Баянғали Әлімжанов шығармалары. 5-том
Баянғали Әлімжанов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Баянғали Әлімжановтың шығармаларының бесінші томына жазушының пьесалары мен сахнаға арналған туындылары топтастырылған.
Баянғали
Әлімжанов
ШЫҒАРМАЛАРЫ V том
Жар мен жарғыПьесалар. Сахналық туындылар
Көкшетау 2016
ӘОЖ 821.512.122-1
КБЖ 84 (5Қаз)-5
Ә 55
Әлімжанов Б.
Ә 55
Шығармалары: Көп томдық. Б. Әлімжанов. – Көкшетау:
Келешек-2030, 2016.
ІSBN 978-601-302-125-6
Т. 5. Жар мен жарғы. Пьесалар. Сахналық туындылар. – 282 б.
ІSBN 978-601-317-064-0
Баянғали Әлімжановтың шығармаларының бесінші томына
жазушының пьесалары мен сахнаға арналған туындылары топ-
тастырылған.
ӘОЖ 821.512.122-1
КБЖ 84 (5Қаз)-5
ІSBN 978-601-317-064-0 (Т. 5)
ІSBN 978-601-302-125-6 (жалпы)
© Әлімжанов Б., 2016.
ПЬЕСАЛАРЖАР МЕН ЖАРҒЫ
Екі актілі, тоғыз көріністі драма
Қатысушылар:
Қожаберген – би, 55 жаста.
Көбеген – би, 55-те.
Арасанбай – батыр, 35-те.
Әлмұқан – би, Алдоңғардың туысы, 65-те.
Сақа – би, Арасанбайдың ағайыны, 65-те.
Ана – Арасанбайдың анасы, 65-те.
Мерген – Алдоңғардың інісі, батыр, 25-те.
Басар – Арасанбайдың інісі, батыр, 25-те.
Бұлғын – Арасанбайдың қарындасы, 18-де.
Саған Манжу- жоңғар елшісі, 55-те.
1-әйел, 40-тарда.
2-әйел, 40-тарда.
Жасауылдар, жауынгерлер, көпшілік.
Қазіргі заманда:
Санат – тарихшы, ақын, 30-да.
Пролог Қазіргі заман. Тарихшы ақын Санат кірпіштей қалың кітаптарды ақтарып отыр. Арасында қаламымен әлденелерді түртіп қояды. Санат (ойлы): Ойпырмай... жазады-ау! Тарихшылардың да түр-түрі көбейді қазір! Біреулері өтірік, біреулері бір-бірінен көші-
ріп, көпіртіп жазып жатыр! Ал, енді біреулері бәрін де жоққа шығарып, тарихтың көрін өкіртіп қазып жатыр! «Архивте сақталмаған, қағазға түспеген нәрсенің бәрі әсіре аңыз, ауызекі сөз ғана!» – дейді! Сонда, біріншіден, қағазға жазылған нәрсенің бәрі абсолюттік шындық бола ма!? Қағазға жазғандар ол деректерді ауыздан алмағанда, қайдан алды екен, ә? Ал, бұдан бірнеше ғасыр бұрын біреулер өздерінің өтірігін қағазға түсіріп қойса қайтеміз!? Екіншіден, ол заманның аласапыранын кім қаламға тізіп, камераға түсіріп отырды дейсің?! Қағазға жазылмады екен деп, қасиетті тарихты жоққа шығаруға хақымыз бар ма!? Аты-жөні архивтен табылмады екен деп, аталарымызды сызып тастай саламыз ба әлде!? Жо-жоқ! Өмір, тарих архивке сыймайды! Қаншама айлар, жылдарда... ғасырларда қандай оқиғалар өтті екен, ә?! Керуен бұлттай мәңгілікті көздей көшіп кеткен көшпенділердің кешкен дәуірін, сүрген дәуренін енді қайдан табарсың, қайтіп дәлелдеп жазарсың?! (Серпіліп, ширығып, арлы-берлі жүреді). Жо-жоқ, бабаларымыздың ерлігі мен еңбегі із-тозсыз жоғалып кеткен жоқ! Мәңгілікке жазылып қалған! Аңызға айналып аспанға ұшып, өшпейтін жолын тауып, бізге жеткен! Келешекке де көше бермек! (Ырғақтап, даусы зорая түседі): Мен сендерді іздедім, баба, Балбал тастың әжімінен, Тас қорған обалардан, Мүжілген молалардан, Ғасырлар қойнауынан, Ойраттың ойранынан, Қобыздың сарынынан, Абыздың ойларынан!
Тарихтың толқынынан,
Найзағай жарқылынан,
Желдің ызыңынан,
Жусан иісі аңқыған
Даланың аңызағынан,
Көшпенділердің
Киелі аңыздарынан,
Көшкен бұлттардан,
Көне жұрттардан!
Мен сендерді іздеймін, бабаларым!
(Сәл бөгеліп, бір айналып келіп):
Кім бөгейді
Уақыт, тағдыр жарлығын,
Кім біледі
Кімнің қара нарлығын!?
Жер бетінде
Жүрді қанша адамдар,
Жел көтеріп
Алып кетті барлығын.
Ұлы тарих,
Ұлы өмірге ойлаңдар,
Сар қағаздың,
Бар қағаздың тарлығын!
Өнегесі
Өркеніне даритын,
Тау тұлғасын
Әр қырынан танитын.
Қандай ғажап
Қиялыңмен суарсаң,
Бабалардың
Нағыз көркем тарихын!
Аңыз көркем тарихын!
Мен сендерді іздеймін тынымсыз! Жер-көктен, ғарыш пен
ғайыптан, сағыныш, қиялымнан іздеймін, бабаларым!!!
Бірінші акт
Бірінші көрініс
Қырда. Қыз қуу. Қан қыздыратын қиқу. Айғай-сүрең. Дабыл.
Болат тұяқтар дүркіреп, даланы дүбірге толтырып жібергендей.
Мерген батыр Бұлғын сұлуды қуып келеді. Жетеді. Бетінен
сүйеді.
Тоқтап, аттарынан түсіп, арлы-берлі жүреді. Екеуі бір-біріне
ұрлана қарайды. Жастықтың таңғажайып жалынды шағы, мөл-
дір сезім. Мерген тағы да Бұлғынның бетінен сүймекші болады.
Бұлғын: Жә! Өзіңіз қуып жеткеннен әрмен танаурап барасыз
ғой тіпті!
Мерген: Қуып жеткенім өтірік пе енді?
Бұлғын: Жоқ, рас! Бірақ, қуып жеткен сіз емес, арғымақ атыңыз ғой! Иә, иә, тұлпарыңыз сәл жүйріктеу болған шығар... Немесе, кім біледі, мен сәйгүлігімнің басын тежей шапқан шығармын! Мерген: Неге... тежей шабасыз? Бұлғын: Сізді ұятқа қалдырғым келмеген шығар... Әлде, бәлкім, жақын жерден желп-желп еткен түріңізді бір көрейін деген шығармын! Сондықтан, аттың еңбегін иемденіп кетуіңіз қалай болар екен! Мерген: Апырмай, әзіліңіз қандай жанға жағымды еді, жұмбақ қыз! Бұлғын: Әзілдесер кез әлі алда болар! Атыңыздың емес, өзіңіздің жүйріктігіңізге көзімізді жеткізсеңіз, сөзімізге өзек те болып қаларсыз! Мерген: Менің атым – Мерген! Мерген батыр! Бұлғын: А-а! Білмеймін... естімеппін! Қазақта ондай да батыр бар ма еді!? Мерген (сәл шамданып): Болғанда қандай! Атқа қонса, ағын судай шалқыған, атақ-даңқына исі қазақ балқыған, айқасқанын аруақ басқан, атойласа қалмақ қашқан, жауды көрсе, қаны қызған, қырық мәрте қамал бұзған қаһарман қолбасы Алдоңғар батырдың інісімін! Бұлғын: «Мата даңқымен бөз өтер, ата даңқымен қыз өтер» дегенді естіп едік! Аға даңқын бұлдаған ұланды тұңғыш көріп тұрмын! Мерген: Ха-ха-ха! Қатырдыңыз-ау, қабылан қыз! Ештеңе етпес, естімесеңіз, естірсіз! Бұлғын: Жарайды, бұдан былай құлақ түре жүрерміз Мерген батырдың даңқына! Тек жақсы атыңызды ғана естуге жазсын! Мерген: Әумин! Сізді ұялтпауға тырысармын! Ол үшін... тым болмаса есіміңізді біле жүрейін де! Бұлғын: Менің есімім Бұлғын! Мерген: Руың кім? Ауылың қайда? Бұлғын: Мерген болсаңыз, бұлаңдаған Бұлғынды қалт жібермей бағарсыз! Қыран болсаңыз, зау биіктен төрт тарапты шоларсыз, қайдан болсын табарсыз! Қарға болсаңыз, қыр астында қалбаңдап, қарқ-қарқ етіп қаларсыз! Ал, осымен хош, көріскенше аман-есен боларсыз! (Қызыл-жасыл ою-өрнекті ақ жібек бет орамалын сәнмен ұсынады). Жолыңызға байлағаным, жүйрік атты Мерген батыр! Сағынсаңыз, бір иіскеп, есіңізге аларсыз! Яки, тіп-
ті, аһ ұрып, есіңізден танарсыз! Сағынбасаңыз... сары даланың са-
ғымындай ғайып боп кете барарсыз! (Құйғыта жөнеледі).
Мерген (орамалмен бетін желпіп):
Апырмай, заты бөлек мына қыздың,
Алмасындай қып-қызыл құба күздің.
Дидар ғайып, жарқ етіп, болды ғайып,
Киігіндей құйғытып құла дүздің!
Бұлдырап құла дүзге Бұлғын кетті,
Қалдырып мына бізге бір міндетті.
Жаудан қайтпас жүрегім, бұлғаңдаған
Мұңлықтан неге сонша дір-дір етті?!
Шынымен бұлғын ба екен, бұлбұл ма екен,
Әйтеуір, еркін өскен дүлділ екен.
Іле алмасам күні ертең іздеп тауып,
Куә болып, күлмей ме күллі мекен!
(Орамалды иіскеп, көзін жұмып, басын шайқап):
Күте тұр, кербезденген кермиығым,
Күн түбіне кетсең де қуып жетем! (Кетеді).
Екінші көрініс
Қожабергеннің ауылы. Үй алдында Қожаберген мен оны әдейі
іздеп келген Көбеген би кездеседі.
Көбеген:
Армысың, асып туған Қожаберген,
Оқумен қатарынан оза берген.
Сабағын Самарқанның сарқып бітіп,
Хикметін Хиуа, Бұқар қаза берген.
Ескінің есті сөзін нұсқа қылып,
Жарғысын жалпақ жұрттың жаза берген,
Қаһарман қасиетті сендей ердің,
Шүкірлік, туғанына қазақ елден!
Қожаберген:
Бармысың, дуалы ауыз Көбеген би,
Болжайтын арғы жағын көреген би.
Телі менен тентекті тезге салып,
Көнбегенді көндірген тебеген би.
Тегіннен тебінгіні теппеуші едің,
Келтірген біздің үйге не деген күй!?
Көбеген: Әз Тәуке ханның сәлемін әкелдім! Қожаберген: Алдиярдың аманаты ауыр болар, еңсең түсіңкіреп кетіпті! Көбеген: Сұмдық! Сұмдық болып тұр! Қожаберген: Жә! Сабыр! Не көрмеді қайран бас! Айта бер, тартынбай! Көбеген: Алдоңғар батырды өлтіріп кетіпті! Қожаберген: Не дейсің!? Кәдімгі Алдоңғар батырды ма?! Кім?! Қашан? Қалай?! Көбеген: Сұмдығы сол – Арасанбай батыр жоңғардың нояны Серен Доржымен дос-жар болады! Екеуі ұялы қасқырдай шауып, қалмақтың малын қазаққа, қазақтың жылқысын қалмаққа асыра берген. Шекара бойындағы ел қайдан келген кесапат екенін біле алмай дал болып, дүрліге бастайды. Сөйтіп жүргенде атақты Алдоңғар батыр Арасанбайдың ұрлығының үстінен түсіпті. Талай жауға бірге шапқан қанды көйлек жолдасын ұстап беруге қимай, тілдеспей ме әуелі! «Жақсылықпен қой мына ұрлығыңды! Әйтпесе, мен әйгілеп, билердің талқысына беремін!» демей ме?! Арасанбай көнген сыңай танытады да, артынша бұл сырды Серен Доржыға жайып салған! Қаражүрек қарақшы неден тайынсын, бұның көзін жоймасақ, ертең біздің басымызды жұтады деп, Арасанбайды қайрап-қайрап, ақыры Алдоңғар батырды өлтіріп тынады! Қожаберген: Астапыралла! Көбеген: Ауылдың шетінде, түн ортасында қамсыз келе жатқан Алдоңғар батырды Арасанбай ту сыртынан садақпен бір-ақ тартады! Қожаберген: Апырмай, сұмдық-ай! Көбеген: Батырдың жолына қарап, ұйықтай алмай отырған зайыбы ат дүбірін естіді ме екен, әйтеуір сыртқа шығып қалса керек. Серен Доржы куә болады-ау деп, бишараны көк желкеден басып тұрып, бауыздап жіберген! Сыдырта жөнелген екеуін ауылдың құс ұйқылы сергек шал-кемпірі көріп қалып, Әлмұқан биге хабар берген! Бидің жігіттері атқа қонып, ізін суытпай, екі қарақшыны келесі күні, тар шатқалға бекініп, ұйықтап жатқан жерінен байлап-матап алады. Әлмұқан би қанға-қан деп өрекпіген ағайынды тиып тастап, ордаға ат шаптырған! Қожаберген: Солай де! Көбеген: Ел дүрлігіп отыр! Алдоңғар батырдың ағайындары «Қанға-қан!» деп, қандарына қарайып алған! «Аттан!» десе бітті, аруақ шақырып, атойлап шыға келмек! Арасанбайдың туыстары «қайтсек, аман алып қаламыз» деп алашапқын болып жатыр! Се-
рен Доржыны жоқтайтын жоңғардан да жақында жаушылар кеп
қалады-ау жобасы! Жан-жаққа көкпардай тартылған күрмеуі қатты
қанды дау бітудің орнына, күннен-күнге шиеленісіп барады. Би-
лердің бірде-бірі бұл түйінді шеше алмай, шекелерін шертіп кет-
кен сияқты. Сөз аяғы Әз Тәуке ханға тірелген екен, алдияр тақсыр:
«Бұл дауды Қожаберген би бітірсін!» деп сізге артып отыр! Хан
сәлемі осы, биеке!
Қожаберген: Алдиярдың сөзіне құлдық!
Көбеген: Кінәлары дәлелденді! Айғақ жетіп артылады! Бұлта-
ра алмай, бұғалыққа түсті! Бүкіл ел куә! Күлтөбенің басында би-
лер кеңесін шақырып, кесімін шығарыңыз да беріңіз! Жеті Жарғы
бойынша, елге бүлік салғанның жазасы – өлім! Қасақана кісі өл-
тіргеннің жазасы да өлім екені барша жұртқа аян!
Қожаберген: Солайы солай, енді... Көбеке, бүгін қонағасыңды
жеп, тыныс ал! Ертең аттанармыз! Мен қам жасайын! \Кетеді.\
Көбеген (жалғыз, өзіне-өзі): Ал, Көбегенім, көрешегің алдың-
да деген осы! Берейін десе, осылай да береді екен-ау! Шүкір, құ-
дайға, шүкір! Әйтпесе, кім айлалы қолбасы, қаһарман батыр? Қо-
жаберген! Кім оқыған ғұлама? Қожаберген! «Жеті Жарғыны» был-
ғарыға баптап жазған кім? Қожаберген! Елдің қамын жеген ақыл-
гөй, ежелгі дұшпанмен елдестірген мәмілегер елші кім? Қожабер-
ген! Екі ауыз сөзбен ердің құнын шешкен көсем би, көсілген жы-
рау кім?! Бәлкім, Көбеген шығар, ә?! (Кекете күліп, өзінің тұмсы-
ғына жұдырығын тақайды). Мә, саған! Тағы да Қожаберген! Сон-
да, қалған қазақ дым бітірмей, бір Қожабергеннің аузына қарап
қалып па?! Жо-оқ! Тәуке хан төбесіне қанша көтерсе де, Көбеген
көтере алмайды! Көре алмайды, ал! Өйткені, бұны қожамыз, яғни
Жаратушы иеміз, бір құдай бере салғанда, қалғанымызды кім бе-
ріпті, ә?! Жалпақ қазақтың жыртығын жалғыз Қожаберген жамай
алмас, Көбегеннің де керегі бар шығар-ау деп жүргенімде, нар
мойыны кесілетін даудың домалап келе қалғанын қарашы! Ал,
Қожабергенім, оза бергенім, қандай жаза бермегің?!
Бір жағыңда қалмағың,
Қайрап отыр жарағын.
Ноянына тиіп көр,
Белгісіз қайда қаларың!
Бір жағыңда қазағың,
Сайлап отыр мазағын.
Азаматын қиып көр,
Тарттырады азабын!
Тәтті биліктің дәмін тым ерте татып ең, осылардың ортасында
өртеніп, ал, көр енді тозағын! Әлі білген жоқсың ар жақтағы бәле-
сін! Жә, бара көрерсің, қанша керемет болсаң да, осы жолдан жы-
ғылып, осы даудан тірідей-ақ өлерсің!!!
Үшінші көрініс Төбе басында жиылған жұрт. Ортада Әлмұқан би мен Сақа би отыр. Екі жаққа қақ жарылған топтың шетінде бір жамылғылы жұмбақ кісі елеусіздеу тұр. Әлмұқан: Арасанбай мен Серен Доржыны ат құйрығына байлатып, құла дүзге қоя берсем, менің қолымды кім қағар еді? Я болмаса қаһарына мінген Мерген батырға тиым салмай, теріс айналып кете берсем, қайсың кінәлар едің мені? Жоқ! Әркім өзінше кесе берсе, қасиет қала ма хандықта?! Бізге керегі – әділ жаза! Сақа: Өте дұрыс жасағансыз! Мұныңыз үлкен ерлік, көреген кемеңгерлік! Біздің де ойлағанымыз сол ғой, Әлмұқан би! Бірақ, жазаның да жөн-жобасы болады ғой! Мәмілеге келіп, мәйегін табайық та! Әлмұқан: Мәймөңкелеп барасың-ау, Сақа би! Киіктің де киесі, иттің де иесі бар! Алдоңғардың қаны сұраусыз кетеді екен демеңдер! Сақа: Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын қарға тамырлы қазақ баласы едік қой! Ел арасын бітістіріп, біріктіріп жүретін, алыстан ойлайтын көреген едің ғой, Әлмұқан би! Құнға тоқтайық! Ердің құнын ел болып көтеріп аламыз! Әлмұқан: Рас айтасың, Сақа би! Бауырмал қазақтың баласымыз! Өлімге қимайтынымыз да рас! Бірақ, садағыңды Алдоңғардың ту сыртынан қадап тартарда сол бауырмалдығың қайда қалды? Жазатайым, жаңылыстан болса, сөз басқа! Қасақана, қастықпен төгілген қанымды қайтіп кешпекпін!? Мерген: Ағамыздың кегін алмай тоқтамаймыз! Басар: Онда малтаңды езе бермей, алып көр менен! Мерген: Сен кім едің соншалықты!? Басар: Менің атым – Басар! Мерген: Басар! Ха-ха-ха! Басар деген де ат болады екен-ау кісіде? Басар: Болғанда қандай! Мен – Арасанбай батырдың інісі Басар батырмын! Басар, өзге жұрттан асар, егескенді аяғына басар, қабағынан қар жауса, қылышынан қан тамса, дұшпаны жаман са-
сар, артын қысып қашар деп, ырымдап қойған! (Оның ағайында-
ры: «Басар! Басар!» деп арқаланып қояды).
Мерген: Па, шіркін! Жұрттан ассын, елдің бәрін аяғына бассын
деген әкеңнің ниеті қандай жаман еді! Біржола Бөрібасар деп неге
қоймаған, ә!? (Мергеннің руластары дуылдап, әжуалап күледі).
Немене, сонда басқа халық қашан Басар келіп, бізді басады деп,
басын иіп тұру үшін жаралып па!? Сен Басар болғанда, әкеңнің
аты Есер емес пе осы!?
Басар: Тарт тіліңді! Басар Басар болғалы, мұндай сөз естіп
көрген жоқ! Қара жыным қысқанда, қара судай тасармын, қазан-
дай қара басыңды, табаныма басармын!
Мерген: Басарсың, тасарсың, адамыңа жолықсаң, өзіңнің қан-
жыныңды асарсың!
Сақа: Уай, батырлар, сабыр! Ерліктерің тасып бара жатса,
бауырыңа емес, жауыңа көрсет! Тоқтатыңдар егесті! Малмен бі-
тейік!
Басар: Құнын айтсын! Қанша болса да, төлеуге біз дайынбыз!
Мерген: Адамды малға айырбастағың келген екен! Олай бол-
са, малды мен берейін саған, сен басыңды беремісің!?
Басар: Түсінбедім сөзіңді, Мерген батыр!
Мерген: Түсінбейтін несі бар? Сенің басың қанша тұрады
деймін? Қанша малға бағалайсың мына шикі басыңды?!
Басар: А-а, ол... былай ғой...
Мерген: Ол сен үшін былай ғой... Ал, мен үшін, Басардың ба-
сы – бес тоқты!
Басар: Оттапсың! Басардың басына баға жетпейді!
Мерген: Солай ма? Олай болса, басқаның басын неге малмен
бағалайсың, ә!? Кісіні өлтіріп тастап, малыңмен құтыла қоймақсың
ба?! Біздің де басымызға баға жетпейді-ау деп ойлап көрдің бе бір
сәт!?
Сақа: Енді... Мерген шырағым, болар іс болды! Өлгеннің ар-
тынан өлмек жоқ деген ғой. Тіршілікті ойлайық деген сөз ғой!
Мерген: Тіршілік деп тәтті тіліңмен сылап-сипап, сытылып
кетемін деп ойлама, Сақа би! Жоқ! Қан сатылмайды! Ар-намыс
сатылмайды! Мен қанға-қан алмай тоқтамаймын!
Сақа: Апырмай, Мерген батыр-ай, жап-жас басыңмен осынша
қатыгез болармысың!?
Мерген: Қатыгез? Қапыда кеткен ағасын жоқтап тұрған мен
қатыгез бе, жоқ әлде қасақана өлтіріп кеткен сен қатыгез бе!?
Басар (қылышын суырып алып): Олай болса, шық былай!
Мерген: Шықсаң шық! Сені сою – тай сойғандай ғана шаруа
мен үшін, бірақ асыл ағам Алдоңғардың тамшысына татыр ма
екенсің?! Мен Арасанбайдың өзін соймай, тоқтамаймын!
Басар: Ағама қолың жете қоймас! Оған дейін өзім-ақ жайғай
салармын сені! Шық былай!
Мерген: Солай де! Көріңде өкіртейін мен сені! (Екеуі «Аруақ!
Уа, аруақ!» деп, қылыштаса кетеді. Қалқанмен қорғанып, сарт-
сұрт шабысады).
Әлмұқан, Сақа: Өй, қойыңдар! Тоқтатыңдар! Тоқтаңдар!
(Оған тоқтамай шайқаса береді. Мерген мен Басар бір-бірін же-
ңісе алмай, аяусыз айқасып жатқанда, шапшаң басып Қожабер-
ген мен Көбеген келеді).
Қожаберген: Жә, жетті!
Көбеген: Бұларың не, әй, балдар! Қойыңдар, қане!
Қожаберген: Тоқтатыңдар бассыздықты! (Оның жігерлі үні-
нен екі батыр да тиыла қалып, екі жаққа шегінісіп тұрады). Ес-
кен желмен бірге көшкен еркін ел болсақ та, ханымыздың жарлы-
ғы мен жарғысына тоқтамасақ, тоз-тоз болып, тобырға айналып,
обырдың жұтқынында кетеміз! Бір төбенің басында бол! Бір тудың
астында тұр! Бір тәртіпке бағын! Сонда ғана ел боласың! Баршаға
ортақ әділ де қатал жарғысы қаққан шегедей қатырып ұстап тұр-
маса, қалың қауым қураған тақтайдай қаусап, саусылдап шашы-
лып кетері анық!
Әлмұқан: Уа, Қожаберген би, сонда қалай, білдей бір азама-
тымызды жайратып салып, тайраңдап жүре бермек пе бұлар?! Әл-
де, шиеттей үш сәбиді тұл жетім қалдырып, ата-анасын қатар сой-
ған қанішерлерді жазаға тартатын күн бола ма?!
Мерген: Жоқтаусыз жіберетін ағамыз жоқ! Қара қылды қақ
жарған Қожаберген би деген атыңыз бар, сіздің кесіміңізге ғана
тоқтаймыз! Дұрыс үкім шығарылмаса, жау-жарағымыз дайын!
Дүрк көтерілеміз!
Қожаберген: Уа, жарықтарым, жандарыңа батса да, сабыр ке-
рек! Мерген батыр, аға үшін іні жауап бермейді! Басар батырға
бекер кектенбе! Басар шырағым, Арасанбай ағаңды қанша ардақ-
тасаң да, қанды қол қылмыскер екенін есіңнен шығарма! Уа, жұр-
тым! Не жарғыға тоқтайсың, не жарға жығыласың! Басқа жол жоқ!
Талқыға дейін талас-тартысты тоқтатып, татулықпен тарқай тұр-
ғанымыз жөн болар!
Кетеді. Жиын тарайды. Мерген бөгеліп, ойланып тұрғанда,
жұмбақ киімді кісі оны ту сыртынан бағып, бой тасалай қалады.
Мерген (оңаша): Қайран дүние-ай! Қайран арыстандай Алдоңғар ағатайым! Сені жоңғардың жорығында өлмей, ауыл сыртындағы сайда қапыда қаза табады деп кім ойлаған?! Опасыздың оғынан өлгенше, ойраттың найзасынан неге опат болмадың?! Жастығыңды жастанып, жауыңды жайратып, жарқырап кетер жөнің бар едіау! Әттең, дүние-ай! Енді сенің жоғыңды жоқтап, жастығыңды жастап бергенше, жаным жай табар ма менің, ағеке-е! Сол кезде Мергеннің ту сыртынан бет-аузын тұмшалап алған жұмбақ кісі ақырын басып, жақындай береді. Сөзін аяқтап, бұрыла берген Мерген оны байқап қалып, бас салады. Анау да алыса кетеді. Екеуі біраз алысқан соң, Мерген оны алып соғып, қанжарын жарқ еткізіп суырып алып, кеңірдегіне тақайды. Бетпердесін сыпырып алғанда, әлгінің ұзын, қалың шашы иығына төгіледі. Бұлғын! Мерген: Бұлғын!? Бұлғын, жаным-ау, сен мұнда қайдан жүрсің? Неғып жүрсің? Бұлғын: Көріп тұрып несіне сұрайсың? Тығылып жүрмін! Мерген: Кімнен тығылып жүрсің? Бұлғын: Елден тығылып жүрмін! Сенен тығылып жүрмін! Мерген: Менен?! Неге тығылып жүрсің? Бұлғын: Неге дерің бар ма? Бұлғаңдаған Бұлғынға бұғынатын күн туса қайтерсің?! Мерген: Болды, Бұлғынжан, ашығын айт не болса да! Бұлғын: Айтпағанда қайда кетер дейсің мен бейбақ! Бірақ, сенен бір тілегім бар, Мерген батыр! Мерген: Жаным, Бұлғын, сенің тілегіңді орындауға жарасам, менен бақытты жан болмас мына жалғанда! \Бұлғын күмілжиді.\ Неге бөгелдің? Іркілме, айта бер! Қандай тілек болса да, бір емес, мың тілегің болса да, орындаймын бұлжытпай! Бұлғын: Әй, білмеймін... Кеше ғана бұлықсып жүрген, ал бүгін байғұс боп қалған Бұлғынның бағын ашар бекзадалық сенің қолыңнан келер ме екен, батырым?! Мерген: Бұлғынжан, сен тіпті бұлдыратып жібердің ғой! Күн мен айды әпер демессің-ау... Қалғанын көріп алдым... Бұлғын: Ал егер әпер десем қайтер едің?! Мерген: Нені? Бұлғын: Әлгі... өзің айтқан күн мен айды!? Мерген: Апырмай, бұл не дегенің? Қол жетпейтін ол өзі не қылған тілек сонша?! Айтып өлтірші енді, не болса да қинамай! Бұлғын: Қиын болғасын қиналып тұрмын ғой, жаным!
Мерген: Ердің құны болса да, ашып айтшы тілегіңді! Бұлғын: Иә, Мерген батыр! Ердің құны! Өзің айттың! Мен сенің қанды мойын құныкерің Арасанбай мен Басар батырдың туған қарындасымын! Мерген: А-аһ! Не дейсің?! Шын айтамысың, Бұлғынжан!? Бұлғын: Ойнайтын кез бе бұл, батыр?! Кеше ғана бағым да, барым да ағаларым деп аңқылдап жүрген сорлы басым... Енді бүгін не болдым!? Мерген (есін жия алмай, сенделіп): Апырмай, мұндай да сұмдық болады екен-ау! Бұлғын: Иә, амалымыз қане болған іске!? Айтар сөзім көп еді, жеткізе алмай отырмын... Бірақ, ер болсаң, айтқызбай-ақ түсінерсің ар жағын! Біздің тағдыр енді бір өзіңнің қолыңда! Мерген: О, дүние-ай! Енді осылай бір сынайын дедің бе, мүлт кетуді білмей келген Мергенді! Бір шеттен ақырын басып Әлмұқан би келеді. Екеуін көріп, қалт тұрып қалады. Бұлғын: Мергенжан! Қайғы-қасірет екеумізге бірдей! Кек жолы – қанды жол! Бақытқа бастамас, сорға батырар! Кешірім жолы – кең, айдыныңды ашар, айбыныңды асырар! (Мергенге екі қолын созып, жақындай береді). Мейірім, махаббат жолы – шапағат, рахман жолы! Кеш бізді, кеше гөр, жаным! Мерген (Бұлғынды құшақтай алып): Ай, дүние-ай, әттең дүние-ай! Қасарысқан уақыт, қатал тағдырдың талқысы-ай! Ғайыптан тапқан махаббатымды да қанға малып бергенің бе?! Екеуі құшақтасқан күйі үнсіз қатып қалғандай. Әлмұқан ілгері жүргенде, аяқ тықыры естіледі. Бұлғын Мергенге үнсіз қадала қарап, ақырын жылыстап кетеді. Әлгі астаң-кестең жан күйінен арыла алмаған Мерген теңселе басып жүргенде, Әлмұқан би сынай қарап тұрады. Мерген ағасына баяу басып, бетпе-бет келеді. Ауыр үнсіздік. Әлмұқан: Е-е, солай де! Сенген ерім сен едің, сенделіп-ақ қалдым де! Әлгі Бұлғын ба, мұлғұн ба, дуалап-ақ тастаған екен әбден! Ал сен сүйе қойдың... Ал қыз тие қойды делік... Содан кейін... Күйеу болып сызылып барасың ғой қайын жұртыңа! Батыр басыңмен босағасында отырып, қас-қабағын бағасың ғой қайнағаларыңның. Айтпақшы, ұмытып қалсаң, есіңе сап қояйын, қайнағаңыз Арасанбай... иә, иә, асыл ағаң Алдоңғарды өз қолымен өлтірген...Арасанбай сұмырай мен әлгі... кім еді... ойпырмай... Бөрібасар ма еді... Керібасар ма еді, қалай еді?..
Мерген: Басар...
Әлмұқан: Иә, сол... Бірдемебасар Мергенге қайнаға болып,
абыройы асар, кеудеңді басар! Күйеу бала болған Мерген батыр
қанішер қайнағаларының қолынан төстігін асар, кәдесін жасар,
аруағы қашар! Арыстандай Алдоңғарға тартпаған, бір қатынға қа-
нын сатқан байғұсым-ай, не деген нашар!
Мерген: Жә, жетті, сүйегімнен өтті! Әлмұқан аға, күйдірмеңіз
бұлай!
Әлмұқан: Кім кімді күйдіріп тұр екен десейші! Әй, мен сен-
дерді ез, ынжық бол деп өсіріп пе едім!? А-а!? Бұлғының не, тұй-
ғының не? Күйдімің не, сүйдімің не? Кегімді кім қайтарады? Қа-
нымды кім жоқтайды? Алдоңғар – менің бауырым! Менің руым!
Менің руымның бір тамшы қаны төгілсе, менің қаным төгілгені!
Қанда қасиет қалмаса, ел азады! Бізді біртұтас, мықты ел қылып
тұрған – ол біздің ортақ қанымыз! Аруағы бір жанымыз! Ата-
бабамнан қалған жолмен, өссем – еліммен өсіп, көшсем – еліммен
көшіп, ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатсам, қарақан ба-
сымның қамы үшін деп пе едің?! Сендердің, елімнің қамы үшін!
Бірлігі күшті, тастүйін тұтасқан елді дау да жеңе алмайды, жау да
ала алмайды! Сондықтан, солқылдама! Тура жолыңнан адаспа,
Мерген бауырым! Балам! (Екеуі ерекше тебіреніп, құшақтасады).
Төртінші көрініс
Күлтөбенің етегіне Көбеген мен Сақа би келеді.
Сақа (құшағын жайып):
Кертөбелді мінгенде,
Керіле басып жүргенде,
Кекілінен керімсал
Кеудеңді сипап үргенде,
Келісті туған көреген
Көбеген бидің кәдірін
Көбік ауыздар білген бе!?
(Құшақтасады).
Ай сәулелі ақ жамбы,
Аяшыңа сайлап кет,
Күн сәулелі көк жамбы,
Қанжығаңа байлап кет.
Көгаланың үйірін,
Көз байлана бергенде
Көлді айнала айдап кет.
Көңіліміз жарасқан
Ежелгі достың бірі едің,
Осы дауды жайлап кет!
Көбеген:
Кертөбелді мінбеспін,
Көсілте сілтеп жүрмеспін,
Көгалаңды алмаспын,
Еліме айдап бармаспын.
Көзіне түсіп тобырдың,
Өсек сөзге қалмаспын!
(Бір айналып келіп, сыбырлап):
Ішіңнен ғана біле бер,
Үндемей ғана күле бер,
Түн ішінде жол жүрсем,
Түйе мойнақ көк қоржын
Алтын-күміс толтырып,
Көн тоқымға көлденең
Көрсетпей ғана іле бер!
(Екеуі үнсіз бас изесіп, ұрлана басып кетеді).
Бесінші көрініс
Қожаберген тұтқындағы Арасанбай батырға келеді. Бүк тү-
сіп жатқан Арасанбай басын баяу көтеріп, бұғаулы қолын бірер
сілкіп, тіктеліп отырады.
Қожаберген:
Қай бетіңмен
Бардың мұндай байламға,
Ақ орданы
Қалай қидың ойранға?!
Қарақшы боп,
Қан ішкенше уыстап,
Еркек болып
Неге өлмедің майданда?!
Арасанбай: Неге деріңіз бар ма? Қажыдым, қиналдым әбден!
Қожаберген: Қажығаның не, қиналғаның не? Айдарыңнан жел
есіп, алашыңның алдында алшаң басып жүргеніңді көтере алмай
қалдың ба, әлде!?
Арасанбай: Қызыл сөзді қайтесіз... Шынтуайтына келгенде,
ерлігімді елегендеріңіз қане!? Батырлығымды бағалаған кім бар?
Қожаберген: Еңбегіңді бұлдап, құрмет дәметкен екенсің ғой!
Иә, әбден жөн, орынды! Бірақ, мына аласапыран уақытта қалың
қазақтың сені құрметтеуден басқа шаруасы жоқ па екен!? Не істеу
керек еді саған құрметтегенде!?
Қадірімді білмедің деп, өз халқыңа өзің қасқырдай шабасың ба
сонда!? Елдің бетке ұстар батыры бүлікші, бұзық болды деген
масқара емес пе?! Жалпыға бірдей, халқыңа бірдей жол-жобамен,
жақсы атты боп жасай беретін жөнің бар еді ғой!
Арасанбай: Айтқанға көніп, айдауға жүре беретін можантом-
пай көп момынның бірі деп пе едіңіз? Бас ұрғым келмейді ешкім-
ге... бағынышты бола алмаймын... биіңе де, жарғыңа да, керек де-
сең, ханыңа да! Мен желдей еркін, жүген, ноқтаға, құрық, шідерге
көнбей, аспанға шапшып өлетін тарпаңдай асау дала батырымын!
Біреу мені тізгіндемек түгілі, алыстан қақпайлағысы келгенін сез-
сем, қарпып түсемін, тарпып өтемін! Аяғым жеткенше жүріп, қо-
лым жеткенді алып, аузыма келгенді айтып, ойыма келгенді істе-
гім келсе, айып па?!
Қожаберген: Ойыңа келгенді істегенде тапқаның осы ма? Же-
тіскен екенсің! Қандыкөйлек досы, шаңды жорықта бір бақырдан
дәм татқан жолдасы түгілі, бір қонған үйінің ақ ниетінен аттамай-
тын адал қазақтың баласы емес пе едік! Алдоңғардай арысты атуға
қолың қалай көтеріліп, дәтің қалай барды?!
Арасанбай (төмен қарайды. Ауыр үнсіздіктен кейін): Мені
қандай жазаға тартпақсыздар!?
Қожаберген: Жеті Жарғы бойынша, қасақана кісі өлтірген
адам өлім жазасына кесіледі!
Арасанбай: Жеті Жарғы! Жеті Жарғы! Жарғы емес, қырдың
құландарын қуып апарып, құлата салатын жар десейші! Бұл – қып-
қызыл қиянат! Мен бұған көне алмаймын!
Қожаберген: Заң бірдей баршаға!
Арасанбай: Заң баршаға бірдей болса, бірдей шығар! Бірақ,
мен бірдей емеспін ғой баршамен! (Қожаберген шұғыл бұрылып,
сұраулы жүзбен қарайды Арасанбайға). Өйткені, мен – менмін!
Біреу-ақпын, дарамын! Мен үшін тәртіп-мәртіп, жөн, жоба деген
жоқ! Жарғы-марғыңды қарғы қылып дүрегейлеріңе тақ! Ал мен
оған көнбейтін бірегеймін!
Қожаберген: Заң алдында бәріміз де бірдейміз!
Арасанбай: Қалайша, би аға!? Қалай ғана мен анаумен, сіз
мынаумен бірдей болмақсыз?!
Қожаберген: Амал не, жазылған жарғы – бұлжымайтын қағи-
да! Кім болсаң ол бол, заңға бәрібір!
Арасанбай: Өлтірдіңіз, би аға! Сонда немене, аттан түспей, ар-
қа етім арша, борбай етім борша болып, елдің жауын жаулап, ба-
сымды өлімге байлап, атойлап шапқанда, әркіммен бірдей болу
үшін төгіппін бе қанымды!?
Қожаберген: Еңбегіңнің зор екенін білемін... Бірақ, саған сол
ерлігің адамдарды өлтіруге, қорлауға, тонауға ешқандай ерік бер-
мейтінін де біліп қой! Еңбегім бар деп, өз елімізді өзіміз тонай
берсек, не болады!?
Баяу, ауыр бұрылып, кетуге ыңғайланады.
Арасанбай (оның соңынан әр сөзін шегедей қағып): Олай бол-
са, соңғы сөзіме құлақ салыңыз! (Қожаберген бұрылып, тыңдай-
ды). Ер кезегімді беріңіз, би аға! Торғауыттың бойында, Оймауыт-
тың ойында, қалың қалмақ қамаған қанды қырғында, жаныңыз қи-
налып тұрғанда, жоңғардың зобалаңды зайсаңы құр бұқаның ба-
сындай бұжыр-бұжыр алты батпан шойын шоқпармен қарағұсы-
ңыздан қайқайта кеп ұрғанда, қалқаныммен қайтарып, селебенің
ұшымен көзін ойып жіберіп, қара қасқа атынан қорқырата құлат-
қанымды ұмытпаған шығарсыз! Сонда, қан кешіп, жаннан безіп,
төбеңізден темір гүрзі болып төніп келген ажалдан арашалап алып
қалмасам, бүгінгі Қожаберген би болар ма едіңіз, жоқ әлде сол
сайдың түбінде ит-құсқа жем болып, ақсөңке болып қалар ма еді-
ңіз! Данышпан басыңызды шибөрі мен қарсақ мүжіп кетсе, «Жеті
Жарғыңызды» жазар ма едіңіз, сол жарғыңызды алға тартып, өзі-
ңізді өлімнен құтқарып қалған ер ініңіздің кіретін көрін өз қолы-
ңызбен қазар ма едіңіз! Ха-ха-ха! Осыдан кейін адам баласына
жақсылық жасап көр! Өзім өлімнен құтқарып қалған кісі енді
өзімді өлім жазасына кескелі тұр! Ха-ха-ха!
Қожаберген: Жә! Ол ерлігің есімде! Ондай жақсылық өле-
өлгенше ұмытылар ма! Бірақ, біреуді өлімнен құтқардым екен деп,
екінші біреуді өлтіруге болады деп кім айтты?! Біреуге жасаған
жақсылығын бұлдау, ел үшін істеген еңбегіне бәлсіну – харам!
Арасанбай: Жо-жоқ! Жұртты қайтесіз киліктіріп... Мен сізді
білемін! Менің сол жақсылығым екі дүниеде мойныңызда! Мына
бетте де, қияметте де сұраймын да тұрамын өтеуін! Қылкөпірден
өтеріңізде қылбұрау боп батады қылтаңа! Ол аз десең... жұмақтан
үмітіңіз бар шығар... есік алдында тосып тұрамын... қолымды
жайып... (Қожаберген ауыр ой үстінде арлы-берлі жүреді). Өле-
өлгеніңше жоңғардың темір гүрзісі болып менің шыңғырған дауы-
сым төнеді де тұрады төбеңнен! (Қожаберген Арасанбайға бір қа-
рап, шығып жүре береді). Солай... судың да сұрауы бар деген...,
ал менің құным сенің мойныңда! Се-е-нің мойныңда-а-а!
Жалғыз қалған Арасанбай сап тиылып, ойға батады. Құлағы-
на еркін жортқан күндерінің сарыны келгендей болып, арпалысты
күй кешіп, қиналып отырады. Ұрлана басып Сақа би келеді. Ара-
санбай оған үміттене қарайды.
Сақа: Қазағымды жаудан қорғап, жапан түзде жолбарыстай
жортқан бауырым, жаман-жәутік қадіріңді қайдан білсін?! Алдоң-
ғардың ағайындары малға тоқтайтын емес! Әсіресе, Әлмұқан би
мен Алдоңғар батырдың інісі Мерген батыр!
Арасанбай: Мерген?!
Сақа: Иә, Мерген батыр! «Қанға-қан аламыз!» деп қасарып
қатып қалған, жөнге келер түрі жоқ! Бірақ...
Арасанбай: Не... бірақ?
Сақа: Әйелдердің өсегіне қарағанда, Мерген батырдың қа-
рындасың Бұлғынмен сөзі бар сияқты! Яғни, екеуі бір-бірін шын-
дап жақсы көріп қалыпты-мыс!
Арасанбай: Ал?!
Сақа: Ал десең, алады да! Құнның арты құдалыққа айналып
кетсе, құдайдың бергені емей немене?!
Арасанбай: Ал?!
Сақа: Бірақ, бұл әзір болжам ғана... Нақты әңгіме жоқ! Көрер-
міз бұйырғанын!
Арасанбай: Ал?! Біздің елдің көңіл ауаны қалай?
Сақа: Ағамды жарғының жазасына бермеймін деп, Басар
бауырың басын бәйгеге тігіп отыр!
Арасанбай: Басарым! Басарым, жаудың мысын басарым, ізім-
ді басарым! Бауырым!
Сақа: Көбеген бидің де көмейі кең, көмекейі көрініп тұр! Қо-
лынан келген көмегін аямайды!
Арасанбай: Онда бөгейтін не бар? Бітті емес пе сонымен!?
Сақа: Жоқ! Қожаберген бар!
Арасанбай: Қожаберген! А-а, дариға! Қожаберген!
Сақа: Иә, Қожаберген! Және ол жалғыз емес! Арасанбай аң-
тарыла қарайды. Жеті Жарғы бар!
Арасанбай: Жеті Жарғы?!
Сақа: Хан жарлығымен бекітілген Жеті Жарғысын көлденең тартып, айдаһар жыландай иіріліп, жолыңа жатып алды емес пе!? Оның да көкейін тескені белгілі! Әділ би, Жеті Жарғының жоқтаушысы, Тәуке ханның тірегі атанып жүрген жоқ па?! Сол атын ақтап, тағы да көзге түсіп, көтеріліп қалуды көздеп отыр емес пе!? Сол үшін сені жазаға тартудан жүзі жанбас! Арасанбай: Әттең, дүние-ай! Екі айналып келер ме едің!? Сақа: Көбеген би сәлем айтты! Қожабергеннен ер кезегін сұраудан танбасын деді! «Я өлімнен құтқар, я өкіміңді өзің шығар! Өзіңді өлімнен құтқарған кісіні өз қолыңмен өлтір!» – деп, отырып ал! Табандап қатып қал! Көпшілікке естіртіп, ойбайлай бер! Жалпақ жұртқа жар сала берерміз біз де қарап жатпай! Көрейік әуселесін! Қожаберген сертіне берік, мәрт, намысқой адам! Алты Алашқа даңқы шыққан ардақты кісі! Аттай алмайды жақсылықтан! Аттаса кім болғаны?! Ойлап көр өзің! Өзін өлімнен құтқарған адамды ит екеш ит те қаппайды! Саспа, бауырым! Түсімде ақ боз атыңмен қырда құйғытып жүр екенсің! Жақсылыққа жорыдым – алшайып ақ бозға қонар күнің алыс емес! Арасанбай: Әумин, аға! Осы бәледен аман құтылсам, алақаныма салып, төбеме көтерермін сіздерді! Сақа би: Не де болса, көріп алармыз! Белді бекем будық! Нар тәуекел!
Алтыншы көрініс Төбенің етегінде екі әйел кешқұрым кездесе кетеді. 1-әйел: Әй, естідің бе... бері кел! 2-әйел: Иә, қандай өсегің бар? 1-әйел: Өсегі несі, әй? Кісінің көңіліне де қарауды да білмейсің... 2-әйел: Жә, жә, жай айтқаным ғой... 1-әйел: Е-е, бәсе... Менің өсек айтқанымды көрдің бе осы!? Мен тек шындықты ғана айтамын! 2-әйел: Түу-у, енді, кісіні үздіктірмей... не болса да, айтшы тез, айтатын болсаң... 1-әйел: Айтсам... бері қара. Арасанбайдың ағайындары билердің аузын алып қойыпты. 2-әйел: Қожаберген би ханның сенімді адамы, ол пара алмайды дейтін... 1-әйел: Алмайтын қол аспанда! Жемейтін ауыз жер астында!
2-әйел: Рас-ау, әй... Ал ана Көбеген би жемегенде кім жейді?
Түрінен көрініп тұрған жоқ па, көмейінен керуен өтсе де, қылғи
беретін, түк болмағандай, көзін жұмып алып, көбік сөзімен алдай
білетін мүттәйімнің тап өзі ғой!
1-әйел: Көр де тұр! Қожаберген би жарғысына жабыса берсе,
жалғыз қалады! Көбеген би көпті алдап, өзіне қаратып алып, біл-
генін істейді!
2-әйел: Жоқ, Сақа би былай, Әлмұқан би былай тартып, өліс-
пей беріспейді! Қанына қарайған Мерген батыр, өз дегені болмаса,
соғыс бастайды!
1-әйел: Олай емес, былай болады... Билер астыртын келісіп,
Арасанбайды ана қалмағымен бірге бір түнде шекарадан асырып
жібереді!
2-әйел: Қалайша? Сонда Қожаберген би ханға не дейді, халық-
қа не дейді?
1-әйел: Не деуші еді? Түк білмеген бола қалады да! Бар бәлені
бұзып-жарып, алып қашып кеткен бүлік басы деп, Басар батырға
жаба салады! Ал, оны ұстап көр ен даладан!
2-әйел: Қой, ондайға бара қоймас Қожаберген!
1-әйел: Басқа амалы жоқ ол бейшараның! Өзін қан майданда
тура келген ажалдан арашалап қалған Арасанбайды қайтіп жазаға
тартады? Өйтетін болса, ел оның бетіне түкірмей ме?
2-әйел: Қайдам... Бірақ, менің ойымша, Мерген батыр Арасан-
байдың да, Басардың қанын ішпей қоймас!
1-әйел: Айтақ!
2-әйел: Адырам қал! (Торсаңдап, кетуге айналады).
1-әйел: Мейлі, онда! Тағы бір қызық әңгімем бар еді... ана
ауылдың әйелдеріне айтармын!
2-әйел: Апырмай, әңгіме дейсің бе? Қой, болмадың ғой, тың-
дасам тыңдайын!
1-әйел: Жоға, айтарым жоқ саған... аузымды ауыртып...
2-әйел: Әй, әй, жарайды енді... дос едік қой! Айта салшы енді,
кісінің ындынын құртпай...
1-әйел: (бұртиғансып, теріс қарайды): Айтпаймын!
2-әйел: Айтпасаң, Айтпайдың қатыны бол! Сенің сала құлаш
тіліңе мендей салпаңқұлақ күнде табыла береді дейсің бе? Бол ен-
ді... айтсаң айттың, айтпасаң үйіме қайттым!
1-әйел: Айтсам... Әлгі Арасанбай мен Басардың Бұлғын деген
бұлаңдаған сұлу қарындасы бар екен! Соған Мерген батыр ғашық
екен!
2-әйел: Мә-ә, мынауың нағыз қызықтың көкесі ғой!
1-әйел: Қыз да кет әрі емес көрінеді! Бірақ, мына жағдай
екеуіне де жаман болып тұр! Жігіт ала алмай, қыз тие алмай, қан-
ды кектің күйігін тартып жатыр! Әнеки!
2-әйел: Мәссаған! Бұл нағыз сұмдық екен!? Ақыры не болар
екен енді?
1-әйел: Соны мен де айта алмай, басым қатып тұр ғой!
2-әйел: Ел не дейді? Жел не дейді? Құлақ түріп көрейік!
1-әйел: Тоқта, тоқта! Жел маған, міне, осы қазір сыбырлап кет-
ті! Мерген батыр құныкерінің қарындасын қалыңсыз алып, екі жақ
бітімге келеді! Көр де тұр!
2-әйел: Онда керемет болар еді! Күтейік енді, не болса да! Ал,
рахмет! Тезірек барып, мына жаңалығыңды жұртқа жариялай қой-
масам, ішім жарылып кетіп жүрер! (Екеуі екі жаққа зытады).
Екінші акт
Бірінші көрініс
Ой үстінде оңаша отырған Қожабергенге Арасанбайдың
анасы мен Бұлғын келеді. Ауыр үнсіздік.
Ана: Уа, Қожаберген би! Ботасы өлген бозінгендей боздап ке-
ліп отырмын! Жердің үстімен емес, астымен келсем де, іштен
шыққан шұбар жылан үшін кәрі аруақты қозғап келіп отырмын!
Қожаберген үнсіз тыңдайды. Осы кезде Мерген батыр келіп
қалып, ана сөзінің аяғын тыңдап тұрады.
Ана: Иә! Ауыр жағдай... Бірақ, өлгеннің артынан өлмек жоқ
деген атамыз қазақ! Өлетін батыр өліп кетті! Енді оның артынан
екінші батырды өлтіргенде қай мұратқа жетпексіздер?! Менің
Арасанбайым... құлыным... ата қазақ елі үшін қан мен жанын
аямай жаумен шайқасқан батыр! Ол әлі де керек елге! Біреудің ала
жібін аттап көрмеген бала! Ағайын, туысқа қайырымды, қолынан
келгенін аямай көмектесетін жомарттың нақ өзі!
Қожаберген: Е-е! Қайран ана! Дархан жүрек! Балаңыздың ұр-
лықпен, қарақшылықпен тапқан малын жақын-жұраттарына тара-
тып беріп, жақсы атты болып жүргенін шынымен білмейсіз бе?!
Ана: Жоқ, білмеймін! Білгім де келмейді! Ескінің көзін көрген
қайырымды жанның бірі едің, балам үшін шырылдап алдыңа келіп
отырмын! Тізгін сенің қолыңда, тізеге салсаң да, тездетіп босатып
бер баламды! Ананың көз жасы қара тасты да жібіткен ғой...
Мерген (Қожаберген үнсіз қиналып отырғанда): Қайран ана!
Балапаны үшін шырылдап отқа түсетін қайран ана! Бірақ, Алдоң-
ғардың анасының көз жасын қайда қоясыз? Тұл жетім қалған
шиеттей үш баласының зарлаған даусы құлағыңызға келмей ме?!
Ана: Қарағым, саған не дейін? Айтатын сөзім де, қарайтын бе-
тім де жоқ!
Қожаберген: Е-е, дүние-ай! Енді қайт дейсіңдер маған? Біріңе
балаң қымбат! Біріңе ағаң қымбат! Екі қымбат қақтығысса, құны
кетер! Екі асыл арпалысса, сыны кетер! Оны ойлаған кімің бар?!
Әрқайсың өз қымбатыңды қимайсың! Өз ардағыңды ақтайсың!
Сонда, әділіне қашан жүгініп, елдігіңді қалай сақтайсың?! Қане,
қайсыңа бұрайын? Қай жағыңа шығайын? Өздерің айтыңдаршы
төрелігін! Тірідей өлтіріп отырсыңдар-ау, қайтейін!
Мерген: Ешкімге де бұрмаңыз, би аға! Әділін, әділетін ғана ай-
тыңыз!
Ана: Аяушылық, аяушылық қана сұраймын сіздерден жан ба-
лама... Арасанбайыма! Қандай құн кессеңдер де, баламды аман
қалдыра көріңдер!
(Қожаберген үнсіз алысқа қарайды).
Мерген: Жоқ, Қожаберген би аға, қанға қан!
Ана (егіліп): Қанға қан деп, қасарып-ақ алыпсың! Теріс деуге
хақым да жоқ шығар! Бірақ, мен анамын! Қайырым, мейірім сұ-
раймын ер азаматтан! Қазақ қазақ болғалы, мұнша қатыгез, қані-
шер емес едік қой! Кеше гөр, қарағым, кеш бізді! Садағаң кетейін!
Бұлғын (Мергеннің алдына тізерлеп): Құлдығың болайын,
Мергенжан! Қи маған ағамның қасық қанын!
Мерген: Жә! Жетті, сүйегімнен өтті! (Бұлғынды екі қолынан
көтеріп, орнынан тұрғызады). Мен тасжүрек, топас емеспін! Бі-
рақ, қапыда сенің ағаңның қолынан өлген ағам Алдоңғардың аруа-
ғы күні-түні күңіреніп тұр төбемде! Оған немді айтамын? Баласын
жоқтап анам отыр зарлап! Оны қалай жұбатамын? Шырылдап
шиеттей жетім үш бала қалды! Күңіренген елім күтіп отыр кесі-
мін! Оларға не деп барамын? Не істейін мен, ә!? Ал, өздерің-ақ
айтыңдаршы үкімін?! Менің орнымда өздерің болсаңдар, қайтер
едіңдер, а-а?!
(Ана мен Бұлғын үнсіз көз жастарын сүртіп, беттерін баса-
ды. Қожаберген үнсіз).
Мерген: Қожаберген би аға! Не де болса, тура төрелігін шығарып, әділ жазасын беріңіз! Бұлғын: Мерген! Мергенжан! Не деп тұрсың?! Қайт райыңнан! Мен... мен қайтпекпін сонда?! (Мерген үндемей, ширығып, қатып қалады. Сол кезде жүгіре басып бір жасауыл келіп, Қожаберген биге сыбырлайды). Қожаберген (жасауылға): Келсін! (Ол жүгіре басып кетеді. Қожаберген қасындағыларға бара беріңіздер дегендей). Саған Манжу елші келген екен жоңғардан! Ана мен Бұлғын мұңайған күйде баяу басып кете береді. Мерген соңдарынан жүре беріп, кілт бұрылады. Мерген: Саған Манжу елші дедіңіз бе?... Қазақты қайбір сағынып келді дейсіз. Қанішер Серен Доржы ноянды арашалап алып қалуға келген ғой! Е-е, түсінікті! Би аға, бір ауыз сөзім бар! Менің ғана емес, елім деп еңіреген жас өрендердің сөзі! Қаперіңізде жүрсін! Қаңғып келген қарақшы бүгін ағамызды өлтірді! Жоңғардың айбатына шыдамай, оны босатып жіберсеңіздер, не болады? Ертең інімізді, арғы күні баламызды... өстіп шетімізден қыра бермек пе? Бұлардың қанында құн жоқ, сұрау жоқ, қазақты сою қой сойғаннан оңай деп құтырып, сәнге өлтіре бермесіне кім кепіл?! Жарғы қайда, заң қайда, Бұйдалы түйе секілді. Әркім бұрса әр жайға, Жем болып дала кетпей ме? Қалмақ пенен қаңғайға, Андай менен мұндайға, Азаматтары қазақтың, Намыс қайда, ар қайда?! (Кетеді). (Қожаберген жалғыз қалады. Қалмақ елшісі Саған Манжу келеді). Саған-Манжу (құшақ жайып): Қожаберген! Қожаберген (құшақ жайып): Саған Манжу! Саған-Манжу: Қожаберген достым! Жаугершілік заман бізді қарсы қойды! Қайқы қылыштың жүзінде, көк сүңгінің ұшында тұрып кездестік, әттең дүние! Бірақ, соған қарамастан, ақылдың жолын тауып, төс қағыстырған дос едік, тағдыр бізді тағы да бір терең жарға тірегендей ме, қалай?! Қожаберген: Қанша заман даланы қан сасытып, қазақ-қалмақ қырқысқанда не таптық?! Жә, жолбарыстай жұлқысқанымыз же-
тер, жарасатын жол іздейік деп, мәмілеге келгенімізді қалай ұмы-
тайын!?
Саған Манжу: Сол сапарда, орыс, қытай, жоңғар, қазақ мәмі-
легерлері бас қосқан жиында... екеуміз көп сөйлесіп, сыйласып
отырғанда, бізге қызмет жасап, құрақ ұшып құрмет көрсеткен жас
ноян есіңізде ме?!
Қожаберген: Ал, иә!
Саған Манжу: Сол осы Серен Доржы болатын! Менің немере
інім!
Қожаберген: Солай деңіз! Әттеген-ай! Сонда оған елге бүлік
сал, кісі өлтір деп үйреткен де мәмілегер, елші Саған Манжу ма?
Саған Манжу: Әрине, жоқ! Ел айбыны болатын батыр еді. Бір
бұралаң қисық жолға ойда жоқта түсті де кете барды, амал не! Се-
рен Доржыны не күтіп тұр?!
Қожаберген: Оны ата-баба жолына негізделген қазақ елінің
заңы – «Жеті Жарғыға» сүйене отырып, билер шешеді. Ал, Жеті
Жарғыны Әз Тәуке ханның өзі бас болып, алты алаштың ақылгөй,
дана билері ақылдаса отырып жазғанбыз! Елге бүлік салғаны бар...
Екі елдің арасына от тастап, жауластырмақ болғаны тағы бар... Кі-
сі өлтірген күнәсін қайда қоясыз? Осының бәрін қосқанда, Серен
Доржы бір емес, үш мәрте өлім жазасына кесілуі керек!
Саған Манжу: Кісі болғанда... ол енді қатын ғой!
Қожаберген: Не дейсіз!?
Саған Манжу: Серен Доржының өлтіргені кісі емес, қатын
деймін! Көрінгеннің күңі болатын, малға сатылып, шалға да тие
салатын ұрғашыға бола жоңғардың жолбарыстай батырын жазаға
тартқаныңыз жобаға сия қоймас!
Қожаберген: Жеті Жарғыда әйел затын жауапсыз өлтіре бе-
руге болады деген бап жоқ! Қасақана кісі өлтіргеннің жазасы өлім
деп, тайға таңба басқандай анық көрсетілген! Яғни, біздің, қазақ-
тың ұғымында, әйел де кісі қатарына қосылады деген сөз! Тарты-
лады жазаға... жарғы бойынша!
Саған Манжу: Абайла, Қожаберген! Ақылыңа салып, әріден
ойла! Онсыз да әрең тынышталып отырған екі елді тағы да жау-
ластырып алмайық! Серен Доржыны өлім жазасына кессеңіз, жоң-
ғарлар жоқтамай қоймайды. Оның арты ушығып кетуі мүмкін-ау
деп қорқамын!
Қожаберген: Заңымыздан аттағаны – арымызды таптағаны!
Көрінгеннің қолоймағы болса, жарғыда не қасиет!? Қатып қалған
қағидасы, темірдей тәртібі жоқ елді кім көрінген басынар! Өз заңы жоқ ел былқ-сылқ етіп, әркімнің жетегінде кетер! Саған Манжу: Қоңтәжі де біліп отыр бұл жайды! Жалпақ жоңғарға даңқы шыққан Серен Доржы ноянды өлім жазасына кестіріп қойып, тыныш қарап отырмайтын сияқты. Нояндар мен зайсандар лықып-тасып, зорға тұр! Елірген шеріктер де, ерік берсек, ертең-ақ атқа қонуға дайын! Тағы да жорық дабылы қағылып, арты қырғын соғысқа апарып соқпасына кім кепіл?! Қожаберген: Сөзіңіз жөн! Бірақ, Серен Доржы сізге туыс, жоңғарға ноян болса, біз үшін қанды қол қарақшы, кісі өлтірген қылмыскер! Сол үшін заңды жазаға тартылады! Оның қазақжоңғар хандықтарының саясатына ешқандай қатысы жоқ! Және болмауға да тиіс! Ал егер де сондай қанішер үшін қоқан-лоққы жасамақ болсаңыздар, ар жағы – терең жар! Бірақ біз, қазақ, одан қорқа алмаймыз! Жүрекке – жүрек, білекке – білек! Айлаға – айла, найзаға – найза! Саған Манжу: Бұл кесімді сөзің бе, Қожаберген?! Қожаберген: Бұл – менің сөзім емес, қазақ заңының сөзі! Қабырғама батса да, одан аттап өте алмаймын! Саған Манжу: Ал, егер қазақ-қалмақ саясатын былай қойып, достық тілек қылсам, иіліп өтінсем қайтесің? Ит те болса бауырым ғой, Серен Доржыны аман-есен қолыма бер! Біз оны өз заңымызбен жазалап, айыбын тартқызармыз! Қожаберген: Арғы-бергі елдердің жөн-жосығын жетік білесіз! Біздің елде қан төккен адам біздің елде, біздің заң бойынша жауап беруге тиіс! Басқа жол жоқ, мәртебелі досым Саған Манжу! Саған Манжу: Алдыңа әдейілеп ат терлетіп келгенде, сөзім аяқасты болады-ау, өзім жер астымен қайтармын-ау деп ойлаған жоқ едім! Достың бір тілегін беретін қазақ, қалмақтың мәрт мінезі бар еді ғой! Қожаберген: Қаласаң, жалғыз атымды түсіп берейін! Тонымды шешіп берейін! Бірақ, елімнің жарғысын жығып бере алмаймын! Саған Манжу: Иә, амал қанша! (Орнынан тұрып кетуге оқтала беріп, қайта бұрылады). Бірақ, мен бәрібір саған разымын! Қатал да болса, осы шешімің – шешімнің төресі! Елдің заңы да, елдің қамын ойлаған азаматы да осындай-ақ болса керек! Қайыр қош, Қожаберген досым! Қожаберген: Қайыр қош, қайран Саған Манжу! Түсінгеніңізге рахмет! (Құшақтасып қоштасады).
Екінші көрініс Қожаберген мен Көбеген би төбе басында отыр. Ой үстінде. Қожаберген: Бір жағымда – жар, бір жағымда – жарғы! Бір жағымда – қарыз, бір жағымда – парыз! Көбеген: Иә! Өзін өлімнен құтқарған адамды өлім жазасына кескен бидің бетіне түкірмей ме халық!? Қожаберген: Ал, енді қандай амал бар?! \Үнсіз сенделіп жүреді.\ Көбеген: Билік өз қолыңда емес пе?! Ыңғайыңа қарай икемдеп жіберсең, сенің қолыңды қағып, жолыңда тұратын жан бар ма? Қожаберген: Жо-жоқ! Жеті Жарғы Қожабергенге бағынбайды! Қожаберген Жеті Жарғыға бағынады! Өзіміз жазған жарғыны өзіміз бұзып, аттап кете берсек, елдігімізде қандай қасиет қалады?! Көбеген: Иә, солайы солай-ау! Бірақ, қазақ ішінде қанды қылмысқа қазылық қып, қара қылды қақ жару қалмақтың қамал, қорғанын алғаннан да қиын екенін өзің де жақсы білесің ғой! Қожаберген: Тарпаң жұртыма жарғымыз тарлық қылмаса жарар еді! А, дүние-ай! Қалыпқа сыймас халқым бар, жан-жаққа тартқан талқың бар! Не істе дейсіңдер маған!? Көбеген: Біз не дей аламыз? Төбе би атың бар... Қожаберген: Иә! Шешім қатал, бірақ, әділ болуы керек! Судың да сұрауы бар! Қанның құны болмаса, әділ заңы болмаса, ел ел бола ма? Сол жарғыға сүйеніп, ертең үкімді сен шығарасың, Көбеген би! (Көбеген мұныңыз не дегендей өтірік монтаныси қалады). Мен құныкерге қарыздар адаммын! Сондықтан, осы жолғы тізгінді сенің ұстағаның жөн! (Көбеген би оң қолымен кеудесін басып, басын иеді. Қожаберген оған сынай бір қарап, шапшаң бұрылып, кетеді). Көбеген (оңаша. Арлы-берлі жүріп): Пай, пай, пай! Оп-оңай сытылып кете қойғың келді ме?! Сұңғыласың, Қожаберген, не деген, Қысылғанда, Түрің мені елеген. Бәрің жүріп Шеше алмаған түйінді, Шешеді ертең
Көреген би Көбеген!
Аруақ жебеп,
Қолтығынан демеген.
Ойы жүйрік,
Зырқыраған жебеден – ,
Деп мадақтар
Қалың қазақ мені ертең,
Көбегенге
Айтылады көп өлең!
Үшінші көрініс
Төбе басында. Жиын. Әлмұқан би мен Мерген батыр бастаған
Алдоңғардың ағайындары бір топ болып, бір қанатта, Сақа би
мен Басар батыр бастаған Арасанбайдың туыстары бір топ бо-
лып, екінші қанатта тұр. Бәрі де қарулы, қаһарлы. Бір шетте
Арасанбай мен Серен Доржы тізерлеп отыр. Қол-аяғы бұғауда.
Ортада – билік тізгінін алған Көбеген би. Қожаберген би оның
жанында, сәл кейіндеу тұр.
Көбеген: Серен Доржыны бүгін түнде жүз қамшы дүре соғып,
жалаңбұт күйінде жоңғарлардың қолына беріңдер! Өздері-ақ тар-
тқызады сазайын! Арасанбайды әкеліңдер ортаға! (Жасауылдар
алып келеді). Шешіңдер қолын! (Жасауыл қолын шешеді). Арасан-
бай, ажалыңның алдында Қожаберген ағаңнан ер кезегіңді алып
қал! (Шойын шоқпарды береді қолына). Ұста мына қара шоқпар-
ды! Ұр қайқайтып Қожабергенді қарағұсынан! Ойраттар оя алма-
ған тас обадай төбесін ойып көр... қолың барса?!
Арасанбай (қыл арқаннан босаған қолдарын уқалап): Жоқ!
Мен ұрмаймын! Ұра алмаймын ағамызды! Маған Қожекеңнің қа-
ны керек емес!
Көбеген: Енді не керек саған?!
Арасанбай: Маған ер кезегім керек! Бір кезде мен қалай Қоже-
кеңді ажалдан құтқарып қалсам, ол да мені мына өлімнен құтқа-
рып алсын! Басқа сөзім жоқ!
Көбеген: Уа, халайық! Қожабергенді өлімнен құтқарған ба-
тыр, басына іс түскенде, одан араша сұрауы жөн бе, жөн емес пе?!
Сақа би: Жөн! Әрине жөн!
Басар: Жөн болғанда қандай!
Көпшілік: («Жөн! Жөн! Әбден орайлы! Еруліге – қарулы!,
Жақсылыққа – жақсылық!» деседі шуылдап).
Мерген: Жоқ! Мен көнбеймін бұл байламға! (Қожабергенге) Би аға, бұныңыз не!? Ол сізді құтқарған ерлігін Алдоңғарды өлтіріп жойды емес пе?! Құны төленді сонымен! Көбеген: Міне, міне! Табылған ақыл! Шешілді түйін! Жөн айтасың, Мерген батыр! Жас та болсаң, бас болар деп үміттеніп жүруші ем, жаңылмаған екенмін! Қожабергенді құтқарған ерлігі Алдоңғарды өлтірген күнәсінің өтеуіне жарап тұр! Құны бір рет өтелсе, екі мәрте төлеу жоқ деген! Онда, Арасанбай батырдың өз обалы мен сауабы өз мойнында деп, азат етіп қоя беру керек! Салауат, өткенге салауат! Сақа би: Салауат, салауат! Көбеген бидің сөзі жөн! Елдің бірлігі мен бүтіндігін көздеген көреген шешім осындай болса керекті! Әлмұқан: Жоқ! Біз көнбейміз мұндай көбік шешімге! Сонда немене, кеше қан майданда Қожабергенді ажалдан құтқарып қалдым екен деп, бүгін келіп Алдоңғарды өлтіре беруге бола ма?! Алдоңғардың қанын төккен жауыздығын Қожабергенге істеген жақсылығымен жуып-шаймақ па!? Сіз, Көбеген би, немене, Алдоңғар батырдың құнын Қожаберген бимен төлетіп тұрсыз ба?! Бұл қай көрегендігіңіз?! Көбеген би көреген, қалған қазақ көрсоқыр деп ойлайсыз ба әлде!? Жоқ, біз қарсымыз мұндай қисық, қыңыр байламға! Төрелігін төбе бидің өзі айтсын! Мерген: Иә! Қожаберген би айтсын! Көпшілік: («Дұрыс! Дұрыс! Қожаберген айтсын! Қожаберген!» – деп шуылдап кетеді). Мерген: Ал егер айта алмаса, қара қылды қақ жара алмаса, біз өзіміз шығарамыз билікті! Уа, Алдоңғар батырдың құнын жоқтаған ағайын, бармысың, қане, қайдасың!?! Алдоңғар! Алдоңғар! Көпшілік: («Алдоңғар! Алдоңғар!» – деп ұран салып, дүрлігіп кетеді). Қожаберген: Жә! Даурықпаңдар түге! (Мерген батыр оң қолын шапшаң көтеріп, белгі береді. Жұрт бірден сабасына түсіп, тынышталады). Қасым ханның қасқа жолынан, Есім ханның ескі жолынан жаңылмаған қазақ едік! Тәуке ханның тура жолынан да тайқып кетуге болмайтынын ұғатын кездерің болды ғой! Ал Жеті Жарғыда: «Жазықсыз, қасақана кісі өлтіргендер өлім жазасына кесіледі!» – деп тайға таңба басқандай етіп анық жазылған! (Тебіреніп, ауыр ой үстінде әрлі-берлі жүреді). Елге ойнатып Қайраулы көк найзасын,
Момындарды
Көкжал қойдай соймасын.
Кім де болса
Өлтірерде біреуді,
Өзі бірге
Өлетінін ойласын!
Кесім айтам,
Батса дағы жаныма,
Әділ болмас,
Тартсам егер қаныма.
Ел не дейді
Өзім адал болмасам,
Өзім жазған
Жеті Жарғы заңына!
Үлгі болсын, Асып туған алғыға, Болсаң да алып, Ел заңынан қарғыма. Жеті Жарғы Бағынбайды ешкімге, Барлық қазақ Жүгінеді Жарғыға! (Ширығып, шұғыл тоқтап, көпшілікке тік қарап тұрып, кесіп-кесіп айтады). Серен Доржы ноян Алдоңғар батырдың әйелін қалай бауыздаса, өзі де солай қылыштан өлсін! Басын кесіп алыңдар! Мәйітін қалмақтар сұраса, беріңдер! Біздің жарғымыз өліктерді жазаламайды! Ал, Арасанбай батыр жарау күлігіне мінсін, жалаң кебенегін кисін! Ағызып келіп, алты құлаш ақ жардан атын қарғытып, оппаның орынан орғып өтсін! Өтсе – кеткені, мендегі дауы біткені! Өте алмай, ор түбіне құласа, тағдыр үкімі жеткені! Сақа: Билігіңе құлдық! Басар: Айтқаныңа тұрдық! Мерген: Жоқ! Біз келіспейміз кесіміңе! Ол шабандоз, аты жүйрік, оп-оңай орғып өте шығады! Әлмұқан: Бұл сенің дауыңның бітімі! Ал, Алдоңғардың құны қайда?! Қожаберген: Жә, сабыр! Мұнымен сөз біткен жоқ! Ордың бергі шетінде Алдоңғар батырдың інісі Мерген батыр құныкерін
бағып тұрсын! Алда-жалда Арасанбай арғы бетке дік түссе, бір
мәрте атуына рұқсат! Көн садақтың ішіндегі көбе бұзар қозы
жауырын қу жебеге тапсырдық тағдыр жеребесін! Көк желкеден
кесіп ат, телшігінен тесіп ат! Оққа ұшып өлсе – Алдоңғарға атқан
оғы өзін қайта тапқаны, өз қанына батқаны! Аман қалса, алды-
артына бір уыс топырақ, сол бетімен ұшты-күйлі жоғалсын қазақ
елінен! Үкім осы!
Көбеген: Үкім осы!
Әлмұқан: Тоқтадық осыған!
Сақа: Тәуекел! Ендігісі құдайдан!
Басар: Тәуекел!
Жасауылдар: Ал, тарт! Тартыңдар!
Жасауылдар үкімді үнсіз тыңдаған Арасанбай мен Серен
Доржыны ала жөнеледі. Жұрттың бәрі соларға ілесіп кеткенде,
Қожаберген жалғыз қалады. Теңселіп, әрлі-берлі жүреді.
Қожаберген: Елім-ай! Елім-ай!
Елім демей, не дейін! (Ыңылдап, күңіреніп): Елім-ай! Елім-ай!
Елім-ай!
Мына заман қай заман, ауған заман,
Қара аспаннан қар борап жауған заман.
Ылаңдатса іштегі шұбар жылан
Қай-қайдағы қаптаған жаудан жаман!
Елім-ай! Елім-ай!
Жер-көктің бәрі қиқуға толып, дүбірлеген тұяқтар мен да-
былдың үні қан қыздырады. Қожаберген үнсіз ойға батып отыра
береді.
Жасауыл (жүгіре басып келеді): Шешім әділ болды! Құдай
берді жазасын! Арасанбай ақ кебінге оранып, ордан орғып өтіп, ақ
боз атпен әрі қарай құйындата жөнелгенде, қап десіп-ақ қалып ек!
Бірақ, Алдоңғардың інісі Мерген батыр нағыз ер екен! Қырдан
асып, көкжиекке іліне бергенде қақ жауырын ортасынан бір-ақ
тартты! Төбесімен тік түсті! Барып қарасақ, тіл тартпай кеткен
екен! Көбе бұзар көк жебе кеудесінен тесіп шығыпты!
Қожаберген (үнсіз басын изейді. Жасауыл ақырын басып ке-
тіп қалады): Елім-ай! Елім-ай! (Қобыз сарыны талып естілгендей
болады). Қайран, елім-ай!!!
Кенет қиқу, айғай-сүрен, дабыл, ат тұяғының дүбірі естіледі.
Басар бастаған бір топ түсі суық жауынгерлер кіріп келеді. Ішін-
де ерлерше киінген, қару-жарақ асынған Бұлғын да бар. Қожабер-
ген аңтарыла қарайды.
Басар: Уа, Қожаберген би! Мен, Басар батыр, бүкіл ағайындарымды бастап атқа қондым! Арыстай ағамызды ажалға байлап берген ел енді бізге ел болып жарытпас! (Екінші жақтан қарулы ағайындарымен Сақа би келіп қалады). Осы бетпен қалмақ асып кетеміз! Серен Доржының денесін алып барсақ, бізбен жылап көрісер жоңғар! Бірақ, мен кетсем жай кетпеймін! Сен жалмауызды жайғастырып кетемін... жарғыңмен қосып! Басар мен сарбаздары қаруларын көтеріп, Қожабергенді қоршай бастайды. Сақа би (араға түсіп): Тоқтат! Тоқтат бассыздықты, Басар батыр! Төрелікке тоқтаған антың қайда!? Басар: Би аға! Сіздің ініңіз, менің ағам, арыстай Арасанбай батырдың қаны судай төгіліп, аяққа басылып қор болып жатқанда, сіз қайдағы антты айтып тұрсыз? Қылыш үстінде серт жүруші ме еді? Басар Басар болғалы, қара түгіл ханға да, жоба түгіл заңға да бас ұрып көрмеген! Ендігісін ақ найзаның ұшы мен ақ білектің күшіне тапсырдым! Еріңдер соңымнан! (Көпшіліктің бір бөлігі еліріп: Баста, Басар батыр! Аттан! Аттан! – деп, көтеріле бастайды). Сақа би: Жә, елірме түге! Тоқтат! \Көпшілік басылып қалады.\ Басар шырағым, сабаңа түс, ақылға кел! Саған еріп, туған елді тастап, қалмаққа қаңғып кететін қайыршы деп пе едің бізді? Жаманжақсы болса да, мен осы елдің ақсақалымын! Қаласа – сақа қып қояр, қаласа – асық қып ойнар, бәріне де мақұлмын! Өз елім – өзегім, өз жерімде өсемін! Хақтан бұйрық жеткенде, өз жерімнен көшемін бақиға! Басар: Мейлі! Қалсаңыз, өзіңіз қала беріңіз! Қаусаған шалдың сүйегін саудырлатып сүйреп жүру де оңай емес бізге! Сақа би: Мен жалғыз қалады деп кім айтты?! Уа, мен деген ағайын, бауыр! Шық былай! (Көпшілік қақ жарылып, бір тобы Сақа би жаққа шығады). Қожаберген би, қарағым! Біздің дауымыз біткен! Жұрт болып, жарға жығылмас үшін, тоқтадық жарғыға! Көпшілік: Тоқтадық жарғыға! Қожаберген: Олай болса, осымен сөз бітсін! Басар батырдың бас асаулығын жастыққа жатқызып, жауабын сұрамай-ақ қояйық! Сақа би, аға! Өз қарауыңыздағы жұртты тыныштандырып, Алдоңғар батырдың туыстарымен ынтымаққа келтіріп, ел іргесін нығайта түсуді ойлаңыз! Сақа: Өзімнің де көздегенім сол, Қожаберген қарағым!
Басар: А-а, солай де, билер! Көздегенім сол дейді! Өтірік! Сендердің көздегендерің ел бірлігі емес! Өздеріңнің қарақан бастарың мен құлқындарың! Жоқ, мен бұған төзе алмаймын! Аттан! Аттан! (Қылышын суырып алып, Қожабергенге дүрсе қоя береді). Уа, аруақ! Аруақ! Қожаберген \қылышын суырып алып, Басардың қылышын қағып-қағып жібереді:\ Тоқтат! Тоқтатыңдар! (Басардың жақтастары қаруларын көтеріп, қоршай бастайды. Сақа би бас болған көпшілік ара түсіп, оларды бөгейді. Бірақ, қанына қарайған Басар батыр мен серіктері ештеңеге қарамай, қиқулап, еңсеріп, бұларды тығырыққа тірейді. Сол кезде «Аруақ! Аруақ!» деген қатты ұран естіліп, Әлмұқан би мен Мерген батыр жауынгерлерімен жетіп келіп, қаруларын оңды-солды сермеп, Басардың тобын тойтарып тастайды. Мерген мен Басар бетпе-бет келіп, бар пәрмендерімен аяусыз қағысып барып, бір тоқтайды). Мерген: Уа, Басар, ер екенің шын болса, кел жекпе-жек! Бостан босқа бауырлардың қанын төкпейік! Басар: Келсең кел! Менің де іздегенім сен едің! Мерген: Жігіттер! Шайқасты доғарыңдар! Қанды кек Басар екеуміздің арамызда! Біріміз өліп, біріміз қалмай бітетін түрі жоқ екен ақыр, олай болса, жекпе-жек шешсін! Осымен екі рудың кегі бітсін! Тоқтаймыз ба осы сөзге!? Басар: Тоқтаймыз! Көпшілік: Тоқтаймыз! Мерген: Ант етеміз! Басар: Ант етеміз! Көпшілік: Ант етеміз! Мерген: Ал, ендеше, Басар батыр, кел бері! Барыңды салып қал! Басар: Қапы қалма, Мерген батыр! Басар баса тартқанда, қара нарды қақ бөлген! Мерген: Қаруы жоқ нарға жүрген қайратың маған жүре қоймас! Ал, қане! Екеуі аяусыз шабысып, бірін-бірі кезек еңсеріп, ала алмай жүреді. Ақырында Мерген батыр Басардың қылышын қағып түсіріп, шалқасынан түсіреді. Ашумен төніп келіп, қылышын құлаштай көтере береді. Көпшілік сілтідей тынып, енді Басар өлді-ау дегенде, манадан бетін басып отырған Бұлғын тұра ұмтылады.
Бұлғын (шырылдап келіп, Мергеннің қолына жармасады):
Тоқта, тоқтал, Мерген батыр! Сабыр ет! Тым болмаса, кіші ағам-
ның қасық қанын қи маған! (Мерген сәл бөгеліңкіреп қалады).
Әлмұқан: Уа, Мергенжан! Балам! Бер тілегін Бұлғынның!
Байла, Басардың құнын қыз жолына! Мәрт едің ғой!
(Мерген қылышын түсіріп, кейін шегінеді).
Қожаберген (Басарға): Осы бетіңмен қайырылмай кет елден!
Алды-артыңа бұрылма! Қайтып бұл топырақты баспайтын бол!
Бірде-бір адам ермесін бұған! (Басар орнынан тұрып, баяу басып
кете береді).
Бұлғын: Ағатай! Басар! Қайт райыңнан!
Басар: Қарындасым! Бірге туған Бұлғыным! Ер соңымнан!
Қожаберген: Тоқта, Бұлғын! Бір ауыз сөзін тыңда Алашың-
ның! Жоңғардың бір жайсаңына қор болғалы барасың! Ағаң Ба-
сардың ойы сол! Бір қалмаққа қатын ғып беріп, құда болып, сана-
тына кірмек қой! Ақылына көркі сай қарагөзім-ай, қандас бауыр,
қара орман қазағыңа мәңгілік жат болып кете бермексің бе?! Тоқ-
та, тоқтал, жарығым! Өзге жерден бақыт іздегенше, өз еліңде жай
өркеніңді! Елдестір екі ағайынды! Сендер ойламасаңдар, кім ой-
лайды мынау елді!? Қайран елім-ай, елім-ай!
Басардың соңынан ере беріп, Бұлғын қалт тоқтайды. Артына
ақырын бұрылып, зілдене қарап, күтіп тұрған Басар мен сыр бер-
мей, сұстанып тұрған Мергеннің екі ортасында теңселіп тұрады.
Қожаберген бастаған қалың топтың айбарынан сағы сынған Ба-
сар ауыр бір күрсініп, үнсіз кете береді. Оның соңынан біраз
ағайындары ілеседі. Екі арада есі шығып, әрлі-берлі теңселіп жүр-
ген Бұлғын дәл ортада бүк түсіп отырып қалады. Мерген батыр
ауыр қозғалып, ақырын жанына келіп, қолынан ұстайды. Тұтасып
тұрған қалың қазаққа сарбаздар мен ел-жұрт келіп қосыла береді,
қосыла береді... «Елім-ай! Елім-айлаған» әуен жер-көкті керней
береді.
Соңы. 15. 01. – 1. 12. 2015 ж.
ЕРКЕГІ БАР БОЛҒЫР...
Екі суретті, жеті көріністі комедия
Рахымжан мен Сәуле Отарбаевтарға
арнаймын
Қатысушылар:
Майке – 60 жаста
Жұмбақтас – актриса қыз
Орынтай – облыс әкімінің орынбасары
Мәлике – министрдің зайыбы
Базаркүл – саудагер әйел
Гүлжиян – кәсіпкер
Айгүлсім – жұмыссыз келіншек
Дәмеш – жұмыссыз келіншек
Сәбира – «мотоциклист» келіншек
Нілзия – атты келіншек
Хатшы қыз
Ақжайық – аралдағы қыз
Вокзалдағы жолаушылар – ауыл, қала әйелдері.
БІРІНШІ СУРЕТ
Бірінші көрініс
Вокзал. Абыр-сабыр, даңғыр-дұңғыр, әлдеқайда асығып, сапы-
рылысып жатқан әйелдер. Дүрсілдетіп, ысқырып поездар өтеді.
Күту залына қазақша әсем киінген, сәні келіскен, шаршаңқы Май-
ке келіп, шеткі бір оңашалау орындықта отырған Дәмештің қа-
сына жайғасады.
Майке: Уһ, Алла-ей, екі аяғым салдырап, белім үзіліп кете
жаздады ғой, ала жаздай шұбырып, ақтылы қойды аттылыдан қал-
май жаяу қайырғанда да бұлай қалжыраған жоқ шығармын!
Дәмеш: Даланың ауасы дәру ғой шіркін! Қала кісіні нетіп...
жеп қояды! Ығы-жығы, қыбыр-жыбыр... айтпа! Сол далаңда таза
ауаңды жұтып, тып-тыныш нете бермей, неменеңе сүлдеріңді сүйретіп, сілікпеңді шығарып, өнер бастап жүрсің?! Майке: Қайбір жетіскеннен жүр дейсің аяғымнан таусылып?! Әділдік іздеп жүрмін! Дәмеш: Ой, апа, әділдік, шындық іздеп жүрмін деп көз бояп, шын мәнінде пәле қуып жүретін арызқойларға ұқсамайсыз. Апа болып, ақыл айтар шағыңызда аттандайтындай не күн туды басыңа?! (Бірнеше әйел жақындап келіп, үйіріліп тұра қалады). Майке: Бері қара ендеше! Менің құдай берген сегіз балам бар. Сегіз бала туып, өсіргенім үшін маған мидал беру керек заң бойынша. Кезінде селсебет қасақана істеді ме, жаңылып кетті ме, әйтеуір мен тізімге кірмей қалыппын... далада мал бағып жүрген кісіні керек қыла ма? Қысқасы, мидал жоқ, мидал болмағасын пенсияға тиесілі қосымша да жоқ! Балдардың бәрі, құдайға шүкір, ержетіп отыр, дәкүменті бәрі дұрыс, бірақ мидалсыз қосымша берілмейді екен! Біразға дейін үндемей жүрдік ұялып... балдарды саудаға салғандай болармыз деп... Заң бойынша тиісті нәрсені алмаған да ұят, былай қарасаң... тіршілік қой баяғы... «Өй, балдарың да ер жетті, солар асырасын», – дейді бір бастық әнеукүні. Сонымен жүрміз міне, басымыз қатып... ертең әкімге жолықпақшымын! Әйелдер: – Бару керек! – Алу керек! Тулап, шулап, қоймасақ, бізді керек те қылмайды бұлар! Адамға емес, қағазға сенеді! – Иә, тәуелсіз ел болсақ та, қағазға тәуелділіктен құтыла алмадық-ау! – Бұлар ма, бұлар оңдырмас! – Өй, бұлардың істемегені бар ма? Шетімізден қысқартып, жұмыссыз қаңғыртып қойған жоқ па?! Дәмеш: Қайсыбірін айтасың? Менің өзімді ғана нетіп жіберсе бір сәрі-ау, жұмыс орнымды, тұтас мекеме – ауылдағы балабақшаны түгелімен бір-ақ сәтте, бір-ақ сызып, біржолата жоқ қылды! Ол түгілі, бүкіл ауылды жауып тастады! Ұғасыңдар ма? Сыя ма ақылдарыңа? Қара қазандай қайнап жатқан қайран ауыл сөнген пештей үңірейді де қалды! Бұларға ерегіскенде, бүкіл ауылдың құнын даулағалы кеп тұрмын! Әйелдер: – Қаланы да қарық қылғандары шамалы... – Өлмес күндерін әрең көріп, кәрі-құртаңдар қалтылдап қалды! – Сақа кісілер салпылдап қалды! – Жас жеткіншектер жалпылдап қалды! – Коммуналдық қызмет құны кісі құнынан асып кетті!
– Тапқан табысың төлеуден артылмағаны тіпті сұмдық екен! – Тығырыққа тіреліп, ашынған соң қылмыс жасамағанда қайтеді жұрт?! – Кісіні ашындырып, қылмысқа итермелеп, артынан оны ұстап, соттауға жіберген ақшаны сол қылмыстың алдын алуға, яғни әлгі тарыққан адамдарға жұмыс беріп, жалақыға неге жұмсамайды екен? – Е-е, бұларға айттың не, айтпадың не? Дәмеш: Бұлар ма, бұлар ешкімді оңдырмас... Майке: Әй, осы бұлар деген кімдер? Дәмеш: Бұлар деген... бұлар! Тек қана біз емес әйтеуір! Майке: Сонда бізден басқаның бәрі бұлар ма? Бізден басқаның бәрі бүлдіріп жатыр ма? Дәмеш: Иә, біздің қиындықтарымызға бізден басқаның бәрі бейнауат! Майке: Қайдам... әйтеуір қайда барсаң да, кіммен сөйлессең де бітпейтін бір бұлар бар. Бірдемеге ренжісек болды, бәріміз де «Бұлар ма, бұлар сүйтеді... Бұлардан шығады...» деп, саусағымызды безеп, кінәлай кетеміз ғой! Сол бұлардың аты-жөні, әдресі бар ма дегенім ғой! Дәмеш: Соны өзіміз де білмейміз... білгіміз де келмейді! Ашуызамызды тарқататын бітпейтін бір бұлардың болғаны да жақсы... Майке: Айдаладағы бұларда жұмысым жоқ, мен кәңкіретіні әкімге кіргелі тұрмын! Әйелдер: Біздің де айтатын біраз арызымыз бар, біз де сіздермен бірге кіре қояйық! (Майкеге) Сізді алдымызға салып бармасақ, бізді маңынан да жүргізбейді! Майке: Көтек! Қаланың қағынды қатындарын жиып-теріп ап келіпсің деп ертең өзімді әуре ғып жүрер, шырақтарым! Пәлесінен аулақ! Бүкіл өкпе-наланы мен келгенде көріп қалған екенсіңдер! Әйелдер: Е-е, сіздің сөзіңізден тұтанғаны өтірік пе? Микрофон, мінбе, телевидение ғана жетпей тұр, вокзалда әйелдер ереуілге шықты деп дүниежүзіне шулататын! Міне, оппозицияның лидері боп шыға келдіңіз. Майке: А-а! Ақбазда мал бақсам да, әппәзи боп көргем жоқ! Әппәзиің де, әбзиің де өзіңе, мен ауылдан келген ақкөңіл апаларыңмын! Әйелдер: Саспаңыз, апашка! Бізге қалқан боп тұрсаңыз болды, қалғанын өзіміз қатырамыз! Көп балалы ана, әрі ауылдан мынадай көненің көзі – ұлттық киіммен келген соң сіздің колоритіңіз кере-
мет, рейтингіңіз жоғары деп жатқанымыз ғой! Әйтпесе, бәрібір
барамыз әкімшілікке! Олар құлақ аспаса, одан да жоғарыға, Аста-
наға, тіпті аспанға дейін барамыз!
– Ой, апа, лидерден неге қашасыз, жұрттың қолы жетпей жат-
қанда... Лидер болсаңыз, телевизордан сөйлейсіз, санатқа кіресіз.
Сенатор да болып кетуіңіз мүмкін! Қысқасы, сізбен бәрі санасады!
Майке: Адырам қал! Сонда түк бітірмей, құр қызыл тілді безей
бергеннің бәрі санатқа қосыла берсе, санаттың сапасы не болады?!
Қойыңдар, шырақтарым, елден ұят тағы, сендерге көсем бола ал-
маймын!!! Мидалы бар болсын, мемлекеттің тыныштығы керек!
Әйелдер: Бәрібір барамыз! Мұңымызды шағамыз! Бастықтар
көз бояған көрме шындықты емес, нағыз шындықты білгісі келсе,
вокзалдардан сұрасын!
Көшелерден, көше кезгендерден сұрасын!
Жұмыссыздардан, қысқарып, керексіз боп қалғандардан сұ-
расын!
Торыққандар мен тарыққандардан сұрасын!
Халықтан сұрасын!
Біз қалай өмір сүреміз? Берсін бізге бір жауабын?!
Барамыз! Сұраймыз!!!
Барлығы гуілдесіп кетеді.
Екінші көрініс Облыс әкімі орынбасарының қабылдау бөлмесі. Орынбасардың есігі жабық тұр. Хатшы қыз телефонмен сөйлесіп отыр. Хатшы қыз: Хэлоу! Иә, иә, мен ғой. Сен қандайсың? Тә-әк, кеше не болды сонымен? Кешке дейсің бе, жо-жоқ, ты че, кешке дейін ішім жарылып кетер! Қазір тез, тез айта ғой! (Гүлжиян мен Айгүлсім кіреді). Гүлжиян: Сәлеметсіз бе? Басекең бар ма екен?! Хатшы: Жоқ! Кейін келіңіздер, сіздерге қарайтын уақыт жоқ. Мен бір өте тығыз жұмыспен отырмын! Айгүлсім: Біз де бір шұғыл шаруамен кеп едік, тым болмаса жөнін айт. Бір-екі ауыз жылы сөзіңді аяйсың ба, айналайын! Хатшы: Қолым тимей жатыр! Аузым да бос емес! (Телефонға) Тәк, тәк, ништяк! Да-а! Ой, как мило! Біздің бойфрендтердің ми клеттеріне ондай ой кірет деген қайда! Ол райт, кәңкіретіні! Ну, саған зер гут, здорово! А то жұмыс істей алмаушы едім, иә, психотренинг! А-а, не дейсің? А как же, ноу проблем, сен не, өткен
жолғысын жіберіп алып па едің? Обшым, былай... А-а, сен тек Самантаны қараймын деп, базар жоқ. Жулиано Матеоны жақсы көреді. Матео да Жулианоны сүйеді, бірақ Розаннаға үйленеді. Ал Жулианоны Марк Антониоға қосады, бірақ, короче, екі жігіт те Жулианоны, ал екі қыз да Матеоны ұнатады! Әне, қандай ғажап, шетелдегілердің өмірі... прәмі сказка! Гүлжиян: Әй, сен өзі кино айтып отырғаннан саумысың? Бытықы-шытықы көпіріктің неменесі скәзкі?! Жулиан, Жулиан деп жұлынғанша, алдыңда тұрған Гүлжиянның жағдайын ойласаңшы! Хатшы: Ойлағанде не пайда? Бастық жоқ, бастықсыз сағыз да шайналмайды қазір. Тұра тұрыңызшы, сәл сабыр етіп, кәйіпті бұзбай! Ана жақта аузының суы құрып өліп бара жатқан жоқ па! (Екінші телефон шылдырлайды). Міне, бізге дамыл жоқ, ылғи осы қарбалас, стресс... бес минут расслабиться етіп, әңгімелесуге де мұрша жоқ! (Телефонды алып) Да! Жилье? Ой обождите, жильедан да жедел мәселелер болып жатыр! (Бұл телефонды қойып, бірінші телефонға) Сонымен Жулиано Марк Антониодан Матеоға келгелі жатыр... Айгүлсім: Әй, жалбыр шашты албасты! Жулианың не, әй, жұрттың жүйкесі жұлым-жұлым боп тұрса! Таста андағы телефонды, тап жылдам бастықты!.. Хатшы (телефонға): Обшым, солай, прогноз бойынша, Жулиано мен Матео қайта қосылатын сияқты! Шу дейсің бе... мына жақта біздің Жулиандар ғой, жұмыс-жұмыс деп жұлынып, жынданып жатқан. Селяви! Адью! (Телефонды қояды. Осы кезде Майке, Дәмеш, тағы бір топ вокзалдағы әйелдер дабдырлап «ал, жүр!», «сен кір!», «жоқ, сен, сен» десіп, кіріп келеді). Иә, не болды сонша, ат қорада жүргендей даңғырлап! Ти-хо! Бұл әкімшілік! Өздеріңді өздерің дұрыс ұстай алмасаңдар, бірде-бір жұмыстарың бітпейді – это я вам гарантирую! Дәмеш: Шүлдірлемей, дұрыс сөйле қазақша, әй, кекшеңдеген шөпшек бас! Хатшы: Мен нормальный тілмен сөйлеп тұрмын! Біз қазір қос тілдіміз, жаман ба екен екі тіл білген? Біз – амфибия! Майке: Көтек, әмпәйі несі тағы? Кіммен әмпәй? Хатшы: А-а! Антей! Тоже резонно! Ана тілден айрылмаймыз, қорықпаңыз! Бірақ, тіл білдім екен деп, әркімді жаман сөзбен тілдей беруге болмайды ғой. (Айгүлсімге) Жаңа сіз мені не дедіңіз?!
Гүлжиян: Жоқ, ол кісі сізді тілдеген жоқ, мақтады! Албасты
деген жоқ, жалбыр шашты алғашқы деді! Яғни, модының перуайы
деді!
Хатшы: Ладно! Вообще-то дұрыс айттыңыз, мұндай шашты
Көкшетауда бірінші болып бастаған мен!
Гүлжиян: Иә, өзіңе сондай жарасады, дудырап тұрғаны қан-
дай, шөмеле құсап!
Хатшы: Че такое шөмеле?
Гүлжиян: Ой, ол ескінің бір әдемі ою-өрнегі ғой, Томирис за-
манынан қалған!
Хатшы: О кей! Томиристен қалса, тамаша екен! Бір көрер ме
еді шіркін!
Гүлжиян: Бұйырса көрерсің! Мына шаруамды ыңғайына кел-
тіріп берсең, шөмеле түгілі, маяны да аямаймын! Тек мені әкімге
жолықтырып жібер!
Хатшы: Әкім жоқ! Бұл замының кеңсесі!
Айгүлсім: Зам ба, сам ба, хам ба, маған бәрібір! Маған әлгі әй-
елдермен айналысатын әкім керек!
Хатшы: Әйелдермен бәрі де айналысады!
Айгүлсім: Ендеше, мені соған кіргіз!
Хатшы: Жоқ, кіргізе алмаймын! Ол кісі жоқ! Мәселеңіз қан-
дай?
Айгүлсім: Мәселем бе, мәселем, мәселенки...
Гүлжиян (хатшы қызға): Әй, айналып қана кетейін, мыналар-
ға байқатпай, мені лып еткізсейші! Мен сенің қолыңа жып еткізей-
ін...
Хатшы: Ой, менің қолым қашанда ашық болғанымен, әкімнің
есігі жабық тұр ғой! (Тартып көрсетеді). Міне, кілттеулі тұр!
Гүлжиян: Онда бір бос кезінде маған айта қойсаң...
Хатшы: О кісілердің басқа кезі болса да, бос кезі болмайды!
Айгүлсім: Сонда не істей береді екен? Шаршамай ма дегенім
ғой...
Хатшы: Ылғи делегацияларды қарсы алып, шығарып салу,
жиналыс...
Дәмеш: Әй, бір рахат жұмыс екен, қонақтарды қарсы алып,
шығарып салып тұрса. Сосын жиналыстан жиналыс, ертелі кеш
еңіретіп сөйлеу, со да жұмыс боп па? Сонда жұмысты кім істейді?
Хатшы: Ой, сіз қызық екенсіз, сол жиындарда шешіледі ғой
барлық мәселелер, жоспарлар...
Майке: Қайдам, қарағым, сол жиналыстарыңның пайдасынан
зияны көп шығар. Ауылдың әл-ауқатын көтеру туралы жиналысқа
шапқылай-шапқылай біздің ауылдың бастығы қолдағы азғантай
қалған-құтқанның бәрін түгел бензинге жұмсап бітірді! Жоғарыда
отырғандарға жұртты жинау оп-оңай көрінеді-ау деймін, ал біз
байғұсқа сол жиналысқа келу дегенің қып-қызыл шығын екеніне
шынымен ақылдарың жетпей ме, жоқ әлде қасақана істейсіңдер
ме?! Бізді құртқан жиналыс!
Хатшы: Оны маған несіне айтасыз, бастықтарға айтыңыз! Біз
орындаушы ғанамыз! (Телефон шылдырлайды. Хатшы қыз труб-
каны алып): Иә, иә! Есікті аш дейсіз бе? Мында бір топ әйелдер
отыр. Мейлі ме? Кетпейміз дейді сізге жолықпай, күтеміз дейді!
Жарайды! (Есікті кілтпен ашпақ болады. Кілті дұрыс келмей,
әлек болады). Қап, мына қырсықты-ай! (Ар жақтан есікті тақыл-
датып, жұлқылап жатыр). Қазір... қазір, сәл сабыр етіңізші, кілт
түспей жатыр!
Майке: Бетім-ау, сен өзі бастықты кілттеп қойғаннан саумы-
сың?
Хатшы: Енді... өзі айтқасын...
Майке: Тапа-тал түсте кімнен тығылып жүрсіңдер?
Дәмеш: Қасында іжгім жоқ па еді әйтеуір?!
Хатшы: Жоқ! Кім болуы керек оның қасында?!
Дәмеш: Қайдам... баяғыда біздің ауылдың парторгы кешке та-
ман комсоргты канторына кіргізіп алып, есікті іліп алып, нетейін
деген ғой...
Айгүлсім: Комсоргың ұл ма, қыз ба?
Дәмеш: Қыз болғасын іледі дағы есікті! Содан парторг нетейін
десе, камсорг нетпей, екеуі алысып-жұлысып, айқай-шу болып,
жұрт жиналып қалады. Есікті ашайын десе, өстіп кілті бұзылып
қалып, әрең дегенде есікті бұзып, құтқарып алған!
Хатшы: Жоқ, біздікі жұмыс уақытында нетпейді! Жалғыз өзі
бір қағаздармен отырған.
Гүлжиян: Ал, кәне, көптеп, көмектесіп, басекеңді азаттыққа
шығарып алайық, бір керегі болар!
Майке: Әй, шопырыңды шақыра қойсаңшы!
Хатшы: Қай бір оңған шопыр бар дейсің?
Майке: Біздің бастықтар қит етсе шопырын шақырады! Шо-
пырдың тыңдырмайтын шаруасы болмайды!
Хатшы: Біздікі шопырынан қашып жүреді!
Дәмеш: Бұған бір сүймен болса...
Гүлжиян: Сүйменмен сүйкеп жіберетін сиыр қораның қақпа-
сы деп пе едің? Бұл – контора!
Дәмеш: Е-е, немене, біз жаңа бұзып жүр дейсің бе конторды?
Ауылдың конторын түк қоймай нетіп жібергенбіз... Ой, совет өкі-
меті құлаған кезде неше түрлі тамаша болды ғой ауылда, несін ай-
тасың! Ауылдағы бардың бәрі тоналып бітіп, қақиып жалғыз кон-
тор қалған. Бір күні қалжадан шыққанбыз, «әй, ақыры жұмыс істеп
тұрған жоқ, бүкіл еңбегімізді жеп кетті, осының өзін реттеп алай-
ық!» – деп, қызып алған қатындар қаһарлана лап қойды! Түгін
қоймай талап кетті. Директордың жиналыс өткізетін үлкен үстелін
екі көкайыл арамен кесіп, қақ бөліп апты, бір-біріне қимай! Бәрі-
нен қызығы екі келіншек тлипонға таласып, түні бойы төбелесті-
ау! Оны қайтеді, әй, ауылда сбәз да жоқ, сым да жоқ! Артынан ми-
лиция кеп қысқанда, алғандарын қайтып берейін десе, дымға жа-
рамай қалған! Әй, жындылық-ай, жынды ғып қойған жалған-ай!!!
Гүлжиян: Жә, зарламаңдар, түге! Одан да келтір мұнда...
шапшаң!
Хатшы: Кімді? Нені келтірейін?
Гүлжиян: Келтір маған, әтіберткә!
Хатшы: Қазір қарайын... мына тырнақ егейтін жарап қалар ма
екен?!
Гүлжиян: Андағыңмен өзіңді егеп ермек қыларсың! Бұдан
басқа бұрайтының жоқ па?
Хатшы: Қайдан болсын бізде? Еркектерде болмаса... оған та-
бан астынан еркекті қайдан таба қояйын?
Гүлжиян: Жә! Көрелік лекерлеп! (Тырнақ егейтінді алып,
есіктің тақтайын бекітетін шуруптарын бір-бірлеп алып тас-
тай береді). Бостан-босқа босатып жүрмейік. Бұ кісі біздің мәсе-
леге жауап бере алар ма екен өзі?!
Хатшы: О кісілер сұңғыла ғой, шіркін! Кез келген мәселеге
қолма-қол жауап беріп, кез келген тақырыпта ойланбастан суыры-
лып сөйлей береді!
Гүлжиян: Жә, ол жағын көрерміз, мә, ұста мынаны! (Тағы бір
шурупты алып береді).
Хатшы: Өзіңіз бұрайтын нәрсе болса, бұрап алып тастай бе-
рудің шебері екенсіз ғой.
Гүлжиян: Е-е, немене, бизнесте банан жеу үшін жүр дейсің-
дер ме? Бұрап алуға, жұлып алуға жалмаңдаған тіршілік үйреткен
жоқ па? Мә, міне, осымен тәмам! (Есікті қаптаған жұқа тақтай-
ды жұлып алып, былай қояды. Ар жағынан сәнді киінген, әп-әдемі Орынтай шыға келеді). Орынтай: Амансыздар ма? Аварийный жағдайда кездесіп жатырмыз, аман болайық! Дәмеш: Мәссаған! Біздің бастық нетпейді дейсің, мынадай әпәдемі әйелмен талтүсте құлыптанып алып, қарт ойнай ма, нетпегенде? Хатшы: Жоға! Бұл кісі біздің бастық, облыс әкімінің орынбасары! Әйелдер: А-а! О-о-о!!! Айгүлсім: Әйел бастық болғаны қандай жақсы болды! Әйтеуір арызыңды құлақ қойып тыңдайды ғой. Еркек бастықтарға бара қалсаң, көздерімен ішіп-жеп, есіңді шығарады. Гүлжиян: Еркектің көзімен ішіп-жегеніне есінен тана қалатын сен немене сонша, жаңа туған бота ма едің? Айгүлсім: Жоға, енді, бастық адам ішімдегіні тап деп, тесірейіп отырғанда, қайтеріңді білмей, бір құбылып қалатынымыз өтірік пе?! Дәмеш: Құбылсаң да, қағынсаң да өзің біл, жұртқа тісіңнің қанын жақпа! Алдына барғанда елемей, есінеп отыратын еркегі бар болсын, мұң-шерімізге құлақ асатын әйел болғаны ғажап болды! Орынтай: Кешіріңіздер, сіздермен сырласып отыруға мұршам жоқ, дереу Астанаға аттануға мәжбүрмін! (Әдеп сақтап, әп-әдемі боп тұрған әйелдер шу ете түседі). Әйелдер: Жоқ! Біз сізді жібермейміз! – Арызымызды тыңдап, бір жауабын бермей, ешқайда аттап баспайсыз! Орынтай: Ал, мақұл, қыздар, тек қана таптаурын нәрселерді тәптіштемей, тез-тез, тоқетерін тәп-тәтті ғып тық еткізсеңдер, тамаша болады! Бос балтайтты қойып, шұғыл шалтайтқа көшетін кез келді, айналайындар! Жағдайдың бәрін де біліп отырмыз – сіздерге де, біздерге де оңай емес! Бірақ, сабыр етейік, бәрі де жақсы болады! Күйіп тұрған мәселелерді кәнтірөлде ұстап отырамыз! Дәмеш: Сендердің білгендеріңнен не пайда? Еш нәтиже шықпағасын, кәнтірөлдерің кімге дәрі?! Орынтай: Олай деп елді босқа арандатпаңыз! Болашаққа сену керек! Әйелдер: Қашанғы шыдаймыз? Мүлде қиналып кеттік қой! – Жұмыссыз қалған қыз-жігіттеріміз арақ пен нашаға салынып, азып-тозып бара жатыр!
– Халықтың денсаулығы нашарлап барады! Неше түрлі аурулар, бәле-бәтерлер қаптап кетті! – Аштан өл дейсіздер ме? Орынтай: Тым әсірелеп, артық кетпеңіздер! Аштан өліп жатқан ешкім жоқ қой! Дәмеш: Міндетті түрде аштан өлу керек пе? Адам құсап өмір сүргіміз келеді! Жүйкеміз әбден ширатылып, шетімізден шокнутый – псих боп бара жатырмыз! Орынтай: Айналайын, ай мен күндей әйелдер-ай! Өздерің ғана келгендерің қандай жақсы болды, еркегі бар болғырлар сөзіңді де дұрыс ұқпай, жанжалдаса кетеді! Сендердің жан дауыстарың біздің де жүрегімізді сыздатады! Қайтсек, жақсы болады деп, жарғақ құлағымыз жастыққа да тимей шапқылап-ақ жүрміз. Жоғарыдағылар да бәрін жақсартуға күш салып-ақ жатыр! Соны түсінсеңіздерші! Айгүлсім: Сіз бәрін жоғарыға сілтейсіз, өзіңіз бірдеңе шеше аласыз ба? Орынтай: Шешілетін нәрсені шешетін жерде шешеміз! Айгүлсім: Онда, бәлкім, маған бір септігіңіз тиер? Орынтай: Ал, айта қойыңыз! Айгүлсім: Менің күйеуім әйелдер правосын аяққа басып жүр! Дәмеш: Аяғын сындыру керек ондайдың! Орынтай: Оу, күйеуің қиқаңдаса, соған да үкімет кінәлі ме? Айгүлсім: Кінәлі болғанда қандай! Дұрыс жұмыс беріп, уағымен жалақысын төлеп тұрса, ерлердің қаны қараймас еді! Сондықтан менің күйеуімнің бұзылып жүргеніне сендер кінәлісіңдер! (Орынтай теріс айналып кетеді). Хатшы: Сізге бұл кісі жәрдем бере алмайды-ау деп қорқамын! Өйткені, өз күйеуін жөнге сала алмай, жүдеп-жадап жүргеніне жетпіс жеті күн болды! Сондықтан, ағашканы өзіңіз жүнін жұлған тауықтай қыларсыз. Айгүлсім: Ол бар болғыр жүндей бастасам, жүгіріп жүндесіне кетіп қалады. Соның ызасынан кеп тұрмын ғой үкіметтен көмек сұрап! Сөйтсек, өзінің де шекесі қызып тұрғаны шамалы екен. Таяныш қыламыз ба, сүйенеміз бе десек... Орынтай (шапшаң бұрылып келіп): Сендерді неге біреу сүйеуі керек? Біреу сүйемесе, қисайып қалатын бейшарасыңдар ма сонша?! Ал, бізді, үкіметті, мемлекетті сендер, халық сүйемегенде кім сүйейді, ә?! Әрбір адам ата-бабамыздың армандаған азат мемлекеті – менің мемлекетім деп сүймесе, сүйемесе, елдің болашағы не
болмақ, ә?! Тіреу болудың орнына, барлығың асылып алып, ырғайсыңдар кеп, ырғайсыңдар! Біз құласақ, не боласыңдар? Оны ойламайсыңдар! Ел үшін өздерің бірдеме тындырудың орнына, сынап-мінегенде, шетіңнен шешен, шетіңнен көсемсіңдер. Ал, сұрауға келгенде... чемпионсыңдар! Ақша керек пе – үкімет, басқа керек пе – үкімет, май керек пе – үкімет, жай керек пе – үкімет, ең аяғы бай керек пе – тағы үкімет! Немене, үкімет сендерге ағылтегіл, сутегін байбатша ма, бай бақша ма? Суырып бере қоятын менің қалтамда запасной байым бар дейсіңдер ме? Өз күйеуімді жолға сала алмай жүріп, жұрттың жұбайына не демекпін?! Дәмеш: Қаққанда қанын, сыққанда сөлін шығармайсыз ба? Орынтай: Еркелейді ғой маған! Сен дөкей бастықсың, ал мен сол д-ө-өкей бастықтың бастырығымын деп кеудесін дүңк-дүңк қағады тойып алса! Дәмеш: Мә-ә, сенікі де нете ме?.. Сілтей ме дегенім ғой... Орынтай: Сілтегенде, алысқа сермейді! Талай рет тойдан машинаны өзім айдап қайтқам. Айгүлсім: Күйеуің шопыр ма? Орынтай: Иә, шопырым! Өзі сондай қызғаншақ, қызметмызметіңді білмеймін, сен менің әйелімсің, қасымда болуың керек деген соң қайтеміз, шопыр ғып алдық. Гүлжиян: Рахат шығар, күйеуің күндіз-түні қасыңда! Орынтай: Несі рахат? Делегация, меймандар келгенде, қабаттасып, қасыңда жүреді! Онысы аздай, сілтеп-сілтеп алып, бірінші боп билеп кетеді! Гүлжиян: Е-е, оны өйтіп тайраңдатпай, тайқайтып жібермейсіз бе? Орынтай: Жоқ, негізі жаман кісі емес, бір жағынан балашағаның нәпақасы. Енем марқұм маған тапсырып кеткен, ерке балама бас-көз бол деп. Менің қасымда жүрсе, әйтеуір қорғаштап жүремін ғой. Көзімнен таса болса, жұмыссыз қалып, мүлде жүнжіп, жүң-жүң ішіп, жүн жеп кетер деп қорқамын! (Хатшы қызға) Біле қойшы, машинасы дайын ба екен? Хатшы: Машинасы дайын болғанмен, өзі дайын емес! Бағана звондаған ағай: «Өзі біледі ғой, біз Ләйлі – Мәжнүнбіз ғой», – деген. Гүлжиян: О, махаббат! Орынтай: Е-е, ләйліген мәжнүнмін дегені ғой ол! Мейлі, біз көрмеген құқай ма, бірдеме қылармыз! (Хатшы қызға) Онда сен жүр, Астана, Астана деп, құлақтың етін жеуші едің, бір керегің тиер! Ал, кеттік!
Әйелдер: – Жоқ! Жоқ!
– Атама тіпті! Аттап баспайсың осы жерден!
– Енді қайда барамыз? Үкіметтен сұрамағанда, көмекті кімнен
сұраймыз? Қаңғып қал, қараңды батыр, құрдымға кет дейсіңдер ме?
– Көмектеспейтін болсаңдар, митинг жасаймыз!
– Аштық жариялаймыз!
Орынтай: Ал, мақұл, дегендерің болсын! Менен қайран жоқ!
Сондықтан, менімен бірге жүріңдер де, жағдайларыңды сондағы
бастықтарға ауызба-ауыз айтыңдар! Ал, тарттық!
Әйелдер: Бәріміз бірдей бара алмаймыз!
– Шаруамыз бастан асып жатыр! Күнкөрістің қамы да баяғы!
– Өкіл жіберейік!
Орынтай: Мейілдерің білсін! Ал, ендеше, өңкей қыздар бір
шеру жасайық, жолшыбай шер тарқатамыз! Еркегі бар болсын!
Аттандық алпыс әйел Астанаға! (Батыл басып, алға тартады,
соңынан барлық қыз-қырқын ере жөнеледі).
Үшінші көрініс
Бір топ әйел шетелдік микроавтобуспен даңғыл жолда әнде-
тіп, әңгімені соғып келеді. Машинаның рөлі – оң жағында, жүргі-
зуші – Орынтай. Оның жанында ешкім жоқ, әйелдер – Майке,
Айгүлсім, Гүлжиян, Дәмеш, хатшы қыз салонда.
Айгүлсім: Әй, Гүлжиян, сен неменеге алашапқын боп барасың
Астанаға?
Гүлжиян: Жатқан-тұрған бай жоқ па деген үміт қой баяғы!
Дәмеш: Иә, күйі келіскен күйеулер күмбір-күмбір күмбез үйде
сені күтіп, керімсалға кеудесін төсеп жатқан-ақ шығар!
Хатшы: Шіркін, сондайлар біздің қолға түсер ме еді!
Айгүлсім: Е-е бұлар күйеу іздеп жүр, жұрт қашып бара жатса...
Гүлжиян: Айдың-күннің аманында дап-дайын байдан қашып
не көрінді, әй?
Айгүлсім: Ой, бұл бар болғыр еркектердің ессіздігінен-ақ ша-
шымыз ағарып біткен жоқ па? Біздікі бір жынды жүрген... бір үйде
қонақта болсақ, әлгі үйдің әйелін ал кеп мақтайды-ау! «Ойпырмай,
шайы қандай, майы қандай, бауырсағы қандай үлпілдеген, қабағын
бір шытпайды-ау!» – деп үздігеді-ай кеп! Онысы аздай, «сен неге
ондай емессің?!» – дейтінін қайтерсің? Қалай жарылмайсың? «Кет
айда, бар да соның қолына кіріп ал», – дейсің! Әне, жанжал қайдан
шығады!
Дәмеш: Фу, сен де, тамағы мен қабағын мақтағанға шала бүлініп жүрген. Біздікі сенікінен өткен жынды, ол тура басқа әйелдердің несін нетеді... Гүлжиян: Несін? Дәмеш: Несін әлгі... фигурасын мақтайды! Орынтай: О, сұмдық-ай! Шығар, шығар бұл еркектерден! Дәмеш: Бір күні бір бөтен жерге тойға барсақ, бір құрдасымыздың әйеліне айтады: «Сен менің жанымда тұршы, жұрт сені менің әйелім екен деп ойласын. Біздікін көрсе, мына бейшараның әйелі сіріңкенің шиі құсап шибиіп қалған екен», – деп күліп жүрер дейді шылп етпей. Қалай күймейсің? Гүлжиян: Анау келіншек ақ борықтай ма еді? Дәмеш: Үй, жоға, балпиып қалған, құстөсек сияқты, былқбылқ етеді, басқан сайын. Гүлжиян: Басқан сайын былқылдаса, жаман болмағаны ғой, байың бірдемені біліп тұр ғой! Дәмеш: Өй, адырам қалсын! Тал шыбықтай солқылдап тұрған өзімізге де «әлі күнге қыздайсың» деп қызығатындар аз емес! Өз күйеуің нетпегенге... қадіріңді білмегенге күйесің ғой! Айгүлсім: Кещелер өңкей! Бір күні «Мені жақсы көресің бе?» десем: «Иә, бәрінен сені жақсы көремін!» – дейді. «Әй, бәрі деп тұрғаның кім ол?» – десем, «Бәрі дегенім халқым ғой! Ал, халықтың жартысынан көбі әйелдер! Не, халқымды жақсы көргізбейсің бе?» – дейді. Қап, бәлем, бір қорқытайын деп сөйлемей қойдым! Бір күн, екі күн, үш күн үн жоқ. Ол да таскерең, мылқау, телевизорын көріп, темекісін тартып жүріп жатыр! Төртінші күні төзімім таусылып, түртінектей бастадым, өзімше бұлданыңқырап, еркелеген боламын ғой, баяғы! Сөйтсем, «Тағы да сөйлей бастадың ба? Үндемей жүргенде қандай рахат еді!» – деп қарап отыр! Үндеместі көрсетейін деп: «Мына үй маған надоело, кеттім!» – деп шығуға оқтала берсем: «Әй, тоқта, маған да надоел, мен де сенімен бірге кетейін!» – деп шығып бара жатыр! Гүлжиян: Сен қайттің? Айгүлсім: Қайтуші ем, күліп жібердім! Гүлжиян: Сосын не болды, әй? Айгүлсім: Не болушы еді, күлгесін бітті ғой шаруа! Дәмеш: Ондай күйеуден айналып кетпейсің бе? Біздікі бір жүрген көнтері! Бетіңе бір мейірлене қарап, жаным, мен сені жақсы көремін демейді ғой! Тым болмаса, аузымен алдай салса, әйел байғұс соған да мәз боп қалмай ма?
Айгүлсім: Жоқ, алдамасын! Алдағаны керегі жоқ! Шын жүре-
гімен жақсы көрсін! Және сол жақсы көретінін әдемілеп білдіріп
тұрса ғой, бұларға баға жетпес еді!
Орынтай: Өй, осы еркегі бар болғырдың ызасы-ақ өткен жоқ
па? Қит етсе қылт-сылт ете қалады, құдды бір кукла Барби!
Дәмеш: Осы күні өздері әбден ерке боп алды, шетінен бір нә-
зік жанды самурай!
Гүлжиян: Тура айтасың, нағыз сұмырай!
Орынтай: Ал, ендеше, ана қараңдар, екі сұмырай тұр селтиіп!
Гүлжиян: Мінгізіп ала кетейік, барғанша ермек қылып барар-
мыз.
Машина тоқтап, ірі денелі әйел – Базаркүл мен жас қыз –
Жұмбақтасты мінгізіп алады. Екеуі де еркекше киінген, қолда-
рында шағын сөмкелері бар.
Гүлжиян (Базаркүлге): Әй, ербиіп тұрғанға еркек екен десем,
қатын екенсің ғой!
Базаркүл: Иншалла, қатынбыз! Және анау-мынау емес, айғыр
қатынбыз!
Гүлжиян: Үй-бәй, сондай да болушы ма еді?
Базаркүл: Болғанда қандай! Баланы тауып, байды бағып, ба-
зарды қағып жүрген соң, айғыр болмағанда кім боламыз?! Үйдің
бұрышында үйездеген үркектерім, үйіріңмен кеп қалған екенсің-
дер, шеттеріңнен... а-а ... шырқ үйірейін бе осы?!
Гүлжиян: Жә, кісіней берме, өзің иіріліп қап жүрерсің! Өстіп
қуланып, ойнап отырғанды жақсы көремін!
Базаркүл: Немене, жұрт сенің ойыншығың ба ойнап отыра-
тын? Ойыныңды осайын ба осы! Қараптан-қарап кесірленіп, кісіге
тиісуге неге құмарсың?
Гүлжиян: Қайбір жетіскеннен сөйлейді дейсің! Өстіп қыр-
шаңқы сөздермен өкіртіп-өкіртіп алсам, шерім тарқап, денемді бу-
ған жыннан арылып, бір бусанып, босап қаламын!
Базаркүл: Е-е, сенің желің де, емің де белгілі болды! Бай керек
саған!
Гүлжиян: Оны маған кім беріпті?
Базаркүл: Мойыма, бұйырғаны болар! Мықты бір байға тиіп
алсаң, қатқаның жібіп, иің қанып, тәп-тәтті болып кетер ең!
Гүлжиян: Оған дау бар ма? Бірақ, маған өз көңіліме толатын
нағыз ер азамат керек!
Дәмеш: Ойбай, ондайға оңайлықпен жете аласың ба? Одан да
нелеу болса да нете бермейсің бе?
Гүлжиян: Сенің-ақ осы нетуің бітпейді екен! То анауың мынауыңды, то мынауың анауыңды нетет те жатат, нетет те жатат... және бір дұрыстап нетсе екен. Шынымен неткен шығар десең, әншейін не болып шығады. Дабай, нетер болсаң, дұрыстап нет, әйтпесе кет осы жерден! Дәмеш: Неткенде не ғой, шындап нетемін ғой, нететін жерде! Орынтай: Ойбай, анаң қара, анаң қара! (Бәрі алға қарайды. Алдарынан үшаяқты матасекіл шыға келеді, жүргізушісі жоқ. Лөлкесінде отырған біреу әупірімдеп рөлге ие болып, бұлғалаңдап келеді. Мыналардың зәресі ұшып: «Ойбай, құрыдық», «қирадық», «сындық», «тындық», «қап, осы еркектерден-ақ көрдік-ау көресіні» – деп шуылдап, жолдың екінші жағына қашса, матасекіл солай бұрылады, былай қашса, былай бұрылады, ақыры тормоз бергенде, екеуі сарт етіп соғысады. Бақырып-шақырып, аунап-қунап алады әйтеуір, бәрі де дін аман! Гүлжиян мен Базаркүл қаһарланып, матасекіл лөлкесінде бұғып жатқан Сәбираны жұлып алады). Базаркүл: Өй, еркек екен деп енеңді ұрғалы жатсақ, сен де қатын екенсің ғой! Гүлжиян: Әй, саған не болды? Матасекілді лөлкеде жатып алып айдайтын сен кімнің еркетотайысың, ә! Сәбира: Оны маған емес, менің байыма айтыңдар! Дәмеш: Оныңды қалай нетеміз? Сәбира: Оны өзім де білмеймін. Осы бетпен жүре берсеңдер, жатқан шығар күбетте. Айгүлсім: Жоқ, сен қызық екенсің, бәрімізді қырып тастай жаздадың ғой. Мұның не? Сәбира: Ой, қыздар, қайбір жетіскеннен жүр дейсіңдер, мен матасекіл түгілі, белесепет те жүргізе білмеймін! Орынтай: Онда нең бар мынаған жармасып? Сәбира: Мен емес, басында байым отырған рөлде, ағып келе жатып сыпырылып түсіп қалды ерден! Мәйке: Көтек! Хатшы: Абсурд! Нонсенс! Сәбира: Кәдімгідей, сайыста аттан ұшқан батырлар құсап, лып ете түсті! Мен мынаны тоқтата алмай, әйтеуір рөліне ие болып тарта бердім! Орынтай: Сонша жандарыңа не зор келді! Сәбира: Ойбай, сен сұрама, мен айтпайын! Бұл еркектің жүрген жері оңушы ма еді? Құдалықтан келе жатқанбыз. Құдалық болғасын өздерің де білесіңдер ғой, күні-түні сілтеген күйеуім бір
шұғыл бұрылыста ұшты да кетті! Ондайы жоқ еді, ес-түсін білмей
тойып алса да, тас қараңғыда екі көзін тарс жұмып алып, тура тар-
та беретін қара қасқаны осы жолы не қара басқанын қайдам!
Гүлжиян: Бір құдашаға оңашада қылмыңдағаны есіне түсіп,
тақымы босап кеткен шығар?
Сәбира: Қайдам, өзі жолдан домалап барып, қалың шөптің
ішіне төсекке құлағандай жата қалды!
Базаркүл: Ес жиғызатын әдісің жоқ па еді? Өзіміз алара бір
қарап, «жетед» десек болды, жетекке еріп жүре береді!
Сәбира: Біздікі сөзге тоқтамайды! Сондықтан өзімнің корон-
кам бар!
Базаркүл: Қандай?
Дәмеш: Соныңды неге қолданбадың жаңа?
Сәбира: Қолданғанда аяғам жоқ! Ем болмады! Міне, (Лөлкеден
бір жарым летрлік, жартылай суы бар былқылдақ бөтелкені
алып шығады). Мынаны аласың былай. Сосын бересің бастан! Ти-
генде шарт-шарт етіп, айызың қанады! (Матасекілді ұрып көрсе-
теді).
Дәмеш: Ойбай-ау, миы аузына түссе қайтесің?
Сәбира: Жоға, бұларда қайбір ми бар дейсің! Ылғи қызып қал-
са өстемін. Бір бергенде, бағжаң ете қалады. Екі бергенде, есін
жияды, үш бергенде күш алып, үйге қарай ұша жөнеледі! Бұл жо-
лы бөтелке түгілі, бөренемен ұрсаң да былқ етер емес, қолым тал-
ғанша бергіледім, бері қарайтын емес, есін жиғызамын деп сабалап
келе жатқанымда, сыпырылып түсті де қалды!
Майке: О, тоба! Обал емес пе? Ер азаматты басқа ұрды деген
не сұмдық?!
Сәбира: Ә-ә! Атты басқа ұрма дегенді еститінбіз, байды басқа
ұруға болмайды дегенді бірінші рет естіп тұрмын! Басқа ұрмаған-
да, басқа қай жерінен ұрамыз?
Базаркүл: Басқа жерінен ұруға болмайды, сол басың дұрыс,
томпылдата беруге!
Сәбира: Машықтанып алғанымыз сондай – кейде қонаққа ба-
рарда өзі айтатын болды, мен кішкене лағып бара жатсам, басым-
нан қағып жібер деп! Жарайды, оны қойшы, есін жиғасын елді та-
бар, мына сендермен ұшырасып, қауышқаным қатып кетті! Заң
бойынша, мына менің жүретін жағыма шығып кетіп, соққан сендер
екенсіңдер, енді айыбын да, шығынын да сендерден өндіріп ала-
тын болдым!
Гүлжиян: Ойдойт! Тісіңнің қанын жағамын деп жүріп, біржо-
ла тісіңнен айырылып қаларсың!
Сәбира: Неге? Сендер бинауатсыңдар! Сол жағында кісі жоқ,
оң жағында әйел отырғанға, шопыры жоқ машина екен деп зәрем
кетті. Дендерің сау ма өзі, оң жағына отырып та жүргізе ме екен?!
Хатшы: Бұл иномарка! Ал шоферыңыз – облыс әкімінің
орынбасары!
Сәбира: Тіпті қатып кетті! Көптен қолға түсіре алмай жүр
едім, енді әкімді айыпкер ғып, шығынымды моральный ущербін
қосып өндіріп алатын болдым! Ой, рахат-ай, жаңа үй сатып ала
алмай жүр едік!
Хатшы: Көрерміз кімнен кім алатынын!
Сәбира: Е-е, осыдан бермей көріңдер, әкімдер қарапайым ха-
лыққа тізесін батырып, мәшинамен басып жатыр деп дүние жүзін
шулатамын!
Орынтай: Шуласаң да, туласаң да саған түк жоқ! Өзің айып
төлемей, аман-сау құтылсаң тәубе де! (Сотовый телефонмен
МАИ-ді шақырады. «Алло! МАИ, МАИ... Әңгіме былай...» – деп
сөйлесіп жатқанда, гүрілдеп вертолет кеп қонады. Ішінен ықшам
киінген Мәлике түседі).
Майке: Көтек! Ұшатын әйел де болады екен-ау!
Гүлжиян: Е-е, құшуды білгенде, ұшуды білмейді дейсіз бе!
(Телефонмен сөйлесіп болған Орынтай Мәликемен құшақтаса ке-
теді. «О-о!». «А-а» деседі).
Орынтай. О-о, қыздар, көздерің бақырайып, дем ала алмай
қалдыңдар ма? Бұл кісі – Мәлике, менің құрбым! Нағыз мықтының
өзі – бесаспап! Министрдің зайыбы! Жердегіні билеп болған соң,
бұл күнде аспан әлемін бағындыруға кіріскен көкжал келіншек!
Хатшы: Көкжал болсаңыз, ғарышқа ұшпайсыз ба?
Мәлике: Жіберсе, қой деп тұрғам жоқ!
Орынтай: Иә, жол болсын!
Мәлике: Кішкене қыдырайын деп шыққаным ғой, үйде ішім
пысып. Шынын айтқанда, аздап ренжісіп қалдық, соған ерегісіп,
бет ауған жағыма тартып кеткенім ғой, жүйкемді желге қақтырып!
Базаркүл: Жұрт күйеуі ренжітсе, ішіп кетуші еді, сен ұшып
кетеді екенсің!
Мәлике: Өстіп ұшып-қонып тұру – менің хоббиім!
Майке: «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» деген осы
екен-ау!
Орынтай: Ал ендеше, ақыры Астанаға, үйіңе барасың ғой,
бізді ала кет, жолға шашып тастап кетпей...
Мәлике: Ноу проблем! Жүріңіздер, зыр еткізе түсірейін! Класс
көрсетейін қыздарға! (Әйелдер вертолетке міне бастайды).
Орынтай (Сәбираға): Ал, енді сіз не істейсіз? Қазір МАИ ке-
леді, бастығына тапсырма бердім жаңа, өздері реттейді бәрін де.
Мен асығыспын, кете беремін, Астанаға!
Сәбира: Мен де сіздермен бірге барып қалайыншы, дайын кө-
лік күнде табыла бере ме? Балаларға оны-мұны алармын базардан.
Дау-дамайы құрысын, байым өзі жинап алар мына итаяғын!
Бұлар да вертолетке мінеді.
ЕКІНШІ СУРЕТ
Бірінші көрініс Әйелдер вертолетпен самғап келе жатыр. Мөп-мөлдір, көкпеңбек аспан, кең дүние, әдемі әйелдер – сондай жарасып тұр! Орынтай: Ой, қыздар, қандай ғажайып дүние! (Бәрі де, «тамаша, тамаша», «ғажап!», «керемет» деседі). Айгүлсім: Бәсе, біздің қыздар бұйығып, мұңға батып, басыла бергенше, биікке самғап, жарқырап жүруі керек қой! Әйтпесе, осы күні мұңдылықты мода қылып, беймазалықтан бақыт іздейміз деп, жүйкеміздің жұлым-жұлымы шығып, жынды боп кете жаздадық! Шетімізден өкпешіл, кінәмшіл, күйреуік болып кеткен жоқпыз ба осы?! Гүлжиян: Мұңшылдық апиынын ішіп, зарлаудың жарысына түскендердің сөзіне елтуге де, еруге де болмайды, керегі не бізге? Бір кезде сары уайымға салынып, өз жанын өзі жеп жүретіннің бірі мен едім, ойлап-ойлап, ақыры пайдасыз мұңның бәрін жүрегімнен жұлып алып тастадым да, қайраттанып атқа қондым. Өзімді-өзім асырауға, жақсы өмір сүруге серт қылдым! Мақсатымды айқындап алғасын, алға баса бердім мойымай! Қазір, шүкір, жеке кәсіпкермін! Дәмеш: Әбден дұрыс! Есектің артын нетсең де... жусаң да мал тауып кел деген Абай атамыз! Гүлжиян: Но смотря қандай есек! Әйтпесе, атам айтты екен деп көрінгеннің артын ысқылай берсек не боламыз!
Орынтай: Иә, әңгіме адамның өз орнын, өз жолын табуында. Әсіресе, өз бақыты үшін күресе білетін нәзік жанды әйел нағыз батыр емес пе? Жұмбақтас: Өте дұрыс айтасыз! Міне, мен де батырмын! (Орнынан тұрып, ұшқыш пен көпшіліктің екі ортасына барып тұрады. Мәликеге): Ал, қане, бұр былай қарай! Мәлике: Қой, қарағым, ойнайтын жерді тапқан екенсің! Міне, енді кішкенеден соң Астанаға қонамыз! Жұмбақтас: Қонбайсың! Бұрасың қазір айтқан жағыма! Әйтпесе, күлдеріңді көкке ұшырамын. (Сөмкесінен бір буда граната суырып алады. Әйелдер шошып, шу ете түседі). Тихо! Өшіріңдер үндеріңді, ұлардай шуламай! Жан керек пе, қан керек пе? Әйелдер: Жан керек, ойбай, жан керек! Жұмбақтас: Ендеше бұр кәне! Мәлике: Қайда? Шетелге ме? Жұмбақтас: Бұр деген соң бұр! Мәлике: Ойбай, шетелге баруға болмайды, бізді шекара бұздың деп қолма-қол ракетамен қағып түсіреді. Дұрысы, тыныш қана Астанаға қонайық та, сізге ақша берейік! Жұмбақтас: Қысқарт! Қонушы болма! Бұр былай қарай! Мен халықаралық террористкамын! Қырамын бәріңді қынадай! Сөмкем де, қойын-қонышым да толған оқ-дәрі! Тротил, мротил, этил, метил, гептил, септил! Тырп етсеңдер, сырт еткізем, бұрқ етеді, сендер бырқ етесіңдер! Міне, қазір наркотигімді жеп аламын да, көрсетемін сендерге! (Қағазға ораулы ақ ұнтақты аузына салып, шайнап-шайнап жұтып қояды). Бұр тез, дабай! Мәлике: Мақұл, жаным, мақұл! Қайда бұрайын? Жұмбақтас: Атырауға! Мәлике: А-а! Ясно! Мұнай, ақша! Жұмбақтас: Заткнись, падла! Жәһаннамға жытырармын қазір! Айда тарт Атырауға! Мәлике: Болмайды! Бензин жетпейді! Жұмбақтас: А-а! Можит хуатит, а? (Гранатаны көтеріп, сырғасын жұлуға ыңғайланады.) Можит хуатит! А-а! Мәлике: Иә, иә, хуатит, хуатит, жаным! Міне, міне бұрдым! Тек қана сабыр ет! Саусағыңды сәл арырақ тартшы, сырға дегенің сондай нәзік, ойнамалы ғой! Жұмбақтас: Солай ма? (Сырғадан саусағын алып, гранатаны төмен түсіріп) Только без фокусов! (Вертолет бұрылып, Атырауға қарай ұшады. Әйелдер қозғалақтай бастайды). Ти-хо! Қыңқ
еткендеріңнің қолтығына гранат қыстырып қоямын қазір! (Базар-
күлге) Ал мына сенің, ышқына берсең, ышқырыңа, бақыра берсең,
тұп-тура бұтыңа бомбы тығып қоямын! Болыңдар! Байқаңдар!
Базаркүл: Болдық, ойбай, болдық!
Дәмеш: Байқадық! Осыдан аман-есен жерге қонсам, қаңғыр-
ғанды, өсек-аяңды мүлде қояр едім! Жаман байымның жанында
жамбастап жатып, нетер едім...
Гүлжиян: Нетер едің?
Дәмеш: Шай ішер едім!
Сәбира: Күйеуіммен бірге кубетке домалай кетпей... лөлкеде
ерке боп жата бермей, лепіріп нем бар еді?!
Базаркүл: Әй, осыдан мен бірдеме боп кетсем, күйеуім көп
жылар ма екен?
Гүлжиян: Балдарға обал, әйтпесе күйеуің қайтсін сені? Күнде
керісіп отырған көкайылдан құтылғанына қуана-қуана, біреуді кір-
гізіп ала қояр!
Базаркүл: Қап, қиын болды-ау! Осыдан аман-есен жерге қон-
сам, ешкімді тілдемес едім, қарғап-сілемес едім! Иә, Алла, кешіре
гөр!
Дәмеш: Е-е, ондайың да бар ма еді?!
Базаркүл: Пенде болғасын не болмайды? Біреуге бірдемеге
ренжісек, назаланып, ашу үстінде қарғап-сілеп, жамандық тілейті-
німіз өтірік пе? Соныма өкініп келемін, міне, өлім мен өмірдің
арасында тұрып!
Майке: Е-е, өш аламыз деп өрт шығаратын осы мінездеріңді
қоймасаңдар, дүниені күйдірерсіңдер, өздерің де күйерсіңдер! Бар
пәле осы сендердің, қатындардың тілінен! Бір-біріңді қарғап-
сілейсіңдер кеп, жамандық тілейсіңдер, сол ниеттеріңе қарай өзде-
рің де, өзгелер де сорлап, жер бетінде жамандық, қайғы-қасірет
көбейіп тұрған жоқ па? Біреуге оқыған дуаларың, қарғыстарың
қайта айналып өздеріңді не балаларыңды табатынын білесіңдер
ме?!
Базаркүл: Астапыралла! Қалай?!
Майке: Қалай екенін мен қайдан білейін? Бір құдай біледі бә-
рін! Тек әйтеуір ешкімді жадылап, дуаламауға, қарғап-сілемеуге,
жамандық тілемеуге тырысыңдар! Әйтпесе, жамандық көбейіп,
күш ала береді! Жақсылығың да, жамандығың да – өзіңе, алдың-
нан шығады түбінде! Солай, шырақтарым, ойланыңдар!
Айгүлсім: Ойландық, апай, міне, ойландық! Осыдан аман-есен
жерге қонсам, ұсақ-түйекке бола жүйкемді жеп жұлысқанды, күй-
еуіммен ұрысқанды пышақкесті тияр едім! Уайымшылдықтан, мазасыздықтан арылар едім! Мәлике: Бәріміз де бірталай нәрсені қояр едік! Гүлжиян: Тәубе, тәубе қылар едік! Хатшы: Мен тікбақайлығымды қойып, кішіпейіл болар едім! Орынтай: Мен елдің жағдайын жақсарту жолында жантәнімді аямас едім! (Телефон шырылдайды). Сәбира: Өй, оңды болды ғой, көмекке шақыратын... Айгүлсім: Әй, маған беріңдерші, күйеуіме збандайын! Жұмбақтас: Оттамаңдар! Доғарыңдар кәне! Құдайды бір естеріңе алғыздым ба бәлем! Әпкел бермен! (Орынтайдың, Мәликенің, Гүлжиянның сотовый телефондарын тартып алып, терезеден лақтырып жібереді). Телефонсыз-ақ күн көрген аталарымыз! Бүкіл ауыл құлаққа ұрған танадай боп отырғанда, сендердікі не балтайт?! Хуатит! (Вертолет қақалып-шашалып, шайқатыла бастайды). Әй, ұшқышым, ішкіш боп кеттің бе сонша шайқалақтап? Мені қорқыта алмайсың – мен жаннан безген адаммын! Өзің өмір сүргің келсе, дұрыстап алып жүр! Мәлике: Ал, жандарым, менен қайран кетті! Имандарыңды үйіре беріңдер, бензин таусылуға айналды, қазір құлаймыз! (Әйелдер: «О, Алла тағала, өзің сақтай гөр», «Алла, Алла, Алла!» деседі, ақыры вертолет күрсінгендей ғана дүрс етіп, жерге аман қонады. Бәрі мәре-сәре, жүректері жарылғандай қуанып, жерге секріпсекіріп түсіп, шапқылап жүреді. «Алла, Алла, тәубе!», «Алақай! Тіріміз, тіріміз! Алақай!» – деседі). Гүлжиян: Ал, қайда әлгі халықаралық террористка? Келтір мында жылдам – халықаралық трибуналға тарта қояйық! (Бірнешеуі Жұмбақтасқа бас салады, қыз үш-төртеуін ұшырып түсіреді. Біраз төбелесіп, ақыры жабылып ұстап, қызды ортаға алып келеді). Мәлике: Ұсталдың ба, әп бәлем! Орынтай: Әй, бандитка, сен үшін шәйіт болып кете жаздадық қой! Айгүлсім: Ах, сен наркоман! Душман! Түрмеде шірітеміз! Түтіп жейміз! Жұмбақтас: Әй, әй, әпкетайлар-ай, жәпкетайлар-ай! Апашкалар-ай, тәтешкалар-ай! Тоқтай тұрыңдаршы, сөзімді тыңдап алыңыздаршы, содан кейін пісіріп жесеңдер де мейлі! Базаркүл: Шикідей жейміз! Сәбира: Бітеудей жұтамыз!
Жұмбақтас: Мен ешқандай да нашақор, террорист емеспін! Мен Көкшетау театрының әртісімін! Орынтай: Әртіс? Мәлике: Әртіс? Әй, сен немене, сонда бізге ойын қойып жүрсің бе? Майке: Әй, баламысың деген-ай, отпен ойнай ма екен өстіп? Гүлжиян: Өтірік соға береді! Ышпион, террорист дегендерің нағыз әртіс емес пе? Кинодан талай көргенбіз! Жан далбаса ғып, бізді тағы да алдап тұр! Жұмбақтас: Оллаһи-билләһи! Сәбира: Ә, құдай дегенді есіңе алдың ба? Жазығы жоқ адамдарды қырып қайт деп құдай жіберді ме сені біздің жерге? Жұмбақтас: Жо-жоқ! Мен рас айтамын! Әртіспін! Майке: Тоқтаңдар! Мен бұл қызды шырамытып тұрмын! Өмірі тиатрға бір-ақ рет бардым, сонда көргенім бар! Орынтай: Менің де есіме енді түсті, бұл мафия емес, әртіс! Базаркүл: Әй, әртіс түгіл, сартіс болса да, біздің өмірімізбен ойнауға қандай хақысы бар? Әртіс болса өзіне, істеген қылмысына ол ақтау бола алмайды! Заңның алдында адамның бәрі бірдей! Жұмбақтас: Заң алдында менен де зор әртістер неше түрлі рөлде ойнап жатқан жоқ па? Мен олардың ширегіне де келе алмаймын, көзім бақырайып, шырылдап кете барамын ғой зынданға! Шынымды да, сырымды да алдарыңда жайып салайын. Содан кейінгісін өздерің білерсіңдер, апатайларым менің! Менің атым – Жанна, мені Атырауда Артур деген жігітім күтіп отыр! Екеуіміз Бейбарыс бабамыздың ескерткішінің түбінде кездесіп, өмірлік серік болуға серттесетін болғанбыз! Орынтай: Ондайың бар ертерек неге қамданбадың? Жанталасып, жұрттың үрей-құтын ұшырып... Хатшы: Дап-дайын күйеуге кешігіп... Қап, мынаның күйдіргенін-ай кісіні! Жұмбақтас: Аяқ астынан аттануға тура келді! Хабарласа алмай жүр едік, түсіме кірді әнеукүні. Сағынып жүргені шығар деп қоя салғам, болмады, қайта-қайта кіре берді түсіме: «Тез жет, Бейбарыс бабамыздың батасын ала қояйық!» деп қиылып тұрып алады... жүрегімді елжіретіп! Бұрыннан сондай уәдеміз бар еді, тек хабар күтіп жүргенмін, шыдай алмай, шұғыл түрде аттанып кеткенім ғой! Мәлике: Ал мына асай-мүсейіңе жол болсын!
Жұмбақтас: А-а, кеше соғыс туралы спектакль қойғанбыз,
сондағы нелер ғой, сөмкеде кетіп қалыпты, әне, бір пайдасы тиді!
Дайын көлікпен зу ете түсейін дегенім ғой!
Дәмеш: Қайдағы пайда-ей, бәрімізді қырып тастай жаздап!
Біткен жерің осы!
Жұмбақтас: Иә, иә, бітті бәрі де! Махаббат үшін абақтыдан
бір-ақ шығатын болдым!
Хатшы: Сендер бір-біріңді шын сүйесіңдер ме?
Жұмбақтас: Сүймесем, жүремін бе, өстіп шабуылдап?
Гүлжиян: Кім біледі? Мүмкін ақшасына қызығып бара жатқан
шығарсың? Өзінің аты да шетелдік сияқты, Артур деген. Әмрика-
ніс емес пе? Сен Жанна, адам түсінбейді сендерді?
Жұмбақтас: Түсінбейтін түгі де жоқ! Оның азан шақырып
қойған аты – Атырау! Менің шын атым – Жұмбақтас!
Майке: Түсіме кірді екен деп ит арқасы қиянға қиялай тартып
кеткеніне қарағанда бұл бала қияли болды! Әйтеуір құдай оңдап,
аман-сау қалдық қой, мына тарылдаған айналмаларың да қираған
жоқ! Әп-әдемі балаларды қалай жылатып қоямыз? Бәрі де кешу
болсын, бірдеме ғып мына қызды Атырауға апарайық та, Артуры-
на қосайық! Екі ғашықты қосқан сауап деген!
Дәмеш: Иә, құда болып, киіт киіп қайтайық!
Айгүлсім: Киіт киіп қайтасың ба, итиіп қайтасың ба, кім біліпті!
Хатшы: Не де болса қызық болсын, тарттық Атырауға!
Гүлжиян: Өй, біз өкілміз ғой, Астанадағы жұмыс қалады ғой
жайына!
Дәмеш: Қайбір оңған жұмыс дейсің, дау-дамай қуып жүрген!
Одан да бір шаңырақты көтерісіп, көркейтісіп қайтпаймыз ба?!
Құдаша болып сылқылдап жүрсеңдер, сендерге де бірдеме табы-
лып қалар!
Гүлжиян: Немене, Атырау толы басы бос жігіт деп пе едің-
дер? О жақтың да қыздарына жігіт жетпей, жүдеп-ақ жүрген шы-
ғар!
Дәмеш: Несі бар, алыстағының аяулы көрінетін әдеті ғой,
олардың қыздарын алып кетіп, Көкшетаудың жігіттеріне танысты-
райық!
Айгүлсім: Беу, шіркін, бір вертолет қызды Атырауға апарып
тапсырып, бір вертолет қызды Көкшетауға әкеліп өткізсек! Бура-
бай мен Ақжайықтың арасында өстіп қыз тасып жүрсек! Бұл бір
тамаша бизнес қой, татешка! Девичьи дилер боп жүріңіз! Делдал!
Мәйке: Делдал боламыз деп, дал-далымыз шығып жүрмесін!
Гүлжиян: Оу, тоқтаңдар, тоқта дал-дал-дарым! Әрі-бері тәскайттап, әр тесікке тыға салатын біз немене, өтпей жатқан товармыз ба сендерге? Құдалық отставить! Өз қолымызбен апарып беретіндей далада жатқан қызымыз жоқ! Сүйгені шын болса, ат терлетіп, арып-ашып, өзі келіп неге алып кетпейді? Бейбарыстың түбінде тығылып жатқан қай барыс ол?! Хатшы: Дегенмен Артурға әрі тұр деген болмас! Және, меніңше, Атыраудың іргесінде тұрмыз! Гүлжиян: Жоға, жердің түбінде шіреніп жатып, түске кіріп, «әй, сен келе ғой, маған тие ғой» дейтін қандай нахал, әй?! Хатшы: Енді, өзіңіз де білесіз ғой, шын ғашықтар андаймындай формальностарға қарамайды! Базаркүл: Жә, жетті! Кәнсерт аяқталды! (Жұмбақтасқа) Сотталасың сен қыз! (Мәликеге) Сен де сотталасың! Ұшқыштардың ішінде самғап көрдің, енді ішкіштердің ішінде бір аунап көргейсің! Өз бетімен жүрген жұртты желіктіріп, мемлекеттің вертолетіне тиеп алып, айдалаға ұшуға кім право берді саған, ә?! Мәлике: Ал мен ешкімнен сұрамаймын! Байым министр! Бір вертолетке бола ешкімнің де қылы қисаймайды! Ыза қыла берсеңдер, қазір жағамын да жіберемін, дәлелдеп көріңдер! Базаркүл: Осыдан бір бентіне тиіп көр, бұтыңды-бұт, қолыңды-қол қылайын! Бұл – елдің байлығы! Әкеңнен қалған жоқ! Мынадай бір вертолеттің құнына бір ауылды тойдырып, гүлдендіруге болады, ал сендер – кәтәйтса! Уот, сендейлерге жауапкершілікті қатайтса! А-а! Айтпақшы, (Жұмбақтасқа) сен қыз маған бомба тығамын деп пе едің, осы? Мен саған ракета тығармын, бәлем! Кел бері, келе ғой, бетіңнен сүйейін... Екеуі аңдысып, қағысып, алысып-жұлыса бергенде, көктен ысқырып келген ракета тұп-тура бүйірден шаншыла, вертолетке тиер-тимес жерге жебедей қадалды! Шыңғырған әйелдер жанжаққа шашырап кетіп, тырп етпей жата қалады. Тым-тырыс. Тек ракета ғана пышылдап-пышылдап қояды. Мәлике: Алла, сақтай гөр өзің! Көкте кездессе, не болар едік?! Дәмеш: Енді қайттік? Жатамыз ба осылай серейіп, мынаған телміріп? Атаңа нәлеттің көкке қарап қақиып ап, нетуін қарашы! Айгүлсім: Әне, бір арбалы келе жатыр! Бір мәнісін табар, әйтеуір еркек қой! Гүлжиян: Иә, бір еркек келсе екен тезірек! Сәбира: Еркегі бар болсын, бірдеме бітіріп жүргендері шамалы! Ертелі-кеш жиналып ап, қызыл сөзді сапырады-ай кеп! Міне,
жатысымыз мынау, қаңғып келген бір ракетаға қор болып! Ал, құдай бетін аулақ қылсын, ертең жау келсе, яки бір ауру-ырқау, химия, бактерия, тағы басқа бәле-қатер қаптаса не болмақ? Сонда көбік сөзбен жеңеміз дей ме? Сөз қуғанша, сондайларға қарсы тұратын, халыққа нақты пайдасы тиетін өнер-ілімді қумай ма?! Мәлике: Әй, мына бар болғырың да... еркек екен десек, әйел ғой! (Арбасын салдырлатып Нілзия келіп, ракетаның жанына тоқтайды. Бәрі орындарынан тұрады). Нілзия: Қош келдіңіздір! Құла дүзде не ғып жүрсіздер? Көктен түстіңдер ме, жерден шықтыңдар ма? Мәлике: Көріп тұрсыз ғой, бәріміз де көктен түстік! Орынтай: Өзіңізге жол болсын? Нілзия: А-а, мен осы даланың байырғы тұрғынымын, мына ракетаны көптен аңдып күтіп жүр едім, жаңа сарт ете қалғанда қайнап жатқан қазанға да қарамай, атқа қарғып мініп, бір-ақ тарттым! Күн жарықта тезірек тасып алмасақ, біреу-міреу қағып кетеді. Бұған ешкімнің таласы жоқ, өткен жолы ен салып қойғанмын. Өстіп, көктегі көк темірдің де кезегіне тұрып қоямыз алдын ала! Базаркүл: Сонымен, бұл ракетаны сіз иемденіп қойдым дейсіз. Оны қайтесіз? Нілзия: Қайткені несі? Дап-дайын құрылыс материалы емес пе? Тіпті болмағанда металлолом! Нәпақамыз... Базаркүл: Ал, ендеше қазір далада тегін жатқан нәрсе жоқ! Бұның да иесі бар! Нілзия: Кім ол? Қане, көрсетші көзіме! Базаркүл: Ал, неғыласың көрсеткенде? Мен! Нілзия: Е-е, сендерді көшелі кісілер екен десем, көше кезген жырынды екенсіңдер ғой! Тәйт десем, тайқып кетерсің, әй, тәйтігім! Базаркүл: Шалдың шолжың қызы болсаң да тәжікелесіп жатпайық, бұл біздің ракета! Нілзия: Қалайша ол сіздікі болады? Біздің аспаннан жауған нәрсенің бәрі біздікі! Базаркүл: Жоқ, оны біз көктен өзімізбен бірге ілестіріп ала келгенбіз! Нілзия: Мүмкін сендер атқан шығарсыңдар? Әйтпесе Атыраудың ракетасында шаруаларың қанша? Базаркүл: Атыраудың аспаны жекеменшігің емес! Бостанбосқа бұлғақтама, басбұзар болсаң да базар бұғалығынан шыға алмассың! Шынымен алғың келсе, сатып ал! Әйтпесе, мынандай
әп-әдемі, баға жетпес ракетаны саған сутегін тастап кете алмаймыз! Нілзия: Оны мен сенен сұрамаймын да! Бұл – менікі! Базаркүл: Жоқ, менікі! (Екеуі жұлмаласып, таласады. Ракетаға жармасады, ракетамен бірге домалайды. Басқа әйелдер қорқа-қорқа арашалайды). Майке (кіріспей, алыста тұрып): Қойыңдар енді! Масқара ғып, жарылып кетсе қайтесіңдер? Айгүлсім: Сонау көктен түскенде жарылмаған неме, әйелдің қысқанына жарылушы ма еді? Базаркүл: Жарылса жарылсын! Мынаған тегін бергенше жарылып кеткені артық! Нілзия: Иә, саған беріп, тірі жүргенше, бірге неге жарылып кетпеймін?! Базаркүл: Әй, кел, одан да бартер жасайық! Сен бізге бензин тауып бер де ала ғой! Нілзия: Сен де бір бетпақ екенсің! Айдалада қайдағы бензин, түйеге құямыз ба оны? Базаркүл: Енді қайттік? Атырау алыс па өзі?! Нілзия: Жоқ, онша қашық емес! Міне, Ақжайық тиіп тұр, қыр астында. Тура былай барсаңдар, жағасында бір ескі, үлкен қайық тұр, мініп ап тарта берсеңдер, әп-сәтте жетіп барасыңдар Атырауға! Базаркүл: Е-е, бәсе, баш на баш! Ракетаны Нілзия екеуі ырғап-ырғап, домалатып, арбаға арта бергенде, басы көкке қараған ракета гүрс етіп, көкке зулайды. Әйелдер шыңғырып, жан-жаққа шашырап кетеді. Нілзия арбасына міне салып, салдырлатып қуа жөнеледі. Әйелдер «Алла, Алла!» десіп қала береді. Екінші көрініс Жап-жарық айлы түн, әсем дүние, Ақжайықта өңкей қызкеліншек қайықпен жүзіп келеді, бәрі де әдемі, аққудай боп көрінеді. Ескекте – Орынтай. Жұмбақтас: Ой, қыздар, дүние неткен әдемі, табиғат қандай ғажайып! Айлы түнде аққудай боп өңкей қыздар Ақжайықта жүзген қандай! Айналайын, Ақжайық! Ағысың – әуен, әуең – жыр! Суың – сурет, тұнған сыр. Толқының – тағдыр, шежіре, көңілге көгің құйған нұр!
Майке: Шырқаңдар, шырқаңдар, айналайын шырақтарым!
Шырқайтын кездерің! Дүние жалған деп жылай бермей, дүние-
дәурен сүріп дүрілдеткенге не жетсін!
Хатшы: Иә, дүние-дәурен дегеніңіз ғажап! Қадіріне жете бер-
мейміз-ау көбіне!
Гүлжиян: Алайда, бір ет, бір май болмағасын, қайбір қызық
дейсің?
Айгүлсім: Нені ойладың, құрбыжан, нені ойладың?
Гүлжиян: Нені ойлаушы ем? Соны ойладым! Ортамызда жі-
гіттер болмағасын, өңкей қыз-қырқын, қатын-қалаш, қара суды
әрлі-берлі шалпылдатқаннан май шыға ма?!
Сәбира: Неге? Рахат қой, міне қарашы! Өз еркіміз өзімізде, өз
ескегіміз өз қолымызда! Дербес мемлекет сияқтымыз!
Дәмеш: Хотунлар қағанаты!
Мәлике: Егер біз мемлекет болсақ, онда мен басқаруым керек!
Әкел бермен ескекті!
Орынтай: Неге?
Мәлике: Неге дейді? Неге сен ұстауың керек? Мен ұстасам,
алақаным күйіп қала ма?
Орынтай: Ой, Мәлике, ұшып-қонып жүрген кісіге ағындағы
қайық, айдындағы кемені басқарту барып тұрған көрсоқырлық
емес пе?!
Мәлике: Көзіңді ашып қара! Кеңірек аш, кейін өкініп жүрер-
сің!
Майке: Әй, қарақтарым, екеуің де оқыған, әжептәуір адамсың-
дар, бұларың ұят тіпті! Таласатын дәнеңе жоқ, әгәрки әділіне жү-
гінсек, екі де шылбыр, бір тізгін мына әкімдікі!
Мәлике: Жоқ, оныкі емес, менікі! Нанбасаңдар, сұраңдар мына
көпшіліктен, бастық күшті ме, бастықтың әйелі күшті ме? Бастық
елді басқарса, әйелі бастықты басқарады! Жұрт бастыққа жағу
үшін алдымен әйелінің көңілін табады! Солай! Селяви! Сондық-
тан, әкел бері маған!
Орынтай: Дауысқа сап, дауласып отырғанда, сүңгуір боп ке-
тіп жүрмейік! Таласпа босқа!
Мәлике: Таласпақ түгілі, тартып алмай тынбаймын! (Ұмты-
лып, ескекті жұлқылап қояды. Қайық шайқалақтай бастайды).
Дәмеш: Сабыр, сабыр! Өзіміз әрең-әрең аман қалып, жансау-
ғалап келе жатқанда, бұларың не? «Екі кеменің құйрығын ұстаған
суға кетеді» деуші еді бабаларымыз, екі кісі бір кемені басқаруға
таласса, кеменің өзі опат болатын шығар!
Мәлике: Ақылыңды атала ғып іш! Қайықты Атырауға мен басқарып кіруім керек! Бол, бері әкел! Аһ, сені ме? Көрерміз! (Қаланың оттары көрінеді жарқырап! Мәлике мен Орынтай ескекке таласып, жұлқыласып жатқанда, екі ескек те шолп-шолп етіп суға түсіп кетеді де, ағыс оларды іліп әкетеді. Бұлар «қап, қап», «қап, бәлем», десіп, суды шалпылдатып қала береді. Бәрі үнсіз түнере қалады. Ескексіз қайық Атырау қаласының қасынан өте береді. Әйелдер кезек-кезек қосылып, «Әй – й! Ехе-хей! Кім бар? Қайдасыңдар, жігіттер?! Рахымды жандар, қайдасыңдар?!» деп айқайлайды. Қалада үн жоқ, тек оттары ғана жарқ-жұрқ етіп, жымың-жымың еткендей болады). Жұмбақтас: Арту-у-ур! Артур! Атырау! Мен Жанна – Жұмбақтасыңмын! Мен келдім, сен қайдасың, жаным!!! Базаркүл: Адырам қал... Артурың да, сен де!.. Бір қу қыздар қағып алып кеткен шығар ендігі! Осы күнгінің жастарында опа болушы ма еді?! Гүлжиян: Мәссаған! Бейбарыстан басқа еркек қалмаған ба?! Майке: Е-е, дүние-ай, қатын ескен қайық құрдымға кетпей қайтуші еді?! (Қайық Атыраудан өтіп, қараңғылық құшағына сүңги береді).
Үшінші көрініс
Таң атып, күн шыққан кез, әйелдер ашық теңізде жүзіп келеді.
Дүниенің бәрі көкпеңбек су. Ұлы теңіз үнсіздігімен ойға батырып,
белгісіз жұмбақ күйге бөлейтіндей!
Айгүлсім: Ал, айналайындар, біткен жеріміз осы шығар!
Майке: Жә, тоқтат, онсыз да үкідей боп үрпиіп отырған жұрт-
тың зәре-иманын үйірмей! Құдай тағала бізді құртайын десе, жол-
да жайғастыра салмас па еді! Бұйырғаны болар, күдер үзбейік!
Айгүлсім: Біреу-міреу керек қылар ма екен бізді? Кім іздеп та-
бар екен?!
Гүлжиян: Қалжыңдасып тұратын нақ сүйерің үйге сыя алмас,
жетер самғап!
Айгүлсім: Ол сағынуын сағынады, бірақ самғай алмайды!
Қайтсін! Күш-қаражаты, кызметі жоқ қарапайым адам қайтсін?!
Уот, мына сені іздеп кәсіпкерлер дүрліксе, табуы мүмкін?
Дәмеш: Министр Мәликесін нетпеуші ме еді?
Айгүлсім: Әкім жоғалып кетсе, үкімет шуылдайтын шығар-ау!
Сәбира: Солардан қайран болмаса, біздің қояншық матасекіл-
мен тарылдап жеткенше, тұзды судың түбінде сүрленіп жататын
шығармыз!
Майке: Байынан безген жайынға жем болар!
Мәлике: Сауап болар еді!
Орынтай: Обал-сауап менің де ойыма орала береді. Қыздар,
осы біз тым еркелеп кеткен жоқпыз ба?! (Бәрі үнсіз, ойға шомып
қалады. Шағалалардың шаңқылы ғана естіледі. Сәлден кейін, сер-
піліп). Шексіз аспан, шетсіз дүние, түпсіз тұңғиықпен бетпе-бет
келгенде, көп нәрсені қайтадан таразылап, тәубе қылады екенсің
еріксіз! (Әйелдер күрсініп: «Иә, иә!», «Тәубе, Тәубе!» деседі).
Майке: Пайғамбарымыз айтқан екен: «Әйелді еркектің қабыр-
ғасынан жаратқан. Ал қабырға қисық емес пе? Сондықтан әйелді
түзеймін деп әуре болмаңдар, сол табиғи қисық қалпында қабыл-
даңдар!» – деп. Табиғи қисығы ештеңе етпес-ау, сендер одан сай-
ын қисайып бара жатқан жоқсыңдар ма?! Әйел – әйел боп тұрған-
да әдемі! Ананы сыйламайтын адам бар ма? Бірақ, аяулы екенмін
деп, ер-азаматтың басына шығуға, шаужайына жармасуға бола ма
екен? Әйел өз орнында, еркек өз орнында жарасымды! Құдайдың
жазуы солай емес пе?!
Сәбира: Иә, иә, құдай дегеніңіз дұрыс! Әйтпесе, кезінде ком-
партияға бағындық, күнкөсемге табындық, атеист болдық қой, ас-
тапыралла! Оны да ұмыта қою қиын! Бірақ, әйтеуір, молдалар кез-
десіп қалғанда, на всякий случай, бет сипап, садақа беріп қоямын!
Пасхада қызыл жұмыртқаны да соғып аламын! Енді, қайтейік!
Мәлике: Шынын айтқанда, біз де бұ кісінің о жақ, бұ жағын-
дамыз! Алла кешірсін, бірте-бірте түзеліп кетерміз.
Сәбира: Әй, қайдам, біз түзелмейтін сияқтымыз. Түзелмейтін
болғасын өңшең көкайылды жиып-теріп, теңіздің тұзды суына
тұншықтырғалы айдап әкелген шығар Атырауға!
Гүлжиян: Қоя тұршы, қақылдамай! Әне, ананы қараңдар!
Анау не? Мұнара ма, тау ма?
Айгүлсім: Арал, арал! («Алақай, алақай» деседі бәрі).
Хатшы: Анаң қара, біреу отыр! Ура, жігіт сияқты!
Гүлжиян: Жалғыз жігіт қайсымызға жетеді, әй!
Майке: Әй, айналайындар, ала өкпе болмай тұра тұрыңдаршы!
Осы сендердің таласқан нәрселерің не көкке ұшып, не суға ағып
кетуші еді!
Бәрі күліп, жағаға жақындай береді.
Төртінші көрініс
Әйелдер Атыраудағы аралға келіп түседі. Жағада жүрген
жалғыз қыз – Ақжайық қашқақтап, жар басына барып тұрады.
Гүлжиян: Бар болғыр, еркек екен десек, бұл да қыз болып
шықты!
Айгүлсім: Мейлі! Қыз болса несі бар, жөн сілтейді бізге! Жа-
сасын өмір!
Ақжайық: Қайдағы өмір! Кісі өмірмен қоштасқалы отырса!
Майке: Тек! Қайдағыны айтпа! Айналайын, бері келші, жөнің-
ді айтшы өзі?!
Ақжайық: Рас айтамын! Жақындамаңдар! Осыдан аттап басып
көріңдер, жарқабақтан бір-ақ ырғимын. (Әйелдер тоқтап тұрады).
Орынтай: Тоқта, тоқтал, айналайын! Не болды сонша ашы-
нып?! Өлуге қашан да үлгереміз, өмірді ойла!
Ақжайық: Ойлайтын түк те жоқ! Ешкімнің көзіне түспей,
жұртты шулатпай ғана, қарамды батыра салайын деп едім, тыныш
өлуге де мұрша бермедіңдер-ау! Жар басында бір күн, бір түн
отырдым оңаша, әбден ойландым, өз жанымды өзім қия алмадым!
Бірақ, қимайтындай ештеңе жоқ бұл өмірде! Жағалай алдау, өтірік,
өсек-ғайбат, жоқшылық! Біттім әбден, қажыдым, тойдым!
Хатшы: Жігітің тастап кетті ме?
Ақжайық: Иә! Сатқын болып шықты!
Базаркүл: Өй, еркегі бар болғыр!
Хатшы: Сол үшін өлейін деп тұрсың ба?
Ақжайық: Енді не істеуім керек? Сен түсінесің бе, мен оны
қалай сүйдім! Қалай күттім сарғайып! Ол мүлде хабар-ошарсыз
кете барды!
Хатшы: Мен сені түсінемін! Әрине, қиын! Бірақ, дүние бір
адамға тіреліп қалған жоқ қой! Ол сенің осы жан қиярлық махаб-
батыңа лайық па?!
Сәбира: Біреу үшін өлді деген не сұмдық, әй?!
Гүлжиян: Ойланшы, айналайын әлі де! Қандай тығырықтан да
жол тауып шығуға болады! Тек өзіңді-өзің қолға алып, қайрай біл,
қайраттан!
Ақжайық: Ауызға бәрі оңай! Ал менің өмір сүргім келмейді!
Сәбира: Ендеше, өл де бар, бетіңнен жарылқасын! Өрем қап,
ал! Бізді қорқыта алмайсың өйтіп, өзіміз де оңып тұрғанымыз жоқ!
Кімді мұқатамын дейсің? Анау әлгі, сатып кеткен жігіт, сен су тү-
біне кетті екен деп суалып қалмайды, қара да тұр! Сен итбалықтың
жұмырында жұлым-жұлым боп, жұмарланып жатасың, ол ит біреудің құшағында күлім-күлім қағып, құмарланып жатады! Сол ма саған керегі? Қой дегенде қоймасаң, қанымды қайната бермей, тезірек құрышы өзің! Ақжайық: Құрысам құримын! Қорықпаймын өлімнен! Ал айта қойыңдаршы, соншалықты қимайтындай, өмірде қандай мағына бар?! Бәрі де алдамшы, өткінші жалған, ақыры өлетін, жоғалатын болған сон, бүгін өлдің не, ертең өлдің не, бәрібір емес пе?! Гүлжиян: Бәрібір емес! Өмірдің мәні – өмірде! Тоқ етері – сенің алдыңда екі жол тұр – яки-яки! Яки – өлім, яки – өмір! Өле салу – оп оңай, бәрі де бітеді! Ал, өмірді таңдасаң, татар дәм-тұзың, көрер қызығың алдыңда! Қадіріңді білетін жақсы жігіт табылады әлі! Майке: Иә, өлем десең, өлесің де қаласың! Ешкімнің ештеңесі кетпейді! Жалынып, жаныңды алып қала алмаймыз! Бірақ, он екіде бір гүлің ашылмай жатып, түңіліп не көрінді? Сабыр ет, ақылға кел! Өмір – өткінші, онда қандай мән бар деп бостан-босқа су ми боп, шетімізден суға аға берсек не болады? Алланың берген өміріне күпірлік қылмай, шүкірлік қып, адам құсап дұрыстап өмір сүру – біздің парызымыз! Қалғанын бір құдайға тапсырдық! Қарағым, соны ойла, сабыр қыл, тәубеге кел! Қой, қоя ғой, айналайын! (Ақырын басып, Ақжайыққа жақындай береді. Әйелдердің бәрі де «Иә, айналайын, сабыр ет!», «Болашағың алда!», «Өмірді ойла!» деп, қолдарын созып, қозғалмай тұрады. Әне-міне, құлайтындай боп тұрған Ақжайықты ақырын қолынан ұстап, өзіне тартады, қыз да Майкенің құшағына тығылады. Біртіндеп, әйелдер қызды ортаға алып, қуана құшақтайды). Майке: Атың кім, айналайын? Ақжайық: Ақжайық! Майке: Осы жердің қызысың ба? Ақжайық: Иә, Атыраудың қызымын! Дәмеш: Ал біз адасып келген мейманбыз саған! Майке: Құдай айдап әкелген құдайы қонақпыз десеңші! Хатшы: Ту-у сонау Көкшетауданбыз! Ақжайық (тіксініп): Көкшетаудан?! Оның қай жеріненсіздер? Дәмеш: Бар жерінен, әр жерінен нетіп... жиналып келдік! Ақжайық: Біржан сал ауылын білесіздер ме? Майке: Білгенде қандай! Мен дәл сол ауылданмын! Ақжайық (күрсініп): Менің әлгі батырым да сол ауылдан! Майке: Ә-ә? Не дейді? Аты кім ол көгаланың? Ақжайық: Бурабай!
Майке: Бурабай? Мәссаған! Мен білетін бір-ақ Бурабай бар
онда! Пәмиләсі кім, әке-шешесі кім?
Ақжайық: Бурабай Қайратұлы! Шешесінің аты – Майке!
Майке: О, Алла тағала! Құдіретіңнен айналдым! Менмін – сол
Майке! «Бурабай» деген менің кенже ұлым! Әлгі мидал тимей қа-
латын!
Айгүлсім: Міне, нағыз медальды енді таптыңыз!
Орынтай: Әпереміз, мидалыңызды! Бәрін де жөндейміз!
Майке: Аузыңа май, әкім қызым! Ендеше, сүйінші! Ол сені
(Ақжайыққа) сатқан да жоқ, ұмытқан да жоқ! Ұшарға қанаты бол-
май, құса боп жүргелі не заман! Сен екенсің ғой баламды жынды
ғып қойған! Келші, бір иіскейін, құлыным! Бәсе, ә дегеннен көзіме
оттай басылып ең! Иісің де бір түрлі жақын сияқты! Бәсе, бірдеңе-
ні сездірген екен ғой маған! Неге хабарсыз кеттің?!
Ақжайық: Қаншама хат жаздым, алмаған екен ғой жаным!
Майке: Ойбай, бірін де алған жоқ! О да сенің о жақ, бұ жағың-
да жүр! Әй, баламысың деген-ай! Ойбай-ау, о жақта ол, бұ жақта
бұл... Алла сақтасын, өлімге асықпаңдар, өмірді ойлаңдар, айна-
лайындарым!!!
Орынтай: Той тойға ұлассын! Енді тек мына аралдан аттанып
кету ғана қалды! Үкімет те, кәсіпкерлер де дүрк көтерілген шығар-
ау, бірақ жөнімізді жан баласы білмейді, қалай іздеп табар екен?
Гүлжиян: Жұмбақтас, қайда сенің Артурың? Түс көруші ме
еді өзі?
(Осы кезде вертолеттың гүрілі естіледі. Барлығы қуанып
«Алақайлап!» секіреді).
Мәлике: Бұл менің министр күйеуім жіберген вертолет болуы
керек!
Орынтай: Мүмкін, біздің әкімшілік шығар?
Айгүлсім: Кәсіпкерлер болуы да ғажап емес!
Гүлжиян: Кім болса о болсын, тек қана анау вертолеттің де
ұшқышы ұрғашы болса, мен мына тұзды судың тоғыз тостағанын
сіміріп саламын! (Гүріл жақындай түседі).
Жұмбақтас: Ура! Алақай! Артур! Әне, әне, қолын бұлғап ке-
леді! Артур! Артур! Атырау! Мен – Жаннаң, Жұмбақтасың мын-
дамын!
Әйелдер (қосылып, шаттанып көкке қол созып): Алақай! Ала-
қай! Жасасын махаббат! Жасасын еркектер!!!
Соңы. 2002 жыл.
ҚАЗАҚЫ САЙЛАУ
Екі суретті, бес көріністі комедия
Жанат пен Гүлнәр Қасымовтарға
арнаймын
Қатысушылар: 1. Қорғанбек – ауыл әкімі, жасы қырықтарда. 2. Балқаш – құрдасы, ауыл жұмыссызы. 3. Батан – құрдасы, сайлау комиссиясының төрағасы. 4. Әнуарбек – Қорғанбектің бөлесі, депутаттыққа кандидат. 5. Керімбетов – кандидат, жасы жетпістерде. 6. Бұратаев – кандидат, қырықтарда. 7. Жаһанов – жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің, бұ-
рынғыша совхоз бастығы, жасы елулерде. 8. Телефондағы жуан дауыс. 9. Телефондағы әйел Дауысы. 10. Атай – ауыл ақсақалы. 11. Апай – ауыл әжесі.
Ауыл адамдары, сайлаушылар, өнерпаздар. Оқиға шалғайдағы
ауылда күзде өтеді.
БІРІНШІ СУРЕТ
Бірінші көрініс
Жартылай құлаған ауыл клубының алдында Балқаш пен Батан
кездесе кетеді.
Батан: Иә, құрдас, қандайсың?!
Балқаш: А-а-а! О-о-о! Ү-ү-үһһ! Кеше қонақта болып…
Батан: Ә-ә, ішің жанып бара ма? Менің де ішім күйіп тұр!
Балқаш: Е-е, қайбір оңған дүние бар дейсің? Шіркін, қырлау-
байға қылқылдата құйып, қайқайта тартып жіберсең… Бүкіл әлем-
нің қайғы-мұңы тарс есіңнен шығып, тар дүниең кеңіп, заһардың
өзі балдай татып жүре бермей ме? «Дүние неткен жап-жарық,
осындай ма еді бұрын да?» – деген екен жарықтық Қасым ағамыз.
Шынында да қандай ғажап! Қаншама әдемі ойлар ақша қардай қа-
лықтап келіп, аздап айналыңқырап тұрған басыңа топ-тобымен қона қалмай ма? Негізінде, данышпандардың дені алқаш, яки наркоман, шизик-мизик болады деген сөздің жаны бар сияқты. Мені де кешке мелдектете суарып, таңертең ақыл сұраса, әлемнің астын үстіне келтіріп берер едім! Батан: Бау дегенің! Ал, қане, айта қойшы, дәл қазір кәлләңді қандай кемеңгерлік ой кернеп тұр, ә?! Балқаш: А-а, қазір ме, қазір… қазіргі заманғы қазақтарға қазына қажеттілігі мен казинодағы қызықтың қазығын қазымырлана қазуға тиісті қазылардың қазы-қарта жеп кеткені жайлы… қысқасы, әлеуметтік әділдікті алқаштардан бастау керек деген бір әдемі ой буып тұр! Батан: Бау дегенің! Мынауың бір супер жаңалық екен! Сау адамның мұндай салауатты пікірге жете қоюы неғайбыл! Балқаш: Кекесінің көкеңнің шекесіне, мен кескекті сөздің кеспегін көксеп тұрмын! Бері қара! Қазіргі заманның алқаштары – азат қоғамның алдыңғы қатарлы мүшелері. Олардың да үлкенкішісі, құрметті-құрметсізі болғанымен, ішкеннің бәрі алқаш! Тіпті, мына жынданып, уланып жатқан заманда адамның алқаш болмауы мүмкін емес! Адам еріккеннен, яки желіккеннен ішпейді, күйінгесін, күйзелгесін ішеді. Күйретіп, күңірентіп отырған кім? Заман! Ендеше біздерге озбыр заманның запыранына батқан зарлы құрбандары ретінде қамқорлық жасалуы керек! Алқаш біткен арам қатып қалмас үшін күнделікті бас жазарына бір бөтелкеден бөлінсе, әділдікке біртабан жақындар еді! Батан: Өйдөйт! Өңешіңе болайын! Сонда сендер бас жазады екен деп, бүкіл елдің бюджетін бөтелкеге бөліп қойса, біткен екенбіз! Балқаш: Жо-жоқ! Бюджетті бүктеп-бүктеп бөтегесіне бөктіретін бюрократ емеспіз, әжептәуір алқаш атымыз бар, ар-ұятымыз бар! Біз әділін айтамыз! Тоқетері былай: дөкейлер банкеттерде кілең қымбат биски ішеді деп естиміз. Әй, бері қарашы… Бір сәт бір ойлашы… Бір-р дөкей… Бір-р өзі… Бір-р кеште… Бір-р бөтелкесі отыз-з-з же-ті мы-ыңң теңге тұратын шетелский бискидің екеуін, тіпті үшеуін ішет те тастайт! Ал! Отыз жеті мыңды үшке көбейтсек… тәк, тәк, скәзәл беднәк… үш жерде жетім жиырма бір… қосамын тоқсан… болады жүз он бір мың теңге! Тәк! Жүз он бір мың теңгені сексенге бөлсек… Батан: Неге сексенге?
Балқаш: Сексен теңге – бір бөтелке самопал! Сонда… жүз он бір мың теңгені сексенге бөлгенде… тәк, тәк, скәзәл беднәк… бір мың үш жүз сексен жеті бөтелке және бір айғыр стақан самопал келеді екен! Әй, жылағың келеді, әй! Осынша шөлмекті шылдырлатып отырып, бір ауданның алқаштары қыстан шығады ғой! Ал оны әлгі дөкей қас-қағымда қылқ еткізеді! Сонда, сонша дөкей жыл он екі айда қаншама қан-қазынаны қылғытып қояды, ә? Алқаштарды ойламаса да, елді ойламай ма? Осыған жыным ұстайды менің! Батан: Жұртқа жетпей жатыр екен деп, ағаларымыз жақсы арақ ішпеуі керек пе, не? Балқаш: А, несі бар?! Нәрмәлни арақ ішсе, кеңірдектері күйіп, өңештері ойылып қала ма? Нағыз азаматтар асып-төгіліп жатқан байлығын халқына бөліп берсе, қандай ғанибет! Мысалы, Махатма Ганди… Әне, әулие деп соларды айтады! Батан: Бау дегенің! Саған тек бөліп берсе, басыңа сутегін төгіп берсе… Басқаға басың қатпайды, ә? Жә, болды, онсыз да жалауға тұз түгілі, мұз таппай, ішім ғыз-ғыз қайнап бара жатса… Балқаш: Е-е, сонша ненің күйігі ол әкетіп бара жатқан! Екі стақаннан кейін кетпейтін дерт, өшпейтін өрт болушы ма еді?! Батан: Менің емім табыла қоймас! Өйткені ол – бір ем қонбайтын ескі бәле! Балқаш: А-а?! Батан: Қорғанбек ауылдың әкімі болып тағайындалыпты! Балқаш: Ә-ә! Міне, өзі де келе жатыр! Батан: О-о! (Қорғанбекті құшақтай алады). Ал, құтты болсын! Балқаш: Әкім болдың мінеки… Батан: Әкім болдың! Бұрын кім едің – енді кім болдың! Әкім! Әркім емессің, әкімсің! Әркім әкім бола алмайды! Сен – әкімсің! Атшаптырым ауыл ашсаң, алақаныңда, жұмсаң, жұдырығыңда! Ғұмырыңа құт, жұмырыңа жұқ болуға жарар ма екен?! Қорғанбек: Жә, қойыңдар, қайдағыны айтпай… Балқаш: Айтпағанда қайтеміз? Бұл әкім дегеннің мағынасы – әлем! Білмейтін кісі емессің, ә – дегеніміз – әмір бер, әкіреңде, әкеңнің деген сөз! К – дегеніміз – кердеңде, карочы, крутой бол деген сөз. І – дегеніміз… і-іһ… іш-же, істе, ойыңа келгенді істе деген сөз! М – дегеніміз – мудак бол деген сөз! Қорғанбек: Әй, қойшы, айдалаға ауып кеттің! Тіпті де олай емес! Ә-кім! Ол кім? Ә – дегеніміз – әділ! К – дегеніміз – көреген!
І – дегеніміз – ілтипатты, ізетті, М – дегеніміз – мықты деген сөз! Міне, мен осындай әкім болып, алғыс, абыройға бөленгім келеді! Батан: Бау дегенің! Қазіргі адасқан уақыт, алжасқан заманда аталы сөзді айта білудің өзі ерлік емес пе? Осындай ұлды неге хан көтермейміз, ә? Әй, Балқаш, әпкел бері ақ киізді! Балқаш: Табарсың ақ киізді! Қоңырқай текеметтің өзі таңсық қазір! Батан: Ендеше, келтір мұнда анау алашаны! \Балқаш клубтың сыртынан шұрқ тесік ескі алашаны алып келеді сілкілеп.\ Жырымжырымына қарама, ырым-жырымға жараса болды! \Екеуі алашаны төсеп жіберіп, әкімді отырғызып, көтермек болады.\ Қорғанбек: Оу, қойыңдар, бұларың не? Батан: Бұнымыз ба, бұнымыз… ата-бабаның салты! Балқаш: Қазіргі тілмен айтқанда, ин… ин… ин-огуртсый! Қорғанбек: Әй, жүгірмектер, үгіршіктеріңе жол болсын! Батан: Жо-жоқ, огуртсый емес, ин-ин… иноугуратсыйя! Қорғанбек: А-а, солай ма! Онда мейлі, көтерсеңдер, көтеріңдер, көкке жеткізгендеріңді көрейін! (Батан мен Балқаш Қорғанбекті алашаға отырғызып алып, айнала жүреді). Батан: Міне, міне, хан болмағанда, қаған болмағанда нең қалды? Балқаш: Хан болуға қаныңның түсі, қарыңның күші келмей ме, не? Батан: Басқа жақты білмеймін, осы ауылдың ханы да, патшасы да өзіңсің! Балқаш: Куәдүрміз, куәдүрміз! Батан: Куәлікке жүрәдүрміз! Балқаш: Қарттан ұтқан партымызды, сабраз қылып жуадүрміз! Әнуарбек келеді. Әнуарбек: Паһ, шіркін! Оңашада алашада алшайып отырып, өзіңді Алаша хандай сезінген қандай тамаша! Алашаға отырып алып, Алашқа билік айтамын деп жүріп, ағашатқа мініп кетпесең болды да! Ха-ха-ха! Жан бөлем, басыңдағы бағың, астыңдағы тағың құтты болсын! (Қорғанбек алашадан түсіп, Әнуарбекпен құшақтасады). Қорғанбек: О-о! Жалғыз өзі жарты әлемге татитын бөлетайым, бөлешім жеттің бе?! Балқаш: Жарты дедіңдер ме әйтеуір? Жақсы сөз – жартылық, бөлеңді көрсең – бөліп іш деген, мұндай қуанышты жумаудың өзі
күнә! Ал, әкім құрдас, жарты әлемнен бір жартыны аямайтын шығарсың? Қорғанбек: Әрине, аямаймын! Әйтпесе, сендер мына түрлеріңмен жарты әлемді бір жартыға айырбастап та жіберулерің мүмкін! (Балқашқа ақша береді). Әнуарбек: Екі жарты – бір бүтін! (Бұл да ақша береді Балқашқа). Батан: Бау дегенің! Бөле болсаң, осындай бол! (Балқаш екеуі мәз болып, алашаларын сүйреп, шауып кетеді). Әнуарбек: Қандай қарапайым, ақкөңіл ауыл адамдары! Сенің әкім болғаныңа қуанып жатқандарын қарашы! Қорғанбек: Иә, қуанып жатыр, ес жоқ! Әнуарбек: Ал мен солардың бәріне де қатты қуандым! Аруақ шақырып, үйден қалай шығып кеткенімді де білмей қалдым! Ақымбет, Тоқымбет былай тұрып, алты ата Ақсары, төрт ата Күрсарыдан алғаш әкім болып, атқа мінген өзіңсің! Шығады екен ғой бізден де! Ақымбеттен сен атқа мініп жатқанда, Тоқымбеттен мен тізе қоспасам, тектілігімізді телі мен тентек қайдан танысын – ту бие тартуымды қабыл ал! Қорғанбек: Бәрекелді, тусаң ту! Әнуарбек: Тусам туайын, атаның жолын қуайын! Қане, қанға қызбайтын қайсың барсың? Қорғанбек: Қызғанда қандай! Қызбақ түгілі, бұзып жібереміз керек болса! Әнуарбек: Міне, ердің сөзі, елдің сөзі! Күл-қоқысты көсегеннің көсегесі көгермейді, көткеншектей бермей, көсілетін жерде көңіліңді қос, кескестегенді кердеңдетпей кесіп түс! Қысқасы, сайлауға түскелі жатырмын! Бұған не дейсің, боло-боло-боло-йаным! Қорғанбек: Балдай тату бөлемнен бөліп-жарар дәнеңем жоқ, менің қарауымдағы елдің бар дауысы сенікі! Ту алыстан ту бие мініп, туысым деп ту ұстап келгенде, уысымдағыны сенен аяп қалатындай не қара басыпты мені! Әнуарбек: Мүмкіндік бар сияқты. Заманның ағымы, заңның бабы солай. Пеш түбіне тығыла бермей, мемлекет үшін жұмыла еңбек ететін шаққа келген жоқпыз ба? Қорғанбек: Әбден дұрыс айтасың! Онда науқан да таяп қалды, ақырын-ақырын үгіт-насихатты жүргізе берейік! (Батан мен Балқаш келеді желпілдеп). Мына екеуінің иін қандырып, қазірден бастап кәсякқа кіргізе қояйын. Балқаш (бөтелкені ашып, стақандарға арақ құяды): Бүкіл әлемнің бөлелері, бірігіңдер!
Батан: Бау дегенің! Бөлелердің бөлінбейтін бүтіндігі үшін алып қояйық! (Бәрі де мәз болып, ішеді). Қорғанбек: Бізбен бірге қуанып, қолдап жатқан ауылдас ағайын, пейіліңе ризамын. Ал бірақ, ақылдасатын әңгіме бар! Батан: Айт, әңгіме болса! Балқаш: Тартынба! Көңілді қызған кезде табу керек! Қорғанбек: Тоқетері – мына Әнуарбек бөлем сайлауға түскелі жатыр! (Балқаш пен Батан үнсіз бір-біріне қарайды). Неге үндемей қалдыңдар? Батан: Үндегенде… үндейміз ғой… үндеуі келіссе… Қорғанбек: Келіскенде қандай! (Батанға) Сен сайлау комиссиясының төрағасы, (Балқашқа) Балқаш, сен мүшесі боласың! Батан: Бау дегенің! Болдырсаңдар, болайық! Қорғанбек: Болдырамыз! Болғасын, бар дауысты бөліпжармай, бүп-бүтін бөлеме алып бересіңдер! Батан: Е, бермейтін несі бар! Қолдағы дүние ғой! Балқаш: Мұндай оңды кісіден аяған даусымызды ит жесін! Басқа-басқа, бүгінгі бас жаздырғаныңды өмірі ұмытпаспын! Ауылдың құлағалы тұрған құлыбының алдында кәндиләтпен бірге ішу екінің біріне бұйыра бермейтін қызық емес пе? Қане, құйшы тағы бірді! (Батан құймақ болады). Жо-жоқ, сен сосын құясың, кәндиләт бөленің өз қолынан буль-буль-буль дегізгенінің өзі бұлбұлдың үніндей бір кәйіп емес пе? (Әнуарбек бөтелкені алып, құяды бәріне. Балқаш Әнуарбекпен стақан соғыстырып тұр). Сен маған бірден ұнап қалдың. Адамгершілігің күшті екен, кісі сыйлай білетін. Әйтпесе, бізбен бірге ішпек түгілі, берген сәлемімізді әрең алатын бетпақтар аз ба?! Сондықтан, соларға ерегіскенде… мен бүкіл даусымды саған беремін! Батан: Бүкіл даусым дейді! Алды-артың тола дауыс па, немене? Балқаш: Алды-артым тола дауыс болса, несі бар! Аллаға шүкір, бала-шаға, ағайын-туған, дос-жаран, жекжат-жұртқа сөзіміз өтеді. Олар менің айтқанымнан шықпайды, әсіресе, мен кішкене қызыңқырап келгенде, құрақ ұшып, не айтсам да мақұлдай береді. Уот! Сондықтан, айналайын Әнуарбегім, мен сайлау біткенше қызып жүруім керек! Әнуарбек: О жағын қатырамыз! Балқаш: Сіз қатырсаңыз, біз сайлауды самопал ғып сапырамыз! Пормада болу үшін норма керек! Тәк, тәк, тәк, скәзәл беднәк… Пахмелге біреу, дахмелге біреу, захмелге екеу… барлығы
төртеу… көбейтеміз отыз бір күнге… болады жүз жиырма төрт…
оны көбейтем сексенге, болады тоғыз мың тоғыз жүз жиырма…
шылымды қосқанда… қысқасы он бір мың теңге! Осыным қалай?
Әнуарбек: Солай! Болсын! Тек бәрі заңды болсын! Сіз айтқа-
ныңызды ала қойыңыз да, менің сенімді өкілім бола қойыңыз!
Өкілдігіңізге тағы бір он мың қосайын – жеңгей екеуіңіздің ара-
ңыздан жік шықпасын!
Балқаш: Болса болсын! Онда мен бүгіннен бастап бел буып,
білек сыбанып біржола кірісемін! Кәмессияның мүшесі дегеннен
гөрі өкіл дегенің оңды болды. Бірдеменің шлені болғаннан гөрі
азат алқаш басым артық емес пе? Әнуарбекжан, сен ертең сайла-
нып алғаннан кейін, мені ұмытып кетпейсің бе? Депутаттың айлы-
ғы қанша?
Әнуарбек: Бір-екі жүз мың болып қалар.
Балқаш: Бір-екі жүз мың?! Тәк, тәк, сексенге бөлсем… тәк,
сен депутат болсаң, срогың біткенше маған самопал салып тұр,
жарай ма?
Әнуарбек: Болады, бәрі де болады!
Қорғанбек: Болады, болмайды, жарайды, жарамайды – бос
сөзді қойып, әуелі сайлап алайық та! Ар жағын көрерміз. Ал, қане,
жасасын біздің бөлемізбен бөлінбейтін блогымыз! (Бәрі: «Ал, ал,
дабай!» десіп, алып қояды).
Екінші көрініс Даңғарадай ауыл кеңсесі. Ортада дәу қара телефон. Шылдырлайды. Қорғанбек келіп алады. Қорғанбек: Әлө! Телефондағы жуан дауыс (қатқыл, өктем): Иә, қалайсыңдар? Қорғанбек: Бір қалыпша. Дауыс: Әлгі төрағаларың қалай? Қорғанбек: Төрағамыз – төраға, көзқарасы бар кісі. Дауыс: Көзқарасыңды көзеге тық! Көже ғып іш! Бар пәле көзқарасы барлардан шығады. Бізге өзінің көзімен қарайтындар емес, біздің көзімізбен қарап, біздің сөзімізді сөйлейтіндер керек. Төрағаның қорада болғаны жақсы. Ұқтың ба? Қорғанбек: Иә, иә. Дауыс: Әңгіме былай: Пәленовты сайлаймыз! Кемінде тоқсан процент дауыс алып беруге тырыс!
Қорғанбек: Апырай, ә?! Мен нетіп, кандидаттарды сараптай келе, Әнуарбек қалай болар екен деп отыр едім. Дауыс: Әнуарбектің атын атама! Оған жолаушы болма, ауылдың маңынан жүргізбе?! Қорғанбек: Ә-ә, солай боп қалды ма? Мен былай, нетіп, соны қолдасақ па деп едім. Өйткені, оны бала кезінен білемін. Осылардың ішінде бірден-бір лайықты адам сол! Ең бастысы – ол менің туған бөлем! Дауыс: Әй, сен немене, сайлаудың бүлитөнін бөлеңмен бөліп жейтін бөлішке деп қалдың ба? А-а?! Қорғанбек: Жо-жоқ! Бірақ, мені де бір дұрыс түсініңізші. Туған бөлеме бүйрегім бұрмайтындай безбүйрек емеспін ғой! Дауыс: Безбүйрек-жезбүйректі қайтесің, өз бүйрегіңді ойла! Осыдан бөлеңе бұрып көр, бүйрегіңнен бүйрешке істеп жейді биіктегілер! Сен маған ренжіме, менің қолымда тұрған жоқ. Ар жағын ішің білсін! Қорғанбек: Сонда қалай, өзіміз білетін лайықты кісіге бермей, даусымызды білмейтін, танымайтын кісіге береміз бе? Дауыс: Бересің, бітті! Бергесін біле жатарсың… тіпті, білмейақ қойсаң да мейлі. Дөдең айтса, бөлең түгілі, бөбегіңді де бөденедей қудаларсың! Ұқтың ба? Ұқсаң, байлам осы, байбаламды қой да іске кіріс! Пәленовтен басқа кандидаттардың бәрі кәкәй, қысқасы, қағынды-соғындыларды қаптатып, қанбазар қылмай, қолыңнан келсе, ауылға кіргізбеуге тырыс! Жұртшылыққа жолатушы болма! Үгіттеп, сүттей ұйып отырған елді алатайдай бүлдіріп жүрмесін, соған сақ бол! Ұқтың ба? Қорғанбек: Ұғамыз ғой, ұғамыз… ұқпағанда. Дауыс: Ұқсаң, ұтасың, ұқпасаң, өз басыңды жұтасың! (Телефон трубкасы гук-гук-гук етеді). Қорғанбек (телефонды орнына қояды): Мәссаған! Енді қайттік? (Телефон шырылдайды. Батан келіп алады). Батан: Әділқазылар алқасының төрағасы сіздің құзырыңызда! Дауыс: Әй, әділқазылар алқасының төрағасы! Төраға дегенге Төле бимін деп қалдың ба? Жә, қазы дегенге Қаз дауысты Қазыбекпін деп жүрсің бе? Әлде, әділ дегенге Әйтекемін деп әлдеғандай болдың ба? Тә-әк, доғар осымен демократияңды! Төбеге шығарған қол төменге де түсіре алады! Батан: О-о, басеке, сіз бе едіңіз? Ке-ке-кешіріңіз, мен нетіп, сәл-сәл-сәлеметсіз бе? Дауыс: Сәл-сәл-сәлеметпіз! Өздерің саусыңдар ма?!
Батан: Сап-сап-саунамыз!
Дауыс: Е-е, саунада аунасаңдар қайбір сау сиырмын дейсің-
дер? Жә, тақылдай бермей, тоқетерін тыңдап ал! Ана әкімдерің
бөлем, бәленім деп бүлкілдеп жүрмесін, бәрің жабылып, Пәленов-
тың тәйкісін алшы қылыңдар да, тыраштанғандарды түгелімен ты-
рапай асырыңдар! И точка! (Телефон гук-гук етеді).
Батан: Бір қатерден құдай сақтады-ау! Мынау гук-гук еткен
сайын жүрегім дук-дук ететінін қарашы. Дөкейдің телефонына
дейін дөкей-ау, ә?! Дымыңды шығармай, мысыңды құртады! Бірақ,
бұл кісілердің басқаға емес, бізз-зге ызз-збандағанының өзі неге
тұрады! Жүрген жоқ па мына қаптаған екіаяқтылар… телефонмен
сөйлеспек түгілі, көлеңкесін де көре алмай. Бұларға неге ызз-
збандамайды, ә? Ызз-збандауына жарағанымыздың өзі бақыт емес
пе? Айналайын, алтыным! (Телефонның дыбыс шығатын жағын
сүйіп-сүйіп алады). Апырмай, бірақ қиын болды-ау? Енді қайттік?
(Телефон шырылдайды). Ә-ә! Тағы не боп қалды екен? (Ақырын
телефонды алып, жүрексіне): Ә-әлө!
Телефондағы әйел даусы (ашық, сыңғырлап): Хэлоу! Әлемдегі
ең әділ қазыға әдемі сәлем!
Батан: О-о! Әлемдегі ең әдемі әйелге әділ сәлем!
Әйел даусы: Сіздің әділдігіңізге шәгім жоқ, алайда мынадай
қарбаласта, қара басып қалмау үшін, талқылап алғанның артығы
болмас!
Батан: Әлбетте, әлбетте! Әйбәттәрдің ақылы айбаттылардан
асып түсіп жатқан айлалы заманда айтқаныңа құлақ аспайтын әң-
гүдік емеспіз.
Әйел даусы: Әдейі шашымызды да қысқарттық… ақылымыз
ұзара түссін деп. Ендеше, ұғып алыңыз, бәрімізге тиімдісі – Түге-
новты өткізу!
Батан: Ба-ба-ба-бау дегенің!
Әйел даусы: Батеке, неге бапылдап кеттіңіз – бабыңыз болмай
жүр ме?
Батан: Бо-бо-болғанда… болады ғой… бірақ… басекең баға-
на Пәленовты бағыңдар деген.
Әйел даусы: Пәленов – прошедшее время! Тура жол – Түге-
нов!
Батан: Басекең ше? Басекең басымызды алады!
Әйел даусы: Ала алмайды! Өйткені өз басымен қайғы! Сон-
дықтан, басекеңе сенбеңдер де ермеңдер, ол жақында су түбіне
кеткелі жатыр!
Батан: Апырмай, ә? Сужұқпастың нағыз өзі емес пе еді?
Әйел даусы: Болса қайтейік? Сүмбіле тумай суы қатқан суайт-
тың сусынға зар болар кезі жеткелі қашан! Оның мойнына тас
байланды, суаты ойылды, сағаты соғылуы ғана қалды! Сондықтан,
бұрынғыдай бер жағыңмен алдай бер де, ар жағыңмен біздің айт-
қанымызға илана бер! Сен ақылды адамсың, бәрін де түсінесің!
Қысылма, ауыл әкіміне де тапсырма беріледі. Түгенов жеңіп шық-
са, төбелерің көкке жетті дей бер! Чао! (Гук-гук).
Батан (телефонды қойып): Масқара! Басталды! Көк сүңгі мен
сүмбіл шаштың сайысында сойысқа тартылып кетпесек жарар еді!
(Телефон қатты шар-шар ете қалады. Батан шоршып барып,
шошына алып, әрең-әрең): Ә-ә-әлө!
Телефондағы жуан дауыс: Әй, бұ қайсың, әй?
Батан: Ме-ме-мен.
Дауыс: Менің кім, әй, мекіренбей жөндеп айт!
Батан: Мен – Батанмын, төрағамын.
Дауыс: А-а, төр-а-ға! Жақсылап тыңдап ал. Жағдай өзгеріп
кетті, тоқетері, төрелікті Керімбетовке бересіңдер!
Батан: Тоқ-тоқ-тоқ етті ғой. Ал, ақ-ақ-ақ майын аузымыздан
ағызған Пәленов пен Түгеновты қайтеміз?
Дауыс: Қайткенде… оларға бір қызмет табылар. Біз мында
өзара келісімге келдік! Тақылдай бермей, Пәленов пен Түгеновтың
алшысын – тәйкі қылып, Керімбетовке күш салыңдар!
Батан: Ләпбай, құлдық! Сіз айтсаңыз, омпысын-томпы, тоң-
қысын-шоңқы қыламыз. Бірақ, біраз жұмыс жүргізіп, суреттерін
көшеге де, шарбаққа да, қысқасы қажетті жердің бәріне де батти-
тып-баттитып жапсырып тастап едік. Жұртты үгіттеп, Пәленов пен
Түгеновке бересіңдер деп көндіріп қойып едік… өзіңіз пәрмен
қылған соң.
Дауыс: Әй, ауыш, сонша не көрінді асығып? Жарайды, ештеңе
етпейді, суретінің барлығын бүлдіріп, жұлдырып тастаңдар. Тү-
сіндіріңдер жағдайды. Бұл өте маңызды мәселе! Ұқтың ба?!
Батан: Б-б-бұқтым! (Гук-гук. Батан телефонды қойып, абды-
рап тұрғанда, Қорғанбек келеді).
Батан (Қорғанбекке): Ойбай, құрыдық! Кеттік құрдымға!
Ағамыз қисайып қапты!
Қорғанбек: Жә, тоқтат бай-байды! Не боп қалды сонша, қайда-
ғыны бастап.
Батан: Ағамыз қисайып қапты!
Қорғанбек: А-а? Қалай қисайып қапты? Қай жері қисайып қапты?
Батан: Бар жері қисайып қапты! Қорғанбек: Сонда қалай… ән жері алай, мін жері былай қисайып қап па? Аузы бір жаққа, мұрны бір жаққа кетіп бара ма? Батан: Иә, кетіп барады! Құлағы Керімбетовтың қолында! Қорғанбек: Түсінікті! Құлқын қайда болса, құлық сонда! Жә, бұраң ағашқа тез табылар. Бүгін әрі қисайса, ертең бері қисаяр. Былқ-сылқ еткен дүниеге басты ауыртпай, бірге қисая бергеннен басқа амал жоқ! Пәленовы не, Түгеновы не, Керімбетовы не, бәрібір емес пе? А бірақ, біз де адамбыз! Біздің де өз қалауымыз болмай ма? Онда жұмыстары жоқ! Осы күнге дейін өтірік айтпайтын, уәдесінде тұратын қазақтың жігіті едім. Енді ше? Өз өтірігіме өзім сенетін болыппын! Батан: Қайтесің енді, бұның бәрі саясат қой! Қорғанбек: Саясаттың қазақшасы не екенін білесің бе? Ә? Пәле-тика! Әр кәлләда бір пәллә-тика бар! (Айтарын айтып алып, қара телефонға жалтақтап қояды). Бар пәле осыдан! (Сол кезде телефон шар-шар ете қалады. Екеуі екі жаққа ыршып түседі). Батан: Осы қара телефонның не сиқыры барын білмеймін, әйтеуір тірсегіме дейін қалай дірілдеп кеткенін өзім де сезбей қаламын! Қорғанбек: Мен де… тіпті түсімде де қара трубкамен тіресіп шығамын. Шарылдаған немені шағып-шағып, шалшыққа шашып тастағым келеді кейде! (Телефон шарылы үдей түседі. Екеуі үнсіз, бір-біріне «сен ал, сен ал» дегендей сансырап тұрады. Сол кезде Балқаш келіп қалады). Балқаш: Әй, мына байғұсты өтпейтін бәкімен бауыздалған ешкі құсатып бақыртпай, біреуің неге алмайсыңдар? Күпі кигендей күмпиіп жүруші едіңдер, бүйі тигендей үрпиіп қапсыңдар ғой! (Екеуі шарылдаған телефонға қарай қолдарын сермей береді). Өй, атып жіберсе де әкелші бері, әкеңнің… (Балқаш телефонды жұлып алады): Әлө! Телефондағы жуан дауыс: Әй, сен кімсің? Балқаш: Өзің кімсің? Дауыс: Не дейді әй мынау? Мен – менмін! Балқаш: Мен де менмін! Дауыс: Қалай сен де мен боласың? Мен – менмін, сен – сенсің! Балқаш: Ол сен үшін солай! Ал мен үшін мен – менмін, сен – сенсің! Дауыс: Жә, қысқарт енді! Кімсің өзің? Балқаш: Қысқартсаң қысқарт! Өзің кімсің?
Дауыс: Әй, не дейді әй мынау? Бұл өзі қайдағы ауыл?
Балқаш: Сайдағы ауыл! (Гук-гук. Балқаш телефонды қояды.
Қорғанбек пен Батан безек-безек етеді).
Қорғанбек: Әй, құрттың-ау бізді біржола! Жөндеп неге сөйлес-
пейсің?
Балқаш: Жөнін айтпаған кісімен мен неге жөндеп сөйлесуім
керек?!
Батан: Бау дегенің! Бастық жөнін айтушы ма еді?
Балқаш: Бастық болу дегенің басқаларды басыну емес шығар.
Жыным ұстайды осындайларға! (Телефон шырылдайды. Қорғанбек
пен Батан екі жаққа қашып кетеді. Балқаш телефонды алады):
Бұ қайсың ей?
Телефондағы жуан дауыс: Бұл – мен! Әй, інішек, бұл қай
ауыл?
Балқаш: Бұл ойдағы ауыл! Айдағы ауыл! Қайдағы ауыл? Бұл –
Астана!
Дауыс: А-а-аста-на?
Балқаш: Иә, А-а-аста-на!
Дауыс (жұмсарып): Апырай, ә, мен жаңылып сізге түскенім
бе? Бір асығыс шаруамен ауылға соғамын деп…
Балқаш: Дәл солай! Астанадағы басқармадан бір-ақ шықты-
ңыз!
Дауыс: Апырмай, кешіріңіз, ағасы.
Балқаш: Біресе інішек, біресе ағасы дейді. Ауылмен бір түрлі,
Астанамен бір түрлі сөйлесетін екі түрлі даусың бар ма, немене?!
Дауыс: Жо-жоқ, ондайдан аманбыз.
Балқаш: А-а, аман болсаңыз, аман болыңыз! (Телефонды қоя-
ды). Енді біразға дейін ызыңдамайтын шығарсың өзің де! (Кетеді).
ЕКІНШІ СУРЕТ
Бірінші көрініс
Ауыл кеңсесі. Қорғанбек пен Батан әңгімелесіп отыр.
Қорғанбек: Енді шегінетін жер жоқ. Былай да, былай да бәрі-
бір, сондықтан солқылдақтарды сымдай тартып, қоңқылдақтарды
қылдай бұрап, тартпаны тастай ғып түйіп тастау керек!
Батан: Ауылдың ау-жайы да солай, бәріне айтылды. Ауа рай-
ына қарай құбылып, ауа жайылғандардың өзі ұзын арқан, кең тұ-
саумен үйірге қосылып қалатын сыңайлы.
Қорғанбек: Сонда да тізгінді қытып ұстаған жөн. Керімбетов-
тың кереметтігін көпке түсіндіре беріңдер. Айтпақшы, соның өзі
кім? Дұрыстап таныстың ба?
Батан: Қайда-а-ан! Маңына бара алмайсың, облыс, аудан
басшылары қаумалап, қаптап жүр. Әйтеуір, қағаздарына қарағанда
бәрі жақсы. Көп жылдар аудандар мен облыстарда, республикада
басшы қызметтер атқарған. Таяуда пенсияға шығыпты. Еңбегі бар,
депутат болып, демалсын деген шығар!
Қорғанбек: Біздікі де қызық-ау кейде! Мандатты маужырап
демалу үшін емес, қалжырап жұмыс істеу үшін беру керек қой!
Батан: Бау дегенің! Әнеугүні мұғалімдерге дүйім елдің кө-
зінше, ашықтан-ашық Керімбетовке дауыс беріңдер, басқаларға
жоламаңдар деп, шегелеп жіберіпті бастықтар. Керімбетов өтпей
қалса, жұмыстан шығарамыз, тіпті, әрең-әрең тұрған мектептеріңді
жауып тастаймыз депті.
Қорғанбек: Кемпір-шалдарға да айттым. Керімбетовты сайла-
масақ, жем-шөптен, тіпті, пенсиядан да қағыламыз-ау деп едім,
қалбалақтап көне кетті бәрі де. Бұрын-соңды бұндайды көрмеген
басым әуелде түнімен ұйықтай алмай жүрдім. Обал-ай, ұят-ай,
сайлау, сайлау деп жүріп ағайындықтан кетеміз-ау, елден шыға-
мыз-ау деп. Бара-бара адам әккі боп алады екен! (Кеңсеге «Асса-
лаумағалейкум», «Сәлеметсіздер ме?» деп, Бұратаев бастаған бір
топ кісі кіріп келеді. Ішінде атай бар).
Қорғанбек: А-а, сәлем, сәлем, сәлемші болсаң, төрге шық. Иә,
аманшылық па әйтеуір?
Бұратаев: Е-е, аманшылық, аманшылық. Өздеріңіз қалай,
аман-саусыздар ма? Қайран ауыл қалай, көтеріліп келе ме әйтеуір?
Қорғанбек: Көтерілді десеңіздер, көтерілгені шығар… Қауырт
науқанның уағы, тайлы-таяғына дейін таңның атысы, күннің баты-
сы далада тер төгіп жатыр. Ал, өздеріңе жол болсын, шаңқай түсте
шабуылдап, шаң-шаң болып…
Бұратаев: А, біз мына сайлауға талап қылып…
Қорғанбек: Кімнің сойылын соғып жүрсіңдер?
Бұратаев: Ешкімнің де емес, ә, иә, жоқ, өзіміздің!
Қорғанбек: Кімнің… өзіміздің?
Бұратаев: Ә-ә?
Қорғанбек: Өзімізің кім деймін?
Бұратаев: Өзіміз бе… өзіміз! Депутаттыққа кандидат – Бұратаев! Көпшілікпен кездесу өткізгелі келдік, келісім бойынша… кестеге сай! Қорғанбек: Өзіміз деп өзеуреме! Ол неғылған өзіміз? Өз елім деп өзегімізді суырып беретін кезде, өзеннен өзекті бөлген өзімшілдер, оңбайсыңдар! Ал, ендеше, біз ешкіммен келісімге келген жоқпыз – бір! Сіздің кестеңіз біздің кестемізге көлденең келеді – екі! Жұмыс істеудің орнына, науқан уағында сыбай-салтаң сайлау қуып, селтеңдеп, тентіреп жүргендерің ұят емес пе? Елге іріткі салып, тынышын алатын сен сияқты кандидаттармен бізде сөз біреуақ – қалай келсеңдер, солай кетіңдер! Бұратаев: Ау, тоқта, тоқта! Тарпа бас салып, тілдейтіндей телпегіңе таластым ба? Тіпті сіз мені танымайсыз да ғой! Қорғанбек: Танымаймын да, танығым келмейді де! Айда барыңдар! Бәріңнің де сырың белгілі – бас-басыңа билік керек! Жаусыңдар бәрің де! Айда, барыңдар, жолдарың әне! Аулақ, аулақ! Бұратаев: Ау, айналайын, қараптан қарап дүрлігетіндей не боп қалды? Сайлауға түссек, бүлдіргелі жатқан жоқпыз, жөндегелі жатырмыз! Қорғанбек: Тоқтат! Керегі жоқ сөзіңнің! Бәріңдікі балтайт! Бұратаев: Оу, сайлау мен сайлану – демократиялық мемлекетіміз берген заңды правомыз емес пе? Қорғанбек: Право дейді ишшо ұялмай! Әркім кеп правосын кәшәйттәй берсе, кәшәйттәй берсе, қазығымызды ырғай берсе, ырғай берсе неміз қалады? Бұл жерде право – мен! Менмін осы ауылдың қожасы! Менің рұқсатымсыз бұл жерде бір де бір жиын өтпейді. Тәк што, тату-тәтті ғана жақсылықпен тарай қойыңдар! Бұратаев: Бұл – адам правосын аяққа басу! Қорғанбек: У вас – права, а у меня – приказ! Аулақ, аулақ! Бұратаев: Оу, ату жазасына кесілген адамның да соңғы сөзін тыңдайды ғой! Мейлі, даусыңды берме, сайламасаң – сайлама, бірақ адам құсап бір ауыз сөзімізді тыңдасаңдаршы! Мына жұртқа тыңдатсаңдаршы! Қорғанбек: Жоқ! Тыңдамаймыз да, тыңдатпаймыз да! Алапестей аластаймыз арамыздан! Сендерге құлып та жоқ, мектеп те жабық! Құлып құлайын деп тұр – сендердің даңғазаларыңа шыдай алмай, төбесі ортасына түсуі мүмкін. Мектепте сабақ басталды – періштедей бүлдіршіндердің оқитын жерін перілердің ойнағына айналдыра алмаймын! Аулақ, аулақ! Ауылдан аулақ! Айналамнан аулақ!
Бұратаев: Сонда не, сайлаушылармен кездестірмейсіздер ме? Қорғанбек: Кездесе беріңдер. Тек бізден аулақ! Әне, далаға барыңдар, қораға барыңдар, қайда барсаңдар онда барыңдар! Атай: Әй, шырақтарым, ауылға ат басын бұрған мейманды ит қосып қуатындай не күн туды бастарыңа? Айтсын, сөйлессін ағайынмен, біз де айтайық! Бұратаев: Арамызда әнші-күйшілеріміз бар – солардың концертін көріңіздер! Қорғанбек: Қайдағы ән-күй, науқан уағында! Шаруа күйіп жатқанда күйлерің тасып бара ма, не? Аулақ, аулақ, мәндерің де, әндерің де аулақ! Атай: Астапыралла, әнді қуды деген не сұмдық?! Тым болмаса, ән тыңдап бір жасап қалсын да кемпір-шал! Қорғанбек: Керегі жоқ, тыңдатпаймыз! Бұлардың әндеріне дейін пәле-тика! Алдап-сулап, арбап алмақ қой! Әнге елтіп, еріксіз соңымыздан еріп кетер деген бақай есептеріңді езіп бастарыңа жағыңдар! Аулақ, аулақ! Барыңдар енді, жұмыс кезінде уақытымды алмай! Жыныма тие берсеңдер, баса көктеп, басбұзарлық көрсетті деп протоколдап жіберемін қазір! Бұратаев: Сендерге дауа болмас! Сайлау заңын бұзды деп біз де береміз прокурорға! Қорғанбек: Бере бер! Одан жоғарыға бар. Дәлелдеп көр! Айғай айғақ бола алмайды! Әркімді қолдауға міндетті емеспін! Заң бойынша, әкімдердің сайлауға қатысы жоқ! Бұратаев: Кедергі жасауға да хақыңыз жоқ қой! Қорғанбек: А кім сізге кедергі жасап тұр? Бұратаев: Сіз! Қорғанбек: Қалай мен? Бұратаев: Солай! Кездесуге көмектесудің орнына, бөгет болып тұрсыз! Қорғанбек: Бұныңыз енді жала! Барыңыз да кездесе беріңіз дедік қой! Бұратаев: Қайда барып кездесеміз, қалай кездесеміз, кіммен кездесеміз? Біздің өкілдеріміз келіп, келісіп кеткен клубты бермесеңіз, кездесуді ұйымдастырмасаңыз, бір кандидат үшін үгіттеп, қалғанымызға қарсы майдан ашсаңыз, заңды аяққа таптау емей немене?! Қорғанбек: Өйтіп білгішсіне берме, заңды біз де білеміз! Кездесу ұйымдастыруға міндетті емеспін – бір! Рұқсат етпеймін – екі! Өйткені сөзі бұзық кісілермен кездесуге рұқсат жоқ!
Бұратаев: Мәссаған! Сонда, әкімнің сайлауға қатысы жоқ
дейміз. Ал көпшілікпен кездесу үшін сол әкімнің рұқсаты керек
екен. Сонда қалай? Бұл неғылған күрмеуі қатты түйін, ә?
Қорғанбек: Солай! Ақылың жетсе, шешіп ал, қолыңнан келсе,
кесіп ал!
Бұратаев: Мен сіздерді сотқа беремін!
Қорғанбек: Мен сені беремін сотқа! Әй, өзіңе бірдеме керек
боп тұр ма? Сол қолыммен кеңірдегіңнен қысып алып, қораның
қуысына тыға салайын ба осы? (Төбелесуге ыңғайланады).
Бұратаев: А, солай ма? Келсең кел олай болса! Мен сайлауға
ғана емес, самбодан да кандидатпын!
Қорғанбек: Самбы-мамбы мәмпәси! Мен десантникпін! Спец-
наз! Самбыңды сындырып, соплоңа тығайын ба осы? (Екеуі жұл-
қыласып қалады. Батан мен қасындағылар арашалайды. «Өй,
азаматтар-ау, бұларың не? Ұят емес пе? Сайлауы бар болсын
бүйткен, тыныштық керек! Бас аман болсын!» деседі).
Қорғанбек: Арашамен жаның қалды әкеңнің… аманыңда таба-
ныңды жалтырат!
Бұратаев: Кімнің жаны қалғанын көріп тұрмыз! Енді жолыма
бөгет болсаң, мойныңды бір-ақ бұрап тастаймын! Мен кетермін,
кетермін, бірақ жай кетпеспін! Қайтып келермін! Жай қайтып кел-
меспін, депутат боп келермін! Ауылдың сыртынан күтіп аласың
әлі!
Қорғанбек: Әуелі сайланып ал!
Бұратаев: Сайланамын!
Қорғанбек: Паһ! Кім сені сайлайын деп жатыр?
Бұратаев: Сен! Сайлайсың да, сайлаттырасың да! Балтаға
түскен Құлагерден де қалтаға түскен құла бие артық! Ал, қайыр
хош, сайлауда жеңіспен жолыққанша! (Тобымен кетеді).
Қорғанбек: Барыңдар, барыңдар, беттеріңнен жарылқасын!
Көше кезіп көсемсігеннен көсегелерің көгергенін көрерміз! Міне,
Батан құрдасым, көрдің бе сиықтарын! Бұларды тыңдасаң да бәле,
тыңдамасаң да бәле. Жуып кетсең жұғып қалады, шетінен шаппай
бер, шебер әртіс!
Батан: Ал, ендеше, тағы бір топ әртістер келе жатыр! (Даб-
дырласып, Керімбетов, Жаһанов, тағы бір топ адам кіріп келеді).
Қорғанбек: О-о! Хош келдіңіздер!
Батан: Жоғары шығыңыздар! Жолдарыңызға қарай-қарай кө-
зіміз талды!
Керімбетов: Көзайым, көзайым! Кезеңде кездейсоқ кездеспе-
ген шығармыз…
Қорғанбек: Әрине, әңгіменің аужайы белгілі. Ауыл аңысын
аңдап, бағытын байқап отыр.
Батан: Басқа кандидаттардың бәрін бостырып жібердік! Сіз-
дің суреттеріңіз бен жарнамаларыңызды жабысатын жердің бәріне
жапсырып тастадық!
Қорғанбек: Дегенмен, сайлаудың аты – сайлау! Біздікі – білек
пен тілек! Ал дауыс беретін көпшілік! Сондықтан, сөйлесіп көрсін
деп, құлыпқа жинап жатырмыз. Қызыл иек шал-шауқан мен қызыл
өңеш жігіт-желеңнен бастап, қызыл-жасыл қыз-қырқын мен қызыл
шақа бала-шағаға дейін қызыл көргендей өзіңізге қызығып келген-
де, қанбазарды қыздырып, қызыл асықты иіріп бір көрерсіз!
Керімбетов: Қожыр, қожыр тәйкем соқ! Тамшыдан – тас,
қамшыдан – бас, алшыдан түсе гөр, асығым! (Бәрі кетеді).
Екінші көрініс Ауыл клубы. Қабырғаларға Керімбетовтың суреттері, үгіт қағаздар жапсырылған. Қақ маңдайға «Кемеңгер Керімбетов – кемел келешектің кепілі!» деген үлкен плакатты керіп қойған. Ауыл адамдары үлкен-кішісі бар, иін тіресе жайғасқан. Керімбетов бастап, Қорғанбек, Батан, Жаһанов қостаған топ екпіндей кіріп келгенде, ду қол шапалақтап қарсы алады. Қорғанбек: Уа, ардақты ағайын! Алдарыңызға Алаштың азаматы Керімбетов ағамыз ақсақалдарға сәлем берейін деп, ауылдың ахуалын көзбен көрейін деп, ақыл-көмегін аямай берейін деп, сіздер қолдасаңыздар, сайлауда жеңейін деп алыстан ат терлетіп, арнайы келіп отыр! Балқаш: Бізге қазір ақыл емес, ақша керек алдымен! Жаһанов: Ақыл болса, ақша табылады! Сұрайтын мәселелеріңізді сұрап қалыңыздар, бұл кісі күнде қолдарыңа түсе бермейді. Балқаш: Рас айтасыз, сайланып алғасын қарасын да көрсетпес! Жаһанов: Неге? Қайта жиі-жиі, тіпті күнде көріп отырасыздар! Экраннан! Телевизордың бетін бермейтініне мен кепіл. Өйткені бұл кісінің ай сәулелі ақылгөй, күн шуақты кемеңгер, су сияқты тұңғиық, тау сияқты бір биік екендігіне қазақтар ғана емес, біздер сияқты қазағуарлар да әбден қанық! Батан: Бау дегенің! Атай: Паһ, шіркін!
Апай: Таңдайынан бал тамған айналайын ғой мынауың! Бере-
міз, саған бермеген дауыс адырам қалсын!
Жаһанов: Ой, алтындай апаларым, ақ пейіліңнен айналайын!
Бірақ, дауысты маған емес, менің таңдаған кісіме берсеңіздер бол-
ды! Баяғыда, бір қонақасыда қазақтар маған мойын берді. Сары
орыстың бәрі орыс дегендей, мені де орыс деп қалған тәрізді. «Қа-
зақтар мені қатты қадірлеп, мойынды мүше ғып беріп жатыр –
рахмет, басқа жақын мойыннан артық не бар?!» деп едім, қыры-
лып қала жаздады күлкіден. Расында да, бізге сол мойын да жа-
райды! Азаматтар басқара берсін! Таласудың керегі жоқ! Бостан-
босқа берекені кетіріп, бет жыртыспай, бірауызды болайық! («Жөн
айтасың!», «Сөз төресі осы!» деседі жұрт).
Апай: Осы бізге сайлаудың керегі жоқ әрбірдесін! Даусымыз-
ды қайсына берерімізді білмей, ми қата болдық әбден! Бәрі де оп-
оңды балдар, біреуін сайлап, қалғанын құлатуға дәтің қалай бара-
ды?! Мен өзім ешкімге зиян қылмай, бәріне де дауыс берсем бе
деп отырмын! Айналдырған бес-алты кісі екен, алақолдап, алакөз-
демей, бәрін де алқалай салса, үкіметтің бірдемесі кеміп қалмас!
Апалап, алдымызға келіп, әңгімелерін айтып, әндерін шырқап,
кәнсерт қойып, суреттерін іліп, қанша әуре боп жүргендерін көр-
генде тіпті жүрегіміз ауырады. Суреттері қандай әдемі! Обал ғой
өтпей қалса!
Қорғанбек: Сайлауға обал-сауап жүрмейді! Бәріне бірдей
үлестіріп беретін сарқыт емес, заң бойынша бір-ақ дауыстарың
бар, соны біреуіне бересіңдер! Әйтпесе, сайлау сайлау боп санал-
майды!
Апай: Ойбай, көтек, енді қайттік? Жұртты мәләған қылмай,
өздерің біреуін таңдап қоя салмайсыңдар ма? Керек болса, біз қол
қойып берейік!
Қорғанбек: Апа-ау, сенімдеріңе рахмет, бірақ ол заңға томпақ,
дүниежүзінен ұят болады.
Апай: Үйбәй, біздің депутатымызда дүниежүзінің жұмысы
қанша?
Қорғанбек: Тәртіп солай! Сондықтан сөзбұйдаға салмай, осы
Керімбетов ағамызды сайлап жіберсек, бәрімізге де жаман бол-
майды! (Жұрт қол соғады). Қане, енді ағамыздың бір-екі ауыз ле-
бізін тыңдайық!
Керімбетов: Ардақты ағайындар, көп болып қолдамаса, қан-
дай да бір кемеңгер кемеліне келе алмайды деп мен баяғыда айт-
қам. Кездесуге барған жеріміздің бәрі де құшақ жайып қарсы алып
жатыр. А бірақ, соның бәрінен сіздер асып түстіңіздер. Сіздің
ауылға жететін ауыл бар ма екен өзі ғаламда?! (Ду қол шапалақ-
тау. Жастар мен балалар ысқырып, еден тепкілейді).
Балқаш: О, суайт! Осындайларды көрсем, жыным ұстайды!
Апай: Тиме! Суайт болса да сөзінің сиқы жақсы екен!
Керімбетов: Егер біз әрқашанда осындай ауызбірлікте болсақ,
алмайтын биігіміз қалмайды. Мен де сайлауға еріккеннен емес, бір
жағадан бас, бір жеңнен қол шығару үшін бара жатырмын!
Балқаш: Бас шұлғып, қол көтере беру үшін десеңізші! Ал,
жақсы, ұлттық кемеңгерімізге бір сұрақ қоюға бола ма екен?
Жаһанов: Болғанда қандай! Бір емес, көп-көп сұрақ қойсаңыз-
дар да құба-құп. Өйткені бұ кісі кез келген сұраққа ойланбастан
жауап бере береді!
Атай: Кәмпитүр сияқты болды ғой.
Балқаш: Сұрағым мынадай: Бір үйлі жанға алты мың теңге
пенсиямен қалай күн көруге болады?
Керімбетов: Ол былай. Алты мың теңге дегенің әрине, ақша
емес қазір. Сондықтан, үнем керек – бір! Екіншіден, малды көп
ұстау керек! Мал тұқымын асылдандыру керек деп отыз жыл бұ-
рын айтқам. Үшіншіден, мені сайласаңыздар, ақшаны көбейту жо-
лында аянбаймын!
Атай: Өй-дә! Кемеңгерің кекіріп қойды ғой!
Балқаш: Кекірмегенде... кертіп береді деп пе едің!
Атай: Данышпанға тағы бір сұрақ.
Керімбетов: Сұраңыз.
Атай: Сұрасам, біздің ауыл жаздыгүні мал суаратын бір каты-
лабанға зәру болып жүр. Соған… былай… біз дауысымызды түгел
сізге берейік… сіз бізге бір катылабан қаздырып берсеңіз…
Керімбетов: Кат-кат-катылаван туралы мен қырық жыл бұрын
айтқанмын. Әр ауылдың құдығы, суаты, тоғаны болу керек деп
тағы да айтамын... сайланғасын.
Жаһанов: Сіздер мұндай ұсақ-түйек битовой мәселемен бұ кі-
сінің балшой басын ауыртпаңдар. Бұ кісі мировой маңызы бар мә-
селелермен ғана айналысатын мемлекеттік тұлға!
Атай: Сонда данышпандар үшін қалың бұқараның таршылық
көріп, ауырып-сырқап, жүдеп-жадап жатқанының ешқандай маңы-
зы жоқ па екен?
Керімбетов: Неге болмасын? Халықтың әл-ауқатын көтеру
керек деп мен баяғыда айтқам!
Атай: Сөзіңнің әдібі әдемі-ақ! А бірақ, мына бір сұрақ жаны-
мызды жегідей жеп, мазамызды алып бітті. Осы жердің асты-
үстіндегі қазынаны сендер жараттыңдар ма, жоқ әлде құдай жарат-
ты ма?
Керімбетов: Ә-ә-әрине, біз емес.
Атай: Құдай оны кім үшін жаратты? Осы жердің иесі – халық
үшін жаратты! Солай ма, солай емес пе? (Жұртшылық: «Әрине,
солай!», «Солай болмағанда қалай болушы еді!» – деп шу ете тү-
седі). Ал енді осы жерді анталаған жаулардан қанын төгіп ата-
бабаларымыз қорғап қалды ма, жоқ сендер қорғап қалдыңдар ма?
(Жұрт шу ете түседі: «Әрине, аталарымыз!», «Аруағыңнан айна-
лайын!»). Онда неге сатасыңдар ол жерді? Қазақ халқының жерін
жекеменшікке сатуға сендерге кім право берді?!
Керімбетов: Ақсақал, сөзіңіз орынды. Алайда, баяғы бабала-
рымыздың байлауы бүгінгінің бабына дөп келе бермейді. Нарық
жағдайында кез келген нәрсенің құны болу керек, оны сол бағасы-
на қарай сатып алған иесі болу керек!
Атай: Әй, шырағым, нарық халықтан артық болып па? Мой-
нына бағасын іліп, біреудің меншігіне сатып жіберетіндей туған
жер товар емес қой! Атамекенімізге баға жетпейді, ол ешкімнің де
меншігі бола алмайды, ол біздің Отанымыз! Отан үшін қан мен
жандарыңды бере алмасаңдар да, заңдарыңмен қорғауға жарасаң-
даршы, ей, шырақтарым! (Жұрт дуылдап қол соғады).
Балқаш: Осы атамызды сайлау керек депутаттыққа!
Керімбетов: О-о, атамызбен таласпаймыз! Үлкендерді сыйлау
керек деп мен баяғыдан айтып келемін. А бірақ, басқаға жол бере-
тін ойымыз жоқ! Тартып аламын дейтін батырлар болса, шықсын!
Қане, кім бар?! (Жұрт үнсіз аң-таң болып отырғанда, Әнуарбек
кіріп келеді).
Әнуарбек: Мен бармын!
Қорғанбек: Астағыпиралла!
Әнуарбек: Алыста ағалық, ойында өрелдік жоқ деген, адал
азаматтар ретінде әділ күресіп көрейік, кемеңгер аға! Мына сізді
адамзаттың алыбы, ұлтымыздың ар-ұяты дейді екен. Осыны шын
деп ойлайсыз ба?
Керімбетов: Енді-і-і…?!
Әнуарбек: Апырмай, ә? Қандай да керемет, кемеңгер болса да,
бір адам бүкіл ұлттың орнын басып, ар-ұяты бола алмайды ғой!
Қандай алып болса да, халықтан әулие емес шығар? Алып халық
үшін бе, әлде, халық алып үшін бе?
Керімбетов: Енді… бәрі де халық үшін… Халық үшін жүрген
жоқпыз ба?
Әнуарбек: Халық үшін деген сөз шын мәнінде сол халықты
алдау үшін айтылатын сияқты! Халық үшін жүргесін, ақшасын да
халық төлесін дедіңіздер ме, әйтеуір халықтың хақысын жеп кет-
кендеріңіз қалай?
Керімбетов: Әй, шырағым, бүлік шығармай отыр… ауызбір-
лікте болайық!
Әнуарбек: Басқаша пікірдің барлығы бүлік пе сізше? Сонда
сіздердің ғана айтқандарыңызға көніп, айдауларыңызға жүрсек,
ауызбірлік болады да, біздің айтқанымызды тыңдасаңыздар –
ауызбірлігіміз бұзылып қала ма, не?
Балқаш: Ауызбірлік, ауызбірлік деген кезде ауыздарың әп-
әдемі! А бірақ, жылы-жұмсақты жеген кезде біздің ауызымызды
неге ұмытып кетесіңдер, ә? Сексен теңгенің самопалын ішкен ауыз
отыз жеті мың теңгенің бискиін ішкен ауызбен қалайша бір бол-
мақ?
Жаһанов: Ай-яй-яй! Абайлаңдар! Басқа-басқа, ауызбірлікпен
ойнамаңдар! Біздің ынтымағымыз, татулығымыз – бақытымыз! Ал
сендер немене, іріткі салып, бүлдіргілерің келе ме? Біз оған жол
бермейміз!
Әнуарбек: Оу, ағасы, тыныштық бәрімізге де керек! Бүлік шы-
ғарайын деп жатқан ешкім де жоқ! Сонда қалай, тынышымыз ке-
теді екен деп, үндемей бас шұлғи беруіміз керек пе? Әлде, дұрыс-
ты – дұрыс, бұрысты – бұрыс деп, қолымыздан келгенше жақсарта
түсуге жұмылғанымыз жөн бе? Ойсыздық жаман, бір жақты ой-
шылдық одан да жаман!
Керімбетов: Ой-дайт, Ломоносов!
Жаһанов: Міне, көріңіздер өз көздеріңізбен. Бұл заманның
жастарына не жорық? Үлкен кісінің бетінен алып, сөз таластыруға
қазақ емес мен ұяламын, ал сендерге не көрінді сонша?!
Әнуарбек: Кешіріп қойыңыз, мен бұ кісінің жағасына жармас-
қаным жоқ. Өз көзқарасымды білдіріп тұрмын. Сайлау адамның
сақалы мен шапанына қарай орын беріп, мүше тарататын құдалық
емес шығар. Депутат ел тағдыры туралы миды ауырта ойланып,
жанын аямай жұмыс істеуге міндетті ғой!
Керімбетов: Е-е, мен бұл жөнінде баяғыда айтқам. Верховный
Советке өңкей пошотный ветерандарды жинап алатын, ешкім
аузын ашпайтын кезде айтқам. (Жұртшылық: «Қайтсін енді? Ай-
тудай-ақ айтады-ау!» – деседі).
Балқаш: Ағасы, бәрін де баяғыда айтқан екенсіз. Өмір бойы айтумен келе жатыр екенсіз. Ал, өзіңіз не бітірдіңіз? Қолыңызда билік барда қарық қылмағанда, енді жарылқаймын деп отырсыз ба? Керімбетов: Жарылқаймын ба, жоқ па – оны уақыт көрсетер! А бірақ, көп нәрсені мен баяғыда айтқам, бүгін де айтам, ертең де айта беремін! Айту үшін жүрмін. Жаһанов: Айта білу де өнер! Кез келген нәрсе айтудан басталады! Балқаш: Айтудан бірдеме шықса, айтқыштар ауылда да жетіп жатқан жоқ па? Осы біз бәріміз екі түрлі ауызға айналып кеткен сияқтымыз. Дейтін ауыз және жейтін ауыз! Керімбетов: Біздікі айту парыз! Қалғанын өздері білсін! Балқаш: Ал сонда кәңкіретні жұмысты кім істейді, ә?! Атай: Кәңкіретні жұмыс дегеннен шығады. Кәндиләт қарағым, біздің ауылға бір катылабан қат болып жүр. Соны қаздырып бер де, даусымызды түгел ала ғой! Әнуарбек: Ақсақал, сөзіңіз орынды. Бірақ, мен онда сіздердің дауыстарыңызды сатып алған боп шығамын. Мұндай шаруашылық мәселелерімен айналысу депутаттың міндеті емес. Ол елге пайдасы тиетін дұрыс заң шығаруға тиісті! Атай: Әй, қарақтарым, бір катылабан қазу үшін де жаңа заң жазу керек пе? Әнуарбек: Несі бар жазбайтын? Бұлдыр-бұлдыр, бір-біріне қайшы заңдардан гөрі, нақты жұмыс істейтін заңдар тиімді емес пе?! Мәселен, қазір өздеріңе тиесілі жердің бәрін күші барларға жалға беріп, содан бір-екі қап ұн, жем, сабан алғанға мақұл боп отырсыңдар. Балқаш: Уағымен түгел бермейді де! Сыпырып-сиырып алады да кетеді! Әнуарбек: Міне, осыны жөнге салатын кез келді! Жаһанов: Тоқта, тоқта! Жөнге салатын дәнеңе жоқ! ТОО дегенің тоқтық қой! Бәрі де риза! Әнуарбек: Алдап-сулағанға кім риза болушы еді? Кейбір үйлер киер киімнен, ішер астан қысылып жүр. Міне, ойланатын мәселе қайда! Жаһанов: Ай-яй-яй! Өз халқың туралы олай деуге аузың қалай барады? Ашпын деуге арланбайсыңдар ма? Аталарың аштан өліп бара жатса да қарным ашты деп жыламаған! Дүниежүзінен ұят емес пе? Дымдарың шықпасын, ойбай!
Балқаш: Әрине, саған рахат! Ұшып , қонып, үріп ішіп, шайқап
төгіп жүрсің. Ал мына бізді кім ойлайды? Маған сенсеңдер – осы
Әнуарбектен дұрысы жоқ! (Жұртшылық: «Рас-ау!», «Иә, иә!»,
«Жөн-жөн!» деседі).
Қорғанбек: Ау, ағайын, біреу кеп былай айтса – былқ, алай ай-
тса – сылқ еткенді қойыңдар! Адам бір сөзді болуы керек емес пе?
(Жұртшылық: «Иә, иә!», «Жөн айтасың!» деседі). Олай болса, біз
сөзді беріп қойғанбыз, біздің кандидатымыз – Керімбетов!
Керімбетов: Әп, бәрекелді! Өзім де сезіп едім! Бәсе! (Әнуар-
бекке) Шырағым, сайлауға шығарда әкімнің… үлке-ен әкімнің ба-
тасын алдың ба?
Әнуарбек: Ол заңға томпақ! Мен әкімнің емес, халқымның ба-
тасын алуға келдім!
Апай: Міне, ердің сөзі! Жарайсың, айналайын! (Жұрт қол со-
ғады).
Керімбетов: Әкімнің алдынан өтпесең, сенің мұнда келуің де,
кездесуің де заңсыз!
Әнуарбек: Онсыз да аяқтан шалып жатыр. Бізді жау деп шыға-
рып қойыпты. Ойпырмай, дөделерің дөйт десе, өзгеше ойлайтын
кісілерге ойланбастан өшіге кететіндерің қалай?!
Балқаш: Басқа кандидаттардың суреттерін жыртқызып тастап,
барлық жерге Керімбетовтың суретін ілгізіп қойды. Қане, айтшы,
бір суретіңнің бағасы қанша?
Керімбетов: Бағасын қайтесің, қалтаңнан шығып бара ма? Су-
ретімізді ілуге толық хақымыз бар!
Балқаш: Хақым, хақым деп қақылдай бергенше, бір мезгіл
халқым десең етті! Сендердің бір суреттерің пәлен теңге… пәлен
ауылға, пәлен қалаға пәлен суреттерің… есептей бер… тәк… тәк…
скәзәл беднәк… сексенге бөлемін… мә-ә, мына суреттеріңнің ор-
нына қанша катылаван қазып, самопалға толтыруға болар еді, ә?
Сонда деймін… (Қорғанбекке қарап) Сайлау, сайлау деп ақшаны
желге шашып, бәрімізді алдап, алауыз ғып дүрліктірмей-ақ, өзде-
рің қалаған кісілеріңді бұйрықпен, бірауыздан сайлай салсаңдар,
кім қой деп жатыр?!
Қорғанбек: Жә, қысыр сөзді доғарыңдар! Сайлау бар, біреу сай-
ланады! Түйін түйілді, қазық қағылды, сөз бітті! (Жұрт дабдырла-
сып, тарауға айналады. Әнуарбек Қорғанбекпен оңашаланады).
Әнуарбек: О-о, бөле-бөле-бөлетайым!
Қорғанбек: Әй, еметайың езіліп бара жатса, үйге барғасын кө-
рерміз!
Әнуарбек: Е-е, бәсе, біртүрлі көрінгенің бер жағың екен ғой!
Қорғанбек: Бер жағым да, ар жағым да сол! Бекер киліктің бұл
ойынға!
Әнуарбек: Оу, бұл не дегенің? Бөлеңнен бөлінгенің бе? Бет-
пердеңмен бүркемелемей-ақ, басын ашып айт!
Қорғанбек: Бөледен безбеймін, бірақ, істің түрі жаман. Екі от-
тың ортасында бізді күйдірмей, өз еркіңмен шыға салсайшы!
Әнуарбек: Жоқ, ол болмайды! Шетімізден шегіншектей бер-
сек, елдің ертеңі не болады? Менің мақсатым да, жақсы атым да –
демократия жолында күресу!
Қорғанбек: Сөзіңнің жаны бар болсын-ақ! А бірақ, дәл қазір
сөзің де, өзің де өтпейсің ешқайда!
Әнуарбек: Бәрібір тоқтамаймын!
Қорғанбек: Онда өз обалың өзіңе – сені ешкім де қолдамайды!
Әнуарбек: Қолдағанда қандай! Сендер жібермей отырсыңдар
еркіне! Сонда, анау ма лайықтағандарың? Оның да, менің де кім
екенімді білесің ғой!
Қорғанбек: Білгенде қайтейін?
Әнуарбек: Солай де? Сонда қалай, біздің ешкімге керегіміз
жоқ па?
Қорғанбек: Жә, таусылма өйтіп, түңілме. Сайлауы бар болсын,
туыстықтан кетпейміз, үйге жүр!
Әнуарбек: Барармын, бармаспын, оны қойшы. Сен тапсырма-
ны орындап, жеңгеніңе мәз боларсың. А бірақ, қандай жеңіс ол?
Кімдерді сайлап жатырмыз? А-а?! Айтшы қане, шыныңды?
Қорғанбек: Өй, болды енді, бөле болмай бәле болдың ғой өзің!
Онсыз да ертең мені сен үшін біраз өкіртеді!
Әнуарбек: А-а, солай ма? Бармай-ақ қойдым үйіңе, жоламай-ақ
қойдым маңайыңа! Бірақ, айтылған сөз, алысқан қол қайда? Аза-
маттық принцип қайда?
Қорғанбек: Қайдағы уәде, қайдағы принцип? Қазір бәрінің де
принцибі біреу-ақ, ол – принципсіздік! Сен мені өйтіп қорқытпа!
Жоламасаң жолама! Ту биеңнің үстіне тайлы бие қосып берейін,
тек бәлеңнен аулақ! Аулақ!
Әнуарбек: Сайлау да бітер. Сайланған да кетер. Соңынан ілесе
кеткеніңді көрермін. Ағайыннан, елден безіп, оңғаныңды көрер-
мін!
Қорғанбек: Көрсек көрерміз! (Екеуі екі жаққа кетеді. Атай
мен Жаһанов келеді).
Жаһанов: Қалай, аға, кандидаттар? Қайсы мықты?
Атай: Өй, мыналарыңнан түк те шықпайды! Бір катылабан қазып беруге қауқары жоқ, кімді қарық қылмақшы?! Ауылға қазір алыстағы ақылманнан да қолдағы катылабан артық! Бәрібір, ертең сайланып алған соң бұлардан қайыр жоқ! Қолға түсіп, кіріптар боп тұрғандарында катылабанды қаздырып алсақ, қатып кетпес пе еді?! Жаһанов: Ақсақал, катылаванды мен қаздырып берейін! Бірақ, дымың ішіңде болсын, жеме-жемге келгенде менің кісіме беретін болыңдар! Атай: Бергенде қандай! Катылабанды қаздырып берсең, осы ауылдың тайлы-таяғы түгілі, тайшасына дейін дауыс береді саған! (Жаһанов құлағына сыбырлайды. Атай басын изеп, қолын сермеп, қалбалақтап кете барады). Жаһанов (жалғыз, өзімен-өзі): Ақкөйлек аталарымнан айналайын! Ақкөңіл қазағымнан айналайын! Сендер бала сияқтысыңдар десең, өздері мәз болады. Баланы алдауға да ұяласың кейде! А бірақ, өздері алданғысы кеп тұрғанда, алдап жібермеудің өзі күнә емес пе? Теңізін түбіне дейін жұтып қойып, бір катылаван кә-пәйттап берсең, соған да құрақ ұшады. Бір нәрсеге бастары қатса да, бір-бірімен мүйіздесіп қалса да, киіздесіп қалса да бізге кеп мұңдарын шағады. Хе-хе-хе! Біз не, тегін ақылды аяймыз ба, ақырын ғана бағыттап қойсақ болды, ірейді-ай келіп бір-бірін! Бас жібі біздің қолда екенін сезбейді де сүзгіштерім! Әсіресе, ілдебаймен әрең тұрған ескі көпірден ептеп-септеп өтіп кетудің орнына, қақ ортасында тұрып алып, солқ-солқ секіріп, сарт-сұрт сүзісетіндерін қайтерсің! Міне, мына сайлау өткенше бақ-шақ, быт-шыт болып бітеді! Мейлі, бізге жаман емес, сайрай берсін! Мына мен – көрші ауылдағы ТОО-ның, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің, бұрынғыша айтқанда, совхоздың бастығымын. Қағаз жүзінде! Ал, шындығында осы жердің қожайынымын! Жер де, тер де бұлардыкі, ал төр менікі! Менің меншігім бәрі де! Өздерінің терімен өздерінің жерінен бір уыс жем алып берсек, соған да шүкір дейді! Ал мен жекеменшік самолетіммен кейде тіпті аптасына екі рет шетелге ұшып барып келемін. Бұлттың ар жағында, әлемді шарлап, жан сарайың ашылады, ал бұлар төмендегі сиыр қорада бір-бірінен бір уыс сабанды қызғанып, сақардай қайнап, сабындай бұзылып жүргені. Сабаздарды сабасына түсіретін тағы да біз! Сайлаудың да байлауын көрерміз әлі! (Сотовый телефонын жүре әуендетіп кете береді).
Үшінші көрініс
Ауылдағы сайлау күні. Сайлау учаскесі – мектеп. Мектептің
бір жағына қарай Қорғанбек жалғыз тұр. Батан жүгіріп келеді.
Батан: Ойбай, құрыдық, бітті бәрі, капут!
Қорғанбек: Не боп қалды, әй? Не капут?
Батан: Кандидат та капут, біз де капут! Жаңа ғана жоғарыдан
хабарлады – біздің ауылдағы сайлауды бүкіл әлем болып бақылай-
ды екен! Электрон-селектрон, кәмпитүр-мәмпитүр… спутник ар-
қылы. Және, әдейілеп ашық сайлау жасамақшы дейді, тәжірибе
ретінде. Ал, енді алдап көр!
Қорғанбек: Апырмай, ә? Мұны ойлап тапқан қай данышпан
екен? Неге біздің ауыл, басқа емес?
Батан: Өйткені, біздің ауылдың санағы ең соңынан шығаты-
нын, шешуші болатынын сезіп қойса керек қулар! Бастан-аяқ үл-
кен экраннан бүкіл әлемнің бақылаушылары көріп отыратын бо-
лыпты!
Қорғанбек: Қап! Енді қайттік? Үлкен ағаларымыз қайра-қайра
қайрап, қадай-қадай тапсырып еді! «Сіздің ауыл құла дүзде жатыр,
орталықтан бір сағат айырмашылығы бар, жәшіктер жеткенше бір
күн өтеді. Жалпы есепке қарай, қалай бұрамыз десек те қолымыз-
да. Сондықтан саған сеніп отырмыз!» – деп еді. Мына бір Бұратаев
дегеннің жаны сірі екен, ілініп-салынып қалмай келеді. Бір бәле
боп кетпесін, байқа!
Батан: Байқаймыз ғой… Талайымыздан көрерміз!
Қорғанбек:
Талапайға
көнбеспіз!
Сенің
орның
анда.
\Мектепті көрсетеді саусағымен.\ Бар, іштен шалуды ойла! (Ба-
тан ішке кіріп кетеді. Ауыл адамдары ағылып келіп, мектептің
бер жағынан кіріп, ар жағынан шығып жатады. Бір кезде Батан
келеді).
Батан (Қорғанбекке): Әй, Қорғанбек құрдасым, құлағыңды
сал бері! Жоғарыдағылардың жаны мұрнының ұшында! Олардың
есебін қолма-қол кәмпитүрмен шығарып қойыпты, теңбе-тең! Біз-
дің ауыл түгел дауыс беріп болды, тағы да бірдей! Бұрып жіберу-
дің реті жоқ, бәрі электрон, экран! Ал, енді қайттік? Бір дауыс,
жалғыз ғана дауыс болса, бітіп жатыр!
Қорғанбек: Апырмай, ә? Керімбетов ендігі қарасын да көрсет-
пей кетуге тиіс еді. Мына Бұратаев қалай қалыспай тең түсіп отыр,
мен соған қайранмын? Енді кім қалды сайлауға келмеген?
Батан: Ешкім де қалған жоқ!
Қорғанбек: Қап! Мыналардың да қадала қалғандарын қарашы,
әйтпесе, ендігі иттің итақайына дейін дауыс бергізіп тастар едім!
Жәрәйді! Тағы бір сүзіп шықшы тізіміңді, мүмкін біреу-міреу та-
былып қалар! (Батан кетеді). Апырмай, мұндай да болады екен-
ау! Дүние бір дауысқа, жалғыз адамның дауысына тіреліп қалады
деп кім ойлаған?!
Батан (жүгіріп келіп): Алақайдың бересі! Таптым!
Қорғанбек: Тапсаң, тез әкелсеңші мұнда!
Батан: Тапқанда не, әлгі, алқаш құрдас келген жоқ! Өзі тіпті
тізімге де кірмей қалыпты!
Қорғанбек: Е-е, ол былқ-сылқ етіп, бұра тарта берген соң, сы-
зып тастағанбыз біржола. Енді қайтадан қоса салыңдар! Тірі жан
екені рас қой! Самопалмен сүрленген сүлдерін сүйресеңдер де
келтіріңдер мұнда! (Балқаш келеді).
Қорғанбек (Балқашқа): Ау, бұл не жүріс, маң-маң басқан мау-
басым, құрдасың жанталасып жатқанда?
Балқаш: Біздің Әнуарбегімізді неге алып тастадыңдар?
Қорғанбек: Оны сызған біз емес. Жекеменшігі туралы декла-
рацияны дұрыс толтырмай, табысын жасырып, заңды бұзғаны
үшін алып тастады комиссия!
Балқаш: Табысын жасырған?
Қорғанбек: Иә, иә, меншігін жасырған. Тассудағы үйін тізімде
көрсетпепті.
Балқаш: Әй, естерің дұрыс па? Ондағы үйдің орны да жоқ қа-
зір! Тіпті, Тассу түгел көшіп кетіп, жермен-жексен болды емес пе?
Қираған ауылдың кірпіштеріне дейін Астанаға үй салуға артып
әкеткен жоқ па сатармандар?!
Қорғанбек: Оның рас. Бірақ қағаз жүзінде Тассуда үйі бар, қа-
лаға көшкенде оны есептен шығармаған. Қағаз жүзінде бар ма,
бар, бітті шаруа! Оны дәлелдегенше сайлау да өте шығады. Құр-
дас, көп сөзді қайтесің, бар да дауысыңды бер Керімбетовке!
Балқаш: Бермеймін! Оған да, басқаға да жоқ!
Қорғанбек: Неге?
Балқаш: Сол! Жыным ұстап қалды!
Қорғанбек: Оу, құрдас, сенің жының келіп-кетіп тұратын бір
жеңіл-желпі, жақсы жын екен. Сонда қалай, сен саяси шешімнің
өзін жөніне қарай емес, жыныңа қарап қабылдайсың ба?
Балқаш: Енді ше? Жыны жоқ адамның құны жоқ!
Қорғанбек: Жә, жетет! Жыныңды қағып алсам, жолыңды таба
алмай қаңғып қаларсың! Жаныңды күтіп, жақсылықпен бере ғой
даусыңды!
Балқаш: Сонша неге менің даусыма құмар бола қалдыңдар?
Қорғанбек: Аңқаусыма, алқашым! Қазір барлық жерде элек-
троника, есепті қолма-қол шығарған. Нансаң да, нанбасаң да сол –
екі кандидат тепе-тең болып, текетіресіп тұр. (Керімбетов пен Бұ-
ратаев, Жаһанов жүгіріп келеді). Бізден басқа барлық жерде сай-
лау бітті! Бұл ауыл да тегіс берді дауысты. Тек сен ғана қалдың!
Таразы басы тепе-тең! Мұндайды көрген де арманда, көрмеген де
арманда! Бұлыңғыр басқа бақ қонайын десе не шара, бүкіл әлемнің
назары сенде, бүкіл сайлаудың тағдыры қолыңда! Ұқтың ба? Ұқ-
саң – басты қатырмай, даусыңды Керімбетовке бер де, кердеңдеп
жүр, көксегеніңді ал! (Балқаш орғып ортаға шығады. Керімбетов
пен Бұратаев жетіп келеді қасына).
Балқаш: А-а, солай ма, азз-заматтар! Онда әңгіме басқаша!
Ал, қане, (Бұратаевқа) даусымды саған берсем, не бересің?
Бұратаев: Ақырын, ақырын, ағасы, енді былай… ондай нәр-
сені ағайыншылықпен оңаша ақылдасқан жөн! (Қолтықтап, оңа-
шаланады. Керімбетов жұмсақ басып, сырттарынан жанасады).
Қалағаныңыз болсын, тек қысылтаяңда қолдап жіберсеңіз болды,
ағасы!
Балқаш: Ағасы дейді… Алқашты ағасы деуге арланбайсыңдар
ма, Алаштың азаматтары?
Керімбетов: Аға демек түгілі, ата дерміз бара-бара! Айтыңыз
қажетіңізді!
Бұратаев: Қазақ жолымен-ақ ала беріңіз!
Балқаш: Кәндиләт кезінде бәрі жақсы, жаман депутат қайдан
шығады? Ал, ендеше, әкеліңдер бір қап ақша!
Бұратаев: Ләпбай!
Керімбетов: Хоп, майлы!
Қорғанбек: Тым болмаса көз жұма тұрайық, бізге де бірдеме
тиіп қалар!
Балқаш: Ал, қане, қайсыңдікін алайын?
Керімбетов: Менікін!
Бұратаев: Менікін!
Керімбетов: Менің қабым үлкен… қанар!
Бұратаев: Ал менің ақшам үлкен! Көк алалы көп қағаз, көкей-
іңе дөп қағаз!
Керімбетов: Осыдан мені тастап кетіңдер, ертең шеттеріңнен
тебен жұтқызып, көгендетіп тастаймын!
Балқаш: Ә, солай ма? Мандат – біреу, солдат – екеу! Енді
қайттік? Мүмкін, біреуің жол берерсіңдер?
Керімбетов: Жақсы іні ағаның жолын кеспес болар!
Бұратаев: Жақсы аға інісін демеп жібермес пе?
Балқаш: Ал, енді не істе дейсіңдер!
Қорғанбек: Сайлаудың бітуіне қырық-ақ минут уақыт қалды!
Бол, тез!
Балқаш: Мен мына электроныңа сенбеймін! Маған үйренген
қағазымды әкеліңдер! Электронға кеткен ақшаны елге берсе ғой…
тәк, тәк, скәзәл беднәк… сексенге бөлсем, сан жетпес самопал бо-
лады екен!
Қорғанбек: Базар жоқ! Ол сенің заңды талабың! Біз заңды
сыйлаймыз! (Батан мектептен сайлау бюллетенін әкеліп береді).
Балқаш: А-а, мынау ма, елді бүлдірген бүлитөн дегенің! Дү-
ние шіркін дір-дір етіп менің уысымда тұр, (бюллетеньді умаж-
дап, сығымдап, алақанында ұстайды) домалата салайын ба? Піл-
дей азаматтар шілдей бұғып, менің қас-қабағымды бағады, нілдей
бұзыла салсам, күлдей шашылып кетеді-ау, ә?! Мандат үшін
осынша жанталасып не көрінді, өмірге мансап үшін келіп пе едің-
дер? Лауазымдарыңды бұлдап, бізді қалай басынғандарың есіме
түссе, жыным ұстайды! Ал, қайтесіңдер, жыным ұстап қалды! Еш-
кімге де дауыс бермеймін! Ал, қатыспаймын сайлауға! Ал, мә, бар
әйда! (Бюллетеньді жыртып-жыртып, әуелете шашып жібереді.
Бәрі сілейіп тұрып қалады).
Жаһанов: Ойбай, құртты-ау мына қызталақ! Түбімізге жетті-
ау! Енді қайттік?
Қорғанбек: Жә, мен саспай саспаңдар! Запас бүлитөні жоқ
әкім әкім бе? (Былғары папкасынан тағы бір бюллетень алып шы-
ғады. Балқашқа) Әй, қояншық, бері қара! Қалған-құтқан есіңді жи!
Біздің сайлау бойкот жасайтын бөтелке емес саған! Қазір дауыс
бересің! Және Керімбетовке бересің! Әйтпесе, күллі әлемге күлкі
қылғаның үшін, күлдіршегіңді суырып алып, түбіршегіңе дейін
құртамыз! Ұқтың ба? Ұқсаң, мә, бар жылдам! Жарты-ақ сағат қал-
ды сайлаудың бітуіне – содан кейін сенің құның көк тиын! Ұялас
иттей жамандыққа қимайтын құрдасымсың, дәуренің жүріп, дәуір-
леп тұрғаныңда, ана депутаттың уәдесін мықтап шегелеп, бір қап
ақшасын қағып ал, бір дорбасы менікі!
Балқаш (бюллетеньді алады. Керімбетов пен Бұратаев жанына жетіп келеді): Біріңді қуантып, біріңді құлатып, обалсауабын қайтіп арқалаймын? Бұратаев: Қиналмаңыз, обал-сауапты бір қап ақша оп-оңай көтеріп кетеді! Керімбетов: Бір уысын садақаға берсең, бітті, қандай күнәні де жуып-шайып жібереді! Балқаш: Астапыралла! Пәлетика не дегізбейді пендеге! Сендерге мандат керек, даңқ керек. Ал бізге ше? Бізге ештеңе керегі жоқ па? А-а?! Одан да келіңдер, алаңсыз бір ішейік! (Қойнынан бөтелкесін шығарып, аузынан жұтып-жұтып алады. Керімбетовке ұсынады). Ал, дабай, депутаттығыңды жуайық! Керімбетов: Рақмет, рақмет, мен мүлде қойғанмын… Балқаш: А-а, ди-э-тишни депутат! (Бұратаевқа) Мүмкін сен жұтарсың, менімен ептеп. Жеңісті жумаймыз ба? (Бұратаев бөтелкені алып, аузынан сылқылдата жұтып, босатып береді. Балқаш босаған бөтелкені айналдыра қарап) А-а! Жарайсың! Жұтып үйренгенің көрініп тұр! Бүкіл елдің байлығын бітеудей жұтып қойған сен сияқтылар ғой… тым болмаса, бізден де басқа жан бар еді-ау деп, сарқыт қалдыруды да білмейсіңдер! Сен сайланбай жатып, жұтқының жылт-жылт етеді, сайланып алған соң біржола құртатын шығарсың! А-а! Жыным ұстайды өтіріктеріңе! Біздің шырқыраған даусымызды құлақтарыңа да ілгілерің келмеуші еді, енді сол дауыс керек боп қалды ма?! Мә, керек болса – А-а-а-а! – алыңдар! Өмір бойы ұмытпастай құлақтарыңа құйып алыңдар! Бұратаев: Мен сіздің мұң-шеріңізді түсінемін! Соны жеткізу үшін бара жатырмын! Керімбетов: Мен бұл туралы баяғыда айтқам. Тағы да айтамын! Маған бер даусыңды, өкінбейсің! Бұратаев: Жоқ, маған бер, мұратыңа жетесің! Балқаш: Е-е, сендер бізді қайдан түсінесіңдер? Сендердің қарындарың ашып көрді ме? Күнімді қалай көремін, балдарды қалай жеткіземін деп күйзеліп көрдіңдер ме? Еңбектерің еш болып, түктерің қалмай тоналып көрдіңдер ме? Жоқ! Аула толы техника, алқап толы егін, қора толы мал қайда? А-а! Біз екі түрлі әлемде, екі түрлі өлшеммен өмір сүріп жатқан жоқпыз ба? Зердеге салудың орнына, кердең-кердең етіп, тірлігімізге күлесіңдер, сөйте тұрып біздің қалаулымыз атанып, қамымызды жеген қамқоршымыз болып көрінгілерің келеді, ә-ә! Жоқ, ол болмайды! Мені сатып ала
алмайсыңдар! Айта барыңдар анда… құла дүз, қиян далада сатылмайтын бір қазақ бар екен деп! Бүкіл әлемге айтыңдар! Қорғанбек: Оу, айналайын құрдас, енді мыжуға уақыт жоқ, үш-ақ минут қалды! Соған дейін аларыңды алып, береріңді беріп қал! (Батан, Бұратаев, Керімбетов, Жаһанов жанын қоярға жер таппай, үнсіз безек-безек етеді). Балқаш: Ал, мына сен әкіреңдеген сайын жыным ұстайды! Немене, менің өз қалауым, өз еркім жоқ па? Не, мен малмын ба, айдаған жаққа жүре беретін? Жоқ әлде итпін бе, айтақтағанға үре беретін? Жоқ, мен адаммын! Менің өз ойым, өз сөзім бар! Қайда менің кәндиләтім… боло-боло-болотайым? Болотайым құлатайдай озып кетер деп жазықсыз күйдіріп жібердіңдер-ау! Батан (безектеп): Бір-ақ минут қалды! Балқаш (бюллетеньді қарайды): А, міне, фамилиясын сызып тастапты. Ал, мен бәрібір, ерегескенде даусымды болотайыма беремін! (Бюллетеньге белгі қойып, жалаудай желбіретіп, мектепке кіріп кетеді. Жиналғандар сенделіп, күйіп-пісіп қала береді. Керімбетов пен Бұратаев қолдарын сілтеп, күйініп, кетіп қалады). Жаһанов: Капут! Батан: Аллауәкпар! Қорғанбек: Мен тұрғанда саспаңдар! Әңгіме елдің қалауында емес, біздің санауымызда! Жаһанов: Бүкіл әлемнің көз алдында қалай санайсың? Бітті бәрі де! Қорғанбек: Біткен жоқ! Әлемді алдай алмасам, несіне әкім болып жүрмін? Бері қара, әлгінің кәндиләті тізімде біздің кәндиләттан кейін тұр емес пе? Жаһанов: Иә, екеуі қатар тұр! Қорғанбек: Ендеше, сызылып қалған кісіге қойған птичкасының екі қанатын жоғарырақ көтереміз де өзімізге қоса саламыз! Бақылағыштарға – сызылған кісіге ешкім де дауыс бермейді, есепте жоқ адамның тұсына жаңылыс қойылып кеткен белгі негізінде жоғарырақ тұрған Керімбетовтікі, – деп, санаймыз да жібереміз! Жаһанов: Расында да солай екен-ау! Бітти ғана нәрсені бұра салсаң болды, дәкөй нәрселер дереу өзгеріп кетеді! Қалай, ә? Қорғанбек: Қалай, қалай… қатқанский! Жаһанов: Жоқ, әлі онша қатпағанский! Қорғанбек: Бұдан артық қандай қатқан керек саған? Қасынан қалмай қолтықтап жүрген Керімбетовыңды омақа асатын жерінен оңалтып, оңдап тұрып өткізіп жібердік! Енді қалай, сайлау, демок-
ратия, заң – бәрі де дұрыс қой, бірақ, біздің айтқанымыз болмай, қайдағы бір алқаштың айтқаны болу керек пе? Әркімді еркіне жібере берсек, әркім өз қалағанын сайлап, білгенін қыла берсе оңбаспыз! Қақпайлап, жөнге салып, қатқанский қылып отыру керек! Жаһанов: Бәрі де дұрыс, тек қана нағыз қатқанский болсын десеңіз, Бұратаевты өткізу керек! Қорғанбек, Батан (қосарлана): А-а? Не дейді?! Жаһанов (сотовый телефонымен звондап): Жоғары жақ солай ұйғарды! Мә, нанбасаң өзің сөйлес! Қорғанбек: Қалай? Сонда біздің дегеніміз болмай, сенің дегенің болуы керек пе? Жаһанов: Жо-жоқ, олай деп жік салмаңыз арамызға! Біздің дегеніміз – сіздің жегеніңіз, сіздің дегеніңіз – біздің жегеніміз! Әңгіме ауызбірлікте! (Телефонды береді). Қорғанбек: Әлө! Телефондағы жуан дауыс: Қапа болма, Қорғанбегім! Қасқағымда құйын соққандай құбылып жатқан тіршілік емес пе?! Қайратыңа мін де, бұра тартсаң да, бұрап тартсаң да Бұратаевты сүйреп шық! Тапсырма солай! Қорғанбек: Беттен бет қалмады-ау өзі! Бәрін әп-әдемі ғып бітіріп қойып едік! Дауыс: Е-е, қай бір оңған бет бар дейсің! Бетон құсап бедірейіп ал да, бергілей бер! Бір жөні болар, ескерерміз бәрін де! Қорғанбек (телефонды сөндіріп, Жаһановқа беріп жатып): Енді қайттік? Әбден ит қылдыңдар-ау кісіні?! Тоқта, тоқта! Бұратаев ана сызылып қалғанның астында тұр! Екеуі қатар! Ендеше, ана сызылып қалғанның тұсына алқаштың қойған птичкасының аяғын төмен түсіріңкіреп жіберіп, Бұратаевқа қоса саламыз! Птичка дегенің біресе көтеріліп, біресе төмендеп ұша бермей ме? Жаһанов: Ура-а! Міне, нағыз қатқанский! Батан: Бау дегенің! Қорғанбек: Кеттік онда, тағы да қисайып қалмай тұрғанда, тезірек қатырып тастайық! (Бәрі де жүгіре басып, мектепке кіріп кетеді).
Соңы.
2005 жыл.
БАТЫР БАЯН
Трагедия
Мағжан Жұмабаевтың поэмасын сахнаға лайықтап екі актілі
пьеса ғып жазған Баянғали Әлімжанов
Қатысушылар:
Мағжан Жұмабаев – қазақ ақыны
Батыр Баян
Ноян – Баянның інісі
Сұлу қыз – тұтқынға түскен қалмақ қызы
Абылай хан
Қанай би
Сары батыр
Серең – қонтайшы
Ұса – қонтайшы
Елші – қалмақ
Ақсақал – ауыл ақсақалы.
Батырлар, билер, сарбаздар, қалмақ шеріктері. Оқиға 18-
ғасырдың орта шенінде өтеді.
І акт
Бірінші көрініс
20-ғасырдың 20-30 жылдары. Қараңғы бөлме. Әлсіз май шам
дір-дір етіп жанып тұр. Шам жарығымен ақын Мағжан жыр
жазып отыр. Жаңа, аппақ көйлек киген. Үлкен толғаныс, ой үс-
тінде. Алабұртқан жүзі шам жарығымен ерекше бір нұрға бөле-
ніп тұрғандай. Қауырсын қаламы аққу-қаздың қанатындай аға-
раңдап, үміт сәулесіндей әсер етеді. Тебірене жыр жолдарын
оқиды.
Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп, жанады да,
Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,
Толғанып қарауым сол баяғыға.
Түйіннің тоқсан түрлі шешуі бар,
Әдемі ертегідей баяғыда.
Ертегі уатпай ма баланы да,
Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да.
Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған,
Еркімен өзі-ақ отқа барады да... (ойланып үнсіз жазады. Кү-
бірлеп, әрі қарай):
Ақында адамзаттан дос болмайды,
Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына! (Тағы да жазады. Оқиды).
Қиын күн туған Алаш баласына, Шұбырып жапанның сар даласында, Кез болған жаудан үркіп «ақтабанға», Дұшпанның қалғандай боп табасына. Арқаға аяқ салып түскен барып, Екі оттың – орыс, қытай арасына. Күндерде сонау қара, тапсырған ел Тағдырын Абылайдай данасына! (Жыр оқыған дауысы үдей түседі). Алыстан орыс, қытай ауыр салмақ, Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ. Артында ор, алдында көр, жан-жағы жау, Дағдарған алаш енді қайда бармақ? Ақын даусын қиқулаған жаудың-қалмақтардың даусы, дабылдың үні, ат тұяғының дүрсілі басып кетеді. Тарс-тұрс, отжалын, шайқас, «Жау шапты! Ойбай жау кеп қалды!» – деп зарлаған дауыстар. Қазақтарды қанға батырып, қырып-жойып, бейбіт ауылды тонап жатқан қалмақтар. Қолбасы Серең тайраңдап, шаттанып жүр. Тұтқын қазақтарды тізіп қойып, әрқайсын бір нұқып, қылышын бетіне тақап, зекіп сөйлейді. Серең: Ә, бәлем, қазақ! Салтанатың қайда, сәнің қайда? Сарыарқадан салған әнің қайда? Көрпеңе қарамай кең далада көсіліп едің, Есілді бойлай есіріп едің, ендігі күнің не болар екен, ә? Ақ боз үйің күл болып, күл болмаса, бүл болып, ақ боз атың тұл болып, тұл болмаса, жат қолында пұл болып, адыра қалды деген осы! Ару қызың күң болып, азамат ұлың құл болып, табаныма түстің бе ақыры!? Күп-күп етіп мақтанғанда дақпыртың төрт тарапқа түгел
жетіп еді, үп етіп үрлеп қалғанымда үлп етіп ұшып кете барғаның
қалай? Құр қауқиып жүргендерің болмаса, ар жағыңда қауқарың
да, ел қорғайтын қалқаның да жоқ екен ғой, байғұстар! Сен бе ме-
нен асатын, ағынды судай тасатын, қалмақтың мысын басатын!
Кезің келді, уақытың жетті қайқы қылышпен қазақы мойныңды
қылдай қиып, қаныңды судай шашатын! (Тұтқын қазақтарды
беттеріне қарап тұрып, бауыздап жібереді Әскеріне): Ал, тонаң-
дар түгін қоймай! Іске татырын айдап әкетіп, қалғанын өртеңдер
түгел үйелменімен! Ха-ха-ха-ха! Қазақ қырылған! Қазақ қырыл-
ған! (Есіріп, қолын бастап кетеді).
Екінші көрініс
Батыр Баянның ауылы. Бейбіт ауылға айғайлап, ұрандап:
«Аттан! Аттан! Баян аға! Жау шапты! Жау! Баян аға!» – деп
Ноян келеді. Батыр Баян, ауыл ақсақалы, жігіттер: «Не болды?
Не боп қалды!» – десіп өре түрегеледі.
Ноян: Жолдыөзектегі елді жау шауып кетті. Қанға батырып,
барлығын қырып-жойып, ауылдарын өртеп, малын айдап әкетіпті.
Бұл хабарды жылқышы жігіт жеткізді. Өлімші болып жараланған
екен, осы хабарды айтуға жарады да, жантәсілім қылды. (Жиылған
топ: «Апырай, бұл не сұмдық?». «Не дейді?». «Тағы да қалмақтар
ма?» – деседі). Сары батыр ағамыз бұл сұмдықты ести сала, атқа
қонып, Уақтың қолын бастап, жауды өкшелей қуып кетті. Керей
мен Атығай-Қарауылдың жігіттері де іле аттаныпты. Мені сізге
жіберді, Баян аға!
Баян: Апырай, Сары ағамыз қаһарына мінгенде, екі көзін қан
жауып, қашан жаудың қанын судай төгіп, құмарынан шыққанша
тоқтамаушы еді. Ашумен жазым болмаса неғылсын! Ал, жігіттер,
аттан!
«Аттан!» «Аттан!» «Аруақ! Аруақ!» – деген айқай, ұран жер-
көкті кернеп, делебені қоздырады. Батырлар аттанып бара
жатқанда, Ноян да садағын, қару-жарағын алып, қамдана бас-
тайды.
Баян: (Ноянға жақын келіп, ағалық қамқорлықпен): Ноян
бауырым, сен өзіңдей жастармен бірге ауылға ие болып қалғаның
дұрыс! Мұнда да бас көтерер біреудің болғаны жақсы! Жә, жә, бұ-
ғанаң бекіп, бағың жанатын кез алдыңда әлі! (Аға сөзінен аса ал-
май қиналған Ноян қала береді).
Үшінші көрініс Батыр Баян бастаған қазақ қолы қалмақтарға шабуыл жасайды. Шеп кұрып, бетпе-бет кеп тұрғанда қазақ, қалмақ: «Жекпе-жек! Жекпе-жек!» – деп қикулайды. Қалмақтан Серең шығады. Қазақтан Сары батыр ыңғайлана береді. Баян: Сары аға, сіздің жолыңыз – ту түбінде тұру! Жекпе-жек менің жөнім! Бер батаңды! Сары «Әумин!» деп батасын береді. Баян мен Серең майданда бетпе-бет келеді. Аңдысып, айналсоқтап, қылыштарын олайбұлай ысқырта сермеп жүреді. Серең (ойқастап, кердеңдеп): Оу, сен қайдан кеп қалған кереметсің, әй, ә? Ашық-шашық жатқан жеріңе жан-жағынан сұғына кіріп сайрандап, сыпыра тонап тайраңдап, ақ жүзіңді тоздырып, ұл-қызыңды аздырып, ойыма келгенді істеп ойрандағанда қайда едің сен батыр болсаң? Ха-ха-ха! Қазақтың керегесін отын, қызын қатын қылып жүргенімді көрмей, білмей қалып па едің әлде? Жаңадан кісі болдың ба, жарбиып атқа қондың ба? Жаныңды жаһаннамға жібермей тұрып, жөніңді сұрап алайын, менің түнде суарылып, күнге шағылысқан от жалынды қылышымның жүзін тигізуге лайықсың ба, жоқ па? (Қылышының жүзін сүйіп) Атың кім, ей? Сен өзі шынымен қазақсың ба, жоқ әлде мазақсың ба? Ха-ха-ха! Баян: Тарт тіліңді, атаңа нәлет, ит қалмақ! Мен мұсылман қазақпын, мазақ емес ғажаппын! Ал сен қалмақсың, жел айдаған қаңбақсың! Бейбіт елге басып кіріп, іздегенің қан болса, өз қаныңа тұншығып, сай-салада көмусіз, ит пен құсқа жем болып, ақ сөңке боп қалмақсың! Мұны айтып тұрған мен – мұсылман қазақ баласы батыр Баян! Серең (сәл сескеніп): Баян? Қалмақтар (шошынып): Баян? Батыр Баян!? Серең (ширығып, қайта құтырынып): Баян? Ха-ха-ха! Қыз екен деп жүрсем, Баян, Баян дегендері осы екен ғой! Батыр Баян болсаң, қазаққа батыр Баянсың, ал бізге пақыр Баян, тақыр Баян, тіпті, төбеңді шоқпар ойғанда, тоңқайып жатып қалғанда қатын Баян боласың! Мұны айтып тұрған мен – жер-жаһанды жаулап алып, жалауы көкте желбіреп, күн нұрымен алаулаған жоңғардың алтын айдарлы ұлы Церен батыр қонтайшы! Қалмақтар (қиқулары күшейіп): Церен! Церен! Церен! Баян: Жә! Серең болсаң қайтейін? Серең, серең етерсің, секеңдеген серкедей ажалыңа жетерсің. Тілің сүйір екен, боқтық сөз-
ге үйір екен, іздегеніңді табарсың, боқтыққа батып қаларсың! Уа,
мен – Батыр Баянмын, Алты Алашқа аянмын, атадан ұл боп туған-
мын, атаның жолын қуғанмын, елімді азат қылуға, белімді бекем
буғанмын, дұшпанның бетін қайтарып, Алаштың бетін жуғанмын,
қалтқысыз сүйіп халқымды, қызметін адал қылғанмын. Елімнен
барым садаға, қазағым үшін құрбанмын! Уа, қанқұйлы қонтайшы,
ербеңдегеніңді көрдік, енді қылыш сермегеніңді көрейін! Алдаспа-
ным айдарыңды айыра тіліп түскенде, өлмегеніңді көрейін.
Қазақтар (аруақтанып): Ақжол! Ақжол! Ошыбай! Ошыбай!
Жаубасар! Жаубасар!
Баян мен Серең біраз қылыштасады. Бір кезде Баян Сереңнің
қылышын қағып түсіреді. Жанұшырған Серең үлкен шоқпарды
алып ұмтылады. Баян да шоқпар мен қалқан алып соғысады. Бір-
бірін дүңк-дүңк ұрады. Бір кезде Баян қос қолдап ұрғанда, Серең
қалқан-малқанымен есінен танып ұшып кетеді. Қалмақтар оны
қоршап алып, сүйрей қашады. Қазақтар бас салады. Жеңіліп қа-
шып бара жатқан қалмақтар: Қап, бәлем қазақ, тұра тұр! Аң-
дып жүріп, бір айлаңды табармын, айналып кеп қалдамандап ша-
бармын! – дейді. Қазақтар, Сары батыр: Кеткеніңнен келме,
атаңа нәлет ит қалмақ! Алды-артыңа бір уыс топырақ! – дейді.
Сарбаздар шеріктерді тұтқындап, тізіп әкетеді. Бір жас қалмақ
кездігін суырып алып, өзін байламақ болған сарбаздың қолын жа-
рақаттап, жанталаса қарсылық көрсетеді. Баян оны көріп, сада-
ғын кезейді. Бәрі сілтідей тына қалады. Адырнасын шірей тар-
тқанда, жебенің ұшы дір-дір етіп, тура жас қалмақтың кеудесі-
не қадалардай... Жас қалмақ жасқанбай, Баянға тіктеп қарайды.
Жанарында жалын ойнағандай, Баянмен көздері ұшырасып, сәл
шарпысып тұрады. Сол мезетте Баян садағын тартып жібереді.
Жас қалмақтың ту сыртынан басын көтеріп, Сарыны атқалы
жатқан жаралы шерікті өткір жебе ысқырып барып, жайратып
салады. Баян жігіттерге жас қалмақты алып жүріңдер деп нұс-
қайды. Жігіттер оны байлап әкетеді...
Төртінші көрініс
Батыр Баянның ауылы. Жорықтан жеңіспен оралған сарбаз-
дарды Ноян қарсы алады. Байлаулы жас тұтқынды жігіттер:
«Мә, мынау саған! Апарып малға сал, қиқаңдаса-қылқындырып,
бір қуысқа тыға сал!» – деп, домалатып тастайды. Домалап тұр-
ғанда баскиімі түсіп қап, шашы тарқатылып кетеді. Қыз! Жі-
гіттер: Мә, мынау қыз ғой! – десіп, – өзі қандай әдемі! – десіп, аңтарыла қарап қалады. Қыздың жанары жан-жағына от шашқандай. Ноян қалт тұрып қалады. Онысын ешкімге сездірмеуге тырысып, сырт айналады. Ұрлана қарайды. Қыздың қасына Баян келеді. Басқалар кетеді. Ноян да кетуге оқтала беріп, бірақ, белгісіз бір күш тежегендей бөгеле береді. Қыз көзін бір төңкеріп, Ноянға жымиғандай болады, Баянға байқатпай. Ноян шаттанып, жүгіріп кетеді... Баян мен қыз оңаша қалады. Баян (үркіңкіреп, қашықтау тұрған қызға асықпай, әбден сынай қарап алып): Бері кел! (Қыз үрпиіп алыстай түседі) Мен саған әрі кет деп тұрғам жоқ, бері кел деп тұрмын! Кел бермен! Қыз: Ағатай! Баян ағатай! Баян: Апырай, ә? Ата жауың қазақ саған қалай оп-оңай ағатай бола қалды? (Қыз қорқа-қорқа бір басып, екі басып жақындап келеді. Баянды көзімен арбағысы келгендей қарап қояды). Айдаһардың алдындағы көжектей боп бүрісе қапсың, біздің қыздарды ағаларың зар жылатып қорлағанда, олардың да осылай қорыққанын есіңе ал! Есіңе ал да, екі көзін қан жапқан қандыбалақ қыранның темірдей шеңгелі іліп түсіп, пәрше-пәршесін шығаратын қоңыр қаздай ақ төсіңді төсей бер! (Құшағын ашады). Қыз: Ағатай, Баян ағатай! Аяй көріңіз мен бейкүнә бейбақты! Баян: Сендер қара көздерді аямағанда, қысық көздерді мен неге аяуым керек? Айлаңды асырып, пайдасын көрген қазақтың найзасы да бар екенін біліп қойыңдар! Қыз: Айтқаныңыздың бәрі рас, бәрі дұрыс! (Тізерлеп, жүгініп) Тағдырым қолыңызда, Баян ағатай! Бірақ, жауға қатал болғанмен, жетім-жесірге жүрегі жұмсақ, мейірбан ел едіңіздер, жаралы жанға жәбір көрсетпессіздер деп ойлаймын! Жан-жағыма қарап, есімді жиып алғанша мұрсат беріңіз! Азды күнге Алаштың аруындай болып жүрейін, өзіме-өзім келген соң, өз еркіммен бір жауабын берейін! Баян (қыздың сиқырлы сөзіне, жалынды көзіне арбала бастағандай, өзгеріңкіреп, жұмсарып): Жарайды, бердім тілегіңді! Бірақ, жауабыңды көп күттірме сарғайтып! (Қимағандай, біртүрлі бір қарап, кетеді). Қыз (жалғыз, өзімен-өзі): Атқан оғым тиді білем – иі жұмсап, түрі өзгерді батырдың! Жүрегіне шоқ түссе, өртемей қоймас ақыры! Ақылмен артын күтейін! Алаштың аруы? Өз елімдей ел қайда, өз жерімдей жер қайда? Сыр білдірмей, ойдан аулақ, қайғырмаған жандай болып, жүріп-ақ, бір амалын табармын аңғал қазақтың?!
Аяғын жеңіл басып Ноян келеді. Қыз оны байқасымен, бойын
жиып, өзгеріп сала береді.
Ноян (қызға): Не деген сұлу едің, атқан таңдай,
Бір саған бар сұлулық жиылғандай.
Торғын ет, шапақтай бет, тісің меруерт,
Сөйлесең су сылдырлап құйылғандай.
Бір улап көзқарасың, бір айнытқан,
Жұлдыздай жымыңдаған сөнбей-жанбай.
Лебізің жібек лебі, жұмақ желі,
Кәусардай татқан адам қалар қанбай! (Қыз бұртиғандай бола-
ды). Сенің нұр сәулелі жүзіңді кірбің шалмаса екен!
Қыз: Тұтқын қыздың тағдыры қолдарыңда емес пе? Көңіліне
қарап қайтесіңдер?
Ноян: Олай дей көрмеші, жаным! Мен бұзық ойдан аулақпын!
Бір сен деп... бір сенің сұлулығыңнан есімнен танып, мас болып,
жаным елжіреп, сәулеңді дем алмастан жұтқандаймын!
Қыздың ақ бетіне бір ыстық қан жүгіргендей бола беріп, қай-
та қатайып, тәкаппарлана, Ноянға көзінің қиығын да салмай, үн-
сіз қалады.
Ноян (тебіреніп):
Жастықта жалынданып сүйген қандай,
Баладай өксіп жылап күйген қандай,
Көрмесең жан-жарыңды өлгендей боп,
Қайғырып күлден кебін киген қандай.
Кеудеңе жан кірмей ме көзің шалса,
Өмірің жаңа ағарып атқан таңдай.
Кеудеңді қасиетті сәуле кернеп,
Жүрегің сол минутта жарылғандай,
Не дерсің салпаң кұлақ есектерге
Өгіздей өмір сүрген сүймей, жанбай!
Екі жастың жұмбақ, ғажайып сырласуы енді басталғандай...
Бесінші көрініс
Көкшетауда, Бурабайда, Хан тағы аталған таста біресе ала
бұлтты аспанға, біресе алыс қияларға көз тігіп, ойға батып Абы-
лай хан отыр. Ақырын басып, сабырлы салмақты Қанай би келеді.
Қанай би: Алдияр хан ием! Қос қонтайшы Ұса, Серең қалың
қолмен қазақ даласына баса-көктеп кіргені расқа шықты. Өзіңіз
жар салғасын, атқа қонған алты Алаштың әйгілі батыр, билері ту
астына жиылып, сіздің жарлығыңызды күткелі бірнеше күн болды. Аттан десеңіз болды, ата жауымызға арыстандай атылғалы тұр! (Абылай үнсіз тыңдайды. Әлі де ой үстінде). Тақсыр, сізге берген серттен тая алмай, қайратқа құса болған қаһармандардың күтекүте төзімі таусылып барады! Сіздің бір ауыз кесімді сөзіңізге зар болып, лықып-тасып жарға тірелген теңіздей іштен тынып, әрең шыдап түр! (Абылай үнсіз). Көкшенің бауырында бостан-босқа жата бергеннен соң, қол ішінде бұл қалай деген күбір-күбір сөз де бұғып-бықсып өршіп барады, алдияр! Абылай (қатқыл): Баян қайда? Қанай би: Батыр Баяннан хабар жоқ! Бірақ, басқа айтулы батырлардың бәрі де осында! Абылай: Болғаны жақсы! Бірақ, Алашқа батырлығы аян Баянның аруақты атының өзінен көп қалмақ қорқақ қоян болмаушы ма еді? Наркескен, өрттей ескен, ел еркесі, көп жаудың албастысы, жебесі жаудың көбесін бұзып, жүрегін үзген, қандыбалақ, қайтпас болат Баянсыз қалай жаям қанатымды?! Би Қанай! Батыр Баян келмесе, хан Абылай бұл жорыққа аттанбайды! (Қанай би қолымен төсін басып, сабырмен шығып кетеді. Абылай хан оңаша. Өзіменөзі): Апырай, жау десе жатпайтұғын батыр Баянға не болды екен? Ағасы Сары батыр екеуі тізе қосып, сары далада барыстай ойын салғанда, бетіне дұшпан тіктеп келмеуші еді. Талай қанды қырғындарда қалың жауға сұңқардай сорғалап төніп, аш бөрідей кіріп, майданда жолбарыстай жалғыз ойнаған қайран ерім, тегін емес-ау кешігуің? Тар кезеңде қазылған ор кез келіп, жолыңды тағдыр буып тұр ма екен? Тағдыр... О, Жасаған Ием, елімнің ерлерін аман қыла гөр!
Алтыншы көрініс
Батыр Баянның ауылы. Батыр Баян жалғыз. Ой үстінде.
Алыстан тұтқын қыз бір көрініп өтеді. Баянға жанары жарқ
етіп бір қарайды.
Баян (басын шайқап, өзіне-өзі): Паһ, паһ! Көзі оттай күйдіріп,
кірпігі оқтай қадалып, жүрегімді тілім-тілім тілгілеуін қарашы!
Паһ, паһ! Сабыр, батыр, сабыр! Жаның естен танатындай албырт
жас емессің, сабыр! (Сол кезде тұтқын қыз жақындап келеді).
Қыз (сыңғырлай күліп): Ағатай! Неге терең ойға батып кетті-
ңіз, Баян ағатай?
Баян: Ой дейтін... қандай ой болушы еді... бір өзіңнен басқа?
Затың қалмақ, тұтқын деген атың болмаса, хор қызындай бір ба-
сыңа қазақтың хан-қарасы құлай ғашық болса артық па! Ұста қо-
лымнан! Алақаныма салып, аялап өтейін!
Қыз: Мен – бір жаралы жетім маралмын. Сіз кезеңде кез кел-
ген қанды мергенсіз. Қарауылыңызға ілініп, қолыңызда тұрмын,
қанға аунатып, оққа ұшырамын десеңіз, кім қағады? Бірақ, зорлы-
ғыңызға көнбей, зарлап өтемін өмір бойы! Соны да бір ойлаңыз,
Баян ағатай!
Баян: Жә! Жанымды сыздатпа! Маған сенің күйініп зарлаға-
ның емес, сүйініп жар болғаның керек! Болмаса, амал қанша, бер-
дім еркіңді! Қарындасымдай болып жүре бер! (Кетеді)
Жетінші көрініс Жаздың жібек кеші. Ауыл сыртында, қыр астында, өзен жағасында қыз серуендеп жүр. Бір жақтан Ноян келіп қалады. Албырт. Өрттей лаулап, жалындап келіп, қыздың екі қолынан ұстап, өзіне тартады. Құшақтап өбеді. Қыз (Ноянның құшағына тығыла түсіп, бірде әлсіз қарсылық көрсеткен болып, бірде жігітті еліктіре түсіп, бетіне бетін тақап, сыбырлай, наздана тіл қатады): Ноян жаным, мен сенің сүйгеніңе сенемін! Мен де сені сүйемін... тәңір куә! Бірақ... бірақ сенен бір қалауым бар, Нояным! Ноян (қызды айналып, толғанып): Айт, айтшы жаным, қалауыңды?! (Қыз үнсіз сыр бермейді). Айт, айтшы, жаным, үздіктірмей... Ердің құны болса да! Қыз (жылап тұрып, күлімдеп): Қалауым сол, Ноян батыр, Адасқан аққу құстай мен бір пақыр, Алаштың аруы боп жүрсем дағы, Алыста туып, өскен жерім жатыр. Өткізген балаусадай бөбек күнім, Барқыттай белес-белес белім жатыр. Айбынды арыстандай құмды кезген, Күңіреніп қалың қалмақ елім жатыр. Барқыт бел, қашқан қалмақ қалсын адыра, Ата-анам – айым менен күнім жатыр!
Ер Баян біздің елге барған еді,
Көп қойға көкжал ойран салған еді.
Бөбегін шырылдатып ап кеткенде,
Ата-анам жылап-зарлап қалған еді.
Сорлы анам көкірегін көкке сауып,
Қан жылап менен бір ант алған еді.
Ол анты: «Елдің шетін, анаң бетін
Бір көрмей, қозым, ерге барма» – деді.
Анама сөзім – анау, өзім – мынау,
Жас Ноян, жүгінемін ер деп сені!
Көр болсақ көрді көрмей, тәңірі оңдай ма,
Ер Баян неге батқан терең ойға?
Мен сорды бір көргеннен сүйген Баян
Қосылсақ, Баянға ауыр дерт болмай ма?
Биікке кетпей киік өрде ойнаса,
Ашулы арыстанға мерт болмай ма?
Екеуіміз Сарыарқадан сапар қылсақ,
Қатерсіз қосылуымыз берік болмай ма?
Қаны бір ел еді ғой қазақ, қалмақ,
О да бір саған туған жұрт болмай ма?
Айнала жүріп, даусын құбылта сөйлеген қызды Ноян ұйып
тыңдайды. Сиқыр сөзін тәмамдап, жалын жүзін тақаған қызды
Ноян жас қанына тұншыға, лапылдай құшақтап, ойланбастан:
«Жарайды! Даярмын!» – деп өртене сыбырлайды. Аймаласқан екі
жас қараңғы түннің құшағында ғайып болады.
Тағы да қараңғыда, май шамның жарығымен жыр жазып
отырған Мағжан көрінеді. Ақ көйлегінің сыртынан желбегей
пиджагін жамылған күйі, шашы бұйраланып өлең оқиды...
Сол кезде мезгіл екен дәл таң алды,
Төзім ғып албырт Ноян күтпей таңды,
Жүгіріп, жан ұшырып, жаяу барып,
Жылқыдан екі жүйрік таңдап алды.
Азырақ азық алып, қару-жарақ,
Жүйрікке әсем әбзел тұрман салды.
Сөйтті де Сарыарқамен есендесіп,
Екеуі ескен желдей кетіп қалды.
Сегізінші көрініс Батыр Баян боз үйде жолбарыстай керіліп жалғыз жатыр. Ақсақал келеді. Ақсақал: Уа, Баян айым! Масқара! Масқара болдық. (Баян басын көтеріп отырады). Өткен түнде бір масқара іс боп қалыпты, батыр! Енді қайттік, ойбай?! Баян: Жә! Байбайлама! Не боп қалды?! Ақсақал: Қалмақтың қар қызы құртты ғой, ойбай, құртты ғой... Бала Ноянның басын айналдырып, дуалап, жадылап, әзәзілдей азғырып, қалмаққа алып қашып кетіпті! Баян: Немене? Кімді-кім алып қашып кетіпті? Ақсақал: Ноян мен қалмақ қыз екеуі әуейі болып, қонтайшының қоластына қашып кетіпті! Баян: Не дейсің? Ер Қосай, Ер Көкшенің нәсілі, өжет, қайсар Уақтың батыр ұрпағы бір қатынға халқын айырбастап кете барғаны ма?! Ақсақал: Жо-жоқ! Ноян балам қайтсін енді... ана қар қыз ғой, күйдім, сүйдім деп басын айналдырып алған. Ноян қайтсін енді, жас қой, бала ғой... басы айналып, байланып, арбауына түсіп, алдағанына көніп қалған ғой... Бар бәле ана қыздан! Келгеннен-ақ суқаным сүймеп еді өзін. Бәрің жабыла жамырап, ойбай, ай мен күндей, ойбай, жұлдыз, ойбай торғын ет, кәусар бұлақ деп, қатын көрмегендей өліп-өшкендеріңнен-ақ шошып едім... Бер жағымен бізді алдап, жанымен өз жұртынан айрылмаған сұм сұлу дегеніне жетті, білгенін істеді! Бөтеннің аты бөтен емес пе? Ата жаудың қызының қаны жібуші ме еді қазаққа! Сиқыр қызды тайраңдатып қойғанша, құйрыққа бір теуіп, батырлардың біріне тоқалдыққа бере салғанда, бітіп еді сәбізі! Ал, енді міне... Қап, бәлем, осыдан қолға бір түсерсің, қаншық, жүзіқара, салдақы, сайтанның сапалағы... лағанат! Лағанат! Баян (сұрланып, салмақпен): Жарайды, ақсақал, барыңыз! Ойланармыз! Шал кетеді. Боз үйде Баян жалғыз қалады. Ауыр ойға батып, ашуға булығып, сенделіп, қаны қайнап, арлы-берлі алас ұрып жүр. Жыр оқыған ақын дауысы біртіндеп күшейе береді. Боз үйде жалғыз қалып Баян енді, Жаралы жолбарыстай күңіренді. Бір көкшіл түс енгізіп бар денеге, Сұм жүрек қанды өзіне жинай берді.
Ақыры ашу ерді билеп кетіп,
Жалп етіп өшкен шамдай ақыл өлді.
Өлді ақыл, атып тұрып батыр Баян,
Боз үйден оқ жыландай шыға келді.
(Баян шығып кете береді, Мағжан жыры үдей түседі).
Ер Баян сол кеткеннен кете барды,
Мініп ап белдеудегі көк тұлпарды,
Дулыға қалқан, көбе қалған ұмыт,
Белінде жалғыз-ақ бір садақ бар-ды.
Дауылдай талмай есіп, желдей ұшып,
Түс ауа Жолдыөзекке жетіп қалды.
Кермиық Жолдыөзектің даласында
Алыстан екі қара көзі шалды.
Алыстан екі қара көрді Баян,
Кілегей қара бұлттай төнді Баян.
Ой жоқ боп, жүрек шоқ боп, құр екпін боп,
Сұңқардай сорғалаған келді Баян.
Қыз түгіл қаны бірге өз бауырын
Танымай қалғандай да болды Баян.
Байланған белде сала садағына
Қалшылдап қалды салып қолды Баян.
Ашуын арыстанның байқаған соң,
Майысып тұра қалды жап-жас Ноян!
Мағжан жырға беріліп, егіліп оқи береді де, алыстап кетеді.
Айдала. Баян Ноян мен қызды қуып жетеді. Баянның қаһарлы
түрін, екпінін көрген Ноян тоқтап, қарсы жүре беріп, түсінен
шошынып, тоқтап қалады. Ашулы Баян садағына қол салады.
Ноян: «Ағажан! Көке!» – дей береді. Қыз да жанұшыра қосылып:
«Баян аға! Баян аға! Ағатай!» – деп ышқына дауыстай бергенде,
Баян садағын тартып-тартып жібереді. Бірінен кейін біріне оқ
тиген Ноян мен қыз бір-бірін құшақтаған күйі, «Аһ! Жаным! Жа-
ным!» – десіп құлап түседі. Теңселіп, есін жия алмай жаны қинал-
ған Баян да бір кезде сылқ етіп құлап түседі. Бірталай уақыт
жансыз жатып қалғандай болады. Сары дала да күңгірт тар-
тып, күн батып барады. Ызыңдап, суылдап соққан желдің үні
мұңды жоқтау секілді сезіледі. Бір кезде басын көтеріп, екі жас-
қа бір қарап, есін жиған Баян аласұрып, жоқтауын айтып зарлап,
жан күйзелісін, қасіретін далаға, ауаға, әлемге зар қылады, екі
жасқа тіл қатып, қайғылы жырын жырлайды.
Кең ақыл, отты қайрат сырттаным деп,
Ер едім еркелеткен Алаш тәмам,
Сындырдым аз ғана Уақ елім белін,
Елімнен кетіп елді қайдан табам?
Жейтұғын өз күшігін болдым бөрі
Ісімді мынау ағат немен жабам?
Қарабет болдым Алаш баласына,
Ер дер ме енді мені Абылай данам?!
Жорыққа қу қалмаққа жүрдім неге,
Тобына көк бөрідей кірдім неге,
Тәтті бал, балауса тал жас сұлуды,
Көр болғыр екі көзім көрдің неге?
Садақпен жүрегінен тартып кетпей,
Жыландай бауырыма сап келдім неге?
Әйелдей баса алмайтын жүрек жынын,
Есалаң жүрекке ерік бердім неге?
Буынып сол боз үйден шықпай өлмей,
Атылып оқ жыландай тұрдым неге?!
Ойламай белді бекем будым неге,
Қозымды қас дұшпандай қудым неге?
Майысып Ноян қалқам, ерке марқам,
Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге?
Бауырыма тас жүрегім жібімеді-ау,
Бір ата, бір анадан тудым неге?
Салдырап шіріп қалғыр саусақтарым,
Қанымен өз қозымның жудым неге?
Күнәсіз екі жасты өлтіргенше
Өлмедім ішіп уын удың неге?
Сұлу-ай, қалмай маған ердің неге, Жыландай бауырыма кірдің неге? Қадалды оқ кірпігің жүрегіме, Жүрегім тілім-тілім тілдің неге? Жұлдыздай аспанда алыс жымыңдаған, Алыстан «ағатайлап» күлдің неге? : Секіріп суда ойнаған шабағымды Сұм сұлу, қармағыңа ілдің неге? Тірлікте бетіңнен бір сүйе алмадым, Тіл тартпай, ерке тотым, өлдің неге?
Күй, жүрек! Көл бол, жасым! Өртен, ішім!
Алдымда айнам жатыр бөбек пішін,
Сұм садақ кетсе де үзіп жас жүрегін,
Жойған жоқ құлыншағым ерке түсін.
Сорлы ағаң атып жығып өз інісін,
Иіскейді енді зарлап аппақ төсін.
Тартқанда сынбадың-ау, сұм садағым,
Қайтейін, құрымадың арда күшім!
Жоқ, әлде, жоқ, жоқ, әлде... өлтірдім бе,
Інімді алты алаштың намысы үшін?!
Арқамдай жер жүзінде жер бола ма?
Айбынды алашымдай ел бола ма?
Алашта ертеде өткен екі арыстан
Ер Көкше, Ер Қосайдай ер бола ма?
Солардың нәсілінен Сары, Баян,
Барыстай ойын салған сары далада.
Інісі ер Баянның жасық Ноян,
Атадан азып туған дер болар ма?
Құл болса бір қыз үшін балдырғаны
Алашқа бұдан ауыр шер болар ма?!
Дариға, жұбанамын жел ойменен,
Тартпадым сұм садақты бұл ойменен.
Тандырған мені есімнен ғашықтық қой,
Бір тынбай сұр жыландай жаным жеген.
Өз бауыры, өз сүйгенін өзі өлтірген,
Болар ма, сірә, сорлы адам менен?!
Алдымда «көкежан» деп күліп тұрған
Садаға кетпедім ғой, қозым, сенен,
Ел беті енді маған болсын арам.
Алашым, аттанамын, жауыңда өлем!» – деп зарлаған батыр
Баян, екі жасты жерлеп, қабірін құшақтап зарлай-зарлай, бір
кезде бір Аллаға сиынып, аттанып кетеді...
ІІ акт
Бірінші көрініс
Мағжан жыр жазып отыр. Ту сыртынан қаратүнек басып,
бір-екі қара көлеңке аңдып, жақындап келе жатқандығы аңғары-
лады. Соны сезгендей ақын ширығып, ерегісе, өршелене оқиды
жырын.
Өткен күн таң тамаша ертегі ғой,
Ерлері ертегінің өрт еді ғой.
Айырылып от екпінді ерлерінен,
Алаштың жанында ауыр дерт еді ғой.
Сонау дерт түгелімен ауып маған,
Дариға, жүрегімді өртеді ғой!
Ер көрмей, көрден басқа, сұм өмірде,
Шерлі жан, шерлі кеңес шертеді ғой.
Жадырап жаным, шерім тарқар еді,
Кеңесім тыңдаушыға сала алса ой.
Күңіреніп ойлағанда алаш жайын,
Жанымды орай берсе улы уайым,
Кеудеме күннің нұры толғандай боп,
Жырлаймын алты алаштың Абылайын.
Арсыға асқандаймын ғарышқа, тәуіп қылсам,
Кебедей қағбадай Абылайдың Бурабайын,
Күңіренген жырымменен мен разымын,
Алаштың жоқтай білсем Баян айын,
Жырлаймын, күңіренемін өткенді ойлап.
Кеудеме улы уайым толған сайын!
Кірейін кеңесіме күңіренткен,
Ер Баян жөнелді енді Жолдыөзектен.
Қамшыны көміп-көміп алды батыр,
Ашуын алатындай тұлпар көктен.
Мұңайып мәңгі мұңды белдер қалды,
Жынды жел сақ-сақ күліп сүйді беттен.
Жан-жақта жас қайыңдар қала берді,
Иіліп әдеппенен сәлем еткен.
Ер жортты. Сәске болды. Көзі көрді.
Көкшені бал алысқан аспан-көкпен.
Ақын қаракөлеңкеде алыстай береді. Көкшетаудағы Абылай
ханның алаңында, Хан тағы аталған таста Абылай хан би-
батырлардың ортасында отыр. Баян топқа тура келеді.
Баян: Ассалаумағалейкүм!
Көпшілік: Уағалейкүмассалам! (Батыр Баян! Батыр Баян! –
деп шулап, қошеметпен қарсы алады. Баян тіке құс төресі қудай
боп төрде отырған Абылай ханның алдына келіп, қолымен төсін
басып, ілтипатпен тіл қатады. Тұңғиыққа төнген бәйтеректей
боп, қол қусырып тұрады).
Баян: Уа, алдияр, ақсұңқарым! Алашқа қиын күнде пана бол-
ған дана хан ием! Сізден «Аттан!» деген сөз шыққанда ер бөгелер
болар ма? Тағдырдың бір кешуі жоқ тұңғиығы кез болып, кешігіп,
күнәлі боп кеп тұрмын алдыңызға! Ішім жалын, жаным жара! Бі-
рақ, талқыға жан жарасын сала алмаймын! Мәнімді мен айтпайын,
сен сұрама! Аттан десеңіз, мен дайын. Қас қыранның шері қанмен
тарамай ма?
Абылай хан қолымен ишара жасап, Баянды қасына шақырып,
күміс кернеу керсеннен сарқыт-сусын береді. Басын бүгіп, қалғы-
ған асқар таудай ойға кетеді. Біраздан соң басын көтеріп, жан-
жағына қырандай шола, қаһарлана қарап алып: «Аттан!» деп,
жарлық береді. Батыр-билер қуана құптап, қамдана бастайды.
«Аттан! Аттан! Аттан!» – деп ұрандап, жер-көктің бәрі дүбірге
толып кетеді. Қалың қолдың жауға аттанып бара жатқан екпі-
ні, қуаты сезіледі. Тұлпарлардың болат тұяқтары жерді солқыл-
датып, қою шаң будақ-будақ аспанға ұшып, дауылпаз, дабыл үні
даланы жаңғыртады.
Екінші көрініс
Қалмақтардың шебі. Қос қонтайшы – Ұса, Серең бастаған қал-
мақтар қазақтың қалың қолының дүбірін естіп, үрпиіп қауіп ой-
лап тұр.
Серең: Ал, нояндар мен зайсандар, «қазақ қайда?» деп желігіп
едіңдер, енді неғып үрке қалдыңдар?
Ұса: Қаптап келеді қазақтар… (Алысқа күн сала қарап) Кілең
батырлар қол бастаған… Ойланбасақ болмайды…
Серең: Жоңғар жоңғар болғалы, жалаулап атқа қонғалы, жо-
лында бөгет болмады. Алаулаған қалмақтың танаураған дұшпан-
нан ығып көрген жері жоқ! Шың атылып, шыңдауыл қағылса, бұ-
ғып қалған жері жоқ! Қараптан қарап қара албасты – қорқынышқа
бастырмаңдар! Қақ маңдайдан қасқайып ат қою керек!
Ұса: Серең қонтайшы! Жоңғардың жауынгер ел екенін жалпақ
жұрттың бәрі біледі! Жоңғар келе жатыр дегенде, жылаған бала
уанып, қазақтың хан-сұлтандары ордасымен бірге домалап қаша-
тын. Бірақ, бүгінгі қазақтардың түрі жаман, қолы қалың. Қайнаған
кегі бар, аянбай қорғайтын жері бар! Олар туған жерін қорғау үшін
шыбын жандарын шүберекке түйіп, қандарын торсыққа құйып, ел
үшін жан пида деп бел буып аттанып отыр. Ал, біздің шеріктер
олжа үшін келген жоқ па осында? Шынын айтқанда, қазақтар біз-
дің жерімізге емес, біз қазақтардың жеріне басып кіріп отырмыз
ғой. Сондықтан, олардың соғысы әділ. Олар күшті! Бітім іздеп,
айла-амалын таппасақ, он мың жоңғар жауынгерінің бәрі осы да-
лада қалады. Ертең бір төбе болып үйіліп, «қалмақ қырылған» ата-
нып, ұрпақтан-ұрпаққа масқара боламыз демесек, Абылай ханды
алдап-сулап, аман құтылып, шауып алған малды айдап, қазақ же-
рінен кетіп тынғанымыз жөн! Жайшылықта момын қазақтың Ата-
мекен жер десе жыны қозып, аруағы көтеріліп кетеді! Жерін жатқа
бергенше жағаласып өтуге бар …кіммен болса да!
Серең: Сөзің қонады көкейге, Ұса қонтайшы! Амал қанша,
аузын майлап, көзін байлап құтылудан басқа жол жоқ! Жіберейік
елшілерді, тарту-таралғы мен тату-тәтті сөзін аямасын. Бір күн
мұрсат алса болғаны, шекарадан асып, қарамызды батырып үлге-
реміз!
Үшінші көрініс Абылай хан әскерінің шебі. Абылай, Қанай, Баян төбе басында отыр. Батыр, билер, сарбаздар әр жерден көрінеді. Қалмақ елшілері келеді. Елші: Уа, хан Абылай! Қытай менен қырымға, орыс пенен ұрымға ақылың мен айбатың қатар жетіп, қазақтың данышпан ханы атанып едіңіз! Бізден бір үлкен ағаттық кетті! Қаһары қатты болғанмен, қолтығы кең хан Абылай бізді кешсін дейді қос қонтайшы Ұса, Серең! \Абылай хан үнсіз би-батырларға қарайды. Бәрі де үнсіз. Елші басын иіп, қайта көтеріліп, сөзін сабақтайды:\ Айып-анжы, тарту-таралғымызды күні ертең түйе керуенмен әкеліп түсіреміз! Иә десеңіз болды. Ақ отау, айдаған мал бәрі сіздікі! Және де ер басына бір ару мен қара нар, қалы кілем айыбымызды тартамыз!
Абылай (би-батырларға): «Иілген басты қылыш кеспейді» де-
ген аталарымыз. Бергенін қолынан алып, ынтымақ пен бітімге кел-
геніміз дұрыс деп ойлаймын!
Батыр-билер: Дұрыс! Дұрыс айтасыз!
Қанай: Істің жайын Абылай айтып, сәтін бір құдай салса, би-
батыр теріс дей ме, алдияр!?
Елші: Ләпбай, тақсыр! Дегеніңе құлдық, уағдада тұрдық!
Баян: Уа, хан ием! Сөзімді не кектерсің, не жүптерсің, бірақ,
бұл ойыңды теріс деймін!
Батыр-билер (шу етіп): Не дейді? Бұл не сұмдық?
Қанай: Алты алаштың аруағы – артық туған Абылайдай арда-
гердің бетіне келгенің бәрімізге ұят! Киесі соғар, асылық қылма,
батыр Баян!
Баян: Талқыға салмай, шындық табылмайды! Құл ғана қожа-
ны ылғи бас шұлғып, мақұлдайды да отырады. Артық туған хан
Абылай неге ұмытсын, қалмақтың жайы белгілі емес пе? Жаудың
қулық-сұмдығы терең, ол қазаққа оп-оңай алдатып қоймас, алдап
соғар! Ойдағы-қырдағы қытайды да шоңқитып алдаған қалмақ бү-
гін сол қытайға қанатын жайып, айналып кеп, айласын тауып, бізді
біржолата жұтып қоюды ойлап отыр емес пе? Уа, алдияр, алдаған-
ға көнбеңіз! Аттан деңіз ата жауға!
Абылай (қабағын шытып): Қалмақты қырамыз деп жүргенде,
қаншама боздақтардың қаны төгілмей ме? Тыныштықпен бітімге
келіп, жерімізді босатып, мал-мүлкімізді қайтарып, айып-анжы,
тарту-таралғысын қосып беріп жатса, одан артық не керек? Өште-
се бергеннен өркеніміз өсе қоймас. Көп жаудың бірін шауып, бірін
алдап, жаннан кешіп жүргеніміз де елдің тыныштығы мен азатты-
ғы үшін емес пе?!
Баян: Талауға түскен мал-мүлікті қайтарып беріп жатса - жақ-
сы. Ал алдына сап айдаған күйі шекарадан асып кетсе қайтесіз?
Шабылған елдің есесін қазір алмағанда, қашан алмақпыз? Салмақ-
тап көріңіз де қалмаққа қарсы аттан деңіз, алдияр!
Абылай (түсін суытып): Жә, жетті, батырым! (Көзіне қызыл
жалын жиналып, ашуын зорға тежеп, Баянға қадала қарайды.
Батыр Баян да ашулы көзін ханға тіктеп, қадала қарап тұрады,
екеуі де ашуын сабырға жеңгізіп, төзім қылады). Тоқтайық осы-
мен! Сөз шешілді. Елшілердің ертеңгі келер кезін күтеміз! (Ба-
тыр-билер «жөн, дұрыс» деп, дабырлап тарай береді. Қуанған
елшілер емпеңдеп жөнеледі. Соңдарынан қаны қайнаған Баян те-
сіле қарап қалады).
Төртінші көрініс Абылай хан әскерінің шебі. Ертеңгі күннің кеші. Абылай алаулаған от басында бір топ батыр-билерімен отыр. Үнсіз. Тұнжыр. Бір кезде хан серпіліп жан-жағына қарайды. Абылай: Иә, ерлерім, мынау істің не шарасы? Қой көшіндей-ақ жердегі қалмақты күте-күте көз де талды, күн де батты. Сірә, қу қалмақ бізді шынымен алдап, тайып тұрған сыңайлы? Қандай амал қыламыз, а-а?! Қанай: Қытайдың шекарасы қол ұсыным жерде. Қалмақтар сонда кіріп кеткен шығар ендігі. Ал, әгәркім қытайға кірген қалмақтың соңынан қуып баратын болсақ, қазақтың бірі қалмай мерт болады. Қайтудан басқа амал жоқ! Абылай: Иә, таң ата елге қайтамыз! (Баянға қарап) Өкінгенмен, амал жоқ! Өзіміз өтірік айтпаған соң, өзгелерден де тек шындық пен ұят іздейтін аңғал адалдығымыздан талай опық жеп келе жатырмыз ғой! Тек әйтеуір қантөгіссіз туған жерді азат еткенімізге шүкір! Қалмақ әкеткен мал-мүлік садаға! (Орнынан тұрып, билермен бірге кетеді. От басында Баян мен бір топ сарбаздар қалады. Жұлдызды аспанға, қап-қара түнге қарап ойға батып жатқан Баянның от сәулесі ойнаған жүзі сан құбылады. Алыстан биік таулар қарауытып, үрейлі ойлар тудырады). Баян (өз-өзіне): Апырай! Алаш арын жоқтамай, малын тонатып, елін талатып қойып, бұл қайтудың мәні қалай?! Маған еретін қайсың барсың, қане, кеттік! (Орнынан атып тұрып, бір топ жолдасымен аттанып кете барады үнсіз).
Бесінші көрініс
Іле өзенінің бойы. Шабуылдап келе жатқан батыр Баян бас-
таған шағын қазақ жасағы алыста дамылдап жатқан қалың
қалмақ әскерін көреді. Таудан құлаған судай лап қойып, жаумен
арпаласып, соғыса жөнеледі. Әуелде жапырып жібереді. Біраздан
соң ес жиған қалмақтар қарақұрттай қаптап, қазақтарды же-
ңуге айналады. Айқай-сүрең. Шайқас. Дабыл үні. От жарқылы.
Будақ-будақ шаң-түтін аспанға асып жатыр. Қырылып жатқан
қазақтар мен қалмақтар. Бір кезде Баян көп қалмақтың орта-
сында жаралы жолдасымен екеуі-ақ қалады. Қалмақтардың қи-
қуы күшейіп: «Мұнда Баян! Баян мұнда!» – деп, қаумалап қаптап
кетеді. Қызу шайқас үстінде Серең қонтайшы Баянның ту сыр-
тынан найза салады. Баян «Уа, аруақ!» деп ақырып, қылышын жалт еткізіп, Сереңді шауып өлтіріп, найзаны суырып алып, қан шапшыған жарасына бармағын тығып тұрып, шайқаса береді. Амал не, бір кезде қансырап, әлі бітіп, жолдасын құшақтап құлап түседі. Жанұшырып жатады. Көз алдына жан бауыры Ноян мен қыз елестейді. Екеуі бір жарық, нұрлы әлемде, қол ұстасып, құшақтасып, бұдан көздерін алмай қарап тұр. Тірі кездеріндегі қалпында елестеген екі жастан басқа дүниені, қалмақтарды қараңғылық басқандай. Жазғы таңда қалғығандай, оқтын-оқтын көзін ашып, аласұрған батыр Баянның кезерген ерні қозғалып, күбірлеп, ақтық сырын шертеді. Батыр Баян: Атойлап атқа қонғанда, арқа болар бауырым! Суық қолды, сұқ көзді, сұрқия дұшпан сыртымнан қапыда найза салғанда, қалқан болар бауырым! Жан ағаң атынан құлап, жер бауырлап, жанталасып жатқанда, қалмақтың қызын құшақтап, қайтіп шыдап тұрсың? О-о, дариға! Өз көзін өзі шығарып, өз тамырын өзі қиған сорлы қазақ! Айдалада қалғаның ба қор болып?! Бауырым, жан бауырым Ноян! Бір қызды неге... неге саған қимадым екен? Қандай алып болсам да, ішімдегі қызғаныштың кішкентай итін жеңе алмай, жақыныма қимағаным жатқа бұйырып, ата жауға жем боп тындым ақыры! О, дүние жалған, о, дариға-ай! Тартқан жазадан да күнәм басым! Тәңірім кеше ме, кешпей ме, білмеймін, бірақ, жауыңмен шайқасып жан берген соң, сен кеше гөр, алты Алашым! О, Тағдыр... . Заман... . Уақыт солай... іс өтті. Ажал жетті. Енді не бар... Қош! Қош, қарақтарым! Келіңдер, кешіңдер, қарақтарым! (Әлсіз ғана қолын созады. Көзі жұмылып, екі жас ғайып болады. Жан-жағына жапырлап қалмақ толады. Бір қалмақ қолынан теуіп, біреуі қылышпен шауып, найзалап, қорқаудай жабылады. Батыр Баян қаза болады. Даланы қара түнек басады. Қара түнекте Мағжан ақын жыр оқып тұр. Ту сыртында арбаған, аңдыған көлеңкелер. Мағжан жырын аяқтауға асығып, жанұшырып жазады. Даусын үдете оқи береді).
Көңілінен көп қалмақтың кеткен қауіп,
Қуанып сырнай, керней қылған сауық.
Алайда Абылайдан сескенген соң,
Жөнелді ертеңіне Қытайға ауып.
Алаштың ардагері Батыр Баян,
Бір қырда қала берді топырақ қауып.
Жаудан да мейірімді боп жылады жел,
Күңіреніп ер денесін құммен жауып.
Іленің толқындары әлі күнге
Айтады ерге жоқтау ауық-ауық.
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жанын кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп тынбай жортқан,
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас,
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі.
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!
Мағжан жырын аяқтағанда, қара көлеңкелер ақынды орап
алады. Май шамның діріл қаққан әлсіз жарығы өшпей қалады:
ақын қолынан ұшып кеткен қауырсын қалам сол сәулемен ағараң-
дап, аманат-жыр, азаттықтың ақ құсындай болып, жеп-жеңіл
қалықтап ұшып, биіктей береді, биіктей береді...
Соңы.
2008 ж.
ҚАПТАН ШЫҚҚАН ҚАРА ҚЫЗ
Екі актілі, он алты көріністі комедия
Өңделіп, өзгертілген соңғы нұсқасы
Қатысушылар:
Серкен – облыстағы Н. мекемесінің менеджері, 25 жаста.
Меңсұлу – мұғалима, 21-де.
Айбатша – аудан кәсіпкері, 35-те.
Қарағыз – мұғалима, 27-де.
Шал – облыстағы Н. мекемесінің бөлім бастығы, 65-те.
Доңғал – аудан тұрғыны, жұмыссыз, бұзақылау, 27-де.
Аңғал – бұл да, 27-де.
Саңғал – бұл да, 27-де.
Апа – зейнеткер, 65-те.
Жеңгей – жұмыссыз, 40-та.
Оқиға 2012 жылдың жазында Түпқарағай ауданының орталы-
ғы Шоққайың кентінде өтеді.
Прелюдия
Облыстық арулар байқауы жүріп жатыр. Төрде «Облыстық
арулар байқауы» деген әлем-жәлем жарнама ілулі тұр. Даңғұр-
дұңғыр музыка, би. Әлем-жәлем киінген әдемі кыздар билеп жүр.
Елеңдеулі.
Самбырлаған диктор дауысы естіледі.
Диктор Дауысы: Облыс аруы атағын Түпқарағай ауданы
Шоққайың орта мектебінің мұғалімі Меңсұлу Меңдібаева жеңіп
алды!
Шаттанған Меңсұлуды қиқулап, құттықтаған топ, ішінде
Қарағыз да бар, қаумалап алып кетеді. Жеңіске жете алмай қал-
ған қыздар күйініп, өкініп қала береді.
Бірінші акт
Бірінші көрініс
Бастық шал мен Серкен кеңседе сөйлесіп отыр.
Шал: Иә, бала, қалай, қызметке үйренейін дедің бе?
Серкен: Рахмет, аға, ептеп-ептеп дөңгелетіп келемін.
Шал: Қайдам, шырағым, дөңгелегіңді көріп тұрғам жоқ. (Сер-
кен таңдана қарайды). Көзіңді дөңгелетпей-ақ қой... дым білмей-
тін дүңгана құсап. Сені осы жұмысқа тұрғызған кім?
Серкен: Сіз, ағасы!
Шал: Біз болсақ, оған не деу керек?
Серкен: Рахмет, рахмет, ағасы!
Шал: О, шіркін-ай, шіркін-ай! Қалай оп-оңай, ә? Ал сені жұ-
мысқа алғызу үшін менің қаншама күш-қуат жұмсағанымды кім
біліп, кім бағалап жатыр? Талайдың көңілін тауып, үлкен бастық-
тың өзіне дейін барып, сонша әуре болғанда тапқаным сенің анда-
ғы оттаубай аузыңнан әрең шыққан (Серкеннің даусын салып)
«рахмет, рахмет» деген оқтаудай сөзің бе? Құрғақ қасық ауыз
жыртады дегендей, қазір ағаң да ақшасыз арқаңнан қақпайды, тә-
тең де тегін жақсы көрмейді, көкең де кәдесіз қолын бермейді. Ал,
сен қашан менің қағанағымды қарқ, сағанағымды сарқ қыласың, ә?
Серкен: Ләпбай, көке, айтсаңыз, болды ғой!
Шал: Әлде, отырсаң опақ, тұрсаң сопақ қылайын ба?
Серкен: О не дегеніңіз, көке, о не дегеніңіз! Сізге осыны өзім
айтуға ағалық ақ көңіліңізге қаяу түсіріп аламын ба деп бата ал-
май, пұшайман болып жүр едім. Сөзіңізге құлдық!
Шал: Онда былай етейік. Ертең, демалысқа сіздің ауданға ба-
райық, аунап-қунап, анау-мынау дегендей, біраз демалып қайтай-
ық. Ұқтың ба? Қалғанын барған соң айтамын!
Серкен (ұшып тұрып, шалдың қолын алып, қуана құптаған
кейіп танытады): О-о, тамаша, керемет! Әбден жақсы болды, аға-
сы, әбден жақсы!
Екінші көрініс
Кәсіпкер Айбатшаның үйі.
Айбатша (Қолында журнал. Мұқабаның бірінші бетіндегі
қыздың суретіне тесіле қарап, сүйсініп, өзінен-өзі сөйлеп жүр):
Мә-ә-ә! Қыз деп осыны айт! Мен бұл қызды қалайда іздеп тауып,
үйленуім керек, бітті! Мен сияқты асыл тұқым мен мынадай сұлу-
лық қосылса, одан тараған ұрпақ керемет болмай ма, ә! Миллио-
нерден жаралған мистерлер! Сұлудан туған суперлер! (Редакцияға
телефон соғады). Әлө, редакция? (Қатқыл, тәкаппар) Маған мы-
на журналдарыңыздың бірінші бетіне суреті басылған облыс аруы
байқауының жеңімпазы Меңсұлу Меңдібаеваның телефоны керек!
Не-е? Ешкімге бермейміз? Ешкімге бермесең берме, бірақ маған
бересің. Мен аламын дегесін, бітті, аламын, алмай қоймаймын!..
А-а, мен бе... Мен Ай-й-батша Бай-й-батшаевпын, енді ұқтың ба?
... Не-ме-не? Ондайды білмеймін дейсің бе? Әй, Ай-й-бат-ша Бай-
й-бат-шаевты білмейтін сен қай батшасың, ә, бәтшағар?.. Не дей-
сің? Мен сені есті қыз екен деп тұрсам, сен барып тұрған ешкі қыз
екенсің ғой! Тоқта, тоқта, ана бастығыңа айт, маған збандасын,
әй... (Гук, гук). Қап, мынаны-ай! (Ойланып қалады да, тағы теле-
фон соға бастайды. Ыңылдап, әндетеді).
Қайтсем де сені табамын,
Қалтаңа доллар саламын,
Көңіліңді ерітіп,
Тоқал қылып аламын!
Үшінші көрініс Серкен үйінің ауласы. Бастығы – қонақ, Серкен сыйлап жатыр. Серкен (ептеп қызу): Ағасы, ата-бабаларымыздың дәстүрі бойынша, сізге ат мінгізіп, шапан жабамын. Сол үшін ап қояйық! Шал (қатты қызу): А-а, ат дейсің бе? Қандай ат ол өзі? Тұқымы қандай – арғымақ па, сәйгүлік пе? Арабы ма, ағылшын ба? Ақалтеке ме, текежәуміт пе? Қарабайыр ма, қазанат па? Жабы ма, жорға ма? Тұлпар ма, тұғыр ма? Алмауыт па, будан ба? Орловский рысак па, жоқ әлде, горловский гусак па, ә? Тойыс, аты бар да, заты жоқ боп жүрмесін дегенім ғой, ха-ха-ха! Серкен: Жоқ, енді, жай былай жаман емес... Ақ көңілден атаған малымыз ғой сізге... Шал: Жә, былай, жасы нешеде? Серкен: Енді, оның жасын кім санапты? Әйтеуір, менен үлкен, сізден кіші дегендей... кәдімгідей, сақа жылқы. Шал: Ірі болса жарады. Ал өзі арық па, семіз бе? Мінілген, жегілген, ақсаған, тоқсаған, сақау, маңқа, жауыр-мауыр, жамандатқыр емес пе?
Серкен: Жоқ, далада бос жүрген жануар ғой. Күйі жаман болмас. Шал: Еркек пе? Әлде, ұрғашы ма? Маған аттан гөрі, байтал көбірек ұнайды, байтал-л-л! Серкен: Бұйырғаны болар, енді. Шал: Иә, бұйырсын де. Әйтпесе, көріп жүрміз осы күні, көзбояу, өтірік аттарды. Көпшіліктің алдында аталады да, артынан жоғалып кетеді көбісі. Жарайды, соғым кезінде өзің дұрыстап алып келерсің. Сол үшін! (екеуі ішеді) Бірақ, есіңде болсын, мен малдың да, адамның да ұрғашыларын ұнатамын. Ұрғашы малдың еті тәтті, ұрғашы адамның... (сәл бөгеліп) ... беті тәтті! (Ерсілеу күледі. Ішеді. Серкенге шекесінен шекшие қарайды). Әй, отырамыз ба осылай? Дұрыстап күтпейсіңдер ме... былай... кісіні. Серкен: Күтіп жатырмыз ғой. Енді қайт дейсіз? Шал: Не қарық қылдым деп отырсыңдар? Сендерге ет жеуге келді деп пе едіңдер? Күтіңдер дұрыстап... по полной программе! Саунаға апарыңдар... сабындайтын сұлу тауып беріңдер! (Қалтасынан журнал суырып алып, мұқабасынан Меңсұлудың суретін көрсетеді). Міне, маған мынау керек! (Самбырлатып оқиды). Облыс аруы Меңсұлу Меңдібаева, Түпқарағай ауданы, Шоққайың орта мектебінің мұғалімі. Бұл сенің ауданың емес пе? Серкен: Иә. Түпқарағай ауданының орталығы Шоққайың кентінің төрінде көсіліп отырсыз, көкесі! Шал: Олай болса, бері қара, бала! Мен бұл жерге жайдан-жай келген жоқпын! Көңілдегімді көздеп келіп отырмын! Облыс аруы Меңсұлу Меңдібаеваны теледидардан көріп, ғашық болып қалдым! Ондай сұлу қыз тек қана мына мен сияқты асыл тұқымға лайықты! Ұқтың ба, әй, Серкен, Серкешка! Сен өзі менің кім екенімді білесің бе? Серкен: Білеміз ғой, енді, білеміз, ағасы! Дөкей бастықсыз... Еліміздің асқар тауысыз! Шал: Білесің атаңның қақ шекесін! Уот, бұдан былай біліп қой! Мен – Малай бидің ұрпағымын! Сен білесің бе, әй, Малай бидің кім екенін? (Серкен басын қасиды). Білмесең, бұдан былай білетін бол! Малай би Абайды сөзден тоқтатып, Біржан салға қалай ән салуды үйреткен! Ұқтың ба? Серкен: Жоқ! (Шал ежірейеді, Серкен сасқалақтап): Жоқ болғанда, нелеу ғой енді... Шал: Нелеу?
Серкен: Ол кісі сондай керемет болса, кезінде даңқы неге
шықпаған? Өзінің еңбектері... е-е, аталы сөздері мен әндері қайда
дегенім ғой?!
Шал: Әй, ақымақ! Ана екеуінен асып түскеннен кейін, одан
артық не керек саған, ә?
Серкен: Дұрыс айтасыз! Нелеуі нелеу болса да, илеуі келіссе,
қара балшықтың мәрмәр тасқа айналатынын күнде көріп жүрміз
ғой!
Шал: Сенің көрген, көрмегенің кімге дәрі! Одан да мен сияқты
асыл тұқым орталарыңа кеп отырғанда, бабын тауып, барыңды
салмайсыңдар ма?
Серкен: Салғанда... салып жатырмыз ғой, иә, қайда салайық,
енді?
Шал: Мында салыңдар! (Қолымен қойнын, қыздың суретін
көрсетеді) Мынаны!
Серкен (жорта аңқаусып): Облыс аруы Меңсұлу Меңдібаева!
Шал: Иа, иа, иес! Дәп осыны... осыны тауып әкеп бер! Құй,
қане, толтыра! (Серкен құяды). Басқа сый-құрметіңнің бәрін қай-
тып алсаң да мейлі! Бірақ, осы қызды әкеліп берсең, саған өмір
бойы ырза болып, алақаныма салып, бар қолымнан келген жақсы-
лығымды жасауға мына заһар тола стақанмен салтанатты түрде
ант-су ішемін!
Серкен: Айтқаныңызға құлдық, ағасы! Бір ауыз сөзіңіздің са-
дағасы! (Екеуі масайрап, ішеді).
Шал: Айтпақшы, сен бұл қызды танисың ба?
Серкен: Жоқ. Бұл институт бітіргесін, мектепке мұғалім болып
сырттан келген қыз шығар, сірә! Тіпті жақсы, танымасақ, танысуға
барып келеміз, тілін тауып, алдыңызға алып келеміз!
Шал (қалбалақтап): Ап кел! (Үздігіп) Көндіріп ап кел, жарай
ма? (Серкен кетеді) Иә, сәт! Қартам айналып, балтам майланып,
қалқашты үйіріп, шақшаны шиырып бір атар ма екенмін?! (Қалта-
сынан әйелдердің қол айнасын алып шығып, қарана бастайды). Бр-
р-р! Көзім бозарып, мұрным қызарып, бетім сазарып, не боп кет-
кенмін өзі, ә? Шашым селдіреп, әжімдерім көлдіреп кеткені несі,
әй? Аузым арбайып, тісім сарғайып, ішім дарбайып, кепкен тораң-
ғыдай тарбайыппын да қалыппын. Мұндай емес, тәуірлеу сияқты
едім ғой! У-у-уһ! (Ақсаңдап, әрлі-берлі жүреді. Бетін шапалақ-
тап, санын шапаттап, өзін-өзі үкілеп-сүкілеп, керіліп-созылып,
секеңдеп әлек болады). Қандай едім, а, қандай едім! Қайран жас-
тық, қас-қағымға бір қайырылып келсең ғой, әй, қайтейін, енді,
қайтейін... Әттең, дүние, әй! Бұрылсам, буындарым ғытыр-ғытыр-
р-р етеді, сүйектерім сықыр-сықыр-р-р етеді... Соңыра... сұлу қыз
құшағына қысқан кезде, сарайдағы ескі-құсқы сайманнан құрап-
сұрап жиналған салдаман самасыбал құсап, сау етіп шашылып
қалмасам жарар еді! Ха-ха-ха! (Өзіне-өзі күліп алып, терең-терең
тыныстап, жұлқынып). Жо-о-қ! Мен әлі қаусап тұрғам жоқ, мен
ән сап тұрмын, махаббатты аңсап тұрмын!
Әй, әй сұлу, Меңсұлу,
Әлемдегі ең сұлу,
Әуре қылмай сен мені,
Дегеніме көн сұлу, көн сұлу!
Төртінші көрініс
Меңсұлудың пәтерінің алды. Серкен мектептен келе жатқан
Меңсұлуды іздеп келіп, әдейі күтіп алып, жолығады.
Серкен (Меңсұлуды көргенде, құбылып ойнап, гулеп кетеді):
Сәлеметсіз бе, сұлу қыз!
Меңсұлу: Сәлем, сылқым жігіт!
Серкен: Мен сізді білетін сияқтымын.
Меңсұлу (Серкенді әжуалап): Ал, мен сізді мүлде білмейтін
сияқтымын.
Серкен: Ал, мен сізді білгім келетін сияқты.
Меңсұлу: Ал мен сізді білгім келмейтін сияқты.
Серкен: Аяулы облыс аруы – Меңсұлу Меңдібаева! Сіздің есі-
міңіз Гиннестің рекордтар кітабына жазуға әбден лайық! (Меңсұлу
таңдана қарайды). Ал, Гиннестің кітабына жазылу үшін, бұрын-
соңды адам баласының қолы жетпеген рекорд жасау керек! Мен
сізге сондай рекорд жасауға шындап көмектесуге дайынмын.
Меңсұлу: Ол үшін не істеу керек?
Серкен: Ол үшін екеуміз үйленуіміз керек! Осы қазір! Бөгел-
местен! Өйткені әрбір секунд қымбат! Неге десеңіз, біз әлемдегі
таныса салып, ең тез үйленген жұбайлар ретінде енуіміз керек та-
рихқа! Бол, тез, әкел қолыңды! (Қыз қолын бермей, шегіншектей-
ді). Бол, бол енді, уақыт өтіп барады. Танысқанымызға екі минут
болып қалды!
Меңсұлу: Әлі танысқан да жоқпыз ғой!
Серкен: Онда танысайық. Менің атым – менеджер Серкен!
Меңсұлу: Меңсұлу!
Серкен: Міне, болды. Кеттік ЗАГС-ке! (Иығынан құшақтап, жүруге икемдей бастайды). Меңсұлу (Серкеннің қолын ақырын қайтарып): Сабыр етіңіз, менеджер Серкен! Ойнасаңыз да, ойланып алыңыз. Серкен: (Тағы да қызды айналып, толғанып, үйіре, екпіндете сөйлейді. Еліге қоймаса да, қыз да әлдебір жұмбақ күйге ене бастағандай болады). Ойлануға мұрша жоқ. Махаббат – от-жалын, оған ойланудың керегі жоқ, көзді жұмып, қойып кету керек! Не күйіп кетесің, не мұратыңа жетесің! Меңсұлу (ыңылдап): Махаббаттардың түбіне, ойланбау жеткен қашанда! Серкен: Жоқ, олай емес. Махаббаттардың түбіне көп ойлану жеткен! Ойланып, толғанып жүргенде, талайлар сыңарсыз қалған. Жүріңіз, тәуекел, ең жылдам жарасқан жұбайлар ретінде рекордтар тарихына кіріп кетейік! Меңсұлу: Ал егер қосыла салып, ең жылдам ажырасқан жұп ретінде рекордтар тарихына жазылып қалсақ, ұят болмай ма? Серкен: Әуелі үйленіп алайық та. Қалғанын көре жатармыз! Меңсұлу (әдемі күліп): Әзіліңіз әдемі екен, көңілімді көтергеніңізге рахмет! Чао! Сау болыңыз! Серкен: Чао, чао, сао! Сәл бөгеліңіз! Сізге қатысты өте маңызды әңгіме бар! (Меңсұлу әуестеніп, тыңдауға ыңғайлана береді). Сізді республикадан келген атақты телережиссер, продюсер ағай іздетіп жатыр! «Облыс аруы – Меңсұлу» атты арнайы хабар түсіреміз, киноға таңдаймыз, жұлдыз қыламыз дей ме, әйтеуір, жеркөкті шаңдатып, шулатып жатыр. Сізді жарты аудан болып жабыла іздеп, көше кезіп, қырға шығып кетті ғой. Өзіңізді бірінші тауып, жақсы хабарды жеткізгеніме өте қуаныштымын! (Меңсұлу қуанышын жасыра алмай, «о-о!» деп шаттана дауыстап жібереді) Сүйіншіге... сүйіншіге... кәне, бетті әкел! (Меңсұлу бетін тоса береді, Серкен ұзағырақ иіскеп, сүйіп алады. Бір-біріне аздап толқып, сүйсіне қарайды) Меңсұлу (өзін-өзі тез қолға алып): Мен қазір... (Үйге кіріп кетеді. Серкен сан ойлармен арпалысып, екі алақанын сартылдатып, әрлі-берлі жүреді).
Бесінші көрініс Шал мас. Қисалаңдап, ыңылдап отыр. Серкен Меңсұлуды ертіп келеді де, өзі тасада жасырына қалып, бәрін бақылап тұрады. Соткаға түсіре береді. Меңсұлу: Сәлеметсіз бе! (Қызды көргенде шал өзінше бойын түзеген болып, сиқырлана бастайды. Күлкілі қимылдар жасайды. Шашын саусақтарымен салалап, бет-аузын сылап-сипалайды. Қыз әуелде таңданып, үп-үлкен кісінің көзге өрескел қылықтарына аздаған әуестікпен күле қарайды. Оны өзінше жорыған шал кеудесін керіп, қарнын ішіне тартып, шалбарының ышқырын жоғары көтеріп, белбеуін қыса тартып тастайды. Балағы балтырына шығып кетеді. Шайқалақтап, өкшесін көтеріп-көтеріп қояды). Меңсұлу: Мен – облыс аруы Меңсұлу Меңдібаевамын. Сіз шақырды дегесін кеп тұрмын. Шал (құрақ ұшып): Қош келдіңіз, өте-мөте қош келдіңіз, облыс аруы Меңсұлу Меңдібаева! Сіз облыс қана емес, бүкіл еліміздің, бар әлемнің аруы атануға әбден лайықсыз! Мен бұған қол қоямын!.. А-а, сізге Серкен мәселенің мән-жайын түсіндіріп айтты ма? Меңсұлу: Иә, айтты. Шал: Қалай, келісесіз бе? Меңсұлу: Келіспесем, келемін бе? Мені таңдағаныңызға өте қуаныштымын! Шал (секеңдеп): Өте қуаныштымын дейді, әй! Өте қуанышты! Мен де өте қуаныштымын! Келші бермен, құшақтап, бір сүйейін бетіңнен! (Құшағын жайып, қызға қарай жақындайды). Меңсұлу (шегіншектеп, жуытпай): Ал, сіздің түсіру тобыңыз, камераларыңыз қайда? Серкен маған киноға түсіреді деген... Шал: А-а, иә, түсіреміз... түсіп жатырмыз киноға. Образ шынайы болып шығу үшін, түсіру тобы көрінбей, жасырын камераға түсіріп алады. (Серкен тасада тұрып басын шайқап, соткаға түсіре береді). Камера... мотор... сцена сүйіс... кадр один, дубль один! Поехали! (Қызды құшақтамақ болады). Меңсұлу (ұстатпай): Киноңыз бұзық кино сияқты ғой! Шал: Қызық болғанда қандай! Нағыз бум... сенсация! (Қыздың қолынан ұстап, екеуі ақырын тартысып тұрады). Қазіргі көрерменнің өліп-өшіп, іздеп жүріп көретін киносы болады! Кел, кел, жаным, маған жабысып, ыңғайыма көне берсең болды, рөлді қалай ойнауды өзім үйретемін! Ертең-ақ киножұлдыз боп шыға ке-
лесің! Түрлі түсті журналдар жартылай жалаңаш денеңді мұқабасына басып, киоскілерге жарқыратып іліп қояды! Телеэкраннан сенің ашық-шашық сирағың... саның... құйрығың... белің... кіндігің... қолтығың... емшегің елді есінен тандырып, бақталас қыздардың ішін күйдіріп, күн сайын бірнеше рет көрсетіледі де тұрады, көрсетіледі де тұрады! Атағын шығарып, ақша тапқысы келген аруға бұдан артық не керек!? Армандарың сол емес пе сендердің, а? Кел, жаным! (Беліне қол жүгірте бастайды). Меңсұлу (ебін тауып сытылып шығады): Қойыңыз енді, ұят болады! Шал (қобалжыңқырап): Несі ұят? Былай ғой... өзің де түсінесің ғой, жаным. Жігіт қызды жайдан-жай шақырушы ма еді? Меңсұлу (ойнақыланып, екі иығын қиқаң еткізіп, іштей мысқылдап күледі. Аңқаусып): Түк түсінсем бұйырмасын, ата! Шал: Ата деме ойбай, ата деме! Меңсұлу: Жарайды, атя! Ат-тя! Шал: Ата деме, бота де! Меңсұлу: Ботя, бутя, бутик-мутик! Шал: Болды енді, әй! Ботик деме, котик де! Меңсұлу: Котикке келіңкіремейсіз! Одан да шал десем қайтеді, ә? Шал: Қайдағы шал, әй! Мен – шал емеспін, шалғымын! Шалғыныңа салып көр! (Қисалаңдап, өрескел қимылдап, билейді. Оны қызық көрген Серкен, тасадан сығалап тұрып, музыка қосады. Ордаңдап билеген шал қызды биге шақырады. Қыз «ал, қайтер екенсің» дегендей, бұрала билейді. Шал жарасымсыз билей келіп, қызды бас салып құшақтамақ бола бергенде, қыз бір жаққа бұлт етіп шығып кетеді. Ауа қармаған шал омақаса құлайды. Жерде, еңбектеп, төрт аяқтап тұрып өкіреді). А-а-а! Ө-ө-ө! (Кетуге ыңғайланған қызға қолын созып) Бо-бо-ботя, тойыс, тотя, тотяжан, тоқта. Тоқетері, маған тоқал болсаң, топайыңды топалға, бақайыңды бақалға малып, құлағыңа құйма алтын, тырнағыңа түйме алтын тағып, тойотаға мінгізіп, топ алдында жүргізіп, коттеджге кіргізіп, бұл өмірдің рахатын білгізер едім! (Мастығы жеңіп, қылжиюға айналады) Мең-мең-сұлу, ең сұлу, сұлашы менің жаныма! Менмен-мең-зең! Үні өшіп, жатып қалады) Меңсұлу (мысқылдай күліп): Міне, нағыз комик – киножұлдыз болдыңыз, аташка! (Кетеді. Серкен оның соңынан зытады).
Алтыншы көрініс Серкен Меңсұлуды пәтер үйінің алдында қуып жетеді. Серкен: Меңсұлу, Меңсұлу! Тоқташы! (Меңсұлу тоқтамайды. Серкен алдына шығып, бөгейді). Тоқташы, Меңсұлу, саған айтар сөзім бар! Тыңдашы, түсінші менің жан сырымды! Меңсұлу (ызалы): Сендерге шеттеріңнен бірдеме көрінген шығар. Шалың бар, шауқаның бар, масың бар, жасың бар, бәріңді тыңдау керек, түсіну керек. Менің неше құлағым бар, әй, бәріңді бірдей тыңдай беретін? (Ерлердің даусын салып, мазақтап): Менің жаным қандай нәзік, таза, бірақ оны ешкім түсінбейді! Сіздің көзіңізде бір мұң бар екен, сондықтан менің жан сырымды сіз ғана түсінесіз-ау, – деп, тізіліп келіп үздігіп, сүзіліп біттіңдер ғой. Немене, мен сендерді түсінуге міндеттімін бе? Әркімнің жанын түсінемін деп жүріп, өз жанымды жоғалтып алмаймын ба?! Ал сенің жалған жаның маған неменеге керек, супер сутенер Серкешка?! Өзің ұят-аяттан, ар-намыстан әбден жұрдай сорлы екенсің! Серкен: Жоқ, сен олай тым артық кетпей, алды-артын ойлап, әдеппен сөйле, ару мұғалима! Меңсұлу: Артық кетпе! Әй, қайдағы әдеп саған! Арқасы құнысқан, қаңқасы құрысқан, терісі бырысып-тырысқан кәрі зинақордың көңілін табу үшін жеңгетай, сутенер болып жүргеніңе қорланбайсың ба тіпті? Серкен: Тоқтай тұршы, Меңсұлу! Мұнда бір құйтырқы нюанс бар! Меңсұлу: Бола берсін. Бірақ, оны тыңдауға менің уақытым да, зауқым да жоқ! (Ызаға булығып кете береді). Серкен. Тым болмаса телефон нөміріңді беріп кетші! Мен бәрін де түсіндіремін саған! Меңсұлу (Ызадан өксігендей, кетіп бара жатып, бөліп-бөліп сөйлейді). Керегі жоқ... Жеті жүз бір... Кеше көңілімді сонша көтергенге... төрт жүз қырық үш... оңбаған... жиырма бес... кісіні өстіп алдауға бола ма екен... тоқсан үш... көрінбе көзіме! (Пәтеріне кіріп кетеді) Серкен (соткасына жазып алады): Е-е, бәсе... Өзім де сезіп едім...
Жетінші көрініс
Таңертең. Серкеннің ауласы. Серкен мен шал сөйлесіп отыр.
Шал (аһылап-үһілеп): Әй, кеше не болды өзі?
Серкен: Не болушы еді? Қызды көрген соң, екі сөзге келмей емпеңдеп ұмтылдыңыз. Тура бар ғой, төрт аяқтап шаптыңыз. Сізді үлкен зиялы адам ғой, сөзіңізді тыңдайын деп келген байғұс қыз есі шығып, бұрышқа тығылды. Шал: Сосын? Серкен: Не сосын? Төрт аяқтап тұрып, аспанға шапшып кісінедіңіз келіп... Кісінегенде де кісінің түсінігіне сыймайтын, түсіне де кірмейтін кісәпір дауыспен күлдір-күлдір еттіңіз-ау! Шал: Сосын? Серкен: Не сосын? Сізге қосылып бүкіл ауылдың кемпірлері... ә-ә, тойыс, биелері кісінеді! Шал: Әй, кісінегенімді өзім де білемін! Сосын? Серкен: Сосын сол! Шал: Содан кейін не? Серкен: Не-е...? Шал: Әлгі... қызды... былай... қысып, сүйдім бе? Серкен (күледі): Оны мен қайдан білейін? Шал. Білесің! Сен бәрін де білесің! Серкен: Қазір, видикті қарай қояйын. Шал: Не? Қайдағы видик? Серкен: Кәдімгі видик (соткасын көрсетеді). Сапасы жақсы. Жеңгейге көрсетуге жарап жатыр. Тіпті, интернетке сап қойсам, қатып кетпей ме? Шал: Әй, найсап, не оттап тұрсың? Серкен: Оттап тұрғам жоқ, шоттап тұрмын! Болашақты хоттап тұрмын, өзегіңе от сап тұрмын! (Шал шақыраяды) Ойнаймын, ағасы, ойнасам да күні-түні сізді қалай сыйлауды ойлаймын, ағасы! Шал: Маған сыйдың керегі жоқ! Мені сүю керек! Серкен: Сүйеміз сізді, ағасы, сүйгенде қандай сүйеміз! Шал: Сүйгендерің сол ма? Сұлатып салып, сілейтіп тастап кетіпсіңдер. Серкен: Ағасы, өзіңіз де қызықсыз... Сүйгеннің жөні осы деп бір көргеннен сүліктей жабыса кетпейді ғой дені сау қыз. Басында бұлданып, түлкі бұлаңға салып, жігітті әуре-сарсаң етпей ме біраз? Әлде, арудың әзіліне ә дегеннен әлсіреп қалдыңыз ба? Бастамай жатып болдырып қалсаңыз, бармай-ақ қойыңыз! (Шал оқыранып, еңсесін тіктеп, басын кегжитеді): Е, бәсе, онда бүгін кешке Меңсұлу сізді өз пәтерінде күтеді! Шал (толқып): Рас па, Серкенжан? Тек ойнадым демеші, рас деші!
Серкен: Рас, рас айтамын, ағасы.
Шал: Ал, оның пәтерін қайдан табамын?
Серкен: Қам жемеңіз, ағасы, өзім жеткізіп тастаймын. Тек бір
кішкене кілтипан болып тұрғаны...
Шал: Күлбілтелемей, айт қане! Кез келген кілтипанның кілтін
табуға дайынмын!
Серкен: Қыздың көңілін аулау үшін өте бағалы сыйлық керек!
Шал: Болсын. Өзің айта ғой, не бергенім жөн болады?
Серкен: Бергенде...
Шал: Әлде, алтын сырға салайын ба?
Серкен: Асқар таудай басыңыз бар, ақсақалды жасыңыз бар,
Алашқа аян атыңыз бар... Ұсақ-түйек сырға-мырға, жүзік-мүзік
сізге жараспайды. Қызды бірден есінен тандырып, талдырып түсу
үшін, «Тойота» тарту етіңіз!
Шал: Тай, тай... тойыс, Тойота?! (Шыр айналып, шайқалаң-
дап): Хай-хай-хай! Тойотаң тым көптеу емес пе? Тайраңдаған то-
қалға тай да жарап жатыр ғой!
Серкен: Онда арзандауын тауып аларсыз. Ал бұл – облыс
аруы! Бүкіл бір елдің ең сұлуы Меңсұлу! Мұндай қыздардың көңі-
лін табу үшін тіпті жас дөкейлердің өзі үй береді... күй береді.
Шал: Ойбай, менде ондай күй жоқ қой. Сен бірдеме ғып үй-
лестіріп жіберсеңші. Бүйтсек қайтеді... Ана сенің маған берген
атыңды осы қыздың жолына атасам, қатып кетпей ме?
Серкен (Кекесін аралас күліп): Кер-ре-мет! Не деген тапқыр-
лық! Бірақ, ол қыз бір атқа алдана қойса...
Шал: Үстіне бір айлық жалақымды қосып берейін!
Серкен: Уо! Онда бәлкім оң жамбасқа кеп қалар.
Шал: Ақшаны бірден қолына ұстата салайын ба, кетерде қал-
дырып кетейін бе?
Серкен: Былай болсын, ағасы. Әуелі, мен сіздің атыңыздан,
алдын ала, кешегінің ат-шапан айыбын атап қояйын. Жол ашып,
жобаға келтіріп дегендей. Онда сіз менен кейін ештеме дәметпей-
тін болыңыз! Келістік пе?
Шал: Иә, уәде! (Екеуі қол алысады).
Серкен: Ал ақшаны... өзіңіз... ептеп ретін келтірерсіз!
Шал: Ма-ма-мақұл!
Серкен: Келіңіз, сол үшін ап қояйық. Мұзға барсаң, бұзып
бар, қызға барсаң, қызып бар! (Шал қалбалақтап, қағып салады).
Сегізінші көрініс Меңсұлу пәтерінде оқушылардың дәптерлерін тексеріп отыр. Айбатша келеді. Айбатша: Сәлеметсіз бе? Меңсұлу (таңдана) Сәлеметсіз бе! Айбатша қолындағы үлкен гүл шоғын ерекше бір сәнді қимылмен, шетелдіктер сияқты реверанс жасап қызға ұсынады. Меңсұлу оны қазақы сабырмен, жымиып қабыл алады. Айбатша (французша прононсқа еліктеп, ептеп мұрнынан сөйлеп): О-о, мадьмазель... мисс... Мең-ң-сұлу Мең-ң-дыбаева! Сізбен кездесу мен үшін аса биік мәртебе! Танысып қоялық, мен мистер планеты, мировой миллионер Ай-й-бат-ша Бай-йбатшаевпын! Сіздің арулық атақ-даңқыңызды естіп, суретіңізді көріп, сұлулығыңызға естен тана ғашық болған бейбақтардың бірі һәм бірегейімін! А-а, бірақ, сіз мен күткеннен де асып түстіңіз! Сіз өмірде суреттегіден де сұлу екенсіз, өйткені сіздің жан шуағыңыз айналаңызды нұрландырып, жылылық беріп тұрады екен! Менің ет-жүрегім елжіреп, бойым балқып, сіздің алдыңызға бүкіл барболмысыммен, бар байлығыммен, мыңғырған малыммен, миллиондарыммен құладым! Қабыл алыңыз, амалы құрыған құрбандығыңызды! (Театрально тізерлеп, басын төмен салып, үнсіз қатып қалады. Меңсұлу мұның бәрін қызық көріп, күле қарайды. Біраз күтіп, дыбыс болмаған соң Айбатша ақырын басын көтереді). Байғұс ғашығыңызды басынан сипап, тірілтіп алсаңыз да, бетінен қағып, өлтіре салсаңыз да еркіңіз! Меңсұлу: Босқа әуре болмаңыз, ағай. Менің сүйген жігітім бар! Айбатша (атып тұрып): Болса қайтейік? Кім ол менің жанымда? Түк те емес! Оны сүйкеп жіберсек, мүлдем сүймейтін боп кетеді! (Әрлі-берлі адымдап жүріп). Көрсетші менің көзіме, қалтасын көк қағазға толтырып, Колымаға көшіріп жіберейін! Меңсұлу: Қолыңыздан келсе, Колымаға екеумізді қосып жіберіңіз! Махаббатқа Магадан да, Мадагаскар да мадақ айтады! Айбатша: Жә! Шалықтамай, жерге түсейік! Қазіргі қыздардың арманы не? Қане, білсең, айта қойшы? Меңсұлу: Адамда, әсіресе, қыздарда арман көп қой... Айбатша: Сіз өйтіп жалтармаңыз! Ал мен білемін қыздардың арманын... Қыздардың басты арманы – ақшасы көп жақсы байға тию! Ал, жақсы бай дегеніміз – мына біз сияқты асыл тұқым, мық-
ты жігіттер! Сіз сияқты сұлу қыздар біз сияқты мықты жігіттерге тиіп, асыл текті балаларды көптеп тауып, халқымыздың санын көбейтіп, сапасын көтеруге міндетті! Сондықтан, айтқаныма көніңіз, қолыңызды беріңіз, етегімнен қа-а-тып ұстап, соңымнан еріңіз, тоқетері, маған тоқал болыңыз! Меңсұлу: Кешіріңіз, ағай, көлденең көк аттыға еріп кете беретін мені кім деп тұрсыз? Қыздың жаны – құпия, оның жүрек кілтін таппасаңыз, күшпен аша алмайсыз! Айбатша: Дұрыс айтасыз... қыз жүрегінің кілтін табу керек дегеніңіз өте дұрыс. Ал, «кеудесі жақсылардың – алтын сандық» емес пе? Демек, алтын сандықты ашу үшін ал-л-ты-ынн кілт керек екен! Міне, сол алтын кілтіңіз алдыңызда... жо-жоқ, қолыңызда тұр! Меңсұлу: Таппадыңыз! Қыз жүрегінің кілті – ақша да емес, басқа да емес, махаббат! Тек қана махаббат! Айбатша: Жасасын махаббат! Ал, миллионердің махаббаты басқалардың махаббатынан миллион есе артық! Сол махаббатым жүрегіме сыймаған соң, өзіңізді іздеп келіп, ешкімге иілмейтін басымды иіп, алдыңызда кіріптар пенде болып тұрған жоқпын ба? Меңсұлу: Ағай, сізде бізге деген махаббат болғанымен, бізде сізге деген махаббат жоқ! Айбатша: Ақша болса, махаббат қайда кетер дейсің... Жатажастана бола береді ғой... Меңсұлу: Ғашықтық пен ақша – екі басқа нәрсе. Көбінесе, үйлесім таппай, бір-біріне қайшы келіп жатады! Айбатша: Бірақ, бәрібір ақшасыз махаббат – махаббат емес, мазақ қой, көрген күні азап қой! Меңсұлу: Қателесесіз! Сүйген жармен қоңыр үйде кешкен ғұмыр ғажап қой, махаббатсыз алтын сарай да тозақ қой! Айбатша: Жә, ділмарсыма, дегдар қыз! Тоқетері, маған тисең, жағдайыңды жүз есе жақсартып, ен байлықтың айдынында жүздіремін! Меңсұлу: Ниетіңізге рахмет, ағай. Бірақ, бұл өмірде сатылмайтын да нәрселер бар екенін білетін шығарсыз? Айбатша: Жоқ, білмеймін! Білгім де келмейді! Менің білетінім – бұл өмірде бәрі де сатылады, бәрін де сатып алуға болады! Тек бағасы ғана әр түрлі демесеңіз... Меңсұлу (шамданып, қатқыл): Ағай, ар-намысын бәрінен де жоғары қоятын қыздар әлі де бар! Есіңізде болсын, адамның шын пейілін ешқашан да сатып та, тартып та ала алмайсыз!
Айбатша: Алғанда қандай... еще как аламыз... асықпа, қал-
қам...
Меңсұлу: Кешіріңіз, ал, жақсы, сау болыңыз! Қазір менің бірге
тұратын құрбым келіп қалса, ыңғайсыз болады!
Айбатша: Құрбым-сұрбым, ырбың-дырдың! Міне, менің ви-
зиткам! (Визиткасын береді). Үш сағаттың ішінде маған збандап,
құдаларды қайда жіберетінімді айтатын бол! Әйтпесе... (Түсін
суыта беріп, жымиып) Сені маған алып келеді... иә... жақсылық-
пен көріскенше! (Кетеді. Меңсұлу басын шайқап қала береді).
Тоғызыншы көрініс
Ауылдың жұмыссыз, жұпыны киінген үш жігіті Доңғал, Аң-
ғал, Саңғал бір қалтарыста қарт ойнап, шарап ішіп отыр. Қолда-
рында бір-бір қарт қалған, шамасы, соңғы, шешуші жүріс.
Аңғал (шарабын ішіп болып): Ух! Енді тірілейін дедім ғой...
Саңғал: Тірілсең, жүр енді!
Доңғал: Ұр, қане! Не бел кетер, не белдік кетер!
Аңғал: Нартәуекел! Міне кәрөл! (Қолындағы жалғыз қартты
құлаштап ұрады жерге). Кәрөл деген Құжжж, Көкке ұмтылған
құззз!
Доңғал (қартын көтеріп, бірақ баспай тұрады. Аңғалдың бе-
тіне ыржалаңдап қарайды. Аңғал мен Саңғал да не болар екен деп,
құмартып отыр): Ұрған кезде тұззз! Кәрөл болар мыжжж,
мыжжж, мыжжж!
Аңғал (қауіптенсе де, қайраттанып): Кәрөл деген патша!
Доңғал (қартын көтеріп, құлаштап ұрады): Тұз дегенің ақша!
Аңғал күйініп, сенделіп қалады. Саңғал қартына қарауға дәті
бармай, күйбеңдеп отыра береді.
Аңғал (Саңғалға үміттене қарап): Бол енді, таста қартыңды!
Саңғал (қартын сығалап қарап): Ой, әкеңнің... алтылық...!
(Қартын лақтыра салады).
Аңғал (қуанып): Алтылық! Алтылық! Бар да алып кел жарты-
лық!
Саңғал созалаңдап тұра бергенде, Айбатша сөйлей келеді.
Айбатша: Алтылық пен жартылықтың арасында алқынып жү-
ресіңдер ме өстіп өмір бойы!? Қарт соққаннан жалықпайсыңдар ма
осы?
Жігіттер оған жалт қарайды.
Аңғал: Сонда нені соғамыз?
Доңғал: Сені соғамыз ба? Саңғал: Жұмыс жоқ, қол бос, уақыт пішен! Бізге неғыл дейсіңдер енді?! Айбатша: Неғылғанда... бір үлкен жұмыс бар! Ал, жігіттер, менің сөзімді жерге тастамай, кездесуге келгендеріңе рахмет! Әуелі танысып қояйық. Мен – мистер планеты, мировой миллионер Айбатша Байбатшаевпын! Доңғал (еңсесін тіктеп, кеудесін кере ортаға шығып): Менің атым – Доңғал! Доғалаң батырдың ұрпағымын! Ғылым жүзінде айтқанда, асыл тұқымбыз! Мына жігіттер де оңай емес (екі қолын екі жаққа кезек-кезек кең жазып, құрметпен) Аңғал! Саңғал! Бұлардың да аталары менің атам Доғалаң батырдың үзеңгілес серігі болған. Аңғалдың атасы менің атамның атын баптаған! Саңғалдың атасы найзасын саптаған! Айбатша. Әй, ер Доңғал, ер Доңғал, бізді де байқап көр, Доңғал! Аңғалдың атасы ат баптаған, Саңғалдың атасы найза саптаған, Доңғалдың атасы жауды таптаған! Солай ма? Доңғал. Солай! Саңғал. Әрине, солай! Аңғал. Солай болмағанда қалай?! Айбатша. Ал, сонда Айбатшаның атасы ай қараған ба, ә? Ал, білсеңдер айтыңдаршы, қане, қайда болған менің атам? (Үшеуі үндей алмай, бөгеліп қалады). Білмесеңдер, бетімен сөйлемеңдер. Менің атам сендердің аталарыңды алға бастаған! Сондықтан, нағыз асыл тұқым – мына менмін! Доңғал. Немене? Сонда біз кімбіз, ә? Айбатша. Кім болсаң о бол, менің жұмысым жоқ. Бірақ, мен тұрғанда асыл тұқыммын деп айтушы болма, ұят болады. Доңғал. Әй, қарынбай, не оттап тұрсың өзің? Даусынан дүрбіт үркіп, жоңғар сасқан, торғауыт толқып, қалмақ қашқан дулығалы Доғалаң батырдың дойман тұқымы Доңғал палуан тұрғанда, саған қайдағы асылдық? Айбатша. Жарайды, осы ауылдың, тіпті аймақтың асылы сен бола ғой. Ал мен бүкіл адамзаттың ішіндегі ең... ең... ең асыл тұқыммын! Ұқтың ба? Доңғал. Әй, жақсылықпен доғар енді! Доғармасаң, мен, Доғалаң батырдың тұқымы Доңғал палуан, дал-дал қыламын сендей далбайды! Айтпақшы, асыл тұқымдардың қаны көк болады деуші еді ғой, қорқыратып ағызып, қолымды малып көрейін бе әлде? (Айбатшаның қарынан ұстап, мытып-мытып қояды).
Айбатша (ауырсынса да, қалжыңға бұрып): Жә, жә, батыр,
әзіл ғой, ойнап айтам. Бәріміздің де аталарымыз осал емес екен,
ендеше, ойынды қойып, іске көшейік! (Журналды алып шығып,
Меңсұлудың суретін көрсетеді). Батырдың тұқымы екендерің рас
болса, маған мына қызды алып қашып беріңдер! Алып қашып бер-
сеңдер, жер жүзіне жар саламын. Аталарыңды да, өздеріңді де
жарнамалап, осындай ерлер даламызда әлі де бар екенін айдай
әлемге әйгілеймін!
Аңғал. Айтсаңыз болды!
Саңғал: Аламыз да қашамыз!
Доңғал: Қызбен уағдаңыз бар ма еді?
Айбатша: Қандай уағда?
Доңғал: Енді былай... алысқан қол, айтылған серт...
Саңғал: Жүрек сезімі дегендей.
Аңғал: Қазіргіше айтқанда, киска-миска, котик-мотик...
Айбатша: Жоқ! Тіпті, мен ол қызбен жаңа ғана таныстым!
(Жігіттер жарыса «а-а!» деседі).
Доңғал. Онда қалай алып қашпақсың?
Айбатша. Кәдімгідей! Ата-бабаларымыздың салты бойынша!
Доңғал. Ата салты дегенің жақсы, әрине. Бірақ, жаңа танысқан
қызды алып қашу обал емес пе?
Айбатша. Байсыз жүрген қызға бай болсақ, оның несі обал?
Қайта сауап емес пе?
Аңғал. Алда-жалда оңбаған қыз болып шықса, опық жеп қал-
майсың ба?
Айбатша. Да ну... Әзер болса, тастай саламыз. Сендер алып
қашып берсеңдер болды, ар жағын өзім білем.
Саңғал. Бірақ, еріксіз қыз алып қашу – заңға томпақ.
Айбатша. Міне, сендерге заң! (Бір уыс доллар алып шығады).
Мен аламын деген соң, бітті, аламын. Сатып аламын, тартып ала-
мын, әйтеуір аламын. Алғым келген нәрсені алмай қоймаймын!
Мә! (Жігіттерге бірнеше жүз доллардан ұстатады). Бұл аванс!
Баланс кейін болады! (Жігіттердің естері шығып, долларды ай-
налдыра қарай бастайды. Айбатша кете береді). Асыл тұқым-
дар... тасыр тұқымдар... жасыл тұқымдар...
Оныншы көрініс
Серкен шалды алып келіп, Меңсұлудың пәтерін нұсқап қоя бе-
реді. Шал қисалаңдап, бұқпантайлап үйге келеді. Толқып тұрады.
Тәуекелге басады. Қараңғыда үйге кіреді. «Меңсұлу! Меңсұлужан!» – дейді үздігіп. Жауап жоқ. Қыздың төсегін сипалайды. Ешкім жоқ. Қыздың төсегіне отырады. Төсекті қолымен сипап, қисайып жатып, жастығын иіскейді. Шал: У-уһ! А-а-а! Апырмай, қайда жүр екен? Жас жігіттермен қыдырып кетті-ау, ә! Ешкімге сүйгізіп қоймаса жарар еді! Әй, әй, әттең-ай, әттең, ішім күйіп барады, ішім күйіп! Қап, қайтейін енді! (Қыздың жастығын жұмарлай құшақтаған күйі ұйықтап қалады).
Он бірінші көрініс
Айлы түн. Серкен мен Меңсұлу қыдырып, сырласып жүр.
Серкен. Сен менің смс-терімді алдың ба? Бәрін түсіндіріп жа-
зып едім...
Меңсұлу. Оқымасам, мұнда келмес едім ғой.
Серкен. Онда түсіндің бе, кешірдің бе мені?
Меңсұлу. Ептеп түсінуге келетін епті логикаңыз бар екен... Тү-
сінгенде де, түсінбегенде де не шара – қазір Қозы-Көрпештер ғай-
ып болып, тарих сахнасына Тазы-Серкештер шыққан жоқ па?!
Серкен: Рас айтасың, қазір Қозылардың емес, тазылардың за-
маны! Ақылыңа айлаң сай болмаса, айдалада қаласың... (Жақын-
дап, қолынан ұстап) Маған әлі бұртиып жүрсің бе, облыс аруы?
Меңсұлу. Айтпашы үйдеп... (Ақырын алыстайды).
Серкен. Не деп?
Меңсұлу. Облыс аруы деп... Қайдан барып едім сол конкурсқа?
Серкен: Сен шынымен өкініп жүрсің бе? Ойбай-ау, ол дегенің,
мисс дегенің қыздардың арманы емес пе?
Меңсұлу: Адырам қалсын арман болмай! Жарнама да жынды
қылды күні-түні! Құрбыларым да қыздырмалап... ақыры қалай ба-
рып қалғанымды байқамай да қалдым! (Мұңайып) Әттең, әжем
болғанда ғой! (Серкен де үндемей қалады). Әжем жібермес еді ме-
ні! Мен әжемнің бауырында өскен қызбын. Ол кісі имандылық
жолына, қазақы әдептілікке баулыды мені! Ал мына ару-сару де-
ген конкурстары әдептіліктен де, имандылықтан да жұрдай, жар-
тылай жалаңаш, сайтани нәрсе екеніне көзім әбден жетті!
Серкен: Қой, қатты кетпе олай! Заманның ағымы солай! Бар-
лық қыздан әдемісің, артықсың, арусың деген атақ жаман ба?
Меңсұлу: Бәлеге қалдым әбден. Тіпті дамыл бермейді.
Серкен: Кім?
Меңсұлу: Кім болушы еді... Еркектер дағы. Анау да збандайды, мынау да збандайды. Жұмысқа, үйге іздеп келеді. Танитыны бар, танымайтыны бар, жасы бар, жасамысы бар, суретке түсеміз, интервью аламыз, кездесуге шақырамыз деп сылтауратып бағады. Бетіне күле қарасаң болды, жабыса кете жаздайды. Сұлулық – халықтыкі, сондықтан сен біздің бәрімізге тиесілісің дейді біреуі тіпті беті бүлк етпей! Әбден шаршап біттім! Әуелде қызық көрініп еді, енді ойлағым да келмейді. Қайтып алса ризамын. Атам қазақтың салтында жоқ сондай конкурстарды кім ойлап шығарды екен? Қыз байғұстардың соры ғой! Әуелі, сол атаққа жетсем екен деп жанталасады. Жеткені жеңдім деп масаттанса, қалғандары оны көре алмай іштері күйіп бітеді. Тып-тыныш елді дүрліктіріп, татутәтті құрбыларды дүрдеараз қылған алдамшы атақта не мән, мағына бар?! Әр адам, әсіресе әйел заты өзінше қайталанбас сұлу, өз орнында әдемі емес пе?! Серкен (сүйсініп): Өзің керемет философ екенсің ғой! Меңсұлу: Бірақ, өмір оған қарайтын емес. Ал, жеттің (кекесінмен) ең-ң сұ-ұ-лу – Ме-еңсұ-ұ-лу деген атаққа! Қане шыққан мүйізің?! Көздің құрты болып, көрінгеннің көңілін бұзғанда мұратың ғасыл болды ма? Әйелдердің өзі, танитыны бар, танымайтыны бар, облыс аруы десе бітті, көздерімен ішіп-жеп, бір жеріңнен мін тауып, (кекесінді кексе дауыспен) «әй, ару деп жүргендерің мынау ма, адырам қалғыр? Ән жері әндәй екен, мін жері міндәй екен... қуыршақ құсап қылтиған, мойны қылқиған, бұты тылтиған неменің нәрмәлни қыздардан несі артық? – деп, жайдан-жай нервіңе ойнап, сан-саққа жүгіртіп, жаныңды жеп қояды. Серкен: Е-е, көре алмағасын айта береді. Қарап жүргенше, жұрттың ішін күйдіріп жүрген жақсы емес пе? Меңсұлу: Несі жақсы дейсің? Сол өртке шарпылып, жаның жай таппай, күйіп-жана берсең, күндердің күнінде күлге айналып кетуің оп-оңай емес пе? (Жеңіл күрсініп): Тіпті біреулер тіке шабуылға шығып, бір түнде алып қашамыз деп жүр. Содан зәрем жоқ! Серкен: Саспа, мен айласын табамын олардың! Тек қана маған бәрін айтып берсең болды, махаббат жолында екеуміз бірге майдандасып көрейік! Меңсұлудың қолынан ұстап, ақырын, әдеппен иығына қолын салады. Қыз оған ойлана қарайды. Сол кезде әлденені арқалаған үш көлеңке анадайдан өте береді. Екеуі сақтанып, бұқпантайлап, соңдарынан аңдып кетеді.
Он екінші көрініс
Доңғал, Аңғал, Саңғал үшеуі екі қаптан қосып жасаған үлкен
қапты көтеріп, Айбатшаның үйіне алып келеді. Айбатша есі шы-
ғып, қапқа біресе жақындап, біресе алыстап, толқып жүреді.
Қапта үн жоқ, тырп етпейді.
Кемпір мен жеңгей ақырын жақындайды. Кемпірдің қолында
шашу, жеңгейдің қолында орамал.
Жігіттер әуестене қарап тұр. Айбатша дірілдеп, ақырын
қапты ашады. Дыбыс жоқ. Сопаң етіп мас шал шыға келеді.
Кемпір «көөөтеек!» деп, сасқанынан шашуды шалға шашады.
Есі шыққан жеңгей «ибәй, бетім ай!» деп шалдың басына орамал-
ды сала салады. Шегініп, бір айналып шығып: «Ойбай! Ойбай!
Масқара-ай!» – деп, әуестене қарап тұрады.
Барлығы аң-таң. Бұлар шошынып тұрғанда ұйқыдағы масаң
шал оянып, басын көтереді. Тізерлеп отырады.
Аңғал (қос қолын беріп): Ассалаумағалейкүм, ата!
Шал: Әлікс...(Қолын ұстап тұрып) Мен қайдамын, қарағым?
Аңғал: Сіз атақты кәсіпкер Айбатша Байбатшаевтың үйіндесіз.
(Айбатша Аңғалға «қап, айтпа», дегендей белгі беріп, безек-безек
етеді).
Шал: Мен мұнда неғып жүрмін?
Аңғал (Айбатшаға бір, шалға бір қарап, ыржыңдап): Мына
Айбатшаға қатын керек болып... сізді алып қашып келдік! (Шал-
дың көзі бақырайып, дымы шықпай қалады. Басқалары да сілейіп
қалған).
Шал: Әй, шырағым, байекең мені қайтеді шандыр-шандыр ғып?
Жасырақ біреуді тауып алмай ма? (Мастығынан әлі айықпаған шал
шынымен қорқып, тізесімен жылжып, жалына бастайды). Әй,
мен ондайға жоқпын, обалыма қалмаңдар! (Ышқынып) Байбай-ай,
байбай, байбай-ай! Қартайғанда қатын боп қалғаным ба шынымен!?
Қайдасың, Серкенжан! Құтқар, құтқар мені мына бәледен!
Орамалды жұлып алып, әйелдерге қарай умаждап лақтырады.
Жеңгей лып еткізіп іліп әкетеді.
Аңғал: Жоқ, сіз түсінбей қалдыңыз. Біз шатасып, сізді қыз екен
деп, байқамай, қапқа бір-ақ тығып, алып қашыппыз ғой!
Шал: О, сорлы басым!
Айбатша: Ата, зарламаңызшы, пажалыста. Ың-шыңсыз алған
жерімізге қайта апарып тастайық. (Аңғалға) Мынаны қайдан әкеп
жүрсіңдер? Қыз қайда?
Аңғал: Қайда екенін қайдам... Кеткен шығар тентіреп бір тентекпен... Түнде бардық қыздың қойнына... ә-ә, не... үйіне. Төсегінде жатыр екен, бас салдық та, қапқа тығып жіберіп, бір-ақ тарттық! Қыңқ етуге шамасы келген жоқ! Сөйтсек, қыздың орнында жатқан мынау екен! Доңғал (шалға): Әй, аташка-әтешка, ана қыздың үйінде қайдан жүрсіз? Төсегінде жатқаныңыз қалай? Саңғал: Ах, бәлем! Аруға барған ардагер! Шал: Ойбай, атай көрме, барғам жоқ, барғам жоқ ол қызға... Шатасып... адасып жүрмін дағы! Айбатша: А-а, солай ма? Тоқта, тоқта, шал! Сен менің қалыңдығымның төсегінде не істеп жүрсің? Айт, қане, жаның барында! (Жағасынан алып, қылқындырып қояды). Шал: Ойбай, дым да істегем жоқ! Қызды көрсем, көртышқан боп кетейін! Күте-күте көзім талды. Жастығын иіскеп жатып, қылжиып ұйықтап қалыппын. Айбатша: А-а! Жап-жас қыздың жастығында не әкеңнің құны бар, әй, кәрі ит? Неге иіскейсің оны мына сасық мұрныңмен? (Шалдың мұрнын бұрай ұстап, әрлі-берлі сүйрелеп жүреді. Шал тізесімен жылжиды). Меңсұлудың... менің меншігімнің жұпарын жұтуға кім рұқсат берді саған, ә! Танауыңды кестіріп, шалбарыңды шештіріп, жалаңбұт жіберейін бе, осы? Шал: Ойбай, жаздым, жаңылдым, бір жолға кешіріңдер! Осыдан аман кетсем, кемпіріме жетсем, қайтып қыздың маңынан жүрмеуге мына ала қаппен ант етемін! Әгәрки, ендігәрі өзі түгілі, басқан ізіне жолап кетсем, қалған ғұмырым осы қаптың ішінде өтсін! Доңғал: Ха-ха-ха! Қалай, қалай қарғанады-әй мына қарабет! Ақылгөй ата, ардагер ақсақал, абыройлы асқар тауымыз болып төрде отырудың орнына, қараңғыда қатын іздеп қаңғырып, қапқа түскеніңізге қорланбайсыз ба? Балдарыңыздан ұялмайсыз ба? Шал: Ұяты ұят енді. Бірақ, мені де түсінуге тырысып көріңдерші бір! Доңғал: Түсінетін түк те жоқ. (Тізерлеп отырған шалдың ту сыртына шығып, сол қолымен мойнын орай қысып алады. Айбатшаға көзін қысып қалып). Басеке, балансын тураласаңыз, турап, турап, туалетке ағызып жіберемін қазір... кәрі азбандай азынаған бұл азғынды! Айбатша: Баланс болады! (Доңғал қалтасынан үлкен бәкісін алып шығып, жарқ еткізіп ашып, шалдың кеңірдегіне тақайды. Зәресі зәр түбіне кеткен шал көзін жұмып, бет-аузын жыбырла-
та береді. Есіктің қоңырауы шырылдайды. Бәрі елең етіп, бір-
біріне қарайды).
Аңғал: Саспаңдар! Мен есікті әбден бекітіп жапқанмын! (Есік
ашылып, жүгіре басып Серкен кіріп келеді): Ой-буй, аңқау басым,
жаптым деп қайта ашып қойған екенмін ғой!
Серкен: Сауға, сауға, Доңғал батыр! (Қолынан ұстайды ақы-
рын. Доңғал шалдың кеңірдегіне бәкісінің сырт жағын батыра
түседі. Шалда тырп етуге шама жоқ). Атаң Доғалаң жауға да
сауға берген дархан еді, ағамыздың қасық қанын қи маған!
Доңғал: Атамның атын аузыңа алғасын, амал жоқ, бердім саған!
(Шалды босатып, бәкісін бүктеп, қалтасына салады). Қаңқасы
қаусап, маңқасы саулаған осырақ шалға қасиетті қолымды былға-
май-ақ қойдым! (Шалды Серкенге қарай желкесінен итере салады).
Шал (жүгіріп келіп, Серкенді қолынан сүйрелеп): Жүр, жүр,
Серкенжан, кеттік ойбай! Мені мына масқарадан құтқара гөр, қа-
рағым, дереу тәксиге шығарып сал! Қайтіп бұл елге көрінбей, қа-
рамды батырайын!
Серкен (шалға): Ана қызға берем деген ақшаңызды тастап ке-
тіңіз! Аузын бастырып қоймасақ, ертең бәле болып жүрер!
Шал: Ойбай, мә, Серкенжан! (Ақшасын береді) Құтқар, құтқар
ағаңды! (Қисалаңдап) Осыдан осы жолы аман кетсем, бөлімге бас-
тық қоям сені бала!
Серкен шалдың ақшасын қағып алып, екеуі кете береді.
Екінші акт
Бірінші көрініс
Түн. Меңсұлудың пәтерін үш көлеңке торуылдап жүреді. Та-
сыр-тұсыр, сарт-сұрт. Қыздың «ой-й» деген нәзік үні шыға беріп,
өше қалады. Үш көлеңке біреуді қапқа тығып жіберіп, апыр-
топыр ала қашады.
Екінші көрініс
Доңғал, Аңғал, Саңғал қапты Айбатшаның үйіне алып келеді.
Айбатша қуанып қарсы алады. Қапты ортаға домалата салады.
Қап қимылсыз жатады.
Айбатша (сәл толқып): Әй, аңғал-саңғал батырларым, бұ жо-
лы жаңылған жоқсыңдар ма? Анықтап көріп әкелдіңдер ме?
Аңғал: Көргенде қандай! Сауыры мен бауырын сипалап, ем-
шегін уқалап тұрып көрдім! Уо! Анық ұрғашы!
Айбатша (Аңғалға ұнатыңқырамай бір қарап): Қолыңды неге
жүгіртесің, әй, сумаңдатып? Жә, ешкім көріп, біліп қойған жоқ па
әйтеуір?
Саңғал: Көрсе көрген шығар... Көрмей қоюшы ма еді қаптаған
көз...
Аңғал: Көре берсін... неғылар дейсің.
Доңғал: Бірақ, ешкім ештеңе білген жоқ. Білсе де, ың-ң демей-
ді, ала бер!
(Айбатша қапқа ақырын-ақырын жақындап, тікейтіп қояды).
Қарағыз (қаптың ішінен сөйлейді): Ағатайлар-ай, сүйген жігі-
тім бар еді! (Жігіттер дар-дар күледі) Сіздердің де мендей қарын-
дастарыңыз бар шығар. Оларды біреу өстіп еріксіз алып қашса,
қайтер едіңіздер?
Доңғал: Әй, қыз, қысқарт сай-сүйегімізді сырқыратпай! Қыз
алып қашу – ата дәстүріміз!
Саңғал: Әлде сен ата дәстүріне қарсымысың?
Қарағыз: Біреудің әлпештеп өсірген баласын жылатуға қалай
дәттеріңіз барады? Бүлдіршіндей қызды қорла, жылат деген де
дәстүр бар ма еді?
Айбатша: Жаным! Қойшы енді, жаным! Мен сені сүйемін!
(Қапты құшақтап, сипай бергенде, қап шоршып түседі. Айбатша
шошыңқырап, тағы ұстай бергенде, қап орғып-орғып қашады.
Бәрі жабыла қуады. Ұстай бергенде, қап бұлқынып, қағып жібе-
реді, Айбатша мен Аңғал домалап түседі. Бір-біріне бөгет жасап,
қабаттасып, босқа далбақтап жүргенде, самбырлап кемпір мен
жеңгей кіріп келеді. Қолдарында кәмпит-сәмпит салынған табақ.
Жігіттер де, қап та тынши қалады).
Кемпір: Ал, құсың құтты болсын!
Жеңгей: Қадамыңа гүл бітсін!
Кемпір: Ұзағынан сүйіндірсін! Шашу, шашу!
Жеңгей: Бақытты болыңдар! Шашу, шашу! (Шашу шашады.
Жігіттер «о, шашу, шашу!» десіп, шашу тереді).
Қарағыз: Қайдағы шашу? Шашу емес, бұл зорлап алып қашу!
Әпкетайлар-ай, әйелсіздер ғой, анасыздар ғой, мені аяңыздаршы!
Түсініңіздерші! Мен өз еркіммен келгем жоқ! Мен бұл кісілерді
мүлде танымаймын да! (Айбатша әйелдерге дем беріп, бірдеме
десеңдерші дегендей ымдайды. Жігіттер үнсіз тыңдайды).
Жеңгей: Ештеңе етпейді, айналайын. Танымасаң, жата-жастана танысасың. Қайта қызық емес пе? Қандай романтика! Кемпір: Е-е, шырағым, баяғыда бізден ешкім сұраған да жоқ, байға тигің келе ме деп... Өмірі көрмеген кісіге берді де жіберді. Үлкендер келісіп, солай ұйғарған соң, ың-ң демей көне бердік. Күйеуіміздің түр-түсін бірнеше күннен кейін ғана дұрыстап көруге шамамыз келді. Бірақ, содан жаман болған жоқпыз шырағым, он екі бала сүйдік, немерелер өсіп келеді. Әне, солай! Жеңгей: Басында тулайтын әдетіміз ғой бәріміздің де. Келекеле көндігіп кетесің. Күлім қағасың әлі! Қарағыз: Сіз не деп тұрсыз? Мен көнбеймін! Көне алмаймын! Жақсылықпен босатпасаңдар, сотқа беремін! Кемпір: Қой, айналайын, сот деген бәлені айта көрме. Білдей бір азаматты соттатып қойып, қарап отырады деп пе едің мынау елді? Бүкіл елге қарабет болып, жер басып жүремін деп отырмысың, әлде? Үй, атаңа нәлет қайыршы, сен қайдан шыққан кәррәматсың өзің, ә? Қарағыз: Мейлі, не десеңіз о деңіз, мен бәрібір көнбеймін! Кетемін! Кемпір: Кетіп көр осыдан! Қарағыз: Кетемін дегесін кетемін! (Қап орғып-орғып, есікке беттейді. Жігіттер қалбалақтап, жолын бөгеп, алдынан тосады. Кемпір олардан бұрын қапты қолымен тіреп тұра қалады). Кемпір: Көрейін сені, кәне, келін емес, кесапат боп кетсең де! Менің өлігімді... өлігімді аттап қана кетесің осы үйден, білдің бе? Ал, мә, аттап өтіп көр осыдан! Қарғыс аламын, екі дүниеде оңбаймын десең, аппақ шашымды таптап, ақ батамнан аттап, қарғып өте бер! (Кемпір ышқына сөйлеп, қаптың алдына көлденең жатып алады). Осы байға тимесең, қу тізеңді құшақтап, сопиып жалғыз қаласың өмір бойы... Қапқа түскен қайыршы, қай бетіңмен шығамын деп тұрсың?! Қарағыз: Қарғысың қара басыңа болсын! Мен не жаздым соншалықты қарғап-сілейтіндей? Өзім білмейтін, сүймейтін кісіге тимейтінім үшін кінәлімін бе? Бөгемеңіз мені, жолымнан былай тұрыңыз! (Көлденең жатқан кемпірге тақалады). Мені жіберіңдер үйіме! Жеңгей (жеңіл кекесінмен): Үйіме дейсің бе? Қайдағы үй саған енді? Қайтып келген қызды кім сағынып отыр дейсің? Одан да ойлан! Енді сенің үйің – осы үй! Кіммен қарайсаң, сонымен ағар деген...
Қарағыз: Сіз не деп тұрсыз өзі? Қарайған, ағарғаныңыз не? Мен тіпті бұл жігіттің түрін де көрген емеспін! Жеңгей: Әй, қалқажан, бері қара да, енді мені тыңда. Біріншіден, бұл жігітті танымаймын дегеніңе кім сенеді, ә? Босаға аттап, қайтып келген деген атқа қаласың өмір бойы! Екіншіден, сен бұл жігітті танымаймын деп тұрсың. Танымағасын әлдәғандай боп тұрсың! Танысаң, жабыса кетер едің де, айырылмай қояр едің. Өйткені, сені алып қашқан – ауданымыздың ең бетке ұстар азаматы Айбатша Байбатшаевтың өзі! Миллионер! Бүкіл облыс қыздарының арманы! (Қаптың басы қалтаңдап, кейін шегінеді де, сәл иілгендей болады). Е-е, бәсе, біліп едім-ау өзім де! (Лып еткізіп, қаптың басына орамал сала қояды да, бір жағынан қолтықтай құшақтайды). Ал, келген жерің құтты болсын, бағың жансын! (Кемпір де атып тұрып, қыздың бір қолтығынан демеп тұра қалады. Айбатша ақырындап қаптың аузын шешіп, ептеп басып, шегініп, телміре күтіп тұрады. Қап сыпырылып түседі де, қыз шыға келеді. Орамал қыздың басында қалады. Қарағыз! Жігіттер аң-таң. Естерінен танғандай үнсіз, қызға бір, бір-біріне бір қарап, сілейіп қалады. Кемпір мен жеңгей қызды шолп-шолп сүйіп: «Үлкендердің сөзін жерге тастамаған қарағым-ай, қадамың құтты болсын!», «Бізді жерге қаратпаған қарағым-ай, қосағыңмен қоса ағар!» деп мәз боп жүр. Қыз жан-жағына керіле қарайды). Кемпір: Ее, айналып қана кетейін сол! Үріп ауызға салғандай бала екенсің! Текті жердің қызы екенің көрініп тұр! Біз де тегін кісілер емеспіз! Аталарымызды айтсақ, бірінен бірі өткен ығайсығайдың нақ өзі! Арғы атамыз арыс болған, бергі атамыз болыс болған! Жеңгей: Менің ұлы атам датқа болған! Кіші атам мыңғырған бай болған! Ал мына сіздің байыңыз Айбатшаның атасы Байбатшаның бақ-дәрежесі қай батшадан да кем болмаған! Кемпір: Иә, иә, дәл солай болған! Өңкей асыл тұқымға тап келген маңдайыңның бағы бар екен, айналайын! Аңғал (таңырқап, қызды айнала қарап шығып): Әй, сен кімсің? Қарағыз: Көріп тұрсыз ғой, Қарағызбын! Саңғал: Меңсұлу қайда? Доңғал: Бізге Меңсұлу керек! Аңғал: Қара қыз керегі жоқ! Қарағыз: Мен қапқа Меңсұлу боп түсіп, қара қыз боп шықтым! Мені қара қыз қылған сендерсіңдер!
Доңғал: Жә, жүріңіз, алған жерімізге ың-шыңсыз қайтып апарып тастайық! Кемпір: Кө-ө-тек! Жеңгей: Ибәй-әй, бетім-ай! Қарағыз. Иә, сонда қалай... мен сіздерге қуыршақпын ба, қаласаң әкеле салатын, қаламасаң, апарып лақтыра салатын!? Босаға аттап, басына орамал салынған қыз масқара болмай ма? Аңғал: Біз ешкімге айтпаймыз! Саңғал: Ешкім ештеңе білмесе, сөзге де қалмайсыз! Қарағыз: Апаларымыздың ақ батасын қайтеміз? Аттап кете береміз бе? Аңғал: Өй, оларды қойшы, аузына келгенін айта береді... Доңғал: О кісілер басқа біреу екен деп шатасып қалды ғой. Қажет болса қайтып ала салады да! Солай ма, апа? Кемпір (күмілжіп): Енді... былай... не ғой... әлгі... өй, бар болғыр болбықтар сол! Жеңгей (жүні жығылып): Апырай, дұрыс қой, бәрі өмір ғой... иә, өмірде не болмайды... Қарағыз: Жарайды, кетсем кетейін. Бірақ, апам көлденең жатып алып, қарғап-сілесе қайтемін!? Саңғал: Жоға, өйтпейді! Апамыздың ақылы бар! Аңғал: Кемпір де біледі өз есебін! Кемпір: Иә, рұқсат, қарағым. Жүремін деген кісіге жол ашық қой қазір! Жеңгей: Жер шарының қай тарабына қарай тартсаң да жолың болсын! Кемпір: Қайда жүрсең де аман жүр! Қарағыз: Жә, бірақ мына орамал (жөндеп, мықтап байлап қояды) маған арнап салынған екен, енді оны қайтіп лақтырып тастай салмақпын? Жеңгей: Бір жапырақ шүберекте не тұр дейсің? Қарағыз: Бірақ, маған сондай жарасатын сияқты! Айбатша (Қарағызға жақын келіп): Сіз кім боласыз өзі? Қарағыз: Біз біз боламыз! Мұғаліммін. Меңсұлумен бірге бір мектепте істеймін, бір пәтерде тұрамын! Айбатша: Түсінікті. Сіз кешіріңіз... жігіттер жаңылып, басқа біреудің орнына сізді алып қашыпты. Ат-шапан айып бізден! Қарағыз: Неге жаңылады? Неге басқа біреудің орнына алып қашасыңдар? Менің өзімді неге алып қашпайсыңдар, ә! Аңғал: Кешіріңіз! Келесі жолы есте болсын!
Қарағыз: Кешірмеймін! Ерегескенде, бұл үйден шықпаймын! (Жан-жағына жақсылап қарап шығып): Тамаша! Бұл үй маған сондай ұнайды! Аңғал: Әй, Айбатша, байбатша екенің рас болса, кеп тұрған қызды құр қайтармай, ала салсайшы. Әзер болса, артынан ажыраса саласың. Саңғал: Ана қызды да көп кешіктірмей әкеп береміз. Тіпті жарты ақшасына да дайынбыз. Доңғал: Әй, Саңғал, саудаласып, құнын түсіретіндей ол саған құнажын емес, қыз ғой! Айбатша: Жә, ол жағын кейін көре жатармыз. Қазір мына мәселені шешіп алайықшы. Әй, қыз, сенің денің сау ма өзі? Мүлде танымайтын еркекке қайтіп, қай бетіңмен тимексің? Қарағыз: Несі бар? Сендер мүлде танымайтын қызды алып қашып жатқанда, біз неге тимеске? Оның үстіне, ақшасы көптеу, ақылы аздау азаматқа кезіккен зам-матта көзді жұмып, қойып кетуге әрқашан дайынбыз. (Әндетіп): Әй, әй батша, Айбатша, Сендей болмақ қай батша? Қаптан шыққан қалыңдық, Көңіліңді лайлатса. Басың дауға қалмасын, Күн тұтылып, ай батса. Жақсылықпен жол тауып, Бола ғой маған бай, батша! Әйтпесе, қазір үсті-басымды дал-дал қылып, бет-аузымды қанқан қылып, жер-көкті айғай қылып, төртеуіңді бай-бай қылып, түрмеге қойдай айдап тоғытамын да жіберемін! (Айбатшаға қарай айбат шегіп, ақырын-ақырын жақындай түседі). Айбатша (шошынып, шегіншектей береді): Бәрібір сені алмаймын! Қарағыз: Жоқ, байеке, енді сен мені емес, мен сені аламын! Айбатша: Жүрекке әмір... махаббатқа зорлық жүрмейді! Қарағыз: Жүргенде қандай! Жүгіріп жүресің әлі-ақ! Айбатша (кемпір мен жеңгейге жалынып): Апырмай, апатайлар-ау, мынаған бірдеме десеңіздерші! Кемпір: Не ғой, қарағым, бері қарашы... Тең теңімен, төсек қабымен дегендей... баяғы заман емес, әйелдің өз еркі өзінде ғой қазір, біреуге күшпен таңылып, малға сатылып қор болатын уақыт емес...
Жеңгей: «Махаббатсыз өмір – тұл» дегендей... Танымайтын, зорлап алып қашқан жексұрын еркекпен қалай бірге тұрмақсың өмір бойы? Заң бар, зәкөн бар дегендей... Қарағыз: Саспаңдар, зәкөн бәріңе де табылады! Ал, оған дейін менің зәкөніме бағынасыңдар! (Телефон соға бастайды) Әлө, полиция полковнигі Қоспановты қосыңызшы. Бұл – жиені Қарағыз! Қашан келеді? Нағашыма айтыңызшы, маған шұғыл хабарлассын! (Тағы біреуге звондағалы оқтала береді). Айбатша (айбаттанып): Жә, жетті! Доңғал! Аңғал, Саңғал! Батырлар! Қаптан шыққан қара қызды қайтадан қапқа тығып жіберіп, үйінің артына апарып домалата салыңдар! Жігіттер айбарланып, жан-жағынан Қарағызға жақындай береді. Қарағыз оларға айбарлана бір қарап, терең тыныс алады да, «Ки-ай!» деп, қиқу салып, сарт-сұрт ұрып, теуіп, үшеуін үш жаққа домалатып жібереді. Қапыда соққы тиіп, естері шыққан жігіттер атып тұрып, айқай-шу, қырғын төбелес басталып кетеді. Әйелдер «әбеу, көтек» деп, қаша жөнеледі. Үш жігіт бірде қызды тықсырып, бірде қыз үшеуіне тойтарыс беріп, біраз шайқасады. Біраздан соң жігіттердің беттері қайтып, қимылдары баяулай бастағанда, Қарағыз орталарында билеп жүріп төбелеседі. Сол кезде телефоны шырылдайды. Қарағыз жігіттердің қолаяқтарын допша қағып-қағып тастап, домалатып жіберіп, телефонмен сөйлесіп жүріп төбелеседі. Қарағыз: Ау, жеңеше! Сүйінші! Мені алып қашты! ... Доңғал... (Доңғалды бір ұрып құлатады). Аңғал... Саңғал... (Екеуін екі теуіп, екі жаққа домалатып жібереді) деген долларға жалданған далбайлар! Жалдаған Ай-й-батша (басынан тебетіндей боп аяғын бетіне тақайды. Айбатша екі қолымен қорғана бергенде, іштен бір тебеді. Айбатша талықсып, отырып қалады). Бай-й-батшаев деген ауданның ең бай кәсіпкері... Жоқ, інісіне емес, өзі аламын деп отыр... Е-е, кім біліпті оның неше әйелі бар екенін... Қысқасы, таңертең түгел жетіңдер... Екі вариантқа да дайын болыңдар... Иә, яки-яки... О, кей! (Қыздан құтылу қиындап, іс насырға шаба бастағанын сезген топтың ұнжырғасы түсуге айналады). Доңғал (орнынан әрең тұра беріп): Әй, байбатша, сенің алдыңда екі жол тұр. Не мына қызды алып тынасың... Саңғал: Не түрмеден бір-ақ шығасың!
Аңғал: Саспаңыз, сізді ұмытпаймыз. Тамақ апарып тұрамыз...
Калбаса-малбаса, шай-май, шылым-мылым, анау-мынау... Мен
білемін не керек екенін, кезінде біраз отырып шыққанмын, жылқы
ұрлап...
Саңғал: Қайдағы жылқы-әй! Жұрттың адасып кеткен бұзау,
торпағын ұрлап сатып сотталып едің ғой!
Аңғал: Сен де қырық жылғыны ұмытпайды екенсің!
Доңғал: Әй, жігіттер, осымен бәрін доғарайық та, зытайық
аман-сауымызда! Әйда, кеттік! (Жігіттер кетеді. Амалы құрыған
Айбатшаның үні өшіп, олардың соңынан «тоқтаңдар, қайда кет-
тіңдер?» дегендей екі қолын созып, ақырын басып, шығып кетпек
болады. Қарағыз жалғыз қалған Айбатшаға айбат шегіп, қол-
аяғын тарбитып, ұрып жығатындай, көзін шұқып алатындай
қимылдар жасап, жолын бөгеп, бұрышқа әкеп тығады. Қолдарын
оңды-солды сермеп, Айбатшаның көз алдынан зу-зу еткізеді).
Қарағыз: Ои дзукимен ойып түсірейін бе, гияку дзукимен сой-
ып түсірейін бе! (Айнала жүріп, аяғымен ауаны теуіп).
Қайдасың иоко гери кекомиым,
Бір тепсем шайқалады, көке, миың.
Бірақ та байбатшада ми болмайды,
Ондайды ойландыру өте қиын!
(Айбатшаға тиер-тиместей ғып аяқпен теуіп-теуіп қояды).
Ап чаги! Йоп чаги! (Тұра қалып, көзіне көзін қадап). Син-вадза-
тай! Аруақ!
Оның қаһарлы қимылдарына ілесе алмай, амалы құрыған Ай-
батша қайраттанып: «Қи, ай!» деп бақырып, оңды-солды соққы-
лар жасайды. Қарағыз оп-оңай жалтарып кетеді. Айбатша ашық
қалған кезде саусақтарының ұшымен кеңірдекке «найза соққы» –
нуките жасайтындай болған Қарағыз соңғы сәтте ұрмай, тек
саусақ ұшымен кеңірдектегі жанды нүктесін баса қояды. Айбат-
ша сылқ етіп отыра кетеді. Қарағыз оны қапқа тығып жіберіп,
аузын тас қылып байлап тастайды.
Қыз «Уһ!» – деп, төсекке отырып, жан-жағына қарайды.
Сәлден кейін қап қозғала бастайды. Қарағыз соткасымен смс жі-
береді.
Айбатша: Әй, қыз, босат енді, болды!
Қарағыз: Босатпаймын, мырза! Туысқандарым полициямен
келгенше, осылай отыра тұр! Қапқа түскен қалай екен, мырза!
Көрден гөрі кеңірек шығар? Тұншығып кетпессің! Әңгімелесуге
рұқсат, әсіресе, мынадай роман-н-тиш-ш-ний түнде қаптан шық-
қан Қарағызға қапта отырып махаббат туралы серенада айтсаң,
тіпті тамаша болар еді!
Айбатша: Қап, сені ме! Әй, қыз... (Есіктің қоңырауы шарыл-
дайды. Айбатшаның үні өшеді).
Қарағыз: Бұл кім?
Серкен: Ашыңыз, полиция! (Қарағыз ашады. Қап домалап,
бұрышқа қарай қашып барып, қозғалмай жатып қалады. Бетін
қара шүберекпен перделеп алған Серкен кіреді). Маған Қарағыз
керек!
Қарағыз: Мен Қарағыз! (Көз қиығымен қапты көрсетеді).
Серкен (түсінгенін білдіріп, басын изеп, қатты дауыстап):
Мені полковник Қоспанов жіберді! Жиенім Қарағыздың жағдайын
біліп кел, егер де көмек керек болса, таң ата он машина ОМОН-
мен келіп, ойран-ботқасын шығарамын деді!
Қарағыз: Рахмет, бірақ әзірше бәрі дұрыс сияқты. Нағашыма
сәлем айтыңыз, таңертең өзім збандаймын. Алда-жалда менен ха-
бар болмаса, таңғы тоғызда төбесінен түссін де, түгін қалдырмай
талқандай берсін! КНБ-дағы көкеме, соттағы тәтеме, әкімдіктегі
әпкеме, теледегі бөлеме де ескертіп, бәрі жиылып бір-ақ келсін!
Серкен: Құп болады! (Кетеді).
Қарағыз: Көріскенше күн жақсы! (Есікті жабады). Ал, Ай-
батша Байбатшаев, таң атқанша ойланып-толғанып алыңыз! Бүгін-
гі таң не біздің жұбайлық өміріміздің алғашқы жарқын таңы болып
атады, не сенің бостандықтағы өміріңнің ақырғы таңы болып ата-
ды! Нағашым сені осы қаппен сүйреп апарып карцерге бір-ақ ты-
ғады, көр де тұр! Тағдырыңды өзің таңда!
Айбатша: Оны көрерміз әлі!
Қарағыз (төсекке шалқасынан түсіп жатады): Көрсек кө-
рерміз!
Айбатша (сәлден кейін): Әй, Қарағыз, кел бері... келісейік!
Қарағыз: Өзің кел, керек болса!
Айбатша (қап орғып-орғып, Қарағызға жақындап келеді):
Жарайды, мен сені тоқалдыққа алсам ала салайын! (Қарағыз басын
көтеріп отырады). Тек айқай-шудың керегі жоқ!
Қарағыз: Жа-а-рай-ды! Ойланып көруге болады! (Жымыңдап,
билей басып-барып, қапты құшақтап, басынан сипайды. Қаптағы
Айбатша Қарағызға тығыла береді).
Үшінші көрініс
Арада бірнеше ай өткен. Серкен мен Меңсұлу оңаша сырласып
отыр.
Серкен: Таптым деп қуанып ем қыз ғажабын,
Жүректен саған арнап жыр жазамын.
Күн-түні есіл дертім бір өзіңде,
Сағымнан, самалдан да қызғанамын.
Өзің деп үздіккелі үш ай өтті,
Бола ма, болмай ма әлде бір жауабың!
Меңсұлу, сенсің ең сұлу,
Бар ма екен саған тең сұлу,
Сен сұлу мына дүниеде,
Сені сүйген мен сұлу!
Меңсұлу: Тез ғашық болып, тез үйленген жұп ретінде Гиннес-
тің рекордтар кітабына кірейік дегенің есіңде ме?
Серкен: Ал?
Меңсұлу: Ал енді тез ғашық болып, бірақ, ең кеш қосылған
жұп ретінде кірсек ше ол кітапқа?!
Серкен: Меңсұлу!? \Құшақтауға ыңғайланады.\
Меңсұлу: Сабыр, сабыр, супер Серкен! Қозы Көрпешім, Тазы
Серкешім! Жұртқа әйел тауып бергенде кереметсің, сол өнеріңді
өзіңнен аяйсың ба? Сырсандықтың сиқырлы кілтін таба алмай
жүрсің ау!
Сол кезде самбырлап Қарағыз келеді. Малынып киінген, ал-
тын, күміс, гауһарларды жарқыратып, салпылдатып тағып ал-
ған. Мүлде өзгерген. Баяғы мұғалима емес, нағыз бай келіншек
болған. Шұрқырасып амандасады.
Қарағыз: Сә-ле-м бердік бүгінгі мөлдір махаббат әлеміне!
Серкен, Меңсұлу (жарыса, шаттанып): О-о, сәлем! Халың
қалай, Қарағыз?
Қарағыз: Халды көріп тұрсыңдар ғой... (Жеңіл, әсем қимыл-
мен, мода көрсеткендей өзінің үсті-басын бір көрсетіп шығады).
Айтпақшы, мен қазір Қарағыз емес, Каролинамын! О-о, менің Ка-
ролинам, менің королевам деп, Айбатшаның қойып жүрген аты
ғой! Бәтшағардың шығармайтыны жоқ!
Серкен: Мә-ә, күштісіңдер ғой!
Қарағыз: Күшті болғанда қандай!
Серкен: Тоқал деп тұқыртпаса жараған екен!
Қарағыз: Мен оған бірден айттым – егер де тоқал, токалка деген түрпідей тиетін тақұл-тұқыл тықыр сөзбен төбемді тесіп отыратын болсаң, бір күні түскі тамағыңа бірдеме қосып жіберіп, тырапай асырамын дедім. Серкен: Пах! (Меңсұлу ықыластана тыңдап, жымиып күледі). Қарағыз: Содан, токалина дейтін болды! Серкен: Токалина!? Мынауың тіпті тамаша ғой! Міне, қараңдаршы қандай әуезді – то-ка-ли-на-а!!! Бұл жиырма бірінші ғасырда, нанотехнология заманына сай туған жаңа сөз! Иә, содан... Қарағыз: Әуелде, өздерің білесіңдер, менімен амалсыз некеге тұрғасын, күйініп, біраз тулап жүрді. Мен де ауыздығын бірден қатты тартсам, үзіп кетер деп, жіберіп тартып, жіберіп тартып, жібітіп отырып жөнге салдым ғой! Серкен: Пах, шіркін! Қарағыз: Алғашқыда майдалап, маңайыңда саған жететін кісі жоқ, – деп мақтай бастап едім, онша місе тұта қоймады. Бұл аймақтың қаймағысың, – дедім үстемелеп. Одан іле-шала, бұл елде сенен асатын адам жоқ, сен еліміздегі нөмір бірінші жігітсің! Сен ерекше жаралған жансың, нағыз асыл тұқымсың! – дегенімде, майдай ерігені сондай-й... у-уһ... көкке ұшып кете жаздады ғой! Содан бері есін жиғызбай: «Сен әлі бүкіл әлемнің алды боласың. Шындап таразылайтын болсақ, жер жүзінде сенімен ешкім теңесе алмайды! Басқа планетадан табылмаса, бұл планетада сендей адам жоқ! Бұрын да болмаған, қазір де жоқ, болашақта да бола қоюы екіталай! Сен адамзатқа жол көрсету үшін ғарыштан келген ерекше құбылыссың!» – деп, қайта-қайта күмпілдетіп мақтап-мақтап, миын майландырып, басын айналдырамын да отырамын, айналдырамын да отырамын! Тіпті, менің мақтауыма иланғаны сондай – көзін жұмып алып, жұта береді не айтсам да! Жұмыстан шыға сала үйге шабатын болды... менің жанына майдай жағатын жылы сөздерімді есту үшін. Мен де қарап қалмай, жаңадан қалай мақтасам екен деп ізденіп, телевизор қарап, газет ақтаратын болдым. Әбден төселіп алғаным сондай – мақтағанда сай-сүйегін балқытып жіберемін. Қазір, Айбатша үшін менен сүйікті адам жоқ! Серкен: Сонда... соның бәріне... сене бере ме? Қарағыз: Сенгенде де көзсіз сенеді. Кейде, қайтер екен деп, әдейі мақтамай қоямын. Мақтасам да аузымның ұшымен, жауыр болған жеңіл-желпі штамп сөздермен жүрдім-бардымдау, мардымсыздау бірдеме дей саламын. Бітті! Құрақ ұшып, асты-үстіме түсіп бағады. «Не боп қалды? Мазаң жоқ қой! Бір жерің ауырып жүр ме?
Курортқа, шетелге апарайын ба?!» – деп бәйек болады. Болды, қалағанымды алғызып, ойлаған жағыма бұрғызамын. Шетелде жүргенде де: «Мақтап жүрген шетелдерің осы ма?» – деймін қасақана. «О не, ұнамай ма, Каро? Керемет қой енді!» – дейді. «Жоқ, жалпы ұнайды, адамдары да тамаша. Бірақ, сен тұрғанда бұлар кім? Сенің жаныңда керемет деген кісілерінің өзі көмескі тартып қалады екен! Мына шетелге шырай кіргізіп тұрған сенсің! Әттең, елдеріне қандай киелі адамның келіп, жерлеріне қандай қасиетті табанның тигенін сезбейді-ау! Ештеңе емес, тарих бәрін орнына қояды әліақ! Сендей ұлы адамның басқан ізіне тәу етіп, тілек тілеп, түнейтін болады бар адамзат!» – деймін. Ө-өліп түседі! Серкен: Пах, шіркін! Қарағыз: Нағыз «Пах, шіркін!» мына сендерсіңдер! Шынымды айтсам, мен кейде сендерге қатты қызығамын! (Серкен мен Меңсұлу таңдана қарайды. Қарағыз жеңіл күрсінеді). Шын сүйгенге, шынайы сыйласқанға не жетсін! (Бұрылып кетіп, бір айналып шығады). Саған ризамын, Серкен! Бәрін жан-жақты ойластырып, сол күні Меңсұлудың кереуетіне ауысып жат деп кеңес бергенің қандай керемет болды! Айтар алғысымда шек жоқ! Уәдемді де ұмытқан жоқпын! Егер, қарсы болмасаңдар... (Сөмкесін ашып, банк чегін алып, ұсына береді). Серкен: Мә-әссаған! Неге қарсы болайық, рұқсат, рұқсат, Каролина! Меңсұлу (күйініп, ышқынып): Тоқта, Қарағыз! Сен не деп тұрсың?! Аулақ, аулақ, әкет әрмен! Қарағыз: Апырай, не болды сонша? Серкен: Сенің денің сау ма... жа-а-ане-ем?! Меңсұлу: Білмеймін... Серкен: Әй, айналайын, айтып өлтірші жұмбақтамай... Меңсұлу: Мен мұндай ақшаны көргім де келмейді! Серкен: Мұндай ақша... андай ақша!? Сонда саған қандай ақша керек, ә?! Көп сөзді қайтесің, ал да көр рахатын! Меңсұлу: Жоқ дегесін, жоқ! Бітті! Менің жанымды қинамаңдар! Серкен күйініп, әрлі-берлі жүреді. Қарағыз аң-таң боп, чекті сөмкесіне салып, селтиіп тұрып қалады. Меңсұлудың телефоны шырылдайды. Ол: «Әлө! Әлө» – деп, шығып кетеді. Сол кезде Серкен Қарағызбен бетпе-бет келіп, қолымен белгі береді – «әкел!» дегендей. Қарағыз құбылып, жан-жағына ұрлана қарап алып, банк чегін Серкенге ұсынады. Сол кезде Меңсұлу байқаусыз келіп қалып, қалт тұрып қалады.
Қарағыз: Мында елу мың! Елу мың доллар! Менің қалың ма-
лым!
Серкен: Ур-ря! Ур-ря! Рахмет, рахмет, Каролина!
Серкен Қарағыздан чекті алып, төбесіне көтеріп, шаттана
билейді. Күйіп кеткен Меңсұлу: «Серкен!» деп айғайлап жібереді.
Серкен қолындағы чекті қайда тығарын білмей сасқалақтап қа-
лады. Қарағыз мен жеңдім дегендей тәкаппарлана қарайды. Мең-
сұлудың жан дүниесі астан-кестең болып, сең соққандай сенделіп
тұрады.
Меңсұлу: Серкен! Мұның қалай? Сен де осындай ма едің!?
(Ренжіп, үнсіз айыптап, екеуіне тесіле қарап тұрады).
Қарағыз (оның көзқарасынан тіксініп): Апырай, не болды
сонша?
Серкен: «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген атам қа-
зақ! Ал мен, заманың түлкі болса, сен де түлкі болып құбыл, кү-
ніңді көр деймін!
Қарағыз: Онда тұрған не бар екен? Егер де бәріміз сен сияқты
таза боламыз деп, ештемеге араласпай, тасқа шыққан ешкі құсап
селтиіп тұра берсек, түкке де қолымыз жетпес еді!
Меңсұлу (қатты толқып): Сонда бізде ешқандай да шынайы
қасиет қалмағаны ма? Амал не, сен мені түсінбепсің, Серкен! Ата-
ларымыз андай болған, мұндай болған деп, күмпілдегенде сондай-
мыз... Ал, өзіміз қандаймыз?! (Ақырын-ақырын алыстай береді.
Серкен соңынан бір аттап, екі аттап ілесуге айналады).
Қарағыз: Тоқта, тоқта, Меңсұлу! (Меңсұлу алыстай береді).
Өй, сен жындымысың?!
Меңсұлу: Мүмкін... Мүмкін, мен жынды шығармын... Сендер-
дің сау болғанда жеткен жерлерің осы ма?! Одан да жынды болға-
ным жақсы! Ал, иә, не істейсіңдер маған, жындымын мен осын-
дай! Жындымын, жындымын! (Алыстап, айналып кете береді.
Серкен жолында тұрған Қарағызға чекті ұстата салып, Меңсұ-
лудың соңынан «Меңсұлу! Меңсұлу!» деп, шыр айнала жүгіреді).
Қарағыз: Не боп кеткен мына заман? Адамдарға не болған?
Кім сау, кім жынды!? (Қолын бір-ақ сермеп, чекті сөмкесіне са-
лып, кете береді). Түк түсінсем бұйырмасын!
Серкен Меңсұлудың соңынан шыр айнала жүгіріп жүр. Оның
«Меңсұлу! Меңсұлу! Бәрінен де сен сұлу!» деген жанайқайы әуеде
жаңғырып тұрады.
Соңы.
НОВА ЛИЗА
Комедия
Қатысушылар:
Омпи – бай кәсіпкер, 35-терде.
Эля – әйелі, 25-терде.
Қомпи – бай кәсіпкер, 35-терде.
Дуня – әйелі, 25-терде.
Тампық – орташа кәсіпкер, 40-тарда.
Анти – 40-тарда, шетелдік жұмбақ адам.
Алаяқ – 30-дарда.
Саудагер – аукцион сатушысы, 30-дарда.
Көрермен – 40-тарда.
Сатушы – Раритет дүкенінің иесі, 50-лерде.
Телефондағы диктор қыз.
Телефондағы диктор жігіт.
Оқиға 2000 жылдары өтеді.
БІРІНШІ СУРЕТ
Бірінші көрініс. Арбау
Омпидың үйі. Бай мен Эля әңгімелесіп отыр.
Эля: Дуня звондады. Біраз жаңалықты содан естіп, қарық боп
қалдым. Телевизор қарауға қол тие бермейді, осы Дуня рахат бол-
ды, аузы тола ақпарат! А десе ақтармайтыны жоқ, үйіп-төге сала-
ды ғой шіркін!
Омпи: Әйелдердің аузы сутегін архив десейші! Бұл Дуняның
бұл дүниеде білмейтіні жоқ шығар! Дүниекүл деген атының өзі
айтып тұрған жоқ па!?
Эля: Дүниекүл?! Оның шын аты солай ма еді?! Қарай гөр өзін,
ата-анасының қойған атын місе тұтпай, өзіне-өзі ат қойып алға-
нын! Дуня емес, дур-ря деп атау керек еді біржола!
Омпи: Ештеңе жоқ! Сен де жүрсің ғой, әп-әдемі Еңліктің ор-
нына Эля боп.
Эля: Ой, Омпиым менің, томпиым менің! Қайдағыны ұмыт-
пайды екенсің! Мен Еңлік атынан қашпаймын, бірақ біздің элитада
ондай ескілікті есімдер ерсі көрінеді! Есте қалмайды, тіпті, көп
достарымыздың Еңлік деуге ң-ға тілдері де келмейді. Ал, Эля де-
сең қандай жарасымды әрі әуезді! Сен де жүрсің ғой, оп-оңды Оң-
талап атыңды Омпиға ауыстырып!
Омпи: Омпи емес, Омпа, Омпанио! Қоңқабайды біз Қомпи деп
кеткен соң, ол да маған ерегісіп, Омпи деп шығарып алыпты! Оң-
талап деп ң-ға тілі келмей бұратылып тұрғаннан да, Омпа, Омпа-
нио әндеткен қандай әдемі – жұмбақ шетелдік ат сияқты!
Эля: Иә, Омпанио, Омпи – Томпи! Саған еліктесем айып па?!
Омпи: Ал, мейлің, Еңліксің бе, Элясың ба, маған бәрібір! Со-
дан сенің мазмұның өзгере қоймас! Жә, сонымен дүниеде не боп
жатыр дейді Дүниекүл?
Эля: Жақын арада біздің қалада бір үлкен аукцион өткелі жа-
тыр дейді!
Омпи: Аукцион? Оның несі жаңалық?
Эля: Аукцион болғанда да бұл бір айрықша аукцион дейді! Бү-
кіл әлемдік статусы бар көрінеді. Жарнамасы жер-жаһанға жай-
ылып жатыр екен қазірден! Оған қатысқандардың аты-жөндері
хатталып, шотталып, халықаралық дәрежеге, мемлекетаралық
мәртебеге ие болады дейді!
Омпи: Апырай, ә!?
Эля: Ал жеңімпаздың жөні мүлде бөлек! Оның атақ-даңқы ша-
рықтап, барлық бәсекелестерін басып озған алпауыт ретінде әлем-
дегі ең бай адамдардың тізіміне енеді екен!
Омпи: О-о, мынауың шынында керемет екен! Ал сонда, мұн-
дай саудаға түсіп жатқан ғаламатыңыз не нәрсе?
Эля масайрап, үлкен, жап-жалпақ ұялы телефонын қосады.
Омпи қызыға тыңдайды. Даңғыр-дұңғыр музыка ойнайды. Диктор
қыз саңқылдап қоя береді.
Телефондағы диктор қыз: Сенсация! Сенсация! Сіз әйгілі
Мона Лизаның түпнұсқасын алғыңыз келе ме? Иә, бұл мүмкін
емес әрине! Бірақ сіз өкінбеңіз! Мона Лиза болмаса, Нова Лиза
бар! Иә, иә, Нова Лиза! Нова Лиза! Бүкіләлемдік көркемөнер тари-
хындағы керемет жаңалық! Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Внима-
ние! Внимание! Ахтунг! Ахтунг! Барлық ақпарат құралдары мен
интернеттің бүгінгі күнгі басты тақырыбы да осы! Әлеуметтік же-
лілерде қызу пікірталас тудырып жатқан оқиғаға назар салыңыз-
дар! Сенсация! Сенсация! Әлемдегі білікті мамандар бір ауыздан
таңғажайып құбылыс деп бағалаған Нова Лиза картинасы таяуда
аукционда сатылайын деп жатыр!
Омпи мен Эля аузын ашып тыңдайды. Даңғыр-дұңғыр музыка ойнайды. Эля келесі хатты ашады. Диктор жігіт екпіндете соғып жатыр. Телефондағы диктор жігіт: Нова Лиза! Нова Лиза! Бұл картинаны ұрылар бірнеше рет ұрлай жаздаған! Абырой болғанда қырағы полиция сақшылары дер кезінде қарақшыларды құрықтап, қазіргі таңдағы сурет өнерінің ең озық үлгілерінің бірі – Нова Лизаны аман алып қалған! Өнертанушылар келешекте Нова Лиза атақты Мона Лизаның жанына жайғасады деген нық сенімде! Иә, иә! Мона Лиза – Нова Лиза! Сондықтан да бұл картинаға деген қызығушылық күн сайын артып, бағасы өсіп келеді! Аукционға келіңіздер, ғажайып өнер туындысын тамашалаудан құр қалмаңыздар! Қалталы қадірлі азаматтар, қарсыластарыңыз қағып кетпей тұрғанда, қазіргі заманғы Мона Лиза – Нова Лизаны алып кетуге тырысыңыздар! Сізге, құпия түрде құлағыңызға сыбырлап қояйын... Нова Лизаны төріне іліп қою дегенің – әлемдік рейтингте өте мәртебелі деп танылып, аса жоғары дәреже саналады! Сондықтан, алға, аукционға! Аукцион, аукцион! Нова Лиза! Нова Лиза! (Даңғыр-дұңғыр музыка ойнап кетеді. Эля Омпиға күлімсірей қарайды).
Эля: Жане-е-ем! Жән, жән, жөн, жөн!
Омпи: Жүң-жүң демесең болды бір күні!
Эля: Жаңағы Нова Лиза дегенді айтамын да... Сонша қызығып
қалғандайсыз... менен де қызық па сізге сол сурет!?
Омпи: Жоға... Сенсация деген соң... Әншейін әуестік қой...
Эля: А бірақ, барып қарауға болмай ма... қызық үшін! Егер
айтқандарының оннан бірі рас болса, онша жаман болмағаны ғой,
ә, жән-жән-жәнім! Және де қаладағы буржуйлардың біразы бара-
тын шығар... тіпті, саудаласулары да мүмкін ғой, ә? Бір бас қосып
қаламыз, әрі мықтылардың мүйіздескендерін де тамашалап, көңіл
көтеріп қайтпаймыз ба!?
Эля: Барсақ барайық, иә, қызық үшін! (Жұмсақ басып, Алаяқ
келеді).
Алаяқ: Қалай, естіп жатсыздар ма сенсациялық жаңалықты!?
Омпи: Иә, бір сурет саудаға шығып, жұрттың бәрін есінен
тандырып жатыр дей ме, немене?!
Алаяқ: Керемет сурет! Мона Лиза болмаса да, Нова Лиза атан-
ған ғаламат! Нова Лиза, яғни жаңа заманның Лизасы! Масқара шу
боп жатыр... Ел аузында Мона... тойыс, Нова Лиза! Байы бар, бай-
шыкеші мен байсымағы бар... осы суретті қайтсек те сатып аламыз
деп бақадай бақылдап, сақадай сайланып жатқан көрінеді! Тіпті, шетелдік жайындар мен шортандар да қатыспақшы дейді! Қорқатынымыз да солар – көк соққан көксеркелер біздің көкелер мен еркелерді шаң қаптырып кетпесе неғылсын! Мона... тойыс, Нова Лизаны олар қағып кетсе, оның бағасы күрт өсіп, шетелдік аукциондарда ондаған миллион долларға бір-ақ шырқап кетеді деген болжам айтып отыр білетіндер! Сәуегейлер мен көріпкелдердің де сөз сыңайлары солай қарай ойысып барады. Тоқетері – ендігі заман Нова Лизаныкі! Омпи: Сен өзің көрдің бе суретті!? Алаяқ: Ептеп қана, көз қиығымен... Күзеті күшті, бет бақтырар емес. Әйтеуір, ебін тауып, терезенің саңлауынан ғана... былай қарап қалғанымда, жарқ ете қалды ғой. Есімнен танып қала жаздадым! Мына Нова Лизаның жанында Мона Лизаңыз моды болмай қалады-ау деймін түбінде! Омпи: Апырмай, ә! Кімнің суреті екен!? Алаяқ: Аукциондыкі! Омпи: Жоқ, авторы кім деймін? Алаяқ: Авторын ұмыттым... қазіргі заманғы европалық бір суретші... Бірақ, өй бір қатырып салған! Міне, қарашы өзің... Күзгі орман. Сарғая бастаған ағаштардың арасында... бір қисық қайыңға сүйеніп, айдай сұлу аппақ қыз тұр. Сары алтындай шашы жайылып кеткен. Қызығы сонда, сұлу қыз лыпасыз тыр жалаңаш! Денесі деген керемет енді... жасылы басым, шет-шеті сарғыштау жапырақтарға оранған аппақ ару... контраста... мә, көрсең ғой! Ал енді ең қызық жеріне келгенде... ой, әкең... бұлар біледі, әй қалай салуды... сол қызығын ақ қайыңның жұп-жұқа, сәл сарғая бастаған жеңіл ғана жапырағы жауып тұр, жауып! Ой, көздің жауын алады енді, көздің жауын! Және дұрыстап қарасаң, самал жел соғып тұрғаны байқалады. Әлгі жапырағы бар болғыр сәл-сәл көтеріліп тұрғандай... жел бір кішкене күшейсе, ашылатындай болып көзді алдап, арбайды ғой... Мона Лизаның қасиеті жұмбақ күлкісі мен жанарында дейміз... Ал, Нова Лизаның қасиеті жамылған жапырағының ар жағында! Ең қызығы да осы емес пе! Мона Лизаның күлкісінің жұмбағын табамыз деп, әр қырынан қарап келеді ғой адамзат қанша уақыт... Сол сияқты, Нова Лизаның да қызығын көреміз деп, әр қырынан сығалайды әлі сан ғасыр... Әне ашылады, міне ашылады деп, сарылып тосатындар да табылады, көр де тұр! Мұның бағасы уақыт өткен сайын арта беретіні сөзсіз! Мә, мұндай картинаға ие болған адам бүкіл әлемнің аузына ілініп, атақ-
даңқтың төріне бір-ақ шығып, ақшаның астында қалатын шығарау! Омпи: Апырмай, ә? Шынымен керемет қып салған екен! (Елеуреп, шындап қызыға бастағандай, әрлі-берлі адымдап жүре бастайды). Алаяқ: Соны сезіп қойды білем, ана Тампық пен Қомпи қайткенде сатып аламыз деп, қамданып жатқан сияқты! Жоқ, ана талтақ Тампыққа не жоқ? Талтаң-талтаң етіп, таңы айырылғанша тыртаңдап жүргені қашан көрсең! Омпи: Қатардан қалғысы келмейді дағы! Қайтсін енді! Алаяқ: Бірақ, бұның қолынан келе қоймас! Ауқаттылардың барлығы аукционда аузымызды аңқитып кетер ме екен деп, Қомпидан қорқып отыр! Тіпті, мұндай сурет тек қана сондай тектінің төріне лайық деп долбарлап, тон пішіп қойғандар да толып жатыр! Омпи (аздаған қыжылмен): Е, солай де! Алаяқ: Солай демегеннен басқа шара жоқ! Өйткені, аукционда Қомпекеңмен тартысуға қалтасы шыдайтын қазақ баласы көрінбейді! Менімен таласатын қазақ туған жоқ әлі деп, Қомпекеңнің өзі де қомпиып жүргелі не заман! Әй, адамына жолықпай жүрген шығар! Әумесердің әуселесін бір көрер ме еді, шіркін! Омпи: «Мың асқанға – бір тосқан» деген бар ғой! Көрерміз! (Екеуі кетеді).
Екінші көрініс. Азғыру
Эляның телефоны шырылдайды.
Эля мен Қомпидың әйелі Дуня телефонмен сөйлеседі.
Эля: Әлөу!
Дуня: Хэлоу, Элочка!
Эля: Сәлем, Дуняша!
Дуня: Эляжан, біз аукционға баратын болдық!
Эля: Біз де барамыз ба деп отырмыз... қызығын көрмекке!
Дуня: Ал біз Нова Лизаны аламыз ба деп отырмыз!
Эля: А-а!? Солай ма?
Дуня: Солай! Біздің үйдің үшінші қабатындағы үлкен залды
білесің ғой, соның төр жақтағы қабырғасы бос тұр. Біртүрлі көрі-
неді екен! Соған әлемдік шедевр атанған суретті іліп қойсақ қай-
теді деп, Компанио – Қомпи қатты қопаңдап отыр!
Эля: Ал, сен қалай ойлайсың?
Дуня: Дуня қашанда дұрыс ойлайды ғой! Қомпи қай жаққа қа-
рап қоңқ етсе болды, Дуняша сол жаққа қолқ ете түседі! Және де
ол суретті жеңіп алсақ, бірнеше жағынан тиімді болатын түрі бар.
Біріншіден, эстетика! Үйге келген жоғары мәртебелі меймандар
Нова Лизаны көріп, ауыздарының суы құрып мақтайды. Суретті
ғана емес, осындай жаңа эстетикалық құбылысты қапысыз таңда-
ған Компанионың ой-өрісінің кеңдігін мақтайды! Аяғында, Қом-
пиға сондай суретті алдырған менің, яғни Дуняның дүниетанымын
дүниеге сыйғызбай мадақтайды!
Эля: А-а?! Айтпақшы, жаңа эстетика дегенді қалай түсінесің?
Дуня: Не түсінетіні бар оның? Жаңа эстетика – жалаңаш эсте-
тика, яғни, жалаңаш адам денесінің, әсіресе, сұлу әйел мүсінінің
әдеп пердесін сыпырып тастап, эротикалық салтанат құруы!
Эля: Бұл енді даулы мәселе! Әдемілікке әдепсіздік жараспай-
тын сияқты!
Дуня: Бірақ, бүкіл әлем басқаша ойлайды! Жер-жаһан тыр жа-
лаңаш шешініп тастаған қазір! Жарайды, бұл бұлай тұрсын. Екін-
шіден, Нова Лизаның құны келешекте шарықтап өсетіні сөзсіз!
Сондықтан, бұл сурет кез келген банк салымынан сан мәрте тиімді
деген сөз!
(Омпи кіріп келеді).
Эля: Иә, сенің таппайтының жоқ әйтеуір! Жақсы онда, ертең
аукционда кездескенше!
Дуня: О кей!
Омпи: Тағы да сол аукционның әуені ме?
Эля (телефонды сөндіріп): Дуня ғой баяғы.
Омпи: Иә, не дейді дүниелік ақпарат агенттігі Дүниекүл?!
Эля: Дүниекүл: «Дүние күйіп кетсе де ертең аукционда Ком-
панио – Қомпи бәрін жеңіп шығып, Нова Лизаны үйіміздің төріне
іліп қоямыз!» – дейді.
Омпи: Ә-ә, солай ма? Оған көздері анық жете ме екен?!
Эля: Нова Лиза Тампықтың төрінде шырайланып тұрса, қалай
тыныш ұйықтайсың? Қомпидың қабырғасында арайланып тұрса,
қайтіп шыдайсың?! Ондай әлемдік деңгейдегі өнер туындысы тек
қана ең озық, ең бай адамның үйінде ғана тұруға тиісті! Ондай
адам бар ма біздің қалада?! Әрине, бар! Ол кім? Тек қана сен, Ом-
панио, Омпа!
Омпи: Омпанио – Омпа! Тамтық пен Қомпидың омпа-
томпасын шығармасам, Омпанио болмай кетейін!
Эля: Жән, жән, жән-нем! Әлемдік атақ-даңқ пен құрметке тек
сен ғана лайықсың! Тек сен ғана!
Омпи: Және сен, жән, жән, жән-е-емм!
Үшінші көрініс. Аукцион Аукцион. Омпи, Эля, Тампық, Алаяқ, Қомпи Дунямен осында. Қарапайым көрермен де бір шетте тамашалап тұр. Жұмбақ шетелдік Анти топтан оқшаулау бөлек тұр. Аукцион саудагері қолындағы ағаш балғамен үстелді сарт еткізіп бір ұрады. Саудагер: Ал, бәріңіз де асыға күткен суреттің – Нова Лизаның саудасын бастаймыз! Суреттің жамылғысын салтанатпен ашады. Әдемі күзгі қайыңға сүйеніп тұрған жалаңаш аққұба әйелдің бейнесі шыға келеді. Саудагер: Негізі, бұл сурет уақыт рухына сай, Нова Лиза атанып кеткен! Әйтпесе, өз атауы – «Жапырақ жамылған жалаңаш ару». Бұның бағасы болашақта шырқай көтеріледі... Арзан кезінде алып қалыңдар... Бұл ақша сақтаудың әрі көбейтудің ең тиімді әдісі... Тарихқа ой жүгіртсеңіздер, классиканың күллісі кезінде керексіз болып, көлеңкеде қала берген. Кезі келгенде көзіқарақты өнерсүйгіш қауымның құрметіне бөленіп, өте қымбатқа бағаланып, миллиондаған долларға сатылған. Мына Нова Лизаның портреті де келешекте Мона Лиза сияқты кереметке айналып, бағасы да шарықтайтыны сөзсіз! Мона Лизаның жұмбағы жымиғаны мен жанарында болса, Нова Лизаның жұмбағы – желмен сыбдырлаған жапырағында! Ол жұмбақты нағыз еркектер ғана шеше алады! Ал, ендеше кеттік! Нова Лиза! Бастапқы бағасы – он мың доллар! Он мың доллар, бір! Он мың доллар, екі! Тампық: Он бір мың! Саудагер: (Балғасын оңды-солды сермеп, әрлі-берлі орғыпорғып жүріп, екілене сөйлеп, сауданы қыздырып, алушыларды азғырып-ақ бағуда). Он бір мың доллар, бір! Оу, қане, қане, қайдасыңдар қалталы азаматтар!? Он бір мың доллар екі! Қомпи: Он бес! Дуня: Уау! Иес! Саудагер: Он бес мың доллар! Бір! Он бес мың – екі! Тампық: Жиырма мың!
Саудагер: О-о! Тампекең жарады! Жиырма мың, бір! Қане,
Тампықтан асатындарың бар ма? Жиырма мың, екі!
Қомпи: Отыз мың! (Жұртшылық қызына бастайды, әсіресе
екі әйел мен көрермен, алаяқ айрықша белсеніп, қиқу салады. «О-
о!» «Охо!» «Ой, азамат, жарайсың!», «Пай-пай!» «Паһ, шіркін!»
«Ой, ерің!» десіп, елеурей түседі).
Тампық: Қырық мың! Жұрт шу ете түседі.
Көрермен: Мә, мына Тампығың тымпиып жүріп, тындыратын
шығар бәрін де!
Саудагер: Қырық мың доллар, бір! Қырық мың, екі!
Көрермен: Әкетті Тампық! Әй, жарайсың, ер екенсің! Қом-
пиып жүргендерді бір тоңқ еткізетін болдың-ау, сірә!
Қомпи (қаны қызып, айналасына, әсіресе Омпиға қоқилана қа-
рап): Елу мың доллар!
Саудагер: Елу мың доллар, бір! Қане, кім бар!?
Тампық: Елу екі мың!
Қомпи: Алпыс мың!
Тампық: Алпыс бір мың!
Қомпи: Жетпіс мың!
Тампық: Мен пас!
Көрермен: Ойбай-ау, Тампық-ау, не тантып тұрсың? Тайқып
кеткенің бе, тайталаспай жатып!
Тампық: Тоқтайтын жерде тоқтай білмейтін таңқылбайлардың
таңы айырылып, тамтығы қалмайтынын тарих талай көрсеткен!
Жансыз суретке бергенше, өз әйеліме апарып бергенім артық!
Мен пас!
Саудагер: Жетпіс мың доллар! Бір!
Алаяқ: Қап! Әттеген-ай! Қомпиға Тампықтың төтеп бере ал-
майтыны әу бастан белгілі ғой! Бірақ, бір азамат шығар-ау, Қомпи-
ға майдан берер-ау деп едік... Ешкім шықпағаны ма шынымен!?
Саудагер: Жетпіс мың доллар! Екі! Ал, қане, бар ма бәсекеге
қабілетті қара нарлар!?
(Алаяқ, Эля, бәрі Омпиға қарайды ақырын. Омпидың беті бүлк
етпей отыра береді).
Анти: Сексен мың доллар!
(Жұрттың бәрі жым болып, жалт бұрылып, жұмбақ шетел-
дік байға қарайды. Үнсіз қалады бір ауық).
Саудагер: Пау дегенің! Міне, қызық енді басталды! Кесек ту-
рап, тұтас жұтып үйренген кісінің ісі ғой бұл! Сексен мың, бір!
Алаяқ: Қане, қане, Қомпекең не дер екен бұған!
Дуня: Ну, Компанио, за компанию!
Саудагер: Сексен мың, екі!
Алаяқ: Қомпеке, төбеден томп еткізіңіз... тоңқалаң асатындай
қылып...
Қомпи: Тоқсан мың!
Саудагер: Тоқсан мың, бір!
Көрермен: Е-е, бәсе! Өстіп айламен іштен шалмасаң, мына
альбионның алпауыты алдырмас!
Саудагер: Тоқсан мың, екі! Ал, қане, кімің бар енді!?
Анти: Жүз мың!
(Жұрт тым-тырыс боп қалады.)
Саудагер: Жүз мың, бір!
(Жұрт Қомпиға қарайды).
Саудагер: Жүз мың, екі!
Қомпи: Жүз он мың!
Көрермен: Пау дегенің! Қомпидың атасы Томпи жарықтық қар-
тшы болған... түнімен ұтылып отырып, таң алдында сыпырып ала-
тын! Томпидың қолы таң ата жүреді деген сөз содан қалған! Жарай-
сың, «атадан ұл тумай ма, атаның жолын қумай ма» деген осы!
Саудагер: Жүз он мың, бір!
Анти: Жүз жиырма бес мың!
Қомпи: Жүз елу мың доллар!
Саудагер: Жүз елу мың, бір!
Алаяқ: Қатырды деген осы! Қомпекеңнің даңқы кететін болды
ертең дүниенің төрт тарабына!
Саудагер: Жүз елу мың, екі!
Анти: Жүз жетпіс бес мың!
Саудагер: Жүз жетпіс бес мың, бір! Жүз жетпіс бес мың, екі!
(Қомпи үндемей қалады).
Омпи (Қомпиға мысқылдай бір қарап): Екі жүз мың!
Эля: Омпа!
Дуня: Омпи против Қомпи!?
Саудагер: Екі жүз мың доллар! Бір!
Дуня: Ну, Компанио, Комби! Даешь комбинацию!
Қомпи (Омпиға ерегісе бір қарап, көрерміз дегендей қолын ер-
беңдетіп): Екі жүз жиырма бес мың!
Көрермен: Мәссаған! Осы екеуі бақталас деуші еді! Бір айқас-
ты-ау ақыры!
Алаяқ: Иә, бетпе-бет деп осыны айт! Бәсекеге бас тігетін ба-
тырдың тұқымдары емес пе, әй, оңайшылықпен берісе қоймас!
Омпи: Екі жүз елу мың!
Саудагер: Екі жүз елу мың! Бір!
Анти: Екі жүз жетпіс бес мың!
Қомпи: Үш жүз мың!
Омпи: Үш жүз жиырма бес мың!
Анти: Үш жүз елу мың!
Қомпи: Үш жүз жетпіс бес мың!
Омпи: Төрт жүз мың!
Қомпи: Төрт жүз жиырма бес мың!
Омпи: Төрт жүз елу мың!
Қомпи: Төрт жүз жетпіс бес мың!
Омпи: Бес жүз мың! Жарты миллион доллар!
(Жұрт тына қалады).
Дуня (Қомпиға тақап келіп, қолынан тартып, шетке шыға-
рып алып): Компанио, комплект комплексті комбинациямен зом-
биланған! Компаньон қомпайғанды қаламайды!
(Қомпи сәл ойланып, басын шұлғып, екі қолын көтереді).
Дуня: Компанио пас!
Тампық: Қомпи капут!
Алаяқ: Пай, пай, пай! Болды қызық!
Эля: Омпанио, Омпа, ты лучше всех!
Тампық: Тампық томп етіп, Қомпи қомп етіп, Омпидың асығы
омпы түсті деген осы да!
Саудагер: Тоқта, тоқта, тоқтаңыздар! Аукцион әлі аяқталған
жоқ! Заң бойынша, үш қайырмай, балға соғылмайды! Бес жүз
мың! Жарты миллион доллар! Бір! Бес жүз мың, екі! Қазіргі за-
манның Мона Лизасы атанған Нова Лиза картинасы бес жүз мың,
яғни жарты миллион долларға сатылғалы тұр! Қане, кім бар тала-
сатын?! Жарты миллион, яғни...
Анти: Алты жүз мың доллар!
Жұртшылық сілтідей тынып, оған бұрылып қарайды. Ол қа-
тып қалғандай қақиып тұр. Енді жұрт бұрылып Омпиға қарайды.
Жаңағы жеңіс салтанатынан айыға алмай, Эля екеуі әрең есін
жиып, бір-біріне қарайды.
Саудагер: Алты жүз мың доллар, бір!
Алаяқ: Атаң жаудан қайтпаған! Аттан!
Көрермен: Ұр! Әкесін таныт! Алға, қазағым!
Тампық: Мықты екенің шын болса, шетелдік кәпиталисті ше-
мішкедей шағатын кезің келді!
Қомпи: Ұлттық намысымыз сенің қолыңда! Өкірт, Омпеке!
Алаяқ: Айды аспанға бір-ақ шығарып, әлемге даңқың тарай-
тын сәт туды! Аруақ! Аруақ! Ұр, Омпижан!
(Бәрі қосылып: Омпанио, Омпи! Омпанио, Омпи! – деп ұрандап
кетеді).
Саудагер: Алты жүз мың доллар, екі!
Омпи (ұранға қаны қызып, қайта еліріп): Жеті жүз мың!
(Жұртшылық қолпаштап, шуылдайды. Шетелдік шеттеп ке-
теді).
Саудагер: Жеті жүз мың доллар! Бір!
Анти: Жеті жүз елу мың!
Омпи: Сегіз жүз мың!
Анти: Тоғыз жүз мың доллар!
Омпи: Тайм-аут! Біз ақылдасып алайық!
Анти: Ок!
Дуня (Омпиға екпіндеп жетіп келіп): Омпи-томпи! Қомпиды
шоңқиттым деп мәз болғанша, мықты болсаң Антиды аңқитып
бер! Ал, шамаң келмесе, орныңа Қомпиды қайта жібер! (Қайқай-
ып, Қомпидың қасына барады).
Саудагер: Егер де қазір Омпи жеңіп шықса, жаңа әлемдік эсте-
тиканың шедеврін шетелдік алпауытпен аукционда айқасып, жеңіп
алған алғашқы жаңа қазақ байы ретінде тарихқа кіріп, зор атақ-
даңққа бөленгелі тұр! Ол дүниежүзілік қауымдастық алдында биік
деңгейге көтеріліп, үлкен дәрежеге ие болады!
Омпи: Бір миллион доллар!
Саудагер: Бір миллион доллар, бір! Бір миллион доллар! Екі!
Бір миллион доллар! Үш! Сатылды! (Балғамен үстелді сарт еткі-
зеді.
Жұртшылық «уралап», ұрандап, «алақайлап», «жарайсың,
азамат, ой, ерің!» десіп, Омпиды көкке лақтырып, мәз-мәйрам
болады).
ЕКІНШІ СУРЕТ
Бірінші көрініс
Омпи мен Эля үйінде.
Эляға Дуня звондайды. Қомпи оның қасында тыңдап отырады.
Эля да дыбыс күшейткішін қосып, Омпи бірге тыңдайды.
Дуня (жорта салтанатты дауыспен): Салют жеңімпаздарға!
Қалай, шаттанып, мақтанып жатырсыңдар ма? Неге фейерверк ат-
падыңдар, жеңіс тойының құрметіне артиллериядан отыз дүркін
салют беретін шығар деп, кеше түнде сіздің жаққа мойнымызды
созып қараймыз келіп, қараймыз! Тым-тырыс жатқандарың қалай?
Жыртылып айырылатын кездерің емес пе?!
Эля: О, сәлем, Дуняша! Кеше жуудан қол тимей... түнімен рес-
торанда тойладық... енді, мұндай жеңіс сирек болады ғой өмірде!
Дуня: Өте құнды пікір! Бірақ, жеңістің сәні – отшашу ғой!
«Күштінің арты диірмен тартады» деген атам қазақ, ал қазіргілер
фейерверк атады! Көк майсалы қаланы көк түтінге көміп, күкірт
сасытып қоймағасын, как-то онша емес!
Эля: Кім онша емес?!
Дуня: Мен сөздің мәтеліне айтып жатқаным ғой! Әйтпесе, ке-
шегідей мировой аукционда миллионерлердің бәрін мизермен
ұрып алған мистер Омпи мен оның еркетотайы леди Эллочканы
кім онша емес десін? Онша болғанда да... ой-йой-ой! Шырқадың-
дар, әй! Біздің Қомпидың жүрегі қысып, өкпесі ысып, өзі ішіп-
ішіп, балконнан ұшып кете жаздады ғой! (Қомпи рахаттанып,
сылқ-сылқ күліп, Дуняға бас бармағын көрсетіп қояды). Қысқасы,
сенің Омпанио – Омпиың бәрінің де әкесін танытты! Азамат, тусаң
ту! (Омпи әжептәуір болып, қоқиланып қояды. Қомпи жорта қи-
раған болып, қисалаңдап, құлап қалады).
Эля: Рахмет, рахмет, Дуняша! Сендер де ренжімеңдер енді...
бәсекенің аты бәсеке ғой!
Дуня: Жоқ, реніш жоқ! Біз қайта өте қуаныштымыз!
Эля: Солай де! Сонда қалай, Қомпидың Омпидан омақа асқа-
нына қуанасың ба!?
Дуня: Кімнің омақа асқаны айдан анық қой! (Әндетіп): «Ом-
пидым жеңеше-ай, Омпидым жеңеше-ай, мен саған өкпелі, томпи-
дым жеңеше-ай!» деген әнді білетін шығарсың!
Эля: Білгенде қандай! Бірақ, бізге оның не қатысы бар?
Дуня: Тікелей сендерге, әсіресе Омпиыңа арнап айтылғандай!
Әттең, ымға түсінбеген дымға да түсінбес деген!
Эля: Ымы біздікі, дымы сіздікі!
Дуня: О кей, енді не десең де өзің еркің! Болар іс болды!
Эля: Иә, бояуы сіңді!
Дуня: Иә, енді сол бояуларыңды... әлгі суреттеріңді не істемек-
сіңдер?
Эля: Не істегені несі? Іліп қоямыз әдемілеп... өзің айтқандай,
үшінші қабаттағы үлкен залдың қақ төрдегі қабырғасына... жарқы-
ратып!
Дуня: Ә, иә, жарқырайтын жері жеткілікті ғой!
Эля: Онымен не айтқың келіп тұр?!
Дуня: Талай нәрсені айтып тұрмын! Омпиға сәлем айт, ананың
жапырағына телміремін деп, біржола сені ұмытып кетіп жүрмесін!
Эля: Қысқарт енді, Дуня! Сен лағып кеттің!
Дуня: Мен емес, сендер лағып кеттіңдер! Лаққанда да айдалаға
қаңғып кеттіңдер! Әлі түсінген жоқсыңдар ма?! Түсінбесең мейлі,
бірақ әлгі суреттің... Нова Лизаның жапырағын қайшымен қиып
тастасаң қайтеді? Омпиың аузы аңқиып, қарап отырсын өмір
бойы!
Эля: Дөрекі сөйлеп барасың, Дуня! Мұндай ұятсыз емес едің
ғой!
Дуня: Жалаңаш қатынның суретін миллион долларға сатып
алып, төріне талтайтып іліп қойған сен ұятсыз ба, соны сөз қылған
мен ұятсыз ба!?
Эля: Ол – сурет, өнер туындысы!
Дуня: Адырам қалсын! Біздің Қомпидың сіздің Омпидан ана-
ғұрлым ақылы артық екеніне кеше тағы да бір көзім жетті! Кеше
миллион долларын желге шашқан Омпиың енді менің Қомпиым-
нан көп кейін қалды!
Эля: Жоқ! Қалайша? Ол миллион ешқайда да кеткен жоқ, тұр,
міне, үйде, мына шедевр картинада!
Дуня: Айтақ саған шедевр! Ұятсыз сурет десейші! Ұятсыздық
болғанда да, барып тұрған ұятсыздық!
Эля: Өнер туындысы неғұрлым ұятсыз әрі түсініксіз болса, со-
ғұрлым қымбат болады!
Дуня: Шимай-шатпақ!
Эля: Бірақ, өте шебер шимайланған!
Дуня: Мен мұндай маз-ы-ыняға... мазақнамаға соқыр тиын да
бермес едім!
Эля: Сенің соқыр сенімің мен соқыр тиының кімге дәрі?
Әлемдік нарықта мұндай ғажайып туындылар талғамы биік өнер-
сүйер қауымды сүйіндіріп, миллиондаған долларға бағаланады!
Әлемдік қоғамдастықтың жанында сен кімсің сонша!? Түк те
емессің... нөлсің!
Дуня: Мен мұндай миғұла пікірге қарсымын!
Эля: Не дедің, Дуня-дуря!? Сен кімді миғұла деп тұрсың?
Дуня: Сені және сенің омпиған байыңды миғұла деп тұрмын!
Эля: Тіліңді тарта сөйле, Дүниекүл!
Дуня: Миғұла болмасаңдар, миллион долларға мұндай сурет сатып аласыңдар ма! Эля: Бұл капитал сақтаудың және көбейтудің жолы! Біздің Омпанионың сіздің Компаниодан ойының озықтығы да осыдан көрініп тұрған жоқ па?! Біраз уақыт тамашалап, жұртшылыққа мақтанышпен көрсетеміз де, шетелге шығарып, екі немесе үш есе қымбатқа сатамыз да жібереміз! Дуня: Сатып алу – оңай, сату – қиын! Кімге керек ол шетелде? Ондай жалаңаш қатындардың мыңдаған суреті жатыр үйіліп қоймаларында! Эля: Бірақ, онда Нова Лиза жоқ қой! Дуня: Болмайды да! Нова Лизаны сатып алатындай, ондағылар ақымақ емес! Эля: Әй, Дүниекүл, әуелде осы сен емес пе едің, Нова Лизаны сатып алып, төрімізге ілгелі жатырмыз, ойбай, сұмдық, керемет деп аузыңның суы құрыған! Дуня: Иә, әуелде, хе-хе-хе, суретті көрмей тұрғанда солай ойлағаным рас! Эля: Енді міне, қолың жетпей қалған соң, жамандайсың келіп! Біздің жеңісімізді көре алмай, ішің күйіп барады білем! Дуня: Ол менің правом! Эля: Не сенің правоң? Дуня: Сендерге ішім күйе ме, күймей ме, өз еркім дегенім ғой! Ал, бірақ, дәл қазір ішім күйіп тұрған жоқ, ішім, ой, хи-хи-хи, ой бір рахаттанып күліп тұр! Күйсе, мына сендердің іштерің күюі керек! Эля: Неге күюі керек менің ішім? Менің ішім... сенен де артық рахаттанып, ой... хи-хи-ха, күліп тұр, ал?! Дуня: Айтақ! Неменеңе жетісіп күлесің, әй, сен? Эля: Қалай неменеге? Дүйім жұрттың... дүниежүзінің алдында менің мистер Омпиым сенің қоңқиып жүрген Қомпиың мен таңқиып жүрген Тампықтың тамтығын қалдырмай талқанын шығарғанына рахаттанып тұрып күлемін! Ал сен Омпидың әлемдік атақдаңққа бөленгенін көре алмай күйінгеннен күлесің! Дуня: Қайдағы атақ-даңқ? Ақшаларың желге ұшып, абыройларың айрандай төгілгенін әлі түсінген жоқсыңдар ма?! Эля: Көре алмаған соң айтып тұрсың бұл сөзді! Дуня: Көре алмай тұрған мен емес, көз алдыңдағыны көрмей тұрған, көре алмай тұрған сен! Әйтпесе, кеше аукционда, бәсеке-
нің ең қызған кезінде Қомпи неге жарыстан шығып кетті деп бір
сәт ойланар едіңдер ғой!
Эля: Несі бар оның ойлайтын? Омпидан оңбай ұтылды... ақ-
шасы жетпейтін болған соң аут кетті!
Дуня: Жоқ! Мүлдем олай емес! Бәсекенің қызған кезінде менің
миымда бір ой жарқ ете қалды. Мына жалаңаш албасты мұнша
ақшаға татымайды ғой! Міне, осылай ойлауым мұң екен, маған
бәрі түсінікті болды!
Эля: Не түсінікті болды?
Дуня: Охо! Дуняны дура дегенде сондайсың... енді оның дай-
ын ойын пайдалана қойғың келген екен... Ал, айтпаймын, қайте-
сің... өз басыңмен ойлап үйрен бұдан былай! Бірақ, мен шындықты
түсінген кезде, Қомпиға тоқтайық дедім! Ол тоқтай қойды! Өйтке-
ні ол ақылды сөзге құлақ аса біледі!
Эля: Мейлі, сен үшін солай-ақ болсын! Бірақ, біз үшін Нова
Лиза құнын жоймайды! Қайта күн санап бағасы арта түседі!
Дуня: Бұл не деген махаббат, бұл не деген байлық! Ал, бірақ,
сендер үшін оның бағасы арта түскеннен не пайда?!
Эля: Қалай не пайда? Бағасы артқан сайын, қадір-қасиеті де
арта бермей ме?
Дуня: А-а, енді түсіндім! Кешір, Эля! Сенің логикаң да жер-
жаһанда жоқ, бір керемет логика екен! Иә, иә, миллион долларлық
жалаңаш суретті қиялыңда он миллионға өсіріп қойып, телмірген-
ге не жетсін!? Бірақ, бәрібір біртүрлі...
Эля: Не біртүрлі?
Дуня: Нелеу емес пе?
Эля: Нелеу?
Дуня: Нелеу енді, былай... Сендер үшін оның бағасы арта түс-
кенмен, нақты нарықтағы бағасы құлдырай берсе ше? Тоқетері,
ертең жапырақ жамылған жалаңаш Нова Лизаңызды ешкім көк
тиынға алмай қойса, қайтесіңдер?!
Эля: Неге? Біз алдық қой!
Дуня: Елдің бәрі Эля емес қой!
Эля: Мұнымен не айтқың келіп тұр, Дуня-дуря?
Дуня: Мен бәрін айттым, Элочка! Маған сенбесең, қызық
үшін, жалаңаш суретіңді сатуға шығарып көр! Алушы тапсаң, мен
дур-ря, таппасаң- сен дур-ря! Ок!
Эля: Ок! (телефонды сөндіреді. Еліріңкіреп, селтең-селтең
жүріп, Омпиға бір, суретке бір қарайды. Омпи үнсіз, ауыр күрсі-
ніп, Эляға бір, Нова Лизаға бір қарап, екеуін салыстырғандай, ой-
ға батқандай күйде басын шайқап тұрады).
Дуня (телефонды сөндіреді. Қомпи оның жанына келіп, бас
бармағын көрсетеді): Бақталастарыңның ақымақтау болғаны қан-
дай жақсы! Олардың қателігін көрген сайын рахаттанасың! Ақыл-
ды болғың келсе, ақымақтардан үйрен! Олардың істегенін істеме-
сең болды – ешқашан да жаңылмайсың! (Қомпи қарқылдап күліп,
Дуняны көтеріп алып, шыр айналдыра билейді. Дуня сылқ-сылқ
күледі. Ой, Қомпи, Комби, Компанио-о! Компанио-о! Екеуі қосы-
лып, әндетеді).
Омпидым, жеңеше-ай,
Омпидым жеңеше, ай,
Мен саған өкпелі,
Томпидым жеңеше-ай!
Екінші көрініс
Анти мен Алаяқ оңаша.
Анти: Бері қара, алаяғым! Нанасың ба, нанбайсың ба? Мен
бұл суретті бір маскүнем суретшіден бар жоғы екі-ақ жүз долларға
сатып алдым!
Алаяқ: Мәссаған безгелдек! Омпитқан-ақ екенсіз!
Анти: Сөйттім де, бес жүз долларға алтын, күміс жалаттырған
керемет рама жасатып, қаптай қойдым! Хе-хе-хе! «Жапырақ жа-
мылған жалаңаш әйеліңіз» жайқалып шыға келді емес пе?! Алтын,
күміс әйелдің сәні деген рас екен-ау!
Алаяқ: Бау дегенің!
Анти: Бірер таныстарыма: «Мона Лизаның жұмбағынан кей-
інгі жұмбақ сурет осы!» – деп, мақтап-мақтап көрсетіп едім, құлап
түсті ғой! Әсіресе, жұмбақ жеріндегі жапыраққа телміріп естері
шықты!
Алаяқ: Пах, шіркін! Жұмбағы жұмбақ-ау енді!
Анти: Міне, тап сол сәтте қазіргі заманғы Мона Лиза – Нова
Лиза осы ғой деген идея сарт ете қалды басыма! Содан, жарнама-
ны жалдап алдым, жандайшаптарды алдап алдым, қысқасы, жер-
көкке сыйғызбай мадақтатып, даңғазаны дүркін-дүркін дүңкілдет-
тіріп қойдым! Есіңде болсын, жаман нәрсенің өзін жарнама жақсы
деп жар сала берсе, бірер аптада жақсы болып кете барады! Ал,
жұртты есінен тандыра даңғазалай берсең, не нәрсені болсын тал-
ғамай жұта беретін халге жетеді! Міне, сөйтіп, аукционға салып
кеп жібердік! Не болғанын өзің де көрдің ғой!
Алаяқ: Ал сонда, бүкіл дүниежүзілік талғампаз қауым таңға-
лып жатыр, талқылап жатыр дегеніңіз қайда?
Анти: Туһ, айлакер, алаяқ деп жүргеніміз мұндай болсаң, қал-
ған аңқау ауылбайларға не жорық?! Ол жай сөз ғой, қыздыру үшін
айтылатын! Немене, бүкіл әлем сол суретке телміріп отырады дей-
сің бе? Сен де айта бер, әлденені бүкіл әлемдік қауымдастық кере-
мет әспеттеп жатыр деп! Кім қой деп жатыр? Өзің сияқты бір-екі
алаяқ бір-екі жерде қолдап, қолпаштап сөйлеп берсе, болды! Міне-
кей, көрдіңдер ме десең, бітті, жарнамаға жан-тәнімен сенетін
жалпақ жұртың жалп ете түспесе, маған кел!
Алаяқ: Сонда, Нова Лизаға қатысты шудың бәрі жел сөз бе?
Анти: Көбік әншейін! Пиар кампания!
Алаяқ: Апырай, ә? Бұларды өйтеді деп ойлағам жоқ... Көп
болса, бір жүз мыңға түсер деп едім... Қызды-қыздымен миллионға
бір-ақ қолқ ете түсті!
Анти: Ақымақтың ақылы жүрегінде деген! Осындай клиентті
дәл тауып берген саған айтар алғысымыз шексіз! Айтпақшы, қалай
таптың мұндай ақшасы көп, ақылы жоқ кісілерді?!
Алаяқ: Оны көздеп жүргеніме біраз болды. Қазақта сөз бар,
«байғұсты бәрекелді өлтіріпті» деген! Бұл соның нақ өзі! Қолына
байлық біткелі, жандайшаптар жан-жақтан жабыла мақтап-мақтап,
милау ғып тастаған ғой! Ертеден кешке дейін: «Сен ең керемет
байсың! Сенен асатын бай жоқ бұл қалада! Осы қаланың бірінші
байы болғандықтан, барлық жағынан бірінші болуың керек! Яғни,
ең жақсы нәрсенің бәрі тек қана сенікі болуы керек!» – деп, құла-
ғына құя берген соң, өзі де мақтаншақ кісі, кеткен ғой қалықтап,
шалықтап. Керегі бар ма, жоқ па, пайдасы қандай, оған бас қаты-
рып жатпай, мынау жаңа нәрсенің ең біріншісін сізге арнап әкеп
тұрмыз десе болды, талғамай жұта береді ғой! Сонысын білгендік-
тен, Нова Лизаны мақтап-мақтап, майлап-майлап, аузына тоса
қойып едік, қылқ еткізіп жұта салған жоқ па!
Анти: Жұтқанда да жаман жұтты! Жарайсың, алаяғым! Міне,
мынау сыйлығың – он мың доллар! (Конверт ұсынады).
Алаяқ (алады, салмақтап): Нелеу емес пе?
Анти: Нелеу?
Алаяқ: Былай, аздау емес пе дегенім ғой... миллионнан?
Анти: Келіскен сомаң осы ғой! Енді неғыл дейсің маған?!
Алаяқ: Жоқ, дұрыс қой бәрі де... Бірақ, миллионнан кішкене
қоспайсыз ба?
Анти: Негізі, сенің еңбегің – бір-бірімен бақталас, қызбабас
клиенттерді тауып бергенің! Оған, келісім бойынша, тиесілі ақың
осы! Ал, қалған істің барлығы менің миымнан шыққан жоба бой-
ынша жүріп, жоспар бойынша жүзеге асқанына дауың бар ма?!
Тіпті, ана аукцион сатушысы да менің жалдаған кісім!
Алаяқ: Е-е, бәсе! Жаңа жетті ғой менің жетеме! Менің жаным
шығып кете жаздады ғой... сіз бағаны өсірген сайын! Омпи тоқтап
қалса, біздің жоспардан ештеңе шықпай қала ма деп!
Анти: Жоқ, ол тоқтамайтын еді! Өйткені ол атаққұмар! Құ-
марпаз ойыншы! Бәрінен бұрын, ол Қомпимен бақталас! Сондық-
тан, жеңіс үшін жанын салатыны белгілі!
Алаяқ: Дегенмен... айталық, тоғыз жүз мың доллар дегеніңіз-
де, сізге итеріп тастай салғанда қайтер едіңіз?
Анти: Біріншіден, ештеңем де кетпес еді! Сурет өзімдікі, аук-
цион өзімдікі... Бір тиыным да шықпас еді. Екіншіден, психоло-
гиялық заңдылық – миллионның магиясы бар! Оған жетпей тоқта-
майтын еді! Ал, асырмауы әбден мүмкін! Сондықтан мен тоқтаған
бола қойдым! Міне, көрдің бе, біздің жоспармен жүріп, біздің жо-
баны іске асырдыңдар ғой аңғалбай-саңғалбайларым! Ха-ха-ха!
Алаяқ: Бірақ, менсіз аттап баса алмайтын едіңіз ғой!
Анти: Иә, дұрыс айтасың! Ал, бірақ, менсіз сен кім болар
едің? Сен мені алдадым деп ойлап тұрсың! Ал мен сені одан да
асырып жалдадым!
Алаяқ: Қалай, қалай?
Анти: Бұл сенің ойының емес! Бұл – біздің ойын! Сен біздің
қалағанымызды орындап, біздің берген рөлімізді біздің тәртібіміз-
бен ойнап шықтың! Шынын айту керек, біздің күткенімізден де
асып түстің! Негізі, сен туабітті талантты алаяқ екенсің!
Алаяқ: Адам алаяқ болып тумайды!
Анти: Бірақ, аздап алаяқтау болмаса, алға аттап басуы да екі-
талай!
Алаяқ: Рас айтасыз! Еріккеннен жүр дейсіз бе, әркімді алдап,
өтірікке жанды жалдап... Күнкөрістің қамы да баяғы!
Анти: Саспа, алаяғым, майлыаяғым! Арзан атаққұмарлар,
оңай ақшақұмарлар, жемқорлар мен мансапқұмарлар аман болса,
алаяқтар аштан өлмейді! Оларды алдап соғу үшін не керек, білесің
бе?!
Алаяқ: Айла, амал, қулық керек!
Анти: Рас айтасың! Бірақ, алдымен (өз төбесін өзі тоқылда-
тып), ақыл! Ақыл керек! Ақылың асып, тасып тұрса, аңқаулар мен
ақымақтарды алып та жейсің, шалып та жейсің! Ха-ха-ха! Аспанға
қарап жүретін, аяғының астындағыны көрмейтін аңғал қауым, сіз-
дерді мен сондай жақсы көремін! Шын айтамын!
Алаяқ: Рахмет, рахмет! Біз де сізді жақсы көреміз! (Екеуі құ-
шақтасады).
Анти: Саған да рахмет! Сенің айналымың үлкен болады тү-
бінде! Хабарласып тұрармыз! Мен кешке тю-тю! Кетемін ұшып!
Миллионды аударып жібердім сарт еткізіп! Бірақ, саспа, алаяғым!
Айналып соғып тұрамын! Іздей бер... ерінбей, жалықпай ізде... .
осындай алды-артын ойламай, ақшасын айдалаға шашатын арзан
атаққұмар кісілерді... Бұл үлкен ойындардың басы ғана, алаяғым!
Әлі талай белестер алда! Тіпті, шетелге алып та кетуім мүмкін се-
ні... Әлемдік деңгейдегі алаяқ атануға қалай қарайсың?!
Алаяқ: О, маэстро! Мен өте қуанышты болар едім!
Анти (кете береді): Онда сені қуантуға мен де асығамын! Сол
үшін шұғыл түрде кетуге тура келіп тұр! Гуд бай! (Кетеді).
Алаяқ: Гуд бай, гуд бай! Құйтырқының ұғымы-ай? Қой, қай-
тайын мен дағы, құр беталды мыжымай!
Үшінші көрініс Омпидың үйі. Омпи суреттің алдында үнсіз отыр. Ой үстінде. Эля оны сыртынан бағып тұр. Омпи: Мұның маған не керегі бар? Мен неге алдым мұны миллионға? Қалай алдым? Қаным қызып кетті-ау! Құмар ойыны сияқты... Оның үстіне сендер де... кісіге қой деп, басу айтудың орнына, кеу-кеулеп, отқа итердіңдер-ау, ә! Эля: Сен өйтіп маған жаппа бәлеңді! Өзің кінәлісің бәріне де! Өзің ғой осыны қалап алған! Омпи: Жап аузыңды! Жаба алмасаң, мынаның (суретті нұсқайды) жапырағымен жап! (Алаяқ келеді). Омпи: Әкетіңдер мына суретсымақты! Қайтарыңдар менің ақшамды! Салыңдар апарып аукционға! Алаяқ: Сал десеңіз, салайық! Бірақ, қазір мұны ондай бағаға алатын адам табыла қояр ма екен!? Омпи: Неге алмайды? Мен алдым ғой, мисалы... Олар да алсын... қайтарсын капиталымды!
Алаяқ: Капиталыңыз ешқайда кеткен жоқ... тұр ғой міне қазы-
на болып!?
Омпи: Қане... қайда тұр!?
Алаяқ: Міне, мына Нова Лизаның жапырағының астында! Ол
құнын жоймайды, уақыт өткен сайын бағасы арта түседі! Әлі шы-
ғарған миллионыңызды бірнеше есе ғып қайтарып аласыз!
Омпи: Өй, бүйткен пайдасы бар болсын! Маған өз ақшамды
қайтарып беріңдер, суреттеріңді қайтып алып! Маған мұндай ақ-
шаға Нова Лиза түгілі, Мона Лизаңның да керегі жоқ! Мен жұ-
мысшылардың жалақысын төлеуім керек, ойбай, банкрот болатын
болдым, ойбай!
Эля: Жә, сабыр! Есесіне, сен шетелдік капиталисті аукционда
жеңіп алған қазақтың тұңғыш байы деген атаққа ие болдың!
Омпи: Тұңғыш ақымағы десейші! Біз шетелдікті жеңген жоқ-
пыз, ол біздің аузымызды ұрып, ақшамызды алып кетті! Мақтап,
мақтап, мақтамен бауыздады ол бізді!
Эля: Қой енді, болды! Мұныңды бізден басқа ешкім естімесін!
Әсіресе, Дуняның локатор құлағы шалып қалса, қып-қызыл қаңқу-
дың астында қалармыз!
Омпи: Жоқ! Естісін! Жайсын жұртқа! Жалмауыздар бізді қа-
лай ақымақ қылып, қалай айналдырып соғып жатқанын білсін бү-
кіл еліміз!
Алаяқ: Жә! Сабыр етіңіз! Жүріңіз, барып саудагерлермен сөй-
лесіп көрейік!
Омпи екеуі суретті собалаңдап көтеріп, сөлбірейіп кетеді.
Төртінші көрініс
Омпи мен Алаяқ шаршап-шалдығып, беті шүберекпен жабыл-
ған суретті көтеріп, сирек заттар алып-сататын дүкенге келеді.
Жобаларына қарағанда, біраз жерді шарлап, таулары шағылған.
Сатушы оларды жылы қарсы алады.
Омпи, Алаяқ (қосарлана): Ассалаумағалейкум, ағасы!
Сатушы: Уағалейкумассалам! Хош келдіңіздер! Сірә, менің
сирек заттар алып-сататын, яғни, халықаралық терминмен айтқан-
да ра-ри-тет дүкеніме маған сәлем бере келмеген шығарсыздар!
Шүберек көтергендеріңе қарағанда, бұл бір сирек сурет-ау шама-
сы? Қалай, дөп түстім бе?
Алаяқ: Дөп түскенде де тура төбесінен ойып түстіңіз! Бұл ра-
ри-теттің ра-ра-ра-ри-теті! Нова Лизаның дәл өзі!
Сатушы: Не дейді?! Мона Лиза дейсің бе? Қай ғасырдағы кө-
шірме? Кімнің көшірмесі?
Алаяқ: Көшірме емес, түпнұсқа!
Сатушы: Ух-х!
Алаяқ: Бірақ, Мона Лиза емес, Нова Лиза! Яғни, осы заманның
модысы!
Сатушы: Е-е, қызталақ! Солай демейсің бе бірден! Жүрегім
қысып қала жаздады ғой!
Алаяқ: Бірақ, бұның да бағасы бөлек дүние! Қанша қимасақ та,
сіздің дүкенге әкелуге тура келді!
Сатушы: Жә! Жақсыны көрмек үшін деген! Кәне, әкел бер-
мен!
(Алаяқ әңгімені үнсіз тыңдап тұрған Омпидан суретті алып,
ортаға шығарып, жабуын ашады).
Сатушы: Астапыралла! Әкет мына албастыны! (Бір айналып
келіп, қолымен ұстап көріп) Жарайды, екеуің бірдей келіп тұрған
соң, сөздерің жерде қалмасын. Негізі, кенебі мықты екен! Рамасы
да тамаша! Соған қарап, бір мың долларға алуға болады!
Омпи (жынданып, айқай салады): Жап аузыңды, қақпас! Не
оттап тұрсың! Біліп қой, мен бұл суретке бір миллион доллар тө-
ледім! Бір миллион доллар! Түсінесің бе сен!? (Сатушыны жаға-
дан алып, буындыра бастайды). Жоқ па?! (Сатушы жанталасып
қарсыласады. Алаяқ ара түсіп, зорға айырып алады. Омпи ашулы
күйде, алқына сөйлейді). Мен бұл суретті сатып аларда бәрі жабы-
ла шулады кеп... ойбай, керемет, ойбай шедевр деп! Енді мен сата-
тын кезде, бұл ешкімге керексіз, ұятсыз боп қалыпты? Бұл қалай,
ә? Қане, кім айтады мұның жауабын? Сен бе, жоқ әлде сен бе? Біз
қаншама аукционға, қаншама дүкенге бардық... суретті көтеріп!
Ешкімге керегі жоқ... кеше ғана керемет деп мақтағандардың бір-
де-бірі көз қиығын да салмайды! Бұл не ғаламат? Айтшы, түсін-
дірші маған, ей, тиын сауған саудагер неме?!
Сатушы (есін жиып, үсті-басын жөндеп): Оны мен қайдан
білемін? Саған бұл суретті сатқан да мен емес, алғызған да мен
емес! Әй, әкеңнің құны бар ма менде... кеңірдегімді суырып ала
жаздадың ғой... шләңгі құсатып! Шығар, шығар сендерден! Сатып
аларда, ақшаңды саларда ойланбайсың ба? Ау, сонда бар ғой: «Біз
қазақ еліміз, бізде мұндай ұятсыздыққа жол жоқ!» дейтін бір адам
табылмағаны ма!?
Алаяқ: Сіздің мұныңыз қазақпайшылық... артта қалған ескі
көзқарас! Қазір заман басқа!
Сатушы: Иә, жаңаша көзқараспен жетіскендерің осы ма? Дені
сау адам бір миллион долларға сурет сатып ала ма екен? Мен Нова
Лиза түгілі, Мона Лизаның да суретіне мұндай ақша төлеуге қар-
сымын! Мейлі, керемет классика, шедевр болсын, бірақ бояумен
әдеміленген бір жапырақ шүберекке бола адамдардың жандарын
шүберекке түйіп, дүниенің байлығын беріп жатқанын ешқашан да
түсіне алмаймын! Шын өнер туындысы – рухани қазына, оның
бағасы ақшамен өлшенбейді ғой! Ал мына жалаңаш қатынға кет-
кен ақшаға қаншама аш-жалаңаштарды киіндіруге болар еді!
(Омпи оған алара бір қарап, Алаяққа «кеттік!» дегендей белгі
береді. Екеуі Нова Лизаны көтеріп, кете береді).
Сатушы (соңдарынан айқайлап): Жалаңаштардың соңынан
ереміз деп, өздерің тыржалаңаш қалып жүрмеңдер бір күні!
Бесінші көрініс
Омпидың үйі. Омпи Нова Лизаға қадала қарап отыр.
Омпи: Мына бір жапырақты жамылмай-ақ қойса да болатын
еді ғой... Қашан жапырағы ашылады деп... құса боп біттім! Нова
Лизаға қарап, түнімен телміріп отыратын болдым... Ана самал жел
қаттырақ соғып кетсе шіркін... жапырағы жалп етіп, ашылып қалар
ма екен деп! Көзім ілініп кетсе болды, Нова Лиза жаныма жетіп
келеді де тұрады. Жапырағымен желпиді келіп, желпиді бетімді!
Үрлеймін келіп бір шетінен... жапырағы ұшып кетер ме екен деп...
Жаңа Лизалар – Нова Лизалар қаптайды келіп жан-жақтан... мені
ал, маған сал ақшаңды деп...
Суреттегі жапырақтар сыбдырлап, желбіреп, әйел сиқырла-
нып күлгендей болады. Билейді арбап, мазақтап. Бай жындануға
айналады.
Омпи (әндетеді): Омпидым, жеңеше-ай,
Омпидым, жеңеше-ай,
Мен саған өкпеледім,
Томпидым, жеңеше-ай!
Оттапсың! Өкпеңді көтеретін қайбір жеңешең бар еді сенің?!
Ой, сол бір омпиған жігіт не деген бақытты еді! Ал, мен ше?
Телефонын көтеріп Эля жүгіріп келеді. Диктор даусы сам-
бырлап, екілене соғып жатыр.
Телефондағы жігіт: Сенсация! Сенсация! Жан көрмеген жа-
ңалық! Сіздің қалада жаңадан шыққан жалаңаштар көрмесі өткізі-
леді!
Телефондағы әйел: Жалаңаштар көрмесін көрген де арманда,
көрмеген де арманда! Келіңіздер, келіңіздер! Көріңіздер, көріңіз-
дер!
Эля: Жән, жән, және-е-ем! Жаңадан шығыпты! Міне, қарашы,
жән, жән, жән!
Омпи: Тағы не боп қалды, ей?!
Телефондағы жігіт: Көрмеге дүниежүзінің ең әдемі, ең сұлу
жартылай жалаңаш және тыр жалаңаш арулары мен алыптары қа-
тысады! Әлемнің атақты ұятсыз сұлу қыздары мен сымбатты ұл-
дарын көру бақыты бұйырып тұр сіздің қалаға! Олармен бірге су-
ретке түсуге болады!
Телефондағы әйел: Мұндай мүмкіндікті қалт жібермеңіздер!
Телефондағы жігіт: Мұндай бақыт екінің біріне бұйыра бер-
мейді! Кіру билеті – екі жүз доллар, суретке түсу бағасы – үш жүз
доллардан мың долларға дейін!
Телефондағы әйел: Яғни, егер де сіз әлемнің ең ұятсыз жарты-
лай жалаңаш сұлуларымен қатар тұрып, суретке түссеңіз – үш жүз
доллар! Қол ұстасып немесе қолтықтасып, яки құшақтасып түссе-
ңіз, бағасы өсе береді!
Телефондағы жігіт: Ал, егер де тыр жалаңашымен түсемін
десеңіз – бір мың доллар! Тіпті, сіз де жалаңаштанып, әлемнің ең
әдемі ұятсыздарымен әртүрлі қан қыздыратын позаларда аймала-
сып түсемін десеңіз, оның бағасы он мың долларға дейін жетеді!
Бірақ, бұл жеке келісім бойынша болатын шаруа!
Телефондағы әйел: Бұл суреттерді өте сапалы, үлкен, түрлі
түсті қағазға басып, қолыңызға береміз! Сіздің қалауыңыз бойын-
ша, жер-жаһанға кеңінен танымал эротикалық сайттарға салып
қоямыз! Келіңіздер, жалаңаштар көрмесін көріңіздер!
Телефондағы жігіт: Көрген де арманда, көрмеген де арманда!
Мына жаңа заманда, жаһандану және жалаңаштану заманында қа-
тардан қалмаңыздар! Бүкіл әлем шешініп жатқанда, қымтанып
отырған ұят емес пе? Келіңіздер, көріңіздер!
Телефондағы әйел: Өркениетке еріңіздер! Есіріңіздер, шеші-
ніңіздер! Хи-хи-хи!
Телефондағы жігіт: Ұяттан қашыңыздар! Арттарыңызды
ашыңыздар! Ха-ха-ха! (Даңғыр-дұңғыр музыка ойнап кетеді).
Эля: Жән, жән, жәнем! Қалай ойлайсың?
Омпи: Ойлану деген не ол? Менде ой қалған жоқ! Мен үшін
екеуің ойлайсыңдар ғой!
Эля: Кім... екеуміз?!
Омпи (суретті нұсқап): Мынау екеуің...
Эля: Қойшы енді... қайдағы бір миллионға бола сонша жында-
нуға бола ма?! Бас аман болсын... ақша сөз боп па!? Одан да мына
көрмеге барайық... қызық екен?!
Омпи: Қызық... қызық! Сендерге бәрі қызық! Қайдағы қызық?
Несі қызық? Шыжық десейші, бұзық десейші!
Эля: Түу-у, және-ем! Не боп кеткенсің? Мұндай қараңғы емес
едің ғой! Біз продвинутый адамдар емеспіз бе?
Омпи: Сдвинутыймыз!
Эля: Элитамыз!
Омпи: Ел итіміз десейші!
Эля: Қойшы енді... қайдағыны соқпай! Өстіп езіліп отыра бе-
реміз бе үйде... дүниеден құр қалып?! Дуня мен Қомпи билет алып
та қойған шығар-ау ендігі!
Омпи: Ала берсін! Солар-ақ бара берсін! Тек маған маза бе-
ріңдер! Тойдым жалаңашқа да, жапыраққа да... (кеңірдегін көрсе-
тіп) былай!
Эля: Қойшы енді... болды, Омпашка! Одан да барайық мына
көрмеге!
Омпи: Сондағы көргілерің кеп өліп бара жатқандарың ұятсыз-
дардың жалаңаш денелері ме?! Жетіскен екенсіңдер!
Эля: Дұрыс айтасың, Омпанио! Бірақ, олар атақты ұятсыздар
ғой!
Омпи: Мәссаған! Онда не тұр? Жалаңаштың аты жалаңаш!
Ұятсыздың аты ұятсыз!
Эля: Жоқ, Омпашка! Әйгілі ұятсыз бен белгісіз ұятсыздың ай-
ырмасы жер мен көктей! Белгісіз жалаңашқа ешкім де қарамайды,
тіпті, бір түкіріп, теріс айналып кетуі мүмкін! Ал, дүниежүзіне
даңқы шыққан жалаңашқа жұрттың бәрінің аузының суы құрып,
естен танып қалады!
Омпи: Қой, қарағым! Естен тану үшін, адамда әуелі ес болуы
керек!
Эля: Жә! Біз өркениетті адамдармыз! Шындыққа тік қарай бі-
леміз! Ал, шындық – жалаңаш! Шындықты киіндіруге болмайды!
Сондықтан, мынандай керемет көрмені көруіміз керек! Жұрттың
алды боп баруымыз керек! Бізді көрген шетелдік қонақтар: «Міне,
қандай комплекссіз кісілер! Ешқандай ұлттық ұғымдармен, жалған
моральдық көзқарастармен шектелмеген мұндай адамдармен жұ-
мыс істеуге болады!» – деп, абыройымызды арттырмай ма?! (Омпи
оған ойлана қарайды) Ең бастысы, біз көрменің ашылуына Қомпи
мен Дуня-дур-рядан бұрын барып, бұрын көзге түсуіміз керек!
Омпи: Суретке де түсеміз бе, не?!
Эля: Оны бара көрерміз! Дүниекүл мен Қомпидың тәртібіне
қарай...
Омпи: Онда не тұрыс? Билетке жібер... Мен жуынып, қыры-
нып алайын!
Эля: Ой, Омпанио-Омпи! Менсіз қайтіп күн көрер екенсің?
Саспа, мен билетті кеше алдырып қойғам! Хи-хи-хи!
Омпи: Ех, Эля, Эллочка! Элита! Ха-ха-ха!
Соңы. 2016 ж.
БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ПЬЕСАЛАРЖОЛБАРЫС ПЕН ПОНИ
Пьеса-ертегі
Қатысушылар:
Әкөш – оқушы қыз
Бәкөш – оқушы бала
Жолбарыс
Пони
Аңшы
1-қызметші
2-қызметші – зоопарк қызметкерлері
Ағай – папкалы бастық
Ақбота, бұланай және басқа да аң-құстар
БІРІНШІ СУРЕТ
Бірінші көрініс
Көкшетаудағы Абылайхан алаңына көшпелі зоопарк дөңгелене
жайғасқан. Машиналардың үстінде, темір торларда түрлі хай-
уанаттар. Әлем-жәлем киінген екі қызметші жұртқа жар сала
жүріп, хайуанаттарды біртіндеп ортаға шығарып, бишіктерін
шартылдатып, билетеді.
1-қызметші:
Уа, жарандар, жарандар,
Бұл қызықты қараңдар!
Көкшетаудың алабында
Абылайдың алаңында,
Ғаламдағы таңғажайып,
Бара жатқан күнде азайып,
Алуан-алуан хайуанаттар
Келіп қалды алдарыңа!
2-қызметші:
Келіңіздер үлкен-кіші,
Жыртқыш аңдар жылы жүзбен
Құшақ жайып қарсы алады.
Бегемот пен крокодил
Буги-вуги биді билеп,
Арыстан мен антилопа
Дуэт болып ән салады!
1-қызметші:
Лама билеп ламбада,
Түйе болып тамада,
Танго теуіп тасбақа,
Бұғы билеп чарльстон,
Қуанғаннан кугуар
Қарамайды қанға да.
Көрген емес мұндайды,
АҚШ пенен Батыс та,
Үндістан мен Канада!
2-қызметші:
Піл вальске шықса, аққу оқыс күлет,
Ягуар қабыланмен бокс тілеп,
Көкқұтан түйеқұсқа еліктесе,
Қабан жүр тұмсығымен қоқыс күреп,
Маймаң қағып маймыл мен қызыл түлкі
Ақ аюды горилламен шекістірет,
Секіріп ерке барыс сальто жасап,
Аю тұр твист теуіп, кекс тілеп,
Арлан қасқыр арқармен асық ойнап,
Бизон мен бүркіт билер фокстрот!
1-қызметші:
Желкесімен жираф шеңбер жасаса,
Тұяғымен таутеке тас қашаса,
Жолбарыс пен пони ойнап қуыспақ,
Айдаһар мен қоян билер ча-ча-ча!
2-қызметші (қосылып): Ча-ча-ча! Ча-ча-ча!
Аң-құстар (қосылып): Ча-ча-ча! Ча-ча-ча!
2-қызметші:
Асыр салып аң-құстар қанат жайды,
Көрген соң Көкшетаудай ізгі жайды!
1-қызметші:
Кереметтің көкесі әлемдегі,
Көкшетау – жер шоқтығы жанға жайлы!
2-қызметші:
Ерекше жаратылған ғажайып жер,
Ханға жайлы және де аңға жайлы!
1-қызметші:
Көкшеде жер-жаһанның жануары
Билейді қазақ биі «Қамажайды!»
«Қамажай» әнімен майыса билеген аңдарды екі қызметші
біртіндеп торларына қамайды. Ең бірінші торға жолбарысты,
одан кейін пониды қамайды. Одан кейінгі бір тор бос қалады. Бас-
қа аңдарды арғы жағына қамайды да, екеуі билей басып шығып
кетеді.
Екінші көрініс
Зоопаркке Әкөш пен Бәкөш келеді.
Әкөш: О-о, қандай керемет! Қандай әдемі аңдар!
Бәкөш: Анаң қара... анаң қара...
Әкөш: Мынаң қара... мынаң қара...
Бәкөш: А-а? Қайсын айтасың?
Әкөш: Міне, міне, таутеке!
Бәкөш: Е-е! Козел!
Әкөш: Үйдеп айтуға болмайды, ол жаман сөз!
Бәкөш: Қара, қара! Бітти биені қара!
Әкөш: Ол бітти бие емес! Ол құлан!
Бәкөш: Құлан емес... Шіркін, тарпаң болса ғой!
Әкөш: Соқ өтірікті! Тарпаң деген жануар жоқ!
Бәкөш: Жоқ, бар! Болған! Тарпаң деген жабайы жылқы болған
далада! Құланнан басқа...
Әкөш: Мустанг емес пе?
Бәкөш: Жоқ, мүлде басқа... Бұғалық, ноқтаға көнбеген, шу
асау болған. Ақыры азаттық сүйгіш тарпаңды цивилизацияңыз
құртып тынған!
Әкөш: А-а! Қандай аянышты!
Пони: Бүйте берсе, си-би-ли-зат-сияңыз біздің де түбімізге же-
тетін шығар!
Бәкөш: О-о, бітти бие!
Пони: Біріншіден, мен понимын! Екіншіден, бітти бие емес,
нормальный айғырмын!
Әкөш: О, пони! Қандай сүп-сүйкімді пони! Кел, екеуміз дос
болайық! Менің атым – Әкөш!
Бәкөш: Менің атым – Бәкөш!
Пони: Болсақ болайық, достық кісен емес қой, ауырлығы жоқ!
Әкөш: О-о! Қандай жақсы! Пони, поня, понятайым! Санчо-
пончо-пончигім! Мен саған күнде келіп тұрамын!
Пони: Рахмет! Досыңды түрмеге қаматып қойып, күнде келіп
тұратыныңа ризамын!
Әкөш: Енді... басқа не келеді қолымнан?!
Пони: Адамзатпен дос болсаң, көретінің осы. Біреуді тұтқын-
дау қолдарыңнан келгенде, азат ету келмейтініне қайран қаламын!
Қаным қайнай-қайнай, құйрық-жалым ағаратын болды!
Әкөш: Апырмай, ә?!
Бәкөш: Понеке, сіз олай таусылмаңыз! Бұл түрме емес, бұл
зоопарк! Сіздер үшін ең қауіпсіз жер осы! Алаңсыз дүние жүзін
аралап жүрсің – рахат емес пе?!
Пони (пысқырады): Фр-р-рр!
Әкөш: Саруайымға салынбашы! Күлші, жадырашы! Томпиған
топ-томпағым, монтиған моп-момақаным, понтиған понтиым...
понитайым!
Жолбарыс (гүр-р ете қалады): Әй, немене сонша, бәрің жабы-
лып бір жылқысымақты жұбатып, жарылқап жатырсыңдар? Біздің
де көңілімізге қарайтын кісі бар ма екен, сірә?!
Бәкөш: О, тақсыр жолбарыс, қандай мұң-мұқтажыңыз бар?
Жолбарыс: Мен ешкімге мұң шақпаймын! Өйткені мен жолба-
рыспын! Жер-жаһанда от-жалындай алаулап жалғыз өзім жорта-
мын!
Қалың қолдай лап қоямын,
Қаптай соққан өрт боламын,
Қанатты мен тырнақтыны,
Құйрықты мен тұяқтыны
Қабырғасын қақыратып,
Дал-дал қылып қорқыратып
Кім болса да жеп қоямын!
Әкөш: Уһ! Сенде ұят жоқ!
Бәкөш: Сана-сезімің өте төмен!
Әкөш: Сенен мына менің пониым мың есе артық!
Жолбарыс: Қалайша ол менен артық болады, ә? Мен батыр-
мын, ол жуас! Ол қашып-пысып жүріп шөп жейді, мен қуып жүріп
ет жеймін! Пони-мониыңның бүкіл жал-құйрығы мына менің мұр-
тымның бір талына татымайды!
Пони: Әй, дүлей, құтыра берме өйтіп! Әйтпесе, қабырғаңнан
бір теуіп, қаусатып тастаймын!
Жолбарыс: А-а! Мұндайыңды білгенде, мана қуыспақ ойнап
жүргенде, жүрегіңді жұлып, қолқаңды суырып алатын едім!
Пони: Алып көр, әкеңнің... Қап, бағана мөңкіген болып қо-
саяқтап бір-ақ теуіп, аузын айырып, азуын қайырып тастамаған
екенмін!
Жолбарыс: Тұра тұр, бәлем, шеңгелімде шыңғыртып тұрып
сөйлесермін сенімен! (Пони тебініп, жолбарыс арылдап, азан-
қазан болады).
Әкөш: Е-ей, сендерге не болды? Өздерің қамауда отырып,
қырқысқандарыңа жол болсын! Өйтіп табиғаттың жарасымын бұз-
баңдар...
Жолбарыс: Табиғаттың жарасымын бұзып отырған мына сен-
дер, адамдар, кінәлісіңдер бәріне! Өлімтіктің етіне қаратып, мені
осынша жүдеткенше, еркіме жіберсеңдер ғой, мен мына пони-
мониды рахаттана жеп алып, көлеңкеде ұйқыны соғар едім!
Бәкөш: Еттен басқа ойың жоқ екен өзі!
Жолбарыс: А-а, басқаны ойлап керегі не?
Әкөш: Ет жеу... сосын ұйықтау... Ет жеу... сосын ұйықтау?!
Жолбарыс: Ет жейтіндер мен шөп жейтіндер ешқашан да дос
болмайды!
Әкөш: Олай емес! Ылғи ет жей беретіндер ызақор, жыртқыш
боп кетеді, сондықтан сен де диетаға көш, көк шөптерді көбірек
же, сонда мейірбанды боласың!
Жолбарыс: Өйтіп мені өкпелетпе, адамзат! Қаһарлы екеніміз
рас, бірақ қорқау емеспіз. Біз де мына жарық дүниені жақсы көре-
міз! Шөнжігімізді шөкімдейінен шекесінен шертпей, еркін өсіре-
міз!
Бәкөш (Әкөшке): Жолбарыстың баласын шөнжік дейді.
Әкөш: Аюдың баласын қонжық деген сияқты екен! Ой, оңды
болды ғой, мен пониымды пөнжік дейінші! Понитайым, понтиым,
пөнжігім!
Пони: Елжірегенде сүйегіме дейін балқытасың, адамзат! Егер
осы ниетің шын болса, бізді босат! Уа, дариға, кең далада көсіле
бір құйындатып, мөлдір көлге сүңгіп шығып, сеңгір тауға бір се-
кірсем, саф таза ауадан көкірек кере құмарым тарқағанша жұтып,
қарағай мен қайыңның арасында серуен құрып, дәурен сүрсем,
шіркін!
Бәкөш: Шіркін-ай, шіркін-ай!
Жолбарыс: Әй, Әкөш, өзің бір таңдайың тақ-тақ еткен білімпаз
қыз екенсің... Құтқар бізді тар қапастан!
Әкөш: О-о, бұл қолдан келмейді! Болмайды! Ұрсады бізге аға-
лар мен тәтелер...
Бәкөш: Әсіресе, сен сияқты шеріні босату қауіпті, өйткені сен
басқа аңдардың бәрін жеп қоясың!
Жолбарыс: Е-е, Бәкөш айналайын, ақылы бар бала сияқтысың,
датымды тыңдап ал! Осы күні тұқымы тұздай құрыған аң мен құс-
тың бәрін жолбарыс жалмап тауысып па?
Несібемді жұлып жесем,
Санайсыңдар жалмауызға,
Аң біткенді байлап тұрып,
Қызылкөзді қандыауызға,
Шіміркенбей қырып тастап,
Бар әлемді қан сасытқан
Ей, адамзат, шыныңды айтшы,
Сен жауыз ба, мен жауыз ба!?
Осы мезетте «Әйт, шүу», «Но, дабай», «Өй, жамандатқыр»,
«Арам қатқыр», «Қатпа болып жатып қалғыр», «Қисайған жа-
ғыңнан тұрмай қатып қалғыр!» деген айқай-шу естіледі де, ков-
бойларға еліктеп, ықшам киінген, мылтық асынған аңшы мен зоо-
парктің екі қызметшісі ақбота мен бұланның баласын бірі сүй-
реп, бірі итеріп, дедектетіп алып келеді. Понидың қасындағы бос торға екеуін қамағаннан кейін, қарқ-қарқ күліп, дарақылана сөйлеседі. Аңшы: Е-е, бәсе... менің қолымнан құтылатын хайуан туған жоқ әлі. Не тонға кетеді, не торға кетеді! 1-қызметші: О-о, батыр, настоящий степной орел! 2-Қызметші: Владыка лесов и озер! Чингачгук! Аңшы: Гора... тожы моя! 2-қызметші: Ол райт! (Аңшыға ақша береді). Аңшы (ақшаны қалтасына тығып): Ақша болса бәрі де болады ғой! Осы мезетте бозінген боздайды. Тау, орман, көл, дала – бүкіл дүние бозінген болып боздап тұрғандай. Ақбота қосыла жылайды. Аңшы (Ақботаны нұсқап): Мынаның енесі... 1-қызметші: О-о, да! Түйе бізге таңсық... Әкөш: Ой, ағалар, сіздерде жүрек бар ма? Бозінгеннің боздауына, ақботаның зарлауына қалай ғана селт етпестен шыдап тұрсыздар, ә?! Аңшы: Сонда не істеуіміз керек? Әкөш: Анасын айырмаңыз баласынан! Аңшы: Жарайды, ертең енесін ұстап әкеліп, қосып қоямын! Әкөш: Жоқ! Баласын бүгін босатыңыз! 2-қызметші: Нонсенс! Аңшы: Өзіңнің дені-қарның сау ма, айналайын? Әкөш: Жоқ! Жан-жануарларды жылатып жүрген сіздердің дендеріңіз сау емес! Бәкөш: Баяғыда Қасым төре Көкшетаудың ақ бурасын атып өлтіріп еді, енді сіздер ақ ботасын ақшаға сатып жатырсыздар... Аңшы: Ой, сендер де қайдағыны айтып... Подумаешь, тауда қаңғып жүрген бір жабайы түйені атса атқан шығар... Сол үшін екі жарым ғасыр байбалам салатын дәнеңе жоқ! Әкөш: Ол жай әншейін жабайы түйе емес, ол Абылайдың ақ бурасы! Ол – жердің киесі! Аңшы: Какой кие-мие! Бір түйені атты екен деп Қасым төрені сонша аңыз қыласыңдар, бүкіл Бурабайдың аң-құсын қынадай қырған менің жанымда ол кім соншама? Әй, Әкөш пен Бәкөшім, Ара түсіп қайтесіңдер! Бағусыз жан-жануарға,
Жебесімен жем айырып,
Желдей ұшқан сұр мергенді
Жеңетұғын халің бар ма?
Саятым мен тоятымды
Тиятұғын заңың бар ма?
1-қызметші: Браво!
2-қызметші: Бис, бис маэстро!
Аңшы: Мысықтабан, жез тырнақты
Сілеусін мен мәлін келсін,
Көк мұхитты көк дауылдай
Құйрығымен үйіретін
Кит деп жүрген нәнің келсін.
Құрып кеткен баяғыда
Динозавр дәуің келсін.
Мұзға қатып, бізге жеткен,
Қаңқасы да қорқынышты,
Мамонт дейтін зілің келсін.
Тұмсығымен тау қопарып,
Ағаш жұлған пілің келсін.
Қылқындырып құрбандығын,
Жылай-жылай қылғытатын
Қолтырауын жауыз келсін.
Осы күнгі аң мен құстың
Бірі қалмай бәрі келсін.
Қорғасынмен құмалақтай
Қоямын ба домалатпай!
1-қызметші: Какой темперамент! Какая страсть!
2-қызметші: Какой колорит!
Аңшы: Дір-дір етіп бұл дүние
Ұшында тұр мылтығымның,
Айналып бір нысанаға,
Шүріппені шырт еткізсем,
Ақ сұңқарың ұша ала ма?
Ақкөз аңшы қанға құмар,
Жыны ұстаса босқа жайрап,
Қаларсыңдар осы арада.
Еш нәрсеге қарамастан,
Атарымды ата берем,
Сатарымды сата берем!
2-қызметші: Браво, брависсимо!
1-қызметші: Ертегінің мергені де сіздей-ақ болған шығар!
Әкөш: Мергеннен садаға кетсін!
Бәкөш: Сіз нағыз киллерсіз!
Аңшы: Әй, балақандар, жақсылықпен табандарыңды жалты-
ратпасаңдар, сендерді де экзотикалық жануар ретінде зоопаркке
сатамын да жіберемін! Ал сонда маған не істейсіңдер, а-а?!
Әкөш: Біз сізді милицияға... жо-жоқ, полицияға айтамыз!
Аңшы: Ха-ха-ха! Енді осындай халге жеттіңдер ме? Біліп қой-
ыңдар, балақайларым, менттер, тойыс, понттар, хе-хе-хе, менімен
бірге аң аулайды. Тамаша мерген жігіттер!
Бәкөш: Аһ, солай ма? Онда біз сізді бастық ағаларға айтамыз!
Аңшы: Ха-ха-ха! Әй, бір әйбәт, оңды балалар екенсіңдер!
Шек-сілем қатқанша күліп, бір жасап қалдым! Келесі жолы бір-бір
шүрегей атып әкеліп берермін, жас сорпа ішіп терлесеңдер, қайда-
ғы-жайдағы ойлардан арылып, қақ-соқтан аулақ жүретін боласың-
дар!
Бәкөш: Керегі жоқ! Жемейміз сіздің етіңізді!
Әкөш: Айтамыз бастық ағаларға!
Аңшы: Барыңдар, бозөкпелерім, беттеріңнен жарылқасын!
Көрген-баққандарыңды бүге-шігесіне дейін тәптіштеп жеткізер-
сіңдер! Ал мен мына супермендермен виски ішіп, бір кәйіп болай-
ын, әкеңнің...
2-қызметші: О кей!
1-қызметші: Селяви! (Үшеуі кетеді).
Бәкөш: Қап, бәлем, көрерміз!
Әкөш: Жүр, кеттік! (Кетеді).
Үшінші көрініс
Зоопаркке Әкөш пен Бәкөш қайтып келеді. Қастарында –
папкалы ағай.
Ағай: Қане, әлгі қанішерлер қайда?
Арыстан мен жолбарыстың
Тырнағымен бір сүйкетіп,
Қабырғасын күйретейін.
Кекілінен күрмеп алып,
Қылқұйрыққа тағып беріп,
Тау мен тасқа сүйретейін.
Мүйізтұмсық, қодастардың
Қожыр тастай табанымен
Саз балшықтай илетейін.
Пілдің сорап тұмсығымен
Шіріп біткен шым секілді,
Шаң-тозаң ғып үрлетейін.
Пәпкідегі әктілермен
Шәпкілерін шалқайтып бір,
Кірпі төсеп астарына,
Тыржалаңаш жататұғын
Орындарын түрме етейін!
Бәкөш: Ура!
Әкөш: Алақай! Ақбота мен бұланайым, әйбат ағаның арқа-
сында бостандыққа шығасыңдар қазір!
Ағай: Келтір менің алдыма! (Аңшы, 1-2-қызметші жүгіріп ке-
леді).
Аңшы: Құзырыңызға құлдық, тақсыр!
2-қызметші: Мерси, монсеньор!
Ағай (аңшыға): Иә, Алаштың ұлы, туған жердің түте-түтесін
шығарып жатқан батыр сенбісің? Ал, қане, бермен қарай жақын-
дашы, пішініңді бір дұрыстап көріп алайын жарықта... бұдан бы-
лай қапырық қапаста суқараңғы болып сипаланып, сипақтап қана
күн кешетініңе қолыңды қоя бер.., сұрмергенім!
Аңшы: Сонда маған тағар кінәңіз қандай? Бар жазығым – құла
дүзде құрып кететін түз тағысын жиып-теріп, бүкіл әлемнің бала-
ларына тамашалатып, танытқаным ба? Біз болмасақ, зоопарк бол-
маса балалар, тіпті үлкендер де, тірі аңдарды қайдан көрер еді?!
Ағай: Сенің айыбыңның айғағы алдыңда тұр ақбота боп егіліп!
Сенің қандықол қарақшы екеніңе мына екі бала, мына аң-құстар,
мына тау мен орман, бүкіл дүние куә! Сазайыңды тартып, сабаңа
түсер сәтің келді!
Аңшы: Сөзіңіз де өзіңіз сияқты әдемі-ақ! Бірақ... бірақ... менің
нахақ екенім айдан анық! Өйткені менің рұқсат қағазым бар!
Әкөш: Қалай?
Бәкөш: Өтірік айтасыз!
Аңшы (қалтасынан қағаздарын шығарады): Ендеше, міне
сендерге! Мынау – кең байтақ даланың кез келген түкпірінде, кез
келген уақытта, кез келген мөлшерде аң аулауға право беретін
ерекше қағаз! Мынау – жекеменшік түйесі бар деген қағаз, яғни ол
түйені де, ол түйенің баласын да қалаған уағында қуырып жеуге
де, шикідей жеуге де правосы бар деген сөз! Міне, міне! Мәңіз,
ағай, өз қолыңызбен абайлап ұстап, өз көзіңізбен бажайлап көрі-
ңіз!
Ағай (қағаздарды айналдыра қарап): Мәссаған! Мынау менің
қолым ғой!
Аңшы: Ойбай-ау, ағай-ау, сіздің рұқсатыңызсыз аттап басатын
ақымақ деп пе едіңіз?
Ағай: Мә-ә! Мына біреуің тіпті ерекше жерден шыққан ерекше
қағаз ғой! Мынау пәленшекеңнің өз қолы ғой! Ей, бағанадан бері
сүйдемейсің бе сүміреймей!
Аңшы: Ойбай-ау, ағай-ау, ай-шайға келтірдіңіз бе? Оқасы жоқ,
ештен кеш жақсы!
Ағай: Апырмай, ә?!
Бәкөш: Ағай... ағай десе, сізге не боп қалды?!
Әкөш: Тезірек ақбота мен бұланайды босатпайсыз ба?
Ағай: Ой, ол болмайды енді... болмай қалды!
Бәкөш: Неге?
Әкөш: Неліктен?
Ағай: Документтері дұрыс!
Әкөш: Бірақ, істеп жүргендері дұрыс емес қой!
Ағай: Оны мен де біліп тұрмын, бірақ амал қанша? Документі
дұрыс кісіге дені дұрыс кісі тиісе алмайды!
1-қызметші: Жасасын дені дұрыс кісілер!
2-қызметші: Виват документ! Жүріңіз, сол үшін а ля фуршет!
Әкөш: Ағай, ағай...
Бәкөш: Ойбай-ау, ағай-ау...
Ағай: Маған не қыл дейсіңдер енді?
Аңшы: Солай, балақандар! Кісінің өзі дұрыс болуы шарт емес,
бірақ документі дұрыс болуға міндетті! Солай!
1-қызметші: Селяви! (Үшеуі кетеді).
Ағай: Ал, айналайындар, маған ренжімеңдер... Қолдан келер
қайран жоқ! Сондықтан... дұшпаннан түк тартсаң да олжа деген
ғой аталарымыз... тым құрығанда тегін арақтарын ішіп кетейін!
(Кетеді).
Бәкөш: Ойбай-ау, ағай-ау...
Пони: (келемеждеп): Өй-бәй-ау, ә-гәй-әу! Сендерге сол керек!
Қайбір оңған ағайларың бар еді?
Жолбарыс: Шіркін, мені жіберер ме еді соларға!
Пони: Жібере алмайды бұлар... бәрінің сортабайты бір! Ән-
шейін әдемі сөзге ғана шебер көкмылжың емес пе шеттерінен!
Бәкөш: Қап! Мыналардың қорлығын-ай!
Әкөш: Ал, ендеше... жібермейтін несі бар?! Мына тау мен қа-
лың орман, анау көл мен кең дала – менің жерім, менің елім! Мен
қорғамай, кім қорғайды елімді? Таптатпаймын қарақшының таба-
нына, ластатпаймын әркімге! Орманыңда жан-жануар өргізіп, құ-
шағыңды құстарыңа толтырсам, Бурабайда бұланайды өсіріп, (Бұ-
ланайды босатып, құшақтасып қоштасады) ақ бураның орнына,
ақ ботаңды қайтарсам, жараланған тас жүрегің, жазылар ма, Көк-
шетауым! (Ақ ботаны босатып, құшақтасып қоштасады. Бәкөш
екеуі тордың бәрін ашып, хайуанаттарды босатып жібереді.
Олар дүркірей шапқылап, табиғатқа сіңіп кетеді. Ең соңында По-
ни мен жолбарыс қалады).
Бәкөш (Пониды босатып): Ал, Понеке, мына кең дүние сенікі!
Әкөш (Пониды құшақтап): Понятайым, пончик, пөнжігім!
Жолбарыс: Ал мен ше? Әй, Әкөш пен Бәкөшім, мені ұмытып
кеткеннен саумысыңдар?!
Бәкөш: Жоқ, ұмытқан жоқпыз!
Әкөш: Өзіңді де, сөзіңді де ұмытқан жоқпыз! Мен – жолба-
рыспын, бәрін бас салып жеп қоямын деген жоқсың ба?!
Бәкөш: Сенің орның – түрме! Қасыңа жаңағы қанішер аңшы-
ны қосып қою керек!
Жолбарыс: Қап, қайдан ғана аузымнан қағынып едім? Кеші-
ріңдер, андағы жылқысымаққа ерегісіп, артығырақ оттап қойып-
пын... Әй, Әкөш пен Бәкөшім, бір жолға босатыңдар мені! Осыдан
босатсаңдар, жан иесі жануарға тіс-тырнағым тимеске, тимек түгі-
лі, зәрредей залал қылмасқа найзағайдай шапшаңдығыммен, най-
задай азуларыммен, селебедей шеңгеліммен ант етейін!
Бәкөш: Саған сенім бар ма, айлакер мысық баласы! Қарның
ашып, көзің қызарса, антыңның қайда қаларын кім білсін!
Жолбарыс: Жо-жоқ, айтқаным айтқан! Айналайын Әкөш,
Акося, сен де менің шөнжігім сияқты екенсің... бағанағы айтқан
диетаңа көшемін, бұдан былай шөп жеймін!
Әкөш: Ет көрсең, сертіңді бұзбауға еркің жете ме?!
Жолбарыс: О-о, жеткенде қандай! Етті көп жемеймін, шөп
жеймін!
Бәкөш: Ә-ә?!
Жолбарыс: Жоқ, ойбай, шөп жемеймін, ет жеймін! Түу, не деп
кеттім, ет жемеймін, шөп жеймін, көп жеймін, ет жемеймін, көп
жемеймін, шөп жемеймін... ет... ет... жей-жей-жемеймін! Қап, ми
қата болдың-ау, сорлы басым, шөбі де бар болсын, еті де бар бол-
сын! Ешқайсын да жемеймін! Жемеймін, жемеймін!
Бәкөш: Біржолата бауырсаққа көшсең қайтеді?!
Жолбарыс: Ба-ба-бақұл!
Әкөш: Сонда мына алпауыттың аранын толтыру үшін бүкіл
Көкшетаудың кемпірлері Бурабайдан Бұландыға дейін әр ағаштың
түбінде бауырсақ пісіріп отырмақ па?
Бәкөш: Осы мысықтар нан мен сүтке қанағат қылмаушы ма
еді?
Әкөш: Мынаған сүт шақ келмес!
Пони: Жә, сонша бастарыңды ауыртып қайтесіңдер, отырсын
осында тып-тыныш!
Жолбарыс: Әй, әй, понеке, о не дегенің? «Көрші хақысы – Тә-
ңірі хақысы» дегенді ұмытқаның ба? Көкшетауды жалғыз кезгенде
көсегең көгермес, бір көкжалға кезіксең, көзден бұл-бұл ұшарсың!
Одан да мен қасыңда жүріп, қорғаушың болайын! Әй, Әкөш пен
Бәкөшім, мені босатсаңдар, мен бүкіл аң-құсқа айбар болып, қор-
ғап жүрер едім!
Әкөш: Бұл сөзі көкейге қонады. Қайтеміз?
Бәкөш: Шері екенін білуші едік, ер екенін көрейік!
Әкөш (жолбарысқа): Осыдан алдасаң, көресің! Онда сен ең
ұятсыз, ең оңбаған, қысқасы, ең, ең, ең жаман болғаның! (Торды
ашып, жолбарысты босатады).
Жолбарыс: Ыр-р-рахмет, айналайындар, көп жасаңдар! Ал,
понеке, жүр, қуыспақ ойнайық!
Пони: Ойнасақ, ойнайық! Қане, мықты болсаң, жетіп көр!
(Екеуі шаба жөнеледі).
Бәкөш пен Әкөш (қосарлана): Жолдарың болсын!
Кетеді. Бұлар кетісімен аңшы, ағай, 1-2-қызметші келеді. Бә-
рі де қызулау.
Аңшы (мылтығымен 2-қызметшіні қарнынан түртіп-түртіп
қойып): Әй, осы мен бар ғой, иә, бірдемені атпасам, яки байлап-
матамасам, өне бойым құрысып, тырысып, біртүрлі боп жүремін...
2-қызметші: Тэнкью!
Аңшы: О, сорыңды ұрайын, теңкигің кеп тұрса... қазір бір
теуіп теңките салайын ба?
2-қызметші: Жо-жоқ, болмайды... тепсең ауырады менікі қа-
рын... дажы жарылады!
Ағай: Әй, айналайын, тебуіңе өзіміздікі де жетеді ғой! Тиме
бұларға! Бұлардың бүйірлері тоқ болса, біздің де бөтегеміз бос
болмас!
1-қызметші: Бос болмау үшін біздің торларымыз толып тұруы керек! Ал, мынау не... қанша орын бостан-босқа тұр! Аңшы: Нешауа! Толтырамыз бәрін де! Ертең-ақ... Оған дейін... оған дейін бар ғой... мына бос кілеттерге өздерің отыра тұрсаңдар қайтеді, ә?! 2-қызметші: Грандиозно! Аңшы: Мәселен, мында сен... (2-қызметшіні қарынан ұстап, бірінші кілетке кіргізеді) отыра тұрсаң... балақайлар сені қандай аңға ұқсатар екен, ә?! 1-қызметші: Шимпанзеге, тек қана шимпанзеге ұқсатады! Аңшы: Тә-әк! Ал сен ше? Сен кімге ұқсайсың, ә?! Көрейікші, қане! (1-қызметшіні торға кіргізеді). Но-о, қалай? 2-қызметші: Аумаған орангутанг! Аңшы: Ағай десе... сізді де бір көрсек қайтеді? Ағай: Дөйт! Немене, мені мазақ қылғың келе ме? Аңшы: Ойбай-ау, ағай-ау, сізді әжуалап өле алмай жүр деп пе едіңіз? Жай әншейін, қызық үшін ғой... Мен де қасыңызда тұрайын! Ағай: А-а, жарайды, қызық болсын! Бірақ, торда тұрғаным үшін маған ақша төлейсіңдер! (Екеуі бір торға кіреді). Аңшы: Базар жоқ! Ертең бір бұланды атып беремін! Но-о, қалай, кімге ұқсаймыз біз, ә? 1-2-қызметші (қосарлана): Хе-хе-хе! Ағай: Ей, айтыңдар, біз де бірге күлейік! 1-қызметші: Жоқ, айтуға болмайды! Аңшы: Айтыңдар, қане! 2-қызметші: Қой, атып тастап жүрерсің! Ағай: Әй, қулар, ә! Аңшы: Ағай, ағай, дүниеге темір тордан қараған қалай екен, ә?! Ағай: Кетші әрі, қайдағыны бастамай! Аңшы: Ал, маған кейде біздің орнымыз осы жер сияқты болып көрінеді де тұрады! Ағай: Кет, жағыңа жылан жұмыртқалағыр! (тордан шығады бәрі.) 2-қызметші: Фу, қалай қорқынышты! 1-қызметші: Менің бүкіл аңдарды босатып жібергім келді! 2-қызметші: Әй, айтпақшы мына торларда тұрған аңдар қайда?! 1-қызметші: Мәссаған! Босап кеткеннен сау ма өзі?!
Аңшы: Қайда? Көрсетіңдер көзіме... көгендеп тастайын шеті-
нен!
2-қызметші (жанұшыра зоопаркті айналып шығып): Бай-бай-
ай, бай-бай-ай! Бірі қалмай қашып кетіпті!
1-қызметші: Құрыдық десеңші... Жер сүзіп, құм қаптық де-
сеңші!
2-қызметші: Не де болса бағанағы екі баладан келді! Бай-бай-
ай, бай-бай-ай!
Аңшы: Жә, байбайлама бекерге! Белді бекем бу да, ер соңым-
нан! Ертеңнен қалдырмай мұрнынан тізіп тұрып, ендігәрі қашпай-
тындай қылып бермесем, аңшы атым құрсын! Тарт, айда! (Мыл-
тығын көкке бір атып, жүгіре жөнеледі. Екі қызметші бірге ке-
теді).
Ағай: Барыңдар! Ештеңеден қорықпаңдар... документ жағын
қатырамыз! (Бұрылып, басқа жаққа кетеді).
ЕКІНШІ СУРЕТ
Бірінші көрініс
Көкшетаудың баурайында, қарағай мен қайыңның арасында
жолбарыс пен пони келе жатыр.
Пони: О, шері, батпан-батпан ойлар басып келе ме, қабағың
неге қатыңқы?
Жолбарыс: Сен туралы ойлап келемін.
Пони: Мен туралы? Әрине, жақсы ойлар шығар?
Жолбарыс: Өте-мөте жақсы ойлар! Тіпті, ойымнан шықпай-
сың!
Пони: Дос болсаң, осындай бол! Мұның ғажап екен!
Жолбарыс: Несі ғажап? Қарыным қатты ашып жүр!
Пони: О, қарының бар болсын сенің, қарының!
Жолбарыс: Әй, сен неге менің қарыныма соқтыға бересің, ә?
Өткен жолы құтырғаныңды мен ұмытқан жоқпын, ал, қане, аузыма
теуіп, азуымды қағып көрші...
Пони: Әй, әй, қайдағыны айтпа... құрдас емеспіз бе, ойнағанды
да білмейсің бе?
Жолбарыс: Ойнасаң да оңдырмадың... Сенің сұғың өткен шы-
ғар, міне, қарашы, қарным қабысып, қабырғам арса-арса болып,
собалаңдаған сүлдерім ғана қалды!
Пони: Жә, сабыр ет, кей-кейде ашыққан пайдалы денсаулыққа... тығындай бермей. Қазір бір жөнін тауып, сені нанға тойғызамын. Майшелпекті балқаймаққа батырып соғып алсаң, ханға сәлем бермейсің, тарихтағы тұңғыш нансоғар жолбарыс! Жолбарыс: Сонда да еттің жүрер жолы бөлек қой! Нанбасаң, қазақтардан сұра! Пони: Білмеймін, құрдас, біреудің етін біреу қалай жейді, миыма қонбайды! Жарайды, бос сөз бауырсақ болмас, бір харекет қылайын. Сен сияқты өте жақсы көретін досымнан аянып қаламын ба? Жолбарыс: Мен де сені өте жақсы көремін! Жақсы көретінім сондай – жеп қойғым келеді! Пони: Пау, шіркін-ай, бұл не деген махаббат! Жарайды, қалжырасаң, қарағайдың түбінде қиялға батып сұлай тұр! Жолбарыс бұрылып, қарағайдың түбінде жатып қалады. Пони орманның ортасына қарай бара бергенде, ақбота мен бұланай шауып келеді. Іле-шала қиқулап аңшы, 1-2-қызметші жетіп, бұларды қоршап алады. Аңшы (мылтығын сермеп): Ұсталдыңдар ма, әп, бәлем! Енді құтыла алмайсыңдар! Әкөш пен Бәкөш (жүгіріп келеді): Тимеңдер! Тимеңдер ақботаға! Аңшы: Өшір үніңді өрекпімей! Осыдан бөгесін боп көр, жайратамын да саламын! Бәкөш: Қап! Енді қайттік?! Аңшы ақбота мен бұланайды байлап-матауға кіріседі. Әкөш пен Бәкөш жағаласып, бөгет жасап бағады. 1-2-қызметші екі баланы күштеп байлап тастайды. Бұлар алысып-жұлысып, әбігер болып жатқанда, пони ақырын ғана сытылып кетіп, қарағайдың түбінде ұйықтап жатқан жолбарысты оятады. Пони: Жөке, жөке! Жолдас жолбарыс! Тұр, тез тұр, ойбай! Жолбарыс: Е, не боп қалды? Пони: Аттан, аттан! Жау шапты! Жолбарыс: Ой, қойшы сен де, қайдағыны айтпай... қарным ашып, құр сүлдерім тұрса! Пони: Өй, өзіңнің ет жегің келе ме? Жолбарыс: Оны маған кім берген? Пони: Ендеше жүр... семіз-семіз етке бір қарық қылайын... Жолбарыс: Жоқ, бармаймын да жемеймін! Пони: О неге?
Жолбарыс: Әкөш ұрсады!
Пони: Немене, немене дейді?
Жолбарыс: Әкөш, Акося ұрсады! Тақ-тақ етіп төбемді теседі!
Ол аздай Бәкөш екеуі қосылып марал оқып, миды ашытады. Одан
да аш құлақтан тиыш құлақ, шөп жеп, диетада жүргенім артық...
Пони: Ойбай, ендеше мені сол Әкөш пен Бәкөш жіберіп отыр!
Өзің барып құтқармасаң, балаларды да, ақбота мен бұланайды да
байлап алды жауыздар! Ал, ол жауыздар дүниені бүлдіретін нағыз
арам еттер емес пе?
Жолбарыс (арылдап атып тұрып): А-а-рр! Онда мен қазір та-
биғатты тазалай қояйын!
Атылып келіп, алысып, қуысып жүргендердің ортасына топ
ете түседі. Аңшы мылтығын оқтала бергенде, бір-ақ қағып,
мылтығын быт-шыт қылады. Аңшы, 1-2-қызметші бақырып тұ-
ра қашады. Жолбарыс арылдап, оларды қуып кетеді. Пони бәрін
босатады. Басқа да аң-құстар келе бастайды. Іле-шала аңшыны,
1-2-қызметшіні арылдап қуып келген жолбарыс ол үшеуін бір-бір
мытып алады. Үшеуі ойбайлап, Әкөш пен Бәкөштің тасасына
тығылады.
Аңшы: Ой, Әкөш пен Бәкөшім! Құтқарыңдар мына қанішер-
ден!
1-қызметші: Қой десеңдерші тезірек... аппетиті ашылып кет-
пей тұрғанда!
Жолбарыс: Құлқынымды ойласам, үшеуін үш-ақ асар едім
ғой... Сендерге берген антымнан аттамайын деп, алдарыңа алып
келіп тұрмын!
Бәкөш: Ал, ағайындар, не айтасыңдар?
Әкөш: Адам түгілі, айуандардан ұят болды ғой!
Аңшы: Жаздық, жаңылдық! Бір жолға кешіріңдер! Енді қай-
тып жан-жануарларды атпауға, зоопаркке сатпауға ант етеміз!
1, 2-қызметші: Ант етеміз! Ант, ант!
Аңшы: Тіпті бар ғой, өмір бойғы аң-құсқа көрсеткен зәбірімнің
өтеуіне мен енді бұларды сырттарынан қорып, қорғап жүруге дай-
ынмын!
1, 2-қызметші: Біз де дайынбыз!
Әкөш: Онда біздің Көкшетау ғажайып қорыққа айналар еді!
Бәкөш: Жан-жануар емін-еркін жайласа, сіздер қорықшы бол-
саңыздар... нағыз жарасым сол емес пе?!
Ағай (сөйлеп келеді): Саспаңдар... документ жағын қатырамыз!
(Бәрі ду күліп, дөңгелене билейді. Адамдар мен аң-құстар қосылып,
қол ұстасып табиғат жарасымын, тіршілік үйлесімін жырлайды).
Бәкөш:
Алағай да Бұлағай,
Заман көрген Бурабай,
Біріне де қарамай
Аман келген Бурабай!
Әкөш:
Тау ішінде толағай,
Аққайың мен қарағай,
Бауырыңа баса көр,
Сағынып келді өзіңді
Ақмарал мен Құралай,
Ақбота мен Бұланай!
Бәкөш:
Көкшетауым – кербезім,
Шоқтығы жұрттан асқан жер,
Абылайдың ақ бура
Балпаң-балпаң басқан жер!
Әкөш:
Адасып кеткен ақбота,
Айналып сая тапқан жер,
Абадан, алан асыр сап,
Құйғытып құлын шапқан жер.
Қияда құсы қалықтап,
Жер-жаһандық жан-жануар
Жарасым тауып жатқан жер!!!
Жан-жануарлар мен адамдар қосылып, шаттана билейді. Та-
биғатты, бүкіл дүниені жарасым әні песнь гармонии әлдилеп,
тербеп тұрғандай болады!
Соңы.
СЫРҒАНАҚ
Бір актілі, үш көріністі пьеса
Қатысушылар:
Баян ата
Тайбек – немересі
Сайраш – көрші қыз
Доскен – көрші бала
Зәкен – көрші бала.
Әйкен – көрші қыз.
Қанат – Зәкеннің әкесі.
Сара – Әйкеннің шешесі.
1-акт
Бірінші көрініс
Қыстың алғашқы күні. Қала. Зәулім үйдің ауласы. Қалың қар
жауған. Дүние аппақ. Асыр салған бір топ баланың даусы төңі-
ректі жаңғыртады.
Тайбек: О-о! Қандай аппақ қар!
Сайраш: Ақша қар!
Доскен: Күміс қар! (Уыстап алып, ауыздарына салып көреді).
Сайраш: Өзі аппақ!
Тайбек: Өзі сұп-суық!
Доскен: Өзі тәп-тәтті!
Сайраш: Қандай керемет қар! (Бәрі қосылып, секіріп әндетеді).
Сайраш: Ақша қар, ақша қар, ақша қар,
Керемет әдемі, аппақсың.
Тайбек: Алты рет айналсам әлемді,
Дәл сендей аппақты таппаспын!
Доскен: Аспанда қалқыған ақша қар,
Үлпілдек, ғажайып тазасың.
Сайраш: Жел мініп, алысқа жол тартпай,
Неліктен сен жерге жауасың?!
(Бәрі қосылып): Ақша қар, ақша қар, ақша қар!
(Баян ата келеді). Баян ата: О-о, балапандар, балпанақтар, балақайлар, алақайлар! Ақша қар сендерге қыстың сыйы! Оның да өз қызығы бар! Біз бала күнімізде доптаяқ ойнап, сырғанақ тебетінбіз! Ал сендер айпат пен айпоннан шықпайсыңдар! Байқаңдар, балақайларымалақайларым, батсап-матсап деп қақсап жүргенде, оқудан ақсап қалмаңдар! Ютуп-мұтып, миларыңды мытып, біржолата жұтып қоймасын! Одан да бір мезгіл далада асыр салып ойнасаңдар, қандарың тарап, бұлшық еттерің шынығады! Шымыр болып өсесіңдер! Қыстыгүні аязбен алысып, боранмен жарысып, сырғанақ тепкен қандай керемет! Тайбек: Алақай! Ата, ата! Бізге сырғанақ істеп берші! Сайраш, Доскен (жарыса шулап): Сырғанақ! Сырғанақ, Баян ата! Баян ата, сырғанақ! Баян ата: Охо! Баян ата, Баян ата! Қандай қызық баласыңдар, ә? Сонда мен бейнеттеніп тер төгуім керек екен, ә? Ал сендер сырғанақ теуіп, қызығын көрулерің керек екен, ә!? Бұл дұрыс бола ма, балапандар?! Сайраш: Сіз де бізбен бірге сырғанақ теуіп ойнаңыз! Доскен: О-о, Баян ата, қалай күшті болар еді! Баян ата: Ойхой, мен сырғанақ теппегелі жарты ғасырдан асып кетті! Әбден ұмытып қалыппын! Сайраш: Ал біз сізге үйретеміз қалай тебуді, Баян ата! Баян ата: Ой-буй! Сендермен сырғанақ тебемін деп, белім кирелеңдеп, кәрі сүйегім шашылып, жатсам ғой қарға көміліп... Әжелерің әжуалап: «Бә-йән-н әтә, Бә-йән-н әтә, Сырғанақтан тәйғән-н ата, шәйіңді ішіп, жаның бақпай, қарға кірдің қайдән-н, әтәә!» – деп, күлмей ме, әбден! Доскен: Күлмейді! Сайраш: Күле алмайды! Тайбек: Өйткені, әжеге де тепкіземіз сырғанақты! Доскен: Құласаңдар, екеуің бірге құлайсыңдар! Сайраш: О-о! Ата мен әжені аппақ қарға аунатамыз! Баян ата: Мәссаған! Біздің кемпірді сырғанақ тебуге көндіре алсаңдар, жарайды! Мен сендерге сырғанақ жасап берейін! Сендер оны қыс бойы тебіңдер! Бірақ, ол үшін еңбек ету керек! Бәрің бір кісідей жұмылып, маған көмектесіңдер! Қане, сен күзетшіден күрек алып кел! Сен шелек алып кел! Мына жерге қарды үйеміз! Көп болып келісіп істеген жұмыс жемісті болады!
Барлығы қуанып, әндетіп, шуылдап жүгіріп кетеді. Әп-сәтте
құрал-саймандарын, ойыншық күректерін сайлап, қызу жұмысқа
кіріседі.
Сырғанақ, сырғанақ, сырғанақ,
Зулайтын, зырлайтын сырғанап.
Қар үйіп, су құйып, қатырып,
Сырғанақ жасаймыз бір ғажап!
Баян ата бас болып, әндетіп жүріп, ауланың бір шетінен
бастап қарды биіктетіп үйеді. Зәкен мен Әйкен келеді. Қолдарын-
да сырғанақ тебетін пластмасса қалақтары бар. Екеуі әй-шай
жоқ, үюлі төбеге беттейді.
Тайбек: Әй, тоқта, тоқта! Сендер қайда барасыңдар?
Зәкен: Мен сырғанақ тебемін!
Әйкен: Мен де тебемін!
Баян ата: Тұра тұр, қарағым! Әлі тебуге болмайды! Әуелі
қарды үйіп, үлкен төбе жасап алайық!
Екеуі шегініп, кекірейіп қарап тұрады. Баян ата мен балалар
үйілген қарды нығыздап, ұзынша жол сала бастайды.
Зәкен (айналсоқтап): Енді тебуге бола ма?
Баян ата: Болмайды! Қарды нығыздап болғасын, су құямыз!
Әйкен: Содан кейін тебуге бола ма?
Баян ата үндемей, үйме қарға шелекпен су құяды.
Зәкен мен Балкен (бір айналып келіп): Енді тебуге бола ма?
Баян ата: Асықпа дедім ғой сендерге! Су түнімен қатып, мұз
болады. Таңертең сырғанақ дайын болады!
Әйкен: Таңертең? О-о, қалай ұзақ күту керек!
Зәкен: Ал мен қазір тепкім келеді! (Сырғанаққа шығуға ыңғай-
ланады).
Баян ата: Тоқта, тоқта! Мұз әлі қатқан жоқ, қоймалжың қар-
ды езіп, текке бүлдіресіңдер бәрін!
Әйкен: Фу-у, менің ішім пысты! Сырғанақ тепкім келіп тұр!
Зәкен: Мен немене, сендерді күтіп тұруым керек пе осылай?!
Тайбек: Күтпесең кете бер! Сені ешкім ұстап тұрған жоқ!
Баян ата: Асықпаңдар, балалар, ешқашан асықпаңдар! «Са-
быр түбі – сары алтын» деген аталарымыз! Апыл-ғұпыл жұмыс,
оп-оңай жеміс болмайды! Келіңдер, қазір барлығын әдемілеп жа-
сап алсақ, ертең рахаттанып ойнаймыз! (Зәкенге күрек ұсынады)
Қане, балам, ана жердің қарын күреп жібер!
Зәкен (кекірейіп): Мен?! Қар күрейді?! Фу! Күреңдер өздерің
керек болса!
Әйкен: Біз сендерге қар күрейтін аула сыпырушы емеспіз!
Тайбек: А-а?!
Доскен: Мыналар не деп тұр?!
Сайраш: Немене, сонда, қар күреген біз ақымақпыз ба сен-
дерше!?
Баян ата: Әй, шырақтарым! Бұл сырғанақ өздерің үшін ғой!
Ертең қызығын да өздерің көресіңдер!
Зәкен: Иә, көреміз!
Әйкен: Сырғанақ тебеміз!
Зәкен: Бірақ қар күремейміз!
Доскен: Сендер қандай қызық баласыңдар? Сырғанақ тепкіле-
рің келеді, ә?
Зәкен: Иә!
Әйкен: Тепкенде қандай!
Сайраш: Бірақ, жұмыс істегілерің келмейді, ә?!
Зәкен: Жоқ!
Тайбек: Онда сырғанақ та теппейсіңдер!
Зәкен: Оны көрерміз әлі!
Тайбек: Көрсек көрерміз!
Баян ата: Мейілдерің, шырақтарым! Қар күремесеңдер күре-
меңдер, бірақ, бөгет болмай кейін тұрыңдаршы өзі! (Бәрі жұмыс-
ты жалғастыра береді. Жұмысты аяқтар-аяқтамастан Зәкен
төбеге шықпақшы болады).
Зәкен: Міне, қараңдар! Мен бірінші болып тебемін сырғанақты!
Тайбек (Мұндай әділетсіздікке күйіп кетіп, Зәкенді итеріп
жібереді): Жоқ, бірінші болып мен тебемін! Менің атам жасады
сырғанақты!
Зәкен: Жоқ, мен біріншімін!
Тайбек: Мә! Саған мүлде тепкізбейміз!
Зәкен: Неге?
Тайбек: Еңбек етпеген кісіге сырғанақ тебуге де болмайды!
Зәкен: Тебемін дегесін тебемін!
Тайбек: Теппейсің!
Зәкен: Өй, кетші былай!
(Екеуі ұстасып, жұлқыса бастайды).
Баян ата (оларды айырып жібереді): Тоқта, тоқтаңдар! Та-
ласпаңдар босқа! Татулықпен ойнасаңдар, бұл сырғанақ көктемге
дейін бәріңе де жетеді!
Тайбек тіл алып, тоқтайды. Зәкен мен Әйкен бұртиып,
аулақтау барып, бой тасалап тұрады.
Баян ата: Ал, балалар, бүгінге осы жетеді! Ертеңге дейін сыр-
ғанағымыз сақиып қатып қалады! Содан кейін құмарларың қан-
ғанша сырғанайсыңдар!
Бәрі шелек, күректерін алып, тарап кетеді. Сол кезде Зәкен
мен Әйкен тасадан шығып, ұрлана басып сырғанаққа келеді.
Зәкен: Бәрібір біз бірінші болып тебеміз!
Әйкен (ақырын, ұрлана шаттанып): Алақай, алақай! Біз – бі-
ріншіміз!
Екеуі төбеге шығып, сырғанақ тебе бастайды. Қатпаған
қоймалжың қар сырылып, ойдым-ойдым болып, сырғанақ бұзылып
қалады. Екеуі сырғанақтың әлі қата қоймаған қоймалжың кесек-
терін аяқтарымен тепкілеп, шашып-шашып тастап, үйлеріне
қарай зытады.
Екінші көрініс
Таңертең сырғанақ теппекші болып жүгіріп келген Тайбек,
Доскен, Сайраш үшеуі шашылып жатқан сырғанақтарын көріп,
айғай салады.
Сайраш: Ойбай! Ана қараңдар...
Доскен: Мәссаған! Масқара болды ғой!
Тайбек: Ата! Біздің сырғанағымызды бұзып кетіпті!
(Баян ата келеді. Үндемей, басын шайқап, ойлана қарап тұра-
ды).
Сайраш: Баян ата! Бұл – Зәкен мен Әйкен!
Доскен: Түнде келіп, бұзып тастаған ғой, Баян ата!
Тайбек: Ерегесіп, қасақана істеген! Олардың сазайын беру ке-
рек! (Баян ата үндемей, сырғанаққа қарап, ойланып тұра береді).
Ата, ата! Ата деймін... Неге үндемей тұрсың?!
Баян ата: Үндегенде не істеуім керек?! Байбаламдап, бақыра
берген жақсы емес! Не нәрсеге де сабыр керек!
Тайбек: Жарайды, біз сабырлы болайық... Бірақ, сабыр бізге
сырғанақ болмайды ғой!
Сайраш: Ал біздің сырғанақ тепкіміз келеді!
Доскен: Сондай күшті тепкіміз келеді!
Баян ата: Онда не істеуіміз керек?
Тайбек, Сайраш, Доскен (шу етіп): Сырғанақты жөндеу ке-
рек!
Баян ата: О-о, міне дұрыс айттыңдар! Ал, ендеше... кеттік!
(Барлығы қосылып, сырғанақты қалпына келтіруге кіріседі).
Сырғанақ, зуылдап сырғанап, Тебеді қуанып жүз бала. Қайтпаймыз қиын деп жұмыстан, Керегі қайрат пен мұз ғана! Бәрі жабылып, әндетіп жүріп, қарды қайта үйіп, су құйып тастайды. Баян ата: Ал, балдар, бүгін аяз екен, сырғанақ қазір-ақ қатып қалады! Сендер сәлден кейін тебе беріңдер! Ал, мен үйге барайын! Әжелеріңнің шайы дайын боп қалғанын мұрыныммен сезіп тұрмын! (Кетеді). Балалар бір-біріне ымдап, бір бұрышта тығылып, аңдып тұрады. Екінші жақтан ұрлана басып Зәкен мен Әйкен келіп, сырғанаққа жақындай бергенде,. Тайбек, Сайраш, Доскен үшеуі алдарынан шыға келеді. Доскен, Сайраш (жарыса): Әп, бәлем! Ұсталдыңдар ма! (Зәкен мен Әйкен сасқалақтап, шегініп, үндемей тұрады). Тайбек (Зәкенге шүйлігіп): Әй, Зәкен, неге бұздың біздің сырғанағымызды?! Зәкен: Сен бізге тепкізбеймін деп едің ғой... Ал, ендеше, тепкеннің қандай болатынын көр! Тайбек: Ах, оңбаған! Тайбек пен Зәкен төбелесе кетеді. Кинодан көргендерін істеп, алыстан секіріп, бір-біріне тигізбей, тигізе алмай тебіседі. Ұрмақ болады. Доскен мен Сайраш: «Тай-бек! Тай-бек!» – деп, ұрандайды айнала. Сөйтіп жүргенде Тайбектің қолы Зәкеннің бетіне тиеді. Анау өкіріп жылап, үйіне қарай жүгіріп кетеді. Сайраш: Ура-а! Алақай! Доскен: Біз жеңдік! Тайбек: Сырғанақты бұзғанның, сыбағасын бердік! (Үшеуі мәз болып, әндетіп, сырғанақ тебе бастайды). Сырғанақ, сырғанақ, сырғанақ, Асыр сап, зырлаймыз сырғанап! Аязда тоңбаймыз, ойнаймыз, Қызық қой қыстағы бір ғажап! Әйкен қызығып, сырғанақ тебуге ыңғайланады. Үшеуі оны қағып-соғып: «Әйкөн-Мәйкөн, Әйкөбас-Мәйкөбас!» – деп мазақтап, итермелеп, сырғанаққа жолатпайды. Әйкен (ызаланып): Тұра тұрыңдар, бәлем! Мамама айтам! Кешке жұмыстан келгесін сендерге көрсетеді! (Кетеді). Сайраш: Айта бер! Өсекші!
Доскен, Тайбек: Өсекші! Өсекші!
Сайраш: Біз де айтамыз!
(Үшеуі әндетіп, рахаттана сырғанақ тебе береді. Біраздан
соң Сара келеді).
Сара (айқайлап келеді. Әйкен артында): Өй, өңкей жүгермек,
көгала! Сырғанақтарыңды сирағыммен сырып тастайын ба осы!
Сыпырғышпен сыпыра салайын ба, ә! (Екпіндеген бойы, сырға-
нақты бір тебеді. Қатқан мұз бұзылмайды. Сара ауырған аяғын
сипалап, секеңдеп, «ойбайлап» жүреді. Балалар сырғанап түскен
жерлерінде қозғалмай отырып қалады). Ах, оңбағандар! Сендер-
дің сырғанақтарыңа дейін сұмырай! Менің Әйкөніме сырғанақ
тепкізбей жүрген қайсың қане? Кім оны жылатып қуып жіберген,
ә? Айтыңдар, қане, жандарың барында! Сен бе? Жоқ әлде сен бе?
Әлде бәрің жабылып жәбірлеген шығарсыңдар? Ә-әп, бәлем! Қыр
арқаларыңды қармен ысқылап, беттеріңді боранмен үшкірейін бе?
Көздеріңе көк мұз қатырып, аяқтарыңды аязбен үсітейін бе осы, ә!
(Үшеуі дымдары шықпай жаутаңдап отырғанда, Әйкен арқала-
нып, қыр көрсете сырғанақ тебеді). Міне, міне, менің Әйкөнім-
Мәйкөнім, Әйкөбасым-Мәйкөбасым қандай әйбәт сырғанайды!
Тура әлемпия шемпионы сияқты емес пе, ә?!
(Осы кезде Баян ата келіп қалып, Сараның сөзін сабырмен
тыңдап тұрады).
Баян ата: Жеңімпаз болу үшін аянбай еңбек етіп, тер төгу ке-
рек! Ал, сіздің Әйкөн-Мәйкөніңіз қолының ұшын қимылдатуға да
ерінеді екен!
Сара: Кешіріңіз, сіз не деп тұрсыз осы?!
Баян ата: Қызыңыз Әйкен барып тұрған жалқау деп тұрмын!
Сара: Қалайша біздің Әйкөбасты жалқау дейсіз... Аппақ сақа-
лыңызбен өйтіп жала жаппаңыз балаға!
Баян ата: Мен жала жауып тұрғаным жоқ, шындықты айтып
тұрмын! Сіздің Әйкөбасыңыз балаларға сырғанақ жасауға мүлде
көмектескен жоқ!
Сара: Ә-ә, солай ма... апырмай... Ә, бірақ, біздің Әйкөбас аула-
да сырғанақ жасауға міндетті емес қой!
Баян: Дұрыс айтасыз! Сіздің Әйкөбасыңыз сырғанақ жасауға
міндетті болмаса, сырғанақ тебуге де міндетті емес!
Сара: Немене, сіз сонда біздің Әйкөбасқа сырғанақ тебуге
тиым салмақсыз ба? Оған қандай хақыңыз бар? Міне, мына жүгір-
мектер де жаңа жылатып жіберіпті... сырғанақ тепкізбей. Өй, қай-
ыршылар, әкелеріңе танытайын ба осы!
Баян ата: Балаларға бекерден бекер бақырмаңыз! Сіздің Әй-
көбасыңыз оларға көмектеспек түгілі, түнде сырғанақтарын бұзып,
қиратып тастапты! Ондай қаскөйліктен кейін қайтіп бірге ойнай-
ды, ә!? Қане, Әйкенжан, анашыңа айта қойшы, қалай қиратқаның-
ды!?
Тайбек, Доскен, Сайраш үшеуі Әйкенді айнала жүріп: Әйкөбас
– зиянкес! Мәйкөбас – жалқау! – деп әндетеді. Әйкен ұялып, үндей
алмай, шешесінің артына тығылып, төмен қарайды.
Сара (оны көріп, жуасып): Өй, Әйкөбас-Мәйкөбас, рас па?
Мұның қалай?! Масқара, бетім-ай! Тірідей өлтірдің ғой мені! (Ән-
дете созып) Бай-бай-ай, бай-бай, бай-бай-ай!
Шешесі әндетіп бола бергенде, Әйкен төмен қарап, өксіп-өксіп
жібереді. Шешесінің даусына ұқсатып, әндете жылайды. Даусы
бүкіл ауланы кернеп кетеді. Әуелде оның жылағанын қызық көріп,
бір-біріне саусағымен көрсетіп, масайрап қалған балалар бірте-
бірте оны аяй бастайды. Сара сасқалақтап, ұялып, абдырап қа-
лады.
Баян ата (Әйкенге таяп келіп, арқасынан аялай қағады): Жә,
болды балам, жылама! (Балаларды қолымен үйіре жанына шақы-
рып) Балалар, Әйкен өз қатесін түсінді! (Әйкен жылағанын тоқ-
татып, ақырын-ақырын өксіп қояды). Ендігәрі ондай жамандық
жасамайтын болады! Солай ма, Әйкенжан! (Қыз одан сайын бір
өксіп жіберіп, басын изей береді).
Сара: Қызым, айналайын, Әйкөнім-Мәйкөнім, сен үлкендердің
айтқанын тыңда! Ендігәрі мұндай ұят істерден аулақ бол! (Әйкен
басын изей береді).
Баян ата: Осымен сөз бітті, бәрі кешу болсын! Солай ма, ба-
лақайлар!?
Балалар (қосыла шу ете түседі): Иә! Солай!
Баян ата: Ендеше тату-тәтті бірге ойнаңдар! Бұл сырғанақты
біз барлық балалар үшін жасадық қой, сондықтан, біздің сырғана-
ғымыз деп, қызғаныш қылмаңдар! Солай ма!?
Балалар: Иә! Солай!
Баян ата: Ал, онда сырғанақ тебеміз! (Балалар әндетіп, сыр-
ғанақ тебеді).
Сырғанақ, сырғанақ, сырғанақ,
Асыр сап, зырлаймыз сырғанап!
Аязда тоңбаймыз, ойнаймыз,
Қызық қой қыстағы бір ғажап!
Сырғанап, шаттанып ойнайық,
Ойнайық, қызыққа тоймайық.
Ұрыспай, керіспей, таласпай,
Татулық, достықты ойлайық!
Борандатып, ысқырып Қанат келеді. Қаһарлы. Зәкен қасында.
Қанат (екпіндеп келген бойда үш балаға тарпа бас салады).
Ой, иттің ғана балалары! Сендер ме біздің Зәкенді жабылып ұрып
жүрген!
Балалар сақтанып, тұра қашады. Қаһарланған Қанат оларды
сырғанақты айналдыра қуады. Сайраш бірден Баян атаның жа-
нына келіп паналайды.
Әйкен: Ой, мама, менің айран ішкім келеді!
Сара: Жүре ғой, іше ғой, әйрәніңді! (Қызын жетелеп, зытады).
Қанат Доскенді ұстай алмай, ауа қармап, далбаңдап жүрген-
де, Тайбек аяғынан шалып қалады. Қанат бір-екі домалап кетеді.
Орнынан айқайлай тұрып, Тайбекті тұра қуады. Ол айнала қа-
шып, енді ұстай бергенде бұлт етіп бір бүйірінен шығып кетіп,
ит әлек қылады. Зәкен алыстан айбат шегіп, қолдарын сермеп,
балаларды тепкен болып, аяғын ауаға көтеріп-көтеріп қояды. Ба-
лалар әбден құтырынған Қанаттан қашып келіп, бағанадан бері
сабырмен бақылап, аңысын аңдап тұрған Баян атаның сыртына
тығылады. Қолын көтеріп келе жатқан Қанаттың алдынан Баян
ата таяғын көтеріп, тосып алады. Қанат атамен ұстаса кете
жаздап барып, кезеулі таяғына кеудесімен тіреліп, амалсыз алқы-
на тоқтайды.
Қанат (ашуын зорға тежеп, қатқыл үнмен Баян атаға):
Көрші, сіз қойыңыз мұндайыңызды!
Баян ата: Иә, қандайымызды?!
Қанат: Балаларға ара түскеніңізді!
Баян ата: Ара түспегенде, саған ұрғызып қойып, қарап тұ-
райын ба?
Қанат: Онда менің жұмысым жоқ! Жолымнан былай тұры-
ңыз!
Баян ата: Өй-дөйт дегенің! Бәлкім, мә, көрші, міне жолың,
балаларды сабай ғой деп, иіліп тұруымыз керек шығар, ә!?
Қанат: Жолыма көлденең тұратын болсаңыз, тапап кетемін!
Мінезім солай!
Баян ата: Ондай мінезіңді езіп басыңа жақ! Сенде мінез бол-
ғанда, жұртта мінез жоқ па екен?! Саған таптатып қояды деп тұр-
мысың!? Әркімге ұрынғандардың жынын қағып алу – ата кәсібім! Менің де мінезім солай! Қанат: Әй, шал, сен сыйлағанды біл де, жақсылықпен былай тұр! Әйтпесе... Баян ата: Не, әйтпесе?! Өй, көргенсіз неме... осыдан тырп етіп көрші кәне! Таяғын сермеп-сермеп, айбарланып, Қанатты ықтырып тастайды. Осы кезде Зәкен бетпақтанған күйде сырғанаққа шыға бастайды. Оны көріп күйіп кеткен балалар жүгіріп барып Зәкенді қоршап алады. Баян ата мен Қанат та соларға қарай жақындайды. Тайбек: Түс, қане! Зәкен: Түспеймін, ал, неғыласың?! Доскен: Кет, былай! (Тайбек екеуі қарсыласып, тыртысқанына қарамай, Зәкенді сырғанақтан аулағыраққа итермелеп тастайды). Тайбек: Осының бәрі сенің кесірің! Доскен: Барлық пәлені бастаған сенсің! Зәкен: Мен не істедім сонша сендерге!? Сайраш: Рұқсатсыз тебуге болмайды сырғанақты! Қанат: Әй, есалаңдар, өшіріңдер үндеріңді! Менің балам ешкімнен сұрамайды! Тайбек: Нені сұрамайды? Қанат: Сырғанақты қашан, қалай тебуді сұрамайды біздің Зәкен! Қай кезде тепкісі келеді, сол кезде тебеді! Маған тартқан, мінезі солай! Доскен: Ол қатпаған сырғанақты теуіп, ойып-ойып тастады ғой! Сайраш: Ол аздай былай, былай, міне, былай тепкілеп, бытшытын шығарды! Біз оны қанша әуре болып, қайтадан жасадық! Өй, ұятсыз! Тайбек: Сондықтан сіздің Зәкеннің біздің сырғанақты тебуге хақысы жоқ! Доскен: Тепкізбейміз! Сайраш: Онымен бірге ойнамақ түгілі, көргіміз келмейді! Қанат: Көргілерің келмесе, көшіп кетіңдер! Біздің де сендерді көргіміз кеп тұрғаны шамалы! Сайраш: Ол неге қиратады біздің сырғанағымызды?! Қанат: Енді... қиратқысы келсе, қиратады! Ешкімнен сұрамайды менің балам! Мінезі солай! Немене, әр басқан қадамына сендерден рұқсат сұрап тұруы керек пе?!
Баян ата: Онда біз оны бұл сырғанақтың маңынан да жүргізбейміз! Біздің де мінезіміз солай! Қанат: Ақсақал, сіз неге аппақ шашыңызбен балаларды алалайсыз, ә? Баян ата: Қалайша?! Қанат: Солайша! Балаларды жақсы, жаман, жалқау, зиянкес деп бөліп, араздастырып жүрген сіз ғой! Баян ата: Әй, сен не деп тұрсың? Денің сау ма өзі? Мен бар болғаны балаларды еңбекке үйреттім ғой! Қанат: Үйретсеңіз, бәріне үйретіңіз! Ал сіз балаларды ынтымақ, татулыққа шақырудың орнына, сен жалқаусың деп шетке итересіз! Саған сырғанақ тебуге болмайды, алай теп, былай теп... олай ойнама, былай ойнама деп мән үйретесіз! Сен теп, сен теппе деп неге тиым саласыз, ә? Немене, сіз бұл сырғанақты сатып алып па едіңіз! Әлде сырғанақты да... жұтып қойдыңыз ба... жекешелендіріп?! Бір-екі шелек су құйдым екен деп, қожайын бола қалдыңыз ба? Бала қашан, қалай ойнағысы келсе, солай ойнайды... Сізден сұрамайды... Бала түгілі, үлкендерді де түзей алмайсыз... Қазір ешкім де сөз тыңдамайды, тыңдаса да ұқпайды, үлкеннің тілін алмайды! Сондықтан, басты ауыртпай, жайыңызға жүріңіз! Баян ата: А-а, солай тарттың ба?! Ендеше, мен былай тартамын! Біріншіден, бұл сырғанақты біз өз қолымызбен жасадық! Барлық балалар тепсін, ойнасын, қуансын деп жасадық! Ал, сен, Зәкен шырағым... бері келші өзің... (Зәкенді қолынан тартып, әлсіз қарсылығына қарамай ортаға шығарып алады). Көпшіліктің ақ тер, көк тер боп жұмыла жұмыс істеп жатқанын көріп тұрып, көмектескен де жоқсың! Зәкен: Мен біреуге көмектесуге міндетті емеспін! Қанат: Ол сендердің жалдамалы қызметшілерің емес қой! Баян ата: Мейлің, шырағым! Құдай сенің көмегіңе қаратпасын! Біз үшін емес, өзің үшін көппен бірге еңбек етуің керек еді! Жарайды, көмектеспесең де тебе бер сырғанақты! Бірақ, біз саған айттық қой, сырғанақ қатқанша теппе, бұзылып қалады деп! Ал, сен тіл алмадың! Зәкен: Тепкім келді, тептім! Баян ата: Ол аздай, тепкілеп, қиратып кетіпсің! Әй, бұл сырғанақ сендер үшін ғой! Неге зиян жасайсың, ә?! Ұят емес пе?! Не нәрсені де қирату оңай! Ол ұят, обал! Оны жөндеу қиын! Ал жаңадан бір нәрсе жасау тіпті қиын! Бірақ, ол – еңбек, үлкен абырой! Ол – сауапты іс! Ұқтың ба, Зәкен шырағым?!
Зәкен: Жіберші қолымды! (Ызаланып, жүгіре басып кетіп қа-
лады).
Қанат: Ақсақал, мұндай ақылсымағыңызды кемпіріңізге ай-
тарсыз! Ал бізге алжығанбай-мылжығанбай қажет емес! Өз ақы-
лымыз өзімізге жетеді! Не істеу керек екенін де сізден сұрамай-
мыз! \кете береді.\ Көрерміз әлі, кімнің сырғанақ теуіп, кімнің
шырғанақ тергенін!
(Баян ата мен балалар бір сәт үнсіз ойланып қалады).
Баян ата: Астапыралла! Бұл не деген сазбет сабаздар, әй, ә!?
Тайбек: Бұларды сырғанақтың маңынан да жүргізбеу керек!
Сайраш: Өздері жасап алсын керек болса!
Доскен: Дегенмен, сақ болу керек! Тағы да бұзып тастамасын!
Тайбек: Бұзып көрсін! Мен атамның таяғымен басын жара-
мын! Ата, маған таяғыңды бересің ғой, иә!?
Баян ата: Жә, жә, сабыр, сабыр, балақайлар! Біреудің басын
жаруға болмайды ешқашанда! Ақылды болыңдар! Егер де Зәкен
орталарыңа қайтып келсе, татуласып, жарасып ойнаңдар! Жарай
ма! (Балалар «Иә!» – деп шу ете түседі). Ал, онда, жүріңдер, біз-
дің үйге барайық! Әжеңнің қою күрең шайының иісі мұрнымды
жарып барады! Сандықтың түбіне тығып қойған тәтті-пәттілері де
шығып қалар сендерге! (Барлығы кетеді).
Үшінші көрініс
Түн. Ай сәулесі айналаға төгіліп тұр. Аппақ сырғанақ жалты-
рап, ерекше әдемі көрінеді. Сырғанаққа бұлдыраңдап біреу келеді.
Әйкен! Әндетіп, рахаттанып сырғанақ тебе бастайды.
Әйкен: Ай мен Әйкен!
Әйкен мен Ай!
Әйкен-ай, Әйкен-ай,
Әйбәт қандай, әдемі-ай! (Сықылықтап күледі). Әйкөбас-
Мәйкөбас,
Етігің сенің қайқыбас,
Табан бүрі төрт елі,
Тайғанақта тайқымас! (Тайып кетіп, сырғанап, төменге құлап
түседі. Мәз болып, сақылдап күледі). Аймен ойнап Әйкөн-ай,
Тайып кетіп байқамай,
Құлап түсті қарға аунап,
Әй, Әйкөн-ай, Мәйкөн-ай!
(Ол әндетіп отырғанда, бір қорқынышты қаракөлеңке ту
сыртынан ақырын төніп келіп, теңселіп тұрады. Әйкен әнін аяқ-
тай бергенде, желкесінен бас салады).
Зәкен: Ар-рр! (Әйкен шошып кетіп, «ойбайлап» шоршып тү-
седі).
Зәкен (қорқытпақ болып, қырылдап): Ә-ә, ұсталдың ба, әп, бә-
лем! Айпон-Майпон, Айкубас-Майкубас!
Әйкен: Түу-у, Зәкен, сен екенсің ғой!
Зәкен: Мен қазір сенің сазайыңды тартқызамын!
Әйкен: Иә, не үшін тартқызасы-ы-ың менің-ң сазайымды-ы-ыы?!
Зәкен: Сен мені сатып кеттің! (Айнала жүріп, мазақтап)
Айран ішкен, май жалап,
Әйкөн әйбәт, айғабақ,
Досын сатып кететін,
Табаны бірақ тайғанақ!
Мысықтай тиген майлы етке,
Қарайсың маған қай бетпен,
Саттың қанша тиынға,
Зәкенді Доскен, Тайбекке!?
Әйкен (ыза болып, жыламсырап): Мазақтама бұлай! Мамама
айтам! Мен ешкімді сатқам жоқ!
Зәкен: Сатқан жоқсың ба!?
Әйкен: Сатқам жоқ!
Зәкен: Шынымен сатқан жоқсың ба?!
Әйкен (секіре билеп): Сатқам жоқ, сатқам жоқ, сатқам жоқ!
Зәкен: Сатпасаң, жарайсың! Онда бері кел! Жақсылап тыңдап
ал мені! Бұлардың сырғанағы жаман! Қарды үйе салған! Суды құя
салған! Қайтесің оны! Біз үлкен мұз айдынына барып сырғанай-
мыз! Ал бұлардың сырғанағы құрып кетсін! Мен құртамын оны
қазір! Ха-ха-ха! (Қойнына тығып келген бір буда петарданы алып
шығып, Әйкенге көрсетеді). Міне!
Әйкен: Бұл не?
Зәкен: Жарылғыш зат!
Әйкен: О-о, алақай! Салют атамыз ба қазір!?
Зәкен: Т-с-сс! Ақырын! Жұрт естіп қоймасын! Папам маған
кө-өп петарда әперді. Фейерверк атамыз деді. Ал мен біразын ұр-
лап алып шықтым! Бұл – бомбы! Ерегіскенде, мыналардың жаман
сырғанақтарын жарып жіберемін!
Әйкен: Жарғаны қалай?
Зәкен: Кәдімгідей... бұрқ еткізіп жарамын да жіберемін!
Әйкен: Қой ойбай...
Зәкен: Қоймаймын! Қорықсаң, бар кете бер!
Әйкен: Жоқ, қорықпаймын! Бірақ, үйге барып, айран ішкім
келіп кетті!
Зәкен: Айранды көресің қазір! Осыдан кетіп көр, арқаңа бом-
бы салып жіберемін! (Әйкеннің жағасын көтеріп, өтірік қорқы-
тып қояды.) Бұрқ еткізсем, ішек-қарның айраныңмен бірге быр-
қырап кетеді!
Әйкен (зәресі кетіп, азар да безер болады): Жоқ, ойбай, ойнап
айтамын! Ешқайда кетпеймін! Тұрамын қасыңда!
Зәкен: Онда мә, мынаны ұстай тұр!
Буданы Әйкенге ұстата салады. Ол қорыққанынан дір-дір
етіп, қол-аяғы селкілдеп, дымы шықпай, әрең тұрады. Зәкен кино-
дағы сияқты, диверсанттар құсап, дайындап келген шолақ күре-
гімен сырғанақтың бір бүйірін оя бастайды. Мұз болып қатып
қалған қалың қарды әрең-әрең ояды.
Зәкен: Қарай көр тастай қаттысын! Баян ата шынымен қаты-
рып-ақ жасаған екен! Бірақ, қалай қатырсаң да, бомбыға ештеңе де
шыдай алмайды!
Ойып, үңгіп көреді. Тігінен қоюға петардалары сыймайды.
Көлденең қоя салады. От береді. Екеуі сәл шегініп, тамашалап
қарап тұрады. Быжылдап жанған петарда бір кезде гүрс етіп
атылады. Бірақ, көкке қарай емес, көлденең атылады. От жарқ
етіп, түтін басады. Екеуі ойбайлап, екі жаққа ұшып түседі. Сыр-
ғанақ қозғалмай, сол қалпында қала береді. Қатты жарылыс пен
бұлардың ойбайына Баян ата мен Сара екі жақтан жанұшырып,
қиқулап: «Не боп қалды?», «Не болды, ойбай!?» -десіп, жүгіріп
келеді. Зәкен бір жақта домалап жатыр. Әйкен секіріп, өкіріп
жүр. Күкірттің, түтіннің, күйген құйқаның иісі шығады.
Әйкен: Құйқам күйіп қалды! Құйқам күйіп қалды!
Сара: Ойбуй, Айкубасым – Майкубасым, құйқабасың үйітіліп
қалды ма, қайтейін енді!? (Құшақтап, құйқасын қарап): Құдай
сақтаған! Құйқасын тесіп, сүйегінен өтіп, миын ойып кетпеген
қайта! (Әйкен одан сайын өксиді). Әй, бұларды ма, бұларды... Сот-
қа беру керек шетінен!
Баян ата: Кімді бермексің сотқа?!
Сара (сасқалақтап): Сізді... Жоқ, ойбай, не деп кеттім мен өзі?
Осындай жарылғыштарды шығарғандар мен сатқандарды жауапқа
тартса деймін!?
Баян ата: Алған да өздерің, жарған да өздерің... Айтшы қане, кім кінәлі?! Сара: Е-е, қайдам? Зәрем кетті әйтеуір! Әйкөнжан, айран ішкің келмей ме?! Әйкен: Жоқ! Осы кезде жанұшырып Қанат жетеді. Ол Зәкенге жүгіріп барып, басын көтереді. Тайбек, Доскен, Сайраш та келеді жүгіріп. Барлығы Зәкеннің жанына келеді. Зәкен басын көтеріп, әкесінің сүйемелдеуімен орнынан сүйретіліп әрең тұрады. Оның бетаузы күйіп қалыпты. Баян ата: Құдай сақтаған екен, әйтеуір! Көзі де, өзі де аман! Қанат: Зәкен, Зәкен, Зәкенжан, балам! Кім сені бетіңді бұлай күйдірген!? Айтшы маған! Көрсетейін мен оларға! Әкесіне танытайын! Зәкен: Ой, папа, бақыра бермеші бетімен! Ешкім де емес, мен өзім! Қанат: Не дейді, әй, мынау... не деп тұр! Тайбек: Өзім деп тұр ғой! Сайраш: Иә, иә, өзімді атқан өзім дейді... Доскен: Басқа ешкім де емес дейді! Қанат: Тәйт! Не деп тұрсыңдар? Менің балам қалайша өзінөзі атып, бет-аузын күйдіріп тастайды!? (Зәкенге): Біреулер қастық қылған шығар, сен жасырып тұрған шығарсың, Зәкен, ә?! Қорықпай айтшы қане, кім сені мұндай халге жеткізген?! Мен оның терісін іремей сыпырып алып, тірідей үйтіп тастайын қазір! (Жағалай балаларды нұсқайды) Тайраңдаған Тайбек пе!? Сайрандаған Сайраш па!? Бәлкім, далбаңдаған Доскен шығар!? Зәкен: Сен, папа! Қанат: Мен!? Қалайша мен?! Мен тіпті бұл жерде болған жоқпын ғой! Зәкен: Сен болмасаң да сенің сатып әперген жарылғыштарың болды! Қанат: А-а, солай ма? Мен оны саған өзін-өзі жарып жіберсін, жағып жіберсін деп әпергем жоқ! Аспанға от шашып, тамашаласын деп әпердім ғой! Баян ата: Жә, көрші, байбайлама бетімен! Бәрі де түсінікті! Осы бір түкке пайдасы жоқ, айналаны күйдіріп, ауаны бүлдіріп, улайтын сасық дәріні қып-қызыл ақшаға сатып алып, құр босқа аспанға атқылағанда қай ұшпаққа шығып, қай биікке жетем деп жүрсіңдер!? Ойланатын уақыттарың болды ғой! (Зәкенге) Әй, ба-
лам, бұдан былай есіңде болсын, ешқашан біреуге жамандық жа-
сама, айналып келіп өзіңді табады! Ұят емес пе осыларың!?
Зәкен үндей алмай төмен қарайды. Қанаттың да басы салбы-
рап кетеді. Балалар теріс айналып, аулақтау барып тұрады. Сара
мен Әйкен екі топтың арасында не істерін білмей абдырап қалады.
Баян ата: Жә, балақайлар, алақайлар! Балапандар, балпанақ-
тар! Кекшіл, кінәмшіл болсаңдар, ел болмайсыңдар! Кешірімшіл,
кең болсаңдар, кем болмайсыңдар! Келіңдер, қане, егестің бәрін
тастайық! Тату-тәтті көрші-қолаң, бір бауырдай болайық! Келің-
дер қане, сырғанайық, ойнайық!
Баян ата ортаға шақырып, бәрін татуластырады. Балалар
асыр салып, әндетіп, тату-тәтті сырғанақ тебеді.
Сырғанақ, сырғанақ, сырғанақ,
Асыр сап, зырлаймыз сырғанап!
Аязда тоңбаймыз, ойнаймыз,
Қызық қой қыстағы бір ғажап!
Сырғанап, шаттанып ойнайық,
Ойнайық, қызыққа тоймайық.
Ұрыспай, керіспей, таласпай,
Татулық, достықты ойлайық!
Соңы.
10. 12. 2014 ж. – 6. 04. 2015 ж.
САХНАЛЫҚ ТУЫНДЫЛАР
Сенің көзің... Менің көзім...
– Ал, құрдас, құр босқа басты ауыртпай, бір тосқа бола үйдегі
досты ауыртпай, заманға сай жаман, тойыс... жаңа әңгімелер қоз-
ғасақ қайтеді?
– Қозғасақ қозғайық! Бірақ, өзің түртіп жібермесең, бұғып қал-
ған от сияқты, мына менің ұйып қалған миым да қозғалатын емес.
Ойлана бастасам, ылғи басым ауырып кетеді!
– Мәңгүрт болдың ғой...
Шала естіп: – Маңғыт?
– Аузыңа саңғыт! Мәңгүрт деймін!
– Ол немене тағы?
– О-о, ол ма... Ол бүкіл әлем білетін жиырмасыншы ғасырдың
кереметі!
– Ой, рахмет, рахмет, құрдас! Әлем білетін ғасыр кереметіне
теңегеніңе өле-өлгенше ризамын!
– Саған ондай болу қайда-а, әлі!
– Е-е, несі бар, болмасаң да ұқсап бақ деген...
– Иә, мына түріңмен... анау қазан басыңның ішіндегі қамыры-
ңа... тойыс, тамырыңа қан жүгірмесе, түбі сол мәңгүрт сияқты бір
ғаламат болуың әбден мүмкін!
– Е-е, бәсе! Одан да асып түсесің десең аузың күйе ме, ей? Қи-
майсың ғой, құрдас, ә? Жарайды, осыған да рахмет саған!
– Оны кезінде көрерміз. Ал енді кел, екеулеп қазан басыңдағы
қамырыңды илеп жіберіп, босқа ашып кетпей тұрғанда тездетіп
пісіре қояйық. Келістік пе?
– Ма-а-құл!
– Қазір барлық нәрсеге қайта қарау – ең басты мәселе! Оны әр-
қайсымыз өзімізден бастауымыз керек, яғни, ең алдымен өзімізге-
өзіміз: «Мен кіммін?» деген сұрақ қойып, жауап беруге тиіспіз.
Демек, сен кімсің?
– Кімі несі? (Ойланып, сасқалақтап) Мен – менмін!
– Сен – сен болмағанда, мен емес екенің көрініп тұр ғой!
– Енді... кіммін десем екен? Әжептәуір нәшәндікпін! – Ол сенің көзіңмен қарағанда! Ал менің көзіммен қарағанда, сен бар болғаны бюрократсың! Тағы кімсің? – Көк «Волганың» иесімін! – Тағы? – «Қызыл гүлдер, сары гүлдер, көк гүлдердің» әнімен әндетіп: – Қара бие, торы бие, көк бие, құла бие, тоғыз байтал, көп бие... Иә, сосын бес тай, бес жабағының... ой жандарым-ай, жануарларым-ай десеңші... Төрт сиыр, сегіз торпақтың, отыз екі қазақы, отыз сегіз сарық қойдың, елу екі ешкі мен сегіз серке, тоғыз текенің, жетпіс жеті қаз бен тоқсан тоғыз тауықтың иесімін! Уот! – Қабаған сары итің бар емес пе? – Бір итті әрең асырайтын сен деп пе едің елдің бәрі? Қасқыр алатын қара иттің, суыр алатын сары иттің, талап жейтін ақ иттің, жалап жейтін сақ иттің, шәуілдейтін бір иттің, тәуір дейтін ірі иттің иесімін! Уот, мен кіммін, ә?! – Сосын? – Сосын... әкемнің баласымын! – Енді... әкеңнің баласы болмағанда, иттің баласы емессің ғой! – М-м, былай... бір үйдің иесі, балаларымның папасымын! – Иә, балаларыңның мамасының да иесісің! Тағы кімсің? – Сосын ба, сосын... Адаммын! – Әй, құрбас, әй, құрбас... тойыс, құрдас, әуелден сүйдемейсің бе? – Е-е, несі бар, мен рет-ретімен айтып жатырмын ғой! – Сонымен, адаммын дейсің, ә? Бірақ, ол сенің көзіңмен қарағанда! Ал, мына менің көзіммен қарағанда, сен адам емессің! – Қалайша? Сенің көзің, менің көзім деген немене ол? – Неменесі несі? Кәдімгідей! Сен өзіңе өз көзіңмен қарап, адаммын деп бөсіп тұрсың, ал мен саған өз көзіммен қарап, адам емессің деп кесіп тұрмын! – Неге мен адам емеспін? Хайуанмын ба сонда?! – Сен ашуланбай бері қара. Төрт аяқтап жүрмейтініңе, абалап үрмейтініңе қарағанда, хайуанға қоса алмаймын сені. Данышпандар: «Адам дегеніміз қоғамдық хайуан!» деген. Ал сен хайуан емессің, демек, өмірі қоғамдық хайуан бола алмайсың. Яғни, адам емессің! – Мынауың қызық екен! Ма-а-құл, адам болу үшін әуелі сол хайуан-ақ бола салайын! – Дұрыс! Демек, хайуансың ғой?
– Хайуанмын! – Құттықтаймын! Енді бері қара. Сен – хайуансың! Бірақ, қоғамдық хайуан емессің! Мына түріңе қарағанда, қоғамдық болуың да екі талай. Демек, сары ит-ау... тойыс, сары иттің иесі-ау, сен бәрібір адам емессің! – Неге? Қоғамдық болғанда, нағыз қоғамдық мен болайын! Жан-жағыма ағайын-туыс, құда-жекжатты түгел жиып, жаңа бір қоғам жасап алсам, солар үшін жарғақ құлағым жастыққа тимей жанталассам, бәрін бір шыбықпен айдап, қоғамдық тәртіп орнатсам, қоғамдық емей кіммін? Жеп жатқаным қоғамның байлығы болса, оны жалғыз жемей, ебін тауып туыстарыммен қоғамдасып жесем, қоғамдық хайуан болмай, кім болғаным? – Ол сенің көзіңмен қарағанда! Ал менің көзіммен қарағанда, сен бар болғаны өзі үшін оттаған хайуансың! – Жоқ, мен қоғамдық хайуанмын! Басшылардың өзі мені ылғи қоғамның қадірлі азаматы деп ардақтап отырады. Енді ше, қоғамымыздың басшыларын сыйлап... аузыңнан шықпасын... ауыздарын майлап жүрсем, мен құрметті азамат болмағанда, кім болады?! – Ол сенің көзіңмен қарағанда! Ал, менің көзіммен қарағанда, сен – бастықтардың табанын жалап, жалпақтап, жан бағып жүрген жағымпаздың нақ өзісің! – Әй, ысылушай... құрдас! Байқап сөйле, мен басымнан сөз асырмайтын горди адаммын! Тіпті, толып жатқан мырқымбайсырқымбайларды менсінбеймін де! Енді ше, байлық анау, бой мынау – жұрттың төбесінен мен қарамағанда, кім қарайды? Мына сен сияқтыларды: «Осы да еркекпін деп жүр-ау, ә, бейшара!» – деп, мүсіркеп жүремін ішімнен! Уот, мен кіммін! – Ол сенің көзіңмен қарағанда. Ал, менің көзіммен қарағанда, сен – екі метр бойы бар, жарты летр ойы бар, көзінің еті өскен өр көкіректің нағыз өзісің! Айтпақшы, әлгі бастықтарыңа жағынған кезде осы сенің гордысың қайда қалады? – Ол жерге гордыс-мордыстың қандай қатысы бар? Бастықтардың көңілін табу дегенің – кәдімгі кәсібіміз, тіршілігіміз, күнкөрісіміз. Көңілін таппай көр, қаңғып кетесің! Бастықтың алдында горди боламын деп, сорлы үй боп кететін көрми емеспіз ғой енді! – Ол сенің көзіңмен қарағанда... Ал, менің көзіммен қарағанда... – Ой, сенің көзің құрысын, көзің құрғыр! Бәле болды ғой маған, жылт-жылт етіп... Немене, кісіні мазақ қыласың ба? Ал, шы-
нын айтайын, кім бастықтарға жақсы көргесін жағынушы еді? Күнім үшін әлди, баяғы! Сенбесең, елден сұра, бәрі сөйтеді! – Ол сенің көзіңмен қарағанда... Ал елдің көзімен қарағанда, сен ақылдың ауытқуынан жаратылған аты жоқ бірдеңесің! – А-а! Не дейді? Сонда елдің бәрінде көз бар ма, ей?! – Болғанда қандай! Көзіңді аша түс! Ашсаң, енді жөндеп қара! Көрдің бе? Жарқ-жұрқ, жылт-жылт... құр жылтырап тұрған моншақ емес, соның бәрі кәдімгідей көреді! Және әрқайсысы өзінше көреді! Тіпті, екеумізден де жақсы көруі мүмкін! – Көргіштерін! Рас, енді адам болғасын, екі көзі болғасын айналасын, жүретін жолын, бәрін көреді ғой. Көзді сол үшін берген. Бірақ, сен басқа бірдеңені айтып тұрған сияқтысың. Сонда нені, қалай көреді? – Оны әр көздің иесі ғана біледі, құрдас. Мысалы, мына сені әркім өз көзімен көреді, өз тұрғысынан бағалайды. Ұқтың ба? Сонда сенің кім болып шығатының белгісіз... – Қалай белгісіз? Белгілі! Мен – менмін, бітті! Басқалардың мені өзінше көруге, өзінше бағалауға хақысы жоқ! Өз бағам өзімде – өзгенікі шепуқа! – Ол сенің көзіңмен қарағанда! Ал елдің көзімен қарағанда, сен шепуқасың! – ? – Шепуқаның да ты покасы бар! Мәселен, оң көзімен қараса, онда ты пока... нешауасың. Ал, оң көздің сол көзге айнала салуы тіпті оңай... – Маған олардың оң көзі, сол көзі түгілі, тіпті, көздерінің керегі жоқ! Міне, мына менің көзім ғана көз, олардыкі – шепуқа! – Ол сенің көзіңмен қарағанда! Ал елдің көзімен қарағанда... – Әй, құрдас! Бұл неғылған қаптаған көз!? Оның бәрі өзінше көре берсе, не боламыз? Соның біреуі ғана дұрыс қой! Міне! жұдырығын түйеді. Қай көзбен, қай жағынан қарасаң да жұдырық қой, ә? Уот, бәрі де осындай! Осы жұрттың бәрі неге менің көзіммен ғана көрмейді, ә?! Ең дұрысы сол! Ал, сенің де, ананың да, мынаның да, қысқасы бәрінің де көздерін ойып тастар ма еді! Менің көзім ғана – көз! Өзгенікі – шепуқа! (Кетеді). – Көз ойғышын... Көз ою науқаны басталса, алдымен өзінің көзі ойылып кетуі мүмкін екенін ойлай ма екен?! 1989 ж.
Рахме-е-е-ет!
Құмарбек пен Жарасқа
– Иә, бала, халың қалай?
– Жақсы, ағасы.
– Иә, әйтеуір жүріп жатырсыңдар ма, былай?
– Иә, әйтеуір жүріп жатырмыз былай.., ағасы.
– М-м-м-м, да! Тағы не айтасың?
– Не айтайын? Бәрі жақсы, ағасы.
– Ағасы, ағасы... Басқа ештеңе айтпайсың ба?
– Не айтайын енді, ағасы?
– Былай.., бала! Осы мен саған өткенде бір жақсылық жасадым
ғой, ә?!
– Жасадыңыз, ағасы.
– Е-е, бәсе! Сені көрсем біртүрлі бұлданғым келіп тұрады әй-
теуір, осыған жақсылық жасап едім ғой деп. Уот, соның қадірін
білу керек!
– Енді... білеміз ғой, ағасы, білеміз.
– Білгенің сол ма, ей? Білсең, былай... Жөндеп рахмет айтпау-
шы ма едің?
– Рахмет, рахмет! Көп рахмет, ағасы!
– М-м-м, да! Сол-ақ па, ей? Осы күнгінің балаларына жақсы-
лық қылсаң, жөндеп рахмет айтуды да білмейді.
– Енді... айттық қой... айтып жатырмыз ғой, ағасы. Рахмет, Ал-
ла риза болсын, құдайдан қайтсын!
– Жә, жә! Өзің тіпті қараңғы екенсің ғой. Әй, бірақ саған оқу
қонушы ма еді? «Жақсылығым құдайдан қашан қайтады?» – деп
жүрем бе өстіп? Одан да ағаңа дұрыстап рахмет айтпайсың ба?!
– Енді... білгенімізді айтып жатырмыз ғой. Тіпті, сыртыңыздан
да рахмет жаудырып жатамыз! «Алғыспен ел көгерер» дегендей...
– Мақалыңа қақал! Сырттан жаудырған рахметіңнен не пайда?
Иә, айтпақшы, осы мен саған қандай жақсылық жасадым, ей? Түр-
меден шығарып алып па едім?
– Астапыралла! Мен сотталып көрген емеспін, ағасы.
– Өкінішті!
– Қалай?
– Солай! Сотталып кетсең ғой, мен сені шығарып алар едім.
Шығарып алған соң... иә... ар жағы белгілі...
– Маған белгісіз... ар жағы...
– Шикі басым-ай, соны білмегенің үшін-ақ кәтәләшкаға қамап қояр ма еді? Зек болсаң, ісек болар ең, біздерге сеп болар ең, зонадан шығарып, қорама қамап, өмір бойы жеп болар ем! Енді ше? Аналардың зонасында отырғаннан гөрі, ағалардың қорасында тұрған жақсы емес пе, ә?! Жарайды, оны сотталған кезде түсінерсің. Ал, мен саған бір кер-рр-ремет жақсылық жасағандай боламын да тұрамын. Сен сол қадірімді білмей жүргендей қоңылтақсимын келіп... Үлкен адамдар ұмытшақ келеді ғой. Әлде, жұмысқа тұрғыздым ба? – Ой, ағасы-ай, мен қойшымын ғой. Блатпен ойшыл болғандар бар шығар, бірақ қойшы болған ешкім жоқ. – А-а, солай ма? Жә, жә, оны қойшы. Қайдағыны айтасың. Үпүлкен кісінің саған қандай жақсылық жасадым деп басы қатып тұрса... Осы, мен сені... – Ана жылы жайлауға соғып, біздің үйден қымыз ішкенсіз. Ауылға бара жатыр екенсіз... менің де бір шаруам бар еді... Сонда машинаңызбен төрт шақырым жердегі ауылға бірге жетіп қалғанмын. – Е-е, бәсе, бәсе! Әнеки! Сонда үйіңе соғып, қымыз ішпесем ғой, ауылға бара алмайтын едің, ә? Қанша шаруаң қалар еді! Е, бәсе, өзім де сені көрген сайын: «Мен болмасам қайтер еді, бейшара?!» – деп аяйтыным сол екен ғой. Соған дұрыстап рахмет айтуды да білмейсің. – Айтып жатырмыз ғой, енді, ағасы... – Олай емес, былай... Дұрыстап айту керек. Сендейлерге жақсылық жасағанда, қалай рахмет айтуды қоса үйрету керек болды ғой... – Ал, рах-ме-е-е-ет! – Рах-ме-е-е-етіңді қалтаңа сап қой! Кісінің қадірін білу керек... – Әй, енді не қыл дейсің?! – Әй, мынау қайтеді, ей? Адыраңдама! Айттым ғой, кісінің қадірін білуші ме еді бұлар. Мен болмасам ғой... ә? Рахметің осы ғой, ә? – Бүйткен жақсылығыңның да, сенің де атаңа на-ғыл-е-е-ет! (Кетеді). – Әне, осыдан кейін кісіге жақсылық жасап көр. Білмейді ғой қадіріңді, білмейді. Әй, анау кім, әй? Тоқта, тоқта... Өткенде соған бір жақсылық жасаған сияқты едім... (Кетеді). 1989 ж.
Бірдеңе Шірдеңеевич – Ассалаумағалейкум, Бірдеңе! – Ә-ә... сәләмат па? – Көрмегелі не заман?! – Е-е, оны кім санапты?.. – Өй, өзің біртүрлі сынықтаусың ба, суықтаусың ба, немене? Бірдеңе мені көрсе, бірден бас салып құшақтай алады деп жүрсем... – Дұрыс қой, иә... енді... Бірақ, бізге құшақтауға болмайды. – А-а!? Неге? Бірдеңем жұғып қала ма, Бірдеңе, жоқ әлде өзің былай... Жұқтыратының жоқ па дегенім ғой... – Жоға, ондай бәледен аулақпын. Заң бойынша... былай... болмайды енді... – Ә-ә, білдім, білдім... Ішіңнен жақсы көріп, ішіңнен сағынып жүреді екенсің ғой... – Жоға! О не дегенің? Бізге болмайды! – Не... болмайды! – Жақсы көруге, сағынуға болмайды... заң бойынша... – Әй, Бірдеңе, саған бірдеңе көрінген шығар осы! Ол нағылған заң? – Жоқ, енді... арнайы қабылданған қаулы, әдейі шығарылған заң жоқ қой... Бірақ, былай... Тұрмыстың қалыптасқан тәртібі бар емес пе? Әжептәуір адамбыз... жарбаңдап, құшақтасып жатқан ұят болады... бұдан былай есіңде болсын. – Әй, мынау не дейді? Жақсы көретін адамды құшақтағанның несі айып? – Ондай қазақпайшина сендерге жарасса да, маған жараспайды! Білдің бе? – Е-е, соншама сен кім едің, әй?! – Кімі несі-ей, мынаның? Өстіп өзімсініп өлтіресіңдер ғой кісіні... Білдей бір бастықпын, дөкеймін, ал, қайтесің? Сендейлерді құшақтай бермейтінім де сондықтан! – Ә-ә, солай ма? Жарайды, менің де сені құшақтағым келіп тұрғаны шамалы. Сендейлердің әдеті ғой, құшақтаған адамын сүйгілеп, сілекейлеп, зықысын шығаратын... Көргенбіз талай... телевизордан! – Онда тұрған не бар? Біз өзі мына сен сияқты анаумынауларды құшақтай бермейміз. Дөкейлерді ғана құшақтаймыз!
Құшақтағанда да өкіртеміз! Әне, нағыз сағыныш, махаббат деген сол! – Үй, қойшы-үй, кісінің жүрегін айнытпай... Бір-біріңді қалай жақсы көретіндеріңді көрдік қой! Кеше құшақтағандарыңды бүгін тіпті жеп қойғыларың келеді екен! Құшақтасып тұрып, пышақтасқан заман-ай! – Жә, жә, байқа! Онда тұрған дәнеңе жоқ... және ол сенің миың жететін шаруа емес. Пышақтасқанды қойып, құшақтасқанды айтсаңшы! Па, шіркін, күштілерімізді көргенде, көңіліміз майдай еріп, көзіміз жасаурап, ыңғай білдірсе болды, құшағына қойып кеткен кезімізге не жетеді! Олар да сені бауырына тартып, виски мен мальбороның жаныңа жағатын иісі аңқыған әдемі аузымен ерніңнен еңірете сүйгенде, бақыттан мас болып, өң мен түстің арасында ес-түссіз қалықтап жүре бересің! Иә, бұл үшін өмір сүруге болады! – Әй, Бірдеңе, ернінен сүйгізетін, ернінен сүйгенге есінен танып қалатын сен немене, қатынсың ба? Еркекті еркек ернінен сүйетін сұмдықты атам қазақ білмеген! – Атаң қазақ көп нәрсені білмеген! Сол да мақтаныш па? Басқасын былай қойғанда, құрметті, мәртебелі қонақтарын сүюді білмегендері тіпті ұят қой! Олардың қатесін мәдениетті ұрпақтары, мына біз түзеттік! – Жетістірдіңдер! Шолп-шолп сүйісіп жатқандарыңның несі жақсы? – Мәдениетті елдерден жұққан жақсы әдет бұл! Өзің айтшы, Москвадан келген мәртебелі мейман сені құшақтап, ерніңнен сүймек болса, тырп ете аласың ба? Ернің түгілі, тіліңді қоса сорғызарсың, ә, батыр?! – Сүйгізбеймін... атып жіберсе де! Адамды басыну ғой бұл! – Өй, тулама, сені сүйейін деп жатқан ешкім жоқ! Сені қайтеді мына біз тұрғанда! – Мен де қайтемін оларды? Мәдениетті елдерің сүйісе ме, түйісе мене істейтінін өздері білсін. Ал нағыз қазақтың еркектері бір-бірімен ешқашан да сүйіспейді. Құшақтасып, төс қағыстырады! Білдің бе, Бірдеңе!? – Ой, басты ауыртпа, оның бәрі келмеске кеткен! Қазір жұрттан сұрайық, бәрі де сүйіседі. Солай ма, жігітім? Сондықтан да сен қазақпайшалап Бірдеңе дегеніңді де қой бұдан былай. Бірдеңе Шірдеңеевич де... заң бойынша!
– Не-е?! Ой, ит-ау, бірге өскенің өз алдына, әкеміздей Шірекеңнің атын қалай атаймын? Жарайды, дөкей екенсің, жұрттың көзінше бірдеңең кететін болса, Біреке, Бәке дейін енді! – Бәкеңді әкеңе апарып бер! Осы, Бірдеңе, Бәке дегеннен көрген қорлығым жетеді... Бірдеңе Шірдеңеевич болғанға дейін! – Иә, ол не қорлық сонша? – Әуелде біз де бұған мән берген жоқпыз, әрине. Жаңадан жұмыс істей бастағанда жұрт мені біразға дейін жай ғана Бірдеңе деп жүрді. Яғни, дәнеңе емессің деген сөз. Бірте-бірте Бәке дей бастады, ептеп бірдеме болғандағы түрім. Ал өзіңмен қатар, тіпті жасы кіші, бірақ қызметі үлкен жігіттер Пәленше Түгеншеевич болып жүргенде, біртүрлі ішің ашиды екен. Біраздан кейін мен де Бірдеңе Шірдеңеевич болып шіреніп шыға келдім, бірақ әлі де шамалы едім. Өйткені, бұл кезде жұмыста ғана болмаса, былайғы жерде, қонақта Бәке немесе жай Шірдеңеевич деп қана айтылатынбыз. Содан кейін барып... дәрежеміз әбден өскенде ғана... қайда болсын тек қана Бірдеңе Шірдеңеевич деп аталатын болдық Ұқтың ба, ей? – Нені ұғамын? Кісі болғандағы түрің сол ма, әркімге, балашаға, келін-кепшік, қыз-қырқын, қатын-қалашқа дейін әкеңнің атын ататқызып... Қазақша Бәке дегеннен артық не бар? – Сен өйтіп ақымақ болмай, айналаңа анықтап қарап ал! Кім көрінгенді Пәленше Түгеншеевич демейді ешқашанда. Пәленше Түгеншеевич болу зор құрмет, былайша айтқанда, атақ-дәреже, мәртебе! Жұрттың соған қолы жетпей жүргенде, ат-тонын ала қашқан сен жынды екенсің! – Мен емес, Пәленше Түгеншеевич дегенді құрмет көріп жүрген сен жындысың! Орыстың кез келгені – Пәленше Түгеншеевич, ал солай аталу қазақ үшін зор құрмет, мәртебе болуының өзі масқара, қорлық емес пе ойлағанға?! – Ол сен сияқты надандардың ойы! Пәленше Түгеншеевич аталу орыстар үшін табиғи нәрсе болса, біз үшін ерекше құрмет екендігін кез келген көзі ашық қазақ айтады. Бәке, Шәке дегеннің күні өткен, сондықтан өнбейтін дауды қуып қайтесің? Бұдан былай мені Бірдеңе Шірдеңеевич демей, Бәке дейтін болсаң, өкпелеме! Сәлем беруді де үйрен, ассалау деп ауызыңды ашпай... – Өй, енді. . ата-бабамыздың айтып келе жатқан «ассалауы» ғой! – Ата-бабам, ата-бабам! Ата-бабаңның басын ауыртпай, айналаңа қара! Ауылда болмаса, сенің «ассалауың» басқаларға жүрмейді. Сәлемде де дәреже бар. Мысалы, аупарткомға барғанда «ас-
салау» деп көрші, аузыңды ауыстырып берсін. Басқа жерлер де
солай, сенбесең, тексеріп көр, «ассалауыңа» жауап берер ме екен?
– Уағалейкумассалам дей салса, бірдеңелері кете ме?
– Әй, олар сенің атаң деп пе едің? Бұдан былай алдыңғы қа-
тарлы, беделді кісілердің бәрі де басқаша сәлемдесетінін біліп
жүргенің жөн болады. Мысалы, маған: «Сәлеметсіз бе, Бірдеңе
Шірдеңеевич!» десең, қатып кетеді!
– Ассалаумағалейкум, Бәке, десем ше?
– Ондай сәлемің де, сенің де керегің жоқ!
– Сенің де маған керегің жоқ! Бұрын Бірдеңе едің, енді дәнеңе
де емессің! (Кетеді.)
1987 ж.
Күлкі іздеп жүрмін...
Төлеубек пен Сафуанға
Ұзынтұра алақтап, еңкеңдеп, қарманып, жан-жағынан бірде-
ме іздеп, аласұрып жүр. Басын шайқап, өкініп, әлденені есіне тү-
сіре алмай қиналып, ойланып қояды да, тағы іздейді. Әндетіп ала-
са бойлы жиені келеді.
Жиен: Еңсегей бойлы ер Есім,
Есесін жаудан қайтарып,
Еңсесін елдің көтеріп,
Ер қазаққа нұсқа ғып,
Ескі жолын қалдырған! (Еңкейе сығалап жатқан ұзынтұраға
шалынысып, бір домалап тұрады). Ойпырмай! Дөңбек қақпанға
түсіп қалып, ашынған аю екен десем...
Нағашы: Е-е... Тарбаңдаған тасбақа, дорбаңдаған доңыз де-
мей, қорбаңдаған аю дегеніңе де рахмет, қонжық құсап қомпиған
әкеңнің аузын... жаман жиен!
Жиен: Нағашыма тартқам!
Нағашы: Ә-ә! О, көксоққан! Жарайды, жақсы жиен!
Жиен: Әкеме тартқам!
Нағашы: Қап, мына саппасты-ай! Е-һе-һе! Әкесіне де, шеше-
сіне де тартқан жақсы жиен!
Жиен: Е-е, бәсе! Қалақайдай сөзіңіз алақайдай болса бір сәрі!
Жә, жақсылы-жаманды нағашы басыңызбен тапа тал түсте тауық-
көзденіп, неменеге тоңқаңдап жатырсыз?
Нағашы: О, шұнағым-ау сол, іздейтін нәрсе аз ба қазір?
Жиен: Онда іздесейік, із кесейік... Жоғыңыздың пошымы қан-
дай? Ныспы кім?
Нағашы: Апырмай! Айтсам ба екен, айтпасам ба екен?!
Жиен: О, нағашы, айтыңыз, айтыңыз! Маған айтпағанда, кімге
айтасыз?
Нағашы: Қап! Айтсам – мазақ, айтпасам – азап!
Жиен: Айтыңыз, нағашы, айтыңызшы енді! Бәлки, ынтызары-
ңызды тауып беріп, сүйіншіге бір кенеліп қалармын!
Нағашы: Кеңірдегіңнен келер! Ал, қоймадың ғой... Тәуекел!
Күлкі іздеп жүрмін!
Жиен: Күл-кі?! Ой, сіз де... Самырсын қураса- топалақ, самұ-
рық құласа, жапалақ, таудай басыңызбен тарыдай күлкі іздеп күңі-
реніп жүргеніңіз масқара емес пе?
Нағашы: Енді қайт дейсің?! Оп-оңды келе жатыр едім, бір
нәрсе есіме сарт ете түсті де, енді рахаттанып күле бергенімде,
күлкім езуімнен үзіліп кетіп, етегіме қарай домалай жөнелді. Со-
дан, ал ізде! Жоқ! Ой жоғалтқан қой жоғалтқаннан да қиын екен!
Неменеге күлмек болғанымды есіме түсіре алмай, алдынан қашқан
алтайы түлкіге алқынбай жетсе де, амалы құрыған тұмылдырықты
құмай тазыдай боп тұрғаным...
Жиен: Ойбай-ау, өйтіп пұшайман болғанша, басқа бірдемеге
күле салмайсыз ба? Қазір айналамызда, жоғары-төменде күлетін
нәрсе толып жатқан жоқ па?!
Нағашы: Болмай тұр ғой, болмайды! Миыма тікендей қада-
лып, зәһары жайылып барады. Басқа нәрсеге күле алмаймын!
Жиен: Мұныңыз мұқым елде жоқ бір кеніш күлкі болды ғой!
Нағашы: О-о, иә, иә! Қадым заманнан бермен қарай кісі атау-
лыны қинап көрмеген кесір күлкі! Ух, уысыма түспей сергелдең
қылды-ау!
Жиен: Онда сіздей сермендені дәрігерге дәрет тапсыртып, кө-
ріпкелге көрсетіп, емші-домшыға емдетіп-демдетіп, сәуегейге сор-
палатып, тәуіпке торталатып алсақ, дауа болар ма екен?
Нағашы: Серменде емес, шермендемін ғой мен!
Жиен: Тс-с! Дымың ішіңде болсын! Біреу-міреу естіп қойса,
айкезбе деп аулақтап, тіпті ұстамасы бар деп жындыхананың бір
түкпіріне жытырып жіберуі де мүмкін!
Нағашы: Әй, жындыханаңа жол болсын, жаман әкеңнің
аузын... жаман жиен! Немене, нағашыңнан құтыла алмай жүр ме
едің? Әлде мені бірер шаригі жетіспейтін кеңкелес деп қалдың
ба?! А-а? Ендеше біліп қой – менің мына қазандай басымның
ішіндегі дүниенің тең жартысы істен шықса да, қалғанының өзі
мына сен сияқтыларды он орап алуға жетіп жатыр!
Жиен: Асылық қылмаңыз, нағашы! Абыз болар шағыңызда са-
ғыз болсаңыз, не қайыр, не үміт?!
Нағашы: Өй, бетімен кеткен... ділмарсыма!
Жиен: Сіз де даурықпаңыз, нағашы! Бойыңыз Есім ханға бара-
бар, ал кәсібіңіз...
Нағашы: Ишаратыңды түсіндік, бірақ сен межелегендей би-
шара емеспіз... Құдайға шүкір, қауымға қадіріміз бар. Еждихатсыз
енжар, тойымсыз тіленші, жылымшы жәдігөй, елден шыққан жек-
сұрын боп көргеміз жоқ! Сөз теріп, біреуді біреуге шағыстырып,
шырық бұзып, ай кәпір атанбадық! Сыйламасаң, сыйламай-ақ қой!
Сенің сыйыңа қаратпасын! Бақайымнан келмейтін боқмұрын едің,
балағымнан ілуге жарап қалған екенсің!
Жиен: Ойхой, нағашеке-ау, не болды сонша таусылып?! Сый-
лағанда мен сыйлайын! Жаңағы айтқан жамиғатыңыздың һәммә-
сынан да мен керім жақсы көремін сізді! Әйдік те әйбат нағашым
аман болса екен деп сыртыңыздан мінәжат қылып та жүремін...
шекшиген сары шыбыш пен кекшиген лақ текеден басқа түк бер-
месеңіз де!
Нағашы (көңілі босап, көзін сүрте беріп, шұғыл шоршып тү-
седі): Ешкіден басқа ештеме есіңде қалмаған екен, есалаң неме!
Қызыңа берген қызыл құнажын мен ұлыңа берген құла биені қалай
ғана ұмыта қалдың, ә?
Жиен: Жаман бергенін айтады дегендей... Жұрттың нағашысы
үйіп-төгіп тастайды ғой осы, бұлданбай-ақ!
Нағашы: Әне, өстіп өлтіреді ғой бұ қазақ! Айтпақшы, егер мен
олай-бұлай боп кетсем, не әкелесің?!
Жиен: А-а! Қайдағыны айтпаңыз, нағашы! Алдымызда жүре тұ-
рыңыз!
Нағашы: Жоқ, енді, мысал үшін... Қалай бата қыласың?
Жиен: Енді... Жалпақ жаһанға қаһандай қадірі бар наһан наға-
шымнан немді аяймын?!
Нағашы: Әй, кәңкіретні...
Жиен: Семіз құнан қой қатып кетпей ме?
Нағашы: Немене, бір түйелік, әйтпесе биелік құным жоқ па?
Жиен: Сізге жетер баға бар ма, бағалайтын бізде шама бар ма?
Нағашы: Майбалықтай лыпылдасаң да майдалығың көрініп тұр! Бізге тартсаң бүйтпес едің... Жарайды, әлгі айтқаныңа да мақұл, бере бер! Жиен: ?! Нағашы: Сонда беретініңді қазір бере бер деймін! Жиен: ?! Нағашы: Әлгі... мен өлгенде батаға беретініңді қазірден өзіме беріп қойсаңшы! Бөтен кісі емеспіз... Маған қазір керек боп тұр! Жиен: Қ-қ-қалай?! Нағашы: Кәдімгідей! Жиенім берді деп жер-көкке жаяйын! Кейін құрқол келсең де ренжімеймін! Жиен: Жо-оқ, нағашы, болмайды. Әр нәрсе уағында. Кейін қалай бос барамыз? Елден ұят емес пе? Нағашы: Несі ұят? Сен өзің елге әкелесің бе, жоқ маған әкелесің бе? Жиен: Енді... сізге... Нағашы: Онда менің өзіме бер! Тіпті бет-моншағың үзіліп бара жатса, мен қолхат берейін, малын өзім алып жеп қойғам деп... Жиен: Атай көрмеңіз... Аты жаман ғой... Нағашы: Өлгенде беретіндеріңді тіріде қимайтындарың не, әй, ә!? Сендер бірдеңе беру үшін әбизәтілні өлуіміз керек пе? Жиен: Жоқ, енді... оның жөн-жобасы бар емес пе? Жә... Ал егер сізден бұрын біздің шал... жездекейіңіз неғылса... нетер едіңіз? Нағашы: Неғылса нетемін? Жиен: Тырқиып қалса деймін... Нағашы: Онда... Маған не әкелем деп едің? Жиен: Бордақы құнан қой! Нағашы: Тәк-к! Онда сенің әкеңе тоқты-торым да жарап қалар! Жиен: Қа-қа-қалайша? Нағашы: Солайша! Сенің әкең менен екі есе бітти! Демек, менің сыбағам да екі есе артық болуға тиісті! Жиен: Мәссаған! Өйтсеңіз, мен де сізге қойымды апармаймын! Неге сіздің еншіңізге екі есе тиюі керек?! Нағашы: Міндетті түрде! Өйткені мен дәумін! Тіпті алыптарды арналған заң қабылданып, оларға екі есе пенсия төленсе игі! Жиен: Жо-жоқ, қайта сіздерге екі есе салық салу қажет! Тойға ақша жинағанда да сіздерден екі үлес алған жөн! Нағашы: Тәйт! Күшәлә жалаған күшік құсап шәуілдемей...
Жиен: Сіз де қорқор тартқан қорқаудай ғұр-ғұр етпеңіз... Қолтырауынның қолтығын қытықтап, шүрегейдің шабына ши жүгірткен жаман жиеніңізді қорқыта алмайсыз бәрібір... Нағашы: Ха-ха-ха! Қолтырауын дедің бе, айналып қана кетейін-ау сол! Осы ғой манадан басымды қатырған! Қолтырауының крокодил ғой! Ха-ха-ха! Әй, көп жаса, жиен! Жиен: Әмин! Нағашы: Жүр, кеттік үйге! Басыңа ақ құйып шығарайын! Хаха-ха! Ох-хо-хо! Жиен: Хи-хи-хи! Хе-хе-хе! Нағашы: Әлгі қолтырауын... крокодил... біреуді жейін деп жатқанда жылайды екен. Көзінен жас парлағанын көргенде: «Не деген қайырымды қолтырауын, құрбандығын аяп жылап тұр-ау!» – деп, аңқаулар аузын ашады ғой баяғы. Сөйтсе, қолтырауынның қарны ашып, тәбеті қозғанда көзінен жас ағады екен! Ха-ха-ха! Жиен: Хи-хи-хи! Нағашы: Біздің кейбір жемеңгерлер де сол қолтырауын сияқты... «елім-ай, елім-ай!» деп еңірегенде етектері толып жүріп, елді есеңгіретіп жіберген жоқ па?! Ха-ха-ха! Өмір дегенің осылай, ботам! Жүр, кеттік! Жиен: Жүр десеңіз, томпаңдай беремін ғой! Сіздің бергеніңізді өтірік жыламай, ойнап-күліп соға беремін ғой, дәу нағашы! (Кетеді). 1999 ж.
Қазақтар Парижде
1980 жылдар
Бірінші көрініс
Париж аэропорты. Бір топ қазақ самолеттен түскелі жа-
тыр.
Якудаев: Тә-әкк! Түгелсіңдер ме?
1-келіншек: Мінгенде түгелміз де!
Якудаев: Мен түсердегіні сұрап тұрмын!
2-келіншек: Түгел болмағанда, құйрықты жұлдызға жармасып,
шексіздікке шеру тартып кетті дейсіз бе?
3-келіншек: Шіркін-ай десеңші!
Якудаев: Доғарыңдар! Сендер көкбазарға емес, Парижге келіп
тұрсыңдар! Шалтай-балтай болмасын! Тәртіп керек! Тәртіпке ба-
ғынбағандарыңды барғасын Цека мен Чекаға жамандап қойсам,
Сенада серуендемек түгілі, сенектеріңде сергелдең боларсыңдар!
Сондықтан жандарыңды күтіп, делегация басшысына, яғни мына
мен – Якудаевқа бас шұлғып, мойынсұнуға міндеттісіңдер! Соны-
мен, түгелсіңдер ме?
1, 2, 3-келіншектер (жуасып, жарыса): Түгелміз! Осында-
мыз! Бәрі де орнында, ағай!
Якудаев: Қазір трапты әкелгенде таласып, тармасып, түк көр-
мген дүңгәналар құсап күлкі боп жүрмеңдер! Алдымен мына мен –
Якудаев түсуім керек! Прансуздар «Якудаев келеді» деп дүрлігіп,
тосып та тұрған шығар!
1-келіншек: Ағай, сіздің пәмиләңіз бір ғажап қызық пәмилә
екен! Якудаев! Мағнасы нені білдіреді, ә?
2-келіншек: Я – құдай, мен – құдай деген сөзден шыққан ба?
3-келіншек: Оригинально!
2-келіншек: Уникально!
1-келіншек: Гениально!
Якудаев: Енді... кім біледі?! Әйтеуір осал емеспіз!
Әбішев: Бұл сөздің түбі я куда, яғни, мен қайда деген сөз!
1, 2, 3-келіншектер (жарыса): Я куда? Мен қайда? Хи-хи-хи!
Ха-ха-ха! Ой, қызық-ай!
Әбішев: Иә, иә, мен қайда – я куда! Қайда баратыныңызды
өзіңіз де білмейсіз деген сөз! Я куда – мен қайда деп, бағыт-
бағдарыңызды, не істеп, не қоятыныңызды ылғи жоғарыдағылар-
дан сұрап, солардың айтқанына көніп, айдауына жүріп, қалай бұр-
са, солай томпаңдай беретініңіз өтірік пе?
Якудаев: Әй, бала, байқа! Мен қайда, мен қайда деп жүріп,
өзіңнің қайда кеткеніңді білмей қап жүрме! Ал, міне трап! Енді
түсуге де болады! Бас-басыңа мен қайда деп, әр тарапқа тарта бер-
мей, Якудаевтың соңынан жорта беріңдер!
Апыр-топыр самолеттен түседі.
Якудаев: Оң қолын көтеріп, қарнын шартитып: Сәбетский сә-
лөт, Прансия!
Ығы-жығы, сапырылысқан халық. Бұларды қарсы алып тұр-
ған ешкім жоқ. Әрлі-берлі жүреді. Аңтарылып, елеңдеп тұрады.
1-келіншек: «Апаңа да барарсың, аңырып та отырарсың» де-
геннің кері келді білем!
2-келіншек: Кісінің жынын ұстатпай, жайыңа тұршы! Қай
апаңды ұзатып ең бұяққа?
3-келіншек: Шіркін-ай десейші, беті шылп етпейді! Тәкаппар Париж сенің салпыетек апаңды қайтсін?! 1-келіншек: Мәтел болғасын айтып жатырмын... 2-келіншек: Мәтелді қойып, әтелге жетуді ойлайық! 3-келіншек: Ешкім қарсы алмай қойса қайтеміз? Қаңғыпқаңғып қайтамыз ба елге?! Якудаев: Япырмай! Біздің салмағымызды сезбегендері ме? Якудаевты безбендегенде безгектері ұстап қалды ма екен безбүйректердің? Әлде, сәбеттер саюзына көрсеткен қырлары ма? Ерегіскенде, дипломатиялық қарым-қатынасты үзсем бе екен?! Осы кезде екі француз анадай жерге кеп тұра қалады. Қолдарында плакат. Әдемілеп французша-орысша жазылған «Монсеньор Абишев» деген сөз алыстан көз тартады. 1, 2, 3-келіншектер: Әй, анаң қара! Анаң қара! Мыналар біреуді күтіп тұрған сияқты! Якудаев: Мыналар ма? Жоқ, бізді емес! Якудаев деген сөз жоқ мында! Әбішев: Тоқта, тоқта! Мынау «Монсеньор Әбішев!» деген сөз ғой! Якудаев: Болса қайтейік! Әбішев: О-о! Мен Әбішев! (француздармен амандасады) Ассалау-мағаләйкум! 1-француз: Монсеньор Абишев! Францияға қош келдіңіз! 2-француз: Қош келдіңіз Парижге! Әбішев олармен французша шүйіркелесіп кетеді. Якудаев: Қарай гөр мынаны!.. Өзін менсінбей жүрсем... Қап! 3-келіншек: Жарайды... Жастардың өскеніне қуанбайсыз ба қайта!? Якудаев: Қуанбаймын! Көре алмаймын! Ішім күйіп барады! Мен тұрғанда монсеньор болатын кім ол сонша, ә?! Әбішев пен француздар келеді. 1-француз: Қош келдіңіздер! Мсье Якудайофф! 2-француз: Мадам! Якудаев: Иә, аман, аман... (Әбішевке) Әй, сенің «ассалауыңа» жол болсын? Неге іздірәсти демейсің, ә? Әбішев: Ата-бабамыздың салтымен сәлем бергеніміз жөн емес пе! Якудаев: Какой ата-баба саған, Ұлы Отанымыз тұрғанда? Енді аузыңды «ассалау» деп керіп көр, барғасын екі айыртып, тебен
инені тарамыспен сабақтатып, табандатып тұрып тіктіріп тастай-
мын! Екіншіден, қандай блатпен монсеньор болып жүрсің?
Әбішев: Блаты несі?
Якудаев: Мыналар неге маған «мсье» деп мезірет жасай салып,
сені «монсеньор» деп хан көтеріп жатыр? Ол жерде менің пәми-
ләм, яғни, Якудаев тұруға тиіс еді ғой!
Әбішев: Ой, ағай-ай, бала боп кеттіңіз бе? Париждегілер сіздер
құсап ұсақ-түйекке мән береді дейсіз бе? Алфавит бойынша алған
да қоя салған!
Якудаев: А-а?! Жоқ, бәрібір бір гәп бар мұнда! Ладно, разбе-
ремся!
1, 2-француздар: Монсеньор Абишев! Мсье Якудайофф! Ма-
дам! (Ишара жасап, алға бастайды).
1-келіншек: Әй, әлгі біздің заттарымыз қайда?
3-келіншек: Шатыраш қызыл шабадан көздеріңе шалынбады
ма? Ішінде айырбастауға алған оны-мұныларым бар еді! Қап, құ-
рыды-ау!
2-келіншек: Менің сөмкем жоғалып кетпесінші... Ала жіппен
буылған сары сөмке!
1-келіншек (французға): Масия! Қайда біздің сөмішке?
2-3-келіншектер: Ігіде? Ігіде?
Француздар аң-таң. Әбішев олармен күбірлеседі.
Әбішев: Алаң болмаңыздар! Заттарыңыз түгел машинада! (Бә-
рі кетеді).
Екінші көрініс
Париждің қақ ортасында Якудаев бастаған үш келіншек қы-
дырып жүр.
1, 2, 3-келіншектер: Ғажап! Тамаша! Адам айтар емес!
Якудаев: Любо! Любо!
1-келіншек: Әттең, тіл білмегесін қиын екен! Мылқау болдық
та қалдық...
2, 3-келіншектер: Шіркін-ай десейші... Мүлде меңіреу екенбіз
ғой...
1-келіншек (Якудаевқа): Әлгі монсеньор баланы басқа топқа
қосып жібергеніңіз не?
Якудаев: Онсыз да қартамыз айналады! Шетелше міңгірледі
екен деп, шылбырды ұстата саламыз ба қолына? Аулақ! Менің жа-
нымда кім ол сонша?
2-келіншек: Кім болса о болсын, көзімізді ашып, қолымызды
ұзартатын еді-ау!
Якудаев: Тәйт! Сен білмейтін нәрсені білетін кісі сенің беделі-
ңе нұқсан келтіріп тұрады! Ондайларды аластау керек маңайдан!
Өзім-ақ бірдеме қылармын...
1-келіншек: Ал, бірдеме қылсаңыз... бізге туалетке бару керек!
2, 3-келіншектер: Иә, ұлы сөздің ұяттығы жоқ... Қатты қысы-
лып тұрмыз!
Якудаев: Е-е, қысылсаңдар... сендерді кім ұстап тұр? Барың-
дар!
1, 2, 3-келіншектер: Қайда? Я куда? Мен қайда?
Якудаев: Қайда, қайда? Сайға, әйтпесе айға! Қайда барсаңдар,
онда барыңдар! Немене, сендерді тосайын ба енді?!
1-келіншек: Ағай, сіз біздің басшымыз емессіз бе?
Якудаев: Е-е, болсам... мен сендердің бастарыңа жауаптымын!
2-келіншек: Жоқ, бәріне де жауаптысыз!
1-келіншек: Жауапты болғанда қандай!
3-келіншек: Өзіңіз айтып едіңіз ғой... Ебелек құсап елпілдеп,
көбелек құсап көлпілдеп кетпеңдер! Менсіз пыс етуге де, пыш ету-
ге де хақыларың жоқ деп!
Якудаев: Апырмай... айтсам... Шайды аз ішу керек еді!
2-келіншек: Ибәй! Сүт қатып бергендей...
1-келіншек: Терлеп-тепшіп шай сораптамағалы не заман!
Якудаев: Бәрібір шыдау керек! Мынадай әсем, тас қалада туа-
летті қайдан табасың? Сәбет әйелдері капиталистердің елінде тізе
бүкпейтін батыр болуға тиіс!
2-келіншек: Сонда немене, біз бітеуміз бе сонша?
3-келіншек: Әй, аузымызды қышытпай, бізге тезірек туалетті
тауып бер! Осыдан бірдеме болайық... қатындарың астанамызды
бүлдіріп, қасиетімізді қорлады деп, француздар халықаралық
жанжал шығаруы мүмкін!
1-келіншек: Оп-оңды сәбет әйелдерін Парижге алып келіп, қа-
ланың қақ ортасында, тал-түсте масқара қылды деп арыз жазамыз
ЦеКаға!
Якудаев: Жә, жә, сабыр! Қазір табамыз! Өтіп бара жатқан бір
французды қолымен ымдап тоқтатады. Әй... жолдас... тойыс, тәбә-
ріш кәпиталис, тоқтановис! Нәм нәді дәретхана! француз жымиып,
түк түсінбегенін білдіреді. Да-рит-ха-на! Уборный!
1, 2-келіншектер: О-о, борни, борни!
3-келіншек: Әжетхана деп көрші!
Якудаев: А-жит-ха-на! (Француз түсінбейді). А-жит-ха-на
деймін, әй, әкеңнің аузын ғана...
1-келіншек: Шіркін, қазағымның кең даласы-ай!
2-келіншек: Тіздеп түйе шөктірсең, көрінбейтін сай-саласы-ай!
3-келіншек (Якудаевқа): Бірдеме қылсайшы енді... Ұқпаса, қо-
лыңмен көрсетсейші!
Якудаев: Уот еті, уот еті... мадамы... ауаны сауып. Пуш-ш!
Пуш-ш! (Француз аң-таң). Уотеті, уотеті, пуш-ш! Пуш-ш! Уотеті
уотым!
Француз: О-о! Бонжур!
1-келіншек: Бері жүр деді-ау, әйтеуір!
Якудаев: О-о! Таптым! Түсінді! француз бұларды бастап, су
сатып жатқан жерге алып келеді.
3-келіншек: Ойбай-ау, өзіміз сыздап әрең тұрсақ, суарғалы
жатқаны несі, әй?!
Якудаев (французға): Ра-ра-рахмет!
Француз: Мерси!
3-келіншек: Иә, иә, сүйте алмай тұрмыз...
Француз: Мерси!
1-келіншек: Жоқ, мынауың бір сүй, сонда айтамын деп тұр!
Енді қайттік?
2-келіншек: Әй, байқаңдар! Француздар да біздің қазекең
сияқты қызқұмар келеді деуші еді...
Француз: Мерси, мадам, мерси!
3-келіншек: Адырам қал! Сүйетін хал жоқ!
Француз: Мерси!
1-келіншек (Якудаевқа): Әй, атып жіберсе де, отырып көрсетші!
Якудаев! Уотеті уотым... мадамы... пуш-ш! отырып көрсетеді.
Француз: Ха-ха-ха! Пардон! Туалет! Уо! Дәл қастарындағы
жұрт кіріп-шығып жатқан әдемі есікті нұсқайды. Селяви! (Кетеді).
2-келіншек: Мәссаған безгелдек! Біз мұны бағанадан бері кан-
тор екен деп тұрсақ!
1, 3-келіншектер: Ойбай, қызық-ай! Әйда, кеттік! (Кетеді).
Якудаев: Қап! Әй, әй, әйәйлар! Тоқта! Сендер қайда, мен қай-
да? Тоқта! Я куда?! Не де болса бірге көрейік! (Кетеді).
1999 ж.
Қисын
Айбек пен Елтайға
Жігіт домбырасын желдірте тартып, «Нақ-нақ» әнін шыр-
қап отыр.
Тобылғының түбінен
Қазық алдым сыл-сылқ,
Бөдененің етінен
Азық алдым былқ-былқ...
Абау, қыздар, абау бақ...
Екі манақ,
Нақ, нақ!
Бейтаныс әйел келіп тыңдап тұрады да, өлең біткенде, жі-
гітке ұрына бастайды.
Әйел: Иә-ә! Шанағыңды шаптап, манағыңды мақтап, неменеге
нақтап, ұлы сәскеде оттап отырсың?!
Жігіт: ?!
Әйел: О, не... аңқиясың... ауға түскен алабұға құсап... Осы сен
мені таныдың ба өзі?
Жігіт: Енді... ептеп... былай... нетіп... шырамытып...
Әйел: Шырамытқаныңды қой, шырағым... Шытырман ойнай-
тындай шырмауықтың, яки шымылдықтың ішінде ұшырасып тұр-
ған жоқпыз... Тапа тал түсте тайқып көр, тамтығың қалар ма екен?
Жігіт: Оу, айналайын... алаурама! Үндемегенге... үңгіп бара-
сың ғой! Тіпті, мен сені танымаймын да!
Әйел: Танымасаң, әкеңді танытамын қазір! Қарай гөр мұны!
Сөлбірейген орашолақ немелерді өзіміз шаужайлап-аужайлап, ты-
раңдатып қоймасақ, тырапай асқанша тырп етпес сірә? Әй, сенің
атың Көшек емес пе?
Жігіт: Жо-оқ!
Әйел: Неге?
Жігіт: ?!
Әйел: Неге сен Көшек емессің деймін?
Жігіт: Неге мен Көшек болуым керек!
Әйел: Сол! Сосын?
Жігіт: Сосын сол!
Әйел: Солдан кейін не?
Жігіт: ?!
Әйел: Әй, кебежесі бері тартып, кежегесі кері тартқан көктүй-
нек, сен мені тағы да алдап тұрғаннан саумысың? Театрда істейсің
ғой, ә?
Жігіт: Жоқ, менің театрға түк қатысым жоқ!
Әйел: А-а! Неге сенің театрға түк қатысың болмайды, ә? Болу
керек! Кім үшін ол театр? Қаракөзім қадірлемесе, кім керек қыла-
ды қазақ театрын?! А-а? Театрға қатысың болмаса, неге домбыра
ұстап жүрсің?
Жігіт: Жай... әншейін... Енді, немене, домбыра ұстап жүруге
де болмай ма? Әйтеуір, мылтық, пышақ ұстап жүргеннен гөрі
тәуір шығар...
Әйел: Әй, домбыра ұстайды екенсің, театрға қатысың болатын
болсын... Театрға қатысың жоқ екен, домбыра ұстама!
Жігіт: Апырмай... Көршімнің домбырасы еді...
Әйел: Ох, антұрған, жүзіқара! Біреудің нәрсесін неге аласың,
әй, ә? Бұл түріңмен көршіңнің әйелін де нететін шығарсың!
Жігіт: Нететін шығармын?
Әйел: Ойбай, от басқандай ыршып түстің ғой... сезікті секірер
дегендей... Ұстайтын шығарсың деймін!
Жігіт: Ұстайтын немене ол, сөмке ме?
Әйел: Қарай гөр! Сонда көршіңнің әйелі сөмке құрлы жоқ па?
Неге ұстап көрмеске оны, ә?
Жігіт: Бөтен біреуге жымыраңдап, жабыса кететін жұрттың
бәрі сен деп пе едің?
Әйел: Ибай, адырам қал, адырақ көз атаңа нәлет! Жымыраң-
дайтын мен саған қоянмын ба? Кемиек кемпірмін бе? Жабыса ке-
тіп мен саған не істедім, ә? Айтшы кәне...
Жігіт: Мәссаған! Енді бірдеңе істеуің қалып еді?
Әйел: Несі бар? Қарап отырғанша бірдеңе істеп отырған жақ-
сы...
Жігіт: ?!
Әйел: Әй, қағынды, осы сен басты қатырып, мені тағы да ал-
дап тұрсың. Осы сен Көшексің!
Жігіт: Жоқ, ойбай, мен Көшек емеспін!
Әйел: Жоқ, сен Көшексің! Құлағың мен бұғағың, қылшығың
мен тұмсығың аумаған Көшек!
Жігіт: Ойбай, Көшегің бар болсын, Көшегің бар болғыр! Он-
да әкеңнің көз құны бар ма еді сонша?
Әйел: Монтанысып жүріп, ол мені алдап соққан!
Жігіт: А-а?!
Әйел: Ал сен Көшек болмасаң кімсің?
Жігіт: Мөшекпін, ойбай, Мөшекпін!
Әйел: Түу, не деп тантырап кеттің өзі? Көшек-Мөшек, итім
білсін! Әй, сендер қайсың Көшек, қайсың Мөшек, өздерің айырып
алыңдар! Ал мен сендерге алданып, ақымды жегізіп қоя алмай-
мын! Менің домбырамды қайтарыңдар, қане! Әкел бері!
Жігіт: Иә, саған, не деп?
Әйел: Өткен жолы Көшек менің домбырамды алған... бір жұ-
мада қайтарамын деп. Сөйтсем, алдап кетіпті. Енді Көшекті көше-
ден іздер жайым жоқ. Андағы домбыраны әкел бері! Мал қайтса
болды, Көшегі не, Мөшегі не, маған бәрібір!
Жігіт: Аларсың қатқаныңды!
Әйел: Алғанда қандай! Тіпті, кешірім сұрайсың!
Жігіт: Оу, тоқта, тоқта... Сонда менің жазығым не?
Әйел: Жазығың бар ма, жоқ па, оған бас қатырып жатуға
уақыт жоқ. Менің білетінім – біреуде кеткен есемді біреуден қай-
таруым керек!
Жігіт: Мұның тіпті қисынға келмейді... Қалай енді, біреу
үшін біреуді күйдіріп... Неге мен Көшек үшін жауап беруім керек?
Әйел: Әй, бәйтөбет, балпылдама, жалпылда! Тізеңнен бір
теуіп, тұрған жеріңде тоңқалаң асырмай тұрғанда, андағы домбы-
раны маған беріп құтыл! Сосын, Көшекті тауып ал да, ондағы
домбыраны көршіңе апарып бер!
Жігіт: Ой, Көшегіңді ұрайын сол, Көшегіңді ұрайын! Керек
болса, өзің тауып ал! Тауып алған соң, шауып аласың ба, қауып
аласың ба, өзің біл! Кепкен тақтайдай қиқы-жиқы қисыныңмен
менің басымды қатырма бүйтіп!
Әйел: Қатырғанда қандай! Бұраң ағаш сияқты иір-иір, қиыр-
шиыр мисымақтарыңды тезге салып, түземесе болмас, сірә! Біреу-
де кеткен есесін екінші біреуден қайтару – қисынның көкесі! Мы-
салы, дөкейлер өз қалтасынан бір тиыны шығып кетсе, елдің есе-
бінен бірнеше есе ғып қайтарып алады ғой! Енді біреулер мықты
жерге жұмысқа тұру үшін пәлен мың пара берсе, артынан басқа-
лардан түген есе ғып өндіріп алып жатқан жоқ па?! Солай! Сон-
дықтан мен Көшек қылғытқан домбырамды Мөшектен мыңғыр-
тсам, айып па екен?!
Жігіт: Дұрыс қой, дұрыс енді... Бірақ, менің қандай қатысым
бар Көшекке?
Әйел: Ол неге мені алдайды?
Жігіт: Оу, мен қайдан білейін? Оны Көшектің өзінен сұра!
Әйел: Жоқ, сен бері қара... Адам құсап жауап бер, Көшек мені
неге алдайды?
Жігіт: Әй, айналайын, мен қайдан білейін?
Әйел: Білгенде қандай! Білесің! Бәріңнің ым-жымың бір! Көр-
сетермін әлі сендерге! Кімді мазақ қыласыңдар?
Жігіт: Сендер деп мені Көшекке қосақтама! Менің қандай кі-
нәм бар?
Әйел: Бар, бар! Жетеді! Сендер бәрің де сондайсыңдар!
Жігіт: Қандаймыз?
Әйел: Обшым, бәрің де оңбағансыңдар! Әйтпесе, мені алдар
ма едіңдер?!
Жігіт: Өй, мен Көшекті мүлде танымаймын да!
Әйел: Неге танымайсың? Таны! Тануың керек! Әй, сен өзің
тіпті ұятсыз екенсің ғой! Ана Көшек оңбаған әп-әдемі әйелді қан-
қақсатып, тайраңдап жүр, ал сен оны танымайсың да! Сосын ол
құтырмағанда қайтеді?!
Жігіт: Апырмай, енді...
Әйел: Егер сен азамат болсаң, ондай ұры-қарыны сығып-
сығып, сорғытып алмас па едің? Сөйлегенде үрген қарындай күм-
пілдеген өңкей кәукілдек, шынтуайтқа келгенде шеттеріңнен ын-
жықсыңдар! Менің домбырамды қайтып алып бере алмағаннан
кейін, сендерді біржола жауып қойдым!
Жігіт: Қап! Ызасы өтті-ау әбден! Бәлем Көшек осыдан бір
қолыма түсерсің!
Әйел: Өй, еркек! Міне, нағыз азамат осындай болуы керек! Ол
шұнақты қолыңа түсіріп, кебенегін сыпырып, кебегін елейтініңе
күмәнім жоқ! Сонда менің домбырамды алып, көршіңе берерсің!
Мына домбыраны маған бер! Бол, қане, азамат деген атың бар!
Жігіттің есін жиғызбастан, домбыраны алып, әндетіп жүре береді.
Е, бәсе! Екі манақ, нақ, нақ, нақ, нақ!
Жігіт: Қап! Ісім сенімен болсын, Көшек! Қайдасың? (Кетеді).
1999 ж.
Балпылдау мен салпылдау
Әйелі: Әлө, әлө, әлөу! Әй! Күйеуі: Дәлө, дәлө, дәлөу! Дәй! Әйелі: Иә, халың қалай? Күйеуі: Итің-қыртың! Әйелі: Сенікі митың-митың болса, біздікі мықшың-мықшың! Ауылда баяғыдай тлипон да жоқ, бәрі капут! Содан әдейі ауданға келіп, он мүйнөтке талон алып, сіңлімнің үйінен шылдыратып тұрмын. Саған ақша жіберейін десем... әдірісіңді таба алмай... соны сұрайын деп... Күйеуі: Ой, жарайсың! Ақшаңнан да, басқаңнан да айналып кетейін сол! Қоржының қомақты шығар деп емексіп, еметайым езіліп бара жатқанын қарашы! Әйелі: Қызыл қасқа сиырды қара қасқа кәмерсантқа өткіздім. Соның азын-аулақ тиын-тебенін пошта қатынның мұрны қолағаштай бұйра қасқа байынан беріп жіберейін десем, кішкене кілтипаны болып тұрғаны... Пошта қатын қыртиып жүр, мүсәпір құрдастың қалжасында қақтығысып қалғанбыз... «Байым апармайды, поштамен жібер» – дейді. Поштамен жіберсем, ақысына жарты ақшамды сыпырып алмай ма? Әйтеуір, біз байғұсты жағалай тонау... Күйеуі: Апырмай, енді... Шекіскенді шендестіріп, кетіскенді кіндіктестіріп жіберетін құйтырқың қайда? Аждаһадай арбап, шырмауықтай шырмап ал! Әйелі: Кімді? Күйеуі: Поштекеңді! Әйелі: Поштекең дейді ғой тұштаңдаған немені! Қайыр сұрап кетсең де, оның аяғына жығылар жайым жоқ! Күйеуі: Өй, осы сенің көрінгенмен кермалдасып жүретін көрмәдік мінезіңнен-ақ мезі боп біттік-ау әбден! Тыриып алып, тыштаң-тыштаң етіп, тантисың кеп-кеп! Жолап кетсең даң-дұң, бажбұж, қалш-қалш, дал-дұл! Әйелі: Ибай! Не дейді әй мына көгала? О, көрбілте, о, нақұрыс, әулекі, әңгүдік, әңгі, айуан, сормаңдай, лағанат, қайыршы, миғұла, монтаны маймыл! Иманыңды қасым ғып, құлындағы даусыңды шығарайын ба осы? Қарақшыдай қалқаңдаған неме, қауқиып жүргенің кімнің арқасы екенін ұмытайын деген екенсің! Үс-
тіңнен бір жапырақ қағазды қойқалақтатып кеп жіберсем, қаңкө-
белек ойнап, қиқалақтап кетерсің!
Күйеуі: Әлө, әлө! Түу, мына құрғыр ескі құбыр құсап құрыл-
дап-шұрылдап... Түк естілмей кетті ғой өзі!
Әйелі: Айтақ!
Күйеуі: Өй, даңқылдағым-ау сол! Осыныңа дейін сағындым
ғой... Өстіп борсылдатып-борсылдатып алшы... бір балбырап қа-
лайын... Әйтпесе, мен қайбір оңып жүр дейсің. Сірескен сірі жа-
нымды жібітер шуақ таппай, сыртқа сес көрсетіп, дорбиып жүрмін
ғой әйтеуір! Әйтпесе, сенің алакөбеден тұрып, сауыс-сауыс боп
сиыр сауып келгеннен кейін қасыма жата қалғанда аңқып қоя бе-
ретін қоңырсы иісіңе дейін сағындым...
Әйелі: Мен де сенің неңді... иісіңді сағындым!
Күйеуі: Мындағылардың ондай иісі де жоқ! Әтірлері мүңкіп,
миыңды айналдырады!
Әйелі: Әй, сен кімді иіскеп жүрсің о жақта?
Күйеуі: Жоға, ойбай... Жолатпаймын... Жай, алыстан иістері
келетінін айтамын да!
Әйелі: Иісшілін...
Күйеуі: Енді қайт дейсің? Иістері бұрқырап тұрса... Танауың-
ды қытықтағанда, қалай түшкіріп жібергеніңді де білмей қаласың!
Мұрнымды кесіп тастайын ба енді?!
Әйелі: Кеспей-ақ қой! Өзіме ап кел! Енді мен де сиыр сасы-
май, жұпар иісті боп жүретін шығармын!
Күйеуі: Ой, маладес!
Әйелі: Несіне мәз боласың, әй, ә, мәжнүнім?! Қорада сиыр
қалған жоқ! Көр де тұр, сол сиырдың иісін аңсармыз әлі!
Күйеуі: Сиыр қалмағаны несі? Аңғал-саңғал ауылдан үркіп,
Үндістанға үдере көшіп кеткеннен сау ма өздері?
Әйелі: Үндістанға жеткізбей, қан сасытып қырып тастаған
жоқпыз ба? Қу тіршілік, күнкөрістің қамы бүкіл малдың қанын
ішкізген жоқ па? Сенің лексияң мен сексияң да түбіне жетті!
Күйеуі: Енді... оқу оңай ма? Әр емтихан пәлен теңге! Ештеңе
етпес, бітіріп қалдық қой...
Әйелі: Сен де оқитын уақытты тапқан екенсің! Әрбірдесін, қа-
зір дипломның керегі не? Әншейін қатқан қағаз. Талайдыкі жатыр
әбдірәнің түбінде адыра қалып! Онсыз да байып алды жылпостар...
Күйеуі: Сонда да оқыған деген аты неге тұрады!
Әйелі: Айтпақшы, осы сенің оқуың ненің оқуы? Әнеугүні кі-
сәпір құрдастың қалтасында кісілер сұрап, не дерімді білмей, жер-
ге қарай жаздадым. Әйтеуір, әуелі құдай, сосын бай біледі деп сы-
тылып кеттім!
Күйеуі: Шыныңмен білмейсің бе? Заттехник!
Әйелі: Ойбай көтек! Ауылда мал қалған жоқ, сенің заттехни-
гіңе жол болсын!
Күйеуі: Жә, бір жөні болар! Мүмкін, бастық боп кетермін...
Әйелі: Мейлі, не болсаң да аман бол. Ал, әдірісіңді айт, ұмыт-
пай тұрғанда...
Күйеуі: Ал, жаз... Го-о- рыт...
Әйелі: Тоқта, ойбай... Қағаз тауып алайын... И-и, қағаз болу-
шы ма еді елде... Кітапхананы құртты... Бүкіл ауыл, тіпті, аудан-
ның өзі бірде-бір газет алмайды қазір. Оқығымыз-ақ келеді, жаз-
дырып алуға ақша жоқ. Мақрұм қалдық қой мүлде...
Күйеуі: Газет алмасаңдар, отты немен тұтатып жүрсіңдер?
Әйелі: Отын болса, тамызық табылады ғой...
Күйеуі: Ойбай-ау, ағаш, көмірден де жұтап отырсыңдар ма?
Әйелі: Енді... Баяғы сапқоз жоқ, жаздырып алатын. Еккен
егін, төккен тер босқа рәсуа болып, желге ұшып жатыр. Ауылдың
алған астығы жұмсаған бензин-сәләркәсін өтеуге де жетпей, ұста-
ғанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, белшеден қарызға ба-
тып, тұралап қалғанын шынымен білмейсіңдер ме? Ағаш түгілі,
қалаш әперетін қауқары жоқ қазір...
Күйеуі: Қи оймадыңдар ма?
Әйелі: Қайдағы қи? Сенің миыңды оймасам... Қорада қой қал-
ған жоқ!
Күйеуі: Даладан тезек термеп пе едің?
Әйелі: Бүгінгінің малынан жөні түзу тезек түсуші ме еді?!
Күйеуі: Қап! Баздарды бұзып болды ма? Бір қыстық отын
алып қалмадың ба?
Әйелі: Ойбуй, талпақ табан тәйтігім-ау сол, сенің жалпақ ба-
сыңда жапалақ құрлы ми болсашы! Он мың қой, үш мың сиыр,
мың жарым жылқы сиятын қоралардың қаңқиған тас қабырғалары
ғана қалғалы қашан! Ойран-ботқасын шығарып, отқа тығып жібер-
генбіз... Қора-қопсы түгілі, көшіп кеткен үйлердің тамтығы қалған
жоқ. Монша, клуб, балабақша, дүкен дегендерің тас-талқан болған.
Қаңыраған ауыл баяғы бомбыланған Берлин сияқты үңірейіп,
үрейіңді ұшырып тұрады! Қолынан келгендердің бәрі қопарыла
көшіп жатыр. Қояншық қайнаға да кетті. Жаз шыға пияншік қай-
ным да қозғалмақ!
Күйеуі: Кетерлік бере алдың ба қайнағаңа?
Әйелі: Немді берем?!
Күйеуі: Тым болмаса қара текені сойып бермедің бе? Жынды-
ға жарай беретін еді...
Әйелі: Қара теке жоғалып кеткелі не заман!
Күйеуі: Әй, ай қарап жүрсің бе? Неге ие болмайсың, ә!?
Әйелі: Еркек итке дауа бар ма? Ол түгілі, саған ие бола алмай
отырған жоқпын ба? Шуашы бұрқырап, әр ешкінің соңында соба-
лақтап жүргенде біреу тырапай асырды білем.
Күйеуі: Ойпырмай, сендерге дауа болмас! Салдыр-салақты
қойып, алдарыңдағы малды дұрыстап бағуға болмай ма?
Әйелі: Е-е, дұрыстап баққанда, қойнымызға алып жатайық па
енді? Ауылда қазір ұрлық-қарлық үдеп кетті.
Күйеуі: Күзетіңдер жөндеп!
Әйелі: Қорығанның қапысын торыған табады. Терезеден түс-
кен, қораның құлпын бұзған былай тұрыпты-ау, қабырғаның кір-
пішін қопарып тастап, соғымды суырып әкеткен де бар!
Күйеуі: Қойшы сен де. Елден аққұла қара пәлені төндіріп...
Мелтсия, заң бар емес пе? Ұстатыңдар ұрыларды...
Әйелі: Кедей-кепшіктің жоғын қашан жоқтап еді мелтсияң?
Іздемек түгілі, арызыңды жөндеп тыңдамайды да. Әрбірден соң
ұры-қарымен ым-жымы бір. Үйірлеп әкетіп жатыр...
Күйеуі: Күресіңдер!
Әйелі: Ауызға бәрі оңай... Бір малды өсіруге қаншама уақыт,
қаншама еңбек кететінін есептеп көрдіңдер ме екен, шіркін! Жем-
шөп дегенің қазір қиынның қиыны. Тіпті, амалдап жиып алған
шөбіңді бір-ақ күнде өртейді де жібереді. Маядағы шөп түгілі, да-
ладағы өсіп тұрған шөпке дейін жанып жатыр. Өртенген орман
анау!
Күйеуі: Ой, осы сендер де... Қашан көрсек те, зарлайсыңдар да
отырасыңдар, зарлайсыңдар да отырасыңдар... жоқ, жоқ, жоқ деп...
бір мезгіл бармыз, баймыз деп мақтанудың орнына. Басқа жұрт
күлмей ме бізге, жұтап жатыр деп, ә?! Ұяттарың жоқ сендердің...
Әйелі: Әй, енді қайт дейсіңдер, ә, қараң қалғырлар?! Бұл –
зарлау емес! Бұл – шындығымыз! Бұл – біздің өміріміз! Тағдыры-
мыз! Шынымызды айтсақ, аузымыздан қағасыңдар ғой! Бүкіл
ауылды қаланың қорқауларына байлап-матап беріп, талан-тараж
қылған тап мына сендердің ұяттарың жоқ!
Күйеуі: Жә, жә, байқа, біреу естіп қалмасын! Ел жағдайын
тексеруге барғандар «халық аштан өлмейді, дастархандары майлы,
тоқ екен» – деп келеді ғой осы!
Әйелі: Өй, олардың тап аузына с-с... Не деген түйсіксіз-әй, ә? Ойбай-ау, сыйқонақ деп, оларға аузымыздан жырып, қарызданып, қауғаланып, барымызды тоспаймыз ба?! Жағдайымыздың ауырлығына көзердері жету үшін әбизәтілні аштан өлу керек пе? «Аштан өлмейсіңдер» деген не сөз, әй? Адам құсап өмір сүруді неге айтпайсыңдар, ә?! Күйеуі: Қой енді, беталды лаға бермей! Адамзат жиырма бірінші ғасырға кіргелі тұрғанда, күнкөрістің қамын сонша сөз ғып... Әйелі: Сол жиырма бірінші ғасырларыңа ауылдың бәрін бытшыт қылып қиратып тастап, өздерің әп-әдемі боп алшаңдап кіргілерің кеп жүрген шығар! Күйеуі: Жә, шаптықпай, аптығыңды бас! Жұрттың басын ауыртпай, ауылды өздерің жөндеп алыңдар! Жұмыс істеңдер! Әйелі: Жұмыс жоқ болса, нені істейміз?! Мал өсіру бір бейнет болса, сол өсірген малды сату – екі бейнет. Су тегін кетеді... Жер алып, егін егуге ешкімнің құлқы да жоқ, қауқар, құралы да жоқ. Қазіргі егінді бұрынғысы бар, бүгінгісі бар, бастықтар өздері үшін өсіріп, өздері жабылып жеп жатыр. Жай халық жер алса, салықтың астында қалады, алған өнімі шығынын өтеуге де жетпейді. Шарасыздықтан шерменде болған жігіттер араққа салынып, күйреп барады. Күйеуі: Оларға айт, кенезелері кеуіп жатса да кежегелері кері тартуын қоймаса, кебежелері ешқашан толмайды де, өздерін өздері алып шықпаса, ешкім де көмектеспейді де. Зарлай бермей, қайрат қылыңдар. Жә, болды, қағаз таптың ба? Әйелі: Жоқ! Мейлі, алақаныма жазып алайын... Айт әдірісті... Күйеуі: Жаз! Го-орыт... Әйелі: Тоқтай тұр, ойбай... Қаламсабым да жоқ екен ғой! Күйеуі: Туһ! Қаламсапқа қаражатты шалдың пенсиясынан-ақ қымқыра салмадың ба? Әйелі: Айт, чікін-ай! Атамның үш мың теңге пенсиясы қантшайдан артылмайды. Жұрттың жыртығына жамау, тесігіне тығын боп отырған – осындай азын-аулақ пенсиялары. Бізді асырап отырған кемпір-шалдар кеткен соң қайтіп күн көрер екенбіз?! Күйеуі: Апырмай! Шынында да ауылдың кемпір-шалдарын тым төмендетіп жіберген екен-ау, ә?! Әйелі: Соған ақылың жаңа жетті ме? Өмір бойы мал бағып, жер жыртқан, күндіз-түні дамыл таппаған қариялардың маңдай тер, табан ақысы үш-ақ мың теңге болғаны ма? Әй, обал ғой,
обал!!! Осынша алалауға дәттері қалай барады, ә?! Айтсаңдаршы
аналарға!
Күйеуі: Біздің сөзімізді құлақтарына қыстыра ма? Е-е, жаным,
қайтесің, қайсыбірін айтасың? Бас аман болсын! Таптың ба қала-
мыңды?
Әйелі: Жоқ! Қаламсапқа да қол жетпей жатқанда, кампитер-
мен қарық қыламыз дедіңдер-ау, қайтейін! Жарайды, әңгімесі бар
болсын, айта бер әдірісті. Бәкімен еденге тырнап жаза қояйын!
Күйеуі: Ал, жаз... Го-орыт... (Телефон байланысы үзіліп кете-
ді. Гук, гук, гук).
Әйелі: Қап! Бітіп қалғаны ма шынымен? Балпылдаймын деп,
бостан-босқа салпылдағанымды қарашы! Тағы збандайтын бол-
дым-ау! Міне, тлипонға дейін тонайды бізді! (Кетеді).
1999 ж.
Сарқыт Ербайға Сіздер қонаққа барасыздар ма? Барасыздар... Сарқыт аласыздар ма? Аласыздар. Алыңыздар, алыңыздар, бұйырсын. Біз де аламыз. Қонақжай қожайындар қиғанынша, қойны-қонышымызға сыйғанынша дегендей... Тіпті, тайраңдап тойға тартқан топайкөктерге де: «Әй, сарқыт ала кел! Көп әкел! Әйтпесе келме!» деп, гүжілдеп, күжірейіп, қаймана қазақтың тойынан дәметіп, тамағымыз ісе қалатыны бір ғажап емес пе? Тойдың дәрежесін де сарқытын сораптай отырып сараптап, даңқ пен дақпыртын да сарқытын асаған сайын арттыра түсетініміз ақиқат. Тоқетері, барқыт бермесең де, сарқыт бер! Оны жұрттың бәрі жақсы көреді! Ал, бірақ менің Иірбай құрдасымның сарқытқұмарлығы... оййой-ой! Ол қонаққа сарқыт алу үшін ғана баратын сияқты. Дастарханға отырар отырмастан, дәмнен ауыз тиер-тиместен алақ-жұлақ етіп қамдана бастайды. «Әкетеді-ау!» деп, зәреміз зәр түбіне кетсе де, амал жоқ, дымымыз ішімізде. Жұртта жұмысы жоқ, Иірбай: «Әй, ән жерінен бір кесіп бере қойшы, әкетайыма апарайын, міне жерінен бір кесіп бере қойшы, жәкетайыма апарайын» деп, сыпырып-сиырып алуға кіріседі. Әрбір істің маманы болады, маманның ісі жаман болмайды. Иірбай – сарқыт алудың сары сүйек саңлағы. Қиқымдап, қысылып-қымтырылып, қараптан-қарап қуыстанып, қалтырап, қожайкеден қағаз-мағаз сұрап, мәймөңкелеп жатпайды.
Қойнынан ала дорбасын суырып алады да, қолына түскенін тоғыта
береді. Дорба дегенде, бір-екі бөлке нан мен екі-үш бөтелке сия-
тын тылтиған бірдеңе екен деп қалмаңыздар. Кәдімгі қант салатын
қап қайда, содан арнайы жасалған спецназ дорба! Дегенмен өзінің
ұяты да жоқ емес, жан-жағындағысын жалмап болғасын сенің ал-
дыңда жатқан майлы сүйекті нұсқап, «Алсайшы» дейді қиылып.
Ол айтты екен деп бас салмайсың ғой, азар да безер боласың. «А-а,
онда мен алайын» деп, добалдай қолымен дорбаға қарай домалата
салады. Жамбас, жіліктерді бітіргеннен кейін, бірер жартылық пен
бірнеше түрлі түсті суларды да сүңгітіп жіберетіні бар.
Бірақ, бұл Иірбайдың сау кездегісі. Қызықтың көкесін мас боп
алғаннан кейін көрсетеді. «Сендер жөндеп сарқыт алуды да біл-
мейсіңдер. Мұнда да тәртіп, жөн-жоба керек. Яғни, тартылған та-
ғамдардың барлық түрінен де алу керек сарқытты. Ертең бүкіл ел
көрсін... білсін!» – деп, мән үйретіп алып, дастарханның ту-
талақайын шығарады. Тықпалап, сықап алғаннан кейін: «Иірбай
тықпайды, тыққаны қайтып шықпайды!» деп әндетіп жүріп, дор-
басының аузын шиелеп байлап, тастай қылып тастайды. Қонақтан
қайтарда қасында жүруге ұяласың, ананың дорбасында ортағы
бардай көрінем бе деп. Иірбай оны ұрсын ба: «Әй, кел, болысып
жібер» – деп, дорбасының бір құлағын ұстатып та қояды. Қашқақ-
тасаң: «Ертең бірге ішкенде сондайсың» – деп, күйелей де салады
жүзі жанбай.
Осымен тоқтайды екен демеңіздер. Енді шай келмей ме? Шай
келгенде, Иірбай ерекше шабыттанып кетеді. Күлімдеп, құлағына
дейін қозғалып, шашы желкілдеп, танауы желпілдеп, өзі біртүрлі
құлпырып, әдеміленіп шыға келеді. Енді қалтасын қосады іске.
Жәнете жұрт құсап бір-бірлеп теріп, әуре боп жатпайды. Тәтті-
пәттіні апандай қалтасына тәрелкесімен аудара салады. Қалтасы да
иір-иір, қиыр-шиыр, жықпыл-жықпыл жұмбақ дүние. Кішігірім
тәрелкесымақтар түсіп кетсе, жоғалып та кетеді. Өйткені, қалта-
сының түбін жыртып қойған: айналасы атшаптырым кәстөмінің
астарына дастарханды түгел тығып жіберсең, дымы білінбес-ау,
сірә! Бір күні алуға болатынның бәрін алып болғасын, сары майды
уыстап-уыстап қалтаға ұрды-ау қасқаң. Сол кезде бір кесе варень-
ені ұсына қойып едік, Иірбай қойнына құйды да алды! Кетті солай,
қатынын қолтықтап, бұтынан вареньесін сорғалатып!
Әлқисса, бір күні Иірбай үйіне удай мас боп келеді. Онда тұр-
ған не бар, кім мас боп келмей жатыр. Қайта, осы күні үйге сау
келген ұят, ешкімге кәдірі жоқ адам құсап. Иә, содан Иірбай ире-
леңдеп жатпай ма! Жиырылып қарсы алса да, қайтсін, әйелі мұның
қырын сындырмайын деп, таңертең киімдерін тазалап, өтектейді
ғой баяғы. Бір кезде қараса, шалбардың артқы қалтасы томпиып
тұр екен.
– О-о! Мынау не?! – деп бас салады.
– Сарқыт! – дейді теңкиіп жатқан Иірбай танауының астынан
Әйел заты – әуесқой, әрі ылғи алып дәндеген кісі, аптығып, әл-
гіні суырып алса... о, сұмдық! Бөтен әйелдің ішкиімі! Ішкиім бол-
ғанда да әлгі екі-ақ елі нағызының өзі!
– Әй, мынауың не?! – дейді талып қала жаздаған әйелі, дауысы
тарғылданып.
– Сарқыт! – дейді Иірбай.
– Ненің сарқыты? – дейді әйелі, әлгіні саусағының ұшымен
жирене іліп алып.
– Соның сарқыты! – дейді манаураған Иірбай.
– Мынау ма сарқытың? Мә, атаңа нәлет, өзің же! – деп, дол-
данған әйелі әлгіні тұмсығына тақағанда, көзі атыздай боп атып
тұрған Иірбай изеңдеп-изеңдеп кетіпті. Ал, несін айтасың, масқара
майдан басталды. Мәлаған болды. Ант-су ішті Иірбай. «Білмеймін,
көргем жоқ, есімде жоқ» – дейді. Оған кім сенеді? Бір кезде есіне
сап ете түседі. Бірге ішкен жолдастарын жияды. Куәлікке тартады.
Сөйтсе, бұлар кешкісін әбден сілтеген... Қайран арақтың қызығы
да, шыжығы да кең жерде, қонақта отырып ішкенде емес, қайдағы
бір қуыс-қуыста, қараңғы қалтарыста, қашып-пысып жүріп ішкен-
де ғой... Бұлар бір қағаберісте қағып тұрмай ма, шерлерін тарқа-
тып, мұңдарын шағып тұрмай ма? Содан Иірбай сиырбай болуға
жақындағанда өзінің сүйікті сарқыты туралы сыр толғамай ма?
«Сарқыт алмасам саусағым сырқырап, қолым қақсайды» – деп,
сарнайды келіп. Алайын десе, гараждың ығында ыңғайлы ештеңе
жоқ. Сол кезде бір құрдасы сол маңайда жаюлы тұрған кірді нұс-
қап жібереді. «Е-е, бәсе! Өзім банды, қолым қанды... иә, сәт!» –
деп, қолға іліккенін Иірбай қалтаға ұрмай ма?! Кездейсоқ па, әлде
Иірбайдың қолы сондайға үйірсектеу ме, әйтеуір әлгі екі елі пәле-
кетке кезіккенін қарасаңшы! Ал, енді ақталып көр! Әйтеуір, бірге
болған бүкіл жолдастары жабылып: «Киюлі тұрған жерден емес,
ілулі тұрған жерден алғаны рас. Бетін бір сипап, қалтасына бір-ақ
тыққанын көзімізбен көрдік» – деп, куә болып: «Жуылған, таза
нәрсе екен ғой... Ештеңе етпес, ерегіскенде киіп ал!» – деп жұба-
тып, оған да қоймағасын: «Сен бұған да шүкір де! Сарқыт деп
СПИД алып келсе, қайтер едің?!» – деп шошытып, әзер дегенде
татуластырыпты. Ой, бірақ рахат болды, несін айтасың! Қазір Иір-
байдан оңды кісі жоқ, сарқыт алуды сап тиды. Солай, бауырлар,
бірдеңе ала қалсаңыздар, алғаныңа бір, жан-жағыңа бір қарап алы-
ңыздар!
1999 ж.
Опию мен сопию
Қайрат пен Бағланға
Доцент: Қазақта «Отырса – опақ, тұрса – сопақ» деген сөз бар.
Осыны таратып көрші қане!
Студент: Енді... ол... былай... Отырсаң – опитам, тұрсаң – со-
питам дегені шығар!
Доцент: Немене немене дейді?
Студент: Ағай-ау... Отырсаң – опақ, тұрсаң – сопақ қыламын
дегенде, отырсаң – опиясың, тұрсаң – сопиясың деген!
Доцент: Өй, өзің шатып-бұтып, ата сөзінің сау-тамтығын қал-
дырмай, лағып кеттің ғой мидай далаға...
Студент: Ойбай-ау, ағай-ау... мына қараңызшы... Кісі тұрған-
да сопияды ғой! Міне, тұрмын ғой алдыңызда сопиып!
Доцент: М-м, да! Жарайды, хош делік. Сопағың осы болсын!
Ал опағың нені білдіреді, ә?! Опақ... опақ... ол не?
Студент: Енді... тұрғанда сопиған адам отырғанда опимай
ма? Міне, міне, отырдым – опидым! Опағың осы!
Доцент: Иоппырмай! Опию мен сопию! Джунглиде жүрген-
дей жүйкемнің жұлма-жұлмасын шығардың-ау!
Студент: Ағай, ағай, сабыр, сабыр! Сіз жұлым-жұлым болса-
ңыз, біз жырым-жырым болармыз. Міне, қараңызшы, кісі отыр-
ғанда о әрпі сияқты домаланып қалады. Отырсаң – опақ деген сол!
Доцент: Әй, малтаңды езе бермей, білмесең, білмеймін де!
Студент: Неге білмеймін? Мағынасы сайрап тұр көкірегімде!
Доцент: Ал, айтшы... мағынасын...
Студент: Мағынасы... ойбай-ау, ағай-ау, міне, мына сіз мені
отырсам – опақ, тұрсам – сопақ қылып тұрсыз ғой... кіріптар бол-
ғасын... әйтпесе...
Доцент: Хе-хе-хе! Жә, елеуреме! Емеурініңді түсіндік... Екі
жарымға жетер-жетпес есің бар... Нобайлап соғып тұрсың...
Студент: Ағай, ағай, тағы бір сұрақ! Тағы бір сұрақ!
Доцент: Ма-а-құл! Тағы бір сынап көрейін... Қазақтың «қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ» деген сөзінің мәнісін ұқтыршы бізге! Студент: Оның мәнісі не... көкірегімде сайрап тұр, ағай... бірақ тілім жетпейді! Доцент: Ой, сенің көкірегің бар болсын, көкірегің... сайрайды да тұрады екен! Бірақ, дұрыс сайрамайды! Студент: Енді... қағанағы қарқ дегені – қарық болу, тоғаю, тойыну, мәрә-сәрә, сондай... Доцент: Қандай, қандай? Студент: Сондай, сондай! Доцент: Кәңкіретні... қағанағы деген не? Студент: Қағанағы... қағанақ... тайғанақ... шырғанақ... сырғанақ... сырманақ... шу-манақ... бірманақ... Доцент: Әй, сырманақ, шуманақ, бірманақ – жалайырдың үш тармағы, қағанаққа қатысы жоқ. Сырғақтамай, тайғақтамай турасына көш! Студент: Қағанақ... қаған... қағанат... Доцент: О, сандалкөгім-ау сол, соқ! Студент: Жобалап айтқанда, қағанат, яғни, мемлекеттің бүкіл халқы күйлі-қуатты болса, қағанның қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ болады деген сөз! Доцент: Түлкібұлаңды қойып, бөрі бүлкекке сап, жалмаң қақтырмақпысың, а, жүрдегім?! Алдымен қаған тоймай, халық қарқ болыпты дегенді қай киіз кітабыңнан оқып, қай желауыздан естідің, ә? Студент: Мен енді... нетіп... топшылап... Доцент: Долбар доллар емес! Дұрыстап жауап бер! Студент: Қағанақ... сағанақ... қарқ-сарқ, қағанат... қанағат! Қанағат! Доцент: Иә? Студент: Қанағат керек! Бәрімізге де, маған да, сізге де, қараға да, ханға да қанағат керек! Қанағат болса, бүкіл халықтың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болады! Доцент: Қате! Өте қатты қателесесің! Қанағат пен қағанақ мүлде қарама-қарсы нәрселер! Студент: ... Ә-ә... Қағанақ әлде қарын ба? Асқазан, бөтеке, жұмыршақ, жұтқын, өңеш... Қағанағын тапсам, сағанағы тағы бар! Қарқ дегені қарық болса, сарқ дегені не? Салық па? Әлде, қазаны сарқ-сұрқ, сақұр-сұқыр қайнады дегені ме екен?! Ә!? Қап! Не де болса нартәуекел! Ағай, төтесінен бір-ақ басуға бола ма?
Доцент: О не, тағы да көкірегің сайрап тұр ма? Ал, көрейік! Студент: Ағай, егер осы емтиханнан аман-есен өтіп кетсем, менің қағанағым қарқ, сағанағым сарқ болмай ма?! Осыным қалай? Доцент: Тура! Студент: Айтпақшы, ағай, сіздің әдрісіңіз қалай? Доцент (жазып береді): Жарайды, бала, біраз еңбектеніп, іздендің. Оқығасын осылай миды ауыртып оқу керек! Саған бес көп болады, төрт дөп болады! (Қол қойып, зачеткасын береді). Мә, айналайын, өзің бір көргенді бала екенсің. Иә, биылғы соғымы қалай болды әкеңнің? Студент: Білмеймін! Доцент: Білмегені несі? Сыбаға келген жоқ па? Студент: Енді... көптен хабарласа алмай... қазір жол жүру оңай емес... Қыс көзі қыраулы... Доцент: Шіркін, сіздің үйдің соғымы керемет болушы еді... Ана жылғы... сен оқуға түскенде... сере шыққан қазының дәмі былтырға дейін аузымнан кетпей жүрді. Студент: Біздің шешей қазы айналдыруға шебер. Ерекше әдісі бар... Доцент: Соны тағы бір көрсе, шіркін! Әйтпесе, ұмытылып барады. Ұмыт болған жерде үміт жоқ! Студент: Абыржымаңыз, ағасы. Амандық болса, сессияны бітіріп алғасын, асықпай, ауылға барып, аунап-қунап дегендей... Доцент: Өй, ол кезде менің қолым тимеуі мүмкін... Студент: Оқасы жоқ! Біз өкпелемейміз! Диплом алғанда келерсіз! Доцент: Дұрыс қой, дұрыс... Бірақ, барысып-келісіп, алысыпберісіп тұрмасаң жақыныңмен де жат боласың дегендей... Студент: Аталы сөз екен! Өзіңіз соғымнан қалайсыз? Доцент: Е-е, бұйырғаны бар ғой... Студент: Онда... Ағай десе, жат болып кетпеу үшін, сіз біздікіне келгенге дейін, мен сіздікіне барып тұрайын... Доцент: Һм-м... иә... енді... Студент: Ағай, арнайы шақыра алмадым деп қысылмаңыз! Баяғыда, сіз біздің үйде қонақта болғаннан кейін, қазақ жөнімен бізді шақыруыңыз керек еді. Оған сәті түспеген шығар, ештеңе етпейді. Біз тәкаппар, кекірт кісі емеспіз. Бір кеште... көп әуресарсаң қылмай... ақырын ғана кіріпшыға қоямыз... Әдріс қалтада!
Доцент: А-а... қазір не... қыс уақыты... қараңғы ерте түседі...
кеш қауіпті! Шермәштар да шытыр-шытыр етіп, шытынап тұрған
заман...
Студент: Ой, ағай, ниет түзу болса болды... Мені уайымдама-
ңыз, мен жалғыз жүрмеймін... Арысы атандай, берісі бұқадай бес-
алты жолдасымды ерте барамын!
Доцент: А-а!
Студент: Рахмет, көп рахмет, ағай! Ертең сіздің үйде көріс-
кенше сау болыңыз! (Кетеді).
Доцент: Қап, мынаны-ай! Собықтай сымпиған, тобықтай
тымпиған бес-алты аш студент бір жылғы қыртысымды бір-ақ
қарпып, қопарып кетпей ме? Қой, бір жаққа жылыстап, жан сақтай
тұрмасақ, опию мен сопиюдың көкесін көріп жүрерміз, сірә!
(Кетеді).
1999 ж.
Қиялилар қосылғанда
Күлдіргі бірдеме
Ақын: Па, шіркін, түн ортасында ұлы Абай атамыздың түбіне келіп, оңаша ойға шомған қандай тамаша! Әйеліме де рахмет, үйден айдап шыққан... Әйтпесе мен мұндай керемет күй кешер ме едім! Қарашы міне... түн... тып-тыныш... Мен және Абай... ә-ә, тойыс, Абай және мен! Пай, пай, пай!.. Тоқта, тоқта, мынау тықтық етіп, түннің төбесін тесіп келе жатқан кім ей? Әйелім боп жүрмесін... мені аңдып жүрген... Қылады-ау қылмақшыны – Абаймен сырласып тұрғаныңа сендіріп көр, мықты болсаң! У-уһ! Басқа біреу... өзі еркек, әй! Үстінде – шапан, қолында – домбыра. Ә-ә, әртіс екен ғой, оңды болды, ей. Кішкене ән салғызып, көңілімді көтерейін... Шіркін, осындай айлы түнде... бүгін айлы түн, тек қана қаланың қою түтіні жасырып тұр айды... ақындар тұншықсын деп... иә, айлы түнде қазақтың астанасы Алматының аспанында қазақтың ғажап әні қалықтап, оны Абай атам екеуіміз тыңдап тұрсақ... ә! Әй, әй, әртіс, бері кел, бері! Ал, шырқа, құлақ түрсін бүкіл аймақ, түтінді тұншықтырған түріп айдап! Айтыс ақыны (Домбырасын қағып, қағып жіберіп): Бір берсем қас пен көздің арасынан, Ұшар ең осы арадан мұрным-айлап,
Қатының қолтығына қысып алып, Жұбатып, алдайды ғой құлным-айлап, Ақынды әртіс деген ғұламаны Көргенде кетуші еді жыным қайнап. Сақылдап қайран жыным қайнағанда Сендейдің кетуші едім мыңын жайғап! Ақын: Әй, ақырын, ақырын... қырамысың сонша... Көп болса айтысқа түсіп жүрген желөкпе балдардың бірі шығарсың... әнәнәйін сол! Айтыс ақыны: Айналайын дейтін мен сенің тұңғыш балаң емеспін! Мен қазақтың нөмір бірінші ақынымын! Ақын: Мәссаған! Тым болмаса, Абайдан ұялсаңшы! Айтыс ақыны: Абайдан неге ұялуым керек?! Ақын: Негесі несі, ей, мынаның есі дұрыс па өзі? Айтыс ақыны: Дұрыс болғанда қандай, тіпті дұрыстың дұрысы. Екі-ақ бөтелке іштім, үшеу ішкенде бұдан да дұрыс болатын еді. Бірақ, мен қанша ішсем де аталарымды сыйлаймын... жырлаймын оларды... О кісілерден неге ұялуым керек, ә? Ақын: Аталардан ұялатын жеріміз көп қой біздің, шырағым... Айтыс ақыны: Қарай гөр мұның ұялғышын! Түн ортасында ұялғаныңнан тентіреп жүр екенсің ғой... тойып алып! Ақын: Әй, өрекпіме, ақырын! Басқа басқа, ішкенді айтпашы өзің. Біреу-міреу естіп қойса, «Қазақтың ақындары ішіп жүр» деп өсек қылады... тіпті, газетке де жазып жіберуі мүмкін! Айтыс ақыны: Жазса жаза берсін! Ішінде Абай да бар екен деп жазсын! «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан», жұрт ақындарды бәрібір ішкіш дейді. Өткенде бір ішпейтін ақынның артынан арыз келді: «Бізге мұндайдың керегі жоқ, ішіп-жейтін дұрыс ақынды жіберіңдер! Жұрт қанша дайындалады» ақын келе жатыр, бірге гүжілдейміз» – деп. Ал, ақының келіп алып, сұп-суық болып отырады... бюрократтар құсап... Тіпті, көрер көзге біртүрлі екен» – деп жазыпты. Рас қой, енді қайтсін?! Бірақ, мұны сен сияқтылар қайдан білсін! Ақын: Жә, жетер, жігітім қара торы! Сен ақын болсаң, мен де ақынмын! Айтыс ақыны: Ақын?! Қалай? Ақын: Солай! Айтыс ақыны: Осындай да ақын болады екен?! Домбыра, шапаның қайда ақын болсаң? Ақын (қаламын көрсетеді): Міне!
Айтыс ақыны: Е-е, жазбашамын де... Жарайды... Кімов деген ақынсың?! Ақын: Менов деген ақынмын! Айтыс ақыны: Ә-ә, Сенов деген сен екенсің ғой. Дұрыс, дұрыс, домбырамен өлең шығара алмаған соң, жазбағанда қайтесің?! Ештеңе етпейді, өстіп-өстіп ілігіп кетесің... Ақын: Ей, жігітім, байқап сөйле, алдыңда ақын тұр! Мына сен сияқтының оны, жоқ жүзі, тіпті бар ғой, бір мың бір жүзі тырнағына татымайтын, пәленбай кітап жазған ұлы ақын тұр! Айтыс ақыны: Өйдөйт! Мен сенің бүкіл өмір бойы жазған түгенбай кітабыңды бір-ақ тойда суырып сала саламын... Тіпті, қаламақы да сұрамаймын! Ақын: Сен сол суырып сала салатын суыңның буына шалқыған шикібассың ғой... шыныңды айтшы, соны да өлең дейсің бе? Айтыс ақыны: Оны менен сұрама, елден сұра. Халық біледі ғой кімнің кім екенін! Жүр, сұрайық қазір көпшіліктен, қайсымызды артық көреді екен?! Ақын: Сұрайтын дәнеңе жоқ... Менің өлшемім бөлек сендерден! Айтыс ақыны: Қысқасы, классикпін дейсің ғой, ә?! Ақын: Енді... нелеу былай, бірақ, Абай атам айтқандай, ұқсап бағу керек қой. Айтыс ақыны: Ақындардың, әсіресе, классиктердің, мастығына дейін ешкімге ұқсамауға тиіс! Ақын: Апырмай, қоймадың-ау! Тоқетерін айтқанда, классик болмайтын болсақ, қолға қалам ұстап керегі не? Ал, бірақ, қаншама керемет жырлар жаздым, классик түгілі, елеп, ескеріп жатқан ешкім жоқ. Ең аяғы баспанамыз да жоқ, жүрміз әркімнің босағасында... Жо-жоқ, жаман ойлап қалма, бауырым, барлық екіаяқтылар сияқты менің де бала-шағам, әйелім бар! Әйел болғанда қандай! Әйтеуір, «аял, аял, аялым менің, аяулым менің!» – деп, алдап-сулап, амалдап, аман-есен келе жатырмыз. Өткен жылы көшеде бұрымы тобығына түскен бір сұлуды көріп, есімнен танып қала жаздадым. Амал не, жүгіріп барып бұрымынан ұстай алмайсың ғой, көзден бұл-бұл ұшты. Екі күн ұйықтай алмай, ақыры «Бұрым» деген керемет өлең жаздым. Өлеңім газетке басылып, теріме сыймай бусанып келсем, әйелім айдаһардай ысқырады: «Мына бұрымдың кім, бұрынғың ба, бүгінгің бе? Айт жаның барында!» Ал, түсіндіріп көр, басың екеу болса! «Ол сенсің ғой, аялым, аяулым!» – дедім. «Қалайша менмін? Менің бұрымым жоқ!» «Сен болғанда қандай!
Мектеп бітіргендегі суретіңе қарап отырып жазып едім, аялым,
аяулым!» – дедім. Аялым-аяулым аялдамастан альбом ақтарды да,
өз суретіне бір, өлеңге бір қарап ұзақ отырды. Қазір сол өлеңді
жатқа соғады. «Осы... шашымды өсіріп, бұрым жіберсем бе екен?»
– деп қояды кейде. Міне, сол аялым-аяулым, тып-тыныш «Ғарыш-
тағы таныс үй» деген өлең жазып отыр едім, кезекті творчество-
лық кездесуді бастап кеп жіберді. «Әй, ғарыш сенің неңді алған?
Жердегі тірлігіңді реттеп, тұрмысыңды түзей алмай жүріп, аспанда
нең бар, әй, ә? Е-е, қалықтап, шалықтап жүрген байғұс, үйді сол
ғарышыңнан алмасаң, сені кісі деп жерде үй беруші ме еді? Әкең-
нің арендаға алып берген үйшігіне мәз болып жүрсің ғой...» – деп,
сұңқылдап, сұңқылдап: «Әйда, қайқай, ғарышыңа ма, Марсыңа ма,
марш!» – деді. Содан, міне, жүрміз рахаттанып. Әй, ерегіскенде...
екеуміз қазір ғарышқа ұшып кетсек қайтеді? Президентке арыз
жазайық, үй алғанға дейін бізге ғарышта ұшып жүре тұруға рұқсат
етсін, ә?
Айтыс ақыны: Президент жіберер-ау, әйелің жіберер ме екен?
Артыңнан қуып барып, кәрәбліңнен лақтырып жіберсе, кетесің ғой
жердің жасанды серігі боп. Айтпақшы, өзі қай жерден шыққан аю, ә?
Ақын: Қазауылдың қара аюы...
Айтыс ақыны: Мәссаған! Онда менің апам болды ғой! Мен
Бұлақбасынанмын!
Ақын: Апаң болса, солай ендеше! Сендерден оңған адам шығу-
шы ма еді?
Айтыс ақыны: Керісінше шығар! Апамды кінәлайтын түк те
жоқ-әй, мына сен сияқты жындыны қуып шықпағанда қайтеді?
Қайта рахмет айт... біржола қаңғыртып жібермегеніне...
Ақын:
Апаңды алдым, балдыз, опырайтып,
Кетсеңші оған біраз ақыл айтып!
Айтыс ақыны:
Кісі едің әжептәуір қоқырайған,
Апайым жіберген бе жапырайтып,
Апама мойын созып күні өтсін деп,
Қойған ғой құдай сені мықырайтып!
Қосылып, апам күлсе, күлген жездем,
Үндемей өлер жерін білген жездем.
Ерніне апамыздың ерні жетпей,
Өмірі бақайымен жүрген жездем!
Алтынсың, әлде бәлкім, қалайысың,
Бірталай дүниенің сарайысың.
Мың жерден керемет боп кетсең дағы,
Бәрібір апайымның малайысың!
Ақын:
Балдыз-ау, ақылы көп баласың ғой,
Бірақ та теріс кетіп барасың ғой.
Бәрібір апаңыздың үстіндемін,
Сөзімнің шындығына нанасың ғой!
Айтыс ақыны:
Біз мұны керісінше деп жүргендей,
Әйгілеп тұрған сен де данасың ғой.
Байына атша мініп кейбір қатын,
Шабады, кинодай ғып, нанасың ғой.
Бір күні саған да апам мініп алса,
Бейшара, арам өліп қаласың ғой!
Ақын: Әй, не десең о де, бәрібір апаңды... солай енді... иә...
сүйтіп жатырмыз ғой...
Айтыс ақыны:
Өзіңше алдағандай боп тұрсың ғой,
Апаңды үйттім-бүйттім деп тұрсың ғой.
Ол саған мәртебелі міндет еді,
Сен болсаң малжаң-малжаң жеп тұрсың ғой!
Ақын: Әй, айдаладағы біреуге соншама жабысып... «ешкіні –
апа, текені-жезде» дейтін арзан балдардың бірі екенсің ғой өзің!
Айтыс ақыны:
Жауабын бұл сөзіңнің төтелейін,
Жансың-ау ақыл-ойы өте кейін.
Өзіңді бұдан былай әй, жездеке,
Ешкі апам үйіндегі теке дейін!
Ақын: Жарайды, жарайды, жеңілдім деп құтылмасам, қоймас-
сың... Бірақ, осындай мәнсіз, мәдениетсіз нәрселерді өлең деп сен
ұялмай айтасың да, біз ұялмай тыңдаймыз-ау, ә! Тіпті, қол соға-
мыз! Не болса соған қолын соққан халқым, қайтейін сені... Бағы
замандарда ақылдыларды таспен соғып өлтіруші еді, қазір ақымақ-
тарды құтыртып қол соға берсең, ақылдылар өзі-ақ өліп қалады.
Сендердің түкке тұрмайтын бірдемелерді немесе елдің бәріне бел-
гілі нәрселерді екілене өлеңсымақ қылып, өздеріңше көсемсіген-
деріңе алданған көпшілік қолын соққан сайын «жеткен жеріміз
осы екен ғой! деп тірідей өліп отырамыз... Үйту керек, бүйту ке-
рек!» – деп, ауыздарыңмен дүниені төңкересіңдер келіп, төңкересіңдер келіп... Айтыс ақыны: Жұрттың бәрі төңкеріп жатқан дүниені аяйсың ба? Ақын: Әй, айналайындар-ау, өздеріңде дұрыс ақыл жоқ, сендер ақылгөй боп кімді жарылқайсыңдар, ә?! Айтыс ақыны: Ақылдың керегі не бізге? Ақылды саған бердік, бізге халық қол соқса болды! Ал, осы сендердің бізде нелерің бар? Айтыс ақындары бір бәле болды деп шулайсыңдар да жатасыңдар... Ақын: Өлеңнің құнын кетірдіңдер. Аннан-мұннан жиылып, әлем-жәлем киініп, домбыраларыңды сабап-сабап, бір-біріңді сыбап-сыбап, қолдарыңды сермеп-сермеп, бастарың бұлғаң-бұлғаң етіп, сөздерің жылмаң-жылмаң етіп, өздерің ырбаң-ырбаң етіп, епсініп, көпсініп, тепсініп-тепсініп, зырылдап, қырылдап, қиратқандай болып қоқиланып шыға келесіңдер. Барған жерлерің жақын көрініп, жағыну үшін біреулерің күйеу, біреулерің келін бола қаласыңдар өп-өтірік. Басқа жұрт әтеш төбелестіреді, бұқамен сүзіседі, ит таластырады. Біздің қазақ ақын айтыстырады. Оу, екі адам көп алдында өлеңмен салғыласып, бірін-бірі түгін қоймай жамандап жатқанының несі қызық? Адамды кекеп-мұқап, кемсітіп, мазақтап, қорлайтын өнер – өнер ме екен? Айтыс ақыны: Барлық айтыс ондай емес қой... Нағыз айтыс – ойын-тойдың сәні, халықтың бір алданыш-қызығы, театртамашасы, елдің көкейкесті сөзі, мұң-мұқтажы, шындығы айтылатын аренасы. Екіншіден, айтыс ақындары өлеңді көбінесе нақты жағдайға, нақты оқиғаға, нақты адамдарға байланысты шығарады. Ол негізінен мәңгілік туынды болмай-ақ, сол сәттің ғана қызметіне жарауы мүмкін. Бірақ, адамдарды бір сәтке болса да қуантып, күлдіріп, риза қылып, ой салып жүру, көптің көңілін көтеру, көркі болу аз бақыт па!? Соның бәрін түсінбегендіктен айтысты бүлдіріп жүрген мына сен сияқтылар... Айтысты, айтыс ақындарын жамандағанда алдарыңа жан салмайсыңдар, ал бірақ жюри болуға таласып-тармасқанда ұялмайсыңдар! Бұл айтыс қайта оралып оңды болды, Талайлар тонды болды, жолды болды. Көрінбей жүрген елге жюрилердің Өздерін көрсететін орны болды! Және сендердің қазылықтарыңда белгілі бір жүйе, шарт, тәртіп, принцип жоқ. Кімнің сәлемі жақса, кім көңілдеріңе жол тапса,
бүйректерің де, биліктерің де соған қарай бұрыла салады. Бәйге әперетін ақындарыңды алдын-ала дайындап, бір-бірімен келістіріп алып, ерекше жағдай жасайсыңдар. Бүкіл дүние жүзінде, жарыс атаулыда біреу озып, біреу қалушы еді. Сендар ұнатқан ақындарыңды бір-бірімен айтыстырып, екеуіне де жоғары ұпай беріп, сүйреп шығарасыңдар. Ал басқа ақындарды, қарсыласынан озып тұрса да, төмен ұпай беріп, құлатып жібересіңдер. Тіпті: «Аямаңдар, шайнасыңдар, аталарымыз солай айтысқан!» – деп айтақтап, бір-біріне жаман сөз айтқызасыңдар. Айтысқа шығатындардың да жаман сөз естісе, жаны ауыратын, жақсы сөз естісе, қуанатын кәдімгі адам екенін неге ойламайсыңдар? Апырмай, біреудің біреумен шайнасқанына неге сонша құмар болдық екен, ә?! Ақын: Ау, біреу айтақтағанға шайнай бересіңдер ме? Өз бастарың қайда? Қазір ата-бабаларыңның заманы емес, ол заманның өлшемі бұл заманға жүре ме екен? Оның үстіне аталарыңыздың барлық сөзі мен ісі абсолютно дұрыс деп кім айтты? Өз ауылын көтермелеп, өзге ауылдарды кемсітіп, кекетіп, немесе бергенді мақтап, бермегенді даттап айтқан сөздерде қандай жақсылық, қандай терең мағына бар? Ал біз оларды «анау мынаны бүйдеп қатырыпты, сыбағасын беріпті» – деп, айызымыз қана кітапқа жазамыз, насихаттаймыз келіп. Тауып айтылған тәуір сөздің орны бөлек, ал біздің кейде кәдімгі сұрамшақтық пен оскорбление личностиді өнер көретініміз қалай? Өз аузымен өзін «мен мұндаймын» деп мақтағаннан, өзгені «сен андайсың» деп боқтағаннан шындығында сондай болып қалмайды ғой. Ауыз шіркін не демейді? Жік-жікке бөлініп, өз ауылын мақтап, өзге ауылды даттаған сөздер ел бірлігіне, ынтымағымызға зиянын тигізбей ме? Қазір де сөзді оңдысолды сапырып, өзінен басқаның бәрін кінәлай көпіріп жүретіндер аз ба? Сөз қуған жақсы емес! «Өнер алды – қызыл тіл» деп жүріп, шетімізден қырт болып кеткен жоқпыз ба осы? Басқа халықтар үндемей іс тындырып жатқанда, мы слишком много болтаем и слишком много значения придаем этой болтовне! Айтыс ақыны: Оның рас. Жаман сөз жаман сезімдерді қоздырады, жаман ойларды оятады, жаман істерге бастап, дүниеге жамандық таратады. Ақын адамның жанын жаралайтын жаман сөз айтпауы керек. Оның жырлары әлемдегі ашу-ызаны басуға, адамның жанын, қанын тазартып, мейірімді, пәк сезімдерін оятуға, дүниеге ізгілік нұрын шашуға тиісті! Ақын: Міне, міне, ақылың енді кіріп келе жатыр. Әр адам өз сөзіне жауапты. Оның сөздері қандай жолға қызмет етеді, жақсы-
лықты көбейте ме, жоқ жамандықтың сойылын соға ма – осының обал-сауабы сол адамның мойнында. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегеннің мағынасы мүлде басқа – ол халыққа тізесі батқан, жемқор, озбыр, қиянатшыл бастықтарға халықтық шындықты қаймықпай айт деген сөз. Ал аузына келгенін айтып, әркімнің тағдырына қол сұғып, төрелік айтуға, ар-намысына тиюге, жүрегін тілгілеуге ешкімнің хақысы жоқ. Сөз жарасы, сөз жанжалы қиын. Жыланның улы тілін жұлып алады ғой. Біреуді балағаттап, өсек, ғайбат сөз айтқан кісіні ақын, азамат деп есептеуге бола ма? Бір-біріңді бас салып даттай бергенше, осыны ойласаңдаршы. Қарсыласыңды ерекше сыйлауың керек қой, өйткені екеуің бір кеменің үстіндесің, екеуің бірлесіп жаңа бір өнер туындысын жасайсың. Қандай ащы шындықты да, ауыр сынды да мәдениетті түрде айтуға болмай ма? Және ол жеке бастың емес, елдің сөзі, әділетсіздікке, жамандыққа қарсы, халыққа қажетті сөз болуға тиіс. Шын айтыс ешқандай қағида, ережеге көнбейтін күрделі, рухани дүние: оның қиындығы да, қызығы да жала жауып, қауып сөйлеуде емес, тауып сөйлеуде! Зілсіз қалжың, әдемі әзіл, шуақты күлкі қандай шіркін! Бірақ, амал не, көбінесе көпіртіп, бір-біріңді күйелеп, күйдіріп, сөз еместі сөз қыласыңдар. Аңқау халық сендердің жеңілжелпі жел сөздеріңе алданып, өлең оқудан қойды мүлде. Поэзияға зияндарың тиді сөйтіп! Айтыс ақыны: Е-е, әрең дегенде тірілтіп алған айтысты енді қайта өлтіре алмай қиналып жүр екенсіңдер ғой. Әйтпесе, бізді жау көретін жөндерің бе? Бұрын өлең оқып отырған халық айтыс қайтып келгелі оқуды қойды дегенге кім сенеді? Оқитын адам оқиды, оқымайтын адам оқымайды! Ол үшін айтысқа қарсы майдан ашатын түк те жоқ. Біз сендерге тимейміз ғой осы... Өлеңдеріңді де оқымаймыз. Сендер де бізді тыңдамай-ақ қойыңдар! Ақын: Оқымасаң, ол сенің надандығың! Оқысаң, нағыз өлеңнің қандай болатындығын білер едің, өзіңнің өлеңсымақтарың үшін ұялар едің, тіпті айтысты қояр едің! Айтыс ақыны: Онда оқымағанымның өзі жақсы екен! Ақын: Оқыма! Өлеңді ғана емес, басқаны да оқыма! «Оқымаған қазағымның айтысы-ай» десеңдер, жұрт мәз болып қол соғады. Әй, оның несі мақтан, несі керемет? Надандықтың аты – надандық, қараңғылықтың аты – қараңғылық емес пе? Мына сендердің әу дегендеріңе үйіп-төгіп сыйлық беретіні де сол қараңғылықтан. Неше түрлі дефицитті береді-ау айтысқа, елді жұтатқан осы сендерсіңдер! Көк тиындық өлеңге көп бұйым бергенін көргенде кісі-
нің іші күйеді! Алып жатсыңдар, алып жатсыңдар, әбден байыған
шығарсыңдар, ә?! Жылқың қанша қазір?
Айтыс ақыны: Немене, жылқышым болайын деп пе едің?
Мұның енді ақынның емес, қатынның сөзі сияқты екен. Бар жұмы-
сыңды тастап, айтыс ақындарына ревизия жасауға көшкенсің бе?
Ел сыйлық берсе, өнерді сыйлағаны, тіпті бар ғой, қанша бейнет-
теніп, жанымды жеп айтқан өлеңімнің ақысы. Сендер сияқты ке-
сімді қаламақымыз жоқ, жүлде берсе, алдық, бермесе, қолды мұ-
рынға тығып қалдық. Сондықтан, бізге де тұрақты қаламақы төлеу
керек, адам сияқты... Оның орнына, біреудің алған бәйгесін санай-
мыз», анаған байламады, мынаған сыйламады, үйтпеді, бүйтпеді»
деп сөз қыламыз... Ау, бәйгені алған екен, неғылса о ғылсын, жұ-
мысымыз қанша? Өзіміз беріп алып, өзіміз өсек қыламыз – не де-
ген бейшара едік, ә? Сен мені байыдың деп тұрсың, ал менің ертең
бас жазатын ақшам жоқ. Жүлдемді сатып ішпеймін ғой, ә?
Ақын: Бәрібір, сен құсап айтыс қуып кеткенімде ендігі бір үйір
жылқым болатын еді!
Айтыс ақыны: Арманың жылқы болса, өлеңді қой да, жыл-
қышы бол, зоотехник, веттехник, әйтпесе, деректір, әкім бол!
Ақын: Жоға, бәрі де өлеңімнің садағасы! Менікі өнердің қамы
ғой, әйтпесе сендерде нем бар?
Бұл айтыс шипа болмақ жарамызға,
Бірдеме барса ғана санамызға.
Бәйге үшін мың құбылып, жолдан тайып,
Жігіттер, саудагер боп барамыз ба?!
Айтыс ақыны:
Ақтайды, мақтайды өзін есіл кеуде,
Болмай ма сол кеудеге есірмеуге,
Атақ пен мансап үшін кей жігіттер
Дайын жүр бір-бірінің етін жеуге!
Ақын: Өлең – өнер, ол бәрінен де биік!
Айтыс ақыны: Үкімет мемлекеттен де биік пе?
Ақын: Әрине!
Айтыс ақыны: Онда неге сол үкіметтен мемлекеттік сыйлық
сұрап, өзіңді-өзің төмендетесің? Неге сол сыйлыққа таласып, бір-
біріңмен қырылысасың?
Ақын: Ойбай-ау, сен қызық екенсің, ол сыйлыққа таласпайтын
бізді кім деп жүрсің? Бәрі соған тіреліп тұрған жоқ па!?
Айтыс ақыны: Қалай соған тіреліп тұр?
Ақын: Солай соған тіреліп тұр! Бері қара, ұғындырып жіберейін. Әдебиеттегі, қоғамдағы орның да, беделің де, үкімет пен халықтың сый-құрметі де лауреаттығыңа, атағыңа байланысты. Мың жерден талантты болсаң да лауреаттармен, халық жазушыларымен, халық ақындарымен дәрежең бірдей болмайды. Қысқасы, лауреат болсаң, фигурасың, болмасаң, жай пешкісің, ұқтың ба? Айтыс ақыны: Ол қандай дәреже, кімнің алдындағы дәреже? Өлеңге қандай қатысы бар оның? Мысалы, сен лауреат болсаң, содан сенің өлеңің жақсарып немесе лауреат болмасаң, нашарлап кетпейді ғой! Ақын: Оның рас. Бір кезде соқтық өтіріктібіреуге атақ, сыйлық берсе, үкімет пен партия өнерді бағалап жатыр деп... Шын өнер туындысының шын бағасы – сол туындының өзі, оған атақ, сыйлықтың түкке де керегі жоқ. Ол мына бізге керек, өйткені біз адамбыз ғой, пендеміз... Айтыс ақыны: Шен-шекпен құмарлық қой баяғы... Өйтетіндерің бар, әдебиетке де погон, звания енгізіп, жүріңдер бір-біріңе честь беріп, команда беріп... Ақын: Солайы солай, бірақ амал қанша... Ақыры айтқыздыңау, бері қара... Баяғы патша заманында шен-шекпенге таластырып, ата-бабаңды алдап соққан... Кешегі партия, совет сол күмпи-сүмпи саясатты тіпті күшейтті. Әсіресе, әдебиет пен өнерді бағындырып, бұқтырып ұстау үшін партия мен үкімет айтқанын істеп, мақтағандарды шен-шекпен, сыйлық, атақ, орден-медаль беріп күмпиткен, тіл алмағандарды, жақпағандарды сүмпиткен. Күмпи-сүмпи дегенің солай! Айтыс ақыны: Әй, өзің де жай жүрмейтін білгіш екенсің, маған мынаны түсіндірші: қазір СССР мен КПСС-ті жабыла боқтай кететіндерің қалай, солардың берген шен-шекпендерін мақтан ететіндерің қалай?! Ақын: Әй, өзіміз сүмпиіп жүріп, жұрттың күмпигенінде неміз бар? Күмпиіп алайық та әуелі, сосын көрерміз ол жағын... Айтыс ақыны: Күмпи-сүмпи, күмпи-сүмпи... Қайтсек күмпиеміз деп жанталасамыз, сүмпитіп жібере ме деп әркімнен бір жасқанамыз... Мемлекеттік сыйлық дәметіп үкіметке сендер жалтаңдасаңдар, халық ақынын бере ме деп біз жаутаңдасақ, шындығында, біз құл, атақ, сыйлық, мансаптың, пендешіліктің құлы боп кетеміз ғой. Ақындары құл болған халық қайтіп азат халық болады, ә?! Лауреат, народный атанбай-ақ өткен ғой күңіреніп небір
ұлылар... Осы атақ, награда дегенді жойса, елдігіміз, ынтымағымыз күшейер еді... Ақын: Мұның қиял әншейін... Қазақ шенқұмар, бәйгеқұмар халық... бәрін де жарыспен, бәсекемен өлшейді, бірінші, екінші деп... Сен де бөскен жоқсың ба жаңа, нөмірі біріншімін деп... Айтыс ақыны: Енді... мен де қазақ емеспін бе, қазақтың бәрі бірінші емес пе? Қайткенде бірінші боламын деп жанталасып, бірбірін менсінбей жүрген жоқ па? Бізден басқа халықтар да бір-бірін, әсіресе таланттарын нөмірлей ме екен? Ақын: Ол былай... Өнер бәйге емес, өнер – өзгеше бір әлем, былайша айтқанда, ғажайып бір бау-бақша екендігін, оған әр талант әртүрлі ағаш, әртүрлі гүл өсіретінін, әрқайсының қайталанбас өз орны бар екендігін, нөмірі бірінші, екінші деген жоқ, бірінен бірі өткен деген бар екендігін ойламаймыз біз, қайтсем, қасымдағыдан озам деп, әлектеніп-әлектеніп, ақыры шен-шекпеннің қолтығына тығыламыз... Мұның бәрі идеал... қияли әңгіме әншейін... Одан да жерге түсейік. Жерге түссек... керек бізге шен-шекпен! Үкіметіңнің өнерге қайыры шамалы болған соң, сыйлық пен атақ сұрамай қайтеміз одан? Ең болмаса, жағдайымыз түзелер, көңіліміз көтерілер, фигура болармыз деп... Бірақ, амал не... жүрміз мінеки... көшеде! Осының бәрі қазақ поэзиясының классигін апаң екеуің ғана емес, жалпы мемлекет сыйламайтындығын көрсетпей ме? Жаздым небір тамаша өлеңдерді, енді не істе дейді маған, ә?! Айтыс ақыны: Саған енді өлу керек! Ақын: Аа-а?! Айтыс ақыны: Өлсең, өмірі кимеген киіміңді киіп, өмірі мінбеген машинаңды мініп, өмірі естімеген сөзіңді естіп, өмірі жатпаған кең, тыныш жеріңе барып жатасың, қысқасы, өмірі көрмеген құрметіңді көресің! «Қайран классигіміз-ай, қадірін білмедік қой» – деп, жабыла жылап, жырларыңды жатқа соғамыз, сенің атыңдағы сыйлыққа таласамыз, айтыс өткіземіз. Ақын: Пейіліңе рахмет, айналайын! Бірақ, сол құрметті қазірақ көрсете берсеңдер болмай ма? Айтыс ақыны: Кімге? Мына саған ба? Ақын: Енді... өзің айттың ғой жаңа... Айтыс ақыны: Мен айтсам, сен өлгесін дедім... Ақын: Соны қазір... өлмей-ақ... былай... Айтыс ақыны: Жо-оқ, өлмесең болмайды, ренжім... Өл, содан кейін көресің құрметтің көкесін! Қазір қалай?.. Болмайды... Қасымда тұрған... қолмен ұстап көруге, тіпті мұрнын бұзып жіберуге
болатын, түн ішінде тентіреп жүрген мына саған сонша құрметті қайтіп қиямыз... өзімізге жетпей жатқанда... Өлсең, әңгіме басқаша! Тентіреп жүргеніңді «кең дүниеге сыймай жүрген екен-ау, түсінбедік-ау» – деп өкінеміз... Ақын: Өстіп өлтіресіңдер ғой сендер... Айтыс ақыны: Көп сөзді қайтесің, классик болғың келсе, тезірек қимылда... Ақын: Не-ме-не?! Айтыс ақыны: Тезірек өлуге тырыс, әйтпесе анау... кім... бұрын кетіп қалса – құрисың! Ақын: Бір емес, он рет өлсе де, оған қайдағы классик?! Менің жанымда сол да ақын ба? Айтыс ақыны: Иә, оның жанында сен классиксің ғой! Ақын: Кекетпе олай... Айтыс ақыны: Онда неге онымен бәсекелесесің? Көр де тұр, сенен бұрын кетіп қалса, тіршілігінде сондай классикті түсінбеген, тіпті теперіш көрсеткен кісілердің көсемі ретінде көресңді көресің әлі! Ақын: Қалай? Айтыс ақыны: Солай! Сен онымен пікір таластырып, өлеңдерін сынап жүресің ғой кейде. Міне, сол жетеді бізге... Күнделігіне: «Мені мыналар мына жерде бүйтіп ренжітті» – деп жазып қойса, тіпті қатып кетеді. Әрі-беріден соң, оны сен өлтірдің дейміз, жүзіміз жанбай... Сондықтан тездет, бұрын кетсең, бар абырой сенікі! Ақын: Құдай сақтасын, мыналарың сұмдық екен! Айтыс ақыны: Ә-ә, солай ма? Онда классик-млассикті қайтесің... Жаман болсақ та аман болайық бәріміз! ... Кел, сол үшін ап қояйық... Қойнынан бөтелкесін суырып алады. Жаңа бір тойда дүрілдетіп едік... мынау сарқыт... Ақын (бөтелкені алып, шыр айналдыра қарайды): Ех, гонорар, гонорар, Бұйырса бұл да жоғалар. Айтыс ақыны: Бұйырғанды көрерсің, Кеп қалса қызыл жағалар. Бөтелкені бөгемей, Бүлкілдете бер деген, Бұрыннан қалған жоба бар. Тоқырауда тойынып, Тұқырып өскен тұқымбыз,
Кешірсін бізді бабалар,
Кешірсін бізді балалар!
Ақын (күрсіне күліп): Жарайсың, ақыным! Кеттік, ендеше, ста-
қаныңды әкел!
Айтыс ақыны:
Бөтелкемді ұстатам,
Сұрайды еще стақан,
Тұрғанда өстіп керіліп,
Атады ғой қысқа таң,
Арақ түгілі спиртті,
Түбінде тұрып Берлиннің
Флягінің аузынан,
Сылқылдатып ішті атаң!
Екеуі де күліп, бір-бірден тартып жібереді. Кенеттен майор
сап ете түседі.
Майор: Алақайдың бересі-ай! Ұсталдыңдар ма, айналайын ал-
қаштарым!
Ақын (күліп): Гитлер капут!
Айтыс ақыны (домбырасын қағып-қағып жіберіп):
Ассаламуағалейкүм, майырым-ай,
Қылмысты қуып жүрген айғырым-ай,
Керемет екендігің соншалықты –
Кетемін сені көрсем айығып-ай,
Айықпай, қисаңдасам айып қылып,
Қолымды байлайсың ғой қайырып-ай.
Мелтсия мейірімін көре-көре,
Қалыпты қу жүрегім шайлығып-ай.
Қазақтың екі ақынын қамағанда,
Өсе ме погоның мен айлығың-ай!
Майор: Жә, жетер... Біріншіден, қолыма түскеннен кейін,
ақынсыңдар ма, қатынсыңдар ма, маған бәрібір. Бұрап-бұрап, қан-
сөлі тамған шындықты шығарамын! Екіншіден, менің ақындарда
өшім бар. Мына сен, айтыс ақынын нұсқайды. өткенде бір айтыста
мені өкіртіп тұрып жамандадың ғой, ә, бәлем?!
Айтыс ақыны: Қалайша? Мен сізді танымаймын да ғой...
Майор: Жоқ, әрине, мені емес, милицияны! Ал милицияны
жамандағаның – мені жамандағаның! Жұрт қолын соғып, ырбаң-
датқан сайын құтырып, түгімізді қоймап едің, енді мен ырбаңда-
тамын сені! Кеттік, әйда!
Ақын: Қайда?
Майор: Тойға! Өзі де әбден қызған кезі, дәл үстіне барамыз. Температурасы жоғары творчестволық кездесу өткізіп, тәрбие жұмысымен айналысып қайтуға қалайсыңдар, ә? Айықтырғыштағы айтыстан асқан айтыс бола ма, барыңды саларсың, ақыным! Бас бәйгеге сенің басыңды тігемін... Ха-ха-ха... жеңсең бас бостандығыңды аласың, ұқтың ба? Ақын: Айтыста милицияны сынады екен деп сонша неге өшігесіз, ә? Қазір кімді кім сынамай жатыр? Президенттерді де, батырларды да, қатындарды да сынап жатқан жоқ па, милиция түгілі... Солар да, түзеліп кетпгенімен, әйтеуір, өшікпейді ғой бұрынғыдай... Майор: Өшікпейтін мен қатын емеспін. Өшіккенде өңешін жұлып аламын. Өйткені, бізде честь мундира деген бар. Мундирдің түймесіне тигенді түймелеп жібереміз. Мынау не, погонын көрсетеді. білгіш болсаң айтшы қане? Ақын (таңданып): Погон!? Майор: Жоқ, бұл жай погон емес, бұл менің жұлдызым! Сендер, ақындар, көзге көрінбейтін, уысыңа түспейтін қайдағы бір жоқ жұлдыздарды іздейсіңдер... Ақын: Жоқ жұлдыз емес, шоқ жұлдыз! Көп жұлдыздан таза, жарық жұлдыз – арман жұлдызы! Майор: Е, мейлі, маған бәрібір... Сол сендердің қолдарың жетпей жүрген жұлдыз, міне, менің иығымда тұр. Және жай тұрған жоқ, жалт-жұлт етіп, жарық беріп, мені жұрттан, мына сендер сияқты жұлдызсыздардан биіктетіп тұр. Ол менің барым, ол менің бағым! Әкем де, шешем де, қатыным да, балам да осы! Қысқасы, погон – менің құдайым! Ұқтыңдар ма?! Айтыс ақыны: Иықта табынатын погоны бар, Құйрықта қағынатын наганы бар. Адамды адам ғұрлы көрмейтұғын, Ал, қандай майыр-миға амалың бар?
Адамдар дүлей күшке бағынуда,
Заман да соған лайық қағынуда.
Құдайын ұмытқандар құмар неге,
Қолынан құдай жасап, табынуға?!
Майор: Әй, наганмен ойнасаң да, погонмен ойнама! Погонның
қадірін білмейтін мына сен де адамбысың, ей? Қайдағы адам? Жү-
рістерің мынау! Ол аздай, тәртіпке шақырғаным үшін өзімді кінә-
лайсыңдар келіп! Жоқ, сендер адам емессіңдер, сендер – халыққа
көк тиын пайдасы жоқ, аузымен орақ орған зиянкессіңдер! Ар-ұят,
әділет, теңдік деген бірдеңелерді айтып, мазаны алатын сендер
сияқтыларды құрту керек! Солай, бәлем, қолдан келіп тұрғанда
аяйын ба, білгенімді қыламын сендерге!
Ақын: Оу, тым қатты кетпеңіз олай... қазақ емеспіз бе бәріміз
де...
Майор: Қазақ-мазақты білмеймін, погондай түзу, жұлдыздай
айқын, кісендей қатты тәртіпті білемін мен!
Ақын: Әр халықтың өз тәртібі болу керек. Басқа жұрттың ми-
лициялары өз қандастарын қолдарынан келгенше қорғайды, ал
біздің қазекеңнің қолына билік тисе, алдымен өзімізді езіп-
жаншып, таптайды келіп. Қашанғы өстіп бірімізді біріміз құртып,
қор бола бермекпіз!?
Майор: Қор болатын сендер, менің түгім де кетпейді. Өздерің-
ді өздерің қор қылып, неге ішесіңдер?
Ақын: Ал, иә, біраз ішкен шығармыз... Содан не бүлініп қа-
лыпты? Сол үшін адамды табанға салуыңыз керек пе? Қазақтың
ақындары қазақтың шапанын жамылып, қазақтың домбырасын
ұстап, қазақтың астанасында алшаңдай басып жүргенде, бір майор
тұтқынға алып, қиратқан екен дейді ғой, естіген жұрт.
Айтыс ақыны: Ақындарды ешқашан қамауға болмайды!
Майор: Неге?
Айтыс ақыны: Сол! Заң бойынша мындайларды қолымен ше-
кесін бұрғылайды. соттамайды ғой. Ал, өмірде ақындардың бәрі
жынды... жындандырмай қоясыңдар ма сендер... Сондықтан,
ақындарды емес, ақындарға тиіскендерді қамау керек!
Майор: Оны енді сондай заң шыққанда, сондай бұйрық бол-
ғанда көрерміз, ақыным! Бірақ, ақындарды ресми түрде жынды
деп танитын болсақ, онда жындыханаға сап тастаймыз ғой. Одан
да бізге түсіп, екі-үш күн қонып, айығып шыққандарың дұрыс шы-
ғар, ә?
Ақын (айтыс ақынына сыбырлап): Әй, мынауың барып тұрған
нағыздың өзі! Көр де тұр, оңдырмайды. Қашсақ қайтеді?
Айтыс ақыны: Қашып көр, қолма-қол классик қып жіберсін!
Майор: Ал, ақындарым, күнде қолға түсе бермейтін қымбат
қонақсыңдар ғой, мініңдер машинаға! Сендерден немді аяйын?
Ақын: Сізге дауа болмас!
Майор: Иә, маған дауа жоқ! Ал сендерге дауа бар! Менмін
сендердің дауаларың! Мініңдер! Баратын жерлеріңе апарып са-
лайын!
Айтыс ақыны:
Біреулер машинаның майын мінген,
Ауылдың ат пен түйе, тайын мінген.
Жалғанда жалғыз ақын мен ғанамын,
Қиқулап қызыл ала майыр мінген.
Шекісіп, бекісетін ойынымыз,
Ол үшін сілтенбесін сойылыңыз.
Бір емес, бар ақынды көтерердей,
Маршал боп жуандасын мойыныңыз.
Жігіттің жан сарайы ашық жүрсін,
Жұртына жақсылығын шашып жүрсін.
Адамды адам дейтін милицияның
Әрқашан абыройы асып жүрсін,
Қинамай қызып қалған ақындарды,
Құрметтеп үйді-үйіне тасып жүрсін!
Майор: Ал, келдік ендеше үйлеріңе!
Ақын: Өй, бұл айықтырғыш қой!
Майор: Енді ше! Айықпай жүре бермексіңдер ме өстіп? Осы-
дан басқа жер сендерге лайық емес...
Айтыс ақыны: Ал, ақыным, қайсымыз артық екенімізді қазір
айтып береді көпшілік...
Ақын: Кеттік-ау арманда, Ахаңдардың артынан!
Айтыс ақыны: Олай деме, біз Ахаңның емес, ақаңның арты-
нан кеткен тыңнан кейін туғандармыз! Бізге айығу керек! (әнде-
тіп) Сілкініп, беу қазағым, айығыңдар!
1994 ж.
Автордан: Бұл шығармалар 1987–2000 жылдары республика-
лық басылымдарда, 2000 ж. Омбы қаласынан шыққан «Жынды
Қаратайдың қасіреті» атты кітапта жарияланған.
Неге дауыс береміз? Атасы: Ал, апасы, ертең сайлау. Қане, балдарды шақыршы, төрт көзіміз түгел отырып, кімге дауыс беретінімізді келісіп алайық. Әнеугіден бері дауласқанымыз жетер өзі, ми ашып кетті. Апасы: Ақылыңнан айналайын, атасы-ау, баяғының батагөй шалдары да өзіңдей-ақ болған шығар. Бүйткен сайлауы бар болсын, берекеміз кетті ғой, әбден, әрқайсымыз әр жаққа тартып. Бізді қойшы, сыбырлап ана екеуі... балаң мен келінің... бір жұма болды, бөлек жатып жүр. Атасы: Не дейді? Неге бөлек жатады-ей, ол ит? Апасы: Ақырын, ақырын ойбай! Естіп қойса, мүлде бөлініп кетіп жүрер. Кәнделеттері қабыспай жатқан көрінеді. Атасы: Оған не боп қапты... қабыспайтын. Пәлен жыл бірге тұрып келіп, енді кәнделет-мәнделет дегені не сұмдық? Апасы: Ойбай, кәнделет деп әлгі депутат болатындарды айтады екен ғой... Атасы: Е-е, бар болғыр, сол ма еді... Зәрем кетті ғой. . Айдаладағы кәнделетте несі бар? Сайланбай қалса да, жата бермей ме құшақтасып... Апасы: Әнеугүні күңкілдесіп жатқандарын құлағым шалып қалды. Біреуі анаған дауыс беремін дейді, біреуі мынаған дауыс беремін дейді. Дауласып, дауласып, қысқасы, «екеуміз пәлетишеский прәтебнекпіз, бізге құшақтаспақ түгілі, қол ұстасып бірге жүруге болмайды» – деді. Атасы: Пәлетишеский? Онысы несі? Әлгі, пәлетика дегеннен шыққан пәле болды ғой. Апасы: Иә, иә, дәл өзі. Саяси жағынан сәйкеспей тұр екеуі... Атасы: Туһ, қайтеді-ей саясат-маясатты. Бай-құлақтың қызы екеніңе қарамап едік қой баяғыда мына өзіміз. Апасы: Шалым, қазір бай-құлақтарды ақтап жатқанын ұмытпа. Атасы: Е-е, дұрыс, ақтасын. Атамыздың ақталатынын мен сені алған кезде білгенмін. Апасы: Айналдым, атасынан сол! Атасы: Әй, бізді қойшы, мына екеуінікі қиын болды ғой. Пәлетикаң құрсын, екеуі айырылысып кетсе, нағыз пәлетика сонда болады. Талайдың түбіне осы пәлетика жетіп еді, бала-шағадан аулақ. Құдая, өзің сақтай гөр! Тым құтырып кеткен жоқпыз ба осы? Енді қайттік?
Апасы: Саяси жағын жөндемесек, қиын болады-ау түбі. Әнеугүні тыңдап тұрсам, балаң бүйдейді: «Саяси қарсыласыммен бірге туруға ождан-е-ем, өбежден-і-ім жібермейді. Ана балдарды аяймын, әйтпесе сендей салпы етек солшылды солқылдатып айдап шығар едім!» – дейді. Атасы: Қап, әкеңнің... Тұра тұр, осыдан сайлау өтсін. Апасы: Өзің сияқты ғой, қайтесің оны. Қайта келінім айналайын, өзіме тартқан, ақылды екен. (Көңілі босап): «Балдарды алып, тайып отырсам, сендей одыраңдаған оңшылдың оңғанын көрер едім! Атам мен апамды аяймын» – деді. Атасы: Атам мен апам деді ме? (Көңілі босап): Айналайынымай, сол! Аталары оңды еді. Өзім құда түсіп әпергенімді, ана бір жылы өзін ұрмақ болған баламды қамшымен бір тартқанымды ақтаған екен ғой, айналайын! Апасы: Ал, ендеше, сол айналайының айнымай тұрғанда бір амалын тап, шалым. Зады, бізді үгіттеп-үгіттеп, түк шығара алмаған соң, бір – бірін өз айтқандарына көндіріп, қалайда қалаған кәнделетіне екі дауыс әпермек болып отыр. Барымызды аямаған балдарымыз ғой, дауысымызды аяймыз ба? Сен біреуіне, мен біреуіне бере салсақ қайтеді? Атасы: Атама, ойбай! Сонда біздің ождан-е-еміз, өбежденіміз қайда қалады-ей, ә? Апасы: Өбежденің өзіңе, от басының берекесін ойласайшы. Атасы (илігіңкіріп): Сонда кімге, неге дауыс бермек екен өздері? Апасы: Оны өздерінен сұрайық. Әй, балдар, бері келіңдер! Баласы мен келіні келеді. Айналайындарым-ау сол! Сайлау, сайлау деп, сәпсім жүдеп қапсыңдар ғой. Сайлаудың бір жөні болар, бүйтейік, шырақтарым... Баласы (қатқылдау): Немене, тағы да митинг пе? Қартайғанда тыныш отырсаңдар қайтеді, осы? Атасы: Е-е, неге? Дүниенің барлығы дүрлігіп, әкетіп боп жатқанда біз жан емеспіз бе? Әлі де бір қағарымыз бар, қарағым, бізді қатардан шығарып тастауға асықпа. Мына қарашы өзің, сенің даусың да бір дауыс, менің даусым да бір дауыс! Кемпірдікі де бір дауыс, келіндікі де бір дауыс. Рас қой? Оның үстіне, темірдің айналасындағылар шопырға, малдағылар жылқышыға дауыс береді. Келін-кепшік дүкеншінің шашбауын көтерсе, сен сияқты төресымақтар деректірдің сойылын соғады. Сонда жобамен тең шығатын болады. Ал бос жатқан шешуші дауыс – шал-кемпірдікі. Ұқтың ба,
шырағым? Міне, содан бәрі бізді алдайды, көңілімізді аулайды. Ал ерегестірсең, кемпірім екеуміз даусымызды келінге қоса салсақ, сенің кәнделетің қалпақтай түседі ғой, ә? Уот, әлі де қаласақ – біреуді сайратуға, қаламасақ, жайратуға шамамыз келеді, білдің бе? Баласы: Ой, осы саясаттың сіздерге керегі не? Біздің айтқанымызбен бұрынғыдай жүріп-тұра бермейсіздер ме? Атасы: Неге сендердің айтқандарыңмен бұрынғыдай жүріптұра беруіміз керек, ә? Жүріп келдік қой, мүйізіміз шықса. Қазір перестройкі, жұрттың бәріне әктеп бол деп жатыр. Мен қарт бәлшебекпін, баяғыда ауылнай болғам, шырағым. Дүниені қайта құрып жатқанда мен де қайта түлеп, өз үлесімді қоспағаным атыма ұят. Солай, балам, әлі күресеміз сендермен. Апасы: Көтек, ойбай, әлгі орыстың батыры құсап баласымен күрескені несі, ей? Атасы: Әй, ол тықыр мен бұл тықыр бірдей емес. Біздікі саяси күрес, білдің бе? Пәлетишеский барба! Әңгіме өбежденге келгенде өзегіңді жарып шыққан балаңа да қарама деген қағиданы білмеуші ме ең? Е-е, мен мұндай балдарды жеңбей қоймаймын, мен үндеместі де көргем, менің опытым бар. Әр нәрсеге бір бас шұлғи беретін неграматнай надан шалың мен емес. Ойбай-ай, десеңші, осы қараңғы шалдар бар ғой, күйдіреді-ау кісіні! Әнеугүні әлгі кәнделеттермен кездесу болды ғой. Қылды-ау қылмақшыны! Мына көрші шал, көзі жасаурап алып: «Е-е, қарақтарым – ау, сол! Бәрің де тәуір бала екенсіңдер, айналайын. Біреудің көзінің ағы мен қарасысыңдар ғой, бәріңнің де жолың болсын. Сендерден аяған дауысты ит жесін. Бірақ, қалай дәтіміз барып, көзіміз қиып, біреуіңді сызып тастаймыз, айтшы? Елміз, адамбыз ғой... Біз бәріне де дауыс бере берейік, өздерің келісіп бірдеңе қыларсыңдар. Қайтесіңдер, таласып,... Мынаған дауыс бер, мынаны сызып таста деп бізді де қинамаңдар. Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын қазақ емеспіз бе, айналайындар! – дейді. Шал-кемпірлер түгілі, келіндерге дейін көздерін сығып, оған кейбір кәнделеттер қосылып, кәдімгідей кемсеңдеп алдық. Одан кейін селсәбет бала: «Олай болмайды!» – деп қайта түсіндірді. Енді бір құрдасым тұрып: «Шырағым, жоғарыдағылар не дейді? Қайсын сайла десе, сонысын сайлайық!» – деп қарап тұр. «Қазір ондай нұсқау жоқ. Бізге де қиын, амал қанша, өздеріңіз біліп сайлайсыздар!» – деп олар да қарап тұр. «Біз нені білеміз? Кімнің қандай екенін қайдам?» – деп елдің қабырғасы қайысты-ау, қайтейін!» Бұрынғысы оңды еді, мынаны сайла дейтін. Басты ауыртпай дауыс бере салатынбыз» – десті.
Баласы: Е-е, бұрынғының несі оңды? Любой дуракты сайла десе, сайлай беретінсіңдер... Атасы: Не дейт? Дор-а-а-қ? Әй, шырағым, бояушы-бояушы дегенге, шектен шыға берме? Халық қалаулыларын олай деуге аузың қалай барады-ей, ә? Баласы: Бәрі емес қой, әрине... Бірақ, өйтіп-бүйтіп жолын тапқандарды да жоғарыдан ұсына салды, сендер ойланбастан сайлай салдыңдар. Атасы: Ойланғышын, мұның... Бізде ойланатын уақыт болған жоқ. Зато, онда біреу-ақ болатын. Ал, қазір міне, бақандай төртеу. Қайсын таңдайсың? Бәрінен анау шәрмәштікі дұрыс, әлгі жиналыста «Қайсың өтсең де маған бәрібір. Қай жеңгенің менікі! Қызықтарыңа қарап тұрамын» – дейді. Мына жақтағы көрші: «Қайсың қорамды жөндетіп берсеңдер, соған дауыс беремін» – дейді тіпті. Кәнделеттердің бәрі жазып алды әлгінің қорасын. «Мен жөндеймін, мен жөндеймін» – деп таласқандары қызық болды бәрінен. Баласы: Осындай сауатсыздарға сайлау правосын беріп не керек екен? Атасы: Сауатсызың мен бе, ей? Менің өз өбежденім бар, қалаған кәнделетім бар! Апасы: Әлгі шопыр бала ғой, айналайын. Атасы: Ой, оның бар болсын. Ана жылы Сөкебайдың тойында сәлем бермей кеткен. Апасы: Бірақ, Бөкебайдың тойына мәшінәсімен апарып еді ғой. Атасы: Ә-ә, сүйтіп пе еді? Апырмай, бұнысы қиын болды-ау... Апасы: Ауылға оңды жол салдырамын, көшені әспәлттаймын, бұрынғыдай кебістеріңіз батпақта қалып қоймайды дейді. Өзінің маған жақындығы бар, қуып келгенде құдандалы боп шығады. Саған да бөтендігі жоқ, Күрсары ғой негізі. Атасы: Иә-иә, Ақсары болмағанымен. Күрсары болса да басқалардан бір табан жақын енді. Онда, жолға дауыс беретін болдық қой... Баласы: Ақсары, Күрсарыны қозғамай-ақ, бір сарыны білсеңдер болмай ма, осы? Баласы: Бір сарыны қайтесіз, апа! Гүлсарыны... Гүлсарыны ұмытпаңызшы! Атасы: Бір сарысы кім? Гүлсарысы кім тағы да?
Баласы: Бір сарысы – әлгі өзіңізге жөндеп сәлем бермейтін деректір. Гүлсарыңыз – өткенде сізге үнді шәйін беріп жіберген дүкенші қызыңыз. Атасы: Ә-ә, иә, иә, шәйі жақсы енді. Баласы: Өзі де жақсы, ата. Осыдан депутат болсам, дүкенге бәрін үйіп тастаймын дейді. Шәй, қант-кәмпит, май, сабын, порошок түгілі, импыртный етіктерді қос-қосынан кигіземін дейді. Атасы: Етік? Етікшінің баласынан көріп едік, енді етіктен көретін болдық-ау көресіні. Сонда, қалай, депутат болса, етік тіге ме? Баласы: Жоға, етіктердің бәрін біздің дүкенге түсіртеді ғой. Атасы: Ау, қалқам, сонда әр депутат өз ауылына таси берсе, қалған ел не болады? Бұның не пойдет! Апасы: Елде не жұмысың бар, өзімізге жетсе болды емес пе? Атасы: Жарайды, онда етікке дауыс береміз бе? Апырмай, қиын болды-ау! Ана жылқышы бала: «Депутат болсам, жылқыны көбейттіремін. Мұндай арзан, асыл етті керек қылмай отырған көзінің еті өскендердің көзін етпен ашамын, сендерге «шекер десең бал берем, жая десең жал берем» – деп еді. Енді қайттік? Етке дауыс береміз бе, етікке дауыс береміз бе? Апасы: Шүкір, етбіз емеспіз ғой, қолға түсе бермейтін етік дұрысы. Арасында шәйі де тиіп қалар. Баласы: Тұра тұрыңыздар. Оның бәрі бос сөз әншейін. Жаңағы шопырың, жылқышың, дүкеншің депутат болғанмен, қолдарында билік жоқ, не қиратады? Ең аяғы, көпшіліктің алдында жөндеп сөйлей де алмайды. Ал, нағыз депутат болатын адам – қолынан іс келетін, күші бар директор. Баласы: Әлгі өзіңізге жөндеп сәлем бермейтін... Атасы: Жоқ, сайлау басталғалы сәлемі түзеліп қалды. Анадайдан бұрылып келіп қол береді. Баласы: Парасатты азамат қой ол кісі! Атасы: Парасатынды қоя тұр. Таласатын жерге парасатың жүрмейді. Мешәйт қой әншейін. Әлгі несін... біргрәмін айт. Баласы: Монша, клуб салғызамын, құлағалы тұрған қуықтай саман үйден кең сарайға көшіремін, үйлеріңе батарей тартқызамын, көшеге шам жағамын, ағаш өсіремін, фонтан атқызып, бұлбұл сайратамын, қысқасы, ауылды гүл-гүл жайнатамын дейді! Атасы: Дұрыс екен, дұрыс екен, өте жақсы. Бірақ, сол деректерің ауылды депутат болмай-ақ жайната берсе болмай ма? Баласы: Қолынан келгенін аяп жатқан жоқ қой... лы
Атасы (кекетіп): Иә, аяп жатпағанын көріп жүрміз енді. Қолынан келгенін аямаса, ауылда кәмәнезім болмағанымен, соған ұқсас бірдеңе орнап қалар еді ендігі. Көрдік қой, талай деректеріңді, келеді де, елді жеп-жеп, кетеді жайына. Баласы: Енді... бәрі бірдей емес қой... Бұл – жаңа заманның жаңа мазмұнды директоры. Атасы: Қайдам, шырағым. Мазмұн-пазмұныңды қоя тұр. Осылар елдің қамы, елдің қамы дегенде сондай. Зады, өздерін ел деп қалатын болу керек, өздерінің қамын елдің қамы деп қалатын болу керек. Сенуден қалдық қой бастықтарға. Баласы: Бұрынғыларға сенбесеңіз, қазіргілерге сену керек. Қазір мына жаңа директорға көмектесу керек, дауыс беру керек. Депутат болса, барлық жерге сөзі өтеді, аяқ-қолы ұзарады. Атасы: Ее, ел қыдырып жүреді десейші. Мейлі, сайласақ сайлайық. Біздің арқамызда бір сайраңдап қалсын. Баласы: Сайрандағаны несі? Саяси сауатсыздығыңыз осыдан көрінеді. Ол жұмыс істеуге барады әр жерге. Атасы: Не істейтінін қайдам? Әйтеуір депутат бірдеңе бітіріпті дегенді естігенім жоқ. Сен мені бекерден-бекер сөкпе, айналайын, көрген-баққанымды айтып жатырмын. Әйтеуір, елден біреуді көтеріп, төрт-бес жыл анда-мында жүріп тұрсын, анау-мынау алып тұрсын деген ғой. Ой, бар болсын, ми ашып кетті. Тура баяғының би-болыс сайлауы сияқты. Сонымен неге дауыс береміз? Апасы: Жолға! Баласы: Моншаға! Баласы: Етікке! Атасы: Неғылған молшылық бұл! Болды енді, мәләған болдық қой әбден. Бәрі бір қатып қалған статия! Алатын дауыстарыңды алыңдар да, барыңдар айналайын. Былай... Келінім, айналайын, етігің құтты болсын. Соған дауыс берем... Баласы: Рахмет, ата! Апасы: Онда мен де етікке... . көтек. . келінге қосыламын. Атасы: Жоқ, сен балаңа болыс, балдар тең болсын. Әй, айт анау деректіріңе, шөп бітіп қалды, бір телешке шөп әкеп тастасын. Саған дауыс береміз де! Апасы: Иә, сөйте ғой, құлыным. Ал, барыңдар, қайсыңның кәнделетің өтсе де, өзіміз дауыс бергеміз деп бұлдануларыңа болады. Алатын дауыстарыңды алдыңдар... Иә... пәлетиканы қайтейін деп едіңдер... енді былай нетіп... жарасып жүріңдер айналайындар. Баласы: Рахмет!
Баласы: Рахмет! кетеді
Атасы: Өздері мәз-мәйрам, кісінің өбежденімен жұмыстары
жоқ – ей! Ал, кемпірім, бері қара. Ана жылқышы өткенде: «Осы-
дан депутат болсам, қысқа қарай арық-тұрық тайларыңды семіз
байталға айырбастап беремін!» – деп еді.
Апасы: Байтал? Семіз?
Атасы: Иә, иә, семіз байтал! Бері қара, моншасыз да күн көріп
келдік қой, бұрынғыдай ауданға барып түсіп тұрармыз. Әспәлтіне
де рахмет – батпақта бір кебісің қалып қоймаса, оны іздемесең,
әңгіме қылмасаң, несі қызық!? Емпірт етікті де біз киіп жатқан
жоқпыз ғой, солай ма?
Атасы: Иә, иә, солай!
Атасы: Ендеше, дымың ішінде болсын! Ертең кімді -кім тек-
серіп жатыр, ана бүлитендегі моншаны да, жолды да, етікті де сы-
зып- сызып таста! Балдар құшақтасып жата берсін, біз байталға
дауыс береміз!
Апасы: Байталға?
Атасы: Иә, семіз байталға! Әркімнің өз өбеждені бар, айна-
лайын!!!
Мысал үшін...
Әйелі: О, менің махаббатым, махараджам, мақалайым, мақа-
қам, мақал-мәтелім, мақұл... л-л-л... д-д-дығым! Менің ішім пысып
кетті, кел, қызық болсын, мысал айтып ойнайық!
Күйеуі: Ма-а-ақұл!
Әйелі: Жә! Екеуміз Американы аралап, саяхаттап жүргенде,
Атакама шөлінде адасып кетсек, мысал үшін...
Күйеуі: Әй, Атакамаң не, әй, ә? Адасқыш болсаң өзіміздің
Қызылқұм мен Қарақұм, яки Үстірт пен Бетпақдала, тіпті болмаса
Гоби мен Такла – Макан тақияңа тар келді ме? Айдаладағы Атака-
маға атаңның басын іздеп барасың ба?
Әйелі: Мысал үшін ғой енді... Тым болмаса өстіп қиялымыз-
бен жер- жаһанды кезіп қайтпасақ, Атакамаға аттануға атекемнің
пенсиясы жете қоймас! Жә, сонымен Атакамада адасып кетіп, аң-
қамыз кеуіп, сілеміз қатып, тырапай асуға жақын қалғанда, бір жұ-
тым су, бір үзім нан тауып алсақ, мысал үшін... Сен өзің ішпей-
жемей маған берер ме едің, қайтар едің?
Күйеуі: Саған беретіндей мен соншалықты ақымақпын ба,
өзім соғып аламын түк қоймай!
Әйелі: Ах, оңбаған эгоист!
Күйеуі: Жоқ, сен тоқтай тұр, байыбына барып алсаңшы! Мен
оны өзім үшін емес, сен үшін ішіп жеймін.
Әйелі: Қалайша мен үшін? Басқа жағымыз бірге болғанымен,
асқазанымыз бөлек екенін ұмытпа!
Күйеуі: Гәп сонда болып тұр! Ана ас-суды сен ішіп қойсаң,
одан түк пайда жоқ! Ал мен ішсем, екеумізге де пайдалы!
Әйелі: А-а! Қалай?
Күйеуі: Былай! Сен ішіп-жеп алдың дейік, мен әлсіреп құлап
қалдым дейік. Сонда сен мені көтеріп алып шығасың ба әлгі Ата-
кама шөлінен?
Әйелі: Беті аулақ! Осы үйдің бар шаруасын мойныма артқа-
ным аздай, алпамсадай ғып сені Атакамада арқалап жүретін жай-
ым жоқ!
Күйеуі: Міне, көрдің бе, өзің де мойындадың! Ал мен әлденіп
алсам, сені Атакама түгілі, Атлант мұхитынан да алып шықпай-
мын ба алақаныма салып! Есіңде болсын, ер-азаматтың қашанда
тоқ болғаны жақсы!
Әйелі: Жәрәйт! Қазанға бірдеме сап қойғам-қорқпа! Ары қа-
рай ойнайық... Мысал үшін, екеуміз Ориноко өзенін өрлей жүзіп
келе жатқанда, қайығымызды крокодил қағып жіберіп, төңкеріп
тастаса...
Күйеуі: Қолтырауынды қойшы айналайын, қараптан- қарап кі-
сіні қалтыратпай... .
Әйелі: Мысал үшін ғой...
Күйеуі: Қолтырауынды алып тастап айта берші! Ориноко өзе-
нінде ол құбыжық кездессе, ешқандай мисалдан қайран жоқ – бір-
ден капут боламыз!
Әйелі: Ал жәрәйт... мысал үшін Ориноко өзенінде өлең айтып
келе жатқанда, қайығымыз аударылып, суға кетіп бара жатсақ, сен
мені құтқарып алар ме едің?
Күйеуі: Жаным, күнім, айым, алтыным, жарқыным! Саған
бірден ашып айтып қояйын – мен малту білмеймін! Сондықтан
саған қайырылып та қарамаймын – қайыққа жармасып жан сауға-
лаймын! Солай, маған сенуші болма, судан сақ бол!
Әйелі: Мейлі, бірақ махаббат ондай ұсақ-түйекке қарата ма
екен? Сүйетінің шын болса, сен мені құтқарып алып шығуың ке-
рек!
Күйеуі: Қалай құтқарам ей? Мен ваннадағы суға әрең түсемінмоншаға ақша жұмсама деген сенің жарлығыңнан аса алмай. Ал, сен маған айдаладағы Ориноконың айдынынан суырып алып шық деп тұрғаның қай сасқаның?! Әйелі: Сасқаным емес, сынағаным! Сонда қалай, көз алдыңда жан жарың жанұшырып суға кетіп бара жатады, ал сен қайығыңа жармасып, жайымен қарап тұрмақсың, ә? Күйеуі: Жоқ, жайымен тұрмаймын, ойбайлап тұрамын! Бірақ одан не пайда? Әйелі: Әне, сонда да пайданы ойлап тұрасың. Сенімен бірге кетемін су түбіне деп неге айтпайсың, ә?! Күйеуі: Неге сенімен бірге кетуім керек? Екеуміз бірдей сонау жердің екінші бетіндегі Ориноконың түбінде қалсақ, сұмдық емес пе? Әйелі: Сонда мені су түбіне жіберіп, өзің аман-сау қалып, ахахау дәурен сүрмексің бе ұялмай? Күйеуі: Әй, сен шындап барасың ғой, мен мисал үшін айтып жатсам... Әйелі: Мысал үшін! Мысал деген сылтау саған! Жақсы көрмейсің! Әйтпесе кім әйелін мысал үшін суға батырып жатыр?! Күйеуі: Қойшы енді! Мисал үшін ұрысқанша, суға жүзуді үйреніп алсаңшы! Кісіге масыл боп жүретінің-ай осы, тіпті Оринокода да тыныш жүздірмедің-ау! Ойнасақ дұрыстап ойнайық, әйтпесе қояйық! Әйелі: Ал, жәрәйт! Екеуміз, мысал үшін, Африкада, Занзибар өзенінің бойында қалың жүңглидің ішінде каннибалдардың қолына түсіп қалсақ қайтар едің?! Кісі жейтін мумбо-юмбо тайпасының күнге қақталған қайыстай терісін керген бұлшық еттері бұлтбұлт еткен, алақандай көзі жалт-жұлт еткен, сақылдаған сойдақ тістері жарқ-жұрқ еткен, тоннелдей таңырайған танауынан шуылдап шыққан желінен жүңгілидің жасыл құрағы жапырылып, жапырақтары ұшып жатқан қаратастай көсемі: «Ал, қазақтарым, сендерде жазық жоқ, бізде азық жоқ! Адамды бостан-босқа қырып тастайтын қанішер жауыз емеспіз, сондықтан біреуіңді тамақ қыламыз да, біреуіңді қоя береміз! Қане, қайсың құрбан боласың өз еркіңмен?!» – десе, тажалға тайсалмай қарсы барып, мені құтқарып жіберуге ерлігің жетер ме еді?! Күйеуі: Ерлігім жетуін жетеді, бірақ жан шіркін тәтті ғой! Ол бәтшағар мені бас салып, бұтыр-бұтыр шайнап жеп қойса, сен менсіз қалай өмір сүресің ә?!
Әйелі: О жағынан қам жеме! Аман болсам, сенсіз де бірдеңе
ғып күн көрермін!
Күйеуі: А, жоқ, оның бола қоймас! Менің қызығымды мумбо-
юмбо көсемінің асқазаны көрсе, сенің қызығыңды дос-жараның
көрмек пе? Оныңа көне алмаймын! Одан да өз қолымнан сойып
бергенім жақсы каннибалдарға!
Әйелі: Жоқ, сен жөніңді айт қылжақтамай! Мысал үшін, сүй-
ген жарыңа араша түсіп, ажалға қарсы бара алар ма едің?!
Күйеуі: Барғанда қандай! Занзибардың жағасында каннибал-
дарға тік қарап тұрып: «О, жалғандағы жазықсыз қан төкпейтін
жалғыз мейірбанды көсем, менің сүйген жарымды азат ет те, мені
сойып жей ғой, ризамын!» – деймін.
Әйелі: Міне, жарайсың! Жаңа-жаңа адам бола бастадың! Жа-
ры үшін жанын аямаған жайсаң деп жарнамадан жалғанға жария
қылатын-ақ жөнің бар! Айтшы, жаным, шынымен сөйтер ме едің,
әлде мысал үшін ғана ма?
Күйеуі: Жоқ, шынымен! Өйткені бізде де есеп бар! Осы біздің
қазақ еркек малдан гөрі ұрғашы малдың еті тәтті болады демеуші
ме еді! Кісі жеп үйренген кәсіпқойлар емес пе, каннибалдар да
бірдеме білетін шығар!
Әйелі: Қап, бәлем! Онда, мысал үшін террористер мені ұстап
алып, заложник қып алып кетеміз, бірақ, мұның орнына басқа бі-
реуің келсеңдер босатамыз десе, сен менің орныма басыңды бай-
лап барар ма едің, қайтер едің?!
Күйеуі: Барғанда қандай! Тіпті ойланбаймын да!
Әйелі: Ой, жаным сол, мен үшін қандай да бір қиындықтан
қайтпайтыныңды қыз күнімде-ақ біліп едім!
Күйеуі: Өй, оның несі ерлік? Сенің айқайыңды естіп, басымды
қатырғанша, террористердің қолында бірер күн демалғаным артық
шығар! Олар әйтеуір әйел емес қой, ертелі-кеш байбалам сала бе-
ретін. Және үш мезгіл тамақ та беріп тұратын шығар дұрыстап!
Телевизорға түсіп, атым да шығады!
Әйелі: Жәрәйт! Ал енді бар ғой, иә, мысал үшін, алдымыздан
азулары селебедей бір қабаған қара төбет шыға келсе, сен мені
қорғап, алыса кетер ме едің, қайтер едің?!
Күйеуі: Ойбай беті аулақ ол иттің! Мені кішкентай кезімде ит
қапқан, содан шошып жүрегім қозғалып қалған – иттің өзі тұрмақ,
аты аталса талып қала жаздаймын қалт-қалт етіп!
Әйелі: Жоқ, сен талып қалма, өйтіп құтыла алмайсың!
Күйеуі: Кімнен?
Әйелі: Менен! Күйеуі: Ә, сенен бе? Мен анау иттен екен десем... Өйткені, қандай қабаған ит болса да мас адамға, талып қалған адамға тимейді дейтін... Сен сол иттен де қиын болғаның ба, талып қалсам да құтқармайтын!? Әйелі: Иә, ал, қайтесің менен талмақ түгілі, өліп қалсаң да құтылмайсың! Күйеуі: Бұл да мисал үшін бе? Әйелі: Ал, жәрәйт, мысал үшін... Күйеуі: Олай болса, мисал үшін, иттен қорықпайтын бір итке неге тиіп алмадың әу басында? Әйелі: Жәрәйт! Иті бар болсын... Бері қара, мысал үшін, мен ауырып қалсам, сен мені бұрынғыдай сүйер ме едің, қайтер едің? Күйеуі: А-а? Қайдағыны айтпашы, әй, құдай үшін! Әйелі: Мысал үшін, әй, мысалы, мысалы деймін! Күйеуі: Сенің бүйткен мисалың бар болсын! Кіп-кішкентай мишығыңнан қандай әйдік мисалдар шығады ей, ә? Шетінен бір қорқынышты, қисынсыз мисалдарыңның қисабы жоқ, қадым заманғы қиссалардан кем болмады ғой өзі! Әйелі: Үрейлі болмаған да ше? Дүние толы қорқыныш, адамдардың бәрін үрей буған, үйлерінде де уайымсыз ұйықтай алмайды! Сенбесең, сұра бәрінен! Бірақ үрпие берсек, ажалдан бұрын өлерміз, одан да кел, сол үрейдің өзімен қалжыңдасып көрейік, бәлкім бізден беті қайтып, жайына жетер, ә, мысал үшін! Жә, сонымен мен ауырып қалдым дейік... Күйеуі: Ауырып қалсаң, мисал үшін, дәрігерлер бар, аурухана бар... балдыздар бар... олардан қалсаң, мен бар, бірдеңе ғып күтерміз енді! Әйелі: Күтесің! Күтпегенде қайда барасың? Бірақ мен сенен күтесің бе деп сұрап тұрғам жоқ, сүйесің бе деп сұрап тұрмын! Маған махаббат керек! Күйеуі: Сүйеміз ғой, сүйеміз! Бірақ смотря қандай ауру? Дәрігерлер де гигиена сақтаңдар деп қақсап жатқан жоқ па? Әйелі: Әй, қайдағы гигена!? Әңгіме махаббат туралы! Мысал үшін, сен сонда да қорықпай бұрынғыдай өліп-өшіп сүйер ме едің мені, қайтер едің? Тоқ етерін бір-ақ айт! Күйеуі: Қа-қа-қалай айтам? Дәтім бармайды! Тоқтай тұр, осы сен өзің мені мисал үшін емес, шын сүйесің бе? Әйелі: Можыбит!
Күйеуі: Олай болса, мені сүй деп қолқамды суырғанша, ауруыңды, мисал үшін, маған да, жұртқа да жұқтырмайын деп, алдымен өзің ойланып, сақтанбайсың ба? Әйелі: Жәрәйт! Осы жолы шынында сенікі жөн екен! Ал ендеше, мысал үшін, жұқпайтын жағын қарастырайық! Мен бауырсақ пісіріп жатқанда, отқа май төгіліп кетіп, газ лап ете түсіп, өрт шығып, мен күйіп қалсам, бетім, мойным, бәрі бырысып, тырысып қалса, сен мені бұрынғыдай жақсы көріп, қасыңа ертіп, қол ұстасып бірге жүрер ме едің? Күйеуі: Кетші-әй, жағыңа жылан жұмыртқалағыр! Әйелі: Жоқ, ойын ғой... мысал үшін... Айт қане, қайтер едің? Беті жұдырықтай, белі қылдырықтай, бітімі бұлдырықтай біреуге ілесіп кетер ме едің әлде?! Күйеуі: Апырмай, қатты қинадың-ау! Мисал үшін болса, мен де бір бөтелке бензин құйып жіберіп, үсті-басымды күйдіріп тастаймын! Әйелі: Тапқан амалының түрін қара! Тап-таза өтірік айтып тұрсың! Күйеуі: Өтірік айтпағанда өлеміз бе? Мисал үшін болса да, өртенбей-ақ қояйықшы! Одан да махаббаттың қызуымен қыз – қыз қайнап қатар жүре берейікші! Әйелі: Жәрәйт! Онда, мысал үшін, мен автокатастрофаға ұшырып, қол-аяғым сынып, дым қалмай қирап, көзім жәутеңдеп, төсекте жатып қалсам, сен өмір бақи қасымда отырып күтуге жарар ма едің?! Күйеуі: Отыруын отырамын ғой, бірақ жұмысты кім істейді, бала-шағаны кім асырайды? Ақшаны да көбірек табуға тура келмей ме, өзім үшін, сен үшін. Сондықтан, екі сменада, тіпті үш сменада жұмыс істеуге мәжбүр болмаймын ба? Әйелі: Белгілі ғой сенің сменің! Жә, мысал үшін, біздің ескі кантор жермен жексен болса... Күйеуі: Астапыралла! Әйелі: Әй, үрпие бермеші ей, кірпі құсап! Мысал үшін айтқанға зәре иманың ұшады, шынымен сондай бір қиындық бола қалса, ажалыңнан бұрын өлетін шығарсың! Сонымен, мен үйіндінің астында қалып қойсам, не өлі, не тірі екенімді біле алмай, бір ай, екі ай, бір жыл өтсе... сонда сен күдер үзбей мені күтер ме едің көзіңді талдырып, жоқ әлде көрінгенге көзіңді сүзіп, біреуді кіргізіп алар ма едің орныма?! Ә-ә? Мысал үшін?! Күйеуі: Бұл бір ойланатын мәселе сияқты!
Әйелі: Нені ойланасың? Күйеуі: Кімді кіргізіп алуды ойланамын да! Әйелі: Әп, бәлем сенің де ау-жайың белгілі болды! Күйеуі: Енді не істе дейсің маған? Мисал үшін, мисал үшін деп, миымды айналдырып жібердің әбден! Айтсаң, дені дұрыс мисал айт, айтпесе, доғар осымен! Әйелі: Жәрәйт! Мысал үшін, екеуміз базар аралап келе жатқанда... . Күйеуі: Е-е, бәсе, ажалдан гөрі базарың тәуір! Әйелі: Иә, базарда қолымдағы сөмкемді ұрлатып алсам, ішінде бүкіл ақшам, алтын, күміс әшекейлерім түгел кетсе, сен маған ұрсар ма едің, қайтер едің?! Күйеуі: Саған ұрыстың не, ұрыспадың не – бәрібір емес пе? Ылғи айтамын осы, абайлап, сақтанып жүр деп, тіл аласыңдар ма сендер?! Әйелі: Әй, өзің жоғалтпай жатып қоңқылдайсың ғой кісіге! Сөмке жоғалса жоғалсын, өзің аман қалғаныңа шүкір демейсің бе одан да! Күмістің орнына алмас, гәуһардан әперемін десең, нағыз джентльмен күйеу болар едің ғой, онда саған баға жетпес еді ғой! Мысал үшін, сөйдеп айта салу да қолыңнан келмеді ғой, лағанат! Күйеуі: Әй, сабыр, сабыр, сабандай саудырлап, сабындай бұзылмай сабаңа түс! Бүйткен мисалың бар болсын, ана етің пісіп қалған шығар, мен саған бүгінгі ойының үшін бір тәтті торт әпере қояйын да, татулықпен тоқтай қояйық! Әйелі: Манадан бергі мың бір түнге татитын мынауский мысалдарымнан бір тортпен құтылатын болдың ба? Жәрәйт, бұған да ризамын! Ал, бірақ, мысал үшін, сол тортты енді кесе бергенде, ала мысық секіріп келіп тұп – тура ортасына түсе қалса қайтер едің?! Күйеуі: Мен онда, мисал үшін, мысықты саған ұстата саламын, екеуің отырыңдар бір-бірінің бет-ауыздарыңды жалап, тамсанып... Әйелі: Жәрәйт! Мысалы да, мысығы да бар болсын, татутәттілікке не жетсін! Ал ендеше мен етті түсіре берейін, сен тортты дайындай бер!!! 2003 ж.
Қазақы келін
Күйеуі: О, жаным, жалғандағы жар дегенде жалғыз махаббатым! Отыз күн ойын, қырық күн тойын дегендей, талай тәтті күндермен айлар жылжып қана өте шығыпты, Енді кішкене етекжеңімізді жинап, ақыл-есімізді бір түгендеп қоятын кез келді білем! Әйелі: Дебет-кредитке аудит жасап, сальдосын шоттағалы тұрсың ба? Күйеуі: Есеп-қисап та керек, әрине, бірақ алдымен мына марални жағын бір жөндеп алсақ, руханиятым менің! Әйелі: Тым сипақтап, сылап-сипап барасың, бірталай шағым түскен-ау шамасы, суханиятым менің! Күйеуі: Енді жайлап, жұқалап дегендей... Үйленгенімізге бірер-ай өтпей жатып, қыз кезіндегі уәдесінен айни қоймас, алайда, кейбір иірімдерін шиырып қойғанның артығы болмас деп жатқаным ғой, иә?! Әйелі: Өй, сен де қырық жылғыны ұмытпайды екенсің! Қайдағы уәде? Әйелдердің памиті де жаны сияқты нәзік, уақыт желі үп деп үрлеп өтсе бітті-ұмытады да қалады. Ал, айтшы енді, қыз кезімде қара басып қандай уәде бердім екен мен бейбақ? Күйеуі: Мақұл, мен есіңе сала қояйын, сен менің тілімді ала ғой! Айтқаныңды орындайтыныңа, алдамайтыныңа сенемін, жаным! Әйелі: Алдауын алдамаймын, бірақ ұмытып қала беремін! Күйеуі: Оқасы жоқ, оқу-тоқудың төресі – қайталау! Сонымен, уәдеңіздің бірінші әрі ең басты бабы – нағыз қазақы келін боламын дегенсің! Әйелі: Қойшы, ей! Тұп-тура сүйдедім бе? Мүлде есімде жоқ! Жә, ренжіме, менің кейде сөйтіп бетімен сөйлей салатыным болады, ондайға мән бермей-ақ қой! Әйел болғасын бірдемені ойланбай айта салмасақ бола ма – соған сонша мән беріп, осы сендер, еркектер, қырылысып жататындарыңа қайранмын! Күйеуі: Өзің склероз емессің бе? Әйелі: Жоға, құдай сақтасын? Оны неге сұрадың? Күйеуі: Енді, осыдан бірер ай ғана бұрын берген осындай өмірлік маңызы бар уәдеңді ұмытып тұрсың ғой! Әйелі: Ұмытатын нәрсені ұмытамыз, ұмытпайтын нәрсені ұмытпаймыз! Күйеуі: Ендеше есіңе түсір, нағыз қазақы келін боламын дегенсің!
Әйелі: Қалай түсірем есіме... егер де ондай ештеңе айтпасам?! Тіпті, мен ондай сөзді де білмеймін! Қазақы қой, қазақы ит дегенді естуші едік! Ал, қазақы келін деген қандай келін екен, ә?! Күйеуі: Қандайы несі? Кәдімгідей... қазақы келін деген қазақы келін! Оның ойы да, тұла бойы да тұнып тұрған қазақылық болуы керек! Әйелі: Қатырдың! Келістірдің! Түк түсінсем бұйырмасын! Сонда қалай, шетелше оқыған мен бұл талапқа сай келмеймін бе? Қазақы келін міндетті түрде қараңғы, қой аузынан шөп алмайтын ынжық болуы керек пе?! Баяғы заманды қайтадан орнатамыз деп, бастарың айналып жүр ме әлі де?! Күйеуі: Жоға, кім өйтейін деп жатыр! Тек әйтеуір қай ғасырда, қай заманда өмір сүрсек те, атадан қалған салт-дәстүрімізді, ана тілімізді сақтайық дегеніміз ғой! Әйелі: Оған кім қарсы болып жатыр? Бірақ, әсіре қазақ боламын деп тағы адаспайық! Қысқасы, былай жаным! Ата-анамызды сыйласам, өз басыңды қадірлесем, әдептен аттамасам болды, қалған қазақшылығыңды қалтаңа салып қой! Әлде, мені үндемей илеуіңе көне беретін күңім деп қалдың ба? Күйеуі: Жо-жоқ, күңі несі-ей, мен сені күнім деймін! Әйелі: Е-е, бәсе, күң болып күңіреніп тұрғанша, күн болып күлімдеп тұрайық та! Күйеуі: Күлгеніңнен айналайын, ойымды айтқызбай білгеніңнен айналайын! Дегенмен, иә, дегенмен, бір кішкентай түйткілдерді майдалап жіберерсің, ә!? Әйелі: Ал, қане, кілтипаныңды көрейін, керек болса, майдаламақ түгілі үтіктеп, үгітіп, үптеп берейін! Күйеуі: Жарайды, басқасы басқа болсын, бірақ, қайнағаларының аттарын атамай, өзіңше бір ат қоюға келісетін шығарсың?! Әйелі: Келіскенде қандай, кісіні кличкасымен атау қызық қой бір жағы! Күйеуі: Өй, кличка деме, өкпелеп қалады! Лақап ат десең дұрыс! Ал, енді сен шетелше оқыған тәрбиелі келінсің ғой, қайнағаларыңның көңіліне қаяу салмай, көрікті, көлтөрни ат қоюға тырыс! Әйелі: Ол райт, о жағын қатырамыз ғой! Күйеуі: Кел, онда, ақырын ат қойып көрейік! Таубай қайнағаңды қалай атайсың? Әйелі: Дөкей қайнаға! Күйеуі: Атшабар ағайды ше? Әйелі: Жокей қайнаға!
Күйеуі: Ал Мақұлбек деген ақылды ағамызды не дер екенсің? Әйелі: О кісіні О кей қайнаға десем қатып кетпей ме?! Күйеуі: Ғажап! Мақұл, мақұл Мақұлбек, о, кей! Ғажап! Жә, Арыстан ағайды... . . Әйелі: Кугуар! Күйеуі: Ал Жолбарысты ше? Әйелі: Ягуар! Күйеуі: Серікбайды ше? Әйелі: Коллега! Күйеуі: Өрікбайды? Әйелі: Курага. Күйеуі: Алмабекті? Әйелі: Апорт! Күйеуі: Қаламбекті? Әйелі: Рапорт! Күйеуі: Айдосты? Әйелі: Лунатик! Күйеуі: Ал Біттібай қайнағаңды не дер екенсің? Әйелі: Капут қайнаға дейін! Күйеуі: Немісше атағаның қалай болар екен? Үйренген орысыңнан қарастырсаң қайтеді? Әйелі: Онда масқара болады! Осы капут қайнаға дегенім дұрыс! Күйеуі: Мейлі, капут дегеннен Біттібай капут боп кете қоймас, өз атын тікелей атамсаң болғаны! Ал, Тышқантай қайныңды қалай мәймөңкелеп жібересің?! Әйелі: Микки Маус! Күйеуі: Зәрубекті ше? Әйелі: Дефицит! Күйеуі: Тамаша! Зәкең риза боп қалатын шығар! Ал Көнбайды ше? Әйелі: Кожанка! Күйеуі: Қой, Көнекеңнің көн терісі тырысып, жыны қозыңқырып кетсе, кожыңкың созыңқы боп кетіп жүрер! Әйелі: Онда дубленка дейік! Күйеуі: Міне, мұның жобаға келеді! Ал, Көңбай қайнағаңды қалай әспеттейсің? Әйелі: О кісіні тұп-тура гербицид қайнаға деймін! Күйеуі: Гербицид? Көңбай – гербицид?!
Әйелі: Таң қалатын түгі де жоқ – көң дегенің де, гербицид де-
генің де тыңайтқыш емес пе? Қайта, мен қайнағамның дәрежесін
дүниежүзілік деңгейге көтеріп тұрмын ғой! Қазір глобализация
жүріп жатқанда, гербицид қайнаға дегенім мүлде қатып кетті!
Күйеуі: Ал, жарайды, мына Ермек қайныңды...
Әйелі: Хобби!
Күйеуі: Мылтықбайды ше?
Әйелі: Бердеңке!
Күйеуі: Қой өкпелеп қалар, тұлғалы кісі ғой, калибрін үлкейт
кішкене!
Әйелі: Онда винчестер қайнаға дейік!
Күйеуі: Аманжолды ше?
Әйелі: Чао!
Күйеуі: Өмірбекті?
Әйелі: Селяви!
Күйеуі: Селяви болса, селяви! Ал, ат қою науқанын аяқтасақ,
өзара сыйластықтың кейбір шарттарын бекітіп алайық – кейін мат
болмас үшін!
Әйелі: Ешқандай шах та қоймай, мат та болмай, шын жүректен
сыйласып, ақ боп жүрсек қайтеді, жаным?!
Күйеуі: Жоқ, болмайды, тәртіп керек! Қазақы келін болудың
жолы оңай емес, есінегеніңе дейін ереже, қадам басқаныңа дейін
қағида! Мен саған соның жеңілдетілген нұсқасын ұсынып тұрмын.
Жұрттың көзінше кердеңдеп, менімен қатар жүрмей, сәл кейіндеу
жүресің!
Әйелі: Мейлің! Бірақ жұрт әйелі алдына сап айдап әкеле жа-
тыр деп, сені мазақ қып жүрмесе болғаны да!
Күйеуі: Ә-ә, сондайы бар ма еді, қап! Онда сен сәл алға жүр-
жұрт мен сені қуып келе жатыр деп ойласын!
Әйелі: Жәрәйт! Бірақ, жұрт мынаны әйелі жетектеп келе жа-
тыр демесіне кім кепіл!
Күйеуі: Қап! Енді қайттік?!
Әйелі: Қайткені несі жаным-ау! Қатарласып, қол ұстасып, жұ-
бымыз жазылмай, үлкен аталарымыз бен апаларымыз сияқты жа-
расып жүргенге не жетсін! Міне, нағыз махаббат, нағыз қазақы
келін сол болар!
Күйеуі: Шынында да солай екен-ау, ә?!
Әйелі: Олай болса, жүр кеттік! Қане, қолды әкел бері!
Қол ұстасып кетеді.
2003 ж.
Мазмұны ПЬЕСАЛАР.................................................................................. 3 ЖАР МЕН ЖАРҒЫ ................................................................ 3 ЕРКЕГІ БАР БОЛҒЫР... ....................................................... 35 ҚАЗАҚЫ САЙЛАУ .............................................................. 67 БАТЫР БАЯН ....................................................................... 99 ҚАПТАН ШЫҚҚАН ҚАРА ҚЫЗ ..................................... 120 НОВА ЛИЗА ........................................................................ 154 БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ПЬЕСАЛАР .............................. 179 ЖОЛБАРЫС ПЕН ПОНИ .................................................. 179 СЫРҒАНАҚ ........................................................................ 197 САХНАЛЫҚ ТУЫНДЫЛАР ............................................. 213 Сенің көзің... Менің көзім... ........................................... 213 Рахме-е-е-ет! .................................................................... 217 Бірдеңе Шірдеңеевич ...................................................... 219 Күлкі іздеп жүрмін... ....................................................... 222 Қазақтар Парижде ........................................................... 226 Қисын ............................................................................... 232 Балпылдау мен салпылдау ............................................. 236 Сарқыт .............................................................................. 241 Опию мен сопию ............................................................. 244 Қиялилар қосылғанда ..................................................... 247 Неге дауыс береміз? ........................................................ 263 Мысал үшін... .................................................................. 269 Қазақы келін .................................................................... 276
Баянғали Әлімжанов
ШЫҒАРМАЛАРЫ
Жар мен жарғы
V том
Пьесалар. Сахналық туындылар
Жауапты редакторы Р.Ж. Әбдірахманова
Редактордың көмекшісі Шакен Н.Х.
Корректоры Г. Шаймергенқызы
Басып шығаруға 30.10.2016 ж. қол қойылды
Пішіні 60×84 1/16. Қағазы офсеттік. Офсеттік басылыс.
Шартты баспа табағы 17,6. Таралымы шарттық.
020000. Көкшетау каласы, Абай к-сі,112.
тел. 8(7162) 40-21-55, e-maіl: techno@keleshek-2030.kz
«Келешекторгснаб» ЖШС баспасында басылып шығарылды
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру