаперсіз тұрсың? Мен мына сансыз көздерге қарасам, жаттап алған бір ауыз сөзімді ұмытып қалғандаймын.-Бекжан шынымен жиналған әлеуметтің әлуетінен жасқанып қалғандай. -Қорқатын түгі де жоқ. Күнде көріп жүрген көрші-қолаң, сол баяғы ата-әжелер.-Ұлмекен Бекжанның қорқынышын сейілтіп тастады. -Ұлмекен, бастамай қоя тұр. Қуаныш ағайлар келсін.-Сынып оқушылары бір ауыздан Наурыз мерекесін өзге мейрамдарға ұқсамайтындай етіп ерекше сипатта өткізу жайын кеңескенде, Ұлмекен жаттанды сарынға айналған жүргізушіліктен бас тартуды ұсынған. Сол себептен Берік екеуі бірлесе құрған сцеарийде кеш жүргізушісіне орын жоқ болатын. Мектептегі кештердің тұрақты жүргізушісі Қымбат бүгін бір ән ғана орындайтын. Бұйрық беріп үйреніп қалған сынып әкіміне Ұлмекен жауап қайтарып үлгерген жоқ. Көрермендер мерекенің уәделі уақытында басталмағанына шыдамсызданып, сарт-сұрт қол ұрды. Мұның «бастаңдар» деген белгі екенін оқушылардың бәрі түсінді. Кейбір сабырынан айрылған әжелер:«Әй, балалар, бастаңдаршы енді! Осылай күтіп отыра береміз бе? Кешкі кинолардан құралақан қалатын болдық қой!» деп айғайды салды. Ұлмекен домбырасын алып, сахнаға шықты. Сөзін өзі құрап, халық әні «Еркем-айдың» әуеніне салып әзірлеген жыр-шашуын жорғалатты: О, жиналған әлеумет! Жырдан шашу ала кет! Наурыз тойы басталды, Дөңгеленіп билей кет!-деп аяқтай бергенде, мұғалімдерді ерткен Қуаныш директор залға кіріп, Қымбат сақтап қойған алдыңғы орындарға көсілді. Ұлмекен көпшілікке иіліп, ізет көрсетіп, шығар есікке беттегенде, қошемет үні титтей де бәсеңдемеді. Сартылдаған шапалақ даусы арасынан ата-әжелердің қауқылы да естіліп қалды. -Өзі бір өнерлі, сүйкімді бала екен! Кімнің қызы екенін жыға тани алмай отырмын. -Нұрасылдың немересі ғой. Атасының аузынан түсіп қалған дерсің. -Е, бәсе, атасының шешендігі дарыған-ау! Тіл-көзден сақтасын Құдайым! Өзі ешқашан көрмеген атасы жайында қариялардың айтқан ардақты лебіздерін естіген Ұлмекен мақтаныш сезіміне бой алдырып, жүзі жайнап және иілді. Осы кезде мезгілсіз күркіреген күндей болып, директордың даусы естілді. -Ұлмекен, дүйім жұртты сүйсіндіретіндей сонша не айттың? Қане, бізге қайталап айтып бер!-Жұлдыз ағасының сөзін қостап, басын шұлғып-шұлғып қойды. Ұлмекен домбырасын күмбірлете қағып-қағып жіберіп, директордың көзіне қадала қарап, әжуаға толы уытты ұйқастарды суырып салды. Тым-тырыс болып тына қалған залды Ұлмекеннің әуелете көтерген күміс даусы тербеп тұрды. Қыз жүрегіне көптен бері жабысқан кермек дәмді күйіктен арылғысы келгендей өршелене соқты. Әз Наурыз келді, міне, мезгілімен, Халыққа жайлы жұмсақ мінезімен, Кештетіп ел соңынан келіп тұрсыз, Жараса ма бұл қылық өзіңізге?! Әр нәрсе уақытында құнды емес пе?
Айтқан сөз атылған оқтай мәңгі емес пе? Қайталап көркін сөздің қашырмайын, Дегенім, о, жамағат, айып емес қой?! Оқушысынан қынабынан суырылған қылыштай өткір жауап күтпеген директор абдырап, аузын ашуға дәрмені қалмады. Зал ызы-қиқы шуға толды. Ұлмекеннің табан астында көрсеткен тапқырлығына таңдай қағып, бас шайқағандар да бар. Қыздың тіліп түсетін турашыл мінезіне қарап, оны марқұм әкесіне де ұқсатқан үлкендер жағы бір-біріне « байқайсың ба? Тегіне тартып туған асылдың сынығы екен.» деп дабырласып қалды. Қалың жұрт тегіс тынышталғанда, сахнада қарияның бейнесінде көрінген Берік отыр еді.Ол өздері дайындаған сәбиге ат қою салтын сахналық көрініс ретінде ұсынуды бастап та кетті. Бекжан бесігін тербеткен ибалы, жас келіннің рөлінде көрінді. Бір таңқаларлығы сол-әзілкештің езуінде күлкінің ізі де жоқ. Басына жаулығын салып, төмен қарап сызылып отыр. Азан шақырып ат қою рәсімін орындау үшін үлкен шаңыраққа арнайы шақырылған молданың кейпінде ұзын шашын түйіп, тақия киіп, таспиқ ұстап Шынар кіріп келе жатқанда, ата-аналардың таңданысында шек болмады. Соны қырынан танылған туған перзенттерінің осындай өнері барынан бейхабар кейбір ата-аналар кәдімгідей көңілі өсіп, марқайып отыр. Тек көп ішіндегі бір жан сахнаға қараса да, ондағы оқиға желісінен қалыс қалып, өз өмірінің көріністерін көз алдынан өткізіп, өткен ғұмыр елестерін тірілте берді. Ол қырықтың қақпасын қақпай жатып, шашын ақ шалған, орта бойлы, ойлы қой көзді, ақ сары реңді Ұлмекеннің анасы Қадиша еді. Қызын «тегіне тартқан екен» деп көргені көп әжелер, ақ сақалды аталар мақтағанда көтеріліп қалған көңілі терең мұң иірімінен шыға алмай, малтығып қала берді... Нұрасылдың шаңырағына келін болып түскенде, Қадиша небары жиырма жаста еді. Қадиша бір жанұяның көзінің қарашығына балаған жалғыз қызы, ал, Олжас бүтін бір әулеттің үміті, әкесінің дара ізбасары болатын. Екеуі шаңырақ көтергенде, ауыл әйелдері «қос шолжаңның жұбы қашанға дейін жарасар екен?!» деп, өсектің көрігін қыздырған. Қадиша әке босағасындағы еркелігін қайын жұртына көрсетпеді. Бір үйдің шаруасын дөңгелетіп алып кетті. Атасы Нұрасыл кенеттен науқастанып, төсек тартып жатып қалғанда, қас-қабағын бағып, жас баладай мәпеледі. Демі үзілер шағында атасы «Құдай мені баладан кенде етті. Бір ұлым-шығар-шықпас жаным бар. Бірақ қызымдай болған келін сыйлады. Бақытты бол, қызым!» деп батасын берген-ді. Басындағы жанұялық бақытты үйіріп әкетіп, берекесін қашыратын зұлмат тағдыр дауылының енді ғана бас көтергенін Қадиша сезген де жоқ. Қасіретпен аяқталған сол күні таң арайланып атты. Жаңару, түлеу үстіндегі көктемгі табиғаттың ерекше ояну сәті болатын. Кербез көктем күніне бір сый ұсынатын, десе де сол сұлу көріністерді күйбең тірлік қамымен жүрген Олжас назарына ала бермейтін. Сөйте тұра таңғы шай үстінде: -Бүгінгі таң тым өзгеше сияқты,-деп қалды. -Олжас, саған биылғы көктем қатты әсер қалдырған-ау, шамасы? Кезінде маған жазған хаттарыңда табиғаттың көркемдігін жырлаған сөздер жоқ болатын.-Қадиша бұл қалжыңымен маздақ махаббаттарының жүрек елітер ертегідей сәттерін тірілте бастады. -Айтасың-ау, қалқам. Ол кезде менің көзім табиғаттың сұлулығын аңдауға қабілетсіз еді. Қайда қарасам да тек сенің бейнеңді көретінмін. Табиғат-ананың...-Қадиша күйеуінің сөзін аяқтатпастан, демалыс күні ұзағынан ұйықтайтын балалар оянып кетпесін деп баяу ғана сыңғыр күлкісіне ерік берді. -Неге екенін білмеймін, бүгін төңірек тегіс тұнып тұр.Сен күндегіден де әдемісің! -Олжас келіншегіне қалжыңнан ада салмақты жүзбен мейірлене қарады. Олжас күні бойы Ұлмекенді жанына ертіп жүріп, түздің шаруаларын реттеді. Атқа отырса, шыңға шыққандай қанаттанып кететін Ұлмекен бұл жолы да қыңқыңдап жүріп, әкесіне дегенін орындатты. Әлденеше есе қымбат баға ұсынып, алыс-жақын аймақтағы атқұмар жандар қиылып сұрап келгенде, әкесі беруге қимаған атақты Бойтұмар жорғаның тізгінін өзі ұстады.
-Әке, мен өскенде шабандоз боламын!-Ұлмекен өзінен көз алмай қарап тұрған әкесіне ат үстінен дауыстады.Бойтұмар жорға балаң арманды құлағы шалып, «иә, шабандоз боласың» дегендей басын шұлғып-шұлғып қойды. -Апа, мен бүгін Бойтұмарға өзім міндім. Әкем жай аған қарап тұрды!-деп Ұлмекен түскі ас кезінде әкесіне берген уәдесін ұмытып, сырын ақтарып салды. Бүгінгі қуанышын анасымен бөліскісі келген еді, әійтсе де анасы қуана қоймады. -Әкесі, мұның не? Қызың аттан құлап, жазым болса қайтесің? «Мен мықтымын» деген талайлар Бойтұмарға тақым қыса алмап еді ғой! -Апасы, сен ашуланба! Қызым аман-сау, әрі Бойтұмар Ұлмекенді жақсы көреді. Оның сылап-сипағанын аса ұнатады,. -Ұлмекенге қызға тән тәлім-тәрбие беруіміз керек. Жалғас бар, кейін соны атбегі етіп шығарарсың. Ал, Ұлмекен, сен бүгіннен бастап маған үй шаруасына көмектесетін бол!-деп Қадиша райынан қайтпастай бұйыра сөйледі. -Оң-солын танып үлгермеген Жалғас ер жетіп, тізгін ұстағанша қай заман! Одан да Ұлмекенді баули берейін. Өзі тумысынан атқұмар!-Әкесі сөзін сөйлегенге арқаланған Ұлмекен анасына өз шешімін батыл жеткізді: -Мен ыдыс жуып, үй тазалап, қыздың жүмыстарын істемеймін. Әкемнің қасында жүріп, өскенде шабандоз боламын! -Иә, апасы осы үйдегі жалғыз қыз болып қала береді!-Жарының сөізнен өзін аялау астарын сезген Қадишаның езу тартпасқа лажы қалмады. Күн-ананы ұясына қондырып, сұлу Ай тіршілікті аманат етіп алды. Аппақ сәулесіне жердің бетін бөктіріп, айналаны жібек мұнарға көмді. Үй іші шырт ұйқыда. Түн баласына бір рет қора-жайды қарауылдап қайту қанына сіңген Олжас ояу болатын. Төңіректің ай нұрымен ажарланған сипатына сүйсіне қарап, Олжас орнынан тұрып, албарға келді. Шөп арасынан атып шыққан Ақтөс иесіне жер бауырлап келіп, кенеттен төбеқұйқаны шымырлата ұли жөнелді. Итке жекіп тастап, албарға енген Олжас Бойтұмарға жақын келді. Жануардан керенау қатып танылмады. Түн тыныштығын мойындағысы келмегендей, тым сергек көрінді. Әлденеден тыпыршып тұрған Бойтұмарды еркелете сипап, Олжас шығуға ыңғайланды. Оқыстан қарсы беттегі көрші үйдің терезесіне көзі түсті. «Көзім алдап тұр ма» деп және мойын бұрды. Жігіт жанары мүлт кетпеді. Терезеден сумаңдаған жалын тілі екен. Көршісі «балаларға бас-көз болыңаршы, біз аудан орталығына бара жатырмыз. Кешке қарай қайтармыз» деген еді. «Балалар арандап қалмаса екен» деген ой алқымынан алғандай болған Олжас көрші үйіне лезде жетті. Темір есік тепкіге көнбей, кедергіге айналды. Іштен шырқыраған сәби үндерін естіп, аза бойы қаза болған Олжас ойланып ұзақ тұрмай, терезеге келді. Жан дәрмен терезені сындырып, ішке кірді. Жалын түпкі бөлмелерді шарпи қоймапты. Бебеу қаққан еңіреу үндерді бағытқа алып, әупірімдеп келіп, қос бүлдіршінді бауырына алды. Шығар жолын жалын кескен соң, өзіне тас кенедей жабысқан сәбилерді сүйрелеп жүріп, төргі бөлменің терезесін ашып, сыртқа секірді. Құтқарылғандарын білсе де, түтінге тұншығып, бір жағы қорқыныштан қалш-қалш еткен бөбектердің «Аман ағам іште! Аға! Аға!»-деп зар қаққан дауыстары түнгі тымық ауаны тілгіледі. Жақын жердегі үйлерден жарық байқаса да, Олжас «олар көмекке келгенше, Аман мерт болып жүрер» деп ішке қайта кірді. Қыңқылдаған Жалғасты қайта ұйықтатып, Олжасты күткен Қадиша әлденеден мазасы қашып, тысқа шықты. Көрші үйіндегі өртті көріп, Олжастың сонда екенін сұңғыла іші бірден сезді. Жүрегі аузынан шыға жаздап, жүгіріп келіп, өртке қарай ұмтылған балаларды бақ ішіне аулақтау әкетіп, сызды жерге отыра кетті. Маңайдағы жұрт та жиналып қалды. Бірақ қызыл айдаһармен арпалысуға ешкімнің батылы бармады. Бар қолдарынан келгені шелектеп су тасып, күшейе бастаған өртті сөндірмекке кірісті. Олжас ашық терезеден бөлмеге кіргенде, жалынның жайпай түскенін анық сезді. Тілсіз жау терезеден келген желдің әсерінен тіпті қаһарланып кетті. Түтінге булығып, «Аман, қайдасың?!» деп қақалып-шашалып дауыстаған Олжас ыңырсыған үнді естігендей болды.
Ұлмекеннен бір сынып төмен огқитын Аман тажал өртпен бетпе-бет келгенде, не қайран қыларын білмей, өздігінен сытылып шықпақ болған. Атып тұрған бетінде бар екпінімен босағаға соғылып, есеңгіреп жатқан. Олжас қолымен қарманып, ең түпкі бөлмеге келді. Сақ құлағы қателеспепті. Әлсіз дыбыс берген Аманға шалынып тоқтады. Баланы көтеріп алып, шығуға асықты. Қас қылғандай жел үдеп, ажал аждаһасын есіртіп, ойнақ салдырды. Аманды құшағына алып, бір қолымен қорғана алға жылжыған Олжас шығар терезені тапты-ау, әйтеуір! Аманды еппен терезеден төмен түсірді. Ауырсынып қалар деп қорықпады. Себебі,терезе онша биік емес еді. «Олжас, абайлашы!»- деп зар илеген Қадишаның даусы келді құлағына. «Өзім шыға алмай қалсам қайтем?» деген үрейлі ой ебін қашырды. Түтіннен көзіне жас толып, терезеден секіруге тағы ыңғайланды. Шығып та үлгерген. Өрттен қиылып түскен электр сымы тура жотасынан келіп ұрды. Олжастың құлағанын байқаған Қадиша оның жанына қалай жетіп барғанын білмей де қалды. Көршілері «оны тоқ ұрды, жақындама» деп, Қадишаны маңайлатпады. Қадиша ырыққа көне қоймады. Етпетінен сұлқ жатқан Олжасқа қарай ұмтыла берді. Ақыры мұнысынан түк шықпаған соң, «көмектесіңдерші» деп жалынып-жалбарынды. «Тым құрыса, Жедел жәрдем шақырсаңдаршы! Қарап отырып өлтіреміз бе?» деп еңірегенде, етегі жасқа толып, даусы көкке жетті. «Жедел жәрдем» қызметін ешқашан көрмеген ауыл тұрғындары «оны шақырсаң да келмейді ғой. Біз сияқты сайраған жолы жоқ айдаладағы ауылдың бар екенін де білмейтін шығар ол бәлелер» деп қамығып, бекерге қарап тұрды. Сөйтіп Қадиша қасқағымда иық сүйер қорғаны, жанындай жақсы көретін жарынан айрылды. Күлім күндер іргесін аулақ сала берді. Түнек түндер алдынан тосып алып, түпсіз терең қайғы әлеміне сүйрелей жөнелді. Олжас екеуі күні кеше қосылғандай болып, әр түн еліте сыр шертісетін сұлу сәттері ғайыпқа айналды. Олжас Отан алдындағы борышын өтеуге кеткенде, қос ғашық алғашқы және соңғы рет бір-бірінен жырақта болған еді. Әскерден келе сала отау көтерген Олжас Қадишаны бір сәтке де жалғыз қалдырып, жанына мұң, қабағына кірбің түсіріп көрмеген. Олжасынан көз жазып қалуының бұл соңғы рет, әрі қауышу мүмкіндігі жоғын Қадишаның санасы сездіріп тұрса да, сезімге толы асау жүрегі мойындағысы келмеді. Қан татыған қасіреттен құтылғысы келіп, тулады жұрек. Күннің нұрын сезе алмай, жанына ауыр соққы берген жалғыздыққа төзе алмай, суалды тілек. Сүйіктісінің қарасын бір көруден күдерін үзбеген көңілі әрбір таңның арайынан сүйінші хабар күтті. Түнгі аспанның серілеріжұлдыз бен айға емекси қарап сыр тартты. Бірақ ақсарбас айтып, ақ түйенің қарны жарылды деп, ағыл-тегіл ақтарылар қуанышқа бөлейтін тіршілік иесі көрінбеді. Ақыры көндікті. Санасын сансыратқан сағыныштан тұншығып бара жатса да, ұлы мен қызының қамын ойлап, тірлікке араласа бастады. Әйтсе де «Олжасым өліммен арпалысып жатқанда, болмашы көмек те бере алмадым-ау» деген ой іштей мүжіп, діңкесін құрта берді. Бір әулеттің шаңырағына ие болып Қадиша қалды күңіреніп. Қырқын беріп, қайғыдан қан жұтып отырған Қадишаға шешесі келіп, «қайтесің. өлгеннің артынан өлмек жоқ. Отыздан енді ғана астың. Болашағың алда. Егіле бермей төркініңе қайт» деп басу айтып, жұбатқансыды. Шешесінің сөзі сүйегінен өткендей ызғарлы естілді Қадишаға, жауап орнына басын шайқай берді. «Апа, жылама, мен енді тентек болмаймын,»- деп көзі мөлтілдеп, бағанадан анасын жағалап жүрген Жалғасты бауырына алып, қатты қысты. Жеті атасын жаттап жүрген Ұлмекен мен кішкентай Жалғас тұрғанда бұл қара шаңырақты тарс жауып, қайда кете қойсын?! Ендігі өмірінің мәні тек балалары болып қалды емес пе? Батыр келбетті, ер мінезді қосағының қаһармандығы ел арасына аңыз болып тарап, көптің ризашылық пен жұбатуға толы лебіздері тамырына қан жүгіртті. Игі жақсылар кеңесе келіп, үш бірдей бүлдіршіннің өміріне араша тұрған арда азаматқа Халық қаһарманы атағын берді. Ауылдың жасы мен кәрісі түгел бас қосқан алқалы жиында Қадишаға өмірлік серігінің құрметіне арналған төс белгі тапсырылды. Айтар сөзін алдын-ала орайластырып келген марапаттау тобының белді өкілі былай деп асқақтатты: «Марқұм Олжас Нұрасылұлы бейбіт күні хас батырға тән мәрттік көрсетіп, ошарлы отбасын
ажалдың тырнағынан жұлып алды. Өзі опат болса да, есімі мәңгілік ғұмырды еншіледі. Құрметті Қадиша, сізбатырдың зайыбысыз! Еңсеңізді тік ұстап, соңында қалған балаларын әке ерлігімен сусындатып өсіре беріңіз!» Сөйленген сөз әсерлі болды ма, әлде қайғылы жағдай көз алдарынан өше қоймағандықтан ба, жиделіліктердің көңілдері босап, жүректері тебіренді. Қадишаның қадай айтқан мына бір сөздері зал ішін жүгірііп өткен толқынды сап тыйды: -Қадірлі ел ағалары, мен сіздерге алғыс білдіремін. Десе де жеткізер назым да бар. Шағын ауыл ғой деп сырт айналмай, бізге де оң қабақ танытсаңыздар екен. Медициналық көмек көрсетілсе, Олжасым өмірімен қоштаспас па еді деген әлсіз үмітім әлі бар кеудемде. Менің бұл айтқан базынамды аудан орталығынан тым-тым шалғайда қоныс тепкен аядай ауылда және бір жанұяның шаңырағы шайқалмауын, сәбилердің жетім қалмауын қалайтын ана тілегі деп қабылдауларыңызды өтінемін.-Жақсылар жағы өзегі өртенген әйел тілегін түртіп алып, құптаған сыңай танытып тарқасты. Төс белгіні Олжасынан келген жылы хабарға балап, Қадиша қос қарашығын жетелеп, алуан сезімге арбалып, үйіне қайтқан еді... Жанына аса жақын әуезді ән Қадишаны ауыр елестерден, есеңгіреткен қайғы соқпақтарынан алып шықты. Сахнада үкілі домбырасын қолына алып, әнді келістіре орындап, үміті-қызы тұр еді. Анасының бар бейілімен тыңдай бастағанын сезіп қалғандай Ұлмекен әннің әр сөзін баптай түсті: Мен қалған бір атаның ғасырымын, Біреуга аспандағы асылымын.. Ана көңілі орнығып, жаны жадырап қалды. Әкесінен аумай қалған Ұлмекен барда, «өскенде әкем тәрізді батыр боламын» деп кішкентай жүрегін үлкен арманмен толтырған Жалғас тұрғанда Олжасының есімі өлмейтініне, отының еш өшпейтініне деген сенімі перзенттерінен жігер алып, маздай берді.
Батаңды бер, әкетайым!
Ұлмекен әр парағы жан сырына тұнған күнделігін қолына алып, оқи бастады: «4 маусым маған ұмытылмастай мұң сыйлады. Ауылдың аппақ шаңына аунап өскен, қатар жүріп есейген жан аяспас досым алысқа көшейін деп жатыр. Берік енді білімін қаладан жалғастырмақ. Бір-бірімізден еш айрылмастай көруші едік. Бекер екен. Міне, қоштасып тұрмыз. Берік «қоштаспай ақ қояйық. Жиі хабарласып тұрамыз ғой» деп жымиды. Жымиысынан көңілсіздіктің көлеңкесін көрдім. Өзімнің жүрегімді де жеңіл мұң еңсеріп алған еді.» Тоғызыншы сыныпты тәмамдап, қолдарына аттестат тиген жеткіншектер жеке тағдыр жолымен бөлініп кете бастады. Бекжан, Шынар, Ұлмекен көрші ауылдағы мектептен оқитын болды. Қымбат ерекше талғампаздық танытып, аудан орталығындағы білім ордасына таңдау салды. Қолында қызыл аттестат тұрғанда, Қымбат кімнен жасқансын! Ал, Ұлмекеннің аттестатында сүйікті пәні-қазақ тілінен «төрт» деген баға тұрды. Бұл жайлы білгенде, Беріктің мұны шыр-пыры шығып қорғап, «бұл әділетсіздік дегенді қойсаңшы. Тіл падищасы деп бүкіл достары дәріптеп жүрген Ұлмекенге қалайша төрт қоясыздар?» деп Жұлдыз бен директордың көзінше асаудай тулағаны жүрегінде жатталып қалды. Директордың өзіне қарсы өлеңмен айтқан сонау кездегі шәкірт сөзіне қарымта қайтарған төмен әрекетінің көрінісіндей болып, тепсінген төрттік баға Ұлмекенді тұнжырата алмады. Өмірі жарқылдап сабақ айтпаған Шынардың аттестатында жақсы бағалар жайрат жатты. Сұрап алған бағалары оған болашақта азық бола ма? «Менің бар арманым қазақ тілі және әдебиетімен байланытсы. Арманымның арқауы болған қасиетті пәнді жетік білгенімді, тек әділетсіздіктің күйін кешкенімді жаңа мектепке барғанда
дәлелдеуге тиіспін!» деп өзін-өзі қамшылап, қайрап жүріп, оқу мерзімінің тезірек басталуын сабырсыздана күтті. Бұл-кқркімен алыстан көз тартып тұрған он бір жылдық Боран мектебі. Үш қабатты зәулім ғимарат. Сынып бөлмелері кең, жарық, еңселі. Сыныпқа алғаш кіргенде қуақы Бекжанның айтқаны мынау болды: «Кезекші болғанда Жиделі мектебіндегі қуықтай бөлмені әрең жуатынмын. Мына ат шаптырым сынып бөлмесін жуғанда, он жасқа қартаятын шығармын.» Осылайша Бекжан көпшіл, әзілқой қасиетінің арқасында жаңа ортаға жылдам сіңісіп кетті. Шынар оқу құралын түгендеп жарытпаса да, шашын күніне мың құбылтып, сәнденуге уақыт табатын. Өзіндік мақсаттармен іштей түйіліп келген Ұлмекен табиғи қалпынан жаңылмады. Алғашқы сабақта-ақ қазақ тілі пәнінің ұстазы Алтынайдың көзіне түсті. Жүйелі білімін безбенге салды. Тақтаға шығып, синтаксистік талдаудан сүрінбей, морфологиялық талдаудан мүдірмей өтті. -Ұлмекен, Жиделіде қазақ тілінен кім тәлімгерлік етті? Мен өзім сол ауылдың тумасынын. Бәлкім, ұстазыңды танитын шығармын.-Алтынайдың риза қалпы жайдары даусынан байқалды. -Бесінші-сегізінші сыыптарда Роза Рақымқызы ұстаздық етті. Соңғы оқу жылында Сұраубаева Жұлдыз деген мұғалім болды. -Онда Роза апайыңа рахмет! Саған терең білім сіңірген екен! Менің іздегенім де сендей сенімді ақтар шәкірт!-Ұлмекен бота көздері жайнап, басын изеп, ұстазына ізет білдірді. Мақтау сөзге аса сараң Алтынай ұстаздың шешіле сөйлегеніне оқушылар үнсіз таңданыс білдірді. Бір күн бір күнді өкшелей, кідірмей өтіп жатты. Ұлмекенді, әсіресе, қинағаны апта бойы туған үйінен, жан анасынан, тәтті қылықты бауырынан бөлек тұратыны. Жеткізбестей көрінетін сенбі күні Ұлммекенді Боран аулындағы өзі тұрып жатқан нағашысының үйінде ешбір құдірет ұстап тұра алмайды. Ұлмекеннің сағыныштан Жиделіге қарай жосылтқан қара шаңы ғана көрінеді. Сегіз шақырымды місе тұтпай жаяу жүре берді. -Апа, үй мен түзге қатар жүгіріп шаршадыңыз ба? Әрі Жалғастың сабағын қаратасыз, әрі мені сағынасыз. Осының бәрі сізге қиын соғып жүрген жоқ па?-Кірпігіне дейін жолдың шаңы тұтып қалған Ұлмекеннің анасын көре сала айтқан бір лек сөзі осы болды. -Күнім, ең ауыры-сені сағыну, күту. Содан кейін мені қинайтыныЖалғастығ ырыққа көнбейтін әріптерін әдіптеу.-Қадиша да қызын күлімдей, әзілдей қарсы алды. -Әпке, киімің неге сонша шаң?-Биыл бірінші сыныпқа аяқ басқан Жалғас кәдімгідей байқампаз бола бастапты. -Інішек, сен жақсы оқып, таудай жігіт бол! Сосын темір тұлпар тізгіндесең, апаң екеуміз жаяу жүрмейтін боламыз!-Ұлмекен еркетотай інісін құшақтап, томпақ бетінен сүйіп-сүйіп алды. Жалғас машина моторының даусын салып айғайлап,үйді басына көтерді. Кешкі астан кейін ғана ана мен қызы әңгіме қызығына әбден берілді. Қадишаның сұрағы бітер емес. Ана көңілі Ұлмекен үшін ұсақ-түйек болып көрінетін нәрселерге де алаңдайды. -Жеңгең жақсы қарай ма? Өзінің мінезі құбылмалы. Кей сөзіне ренжіп жүрме. Ал, мектебіңде бәрі қалыпты ма? Шынардың апасы сынып жетекшісімен танысып, қызын тапсырып кетіпті. Менің үйден ұзап шығар шамам жоқ. -Апа, мен әкемнің «жетектеген ит аңға жарымас» деп жиі айтып отыратын мақалын жадымнан бір сәтке де шығарған емеспін. Өмірде не көрсем де, өз талайымнан болмақ. Біреуді жағалап, енді біреуді сағалап жүріп, ақ арманыма қол созғаным өзімді алдағанмен тең емес пе? -Өзің білесің ғой, қызым. Тек үлгеріміңді нашарлатып алмасаң болғаны. -Маған әбден сенуіңізге болады, анашым! Сіздің қабағыңызға кірбің түсірмеу-мына қызыңыздың өмірлік мұраты.-Анасы Құдайына шүкіршілік етіп, қуанышын ұзағынан бұйыртуын тілеп жатып, ұйқыға шомып кетті. Үй ішімен бір аптаға қоштасып, Ұлмекен кешегі жолмен қайтып келе жатыр. Сыныптастары көлік тауып кетіп қалғанға ұқсайды. Әйтпесе күре жолға апарар Қосағаш
көпірінде жиналар еді. Сегіз шақырымды жалғыз жүруіне тура келді. Оңаша қалса ойға бататын әдеті. Қыздың көзі шаңы шыққан қара жолдың ар жақ беткейіндегі сап түзеген сарбаздардай қаз-қатар болып өскен тоғайларға түсті. Жолдың сол жағы бұта атаулыдан ада. Бұл тұста көңілсіз сары түске боялған, ой-шұңқыры көп күзгі даланың сәнсалтанаты сараң реңі ғана бар. Алтын күн ақша бұлт жүзген көк аспанның дара сәні болып, шуағын төгіп тұр. Бір жолдың екі бетіндегі қарама-қарсы құбылыстар Ұлмекенді терең ойға жетеледі. Мына қара жол қаншама адамды арманымен қауыштырды! Қанша жанның қиял қанатын қырықты екен, кім білсін?! Мынау тік өскен тал-үйеңкілер аққа пейілін беріп, шындық жайын кеңескен кемеңгер ағалар тәрізді. Қалтарыс-бұлтарысқа толы анау тұс өтірік пен жаланың, алдау мен арбаудың сағым мекені болса керек. «Менің арманым сол ақ бұлттай кіршіксіз,әрі биік! Биік арман-ерен еңбектің анасы. Мақсатым анық-өмірдің көлеңкелі бетін емес, шырайлы шындық пен бүкпесіз ақиқатты дос тұту. Тіршіліктің иесі, тыныштықтың киесі жарық Күн, мен бұлттан биік арманыма қол создым! Бұлайша асқақ армандамауға хақым жоқ! Себебі, менбатырлықты мән көрген, ақыл мен білімді егіз еткен әкемнің тұяғымын!» Жігерлі ой жол қысқартып, Ұлмекен діттеген жеріне тез-ақ жетіп келгендей сезінді. Күздің тағы бір сырбаз таңы сылана атты. Таң арайы бүкіл табиғатты оятып, адамдарды қауырт тірлікке бастады. Ұлмекен де шапшаң жиналып, мектепке келді. Алғашқы сабақ орыс тілі болатын. «Білмейтіні жер астында» деп оқушылар таңдай қағып құрметтейтін Майгүл Бинұрқызы сыныпқа шәкіртерінен бұрын келіп жайғасыпты. Ұлмекен қағазға шұқшиып отырған ұстазына амандасты да, партасына беттеді. Кенет ұстазы Ұлмекенге күтпеген жерден тосын сауал тастады: -Ұлмекен, осы сен үнемі ой үстінде жүресің. Сенің әдемі жанарыңның тұңғиығына белгісіз мұң шөккен. Соның мәні неде? Құпия болмаса, айтшы.-Ұлмекен тосылып қалды. Мұндай тым салмақты сұрақты әлі еш ұстазы қойған емес. Ұстазының көрегендігіне сүйсіне,қысқа, бірақ астары қалың жауабын жеткізді. -Мен-әке аманатын арқалаған жанмын. «Ұлға бергісіз болсын» деп есіміме зор мән ұялатыпты. Сондықтан мен әрдайым әке аманатына абай болуды ойлаймын. -Аманатқа қиянат жасамайтыныңа мен психолог ретінде сенім білдіремін. Ал, менің саған жүктер аманатым Дәурен болмақ. Тым нашар оқитындықтан, сендей алғырдың жанына әдейі отырғыздым.-Ұлмекен ұстазының әзілге сүйеп айтқан сөзіне ақырын жымиды да, «көз қырым Дәуренде болады, Мйагүл апай» деді. Ұлмекеннің соңын ала келген шәкірттер «осы қыз қашан көрсең, бірінші келіп алып, қарақшыдай қақиады да отырады. Ұйықтап қалу дегенді білмей ме екен?» десіп, өзара күбірлесті. Майгүл жинақы қалыпта сабағын бастады. Үй тапсырмасын тексермейтін кезі жоқ. Кімде-кім дайындықсыз келген болса, екілік баға қойып, айғайлап ұрсып, жазаға ұшыратпайды. Өзінің қарыз дәптеріне жазып қояды. Оқушыға кез келген уақытта қарызын өтеуге мұрсат береді. Құқығын дер кезінде пайдаланбаған шәкірт тоқсан соңында шырылдаған торғайдың күнін кешеді. Мезгілінде орындалмаған тапсырмалар қиын сынақ болып алдынан шығады. Бұл жайында қу тілді оқушылар «Қарыз дәптер, шығарар әптер-тәптер» деп мақал да таратқан. Бүгін сол қарыз дәптерге Дәурен бастаған бір бесеу ілінді. Майгүл ұстаз биязы үнімен сабақты жалғап әкетті. Тапсырмаға берілген прозалық үзіндіні нақышына келтіре оқып берді. Ары қарай мәнерлеп оқуды оқушыларына тапсырды. Құралай бастап, Айжан қостап, баптап оқу тапсырмасы Ұлмекенге де жетті. Оқып болып Дәуренге өзі аялдаған жолды шұқып көрсетті. Неге екені белгісіз, Дәурен кітапқа үңіліп үнсіз отырып қалды. Сынып бөлмесін шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық басты. Ақыры шыдамы таусылған Майгүл: -Ұлмекен, қай мәтін екенін таппай отыр ма? Көрсетіп жіберші,-деді. Ұлмекен көршісіне және жөн сілтеді. Жылауға ыңғайланып отырған Дәуреннің түрін көріп сасып қалды. «Осы жерден ары қарай оқи бер,»-деп сыбырлады. Дәурен қорс еткізіп мұрнын тартып қалды да, «манадан бері тығылып тұр екен ғой, неге жасырынады?» деп жыламсыраған үнімен дауыстап оқуға кірісті. Оқушысының сонша күйгелектенуіне Майгүл таң қалды. Оқушылар партаға жатып, мәз-мейрам күлкіге булықты. Жалғыз Ұлмекен Дәуренге жаны
ашып қарап қалды. Бірде сыныптағы аты шулы тентек Тыныштық Дәуренге жөнсіз соқтыққанда, оның «сен сияқты азуы алты қарыс әкем тұрса, мен де төбелестен басқа ермек таппай ерігіп жүрер едім ғой» деген сөзін құлағы шалып қалған. Сонда сезімтал қыз «әкесіз өскен болды-ау» деп шамалаған. Әке құшағын, оның қамқорын сағынып күн кешудің қандай екенін білетін Ұлмекеннің езу де тартпаған себебі осында. Сабақтың тамам болғанын жариялап, қоңырау соғылды. Үзіліс кезінде Бекжан: Жылайды жапырақ, Жылайды жапырақ, Дәурен де жылайды, Ақ жүзін бүркеп ап!-деп сыныптасын әжуалауға кірісті. Оқушылар тегіс күлкіге көмілді. «Тауып айттың» деп Бекжанды арқаға қаққандар да табылды. Ұлмекен орнынан қалай атып тұрып, Бекжанның қасына барғанын білмей де қалды. «Мазағыңды доғар! Дәуренәкесіз өскен, жарым көңіл бала,»-деп сыбырлады. Кешірім сұрау жағын да шегеледі. Бекжан жүзі жанып отырған Дәуренге барып, «Достым, ренжіп қалма», деді. Бұл кешірім сұраудың астарынан бір гәп сезіп қалған Тыныштық келіп килікті. -Табан астында райыңнан қайтардай Ұлмекен саған не деді? Айт қане! -Ұлмекен басқа жайтты айтты. -Үйіңе көзің көгермей, аман қайтқың келсе, дереу айт!-Бекжан Ұлмекеннің тыйым салғанын баяндады. Оның себебін Тыныштық өзі ойлап тапты. -О, жараңдар! Соңғы жаңалыққа құлақ түріңдер! Ұлмекен жаңа мектептен мәңгілік махаббатын тауыпты. Қол соғып, құттықтаңдар! -Ей, Тыншытық, атың затыңа кереғара қандай адамсың? Менің тыншытығымды бұзам деп ойлама!-Осылай деп дауыстаған Ұлмекен алақанының қырымен сыныптасын ішінен салып қалды. Мұндайды мүлде күтпеген Тыныштық не дерін білмей, «Ұлмекен, расында ұл ма екенсің!»-дей берді. Қанша тентек болса да, қыздарға дөрекілік көрсету табиғатында жоқ ақылды есерге қыздың батыл әрекеті ұнап қалған еді. Қаздаңдай басып, сыныпқа Алтынай мұғалима кіргенде, оқушылар әлі дабырласып отырған. -Қане, тынышталамыз! Ұлмекен, саған айтар жақсы жаңалығым бар, жақын келші! -Алтынай апай қызық! Осы мектепте баяғыдан оқыпғ, еңбегіміз сіңіп келе жатқан бізді елемейді. Жақында ғана келген осы қызды көтереді де жүреді. -Иә, бүгінгі күннің қаһарманы да Ұлмекен болды. Енді тағы қандай оқиғаның басты кейіпкері атанар екен?-деп күншілдіктің қызыл итін қыңсылатқан бір-екі қыз жақтырмай сыбырласып отырды. -Ұлмекен, Оралхан Бөкейдің құрметіне арналған мектепішілік көркем сөз сайысы өтеді. Сол сайысқа сені ұсындым. Жеңсең аудандық сайысқа қатысасың. Одан да жүлделі оралсаң, республикалық жарыс күтіп тұрады. -Апай, Ұлмекенді дұрыс таңдап алғансыз. Ол жеңіліп бара жатса, қарсыласына жұдырық ала жүгірсе де, әйтеуір, бір амал қолданады. Сөйтіп жеңімпаз атанады.-Тыныштық ұстазының пікірін бар жанымен қостай жөнелді. -Түу, Тыныштық, сен күнде Ұлмекеннен таяқ жеп жүргендей сөйледің ғой! Қоя тұршы даурықпай! Ұлмекен, сабақ соңында менің жұмыс бөлмеме кел, Дайындықты бастаймыз. Айтылған уақытта сап етіп жетіп барған Ұлмекенге ұстазы байқаудың шарттарын түсіндірді:үш бірдей жанрдағы әдеби шығарманы көрермен жүрегіне жеткізе мәнерлеп жатқа оқу, сондай-ақ актерлік шеберлікпен образды ашу. Ұстаз әдеби шығармалардан үзінділерді әзірлеп те қойыпты. Бір шолып қараған Ұлмекен ұуанып кетті. Кілең өзі сүйіп оқитын тұлғалардың туындылары екен. Шәкіртінің жанына жақын, бабына сай шығармаларды іріктеп алғанын сезген ұстаз уақыт оздырмауды жөн көріп, қолындағы кітаптарды Ұлмекенге ұсынып, «Қалай да жаттап ал. Ертең тексеремін» деп қадады. Тексерген кезде таңданғаннан құлап қала жаздады. Ұлмекен ұзақтығы он минуттай болатын «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан белгіленген үзіндіні жаттап алыпты. Мақтау
сөзді сирек айтатын Алтынай: «Бір нүктеге қадалып, шапшаңдатып айта берме, Образға кір!»- деп сынады. -Апай, мен сахнада болмаса, қазір бейімдеп айта алмаймын,-деп Ұлмекен түсіндіріп әлектенді. -Бұлай жарамайды. Сен өзіңді сахнада тұрмын деп елестет.Әр сөзіңді қимылмен толықтыр. -Жоқ, апай, елестете алмаймын. Мына жерде ешқандай көрермен жоқ қой. Мен қалың көрерменнің алдында ғана көсіле аламын. Мені сахнадан күтіңіз. Өз бетіммен дайындалуға рұқсат етіңіз. Мектептің жүздеген адамды сыйдыра алатын кең құшақ мәжіліс залында көркем сөз сайысының қызып тұрған шағы. Жеңістен үміткер әрбір қатысушы әділқазылар алқасына бар өнерін жайып салуға тырысты. Алдыңғы қатарда көрермен арасында отырған Алтынай шәкіртінен бетер қобалжыды. «Еркіне бекер жібердім бе?» деп қорыққан сыңайы бар. Қорқынышы да, қобалжуы да теріске шықты. Сахнаға көтерілген шәкіртін танымай қалды. Көпшілік алдында Ұлмекен Мұқағали жырларындағы қасиет ұғымын ұлықтады. Қасірет үні болып ыңырсыды. Оралхан Бөкей сомдаған Тәуелсіздік жолындағы жанталас халді де дөп басып жеткізді. Желтоқсанда ажал құшқан қайсар қазақ қызы болып, айбарлана, тәкаппар,әрі өктем үн тастады. Ұлмекеннің шебер орындағаны сонша, көрермендердің көзіне жас үйірілді. Қара көзінен от шашып, Ұлмекен сахнада борандай ұйтқыды. «Менешқандай күштің алдында бас имейтін қазақ қызымын» деген өршіл идеяны аңдамай қалған жан болмады. -Қазақты өрге сүйрейтін, міне, осындай жеткіншектер! Тек тіл-көзден аман болсын!-деп әділқазылар алқасының төр аймыы Зибагүл жанарына іркілген жасын сүртіп, әріптесіне қарата сөйледі. -Ұлмекен менің сабағымда да көш бастап отырады. Өзін тарихтан өтетін білім сайысына дайындасам ба деп жүрмін.-Шолпан Зибагүлдің ойын құптай түсті. -Сен кеш қалғанға ұқсайсың. Ұлмекенді бүгінгі жарықса жетелеп әкелген ұстазы Алтынай оны өз пәнінен білім сайысына апармайды дейсің бе!-деп ескерткен Зибагүл Алтынай отырған қатарды меңзеді. Өнерлерін сарапқа салған үміткерлер Зибагүлдің сөзін толқи тыңдады. Жүлделі үшінші орын жаряиланғанда, Ұлмекен байыпты қалыпта тұра берді. Өйткені өзінің еңбегін бұл дәрежеде бағаламаған еді. Екінші орын паш етілгенде жүрегі тулай жөнелді. Бірінші орын биігін бағындырған өнерпаз есімі де белгілі болды. Ұлмекеннің ойына күдік кірді. «Бойымда бар өнерді, өз мүмкіндігімді асыра бағалап, мүлт кеттім бе? Алтынай апайдың алдында әбден масқарам шығатын болды. Әкеме берген уәдем...» Күмән бұлтын Зибагүл ұстаздың бір ауыз сөзі сейілтіп жіберді: «Бас жүлдені мектебімізге келгеніне көп уақыт өтпесе де, өзін жан-жақты танытып үлгерген Олжасқызы Ұлмекен жеңіп алды!» Өзін қаумалаған құттықтаушыларды көріп, Ұлмекеннің төбесі көкке жеткендей болды. Алтынай апайы қолын алды: -Жарадың! Сенімді ақтадың! -Рахмет, ұстазым! Бар жақсылық сіздің сенім білдіруіңізден басталған!-деп жымың қаққан Ұлмекен жанына таяп келген Тыныштықты көріп, таңданып қалды. Оның қолында қымтай ұстаған әлдебір қорапшасы бар. -Ұлмекен, жеңісің құтты болсын! Аудандық сайыстан да шашаңа шаң жұқтырмай кел! Ал, мынау-саған деп арнап алған тартуым. Қабыл ал,-деп қорапшасын ебедейсіз ұстата салды. Ұлмекеннің көз алдына Беріктің бейнесі келіп тұра қалды. Күнделік бетіндегі маржан сағынышы жүрегінің жанартауы болып, атылардай қопарылып кетті. Сезімін ішіне бүгіп үйренген Ұлмекен қарсы алдында жауап күтіп тұрған сыныптасына сыр бермей, ойнақы үнмен: -Бұл сыйлықты әлдекімге әлімжеттік жасап тартып алмаған шығарсың?-деді. -Жоқ, олай емес. Бұл-адал зат. Апам берген ақшаға сатып алғанмын.-Тыныштық ақталып әбігерге түсті.
Оның мына тұрысы Ұлмекеннің күлкісін келтірді. Қыздың жанарында ойнаған жылы шуақ арадағы шәлкес достықтың бастауы болатын. Уақыт шіркін ешкімді күтпейтін, тірі жанға қайрылмайтынқатал қағидасымен зымырап өтіп жатты. Айдаһар қыстың жуасып, келер көктемнің пәрменіне бағына бастаған кезі. Ұлмекен кең пейіл көктеммен қатар сәуір айында өтетін аудандық жас ақындар айтысын тағатсыздана тосып жүр. Аймақтық айтыстан жеңіп келген хабарын әлі анасына да айтқан жоқ. Жан анасын-өмірдегі жалғыз панасын аудандық айтыста көздеген межеден шықса, сонда бір қуантпақ еді. Аудандық деңгейдегі байқау қамына ұстазы Алтынай екеуі қызу кіріскен. Ұстазы күніне бір тың мәлімет,соны тақырып ұсынады. Ұлмекен ол мағлұматтарды өлең тілімен сөйлетеді. Тағатты тауысқан күн де жетті. Сайыскерлерге жұптар кездейсоқтық заңына сәйкес таңдауға салынбай берілді. Өзіне тап келген қарсылас Қымбат екенін білгенде, Ұлмекен таңдай қағып жатпады. Салқын ғана амандық сұрасқан Қымбат іштей сескеніп қалды. Айылын жиғызып, абдыратқанҰлмекеннің суырып салма өнері. Міне, аттары аталған қос сыныптас сахна төріне жайғасты. Сөз додасын бастау кезегі Қымбатқа тиген: Сәуірім салтанатын төккен кезде, Тіршілік жылылыққа бөккен кезде, Домбырамды арқалап келіп тұрмын, Қарсы алғын Қымбат деген ерке қызды! Ұлмекен, келіп қапсың оңтайыма,
Жырыммен дегбіріңіді құртайын ба? Жеті атаңды түгендеп айтып берші, Тектілік,сірә, онсыз болмайды ма?! Өзін танымайтын бөгде біреудің бейнесіндегі ескі танысына Ұлмекеннің зығырданы қайнап, жырын тыңнан нөсерлетті: О, жиналған қалың жұрт, жамағатым, Бір өзіңсің сәлем беріп табынатын. Тоғыз жыл бірге оқыған мына менен, Қымбат-ау, жөнің жоқ қой шошынатын! Сыралғы ескі көзден неге қаштың? Мініңді қатты айтар деп әлде састың? Қазақы қымбат ұғым көп еді ғой, Соның бәрін не себепті белден бастың? Қымбат жарасымды жауабы болмаған соң, домбырасын ұзақ шертіп отырып алды. Ақыры төрешінің ескертуінен кейін, сасқан үйрек артымен жүзедінің кебін келтіріп, жаттап келген бір шумақ сұрағын көлденең тастады. Оған бөгеліп, қиналған Ұлмекен көрінбеді. Сөз барымтасын шынайы таразылаған әділқазылар бас жүлдені Ұлмекеннің қанжығасына байлап берді. Томағасын сыпырған қырандай сөз саптасын түрлендіріп, қыруар қырынан танылған өнерлі қызды ауданда жаңадан ашылған ақындар мектебіне шыңдалуға шақырып, арнайы жолдама ұстатты. Ертеңіне күн сенбі болмаса да, Ұлмекен туған аулы Жиделіге жол тартты. Анасын қуантпаққа асықты. Бар жеңісі жайын жеткізгенде, анасының шаттық ойнар жүзін көруден асқан бақыт жоқ еді! Аяғынан шалып, әуре-сарсаңға салған көктемгі жолдың мидай езілген батпағына да қарамай, алға жүріп отырды. Беймезгіл келген қызын көрген Қадиша қорқып кетті. Артынша қорқынышы қуанышқа айналды. Ұлмекен сөмкесінен мақтау қағазы мен жолдамасын алып шыққанда, анасы абдырап қалды. Перзентінің жетістігіне шаттанып, осындай саналы қыз сыйлағаны үшін Құдайына шүкіршілік етіп тамсану, тұла бойы тұңғышын матқан тұту сезімдері ию-қию араласып, ананың көзінен ыстық жас болып төгілді.
-Апа, жылағаныңызға жол болсын. Мен сізді қуантайын деп асығып келсем, жанарыңызды жаспен жуғаныңыз не?-Ұлмекен анасын жас балаша еркелетіп, құшағына алды.Сезімтал қыз бұған дейін ана көзінен үзіліп түскен тамшылар мен бүгінгі жанарында ойнаған шықтардың өзара қарамақайшы екенін жан-жүрегімен түйсінді. -Қызым, бұл қуаныштың көз жасы ғой. Адам шексіз шаттанғанда да,жас дегенің өз-өзінен құйыла береді екен.-Жүзі күлімдеп тұрса да, жанарында мөлдір жас жалтылдаған анасы Ұлмекенге өзгеше сұлуланып көрінді. Осы кезде Жалғас келді жүгіріп. -Әпке, апамды сен жылаттың ба? –деп жауап алуға кірісті. -О не дегенің, балам! Әпкең мені жылатушы ма еді? Ол мені қуантуды ғаа біледі. Тентегім, әпкеңнің жеңістері жүрегімді қуанышқа толтырып, көзімді жаспен бұлады. Қане, жеңімпаз әпкеңді құттықтап, бетінен сүй!-Әжептәуір бойы өсіп қалған Жалғасқа Ұлмекен өзі иілді. Шолжаңбай бауыры мойнына асылып, екі бетінен кезек өпті. Шатшадыман шақ қашанға дейін созыларын кім білсін?! Үйге көршінің ұлы Аман екпіндей кірді. -Қадиша апай, көзіңізден жас көрінсе де, бет-ажарыңыздан шаттық лебі есіп тұр. Мәнісін Жалғас інімнен біле жатармын. -Аман, деміңді бас. Хал-жағдай сұрасайық!-Әкесі өмір сыйлап кеткендіктен, туғанындай жақын тартатын Аманға Ұлмекен төрден орын ұсынды. -Ұлмекен, ұмытып барады екенмін, жаңа ғана Өскеменнен Берік қоыңрау шалған. Сені шақырып беруімді өтінді. –Аман сөзін аяқтар-аяқтамастан Ұлмекен атып тұрып, сыртқа ұмтылды. Жанының түкпіріне түйіп қойған сағынышы қанат бітіріп, көрші үйіне лезде жетті. Жылы жүзбен қарсы алған Аманның анасы: -Халің қалай, құдайы көрші? Сені досың сағынғанға ұқсайды. Бағанадан бері бірнеше рет қоңырау шалды.Емін-еркін сөйлесе беріңдер. Мен аулада жүремін,-деп шығып кетті. -Рахмет сізге, апай!-деп бойын толқу билеген Ұлмекен телефонның жанына жайғасты. Шыр ете қалған телефон тұтқасын Ұлмекен көп безілдетпей бас салды. -Алло, Берік! -Алло, менің аудандық ақындар айтысының бас жүлде иегері, көркем сөз сайысының сайыпқыраны Ұлмекен Олжасқызымен тілдесуім керек еді.-Беріктің сәл жуандаған даусын Ұлмекен жазбай таныды. -О, Көсем! Мен жайлы болжап білдің бе? Әлде жүйрік желден хабар алдың ба?-Ұлмекен аптыға сөйлеп, сағынышты күйін үнінен аңғартып тұрды. -Тіл падишасы, даусыңа зар еттің ғой! Соншама жақсылықты маған жарияламай, жымжырт қалай жатырсың?-Ұлмекенге бала кездегі досы өкпелеп емес, еркелеп тұрғандай әсер қалдырды. -Түу, Көсем, өкпелегеніңе болайын! Мен жеңістерімді бірінші анама жеткіздім, кезек саған енді жетейін дегенде, өзің алдымды орап кеттің. -Достым, сен бұлтаққа салып, менен оңай құтылам деп ойлама! Қазекең «достың көңілі бір атым насыбайдан қалады» демеуші ме еді! -Іргесі берік достығымызға оп-оңай сызат түсіретін ақымақ мен емеспін. Сәл нәрсеге салқын тартып, теріс айналар сен емессің! Мен бұған сенімдімін! -Пай-пай, сөз саптасынды-ай сенің! Жүрегімді елжіретіп жібердің ғой менің! Болмашы өкпе бұлты бар еді, мына ұйқастарың оны да сейілтіп тастады. Құттықтап бетіңнен сүймеске лажым қалмады. Тойларда ұзақ сөйлейтін қаряилардай бүгін бір көсілгім келіп тұр. Досым, жүрекжарды тілегіме құлақ сал! Бағындырған асуыңды алдағы шыңдарға апаратын дара жол деп білгейсің! Қиындық кездессе жолыңнан бұзып-жарып өткейсің! Биіктерден көрініп, жарқырап, сірә, жүргейсің! -Тілегің жүрегіме жетіп, мәз-мейрам болып тұрмын. Рахмет деп мың мәрте айтсам да, аздық ететіндей! Тебіренткен төкпе сөзіңді естіп, келесі жылғы ақындар айтысында қарсылас болып келіп жүрерсің деп қорқып қалдым.-Ұлмекен сыңғыр күлкісін араластыра қалжыңдады. -Ұлмекен, қорықпа. Мен саған сенем.
-Берік, өткен жылдары бір депутат сайлау алдында «мен халқыма сенем» деп теледидардан түспейтін еді ғой. Сол сияқты сен де...-Бұл жолғы ақ жарқын күлкінің иесі Берік болды. -Қой, Жігітеке, менің саған білдірген сенімімде ондай бақай есеп жоқ. Халық сенімін қара басының пайдасына жаратпақ болған депутатсымаққа теңеп, мені келемеждегенше, болашақтағы байрақты бәсекелерге барыңды сал! -Достық пейіліңе, сұлу сеніміңе көлеңке түсірмеуге уәде берем, Көсем!-Ұлмекен ант қабылдап тұрған сарбаздай саңқ ете қалды. -Онда серігің сәттілік болсын! Мен қоштаспаймын. Сен жақсылыққа шомылған және бір күні қуанышыңды бөліспекее қоңырау шаламын. -Берік, менің көңіл-күйімді әлденеше есеге арттырған саған ризашылығым шексіз! Сеннағыз доссың!-Телефондағы әңгіме аяқталса да, екеуара сыйластық, достық дәнекері үзілмеді. Әр қадамын бақыт шырағымен көмкерген Ұлмекен сыртқы есікте Аманның анасымен қақтығысып қалды. -Қызым, байқаймын, Берік сенің көңіліңді марқайтатын жаңалық жеткізген тәрізді. -Апай, кешіріңіз. Сізді аңғармай қалдым. -Ештеңе етпейді. Мен сендердікіне баруға жиналдым. Жүр, бірге барайық! -Апай, сіз өзіңіз бара беріңіз. Менің қазір ат ізін салуға тиіс бір жерім бар.-Қыздың қайда бет алғанын іштей шамалаған көрші басын изеді. Иә, Ұлмекеннің жан түкпіріндегі көктем күйді бөліскісі келген тағы бір жақыны бартын. Өзі үшін аса қымбат осы бір жанмен бетпе-бет тұрып тілдесе алмайтын. Тірліктен торықса, жазықсыз жапа шегуден қорықса, оған мұңын шағып, құшағына енуге қауқарсыз болатын. Сағынышы жанын сыздатса, оның көздеріне мейлінше қадала қарап мауқын басуға да амалсыз болатын. Ардағын көңілінде қанша аяласа да, оны құшып-сүйе алмайтын. Әйткенмен әке елесімен тілдесудің өзі қызға қуаныш сыйлайтын. Ұлмекен өлілер мекеніне-әке бейітіне келе жатты. Жол бойы әкесімен бірге өткізген, балаң көңілінде жатталып қалған бақытты шақтарды елестетумен болды. «Ботам» деп құшағына алғанда, өзіне жаһандағы жамандық атаулы жолай алмастай сезінетін. «Ұлға бергісіз қызым бол» деп басталатын әке өсиетінің әр сөзіне дейін санасында жаңғыртты. Елестерге жан біткені сонша, жанында жайраң қағып еркелете күлімдеп әкесі келе жатқандай сырлы сезімге бой алдырды. Әкесінің адымына ілесе алмай, ақыры жүгіре жөнелетін ерке қылығы есіне түсті. Қамсыз кездегі қарекетін қайталамақ болып, қадамын қарыштай басты. Көктемгі жауын суынан илектеліп жатқан жолдың батпағы аяғына тұсау болып сүрініп жығылды. Әлдекімге ерегескендей жылдам тұрып, қолын құстың қанатынша жайып жіберіп айғай салды: «Ей, дала! О, мүлгіген тыныштық! Естимісіңдер мені? Менбатыр әкемнің қызымын! Өмірде жығылсам, мүлт кетіп сүрінсем, қайта тұрып жүгіруге дәрменім жетеді. Өйткені мен әкемнің рухынан күш аламын. Себебі, әкем үнемі менің қасымда.»Қыздың қайсар үнін жауапсыз қалдырғысы келмегендей көктемгі кезбе жел тоғайлардың ұщар басын тербеді. «Құс біткеннің панасы, аптаптан қашқан жанның саясы болар көлеңкелі тоғайлар, уілдеген үндерің құлағыма жетті. Мені қолдағандарыңа рахмет!»-деп Ұлмекен кең атыраптың тыныштығын бұзды. Табиғаттан өз бойына тән үндестік тапқандай болып, қыз байыпты қалпына көшті. Ми батпақ аяқ киіміне жабысып, әр адымын қиынға соқтырды. Амалсыз баяу басып, мәңгі тыныштық билеген қорымға келді. Бетін сипап, күбір етті. Әке бейітіне таяп келіп, сыбырлап сырын айтып, ағынан жарылды: «Әке, әкетайым, мені сағынып қалған боларсың?Сенің шапағатыңа шөлдеп, Ұлмекенің келіп тұр. Арқалап әкелген абыройлы жаңалығым да бар. Айтпағым сені сөзсіз сүйсіндіретініне сенімдімін. Шабандоз боламын деген балаң арманым есіңде ме? Сол арманымнан адасқан жоқпын. Ойымды баптап, көркем кестелі жыр шабандозы болуға бекіндім.Сенің сүйікті жорғаң Бойтұмарға міну үшін сан мәрте талпынып, ақыр соңында өзіңнің қолдауыңмен тізгінге ие болған едім. Ақындық әлемінің одан да жойқын асуларды
алдыма тартатынын білемін. Бірақ бұл жолда жанымда сен жоқ деп қамықпаймын. Сен маған сәт сайын дем беріп, қанатыңмен көмкеріп, қорғап жүресің. Ақындық атты киелі көкте самғағым келеді. Менің жырларым сенің батырлық қасиетіңнен, ғибрат-өсиетіңнен нәр алмақ. Әкелік батаңмен ақ арманыма аттанған сапарым оңғарылар деп қолымды жайдым. Биікке ұмтылған пәк ниетімді қабыл етіп, батаңды бер, әкетайым!» Жауын жеп, күннен тотыққан әке суреті қызына мейірлене қарап тұрды... Әңгімелер Өлгендер қайтып келеді (әңгіме)
-Отағасы, жиналыстарың аяқталды ма? Тез келдің ғой. -Жиналыс емес, ауыл өсегін тасып жүрген бір қуаяқтардың тірлігі дерсің. Ешкімге сөз бермей, жан баласын тыңдамай кетті ғой,-Егемберді аудан әкімдігінің «келе жатыр» деген дақпырты зор, елді көп күттірген жиналысына көңілі толмағанын даусынан аңғартты. -Е, оның несіне ренжисің? Олар бәрі жақсы десе, жақсы болғаны. –Бәйбішесі отағасының көңілін аулағаны, не билік өкілдеріне сонша сенгені белгісіз, сабырға шақыра сөйледі. -Көреміз биылғы көктемде не жаңалық болатынын. Бәрін қағазда ғана сайратпаса болды. Айтпақшы ертең мен ауданға жүремін. Жұмыс жайына қажет заттар алуым керек. -Әке, мен де барайыншы. «Апаңа көмектесіп, елгезек болсаң, өзіммен бірге алып жүремін» деп уәде беріп едің ғой,-деп үлкен ұлы Олжабай сөз орайын пайдаланып, әкесі мен шешесінің әңгімесін киіп кетті. Қызылағаш таңы күндегідей арайлана, сырбаздана атты. Түн сұлуы Ай жарық нұрдың падишасы Күнге тіршілік атаулының амандығын аманат еткендей ығыса берді. Күн ұясынан көтерілмей жатып, тірі жан біткеннің бәріне шуағын төгіп, бір түгендеп алғандай. Әдеттегі ауыл тірлігі басталмай тұрып, Егемберді Олжабайын уәде бойынша ертіп, жолға шықты. Үйде Зейнеп пен кішкентай ұлы Кенжетай қалды. Шешесінің етегіне оратылып жүріп, Кенжетай ойынға да үлгеретін. Күні бойғы сылбыр тірлік кешке қарай тіптен көбейіп кеткендей. «Таңның атқанынан кештің батқаны тез» деп күңкілдеген Зейнеп малын қоралады. Не жұмыс істесе де, көңілі алаң. Отағасы әлі келмеді. «Жолаушының бөгелгенінен сүйін» деп өзін іштей жұбатса да, жүрегі өрекпіп қояр емес. Тіршілікті бар шуағымен аймалап, аялаған күн қып-қызыл шапақтарын шашып, жер бетін қимай тұрғандай. Бүгінгі түнді аппақ сәулесімен бөктіруге ай да асығар емес. Киелі күннің аманатына қиянат жасағысы келгендей, кеш қарауытып, күңгірттеніп басталды. -Жеңеше, ағам әлі келмеген бе?-Үйге көңілді кірген отағасының кіші інісі Қосжан Кенжетайды құшағына алды. -Иә, әлі келген жоқ. Бұлай кешікпейтін еді. Төрлет, шай дайындайын. -Жеңгемнің шайы бал татиды ғой, шіркін. Ішіп бір арманда, ішпей екі арманда жүрміз, міне, -Қалжыңыңды қоя тұршы, Ерке бала. Бір жайсыздық болып қалатындай жүрегім қысып тұр.-Зейнеп еңсесін езген қайғысы бардай алаңға беріле сөйледі. -Түу, жеңге, ағам күні бойы жаныңызда болмағанға жүрегіңіз қысып тұр ма? Қызғанышты қойып, маған бал татыған, қаймақ қатқан шайыңыздан беріңіз!-Қосжан жеңгесін әзілмен бастырмалатып, езу тартқаннан басқаға амалын қалдырмады. -Апа, Қосжан ағам қонақ қой, иә? Қонаққа көп кәмпит саалсыз ба?-Өз жайын қамдаған Кенжетай қулығын асырғысы келіп отыр.
-Кенжеш, Қосжан ағаң кәмпитті ұнатпайды. Сол үшін дастарханға тәттілер салмаймыз. -Апа, кәмпит! Апа, кәмпит!-Қыңқылдап жүріп өз дегенін орындатып үйренген Кенжетай жуық арада сабасына түсер емес. Ақыры Қосжан Кенжетайдың жанында қалды да, Зейнеп дүкеннен тәттілер алуға сыртқа шықты. Көңіліндегі белгісіз түйткілді әлденеден тарқата алмаған Зейнеп ауылдың қараңғы көшесінде түртінектеп келе жатыр. Киелі күннің «тіршілікті сәулеңнен кенде етпеші» деген тілегіне қараулық еткісі келгендей бүгін ай ағараңдап болса да көзге түспеді. Тіпті түнгі аспанның сәнін келтірер жұлдыздарды да түнек бұлтқа тұмшалап тастапты. «Белгісіз мұң арқалатқан бұл күн де өтер, ертең-ақ аппақ болып таң атар» деп өзін іштей жұбатқан Зейнеп дүкенге жақындай бергенде кенет бүкіл ауыл иттері ұлып ала жөнелді. Тұла-бойды түршіктіріп ұзақ ұлыды. Әлдебір жамандықтың келіп қалғанынан хабардар еткісі келгендей төрт аяқтылар тым-ақ ащы азынады. Бұл азынау үн Зейнептің жадында бір сәтті жаңғыртты. Анасы о дүниелік болғанда дәл осылай көкке қарап, көкірегін тырнап зарлағаны есіне түсті. Ол кезде өрімдей жас еді-ау... Өз өмірін анасынсыз елестете алмай, оның көз алдынан кеткеніне сене алмай, ешкімге жұбату бермей егіліп еді сол күні. Ғұмырында үлкен қасірет шеккені де сол күн. Ол кезде Зейнеп анасын жоқтап еді, ал бүгін мына иттер дәл сол дауыспен... Өз ойын аяқтауға сескеніп, жарығы жылтыраған дүкенге кіре берді. Мұнда да ауыр тыныштық билеп алыпты. -Сәулеш, кеш жарық! Жақсы кәмпитің болса берші. Кенжешім қиғылық салып жатыр.- Зейнеп сатушымен сөйлесіп, ойындағы манағы секемін сейілткісі келіп-ақ тұрды. -Кенжешіңнің қиғылығы қиын соғатын түрі бар саған. Дүкенде кәмпит таусылып қалған. Ертең тауарға барамын деп тұрмын.-Сәулеш жадыраңқы жүзбен тіл қатты. Жоғын жолықтыра алмаған Зейнеп қыр көшеге түсті. Кенжешіне қалай тәттісіз барсын?! Кәмпит іздеп шыққан сапары неге сәтсіз болсын?! Дәрігерлер «екінші рет құрсақ көтерсең өлім құшасың» деп өрекпіп өре түрегелгенде, Құдайдан «Олжабайым жалғыз болмасын» деп жылап-сұрап алған Кенжетайы емес пе?! Адамның айтқаны келмей, Алланың қалауы жеңіп, Олжабайының соңынан ерген былдыр тілді тәтті кенжесі емес пе?! Ал Зейнеп баласы кәмпит емес, жан пида болуын сұраса еш ойланбайтын ана болатын. Қыр көшеге де жетті. Үлкен дүкеннің жарығы алыстан көзге ұрады. Бұл дүкеннен іздегенін табатынына бек сеніп, аяғын тездете басты. Күтпеген жерден түсініксіз дүмпу естілді. Бұл дүмпу әйелдің жүрегіне қасірет қанжарындай болып қадалды. Не сұмдық болғанын анық бажайлай алмаса да, бір зұлматтың орын алғанын анық сезіп, үйіне қарай жан ұшыра жүгірді. Тек ұлының өміріне деген қорқыныш байқұс ананың адымын аштырмады. Әл-дәрмені құрып, буыны дірілдеген Зейнеп үйіне қарай тырмыса берді. Ауа қарманып, құр тырбанған ананың құлағына ұлыған иттердің үні мен жылаған сәби даусы анық естілді. Жердің үстіндегі өмір нұрын, тіпті бүкіл тірі жан атаулыны тыныстан ада етемін деп, жарық нұрда есесі кеткендей түнекті орана жеткен бұл жойқын тажал ауыл іргесіндегі су қоймасынан шыққан еді. Су қоймасына адам қолымен қамалған ажал аждаһасы бүгін ауыздығын сыпырып тастап, еркіндікке еліре шықты. Қоймадан биік толқын болып атыла шығып, арындап ауыл шетіне ілінді. Ата дұшпанын алқымнан алғандай болып жайпай жетті. Жолындағы көк шөпті де аяп жатпады. Тапап өтіп, азан-қазан шуға толған ауыл ішін кезіп кетті. Қыбырлаған құмырсқа да су долысынан құтыла алмады. Дүлей тасқын аяр шеңгелін тарылтып, бойында жаны бардың бәрін ажал алақанында ойнатты. Қашып құтылуға қауқары қалмаған ауыл адамдарын мазақ еткендей күркіреп күліп, «қарсы тұрар қайсың бар» деп кекеткендей жолындағыны жапырып жөней берді. Үйінен қашып шығып, қолындағы нәрестесін өлімнен қорғамақ болып баурына қысқан бір жас ананы алапат тасқын толқынымен түйреп әкетіп, келесі толқынға қақпақыл етті.Аяуды білмейтін жендет анамен құдірет теңестірігісі келгендей оның баурындағы нәрестені айырып әкетпек болып жұлқылады. Ажал дариясына алдымен сәбидің сүңгігенін көруге асығып, ананың әлуетін қашырып, өз айласын асырып ойнақ салды. Қанша құтырынғанымен, ананың құшағындағы сәбиді ала алмады. Ана құдіретімен күресте жеңіліске ұшырағанына
жынданып, құшақтары айқасқан ана мен баланы тасқынға шым батырды. Әбден күшіне енген түнек тасқын жолында кездескен тағы бір баланы әкесінің құтқаруына жеткізбей суп-суық құшағына алды. Көз алдында шырқыраған баласына жәрдем ете алмаған шарасыз әкені үй-орманымен бірге жұтып жіберді. Айыр тілін сумаңдатып, ауыл ішін тойымсыздана тінткілеген сұм тасқын ажалдың ұпайын түгендеп беріп, өзімен күші тең келмейтін қарсыласын жер қаптырып, өлімші күйден өлім әлеміне лақтырып, ауыл үстінде айызы қанғанша жын ойнақ салды. Қарсы кездескен тіріні өлі етті, түзуді бүкір етті. Ажалдың биін түрлендіре билеп, ауылды аласапыран етіп кете берді. Соңында құлаған, қираған үйінділер мен бұлтқа бүркеніп бетпақтанған айға қарап ұлыған иттердің үнін қалдырды. Ит екеш ит те ертеңін ойламаған есерсоқ Адамның қолынан оңтайлы сәтте жүгенін сыпырып, тулап қашқан тажалдың ойранын аза тұтып ұзағынан ұлып жатты. Тасқын лап келгенде Зейнеп үйіне қарай ұмтылған еді. Бірақ аяғы әлденеге сүрініп кетіп, қатты затқа басын соғып, есінен танып құлаған болатын. Әйелдің есін жиғызған жарасының жеңілдігі емес, наурыз айындағы әлі жыли қоймаған көктемгі жердің суық ызғары болатын. Ажал толқындары қыр көшені емін-еркін қирата алмай, тек ой көшелерді ойсырата апатқа ұшыратты. Зейнеп аяғын тәлтіректей басып, тас түнекте үйінің бағытына қарай бет алды. Жүргенінен құлағаны көп. Шекесінен шып-шып аққан қаны көзіне құйылып жатса да, әр құлағанда жерден жеген таяғы тәніне батса да, өлерменденіп қайта ұмтылды. Ауылды ұрымтал тұстан аңдып келіп тап берген өлім өзені енді ес жидырмай шор-шор ағып жатты. Зейнеп есіл-дерті баласы болып алға ұмтыла берді. Жан-дүниесі қатты аласұрып, сәлден соң болып жатқан жайтты ақылмен зерделеуден қалды. Сүрініп кетіп қанды суға құлап түсті. Құлап жатып қолына ілінген жұмыр затты жалма-жан баурына басты. Тура бір сәбиін әлденеден құтқарғысы келгендей құшағына қысып тұрып «Кенжешім, тоңып қалыпсың ғой әбден. Келдім, міне, құлыным! Енді жаурамайсың!»-деп шырпыға мейірленіп сөйлей жөнелді. Бір сәт қанды суды белуарынан кешіп тұрып бойын тіктеп алды да, «Кәмпит? Балам, мен кәмпит әкелмедім! Кешірші апаңды! Кешірші!»-деп аңырады. Көкке жетердей күңіренген ананың шерлі үніне иттерінің ұлыған даусы қосылды...
... Жерошақ басында екеу отыр. Бүк түсіп отырған әйел отқа қарап қадалып қалған. Ойланып емес опық жеп отырғандай. Қозғалыссыз отырған әйел қу шырпыны сығымдай ұстаған. Ата жауына атылар оңтайлы сәтті күткендей іштей шиыршық атқан бір күй. От жалыны әйелдің жүзінде билей түсіп, біресе оның жүрегінде шөккен шерді аңғартып қалса, біресе өзегін өртеген запыран өкініш өрнегін жанарында шық болып ойнатты. Бұл отырған Зейнеп еді. Азалы күні ақылынан алжасқандай ауыл ішін зарлай кезіп жүрген жерінде Егемдерді мен Олжабай жолықтырып, сабасына түсірмек болған еді. Кенжешінен еш хабар болмай, қайғыға бөккен отағасының қасіретін әйелінің мына бейшара күйі тіптен еселеп жіберген болатын. Қара орманы су астында қалған, інісі мен бүлдіршін ұлынан бірақ кұнде көз жазған отағасының жүрегінде аты-жөні жоқ жек көрушілік сезімі оянды. Көңілі қалмай қайтсін, құжатсыз қалғандарын айтып әкімдікке барғанда «Сенің Егемберді екеніңді, ал ана есі ауған әйелдің Зейнеп екенін қайдан білейік? Дәлелдейтін құжаттарың бар ма?» деген арсыз күлкіге қалған. Ошағын ойсыратып кеткен ойранды мекеннен көңілі суып, Егемберді «бармаймын, Кенжемді қалай тастап кетемін?!» деген әйелінің бебеуіне де қарамастан осы жалғыз үйлі фермаға малшы болып жұмысқа орналасты. Шаруа қожалығы Дәулет дархан мінезді көрініп, әрі құжат жағын реттеуге де көмектесуге қауқарлы екенін айтып, осында алып келген. Содан бері отбасы үшін азапты күндер басталды. Олжабай балалық күйден арылып, ата-анасының қабағына жаутаңдаумен жүр. Тәтті қылықты бауырының нақты қайда кеткенін білмесе де, іштей оның бір сұмдыққа тап болғанын бажайлайтын бала жүрегі. Әсіресе анасының тірі аруаққа айналып, елеске еріп естен танғаны бала жанын қинап бітті.
-Апа, сүт тасып кетті!-Олжабай анасының иығынан қақты. Оған селт еткен Зейнеп болмады. -Апа, сүт тасып, бетіне сап-сары болып қаймақ қатты. Қазанды үйге апара берейін бе?- Олжабай бұл сұрағына да жауап ала алмады. Кенет Зейнеп орнынан жылдам тұрып, сүт толы қазанды үйге алып кірді. Еңсесі төмен тар үйге кіре салысымен, тездете шам жақты. Асығыс дастархан жасауға кірісті. Қимылында «үлгермей қалсам қайтем?» дегендей бір қауіп бар. Малды қоралап үйге отағасы да енді. Дастархан басында үшеу ғана отырса да, Зейнеп төртінші бір адамға кесе қойды. Жанында бір кеседе қаймақ толып тұр. -Кенжешім жаңа піскен сүттің қаймағын жақсы жейді. Суып қалмасын деп шайды шапшаң дайындағаным сол,-деп шам жарығына қарап күлімдей сөйледі. -Зейнеп, сен тірі қалған балаңды мүлде аямайсың. Оның қамы сені алаңдатуды қойған. Олжабайдың көзінше бар айтарыңКенжеш. -Мен Кенжеш десем одан біреу зиян шеге ме екен? Қәне, кім бар менің баламды сағынып күткенімнен қиналып қалған?-Зейнеп даусын көтеріп, ширыға бастады. -Қайғыдан қан жұтқан жалғыз сен емессің. Кенжеш-менің де үлкен қайғым, Олжабайдың сағынышы. Бірақ соның бәрін сен аттап өтіп, аңғармағансып шер біткеннің уын өзің сіміріп, бізге де еріксіз сіміртіп жүрсің! -Кенжеш менің қайғым емес, сыздаған сағынышым. Оны көрмегеніме қанша күн, қанша түн өтті?! Есебінен жаңылдым. Оның хабарынан, амандығынан беймәлім жерге сырғақтап келіп, мені тұншықтырған сенсің. Ұлым ана ауылда үйімізге келген болар! Одан да бейхабармын.-Әйел шам жарығынан жүзін теріс әкетіп, қараңғы бұрышға қарап бірбеткей күйде күбірледі. Құдды бір отбасының жанында емес,айдауда жүрген ғаріптей таусыла күңкілдеді. Осы сәт Егембердінің шытынап жүрген шыдамы шыдас бермей сөгіле берді. Ол Зейнептің ұлына деп қойған кесесін алып құлаштай лақтырды. Әкесінің бұл әрекетіне Олжаюай шыр ете қалды. Үрейі-анасының жанын бұрынғыдан да бетер жаралап алмауы. Бірақ Зейнеп жыламады. Сынған кеседен сап-сары қаймақты уыстап алды да, «балапанымның ырзығын ешкім төге алмайды» деп басқа кесеге ауыстырып сала қойды. Шам сөнді. Ішілмеген шай, жиналмаған дастархан бір берекесіздікті білдіріп қала берді. Зейнептің «ұлыммен қауышар сәт жақындай түссін» деген тілегін орындағысы келгендей жаңа бір таң атты.Алайда жаңа таң жақсылық сыйлай алмады. Сол бұрынғы күйбең тірлік, қалтыраған үміт, шытылған қабақтар. Таңғы шай үстіндегі үнсіздік жалғаса берер ме еді, қожайын Дәулет кіріп келді. -Ә, қалайсыңдар? Мал басы аман ба? Басқа фермаларды аралап, сендерге жеткен бетім осы,-деп қырқылдай сөйлеп дастарханға жайғасты. -Мал-жан аман. Ит-құс тиген жоқ. Тыныштық әйтеуір,-деп Егемберді жауабын қысқа қайырды. -Онысы жақсы болған екен. Бүгін шаруа қауырт болайын деп тұр. Егемберді, сен малды өріске ұзатып жай. Олжабай, сен де бар. Әкеңе көмектес!-Дәулет әмір бере әкіреңдеп үйдегілерді тегіс сыртқа шығарды. Егемберді шыға бере төрде тұрған Зейнептің баладай баурына басып еміренетін шыбығын ала кетті. Үн-түнсіз тірліктерін тындырып болған Зейнеп үйге кірді. Төрде өзі қойған жерде шыбықтың жоқ екенін көріп шыңғырған күйі сыртқа атылды. Тура бір туған перзентін әлдекім күшпен алып кетіп бара жатқандағы ана жанталасы. Көлігімен қайта айналып келген Дәулет әйелді тоқтатты. -Ей, не болды далбасалап? Жын көргендей жұлқынғаның не? -Кенжем, балапапынм! Егемберді әкетті!-Зейнеп қолын сермеп отағасы кеткен тұсты нұсқады. -Шыбықты әкетсе не бопты? Жаныңды алып кеткен жоқ қой бастысы!-Дәулет кебеже қарнымен әйелді қаға-соға ішке кіргізді. Әлуетті қолдарымен дәрменсіз әйелді сүйрелей жөнелді. Зейнеп бар пәрменімен тысқа шықпақ болып қанша тырмысса да, еркектің қарулы қолынан құтыла алмады. Дәулет арам ойын іске асырмақ болып, жұмысшыларын әдейі алысқа түрлі тапсырмалармен жұмсап жіберіп өзі қайтып оралған еді. Ожар
қолымен Зейнепті сипалай бастады. Бұл сәт Зейнеп күйеуі шыбықты емес Кенжетайын алып кеткендей шырқырай берді. Бейкүнә әйел тіпті тағдырының өзіне тағы бір теперіш тарту етіп тұрғанын түсінген де жоқ. -Жібер! Кенжеме барам! Босат!-деп тіс арасынан тістене сөйлеп алыса берді арсызбен. -Есуас қатын, апталдай еркектердің өзі тасқынға кетіп өлгенде сенің құрттай балаң аман қалып па? Арманың адам сенгісіз екен. Ха-ха-ха! -Менде нең бар? Далаға барам! Ұлым күтіп қалды!-Зейнеп есерсоқ еркектің түпкі ойын түсінбей арпалыса берді. Дәулет әйелді жығып алып жаман ойын жүзеге асырмаққа кірісті. Тек сол сәтте әйел шыр ете қалды. Мына кеспірсіздің өзін ұлынан емес арынан айыруға жеткенін жанымен сезді. Сол сәт қайғының қара бұлты батпандай болып шөккен Зейнептің жаны тірілді. Зейнеп тірілді. Сүлесоқ, дел-сал халден арылып, қиянатқа қарсы күресу керектігін сезді. Сезді де тайдай тулап тұра келді. Жан дәрмен дегенде асадал тұсқа таяп, қорғанар зат іздеп қарманды. Қолы құр қалмай кішкентай кездікке ілінді. Есер неме есіріп келіп тағы таянғанда кездікті жалаң еткізіп ашып үлгерді. -Ажалыңа асықсаң кел! Мен бір рет баламды қорғай алмай қапыда қалдым! Бұл жолы мүмкіндігімді қалт жібермеймін! Олжабайымның анасы арсыз, Егембердінің жары санасыз болмауы үшін күресем! Мен жеңем бұл күресте!-деп айбындана ақырған әйелге Дәулет батып бара алмады. Бар бітіргені былапыт сөйлеп, алыстан түкіру ғана болды. Бұғаудан босанған тұтқындай үйден атып шыққан Зейнеп ері мен ұлы кеткен өрісті бағытқа алып құстай ұшты. Қолында кездік. Өмірдегі жақындарымен қайта табысуға асыққан әйелдің аяғына шөп те оралғы болмады, тікен де қадалып тұсау болмады. Қайта табиғат та әйел жанымен үндесіп, үйлесім тапқандай, жолына күзгі құрақты ізгілік соқпағы етіп төсеп, алдынан самал жел соқтырып, сергектік райын сыйлады. Титтей кешіксе ұлы мен қосағынан мәңгіге айрылып қалардай зәре-құты қашқан Зейнеп оларды тез-ақ тауып жетіп барды. Қолына кездік алып аяғына шаң ілестіре жеткен әйелін көріп Егемберді шошып атып тұрды. Олжабай анасына қарсы жүгірді. Ана кездігін тастамастан ұлына құшақ жайды. -Құлыншағым-ау, анаңа томаға-тұйық жүрді деп ренжідің бе? Түндерде ертегі айтып, мейірлене сипап ұйықтатпады деп торықтың ба? Қамымды жемей, жылы жүз бермей кете ме деп қорықтың ба? Кешір, балам, анаңды! -Апа! Апа!-Жарты жылдан бері анасының шешіле сөйлегенін көрмеген, қыстыққан үрей билеген Олжабай сансыз сезімдер жетегінде анасына тығыла берді. Баланың көз алдына Қызылағашта жүрген кезі күлімдеп келе қалды. Інісі екеуі аула ішінде асыр салар еді. Екеуі әлдебір затты бөлісе алмаса дереу анасына жетіп барып шағымданар еді. Анасы қос ұлының да өзіне шағымданғанына шаттана күліп, екеуін бірдей баурына басар еді. Тура сол сәтте осы ыстық құшақ пен ана исін сезетін. Бала жаны пәниде сағыну мен азап шегу бар екенін білместен бақыт пен шаттық аулын кезетін. Аналарына мәре-сәре болып еркелеген қос бауыр бөлісе алмаған ойыншықтарын бөлісіп, тәттілерін де тату отырып жейтін. Міне, сол елес жақындап келіп, Олжабайды шынайы сипатымен сиқырлап алардай арбай жөнелді. Кездік ұстаған қолымен ұлын құшақтаған әйелін көріп Егемберді сескеніп қалып жүгіре басып жетті. -Таста кездікті! Баланы жазым етесің!-Ағыл-тегіл жылап, жүректегі шемендерін жаспен бұлаған ана мен баланың құшақтарын Егмберді жаза алмады. -Жоқ, тастамаймын! Мен осы кездікпен Олжабайымның анасының арын қорғап қалдым! Осы кездіктің арқасында сенің әйеліңнің намысына сызат түскен жоқ!-Зейнеп жасын сүртпестен баурындағы баласын құшқан күйі орнынан тұрды. Кездікті алып құдірет күшіндей көріп сүйіп-сүйіп қойды. Сүйіп тұрып Құдайына ризашылығын айтып көкке қарап қолын жайды. Жанарында жасы жарқылдаған, ебіл-дебіл болып жайылып кеткен шашы желмен жалбыраған, көздерінде от ұшқындаған әйелі Егембердіге осы сәт хас сұлудай көрініп кетті. Қаншама уақыт қайғысын жұбатып та, тіпті айғаймен қорқытып та қашыра алмаған жарының жарқын жүзбен тіл қатқанына балаша қуанған отағасы Зейнеп пен Олжабайына құшағын жая ұмтылды.
-Кездікті кезенетін жауым болса тағы да, қорғап қалам мәуесі мол бағымды! Қапы қалмай, өзек талмай жетем күлім шағыма!-Зейнеп тіршілік анасы Күннің алдында ант етіп тұрғандай аппақ нұрға шомып ажарлана түсті. -Апа, әке, ауылға қайтайықшы! Сағындым!-деп Олжабай жыламсырады. Кімді қалай сағынғанын атап айтпаса да, үшеуі де біліп тұрды. -Отағасы, осы уақытқа дейін Кенжешім деп қан жұттым. Қайғы зәрін сенің жүрегіңе у етіп құйдым. Тірі өлік болып, жаным шерге толып, сендегі сұлу көңілдің гүлі солып, баз кештірдім бәрінен! Енді ол Зейнеп жоқ! Өзіңе сүйеу болып, жүзіңді жарық қылып аттанайық ауылға! – кесімді сөйлеп айлар бойғы «есін жимаса, елес қуып жүре берсе күнім не болмақ» деген қорқынышын қуанышпен алмастырған жарына Егемберді бас изеуден арыға аспады. Тоғай түбіне сүйеп қойған Зейнептің баладай көріп еміренетін шыбығын Егемберді өзі алып келіп әйеліне ұстатты. Енді ол шыбық Егемберді үшін болашағына деген қорқыныш пен қауіп-қатердің нышаны емес еді. Үшеуі қол ұстасып емексіген кем көңілдерін демдер жұбаныш іздеп ауылдарына қайтып келе жатты. «Өз ауламда бұрынғыдай асыр салып ойнаймын. Кнжетай да келген шығар бізді сағынып,»-деп ойлады Олжабай. «Иә, аулыма барам, бірақ ажал тапқан баурыма бара алмаймын,»-деп қамықпа ойға берілді Егемберді. «Ауылға барар жол үмітке толы. Кенжешімнен бір оң хабар естіп қалардай жүрегім алып-ұшып келе жатқаны,»-деп үмітінің талына тағы да жан бітірді Зейнеп. Шаңырағын қайғы құлатқан отбасы өліара шақтан соң өмірге қайта келіп, іргесін бекіте бастады.
Қанды су Қызылағаш аулына қайтып айналып келмесе де, өлім елесі ауыл ішін кезумен болды. Белгісіз үрей әрбір түтінге таяп келіп тұншықтырғысы келгендей күбірлейтін. Бұл жолы ауылды дүр сілкіндірген-өлдіге жорылған Егемберді мен әйелінің үлкен ұлдарын ертіп дін аман оралуы. Тек кіші ұлдары ғана қастарынан көрінбеді. Сол аласапыран күні бұл шаңырақтың су түбіне шөккенін ешкім көзімен көрмесе де, солай деп сырттай тон пішіп қойған еді. Қазір Қызылағашта қуыршақтай үйлер қаз-қатар тізілген. Көшелеріде түзуленген. Қарғыс атқан тасыр күндегідей тас қараңғы емес көше шамдармен жарықтанған. Жоғары басшылық ауылды қанша сылап-сипағанымен, тұрғындардың жан жарасын мүлде жаза алмады... -Ойбай-ау, бауырым, бармысың?! Сені бүкіл отбасыңмен өлді деп ойладық қой! Тірі екенсің ғой! Осындай ғажап менің басымда да болсашы! Үш бірдей баламнан айрылып сорлап қалдым емес пе!-Көршілері Келдібай бастаған бір топ ауылдастары өз үйлерінің орнына келген үшеуін көріп еңірей көрісті. Иә, Қызылағаш әлі де қайғының құрсауында еді. -Келдеке, Алланың бұйрығы осындай болды. Не деп жұбатайын өзіңді? Менің де көңілім жарты. Кенжемнен айрылып...-Егембердінің сөзін аяқтатпастан Зейнеп киіп кетті. -Жоқ, ұлымыз тірі. Қазір осы маңайдан шыға келетінін ішім сезіп тұр. Оны өлді деп аузы қисаймай айтатындарға таңым бар. Оның өлгенін не бір дерегін анық білетіндер бар ма? Қане, қайсың баламның суық денесін көрдіңдер? –Ауыл адамдары күңірене шулап кетісті. -Менің қос қызымның денесін көрген де ешкім жоқ. Бірақ бәрі өлді десіп отыр. Ұштыкүйлі жоғалғандардың қатарына жазды да қойды әкімшілік. -Менің әке-шешем опат болған. Денелерін әрең тауып едік. Мен қалада болып аман қалғаным болмаса... -Ошарлы отбасынан айрылған адамды аман қалды деп атау да аянышты. Жүрміз ғой құр сүлдеріміз! -Менің жеткіншек болып қалған балам көз алдымда шырқырап түнекке батпады ма? -Көңілді суытудан басқа лаж жоқ қой, жоқ!
-Бар! Мен ешқашан сәбиімді өлімге қимаймын. Оны тірі деген бір үмітпен өқмір сүрем. Мен үшін басталған өлімнен кейінгі өмірдің сыбағасы ауыр болатынын іштей пайымдап тұрмын. Бірақ Кенжешімнен көңіл суытуға батпаймын!-Зейнеп мына жаны жаралы, үндері азалы топты қанша аяса, сол қатерге ұрындырған тағдырын соншалықты жек көріп тұрды. -Қалай ұмытамыз опат болған ет жақындарымызды? Оның үстіне бізді, қайғымызды мазақ еткендей ауылдың қақ ортасына антұрған апатты еске салатын ескерткіш орнатпады ма бұл жазғандар?! Ескерткішке тасқын судың суретін өрнектеп келмеске кеткендерді мәңгі аза тұтсын деп қорлады емес пе? -Ескерткіш? Әкесі, жүр жетейік ескерткішке! Олжабай, тездет,балам! Кенжешім амандығын білдіріп қалар дәл бүгін!-Топтан қиыстай шығып, орталық көшедегі ескерткішке қарай жүгірген үшеуге жиналғандар аяныш пен қызығушылыққа толы көбен қарап тұрды. Иә, еш жазығы болмаса да қынадай қырылғагдар мына үшеуі сияқты қол ұстасып тіріліп келсе, мына жер ұлан-асыр тойға айналар еді-ау! Ескерткішке тез-ақ жетіп тұра жанына барып аялдаған үшеу өздері үміттенген сүйінші хабардан ада суық кейіпті көріп состиып қалысты. Зейнеп биік етіп тұрғызылған тасқа таяп келіп жүресінен отыра кетті. Мына тастың күнге шағылысқан солғын сәулелері Егембердіге ажал оғындай көрінді. Әкесінің қолынан қысып ұстаған Олжабай жақын келуге әлденеден бата алмай қатарласып тұра берді. Зейнеп өзі тастамай алып келген шыбықты көкірегіне басып тұрып ескерткішке тік қарап сөйлеп кетті. Сөзіндегі толған зар, даусындағы тұнған шер күзгі аспанда әуеледі: «Құлыным, сені қара таспен бастырып тастаған ба? Қайтып тұра алмастай етіп жаншып тастаған ба? Осынша уақыт сені ажалға қимаған, сенсіз мына жалғанға сыймаған көңілім дәл қазіргідей оқыстан суныады деп ойлаппын ба мен байқұс? Ауылдан өлім исін анық сезіп тұрмын! Сол өңсіз түстің арасынан сені де көрдім, қайтейін, балапаным! Қол созым жерде тұрып неге бұлдырап барасың? Сені ешкім ұмытпасын деп «ақылды ағаларың» мына тасты орнатыпты! Сол «ақылды ағалар» тасқынға тап осындай қорғаныс құрмады ма? Ақылының жеткен жері осы ғана екен арсыздардың? Сені мәңгіге бүлдіршін еткен сол «ақылмандар!» Көсемнен сана қашқанда елді албасты басады деген! Қоймадан шыққан ажал перісі Қосжан ағаң екеуіңді ертіп әкетті ме? Әлде бармаймыз деп қос бауыр жанталас хал кешкенде, жарық жалғанның соңғы нұры өшкенде тілім-тілім етті ме? Соңғы сәтте ағаңның баурына тығылдың ба? Қосжан ағаңның сен дегенде шығарда жаны бірге еді ғой. Ағаңды құшып ажалмен бетпе-бет келгенде анаңды күттің бе, күнім? Әкеңді шақырып көмекке бебеу қақты ма зар үнің? «Құтқаршы, аға» деп шақыруға Олжабайды үлгертпеді ме ажал сұм? Тәтті әкелем деп кетіп, саған қолы қайтып жетпеген сорлы анаңды жек көрдің бе? Кешірші бейбақ анаңды! Келдім бүгін ақыры, бірақ тағы да кешірім ет! Тәттім де жоқ әкелген, уысым толмаған шекерге! Еркелеп қарап жүгіріп шығып, кәмпитке қайта жұмсамасыңды білемін бекерге! Саған деген сағаныш пен құтқара алмаған өкінішімнің жасын төгіп күніне, келіп тұрам мына тастың түбіне! Сені бар деген үмітімнің өлексесін жүрегімнің түбіне терең жасырдым! Жалған дүние менен, сорлаған бізден айласын асырды!» Анасы сонша солқылдап жылап жарты жылда шығармаған бар жасын бұлап әлсіреп барып түбіне сұлап түскен ескерткішке Олжабай жауыға қарады. Әйелі азалы үн көтергенде сұрланып қана тұрған Егембердіден қажыры қашып, жүрек түкпірінде тұншыққан нала күй тасып ерік берді көз жасына. Кенжешінен көз жазғанына кімді кінәларын білмеген Егемберді еңкілдеп жылап тұрды. Үш мұңлықтың үзіліп-созылып шыққан зарына тас екеш тас та шыдамай қақырай жөнелді...
Той үстінде (әңгіме)
Сылқым Ерті стің сиқырлы толқынымен сұлуланып, өр Алтайдың асқақ бейнесімен айбынданған Өскемен тамыз айында тіптен тамылжыпақ тұр. Тамсандырған табиғатқа зер салып қарасаңыз, жазды ертерек ығыстырып, қаһарлы қыстың хабарын жылдам әкелуді ұнататын шығыс күзінің белгісі бар. Әйтсе де кешкі салқын ауа денені тоңазытпайды, қайта бойға сергек әсер сыйлап тұрғандай. Ұясына қонуға ыңғайланған күннің оттай қызыл шапақтары зәулім ғимараттар арасына шашырай түсіп, айналаны құлпырған реңге көміп жіберген. -Дәурен, қарашы! Төңірек тегіс қызыл нұрға бөленіпті, деп Балауса көлік жүргізіп келе жатқан күйеуінің назарын әдемі көрініске аудармақ болды. -Әсірелемесең қайтеді?Қартайғанда қияли болайын дедің бе? -Күйеуі әжуалай күлді. -Қойшы, Дәурен! Елуге толмай жатып, қарттықтың қақпасын опоңай қаға саламыз ба? Әрі нағыз сыршылдың нақ өзі сен емес пе едің? Жас кезімде менің шашымды Марқакөлдің сыңсыған орманына, ал көзімді мөлдір бұлаққа балайтынсың.-Балауса естен кетпес ерекше шақтарды сағынғанынан ба, әйтеуір тамсана езу тартты. -Қазір де солай айтар едім. Бірақ беліңнен төмен құлаған бұрымың да жоқ,. Ал, көзіңді көзәйнекпен жасырып қойғансың. Екеуі осылай сөз қағыстыра отырып, шақыру қағазында көрсетілген мейрамханаға тезақ жетті. Той иесі Нұркен бұларды көріп, қалбалақтай ұмтылды: -О, Балауса ұстаз, Дәурен аға! Хош келдіңіздер! Қызымның алғашқы ұстазына төрден орын дайын! -Рахмет, Нұркен! Аяулы бақытты болсын! Шаңырағыңдағы бұл той кейінгі қуаныштардың басы болғай!- Екеуі лебіздерін білдіре, төрге келіп дүмдерін басты.Бір дастархан басына жиналған қонақтар өзара таныс емес еді. Нұркен әрқайсысының дәрежесін дақпырттап, абыройын асқақтатып, таныстырып өтті.Қыпқызыл киініп, шашын киіміне сай алау түске бояған, бетін тым әрлеп алған, толықша денелі сары әйел Аяулының университеттегі ұстазы екен. Өзін өзгелерден жоғары ұстап, маңайына паңдана қарап, мұрнын шүйіре сөз бастады Паңсұлу: - Балауса, мектеп мұғалімі болу оңай шығар. Ал, студенттермен жұмыс жасау сондай қиын. Айтпақшы, атыңды тура атағаныма ренжіп жүрме. Жасымыз шамалас болар. - Қырық тоғызыншы күзімді қарсы алайын деп отырмын. Ал, жаңағы «оңай» деген сөзіңмен келіспеймін. Мұғалім еңбегі қай жерде болса да ауыр, әрі ардақты. Мына сөзге Паңсұлу абдырап қалды: - А, кешіріңіз! Менен алты жас үлкен болып шықтыңыз. Сымбатыңызды сақтап қалғаныңызды мойындаймын. Осы сәт Балауса Дәуренге көз тастап еді, ол селқос қана отыр екен. « Әйелін «сымбатты» деп айтып жатқанына қуанбай ма? Тым құрығанда лайықтап жақ ашсашы,»- деп Балауса іштей назаланып отырды. -Онда сіздей сұлу келіншектің тойы да аса салтанатты өткен болар.Сол турасында айта отырыңызшы,- деп маңдай шашы қасқаланып кейін кеткен, беті шалбарланып әжімге толған, қарны костюмінен шығып кетердей домаланған Паңсұлудың күйеуі бір сұрақты көлденең тарта қойды. Мына сөз талай жылдар санасын сансыратып, еңсесін езіп, көз жасын жылғадай еткен дерттен жүрегіне шемен болып байланған берішті сілкіп қалғандай болды. Десе де сырт көз сықағына қалмайын деп, өңін алдырмады. Жауабын да қысқа қайырды. - Тойым ауылда өткен. Қарапайым ғана болған Той! Үйлену тойы! Бұл қанша қарманса да қолы жетпей кеткен асыл арманы еді келіншектің. Туған босағасынан әні мен сәнін асыра ұзатылып па еді бұл Балауса?!
Келін болып түсіп, беташарын жырлатып, ақ көйлекте пәк арманға бөленіп пе еді бұл Балауса?! Неке жүзігін тағып, сүйіктісіне наздана қарап, еркелей күліп, ең алғашқы жұбайлық билерін билеп пе еді бұл Балауса?! Жоқ! Ондай бақытты сәттерге мейлінше қарқ болып көрген емес. « Тойымыз қашан болады?» деп үміттеніп, ай сайын жаутаңдаумен өткен ғұмырды ғана басынан кешірді. Сонда тойсыз қалатындай не айыбы бар еді? Бір сәттік сезім жетегіне еріп, атаана шаңырағынан оңайлықпен алыстамағанды. Дәурен екеуінің арасындағы нәзік сезім сонау мектеп қабырғасында жүрген кездері оянған болатын. Балаң махаббаттарына кіршік түсірмей аялап жүріп, үлкен өмірге де бір арманмен аттанды. Дәурен әскерге кетті. Балауса Өскемен қаласына келіп, оқуға түсті. « Махаббат, қызық мол жылдарстуденттік шақ» деп әзілшыны аралас айтылатын сөз Балаусаға мүлде қатысы жоқ күйде елеусіз естілетін. Студент кезінде қыдырып та жарытпады. Жатақхана бөлмесінде Дәуреннің суретінен көз алмай, талай түндерді ояу өткізіп еді-ау! Үшбу хатын күтіп, сарғайған күндері қаншама?! Сарылумен өткен уақытын тек оқуға арнайтын. Жүрегін бір ғана « Дәурен» есімімен жылытып, оның сирек келетін бір парақ хаттарымен жұбанып жүргенінде 3 жыл жылжып өте шықты. Балауса дипломын алып, туған аулына мұғалім болып оралды. Дәурен болса әскерден келді. Ол отбасыдағы балалардың үлкені болғандықтан, әрі әкесінің орнын жоқтатпай, ініқарындастарына, баскөз, шешесіне сүйеу болып, еңбекке белсене араласып кетті. Сол себептен де екеуі оңаша жиі кездесе бермейтін. Тек достар бас қосқан жиынтойларда шүйіркелесіп қалатын. Арадағы сұлу сезімді сақтап, ынтызарлықпен жүргендеріне 4-5 жылдың жүзі болса да, бірбіріне «сүйем» деп ешқашан айтып көрмепті. Отау құру жайындағы шешімінен ғашығын бейхабар қалдырған Дәурен оны бір түнде алып қашты... ...әлпештеген әкеңнің аппақ қызы ең, Ақ келін боп аттадың босағаны,- Деп жеңіл мұң мен шырайлы шаттық лебін қатар ескен ән әуені Балаусаның күңіреу тартып бара жатқан ойын үзіп жіберді. Қалықтаған ән аяқталып, құттықтау сөз кезек алды. Аяулының нағашы жұрты тайлытаяғына дейін асабаның жанына жиналды. Сөйленер сөздің ұзақсонар боларын білген, әрі мұндайды аса жақтырмайтын Дәурен: -Осынша адам сөйлеп біткенше таң атпай ма? Жасы үлкен бірекеуі ғана сөйлесе жарар еді. Әй, « қазақтың тойы жиналыс» деп осыдан кейін айтылған-ау!- деп тыржың етті. Бірақ лебіз білдіру құқығынан қағылса, әлгі туысқаны той иесіне қатты ренжіп, бітіспес жауға айналар ықтималдығы тағы бар емес пе?! Осындай жазылмаған заңға сүйенген нағашы жұрт ұзақ құттықтады жас жұбайларды: «Құрметті Аяулы мен Болат! Жұбайлық өмірлерің тек бақытқа толсын! Шаңырақтарың іңгалаған сәби үнімен биіктей берсін! Үбірлішүбірлі болыңдар...» ...Балауса естүссіз ғашық болып, құлай сүйген жігітіне қосылса да, той жасалмады. Ақ тілектерге көңілі сусамады. Иә, бұл - жанын кез келген сәтте жаралап жүрген жұбайлық өмірінің ащы шындығы. Жесірлік тауқыметін көп тартып, мінезі ала құйын болып кеткен енесі Қарашаның « менің сүйенер ешкімім жоқ. Тойды кейін реті келгенде жасармын» деген екіұдай сөзіне сеніп жүріп, мәңгіге тойсыз қалды. Қараша той жасауға еш тырыспады, онысы аздай Балаусаның атаанасы «бар шығынды өзіміз көтереміз. Тек балалар тойсыз, қызықсыз қалмасын» деп қолқалағанда, ат тонын алып қашып, өзінше намысқойланып, көнбей отырып алған. Дәурен екеуінің жанын аяздай қарыған тек осы жайт болса, Алласына шүкіршілік етер еді Балауса! Құдай бір шаранасын қимай, соқа бастарын сопитып қойды. Бірге тұра бастаған алғашқы айлардаақ екеуі бірдей қуанышты хабардың нышанын білуге асығатын. Сәбилерін құшақтарына алса, бәлкім сонда той көрмеген қос жүрек жұбанар ма еді, кім білсін?!
Бауырларында бала болмай, 3-4 жыл уақыт өтсе де, екеуі жаңа табысқандай аса тату тұрып жатты. Бөлек шаңырақта өздері үшін тым қымбат махаббат пен сыйластық әлемінде өмір сүретін. Бірде мереке күніне арнайы шақырылған Қараша дастархан басындағы дүйім жұрттың көзінше: - Әй, Дәурен, осы сен түнгі ұйқыны тәуір көресіңау деймін. Келіннің немере сыйлар түрі жоқ қой,- деп қойып қалды. Және бір күні үй телефоны шырылдады. Тұтқаны көтеріп еді, баяғы Қараша келініне арнаған қара дауылын бұрқ еткізді: « Ұлымды бедеу қатынға байлап қойып, қарап отырар жайым жоқ! Баламның басын босат! Оған бала туып беретін басқа әйел әперемін!» Мына қорлық сөзді естіген Балауса ағылтегіл көз жасына ерік берді. Өксіп жылап анасына барды. Көңіліндегі қайғысын тұңғыш рет қопара айтып, мұңын шақты. Анасы қызының жас жуған бетін сүртіп, жұбата отырып, кеңес берді:» Әлі жассыңдар. Мүмкін денсаулықтарыңда кінәрат бар шығар. Өскемен емес, тіпті Алматы асып, тексеріліп қайтыңдар. Дәуренді де осыған көндір.» Ана ақылымен қос мұңлық Алматыға жол шекті. Былайғы ауылаймақ бұларды қыдырып кеттіге жорыды. Жүректерінде үміт пен күдік қатар алмасып, діттеген ауруханаларына барды. Ұзақ тексеруден өтісті. Соңғы қабылдауда Балауса дәрігер кабинетінен жайраңдай шықты: сәбилі болуға мүмкіндігі бар екен. Қарғыстай таңылған « бедеу» деген аттан құтыларына, ана бақытына ие боларына сенімі артты. Бірақ дәрігер қабылдауынан кейін Дәурен теңселіп кетіп еді. Әпсәтте бар арманының астаңкестеңін шығарған бір ауыз сөз: «әке бола алмайсыз. Белсіздіктің бұл түріне ем қонуы неғайбыл.» Балауса өзі үшін қуанса да, Дәурен жайы көңілін құлазытты. Десе де күйеуінің бар айтқаны – « Қайтеміз?! Құдай жазса, сәбилі болармыз. Әйтпесе баласыз да бақытты тұрып жатқан отбасылар бар ғой.» Алайда Қараша түртпектеуін доғармады. Шыдамының шеті сөгіліп берген Балауса Ақкөз ашуға булығып, Дәуренге « ажырасайық! Бұл іс осымен бітсін» дегенде, ол ботадай боздап келіп: « Сен тастап кетсең менің өмірім не болмақ? Олай етпеші!» деп аяғына жығылғаны бартын... Дәуреннің ауылаймақ, досжаран алдындағы еркектік намысын шашпау үшін, Балауса дәрігер қорытындысы хақында тірі жанға тіс жармады. Бәзбаяғысынша « бір азаматтың бағын байлаған бедеу» атанып, күйініп жүре берді. Әйткенмен қаңқу сөзге көп төзе алмады. Дәуренмен бірге ағайын арасы ауылдан жыраққақалаға көшіп кетті. Алысжақын ағайынның күңкіл сөзінен, табасынан алыстап кетсе де, жанына берік байланған күйік пен шер бұлтын еш сейілте алмады... Кенет Балауса өзіне қадалған сансыз көзқарасты сезгендей болды. Дәурен аңтарылып отырған әйелінің аяғын басып қалды. Тек сол сәтте ғана Балауса асабаның « ақ тілектер легін Аяулының алғашқы ұстазы Балауса ханым жалғастырады» деген сөзін анық естіді. Қандай ауыр ой үстінде отырса да, бет әлпетінен ештеңе аңдатпай дағдыланған Балауса орнынан күлімсірей көтерілді. Бұл қасиетті ұстаздық тәжірибесі үйреткен. « Мұғалім әртіс болуы шарт» деген мәтел сөз қатаң қағидасына айналғалы қашан?! Микрофонды қолына алып, Балауса мейрамхана залына көз жүгіртіп өтті. Қонақтардың көбісі өзара қызу әңгіме үстінде. « Менің айтар тілегім тыңдаушысына жетпей жетім қалмауы тиіс» деп іштей өзінөзі қайраған Балауса даусын барынша баптады. Сөйлеп тұрған Өскемен! Тыңдар құлақ болсын мына сіздерден!- деп әр сөзін нық қадады. Күткеніндейақ болды: мейрамхана ішіне тыныштық орнап, тыныс біткен тартыла қалды. Біреу сынап, біреу таңдана қарады. Көпшілік назары өзіне ауғаннан кейін ғана Балауса жүрекжарды тілегін төкті: « Гүлдей нәзік, жаны қардай таза, жүрегі ақ арманға толған Аяулы! Сен бүгін өміріңнің жаңа белесіне қадам басып отырсың. Өз алдыңа отау құрып, ОтАнасы болам деп бекінген батылдығыңа қайранмын. Тілек етем
ұстаздық жүрегіммен: жарқын жүзің налуды еш білмесін! Досың даттап, дұшпаның табалап күлмесін! Шаңырағыңа мәңгі қонақ ет « бақыт» атты еншіңді! Болат жарың «жаным» десін, «ардақ тұтар арым» десін! Махаббат әні еш үзілмесін!» Балауса тілегін тәмамдай беріп, бір кісідей қол соққан қонақтар қошеметіне таңдана қарады. Әсіресе бақыттан жүзі балбұл жанған Аяулыны көріп, жүректен шыққан сөзінің оған жеткеніне қуанды. Сөйтті де, Балауса орнына қарай беттеді. Т Асаба болса мынадай дүбірлі құттықтау сөзінен кейін қарап қалсын ба, бірден жұртты өзіне үйіріп алды: « өмірі еш жерде, ешқашан айтылмаған түпнұсқа тілектің, оның иесі Балауса ұстаздың құрметіне бәріміз бірдей вальс билейміз!» Солақ екен, тербетілген, жанға жайлы әуен қосылды. Би алаңы лезде жұптасқан, әсерлі әуенді би әрекеттерімен құптасқан кәріжасқа толып кетті. Балауса іштей « Дәурен биге шақырар» деген оймен дастархан басында отырған еді. Бірақ Дәурені темекі шегуге тысқа шығып кетті. Жасы келе кінәмшіл тарта бастаған Балауса мұны неге жорырын білмей дал: « Билей алмайтын болса бір сәрі. Күні кешеге дейін тойтомалақтарда бидің алдын бермей келді емес пе? Әлде сырбаздана сөйлеп, ел назарына түстің деп қызғанғаны ма?» Тағы да тұңғиық ойға бойлап кетер ме еді, бірақ үлгермеді: көрші дастарханда отырған жігіт ағасы биге шақырды. Бар ғұмырын ұстаздық жолында сарп етіп жүрген Балауса көптен бері билемеген еді. Сондықтан да бас тартпай, орнынан сыпайы көтеріле берді. Екеуі жан түкпірінде бұққан мұңды оятардай нәзік әуен ырғағымен тербетіле жөнелді. Биге шақырып, ізет керсеткен жан өзін таныстырып та қойды. Есімі Арман екен, Нұркеннің ұзақ жылғы әріптесі, әрі досы болғандықтан тойға арнайы шақырылыпты. - Мана айтқан тілегіңіз маған сондай ұнады. Аз сөзбен көп мағына беріп, көркем сөйледіңіз,- деп жымиды Арман. - Рахмет! Жастарға арнаған шын тілегім сол болатын. - Сіздей әдемі, ибалы әйелі бар жарыңыз да, сіздей ақылды, өнегелі анасы бар перзенттеріңіз де шынымен бақытты шығар! Өз басым солай ойлаймын! Балауса тіл қатқан жоқ. Бар болғаны вальс әуенінің тезірек аяқталуын тілей берді.
Келін бе, әлде кесапат па? (әңгіме)
-Мама, мен бүгін үйге қонбаймын, әпкем шақырды,-деді келіні сыланып-сипанып әлдеқайда жиналып жатып. -Қуат біле ме? Ренжіп жүрмесін.-Гүлсім келініне сұраулы жүзбен көз тастады. -Әрине, біледі, мен кеттім.-Балжан етігінің темір өкшесін еденге қадай басып, шыға берді. «Аяғы ауыр емес пе, неге сонша биік етік киіп алған, киімі де жұқа сияқты.» Гүлсім мазасыз ойға кетті. … Сол кезде дастархан басында төртеу отырған. Келінін алғаш көруі еді. Ұзын бойлы, ашаң жүзді, саусақтары да салалы келген, әшекей мен бояуға тым малынбай, қарапайым ғана киінген қазақ қызы екен. Мұны әсіресе сүйсіндіргені-белінен төмен құлаған ұзын, қою шашы, бірақ бұрым қып өрмей, жайып жіберіпті. Ұлынан бірер жас үлкендігін білсе де, Гүлсім болашақ келінінен ақыл тоқтатқан, сабырлы әйел бейнесін көргендей болып, іштей тәуба етті. -Қызым, ұялмай ішіп-же, жатсынба! -Мама, сіз қонақасыны өте дәмді әзірлейді екенсіз, маған қатты ұнады. Кейін немереңізге ұнайтыны да сөзсіз.-Жас қыздың мына сөзіне үй иелері тосылып қалды. Бірінші болып Гүлсімнің күйеуі жақ ашты.
-Аяқ асты хабарлай салған соң, қуанып үлгермей қалдық-ау! Мүмкін, біздің жүрек жұбанышымыздай болар қызымызға айналарсың! Ештеңеге алаң болма. -Қуат, сен бұл жайлы білуші ме едің?-Гүлсім ұлын сұраққа алды. -Әлбетте, білемін, Балжанмен бірге ауруханаға еріп барғанмын. - Немерелеріңіз сіздерге әурешілік туғыза қоймас. Өйткені ол тым кішкентай, екі айлық қана.-Келіні төмен қарап, күлімсіреп қойды... «Содан бері екі апта ғана өткен бе? Маған жыл жүріп өткендей көрінетіні несі екен?»-деп іштей таңданған Гүлсім түскі ас қамына кірісті. Аптаның алты күұні мектепте өтеді. Жалғыз жексенбісінде оны-мұны үй шаруаларынан бел жаза алмайды. Сырт көз сыншыл келетін әдеті емес пе? Көршілері «келін түсіріп, қолың ұзарған сыңайың байқалмайды ғой» деп сыр тартса, бұл «Жас емес пе? Қыдырғысы келеді де. Оның үстіне түскені кеше ғана, үйренісе алмай жүрген шығар» деп келінін ақтап бағады. Жалғыз келінін өсек өртіне шалдықтырмас, сірә! Дәмді астың тәбет ашар исі бөлме ішін алып кетті. Қысқы күн терезеден сығалап, жылы шуағын төге алмағанына кешірім сұрағандай, бозаң сәуле түсіріп тұр.Аспанды еңсені езгендей ала бұлт торлай бастады. Тағы да қар шақырып тұрғанға ұқсайды. Алматының қары белгілі ғой, соңы жауынға ұласады. Күйеуі сырттан сөйлей кірді: -Ақпан аяқталмаса да, көктем лебі сезіліп тұр. Күн май тоңғысыз жылы. -Саған әлден сезіліп жүрген қайдағы көктем лебі? Баяғы сезімталдығыңа тағы да бастың ба?-деп Гүлсім еріне қалжыңдап, ашық-жарқын күлді. -Баяғы деп алысқа сілтемеші, жиырма бесіміз кеше ғана өтпеп пе еді?!-Қанат та әзілдей келіп, дастарханға жайғасты. -Гүлеке, балалар қайда? Қашанғы екеуміз ғана қалқиып отырмақпыз? -Балжан әпкесінің үйіне қонаққа кеткен. Қуатты достары ертіп әкеткен. -Бас қосқандарына шамалы уақыт өтпей жатып, екеуі өз беттерімен жүргені несі? Олардың жасында біз қалай едік? Иә, қалай еді? Ертегідей бір дүние еді-ау! Гүлсім-жаңа түскен жас келін, Қанат болсақылшылдаған албырт жігіт. Алау жастығын бір Гүлсімге арнаған жігіт отау құрған күннен бастап, бақыт базарын, сезім ғажабын кешті. Гүлсім ата-ене көңілін тауып, осы әулеттің келіні емес, қызындай болып кетті. Ауылдағы ошарлы жанұяның жазылмаған заңдары бар-тын.Қазіргі қайсыбір жастардай айқара құшақтасып, келте киіммен шолтаңдау қайда! Бірақ тойдан кейінгі айларда екеуі бір-бірін сәл көрмесе, тағат таппайтын. Оңашада тек екеуіне ғана түсінікті, тек екеуіне ғана қымбат, айтса таусылмас сезім сырлары ақтарылатын... Қысқы кеш. Батқан күннің жалқын сәулесі аспан әлемін сиқырлы түске бояп, көз тастаған жанды еріксіз еліктіреді. Күндізгі ақша бұлттар күн шапағына шомылып, ғажайып қызыл шоққа айналғандай. Бетті шымшыр әлсіз аяз бар. Күндіз еріген қар суы қатып, жер-көк мұз болып жатыр. Аяңдай басқан Гүлсім жұмыс күнін тәмамдап, үйіне жаяу келе жатты. Кенет келесі бұрылысқа көз салып, таңданып қалды. Автобустан келіні ырғып түсті. Ол бүгін үйде боламын деген. Үйге дейін бірге бармақ болып, «Балжан! Балжан!» деп дауыстады. Келіні естімей, тез-тез жүріп барады. «Мына жалтыраған мұзда тайып жығылып қалмас па екен?» деп мазасызданған Гүлсімнің жаны шығып кете жаздады. Енді тіпті қатты айғайлады. Көшедегілер бұған таңданыспен қарап өтіп жатыр. Балжан тоқтады да, енесіне бір қарап, бүктетіліп отыра кетті. -Қызым-ау, кештетіп қайда барып жүрсің? Мына мұзда аяғы ауыр сен түгіл менің өзім әрең жүріп келдім. Сәбиіңе зиян келсе қайтесің? Тұра қойшы!-Балжанның иығынан тартып көріп еді, дір-дір етіп жылап отыр екен. Тумысынан иі жұмсақ Гүлсім есі екеу болып абдыраған күйі: -Жаным-ау, ауырып қалдың ба? «Жедел жәрдем» шақырайын ба?-деп сөмкесінен қалта телефонын іздей берді.
-Жоқ, мама, қажет емес.-Балжан тыржиған күйі еңсесін жазды.-Ауруханадан келе жатқан бетім, баламды түсіріп алдым. -Жылаған бойда мұның иығына асылды. Гүлсімнің көзінен де ыстық тамшы ыршып кетті. -Қайтейін айналайын, жыламашы, басың жас қой.-Балжанды демеп, бір жағы жұбатып, үйге жетті.Қуат та, Қанат та жұмыстарынан әлі келмепті. Сыртта екі қатар болып кір жайылып тұр, Балжанның жуғаны белгілі. -Қу тірлік күйіп кетсін! Ештеңе істемей-ақ жүре бер демеп пе едім? -Кір жаямын деп мұзға құладым, міне, мына жерге. Әзер дегенде тұрып, үйге кірдім. Сосын…-Балжан тағы да қыстығып жылай бастады. -«Жедел жәрдем» шақырдың ба? Көрші апайдан көмек сұрасаң да, жарар еді ғой. -Әупірімдеп жүріп, көршіге бардым, бірақ үйінде болмай шықты. Сосын таксимен ауруханаға тарттым. -Әй, баламысцң деген. Таксиің не айтып тұрған? Жаныңда мен болғанда ғой! Жә, жылай берме, жатып, деміңді ал!-Балжанның маңдайынан сүйіп, шашынан иіскеп, төсегіне жатқызды-ау, әйтеуір. -Кеш жарық, Гүлеке! Сен мен үшін күнсің! Үлбіреген гүлсің! -Ыңылдай әндете кірген күйеуі көңілді көрінді.-Жиырма үшінші ақпанмен құттықтап, бетімнен сүйгенді де білмейсің! Сыйлық туралы айтпасам да болады! -Әйелінің қобалжулы жүзін аңғарып, кілт тыйыла қалды.-Не болды? Балалар қайда? -Қуат жұмысында. Балжан үйде, күндіз құлап, сәбиін түсіріп алыпты. Атаусыз қалған 23ақпанды қайтейін? -Не дейсің, күнім-ау? Қалай болған? Дәрігерге көрініп пе? -Ол жағын білмедім.Ертең емханаға өзім ертіп апарамын.-Күйеуі басын шайқап, әлі сенбей тұр: -Қажетті жеріне өзің апарғаның дұрыс. -Мама, папа, қайырлы кеш! Менің Балжаным қайда? Жұмыстан шаршап шықсам, автобус жол тығынында мұнша тұрар ма? Әрең жеттім ғой!-Жасы он тоғызға енді ғана толған Қуат-ұзын бойлы, жіп-жіңіщке, өңінен балалық арыла қоймаған ерке жігіт.Өзін күткен хабарға ол аса қынжылмады. Тіпті қыңқ еткен жоқ. -Дені сау болса, әлі талай көтерер,-деді де қойды. Кешкі астан соң, ұл мен келіні бөлмелеріне кіріп кетті. Гүлсім бәз-баяғысынша қазаношақпен алысып қала берді. Ойы-келінінде: «Ертең емханаға апармасам болмас, бір дертке шалдығып жүрмесе игі еді.» Қыстың ұзақ түні басталды. Ару ай мен жарқын жұлдыздар аспан сахнасына әлдеқашан шыққан. Жұлдыз біткен қара көк аспанға шашып тастаған уыс-уыс жақұттай жарқырайды. Бұл кезде Қуат пен Балжан сыбыр-күбірді көбейткен-ді. -Балдай тәтті Балжаным, ештеңеге қам жеме. Бәрі жақсы болады. Тек сырқаттанып қалмашы. -Жаным, мен сені сәбиіңнен айырдым.Осының бәрі менің алаңғасарлығымнан болды.- Балжан жарының бетін демі щарпи, тұншыға сөйледі. -Ешқашан олай деуші болма, жаным. Сен ештеңеге кінәлі емессің. Құдай қаласа, тағы бір шаранасын берер. -Дәл осы түні жоғалған сәбиіміздің орнын толтырсақ қалай болады? Айтшы, арыстаным?- «Арыстаны» сөзге келмеді. Тек әйелінің ерніне жабысып, ыстық құшағына орай берді. Ағарып аппақ таң атты. Тіршіліктің тағы бір қарбалас күні басталды. Нақ осы жаңа күн біреуді бақытқа кенелтер, әлдекімге сор боп тиер, ол жағы бір Аллаға ғана аян. Бәрі жұмыстарына жиналуда. Жалғыз Балжанда жоспар жоқ. Колледж дипломы қалтасында десе де, қарекетсіз. -Қызым, сен ұйықтай бермедің бе? Түске таяу жұмыстан сұранамын. Мектептің жанындағы аялдамаға кел. Жарай ма?
-Мама, мен ауру емеспін. Өзімді сіз ойлағаннан әлдеқайда жақсы сезінемін.Әуре болмаңыз.-Балжан ауруханаға барудан үзілді-кесілді бас тартты.Үшеуі жабыла үгітеп, оны райынан әрең қайтарды. Түске дейін көктем лебі сезіле қалса да, күн еңкейе қысқы ызғар қайта патшалық ете бастады. Аялдамада келінін күте-күте жаурап кеткен Гүлсім сөгілуге шақ қалған шыдамына ерік бермей, ұялы телефонын қолына алды: -Алло, Балжан, келетін уақытың болды ғой! Соншама қайда жүрсің?-Даусында реніш райы басым еді. -Мама, папам сырқаттанып қалыпты. Естіген бетте шыдай алмай, үйіме таксимен кетіп барамын. -Мені сонша тостырғаның не? Жаңа ғана маған бет алдым деп едің ғой?-Шыдамының шеті сөгіліп-ақ кетті. Келіні телефон тұтқасын тастай салды. Кеш түссе де, келіні әлі жоқ. Қоңырау шалып білді: «сырқаттанған» құдасы жазылып кетіпті. -Балжанның ауруханаға мүлде барғысы жоқ. Мүмкін, қинамай-ақ қоярсыз?-Бұл-Қуаттың өтініші, әрине. Аузына әйелі түкіріп қойғандай. Қанат та, Гүлсім де шалқаларынан түсті: -Оу, бұл жарамайды.Жас басымен ол нені біліп жүр ғой дейсің? Біреудің баласы ғой, ауырып қалса қайтеміз? «Дер кезінде дәрігерге көрсетпедіңдер» деп, құдағи төбемізді оймай ма? Жоқ, болмайды! Бұдан кейін Қуат келіншегімен телефон арқылы сөйлесіп, келіскендей болды. «Бір күн бір күннен айнымай қалған ба? Бұл не тіпті?»-деп Гүлсім өз-өзінен күбірледі. Келінін күтіп, кешегі уақытта, кешегі аялдамада тұр. Тағы да телефонға жармасты. -Қайдасың, қызым, тоңып барам? -Қатты жаурап, ауырып қалып жүрмеңіз. Мен көлік кептелісінде тұрмын. Автобустың жылжыр сыңайы жоқ, бәлкім, үйге қайта берерсіз? -Жоқ, сені күтем, бүгін қолым бос. «Ауруханаға емес, ажалханаға апаратындай бұл келінге безілдеп не көрінген?» Тоса-тоса қалжыраған Гүлсім телефонын көмекке шақырды. Ол да көмекке келе алмады. Берген жәрдемі көңілге күдік ұялатқан бір ауыз сөз болды:«Телефон сөндірулі.» Неге өшіріп тастаған? Санасында сансыз сұрақ сарсылып, үйіне келді. Балжанды күтумен отыр. -Маматай, автобустан түсіп, жүгіріп кете жаздадым. Телефонымның қуат көзі де таусыла қалыпты. Ренжімеңізші! –Көп күттірген келіні көзіне көрініп, мұның екі бетінен кезек сүйіп, мән-жайды түсіндіріп отыр. -Алматыда мұндай жағдай таңсық емес. Әйтсе де ертерек шығуың керек еді. Жә, ертең де күн бар. -Мама, неге мені науқас адамдай ауруханаға сүйрелей бересіз? Менің денім сау. -Балам-ау, бәрі сенің қамың үшін. Дәрігердің кеңесін естімей, көңілім көншір емес.- Балжан ернін жымқырған күйі, бөлмесіне сүңгіп кетті. Таңертеңгі сабақтарын өткізіп тастаған Гүлсім таптаурын аялдамаға тағы келді. Болып жатқан жағдайдың тезірек тәмамдалуын жанымен қалады. Кеп тоқтаған әр автобусқа көзін сүзіп, әбден зықысы шықты. Әлден соң, ішін тарта таңданды: таксиден келіні емес, ұлы түсіп келеді. Қуат тұмау тиіп, жұмысқа бармай, үйде жатқан. Өңі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен. Ол анасының қасына екі-ақ аттап жетіп келді. -Мама, Балжан кетіп қалды!-Құбыжықтан қашқандай демі дірілдеп, көзі шарасынан шыға жаздап тұр. -Кеткені қалай? Қайда кетті?-Гүлсім дәнеңеге түсінбеді. -Киімдерін, барлық заттарын жинап алды да, өз үйіне кетті. Не болғанын білмек едім, «менің мазамды алған ана шешеңнен сұра» деді де, жөнеле берді!-Мына хабардан ана байқұс біреу қақ маңдайдан салып жібергендей, сілейді де қалды. Әлдебір сұмдықты әйелге тән сезімталдықпен түйсініп, жүрегі удай ашып кетті. -Жүр, балам, үйге қайтайық!-Ұлы от басып алғандай ыршып түсті:
-Мама, қалайша түсінбейсің? Балжан мені тастап кетті деп тұрмын ғой!-Гүлсім ұлының соншалықты күйзелгенін тұңғыш рет көрді. Перзентінің көз алдында қиналғаны жанына қатты батты. Дереу іске кірісті: қаланың түкпір-түкпіріндегі ет жақындарына қоңырау шалып, кешке үйге келулерін өтінді. Өзін қоярға жер таппаған Қуатты сабырға шақырумен кеш те батты.Жұмыстан ертерек келген Қанат ақ боран ашуға ерік берді: -Әй, боқмұрын, нені аза тұтып отырсың? Сол қызды таңдап алған өзіңсің! Енді келіп бізге көз жасыңды көрсетпексің бе? -Қанат, сабаңа түс! Ұлың жас. Жас болған соң, ұнатқан соң жылайтын шығар. Бетіне баспа!Одан да келіннің артынан барып, райынан қайтарайық!-Бұл-Қанатты ақылға шақырған, Гүлсімнің өтінішімен келген, жасы алпысқа таяған, көрген-түйгені мол нағашы әпкесі еді. Мына сөзден кейін Қанат ашудың арғымағына біржолата мінді: -Ақылдарыңа болайын! Сонда бүкіл үрім-бұтағымызбен бір шөпжелкенің аяғына жығылмақпыз ба? Қазақта қашқан қызға қуғыншы шығар болар! Төркініне қашқан келіннің артынан қуғыншы барған сендерді көрдім! Мен бармаймын! Ұлының жәутеңдеген жанарымен көзі ұшырасып қалған Гүлсім: -Қанат, тыңдасаңшы! Үйленгендеріне бір ай толмай жатып, ажыраса ма? Сондай сорақылыққа жол береміз бе? Қуат та қиналып отыр ғой!-деді. -Ары таза болса, неге қашады? Кімнен, неден қашады? Онсыз да үйге жиі қонбаушы еді ғой. Жетер, жүйкемді жұқартпасын! Қайта айналып келсе де, менен сыйластық күтпесін! Айтыс-тартыс аяқталып, ақыр соңында қуғыншылар тобы Қанатсыз жасақталды. Қыз айттыруға бара жатқандай әже бас болған дүрмек құда үйіне тартып отырды. Түнгі Алматының сән-салтанатына көз тойдыруға мұршалары келмей, жеңіл машинамен діттеген жерге жетіп-ақ барды.Есікті Балжанның өзі ашты. Ата жауын көргендей осқырынып, түпкі бөлмеге қойып кетті. Құда-құдағидың қабақтары да қатулы. Келгендерге салқын шыраймен қонақ бөлмені меңзеді. Дастархан жаймақ түгіл, бір кесе шай да ұсынбады. Бетпе-бет сұхбатты қара құдағи бастады: -Бәрің бірдей не үшін келгендерің белгілі. Қорлыққа берер қызым жоқ!-Құда үнсіз, тас мүсіндей мелшиіп отыр.Бас қуғыншы әжей жауаптасуға кірісті. -Келіннің Гүлсімнен көрген құқайы жоқ. Өз баласынан кем көрмеді. Оған бір Алла куә! -«Кесе жуа алмайсың! Епсіз! Тәрбиесіз!» деп қызымды тілдегені өтірік пе? Гүлсім, айт қане!-Мына оспаққа тосылып қалған Гүлсім: «Балжанның өзін шақыршы» дей берді. -Иә, үнемі түртпектейтіні рас.«Балаңды әдейі түсірдің,»-деп құлақ етімді жейді.-Балжан тік қарап тұрып, осылай дегенде Гүлсім есінен танып қалғандай болды. Апырау, бұл қай сасқаны? Қалай дәті барды? Түсінсе бұйырмасын. -Балжан-ау, қызым дегеннен басқа жазығым бар ма? Болмағанды болды деп, күнәға батпа!-Ерні дірілдеп, булығып отырып қалды. Келіні еш тайсалмастан, шешесінің жанына барып, дүмін басты. Әжей бастаған топ құда-құдағиларын келінді алып кетуге көндірді. Бірақ «шешуші шабуыл» алда: келінмен мәмілеге клу керек.Балжанның нақақ айыптауынан жүрегіне суық түйін қадалып қалса да, Гүлсім ұлы үшін оған жалынумен болды: -Балжан, үйге қайт. Қуатты қинама. Өздерің құрған отбасыларыңды оп-оңай ойрандай салмақсың ба?-Келіні сазарған қалпынан таймады. -Қызым Балжан, сен тіпті менің немеремдейсің. Осы жасқа келгенше, ешкімге бас ұрып көрмеппін. Егер Қуат балам сенімен ғана бақытты болам десе, аяғыңа жығылуға әзірмін!Ақ шашымды сыйла!-деді әжей.-Келінінде өзгеріс жоқ. Үй ішін ауыр үнсіздік басты. Күтпеген жерден Балжанның үлкен әпкесі кірді. -Балжан, кеш болмай тұрғанда, ақылға көніп, отбасыңа орал! Әйтпесе түбінде опық жеп қаларсың! Неге екені белгісіз, Балжан еңіреп жылай кетті. Бірақ орнынан қозғалмады. Жақ та ашпады. Осы сәтте Гүлсімнің дауыл мінезді інісі Дәркембай атып түрегелді. -Бүкіл әулет болып, аяғыңа жығылатындай біз не жазып қойыппыз? Қыз Жібектің өзі болса да, енді иілгеніміз артық! Тұрыңдар бәрің! Кеттік, түге!-Кіргеннен бері әзер шыдап
отырса керек. Аузынан жалын атты. Әжей де тысқа беттеді. Соңында Гүлсім мен Қуат. Балжан ойламаған жерден атып тұрып, ілесе шықты. -Тоқтаңдар, мен қайтамын.-Гүлсім қайрылмады. Мойын бұрған Қуат қана. -Балжан, жүрші тезірек! Не десең де, бәрін жасаймын.! Сен қызғанатын сыныптас қыздарыммен де сөйлесуді доғарамын. –Қуат қалта телефонын алып, жерге ұрды. -Жоқ, Қуат, қазір емес. Он күндей емханаға барып, денсаулығымды оңдап алайын. Сосын өзім барамын.-Манадан бері бұларды бағып тұрған Дәркембай жақын келді. -Келін, кімді жынды қылып түрсың? Түн ортасына дейін біз не демедік? Не қазір бізбен бірге жүресің, емханаға бару сондай қажет болса, машинамен өзім апарамын. Ақшасын да өзім төлеймін.Гүлсім жаныңда жүреді. Ал, кейін келемін деп ойлама! -Онда бармаймын.-Балжан жалт бұрылып, жүгіре жөнелді. Жұлқына берген Қуатқа Дәркембай жекіріп қалды. -Кір машинаға! Осы өмірден әйелсіз өтсең де, енді артынан жүгіруші болма! Түнгі Алматы көшесімен машина еш кедергісіз зымырап келеді. Бірлі-жарымды көліктер ғана кездесіп қалып жатыр. Түн ортасы ауып кеткен сыңайлы. -Бір шүйкебасқа сонша жалынғанымыз-ай! Әлі жыным келіп отыр!-Дәркембай дар-дар етіп, қояр емес. -Бар айыбым дәрігерге көрініп ал дегенім бе? Күйдіріп жіберді ғой тіпті.-Гүлсім ақырын күңк етті. -О, құдірет! Заман азған ба, әлде адам азған ба? Мына менің меңдуана жегендей болып қалған миыма бір пәле енді ғана жетті. Келініміздің аяғы ауыр болмаған. Өтірік «екіқабатпын» деп, Қуаттың балалығын пайдаланып, жайлы отбасына кіріп алмақ болды.- Әжей дәлелі бардай, әр сөзін салмақпен сөйледі. -Менің күдігімді дөп бастың ғой, апасы. Емханаға барудан неге қашқаны да осы себептен болды ғой. Барса, масқарасы шығар еді.-Дәркембай ойға ой қосты. -Жә, күпір сөйлемеңдер. Ондай азғындыққа бара қоймас. Қолдарыңда айғақ та жоқ.- Гүлсім ақ көңіл мінезіне басты. -Қуат балам, саған бір сұрақ қояйын. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ.» «Балам түсіп қалды» деген күні келін екеуің қосылдыңдар ма?-Әжей Қуатқа бұрылып, жауап күтті. Ойын дәлелдемей тынбастай. Қуат еңсесін көтермеген күйі басын изеді. -Құдай сақтасын, өрімдей жас қыздың қолынан мұндай аярлық қайдан келді? Осылай етуіне не жағдай мәжбүрледі?-Гүлсімнің таңдай қағуға ғана шамасы келді. Ал, Қуаттың нендей күй кешіп отырғаны айтпаса да белгілі емес пе?! -Сайтанның сапалағын періштедей көріп, ақ көйлек кигізіп, беташарын жасадық. Қара құдағидың қолына қалыңмалды санап салдық-ау!-Бұл өкініп отырғанДәркембай. -Сол ақшамен ел алдына түсе қоймас. Біз де тарығып қалмаспыз. Пәлекеті өзімен кетсін,- деп әжей қым-ғуыт жағдайға нүкте қойғандай болды. Бірақ Гүлсім іштей арпалыс халде еді. «Аяғым ауыр» деп жалған сөйлеп, жігіттің үйіне баса-көктеп кіріп алатын сайқалдарды шетел телехикаяларынан ғана көретін. Сұрқиялықтың бұл түрі біздің елге де жеткен бе? Алғаш келген күннен «мамалап» тұратын Балжанды өстиді деп кім ойлаған? «Келін түсірдім» деп масайрап жүргенде, жанұясына кесапат енгізгенін аңғармапты. Осы жағдайдың бір себепшісі Қуат қой. Ана жүрегі оған да назаланып отыр. «Ұлым-ау, келінімді пәк күйінде үлбіретіп, қолыма түсіретін бол. Сонда ғана шаңырағың биік, отауың орнықты болады» деп ес білгеннен құлағына құйып келді емес пе? Тәрбиесінің әлсіз болғаны ма? Әлде Балжандай сұм әйелдің «тәлімінің» мықты болып шыққаны ма? Гүлсім терең күрсініп қалды. Отырғандардан ешкім тіс жармады. Машинамен жарысып келе жатқан дөңгелек ай кенет бұлт бүркеніп жасырына қалды…
Жаңа жылдағы жалғыз тілек (әңгіме)
Жұмыстан келіп, сәл тынығып алмақ болғаны сол еді, баса-көктеп пәтер иесі кіріп келді. -Электр шайнегі, үтік сияқты бірдеме қостыңдар ма? Үйімде жарық атылып жатыр! Бүкіл пәтер өртенсе қайтесіңдер?!-Ақырзаман келіп қалғандай қожайын әйел алқынып тұр. Бекер тұрмай, аядай бөлме ішін көзімен тінткілеп шықты. Кенет «кінәліні таптым-ау» дегендей, шалт қимылдап, қосулы тұрған электр пешін суырып тастады. -Өртке оранар жайым жоқ. Күн болса жып-жылы. Пеш қосушы болмаңдар! -Апай, қыстың аты қыс қой. Бөлме іші суық. Сіздер де дұрыс от жақпай отырсыздар. Күйеуіңіз «үй суып бара жатса, қосыңдар» деп, бұл пешті өзі берген. -Оның не дегенінде шаруам жоқ. Тағы қосатын болсаңдар, пәтерақысының үстіне жарыққа қосымша төлейсіңдер!-Әкіреңдеген әйел мұның былдырына құлақ аспай, есікті қатты жауып шығып кетті. Екпіндей жабылған есіктің әсерінен босағада тұрған аяқ киім сөресі дір ете қалды. Діріл қаққан сөреден қауқарсыз өз халін көргендей болып, Жансаяның көңілі бұзылып кетті. Тынықпақ ниеті адыра қалып, кешкі ас әзірлей бастады. -Гүлім, басқа пәтер іздесек қайтеді? Мына пәлелерден әбден ығыр болдық қой..-Кешкі ас үстінде Жансая құрбысына мұң шаға ақыл сұрады. -Қыс ішінде қопарыла көшіп қайда барамыз? Әрі қайда барсақ та, «Қорқыттың көрі» екені белгілі ғой.-Гүлім Алматыға келгелі екеуі жалдап тұрған пәтерлерін санай бастады. -Барлық пәтер иелері мыстан емес. Рая апай есіңде ме? Өзінің отын-көмірін беріп, ол аз болғандай «отты үзбей жағыңдар, әйтпесе ауырып қаласыңдар» деп хал-жағдайымызды сұрап тұратын. -Иә, Рая апайдың пейілі кең еді ғой. Жалақымыз қысқарып, отын-көмір сатып ала алмай отырғанда, сол кісі көмектескен қыс мәңгі есімде!-Гүлім де өздерінен жақсылығын аямаған жомарт Рая апай жайлы ұмытпаған екен. -Дағдарыс әлемге емес, осылардың үйіне ала бөтен келген.Ана әйел мені көрсе болғаны, «жарықтың ақшасы өсіп барады, телефонды қиып кетті» деп зарлай жөнеледі. Мүмкін, жеті ағайынды жұттың үш-төртеуі бірдей осы үйді мекендеп алған болар.-Гүлімнің келекесіне Жансая сүйсіне күлді. Кешкі телехикаяларды түгендейтін Гүлім бүгін де сол әдетіне басты. -Жансая, Аси мен Демир бүгін татуласа ма? Қалай ойлайсың? -Түрік телехикаяларына жаның шындап күйетін болыпты ғой. Ол екеуі ымыраға келмесе, өзің жеңгетай болып, татуластырар ма едің?-Құрбысының қағытпасын Гүлім жауапсыз қалдырмады. -Өмірде көрінбей жүрген махаббатты тым құрмаса теледидардан көрейін. -Осылай теледидар алдында тапжылмай отыра берсең, жігіттер сенің өмірде бар екеніңді қайдан білсін?! -Ал, сен таңның атысы, күннің батысы мектепте жүресің. Түннің бір уағына дейін қағаз кеміресің. Махаббаттың не екенін өзің білесің бе?-Ертеңгі сабақтарына дайындалып отырған Жансая: -Махаббат деген немене, Табылар бақ па іздесең? Өзі іздеп әлде келе ме?-деп өлеңдете жөнелді. Осы сәт есік тықылдай қалды. Жансая сақсақ күлді. -Гүлім, отырған жеріңде отыр. Махаббат сені өзі іздеп келді! -Тағы да ана апай бұрқ-сарқ етіп келіп тұрған шығар? Басқа кім болды дейсің?-Гүлім есікке беттеді. Бірақ қателесіпті. Келген қожайынның ұлы екен. -Қыздар,-деді ол доптай домаланып.-Жарық жағып отырсыңдар ма?-Гүлім мырс етті:
-Көріп тұрсыз ғой, электр шамы жанып тұр. Май шам бұлай нұр төкпейді. Әлде ай сәулесіне шомылып отыр деп қалдыңыз ба? Қорбиған қожайынсымақ қатуланып: -Не болса да өшіріңдер! Біздің үйде жарық көздері тұйықталып, атылып жатыр,-деді. -Қалай өшіреміз? Қараңғыда көретін қабілетіміз жоқ!-Қожайын қорс етіп, үйіне қарай ұмтылды. Гүлім бөлмеге ене бергенде, жарық жалп етіп өшті. Бұған қатты қынжылған, әсіресе, Жансая болды. -Алматының түбінде тұрып, электр жарығына жарымаймыз! Қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз?-Кейи сөйлеген ол төсегін салып, еріксіз ұйқыға шомбақ болды. Тысқа шығып кеткен Гүлім сәлден соң келіп: -Мұғалім апай, сүйінші! Көрші үйдің жарығы жанып тұр!-деді.-Жансая жатқан жерінен атып тұрды. -Қойшы, сонда қалай? Біздің жарықты қасақана өшірген бе? Мүмкін емес! -Өмірде бәрі мүмкін, құрбыжан! Қожайынның дегбірін дағғдарыс әбден алғаны сөзсіз. -Ертең ағаймен сөйлесем. Ол кісі бұл мәселені жайдан-жай қалдырмас.-Жансая көрпесіне қайта сүңгіді.Әйтсе де көзі ілінер емес. Жүйрік қиялға мініп, тәтті елестерге шомып-ақ кетті. Түпсіз қиялға тербетіліп қанша жатқаны белгісіз, ұйқысы келіп есіней беріп еді, қыбырсыз жатқан Гүлім сықылықтап тұра келді. -Түу, жүрегімді ұшырдың ғой! Неге ұйықтамай жатырсың? -Өзің неге пыр ете қалмадың? Есіңнен танғанша қиялдадың ба? -Мен қиялымда өзімнің жайлы пәтерімнен шығып, сенің сән-салтанаты мол сарайыңа қонаққа барыппын. -Ал, мен сенен гөрі шебер қиялдап үлгердім. Шынайы махаббатқа шаттанып, сүйікті жарым мен қос сәбиімнің жанында,әрі анау-мынау емес, өз үйімде арқа-жарқа болып отыр екенмін.-Екеуі де жарыса күлді. -Бір Құдай осы ақ тілектерді әдемі шындыққа айналдырсын! Ұйықтайық.-Бөлме ішін үнсіздік басты. Тек сары ала мышымның пырылы ғана естіліп тұрды. Бозарып қысқы таң атты. Ауыл таңындай сызылып, манаурап атпады. Жер бетіне бозаң сәуле түсер-түспестен қаланың қауырт тірлігі басталды. Жансая әдеттегісінен де ерте тұрды. Өйтпеске амалы да болмады. Толық жазылмаған қағаздары бар-тын. Оған қоса мұғалімнің мұнтаздай ұқыпты, әдемі бейнеде жүру қағидасына қатты мойынсұнады. Табиғатынан қалың, бұйра шашы Жансаяны біраз әуреге салды. Әйтсе де опа-далап жағуды ұнатпайтын ол тез-ақ жиналды. Әрі қиын, әрі қызық ұстаз өмірінің жаңа бір күні басталды. Сынып бөлмесіне жайраңдай кірген Жансаяға оқушылары: -Қайырлы таң, ұстаз! -Сәлеметсіз бе, апай? -Халіңіз қалай, Жансая Берікқызы?-деп жарыса сәлемдесті. Бұл лебіздерге жүрегімен қуанған ол: -Барлықтарыңа қайырлы таң!-деп күлім қақты. Қуанбай қайтсін, орыс сыныбына о баста өзінің «тек қазақща амандасып, қазақша қоштасамыз» деп көлденең тартқан талабы орындалып жатыр. «Орыс сыныбы» деп оқшырайған аты ғана. Нағыз орыс ұлтының өкілдері бірлі-жарым. Тең жартысы-қара көз қазақтар. Қалған неміс, өзбек, ұйғыр, дүнген, тәжікті ажыратып болмайсың. -Келе жатқан Жаңа жылыңыз құтты болсын, Жансая апай!-деді ерекше еркелеейтін Женя жаныма жақын келіп. -Рахмет, айналай ын! Өзіңе де құт әкелсін! –деп мейірленген Жансая сабағын күндегідей бастап кетті.Бойындағы бар білімін шәкірттеріне түгесіп беруге тырысатын жас мұғалім қырық бес минуттың қалай өткенін аңғармай да қалды. Күндізгі тынымсыз тірлікке нүкте қойғысы келгендей кеш батты. Қауырт шаруа кеш қараңғысында да бәсеңдемеді.
Жансая ақырын басып, үйіне келе жатты. Соңғы көше қиылысын кесіп өте беріп, жол кептелісінің соншалықты нөпірлігіне таң қалды. Әсіресе, қайран қардырғаны-көлік жүргізушілердің шыдамсыздығы. Құлақ тұндырып, бір-біріне дауыстап, балағаттасады. «Машинамен жүріп соншама қайда асығады екен? Мен жаяу болсам да, асықпай келе жатырмын ғой. Асыққан шайтанның ісі екенін бұл сабаздар естен шығарып тұр-ау!»-деп Жансая ойға кетті. Ойланған бойы аулаға кірді. Үйінен қожайын әйел шықты. Қолындағы жарты шелек жуынды суды аула ішіне ақтара салды. «Лас суды аула ішіне төккені несі? Аулақтау жерде арнайы шұңқыр бар емес пе?»деп қынжылып тұрған Жансаяға: -Әй, қыздар, ауланың есігін дұрыстап жауып жүріңдер! Жаңалықтардан естідіңдер ме? Бір ошарлы жанұяны белгісіз біреулер қырып кетіпті. Есік ашық қалса, бізді тонап кетуі де мұмкін,-деп қара аспанды төнідре берді. -Апай, қыздар демеңізші. Менің атым-Жансая. Неге ұмыта бересіз? -Кім болсаң, о бол! Ұмытып барады екенмін, аула ішіне ешқандай су төкпеңдер. Мұз болады!-Әйел мұның айтар уәжін құлағына ілмей, аяғын сүйрете басып, үйіне зып берді. Бірақ Жансаяның жұптаған жауабы жоқ еді.Бар болғаны басын шайқап, таңдай қақты. -Қош келдіңіз, бикеш! Бүгінгі ас мәзірі мынадай,-деп Гүлім құрбысына қалжыңдай құшақ жайды. -Қалжыңыңды қоя тұршы, Гүлім. Онсыз да жүйкем жұқарып тұр. -Мен күні бойы бір бала баққанға шаршаймын. Сені өте-мөте жақсы түсінемін.-Гүлім Жансаяның сөмкесін, пальтосын алып, орындыққа қойды. -Бүгінгі жұмыс күнім жақсы өтті. Мені мына апайдың жөнсіз әңгімелері әбден мезі етті. Өзі аулаға арам суды қотара салып, маған «қақпа ішіне су төкпе» деп қарап тұр. -Мана үйге келіп, жаттанды жырларын айтып кеткен. Қайтесің?! Кел, шай ішелік.- Гүлімнің жүйкесі жуық арада сыр бермейтін тәрізді. -Гүлеке, қарашы. Менің ақылды мышымым дастарханның бір шетіне жайғасыпты. Сүпсүйкімді отырысынан айналайын!-Алдыңғы екі аяғын үстел шетіне қойып, құйрығын бұлғаңдатып, орындықта отырған мышымын айналып-толғанған Жансая ішіне ел қондыруға кірісті. Қыздың тәбетін бұзғысы келгендей, қалта телефоны шырылдай қалды. -Саған «жанымның саясы, қайдасың?» деп ханзадаң хабарласып жатыр. Тез жауап бер!- Гүлім осы тұста бір шымшып қалды. -Мені сықамасаң, сақинаң ұстайды-ау деймін.-Жансая «ханзадамен» әңгімені қысқа қайыра салды. -Жаңа ғана «жүйкем жұқарды, шаршадым» деп едің ғой. Қыдыртам деп тұрған жігітке қырын сөйледің. Мен сені кейде түсінбей қаламын.-Гүлімнің үлкен, ойлы көздері одан әрі бақырайып, құрбысына таңдана қарады. -Мұндай байшікеш жігітті көңілім қаламайды. Жанында жүрсең, бар айтатын әңгімесіұялы телефонын апта сайын ауыстыратыны, дөкей туыстары, банктегі ағасы, депутат нағашысы, тағысын тағылар. Одан да мышымымның мияуын тыңдап, үйде отырғаным әлдеқайда жақсы.-Жансая үзілді-кесілді осылай деді. -Онда үнді киноларын тамашала. Бүгін жаңа дискісін сатып алғанмын.-Гүлім су жаңа дискі ұсынды. Ән мен жыры таусылып бітпес, тіпті төбелесінің өзі күлкіге кенелтетін махаббат мейрамы мен машақатын молынан бейнелейтін үнді киноларына қос құрбы шындап-ақ берілді. -Айтпақшы, жарық неге өшпей жатыр?-Гүлім маңызды сұрақты бүйірден қойды. -Мен мектепте ағайды көріп, бар жағдайды айтқанмын. Әйелімен сөйлесіп, жарықты өшірмеуге сөз берген. -Бәсе, бәсе! Әкіреңгүл неге әкіреңін ұмытты десем!-Гүлім «бүйтпе, сүйтпе» деген зілді бұйрықтарынан сүйкімсіз болып кеткен әйелді кекетіп қойды. -Ертең Жаңа жыл. Мен үйде боламын. Менің қожайындарым балаларын өздері қарайды. -Менде де демалыс. Жаңа жылды үйде қарсы алайық.
Иә, ертең Жаңа жыл.Әр аптаның соңында өз-өзіне есеп беретін Жансая тіпті тұңғиық ойға берілді. Құдай бұйыртса, ертең жиырма бесінші Жаңа жылымен қауышады екен. Бірде таныспақ болған жігіттің: -Қарындас, нешедесіз?-деген сұрағына: -Ширек ғасыр өмір сүрдім,- деп жауап бергені есіне түсті. Сонда әліг жігіттің ашуға булыққаны қызық көрінген болатын.Жиырма бес жыл! Осы уақыт ішінде үзілген үміттері көп болды ма? Әлде орындалған асқақ армандары басым түсті ме? Таразы басы қай жаққа тартады? Салмақтау қиынға соқты. Оқуында, тіпті қазіргі қызметінде өзгелерден оқ бойы озық жүр. Адал еңбегімен, терең білімімен өзін сыйлатып, әрі сескендіріп те жүр. Ал, жеке өмірі ше? Қыз жүрегі сенімді серігін таба алмай, іштей арпалыс халде. Өзін шыр көбелек айналып, алдап-арбаған шайтанды періштедей көріп, сұлу сеніміне сыздауық жара түсіріп алмап па еді... Тілінің ұшына сүйікті өлең жолдары орала қалды: -Бір күн озып бара жатыр бір күннен, Қайда барып аялдарын кім білген? Келе жатқан бір күн артық екен ғой, Өтіп кетіп бара жатқан мың күннен. Иә, қуанышы мен реніші қатар қолтықтасып, қайта оралмас мың күні түйдектеліп өтіп бара жатыр. Келмеске кеткен өткеніне өкініп қайтсін! Келер шақ күлім күндерін ала келер. Ертең-ақ Жаңа жыл бар жақсылығын жария етер. Ойы жақсылық жағалауында жүріп, қалай ұйықтап кеткенін өзі де сезбеді. -Бақ құсыңды иығыңа қондырып қойып, ұйықтай бересің бе? Тұрсаңшы! Жаңа жыл әнеміне кірем деп, есік қағып тұр.-Бұл, әрине, Гүлімнің даусы. -Не? Қайдағы бақ құсы?-Жансая иығында ұйықтап жатқан мышымын еркелетіп «мышымтай, алғашқы Жаңа жылың құтты болсын» деп сипап-сипап қойды. -Мысық екеш мысықты да құттықтадың. Маған білдірер еш лебізің жоқ па? -Мысықты құттықтағаным-сені де ескергенім. Менің астарлап сөйлейтінімді ұмытып қалдың ба?-Жанчая қуақылана күліп, атып тұрып билей жөнелді. -Бос сөйлеме, бикеш. Одан да мерекелік дастархан әзірлейік. Сиыр жылын сыйластықпен шығарып салайық! «Дастарханды дәмді асқа толтырамыз» деп әуреленіп жүріп, екі қыз кешті батырды. Бөлме іші алуан түрлі иістерге толып, бөлек әсер қалдырады. Теледидардан жаңажылдық бағдарламалар үсті-үстіне беріліп жатыр. -Жансая, мен ешқандай да мереке лебін сезіп отырған жоқпын. Әдеттегі бір күн сияқты. Соңғы кезде бір күнім бір күннен аумай барады. Уақыты алға жылжыта алмай, бір орында тыпырлап қалып қойғандаймын.-Ойламаған жерден Гүлім әлденеге көңілі толмай, тұрғандай мұңая сөйледі. -Күлегеш құрбым-ау, бұл қай сасқаның? Айтқаның ескі жылдың есебі ме, жоқ әле жаңа жылдың пәлсапасы ма?-Сөзін аяқтап үлгермеді. Үйге ағай кірді. Өзімен бірге жиіркенішті, жағымсыз иіс ала келді. Белгілі ғой, Жаңа жылды «жынды сусыз» атап өтсе күнә болады! -Қыздар, Жаңа жылдарыңмен құттықтаймын!-Ағай дарылдай сөйлеп, қолын оңды-солды сермеді. -Рахмет, аға! Өзіңізді де құттықтаймыз.-Екі қыз қосарлана жауап қатты. -Жүз грамм бар ма?-Мына сөз тура маңдайдан тіліп жібергендей болса да, Жансая сыр бермеді. -Қайдан болсын, аға?! Біз ішімдікетен мүлде аулақ жүреміз.-Ағай аяғын әлтек-тәлтек басып, шығып кетті. -Есікті аша тұрайыншы. Не қылған антұрған иіс?Шайтанның мерекеге арнаған бүкіл сусынын ішіп алғаннан сау ма өзі? -Көзтаныс дегеннің істеп жүргені мынау. Бейтаныстардан не күтуге болады?-деп Жансая көңілсіз күңк етті. -Ағай арақтан ақылынан адасып жүр. Ана мыстанның жұлдызы оңынан туатын болды. Бізге романтикалық Жаңа жыл кешін сыйлайтын шығар!
-Қойшы, дәл бүгін жарықты өшірмесе, өркені өспей қалмас!-Жансая телефон арқылы атаанасын, алыс-жақын туыстарын мерекемен құттықтай бастады. -Мен анама алты рет хабарлама жазып жібердім. Бірақ құттықтаудан гөрі сағыныштың сары хатына ұқсап кеті ме, қалай?-Гүлім өз-өзімен әуре. Ескі жыл елеусіз ғана соңғы сағатын сыйлап тұрды. Сиыр жылы «мен сан соқтырмадым. Барыс жылы, сен де барыңды бер» дегендей сырғып өтіп бара жатты. -Ал, Жәке, тіліңнің балын тамызып бір сайрашы. Мет мына апельсин шырынын түбіне дейін тауысып ішіп салуға дайынмын! -Дархан көңіліңе рахмет, құрбым! Айтар тілегім... Жансая сөзін кілт үзді. Ол толғанып кідірмеп еді. Ой желісін де, көңіл-күйді де бұзған құрсап қалған қараңғылық болатын. Екеуі де жол-жөнекей заттарға сүріне-жығыла далаға шықты. Көрші үйдің жарығы самаладай болып жарқырап тұр екен. Осы жарық құдіретті күші бардай қыздардың көзін байлап алды.«Шіркін, дәл осындай үлкен емес, кішкентай ғана құжырам болса ғой!» БұлЖансаяның тілегі. «Бар болғаны үйшіктей ғана пәтер бұйырса ғой!» бұл-Гүлімнің арманы. Қос құрбының жүрегінде жаңажылдық жалғыз тілек алау-жалау болып тұрды...
Кім кінәлі?
Адам кейпіндегі айуандардың қолынан жиырма жеті жасында ажал құшқан жан ағам Жұбанғанов Данияр Аманбекұлының рухына арнаймын. Өр Алтайдың етегіне, сылқым Ертістің қос жағалауына қоныс тепкен Өскеменнің сәуір салтанатына бөленген кезі. Жайдары күн жарқырай түсіп, туған ауыл табиғатын еске салады. Автобекетте абыржулы күйде тұрмын. Ауылға барар таксидің жолақысы қымбаттап кетіпті. Көп кідірмей-ақ тығырықтан шығар жол таптым. Зайсанға қалааралық автобуспен жетіп алсам, Марқакөл ар жағында тиіп тұр емес пе? Зайсанға жетер жолда автобус сынды да қалды. Діттеген жерге әлдеқайда кешігіп жеттік. Ал, бұл мезгілде Марқакөлге қатынайтын шағын автобус әлдеқашан жолға шығып кеткен. Алпыс екі айлалы адам баласы болсам да, дәл осы жолы еш шарам қалмағандай көрінді. Жан алқымға келгенде қараңғы түнектен әлсіз саңылау «мен мұндалады.» Әкем «Біржан аулында араласпай кеткен немере ағайындарым тұрады» деп сөз арасында айытп отыратын. Не де болса сонда баруды жөн көрдім. Әрі бұл ауыл Марқакөлге апарар күре жолдың үстінде. Қазақ аты бар ғой, аға-жеңгем қарсы алар. … Буы бұрқырап алдымызға қонақасы келгенде, үйге балуан денелі, ортадан жоғары бойы бар, көздері қысыңқы, қайратты шаштары тікірейген, жасы 25-26-ларға таяған жігіт енді. Бұның осы үйдің жар дегенде жалғыз ұлы Данияр екенін ішім сезіп отыр. Ешкім арнайы таныстырмаса да, ол жатсынбай есімін атап, қолын ұсынды. Екеуара басталған әңгіме түн жарымға дейін толастамады. «Қарындасым» деп баурына тартқан Даниярға деген үлкен сыйластық осы сырласудан басталған еді. Таң ата қимай қоштасып, Қайыртай аға жалдаған таксимен туған аулым-ерке Ертіс жағасындағы Жиделіге тіке тарттым. Өзім ойламаған жерден сырлас аға тапқаныма барынша шатпын. Туыс іздеп шөліркеген көңілім бір тоғайып қалды.
Бір жарым ай мерзімге бекітілген педагогикалық іс-тәжірибем көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Туған жердің тұнық ауасы да жанға шипа екен-ау. Бозаң жүзіме қан жүгіріп, шырайланып, Өскеменге оралдым. Осы қарқынмен үшінші курсты да аяқтадым. Сонау қысқа таныстық, тәмамдалмай қалған әңгімелер, тәтті сағыныш көңілімді мазалап, ақыры маусымның мөлдір кешінде Біржан аулына салып ұрып жетіп бардым. Ағалы-қарындасты екеуміз мәре-сәре болып, құшағымыз айқаса кетті. Төрт жас үлкендігін көлденең тартпай-ақ, ағам менімен шүйіркелесе әңгіме тиегін ағытты. Қанша сөз айтылса да, бітер жері сезілмейді. Ауыл қызықтары Даниярдың баяндауында тіпті жалықтырар емес. Ауылда өскендіктен бе, мен жылқы баласын ерекше жақсы көретінмін. Бұл құмарлығымды ағам жоғары бағалады. «Ат-ер қанаты. Сенің ұл болып тумағаның аса өкінішті,»-деп қалжыңдайтын. Ауыл сыртындағы жазыққа ұзап шығып, сайын дала төсінде аунап-қунайтынбыз. Кешкі тымық ауаны шат-шадыман күлкіміз бен айғайымыз ерекше бұзатын. Біздің барынша серуендеуімізге мың сан инесін қадаған бұталар да еш кедергі бола алмады. Міне, бүгін де сол дағдымызға басып, кешкі тірліктерді тәмамдай сала қара жорғаға мінгесіп жазыққа беттедік. Жазықтан сәл жоғары жүргенде, тұңғиықтан шымырлап шығып жатқан тұма бар екен. Тұма басына жетіп, жорғадан түстік. Ағам тұмадан алақанымен суды көсіп алды да, ұрттап жіберді. -Сенің жаның бір мейірімге шөлдеген сыңайлы,-деп ағама әзіл шоғын жылтыраттым. -Осы сен бақсысың ба, жоқ әлде тым ақылдысың ба, менің жанымдағы күйді қайдан біліп қоясың, Нұрай?-Ағам да қалжыңды ширата жөнелді. -Тұманың суын сонша тамсана ұрттағаныңа қарап, дөп бастым-ау халіңді! -Иә, мен мына мөп-мөлдір, тап-таза тұманың суындай нағыз махаббатқа сусап жүрмін.- Ағам маздақ махаббатын сан жылдан бері аңсап жүргендей, даусы көңілсізденіп кетті. -Ой, Данияр, сен асарын асап, жасарын жасаған қариядан бетер ұнжырғаң түсті ғой. Еш алаңдама. Үш күннен соң бір аруға жолығып, мәңгілік махаббаттың балын ішесің!- Ағамды қалжың аулына бұра тартып, күлдіргім келді. -Әумин, Нүрай! Айтқаның келсін! Мына өтпелі өмірден нағыз махаббатымды тапсам, отбасын құрып, ошарлы әулет иесі болсам, сонда бақыт құсы басыма қонды деп білер ем!- Ағам менің сөзімнен қуаттанғандай, атына қарғып мініп, мені мінгестірген күйі жорғалата жөнелді. Өрттей болып жалқынданып күн ұясына батып барады. Төңірек күн шапағынан тараған қызылды-жасылды нұрға шомылғандай. Табиғат та тыныштыққа бейімделгендей маужырап тұр. Тұнған тыныштықты ағамның саңқ еткен даусы бөліп жіберді. -Нұрай, бүгінгі серуеніміз ұнады ма? -Ұнамасқа еш негіз жоқ. -Ауылда қаладағы сияқты дүбірлі дәмханалар, серуендейтін саябақтар жоқ. Әбден зеріккен шығарсың. -У-шуға толы қарбалас қала тірлігінен қашып, мына тылсым тыныштықты паналап келген жоқпын ба?-деп мен де қалжыңға жеңдіре күлдім. -«Сенің күлкің жерде гүлден, көкте күннен» нәр алған-ау деймін! Мейлінше шаттана күлуіңе болады. Ертең біздің ауылдың жастары Ертіс бойына серуенге шығады. Сәнді көйлегіңді таңдай бер! Күн арқан бойы көтерілгенде, Біржан аулынан шыққан үш жеңіл машина «Ертіс, қайдасың» деп тартып отырды. Бұраңдай ағып көзді арбаған, көңіл түкпіріндегі қиялды оятқан сылқым Ертіс жағасына асыға-аптыға жетіп бардық. Машинадан түскен бойда жастардың әзілдері жарасып, күбір-сыбыр таныстық басталды. Бір жеңіл машинадағылар көрші ауылдың қыз-жігіттері екен. Ағам мені оларға «қарындасым» деп таныстырып қойды. Көпшілікпен күле сөйлесіп, сіңісіп кеттім. Сәлден соң ағам орта бойлы, шойыннан құйылғандай қап-қара, шомбал денелі, үлкен сұрғылт көзді, қысқа сирек кірпіктері
қамысынан ада болған бейбақ көлшікті еске салатын жиырма үш-жиырма төрттерді шамалап қалған бір жігітті ертіп әкелді. -Әділеттің туын биік ұстап, үнемі аққа жақ болып жүретін жақын бөлем! Есімі-Әділет,- деп көңілдене күлді. -Туыс адамдар екенбіз, араласып жүрейік,-деп Әділет салмақты мінез көрсетті. Жағалауды бақылап қарап отырсақ, қызықты кино кадрлары іспетті. Жігіттер жағы суға қойып кеткен. Бірін-бірі суға тұншықтырып, мәз-мейрам болып жүр. Әне бір сіріңке қара жігіт қыздарды суға сүйрелеп әлектенуде. Жағада үш-төрт қыз-жігіт қолдарына гитара алып, ән әуенімен бірге бөлектене қалған. Жұп-жұптарымен қол ұстасып жағалауды бойлай қыдырып кеткендер тағы бар. Менің манадан бері көз айырмай қадағалап тұрған бір адамым өзін паң ұстап, оқшау тұрысымен назарымды аударды. Өзі бір түрлі қыз екен. Серуенге емес, түнгі клубқа келгендей мейлінше ашық-шашық киініп, қатты боянып алыпты. Тырнақтары сояудай, қып-қызыл. Шашы дода-дода, не бұйра екені, не таралмай қалғаны белгісіз. Көзін біреу қойып қалғандай көкпеңбек. Кірпіктері жасанды екенін бірден аңғардым: тым ұзын, әрі көзін әлсін-әлсін ашып-жұма береді. Қастары тіптен күлкі шақырады. Түк қалдырмай жұлып, қап-қара қып сызып қойыпты. Осылай ғылымға белгісіз әлдебір тіршілік иесін тамашалағандай қалыпта тұрғанымда, ағам қасыма жақын келіп отырды.Өзі ерекше көңілді. -Мен білмей қалған қызық бар ма?-деп ағамды сөзге тарттым. -Неге қуанбайын? Қасы-көзі қиылған, түндей қара шашы бар, белі бейне бұралған тал, лебізі сиқырға толы бір қызбен таныстым. -Мына айтысыңа қарағанда, пейіштен серуендеп келген хордың қызы емес пе екен? -Хордың қызы да емес, бірақ одан бір де кем емес. Дәу де болса, сол қыз менің жүрегіме махаббат шоғын тастағанға ұқсайды!-деп құпияға толы үнмен сыбырға көшті. Кенет ағам бояуға малынған бағанағы кескінсіз бойжеткенді нұсқады. -Осы қызды саған жеңге етіп берейін бе? Қалай қарайсың? -Қойшы, бұл қыз сенің әке-шешеңді мәпелей ме, әлде ана тырнақтарын мәпелей ме?-деп азар да безер болдым. -Қалжың ғой. Ал, бұл қыз Тоты болады. Түсіндім. Тотының хикаясы маған Даниярдың айтуынан белгілі. Өткен қыста ағам оған сөз салып байқапты. Жиырмаға әлі толып үлгермеген Тотының арақ пен темекіге аса үйірлігін байқап, ат ізін салуды кілт доғарған. Тотының «түнгі көбелек» атанып жүргенін де бір-екі рет естіп қалған. Міне, сол Тоты көрші ауылдан бүгін қонаққа келіпті. Түскі асқа арналған сірне өте дәмді болды. Алқа-қотан отырып, дастарханда бар мәзірге жауша шаптық. Асқазанға ел қондырып алып, суретке түсе бастадық. Данияр ебін тауып, хордың қызы-Майнұрмен жұптасып, суретке түсіп үлгерді. Мәре-сәре болып суретке түсіп жатқанда, әзілдері жарасқан ағам мен Майнұрға қадалған Тотының көздерімен ұшырасып қалдым. Көзқарасында қызғаныш пен кекке ұқсас суық сезім ұшқынын байқағандай болдым. Өзен бойындағы қызу дүрмек кеш қараңғысына дейін жалғасар ма еді, кім білсін, судың қара масалары шақырылмаған қонақтарға шабуылын күшейтті. Амал жоқ, ауылға оралдық. Кешкісін қонақ қыз-жігіттердің құрметіне ауылдың мәдениет үйінде би кеші ұйымдастырылды. Өз басым даңғаза дырду жерлерді аса ұнатпайтынмын. Әйтсе де ағамның қиыла өтінуімен лажсыздан бардым. Осы би кешінде Майнұрдың ағама шынымен ұнағанын жаныммен сездім. Кеш бойы жұптары жазылмады. Денесі тығыршықтай, ашаң жүзді, түзу қара шаштары иығын жапқан, еріндері әдемі жымдасқан топ-томпақ еркетотай қыздың би қимылдары да ағамды тәнті еткенге ұқсайды. Ағамды Майнұрдан қызғанатын тәріздімін. Тек мені ғана аялап, еркелеткенін қалаймын. Қызық, қызғаныштың да түр-түрі болады екен-ау. Көңілді кеште тек Тоты ғана бой көрсеткен жоқ... Арамыздағы туыстықтан нәр алған үлкен сыйластық келе-келе кісі қызығар іргелі достыққа айналды. Екеуара айтылмаған жыр, ашылмаған сыр қалмады. Сондықтан да
болар, ағам мені Марқакөлге баурыны қатты қысып, қимастықпен шығарып салды. «Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін?!» Туған жердің қымбатын енесінің баурынан ажыраған жас төлдей әке-шешесінен алыстап, бір күнде қалаға аттанған шәкірт білмей кім білсін? Иә, туған жердің қаншалықты қымбат екенін шалғайда жүріп, жүрегіммен сезінген шәкірт мен едім. Ес білген сайын ол сүбелі сағынышқа айнала берген. Сондықтан да уақыттың баяу өтуін тіледім. Құдіретті уақыт кімнің уысында тұрған! Тамылжыған тамызды тәмамдап, оқуыма оралдым. Ақтық курсқа бар қажырымды жұмсадым. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін студенттік өмір алыпұшып өтіп жатты. Шығыстың қытымыр қысы да басталды. Өскемендіктер үшін үйреншікті болып кеткен сары шұнақ аяз бен долы боран биылғы қыстың сәнін келтіріп, ажарландыра түсті. Аяз патшалық қүратын қаңтар айында студент біткен сессия сергелдеңіменсіңбіруге мұршалары келмей жүгіріп жүрді. ІІ Табиғатта қыс қаһарына мініп тұрғанда, Даниярдың жүрегінде көктем-сезім өсе берді. Сүйіктісіне деген сезім жетелеп, күнде барып, ақыры жігіттің Майнұр тұратын ауылға салған сара жолы таптаурын болды. Бүгін де жігіт қызына асыға, сағына жетті. Дәл қазір баян етері екеуінің алдағы тағдырының байлауы болатын. Арнайы сатып алған алтын жүзігін Майнұрдың сүйріктей сұлу саусағына салып тұрып, үйленгісі келетінін жеткізді. Майнұр ойланбастан жауап берді: -Жоқ, Данияр, үйлену асығыстық болады. Өзің білесің, отбасымның тұңғышыменмін. Ақылы оқу орнын бітірдім. Дипломды ала салып күйеуге кетсем, ата-анам ренжімей
ме? Әрі інілеріме бас-көз болуым керек. Біраз жұмыс істеп, әке-шешеме қолғабыс етейін. Күту-күтпеу-сенің өз ықтиярыңда. -Күлімдеген күнім сол, менің тәтті қошақаным! Күт десең күтейін, мейлі. Тек келіссең болғаны. Махаббаттан жүрегі тулаған жігіт қызды құшағына алып, ернінен өпті. Қыз қарсыласқан жоқ. Бұл махаббат мейрамына, берілген сертке сүттей аппақ ай мен алқара көк аспан ғана куә болды. Ертеңінде ертелетіп жеткен бір досы Даниярға Зайсан қаласындағы жолдасының туған күніне апарып келуін өтінді. Дос көңілін қалдырмайтын Данияр қысқы кештің көзге түрткісіз қараңғысында үш-төрт жігітті алып, Зайсанға жол тартты. Туған күнге шақырылған қыз-жігіттер аса көп болмаса да, кеш думанды өтті. Таң сібірлеп атқанша, ешкім қайту туралы ойламады. Тек біржандықтар қоналқаға қалмай, үйлеріне жетіп алуды ұйғарды. -Жастық шақтан не пайда, Жалындап бір жанбаса,-деп ыңылдай әндеткен Данияр рульге отырды. Жолдастары да ілесе келіп, машинаға жайғасты. Бәрі «жынды судан» ұрттап алған еді. Осы бір қарғыс атқан «жынды су» Біржан аулына жетер жолда орын алған көлік апатына себепші болды. Бір ғажабы-күл-талқаны шыққан машинадан жігіттер дін аман шығып үлгерді. Темір екеш темір де балшықтай иленгенде, өздерінің қалай сау қалғандарына сене алмай, шамалы уақыт естерінен танып жүрді. Сау қалғанына қуанып үлгермеді, бәрінен де жанына батқаны-топтанып келер жолдас-жораларының бірден азайғанымен қоймай, сүйгені Майнұрдың да себепсіз сыртқа тебуі еді. Титтей кінәсі болмаса да, алысқан қол, байласқан сөзді желге ұшырып, махаббатын мазақ етті. Мұның машинасы жарамсыз болып қалғанда, Майнұр көлігі бар басқа бір «жүректі» жігітті тұзағына түсіріпті. Ал, Данияр сырт көзге баяғысынша қалжыңқой, сергек көрінгенмен, жүрегіне сыздаған жара байлады. Уақыт дөңгелегі кідіруді білген бе? Өз ағымына сай тағы бір көктемді өткізіп, жайдары жазбен қауыштырды. Маусым айында менің қолыма өмірге жолдама-диплом тиді. Дипломды алған бетте тағы да Біржан аулына бардым. Бұл жолы Даниярдың арнайы шақыруымен қонаққа келген едім.
-Нұрай қарындасым, дипломың құтты болсын! Көрімдігі бізден болсын,-деп ағам бәзбаяғысынша жайраңдай қарсы алды. -Кіп-кішкентай құлыншағым, ағаңды сағындырмай келіп тұр. Жарай ма? Сенімен бөлісер сырым көп қой менің,-деді ағам. Бір түрлі мұңын шаққысы келгендей, бәсең сөйледі. -Сонша таусылмашы, мүмкін Майнұр сенің сезіміңе лайық емес шығар. Алда кездестірерсің шынайы махаббат шынарын! Әрі жақсы қыздар бар ғой. -Иә, жақсы қыздар көп... Алдайды, арбайды. Сезіміңмен ойнайды. Ақыры мазақ етіп кете барады.Енді ешкімге сенбеймін. Одан да «кереметін» ұсынатын Тоты әлдеқайда жақсы секілді. Тоты есімі әлдеқайдағы сұмдыққа бастайтындай тіксіне қалдым. Тек онымен кездеспеуін тіледім. Ағамның менімен бақытты шақтарын емес, мұңын бөлісіп, тұншыға сыбырлағаны жанымды аяздай қарыды. Ойға шомып, бақтың шетінде тұрмын. Манағы әңгімеміз белгісіз уайымға бастайтындай. Ымырт үйірілген шақ. Кеш қараңғысында бақтағы ағаштар қарауытып көрінеді. Осы қалың ағаштар әлдебір қара ниет қорқауды жасырып бүркеп тұрғандай үрейлі әсер етіп, жазғы үйге қарай жүгіре жөнелдім. Кіре берісте Данияр тұр екен. -Неден қорықтың, Нұрай? -Қараңғылықтан. -Жас адам қараңғылықтан қорқушы ма еді? Қайта қараңғылық жастардың досы емес пе? -Ақымақ!-Ағамды арқасынан салып қалдым. Ол булыға күлді. Төргі бөлмеде әкесі мен анасы кешкі телехикаяларды тамашалап отырған. Кенет төбе-құйқаны шымырлата, осы үйдің үш бірдей иті ұлып қоя берді. Әлденеден денем мұздап кетті. -Данияр, ана иттерді жасқап жіберші.Жаман ырым бастағаны несі?-деді Бағила апай, Тысқа шықтық. Данияр қолына кесек алып, иттерге лақтырды. Олар сәл тынышталып, қайта ұли бастады. Сыртқа Қайыртай аға шықты. -Таң сәріден бәріне не көрінген, түге? Әне бір тауықтың әтеш болып шақырғаны аздай, мына иттерді қарашы. Қора жаққа барсам,сиырлар ішін солқ-солқ тартады. Қара бастарына көрінсін.-Кейи сөйлеп, ішке қайта кірді. -Бүгін әкемнің сәуегейлігі ұстап жүр. Тырс еткенді жаман ырымға балап, өзінен-өзі абыржып жүр.-Данияр мырс-мырс күлді. Мен езу де тартқан жоқпын. Біз осылай тұрғанда, аулаға жақындап келіп, бір жеңіл машина тоқтады. Данияр таяп барып, машинадағылармен амандасып жатыр. Байқауымша, үш-төрт жігіт пен бір қыз. -Данияр, бері келші.-Ағамды ауланың ішіне шақырдым. -Ауылда би кеші болады екен. Жүр, барайық. -Мыналар кімдер? -Ана жігіттерді танымадым. Ал, мына қыз Тоты ғой. Қолынан тас қып ұстап алып, -Тотының жанында жүру маған да, саған да қол емес. Сен де ешқайда бармай-ақ қойшы.Ол жай келмегенге ұқсайды. -Сен де сәуегей болайын дедің бе? Жарайды, онда мені тос. Небары бір сағат шамасында қайтып келемін. Сөйтті де , қолымды қатты қысып, машинаға отырып, қараңғылыққа сүңгіп кете берді. Данияр бір сағат емес, өзін мәңгілікке күттіріп, байғұс ата-анасын қайғыға батырып кеткенін білген жоқ.Тотының жүрегінде Даниярға деген ескі жылдардан қалған өкпе бартын. Майнұрмен байланысы үзілген жігітті Тоты қармағына оп-оңай түсірген. Бүгін сол ескі өкпесін жуып-шайып, жігітке біраз «сабақ» бермек болды. Қасындағы төрт балаң жігіт Тотының «кереметіне» әбден қаныққан қулар еді. Бұзылған үйдің тұсына келіп тоқтаған машинадан түскен төртеу ләм-мим демей, Даниярды тарпа бас салды. Данияр түкке түчсінббеді. «Жаным «деп жалпылдап отырған Тоты сабындай бұзылып, мелшиіп тұр. Қорғаныс та қыла алмады. Бет-аузына жұдырық жауып кетті. Қарсы келген біреуін сілтей соғып, шегіне беріп еді, әлденеге шалынып, шалқасынан құлады. Шүйдесіне қадалған қатты заттан көзі қарауытып, құлағы шыңылдап кетті.
Көздеріне қан толған қарақшылар жігіттің есін жиғызбай тепкілей берді. Біреуі ата жауын жеңгендей ессіз қалған жазықсыз жігіттің басына щығып секірді. Қараңғылықтың қорқау иттері жаралы жігітті қайда апармаққа ақылдасты. Ақыры Тотының нұсқауымен Әділеттің жазғы үйіне апарды.«Бөлең мас, кіргізіп ал,»-деп сылтауратты қаныпезерлер. «Апарып жатқыза салыңдар» деп немқұрайды ғана күбір етті Әділет. Даниярдың қандай халде тұрғанын көзі көрсе де, жүрек көзі көрмеді. Есеңгіреп тұрған Даниярды Әділеттің осы сөзлері-ақ өлтіріп үлгерген еді. Тірі жан баласы жәрдемге келмей, Данияр қиналып ұзақ жатты. Санасын ұрғылаған жалғыз сұрақ: «Не үшін?» Қараңғылықты жамылып келіп, қара істерін орындаған қанішерлер маңайдан тайып тұрды. Адам қолымен жасалған бұл қасіретке ай екеш ай да жүзі шыдамай, бұлт бүркенді. Сұрқиялықтан шошынған жұлдыздар да жымыңдамай, солғын тартты. Жамандықпен күрескісі келгендей, әлсіз жел ыңырси, ішін тарта ұлыды. Маусым түні емес, қара күз түскендей тым ызғарлы күйге енді.. Жан жарасы мен тән жарасы қосылып, Даниярды талмаусыратып бара жатты. «Неге бұлай? Қай жерден жаңылдым? Қыз дегенім сумаңдаған жылан болды. Дос дегенім жай ғана тобыр болды. Қол ұшын бермейтін бұл адам біткенге не істедім? Қайран әкем, бір сұмдықты сұңғыла ішің сезген екен ғой. Анам-ау, қиналып барам, тез жетші. Інімдей
болған Нұрай қарындасым, жан ағаңды іздеп неге шықпайсың? Апырмау, не боп барады? Мана ұлыған иттердің үні ме, жоқ әлде зарлай жылаған анамның даусы ма?» Өлімші халде мың сан сұрақ миына қадалып, тәнінде сайран салған соққыдан есін жимастан, Данияр таңға қарай жан тәсілім етті. Сызылып тағы бір таң атты. Түк болмағандай жаһанды нұрымен арайландыра, сұлулана атты. Тек осы бір таң шапағын Данияр ғана көрген жоқ. Ғазиз ата-анасы жалғыз ұлдарын әр сәт сайын күтіп, қалған өмірлеріне сыздауық сағыныш пен ауыр қайғыны серік етті. Дархан мінезді, жаны жайсаң ағамды аңсап, өзіме таныс жерлерден іздей бердім. Асыр сап бірге жүрген жазыққа бардым. Мөлдір суын шашып ойнаған қасиетті тұма басынан іздедім. Ерке Ертіс өзеніне сұрау салдым. Қатар-құрбы замандастардан да іздедім. «Жоқ» деген сөзге иланбай, емексіп, шарқ ұрып іздей бердім. Жас қабір бейкүнә томпиып жатыр. «Ағам осында жатыр» деген суық ойға нана алмадым. Содан болар, қабір басында зар төгіп жылаған жоқпын. Неге? Соңғы кезде осы сауал найзасын кезеп, жиі жауап сұрайтын болды. Болған жайтқа кімді жазғырарымды білмеймін. Адал дос бұйрмай, ажал тапқан ағамды ма? Махаббатты дүние, ақша құнымен ғана өлшеген парықсыз Майнұрды ма? Әлдеқашан тапталған ар-намысын өзгеден қайтармақ болған Тотыны ма? Әлде не үшін кісі қанын мойындарына жүктегендерін өздері де білмейтін сол бір бөлтіріктерді ме? Бәлкім, өзім кінәлі шығармын? «Бірге жүр» дегенде қырсық шалып қалып қоймай, неге еріп кетпедім? Орны толмас, өзекті өртеген өкініш кеудемді мүжіп барады. Қоңыр күз келді. Күлмей, күңірене келді.Табиғат сұрқай реңге боялды. Өз өмірінің жиырма жетінші күзін көре алмай, Данияр арманда кетті. Бірақ бұл күз Майнұрға күлмеңдей келді. Ол машинасы, пәтері бар аудан орталығыныда тұратын, өзі Даниярға айырбастап алған жігітке тұрмысқа шықты. Ал, мен болсам, төрткүл дүниені кезіп, «аяулы ағамның аяусыз тағдырына кім кінәлі?» деген мазасыз сұраққа жауап іздеумен әлі келемін.
Ауыл ашықауыздары (әңгіме)
Өрістен қайтқан малдың тұяғынан көтерілген аппақ шаң ауылды тұмшалап алған. Ерке Ертістің сол жағалауына, Ашутас жотасының етегіне қоныс тепкен аядай ауылда қарбалас тірлік басталып-ақ кетті. Күндіз барлаушыдай қылаң беріп, тек кешке ашық айқасқа шығатын сайыпқыран су масаларынан қорғанып, әр-әр жерге будақтатып түтін салып қойған. Сәлден соң шаң да сейілді, мал да қораланды, ауыл үстіне тыныштық орнай бастады. Құдіретті Күн тіршілік біткенді ару Айға аманат етіп, ұясына шомып кетті. Күннің алтын шапақтарын Айдың асыл сәулелері алмастырды. Айдың сұлу серіктері сансыз жұлдыздар да аспан төрінен орын алып, жарқырай төніп тұр. – Апа, қазір «Гүмүш» басталады! – Төргі бөлмеден кішкене қызы жүгіріп келіп, ас үйде жүрген Айша анасының етегіне оралды. – Қызым-ау, жағаласпашы! Бүгін кино көре алмаймын. Оқудағы ағаңа сәлемдеме жіберейін деп қамданып жатырмын. – Нұрбол ағам жақсы оқып жүр ме? – Қызының бітіп бермес сұрақтары басталды. – Иә, күнім! Одан әрі жақсы оқуы үшін дәмді тағамдар, аз-маз болса да ақша жіберуім керек. – Апа, ал әкем балық аулап ұзақ жүре ме? – Шолжаң қызы тағы бір сауалдың шетін қылтита беріп еді, үйге сау етіп бөгде адамдар кіріп келді. Тосын қонақтардың сұрқынан қызы түгіл Айшаның өзі сескеніп қалды. Әйтсе де сыр бермей: – Түн қараңғысында түртініп жүрген кім едіңіздер? – деді. Киген киімдері кір-қожалақ, олпы-солпы, үстеріне әлдебір заттарды тағып алған. Онымен қоймай өн-бойларынан қолқаны қабардай жағымсыз иіс мүңкіп тұр. Шақырылмаған қонақ болса да, өздері тым батыл екен, әлі жиылып үлгерілмеген дастарханды жағалай отыра қалысты. Басына бір қара шүберекті сәлдеге ұқсатып байлап алған теке сақал, мосқал еркек сөз бастады: – Қызым, бізҚұдайдың жіберген елшілеріміз, ренжітпей күтіп ал! Бізді ырза қылмасаң Құдайдың қаһарына ұшырайсың. Иә, солай! – Бүгін күн жұма! Жұма намаз қабыл болсын! – Ертегідегі мыстан кемпірдің бір елесіндей қап-қара, тарамыс, орта бойлы әйел үстел үстіне боқшасын қойып, кәкіршүкірлерін шығара берді. Беймезгіл уақытта басакөктеп кіргендері аздай қорқынышты үгітке кіріскен келімсектерге Айшаның зығырданы қайнап сала берді: -Болмашы дүниелеріңді жинап ал! Құдайдың атынан сөйлейтіндей сонща кім едіңдер? Сендердей елді тінткен тілемсектердің талайын көргенмін. Үйімнен шығыңдар, кәне!- Айша айғайға баспай, зілді ызғармен сөйледі. Сыған әйел мұның айбарынан ыққан да, тайсалған да жоқ: - Әй, пақыр! Құдайдан қорық! Бізді қабыл алмасаң, бүкіл үрімбұтағыңа жай оғындай Ажал жібереді! - Тіліңді бұрап қазақша сөйлегеніңе мың рахмет. Алайда мені жасқай алмайсың. Мен емес, Құдайдың атын жамылған алаяқ мына сенпақырсың! Тез арада табандарыңды жалтыратыңдар! Қорқытыпүркіту шарғысының іске аспайтынына көздері жетті ме, кім білсін, сығандар шұбатыла шығып кетті. Бөлмеде әлгі бір антұрған иіс қалып қойды. Есіктерезені ашып, ауаны желдетуге кіріскен Айша өзөзінен күңкілдеп, кеюін қояр емес: «ауылдағының бәрін ашықауыз дей ме? Әлде « Алланы ауызға алсақ болды, дәмдітәттісін де, ақшасын да иеленіп кетеміз» дей ме?Қаңғыбастарға қағылар жайым жоқ»
Осыдан бірер апта бұрын ұзын құлақтан «көрші ауылдарда тәжік, сығандар қаңғып жүр. Әшекей бұйымдар, діни заттар сатады екен» деп естіген. Манағы пысықтарды сығанға жорығаны да сол себептен еді. Бұл мезгілде сығандар ит атаулыны абалатып, көрші қысқа көшеге түсті. Ай сәулесінде бозаңдана көзге шалынған еңселі үйдің ауласына кіріп келді, Ит көрінбейді, яғни бөгет жоқ. Бір табақ етті енді алдарына ала берген үй іші дүрк етіп енген бейтаныс жандарды көріп аңтарылып қалды. Дастархан басындағы үштөрт қара домалақ атып тұрып бүйірдегі бөлмеге қойып кетісті. Атып тұрмай қайтсін, «үйге қонақ келгенде дастарханда орнығып отырып алмай, орын беріңдер» деп әкешешесі құлақтарына құйып тастаса керек. Отағасы қонақжай дағдысына басып, келгендерге төрден орын ұсынып, « босағада тұрмаңыздар, дәмге келіңіздер» деп қалбалақтай қалды. Үй бибісі тыққанпыққандарын салып, дастарханды лезде жайнатып жіберді. Мына ілтипатты көріп аянсын ба, сығандар көсіле жайғасты. Отағасы ет турайын леп ыңғайлана беріп еді, сыған еркек және өнер шығарды: «ас ішілмей тұрып, құран оқимын» деді. Отырғандар қолдарын жая берді. Отағасының көңілін сан сұрақ түрткілесе де, тіс жармады. Бір білгені бар болар деп өзінөзі тежеді. Қонақтар дәмге қолдарын соза бастады. Және қандай қолдар десеңізші: талайдан бері жуылмаған кір қолдар, күстен шытшыт жарылған ұсқынсыз қолдар, бар арамды тырнағының астына жинаған сіңір қолдар. Үй иелері астан ауыз да тимей, тек қонақжайлылық білдірумен болды. - Ұялмай жепішіңіздер!- Бұл мезетте жейтін ештеңе қалмаған еді, дастарханды біреу тонап әкеткендей. Тәттілерді сыған бала етпен бірге қылғытқан болатын. Жүрген жерін жалаңаштап, жайпап кететін шегірткедей бар мәзірді жалмап болған сығандар қонақ бөлмеге кірді. Сыған әйел бөлменің қақ ортасына әкеліп, дорбасын ақтара салды. - Бері келіңдер, Құдайына қараған жандар! Мына киелі бұйымдарды көріңдер!- Онымұныларын араластыра бере, үйді басына көтере бір кекірді.- Мынауқасиетті Құран сөздері жазылған тұмар. Үйіңде сақтасаң, мәңгі бақытты боласыңдар! Ұсынылған тұмарды қолына алған Мирас отағасы қайран қалып, басын шайқадыосыншалықты кішкентай болар ма? Мұның қызықтап отырғанын қалт жібермеген әйел: -Бағасы 10 мың теңге,- деді. Тұмар орнына қойылды. - Ақшашайтанның серігі. Адамды аздыратын да сол ақша. Ана бір ауылда бізді тілдеп, тұмарды жыртқан бейбақ көз жұмыпты.Өзін қойшы, барша баласы бірдей мерт болыпты. Мына сұмдық хабардан үй бибісінің жүрегі атқақтап қоя берді. Бір жамандық жақындап қалғандай бойы суынды. Ойламаған жерден ол атып тұрып, жатын бөлмесіне кірді. Кейінге сақтаған біраз ақшасы бар-тын. - Міне, бары осы. Тұмарды аламын.- Жеті мың теңгені әйелдің алдына тастай берді.- Балаларымның амандығының садағасы. - Жә, пейіліңе бола берейін. Үш күн тірі жанға көрсетпей сақта. Ешкім тақпасын!- Тұмар қолына тисе де, келіншектің құлағынан шырқыраған бір үн кетпей тұрып алды. Алғанын сандық түбіне жасырғанша асықты. Ажарлы Ай қысқа ғана патшалық құрып, кербез Күнге кезек берді. Алтын таңды атырған кермиық Күн ең әуелі дүниені жарық сәулеге бөктірді. Табиғат тылсым тыныштықтан ояна бастады. Тұнып тұрған жұпар ауа, жанға жайлы салқын леп ауыл таңының сәнін келтірді. Айша бүгін күндегісінен де ерте тұрды.Келісілген көлікке сәлемдемесін салып барып, көңілі байыз тапты. Осы раймен жүріп, сиырларын сауып, өріске ұзатып салды. Еркетотай қызы жуық арада оянбасы анық. Жалғыз өзі шай іше алмаған соң, Айша көрші көшедегі әпкежездесінің үйіне тартты.
- О, балдызжан! Қайырлы таң! Біздің шай ішіп отырғанымызды қайдан білдің? Осы сен түтін аңдығаныңды қашан қоясың?- Мирас жездесі қалжыңдай құрақ ұшты. - Жездеке, әпкемнің қою шайын шайқап бір ішейін деп келдім. Одан ырысың ортая қоймас.- Айша да қағытып қалды. - Кел, дәмге кел!-- Әпкесі жікжапар болып, кесе толы күрең шай ұсынды. - Әпкетай, жездемнің алдына сорпа қойыпсың, Ал, етін маған сақтап отырсың ба? - Кеше кешке қарай сығандар келді ғой. Соларды күтеміз деп, дастарханымыз да жұтаңданып қалды.- Әпкесі еш қалжыңсыз салмақты тіл қатты. - Ойпырай, біздікіне де келген. Мен жуытпай, қуып шықтым. Сендердің қонақ етіп қарсы алғандарың қалай? - Елдің бәрі сен сияқты адуынды емес, Айшажан! Әпкеңді білесің ғой. Соңғы тиынынна құртақандай тұмар сатып алды.- Мирас Айша балдызының швмшвмасынан басын сауғалап отыр. -Қойшы, мықты болсаң қуып жібермедің бе? Төрге шығарып тайраңдатқан сен бе, әлде мен бе? Тұмарға саудаласып жатқанымда, отырдың ғой өзөзіңнен бүк түсіп! Мына қызықты қара! Айша сенерсенбесін білмей әуре. - Шыныменақ сөйттіңдер ме? Маған тұмарды көрсетіңдерші! Әпкежездесі бірдей безек қақты: - Жоқ, Айша, болмайды! « Үш күн бойы ешкімге көрсетпе» деген. Саған зияны тисе қайтеміз? -Сендей батыр балдызды қайдан табамын?- деп жездесі қосып қойды. -Әзілқалжыңнан жеңілуді білмейтін жездемнің сығаннан жеңілгені қиын екен. Олай болса, мен үйіме қайтайын. Еркем оянған да шығар. Әпкесі Айшамен ілесе шықты. -Үйде ұн бітіп тұр еді. Сенен қарызға бір шелек ұн ала тұрсам деймін.- Айыпты адамдай кібіртіктей сөйледі. -Әй, әпендім-ай, ал, ал! Сенен аярым жоқ екенін білесің. Айша Қожанасыр қылықты әпкежездесіне бір күліп қойып, үйіне келе жатты. Көк аспанда ақша бұлттар айқын бояумен айшықтала қалыпты...
Жас маманның басынан кешкендері Жұмыс іздеу сергелдеңі
Студенттік өмірді аяқтап, жұмыс іздеу әуресімен бас қатырғалы қаншама уақыт өтті. Қолында түйіндемесі, қала мектептерінің есігін аңдып жүргені. Осы бұйымтаймен бір мектеп мүдіріне жолыққан еді: -Иә, келіңіз, төрлетіңіз.-Мектеп басшысы мейірімді жүзбен орын ұсынды. Оң шыраймен қарсы алғанын жақсы ырымға балап, түйіндемесін ұсына берді. -О, мынау неге бос?-Мүдір ақ парақты олай-бұлай сілкіді. -Бос емес қой, диплом көшірмесі міне! -Әй, бала, ымды түсінбейтін не деген шаласың! Бос дегенім-«көк қағаз» жоқ дегенім. Әлбетте, бұдан былай құр шапқылай бермей, қалтасын қампитып бір делдалды жібергенің абзал. Қысқасы, менде сен үшін жұмыс жоқ. Сұмдық-ай! Салы суға кетіп, сүйретіліп келе жатыр. «Іздеген жетер мұратқа.» Ай бойы адақтауы текке кетпеді. Түйіндемесін алып қалған бір мектеп жұмысқа шақырды. Әділдік салтанат құрды. Алақай! Алақай!
«Бірдеңе ұйымдастыр!» Екі ай сынақ мерзімге қол қойған жас маман осы уақыт аралығында өзін жан-жақты көрсетуге барын салды. Ашық сабақтар өткізді. Әр түрлі мерекелік кештер ұйымдастырды. Бүгін, міне, айбынды оқу меңгерушісінің алдында отыр. -Көкешім, уақытың болса бітті. Өзің енді етің тірі, пысық бала екенсің. –Қуанып ктеіп, ыржиа беріп еді, басекесі тыйып тастады. -Бүгін мүдір мырзаның туған күні, бірдеңе ұйымдастыр! Және бір жарқырап көрінуге мүмкндік! «Бірдеңені» жаны таза жас маман әдеби-сазды кеш деп түсінді. Өнерпаз оқушыларды жинап, бағдарлама құрып, шарқ ұрды. Екі күннен кейін басекесі тағы шақырды. -Әй, сен не бүлдіріп жүрсің? -Ештеңе. Сіз айтқандай шамам келгенше ұйымдастырдым. -Сонша сөз ұқпас есек болармысың? «Үлкен кісіге» концерттің керегі не? Биыл жұмысқа алынған жастардан ақша жинап, конвертке салып ұсынсаң, падиша өмірін сүрмейтін бе едің?! Жас маман шар ете қалды. От басып алғандай безек қақты. -Жо-жоқ, басеке! Мені мұндай лас іске жұмсамаңыз! Арым жібермейді! -Тоқтат! Аршылын қарашы өзінің! Ар-ұят деген әншейін сөз ғана! Өмір сүру үшін, түлкі болу керек! Кете бер, боссың! Басекесі теріс айналды. Содан бастап мүдірдің де бұған деген шырайы жылымады. Мұның қолынан келмеген құйтұрқылықты басқа бір жас маман алғанға ұқсайды. Сабағын өте алмай сүметіліп жүретін ол кенеттен парасатты ұстазға айналды. Бұл болса күн сайын көз түрткі боп, жаман атаққа ілінді. Күлім күндері неліктен ғайып болып, күңіреу күз басталып кеткенін іші сезсе де, ешкімге тіс жармады. Мұғалімдер бөлмесінде отыр еді. Әлгі түлкішек сумаң қағып кіріп келді. -Хабарландыру, жас мұғалімдер! 1-мамыр мерекесіне арнап, жоғары жақты сыйлайық! «Алтын көрсе, періште жолдан таяды.» Алтын әшекей тарту етіп, өзіміз де құрмете бөленейік! Қаны басына теуіп, бұл төбеттей арс ете қалды. -Әй, сұрқия, үгітіңді тоқтат! Ешкімнің артық ақшасы жоқ. Бастық-қостықтардың көңілін тауып, қашанғы жақсы мұғалім атанбақсың! Осы сені ар-ұятың мазаламай ма?
-Қымбаттым, өмір заңы солай! Иіліп-бүгіліп өмір сұрмесең, күнің қараң! Сенің қауқарсыз айбатыңнан мен ықпаймын! Ұят-ұят деп жүріп, бір күні жұмыссыз қаңғып қаларсың! Хаха-ха! -Әркімнің табанын бір жалап күнелткенше қаңғып кеткенім әлдеқайда артық!-Бұл терісіне сыймай ашуланып шығып кетті. Алдынан өзі сый тұтатын жасы үлкен мұғалім шықты. Мұның бет-әлпетінен бәрін түсініп, кабинетіне шақырды. -Балам, осының бәрі жүйкеңе тиіп жүргенін білемін. Мұғалім үшін ең маңыздысы-сатып алған мақтау қағаздарының көптіігі емес, оқушының шын құрметі. Сол құрметке жетсе, ұстаз бақыты деген осында! -Айтыңызшы, мынадай шырмауықтай шатасқан парақорлар мен пәлеқорлардың арасында қалай жұмыс істеп жүрсіз?-Жас маман ызадан безгек буғандай қалш-қалш етті. -Білімің мықты болса, шулаған көп күшіктің пәлесі жұқпайды. Берекелі білімнің арқасында абырлоймен жүрмін. Сен де осы бетіңнен тайма! Алла адал пендесін ешқашан елеусіз қалдырмайды! Адамның берген алтын-күмісі емес, Алланың берген ақыл-білімі ғана нұрға жетелейді! Уһ! Жаны жай тапты-ау, әйтеуір! Бәрі бірдей алаяқ болып кеткен бе деп қорқып еді, бекер екен. Адал жандар арамызда! Алақай! Алақай!
Түйілген жұдырық қорқыныш емес!
Жоғарыдан пәрменді бұйрық келді: -Сен ертең пәлен мектепке жиналысқа барасың. -Нендей жиналыс! -Сөзді көбейтпе, барған соң көресің! Кешігуді жаны сүймейтін жас маман сағат тура 9. 00-де сол мектептің мәжіліс залында қаққан қазықтай шаншылып отырды. Мәжіліс депутаттары жүргізетін бұл жиынға аймақ тұрғындары мен мұғалімдер қатысады екен. Сағат онды толтырып, мүдір мырзасы да келіп жетті. Алдыңғы қатарлардың біріне дүмін басты. Депутаттарға сұрақтар қарша борады. Сұрақтар жауаптармен қауышып, халық бір кең тыныстап қалды. Жас маман толқып отыр. Мұндай сәт күнде болмас. Іштегі сұрақтар мазасын алып бітті. Жайлап орнынан тұрды. Кенет мүдір оған «отыр» деген ишара танытып, саусағымен сес көрсетті. Байқамаған болып, микрофонға жақын келді. Осы кез ол мүдірдің сұстиған саусағын емес, түйілген жұдырығын көрді. Жұдырық мұны қорқыта алмады, қайта намысын шабақтай түсті. Іркілмей, ойындағысын жария етті: -Мұғалімнің құқығы өз мекемесінде аяқасты етіліп жүр. Оны кім қорғау керек? Мұғалім кімге шағына алады? -Мұғалімінң құқығын қорғайтын кәсіподақ бар. Іс асқынған жағдайда сотқа шағынуға болады. Сұрағы жетімсіремей, жауабын тапты. Көңілі тоғайып, орнына оралды. Түс ауа тиісті сабағын өтіп жатыр еді, байбалам салып басекесі келді. -Сені мырзамыз шақырады. Қабағы тым қатулы. «Күн райын баққан кәрі қойшыдай болдық-ау» деп мүдір бөлмесіне барды. Ол мұны көріп, тарпа бас салды. -Ей, жетесіз! Мен «отыр» дегенде неге тыңдамайсың? Қайдан шыққан мықтысың?! Сенің сұрағың жиналыстың шырқын бұзды, мені масқаралады.-Ұзын-сонар жеукіру бітер емес. Шүйліккен шабуылға жас маман төтеп беріп, қасқайып тұрды. -Біз демокартиялық қоғамда өмір сүреміз. Сөз бостандығы, ой бостандығы деген тағы бар. Ойымдағыны айтуға толық құқылымын. -Өзі сен маған айтшы, кімді арқаланып желкеңді күжірейтіп тұрсың? -Арқаланатын көкем, де жеңгем де жоқ. Заңға сүйеніп айтып тұрмын. Заң паш еткен құқымды сіз тежей алмайсыз!
Жылдар бойы осы креслода мызғымай отырып, өзіне біреудің қарсы келгенін көрмеген мүдірдің мына сөздерден құлағы тұнып кетті. Бетіне келген жас маманнан біржолата құтылғысы да келді. Бірақ оның тағы да «заң, құқық» деп тақ ете қалмасына кім кепіл? Адуынды басшы бар қаһарын төгіп, «шық!» деп айғай салды. Жас маман шығып кетті. Өзөзінен үрейленіп бүкшиіп отырған хатшының жанына алшаң басып шығып кетті. Ол бұдан былай жұдырықтан да, айғайдан да қорықпауға болатынын түсінді. Қабағынан қар жауып сес көрсеткісі келетін мүдірдің заң алдында дәрменсіз халге түскеніне риза болып сынып бөлмесіне кірді. Міне, жас маманның басынан кешкен оқиғалары осындай! Бірақ алда оны тағы қандай хикаялар күтіп тұрғаны белгісіз. Ар жолында ажарлы жүруді өмірлік қағида еткен жас маманды қаптаған жалақор иттер күндердің күні жаншып тастамас па екен, кім білсін!
Жүгінгүл мұғалімнің бір күні ( әңгіме)
Жүгінгүлдің айғай-сүреңге, қаһарлы бұйрыққа толы тағы бір күні басталып кетті. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, тексеруге шыққан комиссияның келгенінен келедісі қиын болды. Мықтыларды күні бойы тапжылмай күтеді. Өзектері талып, көздері көкшигенше жолын тосады ғой жәкеңдердің. «Бүгінгі күн де солай өтер» деп болжамдаған Жүгінгүл асықпай сөмкесінен қағаздарын шығара бастады. Кннет ащы айғай естілді: «Келді!Келді!» Жүгінгүл селк ете қалды. - Кім келді? -Кім келді дерің бар ма, комиссия келді! Әріптесі аптығын баса алмай алқынып тұрып: -Сынып бөлмелерінің тазалыын тексеруге шығыпты,- деді. Мұны естіген Жүгінгүл шүберекке жүгірді. Жалма-жан терезенің алдын сүртуге кірісті. Сасқалақтап жүріп гүлдердің жапырағын да бір-бір сппап өтті. Бұлар осылай әбігерге түсіп жатқанда кіші басекесі кіріп келді. Бұл келісі, әрине, тегін емес. Ызғарлы жүзбен қатуланған басекесі ләм-мим демей кілтін сылдырлатты. «Кілттің сылдыры-теңгенің сыңғыры» деген шартты ұғымға Жүгінгүлдің о бастан еті үйренген. Сондықтан кілттің сылдыры ұзаққа созылмады. Сәлден соң үстелде Жүгінгүлдің сөмкесінен сүйретіле шыққан селқос күйдегі мың теңгелік жатты. Дәл осы сөлкебай комииссияның қабағы ашық, жүзі жадыраңқы қайтуының бірден-бір кепіліне айналған. Ал, кілтін күмбірлеткен кіші басекесі коридорды бойлап кетіп бара жатты. Сөлкебайынан айрылып сылпиып қалған сөмкесін бір сілкіп қойып, Жүгінгүл сабағын бастап кетті. Ұстаздық шабытына мініп, тілінен бал тамызды. Содан болар шәкірттері қиял құсына мініп, өлең шығарып, жыр айтып делебелері бір қозды-ай! Бірақ Жүгінгүл шабыт жетегінде ұзақ жүре алмады. Пәрменді жарлық барлығының парша-паршасын шығарды: «Министрліктен 4-9 сынып оқушыларын жаппай тестілеу келді. Тест тапсырмаларын шешіп, оқушыларға таратсын.» Сабағы адыра қалған Жүгінгүл нұсқалған сынып бөлмесіне келді. Азды-көпті әріптестері де осында екен. Зілді бұйрық оларды да жайына қалдырмаған-ау, сірә! Қан мен терге түсіп, тестпен айқасу басталды. Сырт көзқадағалаушы өкілдер жүргендіктен, тест кітапшаларын қолға түс3ру аса қиынға соқты. Бүкең қағып, желе жорта жөнелген Наймангүл ерлікпен оралды: қойын-қонышын толтырып тест кітапшаларын алып келіпті. «Мықты болсаң, сырымды тауып көр» дегендей тест кітаптары үйіліп жатыр. Әйтсе де онымен айқасуға көпшілік бірдей батылы барып жуи қоймады. Қайдан батылы барсын, біреу көкесін жағалап, біреу тәтесін сағалап жүрген білімі таяз қулар болса! Білім бағын емін-еркін жайлаған бір-екі мұғалім ғана тестке
жақын келді. Жүгінгүл де шарт жүгініп айқасқа кірісті. Қолында анау-мынаудың тісі бата қоймас тест сұрақтары. Алғашқы сұрақ сып етіп көзіне түсе етті: «Жылқы не істейді?» А/ маңырайды В/ мөңірейді С/ мияулайды Д/ кісінейді Е/ күледі «Оқушының білімін осындай сауалмен бағалауға бола ма екен? Жылқы мияулаушы ма еді?»-деп кейіген мұның сөзін анталаған ана қулар дұрыс жауапқа балап, парақтарына жазысып алысты. Өз бойларында білімдері болмаған соң, олар тек көшіруге, барып кел, шауып келге жаралған жандар ғой. Мына бір сұрақ Жүгінгүлдің білімін емес, жүйкесін сынай келгендей: «Кенесарының жорыққа мінген тұлпарының тісі нешеу еді?» А/ 32 В/48 С/ 60 «Аласапыран заманда біреу-міреу зақым қылмаса, жарықтықтың тісі отыз екі болған шығар» деп Жүгілгүл маңайындағы пысықайларға шамалаған жауабын түсіндіріп те қойды. Онымен дауласып жатқан тірі жан жоқ. Осындай ретпен шешілген тесттер ебін тауып, сынып бөлмелеріне сүңгіп кетісті. Алайда оны қарап алған оқушылар болған жоқ. Бірі тоқашын жеп, ұрты бұлтыңдаса, бірі сусынын сіміріп, жайбарақат күйде. Наймангүл жүрген дыбысы білінбей, оқушыларға таяп келді: «Ойбай-ау, неге жауаптарды тездетіп көшірмейсіңдер?»-деп безек қақты. «Не асығыстық? Тоқашымды жөндеп жегізбедіңіз ғой!»-деп бір оқушы екі ұрты толып тұрса да сөзге араласты. Иә, бар жауапкершілікті ұстаздарға сүйей салып үйренген оспадарсыз оқушылар осындай болады... Көзі шұбырып, жүйкесі жұқарған Жүгінгүл сәл дамылдай беріп еді, кілт сылдыры естілгендей болды. Жаңылыспапты, кіші басекесі кілтін тағы да сылдырлатып тұр. Бұл жолы жиналар сөлкебайдың салмағы да артыпты: мың жарым теңге. «Не үшін? кім үшін?» деген сауалдарға сан соқтырып, басекең қатаң іске көшті. Қорқытып-үркіту әдісіне басты. Жүгінгүл кетті жүгіріп, қарыз сұрап телміріп. Абыр-сабыр мұнымен бітсе жарар еді-ау! Түс қайта тығыз түрде жиналыс шақырылды. Бұйрық: «сайлауға байланысты тұрғындардың өлі-тірісін тексеріп қайтыңдар!» Сайлаушылардың табалдырығын бұған дейін де неше мәрте тоздырған мұғалімдер бір кісідей таңдай қағысты. «Тағы қандай қитұрқы заң зікір салар екен?»-деп іштерін тарта таңданысты. Бүгінгідей нарықтық заманда шыбын-шіркей де тектен-текке ұшпайды. Бірақ мұғалімдердің күні сол шыбыншіркей, құрт-құмырсқалардан төмен. Сайлау науқаны кезінде көше-көшелерді тегін аралап, қар мен жаңбырға малшынғандары өтірік емес. Алғашында «тұрғындарды тіркеу бойынша тізімдеңдер» деген бұйрық түсті. Кейін «пәтер жалдаушылардың тізімі керек» деп мұғалімдерді тағы шапқылатты. Үшінші рет мұғалімдердің қолына тізім беріліп, «тұрғындардың өлі-тірісн анықтап кел» деген санасыз пәрмен күш көрсетті. Бірақ соңғы түйенің жүгі тіптен ауыр болды. Мұғалімдер сайлаушылардың әрқайсысының қолына шақыру қағазын үлестіруге міндетті екен. Жиналыстан бәрі жабығып шыққан мұғалімдер көше-көшені кезіп кетті. Аһылап-үһілеп, әудем жер мұң боп, мектепке қайта оралысты. Олай етпесеке шаралары жоқ. Бұйрық қатты жан тәтті. Еткен еңбектерін елеп, бұларды есіркеген басекелері болмады. Жаңа әрі жындысүрей жарғы жапалақтай жалп етті:«Қолдарыңа қоқыс салатын қаптар береміз, соларды тұрғындардың бәріне таратып шығыңдар!» Қолында қарғыстай таңылған қоқыс қаптары Жүгігүл әлтек-тәлтек басып келе жатты. Күндізгідей зыр жүгіруге шамасы да, ниеті де қалмады. Аяғын апыл-тапыл басқан жас баладай болып жүрсе де,қоқыс қаптарын таратты-ау, әйтеуір! Тұрғындардың кейбірі бұған таңдана қараса, бірі келемеж етіп, тіпті аяныш білдіргендері де болды. «Қоқыс қабын мұғалімдерге таратқызу не деген сұмдық? Шркін, бізідң кезімізде мұғалімдер...»- деп бір қария шежіре шетін қылтитып еді, Жүгінгүл оны естіген жоқ.
Оның оңайлықпен шаршап-шалдығу дегенді білмейтін тәні мен жаны шынымен –ақ сыр беріп, сынайын деп тұрды. Міне, Жүгінгүл үйіне келе жатыр. Қас қарайып, төңіректі қараңғылық тұмшалағанын енді ғана байқады. Ол көзін шарта жұмды. Сол-ақ екен, көз алдына толып жатқан тест сұрақтары, бума-бума қара қаптар, тұрғындардың әжуаға, мысқылға толы жүздері елестеді. «Апырау, осының бәрі бр-ақ күнде болған дүниелер ме? Әлде мен алжасайын дедім бе?»- деп Жүгінгүл өз-өзімен дауласып келеді. Жүгінгүлдің бір күні мың күнге арзитындай «ыстық естеліктермен» өтті. Ертеңгі күннің сыбағасы да ерен болатынын оның іші сезіп тұрды. Пьеса Айзат Рақышева
«Өмір сүруге хақым бар!!!»
Біздің қоғамда рухани құндылықтардан материалдық байлықтың басым бағаланып жүргені өтірік емес.«Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлейтін» қазіргі қоғамда адамның сырт пішіні оның өзіндік орнын табуына ықпал ететін болды. Он екі мүшесінде кемістігі немесе сырқаты бар жанды көрсек, саусақ шошайтып күлетін тым төмен деңгейге түстік. Оның өзінше жан-дүниесі бар Адам екенін естен шығарып, сол кемшілігін бетіне басып, табалап та жатады.Бейнебір әлгі мүгедек жан «Басқалардан ерекшеленіп жүрейін. Маған қисық аяқ, қыли көз берші, Құдайым!»-деп сұрап алғандай, жел сөзбен көңіліне тікен болып қадалып, оның сұрқын қашырамыз. Ал, тәні кеміс адамды тең ұстап, қажет жерінде қолдау көрсету қазіргі қоғам мүшелеріне қиынға соғып тұр. Нақтылы істен ауытқып, тек жылтыр сөзбен жаралы жандарды жұбатқандай боламыз. Ал, кемтар жандардың қоғамнан күтері мынау ғана-өзгелер оны кем тұтып, екі етегін түре жетпесе болғаны. Мына жазған туындым сондай бір тәні сырқат, жаны асқақ арманға толы жас қыздың шындық өмірін арқау етті.
Автордан Кейіпкерлер: Айым-жас ұстаз, шығармашылық адамы Сәуле-оның әріптесі Ләззат-мұғалім қыз Нағима-дәрігер Мекен-дәрігер Жанат-үлкен жазушы Жанарыс-емші Директор-мектеп басшысы Елес-жігіт-Айымның ғашығы
(Екі қыздың жалдап тұрып жатқан бөлме іші қағаз бен дәптерге толы. Кітаптар жұмыс үстелінде ғана емес, жерде де шашылып жатыр.) Айым: Сәуле, сенің балалық дәуреніңнің қалай дөңгелеп өткенін білмеймін. Ал, мен кішкентай күнімнен мұғалім болуды армандайтынмын.Тіпті бала кезімдегі сүйікті ойыным «мұғалім-оқушы» болатын.Онда да мен үнемі мұғалім болып «қатайып» тұратынмын, көршілердің балалары оқушы ретінде ғана көрінетін. Сәуле: (дәптерлерін реттеп отырып) Е, балаң арманың алдамаған екен ғой. Енді, міне, мұғалімсің. Айым: Мұғалім болғаныма бір апта толмай жатып, көпірген көп қағаздың көлеңкесінде қалдым. О, қу қағаз, мені, шығармашылықпен айналысуды жаны сүйетін жас ұстазды, қашан жайыма қалдырасың? Сәуле: Сен қағазды жайына қалдырмасаң, ол ешқашан сені тыныш қоймас.Бірақ сен осы саны көп, мәні жоқ қағазды адыра қалдырсаң, «топас мұғалім» атанасың! Айым: Түу, сен бір жыл емес, жүз жыл ұстаздық еткендей несіне еліріп кеттің? «Еңбексіз тапқан мал дәулет болмас» деген. Еңбек ету керек, сонда «топас» деп сені ешкім түртпектемейтін болады! Сәуле: Сен студенттік арманыңнан арыла алмаған сабаздың өзісің-ау, ә! Оқушылардың алдында биязы жымиып, ұлағат сөзін айтамын деп әсте ойлама. Оған сенің уақытың болмайды. Бір жылдың ішінде менің соған анық көзім жеткен. Мына болмай қалған қағаздарды толтырып қойсаң, «ұлағатты ұстаз» атанып, тасың өрге домалай бермек. Айым: Ал, білім сапасы ше? Оны қайтіп айдалаға тастайсың? Сәуле. Білім сапасын талақ еткен биліктің өзі. Ал, мұғалімнің қолынан келерітек пәрменді орындау ғана. Айым. Сенің сөздеріңді тыңдасам, ақырзаман келіп қалғандай көрінеді. Қара аспанды төндіре бермей, қағазыңды жаз. Сәуле: «Ақырзаманның баласы аласа туады, әке-шешесімен жағаласа туады» деген сөзді естуің бар ма? Айым. Тіл мен әдебиеттің маманы болып тұрып, қалайша мақал білмейін? Әрине, білемін. Сәуле: Онда сол естігеніңді оқушылар ортасына барғанда көзіңмен көресің. Айым. Олай деме, бала дегенболашақ, балабіздің кемел келешегіміздің кепілі. Сондықтан оны Ы. Алтынсариннің «Жеміс ағаштары» әңгімесінде айтылғандай «түзу бұтақ» етіп тәрбиелеуіміз керек. Сәуле: Қазіргі оқушыларда мұғалімнің екі аяғын бір етікке тығып, ағашқа айналдырып жіберетіндей құқығы бар. Ал, « мұғалімнің құқығы»- бәріне иіліп тұру. Айым: Сәуле, мен саған Мұқағали ағамыздың бір өлеңін оқып берейін. Мүмкін мұғалімдік өмірге деген өкпе-налаң жойылар. (Үстел үстінен кітапты алып, көзіне жақын ұстап, оқи бастайды.) Шыда, шыда, шыдай түс, шыда тағы, Мына өмір шыдамдыны ұнатады.. Сәуле: Неге сонша жақын ұстайсың? Көзің көрмей ме, не? Айым. (басын кітаптан жұлып алып) Көзім көреді. Тіпті басқалардың көрмегенін мен көремін. Тек көзімнің алыстан көру қабілеті нашар. Сен сияқты алыстан арбай алмасам да, жақыннан аңдай аламын! Сәуле. (ақырын дауыспен) Көреміз ғой оның бәрін, қияли ұстаз.
Келесі көрініс. (Мұғлімдер бөлмесінде Сәуле бастаған үш ұстаз қызу әңгіме үстінде.) Сәуле: Биыл жас мұғалімдерді жұмысқа көптеп алды ғой. Келер жылы сағатқа таласып қалмасақ болды. 1-мұғалім: Ана Айым деген мұғалім қыз газет-журналға әңгіме жазатын шежіреші дейді. Өзі сенің жаныңда тұрады екен ғой. Рас па?
2-мұғалім. Шежіреші болса, мектепке бекер келді. Мұнда келгендердің шабыты тұсауланып, қиял құсы торға түсіп қалады. Сәуле: Шамама қарамай, несиені тым көп алып қойыппын. Банктер де қызық Берер кезде «жаным» дейді. «Бермеймін» деп безермейді, «ала ғой» деп арбайды. Сосын төлетер шақта шырғалаңға түсіреді. Жалдамалы пәтерімді жалғыз өзім төлей алмаған соң, Айымды жаныма алғанмын. Өзін айға қарап алас ұрған албасты дерсің!«Еще» көзі көрмейді екен. 1-мұғалім: Қазір қу соқырлардан емес, көр соқырлардан қорқатын заман. 2-мұғалім: Байқұс-ай, қалған көзін одыраңдаған оқушылар құртпаса игі еді. Сәуле: Оған неге жандарың аши қалды? Емешектерің езіле берсе, тездетіп «Жас мұғалімдерді қорғау ұйымын» құрып алмайсыңдар ма? 1-мұғалім: Жас мұғалім түгіл отыз жыл ұстаз болғандардың өзін қорғайтын адам ауадай қажет. Біздің сөзімізді биік мінбелерден сөйлеп, сойылымызды оңынан соғатын құдіретті жан болса, шіркін?! (Қолында бір бума қағазы бар Айым кіреді.) Айым: Қайыры күн, құрметті әріптестер! Шәкірттерінің шырайы білімде деп қана білетін, оқушысы ожарлықпен емес, сыпайылықпен көрінсе, сонда ғана ажары кіретін, «ел болашағы» деген ауыр аманатты арқалап алған айналайын әріптестерім, қызу әңгімелеріңіздің тақырыбы да ел жайлы болар? Сәуле: Ел жайлы емес, сен жайлы толғап отырғанбыз. Сенің шығармашылыққа аса әуес екеніңді тіліме тиек еткен едім. Айым: «Шығармашылық-ұстаздың өшпес қыры, оның жан әлемінің бір сыры. Шығармашылықпен айналыспайтын ұстаз тоқтау суға айналады,»- деп қай ғұлама айтып еді, Сәуле? Сәуле. Мен сол ғұламалардың аузын аңдып жүр ғой деймісің? Оның үстіне олар не демеді? 1-мұғалім: Жас кезде бәріміз де жазғанбыз. Қалам ұстағанды қасиет көретінбіз. Кейін бәрі қағазбастылықтың астында қалды. Сен де солай тоқтап қалмағайсың! Сәуле: Менің ойымша, Айым ондай тоқырауға ұшырай қоймас. Себебі ол жай ғана ай нұрынан шабыт алып, түнде қаламын жүрдектетеді. Яғни, біздің Айекең-күндіз ұстаз, түнде жазушы! Айым: Аспандатып жіберген жоқсың ба, әріптесім? 2-мұғалім: Ондай өнерің болса, «мұғалімдер беделден жұрдай болып, қашанғы жүре бермек?» деген тақырыпты қозғап, газетке мақала жазшы. Осы мектептегі 199 мұғалімнің 190-ы қол қоймаса да, тоғызы қол қойып берері сөзсіз. Айым: Билікке қарсы келетін жолбарыс жүрек ұстаздармен істес болу мен үшін үлкен құрмет. Енді, сол жоқ-жітіктеріңізді санамалап айта отырыңыздар. Мен түртіп алып, мақала дайындап, газетке ұсынайын. Онсыз да редактор ағамыз «Мұғалімдер күні қарсаңында ұстаздардың толғақты мәселелері хақында сөз қозға,»- деп тапсырып еді. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» деген осы да. (Мұғалімдер Айымның екі жағына отырып алып, іштеріне жиылып қалған шерлерін тарқата бастайды. Сәуле сытылып шығып кетеді.) Мұғалімдер. «Жеті жоққа» бірнеше нөлді жалғасаң да, біздің жоғымыз таусылмас. 1-жоқ: мұғалімнің қалтасында ақша жоқ.Билік қазір қулыққа көшкен. Мұғалімдердің жалақысын бұрынғыдай жаппай көтермей, курстан өткенін ғана жарылқаймын дейді.«Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас» деген. Өйтіп мұғалімдерді алалай берсе, білім сапасының да ала-құла болмасына кім кепіл? 2-жоқ: Мұғалімде бедел жоқ. Кімнің алдында болса да, иіліп тұрғанымыз. 3-жоқ: Мұғалімде кепілдендірілген болашақ жоқ.Қартайғанда зейнетақымыз қарық қылмай, арық шыға ма деп қорқамыз. 4-жоқ: Мұғалімде бала оқытатын уақыт жоқ. Бар уақытымыз қағаз түгендеуге кетеді. 5-жоқ: Мұғалімдерде дене еңбегі жоқ.
6-жоқ: Мұғалімдерді тексеріп келетін комиссияларда шек жоқ. Бәрі тексергеніне ақы сұрап, онсыз да тесік қалтамызды қағып бітті. (Мұғалімдер бөлмесіне бір қыз жүгірп кіреді) Ләззат: Сіздер мына жақта мұғалімдердің жоғын жоқтап жатыр деп естіп, жүгіріп келдім. Менде «күйеу жоқ» деп жазыңыздаршы. Отыздан ассам да, күйеуім қайда жүргені белгісіз, әлі жоқ. 2-мұғалім: Біздің жоғымызды өкімет бар етем десе, жарылқай алады. Ал, сенің «күйеу жоқ» дегенің қай сасқаның? Менің қайныммен таныспай, танауыңды көкке шүйіріп едің ғой? Ләззат: Сіздің қырықтың бесеуіне келіп, қырқылжың тартқан қайныңызды қайтейін? Сақалымен ойнайын ба, әлде жастық шағын есіне салайын ба? Маған өзім сияқты отыздан бір-екі ай ғана асқан,, желкілдеп тұрған жас, бірақ бас жігіт керек. Айым, ұстаздардың мұңын мұңдауға мықтап кіріскен екенсің. Менің айтқанымды жаз.(Айым қағазға шұқшиып жазады. ) Мұғалімдер. (бір ауыздан) Мақалаңды дайындап алып кел. Біз бәріміз қол қойып, мәселелерді растап береміз. Ал, қаламың ұшталсын! (Бәрі тарқасады.) Айым: (қаламын қолына алып) Серігім-қаламым, «жаз» дегенде, жаза алмасаң, саған сын. Тұнып тұрған мәселелерді тереңнен толғай алмасам, маған сын. Ендеше, не тұрыс? Мақалама «Мұғалімнің құқығын кім қорғайды?» деп ат қойсам, келісемісің, қаламым? Айдар тақтым, ал көркем ой мен маржан сөздің тоғысар сәті түн болмақ.
Келесі көрініс: (Екі қыздың бөлмесі. Түн. Айым шабыт үстінде. Сәуле ұялы телефонымен әлдекімдермен сөйлесуде.) Айым: Аманатқа қиянат жасамай, мақаланы ертеңге әзір етейін.Менің шабытымды шақырып, өзімнің аттасымтүн падишасы Ай нұрын маған тікелей төгіп тұр. Сәуле: Алло, тұра тұршы. (бұрылып) Айка, сен қуайын дедің бе? Аймен аттас қанша қыз бар. Ай солардың бәріне кезек-кезек барып, сәулесін төгіп жүрмеген шығар. Қалай деуші еді халқымыз? «Ай ортақ, күн ортақ» деуші ме еді, қалай, қуғынбай әріптесім? Айым: Әдемі әріптесім, әрленіп, айна алдында көп отырып, халық даналығынан қашықтап барасың. Рухани дағдарыстың салмағы қаржы дағдарысымен салыстырғанда әлдеқайда басым болмақ. Сәуле: (телефонға) Жаным, сәлден соң хабарласшы. Құрбыма көмегім керек болып тұрғаны. Айка, бетіңді боямай, шашыңды түземей, бойыңды сыламай,жұрт көзіне шықшы. Жігіттер сені көзіне ілер ме екен?«Жаны бай» деп жабысқан жігіт болса, айтайын, ол не ақымақ, не ауру. Айым: Шіркін, сен айтқан сол «аурудың» бірі маған кез болса ғой! Сәуле: Ауру мен албасты араласса, үшінші бір ауру дүниеге келер. Айым: Сен кімнің көзіне түскің келіп, әп-әдемі қасыңды бір сызық еттің? Шашыңды түзеймін деп күзедің. «Бойымды сылаймын» деп, аяғыңды ауыртса да, биік өкше туфли кидің.Сөйтіп өзіңнің табиғи сұлулығыңнан ажырап қалдың. Сәуле: Айка, сен ренжіме, саған бір-ақ нәрсе айтайын. Сен «отсталыйсың». Саған ХХІ ғасырда емес, 14-15 ғасырда өмір сүру керек. Ал, мен жігітіммен сырласайын. (құлағына наушник салады) Айым: ХХІ ғасырда өмір сүріп жүргенің қандай жақсы! Әйтпесе сені Абылай хан көрсе, мына албастыдай түрің үшін, қылтиған келте көйлегің үшін ат құйрығына байлап өлтірер еді. Жігітің жаныңды түсінсе, сырлас, Сәулетай! «Сәулешім» деп сырлы сезіммен еміренсе, мұңдас! Сәуле: Түһ, сенімен бірге тұрып жынданып кететін шығармын.Жігітім өткенде азаматтық неке туралы сөз қозғап еді, тамырын басып байқайын.Мүмкін Айка деген албастыдан құтылып қалармын. (телефонына сөйлеп кетеді)
Айым: «Азаматтық неке» деп ат таққандарыңарсыздың ісі. Шетелден еніп, ұлттық болмысымызды бүлдірген, шын салтымызды шытынатқан шарасы шексіз шалдуардың өзі. Жә, ел анасы болу маған қайда? Одан да құқығы аяқасты болған, содан жүйкелері әбден тозған, қалтасынан қымбатшылық озған мұғалімдер жайлы мақаламды бастайын! Иә, мұғалімнің құқығын кім қорғайды?
Келесі көрініс: (Мектеп директорының кабинеті. Мол денелі директор креслосына кептеліп отыр. Оның алдында басы салбырап Айым тұр.) Директор: (қолында газет) «Мұғалімнің құқығын кім қорғайды?» деген мақала жазып жүрген пысықай сен бе? Аудандық білім бөлімінің басшысы мені сендей санасызды жұмысқа алғаным үшін жерден алып, жерге салды! Мұғалімдердің мәселесімен айналысатындай сен соншама кімсің? Айым: (өзімен-өзі күбірлеп) «Мен.. Мен кіммін?» деген сұрақты өзіме жиі қоямын. Менашықауыз аңқаудың ең соңғы түрімін. Мұғалімдердің желіктіргеніне желпініп, мақала жаздым. Артық айтпай, кем соқпай, шындықты қаздым. Жеме-жемге келгенде, олардың біреуі де қол қоймады. «Мақалам жетімсіреп, қоқыс жәшігінде жатпасын» деп редакторға апарып едім, ол кісі жарқыратып жариялап жіберді. Енді бұл газет директордың бас ауруына, менің жан сауға сұрар дертіме айналды. Директор: Сен соншама кімсің?«Ақша жинайды» деп жазыпсың. Сені жұмысқа аларда мен пара сұрадым ба? Айым: Жоқ, сұрамадыңыз. Менің пара берер шамам да, ынтам да жоқ болатын. Директор: Мен әрбір үш мұғалімнің екеуін парамен алсам, біреуін біліміне қарап бағалап, қызметке қабылдаймын.Сен сол біреудің бірі едің. Маған ақшаны көйлек әперу үшін жинамайсыңдар. Қызыл жалын болып жеткен комиссияның қаһарын қайтару үшін жинадыңдар. Параны жинағансендер, комиссияға ұсынған-мен. Айым: Сонда бәріміз сыбайлас жемқор болғанымыз ба? Директор: Әлбетте, солай. Сен тым жассың. Мына өмір жолы Астананың орталық көшелеріндей теп-тегіс, құпия кілтін тез ұстата салады деп ойлайсың ба? Қателесесің! Айым: Мен өмірге Адам болып келіп, Адам болып кеткім келеді. Директор: Адам деген сөздің анықтамасы қазір мүлде өзгерген. Адам-қысқарған сөз. Аалдап-арбайтын. Д-дегбіріңді қашыратын. А-амалсыз көндіретін. М-мейлінше құбылмалы жан. Айым: Мен бұл айтылғандарға келіспеймін. Мүлде олай емес. А-ары таза, Д-дана, аалдап-арбамайтын, м-мейірімді жан. Директор: Сен амалсыз көнесің. Шыдайсың алдау-арбауға. Қаларсың қырық шырмауда! Бүгіннен бастап не жазсаң да, не турасында қаламыңды сүйкектетсең де, менен,мына менен рұқсат сұрайсың! Айым: Сөз бостандығы... Директор: Балақай,былдырламай көз алдымнан құры! (Айым сахнаның бір шетіне кетеді. Сол жерте монолог айтады.) Айым: Ей, Шындық, ащы деп естуші едім ылғи сені! Бүгін соның парқын білдім енді. Сен тым-тым удайсың! Айтшы, сен неге сондайсың? Тәтті өтірікті өрге бастырып, өзің төмен құлдилайсың!Бағаңды бәрі білсін дейсің бе? Өтіріктің жалынына әбден күйсің дейсің бе? Әлде өзіңді ащы еткен өтірікті сүйсін дейсің бе? Шырқыраған жас жаным өтірікті қалай сүйсін? Сүйе алмаймын өтірікті! Жылтыр сөйлеп, арзан күліп, өтірікті пір тұтып өткім келмейді өмірден! Жылмаңдаған жылпостықпен көшкім келмейді маған сенген көңілден! Бағалап сол көңілді, құнын біліп өмірдің, мен сенімен бірге болдым, Шындығым!Қанша жарық күндер нәсіп етсе Құдайым, мен сенімен бауырлас, егізбін ұдайы!Шырқырай берме, Нәресте-шындық,түгенделер күн туар сенің ұпайың! (Айым жарыққа қолын созады. Сәлден соң қалта телефоны шырылдайды.) Айым: О, Шындық, мендей бауырыңа қуанып хабар беріп тұрмысың? Әлде өтіріктен жәбір көріп, көмек сұрап, безек қағып жүрмісің? Алло!
Жанат: Айым қарындасым, аман ба? Бұл Жанат ағаң ғой. Айым: Жәке, есенсіз бе? Шындық үшін ширыққан шағымда телефон шалып, Ардың үніндей болып естіліп тұр даусыңыз. Жанат: Иә, қарындасым, даусыңнан-ақ байқап тұрмын мән-жайды. «Шындықгүлдің шырылы» атты әңгімеңдегі кейіпкердің өзің екенін мына ағаң о баста болжаған. Жаңылмаппын. Шындықгүлім сен екенсің! Айым: Шегірткедей құр шырылдап, берекесіздік байқатсам, несіне Шындықгүл атанамын? Жанат: Мына кәрі тарлан өмір маған сабырлы болуды үйреткен. Саған да сол сабырлылықты серік етіп ал дегім келеді. Сабыр болса серігің, Шындық алар еншісін. Солай, Шындықгүлім! Сенің «Шындықгүлдің шырылы» деген сатиралық әңгімең жарыққа шықты. Айым. Ағажан, манадан бері шүйінші сұрамай неге тұрсыз? Жанат: «Шүйінші» десем, «қалауыңызды алыңыз» дейтін дархан көңіл қарындасым. Менің ағалық қалауым-өтірік салқынын тигізсе, сабырың мен шыдамыңды қашырып алма! Айым: Қалауыңыз болсын, қадірлі аға!Өтірік қанша өңмеңдесе де өмірде, шындыққа шаң жуытпай, сабырмен қорғап бағамын!
Келесі көрініс:(Директордың кабинеті. Сәуле мен директор отыр.) Сәуле: Басеке, Президент күні мерекесінің алдында Сізді арнайы құттықтауды өзімнің адамдық парызым деп білдім. Сіздің арқаңызда банктердің сенімді клиенті атандым. «Жұмыс істейді» деген тілдей анықтаманы апарсам, қай банк болса да бетімнен қақпайтын болды. Бәрі Сіздің арқаңыз! Директор: Рахмет. Бағаңды біліп, алдыңда қосшың иілгенге не жетсін! Сәуле:(сөмкесінен алтын алқа алып шығады.)Сізосы ұжымның Президентісіз.Сізді алтынмен аптап, күміспен күптесем де, көңілім көншімейді. Директор: Айтпақшы, бұл алтынды да несиеге алдың ба? Олай болса, көп рахмет. Сәуле: Жоқ, басеке. Біздегі Бағила бар емес пе? Директор: Ол «AVON», «Mary kay» сатпаушы ма еді? Сәуле: Косметика сатып, табысқа кенелмеген соң, алытн сатып байиын деген шығар.Бағиладан «үш бөліп берем» деп алтын алқа алдым. Алтын да болса, гауһардай көріп қабыл алыңыз! (Директордың мойнына алқаны тағады.) Директор. Е, үш бөліп бермек түгіл төрт бөліп берсең де, менің нем кетті? Сәуле. Бірдеңе дедіңіз бе, басеке? Директор: «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деймін. Сәуле: Түгел демекші, өткен жолы тікендей қадалар тексеру күтіп, пара жинағанымызда, Айым ар-мар деп сандырақтап, бермей қасарысып отырып алды. Қалғаны түгел жинап берді. Директор: Сол Айым тіпті шектен шығып барады. Қүрықтап ұстаймын деп едім, шу асаудың өзі екен, ырқыма көнер емес.Аузын ашса, «заң бойынша» деп заһарын төгеді. Қит етсе,«құқық» деп қыт-қыттайды. Ақыры айлам таусылды. Сәуле: Сіздей талайды көрген тарланды таусылтатындай Айым кім екен сонша? Көзі де көрмейді, құлағы да дұрыс естімейді. Бар білгені-қағазға шимай-шатпырақ салу. Онысынан не пайда? Алып жатқан қаламақысы да шамалы. Директор: Бірге тұрып, сыралғы болып алғансың-ау, шамасы. «Үйренген жау атыспаққа жақсы.» Маған Айымның барлық журналдарын тексеріп, анықтамасын жазып алып кел. Анықтамаға мен қол қоя салармын. Менің атымнан жаза бер. Сөйтп бір кілтипанын тауып, «кет» дейін. Немесе ұрымтал тұсын тауып, уысымда ұстайтын болам. ( Сәуле кетеді. Кабинетке Айым кіреді.) Айым: Сәлеметсіз бе, Күлпаш Қарбызқызы?
Директор: Қарбызқызы емес, Карбузовна. «Құжат бойынша айт» десем, қате қақсайсың. Әрине, сен сияқты сауатсызға менің аты-жөнімді дұрыс айту бақыты қайдан бұйырсын?! Айым: Шөптің басы қимылдағанын көріп тұрмын, бірақ желдің қайдан соққанын білмей тұрмын. Сабақ үстінен барлық журналдарымды жинатып әкетіп, алай-түлей анықтама жаздырыпсыз. Директор: Мен-осы мекеменің бірінші басшысымын.Қашан, қайда отырып тексерсем де, құқығым бар. «Оказывается», сенің көзің көрмейді екен ғой. Денсаулық жағдайыңның еңбекке жарамсыз екенін менен неге жасырдың? Айым: Біріншіден.:мен ештеңе жасырған жоқпын. Медкомиссиядан толық өттім. Санитарлық кітапшамда «еңбекке жарамды» деп жазылып тұр. Екіншіден: көзім көреді. Директор. Көзің көрмегендіктен журналдарды кір толтырасың. Жазуың шайтан жүгіріп өткендей өте түсініксіз.Сенің өзің осындай лас жазсаң, оқушыдан «таза жаз» деп қалай талап етесің? Көзің көрмей, дұрыс үйретпей қойып, халықтың баласының надандық торына шырмалғанына жол бермеймін! Айым: Жоқ, мен көремін. Міне, сіздің мойныңыздағы алтын алқаны көріп тұрмын.Оның сыйластықтан емес, бағыныштылықтан берілгенін көріп тұрмын.Сіздің бетіңізге күліп тұратын сол көптің сыртыңыздан саусақ шошайтқанын да көірп жүрмін. Ал, сіз ондай оспадардықты көре алмайсыз. Сіздің де адал досыңыздың жоғын көріп тұрмын. Сіз көрмейсіз.Сол қаумалаған көп тобырды «досым» деп танып, қателесесіз.Мен бізді тексеруге келген талай тегеурінді комиссиялардың түгі сыртына шыққан жүздері «теңге» деген бір сөзді естігенде, жадырап сала беретінін көріп жүрмін. «Білгім келеді» дейтін саналы оқушыны көріп келем. «Оқығым келмейді. Кейін дипломды сатып ала саламын,»- дейтін санасы парақорлықпен уланған шәкіртті де көріп жүрмін.Көрудің бұл басы ғана екенін мен білемін. Пенделік ғұмырым аяқталып, жанарым жұмылғанша көре берем, көре берем! Директор: Сәл сабыр ет, Айым! Айым: Сіздің дидарыңыздан жазғы кештің самалындай жақсылықтың әлсіз лебін көрем. Жағымпаз қорқаулар қолтығыңызға су бүркіп, көзіңізді көр етіпті. Адалды арамнан, досты дұшпаннан ажыратудан қалыпсыз. Директор. Сенің дос емес екеніңді анық білем. Айым: Мүлде олай емес. Шын ғашық қанша сүйіп тұрса да, «сүйем» деп айтпайды. Менің достығым да сондай. Директор: Достығының түрін! Айым: Мен көірп тұрмын, сіздің сол иығыңызда шайтан отыр. Тыныш отырмай, сізге менің айтқандарымды теріс тәржімалап отыр. Директор: Сол иығымда? Шайтан ба? Саған көрініп тұр ма? Айым: Сіздің көру қабілетіңіздің нашарлағаны сондай, өз иығыңызға кімнің ұя салғанын көруден ада болыпсыз. Әне, шайтан шектен шығып, оң иығыңыздағы періштеңізді шапалақпен ұрып құлатты. Енді сізге тіптен қиын болатын болды. Директор: Жайлы креслода кербезденіп отырған мен неден қиналады екенмін? Сәуле сені «есі ауысқан албасты» деп еді, дұрыс айтыпты. Манадан бері сандырақтап мазамды алдың. Мен сені жұмыстан шығармаймын. Мені мақтап газетке жаз. Айым: Сонда сіз мені келісімге келуге шаақырып отырсыз ба? Сізді аспандатып, газетке жазуым керек екен ғой? Жетпегені сарай ақыны болу еді! Ал,Сәуленің жөні белгілі болды! Телехикаялардағы жағымсыз кейіпкерлерді қос қолымен қолдап, жаны кіріп отырғанда,таң қалушы едім. Себебі белгілі болды. Сәуле! Сен сәуле емес,әуресің! (Сахнаның келесі шетінен Сәуле көрінеді.) Сәуле: Сен менің басыма әуре болумен келесің.Сенің шабытсымағың келсе, менің ұйқым қашады. Айым: Ай мен Сәуле-өзара егіз ұғымдар. Бірақ неге сенің менімен жұлдызың қарсы?
Сәуле:Тағы да қуа бастадың ба? Сені де қалада жүрген, оқыған қыз дейді-ау!Алматыда арман қуып қашанғы жүрер екенсің? Мына түріңмен бір күні анау облыс картасына да түспей адыра қалған алақандай аулыңа қайтатын шығарсың? Айым: Мен кетсем, керегең кеңінен керілер ме еді? Сәуле: Сені біздің ұжым мақтауға дайын тұрады. Бастықтардың алдында қаншалықты жексұрын болсаң, қарапайым мұғалімдер үшін беделің соншалықты артады. Менің жанымның төзбейтіні де осы! Айым: Кеудеңе қызғаныштың күншіл иті қыңсылап келіп, қоныс тепкен екен ғой! Бұл көре алмаушылығың өзіңді құртпаса игі еді! Сәуле: Маған жаның ашымай, алдымен маңдайыңдағы қос жараңды жөнге келтір! Әрине, егер жөнге келуге көнсе! Ха-ха-ха! Айым: Мен саған жан түкпірімдегі сырларымды ақтарып келдім. Құрбы тұттым. Ал, сен сол сырларымды өзіме қарсы бағыттап, жанымды жұлқылап, дал-дұл еттің! Неге,Сәуле? Неге біз болар елдің баласы боып, бір-бірімізді батыр демейміз? Сәуле: Батыр Айка, қару-жарағыңды, «то есть» қаламыңды таста да, дәрігерге бар. Емдел, батыр! Мен болсам, басекемнің бабын табамын. Кейін реті келсе, креслосына жайғасамын. Ал, сенің не боларың белгілі ғой! Айым: Қазіргі медицина бәрін жеңеді! Бірақ сенің жүрегіңдегі қара дақты жұлып алып тастауға қауқарсыз. Өкініштісі де сол! Мен жанарымды жазып берер, жан дауасын тауып берер дәрігер іздеймін! Дәрігер! Тасқа айналсын демесең жанарым, жаса тездеп дәрігерлік амалын!
Келесі көрініс: (Көз дәрігерінің кабинеті. Тексеруден кейінгі сәт.) Айым: Иә, дәрігер ханым! Қос щырағымды лаулатар күш қолыңызда болар? Нағима: Ауру әбден дендеп алған екен. Менің қолымнан келер қайран жоқ. Айым: Бар айтарыңыз осы ма? Қазіргі медицина нендей ғажаптарды жасап жатыр! Таз болып қалса, шаш өсіріп береді. «Жынысын ауыстырам» деп желіксе, ұялмай онысын да ауыстырып береді. Алайда менің көзіме келгенде, бұл медицина неге әлсіздік танытады? Нағима: Сізге тіпті бала көтеруге болмайды. Сәбиіңіздің соқыр болып туу қаупі бар. Айым: Сонда не істеуге болады? Өмір сүруге де болмайтын болар? Нағима: Бір жолы бар: жұмысты, өзіңіз айтқан жазуды тастап, мүгедектіктің екінші тобына шығып, жәрдемақы алуға әбден болады. Оған мен де көмектесе аламын. Мүгедектік тобына байланысты анықтаманы тегін беремін. Айым: Мүгедектік? Тегін анықтама? Нағима: Иә, тегін. Әдетте мен бұл анықтаманы әжептәуір бағаға сататынмын. Сіздің мүшкіл халіңізді көріп, тегін бергім келіп тұр. Айым: Сөйтіп маған өлім жазасын жазып берейін деп тұрсыз ғой! Гиппократқа ант беріп пе едіңіз? Нағима:Ант та бергенмін, су да ішкенмін. Айым:(жыламсырап) Сол Гиппократ айтпап па еді, «біз-үшеуміз» деп! Нағима: Жоқ, бұл жерде біз екеуміз ғана ғой. Айым: Біз үшеуміз: сіз-дәрігер, мен-науқас, ол-сырқат. Гиппократ науқасына айтыпты: «Егер сіз аурудың жағына шығып кетсеңіз, мен дәрігер ретінде жеңілемін. Егер сіз менің, дәрігердің жағына шықсаңыз, онда екеулеп сырқатты жеңеміз.»Ал, сіз, дәрігер, неге мені, науқасты сол сырқаттың аяғына жығып бере салдыңыз? Неге? Нағима:Мен саған дәрігерлік ақыл-кеңесімді беріп отырмын. Бірақ сенің оған құлақ асар түрің жоқ. Айым: Жазуды таста дегенің-жалғанның жарығын сөндір дегенің. Жұмысты таста дегенің-күрестен қол үз дегенің. Сол мектепте жүріп, мен өсіп едім. Күресудің не екенін де сол мектеп үйреткен.
Нағима: Күреспек түгіл саған қатты қимылдауға болмайды. Екі килограмнан артық салмақ көтеруге болмайды. Қатты ашулануға болмайды, көз тамырларыңның жарылып келуі мүмкін. Айым: Болмайды! Болмайды! Не деген ғаламат тыйым сөздер! «Саған бәрі болады» дейтін мейірімді дәрігер табамын. Шипагерімді тауып, кеудемде әлсіз үлбіреп қалған үміт отын жандырамын!Қайдасың, құтқарушы-шипагерім?!Мына ауру еңсемді езіп барады! Аурумен арпалысқан жас жаным шарқ ұрып, дүниені кезіп барады! Қой, бөлмеме қайтайын. Мұқағали ақынның жанға жылу берер өлеңдерін қайталап оқып, құлауға шақ қалған рухымның уықтарын жинайын!
Келесі көрініс: (Айымның бөлмесі. Сәуле заттарын қарбалас жинап жүр.) Айым: Көш байсалды болсын, Сәке! Ғайыптан тайып қол жетімді баспана бағдарламасымен үй алдың ба? Сәуле: Сенің тілің тікенек болып қадалғаннан қашан тыйылар екен? Түрің қашып кеткеніне қарағанда, дәрігер «ауруыңнан айықтырам, тәніңді сауықтырам» дей қоймағанау, шамасы? Айым: Түсіндім. Қол жетімді баспанаға қолың жете қоймапты. Онда «Дипломмен күйеуге» бағдарламасын іске қостың ба? Сәуле: Әлбетте, солай. Жігітіммен азаматтық некеде тұратын болып шештім. Ол бірге тұру туралы ұсыныс жасады, мен көп бәлсінбей келісе кеттім. Пәтерін өзі төлейді. Пәтерақы деп басымды ауыртпаймын, әрі сендей диуанадан да құтыламын! Айым: Азаматтық неке ұсынған жігіт жігіт емес, қойдың баттасқан балақ жүні ғана. Нағыз азамат болса, заңды некеге шақырар еді. Сәуле: Сен менің жігітім барын, онымен бірге тұратынымды қызғанып тұрсың. Шоқ-шоқ, сені Макстың неге тастап кеткенін мен білемін. Сен «тормоз» болған соң, іргесін аулақ салды. Айым:Сенің қазіргі күйіңді қызғанып қайтейін. Саған жай ғана жаным ашып тұр. Сен көрсоқыр болып қалыпсың. Ал, Макс сияқты мәңгүрттер көп. Сенің жігітің де-сол көп мәңгүрттің бірі. Сол мәңгүртпен бір жастыққа бас қоятын сендей көрсоқырдың күйін кешуден сақтасын Құдай! Сәуле: Жә, кімнің соқыр екенін уақыт көрсетер. Тәжікелесіп қайтейін. (Есік қағылады.) Айым: Сенің жігіт емесің келіп тұрған сияқты. Тым болмаса сені өзі алып кетер. Сәуле: Ол қызметінде. Мен өзім аяңдай беремін. Айым: О, жігіт емесің жарады. Онда есік қаққан кім болды екен? (Ішке Ләззат кіреді.) Ләззат: (даурығып) Қыздар, қалайсыңдар? Мен осы пәтер қожайынын түсінбей-ақ қойдым. «Жарықтың құны қымбаттады» деп, таңғы 6-дан кешкі сегізге дейін пәтердегі жарықты өшіріп тастайды. Өзі бір жұмыртқадан жүн қырыққан сараң. Сендердің қожайындарың қандай? Сәуле, сен басқа пәтерге көшейін деп жатырмысың? Сәуле: Ләззат, сенің сан сұрағыңның қайсысына жауап берейін? Мен жігітіме кетіп барам. Ләззат: Сені алайын деп жатыр ма? Әлде әуреге салайын деп жатыр ма ол жігіт? Күйеу бала болам десе шынымен, жүзін көрсетсін. Сәуле: Соңғы бір айда бізбен көрші болғалы бері, сен де Айым сияқты сөйлейтін болыпсың ғой. Сынықтан өзгенің бәрі жұғады деген сол. Айым: Бұл сұлуда анау-мынау емес, азаматтық неке болайын деп тұр. Қазіргінің азаматтары азаматтық неке ұсынғанды тәуір көреді емес пе? Сәуле: Е, жазғышым-ай, ішің қызғаныштан өртеніп бара ма? Тұз жала, әйтпесе газды сусын іш! Ләззат: Жігітіңе айт: «Сүйсең, үйлен, сүймесең жирен» де. Азаматтық неке деген ойыншық қой, Сәуле: Екеуің бірігіп, менің тағдырымды билеп-төстегілерің келе ме? Мен кеттім. Айым. Иә, қыз мұраты-кету. Бірақ мәселе қалай кетуде болып тұр.
Сәуле: Сен албасты жиналыста отырғандай сөйледің ғой. Мен көшеге шығып, такси ұстап келейін. Заттарым тұра тұрсын. Заттарым, сәл шыдаңдар. Аздан соң Айым дейтін албастының жүзін де көрмейтін боласыңдар! (Сәуле шығып кетеді.) Ләззат. Басекемнің сүйіктісін түлен түрткен екен. Кім біледі, мүмкін бағы жанайын деп тұрған шығар. Менің бір жақын сіңлім азаматтық некеде екі жыл тұрып, ақыры сол жігітке тұрмысқа шықты. Қазір балалы-шағалы. Тіпті кісі қызығатындай бақытты. Айым: Бақыт та, қайғы да көшпелі бұлт тәрізді. Көшер де кетер, іштегі жалын түбіме жетер. Ләззат: Айеке, не деп сандырақтап кеттің? Сенің әңгімелеріңнен пессимистік сарын аңғармаушы едім. Бұл айтқаның болашақ трагедияның бастауы ма, қалай өзі? Айым: Жоқ, бұл айтқандарым өмірдің мені қан жылатқан парақтарының улы сөзі, теперіш көрсетер, тәлкек қылар тағдырымның өзі. Ләззат: Түу, сай-сүйегім сырқырып кетті ғой. Не деген зарлы сөздер! Бірақ саған не болды? Айым: Одан да не болмады десеңші? Ләззат: Не болмады? Білімің телегей-теңіз. Көркің де көз тояттарлықтай. Талантың да санаған адамға түгесіле бермес. Мектептегі басшылар қысымынан, алып-қашпа сөздерден шаршадың ба? Мықты қыз деп жүрсем сені. (Сәуле кіреді.) Сәуле: Бір жас, бір кәрі екі мұғалім қыз бір-бірімен мұңдасып отыр. Ха-ха-ха! Ал, мен жігітіме барайын, соның жанында бақыт жұлдызын санайын! Айым: Артыңа қарама! Тастай батып, судай сің! Сол жігітіңе шындап қолың жетпесе, Сәуле атыңа сын! Ләззат. Жыланның басына ақ құйып шығарып салмаушы ма еді? Үйде сүт бар ма? Мына кобраны шығарып жіберейін. (Сәуле заттарын алып, шығып кетеді.) Айым. Қазақта «ақты төкпе» деген тыйым сөз бар. Ләззат: Осы саған таңым бар.Сәуле сені сыртыңнан да, көзіңше де келемеждейді, өсекке таңады, бастықпен араларыңа от жағады. Соның бәріне неге шыдайсың? Айым: Арға қарсы арсыз жеңеді. Ләззат: Шіркін, сенің жай сөйлегеніңнің өзі бір романның үзіндісіндей әсер етеді маған. Айым.(мұңайып) Сәуле кетті. Ләззат: Сен Сәуледей зымыстанның кеткеніне қапаланып отырсың ба? Әлде мен алжасайын дедім бе? Отыздың біреуіне әлі толмаған едім, неғып ерте естен танайын дедім? Экологиядан ба? Айым: Бір құдай атқан күні менің қос шырағым да дәл осылай байқатпай кетіп қалса? Қараңғы түнекте тұншығып қала берем бе? Шынымен сондай тозаққа көнем бе? Ләззат: Мә, су іш. Сәуленің қарасын батырғанына қуан. Айым. Су емес, у берші. «Уды у қайтарады» деген. Іштегі уымды сол у қайтарсын. Ләззат: Сен қаптаған түрік телехикаяларындағы басты рөлдегі қыздардың сөзін жаттап алғанбысың? Оларды жігіті тастап кеткенде дәл осылай кемсеңдейтін. Сен несіне жыламсырап отырсың? Айым: Адал досым жоқ ағынан жарылып сыр ақтарар.Қамқор әпкем де жоқ мейірлі көзбен бір қарар. Інім де жоқ тынысым боп табылар.Сүйіктім де жоқ әрдайым жанымнан табылар. «Крышам» да жоқ небір дауылдан қорғап қалар! Ләззат. «Жеті жоқтың» жаңашыл түрін санап отырсың ба? Саған «крыша» не керек? Өткен жолы келген комиссияның мүшесі сенің сабағыңа кіріп, таңдайын қағып шықты емес пе? Айым: Ол кісідей барды бар деп бағалайтындар, жақсылықты жағалайтындар аз ғой. Ләззат: Сол аз арлының арқасында мына екеуміз сияқты «білімді сүмелектер» жан бағып жүр. Айым: Жан баға алмай жүр бүгінде білімділер!
Ләззат: Тоқтай тұршы, мен саған өзім шығарған бір шумақ өлеңімді жатқа айтып берейін. Жүректен шыққан соң ба, жүрегімде жатталып қалыпты. Айым: Құлағым да, көзім де сенде. Ләззат:(қолын сермеп) Жазғы түскен сағымдай, Менің бала шағымдай, Бетіме жымиып қарайсың, Көзімнің ағы мен қарасындай! Айым. Махаббат лирикасы ма? Не деген төгілген жыр жолдары! Неткен сырлы сезім! Ләззат: Шынымен ұнаттың ба? Онда жалғасын жазайын. Айым: Ұнатпадым. Поэзия дейтін киелі әлем екуемізге есігін ашпасы ақиқат.Бекерге тырмысып, арам тер болмайық. Ләззат: Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді деуші еді ғой. Менің жазғанымшындық. Айым: Шындықты қаз-қалпында суреттесе, несі поэзия?Ұйқас, көркем сөз, астарлы мағына мүлде жоқ. Сенің бала шағыңды есіңе түсіріп, бетіңе жымиған кім болды екен? Мен соны ойлап отырмын. Ләззат: Ол жымиғанда, шынайы күлімсіреді деп сезімім бүр жара бастаған болатын. Кейін оның үйлі-баранды жігіт екенін естіп, аяғымды тарттым. Бірақ өзі пәк сезім иесіндей сұлу жымиятын. Айым. Қайтесің? Нағыз махаббатың алда. Ләззат: Алда деген қашан ол? Қырыққа келіп, әрім тайғанда ма? Әлде елуге келіп, егделенгенде ме? Айым: Мен көріпкел не бақсы емеспін ғой. Қайдан білейін. Ләзхзат: Бақсы демекші, Алматыда бір керемет емші бар екен. Осы жақында жергілікті телеарнадан көрсетті. Өзі жол ашады екен. Жазбайтын ауруы жоқ деседі. Айым: Халық емшісі ме? Ләззат: Әрине, халықтікі. Менің жеке дәрігерім емес қой. Телефон нөмірлерін жазып алғанмын. Барып жолымды аштырмасам. Айым: Жолың ашылып, Жібек жолына түсіп, Еуропаға кетіп қап жүрме! Ләззат: Сен де көзіңді көрсет. Мүмкін шипасы тиіп қалар. Айым: Оқыған-тоқыған дәрігер жаза алмаған көзімді бір емші түшкіріп жаза салады деп ойламаймын. Ләззат: Сан ойлама. Сен емшіге сенсең, тілегің орындалады. Қазір мен телефон шаламын емшіге, жолымды ашып берсін де.(Телефоннан нөмір тереді. Ар жақтан жауап береді.) Жанарыс: Алло! Ләззат: Қайырлы күн, емші мырза! Сізді теледидардан көріп, хабарласып тұрмын. Жол аштырғым келеді. Жанраыс: Жасың нешеде? Ләззат: Отыздан екі ай астым. Жанарыс: Жолыңды да, бағыңды да ашамын. Тек жалғыз келме. Ләззат: Жалғыз барсам,жау жей ме? Жанарыс: Жаныңа тағы да жолы болмай жүргендерді топтастыр. Менің емім ақылы. Бір сеансым 12 мың теңге. Ләззат: Он екі мың теңге? Айым: Профессордың ставкасына жетейін деп қалыпты ғой. Жанарыс: Ар жақтағы аузы жылдам кім? Сумаңдай бермесін, аузын буып тастаймын ыза болсам. Айым: Аузын буған өгіздің халін кешкім келмейді! Ләззат: Ол өзі қалжыңбас қыз. Ол да сырқат. Айым: Сырқат емес, айықпас ауру, мүмкіндігі шектеулі мүгедек десең дұрыс болады, әрі әдемі естіледі. Ләззат: Онда мекен-жайыңызды айтыңыз. Біз екеу боп барамыз.
Айым. Үмітсіз шайтн ғана. Барсақ барайық. Жанарыс: Қалталарыңда он екі мың теңге болмаса, менің емімді ала алмайсыңдар. Ләззат: Айтылған күні, уәделі сәтте ақшамен барамыз. (Телефон әңгімесі үзіледі.) Айым: Нағашың келіп, қалтаңа ақша, басыңа үй салып бергендей, кімге сеніп барам дедің? Менде дәрігер қабылдауынан кейін артық ақша қалмады. Пәтерақысы ғана қалтамның түбінде қарайып жатыр. Ләззат. Менде де артық ақша доқ. Бірақ пәтерақыны жұмсасақ та, емшіге барайық.Бар көңілімізбен сеніп барайық. Айым. Нар тәуекел! Ләззат: Онда мен бүгін осында қонсам бола ма? Таңертең бірге емшіге жол тартып кетейік. Ертең екеумізде де сабақ жоқ. А, Құдай, денсаулық пен отбасылық бақыт нәсіп ете гөр! Айым: Өзің кішігірім молда екенсің ғой. Ләззат: Сен де тілек тіле. Шын ниетіңмен тілесің, Құдай тілегіңді қабыл етеді дейд. Айым: Шын ниетіммен-ақ бас ұрып жүрмін ғой. Әзірге тілегінмід берген жоқ. Ләззат: Бірден бере салмайды ғой. Айым: Онда бүгін осында қон. Ләззат: Рахмет. Таңның атқанынан кештің батуы жылдам. Тездетіп ұйқыға шомайық.Тәтті қиял аулына қонайық. (Екеуі ұйқыға жиналады.) Айым:Ұйқы-дұшпан болсын бізге жәрдемші! Тәтті елестер, жақындап бір келсеңші! (Айымның түсі басталады. Әдемі түнгі табиғат көрінісінде Айым жігітімен мәз-мейрам.) Елес-жігіт: Тағдырымның тартуы Айым сұлу, бар ойым-сені бақытты қылу! Айым: Бақыттымын, бақыттымын! «Шын махаббат жоқ мынау өмірде» деп аһ ұрған кештерім махаббатым маздаған мейрам күндерге айналды! Елес-жігіт: Сенің сұлу жанарың бақыттан жайнаса, мендегі жүрек қорғасындай балқиды! Ер көңілім тек шаттықтан шалқиды! Айым: Жанарыс деген жайсаң жан жанарыма нұр құйды. Енді алысты қырағы көзіммен қырандай барлай аламын, кең дүниені қос шырағыммен жіті шарлай аламын! Елес-жігіт: Менің жүрегімдегі мәңгілік махаббатты аңдай аламысың, Айымым? Айым: Анық аңдап тұрмын, жүрегіңде менің есімім жазылған екен. Шынайы махаббатың маған арналып, шарасынан төгілердей толықсып тұр! Елес-жігіт: Жайнаған жанарыңнан айналдым! «Мен» деп ескен сезіміңнің самалынан айналдым! Айым: Сырбазым, түнгі аспанның түндігі түрілейін деген бе? Жұлдыздардың жамырағаны «қоштасыңдар» дегені ме? Секем алып, сескеніп, суық тартып бара жатыр денем де! Елес-жігіт: Ботакөзім, қарашы ана қырға, қара киінген бір топ адамдар келе жатыр топтанып, айтуға әлденені оқталып! Сықпыттары тым сүйкімсіз, келбеттері көріксіз! Айым: Дұшпандарым ол менің, ту сыртымнан пышақ ұрғанды ұнататын, күліп тұрып бетіме, сиқырланып сыртымнан, жәдігөйлікпен жылататын! Елес-жігіт: Жақсы болсаң сен өзің, жауың неге көп болсын?! Айым: Жақсылардың артынан сөз ермей ме? Сол жаман жақсыға күншілдік етпей ме? Елес-жігіт: Тыңдайын сен айтқан сол жамандарды! Мәлім болар сосын не амалдарым! Айым: Дұшпан сөзін тыңдама! Қарашы менің көзіме, бар шындық оның өзінде! (Қара киімділер таяп келеді.) Сәуле: Ей, албасты Айым, мына жігітке көзіңнің көрмейтінін айттың ба? Нағима: Сен-екінші топтағы мүгедексің! Соны растайтын анықтама алып келдім. Мінекей! Айым: Жоқ!
Директор: Сен-соқырсың, өмір сүруді білмейтін бетпақсың! Мен түсінбейтін шимайшатпақсың! Айым: Жоқ, жаным, біріне де сенбе, айдауына көнбе! Елес-жігіт: Анықтама алып келіп, растап тұрса ауруыңды, мүмкін емес саған сеніп, қасыңда қалуым! Сәуле: Қайтесің ол жазғышты?! Нағима: Айым-мүмкіндігі шектеулі мүгедек жан. Директор: Айым-соқыр!Онымен тағдырын байлаған сенің өмірің болар бір күн опыртопыр! Сәуле: Бұл диуанамен бірге болам дегеніңшырмауық мәселеге малтықтым дегенің. Айым: Сәуле, ғашығым маған мені мәңгі сүюге серт берген. Мені өз өміріндей көреді. Сәуле: Менің жігітім де маған солай деген, «бақытымыздың байлауы-азаматтық неке» деген. Ақыры өзі бір күнде сөзін жұтып маған берген, аулына барып үйленіп қайтқан! Елес-жігіт: Ер жігіттің екі сөйлегені-жай ғана айтқанынан айнып қалғаны! Айым: Сен маған «сүйем» деп серт еткенде, тылсым түн кірпік ілмей күтіп тұрған. Жүйрік жел ішін тартып, қарап тұрған. Талмау көктен жұлдыздар тыңдап тұрған! Солардың бәріне жалған айтқаның ба? Сәуле: Міне, жігітім, бұл қуғынбайдың халі осы. Сендей сымбатты серіге ғажап қыз табылады. Елес-жігіт: Тапқандаймын мен сол «ғажапты». Ұмытамын «Айым» деген азапты. (Жігіт Сәулеге қарай ұмтылады.) Айым: Жо-о-оқ! (оянады) Уһ, бұл неткен шытырман түс? Тым болмаса түсімде ұмытсам ғой сырқат халімді. Тым құрыса қиялым қуантса етті жанымды! Ләззат: Жайсыз түс көрдің бе? Мән бермей-ақ қой! «Түс-түлкінің боғы» дейді үлкендер. Айым: Түлкінің боғы дұшпанның оғы болып тиіп жүрмесін! Ләззат: Не көрсең де, жори көрме жаманға! Жақсы нышан деп білгейсің әманда! Айым: Жанашырым болғаны қандай жақсы жанымда! Осы емші сенің жолыңды ашып, менің шипамды тапса, ақсарбас айтам Аллама!
Келесі көірініс: (Жанарыстың үйі. Екі қыз емшінің алдында тұр.) Жанарыс: Маған бала тумайтын қатындар көп келеді. Екеуіңнің жөндерің бөлек екен. Айым: Әйел парызы-ана болу. Ләззат: Күйеуге шықсам тездетіп, перзент сүйсем егіздетіп-сол менің арманым. Жанарыс: Мен-Қыдыр атаның сүйікті баласымын. Мен-тірі аруақпын. Алдымен Құдай, сосын Жанарыс деп біліңдер. Ләззат: Білдік те, сендік. Енді жолымды ашып берсеңіз. Айым: Иә, бақсылардың бақсысы, емшілердің жақсысы, сіздің нұр жүзіңізді көру бізге қиынға түсті. Көмекшілеріңіз сіз туралы аңыздар айтып, қиссалар қозғап, бізді ұзақ бөгеді. Он екі мыңды, әлбетте, солар санап алды. Шыдадық, бірақ түскі астан құр қалдық. Ләззат: Ашыққаным түк емес. Менің дертім бұл емес. Жалғыз жүріп жаһанда, дара тұрып қаһарға, шаршады қыз жүрегі. Сыңарым болып бір сері, ашылсын бағым бір енді! Жанарыс: Күйеуіңе тиесің, балаңды да сүйесің. Кел бері, түшкірейін. (Ләззатты құшақтайды.Өне-бойын сипалайды.) Ләззат: Қытығым келіп кетті. Осылай түшкіруші ме едіңіз? Жанарыс: Мен сенің бойыңдағы жаман қасиеттерді жұлып алып жатырмын. Қозғалма! Бүгін жолың ашылады, серің келіп қасыңа, жалғыздығыңды қашырады! Суф-суф! Айым. (ақырын дауыспен) Қыдыр атаның сүйікті баласы Ләззаттың сүйіктісі болайын деді ме, не боп кетті өзі? Жанарыс: (Айымға) Ей, пақыр, сен жай отырмай, көзіңді жұмып, тілек тіле ішіңнен! Тілегенің қабыл болсын десең, көзіңді тарс жұм! Мүлде ашпа! Иықтағы сөмкеңді жерге таста!
(Айым айтқанын орындайды. Бақсының көмекшісі келіп, Айымның сөмкесін ақтарып, ақшасын алады.) Ләззат: Жол аштыру қиын болады екен ғой. Иістерге кірпияз едім. Емшінің иіссуынан мұрным бітіп барады. Жанарыс: (өз-өзіне)(Шыда, отты қыз. Діңкемді құрттың,қыз.) Ләззат: Осылай жол аша ма? Жанарыс: Әр түн сайын сені қара дию құшағына алған екен. Содан жігіт біткен сенен безген екен. Ләззат: Маған жігіт қарамайды деп ойламаңыз. Менің жігітпен танысатын артық уақытым бола бермейді. Бұл-басты себеп. Жанарыс: Далбасалама! Құдай айтты бұл сөзді! Ләззат: Құдай да дөрекі сөйлейді екен ғой! Мен Құдайға «Сіз» деп сызылып, майысып тілек тілеп жүрсем! Жанарыс: Өшір үніңді! Жұм көзіңді! Тілек ет бар жаныңмен! Бұл-Құдай сөзі! (Ләззат айтылғанды істейді) Жанарыс: Қашан шыққың келеді күйеуге? Үш күннен кейін бе, жеті тәуліктен соң ба, әлде бір айдан аса мерзім өтсін бе? Ләззат: Бұл өзі ҰБТ сұрақтары сияқты сананы сансыратқан сауалдар болды ғой. Жақсылықтың жылдам жайғасқанын кім қаламасын? «А» нұсқасы, «то есть» үш күннен соң деген жауапты таңдаймын. Жанарыс: Мен жолыңдағы бар кедергілерді сыпырып алып тастадым, содан қара терге түстім. Үш күннен осң бір азаматқа жолығып, жанұя құрып кетесің! Ләззат: Уһ, емшінің құшағынан босап, қапастан шыққандай болдым ғой тіпті. Айтқаныңыз келсін! Жанарыс: Бата берейін мен саған, жолыңды ашып мен бағам! Батам ақылы, ақысы-бір мың ғана. Айым: Ақылы бата шын ниет емес. Ақша жүрген жерде, жол ашылмайды. Жанарыс: Тәйт, қазір құрыстырып тастаймын. Одан да көзіңді шарт жұмып, құрбың үшін де жалбарын! (Ләззат сөмкесінен ақша алып, емшінің қалтасына салады.) Жанарыс: Иә, ақша-арам. Сол үшін мен оны қолыммен ұстамаймын. Қалтама сал дегенім де сондықтан. Жай қолыңды, ашып жолыңды, бата берем мен саған! Ешқашан бағың таймасын! Дұшпаның теріс айналсын, Үш күннен соң бір жігіт, Өзіңе келіп байлансын! Әумин! Ләззат: Әумин! Айым: Мұндай батаның түр-түрін мен-ақ айтып беруші едім ғой. Айырмашылығы-менің батам тегін. Жанарыс: Әй, пенде, түрегел, көзіңді аш. Біліп тұрмын деміңнен, науқас жансың деміккен! Айым: Демікепеге шалдыққан жоқпын. Көзім ауырады. Дәрігерлер емін таппай, суық сөзден бір аспай, жас жаным әбден торықты. Жанарыс: (қолынан ұстап) Мен дәрігер емеспін. Байқап көрейін. Кітапты көп оқысаң, көзің ине шаншып алғандай суырып ауырады. Айым: Иә, дәл солай. Жанарыс: Ашуланып айбат шексең, өзгелерден ғайбат көрсең, күйіп шыға келер бұл көзің! Айым: Солай, Қыдыр атаның сүйікті баласы! Емі бар ма көзімнің? Жаны жоқ қой дәрігер сөзінің? Жанарыс: Дәрігерің «көп дәрі іш, жазыларсың сонда, тағы іш» деді ме?
Айым: Жоқ. Д»рігер маған «мүгедексің. Ақысыз-ақ сені тірілер тізімінен сызып берем» деген еді. Жанарыс: Құдай сақтасын! Сенің көзің осыдан үйіңе барған соң шырадай жанады. Күйеуге тиіп, үшемнің анасы боласың. Өкіметтен тегін үй аласың. (өз-өзіне күбірлеп) (Осы пәледен өстіп тезірек құтылмасам болмас.) Көзіңді бір сипайын-дертің қашсын.Шашыңнан сипайын-шаттығың тассын. Айым: Шаттығым шашыма өріліп тұр ма екен? Жанарыс: Көзіңнен екі сипайын-ауруың қайтып келмесін. Көкірегіңді бір сипайынқуаныш, бақыт кернесін! Айым: Дертім қашса, бағым тасса, одан басқа не тілек қалды? Жанарыс: Тірі адамға бәрі арман. Мен сенің барлық армандарыңның орындалуы үшін, фотосуретімді төс қалтаңа салып берейін. Осы сурет төсіңде тұрғанда, жақсылық жаныңнан бір елі қламай еріп жүрмек. Бұл сурет те ақылы. Бес –ақ жүз теңге. Мына орамалды басыңа сал, бағыңды пенде лер шашып тастамасын. Ол да ақылы-екі-ақ мың теңге. Айым: Қайда тап болдым? Базарға ма, әлде жалған бақсыға ма? Аузын ашса ақша дейді, жылы сөзбен жұбатып, көңілді сүйеп қояды кейде. Жанарыс: Бағыңның жанында 4-5 мың теңге сөз болып па, тәйірі? Ақшаны қолыма берме, қалтама сал. Ақша деген арамды қолыма ұстап көрмеген Құдайдың пәк баласымын ғой мен. Айым: Ләззат, мүлгімей менің сөмкемді қарашы.Тиын болса, санашы. Ләззат: Сөмкең бос. Нөлге нөлді қос, бәрібір нөл шығады. Айым: Мүмкін емес, сөмкемнің түбінде болу керек пәтерақыға деп сары майдай сақтаған сыбаға. Ләззат: Сенбесең өзің қара. Жоғыңды өзің сана. Айым: (сөмкесін ақтарылғанын көреді.) Ештеңе жоқ. Жанарыс: Онда бөлмеден шығыңдар. Сурет те жоқ саған, қайтып келме, ей, пақыр, маған. Ақшасыз қабылдамаймын, ақысыз қол қимылдатпаймын. (Айымның төс қалтасынан суретін жұлып алады.) Ләззат: Рахмет, сізге, тірі аруақ! Айым: Рахмет сізге,ұры аруақ! Ләззат: Қой, дертіңді қайта байлап бермесін. Жанарыс: Ей, міскін, мені ұры дегенің қай сасқаның? Бұл-Құдайдың үйі. Қазір мен сені белі бүкір етіп, жұртқа күлкі етіп қояйын! Ләззат: Олай ете көрмеңіз, тірі аруақ! Кешірім ете көріңіз. Жанарыс: Жарайды. Бірақ бәрібір қаһарымды төгемін. Үйіңе кіре бергенде, бүкір етемін. Оған дейін жүріп қал. Айым: Кеттік, Ләззат! Алаяқтар апанына өз аяғымызбен келген неткен аңқау едік! Ләззат: Үйге кіре бергенде, құрысасың дейді. Онда үйге бармай, сыртта жүрейік. Бәлкім, бақсы атаның кәрі қайтар. Айым: Менде онсыз да үй жоқ. Бақсы маған «үйіңе кіре бергенде бүкір етем» деді. Ал, мен пәтер жалдап тұрамын. Демек, бақсы атамыз қаһарын төгу үшін көп жылдар күте тұрады. Мен үйлі болғанға дейін қай заман? Ләззат. (сөмкесін иығына іле беріп) Менің сөмкемнің сыртқы қалтасында автобусқа деп қойған тиындарым бар еді. Көрінбейді ғой өздері. Айым: Сенің де көзің нашарлайын деген бе? Бақсының үйі ту сыртыңда. Тағы барып ем ал, ақылы батасына қарық бол. Ләззат: Қайдан білейін, бата беріп, жарылқаймын деген соң, бар ойым тұрмыс құру болып, құшағында иіссу мен тердің исіне тұншықтым. Бірақ бата деп берген бір ауыз сөзі шын шықсын! Айым: Өзімізге де обал жоқ. Ақшамыздан айрылып, құр қол қалдық сымпиып.
Ләззат: Саспа, бұл бір сынақ болды екеумізге. Сабақ болды кейін әрекет етуімізге. Енді алаяқтарға алданбаймыз, құр қиялға еш қонбаймыз. Айым: Сені кінәламаймын. Жолың ашылып, тұрмыс құрсам дедің. Менің жазылғанымды қаладың.Мені тіпті проза шеберіне баладың. Көмектескің келді, ақыры күлкіге кенелдім. Жанарыстың әрбір сөзі елестесе, күлкім келе береді. Ләззат: Сол мені құшағына алса, жолым ашылып жүре береді екен. Ал, бала көтере алмайтын әйелдер барса, әрекетсіз жібермесі анық. Айым:Жанарыс емдік амал деп айласын асырады. Бір күні тұтылады. Арам ақшасы желге ұшып, сыртқа қарай сытылады. Ләззат: Айым, сен бақсыға шашыңнан сипатып, өзің де бақсы болып кеткенбісің? Айым: Онымен ұзақ құшақтасқан сен ғой. Сен бақсы болмай қалай аман тұрсың? Ләззат: Мен бақсы ретінде бір ақыл айтайын. Астанаға барсаңшы. Бір-екі күнде демалыс аласың. Ақшаң да қолыңа тиеді. Бұның бәрін бақсылықпен біліп тұрмын. Астанада адам жанынан басқасының бәрі бар деседі. Айым: Бақсылығыңа болайын. Мектепте кімнің қашан демалысқа шығатыны тізімделгелі қашан? Ал, Астанаға жол тарту идеясы маған ұнап тұр. Арман қалада армандардың орындалмауы мүмкін емес. Арман-сәйгүлік, Астанаға шап, менің жүрегімдегі ақ арманды баурыңа ап. Ләззат: Бақсының батасын саған берейін, айырмасы-ақысыз. Тек аздап түзету енгіземін. Ешқашан бағың таймасын, Дұшпаның теріс айналсын, Үш күннен соң бір дәрігер, Ауруыңның тапсын айласын! Әумин! Айым: Мынадай түпнұсқа батадан соң, тілегімнің орындалмауы мүмкін емес. Ендеше, не тұрыс, Астанаға сапар шегейін. Арман қала, қарсы ал мені, дертіне дауа іздеген бір қызыңды! Келесі көрініс: (Көз дәрігерінің кабинеті) Айым: Сіздің клиникаңыз жайында ғаламтордан оқыдым. «Көздің көру қабілетін қалпына келтіреміз» деп жарнамаларыңыз жарқырап тұр екен. Мекен:Сізге ең алдымен психологқа көріну керек. Сіз өзіңіздің мүгедектік халіңізді мойындамай, алысқа шапқыңыз келетін сияқты. Айым: Жоқ, психолог та, психиатр да қажет емес. Менің тәнім сырқат болғанмен, жаным сау. Алысқа шауып, Америка асайын деп отырған жоқпын. Мекен: Сіздің көзіңіздің жүйкесі 90 пайызға өлген, қызметін тоқтатқан. Медицинада мойындалғандай, көз жүйкесін қалпына келтіру мүмкін емес. Сізге айтарым-жұмысты тастап, мүгедектікке берілер жәрдемақыға өмір сүріңіз. Зағиптар қоғамына мүше болып, бәлкім, сол жерден өз теңіңізді тауып қаларсыз. Жазушы болсаңыз, мүгедектер мәселесін көтеріңіз. Түрлі мерекелік шаралар өткізіп... Айым: Жоқ! «Сенген тоқтым сен болсаң, күйсегеніңе болайын.»Алматының дәрігері мені өлім жазасына кесіп еді, сіз мені тірідей көрге тықтыңыз. Мекен: Несіне ренжисіз? Мен шындықты айттым. Айым: Әкесі өлгенді де астарлап естіртетін қазақ емеспіз бе? Өмір нұрын себер жылы сөзге неге сараңсыздар, дәрігерлер? Сырқатты жылы сөзбен емдеуге болады ғой. Мекен: Барды баяндадым.Ақиқатты айтудан аянбадым. Айым: Баяндадыңыз, суық сөзбен сумаң қақтыңыз. Аянбадыңыз, жан жарамды жұлып бақтыңыз! Енді кімнен сауға сұраймын?!Өмір сұрап, кімнің аяғына құлаймын?! Кімге шағынып, көздің жасын бұлаймын?! Жоқ, жыламаймын! «Мүгедек» деген атты малданып, жәрдемақыға берілер бес-он тиынға жан бағып, әркімге бір мұң шағып, қор болмаймын мен! Көрмегенім дәрігер, естімегенім дәрігерлік кеңес болсын! Мен кеттім! Мекен: Қайда кеттіңіз? Мына түріңізбен қайда барасыз? Мен әріптестерімді шақытрайын. «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» дегендей...
Айым. Әріптесіңіз келіп,«өл» десе, «айтқаныма көн» десе, одан не өзгерер? Түріме не бопты? Мөлдіреген көзім бар, жалын атқан сөзім бар. Сылқым Есіл өзеніне шағым айтар халім бар! Өмірімдегі көмек сұрап барған ең соңғы «ақ халатты абзал жан» болып, менің өмір тарихымда атыңыз қара әріптермен жазылып қалды.Қош!
Келесі көрініс. (Астана. Есіл өзенінің жағалауы.) Айым: О, Есіл, сенің жағаңа келіп, қаншама мұңлық мұң нөсерін төкті екен? Қанша жан бақыт қайығында тербеліп, шаттық шуағына бөкті екен?Төрешісі өзің ғана! Бәріне үнсіз куә болып, сылқым сусып жатқаның! (Жағалаудағы орындыққа отырады. Қалта телефоны шырылдайды. Бірақ оған жауап бермейді.) Көріп тұрмын, анау шетте қыз бен жігіт оңаша сыр ақтарып, сыбыр қағып, мәз-мейрам. Анау шетте қармақ салып, балық ұстап, бармағын бүгіп, олжасын санап, балықшы шал мәз-мейрам. Анау шетте көріп тұрған жоқпын, тек естіп тұрмын, суға шомылған, балалық шақтың қызығына тоймаған балалар мәз-мейрам. Анау шетте көріп тұрмын, қос көгершін құрқыл қағып, махаббаттан ортақ тіл тауып мәзмейрам. Анау шетте арманымның ақ кемесінің нышанындай болып, жарыса жүйткіп қос ақ қайық мәз-мейрам!Тек сол мейрамның ішінде маған орын жоқтай! Ей, жүйрік жел, сырласым ең, бұл жолы мұңдасым болшы! «Пенде емеспін, мұңаюды білмеймін» дейсің бе? Жүйріг жел, сен де ақиқат аулынан алыстай бастағанбысың? Менің әкем өмірден озғанда, ішіңді тарта ұлып, ыңырси жылағаныңды қалайша ұмыттың? Мен оқуға түскенде, қуаныштан құбылып, шашымды шарпып сипап, еркелеткеніңді қалайша ұмыттың? Дәл сол бақытты күнімдегідей, бетімнен өбіп, шашымды тарап, тарқатшы қайғы түйінін! Сыбырлашы құлағыма, жылы леппен дем беріп! (Құлағын тосып) Не дейсің? «Мүгедексің» деп мысқылдап тұрмысың? Тәйт, доғар сайтан сыбырыңды, тәнімсырқат болғанмен, жаным-са-а-ау! Дауыс: «Тәні саудың жаны сау» деген. Сенің тәнің сырқат болса, жаның қалай сау болмақ? Айым: Он екі мүшесі сау болса да, түкті түсінбейтіндер, дымды сезбейтіндер бар ғой! Дауыс: Мойындаймын, бар. Бірақ оларды ешкім «көрсоқыр» деп кемсітпейді. Өйткені олардың жарасы сырт көзге ұрып тұрмайды! Айым:Тепсе темір үзетін кейбір азаматтар «жұмыс жоқ» деп жығылған отаудай үйінде қол қусырып жатады. Оларға ешкім күлмейді. Менің көзім кемістік көрсетіп еді, «жұмыстан кет» деп кейбіреулер кіжінді. Дауыс: Кіжініп, тепсінсе де талайлар, қарсы тұрар күш-қайранды қайдан алдың, қайран ару?! Айым: Өмірдің өзі берді! Анау ақша бұлттар көз ұшында болса, менің аппақ арманым қол ұшында болатын. Арманымның алғашқы баспалдағын сәтті басқан едім.Жанат ағаның ақ батасынан рух алған едім. Сорымды қайнатып, сырқат шықты көлденеңдеп. «Жығылғанға жұдырық» болып, дос тұтқаным дұшпан шығып, құлатуға әзір тұрды өңмеңдеп! Сонда да сынбадым, құлап тынбадым.Өмірдің өзі жігер беріп, «біреуден кем бе едің?» деп, қолтығымнан сүйеп жөнелді! Дауыс: Ай атты ару қыз, менің сынағымнан сүрінбей өттің! Шыдам атты бұрымыңды сілкіп тастап, күресе кеттің! Өмірді алдың ту етіп, жарық нұрды тәу етіп!Жеңілдім мен бұл күресте, сені жығу мүмкін емес те! Алас ұрған сәтіңде, қапас түнекке ұмтылып, құщағыма құлап түсер деп едім! Дегенім болмады, сұм көңілім толмады. Өмірден айырып, алып кетуге келген Ажал мен едім! Құшағым бос, олжам да жоқ, мекеніме құр қайтамын мен енді! Айым:Ей, Ажал, менің соңыма түспей-ақ қой! Пешенеме жазылған тағдырды сен кеспейақ қой! Түбі қауышам сенімен, бірақ өзіме қол жұмсаумен емес, Алланың пәрменімен! Дауыс: Еһ, қаһарман қыз, енді сені аялайды Өмір, кей сәтте аямайды сені Өмір! Айым: Бәрін де жеңем, бұрымым ұзын шыдам деген!
Дауыс: Егер адамның бәрі Өмірді сүйсе дәл сендей, оған өкпелеп, сынақ сәтте жалт бермей, атой салса мына менің өзіме, онда, бәлкім, болмас мендей албасты! (Дауыс алыстап кетеді.) Айым: Қара түнек болмас маған жан серік! Қараңғыда ақтарылмас жыр-өрнек! Күресемін, қайран қылам барынша,тынысым бітіп, жанарым жұмылғанша! Тек мына қоғам мендейлерді қор етпесін, «кемтар» деп кемсітпесін! Еншімді бөліп бермесе де, ешкімде есем кетпесін! Тең жүрейін он екі мүшесі сауменен! Өзгелермен үзеңгі теңестіріп, өмір сүруге хақым бар менің! Эссе Өмірімдегі ғажабым (эссе)
Адамдар «Өмір» деп ат қойған мына құпиясы мол құбылыста мен үшін маңызын еш жоймайтын, қадірі тіптен кемімейтін, көңілім онсыз көншімейтін аса аяулы бір жан бар. Мен өмір-өзеннің кішкентай тамшысы болып дүниеге келгелі бері оның есімінің құдіретімен тыныстап келемін. Бұдан ары жұмбақтамай жайып салайын жайымды. Өмір аспанында оңынан туғызып айымды, бейнесімен сұлу етіп ай-күнімді, ол жоқ жерде өзімді елестете алмайтын, көңіл шырағым ол болмаса жанбайтын ғажап жанның аты-Анашым! Қайран қазекем «әкенің жақындығы жездедей-ақ» деп өлшеп-кескен... Ал сәбиін тоғыз ай құрсағында көтеріп, жарық дүние есігін ашқаннан соң өмір өткелдерінде қайыспай көтеретін Ана махаббатын суреттеуге мендегі тіл жетсе болғаны. Анам Жұмажанова Гүлжауар Қалибекқызы-еңбекпенен ер атанған қарапайым қазақы шаңырақтың шырайы болған гүл қызы, бір әулеттің сыйлы келіні, көпбалалы ана. Кіндік қаны Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Жиделі аулында тамған анамның балалық дәурені осы қимас өлкеде өрілген екен. Бақытты балалық шағы мектеп қабырғасында жүріп қатарының алды болып жарқырауға ұласады. «Әкем әуелете ән сала алмаса да, өзі әнді ұйып тыңдайтын өнерді сүйген адам болатын. Сол әкемнің әнге деген құштарлығы ықпал етті ме, ешкім арнайы оқытпаса да, бүлдіршін кезімде өз бетіммен домбыра үйреніп алдым,»-деп анашым әкесінің өнерге деген махаббатынан өз жүрегінде оянған қасиетті балаларына дарытуға күш сала жүріп, үлгі етіп көңілді баяндайтын. Апатайым өзінің ең алғаш домбырамен үшінші сынып оқып жүрген шағында «Жұлдызым» деп ән салып, ауылдың қуықтай мәдениет үйіне тайлы-таяғына дейін жиналған көрермендердің ыстық ықыласына бөленгенін әлі күнге тамсана айтады. Әнді нақышына келтіре орындаған кішкентай өнерпаз қыздың талантына сүйсінген үлкендер жағы орындарынан тұрып қол соғыпты. Сонда анашымның нағашы әпкесі Гүлсара «көз тиеді» деп қорқып, анамды сахнада тұрған бойында көтеріп алып, үйіне қарай жүгіріпті. Ырымшыл әрі аңқау ауыл қазағының аңғал болмысы езуіме күлкі үйіреді. Қаршадайынан «Жұлдызым» деп ән салған жұдырықтай қыз кейін расында да әнғұмырға айналар ма еді, кім білсін?! Тағдыр талантты қыздың алдынан таңдау тосты: өнерін өрге жүздіру үшін қалаға аттану немесе жүрек қалауымен шаңырақ көтеріп, ана атанып, дала қызы болып қала беру. Анам соңғы жолды таңдап, ана бақытын бәрінен де артық көріп туған аулы Жиделіде қала береді. Тек орындалмаған арманы көңілінің бір алыс түкпірінде шемендей шөгіп, анда-санда солқылдап мазасын алады екен. Күйбең тірлік, бала қамы асыл арманын ұмыттырып та жібереді. Арманының аппақ құсы қол үзіп кете қоймай, анама үпір-шүпір балаларының ортасында, әкемнің назарында ән салдыратын. Домбыра шанағынан төгілген әсем әуендер ақыры бір күрсініс үніндей болып тоқтайтын...Мен кейін ес біле келе анамның асқақ арманын жер қаптырып алғаны жайлы тыңдап отырып, тышқан жылы туғандарға қатысты жұлдызжорамалды еске алып, болжамның дөп түскеніне қайран қаламын: «Тышқан жылы туған қыз өте батыл, алғыр
келеді. Биік армандаса қол жеткізуі де ғажап емес. Тек бір ғана алауыртқан махаббат бұл жылы дүниеге келген қыздың өмірін мүлде басқа арнаға ауыстыруы әбден ықтимал,»-деп оқыған едім бір газет қиындысынан. Тура бір апатайымның өмір жолын көріп-біліп жазғандай дерсіз.Арманынан адасқан анам әйел бақытының баянды болуын тілеп өмірін жалғастыра береді. Түнеріп тоқсанның тоқырау жылдары келді. Әйел ерге, ер жерге қараған заман туды. Бірақ Анамның бір ғаламаты сол-әкеме қарап әрекетсіз қалмады. Қайта тұралаған отбасы көшін өзі оңдауға кірісті. Қымбатшылық пен жұмыссыздық қатар қысқан нарықтық кезеңде шаңырақ шаттығын сақтап қалуға барынша тырысты. Өзі нәзік жанды әйел бола тұра күн санап қайраттанып күрес жолын бастап кетті. Ер жерге қараса, нағыз әйел ерге қарап таусылып отырмайды екен. Шаңырағына ырыс ұялатамын молынан деп жүріп анам қымбатшылық деген қайранмен арпалысып, жұмыссыздық деген жалмауызбен жұлқысып бақты. Бұл жайдың астарын ол кезде онша түсіне бермейтінмін. Кейін анамды сонша қайратты еткен, тосыннан батыр қылған балаларына деген махаббаты екенін ұғындым.Еразамат арқалай алмаған жүкті белі қайыспай көтеріп кеткен Анама таңдай қағамын. Сүйсінемін де өнеге тұтамын. Иә, Анам-менің ұстазым.Ол құрғақ ақыл айтып, қысыр сөзбен қуырдақ қуырмайтын. Өз өмірінен мысал алып, көңіліме нанымды ғибрат үйіретін. Мен мектеп бітіретін жылы анам маған: «Әнші болшы. Менің жетпеген биігіме сен жет,»-деп қиылды. Мен апатайымның өтінішін аманат етіп алуға жүрексіндім, себебі өзіндік басқа арманым бар-тын. Анам бұл жайдан хабардар болғанда жеңіл мұңмен жай ғана «қыздарымның біреуі әнші болса, арманымның орындалғаны деп білер ем,»-деді. Ал маған арманымды ауыздықтап мінер қайрат тіледі. Сонда мен арман деген құдіреттің көңіл көкжиегінен ұзап кете қоймайтынын, тек оянар сәтін күтіп тасаланып жата беретінін түсіндім. Иә, анам маған армандауды үйретті. Жай ғана арман қуып әрекетсіздік танытпай, мақсатқа жетелер мың сүрлеудің ішінен ең маңыздысын таңдай білуге баулыды.Алла қалауымен һәм Анамның ақ батасының арқасында өзім қалаған оқуға түстім. Ең қызығы-менің мемлекеттік оқу грантын жеңіп алғанымды анам түсінде көріпті. Перзенті үшін сонша алаңдаған анаға Алла қолдап аян-түс бұйыртқан-ау деп ойладым. Арманнан бас тартпауды үйреткен анашым оны қорғай білуге де бағыт берді. Мен университетті тәмамдаған соң Алматыға аңсарым ауды. Сонда анашым «туған жерден қашықтап қайтесің?» деп кейімеді. Керісінше жолыма ақ батасын беріп, «арманың аласармасын» деп шығарып салды. Ана батасының батымды болғаны ма, Алматы мен үшін армандар орындалар ақ мекенге айналды. Көлденеңнің көмегінсіз мектепке жұмысқа орналастым. Көркем прозаға жүрексіне қадам бастым. Анам тұңғыш оқырманым, әрі әділ сыншым болып жанымда жүрді. Мен Алматыда, өзі алыстағы ауылда болса да, мен үнемі оның жанымда тілекшім болып жүретінін жүрегіммен сезетінмін. Сегіз жыл бұрын тырнақалды мақалам халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетінен жарық көргенде, сүйіншілеп алдымен анама қоңырау шалдым. Ол менен бетер қуанып, толқып тұрып, даусы сыңғырлап «тек шындықты жаз» деп қанаттандырды. Асқақ арманымның алғашқы баспалдағын сәтті басқанымда анамның менен бетер қуанып, тілекші болғаны шабыт әлеміне жетеледі. Осылайша жан анам менің алғашқы мақаламды бойтұмардай сақтап ауылда тұрып жатты. Туған аулынан ажырап кетуді еш ойламаған анашым өзі үшін аса қиын шешім қабылдады: Алматыға қоныс аударды. Ондағы мақсаты-ауылдың жабылудың аз-ақ алдында тұрған мектебін қол көрмей, қыздарының Алматы мектебінен жақсы білім алып, берік болашақ қамалын орнатуына мүмкіндік жасау. Туған аулынан кеткенде жүрегінің қалай қарс айрылғанын жаныммен түйсіндім. Болашағы бұлдыр тартқан аулының тағдыры алматылық болған анама тыныштық бермеді. Ақыры анам қолына қалам алып «Қазақстан-ZAMAN» газетіне «Менің туған ауылым неге адыра қалды?» деп тереңнен толғады. Тебіреніс пен жанашырлыққа толы мақала негізінде тиісті орындарға редакциядан хат жолданды. Нәтижесінде адыра қалған ауылға суармалы мақсаттағы су
араға он жыл салып сыздықтап аға бастады. Ана жүрек туған аулына осылайша азаматтық жасады. Оның еліне еміренген ұлтшыл жүрегі менің шығармашылығымның өн-бойына дарыды. Ана сүтімен бойыма сіңген қазақылық өмірімнің қазығына айналды. Алматы анама шығармашылық өмір сыйлады. Егер апатайым сонау «Жұлдызым» әнінен соң бірден осы қалаға келсе, бұлбұл әншіге айналар ма еді... Қазір анам жанына қаламын серік етіп, сөз түйінін ойымен берік етіп жаңа армандармен өмір кешіп жүр.Тек қайсыбір әйелдердей «қалалық болдым» деп ұзын шашын қиып қор етпеді. Сол ауылдан келген қарапайым, бірақ әдемі күйін сақтап қалды.Шашы ұзын, ақылы терең анамменің өмірімнің бар ғажабы. Мен қандай іс бастасам, анам ақыл қосып, бата берсе, аяқ алысым қарқындай түседі. Өйткені анам-менің нағыз тілекшім, батагөй ақылшым. Анам-менің тұңғыш оқырманым, бірегей сыншым. Көктемнің бір көгілдір күнінде өзім сатиралық әңгіме деп айдар тағып шағын туынды жаздым. Анама оқытып едім, аса жарата қоймады. Алғашқы сыным сәтсіз болып, жазбамды ұстазым жэурнлаист Жанбақыт Мерекеұлына көрсеттім. Сонда менің естіген бағам қайран қалдырды. Ұстазым да тура анамның пікірімен сарындас сын айтты. Шығармашылыққа енді келген анам мен әбден төселген,пісіп-жетілген Ұстаз ағамның пікірлерінің бір сөзбен берілгені тіптен таң қалдырды. Анамның табиғат сыйлаған, бірақ толғағы жетпей ашылмаған тағы бір талантының көзін осы кезде таныдым. Алғашқы оқырманым бола отырып, анам менің жан сырласым, тең құрбым болды. Менқандай сырды да еш бүкпесіз ақтару бақыты бұйырған тағдырына риза қызбын. Себебі,туған анасымен қатар отырып сырласуға қорқасоқтайтын қыздарды көретін едім. Ал менің анамның ғажабы сол-ол қызын сыртас тұтады. Тіпті кейде өмір сыртын беріп сызданғанда, мұңдасып аламыз. Мұң шеменге айналмай, жеңіл тарқап кетіп, жаңа асуларға ұмтыламыз. Өмір сыйлаған, оттан ыстық жарыққа құштар көңіл сыйлаған жан анашым, сенің көзіңдегі жарқыл маған арман нұры іспетті. Сенің аузыңдағы сезім иіріміне толы жыр ғұмырыма берілген ақ батаң секілді. Сол қасиетті нұрсыз, жұмақтай бата-жырсыз мен өзімді елестете алмаймын. Сенің аялы жанарыңдағы тек сенен ғана көретін шуаққа шомылмай мен өмірді сүре алмаймын. Менің сұлу ғажабым, өмірімнің азығы, шығармашылық әлемімнің Темірқазығы, елу бесіңде де жастығыңның жалынын маздата берші! Қартаюға, шау тартуға еш хақың жоқ, Анашым! Себебі,сен мәңгі сұлу, дарасың! Тағдырыма Алланың берген сый-тартуы ғажапсың!
Әзіл әңгімелер Әкімнің әлектері (әзіл әңгіме)
Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам,- деп баласы даусы саңқылдай өлең жаттап отыр еді. Еңсебай оны бірден тыйып тастады: -Жә, сампылдамай қоя тұр! Ұзақ сонар жиналыстан діңкем құрып әрең келдім. Енді сенің күн-түніңді тыңдайтын шамам жоқ. Бөлмеңе қайқай!-Баласын жанынан бездіріп жіберіп, өзі бітпестей көрінген бүгінгі күнін елестетті. Елестетті де, «бүгінгі қазақ ешқандай да қараңғы емес» деп жақтырмай күңк етті. Халық алдына есеп беруге шыққан әкім есептелгендей екі сағат емес, көпшілік алдында төрт сағат тынысы тарылған болатын. Қарша бораған сұрақтар, шешімін таппай жүрген түрлі мәселелер Еңсебайдың еңсесін езіп жіберді.Еңсесі халықты ойлап езілмеді, өзінің жұптап әкелген жауаптарының
жартымсыздығынан салы суға кете жаздады. Он жылда түйінін таппаған мәселе біткенді халық шашау шығармай әкімнің алдына үйіп-төкті. Артта қалған ауыр күн елестері Еңсебайдың көз алдынан тізіліп өтіп жатты. «Жиналысты есеп беру баяндамасынан бастап,бірер сұрақты алдын-ала сықситып, жетім жауаптармен елді жұбатып, тайып тұрамын» деген әкім әдейі кешіге келді.Уағдалы уақыт үш еді, бұл сағат төртте төбесін әрең көрсетті. Келе мінбеге шығып, баяндамасын маңғаздана оқуға кірістіі. Әкім лебізінде жоғары көрсеткішті сандар самсырап, жақсылық жамырап кеткендей естілді. Жерді жалмаған жұмыссыздық деген жалмауызды 9,9 пайызға қысқартқанын айтқанда, Еңсебай ертегідегі жеті басты айдаһарды құртқан батырларша қоқилана қалды. Байқамай сайға,қырға үй салып алған ақымақтарға мемлекет тарапынан кәдімгі лашықтар берілетінін де бек сеніммен нығарлап қойды.Қалаға қатынайтын қоғамдық көліктердің жаңартылатынын, енді жанар май исі мүңкіген ескі автобустармен қоштасатындарын айтып, қалың көпшілікті және қуантты. Әсіресе алақандары қызғанша шапалақ ұрып, шаттанып қалған алдыңғы қатарда отырған Еңсебайдың ет жақындары мен оң және сол қолдары болатын. «Кезек халық көкейінде жүрген сұрақтарды тыңдауға келді. Әкім болып, халқыма жақын болмасам, азаматтығыма сын болмай ма?»- деп Еңсебай баяндамасын шабыттана бітірді. Сол кезде залдың екі шетіне қойылған қос бірдей дауыс зорайтқыш лезде басшы мырзаның шабармандарының қолдарына ілініп, тырмысты да қалды. Қалайша тырмыспасын, шындықты шыңылдата жеткізетін осы екі-ақ микрофон еді ғой.Әкім «өзектеріңді өртеп жүрген жайлар болсағ маған тура қазір жазып жіберсеңдер де болады. Мен міндетті түрде оқып, жауап беремін. Егер уақыт қысқалық қылмаса»,-деп сөзін күмілжіте аяқтай салды. Сіріңкедей ап-арық көмекшінің қолындағы микрофон еңгезердей бір мұрттының қолына ауысты. Ол «Ауыл ішінде жеңіл көліктер өте зор жылдамдықпен жүреді. Оларды тексеріп жатқан тірі жан жоқ.МАИ қызметкерлері ауылды аптасына бір рет болса да жанай өтсе деп армандаймыз»,- деп дегбірсізденді. Еңсебай барынша бипазданып, семсердей сұраққа суырып салып жауап берді: «Жол жоқ дедіңдер. Жол салдық. Енді сол тақтайдай тегіс жолмен ызғытпай, баппен жүруге болады ғой. Бұдан былай сөйтіңдер.» Алдыңғы қатардағыдар тегіс қол шапалақтады, соңғы лектерде сөз көбейді. Адуынды бір әжей микрофонға таяп келіп еді, дыбыс зорайтқышты зорлықпен ұстап тұрған шабарман оған:«немене, бәрің бірдей айтқыш болып қалдыңдар?! Бір парақ қағаз ал да, жазып жібер!»- деп жарбаң етті. Әңгімесін «Е, мен не көрмедім?» деп бастайтын Қазигүл әже «Сексенге кеп селкілдеген шағымда қалам ұстап қисаятын шамам жоқ. Әкел бері мына пәлеңді!» деп тарғыл даусымен залды басына көтерді. Сөйтті де сауалын санамалады:«Әкім бала, сен келіп, жаңа кезең туды ма деп қуанып едік. Е, мына жұмыр бас не көрмеді десеңші! Бәрін қойшы, мына қаусаған кезімде пәтер жалдап тұру жанымды жеп барады. Он балама не қалдырам, не бір пұшпақ жерім жоқ, не бір құжырам жоқ. Өлсем мені қалай, қайда көмеді деп күнде уайым шегемін.Пәтер кезегінде тұрғаныма отыз екі жылдың жүзі болды....» Әжейдің сөзін Еңсебай бастырмалатып, үзіп жіберді: «Апа, сіз жуық арада өлмейсіз. Бала-шағама не берем деп те бекер сары уайымға салынба. Зейнетақың бар емес пе? Барлықтарыңызға белгілі, биыл зейнетақы мөлшері 9 пайызға өсті. Алаң болатындай алып бара жатқан албастыны көріп тұрған жоқпын.» Әкім осылай деп жадырай күліп еді, қошеметшіл топ одан асып түсіп езулерін ыржитты. Залды күлкі ұзақ кернегенге ұқсайды, әжейдің орталарынан қашан кеткенін де ешкім аңғармады. Әкім үстеліне үйіліп қалған хаттардың бірін ашып, мәнерлеп оқи бастады: «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты, еңсесі Алатаудан биік Еңсебай мырза! Сіз билікке келгелі, ішкеніміз айран, жегеніміз тек торт. Қараңғы көшелерімізде Сіз орнатқан шамдар жарқырап тұр.Жаңа мектептер салдыңыз.Оқушылар мен мұғалімдер Сізді ауыздарынан бір тастамай аңыз қылып жүр. Өміріңіз ұзақ, денсаулығыңыз тым-ақ мықты болсын! Шексіз құрметпен: Алмасыз аулының бір топ тұрғындары.» Хат та оқылып бітті, сартсұрт етіп шапалақ соғылды. Бұл кезде Берменкүл микрофонды алу үшін шабарманға жауар бұлттай түйіліп тұр еді. Көмекші мырзасына деген адалдығын сақтап, зорлықтағы дыбыс зорайтқышты бермеуге тырысып-ақ бақты. Берменкүл бермесіне қоймады,
«ешкімнің қолына ұстатпайтының бар, бұл байғұсты жиналысқа несіне әкелдің? Құдайға шүкір, даусым зор, айғайлап та айта аламын!» Микрофон Берменкүлге берілді, ол асығып-аптығып сөзге кірісті: «Мен-жас маманмын, яғни мұғаліммін. Біздерге берілуге қарастырылған жер бар ма? Мұғалімдердің 99,9 пайызы елдің есігінде күнелтуде.Оның үстіне бізге, мұғалімдерге жалақы қосылмағанына бірнеше жылдан асты. Жыл сайын Жаңа жылда жалақы өсе ме деп дәмеленумен келеміз. Мына жиналған қауымның төрттен үші мұғалімдер ғой...» Микрофон қатты шыңылдап кетті.Темір болса да ащы щындыққа шыдай алмаған тәрізді. Әкім мырза бір қырымен үстелге төңкеріле түсіп, «тоқтаңыз, менің жауабым мынау-мұғалімдерге ешқандай жер берілмейді. Пәтер кезегіне тұрыңдар.Асығатын дәнеңесі де жоқ. Бала-шаға өскенше үйлі болып қаларсың. Мәскеу де бір күнде салынған жоқ қой.» Берменкүл де қояр емес, зор даусымен барылдай сөйлеп, екінші бір мәселенің шетін шығарды: «Бес мұғалім бірігіп, қуықтай бір бөлмені жалдап тұрамыз.Біз таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыста жүргенде, менің тығып қойған тоғыз мыңымды белгісіз біреулер үптеп кетіпті. Арыз айтып, полицияңа барсам,«тоғыз мың деген сөз болып па, тәйірі?» деп мұңымды күлкіге айналдырды.» Бірінші қатарда шөккен түйедей болып отырған сақшы біткеннің саналысы деп танылған, мемлекеттік аттестаттаудан «қарнына сеніп» шаршамай өткен Өскенбек мына «күстаналауға» шыдамай, орнынан атып тұрмақ болып, ауа қарманып қайта отырды. Тағы ұмтылып, қарны жер сызып, ала көзімен мұғалім қызды атып қарап, оның қолындағы микрофонды жұлып алды: «Осы сөзіңе отвечать ете аласың ба? Қазір аудан бойынша вызыв келсе, мен шесть секунд жетіп барам. Біздің аудандағы тәртіп сақшылары шеттерінен сайыпқыран. Қылмыскерді көзді ашып-жұмғанша құрықтаймыз. Қылмыс жөнінде арыз-шағым түссе, «зерікпейтін болдық» деп қуанамыз. От пен судың арасында халық деп арпалысып жүрміз.» Баяндамасын парақтап отырған әкім жөткірініп алып,қажетті үзіндіні оқи жөнелді: «Біздің аудан қылмыстың алдын алу, онымен күрес бойынша әлемдегі үздіктер қатарына енді.Олар қылмыс орнына тез жетсін деп су жаңа көліктер берілді. Арызды қарамау оқиғасыбіздің аудан тарихында тіркелмеген ерсі құбылыс. Күн-түн демей ауыр қызметте жүрген бұл кісілерді қалай аяласақ та артық емес.» Өскенбектің өркені өсіп, ажары қайта оралды. «Қоғамдық орындардағы тәртіпті атымен түзегенім үшін жоғары жақ маған еліміздің еңбек сіңірген тәртіп сақшысы атағын тектен-текке берді дейсің бе?»-деп қарсы алдындағы мұғалім қазға шүйліккен қырғидай қарады. Берменкүлдің уәжі де дайын, мұғалім болып жүрген бес жыл ішінде талай тексеру комиссиясының құқайына төтеп беріп, тілі шығып алған-ды. «Қоғамдық көліктерде араққа тойып алғандар жосып жүреді. Бұл қоғамдық тәртіптің қораштанғанына жатпай ма?»-деп тағы бір ақиқатты ақтара салды. Бірақ жауап орнына ұрыс естіді:«Сен шынымен мұғалім болсаң, сол арақ ішкен адамды неге тәрбиелемейсің? Бізді кінәлай бергенше бір уақ өзіңе де қара!»-деген Өскенбек сақшының сөзі қарғаның қарқылындай әсер қалдырды. Тыныштыққа шақырған әкім мынадай кеңесімен ұстазды орнына отырғызды: «Ұры түсе берсе, пәтеріңе темір есік сал! Жүйкеңді жұқарта берме, жігіттер айтып отыр, қолды қылғаның тоғыз мың доллар ма деп қалсам, теңге екен ғой.Тіпті болмаса бір-біріңнің заттарыңды кезекпен күзетіңдер.» Табылған ақылға бірен-саран адам ғана қол соқты. Бұл жолы жандайшаптардың өзі халық алдында желігуге қорқасоқтағандай.Жиналысты жалғастырған да Еңсебайдың халықтан сүйінші сұраған хабарландыруы болды: «Құрметті халқым, ауданымыз жас, жаңа. Сондықтан етектен шалған мәселелер де көп.Бұл-заңды құбылыс.Енді бір айтарым-сол мерейтой құрметіне көп балалы аналарға жүз мыңдап ақшалай көмек беріп жарылқаймыз. Менің көмекшілерім халық арасында арнайы рейд жасап, батыр аналар мен пәтерде жүрсе де дүниеге сәби әкелуден қорықпайтын батыл аналардың үйлерін аралап, тиісті жәрдем жасайды.» Біреу «сүйінші» десе, «қалағаныңды ал!» дейтін қазақтың бірі ме, әлде әкімге жақын пенделерден екені белгісіз, төбесіне ақ тақияны төңкере салған бір шал шығып, бата беруге емеурін білдірді.Оның қолына микрофон еш айқассыз оңай берілді. Жаттап алған бірдеңесін жыпылдата айтқан шал
заматта бетін сипады. Әкім «маған халықтың батасынан артық ештеңе керек емес» деп елжірей қалды. Осы көріністерге жан бітіп еді, Еңсебай өзін жиналыста отырғандай сезініп, абыржып кетті. Жанталасып жан-жағына қарап, үйінде екенін түйсінді: әдеттегідей төңкерілген қарнының астында сүйікті жұмсақ жастығы, үстінде қара халаты. «Ендігәрі бүгінгідей қателікке ұрынбаспын. Келесі есеп беру жиналысында мақау мұғалімдер мен ұйықтап қалған, үйлі-күйлі зейнеткерлерді ғана кіргіземін.Ана бір екіленген еркек пен сүйкімсіз мұғалімнің кесірінен жалған мәлімдеме жасауыма тура келді емес пе?» Бір күнінен сабақ алған, халық алдында сасқан үйректей артымен жүзген әкім алдағы мың сан күндерін кінәратсыз өткізуді жоспарлап ұзақ отырды. Есеп беру жиналысынан кейін бес ай алды-артына қарамай өте шықты.Халық жадынан ештеңе де ұмытылып қалмайтыны ғажап қой. Үйсіздердің үйлі болып, күйсіздердің күйлі болғандығынан ел арасына ешбір сыбық тарамады. Ешкім ол бейбақтарға күн бола алмаған сыңайлы, әйтпесе халық арасында жақсы хабар жасырынып жатпайтын еді. «Он балама мұраға не қалдырам?» деп қайғы жұтқан сол баяғы Қазигүл әже де әкім уәде еткен қаржылай көмекті күтіп, үйден шығуды қойды. Шенділердің елді адақтап, көп балалы аналардың жағдайын тексеретіні жайынан хабардар болғалы бері, әжей үйден қарыс адым аттап шықпады. Үлкен кісінің көңілінде «мен жоқта әкімшіліктен жарылқайтындар келіп, жүз мыңдап жәрдем алатындардың тізіміне кірмей қалсам қайтем?» деген зор қаупі бар. Әже үмітпен, күтумен күн кешіп жүрсе, Берменкүл бәз-баяғысынша ұстаздығын жалғастырып келеді. Тек жалдап тұрып жатқан пәтеріне темір есік салмады. Мамырдың мамыражай бір күнінде әкімшіліктен зілді бұйрық келді:«5 сағат ішінде аудан мектептерінің барлық мұғалімдері бес жүз теңгеден жинап берсін! Ертең ауданның орталық стадионына мұғалімдер тегіс топырлап барсын!» Бұл әуре-сарсаңның бәрі ауданның құрылғанына он жыл толу құрметіне екен.Берменкүлдің жарлыққа мойынсұнар түрі жоқ, безілдеп қояр емес: «Бермеймін де, бармаймын да. Халықтан теңге жинайтын қандай әкім? Сол Еңсебай еңсесін тіктеп тұрып, баршамызға бақырайып қарап,«Маған халықтың батасынан басқасының керегі жоқ» деп аузы қисаймай айтпап па еді? Адам құсап айтса, адамдық сөзінде тұрсын! Бермеймін! Бермеймін!» Нәңкір-Мүңкір келіп, жанын алып жатқандай Берменкүл ұстаз жан ұшырды.Бірақ кейбір әріптестері әкімнің олай деп айтқанын «жадыларынан өшіріп алыпты», сондықтан олар еш даурықпастан бес жүз теңгені білемдеп ұсына берді. Әттең, солардың бәрі Берменкүлдей қатаң қағидамен өмір сүрсе ғой! Бес жүз теңгені тиындай көріп жинай бастаған әріптестерінің жанынан Берменкүл ұзап кетпеді. Ол қыста халық батасына байыған Еңсебай әкімнің қалтасы енді қанша мыңға қалыңдайтынын шамалап есептеп көрді. Әр нәрсені бір сылтауратып жиналар қаражаттың соңы емес бұл. Халықтың батасынан басқасын алымсынбайтын әкімнің ел-жұртына мұнша «жақындығына» іші өрттей лаулаған Берменкүл сыныбына барып, суық су ішсе де өзектегі өрт мазасын ала берді.
Шындықгүлдің шырылы (әзіл әңгіме) Әдеттегісінен ерте келіп, есік алдында үпір-шүпір болып тұрған бастауыш сынып оқушыларын тәрбие ісінің меңгерушісі Айғайша Пысықайқызы әрең бөгеп тұр. Сәлден соң жанына келген сынып жетекшісіне -Мына қозы-лақтарыңды көпірден құлап кетпей тұрғанда қорасына кіргізіп ал,-деді. Елу жыл өмірінің отызын ойып тұрып мектепте өткізіп келе жатқан Көнегүл Білімбайқызы бұл жолы бас шайқауды да ұмытты. Мұндай дөрекілікке еті өліп кеткен сыңайлы.
-Сабақтан соң бұларды жамыратып жібермей, ата-аналарының келуін күтіңдер! Мектеп абыройын ойлаңдар!-деп қолын сермеп, бажылдай сөйледі Айғайша ханым. Отыз жыл бойы «қалтқысыз қызмет» етіп жүрген Айғайша екінші қабатқа көтерілді. Қоңырау әлдеқашан соғылса да, дәлізде бейсауат жүрген оқушылар баршылық екен. Біреулері оқу жылы аяқталуға таяу қалса да, сынып бөлмесін білмей жүр. Енді біреулеріне сыныпқа кіруге безілдей шақырған қоңырау даусы шыбын шаққан құрлы әсер етер емес. -Сабаққа кіреміз! Сабаққа! Сабаққа!-Айғайша қойын бөле алмай жүрген малшыдан бетер даурықты. Айғайша екінші қабатты өз-өзінен дүрліктіріп жүргенде, оқу ісінің меңгерушісі Дорбагүл Домбайқызы балпаң қағып, кітапханаға келді. Ондағы ойы кітап оқу емес, біреуді жұмсай қою. Әншейінде жанынан табылатын, мұнсыз таңдары атып, кештері батпайтын түлкішектерінің бірі де көзіне түспей, кітапханаға амалсыз көтерілген болатын. - Әй, қатындар!-деп қарқ ете қалған ол:-Орысша ісқағаздарын қазақшаға аударыңдар. Түстен кейін әкеліп тапсырасыңдар. Өзі көп емес, 10-ақ парақ. Естіген сөздері құлағына қарғыс үніндей шалынған Шындықгүл компьютерден не жазып отырғанын ұмытып, абдырап қалды. Дәл осы күннің көшірмесіндей болып және бір жұмыс уақыты басталды. Мектепке кірген Шындықгүл мүдір ханымды ту сыртынан көріп қалды. Баспалдақпен көтеріле бергені сол еді «әй» деген ащы дауыс естілді. Шындықгүл мән бермеді: аты «әй» емес қой, әрі өзі ғана тұрған жоқ. Әкіреңдеген дауыс тыйылмады. Артына бұрылып, бастығының өзіне қадалған ызғарлы көзқарасын байқады. Басекесі шақырғаны ма, сес көрсеткені ме, белгісіз, майдан быртиған сұқ саусағын білеп тұр екен. Таяп келген Шындықгүлге «үлкен кісі» жынын шашқан бурадай бар қаһарын төкті: -Құлағың керең бе? Амандасу деген бола ма? Бессовесная! Ты хоть знаешь, что такая этика! Кәне, поурочный планды көрсет! Шала қазақша шатқаяқтаған директорға Шындықгүл «түкке түсінбедім» дегендей сұраулы жүзбен қарады. -Менің атымды атап айғайлаған жоқсыз ғой. Мана амандасар едім, сіз алысырақ жерде теріс қарап тұрдыңыз. Ал, сабақ жоспары міне.-Тиісерге қара таппай тұрған директор ұсынылған параққа шұқшиды. -Какой страшный почерк у тебя?! Значит мінез твой алба-жұлба!-Жалғыз парақты жанындағы жәреукелерге көрсетті. Олар мұның жазуын көріп, «Ужас! Ужас!» деп жапырылған шалғындай шеттерінен құлады. Жұмыс күні басталмай жатып көңілкүйін жоғалтқан Шындықгүл сынып бөлмесіне беттеді. Қас қылғанда есік ашылар емес. Сірә, оқушылар құлыпқа әлдене тығып кеткенге ұқсайды. Осылай әуреленіп тұрғанда қоңырау шыр ете қалды. Оқушылар мұғалімнің қабағындағы кірбіңді сезгендей-ақ тып-тыныш тұр. -Әй, жемтік! Сүйретіліп бір кабинетті аша алмай әлі тұрсың ба?-Мұны айтқан көп басекелерінің бірі екен. Мына сұмдық сөзден соң қолындағы кілттің түсіп-ақ кеткені. Қайқаңгүлдің тілдегені-ай, анау-мынау емес, оқушылардың көзінше! Шәкірттер ұстаз қолынан жерге сылдыр етіп түскен кілтке ұмтылысты. Түстен кейін Дорбагүл дөкей шақырған екен. Шындықгүл келді. -Әй, ана Бәленше Түгеншеев интерактивті тақтамен сабақ өтіпті. Соған менің атымнан пікір жаз! - Пікір дейсіз бе? Қалай жазам, әрі сіздің атыңыздан? -Атым Шындықгүл екен деп шікірейме! Жаз деген соң жаз! Менің жеке жұмысым емес, бәрі осы мектептің абыройы үшін! -Көрмеген дүние туралы не деп жазамын? Жаза алмаймын! -Жап аузыңды! Қолыңнан іс келмесе, арызыңды жаз да, жұмыстан кет!-Дорбагүл қауып алатын төбеттей төніп келді де, мұның қолына бір парақты қыстыра салды. Қолында ақ парақ, жүзі әлем-тапырық Шындықгүл ұзын коридорды бойлап келе жатты. Кенет сынып бөлмесінің жанынан өте беріп:
-Иттің баласы! Есектің миындай ми жоқ сенде!-деп бажылдаған айғайды естіді.Түсінді: мұғалім оқушыға ұрсып жатыр. Бірақ ол ұрсып емес, байғұстың жүрегіне пышақ сұғып жатқанын біле ме екен?Қарсы алдынан құрбысы Сұлуке ұшырасты. -Шәке, жүзің сынық қой! Бәрі жақсы ма? -Күнде мынадай былапыт сөздерді ести берсең, жүзің сынбақ түгілі қирап қалар! - Шындықгүл уысындағы қағазды сығымдай түсті. -Қойшы, соған бола салың суға кете ме? Айта берсін. -Неге айтады? Тіл тигізуге хақылары жоқ! -Жә, қойшы! Кеше мені не деп балағаттағандарын білмейсің ғой. Сынып журналымды директорға ұсынып едім, ол қайта бетіме лақтырды. Сосын не дегенін білесің бе? -Сеземін,-деп сазарды Шындықгүл. Құлағында «жемтік, аузыңды жап, мәдениетсіз» деген сөздер шыңылдай қалды. -«Ты стерва мінезіңді байыңа көрсет!»-деді. Өзің білесің, мен тұрмыс құрмағанмын. «А у меня нету бая»,-деп мен де бір орысша, бір қазақша былдырлаппын. Қызық, иә!-Сұлуке екі иығы дірілдей, күлкіге булықты. Құрбысына қызық, бұған шыжық болып көрініп тұрған ахуалды Шындықгүл алғаш жұмысқа орналасқанда-ақ аңғарған. Құжаттарын қабылдап алған бір білгіштің «мына мал не деп шатпырақтап қойған» деген сөзін естіп, екеуі талай жерге барысқан болатын. Осының бәрі ойына оралған Шындықгүлдің жаны шырқырап тұрды. «Апырмау, кімдерге тап болғанмын! Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығатындар менің басшыларым ба, әлде білімсіз, санасыз шолақ белсенділер ме? Басқа қала мектептеріне барсақ, «сіз, сіз» деп мәуелі ағаштай майысып тұрады ғой. Біз де-қала мектебіміз. Өзгелердей өрелі болу үшін бізге не жетіспейді?Неге біз осындаймыз? Неге?! Неге?! Неге?!» Шындықгүлдің жанын шырылдатқан бұл күйдің астары тым қалың. Қай заманда да мектепмәдениет бесігі. Алайда сол бесікке надандық баса-көктеп кіріп алып, емін-еркін тербетілсе, одан асқан сорақылық бола ма? «Сіз-бізді» білмейтін мектептен оңды шәкірт түлеп ұша қояр ма екен? Үнемі жекіру мен зеку көрген ұстаздың халі не болмақ?! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: кеудесіне нан піскен қандай дөкей болса да, киелі шаңырақ-мектепте отырғанын бір сәт те естен шығармай, қазақ тілін белден басып бүлдірмей, орысша қосып шүлдірлемей, таза әрі мәдениетті түрде сөйлеуге тиіс екендіктерін ұмытпағандары жөн!
Қызыл кітапқа енген жігіт
— Шіркін, шын махаббат мына жалған, пендеге арман дүниеде бар ма екен?! Бар болса, неге көзіме көрінбейді? —Қателестің, қияли құрбым! Махаббат көзбен көріп, қолмен ұстайтын, сенің кештерге киіп баратын азбас-тозбас қызыл көйлегің емес! — Сол көйлекті өзің кимегендей сөйлемеші, Айгүл! Жақында ғана дәмханаға киіп барып: «Бір жігіттің көзіне түсіп қалдым. Ол маған «Қызыл көйлек киген қыз» деген ән айтты», — деп, екі езуің теріс айнала жаздап келген сен емес пе едің?! — Иә, ән айтқаны рас. Артынан толғау айтып, мені бездіріп алған өзі. Сол пақыр менен гөрі саған жақындау ма деп ойладым. — Айгүл, дос қызымның жігітімен танысып, тамыр болу менің қағидама қайшы келетінін біле тұра неге олай дейсің? Шіркін, көшеде мені біреу тонамақ болып жатқанда, екі иығына екі кісі мінгендей, бойы көкпен таласқан, мысықтың балапанындай сүп-сүйкімді жігіттің төресі құтқарып алса! Сосын маған ғашық болса.. — Түу, Жаннұр, сен тіпті елес қуып кеттің. Қаймана қазақ сені құтқарып қайтсін? Өз жөнімен жосылып кете берсін!
— Онда былай сынақ жүргізейік. Мен алдыға түсіп, озып кетейін. Сен қатарласқан бойда менің сөмкемді алып қаш. Сол кезде маған көмекке сымбатты жігіт келе ме екен? — Қолқалап қоймадың ғой, жарайды. Жоспар жүзеге асты, бірақ Жаннұрдың арманы орындалмады. Жан ұшыра айғайлап, көшені басына көтерсе де, сымбатты жігіт түгіл жетпіске келіп, желкені қисайған шал да қайырылмады. Қос құрбы ауыр күрсінді: «Шынымен-ақ «қарындасым, қалайсың?» деп қайырылатын абзал ағалар, жайсаң жігіттер азайып кеткен бе?» — Жоқ, олар азаймаған. Соңғы тұқымдары болса да арамызда жүр. Біз жай ғана олармен тоқайласа алмадық. — Жаннұр, сенің үмітіңде шек жоқ қой! Қыздың келте көйлегіне емес, жылауық жүрегіне үңілетін жігіттер қазіргі заманда сиреп барады. Оларды тіпті Қызыл кітаптан да таба алмайсың! — Айгүл, сен сары уайымға салына берме. Көйлекке емес, жүрекке сезім құлағын түретін жігіттер бар. — Жә, бекерге дауласып қайтеміз! Онсыз да қаншама жерді өкпеміз өшіп жаяу жүрдік. Әне, бізге қажет автобус келді қара түтінге булығып. Шопыры да шамасы келгенше автобустан қалыспай, көк түтінін шиырып отырған шығар. — Айгүл, маған бір ой келді. Мен автобуста сақау қыздың кейпіне енемін. Сен маған қолдау танытып тұрасың. Сондағы жігіттердің әрекетін көрейік! Екеуі қол алысты. Автобуста ине шаншар орын жоқ. Қос қыз иненің көзінен өтердей жіңішке болғандықтан ғана сыйып кетті.Түйенің жарты етіндей төңкерілген семіз болса, үйлеріне жету мұңға айналар еді-ау. Жаннұр тілі мүкіс қыздың қалпына кіріп, өзінің иығын креслоның жақтауындай көріп сүйеніп алған бір жігітті сөге бастады: — Әй, зігіт, әлмен тұлшы! Мен де Құдайдың залатқан пендесімін ғой. Елкін тыныстауға мұлша беліңіз. — Ызыңдамай жайыңа тұр. Мен сендей міскінге жабысып тұруға құмар емеспін! Келбетті жігіт дүрсе қоя берді. Уәдесінде тұрып, сөзге Айгүл араласты: — Өзіңіз сері емес, пері, жігіт емес, түбіт екенсіз. Кембағал жанға жәрдем етіп, ығысып тұрудың орнына ауыр сөздер айтып, жүрегін жараладыңыз! Осы жігіттер мүкіс қыздарды кемсітуін қоятын күні бола ма? — Оның тілін жұлып алып, сонадай ызылдатып қойған мен емеспін. Былай тұршы. Мен түсем! Аюдай ақырған жігіт қыздарды жанши жаздап, өтіп кетті. — Сен зігіт емессің. Сендейлелді зүн дейді, — деп Жаннұр қалды. Осы сәт біреу Жаннұрдың иығынан түртті. Орнын бермек еді. Жаннұр ат-тонын алып қашты. — Отылмаймын. Сізге лахмет. Дегенмен мені мүсілкемеңіз. Жігіт жанына келіп тұрды. Жіг-жапар болып ақталды: — Сізге аяушылық білдіру ойымда болған жоқ. Көздеріңіз аса нұрлы, тым мөлдір екен. — Лахмет. Сақауға Құдай әдемі көз белмейді деп пе едің? — Жоқ, қарындас. Сіз әр сөзімнен ши шығарып, мені әбден састырдыңыз ғой. Есіміңіз кім болады? — Атым — Заннұл. — Атыңыз да мағыналы екен. Мына алдамшы өмірге нәр беретін — қыздар. Сондықтан қыздарды тіліне де, түріне де қарамай сый тұтамын. Сосын «нағыз ғашықтарды мұң табыстырады». — Мен зігітпен дос болғанды ұнатамын. Білақ біл зігіт ақыл соңында «зүлейік» деп занымды ауылтқан. — Жаннұр, жақынырақ танысайық. Телефон нөміріңді берші. — Белейін. Сегіз зеті зүз біл... Жаннұрдың шалдыр-шатпақ тілін түсінбей қалған, Қызыл кітаптың сары парағына жазылған, аса сирек кездесетін жігіт қызбен бірге автобустан түсе берді...
Шипагерлер шеруі (әңгіме)
-Түу, мына тұмау қайтеді? Ажалға қарай алып кетпесе болды!-Тұмаудан діңкелеген Дәмегүл өз қаупін әріптестеріне жария етті. Сірә, тұмаудың соңы ажалға айнала ма деген «дәмесі» бар сияқты. Басында үш бірдей несиесі бар Дәмегүлді алып кетуге ажалдың өзінің дәті бармас. -Мен екі жылдан бері тұмаумен ауырған жоқпын.-Сөзге мен араласып, иммунитетімнің мықты екенін аңғартып мақтанып қойдым. -Онда сен «ауырмайтын жол іздейтін» қазақтардың қатарынан болдың ғой. Жарайсың!- Дәмегүл мыңқылдай сөйлеп, мені арқаға қақты. Аузымды жиып үлгергенім сол еді, түшкіре бастадым. Кенеттен тамағым қырылдап, сампылдап сөйлеуім сыбырға айналды. Жөтел қысты. Белгілі ғой, не көз тиді, не суық сөз тиді. Қайсысы тисе де оңбайтыным белгілі, тек тұмау тимесе жарар еді. Өз аяғым өз денемді жүк көріп, үйіме сүйретіліп әрең жеттім. « Ыстық шай ішіп жан шақырсам, ағзамды алып бара жатқан әлсіздіктен арылам ба?» деген үмітім де жоқ емес. Дене қызуым көтеріліп, тіптен санамды үрей билей бастады. Дәәрілерді аямай ішсем де, шипасы тимей жатты. Қалтамды қағып тұрып, неміс дәрісін де, орыс дәрісін де алып іштім. Сөйтіп дәрімен қоректеніп жатып, ана бір антұрған жарнама есіме түсті: «Мен тұмауды да, грипті де емдейтін дәрі ойлап таптым. Грипко!» деп ұран салатын санасыз сөздер тұмау жеңе қоймаған, әлі де жарқырап тұрған санамды түйреп өтті. Демім жалын атып жатып, бұл ойымды анаммен бөлісіп қоямын: -Апа, ана бір дәрінің сапасыз жарнамасы есіңізде ме? -Балам-ау, өзің өле алмай жатып, жарнаманы сынап қайтесің? Дәрі түгіл, наурыз көжені кока-коламен қатар қойып, өңешіне кеткен палауды сол газды сусынмен жылжытқан жарнаманы көріп те түңілмей-ақ өмір сүріп жүрмін ғой. Оның жанында бір дәрінің жарнамасына бола жас өміріңді қор етпе! Қоғамдағы дертті ахуалдарға тәнімді қысқан ауру қосылып, тығырыққа тірелдім. Ақыры дене қызуым қырық градусқа жеткенде «Жедел жәрдемге» қоңырау шалдым. -Маған «Жедел жәрдем» көмегі аса қажет. -Өзіңізге ме? -Әрине, өзіме қажет. Әлде Асанға керек деп пе едіңіз?! -Аяғыңыз ауыр емес пе? -Тұмауға дейін жүріс-тұрысым жеңіл, жарау аттай едім. Ауырған соң... -Сіз мені түсінбедіңіз. Ат туралы сұрамадым. Аяғыңыз... -Аяқта мәселе жоқ. Басым мен ішім өртеніп барады. -Жазып алдым. Құсқан жоқсыз ба? -Тек дәрімен ғана азықтанған соң ба, бірнеше рет құстым. -Түсінікті. Күтіңіз. Күту! Сарылып күту! Үмітпен күту! Міне, осылайша күтудің неше түрін талдырып барып, «Жедел жәрдем» қызметкерлері жетті-ау, әйтеуір. Мені тексеруге алды. Аузыма үлкен қасық тығып, тамағымның қаншалықты ісіп тұрғанын «дөп басып» анықтады. Қасықтың қорытындысына «шүбәланды ма», мейірбике әйел ұялы телефонының жарығын жағып, тамағымды және зерттеді. Ақыры қабағын түйіп, тап бір қатерлі дертті анықтағандай «сізде тамақ баспасы бар екен. Дереу ауруханаға жатуыңыз керек» деді сызданып. Маған анам үнемі айтатын: «Сенде тері аурулары мен тамақ баспасы жоқ. Олардан таза туылғансың.» Сол есіме түсіп дауласқан болдым сыбыр үнмен: -Менде тамақ баспасы жоқ қой. -Бар. Іріңлеудің алдында тұр. Заттарыңызды жинаңыз. Ауруханаға шапшаң! -Бармаймын!
-Сізде жұқпалы тұмау инфекциясы бар. Жүріңіз! –Ауру емес, қылмыскер ұстап алғандай зірк-зірк еткен мейірбике қасындағы қазақ болса да, орысша ғана сөйлеуді салтанат көріп тұрған жас жігітке бұрыпып, «тұмаудан есін жоғалтқан мынаны ауруханаға баруға көндіруіміз керек» деп күкң етті. Жас жігіт әлдене деп орысша осқырына бастап еді, тыйып тастадым: -Орысша ұқпаймын. Тұмау болмаған кезде де түсінбегенмін, қазір мүлде түсінбеймін. Ешқайда бармаймын. Өзімнің мына торғайдың ұясындай жып-жылы бөлмемнен бір адым да тысқа баспаймын. -Онда қолхат жазып беріңіз! -Әкеліңіз! Тек қағаз қазақша болсын! -Балам, мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін күресіңді басқа уақытта жалғарсың. Қазір қазақ тілі үшін қиналмашы. Онсыз да ауырып тұрсың ғой,-деп анам байғүс араша түсті, әлде маған, әлде тіл тағдырына. -Апа, мен қай кезде де қазақ тілінің қолданылуын талап етемін. Тіпті сүйек пен терім ғана қалса да, сол қағидамнан танбаймын. Қазақша қағаз алдыма қалықтап келе қалды. «103-ке шағымым жоқ» деп тілдей етіп жаздым да, мейірбикеге ұстата бердім. Ол адами ұстанымына басты ма, әлде менің жасаураған жанарыма көзі түсіп аяп кетті ме, маған парацетомол деген дәрі ұсынды. Көзімдегі бір түйір шық қазақ тілінің тағдырын өз қазағымнан талап етіп тұрғанымнан туған күйік жасы болатын. Шипагер оны сезбеді. «Тым болмаса мына дәріні же» деп түйір дәріні алақаныма салды да, шығып кетті. Мен мына түйірдің көкелерін ішіп жатқанымды білмей ме, білмесе неге сұрамайды екен? Дене қызуын түсіретін ине салып беруін өтінгенімде «ине деген қауқарды бізден алып тастағалы сегіз жыл болған. Ауырамын деп тың жаңалықтардан да бір бүйірде қалыпсыз» деп кекете күлді. Күлксі маған оқ болып тиіп, мен ауруға екінші ем амалын жасауға кірістім: өзім тіркеуде тұрған емханаға қоңырау соғып, үйіме келіп, тұмауға тосқауыл шипа бере гөр деп жалбарындым. Жауап мынау болды: «Тәуліктің ішінде барып қаламыз» Тағы да тосу! Аузымнан жалын атып тосу! Аһ ұрып, дертпен дауласып жатып тосу! Кеш қарайды. Ал, екінші амал иесі жоқ. Ең соңынан өлетін үмітім соңғы қылына ілініп, дірілдеп тұрғанда ақ күртеше киген бір әйел кірді ентігіп. Қолына қарадым, базардан келетін әжесін күткен жас баладан бетер болып. Қолы бос. Қалтасына қарадым. Мына ішіне құрт-құмырсқа кіріп кеткеннен бетер болып дыңылдап, миымды қуырып жатқан басымдағы бәле, бәлкім, қан қысымымның төмендеуінен болар деп анам әлдеқашан топшылап қойған еді. Сол топшылауды мейірбикке нақтылар, мүмкін жоққа шығарар деп қалтасына қарап ем, сымпиған қалта «менде кінә жоқ, құр келдім» деп бетіме қарай алмады. Ақ халаттың орнына ақ күртеше киген, аспаптың орнына өз саусағын өзі шымшылаған шипагер кіре сала қалам мен қағаз сұрады. Қолына тездетіп құрықталған қалам мен қағазды алған ол менің жүзіме де қарамастан он бес дәрі мен күніне үш-төрт рет алынатын инелердің тізімін жазды да ғайып болды. Осылайша екінші амалым да адыра қалды. Дене қызуым да бой бермей, қырық бірге қарай қарыштап бара жатты. Сырқатымның үшінші амалын жасап көрмек болдым: шағым жасау. Емханаға тағы қоңырау шалып, ешқандай аспапсыз, екі қолы салақтап, жүзіме қарамай алақтап, жаттанды дәрілерін жазып беріп кеткен дәрігердің үстінен үлбіретіп тұрып шағым жасадым. Нәтижесінде терапевт өзі келетін болды Сабама тсүтім. Тұмаудан тұралай қоймаспын. Жанымда анам тұрғанда ақырзаман орнамайтынына кәміл сенемін. Терапетв келді кеш қараңғысын жамылып. Асай-мүсейлерін де ала келіпті. Күдікке бірден өкпем ілікті. Есік көзінде тұрып тынысымды тыңдағансыды. «Емханаға келіп өкпеңді рентгенге түсір» деді де шығып жүре берді. Шипагерлер шеруі осымен аяқталғанын сұңғыла ішім сезді. Ендігі амалды анама тапсырдым. Шіркін, данагөй халық еміне не жетсін! Бір аптадан бері ешбір шетел дәрісі ала алмаған жөтелімді жарықтық қойдың құйрық майы демде жұлып алды. Маңдайыма анамның қолымен тартылған салқын шүберек дене қызуымды да түсірді. Ауру кетті, шипа жеңді. Шерулетіп келсе де, бірде-бір дауа жасай алмаған дәрігерлерге не дейін! Не
жасаса да, тіпті не айтса да махаббатпен, жанашырлықпен әрекет етсеші! Менің анам әулие емес, емші де емес, бірақ аналық махаббатын, шынайы қамқорлығын дәрілерге қосып ішкізіп, тұмаудан титықтап қалған баласын бір күнде аяғынан тұрғызды. Әлде, бұл халық емінің мықтылығы ма... Сол күні ішкен қазақы қойдың құйрық майының дәмі таңдайымда әлі тұр.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру