TELEGEI

Home

Panorama: Дүниежүзі тарихы, 2-кітап

Данн Росс Е.

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Panorama: Дүниежүзі тарихы, 2-кітап

Адамзат пайда болғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі дүниенің тарихи жолын кең ауқымда сипаттайтын бұл оқулық Homo sapiens өкілінің жетілу, өсіп-өркендеу жолынан басталып, ХVI ғасырға дейінгі кемелдену тарихын толық қамтыған. Әр бөлімде адамзат тарихының кең шалқары кезең-кезеңімен суреттеледі. А...

ӘОЖ 94

КБЖ 63.3

Д16

«Жаңа гуманитарлық білім.
Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»
жобасының редакция алқасы
Редакциялық алқаның төрағасы –

Төрағаның орынбасары –
Жауапты хатшы –
Тәжин М.М.
Сағадиев Е.К.

Кенжеханұлы Р.
Алтаев Ж.А.
Алшанов Р.А.
Жаманбалаева Ш.Е.

Жолдасбеков М.Ж.
Қасқабасов С.А.
Қарин Е.Т.
Құрманбайұлы Ш.

Масалимова Ә.Р.
Мұтанов Ғ.М.
Нұрышева Г.Ж.
Нысанбаев Ә.Н.

Өмірзақов С.Ы.
Саңғылбаев О.С.
Сыдықов Е.Б.
Кітапты баспаға әзірлеген:

Ұлттық аударма бюросы
Аудармашылар – Жолдасбаева Г.
Исаева Р.
Кенжебаева Ұ.

Санжарұлы Ш.
Тасболат А.
Әдеби редактор – Сімәділ Қ.
Ғылыми редактор – Көкебаева Г.К.

Жауапты шығарушы – Сімәділ Қ.
Пікір жазғандар – Аяған Б.Ғ.
тарих ғылымдарының докторы, профессор;
Шашаев Ә.Қ.

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасында ғылыми талқылаудан өтті Publіshed by McGraw-Hіll Educatіon, 2 Penn Plaza, New York, NY 10121. Copyrіght © 2015 by McGraw-Hіll Educatіon. All rіghts reserved. Prіnted іn the Unіted States of Amerіca. No part of thіs publіcatіon may be reproduced or dіstrіbuted іn any form or by any means, or stored іn a database or retrіeval system, wіthout the prіor wrіtten consent of McGraw-Hіll Educatіon, іncludіng, but not lіmіted to, іn any network or other electronіc storage or transmіssіon, or broadcast for dіstance learnіng. Thіs translatіon іs publіshed by arrangement wіth McGraw-Hіll Educatіon Copyrіght © 2015 by «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры («Natіonal Bureau of Translatіons» Publіc Foundatіon). All rіghts reserved.

Д16 Данн Росс Е.

Panorama: Дүниежүзі тарихы, 2-кітап. – Алматы: Ұлттық аударма аударма бюросы, 2019. – 492 б.

ІSBN 978-601-7943-49-3

ІSBN 978-601-7943-50-9

Адамзат пайда болғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихи жолын кең ауқымда сипаттайтын бұл оқулық «Panorama: Дүниежүзі тарихы, 2-кітап» («Panorama a World Hіstory, Book 2») деп аталады. Кітапта XVІ ғасырдан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарих толық қамтылады. Екінші кітап үш бөлімнен тұрады және әр бөлімде адамзат тарихының даму жолы кезең-кезеңімен суреттеледі. Жаңа заман және қазіргі заман тарихынан бүгінгі күнге дейінгі адам баласы жүріп келе жатқан жол осы кітапта жан-жақты және бұлтартпас тарихи деректерді сөйлете отырып сипатталады. Өткенін електен өткізіп, түп-тұқияннан басталған тарихын кең ауқымда білгісі келген оқырман кітаптан адамзат тарихына қатысты тың және айрықша деректерді кездестіретініне сеніміміз мол. Тарих ғылымындағы жаңа терминдер және атаулар тізбесі де дүниежүзі тарихына қызығатын оқырмандар назарын өзіне аударады. Кітап құрылымындағы жалқыдан – жалпыға және жалпыдан – жалқыға алма кезек ауысып отырар тарихи оқиғалар желісі кітаптың ғылыми-танымдық сипатын үстей түседі. Кітап ең алдымен ЖОО студенттеріне арналған. Тарихи танымы мен пайымын тереңдетіп, дүниежүзі тарихын зерттеп-білгісі келген жалпы оқырманға да берері мол.

ӘОЖ 94

КБЖ 63.3

ІSBN 978-601-7943-49-3

ІSBN 978-601-7943-50-9

© 2015 by McGraw-Hіll Educatіon
© «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2019

...Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.

Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады.

Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бо­йынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз.

Жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелестікке қабілет сияқ­ты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнық­тыратын басты күшке айналады. Осылайша болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады...

Қазақстан Республикасының Президенті

Н.Ә.Назарбаевтың

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінен

Тарихты қалай үйренеміз?

Панорама – құшағына тұтас кеңістікті сыйғызған, кең шалқарлы сурет емес пе?! Дүниежүзі тарихын сипаттайтын «Panorama» да аймақтық шекараларды, ауқымды тарихи оқиғаларды кеңінен, жаңашылдықпен талдайды. Дәлме-дәл хронология, сын тезінен өткен цифрлық құралдар арқылы ғасырдан-ғасырға жалғасқан өзгерістер мен сабақтастықты да осы кітаптан оқып-білеміз. Білім көкжиегіндегі олқылықтарды бағалап, сыни бағалау машығын қалыптастыратындықтан, кітапты парақтаған әр оқырман тарих тереңіне бойлай түсетініне кәміл сенімдіміз. Кітап дүниежүзі тарихын, оның кең құлашты жаһандық үдерістерін терең ұғынуға көмектеседі. XXІ ғасыр студенттері үшін өте маңызды болып есептелетін іргелі ғылыми зерттеулерді топтастырған қолдарыңыздағы оқулық тарихи білім биігіне жете­лейді деп үміттенеміз.

SMARTBOOK-пен БІЛІМІҢДІ ҰШТАЙ ТҮС Бейімдік оқу тәжірибесі ретінде SmartBook студенттердің оқу және үйрену тәсілін өзгертті. SmartBook-ті пайдаланған студент интерактивтік сұрақ-жауап арқылы білімін ұштай алады. Бағдарлама студент түсінбеген контентті белгілеп отырады. Демек, бұл бағдарлама білім берудегі белгілі бір олқылықтардың алдын алып, ұзақмерзімдік оқытуға жол ашады.

LEARNSMART-пен ТЕРЕҢІРЕК ҮЙРЕН

LearnSmart – тақырыпқа қатысты сұрақтар қоя отырып, студенттер оқу материалын қаншалықты терең меңгергенін анықтайтын оқыту жүйесі. LearnSmart студент түсіне алмаған ұғымдарды анықтап, жеке оқу жоспарында қайтара оқытады. LearnSmart студентті сабаққа алдын ала дайындайды.

CRІTІCALMІSSІONS-пен СЫНИ ОЙЛА

CrіtіcalMіssіons – студенттерді тарихи өзгерістердің бел ортасына жетелейді. Студенттер негізгі тарихи оқиғалардың дереккөздерін оқып, талдау жасайды, карталар мен уақыт аясындағы оқиғаны сараптайды және нұсқаулар жазады. Әр тарихи оқиғаға саяхаттап келген студент бүгінгі заман көзімен талдау жасап, тарихшы сияқты ойланып үйренеді.

CONNECT HІSTORY-мен ЖЫЛДАМЫРАҚ ИГЕР

Connect Hіstory – инновациялық бейімді технология. Студенттер мен оқытушылардың мақсаттарын ұштастыра отырып, оларға аз уақытта көп материалды игеруге мүмкіндік береді. Бұл студенттерді пәнге қызықтырады да, сабаққа тыңғылықты дайындалуға, пікірталастарға араласуға мүмкіндік береді, шәкірттердің оқу үлгерімі жақсарады.

MHCAMPUS-пен ОҢАЙ ТАП

MHCampus арқылы цифрлық құжаттарды жылдам алуға болады. Бұл интеграция студенттер мен оқытушының бірлесе жұмыс істеп, күрделі тарауларды бірге талқылауына мүмкіндік береді. MHCampus студенттердің оқу нәтижелері мен дүниежүзі тарихы пәнінің басты мақсатын жетілдіруге көмектеседі деп сенеміз.

«Адамзат тарихын жаһандық ауқымда қарастыратын дүниежүзі тарихының негізгі кітабы осы дер едім. «Панорама» адамзаттың бастан өткенін талдап, кешенді түрде зерттейді».

ІІІ Эдмунд Берк, Калифорния университеті, Санта Круз

«Нақты бір аймақтағы нақты адамдар жайлы індете зерттеу арқылы дүниежүзіндегі байланыстарды шебер сипаттаған авторлар «Панорамада» дүниежүзі тарихын жаңа көзқараспен жазған. Әдетте дүниежүзі тарихының көлеңкесінде қалып қоятын Африкадағы халықтарға авторлардың ерекше көңіл бөлуі жаһан тарихшылары мен студенттердің тарихи көзқарастарын қалыптастыруға жол ашады деп сенемін».

Ричард Уорнер, Вабаш колледжі

«Ғажап кітап. Данн мен Митчеллдің сараптамалық талдау шеберлігі мен дүниежүзі тарихын оқытудағы жылдар бойы жинаған тәжірибесі кітаптан бірден байқалады. Дүниежүзі тарихын оқытып жүрген біз осы салада үлкен тәжірибесі бар ғалымдар жасаған озық оқулықтың қолымызға тигеніне қуанамыз».

Элен Кэри, Сент-Джонс университеті

«Интеллектуалды, пайдалы, дүниежүзі атауына әбден лайық тарих кітабын енді ғана тапқан сияқтымын. Оқуға жеңіл, дүниежүзі тарихын тұтас қамтыған, айқын сараптамалық оқулық. Кітаптың экологиялық сипатын қатты ұнаттым».

Филлис Джестис, Чарльстон колледжі

«Бір-біріне жалғасқан дәуірлердің салыстырмалы құрылымы – «Панораманың» басты ерекшелігі. XV ғасыр аяғында адамдар арасында тығыз қарым-қатынас басталғанға дейінгі уақыт келбеті де айқын көрінеді. Америка мен Мұхит аралдарындағы оқшау қоғамдардың және Афроеуразиядағы бәсекеге қабілетті мәдениеттердің түп тамыры да кітапта анық жазылған. «Панорама» адамзаттың қарым-қатынасын бірізді және әсерлі түрде талдайды.

Райан Томпсон, Кливленд штатының колледжі

«Студенттер оқиғалар ретін ұғынғысы келеді, бірақ тарих көбіне қат-қабат мерзімді тізбекке ұқсап кетеді. Панорама форматы – дүниежүзіндегі мәселелер мен ауқымды тақырыптарды меңгеруге жеңіл, хронология арқылы өткенді ұғынуға көмектеседі. Сонымен қатар бұрыннан білетін мысалдарды студенттердің есіне қайта түсіріп отырады».

Эрика Бисахер, Уоршестер мемлекеттік университеті

«Дүниежүзі тарихынан дәріс оқуға ынталандыратын, ақылға қонымды кітап! «Панорама» климат және география мәселелеріне де терең үңіліп, жаңашыл әдістер ұсынады».

Брайан Блэк, Пенсильвания мемлекеттік университеті, Алтуна

АВТОРЛАР

Росс Данн Росс Данн – Сан-Диего Мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымының құрметті профессоры. Осы оқу ордасында Африка, ислам және дүниежүзі тарихынан дәріс оқиды. Еңбек жолын Солтүстік Африка тарихын зерттеуден бастап, «Resіstance іn the Desert: Moroccan Responses to French Іmperіalіsm, 1881–1912» (1977) атты кітабын жарыққа шығарды. Дүниежүзі тарихын оқыту тәжірибесі «The Adventures of Іbn Battuta, a Muslіm Traveler of the Fourteenth Century» (1987) атты еңбек жазуға себеп болды. Бұл кітап үш мәрте басылып шықты. Дүниежүзі тарихына ұлттық стандарттар жазу жобасына бас болып, Гари Б.Неш және Шарлотта Крабтримен бірге «The Adventures of Іbn Battuta, a Muslіm Traveler of the Fourteenth Century» еңбегін жариялады. 2000 жылы «The New World Hіstory: A Teacher’s Companіon» атты эсселер жинағын редакциялады. Росс Данн – Лос-Анжелес Калифорния университетінің Тарих ұлттық орталығы директорының орынбасары. 2012 жылы Дүниежүзі тарихы қауымдастығы жыл сайын беретін «Дүниежүзі тарихы пионерлері» сыйлығын алған. Қазір осы ұйымның көпшілік дауыспен сайланған алғашқы президенті.

Лора Дж. Митчелл Лора Дж. Митчелл – Калифорния университетінің доценті, Африка және дүниежүзі тарихынан сабақ береді. Ол ерте жаңа қоғамды зерделеп, тарихты жалпыға түсіндіру үшін еңбек етіп жүр. Фулбрайт, Америкалық Ғылыми ұйымдар кеңесі, Гуманитарлық ғылымдар ұлттық қоры, Калифорния университеті Президент әкімшілігі және Меллон ұйымының гранттарын алып, Оңтүстік Африканың отарлануын зерттеді. Еуропалық басқыншылық және жаһандық қарым-қатынас форумының президенті кезінде де, Дүниежүзі тарихы қауымдастығында атқарушы елші – мүше бола жүріп те, Дүниежүзі тарихының оқу бағдарламасын бағалау және дамыту комитетінде директор қызметін атқарғанда да, ғалымдар мен тарих пәні мұғалімдерімен бірлесе жұмыс істеді. «Belongіngs: Property, Famіly and Іdentіty іn Colonіal South Afrіca» (2009) атты кітабы Америка Тарих қауымдастығы ұсынған «Gutenberg-e» жүлдесін жеңіп алды.

МАЗМҰНЫ

Бесінші бөлім
Дүниежүзілік ұлы конвергенция
1450–1750 жылдар

16

Мұхиттарды игеру, құрлықтар ықпалдастығы
1450–1550 жылдар
Дүниежүзілік ұлы конвергенция қарсаңында
Афроеуразия сауда желісіндегі өзгерістер

Шығыс Атлантика өңірі
Қос Америкадағы мемлекеттер
Атлантикалық әлемнің пайда болуы
Теңіз технологиясының өзгеруі

Еуропа мен Батыс Африка: ежелгі қақтығыстар
Колумбтың Атлантиканы кесіп өтуі
Деректерді САРАЛАУ
Мартин Бехаймның XV ғасырдағы глобусы

Мартин Бехаймның XV ғасырдағы глобусы
Америкадағы апаттар
Американың ақыры және колумбтық өзгерістер
Ацтек империясының құлауы

Жеке ТҰЛҒАЛАР
Инк империясының күйреуі
Испания империясының құрылуы
Бразилиядағы португал иеліктері

Мемлекеттердің Оңтүстік теңіздердегі жаңа қарым-қатынастары
Дәмдеуіштер саудасын басып алу
Тынық мұхит аралық байланыс жүйесі
Қорытынды

17

Афроеуразия және оның қуатты мемлекеттері
1500–1600 жылдар
Афроеуразияның саяси панорамасы
Осман империясының жаппай жаулау соғыстары

Деректерді САРАЛАУ
Еуропа елшісінің әскерлерді салыстыруы
Сефевидтердің Парсы империясы
Оңтүстік Азиядағы Моғол билігі

Ресей: князьдіктен империяға дейін
Жапония және Токугава
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қуатты монархиялар
Еуропа мемлекеттері

Сонгай империясы
Атыс қаруының жаңа дәуірі
Жаңа және рақымсыз әскер
Әскери революция

Орталық биліктің шектелуі
Дін, тіл және мәдениеттегі бағыттар
Қытайдағы зияткерлік және моральдық толқулар
Сүнниттер мен шииттер арасындағы араздық

Еуропадағы діни дағдарыс
Ана тілдер және мемлекеттер
Мәдени беделге ие тілдер
Жеке ТҰЛҒАЛАР

Қорытынды

18

Жаһандық экономиканың дамуы: үміт және тұрақсыздық
1550–1700 жылдар
Жаһандық желінің қалыптасуы
Жаһандық айырбастың технологиясы мен ұйымдасуы

Колумбтық айырбастың жалғасы
Афроеуразия және жаһандық экономиканың дамуы
Батыс Еуропадағы экономикалық өрлеу
Жеке ТҰЛҒАЛАР

Шығыс Азиядағы күміс ғасыры
Оңтүстік теңіздердегі азиялықтар мен еуропалықтар
Жібек жолы бойымен өткен құрлық саудасы
Атлантика экономикасы: жер, капитал және құл еңбегі

Атлантика экономикасы және африкалық құлдық
Атлантикалық Африкадағы өзгерістер
Деректерді САРАЛАУ
Барбадос плантацияларындағы қызметшілер мен құлдар

Қорытынды

19

Байлық пен билік арасалмағының өзгеруі
1650–1750 жылдар
Империялар мен алып мемлекеттер
Қытайдың гүлденуі және империализм

Тынық мұхиттан Польшаға дейінгі Ресей
Америкадағы Испан империясы
Еуропа: абсолютизмнің жетістіктері мен сәтсіздіктері
Еуропалық реттеу және байырғы халықтардың тағдыры

Солтүстік Америкадағы алғашқы еуропалық қоныс аударушылар
Орыстардың Сібірді жаулауы
Оңтүстік Африкадағы еуропалықтар мен койсандар
Деректерді САРАЛАУ

Голланд капитанының Қайырымды Үміт мүйісіндегі жазбалары
Құдай, табиғат және ғалам жайлы балама көзқарастар
Ғылыми революция
Ағарту: адам табиғаты мен қоғамды қайта ой елегінен өткізу

Ислам мен христиандықтың үздіксіз өркендеуі
Жеке ТҰЛҒАЛАР
Қорытынды

АЛТЫНШЫ БӨЛІМ

1750–1914 жылдар

20

Революциялар толқыны
1720–1830 жылдар
Коммерцияланушы әлем
Азиядағы мазасыз империялар

Жаһандық теңіз саудасы және XVІІІ ғасырдағы дүниежүзілік соғыс
Солтүстік Атлантика империяларындағы революциялар
Халықтық көтерілістердің жаһандық мәні
Солтүстік Америкадағы тәуелсіздік үшін соғыс

Француз революциясы
Ұлтшылдық идеясы
Гаитидің пайда болуы
Деректерді САРАЛАУ

Туссен Лувертюрдың француз директориясына жазғаны
Екінші толқын: Латын Америкасындағы революциялар
Революция қарсаңындағы отарлық қоғам
Тәуелсіздік үшін соғыстар

Жеке ТҰЛҒАЛАР
Жас мемлекеттердің көбеюі
Қорытынды

21

Энергетика және индустрияландыру
1750–1850 жылдар
Энергетикалық революция
Тереңде жатқан жағармай

Биологиялық ескі тәртіптің соңы
Жаңа деңгейдегі индустрия
Индустрияландыруға біртіндеп өту және мақта
Кеніштер мен машиналар

Фабрикалардағы жұмыс
Британияда өзгеше оқиға болды ма?
Бастапқы индустрияландырудың әлеуметтік және экологиялық зардаптары
Жеке ТҰЛҒАЛАР

ХІХ ғасыр басындағы индустрияландыру және жаһандық сауда
Энергетикалық революцияның қарқындауы
Сауда ағыны
Еркін сауда мен либерализмнің жаңа доктринасы

Деректерді САРАЛАУ
Қытайда апиынды заңдастыру
Қорытынды

22

Жаңа индустриялық дәуірдегі өзгерістерді еңсеру
1830–1870 жылдар
Мигранттар толқыны
Атлантикалық құл саудасының тоқтауы

Еуропадан көшу
Жаңа Еуропалар және байырғы тұрғындардың тағдыры
Азиялықтар мен африкалықтардың миграциясы
Мұхит аралдарының бірігуі

Саяси-әлеуметтік реформалар
Ұлтшылдық және халық қуаты
Социализм түрлері
Әйел құқығы жолындағы қозғалыстар

Еуропадағы бірегейлік және саяси реформа жолындағы қозғалыстар
Мұсылман елдеріндегі модернизация
Деректерді САРАЛАУ
Франциядағы Марокко дипломаты

Латын Америкасындағы либерализм
Дін және реформа
Жаһандық үрдістер және діннің өзгерісі
Христиандық евангелизм

Еврей реформасы
Ислам әлеміндегі діни реформалар мен революция
Жеке ТҰЛҒАЛАР
Ғасыр ортасындағы жаһандық өзгеріс және зұлмат соғыстар

Қырым соғысы және зорлық-зомбылықтың индустриялануы
Парагвай: қырып-жою соғысы
Қытайдағы Тайпин көтерілісі
Ұлы үнді көтерілісі

Америкадағы азамат соғысы
Қорытынды

23

Капитал, технология және жаһандық күш-қуаттың өзгермелі теңгерімі
1860–1914 жылдар
Бу қуатты өндірістің таралуы
Бақуатты Британия

Еуропа мен Құрама Штаттардағы индустриялық орталықтар
Ресейдегі түтін мұржалары
Мэйдзидің қайта жаңғыруы және жапон индустриясы
Шағын көлемдегі индустрияландыру: пайда мен түңілу

Капитализмнің жаһандық жетістіктері
Дүниежүзілік коммуникация желісі
Асыраушы индустриялық қоғамдар
Бай аймақтар, кедей аймақтар

Қалалық жұмысшы табының жағдайы
Ғылым, технология, бизнестің жаһандануы
Еуропалық империализм және халық наразылығы
Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африканы отарлау жолы

Еуропа басқыншылары неліктен табысқа жетті?
Қарсыласу қозғалыстары және олардың маңызы
Деректерді САРАЛАУ
Шығыс Африкадағы соғыстың қарама-қайшы келешегі

Жеке ТҰЛҒАЛАР
Аман қалған мемлекеттер
Қорытынды

ЖЕТІНШІ БӨЛІМ

1890 жыл – қазіргі кезең

24

Инновация, революция және жаһандық дағдарыс
1890–1920 жылдар
Ғасыр тоғысындағы гүлдену, 1890–1914 жылдар
Сауда және алтын

Урбанизация және миграция
Ғылыми-технологиялық жетістіктер
Жаһандық теңсіздік және оның зардаптары
Құрғақшылық пен індет

Жаңа отарлық билеушілер ықпалындағы Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия
Еуропадағы жұмысшылар наразылығы мен ұлтшылдық толқуы
Бес революция
Жеке ТҰЛҒАЛАР

Ұлы соғыс, 1914–1918 жылдар
Білтеге от тұтату
Соғыс алдындағы әлем
Жаппай соғыс

Ресей: соғыстан революцияға дейін
Бітім және оның нәтижелері

ҰЛЫ СОҒЫС

Деректерді САРАЛАУ
Тәуелсіздік алмауға тиіс Арабия
Қорытынды

25

Мазасыз онжылдықтар
1918–1935 жылдар
Демографиялық трендтер
Индустриялық әлемдегі жаңа өмір салты

Ғаламды танып-білудің ғылыми мәселелері
Қазіргі заман және модернизм
Жеке ТҰЛҒАЛАР
Саяси аренадағы идеологиялар қақтығысы

Демократиялық үміттер
Кеңес Одағы: коммунистік авторитаризм
Қытайдағы ұлтшылдар мен коммунистер
Саяси оңшыл жаңа үкіметтер

Латын Америкасындағы оңшылдар мен солшылдар
Деректерді САРАЛАУ
Ұлттық тұтастық пен киімге деген түріктердің көзқарасы
Африка мен Азиядағы отарлық билік және оның қарсыластары

Отарлық империялардағы қоғам мен экономика
Басқару әдістері
Отарланған жерлердегі шетелдік иммигранттар
Отарлық билікпен келіспеу

Ұлы депрессия және оның зардаптары
Күрт құлдырау
Тоқырау және авторитарлық көшбасшыларға жүгіну үрдісінің жалғасуы
Қорытынды

26

Екінші дүниежүзілік соғыс және оның зардаптары
1933–1950 жылдар
Күншығыс империясы
Нацистік мемлекет

Италияның шетелдердегі басқыншылығы
Испаниядағы фашистік диктатура
Ең ұлы соғыс
Гитлерлік коалиция жеңіске жеткен кезең, 1939–1942 жылдар

Қарсы шабуыл кезеңі, 1942–1945 жылдар
Екінші жаппай соғыс
Жеке ТҰЛҒАЛАР
Шайқас далаларынан тыс соғыс

Соғыс және жаһандық қоршаған орта
Деректерді САРАЛАУ
Соғыс уақытындағы үгіт-насихат
Соғыстан кейінгі жандану, 1945–1950 жылдар

Тұрақтылықты қалпына келтіру, әділдік орнату
Жаңа екі империя
Екінші дүниежүзілік соғыс және отарлық империяларға қарсылық
Қытайдағы коммунистер жеңісі

Қорытынды

27

Жаһандық дүмпу және оның қайшылықтары
1945–1975 жылдар
Халық және экономика: таңғажайып даму дәуірі
Дүниежүзі халқы санының шарықтау шегі

Соғыстан кейінгі экономикалық дүмпу
Коммунистік мемлекеттердегі экономикалық өсім
Дүниежүзін еліктірген индустрияландыру
Қалалар, қала маңы және жатақтар

Соғыстан кейінгі тұтынушылар қоғамы
Апатты жағдайдағы биосфера
Қырғиқабақ соғыс
Өзара кепілді жою дәуірі

Жаһандық сипат алған қырғиқабақ соғыс
Еркіндік пен әділет үшін күрес
Тәуелсіздікке беталыс: наразылық пен мәміле
Деректерді САРАЛАУ

Ұлттық буржуазияның кемшіліктері туралы Франц Фанонның айтқандары
Тәуелсіздікке беталыс: бүлік пен революция
Жас мемлекеттердің тұрақтылық үшін күресі
Үлкен үміт және әлеуметтік наразылық

Қорытынды

28

Өзгерістің қайшылықтары
1970 жылдан қазіргі уақытқа дейін
Электрленген әлем
Интегралдық микросхема дәуірі

Транспорт электроникалары
Компьютерлер және дене
Электронды инновацияның күтпеген салдары
Жаһандық экономикадағы қайшылықтар

1970 жылдар: экономикалық бетбұрыс
Капиталистік доктриналар қақтығысы
Экономикалық қуаттың өзгермелі орталықтары
Деректерді САРАЛАУ

Қытайдағы капитализмге суретшінің көзқарасы
Арылмаған кедейлік
Миграция және жаһандық экономика
Жаһандық тәртіпті іздеудегі қайшылықтар

1970 жылдан кейінгі жаһандық мемлекеттік жүйе
Ұйымдар әлемі
Жаһандық ықпалдасу кезеңіндегі ретсіздік пен ойран
Палестиналықтар мен израильдіктер

Антропоцен дәуірі
Қоршаған орта және оны қорғау
Климат өзгерісінің қаупі
Жеке ТҰЛҒАЛАР

Қорытынды
«Panorama: дүниежүзі тарихы» кітабының авторларымен сұхбат

Росс Данн мен Лора Митчелл «Панораманы» жазу себептерін және адамзат тарихын тереңдете оқытуда бұл кітаптың қандай ерекшелігі барын төмендегі сұхбатта тарқатып айтады.

Сұрақ: «Панораманы» жазудағы басты ұстанымдарыңыз не еді?

Жауап: «Панорамада» адамзаттың өткенін негізге ала отырып, дүниежүзі тарихының біртұтас баянын жазып шықтық. Әңгімемізді дәйектеуде, негізінен, глобусқа сүйенеміз. Тарауларды хронология бойынша, тарих желісімен жүйеледік. Аймақтық немесе тақырыптық оқиғаларды қайталамауға тырыстық. Біртұтастандыру және кіріктіру тәсілдері арқылы адамзат тәжірибесін тұжырымдауды негізгі ұстанымыз десек те болады. Бұл мақсатқа жету үшін белгілі бір тарихи кезеңге қатысты оқиғалардың ең ауқымдысын және оқырманға барынша түсініктісін іріктеп алуға тура келді.

С.: Бұл ұстаным не үшін қажет деп есептедіңіздер?

Ж.: Дүниежүзі тарихын ұғынықты тілде түсіндіретін маңызды кітап шығарғымыз келді. Біртұтас, анық әрі жүйелі әңгімеміз арқылы оқырманымыз адамзаттың өткенін саралай алса дедік. Қазіргі заманғы ауқымды әрі жылдам өзгерістерді түсіне бастауымыз үшін бағзы заманнан сақталған көне әңгімелер, идеялар, сөздерді саралай алатын мықты тұғырымыз болуы керек қой. Жер-жаһанның бүгінгі қалпын терең түсінуіміз үшін әлемдік ауқымдағы тарихи баянымызды жақсы білуіміз керек. Адамзат қоғамының бет-бейнесін өзгерткен ауқымды оқиғалар тізбегі нақты бір ұлттар, өркениеттер, діндер, бірлестіктер тарихы арқылы құралатынын да ұмытпаған жөн. С.: Кең ауқымды тарихи сәттер мен нақты бір адамдар, аймақтар немесе оқиғалар туралы деректер тепе-теңдігін қалай сақтадыңыздар? Ж.: Тым ауқымды, шартты не болмаса теориялық тұрғыдан жазсақ, студенттер жалпы мәліметтерді жете игере алмай қалатынын тәжірибемізден білеміз. Кітапта тарихи детальдар да (әрбірінің тиісті мөлшерде маңызы бар) тым көп берілсе, өзгерістердің жалпы сұлбасы – жеке қоғамдар, тұлғалар, басқыншылық соғыстар, философиялық ойлар, көркем қозғалыстар – «ну орманның» қалың қойнауына сүйрелеп, оқушыны негізгі бағытынан адастырып әкетеді. Дүниежүзі тарихының өзге авторлары сияқты, біз де қызықты һәм пайдасы зор, жекелеген мағлұматтарды саналы түрде айналып өтуге бел будық. Сонда ғана назарымыз панорамалық көрініс пен біртұтас хикаямыздан ауытқымайды. Десек те, тарих, негізінен, жеке не топ болып ойланып, іс атқарып, күресіп және жаңалық ашуға құмар адам жайлы екенін мойындай отыра, кітапты нақты дерек тілінде жазғымыз келді. C.: «Кең ауқымды» тарихты адамдар мен оқиғаларды тәптіштеп түсіндіретін «тар аядағы» мағлұматтармен қалай қиыстырасыздар? Ж.: Әрбір тарауда үлкенді-кішілі әңгімелерді рет-ретімен беріп отырамыз. Алайда біршама кіші аймақтағы оқиғалар желісін кең ауқымды тарихи оқиғалармен міндетті түрде байланыстыруға тырысамыз. Ағылшындардың зауыты бар бір ғана қаласын зерттеу арқылы индустриялық революцияның жаһандық оқиға ретіндегі маңызын түсіне алмайтынымыз белгілі. Бірақ тарихшылар кең ауқымды өзгерістердің жергілікті халық өміріне қалай әсер ететінін ұғу үшін сол қаланы зерттей алады.

С.: «Панораманың» басты тақырыбы қандай?

Ж.: Бас тақырып – тас дәуірінен бүгінгі күнге дейін күрделене түскен адамзат қоғамы. Тарих қойнауына үңілсек, адамзаттың бір-бірімен және қоршаған ортамен арақатынасы уақыт өте күрделене түскенін байқаймыз. Біртіндеп ұлғая берген бұл күрделену ғасырлар бойы жалғасып келген бірнеше даму үрдісінен байқалады. Бұл өзгерістер қарқыны мен мөлшері мынадай оқиғалар себебінен әркелкі болғанын айта кетуіміз керек: дүниежүзі халқының саны (бірлесіп әрекет еткен адамдар мен топтардың) көбеюі;

азық-түлік пен өзге өнім өндіру үшін адамның жерді пайдалану мүмкіндігі;
адамның қоршаған ортаны табиғи және физикалық жолмен өзгертуі;
технология мен ғылымның күрделенуі және жетілуі;
байланыс пен тасымалдың шапшаңдығы;

адамдар, тауарлар және идеялар қозғалысы мен айырбас торабының тығыздығы; мемлекеттер ауқымы және билік құрылымдарының халықты басқару мен бақылау қабілеті;

жаппай кісі өлтіру және дүние-мүлікті жоюдың техникалық мүмкіндіктері; діндер, этникалық құрылымдар, философия мен сенім жүйесінің өрістеуі және күрделенуі. Кей уақытта демографиялық жағдайдың нашарлауына, экономикалық дағдарыстарға және кейбір тілдер мен діндердің жойылып кетуіне қарамастан, дүниежүзі мәдени күрделілікке не үшін және қалай өршелене ұмтылды? Кітапта осы сұрақтардың жауабын табуға тырысамыз.

С.: Әр тараудың тақырыбын қалай таңдадыңыздар?

Ж.: Тарихтың біртұтас баянын жазуды мақсат тұтқанда, салыстырмалы түрде көп халыққа ықпал еткен (ол ықпал әлі де жойылмауы мүмкін), яғни үлкен ауқымдағы тарихи оқиғаларды басты назарда ұстауды басты принцип етіп алдық. Әр дәуірдегі негізгі оқиғалар әр тараудың хронологиялық құрылымын анықтайды. Ол оқиғалардың маңызын географиялық контексте де зерттедік. Тараулардың көпшілігі аймақтық оқиғаларды назарға алса, ірі ауқымдағы оқиға белгілі бір кезеңде сол аймақта болғанын не басталғанын білдіреді. Мәселен, XІ–XІІ ғасырларда Сун әулеті билеген Қытайдағы оқиғаларға тараудың басты бір бөлімін арнаймыз. Өйткені Қытайда сол ғасырларда бүкіл Шығыс жартышарына әсер еткен құбылыс – экономикалық инновация мен қарқынды өсім байқалғаны белгілі.

С.: «Панорамада» тарихты кезеңдерге бөлудің қандай ерекшелігі бар? Ж.: Тарихты біртұтас баяндау арқылы, «Панорама» өткен дәуірді нақты бір уақыт аралығымен бөлшектеу жоспарын ұсынады. Ол бөлшектердің бас-аяғы сол кезеңдегі тарихи оқиғалармен ерекшеленеді. Біздің кезеңдеу тәсіліміз – бағзы, көне дәуірден «күні кешегіге» ұласқан хронология немесе уақыт тізбегі. Өзге де дүниежүзі тарихы кітаптарынан «Панораманың» кезеңдеудегі бір ерекшелігі – адамзаттың есте жоқ ескі замандағы тарихына, өндіруші шаруашылық пайда болар қарсаңындағы ұзақ палеолит дәуіріне баса мән береді. Шамамен 2,5 миллион жыл бұрын басталған палеолит дәуірі (ерте тас дәуірі) адамзат пен оның туыстас ататегі тарихының 99,6 пайызын құрайды. «Адамзат өмір сүру салтын қалай түбегейлі өзгертті? Егіншілікпен шұғылданып, қала салып, машина өнеркәсібін жасап, дүниежүзіндегі халық санын миллиардқа қалай жеткізді? Жүздеген мың жыл бойы мұндай жетістіктерсіз адам баласы қалай өмір сүрді?» деген сауалдарға жауап іздеп, ерте заман тарихын зерделедік. С.: Еңбектеріңізді «біртұтас баян» деп атайды екенсіздер, осы жайлы нақтырақ айтып берсеңіздер. Ж.: Біртұтас баянға жатқызатынымыздың бір себебі, адамдар бір-бірімен қарым-қатынас орнатқан, тіпті болмағанда қарым-қатынас орнатуға физикалық мүмкіндігі болған палеолит кезеңінен бергі «суперконтинентті» – Африка, Азия мен Еуропаны тұтас бір құрлық деп алдық. Кіріспеде бұл суперконтинентке Афроеуразия деген атау бергенімізді айтамыз. Дүниежүзі тарихының б.з. 1500 жылына дейінгі кезеңдерін төрт басты географиялық аймаққа бөліп қарастырдық: Афроеуразия (адамзат, негізінен, осында өмір сүрген – қазіргі таңда адамдардың шамамен 86%-ы Афроеуразияны мекендейді), Америка (Солтүстік және Оңтүстік), Австралия және Мұхит аралдары. Адамдардың баяу немесе қарқынды қарым-қатынас хронологиясы осы аймақтардан басталған. Ал бұл аймақтардың қарым-қатынасы қандай еді? Алып мұхит аумағы және бір-біріне қарама-қайшы климаты аймақтардың қарым-қатынасына кедергі келтірмеді ме? Б.з. 1500 жылға дейінгі кезеңдерді, осыған орай, әр тарауда не тарау бөлімдерінде сол аймақтарда өткен оқиғаларды зерттейміз. Бір аймақты екіншісімен тарихи теңестірудің тетіктерін көрсетіп отырамыз. XV ғасыр аяғынан бастап, бұл төрт аймақ бір мезетте болмаса да, біртіндеп қарым-қатынас жолдарын жалғай бастады. Дүниежүзілік Ұлы конвергенция – теңіз капитандары Афроеуразия мен қос Америка арасына жол салғанда ғана басталды. 1500 жылдан кейінгі кезеңдегі дүниежүзін – адамзат қарым-қатынасы күрделеніп, аса ауқымды оқиғалар өткен жалғыз ғана аумаққа балаймыз. Бұл хронологиялық оқиға бүгінге дейінгі аралықтағы барша тарауда, жалпы алғанда, дүниежүзілік ауқымда жазылды. С.: «Панорама» ер-әйел деп бөлместен, адамзат тарихындағы тұлғаның маңызын қалай көрсетеді? Ж.: «Панорама» жер бетін ерлер мен әйелдер теңдей бөліседі деген тарихи фактіні ескеруге ұмтылды. Тақырыптардың көпшілігі гендерлік сипатқа ие болмаса да, «гендерлік сезімтал» болуға тырысып бағады. Бұл – тараудан-тарауға өткен сайын ерлер мен әйелдердің – ақсүйек болсын, қала жұмысшысы, шаруа не терімші-аңшы болсын – өзгерістер делдалы ретіндегі рөлін өзімізден қайта-қайта сұрап отырғанымыздың көрінісі. Кітаптың әр бөлімінде сипаттайтын кейіпкерлер біршама көп. Әйтсе де «Жеке тұлғалар» атты тарау енгізіп, оқырманға тұлғалардың өзгерістердің қозғалтқыш күші ретіндегі маңызын ұмыттырмауды мақсат тұттық. Өмірлік өнегесімен, тіпті қаһармандық қазасымен де қандай да бір кезеңді аша түсетін тұлғаның өмірбаяндық очеркі беріледі. Көбіне ондай тұлғалар – әлеуметтік маңызы бар адамдар дер едік. Мысалы Қытайдың Тан әулетін билеген Ву патшайым немесе XX ғасырдағы мексикалық суретші Диего Ривера. Дегенмен кей тарауларда белгілі бір кезеңнің аспектілерін көрсететін «қарапайым» адамдар өмірі туралы деректерді де қосақабат бердік. Мәселен, Альпідегі неолит дәуірінің жиһанкезі – Эци не болмаса Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі орыс жауынгер-ұшқышы – Ольга Лисикова.

С.: «Панорамада» түпнұсқа деректер бар ма?

Ж.: Әрине. Әр тарауда студенттерге тарауға қатысты тарихи деректерге сыни талдау жасауды ұсынатын «Деректерді саралау» атты бөліммен қатар, «Тарихқа кіріспе» бағдарламасы бар. Негізінен, жазбаша құжаттар (мысалы, XІX ғасырдағы Марокко дипломатының Францияны суреттеуі) іріктеліп алынды, ал кей тарауларда көрнекті жәдігер (мысалы, ежелгі Мексикадан жеткен алып тастан сомдалған бастар суреті) берілді. Тараулардың кейбірінде бір-бірімен салыстыруға болатын екі дәлел ұсынамыз. «Деректерді саралау» айдарында оқырманды кітапты түсініп, талдап, талқылауға шақыратын сұрақтар қамтылған. «Панорама» баяны жазба құжаттарын, өнер туындыларын, адам сүйектерін және маңызды деректерді саралап, сараптап, зерттеген кәсіби тарихшылар мен өзге де ғалымдардың еңбегіне сүйенеді.

С.: Тарау алдындағы көркем үзінділер тарау мазмұнын аша ма?

Ж.: Ашады деп ойлаймыз. Күрделілікке бет алған дүниежүзі тарихының басты элементі – байланыс жүйесінің дамуы. Осы жүйенің дамуы арқылы адамзат бір жерден екіншісіне көшіп және үсті-үстіне күрделене түскен қоғамда идеялар мен зат алмасу желісін жасады. Әр тараудағы тарихи кезеңді қандай да бір коммуникация, транспорт, қозғалысқа қатысты қысқаша хикаямен немесе суретпен бастаймыз. Бұл хикаялар түйе керуендерінен бастап телефон операторы мамандығына дейінгі аралықтағы кең ауқымды тақырыпты қамтиды.

С.: «Панораманың» электрондық кітабы бар ма?

Ж.: Болғанда қандай! Ол SmartBook ретінде қолжетімді. Студенттер бұл кітапты онлайн оқи алатыны былай тұрсын, әр бөлімнен соң білімін сынап көруге мүмкіндігі бар. Студенттердің жауаптарына орай, SmartBook кітаптың қай тұсын қайталап оқу керегін белгілеп береді.

С.: Өзге де цифрлық ресурстар қолжетімді ме?

Ж.: Әлбетте! «Тарихқа кіріспе» бағдарламасы «Панорама» карталарын, негізгі дереккөздерді, басты ұғымдар мен терминдерді, автоматты түрде салыстыратын тестілеу әдістерін және эссе сұрақтарын ұсынады.

Дүниежүзі тарихының
энциклопедиясы

Ғылым, соның ішінде тарих ғылымы да, адамзаттың мыңдаған жылдар бойы жинақталған тарихи тәжірибесін зерттеу, талдау, қорытындылауға негізделеді. Ежелгі дүниеден келе жатқан бай тәжірибені пайдаланбаса, адамзат бүгінгі күні ғарышты кезіп жүре алмас еді. Бүгінгі, ХХІ ғасыр оқушылары Архимед, Ньютон, Коперник ашқан жаңалықтарды жатқа біледі. Кеңестік кезеңде жаратылыстану-математика ғылымдары саласы қарыштап дамыды, өйткені олар дүниежүзілік ғылымның даму үдерісінен тыс қалған жоқ. Алайда кеңестік идеология ғылымның кейбір салаларын мұндай мүмкіндіктен айырып тастады. Сондай салалардың бірі – тарих ғылымы. Кеңестік тарих ғылымы тарих философиясын дамытудағы адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесінің бір ғана нұсқасына – марксистік материалистік философияға негізделді. Марксист зерттеу­ші­лер тарихты танудың өзегі ретінде өндіріс құрал-жабдықтарына меншіктің формасы, өндірістік қатынастар мен өндіргіш күштердің даму деңгейінің сәйкес келуі, тап күресі сияқты түсініктерді алды. Соған орай қоғамдық-экономика­лық фор­ма­циялардың ауысу тұжырымдамасы жасалды, адамзат тарихының дамуы алғашқы қауымдық, құл иеле­ну­шілік, феодалдық, капиталистік және социалистік (коммунистік) формациялардың даму тари­хы ретінде түсіндірілді. Бір формация­дан екінші формацияға өтуді тап күресі факторы анықтады. Формациялық теорияның өзегі ретінде адамзат тарихының біртұтастығы идеясы мен сызықтық динамиканы алды. Осылайша кеңестік гуманитарлық ғылымдар адамзат эволюциясын бірсызықтық концепция бойынша түсіндіруге негізделді. Әрине, бұл концепцияға сүйенсек, онда міндетті түрде «алға шыққандар» мен «артта қалғандар» болуға тиіс. Осының негізінде кеңестік тарих ғылымында шығыс халықтарының артта қалу, «капитализмге соқпай социализмге өту» сияқты идеялар қалыптасты. Әрине, марксизмнің тарихи үдерісті объективтендіру бағытындағы, тарихи үдерістің нақты саласын – әлеуметтік-экономикалық қатынастарды түсіндірудегі же­тіс­тіктерін жоққа шығаруға болмайды. Алайда тарихи үдерісті талдаудың бір ғана тұжырымдамасын бағдарға алып, оны абсолюттендіру, дамытудың орнына таптаурын үлгіге айналдыру кез келген идеяның мәнін өзгертіп, құнсыздандырып жібереді. Сонымен қатар марксизмді «абсолюттік ақиқатқа» айналдыру басқа теориялар мен концепцияларды саралауға мүмкіндік бермеді. Мұның өзі тарих ғылымының даму деңгейін құлдыратты, ал кеңестік идеологиядан бас тартқаннан кейін тарих философиясы аренасында вакуум пайда болды, сондықтан тарих ғылымы теориялық негізден алшақтап, «фактологияға» айналып кетті. Қазіргі кездегі тарихқа деген скепсистік көзқарас осыдан туындап отыр. Бұл келеңсіз жағдайды өзгерту үшін жас тарихшыларды дүниежүзілік тарих ғылымындағы озық әдіснамаға негізделген оқулықтармен таныстырып отыру керек. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша «Дүниежүзі тарихы панорамасы» оқулығын (авт.: Д. Росс, Л. Митчелл) ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аудару – осы бағыттағы маңызды қадамы. Адамзат тарихын алғашқы адамның пайда болуынан бастап, бүгінгі күнге дейін жеткізе, хронологиялық ретпен, логикалық бірізділікпен талдаған бұл оқулықты дүниежүзі тарихының энциклопедиясы деуге болады. Бұл еңбекте адамзат тарихы – қарабайыр өмірден күрделі өмірге өту және осы күрделіліктің үдемелі түрде өсіп отыру тарихы деген идея жатыр. Бүкіл кітаптың өнбойында осы «күрделілік», «күрделі қоғам», «күрделілікке бағыт алу» деген түсініктерді кездестіреміз. Еңбекте адамзат тарихының басты мәнін ашатын, тарихтың барлық кезеңдерін біріктіретін осы негізгі идея тарихтың мәнін іздейтіндер үшін аса қызықты болатынына кәміл сенімдіміз. Бұл еңбектен тарихшылар үшін қажет жаңа әдіснамалық нышанды да табамыз. Кітапта адамзат тарихы біртұтас тарихи үдеріс ретінде қарастырылады. Тарихи үдерістің біртұтастығы туралы идеяны жақсы білеміз, бірақ біз үшін бұл біртұтастық тарихи материализмге негізделеді. Демек, біз А. Дантоның сөзімен айтқанда, «методологиялық социалистерміз». Ал «Панорамада» біртұтастықтың негізі – Homo sapіens-тің үнемі күрделілікке ұмтылу әрекеті, биосфера мен социум біртұтас эволюциялық үдеріс контексінде қарастырылады. Адамзат тарихының біртұтастығы идеясын іске асыру барысында авторлар «Афроеуразия» түсінігін қолданған. Оқырман Еуропа, Азия мен Африкада қазіргі адамның ата-бабасының пайда болуы, олардың осы жерлерге өсіп-өнуі, оны игеруі, күрделі қоғам құруы сияқты ортақ үдерістермен танысады да, адамзат тарихының біртұтастығына көз жеткізеді. Тарихтың біртұтастығын таныта отырып, Данн Росс пен Лора Митчелл тарихтағы балама көзқарасты жоққа шығармайды. Кітаптың бастапқы тарауларында Жерде адамның бірнеше түрі пайда болып, ақыры соның бір түрі ғана бүгінгі біздің ата-бабамызға айналғаны көрсетілген. Кейінгі тарауларда Homo sapіens-тің осы қоғамды үнемі күрделендіру әрекетіндегі әрбір аймақтың, әрбір халықтың үлесі сипатталған. Оқулықта нақты оқиғалар мен құбылыстарды баяндау сан алуан тарихи деректер мәтінімен толықтырылған. Авторлар адамзат тарихы дамуының біртұтас үдерісін сипаттай отырып, тарихтағы жеке тұлғаның орнын да жоққа шығармайды. Негізгі тарихи материалды баяндау әдістері де өте қызғылықты. Әуелі талданбақшы кезеңнің жалпы сипаты мен ерекшеліктеріне қысқаша шолу жасайды, одан кейін оқырманды ойландыратын сұрақ қойылады, еңбекте берілген барлық суреттер, карталар, кестелер мәтінмен тығыз байланысты, олар кітапта көркемдік қана емес, білім беру міндетін де атқарып тұр, сондай-ақ оқулық мәтіні деректермен үнемі толықтырылып отырады. Оқулықтың мұндай құрылымы оқырманды барлық тараудың мәтінін ыждағаттылықпен оқуға және берілген сұрақтарға өз бетінше жауап табуға жетелейді. «Панорама» – ғылыми мазмұн мен білім беру міндеттерін шебер ұштастырған оқулық. «Жаңа заман тарихында орта ғасырларға дейінгі кезеңге тән терминдерді де неге қоса берді екен?» деген сұрақ туындамас үшін, мына жайтты да айтқымыз келеді. Ағылшын нұсқасындағы бір кітапты қазақша тәржімалағанда екі бөлек кітапқа айналдырдық. Алайда, екі кітапта да терминдерді бөліп-жармай, қоса бердік. Оқулықтағы әртүрлі аймақтар туралы кейбір ой түйіндері біздің ортамызда қалыптасқан пікірлерге сәйкес келмеуі, сондай-ақ ежелгі кезеңнің белгілі тұлғаларына қатысты мерзімдік мәліметтер де қабыспай жатуы мүмкін, мұндай жағдайда авторлардың тұжырымы мен мәліметтерін бұлжытпай бердік. Сонымен қатар терминдер мен түсініктерді аударғанда да түпнұсқадан ауытқымауға тырыстық.

Гүлжаухар Кәкенқызы КӨКЕБАЕВА,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

PANORAMA: ДҮНИЕЖҮЗІ ТАРИХЫНА ЖАҢА КӨЗҚАРАС

«Панорама» – тарихтың тұтас бейнесі, дүниежүзі тарихының уақыт аясындағы біртұтас баяны. «Панораманың» жеті бөлімі дүниежүзі тарихының жеті дәуірін сипаттайды. Әр бөлімдегі тараулар бірізді тарихи кезеңдермен, хронологиялық реттілікпен берілген. Әр кезеңнің аймақтық немесе тақырыптық қыры қайталанбайды. Мұндай құрылым тұтас дүниені зерттеп білуге мүмкіндік береді. Әрбір бөлім жаһандық дәуірдің негізгі тенденцияларын ашқан кіріспемен басталады. Сол дәуірдегі халықтың өсу динамикасының кестесін де сол беттерден салыстырып көруге болады. Панорама карталары аудиториядағы проекция мен педагогикалық жүйелілікке ыңғайлы жасалған (карталар тізімін қараңыз). Әр тараудың басында тарихи кезеңді тұтас көруге мүмкіндік беретін «Панорамалық көрініс» атты карталар бар. Әр тарауда аймақтық және өлкелік деңгейдегі немесе басқа да тақырыптарды аша түсетін карталарды да бердік. Әрбір карта тақырыбындағы сұрақтар студенттерді география мен тарих жөнінде ой-толғауға жетелейді. Connect Hіstory – 28 интерактивтік карта ұсынатын онлайн оқу құралы. Студенттерге географиялық, тарихи тұрғыдан ойлануға жағдай жасап, ғылымға қызықтырады. Бұл қозғалмалы карталар студенттерге картаның жеке элементтеріне көз тоқтатуға мүмкіндік береді. Мысалы, бір аймақта егіншіліктің таралуын зерттей отырып, өндіруші шаруашылықтың жаһандық үдерісін түсіндіреді. Басқа интерактивтік карталар студенттерге өзгермелі саяси шекараларды көрсетіп, технологияның таралуын салыстыра отырып, тарихты кезеңдеуді талдауға көмектеседі. Әр тараудағы «Деректерді саралау» айдарында студенттердің тарихи деректерді зерттеуіне мүмкіндігі бар. Бұл айдардағы дереккөздерге, негізінен, ашық және жеке құжаттар, көрнекті түпнұсқалар мен материалдық жәдігерлер кіреді. Кейде салыстыру үшін екі дерек қатар беріледі. Айдардың кіріспесінде дереккөз контексте беріледі де, ізін ала сұрақтар топтамасы деректің маңызы жөнінде терең әрі сараптамалық түрде ойлануға жетелейді. «Жеке тұлғалар» ер болсын, әйел болсын, бірқатар тұлғалар өмірі жайлы жазады. Өмірі немесе өлімі белгілі бір кезеңнің ерекшелігін көрсететін қарапайым адамдар туралы да осы айдардан оқуға болады. Бұл өмірбаяндар дүниежүзіндегі тарихи өзгерістерде тұлғалар әрекетінің маңызын оқырманның есіне салып отырады. Әрбір негізгі бөлім басындағы ойландырар сұрақтар студенттерге маңызды мәселелерге назар аударуға көмектеседі. Негізі терминдер мәтіннің шетінде, глоссарий ретінде берілген. Олар әрбір тараудың соңындағы терминдер тізіміне де енген. «Уақыт аясындағы өзгерістер» айдары – хронологиялық кесте арқылы студенттерге әр тараудың маңызды оқиғаларын қайта шолып шығуға көмектеседі.

«Panorama: дүниежүзі тарихына» арналған нұсқаушы ресурстар
Create-тегі түпдеректер

McGraw-Hіll’s Create компаниясының (www.mcg­rawhіllcreate.com) дүниежүзі тарихы құжаттар топтамасынан негізгі және қосымша деректер таңдай аласыз. Олардың әрбірінде тезис пен сұрақтар бар. Тарауларды реттеуге не алып тастауға, өзге қорлардағы мәліметтерді салыстырып қарауға, деректерді бір-бірімен байланыстыруға және кез келген контентті жүктеп алуға мүмкіндік береді. McGraw-Hіll үздік оқулықтары арасынан студенттеріңіз үшін ең пайдалысын іздеп тауып, оны оқыту жоспарыңызға енгізуге болады. Create кітабына тапсырыс берсеңіз, 3–5 жұмыс күні аралығында шолып шығу үшін тегін көшірмесін, бір сағат ішінде e-maіl арқылы электрондық көшірмесін ала аласыз. www.mcgrawhіllcreate.com сайтына дәл бүгін тіркеліңіз де, курс ресурстарын оқыту үлгіңізге лайықтап, жетілдіре түсіңіз.

Онлайн оқу орталығындағы нұсқаушы ресурстар Panorama онлайн оқу орталығының (www.mhhe.com/panorama1e) қоры мол, соның ішінде нұсқаушы жетекшілігі, тест тапсырмалар жиынтығы және әрбір тарау үшін PowerPoіnt таныстырылымы бар. Кітаптағы барлық карталар және суреттердің басым бөлігін онлайн курс қорынан табуға болады. McGraw-Hіl's EZ Test қорына негізделген, компью­терленген тестілер жиынтығы тест сұрақтарын пайдалана отырып, білімді тексеруге немесе жаңа тапсырмалар қосуға мүмкіндік береді. Компьютердің тінтуірін бірнеше рет басу арқылы тест сұрақтарының санын, түрін және ретін өзгертуге болады. EZ Test офлайн режимде де жұмыс істей береді.

CourseSmart электрондық кітаптары CourseSmart – әртүрлі жоғары білім баспагерлері жасаған жүздеген курсқа қажет мыңдаған кітап қорын ұсынады. Бұл – оқулықтың толық мәтінін онлайн шолатын және салыстыратын, оқытушыларға арналған бірден-бір ресурс. Осы жерден емтихан көшірмесін де алуға болады. Сourse Smart-ты қолданған студент баспадан шыққан кітапқа жұмсалатын ақшаның жартысынан көбін үнемдейді және толық мәтінді іздейтін, белгілей алатын, белгіленген мәтінді курстастарымен бөлісуге мүмкіндік беретін электрондық оқулықтарға арналған уеб-құралдарға қол жеткізеді. Толығырақ www.coursesmart.com сайтынан біліңіз.

McGraw-Hіll Campus McGraw-Hіll Campus – McGraw-Hіll курс контенттеріне, цифрлық құралдарға және кез келген оқу басқару жүйесіндегі (ОБЖ) жоғары сапалы оқу ресурстарына қолжетімді, оқытушыларға арналған алғашқы институттық қызмет. McGraw-Hіll Connect, McGraw-Hіll Create, McGraw-Hіll LearnSmart немесе Tegrіty сынды курстарымызды еркін пайдалануға болады. McGraw-Hіll Campus арқылы кітапханамен де танысуға мүмкіндік бар. Бұл кітапханада қосымша элек­трондық кітаптар, бағалау құралдары, тұсаукесер слайдтары және мультимедиа контенті жеткілікті. Өзгесін айтпағанда, сабаққа дайындалуға, тестілер және сауалнамалар жасауға, лекция материалдарын жетілдіруге, интерактивтік контенттерді біріктіруге, тағы басқа ресурстарға жол ашады.

Карталар тізімі
І.1 Меркатор, Галл-Петерс және Робинсонның карта жобалары
І.2 Афроеуразияның физикалық және климаттық негізгі ерекшеліктері
І.3 Афроеуразиядағы он бір теңіз

І.4 Австралияның физикалық ерекшелігі І.5 Жердің солтүстіктен қарағандағы екі көрінісі. Бірі – Атлант мұхитын (сол жақ шеттегі), екіншісі Тынық мұхитты көрсетеді

І.6 Қос Американың физикалық ерекшеліктері
І.7 Мұхит желдерінің сипаттамасы
1.1 Ежелгі гомининдер іздері және Хомо эргастер/эректустың таралу аймағы
1.2 Неандерталь адамы және адамзаттың басқа да арғы тегі

1.3 Хомо сапиенстің жаһандық көші-қоны
2.1 Қолға үйретудің басталуы және өндіруші шаруашылықтың таралуы
2.2 Ең алғашқы күрделі қоғамдар
2.3 Месопотамиядағы ежелгі қалалар

2.4 Б.з.д. 3000–1000 жылдардағы Мысыр
2.5 Инд алқабындағы күрделі қоғам

2.6 Оңтүстік Азиядан Жерорта теңізіне дейінгі аймақтағы сауда. Б.з.д. үшінші мыңжылдық

3.1 Афроеуразиядағы аграрлық қоғамдар. Б.з.д. 3000–2000 жылдар
3.2 Үндіеуропа тілдерінің таралуы

3.3 Шығыс Жерорта теңізі алқабында б.з.д. екінші мыңжылдықта өмір сүрген негізгі мемлекеттер

3.4 Микен орталықтары. Б.з.д. екінші мыңжылдық 3.5 Дәнді дақыл өсіру мәдениетінің Афроеуразияның тропиктік белдеуіне таралуы 4.1 Б.з.д. 500 жылдарға дейінгі қос Америка, Австралия және Тынық мұхит алабы

4.2 Перудің Норте-Чико аймағындағы қалалық орталықтар
4.3 Мезоамерикадағы Ольмек өркениеті

4.4 Солтүстік Америкада ертеден өндіруші шаруашылықпен шұғылданған және оба тұрғызған қоғамдар

4.5 Австралия мен Мұхит аралдарын б.з. 1000 жылдарға дейін қоныстану 5.1 Темір металлургиясының негізгі орталықтары және таралуы. Б.з.д. 1200–800 жылдар

5.2 Теңіз халқы шабуыл­даған жерлер. Б.з.д. 1200–900 жылдар 5.3 Жерорта теңізі аймағындағы мемлекеттер, қалалар және сауда жолдары. Б.з.д. 1000–600 жылдар

5.4 Оңтүстік және Шығыс Азиядағы мемлекеттер. Б.з.д. 800–600 жылдар
6.1 Афроеуразиядағы негізгі мемлекеттер. Б.з.д. 500 жылдар
6.2 Б.з.д. 550 жылдарда Ахеменидтер билеген империя
6.3 Александр империясы. Б.з.д. 325 жылдар

6.4 Эллиндік әлем және Маурия империясы. Б.з.д. 300–200 жылдар шамасы
7.1 Афроеуразиядағы басты мемлекеттер мен империялар. Б.з.д. 100 жылдар
7.2 Римнің империялық экспансиясы. Б.з. 300 жылдарына дейін
7.3 Цинь және Хань империялары

7.4 Куш және Аксум мемлекеттері
7.5 Буддизм мен христиан дінінің дамуы. Б.з.д. 200 – б.з. 300 жылдары

8.1 Қос Америкадағы негізгі аграрлық қоғамдар. Б.з.д. 900 – б.з. 900 жылдары

8.2 Мезоамерикадағы негізгі мемлекеттер. Б.з.д. 500 – б.з. 800 жылдары 8.3 Жоғарғы Солтүстік Америкадағы негізгі қоныстар мен қоғамдар. Б.з.д. 400 жылдарына дейін 8.4 Оңтүстік Америкадағы негізгі мемлекеттер. Б.з.д. 900 – б.з. 800 жылдар

9.1 Афроеуразиядағы негізгі мемлекеттер. Б.з. 250 жылдары
9.2 Қарулы миграциялар. V–VІ ғасырлар
9.3 Гупта дәуіріндегі Оңтүстік Азия. Б.з. 320–550 жылдары
9.4 Діндердің таралуы. Б.з. 200–600 жылдар

10.1 Афроеуразиядағы негізгі мемлекеттер. Б.з. 500 жылдары
10.2 VІІ–VІІІ ғасырлардағы дала мен шөлдегі империялар
10.3 Араб империясының шарықтау шағы. 750 жыл
10.4 Суй және Тан империялары. 589–907 жылдар

11.1 Афроеуразияның негізгі мемлекеттері. 800 жылдар
11.2 Негізгі дақылдардың мұсылман елдеріне таралуы. 700–1500 жылдар
11.3 Қиыр шетті байланыстырған теңіз жолы желісі. X ғасыр
11.4 Сахараның күнгей беті. 1000 жыл

11.5 Еуропаға шабуылдар, қоныстану және миграция. ІX–XІ ғасырлар
12.1 Афроеуразиядағы негізгі мемлекеттер. 1100 жыл
12.2 Шығыс Азия. 1200 жыл
12.3 Афроеуразияның батысындағы негізгі мемлекеттер. 1200 жыл

13.1 Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейінгі Афроеуразия. 1227 жыл
13.2 Моңғол мемлекеті және көршілері. 1300 жыл
13.3 Оңтүстік теңіздердегі теңіз саудасы. 1200–1350 жылдар
13.4 Еуропадағы негізгі мемлекеттер. 1300 жыл

13.5 Транссахара байланыстары. 1200–1350 жылдар
14.1 X–XІІІ ғасырлар аралығындағы қос Америка

14.2 Солтүстік Америкада XV ғасырға дейінгі аралықта салған ірі обалар мен топырақ құрылыстары

14.3 Чако каньонынан шығатын жолдар
14.4 Ацтек империясының ұлғаюы
14.5 Инктер империясының ұлғаюы
15.1 1330–1355 жылдар аралығында оба індетінің («Қара өлім») таралуы

15.2 Темір империясы. 1404 жыл
15.3 Чжен Хенің экспедициясы. 1405–1433 жылдар
Алғыс

«Панораманы» жазуға «дүниежүзінің өткен тарихының біртұтас бейнесін жасаймыз» деген сеніммен кіріскен едік. Қазіргі заманның аса күрделі сипатқа қалай жеткенін түсіндіргіміз келді. Жер-жаһанға үстемдік жүргізсе де, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік күрделі мәселелермен бетпе-бет келген биологиялық түр ретінде, болашағымыздың баламасын елестетіп көруге көмектесер деген сенімдеміз. Адамзаттың біртекті тарихын жазу тарихи және әлеуметтік ғылыми мағлұматтардың үлкен қоймасын ақтаруды талап етті. Бұл ұшан-теңіз қазынаны саралау, іріктеу, талдау, жинақтау үшін зерттедік. Пікір жазушылар, редакторлар, дизайнерлер, картографтар, білім беру технологтарының үлкен тобы және отбасымыздың мүшелері де ғаламат білім қорын «Panorama: дүниежүзі тарихы» кітабының жиырма сегіз тарауына айналдыру мақсатында жұмыла көмектесті. Тарау жазбаларын сыни тұрғыдан һәм қырағы көзбен шолып шыққан, кейде қайта-қайта сын тезіне салған, тізімде аттары жеке-жеке аталған барша жанға алғыс айтамыз. McGraw-Hіll Educatіon редакциялық, жобалық және маркетингтік тобымен жұмыс барысында жақсы тәжірибе жинадық. Баспа мен редакцияның аса дарынды негізгі тобы – Мэтью Бисбридж, Нэнси Крохиер, Стейси Рюэль, Синтия Уорд, Лаура Уилк және Робин Муатпен тығыз қарым-қатынаста болдық. Сондай-ақ Рик Хеккер, Дэнни Мелдунг, Эми Маркс, Каэлин Шульц, Уэс Холл және Морин Уэстке кітапқа қосқан салмақты үлестері үшін алғыс айтқымыз келеді. Зерттеу жүргізіп, мәліметтер жобасын жасап және қателерімізді түзеу арқылы жобамызға көмектескен тарихшылар алдында да қарыздармыз. Әсіресе Николас Бомба, Маура Каннингем, Ингрид де Хаас пен Иэна Келлиге рақмет айтамыз. Дүниежүзі тарихының ерекше және біртума ойшылы ІІІ Эдмунд «Терри» Берк әр тараудың алғашқы нұсқасын оқып шықты да, сөйлем мен абзацтарға ғана емес, іргелі құрылымы мен концепциясына, болжам-долбарларға сын көзбен қараудың ғажап үлгісін көрсетті. Элизабет Коббс Хоффман бірнеше жыл жобаға араласып, қолжазбамыздың алғашқы нұсқасын жинақтауға үлес қосты.

Росс Данн:

– Оқытушылық һәм ғылыми мансабыма жол ашқан Филипп Д. Кертин, Маршалл Г.С. Ходжсон мен Уильям Х. Макнейл сынды дүниежүзі тарихының пионерлері айрықша қолдау көрсетпегенде, мұндай үлкен жобаны ешқашан қолға алмас едім. Сан-Диего Мемлекеттік университеті тарих бөлімінің өкілдеріне де алғыс айтамын. Олар негізгі академиялық жетістікке – дүниежүзі тарихы курсын таныстыруыма түрткі болды. Сан-Диего университетінде дүниежүзі тарихынан алғаш сабақ берген (Нил Хейманн, Уильям Д.Филлипс, Чарльз Д. Смит, Рэй Смит және Фрэнк Стейтс) әріптестерімді елжірей еске аламын. Сан-Диего университетінің жаһандық, кросс-мәдениеттік, салыстырмалы тарихтағы инновация орталығы ретіндегі мәртебесін нығайта түсу үшін Гарри Макдин мен Джоан Ферраро жетекшілігіндегі бірқатар бөлім мүшелерінің жанкештілігіне бас иемін.

Университеттеріне, тіпті үйлеріне барып, қоян-қолтық араласа жүріп, қызықты күндерді бірге өткізген, дәрістерін тыңдап, жазғандарын оқып, әңгіме-дүкен құрып, электрондық поштамен хат алмасып, интеллектуалдық-моральдық қолдау көрсету арқылы осы кітаптың жазылуына елеулі ықпал жасаған достарым мен әріптестерім өте көп. Мұндай достар мен тәлімгерлер қатарына Эдмунд Берк, Дэвид Кристиан, Боб Бэйн, Стэн Бурштейн, Билл Чик, Джулия Клэнси-Смит, марқұм Джерри Бентли, Сьюзан Дуглас, Тим Кейрн, Пол Килер, Говард Кушнер, Крейг Локкард, Патрик Мэннинг, Гэри Нэш, Кевин Рейли, Линда Симкокс, Джон Фолл және Мерри Виснер-Хэнксті де қосыңыздар. Сан-Диего университетінде бір жыл сабақ берген соң, Жанна Мюллер Даннға үйлендім. Жаны жайсаң, эстетикалық талғамы жоғары осы бір аяулы жанмен бас қосқаныма елу жылдың жүзі болды. Оның көмегінсіз бұл кітапты жаза алмас та едім. Қыздарым Джордан мен Джоселин және олардың отбасының көрсеткен қолдауы мен махаббаты болмаса, кітап жазуға тәуекел етпес едім.

Лора Митчелл:

– Дүниежүзі тарихын күрделі білім беру ғана емес, интеллектуалдық сұраныс ретінде бағалаған екі бірдей тарих факультеті жұмысына араласқаным – зор бақыт. Сан-Антониодағы Техас университетіндегі, 2002 жылдан бергі уақытта Калифорния университетінің Ирвайн филиалындағы әріптестерім де қолдау білдіріп, құпия әрі жария білімнің, ынталандыру мен әзілдің сарқылмас қайнары болды. Калифорния университетіндегі Кен Померанц пен Эдмунд Берк басқаратын Дүниежүзі тарихының мульти-кампус зерттеу тобы Африка зерттеушісі ретінде жеке қор құруға мүмкіндік берді. Миграцияны зерттеу тобы семинарларындағы әріптестік пен тәжірибе алмасу – дүниежүзінің бір ғана өңірін зерттеу үшін жалданған доценттің зияткерлік өрісін ұлғайтты. Меллон қоры бір жыл уақыт бойы берген «Жаңа бағыттар» стипендиясы деректермен жұмыс істеу арқылы жаңа дағдыларды дамыта түсті. Осы стипендия арқылы бұдан кейінгі оқуым мен зерттеулерімді бекіте түскен визуалды деректермен жұмыс істедім. Калифорния университетінде дүниежүзі тарихымен айналысқан өзге аспирант ғалым әрі мұғалімдер сияқты, мен де шыңдала түстім. Бұл кітаптағы жазбаларым – Кригер-холлдың айналасында, әріптестеріммен құрған келелі сұхбаттардың тасқа басқан нұсқасы іспетті. Дүниежүзі тарихының «Advanced Placement» бағдарламасымен серіктестігім тілінен бал таматын әңгімешілермен таныстыққа ұласты. Сол бір зияткер буынның әрбір өкіліне алғысым шексіз. Сонымен қатар көңілімді көтеріп, қолдау білдірген отбасым мен достарыма да ризашылығым шексіз. Сіздер әр ісіме оң көзбен қарап, қамқорлық танытып, ынтымақ пен сүйіспеншілік сыйладыңыздар. Жоспарымыз өзгеріп, келісілген кешкі асқа бара алмаған күнде де қабақ шытпадыңыздар. Осы жобаға менімен бірге ат салысып, бірінші жобам аяқталғанша шыдамдылық танытып, түсінген баршаңызға, әсіресе тарихтың, кітаптың отбасылық өмірімізге араласып кеткеніне төзе білген Грэм мен Йенге көп рақмет!

Panorama: дүниежүзі тарихының рецензенттері мен кеңесшілері Қолжазбаны оқып, цифрлық бағдарлама бойынша кеңес беріп, деректерді ыждағаттылықпен тексерген және мазмұн, суреттер, карталар мен кітаптың дизайны мен концепциясына қатысты ақылын ортаға салып, ұғымдарды бір ізге түсірген барша факультет мүшелеріне авторлар мен баспагерлер өз алғыстарын білдірді.

Кеңес берушілер:
Carol Bargeron,
Central State Unіversіty
Brіan Black,

Pennsylvanіa State Unіversіty, Altoona
Elaіne Carey,
St. John’s Unіversіty
Stephanіe Fіeld,

Unіversіty of Delaware
Phyllіs Jestіce,
College of Charleston
Hallіe Larebo,

Morehouse College
Stephanіe Musіck,
Bluefі eld State College
Ryan Schіllіng,

Mіssіssіppі Gulf Coast Communіty
College, Jackson
Ryan Thompson,
Cleveland State Communіty College

Шолып шыққандар:
Heather Abdelnur,
Augusta State Unіversіty
Jonathon Ablard,

Іthaca College
Wayne Ackerson,
Salіsbury Unіversіty
Calvіn Allen, Jr.,

Unіversіty of Memphіs
Davіd Atwіll,
Pennsylvanіa State Unіversіty,
Unіversіty Park

Carol Bargeron,
Central State Unіversіty
Mіchael Bіrdwell,
Tennessee Tech Unіversіty

Brіan Black,
Pennsylvanіa State Unіversіty, Altoona
Beau Bowers,
Central Pіedmont Communіty College

James Brent,
Arkansas State Unіversіty, Beebe
Mіchael Brescіa,
SUNY, Fredonіa

Erіka Brіesacher,
Worcester State Unіversіty
Mіchael Brose,
Unіversіty of Wyomіng, Laramіe

Gayle Brunelle,
Calіfornіa State Unіversіty, Fullerton
Edmund Burke ІІІ,
Unіversіty of Calіfornіa, Santa Cruz

Stanley Bursteіn,
Calіfornіa State Unіversіty, Los Angeles
Antonіo Cantu,
Ball State Unіversіty

Elaіne Carey,
St. John’s Unіversіty
Robert Carrіedo,
U.S. Aіr Force Academy

Roger Chan,
Washіngton State Unіversіty
Dana Chandler,
Tuskegee Unіversіty

Mark Chrіstensen,
Assumptіon College
Edward Crowther,
Adams State College

Edward Davіes,
Unіversіty of Utah, Salt Lake Cіty
Thomas Davіs,
Vіrgіnіa Mіlіtary Іnstіtute

Peter Dykema,
Arkansas Tech Unіversіty
Davіd Eaton,
Grand Valley State Unіversіty

Glorіa Emeagwalі,
Central Connectіcut State Unіversіty
Davіd Fahey,
Mіamі Unіversіty of Ohіo, Oxford

Edward Farmer,
Unіversіty of Mіnnesota, Mіnneapolіs
Alan Fіsher,
Mіchіgan State Unіversіty

Nancy Fіtch,
Calіfornіa State Unіversіty, Fullerton
Denіs Gaіnty,
Georgіa State Unіversіty

Steven Glazer,
Graceland Unіversіty
Steve Gosch,
Unіversіty of Wіsconsіn, Eau Claіre

Gayle Greene-Aguіrre,
MGCCC Perkіnston Campus
Chrіstіan Grіggs,
Dalton State College

Jeffery Hamіlton,
Baylor Unіversіty
Casey Harіson,
Unіversіty of Southern Іndіana

John Hayden,
Southwest Oklahoma State Unіversіty
Lіnda Heіl Wіlke,
Central Communіty College

Laura Hіlton,
Muskіngum Unіversіty
Stephanіe Holyfіeld,
Unіversіty of Delaware

Aіqun Hu,
Arkansas State Unіversіty
Tamara Hunt,
Unіversіty of Southern Іndіana

Erіk Jensen,
Mіamі Unіversіty of Ohіo, Oxford
Paul Jentz,
North Hennepіn Communіty College

Scott W. Jessee,
Appalachіan State Unіversіty
Phyllіs Jestіce,
Unіversіty of Southern Mіssіssіppі

Amy Johnson,
Berry College
Roger Jungmeyer,
Lіncoln Unіversіty

Alan Karras,
Unіversіty of Calіfornіa, Berkeley
Pam Knaus,
Colorado State Unіversіty

Paul Kuhl,
Wіnston-Salem State Unіversіty
Brіan LaPіerre,
Unіversіty of Southern Mіssіssіppі

Hallіe Larebo,
Morehouse College
Jonathon Lee,
San Antonіo College

Anu Mande,
Fullerton College
Susan Maneck,
Jackson State Unіversіty

Brandon Marsh,
Brіdgewater College
Nathan Martіn,
Charleston Southern Unіversіty

Tіm Mattіmoe,
Beaufort Communіty College
Chrіs Maurіello,
Salem State Unіversіty

Tіm May,
North Georgіa College and State Unіversіty
Tamba M’bayo,
Hope College

Mark McLeod,
Unіversіty of Delaware
Eіleen McMahon,
Lewіs Unіversіty

Peter Mentzel,
Unіversіty of Utah
Garth Montgomery,
Radford Unіversіty

Jay Moore,
Unіversіty of Vermont
Wіllіam Morіson,
Grand Valley State Unіversіty

Stephanіe Musіck,
Bluefіeld State College
Catherіne Brіd Nіcholson,
Kean Unіversіty

Jіm Overfіeld,
Unіversіty of Vermont
Alіce Pate,
Columbus State Unіversіty

Danіel Pavese,
Wor Wіc Communіty College
Ruth Percy,
Unіversіty of Southern Mіssіssіppі

Matthew Perry,
John Jay College of Crіmіnal Justіce
Amanda Podany,
Calіfornіa State Poly Unіversіty, Pomona

Kenneth Pomeranz,
Unіversіty of Chіcago
Nіler Pyeatt,
Wayland Baptіst Unіversіty

Dean James Quіrіn,
Fіsk Unіversіty
Dana Rabіn,
Unіversіty of Іllіnoіs, Champaіgn

Stephen Rapp, Jr.,
Georgіa State Unіversіty
Joshua Sanbron,
Lafayette College

John Thomas Sanders,
U.S. Naval Academy
Sharlene Sayegh,
Calіfornіa State Unіversіty, Long Beach

Pamela Sayre,
Henry Ford Communіty College
Bіll Schell,
Murray State Unіversіty

Ryan Schіllіng,
MGCCC Perkіnston Campus
Robert Scull,
Craven Communіty College

Mіchael Seth,
James Madіson Unіversіty
Munіr Shaіkh,
Іnstіtute on Relіgіon and Cіvіc Values

Howard Shealy,
Kennesaw State Unіversіty
Brett Shufelt,
Copіah Lіncoln Communіty College

Davіd Sіmonellі,
Youngstown State Unіversіty
Mary Ann Sіson,
Mіssіssіppі Gulf Coast Communіty

College, Jackson County
Corey Slumkoskі,
St. Francіs Xavіer Unіversіty
Karla Smіth,

Mіssіssіppі Gulf Coast Communіty
College
Adam Stanley,
Unіversіty of Wіsconsіn, Plattevіlle

Phіlіp Suchma,
St. John’s Unіversіty
Mark Tauger,
West Vіrgіnіa Unіversіty, Morgantown

Ryan Thompson,
Cleveland State Communіty College
Joel Tіshken,
Washіngton State Unіversіty

Sarah Trebanіs,
Іmmaculata Unіversіty
Mіchael Vann,
Calіfornіa State Unіversіty, Sacramento

Rіck Warner,
Wabash College
Merry Wіesner-Hanks,
Unіversіty of Wіsconsіn, Mіlwaukee

Rіchard Wіllіams,
Washіngton State Unіversіty, Pullman
Carlton Wіlson,
North Carolіna Central Unіversіty

бесінші бөлім
Дүниежүзілік ұлы конвергенция
1450–1750 жылдар

Мушкет ұстап тұрған португал жауынгерінің жез мүсіні. XVІІ ғасыр, Бенин (Нигерия) Қоғам 1450 жылдан бастап қарқынды дами түсті. Бірнеше рет қайталанған індет әкелген саяси-экономикалық дағдарыстар ғасыры өткен соң Афроеуразия аумағының басым бөлігінде аймақтық экономика дамып, халық саны қайта өсті. Қос Америкадағы жүгері шаруашылығы жаңа аймақтарға таралып, халық санының өсіміне, әлеуметтік жаңашылдыққа, мемлекет құрудың неғұрлым ірі жобаларын дамытуға жол ашты. Адамзат біртіндеп арта түскен жылдамдықпен ірі күрделі қоғамға қарай бет алды. XV ғасыр аяғындағы осы бір қызық, «кездейсоқ оқиға» болмаса, бұл даму үрдісі қалай жалғасар еді деп тек болжам жасай аламыз. 1492 жылы генуялық капитан Христофор Колумб Атлант мұхитына саяхатқа аттанып, Солтүстік Америка жағалауындағы аралға тап болды. Басқа теңізшілер оның ізімен жүзді. Келесі онжылдықтарда транс­атланттық саяхаттар қалыпты оқиғаға айналды. 12 мың жыл уақыт бойы елеулі халық миграциясы байқалмағанын, 250 миллион жыл уақыт бойы қандай да бір биологиялық қарым-қатынастың болмағанын ескерсек, қос Америка және Афроеуразия арасындағы аяқасты дамыған бұл конвергенция адамзатты ауқымды өзгерістерге жетелегені сөзсіз. Атлант өткелі арқылы Тынық мұхит өткелдерінің ашылуы адамдар арасындағы және табиғи ортадағы қарым-қатынасты қиындата түсті. Бесінші бөлімде дүниежүзілік ұлы конвергенция басталардан бұрын, шамамен екі жарым ғасырдан кейінгі жаһандық және аймақтық дамуды қарастырамыз. Тарихшылар шартты түрде осы кезеңді ерте жаңа заман дәуірі деп атайды. Мұны 1450–1750 жылдар аралығындағы өзгеріс­терді белгілеу үшін және осы кезеңді XVІІІ ғасыр ортасында толыққанды басталатын жаңа заманнан ерекшелеу үшін қолданамыз. Ерте жаңа замандағы жаһандық ауқымды оқиғалардың ішінде сегізін айрықша бөліп көрсете аламыз: Климатологтардың айтуынша, бүкіл осы кезең Кіші мұз дәуірі (XІІІ–XVІІІ ғасырлар) деп атаған құбылмалы температура циклінде орналасқан. Температура маусымнан-маусымға қарай төмендей берді. Бұл солтүстік жартышарда ауа райын болжауға мүмкіндік бермейтін бейберекет өзгерістерге алып келді. Кейбір аймақтарда егіншілік маусымы қысқарды. Өзге өңірлерде толассыз жауын жауып, су тасыды немесе қуаңшылық ұзаққа созылды. Аштықты, халықтардың қоныс аударуы мен саяси дағдарыстарды тарихшылар аталған цикл тудырған тұрақсыз жағдайлармен байланыстырады. Адамдар Атлант мұхиты арқылы Батысқа микробтар тасымалдап, қос Америкаға беймәлім, алайда Афроеуразия халқы үшін үйреншікті жұқпалы ауруларды таратып, байырғы америкалықтардың өміріне қауіп төндірді. XVІІ ғасырдағы індет үндіс қоғамдарын дағдарысқа ұшыратып, халық санын күрт азайтты. Жаулап алуға, бағындыру мен экономикалық қанауға мүдделі болған еуропалықтардан өз жерлерін қорғауға үндістер қауқарсыз болды. Трансатлант өткелінің ашылуы бұрын беймәлім болған флора мен фаунаны аймаққа тасымалдауға мүмкіндік берді. Колумб айырбасы дүниежүзінің басым бөлігінің экологиялық және экономикалық жағдайларына ықпал етті. Бұл айырбас еуропалықтарға Афроеуразияның коммерциялық дақылдарын Америка жерлерінің негізгі бөлігіне жерсіндіруге мүмкіндік берді. Ал Афроеуразияға Американың түрлі қоректік өсімдіктерін таныстырып, Еуразия мен Африкадағы халық санының өсуіне ықпалын тигізді. XVІІІ ғасыр соңына қарай дүниежүзілік ұлы конвергенция жер шарының түгелге жуығын, Австралия мен Мұхит аралдарын да байланыстырды. Демек, теңізшілер мен саудагерлер барлық бағытқа, ұзақ қашықтыққа жүзіп, материалдық тауарларды тасымалдаумен айналысты. Сауда жолдары жүйесі дүниежүзін қамтып, кеңейіп жатқан желіге қосылған барлық елді мекендердің экономикалық тыныс-тіршілігі өзгерді. Халқы тығыз орналасқан Азия аймақтары өндіріс пен сауданың ең бай орталықтары болып қала берді. XVІ ғасырға дейін Афроеуразиядағы сауда жүйесінің бір шетінде қалған Батыс Еуропа кенет теңіз сауда жолдарының тоғысқан нүктесіне айналды. Бұл жаңа мүмкіндік орасан зор байлыққа кенелтіп, ауыл шаруашылығы, өндіріс және қалааралық сауда инвестициясын көбейтті. Атыс қаруы дүниежүзінде осы кезеңде қолданысқа кең енді. Артиллерия және тапаншалар ұрыс жүргізу әдістерін өзгертіп қана қоймай, соғысты анағұрлым қатерлі ете түсті. Сондай-ақ билеушілер атыс қаруы бар әскерді қаржыландырудың көмегімен билігін орнықтырып, ауқымды аумақтарды басып алып, бодан халыққа салық төлету арқылы бес қаруын асынған әскер қатарын көбейтті. Мемлекеттердің азғана тобы шексіз билікті қолына шоғырландырды. Олардың кейбірі трансатлантикалық империялар құрды. Империя құру мен дамып келе жатқан жаһандық экономика ауылдық жерлерден – қалаға, бір аймақтан – екінші аймаққа көшіп-қону қарқынын үдете түсті. 3,6 миллионнан аса кіріптар африкалықтарды негізінен коммерциялық плантациялардағы қара жұмысқа жегу мақсатында Солтүстік және Оңтүстік Америкаға күштеп апару – 1500–1750 жылдарғы ең ірі теңіз миграциясы болды. Теңіз арқылы байланыс, империялардың құрылуы және миграция ірі діни дәстүрлердің, әсіресе ислам мен христиан діндерінің бұрын бұлар бейтаныс болған аймақтарда таралуына септігін тигізді. Еуропаның білімді ойшылдары табиғат пен дүниенің маңызын анықтаудың жаңа әдістерін зерттей бастады. Бұл, негізінен, антикалық философияға және діни жазбаларға емес, жалпы ұстанымдар жасауға бағытталған жүйелі бақылау мен құбылыстарды талдауға, басқаша айтқанда, сол замандағы ғылыми әдістерге негізделді. Сол уақытта ешкім анық білмегенімен, бұл үш жүз жыл аграрлық дәуірдің соңғы кезеңін қамтыды. 10 мың жыл немесе осыған жуық уақытта адамзат ауыл шаруашылығы дақылдары мен малды өсіру, биомассаны жағу арқылы энергия көзін алды. Ұзақ қашықтыққа жүзетін кемелер, ауыл шаруашылығындағы жаңа әдістер, атыс қаруын ойлап табу – энергияны пайдалану қарқынын бірте-бірте көбейте түсті. Адамзаттың энергияны меңгеру қабілетіндегі революциялық секіріс әлі де алда болатын.

16

Мұхиттарды игеру, құрлықтар ықпалдастығы
1450–1550 жылдар

Неміс картографы Себастьян Мюнстер 1532 жылы жасаған бұл картада дүниежүзі географиясы туралы жаңа, алайда әлі де толық емес деректер бар Географ, XІV ғасырда өмір сүрген белгілі мұсылман зерттеушісі әл-Омаридің айтуынша, Батыс Африкадағы Мали империясы сол ғасырдың басында Атлант мұхитын зерттеу үшін айдынға кеме флотын жіберген екен. Әл-Омари келтірген деректе Мали патшасы Манса Мұхаммед мұхитты кесіп өтуге болатынына сенген: «Ол қарсы жағалауға жеткісі келді және мақсатына жету үшін барын салды. 200 кеме жасап, ішін ер адамға толтырып, бірнеше жылға жететін ас-су, алтын және өзге де керек-жарақпен қамтамасыз етті». Бөренелерден жонған бұл қайықтар каноэ болған сияқты, олар ондаған ескекшіні сыйдыра алатындай көлемді еді. Әл-Омаридің айтуынша, «Патша кеме басшыларына: «Мұхитты кесіп өтпейінше немесе кемедегі азық қоры таусылғанша қайта оралмаңдар», – деген бұйрық берген». Кемелер теңіз сапарына аттанады. Арада ұзақ уақыт өткен соң, өзге кеменің барлығын алапат тасқын алып кетті деген хабармен жалғыз кеме ғана жағалауға оралады. Кейінірек Манса Мұхаммед өзі бас болып, бұдан да үлкен экспедициямен сапарға шығады. Бұл екінші флот та алысқа саяхат жасауға тәуекел жасағанымен, олардың кейінгі тағдыры жайлы ешкім ештеңе естімеді1. Шығыс Атлант өлкесінің тұрғындары – батысафрикалықтар, солтүстікафрикалықтар және еуропалықтар – мұхитты кесіп өтетін, ең болмағанда жағалау маңында жүзуге ыңғайлы кеме жасау ілімін XІV ғасырда жақсы білді. Үш аймақ теңізшілері Батысқа аттануға тәуекел етсе, ол өлкеде қандай жерлерге тұмсық тірейтіні туралы ойланған тәрізді. Еуропалықтар арасында VІ ғасырдан бастап Ирландия монархтары немесе басқа да теңіз жиһанкездері Солтүстік Атлантиканың күнбатыс бағытына мұхит арқылы саяхаттағаны туралы аңыздар сақталған. XІ ғасырда викингтер 10–20 жыл бойы Канаданың Ньюфаундленд жағалауында сауда орталығын басып алғаны белгілі. Алайда ортағасырлық теңізшілер Атлант желдері мен ағыстары туралы білімдерінің жеткіліксіздігінен мүмкіндіктері шектеулі болып, теңіз бетімен алысқа жүзе алмады. Әйтсе де XV ғасырда теңізшілер трансатлантикалық қос бағыттағы саяхатқа қажет білімдерді меңгерді. Теңізшілер Солтүстік Атлантиканың желдері сағат бағытымен қозғалып, үлкен шеңбер құрайтынын түсінді. 1492 жылы мұхитпен жүзіп отырып, құрлық асқан Христофор Колумб сияқты, өзге теңізшілер де жел мен желкен арқылы жол тауып, жағалаудан алыс қашықтыққа кемемен жүзуге болатынын ұғынды. Шамамен осы уақытта Еуропаның өзге теңіз капитандары Оңтүстік Атлантикада сағат тіліне қарсы екі жел шеңбері барын анықтады. Атлантика өткелдері қысқа уақыт ішінде Тынық мұхиты арқылы өтетін жолдарды ашты, бұл өз кезегінде «Дүниежүзілік ұлы конвергенцияны» тудырды. Осы арқылы Еуропа мен Америка, сонымен бірге дүниежүзі өңірлерінің барлығына жуығы бір-біріне жақындай түсті. Бұл конвергенцияның нәтижесі еді. Ол тірі ағзалардың – адамдардың, жануарлардың, өсімдіктердің және микроб­тардың күтпеген, аяқасты және қайталанбас қарым-қатынасын түзді. Сол сияқты, Афроеуразия мен қос Америка бір-бірінен 12 мың жылға жуық уақыт бөлек дамығанын ескерсек, жаңа қарым-қатынас байырғы экологиялық және экономикалық жүйелерді бұзды. Бұл кейбіреулерге жердегі жаңа ресурстарды, минералдарды және адам еңбегін пайдалануға мүмкіндік берсе, өзгелері осы қанаудан зардап шекті. Сонымен қатар алғаш рет кеме қатынайтын су жолдары дүниежүзінің барлық ірі мұхиттарын өзара байланыстырды. XVІ ғасыр ортасына қарай, шынайы жаһандық экономика қалыптасты. Осы тараудың бірінші бөлімінде дүниежүзілік ұлы конвергенция басталғаннан бұрынғы уақыттағы, яғни XV ғасырдың ортасындағы дүниежүзілік жағдайды сипаттаймыз (16.1-картаны қараңыз). Бұл кезең Афроеуразияның демографиялық, экономикалық және коммерциялық қайта қалпына келу заманы болды. Зерттелмеген аралдармен, тропиктік Африкамен немесе Азиямен сауда-саттық жасау мақсатында Батыс Еуропа теңізшілері Атлантикадағы ізденістерін дамыта түсті. Дүниенің келесі шетіндегі, Колумбқа дейінгі Америка тұрғындары дүниежүзі халқының 10–15 пайызын құрды. Халық өсімі мен экономикалық дамуы өзге құрлықтағы елдермен ұқсас Мексика мен Андта жүгері шаруашылығы дамыды және ірі империялар пайда болды. Тараудың екінші бөлімінде мұхиттағы жаңа жолдардың ашылу тарихын қарастырамыз. Ең әуелі Португалия мен Испанияны мысалға алып, теңіздегі таңғажайып сапарларға шыққан еуропалықтардың мұхитты кесіп өтуге мүмкіндік берген география­лық білімін, техникалық жаңалықтарын, себебі мен мақсатын зерттейміз. Бөлімде тропиктік Африканың атлантикалық бөлігіндегі халықтар мен осы өңірге бірінші келген португалдардың алғашқы кездесулері сипатталады. Сонымен қатар Колумбтың трансатланттық саяхаттарын зерттеп, Кариб теңізі қоғамдарына еуропалықтардың кенеттен келуінің алғашқы әсерін талдаймыз. Үшінші тарауда қос Америкадағы 1492–1550 жылдар аралығындағы оқиғаларды қарастырамыз. Бұл кезең байырғы америкалықтар үшін, әсіресе, Кариб бассейніндегі және Мезоамерика мен Андтың халқы тығыз орналасқан аймақтары үшін қасіретке толы уақыт еді. Афроеуразиядан жеткен микроорганизмдерден тараған жұқпалы ауруларға иммунитеттері төтеп бере алмай, Американың үндістері сансыз көп шығынға ұшырады. Сонымен қатар испан және португал жауынгерлері, отарлаушылары Америка қоғамдарын бағындырып, жер мен адам еңбегін коммерциялық мақсатта пайдалана бастады. Індеттер, соғыс пен әлеуметтік дағдарыстар қысқа мерзім ішінде Ацтек және Инк империяларын құлдыратты. XVІ ғасырда Испания және Португалия отарлау саясатын жалғастырып, осы өңірде империя құра бастады. 1498–1499 жылдардан бастап Португалия теңізшілері Африканы айналып өтіп, Үнді мұхитына жетті. Атлант мұхитындағы су жолдарына қарағанда, Араб және Шығыс Қытай теңіздері арасындағы су жолдарының жүйесінде кемелер көп жүзді. Тараудың қорытынды бөлімі португал кемелері келген уақытынан бастап жарты ғасыр аралығындағы Оңтүстік теңіз аумағындағы өзгерістерді сипаттауға арналады. Үнді мұхиты халықтары мен португалдар арасындағы алғашқы қақтығыстар және еуропалықтардың қарулы басқыншылық әрекеттерінің жергілікті билік құрылымы мен саудаға ықпалын қарас­тырамыз.

16.1-КАРТА. XV ғасыр ортасындағы негізгі мемлекеттер Дүниежүзілік ұлы конвергенция тұсында Афроеуразияда бірнеше ірі мемлекеттер, монархиялар, қала-мемлекеттер мен көшпелі қоғамдар болды. Екі ірі империя және олардан әлдеқайда кіші мемлекеттер қос Америкада орналасты. XV ғасыр ортасында Афроеуразия мемлекеттеріндегі қандай технология Америка мемлекеттеріне беймәлім болды?

Дүниежүзілік ұлы конвергенция қарсаңында ОЙЛАН: Шамамен 1450 жылдары Афроеуразия мен қос Америкада қандай маңызды саяси-экономикалық өзгерістер болды? XV ғасырдың аяғы мен XVІ ғасыр басында Атлант, Тынық және Үнді мұхиттарын кесіп өткен Еуропа теңізшілері алғашында экономикалық мақсатты емес, сауда жасау, қарақшылықпен айналысу және мол олжаға кенелу мүмкіндігін көздеді. Өзгерістердің саяси-экономикалық аспектілерін ескерсек, бұл теңізшілер дүниежүзілік ұлы конвергенцияны қашан және қалай бастағанын өздері де аңғармай қалған болар. Бұл мәселені жаһандық сипатта қарастыру қажет. Мұнда екі географиялық ауқымдағы дамуды қарастырамыз. Біріншісі – ұзақ қашықтықты қамтитын айырбас жүйесі қалыптасқан, шамамен 1450 жылдай тарихы бар Афроеуразия. Екіншісі – Атлантика аймағы. 1450 жылдары Атлантикамен бетпе-бет келген Еуропа қоғамы, тропиктік Африка және Америка қоғамдары туралы мүлде бейхабар болса, еуропалықтар мен африкалықтардың да бірін-бірі білуі шамалы-тын. Даму тарихы бар қоғамдар бұл кезеңдегі қақтығыстардың өзгерістеріне дайын емес еді.

Афроеуразия сауда желісіндегі өзгерістер

Еуразия мен Солтүстік Африкадағы бір жарым ғасырға созылған қара өлім және қайталанбалы оба жұқпалы індеттері халық санының кемуіне себеп болған кезеңінен өткен соң, шамамен 1450 жылдардан бастап, Афроеуразияда халық саны қайта өсе бастады. Аймақта оба індеті бәсеңдеп, Еуразияның солтүстік ендігі уақытша жылынып, маусым ұзара түсті. Сондықтан қоршаған орта жағдайы жақсарып, азық-түлік өнімдерін өндіру ісі артып, Қытай, Оңтүстік Азия және Еуропада халық саны өсті. Афроеуразиялықтардың 90 пайызы ауылда тұрғанына қарамастан, қала саны өсіп, көбейді. Экономикалық өндіріс, сауда, халықтардың шоғырлануы және урбанизация орталығы Азия болды. Кейбір мәліметтер бойынша, 1450 жылы Афроеуразияның 25 ірі қаласының он жетісі Азияда орналасты. Олардың төртеуі еуропалық мұсылмандар билеген аумаққа шоғырланды. Қалған төртеуі христиандық Еуропаға тиесілі болды2.

Ішкі Еуразия даласымен Жібек жолы арқылы өтетін керуен жолы XV ғасыр соңына дейін гүлденді, алайда теңіз жолдары арқылы әлдеқайда ауқымды тауарларды тасу мүмкіндігі туды. Тасымал мол болған сауда жүйесі Оңтүстік Қытай теңізін, Бенгал шығанағын және Араб теңізін байланыстырды. Жібек, дәмдеуіш, апиын, хош иісті май, асыл тас және керамика ыдыс сияқты әсем бұйымдармен қатар, ағаш, күріш, тұз және арзан мата іспетті, күнделікті өмірге қажет тауарларды да тасымалдады. Оңтүстік теңіздегі сауда-саттықта ерлер басым болғанымен, азық-түлік, мата өндірісі әйелдер мен қыздар еңбегіне тәуелді еді. Олар күріш және басқа да азық-түлік өнімдерін өсірді, жібек пен мақта жинап, жергілікті жерлердегі базарларда сатты. XVІ ғасырдың басында Индонезияда дәмдеуіш өндіретін Молукка аралдарында тұрған португалдық лауазымды тұлға Антонио Гальвао «Қыздары көп адамның дәулеті артқанын»3 байқаған екен.

Қытайлық сауда торабы. XV ғасырда Оңтүстік теңіздегі сауда-саттық алаңына айналған айлақтар, бағыттар және адамдардың тыныс-тіршілігіне елеулі өзгерістер ене бастады. 1433 жылы Қытайдағы Мин империясының үкіметі алдыңғы үш онжылдықта Батыстағы Қызыл теңіз бен Шығыс Африка жағалаулары сияқты өте шалғай аймақтарға жеткен (15-тарауды қараңыз) ірі теңіз экспедицияларын қаржыландыруын тоқтатты. Соған қарамастан Қытай экономикасы дүниежүзіндегі ең ірі аймақтық экономика ретінде бір ғасыр бойы теңіз саудасына жалғыз өзі монополия орнатты. Қытайдың ішкі жолдары, өзендер мен каналдар жүйесі өте жоғары деңгейде дамыған болатын; қала табысы артты; жібек, фарфор және т.б. көптеген бұйым өндірісі гүлденді. Бұл өнімдердің бір бөлігі экспорт үшін жаппай өндірілді. Бай элита және ауқатты тұрғындар сән-салтанаты артқан импорттық өнімдерді қалады. Қытайдың экономиканың белсенділігі дүниежүзіне әсерін тигізгенін осы мысалдардан байқаймыз. Қытай саудагерлері мен қолөнершілері Оңтүстік Азия қалаларына жиі барып және қоныс аударып, батыста Оңтүстік Қытай теңізі мен Бенгал шығанағын байланыстыратын Малакка бұғазына дейінгі аймаққа тауарларды кемемен жеткізіп тұрды. Оңтүстік Қытай айлақтарына да әр қиырдан саудагерлер ағылды.

Оңтүстік теңіздердегі транзиттік айлақтар: Малакка. Космополиттік транзиттік теңіз айлақтары оңтүстік теңіздермен тығыз байланыс орнатты. Кейбір сауда айлақтары тіршілігінің жандануы мен құлдырауы саяси жағдайлардың өзгерісіне, сұраныс пен ұсынысқа тәуелді болды. Мәселен, XV ғасыр басында Малакка қаласы теңіз саудасының қым-қуыт орталығына айналды. Қарсылас әмірші астанадан қуып жіберген Сингапур билеушісі 1403 жылы осы айлақтың негізін қалаған еді. Малакка бұғазының ең тар өткеліндегі айлақ – Малакка қауіпсіз жерде орналасты. Айлақ көшелері көп ұзамай саудагерлерге, түрлі ұлт өкілдеріне, тілдер, діндер, дәстүрлер мен тағамдарға толды. 1512–1515 жылдары мұнда тұрған португал дәріханашысы Том Пирес бұл өңір туралы былай дейді: «Дүниежүзіндегі басқа ешбір қалада дәл осы шаһардағыдай сауда, тігіншілік дамымаған шығар; ...әр адам мың мильге созылатын қашықтықтан әртүрлі халықтар арасындағы сауда-саттық үшін Малаккаға келетін»4.

Гуджарат саудагерлері. Үндістанның солтүстік-батыс жағалауындағы мұсылман мемлекеті Гуджараттың сауда экспансиясы – XV ғасырдағы дамудың жарқын мысалы. Гуджарат билеушілері 1401 жылы Оңтүстік Азиядағы ең ірі құрлықтық империя – Дели сұлтандығынан сәтті бөлініп шықты. Бұл аймақ мақта-мата экспорты, Оңтүстік Азия мен Орталық Азиядан құрлық арқылы келетін та­уарлар есебінен гүлденді. Камбэйден және басқа айлақтардан гуджарат саудагерлері Араб теңізі арқылы айналып өтіп, шығысқа – Малаккаға жол тартатын. XVІ ғасыр басында Гуджаратта болған Том Пирес мына жайтты байқады: «Олардың халқы та­уардың сырын біледі. Олар – саудаға ұқыпты, әрі жылдам адамдар... Сатушы не хатшы болғысы келетіндер сол жақтан үйренуі қажет, себебі сауда ісі – басқаларға бөгет болмайтын ғылым іспетті»5.

Гуджарат саудагерлері Оңтүстік Азияны Шығыс Африка, Парсы шығанағы және Қызыл теңізбен байланыстырып, Араб теңізіндегі сауданы жандандыруға септігін тигізді. XVІ ғасыр басында Үнді мұхитына аттанған португал шенді тұлғасы Дуарте Барбоза, Үндістаннан батыс бағытта тауар саудасымен айналысқан мұсылман саудагерлері туралы жазған болатын. Том Питерс Оңтүстік Үндістандағы Каликут айлағынан саудагерлер «тауарларды кемеге кез келген жерге, желі оңынан соққан әрбір маусымда апару үшін тиеп алады, олардың он немесе он бесі тауарларын пайдамен сату мақсатында Қызыл теңізге, Аденге және Меккеге аттанады... Бұл тауарлар арасында бұрыш, зімбір, даршын, кардамон,.. түрлі бағалы тастар, маржандар, мускус, амбра, рауғаш, алоэ бұтасы, мақта-матаның керемет түрлері, фарфор болды»6, – деп жазады. Оның айтуынша, бұл аса бағалы тауарлар «Каирға, Каирдан Александрияға және одан ары Венецияға, содан олар біздің аймақтарға келді».

Шығысқа қызыққан еуропалықтар. XV ғасыр басында жартышар арқылы өтетін сауда жүйесінің шалғай батысында орналасқан Батыс Еуропа және Солтүстік Африка қоғамдары Үндістан, Қытай немесе орталық мұсылман жерлеріне қарағанда, халқы, қала саны аз, өндірістік экономикасы қарапайым еді. Тауардың негізгі бөлігі Батыстан Шығысқа емес, Шығыстан Батысқа ағылды. Ауқатты еуропалықтар Батыс Африкадан келген алтынға, Шығыс Азиядан келген жібекке және Индонезиядан келген дәмдеуіштерге, есірткіге және бояуларға қызықты. Алайда айырбас жүйесі бойынша қайта сатумен айналысқан саудагерлер пайда табудың қарапайым ережесін қолданды: арзанға алып, қымбатқа сатты. Демек, Батыс тауардың өндіріс құнынан әлдеқайда артық баға төлеп тұрды. Мәселен, 1400 жылдары үнді бұрышының әр тоннасын Англияда шамамен 200 фунт стерлингке сатса, теңіз кемесін жасау үшін тоннасына 2 немесе 3 фунт стерлинг жұмсады. Еуропа шеберханаларында тауарлардың алуан түрі пайда болды, мәселен, Жерорта теңізі айлақтарындағы базарларда түбіттен тоқыған киімдер, темір ыдыс және қару-жарақ сұранысқа ие болды. Еуропа саудагерлері Азия тауарларын алтын және күміс ақшаға сатып алғандықтан, сауда Азияға мол мүмкіндік берді. Аталған айырбас кең қолданысқа ие болды, өйткені не Оңтүстік Азияда, не Қытайда аталған металдардың үлкен қоры жоқ еді. Еуропалықтар Германияда, Богемияда және басқа да аймақтарда күміс өндірді. Еуропаға алтын Батыс Африкадағы Суданнан түйе керуені арқылы жетті.

Бұрыш жинап жүрген үнділер. Бұл иллюстрацияны Марко Полоның XV ғасырдағы «Әлем кереметтері кітабынан» («Book of Wonders of the World») алдық. Суретші бұрыштың дүниежүзіндегі саудасының үш фазасын бейнелегеніне назар аударыңыз: жинау, базарға тасымалдау және сауда айырбасы. Суретші осы үш фазаны бір мезгілде неге көрсетті деп ойлайсыз?

1350 жылдардан бастап шамамен бір жарым ғасыр уақыт бұрын құрлық арқылы Италия және Еуропа саудагерлерінің шағын тобы Ирак, Иран, Үндістан, тіпті Қытайға саяхат жасады. Марко Поло (1254–1324) – Шығыс Азияға барып, қайтып оралған венециялықтар тобында болған жиһанкез. Үнді мұхитына билігін жүргізген Моңғол империясының әміршілері, кейбір мұсылман және будда билеушілері сауда-саттық жүргізу мақсатында кез келген ұлт өкілдеріне өз иелігіндегі жерлерге келуге рұқсат берді, бұл саудагерлер Шығысқа бару мүмкіндігін құр жібермеді. Сол себепті батысеуропалықтар трансжартышар жүйесі туралы білімді игеріп, осы арқылы аталған аймақтарға ұмтылды.

Алайда саяси жағдай өзгерді. Парсыны билеген Моңғол империясы 1335 жылы құлады, билеушілер мұсылмандар франктер деп атаған батысеуропалықтардың елге келуі жергілікті сауда тораптарына зиянын тигізеді деп қауіптенді. Мәмлүктер сұлтандығы деген атпен белгілі Мысырдағы мұсылман әскери мемлекеті венециялықтарға Александрия айлағына ғана кіруге рұқсат берді, ал Ніл өзені мен Қызыл теңізге кемемен шығуға тыйым салды. 1453 жылы Осман түріктерінің әскері Константинопольді басып алып, христиандық Византия империясын талқандап, Қара теңіз бен Жерорта теңізі арасындағы теңіз өткелін бақылауға алды (15-тарауды қараңыз). Осман империясының сұлтаны ІІ Мехмед (1444–1446 және 1451–1481 жылдары билік құрды) алғашында еуропалық саудагерлердің Эгей айлақтарына келіп-кетуіне рұқсат берген еді. Алайда XVІ ғасырда сауда қарым-қатынасы бұзылды. Осман империясы Венеция мен Жерорта теңізіндегі аралдарда басымдық үшін соғыс жүргізіп, генуялық саудагерлерге Қара теңіздегі айлақтар есігі жабылды. Осының кесірінен Жерорта теңізінің шығысындағы Италия саудасы әлсіреді. Сонымен қатар, XVІ ғасыр басында түрік әскерлері Оңтүстік Иракты, Мысырды да басып алып, ендігіде Үнді мұхитына әскери-теңіз кемелерін жібере бастады.

Шығыс Атлантика өңірі

XV ғасырда аграрлық халқы тығыз орналасқан үш кластер Атлант мұхитымен бетпе-бет келді. Шығыс Атлантика шекаралары (16.2-картаны қараңыз) бо­йындағы бірінші кластер – Британ аралдарынан Сахара шөліне дейін, оңтүстіктен солтүстікке созылды. Екінші кластер – Шығыс Атлантика өңірі арқылы өтетін тропиктік Батыс және Орталық Африка еді. Үшінші кластер – Кариб теңізі мен Мексика шығанағын айналып өтетін Батыс Атлантиканың жағалауында жатқан Америка жерлері болатын. Сол ғасырдың соңында дәл осы үш аймақтың алдыңғы дәуірлерде жеке дамыған тарихи жолы күтпеген жерден тоғысты.

16.2-КАРТА. Шығыс Атлантика өңірі. 1470 жыл

Сахара шөлі Батыс Африканың аграрлық жерлерін халқы салыстырмалы түрде тығыз орналасқан Батыс Еуропа мен Солтүстік Африка аймақтарынан бөліп тұрады. XV ғасырдың соңында Шығыс Атлантикадағы сауданың өсуін қандай факторлар түсіндіреді?

Гибралтар бұғазына назар аудару. XІV–XV ғасырлар аралығында Атлант мұхиты Гибралтар бұғазының екі жағындағы Еуропа мен Африка жерлеріндегі билеушілерді, саудагерлерді, теңізшілерді қызықтырумен болды. Иберия түбегі (қазіргі Испания мен Португалия) және Солтүстік Африка (қазіргі Марокко мен Алжир) ежелден адамдар қарым-қатынасының тұтас белдеуін құрады. VІІІ ғасырдан бастап екі аймақты бір бүтін діни, мәдени және саяси салада біріктіру мақсатында араб мұсылмандары бұғазды кесіп өткен болатын. XІІІ ғасыр ортасына қарай үш христиан монархиясы – Кастилия, Арагон және Португалия – Иберияның басым бөлігін мұсылмандардан тартып алды. Осыған қарамастан, саудагерлер, дәруіштер мен дипломаттар бұғазбен екі бағытта қозғала берді. XІV ғасырда христиан мемлекеттері, Гранада мұсылман патшалығы және Солтүстік Африкадағы үш мұсылман монархиясы соғыс пен бейбітшілік орнатуда бәсекелесіп, одақ құрып, біресе оны қайта бұзып, діни айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірімен тауар алмасты.

XІІІ ғасыр соңына қарай Гибралтар бұғазы Жер­орта теңізі мен Шығыс Атлантиканың байланыстарын сауда «өзеніне» айналды. Италиялық, еуропалық басқа да кемелер бұғазға және оның жағалауларындағы айлақтарға жиі қатынайтын болды. Астық, жылқы және алтын алу мақсатында кейбір кемелер Марокконың Атлантикалық жағалауларын зерттеумен айналысты. 1291 жылы генуялық ағайынды Вивальдилер Африканы айналып өтті, Үндістанға апаратын жолды таппаса да, аса үлкен жоспар құрып, галералардан құралған шағын флотты оңтүстікке бастады. Алайда италиялық галераның шағын корпусы Атлант мұхитынының толқынына төтеп бере алмады. Вивальдилер із-түзсіз жоғалып кетті. Африканың оңтүстік нүктесіне 197 жыл өткеннен кейін ғана португал капитаны жетті.

Италиялық өзге саудагерлер бұғаз арқылы солтүстікке шығып, Иберияны айналып өтіп, Ла-Манш, Солтүстік теңіз және Балтық теңіздегі айлақтарға дейін жүзді. Еуропаның оңтүстігінен солтүстігіне тауарды су жолы арқылы жеткізу шығыны тауарды құрлық арқылы жеткізуден айтарлықтай аз болғандықтан, бұл маршрут өте тиімді еді. XІV ғасырдан Гибралтар бұғазы Жерорта теңізі мен Солтүстік- Шығыс Атлантиканы іс жүзінде бір жүйеге біріктірді.

Осындай жағдайда Испания мен Португалияның оңтүстік-батысындағы айлақтар теңізшілерді, кеме жасаушыларды және картографтарды жұмылдырып, бағыттарды, корпустардың құрылысы мен навигация техникасын жетілдірді. Португалдық жүк жөнелтушілер мен балықшылар қиырдағы Атлантикаға жол іздеп, ұзақ қашықтыққа жүзгенде қандай жағалауларға жақындауға болатынын зерттеді. XІV ғасырдың бірінші жартысында ибериялықтар, итальяндықтар мен француз тілді нормандар Мадейра мен Канар аралдарына барып, сауда бекеттері мен кішігірім қоныстар сала бастады.

Гуанчи адамы. XVІ ғасырға тиесілі бұл испандық гравюраның алғашқы нұсқасы дүниежүзіндегі киімдер стилі туралы кітапта жарияланды. Мұнда Канар аралдарының аңшы және малшы тұрғындарының өкілі, бұлшық еті білеуленген, жақсы қаруланған адам бейнеленіп тұр. Суретші адам мүсінін дәл осы күйінде не үшін бейнеледі деп ойлайсыз?

Мадейра аралдарында байырғы халық болмаған сияқты, алайда біздің дәуіріміздің басында бербер тілінде сөйлеген халықтар ашық теңіз арқылы Мароккодан Канар аралдарына саяхаттады. Осы кішігірім мигранттар тобы таулы жеті аралдан тұратын архипелагта егінші, малшы немесе аңшы ретінде өмір сүріп, Солтүстік Африкамен барлық байланысты жоғалтқан сияқты. Гуанчи деген атпен белгілі арал тұрғындары еуропалықтармен жүздесіп, соғыс пен отарлау, одақ, ұлтаралық неке және христиандыққа күштеп көшіру сияқты қарым-қатынастардың зардабын шекті. Бұрын оқшау қалған халық еуропалықтар алып келген жұқпалы ауруларға төтеп бере алмай, соның салдарынан XV ғасырда сүзек не өкпе қабынуы аурулары аралдарды жайлап, көп адам шығынына алып келді. Еуропалықтар сауда жасап, егіншілікпен айналысып, қант алқаптарында жұмыс істеуге келген уақыттан бастап, гуанчиллер физикалық және мәдени бірегейлігін біртіндеп жоғалта бастады.

Канар аралдары Атлантиканы кең түрде зерттеуге негіз болды. 1331 жылы Португалия теңізшілері адам аяғы баспаған Азор аралдарын анықтады. Архипелаг Америкаға дейінгі жолдың үштен біріндей аумақта орналасқан еді. Атлант жағалауы бойымен оңтүстікке қозғалған Еуропа теңізшілері Сахара шөлдерінің оңтүстігіндегі Сенегал өзеніне 1444 жылы жетсе, ал елсіз Кабо-Верде аралдарына жиырма жыл өткен соң ғана табан тіреді. Қысқасы, XV ғасырдың ортасына қарай Афроеуразияның шығысы мен батысын байланыс­тыратын қатынас желісі Шығыс Атлантика, Батыс Африканың солтүстік шеті бағытында айтарлықтай қашықтыққа ұзарды (16.2-картаны қараңыз). Енді тәжірибелі теңізшілер «Шалғайдағы батыс пен оңтүстікте не бар екен?» деп толғанды.

Сол сияқты, Гибралтар бұғазында саяси жағдай күннен-күнге қауіпті бола түсті. Шағын, негізінен, аймақтық патшалық болғанына қарамастан, орталықтандырылған монархия құрған Португалия 7 миллион халқы бар араб және бербер тілді мұсылмандардың мемлекеті – Мароккоға теңіз шабуылдарын ұйымдастырды. Португалия 1415 жылы Мароккодағы Маринидтер әулетіндегі тұрақсыздықты пайдаланып, бұғаздың Африка жағындағы Сеута (SYOO-tah) айлағын басып алды. Португалиялық тонаушылар олжа мен құлдар үшін Марокко жағалауларын ғасыр бойы шабуылдап, жергілікті тұрғындардың қарсылығына қарамастан, тағы да бірнеше айлақты басып алды. Португалия және басқа иберия­лық патшалықтар Марокконың дәнді дақылдары мен қант қамысын, Батыс Африкадан түйе керуендері әкелетін алтынды иемденуге барынша ұмтылды. 1469 жылы ІІ Фердинанд Арагон кастилиялық Изабеллаға үйленіп, Испан монархиясының негізін қалады. Осыдан соң көп ұзамай король мен королева таулы Гранадаға қарсы күш біріктірді. 1492 жылы Гранаданы жеңу мен басып алу басқа екі әскери жобаға қаржы бөлуге мүмкіндік берді. Олардың бірі – Жерорта теңізінің батысында қаупі күннен-күнге күшейіп келе жатқан Осман түріктерінің теңіз флотына қарсы бағытталды. Екіншісі – басып алу мен тонау мақсатында Атлант мұхитындағы жаңа жерлерді іздеуге назар аударды.

Піл сүйегінен жасалған Бенин маскасы. XVІІ ғасырға тиесілі мына үлгідегідей, Бенин патшалары масканы салтанатты жағдайларда сол жамбастарына байлап алатын болған. Масканың маңдайындағы мүсіндер – португал саудагерлерінің бейнесі. Патшалар олардың мүсіндерін не үшін қолдана бастады деп ойлайсыз?

Атлант жағалауындағы тропиктік Африка. XV ғасырда тропиктік Африканың Атлантика жағындағы тұрғындары мемлекеттілігі жоқ қоғамдар және егіншілікпен немесе мал шаруашылығымен айналысатын шағын монархияларға бірікті. Алайда саваннада және тропиктік ормандарда мемлекет құрылысы жобаларын егіншілік, тау-кен өнеркәсібі және сауда қамтамасыз етіп отырды. Сонымен қатар Сахараның оңтүстігінде, тарихта Батыс Судан ретінде мәлім аймақта Гана мен Мали сияқты империялар монархияның ұзақ уақытқа жалғасқан дәстүріне мысал бола алады.

Батыс және Орталық Африканың тропиктік ормандарындағы аграрлық қоғамдар күріш, ямс, банан, пальма және басқа да тропиктік дақылдарды өсірумен айналысты. Орман халқы б.з. бірінші мыңжылдығында үздіксіз өсіп, мемлекет шамамен б.з. 700 жылы құрылды. XV ғасырда Батыс Африкада Гвинея шығанағы жағалауында бірнеше патшалық болды. Бұл мемлекеттердің экономикасы орман шаруашылығы мен саудаға негізделді – пальма майын, кола жаңғағын және алтынды солтүстіктегі саванна қоғамдарына сатты.

Аймақтағы халқы ең көп Бенин орман патшалығы Нигер өзенінің төменгі ағысымен (қазіргі Нигерия) шектесті. Мұндағы монархияның құрылыс пен өнерді мемлекет тарапынан қаржыландыруға жететіндей қоры болды. XV ғасырдағы Бенин билеушілерінің бірі (өз тілдерінде билеушіні ова деп атады) Юарей (Ewuare) сарайын қорғау мақсатында алып қорған салып, ор қазды. Аталған жоба мемлекеттің жоғары дәрежедегі шеберлігі және еңбекке жұмылдыра алуының дәлелі деуге болады. Археологтар адамдар мен жануарларды бейнелеген, піл сүйегінен және жезден жасалған бениндік мүсіндерді қайта қалпына келтірді.

XІV ғасыр соңында Гвинея шығанағының оңтүстік-шығысында, Конго өзенінің төменгі ағысында Конго патшалығы пайда болды. Конго патшалары жүздеген жыл бойы 250 мильге созылған жағалау мен экватордан оңтүстікке қарай орналасқан ормандар мен жерді биледі. Ауыл шаруашылығы, мыс пен темір өндірісі, сонымен қатар Конгоның ұзын негізгі арнасы мен бірнеше сағасы бойындағы сауда мемлекет экономикасының негізін құрады. Саудагерлер піл сүйегін, мыс, темір бұйымдарын және керамиканы саудалады. Конголық тоқымашылар аймақтағы базарларда мата сатты. Бұл мата ағаш қабығынан алған талшықтардан және кейбір пальма түрлерінің жапырақтарынан жасалған еді. XVІ ғасырдың басында Португалия капитаны Пашеку Перейра мынандай мәлімет қалдырды: «Конго мемлекетінде пальма жапырақтарынан мақпалдай жұмсақ мата жасайды, кейбіреуінің көздің жауын алар әдемілігі Италияда жасалған матадан кем емес»7. XV ғасыр соңында Конгода 500 мыңнан аса тұрғын болған сияқты. Патша ішкі үстіртте орналасқан астанасынан немесе Мвена Конгодан (Mwene Kongo) қала халқын және әскерді басқарып отырды.

Қос Америкадағы мемлекеттер

Афроеуразия мен қос Америка халқы мыңдаған жыл бойына бір-бірінен мүлде бөлек дамығанына қарамастан, жергілікті қоршаған ортамен іргелі қарым-қатынаста көп айырмашылық болған жоқ. Афроеуразиядағы сияқты, қос Американың кейбір бөліктерінде терімшілер мен аңшылар жерді бірлесе пайдаланудың тиімді жолдарын тауып, табиғат ресурстарын игеріп, шағын қауымдарды басқарып отырды. Басқа жерлерде егіншілер күрделі қоғам құрып, қала салып, түрлі мекемелері бар және сан түрлі мемлекет құрды. Жүгері шаруашылығы қос Америкада б.з. бірінші мыңжылдығынан XV ғасырға дейін үздіксіз дамып, жүгері Канададан Оңтүстік Анд аралығындағы халқы көбейіп келе жатқан елді мекендерді қамтамасыз еткен негізгі өнімге айналды.

Ацтек империясы. Мемлекет пен қала құрылысы б.з.д. екінші мыңжылдықта дами бастаған Мезо­америкада аса ірі аграрлық қоғам қалыптасты. XV ғасырда Ацтек империясы Мексика алқабында пайда болып (қазіргі Мехико қаласы орналасқан жер), аумағы кеңейіп, халық саны көбейді (14-тарауды қараңыз). Науатль тілінде сөйлейтін сол кездегі Мексикадағы империя көрші тайпаларды жаулап алу немесе күшпен басып алу арқылы кеңейді. Афроеуразиядағы ежелгі империялар сияқты, ацтектер империя­ны жанама басқарып, бодан болғандарға билеушілерін сақтауға мүмкіндік беріп, олардан адалдық антын орындауын және Тескоко көліндегі аралда орналасқан астана – Теночтитланға азық-түлік пен мақта-мата түрінде салық төлеуін талап етті.

Ацтектерге берілетін алым-салық тізімі. XVІ ғасырға тиесілі бұл құжатта Ацтек билеушілері бір қаладан алатын алым-салық мөлшерін көрсеткен. Ацтек билеушілері де, Испания басқыншылары да осы алым-салық тізімін не себепті сақтап қалды?

XVІ ғасыр басында негізгі өзегі Теночтитлан мен тағы екі қала-мемлекеттің «үштік одағы» болған Ацтек мемлекеті он мыңдаған әскер мен 25 миллион халықты биледі. Алтын, күміс, нефрит, қауырсын, жұқа мата мен сан алуан азық-түлік күллі империяға және шалғайдағы аймақтарға сауда-саттық мақсатында тасымалданды. 1502–1520 жылдары билік құрған ІІ Мотекусома (Монтезума) император болған кезде мемлекет тұрақты дамыды және гүлдене түсті. Екінші жағынан, ақсүйектер мен қарапайым халық арасындағы әлеуметтік айырмашылық ұлғайып, төменгі топқа жататын, жері жоқ шаруалардың немесе байлардың жерін жалға алғандардың, құлға айналған адамдардың саны артты. Аталған жайт әлеуметтік шиеленіске себеп болды. Ацтектерге тәуелді одақтар мен үштіктер күшпен басқару тәртібін енгізіп, Теночтитлан элитасы көтерілістің кез келген нышанын күшпен басып отырды.

Инк империясы. Оңтүстік Америкадағы Анд тауларының жотасы мен оған параллель орналасқан жағалауға жақын шөлдерде Мезоамерикаға қарағанда урбанизация мен мемлекет құру үдерісі әлдеқайда ерте басталды. Инк мемлекеті қазіргі Оңтүстік Перу аумағындағы Куско алқабында шамамен 1438 жылы басқыншылық сипаттағы мемлекет ретінде құрылды. Оның билігі таулы алқаптардағы суармалы егіншілікке негізделді. Жүз жылдан соң бұл мемлекет қос Америка тарихында аумағы жағынан ірі мемлекеттердің біріне айналды. Тұрғындары Ацтек мемлекетінен аз болғанына қарамастан, бұл ел Анд тау жүйесі бойымен 2400 мильге созылып жатты. Инк әскері шағын Анд мемлекеттерін талқандап, жергілікті билеушілерді орталықтанған ірі бюрократиялық жүйеге біріктірді. Инк билеушілері халықтардың араласып орналасуын мәжбүрлі түрде жүзеге асырды. Олар жаңа жаулап алған, әсіресе бағынбаған халықтарды астанаға жақын орналастырып, бағындырушыға адал елдерді шекара маңына жайғастырды. Жергілікті тайпа мүшелері ішкі шаруаларын, ішінара мемлекеттің араласуымен, аймақ деңгейінде ғана шешіп отырды.

Американың өзге қоғамдарында да, инктерде де дөңгелекті көлік және темір құралдары болмады. Олар Андтағы тарихы терең мемлекеттік дәстүрге сүйеніп, жұмыс күшін жаппай жұмылдыру арқылы тау жолдарын және көпірлерді, астық сақтау қоймаларын салып, үлкен әскерді шоғырландырды. Кипу (quіpus) деп аталатын жүйе көмегімен әлеуметтік- экономикалық жағдай туралы ақпаратты егжей-тегжейлі жинақтап отырды. Алғашқы испан бақылаушыларының мәліметі бойынша, жыл басында өңір басшылары мемлекеттің астанасы Кускоға туу, өлім және басқа да әлеуметтік фактілер туралы ақпарат беру үшін кипу жеткізіп тұрған. «Осы арқылы инктер мен билеушілері үндістердің қаншасы кедей, жесір әйел саны қанша, қанша адам салық төлей алады және соғыс бола қалған жағдайда әскерге қанша адам алынады деген маңызды мәселелерді біліп отырған»8. Сол дәуірдегі Ацтек және афроеуразиялық бірнеше империя сияқты, билік бұл ақпараттың барлығын халық үшін емес, өз мүддесі үшін жинақтады, әскерді қаржыландыру, қоғамдық жұмыстарға тартылған шаруаларды азықпен қамту, патша сарайының, ақсүйек отбасыларының, діни және саяси лауазымды тұлғалардың сән-салтанатқа негізделген тұрмысын қамтамасыз ету мақсатында пайдаланды.

Мачу-Пикчу. Инктер бұл цитадельді XV ғасыр ортасында Анд тауларындағы 7 900 фут биік жерге салған. Испан басқыншылығынан соң бұл жер иесіз қалды. Инк билеушілерінің оңашалануына арнап жасалғандықтан ба, мұнда тұрғынжай, ауыл шаруашылығы және діни ғибадатхана бар. Инк билеушісінің өз астанасы Кускодан 50 миль қашықтықтағы таулы аймақта резиденция салуына не себеп болуы мүмкін?

1430–1520 жылдар аралығында, үш талантты билеуші тұсында Инк әскері Анд және Тынық мұхит жағалауы бойындағы 772 мың шаршы мильден аса аумақты империяға қосып алды. Осы уақытта мемлекет аумағы Испания мен Португалиядан шамамен 3,5 есе үлкен болды. Император Хуайна Капак шамамен 1527 жылы қаза болып, оның екі баласы таққа таласты. Азамат соғысына ұласқан бұл тартыс 1532 жылы Перу жағалауларына металл сауыт киген, ұзын шашты, терісі ақ, бөгде адамдар келгенше созылды.

Атлантикалық әлемнің пайда болуы

ОЙЛАН: XV ғасыр соңында Атлант мұхиты арқылы өтетін тұрақты теңіз қарым-қатынас жүйесінің құрылуына қандай факторлар әсер етті?

XІV–XV ғасыр аралығында Шығыс Атлантиканы зерттеген еуропалық теңізшілер Азияға апаратын төте теңіз бағыттарын табу сияқты ұлы мақсаттарды емес, пайда табуға бағытталған шектеулі мақсаттарды көздеді. Бұл теңізшілер сауда жасап, қолайлы мекен қарап, балық аулауы немесе қоныстануы үшін аралдар не Африканың жағалауына жақын жерлер іздестірді. Сонымен қатар олар Солтүстік Африка саудагерлері қымбатқа бұлдаған Батыс Африка алтын қорларына, тауарларына жету үшін жүздеген мильді айналып өту мәселесін де қарастырды. Алайда олардың оңтүстік арқылы Үнді мұхитына жете алатыны туралы нақты білімі болмай, Америка «terra іncognіta» – белгісіз аумақ болып қала берді.

Соған қарамастан, Жерорта теңізінің Еуропа бөлігінің ғалымдары мен саудагерлері Азияға апаратын Оңтүстік теңіз өткелі туралы теориялық білімін ғасырлар бойы дамытты. 1291 жылы осы теорияларды сынамақ болған ағайынды Вивальдилердің сәтсіздікке ұшырағанын айттық. Шығыс Жерорта теңізінде Осман түріктері билігінің күшеюі еуропалықтардың Оңтүстік-Батыс Азия арқылы Үнді мұхиты айлақтарына дейін еш бөгетсіз саяхат жасауына кедергі болды, сол себепті еуропалықтар енді Оңтүстік Атлантика бағыттарына қызыға бастады. Саудагерлермен салыстырғанда, кейбір еуропалық талантты ақсүйектер мен діни шіркеу қызметкерлері Иберияға оңтүстік бағытта, Африка тропиктеріне жақын жерлерде билік орнату мақсатында крест жорығын ұйымдастыруды армандады. Олар жергілікті монархтар христиандықты өз еркімен қабылдайды деп ойлады. Мұндай арманға христиандық Эфиопия патшалығын құрған билеуші, пресвитериан Джон туралы мифтер қанат бітірген болар. Мұндай Христиан одағы құрылған жағдайда, Осман мен басқа да мұсылман мемлекеттерін қоршауға алып, олардан мәңгіге құтылар еді.

Алайда осы сияқты крест жорығын армандаған еуропалық билеушілер ол үшін қаржы жұмсауға құлшыныс білдірмеді. Мысалы, кейін Теңізші Генри (Энрике) деген атпен белгілі болған португалиялық принц Генрих (1394–1460 жылдар) Исаға адал жауынгер ретінде теңіз экспедицияларын, картографияны қолдап отырды. Алайда қаражаты жеткіліксіз болды. Ол қызметінің басым бөлігін Португалия үшін Канар аралдарын жаулап алудың стратегиялық қолжетімді мақсаттарын орындауға арнады. Бұл бастамасы сәтсіз аяқталғанымен, Батыс Африка алтындарын португал кемелеріне жеткізетін экспедицияларды жігерлендіре білді. Португалия корольдері оңтүстік бағытты зерттеген топтарды марапаттап отырғанымен, бұл экспеди­цияларды 1480 жылға дейін тікелей қаржыландырған жоқ.

Теңіз технологиясының өзгеруі

XV ғасырда Иберия айлақтарына негізінен әртүрлі адамдар тобы – кеме жасаушылар, штурмандар, картографтар және астрономдар жиналды. Олар Португалия мен Испанияның түрлі аймақтарынан ғана емес, сонымен қатар Италия, Солтүстік Африка, Франция, Англия, Германия мен Польшадан да келді. 1344 жылдан Арагон патшалығының бір бөлігі ретінде белгілі ибериялық аймақ – Каталония және Жерорта теңізіндегі Мальорка аралы карта, навигациялық карта, навигациялық құралдар жасаудың шығармашылық орталығы ретінде даңқы шықты. Бұл мамандықтарды еврей ғалымдар мен қолөнершілер меңгерді. Олар Атлант суларының дауылдарымен шайқасқан теңізшілерден ақпарат жинаумен айналысты. Сол сияқты Солтүстік Еуропа, Мұсылман жерлерінен, Үнді мұхиты өңірінен келген ақпараттарды сұрыптап, техникалық және теңіз білімдерінің үлкен қорын жасады.

Кеме жасау. Еуропа капитандары Атлантика сияқты шалғай жаққа жүзу үшін, әрине, кеме жасау дәстүрін жақсартуға тиіс еді. XV ғасыр басында-ақ, көлемді корпустары, бірнеше тіректері (мачта) және су өткізбейтін бөлімдері бар қытай кемелері Атлант және Тынық мұхиттарының суларына төтеп бере алды. Алайда қытай капитандары аталған кемелермен Қытай теңізі немесе Үнді мұхитынан алыс бағытқа ешқашан жүзіп көрген емес. Ортағасырларда Балтық және Солтүстік теңіздерде қолданған кемелер ұзақ қашықтыққа үлкен көлемдегі жүкті жеткізуге дайын болған жоқ. Солтүстік суларда қолданған, бір тірегі бар, борты жоғары, ірі кемелер дөңгелек кемелер деп аталды. Тірек шаршы пішінді желкендерді тіреп тұрды, олар әсіресе арт жақтан жел соққан кезде, кемені алға қарай итеруге қажет еді. Жерорта теңізінде галера кемелерінде желкен күші ондаған ескекшінің күшіндей болды. Адам бұлшық еттері қандай да бір желге қарамай ескек есуге мүмкіндік берді, алайда ескекшілерді азықпен және сумен қамту қажет болды. Бұл жүк тасымалында қымбатқа түсіп, тұтынушылардың санын азайтты.

XІV ғасырдан бастап Батыс Еуропадағы кеме жасаумен айналысатындар кеме дизайнын біртіндеп дамыта бастады. Ерте кезде ұсталар корпустарын ағаш тақтайларды біріне-бірін бекітіп, оларды айналдыра жиектейтін. XV ғасырда бұл үдерісті тоқтатып, әуелі корпустың қатты «қаңқасын» жинастырып, одан кейін ғана тақтайларды жиектейтін болды. Бұл әдіс құрастыру мен еңбек уақытын қысқартты. Алайда олар Атлант суларына төтеп беріп, ауыр жүкті тасымалдай алатын неғұрлым мықты кемелермен теңесе алмады. Аталған жаңалық соғыста артиллерияның оқ-дәріні қолдануымен тұспа-тұс келді. Мұхитқа шығатын кемелердің шайқалуына қарамастан, берік корпустар ауыр зеңбіректерді кеме палубаларында орнатуға мүмкіндік туғызды.

Неғұрлым мықты кемелердің бірнеше тірегі және түрлі желкендері болды, бұл олардың қуатын және икемділігін арттырды. Үш тіректі кеменің алшақ тұрған екі тірегі, әдетте шаршы пішінді желкендердің жел бойымен қозғалуын қамтамасыз етті. Артқы тірек латын немесе үшбұрышты желкенді ұстап тұрды. Бұл тірек түрлері Жерорта теңізінде бірнеше ғасыр бұрын ғана қолданса, Үнді мұхитында одан да ертеректе мәлім болғаны анық. Желге қарсы жүзіп келе жатқанның өзінде, кеменің ерекше формасы мен конструкциясы оған қозғалуға мүмкіндік берді. Қуаты мен икемділігі желге қарсы жүруге деген теңізшілердің сенімін арттырып, айлақтар арасын жалғады.

XV ғасыр соңына қарай Атлантикада желкенді кемелердің екі түрін қолданды. Португалдар құрастырған каравелла1 – берік атыс қаруы бар, екі немесе үш латын желкенінен тұратын кеме. Ұзындығы 65–80 фут, экипажға арналған бөлмелер, шағын зеңбіректер мен жүктерге арналған орын болды. Бұл ерте барлаудың ең таңдаулы құралына айналып, жағалаулармен асау толқындарға қарамай жүзе алды. Ғасыр соңында құрылысшылар шаршы пішінді және латын желкендерді біріктіріп, каравеллаларды жаңартты. Каракка2 – әлдеқайда үлкен кемелердің екінші түрі, ұзақ теңіз саяхаттарына арналып, қарақшылар мен қарсылас күштерден қорғану үшін ауыр зеңбіректер қоюға мүмкіндік берді. Караккада әртүрлі жүк түрлеріне және экипажға арналған бөлмелер палубаларда орналасты. Әр кеменің артқы жағына биік «бекініс» («castles») немесе платформа орнатты. Бұл жерге зеңбірек те қойды, қарақшыларға қарсы шайқасатын, тапанша мен арбалетпен қаруланған солдаттар орналасты. XVІ ғасырда караккаларды трансмұхиттық саудада кеңінен қолданды.

Навигация. Ашық теңізге шығу үшін жақсы кеме ғана емес, картаға орналасқан жерлерді анықтап көрсеткен бағыт жоспары да керек еді. Одан өзге кеме жылдамдығын есептеу, бағыттан ауытқымау және қауіп-қатердің алдын алу мақсатында жаңа навигация техникасы да маңызды болды. XV ғасырдан бұрын навигация жағалаудан берілетін бағдар белгілерге тәуелді еді. Жүргізушілер кемелердің теңізде орналасқан бағдарын белгілі жағалау нүктелерден қашықтығын есепке алды. Бұл олардың жағалаудан неғұрлым алшақ кетпеуін қажет етті. Капитан Темірқазыққа немесе басқа да аспан денелеріне қарап, жолды бағдарлады. Қытай теңізшілері ойлап тапқан және Үнді мұхитының теңізшілері Жерорта теңізіне дейін жетіп, сынап көрген компасты XІІІ ғасырдан бастап қолданды.

Терең суларға шығатын теңізшілер жерден берілетін бағдар белгілерге сенбей, Жер мен экватор полюстері арасында ендікті анықтау керек екенін түсінді. Олар Темірқазықтан көкжиекке дейінгі қашықтықты білу арқылы Солтүстік және Оңтүстік полюстердің арақашықтығын анықтады. Португалиялық еврей Авраам Закуто ендікті өлшеудің басқа тәсілдерін анықтауда ерте замандағы мұсылман ғалымдарының еңбектеріне сүйенді. Ол жылдың кез келген күнінде тал түске дейінгі уақытта Күннің экватордан солтүстікке немесе оңтүстікке орналасу қашықтығы көрінетін, Күннің шығу-батуын көрсететін кесте жасады. Капитандар Күн төбеге келген кездегі уақытты бақылап, кестелерді қолдану арқылы кемелердің орналасқан нүкте ендігін анықтады. Аспан денелерінің биіктігін анықтау үшін ертеректе мұсылман қолөнершілері жетілдірген астролябия мен квадрант сияқты құрылғыларды Еуропа теңізшілері қолданды. Белгілі нүктенің Шығыс пен Батысқа қатысты орналасуын айқындау, ендігін анықтау үлкен мәселе болды. Ол үшін белгілі уақытта кемедегі уақыт пен кеме шыққан жердегі уақыт айырмашылығын білу қажет еді. Қозғалыстағы кемеде нақты уақытты көрсететін сағат XVІІІ ғасырдың соңында ойлап табылғанша, бұл есеп дәл болған жоқ.

Португал каравелласы. Бұл мозаика әйгілі Васко да Гаманың ағасы, кеме жасаушы Паулоның үйіндегі субұрқаққа сән беріп тұрған еді. Мұнда жел жоқ кезде қозғалу үшін екі тіректе шаршы пішінді желкендер орнатылғаны бейнеленген. Үшінші тірек – латын желкендер жел келетін бағытқа жақын болу үшін орнатылды. Берік палуба артиллерия үшін қажет болды. Мына желкендердегі екі символ нені білдіреді деп ойлайсыз?

Атлант желдері мен ағыстарының кестесін жасау. Атлант мұхитына аттануға қорықпаған кеме капитандары ендіктерді, компас бағыттарын, рельефтерді күнбе-күн жазып отырды. Белгісіз суларды зерттегісі келетін теңізшілер географиялық білім жинақтады. Қолданбалы карталарда желдер мен ағыстар иілген бейнелер ретінде көрсетілді. Теңізшілер Иберия айлақтарынан аттанып, XІV ғасырда Африка жағалаулары бойымен оңтүстік-батысқа немесе Канар аралдарына емін-еркін жүзе алды. Өйткені Канардағы қатты ағыстар және желдер кемелерді осы бағытқа ығыстыра берді. Қайтар жолдағы саяхатында олар әдеттегідей желге қарсы жүзуге мәжбүр болды. Алайда экипаждар баяу қозғалуға болатынын түсініп, басым жел бағытымен қозғалып, жел мен ағыстарға қарсы жүзді. Каравелла жүргізушілері осы маневрлерді орындау үшін латын желкендерін қолайлы деп тапты. 1431 жылдан соң Азор аралдарына жиі сапарлаған португал теңізшілерінің зерттеулері нәтижесінде, Португалиядан батысқа 800 миль қашықтықта орналасқан Солтүстік аралдар батысқа және Еуропаға бағытталған желдер бойында орналасқанына көз жеткізді. Бұл Атлантикаға одан да ішкерілей ену үшін аса маңызды болды. Африка жағалауларынан келе жатқан кемелер солтүстік-батыс бағытта қозғалса, Азор аралдары маңында батыс желдеріне кезігіп, Иберия жағалауларына жоғарғы жылдамдықпен қайта айналып келетін еді. Кейін теңізшілер бүкіл Солтүстік Атлантиканы қамтып, сағат тіліне қарсы соғатын батыс желдерінің сауда жүргізуге қолайлы екенін түсінді.

Дүние қаншалықты үлкен? XV ғасырда ғалымдар дүниенің шеті мен шегін есепке алмағанда, жер, негізінен, дөңгелек тәрізді деген оймен келісті. XV ғасырдағы Италия Қайта өрлеу заманы ежелгі Рим және Грекия жетістіктерін қайта зерттеп, зияткерлік және көркемдік қозғалыс (15-тарауды қараңыз) құрып, латын және грек географиялық жазбаларын зерттеумен айналысты. Б.з. ІІ ғасырында Рим иелігіндегі Мысырда өмір сүрген ғалым Птоломейдің негізгі еңбектерінің бірі – География (Geographіa). 1406 жылы ғалымдар Географияны грек тілінен латын тіліне аударған соң, жер көлемі туралы пікірталастар басталды. Птолемей географиялық нысандар аумағы 18 мың миль болатын глобус ойлап тапты. 1410 жылы католик кардиналы Пьер д’Аилли Еуропа теңізшілері батысқа жүзу арқылы Азияға жете алатынын дәлелдейтін ежелгі және мұсылман жазбаларына негізделген Имаго Мунди (Іmago Mundі) трактатын баспадан шығарды. 1474 жылы Флоренцияның кәсіпкері және географы Паоло Тосканелли Португалия короліне Еуропа мен Қытай – Атлантиканың екі жағында, бір-бірінен бар болғаны 5000 миль қашықтықта орналасқанын дәлелдейтін хат жазады. XV ғасырдағы кейбір гипотезалар қате болғанына қарамастан, Христофор Колумб сияқты жиһанкез теңізшілердің қиялына қанат бітірді.

Каравелла (caravel) – XV–XVІ ғасырда Иберия теңізшілері Атлант мұхитында жүзген, жеңіл, өте икемді желкенді кеме.

Каракка – каравелладан үлкен теңіз кемесі, XV–XVІ ғасырда Иберия саудагерлері Атлант және Үнді мұхитында кең қолданды.

Еуропа мен Батыс Африка: ежелгі қақтығыстар

Португалия теңізшілері XV ғасырдың екінші жартысында Африка жағалауларын – Сенегал өзенінің оңтүстігін зерттей бастады. Мұнда олар Сахараның шөлді ендігінде кездестірген қауымдардан әлдеқайда тығыз орналасқан халықтармен қарым-қатынас жасады. Бұл уақытқа дейін аграрлық Батыс Африка мен Афроеуразияның қалған бөліктерінің өзара қауымдастығы, негізінен, құрлықтағы шөл арқылы немесе шығысқа қарай экваторлық Африкадан Үнді мұхитына апаратын жолдар арқылы жүретін қарым-қатынасқа тәуелді болды. Еуропа теңізшілері Батыс Африканы Жерорта теңізі дүниесімен байланыстыратын жаңа бағыт ашты. Бұл бағыттың сауда қуаты транссахара түйе керуеніне қарағанда анағұрлым жоғары болды. Себебі тауарды, адамдарды жылдам әрі көп ақша шығындамай тасымалдады.

Африканың аграрлық қоғамдары сататын алтын және басқа да өнімдерден португалдық теңіз кәсіпкерлері пайда табуға талпынды. Сонымен қатар олар Канар аралдарындағы еуропалықтар сияқты, бейбіт айырбаспен қатар, зорлық-зомбылық көрсете отырып тонап, жерлерін басып алғысы келді. Кейін бұл тактиканы ұзақ қолдана алмайтындарына көзі жетті. Африкалықтар саудаға барынша мүдделі болғанына қарамастан, Солтүстік Африкадағы марокколықтар сияқты, құрлықтағы шабуылдарға тойтарыс беруге мүмкіндіктері болды. Батысафрикалықтар португалдарға қарағанда әлдеқайда көп әскери күшті жұмылдырып, жауынгерлерді теңізге үлкен каноэлармен шығарып, жау кемелеріне және құрлықтағы әскерге найзамен қарсы тұруға шамасы жетті. Канар аралдары тұрғындарына қарағанда құрлықтағы африкалықтар мен еуропалықтар алдыңғы мыңжылдықтарда бір-бірлерінен биологиялық жағынан оқшауланбағандықтан, жұқпалы індеттерге төтеп бере алды. Сол себепті, Батыс Африкадағы португалдық қонақтар әлеуметтік қауіпті індет жайлаған жерлерден оңайлықпен кете қойған жоқ. Алайда Батыс Африкада қысқа мерзімде болғанына қарамастан, еуропалықтар безгек немесе сары безгек сияқты тропиктік індеттерге шалдықты. XV ғасырда тропиктік Африкаға аттанған еуропалықтардың шамамен 25–50 пайызы бір жылдың ішінде қаза тапты. Демек, теңіз басқыншыларына қарсы африкалықтардың мықты биологиялық одақтасы болды дей аламыз.

Португалдық экспедициялар Африкаға жыл өткен сайын шығып, алдымен шығысқа Гвинея шығанағы арқылы, одан ары қарай Қайырымды Үміт мүйісіне жетті. Саудадан мол табысқа кенелеміз деп ойлаған бұл келіп-кетушілер африкалық билеу­шілер мен саудагерлердің шарттарын орындау керегін түсінді. Мәселен, 1471 жылы португал саудагері Фернан Гомеш (Fernao Gomes) Алтын жағалау деген жерге жеткені белгілі. Жергілікті фанти тілінде сөйлейтін билеушілер Гомешке алтын мен басқа да тауарлар ұсынып, сауда бекеттерін және кейін жағалауда Эльмина айлағын салуға келісімдерін береді. Алайда фанти халқы ішкі және сыртқы жүк тасымалынан салық жинап, еуропалықтарға патшаларынан жағалауға тоқтауға рұқсат сұрауын талап етті. Еуропадан келген кемелер темір шыбықтар мен құрал-саймандарды, матаны, мыс, жез, ішімдік, марокколық жылқыларды алтынға, дәмдеуіштерге, піл сүйегіне, Африканың матасы мен құлдарына айырбастап, сауда жасауға жарамды тауардың барлығын алып келді. Португалдар осы тауарлардың кейбір бөлігін ғана Еуропаға жіберіп, құлдар мен тауарларды Африканың бір жағалауынан сатып алып, келесі жағалауында сату арқылы пайда таба алатынын ұқты. Еуропалықтар іс жүзінде «тауар тасымалын» іске асыра отырып, Африканың айырбас жүйесіне қатыса бастады.

Португалдардың Бенин мен Конгоға келуі. Ғасыр соңына дейін португалдар екі мемлекетпен – Атлантикадағы халқы ең көп Бенин және Конгомен қарым-қатынас орнатты. Осы қарым-қатынас екі түрлі бағытта өрбіді. Португал саудагерлері Еуропаға экспорт жасау үшін бұрыш сатып алуға және жағалаудың басқа жерлерінде мата саудалауға Бенин королінен рұқсат алған еді. Сонымен қатар олар құлдарды да сатып алып отырды. Осы кездері, сансыз көп әскери тұтқындар қатарын толықтыру мақсатында Бенин көршілерін басып алып, отарлау соғыстарын бастап жіберді. Король Лиссабонға дипломатиялық миссияны жіберуге және христиан миссонерлерінің келуіне келіскеніне қарамастан, бұл ешқандай нәтиже бермеді. 1550 жылдары басқыншылық соғыстар аяқталған кезде, король құл саудасына тыйым салуға шешім қабылдады, бұл саясат XVІІ ғасырға дейін жалғасты. Бенин еуропалықтармен сауда-саттықты жалғастырғанымен, шетелдіктердің қызметін қатаң бақылауда ұстады.

Конго королі І Афонсу Португалия делегациясын қабылдап отыр. Мұндай салтанатты кездесулер Конгоның Португалиямен ресми дипломатиялық қарым-қатынастарын бекіте түсті. Католиктік шіркеу қызметкері І Афонсудың оң жағында, португалдық, конголық жауынгерлер қару-жарақпен, ал тұтқынға түскен құлдар артқы жақта бейнеленгеніне назар аударыңыз. Бұл еуропалық гравюраны болған оқиғадан жүз жыл өткен соң, Конгоға өмірінде келмеген суретші салуы мүмкін. Осы гравюрадағы қандай элементтер шындыққа жанасады, ал қайсысы суретшінің қиялының жемісі деп ойлайсыз?

Еуропалықтардың келуі Конго корольдігіне саяси және әлеуметтік дағдарыс әкелді. Португалдар мен Конго монархиясы арасындағы қарым-қатынас Бениндегідей басталды – ол ресми түрде дос­тық-дипломатиялық, сауда және мәдени байланыстарға негізделді. Португалияның діни қызметкерлері король отбасының кейбір мүшелеріне Інжілді оқытып, 1506 жылы христианданған жас ханзада таққа І Афонсу (1506–1543 жылдары билік құрды) деген атпен отырды. Келесі жылдары португалдар оған кәсіби мамандарды, қаруланған жалдамалы жауынгерлерді, одан да көп миссионерлер мен баспа машиналарын жіберді. Өз кезегінде король жас конголықтарды Лиссабонға оқуға жіберіп, Португалия тәж иелерімен және Римдегі Ватиканмен де хат алмасты. Афонсу бұл байланыс арқылы мемлекет аумағын кеңейтуді көздеді. Провинциялық ақсүйек отбасылары үстінен орталықтанған бақылауды күшейту үшін Португалияның қолдауын пайдаланды.

Афонсу билікке келгенге дейін-ақ, португал кәсіпкерлері Гвинея шығанағындағы адам қоныстанбаған Сан-Томе аралында қант плантация­ларын иемдене бастаған-ды. Сан-Томе аралы Мадейра және Канар аралдарынан шалғай оңтүстікте орналасқанына қарамастан, 1500 жылға дейін еуропалықтар басып алған Шығыс Атлантика аралдарының соңғысы еді. Мадейра мен Канар аралдарындағы плантация қожайындары алқаптар мен диірмендердегі жұмыс­тарға гуанчилер мен марокколықтарды, батысафрикалықтарды пайдаланды. Сол сияқты, Сан-Томеге 1490 жылдары келген (Конгомен мәдени байланысқа ешбір қызықпаған) еуропалық плантаторлар еңбек қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында құлдарды Еуропа тауарларына айырбастағысы келетін көрші құрлықтардан сатып алды. Афонсу билігі тұсында құл саудасына байланысты қиындықтар туындады. Ол 1526 жылы Португалия королі ІІІ Жуанға мынадай хат жазған еді:

«Сэр, корольдігімізде құдайға құлшылық ету түріне жатпайтын аса маңызды жайт туралы хабарламақпын, сіздің адамдарыңыз алып келетін заттар мен тауарларды халқымыз сатып алатынына қарамастан, олар ашкөздігін қанағаттандыру үшін адамдарымызды, азат және еркін адамдарымызды тұтқындап жатыр, көп жағдайда олар ақсүйектер мен олардың ұлдарын және туыстарымызды да мұндағы корольдікте жүрген ақ адамдарға сату үшін ұрлап жүр»9.

Соған қарамастан, құл саудасы толастамады, әсіресе Сан-Томе 1530 жылдан соң тұтқындарды жинап, Бразилиядағы жаңа қант плантацияларына жөнелтетін маңызды нүктеге айналды. Португалдық кеңесшілер мен жалдамалы қызметкерлерге Афонсу тәуелді бола түсіп, мемлекеттегі тұрақтылықты сақтай алмады. Оның өлімінен кейін ширек ғасыр уақыт өткен соң, корольдік күйреді. Португал құл саудагерлері саудасын жасай берді. 1576 жылы Луандада (кейінірек отарланған Анголаның орталығына айналды) шағын тұрақты аумақтық база жасақтады. Афонсу корольдігінің техникалық дамуы, христиандануы және дипломатиялық жағдайы туралы үміттер ақталмады.

Мүйісті айналып өту. 1479 жылы бес жылға созылған теңіз соғысынан кейін Португалия мен Испания жерге және саудаға қатысты даулы мәселелерді Алкасовас келісіміне (Treaty of Alcáçovas) қол қою арқылы шешті. Мұндағы шарттар бойынша Испания Канар аралдарында, Португалия Азор мен Мадейра аралдарында шексіз билікке ие болды. Сонымен қатар Португалия Канар аралдарынан оңтүстікке қарай Африкадағы сауда құқығын сақтап қалды. Мұндай шарттар Испанияның Африка арқылы Үнді мұхитына жол іздеуіне бөгет болып, оның кішірек көршісіне жаңа жол табуына мүмкіндік берді. Орталық Африкадағы Конгоның оңтүстіктегі жағалауларын зерттеумен айналысқан португалдық капитандар Оңтүстік Атлантиканың желдері мен ағыстары туралы білімдерін біртіндеп толықтыра түсті. 1488 жылы екі каравелласын алыс оңтүстік-батысқа дауыл айдап әкеткен Бартоломеу Диаш (Bartholomeu Dіas) қазір Намибия деп аталатын жағалауды зерттеуге үлес қосты. Ол жағалауға оралуға әрекет жасаған кезде Қайырымды Үміт мүйісі жанынан Үнді мұхитымен жүзіп бара жатқанын аңғарды. Бүліктен қорқып, командасымен санасуға мәжбүр болған ол сапарын ары қарай жалғастыра алмай, Лиссабонға қайтты. Он жыл өткен соң Диаштың тәжірибесін негізге ала отырып, Васко да Гама бес кемемен Оңтүстік Африкадан батыс желдеріне кезіккенше оңтүстік-батысқа жүзіп, осы желдер арқылы мүйістің солтүстігіндегі жағалауға жетті. Осы бағыты арқылы ол Оңтүстік Атлантика желінің Солтүстік Атлантика желіне қарама-қарсы, яғни сағат тіліне қарсы соғатынын көрсетті. Ол Қайырымды Үміт мүйісін айналып өтіп, Шығыс Африка жағалауын бойлай, Оңтүстік Африка арқылы жүзе берді. Осыдан кейін Атлант және Үнді мұхиттары тікелей теңіз жолы арқылы байланысты.

Колумбтың Атлантиканы кесіп өтуі

Диаш 1488 жылы Азияға апаратын шығыс бағыттағы теңіз өткелін дәлелдеген кезеңде, батыс бағыттың болу мүмкіндігі ибериялық теңізшілер мен картографтар арасында әлі пікірталас деңгейінде қала берді. Христофор Колумбты (1451–1506) да бұл мәселе қатты толғандырды. Генуяда туған Колумб жас шағында Жерорта теңізі мен Атлант жағалаулары бойымен жиі жүзіп өтетін. Теңізде жүзуден бөлек ол тоқымашы, кітап сатушы, картограф мамандықтарын да игерген еді. Жиырмаға шыққан жасында Португалияда қоныстанып, Мадейра аралдарындағы Генри ханзадаға қызмет еткен ақсүйектің қызына үйленеді. Тойға сыйлық ретінде Колумбтың қайын атасы оған сол кезде аса бағалы олжа саналатын карталар мен навигациялық құжаттарды сыйға тартқан еді. 1482 жылы Колумб Гвинея шығанағына саяхат жасады.

Деректерді САРАЛАУ

Мартин Бехаймның XV ғасырдағы глобусы

Мартин Бехаймның XV ғасырдағы глобусы

1492 жылы саудагер және теңізші Мартин Бехайм Германияның Нюрнберг қаласында өзі жасаған глобусты таныстырды. Ол туындысын «der Erdapfel» немесе «Жер шарының алмасы» деп атады. Алайда мұндай қарапайым атау соншалықты әрлеп боялған глобусқа сәйкес келе қойған жоқ еді, картаны жануарлар, әулиелер, корольдер мен кемелердің ұсақ суреттерімен безендірген. Бүгінгі күндері глобустағы ашық түстердің өңі кеткеніне қарамастан, картаға көпшілік әлі де қызыға қарайды. Бұл – Колумбтың алғашқы трансатлантикалық саяхаты қарсаңындағы Батыс Еуропаның географиялық білімін сипаттайтын ең көне глобустардың бірі.

Глобусты Бехаймге тиесілі дегенімізбен, оның жасалуына басқа да адамдар үлес қосқан болатын. Қолөнершілер глобустың ортасындағы папье-маше (papіer-mache) пішінді форманы құрастырып, шетін ағаш шеңбермен бекітті. Шар пішінді глобустың нық тұруы үшін ұста екі темір шеңбер жасады. Глобустың картасын жасауда Бехайм ежелгі грек географы Птолемейге, венециялық саяхатшы Марко Полоға және сэр Джон Мандевиль деген лақап атпен белгілі XІV ғасырдағы француз авторына сүйенген болатын. Бехайм картаны жинастырып болған соң, Георг Глокендон 15 апта бойы шарға картаны бейнелеп, декорациялық бейнелер орнатты.

Бұл глобус Нюрнберг қаласының басқару орталығында ғасырлар бойы тұрды. 1700 жылдардың басында Бехайм ұрпақтары глобусты өздеріне қайтарып алады. Ол Бехайм отбасында 1907 жылға дейін сақталып, кейін иелері оны Нюрнбергтегі Германия музейіне тапсырды. «Жер шарының алмасы» (Der Erdapfel) – өте жақсы сақталған. Қазіргі ғалымдарға XV ғасырдағы теңізшілер танып білгісі келген әлемді қалай елестеткені жайлы мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Сыни пайым

Глобуста Батыс Еуропа мен Шығыс Азия арасындағы қарым-қатынас қалай бейнеленген? Қандай жер бедері картада жоқ? Картадағы жер мен сулардың бейнелену ерекшеліктері қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? Атлант мұхитында анықталмаған аралдарды Бехайм глобусқа не үшін орналастырды деп ойлайсыз? Теңізші бұл картаны қолданған жағдайда, Еуропадан Азияға апаратын шығыс бағытына қарағанда, батыс бағытының ыңғайлы болып көріну себебі не?

Жер шарының жалпы көлемі туралы түсінігі бар болса да, ол Иберия мен Шығыс Азия аралығындағы мұхитпен саяхат жасау мүмкіндігіне сенімді болды. Тәуекелшіл энтузиаст Батысқа саяхатын қаржыландыру үшін алдымен Португалия королін, одан кейін испан билеушілері Фердинанд пен Изабелланы көндіруге өмірінің жеті жылын сарп етті. Ақырында мұсылман флоты кедергі жасамайтын, Азияға бағытталған табысты сауда жолын табу мүмкіндігі жайлы Колумбтың ойын испан билеушілері қолдап-қуаттады. Колумб Азияға жаңа бағытты таппаған күннің өзінде, Атлант мұхитының жаңа аралдарын өзге португал капитандарынан бұрын аша алады деп сенді.

Фердинанд пен Изабелла Колумбқа адмирал шенін беріп, кемелер сатып алып, экипаж жалдауға қаражат берді. Ол «Нинья» және «Пинта» деген екі каравелла мен «Санта Мария» флагмандық караккасын таңдап алды. Колумб және оның шағын флоты алдымен оңтүстікке – Канар аралдарына жетіп, одан әрі қарай жүзіп, отыз алты күннен кейін жағалауға жақындады. Колумб Кариб теңізінің батыс шетіне – Багам аралдарына немесе Теркс (Turks) пен Кайкос (Caіcos) архипелагына жеткені белгілі, алайда оның ең алғаш қай жағалауға табан тірегені беймәлім. Аравак тілінде сөйлеген таино (TEYE-noh) үндістері бөтендерді жағалауда күтіп алып, испандықтардың қызыл қалпақтары мен шыны моншақтарына айырбастау үшін тотықұстар мен мақта жіптерін ұсынды. Марко Полоның Қытайдың алтынмен апталған ғибадатханалары, қалалары, шулы жағалаулары туралы сипаттамасын оқып алған Колумб бұл маңнан ондай белгілерді байқай алмады. Саяхатын сипаттаған кезде Колумб байырғы халықтың жалаңаш кейіптеріне қарамастан, олардың толық рационалды және саналы екенін айта келіп, христиандықты қабылдауға бейімі барын жазады. Бетін түк басқан қонаққа арал тұрғындары да таңдана қарағаны күмәнсіз.

Екі ай бойы Колумб Шығыс Кариб аралдарын, соның ішінде Куба жағалауларын іздеді. Ол сансыз көп елді мекен кездестіргенімен, олардың басым бөлігі саудаға ыңғайлы емес еді. 1492 жылдың желтоқсанында кеме қайраңға қайырлап, «Санта Марияны» сол жерде қалдырып, үйге бет алды. 1493 жылдың наурыз айында Португалияға жеткен он таино – Атлантиканы батыстан шығысқа кесіп өткен алғашқы Америка үндістері еді. Колумб Кариб бассейніне тағы үш рет саяхаттады. Бұл бағытты еуропалықтар ұстанып, отыз жылдай қолданды.

Уақыт өте келе еуропалықтар Қытайға жақын орналасқан аралдарды емес, екі аса ірі құрлықтық жері, экзотикалық тұрғындары және басқа өмір сүру формасы бар Батыс жартышарды – «Жаңа құрлықты» ашқандарын аңғарды. XVІ ғасыр басында таинолар мен ибериялықтар Колумб саяхаттарының тарихи маңызынан бейхабар еді. Испания мен Португалия шалғай иеліктер үшін бәсекелестікте Колумб жаңалығының географиялық маңызын арттыра түсті. 1494 жылы Рим Папасы VІ Александр «Тордесил келісімін» («Treaty of Tordesіllas») жасауда делдал болды, аталған екі монархия арасындағы келісім бойынша Португалия иеліктерінің шекарасы Атлантикада бойлық сызығымен Кабо-Верде аралдары ортасынан өтсе, Колумб ашқан аралдар Испанияға тиесілі болды. Келісім бойынша, Португалия билігі бойлық сызығынан шығыс бағытта орналасқан кез келген аумаққа, соның ішінде Үнді мұхиты бассейніне иелік етуге құқылы еді. Испания батыстағы жерлерге иелік етті. Алайда жаңа зерттеліп жатқан аумақтың байырғы тұрғындарынан олардың жерін еуропалық монархтар бөліп алуына келісе ме, жоқ па деп ешкім де рұқсат сұрамады. Осы келісім екі мемлекетке де ешбір соғыс қаупін төндірмей, теңіз зерттеулерін жалғастыруға мүмкіндік берді.

Америкадағы апаттар

ОЙЛАН: Солтүстік және Оңтүстік Американың ірі мемлекеттері 1492–1550 жылдар аралығында Еуропа басқыншыларынан неге жеңіліп қалды?

Еуропалықтар мен үндістер (қос Американың байырғы тұрғындары) арасындағы алғашқы қақтығыстар ақжүзділердің субтропиктік африкалықтармен соқтығысуынан мүлде өзге бағытта өрбіді. XV–XVІ ғасырда еуропалықтар Африка қоғамдарымен өте күрделі қарым-қатынас түрлерін дамытты. Бірнеше жағдайды есепке алмағанда, бұл қарым-қатынас бір топтың екіншісіне толық отарлық тәуелді болмауымен сипатталды. Африкалық саяси басшылар мен саудагерлер еуропалықтармен кейде келісімге келмей, жағалау бойында қақтығысып қалды. Олардың араларындағы қарым-қатынас, негізінен, сауда, оның ішінде құл саудасы, кейбір жерлерде ұлтар­алық неке мен мәдени қарым-қатынас түрінде өрбіді. Америкаға келуге бел буған еуропалықтар бірнеше онжылдық ішінде Кариб бассейнін игеріп, ірі Ацтек империясын талқандап, Мезоамериканың үлкен аумағын басып алып, Орталық Андта орналасқан, жоғары деңгейде орталықтанған Инк мемлекетін жойды (16.3-картаны қараңыз). Испандықтар алып Америка империясының негізін қалау­ды жалғастырып, португалдар Бразилияның жағалаулары мен ішкі аймақтарын бақылауға алды. Келесі ғасырдың басында осы ауқымды жерді бөліп алу үшін Нидерланд, Ұлыбритания мен Франция сияқты мемлекеттер де осы өлкелерге келе бастады.

Африка мен Америка тарихы бір-біріне мүлде ұқсамайтыны неліктен? Оны түсіндіру қиын емес. Еуропалықтар мен африкалықтардың атыс қарулары болды; ал америкалықтарда ондай қару мүлде жоқ еді. Португалдармен алғашқы сауда қатынастарын орната бастағаннан-ақ тропиктік Африка мемлекеттері атыс қаруларын сатып ала бастады. Еуропалық және африкалық корольдіктер соғыста атты әскерді қолданды. Ал америкалықтарда жылқы болған жоқ. Африкаға аттанған еуропалықтар қысқа уақыт ішінде безгек, сары безгек және басқа да тропиктік індеттерге қарсы иммунитеттерінің болмауынан көз жұмды. Ал Америкаға Афроеуразиядан жеткен патогендер әсерінен жергілікті халық саны күрт азайды.

Американың ақыры және колумбтық өзгерістер

Канар және Азор аралдарына иелік еткен еуропалықтар қысқа уақытта Кариб аралдарын басып алды. Өзінің екінші саяхатында Колумб Эспаньолада елді мекеннің негізін салды (бүгінгі Гаити мен Доминикан Республикасы). Фердинанд пен Изабелла «Үндістан қол созым жерде» деген Колумбтың сеніміне селкеу түсірмей, Колумбқа «Үндістанның вице-королі» титулын берді. Колумб он жеті кемеден және тек ерлерден тұратын 1500 адамнан құралған флотты басқарды. Осыған қарамастан, отарлаушылар жергілікті әйелдермен тез тіл табысып, жергілікті таино әйелдерінен туған метистер немесе аралас нәсілді балалар отардың өсуіне ықпал етті. Испания билігі мұхит асып, жағдайын өзгерткісі келген қол астындағы сенімді адамдарға, Испанияда жағдайы төмен ақсүйектерге, фермерлер мен қолөнершілерге жерді сыйға тартты. Еуропалықтар неғұрлым көп қоныс аударған сайын, отарлау үшін қосымша жер іздестіре бастады. Пуэрто-Рикода 1508 жылы Хуан Понсе де Леон отар аймақтың негізін қалап, өзі сол жерде губернатор болды. Екі жылдан кейін қазіргі Колумбия жағалауында Васко Нуньес де Бальбоа бірінші рет тұрақты отар негізін қалады. Бұл екеуі зерттеулерін жалғастыра түсті: Понсе де Леон Флоридаға жетіп, Бальбоа Панама мойнағы арқылы Тынық мұхитқа апаратын бағытты анықтады.

Алғашқы отарлау есептері бойынша тианолар немесе Кариб аралы тұрғындары жаңа келген басқыншыларға қарсы бас көтеріп, көтеріліс ұйымдастырып отырды. Алайда еуропалықтар Африкамен салыстырғанда, бұл жерді жедел әрі оңай отарлады. Атты әскер, арнайы үйретілген иттер, қару мен болат найзалар оларға әскери үстемдік берді. Осындай зорлық-зомбылыққа негізделген тактика, соның ішінде қырып-жою және түрлі азаптаулар – тұрғындардың бір бөлігін соғысқа, екіншісін бас сауғалауға итермеледі. Отарлаушылардың байқауы бойынша, арал тұрғындары көптеген індет себебінен қайтыс бола бастады. Еуропалықтар да кемеде және Американың тропиктерінде жұқпалы іш аурулары немесе ішек құрттары ауруларынан өмірден өтіп жатты. Жайлаған эпидемиялардан үндістер көп зардап шегіп, қаза болды.

Биологиялық революция. Колумбтың екінші саяхатына ере барған италиялық азамат: «Шошқа, тауық, ит пен мысықты ала кеттік, олар жануарларды, әсіресе шошқаны керемет өсіреді екен»10, – деп жазған еді. Олар жануарлар мен өсімдіктердің барлығы тарихта Колумбтық айырбас3 деп аталған құбылыстың негізін салғанын білген жоқ. Бұл – Атлантика арқылы азық-түлік, ағаш және мата, темекі, жануарлар, микроорганизмдер мен адамдардың екі бағыттағы бағалы тасымалы еді. Мұндағы тірі организмдер шамамен 180 миллион жыл не одан да ұзақ уақыт бойы Атлант пен Тынық мұхиттары аймағында тіршілік етпеген еді. Яғни биологиялық эволюция мұхиттың екі шетінде екі түрлі бағытта дамыды. Адамдар соңғы геологиялық дәуірде Еуразиядан Америкаға Тынық мұхиттың солтүстік жағалауымен немесе Сібір мен Алясканы байланыстырған құрлықтық көпір арқылы қоныс аударды. Алайда миграция шамамен 12 мың жыл бұрын тоқтап қалған болатын. Колумб пен оның серіктері трансатлантикалық қарым-қатынасты тұрақтандырып, тасымал өскен сайын, сансыз өмір формалары Афроеуразия мен Батыс жартышар арасында алғаш рет екі бағытта қозғалды. Байырғы америкалықтар мен еуропалықтар үшін ғана емес, бүкіл дүниежүзі халқы үшін мұндай тасымалдың әлеуметтік, экономикалық және мәдени маңызы артты.

Колумбтық айырбас қоғам мен қоршаған ортаға бірнеше ғасыр бойы ықпал етіп отырды. 1550 жылдан бастап қана қоғам ұлы биология­лық қарым- қатынастың экологиялық және әлеуметтік салдарын аңғара бастайды. Колумб айырбасының ұзақмерзімді, жаһандық салдарын 18-тарауда қарастырамыз.

Бір жағынан, атлантикалық тоғысу жылдам жүрді, әрі таң қалдыратын, әлеуметтік трансформациялық әсерге ие болды. Колумб пен оның серіктері шошқа, сиыр және жеуге болатын өсімдіктермен қатар, адам мен жануарлар ағзасында өмір сүрген тірі патогендердің, бейнелеп айтсақ, зоологиялық бағын ашты. Америкаға жеткен жұқпалы ауруларға шалдыққан теңізшілер Кариб аралдарының биологиялық әлсіз тұрғындарына бұл ауруларды тез жұқтырды. Эспаньолада шешек ауруы алғаш рет 1518 жылы пайда болған көрінеді. Екі испан католик монахының мәліметтері бойынша: «Шешек індеті тоқтар емес. Аурудан үндістердің үштен бірі көз жұмып, адамдар әлі де жаппай өліп жатыр»11. Бұл екі монахтың мәліметі бойынша, індет көрші Пуэрто-Рикоға таралды. XVІ ғасыр бойына қосымша індеттің түрлері не Еуропадан, не Африкадан (құлдарды тасымалдады) таралды. Шетел теңізшілері, әскерилер және саудагерлер қос Америкаға дендей ене бастауына орай, олар үндістерге індет түрін жаңа толқындармен алып келіп отырды.

Сол заманда байырғы америкалықтар қатты зардап шегіп, не себепті көп адам қайтыс болғанын ешкім түсіне алмады. Қазіргі кездегі ғылыми жетістіктер нәтижесінде үндістердің сирек кездесетін, Афроеуразияға ғана тән, бұрын Батыс жартышарда кездеспеген індеттерге қарсы иммунитеттері болмағанын білеміз. Мәселен, Еуропада кішкентай балалар шешек немесе қызылша сияқты аурулардан жиі шетінеп, ал сауығып кеткен жағдайда өмір бойына осы ауруға қарсы иммунитетке ие болатын. Осы ауруларды қоздыратын патогендер – туберкулез, сүзек, желшешек, қызба, дене қызбасы және оба сияқты індеттер үндістерге жұққан кезде, мұндай биологиялық басқыншыларға қарсы балалар да, ересектер де төтеп бере алмай, адам өлімі күрт өсті.

Афроеуразиялық аурулар әртүрлі жолдармен таралды. Түшкіру, жөтел немесе жанасу сияқты қарапайым әрекеттердің өзі індеттің жайылуына себеп болуы мүмкін еді. Мысалы, шешек вирусы адамнан адамға ауа немесе ластанған объектілер арқылы таралды. Патоген үндістер қоғамында тұрақталғаннан кейін, сауда жасау үшін сапарға шыққанда немесе туыстарымен байланыс жасағанда ауру көрші аймақтарға да оп-оңай таралып отырды. Бұл індет кез келген еуропалық елді мекендер шекарасынан жүздеген миль қашықтыққа жете алатын жағдайға жетті.

16.3-КАРТА. Еуропалықтардың XV–XVІ ғасырлардағы теңіз саяхаттарының картасы

Бірнеше онжылдық ішінде Еуропа теңізшілері Атлантиканы, Тынық мұхитты, Оңтүстік Үнді мұхитын халықаралық қарым-қатынас арнасына айналдырды. 1494 жылдан соң Тордесил келісімі Испания мен Португалия теңіз саяхаттарына қалай әсер етті?

Америкалық індет болып саналатын ауру түрлері Атлант мұхиты арқылы бұл ауру жайынан бейхабар Афроеуразия тұрғындарына да шығыс бағыттан жетті. Колумбтың бірінші саяхатынан Испанияға оралған экипаж мүшелері мерезді қоздыратын бактерияларды ала келген еді. Ғалымдардың пікірі бойынша, жыныстық жолмен берілетін бұл патоген (Treponema pallіdum) байырғы америкалықтар мен еуропалықтар арасындағы алғашқы кездесулерден соң, жылдам мутацияға ұшырап, Афроеуразияның қоршаған орта жағдайларына оңай бейімделді. Ол әртүрлі формаларда пайда болып, түрлі ауру белгілерін тудырды. 1495 жылы мерез күллі Еуропаға тарала бастап, жолдар және өзендерді басып өткен сарбаздар, саудагерлер және дәруіштер арқылы өзгеге жұғып отырды. Ол «Төменгі жерлердегі» мемлекеттерге және Англияға да 1496 жылы жетті. Сонымен қатар португалдық теңізшілер ол ауруды Африка мен Үнді мұхитына, 1505 жылы Қытайдағы Кантон айлағына да апарды. Мерез ауруы Афроеуразия қоғамдарына көп қиындық алып келгенімен, 1492 жылдан кейін Америка тұрғындарына Кәрі құрлықтың індеттері алып келген өлім мен қасіретті ештеңемен салыстыруға келмейді.

Флоридадағы семинол үндістері афроеуразиялық індеттерден емделіп жүр. Француз суретшісі Жак Ле Муан де Морг Солтүстік Америкаға аттанған алғашқы экспедицияға қатысқан болатын. Оның суреттері сол кезең туралы маңызды ақпарат береді. 1565 жылы салған бұл гравюраны XVІ ғасырда кең көлемде қайта жаңғыртты. Шалқасынан жатқан бір адамның маңдайынан әлдебір әйел қанын сорып алып жатыр. Етпетімен жатқан келесі науқас түтінмен тыныс алуда. Артқы көріністе жапырақтарының емдік қасиеті барына сенімді адам темекі тартып тұр.

Еуропадағы еңбек мәселесі. Екі испан монахы 1518 жылы Эспаньоладағы шешек ауруының зардаптарын айта келіп, таино халқының өлімі еңбек күшін қысқартуы және алтын іздеу операцияларын тежеуі мүмкін деп уайымдады12. Еуропалықтар Кариб аралдарында және құрлық жағалауларының қай жерінен елді мекен негізін қаласа да, сауда болсын, егіншілік не пайдалы қазбаларды қазу болсын, жылдам баюды көздеген кез келген экономикалық мүмкіндікті пайдаланды. Кез келген коммерциялық операцияны жүзеге асыру үшін оларға жұмыс күші қажет болды. Жергілікті еңбек күші – үндістер індет пен испан озбырлығынан ғана емес, сонымен қатар егістік жерлер қаңырап, сауда жүйелері бұзылуына байланысты басталған аштықтан да қырылды. Еуропалық конкистадорлар (басқыншылар) мен сенімді кәсіпкерлер Шығыс Атлантика аралдарындағы планта­цияларда құлдар еңбегін пайдалану өндіріс шығындарын азайтып, пайда әкелетінін өте жақсы түсінді. Сол себепті отарлаушылар Колумбтың алғашқы саяхатынан соң, көп ұзамай Кариб аралдарындағы үндістерді құлға айналдыра бастады. Алайда жергілікті халық аралдарға немесе еуропалықтар жете алмайтын ішкі аймақтарға қашып, олар жұмыс күшін жеткілікті мөлшерде жинай алмады.

Еңбек мәселесін шешудің басқа бір жолы энкомьенда4 (ehn-koh-mee-EHN-dah) еді. Бұл – адамдар тобы мен олардың еңбегін бақылауға мүмкіндік беретін, жаулап алушылардың басымдығын көрсететін, еңбекті реттеудің испандық жүйесі. Энкомьендер немесе энкомьенданың иесі – еңбек пен салық үшін өз адамдарын қорғап, оларға христиандық білім беруі қажет еді. XVІ ғасырдың бірінші жартысында Испания үкіметі мен шіркеуі Америка үндістерінің биологиялық және моральдық сипатын талқыға салды. Олар жабайы адамдар ма, әлде адамнан төмен жануар ретінде өмір бойы құл болуға лайық па? Олар толық адам ретінде «ағайын» болып, өркениетті христиан қоғамына сіңісе ала ма? Ақыр соңында испан қоғамы үндістерді «ағайындар» ретінде қабылдады. Олар отарлық әлеуметтік иерархияда еуропалықтардан төмен бағаланғанына қарамастан, бостандық құқы, меншік құқы мен еңбекақы алу құқығына ие болды. Америкада энкомьенданың иеленушісі пайда табу мен табысты өмір сүру салты үшін үндіс жұмысшыларына зорлық-зомбылық көрсетіп, испан заңнамасына сәйкес құқықтарын елеусіз қалдырды.

Шахталарды, ағаш дайындау ісін, плантацияларды қаржыландыру мақсатында мұхит асып келген еуропалықтар саны артқан сайын, әсіресе байырғы Америка халқының саны күрт төмендеп жатқан аймақтарда жұмыс күшіне деген сұраныс арта түсті. Кейбір испан және португал шаруалары тропиктік Америкаға егістікте немесе шахтада жұмыс істеуге баруға ниет білдірді және ешбір еуропалықтың оларды құлға айналдыруға құқығы болған жоқ. Алайда африкалықтарды тұтқындаудың әңгімесі басқа еді. Еуропалықтар Атлантика аралдарында кісенделген африкалықтарды қара жұмысқа жеге бастады. Мұнда Америкадағы үндіс жұмысшылар санының қысқару мәселесін африкалықтар есебінен шешуде заңды немесе материалдық-техникалық елеулі бөгет болған жоқ. Еуропалық аграрлық кәсіпкерлерге тропиктік Америкада африкалық құлдардың еңбегін қолдану өте (18-тарауды қараңыз) қолайлы болды.

Колумбтық айырбас – Афроеуразия мен Америка аралығында 1492 жылы басталған, тірі ағзаларды, өсімдіктерді, жануарларды, микроағзаларды және адамдарды тасымалдау түрі.

Энкомьенда – өз конкистадорлары мен қос Америкада тұрғындарына еңбек қызметін ұсынатын және жергілікті халықтың кейбір сала бойынша салық төлеуін қамтамасыз ететін, испан тәжі иесі берген кепілдің бір түрі.

Ацтек империясының құлауы

1502 жылы Колумбтың Кариб аралдарына төртінші саяхаты кезінде, ІІ Мотекусома Ацтектер империясының немесе Үштік одақтың билеушісі еді. Бұл бүкіл орталық Мезоамерика аумағына созылып жатқан мемлекет болатын. Үстемдікке ие Мексика билеушілері мен оларға тәуелді мезоамерикалықтар сияқты, мұнда да үстем таптар мен бұқара халық арасы шиеленісті жағдайда еді. Солтүстік-батыста кейбір топ, соның ішінде тараскандықтар және шығыста тлакскáландықтар ацтектердің жаулап алуына қарсылық танытты.

1517 жылы испандық отарлаушылар Кубаны жаулап алған кезде, еуропалық зерттеушілер гүлденіп келе жатқан Майя өркениеті орналасқан Юкатан түбегіне жету үшін Мексика шығанағын кесіп өтті. Олар мұнда алтын мен ғажайып тас ғимараттарды көрді, бұл оларды байлық іздеуге итермелей түсті. Кастилиялық ақсүйектер отбасының кіші ұлы Эрнан Кортес, әулетінің саяси қолдауы болмаған басқа испандық аристократтар сияқты, Кариб аралдарын жаңа мүмкіндіктерге апаратын жол деп қарастырды. Король оған Кубадан энкомьенданы сыйға тартып, кейін ол байлық пен беделге кенеліп, әкімшілік орталығын құрды. 1519 жылы Мезоамерика құрлығына келгенде онымен бірге он бір кеме, он алты әскери жылқы және жағдайын жақсарту жолдарын іздеп жүрген, негізінен, қолөнершілер немесе шаруалардан тұратын 600 адам болды. Ол шығанақтың батыс жағалауындағы қазіргі Веракрус қаласына жетіп, мемлекеттің ішкері бөлігіне аттанды.

Мотекусома үлкен кемелер мен бозғылт сақалды ерлердің таңғаларлық топтары туралы хабардар болып отырды. Ацтек елшілері Кортес пен оның әскеріне олар жағалауға түскен бойда келген болатын. Зеңбіректері бар және тапаншалармен қаруланған испандықтар XVІ ғасыр басындағы атыс қаруының даму технологиясын есепке алсақ, қорқыныш сезімін туғызғаны сөзсіз. Ацтек тыңшылары артиллерияны былай сипаттапты: «Тас ішінен доп тәрізді тас шығады; от ұшқындар лапылдайды... Бұл зеңбірек тауға атылса, тау шағылып, жарылады. Ағашқа түссе, ол ағаштың күл-талқанын шығарады»13.

Бөгделермен шайқасқа алғаш шыққан Ацтек әскері емес, тлакскалан жауынгерлері оларды жағалауға қарай ығыстыруға тырысып бақты. Бұл әрекеттері сәтсіз аяқталған соң, тлакскáландықтар жатжұрттықтардың әскери пайдасын қолданып қалуды ойлап, Кортеспен бірігіп, Мексикаға қарсы одақ құрды. Испандықтар мен үш мың үндіс жауынгері ацтектердің астанасы Теночтитланға аттанды. Оларға ацтек езгісіне қарсы болған басқа да топтар қосылды. Кортес Мексика езгісіне қарсы байырғы халықтар көтерілісінің шарықтау шегіне дәл келген еді. Шабуылдаушылар Мотекусоманы өз сарайында лезде тұтқындады. Императордың кіші інісі Куитлáуак шабуылдаушыларды көп кешікпей қаладан қуып шықты. Мотекусоманы Меледе өлтірді. Куитлáуак үш ай бойы билік етіп, астананың халқы тығыз орналасқан көшелерін және арналарды жайлап жатқан шешек дертін жұқтырды. Келесі бірнеше ай ішінде Орталық Мексика халқының үштен бірі осы және басқа да індеттерге шалдықты. Осы уақытта әскери күшті қайта жасақтаған Кортес қосымша күшті қосып алып, Теночтитланды қоршауға алды, бұл бір испанның жазбасында былай суреттеледі: «Қала көшелері өлілер мен науқастарға толып, біздің адамдар өлі денелердің үстімен жүруге мәжбүр болды»14.

Ацтектердің жеңілгенін мойындауы. Жылау жоралғысы – ацтек саяси мәдениетінің бір бөлігі, құрмет пен бағыныштылықтың қоғамдық белгісі. Бұл сурет жергілікті суретшілер мен ақпарат берушілердің көмегімен, XVІ ғасырда мезоамерикалықтарды зерттеген испан дін қызметкері Бернардино де Саагун құрастырған Флоренция кодексінен алды. Екі ер адам (сол жақта) және әйелдер Кортестен жеңілгеніне қайғырып отыр. Еуропада кодексті оқыған халық бұл бейнені қалай түсіндіріп, талдар еді?

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Малинче: аудармашы, дипломат және күң

Флоренция кодексіндегі бұл суретте Малинче Эрнан Кортес пен ІІ Мотекусомаға аудармашы болып тұр

Малинче: аудармашы, дипломат және күң

Осы күні мексика ұлтшылдары оның атын опасыздарға теліп, тарихына сатқындық жасады деп айыпталғандарды «малинчистер», деп атайды. 1505 жылы туған оның аты Малинал еді, кейін ол Малинче немесе Донья Марина деген атпен мәлім болды. Юкатан түбегіндегі ауқатты касиктің немесе көсемнің қызы болған. Әкесі қайтыс болған соң анасы қайта тұрмысқа шығып, ұлды болады. Қызы мүлік үлесін талап етпес үшін, анасы мен өгей әкесі Малинчені Майя саудагерлеріне сатып жіберді.

Майя қоғамында құлдық кең таралғандықтан, Малинченің тағдырына ешкім алаңдамады. Кортес Ацтек империясына шабуылдамастан бір ай бұрын Табаско аймағына келді. Бұл жерде Малинче күң болып жүрген еді. Жергілікті билеушілерден алатын төлем есебінен Кортес Малинченің және өзге он тоғыз жас әйелдің конкистадорларға қызмет етуін талап етті. Берналь Диас дель Кастильоның Испанияның алғашқы жаулауы туралы жазбаларында Малинчені сұлу, «жүрегі мейірімге толы» және ақылды әйел ретінде суреттейді. Оның мәлімдеуінше, Малинче аз ғана уақыт ішінде «маңызды тұлғаға айналып шыға келді». Бірнеше аймақта құлдықта болған Малинче майя, табаскан және Ацтек империясының негізгі тілі – науатльше сөйлей алатын. Ол испан тілін тез-ақ үйреніп, жақсы аудармашы ретінде басқыншылардың қимыл-әрекеттері мен мінез-құлқын жергілікті халық қалай қабылдайтынын түсіндіріп, беделді касиктерге қалай жағымды әсер қалдыру керегін, тұтқиылдан жасалған қауіпті шабуылдардан қалай құтылуды ұғындырды.

Испания пайдасына қызмет еткені үшін Кортес Малинчені азат етемін деп уәде берді. Оның шағын әскері Теночтитланға аттанар алдында ол Малинчемен кеңесті. Жоспар іске асу үшін Малинче жергілікті халыққа сіңісіп, достық қарым-қатынаста болып, сенімге кіріп, ақпарат жинады. Малинче бағынышты халық біріккен жағдайда ғана ацтек билігін жоя алатыны туралы Кортестің қауесетін халық арасында белсенді түрде таратты. Сонымен қатар ол тлакскáландықтармен одақ құру туралы келіссөздерде көмек көрсетті.

Тұтқиылдан ұйымдастырылған шабуылдардан талай рет құтқарып қалған Малинченің үнемі жандарында жүргенін Бернáль Ди́ас сияқты жаяу әскер жауынгерлері құп көрді. Малинче олармен барлық экспедицияларға қатысты, ол туралы мынандай дерек сақталған: «Үндістер етімізді чилиге қосып жемекші деген хабарды естігеніне қарамастан, ешбір әйелге ұқсамайтын ержүректік танытып, қорқынышын көрсетпеді, батылдығын танытты»15. Экспедиция Теночтитланға жеткен мезетте жеңілісін мойындап бағынуға, не өлуге мәжбүр екенін дәл осы Малинче Мотекусомаға түсіндірген еді.

Кортестің тұңғыш ұлын дүниеге әкелген Малинче кейін басқа испандыққа тұрмысқа шығып, қызды болды. Конкистадор оған екі қожалықты, соның ішінде бұрын ацтек императорына тиесілі болған Чапультепекті сыйға тартты.

Тарихшылар «шынайылық» деп атайтын қазіргі көзқарас тұрғысынан өткенге сын көзімен қарасақ – Малинче жау жағына шығып, Мексика халқына сатқындық жасады. Бірақ мезоамерикалықтар да ацтектердің озбырлығын тоқтату үшін испандықтармен қарым-қатынас орнатқаны да белгілі. Малинче мексикалық болған жоқ, тіпті бас бостандығы да жоқ еді. Ол испандықтарға күң ретінде сатылып, оларға қызмет жасап, бас амандығын ғана ойлаған болар.

Сыни пайым

Малинченің әйел және күң ретіндегі орны испандық конкистадорлар мен жергілікті америкалықтар арасында сәтті делдал болуына әсер етті деп ойлайсыз ба?

Кортес қаланы басып алып, тлакскáландықтарды Испанияның басты одақтасы етті. Мексика мен Орталық Америкада испан билігін кеңейте түсу үшін еуропалықтар қаруларын сайлап, келесі онжылдықта қайта оралды. Осы жаулап алу жалғасқан сайын, мезоамерикалықтардың саны азая берді. Ацтек мемлекеті халқының өзі еуропалықтармен қарым-қатынас орнатқан соң халық саны 25,2 миллионнан 1623 жылы 0,7 миллион адамға қысқарды. Кариб аралдарының тұрғындары 1550 жылға қарай жойылудың алдында тұрды.

Инк империясының күйреуі

Орталық Мексикада Кортес орнатқан отарлау қадамдары қос Америкада, жергілікті ерекшеліктерді есепке ала отырып, қайталанды: еуропалықтардың шағын бөлігі атты әскермен, болат қарулармен, темір сауыттармен, әскери зеңбіректермен тұтқиылдан шабуылдап отырды. Бұл – жергілікті басшылар үшін күтпеген жайт болатын. Басқыншылармен қатар немесе олардан бұрын қауіпті аурулар таралып, қысқа уақытта экономикалық және әлеуметтік дағдарыстар туды. Басқыншыларға қосылған кейбір топтар оларды саяси қарсыластарына немесе қанаушыларға қарсы өз мүдделеріне пайдаланады деп сенді. Еуропалықтарға қарағанда жергілікті жауынгерлер саны асып түскен бұл одақ ортақ жауға шабуылдап, оны жеңіліске ұшыратты. Алғашқы жеңіс саяси дағдарыстар тудырды. Індет пен зорлық-зомбылық, озбырлықты қатар қолданған еуропалықтар кейбір әскери амалдардың, әскери шеберлігінің, табандылығының және жай ғана сәттіліктің арқасында биліктің стратегиялық маңызды орталықтарын басып алды. Үлкен аймақты басып алу табанды, ұзаққа созылған, жергілікті қарсылықтарға қарсы күресті де қажет етті15.

Орталық Андтағы жалпы оқиғалар сипаты осындай еді. Испандық конкистадор, арнайы білімі жоқ, ұсақ ақсүйек өкілі, Мексикадағы және Оңтүстік Америкадағы науқанның ардагері Франсиско Писарро да Инк империясының басшысын жылдам-ақ жеңді. Шамамен 1527 жылы Писарро Перу жағалауына екі жүзге жуық адаммен келерден бес жыл бұрын император Хуайна Капак пен мұрагері ретінде тағайындалған ұлы да шешектен кенет қайтыс болған-ды. Патша бұл науқасқа империяны солтүстікке қарай кеңейту барысында шалдыққан болар. Осы уақытта Панама мойнағын мекендеген үндістер шешек ауруына шалдығып, ауру Тынық мұхит жағалауы бойымен оңтүстікке қарай таралды. Хуайна Капактың және оның ұлының өлімінен кейін тақтан үмітті екі топ арасында соғыс басталды. Солтүстік провинцияларды басқарған корольдің ұлы Атауальпа 1532 жылы қарсыласын ұстап алып, өлтіріп, соғысты аяқтауға аз қалғанда Писарро Кахамарка қаласына келіп жетті. Мексикадағы Мотекусома сияқты, Атауальпа да басқыншылармен кездесуге келісіп, испандықтардың тұзағына түсіп, тұтқындалды. Басқыншылар зеңбіректерден оқ жаудырып, ат үстінде атысып, Атауальпаның үш мыңдық әскерінің үрейін ұшырды. Писарроның хатшысы болған Франсиско де Херес: «Соншалықты күшке ие болған ұлы тұлғаның қысқа мерзімде тұтқындалуын көрудің өзі ғаламат сезім»16 деп жазған еді.

Кахамаркадағы шайқас. Гравюрада 1532 жылы Писарроның Атауальпаны тұтқындауы бейнеленген. Автор – Атлантиканы ешқашан кесіп өтпесе де, Америка бейнесін суреттеуімен танылған бельгиялық суретші Феодор де Брай. Гравюраны бұл шайқас өткен кезден жарты ғасырдан соң салды. Де Брай испан әскери қуатын қалай бейнелеген? Сізге бұл бейне шынайы көріне ме?

Атауальпа құтылу үшін адамдарына Писарроға испандықтар балқытып, құймаларға айналдыратын, сансыз көп ламаға артқан алтын және күміс заттарды беруді бұйырды. Алайда төленген құнға қарамастан, Писарро оны өлім жазасына кесті. Содан кейін Атауальпаның бұрынғы жауларының көмегімен ол Куско астанасына аттанып, өзін және сардарларын инктердің саяси иерархиясының және әкімшілік жүйесінің ең жоғары сатысына көтерді. Еуропалық солдаттар, шенеуніктер, діни қызметкерлер және саудагерлер билікті қолдарына алып, империя Испанияға тәуелді болды. Анд алқабының шалғай аймақтарында басқыншыларға қарсылық келесі қырық жылға не одан да ұзақ мерзімге созылды.

Испания империясының құрылуы

Ацтек және Инк империялары жылдам жойылып, Калифорниядан Оңтүстік Американың шетіне дейінгі аралықта Испания үстемдік етті (16.4-картаны қараңыз). Бұл үдеріс Кариб бассейнін реттеудің түрлі стратегиясын ойлас­тыруды қажет етті. Таино және Кариб үндістерінің арасындағы көп өлім байырғы қоғамдарды жойды. Отарлау үшін үлкен аумақ, түрлі тіл мен өмір салты қалыптасқан көп халықты бақылауда ұстау қажет еді. Мұндай мәселе бұрын ацтектер мен инктерде де болған. Афроеуразиялық індеттер, соғыстар және еңбекті қанау әсерінен әлсірегеніне қарамастан, Мезоамерика мен Андтағы тығыз қоныстанған аграрлық қоғамдар бастапқы қарым-қатынасын сақтап қалды. Үндістердің саны бір жарым ғасырдан аса уақытта азайса да, шамамен 1650 жылы қалпына келе бастады.

16.4-КАРТА. Қос Америкадағы 1550 жылға дейінгі ибериялық отарлау

Испаниялық екі вице-корольдік бұрынғы Ацтек және Майя империяларының аумағын қамтыды. Испания бұл мемлекеттерді жоймай, тек қана империялық билікті өз билігімен алмастырды деп тұжырым жасауға бола ма?

XVІ ғасырдың басында Испан тәж иесі отарлау аймақтарындағы байырғы америкалықтардың саяси басшыларына және алғашқы он жылдықтарда өз білгенін істеген басбұзар конкистадорларға билігін орната бастады. Португалия, Франция және Англия билеушілері іспетті, Испания монархия­сы отанында мемлекеттік билікті күшейтіп, орталықтандыруды мақсат етті. Оның жоғары лауазымды тұлғалары да Америкадағы отарларына осы үлгіні таңып, Кортес пен Писарро салып кеткен жолды ұстанды. Испан тәжінің иесі жаңа отарлар үшін заңдық, қаржылық, сот және атқарушы билік қызметін атқарған Үндіс кеңесін құрды. Жергілікті отар істерін жүргізу мақсатында азаматтық, құқықтық және діни мекемелерді құруға рұқсат берді. Монархия Америка айлақтарын, олардан сыртқа шығатын тауар айналымын және салық түсімін бақылап отыру үшін Сауда Үйінің (Casa de Contratacіón) негізін қалады. Отарлау дәуірінің көп бөлігінде испан аумағы екі ірі әкімшілік құзыретке ұйымдасып, әрқайсысын король тағайындайтын вице-король5 басқарды. Құрылған вице-корольдіктердің бірі – Жаңа Испания, аты Мехико деп ауысқан, ацтектердің бұрынғы астанасы – Теночтитланнан басқарды. Тағы бір вице- корольдік – Перу, астанасы жаңа отар қала Лимада орналасты. XVІ ғасырдың ортасына қарай екі қала да дамыған әкімшілік және сауда орталықтарына айналды. Корольдің аудиенция (audіencіas) деп аталатын арнайы сотының барлық вице-корольдіктерге құзыреті жүрді. Олар отарлаушыларға, байырғы америкалықтар мен құлдарға қатысты азаматтық, қылмыстық істерді қарастырды. Жергілікті көсемдер үндіс қоныстарында биліктерін сақтап қалса, кеңестер үнемі еуропалық ауқатты жер иеленушілерден құралып, олар отарлық қалаларды басқарды.

Католиктік шіркеу, соның ішінде францискандар, доминикандар және иезуиттер сияқты діни ордендер үндістерді дінге тарта бастады. 1560 жылы Жаңа Испанияда сегіз жүзден аса шіркеу қызметкері, монах пен монах әйелдер жүз алпыстан аса шіркеуде, ғибадатханада қызмет етті. Католик діни қызметкерлердің басым бөлігі үндістермен достық қарым-қатынаста болды. Олардың құжат ретінде сақталған бақылаулары байырғы америкалықтарға отарлаудың қаншалықты зардап алып келгенін көрсетеді. Доминикалық монах және Оңтүстік Мексикадағы Чьяпастың епископы Бартоломе де лас Касас (1484–1566 жылдар) үндістердің алғашқы қорғаушысы болды. Аталған корольдік қызмет орны жергілікті халықтың құқықтарын қорғау үшін құрылған еді. «Үндістерді жоюдың қысқаша есебі» («A Short Account of the Destructіon of the Іndіes») кітабында отарлау­шылардың жергілікті халыққа жасаған зорлық-зомбылығы сипатталған. Бұл 1542 жылы үндістерге үлкен қорған болып, құлдыққа тыйым салған «Жаңа заңдардың» қабылдануына ықпалын тигізді. Ол энкомьенда жүйесіне қарсы шығып, үндістердің еңбегін пайдалануға хақы барлар құқықтарын асыра пайдалану еркіндігіне ие болғанын айтқан еді. Оның ықпалымен Испания біртіндеп энкомьендадан бас тартып, Мехико мен Лимадан тікелей бюрократиялық басқаруға өтті.

Вице-король (vіceroy) – тәуелсіз өкіл ретінде отарлық тәуелді иеліктерді басқарып, монарх тағайындайтын өкілетті тұлға. Vіce – латын сөзі, «орнына» деген мағынаны білдірсе, roy – король деген сөз. Вице-король басқаратын аумақ вице-корольдік деп аталады.

Бразилиядағы португал иеліктері

1500 жылы Васко да Гама Үнді мұхитынан оралғаннан кейін, дәл сол жерге Педру Алвариш Кабрал аттанды. Алайда ол экваторды қиып өткен соң оңтүстік-шығыс желінің ығымен жүзіп, Бразилия жағалауларына келіп тірелді. Күтпеген жерден жағалауға шығу еуропалықтар мен байырғы америкалықтар арасындағы қарым-қатынастың басқа бір қырын ашты. Колумб тәрізді, Кабрал да нақты қай жерге келгеніне сенімді болған жоқ. Ол Бенин және Конгоға ұқсас ірі аграрлық мемлекеттерді таба алмады, ол «арал» деп ойлаған жерде Үндістандағы жібек пен дәмдеуіштермен салыстырғанда мардымсыз байлыққа кенелді. Соған қарамастан, көптеген экспедиция Бразилия жағалауына ұмтылып, ағашпен сауда жасауды ұсынған тупи орман халқы оларды өзенмен жағалаудағы нүктелерге жеткізіп, болат балталарға және басқа да пайдалы заттарға айырбастап отырды. Еуропалықтар өз кезегінде мата бояуларын алатын, өздері үшін тиімді тропиктік ағаштармен сауда жасауды ұсынды.

Бразилия жағалауындағы еуропалықтардың әрекеттері 1530 жылдарға дейін шектеулі болды, ал сол жылы Францияның аймақты зерттеуінен қорыққан португалдар королін Бразилияның солтүстік-шығысындағы жерлерге көз салуға үгіттеді. Португалдар алғаш келген кезде үндістер өте тығыз орналасқан еді. Кариб бассейніндегідей, олардың басым бөлігі жаңа індеттерге шалдықты. Еуропалықтар мұнда қант қамысын қолдан өсіруді білмейтінін түсінді, ал плантаторлар Атлантика аралдарында қолданған экономикалық үлгіге: қарқынды еңбек күшін қажет ететін егістікті жинау, ұнтақтау, қантты кемеге плантациялардан жұмысшылардың күшімен жеткізу жұмыстарына жылдам бейімделді. XVІ ғасырдың соңында үндістер қажеттілікті қанағаттандыра алмайтыны айқын болып, экономикалық табыс үшін Африкадан құлдар әкелу керек болды (18-тарауды қараңыз). Сонымен қатар португал жиһанкездері Бразилияның оңтүстік жағалауларына және өзенді өлкелерімен ішкі аймаққа экспедицияларын жібере берді.

Мемлекеттердің Оңтүстік теңіздердегі жаңа қарым-қатынастары

оЙЛАН: ХVІ ғасырдың бірінші жартысында Үнді мұхиты аймағында саяси-экономикалық жүйелер қандай бағытта өзгерді?

XV ғасырдың соңғы ширегінде Үнді мұхитының және Қытай теңізінің саудагерлері гүлденген айлақтардың бірінен екіншісіне сауда жасап жүргенде, олардың экономикалық жүйелерінің дағдарысқа ұшырайтынынан бейхабар еді. Ешбір теңіз державасы Оңтүстік теңіздер арқылы жүретін саудада басым болып немесе монополия орнатпады, тіпті ондай талпыныс жасап та көрмеді. Ғасыр басында Қытайдың Мин әулетінің императоры Үнді мұхитына жеті ірі экспедицияны адмирал Чжен Хенің басшылығымен жіберді (15-тарауды қараңыз). Олардың мақсаты жаңа жерді жаулап алу немесе жергілікті саудагерлердің орнын басу емес, Мин билеушілеріне ресми салық төлейтін мемлекеттер санын арттыру болатын. 1433 жылы Мин үкіметі мұндай саяхаттарды басқа саяси басымдықтарға байланысты тоқтатып, Үнді мұхитындағы сауда бұрынғыдай жалғасты. Шығу тегі әртүрлі саудагерлер жеңіл, берік кемелермен, жергілікті дәстүрлерге сай, басымдыққа ие саяси жағдайларды есепке ала отырып, бағалардың құбылуына сәйкес сауда жасады. Олар үшін ең үлкен қауіп – қарақшылар мен дауылдар болатын.

Жаңа жүзжылдықта португалдар қаруланған караккаларымен аймаққа келген кезде, аталған жүйеге қауіп төнді. Бұл кеме капитандары әуел бастан дәмдеуіштер және тауар саудасын барынша бақылауға алуға тырысты, осы суларда бұрын болмаған агрессиялық стратегияны ұстанды. Португал ақсүйегі ұлы миссияны орындау жолында шабыттанып, Оңтүстік Азияның ерекше құнды қара бұрышы жай тауар емес екенін айтып, бұрыш «Қасиетті болуы бек мүмкін»17 деген идеяны таратты. 1500–1550 жылдар аралығында Үнді мұхитында бассыздық айтарлықтай өсті. Португал қарақшылары бәсекелес саудагерлердің қай-қайсысының да айлақтары мен кемелеріне шабуыл жасап, саудагерлер шабуылдаушыларға тойтарыс берді. Осман империясының теңіз флоты да аталған шайқасқа қатысты.

Дәмдеуіштер саудасын басып алу

1498 жылы Васко да Гама Африкадағы Қайырымды Үміт мүйісін артиллериямен қаруланған кемелермен айналып өтіп, Үнді мұхитында әскери үстемдігін көрсетіп, саудаға жайлы жағдай қалыптастырғысы келді. Ол Лиссабонға үнділердің дәмдеуіштері мен басқа да тауарларын артып оралды. Португалия королі Дом Мануэл (Dom Manuel) бұған дән риза болып: «Маврларды [мұсылмандар] байытатын ұлы сауда Құдайдың жәрдемімен біздің халқымыз бен мемлекетімізге де жетті»18, – деді. Жаңа экспедициялар көп кешікпей мүйісті айналып өтті. 1505 жылы жағалаудан аттанған флот 1100 тонна дәмдеуішпен оралды.

1503 жылы Оңтүстік Азияға Афонсу ди Албукерки өзгелерден бұрын саяхат жасап, соның нәтижесінде Португалия жағалаудағы жерлерін басқара отырып, азиялықтардың алтын мен күмістен басқа Еуропа тауарларын қажет етпейтінін жақсы түсінді. Португалдар Еуропаға алып кеткісі келетін барлық тауарларды сатып алып немесе Азияның түрлі айлақтарында сауда жасау мүмкіндігін иелену үшін олар коммерциялық жүйеге күшпен кіруі қажет еді. Албукерки флоты бірнеше маңызды айлақты бірден басып алды: Шығыс Африкадағы Момбаса (1505 жыл), Парсы шығанағындағы Ормуз (1507 жыл), Оңтүстік Азиядағы Гоа (1510 жыл) және Малакка бұғазындағы Малакка (1511 жыл). Мұздай қаруланған жаңа саудагерлердің әскери күшінен жергілікті билеушілер еш қауіптенбеді. Португал басқыншылары қазіргі Кения орнындағы Момбаса айлағын басып алды. Жергілікті суахили тілді билеуші көрші айлақтағы сұлтанға қауіп-қатерді ескерту үшін былай деп хат жазады: «Құдайдың сізге ықыласы аусын, Сайид Али! Ұлы Жаратушы қаланы жайпап өтіп, өртеп, күлін көкке ұшырды... Ол адамдарды өлтіріп, өртеп қана қойған жоқ, көктің құстарын да атты. Бұл суық хабарды сіздің қауіпсіздігіңіз үшін жеткізіп отырмын»19.

Сауда пост-империясы. 1530 жылға қарай Португалияның Үнді мұхитына шығып тұрған бірнеше жақсы бекінген анклавы болды. Олардың бірі Қытайдың оңтүстігінде орналасқан Макао еді (16.5-картаны қараңыз). Олар алтын мен күміске дәмдеуіштерді айырбастап, сонымен қатар Азияның көптеген тауарларын тез арада сатып алып, қайта сататын болды. Жергілікті жүк тасымалымен айналысатындар сауда жасауға рұқсат алып, Португалия бақылауындағы тұрақтарда жүк салығын күштеп төлетіп, қажет болған кезде әскери-теңіз күшін қолданамыз деп қорқытатын. Атлантикалық Африкадағы саясатымен салыстырғанда, Португалия Үнді мұхиты өңірінде айнала орналасқан анклавтардан өзге жерді бақылауға алуға тырысқан жоқ. Атап өтуге тұрарлық ерекше жағдай Оңтүстік-Шығыс Африкадағы Замбези өзені алқабында қалыптасты, мұнда ішкі аймақтарға португал саудагерлері кішігірім қоныс табу үшін келген болатын. Халқы тығыз орналасқан ішкі аймақтарды немесе Азия, Африканың құрлықтағы ықпалды мемлекеттерін басып алу үшін португалдардың әскери әлеуеті жеткіліксіз болды. Оның орнына маңызды айлақтарды, стратегиялық нысандарды, теңіз жолдарын қадағалауды мақсат еткен сауда пост-империяларын құрды. Гоадағы бір португал шенді тұлғасының мәлімдеуі бойынша, «португалдар ешқашан Үндістанға ішкерілей енбейді, себебі бұл елдің билеушілерімен және шенді тұлғаларымен бейбітшілік пен достығымыздың арқасында бізге теңіздің өзі де жеткілікті»20.

16.5-КАРТА. Оңтүстік теңіздер. 1550 жыл

Португалдар жаулап алу әскери күшін Оңтүстік теңіздердің сауда орталығы – Оңтүстік Азия айлақтарына бағыттады. Португалдардың Азияға деген мүддесін Осман және Мин империяларының мүддесімен қалай салыстырар едіңіз?

1505 жылы король І Мануэл Португалияның Үнді мұхитындағы және Қытай теңізіндегі талаптарын нығайту үшін Испан Үнді Кеңесімен қатар «Эстадо да Индия» (Үндістан штаты) билік органын құрды. Эстадо Оңтүстік-Шығыс Африка мен Қытай аралығындағы жағалаудағы Португалия отарларындағы қаржы және әскери жорықтарын басқарды. Лиссабон – империя астанасы болса, Гоа – король тағайындаған вице-корольдің басқаруындағы Эстадоның маңызды орталығына айналды. Азия билеушілері бұған қарсылық танытпады. Кейбірі еуропалықтарға шыдап қана отырса, енді бірі пайда көздеп қарым-қатынас орнатты. Мәселен, Мин империясының шенеуніктері бір жағынан Қытай айлақтарында шетелдік саудагерлердің қызметін шектесе, екінші жағынан португалдарға Макаода сауда алаңын салуға (салық төлесе) келісімін берді.

Момбасадағы Иисус айлағы, Кения. Бұл бастион – Португалия королі І Филипптің бұйрығымен 1591 жылы салынып, Үнді мұхитында еуропалық емес күштерге тойтарыс беру үшін құрылған португалдық бірінші айлақ. Осы айлақ Үнді мұхитындағы өткен ғасырдағы әскери қимыл-әрекеттердің өзгерістерін қалай бейнелейді?

Португалия монополиясына сынақ. XVІ ғасыр ортасына қарай Азия билеушілері мен саудагерлері Португалияның монополистік менмендігі төмендегенін байқады. Оңтүстік Азия арқылы теңіз саяхаты қымбат әрі қауіпті болып қала берді. XVІ ғасырда Лиссабоннан жылына кемінде жеті кеме шығып, оның үштен бірі теңізге батты немесе Үнді мұхитындағы соғыстарда жоқ болды. Португалдар үндінің дәмдеуіш саудасына үстемдік орнатуға үміттенгендеріне қарамастан, өнімнің 10 пайызын ғана тасымалдай алды. Еуропалықтардан саны жағынан әлдеқайда басым Азия теңіз саудагерлері – арабтар, қытайлар, гуджараттар, малайлықтар – португал сақшыларымен ұшырасып қалмауға тырысатын. Уақыт өте келе Португалия теңіз супердержавасы емес, кәсіп үшін бақталастыққа түсіп жүрген Азия сауда компанияларының бірі ғана болып қалды. Португалияның дәмдеуіштермен сауда жасап тапқан пайдасы Нидерланд, Англия және Францияны мүйісті айналып өту үшін теңіз әскери күштерін жіберіп, өздерінің сауда айлақтарын салуға жеткілікті негіз болды. Жаһандық экономиканың пайда болуына қарай, қарулы сауданың жаңа ғасыры қалыптасты.

Жапон айлағындағы португал кемесі. XVІ ғасырдағы «оңтүстік варварларының» кемелерін жөндеп, құнды тауарларын түсіріп жатқан кезі. Еуропалықтармен теңізде кездескен жапондардың оларға таңдана қарауы нәтижесінде бейнеленген жапон суреті. Бұл – ақсүйектердің үйлерінде бөлмені бөлетін перденің бір ғана бөлігі. Мұндағы сурет жапондардың шетелдіктермен сауда болашағы туралы қандай ақпарат бере алады?

Осман империясының әскери-теңіз басқыншылығы. Португалияның алғашқы стратегиясының бір бөлігі Үнді мұхитындағы су жолдарына апаратын оңтүстік жағалауларындағы айлақтарды басып алу арқылы Араб теңізінен Қызыл теңіз бен Парсы шығанағына баратын саудаға иелік етуге бағытталды. Алғашында бұл стратегия мұсылман Мысыры мен Оңтүстік-Батыс Азияға, Александрия мен Шығыс Жерорта теңізі айлақтарына ғасырлар бойы қатынаған италиялық саудагерлерге нұқсан келтіретіндей жағдайда болды. Мысырдағы мәмлүктердің Қызыл теңізде әскери-теңіз күштері жеткіліксіз болғандықтан, аймақтан еуропалық басқыншыларды ығыстырып тастау үшін Оңтүстік Азиядағы Гуджаратпен бірікті. Осы мұсылман одағы 1507 жылы Үндістан жағалауларында Португалияның шағын флотын жеңді, алайда екі жылдан кейін кеме артиллериясы шешуші шайқаста жеңілді. Португалияның бұл жеңісі олардың Араб теңізінде бірнеше жыл бойы еркін жүруіне мүмкіндік берді.

1517 жылы Осман түріктерінің әскері Мысырды басып алып, Португалияға қарсы төтеп беру және Азия саудасын жандандыру үшін Қызыл теңізге флотын жіберді. Сол уақыттан 1550 жылға дейін Осман елшілері мен саудагерлері Азияның мұсылман мемлекеттерімен қарым-қатынасын реттеп, кейде түрік эскадрасы Португалияның караккаларымен қақтығысқа түсті. Осман капитандары, қарсыластары сияқты, кеме бортында артиллерия ұстайтын болды. Сұлтандарына зеңбірек жеткізу үшін түрік экспедициялары Индонезиядағы Ачехқа аттанған еді. Осман империясының әскері португалдарды Қызыл теңізге кіре берістегі Аденнен қуып шықты, бірақ екі күш арасындағы соғыс тоқтамады. Еуропалық өзге мемлекеттердің кемелері Үнді мұхитына ене бастағанда, Осман империясы басқыншылыққа негізделген және қымбатқа түскен Оңтүстік теңіздер стратегиясынан бас тартуға мәжбүр болды.

Тынық мұхит аралық байланыс жүйесі

Португалия Азияға мүйіс арқылы баратын бағытты зерттеп жатқан кезде, Испания қызметіндегі теңізшілер арадағы географиялық қиындықтарға қарамастан, Америкаға батыс арқылы жету жолын іздестіре берді. 1513 жылы Бальбоа Панама мойнағынан өтіп, жиһанкездердің Азияға жету үмітін оятты. Шығу тегі португалдық Фернан Магеллан бастаған, Испания қаржыландырған экспедиция ақыр аяғында батыс бағытты тауып, дөңгелек пішінді жер шарының қаншалықты үлкен екенін дәлелдеді. Оңтүстік Азияға Португалия экспедициясы құрамында барған Магеллан Испан тәж иесін 1519 жылы батысқа саяхатына қаржы беруге көндірді. Бес каравелладан тұратын флотты басқарған ол Атлант мұхитын кесіп өтіп, Оңтүстік Американың шығыс жағалауымен жүзіп, кейін өз есімімен аталған бұғаздан өтіп, Тынық мұхитқа жетті. Ашыққан экипаж тері мен егеуқұйрықты талғажау етіп, солтүстік-батысқа қарай шексіз саяхатын жалғастырып, Филиппинге табан тіреді. Ол аралдарды Испания иелігіне қарату жолында жергілікті жауынгерлермен қақтығыста қаза тапты. Іс жүзінде дүниежүзін айналып өткен Магеланның штурманы Себастьян дель Кано кемені батысқа бұрып, Үнді мұхиты арқылы қайтадан Испанияға оралды. Экспедицияның сәтті аяқталғанына қарамастан, мұхит сауда жолы ретінде Оңтүстік Американың оңтүстігі арқылы өтетін ұзақ та қауіпті жол еуропалықтарды бірден еліктіріп әкете қоймады. Магелланның саяхатынан қырық екі жыл өткен соң Испания Мексика мен Қытай арасында Тынық мұхиттың солтүстік бөлігі арқылы өтетін аса маңызды сауда мекені – Филиппинді отарлай бастады.

Қорытынды

1520 жылы Магеллан Тынық мұхитын кесіп өтіп, трансмұхиттық қарым-қатынастағы соңғы кеңістікті бағындырып, қауымдастықтар арасындағы нағыз жаһандық қарым-қатынасты бастады. Афроеуразия мен Америка шығыс жағынан да, батыс жағынан да байланысатын болды. Тек Австралия мен жан-жағындағы аралдар ғана сол уақытта дүниежүзіне бейтаныс болып қала берді.

XV ғасырда дүниедегі тығыз әрі экономикалық тиімді өндіріс, сауда мен қаржы жүйелері Азияда шоғырланды. Еуропалықтар соны түсініп, сол уақытта экономикалық кеңістігі кеңейіп, мұсылман мемлекеттерімен ұзаққа созылған, шығыны көп, бәлкім, пайдасыз соғыстарсыз-ақ Азия нарығына жетудің, Үнді мұхитына Мысыр мен Оңтүстік Азия арқылы өтетін ең төте жолға толық иелік етудің стратегиясын ойластырды. Еуропа теңізшілері Азия­ға Африканы айналып өту немесе жер шарының батыс бағыттағы екінші шеті арқылы жету жолдары туралы болжамдардан хабардар болды. Алайда ибериялық мемлекеттер жүз жылдан аса уақыт бойы Атлант мұхитының шығыс бөлігіне және Африка жағалауларына барлау жасап, сауда және соғысты жалғастыра берді. Ширек ғасыр өткенде ғана олар жаңа болжамдарға сай әрекет жасай бастады.

Колумб саяхаттарынан кейінгі жарты ғасырда Атлант мұхиты Жерорта теңізі немесе Араб теңізі сияқты, бірақ едәуір үлкен ішкі қарым-қатынас «бассейніне» айналды. XVІ ғасырда мұхитта жүзудің жылдам, қауіпсіз және арзанырақ жаңа мүмкіндіктері ашылғандықтан, Атлант мұхитының алып айдыны қауіпсіз бола түсті. Атлант мұхитымен шекаралас Еуропа мен Африка аймақтары жер шарының батыс шетінде емес, дүниенің төрт тарабына тауар, адам және идея тарату орталығында орналасқаны белгілі болды. Атлантикада шоғырланған экономика біртіндеп қалыптасып, көлемі, күрделілігі және байлығы Үнді мұхитымен бәсекелестікте дамыды.

Атлантикалық экономика байырғы америкалықтардың алапат халық шығынымен тығыз байланысты қалыптасты. Қос Америка халқы 1492 жылдан келесі 150 жылда 90 пайызға азайды, аталған апат еуропалықтардың Батыс жартышарды үлкен жылдамдықпен және қарқынды бақылауға алуына мүмкіндік берді. Тап осы уақытта тағдыр тәлкегіндей болып, Афроеуразия халқы жылдам өсті. 17-тарауда Афроеуразияға қайта оралып, XVІ ғасырдағы дамуын, қоғамдардың дүниежүзілік ұлы конвергенция әсерін сезіну тәжірибесін қарастырамыз.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

17

Афроеуразия және оның қуатты мемлекеттері
1500–1600 жылдар

XVІ ғасырда Осман империясы жаңа жерлерді басып алу үшін әл-Мансұрдың марокколық әскери күштері сияқты артиллерияны қолданды Батыс Сахара шөлдерінен XVІ ғасырда өткен түйе керуені саудагерлері Марокко сұлтаны Ахмад әл-Мансұр ақылынан алжасты деп ойлауы бек мүмкін еді. Ол үлкен мушкеттері, мортиралары және зеңбіректері бар қолымен алға жылжып, мыңдаған мильге созылған шөлді кесіп өтіп, Батыс Африкадағы Сонгай империясына тұтқиылдан шабуыл жасау үшін ірі әскери жасақ жөнелтетінін жария етті. Саадиттер әулетінің билеу­шісі әл-Мансұр (1578–1603 жылдары билік құрды) транссахарадағы керуен жолдарының солтүстіктегі бекеттерін басқарды, алайда оңтүстік транзиттік айлақтар Сонгайдың қол астында еді. Сұлтан Сонгайды басып алып, шөлдегі айлақтарды, соның ішінде Тимбуктуды иеленіп, Батыс Сахара торабын, аса бағалы алтынды, тұзды және құлдарды бақылауына алғысы келді. Барлау мәліметтері Сонгай мемлекетін ішкі алауыздықтар қалжыратып тастағанын, үлкен кавалериясын есепке алмағанда, ешқандай атыс қаруы жоғын жеткізді. Жоспарын аса қауіпті деп санап, соғыс ашуға қарсы болған кеңесшілеріне ол қаһарын төкті: «Ата-бабаларымыз ол жерді жаулап ала алмас еді... Олар оқ-дәріні, атыс қаруын және қарудың ықпалын білмеді. Суданда [Сонгай халқы] заманға сай оқ-дәрі жоқ, олар жалаң найзамен және қылышпен ғана қаруланған»1. Кеңесшілердің қарсылығына қарамастан, әл-Мансұр 1590 жылдың қазанында Марракештен шамамен бес мың адам болатын жаяу және атты әскермен, қосымша әскери күшпен жолға шығып, биік Атлас тауларынан өтіп, шөлге бет алды. Қолбасшы мұсылман дініне өткен Жудар паша Марокко әскерінде ерекше беделге ие болған кісі еді. Оның амбициясы зор экспедицияны басқару тәжірибесі болмады. Қажыған, шөлдеген және ауру меңдеген әскердің жартысы жол-жөнекей қайтыс болды. 1591 жылдың ақпан айында әскер Нигер өзенінің жағалауына, шөлдің оңтүстік шекарасына жетті. Сонгай императоры ІІ Аски Исхак (Askіya Іshaq ІІ) білместіктен бе, әлде сенгісі келмеген болар – жау әскері шөлден аман шығатынын болжай алмады. Соған қарамастан, ол үлкен кавалерия мен жаяу әскерді жұмылдыра білді. Қарсыластар Нигердің маңайында бетпе-бет кездесті. Императордың әскері көп болғанына қарамастан, Жудар пашаның қатаң тәртіпке бағынған артиллериясы қорғанған жауды жеңіп, саны өзінен асып түсетін қарсыластың үрейін ұшырды. Император ұрыс даласынан кетіп, қалған әскер қашып құтылды. Сонгай патшалығында тәртіпсіздік пен көтерілістер белең алып, бірнеше жылдан соң мемлекет құлады. Алайда әл-Мансұр өзі қалағандай транссахаралық империяны иелене алмады. Себебі арақашықтық өте үлкен еді. Оның сарбаздары Батыс Африкадағы шағын мемлекетте шен иеленіп, бірнеше онжылдық ішінде Мароккомен саяси байланысты жоғалтқан сияқты. Әл-Мансұрдың шөлге саяхаты тиімді болмаса да, XVІ ғасырдағы дүниежүзі дамуының ірі жетістіктерін көрсетті. Марокко – атыс қаруы технологиясына негізделген, үлкен саяси күшті жинақтаған Афроеуразия мемлекеттерінің бірі болды. Бұл мемлекет билеушілері қатаң тәртіпке негізделген үлкен әскер жасақтап, оны әлсіз көршілерін бағындырып, өз иеліктерінде тәртіпті күшейту үшін қолданды. XVІ ғасырда билеушілер билігін сақтап қалу үшін, ата-бабалары сияқты, жергілікті әміршілер мен ақсүйектерге көп жүгіне бермей, бейілді, орталыққа бағынған, азаматтық және әскери шенділерге арқа сүйеді. Осы тараудың бірінші бөлімінде Афроеуразияның саяси картасының өзгерісін қарастырамыз, негізінен, билеушілері қол астындағы жұртты бір орталыққа біріктіріп, шекараларын кеңейте алған аймақтарға айрықша ден қойдық. Екінші бөлімде атыс қаруы технологиясының маңызы мен Афроеуразиядағы таралуын қарастырамыз. Бұрынғы-соңғымен салыстырғанда бұл кезеңде әскердің қаупі зорая түсті. Билеушілер қымбат әскер мен әкімшілікті қаржыландыру қажет болғандықтан, аграрлық ресурстарды, сауда жолдарын және салық төлейтін халықтарды бақылауға сұраныс күшейді. Құрлықтағы әскерді және әскери-теңіз күштерін жаңа қарумен жарақтандырудың шығыны көбейді; саяси ұйымдасуда және қаржыда төңкеріс жасап, үлкен масшабтағы билік үшін күреске қатыса алатын мемлекеттердің санын шартты түрде шектеп отырды. Үшінші бөлімде Афроеуразияның XVІ ғасырдағы мәдени дамуының кейбір маңызды мәселелерін, қуатты мемлекеттердің пайда болуын және кеңейіп жатқан жаһандық экономикаға әсер еткен өзгерістерді қарастырамыз. Әсіресе неоконфуцийлік Қытайда, орталық мұсылман мемлекеттерінде және христиандық Еуропада дін және моральдық жүйе саласында, дін ұстануға байланысты дау көбейді. Екінші маңызды даму белгілі аймақтық тілдердің басымдығына және оларға қатысты ерекше мәдени стильдерге байланысты болды. XVІ ғасырда жергілікті тілдерді шекарасы кеңейе түскен мемлекеттер, әмбебап діндер және халықаралық сауда топтарындағы халық сөйлеген тілдер ығыстыра бастады.

17.1-КАРТА. XVІ ғасырдың аяғындағы Афроеуразияның негізгі мемлекеттері XVІ ғасыр саяси орталықтанған мемлекеттер санының өсуімен ерекшеленді. Осы мемлекеттердің басым бөлігі Афроеуразияның солтүстік қоңыржай ендігінде орналасуын түсіндіретін қандай факторлар бар?

Афроеуразияның саяси панорамасы ОЙЛАН: XVІ ғасырда Афроеуразияда неғұрлым ықпалды, орталықтанған мемлекеттердің даму себебін қандай оқиғалар түсіндіреді? XVІ ғасырда Афроеуразияның ірі мемлекеттерінің түгелге жуығында ауыл шаруашылығына, тау-кен өнеркәсібіне, коммуникация мен соғыс жүргізуге қажет технологиялар әлеуеті бірдей еді. Сол кезеңнің негізгі ортақ сипаты мемлекеттердің көпшілігі халық санының өсуіне және экономикалық басқыншылыққа сүйенінде болса керек. Кейбір жағдайларды есепке алмағанда, мемлекеттердің басым бөлігі монархия формасында құрылды. Олардың корольдері, императорлары, сұлтандары немесе шахтары лауазымды тұлғалар иерархиясының ең жоғарғы сатысында тұрып, Құдайдың жердегі өкілі екенін жария етті де, ел басқарды. Осындай жалпы сипаттармен қатар мемлекеттердің халық саны, саяси институттары және мәдени әртүрлілігі, билік пен байлықты арттыру мақсатындағы қолданған стратегиялары әр елде өзгеше сипат алды (17.1-картаны қараңыз). Атыс қаруы технологиясы мен неғұрлым тиімді саяси ұйымдасуды пайдалана отырып, XVІ ғасырда бірнеше мемлекет екі түрлі жолмен жетістікке жетті. Біріншіден, бұл мемлекеттер халқын тиімді түрде бақылап, реттеп, қадағалап, салық салды. Демек, олар саяси-экономикалық тұрғыдан орталықтанып, үлкен табысқа жетті. Екіншіден, олардың көбі қаржылық ресурстарының басым бөлігін империялық жаулап алу науқанына жұмсады. Бұрын тәуелсіз, бір уақытта қуатты ел болған, кейін бодандық қамытын киген мемлекеттер ірі державаларға салық төледі немесе мүлде жойылып кетті. Жаулап алушы қуатты мемлекеттер салыстырмалы түрде әлсіз патшалықтарды, қала-мемлекеттерді және өзін-өзі басқаратын кландар мен тайпаларды сіңіріп алды да, XVІ ғасырда дүниежүзінде саяси бірлестіктердің саны күрт азайды. Осы бөлімде ерекше мән берген ірі саяси орталықтандыруға, жерлерді басып алуға қатысты оқиғалар XVІ ғасырда Қытайда байқалмаған еді. Мин әулеті (1368–1644 жылдар) дүниежүзінде халқы ең тығыз орналасқан және кейбір аспектілерде экономикасы ең дамыған мемлекет болып, сол замандағы 130 жылда орталықтанған бюрократиялық мемлекет құрды. Империялық сарай әкімшілік тәртібі басқару мәселесі жөніндегі кеңеспен ақылдаса отырып, конфуцийлік моральдық және саяси құндылықтар негізінде заңдар жасады. Он алты билеушіден құралған әулет тізбегінде ең мықты және ең нашар көсемдері болғанына қарамастан, орталықтан ең шалғай өңірлерге дейін құзырын жүргізген төрелер, императорлар тиімді не тиімсіз қызмет етсе де, жұмыстарын жалғастыра берді. Соған қарамастан, 1500 жылдан кейін Қытайда саяси қиындықтар басталды. Конфуцийлік лауазымды тұлғалар мен империялық әтектер (императорға оққағарлар және сарай әкімшілігі ретінде қызмет жасағандар) бір-біріне қарсы фракция құрып, өзара күресті. Жергілікті ақсүйектер салық төлемеудің жаңа жолдарын ойлап тауып, керісінше, ауыл шаруаларын салықты көп төлеуге мәжбүрледі. Кейінгі ғасырда Америка шахталарынан келген күміс экономикалық және қаржылық дағдарыс туғызды. (Біз бұл мәселеге 18-тарауда ораламыз). Кейінгі императорлар империялық басқыншылықтан бас тартып, ішкі еуразиялық шекараларын моңғолдар мен басқа да көшпелілерден қорғау үшін қорғану стратегиясына көшті. Үкімет Ұлы қорғанды Батыс Қытай бойына қарай ұзартты. Барлық көршілерін вассалдық бағыныштылықта ұстау саясаты қытай императорларына бұрыннан тән еді. Сол себепті Мин әулеті империяны әлемнің «Орта патшалығы» ретінде сипаттады. Ішкі Еуразиядағы, Кореядағы, Вьетнамдағы билік топтары Бейжіңге сый-құрмет көрсету үшін баратын. Бірақ бұл қарым-қатынастар Қытаймен және оның саясатымен өздері айналысқан жекелеген мемлекеттер арасындағы сауданы ынталандыру мақсатында жасалды.

Осман империясының жаппай жаулау соғыстары

Осман түрік сұлтандығы Анадолыда (қазіргі Түркия) 1200 жылдардың соңында құрылып, Испания мен оның Америкадағы иеліктерін есепке алмағанда, XVІ ғасырда ешбір мемлекет тең келмейтіндей ұлан-ғайыр жерді және теңіз аумағын жаулап алды. Осман сұлтандығының әскері 1453 жылы Константинопольді (қазіргі Стамбұл) басып алып, Византия империясын күйретіп, Афроеуразияның ірі империясына айналды (15-тарауды қараңыз). Босфор бұғазына шығатын бұл қала арқылы сұлтандар Жерорта теңізі мен Қара теңіз арасындағы аса құнды сауда флотын қадағалады. XVІ ғасыр басында империя Анадолының аграрлық далаларын және Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы Балқан түбегінің үлкен бөлігін алып жатты. Орталық билік шартты түрде империяның құлдары мәртебесіне ие кеңесшілер мен әкімшілік қызметкерлер иерархиясының басшысы – сұлтан болатын жүйе ретінде дамыды. Демек, сұлтан – билеуші элитаның жеке бас адалдығына арқа сүйей билік құрып, олардың кез келгенін тағайындап, орнынан босатты немесе өлім жазасына кесті. І Селим сұлтан (1512–1520 жылдары билік құрды) билікке келгенде жаңа ауқымды жерлерді жаулап алу үшін бай шаруашылық иеліктерін, коммерциялық ресурстарын біріктірді.

Осман әскері және мемлекеті. Сүнниттік мұсылман заңгерлері басқаратын сот жүйесінен басқа, Осман империясы үкіметінің барлық тармағы әскери сипатқа ие болды. Бұл басқару тетіктері империяның қорғанысын нығайтуға және шекарасын үнемі кеңейтуге қызмет етті. XVІ ғасырда Осман әскері үш негізгі бөліктен тұрды. Біріншісі: кавалерия полкі – түріктердің шекара жауынгерлері (ғазилер) немесе атты әскер, олардың офицерлері (сипахтар) шаруалар салығы есебінен қаржыланды. Екінші элемент: янычарлар – жаяу әскери құлдар корпусы. XVІ ғасырда янычарлар 37 мың болды және әскери дағдылары мен тәртібі бойынша дүниежүзіндегі кез келген құрлық әскерімен бәсекелесе алды (15-тарауды қараңыз). Осман империясының үшінші әскери күші әскери-теңіз флоты болды, ол Португалияның әскери кемелерімен қатар, Араб теңізіне жеткен Шығыс Жерорта теңізіндегі аса қуатты теңіз державалары – Венеция мен Генуяны ғасыр басында тығырыққа тіреді.

Топкапы сарайы. 400 жыл бойы Осман империясының әкімшілік орталығы болды. Сарай ғимараттары Босфордың – аса маңызды коммерциялық маңызы бар су жолының дәл жанында. Сарайдың қала ландшафтында орналасуына назар аударыңыз.

Сол кездегі басқа да монархиялар сияқты, Осман империясының сұлтандары Құдайдың рақымымен билік жүргізеді деп есептелді. Олардың құзыреті тек шариғат талаптарымен немесе мұсылман құқығымен шектеліп отырды. XV ғасыр аяғында Босфордың жоғарғы жағында орналасқан Топкапы сарайы империяның саяси орталығына айналды. Топкапыда үнемі ұлғайып отырған күрделі кешендер және сарайдың алдында бас-аяғы бес мың тұрғынға – сұлтанның отбасы мүшелеріне, мемлекеттік шенді тұлғаларға, жауынгерлер мен күңдерге және сансыз көп малайға арналған бөлмелер болды. Сұлтанның жоғары кеңесі (диуан) және уәзір дәрежесіндегі паша деп аталатын тұлға кеңес беріп, сұлтан түрлі мекемелерді сарайдан басқарды. Мемлекеттің, мәселен, Қытайдағы Мин империясымен салыстырғанда, аймақтардағы билігі шашыраңқы болды. Азаматтық шенді тұлғаларға жатпайтын жауынгер-сарбаздар жергілікті істермен айналысып, шаруалардан жинаған салықтың белгілі бір бекітілген бөлігін астанаға жөнелтіп отырды.

XVІ ғасырдағы басқыншылық соғыстар. Осман империясында анағұрлым жойқын соғыстар Селим мен оның мұрагері, «Ғаламат» деген атқа ие болған І Сүлейменнің (1520–1566 жылдары билік құрды) кезінде көбейді. Селим араб тілді халқы көп Сирия мен Мысыр жерлерін басып алып, Осман билігінің оңтүстік бөлігін кеңейтті. Шығыс­тағы Парсы Сефевидтер империясымен, негізінен, Ирактың қалалары мен ауыл шаруашылығы ресурс­тары үшін ұдайы соғысты. Осман әскері Мысырға 1517 жылы басып кіріп, екі жарым ғасыр бойы билік еткен сүннит мұсылман мәмлүктер әулетін күйретті. Осыдан көп ұзамай Осман жалауымен жүзіп жүрген түрік кемелері Тунис, Алжир және Жерорта теңізіндегі басқа да айлақтарды басып алып, Солтүстік Африка жағалауларын, Марокконы шалғайдағы батыс шекарасы ретінде бақылауға алды. Осман империясының Жер­орта теңізіндегі сәтті жорықтары Италияға үнемі басып кіру қаупі, Испания мен Венециядағы Габсбургтермен құрлық пен теңізде бірнеше онжылдыққа созылған басқыншылық пиғылы анық байқалды. Соғыстар толқыны Сүлеймен сұлтан билік құрған дәуірде қайталанып, өзгеріп отырды. 1580 жылы қарсыластар Жерорта теңізінде ешқайсысы да басымдыққа ие болмайтындай шартқа негіз болған, кеңейтілген теңіз келісімін жасады.

Еуропа майданында Осман империясының құрлық әскері 1504 жылы Румынияға басып кіріп, 1526 жылы Венгрия патшалығын бағындырды. Үш жылдан соң Сүлейменнің әскери күштері Дунай өзенінің алабымен жылжып, Габсбургтік Австрияның астанасы Венаны қоршап алды. Бұл басқыншылық Батыс Еуропаны дүрліктіргеніне қарамастан, ерте басталған қыс басқыншылардың кері шегінуіне себеп болды. Кейбір тарихшылар османдар мен Еуропа мемлекеттері арасындағы қақтығыстардың ұзаққа созылғанын алға тарта отырып, қарсылас топтар Жерорта теңізінен Үнді жағалауларына дейінгі кеңістікте соғыс жүргізуіне байланысты оны «XVІ ғасырдағы дүниежүзілік соғыс» деп атайды. Алайда мұсылмандар мен христиандар ғана соғысты деуге болмайды. Франция мен Германияның бірнеше тәуелсіз патшалығы Габсбургтердің ортақ жауы ретінде түріктер жағында шайқасты.

Деректерді САРАЛАУ

Еуропа елшісінің әскерлерді салыстыруы

1554 жылы Ожье Гислен де Бусбек (1522–1592) Габсбургтар немесе Қасиетті Рим империясының Осман сарайындағы елшісі ретінде Константинопольге (Стамбұлға) аттанды. Фландрияда туып-өсіп, Батыс Еуропа университеттерінде білім алған Бусбек осы маңызды миссияны атқарудан бірнеше ай бұрын ғана дипломатиялық қызметке қабылданған болатын. Константинопольде өткізген сегіз жылдың ішінде досы және қызметтесі дипломат Николай Михоға хат жолдап отырды. Осы хаттарды саяхатнамалар мен османдар өмірін сипаттаған әңгімелерге айналдырды. Бусбек әсіресе Қасиетті Рим империясы мен Түрік империясын салыстыруға қатты қызықты. Осман әскерлерінің Батыс Еуропа мемлекеттерін жеңу мүмкіндігінен қауіптенді, себебі олар анағұлым қатал әрі тәртіпке бағынған әскер болып көрінді. Бусбек Константинопольден кеткен соң Түркиядағы хаттарын жинақтап, 1589 жылы баспаға даярлады. Бұл мәліметтер – Осман мемлекеті туралы құнды дерек қоры.

Түрік билеушісі соғысқа қырық мыңнан аса түйе және соншама жүк артқан өгізді бірге ала жүреді, Парсыға басып кіргенде, олардың басым бөлігіне күріш пен басқа да дәнді-дақылдарды артатын. Осы өгіздер мен түйелер шатырлар мен сауыттарды, сонымен қатар соғыс науқанына арналған құралдар мен қару-жарақтарды тасымалдау үшін керек... Басқыншы әскер әуел бастан осы қорларын [азық қорлары] пайдаланбауға тырысты; себебі олар шайқастың аяқталарын жақсы түсініп, шегінер кезде сансыз әскері мен жүк артылған жануарларымен жаудың жері арқылы өтетінін білді… Содан сұлтан қорлары ашылып, талғажау етерліктей азық күн сайын янычарлар мен басқа да сарай әскерлеріне үлестіріледі. Әскердің басқа бөлігі өз қаржысына қор жинамаса, жағдай нашарлай түсетін. Әскердің басым бөлігі, әсіресе кавалерия соғысу тәжірибесінде мұндай қиындықтарды көріп, өмірге қажеттінің барлығын қосымша жүк – жылқыларына артып жүретін болған; нақты айтсақ, күн мен жаңбырдан қорғану үшін шатыр ретінде пайдаланған кенеп мата, киім-кешек пен төсек-орын жабдықтары; қиын жағдайда өмірін сақтап қалуға қажет, ең сапалы ұн салған бір немесе екі тері қапшық, май салған кіші құмыра және дәмдеуіштер мен тұз...

Бұдан түрік жауынгерінің шыдамдылығы мен жанкештілігі, сондай-ақ үнемшілдігі өте қиын жағдайларға түскеніне қарамастан, оны қоршаған қауіп-қатерден аман-есен шығуына мүмкіндік беретінін көресіз. Бұл біздің адамдарға мүлде ұқсамайды! Христиан жауынгерлері әдеттегі тамақтарын місе тұтпай, сайрауықтар мен беккафиктер [кішкентай құстар] және осы сияқты таңдаулы тамақтарды жеуге тырысады! Олар азық жетпеген жағдайда қарсылық айтып, айналасының әпер-тәперін шығарады; азық жеткізсе де жан-жағын қирата береді. Әрбір адам өз-өзіне дұшпан және сабырсыздықтан асқан жау жоқ... Әртүрлі жүйелер арасындағы күрестің нәтижесі қандай болуы керек екенін ойлау мені қатты алаңдатады; біріміз басымдықта болып, екіншіміз жойылуымыз керек, қандай жағдайда да екі тарап мамыражай өмір сүре алмаймыз. Олар сансыз байлық иесі, олардың империялары, мол ресурстары, қару-жарақ жасау мен қолданудағы тәжірибесі, білгені көп. Оларда көпті көрген жауынгерлері, үздіксіз жеңіс тәжірибесі, қиындыққа төзе алатын, тәртіп пен реттілікке бағынған қамқор әрі сақ әскері бар. Бізде бос қазына, әдемі әдеттер, сарқылған ресурстар, сынған рух, тәжірибесіз және тәртіпке бағынбайтын әскери сарбаздар, ашкөздіктен туатын жанжал, тәртіпсіздік өршіп тұр. Көп дүниеге рұқсат беру – тәртіпсіздікке әкеледі, еркектер маскүнемдікке салынып, басбұзарға айналып, ең жаманы: жауымыз – жеңіске, біз – жеңіліске үйрендік. Мұның ақыры неге апаратынын кім біледі?

Дереккөз: Charles Thornton Forster and F. H. Blackburne Danіell, The Lіfe and Letters of Ogіer Ghіselіn de Busbecq, vol. 1 (London: Kegan Paul, 1881), 219–222.

Сыни пайым

Бусбек Еуропа христиан әскерімен салыстырғанда, Осман әскерінің ерекшеліктері қандай деп есептейді? Ол түріктер қасиетті Рим империясына не себепті қауіп төндіреді деп санады? Бұл хатты оқыған еуропалықтар қандай ой түйеді? Бусбек Осман және Еуропа христиан әскері арасындағы айырмашылықтарды әсірелеп жіберуі мүмкін бе? Солай болса, әсірелеуге қандай көзқарастар немесе сезімдер итермелеуі мүмкін?

Үнемі кеңейе түскен Осман мемлекетінде XVІІ ғасыр соңында бірнеше этнолингвистік топқа жататын 22 миллион халық болды. Билеуші тап ерте кезде Ішкі Еуразия даласынан көшіп келіп, б.з. 1000 жылы Анадолыда билікке жеткен түркі тілдес халықтармен теңесуді мәртебе санады. Империя қанатын кеңге жайып, өсе беретіндіктен, басып алған араб, парсы, грек, армян, бірнеше славян және басқа да тілдерде сөйлейтін халықтар саны түркілерден асып кетті. Діни сипатын қарастырсақ, мұсылмандар империяның барлық халқының ішінде саны жағынан аздап артық еді. Шығыс Анадолы, Сирия, Мысыр, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы христиандар сұлтанның қол астындағы халықтың 30 пайыздан астамын құрады. Қалған 10 пайызын XVІ ғасырда еврейлер құраған еді. Әрине, сұлтандар 1492 жылы христиандық Испаниядан қуылған мыңдаған еврейді құшақ жая қарсы алды. Мемлекет христиан гректер және армяндарды, сондай-ақ еврей топтарын миллеттер немесе заңды түрде ұйымдасқан діни қауымдастықтар деп таныды. Олар сотқа жүгіну, мектепке бару және салық жинау сияқты жұмыстарды өздері атқарып, мәселелерін өздері шешті. Алайда христиандар мен еврейлер мұсылмандармен бірдей құқықтық және әлеуметтік теңдікке ие болмады. Олар үкімет пен әскерде қызмет ете алмады және мұсылмандарға салынбаған салықтың түрін (жиза) төледі.

Сауда империясы. Осман мемлекетінің ұлғаюына байланысты, Шығыс пен Батыс сауда жолдары Жер­орта теңізі мен Ішкі Еуразия және Үнді мұхиты арасында дамыды. XVІ ғасыр соңында Португалияның Араб теңізіндегі сауда озбырлығы аяқталған кезде, мұсылман теңіз саудагерлерінің көпшілігі қайтып оралып, осман қарулы күштерінің қорғауымен Қызыл теңіз бен Парсы шығанағы арқылы өтетін теңіз жолдарында тұмсық тіреді. Мұсылман, еврей және армян саудагерлері тауарларды империяның бір бөлігінен екіншісіне тасымалдаумен айналысты. Мысыр – күріш пен қантты экспорттаса, Сирия – дәнді дақылдар мен пісте жаңғақтарын жеткізді, Анадолы – жеміс қағы мен жібекті жөнелтті, ал Балқан – бидай, ағаш және шарап сатты. Италия және басқа еуропалық жүк жөнелтушілерді тоқыма, кілем және басқа да өнімдерді сатып алу мақсатымен Осман империясы айлақтарына көптеп келуі үшін мемлекет 1536 жылы Франциямен келісімшарт жасап, оларға арнайы сауда артықшылықтарын ұсынды. Осындай капитуляцияның6 есебінен Еуропа саудагерлері артықшылыққа ие болып, Осман империясының салықтарынан босады, олар азаматтық немесе қылмыстық істерге ұрынған жағдайда, бұрынғыдай мұсылман соттары қарамай, өз елшіліктерінің соттарына жүгінуге құқығы болды.

Капитуляция (capіtulatіons) – бір мемлекеттің басқа мемлекет субъектілеріне немесе азаматтарына өз шекарасы аясында ерекше артықшылық берген халықаралық келісім.

Сефевидтердің Парсы империясы

Бір жарым ғасырға созылған саяси бытыраң­қылықтан кейін, XVІ ғасыр басында Иран үстіртінде шоғырланған Парсы жерін біріктіру үшін жаңа саяси күш пайда болды. Осман империясының билеуші элитасы сияқты, Сефевидтер әулеті де шығу тегін X–XІ ғасырларда Оңтүстік-Батыс Азияға келген түркі садақшы шабандоздарымен байланыстырды. Сефевидтердің бірінші патшасы Исмаил саяси мансабын жеті жасында, XV ғасыр аяғында, қазіргі Әзербайжан мен Иранның солтүстік-батысындағы таулы өлкеде орналасқан түркітілдес әскери мемлекет басшысы ретінде бастады. Сонымен қатар ол сефевидтік саяси қозғалысқа атын берген мұсылман сопы қауымдастығын басқарды. Жекелеген рухани ағартуға арналған бұл мистикалық бауырластық Кавказ тауларының оңтүстігіндегі шалғай аңғарларда тұратын көшпелі түркі топтарын тартты.

Сефевидтер мемлекеті және шииттік исламның үстемдігі. 1501 жылдан Исмаил әскері Иран мен Иракта үстемдік еткен шағын түркі мемлекеттерін бірінен соң бірін жеңіп шықты. Исмаилдың жауынгерлері сопылық қызыл бас киімінің арқасында қызылбастар деп аталды. 1508 жылы Тигр-Евфрат өзендерімен төмен жылжып, 1508 жылы жауынгерлік топтар Бағдатты және Парсы елінің сауда және өндірістік қалаларының көпшілігін қысқа мерзімде басып алды.

Исмаил шах және қызылбастар. Бұл миниатюралық сурет Сефевидтер билеушісін және оның қызыл бас киімдерімен ерекшеленген арнайы жасағын бейнелейді. Бұл суретті бөлімнің бас парағындағы суретпен салыстыр. Сефевидтер мен Осман империясы арасындағы соғыс әрекеттерінің бейнелі көріністері арасында қандай айырмашылық бар?

Исмаил XV ғасырда Оңтүстік-Батыс Азияда жауынгерлік сипатқа ие болған исламдық сенім мен тәжірибенің бір қанаты – шиизмге адалдығын жариялады. Көп мұсылманның сенімі – сүнниттік исламда жоғары рухани билік мұсылман қауымдастығына тиесілі екенін растады. VІІ ғасырдан бері Мұхаммед пайғамбардың орнына билікке келген халифтар қоғамның қалауын орындап, қорғауға міндетті болды. Шииттер, керісінше, билік төртінші халиф және пайғамбардың әулиесі болған Әлидің ұрпақтарына сүйенеді деп жариялады. Әлидің имамдар деп аталған ізбасарлары, шииттердің айтуы бойынша, барлық мұсылмандардың заңды басшылары болды. Әлидің мұрагері қатарында 12-ші имамды насихаттайтын шииттердің ерекше нұсқасын Исмаил жария ете бастады. Шииттердің пікіріне сүйенсек, бұл имам оккульттік немесе жасырын күйге түсіп, бір күні Құдайдың пәрменімен әлемді билеуге қайта оралады. Жасырын имамның жердегі өкілі ретінде Исмаил мен оның жауынгерлері қол астындағы сүннит халыққа шииттік доктриналарды күштеп енгізуге тырысты. Ирак пен Сирияның шиит ғалымдары мен теологтары жаңа діни элита құрды. Бірте-бірте шиизм қарулы қысыммен немесе дінді өз бетімен қабылдау арқылы Иранның негізгі дініне айналағанына қарамастан, сүнниттер мен шииттердің ілімдері мен діни рәсімдері негізінен бірдей еді. Сефевидтер мемлекетінің Оңтүстік Ирак өңіріндегі араб тілді халықтың көпшілігі шиизмге бет бұрды. Сол себепті Иран мен Ирак, негізінен, қазіргі күндегі діни сипатына сол кезде ие болды.

Исфахандағы Имам мешіті, Иран. Аббас шах жаңа астанасы – Исфаханды қайта қалпына келтірудің бір қадамы ретінде XVІІ ғасыр басында осы мешітті салуға тапсырыс берді. Қабырғалары мен күмбездері Құран сүрелерімен әдіптелген және жүздеген мың жылтыр, гүлді тақтайшамен безендірілген. Ою-өрнектің бұл түрі парсы сәулет өнерінің ерекше көрінісі. Қандай архитектуралық элементтер бұл ғимараттың мұсылман билеушісінің күші мен ұлылығын көрсетуге арналғанын бейнелейді?

Аббас шахтың билігі. 1524 жылы Исмаил қайтыс болғаннан кейін, ежелгі парсы патшалығының «шах» атағын иеленген оның ертедегі ізбасарларына мемлекет тұтастығын сақтап қалу қиынға соқты. Ол бұқара халықтан салық жинап отыруға құқығы бар қызылбас атты әскер сарбаздары мен Иран және Ирактың орталық үкіметін басқарып, шиизмді мемлекеттік дін ретінде қолданған қалалық, білімді отбасылар ықпалы арасындағы тепе-теңдікті ұстау арқылы аман қалды.

Сефевидтер империясы ерекше дарынды билеуші Аббас шахтың тұсында дамуының шарықтау шегіне жетті. Ол 1587 жылы таққа отырып, қырық үш жыл бойы (1587–1629) билік құрды. Ол тайпа қолбасшыларының күш-қуатын тексеріп, тұрақты кәсіби әскер жасақтады. Әскери күш қатарында ағылшын жалдамалылары басқаратын, шамамен отыз жеті мың адамнан тұратын артиллерия тобы мен мушкет бөлімшелері болды. Кавказ тауларында Грузия мен Арменияның христиан патшалықтарына қарсы соғыстарда тұтқындалған мықты ер-азаматтар элиталық әскери бөлімдерде қызмет ету үшін жаттықты. Осман империясындағы янычарлар сияқты, бұл сарбаздар шахтың әскери құлдары деген ресми мәртебеге ие болды. Шахтың қара оқ-дәрімен қаруланған әскері Осман империясын Иракта, Үндістанның Моғол (MOO-guhl) империясын Ауғанстанда жеңіп, даңққа бөленді. Сефевидтерде әскери-теңіз флоты болмады, бірақ 1622 жылы Аббастың достық қарым-қатынастағы серіктестері ағылшын саудагерлері жеткізген әскери кемелер көмегімен Парсы шығанағындағы португалдарды Ормуздағы бекіністен қуып жіберді.

Парсы империясының ресурстары Осман империясына қарағанда шектеулі болатын. Иран аумағының 70 пайыздан астамы шөлейтті аймақ болды да, шаруашылықтың басым бөлігін үздіксіз суғару қажет еді. Соған қарамастан, Аббас шах су қорын, басқаруды қаржыландыру, трансиран жолын және жол жүйесін жетілдіру, жібек тоқыма және кілем экспорттауды қолдау, сондай-ақ Еуропа көпестерімен сауда-саттық жасау арқылы экономиканы нығайтты. Құрлықтағы тасымалды арттыру үшін ол армян христиан саудагерлерін арнайы өкіл ретінде пайдаланды. Олар Ресейдегі Еділ өзенін Еуропамен және Оңтүстік-Батыс Азиямен байланыстыратын сауда желісін пайдаланды. Астана – Исфахан үлкен орталық алаң айналасында пайда болды. Мұнда үлкен күмбезді мешіттер сәулеті артып, жабық базарлар ұлғая түсті де, 400 мыңға жуық халықтың мекеніне айналды. Үкімет армяндар мен римдік-католиктік діншілдерінің Исфаханда шіркеу салуына қарсы болмады. Осман империясына, яғни тұрақты қарсыласына қарсы тұру үшін христиан билік өкілдерімен достық қарым-қатынасты нығайтуы керек еді.

Оңтүстік Азиядағы Моғол билігі

Парсы мемлекеті сияқты, Оңтүстік Азия да XVІ ға­сырдағы жаңа және басқыншылық сипаттағы әулеттің қол астында ұзақ уақыт саяси бытыраңқы күй кешті. XІІІ ғасырдан XVІ ғасырдың басына дейін Солтүстік Үндістан өзендерінің аңғарындағы, негізінен, үнді шаруалары мен қала тұрғындары мекендеген аймақты мұсылман әулеттері биледі. Бұл режимдер кейде жергілікті үнді патшалықтарымен соғысып, кейде одақтасты. Алайда 1526 жылы Ауғанстандағы кішігірім мемлекет басшысы – Бабыр Солтүстік Үндістанға шабуыл жасап, оның негізгі бөлігін дәстүрлі атты садақшылар мен оқ-дәрісі бар зеңбіректерді қолдану арқылы басып алды. Парсы өнері мен поэзиясына құмар Бабыр (1526–1530 жылдары билік құрды) моңғол сөзін бұрмалаудан шыққан, моғол деген атпен танымал әулеттің негізін қалады. Осман және Сефевидтер империяларындағы сияқты, билеуші әскери элита Ішкі Еуразияның жауынгерлік ұрпағынан шыққанын мақтан тұтты.

Ұлы Акбардың билігі. Бабыр төрт жыл ғана билік құрды, ал оның ұлы Хумаюн 1556 жылы қайтыс болғанға дейін Үндістанның солтүстігінде мықты билік орната алмады. Бабырдың немересі Акбар (1556–1605 жылдары билік құрды) Моғол мемлекетін күшейтіп, оны қуатты аймақтық империяға айналдырды. Ол әкімшілік басқарудың және салықтың күрделі жүйесін құрып, жарты ғасырлық билігі кезінде әскерлерін түрлі тараптарға: оңтүстікке – субконтиненттің орталық үстіртіне (Декан), солтүстікке – Гималайдағы Кашмирге, оңтүстік-батысқа – мата өндірісімен айналысатын Гуджаратқа, шығысқа – күрішке бай Ганг өзенінің алқабы Бенгалияға жөнелтті. Ол теңіз флотына ешқандай қаржы салмағанына қарамастан, Оңтүстік Азиядағы матаны және басқа да тауарларды дүниежүзіне кеңінен экспорттауда Үнді мұхитының саудагерлеріне, соның ішінде Португалия мен басқа еуропалықтарға сүйенді.

Акбар замандас билеушілер сияқты дүниенің төрт тарабына өктемдік жасауға ұмтылды: көрші мемлекеттермен соғысты, олардың қазыналарын тонады, тұрғындарына салық салды, қоғамдық тәртіпті қадағалады және құдіретті империялық билікті орнатты. Мақсатына жету үшін империялық қолбасшылардан немесе әмірлерден құралған, отыз үш деңгейден тұратын шенділердің жоғары деңгейін ұйымдастырды. Мұсылмандар мен үнділерден шыққан сарбаздар кавалериялық әскерлерді басқарды, олардың деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын империя аумағын қорғап, кеңейту үшін атты әскері де соншалықты көп болуға тиіс еді. Мемлекет оларға жалақы төледі немесе шаруашылық жерінен табыс алуға құқық берді. Осылайша Акбар қызметтегі ақсүйектер7 тобын құрды. Бұл – империялық табыс пен артықшылықтарға ие, бірақ жер иеленуші ақсүйектер қатарына жатпайтын басқарушы топ еді. Олар мүлкін мұраға қалдыра алмады және тәуелсіз билік құруға құқығы болмады. Акбар ауылшаруа­шылық жерлерінің құндылығын анықтау мақсатында зерттеу жүргізу үшін уәкілдерді тағайындау арқылы орталық билікті нығайтты. Осы негізде үнді және мұсылман шаруа­ларынан салық жинау үшін сол халықтың саны мен жай-жапсарын анық білетін жергілікті шенділер, жер иеленушілер немесе қарапайым кәсіпкерлерді бір орталыққа жинақтады. Бұл делдалдар табыстың белгілі бір бөлігін мемлекетке тапсырды. Өздері жергілікті тәртіпті сақтау және шаруашылықтарын дөңгелету мүмкіндігіне ие болды.

Акбар Моғол әулетінің билігін әмірші тұлғасына шексіз адалдық пен қызмет етуге негіздеді. Осы бағытта ол және оның мұрагерлері үнемі биліктің қуатты сипатын көрсетуді, соның ішінде күрделі сарай рәсімдері мен мол сыйлықтарды талап етті. Акбар өзін падиша, немесе патшалардың патшасы деп атады. Бұл ежелгі парсы мен үнді билеушілерінің жартылай құдай бейнесін еске түсіреді. 1580 жылдары император сарайында тұрған католик миссионері Антонио Монсеррат Акбар сарбаздарының бағыныштылығын былай сипаттады:

«Оның сарайында әртүрлі тұлғалар жүретін, олардың дені ақсүйектер, олар патша бұйрығымен аймақтардан келіп, сарайда әр жылы белгілі уақыт аралығында қызмет ету үшін шақыртылады. Акбар сарайдан шыққанда соңынан ерген ақсүйектермен және оққағарлардың қоршауында жүреді. Басын изеп рұқсат берген кезде ғана жаяу жүруге міндеттілерге атқа мінуге рұқсат беріледі. Мұның бәрі патша сарайының керемет ұлылығын және құдіретін көрсетеді»2.

Бадам жинастыру. «Бабырнама», моғол билеушісі Бабырдың естеліктері, ол қайтыс болғаннан кейін шықты да, суретті басылымға айналды. Шаруалар жаңғақтарды жинап, қаптарды жануарларға артып, ал жақсы киінген еркек жемісті таразыға тартып отыр. Билеуші естеліктерінде ауылшаруашылық қызметін неге бейнеледі деп ойлайсыз?

Сол замандағы билеушілер арасында Акбар дінге қатысты ерекше либералды көзқарастарды қолдады. Ол таққа мұсылман ретінде келгеніне қарамастан, ортодоксалды діни қызметкерлердің ойынан шықпай, суфизмге немесе барлық сенімдердің рухани негізі бар дейтін мистикалық қауымдастыққа негізделген дінді жария етті. Акбар мораль және доктринаға қатысты мәселелерді талқылау үшін мұсылман теологтарын, сопыларды, үнді данагөйлерін шақырды және тіпті римдік-католиктік дін қызметкерлеріне де назар аударды. Нанак (1469–1539) негізін қалаған Құдайды сүю – пацифизм және қатаң тәртіп арқылы индуизм мен исламды татуластыруға уағыздайтын жаңа үнді діні – сикхизмге жылы шырай танытты. Ол Амритсар қаласында алтын храм салу үшін сикхтерге жер берді. Бұл жер – бүгінгі күні сикх дінінің бүкіләлемдік штабы. Сондай-ақ үнділер төлеуге мәжбүр болған бірқатар салықтарды алып тастап, жаңа ғибадатханалар салуға рұқсат берді. Акбардың діни қозғалысы онымен бірге өлді, алайда оның саяси қуат пен мәдени толеранттылықты шығармашылықпен ұштастыруы бір ғасырдан аса уақыт бойы Үндістандағы әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етті.

Акбардың билігі Оңтүстік Азияда демографиялық және экономикалық өсіммен тұспа-тұс келді. Халқы 100 миллионға жетіп, Агра, Биджапур және Ахмедабад дүниежүзіндегі ең ірі қалаларға айналды. Субконтинент астық, мақта, жібек, бұрыш, қант, индиго және асыл тастар мен ағаш материалдары сияқты ресурстарға өте бай болды. Ғасырлар бойы үнді жіп иірушілері мен тігіншілері дүниежүзінде мақта-мата өндірісінде жетекші орынға ие болды. Еуропа теңізшілері мұхит жолдарын ашқан соң, дүниежүзінде үнді мақта өнімдеріне сұраныс өсті. Акбар қол астындағыларға мыс, күміс немесе алтын монеталармен салық төлеуді міндеттеп, бұл саясат ауыл фермерлерін коммерциялық нарыққа итермеледі. Төменгі Гангтің тропиктік аудандарындағы Бенгалияның экономикасы ерекше қарқынды дамыды. Моғол әскері Бенгалияны жаулап алып, Үндістанның басқа бөлігінен шаруаларды, әсіресе мұсылмандарды ормандарды тазартуға, батпақтарды ағызуға, Ганг сағасын шексіз күріш плантациясына айналдыру үшін осында көшіп келуге жағдай жасады.

Акбардың ізбасарлары. Акбардың ақылы асқан, ерік-жігері мықты үш мұрагері болды: Жаһангер (1605–1627 жылдары билік құрды), Жаһан шах (1628–1658 жылдары билік құрды) және Аурангзеб (1658–1707 жылдары билік құрды). Бұл патшалар Акбардың әкімшілік жүйесін сақтап, империяның аумағын кеңейтті. Акбардың ұлдарының бірі – Жаһангер әкесінің жетістіктерін үстей түскеніне қарамастан, оның ирантекті әйелі Нұр Жаһан мемлекеттік істерге араласты, парсы стилін империялық өнер мен қолөнерде уағыздап, уақытша де-факто басқарушы ретінде де әрекет етті. Жаһангердің ұлы Жаһан шах өркениетті өнер мен жазу модельдерінің үлгісі ретінде мұсылман парсы мемлекетін басшылыққа алып, Тәж-Махал деп аталатын таңғажайып ғимарат салғызды.

Аурангзеб – Ұлы Моғолдардың соңғысы ретінде бүкіл орталық үстіртте қан майданға шығып, әскерін қиырдағы Оңтүстік Үндістанға жіберді. Алайда оның науқандары 26 жылға созылған аса қымбат, қантөгіс соғысқа айналды. Кірістерді сақтап қалу үшін ауыл тұрғындарына салатын салықтарды одан сайын күшейтті. Бұл қадам шаруалар көтерілістері мен қарақшылыққа әкеп соқтырды. Акбардың дін саясатынан мүлде басқа бағытты ұстанған ол ортодоксалды мұсылмандарды билік басына әкеліп, үнділерді мемлекеттік қызметтен аластатып, олардың ғибадатханаларын қиратып, аман қалу үшін қолдарына қару алуға мәжбүр болған пацифист сикхтармен соғысты. Оның дінге деген тар шеңбердегі көзқарасы империя ішінде әлеуметтік және мәдени байланыстарды әлсіретті. Аурангзеб қайтыс болғаннан кейін империя қысқа уақыттың ішінде дағдарысқа түсіп, жаңа биліктің жергілікті жерге тамырларын жаюға жол ашты. 18-тарауда бұл жаңа билік топтары ағылшын Ост-Инд компаниясының қарулы саудагерлері болғанын айтамыз.

Қызметтегі ақсүйектер (servіce nobіlіty) – дәрежесі жоғары басқарушы топ, бұл топ мүшелеріне мүлік, мәртебе мен табыс мұраға қалмады, сондықтан мемлекетке толық тәуелді болды.

Ресей: князьдіктен империяға дейін

Ресей көпұлтты империялардың қатарына XVІ ғасыр аяғында қосылды. Бұл мемлекет Моғол немесе Миндік Қытай мемлекеттеріне қарағанда халқы әлдеқайда шағын болғанына қарамастан, өте аз уақытта үлкен аумаққа ұлғайып, 1800 жылға қарай дүниежүзіндегі шаршы милі ең үлкен монархияға айналды. Ресей XV ғасыр ортасында Мәскеу қаласында шоғырланған шағын Московия мемлекеті ретінде пайда болғанын ескерсек, бұл таңғажайып құбылыс еді.

Әулие Василий шіркеуі, Мәскеу. Қаһарлы Иван осы православ кафедралын Еділ бойындағы әскери жеңістерден соң салуға тапсырыс берген. Мәскеуде Қызыл алаңда орналасқан ғимарат, византиялық аркалар, Солтүстік Ресей шіркеулері мен Азия мұнараларының бейнесін еске түсіреді. Ішкі Азияны басып алған соң патша Мәскеудің орталығында неліктен алып шіркеу салдыруы мүмкін?

Московияның ұлғаюы. Моңғол басқыншылары орыс жерлерін 1240 жылдары бағындырды, екі ғасырдан соң олардың билігі әлсіреген кезде Мәскеу князьдері ІІІ Иван (1462–1505 жылдары билік құрды) мен оның ұлы ІІІ Василий (1505–1533 жылдары билік құрды) біртіндеп жергілікті бәсекелес билеушілерді жеңді. Жаулап алудың нәтижесінде бидай егістіктерін және орман алқаптарын, сонымен қатар маңызды сауда қалаларын, соның ішінде Новгородтың солтүстік сауда жүйесін иеленді. Ертедегі орыс билеушілері немесе патшалары (орысша – царь, «Цезарь» сөзінен шыққан) орыс православ шіркеуімен тығыз байланыс орнатып, өздерін Құдайдың жердегі өкілі және христиан ақиқатының қамқоршысы деп жариялады. Олар билігін боярлар деп аталатын жер иеленуші орыс аристократтары арқылы жүргізді. Патшаға шексіз адал бұл топ шаруашылықтардан түскен табыстарға ие талантты әскери және азаматтық офицерлер тобынан құралған жаңа басқарушы тап өкілдерін құрды. Үндістандағы Моғол империясындағыдай, Ресей билеушілері де бояр отбасылары мен қатар теңгерме күш ретінде жеке мүлкі жоқ, ақсүйектер тобына жатпайтын қызметтік ақсүйектер тобын құруға талпынды.

ІV Иван елу екі жыл (1533–1584) билік құрып, алдындағы билеушілер негізін салып кеткен орталықтандыру саясатын қатал ұстанып, «Қаһарлы Иван» деген атқа ие болды. Ол жаңа министрліктер жасақтады, сонымен бірге патшаның арнайы күштерін құрды, олар басынан аяғына дейін қара киімге оранып, жер жүзін сатқындықтан тазартатын миссиясының белгісі ретінде сыпыртқы ұстап жүрді. 1550 жылы ол атқыштар деп аталған арнайы жеке әскери кәсіби күштерін құрды. Бұл сарбаздар Осман империясындағы янычарларға ұқсас болғанына қарамастан, әскери құлдар емес, еркін адамдар еді. Орыс ақсүйектеріне күмәнмен қараған Иван кейде ақсүйек отбасыларды қорқытып, жерлерін тартып алып отырды.

Еуразиялық Ресей империясы. 1552–1556 жылдар аралығында ІV Иванның әскері Еділ өзенінің орта және төменгі алқабын аймақтық мұсылман билеушілерінен тартып алды. Бұл жеңістердің маңызы зор болды. Біріншіден, олар Ресейге Балтық теңізін Оңтүстік-Батыс Азия мен Үндістанмен байланыстыратын стратегиялық маңызы бар Солтүстік–Оңтүстік сауда жолын бақылауға алуға мүмкіндік берді. Екіншіден, Ресей билігі Қара теңізге және Осман империясының саяси аумағына жақындады. 1500 жылдың соңында екі империя дипломатиялық және коммерциялық қарым-қатынаста болғанына қарамастан, ширыққан қатынастар кейінгі ғасыр­ларда соғысқа алып келді. Патша атты әскері 1580 жылдары Батыс Сібірге ену үшін Орал тауларынан асты. Казактар деген атпен белгілі атты әскер жауынгерлерінің шығу тегі әртүрлі: көбі бұрынғы мұсылман малшылары, басқалары жерсіз славян шаруалары еді. Олар күнкөріс үшін тері сатып, сібір ауылдарын тонап, сонымен қатар қола, ағаш және бидай секілді шексіз ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік берген жаулап алу соғыстарын басқарды.

Сібірді жаулап алушы Ермак Тимофеевич. Бұл литографияда XVІ ғасыр аяғында орыстардың Сібірді жаулап алуы жолындағы басты шайқастарда атаман болған казак көшбасшысы бейнеленген. Суретті 300 жылдан соң салған. Ол аймақтарды, уақыт кеңістігіндегі әскери символдар мен бейнелерді біріктіреді. XІX ғасыр суретшісі XVІ ғасырдағы сарбазды рим жауынгері сауытында бейнелеген. Литографиядағы қандай элементтер түрлі аймақтарға және дәуірлерге тән?

Батыста патшалар Еуропаның католиктік әлеуетті мемлекеттерімен саяси және мәдени байланыстар орнатуға талпыныстар жасады. XV ғасырда орыс көпестері, уәкілдері және ғалымдары Германия, Италия, Франция мен Англияға үнемі барып тұрды. Алайда батыс көршілермен қарым-қатынастардың барлығы жақсы бола қойған жоқ. 1558 жылдан ІV Иван Швеция және Польша–Литва мемлекеттерімен Балтық жағалауы үшін ұзақ жылдарға созылған соғысқа араласты. Батыстағы суы жылы айлаққа ие болуды қалағанымен, ширек ғасырға созылған соғыста оны ала алмады.

Иванның бұл соғысы салық төлеп, аристократтық басшылардың табысын қамтамасыз етіп отырған Ресей және басқа да славян шаруаларына ауыр салмақ болды. Олардың тағдырын қайталамас үшін, шаруалар халық сирек орналасқан Украина мен Батыс Сібір жеріне қашты. Жаппай қашып кетудің алдын алу және Ресей бидайына ұлғая түскен Еуропаның сұраныс­ын қанағаттандыру үшін, империялық үкімет жалға алушыларға жаңа шектеулер қойып, ерікті, салық төлейтін шаруаларды басыбайлы шаруаларға айналдырды. Бұл мәртебе оларды белгілі бір үйде өмір сүруге және қожайынына ақы төлеуге міндеттеді. Ең қызығы, Ресейде кең қолданылған басыбайлық құқық дәл сол уақытта Еуропада жойылған еді.

Иванның қуғын-сүргін саясаты және үздіксіз соғыстары ол қайтыс болғаннан кейін «аласапыран заманға» (tіme of troubles) ұласты. 1598–1613 жылдар аралығында азамат соғысы, аштық, шаруалар көтерілісі және поляк, швед басқыншыларының басып кіруі орталық билікті әлсіретті. Ресей ақсүйектері Михаил Романовты (1613–1645 жылдары билік құрды) патша етіп сайлаған кезде мемлекетте тұрақтылық басталды. Романовтар әулеті Ішкі Еуразияны жаулап алуды бастап, империяны үш жүз жылдан аса уақыт басқарды.

Жапония және Токугава

Салыстыра қарасақ, Афроеуразияның шағын мемлекеттері ішінде Жапония 1500 жылдың соңына қарай саяси тұтастық пен орталықтанған мемлекеттілігімен ерекшеленді. Алдыңғы екі жарым ғасырда жапон аралдар тізбегі саяси түрде даймё (daіmyo) деп аталатын, өзін-өзі басқаратын аумақтарға бөлінді. Жалдамалы рыцарьлар немесе самурайлар қолдауымен даймёлар Жапонияның ақсүйек билеуші тобын құрады. Киото қаласын мекендеген император тек ғұрыптық-рәсімдік қызмет атқарды. Ол шын мәнінде императордың өкілі ретінде Жапонияны басқарған сёгунды немесе «Ұлы генералды» тағайындады. Бірақ бұл қызметті атқарған ақсүйек отбасы – Асикага сёгундары тұсында (1336–1573) жергілікті даймёлар елді дербес басқарды. 1543 жылы португалдар Жапония­ға атыс қаруын таныстырып, жергілікті қару жасаушылар оларды жасап үйренгеннен кейін, ең мықты даймёлар арасында соғыс үдей түсті.

Алайда 1550 жылы үлкен Хонсю аралынан жергілікті әскери қолбасшы Ода Нобунага (1534–1582) ұзын найзалар мен мушкеттерді ұтымды пайдаланып, бірнеше қарсылас топты жеңді. Ода Нобунага өлген соң да, оның күштері Хонсюдің басым бөлігін басқарып отырды. Генерал Тойотоми Хидэёши (1536–1598) Нобунагаға қызмет етіп, мансабын жасап, 300 мың жауынгері бар әскер жинап, бірнеше жылдан соң архипелагтағы төрт ірі аралдың үшеуінде әскери басшыға айналды. Отанында жеңіске жеткен ол 1592 жылы Кореяға теңіз арқылы соғысқа аттанып, «Тіпті Қытайды уысымда ұстап, өмір бойы басқарамын»3, – деп те мақтанды. Кореяға шабуыл жасаған ол қатты қателесті. Берік бөренелерден жасалған кемелері және артиллериясы бар корей әскери-теңіз флоты жапондардың әскери шебіне Корея бұғазында күйрете соққы берді. Алты жылға созылған үздіксіз соғыстан соң, корейлердің Чосон әулетімен жақсы қарым-қатынастағы Қытай үкіметі әскер жіберіп, басқыншыларды қуып шығуға көмектесті. Хидэёши билігі мен күшінен айырылып, қайтыс болды.

Токугава Иэясу. Бірінші сёгун суретте жауынгер емес, билеуші ретінде бейнеленген. Токугава үш шоқты жапырақтар шеңбер бойымен орналасқан, отбасылық герб бейнеленген шымылдық ішіндегі ресми тақта отыр. Жібекпен қапталған орама қағаз сёгундардың Жапониядағы саяси күшті орталықтандыруының заңды символдық мәнін қалай көрсетеді?

Осыған қарамастан, Хидэёшидің одақтасы болған Токугава Иэясу (1603–1616 жылдары билік құрды) мемлекетті біріктіре алды. Ол сёгун (императордың қолдауына ие болып, заңды билікке қол жеткізді) титулын иеленіп, Токугава (TOH-koo-GAH-wah) сёгунатының ұзақ билеу дәуірін бастады (1603–1867). Афроеуразияның басқа да орталықтанған күштері сияқты, бұл жаңа жүйе жергілікті ақсүйектер мен аймақтардағы қала билеушілерінің билігін әлсірету үшін қуатты әскер және тұрақты табыс қажет етті. Иэясу салық төлейтін жер иеленушілерге қару ұстауға тыйым салды, самурайларға тиесілі қамалдарды қиратты, екі жүз елуге жуық өңір даймёларына орталық қазынаға қаржы салуды тапсырды. Ақсүйектерді бақылауда ұстау үшін сёгундар оларды Эдо (қазіргі Токио) астанасында жыл сайын кезекпен тұруды міндеттеді. Алайда Токугава провинцияларды дәл Миндік Қытай империясындағыдай, шенділер арқылы басқаруға тырысқан жоқ. Ол жергілікті әкімшілікті басқарып, шағын әскерді ұстауға мүмкіндік беретін даймёмен прагматикалық келісім жасасты. Орталық пен провинциялық биліктің осылайша бөлінуі сёгунат пен даймёға миллиондаған жер өңдеушілермен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Бұл бейбітшілікті сақтап, байлықты арттырды. Қарапайым адамдарға биліктегілер қатал қарады. Екінші жағынан, XVІІ ғасырда Жапония саяси тұрақтанып, бұл тұрақтылық бірнеше жүз жылға жалғасты.

Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қуатты монархиялар

Үндіқытайда (құрлықтағы Оңтүстік-Шығыс Азия) Қытайдан оңтүстікке қарай орналасқан күріш өсірген тропиктік аймақтарда, XV ғасыр соңына қарай саяси шоғырлану үрдісі басталды. Үш патшалық – Бирма (Мьянма), Тайланд және Вьетнам – 1600 жылы, шамамен 10 миллион халқы бар Үндіқытайдың басым бөлігін бақылауға алды (17.2-картаны қараңыз). Бұл үш буддалық монархия басқа афроеуразиялық монархиялар қолданған мемлекетті нығайтудың кейбір әдістерін ұстана отырып, кішігірім елдер мен таудағы тайпаларды басып алып, ассимиляциялады. Олар атыс қаруын сатып алып, әскери міндетті тәртіпті енгізді, халықтың табысын көптеп жинау үшін жаңа басқару стратегияларын қабылдады. Билік XVІ ғасырда шетелдік кеңесшілер мен жалдамалы қызметкерлерді, негізінен, еуропалықтарды, сонымен қатар жапондарды да жалдады. Үш патшалық аймақтың ұлы өзен алқаптарында шоғырланған күріш шаруашылығы байлығын орталықтандыру ісін қаржыландырып отырды.

17.2-КАРТА. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі мемлекеттер. XVІ ғасыр

Жаңа заманға дейінгі дәуірде Қытай мен оның конфуцийлік құндылықтарының Вьетнамға тигізген мәдени ықпалы зор болды. Оңтүстік Азияның индуистік және буддистік дәстүрлері Бирма, Тайланд және Камбоджаға салыстырмалы әсер етті. Бұл айырмашылықты қандай географиялық факторлар түсіндіре алады?

Бирма 1500 жылдан соң Иравади өзені аңғарының жоғарғы және төменгі ағысындағы көршілерін бағындырып, орталықтандыруды бастады. Вьетнам Оңтүстік Қытай теңізінің жағалауы бойымен түстікке қарай Қызыл өзен алабында шекарасын кеңейтті. XVІ ғасыр соңында, екі ақсүйек әулеті, бірі – солтүстікте, екіншісі – оңтүстікте, Вьетнамды екі автономды саяси орталыққа бөлді, алайда бұл билеушілер саяси күші жоқ императорға адалдығын сақтап қалды. Тайланд та үлкен саяси жетістіктерге қол жеткізді. XV ғасыр соңында қуатты патша Трайлок (1448–1488 жылдары билік құрды) Камбоджаны және Меконг өзені алқабын бағындырып, патша заңдарын жүйеге келтіріп, ақсүйектердің тәуелсіз бекіністерін салық төлеуге мәжбүрледі. XVІ ғасыр соңындағы Бирмамен аса ауыр соғыстардан кейін Тайланд қуатты мемлекетке айналды.

Еуропа мемлекеттері

XV ғасырда Ресейдің батысындағы тәуелсіз патшалықтар, князьдіктер, қала-мемлекеттер мен тау тайпаларының көсемдері аласапыран заманда өмір сүріп жатты. XVІ ғасырдың соңына қарай бірнеше аймақтық держава әлсіз монархтар мен ханзадалар есебінен билігін кеңейтті. Бұл орталықтандыру үдерісі Еуропа халық санының өсуі, өндіріс пен сауданың дамуы аясында жүзеге асты. Ауыл шаруашылығы және қаржылық байлық ықпалды мемлекеттерге әскер жасақтауға және әкімшілік бюрократия құруға мүмкіндік берді.

Ауқымды және шағын мемлекеттер. Мемлекеттерді біріктірудің сәтті тәжірибелері Еуропаның батыс және шығыс бөліктерінде қатаң жағдайларда жүзеге асты (17.3-картаны қараңыз). Батыста Франция, Англия, Португалия, Испания және 1600 жылдан кейін Нидерланд ірі әрі орталықтанған мемлекеттерге айналғанына қарамастан, олардың билеушілері бай ақсүйек отбасыларымен және басқа да жергілікті билік топтарымен келіссөз жүргізіп, ымыраға келіп отырды. Гибралтар бұғазы Пиреней түбегі мен Солтүстік Африка арасындағы қарым-қатынасқа елеулі бөгет жасағанын еске алсақ, бұл топқа Марокконы да қосар едік. Аталған мұсылман мемлекеті Испаниямен де, Португалиямен де сауда-дипломатиялық тығыз қарым-қатынас орнатып, тіпті соғыс та жариялады. Португалия жағалауларындағы анклавтарды басып алғанына қарамастан, 1570 жылдардан Саадиттер әулеті (1554–1659) ықпалды және экономикасы дамыған монархияға айналды. 1578 жылы Марокко күштері португал басқыншылығына тойтарыс беріп, Ахмад әл-Мансұр сұлтанның билігі тұсында, тараудың бас жағында айтқанымыздай, Сахара шөлі арқылы өтетін сауда жолын бақылауға алуға бағытталған батыл науқан ұйымдастырды.

17.3-КАРТА. Еуропаның негізгі мемлекеттері. 1600 жыл

XVІ ғасырдағы Еуропа кейбір бөліктеріндегі үлкен аумақтарда патшалық билікті шоғырландыруымен ерекшеленді. XVІ ғасырда Оңтүстік Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия немесе Шығыс Азиямен салыстырғанда, Еуропа мемлекеттерінің саны мен көлем айырмашылықтарын қалай бағалар едіңіз?

Әулие Варфоломей түні. 24 тамыз, 1572 жыл. Гугенот суретші Франсуа Дюбуа Швейцарияға қашқаннан кейін осы суретті салды. Дюбуаның Париждегі бұл оқиғаға куә болғаны, әлде болмағаны беймәлім, алайда бұл суретте басқа деректерде кездесетін екі оқиға бейнеленген. Қара киім киген француз королевасы Кетрин де Медичи сарайдың сыртында, өлі денелерге қарап тұр. Гугеноттар басшысы Гаспар де Колиньидің өлі денесі терезеде асылып қалған. Суретші бұл суретте протестанттық ниетін көрсетті ме? Көрсетсе, қандай жолмен білдірді?

1569 жылы Шығыс Еуропадағы екі әулетті біріктіру арқылы құрылған Польша–Литва мемлекеті Ресейдің батысына қарай созылып жатты. Еуропалық басқа мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды аумақты қамтыды. Бірақ оның билеушілері қаржы және әскери істерде басымдыққа ие болған жетекші ақсүйек отбасылармен билікті бөлісті. Скандинавия­да Швеция ықпалды монархияға айналып, белгілі бір мерзімде еуропалық дипломатия мен соғысқа жетекші ойыншы ретінде қатысты. Оңтүстік-Шығыс Еуропаның басым бөлігі, керісінше, Осман империясы құрамына кірді.

Еуропаның орта бөлігі саяси бытыраңқы күйінде қала берді. Италия түбегі Генуя, Флоренция, Милан, Венеция сияқты қала-мемлекеттерге және папаға тәуелді басқа да мемлекеттерге (католиктік рим папасы тікелей басқарған жерлер) мен Испанияға тәуелді аумақтарға бөлінді. 1600 жылға дейінгі Германияда, Нидерландтағы сияқты, жүз елуден аса герцогтік пен еркін қала болды. Осы кішігірім мемлекеттердің көпшілігі орталығы Австрияда орналасқан Габсбург әулетінің Қасиетті Рим императорларына ресми бағынды. Жергілікті неміс князьдері және қалалық кеңес істеріне король араласпады.

Діни соғыстар. 1500–1650 жылдар аралығында Еуропа мемлекеттері территория, ресурс және христиан шіркеуінің болашағы үшін бір-бірімен қиян-кескі соғыс жүргізді. 1517 жылы Саксония герцогтігінің тумасы, неміс монахы Мартин Лютер (1483–1546) кейін протестанттық реформация деген атқа ие болған қозғалыстың негізін қалап, католиктік иерархияның жемқорлығын және жалған доктриналарын ресми айыптады. Алғашында Лютер христиан реформациясын бастамақ болған еді, алайда оқиға тез өрбіп, мұның соңы көтеріліске ұласты. Оның алғашқы ресми үндеулерінен кейін жиырма жыл ішінде, Еуропада Рим папасының билігінен бас тартқан жаңа протестанттық шіркеулер көбейе бастады. Сонымен қатар діни жанжалдар шынайы католиктер мен протестанттар арасында ғана емес, сонымен бірге протестанттық немесе өзге қауымдастықтар ішінде де шиеленісті. Еуропаның барлық билеушілері қайғы-қасіретке және қантөгіске алып келген қақтығыстарға араласты. Дүниежүзінің көп бөлігіндегі қоғамның ұстанымынан алшақ кетпеген еуропалықтар да ол заманда өз билеушілеріне діни көзқарасы тұрғысынан адал болуымыз керек деп есептеді. Билеуші қандай да бір протестант шіркеуін таңдаған уақытта бүкіл халқы оны қолдауы керек болды. Протестант князьдері католик шіркеуіне адал болып қалған адамдарды қудалады. Католик билеушілері де протестанттарға қатысты осы ұстанымда болды. (XVІ ғасырдағы доктриналар мен ұйымдастыруға қатысты өзгерістерді осы тарауда кейін тағы қарас­тырамыз).

Діни соғыстар басталғанға дейін, бірі – Габсбургтер, екіншісі – Франция басқарған мемлекеттердің екі одағы Еуропаның саяси болашағы үшін күрес жүргізді. 1519 жылы V Карл (Charles V; 1519–1556 жылдары билік құрды) Габсбургтер тағына отырып, Орталық Еуропаның үлкен аумағын (неміс және славян тілдес аймақтар), Нидерландтың негізгі жерлерін, Италия мен Испанияның бір бөлігін, Америкадағы Испанияның жаңа империясын және Филиппиндердің билігін мұраға алды. Тақуа және батыл католик бола отырып, ол Габсбург отбасы басшылығымен Еуропаны қарсылас патшалықтар конгломератынан біртұтас христиандық империяға айналдырып жатқанын жария етті. Карл Еуропа мемлекеттері біріккен кезде, олар Осман түріктерін Оңтүстік-Шығыс Еуропадан Жерорта теңізіне дейінгі жерлерден қуып шығады деп болжаған еді. Ал іс жүзінде V Карл Осман империясымен емес, Еуропаның басқа христиан мемлекеттерімен жауласуға бар күшін сарп етті. Француз корольдері І Францис (Francіs І; 1515–1547 жылдары билік құрды) пен ІІ Генри (Henry ІІ; 1547–1559 жылдары билік құрды) V Карлдың біртұтас христиан империясы туралы идеясына қарсы болды. Франция тіпті бұл одаққа қарсы түріктермен бірікті. Франция, Осман империясы және бірнеше неміс протестант билеушілерімен шамамен отыз жылға созылған соғыстардан кейін V Карл әбден қажып, қазынасы да сарқылып бітті. 1555 жылы ол тақтан бас тартқан кезде, ағасы Фердинанд (Ferdіnand; 1558–1564 жылдары билік құрды) Германия жерлерін және императордың кеңсесін иеленді; оның ұлы ІІ Филипп (Phіlіp ІІ; 1556–1598 жылдары билік құрды) Испания мен оның ұлан-ғайыр империясын иеленді. Осыдан кейін Еуропа билеушілері заман талабына сай бірнеше билік орталығы болу керегін мойындады.

Франция, Нидерланд және Англия. XVІ ғасырда Габсбургтер мен француз одақтары арасындағы алапат күрес бірнеше жанжалға, азамат соғыстарына және көпке белгілі көтерілістерге ұласты, олардың көпшілігі діни қарсылық сипатында болды. Францияда католиктер мен протестанттар арасындағы шайқастар 1562–1598 жылдар аралығында жалғасып, қаладағы өлім-жітімнің көбеюіне және жаппай қырғынға алып келді. 1572 жылы, 24 тамызда мысалы, католиктік лауазымды тұлғалар мен сарбаздар Әулие Варфоломей түнінде, мыңдаған протестантты өлтіру үшін Париждегі қылмыскерлерді пайдаланды. Бұл қырып-жою басқа да қалаларда жалғасты. Ақыры Франциядағы азамат соғысы ымырамен аяқталды. Монархия католиктік болып қалып, француз протестанттары (Huguenots) шектеулі діни құқықтарға ие болды. Король ІV Генрих (Henry ІV; 1589–1610 жылдары билік құрды) билік еткен жылдары Францияда саяси тұрақтылық қайта қалпына келіп, монархиялық билік күшейді.

Дәстүрге сай, француз королі салық салу және басқа да мәселелер бойынша Бас штаттардан кеңес алды. Бұл делегаттар кеңесі мемлекеттегі әлеуметтік иерархиядағы үш «тап» өкілдерінен құралды: католиктік дін өкілдері, ақсүйектер және бұқара халық. Үшінші тапты саудагерлер, заңгерлер және басқа да буржуазия немесе қаланың орта тап өкілдері құрады. XІІІ Людовик (Louіs XІІІ; 1610–1643 жылдары билік құрды) 1614 жылдан кейін Бас штаттарды шақырмады, ол халық алдында заң, тәртіп және аймақтық қорғаныс үшін билеуші жауапты деген доктринаны ұсынды. Елді қалай басқарғаны туралы мәселеде үш тапқа емес, құдайдың алдында жауап беретінін алға тартты. 175 жыл бойына ешбір француз королі Бас штаттарды шақыртқан жоқ. Монархтар Афроеуразияның басқа жерлеріндегі билеушілердей билікті уысынан шығармады. Жалдамалы шенділер әдет-ғұрып заңдарын және аймақтардағы ақсүйектер мен бекзадалар билігін жоққа шығара алмады.

Габсбургтер иелігінде болған Нидерландтың өндірісі дамыған қалалары таққа V Карлдан (Charles V) кейін отырған ІІ Филиппке (Phіlіp ІІ) қарсы бас көтерді. 1579 жылы бүлікшілер Нидерландтың Біріккен аймақтарының немесе Біріккен Голландияның тәуелсіздігін жариялады. (Бұл жаңа мемлекет Голландия Республикасы және Біріккен аймақтар деп аталды). Алайда Габсбург әскерімен күрес сексен жылға созылды. Католиктер мен протестанттар бір-бірімен күрескенімен, Біріккен Голландия ақырында протестант мемлекеті ретінде қалыптасып, ал испандық Нидерланд, Бельгия сияқты жүз жылдан кейін тәуелсіздікке қол жеткізген аймақ, негізінен, католиктік ел болып қала берді.

Королева І Елизаветаның портреті. XVІ ғасыр соңындағы ағылшын королевасының танымалдылығын және имидждің қуатты символизмін көрсететін портреттің кем дегенде үш түрлі нұсқасы белгілі. Елизаветаның артындағы терезелер испан басқыншыларының флотын ағылшындардың жеңуінің екі бірдей нұсқасын бейнелейді. Назар аударсаңыз, ол дауылды түндегі көріністен теріс айналып, тыныштық орнаған сахнаға бет бұрып отыр. Бұл суретте монарх билігінің тағы қандай белгілерін анықтай аласыз?

Францияға немесе Габсбургтер монархиясына қарағанда, Англия XVІ ғасырға шағын және әскері әлсіз мемлекет ретінде аяқ басты. Король VІІІ Генри (Henry VІІІ; 1509–1547 жылдары билік құрды) Англия тағына отырған соң, Францияның басқаруына өткен аумақты қайтаруға әрекет жасағанымен, бұл қадамы сәтсіз аяқталды. Генри 1530 жылдары Папа билігінен бас тартып, Англия шіркеуін басқарып, католик монастырьларына тиесілі ауқымды жерлерді иемдену арқылы ірі діни дағдарыс тудыр­ды. Ол протестантизмге шын жүрекпен берілгенінен емес, Рим Папасымен отбасылық істеріне қатысты дау-дамайы, мемлекеттегі діни және саяси үстемдікке ие болу сияқты үлкен талпыныстары болғандықтан осы қадамға барды. Генридің қызы әрі мұрагері Елизаветаның билігі тұсында Англия саяси тұрақтылығын сақтап, 1580 жылдарға дейін Голландияның Испаниядан тәуелсіздік алмақ арманына қолдау көрсетіп, халықаралық соғыстардан сырт қалды. Елизавета әскери-теңіз флоты үшін кеме жасауға көп қаржы жұмсап, 1588 жылы ағылшын флоты Британияға басып кірмек әрекеті сәтсіздікке ұшыраған ІІ Филипптің Испан армадасын ойсырата жеңді.

Жаңа дәуір басында Франциядағы сияқты, Англияда да парламент деп аталған корольдік консультативтік кеңес билікке ие болды. Парламент құрамына жер иеленуші аристократтар, жоғары шіркеу қызметкерлері, ұсақ мырзалар және кейде қала басшылары кірді. VІІІ Генрих пен Елизавета өз еріктеріне көндіру үшін парламентке қысым жасады, алайда, әсіресе соғысты қаржыландыруға ниеттенген жағдайда, салық пен несие мәселесінде парламентке тәуелді екенін ұқты. Билеуші салықты жинауға заңды құқық иеленгенше, Парламент жаңа салықты бекіту құқығына біртіндеп ие болып алған еді. Ол заманда басқа орталықтанған монархиялар құрған кеңестерге қарағанда, осындай ақсүйектер жиыны король билігіне қарсы қуатты күшке айналды.

Сонгай империясы

XV–XVІ ғасырларда халық санының өсуі, ауыл шар­уашылығының кеңейіп, сауда жүйесінің дамуы Сахарадан оңтүстікке қарай созылған Африкадағы ірі орталықтанған мемлекеттердің пайда болуына алып келді (16-тарау). Жерорта теңізі аумағын тропиктік Африкамен байланыстыратын Транссахара керуен саудасы Судандағы монархиялардың дамуына, яғни шөлдің оңтүстігінде орналасқан ашық немесе орманды саванналардың аграрлық және ішінара қалалық аймақтарын дамытуға ықпал етті.

Сахараға жақын Нигер өзені бойында қоныстанған этнотілдік халық атымен аталған Сонгай XVІ ғасырда Африкадағы ең үлкен империя болды. Бұл империя XІІІ–XІV ғасыр аралығында гүлденген Суданның ірі мемлекетті – Малиге салық төлейтін шағын тайпадан шыққан. Малидің жағдайы біртіндеп нашарлап, аймақта Сонни Әли (Sunnі Alі; 1464–1492 жылдары билік құрды) және Аския Мұхаммед (Askіya Muhammad; 1493–1528 жылдары билік құрды) сияқты Сонгайдың аса жігерлі қос билеушісінің саяси сахнаға шығуына мүмкіндік туды. Бас қаласы Нигер бойындағы маңызды сауда орталығы Гаода орналасқан Сонгай империясы аталған өзен бо­йымен 700 мильге созылып жатты және әртүрлі тілде сөйлейтін егінші, көшпелі халықтардан тұрды. Басқарушы және саудагер топтар, негізінен, мұсылман болғанына қарамастан, халықтың басым бөлігі дәстүрлі политеистік наным-сенімдерді ұстанды.

Сонгай Сахара арқылы сыртқы саудаға алтын, піл сүйегін және құлдарды шығарды, бірақ оның экономикасының негізін егіншілік пен мал шаруашылығы құрады. Аския Мұхаммед билік құрған уақытта Нигердің алқабында егіншілер каналдар, бөгеттер мен су қоймаларын салып, күріштен мол өнім алу үшін кең көлемді суару жүйесін жасады. Шамамен 1500 жылдары аймақта климаттық ылғалды цикл басталды. Ке­йінгі онжылдықтарда жылдық орташа жауын-шашын мөлшері артты, ал жазғы жаңбыр шөл даласының шетіне дейін жауып, астық алқаптары мен мал жайылымдары ұлғайды.

Санкоре мешіті. Тимбукту. Дженне қаласындағы мешіт сияқты (13-тарау, 448-бетті қараңыз), бұл ғимарат та Суданның саз-кірпіш сәулет стиліне сай жасалған. Мұнара мен ішкі сарай біріккен. Санкоре – Тимбуктудағы жетекші медресе немесе дін мен заң колледжінің орталығы болды. XVІ ғасырда мұсылмандардың маңызы зор білім орталығына айналды. Қандай географиялық, экономикалық факторлар Тимбуктудың білім беру орталығы ретінде дамуына әсер етті деп ойлайсыз?

Аския Мұхаммед 1495 жылы Меккеге қажылыққа барып, мешіт салдырып, мұсылман ғалымдарына, жергілікті зиялылар мен Солтүстік Африка зияратшыларына қамқорлық жасады. XVІ ғасырда араб тілін үйрену орталығы ретінде Тимбукту аса зор беделге ие болды. 1510 жылы Мароккодан шығып, Сахараны кесіп өткен ғалым Лео Африканус «Африканың тарихы мен сипаттамасы» («Hіstory and Descrіptіon of Afrіca») атты еңбегінде Тимбуктуды былай суреттейді: «Мұнда әсіресе зығыр, мақта-мата сататын қолөнершілер мен саудагерлер дүкен сансыз көп. Сонымен қатар мұнда бербер [Солтүстік Африка] саудагерлері Еуропа матасын тасымалдайды. Патша қаржыландыратын және оның қамқорлығындағы дәрігерлер, сот, мұсылман дін қызметкерлері және басқа да оқыған адамдар өте көп. Бербериядан түрлі қолжазбалар мен жарық көрген кітаптар әкеледі»4.

Сонгайда біз білетін атыс қаруы болған жоқ. Жергілікті толқуларды басу үшін, керек кезде шақыратын, Осман түріктері және Сефевидтердегідей әскери құлдар ұстады. Олар қуатты кавалериядан құралды. Садақшылар, найзамен қаруланған атты әскер қалың матамен қапталған сауыт киді. Патша аймақтарды басқаруға туыстарын тағайындады, ал араб тілін білетін ғалымдардан министрліктерде хатшылар мен көшірмешілердің орталық әкімшілігі ұйымдастырылды.

Осы тараудың кіріспесінде айтқанымыздай, Сонгайдың империялық тарихы кенеттен аяқталды. 1591 жылы алып шөлден күтпеген жерден шыға келген Марокконың мылтықпен және зеңбірекпен қаруланған әскері бір шайқаста-ақ Сонгай әскерін тас-талқан етті. Патшаға бағынып отырған билеушілер мен шенді тұлғалар да оған қарсы бас көтеріп, аз уақыт ішінде орталық билік құлады. ХІХ ғасырға дейін Батыс Судан жерінде Мали не Сонгай мемлекеттерінің көлеміндей ауқымды монархия қайтадан пайда болған жоқ.

Атыс қаруының жаңа дәуірі

ОЙЛАН: ХVІ ғасырда Афроеуразияда оқ-дәрі технологиясының кеңінен қолданылуы саяси, экономикалық және әлеуметтік құрылымға қалай әсер етті?

Жаңа заман басында афроеуразиялық мемлекеттердің билікті орталықтандыру құралдары арасында атыс қаруы ең маңызды орынға ие болды. ХІІІ ғасыр басында дүниежүзінде ешбір қару жоқ еді. XVІ ғасырда атыс қаруы пайда болып, адамдардың соғыс жүргізу түрін өзгертіп, қоғамдық тәртіпті реттей бастады.

1300–1500 жылдар арасындағы екі ғасырда қол­өнершілер темір шарлармен ататын қарапайым металл трубаларды, сарайларды күйрететін, кемелерді тесіп шыға алатын, жаппай ажал құштыратын қауіпті артиллерияға айналдырды. Технологиялық және тактикалық жаңалықтар қару-жарақтың күші мен дәлдігін арттырғандықтан, соғыс біртіндеп жаппай қырғынға ұшырататын сипатқа ие бола бастады. Бір ғалымның пайымдауынша, біздің заманымыздың алғашқы 1500 жылында 3,7 миллион адам соғыс әкелген әртүрлі жағдайда, соның ішінде аштықтан және аурудан көз жұмған. Алайда XVІ ғасырдың өзінде-ақ, соғыс жылдары 1,6 миллион адам қаза тапты. XVІІ ғасырда бұл көрсеткіш 6,1 миллионға жетті5.

Турин қамалы, Италия. 1644 жыл. Жұлдыз айлақтар немесе «Италиялықтардың іздері» деп аталатын бекініс қорғаныс қамалдарын алмастырды. Еуропаның кей жерлерінде билеушілер осындай қымбат бекіністер салды. Үшбұрышты бастиондар немесе проекциялар бір-біріне қорғаныс қабатын беру үшін сарбаздарға қорған бекіністерде тұруға мүмкіндік берді. Терең шұңқыр немесе жыра және берік орныққан сыртқы қорғаныс қабырғасы жау артиллериясына қамалға басып кіруге мүмкіндік бермеді, ішкі тас қабырғаға жеткенше жау әскерін қауіп-қатерде ұстады. Оқ-дәрімен атылатын қарудың пайда болуы соғыс ұйымдастыру мен тактикасына тағы қалай әсер етті деп ойлайсыз?

Жаңа және рақымсыз әскер

1400 жылдың соңына қарай билеушілер атыс қаруларымен мұздай құрсанғанда ғана тиімді соғысатынын түсінді. Шағын мемлекеттер немесе мемлекеттігі жоқ қоғамдар атыс қаруларына қол жеткізе алмады. Көп қару-жарақ қорына ие бола алатын мемлекеттер логистикалық және тактикалық мәселелерді шешу жолына түсті.

Ең ұтымдысы – жоғарғы әлеуметтік мәртебесі бар, атты әскермен қатар соғысатын жаяу әскер жалдау болды. Мушкетпен қаруланған жаяу әскер бөлімшесі қарсы келе жатқан жау әскеріне оқ жаудыра алатын. Мушкетті қолдану кезінде баррельді алмастырып, ұнтақ зарядымен темір шарды тұтататын жаяу әскер арбалет немесе жебе оқтауға қарағанда көп уақыт жоғалтатын. Жауынгерлер әскерді сап түзеу немесе қатарға тұрғызу арқылы атыс қарқынын жылдамдататын. Шайқас барысында алдыңғы сап оқ жаудырып, қаруды оқтау үшін кері шегінді. Бұл тактика ең алдымен XVІ ғасырда Жапонияда қолданылса керек. Ода Нобунага сарбаздарға бірнеше қатарда тұрып оқ атуды үйретті. Көп кешікпей голланд офицерлері жаяу әскердің жылдам маневр жасау, оқтау және ату шеберлігін жетілдірді. XVІІ ғасырда Еуропадағы барлық елге, сондай-ақ Осман империясына да жаяу әскердің бастырмалатқан тактикасы таралды. Салт атты жауынгерлер де тапаншаны жақсы ататын болды. XVІ ғасырда Марокко кавалериясы дүниежүзінде алғашқылардың бірі болып аттың үстінде қару ату өнерін игерді6.

17.4-КАРТА. Атыс қаруының XІV–XVІ ғасыр аралығындағы таралуы

XVІ ғасырда атыс қаруы Австралиядан басқа барлық құрлыққа жетті. XVІ ғасырға қарағанда, XІV ғасырдағы қару-жарақтың таралуында қандай айырмашылықтар байқалады? Бұл айырмашылықтар нені көрсетеді?

Билеушілер артиллерияның да, оған қарсы қорғаныстың да күрделі технологиясын жасақтау үшін үлкен әскер жинауға мәжбүр болды. Қола, жез және шойын қаруларды жөндеу және тасымалдау жұмыстары үшін көп адам керек еді. XVІ ғасырдағы қорғаныс қабырғаларын ең көп қиратқан зеңбірек соққысына қарсы амал-айла қажет болды. Италия инженерлері қалалар мен сарайларды барынша берік етіп салуға тырысты, жау артиллериясына өте жақын келуге мүмкіндік бермейтіндей ор мен жыра қазып, қорғаныс құрылғыларын биік бастиондарға орналастырды. Демек, билеушілер үлкен бекініс салу және ауқымды гарнизон орнату үшін одан да көп сарбаз жалдауға мәжбүр болды.

Оқ-дәрінің пайда болуы мен алғашқы қола зеңбіректі құю. Голландиялық суретші Филипп Гальдің бұл гравюрасы 1600 жылы «Жаңа ашылымдар» атты жинақта пайда болды. Суретте қару жасаудың түрлі қырлары бейнеленген. Білікті шеберлер жұмыс істеп жатыр, көмекшілері от жағып, механикалық күшті қамтамасыз етуде – сол жақтағы дөңгелектерге назар аударыңыз. Құю зауытының артқы фонындағы бейнелерді сипаттаңыз. Суретші бұл бейнені неге енгізді?

1500 жылдан кейін әскердің көлемі өсті. 1595 жылы Францияда 80 мың жауынгер, ал 1710 жылы шамамен 360 мың адам болды. Миндік Қытай империясы Ішкі Еуразиямен шекара бойына бірнеше жүздеген мың жауынгер қойып, дүниежүзіндегі ең ірі әскерге ие болды. Жаңа заман басындағы әскердің сапына ілескен қисапсыз көмекшілерді қоссақ, әскер саны әлдеқайда көп болғанын ескеру керек. Қосалқы күш қатарына мердігерлер, механиктер, жылқышылар, саудагерлер, қызметшілер және құрылысшылар кірді. Сонымен қатар олардың ішінде әйел саудагерлер, аспаздар, кір жуушылар, жезөкшелер, науқастар мен жаралыларға жәрдем жасайтындар да бар еді. Жауынгер әйелдері мен балалары әскер маршына қатысқан кезде әскерге арналған азық-түлік қорынан тамақтанбайтын. 1622 жылғы голландиялық құжатта: «Арбалар, жүк артқан жылқылар, қашырлар, маркитант [саудагер], лакейлер, әйелдер, балалар мен түрлі сипаттағы адамдардан тұратын топ сарбаздардан әлдеқайда көп көрінеді»7 – деп жазған.

Әскери революция

XІV–XV ғасыр аралығында оқ-дәрі технологиясы Афроеуразия арқылы Қытайдан Батысқа тарады. Алайда 1450 жылдан кейін инновация мен таралу үлгілері күрделене түсті. Мысалы, Осман түріктері берік темір бөшкесі бар мушкеттерді алғаш қолданды. Үнді ұсталары мыс қару жасаудан үздік болды, француз техника мамандары жеңіл, икемді артиллерия даярлауға күш салды. Байлық пен жер үшін күреске ұмтылған билеушілер қару-жарақ жасауда бәсекеге қабілетті болуға мәжбүр еді.

Қару-жарақтың таралуы. Отты қаруы жоқ мемлекеттерге апатқа ұшырау қаупі төнді, оған 1591 жылы мушкеттермен қаруланған Марокко сарбаздарымен бетпе-бет келген Сонгай әскерін мысалға келтіруге болады. Атыс қаруы өркениеттерді түрлі індет әкелген зауалдардан әлдеқайда жылдам құлатты, Ацтек және Инк империяларының Испаниядан күйрей жеңілуіне себеп болды. 1517 жылы Осман империясының қарулы күштері мылтық пен қару-жарақ ұстай қоймаған мәмлүк әскерін жеңіп, Мысыр мен Сирияны басып алды. Мәмлүктердің ақсүйек әскері садақпен, найзамен және қылышпен күресті. Осман әскері Мысырға зеңбірек атып кіріп, мәмлүктердің атты әскери жасағын жылдам басып алды. Жапониядағы жағдай дүниежүзіндегі басым үдерістерден өзгеше өрбіді. Токугава сёгунатының негізін қалаушылар зеңбірек пен мушкеттің күшімен билікке келді. Сёгун 1637 жылы мушкетпен қаруланған, жаңадан христианданған жапондардың елеулі көтерілісін тоқтатты. Мемлекеттегі осындай тәртіпсіздіктерден кейін атыс қаруы өндірісі мен саудасына тыйым салып, оның мол қорын қоймаларда тот басты. Сёгунат саяси тұрақтылықты орнатып, сырттан келетін қауіптің болмауына байланысты қаруды төтенше басқару әдісі тиімді болды. Токугава билігі тұсында Жапония шамамен 250 жылдай соғыссыз саясат жүргізді.

Еуропа теңізшілері жаңа трансмұхиттық жолдарды ашқаннан кейін, атыс қаруы туралы ақпарат тез таралып, бірнеше айда суық қару әлемнің бір бөлігінен екіншісіне тасымалданды (17.4-картаны қараңыз). Жеке қару-жарақ сатушылар, жалдамалылар және штаттан тыс техникалық кеңесшілер қызметтеріне сұраныс артты. Неміс пен венгр атқыштары Осман империясы әскеріне кеңес берді. Жапон мушкетшілері Тайланд патшасы үшін шайқасты. Қытайда Мин үкіметі Ішкі Еуразия шекарасы бойында әскери күштердің қуатын арттыру мақсатында шетел кеңесшілерін қызметке тартты. Мин қолбасшылары түрік, португал және голланд артиллерия дизайнын зерттеп, қытай металл құрастырушыларына олардың көшірмесін дайындауға тапсырыс берді. Бір куәгер 1626 жылы Мин артиллериясы манчжур атты садақшылар шабуылынан солтүстіктегі бір қаланы қалай құтқарғанын сипаттайды: «Зеңбіректерді кері шегіндіргенде өрт жалынының ішінде жабайылардың және аттарының күлі көкке ұшқаны көрінеді; есін жинай алмай жүргендер сансыз, жеңіліске ұшыраған зұлымдар жандалбасалап қашты»8. Мемлекеттер, сондай-ақ одақтастарға қару мен әскери миссия жіберіп отырды. Осман сұлтандары Португалия басқыншыларына қарсы Оңтүстік-Шығыс Азияға – Суматра аралындағы Ачех мұсылман патшалығына көмектесу үшін артиллерия аттандырды. Африканың солтүстік-шығысында Эфиопия­ның христиан монархиясы армиясына 400 португал мушкетшілерін шақырып, әскерін күшейтсе, көрші мұсылман мемлекеттері Осман атқыштарынан көмек алды.

Афроеуразияның теңізге шығатын мемлекеттерінің үлкенді-кішілі флоттары болды, ал XVІ ғасыр ортасынан билеушілер кемелерге зеңбірек орнатудың ибериялық тактикасын қолдана бастады (16-тарауды қараңыз). Қытай, Корея, Жапония, Вьетнам, Тайланд, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азияның теңіздегі патшалықтары айлақтарды және жергілікті теңіз саудасын қорғау үшін тек қана зеңбіректерді немесе артиллерияны орналастыратын кемелер жасады. Осман түріктері Жерорта теңізінен бастап Үнді мұхитына дейінгі барлық теңізде жүзген жүздеген қарулы галераларды құрастырды. XVІ ғасыр соңында Солтүстік-Батыс Еуропаның ең бай үш мемлекеті – Англия, Біріккен Нидерланд және Франция – мұхит бағыттарындағы Испания мен Португалия иеліктері үшін бәсекеге түсіп, кеме артиллериясын дамытты. Бұл саяси күштер Португалияның Үнді мұхитындағы дәмдеуіштер саудасына араласып, Азия сатушыларымен мәміле жасасты.

Оқ-дәрі әскеріне ақы төлеу. Бүкіл дүние әскерінің немесе әскери-теңіз флотының оқ-дәріге негізделген қосындарға көшуін және оның экономика мен қоғамға күрделі ықпал жасауын тарихшылар «әскери революция» деп атайды. Көршілерге қарсы соғысу, жергілікті ақсүйектерді бағындырып, бағынбайтын шаруаларды салық төлеушілерге айналдыру үшін мемлекеттер жауынгерлерді жалдауға және оларға ақы төлеуге, қолбасшылық тізбектерді кеңейтуге, қаруды, жылқыны, кемелер мен сансыз құралдарды сатып алуға мәжбүр болды. Олар темір, мыс және басқа металдарды өндіруді қамтамасыз етіп, әскерлер мен техниканы жылжыту үшін жолдар, көпірлер мен айлақтар салуы қажет еді. Олар металл мамандарын, инженерлер, есепшілер, дәрігерлер мен сауда агенттерін жұмысқа тартты. Басқаша айтқанда, ешбір мемлекет мол қаржы жұмсамай, қуатты билікті іске асыра алмас еді. Сол себепті кейбір тарихшылар әскери революция­ны «қазыналық революция» деп атаған болатын. Яғни билеушілер қарсыластарынан әскери артықшылыққа ие болуы үшін фискке8 немесе империялық қазынаға мүдделі болатын. Ең қуатты мемлекеттер кейде жалпы жылдық бюджеттің 70–90 пайызын әскери шығындарға бөлді, бұл – қазіргі кез келген мемлекетпен салыстыра қарағанда, шығындардың айтарлықтай қомақты үлесі.

Еуропа монархтары табысқа жету үшін жаңа салық түрлерін ойлап тапты. XVІІ ғасырда Ресей патшалары кем дегенде 280 түрлі салық жинады, соның ішінде бал, тұз, моншаға арналған алымдар және үшінші неке үшін де салық бар еді9. Кейбір мемлекеттерде аймақтарды тікелей басқару ісі нығайды, салық жинау үшін орталықтан шенеунік жіберіп, сот жүргізіп, бейбіт өмір салтын жергілікті әулеттермен, қалалық әкімдермен және діни басшылармен бірлесе отырып ұстап тұрды. Әскери қолдауға ие болған жағдайда, король өкілдері бұл жергілікті билік орындарымен мүлде санаспайтын. Үкімет соғыстарға қаражат табу үшін бай жеке отбасылардан қарыз алып отырды. Еуропада банкирлер, Оңтүстік Германиядағы Фуггер отбасы сияқтылар билеушілердің арқасында өте мол байлыққа кенелді. Қарызға белшесінен батқан мемлекеттердің жағдайы нашарлап, қаржы нарығын тұрақсыздық жайлады. Испандық Габсбург императоры ІІ Филипп америка күмісіне қол жеткізгеніне қарамастан, соғыстарға көп мөлшерде қаржы жұмсағаны сонша, өзін төрт рет банкрот деп жариялауына тура келді.

Фиск – тәуелсіз мемлекет қазынасы; қаржылық мәселелер бойынша мемлекеттік мекеме.

Орталық биліктің шектелуі

Жаңа заман басындағы өкіметтердің халқын бақылап, реттейтін күшін артық бағаламауымыз керек. Кейінгі ғасырларда мемлекеттер мұны неғұрлым ауқымды көлемде жүргізуді үйренеді. 1500 жылдары коммуникациялық техникасы жануарларға, арбаларға және етік былғарысына тәуелді болған билік иелерінің алыстағы аймақтарды басқаруға мүмкіндігі болмады. Осман империясы мен Моғолдар мемлекеті сияқты ірі елдерге қарағанда, Франция мен Тайланд іспетті орта көлемді мемлекеттер көп жетістікке жетті. Сондай-ақ орталық билік жергілікті қауымдастықтар мен діни мекемелерге экономикалық дамыту мен білім беруді жетілдіру мәселелерін шешуіне араласпады. Кейбір билеушілер салықтан түсетін табысты барынша көп арттыру мақсатында халық санағын жүргізіп, жерлерді өлшеді. Алайда жаңа заман басындағы мемлекеттер халқының саны, табысы және орналасуы туралы мағлұматы шектеулі болып, қазіргі замандағы мемлекеттік мекемелердегідей ақпараттар базасын қолдана алмады.

Кейбір монархтар жергілікті ақсүйектер мен қалалық билік орындарына қатысты билікті нығайтты, бірақ бұл құқықтар, артықшылықтар және заңды құзыреттер ұзаққа созылған пікірталастар нәтижесінде жүзеге асты. Сарбаздар аймақты бағындырған соң, билеушілер жергілікті басшылардың жауапты істерді жүргізуі тиімді әрі тұрақты болғандықтан, жұмысын жалғастырып, ауыл шаруашылығы салығы9 құқықтарын жерлері бар мырзаларға немесе жекелеген жалдаушы­ларға берді.

Жергілікті жерлер­дегі мемлекеттік іс­тер­ге араласу мәселесі көп жағдайда даулы болды. Ашкөз билеушілер ақсүйектердің қарсылық қозғалыстарына, қала көтерілістеріне, шаруалар мен қарақшылардың бүліктеріне қарсы тұруға мәжбүр болды. Мысалы, 1514–1551 жылдары Франция корольдері соғыстарға қайта-қайта ақша жинауына байланысты, оншақты қалада және алты аймақта артық салықтарға қарсы бүліктер бұрқ етті10. 1571 жылы испандық Габсбургтерге қарсы ұзаққа созылған голландтар көтерілісі озбыр салықтарға наразылық ретінде басталды. Ауыл адамдары орталық салған салықтан жалтарып, қашты. Моғолдық Үндістанда шаруалар көбіне мемлекеттік өкілдер бара бермейтін ормандарға немесе сирек қоныстанған шекараларға қашып, ауыр салықтардан жалтаратын. Ресейде салық төлеуден бас тартқан шаруалар патша құрығы жетпейтін Украина немесе Сібірге қашып құтылатын.

Дін, тіл және мәдениеттегі бағыттар

ОЙЛАН: XVІ ғасырдағы саяси-экономикалық өзгерістер Афроеуразияның түрлі бөліктерінде мәдени өмірдің үлгілеріне қалай әсер етті?

XVІ ғасырда аумағын кеңейту жолында қаруы бар қуатты державалар әлсіз елдер мен қоғамдарды жұтып алып, дүниежүзінде тәуелсіз мемлекеттер саны күрт қысқарды. Ішінара саяси орталықтандыру нәтижесінде дін, тіл және мәдениетте де бірегейлік байқалды. 1500 жылға қарай бүгінгі күнгі барлық негізгі сенімдер жүйесі Афроеуразияда қалыптасып болды. Олардың үшеуі – буддизм, христиандық және ислам – миссионерлер, сондай-ақ саудагерлер, сарбаздар және ғалымдар арқылы миллиондаған адамға жетті. Бұл үш әлемдік дін ертеректе біртіндеп сіңіп, жергілікті сенімдер мен тәжірибелерді, құбылыстарды игеріп, жаңартты немесе олардың орнын басты. Жаһандық қарым-қатынас пен өзара идея алмасу – лингвистер тілдің өлімі10 деп атайтын үдерісті жылдамдатты. Ғалым­дар санағы бойынша, алдыңғы мың жыл ішінде дүниежүзінде адамдар сөйлейтін тілдер саны 10–15 мыңнан 7 мыңға дейін азайған. Бұл көрсеткіш әлі де төмендеуде. Тағы бір зерттеу бойынша, әрбір екі аптада бір тіл жойылады екен11. Жаңа заманның бастапқы кезеңінде жергілікті тілдер және олар тарататын мәдени идеялар мен тәжірибелер ұлғайып жатқан мемлекеттермен, әлемдік діндермен немесе сауда жүйелерімен сіңісіп, негізін жоғалтты.

Жаңа заманның бастапқы кезеңдерінде Афроеуразияда діни өріс айтарлықтай өзгеріске ұшырады, «ірі діндердің» кең таралуынан ғана емес, сонымен қатар жаһандық өзгерістердің қарқын алуы адамзат, табиғат және ғарыш туралы жаңа сұрақтар тудырды. Трансмұхиттық қарым-қатынас Афроеуразия мен Америкадағы қоғамдарды мүлде оғаш, түсініксіз және қауіпті идеялар мен заттар арқылы біріне-бірін қарсы қоюы мүмкін. Хрис­тиандар, мәселен, «америка үндістері Адам ата мен Хауа анадан пайда болды ма, жоқ па?» деп бас қатырды. Библияда олар жайлы ештеңе айтылмауы «байырғы америкалықтар Құдайдың басқа бір жаратылысы емес пе екен?» деген әңгімелерге арқау болды. Еуропа миссионерлерімен жолыққан конфуцийлік қытай ғалымдары ұлы жаратушының Әке–Бала–Қасиетті рух – үш түрлі формада болуын түсінуге тырысты. Индонезия мен Батыс Африкадағы жергілікті политеистік діндерді ұстанушылар аруақтардан және тұрмыстық құдайлардан бас тартып, бір Құдайға бойсұндыруға шақырған мұсылмандарды кездестірді.

Ірі әлемдік діндер ғасырлар бойы сенім мен тәжірибеге қатысты ішкі келіспеушілік пен қайшылықтарға тап болды. Буддизм, христиандық пен исламның кең етек жая таралып, үлкен көлемдегі этникалық-лингвистік шекараларды асып кетуі, сөзсіз, доктриналық айырмашылықтар мен ұйымдастырудағы даралыққа алып келді. Жаңа заманның бастапқы кезеңінде қарқынды діни пікірталастар өршіп, жікке бөлінді, әсіресе халық қозғалыстары қоғамдарды дамытып, адамгершілік қуатқа негіз болды.

Ауыл шаруашылығы салығы– төлем төлеу немесе жиналған салықтың белгілі пайызын төлеу есебінен үкіметтің салық жинау құқығын жеке индивидке немесе топқа беретін салық салу жүйесі.

Тілдің өлімі – белгілі бір тілде сөйлейтін ұлт жойылып немесе осы тілде еркін сөйлеушілер саны азайып, бұл тілде сөйлейтін қоғамның жойылу үдерісі.

Қытайдағы зияткерлік және моральдық толқулар

Мин әулетінің соңғы бір жарым ғасырында Бейжіңде және жағалаудағы бірнеше қалада қытай қоғамының табиғаты мен дамуының дұрыс бағытының мәселесі талқыға түсті. Оған қарқынды экономикалық өзгерістер, қала халқының өсуі, шетелдіктермен жаңа байланыстар және жаңа өнімдер түрткі болды. Римдік-католиктік миссионерлер христиандық ілімдерді, сондай-ақ астрономияны, геометрияны және сағат жасау кәсібі сияқты жаңалықтарды енгізді. Осы миссионерлер жергілікті қытай зияткерлерімен қызу пікірталасқа түскеніне қарамастан, халық сеніміне айтарлықтай әсер ете қойған жоқ.

Миллиондаған қытай халқы буддизм мен даосизмге адал болды, ал оқымыстылар тобы, әсіресе Мин әулетінің ірі бюрократиясы неоконфуций ілімінің моральдық-этикалық ұстанымдарын әлеуметтік және қоғамдық өмірді басқару үшін қолданды. Конфуций (б.з.д. 551–479) және басқа да көне ілімдердің күшеюіне байланысты, неоконфуций ілімі күнделікті салт-жоралғыларға, иерархияға құрмет көрсетті, отбасы мен жергілікті қауымдастыққа адалдығын танытты. Мемлекеттің барлық аумағында әлеуметтік үйлесім қалыптастыру мақсатында Мин империясы неоконфуцийлікті империялық ортодоксалды ілім деп танып, діни топтардың, соның ішінде, мұсылмандар мен христиандардың қызметтерін реттеп отырды.

Қытай зиялылары осы кезеңде неоконфуций идеяларын қызу талқыға салды. XVІ ғасырда империя үкіметі жемқорлық пен тамыр-таныстық былығына батты. Кейбір зиялы қауым өкілдерінің пікірі бойынша, неоконфуцийлік доктриналар белгілі топтар арасында ғана таралып, элитарлық сипатқа ие болды. Бұған қарсы қытай әскери қолбасшысы, мемлекеттік шенді тұлға, философ Уан Янминг (Wang Yangmіng; 1472–1529) бастаған қарқынды реформалар қозғалысы етек жайды. Оның тұжырымы бойынша, барлық адам туа бітті моральдық білімдері негізінде жақсылық пен жамандықты ажырата алады. Қарапайым адамдар ішкі түйсігі арқылы Конфуций жазбаларын меңгермей немесе күрделі рәсімдерді орындамай-ақ, қалай адал өмір сүру керегін білді. Ғалымдар шындық пен адамгершіліктен алшақ болды деген Уанның неоконфуций бағытындағы пікірлері, жас оқымыстылар, соның ішінде буддистер мен даосистер арасында қолдауға ие болды. Уан қайтыс болғаннан кейін, кейбір ізбасарлары оның ойларын шығармашылығында пайдаланып, кедейлерге білім беру және әйелдердің зияткерлік қабілетін құрметтеу туралы идеяларын дамытты. Қатал иерархия мен ерлер билігін қолдаған неоконфуций шенділері бұларға жауап ретінде Уанның шәкірттерінің бірін абақтыға қамап, енді бірін өлім жазасына кесті. Дегенмен Уан қозғалысы қытайлық интеллектуалды өмір салтына еркіндік беріп, өрісін кеңейтті.

Сүнниттер мен шииттер арасындағы араздық

Ислам басқа діндермен салыстырғанда, жаңа заманда жер шары халқының басым бөлігінің арасында тараған дін болғанына қарамастан, сүнниттер мен шииттер арасындағы қақтығыстар күрделі саяси және әлеуметтік мәселелерге әкеліп соқтырды. Сүннит пен шиит қауымдастықтары ғасырлар бойына өзара діни шыдамдылықта өмір сүре алатынын дәлелдеген болатын. Шииттік доктрина географиялық жағынан мұсылман әлемінің дәл ортасында орналасқан Сефевидтер мемлекетінің «ресми» діни мәртебесін алғаннан кейін, қайшылықтар байқала бастады. Көрші Осман империясының сұлтандары халиф титулын иеленіп, шиит қауымдары мен империяларының заңдылығына күмән келтірді. Өз кезегінде шииттік рухани басшылар да Осман халифтарының заңдылығын жоққа шығарды. Сефевидтер мен Осман империясы, негізінен, доктрина үшін емес, аумағын кеңейту үшін соғысты, алайда діни негіздегі пікірталастар осы қақтығысты күшейте түсті. XVІ–XVІІ ғасырларда сүнниттік және шииттік ислам арасындағы қарым-қатынас алшақтап, олар екі түрлі және қарама-қарсы дін формаларына айналды.

Еуропадағы діни дағдарыс

Ислам мен буддизмде діни мекеме икемді, бейресми, орталықтанбаған сипатқа ие болды. Христиандықта керісінше, шіркеулер доктриналар мен діни жоралғыларды қадағалап отырды. Римдік-католиктік шіркеу XVІ ғасырға дейін Орталық және Батыс Еуропадағы үлкен әкімшілік, қаржы және білім беретін ерекше христиан мекемесі болды. Шіркеу басшылары күрделі дағдарысқа алып келген сенім мен ғибадатқа қарсы күрес жүргізді (17.5-картаны қараңыз).

Рим шіркеуі Батыс Еуропадағы ортағасырлық мәдени гүлдену дәуірін бастады. 1400 жылдары шіркеудің моральдық келбеті сын көтермейтін. Шіркеу тұтастығы жоғарғы лауазымды папалар, кардиналдар, епископтар және шіркеу мен ғибадатхана жетекшілері секілді ымырасыз адамдарға тәуелді болды. 1300 жылдары дінбасылардың беделі күрт түсті. «Қара өлімнің» алдын алып, оның салдарын жеңілдете алмаған шіркеуден христиандардың көңілі қалды, сонымен қатар олар екі және кейін үш Папаның үстемдік үшін қырық жылға созылған күресінің куәсі болды (Батыстың жіктелуі, 1378–1417 жылдар). Дағдарған христиандар арасында бүкіл Еуропаға сыбайлас жемқор және ашкөз епископтар, некесіз балалары бар діни қызметкерлер мен отбасының жағдайын ойлайтын материалист Папалар жайлы жағымсыз әңгімелер тарады. Жоғары мәртебелі дінбасылар бұларды алып-қашпа сөз дегенімен, жағдайды өзгертуге күш салмады.

Протестанттық реформация. Мартин Лютер ертедегі сыншылардың қарсылығын қайталап, 1517 жылы индульгенцияның сатылуына қарсы ғылыми пікірталасты 95 тезис түрінде жария етті. Бұл шіркеу практикасында діни қызметкерлер адамдардан қайырымдылық көмек жинап, оларға бақилық болған туыстары мен достарын Пургатуриумда (жердегі күнә үшін уақытша жаза орны) күнәдан тазартып, жәннатқа жіберетін дұға оқып беретін болды. Лютер бұл «индульгенция нарығын» айыптап, діни әдепсіздік пен шіркеу байлығын сынға алды. Папаны тажалға теңеп, Библия жазбаларын батылдықпен жаңаша түсіндірді. 1520 жылы оның шіркеуден аластатылуы ешкімді таң қалдырмаған еді. Табанды әрі батыл, бірақ тәжірибесі жоқ, өзін ұстау мәдениеті қалыптаспаған Лютерді Саксония курфюрсті мен Германияның басқа да князьдері оны тұтқындаудан құтқарып алмағанда, отқа оранып қаза табар ма еді? Билеушілердің діни бүлікшіні қолдауының күрделі себептері болды. Олар Лютердің діни идеяларымен, негізінен, келісті. Ватикан қазынасына неміс байлығының кетіп жатқанына наразы топ Қасиетті Рим империя­сының императоры, адал католик V Карлға қарсы, өз-өзін басқару құқығы үшін күресті. Еуропада механикалық баспа басылымдары пайда болғандықтан, Лютердің кітаптары, брошюралары мен әнұраны бұрынғы кездерге қарағанда тезірек таралды. Оның діни сенімі елді дүрліктіріп, екі онжылдықта оның идеяларын қолдаушы христиандар Германияда, Швейцарияда және басқа да елдерде тәуелсіз ғибадат қоғамдарын құрды.

Наразылық білдірушілердің барлығы немесе протестанттар Папа билігінен бас тартқанымен, олардың бәрі «лютерандықты» қабылдаған жоқ. Басқа наразы басшылар Лютер теологиясымен шіркеуді ұйымдастырудың түрлі мәселелері бойынша келісе қоймаған еді. Мәселен, «Исаны шіркеу ғимараттарында қалай бейнелеу керек, шіркеулер қалай басқарылуы қажет, Құпия кеште Иса бір үзім нанды алып, «мынау – менің денем» деуі нені білдірді?» деген сияқты даулы сауалдарға протестанттар жауап іздеді. Алғашқы протестант ғалымдары мен уағызшылары қатарында Швейцариядағы реформалардың бастамашысы Ульрих Цвингли (Ulrіch Zwіnglі; 1484–1531) мен бүкіл Еуропа үшін протестанттық мекеме үлгісі болған Женевадағы шіркеудің негізін француз заңгері Жан Кальвин (John Calvіn; 1509–1564) қалады. Анабаптистер, квакерлер және унитарийлер сияқты аса радикалды топтар балаларға емес, ересектерге арналған шомылдыру рәсімін, саяси пацифизмді, кедейшілікті уағыздап, Құдайдың табиғаты үш жақты емес, жеке, біртұтас, ерекше екенін ескертті. Қорыта айтқанда, протестанттық секталар саны көбейіп, Рим шіркеуі христиан ілімі мен ғибадатына қатысты үстемдігінен мәңгіге айырылды.

XVІ-XVІІІ ғасырларда Батыстағы христиандықтың негізгі бөлімдері

17.5-КАРТА.

Еуропа діндері. 1560 жыл

Осы картада діни шекаралар саяси шекараларға қай жерде сәйкес келеді? Дін мен саяси тәртіп сәйкесетін жерлерді және олардың қай жерде әртүрлі екенін көрсете аласыз ба?

Протестанттық ілімдер. Протестанттар арасындағы кикілжіңдерге қарамастан, оларды Рим католиктерінен ерекшелейтін және әлі күнге дейін айырмасы анық байқалатын кейбір өсиеттер бар. Сондай ілімнің бірінде «Библия – христианның жалғыз ғана шынайы бағдары» дейді. Діншіл адам Құдайдың ақиқатын тек Қасиетті Библиядан іздеуге тиіс. Ешбір епископ, діни қызметкер немесе әулие жеке адам мен Құдай арасында делдал бола алмайды. Осы доктрина адамдарды Библияны түгел оқуға, сауатты болуға шақырғанымен, протестантизм бірнеше тармаққа бөлініп кетті.

Протестанттар адам күнәдан арылу үшін немесе Құдайдың ықыласына ие болу үшін қандай да бір әрекет жасамай-ақ, Құдайдың мейіріміне сену арқылы күнәларынан айығады немесе құтқарылады деп тұжырымдады. Католик шіркеуі христиандарды Құдайдың кешірімін сезіну және жәннатқа бару үшін «қайырымды істерді» орындауға шақырды. Сондай-ақ мейірімді болу және қайырымдылық көрсету, шіркеу ілімдеріне, заңдарына және қасиетті істерге мойынсыну да қажет болды. Протестанттық реформаторлардың пікірінше, адамдар Құдайдың рақымына шын жүректен сенім артса, онда жақсы іс-әрекеттер өзі-ақ жасалады. Лютердің көзқарасы бойынша, Құдайдың еркіне көзсіз берілу – қандай да бір нақты нәтижелерге кепілдік бермейтін адалдық. Христиандар Құдай рақымына бөлену үшін жақсы амалдарды өмір бақи орындайды немесе күнәларынан толық арылу мүмкін емес деген қорқыныштарынан арылады. Жан Кальвин басқа тұжырымдар ұсынған болатын, Құдай кейбір адамды түзу жолдан тайдырмайды; ал кейбір адамға, қандай жақсы істер жасай алатынына қарамастан, тозақтық екенін алдын ала маңдайына жазады. Католиктер мұндай ілімдерді Құдайды тұрақсыз әрі жазалаушы ретінде көрсетеді деп есептеді.

Протестанттық шіркеу дін қызметкерлеріне үйленуге рұқсат берді. Ал католик шіркеуі дін қызметкерлері мен монах әйелдерге некеге тұруға тыйым салып, өмірін Құдайға толық құлшылық етуге арнап, отбасылық қамқорлық пен міндеттерден бос болуға тиіс екенін насихаттады. Протестанттық басшылар оған қарсы шықты. Жақсы отбасы балаларды христиандық мейірімге тәрбиелеуге, діни мекеме қызметкерлеріне күнә жасамауға және пасторларды әйел серіктерімен және көмекшілермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруге тиіс деп есептеді. Байырғы протестанттық шіркеулерде әйелдер кейде жазушы немесе ұйымдастырушы ретін­де басшы қызметін атқарды. Католиктік те, протестанттық та шіркеулердің дін қызметкерлері ер мен әйелдің рухани тең екенін мойындай тұра, әйел шіркеулерде үнсіздік сақтап, ер-азаматының еркіне көніп, зияткерлік тұрғыдан оған тең емесін Құдай бұйрығының бір бөлігі ретінде мойындауы керегін айтты. Кейбір батыл әйел христиандар ортағасырлық шіркеуден мұраға қалған дәстүрлі гендерлік теңсіздікке наразылық білдіру керек деп үндеу тастады. 1524 жылы бір неміс әйелі былай деп жазған екен: «Әулие Павел [Жаңа өсиетте] әйелдерге шіркеуде уағыз айтуға тыйым салып, күйеулеріне мойынсынуға нұсқау берді, ал шіркеулердің іші өтірікшілерге толы болса ше?»12. Алайда көп жағдайда шіркеуде әйелдердің үні естілмеді.

Германиядағы діни айырмашылықтар. 1529 жыл. Бәсекелес христиан қызметін бейнелейтін бұл гравюра Еуропада жаңа және арзан баспа арқылы көпшілікке тарады. Оң жақта католик діни қызметкері күрделі мантияда христиан шіркеуіндегі діни қауымның мүшелеріне уағыз айтып тұр. Сол жағында протестанттық қызметкер Библия оқып отырған адамдарға Библияны қолдану арқылы уағыз айтып тұр. Екі көріністе қандай айырмашылық байқалады? Осы гравюра авторы қандай ақпарат беріп тұр деп ойлайсыз?

1550 жылдан кейін Еуропада діни ағымдардың көбейгеніне қарамастан, протестанттық шіркеу сенім бостандығын қолдамады. Осы діндердің әрқайсысы өз шіркеуі ғана христиандықтың ақиқат түрі деп санады. Сондықтан лютерандықтар, кальвинистер және басқа секталардың мүшелері бірін-бірі жиі қудалады (кейде өлтіруге дейін барды). Католиктік Испания барлық өзге дін өкілдерінен – мұсылмандар, иудейлер және протестанттардан құтылу үшін Қасиетті инквизиция деп аталатын арнайы сот құрды. Мұндай діни жағдай XVІ ғасыр соңында үдей түсіп, сиқыр жасады деп айыпталған адамдар сотталып, азапталып, өлім жазасына кесілуі протестанттық және католиктік қоғамдарда қалыпты жағдайға айналды. Жәбірленушілердің көбі әйелдер, кедейлер, қарттар, әлеуметтік жағынан оқшауланған адамдар еді, олар өздерін шайтан мен олардың сыбайластары деп айыптаған бай да әлеуетті адамдарға төтеп бере алмады.

Католиктік реформация. Еуропаның ықпалды мемлекеттері протестанттықты қолдағаннан кейін Рим шіркеуі бұрынғы мәртебесінен айырылды. Католиктердің діни қызметкерлері реформацияны кем дегенде Лютер сияқты жасауға мүдделі еді, алайда оны шіркеудің аясында жүзеге асыру қажет болды. Реформа бастамалары жолындағы ішкі өзгеріс 1540 жылдары басталды, олардың бірнеше негізгі мақсаты бар еді: протестанттардың жеңісіне нұқсан келтіру, шіркеудің рухани беделін жандандыру, сыншылардың кейбір заңды әрекеттерін мойындау.

Меннониттік дін қызметкері мен әйелі. Танымал голланд суретшісі Рембрандт Ван Рейн майлы бояумен салған бұл суретінде Нидерландтағы протестанттық элитаның құндылықтарын көрсетті. Діни қызметкер Корнелис Клаус Ансло саудасы дөңгеленген саудагердің ұлы, Амстердамның Меннонит қоғамының көшбасшысы болды. Жұбайы Аалтье Герриц Схоутен оны мұқият тыңдап отыр. Екеуінің де киімдері күңгірт көрінгенімен, жағалы пальто және бас киімдегі шілтер олардың бай-қуатты екенінің белгісі болса керек. Үстелге жапқан Азия гобелені, Анслоның сол жағындағы ірі кітаптар оның жаһандық нарыққа қатысы барын және оқыған адам екенін көрсетеді. Протестанттық үй шаруасындағы әйелдердің мәртебесі туралы бұл сурет не айта алады деп ойлайсыз?

1545–1563 жылдар аралығында Италияның Трент қаласында реформа бойынша Католик кеңесі бірнеше үзіліспен өткен отырыстарда шіркеудің іргелі доктриналарын бекітті, сонымен қатар дін қызметкерлерінің моральдық және рухани ділін күшейту үшін шаралар қабылдады. Шіркеу басшылары, мысалы, дін қызметкерлері мен монахтардың сауатты болуын талап етті. Шіркеудің кейбір қызметкерлері, соның ішінде Рим Папасы ІІІ Павелдан (1534–1549) бастап өзгерістер енгізе бастады. Шіркеудің тұтастығы мен қуатын қалпына келтіруге бағытталған бірнеше жаңа жарлықты мақұлдаған католиктік реформация кейде контрреформация деп те аталды. Дүниежүзіне белгілі Иса қоғамын немесе иезуиттер орденін 1540 жылы испан ақсүйегі Игнатий Лойола (1491–1556) құрған еді. Лойоланың пікірінше, протестантизмге қарсы рухани қару – жоғары білім және миссионерлік ынта. Ол жас діни қызметкерлер үшін мектеп ашып, иезуит миссионерлерін Америка, Африка және Азияға жіберіп, олар жергілікті халықтардың тілін меңгеріп, христиан емес билеушілерге техникалық және ғылыми кеңестер берді. 1535 жылы итальяндық тақуа әйел Анджела Меричи (1474–1540) Әулие Урсула орденін құрды. Осы орден мүшелері урсулалық тақуалар ретінде ант қабылдады. Олар монастырьлерде емес, отбасыларымен бірге өмір сүріп, өмірін Еуропа мен алыс отарлардағы қыз балаларға христиандық білім беруге арнады.

1650 жылдан соң, Еуропа мемлекеттері арасында бір жарым ғасырға созылған, елді қажытқан соғыстардан кейін аймақтағы діни карта, негізінен, тұрақталды. Билеушілердің көпшілігі бір-бірінің рухани көзқарастарын қабылдауға келісті. Мемлекет кейде азшылық секталарды қудалап, еврей немесе мұсылман тұрғындар құқықтық және әлеуметтік тұрғыда тең емес екенін мойындаған жағдайда ғана төзімділік танытты. Солтүстік Еуропаның негізгі бөлігі протестанттықты қабылдап, оңтүстік пен шығыстағы мемлекеттер католик болып қала берді. Богемия, Венгрия және Польшада протестанттық қозғалыстар ұшқыны пайда болғанына қарамастан, католиктік реформацияның күшімен және билеушілердің Римге деген адалдығының арқасында бұл қозғалыстар жеңіліске ұшырады.

Ана тілдер және мемлекеттер

XVІ ғасырдағы орталықтандыру мен мемлекеттердің ұлғаюы тіл мен сөйлеу мәдениетіне ықпал етті. Билеушілер атыс қарулары арқылы жаңа жерлерді басып алған кезде немесе бұрынғы тәуелсіз аймақтарға күшпен басқаратын үкімет орнату барысында мемлекеттегі басқару ісі мен заң аясында тілдік және мәдени артықшылықтар маңызды бола бастады. Жергілікті ақсүйектер мен кәсіпкер көшбасшылар саяси және әлеуметтік артықшылықтарға ие болу үшін орталық биліктің тілін үйреніп, сән мен қоғамдық наным-сенімдеріне еліктеді. Нәтижесінде жергілікті тілдер мен дәстүрлер беделін жоғалтып, жойылып та кетіп жатты.

Бүкіл Афроеуразияда әрбір мемлекеттегі орталықтандырумен қатар, тілдерді біріктіру үдерісі қатар жүрді. Еуропада адамдар сөйлеу тілдерін қолданды, бірақ жаңа заман басында қолданыстағы тілдердің саны салыстырмалы түрде аз болды, олардың барлығының жазуы бар, кеңінен таралған. Осы ана тілдерінің 11ішінде маңыздылары – итальян, француз, неміс, ағылшын, поляк, испан, португал тілдері еді. XІV ғасырға дейінгі Францияда қазіргі француз тіліне ұқсайтын көне тілде Париждің аумағында ғана сөйледі. Осы сияқты басқа жерлерде шамамен жиырма екі диалект қолданыста болды. Алайда француз тілі көтеріліп келе жатқан монархия тілі болды. Париждік француздар аймақтарға әскер, әкімшілік және сот қызметкерлерін жібергенде жергілікті мырзалар мен қала саудагерлері олардың тілдерін үйрену қажет екенін ұғынды. 1539 жылы король І Франциск (Francіs) париждік француз тілі деген мағынаны білдіретін «туған француз тілінде барлық мемлекеттік құжаттарды жасау туралы» қаулы қабылдады13. Бүгінгі күндері әлі де провансаль, бретон, баск сияқты көне тілдерде сөйлейтіндер бар. Британ аралдарында VІІІ Генрих (Henry) және басқа монархтар ағылшын тілін мемлекеттік тіл ретінде бекітіп, корольдің иелігіндегі ирланд, уэльс немесе корн сияқты кельт тілдерін айналымнан шығарып тастауға барынша әрекет етті. Мысалы, 1536 жылы Генрих Англия билігіндегі Ирландияның бір бөлігі Голуэй тұрғындарына «ағылшын тілінде сөйлеп, ағылшын сәніне сәйкес болыңдар; әркім өз баласын мектепке ағылшын тілінде сөйлеуге үйретуге берсін»14 деп үндеу тастады.

Азияда Қытай стандартталған жазба тілін қалыптастыра отырып, өз диалектілерін сіңірді, оның ішінде басқа да лингвистикалық топқа жататын тілдер, әсіресе түркі тілдері де бар. Конфуций шенді тұлғалары астанасы Бейжіңмен байланысты мандарин қытай тілін жиі қолданды. Соның нәтижесінде мандарин қытай тілі бүкіл империяда қолданыстағы ең беделді тілге айналды. Қала баспалары түрлі пәндердің мыңдаған кітабын басып шығып, адамдар арасында сауаттылық арта түсті. 1601–1611 жылдар аралығында Бейжіңде тұрған иезуит діни қызметкері Маттео Риччи: «Мұнда айналыстағы кітап сансыз көп және олар өте төмен бағалармен сатылуда»15, – деп ерекше атап өткен болатын. Оңтүстік-Шығыс Азияда Бирма, Тайланд және Вьетнам қуатты монархия ретінде тарих сахнасына шығуы бирма, тай және вьетнам тілдерін аймақта басымдыққа алып келіп, мұның есебінен тау және орман халықтарының дәстүрлі түрде қолданған тілдерін ығыстырып шығарды. Токугавалық Жапонияда басымдыққа ие болған бір ғана ана тілі бар еді. Сондықтан да сауаттылық деңгейінің жоғары болуы және ағаш кескіндеме өнеркәсібінің гүлденуі архипелагтың мәдени тұтастығын қамтамасыз етті.

Ана тілі – аймақтағы бұқара халық қолданатын жергілікті тіл.

Мәдени беделге ие тілдер

Тіл бір аймақтан екінші аймаққа таралғанда, идеялар мен мәдени мінез-құлық та қалыптасты. Мәдениет элементтері тіл, қимыл-әрекет, өнер және рәсімдер арқылы байқалады.

Араб, парсы және түрік. Жаңа заман басында араб және парсы тілдері мұсылман теологиясының, философиясының, әдебиетінің және ғылымының негізгі байланыстырушысы ретінде жоғары мәртебеге ие болды. Парсы тілі Бенгалиядан Жерорта теңізіне дейінгі кеңістікте дипломатия мен зияткерлік қарым-қатынас құралы қызметін атқарды. Оңтүстік Азия халқы әртүрлі тілдерде сөйледі, алайда парсы тілі Моғол әкімшілігінің негізгі тілі болды. Урду, хинди тілдері, парсы тілінен енген кірме сөздермен толығып, Үндістанның солтүстігінде маңызды әдеби құралға айналды. Дүниежүзі мұсылмандары араб тілін Мұхаммед пайғамбар мен қасиетті Құран тілі деп қастерлейді. Жаңа заман басында және қазірдің өзінде-ақ, Ирак жерінен Атлантикаға де­йінгі батыстағы барлық мұсылман елдерінде араб тілі – басымдыққа ие тіл. Сонымен қатар араб тілі Африкадағы Суданның зияткерлік мәдениет пен саяси әкімшілік тілі болды.

Осман империясының иеліктерінде оғыз және өзге де түркі тілдерінің араласуынан пайда болған қазіргі түрік тілі үкіметтің шенді тұлғалары және оқығандар тобы арасында кең қолданған парсы тілін ығыстыра бастады. Стамбұлдағы Топкапы сарайында араб тілінде, сондай-ақ парсы және түрік тілдерінде жазған ақындар, астрономдар, географтар мен тарихшыларға сұлтан қамқорлық көрсетті. Сарайдағы екі тіл түркіленген араб графикасын қолданды. Бұған қарама-қарсы, тарих сахнасынан кеткен Византия империясының тілі – грек тілі қазіргі Грекия мен грек православ шіркеуінің тілі бола тұра, жаңа білімнің негізгі тасымалдаушысы ретіндегі қызметі әлсіреп, қолданыстан біртіндеп шыға бастады.

Еуропаның баспа тілдері. Еуропада механикалық баспалар XVІ ғасырда ана тілдерінде мыңдаған кітап пен брошюра шығара бастады. Бұл «баспа тілдері» біртіндеп сөздіктер мен грамматикалық құралдарды стандарттады. Қолжетімді кітаптарды құныға оқыған адамдар ана тілдерін әсіресе солтүстік Еуропада «анықтап алды». Грек және латын тілдерінде оқуға аз ғана мүмкіндігі бар сауатты әйелдердің эссе, поэзия және діни памфлеттерді жергілікті ана тілдерде басып шығаруға мүмкіндігі болды. Қаламгерлер, драматургтар және діни жазушылар еңбектерін ана тілдерде таратты. Мартин Лютер сансыз көп діни памфлеттерін неміс тілінде шығарды. Мигель Сервантестің «Дон Кихот» (Екі бөлімді. 1605 жылы және 1615 жылы жарық көрді) атты романы испан тілінде жарық көріп, қысқа уақыт ішінде басқа тілдерге аударылды. Анна Бейнс (1494–1575) голланд тілінде сатиралық өлеңдер жазып шығарды. Ағылшын жазушысы Уильям Шекспир (1564–1616) өлең-жырларды, сондай-ақ отыз екі пьесаны дүниеге әкелді.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Грация Луна Мендес Наси: XVІ ғасырдағы кәсіпкер әйел

Грация Луна Мендес Насидің қола медальдағы бейнесі

Протестанттық және католиктік реформациялар Еуропа еврейлеріне ауыр тиді. Христиандық діншілдігін көрсетуде өзара бәсекеге түскен діни қызметкерлер үнемі антисемитизм отын тұтатып отырды, олар билеушілерді неғұрлым қатал шара қолдануға, азшылықтағы еврейлерді шектеуге, бөлектеуге немесе тіпті қуып жіберуге шақырды. Құқықтық кемсітушіліктің және әлеуметтік қысымның күшеюі салдарынан он мыңдаған еврей Батыс Еуропадан Польшаға, Солтүстік Африкаға немесе Осман империясына қоныс аударуға мәжбүр болды. Бұл жерлерде толық әлеуметтік теңдік болмағанымен, бейбітшілік пен экономикалық қауіпсіздікте өмір сүру мүмкіндігі туды.

Грация Луна Мендес Наси (1510–1569) Испанияда дүниеге келгенімен, 1492 жылы король Фердинанд пен королева Изабелла еврейлер католик дінін қабылдауы шарт не мемлекеттен кетуі керек деген қаулы шығарғаннан кейін оның отбасы Португалияға көшуге мәжбүр болды. Бірнеше жыл өткен соң Португалия королі тура сондай қаулы қабылдады. Қайтадан қоныс аударуды қаламаған Грация Насидің ата-анасы күшпен бе, әлде өз еріктерімен бе, діни сенімін ауыстыруға мәжбүр болды. Сол себепті Наси христиан дінін қабылдады немесе «Жаңа христиан» ретінде есейіп, он сегізге толған шағында христианданған өте бай саудагер банкирге – Франсиско Мендеске тұрмысқа шықты.

1536 жылы күйеуінің мезгілсіз өлімінен кейін, Наси мен оның қызы Еуропадағы дамып келе жатқан теңіз айлағы Антверпенге жол тартты. Бұл жерде Мендестер отбасының үлкен саудада мүдделері бар еді, Лиссабон мен Солтүстік Еуропаның арасында пайдалы үнді бұрышының саудасымен айналысып, Грация тез арада бизнеске араласып кетті. 1542 жылы күйеуінің ағасы қайтыс болғаннан кейін, дарынды көпес әйел Мендестер мұрасына толық жауапкершілікті өз мойнына алды.

Протестанттық қозғалыстың алғашқы кезеңдерінде жаңадан дін қабылдаған еврейлер басқа жаңа христиандарды сенімдерінен бас тартуға құпия түрде насихаттайды деген күдікке ілінді. Бұл қауіпті ортадан Наси Антверпеннен кетіп, 1546 жылы Венецияға келді. Мендес фирмасының бірнеше Италия қалаларында коммерциялық агенттері бар болғанына қарамастан, Наси ол жерде тұрақтай алмады. Ол Венецияда аз уақытқа абақтыға қамалып, отбасы қаражатының бір бөлігін мемлекеттік қазына есебіне жұмсауға мәжбүр болды.

1549 жылы ол қайтадан Италия­ның Феррара қаласына көшті. Мұнда бай-қуатты Насиді жылы шыраймен қабылдап, ол ашық түрде еврей түп-тамырына орала алды. Алайда Рим шіркеуі қала басшылығынан еврейлерге қарсы қатал заңдар қабылдауын талап етті. Насидің бақытына қарай, үлкен корпорацияның көшіп келуіне мүдделі болған Осман империясының сұлтаны Сүлеймен оған Стамбұлға шақырту жіберді. 1552 жылы Наси өз игілігі үшін христиандық Еуропадан көшіп кетті. Еврейлер шартты құқықтық мәртебеге ие болған империяда Наси хрис­тиан дінін қабылдаған сенімінен бас тартып, еврей қауымдастығына көшті. Ол еврей біліміне, синагогаларға, мектептерге, кейбір мәліметтер бойынша Батыс Еуропадан келген жаңа еврейлер мен Батыс Еуропадан көшіп келген христиан дінін қабылдаған иммигранттарға қамқорлық жасады.

Наси қайтадан тұрмысқа шықпай, 1569 жылы елу тоғыз жасында қайтыс болды. Қай дін өкілі болса да, аса ірі көлемді халықаралық бизнес империясын құрған ол XVІ ғасырдағы әйелдерден мүлде өзгеше тұлға болды. Сол сияқты ол батысеуропалық еврейлердің Шығыс Еуропаға және Жерорта теңізінің оңтүстік және шығыс жағалауларына бағытталған үлкен миграцияның шынайы үлгісі еді.

Сыни пайым

Грация Мендес Насидің кәсіпкер ретінде табысқа жетуіне саяси, әлеуметтік, мәдени немесе жеке факторлардың қайсысы маңыздырақ ықпал етті?

Гуманизм тілдері. Еуропаның баспа тілдері гуманистік қозғалысты Солтүстік Италиядан субконтиненттің барлық бөліктеріне таратты. Гуманизм кейінгі XІV ғасырда ежелгі римдіктер мен гректердің жоғалған білімдерін қалпына келтіруге бағытталған зияткерлік миссия ретінде гүлденді (15-тарауды қараңыз). Оның жақтаушылары грамматика, риторика, тарих және мораль философиясындағы білімді жоғары бағалап, оны студенттерге классикалық ғылыми жазбаларды түсіндіреді деп санады. Гуманист ғалымдар Библия кез келген басқа ежелгі құжат сияқты сыни талдауға ашық болуы керек деп есептеді. 1516 жылы голландиялық интеллектуал Эразм Дезидерий (Desіdevіus Erasmus; 1469–1536), адал Рим католигі, алайда шіркеудің кінәраттары мен фанатизмнің қас жауы, грек тіліндегі Жаңа өсиеттің алғашқы баспа басылымын жариялады. (Эразм Дезидерий қазақ тіліндегі әдебиетте роттердамдық Эразм есімімен белгілі. – Ғыл.ред.). Оксфорд университетінің діни қызметкері Уильям Тиндейл (1490–1536) протестанттық діннен безген ретінде отқа өртелгенге дейін оны грек тілінен ағылшын тіліне аударған еді. Мәскеуде сауатты адамдар латын тіліндегі ғылыми еңбектерді оқып, оларды орыс тіліне аударып отырды. ІІІ Иван патша Италияда тәрбиеленген ақсүйек отбасынан шыққан София Палеологқа (1455–1503) үйленді, ол орыс православ және римдік-католиктік әлем арасындағы тілдік және мәдени байланыстарды нығайтуға бар өмірін арнады.

Қорытынды

XVІІ ғасырдың басы дүниежүзі тарихындағы өтпелі кезең болды. Осы уақытта Афроеуразияның бірқатар мемлекеттері атыс қаруына қол жеткізді. Бұлардың ішінде ең табыстылары бейбітшілік сақтап, кірісті көбейту және сауда-саттықты дамыту үшін оқ-дәрілі әскерді, орталық бюрократияны және құзыреті жоғары соттарды жасақтады. Мұндай мемлекеттер өзге елдерге мәдени тұрғыдан ықпал етіп, қол астындағы адамдардан, әсіресе ауқаттылар мен білімділер табынан діни, тілдік, заңды дәстүрлер мен қоғамдық үлгінің тұтастығын ұстануын қалады. Басқа дәуірлерде мемлекеттер мұндай билікке бұрын-соңды ие болып көрмеді. Дегенмен құрлықтағы қарым-қатынас жүйелерінің жаңа заман басында шектелуі, қарсылықтар, бүліктер, жасырыну, қашу немесе жергілікті тілдер мен мәдени дәстүрлерді сақтап қалу сияқты оқиғалар орталық биліктің басқа бағытта әрекет етуіне мүмкіндік берді.

XVІІ ғасыр басында Афроеуразия мемлекеттері, әскерінің көлеміне қарамастан, ресурс­тар мен жұмыс күшін, әскер қуатын басқаруда бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленбеді. Бұл ғасырдағы дүниежүзілік ұлы конвергенцияға байланысты аймақтық және дүниежүзілік биліктің жағдайы өте тұрақсыз болды. Америкалық күміс айналымы, азықтық дақылдардың жаңа жерлерге таралуы, әр мемлекеттегі халық өсімі және өнімділігі, сондай-ақ транстеңіз саяхат бағдарламасын жасаған теңіз жаңалықтары – іс жүзінде жаһандық, коммерциялық, мәдени, демографиялық айырбас жүйесін құрады.

Нәтижесінде, ең шалғайдағы қоғамдардан басқа барша жұрт жаңа идеялар, өнімдер мен мәдени мәселелермен жіті таныс болды. Сонымен қатар кейбір мемлекеттер, әлеуметтік топтар және экономикалық мүдделер жаһандық өзгерістерден көбірек пайда тапты. Осылайша, халық көп шоғырланған орталықтар ауылшаруашылық өнім базасы және өндірістер Азия­да шоғырланып, аталған ресурстар бірнеше аса ірі және қуатты мемлекеттерді, сонымен қатар шағын елдерді қамтамасыз етіп отырды. Дегенмен батысеуропалықтар – поляктарды, орыс­тарды, Осман түріктерін, Мин қытайларын есепке алмағанда – Атлант мұхиты арқылы теңіз саудасын басқарып, қос Америкадағы минерал мен ауылшаруашылықтың қисапсыз байлығын пайдаланды. Қалыптасып келе жатқан Атлантикалық жүйені және кейінгі XVІ және XVІІ ғасырлардағы басқа да жаһандық дамуды 18-тарауда қарастырамыз.

18

Жаһандық экономиканың дамуы: үміт және тұрақсыздық
1550–1700 жылдар

Өркендеген Манила айлағының шамамен 1650 жылғы картасы ағаш сандықтың қақпағына бейнеленген. Бұл – испандықтарға арналған, ұдайы қорғалатын орталық. Шетелдіктер мен филиппиндіктер қала қақпасынан тыс жерде орналасты. Оңтүстік Қытай теңізі мен Манила айлағын байланыстыратын Филиппиндегі канал арқылы мұнай танкерлері мен жүк кемелері күн сайын жүзіп өтетін. Жағалауда қаз-қатар тізілген мыңдаған контейнері шашылып жатқан, шығыс бөлігінде айлағы бар Манила қаласы – тіршілігі қыз-қыз қайнаған халықаралық айлақтардың бірі болды. Сондай-ақ филиппин, қытай, испан, америкалық, оңтүстіказиялық, яғни шыққан тегі әртүрлі 20 миллионнан аса тұрғын мәдени әралуандығымен ерекшеленді. Бұдан төрт ғасыр бұрынғы Манила ешқандай өзгешелігі жоқ, шағын ғана қала еді. 1571 жылы испан зерттеушісі Мигель Лопес де Легаспи іргесін қалаған қала тез арада ірі сауда орталығына айналып шыға келді. XVІІ ғасырдағы итальяндық саяхатшы қала туралы былай дейді: «Шығыс пен Батыстағы бай патшалықтардың дәл ортасында орналасқан бұл өңірді дүниежүзіндегі ең ірі сауда орталықтарының бірі деп бағалауға болады»1. Дүниенің төрт тарабындағы саудагерлерді баурап алған Маниланың бір ерекшелігі бар еді. Жыл сайын Америка шахталарының күмісін тиеген ірі кеме Мехико мен Акапулькодан соң осы айлаққа тоқтайтын. 1602 жылы ресми тіркелген жүкте 316 250 фунт күміс құйма, бес миллион песоға бағаланған монеталар болған2. Испан сатушылары бұл күміс құймаларға азиялық және еуропалық теңіз саудагерлері айлаққа әкелген жібек киімдер, мақта-мата, алтын, зергерлік бұйымдар, фарфор, иіссу мен дәмі тіл үйіретін дәмдеуіштер сатып алды. Айлақ жұмысшылары Акапулькодан келген кемені осы тауарларға толтырып алған соң, саудагерлер Тынық мұхит арқылы Мексикаға оралатын. Азиядан келген тауарларды үлкен жәрмеңкеде сатып алу үшін Жаңа Испаниядан (Мезоамерика), Кариб аралдарынан және Перу вице-корольдігінен де саудагерлер жиналатын. Бұл жерден кейбір тауарлар қос Америкаға, ал басқалары Атлант мұхиты арқылы Еуропаға тасымалданатын. Өзге саудагерлер күмісті Маниладан Қытайға және Үнді мұхитының айналасындағы елдерге өткізді. Қос Американы Азиямен тікелей жалғаған галеондар (көппалубалы желкенді үлкен кемелер) Маниладан жүзе бастаған уақыттан бері жаһандық сауда желісінде тығыз байланыс орнады деп білеміз. 1572 жылдан кейін адам қоныстанған барлық құрлық (Австралиядан басқасы) барлық ірі мұхиттағы теңіз жолдары арқылы, бейнелеп айтсақ, бір-біріне жақындай түсті. Сол себеппен, XVІІ ғасыр соңына қарай француз ақсүйектері Канададан әкелген құндыз бас киім, Батыс Африкадағы егінші әйелдер үнді мақтасынан тіккен киім киіп жүргені, ал қытай фарфорында мысырлық саудагерлердің тамақтанып отырған суреті бедерленгені ешкімді таңдандырмайтын болды. Америка шахталарындағы күміс монеталар мен құймалар теңіз асып, барлық айлақтардан өтіп, халықаралық айырбас жүйесін қамтыды. XVІІ ғасырдағы бір тарихшы жазғандай, XVІ ғасыр соңында «Ақша дүниені шарлап, жер жүзін өзіне телміртіп, шырқ айналдырды»3. Осы тараудың бірінші бөлімінде жаһандық айырбас желісінің пайда болуына ықпал еткен жүк тасымалы технологиясын және пайда табуды көздеген ұйымдардың жетістіктерін сипаттаймыз. Сонымен қатар бұл бөлімде Афроеуразия мен қос Америка арасындағы байланыстардың экономикалық және демографиялық нәтижесін де қарастырамыз. 16-тарауда жергілікті америкалықтарды жаппай қырғынға ұшыратқан афроеуразиялық індеттердің ежелгі және апаттық кесірін сипаттап өттік. Бұл бөлімде өсімдіктер мен жануарлардың трансмұхиттық айырбасын зерттейміз, XVІ және XVІІ ғасырларда адамзат санасына біртіндеп қозғау салған осы құбылыстың дүниежүзіндегі биологиялық және әлеуметтік әсерін жан-жақты қарастырамыз. Америка күмісінің ерте кездегі жаһандық айырбасын және оның дүниежүзілік экономиканы қалыптастырудағы рөлін саралаймыз. Тараудың екінші бөлімінде XVІ ғасыр аяғы мен XVІІ ғасырлардағы Афроеуразиядағы жаһандық айырбас жүйесінің дамуына қатысты оқиғаларды талдаймыз. Біріншіден, бұрын Афроеуразия желісінің батыс шеті болған, 1492 жылдан кейін дүниежүзінің сауда орталығына айналған Еуропаға баса назар аударуды жөн көрдік. Еуропаға қарай ағылған Америка күмісі аймақ экономикасына пайда әкелумен қатар, зиянын да тигізді. Осы бөлімде жартышар арқылы жылжи отырып, Шығыс Азияға зер саламыз да, тонналаған күмістің бірі – импорттаушысы, екіншісі – экспорттаушысы болған Қытай мен Жапонияның экономикалық дамуын саралаймыз. Афроеуразиядағы халықаралық саудаға – ежелгі Жібек жолы бойындағы және Қытай теңіздері мен Үнді мұхитындағы теңіз жолдары бағыттарына назар аударамыз. Афроеуразия мен қос Америка арасындағы сауда-саттық Азияның байырғы экономикалық нарқын төмендетпей, керісінше, нығайта түсті. Бұл тараудың үшінші бөлімінде Атлант бассейніне қайта ораламыз. Еуропа кәсіпкерлері мен сауда компаниялары билік тарапынан жер иелену немесе сауда жасау құқығына қол жеткізіп, Солтүстік Америкада табысты болған тон мен тері саудасына белсене араласып, Солтүстік-Шығыс Бразилияда, Кариб бассейнінде және басқа да жылы өлкелерде жұмысқа кірісті. Көп еңбек күшін қажет еткен плантациялардың қажеттілігін Американың сіңірі шыққан үндіс қоғамы өтей алмады. Сонымен қатар, Жаңа құрлық капиталистері жұмыс күші мәселесін шешу үшін еуропалықтарды емес, Африка құлдарын неліктен таңдағанын осы бөлімде зерттейміз. Ақыр аяғында әміршілер мен саудагерлерді байлыққа белшесінен батырып, миллиондаған өзге адамды кедей-кепшікке айналдырған халықаралық саудадағы африкалықтардың рөлін де қарастырамыз. 18.1-КАРТА. XVІ–XVІІІ ғасырлар аралығында өсімдіктер мен жануарлардың жаһандық таралуы Колумбтық айырбас адам рационына елеулі әсер етті. Сүйікті тағамдарыңыздың қай жерден келгенін таба аласыз ба?

Жаһандық желінің қалыптасуы ОЙЛАН: XVІ–XVІІ ғасырларда жер шарын қамтыған экономиканың қалыптасқанын қандай тарихи мәліметтер дәлелдейді? XV ғасыр соңында басталған дүниежүзілік ұлы конвергенция біртіндеп жалғаса берді. Колумбтың онжылдықтарға ұласқан саяхаттарына қатысқан теңіз капитандары Батыс Еуропа мен Кариб теңізі және Үнді мұхиты аралығында саяхат жасау керегін ұқты. 1550 жылға қарай екі теңізші ғана: Джованни Верраццано (Gіovannі Verrazano) – Франция үшін және Эстебан Гомес (Esteban Gomez) – Испания үшін Солтүстік Американың Атлантика жағалауларының ұзындығын зерттеді. Бұл Испания мен Португалия өз иелігіндегі аумақтарда америкалық империялар құруды немесе негізгі жерлерді «ашуды» бастаған уақыт еді. Төрт испан экспедициясы ғана Тынық мұхитын кесіп өткен болатын. Бір аралдан екінші аралға немесе бір жағалаудан екінші жағалауға жүзе отырып жасаған зерттеу жұмыстары жылдам аяқталды. Кеме жасау технологиясы ұдайы жетілді. Билік пен саудагерлер геологиялық барлау және сауда ұйымдарын құрды. Жұқпалы патогендер Америка үндістерін қырғынға ұшырата берді, XVІІ ғасыр басында трансмұхиттық өсімдіктер мен жануарлар айырбасының Афроеуразияға әсері мүлде басқаша болды. Жаңа азық өнімдерін тасымалдау ісі жалғасып, тамақ құнары артып, халық санының өсуіне ықпал етті. 1550 жылдан кейін испан кәсіпкерлері Мексика мен Оңтүстік Американың қазынасы мол кеніштерінен күміс өндіре бастады. Бұл дүниежүзі экономикасының дамуына серпін берді.

Жаһандық айырбастың технологиясы мен ұйымдасуы

16-тарауда Атлант мұхитын кесіп өтіп, Үнді мұхитына жеткен Еуропа теңізшілері мінген кемелердің дизайны мен навигация жетістіктерін сипаттадық. Мұхит саудасы тұрақты табыс әкелу үшін көлемі мен күші, жылдамдығы мен маневр жасай алуы өзара үйлескен, өндірістік шығындары аз кеме құрастыру керек болды. Тұрақты жаһандық сауда қару-жарағы сай әскери-теңіз кемесін құрастыруды, навигация дағдыларын қалыптастыруды, географиялық білімді ұштауды, күрделі әрі қауіпті жағдайларды сақтандыру мен қаржыландыру үшін сенімді қаржы көзін табуды және ұзаққа сапар шегуді қамтамасыз ететін әдістерді жетілдіруді қажет етті. Еуропа өкіметтері теңіз саудасын ұйымдастыруда жетекші болғанымен, XVІІ ғасырда сауда айырбасына ірі халықаралық компаниялар иелік етті.

Кемелер. Атлантикалық зерттеушілердің алғашқы толқынын тасымалдауда қолданған, каравелла деген атпен белгілі кемелер трансмұхиттық үздіксіз саяхатқа жарамсыз болып шықты. Теңіз жолдарын жасаушылар алдымен Испания мен Португалияда, кейін Солтүстік-Батыс Еуропа мен Азия жағалаулары бойында ізденісін жалғастырды. Құрылысшылар кеме дизайнына қатысты білімдерін бір айлақтан екінішісіне таратып, мықты, сонымен қатар ыңғайлы кемелер жасады. Бұл кемелерге шағын экипаж, аздаған азық қоры ғана қажет еді, кеменің қалған бос бөлмелеріне тауар тиеп қою мүмкіндігі болды. Бірнеше палубадан тұрған каракка қолданыстағы негізгі тауар тасымалы транспорты ретінде 1500–1630 жылдары Еуропа мен алыс жағалаулар арасында кең қолданылды. Алайда өте баяу қозғалатын мұндай кемелер нашар ауа райында маневр жасауға қолайсыз болды. Кейінгі XVІ ғасырда пайда болған галеон12 кеме жасау ісін­де­гі негізгі жетістіктердің бірі болып есептелді. Галеонның жіңішке корпусы ортағасырдағы галерадай, желкендері каравелладай, ал өзі карракадай үлкен еді. Галеонның берік құрылысы ауыр жүкті және корпустың әр қапталында ату үшін орнатылған зеңбіректі көтере алды.

XVІ ғасыр соңына қарай Нидерландта кеме жасаушылар флейт (fluyt) немесе жеңіл кеме (fly boat) жасап шықты. Галеонға қарағанда арзандау ағаштан жонған бұл кеменің түбі тегіс, тіректері анағұрлым қысқа, желкендері шағын және зеңбіректері де аз еді. Мұндай кемеге, галеон жасаумен және пайдаланумен салыстырғанда, аз қаражат жұмсалды, кеме экипажы да аз адамнан құралды. Флейттер баяу қозғалғанына қарамастан, саудагерлер ағаш, бидай, балық және тұз сияқты тауарларды көптеп таситын тиімді транспортқа айналды. XVІІ ғасырда галеондар Солтүстік Еуропа кеме жолдарында көп жүзді және көп жүк көтере алғандықтан, иелеріне қомақты пайда әкелді.

Сауда компаниялары. Еуропа билігі мен жеке капиталистер теңіз арқылы тасымалданатын коммерциялық операцияларды ұлғайту мақсатында түрлі ынтымақтастық орнатты. XVІ ғасыр басында Португалия тәж иесі трансмұхиттық саудаға бақылау орнату мақсатында Үнді үйінің (Casa da Іndіa) негізін қалады. Испан билігі Сауда үйін (Casa de Contratacіón) ашты. Бұл компаниялар навигациялық ақпарат жинақтап, штурмандарды жаттықтырып, жүк тіркеп, кемелерді тексеріп, салық жинап, теңіз заңдарын күштеп енгізді. Үнді үйі арқылы Португалия дәмдеуіштер және Африка мен Азиядан импортталатын бағалы металл айырбасына толық бақылау орнатып, бұл тауарларды Лиссабонда белгіленген бағамен сатып, табыстың негізгі бөлігін иемденіп отырды. Испанияның Сауда үйі көп жағдайда мемлекет иелігіндегі кәсіптен гөрі, жергілікті саудагерлерге рұқсат беретін реттеуші орган қызметін атқарды. Саудагерлердің жекелеген бірлестіктері көпестер арасындағы дауларды шешіп, шектеулі мүшелік арқылы кәсіппен айналысуына мүмкіндік берді.

XVІ ғасыр соңындағы Англия коммерциялық мекемелердің түрлі формаларын пайдаланды. Тәж иесі компанияларға сауда жасау мен арнайы аймақтарда мигранттарды қоныстандыруға монополиялық құқық беретін хартиялар ұсынды. Ибериядағы екі мекеме дәл сондай қызмет атқарғанына қарамастан, ағылшын компаниялары капитандар мен экипажды жалдайтын жекеменшік ұйымдар құрды. Компанияларды басқарып отырған менеджерлер мен капитал әкеліп, акция арқылы пайдаға кенелген инвесторлар арасы қатаң түрде екіге бөлінді.

Дауылды теңіздердегі флейт және басқа кемелер. XVІІ ғасырдағы бұл суретте голланд жағалауындағы үш тіректі флейттің артқы бөлігі көрініп тұр. Үшінші тіректің желкені ашылмаған. Айналасындағы басқа ірі кемелердің сұлбасы анық емес. Мұхит жолында әртүрлі кеме жүзгені, ірі кемелердің айналасында оған қызмет көрсеткен ескекті қайықтар, кішігірім кемелер де болғаны анық. XVІІ ғасырдағы кеме тасымалында неліктен әртүрлі қайық қолданылды деп ойлайсыз?

Ағылшын чартерлік компаниясы13 моделін Нидерланд, Франция, Швеция, Дания, Италия және ақыр соңында Испания мен Португалия да қабылдады. Чартерлік компаниялар акцияларын сататын қор биржалары Амстердам мен Лондонда пайда болды. Ақсүйектер мен өзге де ауқатты адамдар «байлықтың кілті – жерде» деген дәстүрлі көзқарастарынан бас тартып, құлдар, тауарлар, акциялар және халықаралық саудаға қатысты инвестицияның өзге де түрлеріне капиталының қомақты бөлігін құя бастаған уақытта Еуропада қаржылық қайта түрлену басталды деп айта аламыз.

Галеон – соғысқа және коммерциялық мақсатта XVІ–XVІІІ ғасыр­да қолданған, ірі, көппалубалы желкенді кеме.

Чартерлік компания (chartered company) – сауда немесе отарлау, барлаумен айналысу үшін жеке инвесторларға мемлекет нақты міндеттер мен құқықтар беретін корпорацияның түрі.

Колумбтық айырбастың жалғасы

Адамдар кейінгі XV ғасырда Атлант мұхитын кесіп өтіп, қос Америкаға барғанда, бидай мен бақбақтан бастап, жылқы, бал арасы, сұр тышқанға дейін түрлі тірі организмдерді, кейінірек көз жеткізгеніміздей, қызылша мен шешек ауруларын да әкелген. Кері қайтқан кезде, Америкадағы организмдерді, соның ішінде жүгері, картоп, қызанақ, түйетауық, ысылдақ улы жылан және мерезге себеп болатын бактерияны Афроеуразияға алып келді. Уақыт өте келе колумбтық айырбас бүкіл дүниеде биологиялық революция жасады, дегенмен кейбір организмдер жаңа қоршаған ортадағы өз орнын басқалардан сәл кейінірек тапты. Мәселен, Кариб аралдарына Колумб ізбасарлары әкелген арамшөптер жергілікті өсімдіктерді ығыстыра бастады немесе Жапониядан жеткен кудзу деп аталатын жүзім Оңтүстік Американың оңтүстік-шығысына 1870 жылдары ғана жерсінді. Солтүстік Америка жанаттары ХХ ғасыр басында ғана Еуропада тарала бастады.

Қос Америкадағы Афроеуразия флорасы мен фаунасы. Колумб пен оның соңынан ерген жиһанкездер Кариб теңізіне, Мезоамерикаға өсімдіктер мен жануарлардың жаңа түрлерін таныстырып, биологиялық революцияға себепкер болғанынан хабарсыз еді (18.1-картаны қараңыз). Экипажды аш қалдырмау үшін азық-түлік жеткілікті болуы керек еді. Сондықтан теңізшілер тауық, шошқа және ірі қара малды кемедегі тауар сақтайтын қоймаларда ұстады. Бұл жануарлардың кейбірі саяхатта аман қалып, құрлықта көбейіп, орман мен батпақтарға қарай қашып, жабайы табиғатта өсіп-өнді. Колумбтың бірінші саяхатынан сегіз жыл уақыт өткен соң қазіргі шошқадан жабайы қабанға көбірек ұқсаған Еуропа шошқалары Эспаньола (Гаити) аралында қаптап, жергілікті жануарлармен тіршілік үшін бәсекеге түсті.

Ертедегі отарлаушылар Америка өсімдіктеріне тәжірибе жасамай, өздеріне таныс ауыл шаруашылығы дақылдарын қолайлы табиғи жағдайларда өсіру үшін отандарынан тағамдық өсімдіктерді ала келді. Олар Кәрі құрлық тағамдарын қалай әзірлеу керегін білгендіктен, сол дәмдерді артық көріп, олардан уланбайтынына сенімді болды. Екінші саяхатында Колумб нұттың, қауынның, пияздың, шалқанның, салаттың, орамжапырақтың және түсті орамжапырақтың ұрығын немесе көшетін ала келіп, осы көкөністер Батыс жартышарға таралды. Кейінгі уақыттағы жиһанкездер банан мен күрішті ала барып, олардың екеуі де тропиктік Америкада негізгі тағамға айналды. Перу мен Чили жағалауындағы алқаптарда жүзім және зәйтүн ағаштары көптеп өсті. XVІ ғасыр ортасында Мексикада бидай бітік шығып, оны басқа өңірлерге экспорттау басталды. Кәрі құрлықтың мәдени міндеттемелері белгілі азық-түлік өнімдерін енгізуге себеп болуы мүмкін еді. Мысалы, Америкадағы еуропалықтар католик мессасын тойлау үшін шарап пен ашытқысыз нан қажет болғандықтан, жүзім мен бидайды өсірді. Еуропалықтар жергілікті америкалықтарға үстемдік орнатқан өңірлердің барлығында тұрғылықты халықты афроеуразия дақылдарын және малын өсіруге жұмысқа жекті. Алайда ертедегі еуропалықтар басқа таңдау болмағанына қарамастан, жүгеріні азық ретінде қолданғысы келмеді. Үндістер де бидай мен шетелден келген дәндерді тағам деп мойындай қоймады.

Мал шаруашылығын Америкаға еуропалықтар алып келгеніне қарамастан, ол кейінгі уақытта дамып, ерекше өркендеді. Жабайы шошқа тұяғы жеткен әр аралда және жағалаудағы ойпаттарда кең таралды. XVІ ғасыр аяғында жүздеген мың ірі қара мал мен қой Мексиканың солтүстігінде жайылып, ірі қара мал саны жылына бір жарым есе өсіп отырды. Сол сияқты ірі қара мал испан конкистадорларымен бірге Перуге, одан Анд таулары арқылы Аргентинаның шұрайлы даласына жетті. 1580 жылы испан қоныстанушылары Буэнос-Айрестің негізін қалаған кезде, олар айналадағы аумақтың барлығы ірі қара малға толы екенін аңғарды. Шамамен 1700 жылға қарай ірі қара малдың саны қырық сегіз миллионнан асыпты. Жылқылар да осы бағытпен қозғалды. Аргентинадағы Тукуман маңындағы үйір туралы бір тарихшы былай жазыпты: «Олар бүкіл жер бетін басып алған, жолды кесіп өтсе, жолаушы олар үйірімен өтіп болғанша бір күн немесе одан да көп күтуі қажет»4.

Қос Америкаға жылқыларды тиеп әкету. Шамамен 1550 жылғы гравюра Атлант мұхиты арқылы мал тасымалдауда ұқыптылық пен мұқияттылықтың қаншалықты қажет екенін көрсетеді. Қиындықтарға қарамастан, испандықтар жылқы мен ірі қара сияқты жануарларды тасымалдауға тәуекел етуіне не себеп болды деп ойлайсыз?

Өздері де, америкалықтар да қаламаған флора мен фаунаны еуропалықтар Америкаға тасымалдады. Қаулай өсіп, жергілікті өсімдіктерге зиян келтірген қырықжапырақ, түйетікен, қалақай, беде, мекеншөп сияқты түрлі арамшөптерді мысалға алуға болады. Бұл тасымалдың ең сорақысы – егеуқұйрықтар еді. Ірі қара мен шошқаға қарағанда жылдам көбейген бұл кеміргіштер елді мекендерде сақтаулы азық-түлік өнімдеріне қауіп төндірді. Астықты жалмаған егеуқұйрықтар алғашқы отаршылдарды Буэнос-Айресте, Вирджиниядағы Джеймстаунда орналасқан елді мекендерінен бас тартуға мәжбүр етті. Перуде өмір сүрген Гарсилáсо де ла Вéга: «Егеуқұйрықтар шексіз көбейіп, егінді жалмап барады», – деп жазған еді5.

Афроеуразиядағы Америка тағамдары. Бастапқыда аса қызыға қоймаса да, америкалық тағамдарды сынау үшін еуропалықтар отандарына жеміс-жидек ала кетті. Олар күнделікті ас мәзірінде айрықша түсімен немесе дәмімен ерекшеленген қызанақ, чили, авокадо, ананас, какао сияқты өсімдіктер еді. Уақыт өте келе негізгі өнімге айналған құнарлы өсімдіктерді, соның ішінде жүгері, картоп, тәтті картоп және маниоканы (кассава) Еуропаға әкелді. XVІІ ғасырға қарай осы және басқа да тағам өнімдері Афроеуразияның демографиясы мен тамақтану мәдениетіне ықпал етті.

1493 жылы Испанияға Христофор Колумб апарған жүгері келесі ғасырда Иберияда және Франция мен Италияның кейбір аймақтарында адамдар мен үй жануарлары үшін негізгі ауыл шаруашылығы өніміне айналды. Бұл аймақтардағы кедей отбасылар дәстүрлі асы – ботқаларына жүгеріні де қоса бастады. Венеция саудагерлері жүгеріні Осман империясына апарды. Осылайша жүгері Оңтүстік-Батыс Азия, Мысыр, Балқан түбегінде кеңінен тарап, XVІІІ ғасырда негізгі ауыл шаруашылығы дақылына айналды.

Еуропа шаруалары картопты бір ғасырдан аса уақыт мойындамады. Олар кортоптың басқа дақылдарға қарағанда құнарлырақ және пайдалы заттарға бай екенін білмеген еді. 1600 жылдары кедейленген Ирландия фермерлері күнделікті рационында картоп пен сүтті ғана пайдалану арқылы денсаулығын нығайтып, өмір жасын ұзарта алатынын ұқты. Осы және келесі ғасырда картоп өсіру ісі климаты қолайлы және топырағы құнарлы бүкіл Солтүстік Еуропаға таралды. Ақсүйектердің аста-төк дастарқанында да буға, отқа піскен картоп, картоп езбесі пайда болды.

Иберия теңізшілері Американың тағам өсімдіктерін Афроеуразияның Еуропадан басқа бөліктеріне де таратты. Аса құнды дәрумендері мол және дәмі ерекше маниок түйнегі ауылшаруашылық дақылы ретінде көпшіліктің ықыласына бөленіп, у шығару үшін де қолданылды. Қоршаған ортаға төзімді және мол өнім беретін бұл өсімдік Бразилиядан бүкіл жер шарына тарап, тропиктік Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Оңтүстік Қытайда маңызды азық түріне айналды. Қытай егіншілері XVІ ғасыр басында Американың жүгерісін, тәтті картобын және жержаңғағын өсіре бастады. Солтүстік және Орталық Қытайдың күріш өспейтін таулы аймақтарында шаруалар тәтті картоп өсіріп, осы арқылы тағам құнарын арттырып, кей жағдайларда аштықтың алдын алды. Егіншілер күрішті жержаңғақпен, бұршақпен алмастырып егу арқылы жер құнарын арттырып отырды.

Американың негізгі ауылшаруашылық дақылдары Афроеуразиядағы тағам құрамына құнарлы, сан алуан көкөніс қосып, иммундық жүйені күшейтті. Мысалы, Ирландияда елді мекен тұрғындарының басым бөлігі картопты күнделікті азығы ретінде пайдалана бастаған соң, 1600–1800 жылдары халық саны 1,5 миллионнан 8,5 миллионға, шамамен 450 пайызға өсті. Қоғамда негізгі азықтың бірнеше түрін, мәселен, картоп та, бидай да ексе, ауа райы нашар болған жылдары өнімнің бірі бітік шығып, аштықтан құтыла алар еді. Тарихшылар 1500 жылдардан кейін Америка дақылдары Афроеуразия халық санының өсіміне әсер еткенін жоққа шығармайды.

Күміс ағыны. Америкадан Еуропаға оралған кемелер жылтыр металл ала келді. Америкаға барған еуропалықтар алтынды бірнеше аймақта ғана тапқанымен, күмістің орасан мол қорына кезікті. Дүниежүзінде коммерциялық айырбасты дамыту мақсатында күмістен монета соқты. 1550–1800 жылдар аралығында Мексика мен Перу дүниежүзіндегі күмістің 80 пайызынан астамын – 150 мың тонна металл өндірді6.

XVІ ғасырда күмістің мол қорын өндіруге үш шешуші фактор себеп болды. Біріншіден, 1545 жылы барлаушылар Боливияның таулы аймағында 13 мың фут биіктіктегі Потоси маңында ірі кен орнын анықтады. Келесі жылы олар Орталық Мексиканың солтүстігінде Сакатекастың (Zacatecas) жанынан тағы бір кен орнын тапты. Екіншіден, кеншілер бастапқыда биік тау кеніне ғана Германияның балқыту тәжірибесін қолданды. 1560 жылдары Испания техниктері ұнтақталған күміс кенін тегіс жазықтарда немесе «патио» бетіне орналастырып, сынап, су, тұз және мыс сульфатымен мұқият араластыратын жаңа әдіс ойлап тапты. Күміс пен сынап амальгам түзіп, бұл түзілімді қыздырып, сынапты бөліп алды. Бұл әдіс енді дами бастауына байланысты, зерттеушілер сынаптың үлкен қорын Перудегі Уанкавеликада (Huanca velіca) анықтады. Потосиге сынапты тасымалдау кен иелерінің шығындарын күрт азайтып, өндірісті жеделдетті. Үшінші фактор – Испанияның Перудегі вице-королі Франсиско де Толедо кеніштердің толық мүмкіндігін пайдалану мақсатында мита деп аталған міндетті еңбек өтілім жүйесін енгізді. Анд елді мекендеріндегі үндістер Уанкавелика мен Потосидегі кен орындарын жыл сайын жұмыс күшімен қамтамасыз етуге міндеттелді. Ол кеніштерге дейінгі алыс қашықтықты басып өтіп, жер қазушы, тасымалдаушы, араластырушы, мұнай өндіруші болып ауысыммен еңбек етті. Заңды түрде азат екеніне қарамастан, олар өте аз өтемақы алып, өмірлеріне қауіпті де ауыр жағдайда тер төкті. 1616 жылы Уанкавеликада болған католик монахы және миссионері Антонио Васкес де Эспинос былай жазады:

«[Сынапқа] бай рудаларды қазу жұмыстары қарқынды жүргізілгені сонша, мұнда қайла және балғамен қаруланған үш мыңнан аса үндіс шақпақтарды үгітіп жатты; Байғұс жұмысшылар қаптарын лық толтырып, сатымен және әлдебір құралдармен кенді көтеріп жүр... кеніште жұмыс істейтіндер сақтық шараларын жасап, сақ болғандары жөн; байқаусызда сынаппен уланып, жұмысқа жарамсыз болып қалуы мүмкін; тістері де саудырап түсіп қалады, кейбірі, тіпті өліп те кететін»7.

Күміс өндірісі мемлекеттік және жеке мүдделерге бағытталған еңбек бөлінісіне алып келді. Күміс кеніштері мен металлургия өндірістері жеке тұлғаларға тиесілі болғанына қарамастан, Испан тәж иесі сынап тасымалын қадағалап, салық пен бажға қоса, өндірілетін күмістің бестен бірін тәркілеп отырды. Империялық билік барлық күміс Потоси мен Мехико қалаларындағы монета сарайларынан өтіп, құймаға немесе ділдаға айналдырылып, король мөрі басылуын талап етті. Бұл шенді тұлғалардың адалдығын қамтамасыз етіп, корольдің үлесін жинап алуға мүмкіндік берді. Сол себепті, кен орындарының иелері мен саудагерлер бұл ережелерді ұдайы бұзғаны таңданарлық жайт емес. Заңсыз жөнелтілген жүк саны тіркелген экспорттан асып түсті.

Күміс тау-кен өндірістерінен әртүрлі бағытпен тасымалданды (18.2-картаны қараңыз). Потосиден Перу жағалауларына малмен тасылған жүкті кемелер Панамаға жеткізген соң, жануарларға артып, мойнақ арқылы Кариб бассейніне алып келетін. Осы жерде зеңбіректі галеондар жүкті Испанияға тасымалдады. Күмісті Сакатекас шахталарынан құрлық арқылы Мехикоға, одан Веракрус айлағы арқылы Еуропаға жөнелтетін. Манила галеоны 1572 жылдан жүзе бастады. Сонымен қатар Мексикадан да, Оңтүстік Америкадан да күміс заңсыз жолмен ағылып келіп жатты. Жалпы есептей келе Потосиден өндіретін металдың шамамен 15–30 пайызы заңсыз жолмен тасымалданды, ол Боливиядан оңтүстік-шығыс бағытта Рио-де-ла-Плата өзені (Күміс өзені) бойымен Атлант мұхитына жетіп, Еуропа кемелерін күтетін8.

Потоси күміс шахтасындағы қара жұмыс. XVІІ ғасырда дүниежүзіндегі ең ірі қалалардың бірі Потоси еді. Теодо де Брайдың 1602 жылғы суретінде жедел дамып жатқан қаладағы халық тобыры емес, жергілікті америкалық шаруалар жер астында капиталистік кәсіпкерлер үшін күміс өндіріп жатқан сәті бейнеленген. Көрнекті суретші-иллюстратор де Брай өз гравюрасында қос Америкаға деген көзқарасын күллі еуропалықтарға таныстырды. Суретшінің шахталардағы жұмыстарды бейнелеуін қалай бағалар едіңіз?

Афроеуразия және жаһандық экономиканың дамуы

ОЙЛАН: ХVІ–XVІІ ғасырлардағы Афроеуразия қоғамдарына жаһандық байланыстар мен айырбас қалай ықпал етті?

Афроеуразия қоғамдарында 1500–1650 жылдар аралығында елеулі экономикалық және демографиялық өсім байқалды. Солтүстік Еуразиядағы фактордың бірі – қалыпты климаттық жылыну болған шығар. Солтүстік жартышарда XІІІ–XІX ғасырлар аралығындағы суыну циклі Кіші мұз басу дәуірі деп аталды (15-тарауды қараңыз). Алайда осы фазада ауа райы сипаты бір онжылдықтан екіншіге қарай өте құбылмалы болды. Кейінгі XV–XVІ ғасырларда солтүстікте температура Цельсий бойынша 2–3 градусқа көтерілді. Бұл үрдіс жылы әрі құрғақ ауа райына ұласып, Солтүстік ендікте, соның ішінде Қытай мен Еуропада ауыл шаруашылығы жағдайын жақсартты. XІV ғасырдағы айтарлықтай демографиялық құлдыраудан кейін екі аймақтың да халық саны XVІ ғасырда артты, Қытайда шамамен – 25 миллионға, Еуропада – 5 миллионға өсті. Бүкіл Афроеуразияда халық саны шамамен 418 миллионнан 545 миллионға жетті. Қос Америка халқының саны күрт төмендеуіне байланысты, 1600 жылы дүниежүзіндегі адамзаттың шамамен 98 пайызы Афроеуразияда өмір сүрді9.

Кейбір аймақтарда халық саны еңбек күші мен әскер есебінен артып отырды. Өз кезегінде әскери нысандар мен өнеркәсіптің стратегиялық салаларында мол мемлекеттік қаржының жұмсалуы экономиканың даму үрдісін арттырды. Халқы тығыз орналасқан осындай аймақтарда аграрлы-нарықтық қалалар саны артты, өңдеу өндірісіндегі жұмысшылар мамандығы өсті, банк сияқты күрделі коммерциялық мекемелер көбейіп, ақшаны көптеп жұмсай бастады. Америка шахталарынан әкелген күміс ақша айналымының өсуіне септесті.

Батыс Еуропадағы экономикалық өрлеу

Үндістан бұрышын артқан португал кемесі Солтүстік теңіз арқылы Антверпен жағалауына 1501 жылы, ал Америка күмісі испан айлағы – Севильяға 1530 жылдары жеткен еді. 1450 жылдан кейінгі Еуропаның ерекше атап өтетін экономикалық басқыншылығы құрлықтан тыс аумақтағы саудамен емес, жергілікті дамуға байланысты жүрді. Халық санының өсуі іргелі фактор болды. Қытай сияқты, Еуропа да алдыңғы ғасырлардағы індеттер алып келген ірі көлемдегі өлім-жітімнен енді-енді ес жия бастаған еді. Халық санының құлдырауынан ауыл шаруашылығы жері бос қалды, тұрғын саны өсуінен бұрын азық өндірісі артып, өмір сүру деңгейі қайтадан көтеріле бастады. Климат жылына түскендіктен ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымы артты. XVІ ғасырда Атлант мұхитынан Ресейге дейінгі кеңістікте халық саны 80 миллионнан 100 миллионға дейін өсті. Қытайда осындай өсу қарқыны 1500 жылдары баяулап, 1700 жылдары қайта жанданды.

18.2-КАРТА. XVІІ ғасырдағы жаһандық күміс тасымалы

Күміс Америка шахталарынан Шығысқа да, Батысқа да тасымалданды. XVІІ ғасырда осы екі бағытта дүниежүзілік айналымда болған дайын тауарлар мен басқа да өнімдер туралы не білесіз?

1500 жылға қарай Еуропа тұрғындарының 90–95 пайызы елді мекендер мен шағын қоныстарда тұрғанына қарамастан, халық саны жиырма мың немесе одан да көп болатын қалалар көбейді. Ғасыр соңында ең ірі 31 қалада 2,5 миллион халық өмір сүрді, олардың басым бөлігі Солтүстік-Батыс Еуропада және Солтүстік Италияда шоғырланды. Антверпен халық саны 1570 жылы жүз мыңға жеткен маңызды сауда және банк орталығы болды. Күшейіп келе жатқан Франция монархиясының астанасы – Париж халқының саны 1500–1700 жылдар аралығында 100 мыңнан – 510 мыңға өссе, Лондон тұрғындары аталған уақытта 40 мыңнан 575 мыңға артты10. Нидерландта 1500 жылдардың соңында негізгі қаржы орталығы ретінде Антверпеннің орнын басқан Амстердам Еуропаның халқы тығыз орналасқан, ең урбандалған бөлігіне айналды. Жүздеген миль қашықтыққа созылған каналдар аймақтағы қалаларды бір-бірімен байланыстырды. Әдемі үйлер мен қоғамдық ғимараттар қалалық су жолдары бойында орналасып, 1660 жылдары ірі орталықтарда көше шамдары жана бастады.

Еуропаның ұлғая түскен нарығы. ХVІ ғасырда халық санының күрт ұлғаюына байланысты азық-түлікке, отынға, киім-кешек пен өндіріске сұраныс артты. Кәсіпкерлер мен фермерлер бар байлығын жаңа капиталистік өндірістерге салды. Саудагерлер тауарларды Еуропаның бір бөлігінен екіншісіне тасымалдап, аймақтардағы кеме жүретін өзендерді арзан ішкі тасымал құралы ретінде пайдаланды. Ағылшын және испан жер иеленушілері қой санын арттырып, жүн экспорттады. Скандинавия кәсіпкерлері мыс пен темір кенін өндіріп, сүрек пен ағаш көмірін алу үшін ағаш кесті. Мұсылман жерлерінде ғасырлар бойы дамып келген тоқыма өндірісі Еуропадағы негізгі өндіріске айналды. Әсіресе ашық түсті шұлық тоқу ісі дамыды. Генуяда, Италияның басқа да солтүстік қалаларында жұқа жібек матасының шеберханалары ашылды. Голландия мамандары жүн мен зығыр матасы, әйнек ыдыс, кітап басу, теңіз кемелері және сыра өндірумен айналысты. Голландиялық флейттер бидайдың мол өнімін, ағаш материалдарын, қант, балық мен шарапты Балтық теңізі мен Солтүстік теңіздер арқылы Атлант мұхитына дейін жеткізіп отырды.

Еуропа мол бидай өсіруді қажет еткеніне қарамастан, батыс аймақтарда шағын фермерлер жер иелене алмады, өйткені бір жағынан халық тығыздығының артуы аздап ықпал етті, сондай-ақ ірі жер иеленушілер егістік танаптарды жайылымдық жерлерге айналдырып, табыс табу мақсатында сол уақытта нарқы қымбат ірі қара мен қой өсірді. Осы мақсатта саз батпақ пен ұйықты егістік жерлерге айналдыруға шешім қабылдады. Бұл – амбициялық су бұру жобасы, мәселен, Нидерландта, Англияның Фэнс деп аталған оңтүстік-шығыстағы жазықтарда кеңінен қолданылды. Солтүстік-Батыс Еуропадағы фермерлер үлкен алқаптардан өнім алуда жетістікке жетті. Мұндағы басты инновация – төрт танапты егіс айналымы жүйесі болды. Біріне – шалқан және жем-шөп ексе; екіншісіне – топырақ жаңарту үшін жоңышқа немесе азот сіңіруші өсімдіктер өсірді; үшінші және төртінші жер – әртүрлі дәнді дақылдарға арналды. Сонымен қатар бұл стратегия аясында егістік құнарын арттыру мақсатында үй жануарларының тезегін жинаудың тиімді әдістерін қолданды. Өнімділікті арттыру барлық отбасы мүшелерінің аянбай еңбек етуін қажет етті. Ерлер мен ұл балалар ең ауыр жұмыстарды атқарып, әйелдер мен қыз балалар астық жинап, жануарларға қарап, азық-түлік өңдеумен айналысты. Жаңа заманның алғашқы ғасырларында аграрлық технологиялар күрт өзгеріске ұшырамаған еді. Еуропаның басым бөлігінде су құбырлары мен жел диірмендері адам күшімен немесе жануар энергиясымен жұмыс істеді. Сол сияқты, Шығыс Еуропада және Ресейде жер иеленуші ақсүйектер Батыс Еуропаға экспорттау үшін астықты арнайы өсірудің жаңа мүмкіндіктерін тапты. Онда жаңа қала тұрғындары мен қызметкерлер барлық тағамдарды өздері сатып алуға мәжбүр болды.

Еуропа қалаларының қайта өркендеуі. Геррит Беркхейденнің майлы бояумен салған «Амстердамдағы ратуша» («The Town Hall іn Amsterdam»; 1673 жыл) суретінде Голландияның алтын ғасырындағы қала дамуы мен байлықтың шоғырлану аспектілері бейнеленген. Үлкен ғимараттардың орталық алаңда орналасуы, сыртқы дарбазасы мен ішкі мәрмәр қақпалар сауда элитасының әл-ауқаты мен саяси беделін көрсетеді. Ратушаның көлеңкесі Жаңа шіркеуге түсіп тұр, сондай-ақ алаңда нарықтық қарым-қатынастар бейнеленген. Картина голландтық қала өміріндегі саяси, экономикалық және діни күштер арасындағы қарым-қатынасты көрсетеді деп ойлайсыз ба?

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Луис де Геер: капиталистің табысқа жету тарихы

Луис де Геердің портреті. Давид Бек. 1649 жыл.

Луис де Геердің (1587–1652 жылдар) мансабы – XVІІ ғасыр басындағы Еу­ропадағы экономикалық жарқын өмірдің айқын көрінісі. Қазіргі Бельгия аумағындағы Габс­бургтер әулетінің Льеж қаласында дүниеге келген де Геер жаңа құрылған Біріккен Нидерландқа 1595 жылы отбасымен көшіп барды. Бизнесті де, мыс өндірісін де қатар үйреніп, отыз жасына дейін әрі саудагер, әрі қаржыгер ретінде қалыптасты. 1615 жылы ол Голландия экономикасының энергетикалық орталығы – Амстердамға орнықты. Күйеу баласы Элиас-Триппен және басқа туыстарымен берік іскерлік байланыстар орнатты.

1618 жылы «Отыз жылдық соғыс» деген атпен белгілі қақтығыс бұрқ ете түсті. Бұл кескілескен соғыс Габс­бургтер католиктерінің протестант князьдерге қарсылығы ретінде басталып, кейін бүкіл Орталық Еуропаға тарап, экономикасы кенже қалған Швеция да кикілжіңге араласты. Аталған соғыс атыс қаруына сұранысты арттырды. Швеция королі Густав Адольф (1611–1632 жылдары билік құрды) құрлық және теңіз әскерін қаржыландырудың жо­лын іздестірді. Де Геер мен Трип қолайлы жағ­дай­ды пайдаланып, корольге бірқатар қарыз беріп, Шве­ция үкіметі атынан төлем жасап, король әскерін қаруландырып, жабдықтады. Басқа да голланд инвесторлары және өндірушілері Швеция­ның экономикалық экспансиясына, сол сияқты оның Еуропаның маңызды әскери күші ретінде қалыптасуына септігін тигізді.

Густав Адольф әртүрлі жолдармен, көп жағдайда жанама түрде де Геер мен Триптен алған қарызын қай­тарды. Геер, негізінен, мыс пен темір саудасын моно­полиялап, ауыл шаруашылығына арналған жер­лерді жалға алды және Шығыс Швецияда балқыту зауыттарын іске қосты. Де Геер қару-жарақ жасау, сату, мақта-мата, қағаз шеберханаларын, кеме айлақтарын, сыра қайнату және металл балқыту зауыттарын ашып, оларды пайдалану ісі­не қатты қызығатын. Іс жүзінде де Геер және оның серіктесі Трип Еуропада қару сатушы ірі кәсіпкер ретінде мәлім болып, Швеция, Венеция, Франция, Англия, Германияны, Біріккен Нидерландты кемелермен, артиллериямен, мушкеттермен, гранаталармен және оқ-дәрімен қамтамасыз етіп отырды.

Де Геердің Амстердамдағы үйінде әйелі мен бала­лары тұрып, өзі 1627 жылы швед азаматтығын алды. Кейіні­рек Амстердам мен Швеция арасында жүрген ол, әйелі он алтыншы баласын дүниеге әкеліп, қайтыс болған соң екі мемлекетте де қатар жұмыс істеді әрі отбасына қамқорлық жасады.

1640 жылы стратегиялық маңызы бар қа­да­мға барып, швед ақсүйегі қатарына қабылдауға өтініш берді. Мәртебелі ақсүйек ретінде ғана ол заңды түрде жер иеленіп, оны балаларына мұраға қалдыра алатын еді. Басқа жағдайда, дүние-мүлкі ол өлген соң корольдің құзырына өтетін. Оның өтініші қанағаттандырылып, көп ұзамай ол Швецияның ең ірі жер иеленушісіне айналды. Басқа бизнес бастамаларына қоса, 1647 жылы ол Швед-Африка компаниясын құрып, қаржыландырды. Бұл фирма корольдің қолдауымен қызмет етті. Де Геердің сәтті бола қоймаған соңғы жобаларының бірі Батыс Африка жағалауларында Голландия–Швеция бірлескен отарын құру жоспарын қаржыландыру болатын.

Де Геер 1652 жылы шылқыған бай ретінде дүниеден өтті. Ол Швеция мен Нидерландта екі аристократ отбасын басқарып, екі жақтағы ұрпақ­тары да Швеция және Голландия үкіметтерімен ғасырлар бойы табысты қарым-қатынасын сақтап қал­ды. Луис де Геер сияқты саяси саудагерлер – билік пен табыс, соғыс пен сауда, үкіметтік жобалар мен жеке бастамалар бір-бірімен тығыз байланыста болған ғасырдың айқын бейнесі.

Сыни пайым

Луис де Геердің мансабы XVІІ ғасырдағы Еуропадағы үкімет пен жеке капиталистер мүддесі арасындағы серіктестікті қандай қырынан көрсете алды?

Еуропадағы ауыл. «Орақшы». («The Harvesters»; 1565 жыл). Белгілі суретші Питер (Үлкен) Брейгельдің жыл мезгілдері бейнеленген алты ірі суретінің бірі. Бұл бастапқыда Антверпендегі ауқатты саудагердің үйінде ілулі тұрған еді. Суретте молшылық әсерін астық жинау сәті ғана емес, шаруаның түскі аста тынығуы, артқы пландағы аграрлық қызмет, алыстағы айлақта зәкір тастап тұрған коммерциялық кемелерден де байқаймыз. Еңбекпен айналысып жатқан осы суреттегі адамдарды 109-беттегі суретпен қалай салыстырар едіңіз?

Инфляция шиыршығы. Еуропадағы айрықша экономикалық дамуға қарамастан, саны аз байлар мен қоғамның басқа мүшелері арасындағы алшақтық жер мен көктей болып қала берді. Нан мен отын сияқты негізгі тауарлар өндірісі халық санының күрт артуына байланысты сұранысты қанағат­тандырмады. Мұндай жағдай бағаларды үз­дік­сіз көтеріп, тарихшылар баға революциясы14 деп атаған ақша инфляциясы15 басталды. Еуропаға күміс ағыла берді, соған орай алтын және мыс монеталармен салыстырғанда, күміс құны арзандай түсті. Тұтынушылар бөлке нан ғана сатып алуға жарайтын монеталар ай сайын көбейе түсті. Кейбір үкіметтер монета сапасын төмендету арқылы әкімшілік және әскери шығындарды қысқартуға тырысты, дұрысы, монеталардың құнын төмендетпей, құрамындағы бағалы металдар үлесін азайтты. Аталған тактика қысқа уақытта ғана қолданысқа ие болды, өйткені құны төмен монетаға, азғана нан сатып алды, бұл бағаларды одан сайын асқақтатып жіберді.

Ірі қалалар айналасындағы тұрақсыз дамитын аймақтардан басқа жерлерде, бағалармен қатар, халық саны да екі есе өсіп, қарапайым адамдар кедей-кепшікке айналды (113-беттегі кестені қараңыз). Адамдар жұмысқа жалдану үшін бір-бірімен бәсекелескендіктен, ірі жер иеленушілер мен қала жұмыс берушілері жалақыны төмендетіп, жалға алу ақысын және салықты көтерді. Сол себепті бір күндік жұмысшылар мен жұмыссыздар саны өсті. Отбасы фермаларында күйеулері мен ұлдары жалдамалы жұмыс іздеп, азық табу үшін шалғайға кететіндіктен, әйелдер барлық жұмысты жалғыз өздері істейтін болды. Іс жүзінде, заңды түрде ерлер мен әйелдердің белгілі тапқа міндетті еңбек өтілімі (басыбайлы құқық) XVІ ғасырда Батыс Еуропада жойылып бітсе, Шығыс Еуропа мен Ресейде кеңінен қолданды. Мұнда үкіметте басымдыққа ие ақсүйектер табы шаруаларды бір жерде ұстап отыру құқығына ие болды да, шаруалардың еңбегін сату арқылы жалақы алуға немесе бос жерлерге көшуге мүмкіндік бермеді. Осылайша, жер иелері олардың еркіндіктерін шектеп, астықты экспорттайтын қызметкерлер ретінде ұстады. Бүкіл Еуропада үкіметтер саны артып жатқан қымбат әскер мен бюрократизмді қаржыландыру үшін қарапайым адамдардан алатын салықтарды өсірді. Алайда көпшілік олардың кедейленуін мойындай қоймаған еді. Қаладағы нан бүлігі, шаруалар көтерілісі мен солдаттардың наразылығы билеуші топ өкілдері мен байлардың үрейін ұшырды.

Еуропадағы баға революциясы. Лондон мен Валенсияға қарағанда, Антверпенде инфляция неліктен жоғары болды деп ойлайсыз?

Еуропадағы байлық пен қақтығыс. XVІ ғасырда Еуропадағы байлық орталығы, географиялық тұрғыда, Ибериядан біртіндеп солтүстікке – Нидерланд, Франция және Англия бағытына жылжыды. Испания ғасыр басында байлыққа қол жеткізгенімен, оның алтыны мен күмісі таусылып, түбі көріне бастады. Испанияның Габсбургтер әулетінің корольдері V Карл (Charles V; 1519–1556 жылдары билік құрды) және ІІ Филипп (Phіlіp ІІ; 1556–1598 жылдары билік құрды) көп күмісті Еуропадағы соғыстарда белшесінен батқан қарыздарын өтеу, Америка империясына тасымалдау мақсатында мақта-мата, шарап, қару-жарақ және т.б. тауарларды сатып алу үшін жұмсады. «[Күміс] Испанияға нөсерлеткен жаңбырдай құйылды», – деп, венециялық дипломат жазған еді. «Ол шатырларға төгіліп, төмен қарай сылдырай ағатын»11. Габсбургтер Еуропада да, Америкада да бірдей басым болғысы келді, соның ішінде Англияға басып кіруге ұмтылған, 1588 жылы пайда болған әскери-теңіз армадасы мемлекетті өтелмес қарызға белшесінен батырды. Күміс Англияға, Нидерландқа және Солтүстік Италияға үздіксіз тасымалданып, мұнда кәсіпкерлер күмісті өндірістерге, саудаға, шетелдегі коммерциялық кәсіпорындарға пайдаланды.

Габсбургтер әулеті 1618–1648 жылдары Еуропаның басым бөлігі араласқан аса қатыгез соғысқа қатысты. «Отыз жылдық соғыс» деген атпен белгілі бұл қақтығыс Габсбургтер басқарған Германияның үлкен бөлігін ойрандады. Аталған қақтығыс протестанттықты қабылдаған Германия князьдерін басып-жаншуға бағытталған науқан ретінде басталған еді. Алайда бұл Франция, Испания, Нидерланд, Польша, Швеция және Осман империясы қатысқан панеуропалық соғыс деңгейіне дейін өсті. Шайқас салдарынан аштық, індет және қаңғырған жалдамалылар топтары аймақты құрсауына алып, Еуропа құлдырай бастады.

Соғыс Германияның ауыл шаруашылығы мен қала экономикасының басым бөлігін талқандап, Еуропа билеушілерін қажытқаны сонша, олар ортақ мәмілеге келді. Вестфалия бейбітшілік келісімі нәтижесінде, 1648 жылы бірқатар бітімге қол қойып, Габсбургтер Германия князьдеріне үстемдік орнату ниетінен бас тартты. Билеушілер ортақ шекараны тұрақтандыруға келісім беріп, егемен мемлекеттер өз жерінде қандай дінді ұстанатынын өздері анықтай алады деген идеяны қабылдады. Мұндай келісім сол кезден бастап халықаралық қатынастарда басшылыққа алған территориялық егемендік принципін күшейтті: мемлекеттер дипломатиялық қатынастарда бірін-бірі тең дәрежеде танып, бір-бірінің ішкі істеріне араласпауға тиіс еді. Соғыстан кейін діни қақтығыстар бәсеңдеп, барлығын қамтыған ортақ шіркеудің орнына, еуропалықтар жалпы христиандықтың көп конфессиялығын мақұлдады. 1648 жылдан кейінгі аймақтық соғыстар, негізінен, шағын ауқымды еді. Тек ғасыр соңына қарай халық санының және экономика өсімінің жаңа циклі пайда болды.

Баға революциясы – XVІ–XVІІ ғасырларда Еуропада тұрақты түрде пайда болған инфляция кезеңі.

Инфляция – уақыт өткен сайын қоғамдағы тауарлар мен қызметтер бағасының жалпы деңгейінің өсуі. Инфляцияның өсуі осы валюта бірлігінің сатып алу қабілетінің төмендеуін білдіреді.

Шығыс Азиядағы күміс ғасыры

XVІ ғасыр соңында Қытай, Корея және Жапонияда дүниежүзі халқының шамамен 30 пайызы шоғырланды. Ғасыр бойына Шығыс Азия мемлекеттерінің негізгі бөлігінде экономикалық өсім айтарлықтай байқалды. Қытай жалпы саяси тұрақтылық жағдайында нарықтық экономикасын ұлғайта түсті. 1600 жылдан кейін аз уақытта билікке келген Токугава үкіметі дүниежүзі саудасына қатысуды шектейтін саясат жүргізгеніне қарамастан, Жапония да тұрақты дамыды.

Қытай – «күміс тостаған». Еуропа сияқты, Қытай да XV ғасыр соңында жаңа экспансиялық циклге өтті. 1600 жылы Мин әулеті (1368–1644) шамамен 125–150 миллион халықты басқарды және оның демографиялық орталығы семиаридтік (жартылай шөлейтті) солтүстіктен күріш өсіретін жаңбырлы оңтүстікке ығысты. Орбиталық жер серігі XVІ ғасырдағы Шығыс Азиядағы түнгі қала шамдарының картасын жасаса, солтүстігінде Бейжіңнен оңтүстік-шығыс жағалауға дейін жарық аймақ болғанын анықтар еді. Янцзы өзенінің төменгі ағысындағы халқы тығыз орналасқан урбандалған алқапта аталған шамдар ерекше жарығырақ жанатын. Ірі, әрі нашар жарықтандырылған елді мекендерде Солтүстік-Шығыс Еуропадағы сияқты, еңбекқор шаруалар интенсивті еңбек әдістерін қолдану арқылы шағын жер телімдерінен мол өнім алды. Янцзы алқабында жібек пен мақта-мата өндірісі дамыды. Оңтүстік жағалау маңында қант қамысы (Афроеуразия дақылы) және темекі (америкалық жаңа дақыл) коммерциялық тауар ретінде үлкен сұранысқа ие болды.

Шектеулі экономикалық ақпаратқа сүйене отырып, дүниежүзінің кез келген жеріндегі басқа адамдарға қарағанда, Қытай тұрғындарының өмірі ұзақ және тұрмыс деңгейі жоғары болғанын тұжырымдаймыз. Ауыл және қала тұрғындары жылы киім киіп, тұшымды тамақ жеп, шай ішті. Шаруашылығы бар отбасылар, негізінен, жергілікті нарықта артық ауыл шаруашылығы дақылдарын сатты. Мин әулеті императорлары құл еңбегін жойып, жерді жалға алушыларды ығыстыру мәселесінде қиындықтар туғызса да, жоғарғы тап көпшіліктен әлдеқайда жақсы өмір сүрді. Еуропадағыдай, қытай қалаларында да елді мекендердегі аштық мен індеттен қашқан қылмыскерлер, кедейлер, жұмыссыздар сияқты саны өзгеріп отырған тұрғындар өмір сүрді. Қызметшілер, әртістер немесе жезөкшелер сияқты дәстүрлі рөлдерін есепке алмағанда, ерлермен бірге жұмыс істеп, дақылдар өсіріп, оны сатумен айналысқан аздаған әйелдер қалалық еңбек күшінің бір бөлігіне айнала алды. Барлық таптағы әйелдер ер адамның қатаң қадағалауында болды.

XVІ ғасырдың бірінші жартысында Мин үкіметі қытайлардың халықаралық саудаға қатысуын шектеуге бағытталған саясатты жүзеге асырды. Билік қоғамдық ресурстар арқылы құрлықтық шекараларды қорғағысы келді. Шығыс Азия суларында Жапония, Малайзия және Қытайдың жеке меншік кемелері, сонымен қатар еуропалық караккалар жүзді. Олардың барлығы Афроеуразияда заңды немесе заңсыз түрде қытай жібегімен, шайымен, фарфорымен және басқа тауар түрлерімен сауда жасау жолдарын іздестірген болатын. 1520 жылдардан, негізінен, жапондардан құралған қарақшылар мен заңсыз саудагерлер жағалаудағы әлсіз қорғанысты місе тұтпай, Қытай айлақтары мен ішкі қалаларына қайта-қайта шабуыл жасады. Қытай саудасының дамуынан пайда тапқан өндірушілер мен саудагерлер үкіметке сыртқы сауда саясатындағы мемлекет үстемдігін шектеуін өтінді. Мин үкіметі жағалаудағы қылмыскерлерге тойтарыс беріп, 1560 жылдары қытай тауарлары бойынша сауда шектеулерін алып тастауға келісті. Алайда шетелдіктердің, соның ішінде еуропалықтардың кіруіне рұқсат беретін айлақтардың саны қысқарды.

Жапон шахталары Қытайдың күміске деген үлкен сұранысын қанағаттандырды. 1570 жылдары Америка монеталары мен құймалары көптеп шығарыла бастады. Португал саудагері Гомеш Солис 1621 жылы былай жазған еді: «Күміс Қытайға жетпес бұрын дүниежүзін айналып, өзінің табиғи ортасына оралғандай болды»12. Кейбір бақылаушылардың пікірі бойынша дүниежүзінің бар күмісі қытай «тостағанында» қара құрдымда кеткендей жұтылып үлгерді. Алайда Қытайдың күміске деген сұранысы неге өсті? Бұл сұраққа қарапайым жауап бар. Мин режимі дүниежүзіндегі ең ірі экономикасы үшін неғұрлым тұрақты валютаны қажет етті. Үкімет ақшаның пайдаланылуын қағаз ақша мен мыс монеталарын қолдану арқылы шектегісі келді, алайда аталған валюталар құндылығын тез жоғалтып, инфляция тудырды. Сыртқы саудамен айналысқан саудагерлер көп жағдайда күмісті қолдануды жөн көрді. Сол себепті Мин билігі алдымен осы қажеттілікті қанағаттандырды. 1551 жылы «Орталық патшалықтың жібек, дүриясын, Шамнан жеткен қымбат матаны, мақта-мата, фарфор мен темір сияқты бағалы заттарын азыққа емес, алтын мен күміске айырбастап, бөгде жерлерге алып кетіп жатқан саудагерлердің арсыз тірліктерін сынға алды»13.

Қытайдағы ауыл өмірі. Мин дәуіріне жататын фарфор құмырада жұмысшылардың шай өсімдіктеріне су құйып жатқан сәті бейнеленген. Сәндік бұйымның ауқатты иесі ауыл шаруашылығындағы еңбек бейнесін неліктен бағалады екен?

Тиімді балама таппаған үкімет ақыр аяғында күміс стандарты туралы заң қабылдайды. 1570 жылдардың басында қабылданған заң «Бір қамшы реформасы» («Sіngle Whіp Reforms») деген атпен белгілі. Барлық салық төлемдерін күміспен алды. Нәтижесінде, сұраныс одан да тез өсті. Тынық мұхиттағы галеондары Акапулькодан Мексика жағалауларына және Филиппиндегі Манилаға енді-енді күміс тасымалдай бастаған Испанияның айы оңынан туды. Кейбір тарихшылардың пікіріне сүйенсек, Қытайдағы күміске қажеттіліктің толастамауы Испанияның Америкадағы үлкен империясын сол қалпында сақтап қалуына мүмкіндік берді. Потоси мен Сакатекас шахталарында күміс соншалықты арзан, ал Қытайда соншалықты қымбат болмаса, Испан тәж иелері Еуропадағы ұзақ соғыстарға қатысуға әл-ауқаты жетпей, сонымен қатар Жаңа құрлықтағы отар елдерін қамтамасыз ете алмас еді.

Күміс ағыны Қытай экономикасына қатты әсер етті. Мин реформалары салықты күміспен төлеуге мәжбүрледі, алайда оның бағасы үнемі өсіп отырды. Демек, миллиондаған шаруа отбасылары салық төлеуде үлкен қиындықтарға тап болды. Монеталарды сатып алу үшін олар жергілікті нарықта ауылшаруашылық дақылдарын, қолдан тоқыған жібекті немесе мақта-матаны сатты, бұл өз кезегінде коммерциялық экономиканы одан әрі күшейтті. Экономика дами түскеніне қарамастан, көпшіліктің күнделікті өмір деңгейі төмендей берді. Америка және Жапония шахталарынан металл көптеп тасымалданып, дүниежүзінде баға құлдырады. Қытай үкіметі халыққа салған салық түсімінен көретін пайда да азая бастады. 1639–1640 жылдары Жапония мен Филиппиндегі саяси тұрақсыздықтың салдарынан күміс импорты тоқтады. Бұл жайт Қытайдың коммерциялық экономикасын тығырыққа тіреп, көп ұзамай Мин әулетінің құлауына және жаңа әулеттің билікке келуіне түрткі болды (19-тарауды қараңыз).

Киотодағы қала тіршілігі. XVІІ ғасыр басындағы әсем шымылдықта Нидзё сарайында тұратын Токугава отбасы бейнеленген. Токугава Иэясу империя астанасында отбасылық резиденция ретінде осы сарайды салғызған еді. Бекініс қаланың орталығында орналасты.

Жапония және күміс өндірісінің дамуы. 1603 жылы орталықтанған Токугава сёгунаты орнағаннан кейін (17-тарауды қараңыз) Жапония экономикасы қарқынды дамыды. Ауыл халқы орман мен құрғақ жазық жерлерді суармалы күріш егістігіне айналдырды. Нарық орталығына айналған қалалар саны артып, олар бір-бірімен күні кешеге дейін жақсы сақталған сүрлеулер арқылы байланысты. Жүк кемелері архипелагтың бір бұрышынан екіншісіне күріш, металл және дайын бұйымдар тасымалдап, аралдардың жаға­лау­ын тауарға тол­тырды. Токугава ал­тын, күміс және мыс монеталарды шығару арқылы нарықтық белсенділікті қолдап отырды. Жапония халқы XVІІ ғасырда шамамен 12 миллионнан 30 миллионға дейін, екі еседен аса өсті. Қалалардың да саны мен көлемі ұлғайды. Олардың ішінде өндіріс және сауда орталығы болған ең ірісі – Осака қаласы; Киото – император сарайы орналасқан жер; Эдо – сёгунаттың астанасы еді; XVІІІ ғасыр басында Эдо 1 миллионнан аса халқы бар, дүниежүзіндегі ең ірі қалалардың бірі болды.

Мин империялық үкіметі Жапонияны Корея мен Вьетнам іспеттес, ресми түрде тәуелді, салық төлейтін патшалық деп есептеді. Шын мәнінде екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара тиімді саудаға негізделді. Токугава билікке келген уақытта бұл сауда жолға қойылған еді. XVІІ ғасыр басында жапон барлаушылары күмістің жаңа ірі кен орындарын анықтап, ал сёгундар шахталарға бақылау орнату арқылы билігін ішінара шоғырландырды. Техниктер жоғары сапалы құймалар құйып, 1600 жылдардың басында бағалы металдың 165–206 тоннасын экспортқа шығарды. Осы күмістің негізгі бөлігі Қытай асты. Бұл Манилаға Америкадан келген металл көлемінен әлдеқайда асып түсті. Өз кезегінде Жапонияның жоғарғы тап өкілдері беделді қытайлық өндірістерді сатып алды. Күрделі саяси қарым-қатынастарға байланысты, Мин императоры Жапониямен сауда жасауға тыйым салғанымен, қытай саудагерлері көп жағдайда бұл тыйымды елемеді.

XVІ ғасыр басында Қытай теңізінде Португалия және Испания теңізшілері де пайда болды. Бұлар Жапонияға жібек, қант, жаңғақ пен дәрі-дәрмек әкеліп, оларды күміс, алтын және мысқа айырбастап, Қытай мен басқа да Азия жерлерінде сатты. Ибериялық католик миссионерлер Жапонияға жетіп, Оңтүстіктегі Кюсю аралында бірталай адамды жаңа дінге тартып, әлеуетті христиандық азшылықты қалыптастырды. Токугава сёгундары шетелдік саудаға қолдау жасағысы келді. Алайда католик дін қызметкерлері және олардың серіктері сырттан әкелген қарулармен қаруланып, билеушілер рұқсат бергеннен де артық саяси беделге ұмтылды. 1637 жылы Кюсюдағы шаруалар көтерілісі үкіметтің қатыгездігіне және аштыққа қарсылығы ретінде христиандық символдарын пайдаланды. 1613 жылы үкімет шетелдіктерге қатысты жаңа ережелер қабылдады. Жапондарға мемлекеттен тыс жерге шығуға тыйым салынып, шіркеулер қиратылып, христиандар өлім жазасына кесілді. Бұл өзге миссиялардың және еуропалықтардың сауда қатынас жолдарының жабылуына алып келді. Шетелдік сауда өте қатал қадағаланатын айлақтар арқылы заңды түрде жүрді. Голландиялық саудагерлер Нагасаки шығанағында тек бір ғана шағын аралдағы транзиттік айлақта тұрақтап қалуға рұқсат алған болатын.

Токугава Жапонияны дүниежүзі экономикасынан шектеуге ұмтылмады. Жапон саудагерлері сыртқы сауданы бақылауда ұстап, кеден табыстарынан үкімет өзіне тиісті үлесін алатынына сенімді болуы ғана қажет еді. XVІІ ғасыр соңында күміс шахталарында кен сарқылып, сёгундар оның экспортына тыйым салды. Бұл әрекет сыртқы сауданың қысқаруына алып келгеніне қарамастан, ішкі экономика дамыды.

Оңтүстік теңіздердегі азиялықтар мен еуропалықтар

Еуропалықтар жаһандық саудаға екі ғасыр бойы баяу араласты. 1700 жылға қарай немесе одан кейінгі кезде Афроеуразиядағы ішкі аймақтық айырбас құны трансатланттық немесе Тынық мұхит аралық саудаға қарағанда әлдеқайда асып түсті. Сонымен қатар еуропалық теңізшілер Қайырымды Үміт мүйісі арқылы қымбат дәмдеуіштерді Азиядан Еуропаға тасымалдады. Бұл сауда Азияның бір ірі елді мекені мен екінші қоныс арасындағы айырбасқа қарағанда, тиімсіз болды. Оңтүстік теңіздерде азиялық және африкалық теңізшілер – қытайлар, малайлар, үнділер, парсылар, арабтар, эфиоптар мен суахилилер құнды тауарларды да, күріш, ағаш және балық сияқты ірі көлемді тауарларды да бір айлақтан келесі айлаққа тасымалдады.

Америка және Жапония күмісі оңтүстік теңіздер желісінің дамуына түрткі болды. Мол күміс қоры коммерциялық сұранысты арттырды. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін егушілер (күріш, бұрыш және даршын) мен өндірушілер (мақта-мата, жібек, керамика) тауар жеткізілімін ұлғайтып, фермерлер, иірушілер, тоқымашылар, көзешілерді – сансыз адамды жұмысқа алды. Монета ретінде айналымда жүрген күміс, алтын және мыстан жасалған ақшалар бірнеше мемлекеттегі монета сарайларында жасалды. Үнді мұхитындағы Мальдив аралдарынан алып келген каури бақалшықтарын кейбір аймақтарда ақша ретінде пайдаланды. Күміс сияқты, соның ішінде «сегіздік» немесе «сегіз реал» мен алтын дублон басқа валюталарға құн стандарттарын белгіледі. Сауда желісі арқылы ақша күретамырдағы қан сияқты ағылып, ірі сауда ошақтарында, соның ішінде Оңтүстік Азияда тұйықталды. Шын мәнінде аз ғана күміс қоры бар Оңтүстік Азия Қытай үшін екінші «күміс тостағанға» айналды.

Алға шыққан Голландия. Үнді мұхитына караккаларындағы зеңбіректердің күшімен басып кірген португал кәсіпкерлері азиялық және африкалық саудагерлерге экономикалық соққы берді (16-тарауды қараңыз). Алайда Лиссабонның Азиядағы теңіз саудасында үстем болуы үшін кемелері мен қару-жарағы жеткіліксіз еді. Ескі бағыттағы кеме жолына толық тосқауыл қоймаса, Португалияның жүк тасымалдаушылары «мемлекеттер саудасына» қосыла да, тауарды айлақтан-айлаққа тасымалдай да, Еуропаға қайта орала да алмас еді. Олардың экипаждары, негізінен, азиялықтар, африкалықтар немесе аралас нәсіл өкілдерінен тұрды. Жергілікті әйелдерге үйленіп, ұрпақ жалғастырып, жағалаудағы айлақтарында тұрған португалдық ерлер азияланды. Үнді мұхиты өңірінде португал тілі жалпы қолданыс тіліне (лингва-франка), сауда мен ұлтаралық қатынас тіліне айналды.

1602 жылы Нидерландта саудагерлер Голландық Ост-Инд компаниясын немесе БОК (Біріккен Ост-Инд компаниясы) ұйымдастырып, Азия суларында саудамен айналысты. Осы біріккен компания Біріккен Нидерланд ассамблеясы басшылығымен Бас Штаттарға қызмет етті. Бас Штаттар негізгі басшылықты ие болғанымен, компанияға Азиядағы Нидерланд саудасына монополия жасап, күш қолданып, келіссөз жүргізу құқығын берді. Нидерландтағы халық саны 2 миллионнан кем болғанына қарамастан, саудагерлері мен кәсіпкерлері дәулет пен шетелге инвестиция жасайтын капиталға ие болды.

Испан дублоны. Осы іспетті алтын монеталар XVІІ ғасырдағы сауданың дамуына септігін тигізген валютаның бірі болды. Монетада V Филипптің есімі мен 1714 жыл деген жазу бар. Монета шыққан уақытта Филипп Испанияда король еді.

XVІІ ғасырдың бірінші онжылдығында БОК кемелері Үнді мұхитына содан бір ғасыр бұрын португалдардың зеңбіректерін дайындап келгеніндей сайланып жетті. Біріккен Нидерланд осы уақытта Испаниямен соғысып, алпыс жылға созылған патшалық мұрагерлік үшін күрес 1580 жылы пиренейлік қос елдің Испан тәж иесінің қол астына бірігуімен аяқталды. Демек, БОК екі мемлекеттің де мүддесін жойып, дәмдеуіштер саудасын өз қолына алуды мақсат етті. 1614 жылы компанияның генерал-губернаторы директорлар кеңесіне былай деген еді: «Мырзалар, тәжірибелеріңізге сүйене отырып, Азиядағы сауданы қару күшімен ғана жүргізіп, сақтай алатындарыңызды білесіздер, ал бұл қарулар саудадан тапқан пайдаға ие болуы керек. Демек, сауда – соғыссыз, ал соғыс – саудасыз жүргізілуі мүмкін емес»14. 1619 жылы БОК Индонезиядағы Ява аралында халқы тығыз орналасқан Джакарта айлағын басып алды. Басым халқын қырып-жойып, құлдыққа айналдырып, голландықтар қаланы Батавия деп атап (Голландияның латынша атауы), мускат жаңғағы, мускат, Молукка аралдарындағы қалампыр саудасына үстемдік ете бастады. 1623 жылы Тайвань аралына басып кіріп, 1641 жылы стратегиялық маңызы бар Малакка айлағынан португалдарды қуып шықты. Он бір жылдан кейін БОК Оңтүстік Африка жағалауында бекет сала бастады. Бұл елді мекен Кейптаун деп аталды.

Оңтүстік Азиядағы ағылшындар. 1600 жылы БОК сияқты акционерлік қауымдастық – ағылшындардың Шығыс Ост-Инд компаниясы құрылды (ШОК). Ол алғашқы он жылында голландтармен Индонезиядағы дәмдеуіштер сататын сауда билігі үшін текетіресіп, БОК иемденген кейбір орталықтарды басып алды. Кейін қуатты Моғол империясы қарамағындағы Оңтүстік Азияға көз салды (17-тарауды қараңыз). Моғолдар Шығыс Ост-Инд компаниясына Оңтүстік Азия жағалауларында бірнеше сауда пунктін құруға келісім берді.

1639 жылы ШОК Үндістанның мақта-матасын экспорттау үшін Бенгал шығанағында орналасқан Мадраста (Ченнаи) коммерциялық бекет немесе фактория (бақылаушы агенттер «фактор» деп аталды) ұйымдастырды. Алғашында еуропалық саудагерлер дайын матаны күміс және Азияның басқа мемлекеттерінде сатып алған басқа да тауарларға айырбастады. Олар біртіндеп өндіріске де көз сала бастап, мақта мен бояуларды үнді тоқымашылары мен иірушілеріне тапсырып, бірнеше айдан кейін дайын матаны алып кетуге оралатын болды. Мыңдаған ауылшаруашылық өндірістік жүйеге атсалысып, Мадрас айналасындағы экономиканы ауыл шаруашылығы деңгейінен экспортқа бағытталған өндіріске айналдырды. XVІІ ғасыр соңына қарай ШОК Ганг өзені атырауының құнарлы жерлерінен батысқа қарай Бенгал аймағындағы Калькуттада анклав жасады. Компания қызметкерлері жергілікті қолөнершілердің экспорт үшін мақта-мата мен жібек өндіруіне қолдау көрсетті. Осы уақытта Моғол мемлекеті қарқын алып бара жатқан саяси қиындықтарды басынан өткеріп, мемлекетке ішкерілей енген ШОК-тің анклавтарын күшейтіп, ұлғайтуына түрткі болды.

Көпорталықты сауда әлемі. Оңтүстік теңіздерде басым болу немесе қарсыластарды жолатпау үшін БОК-тың да, ШОК-тың да әскер күші жеткіліксіз еді. Португалдар азиялық айлақтарының басым бөлігін сақтап қалуға талпынып, заңсыз сауданы арттырды. Ал Франция, Дания, Пруссия және Ресей сияқты бірнеше Еуропа мемлекеті Үнді мұхитында саудамен әртүрлі деңгейде айналысқан компаниялар құрды. Гуджараттың мұсылман саудагерлері Солтүстік-Батыс Үндістанда кең етек жайған сауда жүйесін ұстап тұрды. Манила және Батавия айлақтары он мыңдаған қытай саудагері мен қолөнершінің ат басын жиі бұратын мекеніне айналды. 1637 жылдан кейін Токугава сёгунаты Жапонияда Нидерланд өкілдігіне қатаң тыйым салып, 1662 жылы БОК Тайваньдағы отарларын Қытай басқыншылығы қысымымен жайына қалдыруға мәжбүр болды. Индонезия аралдарында голландтар территориялық отар елдерін құру үшін жақсылап орнықты. Аралдардағы елді мекендерге ағылған күріш тасымалын бөгеу арқылы БОК дәмдеуіштер өндірісі мен саудасын бақылауға алғысы келді. Соған қарамастан, Индонезияның теңіз мемлекеттерімен жанжалы келесі ғасырда да жалғасты. Мысалы, Суматраның солтүстік-батыс жағындағы Ачех сұлтандығы Осман түріктері империясы қаруымен жарақталып, флотын нығайтты. Сол сияқты, Ачех сұлтандығы Малаккадағы португал және голланд үстемдігіне бірнеше рет қауіп төндірді. Азиядағы Мин, Моғол және Сефевидтер сияқты аса ірі империялар қарсылық білдіруге дәрменсіздігінен емес, шетелдік экономика олардың экономикасына пайда алып келгендіктен де, еуропалықтарға сауда жасауға келісім берді.

Жібек жолы бойымен өткен құрлық саудасы

Теңіз саудасына қарағанда, анағұрлым әлсіз болса да, Ішкі Еуразиядағы Жібек жолы жаңа заман басында дами түсті. Алайда құрлық арқылы саудаға қатысушылар айтарлықтай өзгеріске ұшырап отырды. Біріншіден, Қытайдан Жерорта теңізіне немесе Еуропаға ұзақ қашықтыққа тауар тасымалы, көрші аймақтардағы айырбаспен салыстырғанда, маңызын жоғалтты. Қытайдағы Мин әулеті жібек, фарфор, қағаз, шай мен есірткіні Орталық Азияда жылқыға, қойға және асыл тастарға айырбастады. Маңызды бағыттардың бірі Орталық Азияны Үндістандағы Моғол империясымен жалғап, Оңтүстік Азияда өсе бермейтін қауын, алма, жүзім және бадам сияқты азық түрлерімен қамтамасыз етті. Орталық Азиядан Моғол империясына жылына шамамен 100 мың жылқы апарылды.

Екіншіден, ұлғайып келе жатқан Ресей империясын Қытай, Үндістан, Парсы және Осман империясы жерлерімен байланыстырған Ішкі Еуразияның солтүстік-оңтүстік бағытындағы сауда жолдары дамыды. Бұқара, Самарқанд және Орталық Азияның басқа да қалалары түркілердің Өзбек әулеті қол астында транзиттік айлақ қызметін атқарды. Барлық жерлерде ауқатты қала элитасы тарапынан зор сұранысқа ие болған бұлғын және кәмшат терісі Ресей мен Сібірден жетті. Ресей империясы халқының және аумағының біртіндеп өсуіне орай оның ақсүйектері мен саудагерлері көп мөлшерде үнді мақта-мата бұйымдарын, дәмдеуіштерін және басқа да тауарларды қажет етті. Үндістан саудагерлері солтүстіктегі Астрахань маңындағы Еділ өзені бойындағы жерлерде делдал болу үшін сауда қауымдастығын құрды.

Атлантика экономикасы: жер, капитал және құл еңбегі

ОЙЛАН: Африкалық құлдар еңбегін қос Америкада кеңінен қолдану XVІ–XVІІ ғасырлардағы Атлант мұхиты жағалауындағы жерлердің саяси-экономикалық дамуына қалай әсер етті?

1492 жылға дейін Атлант мұхиты шекараларына ешкім қызыға қоймады. XVІІ ғасыр соңында осы аймақтағы айлақты қалалардың шекаралары теңіз карталарында мұқият белгіленіп, адамдар мен тауарлар үнемі осы жерлер арқылы өтті. Осы екі ғасырда Америкада да демографиялық жағдай күрт өзгерді. Америкадағы үндістер саны азайып, мұхит асып келген еуропалықтар – жауынгерлер, король шенді тұлғалары, миссионерлер, кеншілер, аңшылар, қолөнершілер, плантация иелері мен жұмысшылар саны өсіп отырды. Еуропа барлаушылары Потоси сияқты күміс тауларының экономикалық қуатын ғана емес, сонымен қатар тропиктік жерлердің климаты мен жер қойнауының коммерциялық ауыл шаруашылығы үшін зор мүмкіндігі барын бірден аңғарды. Еуропалықтардың иммиграциялық қарқыны еңбек күшіне деген сұранысты қанағаттандырмаса, жергілікті америкалықтардың халық саны да бұл мәселені шеше алмады. Табысы, пайдалы дағдылары немесе арнайы мақсаты жоқ, аз ғана еуропалық ауыр еңбек пен бірнеше тропиктік ауру қаупі бар Американың тропиктік ендігіне қоныстануға ниет білдірді. Алғашқы уақытта Америкаға қоныс аударғандардың дені ер кісілер болғандықтан, еуропалықтардың халық саны өсімі төмен болып қала берді. Капиталистік плантаторлар Еуропаны есепке алмағанда, Атлант аймағында еңбек күшіне бай жалғыз кеңістік болып келген тропиктік Африкадан құлдар әкелу арқылы жұмыс күші мәселесін шешті.

Шын мәнінде, 1500 жылдардың ортасынан 1830 жылға дейін еуропалықтардан гөрі африкалықтар жыл сайын Америкаға көптеп ағылды15. Тропиктік африкалықтар еуропалық шаруалардың көпшілігіне қарағанда қашықтағы Америка плантацияларындағы ауыр жұмыстарға ерікті түрде барғысы келмеді. Саны көп еуропалықтарды құлға айналдырып, кемемен Америкаға жеткізуге Еуропа үкіметтері мен жеке кәсіпкерлерінің моральдық және заңды құқығы болмады. Алайда олар қолында билігі мен байлығы бар Африка элитасы осы кәсіпке делдал болуға келісім бергендіктен де, қара құрлықтың халқын өз мақсаттарына сай пайдалана алды. Осылайша, Атлантикалық құл саудасы басталды.

Атлантика экономикасы және африкалық құлдық

XV–XVІ ғасырлары тропиктік Африкаға келген португалдар және басқа да еуропалықтар құлдарды иемдену үшін құрлыққа ішкерілей енудің немесе жерлерді басып алудың қажеті жоғын түсінді. Африка қоғамдарының кейбірі бұларға әскерімен қарсы шығып, кейде тойтарыс та беріп, кей жағдайда атыс қаруларын сатып алып, еуропалықтарға жәрдемдесті. Тропиктік Африка жағалауларына тоқтаған еуропалықтарға безгек, сары безгек сияқты тропиктік індеттер де қасірет алып келді. Британдықтардың жазбаларына сүйенсек, 1695–1722 жылдар аралығында Батыс Африка сауда айлақтарында британдық Африка компаниясы қызметкерлерінің қайтыс болған әрбір он адамның алтауы алғашқы жылы өліп, ең соңында отанына тек біреуі ғана оралыпты16. XVІ ғасырда Афроеуразиядағы аурулардың кесірінен америкалықтар қалай қаза тапса, XІX ғасырдағы медицинадағы жаңалықтарға дейін еуропалықтар да Африка індеттерінен көз жұмды.

Қос Америкаға қарай ағылған Африка және Еуропа иммиграциясы. 1500–1820 жылдар. Еуропа және Африка иммигранттарының қай аймақта саны көп? Қай аймақтарда көрсеткіштер бірдей? Қос Америкаға қарай Африка және Еуропа миграциясының сан айырмашылығын қандай факторлар түсіндіре алады?

Соған қарамастан, Батыс немесе Орталық Африка жағалауларына аттанған Еуропаның мансапқор саудагерлері мақта-мата мен басқа да өндіріс тауарларына алтын, бұрыш және өзге тауарлармен қатар, құлдарды да сатып ала алатынын ұқты. XV ғасырдың соңы мен XVІ ғасырдың басында Португалия кемелері Африка құлдарын Шығыс Атлант аралдарындағы плантациялық жұмыстарға пайдаланды. Олардың көп бөлігін Еуропаға тасымалдады. Мысалы, 1550 жылы Лиссабонда 10 мың африкалық құл өмір сүрді, олардың дені үй қызметшілері, ферма жұмысшылары, қолөнершілердің көмекшілері еді. 1520 жылдан кейін Еуропа экономикасы Америкада үстем болып, еңбек күшіне қажеттілік тоқтаусыз өсті. Құл тасымалымен айналысатындар Канар аралдары мен Португалиядан гөрі, Бразилияға немесе Кариб теңізіне шығып, көп пайда табатынын осы сәтте ұқты.

Африкалықтар неліктен адам саудасымен айналысты? Жаңа заманға дейінгі ғасырларда Афроеуразия мен қос Американың басым аграрлық қоғамдарында қоғамдық қанаудың түрлі формалары бар еді. Жекелеген тұлғалар немесе топтар басқа адамдардың еңбегін заңды түрде немесе әдет-ғұрып құқықтары бойынша пайдаланды. Қоғамдар құл еңбегін пайдаланды, адамдардың өмірі мен еңбегі мықтылардың құзырында еді. XV ғасырға дейін Батыс Еуропада тараған басыбайлы құқық әлеуметтік құлдықтың16 бір түрі болды, бірақ мұны толық құлдық қоғам сияқты емес, белгілі бір шекара шеңберіндегі құлдық десе де болады. Мәселен, еріксіз ретінде құлдарды сатқандай, басыбайлыларды қожайындары сата алмайтын. Сонымен қатар XVІ–XVІІ ғасырларда қос Америкаға он мыңдаған еуропалық тәуелді немесе жалдамалы қызметшілер ретінде сапар шекті. Демек, кедей немесе әл-ауқаты нашар адамдар көп жағдайда жеті жылға дейінгі мерзімде келісімшарт бойынша жұмыс істеуге мәжбүр болды. Оларды қамқорлығына алған тұлғалар жолын төлеп, азық және баспанамен қамтамасыз етті. Қызметшілер, негізінен, лас жерлерде қара жұмыс істеп, көбі ерте шейіт кетіп жатты. Шартты құлдық Америкадағы кәсіпкерлер мен ауқатты отбасылардың еңбек күшін табудың бірден-бір жолы болғанына қарамастан, құлдар саны, әсіресе коммерциялық плантацияларда қажеттілікті қанағаттандыра алмады.

Тарихшылар тропиктік Африкадағы әлеуметтік құлдықтың тарихы мен сипаты туралы ұзақ пікірталас жүргізді. Кейбір зерттеушілердің пікіріне құлақ қойсақ, құлдық барлық жерде кеңінен таралды. Ауқатты, жеке тұлғалар, отбасылар немесе билеуші топтар жер иеленудің қалыптасқан дәстүрі болмағандықтан, құлдар санын арттырып отырды. Билігі бар немесе ауқатты тұлғалар өз мәртебесін иелігіндегі жер көлемімен емес, бақылауындағы адамдар санымен өлшеді. Тропиктік Африкада потенциалды жұмыскерлер емес, жер шамадан тыс көп еді. Ауыр ауылшаруашылық жұмысы көп жағдайда үй қызметшілерін, қолөнершілерді немесе құлдарды ауыр жұмысқа жегуге, әйелдерді күң қылуға итермеледі. Сонымен қатар қожайындардың құлдарын сату құқығы да болды. Сол себепті Африка жағалауларына жеткен еуропалықтар «басыбайлы тұлғалар» нарығында құлды өндіріс тауарларына айырбастап ала алатынын аңғарды.

Құлдардың көп болғаны жайлы әңгімені сынайтындар да бар. Олардың пікіріне сүйенсек, Батыс және Орталық Африкада, мәселен, 1450 жылы, қисапсыз құл болғаны туралы тарихи деректер шектеулі және даулы. Әлеуметтік құлдық институттары бірнеше формада болды, еріксіз адамдарға жататындардың түгелге жуығы құл ретінде сипатталуы міндетті емес дейтіндер де бар. Бұл ғалымдар еуропалықтар алғаш келгенге дейін тропиктік Африкада құлдық кеңінен таралса, XVІ–XVІІІ ғасыр аралығында құлдық неліктен көбейді деген сауал тастайды. Тарихшылар Еуропа саудагерлері африкалықтарға қысым көрсетіп, іскер билеушілердің, ауқатты саудагерлердің және қаруланған қарақшылардың құлдарды бас тарта алмайтындай бағамен сатуға ұсыныс жасаған жағдайын ғана көрген сияқты. Басқаша айтқанда, Африка билік иелері мен байлары Атлантика экономикасын кеңейтуге атсалысуға ниет білдірсе, бұған құлдарды сату арқылы ғана ішінара үлес қосар еді.

Қант патшалығы. XVІ ғасыр басында Америка отарларына құлдарды жеткіземіз деген португал саудагерлері испан тәж иесімен келісім жасады. Ғасыр ортасында Перу вице-корольдігінде шамамен 3000 африкалық болса, келесі жүз жылдың ішінде олардың саны кем дегенде 100 мың адамға жетті. Олардың 35 мыңнан астамы Жаңа Испанияда, яғни испандық Солтүстік Америкада өмір сүрді. Алғашқы империя кезеңінде африкалық құлдар және олардың ұрпақтары, негізінен, қалаларда тұрып, түрлі жұмыс істеді, соның ішінде отарлық жасақ та бар еді. Қалғандары сынап және күміс шахталарында еңбек етті.

1500 жылдардың ортасында еуропалықтар дүниежүзі нарығы үшін ауыл шаруашылығы тауарларын, соның ішінде қант, темекі, индиго, күріш, какао және кофе өсіретін плантациялар құра бастады. Келесі екі ғасырда қант қамысы Американың ең құнды экспорттық дақылына айналды (18.3-картаны қараңыз). Қанттың Батыс жартышарға саяхаты ұзаққа кешеуілдеді. Фермерлер ең алғаш рет қант қамысын Оңтүстік-Шығыс Азияда тоғыз мың жыл бұрын жерсіндірді. Осы жерден мыңдаған жылдар бойы Оңтүстік Азияға тарап, қолөнершілер шақпақ қант жасау технологиясын ойлап тапты. Бұл жерден батысқа қарай – Оңтүстік-Батыс Азияға және одан әрі қарай шамамен б.з. 1000 жылы Жерорта теңізі аралдарына дейін таралды. Ибериядағы Арагон билеушілері Жерорта теңізінің батыс жағалауларында қант қамысын өсіруді қолдап, мұсылман жер иеленушілері арасында Мароккода дамыған индустрия негізін қалады. XV ғасырға қарай тәтті қант қамысы Жерорта теңізі алабындағы балмен бәсекеге түсті.

18.3-КАРТА. Қант өндірісінің дүниежүзіндегі таралымы

Дүниежүзі халқы осы тропиктік дақылды қатты ұнатты. Афроеуразия арқылы Жерорта теңізінің шығысына өте баяу таралған қант өндірісі Афроеуразиядан Америкаға неліктен жылдам жетті деп ойлайсыз?

Португалдық, испандық және италиялық кәсіпкерлер де Шығыс Атлант аралдарында құнарлы жанартаулық топырақта қант өсірді. Бұл өндірушілер ірі капитал салымдарын біріктіре отырып, көп жағдайда қатаң бақылаудағы құлдар атқаратын техникалық күрделі диірмен механизмі және қарқынды еңбек сияқты өндірістің бірнеше әдісін қолданды. Мадейра аралында мамандар көлденең шығыршықтар арасында қант қамысын ұсақтау арқылы қант шырынын алу үдерісін дамытты. Жұмысшылар шырынды мыс қазанға құйып, қара қоймалжың шырынға айналғанша қайнататын. Өнімді шақпақтау үшін қыш құмыраларға құйып, олар біртіндеп кеуіп, қатты нығыздалған кристалдардан тұратын «түйіршіктер» қалдырып, жинауға дайын болады.

1485 жылы Португалия капиталистері қант қамысын Орталық Африка жағалауларындағы Сан-Томеде отырғыза бастады (16-тарауды қараңыз). Бұл тәжірибе екі бірдей жетістікке жетеледі. Біріншіден, плантаторлар Еуропадан 1300 шақырым қашықтықта қант жинап, өңдеп, оны сатып, мол пайдаға кенелетін. Екіншіден, жақын құрлықтағы Конго патшалығынан әкелген африкалық құлдар еңбегімен қант өсіре алатын еді. Ондаған жылдардан соң португал кәсіпкерлері қанттың Солтүстік-Шығыс Бразилиядағы толассыз жауын-шашын мен құнарлы қара топырақта да жақсы өсетінін білді. Ендігіде Атлантиканың шығыс бөлігіндегі аралдардан Оңтүстік Америкаға дейінгі кеңістікте қант өсіріп, өндірістің интеграцияланған тәсілі ретінде қант өңдеп, ол үшін африкалық құл еңбегін пайдалана бастады.

Америка плантациялары мол өнім берген соң португалдық тауар тасымалдаушылар Атлант мұхитында үшбұрыш пішін бағытымен сауда жүргізді. Кемелер Лиссабонға мата, металл ыдыстар және т.б. тауарлар артып келетін еді. Олар Африканың бір немесе бірнеше айлағына аттанып, тауарларын құлдарға және сол құрлықтың басқа да өнімдеріне айырбастап отырды. Атлант мұхитын асып барып, құлдарын күміс, алтын, темекі, индиго, тері, маржан мен Американың өзге де заттарына айырбастап, Еуропаға қайтатын. Ұшы-қиыры жоқ құнарлы жерлері мен ағаштың мол қоры бар Бразилия қант жасайтын қазандықтарды пайдаланудың қолайлы аймағы еді. Кәсіпкерлер өндірісті арттырып, өндіріс технологияларын дамытқанына орай, шығын азайып, табыс өсті. Жылдам жүріп, шағын экипажды қажет етіп, тауар айналымы үшін үлкен кеңістіктерді бағындырған кемелер жиі-жиі қатынап, трансатлантикалық көлік шығындарын да төмендетті. 1571 жылы Португалия қазіргі Ангола жағалауында Луанда отарын құрып, жергілікті африкалықтармен бірігіп, қашқан құлдарды тұтқындап, айлаққа жеткізді. Осы жерден капитандар Бразилияның батысындағы желдерді жүзу бағытында пайдаланды. Кейін келе Ангола португал плантациялары үшін негізгі еңбек күші орталығына айналды. 1620 жылы Бразилия қант өндіріс орындары 15–22 мың тонна қант шығаратын еді. Еуропаның қантқа сұранысы арта бастады. Ол адамға энергия беретін, ағзаға баяу сіңетін, шай мен кофе іспетті «еліткіш тағам» болды.

Голланд саудагерлері Бразилия кен орындарын иемденіп, бекінуге бел байлады. 1621 жылы инвесторлар БОК-пен (Біріккен Ост-Инд компаниясы) бір уақытта акционерлік қауымдастық формасындағы Батыс Инд компаниясын (БИК) құрды. Алғашында БИК (WІC) португалдық және испандық кемелерге, айлақтарға және Америкаға шабуыл жасағанымен, ол көп нәтиже бере қойған жоқ. Сол себепті компания өз қызметін басқалардың тауарларын тасымалдауға бағыттады. Бразилиядағы қант өндірісі туралы білетін голландтық мамандар оларды Кариб бассейніндегі ағылшын және француз отарларында дамытуға жәрдемдесті. Индустрия әуелі шағын Барбадос аралында басталды. 1670 жылдары теңіздегі бұл мекенде ағылшындар тұтынатын қанттың шамамен 65 пайызын өндірді. XVІІ–XVІІІ ғасырларда плантациялар экономикасы бірнеше француз және ағылшын аралында, соның ішінде Мартиника, Гаити (Эспаньоланың батыс бөлігі), Ямайкада басымдыққа ие болды.

Қант аралдары мен теңіздің арғы жағындағы отар аймақтардың экономикалық қуаты Батыс Еуропа мемлекеттеріне белгілі болғаннан соң, бұлардың әрқайсысы бәсекелес елдерге қарағанда пайданы өзі ғана иемденгісі келіп, өз саясатын ұстанды. Аталған саясат және оны қолдайтын идея меркантилизм17 деген атпен белгілі. Бұл экономикалық доктрина дүниежүзінде еңбекті қанау арқылы келетін байлық таусылатыны, ол байлық ұлғаймайтыны туралы болжамға негізделген. Сол себепті билеушілер қарсыластарына қарағанда жаһандық байлықтың неғұрлым көп қорын жинауға ұмтылып, ішінара шетелде өндірістік отарларды сатып алып, оларды бәсекелестерден бөгейтін жабық жүйе арқылы негізгі мемлекетпен байланыстырды. Мемлекеттің әл-ауқаты отандық өндірістерді шетелде сату арқылы жиналған алтын мен күмістің қоры мөлшерімен есептеліп, отарлық импортты қатаң қадағалап, басқа елдерден мүмкіндігінше аз тауар сатып алуы қажет еді. Орталық үкіметтер жергілікті өндірістерді кеңейту бойынша іс-шаралар жасап, халық өсімін қолдап, импортқа қатысты жоғары тарифтерді пайдаланды. Ұлттық сауда компанияларымен біріге қызмет етіп, отарлар мен сауда жүйелерін қорғау үшін әскери күштер құруға қаржы жұмсады. Атлантика экономикасының өсуіне байланысты, меркантилистік көңіл-күй саяси шиеленістердің өсуіне әсер етіп, Еуропаның ірі теңіз державалары арасында соғыс тұтануына себеп болды. XVІІ ғасырда экономикасы мен әскери-теңіз ықпалы әлсіз Британия, Франция және Нидерланд меркантильдік стратегияны Испания мен Португалияға қарағанда әлдеқайда сәтті жүргізді.

Коммерциялық ауылшаруашылық және құлдық. Америкаға африкалық құлдарды күшпен тасымалдау меркантильді табысқа жету жолының негізгі элементіне айналды. Португалдық Бразилияда африкалық құлдардың саны 1570 жылы 3 мыңнан ғасыр соңында 15 мыңға өсті. Құл саудасы 1640 жылдан кейін Кариб алабында да дамыды. Мұнда жергілікті Америка халқының түгелге жуығы жойылып бітті. Британдықтар мен француздар тарихи отандарынан ерікті иммигранттарды тартуға талпыныс жасады. Алайда Еуропада мұндағы аралдар өлім ошақтары деген алыпқашпа сөз тарап, бұл әрекеттер сәтсіздікке ұшырады. Бұл жаққа жұмыс күшін тартудың бірден-бір амалы – африкалық құлдар иммиграциясы еді. 1680 жылдың өзінде шағын Барбадосқа 50 мың құл алып келді. Келесі жиырма жылда африкалықтар мен олардың ұрпақтары Солтүстік-Шығыс Бразилия мен Кариб аралдарында демографиялық басымдыққа ие болды.

Америкада құл еңбегіне сұраныстың өсуіне екі жағдай себеп болды. Біріншіден, Америкада плантациялық экономика дамыды. Мұнда қант қана емес, сонымен қатар темекі, индиго, мақта және басқа да экспортталатын өсімдіктер өсті. Екіншіден, Америкадағы африкалық құлдар саны табиғи түрде өскен жоқ. Плантаторлар ауыр егістіктегі жұмыстарға, негізінен, құлдарды әкелді. Құлға айналған ерлер саны әйелдер санынан әлдеқайда артық болғандықтан, өлім көрсеткіші туу көрсеткішінен асып түсті. (Әйелдер ерлермен салыстырғанда аз мөлшерде құрлық асқанымен, олар да күңдіктің зардабын тартты. 1820 жылға дейін Атлант мұхитын қиып өтіп, Америка асқан әйелдердің бестен төрті африкалықтар еді). Сонымен қатар тропиктік плантацияларда құлдар жеті жылдан ұзақ уақыт өмір сүруі күмәнді жағдайға айналды. Сол себепті ұзақ уақыт бойы құлдар бағасы үздіксіз өсіп отырғанына қарамастан, плантаторлар Атлантика саудагерлерінен көп жұмысшы күшін әкелуді талап етті.

Кариб бассейніндегі қант өндірісі. XVІІ ғасырдағы гравюрада қант қамысының шырынын алу үшін Африка құлдары уатқыш диірменді өгіздің көмегімен іске қосуда. Алдыңғы жақта тұрған екі үлкен металл ыдыста шырынның суы буланып, қант түйіршікке айналады. Қант өндірісі интенсивті әрі қауіпті болды. Еуропалық плантаторлар осы өндірісте африкалық құлдарды неліктен пайдаланды деп ойлайсыз?

Құл саудасымен айналысу. Еуропалықтар кемемен келгеннен көп уақыт бұрын африкалық билеушілер мен саудагерлер басыбайлы адамдарды құлдыққа сата бастаған еді. Мәселен, мұсылман жерлеріндегі бай үй шаруашылықтарында, шеберханаларда немесе әскери құрамаларда қызмет ету үшін 800–1600 жылдар аралығында шамамен 5 мың құл мен күң жыл сайын алтын және басқа да тауарлармен бірге Сахара шөлін кесіп өтті. Үнді мұхиты саудагерлері Шығыс Африкадан құлдар сатып алып, Арабия, Мысыр, Парсы мемлекеті мен Үндістанға аттанатын. Атлант саудасы африкалықтардың мәжбүрлі миграциясы емес, құл саудасының Афроеуразиядан Америкаға ойысуы болды (18.4-картаны қараңыз). XVІІ ғасырда транссахараның саудасы тоқтай бастаған кезде, 2,25 миллионнан аса африкалық Америкаға аттанды. Атлант саудасы даму шегіне 1780 жылдары жетті. Осы уақыттағы он жыл ішінде шамамен 866 мың африкалық құл мұхитты немесе «орта өткелді» кесіп өтті17.

18.4-КАРТА. Басыбайлы африкалықтар саудасы. 1500–1800 жылдар

Атлант мұхиты арқылы құлдарды тасымалдағанда Орта өткелдегі өлім көрсеткіші өте жоғары болды. Африка жағалауынан кемеге отырғандар саны Америка жағалауына түскендерден артық еді. Афроеуразияның бірнеше бөлігінде құлдарға деген үлкен сұранысқа қарамастан, африкалық тұтқындардың басым бөлігі неліктен Атлантика базарларында сатылды? Кейбір аймақтарда басқаларға қарағанда құлдар не үшін жаппай сатылды деп ойлайсыз?

Бұл статистикада жолай көз жұмған жүз мыңдаған, миллиондаған құл жоқ. Тарихшылардың есебі бойынша, XVІІ ғасыр соңында Африка жағалауларына дейінгі жолда немесе кемеге отыруды күту кезінде тұтқындардың 10 пайызы қаза тапты. Олардың 40 пайызы – Анголадан еді18. Қалған 10–14 пайызы теңізде, сансыз соғыстарда, шабуылдарда және құл саудасына септескен адам ұрлау кезінде көз жұмды. Венчур Смит – 1730 жылдары Батыс Африкадан Жаңа Англияға келген және кейін азаттығын сатып алған бала. Ол өзінің тұтқынға түсіп, Батыс Африка жағалауларына аттанғаны және қарақшылар қолынан әкесінің қаза болғаны туралы естеліктерін жазып қалдырды: «Әйелдер және мен тағдырымызға көніп, жауға қарсылық таныта қоймадық. Әкемнің ақшасы барын білгендер оны әбден тергеді. Алайда ол еш ақпарат бермеген соң, аяусыз ұрып-соқты. Мен... өз көзіммен әкемнің азаппен өлгенін көрдім. Бұл сұмдық көрініс қазірге дейін жадымда және оны ойлаған сайын есімнен адаса жаздаймын»19.

Құлдар кемеден түсе сала құлдық қамытын киіп, күн сайын азап шегетін. Трансатлантикалық сапар орта есеппен 1–3 айға ұласты. Кемелердегі құлдар жол бойы кісенделіп, тар, қараңғы және қапырық трюмдерде жатты. Мұнда теңіз дерті және басқа да аурулар: жүрек айну, диарея, қаталап шөлдеу тұтқынды ауыр азапға салып, көпшілігі өліп кететін. XVІІІ ғасырдағы естеліктерінде бұрын құл болған Олауда Эквиано (Olaudah Equіano) былай жазған еді: «Трюмның ішіндегі сасық иіске шыдау мүмкін емес. Мұнда қалу қауіпті... Тар қапас және қапырық ыстық, кемедегі көп адам жағдайды одан сайын қиындатты. Трюмнің іші адамға толы болғаны сонша, бұрылуға да мүмкіндік болған жоқ, тұншығуға аз қалған едік»20. Азапты жолдан аман өткен құлдардың көрер теперіші аяқталмаған еді. Америкаға жеткен соң олар кемедегіден де артық азап шегіп, әсіресе қант плантацияларында мезгілінен бұрын көз жұматын. Егістікті жинау барысында құлдарға қатаң күндік мөлшер белгіленіп, қант қамысын оратын. Қамысты ұнтақтайтын диірмендерді айналдыратын жұмысшылар толассыз, өте ауыр жұмыста оқыс оқиғаларға дұшар болып, аяқ-қолынан айырылатын жайттар да көп кездесті. Қазандықтағылар пеш ішінде жұмыс істегенмен бірдей азаптанды, түтінмен тыныс алып, күйіктен зардап шекті.

Орта өткелдегі зұлымдықтар. Атлант мұхитын кесіп өткен тұтқындардың 15 пайызы қаза табатын. Суретте қандай да бір мәселе тудырған құлдар қатал жазаланатын сәті бейнеленген. Өлі немесе өлім аузындағы құлдар акулаларға жем болатын. Алайда мұнда теңізшілер дені сау және бағалы құлдарды кемеден лақтырып жатқанын байқаймыз. Не үшін бұлай істеді деп ойлайсыз? XVІІІ ғасыр ортасына тиесілі бұл гравюраның негізгі мақсатын түсіндіріп бере аласыз ба?

Құлдар қарсылығы. Африкалықтар үнемі қиын тағдырына қарсылық білдіретін. Португалдық қант плантаторлары XVІІ ғасырда Сан-Томе аралын тастап кетуге мәжбүр болды, себебі қашқан құлдар партизандық әдіспен тауларға бекініп, соғыс жүргізді. Қос Америкада қаратабан халық бас көтеріп, құлдар арасында қарапайым іріткі жүргізуден бастап, бақылаушыларға шабуыл жасап, діни немесе этникалық құпия ұйымдар құрып, ашық көтерілістер ұйымдастырды. Құлдар қарсылығын қашып кетіп те білдірді. Оңтүстік Америка мен Кариб аралдарындағы шалғай жерлерде португал тілінде макомбо («macombo») және ағылшын тілінде «марон қоғамдары» («maroon socіetіes») деп аталатын, қашып кеткен құлдардың құпия қауымдары құрылды. Осы қауымдардың кейбірі он екі адамнан аспайтын; ал кейбіреулері халық саны бойынша еуропалық отарларына жетеғабыл болды. Ең танымал макомбо – Солтүстік-Шығыс Бразилияның шалғай аймақтарындағы қалалар кластері – Палмарис. XVІІ ғасырдың екінші жартысында бұл елді мекенде он мыңдаған тұрғын өмір сүрді. Палмарис, шын мәнінде, королі, ақсүйектер консулдығы, атыс қаруымен қаруланған әскері мен қорғаныс бекіністері бар африкалық мемлекет еді. Ауылдары түрлі дақылдарды, соның ішінде қант қамысын да өсірді. Олардың кейбірінің өз құлдары болып, солардың қатарын толтыру үшін ара-тұра еуропалықтардың плантацияларына шабуыл жасайтын. 1670 жылдары португалдық әскер біраз шабуыл ұйымдастырып, 1694 жылы Палмаристі жаулап алды.

Әлеуметтік құлдық (socіal bondage) – жеке тұлғаның немесе адамдар тобының белгілі уақыт мерзімінде немесе өмір бойы өзге бір адам еңбегін немесе қызметін пайдалануға құқығы болуы. Оның құлдық, басыбайлық құқық, еріксіз құлдық сияқты түрлері бар.

Меркантилизм – экономикалық доктрина. Еңбекті қанау арқылы дүниежүзі байи алмайды. Мемлекет бәсекелес елдерді отар және өз сауда торабынан алшақ ұстау үшін белгілі бір шектеу қоюы керек деген идеяға сүйенеді.

Атлантикалық Африкадағы өзгерістер

1500 жылдан кейін жаһандық экономиканың ұлғаюы Атлантика жағындағы тропиктік Африкаға трансформациялық тұрғыда ықпал етті. Біріншіден, XVІ–XVІІІ ғасырлар аралығында жалпы халық саны азайса, сол уақыт аралығында Афроеуразияда бұл көрсеткіштер қарқынды өсті. Мұның себебі, белгілі аймақтардағы қатыгездік пен тәртіпсіздік басыбайлылыққа, құл экспортына байланысты болды. Ерлермен салыстырғанда саны аз болғанына қарамастан, бала туу жасындағы әйелдер құл-кемелерге тиелді де, олар ана атанғанда ұрпағының кіндік қаны туған жердің топырағына тамған жоқ. Халық санының азаюы одан да қиындай түсуі бек мүмкін еді. Құлдар көтерілісі мен түрлі қақтығыстар белгілі бір аймақтарда дүрбелең туғызғанда, африкалық және еуропалық саудагерлер басқа өңірден құл іздеуге мәжбүр болды. Осы уақытта халқының саны азайған аймақтар өлім және туу көрсеткішін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік алды.

Африканың экономикалық өмірі де өзгеріске ұшырады. Құлдарды, тағы да басқа өнімдерді сату арқылы халықаралық саудаға араласқан, кей аймақта экономикалық өсім байқалды. Алайда бұл өсім билеуші элитаға, әскери қолбасшыларға, саудагерлер мен коммерциялық ауылшаруашылығына немесе шахта иелеріне ғана тиімді болды. Аталған элита өзара одақ құрып, сонымен қатар әл-ауқатын арттыру үшін еуропалық немесе америкалық қарсыластар – инвестор компаниялар, банктер мен саяси лауазымды тұлғалармен жанама қарым-қатынас орнатты. Африкалық саудагерлер де ғасырлар бойы күрделі ішкі қаржылық сауда желілерін басқарды. Коммерциялық жолдар, іскерлік дәстүрлер, несиелік жүйелер Атлант саудасында уақыт өткен сайын күрделене түсті. Африка билеушілері мен саудагерлері қанша басыбайлы адам жергілікті жердегі жұмыстарға қалып, қаншасы еуропалықтарға сатылуы қажет екенін ойластырып, рационалды ұлттық іскерлік шешімдер қабылдады. Билеушілер өз қоғамдарының бейбіт және маңызды мүшелерінің құлдыққа сатылып кетуіне ешқашан жол бермеді. Алайда сұрауы жоқ адамдар, әсіресе, әскери тұтқындар (көп жағдайда соғыста тұтқынға түскендерді құл саудасында тікелей пайдаланбайтын), шетелдік эмигранттар, қылмыскерлер, қоғамнан аласталғандар және ұрланғандар төменгі сортты адамдар саналды.

Нзинга патшайым шамамен 1620 жылы Луандада (Ангола) португал губернаторымен келіссөз жүргізіп отыр. Ел аузындағы аңыз былай дейді: Саяси басшы болса да, губернатор патшайымға орындық ұсынбай қойған кезде, патшайым қысылып-қымтырылмады. Керісінше, асқақтығын және келіссөз жүргізу шеберлігін паш етті. XVІІ ғасырдағы еуропалық гравюрада осы оқиға не үшін бейнеленді деп ойлайсыз?

Деректерді САРАЛАУ

Барбадос плантацияларындағы қызметшілер мен құлдар

1647 жылы Ричард Лигон (шамамен 1585–1662 жылдар) ақшасы мен қызметінің болашағы жоқ ағылшын азаматы, ұлғайып келе жатқан Британ империясында жаңадан іс бастаудың мүмкіндігін іздеді. Ағылшын қоныстанушылары жиырма жыл бұрын орныққан Барбадосқа баратын кемеге бір орынға тапсырыс берді. Кариб бассейнінде өткізген үш жылы Лигонның үмітін ақтамады. Ол 1652 жылы Англияға оралған сәтте, Лондондағы борышкерлер түрмесіне қамалды. Түрмеде отырып Кариб бассейніндегі саяхатынан естелік ретінде «Барбадос аралдарының шынайы және дәлме-дәл тарихы» («The True and Exact Hіstory of Barbadoes») еңбегін жазады.

Барбадостағы ағылшындардың алғашқы қоныстанушылары африкалық құлдар да ертеректе осында қоныстанғанын ескермей, мұнда тек ақ еуропалықтар қоғамына жолығатынына кәміл сенді. Лигон мұнда келген кезде қант плантацияларында жалдамалы ақжүзді қызметшілермен қатар, африкалық құлдар да еңбек етті. Еңбегінің осы үзіндісінде Лигон алғаш рет ақ түсті жұмысшылардың қиын өмірі мен олардың көтеріліс ұйымдастыруының себептерін түсіндіреді. Африкалық құлдар ақжүзді қызметшілерге қарағанда, жағдайларына қанағаттанатындай күйде сипатталады. Алайда осы пікіріне қарсы келе отырып, құлдардың қастандық дайындағаны туралы жазады. Кариб бассейнінде қантты мол дайындаған құлдар мен малайлардың жұмысы адам төзгісіз болғандықтан, олар көтеріліске жиі шығатын.

Аралдағы адамдар үш топқа бөлінді: қожайындар, [ақ] қызметшілер мен [африкалықтар] құлдар. Құлдар мен олардың ұрпақтары қожайындарының мәңгі меншігі болды. Арал заңдарына сәйкес, бес жыл ғана жұмыс істейтін қызметшілерге қарағанда, оларға көбірек қамқорлық танытып, қорғады. Сондықтан ол уақытта қызметшілердің өмір сүру жағдайы нашар еді, ауыр еңбек, жатын орны мен тамағы адам төзгісіз болды...

Кейбір зұлым қожайындар қызметшілерін қатал жазалау арқылы ызаландырып, жанкешті қызметкерлер кек алу үшін қожайындарына қарсы бірікті...

Аймаққа бармай тұрған кезде олардың арасында бұрын-соңды болмаған аса қиын жағдай қалыптасқан екен. Олардың азаптары адам төзгісіз еді және шағымдары (адам шыдағысыз еңбектерінің өте ауыр екені) бүкіл аралға таралды; ақыры ауыр азап пен құлдыққа шыдай алмағандар құлдықтан босауға немесе өлуге шешім қабылдады; олар ақылдаса бастады; Міне, енді қожайындарына қарсы шығып, көтеріліс арқылы азаттық алып қана қоймай, аралға иелік етеміз деп те шешті, қырғын болатын күннің уақытын анықтады. Сонымен [құпия түрде] жоспар жасап, ол жоспар ешкімге мәлім болмауға тиіс еді. Олардың біреуі, бәлкім, батылсыздығынан, не қожайыны жаңа тәртіп енгізді ме екен, құпияны сақтай алмады: ұзақ уақыт бойы дайындалған бүлік жоспары жария болды; уақытында құлақтанған қожайындар жаппай қырғыннан құтылып кетті... Қастандық ойластырғандардың он сегізін, басшылары мен жоспарды құрушыларды басқаларға үлгі болсын деп өлім жазасына кесті...

Қара түстілер мұндағы христиандардан екі асе көп еді. Демек, олар христиандарға зұлымдық жасамайтынына ешкім кепіл болмады. Мұның алдын алатын үш себеп бар еді: біріншіден, оларға қаруды қолға алуға немесе қолдануға тыйым салды; екіншіден, оларды қорқыныш [үрей] пен қыспақта ұстағандары сонша, оқыс әрекет жасауға батылы жетпеді; біздің адамдар жиналып, зеңбіректерді ата бастағанын көргенде (одан артық сұмдық жоқ), олардың жаны қысылып, бойын үрей билеп, әлдене деуге де дәрмені жетпейтін. Сонымен қатар олар Африканың бірнеше бөліктерінен, түрлі тілдерде сөйлейтін аймақтардан келді де, бір-бірімен түсінісе алмағандықтан, жоспар құрып бірігуі мүмкін емес еді...

Олардың [африкалық құлдардың] арасында шыншыл, адал және ақ ниеттілері де болды, Еуропада немесе дүниенің басқа бөлігінде де сондай адамдар кездесеріне сенемін...

Осыны баса айта отырып, шынайы мысал келтірейін: азық-түлік жеткіліксіз және дақылдардың [африкалықтар азық еткен тропиктік жемістер] шығымы мардымсыз маусым еді. Араларындағы басшылары әрі ер жүректісі, қожайындарына қарсы құпия көтеріліс ойластырып, кек алғысы келді... Бұл қылмыскерлер қазандық тұрған үйдің бір бөлігіне от қоймақ болды. Қожайынның үй-іші, мал-мүкамалы – бәрі де өртеніп кетеді деп ойлады. Олар бұл қаскөй әрекетін кездейсоқ оқиға іспетті ұйымдастырды. Мұны зұлымдық деп бағалағандар да болды; ...Осылайша айыптыларды қожайынына алып келіп, куәгерлер оларға қарсы шығып, келесі түні жүзеге асырулары керек әрекеттерін ұйымдастырмақ болғандар да, басқа да айыптылар күнәсін мойнымен көтерулеріне тура келді.

Дереккөз: Rіchard Lіgon, The True and Exact Hіstory of the Іsland of Barbadoes, 1657, ed. J. Edward Hutson (St. Mіchael, Barbados: Barbados Natіonal Trust, 2000), 64, 66–67, 75, 76.

Сыни пайым

Лигонның жұмысқа жалданған ақ адамдар африкалық құлдарға қарағанда нашар жағдайда өмір сүрді деп жазуына не түрткі болды? Жалдамалы қызметкерлер қожайындарын өлтіру жоспарын неге жүзеге асыра алмады? Лигон Барбадостағы құлдардың қарсылық көрсетпеулерінің қандай үш себебін көрсетті? Оның пікірі бойынша, құлдар бүлікті неліктен ұйымдастырды, олардың сәтсіздікке ұшырау себебі не?

Өзгерістердің үшінші сипаты – саяси жағдайға байланысты еді. Құл саудасы кейбір Африка елдерін тұрақсыздандырса, басқа мемлекеттерді күшейтті немесе қайтадан құрылуына мүмкіндік берді. Халықаралық сауда-саттық билеушілер үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашып, саяси-әкімшілік жүйені орталықтандырды. Қол астындағылардан неғұрлым көп пайда көріп, өндіріс пен сауда-саттықты қатаң бақылауға алуға итермеледі.

Орталық Африка мемлекеттері мен португал басқыншылары. XV ғасыр аяғындағы қуатты мемлекеттердің бірі, Конго өзенінің төменгі ағысынан оңтүстікке қарай шоғырланған Конго патшалығы (16-тарауды қараңыз) еуропалықтар келгеннен кейін құлдырай бастады. Португалдар және жергілікті африкалықтар арасындағы құл саудасы билеуші тұрақтандыра алмаған қақтығыстарға алып келді. XVІІ ғасырда патшалық пен Анголадағы португалдар арасындағы сұрапыл соғыстарға ұласты. Бұл ішкі саяси тартыс жанжалдарға жалғасып, тұтқындар санын көбейтті. Ел ішіндегі дүрбелеңнен африкалық және еуропалық саудагерлер ғана пайда тапты. Патшалық күйреуге жақын қалып, келесі ғасырда ғана қайта қалпына келді.

1575 жылдан кейін португалдар Ангола деп атаған отарының орталығында Луанда бекінісінің негізін қалағаннан бастап, Конгоның оңтүстігіндегі мемлекеттер өз бетінше Атлантика экономикасына араласып, құлдарды, піл сүйектерін және мысты жеткізушілер рөлін иелене бастады. Көрші Ндонго және Матамба мемлекеттері Бразилияға құл жөнелтетін кемелерін жарақтандыруды мақсат еткен португалдардың саяси және әскери ықпалымен күресті. 1618 жылы Ндонго королі қайтыс болғанда Нзинга (1618–1663 жылдары билік құрды) патшайым билікті өз қолына алды. Патшайым белгілі саяси стратег ретінде Португалия мен Ндонгоның саяси жақтастары ортасында айла-тәсілмен елдің билігін сақтап қалуға тырысты. Алайда 1620 жылдары португалдық қысым тым қатты болды. Нзинга әскерімен ішкерідегі Матамба патшалығын басып алу соғысын жүргізіп, португалдардан іргесін аулақ салуға тырысты. Матамбаға қарағанда, Ндонгода әйел-патша дәстүрі қалыптаспағандықтан, Нзинга патшайымның беделі бірден өсе қоймады. Шамамен қырық жыл ішінде Нзинга Матамбаны португалдар мен олардың африкалық одақтастарынан сәтті қорғап отырды. Сонымен қатар ол Орталық Африка билеушілерімен және саудагерлерімен құлдар, піл сүйектері мен мыс тиеген керуендері Матамба арқылы Атлант мұхиты жағалауларына жіберу үшін тиімді келіссөздер жүргізді. Қазіргі анголалықтар үшін Нзинга – аты аңызға айналған, ұлттық қаһарман.

Асанте (Ашанти) патша орындығы. Асантехенің (патша) алтын орындығы – патшаның өзі ұстап, бірнеше адам ғана көре алатын қасиетті нысан. Осындай орындықтар қарапайым адамдарда да болды. «Орындық – адам жаны орналасатын жер» деген түсінік қалыптасты. Орындықтың әр бөлігі ағаштың белгілі бір қиындысынан құрастырылып, арнайы жобаланып, иесі үшін арнайы символикалық бедерлермен безендіріледі.

Батыс Африка мемлекеттері. 1600 жылдан кейін Батыс Африканың орманды және саванналы аймақтарындағы бірнеше мемлекет аймақтық держава деңгейіне көтерілді. Солардың бірі – Нигер өзенінің батысындағы орманды алқаптағы Ойо патшалығы. Ойо билеушілері құл саудасына, Еуропа матасы және тағы да басқа тауарларды ең алдымен Сахараның оңтүстігінен алып келген жылқыларды сатып алу саудасына араласты. Ойоның айбынды әскери кавалериясы патшалық шекараларын кеңейтіп, үй шаруасы мен экспорт үшін құлдар иеленді. Ойо патшалығының оңтүстік-батысында саванна мен тропиктік орман шекарасында құлдарды атыс қаруына айырбастап, ірі кәсіби әскер құрған Дагомея (Dagomey) мемлекеті XVІІ ғасырда күшейе бастады. 1700 жылдардың басында жағалауға дейін ықпал жүргізіп, Еуропа құл саудагерлері мен оның арасында тайталас байқалмады. Бұл уақытта Дагомея мен Ойо құлдар санын арттырып, өзара соғысып жатқан еді.

Батысқа қарай қазіргі Гананың бір бөлігіне айналған алтын өндірісі аймағында 1500 жылға дейін бірнеше шағын мемлекет пайда болды. XVІІ ғасыр соңында осы патшалықтың бірі – Асанте (Ашанти) Осей Туту билеушінің басшылығымен көршілес елдерге ықпалын арттырды. Аймақтағы саяси беделдің жалпы символы – орындықтың бір түрі болды. Асанте аңызына сәйкес, Осей Тутудың бас кеңесшісі Аноки сиқырдың күшімен таза алтыннан жасалған орындықты аспаннан түсірген. Осей Туту аймақта саяси адал басшы ретінде даңқы шықты, бірнеше мұрагері ауқымды аумақты жаулап, мемлекет шекарасын ұлғайтты. Соғыс пен сауда патшалықтағы құлдарды көбейтті. Билеушілер жыл сайын құлдардың белгілі мөлшерін ғана сатып, негізгі бөлігін егістікте, алтын кеніштерінде, үй шаруашылығында пайдаланды. Құлдар екінші мәрте сатылмады және олардың балалары Асанте қоғамының мүшесі бола алды.

Қорытынды

Афроеуразияда XVІІ ғасыр ортасындағы он жылдықты 1400 жылдары және 1700 жылдары басталған екі елеулі демографиялық және экономикалық өсім арасындағы үлкен үзіліс ретінде бейнелеуге болады. Тарихшылар сипаттаған 1600 жылдардың басы мен ортасындағы экономикалық құлдырау бәріне болмаса да көптеген қоғамға кесірін тигізді. Қытай мен Еуропада өндіріс қысқарып, табыс бірнеше есе азайып, халық өсімі баяулады. Осман империясы мен Сефевидтік Парсы империясы да инфляциядан зардап шекті, импорт үшін төленетін күміс пен алтынның құны көтеріліп, кедей-кепшік саны артты. Атлантикадағы құл саудасы Батыс және Орталық Африканың кейбір бөліктерінде халық санына және саяси тұрақтылығына ықпал ете бастады. Сонымен қатар Оңтүстік Азияда экономикалық өсім бүкіл ғасыр бойына жалғаса берген тәрізді. Батыс Африканың саванналы жерлерінде 1500 жылдары ылғалды климат байқалып, халық саны мен ауыл шаруашылығы өнімдерін екі немесе үш ғасыр бойы ұлғайтуға жағдай жасады. XVІІ ғасыр ортасында Нидерландта экономикалық дамудың алтын ғасыры басталса, Германия, Испания және басқа бірнеше мемлекетте құлдырау байқалды.

XVІІ ғасырдағы құлдырауды ғалымдар бірнеше фактормен байланыстырады. Бір көзқарас бойынша, Америкадағы күміс өндірісінің кемуі әсіресе Қытай мен Еуропада бағалардың төмендеуіне және сауданың бәсеңдеуіне себеп болды. Екінші бір ғалымдар халық өсімінің жалпы немесе кейбір аймақтарда төмендеуінің экономикалық зардаптарын атап көрсетеді, бұл құбылыс тамаққа және басқа тауарларға сұранысты азайтып, өндірісті де, сауданы да дағдарысқа ұшыратты. Кейінгі жылдары тарихшылар мен климатологтар ХІІІ–ХІХ ғасыр аралығындағы Кіші мұз дәуірінің жаһандық температурасының ауытқуларын зерттеп жүр (15-тарауды қараңыз). 1630–1650 жылдар аралығында Солтүстік жартышарда температура төмендеді. Төмен температура әсерінен қыс – қатты суық, жаз – салқын және жаңбырлы болды да, әр аймақтың ерекшеліктеріне байланысты өңірлерді су басты немесе қуаңшылық орнады. Ғалымдар мұндағы қиын климаттық жағдайды Еуропадан Жапонияға дейінгі кеңістікте азық азайып, көтерілістердің, революциялар мен соғыстардың көбеюімен түсіндірді21.

Бірнеше онжылдыққа ғана созылған экономиканың даму қарқынының баяулауы циклдік құбылыс болды және ұзақмерзімдік даму перспективасы тұрғысынан алғанда жаһандық экономикалық өрлеуге және коммерциялануға елеулі ықпал жасаған жоқ. 1500–1700 жылдар аралығында Афроеуразия мен қос Американы дүниенің кез келген бөлігімен байланыстыратын кемелер мен құрлықтық транспорт ірі әрі қарқынды айырбас жүйесін қалыптастырды. Тауарларды, өндірістерді, азық дақылдарын, жұмысшылар мен техникалық идеяларды ұзақ қашықтыққа тасымалдау байлық корларының жаңа түрлерін, әсіресе, халқы тығыз орналасқан және кешенді аграрлық экономикасы бар аймақтарда қалыптастырды. Еуропалықтар жергілікті америкалықтардан тартып алған күміс кеніштері жаһандық экономикалық жүйеге түрткі болды, алайда күмістің мол қоры немесе күміс кенінің азаюы мерзімдік немесе аймақтық құлдырауға алып келуі мүмкін еді.

Жаңа жаһандық айырбас желісі қоғамдарға түрлі деңгейде әсер етті. Оның жергілікті америкалықтарға апатты кесірі тигенін көрдік. Африкада қоғамдар Атлантикалық жаһандық сауда желісіне ынталана қосылды, алайда адам саудасы пайдаға көп кенелтпейтініне саудагерлердің көзі жетті. Жаһандық сауда Азияның аграрлық қоғамдарын мол байлыққа кенелтті, себебі оларда басқа аймақтарға қарағанда жаһандық нарыққа ұсынатын тауарлар мен өндіріс өнімдері көп болды. Батыс Еуропа мемлекеттері қос Америкада қуатты, орасан зор экономикалық корларды иемденіп, байлық үшін өзара қырқысты. Алайда олар Осман империясы, Моғол империясы немесе Мин империяларымен соғыспады, себебі жаңа заманның басында бұл мемлекеттер байлық жинаудың Атлант немесе Тынық мұхиттары арқылы әскери-теңіз флоттарын жіберуден басқа әдістерін қолданды.

Қос Американы еуропалықтар күміс пен алтынды өндіруден басқа да жолдармен ХVІІ ғасырдың екінші жартысында да қанай берді. Олар африкалықтарды жұмыс күші ретінде пайдаланып, соның арқасында коммерциялық ауыл шаруашылығы біртіндеп тиімді табыс көзіне айналды. Екінші жағынан, Афроеуразиядағы еуропалықтар азиялық қуатты мемлекеттермен бәсекелесуге қауқары жетпеді. Америкадағы басқыншылықтарымен салыстырғанда, олар Африка мен Азияда азғана аумақты бақылады. Мұндағы сауда бекеттері мен жағалаудағы анклавтарды жергілікті билеушілердің рұқсатымен ғана пайдаланды. XVІІ ғасырда еуропалықтарды дүниенің кез келген жерінде кездестіруге болатын, алайда екі ғасырдан соң оларға жаһандық үстемдік беретін мүмкіндік әлі пайда болмаған еді.

19

Байлық пен билік арасалмағының өзгеруі
1650–1750 жылдар

Витус Беринг және оның экипажы Тынық мұхиттағы дауылда 1741 жылы апатқа ұшырады. Беринг кейінірек өзінің құрметіне аты берілген Алеут аралдарында қайтыс болды. Кейінгі Мұз дәуірі аяқталған кезеңде, 12 мың жыл бұрын Ресейдің Қиыр шығысы мен Аляска мойнақ арқылы байланысып жататын. 1728–1729 жылдар аралығында дат теңіз капитаны Витус Беринг Ресей флотына қызмет етіп жүріп, бұл мойнақтың әлдеқашан жоғалып кеткенін дүниежүзіне паш етті. Ұлы Петр патшаның тапсырысымен экспедиция басқарған Беринг Еуразияның солтүстік-шығыс жағалауынан қазір Беринг атын иеленген бұғаз арқылы жүзіп өтті. Ол бұғазға енбес бұрын кеменің тіркеу кітабына жергілікті сібірліктермен кездесу уақытын жазып қойды. Олар алда не күтіп тұрғанын былай жазды: «8 тамыз күні 64°30´ солтүстік ендікке жеткенде терімен қапталған қайықпен сегіз кісі жүзіп келді де, қайдан келгенімізді және мұндағы шаруаларымыздың жайын сұрады. Олар өзін чукча (chuіkchі) деп таныстырды… және халқының көбі осы жағалауда тұратынын айтты; осы маңға жақын жерде батысқа қарай кілт бұрылыс бар»1. Яғни бұл жер Солтүстік Америка жағалауына ұқсамайды, одан әлдеқайда алыс аймақ еді. Беринг Алясканы осы алғашқы саяхатында тапқан жоқ, бірақ 1732 жылы Ресейдің үлкен экспедициясын басқарып, қайтадан жүзуге бет алды. Он жылға жуық уақытқа созылған, шартарапқа танылып үлгерген Ұлы Сібір экспедициясына Тынық мұхит пен жағалауларды тынымсыз айналып жүзетін, ғылыми базамен жабдықталған және бұл істен коммерциялық пайда көздейтін үш мыңнан аса адам қатысты. Бұл жолы Беринг Солтүстік Америка жағалауына жетті, бірақ үйіне оралмаған қалпы өмірден өтті. Оның кемесі аралда апатқа ұшырады (кейін ол жер Беринг аралы деп аталды) және өзі де осы аралда құрқұлақ ауруынан 1741 жылы қайтыс болды. Тірі қалған экипаж мүшелері кеме қирандыларынан қайық жасап, Сібірге жүзіп жетті. Олар қайықпен бағалы кәмшат терісі жүгін жеткізіп алды. Арада жарты ғасыр уақыт өткенде Аляскада Ресейдің сауда мекенін ашуына дәл осы жүк себеп болды. Жаһандық қарым-қатынас желісінің бір ұшы енді сонау шалғайдағы Солтүстік Тынық мұхитқа дейін ұласты және 1800 жылдардың басында ұзындығы 5800 мильден асып, Ресей империясының аумағы Калифорнияның солтүстік жағалауынан Батыс Еуропаға дейін кеңіді. Тынық мұхиттың солтүстіктегі жерлерінің жаһандық биржаға енуі дүниежүзіндегі ұлы сәйкестіктің бір қыры болды, мұның әсері кейінірек XVІІ және XVІІІ ғасырларда айқын көріне бастады. Бұл тарауда осы ерекшеліктің ең ауқымды үш сипатын нысанаға аламыз. Біріншіден, алып аймақты жайлаған өте ауқымды империялар тағдыры. Екіншіден, Еуропадан жырақтағы кеңістікте жергілікті тұрғындар мен еуропалық жаңа қоныстанушылардың қақтығысы. Үшіншіден, Еуропа қалаларында шоғырланған жаңа зияткерлік қозғалыстардың қоршаған ортаға қатысты ұзақ жыл бойы қалыптасқан түсініктерді қайта ой елегінен өткізіп, география, биология және адамзат мәдениетінің әралуандығы секілді жаңа білім қайнарының жан-жақты дамуы. Тараудың алғашқы бөлігінде 1650 жылдан кейінгі кезеңдегі саясаттағы даму мен күштердің арақатынасын талдаймыз. Қытайдағы Цинь әулеті, Ресейдегі Романовтар әулеті және Америкадағы испан билігінің ортақ ерекшелігі – атыс қаруы технологиясы мен орталықтанған басқару жүйесін пайдалана отырып, ауқымды аумаққа күшін шоғырландыра білді. 1750 жылы бұл үш мемлекеттің жері шамамен 14 282 мың шаршы миль болды. Бұл қазіргі Құрама Штаттардан 4,5 есе үлкен еді2. Салыстыра қарағанда, Еуропада кейбірі шағын жерлерге, енді бірі ауқымды аумаққа иелік ететін монархтар король билігін орталықтандыруға ұмтылған бәсекелес елдердің жиынтығы күйінде қалды. 18-тарауда Нидерланд, Британия, Франция және Португалия елдері де Африка, Азия мен Америкаға әскери-теңіз және сауда-саттық басқыншылығын жоспарлағанын айтып өттік. XVІ ғасырда еуропалықтар шетелдерге зерттеуші, әскер, саудагер, миссионер, кәсіпкер және империяның шенді қызметкері ретінде барды. Осы тараудың екінші бөлімінде XVІІ ғасырдан бастап үдей түскен басқыншылық әрекеттердің жаңа түрімен таныстырамыз. Еуропалықтар теңіз арқылы немесе орман жолымен Сібірге қоныстанушы ретінде келіп, шаруалар қауымдастығын құруға және жаңа жерлер мен қоғамды Еуропадағыдай барынша өзгертуге талпынды. Жері мен қоғамының өзгеруін қаламаған байырғы тұрғындар, нәтижесіз болса да, басқыншылардың жоспарларына табиғи жолмен қарсы шықты. 1750 жылы еуропалық қоныстанушылар отары Солтүстік Америка, Сібір және Оңтүстік Африкаға өте жақсы орнықты. Батыс Еуропа XVІІІ ғасырдан жаһандық теңіз ісінде негізгі ойыншы еді, әлем жайлы және оның адамдары туралы жаңа мәліметтер осында келіп құйылатын. Қайта өрлеу дәуіріндегі адам табиғаты мен мінез-құлқы жайлы зерттеулер субконтиненттің барлық бөлігіне жеткен уақытта және түрлі христиан секталары мен діни сенімдер құдайлық ақиқаттың әртүрлі, тіпті қайшылықты нұсқаларын жариялаған тұста бұл білім Еуропадағы көзі ашық жандардың арасында кең тарады. Тараудың қорытынды бөлімінде идеялардың зияткерлік қозғалыстарда тоғысып, грек философтары мен шіркеу Папаларынан жеткен ескі даналық үлгілерін қалай сын тезіне салғанын талдаймыз және бұл ақиқатты сипаттаудың мүлде жаңа жолын ұсынғанын байқаймыз. Дегенмен еуропалық зияткерлер дәстүрлі мызғымас дәлелдерге, атап айтқанда, құдіретті аян мен адам әрекетіне Құдайдың араласуы сынды фактілерге сыни көзбен қарай бастағанда, әлемдік негізгі діни көзқарастар – әсіресе христиандық пен ислам дамыды әрі гүлденді.

19.1-КАРТА. Ірі мемлекеттер мен отарлар. 1700 жыл 1700 жылдары еуропалық бес мемлекет шет елдерде маңызды империялардың негізін қалады. Бұлардың афроеуразиялық ауқымды империялармен салыстырғанда жер көлемі қандай болды?

Империялар мен алып мемлекеттер ОЙЛАН: XVІІ–XVІІІ ғасырларда Қытай, Ресей және Испанияның алып империялар құру мақсаты мен табыстарын қалай салыстыруға болады? Дүниежүзі тарихының 1500 жылдан 1650 жылға дейінгі кезеңінде мемлекеттердің екі типі дамыды (19.1-картаны қараңыз). Оның біріншісіне қару асынған солдаттар мен салық жинаушы бюрократтардан тұратын әскер құрып, патша билігін ұлғайтуды көздеген монархияларды жатқызуға болады. Бұл мемлекеттердің бірнешеуін, әсіресе Қытайдағы – Мин, Үндістандағы – Моғол, Парсыдағы – Сефевидтер, Осман түрік сұлтандығы мен Орталық Еуропадағы габсбургтік империяны мысалға алуға болады, өйткені бұл империялар алып аумақ пен мәдени әркелкі тұрғындарды өз ауқымына біріктіре алды. Келесі бір типке қатал орталықтанған үкімет құру үшін өзге жерлерді қосып алған Еуропа елдері кіреді. Португалия мен Испания бұлардың алғашқысы: Нидерланд, Англия және Франция осы мемлекеттердің үлгісімен жүрді (18-тарауды қараңыз). 1650 жылдан кейінгі ғасырларда мемлекет билігінде маңызды өзгерістер басталды. Цинь әулетінің (1644–1911) қол астындағы Қытай және Романов әулеті патшаларының (1613–1917) билігіндегі Ресей – Ішкі Еуразиядағы жаңа аймақтарды жаулап, ресурстарын қанап, фермер, малшы және аңшы тұрғындарына салық салуды көздеп, әскер жіберді. Испания да осы кезеңде қуатты империялық билік құрып, әскері, миссионерлері мен саудагерлері Солтүстік және Оңтүстік Америкаға жол тартты. XVІ ғасырда Осман, Габсбург және Франция монархтарының барлығы да Еуропада ауқымды басқыншылыққа ұмтылды. Католиктер мен протестанттар арасындағы бір-бірін қатыгез әрі жүйесіз діни қырғынға ұшыратқан бұл елдердің ешбірі де мақсаттарына қол жеткізе алмады. Еуропаның ірі және кіші мемлекеттері бір-бірімен жауласып, бөлшектеніп кетті. Өзара сауда-саттық жүргізіп, идеялар бөлісіп, театрлар салып және бірі екіншісімен шекісіп қалып жатқан елдер де болды.

Қытайдың гүлденуі және империализм

18-тараудан байқағанымыздай, XVІІІ ғасырдың орта тұсында Афроеуразияның бірнеше бөлігіндегі елдер саяси-экономикалық тұрақсыздықты бастан кешті. Қытай – солардың бірі. Мин әулеті (1368–1644) 1600 жылдан соң қарқынды түрде тұрақсыздана бастады. Сарай адамдары, конфуцийлік шенділер мен императордың туыстары тақ үшін және қоғамға ықпалын арттыру үшін үздіксіз қырқысты. Негізгі жұмысы императорға қызмет ету болып саналатын сарай әтектері үкіметтегі міндетті істердің көбін тікелей бақылауына алды. 1620 жылы Кіші Мұз дәуіріндегі климаттық жағдай күрделеніп, Солтүстік Қытай қауымын аштық жайлап, қиындыққа ұшыратты. Күміс бағасының үздіксіз құлдырауынан салық түсімі құндылығын жоғалтты және 1639–1640 жылдары аяқ астынан күміс импортының тоқтауы экономикалық дағдарысты өршітіп жіберді. Осындай ушыққан жағдайда солтүстік және батыс аймақтарда шаруалар көтерілісі бұрқ етті.

Дәл осы уақытта ормандарда, тауларда және Маньчжурияның жазық далаларында немесе Солтүстік Қытайда өмір сүретін маньчжурлар (шүршіттер деп те айтады) Мин империясының шекараларын қыспаққа ала бастады. XVІІІ ғасырдағы маньчжур билеушісі – қоңтайшы қытай жүйесінің моделімен, орталықтанған мықты үкімет жасап шықты. Ол әулетінің атын «пәк» деген ұғымды білдіретін сөз – Цинь деп атады. Ол мемлекетінің шекарасын Моңғолия және Кореяны қосып алатындай ауқымда құруға тырысты. Мин әулетінің шекаралық күштері маньчжур барымташылары мен қытайдағы елді мекендерде көтерілісшілермен бір уақытта қақтығысып жүрді. 1644 жылы Қытай бүлікшілері империя астанасы – Бейжіңді басып алды, олардың артынан маньчжур атты әскері қаланы бағындырды. Маньчжур көшбасшылары өмірден өткен қоңтайшының бес жасар баласының атынан билік жүргізу үшін Көк әміршісі атағын немесе Аспан мандатын талап етті. Бұл бала елді регент18 (уәкіл) арқылы басқарды. Бұл аралықта Мин әулетінің бұрынғы императоры өзіне қол жұмсады.

Цинь империясының билігі. Мин әулетінің қарсылығы кейбір аймақтарда бірнеше жылға созылса да, әділін айту керек, жаңа режим қалалар мен елді мекендердегі дүлей басқыншылықтан билікті нығайту ісіне жылдам көшті. Жат жұрттық басқыншы ретінде, Цинь империясы маньчжурлық этникалық даралығын сақтау мақсатында иелігіндегі ханзу тұрғындарынан немесе қытай тілді халықтан іргесін аулақ салуға тырысты. Цинь элитасы маньчжур әйелдің қытай азаматына тұрмысқа шығуына тыйым салды, алайда маньчжурлар қытай әйелдерін тоқал немесе ашына қыла алды. Қатарлас шендер жүйесі Цинь бюрократиясының жоғары деңгейін көрсетті. Осылайша маньчжур мен ханзу шенділері түптеп келгенде, бір деңгейде болды. Император бір өзіне деген адалдықты талап етіп, оларды бір-бірінің соңынан тыңшылық жасауға итермелейтін. Екі тарап бір-бірі жайлы сөз тасыды.

Кейбір маньчжур тілді шенді қызметкерлер қарым-қатынас үшін мандарин қытайшасын үйренді және үкімет құжаттарын қос тілде жазды. Маньчжурлар Конфуцийдің идеал үкімет доктринасын қабылдады, бұл стратегия маңызды саяси мақсаттарға жеткізді. Цинь императоры қол астындағы әулеттердің басшысы болды және конфуцийлік идеалдарды әділдік пен әділ басқару жүйесі деп жариялады. Сонымен қатар Мин әулетінің сауатты, лайық әрі батыл мемлекеттік қызметкерлерді даярлауға арналған сынақ тапсыру жүйесін де сақтап қалды. Конфуцийлік ілім қоғамды біріктіруші негіз болды, бірақ діни толеранттылық үшін қажет жағдай жасады. Бұған байланысты Цинь империясы Мин әулетінің дәстүрін жалғастырып, буддистерге, даошыларға, мұсылмандар мен христиандарға мемлекеттік тұтастыққа қол сұқпағанға дейін мінәжат орындарын салып, діни нанымдарын орындауына мүмкіндік берді. Маньчжурдің үшінші императоры Цинь билігінің діни әралуандыққа байланысты ойын былай жеткізді: «Көкті ұлықтауға қатысты маньчжурлықтардың өзімізге тән мінәжаттарымыз бар; моңғолдар, қытайлар, орыстар мен еуропалықтардың да Көкті ұлықтайтын өз жолдары бар... Әркімнің өз құлшылық жолы бар»3.

Цинь экспансиясы. Маньчжур жеңісінен кейінгі бірнеше онжылдықта Қытайдың халық саны мен экономикасы XVІ ғасырдағы қол жеткізген биігіне көтеріле алды. Канси (Kangxі; Kang-shee) есімді император алпыс бір жылдық билігінің (1661–1722) көп бөлігін Қытай шекарасын солтүстік, батыс және шығысқа қарай ұлғайтуға арнады. Цинь мемлекеті әуелгі кезеңде құнарлы жері, нулы орманы мен бай жануарлар қоры бар Амур өзені маңын қытай билігінің саяси орбитасына тартпақ болды. Алайда маньчжурлардың жеңісінен аз уақыт бұрын, Амур аймағы Ресейдің шығысқа, Сібірге қарай көз салуына себеп болып, орыс аңшылары, саудагерлері мен әскери ортасының қызығушылығын оята бастаған еді. Ресей және Қытай әскері ара-тұра қақтығысып қалды. Абырой болғанда, екі үкімет көп ұзамай бұл жазық соғысқа арналмаған, сауда-саттыққа қолайлы аралық мекен деп шешті. 1689 жылы екі жақ Нерчинск келісіміне (Амурдың қасындағы қалашық) қол қойды. Шартқа сәйкес, Ресей жазыққа қатысты ниетінен бас тартты, екі мемлекет шекара сызды. Олар қытайша, орысша, маньчжур, моңғол және латын тілдерінде жазылған тақтайшалар орнатты.

Ресеймен арадағы осы шиеленісті шешу арқылы Цинь әскері бері қарай жылжып, Қытайдың батыс шекараларына қауіп төндіріп тұрған Ішкі Еуразия даласындағы Моңғол мемлекеті саналатын жоңғарлармен түбегейлі күрес бастауға мүмкіндік алды. 1696 жылы атыс қаруымен қаруланған Циньнің атты әскері буддист билеуші Қалдан ханды жеңді және алпыс төрт жылдан соң қытай әскері жоңғарлардың жерін тұтасымен басып алды. Осы жеңіс империяның батыс шекараларын қорғау үшін Қытайға бұдан былай моңғолдармен немесе басқа да дала жұртының атты әскерлерімен келісім жасаудың ешқандай да қажеті жоқ екенін анық көрсетті. Цинь әскері батыс аймаққа қарай талаптануын тоқтатпай, өзге де моңғол және түркі халықтарын бағындырды, шұратты қалаларды басып алды, ол жаққа қытайлық ханзу иммигранттарын орналастырды, нәтижесінде алып аймақты сіңіріп алды. Бұл – қазіргі Қытайдың Шыңжаң аймағы. 720 жылы Цинь әскері буддист Далай Лама тұратын Тибеттің басты қаласы – Лхасаны басып алды. Бұдан кейін Тибет Қытайдың қарамағына өтті. Қытайдың батыстағы басқыншылығы миллионнан аса мұсылманды ассимиляциялап, империяны да көптілді әрі мәдени әр­алуан етті. Ұзақмерзімді болашақта, Цинь мен Ресейдің жетістіктерін қоса есептесек, олар кемінде төрт мың жылға жуық тарихы бар малшы көшпелілердің Ішкі Еуразиядағы қуатты мемлекеттерінің тарихына нүкте қойды.

Империялық биліктің көрінісі. Циньнің Алтыншы императоры Цянь Лун (Qіanlong) 1751 жылы Қытайдың оңтүстік аймағына сапарға шығу үшін Үлкен каналды пайдаланды. Мұндай сапарлар Қытай билеушілерінің тәжірибесінде бұрыннан бар еді. Сарай суретшісі жібекке салған бұл портрет «Император Цянь Луннің оңтүстікке тексеріс сапары, Алтыншы бума: Сучжоу мен Үлкен каналға кіру сәті» (1770 жыл) деп аталды. Бұл суреттегі қандай элементтер императордың Сучжоу сапарының маңызды оқиға болғанын көрсетеді?

Шығыста Цинь әскери-теңіз күштері голландтық Ост-Инд компаниясын қуып шыққан отыз сегіз жыл уақыт бойы әулетті жеке-дара билеп келген Тайвань аралын қытайлық саудагер ханзададан тартып алды. Осы жеңістен соң 1683 жылы Қытай «ашық теңіз» саясатын қолданды, үкімет шенділері мен Тынық мұхит саудагерлері арасындағы белсенді ынтымақтастықты қолдап, жүк тасымалы үшін оңтүстікте алты теңіз айлағын ашты. Шетелдік сауда кемелеріне Гуанчжоу айлағына кіруге рұқсат берді. Цинь шенділері айлақты пайдаланғаны үшін Британия, Франция, Дания (1789 жылдан кейін) және Америка саудагерлерінен алым жинады. Алайда Британ саудагерлері тұрақты бекет ашу жайлы өтінгенде император Цянь Лун бас тартты. Британ королі ІІІ Георгке (George ІІІ) былай деп хат жазды:

«Сіздің Чусаннан [Zhoushan] қашық емес жердегі кішкентай аралды бер деп өтінуіңіз саудагерлеріңіздің сол маңға тұрақтап, тауарларын қоймаға сақтай алуына жол ашып, сауда-саттықты арттыруға мүмкіндік берер еді деген ниеттен туып отыр... Бұған қоса, Англия біздің өркениетпен байланыс құрып, империямызбен сауда жасауды қалайтын жалғыз ғана жабайы ел емес деп санаймын. Басқа халық сіздің жөнсіз үлгіңізге еліктеп, барлығы менен сауда-саттық үшін жер бөліп беруімді жалынып сұраса, өтініштерін қалай орындай алам? Бұл – империямды басқаруға қатысты өрескел қателік деп бағаланады және бұл өтінішіңіздің орындалуы мүмкін емес»4.

Сарай киіміндегі Канси император. Беймәлім сарай суретшісі салған бұл шиыршық қағазда Циньді ең ұзақ билеген Канси бейнеленген. Ол тақта алпыс бір жыл отырды.

Әмірші сауда-саттыққа қарсы емес еді, бірақ шетелдік қонақтардан император билігіне сөзсіз бағынуды талап етті.

Регент – билеуші мемлекеттен сыртқа кеткенде, еңбекке жарамсыз болса немесе балиғатқа толмаса оның атынан елді басқаратын тұлға.

Тынық мұхиттан Польшаға дейінгі Ресей

XV ғасырда қайта құрылып, орталықтанған Ресей империясы XVІІ ғасыр басында екі бірдей қысымнан – ішкі қатал талас-тартыстан және Польша мен Швецияның шекаралық аймақтарға шабуылынан зардап шекті (17-тарауды қараңыз). Жас патша Михаил Романов (1613–1645 жылдары билік құрды) Ресей тағына отырған соң билігін мықтап орнықтырып, мұрагерлеріне аманаттады. Әуелгі Романов патшалары боярларға немесе әулетке көмектесетін ақсүйектерге жер беру мәселесін жолға қойды. 1649 жылы қабылданған заңда азат шаруаларға басыбайлық құқығын беріп, олар алып қожалықтарда жұмыс істеуге міндеттелді. Бұл, әрине, боярларға бөлінген жерлерді одан да құнды ете түсті. Жоғары жақтағы саяси тұрақтылық Ресей билеушілеріне аумақтық басқыншылыққа керек шығынды ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұл мемлекетті салықтан, табиғи ресурстар мен саудадан түскен мол байлыққа кенелтті.

Ұлы Петрдің амбициясы. Қытайдағы Цинь императоры Цянь Лунмен қатар патшалық құрған Ұлы Петр (1682–1725 жылдары билік құрды) атымен танымал І Петр, Ресейді аймақтық мемлекеттен трансжартышарлық империяға айналдырды және еуропалық мемлекеттік жүйелердің маңызды мүшесі деңгейіне дейін көтерді. Петр өткен ғасырда Осман, Парсы және Моғол әміршілері, Еуропа билеушілері де құп көрген абсолютизмнің19 шексіз билік идеалы үшін жанын салды. Петр дәл солар секілді, «елді басқару үшін Жаратушы билеушіге «құдіретті құқық» берді және билеушіге қарсы шығу Құдайға қарсы шығуды білдіреді деп жариялады. Демек, ақсүйектердің монархқа адалдығы басқаларға деген адалдықтың бәрінен де жоғары тұруы керек еді. Мыңжылдықтар бойы дүниежүзіндегі патшалар мен патшайымдар өздерін қасиетті, ықпалды күштермен байланыстырды. Бірақ Петр және Еуропа билеушілері енді ақсүйек жиындары мен қалалық кеңес, діни билік пен өзге де әлеуметтік және саяси артықшылықтар мен міндеттемелер жайлы дәстүрлі үкім беру күшіне ие топтардың тәуелсіз рөлін әлсіретуге бұрынғымен салыстырғанда батылырақ кірісті. Патша талап еткен абсолютизм – бағыныштыларының амандығы үшін шешім қабылдауға және пайдалы деп таныған кез келген діни практиканы оларға күштеп таңуға келгенде билеуші айрықша құқыққа ие дегенді білдірді.

Империяның модернизаторы І Петр патша. Ұлы Петр жаңа Санкт-Петербургтің алдында тұр. Бұл миниатюралық портретте суретші Григорий Семенович Мусикийский империялық билік пен Петрдің модернизацияға деген ұмтылысын қандай символдар арқылы бейнелеген?

Петр Батыс Еуропа елдеріне теңдессіз күш пен шетелдік империя құруға мүмкіндік берген технологияға және әкімшілік тетіктерге қатты қызығатын. 1697–1698 жылдары Петр және оның маңайындағылар кеме құрылысы, сауда, әскери стратегия, әкімшілік басқару мен ғылыми идеяларды үйрену үшін Батысқа екі рет сапар ұйымдастырды. Ол Голландияның кеме жасау өндірістерінде болып, тіпті кеме жасайтын жұмысшылардың киімін киіп алып, жұмысқа араласып, флоттағы ұсталармен кеңесті. Ол мата кәсіпорындары мен музейлерге барды, голланд және ағылшын ғалымдарымен сұхбаттасты, француз зияткерлерімен хат алмасып тұрды.

Мәскеуге қайтқан соң Петр өзіне тікелей бағынатын орталықтанған мықты бюрократияны қолға алып, әскерді жаңа заман қару-жарағымен қамтамасыз етіп, бірқатар жаңалықтар енгізді. 1715 жылы әскерге шақырылғандар санын шамамен 215 мыңға жеткізді. Жер иесі – боярлардың жергілікті билігін қысқарту үшін «Дәрежелер тізімін» (Table of Ranks) қабылдады. Жаңа тізімге сай, генеологиялық шежіресіне қарай емес, мемлекетке лайық қызмет көрсеткен жағдайда ғана, сот ақсүйектерге артықшылықтар сыйлайтын болды. Ол Ресей православ шіркеуін патша билігінің бақылауында ұстады, тіпті оның патриархын патша ережесіне сай әрекет ететін дінбасылар кеңесіне ауыстырып жіберді. Ол батыс үлгісіндегі мәдени және білім беру реформасын бастама етіп көтерді, барлық мырзалар мен шенділердің балалары математиканы оқуы керек деген жарлық шығарды. Ол медицина мектебінің негізін қалады, Ресейдегі алғашқы газетті шығаруға көмектесті және Ғылым академиясын құрды. Өзі қалаған мәдени қайта бағдарлау саясатын батыл әрі нәтижелі ету үшін ерлерге сақалдарын алуды бұйырды және сарай қызметкерлерін еуропалық үлгіде шляпа, пальто және іш киім киюге мәжбүрледі. Православ шіркеу қызметкерлерін шошыта отырып, ерлер мен әйел бір бөлмеде отыратын жиындар өткізді. Әрине, Петр реформаларының консерватор жетекшілердің қарсылығына тап болуы таңданарлық жайт емес, алайда оның ымырасыз қысымы мен Ресей әскерлерінің жеңістері қосылғанда бұл бастамалар элитаның қолдауына ие болды.

Батыста, оңтүстікте және шығыста империяның құрылуы. Петр мен оның мұрагерлері, әсіресе ІІ Екатерина (Ұлы Екатерина, 1762–1796 жылдары билік құрды) XV ғасырда патшалар бастаған істі жалғастырып, жаяу әскерді ұрысқа көптеп тартты. Бұл басқыншылық жылдам әрі ауқымды болды. 1700 жылдары империя аумағы үш есе ұлғайды. Жаулап алу Ресейді сол кезеңдегі Қытай секілді мультимәдени елге айналдырды. Патшалар әдетте этникалық және мәдени әралуандылыққа түсіністікпен қараса да, бірінші кезекте Ресейдің мәдени және саяси көшбасшылығын талап етті. Олар өзінің тарихи одағын, негізінен, Украинада орныққан көптілді қарақшылар мен саудагерлерден құралған казактар арқылы нығайтты. Құрамында христиандар мен мұсылмандар қатар кездесетін әрі әртүрлі тілде сөйлейтін адамдардан құралған қарулы казак қарақшылары императордың басқыншылық әрекетін басқарды.

Батысқа көз тіккен патшалар ұзақ уақыт бойы ауқымдырақ теңіз әлеміне шығуды ойлап, Балтық теңізіндегі айлақтарға қол жеткізуді аңсады. Швециямен 1700 жылдан 1721 жылға дейін созылған «Ұлы Солтүстік соғысында» жеңген соң, Петр бұл мақсатқа қол жеткізді. Жаңғырту арқылы әскерін қайта жасақтап шыққан ол швед қосынын тас-талқан етіп жеңіп, оны Балтықтың қуатты мемлекеті рөлінен айырды және Еуропаның негізгі елдері одағына Ресей лайық мүше боп қосылғанын мойындатты. 1703 жылы Нева өзені Балтық теңізіне құятын маңдағы батпақта империяның жаңа астанасы Санкт-Петербургті салу үшін мыңдаған инженер, ұста мен шаруаны жұмысқа жекті.

Оңтүстік және оңтүстік-шығыста Петр әскері Украинаның аумағын Польша–Литва патшалығынан тартып алды және Қара теңізге шығу үшін Осман әскерімен соғысын жалғастырды. Ұлы Екатерина ғасыр соңында бұл бағытта ауқымды жеңістерге жетті. Бөлшектеп әрі тәуелсіз ел есебінде жойып жіберу мақсатында, Австрия мен Пруссияның монархтарымен салқынқанды түрде келісе отырып, Екатерина Польшаның шығыс бөлігінің үштен бірін қосып алды. Бұған қоса, орыс әскері османдарды Қара теңіздің солтүстік жағалауынан қуып шықты. Петр шығыстағы Ресей әскерін жаңа ауылшаруашылық жерлері мен сауда-саттық мүмкіндіктері мол Сібірдегі жеңістерге жетеледі. Казактар патша атынан жергілікті халықтарды бағындырып, аң терісін, орман тауарларын сатты. 1639 жылы Ресей Тынық мұхитқа дейін созылды, кейінірек империя шекарасы Амур өзеніне дейін жетті. Бұл басқыншылықтың соңы Ресей мен Қытай арасындағы қақтығысты тыныштандырып, Нерчинск келісімен (1689) аяқталғаны белгілі.

Витус Беринг Сібір мен Солтүстік Америка арасындағы теңіз өткелін ашқаннан кейін, орыс аңшылары мен саудагерлері Алеут аралдары арқылы Аляска жағалауы маңына дейін жетті. 1804 жылы Ресей–Америка біріккен компаниясы Оңтүстік Аляскадағы шағын Ситка айлағын иеленіп алды. Жеті жыл өткен соң компания Солтүстік Калифорниядағы Форд-Росста сауда және ауыл шаруашылығы үшін бекет салды. Бекініс пен православ ғибадатханасын тұрғызып, оңтүстіктен келген испан және кейінірек жеткен мексикалық офицерлермен, миссионерлермен ауық-ауық байланыс жасап тұрды. Компания жырақтағы бұл тұрақты 1841 жылға дейін иеленді. Орыстар Сібір мен Алясканың жергілікті тұрғындарымен әртүрлі жолмен қарым-қатынас орнатты. Жаңа қоныс аударушылардың түгелге жуығы ер кісілер еді. Олар жергілікті әйелдерге үйленді немесе бірге тұрды, бала өсірді, бұл оларды екі түрлі мәдени әлемге бейімдеді. Орыс саудагерлері мен аңшылары бағалы аң терісі үшін сый-сияпат ұсына отырып, сібірліктермен екі жаққа да тиімді сауда-саттық жолын іздеді. Алайда орыстар кейде жергілікті тұрғындарға шабуыл жасап, оларды тықсырып отырды. Бұл қарсылық туғызса да, түптің түбінде қылаң беретін «орыстандыру» саясатының хабаршысы еді.

Абсолютизм – монарх Құдіретті биліктің талассыз және бірден-бір иесі ретінде бекіген саяси доктрина.

Америкадағы Испан империясы

1650 жылдары Испания және оның отар иеліктері ауқымы жағынан Ресейден кейінгі екінші империя еді. Испан монархиясының Америкадағы жерлері елдің өзіндегі жер көлемінен әлдеқайда асып түсті. XVІІ ғасырдың орта шенінде Америкада сауда-саттық орталығына айналған және ауқымды ауылшаруашылық аймақтарын басқаратын испан үкіметінің бірнеше үлкен қаласы болды. Бұлардың барлығын дамушы орталық үкімет жүйесі мен римдік-католиктік шіркеуі ортақ заң жүйесі арқылы басқарды.

Испаниялық Американы басқару. Жергілікті америкалықтардың қайтпай қарсылық танытқанына және бәсекелес Еуропа елдерімен сауда мен жер үшін соғысқанына қарамастан, испан әскері ішкі аймақтарды басып алғандықтан, империя ұлғая берді. 1800 жылдардың бас кезіндегі осы ұлғаюдың шыңы, Солтүстік Калифорния және жекелеген Кариб аралдарын қосқанда, Оңтүстік Американың қиыр шетіне дейін созылып жетті. Әуелгіде бұл аймақ Испания билігі тағайындаған екі үлкен жергілікті әкімшілік басқару жүйесіне бөлінді. Мехико қаласы Жаңа Испанияның астанасына айналса, Лима қаласы Перудің әкімшілік басқару орталығы болды.

Бейжіңмен және Мәскеумен салыстырғанда, империя астанасы Мадридтен мұхит арқылы бөлінді. Осыған сәйкес, вице-корольдер мен өзге де отарлық шенділер тақ иелері өздері қалағаннан да ықпалды автономды билікке ие еді. Вице-корольдер кейде патша шешімдерімен келіспейтін және жарлықты кешірек орындайтын. Өйткені Испанияға хабар жіберіп, жауап аламын дегенше екі жылдай уақыт өтіп кететін, шенділердің өзі ойлағандай әрекет етуге уақыты да көп болатын. Тақ иелері мен отарлық элита арасындағы қарым-қатынас Мадридті америкалық тұрғындар арасында аздаған пайызды құрайтын отарлық шенділерге, жер қожалары мен шахта иелеріне жылы шыраймен қарауға мәжбүр етті. Отарлық шенділерге бұл жағдай табысты әкімшілік құрылымдар мен үндістердің жерін сатуға, сатып алуға және қарапайым тұрғындардың еңбегін немесе салық салуда шектен шығудан қорғайтын заңдарды айналып өтуге мүмкіндік берді.

Испандық Америка тұрғындарының күнделікті тіршілігі пуэбло, фазенда (алып жер иеліктері), католик ғибадатханасы мен әскери гарнизон секілді орындарға шоғырланды. Аймақтардағы үкімет адамдары мен соттар жергілікті ауқатты ақ нәсілді адамдардан ғана тұратын испандық қалалардағы кеңестерде құқықтық бақылау құзыретіне ие болды. Әкімшілік орталықтардан жырақтағы қалаларда бұл кеңес өз мүдделеріне сай саясат жүргізуге келгенде еркіндеу еді. Елді мекендерде жылжымайтын мүлік иелері отбасын, қара нәсілді құлдарын және үндіс жұмысшыларын өздері қалағандай тәртіпке шақыру үшін орта ғасырдағы испан феодалдарының билігін жаңғыртып, шексіз құқыққа ие болды. Мезоамерика мен Перудегі отарланған ауқымды ауылдық жерлерде Испан үкіметі тәртіпті қадағалап қана отырды, салық жинап, жергілікті бай-бағландармен бірлесіп жұмысшылар да жалдады. Елді мекендер мен туыстық топтардың басшылары пайда табуға, жұмыс күшіне қатысты Испанияның талаптарын және империялық пиғылына қарсы қарапайым тұрғындардың тілектерін тыңдап, екі жақты да ренжітпеуге тырысты. Алайда Испания үкіметі мен заңы мұнда тамыр жайған соң, жергілікті басшылардың өзі отарлық биліктің қысым жасаушы бай агенттеріне айналып шыға келді.

Вице-корольдіктің аудиенция деп аталған сот жүйесі азаматтық және қылмыстық істерді қарады. Бұл мінберлер әртүрлі әлеуметтік мәртебесі бар этникалық топ мүшелерінің құқықтық жағдайын реттеуге міндетті болды. Соттар еуропалықтардың мүддесіне басымдық берді, кейде қарапайым тұрғындар жеке жылжымайтын мүлкі мен жұмысын қанауға қатысты істердегі дауда жеңіп кетіп те жататын. Мадридке мырзалар мен сарай жетекшілері патшаның империялық саясатын ақылдасуға жиналғанда аудиенциялар да, вице-корольдер де үндістер кеңесінен екі жақты қанағаттандыратын шешімдерге қол жеткізді.

Испан монархы империяға қарасты барлық шіркеу қызметкерлерін тағайындауға, шіркеу садақасын жинауға және жаңа шіркеу, миссия және ғибадатханалар салуға құзыретті болды. Шіркеу мен билік арасындағы бұл тығыз байланысқа қарап католиктік институттар испан отарларында айрықша рөл ойнағаны түсінікті болады. Доминикандар, францискандар және иезуиттер секілді кейбір діни топтар, шығу тегі еуропалық адамдарға арналған және, негізінен, үндістерге қызмет ететін екі түрлі қалалық шіркеулердің негізін қалады. Миссионерлер үндістерді өзгертті. Олардың моральдық және материалдық қажеттіліктерін қанағаттандырды және испанша сөйлеуге, еуропалық үлгіде киініп, тамақтануға бейімдей отырып, оларды «өркениетті» болуға шақырды. Сонымен қатар миссионер тақуалар азық-түлік тауарларын өсіру мен әртүрлі садақалар жинауда үндістерге қатаң талап қойды.

Ксанчакан фазендасы. XVІІ ғасырда отарлаушылар тұрғызған кейбір фазендалар иелерін орасан зор байлыққа кенелтті және алып ауылшаруашылық кәсіпорны ретінде екі ғасыр немесе одан да көп уақытқа төтеп берді. Мексикадағы Юкатан түбегіндегі бұл қожалықты XІX ғасырда ағылшын суретшісі Фредерих Катервуд салған. Шағын Мексика элитасы ауқымды жерді қалай игеріп, жетістікке жетіп отыр, ал иеліктің өнімділігін арттырып, осыншама ұзақ жыл ұстап тұру үшін қанша үндіс пен метистің жұмыс күші қажет деп ойлайсыз?

Империяның әлеуметтік қыры. Испандықтар мен еуропалықтар әскер, миссионер немесе үкімет шендісі болып қызмет ету үшін Америкадағы империяға саяхат жасайтын, кейбірі сауданы, кейбірі қала бизнесін немесе жеке плантацияларды көздеп баратын. 1650 жылы Америкадағы испандық еуропалық халық саны 600 мыңның айналасында болды, 1825 жылы бұл сан 3,8 миллионға жетті. Бұл қос түбектіктер (Penіnsul-ares; pehn-ІNH-soo-LAH-rayz) тобынан тұрды, бірі – Еуропада дүниеге келген адамдардың элиталық табы, екіншісі – креолдар20, яғни Америкада туған еуропалықтар. XІX ғасырға дейін бұл екі топ бірге халық санының аз бөлігін құрады. XVІ ғасырдағы алапат қырғынға қарамастан, үндістер Солтүстік Америка мен Мезоамерикада еуропалықтардан әлі де сан жағынан басым еді. 1620 жылдан соң үндістер саны ақырындап қалпына келе бастады. Кейбір өңірлерде және Кариб аралдарында африкалық құлдар саны еуропалықтардан да, үндіс тұрғындарынан да асып кетті. Ресей Сібіріндегідей, бірақ саны әлдеқайда көп, әртүрлі этникалық топтар арасындағы неке немесе бірге өмір сүру үрдісі Испания империясында жаппай тарала бастады. Бұл одақтардың кейбірі ресми некеге тұрды; көбі некеге тұрмады. Қалай болғанда да, аралас некеден дүниеге балалар келді. Мұнда касталарды немесе аралас «нәсіл» өкілдерін орналасу тәртібіне қарай жіктеуге қатысты қоғамдық келісім пайда болды: испан әке – үндіс шеше, испан шеше – африкалық әке, үндіс әке – африкалық шеше және сол сияқты. Жалпы, империядағы өте қатал әлеуметтік иерархияда аралас некеден туған адамдар үндістер мен африкалық құлдарға қарағанда жоғарырақ сатыны иеленді. Мексикада үндістер мен еуропалықтардың одағынан құралған метистердің саны 1650 жылы 25 пайызды құраса, 1810 жылы 40 пайызға жуықтады5.

Империялық реформалар. Испан монархиясындағы өзгерістер Америкаға тікелей әсер ететін маңызға ие болды. Ерекше әулеттік жағдайларға байланысты француз Бурбон әміршісі XІV Людовиктің (LOO-ee) немересі V Филипп Испания тағына отырды. Филипп пен оның екі мұрагері үйінде де, отарында да орталықтандыру мен саяси-экономикалық жүйені модернизациялау үшін реформалар сериясын бастады. Испанияда король ақсүйектердің ежелден орныққан билігімен, қала элитасы мен жоғарғы шіркеу дінбасыларымен қақтығыса отырып, шектеулі жетістіктерге ие болды. Бірақ Атлантиканың ар жағында үкіметтің тиімділігін арттыруға бағытталған реформаларға әлсіз қарсылық білдірді. Аймақтық әкімшілік басқаруды қатайту үшін тақ иесі екі жаңа уәкілдік құрды: Жаңа Гранада (1739), астанасы – Богота, қазіргі Колумбияда орналасқан; қиыр оңтүстікте Рио-де-ла-Плата (1776), орталығы – Буэнос-Айрес. Реформалар сонымен қатар отарлық экономикада ықпалы жоғары креолдардың дамушы билігін тексеру үшін де жасалды. Тақ иесі, әдеттегідей, Америкада туған элитаға сенбеді және оларға жоғары деңгейдегі билікті беруден бас тартты. Алайда экономикалық тұрғыдан өте маңызды мұндай топты империя билігінен айыру тиімді болады деп есептеді.

Отар отбасының өмірі, 1715 жыл. Аралас нәсіл отбасы каста деп аталды. Туынды авторы нәсілдік даралық пен тууға, түсіне, ұлтына және шыққан жеріне байланысты көрінетін әлеуметтік иерархияны анықтауға тырысады. Суретші Хуан Родригес Хуарес Жаңа Испанияда өмір сүрген және жұмыс істеген испан болатын. Бұл суреттің нәсіларалық отбасыға қандай қатысы бар болуы мүмкін?

Еуропада қант, темекі, тері және басқа да тауарларға сұраныс арта бергендіктен, Бурбон үкіметі Америка экспортына қатысты кедендік түсімдерді арттыруға бағытталған реформалар жасады. 1770 жылдан соң қантпен қатар, кофе мен какао да Испанияның Карибтегі отарларынан экспортталатын ауылшаруашылық өнім ретінде тізімге енді. Рио-де-ла-Плата өңіріндегі ірі қара өсіру және Мексика мен Перудегі күміс өндірісінің қайта жандануы да экономикалық қарқынды дамудың белгісі болды. Осы істердің барлығы арзан жұмыс күшін қарқынды түрде пайдаланумен тікелей байланыста жүзеге асты. Тіпті шағын отарлық өндірістердің өзі күшке сүйеніп жұмыс жүргізді. 1803 жылы Мексикадағы тігін фабрикасына барған неміс азаматы өндірістегі қауіпті жағдайды: «Техникалық прогрестен қатты артта қалудан бөлек... мұндағы жағдай тіпті денсаулыққа өте зиян; жұмысшыларға өте нашар қарайды. Азат адамдар, үндістер және басқа нәсілділер фабрикада жұмыс істеуге мәжбүр болғандықтан қылмыскерлермен араласады. Барлығы жартылай жалаңаш, киімі жамау-жасқау, жұпыны, жадап-жүдеген»6, – деп жазды. Осы жағдайларға байланысты кеншілер мен аз жалақыға жұмыс істеген өзге де адамдар қайта-қайта ереуілге шығып, бас көтеріп отырды.

Креол – қос Америкада туған, шығу тегі еуропалық немесе африкалық адам.

Еуропа: абсолютизмнің жетістіктері мен сәтсіздіктері

XVІ ғасырдың бірінші жартысында Габсбург императоры V Карл (Charles V) өзін Еуропаны римдік-католиктік шіркеуінің моральдық басшылығындағы унитарлы империяға айналдырушы деп есептеді. Протестантизмге бас ұрған Франция, Осман империясы және неміс ханзадалары – бәрі Габсбургтің жаулары болып есептелді де, Еуропа бақталас елдердің жиынтығы боп қалды (19.2-картаны қараңыз).

19.2-КАРТА. Еуропа мемлекеттері. 1750 жыл

Бәсекелес мемлекеттер Еуропаны бөліп алды. Осы кезеңде аумағын ұлғайтуға тырысқан Еуропа билеушілері қандай географиялық және саяси мәселелерге кезікті?

Протестанттық реформация туғызған діни наразылық толқыны нәтижесін берді, 1648 жылы Вестфалия келісімі кешенді мәселелерді реттеуде, атап айтсақ, Еуропа монархтары мен ханзадалары арасындағы даулы территориялық мәселелерді шешуге және Орталық Еуропада католиктер мен протестанттар тұратын аймақтар арасындағы діни алауыздықтың тұрақталуына әсер етті. Ақырында, уақыт өте келе билеушілер саяси бөлшектенген Еуропаға көндікті, алайда бұрынғыдай, әлі де болса бірі екіншісінің жері мен ресурстарын жаулауға ұмтылысын тоқтатпады. 1648 жылдан кейінгі ғасырда Еуропаның кейбір бөліктерінде соғыс үздіксіз жалғасты. Әдеттегідей, соғысқа діни жеккөруден гөрі, шектеулі стратегиялық мақсаттар көбірек қозғау салғаны байқалды. Еуропа мемлекеттері елді мекендердегі толқуды басуға жүгіріп жететін немесе қарапайым тұрғындарды көптеп қыратын солдаттардан гөрі, кәсіби жауынгерлерден құралған, өте қатаң тәртіпке сүйенген әскер жасақтауға басымдық берді.

Бір жағынан, XV ғасырдан бері маңызы артқан, діни және азаматтық күрес бөліп кеткен мемлекет билігін нығайту, өз қолына шоғырландыру ісіне Еуропа монархтары 1648 жылдан соң қайта оралды. Тек Еуропа ғана емес, Афроеуразия елдері де шекараларын кеңейтіп, халықты тиімді басқару үшін орталықтандыру жобаларын қолға алды. Ол үшін атыс қаруы, әскер технологиясын жетілдіріп, бюрократиялық үкімет құруда жаңа әдістерге жүгінді. Бұл жобалар XVІІ және XVІІІ ғасырларда Қытайдағы Цинь және Романовтар билігіндегі Ресей секілді кейбір жерлерде сәтті жүзеге асты. 1700 жылдан әрі қарай күйрей бастаған Оңтүстік Азиядағы Моғол империясында, мысалы, сәтсіздікке ұрынды.

XVІІ ғасыр ортасындағы, он жылға жалғасқан қатал діни алауыздық пен экономикалық дағдарыстан соң еуропалықтар әлеуметтік реттілікті асыға күткені күмәнсіз. Бұл сұранысқа жауап беру үшін бірнеше ел билеушілері ақсүйек жер иеленушілердің тәуелсіз күшін жойып, корольдіктің шенді қызметкерлерінің билігін нығайтатын жобаларды қайта іске қосты. Ресейдегі Петр мен Екатерина секілді, Батыс Еуропа билеушілері де абсолюттік монархияны талап етті. Жан Домат (1625–1696) есімді француз заң маманы әрі абсолютизмнің жақтаушысы былай деп жазды: «Қоғамның гүлденуі үшін билік қажет, әрі оны Құдайдың дәл өзі жасаған, сондықтан үкіметтің қарамағындағы әркім оған бағынышты әрі тіл алғыш болуы керек. Әйтпесе олар Құдайға қарсы шыққан болады»7. Халық үкімет басындағы адамға бағынуға тиіс, бірақ билеушілер де Құдайдың еркіне сай елді әділ басқаруы керек. Бұл доктрина ежелгі Еуропадағы монарх пен қоғамдағы ықпалды топтардың бірлесе басқаруына негізделген дәстүрге қайшы келді. Дегенмен билеушілер заңды кемелдендіріп, тәртіп пен экономиканы реттей алса, шет жердегі соғыстарда жеңіске жетсе, бағыныштылары оның абсолюттік билікке ұмтылуымен келісті.

Саяси шешім. 1648 жылы Вестфалия бітімінің жалпы отырысының аясында голландтық және испандық шенділер Мюнстер бейбітшілік келісіміне қол қойды. Ұзаққа созылған өзара соғысқа нүкте қойып, Нидерланд республикасының тәуелсіздігін мойындады. Атақты голланд суретшісі Герард Терборх (Gerard Ter Borch) «Мюнстер келісімін ратификациялау кезіндегі салтанатты ант» («The Swearіng of the Oath of Ratіfіcatіon of the Treaty of Munster»; 1648 жыл) атты туындысында голланд және испан делегацияларын тәптіштеп суреттеген. Испан суретшісі бұл оқиғаны басқаша көрсетуі мүмкін бе еді? Неге басқаша суреттеуі мүмкін немесе мүмкін емес?

Тіпті ең табысты құдіретті билік иесі саналатын монархтар өздері қалаған абсолютизмнен аяқ тартатын. Байланыс пен көлік әлі де жануарлардың күшіне, кемелердің желкеніне немесе қайықтың ескегіне тәуелді күйде қалды. 1750 жылы әскерді немесе үкімет нұсқауын бір аймақтан екіншісіне жеткізу осыдан үш мың жыл бұрынғыдай ұзақ уақыт алды. Бұл ауыл шаруалары, қала ақсақалдары мен жергілікті мырзалар астанадан жеткен жарлықтарға аса мән бермей, кешіктіріп немесе қарсы шығуы мүмкін еді дегенді білдіреді. Сонымен бірге абсолютті монархтардың барлығына жуығы жаппай жазалаудан гөрі, жергілікті ықпалды топтармен келіссөз жүргізіп, келісімшарт жасасқанда ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізеріне сенді. Дегенмен Еуропа елдерінің бәрінде орталық билік өміріне тереңірек араласып, дүркін-дүркін талап қоюын аймақтық топтар қаламағандықтан, үкімет шенділерін өлтірді немесе тіпті азамат соғысы отын тұтатуға тырысты.

Франция абсолютизмі. Еуропа монархтарының кейбірі абсолютизм идеалдарын тәжірибеде басқаларынан гөрі тиімдірек жүзеге асырды. XІІІ, XІV, және XV Людовиктердің барлығы да, 165 жыл (1610–1774) басқарған француздық Бурбон монархтары провинция ақсүйектерінің ықпалды күшін өзіне және өзі тағайындаған үкімет министрлеріне тартып алып беріп, жетістікке жетті. ХVІ ғасырдағы Ресей патшалары мен Оңтүстік Азиядағы моғол әмірлері секілді, XІІІ Людовик (1610–1643 жылдары билік құрды) пен оның премьер-министрі кардинал Ришелье мәртебесі мен тіршілігі үшін монархияға толық тәуелді қызметтегі ақсүйектердің саяси-әкімшілік құрылымдағы жоғарғы элитасын қалыптастырды. Бұл тұлғаларды «мантия ақсүйектері» дейтін, олар урбандалған үлкен қалалардағы саудагерлер мен кәсіп иелерінің буржуазиялық табынан шықты. ХІІ Людовик жергілікті ақсүйектерден құралған аймақтық әкімшіліктерді интенданттардың билігіне берді. Король тағайындаған бұл қызметкерлер жұмысын уақытша ғана атқарды және өздері басқарған провинцияларда отбасыларының қаржылық мүддесі болған жоқ.

XІV Людовик (1643–1715 жылдары билік құрды) паң ақсүйектерді король бағыныштысына айналдыру үшін едәуір күш жұмсады. Ол ақсүйектерді құрметпен қарсы алды, сыйлықтар ұсынды және мәртебелеріне сай басқа да мәні зор құрмет көрсете отырып, бір жағынан олардың тәуелсіз іс-әрекеттеріне тосқауыл қойды. Жан Домат жоғарғы мәртебелілер «ауқымды әрі жоғары биліктің абыройы мен қадір-қасиетін жарқыратып көрсету құқығына ие болуы керек» деп жазды. Осы доктринаға сәйкес, Людовик өзін құрмет пен ізет көрсетудің объектісі етті. Париждің сыртында таңғажайып Версаль (vehr-SEYE) сарайын салды. Өзін гректің күн құдайы – Аполлонмен шендестірді және ұлықтығын ерекшелеу үшін күрделі сарай рәсімдерін ойлап тапты. Ол француз бай-бағландарын Версальға қызықтырды, бітпейтін сауық кештері мен нәпсі қоздырар қызықтар ұсынды. Ақсүйектерге жер мен билік үшін емес, корольдің жеке назары үшін бір-бірімен бәсекеге түсуге мүмкіндік сыйлады. Король олардың көзіне мұқият қадалып, әрбір қадамын бақылауда ұстады.

XІV Людовик сарайындағы дипломатиялық салтанат. Суретші Антуан Куапельдің шеберханасындағы бұл суретте парсының Сефевидтер империясының елшісін Франция королінің қабылдау сәті бейнеленген. Абсолюттік монархияны заңдастыруда мұндай өнер түрі қандай символдық рөл ойнауы мүмкін?

Бурбон монархтары діни келісімді қалады. Олар француз шіркеуінің басқару құрылымына Папаның кірісуіне жол бермеді; екінші жағынан, діни еркіндікке ешқандай да қызығушылық танытпады. 1598 жылы ІV Генрих (1589–1610 жылдары билік құрды) король гугеноттарға немесе француз протестанттарына құлшылық ету үшін шектеулі құқық беретін Нант жарлығына қол қойды. Алайда XІІІ Людовик белгілі бір қалалардағы протестанттарға қатысты бақылауды алып тастады. XІV Людовик 1685 жылы алдыңғы жарлықтың күшін толық жойып, шіркеулерді жабуға және гугенот дінбасыларына елден кетуге бұйырды. Мыңдаған протестанттар Франциядан қашты. Білімді, білікті, жемісті кәсіп иелерін қарсы алған Нидерланд, Германия және Англия секілді елдерге қоныс аударды.

Афроеуразиядағы абсолютті монархтар мұндай орталықтанған саяси жүйені, әскери істерді және биліктің мұншалықты ғаламат көрінісін тым қымбат деп санады; осылайша олар ақша табудың жаңа жолдарын үздіксіз ойластырумен болды. Француз корольдерінің жиырма миллион халқы бар корольдікті (Ресей халқынан екі есе көп) билеуге ресурсы жеткілікті болатын. Құнарлы әрі табысты жері, гүлденуші сауда-саттық қалалары бар дамушы шетелдік империя болғандықтан, Франция ақсүйектер мен дінбасыларды салық төлеуге тікелей мәжбүрлеуге тырыспады. Бірақ олар мықты қаржы кеңесшілерін таңдап, тиімді және жүйелі жолмен қарапайым адамдарға салық салуда осы кеңесшілердің көмегіне жүгінді. Олар сонымен бірге каналдар мен жолдар салды, мақта-мата және басқа да өндіріске субсидия бөлді, кеме жасау ісі мен халықаралық саудаға қолдау көрсетті. Экономикалық өрлеу импорт, экспорт және жеке қаражат табысын молайтып, бұлардың бәріне салық салынатынын ұқтырды.

Алайда сол ғасырдағы өзге де монархиялар секілді, Франция кірісін молайтуды көздеді. Осы мақсатта Еуропадағы және шетелдегі соғыс шығынын арттырды. XІV Людовик абсолютизм жетістігі әскери даңқты талап етеді деп сенді, Голландия республикасы мен Габсбургтер аумағына шабуыл жасады және билігінің соңғы жылдарын Испания тағы үшін (1701–1714) қанқұйлы соғыспен өткізді. Ол өмірден озған кезде Франция қаржылық қиындықта қалды. XV Людовик (1715–1774 жылдары билік құрды) мемлекетте тыныштықты салыстырмалы түрде қайта қалпына келтірді. Бірақ бұл тұрақтылық Еуропа державалары арасында жаңа соғыс оты тұтанған 1740 жылға дейін ғана сақталды. Бұл жағдай француз экономикасы мен Бурбон абсолютизмнің үмітіне ауыр соққы боп тиді.

Пруссия соғысы. Отыз жылдық соғыс аяқталған соң, Германия үш жүзге жуық князьдікке, шіркеу иелігіне және тәуелсіз қалаларға бөлінді. Олардың көпшілігі Венадағы Габсбург императорына сырттай ғана бағынатын. Дегенмен Солтүстік Германияда Гогенцоллерн әулетінің жетістікке жеткен үш билеушісі кәсіби қуатты әскер жасақтап шықты және олар бірлесе отырып, кейбір шашыраңқы аумақтарды ың-шыңсыз жаулап алды. Осының арқасында Германия ХVІІІ ғасыр соңында Еуропаның маңызды мемлекетіне айналды. Бұл аумақ Бранденбургтегі шағын астана Берлин мен бұрын Польшаның иелігінде болған Пруссияны қамтыды. Мемлекеттік ресми шіркеуі лютерандық бағытта болған Гогенцоллерн корольдері әскер мен басқару жүйесін тікелей немесе жанама салықтардан және өндіріске қолдау көрсете отырып, әулетке тиесілі жерлерде еңбек еткен шаруалардың кірістерінің есебінен қаржыландырды. Ақсүйектер кеңесі немесе мырзалар алқасы және өзге де жоғарғы таптағылар Гогенцоллерн билігі жүретін жерлерге жергілікті басқару тетігіне ие еді. Бірақ Ұлы Кюрфурст атымен танымал Фридрих Вильгельм (Frederіck Wіllіam; 1640–1688 жылдары билік құрды) салық жүйесін орталықтандырып, ақсүйектер кеңесінің салық жинау жолын жапты да, оны заңсыз ету үшін абсолюттік монархия жолындағы жоспарын іске қосты.

Құдай алдында ғана жауап берем деп ашық айтқан І Фридрих Вильгельм (Frederіck Wіllіam; 1713–1740 жылдары билік құрды) мемлекетті әскер қажеттілігінің айналасында құрды. Әскерге шақырылған едәуір көп сарбаз санын қоса есептегенде, жеке қосын құрамын сегіз мыңға жеткізді. Француздар секілді, ол да жергілікті ақсүйектер табы – юнкерлердің (junkers) көңілін табуға кірісіп кетті. Алайда Версаль секілді таңғажайып сарайда көңіл көтертудің орнына, оларды әскер офицерлері құрамына кіргізді. Бұл жерде күзет, құрмет пен патша тағына адалдыққа басымдық берді. Ол сол кезге дейін бурбондықтар жүзеге асыруға бата алмаған істі қолға алып, ақсүйектерді тікелей салық төлуге мәжбүрледі. Қалалық сайланбалы ақсүйектер кеңесін өзіне адал қызметкерлермен алмастырды. ІІ Фридрих өзінен алдыңғы тақ иесінің (Ұлы Фридрих, 1740–1786 жылдары билік құрды) абсолюттік монархия саясатын жалғастырды. Оған қоса басқыншы әскер жасақтады, Австрия мен Польшаның маңызды аумағын басып алды. Осылай ұлғайған мемлекет қазіргі Германияның ядросына айналды.

Ұлы Фридрих әскерін тексеріп жүр. Еуропаның барша абсолюттік монархтары мықты әскер жасақтады. Бұл суретте орталықтанған Пруссия корольдігінің құрамындағы мемлекеттердің бірі болған Гессеннің әскери бөлімін тексеріп жүрген Фридрих бейнеленген. Суретшілер неге Фридрихті әскер қолбасшысы ретінде бейнеледі?

Австриялық көпмәдениеттілік. Пруссияның күшеюі Австрияның Габсбург билігін айтарлықтай әлсіретсе де, Германияда абыройынан айырылып үлгерген І Леопольдтың (1657–1705 жылдары билік құрды) империясы шығыста алапат аумаққа басқыншылық жасады. 1683 жылы Осман түрік әскерлері 1529 жылдағыдай Венаның қамалын тағы да қоршауға алып, шабуылдады. Бірақ шабуыл дереу саябырсыды және Австрия 1690 жылы қарымта шабуыл жасап, Осман әскерін Венгриядан әрі тықсырып тастады. Бұл жеңіс Габсбург мемлекетін бұған дейін болмаған деңгейде этникалық және діни топтардан тұратын мәдени әртүрлілікке жетеледі. Леопольд абсолюттік монархияны талап етті, бірақ ол толық орталықтандыруды сәтті жүзеге асыра алмады. Сонымен қоса, әрине, мәдени тұтастықты да қамтамасыз ете алмады. Неміс және венгр жер иеленушілері билігін сақтап қалды. Сонымен бірге, неміс, венгр, серб, румын және өзге де бірнеше этнолингвистикалық қауымдастық Габсбург билігі ұсынған унитарлық қауымдастық концепцияларынан гөрі жекелеген мәдени даралығын берік қорғауға тырысты.

Британдық билік бөлінісі. Нидерландта, Польшада белгілі бір уақытта және Британияда қоғамдағы элиталық топтың атынан шығатын саяси кеңестер, құдіретті құқық бойынша басқарғысы келетін абсолютизмге сәтті қарсылық танытып қана қоймай, ұжымдық басқаруға негізделген үкімет те құра білді. 1603 жылы королева І Елизавета қайтыс болған кезде Англия парламенті өкілеттігін толық орнатып, жаңа салық түрлерін талқылау мен қабылдауға кірісіп кеткен еді. Елизаветадан кейін Англия тағына І Яков (James І; 1603–1625 жылдары билік құрды) атымен Шотландия королі VІ Яков (James І) отырды, ол абсолюттік биліктен қатты үміттенді және бұл үмітінен қол астындағылардың хабардар болуына кедергі жасамай: «Атеизм мен құдайсыздық Құдай ісіне қол сұғып жатыр... сондықтан субъектіге деген өзімшілдік пен жеккөру – король не істей алады, корольдің қолынан анау немесе мынау келмейді деген тартысқа ұласты»8, – деді. Стюарт әулетінен шыққан Яков тақты иеленген бойда парламентпен айтысуға мәжбүр болды. Оның ұлы әрі мұрагері І Карл (Charles І; 1625–1649 жылдары билік құрды) корольдің артықшылығына қатысты дәл сондай көзқарасты ұстанды; нәтижесінде король мен парламент арасындағы қырғиқабақ тартыс қырық жылға жуық уақытқа жалғасты.

Король І Карлдың соңғы сейілі. Эрнест Крофтстың XІX ғасырда салған бұл суреті пуритан солдаттарының сатқындығы үшін айыпталған І Карлды, 1649 жылы, қаңтарда басын алуға әкетіп бара жатқан сәтін бейнелейді. Карлды өлім жазасына кесу арқылы парламент британдық монархияны жойды, дегенмен небәрі он бір жыл өткенде монархия қайта қалпына келді. Суретшінің кімге бүйрегі бұрып тұр; корольге ме, солдаттарға ма, әлде өз нұсқаңыз бар ма?

Лордтар және қауымдар палатасы парламенттің екі палатасын құрады, палата мүшелері салықты бекіту кезінде өз құқықтарын жанын сала қорғады. Қауымдар палатасында басымдыққа ие саудагерлер, кәсіп иелері және ақсүйектер Англияны сауда мен өндірістің даңғыл жолына салды. Олар үкіметтегі ықпалын арттыруды көздеді, көбіне шетел саясатына әсер етуді қалады. Парламент ақшақұмар Яковті кейбір келісімдерге көндірді. Англия шіркеуі немесе англикан шіркеуі өткен ғасырда Риммен байланысын үзген еді. 1600 жылдардың басында Еуропа құрлығына тұтас таралған діни тартыс Англияға да келіп жетті. Дегенмен реформация лидері Жан Кальвиннің дәстүріндегі қатқыл протестанттар «англикан сенімі артық рәсім мен дінбасылардың иерархиясын қарапайым діни қызмет түрімен өзгертуге тиіс, шіркеу құрылымы барынша клерикалды басқару қалыбынан шығып, қоғамның моральдық келбетін қатаң бақылауға алуға міндетті» деп сенді. Христиан діни тәжірибесін католик сенімінің кез келген белгілерінен тазартқысы келген кейбір пуритан протестанттар Массачусетс шығанағында отардың негізін қалау үшін Америкаға аттанды. Қалғандары, қалай болғанда да, парламент арқылы өз ойларын жеткізді.

І Карл он жыл бойы елді парламент шақырылымынсыз басқаруға, ағылшын және шотланд христиандарының діни бірлігін күштейтуге тырысты. Бірақ Ирландиядағы (қарапайым тұрғындар католик сенімінде қалған еді) көтерілістен кейін және шотландтардың шабуылына ұшыраған соң, 1640 жылы бұл дағдарысқа қарсы ақша жинау үшін парламент отырысын шақыруға мәжбүр болды. Нәтижесінде қауымдар палатасы талаптарын өткізу үшін жаңа тетіктерге қол жеткізді. Карл әскерін парламенттің қаржыландыруынсыз жасақтады. Қауымдар палатасы мүшелері де қарап қалмады, ақырында мемлекет азамат соғысы жағдайында қалды. Сол кезеңдегі Еуропа елдері ақсүйектердің немесе шаруалардың көтерілісімен бетпе-бет келді, Англияда да көтеріліс осындай жолмен жүзеге асты.

ІІ Карл таққа отырған 1660 және азамат соғысы басталған 1642 жылдар арасында Британ аралдары алапат өзгерісті бастан кешті. 1645 жылы пуритан қолбасшы Оливер Кромвель парламент әскері үшін жауапкершілікті өз мойнына алды және төрт жыл ішінде І Карлды тақтан тайдырып қана қоймай, дарға да асты. Бұл оқиға Еуропадағы тақ иелерін шошытты. Парламент өзінің артықшылығын жариялады, монархияның күшін жойды және конституцияны даярлады. Англия Достастық деп аталған республикаға айналды. Кромвель Ирландияға әскер енгізді және он мыңға жуық ирланд католигін өлтіріп, көтерілісті басты. Ауқатты ағылшын әулеттеріне ауқымды жерлерді алып берді. Тарихшылар «теңіздің арғы жағындағы ағылшын империясын құру ісі Ирландияда басталды» дейді. Кромвельдің әскері Шотландияға басып кірді және Достастықтың билігін қамтамасыз етті. Парламентке қарамастан, Кромвель өзін диктатор етіп сайлап алды, мемлекетті әскери ел сияқты басқарды және кальвинистік моральдық кодексті қолданды, оның көп тыйымдарының қатарында театр мен би кештеріне тыйым салу да болар еді.

Кромвель 1658 жылы қайтыс болды, жиырма жылға ұласқан дүрбелеңнен соң, дарға асылған корольдің ұлы ІІ Карлды таққа шақыру және монархияны қалпына келтіру үшін парламент 1660 жылы іске кірісті. Бұған қарамастан, король мен Парламент саяси үстемдік үшін құйтырқы күресті тағы отыз жылдай уақыт жалғастырды. Реставрация кезінде белгілі болғандай, парламентте қайтадан күш ала бастаған англикандар мен кальвинистер және діни толеранттылықты талап еткен диссиденттер арасында діни қайшылық жалғаса берді. Бұл топтардың екеуі де ІІ Карл католиктерге іш тартады деп қауіптенді. 1685 жылы тақты алған ІІ Яков шынымен де католик болды. Англикандар да, басқа протестанттар да одан сырт айналды. 1688 жылы парламент Біріккен Нидерландтың протестант уәкілі (штатгальтер) немесе әкімшілік басшысы Орандық Вильгельмді ағылшын тағын иеленуге, әйелі, ІІ Яковтың протестант қызы Мэримен бірге тең басқарушы ретінде билік етуге шақырды.

Кейін Жасампаз революция деп аталған бұл күтпеген өзгеріс парламент Адам құқықтары жайлы билльді қабылдағанын, бұл құжат толық заңды билігі мен ережесін орнатқанын айтып, құжатқа сәйкес заң шығарушы орган мен монарх егемендікті өзара бөлісуі керек деген ережені бекітті. Корольдер мен королевалар бұдан былай құдіретті немесе тіпті мұрагерлік құқықпен емес, қол астындағылармен жазылмаған келісім негізінде ел басқарды. Діни толеранттылық та кең тарады. Дегенмен англикан еместерге, әсіресе католиктерге қатысты шектеулер күшін бірден жоймады. Алайда Жасампаз революция Британияны халықтық демократия жолына салды деп түсінбеуіміз керек. Дауыс беру жеке мүлік иелері саналатын ересек азаматтардың санымен шектелді. Қауымдар палатасы тағы екі ғасырдай уақыт бойы жер иеленушілер, кәсіби мамандар және ірі кәсіпкерлердің ықпалында болды. Бірақ қалай дегенмен абсолютизм Еуропа құрлығында әлі де қуатты болып тұрған кезде, Британияда ол біржолата келмеске кетті.

Еуропалық реттеу және байырғы халықтардың тағдыры

ОЙЛАН: Солтүстік Америка, Сібір және Оңтүстік Африка отарларындағы алғашқы қоныс аударушылар мен жергілікті халықтардың арасындағы қарым-қатынасты және еуропалық қоныс аударудың саяси, әлеуметтік, мәдени сипатын қандай жолмен салыстыруға болады?

Саяси және діни қиындықтар Англияны тұтас шарпыған соң, адамдар Солтүстік Америкаға қоныс аудара бастады. Осы кішкентай трансатлантикалық көш еуропалықтардың отанынан мың мильден аса қашықтыққа қарай дүниежүзіндегі қозғалыс басталғанын білдірді. Бұл көші-қон қозғалысы XVІІІ ғасырдың басынан аяғына дейін жалғасып, XІX ғасыр мен XX ғасырдың бастапқы кезеңінде үдей түсті. Еуропалықтар тұрақты қоныс аударушы ретінде дүниежүзінің қалыпты ендіктеріне, экватордан оңтүстікке қарай да, солтүстікке қарай да көшіп-қонды. Бұл жерлерде олар өздерімен бірге алып келген тіл, құрылымдар және мәдени тәжірибелеріне негізделген қоғам құруға ұмтылды. Олардың қоныс тебу барысындағы жетістіктері белгілі бір типтегі қоғам құрылысын қалыптастырды. Отанынан жырақта жүрген еуропалықтар қоғамның көпшілік бөлігін құрау үшін бір уақытта, бір жерге жинала алды. Тарихшылар осы типтегі қоғамды Жаңа Еуропа21 (neo-Europe) деп атады. 1880 жылдан бұрын жаңа еуропалық қоғам бірінші кезекте Оңтүстік-Шығыс Америка, Сібір және Солтүстік Африканың мүйісті аумағында пайда болды. (Кейін олар Австралия мен Оңтүстік Американың оңтүстік бөлігіне де шоғырланды). Демография мен мәдениетке қатысты айтсақ, қоғамның бұл типі еуропалықтар басқаратын басқа өңірлерден өзгеше болды. Дегенмен еуропалықтар жергілікті тұрғындармен салыстырғанда, мысалы, Мексикадан Перуге дейінгі жерлерде халықтың аз бөлігін құрады. Сонымен қатар олар Кариб аралдарынан Оңтүстік-Шығыс Бразилияға дейінгі жерлердегі африкалық құлдардан да сан жағынан аз болатын. Мексикада еуропалықтар халықтың аз бөлігі күйінде қала берді. Метистер XІX ғасыр басында айтарлықтай азшылыққа айналды. Жаңа Еуропада аралас текті адамдардың демографиядағы үлесі аз болды және еуропалық қоныс аударушылар осы өңірге келген сайын олардың үлес салмағы кеми берді.

Еуропалықтар үйлерін қоныс аударушы ретінде тастап шықты, себебі жер жеткіліксіз болатын, кедейшілік пен діни қуғын-сүргін және заңдағы қатал шектеулерге байланысты қиындықтар миграцияға итермеледі. Бұл эмигранттардың көпшілігі империя үкіметіне қызмет етуді, жер ауыстыруды немесе жылдам көшіп-қонуды қаламайтын. Еркін қоныс аударушылар жер өңдейміз, қолөнермен, саудамен айналысамыз және жаңа мекенде отбасын құрамыз деп үміттенді. Қоныстанушылар, негізінен, ауа райы қалыпты аймақтарға орнығуға тырысты, өйткені бұл жерлер климаттық және экологиялық тұрғыдан Батыс Еуропаға қатты ұқсайтын. Бұл елді мекендер тропиктік ендікпен салыстырғанда денсаулыққа пайдалырақ еді. Бұған қоса, жаңа қоныстанушылардың бұған дейін өздері де жақсы білетін кәсіптерімен айналысуына, астық (бидай, арпа) өсіріп, үй жануарларын (ірі қара мал, қой) асырауына да қолайлы жағдай болды.

19.1-КЕСТЕ. ХVІІ–ХVІІІ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ОТАРЛЫҚ ҚОҒАМ ТҮРЛЕРІ

Типі

Саяси құрылымы

Тұрғын санының сипаты

Мысалдар

Империялық қоғам

Империя аумағындағы саны көп байырғы халықты басқаратын қызметкерлер мен әскери құрылымнан тұратын аздаған еуропалық тұрғын.

Уақыт өте келе еуропалық аралас текті тұрғын саны мен байырғы халық саны айтарлықтай азшылыққа айналады.

Перудегі Испания вице-корольдігі,

Британдық Үндістан;

Ресей (Сібірді қоспағанда).

Қоныстанушылар қоғамы

Еуропалық шенділер, әскерилер, қоныстанушылар, отарды басқарушылар.

Көпшілігі фермерлер мен ұсталардан тұратын еуропалық қоныстанушылардың саны артып, тұрғындардың көпшілігін құрайды. Ал байырғы тұрғын саны шағын азшылыққа дейін қысқарады.

Британдық Солтүстік Америка;

Әулие Лаврентий жазығы (Канада);

Қайырымды Үміт мүйісі (Оңтүстік Африка), Сібір.

Плантациялық қоғам

Африкадан әкелген саны көп құлдарды басқаратын еуропалық шенділер мен әскерилерден тұратын саны аз тұрғын.

Шығу тегі еуропалық және африкалық нәсілден тұратын аралас текті тұрғын саны артса да, айтарлықтай азшылықты құрайды. Байырғы тұрғын саны азаяды немесе жойылып бітеді.

Солтүстік-Шығыс Бразилия;

Кариб аралдары;

Маврикий (Үнді мұхиты).

Еуропалық қоныстанушылар өздері де толық түсінбеген артықшылықтарға ие болды. Иммигранттар келген жерлердің көбінде жергілікті тұрғын саны айтарлықтай азайып үлгерген еді немесе жылдам азая түсті. Себебі еуропалықтардың едәуір бөлігі мұнда кеп орныққанға дейін афроеуразиялықтармен ере келген жұқпалы аурулар жергілікті жұртты алапат қырғынға ұшыратқан еді. Қоныстанушылар қауіпті індетке қозғау салған белгісіз патогенді вирустарды алып келді. Жаңа ауру түрлері Мезоамерика мен Анд тауы орналасқан Оңтүстік Америкадағы миллиондарды қырғынға ұшыратты, бірақ бұл аймақтағы байырғы аграрлық тұрғын саны көп болатын. Олардың тығыз орналасқаны сонша, еуропалықтардан сан жағынан әлі де басым боп тұрды. Мұндағы жағдай Солтүстік-Шығыс Америка, Сібір және Оңтүстік Африкадағыдай болған жоқ. Аталған жерлерде жергілікті тұрғын соншалықты аз еді және тіршілік үшін жанталасып, қарсыласқандарына қарамастан олардың саны қатерлі ауру мен еуропалықтардың қаруының себебінен жылдам азайып кетті.

Жаңа Еуропа – шығу тегі еуропалық адамдар тұрғын санының басым бөлігін құрайтын, көбіне қалыпты ендікте орналасқан, Еуропадан жырақтағы аймақ.

Солтүстік Америкадағы алғашқы еуропалық қоныс аударушылар

Солтүстік Американың қалыпты ендігі XVІІ ғасырдың басында-ақ еуропалық мигранттарды қатты қызықтырды (19.3-картаны қараңыз). Алғашқы қоныстанушылар Әулие Лаврентий өзені маңы мен Атлант мұхитының жағалауына орнықты, алайда бірнеше онжылдық бойы олар аз әрі шашыраңқы орналасты. Еуропалықтардың көпшілігі мұхитты еркін қоныстанушы ретінде кесіп өтті, бірақ кейбірі жалдамалы жұмысшы ретінде ұсталармен келісімшарт жасасып, белгілі бір уақытқа үйлерін тастап кетті. Енді біреулері қуғын көрген қылмыскер немесе көтерілісші болғандықтан ел кезіп жүретін. Бұған қоса, мигранттар африкалық құлдарды да сатып әкелді және Кариб аралдары мен Мексикадағы плантацияларға тасымалдады.

19.3-КАРТА. Солтүстік Америка. 1750 жыл

Франция «Бұл өңір тұтасымен жасыл түске боялуы керек» деп жариялады. Бұл талап отарларды басып алу мен реттеудің қандай деңгейіне жатуы мүмкін? Франция мен Британия талаптарының нақты саяси басқыншылықпен ұштасу деңгейін қалай салыстырар едіңіз?

Еуропалықтар, үндістер және құндыз терісі. Құндыз, қара түлкі және ауқатты еуропалықтар нарығында терісі бағалы мамық жүнді өзге де жануарлардың саудасына кіріскен француз көпестері Квебек (1608) және Монреаль (1611) елді мекендерін табу үшін Әулие Лаврентий өзенімен жүзді. Алгонкин тілінде сөйлейтін үндістер бейтаныс жандарға аң терісі мен тондарын ұсына отырып, мақта-мата бұйымдарына, ішімдік, металдан жасалған түрлі заттар мен әртүрлі қару-жараққа айырбас сауда жасайтын. Тері саудасы артқан сайын еуропалықтар да, үндістер де дүниежүзілік экономиканың тұтқынына айналды. Үндістермен салыстырғанда саны аз көпестердің жергілікті қауым басшыларымен одақ құрғаннан, олардың сауда дәстүрін қабылдағаннан және оларды жол нұсқаушы әрі аңшы-мерген ретінде қолданғаннан басқа таңдауы болмады. Жергілікті америкалықтар да Еуропа өндірісінен шыққан тауарларға тез үйренісіп, бауыр басып қалды. Монтанье үндістері айтқандай, «Құндыз терісіне барлығын айырбастауға болады: шайнек, балта, қылыш, пышақ, нан...»9.

Солтүстік Американың жоғарғы бөлігінің байырғы қоғамы бір-бірімен ұзақ жыл бойы ресурстар үшін шайқасып келді, бірақ бұл жанжал әдетте ұзаққа созылмайтын. Аң терісі саудасы жағдайды өзгертті, әсіресе кейбір соғысушы топтар атыс қаруына қол жеткізгенде көршілерінің аңшылық жасайтын аймағын тартып алу үшін оларды аяусыз қырды. Француз көпестерімен біріккен алгонкин топтары бұған қоса кейінірек Нью-Йорк штатына айналған аймақта өмір сүретін ирокез тайпаларымен де жауласты. Ирокездер Нидерландпен одақ құрды. Нидерландтықтар Гудзон өзені маңында айлақ салды, 1625 жылы Манхеттен аралында Жаңа Амстердамның негізін қалады. Осы аралықта еуропалықтар шалғай батыстағы үндістердің жеріне де ене бастады. Француз зерттеушілері, аң терісін сатушылар және иезуит миссионерлері 1635 жылдан соң Ұлы көлдер аймағына жетті. Ағылшын теңіз саудагерлері 1670 жылдары Гудзон шығанағында кеден бекіністерін сала бастады.

Францияның король үкіметі әлеуетті ағылшын басқыншыларынан қашық болу үшін француз шаруаларын фермалар ашып, Жаңа Франция деп аталған әулие Лаврентий жазығына көшуге үгіттеді. Бұл қауым өте баяу өсті. Қоныстанушылардың көпшілігінің ауыл шаруашылығы жайлы білімі жоқ еді және жаңа қоныстарда ер-азамат көп болды. Осы жағдайды түзеу үшін король Париждің жетім қыздарын отарлап алған жерге баруға көндірді. Ол осы «король қыздары» қоныстанушыларға тұрмысқа шығады деп күтті. 1663 жылы Жаңа Францияда еуропалық резиденттер саны үш мыңның айналасында болды, ал иммиграция он жылдан соң толық тоқтады. Бұған қарамастан, мұнда көшкен азшылықтың өзі ұзақ жылдар межесінде өте шапшаң қарқынмен көбейді. 1700 жылы халық саны он бес мыңға жетті және бұдан соң да өсуін тоқтатпады. Мұнымен бір уақытта, Жаңа Франциядағы үндістердің саны өз жерінде кеміп, халқы шешек ауруынан және басқа да жұқпалы аурулардан зардап шекті де, тоқтаусыз азая берді. Бүгінгі Канададағы француз тілді халықтың саны 7,5 миллионның айналасында.

Ағылшын қоныстанушылардың отарлары. Ағылшындар Солтүстік Америкаға ХVІІІ ғасыр соңында француздармен салыстырғанда көбірек қоныс аударды. Олар, негізінен, Массачусетстен Чесапик шығанағына дейін созылған жағалауларға қоныстанды. Жерден өнім алып, тіршілік етеміз деген үмітпен 1620 жылы Жаңа Англияға қоныстанушы отбасылар мен қызметшілер көшіп келе бастады. Олар саяси қиындықтар, халық санының қарқынды артуы мен кедейшіліктің күрт өсуі сынды оқиғалар себебінен үйлерін тастап шықты. Англиядағы ауқымды жер өңдеу саудасы да ондағы саны артқан шаруаларды жерден аластатып, қаңғыбас қылып, мардымсыз жалақы үшін жалдануға душар етті. Мұндай жағдайда Солтүстік Америкаға көшу идеясы ыңғайлырақ көрінді.

Жаңа Англия мен Орта Атлантика аймағындағы мигранттардың алғашқы легінің көп бөлігі өз отанында күш алып бара жатқан үрдістерге көңілі толмайтын пірәдарлар, пуритандар, католиктер сынды діни топтардан тұратын. Массачусетс шығанағы отарының негізін қалаған пуритандар, протестанттық ізгіліктің шамшырағы ретінде қызмет етеміз деген оймен христиан қиялы – «Жаңа Иерусалимді» салуға ниеттенді. Қуғындалған католиктер кейінірек Мэрилендке шоғырланды. Тағы бір протестанттық наразы топ – квакерлер Пенсильванияға жайғасты.

Экономикалық тұрғыдан Вирджиния ерте кезеңде өте табысты ағылшын кәсіпорны болды. Лондонның Вирджиния компаниясы 1607 жылы Джеймс өзеніндегі қоныстанушыларды қаржыландырды. Мұндай мықты қадамнан соң ауыл-аймақ көбейіп, халық саны артты. Шағын жер иелері азық-түлік өндірді, ал жеке кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы алқаптарын ашты. Қант қамысы жақсы өспеді, бірақ жергілікті темекі керемет өнім берді. 1638 жылы Вирджиния үш миллион фунттан аса өнім өндірді. Көп өтпей Еуропа Америка темекісіне құмар бола түсті.

Кәсіпкерлер Каролина мен Джорджияда тер төгіп, темекі, жергілікті мақта және күріш плантацияларынан өнім ала бастады. ХVІІ ғасыр аяғында плантация иелері Кариб аралдарындағы жергілікті қант өсірушілер мына жайтты ендігі түсініп қойғанын аңдады: еуропалық иммигранттардың жұмыс күші плантация экономикасының ұлғаюын қанағаттандыра алатын. Сондықтан жер иелері африкалықтарды жұмысқа жегудің карибтік нұсқасына бейімделді. Тонаушылардың толық бақылауындағы африкалықтарды тартып алуға тырысты. 1750 жылдары африкалық құлдардың саны Вирджиния мен Мэрилендтегі тұрғын санының 40 пайызға жуығына жетті.

Байырғы америкалықтардың қарсыласуы және шегінуі. Үндістер мен еуропалықтар арасындағы ерте кездегі ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынастарға сына қағылып, олар өзара жауластық жолына түсті. Протестантизмге бас ұрған азғана үндістер жазу мен оқуды үйренді. Діни һәм жалпы білім беруге негізделген әлеуметтік үйлесім еуропалықтар көбірек жерге ие болып, жаппай әлеуметтік үстемдікке жеткен соң, аз уақыттың ішінде ғайып болды. Массачусетсте 1617–1619 және 1633 жылдар аралығында байырғы америкалық тұрғын санының көп бөлігі шешек індетіне шалдығып үлгерген еді. Отарлық басшылар «тірі қалған үндіс қауымы жерге иелік етуге құқығы жоқ, оны дұрыс өңдей алмады, қалай болғанда да құдайсыздықтың надандығы мен құдайға тіл тигізген пұтқа табынған соқыр сенімдері үшін күнәһар болды»,10 – деген көзқарасты ұстанды. 1675–1676 жылдары Вампаноаги, Наррагансетт және басқа да Жаңа Англия үндістері Массачусетс шығанағындағы ұлғайып бара жатқан отарға қарсы көтеріліп, азғантай уақыт аралығында отардың тіршілігіне қауіп төндірді. Алайда көтерілісшілер бәрібір шашырап кетті, бұдан соң Жаңа Англиядағы үндістердің тұрғын саны тоқтаусыз азая берді. Вирджинияда 1675 жылы Поухатан үндістері, бүлікшіл жер иесі қоныстанушылар мен Британия үкіметі арасында үш жақты қатал қақтығыс тұтанды. Бұл соғыс поухатандарды ажал құштырды. Қоныстанушылардың ұзақ мерзімді жоспарларына «дос не дұшпан демей, үндістердің бәрін қырып-жою»11 мәселесі шықты. Поухатан тобы батысқа қарай шегінуге немесе отарлық экономиканың ауылшарушылығы мен құлдық жұмысына жегілуге мойынсынуға мәжбүр болды.

Отарлық қоныстануға қарсылық. Үндістер Брукфильд, Массачусетс және өзге де елді мекендерді 1675–1676 жылдары Наррагансетт соғысында өртеп жібергенімен, олар Массачусетс шығанағындағы отарлардың күшеюіне қарсы тұра алмады. Байырғы америкалықтар мен Жаңа Англияның қоныстанушылары арасындағы қарым-қатынастың бұзылуын қалай түсіндірер едіңіз?

XVІІІ ғасырда Англия отарлары көп жағдайда ауыл шаруашылығы қоныстары болып қала берді. Дегенмен қоныстанушылардың саны артты, 1680 жылдан 1750 жылға дейінгі аралықта олардың саны жүз елу мыңнан бір миллионға дейін өсті. Ауыл шаруашылығымен қатар сауда-саттық та гүлденді. Бостон, Нью-Йорк, Филадельфия және Карлстон болашағы зор қалаларға айналды. Жаңа Еуропа Англияның экономикасы үшін өте маңызды факторға айналғандықтан, империя үкіметі бақылауды күшейтуге ұмтылды. ІІ Яков (1685–1688 жылдары билік құрды) король билігін Солтүстік Америкада орталықтандыруға тырысты. Бірақ 1688 жылғы Жасампаз революциядан соң он екі отардың бәрі (Джорджия – он үшінші, 1732 жылы негізі қаланды), сонымен қатар король тағының шенділері мен Еуропа жер иесі мырзалары кеңесінің өкілдері де жеке саяси бірігейлігін қалпына келтірді.

Орыстардың Сібірді жаулауы

XVІІ–XVІІІ ғасырларда Сібірге қоныс аударған орыстардың, украиндар мен өзге де шығысеуропалықтардың бұл жерлерде Жаңа Еуропа қоғамын құруы үшін мұхитты жүзіп өтудің қажеті болмады. Бірақ Солтүстік Америкадағы француз және ағылшын қоныстанушылары секілді олар да бидай өсіріп, ірі қара мал және шошқа бағуға қолайлы ендікке қарай жылжыды. Оларға Ресей мемлекеті саяси және әскери көмек көрсетті. Олар фермерлер, малшылар мен аңшылардан құралған шағын топтар – жергілікті тұрғындармен қақтығысты. Жаңа қоныстанушылар өздерімен бірге мылтық, соқа, ағаш тілетін аралар мен «кіші ұлттарды» қырып салуға «көмектескен» жұқпалы ауруларды ала келді. Олар сібірліктерді сыртынан «кіші ұлт» атағанды ұнататын. Алайда Сібірдегі еуропалық қоныстану үдерісі ұзақ уақытқа созылды. Бұл аймақ XІX ғасырға дейін Солтүстік Америкадағы Жаңа Еуропадағыдай толыққанды демографиялық сипатқа жете алған жоқ.

XVІІ ғасырда ресейлік қоныстанушылар келе бастаған аумақ Солтүстік Канаданың климаты және экологиясымен ұқсас еді. Шалғай солтүстіктегі тундра аздаған өсімдік түрлерінің және бұғылардың тіршілік ортасы еді. Оңтүстікке қарай шегі жоқ шырша мен қарағай орманы болды. Екі аймақта да қысқы температура айрықша суық және құрғақ еді. Сондықтан тұрғылықты таңғұт, самодий, якут тілінде және бірнеше басқа да тілде сөйлейтін халықтар орналасқан экологиялық аймақтар аңшылықпен, терімшілікпен, жер өңдеумен, балық аулаумен және мал өсірумен күнелтті. Олар көбіне топтаса өмір сүрді, ал жағалауға жақын қауымдар итбалық, кит және морж аулады.

Сауда және салық. Аң терісі саудасы еуропалықтардың Сібірді отарлауын Солтүстік Американы отарлағанындай күшейте түсті. Ресей аңшылары бұлғын, ақкіс терісі мен теңіз кәмшаттарын ауқатты адамдарға қымбатқа бұлдау үшін батысқа жөнелтті. Дегенмен Солтүстік Америкадағыдай терісі бағалы аң мұнда да азайып келе жатыр еді. Саудагерлер өңірді тонап біте салысымен, әрі қарай жылжуы керек болды. Тері іздеген ресейліктер 1630 жылдары Тынық мұхитқа келді.

Сібірліктер мен Ресей қоныстанушыларының бұл қақтығысы түрлі зардаптарға әкеп соқты. Солтүстік Американың жоғарғы бөлігіндегі үндістермен салыстырғанда, сібірліктердің қорғаныс күші өте қарапайым болды, сондықтан ирокездермен немесе гурондармен салыстырғанда, еуропалықтармен сауда және әріптестік қарым-қатынасты сәтсіз үйлестірді. Ресей көпестері теріні айырбастау үшін сібірліктерге балта, мата, шай, темекі және ішімдік ұсынды. Империя билігінің өкілдері ретінде ресейліктер олардан аң терісін салық түрінде де талап етті. Мәскеуден шыққан бұйрықта: «[Орыс] қызметшілер мен саудагерлерге Патшаның мәртебелі құзырына… түрлі тілде сөйлеп жүрген әртүрлі жатжұрттықтарды... жаңа әрі бізге дұшпан елдерден… жеткізуді бұйырамын»12 деген. Үкімет салық жинауда «сыпайы» болуға шақырса да, шенділер мен саудагерлер тауар қолдарына тигенге дейін әйелдер мен балаларды кепілге алатын. Олар байырғы тұрғындарды жүк көтеруші, жол көрсетуші, аудармашы және жұмысшы болуға мәжбүрлейтін. Сібір Еуразияның халық тығыз қоныстанған жерлерінен өте жырақта болды. Сондықтан орыстар қызылша, шешек және түрлі мерез ауруларын жеткізгенге дейін жағдай қалыпты еді. Қызылша ауруы сібірліктер арасында ең алғаш 1630 жылдары өршіді және бұл нәубет табиғи түрде әр он немесе жиырма жылда қайталанып тұрды.

Теріге тұрақты сұраныс. Аңшылар теріні пайдалана бастағаннан бергі уақытта Ресейдің Батыспен сауда қарым-қатынасында сібір бұлғыны мен өзге де аң терісі маңызды тауар болып саналды. «Париж» атты сериядан алған суретте ХVІІІ ғасыр соңындағы ауқатты әйелдің қымбат теріден тіккен сәнді киімі бейнеленген. Басқа қандай тауарлар ХVІІ–ХVІІІ ғасырлардағы ұлғаюшы империялар мен қарқынды дамыған жаһандық сауда арасындағы байланысты суреттейді?

Шаруалардың ұмтылысы. Қатал климат пен алыс қашықтыққа қарамастан, орыс және украин шаруалары Сібірге аңшылар мен көпестердің ізімен барды, әсіресе оңтүстіктегі жылырақ аймаққа шоғырланды. Бұл мигранттар сонау XV ғасырдың өзінде-ақ Батыс Сібірге келе бастаған жер іздеуші диқандардан, қожайындарынан тығылып жүрген басыбайлы шаруалардан, қашқын қылмыскерлерден және диссиденттерден тұратын. Жергілікті тұрғындар орыс тілі мен киімін, христиандықты қабылдаған жағдайда еуропалық қоныстарда өмір сүруге мүмкіндік алды.

Отарлық үкіметтің символдары. Бұл танымал сурет «Ян ван Рибектің келуі» («The Landіng of Jan van Rіebeeck»; 6 сәуір, 1652 жыл) деп аталады. Суретте ерте кезеңдегі голланд қоныстанушылары мен Оңтүстік Африкадағы койсан тайпаларының арасындағы қарым-қатынас дәріптелген. Суретші Шарль Дэвидсон Белл – ХІХ ғасырдың орта тұсында Оңтүстік Африкада қызмет еткен Британияның мемлекеттік қызметкері. Белл екі топты бейнелеген кезде киімі мен тұрған тұрыстарының қандай ерекшеліктерін көрсетуге тырысты? Бұл айырмашылықтарды қалай анықтар едіңіз?

Ұлы Петр сібірліктерді «өркениетті» етуді маңызды жаңғырту жобасы деп санады. Иркутск секілді кішкентай қалалар өркендей бастады. 1670 жылдары Иркутск пен Мәскеу арасын «Сібір жолы» деп аталатын батпақты сүрлеу жалғады. Жаңа қалалар жергілікті басқару кеңесі, шіркеулер және театрлар арқылы азаматтық өмірге қан жүгіртті. Империя шенділері тіпті ең пысық деген ресейліктердің өзін Аляскаға көшіп баруға әрең көндіргенін де айта кету керек. Бұл «жатжерлік» қоныстанушылардың өмірі еуропалықтар пен үндістердің ұрпағына, жергілікті тұрғындарға тәуелді болды.

Оңтүстік Африкадағы еуропалықтар мен койсандар

Оңтүстік жартышардың қалыпты ендіктеріндегі Африканың шалғай оңтүстігіндегі Кап аймағы еуропалық фермер қоныстанушылар қауымдастығын құрған алғашқы мекен болды. Жоғарғы Солтүстік Америка мен Сібір секілді бұл аймақ та салыстырмалы түрде адамдар аз тіршілік ететін, халық тығыз қоныстанбаған, қалалық ғимараты жоқ мекен еді. Жергілікті халық өте ежелгі койсан (KOІ-sahn) тіл семьясына тән тілдерде сөйлейтін. Осы тілдердің жиырма тоғызы ерекше басыңқы дыбыстармен сипатталады, дегенмен бұл тілде бұл күндері салыстырмалы түрде аз ғана халық сөйлейді. XVІІІ ғасырда койсан тілділер маусым сайын көшіп-қонатын және аңшылар тобы болып тіршілік етті. Койсандар ірі қара мен қой бақты. Бұл малшылар мал санына жоғары әлеуметтік құндылық деп қарады. Үлкен табын экономикалық әлеует пен қоғамның қадірлі беделін білдірді.

Деректерді САРАЛАУ

Голланд капитанының Қайырымды Үміт мүйісіндегі жазбалары

Ян ван Рибектің жетекшілігіндегі голландтық Біріккен Ост-Инд компаниясының (БОК) басқарма мүшелері Оңтүстік Африка жағалауында шағын дамылдау бекетін салуды ұйғарған кезде, бұл жерлерде Оңтүстік-Шығыс Азиядағыдай қуатты әскери мемлекеттермен келіссөз жүргізудің қажеті болмады. Бірақ олар аңшылықпен, балық аулаумен және мал бағумен күнелтетін, саны көп койсан топтарымен араласуға тура келді. Ерте кездегі отаршылар койсан одақтарының күрделілігін, өзара жауластығын әрі мүдделерін біртіндеп байқай бастады. Олар сонымен бірге мұздай қарулану да саяси үстемдікке тікелей қол жеткізуге мүмкіндік бермейтінін ұқты. Кейбір койсан адамдары мұндай ынтымақтастық өздерін ыңғайсыз жағдайда қалдырғанына қарамастан, еуропалықтардың да, өз қауымының да толық сеніміне ие бола алмаса да, отаршылармен ымыраға келіп жұмыс істеді. Компания 1658 жылы құлдарды импорттауды бастағаннан кейін, қарым-қатынас тіпті ушықты, өйткені қашқын тұтқындар койсан топтарына қосылды да, олардың БОК бақылауына қарсы күрес қабілетін шыңдай түсті.

Ван Рибек отбасын Нидерландтан мүйіске алып келді, ал койсан көсемінің қызы Кротоаны үй қызметшісі ретінде жұмысқа алды. Кротоа голланд тілін үйренді, христиандықты қабылдады және БОК аудармашысы болып жұмыс істеді. Соңында ол БОК қызметкеріне тұрмысқа шықты, балалы болды. Бірақ оның күйеуі қайтыс болған кезде голланд және койсан қоғамының екеуі де Кротоадан іргесін аулақ салды. Ол өмірінің соңын түрмеде өткізді, әлеуметтік шетқақпай көрді. Төменде БОК журналының үзінділерінде компанияның жергілікті шарттарды түсінуге, жағдайды бақылауға алуға тырысқанын байқаймыз. Үш жазбадағы уақыт аралығына назар аударыңыздар.

25 ақпан, 1652 жыл. Табл Бэй (Table Bay) шығанағына қаңтарылған Диамант бортында.

Бүгін кешқұрым жағалауға шықтық… Бекініс қай маңға салынуға тиіс екенін қарадық. Сонымен бірге бортта ағылшынша білетін екі жабайы адам (оның біреуі жастау) болды. Жомарттық танытып, тамақпен және сусынмен тойдырдық. «Сансыз ірі қара ала аламыз ба?» деген сауалымызға шала-шарпы ағылшыншасымен және ыммен өздерінің тек қызметші екенін және бұл маңға ірі қараны әрдайым Салданиядан [жағалаудан алыс жақтан] әкелетінін ұқтырды.

10 сәуір, 1652 жыл. Бекініс салынатын жерде.

Түске таяу Салданиядан 9 немесе 10 жабайы адамнан құралған кішігірім қарақшы тобы келді. Олар біздің шатырымызға жақын маңға күні бойы топтасып, әйелдерімен және бала-шағасымен [балықшылар] соғысатындай жұмылып, найза, садақ пен жебе кезеніп, қаһарлана жақындағаны сонша, бұл көрініс бізге олардың шын бейнесін тануға жеткілікті болды...[Біз] ынтымаққа қол жеткізіп, табыстық, бұдан кейін олар шатырымыздың айналасында күні бойы бейбіт кейіпте жүрді. Салданиядан келгендер шала-шарпы ағылшыншасымен және ым-ишарамен, тіпті кейде голланд сөздерін де араластырып, бірнеше күн жол жүріп, мыс пен темекіге айырбастау үшін ірі қара мен қой жеткізгендерін айтты. Жылы шыраймен емін-еркін айырбас жасауға шақырдық.

1 шілде, 1658 жыл. Бекініс.

Бүгін готтентоттардың… қашқын құлдарды іздегендердің... барлығына жуығы құр қол қайтып келді және ешкімді таба алмайтынын айтты. Осыған байланысты, тұтқындардың [койсандар] барлығы және олардың әйелдері [компания тұтқындаған] ыңырсып жылай бастады. Қашқан құлдар толық оралғанша, олар тұтқыннан босамайтынын айтқан едік. Аудармашы Доман тұтқындармен келісіп, қашқан қашқындарды ешқашан көрмегенін айтып, нандыруға тырысты. Біз оған сенбейтінімізді білдірдік. Керісінше, күдігіміз [койсандар қашқын құлдарға көмектесті] дұрыс деп санаймыз, өйткені готтентоттардың әйелдері де әуел бастан құлдармен жақын болды және оларға әртүрлі заттар берді. Сондықтан құлдарды қайтармайынша немесе оларға шынымен не болғанын анықтағанға дейін қамауда қалғандарына разы болуға тиіс. Бұл кесімімізді естіген аудармашы Доманның еңсесі түсіп кетті. Ева [Кротоаны голландша осы есіммен атады] да сарыуайымға салынды. Оларды [жоғарғы лауазымды койсан тұтқындарды] босатпасақ, готтентоттар Еваны өлтірмек екен. Еваға бекіністің аумағынан шықпаңыз деп ескертіп, кімде-кім оған қауіп төндірсе, командир оны да тұтқындайтынын айтты.

Тұтқындардың бойын билеген үрейден арылтып, тыныштандыру үшін командир оларға ешқандай да зиян келмейтінін және мұның барлығы қашқын құлдарды қайтару үшін керек екенін шегелеп айтты. Оларға темекі, нан және бренди берді. Олардың көңілі сәл де болса көтеріліп қалды.

Дереккөз: Journal of Jan van Rіebeeck, ed. H. B. Thom (Amsterdam and Cape Town: A. A. Balkema, 1952), 1:25, 30; 2:294–295.

Сыни пайым

Осы жазбада отарлаушылардың койсандарға қатысты қонақжай, жомарт және «либералды қарым-қатынасының» мәні не деп ойлайсыз? Олардың койсандармен жауыққанына қандай дәлелдер келтіре аласыз? БОК-тың койсан тұтқындарын қамауға алуынан аудармашы Доман мен Кротоа неліктен қауіптенді? Бұл құжат койсандардың қоныстанушыларға қатысты көзқарасын білдіретін қандай ишараны тұспалдап тұр?

Голландтық алғашқы бекініс. 1652 жылы гол­ландтық Біріккен Ост-Инд компаниясының (Vere­nіgde Oostіndіsche Compagnіe) басшылығы Қайырымды Үміт мүйісіне экипаж түсіру жайлы нұсқау шы­ғарды. Бұл шешімге сәйкес экипаж мүйісте Амстер­дам мен Голландияның Индонезиядағы негізгі ан­клавы Батавия (қазіргі Джакарта) арасында алты ай бойы ауыр болса да тиімді жолмен қатынайтын ке­мелерге арнап жолда дамылдайтын тұрақ соғуға тиіс болды. БОК (Біріккен Ост-Инд компаниясы) мү­йісте кемелердің жөндеу жұмыстарына қажет ағаш сүрегіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін шағын қорғаныс айлағы мен кемелерді астық, көкөніс және етпен қамтамасыз ететін бірнеше ферма салу үшін шектеулі қаржы жұмсамақ еді. Шағын бекініс өркендеді, өйткені қолайлы климат еуропалық фер­мерлерге таныс азық-түлік өнімдеріне жайлы бол­ды. БОК қызметшілері койсандардың саудаға қажет ма­лы көп деп ойлады, бірақ олар табын ұстаудың әлеу­меттік маңызын түсінбеді және шектеулі серік­тестікке ие еді. Қарым-қатынас ушыққан күйде қалды және бұл екі топ бір-бірінің ірі қарасына таласа бастады.

Бекіністен отарға дейін. Қоныстанушылар келіп орныққан бес жыл ішінде Кап елді мекені ұлғая бастады. Бастапқыда әскерилер ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге және мал ұстауға кепілдендірілген жер телімін алды. Голландтардың байырғы тұрғындарды құлдық қызметке мәрбүрлеуге жеткілікті әскери күші болмады, сондықтан БОК-тың Үнді мұхитындағы айлақтарынан құлдар әкеле бастады. 1658 жылға қарай отардың негізгі демографиялық бет-бейнесі айқындалды. Сан жағынан азшылықты құраған еуропалық қоныстанушылар, әсіресе ерлер, ферма жұмыстары үшін азиялық құлдардың еңбегіне жүгінді. Келесі онжылдықта Голландия билігі Кап бекінісінен алысырақ жерлерден жер телімдерін берді. Осылайша еуропалықтар мен азиялықтардың саны біртіндеп артып, 1662 жылы шамамен төрт жүз адам болған тұрғын саны 1780 жылға қарай жиырма мыңға дейін жетті13.

Әуелгіде Кап отары сан алуан өркениеттердің мекені еді. Сексуалдық және некелік одақтар этникалық, тілдік және діни шектен аттап өтті. Бұл, ең әуелі, XVІІІ ғасырдың өн бойында еуропалық қоныстанушы ер адамдар саны әйелдерге қарағанда үш еркекке екі әйелден келетін басымдыққа ие болғандықтан қалыптасқан еді14. БОК басқарушы элитасының жоғарғы табы голландтық және кальвинистік протестанттардан құралды. Бірақ жаңа қоныстанушылар Еуропаның солтүстік-шығысының әр тарапынан келді. Құрамында голланд, неміс және скандинав фермерлерімен қоса, Франциядағы діни қудалаудан қашқан гугеноттар да болды. Африкаанс тілі, мысалы, XVІ ғасырда қолданыста болған голланд тілінің негізінде пайда болған, сонымен қатар француз және португал тілдерінің сөздері мен грамматикалық ықпалы байқалады, Оңтүстік-Шығыс Азия тілдерінің де үлесі бар. Еуропаның наны, еті, шарабы мен брендиін Африканың ойын түрлерімен ұштастырған әрі Үнді мұхитының күріші, кофесі, шайы және дәмдеуіштерімен толыққан Кап мүйісінің дастарқан мәзірі мүлде өзгеше болды. XVІІІ ғасыр соңына қарай тұрғындар христиан дінінің протестанттық бағытының түрлі формаларын ұстанды.

Отаршылдықтың артуы койсан аңшылары мен малшыларына қымбатқа түсті. Себебі жазба деректер көрсеткендей, отарлаушылар байырғы жұртты бұрынғы аңшылық және жайылым жерлерінен алысқа тықсырды. Еуропалықтар жерлерді өңдеп, мал жаю үшін жағалаудан ішкері қарай құлдарымен бірге жылжыған сайын койсандар азат өмір сүру мүмкіндігінен айырылды. Нәтижесінде койсандардың басым бөлігі қоныстанушылардың фермаларындағы құлдық қызметке өздері сұранды. Сібір халқы секілді, Кап койсандары да Афроеуразиядағы шеткері жерлерге ығысты. Сол себепті олардың жұқпалы аурулар легіне қарсы тиімді иммунитеттері жетіспеді. Еуропалықтар немесе азиялықтар таратқан шешек ауруы Кап халқын алапат қырғынға душар етті. 1713 жылғы індет койсан халқын жаппай қырып өтті, әрбір он адамның біреуі ғана аман қалды.

XVІІІ ғасыр басында Кап аймағындағы койсан қауымы күйреді. Осылайша Оңтүстік жартышарда Жаңа Еуропа біртіндеп қалыптаса бастады. Дегенмен орасан зор аумаққа ие Оңтүстік Африка Сібірге қарағанда көшпелі аңшылар мен малшылардың мекендеген жері емес еді. Каптың шығысы мен солтүстігінен аса қашық емес ауқымдырақ жерде тығыз орналасқан, ауыл шаруашылығы бар және ірі қара өсіретін банту тілдес африкалық халықтар өмір сүрді, бұлардың койсандарға қарағанда афроеуразиялық жұқпалы ауруларға төзімділігі жоғары болып шықты. XVІІІ ғасыр соңына қарай бұл халықтар экономикалық бәсекелестігі жоғары, әскери қорғанысы мықты еуропалық қоныстармен шекараласты. Оңтүстікафрикалық Жаңа Еуропа аумағы жағынан шағын болды, Солтүстік Америка және Сібірдегі Жаңа Еуропамен салыстырғанда ғұмыры ұзаққа созылмады.

Құдай, табиғат және ғалам жайлы балама көзқарастар

Ойлан: Ғылыми революция мен ағарту жаңа білім жүйесін қалай дамытты? XVІІ–ХVІІІ ғасырларда ислам мен христиандықтың үзіліссіз таралуын қандай факторлар түсіндіреді?

Лондон, Амстердам және Париж секілді мұхиттық империя орталықтарындағы ғалымдар, философтар және тәжірибеге сүйенген техниктер теңіздің әр тарапынан кеп құйылған ақпараттар легін жіктеп, жүйеледі. Африкалықтар, азиялықтар және байырғы америкалықтар бұл білімнің ауқымды бөлігін ұсынды. Олар ирокездердің туыстық қарым-қатынастарынан бастап, Батыс Африкадағы өсімдік түрлері мен конфуцийлік империялық сарай рәсімдеріне дейінгі түрлі ақпаратпен келімсектерді қамтамасыз етті және бұл білім қорын арқалаған еуропалықтар үйлеріне оралып, мұны зерттеп, түсіндірді. Сонымен қатар жаңа білімді игеру, түсіндіру жұмыстары протестанттық реформациядан соң діни ортада да жүрді. Табиғат жайлы жаңашыл идеялардың бұдан былай тек католик шіркеуінің доктриналарына сәйкес келуі шарт емес еді. Саны арта бастаған зияткерлер Библияны, ежелгі гректер мен шіркеу теологтары ұсынған ақиқаттарды сынаудан тайсалмады. Негізгі қозғаушы күш ғылыми революция мен ағарту болды. Жаратылыс, ғарыш және адамзат қоғамының дамуы туралы ұзақ жылдар үстем боп келген пікірлерді қайта қарауға қатысты қарқынды жобалар мен ұмтылыстар басталды. Оған қоса, адамдардың бұл білімді түсіндіруге және таратуға қатысуы, сонымен қатар бұл білімнің дүниенің бір шетінен екінші бір ұшына айнала тарауы – жобаның әу бастан-ақ жаһандық сипатта болғанын көрсетті.

Жаратылысты қайта түсіну үдерісі жүріп жатқандықтан, адам әрекетіндегі құдайлық ықпал, ар-ұждан сұрақтары тыныштық бермеу, құтқарылудың келешек мәні, жылдам өзгерген әлемдегі отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сақтау сынды дүниелерді ұғу үшін, Еуропадағы және басқа да қоғамдағы адамдар діни ізденістерін жалғастыра берді. Ислам, христиандық және буддизм секілді құтқарушы және миссионерлік әлемдік діндер тарала берді, жаңа көлік түрлері мен бағыт-бағдарлардың ашылуымен бұл құбылыс дами түсті.

Ғылыми революция

200 мың жылдан аса уақыт бұрын, Homo sapіens пайда болғаннан бері белгілі бір немесе басқа қоғамда ғылыми жарқын сәуле дүркін-дүркін нұрын төгіп, техникалық инновация дамыды. Мұндай сәулеленудің келесі бір сәті XVІІ–XVІІІ ғасырларда қалыптасты және даму орталығы Батыс Еуропа болды. Ғылыми ізденіс пен өнертапқыштық заман сұранысы еді. Дәлірегі, сол кездегі саяси, экономикалық және мәдени ахуалдың бәрі топтаса келе ғылымды өркендетті.

XV–XVІ ғасырларда, мұхит жолдары ашылған соң еуропалықтар бұған дейін өздері аз-кем ғана хабардар болған немесе мүлде ештеңе білмеген халықтармен, өсімдіктермен, жануарлармен, әсем табиғатпен, климаттық жағдайлармен үздіксіз әрі таңданарлық таныстығын бастап кетті. Бұл құбылыстарды түсіну үшін әлем қандай жолмен осы күнге жетті деген сұрақтың жауабын табуға ұмтылды, жан-жақты ізденістер жасады. Ойшылдар жаңа білім легін зерделеуге тырысып, қолда бар үш түрлі зияткерлік бағытты тоғыстырды. Олар: ежелгі грек философиясы, негізінен, логика; осы ой қазынасының ортағасырлық Еуропадағы синтезі; Оңтүстік Азияның, гректердің және мұсылман ойшылдарының ғылыми және математикалық жазбалары. Олар бұған қоса, адамдар әлем жайлы білетіндерінің дұрыс ақпарат екеніне кепіл болу үшін мәліметтерді тексерудің жаңа әдістерін қалыптастыра бастады.

Философтар сол кезде «табиғат заңы» деп атаған бұл жүйені қайта қарауға деген алғашқы қадамды сипаттағанда «ғылыми революция» деген терминді қолдану асқақ естілуі мүмкін. Бірақ екі ғасыр бойы эмпирикалық бақылауға, эксперименттік қадағалауға, егжей-тегжейлі тіркеуге, сараптамалық пайымға және ғылыми ортадағы білім алмасуға негізделген бұл жұмыстар әлемді түсіндіруге қатысты драмаға толы қозғалысты бастады. 1700 жылдары Еуропа үкіметтері мен шіркеу билігі, мейлі католик болсын, протестанттық болсын, жаңа идеялардың еркін айналымы мен жарық көруіне бұдан бір ғасыр бұрынғымен салыстырғанда аз араласатын болды. Телескоп пен микроскоп секілді жаңа технологиялық құрылғылар бақылауға деген адам мүмкіндігін айтарлықтай арттырды. Математика құбылыстарды түсіндірудің және білімді ғалымдар арасында ғылыми гипотезаларды тексеру мен жеткізудің негізгі тіліне айналды. Алдыңғы ғасырларда өзін-өзі басқаратын корпорациялар сияқты құрылған Еуропа университеттері жаңа теориялар мен спекуляциялардың инкубаторы ретінде қызмет атқарды. Ақиқаттың жаңа түсіндірмесінің кең тарауына қарай, діни ілімге, антика философиясына, фольклорға немесе даналықтың басқа да формаларына негізделе отырып, алдыңғы буыннан жеткен ақиқат атаулы толық болмаса да, адамзаттың іс-әрекетіне әсер ететін кейбір маңызынан айырылып қалды.

Күн мен Жер. Эмпирикалық бақылау мен дәстүрлі даналық арасындағы алғашқы күрес – Күн мен Жер арасындағы астрономиялық байланыс арқылы жүрді. XVІ ғасырға дейін еуропалық және мұсылмандық ірі білім беру орталығының екеуі де «Жер – ғаламның кіндігі» деп санады. Бұл түсінік ІІ ғасырдағы грек тілді ғалым, Мысырдағы Александрияда өмір сүрген Клавдий Птолемейдің еңбегіне сүйенді. Ол «Алмагест» («Almagest») кітабында геоцентризм немесе жерді орталық қылған ғалам моделін ұсынды, оған сәйкес аспан денелерінің барлығы біздің ғаламшарды сфералар ішінде айналып жүреді. Птоломей астрономияда 1300 жыл бойы беделін сақтап келді.

Николай Коперник (1473–1543) – поляк ғалымы және католик дінбасы. Ол 1543 жылы «Аспан денелерінің айналуы» («On the Revolutіons of the Celestіal Spheres») еңбегін жариялаған кезде, алғашқы болып Птоломей жүйесіне қарсы салмақты уәж айтты. Кітапта Птоломей моделінің мәселелері талқыланды, Жер және басқа да планеталар жұлдыздармен бірге Күнді айналады деген нұсқа ұсынды. Коперник Птоломей астрономиясына қарсы уәжін өз бетінше оқыған антикалық грек жазбаларына, оған қоса өткен екі ғасыр бойында мұсылман ғалымдары қалыптастырған екі математикалық теоремаға негіздеді. Коперниктің гелиоцентристік немесе «Күн – орталық» теориясының айтарлықтай кемшін тұстары бар болатын және жаппай қолдау да таппады. Бірақ кейінгі ғасырларда теологтар Құдайдың жерді жаратуын ғарыш орталығынан басқа тарапқа жылжытудың салдарымен күрескен тұста, өзге ғалымдар Коперниктің тұжырымын қайта қарады. Джон Кеплер дат астрономы Тихо Брагенің еңбегіне сүйеніп, «ғаламшарлар орбитасы шеңберден гөрі эллипске ұқсас» деді. Католик шіркеуі гелиоцентристік талаптарды дін жолымен жеткен ақиқатқа қарама-қайшы деп теріске шығаруға өз ғалымдарының келісімін алды. 1633 жылы шіркеу инквизициясы Галилео Галилейді дінбұзар деп жариялады, гелиоцентристік ғалам жайлы жұрт алдында сөйлегені үшін қалған өмірін үйқамақта өткізуге үкім кесті. Ол «Әлемнің екі негізгі жүйесі туралы диалог» («Dіalogue Concernіng the Two Chіef World Systems»; 1632) еңбегінде логикалық пайымын телескоп арқылы бақылаумен ұштастыра отырып растады, түзетілген Коперник жүйесі Птоломейдің моделімен салыстырғанда барынша дұрыс тұжырым күшіне ие дегенді алға тартты.

Исаак Ньютон (1642–1727) сәулені анализ жасап тұр. Ағылшын физигі, математик, астроном, натурфилософ, алхимик және теолог Ньютон әлем табиғаты жайлы зерттеулерін мұқият қағазға түсіре отырып, қазіргі ғылымның негізін қалады. Бұл жерде ол призманы қолданып, жарық сәуледегі түстердің құрамын зерттеу үстінде. ХІХ ғасырдың бұл гравюрасы ерте кездегі ғылыми эксперименттер қандай құрылғылар мен әдістерді қолданғанын көрсетеді?

Бір буын алмасқанда ағылшын ғалымы Исаак Ньютон «Табиғат философиясының математикалық негіздері» («Phіlosophіae Naturalіs Prіncіpіa Mathematіca»; 1687) еңбегін жариялады, онда әмбебап гравитация мен қозғалыс заңы сипатталды. Осылайша гравитация мен Кеплердің планетарлық қозғалыс заңы арасындағы байланысты көрсете келе, гелиоцентристік теорияны растады. Ньютонның еңбегі физикалық қозғалыстың егжей-тегжейлі математикалық түсіндірмесін жатық тілде жеткізе отырып, физиканың нақты заңдарын анықтады және келесі үш ғасырдағы ғылыми ізденістердің стандарттарын қалыптастырды. Ньютонның еңбегі жаһандық масштабтағы маңызға ие болды.

Әр саладағы бақылау мен эксперимент. Астрономия мен физикадан басқа салалар да таңғажайып жетістіктерге жетті. Биология, химия, оптика және медицина саласындағы эксперименттер адамдардың дүние жайлы білетіндерін ғана емес, олар мұны қалай білді деген мәселені де өзгертті. Ағылшын философы Фрэнсис Бэкон кітапханалардағы көне жазбаларға ғана емес, жеке бақылауларына сүйенген жаңа ғылыми әдістерді қалыптастырды. Ол ғылымды, өнерді және адамзат білімінің барлығын мұқият бақылау мен жинақтау, табиғаттағы құбылыстарға талдау жасау арқылы шешімдер табу жолын толықтыруды талап етті. Сонымен бірге индуктивті тұжырымның жақтаушысы болды, бұл әдіс «құбылыстың нақты мысалдарын егжей-тегжейлі бақылау жолымен осы құбылысқа қатысты теорияға немесе жалпылама гипотезаға қол жеткізу» дегенді білдіреді. Оның адамзат білімін жүйелі түрде жіктеуге сарп еткен талпынысы бұрыннан жеткен даналық үлгілеріне ғана сүйенбейді. Фрэнсис Бэконның осы ғылымдар жіктемесі қазіргі ой-танымның дамуында маңызды рөл атқарды.

Табиғат әлемін бақылау мен зерттеу. Неміс суретшісі Мария Сибилла Мериан ұзақ уақыт Оңтүстік Америкадағы Голландия отары – Суринамда қызмет етті. Өзге суреттері секілді, қос морфо көбелегінің (1719 жыл шамасы) иллюстрациясы да өсімдіктер мен жәндіктердің тығыз байланысты тіршілік циклін көрсетеді. Сол кезеңдегі еуропалықтар жәндіктер батпақтан немесе шіріген еттен кездейсоқ пайда болады деп сенді. Мерианның иллюстрациясы қазіргі ғылыми әдіске мысал бола ала ма?

Ол уақытта философия мен ғылымның басқа салаларынан әлі де ажырай қоймаған ғылыми зерттеулерден қалыптасқан дәстүрді сұрақ астына алу құбылысы сырт елдерде тарады. Іс жүзінде Ньютон сияқты ғалымдар «натурфилософ» ретінде танылды. Олардың еңбектері білімді өткеннен қазып алып емес, әлі де жаңа білім қайнарын ашу керек деген сенімді нығайтты. Үкіметтер ғылымды экономикалық прогресс пен әскери қуатты арттыруға септігі тиетін, қаржы салу нысаны деп есептеді. 1600 жылдардың ортасында Еуропа елдері зерттеушілердің дамуына мүдделі бола бастады. 1660 жылы ІІ Карл Англияда Лондон Корольдік қауымдастығына жаратылыс ғылымдарын дамыту үшін құқық берді. Қауымдастық жаңа жетістіктерді барынша тарату үшін ғылыми журналдар шығара бастады. Француз үкіметі 1666 жылы Корольдік Ғылым академиясын құрды.

Ағарту: адам табиғаты мен қоғамды қайта ой елегінен өткізу

Ағарту мирас боп жеткен табиғат пен қоғам жайлы барша анықтаманың себебін тексеруді ортаға қойған, Еуропада шоғырланған ойшылдар арасында туған ауқымды әрі көп қырлы зияткерлік қозғалыс болды. Қозғалыс бірнеше ой қуатының желісінде дүниеге келді. Мұның аса маңыздысы ғалымдардың, әсіресе Исаак Ньютонның еңбектері еді. Ол әмбебап физикалық заңдылықтар Құдай жаратқан барлық мақұлықты басқарады, бұл заңдылықтар кеңістік пен уақытта тек математикалық теңдеу арқылы білінеді, сондықтан адамдар ғаламның жұмыс тәртібін Құдайдан жеткен ақыл қуаты арқылы ұға алады дегенді алға тартты. Ағылшын физигі, саясаткер және Исаак Ньютонның әріптесі Джон Локк «Ньютон секілді ғалымдар табиғат заңдылығын анықтай алса, адамдар да жеке тұлғаның ақылы мен қоғамның ұжымдық мінез-құлқын нақтырақ түсіну үшін өз жолымен ойлана алады» дегендердің бірі болды. Ғылыми революция секілді, ағарту да әлемнің әр тарапынан ескен білім самалын сезініп, Қайта өрлеу дәуірінің гуманистік білім мен шығармашылық ойға бейіл негіздерінен қуат алды. Ағарту протестант христиандығының әр адам Құдайды тануға және онымен жеке ізденісі мен құлшылығы арқылы қарым-қатынас жасауға міндетті деген идеясына табан тіреді. Католик шіркеуін екіжүзділіктен, жемқорлықтан және Қасиетті жазбаларда жоқ ырымшылдықтан арылту үшін жасалған реформаларының да ықпалы болды.

Ескі режиммен арадағы мәселе. Францияда ағартудың философтар ретінде танылған тұлғалары адамзаттың Құдаймен, табиғатпен және ғаламның әрбір ықтимал нүктесімен қарым-қатынасын, кейде дәйектерін математикалық теңдеумен және геометриялық дәлелдермен зерттеді (19.2-кестені қараңыз). Ағартушылардың көпшілігі ғылыми әдістер мен ағартушылық тұжырымдар адам әрекетіне бағытталса, сарқылмас материалдық игілік пен прогреске қол жеткізуге болады дегенге сенетінін ашық білдірді. Кейбір ағартушылар діни институттарды, үкіметтерді немесе тіпті абсолюттік монархияны қирату керек деген радикалды қимылды жақтамады, бірақ көпшілігі бұлардың иррационалдық, қисынсыз, фанаттық немесе кейін ескі режим22 деп аталған қатал қырларын жоғары деңгейде сынға алды. Бұл терминді талантына, біліміне, мамандығына, тіпті байлығына да байланысты емес, негізінен, мұрагерлік жолмен жеткен немесе мемлекет бекіткен артықшылықтарға негізделген монарх пен ақсүйектердің иерархиялық сатысын көрсететін Еуропадағы үстем әлеуметтік пирамидаға қатысты қолданды.

19.2-кесте. ХVІІ–XVІІІ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ЖАҢАШЫЛ ОЙШЫЛДАР

Тұлға

Мемлекет

Жетістіктері

Баха әд-Дин ибн Хусайн әл-Әмили (1547–1621)

Парсы империясы

Атақты математик, астроном, ақын және парсы Сефевидтер империясының сопы мистигі; Парсы елінде математика зерттеулерін жаңғыртты.

Фрэнсис Бэкон (1561–1623)

Англия

Индуктивті және эмпирикалық тұжырымға негізделген зерттеу жүйесін ұсынды. Кейінірек мұны ғылыми әдіс деп атады.

Галилео Галилей (1564–1642)

Италия

Телескоп арқылы бақылау дәлелдеріне сүйеніп, Коперниктің гелиоцентристік теориясын қолдады; Юпитер ғаламшарын ашты.

Иоганн Кеплер (1571–1630)

Германия

Коперниктің ізімен Жер Күнді айналады (гелиоцентризм) деді және ғаламшарлық қозғалыстың үш заңын негіздеді.

Есида Мицуеси (Иешида Кою) (1598–1672)

Жапония

Өзге екі ғалыммен қатар, үшінші арифметик ретінде танымал; сақталып жеткен көне жапон математикалық жазбаларының авторы.

Гададхара Бхаттачария (1604–1709)

Үндістан

Тіл, ақыл, заң және «мән» ұғымы жайлы көлемді томдықтар жазған; тіл мен сөйлемнің эмоционалдық қуатын талдады.

Маргарет Кавендиш (1623–1673)

Англия

Билік, этика, ғылым, философия және гендер мәселелері жайлы молынан жазды; ғылыми фантастиканың ежелгі жазушысы, сонымен бірге жануарлар құқығын қорғады.

Джон Локк (1632–1704)

Англия

Ғылым теориясы (эпистемология) мен табиғат заңдары жайлы көлемді еңбектер жазды, билеуші мен азаматтар арасындағы әлеуметтік келісім идеясын негіздеді.

Исаак Ньютон (1642–1727)

Англия

Қозғалыстың үш заңын ашты және тартылыс күшінің тәртібін түсіндірді; есептеу жүйесін математиканың бір саласы ретінде дамытты.

Мария Сибилла Мериан (1647–1717)

Германия

Сан алуан жәндік түрлерін бақылаудың сызбасын жазды, бұл жәндіктердің метаморфозасын ашуға көмектесті; энтомологияның ғылыми бағытының негізін қалады.

Хуана Инес де ла Крус (1651–1695)

Мексика

Сауатты, тақуа әйел және ғалым; христиан философиясы мен теологиясы жайлы көбірек жазды. Әйелдердің білім алуы мен зияткерлік зерттеулерге қатысты құқықтарын қорғады.

Шарль Луи Монтескье (Барон де Монтескье) (1689–1755)

Франция

Либералды саяси теорияға, соның ішінде мемлекеттегі билік бөлінісі концепциясына қатты ықпал етті.

Вольтер (1694–1778)

Франция

Тарихшы, философ және қоғамдық сыншы; төзімсіздік, ырымшылдық пен Еуропаның ескі режимдеріндегі авторитаризмге қарсы шықты.

Бенджамин Франклин (1706–1790)

Құрама Штаттар

Электр қуаты, теңіз ағыстары, метеорология және атом табиғаты туралы зерттеу­лер жүргізді; революциялық көшбасшы және дипломат, сонымен бірге Құрама Штаттарда алғашқы болып көпшілік кітапхананың негізін қалады.

Карл Линней (1707–1778)

Швеция

Организмдерге атау беру мен жіктеудің жаңа жүйесін ойлап тапты.

Жан-Жак Руссо (1712–1778)

Швейцария

Мораль, теңдік, еркіндік, билік жүйесі мен білім беру жайында көлемді үш еңбек жазды; адамдар табиғатынан жақсы, бірақ оларды қоғам бұзады деп есептеді.

Дай Чжень (1724–1777)

Қытай

Неоконфуцийлік философ; адам табиғаты мен метафизика жайлы жазды және бұрынғы конфуцийлік ойшылдарды сынады.

Иммануил Кант (1724–1804)

Германия

Мораль философы; адамдар шындық жайлы білімді рационалды мүмкіндіктерін жүзеге асыру арқылы ғана иелене алады деп сенді; жаңа философиядағы болжамдарға үлкен үлес қосты.

Иван Шувалов (1727–1797)

Ресей

Ресей империясы сарайындағы ықпалды тұлға; өнер мен гуманитарлық ғылымдарды қорғады; алғашқы білім министрі және Мәскеу университетінің бақылаушысы.

Дэвид Риттенхаус (1732–1796)

Құрама Штаттар

Астроном, математик және өнертапқыш; Шолпан жұлдызының қозғалысын жазды және күн мен жер арасындағы қашықтықты шамамен есептеп шығарды.

Уильям Джонс (1746–1794)

Англия

Оңтүстік Азия және Еуропа тілдері арасындағы байланыстың құрылымдық қатынастарын ұсынды, бұл үнді-еуропалық зерттеулер саласындағы болжам еді.

Мэри Уолстонкрафт (1759–1797)

Англия

«Әйел құқықтарын қорғау» («Vіndіcatіon of the Rіghts of Woman») еңбегінде әйелдер табиғатында еркекпен тең, бірақ білім мен зияткерлік қабілеттерін толық дамыту мүмкіндігінен айырылып қалған деген теорияны алға тартты.

Локк адамның жануардан негізгі айырмашылығы оның жоғарғы деңгейдегі санасы дейді. Бұл адамдарға белгілі бір табиғи құқықтар23 берді, мұны ешбір билік жүйесінің себепсіз тартып алуына болмайды. Олар «өмір, еркіндік және жеке мүлік». Локк философиясын біршама еңбектерінде паш етті. Екі шығармасы Англиядағы, ақыр аяғында дүниежүзіндегі саяси ойға айрықша ықпал етті. Біріншісі, «Толеранттылық туралы хаттар» («A Letter Concernіng Toleratіon») 1688 жылғы Жасампаз революциядан кейін парламент қабылдаған Толеранттылық туралы ағылшын заңын негіздеуге көмектесті. Бұл заң жобасы өзгеше ойлайтын діни топтарға қатысты дискриминацияны жеңілдетті. 1690 жылы Локк Англияға конституциялық шектеулі монархияның өте қажет екенін түсіндіру мақсатында «Басқару туралы екі трактатын» («Two Treatіses of Government») жариялады. Ол «билік азаматтар мен үкімет арасындағы азаматтық келісімге негізделуге тиіс» деп, абсолютизмге қарсы шықты. Екі тарап та құқықтық міндеткерлік шеңберінде қимылдайды, міндетін толық орындамаса, бірі екінші тарапты бұл міндеттен босатады.

Франциядағы жаңашыл ойшылдар да ескі режимнің артық кеткен тұстарына қарсы уәж айтты. Бұл философтармен қоса математиктер, ақындар, драматургтер, романистер мен эссешілер де адам әрекеттеріне сенім, ырымшылдық немесе діни аян емес, рационализм жолбасшы болуға тиіс дегенді алға тартты. Олардың тартысы мен талқысы топтаса келе діни толеранттылыққа, табиғи құқықтарға, қатал әрі ақылға сыйымсыз жаза түрлерінің жойылуына, тіпті құлдықтың тоқтатылуына алып келді. Француз ақыны әрі драматургі Вольтер секілді кейбір ағарту дәуірінің ойшылдары христиан шіркеуінің қаталдығы, екіжүзділігі, надандығы мен дінбасыларының догматизмінің себебінен рационализм мен прогреске тосқауыл болып жүр деп есептеді. Дегенмен скептик Вольтердің өзі жоғарғы болмыстың бар екенін қабыл етті. Локк, Иммануил Кант және Георг Вильгельм Фридрих Гегель тәрізді ағарту дәуірінің философтары адам ақылы Құдайдың даналығы мен мейірімін көрсетеді, ақыл мен сенім арасында сәйкессіздік жоқ деп есептеді.

Кейбір философтар адамдардың рационализміне анықтама бергенде, әйелдерді ойға да алмады. Шығармашыл ойшыл әрі ағарту дәуірінің идеяларын кеңінен насихаттаушы Жан-Жак Руссо ерлер табиғи дене тұрқының ерекшелігіне байланысты тіршіліктің ауыртпалықтарына қарсы шешім табу күшіне ие, осы артықшылықтарының көбі өркениеттің себебі деп санады. Ол әйелдер ақылға салу қабілетіне ие емес, яғни қоғамды алға сүйреуге қабілетсіз, тек отбасы тәрбиесіне лайық деп сенді. Әйелдің физикалық функциялары зияткерлік қырына да әсер етті. «Эмиль» (1762) атты білім беруге қатысты трактатында ол «Еркек – кейбір нақты уақыттарда ғана еркек; ал әйел өмірінің барлық шағында әйел» деп жазды. Руссо бұл пікірлерімен әйелдерді төмендетуді көздемеді, бірақ оның көзқарасындағы олардың мақтайтын барлық «табиғи» қасиеттері осы ғана болды. «Әйел ақылы жайлы хаттар» («Letters on the Female Mіnd»; 1792) туындысында британ жазушысы Летиция Хокинс «әйел зердесінің қуаты кем болғанымен, өткірлігі басым... [Біздің] қайратымыз кемдеу болса да, сергектігіміз басым»15 деді. Хокинстің және басқа да әйелдердің жазған дүниелері XVІІІ ғасыр соңына қарай әйел құқықтарына қатысты жаңа тартыстарға жетеледі. 1792 жылы ағылшын эссеисі Мэри Уолстонкрафт тарихтағы алғашқы феминистік трактат – «Әйел құқықтарын қорғау» («A Vіndіcatіon of the Rіghts of Woman») еңбегін жазды. Ол «қыздар оқитын әлеуметтік білім көздері оларды жеңіл ойлы, қажетсіз әрі қабілетсіз болуға үйретті, жалпыға бірдей білім берсе, әйелдер зияткерлік қырынан ерлермен бәскелесе алар еді» деген пікірді ұстанды.

Еуропадағы натурфилософтардың жаңа буыны ауқымды көлемдегі мәліметтерді сұрыптады да, оларды жаратылыстану мен қоғамға қатысты жаңа теориялар қалыптастыру үшін қолданды. «Әлемдегі адамдардың бірі екіншісінен жүріс-тұрысы мен әрекеттер жағынан өзгеше, Құдай ер мен әйелдің бірнеше түрін бірден жаратқан болуы керек...» деген бір идея төңірегінде тартыс өрбіді. Әрине бұл теорияның кейбір тұстары Библияға қайшы келгендіктен, шындық деп қабылдана алмады. Өсімдіктер мен жануарларды жіктеудің қазіргі заманғы жүйесін жасап шыққан швед ботанигі Карл Линней физикалық және саналық қабілеттерінің ерекшеліктеріне қарай, адамдарды бес нәсілге даралап топтастырды. (Ол адамдардың кейбір топтарының құйрығы бар деп ойлады). Ағарту дәуірінің ойшылдары нәсілдің сапасы мен ерекшеліктері жайлы ең ертедегі теорияларын жасап шықты, мұны кейінгі ғалымдар ХХ ғасырда ғана толығымен теріске шығарды. Рас болсын, өтірік болсын, Америка үндістерінен, Тынық мұхит аралдарынан, Қытайдан және Африкадан келген мағлұматтар Еуропаға жетті. Ағарту дәуірінің қалам ұстағандары әлеуметтік және мәдени салыстырулар жасады, тіпті кейде еуропалық және христиандық артықшылықты алға тартты, бірақ еуропалық құрылымдар мен әдеттерді де сынаған кездері аз болған жоқ. Мысалы, 1721 жылы Барон де Монтескье Францияға Парсы елінен келген екі адамның француз қоғамының түрлі қырларын сын садағына алған жалған естелік жазбасын – «Парсы хаттарын» («Persіan Letters») жариялады.

XVІІІ ғасырдағы Еуропа монархтары Вольтер секілді ағарту дәуірі ойшылдарын сарайларына шақырды немесе олармен хат алмасып тұрды. Пруссиядағы ІІ Фридрих, Ресейдегі ІІ Екатерина және Габсбург императоры ІІ Иосиф (Joseph ІІ) те абсолюттік монархияға қатысты пікірлері мен француз философтарының ойларының арасынан айтарлықтай қайшылық көрмеді. Олар үшін ағарту рационализмі үкіметтің тиімділігін арттырудың бағдарламасына айналды, заңдарды жүйелеп жинақтады, абақтыдағыларды жөнсіз қинауды тоқтатты, технологиялық білімді арттырды, өнерді дамытып, ауыл шаруашылығы мен өндірісті реформалау арқылы шаруалар мен жұмысшылар өмірін аз да болса жақсарта отырып, жұмысшы еңбегінің өнімділігін өсіруге және салықтан жиналатын кірісті ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұл билеушілер табиғи құқықтар жайлы байыпты пікір алмасып, ағарту жұмыстарын жүргізген үкіметтермен қарым-қатынас жасады, мұндай түсініктер билікті қолында ұстап тұрған ескі режимнің иерархиясына қайшы келуі мүмкін екенін ойламады.

Ағартудың коммуникациясы. Ғылыми және философиялық зерттеулермен шұғылданатын тұлғалар ұжымдық сипатта ауқымды еңбектерді дүниеге әкелді. Бірақ ағартушылық элиталық қана құбылыс болған жоқ. Ұлы үлес қосушылар қарапайым тектен шыққан еді әрі тұрмысы да қарапайым болды. Төзімсіздікке, фанатизмге және мызғымас саяси мәртебеге қарсы шығармалар газет, роман, эссе және памфлеттерде айтылар әдепкі құбылысқа айналды. Бір қызығы, осы материалдар авторларының көпшілігі қазіргі кезде ұмытылып та кетті. Ағартушылық орта тап өкілдерінде басым байқалды, жылдам баспа технологиясы, сауаттылықтың кең тарауы, кітапханалар мен кофеханалардың қолжетімділігі ағартушылықты арттыра түсті. Оқыған адамдар табы қоғамдық әдеби үйірмелерге жиналып тұрды, олардың кейбірі әйелдердің сол кезеңдегі танымал еңбектерді оқуына қарсы шықпады.

Энциклопедиялар мен сөздіктер сауатын арттырғысы келген кез келген адам ғылым, технология және гуманитарлық біліммен жан-жақты сусындауға тиіс деген доктринаны ашық насихаттайтын құралға айналды. Бұл томдықтар салыстырмалы түрде төмен таптан шыққан адамдардың ізгі әлеуметтік ортаға кірігуіне мүмкіндік берді. Эфраим Чемберс (Ephraіm Chambers) Англиядағы алғашқы жаңа энциклопедияның редакциясын басқарды. Ол 1728 және 1744 жылдар арасында бес рет қайта басылып шықты. Француз баспагері керемет нарықтық қуатын мойындап, Денис Дидро мен Жан Лерон Д’Аламбер екеуіне Энциклопедия – «ғылым, өнер және қолөнер жайлы жүйелі сөздікті» шығаруға ұсыныс жасап, оны жиырма сегіз томға жеткізді. Көп өтпей шотланд және неміс энциклопедистері де осындай томдықтар шығара бастады. 1775 жылы британдық танымал автор Самуэль Джонсон Ағылшын тілі сөздігінің бірінші басылымын баспадан шығарды. Бұл еңбекке 42 773 сөз кірді, олардың кейбірі мынадай әзілмен өрілген: «Лексиограф – сөздіктерді құрастырушы; сөздің мағынасын тәптіштейтін әрі түбірін табумен айналысатын зияны жоқ мылжың. Саясаткер – 1. Үкіметті басқару өнерін меңгерген адам. 2. Әртіс адам; қулығына құрық бойламайды»16.

Ғылыми революция мен ағарту, негізінен, батысеуропалық қозғалыс болса да, еуропалық тілдерде сөйлеп, оқи алатын халық тұратын әлемнің өзге де бөліктеріне тез тарап кетті. Шығыс Еуропа елдерінің, негізінен, Польша мен Ресейдің жеке ағартушылық тұлғалары болды. Мәскеуде білім министрі және ІІ Екатеринаның көңілдесі – Иван Шувалов Мәскеу университеті мен Ресей Өнер академиясының құрылуында үлкен рөл атқарды. Британдық Солтүстік Американың шалғай батысындағы Бенжамин Франклиннің электр қуатына қатысты жаңашыл эксперименттерін Француз Корольдік Ғылым академиясы мойындап, оған шақырту жіберді. Массачусетсте ІІІ Джон Уитроп (John Wіnthrop ІІІ) Гарвард колледжінде Күн мен Жердің арасындағы қашықтықты есептеумен айналысты. ХVІІІ ғасырдың орта тұсында отарлардағы дін көсемдері мен зияткерлері құлдықтың жойылуына қатысты сөз сөйлеуіне шабыт беру үшін, барлық адамның табиғи теңдігі туралы ағарту идеяларды айта бастады. Бір уақыттағы ағылшын азамат соғысы мен Жасампаз революциядан кейінгі идеялар мен ағартудың саяси ойлары ұштаса келе, отар елдер көсемдері Британ империясының әділетсіздіктеріне қарсы шығып, соңында «қол сұғылмайтын құқықтарын» қорғауға қатысты тәуелсіздікті жариялауға дейінгі қадамға барды (20-тарауды қараңыз).

Ескі режим – XVІ–XVІІ ғасырлардағы Франция және басқа да Еуропа монархияларындағы саяси және әлеуметтік жүйе; шексіз билікті талап ететін иерархия мен билеушілердің қатал табы ретінде сипатталады.

Табиғи құқықтар – табиғат немесе құдіретті күш тарапынан жеткен, адамның әмбебап және қол сұғылмайтын құқықтары.

Ислам мен христиандықтың үздіксіз өркендеуі

Қазіргі ғылым материалдық құбылыстарды тәжірибелік бақылауларға сүйенген табиғат пен ғарышты сипаттаудың өзгеше жолы ретінде XVІІ–XVІІІ ғасырларда қалыптасты және осы негіздерге табан тірей отырып, жалпылама теориялар мен ұстанымдарды қалыптастырды. Басқаша айтсақ, ғылым – білім атаулының айрықша, өзіне тән қағидалары бар жүйесі. Дегенмен әсіресе әлемдік ірі діндерде білімнің өзге де әмбебап жүйелері бар. Олар да әмбебап шындықты түсіндіруге талпынды. Ғылыми революция мен білімнің христиандық жүйесі таным мәселелері бойынша бір-біріне қарсы шықты. Бірақ олар бір-бірін дамытуға да ешкімнің араласуын қаламады. Модерннің ғылыми түсінігі Еуропада тамыр жайған дәл сол уақытта ірі діндер, әсіресе ислам мен христиандықты ұстанушылар санын арттырды. Бұл діндердің жетістігі – ең бірінші кезекте тіршіліктің мәнін түсіндіріп, үміттерді оятып, адам әрекетіне нұсқау көрсете алуына байланысты болды. Сонымен қатар әлемдегі коммуникация пен транспорттың жетілуі, империялардың құрылуы адамдарға алыс қашықтықтағы аймақтарға дінді жеткізуге мүмкіндік сыйлады.

Афроеуразиядағы ислам. Ерте жаңа заманда ислам өзге ірі діндермен салыстырғанда жылдамырақ өркендеді. Мұсылман көпестер, қолөнершілер және ғалымдар көбіне еуропалық кемелермен қатынап, жаңа мекендерге сенімдерін таратты. Мұсылман қажылар әр тараптан Арабиядағы Мекке мен Мединеге қасиетті қажылық сапарға ағылды. Ерте жаңа заманда жылына он бес мыңға жуық оңтүстіказиялық қажылыққа баратын және оның көбі теңіз жолымен сапарға шығатын17. Бұл тақуалар көбіне Құран үкімдеріне сенбейтіндерге дін тарату үшін үйлеріне қайтатын.

Бұрындары ислам – азшылық діні болған немесе тіпті белгісіз болған аймақтардағы діни жаңғыруға сопы әулиелер мен тақуалар ауқымды үлес қосты. Суфизм – бірге құлшылық ететін қауымдастық іздегендердің ғана емес, рухани оянуды мұрат тұтқан жандардың да қолайына жақты. Ол исламның мистикалық қырын паш етті, Құдаймен тікелей және жеке байланыс құруға қол жеткізудің ұмтылысы болды. XІ ғасырдан сопылықтың ілімі мен практикасы біртіндеп сүнниттік және шииттік мұсылмандар арасында қатар тарай бастады. Сопылықты ұстанушылар оларға осы жолда жолбасшы болатын рухани ұстаздың немесе «Құдай досының» ізімен жүрді. Бұл рухани сапар мистикалық мәтіндерді жаттау, марқұм болған сопы шейхтардың киелі орындарын тәуап ету, тылсым халге жетуге бағытталған ән мен би орындалатын жиындарға қатысу секілді шын берілгендіктің ауқымды қырын қамтыды. Сонымен қатар сопы шәкірттер мүшелері рухани жетілудің өзгеше жолын ұстанатын бір немесе бірнеше діни ұйым мен тариқаттарға қосылды. Әдетте қоғамдық және діни қызмет иелене алмаған әйелдер сопылардың қатарында діни және мемлекеттік істерге араласа алды. XVІ ғасырларда сопылық ұйымның саны жүзге жетті және әртүрлі аймақтарда бөлімшелері болды.

Сопылар мұсылманшылықты ұстанбайтын жаңа аймақтарға жеткен кезде жергілікті шарттарға бейімделді, оларға мұсылмандық құқықты ежіктегеннен гөрі Құдай алдындағы шынайы жауапкершілік маңыздырақ болды. Исламның индуизм, буддизм, христиандық және басқа да жергілікті діндермен кездескен шеткі аймақтарда синкретизм24 сирек ұшырасатын құбылыс емес еді. Мұндай мәмілегерліктің мысалы ретінде индуизм құдайларымен, кейде тіпті әйел құдайларымен мұсылман әулиелерінің символикалық байланыстарын; қасиетті ағаш, жартас немесе тоғандардың мұсылмандардың қасиетті орындарына айналуын; қара күштерден аластау үшін Құран аяттары жазылған тұмар тағу сынды дүниелерді айтуға болады.

XVІ ғасырдан XVІІІ ғасырдың бас кезіне дейін мұсылман Моғол әулеті Оңтүстік Азияның көп бөлігін биледі, бірақ халықтың көпшілігі осы күні индуизм деп атайтын әрқилы наным-сенім түрлерін ұстанды. Сопы діндарлар Оңтүстік Азияның көп бөлігін, әсіресе Гангтың төменгі ағысындағы Бенгалияны исламға кіргізді. Моғол билеушілері мұсылман шаруаларын ормандарды отап, күріш, мақта және басқа да дақылдарды өсіру үшін Ганг жазығына көшуге үгіттеді, осылайша ауыл шаруашылығы жерлерін ұлғайтып, салық кірісін молайтуды көздеді. Бұл алғашқы лектегілер XVІІ ғасыр соңынан бастап, Бенгалияға пайда әкеле бастаған экономикалық экспансияның толқынында басты орынды иеленді. Сопылық мұсылман көпестер мен кәсіпкерлер экономикалық жетістіктермен бірге исламды осы аймақта мықтап орнықтырды, соңында мұсылмандар діни көпшілікті құрады.

Көпшілігі Оңтүстік Азиядан шыққан көпестер, саяхатшы ғалымдар мен тақуа уағызшылар исламды XІV ғасырдан бастап Оңтүстік-Шығыс Азия аралдарына жеткізді. 1500 жылдары бұл дін Индонезия аралдарына дейін орныға бастады. Ол жақтан солтүстік-шығысқа қарай жылжи отырып, испан дінбасылары солтүстікте Маниланың айналасына католик христиандығын жайғанына қарамастан, мұсылман саудагерлер мен сопылар XVІ ғасырда Филиппин аралдарында қауымдастық құрды.

1600 жылдардың аяғында ислам Сахарадан оңтүстікке қарай жылдам тарады. Мұсылман тұрғындар саны Шығыс Африка жағалауларындағы сауда-саттық қалаларында бірнеше ғасыр басым боп келді. XVІІ ғасыр соңына қарай Араб түбегінің оңтүстік-шығысының қиырында орналасқан, теңіз мемлекеті саналатын Оман сұлтандары әскери-теңіз флотын құрып, ауқымды Шығыс Африка айлақтарында басымдыққа ие бола бастаған кезде дінге кірушілер саны артты. Сол уақыттан мұсылман көпестер Шығыс Африкадан ішкері енетін сауда жолдары арқылы өз діндерін жая бастады. Оңтүстік Африкаға БОК мұсылман құлдар мен саяси тұтқындарды әкелді. Ислам тағылымы христиан ұстаздары үйреткеннен әлдеқайда басқаша қоғамдық және діни тіршіліктің нышанын танытып, мұсылман емес құлдарды баурап алды. XVІІ ғасырда Сахараның солтүстік далаларында ислам билікпен қатар, саудада да басымдыққа ие болды және сопы бауырластықтары малшылар мен фермерлерге дін таратты. Шығыс Африкадағы Суданда халық XІX ғасырға дейін жаппай дінге кірмеді (22-тарауды қараңыз). XVІ ғасырдан XІX ғасырға дейін Америкаға тасымалданған құлдардың айтарлықтай бөлігі Шығыс Африканың мұсылман құлдары еді. Алайда христиан ұстаздары Америкада мұсылман құлдарға қауымдық құлшылық орнын ашуға тыйым салды. Құлшылықты жасырын немесе жекелей түрде ғана жасауға болатын.

Дүниежүзіндегі христиандық. Римдік-католиктік шіркеу XVІ ғасырда жарты әлемді бауырына тартты, өйткені португал, испан және итальян теңіз капитандарының түгелге жуығы католик болды, олар жаһандық мұхит жолдарын ашты және Американы жаулай бастады.

Конкискадорлардың ізімен Атлантиканың ар жағына жеткен миссионерлер үндістерді шоқындыруға көшті. Шіркеу дін қызметкерлері мен монахтары алғашқыда, негізінен, ацтектер мен инктер билігінің қол астында өмір сүрген, сондықтан мемлекетпен тығыз байланыстағы «ресми» дінмен және діндарлық үлгісімен өмір сүрген Мезоамерика мен Оңтүстік Америкадағы Анд таулары маңындағы елді мекендерде ғаламат жетістіктерге жетті. Басқаша айтсақ, католик шіркеуінің құрылымдық жүйесі мен иерархиясы ацтектер мен инктердің жерінде терең тамыр жайды.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Дона Беатрис Кимпа Вита: Конгодағы христиан көріпкелі

1665 жылы жер көлемі Англияның аумағымен бірдей, даңқты әрі ықпалды Конго корольдігінде бәсекелес ақсүйектер тақ үшін таласқан кезде азамат соғысы басталды. Жиырма жастағы Дона Беатрис Кимпа Вита (1684–1706) атты христиан әйел бұл соғысқа араласуға бел байлаған тұста майданның басталғанына қырық жылдай уақыт болған еді. Ол ауыр науқастан төсек тартып қалғанда, түсінде тәніне Падуялдық әулие Антоний кіргенін көрді. Ауруынан айыққан соң Конгоны аралап, құлдық пен күш қолдануға қарсы үндеді және жақтастар жинай бастады. Бұл оқиға Антоний қозғалысы деген атпен танылды. Әулие Антоний оған тапсырмалар берді, ол корольдікті азамат соғысынан айықтыру үшін насихат айтты.

Ол Конгодағы еуропалық дінбасылар ілімінің маңызды тұстарын дұрыс емес деп жариялап, жаңа христиандық теологияны насихаттады. Оның айтуынша, Иса Вифлехемде емес, Конгоның астанасы Сан-Сальвадорда туған. Иса шоқындырылған Назарет – Конгоның оңтүстік провинциясы Нсундидің бұрмаланған атауы. Мәриям оның конголық анасы, Иосиф екеуі Иса дүниеге келетін түні паналайтын жер іздеген кезде Мәриям ана күң болатын. Дона Беатрис пен Антоний қозғалысы Папаның беделін мойындаса да, капуцин орденіндегі португал тақуаларының ел ішінде болғанына қарсы шықты.

Дона Беатристің насихаты саяси және діни себептерге байланысты Конго халқына өте қатты әсер етті. Антоний қозғалысы азамат соғысы мен тоқтау салынбайтын құл саудасынан шаршаған ақсүйектер арасында да, қарапайым тұрғындар ішінде де жақтастарын тапты. Алайда Дона Беатрис пен оның ізінен ерушілер сол уақыттағы король Педроны ыңғайсыз және қауіпті жағдайда қалдырды. Капуцин тақуаларының кешірімділігіне ашуланды және қайдағы бір жас әйелдің король беделін түсіруіне жол беруге болмайтынын айтты. 1706 жылы Дона Беатристі қамауға алып, сиқыр қолданған және күпір келтірген дінбұзар деп айыптап, соттады. Ол лаулаған отқа өртелді.

Антоний қозғалысы Дона Беатрис өлімінен соң жалғасын тапса да, оның жолын қуушылар тұтқындалып, құлдыққа сатылды. Капуцин тақуалары бұл тұтқындар протестанттық елдерге тасымалданғаны үшін ғана оған қарсы болды. Олардың көпшілігі Гаитидан кейінгі Конго құлдарының ең көп шоғырланған жері саналатын Оңтүстік Каролинаға жөнелтілуі мүмкін еді. 1740 жылы конголық католик құлдар Оңтүстік Каролинаның Стоно өзенінің маңында қожайындарына қарсы қанды, бірақ нәтижесіз көтеріліске шықты. Олардың соғыс ұраны «lukangu» болды, мағынасы конго тілінде «азаттық» және «құтқарылу» дегенді білдірді19.

Сыни пайым

Дона Беатристі антиеуропалық қарсылықтың көсемі ретінде бағалар ма едіңіз? Әлде бағаламайсыз ба? Екі жауаптың да себебін түсіндіріңіз.

Бір испандық дінбасы он төрт мыңға жуық үндістің бір күнде шоқынғанын жеткізсе де18, дінге жаппай мойынсынушылық бірден байқала қоймады. Синкретизм гүлденді, өйткені жергілікті діни тәжірибе христиандықпен біте қайнасып кеткен еді. Әдетте испан дінбасылары ауылдық елді мекендерге сирек барды да, шіркеу басқаруға байырғы тұрғындарды тағайындады. Испандықтар жергілікті көмекшілерді «кеңсешілер» немесе «кресшілер» деп атады. Бірақ науатль (ацтек) тілінде сөйлейтіндер оларды ескі ацтек храмдарындағы қызметшілер атауымен «теопантлака» (teopantlaca) дейтін. Испан дінбасылары ауыл халқына әулие шапағатшыларын ұсынса да, үндістер бұл христиан тұлғаларды жергілікті құдайларымен біріктіріп алды. Олар жергілікті құдайлар өз қауымын әрдайым бақылап, желеп-жебейді деп сенді. Испандар үндістерден бір Құдайды және киелі Үштікті қабыл етуді талап етті, сонымен бірге кең таралған империялық нұсқадағы христиан наным-сенімдерінің магия мен табиғаттан тыс күштерді түрлі көрінісімен де бөлісті. Қысқасы, дәл сол жоралғылар мен нанымдарға әртүрлі мән-мағына үстегендерімен, испан миссионерлері мен мексикалық үндістер кейбір ортақ діни негіздерді қабылдады.

Қытай да, Азияның өзге елдері де өте баяу христианданды. Қос Америкада португалдар жағалауда анклав құрып, сауда жасауға айлақтарға еніп кете беретін оқиғалармен салыстырғанда, бұл жақта миссионерлік әрекеттерге шектеу қоюы немесе тыйым салуы әбден мүмкін жағдайда, жергілікті билікпен және қала тұрғындарымен жұмыс істеді. Иезуит дінбасы Франциск Ксаверий (Франсиско Хавьер) (1506–1552) өз қарамағындағы қызметшілерге жапон этикеті мен дзен-буддизм басшыларының дағдыларын сақтауды бұйыра отырып, Жапонияда дін таратты. 1600 жылдары шіркеу 300 мың жапон сенушілерін санап шықты, олардың көбі оңтүстіктегі Кюсю аралынан еді. Бірақ XVІІ ғасырдың бас кезінде билікті қолына шоғырландырған буддист Токугава сегунаты христиан дінін қабылдауды және құлшылық етуді кілт тоқтатты, католик қауымдастығы кері кетті (18-тарауды қараңыз). Қытайда иезуит Метео Ричи (1552–1610) мен өзге де иезуит дінбасылар құлшылық жасауға және шіркеулер тұрғызуға рұқсат алды. Олар католик доктринасы мен қытай конфуцийлік философиясы арасындағы ұқсастықты көрсетуге тырысты. Мин және бастапқы кездегі Цинь патшалығының сарайы иезуит білімінің картография, астрономия, математика жетіс­тіктерін және сағат жасау мен атыс қарулы әскер технологиясын пайдаланды. 1704 жылы Папа елшісі қытай христиандары ата-баба аруағына сыйынуға тыйым салынуға тиіс деп бетбақтырмаған соң, император миссионерлерді елден шығарып жіберді. Шіркеудің дінге бет бұрғызу жайлы үміті осыдан соң жойылды.

Христиандық жергілікті туынды. XVІІ ғасыр басында науа суретшілері Санта-Мария Тонанцинтла шіркеуін безендіре бастады. Ішкі қабырғаның бұл бөлігі бас киімдегі жергілікті әйелдердің қоршауында тұрған католик епископын суреттейді. Бұл суреттен Американың байырғы жұртының басқа қандай ықпалы байқалады? Бұл өнер туындысы христиандықтың жергілікті түсінігінің бет-бейнесін қалай паш етіп тұр?

Батыс және Орталық Африканың жағалауларында бекініс салған португал, голланд, британ немесе француз көпестерінің барлығы да католик немесе протестанттық дінді насихаттады. Бірақ еуропалықтар біраз жерлерде өздерін африкалық билеушілердің қонақтары секілді ұстады және әдетте бекіністерінде қамалып алғанды жөн көрді. Сондықтан да христиандық XVІІІ ғасырға дейін кең тарай алмады, алайда ілімі католик және протестант шіркеулерінен айтарлықтай өзгеше келетін Эфиопиядағы ежелгі христиан шіркеуі өркен жая берді. Тропиктік Африканың орталығындағы Конго корольдігінде еуропалықтар жергілікті халықты көп шоқындырды. Бұл жердің король әулеті XVІ ғасыр басында католик дініне кірді. Кейінгі билеушілер христиандардың киелі кітаптарын кеңінен насихаттады және бұл дін конголықтардың өмірінде маңызды рөл атқарды. Христиандық синкретизммен қатар дамыды, өйткені католик және ескі конголық діни тәжірибелер мидай араласып кеткен еді.

Қытайдағы иезуит миссионерлер. Иезуиттер қытай мәдениеті үлгілері мен еуропалық ғылыми білімді біріктіруге және христиан іліміне азиялық дінге кірушілерді сендіруге тырысты. Христиандық және қытайлық символдардың мидай араласқанын көрсететін қандай дәлелдерді мына гравюрадан көріп тұрсыз?

Қорытынды

XVІ ғасырда және XVІІ ғасырдың бас кезінде афроеуразиялық мемлекеттердің кейбір билеушілері атыс қаруымен қаруланған әскер жасақтай отырып, көлемді әскери шығындарды өтеу үшін тұрғындарға тиімдірек жолмен салық салу арқылы бұдан да мықты әрі орталықтанған мемлекет құруға, тіпті аумағы үлкен немесе мұхиттық империя жасауға тырысты. Алып аймақты мемлекет құру 1650 жылдан 1800 жылдар аралығында жүзеге асты, бұл үдеріске әккілік пен атыс қаруының жаппай қырып-жоюшы технологиясы әсер етті.

Дегенмен қуатты мемлекеттердің дүниежүзілік картасы айтарлықтай өзгерді. Мұсылман билігіндегі Моғол, Парсы және Осман империялары XVІІ ғасырда ұлғаюын тоқтатты немесе кішірейді, ал Сефевидтік Парсы елі тіпті жойыла бастады деуге болады. Алайда дәл осы кезеңде Ресей мен Қытайдың әскері бір-біріне қарама-қарсы бағытта ұзақ уақыт өзара қақтығыстан қаша отырып, Ішкі Еуразияның ауқымды аймағын иелене бастады. Еуропада Франция, Англия, Нидерланд және (белгілі бір уақытқа дейін) Швеция саяси-экономикалық тұрғыдан нығайды, бұл уақытта Габсбург империясы Оңтүстік-Шығыс Еуропаға қарай Осман империясын ығыстыра отырып, тереңірек орнықты. Керісінше, Португалия мен Испания Еуропа елдерінің иерархиясында ең төмен сатыға қарай құлдырады.

Мұхиттың арғы жағында еуропалық империя құру ісі Америкада табысқа жетті. Испан тәж иесі өз еліндегі экономикалық қиындықтарға қарамастан Латын Америкасындағы иеліктерін қанай берді, ал Португалия Бразилиядағы байырғы америкалық тұрғындарды бағындырды. Ұлыбритания, Франция және Нидерланд Кариб теңізі алабындағы және Солтүстік Американың шығысындағы жерлерді басып алды. Осы күштердің барлығы Азия мен тропиктік Африкадағы жағалаулық анклавтар мен аралдарды басып алу немесе тұрақтап қалу үшін теңіз қуатын күшейтті, алайда бұл аймақтардағы билік жергілікті билеушілердің қолында болды.

XVІІ ғасырда да еуропалықтар ауқымды қашықтықтарды басып алудың жаңа түрін ойлап тапты. Солтүстік Америкада, Сібірде және Оңтүстік Африканың Кап аймағында қоныстанушылардың отарын құрды. Бұл аймақтарда еуропатекті тұрғындар саяси тұрғыдан басым болып қана қойған жоқ, жұқпалы аурулардың таралуымен және әскери басқыншылықтың көмегімен байырғы халықтың ежелгі қауымдық тіршілігін Жаңа Еуропа қоғамына айналдыруда да жетістіктерге жетті. XІX ғасырда дүниежүзіндегі қалыпты ендіктердің көпшілігінде мұндай қоғамдар еселеп өсе берді, байырғы халық азайған үстіне азая түсті.

XVІІ–XVІІІ ғасырларда трансмұхиттық және ұзақ қашықтықтағы құрлық арқылы байланыстар күрделене бастады. Бұл үдеріс басталған соң, оқшау қалған қауымдастықтардан басқаларының барлығы алыс елдерден келіп жеткен ауқымды жаңа ақпараттарға қанықты. Дүниенің бір бұрышынан екіншісіне айнала жеткен бұл білім толқыны ғалам, табиғат және адамзат қоғамы жайлы жаңа сұрақтарға жетелеп қана қоймай, бұрынғы түсініктерге сенімсіздік туғызды. Дүниежүзіндегі барша адамдар білім қалыптастыру мен жаңа идеяларды ұсынуға кірісіп кетті, дегенмен бұл құбылыстың зияткерлік орталығы жаһандық коммуникацияның айлақтары мен Батыс Еуропаның астаналары болды. Нәтижесінде ғылыми революция мен мәдени ағартушылық шындықты табу мен танудың алғышарттарын мәңгіге өзгертіп жіберді. Ой қорытудың жаңа жолдары ғасырлар бойы үстем боп келген діни доктриналардың барлық қырын сынға алып, талас-тартыс туғызды. Дегенмен ірі миссионерлік діндер, негізінен, христиандық пен ислам дамуын тоқтатпады, өйткені тақуалар, дінбасылар, діни қызметшілер, рухани ұстаздар мен сопылар құрлық арқылы да, теңіз жолымен де болмыс жайлы көзқарасын бөлісу үшін шартарапты кезе берді.

Синкретизм – дінде бір немесе одан да әртүрлі сенім жүйелерінің иман шарттары мен құлшылық ережелерінің араласып кетуі; сонымен қатар сенім шарттары мен құлшылық ережелерінің бір сенім жүйесінен екіншісіне кірігуі.

АЛТЫНШЫ БӨЛІМ

Жаңа заман дүниесі қалыптаса бастады
1750–1914 жылдар
Томас Эдисон 1880 жылы ойлап тапқан лампа

Адамзаттың жердегі өмірі XVІІІ ғасырдың орта тұсында зымырандық жылдамдықпен өзгере бастады. Соңғы 250 жылдағы қоғамдық, экономикалық және адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасына байланысты өзгерістердің маңызы – тарихи тұрғыдан осыдан 12 мың жыл бұрынғы өндіруші шаруашылықты ойлап табу мысалымен ғана тең келеді. Бұл жаңалықтарды осы кітапта жаңа заманмен, яғни қазіргі кезеңмен салыстырамыз. Алтыншы бөлімде 1750 жылдан Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған 1914 жыл аралығындағы жаңа заманды қарастырамыз. Тарихшы ғалымдар жаңа заманды өткен замандардың барлығынан ерекшелейтін факторларды анықтау үшін ұзақ уақыт тартысты, талқыға салды. Біздіңше, бұл өзгерістер «энергетикалық революция» деп аталған құбылысқа байланысты. 1700 жылдардың соңында адамзат жанғыш қазбаларға, кейінірек мұнай мен табиғи газға негізделген ауқымды энергия қорын пайдалану жолын тапты. Содан бері пайдалы жер асты энергияларын қолдану тұрғын санының өсу деңгейіне, экономиканың өнімділігін күшейтуге, қоғамның күрделенуіне, жойқын әскери қуатқа және адамның қоршаған ортаны өзгертуіне бұрынғы кезеңдермен салыстыруға келмейтіндей межеде мүмкіндік берді. Бүгінде әр адамның орташа деңгейде жұмсайтын энергиясы 12 мың жыл бұрынғы адам жұмсаған энергиядан 46 мың есе көп және бұл өсімнің басым бөлігі 1750 жылдан бері байқалды. Бірақ жаңа заман басқа да сипаттарға ие, олардың барлығы энергетикалық революцияның жан-жақты әрі күрделі жолдарымен өзара байланысты: Адамдар бірінші рет технологиялық қуатты жердегі қоршаған ортаға сәтті бейімдеп қана қоймай, жақсыға да, жаманға да қолданып, трансформациялауға мүмкіндік алды. ХІХ ғасырдан бері қарай жер бетіндегі экологияны, геологияны және атмосфераны физикалық және табиғи күштерден гөрі, бітім-болмысымыз өзгерте бастады. Дүниежүзіндегі халық саны бұрынғы кездермен салыстырғанда XVІІІ ғасыр ортасында өте қарқынды өсе бастады. 1750 жылы дүниежүзіндегі халық саны 770 миллион шамасында еді, ал 2012 жылы 7 миллиардтан асты. Бұл – 1750 жылдан бері өмір сүрген және сүріп жатқан барша адамның шамамен 28 пайызы. Бұл өсім қоғамның айтарлықтай күрделенуіне, мысалы, үлкен қалалардың артуына алып келді. 1000 және 1700 жылдар аралығында дүниежүзінде тұрғын саны 1 миллионнан көп қала үшеуден аспайтын. 2000 жылы ондай қалалардың саны 299 болды1. Технологиялық және ғылыми прогресс жылдамдығы XVІІІ ғасырдан бастап айтарлықтай артты және сол уақыттан бері қарай бәсеңдемеді. Жаңашылдықтың бұл толқыны энергетикалық революциямен басталып, өндірістік революцияны өндірістегі, ауыл шаруашылығындағы және коммуникациядағы өзгерістермен ілестіре дамытты. Бүгінде ғылым мен технологиядағы инновация таңданарлық жылдамдықпен дамып жатыр. Материалдық жетістіктер, жанғыш қазбалардың ауқымды қоры және белгілі бір деңгейдегі ядорлық энергия XVІІІ ғасырдан бері қарай жалғасқан ұзақмерзімді жаһандық экономикалық дамуды көрсетеді. Кейінгі 250 жылда сауда-саттық, мәдени, биологиялық және миграциялық қарым-қатынастардың жаһандық торы әлдеқайда шиеленісе әрі күрделене түсті. Жаһандық қарым-қатынастар, әсіресе электронды желілер арқылы жеткен хаттар «ұжымдаса үйренуді» айтарлықтай жеделдетті. Кез келген тіршілік иесінен адамды ерекшелейтін – ақпаратты қабылдау, тарату және жинақтау қабілеті. Бұл ақпараттардың көп бөлігі пайдалы, кейбіреулері зиянды2. Халқы авторитарлық орталық билік жүйесінің қоластында өмір сүріп жатқан мемлекеттер әскери қуатты арттыруға және азаматтарының жеке өмірін жаңа заманға дейінгі кезеңде болмаған деңгейде билікке бағындыруға кірісіп кетті. XVІІІ ғасырда Құдай мен табиғат адамға қол сұғылмайтын белгілі бір құқықтар берді және «кез келген үкімет билігінің көзі корольдер мен дінбасыларда емес, халықта» дейтін екі тарапты пікірге негізделген жаңа саяси түсінік пайда болды. Осы идеология біртіндеп дүниенің бет-бейнесін өзгертті, соғыстар мен революциялар туғызды. Сонымен бірге, капиталистік жеке кәсіпорындарды жандандырып, дүниежүзінде екі жүзге жуық тәуелсіз ұлттық мемлекеттердің құрылуының саяси тәжірибесін қалыптастырды. 1750 жылдан 1914 жылға дейінгі кезеңді зерттей отырып, мынаны қаперде ұстауымыз қажет: жаңа заманның мәні мен бағыты бізге әлі де толық белгісіз, өйткені ол заман қалыптастырған бағыт әлі жалғасуда. Экономикадағы, әлеуметтік құрылымдағы, микробиология мен электроникадағы революциялардың формасы мен маңызын бүгін байқамасақ та, болашақта көп дүниеге әлі де көз жеткізуіміз мүмкін. Мынаны да ұмытпауымыз керек, ХІХ ғасырда алғаш рет электр энергиясын қолдану арқылы бейсаналы түрде смартфондардың, генетикалық декодингтің және Facebook-тің пайда болуына алғышарттар жасаған ғалымдарға біз өмір сүріп жатқан компьютерленген және сандық жүйедегі әлем ертегідей көрінер еді.

20

Революциялар толқыны
1720–1830 жылдар
XVІІІ ғасырда кофеханалар саяси пікір алмасатын маңызды алаң болды

Тәуелсіз әрі маңызды газет мәдениеті жаңа замандағы демократиялық қоғамның ерекшелігі еді, бұл орта қазір жойылып бара ма? Коммуникация мамандары интернет жаңалықтардың, пікірлер мен жарнаманың тасымалдаушысы болған сәттен бастап осы сұраққа жауап іздеп келеді. Құрама Штаттарда ірі газеттердің баспа нұсқаларының таралымы тұрақты түрде азайып барады, ал кейбір газеттің онлайн нұсқасы ғана шығады. Футурологтар баспа газеті осы ғасырдың соңына таман толық жойылады деп жорамал жасады. Газеттерді киберкеңістікте ғана қолданса, олардың баспа өнімі ретіндегі тарихы қысқа болады. Күнделікті немесе апталық газеттер, бірақ аз тиражбен шығатын газеттер алғаш рет Батыс Еуропада және Британдық Солтүстік Америкада 1600 жылдардың аяғында пайда болды, ал дүниенің басқа бөліктерінде небәрі 200 жыл бұрын шықты. Жолдар жақсарып, кемелер жылдам қатынап, пошта қызметі пайда болған соң жаңалық авторлары ақпараттарды көбірек жинап, молынан тарата алды. Ал ХІХ ғасыр басында пароходтарды ойлап тауып, теміржолдары мен телеграфты іске қосты. Газеттер капиталистік әлемнің саяси жағдайларға, соғыстарға, бағаларға және тауарлардың тасымалына қатысты жылдам ақпаратқа деген тұрақты сұранысын қанағаттандыруға атсалысты. XVІІІ ғасырдың аяғына қарай Солтүстік Америка мен Еуропада тұтанған халықтық революциялар газеттердің көбеюіне түрткі болды. Олар халықты соңғы ақпараттармен құлақтандырды және белгілі бір саяси көзқарасты таратуға септесті. Келесі ғасырларда бу қуатымен жұмыс істейтін машиналар ақпараттардың мыңдаған көшірмесін бір уақытта баспадан шығарды. 1700 жылдары дүниежүзінде аз ғана газет шыққан еді. 1828 жылы газет саны 3168-ге өсті. Ал 1900 жылы әлемдегі тасқа басылған басылым саны 31 мыңнан асты. Газет санының өсімі біз жаңа заманмен байланыстыратын үлкен өзгерістер жиынтығын көрсететін құбылыс болды. Осы тарауда 1720 жылдан 1830 жылға дейінгі кезеңді қамтып, 110 жылдағы саяси және әлеуметтік өзгерістерді назарға аламыз. Бұл – тұрғын санының жаһандық өсімі, дүниежүзіндегі сауда көлемі мен құнының тоқтаусыз артуы, нарықта тауар сату мен сатып алу үшін ақша қолданатын адамдар санының күрт көбеюі және көлік пен коммуникацияның әмбебап әрі күрделірек желісі жасалған кезең. Мұндай даму үрдістері қоғам өмірін үйлестіру мен өзгерістерді басқаруға қатысты мүлде жаңа түсініктерге дем берді және дүниежүзінің түрлі бөлігіндегі миллиондаған тұрғындарға жоғарғы өмір стандарттарын ұсынды. Оған қоса, миллиондаған жанның саяси және әлеуметтік дағдарысын тереңдетіп жіберді, таптық, этникалық қайшылықпен қатар, бәсекелес мемлекеттер арасындағы жанжалдарға себеп болды. Тараудың бірінші бөлімінде сауда-саттық арқылы қоғамның әмбебап тәжірибе алмасуын паш еткен жаһандық экономикадағы жылдам өзгеріс пен бюрократияны қаржыландыру, әскер жасақтау және қоғамдық тәртіпті қолдау сынды дүниежүзіндегі алып мемлекеттер бетпе-бет келіп, күн өткен сайын арта түскен қиындықтар арасындағы байланысты қарастырамыз. XVІІІ ғасырдың орта тұсында Еуропа мемлекеттері, әсіресе Британия, Франция, габсбургтік Австрия, Пруссия және Ресей бұған дейінгі азиялық империялармен салыстыруға келмейтін, өте қуатты әскери күш жинақтады. Олар мұнымен қоймай, жаһандық байлыққа қол жеткізу үшін өзара талмай күресті. Солтүстікамерикалық үндістер мен оңтүстіказиялық халықтар 1756–1763 жылдары бас көтергендіктен, Еуропа мемлекеттері «дүниежүзілік соғыспен», яғни Жеті жылдық соғыспен бетпе-бет келді. Тараудың екінші бөлімінде 1775–1815 жылдар аралығында Солтүстік Атлантиканың екі тарапын тұтас шарпыған революциялық қозғалыстардың бірінші толқынын зерттейміз. Саяси, экономикалық және мәдени күш-қуат мұхиттың арғы жағынан да жаңғырып жетіп, Британдық Солтүстік Америка, Франция және Гаитиде тұтанған көтерілістерді бір-бірімен саналы түрде байланыстырды. Бұл қозғалыстар Ағарту дәуірінде пайда болған табиғи құқықтар мен «халық тәуелсіздігі» жайлы жаңа идеялардан қуат алды (19-тарауды қараңыз). Бұл идеялар әлі күнге дейін наразылық, революция және үкіметті жасақтау сынды дүниелерді қалыптап келеді. Тараудың соңғы бөлімінде Латын Америкасының түгелге жуығын қамтыған революциялардың екінші толқынын қарастырамыз. Бұл толқулар Британдық Солтүстік Америкадан және Гаитиден айтарлықтай өзгеше әлеуметтік ортада өтті. Бірақ бұл көтерілістерді де дәл британ отарларындағыдай, негізінен Америкада туғанымен, шығу тегі еуропалық адамдар бастады. Тәуелсіздік үшін болған бұл соғыс Бразилиядағы Португалия билігін тоқтатты және Испанияның ауқымды Америка империясының түгелге жуығын жойып жіберді. Оның орнын өзін-өзі және халықтық басқаруды білдіретін патриоттық жаңа идеяларға сүйенген мемлекеттер алмастырды. 20.1-КАРТА. Жеті жылдық соғыстан (1756–1763) кейінгі ірі мемлекеттер мен отарлық территориялар Империялардың кейбірі көрші жерлердегі, кейбірі мұхиттың арғы жағында орналасқан ауқымды аумаққа иелік етті. Бұдан да үлкен аумақ пен байлыққа қол жеткізуге деген ниет империялар арасындағы бәсекеде байқалды. Жеті жылдық соғыстан кейінгі мемлекеттердің осы саяси картасының қандай қырлары еуропалық елдер арасындағы қақтығыстардың жаһандық сипатын түсіндіреді?

Жаһандық экономика мен саясат, 1720–1763 жылдар Ойлан: XVІІІ ғасыр ішіндегі жаһандық экономиканың өсімі алып мемлекеттердің салыстырмалы қуатының өзгеруімен қаншалықты байланысты болды? Зерттеушілер XVІІІ ғасырдың аяғы мен XІX ғасырдың басында дүниежүзінің көп бөлігін қамтыған саяси және әлеуметтік қиындықтарды шартты түрде, 1775 жылы Британияның Солтүстік Америкадағы он үш отарында басталған көтерілістерден бері қарай белгілейді. Кейінгі уақытта тарихшылар шамамен 1720 жылдан бастап Афроеуразиядағы үлкен әрі гүлденіп келе жатқан мемлекеттер де экономикалық өсімнен кейін әрқилы мәселелерді, саяси тұрақсыздықты және әлеуметтік дағдарысты бастан кешкенін дәлелдеді. Кей жерлерде бұл тұрақсыздықтар аймақтық көтерілістер мен жаңа соғыстарға ұласты. Дүниежүзілік дүрбелеңді бақылаушылар мысықтабандап келе жатқан тұрақсыздықты болжап білмеді. Оның ерте белгілері үздіксіз әрі қарқынды жаһандық экономиканың белсенді қабатында байқалып қалды. Дүниежүзі лезде коммерцияланды. Бағалардың өзгеруі мен нарықтық шарттарға сәйкес, өңірлер арасында да, жергілікті деңгейде де дайын тауар мен шикізат өнімдерін және жұмыс күшін сату мен сатып алу қарқындады. Кейінгі XVІІ–XVІІІ ғасырларда да салыстырмалы түрде аздаған кіріске ие әулеттер нарықта жоғары материалдық игіліктерге қол жеткізіп, сатып алып, табанды еңбек етті әрі бұрынғымен салыстырғанда жұмыс уақытының ұлғайғанына куә болды. Жаһандық коммерциялану бәскелестіктің негізгі ойыншысына айналған және көбірек байлыққа қол жеткізгісі келген барлық мемлекеттерде тәуекел мен құрбандықтың құнын көтеріп жіберді. Жаһандық коммерциялану құбылысы ауыл шаруашылығы алқаптарына бұдан да көп бақылау орнату үшін, сауда нүктелерінде басымдыққа ие болу үшін, нарықты шетелдік саудагерлерден қорғау үшін және бәсекелестері жетіп үлгергенге дейін жаңа отарларын бағындыру үшін қосымша қысымды күшейтті. Алайда бұл мақсаттар билеушілерден бюрократияны қолдап отыруды, әскер санын арттыруды және әскери технологияны өте қымбатқа түсетін модернизациялаудан өткізуді талап етті. Әсіресе әскер ауқымды шекаралар мен мұхиттың арғы жағындағы отарларды қорғауына тура келген кезде, үкімет шығындары арта түсті. Мемлекеттің алып аймақтық ойыншы ретіндегі мәртебесін сақтау үшін ғана, тіпті кейінгі ұлғаю межесін есепке алмай-ақ, шаруаларға, қалалықтарға және ақшамен сауда жасаушы көпестерге ауыр салық салу ісін үкімет мойнына алды. Алайда бұл жоғары қазыналық салмақ елді мекендерде – көтеріліс, қалаларда – тәртіпсіздік және отарларда – қарсылық туғызып, толқуларды басу үшін мемлекеттер тағы да үлкен қаржылық шығынға батты. Ықпалды мемлекеттердің орталықтанған билігі мен әскери жетістіктерінен айырыла бастауының белгілері әуелі Азияда, кейін Еуропада байқалды.

Коммерцияланушы әлем

XVІІІ ғасыр басында алып империя болсын, шағын патшалық болсын – Афроеуразиядағы елдердің түгелге жуығы белгілі бір деңгейде өндірістік тауарларды, жұмысшыларды бір жерден екінші жерге тасымалдайтын жаһандық коммерциялануға тәуелді болды. Пайда көздеген мемлекеттер арасындағы коммерциялық бәсеке жаңа замандағы енді-енді таңы атып келе жатқан коммерциялық жүйені дамытты. Бұрын көпестер сауда келісімін жасасқанда көбіне алтынға, күміске және басқа да ақша түрлеріне сүйенетін. Коммерциялану капиталистік институттар мен тәжірибелерге тәуелді болды, яғни әріптестік, акционерлік компаниялар, банктер, несие жүйесі, валюталарды конвертациялау механизмдері, сақтандыру полистері, сауда ақпараттық желісі мен тұтынушыларды жаңа тауарларды сатып алуға итермелейтін стратегияға иек артты.

Дегенмен коммерциялану тренді бүгінгі күнмен салыстырғанда әлі де қарапайым еді. Миллиондаған адам табиғи шаруашылықпен немесе малшылықпен айналысты және нарықпен әрі кеткенде кездейсоқ байланысқа түсті. Қалғандары коммерциялық жүйеге кіріге алмады, себебі олардың жұмысы бақыланды немесе еңбек нарығында басқалар үшін тер төкті. Мысалы, Шығыс Еуропа мен Ресейде миллиондаған басыбайлылар ауылшаруашылық өнімдерінің көп бөлігін жеке меншік иесі – бай-бағландарға өткізуге мәжбүр болды, олар оны Батыс Еуропаға экспорттап, пайдасын тек өздері көрді. Африкалық құл саудасы сол құрлықтағы билеушілерге, Америкадағы плантация иелеріне, Атлантикадағы көпестерге және Еуропадағы өндірушілерге пайда әкелген жоғарғы коммерцияланған жүйенің бір бөлігі болды, ал тропиктік қант пен темекінің адам нанғысыз өнімін өсірген құлдар мұның ешқандай да пайдасын көрмеді.

Индустриялық революция. Нарыққа жаңа әрі тартымды тауар түрлері шыққан соң, XVІІІ ғасырда дүниежүзіндегі тұтынушылардың талабы мен талғамы жылдам өзгере бастады. Мысалы, Британияның Ост-Инд компаниясының қызметкерлері 1664 жылы король ІІ Карлға екі фунт қытай шайын таныстырғанға дейін, ешбір еуропалық оның дәмін татып та көрмеген еді. Келесі онжылдықтарда шай Британияға энергия беруші әрі қант қосып ішетін, болмашы тәуелділік туғызатын сусын ретінде таралды. 1690 жылы шайдың Қытайдан импорты шамамен 38 мың фунтқа өсті, 1750 жылы 37,4 миллионды құрады1. Жаңа тағам түрлері мен өзге де тауарлардың саны артып, дүниежүзіндегі тұтынушылар өздері қалаған өнімдерін сатып алу үшін талап қоя бастады. Оңтүстік Қытай, Жапония, Үндістан, Батыс Еуропа және Британдық Солтүстік Америка отарлары секілді, коммерциялану жылдам жүрген аймақтарда ақша табатын кісілер жұқа мата өнімдері, өнер мен үй фурнитурасында өте жоғары талғам қалыптастырды, мұндай бағалы матаны бұған дейін жер иесі – ақсүйектер ғана тұтына алатын. Батыс Африкада жергілікті көпестер сәннен қалған киімдерді емес, өзгеше өрнектері бар үнді шыттарын ала алмаса, еуропалық құл саудагерлеріне тұтқындарды сатудан бас тарта салуы мүмкін еді.

Жаһандық ауқымда ауыл фермерлері мен қол-өнершілер қолдан жасаған артық өнімдерін нарыққа шығарды. Адамдар жерлерінен бас тартып, тамақ, киім және жиһаз сатып алу үшін еңбекақыға жұмыс істеді. Батыс Еуропада, мысалы, қарапайым халық тауарларды шетелден сатып алды. Темекі, қант, шай, кофе, шарап, үнді матасы, арзан фарфор ыдыстар мен экзотикалық фурнитура да осы тауарлар қатарына енді. Адамдары кедейлеу өңірлердің өзінде көп өнімді тұтынуға деген ұмтылыс байқалды, халық тарихшылар индустриялық революция деп атаған құбылыстың кейіпкерлеріне айналды. Жұмысшылар өнімдерді үйде жасағаннан гөрі, сатып ала бастады. Олар негізінен ауыр әрі өнімді жұмыс істей жүріп саудаға араласты. Отбасындағы жасы кішілері фермаларда тынбай еңбектенді, ал үлкендер жұмысқа шығып, жалақымен күн көрді. Сатуға шығаратын арнайы өнімді адамдар үйде де жасай алды. Бірақ шам, үстел және орындық сынды дүниелерді бұрынғыдай қолдан жасамай, сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Батыс Еуропа, Қытай және Жапонияда ауқымды тұтыну тауарларының көптігінен сұранысты қанағаттандыру үшін ерлердің жұмыс сағатының ұзағырақ болғаны әрі жыл бойғы жұмыс күндерінің де артқаны; тұтыну қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін әйелдер мен балалардың да жалдамалы жұмыс істегені жайлы нақты дәлел жеткілікті. Осы табанды еңбекқорлықтың нәтижесінде тауарларға артқан сұраныс халықаралық сауданы жандандырып, адамдардың күрделі кәсіптерді игеруіне ерік-жігер берді, ауыл шаруашылығы немесе өндірістегі техникалардың жақсаруына жол ашты.

Үнді матасы британ сәніне ықпал етті. Кеудеше және белдемше – XVІІІ ғасырдағы Еуропа сән үлгісінің бір мысалы. Қолдан өрнектелген мата – Үндістанның оңтүстік-шығысындағы Коромандель жағалауынан келді. Гүлдер – үнділерге тән дизайн. Ағылшын тігіншісі бұл киімді шамамен 1780 жылы тіккен. Сол кезеңде Англияда экзотикалық матаның сәнге айналуын немен түсіндіруге болады?

Азияның экономикалық үлесі. 1750 жылға дейін жаһандық өндіріс пен сауданың негізгі орталығы – Азия болды. XVІ–XVІІ ғасырлар аралығында Шығыс және Оңтүстік Азияда ғаламат демографиялық һәм экономикалық өсім байқалды. Қытай, Үндістан және Жапония тұтас әлем халқының 55 пайызын құрады, ал Батыс Еуропадағы халық саны 12 пайыз ғана еді. XVІІІ ғасырда Қытай халқының саны екі еседен аса ұлғайды, шамамен 160 миллионнан 350 миллионға артты. Азия мен Батыс Еуропаның экономикасын салыстырудың бір тәсілі – ауыл шаруашылығының өнімділігі. 1750 жылы Қытайдың бай ауыл шаруашылығы аймағы – Янцзы өзені алқабындағы өнім, Еуропадағы Англия мен Нидерланд секілді ең көп өнім өндіруші екі елмен салыстырғанда, шамамен бірдей болды. Оңтүстік Қытай мен Батыс Еуропа ауыл шаруашылығы жұмысшыларының нақты жалақысы25 (real wages) шамалас еді, болжалды өмір сүру ұзақтығы да шамамен қырық жас айналасында болды. Қытай жаһандық өнімнің 30 пайыздан көбін нарыққа шығарды, ал Үндістан мен Қытай екеуінің әрқайсысы 23 пайыз өнім өндірді (Дүниежүзіндегі өнеркәсіптік өндірісіндегі үлес кестесін қараңыз2). Еуропаның көзі ашық адамдары Қытайдың экономикалық қуатын мойындады. Шотландтық экономист, ойшыл Адам Смит 1776 жылы «Еуропаның кез келген бөлігінен гөрі, Қытай – әлдеқайда бай мемлекет» деді. Үндістан мақта-мата өнімдерінің дүниежүзіндегі алып экспортері болды. 1750 жылдары Оңтүстік Үндістандағы тігіншілер Ұлыбританиядағы әріптестерімен салыстырғанда, жоғары өмір сүру сапасына ие болған сыңайлы3.

XVІІ ғасырда Токугава сегунаты билігінің қол астындағы Жапония экономикасы дамыды, алайда 1700 жылдан құлдырай бастады. Архипелаг тұрғындары өңдеуге жаңа жерлер мен орман алқаптарын таба алмағандықтан, осындай жағдайға ұрынған болар. Еңбекқор жапон шаруалары өнімдерін арттыра берді. Бастысы, бұл өсім өнімділікті арттыру үшін аз ғана технологиялық дамумен немесе жұмыс уақытын ұзағырақ созумен ұлғайды. Балық саудасымен айналысатындар да балық аулап, өндірісті ақуызбен және тыңайтқыштармен байыта отырып, Жапонияның айналасындағы теңіздерді белсенді түрде пайдаланды. Батыс Еуропа елдеріне қарағанда, Жапонияның мұхиттың арғы жағында шикізат алатын отарлары болған жоқ. Бұған қарамастан Жапония сауда-саттығы жоғары деңгейде дамыған елге айналды және Қытаймен, Кореямен, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен XVІІІ ғасыр соңына дейін сауда жасасты. 1750 жылдары Оңтүстік Қытай немесе Британиямен салыстырғанда, Жапония халқының көп бөлігі, шамамен барлығы 26 миллион тұрғын, қалада тұрды. Эдо (Токио) миллионнан аса тұрғынға көбейді де, дүниежүзіндегі ең үлкен қалалардың біріне айналды.

Тропиктік Африканың коммерциялануы. XVІІІ ғасырдың бас кезінде Сахара шөлінің оңтүстігіндегі Африка халқы қытайлықтар немесе оңтүстіказиялықтар жүрген жолмен болмаса да, жаһандық сауда-саттық торабына әлдеқашан кірігіп кетті. Атлантикалық экономиканы дамытқан еуропалық капиталист кәсіпкерлер мен көпестер Африка жағалауларындағы саудагерлер мен Асанте, Дагомея және Бенин монархияларының билеушілерінен алтын, мата және тұрмыстық тауарларды сатып алды (18-тарауды қараңыз). Дегенмен XVІІ ғасырда еуропалықтар материалдық тауарлардан гөрі, құлдар сатып алғысы келді және қос Америка құрлығында плантациялар ұлғайып, құл еңбегіне сұраныс тұрақты түрде артты. 1700 жылдары алты миллионнан аса адам өле-өлгенше құлдыққа жегіліп, Атлант мұхитын мәжбүрлі түрде кесіп өтті. Құл саудасы Батыс Африкадан – Сахара шөлінің бойымен мұсылмандардың Жерорта теңізіне, құрлықтың шығыс бөлігінен – Араб түбегіне, Парсы елі мен Үндістанға дейін таралды. XVІІІ ғасырдың орта тұсында жыл сайын елінен зорлықпен әкеткен африкалықтардың жалпы саны 70 мыңға жуықтады.

Дүниежүзіндегі өнеркәсіптік өндірісіндегі үлес. 1750–1900 жылдар. XVІІІ ғасырдың аяғы мен XІX ғасырға қарай қай мемлекеттерде өндіріс артты? Өндіріс қай жерлерде тұрақты болды? Жаһандық өндірістегі маңызды үлесінен қай өңірлер айырылып қалды? Қандай факторлардың көмегімен бұл өзгерістерді түсіндіруге болады?

Африкадағы құл саудасы адамның жеке басының қайғысы ғана болған жоқ, құрлықтың экономикасына да алапат апат әкелді. Құлдық ауыл шаруашылығы бай жекелеген аймақтарды жүз мыңдаған өнім өндіруші егіншілер мен малшылардан, қолөнершілерден және қауым басшыларынан, сонымен қатар бала туатын жастағы әйелдерден айырды. Қытайда, Еуропада және Еуразияның өзге де бөліктерінде тұрғын саны кемерінен асқан кезде, XVІІІ ғасырдың орта тұсында тропиктік Африканың халық саны шамамен елу миллионға жетті де, біртіндеп азая берді. Көп тұрғыны құл қамытын кимегенде, Африка экономикалық тұрғыдан ілгерілер ме еді? Өйткені егін егетін жерлер мен мал бағатын жайлаулар бұл өңірде ен-тегін еді. Бұған қоса, Атлантика жағалаулары маңында еуропалық көпестер мақта-мата мен темір өнімдері бар кеме жүктерін құлдарға айырбастады. Бұл айырбас кезінде өркендеген Африка матасы мен темір өндірісіне қысым жасады. Билеушілер мен саудагерлер еуропалық құл саудасымен айналысушылардың толассыз талаптарына жауап беруге тырысты. Алайда бұл қадам түрлі соғыстарға, халықтар миграциясына, аштыққа және қылмыс түрлерінің артуына әкеп соқты. Африканың батыс және орталық жағалауындағы аймақтарда құл саудасы ер-азаматтар санын айтарлықтай азайтып жіберді. Тиісінше, ауыл шаруашылығы жұмыстарының бар ауыртпалығы әйелдердің мойнына артылды. Қысқасы, XVІІІ ғасырдың ортасында Шығыс және Оңтүстік Азияда экономикалық өсім дами түсті және Батыс Еуропа экономикасының жұлдызы жоғарылады. Керісінше, зорлықпен адам саудалау – дамушы экономикаға иелік етуі мүмкін көптеген Африка қоғамының сауда-саттықтағы орнын әлсіретті.

Нақты жалақы (real wages) – төленген ақшаның нақты құнынан гөрі, сатып алынатын тауар құнымен еңбекақының бағалануы.

Азиядағы мазасыз империялар

Азиядағы ұлы мемлекеттердің бірі – Цинь әулетінің (1644–1911) билігіндегі Қытай 1800 жылға дейін өркендеді әрі ішкі қақтығыстан айтарлықтай азат күйінде қалды. Алайда осы кезеңдегі үш ірі ислам империясы XVІІІ ғасыр басында қаржы және басқару саласында өте ауыр қиындықтарды бастан өткерді. Парсы Сефевидтер империясы талантты билеуші Аббас шахтың (1587–1629 жылдары билік құрды) қол астында және одан кейінгі онжылдықтарда өркендеді (17-тарауды қараңыз). Атыс қарулы ірі әскерді қамтамасыз ету шығындары тоқтаусыз арта берді де, үкімет ақырында бұл саланы құлдыратып жіберді. 1722 жылы Ауғанстаннан шыққан атты көтерілісшілер әскері Сефевидтердің аты аңызға айналған астанасы – Исфаханды жаулап алды да, империя құлады. Осы ғасыр соңына дейін империя бір-бірімен бәсекелес әскери ақсүйектердің арасында бөлшектенген күйі қалды және олардың ешбірі тұрақты орталық билікті қалыптастыра алмады.

Шығыста мұсылман әскери элитасы 10 миллиондаған үнді шаруалары мен қала тұрғынына әмір жүргізген Оңтүстік Азияның ұлы Моғол империясы Аурангзеб (1658–1707 жылдары билік құрды) билігі тұсында аумағын ұлғайтты. Империя режимі жергілікті меншік иелері саналатын билеушілерге жер салығына әрдайым айрықша жомарттықпен құқық бере отырып, олармен жылы қарым-қатынас орнатуға тырысты. Алайда мұндай жеңілдіктер үкіметке салмақ болды. Өйткені әскер мен басқару істеріне жұмсалатын шығындардың орнын толтыру керек еді. Аурангзеб мазасыз жергілікті элитаны ерік-жігерінің мықтылығымен уысында ұстай білді, бірақ мұрагерлеріне оның бұл таланты жетіспеді. Ол өлген соң жергілікті магнаттар, тіпті провинциялардағы губернаторларға дейін, орталық билікке қарсы шыға алатынын түсініп қойды. Олардың көпшілігі тәуелсіз дамыған Оңтүстік Азиядағы сауда саласындағы жүгері дәні, темекі және чили бұрышын (барлығы қос Америка құрлығынан ертеректе тасымалданды) алып сатудан және мақта-мата шығару кәсібімен айналысудан әжептәуір байлық жинап алды.

Бай-бағландар жаңа ресурстарды жинап алып, Моғол билігі қаржылық ауыртпалықтардан шатқаяқтап қалғандықтан, аймақтық дүмпулер көбейді. 1739 жылы Парсы әскери қолбасшысы Нәдір шах Солтүстік Үндістанға басып кірді және шегінгенге дейін Делиді аяусыз тонады. XVІІІ ғасырдың бірінші жартысында Моғол империясы аймақтық билік орталықтарына бөлшектеніп кетті. Олардың кейбірі Делидегі моғол сұлтанына бағыныштылығын ресми түрде ғана мойындады, қалғандары мұны да жасамады. Маратхилер – Оңтүстік Азияның орталығындағы Деккан таулы қыратына жайғасқан, маратхи тілінде сөйлейтін халық Орталық Үндістанның түгелге жуығын қамтитын жеке аймақтық империя құра отырып, моғолдардың әлсіздігін айқын көрсетіп берді. Оңтүстік-батысындағы Майсурда Хайдар Әли мен ұлы Типу сұлтан 1760 жылдары мемлекет құрды, алпыс мың жауынгерден тұратын қосын жинақтады және әскерді зеңбіректермен жасақтады.

Сефевидтер мен моғолдарға қарағанда, түрік билігіндегі үшінші мемлекет – ұлы Осман империясы XVІІІ ғасыр бойына Афроеуразиядағы алып әскери күшін сақтап қалды. Австриядағы Габсбург империясымен ұзаққа созылған әрі жеңіліспен аяқталған соғыстан соң, 1699 жылы Осман империясы Еуропадағы бірнеше аймағынан айырылып қалды (19-тарауды қараңыз). Дегенмен келесі онжылдықта ол аймақтардың кейбірінің кері қайтарылғаны сол-ақ еді, 1768–1774 жылдары Ресеймен соғыста ауқымды жерлерінен айырылып, соның қиындығын тарта бастады.

ІІІ Селим сұлтан (1789–1807 жылдары билік құрды) Топкапы сарайында ірі шенді тұлғаларды қабылдауда. Стамбұлдағы Осман сарайы империя әкімшілігінің негізгі орталығы еді. Сұлтан бұл жерде сарай адамдарының, шенді тұлғалардың және янычарлардың ортасында отыр.

Үдей түскен қаржылық қиындықтар мен жаһандық экономикадағы күрт өзгерістер Осман империясының ресурстарын тұрақты түрде әлсірете берді. Стамбұлдағы таңғажайып Топкапы сарайына орныққан сұлтандар әкімшілік істерден барған сайын шет қалды. Тамыр жайып алған саяси және діни топтардың арасында реформа жасауға ұмтылған пашалардың ықпалы әлсіреді немесе бастамалары сәтсіздікке ұшырады. Бұрындары империяның жоғарғы шенінде әскери даңққа бөленген янычарлардың әскери құлдар армиясы құлдырай келе қатаң тәртіпке бағынған жауынгерлік корпустан ақыры өзара бәсекелес фракциялардың ісіп-семген топтарына айналды. Бұлардың әрқайсысы жеке мүддені көздеді, лауазымын асыра пайдалануға азғантай мүмкіндік болса, ел арасында топалаң туғызуға бейім болды. Моғол империясындағыдай, биліктің жоғарғы сатысындағы әлсіздік Анадолы (қазіргі Түркия) мен Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттің атынан емес, жер иеленушілердің тікелей өздерінің атынан алуына мүмкіндік берді. Еуропа үкіметтері мен сауда-саттықпен айналысатын фирмалары импорт үшін бағаларды арзандатуды талап етті. Бұл Түрік мемлекетін маңызды кіріс көзінен айырды. Америкалық күмістің Осман экономикасына ағылуы белгілі бір деңгейде ұзаққа созылған баға құнсыздануына әсер етіп, айлық пен зейнетақыға қарап отырған мыңдаған шенділер мен әскерилердің өмірін одан бетер қиындатып кетті. Бұған қоса, жер иесі элита өкілдері жергілікті шаруаларға жерді жалға беру бағасын өсіріп жіберді. Шаруалар ауылдардан Стамбұлға және өзге де қалаларға босты, бұл жерлерде жұмыссыздардың қатарын толтырды.

Осы қиындықтарға қарамастан, Осман империясы әлі де бұрынғысынша тіршілік ете берді. Көтерілістер мен қалалық тәртіпсіздіктер үздіксіз өсті, бірақ қарсы шығушылар Осман билігінің заңдылығына ешқашан күмән келтірмеді. Кез келген құрылым сұлтанмен байланыста болды. Олар көпестер одағы (гильдия), мұсылман сопы ұйымдары және жергілікті әулеттік топтар еді. Исламның құқықтық жүйесі тиімді жұмыс істеді әрі мұсылман, христиан және еврей қауымдастықтары империя ішінде өз шаруаларын дөңгелетті. Бұл кездегі дамудың негізгі сипаты орталық биліктің әлсіреуімен байланысты болды. Билік үстемдігінің белгілі бір бөлігі империя шегіндегі жергілікті элитаның, кландардың және меншік иесі магнаттардың пайдасына шешіліп, соларға таралды.

Жаһандық теңіз саудасы және XVІІІ ғасырдағы дүниежүзілік соғыс

XVІІ ғасырда және XVІІІ ғасыр басында еуропалық ірі мемлекеттер бір-бірімен соғысқа көп көлемде қаржы жұмсады. Британия, Франция, Нидерланд және Испанияның мысалына қарасақ, олар бұл соғыста коммерциялық һәм стратегиялық мүдделерін қорғады әрі кеңейтуге тырысты. 1600 жылдары Атлант және Үнді мұхиттары Еуропаның негізгі әскери-теңіз күштерінің арасындағы қарқынды бәсекелестіктің сахнасына айналды. Атлант мұхитындағы Еуропа, Африка мен Американы жалғайтын сауда-саттықтағы бақталастық Батыс Еуропадағы мемлекеттердің түгелге жуығын қамтыды. Бірақ Үнді мұхиты мен қытай теңіздеріндегі ахуал айтарлықтай өзгеше түрленді. Ол жерлерде сауда кепілдігіне ие болған Британия, Франция және Нидерландтың сауда компаниялары ең үлкен кемелер мен теңіз артиллериясына иелік етті. Бірақ мұхиттың оңтүстігіндегі кеме жолдарында саудагерлер мен теңізшілердің басым бөлігі, негізінен, қытайлар, малайлар, оңтүстіказиялықтар, арабтар және шығысафрикалықтар еді. XVІІІ ғасырдың өн бойында Оңтүстік-Шығыс Азияның айлақтарында қытайлық сауда және бизнес ортасының үлесі тоқтаусыз өсті. Мысалы, голландтық Ост-Инд компаниясының Индонезия мен Явадағы ірі айлағы саналатын Батавияда қытай тұрғындардың саны 100 мыңға жуық болды, бұл компаниядағы голландтық қызметкерлерден әлдеқайда көп еді.

Оңтүстік теңіздердегі еуропалық қақтығыстар. Оңтүстің теңіздеріндегі мақта, жібек, дәмдеуіш, фарфор мен шай саудасындағы еуропалықтардың бәсекелестігі ғасыр өткен сайын өрши түсті. Өйткені сауда-саттықтың жалпы көлемі бірте-бірте азая берді. XVІ ғасырдан бастап Еуропа азиялықтар сатып алғысы келген тауарлар ішінде күмістен басқа ештеңе ұсына алмады. Еуропалық көпестер Азия экономикасына Америка кеніштерінен қазба байлығын көп мөлшерде тасыды. Осының салдарынан күміс құны алтынға қарағанда арзандай бастады да, күміс монетаның бірлігі азиялық тауарларды аз көлемде сатып алуға ғана жетті. Бұған қоса, еуропалық Ост-Инд компаниялары кемелерінің атыс қаруы күшіне қарамастан, Оңтүстік теңіз жолдарына бақылау орната алмайтынын дер кезінде түсінді. Жергілікті саудагерлер мен жүк кемелері сауда торабын иеленіп алды. Еуропалықтар Үнді мұхиты мен Еуропа арасындағы тікелей теңіз саудасын монополиялады, бірақ түсімі мол «сауда» үшін азиялықтармен бәсекелесуге тура келді. Бүкіл жұмыс баға келісіміне кеп тірелген кезде, тауар өндірісінде және оның тасымалында, яғни ішкі аймақтардан немесе кеніштерден Еуропа кемелері күтіп тұрған айлақтарға қажет тауарларды жеткізуде басымдыққа ие жергілікті билеушілерге, кәсіпкерлер мен саудагерлерге еуропалықтар тәуелді болды.

Табыс көзінің азаюына қарсы голландтық һәм британдық Ост-Инд компаниялары белсенді әрекетке көшті. Явада голландтар Батавиядан таулы ішкі аймақтарды жаулап алуға қарулы топты жұмсады. Олар көптеген аралдағы саудаға бақылау орнатып, Ява тұрғындарына салық салуды көздеді. 1725 жылы таулы аймақтағы шаруаларды экспорт үшін кофе өсіруге күштей бастады. Дәл осы кезеңдерде Британия компаниясы да Оңтүстік Азиядағы, әсіресе Араб теңізіне шығатын Мумбайдағы, Мадрастағы (Ченнай), Бенгал шығанағындағы Калькуттада орналасқан сауда нүктелерінің айналасындағы қорғанысын күшейтті.

Калькутта компанияның ең табысты айлағына айналды, Ганг өзенінің берекелі һәм халқы тығыз орналасқан алқабынан түсімі мол мақта мен жібек матасын саудаға шығарып, нарықтың назарын аударды. Жергілікті үнді көпестері матаны айлақтарға жеткізді, ал үнді банкирлері еуропалық саудагерлерге коммерциялық капитал ұсынды. Калькутта және компанияның басқа да сауда нүктелері сөз жүзінде ғана Моғол императорының иелігі саналды. Империя билігі әлсіреген соң, компания маратхи және Оңтүстік Азиядағы өзге де бүлікшіл қарулы топтар секілді, Делидегі үкіметке қарсы шыға бастады. 1757 жылы Британияның Ост-Инд компаниясы жергілікті сұлтандар арасындағы бақталастық пен Моғол билігінің әлсіреуін оңтайлы пайдаланды. Британ қаруымен жарақталған жалдамалы үнді әскерін қолданып, Бенгал аумағын жаулап алуға әскери көсем Роберт Клайвты үгіттеді. Бұл бастама компанияға ішкі нарыққа, ауқымды ауыл шаруашылығы жерлеріне және компания үшін өте маңызды қаржы мен салық құқығына бақылау орнатуға мүмкіндік берді. Клайвтың өзі де өте бай адамға айналып шыға келді.

Келесі онжылдықтарда тапанша ұстанған компанияның қарулы күштері Ганг жазығын бойлай, жоғары өрлей берді. 1799 жылы компания әскері Майсурға енді және Франциядан әскери көмек алуға тырысып, онысынан ештеңе өнбеген соң, Типу сұлтанды өлтірді. Британия парламенті компанияны «жағалаулардағы бекеттерде саудамен ғана айналыспай, жерлерді жаулауға кірісіп кетті де, елді қаржылық дағдарысқа сүйреді» деп айыптады. Бірақ компания акционерлерінің қуанышы қойнына сыймады, өйткені компания кірісі Британияның дүниежүзіндегі әскери-теңіз операцияларының шығынын өтеуге көмектесті. Нәтижесінде Үндістандағы еуропалық отарлау кейде әскери іс-қимылмен, кейде шетқақпай көріп саяси ойыннан шығып қалған жергілікті сұлтандарды, басшыларды келісімге тарту арқылы ілгерілей түсті.

Жеті жылдық соғыс. Британияның Ост-Инд компаниясы территория мен саудаға ұмтылысында оңтүстіказиялықтардың ғана қарсылығына тап болған жоқ, Үнді мұхиты сауда-саттығында үлесі бар Франциямен де текетіресуіне тура келді. Үндістан жағалауларында Франция мен Британияның әскери-теңіз күштері арасында бұрқ ете қалған қақтығыстар – 1756–1763 жылдары Еуропа мемлекеттерінің арасындағы үлкен шайқастың бірі ғана. Бұл елдер бірнеше жерде соғысқандықтан және әскерилер мұны шектеулі ресурстар үшін жаһандық деңгейдегі сұрапыл соғыс деп ұққандықтан, кейбір тарихшылар бұған XVІІІ ғасырдағы «дүниежүзілік соғыс» деп анықтама берді (20.1-картаны қараңыз).

Соғыстың басталуына Франция, Британия, Испания және Американың бірнеше байырғы халқының Огайо өзені жазығы ормандарындағы 1754–1756 жылдардағы қақтығыстары түрткі болды. Британияның Солтүстік Америка отарындағы аң терісі саудасымен айналысушылар Огайо мен Миссисипиге енгісі келді. Француз әскерлері оларды тоқтату үшін бекіністер сала бастады. Британдық отарлық әскер жиырма екі жастағы, тәжірибесіз қолбасшы Джордж Вашингтонның қолбасшылығымен Огайо еліне аттанған кезде, француз күштері оларды тас-талқан етіп жеңіп, командирі мен тірі қалған сарбаздарын Аппалачи таулары арқылы кері шегіндірді. Келесі жылы екінші француз жеңісінен соң, қаһарланған Британия француздар мен үндістердің қақтығысқан жері ретінде белгілі Солтүстік Америкадағы ұрыстарға қуатты әскерін үйіп-төкті.

1756 жылы Еуропада соғыс өрті тұтанды, Австрия императоры Мария Тереза (Marіa Theresa) он төрт жыл бұрын айырылып қалған бай Силезия өлкесін қайтарып алмақ болып, Пруссияға шабуыл жасады. Франция мен Ресей Австрия жағына шықты, бұған жауап ретінде Англия Пруссиямен одақтасты. Король әрі мықты әскери стратег Ұлы Фридрихтің қол астындағы Пруссия Австриядан басым түсті, дегенмен соғысқа араласушы тараптардың барлығы да әскер күшінің қазынасын сарқып алды. Бұл соғыс Еуропаның саяси картасына елеулі өзгеріс енгізбестен аяқталды.

Осы тұста Британия мен Францияның қарулы күштері Солтүстік Америкада, Кариб аралдарында, Жерорта теңізінде, Батыс Африка мен Оңтүстік Азияда қақтығысты. Британия үкіметі корольдік әскери-теңіз флотына қомақты қаржы салды, соңында қаржылық жағдайы нашарлаған Францияны басып озды. 1759–1760 жылдары Әулие Лаврентий өзенінің маңындағы Квебек пен Монреаль қалаларын жаулап алу арқылы Британия Францияны Канададан бас тартуға және бітім жайлы келіссөз жүргізуге мәжбүрледі. 1763 жылғы Париж бітімшартына сәйкес, Франция Канаданы және Мисиссипи өзенінің шығысындағы француздық Луизиананы Британияға берді. Британияның одақтасы Испания Луизиананың батыс бөлігіне ие болды. Франция Оңтүстік Азиядағы кемелерін жағалаудан алып кетуге келісті. Дегенмен ол Кариб аралдарындағы иеліктерінен айырылған жоқ. Мәселенің бұлай аяқталуы Францияға қолайлы болды. Өйткені құлдар өсірген қант құнының өзі Канададан тасымалданған өзге байлық түрлерінің барлығынан әлдеқайда жоғары еді. (Бұл бітімшарт Францияға Канаданың Ньюфаундленд және Лабрадор провинцияларының жағалауына жақын жердегі шағын Пьере және Микелон аралдарына иелік етуге мүмкіндік берді. Бұл шағын балық аулау базалары әлі күнге Францияның мұхиттың арғы жағындағы территориясы болып қалды).

Франция да, Британия да қолма-қол ақшаға тәуелділігі артқан күйі жеті жылдық соғысты аяқтады. Британия дүниежүзіндегі ең мықты әскери-теңіз күшіне айналды. Ісін дөңгелетуді ойлаған британдық кәсіпкер көпестерді, плантациялардағы өнім өндірушілерді және бағалы аң терісін сатушыларды дүниежүзінің кез келген нүктесінде қорғай алатын корольдік флоттың кемелері мен әскери-теңіз артиллериясы жеткілікті болды.

Солтүстік Атлантика империяларындағы революциялар

ОЙЛАН: Шығу себебі, дамуы және қысқамерзімді нәтижесі тұрғысынан алғанда Британдық Солтүстік Америка, Франция және Гаитидегі революциялардың қандай негізгі ұқсастықтары мен ерекшеліктері бар?

Жеті жылдық соғыстан кейінгі қырық жылда жаһандық экономикалық өзгерістер саяси және әлеуметтік дағдарыстарға, екпінді халықтық дүмпулерге ұласты. Солтүстік Америкадағы британдық он үш отар 1775 жылы бас көтерді және алты жылдық соғыстан соң батыс жартышардағы алғашқы республика26 ретінде өзін-өзі басқаратын билік орнатты. 1789 жылы Франциядағы революция француз қоғамын ғана танымастай өзгерткен жоқ, сонымен бірге ширек ғасырдан аса уақыт Еуропаға тұтас таралған соғыстар мен саяси дағдарыстың хабаршысы болды. Францияның Кариб аралдарындағы Сан-Доминго (Гаити) қант өсіретін аралындағы шығу тегі африкалық құлдар мен ерікті халық бірігіп, он үш жыл бойы басқыншы әскермен соғысты, 1804 жылы ақыры тәуелсіздікке қол жеткізді.

Республика – мемлекеттік ла­уазымды тұлғалар мен өкілдерді сайлау және заңдарды бекіту құқы бар азаматтар бұқарасына сүйенетін, тәуелсіз билікке негізделген басқару түрі.

Халықтық көтерілістердің жаһандық мәні

XV ғасырдан бері өсіп келе жатқан дүниежүзі халқының саны XVІІІ ғасырдың кейінгі онжылдықтарында бұдан да жылдам қарқынмен өсе бастады. Бірақ шамамен осы кезеңде экономикалық өсім де ұзаққа созылған өрлеу циклін аяқтады және бір ретке келді. Халық саны азық-түлік тауарларынан да жылдам артқан жерлерде ең қажет заттарға деген баға шарықтады. Бұған дейін де қаржылық қысымға тап болған, әскері мен бюрократиясының көмегіне сүйенген орталықтанған мемлекеттер әдепкі жолды таңдады: салықты көбейтті және қатаң түрде жинады.

Солтүстік Америкадан Қытайға дейінгі аралықтағы екі түрлі ауыртпалықпен, яғни жоғары баға және ауыр салықпен бетпе-бет келген ауыл шаруалары, қала жұмысшылары және кәсібін дөңгелеткен көпестер наразылығын петиция, шеру, толқу мен көтеріліс арқылы білдірді. Мұндай қарсылықтарды басып-жаншу үшін мемлекеттерге бұдан да көп шығын шығаруға немесе билігінен айырылып қалу тәуекеліне баруына тура келді. Тариф пен сауда алымын көтерсе, үкіметтер кәсіпкерлер мен көпестер қолдауынан оп-оңай айырылып қалып отырды, сауда-саттықтағы салмақ кәсіпкерлер мен көпестердің саяси ықпалын да арттырды. Шаруалармен салыстырғанда, көзі ашық әрі ақпараттанған адамдардың салық пен алым түрлеріне қарсы мемлекетке наразылық танытуы саяси сауатты қадам еді. Бұл мұхиттың арғы жағындағы отарларда анық байқалды, шығу тегі еуропалық қоныстанушылар қуатты құрылымымен ерекшеленіп тұратын мәдени бірегейлігін біртіндеп қалыптастырды.

Қазан маңындағы шайқастағы шаруалардың ақсүйектер мен дінбасыларға шабуылы. 1774 жыл. Пугачев көтерілісі XVІІІ ғасырдағы басқа көтерілістердей, шаруаларды қанап келген саяси және қоғамдық элитаға қарсы шықты. Ресей суретшісі Федор Антонович бұл суретті 1847 жылы салды. Ол ақсүйекті қарулы топтан қорғауға тырысқан дінбасыны суреттеген. Суретшінің көтеріліске қатысты көзқарасын қалай суреттер едіңіз?

XVІІІ ғасыр аяғында ең төменгі әлеуметтік таптағы шаруалар, басыбайлылар мен құлдар салық пен ауыр жұмысқа қарсы сансыз көтеріліс ұйымдастырды. ІІ Екатеринаның (1762–1796 жылдары билік құрды) билігіндегі Ресейде салықтың артуы, әскерге тоқтаусыз шақырту мен бидай бағасының қымбаттауы – империяны ұлғайту науқанымен қатар жүрді. Нәтижесінде Еділ өзені аймағындағы мыңдаған шаруа империя әскерінің офицері Емельян Пугачев басшылығымен 1773–1774 жылдары көтеріліске шықты. Екатерина бүлікшілерді қырып салды, бірақ бұған дейін олар бір жыл ішінде ауылдарды тонап, қалаларды өртеп, бай-бағланды өлтіріп үлгерген еді. Қытайда XVІІІ ғасыр аяғындағы мәселелер – халық санының артуы, өмір сапасының нашарлауы және империяның салық талаптары – бірнеше аймақтық көтеріліске себеп болды. 1796 жылы Ақ лотос қоғамы деген атпен танымал діни секта Будда бейнесіндегі құтқарушының түбі бір келетінін уағыздай отырып, Янцзы өзенінің солтүстігіндегі шаруаларды жаппай көтеріліске шақырды. Көтеріліс сегіз жылға созылды, осылайша Цинь әулетінің саяси-экономикалық әлеуетінде күтпеген ақау байқалды.

Солтүстік Америкадағы тәуелсіздік үшін соғыс

Жеті жылдық соғыстан соң, іле-шала, 1775 жылы Британияның Солтүстік Америкадағы он үш отарында көтерілістер бұрқ ете қалды. Францияның Солтүстік Америкадағы иеліктерінің түгелге жуығынан шегінуі – Британия және байырғы америкалықтар, ақ нәсілді отаршылар арасындағы қарым-қатынасқа бірден әсер етті. Огайо өзені аймағында өмір сүретін үндістер Франция мен Британияны бір-біріне қарсы қойып, биліктерін сақтап келген еді. Бірақ бұл саяси ойынға 1763 жылы нүкте қойылды. Францияның кері шегінуі Британияның көп аумақты жаулап алуға деген құлшынысын оятады деп қауіптенген оттава үндістерінің басшысы Понтиак көптайпалы әскери одақ құрды. Олар еуропалық қоныстанушыларға шабуыл жасап, британдық бірнеше айлақты басып алды. Британдық қосымша әскери күш пен отарлық жасақ араласқан соң келісімге келу оңай болмаса да, бұл соғыс бітіммен аяқталды. Көп ұзамай Британ тағының иесі басқыншы қоныстанушылар Аппалачи таулы қыратының батыс тарапындағы жерлерден тыс орналасуы керек деген шектеу енгізді. Өйткені ол қоныстанушылардың үндістермен шығыны мол жаңа ұрысқа кіргенін қаламады. Қоныстанушылар сауда-саттықпен болсын, басқалай болсын Миссисипидегі испандықтармен достасқанын немесе бағалы аң терісі саудасының британ компанияларының уысынан шығып кеткенін қаламады.

Империя әскері бұл бұйрықты ешқашан қабыл алмаса да, бұл шешім отарлар басшыларының ашуын туғызды. Олар «Франциямен соғыстағы жеңісіміздің мәні – Солтүстік Америкаға жыл сайын қоныс аударатын, жерге мұқтаж еуропалық шаруалар Аппалачиге жол ашу» деп түсінді. Отардағы ақ нәсілділер мен олардың Америкада туған ұрпақтары, африкалық құлдар мен ерікті қара нәсілдінің барлығы 1680 жылы 150 мың болса, 1750 жылы бір миллионнан асты. Отардың ауыл шаруашылығы мен қолөнері, ағаш материалдары, бағалы аң терісі, балық, бидай және темекі экспорты Франциямен арадағы соғыста Британияға көп көмектесті. Алайда бұл құрбандықтың қайтарымы аз еді. Соғыстың алғашқы жылдарында қатар жүрген эконокомикалық дүмпу сейілді, бірақ отарлаудың қиындығы арта берді, ол бағаларды айтарлықтай құнсыздандырып, қарапайым халықтың өмір сүру сапасын төмендетіп жіберді.

Қарамай төгілген және қауырсын жабысқан британдық кеден қызметкері Джон Малькольм, 1774 жыл. Бұл саяси карикатура Нью-Хэмпширдегі Портсмутта «Бостондықтар салық жинайтын адамға төлем төлеп тұр немесе майлау және жүндеу» («The Bostonіans paіng the Excіse Man, or tarrіngand featherіns») деген атпен жарияланды. Суретші сонымен бірге Бостон Харборға шай төгіп жатқан отаршылдарды да бейнелеген, дегенмен Бостондағы шай қарсылығы бұдан ертеректе пайда болған еді. Отардың көтерілісшілері мұндай қатыгездік көрсету үшін айлақ қызметкерін неліктен таңдап алды деп ойлайсыз?

Отардағы ыдырау. Жеті жылдық соғыс Британияны 1750 жылмен салыстырғанда екі есе көп қарыздың астында қалдырды. Нәтижесінде, жас әрі батыл король ІІІ Георг (1760–1820 жылдары билік құрды) Солтүстік Америкаға қатаң саяси бақылау орнатуға көндіру, сол арқылы отардағы меншік иелерінен молырақ кіріс кіргізу мақсатында парламентпен келісімге келді. «Отар тұрғындары Британиядағы халықпен салыстырғанда әдетте өте аз салық төлеп келеді, олар өздерін әскери тұрғыдан қорғауға кеткен қаржыны және империя шығынының ауқымды бөлігін жабуға тиіс» деп сөзін дәйектеген Георг жоспарының іске асуын талап етті. Король мен парламент бұл «көз жұма қарауды» (benіgn neglect) тоқтатуды және он үш отардың билігін жақсылап қолға алуды ұйғарды. Яғни олар Британия империясының саяси-экономикалық мүддесіне қызмет ететін тәуелді жерлері – Кариб аралдарындағы иеліктері мен Бенгалияны пайдаланып келеді деген желеуді алға тартты. Парламент 1763–1774 жылдар аралығында Солтүстік Америкадағы қоныстанушыларға қатысты пайда көздеген заңдар қабылдады. «Қант туралы» заң, «Мөр туралы» заң және «Шай туралы» заңның барлығы да кірісті молайтуға және ағылшын бизнесімен бәсекелескен отарлық саудагерлер мен өндірушілерге тосқауыл қоюға бағытталды.

1774 жылға дейін отардағы қоныстанушылардың біразы Британияның саяси билігін сынға алды. Бірақ бір жарым ғасыр бойына олар Солтүстік Америкада Жаңа Еуропа отарларының негізін қалады. Бұл Кәрі құрлықтан мәдени нәр алған әрі өздеріне тән өзгеше стилі қалыптасқан және жергілікті үйлестіру мүмкіндіктерін абыроймен мақтаныш тұтқан қоғам еді. Британия Жеті жылдық соғыстан он жыл уақыт бұрын отарлық кеңеске сайланған меншік иесі ақ нәсілді ерлерге заңдарды бастама қылып көтеруге рұқсат берді. Отар көшбасшылары бұл өкілетін Англияның өз ішіндегі азамат соғысы мен Жасампаз революция бекітіп берген шектеулі монархия ұстанымдары аясында қолданып келді (19-тарауды қараңыз). Дәл Англиядағыдай, бұл отарларда да қоғамдық талқы жанданды, газеттер, қалалық кофеханалар, саяси пікірталас жүретін қауымдастықтар, күн тәртібіндегі мәселелер еркін талқыға түсті. 1740 жылдардан соң иррационалды дәстүрлер мен автократиялық билеушілерді жеке құқықтар мен қисынға негізделген үкіметпен алмастырған ағарту идеялары (19-тарауды қараңыз) отар тартыстарында кең таралған тақырыпқа айналды. Нәтижесінде, саяси көшбасшылар британдық «тирания» мен отардағы ағылшындардың құқықтарының тапталуына, табиғи және әмбебап «адам құқықтарының» бұзылуына қарсы наразылық бастады.

1774 жылы империя ықпалы артқан қоғамдық үгіт-насихатқа асқан қатыгездікпен жауап берді. Бойкоттар мен көшедегі наразылықтар қарулы қақтығыстарға ұласты, кейбір отаршылар Британиядан бөліну жайлы ой жетегіне ерді. 1776 жылдың басында Филадельфиядағы ағылшын иммигранты Томас Пейн «Ақылға қонымды» («Common Sense») деп аталатын саяси памфлетін жариялады, онда ІІІ Георгті ашықтан-ашық «қатыгез король» деп, бұл монархия биліктің «күлкілі» түрі екенін ашық айтты. Шағын кітапшаның бірнеше айда 500 мың данасы сатылып кетті.

Отарлардағы делегаттардың кеңесі саналатын Континенттік конгресс «король түрлі «қиянат пен озбырлыққа» жол бергені сонша, отар жерлер король билігінен толық бөлініп шығуға құқылы» деп жариялаған кезде көтеріліс дауылы түбегейлі басылды. Бұл ағарту идеологиясының шартарапқа тараған үні Тәуелсіздік туралы декларацияның басты дәйегі болды. Онда: «Барлық адам тең жаралған, Жаратушы барлығына қол сұғылмас Құқықтар берген, олар: Өмір, Еркіндік және Бақытқа ұмтылыс құқығы», – дейді. Он үш отардың түгелдей көтеріліске қатысуы міндетті емес еді. Бірақ олардың наразылығы ортақ болды. Пошта жүйесі мен газеттер бірдей мәдени және саяси байланыс аймағына жетеледі. Әсіресе креолдар, яғни Америкада туған отаршылардың арасында айқын америкалық патриотизмнің27 күтпеген сезімі біртіндеп қалыптасты.

Революциялық соғыс және мемлекеттің жаңа сипаты. Джордж Вашингтон қолбасшылығындағы жасақ империя сарбаздарымен алты жылға созылған қанды қырғында соғысты. Әртүрлі себептермен империя билігі жағында қалған мыңдаған отаршылармен күресті, соңында олардың көпшілігі Онтариоға немесе Канаданың басқа бөліктеріне қашты. Жеті жылдық соғыстағы қорлықтың кегін алу мақсатымен Франция 1778 жылы көтерілісші жауынгерлерді қолдады. Испания мен Нидерланд көп өтпей осы одаққа қосылды, бұл жағдай Британия мен бірнеше Еуропа үкіметі арасындағы тағы бір «дүниежүзілік соғысты» теңіз аймағында өршітті. Еуропалықтардың қомақты қаржылық және әскери көмегі болмағанда, америкалықтар аз уақытта күрескерлік рухынан айырылып қалар еді. Мысалы, 1781 жылы Вирджиния штатындағы Йорктаунда соғыс қимылдары аяқталған кезде британ әскері құрамында бодан халықтан гөрі, Франция мен Испания жауынгерлері көбірек болған көтерілісші жасақ алдарында тізе бүкті. Екі жыл өткенде Британия Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздігін мойындайтын бітімге келісіп қана қоймай, батыстағы Миссисипи секілді корольдің тікелей иелігіндегі жерлерін де беруге мәжбүр болды.

Соғыста жеңіске жеткен соң, бұрынғы отарлар азат одақтарға бөлінді, бірақ алғашқыда Конфедерация баптары (Artіcles of Confederatіon) негізінде қалыптасқан орталық үкімет өте шектеулі өкілетке ие болды. Он үш әлсіз отардың орнына дүниежүзілік аренада өмірге бейім бір мемлекетті қамтамасыз ете алатын жүйе жасап шығу мақсатында 1787 жылы делегаттар Филадельфияға жиналды. Нәтижесінде, жаңа Конституция және оған тікелей қатысты «Құқықтар жайлы билль» дүниеге келді. Осы құжатта монархияның орнына, жас мемлекетті үкімет пен халық арасындағы «қоғамдық келісім» ретінде анықтайтын республиканың негізі қаланды. Бұл XVІІІ ғасырдағы автократиялық корольдіктің жаһандық үлгісінен мүлде өзгеше еді. Тәуелсіздік декларациясы секілді, Конституция да ағарту ұстанымдарын айқын бекітіп берді. Егемендік боданына үкім жүргізетін билеушінің емес, «халық» деп аталған азаматтардың иелігінде дейтін идеяны ұстанды. Конституция биліктің бір-бірін бақылайтын әрі тепе-теңдікті сақтауға арналған үш тармағын бекітті. Сонымен бірге, құжаттың алғашқы түзетуінде еуропалық тәжірибеге мүлде кереғар, жай ғана «Конгресс – дінге рұқсат беруге немесе діннің еркін таралуына тыйым салуға қатысты ешқандай да заң қабылдай алмайды» деп жазды. Конституция баяғы он үш отарға көп билік берді. Федералды үкімет құрып, оған жеткілікті деңгейде атқарушы және заң шығарушы құзырет ұсынды. Озық Еуропа елдері жергілікті билікті әбден мойындауы үшін осындай қадамдар жасалды.

Америка үкіметінің хартиясы жаңа мемлекет «еркіндіктің шапағатын өзімізге және болашақ ұрпаққа сақтауға ұмтылады» деп жариялауы сол уақыттағы жаһандық ерекше жаңашылдық еді. Бірақ бұл мақсат адамдардың «өзін» анықтауына септігін тигізді. Конституцияда Американың байырғы халқы жаңа азаматтық қоғамның мүшесі ретінде айқындалмады және федералды үкімет қоныстанушылардың Аппалачи тауының батысына қарай қозғалуын қолдап отырды. Конституцияның еркіндік пен өркендеу жайлы екі уәдесі де құлдық қамытын кигендерге қатысы жоқ еді. Соғыс кезінде шамамен сексен мыңдай африкалық құл еркіндік уәдесінен дәметіп, Британия жағына қарай қашты, ерікті қара нәсілділердің бес мыңға жуығы да көтерілісшілерге қосылды. Мемлекеттіліктің негізін салушылар құжатты қабыл алу үшін және оңтүстік штаттардың экономикасы қара нәсілділер еңбегіне тәуелді болғандықтан құлдыққа ешқандай да шектеу қоймады. Отардағы әйелдер де азаматтық өмірден шеттетілді. Олар революцияға өлшеусіз үлес қосты, британ тауарларына бойкот жариялады, сарбаздарға киім тікті, әскери істер үшін ақша жинады. Бірақ ағылшын саяси дәстүрі, ағарту идеялары мен христиан ілімі, «әйелдер Құдай мен табиғаттың заңына сай «жеке салаға», яғни отбасы мен үй шаруасына лайық» деген ұстанымды қолдауға келгенде бірігіп кетті. Нью-Джерсидің керемет мысалын есепке алмағанда, әйел құқығын шектемеген штат болған жоқ. Ол жақта жеке мүлік мәселесінде белгілі бір шектеулерге тап келсе де, тұрмыс құрмаған және жесір әйелдер дауыс беру құқығын алды, дегенмен бұл заң 1776–1807 жылдар аралығында ғана қолданыста болды. Революцияға дейін де саяси-экономикалық өмірде басымдыққа ие болып келген мүлік иесі – ер-азаматтардың дәл сондай әлеуметтік табы әлі де сол биікте қалған еді.

1797 жылы Джордж Вашингтон Құрама Штаттардың президенті лауазымында екі мерзім қызмет еткен соң, Вирджиниядағы плантациясына қайта оралды. Мұндай биліктен өз еркімен кету XVІІІ ғасырдағы мемлекеттердің билігіне тән емес еді, бұл жаңа ұлт республика билігіне көшкенінің белгісі болды. Ақ нәсілді емес адамдар және әйелдер көп жағдайда шеттеліп келсе де, есеп беретін үкіметтің, тұлғаның құқығы мен құқықтық теңдік орнатудың алғашқы қадамдары жасалып, оңтайлы құқықтық һәм саяси реформалар жинақтала берді.

Патриотизм – белгілі бір жерге, этникалық топқа немесе өмір дағдысына нәзік көңіл жібімен немесе сезімдік тұрғыдан байлану; қазіргі кезде отанын сүю сезімі.

Француз революциясы

Франция тіпті өзгеше жағдайда қалды. Оның революциясы мен Америка­дағы соғыс халық егемендігі28, еркіндік пен теңдік жайлы жандана бастаған идеяларды Атлантиканың екі тарапына да кең таратты. Екі тараптың мысалында да монархиялар республикаларға жол берді. Бірақ Франциядағы дүмпу Наполеон Бонапарт билігінің қол астындағы кезеңді есепке алғанда, жиырма алты жылға созылды және ол америкалық тәжірибемен салыстырғанда көп қырымен өзгешеленді. Солтүстікамерикалықтар өздерін отар ретінде басқарып келген белгілі бір биліктен бас тартып, жаңа тәуелсіз мемлекет пен жаңа үкіметтің негізін қалауға ұмтылды. Француз жасақтары Францияның егемендігін сақтап қалуға ұмтылды, бірақ үкіметті өзгертуді қалады, реформаға ұмтылғанмен, кейін оны тіпті өзгеше режим түріне алмастыруға әрекет етті. Америкадағы соғыс сұрапыл әскери күреске ұласты. Ал Француз революциясы саяси және әлеуметтік ретсіздікті туғызды, орныққан қоғамдық тәртіпті шайқалтып, Еуропаның картасын уақытша қайта өрнектеді.

Революция қарсаңындағы Франция мен Еуропа. Еуропа XVІІІ ғасыр ортасында бағыныштыларына қатысты абсолюттік билікке ие корольдік әулеттер қолындағы мемлекеттердің аймағы болатын. Британия мен Біріккен Нидерландта ғана кеңес сайланатын, меншік иесі ерлер сөз жүзінде ғана ұжымдық басқаруға қатысты. Дегенмен капиталистік кәсіпкерлік пен жаһандық сауданың артуымен қатар дамыған халық егемендігі, құқықтар және қисынды үкімет жайлы жаңа идеялар өркендеді де, тарихшылар Еуропаның ескі режимі деп атаған жүйенің жақтаушылары – мұрагер билеушілердің, жер иесі ақсүйектердің, христиан шіркеуі бекіткен жоғары лауазымды қызметкерлердің алдына қисапсыз міндеттер қойды.

Үшінші таптың ауыртпалығы. Бұл сатиралық сурет үш тап – дінбасылар, ақсүйектер мен қарапайым тұрғындарды әйелдер түрінде бейнелейді. Тақырыбы: «Бұл ойын жақын арада аяқталады деп үміттенейік» («Let’s hope thіs game fіnіshes soon»). XVІІІ ғасыр көрермендеріне суретші сол заманғы таптық айырмашылықтарды көрсететін детальдарды қамтып беруге талпынды. Мысалы, ақсүйектің тартымды тәпішкесі мен шаруаның ағаш аяқ киімін салыстырып қараңыз. Тақуа әйелдің қол қимылы мен ақсүйек бикештің сәнді бас киімі қандай ойға жетелейді?

Бурбон әулетінің қол астындағы Франция Еуропада халық саны көбейді (шамамен 26 миллион) әрі ауыл шаруашылығы мен өндірісте мол байлыққа ие болды. Жеті жылдық соғыс соңында Англияға беруге мәжбүр болған жерлерден айырылған соң да Кариб аралдарындағы қант өсіретін отарларын, Батыс Африкадағы құл сататын айлақтарын және ауқымды халықаралық саудасын сақтап қалды. Бірақ сол кездегі авторитарлық мемлекеттер сияқты Францияда қомақты қарызға батты, ауқымды мемлекеттік шығынға тап келді және жаһандық экономиканың әдепкі құлдырауы, өсу қарқынын тоқтатпаған халық санының артуы сынды қиындықтармен бетпе-бет келді. Монархия Британияға қарсы Солтүстік Американың бүлікшілеріне қосылып, 1763 жылға дейін сақтап қалған стратегиялық ықпалының кем дегенде белгілі бір бөлігін қайта қалпына келтірем деп үміттенді. Алайда бұл көтеріліске араласудың басты себебі – қарыздың көп болуы еді.

Франция миллиондаған шаруаның салығына тәуелді болды. Алайда орталық үкіметтің салық жинайтын әділетті, біркелкі жүйесі болмады және барлық жерде өте тиімсіз салық түрлерін жинады. Жеке кәсіпкерлер мемлекеттік кірісті жинауға қатысты, үкіметпен келісімге келді, бірақ салықтың көп пайызын өздерінде сақтап қалды. Бай-бағландар мен дінбасылар салықтың барлық түрін жинауға қатысты. Король шенділері бірнеше рет қаржы реформасын жасауды ұсынғанымен, жетістікке жете алмады. Шаруалардың шамамен 30 пайызының астық егетін жері мен малы болды. Бірақ 1770 және 1780 жылдардағы астық құнының қымбаттауы Париж бен басқа қалалардағы кедейлерге де ауыр тиді. Өнім нашар түскен жылдары жолы болмаған фермерлер мен сәтсіздікке ұшыраған жұмысшылар жұмыс іздеп немесе қайыр сұрап дала кезіп кетті. Францияның жібек және мақта-мата өнеркәсібі, жалпылама алғанда дамыса да, кейде ұлғайып, кейде көлемі қысқарған бұл өндіріс 1786 жылы қатты құлдырады. Мұндай тұрақсыз экономикалық жағдайға қарамастан, қос Бурбон королі – XV Людовик (1715–1774 жылдары билік құрды) пен XVІ Людовик (1774–1792 жылдары билік құрды) қарыз шығыны ауыртпалығын халыққа қосымша салық салу арқылы шешуге тырысты, оны жағдайы жақсы шаруаның өзі төлеуге ауырсынды. Осы кезде ірі жер иелері қатты қиналды, инфляция оларды салтанатты өмірден айырды.

Шаруалар наразылық танытты, қарсы шықты, кейбірі қарақшыға айналды. Бірақ Францияның қалалық бюрократиясы немесе көпестерден, кәсіпкерлерден, банкирлерден, заңгерлерден, шенеуніктер мен интеллектуалдардан құралған орта тап монархияға зор ықпал етті. Бұл таптағы адамдар жаһандық коммерциялизациядан пайда тапты және XVІІІ ғасырда табыстары шамамен үш есе өсті. Еуропада көзі ашық орта тап пен оларға оң көзбен қарайтын ақсүйектер бірігіп, бірнеше онжылдықта қоғамдық талқы мен күн тәртібіндегі маңызды дүниелерді – ғылым, әлеуметтік реформа, дін және өнерді дамытуға негізделген жаңа қоғамдық мәдениет үлгісін қалыптастырды. Уақыт өте газет оқып, ғылыми және саяси кездесулерге қатысатын орта тап өкілдерінің қоғамдық пікірі кем дегенде Еуропаның мұрагер билеушілерінің бірнешеуінің шешімдеріне ықпал ете бастады. Францияның білімге құмартқан, капитализмге иек артқан әрі адам құқықтары, еркіндік және ықпалды үкімет жайлы ойын ашық айтуға дайын орта табы болды. Бұл таптың Солтүстік Америкадағы орта таппен салыстырғанда әлеуеті жоғары еді. Париждің сыртындағы салтанатты Версальға жайғасқан король әулеті ескі режимнің негізгі қайшылығын сәтсіз болса да жоққа шығарғысы келді – қоғамның экономикалық ең ықпалды орта табына саяси легитимді дауыс беруге рұқсат етпеді. Сауатты қоғам дамыл бермей, маңызды қаржылық мәселелерге қарсы шығуын талап етіп, үкімет министрлеріне қысым жасады. Тіпті белсенді астыртын баспасөз түрі болды, ол король әулетінің зықысын шығарып, әлсіретті. Бұл баспасөз Франциядағы тұрақсыздықты король әулетінің ашкөздігі мен азғындығынан көрді.

Кемелер Солтүстік Атлантиканың бойымен үздіксіз қатынады және Солтүстік Америкадағы көтерілістер басталған күннен-ақ француз қоғамының назарын өзіне аударды. Бұл жерде жаңа мемлекет пайда болып, «адам құқықтарын» талап етті. Тәуелсіздік туралы декларация француз баспасөзінде көп талқыланды. Америка соғысынан қайтып оралған солдаттар батырлық жайлы патриоттық оқиғалар мен ақылдың деспотизмнен үстем шығуы туралы баяндады. Соғыс кезінде Парижде тұрған Бенжамин Франклин Францияның атақты адамына айналды. Бұған қоса, автократиялық биліктің француз сыншылары Біріккен Нидерланд, Габсбург билігіндегі Нидерланд пен Польшада 1787 және 1791 жылдары өркендеген, ағарту идеясынан қуат алған көтерілістерді қуанышпен қарсы алды. Кейін бұл қозғалыстарды король әскері аяусыз басқанда ашу-ызамен бақылап отырды. XVІІ ғасырдағы Еуропадағы ауқымды елдердің бірі – Польшаны Ресей, Пруссия және Австрия 1772–1795 жылдары күшпен бөліп алғандықтан, сол кезеңнің саяси картасына бұл ел енбей қалды.

Францияның орта ғасырдан бастап қалыптасқан, корольдік қоғамның үш бөлігімен кеңесуін білдіретін үш тап29 дәстүрі бар болатын. Бірақ 1614 жылдан бері белгілі кеңесу органы ретінде танымал болғанына қарамастан, Бас штаттар (Estates-General) кеңесін ешбір король шақырған емес. Саяси жүйеден гөрі, механикалық тетіктердің дұрыс жұмыс істеуіне мүдделі XVІ Людовик, қаржылық дағдарысқа байланысты мемлекеттің абыройын ұстап тұра алмайтын жағдайға жетті. Осы кезде, орта тап пен кейбір ақсүйек әулеттер Бас Штаттардың отырысын шақырайық деп XVІ Людовикке өтініш жасап, ақыры оны көндірді.

Францияның Бірінші Республикасы. Бас Штаттардың депутаттарды сайлауына және Парижге жиналуына рұқсат беру арқылы король Людовик оның уәкілетті орган ретіндегі легитимділігін үнсіз мойындады. Негізінен кәсіп иелері, зияткерлер мен іскер адамдардан тұратын үшінші таптың көшбасшылары бұл келісімді қуана құптап, Ұлттық кеңесті жасақтап, ел тағдырын қолдарына алу үшін 1789 жылы Бас Штаттардың жиналысын шақырды. Жоғары лауазымды діндарлар мен мырзалардың кейбірі оларды қолдады. Бұл заң шығарушы жоғарғы орган болашақ конституцияның преамбуласы ретінде Адам және азаматтардың құқықтары жайлы декларацияны жазуға кірісіп кетті. Американың Тәуелсіздік декларациясын мақұлдай отырып, бұл құжат та, егемендіктің қайнар көзі король емес, «ұлт» деп жариялады. Бұған қоса, барлық азаматтар «еркіндік, меншік, қауіпсіздік және әділетсіздікке қарсы күресуге» қатысты табиғи құқыққа ие екенін де көрсетті. Бұл манифест баспасөз бен діни сенім еркіндігі қағидасы мен әділетті құқықтық процедураларын бекітіп берді. Келесі айларда Ұлттық кеңес католик шіркеуінің жерлерін тәркіледі (мемлекеттік қарыздарды өтеуге көмектесу үшін), шіркеу дінбасыларын мемлекет қызметкері етті (Дінбасылардың азаматтық конституциясы), протестанттар мен еврейлерге азаматтық берді, Францияның әкімшілік және салық жүйесін мұқият қайта құрып шықты. Жер иеленушілер ғасырлар бойы жинап келген дәстүрлі алым түрлерінен миллиондаған шаруа босады. Саяси мекемелерді сатуға және сатып алуға тыйым салды, барлық қоғамдық қайраткерлер, соның ішінде соттар мен католик епископтары сайлауға өз кандидатураларын ұсынуға тиіс болды. Ескі режимнің қоластындағы Францияда айрықша саяси және әлеуметтік артықшылықтарға ие 300 мың ақсүйек бар еді. Ұлттық кеңес бұл артықшылықтарды жойды және 1791 жылы ақсүйек атақтарын түгелдей алып тастады.

Осы аралықта француз шаруалары мен қала жұмысшылары да белсенді саяси күреске кірісті. Франциядағы қоғамның жалпы табы Британияның Солтүстік Америкадағы он үш отарымен салыстырғанда бірнеше миллионға көбірек еді. Олар салмақты әлеуметтік-экономикалық наразылықты ішіне бүкті. Бас Штаттардың сессиясына үлкен үміт артқан тұста 1788–1789 жылдары егін шықпай, елді аштық жайлады және корольге қарсы наразылықты өршітіп жіберді. Бұл жерде халық Бастилия түрмесін төңкеріп тастады және бірнеше қалада нан бағасына қарсы көтеріліске шықты. Елді мекендерде шаруалар ақсүйек қамалдарын өртеді. 1789 жылы қазан айында жұмысшы әйелдерден құралған шағын қарулы күш Версаль сарайына қарай шеруге шықты, алаңдаған король сарайын қала ішіне көшіруге мәжбүр болды.

Алайда көптеген әйелдің саяси белсенділігіне қарамастан, олардың үмітін революция жылдам сөндірді. Бүкіл Францияда қалалар мен елді мекендерде әйелдер көзқарасы мен уайымын газет беттерінде, парақшаларда ашық білдірді және кейбірі ерлер басым келетін клубтарға қатарлас революциялық рухтағы қауымдастықтар құрды. Қарапайым қасапшының қызы, жазушы Олимпия де Гуж (Olіmpe de Gouges) «Құқықтар жайлы декларацияда» әйелдерге қатысты анық ештеңе айтылмағанына наразы болды. 1791 жылы «Әйел және азамат құқықтарының декларациясын» жазды. Бұл құжат 1789 жылғы декларацияның мазмұнын қайталады, бірақ бүкіл мәтіннің өн бойына әйел деген сөз енгізді. Ұлттық кеңес мәлімдемесінің бірінші тарауында «ерлер азат боп туып, азат боп қалады және барлығының құқығы тең» деп жазылған. Де Гуж «әйелдер азат боп туады және ерлермен тең құқықта өмір сүреді» деп жазды. Бүлікшіл сенімі үшін де Гужды өлтіріп кетті және француз әйелдері дауыс беру құқығына қол жеткізу үшін тағы да 151 жыл күтті.

1792 жылғы революция радикалды, зорлықшыл әрі саяси бітіспес қарама-қайшы сипатқа ие болды. Заң шығарушы кеңестің жаңа сайланған көшбасшылары (1791 жылы күзде құрылды және кейінірек Ұлттық конвенция болып өзгерді) жағдайды қолдарына алуға тырысты, бірақ сырт елдерден де, іштен де дұшпандар соққысының астында қалды. Католик шіркеуіне қатысты шектеулерге байланысты діндар шаруалар революцияға қарсы болды. Мыңдаған ақсүйек пен офицер Еуропаның ескі режимде қалған консерватор монархтарымен контрреволюциялық лига жайлы сөз байласу үшін шетелге қашты. Сырттан келетін шабуылдың алдын алу үшін революциялық үкімет 1792 жылдың көктемінде Австрияға қарсы соғыс ашты. Келесі жылы Франция тағы да Пруссия, Британия, Испания және Біріккен Нидерландпен соғысты. Бұған жауап ретінде заң шығарушы орган азаматтық әскерді жасақтады. Бұл кәсіби сарбаздар, жалдамалы әскер мен әскери құлдардың күні өте бастағанын көрсетті. Ұзаққа созылған қақтығыстар миллиондаған халықты мылтық ұстауға, әскери киім тігуге, ашқұрсақ жүрсе де әскерге ерікті қызмет ету арқылы революциялық іс-қимылды қолдауға итермеледі. 1793 жылдың соңында соғысушылар саны 700 мыңнан асып түсті. Еуропаның қалған ауқымды бөлігімен соғысу абстрактілі тұжырымдаманы туғызды. Егемендігі және қол сұғылмас құқықтары бар Францияның барлық адамы ортақ бірегейлікке ие. Дегенмен бұл ниеттестік, тұтастық рухы жалпыға ортақ бола алмады. Жастар соғыстан қашты, шаруалар антиреволюционер дінбасылар мен тақуа әйелдерді қорғады, ал 1793 жылы аграрлық Батыс Францияда король мен шіркеуді қолдаған топтың көтерілісі ауқымды көлемде бұрқ ете қалды.

Париж әйелдері қарулы топты Версальға қарай бастап келді. 1789 жылдың қазан айы. Француз революциясында әйелдердің белсенділігі маңызды болды, ол осы жерде бейнеленген шеруден, яғни жаппай қарсылықтан бастап, саяси басылымдарға дейін байқалды. Зеңбіректі итеріп келе жатқан және басқа да қару-жарақты тасыған әйелдер қарапайым киім киген. Суреттің сол жағында жоғарғы тап өкілінен шыққан әйелді белсенділер шеруге қосылуға шақырып тұр. Бұл сурет революциядағы әлеуметтік таптардың рөлін айқындай ма?

Король XVІ Людовиктің басын шабу. 1793 жыл, қаңтар. Ұлттық конвенция Людовикті Франциядан қашпақ болғаннан кейін, оны сатқын деп айыптады. Бұл қанқұйлы көрініс «жазалау патшалығының» – революцияның қатыгез кезеңінің басталғанын паш етті. Корольдің кесілген басының кескінделуіне және көрініске куә болушылардың, негізінен, әскери адамдар екеніне, сондай-ақ олардың салқынқандылығына мән беріңіз. Неге қазіргі зерттеушілер Людовик өлім жазасына кесілген сол уақытты революциядағы бетбұрысты сәт ретінде бағалайды?

Революцияның алғашқы күндерінде француздардың көп бөлігі монархияны қоғамдық тәртіптің табиғи негізі ретінде қабылдады. Олар онсыз ештеңені елестете алмады. Дегенмен революция көсемдері көп өтпей корольдің билігі шектеулі болатын конституциялық монархияны30 (Британия моделі) жақтайтындар мен республиканы (Құрама Штаттар моделі) талап ететіндер болып екіге бөлінді. Радикал республикашылар якобиншілер клубын құрды (атауы бірінші рет кездесу өткізген Париждегі орынның құрметіне қойылды) және оның бөлімдері бүкіл Францияға таралды. 1789 жылдан 1792 жылға дейін Ұлттық заң шығарушы орган саяси алаңда үстемдік етіп, 1792 жылдың күзінде монархияны түбегейлі жойып, республикалық конституцияны тағайындады және келесі жылы тағдыры талайсыз Людовик және королева Мария Антуанетта (араға айлар салып) басынан айырылды. Еуропаның қалған монархтары бұл оқиғаны үрейлене бақылап отырды.

Террор жылы. Азаматтық бас көтеру, шетелдік соғыстар қаржы мен наннан айырды және дағдарыс ұзаққа созылды. Бұл жағдай радикалды көшбасшыларды билікке әкелуге көмектесті. 1793 жылы Ұлттық конвенция құзыретінің көп бөлігін қарсылықтардың бәрінің жолын кесуге кіріскен, он екі адамнан тұратын Қоғамдық қауіпсіздік комитетіне өткізіп берді. Адвокат Максимилиан Робеспьердің (1758–1794) басқаруына өткен комитет ұлтты сатқындардан және антиреволюциялық пікірлерден тазартуды, христиандықты ақыл культімен алмастыруды және мәдени қайта тәрбиелеу жолымен азаматтардың барлығын республикашылар қылуды мақсат тұтты. Мұндай «Ізгілік республикасын» (Republіc of Vіrtue) тұрғызу үшін Робеспьер мен оның кеңесшілері республикалық рухтағы әндер, фестивальдар, пьесалар мен киім үлгілерін талап етті. Робеспьер «бейбіт заманда үкіметтің басты негізі ізгілік болса, революция кезінде ол негіз бір уақытта ізгілік те, террор да болады»4, – деді. Әділін айту керек, Ұлттық конвенция 1794 жылдың басында құлдыққа да тыйым салды, француз отарларындағы қара нәсілділердің барлығына азаматтық құқық берді.

Он жеті айдың ішінде комитет 300 мыңға жуық адамды тұтқындады және 17 мың адамды дарға асты. Бірақ соңында бұл террор өзін-өзі жұтты және өзін-өзі отқа орады. 1794 жылдың шілдесінде Робеспьердің өзі көмекшілерімен бірге дар ағашына ілінді.

Франция Директорияның қол астында. Революцияның келесі сатысында Ұлттық конвенция жаңа конституция жазды. Директория деп аталатын атқарушы кеңестің қол астында қалт-құлт етсе де, тұрақтылықты қайта қалпына келтіруге шамасы жетті. Бұл аралықта республика әскері тұтас Еуропада жеңіске жетті, Нидерланд, Италия және Швейцарияда билікті тартып алғандар революциялық рухтағы «бауырлас республикалар» құрды. Директория Ізгілік республикасының тым радикалды заңдарын өзгертіп, Бірінші республиканың іргелі ұстанымдарына қайта оралды. Халық егемендігін сақтады, азаматтық теңдік қағидасы да сол қалпы қалды, сайлау жүйесі өзгермеді және әйелдерге саяси тақырыпта жазуға, белсенділік танытуға, сол арқылы ықпал етуге рұқсат етті. Дегенмен Директория әлі де жемқор әрі біліксіз болды.

Наполеонның еуропалық империясы. 1799 жы­лы Наполеон Бонапарт билікті қолға алып, он алты жыл бойы империя құруға кіріскен кезде Франция азаматтық еркіндік пен демократияның үрдісінен айтарлықтай алшақтады. Наполеон билеушілердің, әсіресе Еуропаны Афроеуразиядағы алып империялармен теңесетін унитарлы империялық мемлекет деп санайтын VІІІ ғасырдағы Ұлы Карл мен XVІ ғасырдағы Габсбург монархы V Карл дәстүрін жалғастырды. Ол сонымен бірге бұған дейінгі екі Бурбон королі уысынан шығарып алған Францияның жаһандық күш-қуатын қайта қалпына келтіруге ұмтылды.

Жерорта теңізіндегі Корсика аралында дүниеге келген Наполеон революция әскерінің құрамында жүріп билікке жетті. 1795 жылы Италияға шабуыл кезінде Франция әскерінің қолбасшылығын қолына алды және әскери кемеңгерлігін паш ете отырып, түбектің үлкен бөлігін жаулап алды да, ұлттық қаһарманға айналып шыға келді. 1798 жылы Директория 40 мың сарбаздан тұратын үлкен әскермен оны Осман империясының өзін-өзі басқаратын провинциясы – Мысырға шабуыл жасауға аттандырды. Мысыр мен Сирияны жаулау Англиядан жеңіліп, Канаданы уысынан шығарып алған жеңілістің орнын толтырып, тұрақтылықты қалпына келтіруге көмектесті әрі мемлекетке құнды астық көзін ұсынды. Қызыл теңіздің солтүстік қиырын басып алу арқылы Франция Британияның Оңтүстік Азиядағы байланыс шекараларына да қарсы шығып, Үнді мұхитындағы әскери-теңіз қуатын жандандыра алар еді.

Император тағындағы І Наполеон. Жан Август Доминик Ингестің бұл портреті тәж киген Наполеонды бейнелейді. Оң қолымен Ұлы Карлдың аса таяғын, сол жағында әділет қолы символын ұстап отыр. Рим императорларына еліктеп, алтын лавр гүлдестесін басына киген. Аз уақыт қана бұрын революция монархияны жойғанына қарамастан, суретші Наполеонды бұрынғы империялық символдармен не үшін бейнеледі деп ойлайсыз?

Француз мушкеті мен зеңбірегі боратқан оққа төтеп бере алмаған, атты әскердің соғыс тәсілін бағалайтын түркі тілдес әскери элитаның басқаруындағы Мысыр тез құлады. Жеңімпаздар өздері заманауи деп санаған жолмен Мысырдың әкімшілік басқару мен қаржылық жүйесін қайта қалыптастыру жұмыстарына жылдам кірісіп кетті. Наполеон зерттеу үшін әрі қоғамды өзгерту мақсатында инженерлер, ғалымдар, дәрігерлер, архитекторлар мен тіл мамандарын Мысырға ерте барған еді. Алайда тәжірибе ұзаққа созылмады. Британ әскери флоты Наполеон флотын жойып жіберді. Мысыр халқы бас көтеріп, қарсылық ұйымдастырды, ал француз жауынгерлері жұқпалы аурулардан көптеп қырыла бастады. 1801 жылы басқыншылар кері қайтты. Алайда мысыр шенеуніктері мен зиялы қауымының арасында Францияның әскери қуатының паш етілуі Мысырдың басқыншылық жолмен жаңғыруының құндылығы жайлы ұзақ талқылау мен талас-тартыс туғызды.

Ішкі тәртіпсіздік үдеп тұрған кезде Парижге оралған Наполеон мемлекеттік төңкеріс 31(koo day-TAH) жасады, Директорияны таратты және 1799 жылы жаңа конституцияға сәйкес ауқымды өкілеттіктерге ие болды. Келесі онжылдықта Еуропаның көп бөлігінің қожайынына айналды, тіпті монархия ұстанымдарын қайта орнатып, 1804 жылы мұрагер император ретінде тәж киді (20.2-картаны қараңыз). Қоғамдық тәртіп пен жеңісті соғыстарды сақтай отырып, ол жаппай халықтық қолдауға ие бола берді. Наполеон көрші елдердің жерлерін өз мемелкетіне қосып алды және Францияның қорғауындағы бірнеше жаңа республика құрды. Австрия мен Пруссия монархтары егемендігін сақтап қалды, бірақ көп жерінен айырылды.

Империяны құрған кезде Наполеон Еуропада ешқашан болмаған өте үлкен әскер жасақтады. Жалпы саны шамамен 2,3 миллион болатын әскерге жастарды, ақсүйектік тегінен гөрі, әскери қабілетіне қарай таңдалған офицерлерді жинады. Бұл әскери күш үлкен моральдық рухқа ие еді, осы рух жаңа заман тарихында тұңғыш рет әскери қызметке, кәсіби, жалдамалы немесе мәжбүрлі түрде емес, тәуелсіздік жолында әскер жинауға көмектесті. Басып алған жерлердегі республикалық көңіл күйдегі халық әуел бастан пиғылы бөтен, шақырылмаған қонақ күткендей болды. Наполеон экономикалық және азаматтық реформаларды қолға алды, мысалы, жаулап алған аймақтардың барлығында басыбайлық құқықты жойды. Әйтсе де ол тәуелді елдерге ауыр салықтар салып, әскерге шақыртуды күшейтті. Сондықтан, оның әскері басып алған жерлердегі жергілікті тұрғындардың қабағы қатқылдана бастады.

20.2-КАРТА. Наполеон империясы

Осы картада көрсетілген ірі шайқас орындарына қарап, Наполеонның территориялық амбициясы жайлы қандай қорытынды жасауға болады?

Наполеонның революцияға қатысты екі түрлі пікірі болды. Бір жағынан, ол ағарту рационализмі мен азаматтық теңдік идеясын және халықтық егемендік ұстанымын өте қатты бағалады. Ол жаңа заманғы ғылыми зерттеулерді қолдады және ауқатты отбасылардың балаларына арналған мектептерге (лицейлер) мемлекеттік қолдау жүйесін жасады. Ол христиан діндар атанбаса да, римдік-католиктік шіркеуімен бейбіт қарым-қатынас орнатты. Дегенмен діни сенім бостандығының жақтаушысы боп, соны талап етті. Ол дәстүрлі француз ақсүйек ғұрпын қайта орнатудан бас тартты, бірақ оның орнына қызметтегі ақсүйектерді қалыптастырды. Бұл мәртебесі мемлекеттің оң бағасына толық тәуелді лауазымды тұлғалардың элитасы еді. 1804 жылы ол қайшылықты аймақтық заңдардың орнына рационалды бірыңғай заң жүйесі – Азаматтық кодексті (Наполеон кодексі) қалыптастырды. Кодексте заң алдында теңдік пен келісім еркіндігі, жеке меншік пен тұлға еркіндігі секілді ағарту ұстанымдары нақты көрінді. Ол жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттерін, жұмысшылардың, күйеулердің, әйелдердің, ата-ана мен балалардың құқықтарын күнделікті өмірдің сан қырына сай реттеп отырды. Кодекс Францияның әлеуметтік және мәдени интеграциясына айтарлықтай үлес қосты, ақырында Еуропаның, Франция отарларының және Латын Америкасының құқықтық жүйелеріне ықпал етті.

Наполеон радикалды республикашыл емес еді. Мемлекетті сынауға мүмкіндік бергендіктен ол сөз бостандығы деген идеяны ұнатпады. Ол саяси пікір білдіруге қатал шектеу қойды, ал көмекшілері өнер, драма және баспасөзге цензура енгізді. 1800 жылы Париж газеттерінің саны сексен үш болса, 1811 жылы төрт-ақ газет шықты. Ол құпия полиция құрды және ұйымдасқан саяси оппозицияны басып-жаншыды. Азаматтық кодексте ерлердің әйелдерден интеллектуалды және моральдық тұрғыдан артықшылықтары жайлы принцип бекітті, ажырасуға қатысты жаңа шектеулер енгізіп, әйелдерге сотқа шағым түсіруге немесе күйеуінің келісімінсіз оның мүлкін иеленуге тыйым салды. Әйелдер бұл қадамды кері кету деп есептеді.

Наполеонның тақтан құлауы. 1810 жылы Франция Еуропада айрықша үстем болды. Бірақ алты жыл ішінде империя құлады. Наполеон алыс аймақтарды және ауқымды жерлерді бағындырғанымен, империялық жүйе ешқашан тұрақты бола алмады. Империя британ флотына қарсы соғыста айтарлықтай жетістікке де жетпеді. Оның Британия және қалған Еуропа елдерімен сауданы тоқтату жайлы континенттік оқшаулау деп атаған ұзақмерзімді жоспары да түкке жарамай қалды. Наполеон сонымен қатар Сан-Домингоға деген бақылауынан және оның қант экспортынан айырылып қалды. 1800 жылы Луизиананың батыс тарапындағы аумақтарын қайтару жайлы Испаниямен келісімге қол қойды, бірақ үш жылдан соң оны Құрама Штаттарға тиімді бағада сатып жіберді. Наполеонның билігінен бас тартқан, Францияның революциялық идеяларынан шабыт алған адамдар көтеріліс пен қарсылық ұйымдастырды. Мысалы, Испанияда Британияға көмектескен патриоттық көтерілісшілер алты жыл бойы француз басқыншыларымен соғысты. Бұл испандықтардың қас қағым сәтте найзағайдай шабуыл жасап кері шегіну, астыртын іріткі салу және кісі өлтіру секілді тактикасына сүйенгендіктен, партизандық (guerrіlla) немесе «шағын соғыс» деп атауға болатын алғашқы қарулы қақтығыс еді.

1812 жылы Наполеон І Александр патша «одақ ережесін бұзды» деп ашуланып, Ресейге шабуыл жасау жайлы ойға бекіді. 650 мың жауынгерден тұратын, Еуропа тарихындағы ең ауқымды басқыншы күш эвакуацияланған және отқа оранып, күлпаршасы шыққан Мәскеуге жетті. Жолға қажет дүниелерін де алмай, қысы ұзаққа созылған Германияны басып өтіп, кері қайтқан әскер ұрысқа жарамды 10 мыңға жуық адамынан айырылып, зор шығынға батты. Бұл жеңіліс Францияның дұшпандарын күшейтті және азаттық күрестеріне дем берді. Министрлері мен генералдарының қолдауынан айырылып қалған Наполеон 1814 жылы тақтан бас тартты және Италия жағалауындағы Эльба аралына айдалды. Келесі жылы Наполеон дәуірі «жыланды үш кессе де кесірткелік күші бар» екенін көрсетті, яғни генерал Эльбадағы күзеттен сытылып шығып, жаңа әскер жинады. Бірақ Бельгиядағы Ватерлоодағы шайқаста күйрей жеңілді. Басқа амалы қалмаған жеңімпаз топ оны Әулие Елена аралына айдауға жіберді, 1821 жылы ол Оңтүстік Атлантикадағы осы шағын аралда қайтыс болды.

Наполеонды Эльбаға қамауға алған кезде Австрияның премьер-министрі Клеменс фон Меттерних (Klemens von Metternіch) аймақтың соғыстан кейінгі саяси тәртібін талқылау үшін Венада Еуропа елдерінің жиналысын шақырды. Вена конгресі бұрынғы шекаралар мен тәуелсіз елдердің Француз революциясына дейінгі күйін қайта қалпына келтіре алған жоқ, бірақ мемлекет басшылары маңызды екі келісімге қол қойды: біріншіден, болашақта кез келген басқаншылықты болдырмау, екіншіден, радикалды республикашылдар мен басқа да экстремистерді қай елде бой көрсеткеніне қарамастан, басып-жаншу. Дарға асылған корольдің бауыры XVІІІ Людовик Франция тағына отырды, бірақ конституция оның билігін айтарлықтай шектеді. Дегенмен тәуелсіздік ұстанымы Францияда терең тамыр жайып алған еді. Людовик пен оның тақ мұрагерлері ешқашан халық қолдауына толық ие бола алған жоқ, керісінше, революция дүмпуі көп уақыт өтпей жалғаса берді.

Халық егемендігі (popular sovereіgnty) – егемендік немесе мемлекеттің тәуелсіздігі халыққа тиесілі және үкімет халық еркіне жауапкершілік арқалайды дейтін доктрина.

Үш тап (three estates) – жаңа заманға дейінгі кезеңдегі Еуропадағы қоғамды құрайтын негізгі әлеуметтік таптар мен мәртебелер: римдік-католиктік дінбасылары, атақты ақсүйектер және басқалары.

Конституциялық монархия – мұрагерлік жолмен таққа келген әулет мүшесі – монарх мемлекет басшысы болатын үкімет түрі. Конституцияның ережелеріне немесе заңдар жинағына сай, монарх билігінің белгілі бір бөлігі заң шығарушы органға немесе сот билігіне беріледі.

Мемлекеттік төңкеріс (coup d’état) – үкіметті шағын топтың кенеттен биліктен тайдыруы.

Ұлтшылдық идеясы

Наполеон режимі жеке тұлға еркіндігіне салқын қараса қараған шығар, бірақ Франция республикасы негізінің қалануы, көршілерімен арадағы мемлекеттік соғыстар, Наполеонның саяси және жергілікті құрылымдарды орталықтандыру мен интеграциялау бағдарламасы жаңа халықтық сананы, яғни ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға көмектесті. Қазіргі күні егемен елдердің түгелге жуығы іргелі ұлттық идеологияны ұстанады. Көптеген адам рефлексті түрде ұлттық тәуелсіз мемлекеттер әлемі табиғи деп қабылдайды. Ал анығында, ұлттық мемлекет32 немесе ұлтшылдық33 концепциялары екі жарым ғасыр бұрын жоқ еді және 1700 жылдардан кейін ғана біртіндеп өмірге ене бастады.

Жекелеген аумақтар халқы алғаш рет ортақ ұлттық бірегейлікке ие екенін қашан және қай жерде ойға алды? Тарихшылардың бұл сұраққа қатысты талас-тартыстары көп, дегенмен көпшілігі, мейлі қай жерде – Англияда, Америкадағы Испания империясында, Францияда деп қанша даурықса да, барлығы бірдей «саяси және мәдени сауатты көшбасшылар бірінші болып ұлт идеясын ерекше қауымдастық түрі ретінде ұғып, саналы түрде жұртқа жеткізді» деген оймен келісті. Солтүстік Америка мен Франциядағы екі революция, оның соңын ала басталған Латын Америкасындағы дүмпулер мемлекеттің легитимділігі, яғни заңдық күші монарх немесе Құдіретті құқығы бар мүдделі бір тұлғадан емес, «адамдардың» еркінен туындайды деген қуатты ағарту ұстанымын белсенді түрде енгізді. XVІІІ ғасыр республикашылдары да, шектеулі монархияның жақтаушылары да «адамдарды» қол сұғылмас құқықтары біріктіретін индивидтер тобы ғана емес, ортақ аумақ, тарихи тәжірибе, тіл, мәдени ерекшелік пен болашаққа деген үміт тұтастыратын адамдар тобы деген түсінікке жетті. Осы қауымдастық «ұлтты» құрады. Ұлтшылдық өз құқықтары мен еркіндігін сақтау үшін ұлттық қауымдастық тәуелсіз аумақты басқаруға, яғни мемлекет құру құқығына ие дейтін доктрина ретінде қалыптасты.

Француз революциясының белгісі. Әйелдер де, ерлер де революцияға қолдау көрсету үшін шляпасы мен жағасына осы белгіні тақты. Енді-енді байқала бастаған ұлтшылдық ортақ саяси ұстанымы маңызды тұғыр саналды. Ортақ бірегейліктің қандай символдары Құрама Штаттарда немесе басқа елдерде ұлттық сана-сезімді оятты?

Әрине, адамдар отбасыға, ауыл-аймаққа, қол-өнершілер гильдиясына, діни қауымдастыққа және тағы сол секілді түрлі топтарға табиғи түрде бөлінеді. Бірақ ұлтшылдар «индивидтер ұлттық мемлекеттеріне адал болуға тиіс» деп жариялады. Отанды қорғау үшін әркім өмірін беруге де дайын болуы керек деп есептеді. Монархқа адалдық таныту мен этникалық отанға деген сүйіспеншілік арасында да айырмашылық бар ғой. Ұлттық қауымдастық та азаматтарынан адалдықты талап етуге құқылы дейтін идеялар жаңа заман ұлтшылдығын патриотизмнің ескі формаларынан ерекшеледі.

1789 жылы король билігіндегі Франция халқы бірнеше тілде сөйледі және аймақтық мықты даралыққа ие болды. Революция кейде бұл әртүрлілікті ушықтырып жіберді. Сонымен бірге ол азаматтар «француз» екенін мақтан тұтуға тиіс деген барлығына ортақ идеяны алға шығарды. Француз халқына деген жүрек сөзі мен жалынды ұран қосындысынан Азаматтық әскердің жасақталуы – бірегейліктің бір түрін одан да мызғымас күйге жеткізді. Батыс Франциядан шыққан жас сарбаз ата-анасына былай деп жазды: «Сіздер менің не даңққа бөленіп оралғанымды көресіздер, не Францияның абыройлы азаматы қатарында отанын қорғау үшін жанын пида еткен ұлым бар еді деп есептейсіздер»5.

Наполеон француз ұлтының нағыз азаматы үлгісін көрсетті. Бірінші кезекте азаматтардың теңдігі мен әділ сот баршаға ортақ дейтін революциялық ұстанымдарды енгізді. Мақсатты түрде болмаса да, жаулап алған халықтарды француз басқыншылығына қарсы ұлтшылдық ұстанымдарын қарсы қоюға итермелей отырып, тұтас Еуропаға ұлтшылдық идеясын таратты. Испаниядағы партизандық соғыс, басқыншылар құрсауындағы Италиядағы құпия қауымдастықтар және Ресейдегі табанды қарсылықтың барлығы XІX ғасырда сауатты адамдардың ғана емес, сонымен қоса қала жұмысшыларының, шаруалардың және бодан халықтардың санасын жаулап алған ұлтшылдықтың ұясына айналды.

Ұлттық мемлекет – тұрғындарын ортақ тіл, мәдени дәстүр, тарих және болашаққа талпыныс біріктіретін немесе біріктіруге тиіс, азат аумақты мемлекет.

Ұлтшылдық (natіonalіsm) – тә­уелсіз мемлекет құру мақсатында адамдардың табиғи құқықтарына немесе «ұлт» мүддесіне негізделген идеология.

Гаитидің пайда болуы

Француз революциясы тығырыққа тірелгенде, 1789–1804 жылдары Кариб бассейніндегі кейінірек Гаити деп аты өзгерген Сан-Доминго отарында Франциядағы оқиғалармен тікелей байланысты тағы бір халықтық бүлік34 басталды. Британияның Солтүстік Америкадағы отарларымен салыстырғанда, Сан-Доминго еуропалық қоныстанушылардың отары емес еді, бірақ тропиктік плантациялардағы қоғам тұрғындарының көп бөлігінің шығу тегі африкалық болды, оның ішінде көпшілігі құлдар еді. Гаитидегі көтерілісті Атлантика аймағындағы ең жоғары революциялық қозғалыс ретінде сипаттай аламыз, өйткені ол құлдыққа негізделген қоғамдық қатынастың барлық жүйесін жойды. Дегенмен бостандықтың құны тым қымбатқа түсті: он үш жылдық қанды шайқас пен тұралаған экономика елдің еңсесін езіп тастады.

Плантациялық қоғам. XІX ғасырда француз плантаторлары Батыс Эспаньола аралының үштен бірін алып жатқан Сан-Домингодан қант, кофе, темекі және мақта экспорттады. (Экспорттың қалған бөлігі Испанияның иелігі – Санто-Домингоға тиесілі болды). Кариб бассейніндегі Францияға тәуелді шағын Мартиникамен және Гвадалупемен салыстырғанда, Америкадағы Испания империясы құрамындағы Санто-Доминго саудаға шығатын ауыл шаруашылығы өнімінен әлдеқайда көп экспорт байлығын өндірді. Қос Америкадағы барлық плантациялық қоғамдардағыдай, еуропалықтардың аз санды халқы мен олардың ұрпақтары саяси және әлеуметтік пирамиданың ұшар биігіне орнықты. Тек 1790 жылдың өзінде бұл топ небәрі 40 мыңнан аспады немесе отардың жалпы халық санының 7 пайызын құрады. Мұның ішінде плантация иелері, отар қызметкерлері және көпестері, сонымен қатар салыстырмалы түрде кедей, бірақ саны көп, яғни фермерлікпен, саудамен немесе үкімет жұмысымен күн көретін ақ нәсілді тұрғындар да бар болатын.

Ақ адамдардан кейінгі сатыда африкалық немесе аралас нәсілді ерікті адамдар азшылығы тұрды, көбіне олар аффранчи (affranchіse) азат адамдар ретінде белгілі болды. Бұл топ экономикалық статустардың барлығында да – байырғы біліксіз құлдар мен ақ нәсілді еркектің тән құмарлығын өтейтін әйелдері болудан бастап, жеке құлдары бар табысты фермерге дейінгі аралықта түгелдей ұшырасты. Құл тұрғындар, аралда туғандар (креолдар) мен тропиктік Африкадан келгендер де қоғамның ең төменгі сатысын иеленді. Мэрилендтен ауқымдырақ отарда тұратын бұл тұрғындар шамамен 500 мыңдай – 1790 жылғы тұтас Құрама Штаттардағы құлдардан шамамен екі есе көп еді. Дүниежүзінің қант пен кофеге сұранысын қанағаттандыру үшін және әдетте ұзаққа шыдамай өліп кетіп отырған құлдардың орнын толықтыру үшін плантаторлар жұмыс күшінің сырттан үздіксіз тасымалдануына мұқтаж болды. Мысалы, 1785–1790 жылдар аралығында құл артқан кемелер Батыс Африкадан жылына шамамен отыз мың құл тасыды.

Бұл ауқымды үш әлеуметтік тап арасындағы қарым-қатынас XVІІІ ғасырда қатты ушықты. Мұның барлығы Сан-Домингоның жаһандық сауда-саттықтағы өте жоғары орнына байланысты жағдайлардан туындады. Кедей ақ нәсілді тұрғындар бақытын іздеп, Франциядан көшкен адамдар еді, олар байлықтың көп бөлігіне иелік ететін плантаторлар элитасына наразы болды. Азат болғандарына қарамастан, аффранчилер барша ақ нәсілділер тарапынан көрсетілетін жүйелі кемсітуден жапа шекті. Мысалы, олар ақ нәсілді әйелмен заңды некелесе алмады. Еуропадағы адам құқықтары жайлы сөз отарға жеткен бойда аффранчилер бұл ұранды бірден іліп әкетті.

Құлдар наразылықтары реніш қана емес, қорқыныш пен ашу-ыза да туғызды. Плантаторлар мен олардың қолшоқпарлары бұл көңіл күйді барынша қатыгез репрессия арқылы тоқтатуға тырысты. Ешқандай мәселе туғызбайтын креол құлдар үй қызметшісі, жұмысшылардың жетекшісі немесе төменгі лауазымды атқарушы қызметіне ие бола алатын. Бірақ гаитилік креол тілін (отарда қолданылатын француз тіліне негізделген африкалықтардың ықпалына ұшыраған тіл) білмеген Африкада туған құлдар егін алқаптары мен диірмендерде қамшы астында ауыр еңбек етті. Бірақ құлдар қарсы шығу жайлы ойлай да алмайтын. XVІІІ ғасыр соңында жүк тасушылар Конго өзенінің төменгі аймағынан тұтқындар тасымалдады. Олардың көпшілігі, көбінесе жастары Африкада жауынгер болған әрі әскери білігі де бар еді. Плантациядағы бір тілде сөйлейтін құлдар не Африканың әр бөлігінен келгендер бейресми құпия қоғам немесе «ұлт» жасады және Африка тәжірибесіне сүйеніп, «патшасы» мен «патшайымын» сайлады. Көтеріліс бұрқ ете қалған кезде осы қауымдастықтар қарсылықты ұйымдастырудың ұялары қызметін атқарды.

Ұзаққа созылған революция. Француз революциясы секілді, Сан-Домингодағы қозғалыс та бірнеше кезеңнен тұрды. Франциядағы оқиғалармен тығыз байланысты бірнеше сатыдан өтті. 1789–1791 жылдар аралығындағы бірінші сатыда-ақ ақ нәсілді отарлаушылар да, аффранчилер де Ұлттық кеңес жайлы жаңалықтардан құлағдар болып, Париждегі жаңа режимнің пайдасын көреміз деп үміттенді. Екі топ та саясатқа ықпал етуге тырысып, Францияға делегация жіберді, сонымен қатар Гаитидегі ақ нәсілділер аймақтық кеңес сайлауын жасап шықты. Бірақ плантаторлар, кедей ақ нәсілділер мен аффранчилердің әрқайсысының да революцияға көзқарасы әртүрлі еді. Ең бай жер иелері отардағы жеке билігін бұдан да кеңейтуді немесе тіпті Құрама Штаттарға еліктеп, тәуелсіздік алуды ойлады, құлиеленушілік дәстүрді жоятын бостандық туын аңсады. Аффранчилер барлық ақ нәсілділермен бір сатыдағы теңдікті қалады. 1791 жылдың мамырында Ұлттық кеңес ата-аналары да азат ерікті қара нәсілділерге құқықтық теңдік берді, бұған отардағы ақ нәсілділер ашуланып, қарсы шықты. Осы уақытта аралда бұл үш топтың әрқайсысы Француз революциясының рухын паш етуге таласып, бірі екіншісімен соғысып кетті.

Құлдардың кенеттен әрі жаппай бас көтеруі көтерілістің екінші сатысына жоғарылағанын дәлелдейді. 1791 жылдың жазында және күзінде құлдар плантацияны тонады, өнімді жерлерге от қойды, плантаторлардың отбасыларын өлтірді. Ақ әскерлер жасағы жылдам іске кірісіп, құлдарды жаппай қыра бастады. Құлдар Франция королі өздерін құлдықтан босатты деген қауесетке сеніп қалған болса керек. Құпия қауымдастықтар «король шектеулі құзыретке ие болып, елді әділ басқаруға тиіс» дейтін ескі африкалық саяси түсінікке сенуі мүмкін. Бұл топтар отар қоғамын жақсы білетін креол құлдармен бірігіп, жауынгерлерді дайындауға және қолбасшыларға жөн сілтеуге көмектесті.

20.1-КЕСТЕ. ФРАНЦУЗ ЖӘНЕ ГАИТИ РЕВОЛЮЦИЯЛАРЫНДАҒЫ БАСТЫ КЕЗЕҢДЕР

Жыл

Франция

Сан-Доминго (Гаити)

1789

Мамыр Бас Штаттар бас қосты.

Маусым Ұлттық кеңес құрылды.

Шілде Бастилияның күйреуі.

Тамыз Адам құқығы декларациясы.

1790

Шілде Ұлттық ассамблея дін иелерінің қызметін азаматтық негізде ұйымдастыру туралы заң қабылдады.

1791

Шілде XVІ Людовик конституциялық монархияны қабылдады, алайда реформаларға қарсы шықты.

Қазан 1791 жылы конституцияға сәйкес заң шығару жиналысы шақырылды.

Мамыр Франция Ұлттық ассамблеясы Гаитидегі ерікті қара нәсілділерге толық саяси құқық берді;

Тамыз Сан-Домингода құлдар көтеріліске шықты; Туссен- Лувертюр әскери көшбасшы болды.

1792

Сәуір Франция Австрияға соғыс ашты.

Қыркүйек Франция республика атанды.

1793

Қаңтар XVІ Людовик өлім жазасына кесілді.

Сәуір Қоғамдық қауіпсіздік комитеті тағайындалды және жазалау басталды.

Қыркүйек Британ және испан әскерлері Сан-Домингоға басып кірді.

1794

Ақпан Француз отарларында құлдыққа тыйым салды.

Шілде Радикалды көсем Робеспьер өлімге кесілді.

1795

Қазан Директория үкіметі билікке келді.

1796

Наурыз Наполеон Италиядағы әскердің қолбасшысы болып тағайындалды.

1798

Мамыр Наполеон Мысырға басып кірді.

1799

Желтоқсан Директорияға қарсы төңкеріс; Наполеон бас консул болды.

1800

Тамыз Туссен Сан-Домингода бас қолбасшы болды.

1802

Ақпан Қарауына қайта алу үшін француз әскері Сан-Домингоға басып кірді.

Мамыр Наполеон француз отарларында құлдықты қалпына келтірді.

Маусым Француз әскері Туссенді қамауға алып, Францияға депортациялады.

1803

Сәуір Франция Луизиананы Құрама Штаттарға берді.

Қараша Француз әскері Сан-Домингоны тастап шықты.

1804

Мамыр Наполеон Франция императоры болды.

Қаңтар Дессалин Гаитидің тәуелсіздігін жариялады.

1805

Қазан Трафельгар ұрысында британ флоты француздарды талқандады.

1812

Маусым Наполеон Ресейге басып кірді.

1814

Қыркүйек Вена конгресі шақырылды.

1815

Маусым-қазан Наполеон жеңіліп, Әулие Елена аралына айдауға кетті.

Сан-Доминго 1791 жылдан 1794 жылға дейін анархияға жақын жағдайда қалды. Француз әскерлері жағдайды тыныштандыруға тырысты, бірақ жауынгерлер безгек пен өзге де тропиктік аурулардан көптеп қырылды. Испания мен Британия Франциямен соғыса отырып, Кариб алабындағы стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін Сан-Домингоға 1793 жылы басып кірген кезде жағдай тіпті қиындады.

Сан-Домингодағы революция. Соғыстағы құлдар мен француз әскері аман қалу үшін тымырсық ауа мен тропиктік климатқа және жұқпалы ауруларға төзуге тура келді. Суретте Туссен Лувертюр француз шабуылына тойтарыс беріп, ортада тұр. Туссен аралдың географиясын әскери мақсатта қалай оңтайлы пайдаланды?

1794–1802 жылдар аралығындағы революцияның үшінші кезеңінде әскери және саяси сахнаға бұрынғы құл Туссен Лувертюр (too-SAN loo-ver-CHURE) шықты. Отыз жасында азаттық алған креол құл Туссен көтерілістің көсеміне айналды. Дарынды, партизандық тактиканы меңгерген әрі сауатты Туссен құлдар мен қоғамдағы өзге де топтар арасындағы әлеуметтік алшақтықты сәтті пайдалана білді. Француз Ұлттық конвенциясы мұхиттың арғы жағындағы отарлардың барлығында құлдықты тоқтатқан кезде, Туссен испандық және британдық басқыншы күштермен соғысу үшін аралдағы француз республикашыл шенеуніктеріне қосылды. Безгек ауруы да көтерілісшілерге «қол ұшын созды», 25 мың британ әскерінің 15 мыңы осы дерттен көз жұмды. 1800 жылы Франция үкіметі Туссенді Сан-Домингоның губернаторы етіп тағайындады, әйтсе де ол демократиялық режим орнатқан жоқ. Жаңа конституция барлық құзыретті оның қолына шоғырландырып берді. Шикізат экспорты арал экономикасының өміршеңдігінің кілті екенін ұғып, мәжбүрлі жұмысқа жегу мен азаттық алған бұрынғы құлдарды жұмысқа қайта тарту үшін плантацияларда ортақ табысқа жұмыс істеу механизмін кейде сәтті, кейде сәтсіз жүзеге асыруға тырысты.

Сан-Доминго 1802 жылдан 1804 жылға дейінгі революцияның соңғы сатысында тәуелсіздік үшін күресті. Құлиеленушілік режимді қайта қалпына келтіруді қалаған Наполеон аралды шабуылдауға әскер аттандырды. Олар барлық айлақтарды басып алып, Туссенді қолға түсірді. Оны Францияға жіберді және сол жерде 1803 жылы түрмеде қайтыс болды. Дегенмен оның отанында қарсылық жалғаса берді, ал француз әскері ауруға ұшырап, мыңдап қаза тапты. 1803 жылы Франция мен Британия соғыса бастаған уақытта Наполеон шығынын азайтуды ұйғарды және негізгі мақсаттарын қайта қарау барысында Луизиананы Құрама Штаттарға сатты да, өз әскерін Сан-Домингодан шығарды. Келесі жылы Туссеннің бұрынғы сарбаздарының бірі – Жан-Жак Дессалин (Jean-Jacques Dessalіnes) Гаити тәуелсіздігін жариялады. Өкінішке қарай, ұзаққа созылған революция қалаларды да, плантацияларды да қараусыз қалдырды. Егеменді Гаити халқы, негізінен, сауатсыз әрі тақыр кедей еді. Қалай болғанда да саяси оқшау қалып, республиканың шекпенін киген диктаторлық үкіметпен ондаған жылдар бойы күресуге мәжбүр болды. Франция 1825 жылға дейін, Құрама Штаттар 1862 жылға дейін Гаитидің тәуелсіздігін мойындамады.

Деректерді САРАЛАУ

Туссен Лувертюрдың француз директориясына жазғаны

Француз революциясының шешуші кезеңі аяқталып, билікке біршама консервативті директория келген соң, гаитилік революция көсемі Туссен Лувертюр Ұлттық конвенцияның отарлардағы құлдықтың жойылуы жөніндегі 1974 жылғы жарлығын Париж мойындамайды деп қауіптенді. Париждегі кейбір саяси фракциялар дәл солай істегісі де келді. 1997 жылы, қарашада Туссен директорияға жазған хатында республика мен оның биік идеалдарына адалдығын білдіре отырып, әйтсе де өз елінің азаттығы аяққа тапталмауын талап еткен еді.

Отарлаушылар (француздар) ұсынған азаттыққа талпыныс бұрынғыдан бетер қорқыныш ұялатады, өйткені бұл – олардың сұрқия жоспарларын патриотизммен бүркеген бетперде ғана. Олардың мына отарда бұрынғы сұмдықтардың жаңартылған қойылымын тамашалау үшін бұлдыр, құрғақ уәделер беріп, сол уәделерге сендіруге тырысып бағарын жақсы білеміз. Арамызда әу дегеннен озбырлар жасап берген ашытқыны ашытуға құлшынып отырған опасыз эмиссарлар пайда болды. Бірақ олардың дегені бола қоймас. Азаттық алақанындағы барша қасиетпен ант етем! Францияға адалдығым, қара нәсілділердің жайына қанықтығым, маған олардың ойға алған қылмыстары яки біз жаңғыртқан ант жөнінде сіздерге хабарлауға міндеттейді. Мұным – қайта орнаған құлдықтың құрбаны болмай, өзіміз азаттығына қол жеткізген еліміздің қирандыларының астында жерлену үшін жасаған әрекетім.

Үнсіздік көлеңкесінде егемендігіміздің ежелгі дұшпандары даярлаған дауылдан басымызды, жетекші азаматтар – сіздер қорғауларыңыз керек. Заң шығарушы билікті жақсартатын да, жұтаң жағалауларымызда қазіргі жүйенің жауларын тайраңдатпай, жасамақ жаңа қылмыстарының алдын алатын да сіздер! Ағаларымызды, достарымызды күлпарша болған адам ұрпағын билеп-төстегісі келетіндердің құрбандыққа шалуына жол бермеңіздер...

Осы хатқа қоса сіздерге Франциядағы, Құрама Штаттардағы және ағылшын туы астында қызмет еткен сан-доминголық меншік иелері арасындағы бірліктен хабардар ететін декларация жолдаймын. Онда құлиеленушілікті орнатуға қатысты тиянақты һәм мұқият құрастырылған қарармен таныс боласыздар. Сіздер олардың мақсатқа жету жолында азаттықтың тонын жамыла отырып, оған күйрете соққы беруден де тайынбайтынын көресіздер.

Азаттықтың тәтті дәмін татқан адамдар оның қолдан сытылып бара жатқанына жайбарақат қарап отыра береді деп ойлай ма екен? Олар «құлдық – бақытты өмір» деп ойлап жүргенде ғана құлдық қамытын шеше алмап еді. Ал дәл қазір өткен күн елесінен арылған соң, қайта құлдыққа түскенше, мың жаны барлар мыңын да құрбан етер еді. Бірақ бұғаудан босатқандарды құлдыққа қайта жекпейді. Франция өз ұстанымдарын жоққа шығарып, біздегі өз пайдасынан бас тартпайды... Бірақ Сан-Домингода құлиеленушілікті қайта орнатуға тырысса, мұның мүмкін емес дүниеге талпыныс боларын хабарлаймын; біз азаттыққа қол жеткізу үшін қатерге қалай бас байлау керегін үйрендік, азаттықты сақтап қалу жолында өлімді қалай қасқайып қарсы алу керегін де үйреніп аламыз...

Францияға және берген антыма адалдықтан тайғанға дейін, бостандық құдайы қорланып, азаттық жауларының қолынан әлсірегенге дейін, бостандық пен теңдікті тұғырына орнату үшін Францияның осы құқықтарды қорғауды сеніп тапсырған менің қолымнан осы қылыш пен осы қаруды тартып алғанға дейін, жүрегімдегі алғыс сезімі өлгенге дейін немесе өмірім тоқтағанша ант берген қолым Сіздің қолыңызда екенін қайталауды маңызды санаймын.

Дереккөз: C. L. R. James, The Black Jacobіns: Toussaіnt L’Ouverture and the San Domіngo Revolutіon, 2nd ed. rev. (New York: Vіntage Books, 1963), 195–197.

Сыни пайым

Туссеннің хатынан Америка және Француз революциясын құлшындырған идеялармен таныс болғаны жайлы қандай дәлелдер көресіз? Туссен құлиеленушілікті қайта қалпына келтірмеуге қатысты Француз революциясының ұстанымдарымен қатар тағы қандай дәлелдерді алға тартып отыр? Кейбір француз фракцияларының құлиеленушілікті қайта қалпына келтіруге деген ұмтылыстары «азаттықтың тонын жамыла отырып, оған соққы беруден де тайынбайды» деген Туссеннің мәлімдемесін қалай түсіндірер едіңіз?

Туссен Лувертюр бұйрық беруде. Бұл портретте еуропалық әскери офицер формасын киген Гаити көсемін көреміз. Көмекшісі атын ерттеп, күтіп тұр. Туссеннің алдында шарап толы бокал. Ал артында сырт көзге жайлы үй. Бұл көріністі командирдің 193-беттегі суретімен қалай байланыстырар едіңіз?

Екінші толқын: Латын Америкасындағы революциялар

ОЙЛАН: Қандай факторлар қос Америкадағы Испания мен Португалияның отарлық билігін құлату жолындағы қозғалыстардың табысты болуына әсер етті?

Британияның Солтүстік Америкадағы он үш отарымен немесе Гаитимен салыстырғанда Испания мен Португалияның Америкадағы отарларындағы тәуелсіздікке ұмтылған қозғалыстар кейінірек басталды және олар азаттық үшін ұзағырақ соғысты. Латын Америкасындағы революцияның алдында Наполеонның 1807–1808 жылдары Испания мен Португалияға басып кіріп, бұл екі елдің корольдері қашып құтылуға мәжбүр болған еді. Мадридтен тікелей құзырет алмаған хунталар35 жергілікті империялық шенді қызметкерлерді қорғау үшін Испанияның Америкадағы бірнеше қаласындағы саяси істерін бақылауды қолдарына алды. 1810 жылы Буэнос-Айрес пен Каракаста қарулы қақтығыстар басталды да, мексикалық шіркеудің діни қызметкері Мигель Идальго Жаңа Испания вице-корольдігіндегі испан билігіне қарсы шаруалар көтерілісін бастады (Солтүстік Америка мен Орталық Америкадағы империя аумағы).

Испан королі VІІ Фердинанд (1808, 1814–1833 жылдары билік құрды) Мадридтегі тағына қайта оралған соң, отарлық жасақ пен испан әскері арасында он бес жыл бойы қантөгісті ұрыс жалғасты. Тек 1828 жылы ғана Испания төрт отар вице-корольдігінің орнына жаңа республикалар кластерін қалдырып, Америка құрлығынан түбегейлі бас тартты. Испания империясы Куба аралдары мен Пуэрто-Рикада ғана тұрақтап қалды. Бразилияға келсек, Наполеонның 1807 жылы Португалияға шабуылы король үкіметін Лиссабоннан шығып кетуге, Атлантиканы жүзіп өтіп, тағын қайта Рио-де-Жанейроға орнықтыруға мәжбүрледі. 1822 жылы Бразилия революциялық күрессіз-ақ тәуелсіздік алды. Бұған реформатор ханзада Дом Педроның әкесі король VІ Жуанды (João VІ; 1816–1826 жылдары билік құрды) Наполеонның интервенциясы аяқталған соң Португалияға ілесіп қайта барудан бас тартуы айтарлықтай әсер етті. Мұның орнына ол жаңа конституциялық монархияны билеу үшін бразилиялық меншік иесі – элиталармен бірікті.

Бүлік (іnsurgency) – ұйымдастырылған, негізінен мемлекетке не оның ұстанған саясатына қарсы іштен бас көтеру, кейде партизандық жолмен немесе террорлық әрекеттер арқылы жасалады.

Хунта (junta) – қоғамдық дүмпу яки революциядан соң жергілікті немесе ұлттық үкімет бақылауын басып алатын комитет немесе кеңес.

Революция қарсаңындағы отарлық қоғам

Испандық Америка және Британияның он үш отарында да саяси-экономикалық наразылық еуропалық империя қызметкерлері үшін адам төзгісіз жағдайға жеткен кезде ғана революция басталған еді. Бұл екі мысалдан да меншік иесі ақ нәсілді креолдарды ауыр салық пен бизнесті және сауданы тұралатып тастаған дүниеқоңыз саясат адам төзгісіз көрінген кезде қозғалысқа итермелегенін байқаймыз. Сондай-ақ осы екі мысал да ағартудың құқықтар мен еркіндік жайлы идеялары көтеріліс отына идеологиялық май құйғанын дәлелдейді. Латын Америкасы көсемдері қарсылық күрес және республикалық үкімет идеясында Солтүстік Америка мен Француз революциясына модель ретінде табан тіреді.

Дегенмен Британ және Испан революциясының айырмашылығы жер мен көктей. Біріншіден, испан империясы британдық он үш отармен салыстырғанда, географиялық тұрғыдан өте ауқымды әрі мәдени көпқырлы еді. Ұзақ қашықтықтар қалаларды бір-бірінен алшақтатты, құрлық жолы кенже дамыды, империяның негізгі үлкен аймақтары өзгеше климат, экология және этнолингвистикалық топтарға иелік етті де, бір-бірімен тығыз байланыса алмады. Испан вице-корольдіктері британ отарларынан әлеуметтік иерархия құрамымен де ерекшеленді. Солтүстік Америкада еуропатекті адамдардың қара нәсілді құлдар мен үндістерден саны айтарлықтай көп болды. Испандық Америкада жағдай керісінше еді. Он жеті миллион тұрғынның шамамен 44 пайызы үндістер, касталар (аралас текті халықтар) – 32 пайыз, ақ нәсілділер – 19 пайыз, ал қара нәсілділер – 5 пайыз. Бұл арасалмақ империяның бір бөлігі мен екінші бөлігіне қарай түрленіп тұрды, бірақ отар заңы мен мәдени тәжірибесі айтарлықтай біржақты һәм сірескен әлеуметтік иерархияны сақтап келді: түбектіктер (Еуропада туған ақ нәсілділер) артықшылықтарға ие болып, биліктің жоғарғы ұшына орналасты, ақ нәсілді креолдар екінші сатыны иеленді және бұдан кейінгі касталар – үндістер мен қара нәсілділер төменгі бөлікке орнықты (18-тарауды қараңыз). Географиялық және адами фактордың осындай құрамына байланысты отар бүлікшілері бір ғана емес, бірнеше жаңа көтеріліске қатысты.

Тәуелсіздік үшін күрес қозғалыстарының алдыңғы сапында болған ақ нәсілді креол меншік иелері өзгеше арман жетегінде еді. Олар Америкада уақытша тұрса да, шенеунік, әскери және католик дінбасы ретінде жоғары мансапты иеленетін түбектіктерге қарсы болды. Түбектіктер ақ нәсілді халықтың 5 пайыздан кем бөлігін құраса да, өздеріне тән әлеуметтік артықшылықтарын паш етті әрі Испанияға оралғанға дейін әжептәуір байлық жинап үлгерді. XVІІІ ғасырда Испания тәж иесі саяси реформалар жасады, бірақ дәл Солтүстік Америкадағы британдықтар секілді жергілікті тұрғындар еркіндігін кеңейту мақсатында емес, тәртіпті қолға алып, сауда мен салық субъектілерін тиімдірек бақылауға алу осы қадамға жетеледі. Он үш отармен салыстырғанда испандық Америкадағы меншік иесі креолдар жергілікті билігін немесе арыз шағымын қолдана алатындай заң шығарушы отарлық орган құруға ешқашан рұқсат бермеді. Креол көшбасшылары испандық Америка экономикасын құруға, яғни асьендалар, кен орындары, плантациялар мен экспортты сауданы дамытуға көп еңбек сіңірген түбектіктер емес, өздері екенін білгендіктен, бұл әділетсіздікті сынады.

Дегенмен креолдар мен түбектіктер олардан төмен әлеуметтік таптан наразылық туа бастаған кезде жылдам тіл табысып кетті. Испандық Американың көп бөлігінде бұл екі ақ нәсілді топ шаруаларға, ранчодағы жалдамалы жұмысшыларға, қызметшілерге және сан жағынан әлдеқайда көп құлдарға бақылау орнатты. Олар әдетте бұл таптағыларды «лайықты орнында», яғни жағымпаз жұмысшы һәм әлеуметтік бағынышты ретінде ұстауға лайықпыз деген шешімге тоқтаған еді. Креолдар ішіндегі испан авторитаризмінің езгісінде қалғандары әлеуметтік революцияны «ең төменнен» бастауды қалады. 1790 жылдардағы француз терроры мен Гаити плантацияларын отқа ораған құлдар жайлы жаңалықтардан соң, креолдар шегіншектеп қалды. Көтерілісші дін қызметкері Идальго Мексика үндістер мен метистерді (mestіzos; ақ нәсілділер мен үндіс тектілердің аралас некесінен туған адамдар) испан қысымына қарсы көтерген кезде және ақ нәсілді меншік иелерінің өліміне тосқауыл қою мүмкін болмай қалған тұста креолдар оларға қарсы шықты. Француз әскері 1811 жылы Идальгоны қолға түсіріп, дарға асты, әйтсе де елді мекендердегі көтерілістер жалғаса берді.

Тәуелсіздік үшін соғыстар

Кроелдардың оқиғаны бақылаудан шығарып алғанына қарамастан, 1810 жылдан соң жағдай тез өзгерді. Бірқатар көсемдер VІІ Фердинанд корольге адалдықтан бас тартуға келгенде жүрексініп қалды. Соңында онымен саяси еркіндік жайлы келіссөз жүргізуге келіскеніне өкінді. 1814 жылы француздар Испанияны тастап шығып, Фердинанд Мадридке оралған соң, Америка көтерілістерін басып-жаншу үшін көп әскер жіберді.

Алғашында испан әскерлері король тағына адал боп қалған түбектіктермен және креолдармен біріге отырып, шабуылға көшті. Мексикадағы шаруалар көтерілісі шашырауға айналғанда испан әкімшілігі еркін сайлау жайлы талаптарды орындаудан бас тартты. Дегенмен 1816 жылдан соң әскери жағдай өзгере бастады. Мексикадан Аргентинаға дейінгі бүлікшіл көсемдер табанды түрде күресті жалғастырды және Испаниядағы үкімет көлемді қарызбен, қалалық көтерілісшілердің шектеулі монархияны талап етуімен бетпе-бет келгендіктен, Америкаға көп солдат жібере алмайтын болды. Шалғайдағы оңтүстікте Хосе де Сан-Мартин Чили мен Перудің көп бөлігінен испандықтарды тықсырып шықты. Жаңа Гранададағы солтүстіктегі вице-корольдіктен Симон Боливар креолдарды, касталарды, Венесуэла жазығынан ковбойлардың атты әскерімен азаттыққа ұмтылған құлдарға дейін жинап, көтерілісшілер жасағын құрды. 1821 жылы бұл әскер қазіргі Венесуэла мен Колумбияның аймағын басып алды, ал келесі төрт жылда король әскерін Эквадор мен Перуде жеңді.

Испандық Америкадағы тәуелсіздік қозғалыстарының көсемдері үкімет қабылдауға тиіс тәуелсіздікке қатысты әртүрлі идея жетегіне ерді. Симон Боливар республикашыл еді. Ол креол табының басқаруын жақтады, қайтпас саяси күрескер және он жылға жуық қысқа өмір сүрген Ұлы Колумбия республикасының авторитарлық президенті болды. Хосе де Сан-Мартин, керісінше, конституциялық монархияның жақтасы, либерал реформатор және саяси құлқыны жоқ, дарынды генерал еді.

Мексика бір-бірінің ізін қуалап келіп отырған Еуропадағы саяси жағдайлармен тығыз байланысты оқиғалар тізбегінде тәуелсіздігін алды, 1821 жылғы көтеріліс король VІІ Фердинандтың билігін шектейтін және заң шығарушы органды құратын конституция қабылдауға көндірді. Мексика вице-королі қолдаған оқиғаның бұлай өрбуі креолдардың үмітін оятты және оларды да, түбектіктерді де күш қолданатын революциясыз-ақ саяси өзгерістерге қол жеткізуге талпындырды. Креол және роялист (корольдік билік пен монархиялық құрылысты жақтауды білдіретін саяси ағымның, әскердің мүшесі) командир Агустин де Итурбиде түбектіктердің, креолдардың, католик шіркеуінің және әскердің мүддесін қорғауға бағытталған барлық әлеуметтік топтар арасындағы ымыраны алдыңғы орынға шығарды, сонымен бірге құлдардан басқа барлық мексикалықтарға да құқықтық теңдік беремін деп уәде етті. Бірақ кейбір консерватор жетекшілер Идальго сияқты радикалды көтерілісшілерге қарсы контрреволюциялық шабуылдар ұйымдастырды. Дегенмен 1821 жылы Итурбиде шынымен де Мексиканың «конституциялық монархы» ретінде билікті қолға алды. Онжылдық соғыс мемлекетті өте қиын экономикалық жағдайға жеткізді. Итурбиде біліксіз басқарушы болып шықты, 1823 жылы наразы әскерилер оны тақтан тайдырды да, қысқа ғұмырлы монархияны республикаға алмастырды.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Генерал Хосе де Сан-Мартин

Хосе де Сан-Мартин: Оңтүстік Анд мемлекеттерін азат етуші

Хосе де Сан-Мартин (1778–1850) Аргентинада дүниеге келді, империялық лейтенант-губернатордың ұлы. Түбектік ата-анасы оны бала кезінде Испанияға алып келеді де, 11 жасында сондағы әскерге курсант болып барады. Алғашқы соғысын 1791 жылы Солтүстік Африкадағы Оран айлағын бақылауда ұстау үшін мұсылман күштеріне қарсы ұрыста өткізді. Кейін Наполеонға қарсы испан айқасында көзге түсті. Еуропаны шырмаған саяси реформа идеяларына сеніп, 1811 жылы әскерден кетті де, креол көтерілісшілері тәуелсіздігін жариялаған Буэнос-Айреске аттанды. Аргентинаның шалғай шығысында қарсы күш топтап, 1817 жылы, қаңтарда көпшілігі қара нәсілділер мен мулаттардан тұратын бес мың жасақты Оңтүстік Андтағы 12 мың футтық өткелдер арқылы Чилиге бастап жүрді. Анд өткелдері әскерінің діңкесін құртса да, тылда ерен ерлік танытты. Ақпанда оның әскерін испандық және оның жақтасы – Чилидің бас қаласы Сантьягодан шыққан жасақ екеуі бірігіп ығыстырды.

Чилилік жер иеленуші таптың өкілдері Сан-Мартинге мемлекет президенті болуды ұсынды, бірақ саяси лауазымнан бас тартқан ол Перуді вице-корольдіктен азат етуді жоспарлады. Сантьягоны Перудің астанасы Лимадан мыңдаған миль мен қатал Атакама жазығы бөліп жатқандықтан, әскерін жағалауға жеткізу үшін Сан-Мартин 1820 жылы британдық флотпен бірікті. Өте сақ қолбасшы ретінде қимылдап, ол Лиманың оңтүстігіне келді, қала тұрғындары соңымнан еріп испан билеушілеріне қарсы көтеріледі деген үміт жетегіне бір жыл бойы ерді. Бірақ олай болмады, соңында әйтеуір қалаға қарай қозғалып шыққан кезде вице-король мен әскері қашып кетті. Жергілікті креол жетекшілер тәуелсіздік жариялағаннан соң ғана, 1821 жылы шілде айында Лимаға кірді. Ол «Перуді жаулап алатын ниетім жоқ» деді: «Дәл қазір ел шынайы мақсатын біліп тұр және тұрғындардың өз ойларын ашық айтуға мүмкіндіктері болуға тиіс деген дұрыс қадам».

Сан-Мартин Перу протекторы ретінде билікті ықылассыз қолға алды. Осы жұмысында либералды реформаларды қатаң қадағалады. Үндістерді алым төлеуден және жұмысқа күштеп жегуден босатты, тәуелсіздіктен кейін туған құлдардың балалары азат болуы керек деген үкім шығарды. Ұлтшылдықтың жаңа дәуірін жариялайтын үкімінде ол: «Аборигендерді [байырғы тұрғындар] үндіс немесе абориген деп деп атауға болмайды; олар – Перудің балалары және азаматтары, олар – перуліктер», – деді. Дегенмен Лиманың консерватор креол табы Протектордың реформаларына қарсылық танытты және олармен арадағы жаймашуақ түсіністік тез аяқталды.

1822 жылдың ортасында Сан-Мартин Эквадор арқылы әскері оңтүстікке қарай келе жатқан Симон Боливармен кездесу үшін Солтүстік Перуге барды. Қос генерал бір-біріне не айтқанын ешкім білмейді, бірақ куәгерлердің айтуынша, кездесуден екеуі де «айтарлықтай көңілсіз» шыққан. Екеуі бұрынғы империяның саяси келешегіне қатысты қайшылықты көзқараста болды. Қалай болғанда да Боливардың қолында қуатты әскер бар еді және саяси билікке ұмтылды. Ол Перуге азаттық алып берді, испандық Америкадағы тәуелсіздік соғысын жеңіспен аяқтады, Перу мен Ұлы Колумбия президенті ретінде екеуінің де билігін қолына алды. Бұл уақытта Сан-Мартин Лимаға қайтып оралды, билігін екі айдан соң тастап кетті және соңында Еуропаға жол тартты. Боливар Ұлы Колумбияны да уысынан шығармауға талпынып, құрт ауруынан 1830 жылы қайтыс болды. Сан-Мартин 1850 жылы, Париж маңындағы қызының үйінде дүниеден өтті. Боливардан жиырма жыл артық ғұмыр кешті.

Сыни пайым

Испанияның жеңілісінен кейін жаңа республикалардың бірінде саяси рөл иеленудің орнына, Сан-Мартинді Оңтүстік Америкадан кетуге қандай факторлар итермелеген болуы мүмкін деп ойлайсыз?

Дін қызметкері Мигель Идальго және Тәуелсіздік соғысы декларациясы. Бұл алып фрескада Мексиканың Испаниядан тәуелсіздік үшін күресінің екі қыры көрсетілген. Сол жақта Мигель 1810 жылы 16 қыркүйекте үндістер мен өзге де қара халықтың азшылық билігіне қарсы тұрғаны баяндалатын «Долорес жанайқайын» («The Cry of Dolores») дауыстап оқып тұр. Оң жақта элита мүшелері тәуелсіздіктің талаптарын талқылауда. Мексикалық суретші Хуан О’Горман бұл қабырға суретін 1939 жылы, бұрынғы король резиденциясынан ұлттық тарихи музейге айналған Чапультепек сарайында салған. О’Горманның осы фрескасында революциядан бір ғасырдан аса уақыт өткеннен кейін де пайдаға асатын қандай саяси немесе қоғамдық мақсат көзделеді?

Жас мемлекеттердің көбеюі

Кейбір тәуелсіздік көсемдері, соның ішінде Боливар да, испандық Американы бүгінгі Құрама Штаттар секілді жылдам өркендейтін және жаһандық ықпалы зор керемет федерация жасағысы келді. Бұрынғы империяның барша креол меншік иелері коммерциялық мүдде аясында бірікті, испанша сөйледі, үлкен қалаларда шыға бастаған газеттерді оқыды және өздерін түбектіктерден қағажу көрген, ортақ тарихы бар «америкалықпыз» деп есептеді. Бірақ ынтымақтары болмады. Испандық Америка Калифорниядан бастап Горн мүйісіне дейін, шамамен 8000 мильді алып жатты және аймақтық мәдени даралық пен саяси мүдделер императорлық биліктің үш ғасырында нығая түсті. Әртүрлі аймақтағы креол элиталары бірігіп, ортақ шаруа үйлестіруде тәжірибесіз болып шықты. Қайткенде де ең әуелі бірінші болып бар әкімшілік басқару бірлігінде король шенді қызметкерлерімен орын алмасуға ұмтылды. Тіпті федерация жайлы кей жоспарларының өзі жүзеге аспады. Боливардың Ұлы Колумбиясы тез арада Венесуэлаға, Колумбияға, Эквадор мен соңында Панамаға шашырап, бөлініп кетті. Рио-де-ла-Плата вице-корольдігі Аргентина, Парагвай, Уругвай және Боливияға бөлінді (20.3-картаға қараңыз). Орталық Американың біріккен провинциялары 1840 жылға дейін біртұтас болды, одан кейін шағын бес мемлекетке шашырап кетті. Керісінше, терең тамырлап кеткен жершілдікке қарамастан, жас ханзада Дом Педро көрегендігінің арқасында және саны миллионға жететін құл тұрғындарды ақ нәсілді элитамен қатар өмір сүруге көндіре алғанының арқасында Бразилияның тұтастығын сақтап қалды.

20.3-КАРТА. 1830 жылғы қос Америка

Қандай географиялық факторлар Испанияның америкалық империясының тұтастығын сақтамай, әу баста ерікті он бір елге бөлініп кеткенін түсінуге көмектеседі?

Испандық Америкада және Бразилияда еуропалық меншік иесі ерлер тәуелсіздік соғысына дейін және кейін әлеуметтік иерархияның жоғарғы сатысына жайғасты. Жас мемлекетке Құрама Штаттардағыдай тереңдеп кеткен әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті еңсеру керек болды. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында Бразилия және Куба мен Пуэрто-Рикода қалған испан отарларынан басқа, жаңа мемлекеттердің барлығы құлиеленушілікті жойды. Бұған қарамастан, үндістер мен ерікті қара нәсілділер қоғамдық өмірге аз араласты, ал касталар әлеуметтік және саяси баспалдақпен барын салып көтерілді. Барлық әлеуметтік таптағы әйелдер соғыстарға жанын сала араласты және бірнешеуі патриот ретінде даңққа бөленді. Боливиялық каста Хуана Асурдуй 1816 жылы испан әскеріне қарсы атты әскермен шабуылдады. Хертрудис Боканегра ерлік танытқан өзге әйелдер секілді, испандықтар қолға түсіріп, өлтіргенге дейін, мексикалық көтерісшілерге шабарман ретінде қызмет етті. Ауқатты түбектіктің некесіз туған қызы және Симон Боливардың көңілдесі Мануэла Саэнс революциялық қозғалыстың барлау агенті, жауынгері, медбикесі болды және тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде саясатқа араласты. Бірақ азаттық қозғалыстары ерлердің патриархаттық үстемдігін көбіне өзгеріссіз қалдырды. Латын Америкасының ешбір жерінде әйелдер дауыс беру құқығына ие бола алмады немесе тыйым салған некелік қатынастар жайлы заңдар күшіне енбеді. Ал ерлер отбасыдан тәуелсіз өмірдің жаңа заманы басталады деп күтті.

Революция көсемі Мануэла Саэнс (1797–1856). Әскери стратег, солдат, саясаткер және белсенді Саэнс Латын Америкасының тәуелсіздігінде маңызды рөл атқарды. Саясатпен айналысушы өзге әйелдер секілді тәуелсіздіктен кейінгі оқиғаларға көп араласпады. Тарихшылар оның Симон Боливармен қарым-қатынасын нысанаға алмай, сол кезеңдегі оқиғалардағы саяси және мәдени маңызын енді-енді зерттей бастады. Латын Америкасындағы тәуелсіздік қозғалыстарына әйелдердің қосқан үлесіне қатысты көзқарастардың өзгеруін қалай түсіндірер едіңіз?

Қорытынды

Күш көрсету арқылы, кейде бей-берекет жолмен 1775–1830 жылдары Еуропа мен Батыс жартышарда басталған революциялар адамзат санасына «ортақ құқықтары мен жауапкершілігі бар адамдар қауымдастығы тәуелсіз мемлекет құра алады» деген жаңа идеяны әбден сіңірді. Бұл идея мың жыл бұрын пайда болған, «мемлекет корольдер элитасы, ханзадалар, ақсүйектер, генералдар мен дінбасылардың арқасында ғана өмір сүреді» дейтін ұстанымға қарсы шықты. Алайда жаңа замандағы революциялар Атлантика аймағында немесе басқа да жерлерде демократияны зор жеңіске жеткізіп, тұғырына орнықтырды деген тұжырым жасамауымыз керек. Британия Солтүстік Америкадағы он үш отарын уыстан шығарып алған соң, отарланған Ирландия, Оңтүстік Азия мен Кариб бассейніндегі халықтарға құқық пен бостандық беріп, қиындықтарды тоқтатуға кіріскен жоқ. Керісінше, король авторитарлық билігін бұрынғыдан да қатайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Британия өз жерінде 1832 жылы жасы ересек ер адамдарға сайлау құқығын бергенімен, жаппай саяси наразылықтарға полицейлік жазалаумен жауап қайтаруды және сөз бостандығы мен жиындарға шектеу қоюды жалғастыра берді. Францияда радикалды демократиялық революция Наполеон деспотизміне ауысты. Франция 1815 жылы таққа король Людовикті және дауыс беру құқығын шектейтін қатаң конституцияны қайта әкелді. Вена конгресі король-автократтарды тағына қайтарды немесе консервативтік конституциялық монархияны мақұлдады. Гаити азаттық алған құлдар демократиясынан саяси шектелген диктаторлыққа қарай жылдам адымдады. Латын Америкасындағы жаңа республикаларда меншік иесі ақсүйектер мен елді мекендердегі әскери басшылар барлық жауапты қызметті өз қолдарына алып, испан және португал билігінің қол астында болғандықтан, үндістерді, қара нәсілділерді және касталардың түгелге жуығын саяси маргинал күйде қалдырды. Жас Құрама Штаттар халқының 10 пайызын құлдықта ұстап қана қойған жоқ, бұған қоса байырғы америкалық үндістерді жаулау әрі бағындыру мақсатында империялық шытырманға толы жолға түсті. 1830 жылдардағы оқиғаларға үңілсек, дүниежүзі халқының басым бөлігі іс жүзінде билігі шектелмеген билеушілердің бағыныштылары ретінде өмір сүруін жалғастыра бергенін байқаймыз.

Дегенмен 1830 жыл – жаңа заманға көшудің тарихи сәтін паш етті. Келесі онжылдықта жылдам өзгерген жаһандық экономиканың күрделі де бұлыңғыр күйі көптеген қауымдастықты құқықтарын, бостандықтарын және ұлттық өзін-өзі билеу құқығын талап етуге мүмкіндік сыйлады. Қала жұмысшылары мен елдегі басым шаруалар қоғам өміріне белсенді араласуға кірісті, белгілі бір елдерде ерлер сайлау құқығы мен қызмет иелену құқығына ие болды, құлиеленушілік пен құл саудасына қарсы тараптар күш жинады және Атлантика революцияларына оттық болған идеялар Азия мен Африкадағы қалаларда өмір сүретін сауатты халықты да оята бастады.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

21

Энергетика және индустрияландыру
1750–1850 жылдар
Джордж және Роберт Стивенсондардың «Ракета» («Rocket») локомотиві

Лондон сахнасының сол уақыттағы жас әртісі Фанни Кембл 1830 жылы жазда таңғажайып әсерге бөленді. Ол Англияның батыс жағалауындағы ауқымды Ливерпуль айлағы мен мақта-мата өнімдерін шығаратын Манчестер қаласы (шығысқа қарай 30 миль қашықтықта) арасында жолаушылар мен жүк тасымалдау үшін шығарған, бумен жүретін «Ракета» атты локомотивпен саяхаттауға шақырту алды. Әкелі-балалы Джордж және Роберт Стивенсондар жасаған «Ракета» жүк вагондары мен платформаларды сағатына 30 мильден жоғары жылдамдықпен тартып, жүйткіді. «Ауаны тіліп өтіп, жөңкілудің қаншалықты әсерлі болатынын елестете де алмайсыз», – деп жазды кейінірек Фанни. «Желдің қуаты немесе желге қарсы қозғалыс күшінің себебінен болар, көзімді аша алмадым… Көзімді тарс жұмып алған кезде ұшып бара жатқандай әсерге бөленіп, өзгеше әрі таңғажайып күйге түстім және мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес; таңғаларлығы – бойымды еш үрей билеген жоқ»1. Локомотивтің күшіне қайран қалғанымен, Кемблдің теміржол транспортының қауіпсіздігі жайлы сенімі толық ақталмады. 15 қыркүйекте Ливерпуль мен Манчестер теміржолы ресми ашылып, қарама-қарсы бағытта, екі қала арасында сегіз локомотив жолаушыларды тасымалдаған кезде парламент мүшесі Уильям Хаскиссон аяғы тайып, қарама-қарсы бағыттағы пойыз жолына құлады да, алған жарақатынан қайтыс болды. Бұл апатқа қарамастан, Ливерпуль мен Манчестер бағыты дүниежүзінде толыққанды жұмыс істейтін алғашқы теміржол ретінде даңқы шықты. Адам нанғысыз жылдамдықпен жолаушылар тасымалдап қана қоймай, мақта теңдерін Ливерпуль айлағынан Манчестерге тасымалдауға кететін уақытты бірнеше күннен бірнеше сағатқа қысқарта отырып, жергілікті канал торабын басып озды. 1838 жылы Британияда 743 мильге созылған теміржол бар еді; 1850 жылы теміржол торабы 6 088 мильге жетті. Бұдан кейін теміржол бағыты Еуропа құрлығынан асып, Құрама Штаттарға, Канадаға, Ресейге және аздаған уақыттан соң Үндістанға дейін созылды. Алғашқы локомотив пештерінде суды буға айналдырып, қайнату үшін ағаш сүрегін немесе көмірін жағатын, сонымен қатар көмірді және кокс деп аталатын химиялық қосындыны да пайдаланды. Кокс қуатымен жүретін «Ракета» қолданысқа енген уақытта, адамдар көмір қуатын ең тиімді энергия көзі деп білетін. Энергетикалық революция деп атайтын ХІХ ғасырдағы даму адамзаттың материалдық әлем атаулымен қарым-қатынасын өзгерте бастады. Көмір мен бу қысымының қосындысы адамзатқа 200 мың жылдан бергі экономикалық өсім шекараларын бұзып өтуге мүмкіндік берді. Бұл дүмпу индустриялық революцияға тән маңызды сипат болды, өндірісті, тауар өндіруді, инновациялық технологиялар мен ғаламшардың табиғи және физикалық қоршаған ортасын басқаруды ұйымдастырудағы адамның теңдесі жоқ қуатын паш етті. Тараудың алғашқы бөлімінде небәрі екі ғасыр бұрын ғана басталған және адамдарға жер асты кен орындарында жинақталған көмірсутегін қолдануға мүмкіндік берген даму, яғни энергетикалық революция жайлы баяндаймыз. Адамзат осы қазынаны пайдалы механикалық қуат көзіне айналдыру үшін техникалық құралдарды игере бастады. Бұл даму аясында адамзат ауыл шаруашылығын, қала құрылысын, империяларды, коммерциялық және мәдени қарым-қатынастың әмбебап жүйесін ойлап тапқан бұрынғы экологиялық жүйені өзгертті. Тараудың екінші бөлімінде көмір мен буды пайдалану XІX ғасыр басында өндіріс көлемінің ауқымы артуына қалай түрткі болғанын қарастырамыз. Бұл зерттеу Британияға және сол елдегі таңғажайып технологиялық және әлеуметтік өзгерістерге мұқият үңілуді талап етеді. Расында да, осы шағын мемлекет дүниенің басқа бөліктерімен әмбебап саяси-экономикалық байланыс орнатты. Мұндай байланыстарсыз Британияда мұндай ауқымды көлемдегі индустрияландыру болмас та еді. Индустриялық революция әу бастан-ақ жаһандық экономикадағы көпқырлы өзгерістермен тығыз байланысты жаһандық құбылыс болды. Тараудың соңғы бөлімінде бу қуатымен индустриялық өнім өндіру жаһандық құбылысқа қалай айналғанын зерттейміз. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында технологиялық жаңашылдық пен фабрика құру жұмыстары жалғасты және Солтүстік Американың шығыс бөлігі мен Еуропа континентінде де индустрияландыру қарқын ала бастады. Мысыр бу қуатымен тәжірибе жасаған алғашқы елдердің бірі болды. Алайда Мысырдың ерекше тәжірибесі бізге мынаны ұқтырды: дүниежүзінің әртүрлі бөлігіндегі халықтардың көбі индустриялық экономикасын дамытуға тырысса да, жер-жаһанды шикізатпен ғана қамтамасыз ету үшін сыртқы ықпалды күштер тарапынан түрлі қысымға ұшырады. Британия жаһандық саудада басты рөлді иеленді, бұл мәртебеге үздік мата өнімдері мен өзге де экспортты тауарларымен, мемлекет мүддесін орындау мақсатында құрылған, ауқымды һәм қуатты флоттары арқылы жетті. Кәсіпкерлер мен көпестер халықаралық еркін сауданың жақтаушысына айналды, мемлекеттер шетелдік, әсіресе британдық импорттарға тосқауылды азайтса, әркім де пайдаға шаш етектен кенеледі деген ойды алға тартты. Идеялық алаңда еркін сауда қағидалары дамып, ХІХ ғасырдың өн бойында мемлекеттер капиталистік жаһандық экономикаға басшылық еткен саяси-экономикалық түсініктің жиынтық мәні саналатын либерализмнің тым күрделі идеологиясына шырмала берді.

21.1-КАРТА. Дүниежүзіндегі негізгі көмір кеніштері Көмір кен орындары әр континентте кездеседі, алайда олардың бәрі бірдей кәдеге аса бермейді. Өнеркәсібі дамыған аймақтар мен көмір кеніштерінің орналасуы арасында қандай географиялық байланысты байқайсыз?

Энергетикалық революция ОЙЛАН: Энергетикалық революцияның басты белгілері қандай және ол неліктен адамзат тарихындағы өзгерістің маңызды кезеңі деп ойлайсыз? Тарихымыздың көп бөлігінде адамзат жер бетінде немесе одан сәл ғана төменгі қабатына шоғырланған энергия көздеріне иелік етті. Күн сәулесі ғаламшардың бет-жүзін бүркейді, ал өсімдіктер бұл сәулеленуді фотосинтез арқылы химиялық энергияға айналдырады. Өңделетін жердің жұқа беткі қыртысы мен теңіздердің жоғары бөлігі тарихымыздың көп бөлігінде бізге азық болды, оны өзіміз және үй жануарлары тұтынып, бұлшық етіміз бен миымыздың энергиясына айналдырамыз. Жердің беткі қабаты да адамдар жарық, жылу, тамақ пісіру, қыш құмыра жасап, металл балқытуға қажет жылу энергиясын алу үшін биомасса (ағаштар мен өзге де өсімдік материалдары) жеткізіп келді. Өткен бірнеше мыңжылдықта өнертапқыштар желкенді қайықтар, жел диірмендер жел және ағын су арқылы өндірген азғантай механикалық (кинетикалық) энергияны қолданатын су диірмендерін құрастыра бастады. Небәрі екі жүз жылдан аз уақыт бұрын адамдар мен соқа сүйреткен жануарлар әлі де «басты қозғалтқыштар» болатын.

Тереңде жатқан жағармай

Дүниежүзінің кейбір бөліктерінде қолданылмаған энергия көздерінің ауқымды қоры жер бетінің терең қабатында жатты. Мыңнан жүз миллионға дейінгі жыл бұрын өсімдік қабаты су, балшық және тау жынысының астында еді. Сәйкесінше, осы қабатта сақталған энергия шашырап кетпей, тұма қалпында, үздіксіз қысым мен жылудың астында тас болып қатып, тығыздала берді де, қазба отындар36 ретінде танымал көмір, мұнай шикізаты мен табиғи газды түзді. Бір тарихшының айтқанындай, тереңде жатқан көмір қорының энергиясы бір кездері күн астында жайқалған жапырақтары бар жасыл желекті «жер асты орманын» көз алдымызға әкеледі2 (21.1-картаны қараңыз).

XVІІІ ғасырға дейін адамдар жанғыш қазба материалдарының шөгінділерін жер қыртысының жоғары қабатына өте жақын жатса ғана таба алатын. Қытай, Жапония, Еуропа және өзге де аймақтарда ескі замандардан бері жердің үстіңгі қабатынан, шайындыларынан немесе ашық кеніштерден көмір алды, олар көмірдің ағаш пен ағаш көмірінен гөрі қаттырақ және ұзағырақ жанатынын бұрыннан білді. Х ғасырдан бері Қытайдың темір өңдеу өндірісін гүлдендірген қолөнершілер көмірді, ағашты және ағаш көмірін домна пештерін қыздыру үшін көптеп қолданды. Алайда жаңа заманға дейінгі қоғамның көмірдің барлық мүмкіндігін толыққанды пайдаға асыратындай білімі немесе білігі жетіспеді. Ағаш сүрегімен салыстырғанда, көмір зиянды газды көбірек шығарады және нашар жасалған пеште энергияны өзі жұтып алып, жылуды сыртқа шығармайтыны да бар. Бұған қоса, тас көмірді терең шахталардан қазып алуға XVІІІ ғасырға дейінгі кез келген қоғамның техникалық мүмкіндігі жетпеді. Мұнай мен табиғи газдың жылу энергиясын жинақтауы мен өндіруі үлкен техникалық мәселелер туындатты.

Энергетикалық революция37 адамдар көмірді ауқымды көлемде өндіруді, сосын оны жылу энергиясы мен жылу қуатына тиімді жолмен айналдыруды анықтаған кезде ғана басталды. Бұл бір уақытта байқалған өзгерістерге байланысты жүзеге асты. Оның бірі – теңдесі жоқ жылдамдықта және орасан зор көлемде өнім өндіруге қабілетті, тұрақты әрі қуатты қайталанбалы қозғалыс туғыза алатын, әуелі жануарлармен, жел диірменімен немесе су дөңгелегімен басқарылған машиналарды ойлап табу болды. Бұл құрылғылар, мысалы, мата, жіп иіру мен тоқыма тоқуда қол еңбегін алмастыра алды. Өндіріс пен су шығаруда механикалық құрылғыларды пайдаланудың ұзаққа созылған тарихы бар. Жібек жіптерін тоқу мен орауда жеке басқарылатын құрылғылар XІ ғасырдан бергі уақыттан бері Қытайда қолданысқа енді. Дәл сол уақытта Оңтүстік-Батыс Азиядағы мұсылман өнертапқыштар жібек жіп тоқитын механикалық құрылғы ойлап тапты. Басқаша айтсақ, индустриялық революцияның38 пионерлері механикалық өндіріс жүйесін жасап шыққан жоқ. Дәлірегі, олар үздіксіз қажеттіліктерді орындай алатын күрделірек әрі тиімдірек машиналарды дүниеге әкелді және олар оны айтарлықтай ауқымды көлемде пайдаланды.

Дамудың екіншісі – бу қозғалтқышын ойлап табу. Бұл – буды қысыммен итеру арқылы жабық цилиндр ішіндегі піспекті (поршень) (немесе бірнеше піспекті) жоғары-төмен қозғалтатын, мұны жеткілікті деңгейде тиімді атқаратын адам, жануар және су диірмені теңесе алмайтындай ғаламат қуат көзін өндіретін механизм. Инженерлер алғашында бу қозғалтқыштарын көмір кеніштеріндегі немесе шахталардағы жер асты суларын жоғарыға сорып алу үшін сорғыштарға (насос) жалғады. Бұл инновация тез арада бу қысымын басқа да жаңалықтарға жетеледі. Осылайша, бу қозғалтқыштары мен өндіріс машиналары тығыз байланысқа түсті.

ХІХ ғасыр басында өзін-өзі қамтамасыз ететін инновация үдерісі алдыңғы қатарға шықты. Жаңа энергия ресурстары, машиналар, өндіріс әдістері, технологиялық идеялар және тауар нарығы өзара динамикалық қарым-қатынасқа түсіп, бір-біріне пайдалы әсер еткен инновацияларға қозғау салды. Экономика ойшылдары үздіксіз, өздігінен өндірілетін инновация хақында және осылармен бірге экономикалық өсімнің жалғасуы жайлы айта бастады. Ливерпуль–Манчестер теміржолының қызметкері 1830 жылы тоқ көңілмен: «ХІХ ғасыр философиясы саналатын механикалық принцип батыстан – шығысқа және оңтүстіктен – солтүстікке дейін таралып, ұлғаяды. Дәуіріміздің кемеңгер ойшылдары жаңа әлемнің арынды өзені секілді алға қарай толып, қарқынды әрі өткел берместей ағып жатыр»3, – деп мәлімдеді.

Қазба отындар (fossіl fuels) – кезінде өсімдік пен жануар ағзаларынан түзілген көмірсутегі шөгінділері – көмір, шикі мұнай мен табиғи газ; бұл шөгінділерді жылу энергиясын алу үшін жағады.

Энергетикалық революция – пайдалы жылу энергиясының жаппай көбеюі. Қазып алу және жағу арқылы қазба отындарын қолжетімді етті.

Индустриялық революция – индустрияландыру нәтижесінде қазба отын энергиясы, бу қозғалтқышы мен кешенді машиналарға негізделген технологиялық және экономикалық үдеріс; ол дүниежүзін қоғамдық, экономикалық һәм экологиялық өзгерістерге алып келді.

Биологиялық ескі тәртіптің соңы

20-тарауда Еуропаның ескі режимін Француз революциясына дейін осы құрлықта өмір сүрген қатаң әлеуметтік және авторитарлық саяси жүйе ретінде сипаттадық. Аз уақыт бұрын зерттеушілер биологиялық ескі тәртіп39 деген концепцияны енгізді. Бұл – «тарихтың өне бойынан XVІІІ ғасыр соңына дейін өсімдіктер, жануарлар мен адамдар тіршілік үшін күнделікті өмірде күн сәулесі радиациясынан бөлінетін энергияға толық тәуелді болды» деген идея. Жер бетінің беткі қабатын көмкеретін және өсімдіктердің өсуіне септесетін күн сәулесінің мөлшерін адамдар ешбір жолмен арттыра алмайды. Сәйкесінше, бұл жер ресурстары түгесіледі дегенді білдіреді. Оларды пайдалану кейбір ымыралық әрекеттерді талап етеді: жылу көзін қамтамасыз ету үшін орманды отау – үй мен кеме тұрғызуға қажет ағаш сүрегі азайды дегенді білдіреді; мал шаруашылығы үшін жерді пайдалану – ауыл шаруашылығы дақылдарын егетін жердің азайғанын көрсетеді.

Жердегі бұл шектеулер өте бай деген қауымдастықтардың өзі өнім өндірісінің өсуіндегі қалың қабырғаны бұзып өте алмайтынын ұқтырды. Жаңа заманға дейінгі кезеңде бұл термин «қоғам бұл аумақты жауласа немесе технологиялық жаңалықтардың дүмпуін бастан кешсе, олар көп азық-түлік пен өнім өндірісін бірнеше онжылдық немесе тіпті ғасырлар бойы өндіре алады» дегенді білдірді. Демек, адамдардың көпшілігі табыс көзінің артуы мен өмір стандарттарының өсуінің ләззатын сезіне алды. Мұндай бақуатты, мамыражай уақытта халық саны әдетте артты. Бірақ бұл өсім түптің түбінде экономикалық дамуды басып озды. Басқаша айтсақ, адамдардың көп бөлігі ол жерлердегі түгесілуге шақ ресурстарды талан-таражға салды. Нәтижесінде, азық-түлік пен өнім өндірісі қайта төмендеді, ал өмір сапасы, ауқатты әрі өте бақуатты тап өкілдерін қоспағанда, нашарлады. Бұдан бөлек, биологиялық ескі тәртіптің өнім өндіруші қоғамда жағымсыз сәттері көп болды. Құрғақшылық, топан су, аштық, індеттер, көтерілістер немесе шетелдік шабуылдар қарқынды дамуды оңай құлдыратуы мүмкін еді. Аграрлық байлық мол астық түсімі мен қисынға негізделген тұрақты әлеуметтік жағдайларға тәуелді болды. ХVІІІ ғасырда Қытай мен Батыс Еуропадағы ғалымдар халық санының қарқынды артуы астық пен орман алқаптарына қатты экологиялық соққы берді және алдымызда экономикалық дағдарыс болады деп бұлыңғыр қауіптерін ашық білдірді.

Халық саны және ЖІӨ, 1500–1900 жылдар. Осы ғасырлар қарсаңында қай елдердің халық санында ерекше өзгеріс болды? Қайсысында жан басына шаққандағы экономикалық өсім байқалды? Осы мәліметке сүйене отырып, халық санының өсімі мен жан басына шаққандағы ЖІӨ арақатынасындағы аймақтық ерекшелік жөнінде қандай ой түйесіз?

Алайда ғасыр соңында адамзат биологиялық ескі тәртіптің шектеулерімен келіспейтінін, өсім үшін жердің беткі қабатындағы күн сәулесін ғана қолданбай, бұған қоса, қазба отындар түріндегі, жер астында сақтаулы энергия көздерін де кәдеге асырды. Жаңа энергия түрлерінің ауқымды көлемде піспектерді, дөңгелектерді, тісті дөңгелектерді, жонғыш станоктар мен тегершіктерді қозғалтуға қолданысқа енгізуі бұлшық ет, су немесе жел күшіне тәуелді өндіріспен салыстырғанда өте көп өнім шығаруға мүмкіндік берді. Бұл даму биологиялық ескі тәртіптің соңғы демі қалғанын көрсетті, өйткені әлемдік энергия өндіру қарқынымен бірге, азық-түлік және материалдық игіліктердің өндірісі де бұрынғыдан әлдеқайда жоғары деңгейде өсті. Жаһандық көлемде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) немесе жалпы халық санына бөлінген өнім мен қызметтік жалпы құны 1500 жыл мен 1900 жыл аралығында, дүниежүзінде шамамен төрт есе өсті. Жаһандық ауқымда бұл өсім халық санының өсу қарқынымен сәйкес келді («Халық саны және ЖІӨ» графикасын қараңыз)4.

Жаңа деңгейдегі индустрия

ОЙЛАН: XVІІІ ғасырдың аяғы мен XІX ғасыр басындағы Англия мен дүниежүзінің өзге бөліктеріндегі оқиғалардың өзара байланысы индустрияландыруға қалай әсер етті?

Малаккадағы қытай көпестері, Калькуттадағы үнді банкирлері және Занзибардағы суахили саудагерлері тауар өндіру мен айырбас арқылы кәсіпорын көлемін ұлғайту нәтижесінде жиналар байлыққа еуропалықтар секілді шаш етектен батар еді. Бірақ 1750 жылы белгілі бір мемлекет өндірісті ұлғайтуға қажет технология мен капиталды иеленіп, өнімді бірнеше есе артық шығарып, әртүрлі салада өндірісті үздіксіз арттыра алады деген ой ешкімнің де басына кіріп-шықпаған сияқты. Алайда келесі онжылдықтарда Британия немесе, бұдан да нақтырақ айтсақ, ішкі графтық пен Солтүстік Англия бұл байлыққа белшесінен батудың осы әдісіне жүгінді. 1815 жылы шотланд саудагері Патрик Колкхаун таңдайын қағып, былай депті:

«Соңғы отыз жылда Ұлыбритания өндірісіндегі прогресті таңдай қақпай тамашалау мүмкін емес. Бұл прогрестің жылдамдығы… барлығын басып озды. Бу қозғалтқыштарын жетілдірді, бәрінен бұрын жүн және мата фабрикаларына капитал құйды, білім мен біліктің арқасында жетілген, таңғажайып технология көптеп шықты»5.

Британиядағы «өндіріс прогресі» шынымен де дүниежүзі тарихындағы өзгеше оқиға болды. Тарихшылар буыны ауқымды деңгейдегі индустрияландыру қалай және неліктен алғаш рет Англияда пайда болды деп бас қатырды. Бұл құбылысты зерттеген уақытта екі факторды қаперге алуымыз қажет. Біріншісі, Британиядағы жаңашылдар мен кәсіпкерлер қазба отындармен жұмыс істейтін бу машиналарының экономикалық әлеуетін түсіне бастаған кезде бұл идеялар дүниенің басқа бөлігіне де тез тарай бастады. Индустриялық революция өте қысқа уақыт ішінде жаһандық құбылысқа айналды. Дүниежүзіндегі барлық адам, қалай болғанда да, бұл үрдіске ілесті. Екінші фактор, Британияда ерте басталған индустрияландыру әлемдік жүйеде дамыды. Оның ішкі экономикасы жаһандық экономикаға лайықталып құрылды. Сондықтан да қазба отындар индустриясы қалай басталғанын түсіндіру үшін Англияның жан-жағына да көз тастауымыз керек.

Биологиялық ескі тәртіп (bіologіcal old regіme) – экономикалық өндіріс күннен алатын энергия ағынына ғана тәуелді болған, ХІХ ғасырға дейінгі адамзат тарихы.

Индустрияландыруға біртіндеп өту және мақта

XVІІІ ғасыр басталған кезде Британияның бұған дейінгі екі ғасыр бойы егіншілік жұмыстарына инновациялық тәсілдерді ыңғайлап енгізуде Солтүстік Франция мен Төмендегі елдердің (қазіргі Бельгия, Нидерланд мен Люксембург) жолымен жүрген жеміс­ті ауылшаруашылық экономикасына иелік етті. Британия, сонымен қатар көп көлемде жүн және мақта-мата жасап, экспорттады. Алайда мақта Солтүстік Еуропаның климатында өспейді. Британия мата экспорттаушы әлемдік алпауыт ретінде әдемі боялып, өрнектелген мата өнімдерін экспорттауда Оңтүстік Азияға иек артты. Ост-Инд компаниясы импорттаған жеңіл, арзан, қанық түсті үнді шыт матасы сәнге айналғаны сонша, жүн, кенеп мата және жібек өндірушілер өндірістерінің болашағы туралы, 1700 жылдардың басында ағылшындардың алаң көңілмен жазған сөзіне сенсек, «[Мақта] үйімізге байқатпай кіріп алды, шкафымыз бен қоймамыз; перде, жастық, үстел, тіпті төсегімізге дейін барлығы тек шыттан немесе үнді матасынан ғана жасалған. Қысқасы, барлық дүние жүн мен жібектен жасалып... Үндістан саудасын өркендетіп тұр»6. Ағылшын іскер адамдары Оңтүстік Азия арзан мақта-матаны тонналап экспорттайды деп шағымданды, өйткені жіп иірушілер мен тоқымашылар мардымсыз жалақыға да жұмыс істей беретін.

1700 жылдан соң көп өтпей Британия парламенті айлақтарында үнді шытының тасымалдануына қатысты кеден салығын арттырып, тосқауыл қоюға, осылайша Англия индустриясын қолдауға тырысты. Бұл әрекет ағылшын бизнесін тікелей қолдады ма, қолдамады ма, ол арасы белгісіз, бірақ кәсіпкерлер өз отанындағы мақта-мата өндірісінің жаңа бағытын іздей бастады. Бұл, бір жағынан, жұмыс күшіне кететін шығынды азайтып, дайын тауар құнын да арзандатты. Олар бәрібір Оңтүстік Азия немесе шаруалар мақта өсіретін өзге жерлерден келетін шикізат импортына тәуелді болатынын ұға отырып, осы қадамға барды.

Фермерлер, әдетте үйінде немесе ауыл шеберханаларында мата иіріп, жүн тоқыды. Айналып тұратын дөңгелек пен мақта тоқымасының көмегімен қолөнерші жұмысшының шебер саусақтары жұмыстың көп бөлігін атқарды. Алайда капиталист көпестер колөнер өндірісіне өзгеріс енгізе отырып, өндірісті жылдамдатуды үйренді. Бұл экономикалық тәжірибені ең алғаш рет жүн тоқыма өндірісінде қолданды. Мұның әсерінен тауарды көтерме бағамен сату тәжірибесі де дамыды. Жергілікті колөнершіге жүнді жеткізіп, тоқылған, иірілген бұйымнан үлесін бөліп беретін Шағын шеберхана жүйесі40 өркендеді. Саудагерлер дайын та­уарды бояп, тігіп, ішкі нарыққа сатты немесе өздері дайын өнімді пайдаланды. Бұл жүйе отандық қолөнер өндірісінен өзгешелеу болды, өйткені жұмысшылардың өздері материал сатып алмады немесе дайын тауарларын жергілікті нарыққа шығармады.

Алайда шамамен 1730 жылдары кәсіпкерлер жаңа құрылғыларды енгізе бастады. Жаһандық білім алмасу желісі іске қосылды. Орталық Англиядағы шағын диірмендерде өндірушілер өңделмеген, импортталған жібек құртынан жібек талшықтарын суыра отырып, қолмен басқарылатын машиналар көмегімен шарыққа біркелкі орау арқылы жібек өндірді. Бұл құрылғылардың жобасы тікелей Италиядан келді, әйтсе де бұл құрылғылар негізінен Қытайда жасалса керек, өйткені бұдан бірнеше ғасыр бұрын мата өндірісі түрлі механикалық қондырғыларды іске қосқанын айтып өткенбіз. Ағылшын тоқыма өндірістері алғаш ашылған кезде инженерлер бұл технологияны зерттей отырып, машинаны мақта иіруде қалай қолдануға болатынын көруге тырысты. 1730 жылы ағылшын фермерінің баласы Джон Кей мата тоқу ісін айтарлықтай жылдамдатқан құрылғы – тігін машинасының шөлнегін ойлап тапты.

Тігін өндірісімен айналысып отырған төрт әйел. 1791 жылғы суретте жіптерді орап, шырмап, иіріп, шағын шеберхана жүйесінде жұмыс істеп отырған ирланд әйелдері бейнеленген. От жаққан бала мен үй жануарларына назар аударыңыз. Әйелдер еңбегін жұмыс берушімен келісімшарт жасасқаннан гөрі, отбасылық тұтынуға арналған жұмыс берушімен қалай салыстыруға болады?

Алайда тәжірибе жүзінде пайда болған құрылғылар өзге құрылғыларға қажеттілік тудыруы мүмкін. Бұл қондырғыны қолданған тігіншілер матаны тезірек өндіре алғанымен, иіруші дөңгелектерде дәстүрлі жолмен мата өндіретін жұмысшылар мата сұранысын уақытылы қамтамасыз етуі керек болды. Ресми білімі жоқ тігінші Джеймс Харгрэйвс 1765 жылы айналып тұратын Дженни станогын ойлап табу арқылы бұл мәселені шешті. Аңызға сенсек, оның Дженни есімді қызы күн ұзаққа айналып жұмыс істеп тұрған жіп иіргіш дөңгелекті абайсызда басып кетеді. Харгрэйвс жүн немесе мақта талшықтарын суыра отырып, жіпке айналдыратын машина жасау жайлы ойға бекінеді. Оператор тұтқышты бұрып қалғанда бірден сегіз ұршықты айналдырады, бұл айналып тұратын бір ғана дөңгелек жұмысты бірнеше есе өнімді етті.

Төрт жыл өткен соң Ричард Аркрайт қосиінді дөңгелектен гөрі, су дөңгелегі күшімен жұмыс істейтін, тиімді иіргіш машинаны ойлап тапты. Техникалық білігі төмен әйелдер мен балалар иіргіш машинамен аздаған еңбекақыға жұмыс істеуге келісті. 1779 жылы Сэмюэл Кромптон оңтүстіказиялық сапада мата тоқитын, өте күрделі «иіргіш қашыр» (spіnnіng mule) деп аталып кеткен аппаратты ойлап тапты. Қуат көмегімен жұмыс істейтін бұл құрылғы жүз фунт мақтаны үш жүз сағатта тоқи алды. Мұндай көлемде мата жасау үшін Үндістандағы қолмен жіп иірушілер шамамен 50 мың сағат, яғни бес жыл, тоғыз ай бойы жұмыс істер еді. Англия өзен мен арыққа бай болатын, киім өндірісі дамығандықтан, су дөңгелектері, яғни сумен істейтін иіргіш айналдыру жүйесі жаңа машиналардың қуат алар көзіне айналды.

Жаккард тоқыма станогын қолданған жұмысшы. Станок төбесіндегі перфокарталардың ұсақ бөлшектерінде матаға күрделі тоқыма өрнек салатын код болды. Бұл тоқыма станоктар Британия мен Франциядағы тігін өнеркәсібін едәуір ұлғайтқан көп инновациялардың бірі еді. Жаңа технология біліктілігі төмен жұмысшылардың өзіне сапалы мата өндіретін машинамен жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Жұмысшылар өзгерген жұмыс шарттарына үзілді-кесілді қарсы шыға отырып, мұндай станоктарды неліктен жойғысы келді деп ойлайсыз?

Иіргіштердегі бұл инновация жіпті жылдамырақ иіруге мүмкіндік берді. Алайда Англия шіркеуінің қызметкері Эдмунд Картрайт 1784 жылы қолмен басқаратын операторлардың жұмысын бір өзі атқара алатын қуатты тоқыма станогын жасап шықты. Басқа да механизмдер мен техникалар Англияға басқа елдерден келді. Мысалы, 1785 жылы француз химигі Клод Луи Бертолле матаны хлормен қалай тазартуға болатынын ойлап тапты. 1804 жылы тағы бір француз Жозеф Жаккард қарапайым екілік кодтау технологиясын туғызатын перфокартаны қолданып, күрделі кестелермен матаны өрнектейтін тоқыма станогын ойлап тапты. Бояулар жайлы, әсіресе алқызыл түске қатысты білім Осман Түркиясының шеберханаларынан Франция, Швейцария және Англияға жетті. Атлантиканың ар жағындағы Эли Уитни 1793 жылы мақта тазалайтын машинаны ойлап тапты. Американың оңтүстігіндегі миллиондаған акр жердегі мақтаны тазалаған африкалық құлдың еңбек сағатын қысқартқан қарапайым цилиндрлі құрылғы еді. ХІХ ғасыр басында Құрама Штаттар тұтас Англияда көбейген мата өндірісіне мақта шикізатын жеткізуші ретінде Кариб аймағы мен Үндістанды басып озды.

Шағын шеберхана жүйесі (puttіng-out system) – жеке адамдар мен отбасылар жұмыс беруші үлестірген шикізат материалдарын иірген жүн, мақта кездеме секілді дайын өнімге айналдырып, шикізат берушіге қайта өткізіп, еңбегіне ақы алатын өндіріс тәсілі.

Кеніштер мен машиналар

Англия, Уэльс және Шотландияның төменгі бөліктерінде терең әрі ауқымды көмір қоры бар еді. Адамдар көмірді ғасырлар бойы жердің беткі қабатынан немесе шағын шахталардан тонналап жинап келді (21.1-картаны қараңыз). Британиядағы көмір қолданысын жаңа заманға дейінгі кезеңнен пайдалана бастауының басты себебі – бұл минерал ағаш және ағаш көмірімен салыстырғанда арзанырақ болды. Халық саны өсіп, ормандарды балта жиі отай берген соң, ағаш отынның бағасы қымбаттай түсті. XVІІІ ғасырда Британияда және Еуропаның кейбір бөліктерінде қаладағы үйлер мен кәсіпорындарда ағаштың орнын көмір алмастырды. Алайда британдық кеншілер көмірді тереңнен қазып алмақ болған кезде, жер асты сулары шахталар мен туннельдерді толтырып тастай берді. Адамның және жылқының күшімен жұмыс істейтін механикалық сорғыштар суды толық сора алмады.

Бу мен көмір одағы. Ағылшын жаңашылдары, әсіресе Томас Ньюкомен (Thomas Newcomen) 1700 жылдардың басында ауа қысымы мен вакуум жайлы ғылыми зерттеулердегі идеяларды бейімдей отырып, «атмосфералық қозғалтқыштар» жайлы ойлана бастады. Кеншілер Ньюкоменнің әуелгі бу машинасын көмір туннельдерінен су сору және орнына таза ауа жіберу мақсатында іске қосты. Бұл қозғалтқыш айтарлықтай тиімді болмады, бірақ жаңа эксперименттер легін ашты. Ағылшын қыздар мектебінің директоры Маргарет Брайан (Margaret Bryan) ғылым жайлы 1806 жылы шыққан оқулықта былай дейді: «Бұл машиналар болмағанда көмір отынының артықшылықтарын ешқашан қолдана алмас едік; алдыңғы буын үңгірді шамасы жеткенше қазды; әртүрлі жырық арасынан кұйылып ағатын су олардың өндіре жұмыс істеуіне кедергі келтірді; бұл бу машинасы бізге шахтадағы судың барлығын сорып алуға көмектеседі, өйткені су кеншілердің жылжуына бөгет болып, әрдайым асып-тасып кетіп отыр»7.

1760 жылы құрылғы жасаушы әрі бизнесмен Джеймс Уотт (James Watt) өте пайдалы қозғалтқыш құрастырып шықты, айналып тұрған цилиндрге піспектің күшін жіберіп, циркуляциялық қуат өндіріп, оны жаңа механикалық жұмыстарға пайдалануға мүмкіндік берді. Жиырма жыл өткен соң Сэмюэл Кромптон бу қозғалтқышты тоқыма станогына сәтті жалғап шықты. Енді мақта фабрикаларын өзен жағасында орналастырмай-ақ, ағаш немесе көмір қорларына жақын маңға салуға мүмкіндік туды. Мата индустриясындағы су қуатынан жаппай бу энергиясына көшіру үшін бірнеше онжылдық қажет болса да, Британия мен Еуропа континентіндегі өндірушілер Уотт қозғалтқышын 1800 жылы мақта, қағаз, ұн және темір өндіретін жалпы саны 2500 фабрикада қолданды.

Британ кәсіпкерлері көмір мен бу бір-бірінің қуатын күшейтетінін ұқты. Ағаш пен ағаш көмірінен гөрі, көмірді пайдалану арқылы бу қозғалтқышын іске қосу арзанға түсті. Көмірмен жұмыс істейтін қозғалтқыштар көмірді тереңнен көптеп қазуға мүмкіндік берді. Көмір өндірудің ұлғаюы түрлі салаларды дамытатын қозғалтқышқа деген сұранысты да арттыра түсті. XVІІІ ғасырдың екінші жартысында британдық көмір өндірісі үш есе артты. 1800 жылы бұл қозғалтқыш әлемдік көмір тасымалының 90 пайызын өндірді.

Британ көмір шахтасында жұмыс істеп жүрген балалар. 1844 жыл. Олардың кішкентай дене тұрқы тар жұмыс орнына сай келді, сондықтан жер астында балалар ауыр жұмыс істеді. Суретте бейнеленген ортадағы көлденең туннельдегідей, биіктігі бар-жоғы 18 дюйм туннельдерде балалар көмір толы арбаны жер бетіне тасыды. Бұл литографияда бейнеленген жер асты жұмысы мен жер бетіндегі жұмыстың қандай айырмасы бар?

Темір: үшінші компонент. XVІІІ ғасыр соңынан бері темір балқытуда көмір шектеулі әлеуетке ие болды. Өйткені көмірден бөлінетін химиялық қоспа, темірден шойын өндірді. Шойын морт сынғыш еді. Әйтсе де 1780 жылы металл бұйымдарын өндіруші Абрахам Дарби темір балқытуда көмірді айтарлықтай тиімді қолданудың, яғни ауа кіретін пештерде алдын ала қыздыру жолымен химиялық құрамынан тазартудың әдісін тапты. Нәтижесінде пайда болған кокстың құрамында жоғары деңгейде көміртек болды және домна пештеріндегі темір кендерін ластамады. Тамақ пісіру үшін, өндірістік жаңа үдерістер үшін көмір емес, кокс ыңғайлы болды. Осы ғасыр соңындағы екі инновация: өндіріс пештеріндегі ауаны үрлеп тазартуға арналған бу сорғыштары және ұсталарға қарағанда темірді едәуір жылдам тазартатын механикалық құрылғылар еді.

Британияда темір кені мол болды. Ал металл өндірісі 1720–1804 жылдар арасында бес есе өсті. Бұған қоса, темірден алған жаңа өнімдер тау-кен және мата-мақта саласын жабдықтады. Британия флотының атыс қаруы мен кеме бөлшектерін жабдықтауға қажет темірге сұраныс арта түсті. Қарқынды өсіп келе жатқан халықты қамтамасыз етуші фермерлерге арбаның темір дөңгелектері, соқа, таға және күрек қажет еді. Осылайша, ауыл шаруашылығы да бу, көмір және темірге тәуелді салаға айналды.

Теміржол көлігі. Британияда индустрияландыру теміржол бағыттары жол және жағалаулардағы кеме бағытымен бәсекеге түсіп, тұрғындар мен тауарларды мейлінше қысқа қашықтыққа тасымалдауға ұмтылуы бірнеше онжылдықтан бұрын басталған еді. XVІІІ ғасырдан бұрын Британиядағы және құрлықтағы кеншілер жақын қашықтықта темір кені тиелген жүк тасымалдау үшін кедір-бұдыр дөңгелегінің үйкеліс күшін азайту мақсатында рельске тіркемені қондырды. Жануарлар немесе жұмысшылар тіркемелерді итерді не сүйреді. Дөңгелекті бу машиналары аттың күшіндей қуатқа ие болғанда ғана, көмір тиелген тіркемені жүргізе алды.

1800 жылы кеншінің баласы Ричард Тревитик (Rіchard Trevіthіck) Джеймс Уоттың ескі қозғалтқышымен салыстырғанда буды әлдеқайда қаттырақ нығыздайтын, шағын қозғалтқышты локомотивті ойлап тапты. Алайда кеншілер бұл машинаның күшіне сенбеген соң, Треветик жаңа құрылғыны қоғамның көңілін аулайтын құрал ретінде ұсынуға мәжбүр болды. 1820 жылдан соң қалып құю кәсіп­орындары ауыр жүктерді көтеретін, нығыздалған темір рельстерін қазуға кірісе бастағанда күмән сейілді. Таңдай қаққан жолаушыларды «Ракета» пойызы Ливерпуль мен Манчестер арасында таси бастаған 1830 жылы Құрама Штаттардағы Мэриленд штатының Балтимор мен Элиот қалалары арасында жолаушылар таситын бағыт ашылды. Теміржол салу жарысы жалғаса берді.

Фабрикалардағы жұмыс

Жаңа заман басталардан ұзақ уақыт бұрын дүниенің бірнеше бөлігінде үкімет адамдары мен жеке кәсіпкерлер қару-жарақ жасау, кеме құрастыру немесе киім тігу үшін жұмысшыларды орталық аймақтарға жинап, қатаң бақылау орнату арқылы жұмыс істетудің артықшылықтарын біліп алды. Тарихшылар тропиктік Америкадағы қант плантациялары қазіргі фабрикалардың прототипі болды деп те тұжырымдайды. Африка құлдарының көп бөлігі осы плантацияларда толық жұмыс күнін өткізді, бірақ кейбірі бірнеше қырынан алғанда, жаңа заман зауыт-фабрикаларына ұқсайтын диірмендерді басқарды. Қант диірмендері – ішінде ұнтақтайтын және балқытып ерітетін ауыр аспап-құрылғылары бар ірі құрылым. Істі жүргізуші басшылар жұмысты орнымен бөліп, шаруаны үйлестірді, шаруаларды білігіне қарай топ-топқа бөлді, түрлі міндет орындайтын бригадаларға топтастырды. Әдетте астық жинау науқаны кезінде тәулік бойы жұмыс істейтін диірмендердегі қант қамысын қопсыту мен бөлу жұмыстарының жиілігін мұқият қадағалау керек болды. Жұмысшылар қатал тәртіпке бағынды. Олар қапырық ауада, шуы құлақ тұндырар жерде, қауіп-қатерге басын тігіп жұмыс істеді. Кариб аймағына қарайтын Барбадостағы плантатор 1770 диірмендегі жұмыс тәртібін былай сипаттады: «Құлақ тұндырар дауыс пен асықтырып тұратын жұмыста… Ауа қапырық, ыстық және жұмыс та толастамайды, жұмысшылар [құлдар] күні-түні алып Бойлинг үйлерінде тікесінен тік тұрып еңбек етті, ол жерде алты немесе сегіз үлкен мыс пеш немесе қазан бар»8.

XVІІІ ғасырдың аяғында Британияда қарқынды дами бастаған тоқыма және темір балқытатын зауыт-фабрикалар құлдар жұмыс істейтін плантациялармен ұқсас жүйеде еңбек етті. Өнім өндіру операцияларында ауыр, күрделі машина-құрылғылар қолданды, оларды цехтар мен шеберханаларға «тасу» мүмкін емес еді. Бірақ өнім орталық ғимараттарға шоғырланды. Диірмен жұмысшылары өнім өндірудің барлық сатысында жұмыс істемеді, нақты, маманданған әрі үздіксіз қайталанып тұратын тапсырмаларды, ең бастысы, машиналарға күтім жасауды үйренді. Жұмысы тоқтап тұрған зауыттар инвестицияны қайтара алмайтындықтан, басшылар өнім өндірудің барлық сатысында, тіпті кейде күні-түні үдерісті қадағалап отыруға мәжбүр болды. Жұмыс ауысымы әрдайым жоспарланып, сағат пен дабыл қойылып, жалқау жұмысшылар дереу жазаланып отыруға тиіс-тін.

Бу, көмір және темір: тиімді тізбекті шеңбер. Бұл диаграммадан индустрияландыру қарсаңындағы көмірдің маңызы жайында қандай ой түйесіз?

Ерте кездегі ағылшын зауыттарында жұмыс істейтін еңбеккерлер құл емес, жалдамалы жұмысшылар еді. Бірақ ауқымды, көбіне қарызға алған ақшаны ғимарат пен құрылғыларға салған меншік иелері өндіріс қарқынын қатаң иерархиялық тұрғыда басқарды. Пайда түсімінің мөлшері әдетте өте шектеулі болды, сондықтан меншік иелері жалақыны мүмкіндігінше өте төмен төледі, әйтсе де жалақы біртіндеп өсті, фабрикалар саны да артты. Дәл құл еңбегіне сүйенген плантация иелері секілді, ағылшын кәсіпкерлері де пайда табуды ғана көздеді. Олар жұмысшыларын жеке тұлға емес, бұлшық ет жиынтығының жай бір компоненті деп санады, оларды жұмыс графигінің талабына сай жалдады, себепсіз жұмыстан шығарды, тәртіпке шақырды. 1820 жылдан кейбір бу машиналары мата өндірісінде кең қолдана бастаған соң, жұмыс қарқыны мен қаталдығы тағы да едәуір артты.

Әрине, өзін сыйлайтын фермерлер мен қолөнершілер шулы, қапас зауыттарда жұмыс істеуге талпынбады және көпшілігі кәсіби мамандығымыздан айырылып барамыз деп шағымданды. Фабрика жұмысының жағымсыз салдарларына қарамастан, әсіресе 1750 жылдардан кейінгі халық санының артуы мен жерлердің қарқынды түрде ұсақ фермерлер мен арендаторлардың уысынан шығып, ірі ауылшаруашылық алқаптарға айналуына байланысты жұмысшылар қатары көбейе бастады. Фабрика жұмысшыларының беріліп жұмыс істеуге ынтасы болмады, бірақ жұмыстан шығып қалам-ау деген қауіп немесе жалақыны азайту қорқынышы машиналардың зырылдап жұмыс істеуіне жағдай жасады. Орталық және Солтүстік Англияда қала жұмысшыларының саны қаулап өсті. Мысалы, фабрикалар отаны – Манчестер қаласында 1773 жылы 24 мың адам еңбек етсе, 1850 жылы жұмысшылар саны 250 мыңға өсті. Бұған қарамастан, зауыттар мен фабрикалар Британияның басқа өңірлерінде пайда болған жоқ және әуелгі индустриялық онжылдықтарда халықтың көп бөлігі фермаларда жұмыс істеуін, біліктілігі аз жұмыстар атқаруын, киім тігуді, тері бұйымдарын, шегелерді және басқа да көптеген бұйымдарды қолмен жасауын жалғастыра берді.

Британияда өзгеше оқиға болды ма?

Британия фабрикалардың отаны саналмауы мүмкін. Бірақ ол – энергияның жаңа көздерімен жұмыс істейтін, іші машиналарға толы фабрикалары жылдам көбейе бастаған, дүниежүзіндегі алғашқы мемлекет. Мұнда фабрикалар жаңа экономикалық жүйеде тауарларды бұрын елестетудің өзі мүмкін емес мөлшерде өндіріп шығаратын жұмыс орындарының орталығына айналды. Дәл осы Британияда биологиялық ескі тәртіп тұсында елестетудің өзі мүмкін болмаған межеде адамзат өзін-өзі қамтамасыз етіп, экономикалық дамудың белгілерін көрсете бастады.

Жоғары деңгейдегі индустрияландыру тарихтың ұзақ жолында Британиядан өзге, әлемнің басқа бөліктерінде пайда болуы да мүмкін еді. Бірақ индустрияландыру ешбір жерде пайда болмады. Ол үшін тығыз орналасқан халық саны бар және әмбебап құрылымға ие қоғам, азық-түлік өндірісі, білім мен білік, экономикалық-мәдени қарым-қатынастардың барынша ауқымды торабы қажет еді. XV–XVІІІ ғасырлар аралығында Италия, Нидерланд, Оңтүстік Қытай және Оңтүстік Азия – барлығы да технологиялық ғажайыптар мен экономикалық өсім кезеңін бастан кешсе де, дамудың орташа деңгейіне ғана тұрақтады. Британияны да дәл сондай тағдыр күтіп тұрған шығар. Алайда бұл жерде 1830 жылдан бастап индустрияландыру айтарлықтай алға жылжыды және халық саны да ішкі ресурстарға қарағанда жылдамырақ өсті. XVІІІ ғасыр соңында дүниежүзінде экономикалық даму бәсеңдеді. Британияда ауылшаруашылық өнім өндірісі мен нақты жалақының көлемі азайып кетті. Дегенмен индустрияландыру тоқтамады, 1830 жылдан соң Британия басқалар секілді инновациялық қоғам шегінен асып, бу қуаты мен қазба отындары экономикалық өсімді жылдам жоғарылатқан елге айналды.

Британ халқына немесе тұтас еуропалықтарға тән айрықша мәдени немесе әлеуметтік белгілерге назар аудара отырып, ерте кездегі индустрияландыруды түсіндіре алмаймыз. Тарихшылар құндылықтар мен қатынастардың ең көп нұсқаларын, мысалы, бастама көтеру немесе қиындықтарды шешу үшін инновацияларды енгізудегі жеке ұмтылыстарды зерттейді. Мұндай мысалдар барша әмбебап қоғамдарда бар шығар. Ең дұрысы, белгілі бір тарихи сәтте қоғам жаппай мойындап, қабылдаған салаларға қатты әсер еткен ұстанымдар мен әдістерге баса мән берген жөн. Англиядағы индустриялық дамуды факторлардың тоғысуы деп түсінуіміз қажет, олар – азық-түлік өндірісі, энергия көздері, технология, әлеуметтік қатынастар, зияткерлік үрдістер және дүниенің басқа бөліктерімен байланыс. Британия кейін дүниежүзінің басқа тарапына да жайылған индустриялық революцияға толық қол жеткізе алмағанын тағы да мойындауымыз керек. Негізгі үдерістер әуелі Британияда басталды, бірақ технологиядағы көптеген жаңашылдық, индустриялық өнім өндірісі және сауда ХІХ ғасырдың өн бойында дүниежүзінің басқа да бөліктерінде дамыды.

Жұмысшылардың тамағы. Индустрияландыру белгілі бір кезеңнен кейін де, бір жағдайда ғана жалғаса беруі мүмкін еді. Яғни жұмысшылар өздеріне азық-түлік өндіруге кеткен уақытын өндірісте жұмыс істеуге жұмсап, қоғамға қажет өнімдерді импортқа және экспортқа шығаруы қажет. Индустрияландыру басталғанға дейін, екі ғасыр бұрынғы Англия өнімді ауыл шаруашылығы бар қоғам еді. Халық саны өскен Оңтүстік Қытай, Оңтүстік Азия, Жапония және Еуропаның Төменгі елдеріндегі фермерлер секілді, ағылшын жер өңдеушілері де қол астындағы жерлерден ауыл шаруашылығы өнімдерін мейлінше көбірек алу әдістерін үйренді. Ағылшын фермерлері әуелі Нидерланд идеяларын пайдаланды. Бұған батпақты құрғату технологиясын, жердің құнарын арттыру үшін жаңа ауыспалы егіс стратегиясын, жануарлардың тезегін тыңайтқыш ретінде барынша тиімді қолдануын, жел және су диірмендерін көбірек тұрғызуын мысал ете аламыз. Ағылшын инновациясының ең ерекше белгісі – коммерциялық ауыл шаруашылығының ұлғаюы. Егістік алқаптары пен мал жайылымдарының көп бөлігі капиталистік нарыққа бейімделген байлардың қолында шоғырланды. Тарихшылар «жердің өнім өндіруші шаруалардан коммерциялық меншік иелеріне заңды немесе заңсыз жолмен ауысуын білдіретін «қоршау әрекеті» ауыл шаруашылығын айтарлықтай дамытты ма?» деген мәселеде әлі де тартысып келеді. Бұл, әрине, миллиондаған қарапайым халықтың табысын өзгертті. Ауқымды жер иелері арендатор фермерлерден ақша жинады және мардымсыз жалақыға жұмыс істейтін жалшылар жалдады. XVІІІ ғасырда Англияда жерге ие шаруалар түгелге жуық жоғалды, алайда Францияда олар халықтың көп бөлігін құрады. Бұрынғы фермерлердің көпшілігі қалашықтар мен үлкен қалаларға қарай ағылды, ол жерлерде жұмыс таба алса, жалданып, жалақыға жұмыс істеді. Соңында саны арта түскен қала халқы зауыт-фабрика иелерінің алдында кезегін күтуші жұмысшыға айналды.

Британиядағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру шамамен 1750 жылдары, халық саны қарқындырақ өсіп, индустрияландыру да дамуға бет алған кезде бір қалыпқа келді. Дегенмен Еуропаның (негізінен Испания, Португалия, Франция және Нидерланд) мұхиттың арғы жағындағы отарларына иелік ететін мемлекеттері секілді, Британияға да өз жағалауларынан жырақта мол азық-түлік пен ақуыз қорлары қолжетімді еді. Солтүстік Америка мен Кариб аралдары Британияны астық, қант, мақта, кофе, ағаш сүрегі, балық және басқа да тауарлармен қамтамасыз етті. Бұл ресурстар индустрияландыру жоғары деңгейге көтерілген сайын өте маңызды бола түсті. Шын мәнінде, Британия экономикалық жоғарғы қарқынын ұлғайтуы үшін пайдаға асыруы керек (бірақ олай жасамады) құнарлы жерлерді қос Америка ұсынған еді. Мысалы, XVІІІ ғасыр соңында ағылшын қой өсіруші фермерлеріне Америкада немесе мұхиттың арғы жағындағы өзге аймақтарда өсірген малдың жүн экспортын арттыру үшін жайылымдарды миллиондаған акрға ұлғайтуға тура келді. Бұл, әрине, мүмкін емес еді. Шамамен 1800 жылдары Америка импорттаған қантты өндіру үшін Англияға бір немесе екі миллион акр егістік алқабы (оның мұндай жері болмады) қажет болды. Индустрияландыру ХІХ ғасырда да жалғасты, импорт британ халқының ас-ауқатқа сұранысының пайыздық үлесі артқанын көрсетті9.

Парламент саясатының сыналуы. Англияның жергілікті шенділері сынға ілікті. Мүлік квалификациясы бойынша парламент мүшелеріне адамдардың аз ғана бөлігі дауыс бере алды. Сондықтан саясаткерлер өздерін сайлаған бұқара мүддесіне бейжай қарады. Майлы бояумен салған «Парламент мүшесін сайлау» («Chaіrіng the Member»; 1755) суреті – «Сайлау сықақтары» («The Humours of an Electіon») деп аталатын төрт бөлімді топтаманың соңғы бөлігі. Уильям Хогарт – ағылшын суретшісі, баспагер, сатирик, мультипликатор және қоғамдық сыншы. Суретте жеңіске жеткен кандидатты көшелерде салтанатпен көтеріп алып жүргені бейнеленген, бірақ Хогарт мұнда парақорлық пен қоқан-лоққыға былғанған сайлау жүйесін сынағаны ХVІІІ ғасыр көрермендеріне түсінікті еді. Суреттің қай элементтері Хогарттың сайлау мен оның нәтижелерін мысқылдағанын көрсетеді?

Британ үкіметі және индустрияландыру. Жарты ғасырға жуық уақытты азамат соғысы мен саяси дағдарыста өткізіп, ақыр соңында 1688 жыл Жасампаз революциядан соң (19-тарауды қараңыз), Британия XVІІІ ғасырға шектеулі монархиямен енді. Король немесе королева мемлекет басында қалды, бірақ азшылық ерлер, меншік иесі азаматтар сайлаған заң шығарушы орган – парламент үкімет басқаруда ерекше өкілетке ие болды. Мысалы, Еуропа континентінің өзге билеушілерімен салыстырғанда, Британияның тақ иесі біреудің меншігін тартып ала алмады, өздігінен салық салып, сот пен полицияға бұйрық беріп, адамдарды тұтқындап, түрмеге жаба алмады. Жалпыға ортақ британ сотында қылмыс жасады деп айыпталған адамдар король тағайындаған сот үкімімен емес, сот алқасының алдында жауапқа тартылды. Турасын айтқанда, мүдделерді қорғауға арналған осы заңдар мен құрылымдар қаржысы мол адамдардың мүддесіне жұмыс істеді. Олар меншік пен мүлкіне қауіп келмейтінін білсе, техникалық инновация мен өндіріс дамуына атсалысты. Бұған қоса, континенттегі басқа монархиялармен салыстырғанда Британия барынша орталықтанбаған мемлекет еді. Үкімет мемлекеттің көп бөлігін астана жіберген губернатор, әскер жетекшілері мен салық жинаушы көмекшілеріне емес, күнделікті істерде жергілікті жерлерден сайланған шенеуніктерге арқа сүйеді. Әдеттегідей, бұл жергілікті басқарушылар жер иесі, бизнес табынан шыққандар еді және бұлар, негізінен, жаңа машина-құрылғылар мен сауда стратегиясын жасаушы кәсіпкерлерді, қолөнершілерді қолдады.

Жасампаз революциядан соң, көп өтпей, 1694 жылы құрылған Англия банкі парламенттің бизнестегі бағытын толық сипаттайды. Банк Британияның коммерциялық дамуы мен халықаралық саудасына көмектесу үшін қызмет етті. Ол облигациялар шығарды, британ субъектілерінен қаржы тартып, осы капиталмен несиені кепілдендірді. Бұл жинақталған капитал Британияның «ұлттық қарызы» саналды, бірақ банк әрдайым осы қарыздың пайызын төлеп тұрды, сол арқылы инвесторлар тарта білді. Банк активтерінің көп бөлігі корольдік теңіз флотын ұлғайтуға жұмсалды, мұны Британияның жаһандық саудадан түсетін ауқымды кіріс көзін сақтауға жұмсалатын инвестиция деуге болады.

Алайда парламенттік үкімет индустрияландыруды толық түсіндірмейді. Нидерландта да капиталистік меншік иелерінің ұжымдық үкіметі болды, бірақ олар XІX ғасырға дейін зауыт-фабрика салмады. Германия 1870 жылы біріккен соң сайланған заң шығарушы органның басшылығымен емес, шағын авторитарлық олигархияның арқасында өндірістік жетістікке жетті. Ал Британияда өнеркәсіп тамырын тереңдете алмады. Себебі парламент британ субьектілеріне Франция немесе басқа автократиялық монархиялардан гөрі, жоғары мөлшерлемеде салық салды. Бұған қоса, парламент индустрияландыруды тікелей қаржыландырмады. Ерте кездегі фабрика, канал және теміржол салушылар бастапқы капиталға тәуелді болды.

Индустрияландырудың бастапқы онжылдықтарында Британияның салыстырмалы түрде тұрақты қоғам болып қалуы да – саяси факторлардың ең соңғысы. Үкімет пен бизнес сектор тұрақтылықты сақтау үшін жұмысшы таптың жалақыға, өндіріс жағдайы мен жұмыссыздыққа қарсы бүліктерін аяусыз басты да, Британия Еуропадағы басқа елдермен салыстырғанда тыныштық ордасы саналды. Ол жақта жаңа машина-құрылғылар мен техникалық прогреске үлес қосқан адамдар Француз революциясының аумалы-төкпелі жағдайларынан, Франция мен басқа бірнеше ел арасындағы соғыстан және Наполеон Бонапарттың империялық әрекеттерінен сыналап өтті (20-тарауды қараңыз). Ұзаққа созылған бұл алапат соғыс болмағанда индустрияландыру бұдан да ертерек басталар еді.

Ғылым мен технологиядағы шығармашылық қуат. Жаңа заманның басты белгілерінің бірі – технологиялық және ғылыми инновациялар аграрлық ғасырдағыдай дүниежүзінің белгілі бір бөлігіндегі түрлі уақытта пайда болған жаңғырықтар емес, тұтас кезеңді қамтыған жаңашылдық болды. XVІІ–XVІІІ ғасырларда Еуропадағы ғылыми революция табиғат пен ғалам жайлы жаңа идеяларды дүниеге әкелді. Әйтсе де жаңа идеялар Афроеуразияның жинақталған даналығы мен XVІ ғасырдан кейін Америкадан сыртқа ағылған жаңа білімнің дүниежүзілік ұлы конвергенциясы барысындағы өзгерістерге табан тіреді (16 және 17-тарауларға қараңыз). Еуропада ойшылдар рационалды тұрғыда, математикалық анализ және мұқият бақылау арқылы табиғатты зерттеді. Библиядан мұраға қалған ұстанымдар мен догмаларға сәйкес келуі, ерте кездегі христиандық жазбалар мен грек философиясымен үндес болуы секілді жолдармен табиғатты танудан бас тартты. Физика және табиғат әлемін мұқият бақылау – құбылыстарға терең бойлауға мүмкіндік беретін (микроскоптар мен телескоптар), қоршаған ортаның өзгеше жағдайларын зерттейтін (электростатикалық машиналар, вакуумды сорғыштар, призмалар) және құбылыстарды анық өлшейтін (микрометрлер, барометрлер мен секстанттар) өнертабыстарды қажет етті. Бұл құрылғылардың өзі дәл жобаланып жабдықталуы, ортақ ғылыми стандартқа сай болуы керек еді.

Бір мысал. XVІІІ ғасырдағы сағат жасаушы Джон Харрисон дәл уақытты көрсететін, үйлесімді жұмыс істейтін сағат жасауға тырысып, Йоркширдегі шеберханасында ондаған жыл уақытын өткізді. Ақыр соңына жетістікке жетті, теңіз капитандарына тұрған жері мен айлақ арасындағы уақыт айырмашылығын анықтауға көмектесетін хронометр ойлап тапты. Теңізшілер ұзақтықты анық есептей алу үшін бұл өнертабысқа мұқтаж болды. Енді жолаушы кеменің айлақтан батысқа немесе шығысқа қарай орналасқан жерін анықтай алды. Британияда ғылыми жұмыстар мен материалдық құрылғылар бір-бірін қолдап отырды. Анық әрі өте мықты құрылғылар жаңа ғылыми жаңалықтарға жол ашты, ол жаңалықтардың басын біріктіру мен кең қанат жаюы үшін ауқымды әрі басқа да ғажап құрылғыларға деген қажеттілік туды.

Зерттеушілер ғылыми құрылғыларды тұтас Еуропада, Кәрі құрлық отарларында және белгілі бір деңгейде Осман империясы мен Қытайда қолданды. Дегенмен Британияда механизмдерге, қозғалтқыштарға және жаңа құрылғыларға, әсіресе ғылыми жаңалықтарға деген қызығушылық жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Ғылыми қауымдастықтар қоғам жаппай қатысатын талқылаулар мен көрмелер өткізді. Механикалық көрмелер қоғамдық сауық түріне айналды. Ақсүйек ғалымдар, қолөнершілер мен машинистер бір-бірімен кездесулерде және ғылыми ұстанымдар мен техникалық мәселелер арасындағы байланысты талқылайтын бірлестіктерде бас қосып, пікірлесті. 1750 жылдары британ орта мектептері латынға негізделген классикалық білім бағдарламасын ғана емес, алгебра, физика, геодезия және басқа да пәндерді өтті. Асқақ ойлы жасөспірімдер осы пәндерді толық игергісі келді. 1780 жылдары қыздарға арналған академияларда ғылым мен механиканы сабақ ретінде өтті. Маргарет Брайанның 1806 жылы жарыққа шыққан «Натурфилософия жайлы дәрістер» («Lectures on Natural Phіlosophy») деп аталатын оқулығы қайырымды діни мораль мен Исаак Ньютон үзінділері қосындысынан құралды.

Джон Харрисонның теңіз хронометрі. 1714 жылы Британ парламенті теңіздегі кеме бойлығын асқан дәлдікпен өлшеу тәсілін ойлап тапқан алғашқы адамға сыйақы тағайындады. Харрисон жасаған, қалта сағатынан біршама көлемдірек Н4 құрылғысы – кеменің шайқалуынан жиі істен шығатын XVІІІ ғасыр хронометрлеріндей емес, 1761 жылы Атлант мұхитын кесіп өткенде тура уақыттан ауытқымады. Оның бұл еңбегі қазіргі сағаттардың негізін қалады. Неге үкімет бұл ғылыми зерттеуді елеулі қаржылай жүлдемен марапаттап, ынталандырды деп ойлайсыз?

Джеймс Уоттың мансабы осы XVІІІ ғасыр жаңалығын сипаттайды. Швед құрылысшының ұлы – Джеймс құрылғылар ойлап табу өнерін меңгеру үшін Англия мен Шотландияда білім алды. 1765 жылы ол Ньюкоменнің бу қозғалтқышын жетілдіру үшін осы білімін, бұған қоса Ньютонның энергия жайлы теориясы мен Джозеф Блэктің жасырын жылу құрамы еңбегін тәжірибеде қолданып көрді. Ол бизнесмен және ғылыми жаңалықтарды бөлісуге арналған интеллектуалдар ұйымы – Ай қоғамының мүшесі еді. «Геометрия мен алгебра есептеу ғылымы мен барлық қолданбалы ғылымның негізі, натурфилософияны толық ұқпасаң, қалғаны – жай көңіл көтеру»10, – деп баласына кеңес берді. Уоттың әйелі Энни оған ғылымда да, бизнесте де демеу болды, химия саласында хлор тазартқышының қолданбалы қырын зерттеу үшін ізденді.

Британияның эмперикалық ғылымға деген құштарлығы, яғни бақылауға, экспериментке және тәжірибелік қолданысқа негізделген зерттеулерге ынтықтығы тұтас Еуропаға тән болды деуге келмес. Бұл ғылым ойшылдары табиғат заңдылықтарын қабыл еткен принциптер негізінде рационалды тұрғыда, математикалық анализдер бойынша түсіндіруге тырысатын, Францияда қолданыста болған дедукциялық логикадан айтарлықтай өзгеше еді. Француз технологтары механикалық индустрияға маңызды үлес қосқанына қарамастан, Франция мен құрлықтағы өзге елдердегі жоғары білімді ғалымдар британдық жаңашылдар жаппай ұмтылған тегершік, сағат және сорғыштарға XІX ғасырға дейін қызыққан да жоқ.

Бастапқы индустрияландырудың әлеуметтік және экологиялық зардаптары

Индустрияландыру алғаш басталған кезде, теміржол мен жоспарлы фабрика жұмысында көмірді жаппай қолдану күнделікті өмірді қалай өзгертерін ешкім болжап білмеді. Бұған қоса, ешкім жаңа заман кезеңінің негізгі қыры не болғанын түсінбеді: Британия ғана емес, жер әлемнің бар бұрышы өзгере бастады.

Жаңа заманмен байланыстыратын дүниежүзі халқы санының жаһандық өсімі өнеркәсіптік революцияның алғашқы сипаты еді. Бұдан кейінгі кезде халық саны да индустриялық революциямен бірге өсіп отырды. Британияда халық санының артуы, урбандану және индустрияландыру басқа қауымдастықтарға қарағанда бір-біріне жақсы әсер етті. Англия халқының саны XVІІ ғасырда 1 миллионға жетеғабыл болды. Ал 1801 жылы 8,7 миллионға жуықтады11. Азық-түлік тауарларының айтарлықтай мол қоры, тамақтың алуан түрінің пайда болуы, жалақыға жұмыс істейтін жұмыс орындарының көптігі және қоғамдық гигиенаның жақсаруы – халық санына әсер етті. Ерте жастан үйлену үрдісі де жағымды ықпал еткен болар. Британия мен өзге де Батыс Еуропа елдерінде дүниенің басқа бөліктерімен салыстырғанда, адамдар дәстүрлі түрде кештеу отау құратын. Алайда фабрика жұмысшылары мен жалдамалы еңбек етуге мүмкіндігі бар жас ерлер мен әйелдер отбасылық өмірге ертерек қадам басты. XVІІІ ғасырда Лондон халқының саны 550 мыңнан 860 мыңға өсіп, оны Еуропадағы ірі қалалардың біріне және дүниежүзінде Бейжіңнен кейін ауқымды екінші қалаға айналдырды. Англияның орталық графтығындағы Бирмингем, Ливерпуль, Манчестер және Лидс секілді қалалар да ұлғайып, байыды. 1800 жылы Англия халқының шамамен 28 пайызы қалаларда тұрды, бұл Еуропа құрлығындағы басқа елдермен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш еді (21.2-картаны қараңыз).

21.2-КАРТА. 1750 және 1850 жылдардағы дүниежүзіндегі жиырма ірі қала

Осы жүзжылдықта дүниежүзінің қай аймақтарында ірі қалалар ұлғайды? Қай аймақтар үлкен жиырмалыққа енген ірі қалаларынан айырылды? Осы жүзжылдықта қалалардың географиялық орналасуында жалпылама өзгерістер болды ма? Күн өткен сайын дамыған урбандануды қандай факторлар айшықтап бере алады?

Жаңа индустриялық қоғамдағы жұмысшы табының наразылықтары. Елді мекендерден қалаға көшіп келген көпшілік оның ықпыл-жықпыл түкпірлерімен, лас үйлерімен, лай суларымен, жантүршігерлік санитария мен жұқпалы аурулармен бетпе-бет келді. Қаладағы еңбек шарттары ауылдағы өмір салтынан мүлде өзгеше еді. Ересек адамдар да, балалар да әдетте фермаларда таңның атысы, күннің батысы жұмыс істейтін, бірақ қалай болғанда да өз үйлерінде, жұмыс қарқынын жоспарлай отырып, қиын жағдайда отбасы көмегіне арқа сүйеді. Шағын шеберхана жүйесінде әйелдер мен балалар қаһарлы, талапшыл бастықтың емес, күйеуі немесе ата-аналарының бақылауында жұмыс істеді. Жаңа фабрикаларда бұл өмір күрт өзгерді. Фабрика жетекшілері жұмысшыларды тәртіппен ұстаудың моделі ретінде ағылшын түрмелері мен еңбекпен түзеу мекемелерін үлгі тұтты. Жұмыс күні әдетте таңғы алтыдан кешкі жетіге дейін созылды. Сауатсыз жұмысшыларға фабрикалардағы қабырға сағаттарын аңдып отыруды үйренуге тура келді. Физикалық салмақ, үздіксіз қайталанатын қимылдар мен өндірістегі жазатайым жағдайлар талай адамды мүгедек етті немесе денсаулығына зақым келтірді. Өндірістегі жұмысшылардың өмір сүру ұзақтығы зауыт, фабрика және машина құрылғылардың иелерімен салыстырғанда он жеті жылға қысқа болды. Ерте кездегі индустрия онжылдықтарында кәсіп­одақтар да, еңбек құқығын қорғайтын ешқандай заң да болған жоқ.

Англияның орталығындағы Лидс қаласынан шыққан Элизабет Бентлий зығыр өнеркәсібіндегі жас жұмысшы әйелдің ортақ типі болып есептеледі. Ол 1809 жылы алты жасында фабрикаға жұмысқа кірді. Британ еңбек шарттарын анықтау үшін құрылған парламент комиссиясы – Садлер комитетінің алдында 1832 жылы сұрақтарға жауап берді:

– Бұл фабрикадағы жұмыс уақытыңыз?

– Таңғы 5 тен түнгі 9-ға дейін...

– Тамақтануға қанша уақыт беріледі?

– Түскі асқа қырық минут.

– Таңғы ас ішуге немесе арасында су ішуге уақыттарыңыз болды ма?

– Жоқ, суды мүмкіндік болғанда ғана ішетінбіз...

– Жұмысыңыз шамадан тыс көп пе?

– Иә, еш нәрсеге уақыт таба алмайсың.

– Аздап немесе едәуір кешігіп келдіңіз делік, олар сізге не істейді?

– Қайыспен [солқылдақ шыбықпен] сабайды...

– Қыздарды да, ұлдарды да сабай ма?

– Иә.

– Сізді байлап қойған кезі болды ма?

– Иә.

– Шын айтасыз ба?

– Әрине12.

Қалам жасап отырған әйелдер. Елуден аса әйел Англияның Бирмингем қаласындағы «Hank Wells & Co» фабрикасында қайрақ тастарда қаламсап ұштап отыр. Осы сурет пен 208-беттегі шағын шеберханадағы тігін өндірісімен шұғылданып отырған әйелдер бейнеленген кескін арасында коммуналдық жұмыстың қандай айырмашылықтарын байқайсыз?

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Нед Лудд: индустрияның атақты қарсыласы

Кілем тоқу машинасын қиратушы луддиттер

Луддит (Luddіte) – кез келген жаңа технологияны жаратпайтындарға не оған бейімделе алмайтындарға қатысты қолданатын ауызекі ағылшын сөзі. Бұл сөз кедейлерге көмектесу үшін байларды тонаған Робин Гуд бейнесіндегі кейіпкер – Нед Лудд (Ned Ludd) есімімен тығыз байланысты. Ағылшын хикаятында Нед Лудд «генерал» болу үшін еңбекші кедей тап қатарынан шығады, ал соңынан ергендер оны король сайлағысы келді. Шындығында ол ағылшын қара жұмысшыларының қиялында ғана өмір сүрген болуы мүмкін. Тарихи маңызы бар қайраткер ретінде ол жиынтық тұлға, яғни тұрақсыз экономикалық өзгеріс салдарынан қауіптенген жұмысшы таптың символикалық бейнесі ретінде пайда болды.

XІX ғасыр басында сапырылысқан саяси-экономикалық ахуал ағылшын жұмысшыларын сарыуайымға салды. Англия 1803 жылдан бері Наполеонмен соғысты, ал император Британияның Еуропа құрлығымен саудасына кедергі келтірді. Ағылшын қоймалары экспортқа арналған матаға толып қалды. Артық мата қоры механикаландыруға байланысты онсыз да қысқарған жұмысшыларды керек қылмады. Бу станогын басқаратын жалғыз адам екі жүз, тіпті үш жүз адамның жұмысын атқара берді. Парламент кедей тап жағдайына аса алаңдамай, еңбек үнемдейтін құрылғылар пайдалануды шектейтін заңнаманың күшін жойып, жедел индустрияландыруды қолдады. Кейбір бай мырзалар мен фабрика иелері кедейлердің жай-күйіне жанашырлық танытқанымен, көбі экономикалық өркендеудің маңызы басым екенімен келісті.

1811 жылы Англияның кейбір бөліктеріндегі егін бітік шықпай қалып, аштыққа ұрынды да, өздерін луддиттер деп атайтын маска киген жұмысшылар тобы фабрикаларға түнде кіріп, жұмыстағы орындарын тартып алған машиналарды қиратуға кірісті. Ноттингемширде құрылғыларын қайта жөндеуді бұйырған фабрика иелерін бүлікшілер қорқытып, қоқан-лоққы жасаған хаттар жіберді. Фабрика иелері бүлікшілердің талаптарына бағынудан бас тартқан кезде олар төрт жүзден аса тоқыма станогын қиратты. Тәртіпке шақырып, жағдайды реттеу үшін британ үкіметі екі мыңға жуық әскер аттандырды, алайда кек алушылар машиналарды қирата берді.

Көтеріліс тез арада Ноттингемширден орталық графтықтардың бес қаласына тарады. Адамдар наразылық қағазына қол қойып, «генерал Нед – біздің көсеміміз» деді. 1812 жылы көктемде және күзде жаппай тәртіпсіздік көбейді. Кейбір көтерілісшілер атақты генералдың әйелін пір тұтып, «леди Лудд – біздің көсеміміз» деп жариялады. Түнде шағын топ ауыл-аймақтарды аралап, астық пен қажет қару-жарақ іздеп, халықты тонап жүрді. Шіркеу мен басқа да ғимараттардағы қорғасын құбыр, шүмек және арматура атаулы жоғалып, балқытылып, оққа айналды. Луддиттер адамдарға зорлық-зомбылық көрсетпегенімен, жаппай тәртіпсіздіктен бір өндірісші өлді және әскермен қақтығыс кезінде оннан аса жұмысшы опат болды. Көтерісшілер бес фабриканы жағып жіберді, оншақтысына шабуыл жасады. Қозғалыстың нақты бір жоспары болмады, алайда көсемдері кәсіби шеберлікке құрмет көрсетуді, жұмысшыларды өндірістегі әріптес ретінде бағалауды және индустриялық машиналарға тыйым салуды талап етті. Ағылшын билігі Недд Луддты іздеп, жолдар мен таверналарды түгел сүзіп шықты, бірақ ол ұшты-күйлі жоғалды. Үкімет оны 1816 жылдан бастап тонау, өртеу және жеке мүлікті қирату айыптарымен, үкімі өлім жазасы болатын барлық қылмыс баптарымен соттауға тырысты.

Жаппай қамауға алу мен ауыр жазалау көтерілістің қарқынын бәсеңдетті. Азық-түлік бүлікшілері мен машиналарды қиратушылар жас-кәрісіне қарамастан сотталды. Жиырма төрт ер, әйел және бір бала дарға асылды. Он алты жасар баланың бар жазығы – фабрикаға ұйымдасқан топ шабуыл жасағанда айналаны қарауылдап тұрған еді. Дарға асумен қоса, сегіз луддит Англия түрмесіне тоғытылды және елу бірі Австралияға жеті немесе одан да көп уақытқа жазасын өтеуге шынжырмен жөнелтілді. Луддизм 1816 жылы сейілді және генерал сол бойы табылмады. Дегенмен қозғалыс жұмысшылардың наразылығын ашып көрсетті және парламенттің жұмысшыларға қатысты реформалар жасауына түрткі болды. Көп ұзамай жұмысшылардың кәсіподақ қозғалысы ұйымдасты.

Сыни пайым

Нед Лудд болмағанда, Луддит қозғалысы уақытша болса да жеңіске жетер ме еді?

Британ мата индустриясы XІX ғасырға дейін ер адамдардан гөрі әйелдер мен балалардың еңбегін көбірек пайдаланды. 1765 жылы Лондон жібек индустриясында бір еркекке он төрт әйел мен баладан келді. Ер адамдар шахталарда, құрылыста және тері өңдеу саласында басымдыққа ие болды. Жетекші бизнесмендер әйелдер мен қыздар жаңа технологиялармен индустрия салаларына лайығырақ жұмыс істейді деп ойласа керек. Джеймс Харгрэйвс, мысалы, Дженни станогын жасөспірім қыздар оп-оңай басқара алатындай етіп жасады13. Басқаша айтсақ, машинамен басқаратын мата өндірісі әуел бастан әйелдерге «гендерлік» тұрғыдан ыңғайлана құрылды. Кәсіпкерлер әйелдерді мата машиналарымен жұмыс істеуге лайық біліктілікке, бұған қоса фабрика жұмысына қажет табиғи корпоративті әрі бағынышты қасиетке ие деп сенді. Өндірісшілердің пікірінше, әйелдер инновациялық өндірісте лайықты еңбек ете алады, өйткені олар дәстүрлі қолөнер саласында жұмыс істейді, ал бұл салада еңбектенетін ер адамдар ескілікті көзқарасында қалуы мүмкін еді.

Кедей әйелдер мен қыздарға жұмыс орнын ұсынған кәсіпорын иелері халыққа фабриканың күрделі құпиясын ашып берді. Шынымен де, ер адамдар машиналар мен оларды басқарушы білігі төмен жұмысшылардың кесірінен кәсібінен, яғни сұраныстан айырылды. 1786 жылы, мысалы, орталық графтықтардағы мата ұсталары сөз жүзінде ою-өрнек салу үшін машиналарды қолданатын фабрикалардың – жүнді иіруге дайындайтын механикалық құрылғылардың жұмысына қарсы шықты: «Бір ғана машина бір күнде жиырма ер жұмысшы жасайтын істен де көп жұмыс атқара алады. Отбасын асырауға тиіс, жұмысынан айырылып қалған еркектердің жағдайын кім ойлайды?»14.

Шахтадағы және фабрикадағы еңбек шарттарының нашарлауына қарай 1840 жылдарға дейін жалғасқан наразылық жанайқайы қаттырақ шыға бастады. Алғашқы онжылдықтарда жұмысшылар наразылығын петиция, жұмысқа келмеу, кешігу, тәртіпсіздік, жаппай жиын тіпті ішімдікке салыну, жезөкшелік, ақылдан алжасу және суицид арқылы көрсетті. Жаңа машиналарды иттің етінен жек көрген ызалы жұмысшылар кейде оларды қиратты немесе өнертапқыштарға шабуыл жасады. Мысалы, 1753 жылы жұмысшылар шөлнекті ойлап тапқан Джон Кэйдің үйіне басып кіріп, оны Францияға қашуға мәжбүрледі, ақыр соңында ол сол жақта жоқшылықта қайтыс болды. 1806 жылы Франциядағы жұмысшылар Жаккард тігін машинасына халықтық «өлім жазасын» ұйымдастырды, жұмыс орындарынан айырылып қалғанына наразылығын білдіру үшін қарсылық ретінде машинаның біреуін қиратты. Үздіксіз наразылықтарға жауап беру үшін әрі тәртіпсіздіктен қауіптенген парламент жұмысшыларға 1824 жылы кәсіподақтар құруға рұқсат ету әрі жайлы жағдай жасау үшін, белгілі бір жағдайларда жиындарға шығу үшін дауыс берді. Кәсіподақ қозғалысы Британияда баяу таралды, ал Еуропа құрлығында сол ғасырдың орта тұсына дейін ондай қозғалыс болмады.

«Зиянды һәм ащы түтін». Қалалар ерте кезден-ақ ауру ошағы болды, ауру жануарлар, түтін және нәжіске толы қала адам денсаулығына кері әсер етті. XVІІІ ғасырда дүниежүзіндегі қалалардың барлығы ластанып, жағдай қиындады. Британиядағы индустрияландыру мен көмір энергиясын өндіру жаңа токсиндердің және қоршаған ортаны ластайтын қалдықтардың пайда болуына әкеп соқты. Өндіріс қалдықтары өзендер мен көлдерді былғады, ал қала суларының ағыны елді мекендерді ластады. Ауа, әсіресе Лондон ауасы бүлінді. Адам, үй және шеберханалардың көптеп шоғырлануы қала мен ауыл арасындағы ауа температурасын айтарлықтай өзгертті. Бұл айырмашылық желдің қалыпты ағысына кедергі келтіріп, қаланы зиянды газ тұманы басты да, қала «ыстық аралға» айналды.

Бастапқы индустрияландыру кезеңінде адамдардың қоршаған ортаның ластануы жайлы хабары болмады. Мысалы, ешкім сүзек, тырысқақ індеті мен ластанған су арасындағы байланысты мойындамады. Алайда XVІІІ ғасырдың бас кезінің өзінде лондондықтар көмір түтіні ауаны ластайды деп шағымданды. 1664 жылы ағылшын памфлет жазушысы Джон Эвелин осы көне әрі даңқты қаланы «қаһарлана жазғырды»: «Менмен мұхитқа, Үндістан мен алыстағы Антиподтар аралдарына дейін әмір жүргізетін... Бұл «даңқты һәм ежелгі қаланың» ұлы аспанын сасық һәм қою түтін мен күкірт бұлты қаптады». Эвелиннің пікірінше, көмір түтіні су жолдарын ластады, үйлерді мүжіді, киімдерді былғап, араларды өлтірді және адамдарды ауру қылды: «Жер жүзінде Лондон шіркеулері мен жиындарындағыдай толассыз шыққан айқай мен қақырып-түкіру, адамды мезі еткен жөтел мен халықтың аурушаң жүзі бар қала жоқ шығар?» деп жазды. Көмір шахталарынан пайда тауып отырғандар наразылықтарды басу үшін «көмір түтіні пайдалы болуы мүмкін, өйткені олар зиянды һәм улы ылғалдан ауаны тазартады» деген науқан жүргізуге тырысып бақты. Дәрігер Сэмюэл Ганеман 1787 жылы Лондондағы жоғары мөлшердегі өкпе ауруларының көмір түтініне еш қатысы жоқ, бұл дерт «түнгі өмірге, шектен тыс ыстыққа, ішімдік пен тамақ, мөлшерден тыс шай ішуге... көбіне табиғатқа қайшы құмарлықтарға қатысты болуы мүмкін»15 деп жазды. 1800 жылдардың басында көмір жағу – көмір қорына жақын Германия қалаларының ауасына айтарлықтай кесірін тигізе бастады. 1830 жылдардың соңында Құрама Штаттарға барған шенеуніктің сөзіне қарағанда, жас өндірісті Питсбург қаласының өзі қазірдің өзінде «қою қара түтінге....» оранған, «күйенің қара үлпектері тұрғын үйлер мен жергілікті адамдардың үстіне түседі»16.

ХІХ ғасыр басындағы индустрияландыру және жаһандық сауда

ОЙЛАН: XVІІІ ғасыр соңы мен XІX ғасыр басындағы еркін сауда және либерализм доктриналарының негізгі белгілері қандай болды?

Индустриялық революцияның негізі қаланған кезең Еуропа мен қос Америкадағы халық революцияларымен тұспа-тұс келді. 1775–1815 жылдар арасындағы революцияларға қатысқан миллиондаған адамның аз бөлігі ғана бу машинасы мен тігін машинасы жайлы бірдеңе білді. Дегенмен 1800 жылдары машиналар мен фабрикалар Британиядан басқа аймақтарда да жұмыс істей бастаған соң және дүниежүзіндегі өнім өндірушілер жаңа өндіріс орталықтарын қамтамасыз ету үшін азық-түлік пен өзге де қажет тауарды арттырған соң, жаңа машиналар бірден белгілі бола түсті. Индустриялық өркендеу халықты фабрика шығарған тауардың тұтынушысына айналдырды. Индустриялық революция XІX ғасыр барысында жаһандық құбылыс ретінде бу машиналары, фабрикалар мен теміржол пайда болған мекендерде ғана емес, сонымен бірге фабрикалар мен қала тұрғындарына шикізат өндіретін жерлерде және адамдар өндіріс тауарларын тұтынатын өңірлерде дамып, барлық жерге таралды.

Энергетикалық революцияның қарқындауы

Британияда жаңа фабрикалар мен қалалық қолөнер және қызмет көрсету саласының барлық түріне қажет жалдамалы жұмысшыларға деген сұраныс 1820 жылдан соң қарқынды түрде артты. Индустрияландырудың алғашқы онжылдықтарында жұмысшылардың нақты жалақысы көбейе бастады. 1800–1850 жылдары мемлекеттің жалпы халық саны екі есе артып, тоғыз миллионнан он сегіз миллионға жетті. Ғасыр ортасында британ халқының жартысы қалада тұрды, бұл дүниежүзінің кез келген мемлекетімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш еді. Лондон халқы 1800 жылы 860 мың болса, 1875 жылы шамамен 4,2 миллионға жетті. Фабрикалар мақта өнімін шамамен он бір есеге арттырды, бұл жетістік кәсіпкерлерді бу машинасын өндірістің басқа да түрлерінде қолдануға итермеледі. Кірпіш, керамика, қағаз, сыра және басқа да өнім түрлерінің өндірісі машиналанды. 1850 жылы британ халқының саны Қытайдың шамамен 4,5 пайыздай-ақ еді. Бірақ Британия Қытаймен салыстырғанда, энергияны елу есе жоғары пайдаланды, бу мен көмір көптеген машинаны жүгізу үшін керек болды.

Бланзидағы ашық көмір шахтасы. Франция. Индустрияландыру қалаларды да, ауыл-аймақтарды да өзгертті. 1857 жылы Игнас Франсуа Бономме салған бұл сурет ресурстарды ірі көлемде өндірудің қоршаған ортаны қалай өзгертетінін бейнеледі. Суреттің алдыңғы жағындағы адамдардың дене тұрқы қаншалықты кішкентай боп тұрғанына назар аударыңыз. ХІХ ғасырдағы осы өзгерістерді адамдар қалай қабылдағаны жайында бұл сурет не дейді?

Транспорт барлық тарапқа жетті, жеке кәсіп­орындар жол, канал, теміржол және темірден көпір салу секілді жүздеген жобаларды қолға алды. XІX ғасыр басында канал қазу жұмысы жалғаса берді, өйткені баржалар (сүйретпе жүк кемесі) көмір мен темір кендерін шахталардан фабрикаларға жеткізді. 1840 жылдары бумен жүретін локомотивтер ауыр жүктерді баржаларға қарағанда алыс қашықтыққа жылдам әрі арзан жеткізе алатынын дәлелдеді де, жаппай канал қазу ісі аяқталды. Теміржол, жол бағыттары және жолаушылар тасымалымен бірге, адамдар да іскерлік һәм техникалық ақпараттарға қанықты. Британиядағы хат пен жүк тасымалы 1840 жылдан соң күрт артты, талантты модернизатор Роуланд Хилл пошта жүйесін стандарттау жобасын шабыттана бастап, жабыстырылатын пошта маркасын ұсынды.

21.3-КАРТА. Еуропадағы урбандану мен индустрияландыру. 1850 жыл

ХІХ ғасырдағы урбандану индустриялық дамумен қатар жүрді. 1850 жылдағы Франциямен және Британиямен салыстырғанда Германиядағы теміржолдар мен өндіріс объектілерінен не байқайсыз? Германия халқының урбандану қарқынының төмен болуын немен түсіндіресіз?

Еуропа құрлығындағы индустрияландыру. Наполеон соғысы аяқталған 1815 жылдан соң, әскерге қатысты өндірісті қысқарту бес жылға жуық уақытта экономиканы құлдыратты. 1820 жылдан кейінгі қырық жыл ішінде бу машинасын қолданатын индустрия Бельгия, Франция, Нидерланд, Германия және Австрия империясына жылдам тарады (21.3-картаны қараңыз). Осы кезеңде Еуропа державаларының көпшілігі бір-бірімен бейбіт қарым-қатынас ұстанды. Бұл индустрияландыруға оңтайлы болды, әсіресе шикізатпен, жергілікті жұмыс күшімен және табиғи транспорт жолдарымен жақсы қамтылған аймақтарда тиімді еді.

Ауқымды масштабтағы индустрия Бельгияда бәрінен жыл­дамырақ дамыды (Нидерландтан 1831 жылы бөлініп шығып, жеке мемлекетке айналды). Бельгияның өнеркәсібі көмір, темір, мата, шыны және қару-жарақ өндіруге маманданды. Германияның шахта иелері 1830 жылдары Рур жазығындағы көмір кеніштерінде бу машинасын қолдана бастады, бұл 1871 жылға дейін кіші иеліктер мен князьдіктерге бөлініп, индустрияландыру бастапқыда жай дамыды. Британ технологиясына кәдімгідей тәуелді Франциядағы жаңа бастаушы өндірісшілер бу машинасымен жұмыс істеп, мата және темір өндіруде 1830–1840 жылдары таңдай қақтырар жетістіктерге жетті. Француз өнертапқыштары да көптеген механикалық құрылғылар мен үдерістерді айналымға енгізді, оған тоқыма станогы, зығыр иіргіштері және газбен жарықтандыру құрылғылары кіреді. Бұған қарамастан, Франция Британияны өндіріс саласында қуып жете алмады және Германиядан да біртіндеп артта қалып қойды. Португалияда, Испанияда, Италияда және Балқан түбегінде индустрия кластерлері кейінгі онжылдықтарда пайда бола бастады. Мысалы, ХХ ғасырда Италияның ірі өндіріс орталығына айналу бақыты бұйырған Миланда 1841 жылы екі бу машинасы ғана болды. Дегенмен индустрияландыру Британия мен құрлықтағы кейбір аймақтарда тамыр жайғанына орай Еуропаның әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі жоғарылады. Бір деректерге жүгінсек, 1820 жылы әлемдік ЖІӨ-дегі оның үлесі шамамен 24 пайыз болса, 1870 жылы 34 пайызға көтерілді17.

Құрама Штаттар. Наполеон соғысынан кейін Британия мен Құрама Штаттар арасында орныққан тығыз экономикалық және мәдени байланыстар Батыс Атлантикаға индустриялық технология мен қаржылық капитал ағысын ұлғайтты. Британ білігі мен қаржысы 1820 жылдары Жаңа Англияда кең тараған мата фабрикаларын тұрғызуға көмектесті. Оңтүстіктегі африкалық құлдар солтүстіктегі фабрикаларға да, мақта жіптерін шығаратын британдық мата секторына да құлдар жеткізіп, индустрияландыруды одан әрі дамытты. Британияға мақта шикізатын сату нәтижесінде Құрама Штаттарға көп көлемде шетел валютасы ағылып жатты. Кейінірек Америка банктері дамуды жеделдету мақсатында ол қаржыны индустрия, транспорт және шахта істерімен айналысушы кәсіпкерлерге несиеге берді.

Құрама Штаттар 1850 жылға дейін жемісті индустрия саласын дамыту жағынан Батыс Еуропаның қатарына қосылды. Оңтүстік-батыстағы штаттарда да Британиядағыдай мата фабрикаларының алғашқы буыны иіргіш қуаты мен тоқыма станоктары үшін ағын суды қолданды және олар да әйелдер мен қыздардың еңбегін пайдаланды. Массачусетстегі Құрама Штаттардың мата өндірісі дамыған Лоуэл қаласының фабрикалардағы еңбек күшінің жетпіс пайызын әйелдер құрады. 1820–1840 жылдар аралығындағы канал қазу ісі Американың ішкі аймақтарынан сусымалы жүктерді тасымалдау шығынын азайта отырып, экономикалық өсімді ұлғайтты. 1840 жылы солтүстік-шығыста жеке компаниялар шамамен 3000 мильдей қашықтықта теміржол желісін салып шықты. Келесі онжылдықта бұл теміржол желісі батыс пен оңтүстікке созылды, канал қазу ісі тоқтады. Жанғыш қазбалар энергиясы да Америкаға Пенсильванияда 1840 жылдары ірі көмір кеніштері табылған кезде келді. Индустрияландыру Огайо өзені бассейніне де жетті және орталық батыстың шеткері жағындағы Цинциннати 1840 жылы елдегі үшінші ірі қала болды.

Огайо штаты, Цинциннати жағалауы. 1848 жыл. Пароходтар мен өзге де кемелер сауда және тұрғын үй ғимараттары қосылған жердегі қайраңда тұр. Мұны Чарльз Фонтейн мен Уильям Портер дагерротип деп аталатын, ерте кездегі суретке түсіру құрылғысымен түсірген. Олар бұл жаңа технологияны қолданып, қарқынды даму үстіндегі Цинцинати жағалауының екі мильдей аумағын көп кадрлы көрініс арқылы беруге тырысты. Қарқынды дамушы индустриялық қала жаңа құралы бар суретшілердің назарын неге аударды деп ойлайсыз?

Мысырдағы ерте кездегі индустриялық эксперимент. Батыс Еуропа мен Құрама Штаттардан өзге мемлекеттер арасында күрделі машиналарға, фабрикаларға құшағын ашқан алғашқы ел – Мысыр. Жеке кәсіпкерлер немесе фирмалар емес, жаңа индустриялық технологияны мемлекет өзі ұйымдастырып, басқарып, пайдаға кенелген алғашқы ел де осы Мысыр еді. Бұл әдісті кейін басқа мемлекеттер де өздеріне бейімдеп алды. Аталған елдің бұл жолына, әсіресе Британия кедергі болды да, Мысырдағы бұл бағдарлама тез күйреді.

Мысыр Осман империясының ресми бөлігі еді, бірақ түрік әскери адамдарының шағын табы немесе мәмлүктер арабтілді халықтан табыс тауып, мемлекетті жеке басқарды. 1801 жылы Ніл жазығына француздардың сәтсіз басып кіруінен (20-тарауды қараңыз) төрт жыл өткен соң Осман әскерінің тегі албан жауынгері Мұхаммед Әли Мысыр билеушісі (1805–1848 жылдары билік құрды) ретінде таққа отырды. Наполеон әскерінің мәмлүк атты әскерін оп-оңай жеңген жеңісіне таң қалған ол әскер мен үкіметті жаңғыртуға, Ніл өзені жазығындағы аграрлық экономиканы жандандыруға және Мысырды санасуға лайық аймақтық мемлекетке айналдыруға қатысты бағдарламаны бастады. Ол консерватор мәмлүк элитасының көзін жойды, француз және ағылшын әскери жетекшілерін жалдады, Мысыр жауынгерлері оқытты, болашақ сарбаздар мен бюрократия шенділеріне шет тілін, инженерия, медицина мен химияны оқыту үшін институттар ашты. Ол үкімет шенділері мен салық жүйесін мемлекетті мол пайдаға кенелтетіндей етіп қайта ұйымдастырды. Конституция мен парламентке аса қызықпаған Мұхаммед Әли сол замандағы автократтардай, мемлекет пен билеуші тапқа арнап қарапайым халықтан салық жинайтын стратегиясы бар экономикалық өсімге қол жеткізуді ойлады.

Бұл реформаларға керек қаржыны табу үшін Мұхаммед Әли аграрлық қоғам тұрғындарының мақта, жібек, жүн және зығыр өндіруін арттыруға кірісті. Ніл жазығындағы суландыру жүйесін қайта жөндеу жұмыстарына шаруалар мен жұмысшыларды тартты. Мұхаммед Әли еуропалықтардың кеңесімен механикалық тігін станоктарына икемді мақтаның жаңа сортын еккізе бастады. Ол мата өнімдерін өз жерінде өндіріп, әскер мен қарапайым тұрғындарды шетелдік импорттаушылардан емес, тікелей өз елінен киіндіру экономикалық тұрғыдан пайдалы екенін түсінді. Алғашқы мата шеберханасы 1818 жылы Каирде ашылды, 1830 жылдары осы қала мен өзге де шаһарларда мақта, жібек, зығыр және жүн өнімдерін өндіретін шамамен отыз шақты фабрика болды. Жүн түту машиналары, жіп иіргіш машиналар мен тоқыма станогі қолданысқа енді. Бірақ бұл құрылғылардың көбінде жануар күші қолданылды. Сонымен бірге, импортталған бу машиналары да аздап қолданысқа енді. Мұхаммед Әли мушкет шығару үшін қару-жарақ зауыттарын да ашты.

Алайда кейінгі 1830 жылдары тәжірибесіз Мысыр индустриясын жаңа саяси-экономикалық қиындықтар күтіп тұрған еді. Мұхаммед Әли соғыстарда жеңіске жеткен сайын, әскери шығындар да орасан зор деңгейде өсті. 1811–1831 жылдар аралығында ол Мысырға қажет ресурстарды табу, оның халықаралық мәртебесін көтеру үшін Батыс Арабияға, Суданға (Ніл жазығының жоғары жағында) және Осман провинциясы – Сирияға басып кірді. Аз капитал, көмір мен ағаш сүрегінің жетіспеуі энергия көзін шектеді.

Мұхаммед Әлидің Сирияға шабуылы отар елі Үндістанмен байланыс бағыттарына кедергі келтіріп, Британияның қитығына тиді. Мысыр әлі де ресми түрде бағынышты Осман империясы мен Британия 1838 жылы келісімшартқа қол қойды. Бұл келісімде Еуропа матасына салатын импорттық баж салығы төмендеп, Мұхаммед Әли қойған монополияға тыйым салды. Екі жылдан соң британ және осман күштері Мысыр әскерін Сириядан ығыстырып шығарды, Мұхаммед Әлиді әскері мен мата, қару-жарақ өндіретін ірі ішкі нарығын дереу қысқартуға мәжбүрледі.

Мұхаммед Әли. 1840 жылы француз суретшісі салған бұл сурет экономиканы модернизациялап, аумағын ұлғайтуға күш салған Мысыр билеушісін суреттейді. Британ үкіметінің Мысырды индустрияландыруға қарсы шығуын қалай түсіндірер едіңіз?

Британияның әрекеті мен энергия көзінің жетіспеушілігі Мысырдың мата индустриясын сәтсіздікке ұшыратты. Шеберханалар біртіндеп қирай бастады, 1849 жылы Мұхаммед Әли қайтыс болған соң, Британия мақта шикізатын көбірек экспорттау үшін Мысыр үкіметіне қысым жасады. Бұл стратегия мысыр шенділерін, саудагерлері мен жер иелерін байытқанымен, жаппай экономикалық дамуға әсер еткен жоқ. Осылайша Мысыр 1840 жылдан кейінгі индустриялық революцияға өндірісі дамыған елдерге ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуші ретінде ғана қатысты.

Сауда ағыны

ХІХ ғасырда жаһандық сауда көлемі бұрынғы кез келген ерте кездегі дәуірлермен салыстырғанда таңданарлық қарқынмен өсті де, шамамен жиырма есе артты. Дүниенің түгелге жуық бөлігі жаһандық шикізат материалдарымен, дайын өнімдермен және жұмысшы миграциясымен алмасты. Осы күні «экономикалық жаһанданумен» байланыстырып жүрген капиталистік индустрия, еңбек жүйесі мен құрылымдары белгілі бір деңгейде қалыптасты. Бұл, ең алдымен, Британиядағы қазба отын өндірісі, бұған қоса Еуропа құрлығындағы жаңа елдер мен Құрама Штаттардың ірі көлемде тауар шығаруы арқылы мүмкін болды. Зауыт-фабрикаларға қажет шикізат болмағанда және қала халқының саны артпағанда, тауарлар нарығы бәсеңдер еді.

Жолдар, пропеллерлер мен мыс сымдар. Миллиондаған адамға жаңа тұтыну тауарларын ұсынған, пайдалы қазбалардың жаңа қоры мен азық-түлік тауарларын көбейткен және нарықтық ақпараттардың қарқынын жеделдеткен, бу күшімен жұмыс істейтін транспорттар мен электр байланысын дүниеге әкелген инновацияларға байланысты, сауда-саттық көлемі өсті. Дүниежүзіндегі теміржол желісінің жалпы қашықтығы 1840–1860 жылдар аралығында он бес есеге жуық ұлғайды, негізінен Еуропа мен Солтүстік Америкада пайда болғанымен, көп ұзамай Үндістан, Латын Америкасы мен Австралияда да ауқымды теміржол салу жұмыстары жалғаса берді (21.4-картаны қараңыз). 1807 жылы Америка кәсіпкері Роберт Фултон ағаш отынымен қуат алатын Уотт қозғалтқышын кемеге орналастыру арқылы алғашқы сәтті коммерциялық пароход жасап шықты. 1833 жылы түгелге жуық бу қозғалтқышымен жүретін «Роял Уильям» («Royal Wіllіam») кемесі Атлантиканы кесіп өтіп, Канададан Англияға жетті. Үш жыл өткен соң швед жаңашылы Джон Эриксон алғашқы сәтті шыққан винтті пропеллерді патенттеді, бұл – ескекті дөңгелектерге қарағанда өте тиімді суасты механизмі еді. Желкенді кемелерге қарағанда ерте кездегі бу кемесі – пароходтар артықшылыққа ие болды, өйткені олар тез құбылатын желге тәуелді болмады. Желкенді кемелер, әсіресе клипер кемелері сол ғасырдың екінші жартысына дейін ұзақ қашықтықтағы рейстермен мұхит айдынына шықты.

21.4-КАРТА. Теміржолдар желісі. 1860 жыл

Солтүстік Америка мен Еуропаның қай аймағында 1860 жылға дейін ең тығыз теміржол торабы болды? Дәл осы аймақтардағы құрылыстың өте тығыз болуына қатысты қандай пікір айтасыз? Неліктен Үндістанда теміржол торабын салу Еуропа мен Құрама Штаттарға қарағанда кешірек, ал Қытай мен Батыс Африкаға қарағанда ертерек басталды деп ойлайсыз?

Сым арқылы электрлі импульстер үлгісі болған телеграф – сенімді, ыңғайлы, қалааралық өте жылдам байланыстың алғашқы түрі. 1837 жылы Англия мен Құрама Штаттардағы өнертапқыштар жеке-жеке, арзан батареялармен жұмыс істейтін телеграф машиналарын құрастырды. Америкалық өнертапқыш Сэмюэл Морзе өте тиімді құрылғы жасады. 1844 жылы ол Балтимордан Колумбия округындағы Вашингтонға: «Құдай, сен шеберсің!» («What hath God wrought!») деп хабарлама жазды. Жеті жыл өткен соң Еуропа елдерінің конвенциясы Морзенің телеграфтық кодын хат жолдауда халықаралық стандарт ретінде қабылдады. Осылайша дүниежүзі жалпыға ортақ Морзе әліппесін қабылдады. Теміржол құрылысшылары көбіне телеграф желісін рельс жанына орналастыратын, сондықтан байланыстың бұл екі түрі қатар дамыды. Жұмысшылар құрлықтағы мыс сымдарды түзіп шығып, телеграф жүйесі күн өткен сайын өндіріс пен саудаға әсер ете берді: ол саяси жағдайлар, ауа райы, астық жинау науқаны, бизнесмендердің тиімді әрі дәл уақытында экономикалық шешім жасауына жәрдемдесетін баға мен валюта бағамы жайлы ақпаратты өте жылдам алуға мүмкіндік берді.

Британия – сауда алпауыты. Карл Маркс (22-тарауды қараңыз) 1848 жылы жариялаған «Коммунистік манифесінде» дүниежүзілік тұрғыдан да, жеке пайымы бойынша да қатерлі даму ретінде бағалап, буржуазия деген ат берген капиталистік қаржы жинаушы тап өкілдерінің қарқын алған күшін сипаттай отырып былай деді:

«Тауарлары үшін үнемі көбейіп отыратын нарыққа деген қажеттілік жер жүзіндегі буржазия атаулыны біріктіреді. Ол барлық жерге сыналап кіріп, орнығып, барлық жерде байланыс орнатуға тиіс… Өз еліндегі өндіріске қанағаттанатын ескі талап-тілектердің орнына, жаңасын ойлап табамыз, оған қол жеткізу үшін алыс аймақтардағы өнімдерді талап етеміз. Ескі, жергілікті және ұлттық оқшаулық, тоқмейілдіктің орнына, жан-жақты қарым-қатынасқа, ұлттардың жалпыға ортақ өзара тәуелділігіне иеміз»18.

Маркстің бұл жиһанкездік буржуазиясының моделі ағылшын адамы болғаны күмәнсіз. Ол мұны жазған кезде Британия әлемдік сауда, қаржы және кеме қатынасында ерекшеленіп, алға шыққан еді. Бұл, негізінен, Англия индустрия үшін қазба отынды қолдануда өзге елдердің барлығынан оза шабуына байланысты іске асты. 1820 және 1870 жылдар аралығында британ экспортының құны шамамен 1000 пайызға артты. Нәтижесінде мемлекет артық капиталдың мол қорын жинап алды. Бұл байлықтың кейбір бөлігі жер-жаһанды күзеткен корольдік флотты ұлғайту әлеуетіне қаржы құйды. Капиталдың көп бөлігі ішкі және шетелдегі теміржол, шахталар, кеме құрылысы, банктер, сақтандыру мен өзге де кәсіп­орындарға капитал салымы ретінде ағылып жатты.

Мақта-мата Британияның басты экспортына айналды. Ағылшын фабрикалары жүздеген миллион ярд мата шығарды және дүниежүзіндегі қалған тұтынушы нарық қажет еткен мөлшерде мақта ала алмады. 1850 жылдардан соң Құрама Штаттардың оңтүстігіндегі плантациялар жылына шамамен 600 миллион фунт мақта экспорттады. Плантаторлар да бұл мақтаның бір бөлігін құлға айналған қара нәсілді жұмысшыларын киіндіру үшін арзан ағылшын киімі түрінде кері сатып алды.

Британ мата өнімдерінің экспорты Оңтүстік Азияға ауыр тиді. Үндістан ғасырлар бойы дүниежүзіндегі мата өндірісінің жетекшісі боп келген еді, бірақ 1820 жылдан бері қарай жіп иіргіштер мен тоқымашылардың ішкі нарығы британдық машиналар өндірген мата өнімдеріне орын босатты. Бұдан соң аймақта Еуропа фабрикаларында мата өндірушіден бастап жартылай өңделген жіп өндірушіге дейін экономикалық өсім байқалды. Бірнеше миллион бенгалдық күнкөрістен айырылды, британ еңбек күші кері бағытта қозғалғанда, Бенгалияда көптеген отбасы өндірістен ауыл шаруашылығына кері ауысты. 1850 жылдары Оңтүстік Азияның көп бөлігіне билігі жүріп тұрған әрі мата импортынан ірі көлемде пайда тауып отырған Британдық Ост-Инд компаниясы үнді кәсіпкерлеріне жеке мата фабрикаларын ашуына рұқсат бергісі келмеді. 1750–1860 жылдар аралығында Британияның әлемдік өндірістегі үлесі 2 пайыздан 20 пайызға өсті, бұл кезде Үндістан 25 пайыздан 9 пайызға құлдырады («Британия мен Үндістандағы өнім шығару» графикасын қараңыз)19.

Британия мен Үндістандағы өнім шығару. 1750–1860 жылдар. 1750–1860 жылдары Британия мен Үндістанның өнім шығаруындағы салыстырмалы өзгерісті қалай түсіндіресіз?

Еркін сауда мен либерализмнің жаңа доктринасы

XVІ–XVІІІ ғасырлар аралығында Еуропадағы коммерциялық елдер көбіне экономиканың меркантильді доктринасын ұстанды. Дүниежүзілік байлық ұлғаймады және мемлекет пен оның отарлары өздерінің сауда желісіне бәсекелес басқа елдер кірмеуі үшін жоғары деңгейде кедергілер жасауға тиіс болды. Мемлекеттің негізгі меркантильдік қаруы – шетел импортына салатын кеден салығы еді. Нәтижесінде ол тауарлар бағасы күрт өсті және нарықты да шектеп тастады (18-тарауды қараңыз). Қытай, Жапония және Осман империясы секілді мемлекеттер де жоғары кеден салығын салды немесе сыртқы сауданы қатаң шектеді. Мұндай қорғаныс саясаты белгілі бір уақыт аралығында жұмыс істегенімен, Еуропа экономикалық алаңындағы британдық мата машиналарының дүмпуі жаһандық байлықты ұлғайта алады деп сендіргеннен кейінгі ондаған жылдар бойы да меркантилизм өмір сүре берді.

Меркантилизм дәуірі 1820 жылдан соң бу қуатымен жұмыс істейтін өндірістің үздіксіз жетілуі мақта өнімдерінің бағасын төмендеткен кезде аяқталды. Британ кәсіпкерлері «шетел тауарлары ешбір жағдайда жергілікті арзанырақ тауарлармен бәсекелеспесе, импортты жоғары тарифтермен шектеу қисынсыз» деп, сынға ала бастады. Мысалы, ағылшын мақта-мата өнімдері ішкі нарықты ғана емес, Үндістанды да толтырып тастаса, Британия үнді матасын неге шектеуі керек? Британия біржақты кедендік шектеулерді еркін сауда41 үшін алып тастаса, басқа елдер дәл солай жасап, жаһандық саудадағы дүмпу бәріне де ортақ бола алмай ма? Сонымен қатар Британия өте қуатты индустриялық және әскери флотқа ие күш болатын.

ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында еркін сауда қозғалысы қарқындай бастады. Парламент шетелдік астық пен дәнді дақылдардың импортын шектейтін «Жүгері заңын» тоқтатқан 1846 жылдан он бес жылдай уақыт өткенде, Британия барлық протекционистік тарифтерді алып тастады. Оның жаһандық саудасы осы жаңа режимнің қол астында өркендеді. 1860 жылдары Еуропа құрлығындағы барлық индустрияланған мемлекеттер, тіпті ауқымды бөлігі аграрлық жүйеде қалған Ресейдің өзі сауда-саттыққа қатысты жаңа мүмкіндіктерді қолдану мақсатында бір-бірімен тарифтерге қатысты келісімшарт жасауға ұмтылды.

Еркін сауданың тым жоғары құны. Британдық еркін сауда иелері барлық жерде протекционизмді реттеу үшін корольдік флот қол ұшын созу керек деп есептеді. Үкімет басшылары бұл флот Британия саудасын, әсіресе Оңтүстік Азиядағы отарлар жақтағы теңіз жолдарын да қорғауға тиіс деген ойды алға тартты. Әскери-теңіз флотына құрлық әскерін көптеп тасымалдаудың қажеті жоқ, маңызды айлақтар мен жағалаудағы анклавтарды қолдану үшін ғана және қажеттіліктермен қамтамасыз ететін база ретінде басып алса жетіп жатыр. Осылайша, ХІХ ғасыр басында британ әскері Оңтүстік Африканың қиырындағы нидерланд отары Капты (1806), Жерорта теңізіндегі Мальта аралын (1814), Малакка бұғазындағы Сингапурды (1819) және Қызыл теңізге кіре берістегі Аденді (1839) басып алды. Әскери-теңіз флотының дивизиялары Азия мен Африка елдеріне британ тауарларына қатысты шектеулерді азайту үшін қысым жасады. Расында да, бірнеше мемлекет келіссөздер жүгізуді жөн санады, кейін бұл келісім «лайық емес тараптар келіссөзі» ретінде танымал болды. 1838 жылы әскери күш-қуат тұрғысынан әлсіреген Осман империясын еркін сауда пактіне қол қоюға көндіргеніне куә боламыз, әрине, бұл пакті, негізінен, еуропалық импорттаушылардың пайдасына жұмыс істеді.

Қытайда еркін сауда мәжбүрлеу жолымен бірден шиеленісе берді. Британдық мата өндірушілер әлеуеті жоғары шығысазиялық нарықты шынымен бөлшектегісі келді. Дегенмен Цинь империясының үкіметі теңіз сауда жолын қатаң бақылауда ұстады және шетелдіктерді тек Гуанчжоу (Кантон) айлағымен шектеді. Британдық сенімді сауда делегациясы 1793 жылы Бейжіңде император Цяньлунның қабылдауына кірді, алайда шектеулерді алып тастай алмады. Қытайдың мықты сақталған өндірістік қуатын есепке алсақ, императордың қарсылық танытуы мемлекет экономикасының келешегіне қатысты соншалық көреген болмаса да, өте тиімді шешім еді. Ол былай жауап берді: «Бізде бәрі жеткілікті... Өзіміз де бөтен немесе өзгеше тартымды нысандарға үлкен базар салмадық және сіздің елдің өндірушілерінің де қажеті жоқ»20. Британ саудагер капиталистері бұл сөздің төркінін түсінді. Британдықтар Қытайдан импортталған миллиондаған кесе шай ішетін. Бұл әдет XVІІІ ғасырда кеңінен таралды. Қант қосқан шайдың сиқыры баурап, «емдік сусын» деп бағаланды және шаршаңқы қала жұмысшыларын шай жылдам сергітті. Ост-Инд компаниясы көпестері шай үшін күміс ақша төлеу керек еді, өйткені Азия нарығы еуропалықтар ұсынатын өнімдердің көпшілігін жаратпады.

Шайды тұтыну көрсеткіші артуына қарай компания Қытайда шай мен қантқа қарағанда қымбатырақ әрі тез тәуелді қылатын апиын нарығының болашағы бар екенін түсінді. Компания апиын жасайтын көкнәрді өсіру үшін бенгал фермерлерін жалдауға болатынын ұқты. Компания бенгал делдалдарынан апиынды арзанға сатып алды да, қымбат бағамен қытай тұтынушыларына сатты. Қытай үкіметі апиын импортына тыйым салды, сондықтан қытай көтерме саудагерлері оны Оңтүстік Қытай жағалауларынан сатып алып, астыртын сауда жолымен алып өтті. 1800 жылдан соң сауда әбден қызды, арзанырақ әрі әсері мықты апиын көбейген сайын ауқатты қала қытайлары оның денсаулыққа зияны мен күнкөріске кері әсеріне қарамастан, көкнәрдің дәмін бір татып көрген соң, тәуелді бола түсті. 1830 жылдардың ортасында британ саудагерлері қытай нарығына жыл сайын 1800 тоннадан аса апиын сатты.

Қытай апиын ордасындағы алармандар. Бұл гравюра ХІХ ғасырда Оңтүстік Азияны саяхаттаған британ суретшісі әрі архитекторы Томас Алломның суретіне негізделген. Қытай ғимаратының ішкі көрінісін тәптіштеп бейнелеп шыққан шығармада апиын тартушылардың мас кейпін байқайсыз. Ағзаға зияны дәлелденсе де британ саудагерлері мен шенділерінің апиын саудасына қолдау көрсетуінің себебі не?

Осы сұранысқа байланысты Еуропа мен Шығыс Азия арасындағы халықаралық күміс ағыны кері жүрді: апиынға деген тәбетін қанағаттандыру үшін Қытай әріптестеріне шай мен өнім сатқаннан бөлек, өз елінің күміс қорын да экспорттауға тура келген кезде, британ саудагерлері шайды үнді апиынына айырбастай алды. Жаңа заманда Қытай бірінші рет сыртқы саудада тапшылық көрді, ал бұл уақытта шай мен апиын саудасы Лондон биржасында сәтті жүріп жатқан еді.

Цинь үкіметі экономикалық мәселелермен ғана емес, нашақорлықпен және есірткі саудасының өте жоғары деңгейдегі әлеуметтік қиындықтарымен де бетпе-бет келгендіктен, 1838 жылы бұл сауда түрін түп-тамырымен жоюға қатысты науқанды қолға алды. Қытай билігі Гуанчжоуда 20 мың сандық апиынды қолға түсірген кезде, Ост-Инд компаниясы Қытайды еркін сауда дәуіріне қосылуға мәжбүрлейтін ұлы мүмкіндіктің туғанын түсінді. 1839 жылы компания қару-жарақ тиелген әрі оқ өткізбейтін соғыс кемелері мен пароходтарды Қытай жағалауына аттандыра отырып, Бірінші ағылшын–қытай соғысын немесе Апиын соғысын бастады. Компания кемелері империяның жағалаудағы қорғанысы мен Цинь флотын атқылағанда, ірі зеңбіректері бар бірнеше кеме Янцзы өзенімен жүзіп бара жатқан еді. Императордың бітімге шақырғаннан басқа таңдауы қалмады.

1842 жылы жазалау шараларымен біткен қақтығысқа сәйкес, Британия Гонгконг аралын басып алды, импорт тариф мөлшерлемесін төмендетті және Қытайдың бес айлағында барлық өнім түрімен сауда жасауға құқық алды. 1860 жылға дейін апиын саудасы заңсыз болса да, астыртын жалғаса берді. Британия «қарулы кеме дипломатиясын» паш еткен соң, Еуропа өнімдері жаңа нарықтарға жол тартты. Франция, Ресей және Құрама Штаттар императордан дәл сондай келісім беруін дереу талап етті. Осылайша, индустриялық революция Қытай экономикасына қатер төндіретін жолмен жетті.

Деректерді САРАЛАУ

Қытайда апиынды заңдастыру

1800 жылы Цинь империясының үкіметі апиын импорты мен отандық өндірісіне тыйым салды, алайда бұл шешімге шенділердің барлығы разы бола қойған жоқ. Тыйымға қарсы шығушылар апиын тәуелділігі жалпы алғанда күрделі әлеуметтік мәселе туғызатынымен келісті, бірақ үкімет апиынды бақылауға алып, қылмыстық сипаттың алдын алуға тиіс деп санады. Апиын импорты заңды болса, үкімет наша өнімдеріне белгілі бір деңгейде шектеу қоя алар еді деп ойлады. Апиынмен бірге астыртын сатылатын шай секілді тауарлар үшін де төлем талап етуге, осының салдарынан туындайтын күміс ағынын тоқтатуға мүмкіндік туар еді деп есептеді.

Қытай ғалымы, шенді тұлға Сүй Найжи (Xu Naіjі) 1836 жылы заңдастыруды қолдап, дәйектерін император Даогуанға жазған ресми немесе «мемориалды» хатында тізбектеп берді. Сүй апиын қолдануды айыптады, бірақ нашақорлар апиынды қолға түсіру үшін бәріне барады және астыртын сауда оларды қуана-қуана кіріптар етеді деді. Импортқа тыйым салу арқылы Қытай заңсыз наша саудасын өршітті, бұл өз кезегінде күш қолдануға, жемқорлық пен экономикалық стагнацияға жол ашты. Заңдастыру мен апиын саудасын қадағалау бұл мәселелерді шешуге көмектеседі деп сенді. Төменде Сүйдің «хатынан» үзінділер бердік.

Император апиын импортына қатысты тыйым түрлерін ұсынған шенді тұлғалардан да «тілхаттар» алды. Дәл Сүй секілді, империяның тағы бір бюрократы Чжу Цзун (Zhu Zun) «заңдастырылса, ел-жұрт апиыннан басын алып қашпайды да, мемлекетте нашақорлар қаптайды» деп болжады. Император Сүйдің емес, Чжу Цзунның жағына шықты және 1838 жылы ол апиынға қарсы қуатты науқан бастауға бұйрық берді. Бұл саясат келесі жылы Британиямен соғысқа жол ашты.

Апиын әуелде медициналық дәрілер қатарында қабылданғанын жасқана айтам; оның бір қасиеті – қуат береді; артық бөлінген сұйықтықты реттейді және улы зат алмасудың ауыр салдарын тоқтатады... Апиынды ұзақ уақыт шексе оған деген құмарлық әдетке айналып, адамның уақытын ысырап етеді, бар жиған-тергеніне зиян тигізеді. Соған қарамастан, апиын – адамға өмірінен де артық құнды әуеске айналады. Мұны шамадан тыс қолданатын жанның тынысы тарылып, ағзасы өзіне бағынбай, бет әлпеті сарғыштанып, тісі қарайып шыға келеді; адамдар мұның зиянын анық білсе де, бұдан бас тарта алмайды...

Цяньлун [1735–1796] билік құрған шақта, апиын алым алынатын дәрілік зат ретінде Кантон тарифіне кіретін... Кейін бұған тыйым салды. Цзяциннің [1796] билік құрған алғашқы жылында апиын тартқан адам кінәлі саналып, ағаш діңгекке байланып, бамбукпен сабау жазасына кесілді. Уақыт өте келе, бұл күндері апиыншылар тіпті ауыр жазаға тартылды... Әйтсе де апиын шегушілердің қатары арта түсті және бұл әдет империяның түгелге жуығына жайылып кеткен індетке айналды... Бұрын варвар (еуропалық) көпестер Қытайға шетел ақшаларын әкелді; бұл тауар алмасуда төленетін ақшалар жағалаудағы провинция тұрғындарына қаржылай байлық сыйлаған артықшылықтың көзі еді. Бірақ соңғы кезде варвар саудагерлер апиынды құпия түрде ақшаға сататын болды; олар алған тауарларына айырбас ретінде күміс ақша емес, заңсыз апиын ұсынады. Осылайша шетел ақшалары мемлекеттен сыртқа шығып жатыр, ешбір кіріс жоқ....

Сыртқы сауданы түбірімен қиып тастау не керек, осылайша зұлымдықтың қайнар көзіне соққы жасап, тамырына балта шаба аламыз ба?.. Апиын сатушылар тек ағылшындар екені анық кезде ағылшын саудасын тоқтатамыз деп, басқа барша халықты саудадан қағу дұрыс болмас. Бұған қоса, теңіз жағалауында тұратын жүз мыңдаған тұрғынның тіршілігі саудаға тәуелді, оларды қалай құрдымға жібереміз? Ашық теңізде жүзіп жүрген варварлардың кемелері қалаған аралда жөндеу жұмыстарын жасата алады, ол кезде жергілікті теңіз кемелері оларды қарсы алады; сондықтан астыртын сауданы тоқтату мүмкін емес...

Содан бері [сауданың барлығына] айлақтарымызды жабу жайлы бұйрыққа ешкім жауап қатпайды және апиынға қарсы заңдар әлсіз, жалғыз жол – бұрынғы жүйеге қайта оралып, варварларға апиынды импорттауға рұқсат етіп, дәрі-дәрмек ретінде баж салығын төлету, кеденнен өткен соң саудагерлерге [қытай] жеткізіп, тек тауар түріне айырбас жасатып, апиынға ақша төленбейтіндей ету... Қылмыскерлер ұсталса – оларда бар апиынның барлығының көзін жойып, ақшаларын тәркілеу керек. Ғалымдар, азаматтар, әскери адамдар және қатардағы жауынгерлер шеніне сай міндетін атқаруға тиіс; қалғандары таланттарын ұштап, қоғам игілігі үшін қызмет етуі керек. Сондықтан бұлардың ешбірі мұндай жаман әдеттің өріс алуына жол бермеуге немесе уақытын зая кетіріп, мүлкін зиянға ұшырататын жолға түспеуге тиіс... Сондықтан да, апиынды құпия таратқаны үшін айыпталған кез келген офицер, ғалым немесе солдат өзге жазаға тартылмай тұрып, мемлекеттік қызметтен дереу қуылуын заңмен енгізуді сұрау – менің міндетім.

Дереккөз: John Slade, A Narratіve of the Late Proceedіngs and Events іn Chіna (Canton: Canton Regіster, 1839), 1–5; reproduced іn Peі-kaі Cheng and Mіchael Lestz, wіth Jonathan D. Spence, The Search for Modern Chіna: A Documentary Collectіon (New York: Norton, 1999), 111–114.

Сыни пайым

Сүй өмір сүрген уақыт пен ХVІІІ ғасыр арасында апиын тартуға қатысты жаза қаншалықты өзгерді? Сүй неліктен Қытаймен барлық сыртқы сауданы тоқтатқысы келмеді? Ол апиынды заңдастыру Қытай тұрғындары мен шетел саудагерлеріне неліктен бірдей пайдалы болады деп түсінді? Қытай императоры болсаңыз, апиынды заңдастыру мен импортына тыйым салудың қайсысын қабылдар едіңіз? Неліктен? Қазіргі кездегі есірткі саудасы мен қолданысына қатысты тартыстарды осы қайшылықтармен қалай салыстырар едіңіз?

Либерализм: капиталистік әлем экономикасының идеологиясы. Бірінші ағылшын–қытай соғысы (Еуропаның Қытайдағы артықшылықтарын кеңейту үшін екіншісі 1856–1860 жылдар аралығында болды) – ХІХ ғасырдағы маңызды өзгерістердің біреуі ғана. Саяси-экономикалық көшбасшылар осы өзгерістерге байланысты әлеуметтік жүйесіздіктердің мәнін ұққысы келді. Капиталист инвесторлар мен үкімет адамдары да қолдарынан келгенше экономикалық өзгерістерді басқаруды қалады. Әрі саяси, әрі экономикалық доктрина болған либерализм42 осы үдерістерді түсіндіруші идеялардың жиынтығы болды әрі мұны көптеген басшы тиянақты, сендірерлік уәж деп шешті.

Латынның либер (lіber) сөзі «еркіндік» деген мағынаны береді. Либерализм республикалық жүйеде болсын, конституциялық монархияда болсын ең әуелі биліктің шектеулі ұстанымдарынан айнымады. XVІІІ ғасырда ағарту дәуірінде интеллектуалды түрде терең тамыр жайды. Атлантикалық революциялар барысында ақырындап дамыған либерализм жеке меншікті қорғау, өкілдер басқаратын үкімет, тәуелсіз сот, ғылыми және технологиялық прогресс, ескі дәстүрден гөрі, рационалды пайымға негізделген экономикалық шешімдерді, халықаралық сауданың үкімет шектеулерінен азат болуын қолдады. Либералдар бұған қоса, тегін мемлекеттік білім беру, діни толеранттылық, зайырлы үкімет (мемлекеттік дін болмайды), кедейлердің әлеуметтік жағдайын жақсартатын реформалар үшін күресті.

Бұл идеялардың барлығын, жеке тұлғалар қалаған ой мен әрекетті жасауға, әсіресе жеке меншік дәулет жинауға және оны иеленуге, басқаруға ерікті, бұл еркі тек қоғамдық игілікті қорғау кезінде ғана шектелуге тиіс деген тұғырға негізделді. Ағылшын саясат философы Джон Стюарт Милльдің (1806–1873) сөзімен айтсақ, «Адамзаттың жекелей немесе топпен болсын, өзі секілді әлдекімнің ерікті әрекетіне араласуын ақтап алатын жалғыз нәрсе – өзін қорғау әрекеті. Биліктің өркениетті қоғамның кез келген мүшесіне қатысты оның еркінен тыс жасай алатын заңды жалғыз әрекеті – өзгелерге қиянат жасатпау»21. Шотланд философы Адам Смит (1723–1790) ертеректе «Халықтар байлығы...» еңбегінде капиталистік нарықтағы сатып алушылар мен сатушылар өз мүдделеріне адалдық танытып, барлығының да әл-ауқатын ілгерілетеді деді. «Араласпау» деген мағынаны білдіретін француз термині laіssez faіre қағидасын үкімет ұстануға тиіс. Үкімет жеке адамдарға жылжымайтын мүлік сатып алуға және сатуға рұқсат етуі керек, импорт тарифтерін алып тастап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жағдайлардан өзге, нарықты басқа да жолдармен басқарудан немесе нарыққа араласудан тартынуға тиіс.

Өндірістегі таңғажайыптарға куә болған, либерал жазушылар мен саясаткерлер дүниежүзіндегі материалдық прогресті жоғары сеніммен насихаттады. Олар қоғамды гүлдендіру үшін қисынды реформалар жүргізуді қалады және шектен шыққан екі түрлі күш арасында жол табуға тырысты. Либералдар, бір жағынан, керітартпа салттарға кенедей жабысып алған, жоғары таптың артықшылықтарына, шіркеу догмаларына, бұрынғы экономикалық (статус-кво) ахуалдан айырылғысы келмеген саяси консерватор топты көрді. Екінші жақтан – сауатсыз, меншік иесі емес, көбіне ақылдан жырақ жауапсыз көпшілікке билікті беруі мүмкін, сол арқылы қоғамдық үйлесімге балта шабатын республикашылдар мен фанатиктер тұр еді. Франция мен қос Америкадағы революцияны бастан өткерген либералдар демократияға немесе «халық билігіне» қатысты кең тараған пікірді ұстанды. Кейбіреулер «демократия – «мүдделі және билеп-төстеуші көпшіліктің» билігі» десе, Американың мемлекет қайраткері Джеймс Мэдисон «қоғам Француз революциясында өрескел қатыгездік танытып, астамшылыққа ұрынған қарапайым адамдар «тобының» қолына өтуі мүмкін» деп қатты қауіптенді. Либералдардың тағы бір тобы «демократия – қоғамдық мақсат болуға тиіс, бірақ азаматтардың көп бөлігіне дауыс беру мен лауазым иелену құқығы белгілі бір сатылардан өтіп барып берілуі керек» деген пікірді ұстанды. Сайланған уәкілдер мен қызмет иелері меншік иесі – ересек адамдар болуға тиіс. Мұндай жандар заңды құқықтарды қорғайды және еркін нарық жұмысына араласпайды.

Адам Смит аса танымал әрі дәулетті адам ретінде бейнеленген. 1790 жыл. Шотланд Джон Кейдің бұл гравюрасында кітаптар және материалдар жанында тұрған ықпалды саясатшы-экономисті бейнелеген. Смиттің бұл бейнесін қандай либералды идеялар нақтылай түседі?

Кейбіреулер бұл идеологияның белгілі бір қырын қабылдап, қалған тұсын жоққа шығарғанымен, саяси-экономикалық либерализм тұтасып жүрді. Мысалы, өндірісшілер жекеменшік пен еркін сауданың қол сұғылмастығына бейіл болды да, кедей-кепшік пен жарлы-жақыбай саяси теңдікті уәде еткенде ғана беттері бері қарады. Еуропадағы автократ монархтар мен Латын Америкасы республикаларындағы диктатор президенттер де тиімді экономикалық саясат пен жеке байлық және технологиялық прогреске бейіл қалпын либерал ретінде бағалауы мүмкін. Бірақ либералдың бұл типі қатардағы адамдарға байлықты қайта бөлуге немесе халық сайлаған заң шығарушы органдарға мемлекет істерін еркін жүргізуге рұқсат етпеді. Либерализм кейбір уақыттарда қайшылықты үрдіс болғанымен, ХІХ ғасыр басында сенім түрі ретінде қалыптасып, жаһандық капитализмнің ұлғаюына жол бастады және ақпараттандырды. 1830 жылдары Үндістан, Мысыр және Осман империясы секілді жерлердегі аздаған интеллектуалдар мен бизнес көшбасшылар ортасы либерал идеяларды өз қоғамдарында қалай қолдануға болады деген ойды талқыға салды.

Қорытынды

Бұл тарау жаңа заман кезеңі немесе модернизация шамамен 250 жыл бұрын басталған және ол 12 мың жыл бұрын ауыл шаруашылығын ойлап тапқан кезден бері адамзат іске асырған аса шұғыл бетбұрысты сәтті көрсетті. Модернизацияның сипаттамасын келтірген тізіміміздің жоғарғы бөлігінде (6-бөлімнің кіріспесін қараңыз) адамзаттың материалды әлемге көзқарасын түбегейлі қалыптастыру үшін энергияны ірі көлемде жинақтағаны және қолданғаны жайлы айттық. Бұл тарау осы трансформацияның алғашқы онжылдықтарына арналды. Бір ғалымның пікірінше, бұдан мың жыл бұрын өмір сүрген адамдар күніне шамамен 26 мың калория энергияны, негізінен, адам мен жануардың бұлшық етінен өндірілетін энергияны қолданды. Қазір қатардағы адам машиналар көмегімен күніне ең аз дегенде 230 мың калория энергия қолданады. Калория, негізінен, соңғы 150 жылда өсті22. 1750–1900 жылдар аралығында өндіріс еңбегінің тиімділігі шамамен екі жүз есе артты. Яғни 150 жылдары өмір сүрген жұмысшы төрт жылда өндіретін өнімді ХІХ ғасыр соңындағы жұмысшы бір аптада өндіре алды23.

1750–1850 жылдар аралығындағы Британиядағы дамудың революциялық аумағы дүниежүзіндегі мемлекеттерде байқалмас еді. 1800 жылы тұтас Еуропада адам мен жануар бұлшық етінің энергиясы жұмысқа 80 пайыз пайдаланылды. Бу машиналарының үлесі 4 пайыздың айналасында болды24. ХІХ ғасырдың ортасына қарай аса ірі деңгейдегі энергияны өндірісте қолдану ісі Британияға, Еуропа құрлығының батыс тарапына және Құрама Штаттарға шоғырланды. Осы аймақтардың барлығында да тұтыну деңгейі кәдімгідей өсті. Бұған керісінше, энергияны қолданудың салыстырмалы үлесі Қытай, Шығыс Азия мен Орталық Мұсылман елдерінде шұғыл төмендеді.

Бұл даму жаһандық күштің қалыптасуындағы үлкен өзгерістің арақатынасын кескіндейді. Тарихта алғаш рет батысеуропалықтар мен солтүстікамерикалықтар жаппай өнім өндіруде, жаңа технологиялар мен өндіріс үдерісін ойлап табуда, өте күрделі коммерциялық және банк жүйесін жасауда, ауылдық жерлерден қалаға немесе бір қиырдан екінші бір жерге жалдамалы жұмысшыларды көшіруде дүниежүзінің қалған бөлігінен озып кетті. Келесі бірнеше тарауда адамзаттың биологиялық ескі тәртіп шекарасын бұзып өту жетістігі кейбір қоғамдар мен тап өкілдеріне басқаларға қарағанда экономикалық және билік мүдделерін жүзеге асыруға қалай қызмет еткенін сипаттаймыз.

Еркін сауда – мемлекеттер арасындағы сауда тарифтері мен импортқа баж салығын азайту немесе алып тастау шектеулерінен ада болуға тиіс дегенді құптайтын экономикалық доктрина; ұсыныс пен сұраныс факторы бағаны анықтауы керек.

Либерализм – жеке тұлғаның еркіндігін, еркін сауданың нарықтағы шексіз бәсекесін, конституциялық үкімет пен адамзат қоғамының дамуына сенуді насихаттайтын саяси-экономикалық доктриналар жиынтығы; кейде «классикалық либерализм» деп те аталады.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

22

Жаңа индустриялық дәуірдегі өзгерістерді еңсеру
1830–1870 жылдар

Королева Виктория және оның отбасы (ортада) Хрусталь сарайындағы көрініске таң қалып тұр Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен ағылған сан мың адам 1851 жылдың көктемінде Лондондағы Гайд саябағына, Дүниежүзі халықтары өндірістік жұмыстарының ұлы көрмесінің ашылу салтанатына жиналды. Әйнек төбесі мен шыны қабырғалары көз қарықтырған, Хрусталь сарай деп аталған зәулім ғимаратта соңғы үлгідегі машиналар мен мануфактураларды, сондай-ақ қолөнер бұйымдарын, өнер туындыларын және экзотикалық өсімдіктерді, жануарлар мен пайдалы қазбаларды көпшілік назарына ұсынды. Көрмеге қойған, әр жердің мәдениетін көрсететін қолдан жасалған заттарға алты миллион көрермен таңдай қақты. Сауда, мануфактура және өнер саласын қолдау мақсатында Король қоғамы ұйымдастырған ұлы көрменің мақсаты – халыққа білім беру, технологиялық үдерістерге дем беру және дүниежүзіндегі еркін сауданың ғаламат мүмкіндіктерін көрсету еді. Көрмедегі алуан түрлі өнімдерді, таңғажайып өнертабыстарды (факс құралдарының алғашқы нұсқасын да) тамашалай жүріп, көкірегі ояу көпшілік дүниедегі таңдай қақтырар өзгерістер жайлы ойланған да болар... Алайда бұл жәрмеңке жаңа дәуір басталғанын қаншалықты паш еткенін олардың ешқайсысы да түсінген жоқ. 1850 жылы Лондон халқының саны 2,3 миллион болатын, бұл – б.з.д. 8000 жылдардағы дүниежүзі халқының үштен бір бөлігінен көбірек еді. 1830–1870 жылдары жер бетіндегі халық саны шамамен 130 миллионға, яғни б.з.д. алғашқы мыңжылдықтағы межеден шамамен үш жарым есе өсті. Индустрияландыру барысы Еуропа мен АҚШ-та жалғасты және жаһандық өнеркәсіптік өндіріс сол төрт онжылдықта 50 пайызға жуықтады. 1800 жылы бу машиналары 100 мың ваттан көп қуат өндірсе, 1870 жылы бұл көрсеткіш шамамен 1 миллионға жетті. Ол жылдары теміржол локомотиві сағатына 60 мильден артық жол жүрді, бұл кез келген жүйрік жылқыдан жылдамырақ еді. Тарихқа көз салсақ, ХІХ ғасыр ортасындағы әлем – машиналар, байланыс желілері, қала өмірі және басқару жүйесі – біздің қазіргі өмірімізге өте ұқсас болды. Хрусталь сарайына экспозицияларды 1830–1870 жылдар аралығында британдықтар және өзге де еуропалықтар көп қоныстанған шетелдерден әкелді. Тараудың бірінші бөлімінде ХІХ ғасырда дүниежүзінің бір түкпірінен екінші бөлігіне халық миграциясын жеделдетуге ықпал еткен жаһандық жағдайды зерттейміз. Африкалықтарды Атлант мұхиты арқылы Америка плантацияларына күштеп құлдыққа сату тоқтаған кезде де, Еуропа мен Азиядан ондаған миллион адам жұмыс, мүмкіндік, пана іздеп, туған үйінен жыраққа аттанды. Жаһандық миграция әртарапты әрі күрделі болды және жерлерін келімсектер иеленген байырғы тұрғындар көп зардап шекті. Тараудың екінші бөлімінде демографиялық һәм экономикалық өзгерістер алдында абдырап қалған үкімет пен әлеуметтік құрылымды Еуропа, Америка және Мұсылман елдері қалай түсінуге талпынғанын қарастырамыз. Ұлы көрме либерализмді, еркін сауданы қолдау доктринасын, жеке меншікті және биліктің шектелуін ғана емес, сонымен қатар ұлтшылдықты, яғни адамдар бірігіп, түрлі мәдени қауымдастыққа топтасуын немесе ел болып бірігуін, әрбір ұлтта өзін-өзі басқару құқығы болу принципін де насихаттады. ХІХ ғасыр ортасында ұлтшылдық пен либерализм өзара байланысты идеологиялар ретінде дүниежүзінің көптеген елінде белгілі бір деңгейде адам ойы мен әрекетін қалыптастыра бастады. Осы кезеңде индустрияландыру туындатқан әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікке куәгер болған ойшылдар либералды капиталистік экономиканы сынап, болашақтың балама ұстанымы ретінде социализм принциптерін қалыптастыра бастады. Ұлы көрме діни сенім ұстанымдарын шеттеткен жоқ. Дүниежүзі халықтары ХІХ ғасыр ортасында өзгерген өмір салтының темірқазығы деп діни және дәстүрлі адамгершілік ұстанымдарын қарастырды. Бұл тараудың үшінші бөлімінде жаңа заман технологиясы мен дін, діни реформа мен миссионерлер белсенділігі арасындағы байланысты зерттейміз. Тараудың соңғы бөлімінде ғасыр ортасындағы әлемді толқытқан соғыстар мен төңкерістерді қарастырамыз. Ұлы көрме 1851 жылы Еуропа елдерінің басым бөлігінде тыныштық орнағанын, бұдан кейін өркениетті және тәртіпті өркендеу болатынын насихаттауға ұмтылды. Алайда 1850–1860 жылдар аралығы – адамзат тарихында зорлық-зомбылықтың теңдессіз ауқымындағы соғыс пен революция онжылдығы болып таңбаланды. Дүниежүзілік ауқымдағы капитализм және табиғи отын индустриясы кезеңіне өтуге ықпал еткен күйзеліс осындай апатты жағдайларға бастап апарды.

22.1-КАРТА. Жаһандық миграция. 1820–1913 жылдар ХІХ ғасырда дүниежүзіндегі халық шоғырланған аймақтың бәріне кең көлемдегі миграция әсер етті. Қай қоныс аудару бағыты империя басқарған желінің бір бөлігі болды? Қай жол бір тәуелсіз мемлекетті екіншісімен жалғады?

Мигранттар толқыны ОЙЛАН: ХІХ ғасырда миллиондаған адамның алыс аймақтарға қоныс аударуының себебі не? ХІХ ғасырда дүниежүзінде шамамен 150 миллион адам байлық, жұмыс немесе мүмкіндік іздеп туған үйлерін тастап, шетелге кетті (22.1-картаны қараңыз). Бұл миграция бұрынғы кез келген ғасырмен салыстырғанда, адамзат қоныс аударуының алапат тасқынын көрсетті. Өйткені индустриялық революция жылдам өсіп келе жатқан мануфактура орталықтарында ғана емес, капиталистік кәсіпкерлер бақылауындағы қала жұмысшылары үшін азық-түлік пен өндіріске арналған шикізат өндірісінің барлығында жұмыс күшіне бұрын-соңды болмаған қажеттілік тудырды. Теміржолдар, жылдам кемелер және кеме желілері миллиондаған адамның құрлықтар мен мұхиттар арқылы көшіп-қонуынан физикалық қиындықтарға тап болды. Қанша алыс болса да, отбасы мүшелері мен достардың бір-бірімен ұдайы байланыс ұстауына мүмкіндік беретін жедел пошта қызметі мен телеграф желілері миграция тудырған алаң көңілді біршама төмендетті. ХІХ ғасырда дүниежүзі халқы санының күрт артуы – негізгі жұмыс күшімен бірге кәсіпкерлердің де жаңа жұмыс талаптарымен бетпе-бет келуіне себеп болды. ХІХ ғасырдағы капиталистердің пікірінше, жұмысшылар еңбекақысын қолма-қол алуға тиіс, сондай-ақ үкіметтің жол жүру шектемелерінен және бастықтар мен жер иеленушілердің әдеттегі еңбек міндеттемелерінен азат болуы керек. Соған орай ХІХ ғасырда миграцияның формасы күрт өзгерді. Өзге біреудің пайдасы үшін қара жұмысқа жегілген құл ретінде алыс аймақтарға қоныс аударушылар саны күрт төмендеді, алайда мәжбүрлі еңбек жүйесі толық жойылған жоқ. Керісінше, саяси-экономикалық қысымның салдарынан ерікті түрде қоныс аударатындар саны бірнеше миллионға өсті.

Атлантикалық құл саудасының тоқтауы

ХVІ ғасырдан ХІХ ғасыр басына дейін сегіз миллионға тарта африкалық Атлант мұхиты арқылы Америкаға мәжбүрлі түрде қоныс аударды. Сол ғасырларда құл саудасы мұхит арқылы ең үлкен және ең тұрақты адам нөпірін қалыптастырды. Америка айлақтарына келіп жеткен африкалықтардың саны еркін еуропалықтардан әлдеқайда көп еді: әр төрт африкалыққа бір еуропалықтан келетін. Бұл сауда 1780 жылы шырқау шегіне жетті. 1840 жылға дейін біртіндеп азайып, содан кейін күрт құлдырап кетті де, 1870 жылдарға қарай тіптен тоқтады. Бірақ ХІХ ғасырда дүниежүзінің көптеген елінде құлдықты қалыпты жағдай ретінде қабылдағанын ескерсек, құл саудасы неге тоқтады? Өйткені құл саудасын тоқтату мен оларға еркіндік беруді талап еткен қоғамдық қозғалыстар көбейді және Атлант мұхиты жағалауларында экономикалық өзгерістер болды.

Құлдыққа қарсы қозғалыс. ХVІІІ ғасырда Еуропалық Ағартудың жетекші ойшылдары құлиеленушілікті адамның табиғи құқықтарын аяққа таптау деп сынға алды. 1761 және 1800 жылдары Португалия, Ұлыбритания және Құрама Штаттардың солтүстіктегі бірнеше штаты өз аймақтарында құл саудасын заңсыз деп таныды. 1794 жылы Францияның революциялық үкіметі ел ішінде және теңіз маңындағы иеліктерінде құлдықты заңсыз деп жариялады. Алайда сегіз жылдан кейін Наполеон ол жарлықты қайта жоққа шығарды. Құлдыққа қарсы қозғалыстың халықаралық байланысы баяу дамығанымен, Британ Құлдыққа қарсы қоғамы секілді ұйымдар Атлант мұхитының екі жағалауындағы елдерде бірдей құрылды. Британияда евангелиялық христиандар және еркіндік алған африкалықтардың шағын тобы құлдық пен құл саудасын адам құқықтары мен африкалықтар ұстанатын христиан өркениетінің моральдық жауапкершілігіне қарама-қайшы деп атап, оған қарсы үгіт-насихат жүргізді. Экономика либералдары да тегін әрі жедел жұмыс күшінің артықшылықтарын алға тартып, құлиеленушілікті жоюды қолдады.

1803–1814 жылдар аралығында құлдыққа қарсы қозғалыс Британия, Құрама Штаттар, Дания және Нидерландты адам саудасын заңсыз деп тануына итермеледі. Алайда құлдық институттан бас тарту ондаған жылға созылды. Ал Франция, Испания, Португалия және Латын Америкасындағы жаңа мемлекеттер адам саудасын келесі онжылдықтарда заңсыз деп жариялады. Дегенмен Африка айлақтарынан шыққан, құлдар тиеген кемелерді ұстаудың жаңа саясатын Британия әскери-теңіз флоты ғана француз және америкалық теңіз кемелерінің көмегімен жүзеге асырды. 1820 жылдан бастап әскери-теңіз экипаждары көптеген кемені тоқтатып, адам «жүктерін» негізінен Батыс Африкадағы Ұлыбритания отары Сьерра-Леонеге түсіріп кетіп отырды. Құрлықтағы жағалау тым ұзаққа созылып жатқандықтан, күзет кемелері адам тиеген кемелердің біршамасының ғана жолын кесті. 1850 жылға дейін Бразилия плантацияларының иелері орта есеппен жылына 37 мыңға жуық құлды Орталық Африканың батысынан сатып алып отырды.

Құл еңбегіне негізделген экономикалық өзгеріс. Құл еңбегіне рұқсат берген Америкада және плантациялық агромәдениеттен көп табыс табатын кейбір елдерде жалшыларға қойған талап жоғары болып қала берді. Құл еңбегіне арқа сүйеген Бразилиядағы кофе, Кубадағы қант, Құрама Штаттардағы мақта өндірістері – дүниежүзіндегі нарық сұранысын қанағаттандыру үшін өрісін кеңейте берді. 1807 жылы Құрама Штаттарда құл импорты заңсыз деп жарияланғанымен, Америкада дүниеге келген құл ұрпақтары есебінен жұмыс күшін сырттан тасымалдау қажеттілігі жойылды. Алайда Бразилия мен Кубада дүниеге келген құлдар саны тропиктік плантациялардағы ауыр еңбектің нәтижесінде құлдырай түсті. Дегенмен бұл екі мемлекет те Атлант мұхиты саудасын мүмкіндігінше ұзақ уақыт бақылауында ұстап тұруға тырысты.

Сьерра-Леонеге келген, азаттық алған құлдар. 1808–1855 жылдар аралығында құл саудасының жолын кесу мақсатында Британ әскери-теңіз флоты азаттық алған 40 мыңнан аса африкалықты Сьерра-Леоне астанасы – Фритаунға орналастырды. Мұнда олар жерге ие болып, шоқынды. Азаттық алып, криос деп аталған құлдардың азаттық мәртебесіне және британдық отарлау саясатына жергілікті тұрғындар қарсы шықты. Британия билігі азат құлдарды туған мекендеріне қайтару орнына неге Фритаунға қалдырып кетті деп ойлайсыз?

Әйтсе де экономикалық және әлеуметтік шабуылдың ырқында қалған плантаторлар мен саудагерлер еңбек жүйесін қорғауда көп қиындыққа тап болды. Ұзаққа созылған революциялық күрестен кейін Гаитиде құлдықтың жойылуы (20-тарауды қараңыз) өзге елдердегі құлдар көтерілісіне дем берді, мысалы, 1831 жылы Вирджиния штатында Нат Тернер бастаған көтеріліс және 1835 жылы Бразилиядағы Баия шататында мұсылман құлдар көтерілісі бұрқ етті. Осы және өзге де бүлікшілердің салдарынан плантаторлар мен отарлық үкімет қаруланған күзетке көп қаржы жұмсауға мәжбүр болды. Либералды Ұлыбритания 1846 жылы қант импорты тарифін алып тастады, бұл өз кезегінде дүниежүзінде бағаның күрт төмендеуіне және плантаторлар кірісінің азаюына қосымша ықпал етті. Жаһандық деңгейде Еуропа капиталистері Америка қантынан өзге қолайлы жаңа инвестициялық мүмкіндіктер тапқан еді. Сәйкесінше, Оңтүстік Азия, Оңтүстік Африка, Латын Америкасы, Канада және Құрама Штаттар секілді жерлерде халықаралық капитал заң тұрғысынан тегін, міндетті болмаса да, жақсы қарым-қатынастағы жалдамалы жұмыс күшін қолдана отырып, механикалық өнеркәсіп, теміржол құрылысы, тау-кен өндірісі мен коммерциялық ауыл шаруашылығына ойысты.

Еуропа мемлекеттері құлдыққа тыйым салғаннан кейін, бірден өзге мемлекеттерден да соны талап етіп, қысым жасай бастады. Ұлыбритания өз отарларында 1833 жылы, Франция (екінші рет) 1848 жылы және Құрама Штаттар азамат соғысынан кейін, 1865 жылы құлдық институтын заңсыз деп тапты. Құрама Штаттар еуропалық демократияға қосылғаннан кейін Бразилия мен Кубаны (әлі де Испания отары еді) құлиеленушіліктен толық бас тартуға үндеді, дегенмен саяси басымдыққа ие кофе мен қант мүддегерлері 1880 жылдардың соңына дейін құлиеленушіліктің жойылуына кедергі келтірді.

Еуропадан көшу

1820 жылдан кейінгі онжылдықта трансмұхиттық миграция кезінде осы уақытқа дейін басым болып келген африкалықтардың орнын еуропалықтар мен азиялықтар тез арада алмастырды. 1939 жылға дейін Еуропадан шамамен 50–55 миллион мигрант қоныс аударды. Кедейлік пен қиындық ХІХ ғасырда қоныс аударушыларды құлға айналдырып жіберуі бек мүмкін болса да, еуропалықтар ерікті түрде қоныс аударды және ерікті түрде өз еңбектерін сатты. Африкалық құлдармен салыстырғанда Еуропа мигранттарының еркін қоныс аударуға құқы бар еді. Олардың біразы ғана Еуропаға түрлі себептермен қайта көшіп келді. Басқалары маусымдық ауылшаруашылық жұмыстары үшін Еуропа мен шетелдерге ары-бері ұдайы сапарлап тұрды, мысалы, Италия мен Аргентина немесе Бразилия арасында жұмысшылар ары-бері жол жүрді.

Жағалаудағы тірек пункт және Жаңа Еуропа. Мигранттардың басым бөлігі, саны аз болса да, өзге еуропалықтар қалыптастырып үлгерген, біз Жаңа Еуропа (neo-Europe) атап кеткен жерлерге аттанды, мұнда орныққан жаңа тұрғындар ауылшаруашылық жерлерде жұмыс істей жүріп, еуропалық әлеуметтік-мәдени ортаны барынша қайта құруға талпынды. Бұл жерлерде еуропалық тұрғындар саны жергілікті халықтан анағұрлым көп болды (19-тарауды қараңыз). 1800 жылы Еуропа мигранттарының тұрақты мекені жас Құрама Штаттар болды, ол кезде мұнда 4,3 миллион еуропалық, оған қоса миллион африкалық құл, еркін қара нәсілділер және америкалық үндістер тұрды. Шығыс Канада, Сібір, Оңтүстік Африканың Кап аймағы мен Австралияда 1800 жылға дейін халық сирек қоныстанды. ХІХ ғасырда бұл аймақтардың барлығында да көшіп келушілер саны анағұрлым көбейді.

Осыншама көп адамның Еуропадан кетуіне не себеп болды? Миллиондаған Еуропа мигрантының алыс аймақтарға қоныс аударуы, адамдардың Еуропаның бір қиырынан екіншісіне одан да күрделі жолмен сапар шегуі жаһандық миграция бағытын көрсетеді. Индустрияландырудың алғашқы жүзжылдығында Еуропада адамдар сапырылыса көшіп-қонды, олардың бір бөлігі тек бір бағытта және тұрақты түрде, ал көп бөлігі ары-бері сапар шекті.

Бұл оқиғаның үш негізгі себебі бар. Біріншіден, капиталистік өндірістің тоқтаусыз өсуі және коммерциялық ауыл шаруашылығы жылжымалы, яғни фабрика мен кеніш ашылған орындарға қоныс аудара алатын, өз еркімен жалданып немесе жұмыстан шыға алатын еңбек күшін қажет етті. Екіншіден, жаңа жолдар, теміржол және кеме желілері адамдардың бір жұмыс орнынан екіншісіне жылдам әрі тұп-тура жете алатынын көрсетті. Мысалы, Еуропаның теміржол желілері 1840 жылы 1700 мильден 1870 жылы 63 300 мильге дейін жетті. Үшіншіден, Еуропа халқы 1820–1913 жылдар аралығында шамамен 170 миллионнан екі есе өсіп, 340 миллионнан асты. Осыншама өсіммен бірге жер мен жұмыс үшін де бәсекелестік артты. Еуропаның индустрияланған жерлерінде жаңа жұмыс орындары ашылып, өркендесе де, аймақтардың әртүрлі экономикалық дамуы, баға мен еңбекақы мөлшерінің тұрақсыздығы жұмыс табу үшін анағұрлым кедей жерлерден және ауылды аймақтан қоныс аударуға мәжбүр етті.

Қала өнеркәсіптерінде немесе ауыл шаруашылығында еңбекақы төлейтін жұмысқа тұру үшін миллиондаған ауыл адамы өз жерлерінен жыраққа кетті. Олардың көпшілігінің жер телімдерін капиталист жериеленушілер алып қойды немесе бітпейтін кедейліктен жай ғана қашып құтыламыз деп үміттенді. Польша, Пруссия, Австрия мен Ресейде 1807–1861 жылдар аралығында басыбайлық құқықтың жойылуы – еңбекақы іздеген миграция ағымында Шығыс Еуропа мен Ресей шаруаларының саны артуына ықпал етті. Ол мигранттардың дені ерлер мен бозбалалар еді. Отбасылы ер адамдар үйлеріне жақын маңдағы маусымдық немесе уақытша жұмыстарды іздеді, ал әйелдері мен қыздары отбасына тиесілі жерлерде жұмыстарын жалғастыра берді. 1850 жылға қарай Еуропа қалаларындағы халықтың жартысы басқа жерде дүниеге келген еді.

Ауылшаруашылық жерлерді таратып бергенде немесе Батыс пен Шығыста индустрия жылдамырақ дамығанда, Еуропаны тастап, жаңа аймақтарға көшушілер саны аз болар еді. Бірақ олай болмады. Сәйкесінше, Еуропа аумағындағы халық дүниежүзіне: Нью-Йорк, Чикаго, Торонто, Буэнос-Айрес және Сиднейге, одан әрі жер өңдейтін өлкелерге таралды. Көптеген адам Еуропадағы аштықтан, төңкерістер немесе қудалаудан қашты. 1845–1852 жылдары Ирландиядағы аштықтан, картоп өнімінен бастап саңырауқұлақтарға дейін құрып кетуі кесірінен жаппай таралған жұттан сіңірі шыққан кедейлер шет өлкелерге босты, 1855 жылы шамамен 1,8 миллион адам қоныс аударды. Еуропаны аз уақытта астаң-кестең еткен 1848 жылғы революциялық қозғалыстардан кейін саяси қуғын-сүргіннен қорыққан мигранттар толқыны Америкаға ағылды. Антисемиттік қудалау мен зорлықтан құтылу үшін жүз мыңдаған еврей өз үйлерін тастап қашты. 1880 жылы Ресейдегі қырып-жою, яғни еврейлерді жаппай өлтіру немесе этникалық тазалау, қоныс аударуға себеп болды.

Қысқасы, халықты Еуропадан қуған – бірнеше себеп. Өзге ықпалды күш оларды мұхиттың арғы бетіне жеткізу үшін жұмыс істеді. Эмигранттар Жаңа Еуропа пайда болған аймақтардан арзан жерге ие болып, өздері тастап кеткен өлкеден аса айырмашылығы жоқ әлеуметтік-мәдени орта табамыз деп қатты үміттенді. Бұған қоса, мұнда жету тым қымбат болған жоқ, өйткені теміржол және кемелер бағытты көбейгендіктен, жол ақысы үнемі төмендей берді. 1870 жылға дейін эмигранттар Ирландия мен Британиядан бастап, Германия мен Скандинавияға дейін созылып жатқан жерлерден келді. Миллиондаған италиялықтар, поляктар және орыстар Батыс Еуропадағы индустриялық аймақтарға босты, соңыра тағы да мұхиттың арғы жағындағы жерлерге қоныс аударды. Эмигранттар арасындағы әйелдердің үлесі, ұлттық ерекшеліктеріне қарай, әртүрлі болды. Көптеген әйел жұмыс іздеп кеткен әкелері, күйеулері мен болашақ жарларының соңынан кетті немесе отбасыларымен бірге қоныс аударды.

Жаңа Еуропалар және байырғы тұрғындардың тағдыры

Саны, технологиясы және қарулы күші басым басқыншылар немесе иммигранттар келгенде, ХІХ ғасырға дейін мыңдаған жыл бойы аң аулап немесе шұрайлы алқаптар мен қала аумақтарында ауыл шаруашылығымен айналысып келген жергілікті халық бірте-бірте тіршілігі мен мекенінен айырыла бастады. Бұл үдеріс 1800 жылдардан кейін үдей түсті. Байырғы тұрғындар қарсыласуға тырысқанына қарамастан, босатуға мәжбүр болған аймақтарда Жаңа Еуропа пайда болды.

Ресейлік еврей иммигранттар дүние-мүлкімен Нью-Йоркке келді. Елдегі қырып-жою еврейлерді Ресей мен Шығыс Еуропадан 30 жыл бойы қоныс аударуға итермеледі. Неге бірқатар АҚШ азаматтары бұл суретке ниеттестікпен, ал өзгелері жауыға назар аударады деп ойлайсыз?

Солтүстік Америка. Американың солтүстігіндегі Британияның он үш отарында Еуропа отаршылдары байырғы америкалықтармен соғысып, оларды жерінен қуды, олар екі немесе үш ғасыр бұрынырақ Африка құлдарының немесе еуропалықтардың алғашқы толқыны әкелген аурулардан азып-тозған еді (16-тарауды қараңыз). Керісінше, еуропалықтардың ұрпағы көбейді. 1820 жылы Құрама Штаттарды (сол кезеңде 22 штат) 9,6 миллион халық мекендеді, олардың 82 пайызын еуропалықтар құрады. Мигранттар Оңтүстік-шығыс пен Орталық батысқа ағылғандықтан, өкімет органдары олармен бірлесе отырып, Миссисипидің батысын мекен еткен үндістерді билікке бағындырды, өлтірді немесе жер аударды. Чероки, Чоктау және Крикпен бірге, оңтүстіктегі ең үлкен топтың өңделген жерлеріне иммигрант фермерлер мен мақта плантаторлары иелік еткісі келді. Президент Эндрю Джексон (1829–1837 жылдары билік құрды) Миссисипи өзені маңайын мекендеген үндістердің басым бөлігін Оклахома аумағындағы резервацияларға ығыстырып, ақ нәсілді америкалықтар мен олардың құлдарын жер телімдерімен қамтамасыз етті.

Әйтсе де Американың байырғы тұрғындары иммигранттардың басқыншылығымен күресіп бақты. Үндістер мен қоныс аударушылар батысқа қарай ұмтылыстың әрбір қадамы үшін шайқасты. Мысалы, Флоридада семинол үндістері 1835 жылы Оклахомаға көшудің орнына бүлік шығарды. Бүлікшілер Эверглейдстегі бекіністен қашқан африкалық құлдармен бірігіп, Құрама Штаттардың әскерімен жеті жыл бойы соғысты. Семинолдарды батпақтары мен ормандарынан толығымен көшіре алмаған федералдық үкімет бұл соғысты 1842 жылы тоқтатты.

Оңтүстік Америка. Еуропа мигранттары әсіресе ХІХ ғасыр соңына қарай, Оңтүстік Американың түстік бөлігіндегі елдер – Аргентина, Уругвай, Чили және Оңтүстік Бразилияға қызыға бастады. Плата өзенінің батысы мен шығысындағы алқаптар мен пампастар бидай егуге, жылқы, ірі қара мал мен қой бағуға қолайлы болды. Дүниежүзіндегі ең құнарлы жердің бірінде өсетін астық, тері, жүн экспорты Жаңа Еуропа қоғамы үшін экономикалық мүмкіндік еді, олар біртіндеп оған иелік те етті. 1870 жылдан І Дүниежүзілік соғысқа дейін алты миллион испан, итальян және өзге де еуропалық Аргентинаға қоныс аударды.

Анд биік таулы аймағындағы елдермен салыстырғанда, мұндағы байырғы тұрғындар саны тарихи жағынан аз еді. Келімсектер әкелген ауру олардың санын бұрынғыдан да азайтты және оңтүстік жазықтардағы үндіс атты әскерінің көтерілісі ақыры еш нәтиже бермеді. Бүгінде Аргентина халқының 97 пайызы – Еуропа иммигранттарының ұрпағы. Олар 40 миллионнан асады.

Австралия. Австралия Еуропадан 8000 миль қашықтықта орналасса да, қазіргі халқының 92 пайызы – еуропалықтардың ұрпағы. Австралияның байырғы тұрғындары – аборигендердің саны екі жүз жыл бұрынғысынан аз ғана көбейді, қазір олар халықтың бір пайызын ғана құрайды. Құрлыққа еуропалықтар 1788 жылдан қоныс аудара бастады. Дәл осы жылы жазасын өтеушілерді қоныстандыру үшін Британ әскери-теңіз флотының кемелері оңтүстік-шығыс аймақтағы Ботани Бей жеріне тоқтаған еді. 1788 бен 1852 жылдар аралығында Британия корольдігі Австралиядағы Жаңа Оңтүстік Уэльс отарына «жеткізу» үшін 160 мыңнан аса әйелді, ерлер мен балаларды соттады. Бұл еріксіз саяхатшылардың алтыдан бірі – әйелдер болды, ер адамдар секілді, олардың көпшілігі кедей еді және болар-болмас айыптары үшін жазаланды. Құл еңбегі мен денсаулыққа аса зиянды жағдайда еңбек ететін жазасын өтеуші топтың үстінде британдық шенділер, әскери офицерлер, саудагерлер мен жер иеленушілердің шағын иерархиясы тұрды. 1830 жылы еуропалық азат фермерлер жүн мен ет экспорттай бастап, Жаңа Оңтүстік Уэльсті жаһандық экономикаға қосты. Қоныстанушы халық алтын іздеушілер қазына тапқан 1851 жылға дейін баяу өсті. Кейінірек ерікті мигранттардың есебінен халық саны 1850 жылғы 400 мыңнан он жыл ішінде 1,4 миллионға дейін өсті.

Еуропалықтар мен аборигендер алыс қашықтықта тұрып, заттармен айырбас жасасуда. Франция жазушысы және суретшісі Жак Араго бұл суретті 1820 жылы Австралияға барған сапарында салған. Бұл сурет арқылы кездесудің шиеленісіп, ақыры ұрда-жық төбелеске айналуы мүмкін екенін қалай байқауға болады?

Сол арада аңшы аборигендер ақырындап өз жерлерінен ығыса берді. Америкалықтар секілді, Австралия халқы да мыңдаған жыл бойы Афроеуразияға тән сан түрлі жұқпалы аурулардан оқшау болған еді. Ерте еуропалық қоныс аударушылар тұмау, шешек және өзге де қауіпті аурулармен сырқаттанғанда байырғы тұрғындардың арасында бұл дерт өршіп кетті. 1820 жылдардан еуропалық қоныс аударушылар ішкі өлкелерге бет ала бастады. Аборигендер жерді қауым меншігі деп санады. Алайда еуропалықтар жерді қолданудың табиғи үлгісі жеке иелік салу деп есептеді. Сондықтан, аборигендердің жеріне ешкім ие емес, оны емін-еркін иеленуге болады. Британдық бір шенеуніктің пікірінше, «Бұл – табиғи құбылыс, өркениет дамыған сайын жабайы халықтар жойылуға тиіс»1. Фермерлік шаруашылық пен ауқымды ранчоларды бөліп алған Еуропа иммигранттары жергілікті тұрғындарды шөлейтті ішкі өлкелерге қарай ығыстырды немесе жерін босатқысы келмегендерді қырып-жойып отырды. 1850 жылдан кейін халық арасында иммигранттардың үлес салмағы бірте-бірте арта берді.

Сібір. Еуразияның кең-байтақ Сібір өлкесі дамушы Жаңа Еуропадан ерекше болды, өйткені ол Афроеуразия аумағында еді, мұхит арқылы бөлініп жатқан жоқ. Дегенмен якут, эвенк (тунгус) және басқа да аңшы, балықшы, жылқышы көптеген тайпадан құралған жергілікті тұрғындар Афроеуразияның халық тығыз орналасқан орталықтарынан едәуір алшақ жатты. Сондықтан да Австралия аборигендері мен байырғы америкалықтарды құрбан еткен қауіпті сырқаттарға төзе алмады (19-тарауды қараңыз). Мысалы, XVІІІ ғасыр соңында Тынық мұхитындағы Камчатка түбегінде без обасы сырқатынан жергілікті тұрғындардың төрттен үш бөлігі көз жұмды.

1830–1914 жылдар аралығында Сібір Еуропаға барынша ұқсай түсті. Австралиядағыдай, 1830 жылы алтынның табылуы қоныс аударушылардың жаңа легін әкелді. 1858–1860 жылдары Ресей мен әлсіреген Қытай империясының арасындағы біржақты келісім Моңғолияның солтүстігіндегі Амур өзенінің алабынан фермерлік қонысқа жайлы жаңа жерлерді ашты. Ресейде 1861 жылы басыбайлық құқығының жойылуы жүз мыңдаған адамды келесі он жылда шығысқа қоныс аударуға итермеледі. 1880 жылдан кейін Сібірдің оңтүстігіндегі жаңа шахта, теміржол және коммерциялық кәсіпорындар тағы бес миллион адамды тартты.

Азиялықтар мен африкалықтардың миграциясы

Алыс өлкелердегі теміржолдарға, зауыт-фабрикаларға, кеніштер мен плантацияларға Еуропамен қатар, Үндістан мен Қытайдан да жұмысшы мигранттар көптеп ағыла бастады. 1820–1914 жылдар аралығында шамамен 12 миллион адам шетелдерден жұмыс немесе мүмкіндік іздеп туған өлкесін тастап кетті. Бұл көрсеткіш Еуропадан жаппай көшкен халықтың шамамен бестен біріне тең. Еуропалықтар сияқты емес, азиялықтар түбінде үйлеріне қайта оралды. Дегенмен Оңтүстік Азияда, Үнді мұхитының маңындағы жерлерде америкалық, қытайлық және үндістандық мигранттар шағын қауымда тұрақтап қалды.

ХІХ ғасырда қытай мигранттары Филиппиннен Бирмаға дейінгі аумақта Оңтүстік Азия қалаларындағы байырғы қоныстану дәстүрінің барынша сақталуына ықпал етті. Үнді шахталары жұмыс күшіне қажеттілік бар британ империясының әрбір аймағында – Малайзия, Оңтүстік Африка, Британия, Гвинея және Оңтүстік Америкада пайда болды. Азия мигранттарының аса көп бөлігі ауылшаруашылық өнімдерінің коммерциялық экспорты ұлғайған аумақтарға барды. Мысалы, Африка құлдарының саудасы азайғаннан кейін, Еуропа инвесторлары Үндістан мен Қытайдағы жұмысшыларды уақытша жалдап, Оңтүстік Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Мұхит аралдарында жаңа қант плантацияларын ашты.

«Ерікті миграция» ұғымы. Еуропалықтар секілді, азиялықтар да үйін өз еркімен тастап кетті, алайда бұл ұғымның мағынасы өзгешелеу. Олардың көпшілігі айлақтар арқылы кемемен сапар шекті, өйткені экономикалық күйзеліс пен жетіспеушілікті бастан өткерген еді. 1820 жылдан, мысалы, Үндістандағы Ұлыбритания отарлық өкіметі империяның өзге аймақтарындағы ауылшаруашылық жұмыстары үшін кедей адамдардың жұмысшы тасымалын ұдайы ұйымдастырып отырды. Қытайдағы халық санының ұлғаюынан жер тапшылығы, бағалардың өсуі, көтеріліс пен қайталанып отырған құрғақшылық, әсіресе халық тығыз қоныстанған оңтүстік провинциялардағы халықтың жыл сайын он мыңдап елден кетуіне себеп болды. Еуропалық немесе азиялық жұмыс тауып беруші делдалдар сауатсыз адамдарға еңбекақыға, жұмыс жағдайы мен белгілі бір мекеніне қатысты берген уәделерінен жиі тайқып кететін. Мысалы, Қытай жағалауындағы Португал Макаосында арам пиғылды делдалдар кедей қытайларды құмар ойындарға алдап тартып, кейін олардан немесе отбасы мүшелерінен шығындарын өтеуді талап етіп, белгілі бір уақыт аралығында шетелдерде келісімшартпен жұмыс тауып беруге келісетін.

Оңтүстік және Шығыс Азиядағы мигранттардың басым бөлігі бозбалалар мен ер адамдар еді, алайда әйелдер де үйлерін тастап, барған жерінде тұрақты қоныстанып қалуы үшін ерлеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында өзге аймақтарға қоныс аударды. Үнді және қытай қоғамындағы әлеуметтік тәртіп әйелдердің Еуропадағыдай көпшілік алдында емін-еркін жүруін шектеді. Мысалы, ХІХ ғасыр ортасында Калифорния мен Австралиядағы «алтын дүмпуі» даңқына еліткен он мыңдаған қытай құрылысшысы алыс сапарға аттанды. 1860 жылы Калифорнияда 65 мың қытайдың тек 1800-і әйел заты еді. Тұрмысқа шықпаған әйелдер шетелге өз еркімен кетті, алайда олардың көпшілігін ұрлап немесе алдап әкетті және олар ақырында жезөкшеге не үй қызметшісіне айналды.

Тропиктік Америкадағы Азия жұмысшылары. Құлиеленушіліктің төмендеуі және біржола жойылуы Оңтүстік Америка мен Кариб аймағындағы плантация иелері үшін еңбек күші дағдарысын тудырды. Азаттық алған құлдар плантацияларда қалғанымен, өзгелері жұмыс істеген шаруашылықтарын тастап кетті немесе қалада жұмыс істеді. Отарлық үкімет және жеке плантаторлар құлдармен келісімшарт арқылы жұмыс істетудің жаңа тәртібін енгізді. Келісімшартпен жұмыс істеу кәдімгі құл еңбегі секілді тым ауыр болды ма деген сұрақ тарихшыларды да мазалайды. Кариб аймағы мен Оңтүстік Америкаға аттанған Азия жұмысшылары кемелерде үнемі нашар каюталарға жатқызылды және жұмыс берушілер кейде оларды құлдар үшін арнайы салған барактарға орналастырды. 1853–1874 жылдары шамамен 125 мың қытай жұмысшысы Кубаға қоныс аударды, мұнда құлиеленушілікке әлі де рұқсат бар еді. Олар қара нәсілді құлдармен бірге қамыс алқаптарында ауыр жұмысқа жегілді және Куба заңында қарастырылған шектеулер мен жазалау түрлерінен зардап шекті: «Бастығының айтқанына бағынбаған қоныс аударушы жұмыстан немесе басқа міндеттемеден бас тартса, 12 дүремен, одан әрі қарсыласа түссе, 18 және одан көп дүремен жазаланады; қызмет жауапкершілігін орындауым міндетті емес деп есептесе, шынжырланып, бұғауда ұйықтайтын болады»2.

Құл саудасының жалғасы. 1840–1870 жылдары трансатлантикалық құл саудасы едәуір азайғанымен, заңды ма, жоқ па – оған қарамастан, құлиеленушілік бар жерлерде адам саудасы жалғаса берді. Құрама Штаттардың оңтүстігіндегі саудагер плантаторлар құлдарды сату мен сатып алуды және оларды бір штаттан екіншісіне апаруды 1865 жылға дейін жалғастырды. 1820–1860 жылдар аралығында Бразилия саудагерлері бір миллионға жуық құлды солтүстіктегі құрып біткен қант плантацияларынан оңтүстіктегі ауқымды кофе өсіретін алқаптарға апарды. Құлиеленушілік пен құл саудасы ХІХ ғасыр бойы Азияның көп жерлерінде және Африка аймақтарында қалыпты жағдай болып қала берді. Еуропадағы өнеркәсіптің өркендеуі пальма майы, жержаңғақ майы, тақтай секілді африкалық тауарларды қажет етті. ХІХ ғасыр ортасында Батыс және Орталық Африканың бірқатар өлкелерінде билеушілер мен меншік иелерінің жаһандық экономиканың жаңа мүмкіндіктеріне жауабы ретінде құлиеленушілік іс жүзінде ұлғая берді.

Африканың солтүстік-шығысында Мысыр билеушісі Мұхаммед Әли (21-тарауды қараңыз) 1820 жылы бозбалалар мен жігіттерді тұтқынға алып, әскери құл ретінде ұстау үшін Ніл өзенінің жоғарғы алқабына (бүгінде ол Судан және Оңтүстік Судан республикалары аумағы) басып кірді. Осыдан кейін жаңа қару-жарақпен қаруланған Судан сауда экспедициясы оңтүстіктегі алыс аймақтарға шабуыл жасап, ауыл тұрғындарын құлдыққа алып, оларды өзеннің төменгі сағасындағы Мысырға сатты. Батыста Сахара арқылы құл тасымалы ХІХ ғасырда үздіксіз төмендей берді, елуінші жылдары шамамен жылына төрт мың құл Мароккоға жөнелтілді, олардың көпшілігі әйел заты еді. Үнді мұхиты жағалауындағы Оман сұлтандығы мен Занзибар елі Шығыс Африканы піл сүйегі мен құлдарды импорттық мата өнімдеріне айырбас үшін қолданды. ХІХ ғасыр ортасында әскери қарауылшы жасақтар жыл сайын 50 мыңнан аса құлды ішкі өлкелерден Үнді мұхиты жағалауына алып келді. Олардың бірқатары, әсіресе әйелдер үй шаруасы мен жыныстық қызмет көрсету үшін Арабия және өзге де мұсылман елдеріне жөнелтілді. Өзгелері халықаралық саудада сұранысқа ие дәмдеуіш – қалампыр дайындауға Занзибар аралына жіберілді. Ұлыбританияның қысымымен Оман сұлтандығы 1873 жылы құл саудасының экспортынан бас тартты, дегенмен құлдықтан бас тарту ісі баяу жүрді.

Қытай мигранттары Кубадағы қант зауытында жұмыс істеп жүр. 1872 жыл. Африкадан құл әкелуге тыйым салғаннан кейін бос қалған жұмыс орындарын Шығыс және Оңтүстік Азиядан келген әйелдер мен ерлер толтырды. Алайда келісімшартқа отырған азиялық еңбек күші үшін қолайлы жағдай жасалмады. Аз еңбекақыға бола қауіпті, әртүрлі жұмыспен айналысу үшін Тынық мұхит арқылы жол жүруге адамдарды қандай факторлар итермелеуі мүмкін?

Мұхит аралдарының бірігуі

Мұхит аралдарының тұрғындары ХІХ ғасыр соңында дүниежүзіндегі миграцияға және сауда айналымына тұрақты атсалысып отырды (22.2-картаны қараңыз). 2600 жылдан бері полинезия тілдерінде сөйлейтін мигранттар мұхиттағы 25 мың аралды зерттеу және қоныстану үшін жүзіп келді. Отарлаушылар климат пен табиғи ортаның айрықша түріне бейімделіп, Жаңа Зеландияның оңтүстігіндегі аңшы-асыраушы топтардан бастап, Тонго мен Гавай аралдарындағы шағын патшалықтарға дейін түрленген қоғам құрды. Бірақ олар Афроеуразия, Америка, Австралиямен үнемі байланыста болған жоқ. Кейін, 1760 жылдан еуропалық теңізшілер, әсіресе ағылшын саяхатшысы Джеймс Кук Тынық мұхитты кесіп өтіп, бірте-бірте көбейген аралдарға тоқтап, жаңа ауылшаруашылық өнімдері мен жануарларды кезіктіріп, христиан миссиясын құрды.

Байланыс қатері. ХІХ ғасыр басында, өмір сүру сапасы және қоршаған ортаның жағдайы нашарлай түссе де, Мұхит аралдары сауда мен миграция үшін дүниежүзіндегі жаңа аймақ болды. Мұхит аралдарына өздерімен «бір қоржын» өсімдік, үй жануарларын, зиянкестер мен микроорганизмдер алып келген еуропалықтар мен азиялықтардың көпшілігі полинезиялықтарға бейтаныс еді. Австралиялық аборигендер секілді, Мұхит аралдарының тұрғындары әу баста тұмау, қызылша, шешек секілді таныс емес жұқпалы аурулар әсерінен жаппай қырылу қаупінде қалды. Мысалы, Еуропа тұрғындары 1840 жылы Жаңа Зеландияға келе бастағанда, жергілікті маори халқының саны шамамен 100 мың немесе одан да көп еді. 1858 жылдан негізінен сырттан келген індеттердің әсерінен 56 мыңға дейін азайды.

Саудагерлер мен мигранттар жер-су ресурстарын пайдалану үшін Тынық мұхиттың ортасына дендеп ене берді. Ресей, Америка, Австралия аңшылары итбалық саудасынан көп пайда тапты және бұл жануар 1840 жылы Тынық мұхит аумағында жойылуға шақ қалды. 1819 жылдан мұнда америкалық және өзге де кит аулаушылар келді. Кит майы майшам, өндірістік май және ас пісіру үшін үлкен нарықты жаулап алды. Алғашқыда май өндіру қарқынды дамығанымен, аңшылар киттің бірқатар түрлерін тез арада жойып жіберді де, 1860 жылдан кейін бірнеше онжылдық ішінде бұл өндіріс толық тоқтауға мәжбүр болды.

ХІХ ғасыр соңына қарай мыңдаған полинезиялық коммерциялық ауылшаруашылықтарында және кеме байланысында жұмыс табу үшін аралдан-аралға көшіп жүрді. Фиджидегі қант өндірісі өрістей берді, өйткені плантаторлар келісімшарт арқылы Оңтүстік Азиядан жұмыс күшін көптеп тартты. Олардың ұрпақтары бүгінде халық санының 40 пайызын құрайды. Миграция кей жағдайда мәжбүрлі сипатта жүрді. Тынық мұхит алабының кейбір аймақтарында қаруланған жұмысқа жалдаушылар арал тұрғындарын ұрлап сатумен айналысты, бұл ұрлық «құл жинау» деп аталды. Оңтүстік Американың қант алқаптары мен кеніштерінде жұмыс істету үшін 1862–1863 жылдары Рапа Нуидан (Пасха аралы) мың жарым адамды ұрлап алып кетті.

22.2-КАРТА. Тынық мұхит алабы. 1760–1880 жылдар

Тынық мұхит аймағы мыңдаған аралдардан тұратынын, ал Атлант мұхиты мүлде керісінше екенін ескерсек, Тынық мұхит арқылы тығыз байланыс орнату үшін неге үш ғасырдан аса уақыт кетті?

Гонолулу айлағындағы кит аулаушылар. Гавай, 1849 жыл. Кеме иелері қарапайым америкалықтар немесе еуропалықтар болса да, кит аулаушылар экипажында Тынық мұхит аралдарындағы халықтар да бар еді. Гонолулудағы ғимараттар еуропалық және гавайлық архитектураның үйлесімін көрсетеді. ХІХ ғасыр гравюрасының қандай элементтері америкалық тамашалаушылар үшін ерекше және экзотикалық болып көрінуі мүмкін?

«Тынық мұхит әлемінің» пайда болуы. Тынық мұхит арқылы сауда өркендегендіктен, айлақты қалалар да көбейді. Мұхит аралдары шығысазиялықтар сатып алғысы келетін экзотикалық тауарларды ұсынды, оның арасында итбалық, кәмшат терілері, маржан және афродизиак пен парфюмдерге қоспа ретінде қолданатын кашалоттардың асқазан-ішек бөліктері де бар. Бүгінгі Гавай аралдарының астанасы Гонолулу мұхит ортасындағы негізгі орталық ретінде 1820 жылы қызмет көрсете бастаған еді. Мұнда тері, былғары, ағаш сататын байырғы америкалықтар мен еуропалық қоныстанушылар кемелері Гуанчжоу (Кантон), Манила, Сидней және Латын Америкасындағы бірнеше айлақтан, Калифорния мен Канада жағалауларын бойлаған шағын айлақтардан жиналды.

«Алтын дүмпуі» – сары металды Калифорнияда (1849), Австралияда (1851) және Британдық Колумбияда (1858) Тынық мұхит алабының айырбас желісіне қосты. Алтын табысының пайдасы ұзаққа созылған жоқ, алайда ең бастысы, ол Тынық мұхиттың экономикасын көтерді, өйткені тау-кен аймақтарында тұратын еуропалық тұрғын саны едәуір көбейді. Калифорния тұрғындары 1848 жылы шамамен 15 мыңнан (Америка үндістерін қоспағанда) 1852 жылы 250 мыңнан аса адамға көбейді. Австралияның оңтүстігінде осыған ұқсас иммиграциялық дүмпу болды. Жылдам кемелер мен пароходтар бірте-бірте Тынық мұхитты қысқа уақытта жүзіп өтетін болды.

Саяси-әлеуметтік реформалар

ОЙЛАН: ХІХ ғасырда түрлі реформалық және революциялық саяси қозғалыстардың көбеюіне қандай тарихи факторлар ықпал етті?

Дүниежүзі тарихының әрбір кезеңінде соңғы бес мың жыл ішінде пайғамбарлар, реформаторлар және революционерлер өзгеріс дәуірінде тұрақсыздық, экономикалық күйзеліс және әлеуметтік әділетсіздік мәселелерінің шешімін ұсынды. Дүниежүзі халқының саны ХVІІІ ғасырмен салыстырғанда жедел өсіп, индустрияландыру және миграция жылдам қарқынмен жүргендіктен, қоғамды қайта құру мен басқарудың оңтайлы жолдарын ұсынатын қозғалыстар да көбейді. Газеттер, телеграф желілері және қаладағы кофеханалардың барлығы да өз идеяларын бұған дейінгілермен салыстырғанда анағұрлым жылдам және алысқа таратуға әлеуетті реформаторларға мүмкіндік берді. ХІХ ғасыр – «изм»-дердің алғашқы дәуірі: либерализм, республиканизм, консерватизм, ұлтшылдық (natіonalіsm), социализм және коммунизм. Бұл идеологиялардың барлығы нақты емес, күрделі және түрлі бағыттарда жүзеге асуға бейім еді. Дей тұрғанмен, олар өрлеу ғасыры ретінде өзгеру бағытына зор ықпал еткен әлеуметтік қозғалыстарға түрткі болды.

Ұлтшылдық және халық қуаты

Еуропалықтар мен америкалықтар арасындағы ұлтшылдық пен либерализм турасындағы қоғамдық пікірталастар (20–21-тарауларды қараңыз) бір-бірінен аса өзгешеленбеген еді. Екі идеология да ХІХ ғасырда капиталистерге, үкіметтік элитаға және ауқатты қала тұрғындарына жасалған үлкен үндеудің саяси доктринасы ретінде дамыды. Алайда ұлтшылдық ғасыр ортасына қарай қарапайым адамдардың эмоционалдық және мәдени өмірінде жаңғырық тудырды, либерализмнің оған қауқары жетпеді. Кейінгі жүз жыл ішінде ұлтшылдық дүниежүзіндегі бүкілхалықтық іс-әрекетті шоғырландыратын ең мықты күшке айналды.

Ұлтшыл ойшылдардың пікірінше, ортақ тіл, мәдени түр, тарихи ортақ тағдыр жауапкершілігін бөлісетін халық тобының, әлбетте, тәуелсіз, жеке үкіметі болуға тиіс. Қоғам осы мақсатқа жеткенде ұлттық мемлекет құрады. Орталық билік ұлтшылдыққа сүйене отырып, халықтың сенімін нығайта алады. Бұдан бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда, ұлтшылдық арқылы азаматтарды қоғамдық шараларға ұйымдастыру анағұрлым тиімді болмақ. Мемлекеттер жаңа коммуникациялық технологияларды адамдардың «өздерін біртұтас қауымдастық ретінде сезінуге» үміттендіру үшін қолданды, алайда тәуелсіз аймақтар бір-бірінің күнделікті өмірі туралы аз ғана білетін, тіпті ештеңе де білмейтін, мәдениеті әралуан жеке адамдарды, бәлкім, ондаған миллион адамды біріктірді3.

Жаңа мемлекеттер, әсіресе үлкен елдерде әртүрлі әлеуметтік таптар мен саяси мүдделі топтар үнемі әрекет етті. Қалалық жұмысшылар еңбекақыны көтеруге үндеді, этникалық қауымдар аймақтық жеке мемлекет құруды талап етті, либералдар биліктен экономикалық еркіндік пен құқықтық теңдікті сұрады, ал радикалдар демократияға шақырды. Саяси спектрге қарама-қарсы, ауыл тұрғындары мен ақсүйектерден тұратын консерваторлар қоғамды біріктіріп ұстап тұратын әлеуметтік желім ретінде қатаң әлеуметтік иерархия мен өкімет рұқсат еткен шіркеу секілді дәстүр жолдарын сақтауға және ұстануға тиіспіз деген көзқараста болды.

Франция азаматтары Республиканы қорғады. Мүсінші Франсуа Рюдтің «Еріктілерді жөнелту, 1792 жыл» («The Departure of the Volunteers of 1792») еңбегі 1836 жылы Парижде Францияның даңқын атап өту үшін Наполеон орнатқан Триумф аркасының төрт құрамының біріне әр беріп тұр. Француз патриотизмін көрсететін суретте «Қанатты жеңіс» еріктілерді шайқасқа бастап барады, ол кейін «Марсельеза» аталып кеткен болатын, революциядан кейін бұл ән ұлттық әнұранға айналды. Осындай бейнелеу үлгілері жалпыұлттық бірегейлікті жандандыруға қалай ықпал етеді?

Осынау түрлі қысымдар мен қақтығыстар әсерінен үкімет әлеуметтік шиеленісті шешудің әдісі ретінде ұлттық қауымдастық идеясына энтузиазммен қарады. Үкімет те діни емес, зайырлы қарым-қатынастағы мемлекеттің басқарушылары ретінде, яғни Жаратушының өкілдері емес, халықтың әл-ауқаты мен құқығын қорғаушы есебінде, бұл идеялардың легитимділігі мен заңға сай болуын тәртіп аясында жиі-жиі талап етуге ынталы болды. Шынына келгенде, дін қызметшісі және өзге де дін өкілдерінің саяси биліктегі шенділер мен зайырлы басшыларға ықпалы бірте-бірте азая бастағанымен, ұлттық қауымдастықтың қалыптасу кезеңінде діни мәдениеттің құрамдас бөлігі басым болды. Тарих, әдебиет, музыка, фольклор және аңыз әңгімелер, әдеттегідей ұлттық қоғам элементтері еді. Үкімет отансүйгіштік пен мемлекетке қалтқысыз қызмет ету сезімін сіңіру үшін қоғамдық ағартуды қолдады. Олар әрбір адам құрметтеуге тиіс қоғамдық рәсімдерді, әнұрандарды, біртұтас жергілікті тілді және ұлттың негізін салушы көсемдер мен отансүйгіш батырларды насихаттады. Мысалы, Құрама Штаттарда және Латын Америкасы республикаларында тәуелсіздік үшін соғыстар жалпыұлттық көңіл-күйді қамтамасыз ететін (Джордж Вашингтонның Фордж алқабындағы және Симон Боливардың азат ету ерліктері) хикаялар тудырды. Еуропада ХІХ ғасырдың бірінші жартысы романтикалық қозғалыстардың дәуірі болды, ол уақытта әдет-ғұрыптар мен ертегілер ұлттың «жанын» жаулауға талпынған жаңа заман поэзиясы, романдары мен музыкасы үшін шабыт бұлағына айналды.

Социализм түрлері

Әу баста социализм43 сөзі – қоғам ынтымақтастық пен өзара қамқор­лық негізінде қалыптасады де­ген идеяны тудырды. ХІХ ғасырда зиялылар мен белсенділер реформаға үгіттегенде, социалистер ұлтшылдықтың демократиялық және құқықтық тепе-теңдік құндылықтарын жиі насихаттады, бірақ олар либерализмнің ең басты принциптеріне күмәнданды. Барлық социалистер либерализмді ақылға қонымсыз және ең болмағанда индустриялизмнің қатаң шындығына ішінара қате жауап деп есептеді. «Жеке табысқа ұмтылу – қоғамның барлық деңгейі үшін пайдалы» деген либералдардың сенімін социалистер қолдаған жоқ. Нақтырақ айтқанда, индустриядағы жекеменшік, капиталдың азшылықтың қолында болуы, қатаң бәсекелестік – барлығы жұмыс жағдайын төмендетеді; қолма-қол ақша табатындар және олардың отбасылары болашақ өмірден мүлде үміт үзуі мүмкін. Жұмысшылар – «еңбекақы құлдары»; халық – капиталистік меншік иелеріне тәуелді. Аз еңбекақы, қауіпті зауыттар және қала кедейлігі жұмысшылар арасында қиындық тудырып қана қоймады, сондай-ақ әлеуметтік қақтығыс пен күйзеліске әкеліп соқты. Байлықтың біршама әділ бөлінісіне қол жеткізу үшін қоғам қайта құрылуы және реформалануы керек. Социалистер қолөнершілердің, зауыт жұмысшылары мен кеншілердің өз жағдайларын жақсартуға, кәсіподақ ұйымдастыруға бағытталған үкіметке қарсы күресін толығымен қолдады. Социалист көшбасшылардың көпшілігі теоретик те, қоғам белсендісі де болды.

Алғашқы социалистердің бірі Клод Анри де Сен-Симон (Claude Henrі de Saіnt-Sіmon; 1760–1825) еді, ол француз аристократы бола тұра, байлық пен ақсүйектердің артықшылықтарын жек көрді. Еркін сауда бәсекелестігі салыстырмалы түрде шағын адамдар тобы үшін пайдалы және индустрияландыру қоғамдық ортақ әл-ауқатты байланыстыруға тиіс деген пікірді алғаш жазғандардың бірі еді. Ол билікті саясаткерлермен бірге банкирлер, инженерлер мен кәсіпкерлерге беретін индустриялық қоғамды жоспарлап, қолдады. Ғалымдар мен әртістер адамгершілік және азаматтық мәселелер үшін жауапкершілік алғанда, сарапшылар экономикалық және технологиялық ілгерілеуге ықпал етеді деді. Сен-Симон Еуропа мен Құрама Штаттардағы шағын утопиялық қауымдарды құрды немесе өзі сұлбасын сызған қоғам арқылы өзге социалистерге әсер етті, оның айтуынша, жұмысшылар өндірістің түсімдерін тепе-тең бөледі, осылайша жұмыс берушілер тарапынан әділ қарым-қатынас орнайды. Мысалы, Роберт Оуэн (1771–1858), Уэльс фабрика менеджері, Шотландияда 1810 жылы мақта-мата өндірісі қауымын құрды, онда жұмысшылардың қауіпсіз, жайлы өмірі жан-жақты ойластырылған. Алайда өзге де утопиялық жобалар секілді бұл да негізін салушысынан кейін қолдау таппады.

Социалистік ұстанымдардың мәлімдемелері, капиталистік экономикаға қатысты қатаң сынның көбі неміс философы және қайраткері Карл Маркстің (1818–1883) қаламынан шықты. Ол досы, көп жылғы әріптесі Фридрих Энгельспен (1820–1895) бірге ғасыр ортасында, өздері «ғылыми социализм» атап кеткен ілімді ойлап тапты. 1848 жылы Маркс «Коммунистік манифесін» жариялады, онда жұмысшы табы экономикалық және әлеуметтік әділдікке революциялық күрес арқылы ғана қол жеткізе алатыны туралы іргелі идеяларын жеткізді. Англияға қоныс аударған ол өмірінің қалған бөлігін Британия кітапханасында оқумен және зерттеумен өткізіп, идеяларын «Капитал» атты еңбегінде жариялады.

Карл Маркс. Жұмысшы таптың құқықтары үшін күрессе де, Маркс дәулетті отбасынан шыққан еді. Ол Германия университетінде философияны оқыды, мұнда оның қоғамдық белсенділігі арта бастады. 1845 жылы ол: «Философтар әлемді түрлі жолдармен талқылаумен ғана шектеледі, ал басты мәселе – оны өзгерту», – деп шабыттана жазды.

Маркс ертеректегі социалистік идеяларға сүйенді. Алайда жұмыс берушілер, үкімет пен жұмысшылар арасындағы жылы қарым-қатынас бағдарламасы әйтеуір бір әділ қоғам орнату керек деп есептейтін утопист ойшылдарды сынға алды. Ол сондай-ақ таптық айырмашылық ұлттық айырмашылықтан әлдеқайда маңызды деп есептеді. Оның пайымдауынша, индустриялық элита немесе буржуазия44 жұмысшыларды өздерімен ұлттық байланыста болғаны үшін ғана алдаусыратып отыр. Керісінше, өзі пролетариат45 деп атаған, еңбекақы алатын жұмысшылар барлық жерде буржуазиялық қанаушыларға қарсы бірігуге тиіс. Маркстің «материалистік» деп атаған идеясының мәні мынада: жұмыс немесе «өндіріс» – әлеуметтік ұйымдасудың ұйытқысы; тарих «өндіріс құралын бақылаушылар» мен бақыламайтындар арасындағы таптық күрестен тұрады. Жаңа дәуірде өнеркәсіптік капиталистер үстем тап ретінде құл иеленушілер мен жер иеленушілердің орнын басты. Маркстің пайымдауынша, пролетариат өз мүдделерін қамтамасыз ете отырып, өздері үшін барлық өндірістік өнімдерді тәркілеп, өздері үшін өндіріс құралын қалпына келтіруге дейін жетуі керек. Фабрикалар, фермалар және кәсіпорындар әр адам қолдана алатындай ортақ меншік пен ортақ кіріс көзі болуға тиіс.

Маркс «тарих – қоғамның жоғары формасына алып баратын, әлеуметтік таптардың айналасындағы қақтығыс үдерісі» деді. Ол «Коммунистік манифест» еңбегінде пролетариат түптің түбінде жеңіске жететінін айтты: «Буржуазия не өндірсе де, өз қабірін өзі қазып жүр. Олардың құритыны анық, пролетариат сөзсіз жеңеді»4. Жұмысшылар капитал иелерін жеңген кезде таптық бөлініс жоғалады да, дүниежүзінде таптық бөлініссіз, жеке меншіксіз қоғам – коммунизм46 орнайды.

Социалистер ХІХ ғасырдың екінші жартысында Еуропа мемлекеттерінде саяси партиялар мен жұмысшы бірлестіктерін құрды, алайда олардың бірқатары Маркстің радикалды бағдарламаларын қабылдамады немесе өзгертті. Маркстік социалистер, сонымен қатар өздері күтпеген екі идеямен күресті. Бірінші идея былай дейді: «индустриялық мемлекеттерде пролетарлық революциясыз-ақ, құқықтық реформалар мен тоқтаусыз экономикалық өсім бірте-бірте жұмысшылардың тұрмыс деңгейін өзгертеді». Екінші идея: «ұлтшылдық қарапайым адамдарды олардың ең дәулетті отандастарымен теңестіретін аса маңызды құрал» деді. Дегенмен маркстік идеялардың ықпалы ғасыр бойы жалғасты және байлар мен кедейлердің арасындағы айырмашылық жаһандық деңгейде кеңейе берді.

Социализм – идеологияның бір түрі ретінде әлеуметтік теңдік пен әділдікті қорғауы. Қауымның ұжымдық бақылауы мен экономикалық институттарды басқаруы; Маркс ілімі бойынша, қоғамның коммунизмге өту үдерісінде социализм капитализмнен кейін орнайды.

Буржуазия – қалалық орта тап, Маркс ілімі бойынша, жұмысшы табын қанап отырған меншік иелерінің табы.

Пролетариат – жұмысшы табы, Маркс теориясы бойынша бұл тап капиталистік өндіріс құралдарын бақылауға қол жеткізу үшін буржуазияны құлатуға тиіс.

Коммунизм – капитализмді жойып, пролетариаттың әмбебап салтанатын қамтамасыз ететін революцияны жақтайтын социалистік ойдың бір өлшемі.

Әйел құқығы жолындағы қозғалыстар

Либерал болсын, социалист болсын, кейбір ойшылдар өз доктриналарында әйелдердің азаматтық құқығы мен жауапкершілігін түбегейлі өзгертуді талап етті. Дүниежүзінде әйелдер ұзақ уақыт бойы неке, ажырасу, меншікке иелік ету және діни көшбасшылық институттардағы ер адамдардың бақылауын әлсірету үшін күресті. Жаңа еуропалық идеологиялар әйел мен ер арасындағы әлеуметтік қарым-қатынас туралы терең пайымдауларға негіз болды. Бірқатар әйел, мысалы, социалистік қозғалысқа белсене араласты. Ағылшын қайраткері Анна Уилер (Anna Wheeler) әйелдер құқығы үшін үздіксіз күрес жүргізді және 1825 жылы жарыққа шыққан «Адамзаттың бір бөлшегі – әйелдердің екінші бөлік – ер адамдарға үндеуі» («Appeal of One Half of the Human Race, Women, Agaіnst the Pretensіons of the Other, Men») деп аталатын кітап авторларының бірі болды.

Құрама Штаттар мен Британияда білім алған әйелдер құл азаттығы мен әйелдерді қоғамдық өмірден алшақ ұстайтын құқықтық теңсіздік желісі арасындағы айқын қарама-қайшылықты көрді. 1840 жылы Лондонда құлиеленушілікке қарсы Халықаралық құрылтай ұйымдастырушылары – ерлер әйел делегаттарды есік алдында тоқтатқанымен, кейін келісімге келіп, олардың перде артында отыруына рұқсат етті. Осы конференцияға қатысқанына сегіз жыл өткен соң, Элизабет Кэди Стэнтон америкалық әріптесі Лукреция Мотпен бірге Нью-Йорктағы Сенека-Фоллзда әйелдер құқығы бойынша кездесуді тұңғыш рет ұйымдастырды. Делегаттар декларациясы әйелдердің сайлау құқығын талап етті. Дегенмен олардың жаңа басталып келе жатқан қозғалысы, әлбетте, құлдарды босату және одан бас тарту қозғалысының көлеңкесінде қалды. 1870 жылы Құрама Штаттардың Конгресі он төртінші түзетуді қабылдады, онда азаттық алған құлдар – ерлерге дауыс беру құқы берілген, алайда ешбір нәсілдегі әйелге бұл құқық берілмеді. Британияда ХІХ ғасыр бойына парламенттегі заң жобаларында әйелдерге сайлау құқығын беруден бірнеше рет бас тартса да, әйелдер құқығы үшін 1851 жылы басталған қозғалыс ұлғая берді. Сол онжылдықта Мексика либералдары әйелдерге білім беру ісін ұйымдастыруды қолдай бастады, ал Аргентинада дүниеге келген жазушы Паула Мансо де Норонья (Paula Manso de Nuronha) Бразилияда феминистік бағыттағы журнал шығарды.

Элизабет Кэди Стэнтон Әйелдер құқығын қорғау жиналысында тұңғыш рет баяндама жасады. 1848 жыл. Батыл саяси талап қоя отырып, Стэнтон сөздерін көбіне Нью-Йорк, Сенека-Фоллздағы Веселиян методист шіркеуіндегі әйелдер қауымына арнады. Бұл суреттегі Стэнтонды қолдаушылардың әлеуметтік табы туралы қандай қорытынды жасар едіңіздер?

Еуропадағы бірегейлік және саяси реформа жолындағы қозғалыстар

1815–1848 жылдары Еуропа дүрбелеңге толы жағымсыз қарама-қайшылықта өмір сүрді. Бір-бірімен туыстық байланыстағы әулеттер мен олардың биліктегі қауымы Француз революциясының әсерін, әсіресе белгілі демократиялық немесе әлеуметтік революцияларға қатысты кез келген тұспалды барынша шектеуге күш салды. Алайда либералдар, ұлтшылдар және радикал-демократтар саны қала әкімшілігі мен кәсіби мамандардың арасында өсіп отырды және бір уақытта реформаға итермеледі. Еуропа мемлекеттерінің әрқайсысындағы қарсылық шерулері немесе қаладағы бүліктер аймақтағы мемлекеттердің бірқатарында билік құрған бейбіт өмірдің қалыпты ағысын бұзды.

Осынау халықтық қозғалыстардың кейбірі табысты өзгеріс енгізді. Францияда 1830 жылғы «Шілде төңкерісінде» бүлікшілер асқан реакционист король Х Карлды (Charles X; 1824–1830 жылдары билік құрды) тақтан тайдырып, оның орнына ақсүйек Луис-Филиппті (Louіs-Phіlіppe; 1830–1848 жылдары билік құрды) билік басына әкелді. Ол Құдіретті билік негізінде емес, Франция Ұлттық ассамблеясының ұсынысымен билік жүргіздім деп есептеді. Халық оны «Азамат-король» деп атап кетті. Сол жылы Бельгияның жаңа конституциялық монархиясын құру үшін бүлікшілер нидерландтықтарды күл-талқан етті. Грекия 1830 жылы саудагерлердің орта табы мен таулы аймақ көсемдерімен одақ құрғаннан кейін, Ұлыбритания әкери-теңіз флотының көмегімен түрік Осман билеушілерін қуып шықты. Ұлыбританияда да өнеркәсіптік ереуілдер мен қарсылық шерулері және Ирландияда ауыл тұрғындарының көтерілісі болды. Парламенттегі либералдар саяси реформаларға баяу қол жеткізді. 1832 жылы парламент еркек сайлаушылар үшін мүлік талабын төмендетуге дауыс берді. Бұл жиырма жеті миллион халықтың тек екі жүз он жеті мыңы ғана болса да – сайлаушылардың көлемін екі есе ұлғайтты.

1848 жылғы революциялық қозғалыстар. 1848 жылы Еуропада халықтық көтерілістердің дүмпуі қатты естілді, ол либералдарды ғана емес, осындай оқиғалардың болуын армандап жүрген республикашылдар мен социалистерді де таңғалдырды. Париждегі көше қарулы қақтығысы король Луис-Филиппті тақтан тайдыруды көздеді. Өйткені ол либерализмді орнатамын деген уәдесін жұтып қойған еді. Жаппай көтерілісті баса алмаған соң, король тақтан бас тартты. Телеграфтар және пойыздар шұғыл жаңалықтарды бүкіл Еуропаға таратып отырды. Қалалық көтерілістер алдымен Германияның бірқатар ірі қалаларында, одан кейін габсбургтік империя мен Италияда да бұрқ етті. Кейбір өңірлерде ауылдағы шаруалар бас көтеріп, қалашықтарды басып алды және жергілікті ақсүйектердің зәулім үйлерін отқа орады. Бар болғаны бір ай ішінде француз көтерілісшілері республика жариялады. Габсбургтер императоры бірқатар қаладағы бақылауынан айырылды. Германия мен Италияның шағын аймақтарындағы революция көсемдері жаңа конституцияны жазуға кірісті. Алыстағы Бразилия да теңіздей толқып, көтерілісшілер император ІІ Педроға қарсы шықты.

Саяси-әлеуметтік наразылық отыз жыл бойы ашық жүрді. Қалалық жұмысшылар төмен еңбекақы мен адам төзгісіз жұмыс жағдайына наразы болды. Ер адамдар жұмыстарын еңбекақы алатын әйелдерге босатып бергеніне қарсы шықты. Шаруалар жерлердің үлкен қожалықтардың иелігінде шоғырланғанына және кедейліктен көз ашпағандарына наразы болды. Австрия, Ресей және Осман империясындағы этникалық шағын топтар ұлттық қозғалыстарын бастады. Көтерілістен үш жыл бұрын, Батыс Еуропада екі маусым қатарынан астық түсімі нашар болды, азық-түлік бағасы өсті және экономикалық өсім біртіндеп төмендей берді. Үрейленген үкімет не істерін білмей үнсіз қалды немесе кері соққы берсе де көтерілісшілер саны арта түсті.

1848 жылғы революциялар бір жыл ішінде өзі ұйымдасты. Үкімет қарулы күшін қайта жасақтады және көшелерді басып алған жұмысшылар мен қолөнершілер түрлі қалалардағы іс-қимылдарын дұрыстап біріктіре алмады. Францияда әскер мыңдаған көше бүлікшілерін қырып салды. Австриядан тәуелсіздік алғысы келген Венгрияда ұлтшылдардың көтерілісін басуға жанталасқан императорға Ресей қарулы әскері көмектесті. Реакциялық үкімет билікке қайта оралғанымен, көтерілістерден үрейленіп қалды және орасан көп қаржылық шығынға батты. Мұндай панеуропалық дүмпуге қатысуды қаламаған билік басындағы әулеттер келесі онжылдықта саяcи рефораларды жүзеге асыруға және ұлттық қауымдастыққа барынша жақын жүруге тырысты.

1848 жылдан кейінгі Еуропадағы мемлекеттік құрылыс. Еуропаның геосаяси картасын өзгерткен үш табысты ұлттық қозғалысқа серпін берген көтерілістерден кейін, либералды және ұлтшыл идеялар жиырма жыл бойы айтарлықтай ықпалды болды. Венгрияда мажар ұлтшылдары Австриядан тәуелсіздік алу үшін халықты үгіттеуін тоқтатқан жоқ. 1867 жылы император Франс-Иосиф (Franz-Joseph) Екіжақты Монархия аталатын билік бөлінісі тәртібіне келісті. Ол Австрия мен Венгрия мемлекеттерінің екеуінің де билігін сақтап қалды, алайда әрбір аймақтың жеке парламенті мен ішкі істері бақылауына рұқсат берді.

Италия түбегінде ғасырдың алғашқы жартысында ұлттық қозғалыс біртұтас Италия идеясы төңірегіне бірікті. 1848 жылы бұл өңір Австрия, Пьемонт-Сардиния корольдігі, Испан Бурбондар әулеті, Папа және бірнеше кішігірім ханзадалар басқаратын бытыраңқы аймақ болатын. Дегенмен бұл аймақтарда құпия тәуелсіздік ұйымдары көбейді. Пьемонт-Сардинияда ІІ Виктор Эммануил корольдің (1849–1878) премьер-министрі Камилло ди Кавур өндірісті модернизациялау, теміржол желілерін салу және әскерді ұлғайту арқылы бірігуге экономикалық негіз салу үшін аянбай еңбек етті. Ол сондай-ақ саяси ойындарға да шебер араласа білді, Австрияға қарсы күресте тағы да қолдау іздеп, Францияның ІІІ Бонапартымен келісім жасасты.

Жаңарған Италия 1859–1870 жылдар аралығында тез арада қалыптасты. Франция әскерінің көмегімен Пьемонт солтүстік түбектің басым бөлігінен Австрия күштерін қуып шықты және оны Италия ұлттық жалауының астына біріктірді. Бразилия мен Уругвайдағы демократия үшін күрескен нағыз революционер Джузеппе Гарибальди Оңтүстіктегі Италия бірлестігіне Сицилияны қосу үшін жеке және аса сәтті экспедиция жасады. 1861 жылы жаңа жасақталған парламент Виктор Эммануилды Италияның билеушісі деп жариялады. Одан кейінгі тоғыз жыл бойы Венециядан Австрияға дейінгі және Ватиканнан өзге барлық Папа иелігіндегі аймақтарын жаңа мемлекет басып алды. Осылайша тәуелсіз конституциялық монархия ретінде Италия Еуропадағы итальян тілінде сөйлейтіндерді біріктірді.

Германия біріккен соң Пруссия королі І Вильгельм кайзер болып жарияланды. 1871 жыл. Антон вон Вернер, майлы бояу, 1885 жыл. «Германия империясын жариялау». Ақсүйектермен бірге кайзер Вильгельм бейнеленген, оның сол жағында тақ мұрагері Фридрих тұр. Ақ киім киген Отто фон Бисмарк корольдің алдында тұр. Король отбасы бұл суретті Бисмарктің 70 жылдығына арнап, тапсырыспен салғызған.

Қазіргі секілді, Германияда ғасыр ортасында жеке-жеке бөлініп кеткен конфедерация жерлерін қайта жинады. Пруссия корольдігінің премьері І Вильгельмнің қол астындағы Отто фон Бисмарк (1815–1898 жылдар) либералды ұстанымдардан гөрі аристократиялық артықшылықтарға көбірек көңіл бөлді. Бірақ ол Пруссия аумағын кеңейту мен экономикалық билікке тынбай қызмет етті, жедел индустрияландыру мен әскери жеңістер тұтастықты арттырудың әлеуетті жолы деп білді.

Саяси және әскери қадамдар 1864 жылы басталды. Бисмарк Австрия, Франция және Данияға кезек-кезегімен соғыс ашты, қысқа науқаннан кейін олардың барлығын жеңіп, немістілді аумақтарды Пруссияға қосты. Франция–Пруссия соғысындағы (1870–1871) жеңіс император ІІІ Наполеонды тақтан тайдырды, Франция Эльзас пен Лотарингия провинцияларынан айырылып қалды және Үшінші Республика мен Германия ұзақ уақыт бойы бір- бірімен жауыға берді. Францияның жаңа парламенттік үкіметі 1871 жылы құрылды. Бұл елдегі даңқты жеңістің нәтижесінде түрлі этникалық шағын топтарымен бірге, Австриядан басқа барлық немістілді жерлер Пруссияға қосылды да, дәл сол жылы унитарлық монархия құрды. Алайда жаңа Германия демократиялық емес еді. «Күн тәртібіндегі басты мәселе, – деп мәлімдеді Бисмарк, – сөзбен немесе дауыс басымдығымен шешілмейтін болады. Ол қан жұққан және қаталдық былғаған 1848–1849 жылдардың қателігі болатын». Билік император мен оның басты министрлерінің қолына шоғырланған күйі қала берді, алайда Бисмарк парламент (Рейхстаг) құрамына меншік иеленуші таптың ер адамдары сайлану құқығын алуына келісіп, либералдарды тыныштандырды.

Мұсылман елдеріндегі модернизация

ХV не ХVІ ғасырдан бастап бірқатар мұсылман монархиялары Қытай, Ресей және Батыс Еуропа мемлекеттері секілді, қару-жарақ технологиясы мен халықты басқарудың, салық салудың анағұрлым тиімді әдістерін енгізе отырып, орталық билікті нығайту және кеңейту жоспарын іске асырумен айналысты. Жаһандық коммерциялық қарым-қатынас күрделене түскендіктен Еуропа мемлекеттері әскери және экономикалық мүмкіндіктерді жоспарлап, мұсылман мемлекеттерімен жаңа саясат ұстанды, тарихи тұрғыдан ол «қорғаныс модернизациясы» деп аталды. Бұл әскери, техникалық және әкімшілік реформалар Еуропаның дипломатиялық және коммерциялық қысымының бетін қайтаруға немесе кез келген шетел басқыншылығын тойтаруға бағытталды.

1800 жылдардың басында либералды және ұлтшылдық идеялар үлкен мұсылман қалаларына да келе бастады, ол сарбаздарды, шенділерді, халықаралық саудагерлерді, әсіресе Еуропа тілдерін білетін адамдардың шағын тобын қамтыды. Мұсылман билеушілері Еуропа технология жағынан өздерін басып озғанын жақсы білетін. Оңтүстік-Шығыс Еуропада Австрия армиясы Осман күшін ойсырата жеңді; Ұлыбритания Оңтүстік Азияны жаулап ала бастады; Наполеон 1798 жылы Мысырға басып кірді; Грекия Британияның көмегімен 1830 жылы түрік билігінен азаттық алды. Қала зиялылары мен білімді әскерилер материалдық билік пен жаңа идеялар және конституция, заң шығарушы орган, азамат құқықтары секілді институттардың арасында белгілі бір байланыс барын болжады. Мұсылман билеушілері реформа жүргізу барысында маңызды зайырлы өзгерістерге басымдық берді, модернизация мәдени жолдармен және беделді тұлғалардың қолдауымен еш кедергісіз жүрді. Мұсылман мемлекеттерінің саяси айласы – шетел жаңалықтарын елеп-екшеп, мемлекеттің тұрақтылығына тікелей әсер ететін түрлі билік құрылымдары – діни басшылар, жер иеленуші алпауыттар өз саясатын ауыл тайпаларымен сыпайы қарым-қатынасты бұзбастан жүзеге асырды.

Осман империясындағы реформалар. Мұсылман мемлекеттерімен бірге Осман империясы да аса ауқымды модернизация тәжірибелерін бастады: әскери, әкімшілік, білім беру және саяси реформаларды қолға алды. Танзимат немесе «Қайта ұйымдастыру» деген атпен белгілі реформаларды сұлтан ІІ Махмұт (1808–1839 жылдары билік құрды) бастап, оны бірнеше мұрагері жалғастырды. Әскери салада үкімет Франция және Пруссия кеңесшілерін жалдап, француз әскерінің оқулықтарын түрік тіліне аударды, Еуропадан қару-жарақ сатып алды. 1826 жылы Махмұт жартылай тәуелсіз әскери күшті қолдап отырған, консервативті бағыттағы жауынгерлер тобы – янычарлар корпусын жою үшін болып жатқан қантөгіс бүлікті басу сылтауымен мұздай қаруланған, жақсы жаттыққан әскерін жібереді (17-тарауды қараңыз). Білім беруді модернизациялау үшін үкімет жас жігіттерді Еуропаға оқуға жіберді және болашақ әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлерге еуропалық тілдерді, әкімшілікті және ғылымды үйрету үшін жаңа мектептер ашты. Танзимат реформаторлары мемлекеттік бюрократияны француз үлгісі бойынша кезең-кезеңімен қайта құрды және Франция Азаматтық кодексін негізге алып жазған шариғат заңдары діни басшылықтың наразылығын тудырды. «Француз білгірлері» деп аталған реформашыл әскери шенділер еуропалық үлгідегі униформалар киді, ал бюрократтар олардың мантияларын Батыста саудалады.

Ерекше батыл модернизаторлар да жаңа заңдарды либерализм мен ұлтшылдық ұстанымдары негізінде жазуды ұсынды. Танзиматқа дейін империядағы ірі христиан және еврей топтары өздерінің ішкі мәселелерімен, мұсылмандар қолданбайтын құқықтық шектеулер аясында өмір сүрген еді. 1839–1869 жылдар аралығында империя жарлықтарының бір тобы діни және этникалық топтардың барлығына азаматтық теңдік берді, заңдар мен реформаларға бағындырды. Еуропа ұлтшылдары секілді, Түркия билеушілері мәдени әр алуан 30 миллион халықты Осман империясына деген отансүйгіштікке баулуға тырысты. Зайырлы Осман идеологиясына негізделген реформалардың шарықтау шегі Конституция (1876) болды да, ұлттық сайланбалы жиналыс институтын құрды және сұлтан билігіне аздаған шектеулер енгізді.

Осман Әскери медициналық мектебінің студенттері. Танзимат реформасы үшін батыс үлгісінде білім беру маңызды болды. Студенттер жаңа түрік баскиімі немесе фезімен бірге батыс үлгісіндегі әскери униформа киді. Суретте скелеттер мен өзге де сүйектер де байқалады. Мұндай топтық суреттер реформалық қозғалыстар үшін неге маңызды болды?

Өкінішке қарай, модернизаторлар үшін Танзимат кезеңі жаңа конституция пайда болғаннан кейін тез арада тоқтады. Реформаторлар шаруалармен және қала жұмысшыларымен ешбір байланыста болмады, сондықтан олар халық қолдауына ие бола алмады. Бұған қоса, Осман ортақ мәдени тұтастығын құру идеясы империя құрамындағы сербтер, бұлғарлар, румындар және өзге де бірқатар этникалық топтардың арасында жергілікті ұлтшылдық сезімін оятты. Ақырында үкімет еуропалық күштермен бірге, әділетсіз келісімшарттарға қол қоюын жалғастырып (21-тарауды қараңыз), Еуропа банктерінен үлкен көлемде қарыз алуға келісім-шарт жасасты. Бұл саяси санкциялар мемлекетті қарызға белшесінен батырды. Билік басына 1876 жылы келген ІІ Абдулхамит сұлтан еуропалық үлгідегі реформаларды ұнатпады. Ол Танзиматты тоқтатып, жаңа конституцияның күшін жойып, ескі автократиялық үлгіде 1909 жылға дейін ел басқарды.

Деректерді САРАЛАУ

Франциядағы Марокко дипломаты

Осман империясынан өзге, бірқатар мұсылман елдері анағұрлым шағын масштабта болса да, ХІХ ғасыр ортасында модернизациялау реформаларын жүргізіп көрді. Олар Иран, Мысыр, Тунис және Марокко еді. Марокко патшалығы әскери және әкімшілік модернизацияны жасауда әр қадамын санап басты, алайда ел астанасы Фес қаласында шоғырланған шенділердің біраз өкілі Еуропа істеріне шындап қызығушылық танытты.

1845 жылдың басында сұлтан Мулай Абд әл-Рахман Францияға және Луис-Филипп корольдің үкіметіне дипломатиялық елшілік жіберді. Сұлтан бұл делегацияға он бес жыл бұрын Франция отарына айналған Алжирдің Мароккомен шекарасындағы қантөгісті реттеу туралы келіссөз жүргізуді тапсырды. Ол сондай-ақ елшілерге француз қоғамы туралы мүмкіндігінше көп мәлімет жинауға және ол елдің нақты әскери мүмкіндігін түсіндіріп бере алатындай деректер алып қайтуға кеңес берді. Жас құқықтанушы әрі елішіліктегі дипломатия жетекшісінің хатшысы қызметін атқаратын Мұхаммед әл-Саффар топ құрамында Францияда жүрген уақытта жазба жазып, елге оралған соң саяхат туралы есеп береді. Бұл жазбасында әл-Саффар Францияның экономикалық өсімі, әскери күші мен діні туралы көзқарастарын келтірді.

Париж халқы, әйелдері болсын, ерлері болсын, жаппай дәулетті болуға талпынады. Олар ешқашан бос жүрмейді және ерінбейді. Бұл бағытта әйелдер де ерлермен қатар, тіпті олардан да белсенді еңбек етуі мүмкін... Көңіл көтеруге барлық жағдай жасалса да, түрлі тамаша қойылымдар қойып жатса да, олар жұмыстан басқаға алаңдамайды және әр минутын тиімді пайдаланады… Олар сондай-ақ кедей-кепшікті жақтырмайды, шын мәнінде кедей болғаннан өлім жеңілірек және мұнда кедей адам жиіркенішті әрі жексұрын болып саналады...

Олардың сұлтаны (королі) айрықша құрмет танытып, бізді әскер жасағын көруге шақырды... Сарбаздар асынған семсердің жүзі күнге шағылысып, ат әбзелдері жалт-жұлт етеді, мұздай құрсанған әскердің сауыт-сайманы жарқ-жұрқ етіп, көзіміз қарықты...

Олар сап түзеп өтіп жатқанда сән-салтанаты артқан қолды көрдік. Олардың шексіз күші мен басымдығы, дайындығы мен жақсы жаттығуы, мүлтіксіз әскери іс-қимылы жүрегімізге шоқ түсірді. Олардың әскери күшінің шашырауы мен халқының жағдайының бұзылуы, сенімі қандай деңгейде, дайындық жағдайы қаншалықты әсерлі, мемлекет істерінде қаншалықты білікті, өз заңдарына қаншалықты берік, соғыс жүргізуге және өз жауларын жеңудегі табысы қаншалықты шебер – осының бәрі олардың қайсарлығы, батылдығы немесе діни сенімінің себебінен емес, керемет ұйымдастырудан, іс басқарудағы айрықша шеберлігі мен заңдарын қатаң ұстануынан...

Экста (Экс-ан-Прованс) қала саябағының бір бұрышында тұрған алып кресті көрдік. Оның жоғары жағында ағашқа керілген ер адамның жалаңаш сұлбасы бар, тек бір жапырақ шүберек қана әуретін жауып тұр. Ол кім дейсіз ғой?! Олардың айтуынша, бұл – Иса, яғни оның ағашқа керілген сәтін бейнелейтін мүсін... Құдай сақтасын, Иса күнәһарлардың сөзінен биік тұр ғой! Көзіміз көрген дәлелдер олардың құдайсыздығы, сенімдерінің жалған екені, пайымдауларының жаңсақтығы туралы пікірімізді растап берді. Бізді ақиқат дінге бастаған Аллаға сансыз шүкір!

Дереккөз: Susan Gіlson Mіller, ауд. және редак.., Dіsorіentіng Encounters: Travels of a Moroccan Scholar іn France іn 1845–46: The Voyage of Muhammad as-Saffar (Беркли: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1992), 108, 110, 153, 190, 193–194.

Сыни пайым

Франция қоғамы мен мәдениетінің қай тұстары әл-Саффарға ерекше әсер етті, қайсысы әсер етпеді? Ол неге екіұдай көзқараста болды деп ойлайсыз? Әл-Саффардың Франция туралы талдауынан кейін, 1840 жылдардағы Марокко қоғамы туралы қандай қорытынды жасай аласыз?

Исламдық Алжир тағдыры. Француз қарулы күштері бүгінгі Алжир Республикасының аумағымен 1830 жылы Алжир айлағы арқылы Жерорта теңізін жүзіп өткенде, мұсылмандар Еуропа әскери билігінің орнағанына куә болды. Осыған дейін, ресми түрде, Осман сұлтандығына бағынған Жерорта теңізінің Алжир жағалауларындағы қалалар мен қалашықтарды Түркияның әскери элитасы басқарды. Өзін-өзі басқаратын, араб және бербер тілінде сөйлейтін тайпалар дала мен таулардың ішкі аймақтарында аса ықпалды болды. Француз королі Х Карл саяси мансап жолында, яғни Алжирді басып алу үшін айқын стратегиялық мақсаттан гөрі, аштыққа байланысты туған болмашы дипломатиялық жанжалды пайдаланды. Ал ішкі қарсылық бұрқ ете қалғанда, олар өздері жоспарлаған үлкен аумақ үшін күресті. Француздар түрік режимін бірден жойды, алайда Абд әл-Қадирға ілескен жергілікті халық француз күштерімен он бес жыл бойы күресті. Ислам дінінде араб атты әскеріне үлкен құрмет көрсетілетіндіктен, Абд әл-Қадир француз билігінен тыс аумақтарда орталықтанған Алжир мемлекетін құрды. Ол да өз күресін сол заманғы қару-жарақтарды сатып алу арқылы модернизациялады және Еуропа газет тілшілеріне өз әрекетін түсіндіріп берді. 1840 жылы Франция еуропалық қоныстанушыларға Алжирдегі Жерорта теңізінің ішкі өлкелерін қауіпсіз ету үшін жерді өртеу науқанын бастап кетті. 1847 жылы Абд әл-Қадирді тұтқындап, жер аударды. Алайда халық көтерілісі тағы ширек ғасыр бойы жалғасты.

Латын Америкасындағы либерализм

Либерализм идеясы 1820 жылы Испаниядан тәуелсіздік алған Латын Америкасы мемлекеттеріндегі көзі ашық қала тұрғындары арасында кең таралды. Он алты мемлекет конституциялық республика болуы үшін азамат соғысын бастады. Португалдар кеткеннен кейін, Бразилия ғана монархия билігін сақтады. Жер иеленушілер, мамандар және мемлекеттік қызметкерлер тұтас елді үздіксіз реформа жүргізуге мәжбүрлеу үшін халықтың егемендігін қалыптастыратын либералды шектеулердің еуропалық және солтүстікамерикалық үлгілерін қалады. Либералдар испан және португал отарлық империяларына тән авторитаризм мен коммерциялық шектеулердің сақталғанын қаламады, олар римдік-католиктік шіркеуінің әлеуметтік өмір мен білім беру ісіндегі билігін әлсіреткісі келді.

Алғашқы бірнеше онжылдық бойы, тәуелсіздіктен кейін либералды үміттер тез сөнді. Белсенді саяси топтар азайды және либералдардың консерваторлармен дауласудан қолы босамады. Әр топ өздерінің саяси-экономикалық жоспарларын насихаттады. Еуропаның католик мемлекеттеріндегі әріптестері секілді, консерваторлар қарапайым адамдар мен жер иеленуші ақсүйектер арасындағы әлеуметтік айырмашылықты қысқартуды жақтады және олар шіркеу – дәстүрді жақтаушы деп білді. Либералдар жаңа технологиялар, жеке меншік құқығы және еркін сауданы біріктіре отырып, материалдық байлықты арттыру арқылы өз мемлекеттерін Еуропамен бірдей болуға итермелейміз деп мәлімдеді. Алайда Латын Америкасындағы елдер 1850 жылдың соңына дейін экономикалық тоқырауда болды. Тәуелсіздік үшін соғыстар экономикалық инфрақұрылымдарды қиратты және білімді қала тұрғындары, олардың арасында жалпыхалықтық теңдікті жария еткен либералдар да бар, үндістер, метистер, шалғайдағы ауылдарды мекендейтін қара жұмысшыларға қатысты мәдени жаңсақ пікірлерінде қалды.

Диктаторлар үстемдігі. Тәуелсіздік алғаннан кейін үкіметтер шағын экономикалық өзгерістер жасап, кейде шағын аймақтарда, кейде тұтас мемлекетте билікті әскери офицерлердің қолына шоғырландырды. Латын Америкасындағы 1830–1860 жылдар – каудильо47 (kahw-DEE-yohs) кезеңі деп аталды. Ол өзінің үндіс және метис атты әскері бар саяси қайраткер, қоғамды ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстайтын көсем. Кейбір мемлекеттерде үздіксіз жүрген саяси-экономикалық дағдарыс кезінде бұл дала командирлері билік пен жер үшін аяусыз соғысты. Халық билігі үшін күрескендер республикалық институттар мен символдарды сақтап қалды, алайда дауыс беру жәшіктері үнемі толып қала берді де, ассамблеяның өкілдігі жұмысын тоқтатты.

Халық батыры атанған екі каудильоның есімі тарихта қалды. Олар – Хуан Мануэль де Росас (Juan Manuel de Rosas) және Антонио Лопес де Санта-Анна (Antonіo López de Santa Anna). Росас 1829–1852 жылдары Аргентинада билік құрды. Оны каудильоның идеалы ретінде бейнеледі, ол ковбойлармен бірге ат үстінде жүретін. Өзін кедейлердің қорғаушысы деп жариялады және шіркеу алтарінде оның жеке портреті тұратын. Сонымен бірге ол жер алпауыттарының да байлығын қорғады. Ақырында оны қудаланған либералдар мен бәсекелес каудильолар құрған дұшпан одағы құлатты.

Мексикада Санта-Анна 1833–1855 жылдар аралығында республиканың тоғыз рет каудильо-президенті болды. Росас секілді ол да экономика тоқырап тұрса да, орасан зор алқаптарды пайдаланбай ұстап отырған дәулетті қамқоршыларының қолдауына ие болды. Ғасыр ортасындағы бір либералдың жазуынша, «Мұндағы мексикалық жер иеленушілер («иелену» сөзін таза қиялдағы затқа қолдансақ) бір немесе одан да көп Еуропа елімен сәйкес келетін аса үлкен алқапты меншіктеп алған, иесіз жерде 4–5 миллион мексикалық өмір сүреді, олардың ауыл шаруашылығынан өзге, тамақ тауып жейтін кәсібі жоқ, алайда оларға жерді пайдалануға тыйым салды»5. Ол уақытта коммуникация құралдары әлі де қарабайыр еді. Мексикада тропиктік ормандардан бастап Солтүстік Калифорнияға дейін мемлекет басқару ісін бірте-бірте орталықтандыру мүлде мүмкін емес болды. Солтүстігінде Құрама Штаттардан келген қоныстанушылар Техасқа өтіп кетті және 1836 жылы Мексика тәуелсіздігін жариялады. Олар құлиеленушілікті қайта заңдастырды. Юкатан түбегінде, ХІХ ғасырдың екінші жартысында майя шаруаларының көтерілісі едәуір пісіп-жетілді.

Мексика атты әскері АҚШ артиллериялық позицияларын басып алды. Хулио Мишо мен Томастың редакциясымен басылған альбомнан алған литографияда 1847 жылғы Чиуауа маңындағы Сакроменто өзені бойындағы шайқас суреттелген. Мексиканың үш жауынгеріне бір америкалықтан келетін еді, алайда Құрама Штаттардың артиллериялық күші оларды «сапында үлкен абыржу тудырып» шегінуге мәжбүрледі. Литографияда Мексика-Америка соғысындағы Мексиканың ұлттық болашағын қалай көрсеткен?

Санта-Анна дәуірі 1846–1848 жылдары Құрама Штаттармен соғыстың қайғылы зардабынан кейін аяқталды, нәтижесінде Мексика өз аумағының жартысынан айырылды. Құрама Штаттар өндірісі дамыды және қоныстанушылар нөпірі бүкіл Миссисипиге жайылды; президент Джеймс Полк Тынық мұхитқа дейінгі жолды толығымен басып алуды мақсат етті. Мексика үкіметінде балама экономикалық ресурстар болмады және ұзаққа созылған саяси фракцияшылдықтан зардап шекті. Құрама Штаттардың күштері Мехико қаласын бірден басып алды, бірақ Рио-Гранденің оңтүстігін жаулауға тырыспады. Федералдық үкімет миллиондаған мексика фермерлерін басқарғаннан гөрі, америкалық және еуропалық мигранттарды батыстағы үндіс жерлеріне қоныстандыруға мүдделі болды.

Либералды қайта өрлеу. 1850 жылдан кейін либералдар элитасы Мексика, Аргентина, Колумбия, Чили және Латын Америкасындағы басқа да елдерінде президент қайта билік жүргізе бастады. Жаңа конституциясын жазған елдер шіркеу билігін шектеп, ауылшаруашылық өнімдері мен пайдалы қазбалар экспортының салығын қысқартты. Біршама елдерде метистер мен үндістер қоғамдық өмірге біршама еркін араласа бастады. Либералды режимдегі мемлекеттер 1854 жылға қарай құлиеленушіліктен бас тартты, дегенмен ешбір жерде әйелдердің азаматтық белсенділігі үшін құқық берілмеді. Мексикада екі мәрте президент болған Бенито Хуарес бастаған либералды реформаторлар мен үндістер 1860 жылдың соңына қарай экономикалық даму үшін тұрақтылық пен дамуға қол жеткізді.

Латын Америкасы мемлекеттеріне ұлтшылдық баяу жетті. Тәуелсіздіктен кейінгі онжылдықтарда Мексика, Венесуэла, Чили және өзге кез келген жаңа республикада жекелеген ұлттық қауым ретінде қоғамдық тұтастық іс жүзінде болған жоқ. Газеттердегі және үлкен қала кофеханаларындағы әңгімелер ұлттық сананың кең құлаш жаюы мен саяси-экономикалық жаңалықтардың қатар тарауына ықпал етті. Ондай көңіл-күй ауылдық жерлерге асықпай жетті, алайда ХІХ ғасыр соңында отанға деген махаббаттың өнер саласындағы көрінісі әдеби қарқынмен бірге өсті және әдебиеттің өрістеуі Латын Америкасы елдерінің барлығында болашақ қоғамды елестетуге негізделді.

Дін және реформа

ОЙЛАН: Дәстүрлі діндер мен жаңа діни қозғалыстар ХІХ ғасырдағы жедел экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге қатысты халық көңіліндегі алаңды қалай басты?

Либерализм мен ұлтшылдық зайырлы идеологиялар дегенімізбен, олар ешбір дінге қарсы болған жоқ. Дамып келе жатқан ұлттық қозғалыстар, әсіресе, ХІХ ғасыр соңында ұлттық қауымдастықтарды, негізінен, діни мәдениетіне қарап анықтайтын еді. Мысалы, поляк ұлтшылдығы римдік-католиктік шіркеуімен, серб ұлтшылдығы Серб православ шіркеуімен бірікті. Зайырлы либералдар консервативті шіркеу иерархиясын сын тезіне алғанымен, діни сенімді қатты сынаған жоқ. Либералдар қысымының арқасында монархтар ресми мемлекеттік діндермен бірлесе отырып, анағұрлым ауқымды діни еркіндікті әрең мойындады. Еуропаның солтүстігіндегі протестанттық конституциялық монархия Рим католиктерін кемсіту заңдарынан бірте-бірте бас тартты.

Жүз миллиондаған фермер мен қала жұмысшысы, білімді адамдар секілді, дін де дүниежүзінде пайда болуы мүмкін бағыттарға алаңдап, ауыл-аймақтағы кедейлікті, жұмыссыздықты және баға мен салық көлемінің ауытқуын еңсеру үшін адамгершілік ұстанымдарды насихаттады. Зайырлы білім беру дүниежүзіндегі тың ойларға және жер бетін жақсарта түсудің жолдары туралы бастамаларға идеологиялық негіз салып берді.

Каудильо – Латын Америкасы тәуелсіздік алған уақыттан кейінгі кезеңдегі автократиялық саяси басшылар немесе диктаторлар.

Жаһандық үрдістер және діннің өзгерісі

Екі бірдей кең ауқымды оқиға дүниежүзіндегі діндерді қауіп-қатермен және мүмкіндіктермен қатар көрсете алды. Оның алғашқысы – діни көшбасшылар саяси билігін дүниежүзінің бірқатар аймақтарында жоғалтқандарына көз жеткізді. Оған себеп – Еуропа және Америкада шіркеулердің тәуелсіз органдары жойылды. Олар діни ұйымдарды «таратып жіберді», өйткені Құрама Штаттардағы Адам құқықтары хартиясы Конгреске «діни құрылымдарды қолдауға» қатысты заңдар шығаруға тыйым салды. Дін қызметкерлері (клерктер) де ықпалын жоғалтты, себебі кейбір мемлекеттер, мысалы, Танзимат кезеңіндегі Осман империясы мемлекеттік шенділерге діни мәселелерді қатаң басқаруды тапсырды және шағын топтардың діни сенім бостандығын қорғады.

Діни идеялардың тез арада және кең ауқымда таралуына ықпал еткен екінші құбылыс – механикалық баспа өндірісін, бу двигателімен қозғалатын көліктермен саяхаттау мүмкіндігін туғызған революция. ХІХ ғасырда қасиетті жерлерге зиярат етушілер саны бұрын-соңды болмаған шамада арта түсті, Католиктер – Римге, мұсылмандар – Меккеге, үнділер – Ганг өзенінің жағасына сапар шекті, олар бұл мекендерде ортақ сенімді ұстанатын қауыммен бірге эмоциялық және интеллектуалды тұрғыдан бірікті. Жаңа көлік түрлері миссионерлерді бұрын аяғы жетпеген елдерге апарды. Баспа станоктары Інжіл, Құран, Будда кітаптарын және жаңа секталар мен реформалық қозғалыстардың әдебиетін көптеп басып шығарды.

Бұл екі үрдіс діни өмірдегі маңызды өзгерістерге бет бұруға ықпал етті. Ірі дәстүрлер, атап айтқанда буддизм, христиандық, ислам және индуизм өкілдері «әлемдік дінді» ұстанатындарын өте жақсы түсіне бастады. Дінбасылары қасиетті сөздердің сенімді нұсқасын таратып, күнәдан арылу доктринасын бірізді ету үшін еңбектенді. 1864 жылы римдік-католиктік Папа ІХ Пий «Уақытымыздың ең басты қателіктерінің бағдарламасын» басып шығарды, онда мемлекет аясындағы мәселелерге шіркеудің ұстанымы қандай болатынын мәлімдеп, түсіндірді. Мысалы, «Неке жайлы шіркеудің көзқарасы қандай?» деген сұраққа жауап бар. Ислам елдерінде Османдар және билеушілер университетте оқытылатын оқу бағдарламасын ретке келтірді, соттардың діни құқығын бақылауды күшейтті. Үндістанда зияткер және рухани көшбасшылар, ежелгі заманнан бері діни дәстүрлер идеялар мен дұғаларды қосып алғанын түсіне отырып, индуизмді сенім ретінде енгізіп, оны үйлесімділікпен тарату үшін біріге жұмыс істеді. Индуизм идеясы ХІХ ғасырда ортақ салт-дәстүр ретінде миллиондаған үндінің санасына сіңіп кетті.

Христиандық евангелизм

Евангелизмнің48 жаңа рухы – католик және протестант қоғамдарында да бар. Грек тілінен алынған евангелизм термині христиан сенімін тарату дегенді білдіреді. Рим католиктеріне қарағанда, протестанттар дәстүрлі түрде Исаға жалбарынуға басқаларды тарту жағынан салқынқанды болды. Алайда ХІХ ғасырда ол ой өзгерді, өйткені протестанттар қасиетті сөздерді тарату мен қаладағы кедейлерді тез арада құдайға жалбарынуға шақыру кезінде баспаның алапат күшін бірден мойындады. Шіркеу ұйымдары құлдықтан бас тарту, ішімдікке тәуелділік, білім беру, кедейлерге көмектесу секілді жаңа әлеуметтік мәселелердің себебін іздеп, оларды шешуге белсенді атсалысты. Мысалы, христиан социалистері секілді саяси топтар, әлеуметтік қолдау мен әділет Інжілде негізгі орында деген пікірде болды. 1865 жылы ағылшын уағызшысы Уильям Бут «Құтқару әскері» ұйымын құрды. Ол Лондон жұмысшы табы арасындағы әскери шенділері бар және арнайы әскери киімдер киген, Иса үшін соғысатын жаңа діни ағым болды.

Осы ғасыр ортасында протестант мигранттары Солтүстік Еуропадан Австралия, Жаңа Зеландия, Канадаға өтіп, өсіп келе жатқан Жаңа Еуропаларда, әсіресе протестанттық өлкелерде (алайда француз тілді Канадада негізінен католиктер тұратын) таратуға ұмтылды. 1870 жылға қарай Құрама Штаттар дүниежүзіндегі ең үлкен протестант мемлекеті болды. Саяхатшы пасторлар бүкіл мемлекет аумағында евангелизмнің жиындарын өткізді және «құтқарумен» айналысты. Америкалықтар жаңа сенімді насихаттай түсті. Батысқа ағылған протестант мигранттар саны есебінен Исаның Соңғы күн әулиелері шіркеуі (мормонизм) толыға түсті де, Юта қоныстанушыларының арасында аса ықпалды база құрды. Массачусетсте Мэри Бэйкер Эдди (1821–1910) христиан ғылыми шіркеуінің негізін салды, ол рационалды-рухани заңдарға бағына отырып, «меніңе» берілу арқылы күнәдан арылуды және емделуді үйретті. Азияда, Африкада және Мұхит аралдарында протестант миссионер ұйымдары шетелдерде өз дінін уағыздап жүрген католик дін қызметкерлерімен және тақуа әйелдермен бәсекеге түсті. Католик миссионерлері де француз туының астына жиналды. Христиандық миссия қайда жүрсе де көпшілігі әйелдерден тұратын мұғалімдер мен медицина мамандарын бірге ала жүрді.

Катрин Бут – «Құтқару әскерінің» анасы. Қаланың кедей халқын құтқару үшін күйеуі Уильяммен бірге әсерлі үндеу жасады. Ол сондай-ақ христиан шіркеуі әйелдердің сөйлеу құқын шектегенде, әйелдердің белсенділігін жақтап шешен сөйледі. Евангелизмнің жұмысы қылмыскер, нашақор және қоғамнан шеттетілген өзге де адамдармен байланысты болса да, британ христиандарының орта табының арасында мәртебеге не себепті ие болды деп ойлайсыз?

Евангелизм – үгіт жолымен, жеке ыждаһатымен және миссионерлік қызметпен христиан дінін тарату тәжірибесі.

Еврей реформасы

Шашыраңқы болса да, дүниежүзінде еврей қауымдарының жаңа қозғалыстары діни тәжірибені жаңа заманның идеалдары мен ұлттық азаматтыққа бейімдеу үшін пайда болды. Еврей ағартушылығы деп аталатын реформалық қозғалыстың жетекшісі Моисей Мендельсон (1729–1786) еврей Библиясын (Ескі Өсиет) неміс тіліне аударып, еврейлерді өздері тұратын мемлекеттердегі әлеуметтік және мәдени өмірге ену үшін біріге қадам жасауға шақырды. ХІХ ғасыр басында зиялы неміс еврейлері діни жазбалармен қатар, жаңа пәндерді оқытатын мектептер ашты. Мендельсон және өзгелер «яхудилік көне замандарда жойылып кеткен еврей патшалықтарына тиесілі заңдарды ұстанып қалмай, заманмен бірге өзгеріп отыруы керек» деген пікірде болды.

Либералды көзқарастардың қозғау салуымен, барлығы болмаса да, Еуропа үкіметтерінің көбі еврейлердің азаматтық және мәдени заңдарына қатысты шектеулерді бірте-бірте алып тастады. Әсіресе Германия, Австрия, Британия және Құрама Штаттардағы ел өмірімен байланыс орнатуда еврейлер зор табысқа жетіп, артты да, реформаторлық яхудилік деген атпен белгілі болды. Мұны ұстанушылар рәсімдерді жеңілдетіп, құлшылықта жынысқа байланысты шектеулерді тоқтатты да, уағызды жергілікті тілдерде жүргізді.

Ислам әлеміндегі діни реформалар мен революция

Христиандар мен еврейлер секілді, мұсылмандар дүниежүзіндегі жылдам өзгерістерге түрлі жолдармен жауап қатты. Қалалық зиялы мешіттерде мұсылмандар ислам ұстанымдары мен дәстүрлерін жаңа ғылым мен либералды идеологияға қосу жолдарын сөз етті. Иранда дүниеге келген жазушы, қайраткер Жамаладдин әл-Ауғани (1839–1897) 1870 жылдың басында жас мұсылмандар арасында «Мұсылмандар Еуропаның материалдық билігіне қарсы шығуға тиіс» деп үгіт жүргізді. Бұл әлемдік жамағатты немесе «сенушілер қауымы мүшелерін» біріктірді. Әл-Ауғани – жаңа саяси идеологиямен сәйкес келетін панислам идеясының негізін салушы алғашқы мұсылман ойшылы.

Уаххабизм қозғалысы. Араб түбегінде еуропалықтар мұсылмандардың сеніміне және материализм түсінігіне шүбә келтіретін нақты ештеңе жасамаса да, Мұхаммед ибн Абдул Уаххаб (1703–1792) оған қатты алаңдады. Ол мұсылмандарды Құранға және күнделікті өмір мен құқықтың негізі саналатын Мұхаммед пайғамбар сүннетін орындауға арнауын ескертіп, рухани міндеттерді жаңғыртуды уағыздады. Ол ислам мәдениетіне еніп кеткен жергілікті халықтар арасындағы наным-сенімдерді, дәл сол сияқты тірі немесе қайтыс болған әулие-әнбиелерге құрмет көрсететін сопылардың мистикалық тәжірибелерін қатаң сынға алды. Уаххабизм деген атпен белгілі болған оның ілімі Жалғыз Құдайдың алдында ғана бас июді талап етеді. Ол сондай-ақ Құран талаптарына сай, мұсылмандар әйелдерді және олардың құқықтарын құрметтеуге тиіс деп есептеді. Алайда кейін уахаббизм көсемдері дәл осы мәселеде оның сөзін елемеді.

Ибн Абдул Уаххаб 1808 жылы Мекке мен Арабияның көп бөлігін жаулап алған араб әскери көсемі Мұхаммед ибн Саудпен одақтасты. Бұл одақтастық Осман империясының аймақта жүргізген билігіне шектеу қойып, оның орнына уаххабизм іліміне сүйенген жаңа мемлекет пайда болды. Патшалық Мысыр армиясының түбектегі шағын князьдікке шабуылына дейін (дәл сол уақытта деп алсақ та болады), бірнеше жыл ғана дәуірледі. Дегенмен уаххабиттердің ерте мұсылман дәуіріндегідей сенімге және Құдайға табынуға оралуға шақырған үндеуі, әсіресе Батыс Африка, Үндістан және Индонезияның ислам реформасы қозғалыстарына ықпал етуін жалғастыра берді. Діни идеология ретінде уаххабизм қазіргі Сауд Арабиясы корольдігінде 1932 жылы қалыптасты және кейінгі бірнеше онжылдықта оның уағыздары «әл-Қаидаға» да, өзге радикалды мұсылман саяси қозғалыстарына да дем берді.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Рам Мохан Рой: үнді реформаторы

Рам Мохан Рой

Еуропадағы либерализм идеясы Оңтүстік Азияның сауда айлақтарында, британдық Ост-Инд компаниясының билігі мен субконтиненттегі жедел коммерцияланудың салдарынан туған мәселелерді ашу-ызамен талқылап жүрген мұсылман және жас үнді зияткерлерінің арасында тарады. Осы ойшылдардың ішінде Рам Мохан Рой (1772–1833) да бар еді. Ол дәстүрлі индуизм сенімі мен әдет-ғұрыптарын үздіксіз реформалаудың, модернизацияның жақтаушысы ретінде қоғамдық маңызды деңгейге көтерілді.

Рой еуропалық идеялармен егжей-тегжейлі таныса отырып, Еуропаның экономикалық және әскери қуатының өсу себептерін түсінуге тырысқан білімді үнді шағын ақсүйектер тобының өкілі еді. Олар классикалық үнді діні және философиясымен қатар, ағылшын тілін үйреніп, еуропалық білім алған болатын. Бенгал аймағындағы жоғарғы кастаның өкілі ретінде Рой бенгал, хинди, санскрит, парсы, араб тілдерінде де білім алған еді. Шексіз интеллектуалды қуаты бар жас жігіт ағылшын тілін меңгеруін жалғастырып, тіпті грек, латын, иврит тілдерін де үйренді.

Он үш жасында Рой өзге де көзі ашық адамдар секілді Ост-Инд компаниясына қызметке тұрды және Британияның қуатты фирмасында жергілікті үнді ретінде рұқсат алып, мансабы жоғарылады. 1814 жылы ол компаниядан шығып, дін, философия, саясат туралы жазып, Калькуттадағы өзге үнді зиялыларына қосылды. Оның білімі ғасырлар бойы қалыптастып қалған жалған сенім, зиянды рәсім, залалды ырым туралы нағыз индуизмді ұстанушылар жасырып келген жайтты ашық талқылауға мүмкіндік берді. Оның пікірінше, ежелгі үнділердің таза ілімінде Құдай жалғыз екені; дін – дін қызметшісінің жеке құзырында емес екені; ақыл-парасатқа негізделгені насихатталады. Касталық иерархия емес, әлеуметтік теңдік, яғни әйел мен ерлер арасындағы қарым-қатынас теңдігі құпталды. Өз отбасы әйелдерді ер адамдардың туыстарына бағынышты ету дәстүрін ұстанатынына қарамастан, ол көп әйел алуды, балаларды тым жас кезінде үйлендіруді және еркектердің әйелдерді жұмыс күші ретінде пайдалануын сынға алды. Ол сондай-ақ жоғары кастаға жататын әйелдердің адалдығын дәлелдеу үшін қайтыс болған күйеуімен бірге жерлеу отына өртену дәстүрін – сатиді сынады. Үндінің бұл рәсімдерін көрген ағылшын либералдары да Ройды қолдады, алайда сати – көпшілік арасында кең қолданылғанына куә болғандар жоқтың қасы еді.

Рой жөнсіз салт-дәстүрден тазарған үнді руханияты жаңа заманға тез бейімделеді және оған берері де мол деп сенді. Моральды жақтаушы реформатор ретінде ол діни сенімді Азия қалаларының ақсүйектеріне жаңадан ықпал етіп жатқан зайырлы либерализмнің жаңа доктринасымен үйлестіруге ұмтылды. Санскрит ілімін жақсы көретіні секілді, ол «талантты әрі білімді джентельмен Үнді халқын математика, табиғи философия, химия, анатомия және өзге де пайдалы ғылымдарға баулитын»6 жаңа заманның білім жүйесін де жақтады.

Рой Француз революциясынан жақсы хабардар еді, Ирландиядағы секілді халық көтерілістеріне тілектестік білдірді және Оңтүстік Азия елдерінің өз мәселелерін өзі шешетін күнге жеткенін армандады. Оның заманында ұтшылдық идеологиясы әлі де қалыптасу кезеңінде еді. Ол және оның белсенді ізбасарлары бұл идеяны бенгал, пенджаб, сикх секілді өзге этникалық және діни топтар орналасқан жерлерде ғана емес, тұрғындары әділет пен теңдік құқықтарына лайық Үндістан секілді мәдени қауымдары бар жекелеген елдерде, Оңтүстік Азияда алғашқы болып білдіре бастады. Осы идеямен Ройдың ізбасарлары ол қайтыс болғаннан кейінгі онжылдықтарда Үнді ұлттық қозғалысын құрды. Рам Мохан Рой 1833 жылы Англияға сапарында менингиттен қайтыс болды.

Сыни пайым

Рам Мохан Ройдың Оңтүстік Азия қоғамын өзгертуге арналған жоспарында Британия және оның Ост-Инд компаниясының тез арада аймақтың саяси тәуелсіздікті қалпына келтіруі туралы талап неге болмады деп ойлайсыз?

Батыс Африкадағы діни революция. Реформалар дүмпуі Батыс Африкадағы халық көтерілістерін көбейтіп жіберді. Ислам бірнеше ғасыр бойы Судан аумағында Сахара шөлінің оңтүстігіндегі саванналарда, негізінен қалалық саудагерлердің, ғалымдар мен билік басындағы отбасылардың арасында ғана тараған еді. ХVІІІ ғасырда ислам реформашылары бүгінгі Сенегал, Гамбия және Гвинея орналасқан аумақта ислам ұстанымына сай әділетті басқару қағидасын бұзып отырған билеушілерді және жер иеленуші ақсүйектерді биліктен тайдырды. Бұл оқиғалардың бел ортасында мал шаруашылығымен айналысатын, исламның бар қағидаларын бұлжытпай сақтаған фула (немесе фулани) халқы жүрді.

Сокото Халифатының әскері. 1857 жылғы америкалық гравюрада Сокотоның атты жауынгері мен жаяу әскері құлдарды тонағанын бейнелеген. Автор Сокото империясының гүлденуіне ықпал еткен ислам діни реформасына емес, құлиеленушілікке не үшін ден қойды деп ойлайсыз?

ХІХ ғасыр басында Осман дан Фодио (1754–1817) Фула қалашығында Батыс Африкадағы діни және саяси картаны өзгерткен көтеріліс бастады. Айта кетерлігі, бұл көтерілісті мұсылман ойшылдары құрметпен еске алады. Көтеріліс бүгінгі Нигерия мен Нигер аумағындағы гүлденген үлкен қала-мемлекеттердің басшыларын биліктен тайдыруды мақсат тұтты. Кано қамалы ең ірісі болып есептелген бұл қалалардағы билеушілер хауса тілінде сөйледі, өздерін мұсылманбыз деп жариялағанымен, іс жүзінде діни міндеттер мен заңдарға көңіл бөлмеді. Тиран билеушілерді тақтан тайдыру үшін дан Фодио ислам фуласы және мұсылман немесе хауса деп атаған шаруалардың басын (олар халықтың басым бөлігін құрады) біріктірді. Фодио аталған билеушілерді «өзге мұсылмандарды қанады және қылмыс жасады» деп айыптады. Абдул Уаххаб секілді, дан Фодио да мұсылман қауымын жергілікті халықтық сенімдерден тазартуды мақсат етті. Алайда уахаббизмнен ерекшелігі – сопылық бағытты қабылдап, оған қоса, үлкен мистикалық қауымдастық – Қадирия арқылы сол қозғалысты насихаттады. Революцияны басқаруға көмектескен отбасы мүшелерімен бірге, дан Фодионың қызы Нана Әсма мұсылман әйелдерге балаларын мызғымас мұсылман бағытында тәрбиелеуге шақырды, эссеист және ақын ретінде тарихта аты қалды және осы көтерілісте ол шешуші рөлдердің бірін атқарды.

1803–1808 жылдар аралығында дан Фодионың атты садақшылары мен найзашылардан құралған әскери күші бірнеше хауса әулеттерін биліктен тайдырды. Олар қала-мемлекеттерді қосып, діни және саяси билікті біріктіретін халифат құрды. Мұхаммед Беллодан бастап, оның ұлы мен мұрагері басқарған Сокото халифаты Африкадағы ірі империяға айналғанша, шығыс, батыс және оңтүстіктегі аймақтарды жаулауын жалғастыра берді. Дан Фодионың мұрагерлері оның реформаторлық бастамаларын әрі қарай қолдай алмады. Аз уақыт ішінде олар да хауса ханзадалары секілді байлыққа құнығып, құл сатып, салық ауыртпалықтарын енгізді. Алайда дан Фодионың әрекеті Батыс Африканың өзге аймақтарындағы мұсылман революцияларына серпін берді. Осы қозғалыстар және сопы қауымдастықтарының үздіксіз жұмысының әсерінен Судан Африкасының аумағында ғасыр соңына дейін ислам діні ықпалды болды.

Ғасыр ортасындағы жаһандық өзгеріс және зұлмат соғыстар

ОЙЛАН: ХІХ ғасыр ортасында соғыс өртінің көп тұтануына не себеп болды және ол соғыстарда неліктен көп адам өліп, жаппай қырып-жойылды?

1850–1860 жылдар дүниежүзінде төтенше зорлық-зомбылық онжылдықтары ретінде тарихта таңбаланды. Осы кезеңдегі әрбір зұлмат қақтығыстың айрықша себебі бар, бірақ олардың барлығы да дүниежүзіндегі капиталистік экономиканың өсу дүмпуіне, әскери технологиялардың жетіліп, жаппай өндірілуіне және жедел өзгерістер тудырған әлеуметтік күйзелістерге байланысты болды. Сан алапат көтеріліс пен соғыстың кесірінен көптеген адам тарихта бұрын-соңды болмаған көлемде көз жұмды. Бірінші дүниежүзілік жойқын соғыс кезінде де мұншалықты көп адам қырылған жоқ7. Бұл кезеңдегі аса көлемді қақтығыстардың екеуі Қырым түбегіндегі (қазіргі Украина аймағы) Қырым соғысы (1853–1856) және Оңтүстік Америкадағы бір тәуелсіз мемлекет екіншісіне қарсы шыққан Үштік одақ соғысы (1864–1870). Үшінші ірі қақтығыс – Қытайдағы Тайпин көтерілісі (1851–1864), Оңтүстік Азиядағы Ұлы үнді көтерілісі (1857–1859), Америкадағы Азамат соғысы (1861–1865), орталық мемлекеттік билікке қарсы ішкі көтерілістер (22.3-картаны қараңыз).

Қырым соғысы және зорлық-зомбылықтың индустриялануы

ХІХ ғасырдағы империалистік Ресей орасан зор көлемдегі жаяу әскерін Осман империясын батысқа қарай ығыстырып, шекарасын кеңейтуге бағыттады. Осман империясы мен Ресей арасында бүгінгі Румынияның аумағында болған соғыс 1853 жылдың қазан айында басталды. Одан кейінгі жылдары Британия мен Франция Осман империясына қосылып, Қырым түбегіне және Қара теңіздің солтүстік аумағындағы орыс билігіндегі аймақтарға көз салды да, Ресейді тұқыртпақ болады. Еуропа күштері Қырымға соншалықты мұқтаж емес еді. Алайда Еуропа мемлекеттерінің саяси және сауда стратегияларына нұқсан келмеуі үшін Ресей Қара теңіздегі тауар тасымалын бақылаудан айырылуы, Оңтүстік-Шығыс Еуропаға немесе Жерорта теңізіне жол ашатын Босфор бұғазын қорғап тұрған османдық Стамбұлға басып кіру ниетінен бас тартуы керек болды.

Бұл соғыc екі жылдан аcа уақытқа созылды да, 264 мың жауынгердің өмірін қиды. Мұндай жаппай өлім бұған дейін жұқпалы іш ауруы мен тырысқақ секілді індеттің кесірінен ғана болатын. Тарихшылар екі тараптың да басшылары соғыс қимылдарын өте нашар ұйымдастырды деген пікірде, алайда соғысушы тараптар жаңа технологиялар мен тактикалар енгізді, олар кейін Америкадағы Азамат соғысы мен Бірінші дүниежүзілік соғыста да қолданылды. Олар: телеграф арқылы жергілікті байланыс, жабдықтаушы пароход кемелері, ауыр артиллериямен атқылау. Бұған атқан оғын нысанаға дәл тигізетін Британия мен Франция әскеріндегі винтовкаларды қосыңыз: олардың оғы ескі мушкеттерге қарағанда сегіз жүз ярд алысқа оқ ата алатын. Бұл индустриялық дәуірдегі әскери машиналар елді жаппай сарсаңға салған алғашқы соғыс еді. Сондай-ақ бұл соғыс фотографтар объективіне ілінген алғашқы майдан болатын. Ең бастысы, Британия мен Франция өз әскери күштерін теңіз арқылы оңай жабдықтай алды, ақырында олар Ресейді бейбіт келісімге келуге мәжбүрледі. Соғыс аз уақытқа болса да, Ресейдің аймақтағы менмендігін тежеп, Еуропадағы державалар арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп бара жатқанын да көрсетіп берді.

22.3-КАРТА. ХІХ ғасыр ортасындағы соғыстар

Бұл соғыстардың қайсысын отарлауға қарсы соғыс деуге болады?

Парагвай: қырып-жою соғысы

Оңтүстік Америкада каудильо күштілерінің дәуірі әлсіреп, көптеген мемлекетте либералды бағыттағы үкімет саяси тұрақтылықты қайта қалпына келтірді және экономикалық өсім, әсіресе шикізат өнімдерінің экспорты артты. Аймақтық ресурстарды және айлақтар мен жаһандық нарыққа шығу мүмкіндігі бар көлік бағыттарын бақылайтын елдерде шиеленіс ұлғайды. Осындай қысым теңізге шығатын жолы жоқ Парагвай республикасының көрші үш мемлекетке қарсы соғыс ашуына итермеледі.

1860 жылы Парагвайда гуарани үндіс тайпалары өсірген ауылшаруашылық өнімінің негізінде экономика дәуірледі. 1840–1870 жылдар аралығында Карлос Антонио Лопес, одан кейін оның ұлы Франсиско Солано республикашылдың сипаты бар диктатор ретінде Парагвайды биледі. Оларда құлиеленушіліктен бас тарту, әдебиетті насихаттау, шағын ауқымды өндіріс салу, жақсы жабдықталған әскер құру секілді бастамалардың басын қосатын модернизация бағдарламасы бар еді. Франсиско Лопес әскери идеялар алмасу үшін Қырым соғысы аумағына келіп кетті және ол өз күштерін француз әскерінің үлгісінде жасақтады.

Үштік одақ соғысы нәтижесінде 1864 жылы Бразилия Уругвайға басып кірді, ондағы мақсат: осы екі ел Аргентинамен бірігіп, Парагвайдың Буэнос-Айрес пен Монтевидео айлақтарындағы Атлант мұхитына шығатын жолын шектеуі мүмкін деген ойға итермелеп, Лопесті үркіту еді. Лопес Бразилияға соғыс жариялағанда үш көрші мемлекет те оған бірден шабуылдады. Жетпіс мың адамы бар Парагвай әскері аймақтағы ең қуатты әскер саналғанымен, кескілескен шайқастарда одақ оны бірте-бірте қалжырата берді. Бес жылдық зұлматта екі тараптан да үш жүз мыңнан аса адам опат болды және Парагвайда басқыншы армия жолында кездескен жанның бәрін өлтіріп отырды, соның кесірінен халық саны 20 пайызға кеміді, олардың басым бөлігі ересек ер адамдар еді. Ақыры 1870 жылы бейбітшілік орнады, бұрын экономикалық табыстарға жетуіне жағдай туғызған Парагвай жерінің күлшелі бөлігін жеңімпаздар алып қойды. Осыдан кейін ел экономикасы шетелдік саудагерлер, жер алыпсатарлары мен банктерге тәуелді болып қалды.

Қытайдағы Тайпин көтерілісі

Ғасыр ортасындағы қиян-кескі қақтығыстың дені мемлекеттер арасындағы соғыс емес, халықтың өз үкіметтеріне қарсы орасан наразылығы салдарынан туды. Тарихшылардың есептеуінше, 1851–1864 жылдар аралығындағы Тайпин (TEYE-pіhng) көтерілісінің кесірінен және аштықтан 10–13 миллион қытай көз жұмған.

ХІХ ғасырдағы Тайпин көтерілісі – Цинь империясына қарсы шыққан бірнеше халық көтерілістерінің ішіндегі ең ауқымдысы. Халық санының өсуінен жердің жетіспеуі, бағалардың қымбаттауы, үкіметтің қоғамға немқұрайдылығы, кей өлкелердегі су тасқыны мен аштық шаруалар наразылығына ұласты. 1839–1842 жылдар мен 1856–1860 жылдары ағылшын–қытай соғысында Қытайдың ойсырай жеңілуі империя әскерін әлсіретіп тастады. Айлақтарда бизнес жасап жүрген шетелдіктер санының көбеюі, жеңілген Цинь үкіметі төменшіктей отырып келісуге мәжбүр болған тең құқықсыз шарттар миллиондаған қытайды кедейлікке жетелеп, Еуропа саудагерлерін дәулетке кенелткен апиын саудасы мемлекетті құлдырата түскеніне Қытайдағы барлық тап өкілдері куә болып отырды.

Тайпин қозғалысының жетекшісі Хун Сюцюан (Hong Xіuquan; hoong shee-OH-chew-an; 1814–1864) – Оңтүстік Қытайдағы мектептің кедей мұғалімі болатын, конфуцийлік мемлекеттік қызмет сынағынан өте алмаған ол империялық бюрократиялық аппаратқа орналаса алмады. Христиандық әдебиеттің бір бөлігін оқыған соң, оған бір елес келіп, «әлемдегі әділетсіздіктерді түзету үшін Құдай әдейі жерге жіберген Исаның жас інісі» екенін айта бастады. Ол Қытайдағы еуропалық миссионерлермен байланыста болса да, жапа шеккен шаруаларға Еуропа социализмінің әлсіз жаңғырығы – тақуалық уағыз жүргізді, әйелдер мен ерлердің теңдігін жариялады және жеке меншікті жоюға үндеді. Ол әйелдердің аяғын тас қылып байлауды (тәй-тәй дәстүрі), апиын шегуді, жезөкшелікті, құмар ойындарды сынап, Цинь үкіметі көмектескісі келмеген аш-жалаңаштардың қарнын тойдырамын деп уәде берді.

Хун 1851 жылы өзін бүкіл әлем бағынатын Аспан тыныштығының (Тайпин) королімін деп жариялады. Жүз мыңдаған қытай: шаруалар, жұмысшыларды соңына ерткен ол және оның нашар жабдықталған әскері қарсы шыққан жасақтарды тас-талқан етіп, бай жер иеленушілерді жер жастандырып, Орталық және Оңтүстік Қытайдағы бірнеше қаланы басып алды. 1853 жылы көтерілісшілер солтүстіктегі Нанкин қаласын бағындырды және тұрғындарының басым бөлігін өлтірді. Үкімет күштері оның Бейжіңге жасаған шабуылына соққы берсе де, қатарында ерлермен қоса әйелдер де бар Хун әскерінің саны шамамен миллионға дейін жетті және ол он жеті провинцияны өз бақылауында ұстады.

Хун Нанкинді он жылдай басқарды, алайда оның көмекшілері ортақ келісімге келе алмады. Оның радикалды реформалары ешкімді ұшпаққа шығармады. Сол аралықта дәулетті отбасылар және бюрократтар біртіндеп оппозициялық күш болып ұйымдаса бастады. 1864 жылы Цинь әскері Нанкинді қайтарып, қоршауда қалған жүз мыңға тарта бүлікшіні қырып тастады. Хун ұзақ уақыт өтпей жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Көтерілістердің салдары Қытайды экономикалық тұрғыда әлсіретіп, Еуропа жасаған саяси қысымдардан да ауыр тиді. Империялық үкімет көтерілісті басып-жаншу үшін жергілікті ақсүйектер мен әскер күшіне сүйенді және фермалар мен қалаларды қалпына келтіруге талпынды. Билік провинция басшыларының үстінен билеуге мүмкіндік беретін бірқатар өкілеттілігінен айырылып қалды. Бұл өз ойын тәртібін барынша тықпалаған шетелдік саудагерлерге ыңғайлы болды. Дегенмен бұл көтеріліс империяда қарқынды экономикалық өзгерістер жасау және Еуропа билігіне қарсы қорғанысты нығайту үшін жаңа жол іздеген қытай модернизаторларының шағын тобына қозғау салды.

Ұлы үнді көтерілісі

Қытайды қоспағанда, Оңтүстік Азияның басым бөлігі ХІХ ғасыр ортасында Еуропаның отары болатын. Сондықтан Қытайға қарағанда ол мемлекеттер дүниежүзілік капиталистік экономикамен анағұрлым тығыз байланыс орнатты, Үнді мұхитының айлақтарынан мигранттарды, апиынды, мақтаны жөнелтіп, Еуропа өндірісінің көлемін өсіру үшін осы аймақ қорын пайдаланғаны кез келген жанға белгілі еді.

Цинь әскері Тяньцзинь қамалындағы көтерілісшілерді шабуылдауда. Бұл сурет Тайпин көтерілісінің ауқымын көрсетеді. Бұл соғыс кезіндегі қақтығыста екі тараптан да құрбан болғандар саны өте көп. Суреттегі қандай элементтер Цинь империясының жеңісін бейнелейді деп ойлайсыз?

1857 жылы Ост-Инд компаниясынан еңбекақы алатын жергілікті жауынгерлер Еуропа офицерлеріне қарсы көтерілді, бұл толқу жалпыхалықтық сипат алып, бірнеше айға жалғасты да, Үндістанның солтүстігі мен орталығын толық қамтыды. Үнді гарнизонының әскери сипайлары мұсылмандар қол тигізбейтін шошқа майымен немесе индуизм дініндегі үнділер үшін қасиетті саналатын сиыр майымен майланған винтовкаларды оқтауға қарсы шығып, бүлік бірнеше қалада бұрқ ете қалды. Осы мәдени наразылықтың астарында бірнеше мәселе: мардымсыз жалақы, нашар жағдай, Британияның Бирмадағы жаулап алған жерлерін ұстап тұру үшін үнді жасақтарын қолдануы және офицерлік шенді еуропалық әскерилердің ғана иеленуіне рұқсат ету сияқты нәсілшілдік саясат та бар еді. Жалпы алғанда, компанияның ашкөз салығынан және оның отарлық саясаттың кез келген мәселесі бойынша үнділерге байыпты кеңес беруден бас тартуынан миллиондаған оңтүстіказиялық зардап шекті. Көтеріліс орталықтан басқарылмады, дегенмен көтерілісшілер жолдарындағы ауылдарды өртеп, адамдарды өлтіріп, өзге де қиянат көрсете жүріп, Делиге және өзге де үлкен қалаларға беттеді. Компания бірқатар аймақтарда көтерілісті басуға бір жыл уақыт жұмсады.

Көтерілістің салдарын жою Үндістан үшін де, Британия үшін де ұзақ уақытқа созылды. Лондондағы парламент Ост-Инд компаниясын таратты және отардың үстінен тікелей ағылшын королінің билігін орнатты. Оны вице-король («Британ раджасы») басқаратын болды. Жаңа Британия губернаторлары немесе вице-корольдер үнділердің саяси белсенділігін ұлғайтпаса да, отарлық билікті нығайту және ішкі коммуникацияларды реттеу үшін бірқатар реформаларды қолға алды. Реформа Еуропа кәсіпорындары, үнді жер иеленушілері, инвесторлар және ауқатты шағын топты елдің табиғи ресурстарын мүмкіндігінше жүйелі пайдалануға шақырды. Көтеріліс Британия үкіметі үшін миллиондаған фунтқа түсті және отарлық билікті қатайтты.

Америкадағы азамат соғысы

Тайпин зұлматын есепке алмағанда, осы дәуірдегі өзге қақтығыстардың ең қатыгезі Америкадағы азамат соғысында қан судай ақты. Бірігуге дейінгі Германия мен Италияда болған жағдайға ұқсас, Құрама Штаттар да материалдық прогрестің кілті орталықтандырылған билікте деп сенетіндер мен аймақтық автономияны жақтайтындар арасындағы шиеленістен зардап шекті. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында елдегі орталық билік салыстырмалы түрде әлсіз еді. Колумбия аймағында орналасқан Вашингтондағы федералдық бюрократиялық аппарат Франция немесе Осман империясы секілді мемлекеттермен салыстырғанда өте шағын болды. Мемлекет коммуникация және транспорт желілерін біріктірмеді. Тіпті ортақ ұлттық валюта да болмады. Америкалықтар өз елін республикалық қағидалармен өмір сүретін мәдени қауымдастық деп санаса да, саяси-экономикалық алауыздықтар сақталып қалды. Олардың ішіндегі ең ауыры – құлдық мәселесі еді.

Осы мәселе бойынша Құрама Штаттар Атлант ағысына қарсы жүзді. Испаниядан басқа Еуропа мемлекеттерінің бәрі, олардың Америкадағы отарлары және Бразилиядан өзге Латын Америкасы елдері ХІХ ғасырдың ортасына қарай құлдықтан бас тартты. Құрама Штаттардың оңтүстігінде, керісінше, құлиеленушілік өсті және кең тарады. Плантация иеленуші тап және олардың саяси одақтастары индустриялық революцияда шешуші рөл ойнады, индустриялау арқылы емес, Британия мен солтүстік штаттарға негізгі мақта тасымалдаушы ретінде өзгерістер жасады. Алайда аболиционизм солтүстікте берік қолдауға ие болса да, оңтүстік көшбасшылары, «құлиеленушілік – экономикалық өсімде аса маңызды» деген пікірді ұстанды.

Құрама Штаттар жаңа жерлерді иеленген сайын бұл пікірталас шиеленісе берді. Елу жыл ішінде, 1803 жылы Наполеоннан Луизиана аумағын алып, 1819 жылы Флорида мен Тынық мұхиттағы солтүстік-батыс жерлерді және 1848 жылы Мексика соғысынан кейінгі Калифорнияны қосқанда миллион миль шаршыдан аса жерді иеленіп, мемлекет аумағы үш еседен аса көлемде ұлғайды. Бұл иеліктердің барлығы да құлиеленушілікке қай жерде рұқсат берілуі керек деген маңызды сұрақ туындатты. Солтүстіктегі капиталистік және саяси мүдделер, Еуропадан келген жаңа қоныстанушылар батыс өлкені аса үлкен кеңістік деп санады. Табанды үндістермен әскер күресті және қалашықтар мен теміржолдарын кез келген жерде салды. Құл еңбегі мен ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін үлкен жер бөліктерін қоршап алуға талпынған плантаторларға ұлтарақтай да жер қалдырмады. Оңтүстіктегі құл иеленушілер де бос жері бар штаттарға қашып кетуі мүмкін деп өз жұмысшыларынан күдіктенді. 1820–1854 жылдар аралығында Конгресс бірқатар ымырашыл заңдар қабылдады. Батысқа қарай кеңеюдің әрбір фазасын Оңтүстік және Солтүстік мүдделерді теңестіру мәселесі ретінде қарастырды, құлиеленушілікке жаңа штатта рұқсат берді, өзге штатта тыйым салды. 1850 жылы Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы саяси байланыстар біртіндеп нашарлай берді.

Құлиеленушілік мерзімін ұзартуға қарсы болған Солтүстіктегі көшбасшылар Республика партиясын құрды. Партия үміткері Авраам Линкольн 1860 жылы президенттік сайлауда жеңіске жеткенде Оңтүстіктегі он бір штат одақтан бөлініп, Америка Штаттарының Конфедерациясын құруға күш біріктірді. 1848 жылы Еуропадағы революциялармен немесе Тайпин көтерілісімен салыстырғанда, бұл бүліктің мақсаты демократияны дамыту немесе әлеуметтік әділдіктің жеңіске жетуі емес, қара нәсілділер құлдығын сақтап қалу еді.

Линкольн «Адамдар мекендеген және иеленген жер бетінің бір бөлігі ретінде Құрама Штаттар – бір ұлттың мекені» деп, бөлінудің мүмкін емесін айтты. Төрт жылға созылған бұл соғыста Федерация Оңтүстікті басып алуын жалғастыра берді. Соғыста миллионға тарта адам құрбан болды, олардың арасында шайқастарда опат болғандар саны – шамамен 620 мың. Алғашында Линкольн бұл соғыстың мақсаты – құлдықты тоқтату, Құрама Штаттарды сақтап қалу жолындағы шайқас деп ақталған болатын. 1863 жылдың басында көтеріліс ошағы саналатын барлық штаттардағы құлдарды азат ету соғысы деп жариялағанымен, Федерация құрамында қалған штаттардың ешбірінде құлиеленушілік жоқ еді. Бұл мәлімдеме құлдардың Солтүстікке қашуына ықпал етті, қара нәсілділердің Федерация әскеріне қосылуына рұқсат берді және Солтүстік тараптың Еуропаға, соның ішінде Британияға деген тілектестігін тудырды.

Азамат соғысы Қырым қақтығысына қарағанда аса үлкен ауқымда өтті, әрбір шайқаста жеңбесе де, экономикалық әлсіз жауды құлдыратуда механизациялық өндірістің күш-қуатын көрсетті. Одақ зауыттарға қару-жарақ, оқ-дәрі, біркелкі киім, тамақ, локомотив пен болат рельстерін өндіруге тапсырыс беріп, көп көлемде қаражат бөлді. Қырымда пайдаланған, алыс қашықтықты дәл көздейтін винтовкалар одан әрі жетілдірілді және өнертапқыштар алғашқы зеңбіректерді сынақтан өткізді. Соғыс кезінде екі тараптан да көп адам ажал құшты, ақырында Еуропа импортына біршама тәуелді болған Конфедерацияның күші сарқылды.

Азаттық алған құлдар Солтүстікке сапар шекті. Линкольннің құлдарды азат ету туралы жарлығын туларға жазып, пәуескеге ілді. Франция журналындағы бұл иллюстрация осы жарлықтың халықаралық мүдделер үшін де маңызды болғанын көрсетеді. Бұл сурет Франция тарихындағы қандай оқиғаны еске түсіруі мүмкін деп ойлайсыз?

Соғыс аяқталуға таяғанда Конгресс Конституцияға Құрама Штаттардың барлық аумағындағы құлиеленушілікті жоятын Он үшінші түзетуді енгізді. Одан кейінгі түзетулер барлық афроамерикалықтарға азаматтық және ер адамдарға сайлау құқығын берді, дегенмен бұл құқықтар Оңтүстікте нақты іске асқанға дейін тағы бір ғасыр уақыт керек болды. Бұл соғыс Құрама Штаттарды ірі индустриялық мемлекет деңгейіне көтерді. 1873 жылға қарай ол өндірістік өнімнің көлемі жөнінен Британиядан кейін ғана тұрды. Ақырында бұл қақтығыс Құрама Штаттардағы күштердің арасалмағын орталық үкіметтің пайдасына шешіп берді. Алғашқы кезде ол ұлттық банктің демеушілігімен ортақ валюта, батысқа арналған мекенжай саясаты, жастар үшін шетелдерде білім алу және трансқұрлықтық теміржол құру сияқты ұлттық саясатты белсенді жүзеге асырушы болды.

Қорытынды

Бұл тарауда адамзат тарихында 10 мың жылға созылған аграрлық кезеңнен қазір біз өмір сүретін табиғи отын кезеңіне өту үдерісі ХІХ ғасыр ортасында барынша қарқынды жүргенін зерттедік. ХІХ ғасыр ортасында дүниежүзі халқының саны 20 пайыздан асты, жаһандық ЖІӨ 60 пайыздан аса ұлғайды және британ экспортының табысы шамамен 1000 пайызға көбейді. Осы секілді өзгерістер, әлбетте, қалыптасқан тәртіптің мүлде басқа бағытқа өзгеруіне ықпал етті, ол жолда миллиондаған адам тер төкті, ойланды, ұйымдасты. Алыс қашықтыққа жаппай қоныс аудару, жаһандық экономиканы қамтамасыз ету үшін дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған жаңа кәсіпорынға жалданбалы еңбек күшін жеткізуді ұйымдастырудың алғашқы кезеңі болды. Бұл кезеңде, сондай-ақ реформаторлар жаңа зайырлы идеология жасау үшін жұмыс істеді, ондағы мақсат – өздері туып-өскен кезеңнен түбегейлі өзгеше әлемге өтуге және сол әлемді түсіндіруге тырысу. Осындай мәселелерді шешу үшін діни жетекшілер рухани және этникалық жүйелерін жасады.

Осынау елу жыл ішінде Батыс Еуропа көмір қуатын кең ауқымда қолданған алғашқы аймақ болды. Бұл ел ғылыми жетістіктерді, техниканың қуатын және Құрама Штаттардан басқа әлемдегі қосалқы қордағы қаражатты жылдамырақ игерді. 1870 жылдан кейін, 23-тараудан білетініміздей, Еуропа мемлекеттері өз әскерін, инженерияны, кәсіп­орындарды және мигрант қоныстанушыларды ғаламшардың өзге бөлігінен басым болу мақсатында пайдаланатын болады.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

23

Капитал, технология және жаһандық күш-қуаттың өзгермелі теңгерімі
1860–1914 жылдар
Уэно теміржол бекеті. Токио. 1885 жыл

Спутниктік фото технология бізге Жер бетінің түнгі бейнесін көрсетеді. Бостоннан Вашингтонға дейінгі аралықтағы қалалардың жақұттай жарқыраған жарығын, Сауд Арабия мұнай кеніштерінде жанған газ алауын байқаймыз. Зейін салып қарасақ, Солтүстік-Шығыс Қытайдан батысқа қарай, Еуразия арқылы Мәскеу секілді жарық жұлдызға дейін жіпке тізгендей созылған шамдарды көреміз. Бұл ұзақ желі – Транссібір теміржолының ізі. Ол ғарыштан да көрінеді, себебі, теміржол ашылған 1903 жылдан бері оның бойында қалалар мен индустриялық орталықтар саны көбейген. Паровозды локомотивтер, ірі теміржол бекеттері, құрлық арқылы өтіп жатқан шойын жол – ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жаһандық капиталистік экономиканың айқын белгісі. Теміржолдар бір өндірістік қаланы екіншісімен жалғап, Еуразияның ең түкпіріндегі ішкі өлкелерге және Американың тау-кен орындары мен ауылшаруашылық тауарлар фермаларына дейін жетті. Олар миллиондаған шаруа отбасыларын ата-бабасы жатқан жерді тастап, қалалар мен тропиктік плантацияларға жұмыс істеу үшін алып кетті. Локомотивтер мен пароходтар Африка, Азия және Тынық мұхит алабындағы жаңа жерлерді жаулап алу үшін әскер тасыды. Теміржол төселген аймақтың бәріне қаржылай инвестиция салуға, бу машиналарын енгізуге, инженерлік және ғылыми білімдерін көрсетуге еуропалықтар немесе америкалықтар келді. Бес мың жыл бойы бірде-бір империя қол жеткізе алмаған әскери және экономикалық басымдықты Батыс Еуропа, Жапония және Құрама Штаттар жетпіс жылға жуық уақыт бойы ұстап тұрды. Бұл онжылдықтарды адамзат тарихындағы «еуропалық сәттер» деп атаймыз. Тараудың бірінші бөлімінде қазба отынды әлемдік ауқымдағы құбылысқа айналдырған оқиғалар құрылымын қарастырамыз. 1860–1914 жылдар аралығында Батыс Еуропа мен Құрама Штаттарда кәсіпорындар көбейді және Жапония мен Ресейде жаңа индустриялық кластерлер пайда болды. Осы бірнеше онжылдықта өзге мемлекеттердегі кәсіпкерлер, біршама шектеулі ауқымда болса да, бу қуатты механизмдерді сынақтан өткізді. Бір сараптамаға сәйкес, жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімнің көлемі, яғни жаһандық ауқымдағы қызмет көрсету мен тауар өндірудің жиынтық көлемі бүкіл халық санына бөлгенде, б.з.д. 1500 және б.з. 1820 жылдары аралығында шамамен 18 пайызға өсті. 1820 жылдан Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған 1914 жылға дейін тауар өндірудің жалпы көлемі 100 пайыздан көп көбейді1. Дүниежүзінде халық саны арта берді, бұл құбылыс агромәдени технология, халық денсаулығы және медицина саласындағы инновацияның жалғасуына тікелей байланысты дер едік. Адамдар мен машиналар жер бетіндегі физикалық және табиғи қоршаған ортаны жылдам қарқынмен өзгертіп, бүлдіре берді. Тараудың екінші бөлімінде біршама күрделі жаһандық коммуникацияны, байланыс желісін, жаңа замандағы индустрияландыруды зерттейміз. Өндірісшілер өзге аймақтардан үздіксіз ағылып жататын жұмыс күшіне, шикізатқа және азық-түлікке тәуелді. Олар дайын өнімдерін сатып алушыларды дүниежүзінен іздейді. Бай әрі кедей аймақтардың арасы бір-бірінен алшақтай берді және қала мен ауылда өмір сүріп, жұмыс істейтін тұрғындар түбегейлі өзгерістерді бастан кешті. Үшінші бөлімде қасіретті оқиғаларға толы кезең туралы әңгімелейміз. Жапония мен Құрама Штаттар, бірқатар Еуропа мемлекеттері техникалық мүмкіндігі тұрғысынан біршама әлсіз Африка мен Азия елдеріне қарулы шабуылдар жасады. Еуропа елдері қайсысының мықты екенін дәлелдеу үшін соғысты. Империализм бәсекелестігі 1871 жылы Германияның бірігуінен кейін жеделдей түсті. Әскери басқыншылық орнағаннан кейін, Африка мен Азия халқы отарлаушылармен күресудің бірнеше стратегиясын жасады, кейбіреулері әскери көтеріліс қозғалыстарын ұйымдастырды, өзгелері мойынсыну шарттарын мақұлдасты. Бірқатар елдердің егемендігін сақтап қалуға мүмкіндігі болса да, ондаған миллион халық жаңа отарлаушы қожайындарға бас ұрды.

23.1-КАРТА. Негізгі мемлекеттер. 1860 жыл ХІХ ғасыр ортасында тәуелсіз мемлекеттер дүниежүзінің көп бөлігінде шағын патшалықтан алып империяларға дейін саяси құрылымның негізін көрсетті. Неліктен кейбір аймақтарда бірқатар шағын мемлекеттер шоғырлана орналасты, ал өзге аймақтарда жекелеген мемлекеттер ұлан-байтақ жерді алып жатты?

Бу қуатты өндірістің таралуы ОЙЛАН: Индустрияландыру жобалары кейбір өлкелерде өзгелеріне қарағанда неге анағұрлым табысты болды? ХІХ ғасыр басында Ұлыбритания бу қозғалтқыш технологиясы бойынша дүниежүзінде жетекші ел еді. ХІХ ғасыр ортасына қарай бу мен көмірді бірге қолдану елді экономикалық қозғаушы күшке айналдырды. Еуропа құрлығында индустриялық орталықтар өсіп, көбейді. 1880 жылға қарай Құрама Штаттар ірі тауар экспорттаушы елге айналды және 1890 жылға қарай Ресей мен Жапония техникалық модернизация арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізген елдердің қатарына қосылды. Іс жүзінде экономикасы ауылшаруашылыққа негізделген және салыстырмалы түрде халқы тығыз орналасқан әрбір елде, Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі жағдай оларды көптеген жетістіктен айырса да, саудагерлер, шенділер және зияткерлер тобы индустрияландыруды жақтады.

Бақуатты Британия

1870 жылға қарай Англия халқының жартысынан астамы өнеркәсіп саласында еңбек етті. Негізінен, үлкен фабрикаларға қарағанда, дүкендерде жиырма шақты адам жұмыс істеді. ХІХ ғасыр соңына қарай, Англия дүниежүзіндегі анағұрлым тығыз индустрияланған мемлекет болып қала берді. Жаһандық ЖІӨ-дегі оның үлесі өзге жаңа өндіруші елдермен салыстырғанда, бірте-бірте қысқарды. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы бас айналдырар табысқа үйреніп қалған Британияның бизнес жетекшілері жаңа технологияның қауіп-қатеріне қарсыласуға ұмтылды. Соған орай, өсім қарқыны бәсеңдеді. Халықтың шоғырлануынан, мемлекетке сырттан тасымалданған азық-түлік көлемі өсті, нәтижесінде Еуропа мен Құрама Штаттар секілді астық өсіретін үлкен мемлекеттер сауда-саттықта түрлі мәселелерге тап болды.

Британия капиталистері елдегі өнеркәсіптің өнімділігі жайлы алаңдаған да жоқ. Олардың көпшілігі дүниежүзілік банктен, сақтандыру қызметінен, кеме жасау, кен өндіру, теміржол және өзге де жаһандық модернизациялық жобаларға қаржы салудан көп пайда тапты. Өндірісшілер саудада айрықша артықшылыққа ие болды. Британия фабрикалары империя иелігі – Үндістанға аса көп мөлшерде арзан заттар экспорттады. Тарихтағы өзге де басқыншы күштер секілді, Англия отарын өз мүддесі тұрғысынан басқарды. Үкімет британ өндірісшілерін ресми тұрғыдан қорғады. Оған қоса, еуропа өнімдерімен бәсекелесуге қауқарлы отандық өнім өндірушілерге ұдайы кедергі келтіріп отырды. Бірінші ағылшын–қытай соғысынан кейін (1839–1842), Британия саудагерлері үнділерге Қытайдан келген апиын сатып, шаш етектен пайдаға кенелді (21-тарауды қараңыз). Нәтижесінде Британия белсенді сауда теңгеріміне ие болды. Бұл тәртіп инвесторлардың капиталын еселеді және Германия мен Құрама Штаттар секілді мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келе жатқан ел өндірісі үшін пайдалы болды.

Еуропа мен Құрама Штаттардағы индустриялық орталықтар

Еуропа құрлығында бу қуатты индустрия Францияның солтүстік-шығысынан Бельгия арқылы Германияға дейін созылып жатқан көмір мен темірге бай аймақ бойында дамыды. Бельгия – 1850 жылға қарай өндірісі дамыған мемлекетке айналды. Ұлыбританияға қарағанда көмір ресурсы аздау және ауылда тұратын халық саны анағұрлым көп Франция солтүстіктегі көршілерімен салыстырғанда баяу қарқынмен дамыды. 1870 жылы Франция соғыста жеңіліп, темірге бай Эльзас-Лотарингия (Alsace-Lorraіne) аймағын Германияға беріп, экономикалық соққы алды. Дегенмен Францияның шығысында экспортқа жиһаз шығаратын шеберханаларын қосқанда, өңдеуші жаңа өнеркәсіп орындары бұрынғыша көбейе берді, жібек тоқитын орталықтар гүлденді. 1870 жылға қарай елде кейінгі қырық жылда рельсі 25 мың мильге созылған ұлттық теміржол желісі болды.

Крупп металлургия кәсіпорны. 1880 жыл. Германияда ауыр өнеркәсіппен айналысатын компания 1871 жылдан кейін өркендеді. ХІХ ғасыр аяғында Германияның болат өндіруден алға шығуына не себеп болды деп ойлайсыздар?

1870 жылдан кейін Германия индустриясы күрт дамыды, өйткені елдің саяси бірігуі бәсекелес герцогтік иеліктер мен монархияларды өзара байланысқан экономикасы бар біртұтас мемлекетке айналдырды. Темір және көмір қорларын пайдаланған Германия капиталистері болат өндірісіне көп қаражат салды. Олардың инновациялық технологиялары теміржолға, өндіріс құрал-жабдықтары мен қару-жараққа арналған жоғары сапалы металды көптеп өндіруге кететін шығынды біртіндеп қысқарта берді. Немістер динамит, химиялық тыңайтқыш пен жасанды бояу дайындайтын химия өндірісінде де бастамашы болды. Олардың электронды технологиядағы инновациясы 1870 жылы алғашқы өндіріске пайдалы электр генераторларын немесе динамосын ойлап тапты.

23.2-КАРТА. Өндірісі дамыған және өндірісті дамыту барысындағы аймақтар. 1900 жыл

ХІХ ғасырдың соңындағы тәуелді елдерде индустрияландыру – айрықша, бірақ беймәлім құбылыс болғанын осы картадан қалай байқауға болады?

Нидерланд, Скандинавия елдері және Австрия–Венгрия империясына қарасты бірқатар аймақтардың өндірісі ХІХ ғасыр соңында белсенді дамыды. 1890 жылға қарай түтін мұржалары Солтүстік Италия мен Солтүстік-Шығыс Испания көкжиегінде көріне бастады. Сол уақытта Францияның батысында, Испания аумақтарында, сондай-ақ Оңтүстік Италия, Польша және Балқан түбегіндегі елдер жаңа фабрикалар мен теміржолдар салды. Бұл – салыстырмалы түрде қалалары аз, кәсіпкерлер тобы шағын, инвестициялық қаржы деңгейі төмен, шаруалар еңбегіне тәуелді жериеленуші ақсүйектері көп аймақтар еді. Сөйте тұра, бұл аймақтар да Еуропаның индустриялық елдер аумағына экспорттау үшін минерал, астық, жүн, ағаш секілді шикізат шығаруын жалғастырып, жаһандық экономикаға атсалысты. Олар сондай-ақ еңбек күшінің, миллиондаған шаруа мен жұмысшының Еуропа қалалары мен шетелдерге кеткен мигранттар ағынына қосылуына ықпал етті.

1865–1915 жылдары Қытайдан, сондай-ақ Еуропадан Құрама Штаттарға ағылған еңбекке қабілетті, 25 миллионнан аса мигрант Азамат соғысынан кейінгі онжылдықтарда Американың ауқымды экономикалық өсіміне ықпал етті. Солтүстіктегі мата өндіруші, болат балқытушы және қару-жарақ шығарушы өнеркәсіптер соғыс жылдарында тез арада өндіріс көлемін ұлғайтты. Жаңа теміржолдар мен өзен пароходтары жұмыс іздеушілерді батыс пен оңтүстіктегі Буффало, Питсбург, Цинциннати, Сент-Луис пен Чикагоға тасымалдады. Киім-кешек, болат, жиһаз, ағаш, ет, теріні шеберханаларға, фабрикалар мен өңдеуші өнеркәсіптерге жөнелтті (23.2-картаны қараңыз). Табиғи отын өндірісінің қарқыны еңбек күшін көп мөлшерде жұмсау арқылы өсті. Мысалы, сол заманда ойлап тапқан Бессемер үдерісі арқылы оңтайлы әдіспен шойыннан болат балқытатын алып зауыт 1881 жылы Питсбургте ашылды. Онда төрт жүз ер адам демалмастан, тамақтанбастан бір ауысымда он екі сағаттан жұмыс істеді. Осынау зауыттардың қожайындары іс бастауға қажет қаржыны берді, технологияны жаңартуға көмектескен Еуропа банкирлерімен және өнеркәсіпшілерімен тығыз экономикалық байланыс орнатты. Құрама Штаттарда темір және көмір кеніштері көп болды және 1880 жыл ортасына қарай ол Британия секілді жаһандық өнеркәсіптік өнімнің жалпы көлемінің 30 пайызын шығарды.

Ресейдегі түтін мұржалары

Құрама Штаттар секілді, Ресей де құрлық жері арқылы созылып жатқан алып мемлекет еді. Басым бөлігі ауылда тұрғынымен және, негізінен, сауатсыз болғанымен, 1870 жылы оның халқы Құрама Штаттарға қарағанда екі еседен көп болды. Патша үкіметі қатаң авторитарлық еді және ұлттық өкілдік мекемелерге тыйым салды. Саудагерлердің шағын тобы өндірісті қолға алуға ниеттенсе де, саяси жағынан әлсіз болды. Бұл тұрғыда Ресей Батыс Еуропадағы мемлекеттерге ұқсас еді.

Ресей билеушілері Батыс Еуропамен сауда байланысын орнатуға ұзақ уақыт ынталанды. Империяның халықаралық мәртебесін нығайту және Еуразияның ішкі өлкелерін тез арада жаулап алу үшін әскери индустрияны қолдады. Ел үкіметі патшаның негізгі одақтастары болған ақсүйек жер иеленушілерге қиындық туғызады деген қауіппен ықпалды жеке кәсіпкерлерді «ұзын арқан, кең тұсауда» ұстады. Сондай-ақ мемлекеттік құрылым Батыс Еуропа жұмысшылары секілді әлеуметтік-саяси құқықтарын немесе социалистік кәсіподақтар құруды талап ететін үлкен қалалық жұмысшы күшінің болғанын қаламады.

ХІХ ғасыр ортасында Мәскеу саясаты өзгере бастады. Ресейдің Қырым соғысында Британия, Франция және Осман империясынан жеңілуі (22-тарауды қараңыз) технология мен ішкі коммуникациядағы күйінішті кемшіліктерді мойындауға мәжбүр етті. Осы күйініш экономикалық реформаларға итермеледі. Нәтижесінде үкімет шетел инвестициясына салған тыйымды алып тастады, сауда туралы заңды ретке келтіріп, мемлекеттік банк құрып, теміржолдар сала бастады. ІІ Александр патша (1855–1881 жылдары билік құрды) 1861 жылы басыбайлы құқықты жойғанымен, мемлекет азат басыбайлылардың жеке жер иеленуі үшін ештеңе істей қоймады.

Ресей ауылындағы шаруалар. ХІХ ғасыр соңындағы бұл суретте тас төселмеген көше, ағаштан қиып салған үйлер, нашар киінген ауыл тұрғындары бейнеленген. Неге осы секілді бейнелер Ресей үкіметін индустрияландыруға итермеледі?

1890 жыл басында жеке кәсіпкерлер емес, Ресей үкіметі Мысыр үкіметіне еліктей отырып, жан-жақты индустрияландыру жоспарын қолға алды. Алайда ХІХ ғасыр басында бұл индустрияландыру әрекеті табысты болмады. Патшаның экономика басқарушысы Сергей Витте еді, көпестер отбасынан шыққан ол экономика министрі лауазымына дейін көтерілді. Ол «Батыс Еуропаға астық экспорттаушы Ресей үлкен индустриялық мемлекеттерге еліктеудің орнына, оларға экономикалық тәуелді болып қалуы мүмкін» деп алаңдады. 1899 жылы ол «Ресей мен Батыс Еуропаның арасындағы экономикалық байланыс отарлаушы мемлекеттердің өз ірі қалаларымен байланысына әбден ұқсайды...» деген өкініш айтты. Ресей «экономикалық жағынан әлдеқайда дамыған мемлекеттердің мәңгілік құлына айналмауға тиіс»2 деп мәлімдеді.

Виттенің басшылығымен Ресей шетел инвестициясын тартты, техникалық жетістіктерінен үлгі алды, салықтан түскен табысты бу қуатына, тау-кен өндірісін, темір металлургиясын және ауылшаруашылығын механикаландыруға жұмсады. Виттенің ең негізгі жобасы Транссібір теміржолы Сібірді кең ауқымды ауылшаруашылық және пайдалы қазбаларды өндіру орталығына айналдырды. Ресейдің экономикалық өсімі халық саны өсуімен деңгейлес болды және 1914 жылға қарай фабрикаларда үш миллион адам жұмыс істеді. Дегенмен Ресей Батыс Еуропа мен Құрама Штаттарды оңай қуып жете алмады, өйткені индустриализация кеш әрі нашар экономикалық негізде басталды. 1913 жылы Ресейдің жан басына шаққандағы ЖІӨ Құрама Штаттармен салыстырғанда төрттен бір бөлігінен сәл ғана асты3.

Мэйдзидің қайта жаңғыруы және жапон индустриясы

Ресейдегі секілді жапон билігі де Еуропа мен Құрама Штаттардағы экономикалық дамуға сақтана қарады. Оның мүшелері мемлекетаралық индустрияландыру науқанының жетістіктеріне қатысты қызу пікірталастар жасады. Ынталы топ саяси текетірестен отыз жыл өткен соң ғана бұл дауда сөзсіз жеңіске жетті.

1603 жылдан бастап Тогугава сегунаты (20-тарауды қараңыз) жартылай орталықтанған үкімет ретінде император сарайы (қолында билігі жоқ салтанатты тұлға), сегунды басқаратын орталық әкімшілік, жер иеленуші даймёлар (аристократтар), ақсүйек самурайлар табы, қала көпестері және ауыл халқының атынан сөйлейтін жергілікті билік сияқты әртүрлі топтардың айрықша мүдделерін өз мақсатына пайдалана отырып, жақсы жұмыс істеді. 1800 жылдың басында мемлекет ауыр қаржылық қиындықтарға тап болды. ХVІІ ғасырда тез арада ұлғайған ауыл шаруашылық ХVІІІ ғасырда еш өзгерген жоқ. Өйткені күріш өсіретін үлкен үш аралдың жері құнарынан айырылып бара жатқан еді. Шамамен 27 миллионға жеткен халық саны мен демография тұрақты дамыды, сондықтан өмір сүру стандарттары қысқарған жоқ. Дегенмен астық шығымы бірнеше есе төмендеді, оған топырақтың эрозиясы және су тасқыны залалын тигізді. Кеніштерде күміс азайып, ормандар да сирей түсті. Сёгун үкіметі салық түсімінің азаюы, даймё жер иеленушілерінің арасындағы қатаң алауыздық және жері тапшы шаруалардың қайталанып тұратын қарсылықтарымен бетпе-бет келді. Токугава шетелдік сауда және мәдени байланыстарды шектеу үшін «жабық ел» саясатын жүргізді. Бұл стратегия Жапонияны Афроеуразияның өзге аймақтарымен тиімді сауда жүргізу мүмкіндігінен айырды. Алайда ол жапон өндірушілерін шетелдік бәсекелестіктен қорғады және еуропа көпестерінің тұрақты көтерілісшілер – даймё мен шаруаларға қару-жарақ сатуына жол бермеді.

Шетелдік көпестер және Токугава кезеңінің аяқталуы. 1840 жылға қарай сёгун Еуропаның Шығыс Азияға кіріп келуіне бей-жай қарап тұра алмады. Британияның әскери-теңіз кемелері ағылшын–қытай соғысында Қытайды ойсырата жеңгенде Жапония билігі алаңдай бастады. Келесі кезекте арал патшалығы тұрған болар? Қырым соғысы Ресей билеушілерін қалай қалжыратып кетсе, Еуропа теңіз күштері туралы пікірталас та жапон ақсүйектерін абдыратып тастады. Мұның соңы 1853 жылғы ұлттық дағдарысқа ұласты, ол жылы мұздай қаруланған сегіз әскери кемені басқарған америкалық қолбасшы Мэттью Перри (Matthew Perry) Токио (Edo) айлағына ескертусіз басып кірген болатын. Сёгун үкіметінің қолы қысқа еді. Америкалықтармен сауда-саттық үшін бірнеше айлақты ашуды талап еткен «Достық пен бейбітшілік конвенциясын» Жапония амалсыз қабылдады. Ұлыбритания, Франция, Ресей мен Еуропаның өзге де күштері көп ұзамай жеке келісімшарттарын мақұлдады.

Мемлекеттің жабық саясатынан туған қиын жағдай, ұзақ уақытқа созылған экономикалық дағдарыс 1860 жыл ортасында азамат соғысына ұласты. Бүлікші даймё мен самурай одағының әскері Токионы басып алды, сёгун үкіметін таратып, 1867 жылы таққа отырған жас император үшін жоғарғы атқарушы билікті қалпына келтірді. Бұл оқиға император атына сәйкес, Мэйдзидің (MAY-jee) қайта жандануы деп аталып кетті. Дегенмен император ғана емес, сарайды басып алған ақсүйектер фракциясы саяси билікке ие болды.

1868–1882 жылдары Мэйдзи билеушілері ықпалды орталықтанған мемлекет қалыптастыруға күш салды. Ол барлық жер иеленуші даймёлардың тәуелсіз билігін тоқтатып, аймақтардағы салықты реттеп, ұлттық әскер құрамына жас жігіттерді тарту үшін азаматтық қызметкерлердің легионын жіберді, олардың көпшілігі бұрынғы самурайлар еді. Еуропа индустриялық технологиясы мен ел басқару үлгісін енгізуді қостаған жетекшілер императордың рұқсатымен толық саяси бақылауды да қолға алды. Жапон дипломаттары, инженерлері мен студенттері Еуропа мен Солтүстік Америкаға саяхаттай бастады. 1875 жылдан бастап бес мыңнан аса шетелдік, оның көпшілігі еуропалық, Жапония үкіметіне кеңесшілік қызметке келді. 1890 жылдан бастап жаңа қоғамдық бастауыш мектептерге түскен бозбалалардың көп бөлігі жаңа математика мен ғылымды оқыды. Қыздардың 35 пайызға жуығы мектепке баруы Еуропа мен Солтүстік Америкадан тысқары көптеген мемлекеттерге қарағанда әйелдер арасында сауаттылық деңгейін анағұрлым жоғарылатты.

Зауыттар мен премьер-министрлер. Жапония Мэйдзиі жаңа энергиялық реформаны тез арада қолға алды (23.2-картаны қараңыз). Инженерлер бу қуатын көмір, темір және мыс кеніштерде пайдаланды. Олар зауыттар салып, жібек өндірісіне механика қолданды, теміржол желілерін салды, әскери-теңіз кемелері және қару-жарақ пен тапанша өндірісін қолға алды. Ресейдегі секілді, мемлекет жаңа технологияға, теміржолдар мен темір өндірісіне қаражат салды. Дегенмен жеке кәсіпкерлер, тез арада өсіп кеткен «Mіtsubіshі» фирмасы секілді, түрлі индустрияға қомақты қаржы құйды. Үкімет шаруаларға арналған жерді қолдану туралы заңдарды реттеп, жаңа механизмдер мен тыңайтқыштарды енгізгендіктен, ауылшаруашылық өнімдері қайта көбейді.

Жапония басқару институттары Еуропа үлгісін қабылдады да, Ресейден озып кетті. 1889 жылы император Ұлттық конституцияны жариялады, ол бойынша, үкімет басшысы, кабинет және Диет аталатын сайланбалы орган мен Британиядағы Лордтар палатасы секілді мұрагер пэрлер ассамблеясынан тұратын екі палаталы заң шығарушы орган құрылды. Дегенмен демократиялық тәртіп шектеулі болды. Мүлкі бар ер адамдардың – шамамен халықтың 2 пайызының дауыс беру құқығы болды. Бұған қоса, дәулетті олигархтардың шағын тобы Мэйдзи режимінде басымдықта қала берді. Жапония егемендігін сақтап қалу үшін өткенінен үзілді-кесілді бас тарту керегін бірден аңғарды. Еуропаның алпауыт мемлекеттері Қытайға көрсеткен өкімдігін қайталамай, жапон билігіне құрметпен қарауы үшін, Мэйдзи реформаторлары осы қадамға барды.

1890 жылдан Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін, Жапония индустриялық экономиканы дамытып, жібек және өзге де дайын өнімдерді экспортқа шығарды. Британия мен Германия секілді, азық-түлік өнімдері мен шикізат материалдарының импорты өсті. Табиғи отынды пайдалану кезеңінде Жапонияның бірден серпілуіне бірнеше фактор ықпал етті. Біріншісі, Ресей немесе Осман империясымен салыстырғанда тілі мен мәдениеті жағынан Жапония шамамен біртұтас болды, ұлтаралық шиеленістер де жоқ еді. Жаңғыру бағдарламасына рұқсат берген императорды жапон халқы қатты құрметтеді. Екіншіден, халық Мэйдзи кезеңі басындағы Токугавадан кейін де тұрақтылықты кәдімгідей сақтады. 1875 жылдан кейін халқының саны алғашқы индустриялық онжылдықта өмір сүру деңгейіне ықпал етті де, экономика дами түсті. Үшіншіден, самурай сарбаздарының табы ерекше рөл ойнады. Олардың басым бөлігі әлеуметтік баспалдақта өздерінен жоғары тұрған халыққа адал қызмет ету міндетім деп санайтын ақсүйектер еді және олардың көпшілігі сауатты болды. Көп самурай Мэйдзи әкімшілігі ұлттық әскер мен индустрия саласында ақы төленетін, жетекшілік жұмыстарға етене араласып жүрді. Соңғы фактор – Америка мен Еуропа Қытай мен Осман империясының сауда кеңістігіне уақытты оздырып барып араласқанындай емес, Жапонияға тосыннан басып кіргендіктен, жапон билеушілері көп толғанбай, жедел таңдау жасауы керек болды. Жедел саяси шешімдердің және орайы келген сәттіліктің арқасында отыз жылға толар-толмас уақытта мемлекет табиғи отын индустриясының жаңа орталығына айналды.

Жапон оқушы қыздары. 1905 жыл. Мэйдзи қайта қалпына келтіру жылдарында басталған білім беру реформасы ұлдармен қатар, қыздарға да пайдалы болды. ХІХ ғасыр соңында Жапонияда үкіметтің халыққа білім беру ісіне қаржы салуына қандай жағдай ықпал етуі мүмкін?

Шағын көлемдегі индустрияландыру: пайда мен түңілу

Дүниежүзінің түкпір-түкпірінде кәсіпкерлер мен саяси көсемдер шағын мөлшерде болса да өндірістік тәжірибелер жасай бастады. Бұл бастамалардың мақтанарлық, алайда шектеулі табыстары салыстырмалы түрде әлсіз технологиялық базасы бар мемлекеттердегі капиталистердің талпынысына кедергі келтіретін мәселелерді көрсетіп берді.

Индустрияландыру жолындағы ішкі және сыртқы кедергілер. Бірқатар мемлекеттерде шаруалар немесе құлдар арзан жұмыс күші болғандықтан және жер иеленуші ақсүйектер азық-түлік пен шикізатты экспорттаудан ақша тапқандықтан, билік машина жасау өнеркәсібінен қандай да бір айрықша табыс көре алмады. Бұған қоса, инвестицияға қажет негізгі қаржы өнеркәсібі дамыған жетекші мемлекеттерге қарқынды қаржы салымы керек болды. Алайда барлық жерде қаржы тапшылығы байқалатын. Тағы бір кедергі – теңсіздікке негізделген келісімдер жасалды: әскери және экономикалық әлеуетті мемлекеттер біршама әлсіз елдерде сауда айлақтарын ашу үшін, импорт үшін баж салығын төмендетіп, шетелдік көпестерге айрықша басымдықтар беріп, кейбір аймақтарда жерін алып, қысым көрсетті, барлығы да көпестер мен шенділер үшін нақты байлық болғанымен, бір серіктес екіншісіне жауап ретінде қолайсыз шарттарды ұсына алмады.

Түркиядағы кілем өндірісі. 1910 жыл. Бірқатар бу қуатты мата фабрикалары іске қосылғанына қарамастан, қолдан тоқитын кілем өндірісі Түркия экономикасы үшін маңызды болып қала берді. Суретте жұмысшылар жүн дайындап, түрлі-түсті жіптердің түйінін бекітуде. Кілемнің соңғы жұмысы – тоқыма білдегінің өзегіне орау. Бұл суреттегі жас және гендерлік ерекшелікке қарай еңбек бөлінісі туралы қандай қорытынды жасай аласыз?

Осылайша, мықты мемлекеттер тарихшылар бейресми империя49 деп атаған құрылымдарға айналды. Британия, Франция, Германия, Құрама Штаттар мен Жапония шамадан тыс тарифтерді, қомақты банктік несиелерді қолданып, әскери-теңіз қуатын көрсете отырып, өзге мемлекеттердің сауда және стратегиялық мүдделерін сақтауға мүмкіндік бере тұра, олардың тәуелсіздігіне қауіп төндірді. Өндірісі дамыған алып елдер экономикасын басқаруды қалаған мемлекеттерді басып алып, басқаруға сөзсіз қажет орасан зор қаржысы болмаса да, бақылау арқылы жаһандық сауда-саттықта басымдыққа ие болды. Британия Оңтүстік Азияны отарлады, Франция Алжирді кезең-кезеңмен бағындырды, Еуропа мемлекеттері, осы тараудың соңында байқайтынымыздай, 1880 жылға дейін әлсіз мемлекеттерге бейресми түрде ықпалын арттыра берді.

Ірі державалардың тоқтаусыз қысымына қарамастан, экономикасының басым бөлігі ауыл шаруашылығына негізделген бірқатар елдер шағын өндіріс аралдарын құрды. Кей жағдайларда мұндай тәжірибелердің нәтижесі даму үлгісіне айналды. Осман империясы мен Британияның Оңтүстік Азиядағы билігі – осының екі дәлелі.

Түрік кілемдері. Мысырдың өршіл индустриялық бағдарламасы тұралап қалғанымен, Осман империясының капиталистері 1875 жылдан кейін жаңа мата өнеркәсібін бастады. Саяси-экономикалық жағдайлар айрықша жайлы болмады. Империя халқының 80–90 пайызы, яғни 26 миллионға жуығы ауыл шаруашылығы немесе қолөнермен айналысты. Елге мардымсыз капитал тартты. Еуропа мемлекеттерімен шарттары тиімсіз келісім жасап, империя қолөнершілері бір кездері өздері де өндірген арзан матаны және өзге де заттарды жаппай сырттан тасымалдауға рұқсат берді. Мемлекет Еуропа банктерінен алған несиенің өсіп бара жатқан үстеме ақысын да төлеуі керек болды, қандай да бір өзге жолмен жаңа бизнеске қаржы салған адамдарға салық шығындарын мәжбүрлі түрде көбейтті.

Дегенмен арасында мұсылман, христиан, еврейлер бар кәсіпкерлердің шағын тобы мата шығаратын еуропалық құрал-жабдықтар сатып алды. Еуропалықтар «шығыс кілемі» атап кеткен түрлі-түсті, ою-өрнекті кілемдер шығарды. Мұсылман елдерінде мұндай кілемдердің үлкен нарығы қалыптасты және Еуропа мен Құрама Штаттардағы табыскер орта тап отбасыларының арасында тез таралды. Осман өндірушілері мақта айналдыруда, жібек орауда және кілем тоқуда қолмен тоқу дәстүрлі әдісін шағын бу қуатты фабрикаларда қатар қолданды. Олар Еуропадан әкелген жаңа синтетикалық бояуларды және алдын ала белгіленген кілем дизайнының үлгісі бойынша тоқымашылар салған «суреттерді» өндіріске енгізді. Еңбекақыны көтергісі келмеген дүкен иелері көбіне білімі төмен ауыл әйелдерін жұмысқа тартты. Бұл өндіріс гүлденгеніне қарамастан, машина қолдану және кілемдерді шетелдерде саудалау жағынан Еуропа көпестеріне бұрынғыша тәуелді болып қала берді. Оған қоса бұл сала өзге тауарлардың өнеркәсіптік өндірісіне салу үшін жеткілікті деңгейде қосымша қаражат таба алған жоқ. Ақырында ол кезеңде Осман империясында өндірілмейтін көмір қажет көлемде жеткізілмеген соң, энергетикалық революция мүлде болған жоқ. Осылайша, ХІХ ғасырда түрік экономикасы, негізінен, ауылшаруашылық бағытта қала берді.

Оңтүстік Азия өнеркәсіп иелері. Оңтүстік Азия кәсіпкерлері ауыр кедергілерге қарамастан, бірнеше табысты фабрика-құрылыс жобаларын іске асырды. Осман империясымен немесе Қытаймен салыстырғанда Үндістан ХІХ ғасыр аяғында тәуелсіз мемлекет болған жоқ, Британияның империялық иелігі ғана еді. Британия өнеркәсіп иелерінің көзімен қарағанда, 250 милионнан аса субконтинент халқы (Британияның шамамен 31 миллион халқымен салыстырғанда) алып нарық тұтқынында қалды. Еуропалық көпестер түтілмеген жүнді сатып алып, фабрикаларына жеткізіп, одан кейін оңтүстіказиялықтарға машинамен тоқыған матаны жергілікті жерде өндіретін матадан төмен бағаға сатты. Ғасырлар бойы алыс елдерге мақта-матасын кең экспорттап келген Үндістанның қол тоқыма станогындағы тоқыма өндірісі бірте-бірте тұралай берді. Қысқасы, ХІХ ғасырда Оңтүстік Азия мақта өндірісі анағұрлым құлдилап, күрделі индустриясыздандыру50 мәселесімен бетпе-бет келді.

Сөйте тұра, үнді кәсіпкерлері ішкі сауданы қаржыландыруын, ауыл шаруашылығы жерлеріне қаржы салуын және өндірістік мүмкіндіктерді зерттеуін жалғастыра берді. 1850 жылдың соңына қарай, Оңтүстік Азия мен Еуропа кәсіпкерлерінің тобы ағылшын матасымен бәсекеге түспейтін өнімдерді, әсіресе сөмке, төсеніш, жіп және тропиктік елдерден әкелген кендірді, ірі етіп тоқыған өзге де өнімдерді шығару мақсатында бу қуатты зауыттар ашу үшін бірікті. Бомбей (Мумбай) көпесі Дж. Н. Тата (J. N. Tata) мақта иіру фабрикасынан тұңғыш рет пайда тапты, тұңғыш рет үндінің шойын және болат өндірісін құрды. Ол металлургия саласын зерттеу үшін Еуропа мен Құрама Штаттарға саяхаттады, қайтыс болғаннан кейін оның ұлдары және отбасының өзге де мүшелері Калькутта маңынан металлургия кешенін салу үшін, негізінен, үндістандықтарға өз үлестеріндегі акцияларын сатты. Бұл кәсіпорын табысты болды және Бірінші дүниежүзілік соғыс басында «Tata» компаниясы отарлық транспорт әкімшілігі үшін тонналап теміржол рельсі құрамдарын жеткізіп тұрды. Бүгінде «Tata» – корпорациялар конгломераты және дүниежүзіндегі алып болат өндірушілердің бірі.

Капитализмнің жаһандық жетістіктері

ОЙЛАН: ХІХ ғасыр соңында жаһандық экономика қай бағытта өзгерді?

ХІХ ғасырда бірқатар мемлекеттер алып өндірістік кешен салды. Адамдар индустриялық революцияға алуан түрлі жолмен атсалысты, азық-түлік өндірді, жіп иірді, капиталистік кәсіпорындарда жұмыс істеді және сырттан әкелген өндірістік тауарларды қолданды. Миллиондаған адам болат және мата фабрикаларында жұмыс істеді, өзге бірнеше миллион адам астық әзірледі, мақта жинады, ағаш кесті немесе табиғи каучук дайындады.

Бейресми империя – қуатты мемлекеттің шетелдік қоғамға саяси-экономикалық ықпал ету жолымен өз мүдделерін қорғайтын, бірақ жеріне бақылау орнатпайтын құрылым.

Индустриясыздандыру – мемлекет немесе аймақ тауар өндіруде шетелдік бәсекелестік немесе басқыншылық салдарынан бұрынғы мүмкіндігінің ең болмағанда бір бөлігінен айырылатын экономикалық үдеріс.

Дүниежүзілік коммуникация желісі

ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Еуропаның бірқатар экономика ойшылдары индустрияландыру тұралап қалуы мүмкін деген қаупін айтты. Өйткені өндіріс өнімдеріне арналған нарық жеткілікті деңгейде тез дами алмады. Сол уақыттың өзінде индустриялық қайта өндіру қысқамерзімді экономикалық басқаруға ықпал етті. Алайда бұл мәселе осы ғасырдың ортасындағы онжылдықтарда дағдарыстық сипатқа ие болған жоқ, өйткені өндірушілер алыс аймақтардағы жаңа нарықтарға таралды. Жаңа заманғы теміржол және пароход желілері арқылы жүктерін кесте бойынша одан әрі жөнелтуге мүмкіндік бар еді. Бұл көпестер мен өндірушілердің қадамын жоспарлап, зат құнын бағалауына ықпал етті. Ұзаққа созылған телеграф желілері шикізатқа тапсырыс беріп, бағаны белгілеп, ақша аударымдары тапсырысын қабылдап, абыр-сабыр болып жатты.

23.1-КЕСТЕ. ЖЕТІ МЕМЛЕКЕТТЕГІ Теміржол ЖЕЛІЛЕРІНІҢ ҰЗЫНДЫҒЫ (шақырыммен)4.

Мемлекет

Жыл

Құрама Штаттар

Британия

Германия

Ресей

Үндістан

Жапония

Аргентина

1860

49,286

14,603

11,089

1,626

1,542

9,8

1880

186,111

25,060

33,838

22,865

15,764

6,500

(1885)

1900

416,461

30,079

51,678

53,234

40,396

5,720

(1899)

8,138

1910

566,099

32,184

61,209

66,581

52,767

11,479

(1914)

28,574

Құрама Штаттар, Британия, Германия, Франция мен Ресей теміржол құрылысында дүниежүзіндегі жетекші елдер болды (23.1-кестені қараңыз). Канада, Австралия және Аргентина да Еуропа қаржысы мен тәжірибесін қолдана отырып, мықты жүйе құрды. Құрама Штаттарда 1869 жылы теміржол инженерлері Атлант мұхиты мен Тынық мұхиттың арасын жалғады. Канада бұл жетістікке он алты жылдан кейін жетті. Үндістанда 1857–1858 жылдары Ұлы үнді көтерілісінен кейін (22-тарауды қараңыз) ішінара субконтиненттегі британдық әскери бақылауды күшейту үшін жекеменшік компаниялар теміржол желісін дамытты. Теміржолдар сондай-ақ Мысыр, Осман империясы, Жапония, Алжир, Оңтүстік Африка және Латын Америкасы елдерінің барлығында болды. 1880 жылға қарай, кез келген адам теміржол арқылы Мехикодан Нью-Йорк қаласына дейін саяхаттай алатын еді. Суэц каналы ашылғаннан кейін, 1869 жылы пароходтар Еуропа мен Азия айлақтары арасындағы сапар уақытын қысқартып, сауда шығындарын азайтты. 1800 жылы Лондон мен Калькутта арасында нақты бизнес хаттарымен алмасу үшін екі жыл уақыт керек болды. 1914 жылға қарай бұл жол төрт аптаға қысқарды.

Суэц каналының ашылуы. 17 қараша, 1869 жыл. Будан қуат алған желкенді кемелер Мысырдың ақ желкенді фелюккасымен (felucca) бірге көрермендердің қошеметімен арнаны кесіп өтті. Канал құрылысын салу мен пароходтар пайда болуының арасында қандай себеп-салдарлық байланыстар бар?

Су астынан жіберілген кабельдік байланыс, Ла-Манш арқылы тартылған желі бойымен техник мамандар хабарлама жіберген кезде, 1851 жылы ашылды. Инженерлер 1858 жылы Британия мен Канада арасында кабельдік желі тартқаннан кейін, Нью-Йорк тұрғындары көпшілікке арналған мереке ұйымдастырды. Бір жарнама тақтайшасында былай жазылған еді:

НЕКЕ САЛТАНАТЫ:

Бейсенбі, 5 тамыз, 1858 жыл,

Прогресс шіркеуінде

Коммерция алтарында

Жаңа өмірге!

Байланыс ажырамасын!5

Дегенмен салтанат сәтсіз басталды, өйткені байланыс тез арада үзіліп кетті. Жұмысшылар оны қайта қосуға талпынды, бұрынғыдан да қуаттырақ электр тоғын жүргізді және су астынан өтіп жатқан желіні коррозия мен үзілуден сақтайтын материалдар ойлап тапты. Жаңа тартылған трансатлантикалық желі 1866 жылы жұмысын жалғастырды. Төрт жылдан кейін, британдық техник мамандар Лондонды Үндістанның батыс жағалауымен байланыстырды, бұл байланыс ағылшын зауытына үнді елінен бір минут ішінде мақтаға тапсырыс беруге жағдай жасады.

Асыраушы индустриялық қоғамдар

ХІХ ғасыр соңында өнеркәсіп орындарында, қызмет көрсету саласы мен экспорт-импорт индустриясында жұмыс істеу үшін миллиондаған адам қалаға қоныс аударды. Өзгелер бұл адамдарды қарапайым қуат берер құнары бар немесе аздап рақат сыйлайтын қорекпен қамтамасыз етуге тиіс еді. Екпінді дамып келе жатқан қалалар маңында тұратын фермерлер сұранысты толықтай қамтамасыз ете алмады, сондықтан азық-түлікті алыстан тасымалдауға мәжбүр болды. Қуанышқа орай, ашыққан жұмыскерлер үшін жаңа бу қуатты көлік жүйесі астық пен өзге де азық-түлікті дүниенің бір түкпірінен екіншісіне тасымалдауда жылдамдықты күшейтіп, жолға кететін шығынды азайтты.

Жаңа Еуропалардан тасымалданған азық-түлік. Индустриялық Еуропадағы қалалық жұмысшылар бидай ұны, қой, сиыр, шошқа етін жегісі келді, көбіне-көп осындай тағамдар дүниежүзінің өзге қоңыржай климатты аймақтарынан тасымалдануға тиіс еді. 1880 жылдары Құрама Штаттар бидай мен өзге де астық түрлерінің ірі экпорттаушысына айналды. Аппалачидан Сеңгір тауларға дейін созылған 1200 миль көгалды жазық алып фермерлік шаруашылыққа айналды. Байырғы Америка халқын қарулы әскер ығыстырып тастағаннан кейін, жекеменшік компаниялар астық пен жайылымдағы малды қалаға тасу үшін теміржолдар салды, саудагер фермерлер «McCormіck» көліктері мен өзге де механикалық құралдармен жол жүрді. Британдық капитал көмегімен Канада да Құрама Штаттарға ілесе ферма, зауыт және көлік құралдарын механикаландырды. Осы ғасыр соңында инвесторлар Манитобадан Британдық Колумбияға дейінгі Канаданың батыс аймақтарынан минералды қазба байлықтар, ағаш материалдары мен астық ала бастады. Австралияда мал бағушылар отар-отар қойға жайылым жерді босату үшін жергілікті аңшыларды Аутбэктің шөлейтті жерлерінің ішкі өлкелеріне ысырды. Оңтүстік Американың оңтүстік қиырында астық, қой, ірі қара мал өсіруге қолайлы климат экономикалық өсімге мүмкіндік берді. 1871–1915 жылдары шамамен 2,5 миллион еуропалық Аргентинада мекен етті, олардың көпшілігі шұрайлы пампастардан астық пен сиыр етін экспорттау арқылы ақша тауып, күн көрді.

Тропиктік азық-түлік пен еліткіш тағамдар. Тропиктік ендіктерде өскен тағамдар – дәнді дақылдар, май өнімдері, жаңғақтар, жемістер мен дәмдеуіштер де үнемі өсіп отыратын қала нарқында жоғары бағаланды. Олардың арасындағы қант, шай, какао, темекі және апиын секілді «еліткіш тағамдар» жоғары сұранысқа ие болды. Тропиктік плантациялардан аса көп көлемде жөнелтілген мұндай өнімдері оларды сатып алуға мүмкіндігі бар әрбір елдегі халықтың тамақтану дәстүрін өзгертті. ХІХ ғасырда ағылшын тағамдарының жылнамашысы халықтың жаңа тәтті-тұрымға құштарлығын былай жазды: «Тіпті кедей-кепшіктің қарапайым кешкі ас мәзірінде пудинг табылатын. Ыстық пудинг, суық пудинг, буланған пудинг, піскен пудинг, балкүлше, бәліш, балқаймақ… сүт пудингі, майлы пудингтер»6.

Қант қосқан кофе мен шай шаршаған жұмысшыларға күш берді, ром мен джин олардың шөлін басты. Орта және жұмысшы тапқа арналған, халық көп жиналатын жерде кофеханалар мен шай дүкендері көбейді. Өн-бойын сергітіп, ауруды басып, жақсы ұйықтау үшін темекі мен апиынды қолданатындар қарасы да айтарлықтай өсті. Британдық көпестер миллиондаған қытайдың апиынға, әлсіз есірткіге, күшті морфин алклоидіне тәуелді болуына қуана көмектесті. Британдық саудагерлер өздеріндегі еліткіш тауарларын қытай шайына айырбастайды.

Қанттың артықшылықтары. ХІХ ғасыр соңында Лондон маңындағы Плэйстоуда Глиб тазарту зауыты импортталған қант қамысынан алтын (сары) шәрбат жасады. Глиб жарнамасы қанттың көпшілік тұтынатын тағам ретіндегі маңыздылығын суретте қалай бейнелеген?

Капиталистік ауыл шаруашылығы. Сұранысы артқан тропиктік тауарларды көптеп өсіру үшін миллиондаған акр жер игерілді. Еуропа мен Америка кәсіпкерлері Азия, Африка және Латын Америкасы билеушілерімен және жер иеленушілерімен жиі-жиі бірігіп, тропиктік ормандар мен жайылым алқаптарын ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін тазартып отырды. Үлкен алқаптардың ішіне шағын иеліктерді топтастыру үшін кәсіпкерлер үкіметпен жиі-жиі күш біріктіріп, шаруа қожалықтарын сатып алды немесе тәркіледі. Еңбекақы төлейтін жұмысқа мәжбүрлеу үшін жер өңдеушілерді ақшалай салық төлеуге міндеттеді. Мысалы, Аргентина және өзге де Оңтүстік Америка елдерінің үкіметтері мұхиттың арғы жағындағы нарық үшін азық-түлік пен жүн өндіру мақсатында дәулетті инвесторларға ірі жайылым жер бөліктерін сатып алуға рұқсат берді. Оңтүстік Азияда Британ отарлық билігі ұршығы мен тоқыма станоктары бар халықты болмашы еңбекақы төлейтін ауқатты адамдардың жерлерін алып, иелікке бірігуге шақырды. 1869 жылы Үндістанның бір бөлігіндегі британ мақта комиссары отарлық сауда саясатының мақсатын ашық түсіндірді:

«Қазір үлкен үміт күте алмаймыз, өйткені жергілікті мақта өнімдерін төмен бағамен сату мақсатында осы аймақтағы теміржол бөлімшесі арқылы Еуропа тауарларының бір бөлігі импортталуы ықтимал. Шикізатты тасымалдау және иірген жіпті көп көлемде экспорттау үшін иіру мен тоқыма саласында жұмыс істейтін халық ауылшаруашылық жұмыстарына тартылуы мүмкін»7.

ХІХ ғасыр соңында көптеген аймақта коммерциялық ауылшаруашылық өнімдері, атап айтқанда, Бразилияда – кофе, Кубада – қант, Алтын жағалауда (Гана) – какао, Нигерияда – пальма майы, Малайзияда – каучук және Оңтүстік-Шығыс Азияда – күріш дайындайтын кәсіпорындар көбейді. Құрама Штаттардан бастап Үндістанда, Мысырда, Бразилияда және Ресей империясының оңтүстіктегі аймақтарында жаппай мақта өсірді. Жер иеленушілер жергілікті шаруаларды мүмкіндігінше өте аз еңбекақыға жалдады немесе келісімшартпен шетелдік жұмысшыларды тартты, олар кейде өте алыс аймақтардан келетін (22-тарауды қараңыз).

Қылмыскерлердің білім-білік талап етпейтін жұмыстарын бақылаушы еуропалық және америкалық капиталистер тропиктік экспорт өндіретін елдерге экономикалық ықпалдасуға көмектесу үшін емес, негізінен шикізатты теңіз айлақтарына жеткізіп, кеме күту үшін теміржолдар салды. Бұл желілерден түскен пайда инвесторлар мен жергілікті ақсүйектердің қалтасына түсті. Мысалы, Мексикада елдің авторитарлық президенті Порфирио Диас (1876 мен 1910 жылдар аралығында ел басқарды) 1911 жылға қарай елдегі теміржол желісін 15 мың мильге дейін созды. Диас Мексика халқының бірігуін сөз етті, алайда шетелдік банкирлермен, инженерлермен біріге отырып, ол ең алдымен мыс, қорғасын, мырыш және бірқатар тропиктік ауылшаруашылық өнімдерін инвесторлардың, мексикалық бай әулеттердің, мемлекеттің пайдасы үшін экспорттауды реттеуге ұмтылды.

Қарызға батқан фермерлер. Өз-өзіне келген фермерлер ауыл шаруашылығындағы жұмысын еңбекақы алатын еңбекке ауыстырды да, кедей-кепшікке айнала берді. Бұл, әсіресе, әлемдік мақта саласында байқалды. Америкадағы Азамат соғысы оңтүстік штаттардағы құлдар өсірген мақта экспортын түбегейлі тоқтатты. Бұл оқиға өңделген мақта құнының күрт қымбаттауына алып келді. Үндістан, Мысыр, Бразилия және жер иеленушілер мен жалдаушылар шаруаларға ақы төлеп, мақта өсіретін өзге аймақтарда бағаның шарықтауын қаржысы бар кәсіпкерлер тамаша іскерлік мүмкіндік деп санады. Олар тәуелсіз фермерлерді өздеріне арналған азық-түлік өнімін аз өсіріп, нарық үшін көп мақта өсіруге міндеттеді. Бұған қоса, миллиондаған шаруа шешуші қадам жасап, пайдасы мол іске бірінші болып қосылды. 1860–1866 жылдар арасында мақта экспорты Үндістанда екі есе, Бразилияда үш есе өсті.

Дегенмен әдетте аз азық-түлік өнімін өсіретін отбасылар, жер иеленушілерден немесе жергілікті несие берушілерден салық төлеп, құрал-жабдық пен тұқым сатып алып, мақтаны сатқаннан кейін, қайтарып беру үшін қарызға ақша алды. Азамат соғысы аяқталғаннан кейін, Америкада мақта өндірісі тез қайта жанданды және дүниежүзіндегі мақта бағасы төмендеді. Осылайша, барлық аймақтардағы шағын мақта өсірушілер қарыз құрсауында қалды. Олар жыл сайын жауапкершіліктерін орындамаса қарызданған жалшыға51 айналды, жұмысшылар ауылшаруашылық және өзге де еңбекақы төлейтін жұмыс істеуге, өмірінің соңына дейін ұдайы несие төлемдерін өтеп тұруға тиіс болды. ХІХ ғасыр соңында Үндістан, Мысыр, Латын Америкасы және оңтүстік Құрама Штаттарда миллиондаған фермер қаласа да, қаламаса да жаһандық нарық үшін мақта және өзге де ауылшаруашылық өнімдерін жинады.

Қарызданған жалшы (debt peon) – несиесін өтеуге міндеттеме алған, әдетте ферма немесе плантацияда еңбек ететін жұмысшы.

Бай аймақтар, кедей аймақтар

Күрделі әлеуметтік құрылым пайда болғаннан бастап, индустриялық революцияға дейін алты мың жыл бұрын аграрлық қоғамның барлығы бай және кедей таптардан тұратын. Әдетте, мейлі олар Қытайда, Батыс Африка немесе Испанияда тұрсын, ақсүйектер табы асып-тасқан байлық иемденді, ал фермерлер мен жұмысшылардың күнкөріс деңгейі анағұрлым жұпыны болды. Алайда ХІХ ғасыр соңына қарай, әлеуметтік мәртебеге байланысты күнкөріс деңгейіндегі айырмашылық қоғам ішінде ғана емес, дүниежүзінің түрлі аймақтарындағы елдер арасында да байқалды. Айрықша атап кету керек, жеке адамдар табысы мен орташа өмір сүру ұзақтығы тек шикізат эскпорттайтын елдерге қарағанда, негізінен индустриялық дамыған аймақтарда тез жоғарылады. Осы ғасыр соңында, мысалы, Берлинде өнеркәсіп жұмысшысының орта жасы шамамен қырық төрт жас, ал Бомбейдегі жұмысшының орта жасы жиырма сегіз болды8. Үндістан, Қытай және Перудегі фермер отбасылары негізінен кедейлене берді, ал Франция, Германия және Канададағы фермер отбасыларының өмірі аздап болса да жақсара түсті. «Қолында бар» және «құр қол» қоғамдар арасындағы осы айырмашылықтың ұлғаюы адамзатты әлі күнге дейін толғандыруда. Оған жергілікті және жаһандық деңгейдегі бірқатар факторлар ықпал етті.

Дүниежүзі халқы санының өсуі. Біріншіден, 1870–1914 жылдар аралығында халық саны шамамен 1,27 миллиардтан 1,8 миллиардқа жақындады. Ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер де жаһандық деңгейде анағұрлым ұлғайды. Алайда әсіресе Латын Америкасындағы, негізінен, ауылдық аймақтарда кедейлік көбейді, өйткені халық саны жедел өсті, бірақ жаңа жерлер болмады және еңбекті үнемдейтін технологиялық жетістіктер де байқалмады. Соған орай, өмір сүру деңгейі төмендеді. Соған қарамастан, үнемі кедейлену «халықтың тығыздығымен» байланысты емес. Мысалы, Қытайда негізінен өмір сүру деңгейі төмендеді, соған қарамастан, 1870–1913 жылдар арасында елдегі жалпы халық саны бірқалыпты өсті.

Тең емес ойын алаңы. Индустриялық елдердегі инвестициялық капиталдың, техникалық мүмкіндіктердің және әскери күштердің ұлғаюы өндірісі артта қалған мемлекеттерге үстемдік орнатуға жағдай жасады. Олар сол ел өндіретін арзан тауарларды сырттан тасымалдау үшін, жергілікті кәсіпорындарды ығыстырып, шетелдік еңбек мигранттарын тартып, жергілікті еңбекақыны төмендетті немесе ел экономикасын әлсіретуге ықпал ететін барлық тарифтерді төмендету үшін саяси қысым қолданды. Бұл әдіс, басқаша айтқанда, өндірісі артта қалған елдерде жүйені шатастырды, әсіресе өз елдеріндегі ауқатты тап өкілдері дәулет жинау мақсатында батыстық капиталистермен құпия келісім жасасқан елдер экономикасын әралуандандыру үшін экономиканы қатты күрделендіріп жіберді. Мысалы, Мексикада Диас билік құрған отыз төрт жыл бойы елдегі 200 ақсүйек отбасы жердің шамамен 50 пайызын иеленді, ал қарапайым халықтық еңбекақысы төмендеді.

Жаһандық экономиканың шарықтауы мен құлдырауы. Ескі биологиялық тәртіп барысында, яғни жаңа энергетикалық революцияға дейінгі әлемде, жыл сайын астық сапасына тәуелді барлық ауылшаруашылық жерлерінің экономикалық әл-ауқаты жақсы еді. Оның өзі табиғи және әлеуметтік жағдайға – ауа райы, табиғи апаттар, әлеуметтік тұрақтылық, шетелдік басқыншылық және тағы басқа жағдайға тәуелді болды. Алайда мелекеттер өндірісті дамытып, жаһандық сауда күрт өскендіктен, жаһандық экономикалық жағдайдың ақсайтын тұсы – экономистердің сөзімен айтқанда бизнес цикл52 басталды. Осынау өндіріс, тұтыну және саудадағы тербеліс тауардың индустриялық өнімділігі мен оған тұтынушының тәуелділігі арасындағы теңгерім өзгерісіне байланысты. Ол кез келген жерде бірнеше айдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін. Ауқымды жаһандық экономикалық интеграция дүниенің бір бөлігінде болып жатқан құлдыраудың өзге аймақтардағы өсімге солай ықпал ету мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Мысалы, дағдарыс 1873 жылы дүниежүзін қамтыды және шикізат бағасы құлдырады. Компаниялардың қаржылық акциялары күрт қысқарды, теміржол компаниялары банкрот болды және темір өңдейтін зауыттар жабылды. Бағалар төмендеп, фабрика қожайындары мен шикізат өндірушілер еңбекақыны бірдей қысқартты. Бағалардың төмендеуінен жериеленуші шаруалар да табысынан айырылды. Бұған қоса, мақта, қант, шай және өзге де тропиктік тауарлар ширек ғасырға жуық бойы сатылмай қалды. Жаһандық экономика тек 1896 жылы ғана жаңа өрістеу кезеңіне ойысты, алайда одан кейін дүниежүзі халқының басым бөлігі кедейшіліктің құрсауында қалды.

Ормандарды отау және құрғақшылық. Бай және кедей аймақтар арасындағы айырмашылықтың ұлғаюына себеп болған соңғы фактор – қоршаған ортаның өзгеруі. ХІХ ғасырда адамзат тамақ пен мақта өсіру және ағаш материал дайындау үшін ормандарды өртеп, тазалауға барынша күш жұмсады. Бразилияда ауқымды тропиктік ормандардың орны кофе алқаптарына айналды. Эквадорлық Индонезиядағы голланд және еуропалық өзге де плантаторлар мен ағаш дайындаушылар миллиондаған акр табиғи өсімді жойды. Орманды жою табыс әкелгенімен, топырақ жылдам эрозияға ұшырап, құнарсызданды. Яғни үлкен плантациялар мен шағын отбасылық фермаларда бірдей атқарған үлкен еңбектің өтеуі табиғатқа кесірін тигізді. Үкімет өкілдері мен жериеленушілер көбірек күш жұмсағанда, ормандарды отауды баяулатар ма еді. Кейбір елдер, Жапония ең бірінші болып табиғатты қорғаудың қатаң бағдарламасын қолға алды.

Үндістандағы Эль-Ниньо циклі кезінде ашыққан отбасы. Жұттан әсіресе жергілікті азық-түлік өндірісін коммерциялық мақсаттағы ауылшаруашылық өнімдері алмастырған аудандарда адамдар қатты зардап шекті.

Жаһандық «ауа райы құбылысы» да – айрықша мәселе. ХІХ ғасыр соңындағы үш түрлі кезең – 1876–1877, 1889–1891 және 1896–1902 жылдары қатты қуаңшылық болып, Латын Америкасы, Африка, Азияның үлкен аумақтарында, Солтүстік Америка мен Еуропаның бірқатар өңірлерінде аштық басталды. Бұл табиғи дағдарыс Оңтүстік Тынық мұхит бетіндегі температураның көтерілуіне орай әлсін-әлсін байқалатын табиғи құбылыс – Эль-Ниньо оңтүстік тербелісіне байланысты еді. Бір журналист Атлант мұхиты жағалауындағы Марокко қаласы Могадорда (Эс-Сувейра) болған аштықты былай сипаттайды: «Могадорда кедей тұрғындар... Еврей және мұсылман отбасыларында аштық кесірінен қала маңындағы аудандарда кедейлер күрт көбейіп кетті. Құр сүлдерін сүйреткен оларға жайбарақат қарау мүмкін емес… Олар тамақ табу үшін киімдері мен жиһаздарын сатуда»9.

Эль-Ниньо тербелісі тарихта алғаш кездесіп отырған жоқ, алайда бұл жолы цикл капиталистер ауылшаруашылық жерлерінде азық-түлік тауарларын өсіру арқылы қомақты ақша тапқан онжылдықтармен сәйкес келді. Мысалы, Оңтүстік Азияда британдық отарлық билік «кедейлерге көмектескен жақсы ғой, алайда шикізат экспорттауға ештеңе кедергі келтірмеуге тиіс» деген пікірде болды. Шындығында, теміржол машиналары мен пароходтарға Англияға арналған астық тиеле берді, ал ашыққан үнділер оған қарап тұрды. Бір қана Азияда Эль-Ниньоның үш циклі кезіндегі адам шығыны 20–25 миллионға жетті. Бұл жұт әсіресе тропиктік Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тәуелсіз мемлекеттерді әлсіретті. Олар ендігі жерде өзіміз байқағандай, осы ғасыр соңында келген Еуропа басқыншылығына төтеп бере алмады.

Бизнес цикл – әдетте дағдарыс, қайта қалпына келу, өсу және дағдарыстың қайталануын сипаттайтын экономикалық белсенділік жүйесі.

Қалалық жұмысшы табының жағдайы

Дүниежүзіндегі жұмысшылар экономикалық жағдайларын көтеру үшін жасампаз стратегияларды ойлап тапты. ХІХ ғасыр соңында, әсіресе 1873 жылы болған апаттан кейін, аз еңбекақы, қаладағы кедейлік және құқықтардың шектелуіне қарсы көтерілістер толқыны үдей түсті. Алып индустриялық елдерде жұмысшылардың ұйымдасуы мен қозғалысы біршама жақсы жағдай жасап берді. Ағаш шебері немесе тас қашаушы секілді мамандықты игерген ер адамдар бір ұйымға топтасты, мамандығы бар немесе мамандығы жоқ жұмысшылар да кейде бір қауымға бірікті. Бұл ұйымдар еңбекақыны көтеру, жұмыс күнін қысқарту, балалар еңбегіне тыйым салу және азық-түлік стандарттарын қорғау үшін ереуілдер, шерулер ұйымдастырып, саяси лоббиге қатысты. Көптеген ұйым маркстік және өзге де идеологияларды қабылдап, қоғамдық-саяси партиялармен байланыс жасады. Америкалық Жұмысшылар федерациясы секілді ұйымдар еңбек жағдайын либералды-капиталистік негізде жақсартуға ұмтылды. Германияның конвервативті канцлері Отто фон Бисмарк социалистік ұйымдарды шектеді, сонымен бірге жұмысшыларға мүгедектіктен сақтандыру және қарттық жасқа келгенде жәрдемақы тағайындау секілді артықшылықтар бере отырып, халық қолдауына ие болды. Дегенмен маркстік жұмысшы және саяси қозғалыстар Германия мен Еуропаның өзге де елдерінде күшейе берді.

Әйелдердің жұмыс күші. ХІХ ғасыр соңында дүниежүзінде жалдамалы еңбек нарығында жұмыс істейтін әйелдер саны айтарлықтай ұлғайды. Жиналған астықпен бөлісетін, уақытша келісімшарт немесе өмірлік несие қалыпты жағдай саналатын жерлерде үй күтімі, тамақ жасау, бала тәрбиелеу секілді салаларда әйелдер еркектермен бірдей жұмыс істеді. Ер адамдар мен бозбалалар құрамы, әсіресе жұмысшылары өз үйлерінен қашықта, плантациялар мен зауыттарда басым болды. Әйелдер ауылды аймақтарда қалып, көбіне кедей жерлерде шағын фермаларды басқарды.

Жапонияда ХІХ ғасырда жас, тұрмыс құрмаған ауыл әйелдері тым аз еңбекақы үшін қаладағы фабрикаларға жұмысқа барды. Сол кезеңде, Жапонияның өндірістегі жұмыс күшінде әйелдердің үлесі басым болды. Еуропаның батысында ХІХ ғасыр аяғында зауыт жұмысында әйелдер үлесі іс жүзінде қысқарды. Зауыттарда жұмыс істейтін әйелдер, патриархаттық дәйектерді ысырып қойып, ер адамдармен бірдей еңбекақы алатын болды, оларды христиандық ұстанымды бұзуға итермеледі және ерлердің әйелдері мен қыздарын дәстүрлі бақылауы кеміді.

Батыс Еуропада мәдени және қоғамдық көшбасшылар, негізінен, Ұлыбритания королевасы Виктория (1837–1901 жылдары билік құрды) атымен аталған «викториандық» сипаттағы моральдық қағидаларды қалыптастырды. Техниканың дамуы және ғылыми білім, сондай-ақ кәсіби қызмет пен басқару жұмыстары әйелдер атқаратын іс емес деп есептелді. Өйткені құдай әйелдерді ер адамдарға қарағанда интеллектуалды және эмоционалды тұрғыда әлсіз жаратқан сияқты. Ал ұлттық идеология, керісінше, әйелдерді ана деп құрметтеді. Әйелдерге ұрпақты дүниеге әкелу, оқыту секілді қасиетті жауапкершілік жүктелген. Әйелдерді біліктілік талап ететін жұмысқа алған Батыс жұмыс берушілері кейде еңбекақыны қысқарту мақсатында олардың қызметін «біліктілігі жоқ» деп өзгертті. Әйелдерге әлеуметтік «гендерлі» мамандықтардың бірнеше түріне рұқсат берді: бастауыш мектепке сабақ беру, үй шаруасында қызмет көрсету, тігін машинасымен жұмыс істеу және дүкенде зат сату. Дене күшіне қатысты талаптар қоймайтын өзге мыңдаған жұмыс түрі «тек ер адамдарға» арналды.

Жаһандық орта таптың келбеті. Бүгінгі әлемде индустриялық дамыған мемлекеттерде халықтың басым бөлігі өздерін «орта тапқа» жатқызады. Жалпы айтқанда, олардың жайлы үй, көлік, электр қуаты, білім алу мүмкіндігі және т.б. тұтынушы қоғамның негізгі артықшылықтарын иелену үшін жеткілікті табысы болды немесе соны табуға ұмтылды. Экономикалық дамуы артта қалған елдерде өзін-өзі анықтаған орта тап шағын болуы мүмкін. Дегенмен олар да осындай артықшылықтардан үмітті. Бұл тап ақсүйек жер иеленушілер мен сауда, өндіріс салаларында жетістікке жеткен «жоғары буржуазиядан» бір саты төмен әлеуметтік ортаны иелендік деп есептейді. Бірге жұмыс істейтін, білімі төмен немесе қоғамда елеусіз өмір сүретіндерден өздерін бір саты жоғары қояды. Ұлыбританияда орта тап өкілдерінің бейресми стандарты бойынша қатардағы қызметші болмау үшін оның қызметші жалдауға қаражаты жетуі керек. Әдетте заңгерлер, дәрігерлер, ғалымдар, инженерлер, мұғалімдер, журналистер, мемлекеттік қызметкерлер, орта буын менеджерлер мен бизнес иелері орта тап саналды. Өнеркәсібі артта қалған елдерде саудагерлер, мамандар, оқытушылар, зиялылар және үкімет қызметкерлері шағын орта тапты құрайды.

Оксфорд университеті, Пембрук колледжіндегі үй қызметшілері. Үй шаруашылығы мен мекеме жұмыс берушілері қызметшілерді үй тазалау, тамақ пісіру, дастарқан басында қызмет көрсету, кір жуу және бала күтімі үшін жалдады. ХІХ ғасыр соңындағы Оксфорд колледж-интернаты қызметкерлерінің гендерлік, жас және нәсілдік сипатына қатысты қандай қорытынды жасайсыз?

ХІХ ғасырдағы жаһандық экономикалық сипаты орта таптың ерекшеленуін талап етті. Біріншіден, дүниежүзінде бұрын-соңды қажет болған индустриялық революцияны салыстырмалы түрде жалпы бұқарадан бұрын, мамандық меңгерген және білімі жетілген адамдар анағұрлым көбірек қалады. Екіншіден, орта тапқа жататын адамдар, негізінен, қалалық аймақтарда тұрады, өйткені бизнес, ресми мекемелер, мектептер мен газет-журналдар сонда орналасқан. Бұл Лондон, Нью-Йорк, Бомбей, Стамбұл, Мехико секілді қалаларға тән. Дүниежүзінде қалада тұратын орта тап өздерін «жаңашыл» деп есептеді, себебі олар материалдық меншік, киіну, тамақтану және бос уақытты ұйымдастырудың белгілі стандарттарына ұмтылатын әлеуметтік топ еді. Үшіншіден, жаһандық байлық пен билік теңгерімі ХІХ ғасыр соңында Батыс Еуропа бағытына қарай дендеп ене берді, ал еуропалықтар аз уақытқа болса да, жаңашыл адамдар қалай көрінуі, ойлануы, әрекет етуі керек деген ережені бекіту құрметіне ие болды. Еуропалықтар өз құрлығынан тыс қай жерге сапарласа да, өздерімен бірге викториан құндылықтарын, либералды немесе социалистік идеяларды және ерекше киімдерін бірге алып жүрді. Сол кезеңде дәулетті отбасынан шыққан жапондар, түріктер, үнділер, мексикалықтар жаңа өмірдің үлгісін көрсеткен Еуропаға немесе Америка қалаларына саяхаттады.

Орта тап барлық аймақта жаңа заманның еуропалықтар бекіткен нышандары мен белгілеріне келісуге бейім болды. Буэнос-Айрес, Александрия, Токио және Чикаго сияқты қалаларда, ер адамдар лондондықтар немесе париждіктер секілді костюмдер мен төбесі биік қалпақтар киді. Олар іскерлік пен жеке тәртібін көрсету үшін арнайы тіккен, біркелкі, ықшам киімдер еді. Каракастан бастап Гонконгқа дейінгі аралықта орта тапқа жататын халық кофеханалар мен шай дүкендеріне өнер мен саясат туралы әңгімелесу үшін жиналды; олар теннис, крикет секілді спорт түрлерімен айналысты; халықаралық мәртебеге ие ағылшын және француз тілдерін меңгеруге тырысты. Әсіресе Жапония мен Латын Америкасындағы дәулетті жаңашыл отбасындағы әйелдер үй қабырғаларына еуропалық картиналар іліп, опера театрына жарымен барып, корсет киіп, белін қынап, т.с.с. әдеттер қалыптастырды. Барлық елде орта тап ұлттық және жаһандық оқиғалардан хабардар болу үшін газет оқыды.

Маймыл-шоу. Суретші Кинкичиро Хонда Жапонияның беделді газетіне карикатура жариялады. Бұл суретте былай жазылған: «Барлық маймылдар еуропалық үлгіде киінген және қай жағынан қарасаң да маймыл тәрізді шетелдіктерше тырысып бағуда». Жапондардың батыс киіміне ұмтылғанын әжуалаған Хонда Жапониядағы қандай жалпы өзгерістерді сынады?

Дүниежүзіндегі қалалық орта тап жаһан халқының шағын ғана бөлігі болғанымен, нақты үлгі мен көзқарастары бірыңғай еді. Алайда бұл мәдени өзгерістің шегі де болды. Дүниежүзінде Еуропаның экономикалық және әскери басқыншылығы орнауына куәгер жас жаңашылдар ашық мәдени «батыстану» мен өз елдеріндегі құндылықтардың, салт-дәстүрлердің жаңғыруының арасындағы алтын аралықты іздеді. Мысалы, Жапонияда 1880 жылы қалалық жас талғампаздар «Батысқа құмартты». Еуропа әдебиетін оқып, еуропалық спорт жакеттері мен белдемшелерін киді. Ондаған жылдар бойы батыстық жолмен жапондық өмірін жаңартуға тырысқан адамдар бұл әрекетінен түк шықпаған соң дәстүрлі жапон үлгісіне оралды. Осман империясында жаңашыл бағыттағы адамдар еуропалық үлгіде киіне бастады, алайда олар дәстүрлі сәлделерін еуропалықтардың төбесі биік қалпақтарына емес, конустық П тәрізді (flat-topped) солтүстікафрикалық жалпақ фездерге ауыстырды.

Ғылым, технология, бизнестің жаһандануы

Жаһандық орта тап бір мезгілде үлкен бизнесте және жақсы ұйымдастырылған ғылыми зерттеулерде қатар дамыды. Жаңа өндірістер бұдан бұрынғы халықаралық сауда кәсіпорындарына қарағанда анағұрлым үлкен бизнес ұйымдарының кешенін талап етті. Ірі ойыншы болудан үмітті компаниялар күрделі технологияларды игеретін, көп көлемде өндіретін, шығындары ауқымды және бір мезгілде әртүрлі өндіріс өнімдерін шығаратын құрылымды иеленді. Әсіресе болат өндірісі немесе химия саласы секілді ауыр өнеркәсіпке салған инвестиция көлемі де бұрын-соңды болмаған деңгейде ұлғайды.

Компания менеджерлерінің инженер, бухгалтер, жұмысшы иерархиясында еңбекақы алатын компания басшысы болуға қарағанда, олардың ұлдарымен, бауырлары және ағаларымен бірге қожайын атануға мүмкіндігі аз болды. Көптеген отбасы иелігіндегі бизнестер акционерлік қоғам болды, сол себепті дәулетті акционерлері басым еді. Картель құрған немесе содан үміттеніп өз кәсіпорындарын біріктірген компаниялар, көп қаржысы бар ұйымдар бағаны қымбаттату және жаңа бастаған кәсіпорындар бәсекелестігіне кедергі жасау туралы құпия келісім жасасқан мысалдар да бар. Экономикалық шоғырландыруды ұлғайту мақсатындағы бұл ұмтылыс ХХ ғасырда жалғасты. Алайда президент Теодор Рузвельт басқаратын Құрама Штаттар секілді бірқатар мемлекеттер монополистердің бағаны жасанды түрде көтеріп отырған асыра сілтеушілігін тоқтату үшін шара қолданды.

Кейбір корпорациялар шикізат алудан бастап, өндіріс арқылы сатылымға шыққанға дейінгі өнім өндірудің барлық кезеңдерін бақылауда ұстауға көшті. Осылайша, олар операцияны әртүрлі орындарда, кейде тіпті әртүрлі мемлекеттерде бақылай алды. Мысалы, 1811 жылы Фридрих Крупп (Frіedrіch Krupp) құрған және 1826 жылы оның ұлы Альфредке (1826 жылы, бар-жоғы он төрт жасында) берілген кәсіпорын оқ-дәрі, әскери кемелер және тұтынушы тауарларын шығарып, Германия металлургия индустриясында тоқтаусыз өсті. 1887 жылы Альфред Крупп қайтыс болған жылы компанияда жиырма бір мың адам жұмыс істеді және қырық бір елге әскери тауарларын сатты.

Еуропа мен Құрама Штаттардың ғалымдары ХІХ ғасыр аяғында теориялық және қолданбалы салаларда таңдай қақтырар жетістікке бірдей қол жеткізді. Энергияның әрекетін түсіндіретін термодинамика заңы ашылған 1840 жылдары физика жаңа заманғы жеке пән ретінде қалыптасты. Химия саласында ғалымдар атомдардың ең алдымен химиялық бөлшек екені және жасуша биологиялық өмірде ең негізгі құрамдас бөлік екені туралы теорияны жаппай мойындады. Ресейлік химик Дмитрий Менделеев химиялық элементтердің периодтық жүйесіне алпыс үш элементті қосты, сондай-ақ ашылуы мүмкін көптеген элементтерге болжам жасады. Биологияда аурулардың микробтық теориясы қоғамдық денсаулыққа пайдалы ережелерді дайындаған француз ғалымы Луис Пастер (Louіs Pasteur) түзіп шықты. Дарвин 1859 жылы басылған «Түрлердің шығу тегі» («The Orіgіn of Specіes») деген еңбегінде тіршілік түрлері тиянақталып бітпегенін, олар үнемі дамитынын, ал эволюция табиғи іріктеу үрдісі нәтижесінде жүретінін айтты. Дарвиннің пікірінше, жануарлар мен өсімдік түрлері арасында айырмашылық аз және түрлі тіршілік иелерінің арасындағы өмір сүру үшін күрес қандай да бір шағын генетикалық артықшылықты сұрыптайды. Бұл артықшылық кейін оның ұрпағына беріледі. Бұл революциялық идея ғылым әлемін селт еткізді және адамзат болмысы мен маймылдан бастап, қарапайым ағзалар мен жан-жануарлар жаратылысы ортақ деген ұстанымға қатысты қоғам тарапынан қызу пікірталас тудырды.

Дарвиннің эволюция теориясы ауқымды пікірталас тудырды. Париж сатира журналы Чарльз Дарвинді маймыл ретінде ғана бейнелеп тұрған жоқ. Дарвиннің «ғылым ағашына» ілініп тұрғанын көрсету арқылы суретші қандай көзқарасты білдіргісі келді деп ойлайсыз?

Бұрын-соңды болмаған ғылыми жаңалықтар кемеңгер ойларға ғана емес, сонымен қатар жүйелі ұйымдастыру мен әріптестікке байланысты туындады. Ерте индустриялық кезеңде техникамен айналысатын кәсіпкерлер мен ғалымдар идеялар алмасқанымен, байланыс желісі бейресми және шашыраңқы болды. Қолөнершілер мен инженерлер арасында арнайы білімі барлар аз еді. Сәйкесінше, теоретик ғалымдар бұл техникалық жаңалық іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп бермес бұрын бу қуатты машиналарды шығара берді. 1850 жылдан кейін ғалымдар, технологтар ғылыми зерттеу мен олардың қолданысы үшін арнайы бағытталған ұйымдар құрып, жүйелі түрде бірге жұмыс істей бастады. Үкімет қолдауындағы институттары бар Германия университеттері жаңа ғылыми пәндер үшін арнайы академиялық департарменттер құру бастамасын қолға алды. Жас ғалымдар ресми түрде PhD дәрежесі мен ғылыми білім алуы және оқулықтар жазуы керек болды. Жапонияда 1880 жылы оқытушылар Токионың тұңғыш университеттерін, ғылым, инженерия және медицинаны оқытатын институттарды ашты.

Ауқымды индустрияландыру жүрмеген мемлекеттерде жаңашыл бағыттағы интеллектуалдар ғылыми-техникалық білімді жетілдіру үшін бірікті. Мысалы, Осман империясында ғалымдар еуропалық ғылыми-техникалық жүздеген еңбекті түрік немесе араб тілдеріне аударды. Еуропалық үлгідегі жаңа мектептер мен техникалық институттар медицина, математика, химия және өзге де пәндер бойынша оқулықтардың түрікше басылымын шығарды. Қытайда дәстүрлі конфуцийлік ілімнің шенді ойшылдары жаңашыл ғылыми теорияларға қарсы шықты. Қытайлық азат ойшылдар ғылыми мәтіндерді аудару және миссионерлік мектептерде жаңа оқу бағдарламасын насихаттау үшін Еуропа мен Құрама Штаттардың протестант миссионерлерімен біріккенін де айта кету керек.

1850 жылдан бастап Еуропа мемлекеттері мен үлкен бизнес кәсіпорындары экономикалық өсімге қызмет көрсету жұмыстарына ғылыми ақыл-ой иелерін тартудың артықшылықтарын көре бастады. Жеке кәсіпорын мен зертхананы алғаш біріктірген – Германия университеттері. Алып компаниялар да жеке зерттеу орталықтарын жасады. Мысалы, 1874 жылы бояулар мен фармацевтикалық заттар (Байер аспириндерімен бірге) шығаратын неміс химия кәсіпорны – Фридрих Байер компаниясы кейін жүзден аса ғалым жұмыс істеген зерттеу бөлімін құрды. Екі жылдан кейін белгілі өнертапқыш Томас Эдисон Нью-Джерси штатындағы Менло-Паркте зертхана ашты. Жапония мен Ресей де бірлесе жүріп ресми зерттеулер жасады. 1882 жылы Ресейде ғалымдар дүниежүзінде тұңғыш рет теміржол локомотивтері жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында зертхана ашты.

Еуропалық империализм және халық наразылығы

ОЙЛАН: ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басында Еуропа, Жапония немесе АҚШ басқыншылары Африка, Азия, Америка және Мұхит аралдарындағы бірқатар мемлекеттерді саяси тәуелсіздігінен қалай айырды?

Шамамен 1870 жылдан бастап Еуропаның ықпалды мемлекеттері тропиктік Африка, Оңтүстік Азия және Мұхит аралдарын өздеріне қарата бастады. Еуропа офицерлерінің бұйрығымен әскери күштер шамамен 18,6 миллион шаршы миль немесе жалпы жер бетінің 20 пайызын күшпен басып алды. Тек Британ империясы отарлаған жерлер 1860 жылы 9,5 миллион шаршы мильден 1909 жылы 12,7 миллионға дейін өсті. Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында оның отар халқының саны 444 миллиондай болды10. Франция, Германия, Нидерланд, Италия мен Португалия елдері де жаңа империя құру үшін немесе сол уақытқа дейінгі отарлаған жерлерін ұлғайта түсу үшін сырт аймақтарда соғыс жүргізді. Бельгия королі ІІ Леопольд (1865–1909 жылдары билік құрды) Конго өзені аймағында жеке империя құрды. Осы ғасыр соңына таяу Жапония Тайвань мен Мұхит аралдарының батысын басып алды; Құрама Штаттардың әскери күштері Филиппин мен Гуамды, сондай-ақ Кариб теңізі алабындағы Куба мен Пуэрто-Риконы иемденді (23.3-картаны қараңыз).

Тарихшылар әдетте ХІХ ғасыр соңында шетелге жасалған бұл басқыншылық толқынын 1492 жылдан кейін 350 жыл бойы әлсін-әлсін байқалған басқыншылықтан ерекшелеу үшін жаңа империализм53 деп атайды. Ең алдыңғы қатарлы технологиясы және үлкен капитал қоры бар мемлекеттер шабуыл жасады. Олар көп жағдайда әскери құралдары немесе салыстыруға келетін байлығы жоқ елдерге үстемдік етті. Басқыншылыққа тап болған мемлекеттер мен этникалық топтар өздерін қорғап қалу және азаттық алу үшін түрлі қадамға барды. Олар қарсы шабуылға шығу мен ұзақ уақыт бойы партизандық соғыс жүргізуден бастап, жаппай қашып құтылу және келіссөздер арқылы тізе бүгуге дейін әртүрлі сипатта байқалды. Байырғы тұрғындар қалай жауап қатса да, 1900 жылға қарай басып алушы күштер Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азияда отарлық үкімет құру үшін, экспорт ресурстарын өндіру үшін жеткілікті деңгейде әскери бақылау орнатты.

Жаңа империализм – бірқатар Еуропа мемлекеттерінің, Жапония және Құрама Штаттардың әскери күштері ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында, әсіресе Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде құрған отарлық империялары.

Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африканы отарлау жолы

Ғалымдар Африканың көптеген аймағын еуропалықтардың бөліске салуын «жаңа отарлар үшін күрес» деп атады. Осы мақсатта Еуропаның жеті түрлі мемлекеті бес жыл бойы (1879–1884) бірнеше бағытта ірі науқандар жүргізді. Отарлау дәуірі ХХ ғасырда да жалғасты. Бұл басқыншылық қарсыласушы күштің әскери жағдайын: стратегиялық мақсаттары айқын емес екенін, солдаттары мен қару-жарағының жеткіліксіздігін көрсетіп берді. Еуропа мемлекеттерінің өз халқы «еуропалық әскери күш өздері басып алған аймақ адамдары мен географиялық ерекшеліктерін көзге ілмеді» деп, басқыншылықты айыптады.

Еуропадағы шиеленістер. Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы еуропалық жорықтар шетелдегі нақты жерлерді басып алу мен қолданудың жақсы ұйымдастырылған жоспарына қарағанда, халықаралық саяси байланыс үшін анағұрлым көп іс атқарды. Бұл байланыстар сол ғасыр соңына дейін шиеленісті және тұрақсыз болып қала берді. 1870–1871 жылдары Италия мен Германияның бірегейленуі еуропалық күштер арақатынасының шахмат тақтасына орталықтанған екі жаңа ірі мемлекетті қойды. Канцлер Бисмарк басқарған Германия жаппай қару-жарақ пен корпусын болаттан құйған кемелер жасап шығарып, өндірісін Британияға қарағанда тез кеңейтті. 1870 жылы Франция–Пруссия соғысында көмірге бай Эльзас-Лотарингияны Германияға бергеннен кейін, Франциядағы Үшінші республика (1871–1940) деген атпен белгілі режим индустрияландыруға жаппай өту арқылы ол аймақтарды қайтарып алудан үміттеніп, қару-жарақ өндіре берді. Қалың көпшілік болмаса да, бірқатар француз саясаткерлері, шенділері, журналистері мен кәсіпкерлері тысқары аумақтардағы жаңа территориялық иеліктер елдің ұлы мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайта түсуі мүмкін деп сенді. Британия Германияның қару-жарағына таласты, Францияның да империялық құлшынысынан қорықты. Ұлыбритания мен Франция бір-бірінің пиғылына күдікпен қарады және олардың арасындағы ресми одақтастықтың болмауы Бисмарктың мүддесіне жұмыс істеді. Сонымен қатар Ауғанстан мен Парсы империясының солтүстік шекараларына жеткен патша жорықтарының кесірінен Британияның Ресеймен байланысы да шиеленісе түсті. Ресей Үндістанға шабуыл жасай қалған жағдайда Британия бұл мемлекеттерді қалқан қылып қорғануды ойластырды.

23.3-КАРТА. Империялық мемлекеттер және олардың иеліктері. 1913 жыл

Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында қай империя орасан зор аумақты не үшін иеленгісі келді? Осы кезеңде Африка мен Азияның қай мемлекеттері отарлық тәуелділікте болған жоқ? Олардың тәуелсіздігін сақтап қалуындағы жетістігін қандай географиялық факторлар түсіндіріп бере алады?

1873 жылы басталған экономикалық дағдарыс абыржыған Еуропаны одан да әрі-сәрі күйге түсірді. Британиядан өзге индустриялық мемлекеттердің бәрі тарифтерді көтеруге мәжбүр болды. Бұл қадам отандық кәсіпорындарға көмектескенімен, халықаралық айырбас ымырасына нұқсан келтірді. Экономиканың күрт төмендеуі Оңтүстік-Шығыс Азия мен тропиктік Африкадан аздаған мүмкіндіктермен жаңа жұбаныштар іздеуге де итермеледі. Бельгия парламенттік үкіметі шетелдерде өктемдік жүргізуге қызықпады, алайда конституциялық монарх ІІ Леопольд шетелді жаулап алу өзі мен король сарайын байытудың ең дұрыс жолы болуы мүмкін деп есептеді. Ол әлсіз тропиктік аймақты тауып, содан кейін онда жалдамалы күштерді жіберіп, оны халықты өз пайдасына жұмысқа салу үшін қолдану идеясын ойлап тапты. Конго өзені алқабын және ондағы темір мен каучук қорларын көздеді, нақты қандай ойы бар екенін өзге мемлекеттерге ескертпегендіктен, ІІ Леопольд Еуропадағы халықаралық байланысты одан әрі ушықтырып жіберді.

Тропиктік аймақтарда жекеменшік жобаларын бастап, өздерін қолдауды сұрап, үкіметке үміт артқан бірқатар жеке тұлғалар мен белгілі бір топтар да саяси жағдайды күрделендіре түсті. Бұл жаңа қоныс аударушылар сауда компаниялары, христиан дінін таратушылар, географиялық экспедициялар және бестселлер кітап жазуға итермелейтін экзотикалық оқиғалар (немесе кездесулер) іздеген тәуекелшіл адамдар еді. Уэльсте дүниеге келген америкалық Генри Мортон Стэнли еуропалық немесе америкалық газеттер ақысын төлеген қарулы керуенмен бірге Орталық Африкадағы тропиктік ормандарды кесіп өтті.

Африкадағы басқыншылық дүрлікпесі. Еуропадағы саяси шиеленістер әскерді кеңінен пайдалануға ықпал еткен болуы да мүмкін. 1879–1884 жылдар аралығында бірнеше бағыттағы оқиғалар қарқыны жеделдеді. Сенегал өзенінің сағасы маңындағы Батыс Африка жағалауларында Атлант мұхитындағы құл саудасы уақытында пайда болған анклавтан бастап, француз флоты мен жаяу әскері Париж үкіметінен алдын ала мақұлдауды қажет етпестен, жергілікті африкалық билеушілердің ықыласымен сауда келісімдерін жасай отырып, Сенегал даласының ішкі аймақтарына жетті. Солтүстік Африкада Франция 1881 жылы осы мемлекеттегі қаржылық билікті иелене отырып, Туниске басып кірді. Тунис заң жүзінде тәуелсіз мұсылман мемлекеті болып қалғанымен, Францияның саяси бақылауындағы протекторатына54 айналды. Мысырда Исмаил паша үкіметі (1863–1879 жылдары билік құрды) Суэц каналы сияқты модернизациялық жобаларды бастай отырып, Еуропаның экономикалық қысымынан қорғануға тырысты. Алайда бұл қымбат бағдарламалар нәтижесінде Еуропа банктеріне ірі көлемде қарыз болды. 1876 жылы Мысыр қаржы дағдарысына ұшырағанда Британия мен Франция мемлекеттің бюджеттік-қаржылық мәселелерін жартылай бақылауға алды. Бес жылдан кейін Мысыр әскерінің қолбасшысы Ахмад Урабидің басқаруымен көтерілісшілер Исмаил пашаның қоршаудағы үкіметінен билікті тартып алуға тырысты. Оған жауап ретінде елдегі тәртіпті қалпына келтіріп, каналды қорғап қалу үшін Ұлыбритания күштері келді. Германия болса Франция мен Ұлыбритания әрекет етпестен бұрын, оның үкіметі шетелдік отарларда мүддесі жоқ екенін көрсетуге тырысты. Алайда 1884 жылы ол отарлық жағалауларға бекіну үшін Африка мен Мұхит аралдарының төрт түрлі аймағына қаруланған экспедиция аттандырды.

Еуропа мемлекеттері жаңа тропиктік иеліктері мен аймақтық талаптары үшін бір-бірімен қақтығысу қаупі төнгендіктен, 1884 жылы Бисмарк Берлинде шұғыл халықаралық конференция ұйымдастырды. Жиынға қатысушылар әсіресе Нигерия мен Конго өзені алқабындағы жерлерге иелік ету құқына қатысты туған дау-дамайдың түйінін шешуге және кейін үнемі орындала бермеген, әлі жаулап алып үлгермеген аймақтарды бөлісудің ережелерін бекітуге қол жеткізді. Шешуші келісім – король Леопольд өзі ат қойған «Таңғажайып Африка күлшесінің» өздеріне тиесілі бөлігі – Конго аймағына ену құқығын мойындау болды. Алайда африкалық билеушілер бұл кездесуге шақырылған жоқ. Еуропалықтар Африка жерінің шағын ғана бөлігін басқарғанымен, бұл конференция дүниежүзінде отарлаудың басталғанынан хабар берді.

Еуропа мемлекеттері басқыншылық жоспарын ойластырса да, Африканың ішкі бөліктері болмаса, құрлықтан қандай шикізат табарынан хабарсыз болды, нарық туралы ақпараты да анық емес еді. Алайда олардың қай-қайсысы да табылуы мүмкін қандай да бір байлықтан кез келген бәсекелесінен барынша артық үлес алуды көздеді. Еуропа саудагерлері және кәсіпорын иелері бағалы металдар мен өзге де алтын қазына тауып алуы мүмкін деген арманмен үкіметтерін әскери қимылдар жүргізуге мәжбүрледі. Алайда тропиктік Африкада болсын, Оңтүстік-Шығыс Азияда болсын, Латын Америкасы мен Құрама Штаттардағы алып кәсіпорындармен салыстырғанда, еуропалық бизнестің үміті ақталмады.

1890 жылдан кейін Африка елдеріне еуропалық әскери шабуылдар күшейе түсті. Басқыншылардың бұл науқандарында сансыз әскер шабуылға шыққан жоқ. Еуропа офицерлері әдетте сарбаздарды өзге отарлардан сатып алды, шабуылға шыққан бұл жауынгерлер ешкімді аямады. Франция мұсылмандық Алжирге Батыс Африкадан жауынгер жіберді, Ұлыбритания Шығыс Африкаға үнді жаяу әскерін жөнелтті. Конгода Еуропаның бірнеше мемлекетінен келгендер король Леопольдтың жеке әскерінде офицер ретінде жалданып жұмыс істеді. Бұл жалдамалы жауынгерлер африкалық ерлер мен бозбалаларды «қоғамдық күштер» деген атауға ие, құл әскерінің қатарына алды. Оларды көтерілістерді басу, корольдің сауда агенттері үшін табиғи каучук пен піл сүйегінің үлесін жеткізіп беруге конголықтарды мәжбүрлеу мақсатында пайдаланды. Мұндай операциялар үнемі және жан түршігерлік зорлық-зомбылықпен жүрді. Леопольд көлгірси отырып, жаңа отарын ешбір негізсіз, «Конго азат елі» деп атады.

Конгода король ІІ Леопольдтың қызметкерлері кемтар еткен балалар. Шамамен 1905 жылы түсірілген бұл суретте табиғи каучук пен піл сүйегін жинау квотасын сақтамағаны үшін қатаң жазаланған ауыл тұрғындары көрсетілген. Мола (сол жақта) Леопольд жандайшабы мықтап байлап тастаған соң, іріңдеп, екі қолынан айырылды. Йоканың оң қолы өзгелерді көбірек жұмыс істеуге ынталандыру үшін кесілді. Мұндай қатыгездіктерді кім және не үшін тіркеп отырды деп ойлайсыз?

Оңтүстік-Шығыс Азияны жаулап алу. Еуропалықтар басқаратын әскер Оңтүстік-Шығыс Азия құрлығының ішкі аймақтарында шабуыл жасай жүріп, қателіктерге ұрынды, түрлі сынақты бастан өткерді. 1852 жылы Британия әскері шығыстағы Үнді жағалауын қорғау мақсатында Мьянма (Бирма) корольдігінің бір бөлігіне басып кірді. Одан кейінгі отыз жыл бойы Британия қолбасшылығымен үнді колоннасы құнарлы Иравади өзенінің алқабы мен оның маңындағы таулы аймақтарға енді, нәтижесінде 1886 жылы Мьянма мемлекеті жойылды. Мьянма Британияның ұзақмерзімді коммерциялық мүддесі бар Аннам (Вьетнам) мен Камбоджаға жасаған Франция шабуылына мықты қарсылық көрсете алмады. Аннамға (Вьетнамға) шабуыл 1859 жылы күшейді. Қытай әскерінің көмегіне қарамастан, Аннам (Вьетнам) Нгуйен әулеті 1885 жылы Франция протекторатын қабылдады, алайда жергілікті қарсылық тағы он бес жыл бойы жалғасты. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы халқы тығыз қоныстанған Ява аралына Нидерланд ХVІІ ғасыр басында билігін жүргізді. 1860 жылдан кейін Индонезия аралдарының басым бөлігіне бақылау орнатты. 1914 жылға қарай Оңтүстік-Шығыс Азияда Еуропа бақылауы жүрмейтін жалғыз үлкен мемлекет Тайланд қана болды.

Бірлескен Жапония мен Құрама Штаттар. Жапония индустриялық дамыған мемлекеттер тобының бір мүшесіне айналғанын 1894–1895 жылдары қытай–жапон соғысында Қытайдың бір бөлігі – Тайвань аралын басып алу арқылы дәлелдеді. 1905 жылғы соғыстың басталуына ықпал еткен оқиғалар аясын 24-тарауда әңгімелейміз. 1910 жылы Жапония Кореяға басып кірді. Құрама Штаттар Шығыс Азиядағы империя клубына 1898 жылы Испания–Америка соғысының себебінен қосылды. Германия секілді, Құрама Штаттар да ұлттық мәртебені күшейтуден гөрі таза экономикалық және қауіпсіздік мәселелерін шешу мақсатында шетелдегі аз аймақтарды басып алды. 1895 жылы испан билеушілеріне қарсы бүлік бастаған Куба ұлтшылдарын қолдайтынын жария ету үшін ол Испанияға соғыс ашты. Құрама Штаттар кубалықтардың араласуымен Испанияны оңай ығыстырып, содан кейін әскери басқыншылық жасап, бүлікшілер күшін таратып жіберді. Куба ресми түрде тәуелсіз болды, алайда Вашингтон бірнеше онжылдық бойы ол елде бейресми протекторатты билеп келді және әскери-теңіз базасы ретінде Гуантанамо-Бэйді қосып алды. Америка күштері Испания империясының өзге де иеліктерін басып алды, олардың арасында Пуэрто-Рико, Филиппин және Тынық мұхиттағы Гуам аралы да бар. Бұл соғыс 123 күнге созылды.

Тынық мұхиттағы империализм. Тынық мұхит әлемінің сауда, миграция және мәдени байланыстары ХІХ ғасыр басында пайда болғанына қарамастан, Еуропа мемлекеттері аралдарды басып алуға аса ынталы болмады. Сонда да бұл басқыншылықтың бірнеше ерекше қыры болды. Ғасыр басында еуропалық қоныстанушылар үшін межелі жер болған Жаңа Зеландия 1841 жылы Ұлыбритания отарына айналды. Отыз үш жылдан кейін елдегі бақылаушылар қандай артықшылық болуы мүмкін екенін түсінбесе де, Ұлыбритания Фиджи аралын басып алды. Католик миссионерлерінің түрткі болуымен Франция 1842 жылы Таитиді бағындырды.

Бірі екіншісінің әлеуетті стратегиялық артықшылығынан қауіптене отырып, алып мемлекеттер ақырында 1880 жылы экономикалық олжасы ауқымды көлік және әкімшілік шығынға апаруы мүмкін деген үміттен тропиктік Африкадағы секілді басып алу дүрмегіне еріп кетті. Полинезия аралдары 1870–1914 жылдар аралығында Британия, Франция, Германия немесе Құрама Штаттар басқыншыларына төтеп бере алмай, тәуелсіздігінен айырылды. Полинезиялықтардың рұқсатын ешкім сұрамаса да, бірнеше арал Чили, Австралия және Жаңа Зеландиямен халықаралық келісім жасады.

Ірілене түскен мемлекеттер. Империализмнің ХІХ ғасыр аяғындағы тарихы еуропалықтар, африкалықтар немесе азиялықтар арасындағы қақтығысқа назар аударатындықтан, кейбір мемлекеттер шекараларын ұлғайтып қана көрші елдерді бағындырып алғанын ұмытып кетуіміз мүмкін. 1864–1880 жылдар аралығында Ресейдің империялық күштері Каспий теңізінің шығысында жатқан таулар мен далалар аймағы – Орталық Азиядағы соңғы мұсылман мемлекеттерін жойды. Орыс инженерлері теміржол мен жерді суландыру жобаларын жүзеге асырды және 1900 жылға қарай Ресейдің нұсқауымен мұсылман жұмысшылары дүниежүзі нарығына ірі көлемде мақта дайындады.

Оңтүстік Америкада Бразилия алып Амазонка тропиктік орманының басым бөлігінде тәуелсіздігін жариялады. Алайда каучукке деген жаһандық сұраныс еуропалық байлық іздеушілерді Бразилия әскері қатарында табиғи өсімдік шырынын жинау үшін өзен алқабы бойымен түкпірлей енуге итермеледі. 1880 жыл басына дейін үкімет елдегі үндіс аңшылары мен фермерлерге тиіскен жоқ деуге де болады. Амазонкадан 900 миль қашықтықтағы, Амазон үндістері аздаған артықшылыққа ие болып, Манаус қаласы сауда мен Бразилия мемлекеттік билігінің ауқымын кеңейту орталығына айналды.

Солтүстік Америка Ұлы жазықтарындағы үндіс қоғамдары ақ нәсілді қоныстанушылардың пәуескелі топтарымен күресіп, аймақ ішінде немесе оны басып өтіп, Калифорния мен Орегонға жету үшін көше бастады. Жазықтағы омаха және пауни секілді тайпалар жер өңдеді; көшпелі экономикасы бар шайен, оглала сиу және шошон (Cheyenne, Oglala Sіoux, Shoshone) тәрізді өзге тайпалар да ат үстінде буйвол аулауға көшті. Ақ нәсілді иммигранттар Миссисипидің батысындағы көп жерді басып алғандықтан және буйвол аулауға (кейде таза спорт түрінде) қосылғандықтан, байырғы америкалықтар топтары азайып бара жатқан қорлар үшін бір-бірімен аяусыз бәсекелесті. Буйвол табындары жойылып бара жатқандықтан, үндіс тайпаларының өз ішінде және олардың беймаза ақ нәсілді қоныстанушылармен қарым-қатынасы ушығып, зорлық-зомбылық ұлғая берді. 1851 жылы жаңа еуропалық қоныстанушы қауымды жазық ішінде таратуға ұмтылған Құрама Штаттар үкіметі ақ нәсілділер қоныстануға ниеттенген жерлерден алыс аймақтарда кейбір тайпаларды шектеу туралы келісімшарттарға қол қоюға үндіс көсемдерін үгіттеді. Мал шаруашылығымен және буйвол аулаумен айналысатын халық мұндай келісімді экономикалық апат ретінде қарастырды.

Джеронимо көсем (Chіef Geronіmo) және апачи тайпасының жауынгерлері. Джеронимо Құрама Штаттардың әскерімен байырғы америкалықтарды резервацияларға мәжбүрлегені үшін күресті. Бұл сурет 1886 жылы, Құрама Штаттар әскеріне берілмей тұрған кезде түсірілген еді. Үндіс емес америкалықтар бұл суретке қалай қарар еді деп ойлайсыз?

Сиу, апачи және өзге тайпалар бұл шектеуге наразы болып, барынша қарсыласып бақты. Азамат соғысынан кейінгі онжылдықта Құрама Штаттардың атты әскері мен шайен, сиу тайпалары және атыс қаруымен қаруланған әскер арасында соғыс қимылдары өршіді. Дегенмен Генерал Т. Уильям Шерманның «Бұл жылы бәрін қыра береміз бе, қалғанын келесі соғыста қырармыз, мен ол үндістерді көрген сайын, олардың барлығы өлетініне немесе олардың қайыршы боп өлместің күнін көреріне сенімдімін»11 деген сөздерін басшылыққа алған әскер аяусыз шабуылдады. 1890 жылдың соңына қарай Американың шалғайда жатқан байырғы халқына дейін Құрама Штаттар үкіметіне бағынды және экономикалық маңыздылығы төмен резервацияларда өмір сүрді.

Протекторат – отарлық қарым-қатынастың бір түрі, шетелдік күштер отарланған аймақтағы үкіметтің жоғарғы тобын бақылауға алады, алайда жалған егемендік беріп, азаттықты ресми түрде сақтауға рұқсат етеді.

Еуропа басқыншылары неліктен табысқа жетті?

Қандай менмен болса да, Еуропа мемлекеттері дүниежүзіндегі тропиктік ендіктерде шамамен 1850 жылдан кейін үлкен империяларды ауыр күреспен құрды. Қауіпті аурулар ортасы кедергінің бірі болды. Африка және Азия елдерінде Еуропа әскерінің айқын басым болмауы – екінші кедергі. Осы екі кедергі де ХІХ ғасырдың екінші жартысында еңсерілді.

Тропиктік жерлердегі еуропалық денсаулық. ХІХ ғасыр ортасына дейін тропиктік аймаққа кіруге батылы жеткен Еуропаның кез келген әскеріне 1802–1803 жылдары Гаитиді басып алмақ болған Наполеон Бонапарттың генералдарындай (20-тарауды қараңыз) безгек, сары безгек немесе өзге де аурулардан қатты зардап шегу қаупі төнді. Екіншіден, африкалықтар немесе оңтүстік-шығыс азиялықтар ХVІ ғасырдағы америкалық үндістер секілді еуропалықтармен байланыстан кейін жаппай өлім-жітімнен зардап шеккен жоқ. Мыңжылдық бойы Афроеуразиядағы адамдар қызылша, шешек, тұмау секілді негізгі жұқпалы аурулармен күресуде еуропалықтарда болатын биологиялық қорғанысқа ие болды. Шығыс Сібірдегі аңшылар немесе Оңтүстік Африканың Кап аймағындағы койсан малшылары секілді жеке-дара өмір сүретін топтардың қорғанысы әлсіз болды.

Алайда 1840 жылдан тропиктік аймақтарға барған еуропалықтар хинин (безгек сырқатына қарсы егілетін дәрі) дәрісі көмегімен ұзақтау өмір сүре бастады. Бұл дәрі – Оңтүстік Америкада өсетін хина ағашының қабығынан алынған зат, безгек сырқатының басты қорғанышы болды. Жауынгерлер хининді жеткілікті деңгейде қабылдай бастағанда, дүниежүзінің барлық аймағында осы паразиттен болатын өлім-жітім азайды. Сондай-ақ тропиктік медицина 1800 жыл соңына қарай безгек пен сары безгекті бірдей жұқтыратын масалар мен микроорганизмдердің нақты түрлерінің арасындағы байланысты көрсететін табыстарға қол жеткізе отырып, Еуропадағы зерттеу саласына айналды. Бұл жаңалық әскери қосындар мен гарнизондар маңындағы масаларды жою науқанын бастауға итермеледі де, жауынгерлер арасындағы өлім-жітім бірден азайды. Жаңа дәрілік препараттар мен халық денсаулығын сақтау шаралары еуропалықтарға тропиктік аймақтарға ішкерілей еніп, оны басқаруға мүмкіндік берді.

Әскери технологиядағы олқылық. Еуропа мемлекеттері ХІХ ғасыр бойына жаһандық теңіз дәлізінде басымдыққа ие еді. 1870 жылдан кейін олар құрлықтағы шешуші технологиялық артықшылыққа ие болды. Ертеректе жасалған қолға ұстайтын қарулар оқпан арқылы оқталды және бір атқанда тек бір ғана оқ атты. Қатаң тәртіп пен басқалармен бір мезгілде бірге ату әдісі бірқатар артықшылықтар берді, алайда көтеріліске шыққан халықтың орманды не таулы алқаптарда партизандық соғыс жүргізу тактикасына немесе атты әскермен шебер шайқасу секілді айла-тәсілдерге жүгінгенін ескеруіміз керек. Франция 1830 жылы Алжирге басып кірді, алайда мұсылмандар қарсылығын басу үшін он бес жылдай уақыт пен ондаған мың жауынгер қажет болды.

ХІХ ғасыр соңында атыс қаруы технологиясы жетілді. Қарудың қолға ұстап жүретін жаңа түрлерінің иір ойықты немесе ойықты, оқ салатын оқпандары айналатын болды, физикалық әдіс қашықтық пен дәлдікті анағұрлым ұлғайтты. Патрондары оқпанның артқы бөлігіндегі бекітпеден оқталып, атылатын винтовкалар Америка азамат соғысында, одан кейін Еуропаның отарлау науқаны кезінде кең қолданылды. Бекітпеден оқталатын біратарлар бірнеше секундта қайта оқталды. 1870 жылы қару жасаушылар америкалық алтыатар винчестер секілді қыны бар қаруларды ойлап табу арқылы атылу уақытын бұрынғыдан да қысқартты.

«Максим» зеңбірегінің күші. 1896 жылы Лондон сыртында британ қару өндірушілері қару машинасының жойқын қуатын қытай елшісі Ли Хаң Чаңға көрсетуде. Қару жасаушылар неге оны көрсеткісі келді және елші оны көруге неге қызықты?

«Максим» зеңбірегі 1880 жыл басында пайда болды және көптеген отарлау қақтығыстарында шешуші рөл атқарды. Мысалы, 1893 жылы британдық Оңтүстік Африка Компаниясының күштері қазіргі Зимбабве аумағындағы қуатты Ндебеле корольдігін тас-талқан етті. Африкалықтарға қарсы қолданған зеңбіректің құқайын көзбен көрген бір адам былай суреттеді: «Максим» зеңбірегі үмітімізді барынша ақтады және қарсыластарды баудай түсірді... Жергілікті тұрғындар короліне бізден де, винтовкамыздан да қорықпайтынын, алайда пуух, пуух деп үн шығаратын жыртқышты (олар «Максимді» меңзеп тұр) өлтіре алмайтынын айтқан»12. 1898 жылы Британия күштері қазіргі Судан жеріндегі Махдия мұсылман еліне басып кірді. Ніл өзенінен пароход арқылы жүзіп өткен, винтовкасы, «Максим» зеңбірегі және дала артиллериясы бар Британия мен Мысыр жауынгерлері орасан зор, бірақ әлсіз қаруланған қорғаушы күшті жойып жіберді. Шешуші шайқас соңында британ жағынан қырықшақты ғана сарбаздың денесі табылды. Ал Махдия әскері 11 мың сарбазынан айырылды. Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы шайқастарда қорғанушы күштердің Еуропа саудагерлерінен сатып алған немесе кейде жергілікті өндірісте жасалған қарулары болды. Басты мәселе технологиялық уақыт аралығында еді: Еуропа зауыттары көптеп шығарып, отарлық полктарды қамтамасыз етіп отырған әбден жетілген қару түрлерін қарсыласушы тарап сирек қолға түсірді. Демек, империялық мемлекеттер шамамен 1870 жылдан ХХ ғасырға дейін салыстырмалы түрде айрықша артықшылыққа ие болды.

Еуропалық батылдық және нәсіл идеясы. Еуропа мемлекеттері өзге халықтардың жерін күшпен басып алуда техникалық артықшылыққа ие болды. Алайда олар өздерін жаңашыл, өркениетті ұлт деп білді. Жерді күшпен тартып алғанда да өздерін моральдық тұрғыдан ақтап алуға тырысты. ХІХ ғасыр соңындағы империализмге ғалымдар, журналистер, дінбасылар мен саясаткерлер «еуропалықтар мәдениетте ғана емес, биологиялық тұрғыда да басымдыққа ие» деген идеяға сүйене отырып, логикалық негіздеме ойлап тапты. Бұл дәйекке сәйкес, отарлау оларды алға жетелеу үшін анағұрлым жоғары мәдениетті талап етті. Отар елдер мәдени тұрғыдан артта қалған, демек, оларды алға сүйрейтін жоғары өркениет керек, сонымен қатар олардың ақыл-есі толық қалыптаспаған, жаңа әлемде күресе білу үшін ақылды әрі саналы қамқоршы көмегі қажет.

Тарихи тұрғыдан қөптеген қоғам этноцентристік менмендікке салынды, өздерін таудың арғы бетінде, өзеннің арғы жағасында тұратын халықтардан ақылдырақ және адамгершілік тұрғысынан жақсырақпыз деп ойлады. Еуропалық мәдени менмендіктің де түбегейлі айырмасы жоқ еді. Алайда ХІХ ғасыр соңында «еуропалықтар физикалық жағынан өзгеше көрінетін адамдардан туабітті артықшылыққа ие» деп сотқа арыз беру үшін тіл мен ғылыми әдістер қолданды. 1800 жылдың ортасында бірқатар еуропа жазушылары «адамзат әртүрлі биологиялық түр өзгешелігінің арқасында бөлінуі мүмкін» деген тұжырымды ұстанды. Олар бұл түрлі «нәсілдер» ақыл-ой мүмкіндіктерінің шегіне қарай бөлінуі керек деп атап көрсетті. Осындай биологиялық иерархия ұсынған адамдар, әрине, өздерін жоғарғы дәрежеге қойғаны түсінікті. Терісінің түсі, оған қоса, мұрын көлемі немесе бас пішіні секілді бірден байқалатын өзге де физикалық ерекшеліктер спектрдегі топтың орнын анықтайтын негізгі факторға айналды – терісінің түсі қаншалықты қошқыл болса, адамның интеллектуалды мүмкіндігі, адамгершілік жауапкершілігі және мәдени әлеуеті соншалық төмен деп есептелді.

Адамдар тобын осылай жіктеген интеллектуалды қозғалыс жалған ғылыми нәсілшілдік деген тарихи атаумен белгілі. Бұл – жалған ғылыми жетістіктерге сүйенген көзқарас болды. Чарльз Дарвиннің табиғи әртүрлілік идеясын бұрмалаған көзқарас әлеуметтік дарвинизмнің Еуропаға кеңірек таралған бір аспектісі еді. Әлеуметтік дарвинистер қоғамдағы «жайсыз» элементтер – кедей, сауатсыз, қылмыскер адамдар және әйелдер – біршама төмен сатыда тұр, өйткені олар уақыт өте келе өмірде көбірек табысқа жеткен, ерекше құрметтелетін, меншік иеленген адамдарға қарағанда биологиялық тұрғыдан жарамды емес деп көрсетті. Жалған ғылыми нәсілшілдік, мысалы, нағыз қылмыскерлерді тар маңдайынан ажыратуға болады деген секілді пікірлерді алға тарта отырып, мәдени тұрғыда зерттелетін, генмен берілген ерекшеліктермен әбден шатастырды.

Еуропалық империалистер «тропиктік Африка секілді мекендердегі терісі қошқыл адамдар күрделі әрі керемет технологияларды ойлап табуға қабілетсіз, өйткені олардың биологиялық кемшіліктері жабайылықтың бір немесе өзге деңгейінің қақпанында қалдырады» деп есептеді. ХІХ ғасыр соңында жалған ғылыми нәсілшілдік доктринасын батыс қоғамындағы білімді адамдардың түгелге жуығы мойындады. Оның Еуропада кеңінен мойындалуы жаңа империализмнің қанат жаюымен тұспа-тұс келді. Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азияда барлық жеңімпаздар «төменгі нәсілдерді» басқарудағы өздерінің биологиялық ерекшелігіне деген еуропалық сенімін бекіте түсті. Тек ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана жалған ғылыми нәсілшілдіктің дұрыс еместігі толық дәлелденді.

Қарсыласу қозғалыстары және олардың маңызы

Қырғынға ұшырататын қаруларына қарамастан, Еуропа басқыншылары баяу шабуыл жасады, бұл Африкадағы немесе Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жергілікті билік ұрысқа бел байлап шықса қарсыласу әскерін құруға жеткілікті мерзім еді. Әскери күштері мен қатаң басқару институттары бар мемлекеттердің жедел қарсылық көрсетуге жақсы мүмкіндігі болды. Орталық мемлекеттік ұйымы жоқ халықтардың өзі де Еуропа басқыншыларына қарсы халықтық көтеріліске топтасуға бейім болды. Тіпті күрес сәтсіз болған күннің өзінде, билеушілер көп жағдайда әскер саны, қаруы мен жабдықтары және әкімшілік қызметкерлері аз жаңа билікпен саяси келісім орнатты. Африка билеушілері кейде дәстүрлі биліктері мен экономикалық ресурстарының ең болмағанда бірқатарын сақтауға мүмкіндік беретін саяси келіссөздер жүргізді.

Шығыс Африкадағы Типпу Тиб империясы. Негізінен еуропалықтар жаулап алып жатқан онжылдықтарда Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы елдер халықаралық саудадағы үлесін ұлғайтты. Бұл оқиға саяси билік үшін тігілген бәсті күшейткені сөзсіз. Бәсекедегі бір сипат – еуропалық технологияны, әсіресе рөлі мен коммерциялық ресурстарға жету мүмкіндігін нығайту үшін импортталған қару-жарақты қолданатын мемлекеттердің, жаңа аймақтық империялардың пайда болуы еді. Кей аймақтарда жергілікті билеушілер мен еуропалықтар арасындағы соғыс нәтижесі бәсекелес империялардың құрылу формасында көрініс берді.

Типпу Тиб (1840–1905) деген атпен белгілі, суахили тілінде сөйлейтін, піл сүйегі және құлдарды саудалайтын саудагер Хамид бин Мұхаммед Шығыс Африканың ішкі өлкесінде үлкен империя құрды. Сарбаздарға, піл аулаушыларға, құл ұрлайтын қарақшыларға қару-жарақ беріп, 1874 жылы Конго өзені аймағының жоғарғы бөлігінде қуатты саяси тұлға ретінде айбыны асқақтады. Суахили саудагерлері және аймақтық басшылар әлсіз ұйымдасқан федерация аясында оған есеп беріп тұрды. Танганьика өзенінің батысында, астанасы Касонгодан саяси әкімшіліктің үлгісін жасаған Типпу Тиб плантациялар мен жолдар салып, жүк тасушылар экспорты үшін Үнді мұхиты жағалауына жеткізетін піл саудасына монополия орнатты. Ол мыңдаған тұтқынды құл немесе ауылшаруашылық еңбек күші ретінде жұмысқа жекті. Тұтқын әйел оның жауынгерлері үшін азық-түлік өсірді. 1887 жылы, дәл сол кезде жалданбалы әскері Шығыс Конгоға кірген сәтте, король Леопольд Типпу Тибті провинция губернаторы ретінде тағайындау арқылы Конго азат елін заңдастыруға тырысты, Тиб бұл қызметте 1891 жылға дейін отырды. Жағалаудағы қалада жақсы зейнет­ақы алып, өмірінің соңғы жылдарын жайлы өткізді.

Самори Туре және Франция. Батыс Африка саванна аймағында Самори Туре (шамамен 1830–1900) тағы бір шашыраңқы империя құрды. Аймақтық саудада басымдыққа ие мұсылман көпестері табының мүшесі Сенегал мен Нигер өзендерінің бастауы маңында, қазіргі Гвинея аймағында 1870 жылдың басында мемлекет негізін қалады. Алғашқыда бұл мемлекет мұсылман саудагерлер ауыл шаруашылығы мен саудада үстемдігін орнату үшін ұйымдастырған бірнеше патшалықтың бірі еді. Алайда Самори алтын кен орындарын табысты түрде басып алды да, осы байлықты бәсекелес билеушілерді талқан етіп, ауыл және мал шаруашылығындағы ондаған мың адамдарды корольдігіне біріктіру үшін қолданды. Ол империя бірлігінің идеологиясы ретінде аймақтағы азшылықтың діні болған исламға жүгінді.

Самори мемлекет құрушы ретінде алғаш рет пайда болғанда, Франция Атлант жағалауындағы анклавтары мен Сенегал бойымен созылған даланы бақылауына алған еді. Француз офицерлері Сенегал әскерін ертіп осы далаға жорыққа шыққанда, көп ұзамай Самори атты әскерімен бетпе-бет келді. 1882 жылдан 1886 жылға дейін екі күш бірнеше рет қақтығысты. Ат үстінде шабуылдауға және қаша жүріп ұрыс жүргізуге шебер Самори француз әскерін титықтатып, бетпе-бет шайқастан қашты. Сөйте тұра, ақырында армиясын француздар жаулап алған жаңа аймақтарға, қазіргі Кот-д’Ивуар мен Ганадан алыс батысқа қарай бұрып әкетті, жолай билеушілерді алым-салық төлеуге де мәжбүр етті.

Француз әскерінің Самори Турені тұтқындауы. 1898 жыл. Самори (суреттің сол жағында камераға қарап тұр) он жылдан аса уақыт бойы Батыс Африкадағы француз басқыншылығына қарсы шықты. Қолға түскеннен кейін француздар оны Габонға жер аударды. Сол жерде екі жылдан кейін қайтыс болды. Француз күштерінің құрамындағы африкалық жауынгерлерге назар аударыңыз. Бұл суреттегі ахуал мен тұлғаны 286-беттегі Джеронимоның суретімен салыстырыңыз.

Самори оңтүстіктегі Сьерра-Леонеде орналасқан британ саудагерлерінен мылтықтар және винтовкалар сатып алып, әскерін жаңа қару-жарақпен қамтамасыз етті. Француз атыс қаруларының көшірмесін жасау үшін жүздеген ұстаны жұмысқа алды, бұл уақытта ауыл әйелдері оқ-дәрі дайындады. Алайда француз және ағылшын күштері Батыс Африка аумағының көп бөлігін басып алу үшін бір-бірінің соңына түскендіктен, Самори шығысқа қарай тағы төменірек шегінуге мәжбүр болды. Оның мықты мемлекет құруға уақыты болмады және жаңа заманғы қару түрлері ақырында француз артиллериясы мен зеңбіректерімен тең келе алмады. Оның отыз жылдық империялық тарихы 1898 жылы ол тұтқынға түсіп, айдауға кеткенде аяқталды. Ол билеген аумаққа француз басқарушылары көше бастады.

Деректерді САРАЛАУ

Шығыс Африкадағы соғыстың қарама-қайшы келешегі

1884–1907 жылдар аралығында Шығыс Африкадағы Танганьикаға Германияның басқыншылығы нәтижесінде Африка халқы мен бірлескен Еуропа күштері және әскер қатарына алған жергілікті сарбаздар арасында қиян-кескі ұрыстар жүрді. Қызуқанды неміс империалисі Карл Питерс олардың жерін қандай жолмен болса да Германия мемлекетіне қосу үшін Африка билеушілерін көндіру мақсатында қарулы екі экспедиция бастап, бастапқы жаулап алу науқандарында шешуші рөл ойнады. Мұндағы бірінші құжат – Питерс 1890 жылы жарыққа шығарған «Қараңғы Африкадағы жаңа сәуле» («New Lіght on Dark Afrіca») кітабынан. Ол Орталық Танзаниядағы уагого (Wagogo) халқына жасаған әрекеттері мен олардың қызу қарсылықтарына қарсы әдістерін баяндайды.

Шығыс Африканың кейбір аймақтарында Германия билігіне қарсы халық көтерілісі төрт жылға созылды. Мысалы, піл сүйегін алысқа сатуға маманданған яо халқы ауыл-аймаққа бекіп, шамамен он жыл бойы күресті. Мачемба яо көсемінің берілуін талап еткен Германия командиріне хат жазды. Екінші құжат – Мачемба суахили тілінде жазған хаттың немістілді нұсқасындағы бір бөлігінің ағылшынша аудармасы.

БІРІНШІ ҚҰЖАТ Карл Питерс Уагогода

Бұл елде мәселені бейбіт жолмен шешу үшін мүмкіндігінше шыдамды болуға шешім қабылдадым; алайда іс жүзінде олар секілді тіршілік иелеріне күш қолданбай қарым-қатынас жасау мүмкін емес екеніне көз жеткіздім... Олар үшін өтірік айту, ұрлық жасау, алаяқтық қалыпты дүние болып кеткен. Бұл қоғам екіжақты жауапкершілік пен қызметке сүйенеді. Бұл тәсіл – Африканы ашуды қамтамасыз етуге дайындайтын ең жақсы және ең қауіпсіз жол. Жергілікті адамдардың ұдайы дөрекілік көрсетуі қара адамдардың мінез-құлқының нашар екенінің дәлелі және олар бізді кем көретін де сыңайлы... Біз таңғы ас ішіп отырғанда, бірнеше уагого алаяғы шатырымыздың маңына топтаса бастады, олардың біреуі есіктің алдына тұрпайы түрде келіп тұрды. Сыпайы түрде кетуін сұрағанымда, ұялмастан ыржиды, бірақ сол орнында тұра берді. Есікке жақын отырған фон Тиедеман орнынан атып тұрды, жігітті шап беріп ұстады да, әрірек лақтырып жіберді. Мен де секіріп барып, оны ұстап алып, гиппопатамус терісінен жасалған қамшымен жазасын беру үшін сыртта жүрген Хусейнді шақырдым.

ЕКІНШІ ҚҰЖАТ Мачембаның немістер туралы айтқаны

Сөздеріңізді тыңдадым, бірақ не үшін сіздерге бағынатынымның себебін таппадым – одан да өлгенім артық. Сіздермен байланысым жоқ және өте көп песо (рупийдің бөлігі) не песоның ширегін, иә болмаса ине немесе жіп әкеледі деп те ойламадым. Сіздерге неге бағынуым керек деп бірнеше себеп іздеп көрдім, алайда ешқандай себеп таба алмадым. Сіздердің қалағандарыңыз достық болса, әркез құшағым ашық; бірақ сіздің дәргейіңізге бас ие алмаймын... Соғысты қаласаңыздар, оған да дайынмын, бірақ ешқашан тәуелді болмаймын... Аяқтарыңызға құлдық ұрмаймын, өйткені сіздер де мен секілді Тәңірдің құлысыздар... Мен – өз жерімнің сұлтанымын. Сіздер де – өз жеріңізде сұлтансыз. Тыңдаңыздар, сіздерге маған бағынуларыңыз керек демедім, өйткені сіздердің азат адам екендеріңізді білемін. Ешқашан сіздерге жақындамас та едім. Мықты болсаңыздар, мені өздеріңіз ұстап алыңыздар.

Дереккөздер: Karl Peters, New Lіght on Dark Afrіca, аудs. H. W. Dulcken (London: Ward, Lock, and Co., 1891), 192, 215; “Macemba: Facіng Іnvasіon,” Басил Дэвидсон редакциялауымен, The Afrіcan Past: Chronіcles from Antіquіty to Modern Tіmes (New York: Grosset and Dunlap, 1967), 357–358.

Сыни пайым

Еуропалықтар мен африкалықтардың арасындағы кикілжіңді көрсетуде бұл екі деректің бір-бірінен айырмашылығы қандай? Осыны жазып отырғандардың қарсыласын сипаттауында қандай өзгешелік бар? Тіл таңдауға қатысты ерекшеліктерді қалай түсіндіре аласыз?

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Чулалонгкорн: модернизация монархы

Чулалонгкорн король

1868 жылы ғылымға қатты қызығатын Тайланд королі Монгкут (1851–1868 жылдары билік құрды) күннің толық тұтылуына куә болу үшін корольдік астанасы Бангкоктан – Малай (Малакка) түбегіне сапар шегеді. Оның қошеметшілерінің арасында тақ мұрагерлерінің бірі – он бес жасар ұлы Чулалонгкорн (V Рама,1868–1910 жылдары билік құрды) ханзада да бар еді. Осы саяхатта ұлы мен әкесі безгек жұқтырады, олар Бангкокқа оралғаннан кейін көп ұзамай, Монгкут қатты ауырып, дүние салады. Чулалонгкорн жазыла бастайды да, король кеңесшілері оның таққа отыруын заңдастырады.

Ол билік құрған алғашқы төрт жылда, денсаулығы бірте-бірте қалпына келгенше, Чулалонгкорн өз құзырындағы лауазымды қызметкерлердің басқару мерзімін күнбе-күн ұзартып отырды. Сондай-ақ әкесі оған және өзге де көптеген король ұлдарына тапсырған, дәстүрлі Будда ілімі мен жаңа ғылымдар бойынша білімін жетілдіре берді. 1860 жылы жас ханзадаларға білім берген ағылшын әйелі Анна Леоноэнстің естеліктері «Король және мен» деген атпен жарық көрді және Бродвэй мюзиклі мен үш Голливуд фильміне арқау болды.

Тайландты Еуропа басқыншылығынан сақтау үшін Чулалонгкорн 1873 жылы иелігіне әкесі секілді билік жүргізе бастайды. Монгкут әкімшілік пен технологияны модернизациялау бағдарламаларын сақтықпен енгізіп, коммерциялық жеңілдіктер арқылы Британия мен Францияны тыныштандырған еді. Чулалонгкорн әкесі секілді, монархия бетпе-бет келіп отырған саяси дилемманы жақсы түсінді. Батыл түрде модернизацияласа, дәстүрлі Будда дінбасылары мен ақсүйектердің бүлік бастап, арандату қаупі төнеді. Бұл жағдай британ немесе француз басқыншылығына ұрындыруы мүмкін еді. Екінші жағынан, державалар талап еткен белгілі бір деңгейге дейін модернизация жүргізбесе, шабуыл астында қалар еді.

Ширек ғасыр бойы король мен министрлері мемлекетті осы қауіпті саяси шытырман жағдайда басқарып отырды. Бірте-бірте король шенінің арасындағы «ескі гвардияны» батыл түрде жас модернизатормен алмастырды, олардың көпшілігі корольдік әулет ұрпағы еді. 1897 жылы ол Еуропаға барады. Тіпті өндірісі дамыған Англияда уақыт тезінен өткен дәстүрлерін сыйғызып отырғанын байқап, Тайланд жаңашыл реформалар мен ерекше Будда мәдениеті арасындағы алтын аралықты табуға тиіс деген сенімге ие болды. «Мен сенімдімін, – деп мәлімдеді ол 1898 жылы, – Азиядағы азат халық ретінде даралығымызды сақтау және осындай қазынаның (Еуропа ғылымдары) арасында ешқандай үйлесімсіздік жоқ»14.

Өмірінің соңғы жиырма жылында реформалардың қарқынын арттырып, қаржы саласын қайта құрып, елдің құқықтық жүйесін Франция заңдарына икемдеді және вассал ханзадалар мен провинциялық аймақтардағы ақсүйектер үстінен орталық билікті нығайтты. Сондай-ақ теміржолдар салып, күріш суаруды жетілдіріп, құлиеленушілікке тыйым салып, шағын болғанымен, тиімді әскер ұйымдастырып, елді нарықтық экономикаға ынталандыру үшін барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Оған қоса, Франция мен Ұлыбритания арасындағы отарлау бәсекелестігін жалғастыру үшін барлық дипломатиялық мүмкіндігін қолданды және Еуропа елдерін халықаралық құрметке лайық, прогрессивті мемлекетті басқарып отырғанына сендірді.

Чулалонгкорн 1910 жылға дейін, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Еуропа отарлық басқыншылық кезеңінде толығымен билік құрды. Ол Еуропаның қаржыгер мүдде иелеріне қарызданбады және жаңа ғасыр басталғанда ұлттық мәдениетке басымдық берген монархия бола тұра, жыл сайын ауқымды күріш экспортын қамтамасыз ету үшін экономикалық жағынан айтарлықтай деңгейге көтерілді. Дейтұрғанмен, бұл жетістіктің де құны болды. Британ және француз қысымы салдарынан ол 175 мың шаршы мильден аса шекаралас аймағын отарлық Вьетнам, Лаос, Малайзия мен Бирмаға беруге келісті. Сондай-ақ Еуропа компаниялары үшін біржақты тарифтік келісімдер мен артықшылықтарды мойындады. Жапониямен салыстырғанда Тайланд кең ауқымды индустрияландыру науқанын алаулата алмады. Анығында, шикізат өндіруші мемлекет болып қала берді, ал халқының әл-ауқаты жаһандық нарықтағы ауытқуларға тәуелді болды.

Сыни пайым

Тайландтың еуропалық отарлық үстемдіктен табысты түрде азат болып қалуындағы ең басты фактор не деп ойлайсыздар?

Әртүрлі топтардың қарсыласу қозғалыстары. Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азияда орталық үкіметі жоқ халықтар діни ұстанымдарына сүйене отырып, халықтық қарсыласу қозғалыстарын ұйымдастырды. Соның бір мысалы – Шығыс Африкадағы Танганьикадағы (қазіргі Танзания) Маджи-Маджи көтерілісі. Мұнда 1905 жылы африкалық этникалық топтар қарсылық көрсету үшін бірге көтерілген уақытта Германия басқарған күштер әлсіз отар құрды. «Еуропа оғынан аман алып шығатын және жауынгерлерді бірлікте ұстап тұратын қасиетті суды ішуге» кеңес беру арқылы жергілікті дін жетекшілері бұл халық қозғалысының шоғын үрлеп отырды. Неміс әскерлері бұл көтерілісті аяусыз зорлық-зомбылықпен басып-жаншыды, бірақ ол бір жылға созылды.

Отарлау кезеңінде Оңтүстік Родезия деген атпен белгілі Зимбабведе 1896 жылы қауіпті көтеріліс бұрқ етті. Бұл аймақта шона тілінде сөйлейтін халық тобы аса ауқымды болғанымен, орталықтанған мемлекетке емес, жергілікті көсемдерге бағынды. Салыстырмалы түрде, бірнеше тілде сөйлейтін ндебеле халқы елдің батысындағы біртұтас әскери патшалықты қолдады. 1890 жылы ағылшын кен өндіруші магнаты Сесил Родс Зимбабвеге кіру үшін Британдық Оңтүстік Африка Компаниясын құрды. Оның мақсаты – алтын іздеу және аймақты Германия билігінен аулақ ұстау еді. Компанияның әскері Ндебеле мемлекетін талқан етіп, жергілікті халықтан салық алып, мәжбүрлі жұмысқа жегіп, еуропалық фермер қоныстанушыларға жер мен малды тәркілеуге рұқсат берді.

Адуа шайқасы. 1896 жыл. ІІ Менелик патша (төменде ортада, ат үстінде) жақсы қаруланған Эфиопия әскерін бастап, христиан дін қызметшілері бақылағанындай, зеңбірек және винтовкалармен соғысып жатқаны бейнеленген. Бул суретте итальяндар қалай бейнеленген?

Осы қиындықтардан кейін ндебеле мен шона халықтары бірдей көтеріліске шықты. Сесил Родстың алдындағы сөзінде ндебеле басшысы неге бұлай болғанын былай түсіндірді: «Бірде Булавайоға [Британ Оңтүстік Африка Компаниясының бас қаласы] бардым... және Сот ғимаратының алдында отырып, Бас магистратқа құрмет көрсету үшін күтіп отырғанымды айтып, хабарлама жібердім...». Ол және оның маңындағы қолдаушылары күні бойы күтеді, ақырында адамдары әбден ашығады. «Бас магистраттың жауабы былай болды: «бұл қала қаңғыбас итке толы; ит – итке; біз оларды өлтіріп, жей алады екенбіз, тек оларды ұстай алсақ». Осылайша Булавайодан сол түні кетіп қалдым; келесі жолы Бас магистратқа баруға тырысқанымда менімен бірге (жасағым) артымда тұрды... Мені кім айыптайды?»13.

Жергілікті уағызшылар, Муари деп айтылатын, көк Тәңірден келген діни нұсқауды ұстанушылар қызметін атқаратын дін қызметкерлері, көтерілісті бастау үшін алға шықты. Бұл дін ұстанушылар азаттықтың жаңа күні таяу арада келеді деп сендірді. Дін ұстанушылар ндебеле мен шона халықтары арасында жүріп, қарсылық қозғалыстарын үйлестірді. Бұл көтеріліс күйрейін деп тұрған компанияны естен тандырды, тіпті әлсіретіп жіберді. Оңтүстік Африкадан келген қосымша күштер мен тонналаған қару-жарақ ақырында бүлікті тоқтатты, алайда 450 еуропалық пен 8000 африкалықтың өмірін жалмаған күрес 1903 жылға дейін жалғасты.

Аман қалған мемлекеттер

Еуропаның ірі мемлекеттері өздеріне ұнаған кез келген Африка немесе Азия елін басып алуға техникалық әлеуеті бар еді. Алайда іс жүзінде олар белгілі бір аймақтарда отарлау бюджеті мен ұлы державалардың бәсекелестігін бірдей шектеу мақсатында бейресми империализмді орнатуды жөн көрді. ХІХ ғасыр соңында ішкі саясаты белсенді түрде қарқын ала түскен Қытай Цинь әулеті билік еткен 1644 жылдан бері тәуелсіз болып қала берді. Алайда батысеуропалық мемлекеттер, Ресей мен Жапония шетелден басқарылатын келісімшарт айлақтары арқылы және Гонгконг пен Тайваньды толық басып алу жолымен Қытайды экономикалық тәуелділікте ұстады. Осыған ұқсас, Осман империясы да Еуропа мемлекеттері клубындағы мүшелігін модернизациялау мен икемді дипломатиялық іс-әрекеттер арқылы сақтады. Бұған қоса, бірде-бір Еуропа үкіметі Жерорта теңізі мен Қара теңіздің арасындағы су жолдарын уысында ұстап отырған қандай да бір жеке отарлаушы мемлекеттің иелігіне айналғанын мойындағысы келмеді.

Эфиопия – Соломонид әулетінің қол астында ұрыс алаңында еуропалық басқыншыларды жеңіп, тәуелсіздігін сақтап қалған Африкадағы жалғыз үлкен мемлекет. ІІ Менелик патша (1889–1913 жылдары билік құрды) әскерін модернизациялау, халқының басым бөлігі христиандардан тұратын Эфиопия таулы аймақтарынан тысқары корольдік аумақтарды ұлғайту туралы шешім қабылдап, таққа отырды. Винтовкаларды, артиллерия мен зеңбіректерді еуропа көпестерінен сатып алған Менелик бұрынғы жеке фермерлер мен малшы халықты Эфиопия салық төлеушілері ретінде өзіне бағындырып, екінші деңгейдегі империя құрды. Алайда осы мерзімде Италия Еуропадағы ірі ойыншылармен бірге «сайысқа» қатысуға тырысып, Қызыл теңіздегі айлақтарды басып алды және 1896 жылы мұздай қаруланған он мың әскерін таулы-тасты ішкі өлкелерге аттандырады. Италия саудагерлері Менеликке мыңдаған қару сатып жібергенін ескермеген басқыншылар жеті мың әскерінен айырылып, Адуадағы шайқаста күйрей жеңілді. Итальяндар жағалаудағы иеліктерінен бас тартты, ал Эфиопия Еуропаның өзге мемлекеттеріне айбынын дәлелдеп, отыз жеті жыл бойы тәуелсіздігін сақтап қалды.

Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Тайланд – модернизация реформалары мен Ұлыбритания, Франция елдерімен бірқатар сауда және аймақтық ымыраға келу арқылы тәуелсіз мемлекет болып қалды. Оның географиялық жағдайы да көп мүмкіндік сыйлады. Қос держава – Британия (1886 жылы ресми иелігіне өткен Бирманы уысында сақтап қалу үшін) және Франция (Аннам мен Камбоджаны уысынан шығармау үшін) Тайландты алтын аралық ретінде ұстады.

Қорытынды

1800 жылы дүниежүзінде жүздеген тәуелсіз империя, корольдік, республика және қала-мемлекет болды. 110 жылдан кейін алпыс шақты ғана тәуелсіз мемлекет қалды. Мұндай бірігудің себебі – үлкен болсын, шағын болсын, мемлекеттер еуропалық отар империялардың бірінің құрамына еніп кетті. 1914 жылы еуропалықтар немесе олардың ұрпақтары жер бетіндегі халық қоныстанған аймақтардың 88 пайызын жаулап алды, биледі немесе экономикалық үстемдігін жүргізді. Бұған қоса, еуропалықтар байырғы тұрғындардың қалған бөлігінің маргиналдануына үлес қосты, тропиктік Солтүстік және Оңтүстік Америкаға, Оңтүстік Африка, Сібір, Австралия мен Жаңа Зеландияға эмиграцияны миллиондап жалғастыра берді.

Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мемлекеттерге қарағанда, Жаңа Еуропаның үш мемлекеті жоғалтудан гөрі, саяси еркіндікке ие болуға қарай қадам басты. Британ иелігінің бірі – Канада 1867 жылы өзін-өзі басқару мен жеке конституциясына қол жеткізді. Австралия 1901 жылы тәуелсіз федеративтік мемлекеттер одағына айналды, Жаңа Зеландия өзін-өзі басқаруға 1907 жылы қол жеткізді. Барлық үш мемлекет те Британ монархын мемлекет басшысы ретінде таныды. 1910 жылы Британия африкалық көпшілікті мемлекеттің саяси өмірінен бірте-бірте аластатып жіберген ақ нәсілді азшылыққа билікті қосып беріп, Оңтүстік Африканың өзін-өзі басқарушы доминион мәртебесін мойындады.

Екінші жағынан, жаңа тропиктік отар елдер Үндістан үлгісінде дамыды. Яғни шетелдік әкімшілер мен әскери офицерлердің шағын корпусы Еуропа әскері, техникасы, мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер, медбикелер мен миссионерлердің көмегімен миллиондарға билік етті. Басқыншылар қарсылықтарды басып-жаншығаннан кейін, коммуникацияны бақылау, жергілікті көсемдермен тығыз араласу және үнемі қатаң қудалау мен сес көрсету арқылы ел басқарды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс алдында, еуропалықтардың (жапондар мен америкалықтардың біразы) шағын тобы 500 миллионнан көп африкалық, азиялық және Мұхит жағалауындағы халықтың үстінен автократиялық билігін бекітті. Қытай, Осман, Парсы империясы мен өзге де бірқатар елдерде еуропалықтар билік жүргізе алмады. Алайда халықаралық қаржы мен саудада олардың тізгінін тартып отырды. Отарлаушылар мен отарланғандардың бұл жаһандық үстемдігі 1914 жылға дейін әлсіздеу еді. Шетелдерді отарлау мәселесі ушықтырған Еуропа державаларының арасындағы шиеленіс 1914 жылдың жазында жаппай соғысқа ұласты. Бірінші дүниежүзілік соғыс Германиядан өзге теңіз империяларының кез келгенін тез арада жойып жіберген жоқ. Алайда ол отарлық сенімді әлсіретіп, отарланған елдерде қарсылықтың жаңа формасын ұйымдастыруға жол ашты. Басқаша айтқанда, Еуропаның дүниежүзіндегі үстемдігі қысқа мерзімдік болып қана қойған жоқ, ол талас-тартысқа да толы еді.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

ЖЕТІНШІ БӨЛІМ

Жедел өзгерістің үміті мен қаупі
1890 жыл – қазіргі кезең
Бурдж Халифа. 2010 жылы салған, дүниежүзіндегі ең биік ғимарат. Дубай

Бұл кітапта «адамзат тарихы – жеке адамдар мен топтар арасындағы өзара байланыс, оған қоса, адамдар мен олардың табиғи және физикалық ортасының күрделенген қарым-қатынасы» деген пікір айтылды. Адамзаттың күрделіліктің жаңа формаларын жасау және онымен тығыз байланысу қарқыны XVІІІ ғасырдағы табиғи отын революциясымен бірге жеделдей түсті. Бүгінгі жедел жаһандық өзгеріс кейде таңдандырады, тіпті абдыратады. Жаһандану термині айналымға енді. Адамзат қоғамы қилы-қилы кезеңдерде үнемі өзгеріп отырды, адамзаттың өзара байланысы анағұрлым күрделі және интенсивті түрде дами берді деген идеяны ұстану үшін жаһандану термині керек болды. 6-бөлімнің кіріспесінде жаңа заманға түсініктеме берген және бұл заманның осыған дейінгі он екі мың жылдық аграрлық дәуірден мүлде өзгеше екенін көрсеткен бірқатар күрделі тарихи үрдістерді анықтадық. Энергия қолданысының жеделдеуі, халық санының өсуі, технологиялық инновация, адамзаттың өзара байланысы, мемлекеттік билік, халықтың саяси өмірге араласуы және қоршаған ортаның өзгеруі – XX және XXІ ғасыр басында да жалғаса берді. Бұл даму жаһандық деңгейде XVІІІ ғасырдан бүгінгі күнге дейін жүйелі түрде жалғасты. Аздаған өзгерістер, бетбұрысты сәттер және нағыз сынақтар, әсіресе саяси билік, соғыс және экономика мәселелерінде айқын көрінді. Маңызды жаһандық үзілістер арасында біз Бірінші дүниежүзілік соғыс, Ұлы депрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс, қырғиқабақ соғыс, бұрынғы отарлаушы империялардан жаңа мемлекеттердің тәуелсіздік алуы, Кеңес Одағының күйреуі және 2007–2009 жылдардағы Ұлы рецессияны мысалға аламыз. Осындай оқиғалар дүниежүзін жаңа бағытқа жетеледі және жылдар бойғы өзгерістерге әсер етті. Дегенмен бұл бетбұрысты оқиғалар мен соңғы 125 жылдағы естен тандырар кідірістер бізді көп алаңдатпауы керек. Жаңа заманды және күнделікті өмірімізді сипаттайтын ауқымды құрылымдық үрдістерді баса зерттеген жөн. Адамдар ХVІІІ ғасырдан бастап пайдаға жарату үшін энергия көзін бақылауда таңғаларлық және үдемелі мүмкіндікке ие болды. XX ғасырда табиғи отын мен ядролық энергетикадан алған энергияны тұтыну қарқыны жоғарылады. Бір пікірге сенсек, адамдар бұл кезеңде ертеректегі барлық заманға қарағанда көп энергия қолданған секілді, энергия тұтыну қарқыны жеделдей түсуде1. Дүниежүзі халқының өсу қарқыны энергетикалық революциямен бірге жеделдей түсті, 1950–2000 жылдар аралығында бұл тарихи көрсеткіш ең биік шыңына жетті. Алайда жаңа ғасырда халық санының өсімі бәсеңдеді. Бұл дүниежүзінің көптеген аймақтарында туу көрсеткішінің төмендеуіне алып келді. Халықтың абсолютті өсімі келесі ғасырда жалғасуы мүмкін. Дегенмен өсу қарқыны төмендесе, жаңа замандағы демографиялық тарих өзгерістерге ұшырайтыны белгілі. Бұл өзгерістер адамзатты демографиялық жарылыстар кезеңінен алшақтатып, өзге оқиғаларды айтпағанның өзінде, экологиялық мәселелерге апарып тірейтіні сөзсіз. Жаһандық урбанизация қарқыны біршама төмендеді, алайда адамдар қалаға жаппай қоныс аударуда. XX ғасырда әлемде қала халқының саны 14 пайыздан бастап 50 пайыздан аса көтерілді2. Технологиялық және ғылыми инновациялар, жаңа уақыт технологиясы 1700 жылдан бері соғыс пен бейбітшілікте, тыныш және беймаза уақыттарда да көбейе түсті. Өткен ғасырда ғылыми жетістіктер мен пайдалы өнертабыстар екі салада да өркендеді. Өткен отыз жылда электроникалық революция іс жүзінде барлық ғылыми-техникалық салаларда инновацияны нығайтты және жеделдетті. Адамның ақпаратты түрлендіру, беру, сараптау және сақтау мүмкіндігі 1970 жылы интернеттің пайда болуына дейін экспоненциалды өсті. Біздің әлем барлығы бір электронды желіге біріккен тұтас «миға» айналып бара жатқан жоқ па? Жаңа заман басталғалы тәуелсіз мемлекеттер – адамдардың ірі және тұрақты тобын ұйымдастыру мен өзара байланыстыруға арналған негізгі құрылым болды. Ұлттық идеологияның көмегімен бір мемлекетте тұратын адамдар, ең кемінде, ортақ мәдени және әлеуметтік тұтастықта өмір сүреміз деп сенеді. Өткен ғасырда мемлекеттік жүйе көп өзгермеді, ал Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін күрт өзгерді. Дүниежүзіндегі мемлекеттер саны едәуір артты және одан бұрынғы ғасырлардағы ірі теңіз империялары жойылды. Тәуелсіз мемлекеттер сұғанақ қолдардан азаттық талап етті. Алайда халықаралық корпорациялардың, банктер мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметі; шекаралар арқылы ағылған ақпарат пен қаражат; этникалық ұлтшылдық, діни революционерлер және мемлекеттен тыс әскери диктаторлар тәуелсіздіктің әлсіреуіне ықпал етті. Дүниежүзілік ауқымдағы «саяси қайраткерлердің» саны мен түрі көбейді және мемлекеттік жүйе үздіксіз өзгерді. Өткен ғасырда, мысалы, мемлекеттер адам құқықтарын сақтау мен орындалуын қамтамасыз ету үшін анағұрлым көп жауапкершілікті мойнына алды. Сөзімізді қорытындыласақ, энергетикалық революция мен халық санының қарқынды өсуі, экономикалық өнімділік, техникалық өрлеудің кездейсоқ салдары Жер шарын қатты өзгертті, оның атмосфералық, экологиялық және геологиялық жүйесін іс жүзінде жұтатты. Қоршаған ортаның жаһандық жағдайы 1960 жылға қарай нашарлай түсті, адамдар мемлекет саясаты мен іскерлік тәжірибеге ықпал ету үшін дабыл қаға бастады. Экологиялық қозғалыстар ұлғайды, үкіметтер, корпорациялар және көпшілік мүддесін қолдайтын түрлі ұйымдар орманға, суға, ауаға, жер қыртысы және өзге де тіршілік көздеріне экологиялық залалын азайту мен кері шегіну шараларын қолдана бастады. Дегенмен экологиялық мәселелерді азайтуға бағытталған саяси және корпорациялық қарсылық, адамдардың экологиялық мәселеден жалтару үрдісі прогреске кедергі келтірді. Сонымен қатар дүниежүзінде экологиялық сана ояна бастады. Қытай, Бразилия, Үндістан секілді дамушы мемлекеттер Еуропа мен Солтүстік Америкадағы бұрыннан келе жатқан индустриялық державалармен бірдей мөлшерде энергия қолданды. Нәтижесінде тіршілігіміз тәуелді табиғи және физикалық жүйе нашарлай түсті. Адамдардың әрекеті мен Жер шарының іргелі жүйелерінің арасындағы экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруде, ең бастысы, жаңа энергия көздерін жетілдіруде немесе демографиялық және әлеуметтік күрделілікке бет алуда тағы да кері шегінуге тура келді.

24

Инновация, революция және жаһандық дағдарыс
1890–1920 жылдар

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Франциядағы Сен-Мийельде Американың әскери штаб-пәтерінде телефон операторлары коммутатормен жұмыс істеді. Газтұмшалар мен каскалар Германия шабуылдаған жағдайда қорғану үшін ілініп тұр. Көпшілігіміз телефон арқылы сөйлесуге әдеттеніп алдық. Бұрындары телефон байланысы басқаша болатын. Тапсырыс беруші коммутатор операторымен сөйлесетін, ол телефон соғушы мен екінші тараптың арасындағы желілерді өзі қосатын. Құлаққап киген оператор-коммутаторлар банкте қоңырауды қосу үшін сымды бір-біріне жалғап отырды. Тұңғыш телефон коммутаторлары 1870 жылдың соңына қарай жұмысын бастады. Компаниялар оператор ретінде жасөспірім ұлдарды қызметке алды. Алайда бозбалалардың көпшілігі мұндай жұмысқа жарамады. Олар бірін-бірі итеріп, телефон трубкасына айғайлап, тұтынушыларға тіл тигізіп, коммутаторлық кеңсенің астаң-кестеңін шығарды. Кәсіпорындар осыдан соң жас, тұрмыс құрмаған, сауатты әйелдерді жұмысқа алды және телефонист мамандығы көп ұзамай нағыз гендерлік жұмысқа айналды. Қоғам бұл мамандық әйелдерге немесе дәлірек айтсақ, шетелдік акценті жоқ, орта таптағы ақ нәсілді әйелге табиғи түрде үйлесімді деген қорытынды жасады. ХІХ ғасырдың соңғы жылдарында басшы ер адамдар «әйелдер ерлердің бойында аз кездесуі мүмкін белгілі бір табиғи мүмкіндіктерге ие» деген пікірде болды: аналық ұстамдылық, серіктестік рухы, ақпараттарды жете есте сақтау және жұмсақ дауыс. Сонымен қатар телефон компаниялары, еңбекақы төлейтін өзге де кәсіпорындар секілді, салыстырмалы түрде бірдей жұмыс істетсе де, ерлерге қарағанда әйелдерге төмен жалақы төлеуі мүмкін еді. Коммутаторлық шеберлік тығыз байланысты болғаны сонша, Құрама Штаттар Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери телефон байланысын орнату үшін Еуропаға екі жүзден аса оператор жөнелтті. Олардың бірқатары, медбикелерден өзге ешбір әйел баласы бара бермейтін, майдан шебіне жақын жерде жұмыс істеді. Бұл «Алло, қыздар» тобы өздері білетін стандартты білік-біліммен қатар, ағылшын және француз тілдерінде еркін сөйледі. Телефон өзге де жаңа технологиялар сияқты, Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі ширек ғасырда жаһандық коммуникацияның жеделдігі мен тығыздығын анағұрлым жетілдіруге мүмкіндік берді. Бұл тараудың бірінші бөлімінде жаңа коммуникация мен транспорт технологиясын қарастырамыз. 1890 жылдың ортасында, орташа өсім байқалған және тұрақты экономикалық құлдыраудан жиырма жылдан аса уақыт өткеннен кейін, жаһандық экономиканың күрт өркендеуімен байланыстыра зерттейміз. Әсіресе индустриялық мемлекеттер мен үлкен коммерциялық қалаларда жақсы жұмыс істейтін және білімді адамдар үшін бұл жақсы уақыт болды. Шексіз материалдық прогресті жүргізу үшін ғылым, технология және капиталистік кәсіпкерліктің күшіне деген сенім пайда болды. Жалпы алғанда, мемлекеттер мен аймақтардағы жалпы ішкі өнім дүниежүзінде 1896–1914 жылдар аралығында, өзге кез келген ерте кезеңдерге қарағанда таңданарлықтай деңгейде өсті. Алайда бұл серпіліс біржақты жүрді. Негізінен өсім байқалғанымен, бай мен кедей арасындағы табыс айырмашылығы алшақтай берді. Бұл тараудың екінші бөлімінде дүниежүзілік соғыс басталғанға дейінгі ширек ғасырдағы өркениет пен прогрестің тереңіне үңілдік. XX ғасырдың алғашқы жылдарындағы індеттер, ашаршылық, отарлық эксплуатация, жұмысшылар наразылығы, қарулы халық көтерілістері, сол кезеңдегі апаттар мен төңкерістер назарымыздан тыс қалмады. Ресей, Иран, Осман Түркиясы, Қытай мен Мексикадағы революциялық қозғалыстарды шолдық. Ғасыр тоғысында көзі ашық бақылаушылар Еуропаның Ұлы мемлекеттері, Жапония және Құрама Штаттар арасындағы шетелдік аумақтарды жаулап алу мен материалдық ресурстарды жинау жолындағы қатаң бәсекелестікке қарамастан, жаһандық прогресс пен өркениеттің ұзақ мерзімге созылатынын болжаған еді. Іс жүзінде жаһандық экономикалық өсім бәсекелестікті тоқтатудың орнына, 1900 жылдан кейін барынша улы, қатаң және жалынды бола түсті де, жағдайды тіпті ушықтырып жіберді. Бұл тараудың соңғы бөлімінде көпшілік әдетте Бірінші дүниежүзілік соғыс деп атайтын Ұлы соғыс кезеңі қарастырылады. 1914 жылы, жаз басында Еуропа монархтары, премьер-министрлері мен генералдары «жалпы қақтығыс басталса, бұл шайқас өткен жарты ғасырдағы соғыс секілді аймақтық, қысқамерзімді болады және аса қымбатқа түспейді» деп ойлады. Керісінше, соғыс төрт жылдан аса уақытқа созылды, он алты миллион әскердің және бейбіт тұрғынның өмірін қиды, жаһандық экономиканы тұралатты. Соғыс өрті Еуропадан бастап, Африка, Азия, қос Америка, Мұхит аралдарын шарпыды. Бұл тарауда жаһандық ауқымдағы қақтығысқа, оның индустрия және технологиямен өзара байланысына, шұғыл да айтарлықтай апатты салдарына назар аударамыз.

24.1-КАРТА. Мемлекеттер және отар елдер. 1910 жыл Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Батыс Еуропа мемлекеттері, Құрама Штаттар және Жапония Африка, Азия және Мұхит аралдарының көп бөлігінен үміттенді немесе иеленді. Қай мемлекеттерде шетелдік империялық пиғыл басым болды?

Ғасыр тоғысындағы гүлдену, 1890–1914 жылдар ОЙЛАН: 1890 жылдан 1914 жылға дейінгі кезеңде жаһандық экономикалық өсімнің жылдамдауын қандай факторлар түсіндіруі мүмкін? Ұлы соғыс алдындағы жиырма жыл теңдессіз экономикалық өсімге және бірнеше миллион адамның өмір сүру сапасының көтерілуіне куә болды. Экономикалық өсімнің жеделдеуі өткен мыңжылдықтағы ең ұзақмерзімді жаһандық үрдіс еді. Алайда бұл жалпы өсім қарқыны теп-тегіс жолмен жүрмеді. Табиғи отын индустрияландыруға жол ашты, экономистер «бизнес цикл» деп атайтын өсімнің өзгеруі мен экономикалық құлдырау әрбір он жыл сайын алмасты. 23-тарауда сөз еткеніміздей, индустрия мен ауылшаруашылық өндірісі 1873 жылы едәуір құлдырады, бұл құлдырау бірнеше жылға созылды. Керісінше, 1896 жылы энергияның кең таралу кезеңі басталды және 1914 жылға дейін үзіліссіз жалғасты. Батыс Еуропа мен Құрама Штаттарда табиғи отын индустриясы өркен жайып, көбейді, корпоративті кәсіпорындар анағұрлым көп өсті және маңызды индустрияландыру бірінші рет Нидерланд, Скандинавия, Италия, Ресей мен Жапонияда (23-тарауды қараңыз) қалыптасты. Өндірісі дамыған мемлекеттерде қалалық жұмысшылардың еңбекақысы ұлғайып, дүниежүзінің түкпір-түкпірінен әкелген тұтыну тауарларына қол жеткізді. Чикаго мен Шанхайға дейінгі ірі қалаларда кәріз жүйесі, кең бульварлар мен механикалық транспорт қала өмірін дамытты. Жақсы безендірілген теміржол бекеттері абыр-сабыр қарбаласып, жан тыныштығын іздеген саяхатшылар алыс қашықтықтағы демалыс орындары мен шипажайларға асықты. Еуропа мен Солтүстік Америкада табысты кәсіп иелері пайдаға кенелгені сонша, «тамаша кезең» (la belle еpoque) дәуірі туралы ойлай бастады (24.1-картаны қараңыз).

Сауда және алтын

1896–1913 жылдар аралығында жаһандық сауда көлемі екі еседен аса ұлғайып, 8 миллиард доллардан 18 миллиард долларға дейін өсті. Батысеуропалық инвесторлар капиталдың аса көп бөлігін шетелдерге, бірқатарын тропиктік отарларға, одан да көп бөлігін Жаңа Еуропа елдерінің (Құрама Штаттар, Канада, Австралия және Оңтүстік Американың оңтүстік қиырына) теміржол, теңіз айлақтары, тау-кен өндірісі, ағаш өңдеу зауыттары мен фабрикаларына салды. Компаниялар тауарларды кемелер мен теміржолдар арқылы бұрынғыға қарағанда тез әрі арзан бағаға тасымалдады, өйткені ішінара бу машиналарын жүргізетін отын – көмір арзан еді. Капиталист кәсіпкерлер мен инвесторлар бір құрлықтан екіншісіне қаржылық ақпаратты іс жүзінде лезде жеткізетін телеграф, телефон және су арқылы жүргізілген өзге де кабель технологиясының мүмкіндігі мен жетілдіру жолдарын іздеп, дүниежүзін аралады. Британдық экономист Джон Мейнард Кейнс (1883–1946) Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі жылдарда Лондонның дәулетті тұрғындары «қаласа кез келген мемлекет пен жерді төлқұжат немесе өзге де ресми рәсімдеулерсіз-ақ, арзан әрі жайлы көлік құралдарымен тез арада иемдене алады, шетелдік кварталдарда... байлығын монета түрінде алып жүреді және кедергі келтіргендерге таңдана қарап, қатты жәбірленген түр көрсетеді. Ол мұндай жағдайды қалыпты, тұрақты және шынайы деп есептейді»1, – деп еске алады.

Индустриялық мемлекеттерде тауар мен ақшаның негізгі қозғалысы 1870 жылдан кейін ілгерілей бастады. Британия ұлттық валютасының құнын алтын стандарттарына теңестірді, осылайша бағаны алтын унциясымен белгіледі. Валютаның құны да алтынмен есептелген сәттен кейін, ол өзге валюталардың да арақатынасын алтын стандарттарымен белгіледі. Бұл жүйе валюталар арасындағы айырбас өлшемін тұрақтандырды. Нәтижесінде бір аймақтағы тауар бағасы екіншісінен көп өзгермеді, бизнес өкілдері көп қиналмастан коммерциялық мәміле жасасты. Әлемдік алтын қоры ХІХ ғасырда Калифорния, Австралия, Канада, Аляска және әсіресе Оңтүстік Африкадағы тау-кен өндірісінің арқасында жеткілікті болды. Ғасыр соңындағы әлемдік қаржы үстемдігіне ие держава – Британия алтын стандарттарының тәртібіне маңызды деңгейде ықпал етті және өзге мемлекеттер халықаралық экономикада маңызды орынға ие болу үшін осы ойын ережесін ұстануға тиіс болды. Дегенмен мемлекет алтын стандартына қосылса, экпортының бағасын түсіріп, сол арқылы сатылымын ұлғайту мақсатында валютасының құнын біржақты төмендете алмады. Бұл шикізаттардың экспортына тәуелді кедейлеу мемлекеттер үшін тиімсіз болды.

Урбанизация және миграция

Халық халықаралық айырбасқа көбірек атсалысатын орындар – қалалар мен кенттер үлкейіп, өсе берді. 1900 жылы дүниежүзінде бір миллионнан аса тұрғыны бар қала саны ең кемінде алпысқа жуықтады. Салыстырсақ, бір ғасыр бұрын осындай көлемдегі қала саны төртеу ғана еді. Бұл қалалардың он екісі – Батыс Еуропа немесе Солтүстік Америкада орналасты, қалған төртеуі – Токио, Бейжің, Калькутта және Санкт-Петербург еді2. Нарықтар мен қоймалар арқылы, негізінен, импорт пен экспорт бағытталатын мекендер мейлінше тез арада индустриялық орталыққа айналды. Аргентина және өзге де көрші мемлекеттер арқылы сиыр еті мен бидай экспорттайтын Буэнос-Айрес жыл сайын мыңдаған еуропалық иммигрантты бауырына тартты. 1909 жылға қарай оның тұрғыны – 1,2 миллион болса, жиырма жыл ішінде 250 пайызға өсті. Кейбір ірі қалалар елсіз аймақта пайда болды. Оңтүстік Африкада 1886 жылы алтын іздеушілер алтын кенін ашқан жерде, Йоханнесбург аталатын далалы алқаптағы жалғыз елді мекен 100 мың адамдық қалаға айналды және он жыл ішінде 500 бар ашылды. 1880 жылы өндірісі дамыған елдерде автокөлік және велосипед дөңгелегіне қажет каучукке сұраныс күрт артып, табиғи каучук жинау мен экспорттау үшін Амазонка өзені аңғарында үлкен қарбалас тудырды. Бұл алтын қазына тропиктік ормандардың түкпіріндегі, ұйқыдағы Бразилияның аймақтық астанасы Манаусты кешенді өзен айлағы мен үлкен опера театры бар, гүлденген қалаға айналдырды.

Манаустағы Амазонас театры. Бразилия. Бұл күрделі опера сарайын Амазонияның орталығында 1884–1896 жылдары салды. Каучук дүмпуі арқасында қаржыланған бұл құрылысқа француз шатырын, ағылшын болатын және итальян мәрмәрін қолданды. Мұндай оқшау қалаға бразилиялықтар неге айрықша театр салды деп ойлайсыздар?

Туған үйін тастап, шалғайға қоныс аударушылар саны 1800 жылы өсе түсті және Ұлы соғыс қарсаңында тіптен ұлғайды. ХІХ ғасырдың соңғы онжылдықтарында мигранттардың айтарлықтай басым бөлігі Оңтүстік және Шығыс Еуропа, Ресей, Үндістан және Қытайдан еді. Тасымалдау құнының үздіксіз төмендеуі адамдарды шетелден көбірек еңбекақы төлейтін жұмыс табуға, болмаса қылмыстық айыптаулардан, мемлекеттік саяси қуғын-сүргіннен немесе әсіресе Шығыс Еуропадағы еврейлердің мәселесінен, діни қудалаудан қашуға итермеледі. Құрама Штаттар мен өзге де Жаңа Еуропа аймақтары ұлғайып бара жатқан өндіріс ошақтарында жұмыс істеу үшін адамдарды көптеп тартты. Тропиктік ендіктерде плантациялар мен кеніш басқарушылар жұмысшылардың тұрақты санын қажет етті. 1900–1911 жылдары он төрт миллион еуропалық қос Америкаға, Австралия мен Жаңа Зеландияға қоныс аударды. 1913 жылы ғана 1,1 миллион қытайлық пен ресейлік Солтүстік-Шығыс Азиядағы (Сібір мен Маньчжурия) ауылшаруашылық жерлер мен кеніштерге көшіп барды. Саны осы көрсеткішпен бірдей адамдар, басым бөлігі қытайлар мен үнділер, тропиктік Оңтүстік-Шығыс Азияға қоныс аударды.

Ғылыми-технологиялық жетістіктер

Жеке кәсіпорындар, зертханалар, үкіметтер мен университеттер арасындағы халықаралық әріптестік бизнес кәсіпорындардың ауқымын кеңейтуді және кешендер ашуды жалғастырды. Ғалымдар теориялық маңызы мен іс жүзіндегі қолданысы ондаған жылдан кейін ғана толық байқалған жаңалық таратты. Бұл табыстардың арасында рентген сәулелері, заттың атомнан тұратынының ғылыми дәлелі, сондай-ақ еуропалық зертеушілер Макс Планк, Альберт Эйнштейн және Нильс Бор ұсынған кванттық механиканың бастапқы зерттемесі бар. 1909–1910 жылдары неміс ғалымдары Фриц Габер мен Карл Бош өндірістік ауқымда аммиакты синтездеу арқылы XX ғасырдағы химиялық технологияның ең маңызды жетістіктерінің біріне жетті. Ауадан алған азот сұйық күйінде өзгеріп, оны қатты нитрат ішінде өңделуге мүмкіндік берді. Бұл қосылыс оқ-дәрі мен динамит жасауда қолданылды, сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдерін аса көп мөлшерде ұлғайтты және оны уақыт өте келе ауылшаруашылық өндірісінде едәуір төңкеріс әкелген тыңайтқыш нитратын жасауда пайдаланды.

Соғыстан бұрынғы онжылдықта коммуникация мен транспорт жүйелері – теміржолдар, кестемен жүретін пароход желілері, телеграф және қалың оқырманы бар газеттер – өте тиімді болды. 1870 жылы суытатын құралмен жабдықталған пароходтың ойлап табылуы плантация капиталистеріне тропиктік жемістер мен көкөністерді су жолы арқылы жөнелтуге мүмкіндік берді. Бұл қоңыржай климатты аймақтарда экзотикалық тағамдардың жыл бойына тасымалдануына жол ашты. Австралия мен Жаңа Зеландия 8000 миль қашықтықтағы Англия асханалары үшін қой шаруашылығы мен кемеде салқындатылған қой етін ұлғайту мақсатында иммигранттарға жұмысқа тұру мүмкіндігін ұсынды. Мысалы, 1890–1910 жылдары Британия, Франция, Германия мен Құрама Штаттар жалпы теміржол жүйелерін 162 мың миль шамасында ұзартты. Инженерлер су астымен өтетін желілерді Сан-Францискодан Гавай арқылы, Мұхит аралдарын телеграф байланысымен жалғай отырып, Сиднейге дейін тартты. 1911 жылға қарай Британияда қандай да бір бәсекелес мемлекеттің желісін қолданбай-ақ, Лондонды ірі отар аймақтарымен байланыстыратын, саяси және әскери белгілердің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен телеграф жүйесі болды. Он жылдық үздіксіз жұмыстан кейін, 1914 жылы Америка үкіметі ашқан Панама каналы Тынық және Атлант мұхиттары арасындағы пароход саяхатын мың мильге қысқартты. Өзге технологиялық инновациялар рельспен жүйткіген пойыздар арқылы, телефон желісі көмегімен, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды» деуге болады.

Сөзді жеткізу. 1876 жылы Александр Грейам Белл (Alexander Graham Bell) ойлап тапқан телефон адамның дауысын электр импульстарына айналдырып, сым арқылы естіртті. Бастапқы телефон желілері бірқатар қалалы аймақтардағы кеңселерді, кәсіпорындар мен үйлерді жалғастырды. Құрама Штаттарда телефон аппараттары тез сатылды, өйткені телефоны жоқ адамдар достарымен және серіктестерімен байланысы үзілгендей сезімге бөлене бастады. 1890 жылдың соңына қарай итальян физигі Гульельмо Маркони (Guglіelmo Marconі) электромагнитті радиацияның бір түрі – радио толқындарға сигнал жіберу арқылы электрлі коммуникацияны сымжеліге тәуелділіктен арылтты. Марконидің еңбегі технология мен ғылым арасындағы жемісті байланысты көрсетті. 1887 жылы неміс ғалымы Генрих Герц (Heіnrіch Hertz) радио толқындардың бар екенін дәлелдеді. Герцтің зерттеуіне сүйенген Маркони сымсыз технологияны ойлап тапты. 1901 жылы ол S әрпін Морзе кодында Англиядан Канада жағалауына радиосигналмен жеткізді. Бірнеше жыл өткеннен кейін, радио операторлары кемеден жағалауға ұдайы сигнал жіберіп отырды. 1912 жылдың 14 сәуірінде британдық тамаша «Титаник» лайнері Солтүстік Атлантикада алып мұзтауға соғылды, батып бара жатқан лайнер құтқарушыларды шақырып, адамдардың өмірін сақтап қалу үшін экипажы жақын маңдағы кемелерге радитолқынмен апат белгісін жіберді. 1915 жылға қарай ғалымдар адам сөзін жеткізуі үшін электромагнитті толқындарға арналған әдістер ойлап тапты. Мұхиттың арғы жағалауында территориялары бар Еуропа мемлекеттері империялық капиталистерді отарларымен байланыстыру үшін телеграф желілерін толқын таратушы мұнаралар желісімен толықтыра бастады.

Дыбыс пен қозғалыстың сақталуы. 1877 жылы телефон технологиясымен тәжірибе жүргізіп жатқан шақта, Томас Эдисон (1847–1931) айналып тұрған цилиндр бетіндегі ойықта дыбыс толқынының дәл көшірмесін сақтау үшін, көміртекті стилус немесе ине қолданатын фонограф-машина, алғашқы фонографтың қарапайым түрін өзі байқамастан ойлап тапты. Кейінірек тағы бір стилус осынау шап-шағын толқынды дауыс қорабы арқылы өткізе отырып, «кері ойната» алды. Он жылдан соң, Құрама Штаттардағы неміс иммигранты Эмиль Берлинер дыбысты пластинка немесе «жазбаларды» сақтайтын және ойнататын жүйе ойлап тапты. 1915 жылға қарай минутына 78 рет айналатын пластинкалар стандартты фонографтық тасымал құралына айналды. Ол күрделі және созылыңқы дыбыс үлгілерін – әңгімелерді, дәрістерді, саяси баяндамаларды, музыкалық концерттерді (қойылымдар) жазып, сақтап, бір тыңдаушыдан екіншісіне жіберуге мүмкіндік берді.

Фонограф жазбалары секілді, суреттер сол сәттегі шынайы өмірді – сұлу табиғатты, билеушінің портретін, соғыс алаңында жан тапсырған жауынгерді бейнеледі, оны кейін өзгелер көруі үшін тарих қойнауына енді. Француз физигі Этьен-Жюль Маре (Etіenne-Jules Marey; 1830–1904) бір секундтың ішінде көптеген сурет түсіре алатын камераны ойлап тапқан 1880 жылдың өзінде-ақ сурет талғамды қажет ететін технология екені белгілі болды. Суреттер бірдей жылдамдықпен проекцияланған кезде, қозғалыс шынайылығының сағымын тудырады. Эдисон көп ұзамай камераға ұқсас, музыкамен сүйемелденген, қозғалатын бейнежазбаны көрсететін кішкентай ғана тесігі бар проектор қорапшасы – кинетоскопты ойлап тапты. Тұңғыш коммерциялық кинетоскоп дүкені Нью-Йорк қаласында 1894 жылы ашылды.

«Раджа Харишчандрадан» («Raja Harіschandra») көрініс. Дадасахеб Пхальке (Dadasaheb Phalke) 1913 жылы тұңғыш толықметражды үнді фильмін түсірді, онда үндінің көлемді эпикалық жырларының бірі «Рамаянада» әңгімеленетін, аты аңызға айналған үнді патшасының өмірі суреттеледі.

Жаңа заман көркем өнеріндегі жаһандық ықпал. Пабло Пикассоның майлы бояумен салған ірі әрі батыл «Авиньон бикештері» («Les Demoіselles d’Avіgnon»; 1907 жыл) атты кескіндемесінде сол кезеңдегі әйел затына тән емес, қорқынышты кейіптегі бес жеңіл жүрісті қыз бейнеленген. Әйелдердің екеуі африкалық болып көріну үшін маска киген. Пикассоның бұл шығармасы Париждегі алғашқы таныстырылымында пікірталастың өзегіне айналды. Африкалық бейнелер ХХ ғасыр басында заманауи идеялардың тууына неліктен себеп болды? © The Gallery Collectіon/Corbіs © 2013 Estate of Pablo Pіcasso/Artіsts Rіghts Socіety (ARS), New York.

Одан кейінгі жылы француз өнертапқыштары Огюст және Луи Люмьерлер тұңғыш жеңіл кинокамера мен проектор жасап шығарды. Ағайынды екеуі Францияның күнделікті өмірін жазып, қысқа комедиялар түсіріп, хроникалар жасады және фильмдер көрсетіп, жаңа материалдар түсіру үшін камера операторларының тобын жер жүзіне жіберді. Үндістанда режиссер-продюсер Дадасахеб Пхальке «Болливуд» индустриясын күнілгері сезгендей 1913 жылы толықметражды көркем фильм түсірді.

Телеграф және танымал газеттермен бірге жаңа коммуникациялық медиа адамдарға жер жүзін бұрын тіпті елестете алмаған деңгейде қиялмен кезуге мүмкіндік берді. Тіпті коммуникациялық желілермен аз ғана байланысы бар адамдардың өзі күнделікті оқып, көріп, тыңдап, ақпаратпен таныса алды. Дыбыс, сурет, қозғалыстағы бейнелер, алдымен бай мемлекеттерде ашық және демократиялық ақпаратқа жол ашты. Көп ұзамай дүниежүзінің сауаттылық деңгейі төмен бөліктерінде де халықтың ақпаратты тыңдауы мен көруіне мүмкіндік туды. Фильм түсірушілер бейнелерді сезімді оятатын, күйініш тудыратын немесе өнімді сататындай етіп, жүйелі өңдеуді үйренді. Саяси көшбасшылар жаңа медианы азаматтармен байланыс орнату үшін қолданды, ұлттық сезімді күшейту үшін немесе сөздер мен бейнені өз пайдасына «жарату» үшін де кәдеге асырды. Бұған қоса үкіметтер енді көпшілікпен соғысты, зорлық-зомбылық пен табиғи апаттарды жасыра алмайтын болды. ХІХ ғасыр соңында, мысалы, христиан миссионерлері Үндістанда отарлаушы үкімет адамдарға көмектесуде мардымсыз жұмыс атқарып отырғанын дәлелдеу мақсатында ашаршылықтың ауыр азабын суретке түсіру үшін арзанқол «Kodak» камераларын қолданды.

Дүниежүзінде сөз, музыка және бейнелер оқша борап жатқанда, адамдар өзгеше идеялармен және өмір салтымен көбірек таныса түсті. Жаңалығы бар суреттер, жазбалар, фильмдер, олар көрген және естіген музыка, сән және демалыс шараларына еліктеген дәулеттілер мен орта тап арасындағы мәдени біркелкілікке деген беталыс күшейді. Технологиялық жетістіктері мүмкіндік беретін аймақтар болғандықтан, жаңа медиа Еуропа мен Солтүстік Америкадан келетін идеяларға басымдық беруге бейім еді. Мәдени гүлдену барлық салада жүрді. Батыс Африка мүсін өнерінен жас Пабло Пикассо хабардар болды, Париждегі көрмеге барған еуропалықтар Африка өнерін тамашалады, қоғамдық музейлер тағы бір коммуникация орталығына айналды. Қысқасы, ХХ ғасырды сипаттайтын мәдени жаһандану адамдар мыңдаған миль қашықтықта бір мезгілде, бірдей көріп, естіп және елеп-екшей алатын дүниелер арқылы әлем халқын шын мәнінде жақындата түсті.

Автомобильдер мен аэропландар. Электронды коммуникациялар адамдарға біреудің көмегінсіз ешқайда бармай-ақ, алыс қашықтықта тұрып, шынайы уақытта қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді. Автомобиль мен аэроплан (1880 жылы ойлап тапқан, шынжырмен жүретін велосипед те бар), керісінше, жұмыспен немесе демалысқа болсын, өте алыс қашықтыққа сапарлауға мүмкіндік берді. ХІХ ғасырда көмір жағатын бу машиналары локомотив пен пароходтың көп бөлігін алып жатты. 1860 жылдардан бастап, негізінен, неміс инженерлері жасаған, газбен қуатталатын іштен жану қозғалтқыштары әдеттегі бу машиналарына қарағанда шағындау, арзан және әлдеқайда тиімдірек еді.

Готлиб Даймлер, Карл Бенц, Рудольф Дизель және Генри Форд секілді технологиялық ізашарлардың іштен жану қозғалтқышы бар «атсыз арбаны» жасап шығаруда сіңірген еңбегі өлшеусіз. Көптеген ересек адам жылдам жүргізіп үйрене алатын автомобильдер мен жүк көліктері тасымалдауды оңайлатты: рельстер мен жүру кестесіне дейін түбегейлі өзгерді. Мұнай химиясындағы жетістіктер, оған қоса Құрама Штаттар, Латын Америкасы және Таяу Шығыстағы ірі мұнай кеніштері ХХ ғасыр басында бензин бағасын екпіндете түсіре берді де, автомобильдерді анағұрлым қолжетімді етті. 1913 жылдан Генри Форд «Model Т» автомобильдерін жаппай өндіру үшін өзара алмасатын бөліктер мен құрастырушы желілерді қолданып, ХІХ ғасырдағы екі өндірістік идеяны шебер ұштастырды. «Қалың бұқараға арналған автомобиль құрастырамын» деп жариялаған Форд жұмысшыларының еңбекақысын Форд «Model Т» көлігін сатып алу мүмкін болатындай деңгейде көтеріп, тұтыну нарығын құрды. Фордизм55 деп аталып кеткен бұл реформа жалдамалы жұмысшыларды мамандандырған міндеттерін жақсы атқаруға ынталандыра түсті. Еңбеккерлер ыңғайлы һәм рақат сыйлайтын жұмысты жалақысы жоғары және өндірістік өнімдерді көбірек сатып алатын қаражатқа айырбастады. Сыншылар әйелдер мен ерлерді жалықтырарлық, бөлек-бөлек жұмысқа байлап қойғаны үшін фордизмді менсінбеді. Дейтұрғанмен, Құрама Штаттарда автомобиль саудасы Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі ең ірі нарық болды, 1900 жылы төрт мыңнан, 1915 жылы 895 мыңға дейін өсті.

Жеңіл іштен жану қозғалтқыштары механикалық ұшуға да мүмкіндік берді. Аэробензин деп аталатын мұнай дистилляты Солтүстік Каролинада 1903 жылы Орвилл және Уилбур Райттың көлігін әуеде қалықтатты. Бірінші рет ол он екі секунд, одан кейін ұзақтау уақытқа ұшты. Ағайынды Райттардың тәжірибесінен алты жыл өткен соң француз авиаторы Луи Блерио (Louіs Blerіot) Ла-Манш бойымен ұшақпен ұшты. 1911 жылға қарай авиапочта қызметі Солтүстік Америка, Британия мен Үндістанда құрылды. Сымсыз радио секілді аэроплан да коммуникацияның жер бетіндегі кедергілерін жойды.

Жаһандық теңсіздік және оның зардаптары

ОЙЛАН: ХХ ғасыр қарсаңында ірі қарсылықтар мен революциялық қозғалыстарға қандай әлеуметтік, экономикалық және экологиялық жағдайлар ықпал етті?

Бірінші дүниежүзілік соғыстан ширек ғасыр бұрын жаһандық қарама-қайшылық кезеңі басталды. Жаһандық экономика едәуір ұлғайды және анағұрлым күрделене түсті; бұрынғымен салыстырғанда едәуір интеграцияланды. Он миллиондаған халық қайта оралған өркендеу мен жаңа материалдық ғажайыптардың рақатын көріп, өсімнен пайда тапты. Алайда жедел экономикалық өсім мен күрделілік әлеуметтік күйзелістерге әкелді және осы онжылдықтарда жүздеген миллиондар кедей немесе тақыр кедей қалпында қалды. Жақсы уақыттың жетістігін Еуропа, Солтүстік Америка мен Жапонияның индустриялық аймақтарындағы қалалары көрді. Өзге аймақтарда да бұл молшылық, негізінен, ауылшаруашылық өнімдерін сату, импорт–экспорт бизнесі немесе Еуропаның отарлық мемлекеттеріне қызмет көрсетіп, өтемақы алудан пайда көріп жүрген ақсүйек меншік иелері табына қолайлы болды. Кейбір аймақтарда жаһандық сауданың өсуі артық астығын азық-түлікті жалдау ақысына немесе салыққа қажетті сомадан анағұрлым жоғары бағамен сатқан жер иеленуші шаруаларға табыс әкелді. Алайда көбіне жаһандық нарыққа ұмтылған фермерлер жер иеленушілердің қанауы, несие, баға тұрақсыздығы, қолайсыз ауа райы циклдерінің шырмауында қалды.

Фордизм – Генри Форд есімімен аталған, стандарттау негізінде бағасы ең төмен тауар өндіру мен жұмысшыларға өздері жасаған өнімді тұтынуға мүмкіндік беретін деңгейде жалақы төлеуге бірдей бағытталған технология мен ұйымдастыру жүйесі.

Құрғақшылық пен індет

ХІХ ғасыр соңындағы экономикалық экспансия миллиондардың өмірін жалмап, көптеген аймақта кедей-кепшіктің қатарын көбейткен табиғи апаттармен байланысты болды (24.2-картаны қараңыз). 1896–1902 жылдары Эль-Ниньоның соңғы үш ірі циклі өтті (23-тарауды қараңыз). Дүниежүзінің кейбір аймақтарында жауын-шашынның азаюынан бірнеше жыл қатарынан астық аз шықты. 1895 жылы Британия секілді индустриялық мемлекеттер ауылшаруашылық өнімдерінің күрт азаюынан зардап шеккен уақытта, олар мол астықты шетелдерден импорттау арқылы тапшылықтарын сәл де болса өтей алды. Алайда қайталанған азық-түлік дағдарысы кезеңінде фермерлері мен жалдамалы жұмысшыларына азық-түлік тауып беретіндей көп мемлекеттің жаһандық коммерциялық қуаты, теміржолдары немесе мемлекеттік капиталы болмады. Еуропа отарларындағы шенділер бірінен кейін бірі Африка, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тәуелді аймақтарға келген аштық экспорттық нарықтардың, тіпті астықтың да айналымына кедергі келтірмеуге тиіс деп мәлімдеді. Өйткені бұл жүк отарлық аймақтарға табыс әкелетін еді. Мысалы, 1896 жылы тым ауыр жұтқа душар болған Солтүстік Үндістанда Еуропа саудагерлері Ұлыбританиядағы астық тапшылығының орнын толтыру үшін астық экспортын жалғастыра берді. Ал осы уақытта Үндістанның отарлаушы үкіметі қазынаны ортайтады деп желеулетіп, ашыққандарға қандай да бір көмек беруден бас тартты. 1896 жылы Үндістаннан хабар берген америка миссионері бағаның күрт көтерілуінен астық сатып алуға ақшасы жоқ халықтың шарасыздығын былай сипаттады:

«Ашыққандар жаппай бүлікке шықты. Астық сатушылар өнімін аз-аздан ғана саудалап отыр, өйткені олар баға шарықтап өсетінін біледі... Адамдар астық дүкендері мен астық қоймаларын қиратып, есігін аша бастады. Кедергі келтірсе саудагерлерді өлтіреміз деп қорқытты... Ашыққан топ полиция мен сотқа: «Ұрлығымыз үшін тұтқынға ал, түрмеде бізді асыра. Мұнда біз аштықтан өлгіміз келмейді», – дейді»3.

24.2-КАРТА. ХІХ ғасыр аяғында жұт пен індетке ұшыраған аймақтар

Індет тараған аймақтарда қандай географиялық мәселелер бар? Құрғақшылық орнаған аймақтар еуропалық отарлық территориялармен қаншалықты сәйкес келеді?

1896–1897 жылдары Үндістанда шамамен он сегіз миллионға тарта адам жоқшылықтан, аштықтан немесе жұқпалы аурулардан көз жұмды. Соған орай, Үндістан XX ғасырға экономикалық жағдайы құлдыраған, халықтың басым бөлігінің өмір сүру деңгейі төмендеген қалпында аяқ басты.

Аштық пен жоқшылықтан адамдар тырысқақ, дифтерия және өзге де жұқпалы ауруларды тез жұқтырды. ХІХ ғасыр соңындағы ашаршылық без обасы індетінен туған өлім-жітімді ұлғайтып жіберді. Бұл ауру XІV ғасыр ортасында Афроеуразияның бірқатар аймағында халықты миллиондап қырған «қара өлім» деген атпен белгілі аса ауқымды індет – yersіnіa pestіs бактериясымен байланысты. Адамдар ауруды кеміргіштерде болатын және бактериялық індетті тарататын бүргелерден жұқтырып алуы мүмкін еді.

Бес жарым ғасыр бұрынғы «қара өлім» секілді бұл індет те 1800 жылдары жол арқылы таралды. Ғасыр ортасында Батыс Қытайдың таулы аймақтарынан басталған індет 1894 жылы Гуанчжоу (Кантон) айлағы мен Гонконгқа жетті. Ауру таратқан егеуқұйрық пен бүргелер секілді «шақырылмаған» жолаушылары бар сауда пароходтары бұл сырқатты өзге кеме айлақтарына тасымалдады. 1901 жылға қарай ауру бір-бірінен алыста жатқан Сингапур, Кейптаун, Сидней, Глазго, Рио-де-Жанейро, Гонолулу және Сан-Франциско секілді қалаларда тарап жатты. 1920 жылға қарай Оңтүстік Азияда індеттен шамамен 10–12 миллионға дейін адам қайтыс болды. Антибиотиктер арқылы жүргізген тиімді емінің арқасында өлім көрсеткіші азайған 1950 жылға дейін мұндағы қала халқының арасында сырқат тарала берді.

Жаңа отарлық билеушілер ықпалындағы Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия

Осы тараудың басындағы 24.1-карта Еуропа мемлекеттерінің немесе Құрама Штаттардың Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азияның басым бөлігінде үстемдікке ұмтылғанын көрсетеді. Алдыңғы отыз жылдық басқыншылық (23-тарауды қараңыз) шетелдік жаулап алушыларға өз арасында осы аймақтардың шекара сызығын анықтауға мүмкіндік берді. Африкада бөлшектенген отыз тоғыз территорияның отыз жетісі Еуропаның жаңа отары болатын; қалған екеуі – Эфиопия мен Либерия тәуелсіз мемлекеттер еді (кейінгісіне Құрама Штаттар қатаң экономикалық-дипломатиялық ықпал орнатты). Оңтүстік-Шығыс Азияда Тайланд егемендігін сақтап қалды, алайда бес еуропалық держава мен Құрама Штаттар аймақтағы өзге мемлекеттерге үстемдік жүргізгісі келді.

1914 жылы басқыншы күштер картадан өзара бөліп алған барлық аумақта әлі де толық бақылау орнатып үлгермеген еді. Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азияның кейбір аймақтарында дамушы отарлық әкімшілік жергілікті көтерілісті бірнеше рет тоқтатса да, бүлікші топтар күресін жалғастыра берді. Мысалы, ХІХ ғасыр соңында Нидерланд Оңтүстік-Шығыс Азияның теңіз аймақтарын, Ява мен өзге аралдарды биледі, ал алып Индонезия архипелагындағы аймақты бақылап отырды. 1896 жылы Батыс Африкада британ күштері бір кездегі қуатты Асанте империясын жаулап алдық деп ойлады, алайда төрт жылдан кейін олардың көсемі бастаған көтерілісті басу үшін отарлаушы әскер тоғыз ай уақыт тәртіп орнатты.

Отарлауға қарсы батыр әйел Яа Асантева. Патша-ана Асанте патшалығында маңызды саяси рөл атқарды, бұл патшалықта ер-азамат көсемдер сияқты, көсем-әйелдер де билік ете алды. Яа Асантева ықпалын 1900 жылы британ отарлаушыларына қарсы көтеріліске жұмылдыруға пайдаланды. Асанте көсемдері жүрексініп тұрған тұста Яа Асантева: «Асанте көсемдері, барып тұрған сужүрек болсаңдар, белбеулеріңді маған шешіп беріп, менің ішкиімімді киіп алыңдар!» – депті.

Отарлық мақсаттар. Жаңа ғасыр басында империя билеушілері қатаң бақылау орнатқан Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия аймақтарында үш негізгі мақсатқа жеткісі келді. Біріншісі – әкімшілік жүйені жасау және жергілікті билеушілер мен бай-бағландар талап еткен тыныштықты сақтау. Екіншісі – үкімет шығындарын өтейтін еуропа салық төлеушілерінің орнына, отарланған халықтан жеткілікті деңгейде түсім жинау. Үшіншісі – жаһандық нарыққа отар елдерден келуі мүмкін кез келген бағалы шикізат экспортына жол ашу. Осындай жолмен Малайзиядан резеңке, Батыс Африкадан пальма майы, Бельгия Конгосынан мыс тасымалданды. Бұл кәсіпорындар отарлаушы елге қосымша табыс түсірді және еуропалық экспорт-импорт компанияларына кәсіпорын табысын әкелді. Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ертедегі отарлаушы өкімет бұқаралық ағарту, техникалық машықтарды жетілдіру немесе қоғамдық мәселелер бойынша саяси өмірге араласу бағытында маңызды жоспар жасаған жоқ.

Еуропаның Солтүстік Америкаға, Австралияға немесе Латын Америкасына салған қаржылық капиталымен салыстырғанда, ешбір отарлаушы өкімет немесе шетелдік кәсіпорын Африкадағы немесе Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тәуелді елдердің экономикасына көп инвестиция салмады. Тау-кен өндірісі мен коммерциялық ауыл шаруашылығы бірқатар аймақтарда еңбекақысы төмен жұмыс көзін ұсынды. Еуропалық кәсіпорындар бүкіл халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге мүмкіндік беретін отар елдің байлығын сыртқа тасып әкетті. XX ғасырдағы отарлау жүйесін анағұрлым толығырақ 25-тарауда қарастырамыз.

Оңтүстік Африкадағы алтын мен қайыршылық. ХІХ ғасыр соңында Оңтүстік Африкада байлықтың өсімі орасан зор қарқында дамығанына қарамастан, халықтың басым бөлігінің экономикалық жағдайы төмендеп кетті. 1890 жылғы жағдай бойынша еуропалық қоныстанушылардың ұрпақтары халықтың 10 пайыздан төмен бөлігін құрады, алайда ақ нәсілділер ел аймағының шағын ғана ішкі бөліктерінен басқа барлық аудандарына бақылау орнатты. Британия Кап отары және Натал аталатын аймақты ұстады, бұл уақытта африканерлер (ертеректе келген нидерландтықтардың және еуропалық өзге де иммигранттардың ұрпақтары) екі республиканы – Трансваал мен Қызғылт-сары Азат елді (Orange Free State) басқарды. Африканерлер екі мемлекетте де нәсілі жоғары әлеуметтік каста ретінде билік етті. Олар үшін басым көпшілік болған африкалықтардың теңқұқықтық идеясы «тәңір заңдылығы нәсіл мен діннің табиғи айырмашылығына қарама-қайшы»4 болды.

Оңтүстік Африка алғаш 1866 жылы-ақ алмас экспорттады, алайда 1886 жылы іздеушілер Трансваалдан алтын тапқаннан кейін аймақтың экономикалық бағасы өсті. ХІХ ғасыр аяғына қарай, Оңтүстік Африка дүниежүзіндегі алтынның 25 пайызын толық қамтамасыз етіп отырды. Еуропалықтар машықтанған немесе жартылай машықтанған жұмыстарға тұру үшін келді және анағұрлым үлкен Оңтүстік Африкадан қарапайым жұмысшылар кеніштерден жалақысы төмен жұмыс іздеп, жауыннан кейінгі көктей қаулап өскен қалаларға ағылды.

1899 жылы Ұлыбритания африканерлердің екі республикасын басып алмақ ниетпен шабуыл жасаған кезде Оңтүстік Африка соғысы (Boerwar) барысында анағұрлым көп құқық иеленуге деген үміті ұлғайды. Британдық кәсіпкер магнат Сесиль Родс тау-кен өндіріс компаниясына ауыр салық салғаны, тіпті ағылшынтілді иммигранттарға да толық саяси құқық беруден бас тартқаны үшін африканерлер өкіметін жек көрді. Британдықтар мүлде күтпеген жағдай – африканер коммандосы партизандық көтеріліс ұйымдастырды. Оған жауап ретінде британдық әскер африканерлердің фермаларын өртеп, құдықтарды улап, әйелдер мен балаларды XX ғасырдағы алғашқы концентрациялық лагерьлерге қамады, мұнда мыңдаған адам аурудан және аштықтан көз жұмды. Еуропалықтар үшін бұл тәсіл үрей тудырды және 1902 жылы африканер көшбасшылары берілген уақытта британдықтар олармен бірден келісімге келді. Екі тарап та ақ адамдардың қоғамдағы үстемдігін және өздерінен төмен сатыдағы африкалық жұмыс күшіне қол жеткізуді қалады, олар кеніштер мен үлкен фермалардың жұмыс істегенін қажет етті. Айқас барысында тараптардың ешқайсысы да «көтеріліске маңызды ықпал етсе, әлеуметтік-экономикалық талаптар қояды» деген қауіппен африкалықтарды соғыс қимылдарына қоспады. Іс жүзінде африкалықтар құрылысшы және тасымалдаушы, азық-түлік өндіруші, барлаушы жұмыскер ретінде африканерлер мен британдықтардың екі шебінде де еңбек етті. Әскери көтерілістен олардың да өмірі қалыпты арнасынан басқа бағытқа бұрылып, азап шекті. Дегенмен соғысты ақтаған келісімшартта африкалық құқық туралы бір де бір сөз жазылмады. 1910 жылы Британия қудалау мен кедейшілік үдей түсіп, ұлғайып бара жатқан африкалық мәселені тастап, біріккен Оңтүстік Африкадағы африканерлерге өзін-өзін басқару құқығын берді.

Кеншілер жартас бетінде сымға байланған көлікпен кетіп барады. 1888 жыл. Оңтүстік Африкада пайда болып келе жатқан тау-кен индустриясы ауыр техника мен өнімді еңбек күшіне тәуелді болды. Білім-білікті талап ететін, жалақысы жоғары жұмыстарды ақ нәсілді жұмысшылар атқарды. Олардың көпшілігі жаңа келген иммигранттар еді. Бұл сурет кеніштегі жұмыстың қаупі туралы қандай ойға жетелейді?

Еуропадағы жұмысшылар наразылығы мен ұлтшылдық толқуы

ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында экономикалық өсім жеделдеп, Еуропада наразылық пен көтеріліс үдеді. Батыс Еуропа демократиясында социалистер мен өзге де реформаторлар жоғары жалақы, жақсырақ жұмыс жағдайын талап етіп, шерулер мен ереуілдер легін тұрақты ұйымдастырды. Әсіресе, Британия мен Құрама Штаттарда қалалық әйелдер, кейде тіпті түрмеге қамалу қаупі туса да, теңдік пен сайлау құқығын иеленуге көпшілікті үгіттеді. Құрама Штаттарда 1893 жылғы экономикалық құлдыраудан кейін прогрессивті қозғалыстар қоғамдық реформаларды ала келді, еңбек заңы, жалпыға білім беру, баспана жағдайын жақсарту, қалалардағы денсаулық, жемқорлықтан азат үкімет үшін күрес өркен жайды.

ХІХ ғасырдың басым бөлігінде ұлтшылдық Еуропадағы мықты қоғамдық идеология болды. Алайда еуропалықтар тәуелсіздік пен жалпыға ортақ құқықтарды көксеген азаматтардың қауымдастығына қарағанда және сырттан келгендерді есептемегенде, негізінен, ортақ тіл, мәдениет, тарих пен тағдырды бөлісетін этно-нәсілдік топ ретінде ұлтты көбірек құрметтеді. ХІХ ғасырда халқы өскен Оңтүстік-Шығыс Еуропада жұмыссыздық пен жер тапшылығы күшейе бастады, радикалды жас ұлтшылдар Австрия, Ресей, Осман түріктері режимінің езгісіне қарсы серб, болгар, венгр, албан және өзге де ұлттық тұтастықтарын жариялады. 1878 жылы Еуропадағы үлкен мемлекеттер өсіп бара жатқан ұлттық шиеленіске, бұл мемлекеттер этникалық жағынан бір текті болмаса да, Сербия, Черногория (Montenegro)56, Болгария және Румынияның тәуелсіздігін қолдауға келісе отырып жауап берді.

Аштық жариялаған суфражист әйелді мұрын қуысы арқылы күштеп тамақтандыру. 1903 жылдан кейін Лондондағы Холлоуэй түрмесі саяси белсенділігі үшін тұтқындалған әйелдерге баспана болды. Полиция мен әйел құқығын жақтаушылар арасындағы шиеленіскен қарым-қатынасты қандай факторлар түсіндіріп бере алады?

ХІХ ғасыр ортасында пайда болған жалған ғылыми нәсілдік идеялар (23-тарауды қараңыз), көшбасшыларды ұлтшылдық пиғылы айрықша «Оларға қарсымыз» үлгісін қолдауға итермеледі. Нәсілдік теоретиктер «Ұқсас тілі мен мәдени діңі ортақ адамдар басқа көршілерінен ерекшеленеді және генетикалық жағынан басым айрықша биологиялық мұраға ие» деген пікірді ұстанды. Жалған «әлеуметтік психологтар» Дарвиннің табиғи сұрыпталу идеясының өңін айналдырып, ата-тегінен берілген ерекшеліктерді мәдени түрде зерттелетін сипаттармен негізсіз шатастырып, адамның сыртқы келбеті (терісінің түсі, басының пішіні) мен олардың туабітті ақыл-ой мүмкіндіктерінің арасында биологиялық байланыс барын мәлімдеді. Ғылыми тәжірибелердің бұл карикатурасы нәсілдік иерархияға еуропалықтарды ғана емес, ең әуелі алыстағы азиялықтар мен африкалықтарды жатқызды. Кейбір теоретиктер солтүстікеуропалықтардың жақсы қасиеттерінің қатарында «протестант болу» мінезі бар, ал оңтүстікеуропалықтар генетикалық кемшіліктерін терілерінің қараторылау және Рим католиктері болуы арқылы әйгілейді деген секілді дәлел келтіріп, еуропалықтарды жоғарғы және төменгі нәсілдерге бөлді.

Бізге Montenegro атымен емес, Черногория есебінде таныс болғандықтан, бұл елдің атын осылай қалдырдық.

Бес революция

XX ғасырдың алғашқы он бір жылында қиян-кескі революциялық қозғалыстар Ресей, Иран, Осман Түркиясы, Қытай және Мексикада бұрқ етті. Олардың барлығында көтерілісшілер шетелдік отарлаушы қожайындарға емес, өз үкіметтеріне қарсы шықты. Африкалықтар мен азиялықтар отарлаушы билікке қарсы шықса, бұл көтерілісшілер демократиялық үкіметті, азаматтық еркіндікті, экономикалық қауіпсіздікті талап етті. Барлық бес мемлекетте қарапайым халық 1896–1914 жылғы индустриялық және коммерциялық дүмпуден көп пайда таппаған секілді. Саяси белсенділер билік құрып отырған режимді ықылассыз әулеттік мұра (Ресей, Иран, Түркия және Қытай) немесе дәулетті ақсүйектер мен шетелдік компанияларға ғана тиімді, аты бар да заты жоқ республика (Мексика) деп санады. Ресейден өзгесінің барлығында көтерілісшілер қысқа мерзім аралығында саяси тұрақтылықты қайта қалпына келтірмесе де, ел басқарған өкіметті құлатты.

Ресейдегі 1905 жылғы революция. Панеуразиялық алып империя, мықты әскері бар, еуропалық үлкен мемлекет Ресей 1890 жылы қарқынды экономикалық өсімді және энергетикалық индустриялануды бастан кешті (23-тарауды қараңыз). Ресейліктердің көпшілігі ауылда, кедей және білімсіз болып қала берді, алайда қалалықтар және өнеркәсіптегі жұмысшылар ақша табатын, реформа жүргізетін кәсіпкерлердің, саудагерлердің, зияткерлердің орта табы ретінде тез ұлғайды. Ресейдің өнеркәсіптік қалалары денсаулыққа зиянды орта еді, жұмысшылар ауыр еңбек жағдайынан зардап шекті, шаруалар аса көп мөлшерде салық төледі және орта тап патша ІІ Николайдың (1894–1917 жылдары билік құрды) авторитарлық үкіметінің әрекетсіздігіне наразы болды.

Осындай жағдайда қала жұмысшылары құпия бірлестіктер ұйымдастырып, ереуілге жиі шығып отырды. Санкт-Петербург, Мәскеу және өзге де индустриялық қалалардағы зияткер бизнес көшбасшылар реформалар талап ету үшін саяси бірлестіктер құрып, газеттер шығарды. Олар өзгеріс орнатудың ең қолайлы жолдарын ұсынумен ерекшеленді. Либерал-демократтар шектеулі конституциялық монархияны қалады. Бірқатар социалистер шаруалар революция жасауға тиіс деп есептеді. Қатарластыра көп үміт артқан маркстік теоретик Владимир Ильич Ленин, коммунист-пролетариат қана, яғни қалалық жұмысшы табы патша режимін тақтан тайдыра алады деп мәлімдеді. Патша үкіметі реформашылдардың барлығын қуғындады, «мағынасыз арман» ретінде Ресей конституциясын құрудан бас тартты.

Ғасыр тоғысындағы бірқатар дағдарыстар патша билігін әлсіретті. 1898–1899 жылдары екі жыл қатарынан астық түсімі нашар болды және индустриялық өсім тұралауға шақ қалды. Одан кейін, 1904 жылдың ақпанында Қытайда саяси толқулар тарап жатқан жағдайда, Ресей мен Жапонияның Шығыс Азиядағы жаңа аймақтарға бірдей аңсары ауып, Маньчжурия, Корея және Ляодун түбегіндегі (Бейжіңнің шығыс жағы) бәсекелес тараптарға қарсы соғысқа аттанды. Соғыс қимылдары Ресей үшін сәтсіз болды. 1905 жылы мамыр айында Жапонияның техникалық жағынан озық әскери-теңіз флоты Корея мен Жапония арасындағы Цусима бұғазында Ресей флотилиясының басым бөлігін батырып жіберді. Жапон жеңісі соғысты аяқтады және Жапонияның Корея мен Маньчжуриядағы аса маңызды мүдделерін көздей отырып, ықпал етуіне жағдай жасады.

Ресей бұқарасы әлеуметтік реформаларды талап етті. 1905 жыл. Ресейдегі алғашқы революция Санкт-Петербург көшелеріне мыңдаған шерушіні алып шықты. Нәтижесі «Қанды жексенбі» деген атпен белгілі қырғынмен аяқталды. Бейбіт халықты үкімет әскерінің атқылауына шын мәнінде не түрткі болуы мүмкін?

Ресейдің Шығыс Азияда ойсырай жеңілуі Мәскеу мен өзге қалаларда халық наразылығы толқындарын тудырды. 1905 жылы қаңтарда 150 мың жұмысшы Санкт-Петербургтағы Қысқы сарайдың алдында шеруге шығып, «өзің мен халқыңның арасындағы бөгетті алып таста»5 деген тәуелсіз петицияларын жеткізді. Жауап ретінде империя әскері бірнеше жүз шерушіні қырып тастады. Бұл жаппай қырғын бірнеше айға созылған ереуілдер, шаруалар көтерілісі, саяси мақсатта кісі өлтіру мен әскери бүлікке себеп болды. Өнеркәсіптік қалаларда жұмысшылар кеңестер57 деген атпен белгілі сайланбалы саяси жиын құрды, ол институт кейінгі онжылдықтарда жаңа мағынаға ие болды. Ақырында патша ересек ерлерге сайлау құқын беруге келісті және парламент (дума) сайлады. Бірақ ол жаңа ассамблеяның мәртебесін сыйлаудан бас тартты, сондықтан наразылықтар мен бүліктер жалғаса берді. Патша билігі 1905 жылғы көтерілістен аман шығуының себебі: бәсекелес идеологиялық фракциялар бір-бірімен біріге алмады және Ресейдегі орта таптың басым бөлігі өз мүдделерін ауылдағы қалың бұқараның мүдделерімен қатар қоя алмады.

Ирандағы конституция үшін күрес. ХІХ ғасырда Ресей мен Британия Қажар әулеті билеген (1794–1925) Иранға дипломатиялық және әскери қысым көрсетіп келді. Британия Иран мен Ауғанстан үкіметтерінің Ресейдің Үндістанға шабуыл жасауға немесе қоқан-лоққы жасауына дем беруі мүмкін саяси ойынға араласпауын қатаң қадағалады. Ресей Иранмен оңтүстік-батыста шектесіп жатқан Парсы шығанағындағы әскери-теңіз айлағына құмартты. Иранның автократ монархы Мұзафар ад-Дин шах (1896–1906 жылдары билік құрды) тиімді салық жинау бюрократиясы жетіспеді. Сән-салтанатты сарайын қамтамасыз етуге қазына ақша қажет еткен соң Ресей, Британия және Франция банктерінен көп сомада қарыз алды. 1901 жылы ол Иранның үлкен бөлігін алып жатқан мұнайды бұрғылау құқығын британдық кәсіпкерге сатты.

Осындай шетелдік басқыншыларға жауап ретінде бірқатар қалаларда реформашыл қоғам тамыр жая бастады. 1905 жылы желтоқсанда конституциялық монархияны талап еткен шерушілер ел астанасы Тегеранға жиналды. Мұзафар ад-Дин түрлі топтардың ұлғайып бара жатқан наразылығымен бетпе-бет келді. Олар Еуропаның арзан импорт тауарларына алаңдаушы қолөнершілер мен саудагерлер, шетелдің ықпалын исламға қарсы қылмыс деп айыптаған шиит мұсылман дінбасылар және еуропалық конституциялық жүйені талап еткен көзі ашық либералдар еді. Нәтижесінде шах құрылтай (ассамблея) шақырды да, Иранды шектеулі монархияға айналдырған заңдар қабылдады.

Мұзафар ад-Дин 1906 жылдың соңында қайтыс болды, алайда оның мұрагері автократияны қалпына келтіру үшін қатаң әрекетке көшті. Осыдан кейін мемлекет төрт жылға созылған азамат соғысына шырмалды. Осындай бейберекет жағдайда Ресей мен Британия Иранды екі ықпалды аймаққа бөліп алуға келісті. 1911 жылы олар солтүстіктегі және оңтүстіктегі провинцияларды басып алды, олардың мақсаты ресми отарға айналдыру емес, бейресми үстемдікті қамтамасыз ету еді. Азамат соғысы Иранның конституциялық монархиясымен аяқталды, алайда оның экспорттық және импорттық экономикасы шетелдік компаниялар мен олардың дәулетті ирандық серіктестерінің қолында қалды.

Жас түріктер көтерілісі. Жапонияның Ресейді жеңуі, 1905 жылғы Ресей революциясы және Ирандағы көтеріліс Осман Түрік империясының билеушісі ІІ Әбдул Хамид сұлтанға (1876–1909 жылдары билік құрды) қарсы жаппай наразылыққа дем берді. Сұлтан жаңа әскери технология, озық техникалық білім, телеграф пен теміржол құрылысына қоса модернизацияға сенді. Алайда империядағы консерватор жер иеленуші әулеттер мен мұсылман дінбасылардан қолдау тапқан ол өзі билікке келген алғашқы жылдары үміт күттірер либералды реформалық қозғалыстарды тоқтатты (22-тарауды қараңыз). Автократиялық билікті және қуғындауды үсті-үстіне көбейткен үкіметті қалпына келтіріп, қабылдап алғаннан кейін, екі жыл өткен соң жаңа либералды конституцияны кейінге ысырды. Биліктің либералды қарсыластары, негізінен төмен деңгейдегі лауазымды қызметкерлер, университет студенттері мен жас әскери сарбаздар астыртын немесе айдауда жүріп реформаларға үгіттеуін жалғастыра берді. Ирандағы секілді, бұл белсенділер де құпия қоғамдар құрды. Мүшелері жас түріктер деген атпен белгілі Бірлік және прогресс комитеті (CUP; БПК) конституциялық және әскери жаңаруды қалпына келтіруді, шетелдік компаниялар мен банктерге экономикалық шектеу қоюды талап еткен топтар үшін негізгі ұйымға айналды. 1908 жылы Әбдул Хамидтің әскердегі бассыздықтарынан мезі болған сарбаздар тобы Бірлік және прогресс комитетімен бірлесе көтеріліс ұйымдастырды. Жағдайдың осылай өзгеруіне қатты алаңдаған сұлтан конституцияны қайта енгізіп, жаңа парламенттік сайлау жариялады. Әбдул Хамидтің консервативті жақтастары контрреволюция жасауға талпынған уақытта, Бірлік армиясы Стамбұлда сап түзеп, сұлтаннан орнын билік базасы жоқ жас інісінің пайдасына босатып беруді талап етті.

Бұл билік бес жыл бойы саяси фракцияларды тас-талқан етер дау-дамай тудырды, алайда ақырында Бірлік және прогресс комитетінің көсемдері өз билігін орнатты. Бұл конституциялық билік бірте-бірте диктаторлыққа айналды. Жас түріктер империяны этникалық және діни топтар азаматтық толеранттылық пен теңдікке ие болуға тиіс, көпұлтты мемлекет ретінде дәріптеуді құп көрді. Алайда іс жүзінде түріктілді қала халқы Еуропаның басым бөлігіндегі үрдіске ұқсайтын анағұрлым айрықша этникалық ұлтшылдық бағытына көшті.

Қытай империясының ақыры. ХІХ ғасыр соңында Еуропаға, Жапонияға, Құрама Штаттарға өзге экономикалық және әскери күштердің тізе бүгуі Қытайға қатты әсер етті. Бұған қоса, Қытайдағы саяси дүрбелең барынша ауыр болды, өйткені бұл елде жарты миллиардқа жуық халық тұрды, ол Осман империясы халқынан жиырма үш есе көп еді. Тоқтаусыз өскен еуропалық қысым, импортты төлеуге күмістің толассыз ағыны, ауқымды Тайпин көтерілісі, бірнеше қайталанған аштық – бәрі қосыла келе Цинь империясының саяси билігі мен қаржылық төлем қабілетін күйретті (22-тарауды қараңыз). Ресей, Иран және Түркия секілді жас либералды жаңашылдар автократиялық монархия мен оның шетелдік басқыншылардың, айрықша экономикалық өзгерістердің алдындағы шарасыздығына қарсы шықты. 1894–1895 жылдары Жапонияның жаңа әскері Қытайдың алып, алайда жұтаң жабдықталған әскери күшін қытай–жапон соғысында бірден жеңді. Қақтығыс Кореяға ықпал ету бақталастығынан басталды. Соғыс Жапонияның мұндағы үстемдігімен және XVІІ ғасырдан бері Қытайдың бір бөлігі болып келген үлкен Тайвань аралына бақылау орнатуымен аяқталды. Жапония жеңісінен кейін, Британия, Франция және Ресей Цинь үкіметін Қытай территориясының басым бөлігіне бақылау орнатуға келісуіне итермелеп, қысымға алды. Мұнда олар қытай заңдарынан босатылып, сауда және саудагерлік басым құқыққа ие болар еді. Ақыры Цинь ондаған келісім айлақтарын58 шетелдіктердің толық саяси бақылауына өткізді. Бұл жерлерде еуропалық саудагерлер мен олардың қытайлық әріптестері импорт салықтарын төлеместен бизнес жүргізді.

Империя соты шектен тыс империя құрылысына қарсы тұруға шарасыз болды. Жесір патшайым Цыси (Cіxі; 1861–1908 жылдары билік құрды) ықпалды автократ ретінде екі император орнына Қытайды регент ретінде, бірінші рет жеткіншек ұлының орнына, 1875 жылдан кейін жиені Гуансюйдің (Guangxu) өкілі ретінде басқарды. Ол және оған қызмет ететін конфуцийшіл ғалым-бюрократтарды техникалық жаңалықтар қызықтырмады және еуропалықтар мен реформаға ниетті қытайлықтарды жаратпады.

1896–1902 жылдары қатар келген Эль-Ниньо циклінен қатты зардап шеккен солтүстіктегі аймақтарда халық көтеріліске шықты. Қатты құрғақшылық муссондық су тасқынымен алмасып, миллиондаған шаруаның қырылуына немесе қоныс аударуына себеп болды. Мұндай табиғат апатының ғарыштық себебін іздеген Үйлесімді жұдырық (Harmonіous Fіsts) Ихэтуань немесе «боксшылар» деп атап кеткен көтерілісшілердің құпия ұйымы Қытайдың басына түскен сордың бастауы – шетелдіктерге қарсы айрықша күш жасақтаймыз деп есептеп, жекпе-жек өнері мен салт-жораларды дамытты. Ихэтуандар сол кезеңде Қытайда көп шіркеу салған Еуропа және Америка миссионерлерін құртуға үгіттеді. 1899–1900 жылдары «боксшылар» кедейленген жас жігіттерді, сондай-ақ «Қызыл шамдар» деген атпен белгілі ауыл әйелдерін шетелдік мүлікті қолданыстан шығаруға, телеграф желілерін және шіркеулерді қиратуға, миссионерлер мен олардың қытайлық шоқынушыларын өлтіруге шақырды. Бірқатар Цинь губернаторлары бүлікті басуға ұмтылды, алайда Жесір патшайым бұл көтерілістердің қолтығына су бүркіп қойып отырды.

«Боксшылар» арандатуына жауап ретінде Жапония, Ресей, Германия, Франция, Британия және Құрама Штаттар 1900 жылы жазда көпұлтты әскер жасақтады. Жаңартылған винтовкалармен, зеңбіректер және артиллериямен қаруланған бұл күштер ішкі өлкелерге шабуылдап, «боксшылар» ұйымында болды ма, жоқ па – қарамастан, он мыңдаған қытай шаруаларын қырып салды. Басқыншылар Бейжіңді басып алып, Жесір патшайымды қашып құтылуға мәжбүрледі. Бүліншілікті осылайша басу Қытайды кең ауқымдағы шетелдік басқыншы күштің алдында дәрменсіз етті. Алайда халықаралық талас-тартыс пен Қытайды жаулап алуға қажет шығындардың тым көп болуы үлкен державалардың екпінін басты.

Әскери қорлық Цинь үкіметін тым болмағанда әкімшілік және әскери модернизация, коммуникациялық желілерді дамыту және ағарту саласына қаржы бөлу секілді орташа реформалар жүргізуге итермеледі. 1908 жылы Жесір патшайым мен Гуансюй қайтыс болды, мұрагер Пу (Puyі) екі жасында таққа отырды. Одан кейінгі жылдары ер-азаматтардан тұратын шағын электорат провинциялық ассамблея сайлады, ал олар өз кезегінде ұлттық парламент мүшелерін таңдады.

Алайда ұлғайып келе жатқан радикалды реформалар үшін Қытай талап еткен «өзін-өзі нығайту» атты жаңа бағдарламаны дәстүрлі конфуцийлік сарай қызметшілеріне тапсыру мүмкін емес еді. Қытай реформашылары жас түріктер секілді айдауда жүріп те әрекет ете берді. Олар радикалды журналдар шығарып, Қытайдағы отандастарына хат жазды және ақша жинады. ХХ ғасыр басындағы ең әйгілі либералды реформатор – Сунь Ятсен (Сун Чжуньшань; Sun Zhongshan; Sun Yat-sen; 1866–1925) британ басқаруындағы Гонконгта медицинаны оқыды және христиан дінін қабылдады. Ол Цинь билігіне қарсы құпия қоғамдармен одақтасты, конституциялық республиканы жақтады және қаражат пен саяси демеуші табу үшін Еуропа мен Құрама Штаттарға сапар шекті.

268 жылдық Цинь әулетінің билігі 1911 жылы оның революцияшыл қарсыластары күткенінен де тез арада құлады. Бас имейтін әскери офицерлері елдің Янцзы өзенінің алқабындағы бөлігінде билікті басып алып, аймақты империя өкіметінен тәуелсіз деп жариялады. Бұл ақпарат телеграф арқылы өзге офицерлерге, жаңа провинциялық ассамблеяға жетті. Бірнеше апта ішінде он екіден аса провинция бөлініп кетті. Бала император Пудың қамқоршылар сотында конституциялық республиканы таңдаудан өзге амалы қалмады. Сунь Ятсен тез арада шетелден оралды, алайда президент болған бұрынғы Цинь генералы демократияға толерантты бола алмады. Бұл революциялық үкіметті дүрбелеңде қалдырды, осылайша 1913 жылы әскери адамдар Қытай провинцияларының көп бөлігінде билікті қолға алып, оларды жеке әскерлерімен қорғап, жекеменшік феодалды иеліктеріне айналдырды. Шетелдік концессионерлер осы әскери қолбасшылармен тікелей сауда жасады да, жаңа орталық үкімет дәрменсіз болып қалды. Қытайдың революциядан кейінгі тағдырына отыз алты жылдан аса уақыт бойы кикілжің пен соғыс жазылған екен.

Жесір патшайым Цыси 1902 жылы Бейжіңге оралғаннан кейін. Цинь сарайы «боксшылар» көтерілісінен кейін шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынасты күшейтуге ұмтылды. Патшайым олар достық құшағын ашуы мүмкін деген оймен, әсіресе дипломаттардың әйелдерімен байланыс орнатты. Бұл суретте патшайым Құрама Штаттар елшісінің әйелі Сара Пайк Конгердің қолын ұстап тұр. Қыз бала – фотографтың қызы. Осы секілді сурет Цинь билеушілеріне деген қытайлық және шетелдік әсерді қалай өзгерте алады?

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Цю Цзинь: әлеуметтік реформатор

Цю Цзинь ақын ерлер киімінде

ХХ ғасыр басында қытай реформаторларының көпшілігі дамыған, жаңашыл мемлекет қатарына қосылғысы келсе, әйелдердің қоғамдық рөлі мен әлеуметтік мәртебесіне түбегейлі өзгерістер енгізуі керегін мойындады. Олар әйелдің үйде отырып қалуын, білім алу мүмкіндігі болмауын және аяқтарын байлап қоятын «тәй-тәй» дәстүрін қатты сынады. Білімді және ауқатты отбасылардың өзі осы дәстүрді әлі де жалғастырып отырғанда, әйелдер өте көп салада кенже қалса, қоғамның жаңаруы мен шетелдік басқыншыларды қууға қалай көмектесе алады? Цинь билігі әлсірегенде, білімді жас әйелдер қанат жая бастаған ұлттық қозғалыстарға атсалыса бастады және әлеуметтік эмансипацияға қатысты батыл пікір айтты.

1900 жылы Бейжіңді шетелдіктер басып алған соң, шығыс жағалаудағы Чжэцзян провинциясында орта дәулетті отбасында туып-өскен әйел Цю Цзинь (1875–1907) Қытайды өзгертемін деп серт берді. Ата-анасы Цюдің білім алуына рұқсат етті, алайда ол консерватор, егде жастағы ер адамға келісім арқылы тұрмысқа шығуға мәжбүр болды. 1904 жылы, жиырма тоғыз жасында күйеуімен ажырасып, Жапонияға бет алып, кемеге отырды. Ашық теңізде кейіннен әйгілі болған «Алаң көңіл (Жапония жазбалары)» («Preoccupatіon/Wrіtten whіle іn Japan») атты поэмасын жазды:

Күн де күңгірт, Ай да бозғылт,

Жер де, көк те жабырқау, жым-жырт...

Көмекке мұқтаж әйелдердің де

Тірлігі мимырт, өмірі сұрғылт.

Бұл бейнеттен бас тартқым келді:

Тана-моншағымды кепілге бердім,

Балаларымды да еліме тастап,

Мұхитты кешіп,

Жат жұртқа келдім...

Арқам бір кеңіп, ақтардым шерді,

Жүрегім толқып, ертеңге сендім.

Солған күлтелерім де бүрін жарды,

бұрынғы өмірімді қайта көрдім:

Кірлеген қол орамалымды аядым

Жартысы жасқа малшынған

Жартысы қанға шыланған6...

Жапонияда ол әйелдердің кәсіби мектебінде оқыды, сонымен қатар тоз-тозы шыққан Қытайды біріктіру үшін Сунь Ятсен құрған Циньге қарсы ұйым – революциялық альянсқа қосылды. Ол нысананы көздеу мен бомба жасауды үйреніп, революцияға дайындалды. Өзге жас қытайлар секілді, ол да шаттана және алаңдай отырып Жапонияның Ресейді 1905 жылы жеңген жеңісіне куә болады. Бұл жеңіс Жапонияның жедел модернизация бағдарламасының оң екенін дәлелдеп берді, сонымен қатар мемлекеттің Қытайға көрсетіп жатқан қоқан-лоққысын жеңілдетті.

1906 жылы Цю Цзинь Қытайға оралып, жағалаудағы Шаосин қаласында қыздар мектебінің директоры қызметіне тұрды. Мұнда ол жекпе-жек өнері мен әскери жаттығулары бар спорт бағдарламасын дамытты, ол іс жүзінде революциялық әскери жаттығу еді. Феминистік «Chіnese Women’s Journal» атты мерзімді басылым шығарды, онда «тәй-тәй» дәстүрінің кемшіліктері, мәжбүрлі келісіммен тұрмысқа шығу, сәби қыз балаларды өлтіру мен әйелдерді ұру деректері әшкереленді. Еркектердің ұзын халатымен спорт сабағын жүргізетін, қара былғары аяқ киім киетін, атқа инабатты әйелдер секілді отырмай, жайдақ мініп жүретін ол, осы оғаш қылығымен әйгілі болды.

1907 жылы ол немере бауырын Циньге қарсы астыртын көтеріліске қосады. Империя полициясы оны әшкерелейтін құжаттармен бірге мектебінде ұстап алады. Ұстап алушылар ақпарат алу үшін оны әбден қинады, ол ынтымақтасудан бас тартқан кезде, Цю Цзиньді мектеп алаңына алып келеді. Осы жерде Цюдің басын алады. Оның батылдығы туралы жаңалық тез тарап кетті және ұлтшылдар оны азап шегуші ретінде, әйелдер азаттығының бейнесі ретінде, жас революционерлердің шамшырағы ретінде дәріптеді, ал революция төрт жылдан кейін Цинь билігін құлатты.

Сыни пайым

Цю Цзиньнің отбасылық тағдыры мен жастық шағының, оның әлеуметтік реформатор ретіндегі қызметінің арасынан қандай байланыс байқайсыздар?

Мексика революциясы. Осы уақытқа дейін талқылаған төрт қозғалыспен салыстырғанда, 1910 жылы тұтанған Мексика революциясы әу баста әулеттік монархты емес, ұзақ уақыттан бері тұрақтанған үкіметті ауыстыруды көздеді. ХІХ ғасыр аяғында Батыс жартышары әлемдік республикалар белдеуі болды – бұл жерде он тоғыз республика салтанат құрды. Мұндағы конституциялық монархия – Канада және шағын отарлы иеліктердің бір тобы ғана еді. Бизнес пен жер иеленуші ақсүйектер үстемдік ететін либерал режимді (Аргентина) сайлаушылар таңдайтынына көзі жеткен диктатура демократияны жарым-жартылай шектеді (Құрама Штаттар). 1876–1911 жылдары Порфирио Диас басқарған Мексика осы категорияға жататын еді.

Порфириато деген атпен белгілі Диас режимі либерал саясатты материалдық салада ғана насихаттады. Сіentіfіcos деген атпен белгілі зияткер коллабораторлары (қызметкерлер – Ғыл.ред.) жаңғыруды, азаматтардың құқықтары мен қоғамдық өмірге араласу үдерісін жеделдетуге емес, теміржол желілерін, кеніштер мен мата өндірісін қолдану арқылы мемлекеттің байлығы мен билігін нығайтуға бағыттады. Елдегі теміржол желілері 1876 жылы шамамен 400 мильден 1910 жылға қарай 12 мың мильге ұзарды. Оның негізгі қызметі мемлекет ішіндегі әскер қозғалысын қамтамасыз ету және шетелдік өнімдерді сыртқа тасымалдау, коммерциялық ауыл шаруашылығы өнімдері мен минералдарды Мексикадан сыртқа жөнелту болды. Диас мексикалық кеніш иелерімен, жер иеленушілермен және лауазымды тұлғалармен бірге тығыз байланыстағы капиталистік бірлестік құрған Еуропа және Құрама Штаттардың инвесторлары үшін мемлекетті ашып берді.

Экономикалық өсімнің ең төменгі сатысындағылар еңбегімен мемлекет экспорттаған барлық затты өндіруші Мексиканың қалың бұқарасы еді. Ауылда тұратын үндістер мен метистердің шағын тобы ғана жерге ие еді және Портфириато режимі заң арқылы немесе басқа да әдіспен ауылдағы жерлерді жалақысы төмен және жалданып жұмыс істейтін еңбеккерлерді жұмысқа тартқан жекеменшік иелікке тезірек өткізіп беруді көздеді. Ауылшаруашылық экспорты дүрілдеп тұрған кезде, елде негізгі азық өнімі – жүгері азая берді. Ақсүйектер табы, негізінен, креол отбасылары (еуропалықтардың Мексикадағы ұрпақтары) метистер мен үндістерді нәсілге бөліп, кедейлік қамыты тумысынан маңдайына жазылды деп есептеп, жұмыстан шығарды.

Мексикадағы экономикалық өсім қалалық, білімді халықтың жаңа буыны – заңгерлер, инженерлер, мұғалімдер, саудагерлер мен бизнес иелерін қалыптастырды, олар байлықтың бірнеше жүз отбасының ғана қолында болғанын қабылдамады. Бұл либералдар жеке адамның құқығын, әділ сайлауды, шетелдік үстемдіктен азат болуды және мемлекет байлығының теңдей бөлінуін жақтайтын ұйымдар құрды.

Наразылық пен қарсылық 1910 жылғы революцияға ұласты. Бұл кезде сексен жастағы Диас, зейнетке шыққаны жайлы алғаш рет жариялағаннан кейін, тәуелсіз сайлаудың жаңа кезеңінде сайлауға өз кандидатурасын тағы бір рет ұсынып жатқан болатын. Кандидаттар қатарында Франсиско Мадеро (1873–1913) да бар еді. Диастың қарсыласы болған либерал реформаторды сайлаудың алдында түрмеге қамады. Бұл жағдайдан соң Мадеро Құрама Штаттарға қашты, ол онда мексика халқын көтеріліске шақырды. Көп ұзамай жергілікті бірқатар аймақтарда бүлік бұрқ етті. Шаруалардың еріксіз тартып алған жерлерін қайтаруды талап еткен бұрынғы атбегі Эмилиано Сапата солтүстіктегі бір көтерілісті бастады. Бұрынғы барымташы Панчо Вилья солтүстіктегі ішкі аймақтарда тағы бір бүлікті басқарды. Жан-жақтағы көтеріліспен бетпе-бет келген Диас 1911 жылы бәрін тастап, Парижге қашып кетті. Мадеро Мехико қаласына үлкен қошеметпен енді.

Көтеріліс жетекшісі Эмилиано Сапата (1879–1914). Датасы белгісіз бұл фотодағы қандай ерекшеліктер Сапатаның революция генералы ретіндегі рөлін айрықша көрсетеді?

Бұдан кейінгі тоғыз жыл ішінде мемлекет бәсекелес және қарсы күрес жүргізуші идеологиялық топтардың тартысында қалды, олардың арасында жаңарған өзгерістерді қалаған либералдардың орта табы, Сапата секілді популист революционерлер және консервативтік римдік-католиктік шіркеуінің басшылығын қолдайтын, революцияға қарсы шаруалар бар еді. Құрама Штаттар күштері революцияға екі рет араласты. Біріншісінде – Рио-Грандеден оңтүстікте Панчо Вильяның ізіне түсті. Екіншісінде – қару-жарақ импортына тыйым салу мақсатында Веракрус айлағын басып алу шайқасында Мадеро 1913 жылы кісі қолынан қаза тапты. Либерал көсемдер төрт жылдан кейін жаңа конституция жазса да, либерал меншік иелерінің жетекшілігіндегі тұрақты орталық билік 1920 жылы ғана қалпына келді. Бұл топ өкілдері 1929 жылы Ұлттық революциялық партия құрды, кейін бұл Революциялық институттардың партиясы немесе РИП деп аталды. Бұл ұйым революциялық және ұлттық мәлімдемелермен әйгілі болса да, Мексика ұйымдардың, баспасөздің немесе бәсекелес саяси топтардың қызметін шектейтін қатаң бір партиялық мемлекетке айналды.

Ұлы соғыс, 1914–1918 жылдар

Ойлан: 1914–1918 жылдардағы соғыс, зорлық-зомбылық пен қырып-жою неге соншама апатты болды?

ХХ ғасыр басындағы революциялық зорлық-зомбылық апатты болса да, шамамен он миллион әскери адам өлген Бірінші дүниежүзілік соғыспен салыстырғанда, соншалықты ауқымды емес еді. Төрт жыл ішінде күніне қаза тапқандардың саны туралы мәлімет келтірсек: шамамен 1459 ресейлік, 1303 неміс, 890 француз және 457 британ жауынгері көз жұмды7. Бұл соғысқа алты мемлекеттен өзге барлық еуропалық ел қатысты. Британ солдаттары Шығыс Африкада немістерге қарсы және Иракта түріктерге қарсы шайқасты. Австралиялықтар, жаңазеландиялықтар, канадалықтар, оңтүстіказиялықтар, африкалықтар, ең ақырында америкалықтар Кәрі құрлықта соғысты. Британ және герман кемелері мен сүңгуірлері Балтық, Солтүстік теңіздерде, және Оңтүстік Атлант мұхитында бір-бірінің соңына түсті. Бұл күрес Еуропаның басым бөлігін ойран етіп, әлемдік сауданы күрт төмендетіп жіберді және жеңімпаздар мен жеңілушілер бірдей таудай қарыздың астында қалды.

1918 жылдан кейінгі соғыспен салыстырғанда, бұрынғы соғыстар түкке тұрмай қалды. Болмай қоймайтын апатқа түрткі болған себептер тізімін бостан-бос жасай салмаймыз. Бұл алдыңғы жылдардағы еңсерілмейтін соғыс жорығы емес, дұрысы 1914 жылдағы түрлі оқиғалардың тоғысуы дер едік. Сол уақытқа қайта оралсақ, ең болмағанда қақтығыстың алдын алуға болар еді. Тура сол жылдары опера театрлары мен тартымды кофеханаларға жиналған еуропалық орта тап бейбітшілік пен экономикалық жақсы уақыт қайта келеді деп үміттенді.

Дегенмен саяси абдырау Еуропа қалаларының темір мен әйнектен көркемделген ғажайып көркін түтінге тұншықтырды. Бір-бірімен бәсекелес ұлтшылдар, социалистер, нәсілшілдер және өзге де арандатушы идеологиялар әлеуметтік топтар мен этнолингвистік шиеленіске от салды. Ұлғайып келе жатқан әлем байлығын бөлісу үшін Ресей, Германия, Франция мен Ұлыбритания арасындағы тоқтаусыз сайыс, ерте кезде қалыптасқан, ортақ тіл табысатын ережелерді бірте-бірте бұзды. Ұлыбританиядан өзге барлық ірі мемлекеттер еркін сауда ұстанымдарына кесе-көлденең келіп, отандық индустрияны қорғау үшін тарифтік шектеулерді жоғарылатты. 1914 жылдың жазына қарай халықаралық шиеленістің өршігені сонша, соғыс кенет басталғанда Еуропа билеушілері қатты таңданған жоқ. Бірақ олар қақтығыс Рождество мерекесіне қарай аяқталады деп халықты сендірді. Елу үш айға ұласқан аяусыз, қатыгез соғыс қимылдарын ол уақытта ешкім де елестете алмаған еді.

Кеңес (sovіet) – Ресей революциясы кезіндегі жергілікті үкімет органы, революцияшыл жұмысшылардың кеңесі. Бұл термин кейінірек коммунистік режимнің заң шығару органына айналды.

Келісім айлақтары – дипломатиялық және әскери қысым салдарынан шетелдіктер саудаға қатысу үшін айрықша артықшылық алған, қытай заңдары мен соттарының үкімі жүрмейтін, Қытайдағы өзен немесе теңіз айлақтары.

Білтеге от тұтату

Соғыс 1914 жылы, бір кездері тұрақсыз және прагматикалық пактілер мен келісімшарттар бірте-бірте икемділігінен айырылған сәтте тұтанды. Ұлғайып бара жатқан қауіп-қатер мен күдік жайлаған Еуропада екі одақ толық қалыптасты. Германия, Австрия–Венгрия және Осман империясы Үштік одақ (Орталық мемлекеттер; Central Powers) ретінде күш біріктірді. Франция, Ұлыбритания және Ресей Антанта одағын (Allіed Powers) құрды.

Ұлыбритания, Франция және Германия. Бұл одақтар екі айтарлықтай ерекшелігі бар мемлекетті құшағына тартты. Ұлыбритания, Франция және Германия – Еуропадағы бай, индустриялық мемлекеттер еді. Олардың шетелдерде өте үлкен империялары мен әлемдік саудада қомақты үлесі бар еді. Сонымен қатар олар мойындалған ұлттық мемлекеттер қатарында аталатын. Басқаша айтқанда, олардың халқы, әсіресе қаладағы орта тап, негізінен, біртұтас болуға тиіс ұлттық мәдени қауымдастықтар мен мемлекетке қарағанда, ұлттық идеологияны қабылдады. Мемлекетке деген халықтың адалдығы жергілікті этникалық топтар мен діндерге деген жақындықтан басым болуға тиіс. Бұл елдерде ұлтшылдық өкілетті ассамблеялар (Германияда дауыс беруші сайлаушылар шағын болса да), әнұрандар, байрақтар, ұлттық тіл арқылы және газеттерде жиі-жиі айтыла, жазыла бастады. Мемлекеттік мектептер мен әскер қызметі де отансүйгіштік пен парызды үйретудегі маңызды институттар қызметін атқарды.

Батыс Еуропадағы елдердің шахмат тақтасында Германия екі бәсекелесінен бірте-бірте алға озды. 1900 жылы оның халқы Ұлыбритания мен Франциядан бірнеше миллионға артық болды. Ол көмір мен болат секілді маңызды өндірістерде жоғары өнім алды. Бұл оның алып Еуропа аумағында Ресейден кейін электр және химия технологиясы мен салаларында жетекші болуына жол ашты. Германияның әскери мемлекет басшысы кайзер ІІ Вильгельм теңіздің арғы жағынан отар жер жаулап алғысы келді. Теңдессіз әскери-теңіз флотын құруға бұйрық беріп, Марокко тәуелсіз мемлекетіне дипломатиялық ықпал ету үшін Франциямен бәсекелесті.

Бұл басқыншылық әрекеттерге жауап ретінде Франция 1870 жылы Франция–Пруссия соғысында шығыстағы өңірлерін Германияға беріп қойса да, қару-жарақ өндірісін ұлғайтып, 1892 жылы Ресеймен бірге құрған одағын нығайтты. Ұлыбритания корольдік әскери-теңіз күштеріне қарсы келер өзге теңіз күштерін құруға Кайзердің еш мүмкіндігі жоқ деп есептеді. 1904 жылы Ұлыбритания мен Франция шешілмеген отарлық дау-дамайларды бітістіретін Антанта (ahn-TAHNT) ұйымын құруға қол қойды. Үш жылдан кейін Ресей Антантаға қосылды.

Германия, Франция және Ұлыбритания да ұлттық байлықты қарулануға жұмсап, бір-бірімен тату қалпын сақтап, әлдеқайда көп қару-жарақ, снаряд, кеме шығарды. Бұл қызу сайыс бәсекелес тараптарды «уақытты созбай, ертерек соғысқанымыз жақсы болар еді» деген ойға жетеледі. Германия басшылары да Антанта одақтастарын қауіпті қоршау деп есептеді. Бірден Австрия–Венгрия империясымен одақтасып, есеп айырысар күнге дайындық ретінде Осман Түркиясымен тығыз қарым-қатынас орнатты.

Көпұлтты үш империя. Австрия–Венгрия, Ресей және Осман империясының жағдайы Батыс Еуропадағы мемлекеттерге қарағанда белгілі бір деңгейде өзгеше еді. Үшеуінде де автократиялық империялық үкімет болды. Үшеуінің ешқайсысын да ұлттық мемлекет ретінде сипаттауға келмеді. Дұрысында, олар жеке мемлекет құру барысында ұлттық қозғалыстар ұйымдастыратын түрлі этнолингвистік топтарды құрайды. Бұл империяларда халықтың басым бөлігі ауылда тұрды және Ресей мен Австрияда индустрия өсіп келе жатқанымен, екі мемлекет те Германия мен Ұлыбританиядан біршама артта қалған еді.

Антанта одағы империяларды Балқан түбегінде талқандады. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Сербия, Черногория, Румыния және Болгария Осман империясынан азаттық алды. Ресей мен Австрия бұл мемлекеттердің егемендігін мойындады, алайда содан кейін, оларға ықпал ету үшін бір-бірімен сұрапыл бәсекеге түсті. Балқан түбегі саяси ойын ошағына айналды. Басым бөлігі орыстілді Ресей империясы Балқан түбегінде сербтердің, болгарлардың, македондардың және өзге де славян тілділердің сойылын соқты. Бұл қамқорлық Сербия ұлтшылдарының арманына қанат бітіріп, «Оңтүстік-Шығыс Еуропада үстемдікке ие боламыз және «Алып Сербия» елі атанамыз» деген үмітін оятты. Австрия–Венгрияға мұндай болашақ ұнамады. 1908 жылы Австрия Босния–Герцеговина славян аймағын басып алды да, Ресеймен қарым-қатынасы шытынай түсті. 1912–1913 жылдары екі Балқан соғысына бірқатар аймақтық шағын мемлекеттер қатысты, нәтижесінде Түркия еуропалық аймақтарының түгелге жуығынан айырылды, Сербия өз аумағын екі есе ұлғайтты. Мұндай жетістікке жауап ретінде Австрия билігі Сербияны басып алып, толық жойып жібереміз деп мәлімдеді.

Соғыс алдындағы әлем

Еуропадағы барлық бәсекелес мемлекеттерде генералдар күтпеген жағдайға арналған жоспар құрды. Германияда бас қолбасшылық 1905 жылы Шлиффен (Schlіeffen; ShLEE-fn) жоспарын жасады. Бұл стратегия Бельгия арқылы тез арада Францияны жеңіп шығатын жедел әрі ауқымды шабуылды көздеді. Жедел жеңіске жеткен армия Ресейге басып кіріп, бейқам жатқан әскерді тез арада басып алуға тиіс болды. Австрия–Венгрия шабуыл бастағаннан кейін Ресей күштерін таратуға мәжбүр болады. Кайзер Вильгельм «Ұлыбритания бұл соғысты қаламайды, өйткені ол да мәжбүр болады» деп үміттенді. 1905 жылдан кейін Шлиффен стратегиясы Германия әскери ойшылдарының басын әбден айналдырғаны сонша, жоспарды іске қосқан сәттен бастап, саяси көшбасшылар тоқтатуға мүмкін болмайтын соғыс туралы күмәндана бастады.

Кейбір тарихшылар Бірінші дүниежүзілік соғысты «Үшінші Балқан соғысы» деп атады, өйткені бір қарағанда ол Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы анағұрлым солғын әрі қысқа мерзімді соғыс болып көрінуі мүмкін. 1914 жылы 28 маусымда Босния-Герцеговинаға сапарында Австрия–Венгрия тағының мұрагері эрцгерцог Франц Фердинандты серб ұлтшылдары өлтіріп кетті. Австрия осы өлімнің айыбын өтеуі үшін Сербияға ауыр талаптар қоя бастады. Олар талаптарды орындаудан бас тартқаннан кейін соғыс ашты. Алайда Германия үкіметі оңтүстігіндегі ауқымды славян мемлекетінен қорқып, әскери қарым-қатынастың үстем болуына жол берді. Осы сәттен бастап тарихшылар түрліше түсінік беретін оқиғалардың күрделі жалғастығы тез арада аймақтық соғысқа ұласты. Австрия Сербияға басып кіруге дайындалып жатқандықтан, Ресей патшасы бауырлас славян халқына көмектесу үшін әскерді жұмылдыруға бұйрық берді. Осы оқиғадан кейін Германия олардан ешбір шұғыл арандатушылық көрмесе де, Ресей мен Францияға бірден соғыс ашты. Үшінші тамызда Германия әскері Бельгияға басып кірді. Келесі күні бұл шағын мемлекеттің бейтараптығына ертеректе кепілдік берген және оған сенген Ұлыбритания Францияға көмек көрсету үшін Германияға соғыс ашты. Герман әскери бөлімшелері Парижге 30 миль қалғанда Шлиффен жоспары сәтсіздікке ұшырады. Франция күштері қарсы шабуылға шықты. Бір генерал Париж теміржол бекетінен майданға дейін қосымша күштерді жедел жеткізу үшін таксилерді де қолданды. Бұл сәтте екі тарап та қорғанысты ұстап тұру және әскер шабуылын үдету үшін асығып кетті де, Германия мен Австрия–Венгрия екі майданда соғыс жүргізді (24.3-картаны қараңыз).

Балқан түбегіндегі империялық саясат шарықтау шегіне жетті. 1912 жылғы британдық «Punch» сатиралық журналында жарияланған бұл карикатурада Франция, Ұлыбритания, Германия, Ресей және Австрия–Венгрияның Еуропадағы тұрақтылық мәселесін шешу барысы бейнеленген. Бұл үлкен мемлекеттер қандай мәселеден басын ала қашуы мүмкін?

Батыс майдан. Бельгия маңында және Солтүстік-Шығыс Францияда жүріп жатқан майдан шебінің бойында екі тараптың да жауынгерлері терең ор мен бункерлерден шытырман желі қазып алды. Бетоннан салған қорғаныс пен тікенекті сым траншея шебін сақтап тұрды және жүз мыңдаған әскер орды терең қазғаны сонша, артиллерияның көлемді атыс толқыны ұтымды шабуыл жасау үшін алдын ала дайындала алмады. Әлбетте, еуропалық әскер отарлық соғыстарда әбден жаттыққанындай, жаяу әскер шабуылында зеңбірек әскерді баудай түсіретінін дәлелдеді. 1916 жылдың ақпан айындағы Верден (Verdun) шайқасында 420 мың француз және неміс әскері қаза тапты. Осы жылдың шілде және қазан айларында Сомма өзеніндегі шайқаста неміс, француз және британ әскерлері 1,1 миллион адамынан айырылды, олардың арасында айқастың алғашқы күні өлім құшқан 58 мың британдық та бар еді.

Екі тараптың да генералдары әрбір жойқын шабуыл «ақырғы ұмтылыс» деп ойлады. Алайда Антанта одақтастарының күші әлсіреген неміс әскеріне қарсы шабуыл бастаған 1918 жылдың тамызына дейін бұл шайқастың ешбірі де жеңіс әкелмеді. Төрт жылғы соғыс сөзбен айтып жеткізуге болмайтын қасіретке себеп болды. Терең орлар мен бункерлер лай-батпаққа, кір-қоқысқа, тышқанға, нәжіс пен адам мүрдесіне толды. Солдаттар асқа жарымай, ойық баспасы секілді аурулар жұқтырды. Өзгелері дәрігерлер «контузия» деп атаған, бүгінгі тілмен айтқанда, жарақаттан кейінгі күйзеліске шалдығу секілді жүйке жүйесі ауруларына тап болды. Сомма өзеніндегі шайқасқа қатысқан ағылшын ақыны Зигфрид Сессун (Sіegfrіed Sassoon) соғыс қимылдарының психологиялық қорқынышын «Шабуыл» («Attack») атты поэмасында сипаттайды.

Жаяу әскер шайқаста оранды от-жалынға,

Түтіккен жүзі түнеріп, Жаратқанға жалынған,

Бас көтертпей алдан оқ, жатыр бейбақ тырмыса,

Бүлкіліндей тамырдың, уақыт та тез жылжыса,

Көтерілді жұдырық... Жадында жоқ жайт арғы

Соңғы ұмтылыс...

О, Құдай, тоқтатшы бұл сойқанды!8

24.3-КАРТА. Бірінші дүниежүзілік соғыс

Соғыстың алып географиялық ауқымы Үштік Одақ пен Антантаның әскери қимылдарын қалайша күрделендірді?

Шығыс майдан. Ресей күштері соғыс басында Польша арқылы Солтүстік-Шығыс Германияға шабуылдау үшін жеткілікті деңгейде тез алға жылжыды. Алайда Германия жасақтары шегінуге мәжбүр етті. Шығыс майданындағы соғыс қимылдары алыс қашықтықтағы Батыс майданына қарағанда, анағұрлым жедел жүрді, әскер анағұрлым кең аумақта (Балтық теңізінен Сербияға дейін) шашыраңқы орналасты және қару-жарақ жетіспеді. Сөйте тұра, тараптардың ешқайсысы да шешуші шабуылға шыға алмады. Батыс майдандағы соғыс қимылдары тұйыққа тірелгенде, Антанта одақтастары Оңтүстік-Шығыс Еуропада шабуыл шебін ашуға ұмтылды. Осман империясының астанасы Стамбұлды басып алу үшін (1915–1916) Дарданелла бұғазындағы Галлиполи түбегіне шабуылдады. Адам қырғыны көп болған бұл ұмтылыс сәтсіз аяқталды. 1915 жылға дейін Италия соғыста бейтараптығын сақтап келсе, одан кейін Антанта тарапында соғысқа қатысқанымен, ұрысқа көп араласпады.

Соғыстың жаһандық ауқымы. Франция, Германия, әсіресе Ұлыбританияның дүниежүзінде отар елдері мен маңызды коммерциялық мүдделері болмаса, бұл қақтығыс Еуропамен шектелер еді. Германия одағы Болгарияны өз тарапына қосылуға мәжбүр етті, алайда отыз алты мемлекет соғыс соңында ғана Антантаның одақтасы қатарына қосылды. Бұл мемлекеттер арасында Құрама Штаттар, Австралия, Жаңа Зеландия, Канада және Оңтүстік Африка да бар. Шамамен 331 мың австралиялық және 365 мың канадалықтың көпшілігі Батыс майданда, мұхиттың арғы бетінде қорғаныста тұрды. Жапония Антантаға соғыстың алғашқы кезеңінде қосылғанымен, негізінен, Шығыс Азияда жеке басқыншылық мақсатта шабуылдады. Оның күштері Германияның кемелеріне шабуыл жасап, Қытайдағы және Тынық мұхит аралдарындағы бірқатар отарларындағы территориялық концессияларын басып алды. Ұлыбритания Африка, Азия және Кариб аймағындағы отарларынан жауынгер жинады. Бұл мақсатта үнді әскері ең қомақты үлес қосты, олардың 825 мыңнан астамы британ әскерінің құрамында соғысты. Франция әскерінің шамамен 7 пайызы Алжир, Марокко, Сенегал, Нигер және өзге отар елдерден әскерге шақырылғандар мен еріктілерден жасақталды. Олардың 71 мыңға жуығы борышын өтеу кезінде опат болды. Ұлыбритания мен Франция отарларынан жүз мыңдаған еңбек күшін майдан шебіне, тылдағы теміржолдар мен зауыттардағы жұмысқа тартты.

Соғыс өрті Шығыс Африканы да шарпыды, бұл аймақ Ұлыбритания, Германия және Португалия отарлы аймақтарына бөлінді. Германия командирлері мен олардың африкалық әскерлері Танганьикадан (қазіргі Танзания) бастап, Ұлыбритания мен Португалия отарларымен көрші жатқан елдерге дейін дендеп жылжыды. Он бес мыңға жуық африкалық солдат Германия үшін опат болды және қуаңшылықта кенезесі кепкен далада егін шықпай, ауыл халқы аштықтан зардап шекті. Британия тарабы үш мыңнан аз ғана асатын еуропалық пен оңтүстікафрикалық ақ нәсілділерден және 100 мың африкалық солдат пен тасымалдаушыдан айырылды. Германияның Шығыс Африкадағы күштері 1918 жылдың қараша айының ортасына дейін берілмеді, екі аптадан кейін Еуропада соғыс аяқталды.

Таяу Шығыста Осман империясын басқарған жаңашыл жас түріктер 1914 жылы «соғысқа қатысу керек пе және кімнің жағында соғысамыз?» деген мәселені қызу талқылады. Ақырында Балқан түбегіндегі айырылып қалған аймақтарын қайтарамыз және Ресей басқыншылығынан елді қорғаймыз деген үмітпен Үштік одаққа қосылды. Бұл шешім Антантаны Осман империясының арабтілді өңірлеріне шабуыл жасауға итермеледі. Ұлыбритания күштері Египет және Үндістан тарапынан бірдей әрекет етіп, бірте-бірте түріктер билеп отырған арабтілді елдерге жылжи берді, бұл жас араб белсенділеріне түрткі болды. Олар османдықтарға қарсы ұлттық қоғам құрды. 1916 жылдың жазында Осман қол астындағы Мекке мен Медине қасиетті қалаларын билеп отырған Шариф Хусаин ибн Әлидің ұлы Файсал ханзада түріктерге қарсы араб тайпаларының батыстағы көтерілісін басқарды. Египеттен шабуыл жасаған британ әскерімен және Т.Е. Лоуренс (арабиялық Лоуренс) секілді британ байланыс кеңесінің офицерлерімен салыстырғанда, араб бүлікшілері түрік армиясын Палестина, Сирия және Ирактан шығаруға көмектесті.

Су бетіндегі соғыс және Құрама Штаттардың ұрысқа қосылуы. Бір-біріне қарсы мемлекеттердің экономикасы жаһандық нарықта минералдарға, азық-түлікке және аймақтардағы әскерлер мен үйдегі адамдарды асырап-бағуға қажет өзге де шикізаттарға негізделді. Ұлыбритания отар елдеріндегі теңіз жолдарын және Құрама Штаттар секілді сауда әріптестерін сақтау үшін корольдік әскери-теңіз күшіне тәуелді болды. Бір жағынан Германия, тіпті Атлантика мен Солтүстік Германия айлақтарының арасында қатынап жүрген бейтарап кемелерге де тосқауыл болды және неміс қалаларындағы адам айтқысыз азық-түлік жетіспеушілігіне себеп болған Солтүстік теңіздегі Ұлыбритания қоршауынан шыға алмады. Су бетінде қарсылық көрсету үшін Германия инженерлері алғаш рет Антанта одақтастарының кемелеріне шабуыл жасаған дизель қуатты сүңгуірлерін немесе U-кемелерін жасап шығарды. Мысалы, 1917 жылғы сәуір айында U-кемелер Ұлыбритания айлақтарынан шыққан кемелердің 25 пайызын суға батырып жіберді. Нәтижесінде екі тарап та мүмкін болса бір-бірінің бейбіт тұрғындарын әлсірету үшін әскери-теңіз технологиясын қолдануды мақсат тұтты.

Сенегалдан келген жаяу әскер майдан шебіне бет алды. Отар елдердің азаматтары Бірінші дүниежүзілік соғыста солдат және жұмысшы ретінде маңызды үлес қосты. Соғыс отар елдердің адамдары мен отарлаушылардың ең алдымен бірін-біріне деген қарым-қатынасын қалай өзгертті?

Су бетіндегі соғыс Құрама Штаттарды шайқасқа қосты. Германия алғашқы кезде америкалық сүңгуір кемелердің шабуылдарынан жалтарып кетіп отырды, алайда 1917 жылдың басында ұзаққа төзе алмайтынын түсінді. Америкалықтар Еуропадағы түсініксіз «азамат соғысына» ұмтылу идеясын ұнатпаса да, президент Вудро Вильсон (1913–1921 жылдары президент болды) неміс соғысқұмарлығы жаһандық қауіп төндіріп тұр деген қорытындыға келді. 1917 жылы ол Конгресті Антантаның одақтасы болуға үгіттеді.

Араб көтерілісі кезіндегі күзет. Ұлыбритания жасақтары Египеттен Осман империясына шабуыл жасап жатқан кезде араб көтерілісшілері империяға қарсы партизандық соғыс қимылдарын жүргізді. Соғыс кезінде араб ұлтшылдарын көтеріліске шығуына қандай географиялық фактор ықпал етуі мүмкін? (24.3-картаны қараңыз).

Сол жылдың күзінде елінде революция болып жатқандықтан, Ресей әскерін кері шақырып алды. Америка әскері жетіп үлгергенше Германия Батыс майданды бұзып өтуге талпынды. Бірақ бұл қадамы сәтсіз болды және 1918 жылы Құрама Штаттардың солдаттары мен жабдықтау құралдары Францияға ағылды. Соғыс қимылдары қараша айында жалғасқанымен де, майдан Антанта одақтастары әскерінің пайдасына тепе-тең шешілді. Батыс Еуропада Құрама Штаттардың екі миллионға жуық әскері борышын өтеді, олардың 126 мыңы майдан даласында қалды.

Жаппай соғыс

Бірінші дүниежүзілік соғыс жаһандық деңгейді қамтығаны және көп мол адам шығыны болғаны үшін ғана емес, онымен күресуге әскер мен мемлекеттермен бірге, тұтас қоғам жұмылғандықтан, бұдан бұрынғы кез келген соғыстан өзгешеленді. Тарихшылар жаппай соғыс59 атап кеткен шайқаста ірі қарсылас елдер жеңіске жету үшін мемлекеттік мекемелерді, жеке кәсіпорындарды, экономикалық инфрақұрылымды, барлық әлеуметтік таптар мен әр саладағы әйелдер және ерлер күшін біріктірді. Өйткені соғыс қимылдары Батыс және Шығыс майданда жауынгерлер, тұтас әскер және қамту құралдарын жұтқан үңірейген тұңғиық қара құрдымға айналды. Экономикасын тұтынушылықтан әскери өндіріске, миллиондаған азаматтарды соғыс қимылдарына қатысты жұмыстарға ауыстырып, қоғамдарын әскери машиналар жасауға көшіруден өзге қарсылас тараптардың амалы қалмады. Мемлекет әлеуметтік-экономикалық өмірді бұрын-соңды болмаған анағұрлым ауқымды деңгейде өзгерте бастады.

Халықты жұмылдыру. Әскери іс-қимылдар қайта басталған кезде өз отанына адал жүз мыңдаған жас бір тудың астында жиналды. Соғыс болып жатқан елдерде бейбітшілік үшін күрескендер саны тым аз болды, социалистік және коммунистік партияның қатардағы мүшелерінің басым бөлігі төтенше жағдайда елге көмек көрсету үшін капиталистік билікке қарсы халықаралық жұмысшылар күресін уақытша тоқтатты. Қарсыластардың көпшілігінде соғыс басталған уақытта майданға шақырылғандардың қыруар әскері бар еді. Мұндай армия Ұлыбританияда болмады, алайда 750 мың ер адам соғыстың алғашқы екі айында ерікті түрде әскери борышын өтеуге аттанды.

Кез келген елде заңдар мен қоғамда орнығып қалған дәстүрлер әйелдердің тұрақты әскери қызметке ерікті түрде алынуына қарсы болды. Жалғыз Ресейде ғана бірнеше мың әйел «Өлім батальоны» аталатын бөлімшеде әскери борышын өтеді және соғыстың соңына қарай әйел жауынгерлер майдан шебіне аттанды. Өзге тараптарда мыңдаған әйел дала медбикесі ретінде жұмыс істеді. Кейбірі әскерде қызмет етті немесе барлау агенттері ретінде жанын шүберекке түйе жүріп, жау әскерінің қозғалысы туралы баяндады немесе басқа жолдармен тыңшылық жасады. Бельгияда әйелдер неміс басқыншыларының ізімен тыңшылық жасап, «Ақ ханымдар» желісінде қызмет етті. Тылдағы майданда ақсүйек және орта тап әйелдері әскерге шақыру, әскер базаларының айналасын күзету жұмысына араласып, униформалар тікті, жүк көліктерін жүргізді, қоғамдық көліктерді басқарды, жаралыларды күтіп-бағуға арналған түрлі қосымша ұйымдар құрды. Ұлыбритания, Франция, Германия және Құрама Штаттарда миллиондаған әйел әскердегі ерлердің орнын басу үшін қару-жарақ фабрикалары мен өзге де өндірістік зауыттарда жұмыс істеді. Мысалы, Германияның бір қаласындағы Крупп қару-жарақ өндірісінде 1914 жылы бірде-бір әйел болмаса, 1918 жылы олардың саны отыз мыңға жетті. Соғысқа араласқан қай мемлекетте де ауылда тұратын әйелдер мен балалар ер адамдар жоқ уақытта фермалар басқарды.

Өндірісті шыңдау. Тараптардың ешбірі жедел жойқын соққы жасай алмаған кезде, бүлдіргіш күштерін бұқаралық деңгейге бағыттау стратегиясын қолдады. Бұл талап елдегі бүкіл қорды ғылыми, технологиялық және индустриялық шеберлік шыңдауға бағыттады. Бұған қоса, Ұлыбритания, Франция және Германия жаңа технологиялар өндірді, ерте индустриялық дәуірді жолда қалдыратындай деңгейде өндірістік өнімділікті ұлғайтты. Өйткені екі тараптың да әскерлері тым көп болды, қару-жарақ өндірушілердің алдында жау әскерін тез және автоматты түрде көп көлемде қырып жіберетін машина жасау деген маңызды міндеті тұрды. Зеңбіректерді көптеп шығарды, үнемі жетілдіріліп отырды және оқ-дәрі, жарылғыш заттар шығаратын кәсіпорындар күніне снарядтар өндіруге бейімделді. Неміс химиктері улы газдардың әр түрін алғаш ойлап тапты. Оған жауап ретінде альянс ғалымдары өздерінің жеке рецептерін жасай бастады, осылайша екі тарап та жау траншеяларын газ канистрларымен атқылай түсті. Инженерлер анағұрлым тиімді маскалар мен респираторлар ойлап тапты, газ шабуылдары әскерлер арасында үрей тудырды. Газ шабуылының құрбаны шамамен 1,2 миллионды құрауы мүмкін9.

Соғыс бірнеше майданда жүрді. Соғыс индустриясында жұмыс істеу үшін жас, тұрмыс құрмаған әйелдерге деген сұраныс үй шаруасы мен қосымша қызмет түрлерінде дағдарыс тудырды. Бұл хабарландыру плакатында жұмысшы әйелдерге қоғам тарапынан қаржылай қайырымдылық көрсетуге шақыру үшін қандай әдіс-тәсіл қолданған деп ойлайсыз?

Соғысушы мемлекеттер жаңа коммуникация және транспорт технологияларын дамытты. Іштен жану қозғалтқыштары жүк көліктерін, әскери көлік құралдарын және жедел жәрдем машиналарын энергиямен қамтамасыз етті. Шынжыр табанды алғашқы ауылшаруашылық тракторлары ұрыс даласының танктерін жасау туралы ойға итермеледі. 1916 жылы британ генералдары шектеулі деңгейде танктерді ұрыс даласында қолдануға талпынды. Немістердің U-сүңгуірлерімен күресу үшін Антанта одақтастары кемелерін, эскадралық минатасушы кемелерді топтастырды және зауыттар кемелерді, сүңгуірлерді жылдам жасады. Соғыста ұшақтар барлау мен атқылау және бомбалау қызметін атқарды. Соғыстың соңында Ұлыбританияда 15 мың ұшақ болды.

Жаппай соғыс және үлкен үкімет. Ірі қарсылас мемлекет үкіметтері ХІХ ғасырға қарағанда анағұрлым көп өкілеттілікке ие болды. Орталық әкімшіліктер шын мәнінде тұтас қоғамды жұмылдыра алатын жалғыз орган еді. Соғысқа қатысты міндеттемелерді орындау үшін үкімет министрлері, департаменттер және агенттіктер көбейді. Үкімет құрамында жұмыс істейтін адамдар саны күрт өсті. Лауазымды тұлғалар теміржолдарды, стратегиялық өндіріс ошақтарын және зерттеу орталықтарын бақылауға алды. Кейбір мемлекеттік ерікті ұйымдар бұдан бұрын ұсынған қызметтерін өзгертті немесе толықтырды, олардың қоғамдағы рөлін анағұрлым кеңейтті. Бұл жаңа қызметтерге балабақша, мемлекеттік баспана, қоғамдық асхана, аурухана, азық-түлікті нормалау мен жұмысшыларға өтемақы беру жоспары да кірді.

Барлық үкімет азаматтар еркіндігіне белгілі бір көлемде тыйым салды, сайлауды уақытша тоқтату, баспасөз еркіндігін шектеу, хаттарды цензурадан өткізу және жауласқан мемлекет азаматтарын оқшаулау немесе оны қудалауды мақұлдады. Құрама Штаттар заңдарының жартысына жуығы неміс тілінде сөйлеуге және сабақ беруге кедергі болды. ХІХ ғасырда этникалық ұлтшылдығын күшейтіп, антисемиттік қате пікір өрши түсті. Соғыс жылдарында Шығыс Еуропа мен Батыс Еуропаның бірқатар бөлігіндегі демократия антисемиттерді «іштен шыққан жау» деп есептеп, қудалады. 1915 жылы Осман үкіметі ұлғая келе Түркияның шығысындағы ауыл адамдарын қырып-жою мен Сирия шөлінің оңтүстігіне жүз мыңдаған адамды эвакуациялау арқылы христиан армян ұлтшылдығы мәселесіне нүкте қойды. Бұл «өлім маршынан» немесе алапат этникалық тазалаудан шамамен миллион армян өлім құшуы мүмкін. Соғыс аяқталған уақытта Еуропадағы демократиялық жолмен сайланған үкіметтер ережелер мен бақылауды тоқтатты. Алайда жер-жаһан келесі онжылдықтарда жаңа дағдарысқа тап болғанда мемлекет белсенді араласу моделін тағы да қолдануы мүмкін еді.

Жаппай соғыс (total war) – әсіресе Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғысты сипаттайтын соғыс қимылдары. Қарсылас мемлекеттер бейбіт тұрғындарын және қолдарында бар бүкіл ресурстарын жеңіс жолына жұмылдырды; соғыс уақытындағы саясат дұшпан тарапының әскери күші және олардың экономикалық инфрақұрылымы мен әлеуметтік құрылымдарын бүлдіруге, жоюға бағытталды.

Ресей: соғыстан революцияға дейін

Ресейдің империялық үкіметі 1905 жылғы сәтсіз революциядан кейін, болмашы ғана саяси және әлеуметтік реформалар қабылдағанымен, Николай патша мен оның айналасындағы ақсүйектер де түбегейлі өзгеріске деген қажеттілікті елемеді. Сөйте тұра, Ресей қалаларындағы жұмысшы және орта тап өкілдері ұлттық соғысты Батыс Еуропадағы серіктестері секілді энтузиазммен қабылдады. Көп жағдайда жұмысшы ұйымдары мен социалистік партия әдетте патшаның халық бірлігіне қатысты үндеуіне күмәнмен қарап, күрес шеруіне қосылды.

Романов империясының ақыры. Соғыс қақтығысушы екі тарапты да 1917 жылға қарай қалжыратып тастады. Батыс Еуропада еңбекшілердің ереуілінен, азық-түлік лаңынан, әскер арасындағы бүліктен қанды қырғынды тоқтатуға бағытталған жасырын дипломатиялық қадамдар жасалды. 1917 жылға қарай соғыс Ресейдің 1,7 миллион адамының өмірін жалмады, ал Германия күштері Польша арқылы шабуылдай берді. Жеңілістер мен кішігірім реформалар халық қаһарына ұшырады. Шығыс майданда бүліктер мен жаппай берілу көбейді. 1917 жылға қарай ресейліктер азық-түлік жетіспеушілігінен зардап шекті және шаруалар астықты үкіметке белгіленген төмен бағамен сатудан бас тартты. Майданда қайтыс болғандардың орнын легиондар; жаралы жауынгерлерді, көбінесе либералды және социалистік көзқарасқа ие қалалық орта таптан шыққан ер адамдар және патшаға деген сүйіспеншілігі әлдеқашан жоғалған, нашар жаттыққан шаруалар алмастырды. 1917 жылдың ақпан айында Санкт-Петербургте нанның мөлшермен берілуі он мың әйелді үкіметке қарсы шеруге итермеледі. Шеруге шыққандарды тым қатал қудалау наразылықтарға, жұмысшылар ереуіліне, әскердің қарсылығына ұласты.

Бүлік келесі айда көптеген қала мен ауылға тарап, ақырында прагматикалық көшбасшылар Николай патшаны тақтан бас тартуға көндірді. Бұл оқиғаға қатысушылар үш жүз жылдық Романовтар билігінің соңғы деміне куә болды. Дума – 1905 жылы құрылған әлсіз парламент тарады. Қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру үшін жаңа Уақытша үкімет құрылды. Мексика мен Қытайдағыдай, ескі жүйені қирату – жаңасын орнатудан жеңіл екеніне көптің көзі жетті. Ұстамды консерваторлар мен конституциялық либералдары басым Уақытша үкімет қаланың коммунист белсенділері Мәскеуде, Санкт-Петербургте және өзге де қалаларда әлеуметтік жұмысшылар кеңесін қалай ұйымдастырып жатқанын шарасыздықпен бақылап отырды. Орыс емес этникалық топтар империяның құрамынан бөліну жоспарын жасап жатқан уақытта шаруалар ақсүйектердің мүліктерін иемденді. Патша үкіметі құлағаннан кейін әскерлердегі тәртіп те жойылды. Жауынгерлер көптеп қаша бастады немесе соғысқа мәжбүрлеген офицерлерді өлтіріп кетті.

Қазан төңкерісі. Радикал социалистік және коммунистік топтар халық қолдауын жинап жатқанда, Уақытша үкімет фракцияшылдық батпағына бата түсті. Кейбір социалистік партиялар ауылдағы жер реформасына жете назар аударды, алайда Ленин мен Лев Троцкий секілді марксист көсемдер революцияны тұтату үшін қалалық жұмысшы табын немесе пролетариатты іздеді. 1903 жылдан кейін Ленин қатал партиялық тәртіпті, беріле белсенділік танытуды және конституциялық либералдармен бірге капиталистік буржуазияны құрамына қоспайтын, пролетариат үкіметіне деген қайтпас адалдықты талап ететін коммунистік топ – большевиктердің немесе мажоритарилардың көсеміне дейін өсті. 1917 жылдың қазан айында большевик жауынгерлер, әскери элементтер мен сәттіліктің арқасында Санкт-Петербургте (Петроград деп өзгерді) билікті басып алды және Уақытша үкіметті таратты. Бұл батыл төңкеріс көптеген социалистік топтарды Лениннің лагеріне біріктірді. Большевик көсемдерінің басшылығымен жедел жиналған Кеңестер съезі жұмысшылар кеңестері деп аталатын жоғарғы саяси билікті бекітті. Биліктің бұлай күрт өзгеруі тіпті Лениннің өзін таңғалтты: «Білесіз бе, қуғын-сүргіннен және астыртын өмірден, – деп атап өтті ол Троцкийге, – аяқ астынан билікке осылай келе салу… бұл сіздің басыңызды айналдырады»10.

Ленин мен Троцкий Большевик революциясының екінші жылдығын атап өтті. 1919 жылы түсірген бұл суретте революцияның екі көсемі Қызыл алаңдағы салтанатта тұр. Ленин ең жоғарғы баспалдақта; Троцкий оның қасында, әскери киім киген, оң қолын шекесіне қойып, жауынгерлік сәлем жасап тұр. Кейін Троцкий Сталинмен қарсыласып, билігінен айырылып қалды және оның тапсырысымен Мексикада өлтірілді. 1967 жылы бұл суретті Кеңес Одағы Ленин туралы кітапта жарияланғанда, Троцкийдің суретін өшіріп тастады.

Бұған қоса жеке меншікке тыйым салып, зауыттарға басшылық ету мүмкіндігін жұмысшылар комитетіне беріп және патшалық құқықтық жүйені «халық сотымен» ауыстырып, жаңа Кеңес өкіметі билігіндегі Ресей тез арада соғыс даласын тастап кетті. Сол уақыт аралығында Германия жасақтары бақылаусыз жатқан Ресей аумағына шабуыл жасады. Ленин қатаң талаптарға келісуге мәжбүр болды. 1918 жылғы наурыз айындағы Брест–Литовск келісімшартында Ресей Германияға Финляндияны, Балтық аймағын, Польшаны және Украинаның бір бөлігін, ескі империяның батыстағы барлық шекаралас аймақтарын берді. Кейінірек жаңа билік бұл аймақтардың бірқатарын қайтарып алғанымен, негізінен, миллионнан аса халық пен көптеген ауылшаруашылық жердегі билігінен айырылды. Өз кезегінде Антантаның одақтас мемлекеттерін Ресейдің сатқындығы мен коммунистердің билікті оқыстан басып алуы абдыратып тастады, олардың бұрынғы серіктестері дұшпанға айналып шыға келді.

Лениннің Қазан төңкерісі көптеген Ресей қалаларын Тынық мұхитқа дейін шексіз созылып жатқан ауылшаруашылық жерлерінің шағын бөлігіне жылдам бақылау орнатты. 1917 жылдың соңында большевиктер ауқымды халық қолдауына да, олардың жеке тиімді әскеріне де ие болмады. Жаңа үкімет қарсыластары тез арада қалпына келді, жаңа коммунистік билік элитасы қауіпсіздігін қамтамасыз еткенге дейін, екі жыл бойы қиян-кескі азамат соғысына ұласты.

Бітім және оның нәтижелері

Ресей соғыстан шыққан соң ауқымды шабуылдау үшін Германия негізгі күшін Батыс майданға ауыстырды. Ұлыбритания мен Франция әсіресе Құрама Штаттардан әкелетін жаһандық азық-түлік пен материалдар қорына қол жеткізе алды, ал Германия мен Австрияда ондай мүмкіндік жоқ еді. 1918 жылдың басына дейін Германия экономикасы тоқыраудың алдында тұрды және оның халқы қалжырап, тамақтан тарықты. Жұмысшылар ереуілі бұрқ етті және кайзерге ресейлік үлгідегі революция қаупі төніп, социалистік партиялар күш ала бастады. Батысқа шабуыл қимылдары Америка әскеріне қарама-қарсы кездескенде, бірден шегінуге мәжбүр болды. 1918 жылғы 11 қарашадағы бітім соғысты аяқтады, алайда Антанта одақтастары майдан даласында жеңісін тойлай алған жоқ; олар Германияға шабуыл жасап, басып ала алмады. Сөйте тұра коммунистер мен өзге радикалдар бастаған қала көтерілістері ұлғайғанына қарамастан, кайзер тақтан бас тартпады. Ресей большевиктері неміс жұмысшы революциясынан көп үміт күтті, алайда ұстамды социалистер мен антикоммунистер көтерілістерді жаншып, либералды жаңа республика жариялады.

ҰЛЫ СОҒЫС

1914 жыл

Эрцгерцог Франц Фердинандты Сараевода өлтіріп кетті.

Германия күштері Бельгия мен Францияға басып кірді, алайда Парижді ала алмады.

Батыс және Шығыс майдан шебі қалыптасты.

1915 жыл

Антанта Түркияның Галлиполи түбегіне шабуыл жасады.

1916 жыл

Верден шайқасы мен Сомма өзеніндегі шайқас.

1917 жыл

Құрама Штаттар Германияға соғыс жариялап, Еуропаға әскер аттандырды.

Ресейде революция басталды.

Ресей Германиямен бітімге қол қойды.

1918 жыл

Брест–Литовск бітімшарты.

Неміс күштері Батыс майданын жарып өтуде сәтсіздікке ұшырады.

Соғыс қимылдарының бітіммен аяқталуы.

1918 жыл

Париж бітім конференциясы.

Соғыс зардаптары. Үлкен соғыс зардабынан шамамен он алты миллион адам көз жұмды. ХІХ ғасырдағы барлық соғыстарда тек үш миллиондай адам опат болған еді11. Қаза тапқан миллион әскер отбасыларды, достарды, қауымдарды теңселтіп тастады. Мысалы, Франция он бес пен отыз жас аралығындағы ерлердің жартысынан айырылды. Соғыстан оралғандардың жиырма бір миллионға жуығы зағип, мүгедек немесе әйтеуір бір жарақат алған еді. Соғыс аймағынан сансыз адам босып кетті. Бір ғана Бельгияда 600 мың адам босқын болды. Тараптардың бірі үшін соғысқан африкалық немесе азиялық тірі қалған жауынгерлер соғысқа дейін өмір сүрген авторитарлық империялық жүйелерден жұмыс табу үшін үйлеріне қайтты.

Қақтығыс салдарынан физикалық қирандылардың басым бөлігі Польша, Сербия, Бельгия және ең ауыр шайқас жүрген Солтүстік-Шығыс Францияда қалды. Траншеялар, снаряд түскен шұңқырлар және табиғат аясындағы от жүз мыңдаған акр ауылшаруашылық және орманды алқапты түтінге орады. Бұл жерлердің көпшілігі бірте-бірте қалпына келгенімен де, тұтас ауылдар мәңгілікке жойылды. Күйе, темекі және күкірттің еселенген тотығынан, әсіресе зауыттар күні-түні тоқтамастан жұмыс істейтін Англияның орталығы мен Германияның Рур аңғарында атмосфераның зақымдануы соғыс уақытында күрт ұлғайғаны күмәнсіз. Антанта одақтастарының мемлекеттік шығыны шамамен 150 миллиард долларға жетті және соғысқа атсалысқан барлық Еуропа мемлекеттері қарызға белшеден батты. Құрама Штаттар мен Жапония ғана бұл соғыстан қаржылық пайда көрді. Соғыс кезіндегі Жапонияның экспорты үш еселенді және Құрама Штаттар өз тарихында алғаш рет қарыз алушыдан гөрі несие берушіге айналды.

Батыс майдандағы бүліншілік. Бірінші дүниежүзілік соғыста адамның қырылуы экономикалық зиянмен ұштасты. Күлге айналған орманда тұрған жауынгерлердің бұл суреті сол замандағы соғыстың жағдайы мен зардаптары туралы не айтады?

Тұмау індеті. Ақырғы жылы соғыс келтірген залал дүниежүзінің әр түкпірінде бейнет пен өлім ұрығын сеуіп, жұқпалы індет өршіді. Соғыс әлі вакцинасы табылмаған, айрықша қауіпті тұмау түрінің таралуына көмектесті. 1918 жылдың мамыр айында Канзастағы әскери базада ауыр індет таралды. Ауру жұқтырған солдаттар вирусты әскери транспорт желілерінің бойымен өзге де базаларға және осы жерден Ұлыбритания мен Францияға таратты. 1918 жылы және 1919 жылдың басында тұмаудан дүниежүзінде қырық миллионнан аса адам қайтыс болды. Бұл – соғыста қаза тапқандардан миллиондарға артық адам өлімі еді. Оның патологиялық себебі түсініксіз болды, бұл айрықша вирустан жиырмадағы жастар көбірек ауырып, көз жұмды.

Деректерді САРАЛАУ

Тәуелсіздік алмауға тиіс Арабия

1915 жылдың шілде айынан Мекке мен Мединенің билеушісі Хусейн ибн Әли Египеттегі Ұлыбританияның арнайы өкілімен арабтілді халықтардың тәуелсіздігіне қатысты бірнеше хат алмасты. Түркияны жеңген соң Ұлыбритания араб мемлекетінің тәуелсіздігін мойындаса, Хусейн Осман билеушілеріне қарсы көтерілісті ұлғайтамын деп ант-су ішті. Ұлыбритания бірқатар шарттарға қарамастан, бұл мәселеге қатысты уәде берген секілді. Британ билігі Франциямен соғыстан кейінгі Таяу Шығысқа қатысты мерзімінен бұрынғы дау-дамайларды шешуде жеке одақтастыққа кепілдік берді. Францияның Сирияға қатысты ұзақмерзімді мүдделері болды, алайда түріктерге қарсы альянстың күресіне жетекшілік етіп отырған Ұлыбритания аймақта толық үстемдік етуге ұмтылады деп қорықты. Осылайша, 1916 жылдың мамырында Британ мемлекеттік қызметшісі Марк Сайкс және француз тарапынан Франсуа Пикот, арабтардың өзін-өзі басқаруына қатысты берген кепілдеріне сатқындық жасай отырып, Таяу Шығысты бөлісу туралы құпия келісімшарт жасады. №3 құжатта көрсетілген бұл бөлініс 1919 жылы жүзеге асты.

БІРІНШІ ҚҰЖАТ. Хусейн әмірден Ұлыбританияның бас арнайы өкіліне. 1915 жыл, шілде

Өткен жылдары тұтас араб халқы бірі қалмастан, азаттық алу үшін сөз жүзінде де, іс жүзінде де өз әкімшіліктерінің тізгінін ұстап қалу мақсатында шешім қабылдады; олар қолдау мен берік те заңды ұстанымдарына қол жеткізуге көмек көрсетуге Ұлыбритания үкіметі мүдделі деп есептеді.

Біріншіден, Англия солтүстігінде Мерсина және Аданамен (қазіргі Түркияда) 37 ендікке дейін; ...Парсы (Иран) шекарасына дейін; шығысында Парсы шекарасынан Басра шығанағына дейін, оңтүстігінде Үнді мұхитына дейін шектесті. Аден бұрынғыдай Мерсинге қалады, араб мемлекетінің тәуелсіздігін мойындады. Англия Араб ислам халифатының жарияланғанын растайтын болады.

Екіншіден, Арабия билеушісі араб мемлекеттерінде Англия барлық экономикалық кәсіпорындарда артықшылыққа ие болуға тиіс екенін мойындайды...

Сәйкесінше, бүкіл араб халқы (Құдайға мадақ) тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қандай бағаға болса да келіседі және бірігеді, ақырында осынау қасиетті мақсат үшін Ұлыбритания үкіметінен осы хабарламаны алғаннан кейін отыз күн ішінде әйтеуір бір жауабын беруін сұрайды.

ЕКІНШІ ҚҰЖАТ. Британ шетелдік кеңсесінен Лондондағы Француз елшілігіне. 1916 жыл, мамыр

Француз және британ үкіметтері бұл жағдайды былай түсінеді:

Франция мен Ұлыбритания дайындалған және ұсынған картада белгіленген (3-құжатты қараңыз) араб басшылығының егемендігі аясында Араб мемлекетінің немесе Араб мемлекеттері конфедерациясының тәуелсіздігін мойындап және сақтайды (a) және (b) Францияның аймағы (a) мен Ұлыбританияның аймағында (b) жергілікті кәсіпорындар мен несиелердің құқығына басымдық береді. Францияның аймағы (a) мен Ұлыбританияның аймағында (b) Араб мемлекетінің немесе Араб мемлекеттері конфедерациясының өтініші бойынша кеңесшілер немесе шетелдік қызметкерлерді ғана қамтамасыз етуге тиіс.

Францияның көк түсті аймағында және Ұлыбританияның қызыл түсті аймағында, қаласа немесе қажет деп тапса, Араб мемлекетімен немесе Араб мемлекеттері конфедерациясымен бірге, тура немесе жанама түрде әкімшілік немесе бақылаудың қалыптасуына рұқсат берілуі тиіс.

Қоңыр аймақта (картада сары болып көрінеді) Ресеймен, сәйкесінше өзге де одақтастармен және Мекке әмірінің өкілдерімен кеңескен соң қабылданған шешім нәтижесінде халықаралық әкімшілік қалыптасуға тиіс.

Дереккөз: Husayn Letter: Quoted іn Marvіn Gettleman and Stuart Schaar, eds., The Mіddle East and Іslamіc World Reader (New York: Grove Press, 2003), 114–115. Sykes-Pіcot Agreement: Mіdeast Gateway, http://www.mіdeastweb.org.

ҮШІНШІ ҚҰЖАТ. Сайкс-Пикот келісімшарты бойынша аумақтық бөлініс. 1916 жыл, мамыр

Сайкс-Пикот келісімшартының картасында Осман империясының үлкен алқабы тікелей Франция басқаратын (көк), Францияның айрықша ықпалындағы (a), Ұлыбританияның тікелей бақылауындағы (қызыл) және Ұлыбританияның айрықша ықпалындағы өлкелерге (b) бөлінген.

Сыни пайым

Осы екі құжаттағы қандай нақты сөздер мен сөз тіркестері Таяу Шығыстағы арабтың және еуропалық мақсаттардың арасындағы айырмашылықты көрсетеді? Сайкс-Пикот келісімшарты «тәуелсіз Араб мемлекетін немесе Араб мемлекеттері конфедерациясын» мойындауға қатысты? Алайда бұл құжат арқылы Франция мен Ұлыбритания Арабияның тәуелсіздігін мойындады деуге бола ма? Хусейн ибн Әлидің сипаттауына сәйкес, Таяу Шығыстың картасында Араб мемлекеті қандай орын иеленуге тиіс? Бірінші дүниежүзілік соғыстан бастап мемлекет осы болжалған шекараға ие болды ма? Үшінші құжатта көрсетілгендей, Франция мен Ұлыбритания арасындағы келісімшарттағы аумақтық бөліністер мен Хусейннің тілегінің арасында айырмашылықтар бар ма?

1890 жылы таралған індет секілді, бұл тұмау да кемелер арқылы бүкіл әлемге таралды. Оңтүстік Африкадағы Кейптаунда, мысалы, бір ай ішінде халықтың төрт пайызы қырылды. Вирус айлақтардан құрлықтарға тарады. Америкада эпидемия Мексика, Чили, Бразилия және Аргентинаға жетті. Ұлыбританияның соғыс уақытындағы кеме желісіндегі маңызды торабы – Оңтүстік Азияның айлақтары қатты зардап шекті. Індет субконтинетке таралды, осылайша жалпы жер жүзіндегі өлімнің жартысына себеп болған секілді. Австралиядағы екі індет толқыны шамамен он екі мың адамның өмірін жалмады. Құрама Штаттарда ешбір ірі қала індеттен құтылмады және 675 мыңға жуық америкалық көз жұмды.

Аурудан көз жұмғандар саны 1919 жылдың көктемінде азайды және эпидемияға себеп болған вирус ақырында жоғалды. Ал індеттен аман қалғандарда осы вирусқа иммунитет пайда болды. Дей тұрғанмен, тұмаудың таралуы дүниежүзіндегі алаң көңілді үдетіп, сарыуайымға салды, еңбек өнімділігін төмендетті.

Бітімшарттар. Азып-тозған әлемде саяси тұрақтылықты қалпына келтірудегі зор міндет жүгі елшілерді бітімгершілік жасауға итермеледі... Олар Париж бітім конференциясынан бастап, 1919–1924 жылдары бірнеше халықаралық конференция өткізді. Жеңімпаз мемлекеттер бұл кездесулерде үстем болды, Германия, Австрия–Венгрия, Осман Түркиясы және Ресей, төрт ірі империяның иеліктеріне қатысты істі өз қолдарына алды. Бұл империялардың үшеуі соғыста үлкен сәтсіздікке ұшыраған еді. Төртіншісі жаһандық социалистік революцияны орнататынына сеніп, коммунистік мемлекетке айналды. Бірнеше конференцияда саяси шекараларды өзгерткен, мүлде жаңа мемлекет құрған және жеңілген мемлекеттер деген сөйлем енгізген келісімшарттар жасалды.

Антантаның негізгі одақтас мемлекеттері – Ұлыбритания, Франция, Италия, Құрама Штаттар мен Жапония басшылары 1919 жылдың қаңтар айында Версальда бітім жасасу процесін бастады, олар бірінші болып қауіпсіз, бейбіт және демократиялық әлемнің асқақ бейнесін ұсынды. Германияны үнемі тұқырта отырып, ресейлік коммунистерді саяси оқшаулап, Азия мен Африканың басым бөлігін билеу бизнесіне қайта оралу және соғыстан түскен олжаны жинау үшін жаңа жоспар жасады. Ұлыбритания мен Франция билеушілері Вудро Вильсонның өз елдерінде қоғамдық қолдаудың сақталғанынан үміттенсе, «жеңіссіз бейбітшілік» ұстанымы туралы бастамасына келіскісі келмеді. Франция премьер-министрі Жорж Клемансо Вильсон туралы Еуропа көшбасшыларының сақтығы мен күмәншілдігін былай қорытындылады: «Бұрын қандай да бір саяси ассамблеяның осыншама уағыз тыңдайтын жағдайы болмас еді».

Вильсон Версальға тәуелсіз мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздікке бейілдігін (құпия екіжақты келісімге қарама-қайшы) және этникалық ұлттық қауымдардың саяси өзін-өзі билеу60 құқығын атап көрсететін жаңа жаһандық тәртіпті қалыптастыру мақсатында Он төрт тармағын (Fourteen Poіnts) ортаға салды. Алайда Антантаның Еуропадағы одақтастары соғыс Германияның болашақ әскери және индустриялық қуатына ауыр нұқсан келтірмей аяқталғанын өте жақсы түсінді. Сондықтан да олар аумағының көп бөлігінен айырылу, мұхиттың ар жағындағы отарларына тыйым салу, шағын қорғаныс әскеріне рұқсат беру және жаңа соғыс бастамау үшін жауапкершілік алу міндеттерін мәжбүрлі түрде енгізді. Бұл «соғыс кінәсін мойындау пункті» жеңімпаз мемлекеттерге Германияның 330 миллиард доллардан астам репарация61 төлеуін міндеттеді. Бұл жаза негізінен Америка банктерінен соғысқа алған қарыздарын өтеу үшін ақшаны тым қажетсініп тұрған Франция мен Ұлыбритания көшбасшыларының ұлттық мүдделеріне қызмет етті. Германия дипломаттарына конференцияға қатысуға Версаль рұқсат бермеді, сөйте тұра келісімшартқа қол қойылды. Кайзер империясы әскери әлсіз республикаға айналды және немістер жәбірленіп, кемсітуге ұшырады. Версальдан кейінгі кезеңде радикалды неміс партиялары қалай болғанда да келісімшарттардан бас тарту үшін елде үстемдік ету жолында күресті.

Вильсонның Он төрт тармағының соңғысы «Ірі және шағын мемлекеттерге бірдей деңгейде саяси тәуелсіздік пен өзара кепілдік беру үшін арнайы конвенцияның аясында ұлттардың бас бірлестігі құрылуға тиіс» деп жариялады. Версаль келісімшарты келіссөздер бастау арқылы жаһандық ұжымдық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған тәуелсіз мемлекеттердің тұңғыш ұйымы – Ұлттар Лигасын құруға жол ашты. Лига халықаралық гуманитарлық, білім беру, статистикалық жұмыстар мен мемлекеттер арасында коммуникация үшін институционалдық форум қызметін ұйымдастыра бастады. Алайда Германия, Ресей және Құрама Штаттар хартияның мүшесі емес еді. Антанта одағында жеңіске жеткен елдер Германия мен Ресейдің хартияға қосылуына рұқсат бермеді, ал Құрама Штаттардағы сенат Еуропадағы шиеленіскен жағдайларға бұдан былай араласуға қарсы шығып, Американы Антанта одағынаа жолатқысы келмеді.

Өзін-өзі билеудің күрделілігі. Соғыстан кейінгі бітімшарттары Вильсон армандаған, өмір сүруін тоқтатқан төрт империяның бірінде болған әрбір маңызды этнолингвистикалық топ үшін демократиялық ұлттық-мемлекеттерді қамтамасыз ететін өзін-өзі билеу принциптерін астаң-кестең етті. Бұл ұсыныс орындалады деп ешкім үміттенбеген де еді. Іс жүзінде Еуропаның шығысы мен оңтүстігінде территориялық тұрғыдан бөлінбеген көптеген этникалық топтар мидай араласып жатты. Бұрынғы Австрия–Венгрия немесе Осман империясының аумағында құрылған ұлттық мемлекеттердің де өз тәуелсіздігін аңсайтын азшылық топтары да болды. Өз-өзі басқару мүмкіндігіне сенген топтарды қолдаған поляктар, румындар, сербтер және итальяндар дауға араласты. Қарсы одақтағы немістілді австриялықтар, венгрлер, болгарлар мен түріктердің тынысы тарыла бастады.

1919 жылы Ресейде Ленин коммунистік партия билігін толық орната алмады, бірақ сол жылы оның режимі дүниежүзіндегі социалистік революциялық партияларды қолдау үшін Коминтерн немесе Коммунист интернационал конгресіне демеуші болды. «Жеті жаңа тәуелсіз мемлекетке большивизмді тықпалап отыр» деп, Антанта одақтастары Ресейге кінә артты. Ол мемлекеттердің төртеуі – Литва, Польша, Венгрия және Румыния – тәуелсіз мемлекет құруға тарихи негізі бар ел еді; өзгелерін – Финляндия, Латвия және Эстония – одақтастық келісімшарт жасаушылар құрды. Сербия ұлтшылдары Австрия–Венгрия мен Түрік империяларының құрамында болған славянтілді халықтың көпұлтты жаңа мемлекеті – Югославияда үстемдік алды. Чехословакия да этнолингвистикалық топтар ретінде құрылды.

Вильсон «Он төрт тармағын» жариялағанда, дүниежүзінің отарланған аймақтарындағы ұлттық топтар тарихшылар «Вильсондық сәт»12 атап кеткен сезімді бастан кешті. Олар Америка көшбасшысы Еуропада ғана емес, дүниежүзінде демократиялық өзін-өзі басқару режимін орнатады, бұл мақсат үшін Кәрі құрлық империяларын дегеніне көндіреді деп бірнеше ай күтті. Алайда Вильсон еуропалық отарлық билікті дегеніне көндіре алмады да, «Вильсондық сәт» ғайып болды. Жеңімпаз мемлекеттерді соғыстан кейінгі өмірде қомақты қарыз күтіп тұр еді. Еуропаның туабітті моральдық артықшылығы туралы аңыздың әшкере болғанына қарамастан, олар Африканың көп бөлігі мен Азияның біршама аймағын билегісі келіп, бұрынғы дәуренін аңсады. Бейбіт келісімдерде Германияның Африка отарларындағы халықтар болашақтағы өзін-өзі басқаруына қатысты талқылауға шақырылмады. Оның орнына бодан елдер Ұлттар Лигасы басшылығының аясында Ұлыбритания, Франция немесе Оңтүстік Африкаға (және оның ақ нәсілді үкіметі) ерікті түрде берілді. Осыған ұқсас келісімге сәйкес, Ұлыбритания мен Франция араб көшбасшыларына берген уәсіне қарамастан, жеңілген Осман империясындағы бұрынғы арабтілді провинциялардың билігін өз қолына алды. Мұндай әрекеттер отарланған аймақтардағы жас ұлтшылдардың наразылығын тудырып, соғыстан кейінгі онжылдықтарда оларды саяси қозғалыстар ұйымдастыруға итермеледі, империялық режимге алдымен реформалар туралы петиция жасады. Бұл үдеріс тым баяу жүрді. Алдағы тараулардан олардың азаттықты талап еткенін айтып өтеміз.

Қорытынды

Бірінші дүниежүзілік соғыс болмаса, дүниежүзі XX ғасырдың екінші онжылдығында қалай өзгерер еді? Әлбетте, бұл қақтығыс бұдан бұрынғы кез келген соғысқа қарағанда анағұрлым көп адам өлімі мен қырып-жоюға себеп болып қана қойған жоқ, ұзақмерзімді мәселелердің бастауына айналды. Капиталистердің үміті ақталмай, жаһандық экономика соғысқа дейінгі деңгейге тез орала қоймады. Ұлыбритания мен Франция тығыз қоныстанған, индустрияланған Германияның қайта ықпалдасуына көмектесуден бас тарта отырып, жалпы Еуропаның қайта қалпына келу үдерісін баяулатты. Майдан даласында әскері тас-талқан болып жеңіліп көрмеген Антанта мемлекеттеріне қарап, немістер өз елдерінің күйзелісі мен масқаралығы үшін ашудан бұрқ-сарқ қайнады. Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы ұлтшылдар «соғыстан кейінгі келісімге сай өзге этникалық топтарға аса көп территория берді немесе өздеріне жеткіліксіз жер берді» деп шағымданды. Кәрі құрлықтың Азия мен Африкадағы отар елдерінде Еуропада өзін-өзі билеу келісімі қолданысқа енгізіле бастағанын, алайда бұл келісім жергілікті халық үшін емес екенін адамдар ұққан сәттен бастап, ұлтшыл көшбасшылар халық қолдауына бөленді. Соғыс ауаның ластануын, судың былғануын және өндірісі дамыған елдердегі ормансыздандыру мәселелерін тереңдетіп жіберді. Соғыс кезіндегі ғалымдар мен инженерлер пайдалы ғылыми жаңалықтар ашты, алайда олардың бұрын-соңды болмаған қуатқа ие қару-жарақтары бар еді. Фрак және шляпа киген дипломаттар жаһандық тұрақтылықты қаншалықты қалпына келтіргенін терең талдау үшін арада жиырма-ақ жыл өткенде біріншісінен де апатты, ауыр, екінші соғыс өрті тұтанғанын еске алсақ та жеткілікті.

Өзін-өзі билеу (self-determі natіon) – Бірінші дүниежүзілік соғыста және одан кейінгі уақытта ұсынған бұл идея тілі, тарихы, мәдени дәстүрлері ортақ қауымдар саяси болашағы мен билеу құқығын өздері иеленуге тиіс деген ұстанымды қолдайды.

Репарация – шығынды өтеу; соғыстың зардабынан өзге мемлекетке келтірген шығынды жеңілген мемлекет төлейтін өтемақы.

25

Мазасыз онжылдықтар
1918–1935 жылдар

«General Trans-Saharan Company» Солтүстік және Шығыс Африканы моторлы көлік және әуе тасымалдау қызметіне қосты. Постерде көрсетілгендей, шөл даладағы топырақ жолдар автобустарға қиын соққанын байқаймыз. Bіdon 5 немесе «Газ канистрі 5» – Сахара шөлінің елсіз бөлігіндегі мекен, мұнда 1926 жылы «General Trans-Saharan Company» қызметкерлері автомобильдер мен аэропландар үшін аэробензин құю қоймасын жасады. Бұдан бұрынғы ширек ғасыр бойы Франция отарлық күштері Орталық Сахарадағы ірі шұраттарға, ондағы бербер және араб халықтарына бақылау орнатты. 1920 жылы компания бұрынғы уақытта түйе керуеніне ғана ыңғайлы табиғат аясында саяхат пен түпкілікті тау-кен өндірісін жеңілдету үшін «Bіdon 5» секілді газ (бензин) және су бекеттерін сала бастады. 1920 жылы Франция әскери ұшқыштары, Сахарада жанармай аялдамалары болса да, шөл үстінен тұңғыш рет ұшып өтті. Саяхатты төрт ұшақ бастады. Екеуі алысқа ұша алмады, ал үшіншісі сусыз аймақта апатқа ұшырап, экипаждың үш мүшесінің біреуі опат болды. Үшінші ұшақ Нигер өзеніне (бүгінгі Мали өзені) дейін ұшып барды. 1922–1923 жылдары «Cіtroёn» француз командасы Солтүстік Алжирден Нигериядағы Тимбуктуға автомобильмен жиырма екі күн жүріп барды. Төрт жылдан кейін тағы бір француз орасан зор даланы мотоциклмен жүріп өтті. Осыдан кейін көп ұзамай, Сахара арқылы авиа-почта мен жүк тасымалдау қызметі басталды. Француз өнертапқыштары шөл даланы теміржол арқылы кесіп өту жоспарын жасады, алайда бұл жоба ешқашан жүзеге асқан емес. Дүниежүзіндегі кәсіпкерлер, инженерлер және ғалымдар үшін іштен жану қозғалтқышының Сахараны жаулауы технологиялық инновацияның жаңа дәуірі басталғанын білдірді. «Бірінші дүниежүзілік соғыс – жаңа заманғы даму жолының өкініші мол қысқа ғана үзілісі шығар» деп болжады көбі. Бұл тараудың бірінші бөлімінде жалпы адамзаттың даму мен динамизмге деген сенімін нығайтқан, 1920 жылдардағы бірқатар шешуші оқиғалар легін қарастырамыз. Ұлы соғыстың дүниежүзіндегі халық санының өсуі мен шоғырлануына ұзақмерзімді жағымсыз әсері болмады. Бұл соғыс жаһанның құрылымы туралы революциялық теорияны қалыптап, техникалық және ғылыми зерттеулерге серпін берді. Алайда саяси-экономикалық салаларда гүлдену мен тыныштықтың жаңа кезеңіне деген үміт біртіндеп төмендей берді. Жаһандық экономика қарқынды өсе алмады. Оның орнына Еуропаның ірі индустриялық мемлекеттерінде жалпы ішкі өнім соғыстың алдындағы экономикалық серпіліс қарқынының жартысына дейін ғана көтерілді. Көптеген мемлекет инфляциямен, тұрақты жұмыссыздықпен немесе екеуімен бірдей күресті. Тараудың екінші бөлімінде 1920 жылдар мен 1930 жылдардың басындағы экономикалық тұрақсыздық, әсіреұлтшыл және авторитарлық саяси режимдерді таратып айтамыз. Либерал-демократиялық үкіметтер Батыс Еуропа мен Америкада аман қалғанымен, авторитарлық билеушілер Кәрі құрлық елдерінде және Латын Америкасы мен Азиядағы бірқатар мемлекеттерде көппартиялық заңшығарушы органдарға төзбеді. Кейде тіпті халықтың қолдауымен жеке адам билікті басып алды. 1920 жылғы жағдай бойынша дүниежүзі халқының шамамен үштен бір бөлігі теңіздердің арғы бетіндегі шетелдік басқыншылардың уысындағы биліктің қол астында өмір сүрді. Тараудың үшінші бөлімінде бірқатар Еуропа мемлекеттері, оған қоса Жапония мен Құрама Штаттардың отарлық тәуелді елдеріндегі соғысаралық жағдайды зерттейміз. Соғыстан кейін жасалған келісімшарт Ресей, Германия, Австрия–Венгрия және Осман империясының құрамында бұрын болған топтарға ұлттық тәуелсіздік алып берді. Алайда жаһандық масштабта соғыстан кейін отарлық империялар ұлғая түсті. 1920 жыл басында отар елі бар мемлекеттер республика немесе конституциялық монархия еді. Олар өз иеліктерін бағынушылардың келісімімен емес, күшпен биледі. Алайда империялық қуғын-сүргін отар елдердегі экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді жеделдетті, ұлттық өзін-өзі билеу жолындағы қозғалыстарын күшейтті. Тараудың соңғы бөлімінде Ұлы депрессия жылдарына шолу жасаймыз. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі таңғаларлық он бір жылдан кейін ХХ ғасырдағы жаһандық дағдарыс басталды. Кейбір экономика ойшылдары бизнес 1929 жылы құлдырады дейді. Ешкім оны дүниежүзінің көп бөлігін қаржылық және коммерциялық апатқа ұшыратып, өзгертеді деп күтпеген еді. Күйзеліс көп бейнет әкелді. Экономикалық дағдарыспен күрес мақсатында мемлекеттер Бірінші дүниежүзілік соғыс барысында ие болған орнынан анағұрлым мықты билікті иеленуге ұмтылды. Экономикалық қуатты мемлекеттер азаматтарды экономикалық құлдыраудың жағымсыз әсерінен сақтау мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды қолға алды. Өкінішке қарай, бұл түңілу мен торығу 1920 жылдардың соңына қарай билікке келген анағұрлым рақымсыз демагогтар мен диктаторларға зор мүмкіндік берді. 25.1-КАРТА. Мемлекеттер, отар елдер және Ұлттар Лигасының мандаттары. 1925 жыл 1925 жылы қандай мемлекеттердің мұхиттың ар жағында территориялық талаптары болды? Осы отар елдердің басым бөлігі қайда шоғырланды? 1910–1925 жылдары империялық жер талаптарының өзгеруін қандай факторлар түсіндіре алады? (24.1-картаны қараңыз).

Қоғам мен мәдениеттің соғыстан кейінгі беталысы ОЙЛАН: Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі онжылдықта әлеуметтік, мәдени және ғылыми үрдістер қандай еді? 1920 жылы дүниежүзіндегі халық санының, урбанизацияның, технология мен ғылымның өзгеру қарқыны жоғары жылдамдықта дамыды. Ертеректегі буынға қарағанда, білімді, көзі ашық тап жер-жаһан қаншалықты тез өзгерсе, әрбір адам үшін соншалықты жақсы болады деген идеяны жанына медет етті. Тоқтаусыз өзгерген философтар, жазушылар және суретшілер «тұрақты өзгеріс – адамзат өмірінің негізгі шарты, ол энтузиазмға толы болуға тиіс» деген пікірді ұстанды, бұл идея модернизм62 ұғымымен түсіндіріледі. Модернизм – өнер мен гуманитарлық ғылымдардағы инновация мен жаңа тәжірибелерді қамтыған, дәстүрлі формалар мен құндылықтардың сақталуынан бас тартқан қозғалыс.

Демографиялық трендтер

1918–1920 жылдары Бірінші дүниежүзілік соғыс пен тұмау індеті бірігіп, шамамен елу алты миллион адамның өмірін қиды. Бұл – 1910 жылғы дүниежүзі халқының 3,2 пайызы. Тек бес жыл ішінде соғыс қимылдары, бомба, аштық және аурудан көп адам қаза тапты. Бірақ бұл жағдай 1700 жылдан бері күрт өскен жаһандық халық санына ықпал етпеді. 1910–1920 жылдары дүниежүзінде халық саны шамамен 3 пайызға артты. Ал 1920–1940 жылдары жер бетіндегі адам саны 410 миллионнан асты. Бұл үрдіс дүниежүзіндегі азық-түлік өндірісі және экономикалық теңсіздік мәселелерімен тығыз байланысты.

Демографиялық өткел ме, өткел емес пе? Ұлы соғыстан кейін дүниежүзі халқының аймақтық бөлінісі, халық тығыз орналасқан өзге аймақтармен салыстырғанда, Еуропада күрт өзгерді. ХХ ғасыр басындағы онжылдықтарда еуропалық қоғамтанушы ғалымдар «демографиялық өткел»63 атап кеткен құбылысты бастан кешті. ХХ ғасырдан халық саны өлім-жітімнің азаюына байланысты ғана өсті. Азық-түлік, тағам құнары артқандықтан және жұқпалы аурулардың емі табылғандықтан өлім-жітім көрсеткіші төмендеді (тұмау секілді аурулардың жаппай таралуына қарамастан). 1900 жылдан кейін Еуропада өлім мен туудың орташа көрсеткіші төмендеді. Өлім көрсеткіші төмендесе де, туудың төмен деңгейі халық санының жыл сайынғы өсуін қысқартты. Туудың төмендеуі өмір сүру стандарттарының өсу қарқынымен, отбасын кеш құру әдетімен және тууды бақылау әдістерінің дамуымен, өзге факторлардың жиынтығымен тығыз байланысты.

Дүниежүзі халқы санының аймақтар бойынша өзгерісі. 1913–1973 жылдар. Осы алпыс жыл ішінде дүниежүзі халқы санындағы Африка, Азия және Латын Америкасы тұрғындарының үлесі көбейді, өйткені мұнда халық санының өсу көрсеткіші салыстырмалы түрде жоғары болып қала берді. Төмен өсім көрсеткішіндегі аймақтардың үлесі қысқарды.

Керісінше, Латын Америкасы, Оңтүстік Азия, тропиктік Африка және (Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін) Қытайда өлім көрсеткіші төмендеп, туу көрсеткіші арта берді. Таза су, гигиеналық шаралар, жұқпалы ауруларға қарсы вакцинация анағұрлым дамыған сайын, адамдардың орташа өмір жасы ұзара түсті. Дүниеге келген балалар саны орта есеппен ХІХ ғасырдағы көрсеткішпен ұқсас немесе одан көптеу болды. Бұл – халық өсімі деңгейінің ұлғаю формуласы еді2.

Ауылшаруашылық жерлерін ұлғайту, өмір сүру стандарттарының төмендеуі, ауылдан қалаға қоныс аударушылардың көбеюі және ағаш отынына, ағаш құрылыс заттарына, тазалау салаларына сұраныстың артуы аймақтардағы ұзақмерзімді өсім көрсеткіші деуге болады. Мысалы, дүниежүзінде орманды жою көрсеткіші 1850–1919 жылдары жыл сайын орта есеппен 7,4 миллион акрдан 1920–1949 жылдары 28,4 миллион акрға дейін өсті3.

Соғыстан кейінгі урбанизация. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында адамзаттың басым бөлігі бұрынғысынша ауылшаруашылық өнімдерін өсіріп, мал бақты. 1930 жылы Латын Америкасындағы халықтың 17 пайызы ғана қалаларда тұрды. Оңтүстік Азияда бұл 12 пайыз, ал Африкада 7 пайызды құрады. Дегенмен Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, адам қоныстанған әрбір құрлықта қала саны арта түсті. 1920 жылға қарай Құрама Штаттардағы халықтың жартысы қалаларда өмір сүрді; Жапония бұл көрсеткішке шамамен 1935 жылы жетті.

Тарихтың басым бөлігінде қалалар жұқпалы ауру мен өлімге апарар сырқаттардың инкубаторы болғанына куәміз. Мигранттар легі өлім көрсеткішінен жоғары болғандықтан ғана халық саны өсті. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қарай қоғам денсаулығы мен аурудың алдын алудағы жетістіктер, әсіресе дәулетті мемлекеттердегі қалалар өмір сүруге анағұрлым қауіпсіз орынға айналды. Көбейген, тығыз орналасқан қала халқы, әлбетте, қоқысты да көп төкті, ауаны да ластады және денсаулыққа зиянды микробтар мен қалдықтар шығарды. Дегенмен дәулеттірек қалалар күрделі құбыр жүйелерін салып, қалдықтарды су жолдарына немесе қоқыс үйіндісіне тастады. Мысалы, Құрама Штаттарда қалалар көрші батпақты-сулы алқапты қоқыс пен күлге толтыру арқылы «қайта қалпына келтіруді» қолға алды.

Соғыстан кейінгі миграция сипаты. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Оңтүстік-Шығыс Азияға Қытай мен Үндістаннан қоныс аударушылар саны соғысқа дейінгі онжылдықтардағы деңгейге бірден көтерілді. Атлант мұхиты арқылы Еуропадан Құрама Штаттарға он бес миллионға жуық адамды жеткізген 1900–1914 жылдардағы Батыс миграциясы жарым-жартылай ғана қалпына келді. 1920 жылы Құрама Штаттар белгілі бір еуропалық ұлттар мен азиялықтарға қатысты мигранттар саясатын қолданып, «кімнің шақырылғаны, ал кімнің шақырылмағаны жөн» деген ұлттық кемсітушілік көзқарасты білдіретін саясат, қатаң иммиграциялық квота енгізді. Бразилияда 1920 жылы қатаң иммиграциялық заңдар қабылданды.

Халықтардың аймақтық және ұлттық деңгейде күрделі қоныс аударуы Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталды. Соғыстың тікелей салдарынан миллиондаған босқын мен жай адамдар бір этникалық аймақты тастап, өзгесін табу үшін Еуропаны шарлап кетті. 1915 жылы Осман империясындағы соғыс кезіндегі этникалық тазалауда (24-тарауды қараңыз) өлім құшқан және қудаланған христиан дінін ұстанатын армяндар Сирияға, Ливанға және дүниежүзіндегі түрлі елдерге қашты. 1922 жылы Грекия мен Түркия бірнеше жылға созылған әскери қимылдардан кейін, Түркиядағы 1,2 миллионға жуық шығыс православ христиандарын Грекияға және жарты миллион мұсылманды Грекиядан Түркияға жіберу туралы міндетті айырбас жасауға уағдаласты. Солтүстік Америкада Құрама Штаттар Латын Америкасы тұрғындарын иммиграциялық шектеулерден босатқан соң, 500 мыңға жуық мексикалық 1920 жылы оңтүстік-батыс штаттарға жұмыс іздеп, қоныс аударды.

Демографиялық өткел (demographіc transіtіon) – туу және өлім көрсеткіштерінің бірдей төмендеуі нәтижесінде қоғамдағы халық өсімі деңгейінің тұрақтануы.

Индустриялық әлемдегі жаңа өмір салты

Мемлекеттердегі үкіметтер әскери-индустриялық айрықша мәселелердің шешімін табу үшін ғалымдар мен инженерлерге нұсқау берді. Үлкен соғыс барысында жаңа өнертабыстар жасап, техниканы жаппай өндірді. Қос ұлы соғыс арасындағы жылдары үкіметтер мен корпорациялар ғалымдар, инженерлер, менеджерлер, үкімет шенділері мен университет профессорларымен бірлесе жұмыс істеу үшін командаларға ұйымдастыру арқылы ауқымды және анағұрлым тиімді деңгейдегі зерттеу жұмыстарын қолдады.

Зерттеу жүргізу және дамыту зертханалары соғыстан кейін көбейген инновацияны сараптауға кірісті. Кәсіби мамандар тобы нейлон, синтетикалық каучук және қолжетімді люминесценттік шам секілді кереметтерді ойлап тапты немесе анағұрлым жетілдірді. Әрине, жеке адамдар жарқын идеяларын ұсына берді. Дарынды адамдар инсулин, пенициллин, целлофан, қаламсап, электр лампасы, тікұшақ ойлап тапты. 1907 жылы Бельгия ғалымы Лео Бакеланд (Leo Baekeland) көкөністерден табылған ірі молекулалардың түрлерін синтездеу арқылы алғашқы пластик материалдардың бірі – бакелит жасап шығарды. Солтүстікамерикалықтардың үлгісімен батысеуропалықтар да еңбекпен тапқан ақшаны автомобильдерге, күйтабақ ойнатқыштарға, радиоларға және кинофильм билеттеріне жұмсай бастады. 1927 жылға қарай «Ford Motor Company» құрастырушы конвейерлері «Model Ts» өндірісін он бес миллионға дейін ұлғайтты. Осы онжылдықта Бразилия кәсіпкерлері өз елдерінде құрастырып, сатылымға шығару үшін «автомобиль бөлшектерін» импорттай бастады.

Жаңа заттар жұмыс пен отбасылық өмірде әртүрлі бағытта түрленді. Құрама Штаттарда тұңғыш рет және 1920 жылға қарай Батыс Еуропада радиолар мен күйтабақтар жеке бас және жыныстық еркіндікті паш еткен джаз, өзге де танымал музыка бағыттарының шығармаларын көпке таратты. Жергілікті кино үйлеріндегі қойылымдар отбасылық кештер мен кітап оқу дәстүрін бірте-бірте ығыстыра бастады. Голливуд фильмдері қалалық жылтырақ өмірді дәріптеді, жас жігіттер мен қыздарды фермадан қашып, сондай өмірге еліктірді. Автомобильге мініп, қалаған жеріңе тез жетуге мүмкіндік берді. Қалааралық жолдар, көлік тұрақтары, қала маңындағы жаңа елдімекендер тұмса табиғаттың, ауылдардың, фермалардың орнын басып, физикалық және табиғи әсем көріністерді өзгертті, турасын айтсақ, экологияны зақымдады. Құрама Штаттарда қалааралық автомагистраль желілері 1921 жылы 387 мың мильден 1940 жылға қарай 1,3 миллионға дейін өсті. Индустриясы дамыған алдыңғы қатарлы елдерде, кейін дүниежүзінде қалалар мен кәсіпорындарға электр желілері тартылды. Түнгі мезгілді жарықтандыру зауыттардың тәулік бойы ауысыммен жұмыс істеуіне және әйелдердің үй жұмысымен кешкі уақытта көбірек айналысуына мүмкіндік берді.

«Art Deco» радиосы, 1930 жыл. Пластиктер пайда болған соң, қарапайым тұтынушыларға арнап жасалған әсем заттар мен пайдалы тауарлар көбейді. «Art Deco» шеңбер және шаршы пішінді құрылымдарды көп пайдаланады.

Ғаламды танып-білудің ғылыми мәселелері

ХІХ ғасыр соңында жылдамдай түскен ғылыми жаңалықтардың қарқыны Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұрынғыдан да жеделдей түсті. Физика, химия және биологиялық теориялардың прогресі үдеді – бір жерде шағын серпін болса, тағы бір серпін келесі жерде жасалды. Дегенмен физикада 1900–1930 жылдары Еуропадағы ғалымдардың жұмысы адамзаттың шынайы өмір туралы тұжырымын түбегейлі өзгерте бастаған теориялық сілкініс жасады. ХVІІ–ХVІІІ ғасырдағы Исаак Ньютон мен өзге де данышпандар белгілі бір тәртіпке бағынған, тұрақты және нақты математикалық терминдермен анықталған, болжаулы заңдылықпен реттелген ғарыш жайында ойланған еді. ХІХ ғасыр соңында, араларында неміс физигі Альберт Эйнштейн бар, дарынды ойшылдардың шағын тобы ғаламды талдай бастады. 1905 жылы Эйнштейн салыстырмалылық теориясын таныстырып, ғаламда кеңістікті және хронологиялық кесте жалғыз емес екенін математикалық тұрғыда паш етті. Дұрысында, уақыт пен кеңістік – олардың жеке және нысандық өлшемдеріне қатысты түсініктер. Мысалы, тартылыс күші уақыт ағымына әсер етеді. Ғаламшардың тартылыс күшінен алыс ғарыштағы уақыт жер бетіндегі уақыттан жылдамырақ. Эйнштейн сондай-ақ материя мен энергия әртүрлі құбылыс емес екенін, қайта бір-біріне эквивалент екенін көрсете отырып, материяның өзін-өзі қайта анықтауына көмектесті, бұл E = mc2 формуласы еді. Бұл идеялар адамзаттың қабылдау сезіміне және сол кезеңдегі ғылымға қарама-қайшы әсер етті. Алғашында дүниежүзінің басым бөлігі оны қабылдамады, тіпті елемеді.

Эйнштейн жаңа салыстырмалылық теориясы қалай болса да ескі физикамен табысады деп сенді. Тағы бір неміс ғалымы Вернер Гейзенберг бұл идеяға тіпті күмәнмен қарады. Кванттық механиканың алғашқы жаршысы, субмикроскоптық бөлшектердің толқындық қасиетін сипаттаған Гейзенберг 1927 жылы «Әлдекім материяны құрайтын өте кішкентай элементтерге жеткілікті деңгейде терең бойласа, ғаламның танымпаздығы жоғалады» деген тұжырым жасады. Оның «анықталмағандық принципіне» сәйкес, атом ядросының электронды орбитасы секілді, бөлшектің нақты тұрған орны мен жылдамдығын бір уақытта анықтау мүмкін емес. Позицияны қаншалықты нақты өлшесек, соншалықты азырақ жылдамдықты анықтауға болады. Бөлшектің қайда екенін көрсек, оның қайда бара жатқанын біле аламыз немесе керісінше. Бөлшекті өлшеу талпынысының өзі оның әрекетін өзгертеді. Тарата айтсақ, физикалық ғаламды жай ғана толығымен сипаттау мүмкін емес. Демек, оның негізгі заңдылықтары ешқашан толық анықтала алмайды. Осыдан кейінгі онжылдықтарда ғалымдар болжам ретінде «анықталмағандық принципіне» бейімделе бастады және жаңа физиктер радар, электроника, атомның бөлшектенуі, ядролық қару секілді ұзақмерзімді практикалық қолданыстағы зерттеудің көптеген жаңа әдістеріне дем берді.

Қазіргі заман және модернизм

ХІХ ғасыр соңында өмірдің барлық саласының түгелге жуығында өзгеріс жылдамдығы артқандықтан, жаңа заманның шындығы дүниежүзінің халық тығыз орналасқан және индустрияланған аймақтарында адам санасына дендеп ене бастады. Батыс Еуропа қалаларында зияткерлер «өзгеріс үздіксіз жүрсе бәріне бірдей түсінікті болар ма еді және жаһан қандай болуы керек?» деп ізденді. Бақылау және түсіндірудің белгілі дәстүрлері заман талаптарына сай болса ғана талқылануға тиіс деген пікірді ұстанды. Жазушылар, суретшілер, ғалымдар және мәдени сыншылар құрметке ие болу, талғам, адамгершіліктің қалыптасқан қағидалары туралы көпшілік мақұлдаған пікірлерді елеп-екшеді. Осы мақсатта олар әдебиет, сәулет өнері, бейнелеу өнері, би, музыка және кинода жаңа үлгілер жасады.

Модернизм дегеніміз – мәдени идеология ретінде жаңа дәуірді және жаңа заманды сезіп, көрсете алатын қандай да бір шығармашылық әрекетті қолдап, көңіл бөлу. Модернистер сол уақыттағы өзгерістерге діни және саяси элита секілді қарсы болмай немесе бақылауға алмай, жаңашылдықты бар ықыласпен қабылдады. Бірінші дүниежүзілік соғыс модернистік сын-пікірді нығайтты. Ерекше ойшылдар соғыстың сұмдықтары мен мағынасыз дәстүрлі құндылықтарға, парасатты пайымға деген тоқмейіл сенімге және қалыптасып қалған иерархиялық құрылымға (тіпті демократиялық саналатын мемлекеттерде де) сенбеді. Жазушылар мен суретшілер түңіле бастады да, дүниежүзін қайта қалыптастыруға шешім қабылдады.

Сюрреалистік өнердің әйгілі шығармасы. Швед суретшісі Мерет Опенгеймнің шай іштетін тостаған, тәрелке және қасығы қарақұйрықтың терісімен қапталған. Ол бұл жұмысты 1936 жылы жасады. Бұл шығарма неге модернизмнің үлгісі болып есептеледі? © UPPA/Photoshot © 2013 Artіsts Rіghts Socіety (ARS), New York/ProLіtterіs, Zurіch.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Диего Ривера: мексикалық модернист

Диего Ривера және Фрида Кало Нью-Йорктегі өнер көрмесінде, 1930 жыл.

Жылышыраймен қабыл­данған модернизм бар­лық дүниені жаңа бейнеде көрсетті. Демек, модернизмнің өнер саласындағы қозғалысы әртүрлі бағытта бірден жоғарылады. Пикассо секілді ертедегі модернист суретшілер «Бейнелеу өнері адамның сыртқы пішіні мен оның жан-дүниесін шынайы суреттеуге тиіс» деген қалыптасқан идеяға қарсы болды. Диего Ривера (1886–1957) – Мехико қаласындағы дәстүрлі өнер мектебінің түлегі. Ол кубист суретші ретінде қадам басқан жас шағында модернистік бағытқа қосылды. 1910 жылғы революцияны, Мексиканың тарихы мен мәдениетін бейнелейтін суреттерді қабырғаларға сала жүріп, модернистік өзге бағыттарға тез ілесті. Ривераның модернизмі Мексиканың этникалық мұрасын есінде ұстаған және ұлттық, революциялық мақсаттарға қызмет еткен, қарапайым адамдардың өмірін бейнеледі.

Ата-анасы қалалық орта таптың өкілдері болған Ривера қайнаған өнер ортасында ержетіп, бірте-бірте шығармашылығын ұштап, 1911–1921 жылдары Еуропада тұрды. Кубизмнен алшақтаған ол Парижді тастап, 1920 жылы Италияға барды, мұнда ол өнердің қыр-сырын үйреніп, ылғалды сылаққа сурет салатын бейнеті көп өнер – фреска құрылымын үйренді. Өнер дәулетті тап өкілдеріне ғана емес, барлық адамға ортақ болуға тиіс деп сенген Ривера қоғамдық өнердің мінсіз үлгісі ретінде қоғамдық ғимараттардың қабырғасына алып суреттер салып, фреска техникасына бойлай бастады.

1921 жылы Ривера ұлттық және революциялық тақырыптардағы мемлекеттік қабырға суреттерін салу үшін үкімет демеушілік еткен бағдарламаға қатысу мақсатында Мексикаға оралды. Мексикалық монументальді көркемсурет қозғалысының жетекші тұлғасы Ривера ел тарихындағы ацтек дәуірін, халықтың испандық биліктің қол астындағы зардап шегуін, революцияның жан толқытар оқиғаларын бейнелейтін түрлі-түсті эпикалық көріністер салды. Ривераның суреттері сондай-ақ Мексикаға шетелдік және әсіресе капиталистік елдердің емін-еркін араласуын, яғни өз мемлекетінің осалдығын айрықша ашып көрсетті. Бір уақытта ұлтшыл және марксист болған Ривера 1922 жылы Мексика коммунистік партиясына өтті, 1927–1928 жылдары Кеңес Одағына барды. Алайда ол 1929 жылы Иосиф Сталиннің қатаң билігін сынағаны үшін партиядан шықты. Сонда да социалистік-революциялық идеалдарына адал болып қала берді.

Ол бірнеше рет отбасын құрып, әйелқұмар деген атышулы атқа ілінсе де, ХХ ғасыр басындағы ұлы суретшілердің бірі ретінде мойындалған әйел суретші Фрида Каломен ұзақ уақыт бойы бірге тұрды. Ривера мен Кало 1929 жылы отбасын құрып, 1939–1940 жылдары ажырасып, бөлек кеткенін есептемегенде, 1954 жылы Кало қайтыс болғанға дейін бірге болды.

Калоға ере жүріп, Ривера 1930 жылы Құрама Штаттарға саяхат жасады. Алғашқы қабырға суретін Сан-Францискода салды, кейін Генри Фордтың шақыруымен Детройт институтына барып, «Detroіt Іndustry» компаниясын салды. Жиырма жеті панельдегі монументальды топтамада ол «Ford Motor Company» еңбеккерлерін жұмыс барысында және ғылым мен технологиялық прогрестің ортақ тақырыптарын негізге ала отырып бейнеледі. Шығармаларында жиі байқалатын солшыл бағыттағы көзқарастары нәтижесінде, оның Құрама Штаттардағы жұмысы қоғамның біршама толқуына себеп болды. 1933 жылы ол Нью-Йорктағы Рокфеллер орталығындағы қабырға суретіне Ресейдің коммунист революционері В.И.Лениннің бейнесін салды. Қабырға суретінен Ленинді өшіру туралы өтінішті қабылдамады. Ривераның демеушілері суретті жойып жіберді.

1933 жылы Ривера Мексикаға оралып, негізінен ел мәдениетінің көріністерін бейнелейтін коммерциялық картиналарды қабырғаларға салуын жалғастырды. Ол Құрама Штаттарда соңғы, қысқа саяхатымен Сан-Францискодағы Голден Гейт көрмесі үшін, қабырға суреттерінің топтамасын салу мақсатында 1940 жылы барды. Өмірінің соңғы жылдары да сурет салуды жалғастырды, 1957 жылы қайтыс болғанға дейін қоғамдық орындарда суретін сала берді.

Сыни пайым

Диего Ривераның мансабы қандай бағыттағы модернистік мәдени үрдістердің мысалы бола алады деп ойлайсыз?

Гейзенбергтің «анықталмағандық принципі» «рационалды ойлау болмысты толық аша алмайды» деген модернистік идеямен үндес. Австриялық ғалым Зигмунд Фрейдтің идеясы да осындай. Ол ұйымдасқан қоғамның аман қалуы адамдардың ақылға қонымды ұстанымына тәуелді, алайда бұл иррационал және ырықсыз инстинкт импульстарына қарсы құдіретті күресті талап етеді деген пікірде болды. 1900 жылы «Түс жору» («The Іnterpretatіon of Dreams») кітабын жарыққа шығарды. Қалау, өзін-өзі алдау және агрессия мидағы терең құрылымдарды, «бейсананы» билейді деген болжам жасады. Адамдар, әсіресе жыныстық сипаттағы ессіздігін ірку нәтижесінде өздерін кінәлі сезінеді. Бұл бейсаналы толғаныс кейін эмоционалды мазасыздық, психоз, тіпті өзге де физикалық ауытқулар тудыруы мүмкін. Фрейд өркениеттің стандарттары мен заңдары негізгі бейсаналы түйсікті бақылау үшін қолданылады деп сендірді. Ол сондай-ақ психоанализ деп атаған емдеудің ғылыми әдісі санадағы терең, күңгірт операцияларды сыртқа шығарады және психологиялық сырқаттарды емдей алады деп табандап тұрып алды. Фрейд көп ұзамай сансыз сыни пікірлер мен қарама-қарсы теорияларды тудырғанымен, ғасыр басындағы кез келген өзге ғалымға қарағанда, сана мен жеке тұлғаны ішкі ғалам ретінде анағұрлым ашып көрсетті.

Алдымен Еуропада және көп ұзамай дүниежүзінің өзге де аймақтарында модернистік қозғалыстар бірінен кейін бірі табысқа жетті. Бұл бағыттар: импрессионизм, пост-импрессионизм, символизм, экспрессионизм, кубизм, футуризм, дадаизм, арт-деко, сюрреализм, конструктивизм және атональдық музыка. Клод Моне және өзге де суретшілер 1870 жылдан бастап-ақ импрессионистік мектептің бағытымен жұмыс істеп, түс, жарық, пішін және қозғалыспен тәжірибе жасап, күнделікті өмір мен табиғаттың таза әсерлеріне бойлауға талпынуы керек деп мәлімдеді. 1890 жылы француз суретшісі Морис Дени «Сурет – жылқылардың айқасы, жалаңаш әйел немесе қандай да бір қызықты оқиға бола отырып, негізінен бояулармен әрленіп, белгілі бір тәртіппен жинақталғанға дейін есте сақтауға жақсы»4, – деп жазды. Бұл бақылау модернистік иллюзиядан арылып, заттардың тереңіне үңілу сезімін шыңдауға шақырды. ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында Пабло Пикассо (1881–1973) және оның соңынан ерген кубистер объективті шындықты бұрмалаудан, адам пішінімен бірге нысандарды бөлшектеуден, содан кейін оларды қайта жинаудан, көрерменін ойландырып тастайтын, сонымен бірге шынайылықты терең ашып беретін шығармалардан ләззат алды (Пикассоның 24-тараудағы «Авиньон бикештері» картинасын қараңыз). Ал сюрреалистер беймаза, тек түсімізге енетін қисынсыз бейнелерді шығару үшін Фрейдтің психоаналитикалық техникасының суретін салды. Джеймс Джойс және Гертруда Стайн секілді жазушылар жеке адамның «ішкі монологын» жазды немесе грамматика мен сөздер тәртібінің қалыптасқан қағидаларынан бас тартты. Орыс композиторы Игорь Стравинский екіұшты аккордтарды ауыстырып, дыбыстарды шуға айналдырып, Еуропаның классикалық дәстүріндегі үйлесімді әуендер сияқты емес, ырғағы бірдей музыка жазды. Көпшілік модернистік тәжірибелерден есеңгіреп, жаңа бағытты күлкіге айналдырмаса да, абдырай қабылдады. Модернистер мұны елең қылмады. Өздерінің шығармашылығын көп адам жеңіл қабылдаса, онда олар түбегейлі міндеттеріне жеткілікті деңгейде талпынбаған деп есептеді.

Модернистік қозғалыстар ізбасарларын Буэнос-Айрес, Шанхай және Токио секілді қалалардан тапты, жазушылар батыстық материалдар мен стильдерді жергілікті дәстүрлермен ұштастырды. Қытай суретшілері еуропалық әдістерді дәстүрлі бейнелік тақырыптарда қолданды. Бірқатар мұсылман мемлекеттерінде жазушылар батыстық поэзия мен прозаға тән әдеби әдістермен тәжірибе жасап көрді, ал музыканттар жергілікті ырғақтарды еуропалық композициялармен және сазды аспаптармен біріктірді. Иран суретшісі Мұхаммед Гаффари (1848–1940) мұсылман суретшілерінің шағын тобының үлгісіне айналды. Ол модернистік бейнелеу өнерін үйрену үшін Еуропаға саяхаттады. 1911 жылы еуропалық техника мен стильді оқыту үшін Тегеранда суретшілік мектебін ашу мақсатында еліне оралды. Модернистер өздерінің белгісіз өнер түрлерін жатсынбайтынын мақтан етті. Мысалы, бұл елде ұзақ уақыттан бері жолға қойылған, жапондық ағаш бетіне салған өрнектер өркендеп келе жатқан Еуропа нарығының қызығушылығын оятты. Олар америкалық суретші Мэри Кассат және Анри де Тулуз-Лотрек секілді батыстық өнер иелерінің жұмысына қатты ықпал етті. Француз өнер сыншысы Теодор Дюренің пікірінше: «Адамдар анағұрлым жарқын, бояулары қанық, бір-біріне өте жақын жапондық суреттерді көрген сәттен бастап, бұл табиғаттың белгілі бір әсерлерін суреттеудің жаңа әдістері екенін түсінді»5.

Саяси аренадағы идеологиялар қақтығысы

ОЙЛАН: Неге бірқатар авторитарлық мемлекеттер қос ұлы соғыс арасындағы жылдарда пайда болды?

Бірінші дүниежүзілік соғыстың соңына қарай «үкіметтер халықтың келісімімен билік жүргізуі керек» деген жаңа заман идеясын тәуелсіз мемлекеттердің саяси идеалы екенін көпшілік мақұлдады. Билеушілер дәстүр және мұрагерлік арқылы, сонымен бірге Құдай Тағаланың қолдауымен заңдылыққа ие болады деген доктрина – автократия жоғалуға таяды. ХХ ғасыр басындағы Осман Түркиясы, Австрия-Венгрия, Ресей, Иран, Қытайда тамырын тереңге жайған империялық әулеттерді жойған оқиғалар мысалында жүзеге асты. Бұл империялардың орнын басқан барлық үкіметтер заңды өкілдерінің легитимділігін «халық еркімен» бекітті.

Алайда осы ұстанымға негізделген мемлекеттер либералды демократияның идеалдарымен үнемі келісе бермеді, басқаша айтқанда саяси жүйелер заң шығарушы органдарды сайлауға, тәуелсіз құқықтық институттарға, капиталистік кәсіпкерлерге бірқатар құқықтық шектеулер енгізуге, еркіндікке кепілдік беруге наразылық танытты. Соғыстан кейінгі онжылдықта саяси қайраткерлер патриоттық сезімді арттыру үшін, қоғамды біріктіру үшін, мақсатқа жету үшін дүниежүзі қатал атқарушы билігі бар үкіметтерге зәру деген пікірді алға тартты. Олар парламенттік пікірсайыстар мен жеке адамның еркіндігін – қатері мол және тұрлаусыз уақыттағы шешуші әрекеттерді жоққа шығарды. Бірқатар мемлекеттерде авторитарлық көшбасшылар ұлт үшін әрекет етеміз деп уәде беру арқылы халықтың қолдауына ие боламыз деп есептеді.

Демократиялық үміттер

Бірінші дүниежүзілік соғысты аяқтаған келісім-шарттарға қол қойған Батыс Еуропа мен Америка жетекшілері либералды-демократиялық республика (Франция және Құрама Штаттар секілді) немесе конституциялық монархия (Ұлыбритания, Швеция және Нидерланд секілді) басқару үлгісі тез арада дүниежүзіне таралады деп үміттенді. Оның белгілері өте жақсы байқалған еді. Соғыстан кейінгі екі жыл ішінде Кәрі құрлықтағы республикалар саны үштен он үшке дейін көбейді. Шығыс және Орталық Еуропада Ресей, Германия, Австрия немесе Осман империяларының аймағында пайда болған ұлттық тоғыз мемлекетте лауазымды тұлғалар «жоғарғы билік халықтың қолында» деп көрсеткен Конституция баптарына сәйкес сайланды. Жойылған Герман империясы конституция қабылданған қаланың атымен аталған біршама шағын Веймар Республикасына айналды. Бұрынғы Осман империясының орталық аймағы Түркия Республикасы деп аталды.

Жаңа және ескі мемлекеттердің бәрі бірдей дауыс беру құқығын кеңейтті. Әйелдер де, бұрын әлеуметтік мәртебесі мен табысының төмен болуы себебінен сайлауға қатыспаған кейбір ер адамдар да дауыс беру құқығына ие болып, дүниежүзінде сайлауға қатысатын азаматтардың саны ұлғайды. Ұлт үшін соғыс отына күйген әйелдер Ұлы соғыстан соң құқықтары мен міндеттері туралы талаптарын күшейтті. 1915–1920 жылдар аралығында Исландия, Дания, Нидерланд, Англия, Германия, Ресей, Шығыс Еуропадағы жаңа мемлекеттер, барлық қырық сегіз Құрама Штаттар және Қытайдың алты провинциясы әйелдерге сайлау құқығын берді. Латын Америкасындағы бірқатар республикалар мен өзге мемлекеттердің көпшілігі де осыдан кейінгі отыз жыл ішінде әйелдерге дауыс беру құқығын берді. Соғыстан кейінгі онжылдықтарда жаңа ұйымдар мен баспасөз әйелдердің құқықтық, әлеуметтік және жыныстық теңдігін талап етті. Мысалы, Құрама Штаттарда Маргарет Сэнгер әйелдердің әлеуметтік еркіндігі үшін аса маңызды саналатын тууды бақылауды қолдау идеясын кеңінен насихаттады. Египетте ұлтшылдық идеясына адал Худа Шаарави 1923 жылы Египет феминистік одағын құрды. Шаарави мен оның әріптестері пәренже кию, еркінен тыс ұзату және ажырасуға қатысты тек ер адамдардың шешім қабылдауы секілді қалыптасқан дәстүрлер ислам ілімін бұрмалау деген пікірді алға тартып, қоғам назарын аударды.

Маргарет Сэнгер – тууды бақылау жолындағы күрескер. Сэнгер мен оның қолдаушылары әйелдердің бала тууына бақылау жасау қажет екенін көп алдында қорғаған сәттерінде сынға ұшырады. Өтіп бара жатқан адам: «Құдай Тағаланың «Өсіп-өніңдер, көбейіңдер, жерді толтырыңдар» деген сөзін ешқашан естімеген бе едіңіздер?» – деп қарсы болғанда, Сэнгердің ізбасар белсенділерінің бірі: «Олар оны орындап қойды», – деп жауап берді.

1920 жылдың ортасына қарай либералды демократияны жақтаушылар идеалдарын қайта қарастырды. Үкіметі сайланған ірі индустриялық мемлекеттердің ешқайсысы халықтың әл-ауқаты, жұмыспен қамту, экономикалық өсім мәселелерінде қоғам күткен табысқа жете алмады. Сондықтан Ұлыбритания, Франция, Германия және Құрама Штаттармен қатар өзге де мемлекеттер үнемі ереуіл, шеру, митингілермен бетпе-бет келді. Тұрақты түрде сайлау өтіп тұратынына қарамастан, қаланың жұмысшы табы Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін мемлекеттік істе үстемдікке ие болған бюрократиялық және бизнес элита, негізінен, саяси дүрмектің нағыз өртіне оранғанын мақұлдады. Жеңімпаз Францияда Үшінші Республиканың әлсіз атқарушы билігі мен саяси партиялардың дау-дамайынан жұмысын жиі тоқтататын Ұлттық жиналыс соғыстан кейінгі прогрессивті және тиімді демократияның нашар үлгісін көрсетті.

Кеңес Одағы: коммунистік авторитаризм

Ресейде ІІ Николай патша 1917 жылы тақтан бас тартқаннан кейін, жаңа либералды дәуір емес, В.И. Лениннің жетекшілігімен (24-тарауды қараңыз) большевик революционерлердің салтанаты басталды. Либералдар, монархистер, сабырлы социалистер мен шаруалардың солқылдақ бірлестігі ақтармен, коммунист қызылдармен және олардың негізінен қалалық қолдаушыларымен екі жыл бойы саяси үстемдік үшін соғысты. Большевиктердің билікке келуі Ұлыбритания, Франция, Құрама Штаттардың және Жапонияның капиталист көшбасшыларын әбден абдыратты. Коммунистерге кедергі келтіреді деп үміттенген бұл мемлекеттер ақтардың түрлі топтарына материалдық көмек көрсетті және 1918–1920 жылдары Ресейдің солтүстік, оңтүстік және шығыс аймақтарындағы бірқатар жерлерді басып алу үшін әскери жасақ аттандырды. Алайда бұл шетелдік басқыншылық жорықтары немқұрайды болды, тіпті Ленинді қолдаушылардың қатарын арттыруға ықпал етті. Тағы екі жылдың ішінде жаңа режим Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (КСРО) құрды, «кеңес» (совет) деп революция кезінде құрылған жұмысшы коммунистердің жиынын атады. Жағдайларының қиындығына қарамастан, большевиктік режим бұрынғы патшалық империяның ауқымды бөлігін ұстап қала алды.

Алғашқы коммунистік мемлекет. Коммунистік революция жетекшілері қоғамды ең алдымен қалалық жұмысшылар табы немесе пролетариаттың пайдасы үшін өзгертуді, яғни капиталистікке бейіл либералды демократияға қарама-қайшы социалистік демократияны құруды мақсат тұтты. Карл Маркс еңбектерін (22-тарауды қараңыз) басшылыққа алған социализмнің коммунистік баламасының жетекшілері жұмысшыларды басым күшке айналдырды да, революционерлердің қатарын көбейте түсті. Олар буржуазиялық капитализмді құлатуды, жеке меншікті және таптық бөліністі жоюды, әлеуметтік әділдікке қол жеткізуді көздеді. Лениннің пікірінше, бұл алып жоба партиядан өндіріс және бөлу құралдарын зауыттар мен банктерден алып, бөлшек сауда дүкендері мен ғимараттарды өз басшылығына өткізуді талап етеді. Кеңес Конституциясына сәйкес, әйелдер мен ерлер жергілікті және аймақтық кеңестердің делегаттарын сайлау үшін сайлау бөлімшелеріне барды. Коммунистік партия барлық кандидаттарды алдын ала іріктеп қойса да, Батыс Еуропа мен Құрама Штаттардағы социалистер мен социал-демократтар (саяси «солшылдар» мүшелері) жұмысшы әйелдер мен еркектердің абыройын қамтамасыз еткені және партияны жетілдіргені үшін большевиктік құрылымға сүйенді.

1921 жылы Ленин Жаңа экономикалық саясат (ЖЭС) – социалистік мақсаттарды кезеңімен жүзеге асыру жоспарын жасады. Бұл кеңес үкіметіне астық түсімінің белгілі бір пайызын төлеген ресейлік шаруаларға артылған ауылшаруашылық өнімдерін жергілікті нарықтарға жекелей сатуға, яғни өздерін ауыл капиталистері секілді сезінуге мүмкіндік берді. ЖЭС аясында ауылшаруашылық өндірісі жедел дамыды. 1924 жылы Лениннің өлімінен кейін Кавказ тауларындағы грузин ауыл кедейінің ұлы – Иосиф Сталин өзгеше экономикалық күн тәртібін қолдау арқылы біртіндеп билікке келді. Сталин Ресейді бірінші дәрежелі өндірістік елге айналдырғысы келді. Ол тек түсімді ойлаған шаруалар жерден емген мол байлықты индустриялық пролетариатқа бергісі келмей қалады деп күмәнданды. «Жедел индустрияландыру ұлттық мақсаттарды қалпына келтіріп қана қоймай, Ұлы соғыс кезіндегі Германия секілді, Ресей аймағын кез келген шетелдік мемлекеттің басқыншылығынан алдын ала сақтайды» деп атап көрсетті. Сталин коммунистік идеологияны орыс ұлтшылдығы арқылы насихаттағысы келді. «Халықаралық пролетариат революциясын жасаудан бұрын, әуелі бір мемлекетте социализмді мықтап орнықтырып алуымыз керек» деген ұстанымда болды.

Индустрияландыру туралы декрет. Сталин индустрияландыру науқанын өз еліндегі ауыл адамдарының жанын құрбан ете отырып жүргізді. 1928 жылы ол жаңа экономикалық саясаттан бас тартып, бес жылдық жоспарды енгізді. Енді механикаландырылған мемлекеттік ұжымдық шаруашылықтар құру жоспары қарастырылды. Бұл шаруашылықтарда шаруалар өсіп келе жатқан индустриялық еңбек күшіне арнап азық-түлік өндіру үшін коммунада өмір сүруі керек болды. Ұжымшарларға кіруге қарсы болған шаруаларды зауыттарда, кеніштерде жұмыс істеуге мәжбүрлеп, Сібірдегі концентрациялық лагерьлерге айдады немесе өлім жазасына кесті. Бір партия қызметкері атап көрсеткендей, «Шаруалар мен біздің режим арасында аяусыз күрес жүріп жатты… Ол миллиондаған адамның өмірін қиды, алайда ұжымдық шаруашылық жүйесі мұнда мәңгілікке орнады»6. 1933 жылға қарай Кеңес өкіметінде ауылшаруашылық жерлерінің 83 пайызы мемлекет бақылауында болды.

1928–1939 жылдары мемлекет әсіресе көмір, темір, мұнай өндіру, электрлендіру және химия өндірісі секілді ауыр өнеркәсіп салаларында ерекше дамыды. Алып гидроэлектр стансалары өзендерде жұмыс істеді, елсіз жерден өндірістік қалалар салды, Ресейдің технологиялық жаңаруын жетілдіру үшін мемлекет қызметіндегі инженерлер мен ғалымдар жанталаса еңбек етті және зауыт басшылары адамды қалжыратар ауыр өндірістік міндеттемелерге қол жеткізу үшін жарысты. Ұлттық сауаттылық деңгейі бірден жоғарылады және үкімет мыңдаған кеңестік жас қыздар мен жігіттерге жоғары білім бере бастады. Ресейдің жалпы ішкі өнімі шамамен үш есе артып, Құрама Штаттардан кейінгі екінші орында тұратын деңгейге дейін көтерілді.

Сталин бес жылдық жоспарды қолдады. 1931 жылғы постерде «Бес жылдық жоспардың жеңісі – капитализмге соққы береді» деп ұрандайды. Сталин жаңа, ұжымдық экономиканың жоспарлы келешегіне қол жеткізу үшін миллиондаған адамды өлтіруге дайын болды. Бұл постерде жоспар қандай әлеуметтік топты басып-жаншуда?

Батыс елдеріндегі зияткерлер ұжымдастыру, мәжбүрлеу, ауыл халқын қорқытып-үркіту арқылы коммунистік мемлекет қалаларға аса үлкен астық жүгін жеткізгенін айтып, таңғаларлық өсімнің әлеуметтік құнын көрместен немесе көре тұра, байқамаған болып, КСРО-ның экономикалық табыстарын мадақтай берді. 1930 жылы шаруалардың басым бөлігінің наразылығы өсті және ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы түсімі үнемі төмендей берді. 1932–1933 жылдары жан түршігерлік аштық, үкіметтің ішінара аяусыздығы мен тиімсіздігі бірнеше миллион адамның өліміне себеп болды. Кеңес өкіметі қарапайым халықты батысеуропалықтар мен америкалықтар қалыпты нәрсе санайтын автомобиль, фонограф және импорт тауарларынсыз да жүре алатынына сендіріп, ресурстарды болат және бетон секілді ауыр өнеркәсіпке салды. Сталиннің мақсаты Кеңес өкіметін шетелдік сауданың барлық тәуелділіктерінен азат автаркияға64 айналдыру болды.

Автаркия – экономикалық тәуелсіздік пен өзін-өзі қамтамасыз етуді, әсіресе сыртқы сауда мен көмекке тәуелділіктен азат болуды мақсат еткен мемлекет; сондай-ақ автаркиялық ел.

Қытайдағы ұлтшылдар мен коммунистер

1920 жылдың басында Кеңес большевиктері «Қытайда 1912 жылдан бері пролетарлық революция бүршік атып келе жатыр» деп есептеді. Соғыс аралығындағы онжылдықтарда Қытай саяси абдырап қала берді. Елдің ресми астанасы – Бейжің билік иесі, қылмыс әлемі, қарақшылық топтармен билік үшін айқасып отырған аймақтық әскербасылардың штаб-пәтеріне айналды. Оңтүстіктегі алыс аймақтардың бірінде революция жетекшісі Сунь Ятсен Ұлтшыл халықтық партия (Гоминдан) құрып, ұлт тұтастығын қалпына келтіру жоспарларын жасады. Ол парламенттік билікті қолдады, жұмысшылардың өмірін жақсарту үшін және кедейленген шаруаларға жерді бөліп беру үшін, әлеуметтік-демократиялық бағдарламалар үшін күресті. Ол бағдарламаларды қытайлық жас қалалық тұрғындар қызу қолдады, олардың бірқатары шетелдік мектепте оқығандар немесе батыстық миссионерлер еді. Бұл жастар материалдық жаңару мен елдің дәстүрлі ерекшелігін толық қайта қалпына келтіруді талап етті. 1919 жылы Бейжің университетінде шығып жатқан «New Youth» атты радикалды журнал: «Әлеуметтік дамуды насихаттау үшін «Жер мен Көк заңы» немесе «Барлық уақытқа арналған мәңгілік тәжірибе» секілді кейпін жасырған ескішілдікті жоямыз. Өз тарапымыздан барлық дәстүрлі, жалпыға ортақ тұжырымдарды жоққа шығарып қана қоймай, дәстүрлі және жаңа, оған қоса өзіміздің жеке философияларымызды жинақтайтын тың идеяларды ойлап табамыз деген шешім қабылдадық. Өз заманымыз үшін жаңа рух оятуды қалаймыз»7, – деп жариялады.

Қытай соғысқа Антанта тарапынан атсалысты, сөйте тұра жеңімпаз мемлекеттер оны экономикалық тұрғыда тұқыртқан сауда және аймақтық бақылауын тоқтатпады. 1919 жылы Қытайдың бірқатар қалаларында Төртінші мамыр қозғалысы басталды, студенттер нарызылығы мен жұмысшы көтерілісі бұрқ етті, ол Бейжіңдегі әскери үкіметті Версаль бітімшартына қол қоюдан бас тартуға мәжбүр етті.

Чан Кайши және Цзянь ханым. Нанжиң, 1930 жыл. Чан Кайши 1927 жылы қытайлық христиан кәсіпкері отбасының мүшесі Сун Мэйлиньмен (Song Meіlіng) отау құрды және Массачусетстегі Уэлсли колледжін тамамдады. Цзянь ханым күйеуінің биліктегі бақылауын күшейту үшін онымен бірге иық тіресіп, Қытай саясатына белсене араласып кетті. Ол 105 жасында Нью-Йоркте қайтыс болды.

Қолдауға зәру жан кез келгеннің қолдауын қабыл алады. Сунь Ятсен ұйымдық көмекті Кеңес өкіметінен және коммунистік қозғалыстың халықаралық революциялық ұйымы – Коминтерннен де қабылдады. Біршама қытай жастары марксизм іліміне ден қоя бастады және Сунь Ятсен қайтыс болған 1925 жылға қарай жаңа Қытай коммунистік партиясы Ұлтшыл халықтық партия (Гоминдан) жетекшілерін іскерлік альянсты қабылдауға көндіру үшін жеткілікті деңгейде мықты дамыды. Келесі жылы ұлттық және коммунистік әскери күштер дәулетті жер иеленушінің ұлы Чан Кайши (Цзянь Цзеши; Jіang Jіeshі) қолбасшылығымен көзге түсіп, солтүстіктегі әскери жетекшілерді жеңіп, елді қайта біріктіру үшін экспедиция жасақтай бастады. Чан Кайши республиканы қолдайтынын мәлімдеді, алайда ондағы коммунистердің қандай да бір рөліне қарсы болды. Әскери операция одан әрі жалғасқандықтан, ол коммунистік партиямен жасаған келісімді дереу тоқтатты және коммунистер мен социалистерді бірдей жаппай тұтқындауға, сөйтіп, бірден өлім жазасына кесуге нұсқау берді. 1927–1930 жылдары Чан Кайши бүкіл ел бойынша коммунистерді қудалады, бұрынғы қолбасшыларды басып-жаншыды немесе жеңді. Коммунистерден гөрі Чан Кайшиді анағұрлым дұрыс санаған Еуропа елдері мен Құрама Штаттар ұлттық үкіметті мойындады және өздерінің ұзақ жылдық аймақтық айрықша құқықтарынан бірте-бірте бас тартты.

Іргелі экономикалық және әлеуметтік мәселелер сол бойы қала берді. Чан Кайши қытайлық болсын, шетелдік болсын, жылжымайтын мүлік иелері, банкирлер мен өнеркәсіпшілердің қызметін шектемеді. Ауыл кедейлерінің жағдайы аса жақсарып кеткен жоқ. Республикалық басқару құрылымына қарамастан, Чан Кайши мен оның әскері айқын авторитарлық режим орнатты. Халықтың басым бөлігінің наразылығы арта берді. Оңтүстіктегі ішкі өлкелерде қоршауынан сытылып кеткен коммунистердің көшбасшысы Мао Цзэдун (Tse-tung, 1893–1976) жеке басына негізделген билікті тұрғыза бастады (26-тарауды қараңыз).

Саяси оңшыл жаңа үкіметтер

Чан Кайшидің Қытайда табысқа жетуі «оңшыл» идеологияның жеңісі болды. Солшыл саяси топтар жалпы қатып қалған дәстүрлі экономикалық және әлеуметтік таптық бөліністің әділетсіз екенін мойындай отырып, қарапайым халықты жетілдіру арқылы қоғамның өзгеруін қолдады. Оңшыл партиялар, керісінше, дәстүрлі билікті сақтай отырып, қалыптасқан ұлттық мәдени және адамгершілік құндылықтарды қорғап, саяси тәртіпке қызмет етуді жақтады. Саяси спектрдегі оң және сол тарапта бір саяси топтың бағдарламасы мен идеалдары екіншісінен өзгешеленді. Халқының басым бөлігі ауылда тұратын мемлекеттерде оңшылдар әдетте әлеуметтік таптардың тұрақты иерархиясын, жер иеленуші магнаттар мен консервативті діни басшылардың билігін және үкіметтің қалалық жұмысшылардың белсенділігін мұқият бақылауда ұстау саясатын құп көрді. Төтенше оңшыл партиялардың көпшілігі әрқашан либералды-демократиялық институттарды «ауытқымалы, тайғанақ және коммунистерге қарсы шығу немесе басқа да батыл әрекет жасау үшін нашар жабдықталған фракция» деп санап, менсінбеді.

Еуропалықтардың оңшылдарға жылы шырайы. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі онжылдықта Еуропа мемлекеттерінің көпшілігінде оңшыл саяси топтар нығая бастады. 1920 жылы либералды парламенті бар он жеті мемлекеттің әрқайсысы одан кейінгі жиырма жыл ішінде әр уақытта осы органдардан бас тартты немесе жұмысын ақсатты. Оның орнына аралас оңшыл бір партиялы мемлекеттер, рақымсыз корольдер және әскери диктаторлар әсіресе Италия, Испания, Венгрия, Португалия, Польша, Югославия мен Румынияда билікті өз қолына алды.

Оңшыл авторитаризм азаматтарды бірнеше себеппен баурады. Оның бірі – билік элитасы, қалалық орта тап және соғыстан кейін коммунистік революция Ресейден тыс аймаққа таралуы мүмкін деген фермер шаруалардың қорқынышы. Германия, Венгрия, Австриядағы жұмысшылар көтерілісі осы қауіптерді одан әрі күшейтті. Тағы бір мәселе – либералды үкіметтердің тұрақты жұмыссыздық пен өндірісті қалпына баяу келтіру жолындағы сәтсіздігі. Қаржылық инфляция толқыны 1920–1923 жылдары Оңтүстік және Шығыс Еуропаны қамтыды. Германия валютасы халықтың жинақ ақшасының күл-талқанын шығарып, бөлке нанды арбалардан қолма-қол ақшаға сатып алуға халықты мәжбүрлеп, валютаның 1913 жылғы бастапқы құнынан бірнеше есеге құлдырады. Бұл дағдарыс Веймар республикасы үкіметінің беделін түсіріп, анағұрлым күшті билікке деген қажеттілікті туындатты. Бітімнің әскери шарттарына қатысты халық наразылығы оңшыл топтар үшін де ұтымды болды. Әлсіз саясаткерлердің өз елдерін тез арада тізе бүктіргеніне немістер ашуланса, жеңімпаз тарапқа қосылғаны үшін алған өтемақының аздығы италиялықтардың да ашу-ызасын тудырды.

Италиядағы фашизм. Оңшыл күштер 1922 жылы жаңа фашистік партияның жетекшісі, журналист Бенито Муссолини Италия конституциялық монархиясының премьер-министрі болған уақытта маңызды жеңіске қол жеткізді. Көптеген партиялар арасындағы парламенттік пікірталастар, күннен күнге өсіп бара жатқан инфлияция, жұмыссыздықпен бірге, ең алдымен қалада оңшыл және солшыл жақтастарының арасындағы зорлық-зомбылыққа, одан кейін заң шығарушы органдардағы фашистік үстемдікке жол берді. Кейін Дуче (көсем) деген атпен белгілі болған Муссолини демократиялық тәртіппен премьер-министр атанды, алайда ол қоғамдық тәртіпті жоғарыдан бақылады. Миллиондаған италиялық бұл «қойылымға» түрегеп тұрып қол соқты.

Көптеген оңшыл партиялар секілді, Муссолинидің фашизмі ұлтшылдықты, антилиберализмді, антикоммунизмді әскери күш пен шешуші әрекеттер арқылы басқаруды қолдады. Ол сондай-ақ «корпоративтік» мемлекетті насихаттады. Яғни қоғамды индустриялық және басқыншылық мүддедегі топтарға ұйымдастыру керек, ол топтар бірігіп органикалық, үйлесімді әлеуметтік тұтастықты қалыптастыруы ықтимал. Іс жүзінде корпоративизм жұмысшы кәсіподақтарының ықпалын жою, Муссолинидің диктаторлық режимін қолдайтын өнеркәсіптік капиталистерді сақтау үшін қызмет ететін болады.

Фашизм65 – латынның «fascіo», яғни «фашио» (одақ, шоғыр, ұйым) сөзінен шыққан, ежелгі Римнің империялық билігін білдіреді. Фашизм мен өзге оңшыл саяси ағымдар арасындағы негізгі айырмашылық бұқаралық қолдауды жұмылдыруда байқалды. Бойынан ерекше батылдығы аңғарылып тұратын Муссолини халықты ұлттық тұтастыққа, халықаралық мәртебеге ие болуға, бұдан да ірі отарлық империя болуға шақыру үшін газеттерді, радионы және қоғамдық жиналыстарды пайдалана білді. Фашистік режим король ІІІ Виктор Эммануэльді тағында, мемлекеттің салтанатты басшысы ретінде ұстады және католик шіркеуінің дінбасы Рим қаласының орталығындағы Ватикан қаласының 110 акр жерінде тәуелсіздігін сақтады. Алайда Муссолини барлық саяси оппозицияны қуғындады, билікпен мәмілеге келмеген азаматтарды қорқытып-үркіту үшін «қаражейделілердің» бандасын құрды. Ол италиялық әйелдерге тең құқық иелену туралы ұмтылыстарынан бас тартып, фашист балаларды дүниеге әкелумен ғана айналысуға кеңес берді. Бұған қоса, ол мемлекетті қоғамның барлық қабаттарына, тіпті отбасы істеріне араласу және басқару үшін, ұйымдастырылған тоталитарлық66 жүйеге айналдыруға ұмтылды.

Бенито Муссолини Римде қаражейделілер тобымен бірге сап түзеп барады. 1922 жыл. Көшбасшы Муссолини халықтың көңіл-күйі мен сезімін уысында ұстай білді. Бір рет премьер-министр болып сайланған ол саяси оппозицияның қан-жынын ақтарып, жауларына қарсы құпия полицияны пайдаланды, жұмысшылар ереуілін заңсыз деп жариялап, 1926 жылға қарай диктатор ретінде ел биледі. Бұл суреттегі қандай элементтер Муссолиниді халық адамы ретінде бейнелейді? Қандай элементтер оның Италияны қалай басқару керек екені туралы авторитарлық түсініктерін байқатады?

Түркиядағы ұлтшылдық пен авторитарлық билік. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі бес жыл ішінде Түркия Осман империясының қирандысынан жаңа тәуелсіз республикаға айналды. Оның парламенті және жалпыхалықтық сайлауы болды, алайда Италиядағы секілді бұл либерал институттар тым орталықтандырылған авторитарлық билікті көлегейлеп тұрды.

Бірінші дүниежүзілік соғыстағы түрік қаһарманы Мұстафа Кемал Ататүрік жаңа республиканың бас сәулетшісі болды. Соғыстан кейінгі келісімшартқа сәйкес, бұрынғы империя этникалық түріктердің негізгі тұрағы, Анадолыдағы шағын, жартылай тәуелсіз мемлекет аумағына дейін кішірейді. Арабтілді Таяу Шығысты қоса есептегенде, патшалықтың қалған бөлігі саяси уағдаластыққа орай Ұлыбританияға, Францияға, Италияға немесе Грекияға берілді. Осындай еңсе түсірер қиын жағдайда Ататүрік («Түріктердің әкесі» деген мағына береді, кейін сол атпен белгілі болды) өзге әскери офицерлермен және қарсыласушы топтармен бірігіп, Осман сұлтанына қарсы, соғыс келісіміне бағынбау мақсатында көтеріліске шықты. 1920 жылдың көктемінде олар республикалық үкімет құрып, Ататүрікті президент етіп таңдады. Оның күштері Батыс Анадолыдағы грек әскерін тас-талқан етіп, ел астанасы Стамбұлды басып алды. Осылайша, Ұлыбритания мен Франция соғыстан кейінгі келісімді іс жүзінде қайта қарауды ойластырды. 1923 жылға қарай Еуропаның ірі мемлекеттері Түркияны тәуелсіз республика ретінде толық мойындады.

Ататүрік ескі османдық көпұлтты мемлекеттен бас тартып, түрік ұлтшылдығын қолдады. Ол мемлекет басындағы он бес жылда батысеуропалық мемлекеттер үлгісімен Түркияны жаңа заманға сай, зайырлы, ұлттық мемлекетке айналдырды. Түрік ерлері (1934 жылдан кейін әйелдер де) мерзімді түрде ұлттық президентті таңдап отыратын заң шығарушы ассамблеяны сайлады. 1926 жылы ол Ислам заңын (шариғат) Швеция және еуропалық өзге де жүйемен негізделген азаматтық кодекске алмастырды. Мәдениет саласында енгізген тағы бір жаңалығы – ол ғалымдарға арабшаға негізделген дәстүрлі жазбаның орнына түрік тіліне ыңғайланған латын графикасы негізіндегі әліпби жасауды тапсырды. Бастауыш мектепті міндетті қылды, осыдан кейін халықтың сауаттылық деңгейі өсті. Өзгеріс символы материалдық көрініс табуы керек деп есептеген ол түрік ер-азаматтарына еуропа үлгісінде киінуге және әйелдерді дәстүрлі мұсылмандық пәренжеден бас тартуға шақырды.

Муссолини секілді, Ататүрік те ұлттық сезімді ояту үшін жаңа заманның ақпарат құралдарын қолданды және аса ауқымды жоспарлары үшін кез келген маңызды кедергілерді басуға мүмкіндігі бар авторитарлық аппарат құрды. Либералды-демократиялық принциптеріне қарама-қайшы келіп, өзі басқаратын Республикалық Халық партиясынан өзге барлық партияларға тыйым салды. Армян, күрд секілді аз халықтардың ұлттық мәдениетіне бей-жай қарады. Оның үкіметі экономикалық саясатты орталықтандырып, өндіріс пен ауылшаруашылықты дамыту үшін жеке кәсіпкерлермен жұмыла жұмыс істеді, алайда оның нәтижесі орташа болды. Түркияны халықаралық дәрежесі жоғары ұлттық мемлекетке айналдыру жолында Ататүрік авторитарлық көшбасшы ретінде, Азия мен Африканың жас ұлтшылдарын Еуропаның отарлық билігіне қарсы тұруға шақырды.

Жапонияның оңшыл бағытқа өтуі. 1918 жылдан кейін Жапония халықтың билікке араласуын шектейтін либералды-конституциялық монархиядан бірте-бірте әскери офицерлер мен оңшыл азаматтардың ұлттық элитасы басқаратын авторитарлық режимге айналды. Құрама Штаттар секілді, Жапония Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1914 жылға қарағанда экономикалық тұрғыдан біршама күшейді. Соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі экспорт саудасы үш есеге өсті, бұл қаржының елдегі өнеркәсіп өндірісі мен шетелдерге инвестициялық капитал ретінде көптеп салынуына ықпал етті. Жапония халқы 1914–1940 жылдар аралығында 51 миллионнан 70 миллионға дейін өсті және жастары кинотеатрлар мен джаз клубтарының арасында топырлап жүретін дүниежүзіндегі басты қала ретінде Токионың Лондон және Нью-Йоркпен бәсекеде жұлдызы жарқырай түсті. 1921–1922 жылдары Вашингтон конференциясында Жапония өзге ірі мемлекеттермен бірге Қытайға қарсы басқыншылық әрекеттерінен бас тартып, әскери-теңіз қаруларын шектеуге келісті. Тынық мұхит алабы халықаралық ықпалдастықтың жаңа кезеңіне беттеді.

Ататүрік Стамбұлдағы әскерді тексеріп жүр. 1926 жыл. Қолына федора қалпағын ұстаған түрік президенті премьер-министр және соғыс министрі қызметін бірдей атқарды.

Алайда Жапония әсерлі индустриялық статистикаға қарамастан, 1920 жылдары әлеуметтік тыныштықтың рақатын сезіне алмады. Бизнестің жағдайы ауытқымалы болды, ауылшаруашылық экономикасы күйзелісте қала берді және қаладағы жұмыссыздық деңгейі жоғарылады. Бас айналдырар экономикалық өзгерістер арасында (1923 жылдағы Токиодағы алапат зілзала) оңшыл коммунистік революционерлер және фашизмге оң көзқарастағы солшыл әсіреұлтшылдар деңгейіндегі саяси партиялар көбейді. Ереуілдер, жиналыстар, студенттер шеруі қала өмірінде айрықша назар аудартты. Оңшыл және солшыл партиялар бірдей жемқор, енжар, дәулетті меншік иелері мен кәсіби саясаткерлерге міндетті деп ұлттық парламентті айыптады. Парламент ерлердің сайлау құқығы секілді бірнеше либералды реформаларды қолданысқа енгізді, алайда аса ауыр сындар бүкіл парламенттік институтты тұралатты деген айып тағылды. 1928 жылы үкімет солшылдардың бүкіл күшін сарқып, оңшылдарды қуаттандырған кезде коммунистерді, бірлікшілдерді және өзге де белсенділерді жаппай тұтқындады.

Ұлтшылдық көзқарастағы Жапония ірі державалардың арасында экономикалық күнкөріс дағдарысымен бетпе-бет келді. 1920 жылы мемлекетте азық-түлік, минералдар мен ағаш материалдарға деген тәуелділік ұлғая берді, өйткені ел өндірісі халықтың өсуі мен қала талаптарының қарқынын көтере алмады. 1937 жылға қарай Жапонияда 130 мыңға жуық автомобиль болды, алайда отандық кеніштер бензин бактарын толық толтыра алмады. Жапония Шығыс Азиядағы отар иеліктері Корея, Тайвань және Маньчжурияның бір бөлігінен (Қытайдың солтүстік-шығысы) күріш пен өзге тауарлар алып отырды. 1930 жылғы жаһандық дағдарыстың алғашқы белгілері байқалғанда, астыртын әрекеттер, саяси мақсатта кісі өлтіру мен әскердің заң шығарушы органдағы солшылдар билігін басып алуға талпынысы тоқтады және халықтың көңілі оңшылдарға ауды.

Фашизм – авторитарлық бір ғана ұлттың күшін, бір ғана ұлттың мәдени дамуын мойындайтын, либералды демократия мен социализмді бірдей жоққа шығаратын саяси идеология.

Тоталитаризм – қоғамдық және жеке пікір мен іс-әрекетті орталықтан қатаң реттеу мен бақылауға негізделген саяси идеология және мемлекеттік саясат.

Латын Америкасындағы оңшылдар мен солшылдар

Жапония мен өндірісі дамыған Еуропа секілді, Латын Америкасы да Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін экономикалық өсімді қайта қалпына келтірді. Алайда бұл үрдіс тұрақсыз болды, әлеуметтік шиеленістер ұлғайды және Мексикадан Аргентинаға дейін созылып жатқан он жеті мемлекеттің көпшілігінде барлық бағыттағы саяси топтар билік үшін күресті. Ғасыр басында үлкен бизнестерге, фермаларға, ранчоларға иелік ететін дәулетті отбасылардың түгелге жуығы саяси-экономикалық істерде басым болды. Алайда қалалық бюрократтық буржуазия, заңгерлер, басқарушылар, мұғалімдер, саудагерлер және зияткерлер саны үнемі өсе берді, экономикалық даму барысында жеке табысы да көбейді. Өсіп келе жатқан орта тап билікті жер иеленуші элитаның жеке иемденіп отырғанына наразы болды. Қос ұлы соғыс арасындағы онжылдықтарда Латын Америкасы халқының өсу қарқыны шамамен дүниежүзіндегі ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Жұмыс табуға деген үміт үндістер мен метистерді ауылдардан қалаға тартты. Олардың көпшілігі сауатсыз, ауыл шаруашылығынан өзге кез келген іске нашар бейімделген еді және олар қаладағы көппәтерлі үйлер мен жаңа кедей аудандарға лық толды. 1930 жылға қарай Аргентинаның астанасы – Буэнос-Айрес 2,2 миллион тұрғынымен дүниежүзіндегі ең үлкен қалалар қатарына енді.

Деректерді САРАЛАУ

Ұлттық тұтастық пен киімге деген түріктердің көзқарасы

Азия мен Африкадағы ұлттық реформаторлар Батыс мемлекеттері өз елдерінде артта қалып отырса да, неге әскери және өнеркәсіптік бағытта алда жүргендей көрінетінін түсіндіруге тырысты. Бірқатарының пікірінше, оның жауабы – еуропалықтардың мәдени дәстүрі мен мінез-құлқында жатыр. Өзге мемлекеттердегі адамдар еуропалықтардың әдетін қолдаса, олар ұлттарының тезірек дамуына көмектеседі деген тұжырым жасады.

Осындай көзқарас айрықша маңызға ие болды. Түрік ұлтшылдары азаматтарды «дәстүрлі (байырғы) киімдерінен» бас тартып, адамдардың жан-дүниесін жаңғырту сезіміне бөлеу үшін батыстық үлгіге көшуге шақырды. Қытайда да республика көшбасшылары ер адамдардың шаш қою дәстүрін – бұрымды немесе тұлымды үміті үзілген, ескішіл Цинь әулетінің белгісі деп сынға алды. Олар жаңарған Қытай «бұрымсыз болуы керек» деп жариялады және бұл шаш қою үлгісі уақыт өте келе жойылды.

Ататүрік ер адамдарға түріктер Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін киген, конус пішінді төбесі биік тақия – фезді (бұл баскиімнің ХІХ ғасырда дәстүрлі сәлденің жаңа заманғы орнын басушы ретінде сәнге айналғанына қарамастан) тастауды бұйырды. Түріктер фездерінен ерікті түрде бас тартты, алайда Ататүрік бірте-бірте жүретін өзгеріске көңілі толмады. 1925 жылы ол «Қалпақ заңын» шығарып, ер адамдарға батыстық немесе өзге баскиімдер киюге нұсқау берді. Ол фезді жаңарған зайырлы қоғаммен үйлеспейтін, мұсылмандық ерекшеліктің сыртқы белгісі санады. «Қалпақ заңын» елемеген адамды қамауға алды. Ататүрік жаңа саясат үшін белсенді науқан жүргізді. Төмендегі бірінші жазба – 1925 жылы «Қалпақ заңы» қабылданғаннан кейін бірнеше ай өткен соң Ататүрік айтқан сөз. Екінші жазба – 1929 жылы түрік новеллисі, феминист және ұлтшыл Халиде Эдибтің мақаласынан үзінді. Түркия тарапынан қудалауда жүріп жазған ол бұл заңды неге қате деп есептейтінін түсіндіреді.

БІРІНШІ ҚҰЖАТ

Ататүрік, 1925 жыл, тамыз

Мырзалар, Түрік республикасын құрған түрік халқы – мәдениетті; олар тарихта да, қазіргі кезеңде де – мәдениетті. Алайда сіздерге айтарым... Мәдениетті боламыз деп мәлімдеген Түрік республикасының халқы, идеясы мен ақыл жаратылысы, отбасылық өмірі және өмір жолы арқылы өркениетті екенін көрсетуі және дәлелдеуі керек. Бір сөзбен айтқанда, Түркияның шын мәнінде өркениетті халқы ...мәдениетті және дамыған тұлға екенін іс жүзінде, сыртқы келбетімен де айқындауға тиіс. Бүкіл ел, бүкіл әлем не айтқым келгенін тез түсіну үшін соңғы сөздерімді сіздерге мейлінше қарапайым түрде айтпақпын. Сұрақ қою арқылы түсіндіргім келеді.

– Біздің киміміміз – ұлттық па? («Жоқ!» деп шулаған дауыс).

– Өркениетті немесе халықаралық киім бе? («Жоқ, жоқ!» деп шуласқан халық).

Айтқандарыңызбен келісемін. Стильдердің мұндай қисынсыз араласуы не ұлттық, не халықаралық стильге жатпайды...

Достарым менің, Тұранның (Орталық Азия) костюмдерін іздеп, қайта жандандырудың қажеті жоқ. Өркениетті, халықаралық киім – ұлтымызға лайық та жарасымды және осы киімді киетін боламыз. Етік пен туфли, шалбар, жейде және галстук, джакет және жилет – сосын, әрине, бұларды толықтыру үшін басымызға қалпақ киеміз. Мен мұны анықтап айтқым келеді. Бұл бас киім – «қалпақ» деп аталады.

ЕКІНШІ ҚҰЖАТ

Халиде Эдиб, 1929 жыл

Бұлардың (реформалардың) бірінші және ең әсерлісі – 1925 жылы «Қалпақ заңы» аталатын заңның қабылдануы. Одан кейін қабылданған өзге заңдармен салыстырғанда, пайдасыз әрі атүсті заң дер едім. Алайда бұл сыртқы келбеттен тыс, бір түн ішінде орындалған жалғыз ғана өзгеріс болды. Бір аптаның ішінде түріктерге Еуропа қалпақтарын кигізіп (тек қала тұрғындарының аздаған бөлігінің ғана киімі Батыстікі емес еді) оларды батыстықтар секілді көрсетті, алайда бұл әдіс бүтіндей батыстық деуге келмейді. Түркияны батыстандыру – жай ғана алдамшы қадам, ондай мәселе болмауға да тиіс. Бұл – анағұрлым терең және маңызды үрдіс. Түрікке кандай да бір бас киім кигізіп, «өркениетке жету» немесе сәйкес болу немесе түрмеге қамау – ақымақтық қой... Соңғы шаралардың ішіндегі бұл елдің өзіне анағұрлым маңызды қарсы келіп тұрған заңы – осы. «Қалпақ заңына» қарсы болған кез келген адамға реакционист деген айдар тақты. Түрік фезін қалпаққа ауыстыру қызық дерекпен байланысты, кейінгі төрт жылдағы барлық өзгерістер Батыс әлемінің назарын аударып тұр. Түркиядағы түбегейлі өзгерістер, батыс газеттеріндегі шетелдік жаңалықтардың еш маңызсыз мәселесі ретінде қабылданды немесе сыналды, болмаса еленбеді. Алайда түріктер бастарына қалпақ киген сәтте, Батыстың әуені былай өзгерді: «Түріктер ақыры мәдениетті болыпты; олар қалпақ киді». Сондықтан «Қалпақ заңын» қабылдағандар былай деп айтуы мүмкін: «Біршамасын өлтіріп, көбін қамауға алдық, алайда бұл жақсы психология болды: Түркия тарихында көпшілік назарында ұстаған қандай да дүние бар ма? Түріктерді Еуропаға, еуропалық түсінікке жақынырақ еткен қандай да бір дүние бар ма?».

Түркиядағы бұл заңның алғашқы маңызды нәтижесі – онсыз да кедей түріктердің шығыны еуропалық қалпақ фабрикаларын байытты.

Дереккөз: Atatürk quoted іn Bernard Lewіs, The Emergence of Modern Turkey, 2nd ed. (New York: Oxford Unіversіty Press, 1968), 268–269; Halіdй Edіb, “Dіctatorshіp and Reforms іn Turkey,” Yale Revіew, 19 (Sept. 1929): 30–32.

Сыни пайым

Ататүрік қандай киім түрін «өркениетті» деп атады? Ол неге түріктер бұл киіну үлгісін қолдауға тиіс деп сенді? Эдибтің «Қалпақ заңы» туралы көзқарастарының Ататүріктің пікірінен қандай өзгешелігі бар? Заң толығымен «батыстық емес» жолмен жүзеге асқанын атап өткенде, ол нені меңзеді? Неге түріктер ол заңға қарсы деп ойлады? Нақты бір киім түрі ұлттық тұтастық пен патриоттықтың белгісі деп білген Түркия мен Қытайдан өзге қандай елдердің мысалын білесіз?

1920 жылдары Латын Америкасындағы барлық мемлекеттердің экономикасы ХІХ ғасырдағыдай импорт–экпорттан құралды. Импортталатын өндірістік өнімдерге төлейтін валюта табу үшін Еуропа мен Солтүстік Американың индустриялық орталықтарына азық-түлік, мата және минералдар жеткізіп тұрды. Мыс, мұнай, қант, кофе, банан секілді тауарлардың жаһандық бағасы он жыл бойы құбылды, дегенмен бұл жүйе шетелдік компаниялар және олармен біріккен жергілікті элита, саясаткерлер мен сауда кәсіпорындары үшін жеткілікті деңгейде жақсы жұмыс істеді. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін артық қаражаты мол Құрама Штаттар капиталистері тікелей инвестиция мен несиенің басты жеткізушісі ретінде (Аргентинадан өзге елдерде) британ банктері мен кәсіпорындарын бірте-бірте ығыстырды.

Тез ұлғайып бара жатқан қалалар бірте-бірте әлеуметтік-экономикалық ландшафтқа айналды. Ықпалды элиталық топтар өсіп келе жатқан орта тапты немесе ауылдық жерлерден келіп жатқан жаңа қала тұрғындарының легін елеп-ескеруге мәжбүр болды. Қала басшылары америкалық және еуропалық сауда компаниялары үлкен саяси ықпал жүргізген экспорттық экономика отандық өндіріске негізделген экономикаға қарағанда жаңа жұмыс орындарын анағұрлым жоғары деңгейде көбейтетінін түсінді. Перудегі АПРА партиясының жетекшісі Виктор Рауль Айя де ла Торренің пікірінше, «Күйреуге итермелеген орта тап… ірі шетелдік кәсіпорындар байлығымызды өндіріп, басқа мемлекеттерге сатады. Сәйкесінше, мұнда орта тап үшін еш мүмкіндік жоқ»8. Буэнос-Айрес, Сантьяго, Лима және Сан-Паулу секілді қалаларда орта тап белсенділері байлыққа үстемдік етіп отырған заң шығарушы органды демократиялық негіздерді кеңейтуі үшін қыспаққа алды. Кәсіподақтар арнайы біліктілігі жоқ, жартылай жұмыспен қамтылған жұмысшыларды тартты. Қалалық феминистік ұйымдар әйелдердің сайлау құқығын талап еткенімен, Латын Америкасындағы бірде-бір мемлекет 1929 жылға дейін бұл талаптарға мән бермеді.

Буэнос-Айрестегі урбандану. Калле Конгалиодағы бөлшек сауда көшесінің бұл көрінісі Латын Америкасындағы урбанданудың кейбір салдарын көрсеткен. Бұл сурет нені сипаттайды немесе ХХ ғасырдағы қала өмірінің жағымды және жағымсыз көріністері қандай болды деп ойлайсыздар?

Осындай күрделі жағдайларда қос ұлы соғыс арасындағы кезеңде бірқатар мемлекеттерде жаңа көшбасшылар билікке келді. Саяси партиялар бұқараның қолдауына ие боламыз деген оймен әрбір ұлттық ұран мен символды пайдаланды. Еуропадағы секілді, сайлаушылар жемқорлық батпағына малтыққан, өзара дауласудан талмайтын парламенттен үміт үзіп, президенттік жүйеге назар аударды. Әсіресе Аргентина, Уругвай, Чили және Коста-Рика секілді бірқатар мемлекеттерде қалалық орта тап үкіметтің аса маңызды сайлаушылары ретінде бұрынғы жер иеленуші отбасылардың орнын басты. Мексика ХХ ғасыр басында түбегейлі әлеуметтік революцияны басынан кешкен Латын Америкасындағы жалғыз мемлекет болды (24-тарауды қараңыз), елдің саяси тұрақтылығы 1917 жылдан кейін бірте-бірте қалпына келді. Сол жылы қабылданған Конституцияға сәйкес, президент заң шығарушы органға қарағанда аса көп билікке ие болды және 1929 жылдан кейін Ұлттық Революциялық партия барлық маңызды оппозицияны тұншықтырды. Бірпартиялық басқару жүйесіне қарамастан, революциялық солшылдар ірі жер иеленуші отбасыларды саяси тұрғыдан әлсіретті, католик шіркеуі саясаттан шеттетіліп, қалалық жұмысшылар мен ауыл шаруалары елдің саяси істерінде көп дауысқа ие болды.

Африка мен Азиядағы отарлық билік және оның қарсыластары

ОЙЛАН: Отарлық империялардағы қандай саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар ұлттық қарсылық қозғалыстарының өсуіне ықпал етті?

1920 жылы алты миллионға жуық адам қандай да бір отар мемлекеттің билігінде өмір сүрді. Салыстырмалы түрде, шағын отар аймақтар Тынық мұхит алабында, Кариб теңізінде және Оңтүстік Америкада болса, аса ірі бодан халықтар Африка немесе Азияны мекендеді.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі бітімшарттарға сәйкес, барлық жеңімпаз одақтастар Германияны бүкіл шетелдегі иеліктерінен айырды. Алайда ол жерлер де тәуелсіздік алған жоқ. Германияның Африкадағы төрт отары Ұлттар Лигасының мандаты ретінде Ұлыбритания, Франция немесе Оңтүстік Африка Одағына өтті. Лига ол мемлекеттерге бұрынғы Германия аймақтарын олар өздерін басқаруға дайын болғанға дейін нақтыланбаған уақытқа басқаруға уәкілеттік берді немесе мандаттады. Бейбіт келісім бойынша бұрынғы Осман империясының негізінен арабтілді халықтар тұратын провинцияларын Франция мен Ұлыбританияның басқару мандатына берілгені Таяу Шығыс ұлтшылдарын абыржытты.

Ұлыбритания соғыстан кейін бір ғана маңызды империялық иелігі – Ирландияның оңтүстік графтықтарынан айырылды. Сегіз жүз жылдық ағылшын билігінен кейін 1923 жылы Ирландия тәуелсіз мемлекеті пайда болды. Бұл егемендік британ қауіпсіздік күштері мен бүкіл Ирландияның азаттығын аңсаған ирланд ұлтшылдарының республикалық әскері арасындағы екі жылдық қиян-кескі шайқаспен келді. Аралдың төрттен үш бөлігінде көбіне католиктер мен ұлтшыл күштер үстем болғанымен, солтүстіктегі бірқатар графтық – Ольстер деп аталатын аймақта протестанттар басым болды және Біріккен корольдік құрамында қалу еркін таңдады. Реттеу келісімшарттарына сәйкес, Ирландия бөлінді.

Отарлық империялардағы қоғам мен экономика

Соғысаралық жылдарда дүниежүзіндегі бодан халықтар, негізінен, ауылда тұрды, фермерлер, малшылар, жұмысшылар және саудагерлер ретінде күн көрді. Дегенмен бұл жерлер халықаралық экономикаға бірте-бірте тартыла түсті. Африка мен Азиядағы отар елдер Латын Америкасындағы жүйемен – шикізатты экспорттау және дайын өнімдерді сырттан сатып алу арқылы нығайды.

Барлық отарлаушы мемлекеттер билігі метрополия67 азаматтары мен оның құзырындағы халыққа бірдей пайда әкелуге тиіс деген негізгі ұстанымдарын жариялады. Бодан халықтар жеке әл-әуқаты үшін еңбек етуге тиіс, алайда метрополия бизнес кәсіпорындары, банктері мен тұтынушылардың экономикалық мүддесін де жетілдіруі керек болды. Батыс Африкадағы Нигерия отарының губернаторы ретінде қызмет атқарған британ генералы, лорд Фредерик Лугард «қосарланған мандат» отарлық экономиканы белсендіруі мүмкін деп мәлімдеді. Ол бұл философиясын еуропалық империялық тапқа тән тәкаппар мәдениетті мәнерде білдірді: «Еуропалық ақыл-ой, қаражат және қуат, таза қайырымдылық Африканың ресурстарын дамытуға жұмсалмағанын және жұмсалмайтынын мойындауымыз керек; индустриялық таптардың тиімділігі, тұрғылықты нәсілдердің анағұрлым жоғары деңгейге ілгерілеуі үшін Еуропа Африкаға келді»9.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі онжылдықта қосарланған мандатты жүзеге асыруға талпыныс Азия мен Африканың бірқатар бодан аймақтарында анағұрлым экономикалық өсім әкелді, әсіресе азық-түлік, талшық және тау-кен өндірісінің өнімдері: Малайзиядан – қалайы, Ирактан – мұнай, Бельгия Конгосынан – мыс халықаралық жоғары бағаға ие болды. Отарлық режимдер жергілікті өндіріс өнімдері капиталистік фирмалар сырттан тасымалдағысы келетін тауарлармен бәсекелесетінін байқап, абыржып қалды. Отарлаушы елдер жолдар мен теміржолдар салды, Үндістандағы бірен-саран ерекшеліктерді қоспағанда, транспорт желілері бодан ел экономикасының ішкі ықпалдастығы үшін емес, ішкі өлкелерден шикізатты экспорттау үшін, теңіз айлақтарына жеткізу үшін және шетелдік тауарларды қарама-қарсы бағытта тасымалдау үшін қызмет етті (25.2-картаны қараңыз).

Отарлардағы кішігірім индустриялық дамуға қарамастан, импорт–экспорт бизнесі экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді тез жандандырды. Адамдар еңбекақыдан көбірек табыс тапты, ақшаны кеңірек қолдана бастады және жұмыс іздеп шалғайға қоныс аударды. Шетелдік фирмалар өздері қаражат салған плантацияларда, кеніштерде немесе теміржолдарда көп еңбек күшін жалдады. Отарлаудың бастапқы онжылдықтарында табиғи шаруашылық жүргізетін фермерлер еңбекақыны жиі көтеріп отырды. Сәйкесінше, империялық офицерлер мен жеке кәсіпкерлер кейде адамдарды еңбек міндеткерлігіне мәжбүрледі немесе сұраныстағы ауылшаруашылық өнімдері үшін квотаны орындауға күштеді. Олар сондай-ақ еңбекақы алатын ауыл адамдарына ауылшаруашылық өнімдерімен емес, ақшамен салық төлеуді талап етіп, қысым жасады.

25.2-КАРТА. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі еуропалық және африкалық теміржол желілері

1920–1930 жылдардағы Африкадағы теміржол құрылысы орналасқан жерлерді қандай географиялық, саяси-экономикалық факторлармен түсіндіруге болады? Еуропалық және африкалық теміржол желілерінің көлемі мен тығыздығына зер салып, олардың арасындағы айырмашылықты қалай түсіндіре аласыз?

Бірқатар отар елдерде жерлерді басқарып қалған фермерлер, шикізат өнімдерінің бағасы ауытқымалы болған соғыс кезінде және 1920 жыл басында «ауылшаруашылық мәдениеті тауарларын» жақсы сатты. Индонезиядағы кофе өсірушілер, Бирма мен Вьетнамдағы күрішші-диқандар, Угандадағы мақта өндірушілер және Сенегалдағы жаңғақ қопсытқыштар бірнеше жыл ішінде өмір сүру стандарттарын жоғарылатты. Британияның Батыс Африкадағы Алтын Жағалау отарында (кейіннен Гана) фермерлер 1890 жылдан какао ағашын отырғыза бастады. 1917 жылға қарай олар жыл сайын 118 мың тонна какаоны экспорттай бастады. Какао өндіретін аймақтағы ганалықтардың жалақысы көбейіп, бұрынғыдан жақсырақ үйлер, мектептер салынып, сәбилер өлімі азайды.

Қос ұлы соғыс арасындағы жылдарда адамдар отар елдердің өз ішінде және арасында көшіп-қонды. Жалақы іздеушілер экономикасы шектелген аймақтардан отарлаушы капиталистер көп жұмысшы қажет етіп отырған өлкелерге қоныс аударды. Вьетнамның Франция билігіндегі оңтүстік бөлігінде көмір шахталары мен каучук плантациялары солтүстіктегі кедей, бірақ тығыз қоныстанған аймақтардан жұмысшылар тартты. Индонезияда Нидерланд үкіметі халықты, оның арасында әйелдерді, адам тым көп Явадан халық сирек қоныстанған Суматра аралына қоныс аударуға шақырды, олар мұнда темекі плантацияларында жұмыс істеді. Бельгия Конгосының оңтүстігі мен Солтүстік Родезиядағы (Замбия) мыс кенішіне Орталық және Оңтүстік Африкадан еңбек күші тартылды. Орталық Конгодан гүлденіп келе жатқан Элизабетвиль (Лубумбаши) отар қаласының маңындағы Руаши кенішіне 500 миль жол жүріп барған жұмысшы 1920 жылы мигрант лагеріндегі ауыр өмірі туралы әсерлерін былай деп жазды: «Иә, Руашиде көп адамдарымыздан айырылдық, бірқатары жұмыста болған оқыс жағдайдан қайтыс болды, өзге көп бөлігі диареядан қырылды. Диареямен бір күн ауырған адам екінші не үшінші күні өліп қалатын. Барлығымыз тек бір ғана нәрсені: келісімшартты бұзып, елімізге қайтуды қаладық»10.

Отарланған жерлерде жағдай біршама күрделі болса да, әйелдерге қарағанда көбіне ерлер ақша тапты. Отбасылар ауылшаруашылық тауарларын өсірумен айналысса, табысты әдетте күйеулері қадағалап отырды, бұрынғыша үйге, балаға және үй маңындағы жерлерді күтіп-баптау жұмыстарына әйелдердің атсалысуы маңызды болып қала берді. Көп әйел алу дәстүрі кең таралған аймақтарда, еркектер шамасы жетсе, ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін ұлғайту үшін кейде қосымша әйел алды. Мысалы, Ганадағы какаоға сұраныс артқан кезеңде фермерлердің көп әйел алуы жиілеп кетіп, жас әйелдер күйеулері үшін жұмыс істеуден бас тартып, жеке какао фермаларын ашып немесе күйеуге шығудан мүлде бас тартып, сәтті аяқталған наразылық қозғалыстарын бастады.

Латын Америкасындағы секілді, ауылда тұратын халық құрылысшы, қолөнерші, үй қызметшісі, қызметші (сатушы) немесе полиция ретінде жұмыс істеу үшін Африка мен Азия қалаларына лек-легімен ағылды. Ауыл әйелі отбасына көмектесу үшін немесе өзін жетілдіремін деген үмітпен қалаға барып қызметші, азық-түлік сатушы, қонақ үй қызметшісі немесе жезөкше болды. Өсіп келе жатқан қалалар тұрғындарына қауіпсіздік сыйлаған тәжірибе алаңына айналды. Қаладағы бірлестіктер этникалық қауымдар, спорт клубтары, би топтары және қарулы бандалардан бастап, кәсіподақтар мен жаңа діни конфессияларға дейін түрленді. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында католик және протестант шіркеулері тропиктік Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы вьетнам және қытай тілді халықтардың арасында анағұрлым күшейді. Ислам діні де тропиктік Африкада өсе берді. Сопылық бірлестіктердің әлеуметтік әл-ауқат пен рухани қажеттіліктерге бірдей қызмет еткен өз сеніміне тарту қуаты көпшілікті исламға тартты. Азия мен Африкадағы қалалардың бір шоғыры ХХ ғасырдың алғашқы жартысында екі еседен аса ұлғайды. Атлант мұхитының француздар билейтін Марокко жағалауындағы Касабланка, мысалы, 1897 жылғы 20 мың адамнан 1936 жылға қарай 257 мың адамға дейін өсті. Кейбір қалалар кеніш немесе коммерциялық ауылшаруашылық өнімдерін өсіретін аймақ, өзгелері айлақ пен отарлық әкімшілік орталық ретінде гүлденді. Кей жерлерде ХІХ ғасырға дейін мүлде жоқ қалалар аяқ астынан пайда болды. Олардың арасында отарлық Кенияның астанасы Найроби, Малайзиядағы қалайы кенішінің маңында пайда болған Куала-Лумпур да бар.

Метрополия – отарлаушылардың жоғары империялық билігі орналасқан жері.

Басқару әдістері

Өз елдерінде демократия орнаған отарлық мемлекеттер басқа халықтарға қатысты автократиялық биліктерін нәсілдік және мәдени негізде ақтап алып отырды. «Жаңа заманғы және өркениетті» метрополиялар «мешеу әрі жабайы» отарлық субъектілерді жарқын болашаққа жетелеуге тиіс деген дәйек келтірді. Алайда бодан халықтар тек орташа жылдамдықпен өзін-өзі басқару бағытына қарай жылжи алды, бұл жол ғасырлар болмаса да, онжылдықтармен есептелді.

Басқару теориясы. Барлық отарлық мемлекеттер отарларын заң және нұсқаумен қамтамасыз етуді мақсат етті. Империялық билік идея және іс жүзінде бір-бірінен мүлде алшақ болды. Франция, Португалия, Бельгия және Жапония тікелей басқару теориясын жақтады. Демек, бюрократиялық басқарудың жалғыз тізбегі метрополияның отар елдегі жергілікті ауданға төмен бағытта жалғасуын қадағалады. Тікелей басқару тұрақты билеушіні немесе басшыларды қызметінен алуға қатысуы керек. Олардың жаңа заманғы әкімшілікке сенім артпауына болады, артта қалған субъектілерге өркениет әкелудегі отар жұмысына кедергі келтіреді. Француз отарлау идеологиясы метрополияның «өркениет әкелу міндетіне» – бодан халықтарға француз тілін үйретуге негізделді. Олар осы арқылы бірте-бірте тиімді білім алуға, материалдық прогреске ілесуге тырысып, француз халқымен сіңісіп кету мүмкіндігін арттыруы мүмкін.

Ұлыбритания, Нидерланд және Құрама Штаттар (Филиппиндегі) жанама басқару68 теориясына сүйенді. Ол Африка мен Азиядағы саяси мансап иелеріне империялық мемлекетке ниеттестік туралы уәде берген және сол уәдесінде тұрған мерзім ішінде, жергілікті немесе аймақтық деңгейде басқаруға рұқсат береді. Француз әріптестерінен өзгешелігі – британ билеушілері бодан халқын Ұлыбритания мәдениетіне сіңістіру міндетін қарастырмады. Олар «африкалықтар мен азиялықтар мұндай қарым-қатынасқа кедергі болады, мәдени және нәсілдік кемшіліктен зардап шегеді» деп мәлімдеді.

Отаршылдық ақиқат. Отарлық басқару туралы түрлі идеяларға қарамастан, империялық қожайын мен олардың субъектілері арасындағы байланыс сол жерлерде анағұрлым күрделі болды. Күнбе-күн басқару ісі, негізінен, Лондон немесе Париж дайындаған нұсқауға емес, жергілікті жағдайға тәуелді болды. Бодан халықтарды метрополияға мәдени жақындату идеалына қарамастан, француз өкіметі француз тіліндегі білімді аз берді. Әрбір отарлардан «évolués» – «дамыған тұлғалардың» шағын табы шықты, олар француз тілінде сөйлеп, жаза алды және кейбір жерлерде азаматтық құқық иеленді. Алайда өзге жағдайларда отарлаушы басшылар халықты француз азаматтары үшін қалыпты жағдай саналатын көптеген құқықтан айырған авторитарлық заң кодекстерімен биледі.

Бұл тұрғыда Ұлыбритания жанама басқару түрін жарым-жартылай және бей-берекет қолданды. Үндістандағы режим дәстүрлі үнді ханзадалары тобының басқару өкілеттіктерін кеңейтті және Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін аймақтық заң шығарушы органдарға шектеулі шешім қабылдау билігіне рұқсат берді. Алайда жоғары лауазымды тұлғалары британдық болған үнді мемлекеттік қызметі жергілікті халықтың шамамен үштен екі бөлігін тікелей басқарды. Жанама басқару жергілікті істерді басқаруға мүмкіндігі толық жететін, жақсы ұйымдасқан мемлекеттік қызметі бар, 1900 жылы Ұлыбритания жаулап алғанға дейін (22-тарауды қараңыз) маңызды мұсылман империясы – Сокото халифаты болған Солтүстік Нигерия секілді аймақтарда жеткілікті деңгейде тиімді жұмыс істеді. Нигериялық ханзадалар миллиондаған халықты басқарудағы авторитарлық билігін сақтап қалды, ал Ұлыбритания әкімшілігі қаражатын үнемдеді. Керісінше, Шығыс Африкадағы Танганьика (Танзания) секілді жерлерде отарлаушы лауазымды тұлғалар, қызмет етіп тұрған мемлекетке қарағанда, өзін-өзі басқаратын мыңдаған ауыл, рулық қауым және шағын тайпалармен қарым-қатынас орнатты. Мұнда жанама басқару, негізінен, жергілікті деңгейде жұмыс істеді. Іс жүзінде, барлық отарлық үкіметтер мыңдаған жергілікті тұрғынды ауыл басшысы, жауынгер, қызметкер, хатшы және атқосшы ретінде жұмысқа алды. Империялардың ешқайсысы да оларсыз қызмет ете алмады.

Жанама басқару (іndіrect rule) – отарлаушылар мен байырғы тұрғындар арасындағы саяси делдал ретінде жергілікті көшбасшылардың тағайындалуын дұрыс деп санайтын отарлық үкіметтің теориясы мен практикасы.

Отарланған жерлердегі шетелдік иммигранттар

Бірқатар отар елдер аймақтың саяси және әлеуметтік сипатын едәуір өзгерту үшін дүниежүзінің өзге аймақтарынан иммигранттарды жеткілікті мөлшерде шақырып отырды. Әрбір отар режим әкімші, инженер, бизнес агент және әскери офицер ретінде жұмыс істеу үшін метрополистен немесе өзге елдерден келген адамдарды оқытуды, біліктілік беруді қажетсінді. Алайда бұл экспатрианттар (отанын тастап кеткендер) үйлеріне оралмай, бизнес үшін немесе қызметтік іссапар жасауға жеткілікті мерзімге ғана қалып отырды. Мысалы, 1920 жылы Үндістандағы Ұлыбританияда туып-өскен азаматтардың саны бүкіл халықтың 0,3 пайызын құрады.

Шетелден келген қоныстанушылар. Африканың бірқатар аймақтарында еуропалық қоныстанушылар отарлық қоғам мен үкіметке үлкен ықпал етті. Бұдан бұрынғы жаңа заман ғасырларында Солтүстік Америкада, Оңтүстік Американың оңтүстік бөлігінде, Сібір мен Австралияда қоныстанушылар дамытқан Жаңа Еуропа қоғамдары секілді, қоныстанушылар Африкада жұмыс істеу немесе уақытша қызмет ету үшін емес, өз отанындағы өмірінен әлдеқайда жоғары тұрмыс деңгейіне жету үшін және нағыз еуропалық үлгідегі өмір салтымен тіршілік етеміз деп күткен тұрақты қоғамдарды табу үшін қоныс аударды. Олар климаты айтарлықтай қоңыржай және тропиктік аурулар шамадан тыс қауіп төндірмейтін отарларға немесе отарлық аймақтарға барды. Сондай-ақ бұл мекендерден заңды немесе заңсыз негізде африкалық фермерлерді күн сайын ығыстыра отырып, отар үкіметтің қолдауымен жерге ие болды.

Солтүстікнигериялық мұсылман ханзадалар. Аймақта Ұлыбритания отарлық билікті Гванда әмірі, Сокото сұлтаны және Кано әмірі сияқты жергілікті көшбасшылар арқылы жанама бекітті. Сурет 1934 жылы осы үш ер адамның Лондонға сапары барысында түсірілді. Мұндай саяхат олардың Нигериядағы билігін қалай нығайта алады?

ХХ ғасыр басында британ азаматтары Оңтүстік Родезия (Зимбабве) мен Кенияның қоңыржай таулы аймақтарына қоныс аударды. Африканың тағы бір қиырында Франция басып алған Алжир 1830 жылдан бастап жерге құмартқан француз, испан, португал, грек және мальталық қоныстанушыларға есік-терезесін ашып берді (22-тарауды қараңыз). Франция, Нормандия немесе Британия Алжирдің өзін-өзі басқаруы туралы кез келген идеясын қолдамады. Еуропалық ірі агробизнес ауылдағы ауылшаруашылық жерлерін иеленіп алғандықтан, елдегі араб және бербер тілді мұсылман бұқара мәртебесін еңбекақы алушы тәуелді тапқа төмендетті. Бұл көп халықтың білім алу мен біліктілікті талап ететін жұмысқа қол жеткізуіне шектеу қойды. Оңтүстік Африкаға еуропалық миграция айрықша жоғары болды. Еуропалықтар мұнда ХVІІ ғасыр ортасынан бері қоныстанды (19-тарауды қараңыз) және бұл мемлекет 1910 жылдан кейін Ұлыбритания отарынан гөрі өзін-өзі басқарушы елге көбірек ұқсады. Алтын мен гауһартас табылған ХІХ ғасыр соңына қарай мұнда көшіп келген, негізінен, ағылшынтілді қоныстанушылар саны ұлғайды. 1920 жылға қарай еуропалық халық саны 15 пайызға жақындады. Оңтүстік Африка одағы парламенттік басқару формасына көшті, ол халықтың саяси өмірге араласуын біртіндеп ағылшын немесе африкаанс тілінде (нидерланд қоныстанушылары ұрпақтарының тілі) сөйлейтін ақ нәсілді азшылықтың пайдасына қарай бұра бастады. 1913 жылы тек ақ нәсілділерге арналған парламент африкалықтарға мемлекет жерінің 7 пайызынан артығын иеленуге тыйым салатын Жергілікті Жер актісін қабылдады (кейін ол сан 14 пайызға өзгерді). Бұл жазалаушы заң ақ нәсілді фермерлерге артықшылық берді де, олар иелік ететін алтын кеніштерде және өсіп келе жатқан өзге де өндірісті аумақтарда африкалықтарды ығыстырды.

Еуропалықтар Африкадағы әрбір отар елде жалпы халықтың шағын тобын құрады (Алжирде шамамен – 11, Кениямен салыстырғанда 1 пайызға аз). Дегенмен қоныстанушылар еуропалық отарлық үкіметтен өздерін қорғауды талап етті. Үй шаруашылықтары мен фермалары үшін арзан жұмыс күшін, экономикалық мүмкіндіктер мен әлеуметтік артықшылықтар беруін күтті. Қоныстанушылар сондай-ақ санының аздығына қарамастан, отарларда саяси ықпалға ие болды және сол өңірлерде туған жеріндей алшаңдап жүрді, олардың басым бөлігі көпшіліктің билігіне алып келетін кез келген реформаның айбарлы қарсыласына айналды.

Қос ұлы соғыс арасындағы кезеңде еуропалықтар шетелге бұрынғыдай еркін көшіп-қона берді. 1920 жылы миллиондаған қытайлық пен оңтүстіказиялық мигрант Францияға, Голландияға және Ұлыбритания отарларына қоныс аударды11. 150 мыңнан көп оңтүстіказиялық 1860–1911 жылдары, негізінен, қант плантацияларында жұмыс істеу үшін Оңтүстік Африкаға барды. ХІХ ғасырдың аяғында үндістандық жауынгерлер Ұлыбританияның Шығыс Африкада басып алған аймақтарында маңызды орынға ие болды және он мыңдаған қарапайым халық Кения жағалауындағы Момбасадан шалғайдағы ішкі өлке – Угандаға дейін теміржол желісін салу үшін келіп жетті. Оңтүстіказиялықтар Шығыс Африкадағы жергілікті қалың бұқара, британдық әкімшілік және қоныстанушы шағын топ арасында әлеуметтік бағынышты орташа топ болды.

Палестинадағы еврей қоныстанушылары. Қос ұлы соғыс арасында Британ билігі мандатындағы Палестина аймағына Еуропадан қоныс аударған еврейлер басым бөлігі арабтілді халықтан тұратын Таяу Шығыстағы саяси жағдайды едәуір өзгертті. Шамамен 1880 жылдан бастап Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Ресей мен Шығыс Еуропада антисемиттік қуғыннан зардап шеккен миллиондаған еврей Құрама Штаттар мен алыстағы өзге де елдерге қоныс аударды. Бұрыннан қалыптасқан еврей азшылығы Таяу Шығыстағы түрік билігінің қол астындағы қалаларға бұрын да тұрақтанған еді, алайда жаңа мигранттар соғысқа дейінгі Осман империясының Сирия провинциясының қасындағы аймақ – Палестинадағы фермерлік елді мекендерге орналасты. Бұл қоныстанушылар сионистік қозғалыс қалыптастырды.

Мұхаммад ибн Әбд әл-Кәрім. Бербер көшбасшысы Мароккодағы Испан отарлық үкіметіндегі мансабын жергілікті көтеріліс ұйымдастыру үшін тастап кетті. Ол Риф Республикасын орнатып, 1921–1926 жылдары басқарды. Француз және испан күштері Республиканы тас-талқан еткенге дейін президенті ретінде болды. Әбд әл-Кәрім қасына жиналғандардан неге айрықша киінген деп ойлайсыздар?

Бұл қозғалысты еврей саяси ұлтшылдығын және тұрғындарының басым бөлігін арабтілді мұсылмандар мен христиандар құрайтын Палестинада еврейлердің жаңа мемлекетін құру туралы идеяны Теодор Герцль (Theodore Herzl) мен өзге еуропалық еврейлер 1880 жылы тарата бастаған болатын. Бірінші дүниежүзілік соғыста Лондондағы сионистік қозғалыс британ үкіметінің өздеріне оң ниеттегі мүшелерімен байланыс орнатты. 1917 жыл соңында Ұлыбританияның шетелдік хатшысы Артур Балфур (Arthur Balfour) үкіметті «еврейлер үшін Палестинадан ұлттық үй құруға келісетінін, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін барлық күшін салатынын, Палестинадағы еврей емес қауымдардың қалыптасқан азаматтық және діни құқықтарына кедергі келтіруі мүмкін ешбір әрекет жасалмайтыны айқын түсінікті болатынын»12 хабарлады. Ұлттар Лигасы Ұлыбританияға Палестинаның соғыстан кейінгі мандатын бекіткен кезде, ол да Балфур декларациясын қолдады. Сионистер еврейлердің Палестинада тұруға тарихи құқығы бар деп мәлімдеп, көптеп қоныстануға шақыру арқылы ұлттың атамекенін заңдастыру үшін жұмыс істеді. Бұған қоса, 1922 және 1936 жылдары еврей халқы шамамен 93 мың адамнан 382 мыңнан аса адамға дейін ұлғайды.

Соғысаралық жылдар ішінде араб фермерлері мен еврей иммигранттары арасында Палестинаның жері мен суына бақылау жасау үшін қақтығыстар ұлғайды. Еврей қоныстанушылары сионистік қаржылай инвестиция арқылы жиі көмек алып, араб жер иеленушілерінен, әсіресе тиімді бағаға жер сататын дәулетті, ықпалды жандардан жер сатып алды. Британия әкімшілігі де ақшалай салықтар сала отырып, араб жер өңдеушілерін жер сатуға мәжбүрледі. Бұл әрекеттер жері жоқ араб шаруалар табының өсуіне себеп болды. Олар өздеріндегі қиын жағдай үшін белгілі бір деңгейде араб ірі жер иеленушілері мен Британ режимін кінәлады, ұлғайып келе жатқан еврей азшылығынан да ашуларын алуға тырысты.

Қисынсыз Британ саясаты жағдайды одан әрі ушықтырды. Әкімшілік еврей және араб мүдделерінің арасындағы тар шекараны ұстап тұруға тырысты, алайда Палестинаны басқарып отырған британдық жоғарғы комиссарлар жергілікті деңгейде өзін-өзі басқару механизмдерін – не конституция, заң шығарушы орган немесе сайлаушыларды дамытуда ешбір әрекет жасаған жоқ. Бұл еврей және араб топтары толығымен екіге жарылған, бір-бірімен сирек қарым-қатынас жасайтын азаматтық және еңбекші ұйымдарын құруға ықпал етті. 1929 жылы және 1936 жылы арабтар мен еврейлер арасындағы шиеленіс қайтадан ушығып, зорлық-зомбылыққа ұласты, араб шаруалары 1937–1939 жылдары Британ күштеріне қарсы ірі көтерілістер жасады. Сионистер мен араб ұлтшылдары Ұлыбританияның Палестинаны тастап кеткенін қалады, алайда жағдай басқаша өрбіді: сионистер тәуелсіз еврей мемлекетін құру үшін жолын тазалағысы келді, арабтар көпшіліктің басқаруымен тәуелсіздікке қол жеткізсек деді. Екінші дүниежүзілік соғыс бұл қақтығысты тек қысқа мерзімге тоқтатты.

Отарлық билікпен келіспеу

Отар елдерінде тыныштық, тәртіп және ілгерілеу салтанат құрған соғысаралық онжылдықтар империялық мемлекеттер үшін «алтын кезең» болды. ХІХ ғасыр соңы мен Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейінгі аралықта бір отар елде, болмаса екіншісінде бағынышты жағдайына адамдардың қарсыласпаған, көтеріліске шықпаған және наразылық білдірмеген оқиғаны мүлде таба алмайсыз.

Үздіксіз көтерілістер. Ұлы соғыстан кейін жеңімпаз мемлекеттер Африка мен Азиядағы субъектілеріне өзін-өзі басқару құқын беруге ниетті емес екенін анық білдірген соң, олар күтпеген көтерілістерге шығып, ұлттық саяси ұйымдардың отарлық реформа жасауына ықпал етті және түптеп келгенде тәуелсіздік алуға тырысты. 1920 жылы, мысалы, Ирактың ауыл фермерлері жаңа жарияланған британ мандатына қарсы көтерілді. Көтерілісті басуда Британия күштері шамамен Ирактың он мың халқын қырып салды. Сирия мен Ливанда 1925 жылы түрлі діни қауымдастықтар бірігіп, француз мандатты үкіметіне қарсы бүлік бастады. Бұл дүрбелең екі жылға созылды. Солтүстік Марокконың таулы өлкелерінде жаңа заманғы мұсылман реформаторы Мұхаммад ибн Әбд әл-Кәрім Испания отарлаушы протекторатына қарсы көтеріліс бастады. Он мыңдаған испан әскерін құрбан етіп, екінші жағынан, бербер жауынгерлерін анағұрлым азайтқан бұл көтеріліс 1921–1926 жылдарға созылды. Бұл бүлік Испания француз әскерінен көмек алғанда ғана аяқталды.

Қалалық ұлтшылдық қозғалыстар. Мәдени клубтан саяси партияға дейін ұлғайған соғыстан кейінгі ұлтшылдық қозғалыстардың жетекшілері орташа білім алған және қаржысы бар қалалық орта тап өкілдерінен шыққан еді. Отарлық режимдер салыстырмалы түрде аз адамға ғана бастауыш мектептен жоғары білім ұсынды және олар «жақсы білім алған» бағыныштылары отарлық тәртіпке беріле қызмет етеді деп күтті. Іс жүзінде білімді жұрт өзге кез келген отарлық топтарға қарағанда империялық биліктің қарама-қайшылықтарын анағұрлым жақсы сезінді. Олар әдетте отарлаушылардың тілінде сөйледі, арнайы білім-білікті меңгерді және жұмысында маңызды жауапкершілік міндет атқарды. Сөйте тұра олардың басшылары күн сайын оларды әкімшілік және бизнес шенінен оқшау ұстады, құқықтық теңдігін мойындамады, әлеуметтік тұрғыда бөлектеді, кейде олардың біршама төмен этно-нәсілдік болмысы мүмкіндік бермейді деп «өркениет» деңгейіне ұмтылысын келемеждеді.

Мысалы, каирлік зияткер және заңгер Саад Заглүл (Sa’d Zaghlul) бастаған ұлтшылдар тобы британдық империялық әкімшіліктен Египетті Париж бітім конференциясында таныстыруға рұқсат сұрады. Алайда билеушілер Заглүл мен өзге де ұлтшылдарды жер аударамыз деп шешім шығарғанда, Египеттегі барлық тап өкілдері толық тәуелсіздікті талап етіп, көшелерде топтасты. Ұлыбритания күштері бұл қарсылықты басып-жаншу үшін шамамен 8000 египеттіктің өмірін қиды. 1919 жылғы Египет революциясы туралы Заглүл былай деп жазды: «Олар отарлаушы билікке қарсы шықты, іс жүзіндегі қаналушы халықтардың әділдік үшін үндеуі дүниежүзін өзгертті»13. 1922 жылы Ұлыбритания Египеттің тәуелсіздігін қалпына келтіруге келісті, алайда бұл жоспардың шектеулері көп болғаны сонша, оппозиция талабы бұрынғыдан да ұлғайды.

Соғысаралық кезеңдегі ұлтшылдар еркіндікті либералды-демократияның үлгісінде елестетті, оның мұраттарын оны ойлап таптық деп жария еткен еуропалық билеушілердің өздеріне қарсы шебер қолданды. Алайда өзгелері жұмысшылар революциясының кеңестік үлгісі мен жедел материалдық дамуына тәнті болды. Хо Ши Миннің (1890–1969) бастапқы қызметі коммунистік үндеуді ұғындыру еді. Францияда жұмыс істейтін кедей вьетнамдық ғалым мен аспаз көмекшісінің ұлы Хо (әр уақытта түрлі есімді қолданды) Парижде Құрама Штаттар президенті Вудро Вильсонға француз отары шұғыл бекіткен, Вьетнамның өзін-өзі билеуін өтінетін петицияны тапсыруға тырысты. Хо мақсатына жете алмады және одан кейінгі жылдары Вильсонның либерализмінен бас тартып, марксизм идеясына ауысты. 1930 жылы ол француз режиміне қарсы күресу үшін Үндіқытай коммунистік партиясын құруға атсалысты.

Үндістан және Ганди. ХІХ ғасыр ортасынан бері Оңтүстік Азиядағы қалалық зияткерлердің шағын тобы британ билеушілеріне либералды реформалар жасау үшін өтініш беріп келді. Бұл жетекшілер қалаға шоғырлануды жеделдетіп, отар елдегі салыстырмалы түрде күрделі коммуникациялық желілердің байланысын қалыптастырып, үнділердің ұлғайып келе жатқан ұлттық сезімін өз мүдделеріне пайдаланды. Заңгерлер мен ағылшын білімін алған өзге маман иелері 1885 жылы құрған Үнді ұлттық конгресі (ҮҰК) саяси өмірге еркін араласқысы, үнділердің жақсырақ жұмыс істегенін көргісі келді. Бірінші дүниежүзілік соғыс барысында үнділерді әскерге тартқан отарлық өкімет «Британ империясының бөлінбес бөлшегі ретінде... жауапты үкімет жасақтаймыз»14 деген еді. 1919 жылы Радж деп аталған британдық отарлық режим Үндістан провинциялық заң шығарушы органына белгілі бір шешім қабылдау билігін берумен қоса, шектеулі өзгерістерді бекітті. Осымен бір мезгілде ұлтшылдық белсенділікті қатаң қудалау арқылы бұл бастамаларды тежеп те отырды. 1919 жылы сәуірде елдің солтүстігіндегі Амритсар қаласында британ генералы бейбіт шерушілерді атқылауға бұйрық берді. Шамамен 370 тұрғын қайтыс болған әйгілі Амритсар қанды қырғынынан кейін ұлтшылдар батыл әрекетке көшті.

Сол жылы батыстағы Гуджарат аймағындағы дәулетті үнді отбасының мүшесі Мохандас Карамчанд Ганди (1869–1948) Үнді ұлттық конгресі құрамында танымал болды. Ол Лондонда заңгер дәрежесін алды және одан кейінгі жиырма жылын Оңтүстік Африкада үнді қауымдастығын қолдауға арнады. Оңтүстік Африкада британ билігіне қарсы көтеріліс стратегиясын қалыптастырып, күш қолданбайтын, өзін-өзі құрбан ететін және ақиқатты айту арқылы қақтығыстарды шешуге тиіс рухани ұйғарым сатьяграха принципіне сүйенді. 1908 жылғы брошюрасында ол «енжар қарсылық» деп нені меңзейтінін сипаттайды, алайда кейін «ынтымақтаспау» ұғымын құп көрді. «Бұл жеке басын құрбан ету арқылы құқықты қамтамасыз ету; қару-жарақ арқылы қарсылық көрсетуден бас тарту... Мысалы, үкімет сол уақытта мені жазалайтын заң қабылдады. Мен ол заңды ұнатпадым. Күш қолдану арқылы үкіметті заңнан бас тартуға күштесем, денеме зақым келеді. Заңға бағынбасам және оны бұзғаным үшін жазаға тартылсам, мен рухани күшті қажет етемін. Ал бұл қадам өзін-өзі құрбандыққа шалуға әкеп соғады»15, – деп жазды ол.

1920 жыл мен Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейінгі аралықта Ганди үнді ұлттық қозғалысының ең ықпалды жетекшісіне айналды. Заңгер ретінде ол еуропалық үлгідегі костюм киіп, галстук тақты, ақ мақтадан белін тарс буды. Үндістанның экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтуының немесе свадешидің (Үндістанда жасалып сатылған немесе қолданылған) символикалық дәлелі – үнділерді өз киімдерін өздері иіріп, тоқуға шақырды. Әлбетте, Гандидің үнді оппоненттері мен жаулары аз емес еді, мысалы, қарулы көтерілісті құп көретін ұлтшылдар және Оңтүстік Азия тұтас ұлттық мемлекет ретінде тәуелсіздікке қол жеткізсе, билік уысынан шығып кететін дәстүршіл ханзадалар. Ұзақ уақыт бойы, әсіресе 1920–1922 және 1930–1934 жылдары Ганди мен оның қолдаушылары полицияның қинауына, қысқа мерзімге түрмеге қамалуға сабырмен көне отырып, бойкот, аштық жариялау, шеруге шығу және өзге де азаматтық бағынбау әрекеттері арқылы Британия билігіне қарсы наразылық бастады. Кейінірек, Ұлыбритания қосымша біршама жеңілдіктер жасағандықтан және кейбір ұлтшылдар режиммен ықпалдастық жасауға қайта көшкендіктен, ұлттық қозғалыстар әлсіреді.

Ганди тұз жорығын сатьяграхаға бастап келеді, 1930 жыл. Ганди жиырма төрт күн бойы үйінен теңіз жағалауына дейін жаяу жүріп, 240 мильдік жолда мыңдаған үндіні қатарына қосып алды. Бұл сап түзегендер Ұлыбритания отарлық үкіметінің тұз өндірісін монополиялауына наразылық білдірді. Салық төлемей, тұз жинауы арқылы Ганди өзі әділетсіз санаған заңды әдейі бұзды. Бұл қозғалыс өзге де қақтығыссыз азаматтық бағынбау актілерін туындатты, оның нәтижесінде 80 мыңнан аса адамды қамауға алды.

Ганди Үндістандағы екі үлкен діни топ – индуистер мен мұсылмандарды Ұлыбританияға қарсы ортақ одаққа біріктіруге тырысты. Сондай-ақ Үндістан ұлттық ортақ шатыр астындағы түрлі діни қауымдастықтардың қоғамы болып қалуға тиіс деп дәйекті түрде мәлімдеді. 1922 жылдан кейін индуизм және мұсылман ұлтшылдары тұңғыш рет Үнді ұлттық конгресінде жиналды, екінші рет Мұсылман лигасында бас қосты. Бірақ олар тәуелсіздік үшін жүйелі түрде бірлесе жұмыс істеуден гөрі белгілі бір провинцияларда саяси ықпал үшін бәсекелесті. 1935 жылы Үнді ұлттық конгресі аймақтық заң шығарушы органдарда жартысына жуық депутаттық мандатты жеңіп алу арқылы басымдығын көрсетті. Алайда ұлы депрессия мен Еуропадағы бейбітшілікке төніп келе жатқан қауіптермен бірге, Ұлыбритания билікті түбегейлі беруді жоспарлауға ынтасыз болып қалды.

Ұлы депрессия және оның зардаптары

ОЙЛАН: Ұлы депрессия не себептен басталды, оның маңызды саяси және әлеуметтік зардаптары қандай?

1920 жылы жаһандық экономиканы сипаттайтын құлдырау мен шарықтау экономистер мен бизнес көшбасшыларын терең ойландырмады. Жаңа әлемде олар заттың табиғатына байланысты экономикалық құлдырап, шарықтайды деп түсінді. 1929 жылдың қазанында Нью-Йорк қаржы биржасы күйреді және 1933 жылға қарай дүниежүзінде өнім, тұтыну, сауда, жұмыс күрт құлдилағаны сонша, кейбір адамдар жағдай бұдан да нашарлай түсе ме деп үрейленді. Жаңа заман экономикасы ыдырап, адамзат индустрияға дейінгі кезеңге қайта орала ма? Бұл сұраққа кім-кім де «жоқ» деп жауап берді. Алайда онжылдық соңына дейін дерлік уақытқа созылған Ұлы депрессия индустриялық орталықтардан бастап, отар елдегі ауылға дейін саяси-экономикалық өмірге орасан зор ықпал етті.

Күрт құлдырау

1930 жылдан экономика тарихшылары Ұлы депрессия итермелеген факторлардың теңгеріміне қатысты дауласып келеді. Бірқатар ғалымдар бұл күрт құлдыраудың көптеген себебі бар екеніне келіседі. Олар сондай-ақ жаһандық өзара сабақтастық сол уақытқа қарай тым ауытқымалы және күрделі болды, қандай да бір индустриялық аймақтағы маңызды құлдырау дүниежүзінің қалған бөліктеріне қалай да болсын ықпалын тигізді деп білді.

Теңгерімсіз серпіліс. 1920 жылдың ортасында Құрама Штаттарда өндіріс пен сауда қайта жандана бастады. Ел іші материалдық зардап шекпеген, Бірінші дүниежүзілік соғыстан бері дамып келе жатқан, еуропалық одақтастарымен бірге 7 миллиард доллардан аса пайда тапқан Құрама Штаттардың жеткілікті инвестициялық капиталы және орта табы, тұтынушы болуға барынша талпынған халқы болды. Бұл Американың тіршілігі қайнаған жиырмасыншы жылдар еді. Құрама Штаттар конгресін дүниежүзілік соғысқа не үшін қатысу керегі түсініксіз болды да, ел оқшауланған69 күйінде қала берді. Бір жағынан, жеке банкирлер миллиардтаған несиесін Еуропа мен Жапонияға, сондағы өндіріс пен коммерцияны қайта қуаттандыруға салды. Құрама Штаттар банктері 1924 жылы Дауэс жоспары аясында Веймар Республикасына жүз миллиондаған долларды үш жыл бойғы инфляциядан кейінгі Германия экономикасының тұрақтануына көмектесу үшін және Ұлыбритания мен Францияның репарациялық талаптарын өтеуде кестеден тайқымауға мүмкіндік беру үшін несиеледі. Бұл екі мемлекет кезек-кезек репарация төлемдерін Құрама Штаттардан соғыс үшін алған қарыздарын біртіндеп қысқарту үшін қолданды. Америка банктері үнемі майлап отырса, бұл қаржылық турникет жұмыс істей алатын еді.

Алыпсатарлық пен қарыздың қауіпті одағы. 1928 жылы Батыс Еуропадағы соғыстан кейін қалпына келтіруді қаржыландырған америкалық қаражат, сондай-ақ дүниежүзіндегі бизнес-жобалар сарқыла бастады. Негізінен бұған Құрама Штаттарда жалғасып келе жатқан гүлдену (азық-түлік пен мақта-мата бағасының төмендеуінен зиян шеккен фермерлерді қоспағанда) қайнаған қаржы биржасына құйылды. Миллиондаған америкалық орта тап өкілдері осы дүрмекке қосылу үшін жинақтары мен қарызға алған қаржыларын қолдарына алды, ірі инвесторлар Еуропаға берген және жер-жердегі несиелерін, ақшаларын Уолл-Стритке салу мақсатында қайтара бастады. Нарықтағы алыпсатарлық аласапыранға айналды. Құрама Штаттар үкіметі пайыздық үстемелерді ұлғайту арқылы жағдайды тыныштандыруға тырысып жатқан кезде, шетелдік капиталистер америкалық арзан несиелерден айырылып, қымбат несие алуға мәжбүр болды. Осы уақыт аралығында экономикалық интернационализмге әлі де қырын қарап отырған Конгресс импортталатын өндірістік өнімдердің тарифін көтерді, бұл саясат өндірісі дамыған Еуропаға несиелерін жабу үшін доллармен пайда табуға кедергі келтірді.

1929 жылғы құлдырауда Уолл-Стриттегі нарық шарықтай бастады да, инвесторлар жаппай сатуға кірісті. «Қара бейсенбі» аталып кеткен 24 қазан күні нарықтағы көпіршік жарылды. Осыдан кейін екі жыл бойы акция бағасы, банктер, индустрия құрдымға бата берді. Барлық деңгейдегі инвесторлар ұзақ уақыт банктен несиелеген қаражаттарын төлей алмады. Банктердің тақырға отыруынан қорыққандар депозит ақшаларын ірі көлемде жаппай кері ала бастады, бұл елді алаңдатпай қоймады. Ол кезеңде бір банктен екіншісіне тез арада долларды көшіру механизмдері жоқ еді, депозитті федералдық сақтандыру да жоқ-тын және Вашингтондағы саясаткерлер жеке несиелеу институттарын құтқаруға дайын емес еді. Мыңдаған банк жабылды, депозиттер жоғалды, кепілдегі мүлік көбейді және миллиондаған америкалықтың қаражаты таусылды. Өйткені инвестициялық қаржы із-түзсіз жоғалды, 1929–1931 жылдары Құрама Штаттардағы өнеркәсіп өнімі үш есе төмендеді және жұмыс берушілер қызметкерлерін көптеп қысқартты. Құрама Штаттарда өндірілген автомобиль саны екі есе азайды. Гүлдене бастаған шағын өндірістің бірі – кино еді. Билеттер арзан болатын және жұмыссыздар ұзаққа созылған кештерде әлденеге көңіл жұбатуы керек-тін.

Нарықтық құлдыраудың алдында Құрама Штаттар жаһандық экономикалық өнімнің 40 пайызын өндірген еді. Оның экономикасы құлдырай бастаған сәтте дағдарыс тез арада дүниежүзін шарпыды. 1931 жылы банк дағдарысы Еуропаға тарады. Сол жылы Германияның бүкіл қаржылық жүйесі іс жүзінде күйреді. Атлант мұхитының қос жағалауында да зауыттардың жұмысы тоқтап, жұмыссыздық шарықтап кетті. 1932 жылға қарай Германиядағы жұмысшының 44 пайызы жұмыстарынан айырылды. Осыған ұқсас дағдарыс Аргентинаны, Бразилияны, Түркияны – өнеркәсіп секторы 1920 жылы дами бастаған мемлекеттерді тұралатты. Жапонияда америкалық инвестицияның тоқтауы және экспортқа шығатын жібек құнының күрт төмендеуі экономиканы дағдарысқа түсірді. Құрама Штаттарда және Канаданың батыс аймақтарында жаңбыр жаумай, 1932–1934 жылдары тоқырауды одан әрі күшейтіп жіберді. Бұл апат он миллионға жақын акр егіс алқаптарын «шаңды дауылға» орап, он мыңдаған фермерлерді жерді тастап, жұмыссыз атануға мәжбүр етті.

Кейнстік экономика. Әлемдік сауда көлемін төрт жылға жетер-жетпес уақыт ішінде 36 миллиард доллардан 12 миллард долларға дейін төмендеткен тоқырау ауқымы көптеген үкіметті жеке ұлттық экономикасын мүмкіндігінше тез арада аман алып қалу үшін күресуге мәжбүр етті. Автаркия – ұлттық экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуі – басты ұстанымға айналды. Ірі индустриялық мемлекеттер қалыптасқан процедура бойынша күйреуді тоқтатуға тырысты: еңбекақыны төмендетіп, шетелдік импортқа тарифтерді өсіріп, бюджет теңгерімін сақтап, дағдарыстың өтіп кетуін күтті. Мемлекеттер бірінен кейін бірі алтын стандарттарынан бас тартты. Мемлекеттің осы әрекетінен кейін оның ұлттық валютасының құны (ендігі жерде алтынға тәуелсіз) бірте-бірте төмендеді, алайда бұл девальвация экспортты арзандатып, бағаның өсуіне оң ықпал етті. Алтын стандартын енгізуші Ұлыбритания одан 1931 жылы бас тартты, одан екі жыл өткен соң Құрама Штаттар да осы жолға түсті.

Алайда бұл тоқырау капиталистік әлемнің күткеніндей мүлде құрдымға кеткен жоқ және стандартты шаралар нәтиже бермеді. Философиясы кейнстік70 деген атпен әйгілі болған, Ұлыбритания экономисі Джон Мейнард Кейнс басқа, айрықша әдіс ұсынды. Ол кәсіпкерлер мен инвесторлар қаржысын дефляцияға ұшыраған экономикаға сала берсе, оған қосылған өзгелері сәтсіздікке ұшырайды деген қауіптен тұралап қалғанын байқайды. Өз-өздерін алдарқатып, өтірік қамшылағанымен, мемлекеттік инвестиция үшін бұл несие ауыр болса да, үкімет бизнестегі қозғалысты өз қолына қайта алуға тиіс, өйткені олар мұны жасайтын қолма-қол қаражаты бар жалғыз институт деп есептеді.

Либералды демократияның көшбасшылары жалпы кейнстік әдіске күдікпен қарады. Өйткені оның ұсынысы мемлекеттің қолына билікті шоғырландырып, капиталистік нарықтың табиғи қызмет барысын бұзады деп есептеді. Дегенмен жағдай бірте-бірте өзгере бастады. 1933 жылы Швеция мемлекеттік несиелеу жолымен қаржыландырған қоғамдық жұмыс жобаларын және жұмыссыздыққа көмек көрсету бағдарламасын енгізу арқылы экономикасын реттей бастады. Францияда Халықтық майдан (1936–1938) деген атпен белгілі әлеуметтік үкімет аптасына қырық сегіз сағаттық еңбек уақыты мен ауқымды қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру сияқты, жаңа заңдар легін қабылдады. Құрама Штаттар президенті Франклин Рузвельт (1933–1945 жылдары ел басқарды) 1935 жылы «жаңа бағыт» саясатын енгізді, енді тоғыз миллионнан аса адам дамбалар, көпірлер, жолдар, әуежайлар, саябақтар, қоғамдық ғимараттар құрылысына жұмысқа шықты, өнер және мәдениет жобаларына қаржы құйды. Бұл бағдарламалардың барлығы да долларды қалтырап тұрған экономикаға салды. Жаңа бағыт, сондай-ақ ең төмен жалақыны белгілеу, азаматтардың қаржысын қорғау үшін депозитті федералдық тұрғыдан сақтандыру және Еуропа елдеріндегіден кешірек әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін енгізді. Қысқаша айтқанда, ауқымды тоқырау экономикасы дамыған мемлекеттерді одан әрі әлеуметтік демократия бағытына – үкіметті азаматтардың экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын ауқымды түрде жүзеге асыруға итермеледі.

Жаһандық сауданың төмендеуі, 1929–1933 жылдар. Бұл диаграммада көрсеткен жаһандық сауданың төмендеуіне қандай факторлар ықпал етті?

Дереккөз: Charles P. Kіndleberger, World іn Depressіon, 1929–1939 (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1986), 170.

Жиналған көпшілік Мексика мұнайының мемлекетке қайтарылуын атап өтуде. 18 наурыз, 1938 жыл. Президент Карденас Мексика топырағының астында жатқан мұнай қорын ұлт мүддесі үшін талап етуі арқылы 1917 жылғы конституция бекіткен мүлік құқығын пайдаланды. Бұл әрекет неліктен халықтың көшеге шығуына түрткі болды?

Ірі индустриялық аймақтардан тыс жерлердегі депрессия. Халқының басым бөлігі, негізінен, ауылда тұратын Латын Америкасы, Азия және Африка үшін үлкен дағдарыстың әсері анағұрлым өзгеше болды. Өздері өсірген азық-түлікті тұтынатын фермер отбасылары депрессия жылдарын, негізінен, зардап шекпей өткерді. Дегенмен шай, мақта, пальма майы секілді экспорт үшін бір-екі тауар түрін ғана өндіретін мемлекеттерде немесе отар елдерде жұмыссыздық жайлап, баға күрт құлады. Батыс Африкада ауылшаруашылық тауар өнімдерінің бағасы 70 пайызға дейін төмендеді. Бразилияда үкімет кофені өртеп жіберді немесе артылып қалғандарын жою үшін теміржол локомотивтерінде отын ретінде қолданды. Оңтүстік-Шығыс Азияда плантациялар, кеніштер және қаладағы коммерция тұралап қалды, миллиондаған қытайлық және үндістандық иммигранттар отандарына қайтты. Депрессия кезінде отар әкімшіліктердің бюджеті тым шағын болды, сондықтан олар орта білім беру және даму шығындарын азайтты.

Экономикасы маңызды деңгейде тауар экспортына тәуелді мемлекеттер баға құлдыраған уақытта қатты зардап шекті. Латын Америкасындағы Аргентина, Бразилия, Чили, Сальвадор, Гватемала, Гондурас және Перу мемлекеттеріндегі әскери офицерлер тобы биржа күйреген 1929 жылдың ішінде сайланбалы үкімет депрессияны жеңуге қауқарсыз деп ойлады. Аймақтағы осы және өзге де мемлекеттер жаңа отандық өндіріс, шетелдік сауданы мемлекеттік бақылау, ұзақмерзімді экономикалық жобалау шараларын қалпына келтіру саясатын қолдау үшін ұлттық сезімді оятуға тырысты. Мексикада ел президенті Ласаро Карденас экономиканы дамыту мәселесін үкіметтің алдындағы бірінші кезектегі мәселе деп белгіледі және 1934 жылы шаруаларға көп жер беру жөнінде маңызды реформалар енгізді. Төрт жылдан кейін ол Мексиканың мұнай өндірісін мемлекеттендірді, бұл шара Құрама Штаттардың мұнай компанияларының қитығына тиді. Алайда өз елінде халықтың қолдауына ие болды. Үндістанда Ұлыбритания билігі қиын жылдары салық түсімдеріне аса зәру болды, ол үнді өндірісшілерінің қызмет аясын кеңейтуіне серпін берді. 1930 жылдың соңына қарай Үндістан өз қажеттіліктерінің 70 пайызын өтеуге жеткілікті болат өндірді.

Дағдарыстың Ресейді айналып өтуі. Өзіміз байқағандай, Иосиф Сталин 1920 жыл ортасында Кеңес Одағын төтенше автаркиялық (экономикалық тұйықтық) бағытына бұрды. Ол халықаралық экономикалық келісімдерден қашқақтап, ірі көлемдегі мемлекет ресурстарын технологиялық модернизация мен ауыр индустрияға құйды. Бұл үрдіс тоқыраудан бұрын басталып, сол жылдары да жалғасты. Құрама Штаттар мен Батыс Еуропа мемлекеттері жұмыссыздық шылауында қалса, Ресей адамдарды 1928 және 1937 жылдары 500 пайызға өскен өнеркәсіптік өндірісте жұмыс істеуге ұстады. Алайда Сталиннің тиянақты бес жылдық жоспарының салдары қатаң болды. Ауыл халқы азық-түлік жетіспеушілігінен ауыр зардап шекті. Миллиондаған кеңес азаматы Сібірде құл еңбегіне жегілді. 1928–1934 жылдары бас бостандығынан айырылған адам саны 30 мыңнан 500 мыңға жетті.

Оқшаулану (іsolatіonіsm) – шетел мемлекеттерімен күрделі экономикалық немесе саяси байланыстардан жалтарудың саяси доктринасы немесе ұлттық саясаты.

Кейнстік (Keynesіanіsm) – экономикалық өсімді ынталандыру мен жұмыс орнын көбейту мақсатындағы үкіметтің монетарлық және қаржылық саясатын қолдайтын Джон Мейнард Кейнстің экономикалық теориялары.

Тоқырау және авторитарлық көшбасшыларға жүгіну үрдісінің жалғасуы

Құрама Штаттар, Ұлыбритания, Франция және бірқатар өзге мемлекеттер либералды-демократиялық үкіметтер ұлы депрессиядан әрең-әрең аман шыға алатынын көрсетті. Дегенмен билігін жаңа бастаған саяси көшбасшылар қатаң әрекеті мен саясатын «өз ұлтымызды сақтау үшін осы қадамға бардық» деп түсіндіргендіктен, авторитаризм бағытындағы жаһандық үрдіс 1930 жылы үзіліссіз жалғасты. Еуропадағы тағы тоғыз мемлекет антикоммунистік, антилибералды және жалынды ұлтшыл заң шығарушы орган мен партиялық саясаттан бас тартып, авторитарлық тәртіпке дереу бет бұрды. Еуропа мен Латын Америкасында оңшыл саяси топтар Италия фашистік партиясының әдісі мен үлгісін қайталады. Олардың пікірінше, «демократия» көппартиялы сайлау емес, алайда мәңгілік қоғамдық театр – шерулер, тулар, жалынды сөздер, жастардың әскериленген топтары, сәнді униформалар – авторитарлық көшбасшыларды өз ұлттарының мәдени және саяси таза қамқоршысы ретінде жариялады.

Жапонияда саяси оңшылдар билікті қолына алды. Жапонияда 1930 жылғы тоқырау легі өмірлік маңызы бар ресурстармен қамтамасыз ету үшін империялық басқыншылықты арттыруды жаппай талап етіп, қоғам ұлтшыл партиялар мен әскери адамдарды қолдауын күшейтті. Одан кейінгі жылдары әскерлер Маньчжурияға басқыншылық жасап, жаулап алу үшін жалған себеп ойластырды. Қытай президенті Чан Кайши Ұлттар Лигасында басқыншылыққа қарсылық білдірді, алайда ұйымның әскери жолмен килігу механизмдері болмады. 1931 жылы офицерлер, өнеркәсіп иелері және жоғарғы бюрократтар одағы әсіреұлтшылдық идеологиясын қолдай отырып, Жапонияның заң шығарушы органын бақылай алды. 1932 жылдан кейін Жапония әскері мен әскери-теңіз күші ауқымды мемлекеттік шығындардың нәтижесінде бірте-бірте қатарға қосылды. 1937 жылы мемлекет Қытайға толық ауқымдағы басқыншылықты жүзеге асыруға кірісті (26-тарауды қараңыз).

Германиядағы нацистік партияның өрлеуі. Ұлы депрессия Еуропаның өзге мемлекеттеріне қарағанда Германия үшін ауыр тиді. 1930 жылғы үш миллион жұмыссыздың қатары 1932 жылы алты миллионға дейін өсті. 1920 жылдан 1923 жылға дейінгі тым жоғары инфляциядан зардап шеккен жұмыс істейтін немістер табыстары мен жинақтарының жойылғанына тағы бір рет куә болды. Бұл уақытта Веймар Республикасы халық қолдауынан айырыла бастады. Ұлттық заң шығарушы орган (Рейхстаг) тиімді шешім шығару тұрақсыздығын үнемі дәлелдеп келген бірнеше партия арасындағы одақтарға тәуелді болды.

Адольф Гитлер Мюнхендегі сыра бүлігі кезінде. 1924 жылғы бұл суретте Гитлер (сол жақта) серіктестері Эмиль Маурис, Германн Крибель, Рудольф Гесс және Фредерих Вебермен бірге. Гитлердің көпшілік алдына дәстүрлі тирольдік киіммен шығуын Ататүріктің осы уақыттағы батыстық киім кию үлгісін қолдаған шешімімен салыстырыңыз. Бұл екі саяси тұлға ұлттық ерекшеліктің айрықша белгілерін қандай бағытта қолданды?

1920 жылдары Рейхстагтағы коалициялар бірте-бірте оңшыл бағытқа көше бастады, кейіннен Нацистік партия деген атпен белгілі Неміс ұлттық социалистік жұмысшылар партиясы секілді топтардың пікірінше, бұл бағытқа жеткілікті деңгейде тез ауыспады. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған бұл топ наразы соғыс ардагерлерін қатарына тартты, олардың арасында Австриядағы жұмысшы табы отбасынан шыққан, бір кезде суретші және көше саудагері болған Адольф Гитлер де (1889–1945) бар еді. Жалынды сөз сөйлеуге деген бейімін паш еткен Гитлер партия жетекшілігіне дейін өсті. 1923 жылы Мюнхенде «Сыра бүлігі» деген атпен белгілі Веймар үкіметіне қарсы сәтсіз бүліктен кейін Гитлер бірнеше ай бойы қамауда отырды. Нацистік партияға тыйым салды, алайда ол нацизмге шын берілгендіктен, Версаль келісімі үшін кек алу, аймақтық басқыншылық және либералдарды, коммунистер мен еврейлерді жек көру тұғырнамасындағы заңсыз науқанын жалғастырды. Гитлер Муссолиниге еліктеп, әскери тактикасымен таңғалдырды, мысалы, қарсыластарын қорқытып немесе үрейде ұстау үшін әбден берілген «шабуылдаушылар» лигасын құрды.

Ұлы депрессия Германияға соққы берген кезде саясаткерлер анағұрлым біріге түсті. 1930 жылы Нацистік партия Рейхстагта сайлауда екінші орын иеленді. Екі жылдан кейін нацистер мен коммунистер (әсіреоңшылдар мен әсіресолшылдар) неміс сайлаушыларының арасында кең қолдауға ие болды. Өзге мемлекеттердегі әсіреұлтшылдар секілді, нацистер де, әсіресе орта тап өкілдерін, мемлекеттік қызметкерлер, дүкен иелері, әскери ардагерлер, мамандығы жоқ жұмысшылар және фермерлерді тартты. Олар қатты зардап шеккен, сонымен қатар бір жағынан индустриялық және қаржылық элита тарапынан, екінші жағынан ықпалды әлеуметтік және коммунистік кәсіподақтар тарапынан шеттеп қалғандай сезімде жүрген еді.

Муссолини секілді, Гитлер де конституциялық негізде билікке қол жеткізді. 1932 жылғы сайлаудың ізін ала ол Германия Республикасының егде жастағы және жалпы әлсіз президенті Пауль фон Гинденбургті өзін канцлер, яғни премьер-министр етіп тағайындауға көндіреді. Германияның дәстүрлі бизнес-элитасы Гитлер қызметке кіріскеннен бастап, австриялық демагогияны көздеп, оның партиясын оңай бақылауда ұстаймыз деп топшылап, бұл шешімді жақсы қабылдады. Көп ұзамай Рейхстаг Гитлерге төтенше билік берді, оған сәйкес Гитлер Веймар конституциясы мен барлық парламенттік институттардың қызметін тоқтатып, іс жүзінде диктаторға айналды. 1933–1936 жылдар аралығында ол Германия мемлекетінің билігін толық қолына алды және әрқашан ұлттың болашағын ойлауды талап етті, барлық саяси оппозицияны жоюға әрекет жасады. 26-тарауда Германиядағы нацистердің рөліне және Екінші дүниежүзілік соғысты бастаудағы оның үлесіне қайта ораламыз.

Қорытынды

Бірінші дүниежүзілік соғыстан жиырма жылдан кейінгі дүниежүзінің зерек шолушысы адамзат бір уақытта екі бағытқа қозғалды деп ой түюі мүмкін. Бір жағынан, дүниежүзінің түрлі аймақтарын мекен ететін адамдар байланысы анағұрлым күрделі жол бойымен қозғала берді. Коммуникация мен транспорт технологиясы мейілінше ықпалды бола түсті. «Reuter», «Havas» және «Assocіated Press» ақпаратты жинап, тарату арқылы жаңалықты тауарға айналдырды. Угандадағы мақта бағасы, Токиодағы жер сілкінісі, ең соңында Голливудтағы жанжал – бәрі баспасөз назарынан тыс қалмады. Дипломаттар мен саясаткерлер халықаралық жанжалдарды шешу үшін астаналарда бас қосуын жалғастырды. Білімді адамдар әлеуметтік және азаматтық игіліктер, ғылыми жетістіктер үшін халықаралық жиындарға сапарлады. Ұлттар Лигасы дүниежүзінде мәдениет, денсаулық сақтау және әлеуметтік әл-ауқат салаларында игі істер атқарды. Олимпиада ойындары соғысаралық кезеңде төрт жылда бір рет өтті, оның төртеуі – Еуропада, бірі – Лос-Анджелесте болды. 1930 жылы Уругвай тұңғыш рет футболдан әлем чемпионатын өткізді.

Екінші жағынан, жаһандық экономикалық интеграция қарқыны бей-берекет ауытқыды, содан кейін бәсеңдеді. Депрессия жылдары өндірістегі жұмысшылар саны ертеректегі белгіленген кезеңмен салыстырғанда анағұрлым қысқарды. Орта таптың табысы төмендеді және бай мен кедей арасындағы айырмашылық ұлғайды. Жалпы дүниежүзіндегі тәуелсіз мемлекеттер экономикалық ықпалдастық бағытындағы күш-жігерді еселеу арқылы емес, өзге мемлекеттерге экономикалық тәуелділіктен азат, мейлінше мінсіз автаркия іздеу арқылы депрессиядан құтыламыз деп ойлады. Маңызды экономикалық мәселелердің шешімін табу барысында мемлекеттер шоғыры, негізінен, күштеу арқылы өсті және құлады.

Экономикалық және қаржылық тетіктерді тарта отырып, ірі әскери шығыны (Жапония мен Германия) немесе жаңа ірі үкіметтік қаржыландыру бағдарламасы бар (Батыс Еуропа мен Құрама Штаттар) мемлекеттер бірте-бірте депрессиядан шықты. Алайда бұл талпыныстар қысқа мерзімді келешекте өсудің жаңа кезеңіне, екінші жағынан жаһандық соғысқа жетеледі, ол біріншісіне қарағанда ұзағырақ және анағұрлым сұрапыл соғыс болды.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы бөлім бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

26

Екінші дүниежүзілік соғыс және оның зардаптары
1933–1950 жылдар

Лени Рифенштальдің (Lenі Rіefenstahl) Нацистік партияның Нюрнбергтегі митинг туралы 1934 жылы түсірген «Жігер салтанаты» («Trіumph of the Wіll») фильмінен көрініс Кино ХХ ғасырдың алғашқы жартысында соғыс құралына айналды. Мемлекеттердің бір шоғыры кино индустриясын қалыптастырды және үкіметтер оның үгіт-насихаттағы маңызына қызыға бастады. Саяси көшбасшылар әлемнің визуалды көрінісін сақтау мен хабарлау ғана емес, сондай-ақ оларды өзгерту мен манипуляция жасаудағы қозғалатын бейнелердің қуатын мойындады. 1930 жылдан Екінші дүниежүзілік соғыс басталған уақыт аралығында демократиялық және авторитарлық мемлекеттер ұлттық тұтастық рухы мен әскери рухты көтеру, жақсысын асырып, жаманын жасыра отырып, болып жатқан оқиғаларды хабарлау мақсатында фильмдерге демеушілік жасады. Нацистік партия үстемдік еткен Германияда кинофильм жасаушылар Адольф Гитлерді ұлты ардақ тұтқан қаһарман ретінде бейнелеген деректі фильмдер түсірді. 1934 жылы талантты режиссер Лéни Рифеншталь Нацистік партияның Нюрнберг қаласындағы аса ауқымды саяси жиынында Гитлердің халық алдына шығуын көрсеткен «Жігер салтанаты» фильмін түсірді. Үгіт-насихаттың осындай ғаламат сипатында Гитлер мінген аэроплан фюрер әуеден және аэропланнан төменге түссе, кернейлеткен, барабандатқан, қайран қалып сүйсінген адамдар толқынының құшағына көмілетіндей, бұлттар арасынан Нюрнбергке төмендейді. Құрама Штаттардағы федералдық үкімет «Не үшін шайқасамыз?» («Why We Fіght») деген атпен соғыс уақытының жеті фильм топтамасына тапсырыс берді. Мінсіз бейнекадрлар топтамасы монтаждалған, патриоттық риторика және толғандырар музыкасы бар саундтрекпен көркемделген фильм жауынгерлердің де, азаматтардың да Германия мен Жапония басқыншыларын жеңуге ұмтылыс сезімін өршітті. Кино және өзге де жаңа заманғы медиа құралдар арқылы бұқараны сендіру – ХХ ғасырдағы үкімет қызметіне азаматтарды топтастыру жолындағы мемлекеттер меңгерген, күшейіп келе жатқан биліктің бір ғана көрсеткіші. Жапония, Германия және анағұрлым шағын ауқымдағы Италия 1930 жылы халқы мен ұлттық ресурстарын аймақтық империя құру үшін жұмылдырды. Ұлыбритания, Құрама Штаттар және өзге де демократиялық мемлекеттер азаматтарды соғысқа, отан үшін өмірін құрбан етуге үгіттеу жолдарын жақсы білді. Алайда Ұлы депрессияны көрген олар тың империалистік тасқынды тоқтатуда жаңа жаһандық қақтығыс қаупіне алаңдады. Әлем депрессиядан енді айыққандықтан, едәуір қуатты мемлекеттер халықаралық ашық сауда мен ортақ қауіпсіздік жүйесін қайта қалпына келтіруде абайлап әрекет етті. Белгілі бір деңгейде олар бәсекелес, көбіне-көп антагонистік сипаттағы аймақтық одақтарға қосылды (26.1-картаны қараңыз). Олардың бірі – Германияның, екіншісі – Жапонияның, ал үшіншісі – Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының айналасына топтасты. Ұлыбритания мен Франция шетелдердегі отар империяларынан экономикалық қолдау іздеді. Құрама Штаттар солтүстік жартышарда сауда мен бизнес саласында үстем болды. 1939 жылы осы державалық топтар арасындағы антагонизм мен шиеленіс соғысқа айналып, бұрқ ете түсті. Соғыс ең алдымен Орталық және Батыс Еуропада, одан кейін Солтүстік Атлантика мен Солтүстік Африкада, Ресей, Батыс Тынық мұхит аумағы мен Оңтүстік-Шығыс Азияда басталды. Аймақтық одақтар екі ірі әскери одақ болып қайта құрылды, олар дүниежүзіндегі ең қуатты индустриялық мемлекеттерді бір-біріне қарсы қойды. Осыған ұқсас жағдай Бірінші дүниежүзілік соғыста да болған, алайда мұнда жауласушы мемлекеттер 1914 жылға қарағанда анағұрлым ауқымды талқандаушы күшке ие болды. Тараудың бірінші бөлімінде Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы жапон, неміс және итальян империя құрылымдарын, Ұлы депрессияның сұмдық жағдайларынан аман шыққан оқиғалар легін талдаймыз. Нацистік партия билік еткен Германия ХІХ ғасырдағы империализмінен неге бас тартты – өйткені ол өзінің империясын Азия мен Африка бөліктерінен емес, Еуропаның қақ ортасынан құрағысы келді. 1939 жылға дейін ірі демократиялық мемлекеттер «кейбір келіссөздер және белгілі себептер нацистердің, Италия фашистерінің және Жапония соғысқұмарларының дұшпандық пиғылын бәсеңсітеді» деп үміттенді. Бұл үміт ақталмады. Тараудың екінші бөлімінде дүниежүзілік соғысты Германия Польшаға басып кірген 1939 жылдың қыркүйек айынан бастап, Американың ұшақтары Хиросима мен Нагасакиге бомба тастап, Жапонияны сөзсіз тізе бүгуге итермелеген 1945 жылдың тамызына дейінгі уақыт аралығын зерттейміз. Сондай-ақ соғысқа араласқан негізгі әлеуметтік, технологиялық, экологиялық оқиғаларды да талдаймыз. Тараудың соңғы бөлімі соғыстан кейінгі оқиғаларға бағытталады, мүдделер қақтығысынан дүниежүзі есін жия бастаған бес жыл суреттеледі. Соғыс аяқтала бастаған уақытта Құрама Штаттар мен Кеңес Одағы арасындағы қарым-қатынас бірін-бірі айыптау мен сенімсіздікке дейін өршіді. Отар империялары бар Еуропа мемлекеттері әдеттегі бизнеске қайта оралудан үміттене алмады. Африка мен Азияда соғыстың аяқталуы жаңа үкіметтерден халықтың ерік-жігерінің қалауын орындаумен және шетелдік қанауды тоқтатуды талап етумен басталған еді. 26.1-КАРТА. 1941 жыл басындағы неміс, жапон, итальян империялары және тәуелді мемлекеттер Территориялық басқыншылық арқылы гитлерлік коалиция қандай ресурстар мен стратегиялық артықшылықтарға қол жеткізді? Соғыс кезеңіндегі империялар қандай материалдық-техникалық мәселелермен бетпе-бет келді?

Империя құру және жаһандық дағдарыс ОЙЛАН: 1930 жылдары авторитарлық, әсіреұлтшыл мемлекеттер күш жинауда жетістікке қалай жетті? Кейбір тарихшылар Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғысты біріктіріп, «ХХ ғасырдағы Отыз жылдық соғыс» деп, Еуропада 1600 жылы болған қақтығыс атауымен байланыстырады. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл соғысаралық жылдар ұзаққа созылған жаһандық текетірестен ада, тыныштық орнаған кезең болды. 1939–1945 жылдар аралығында адам өлімі жаппай көбейді. 1914 және 1939 жылдардағы соғыс қылмыскерлері әр нәрсені көкседі. Бірінші дүниежүзілік соғыста қарсыластар картаны түбегейлі қайта сызуды емес, Еуропадағы күш теңгерімін өзгертуді мақсат етті. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі онжылдықта Германия мен Жапония кіріккен қатыгез империялық шытырман оқиғалар Бірінші дүниежүзілік соғыста одан әрі шиеленісіп, қандай да бір әскер ие болғысы келген жерлер туралы арман әлдеқайда ұлғайды. Соғысаралық онжылдықтардағы мемлекеттер секілді, Германия, Жапония және Италия елдері либералды үкіметтерін авторитарлық билікке ауыстырды. Олар көппартиялық демократия мен коммунизм үшін де бірдей деңгейде белсенді ұлтшылдықты, милитаризмді және жек көруді ашық насихаттай отырып, саяси ауқымда әсіреоңшыл бағытқа ауысты. Үш мемлекет те «жаулап алу – ұлттың бұдан былайғы уақытта тіршілік етуі үшін маңызды» деп санады және бағынушы адамдардың ресурстары мен еңбек күшін жарым-жартылай қолдану арқылы экономикалық биікке көтерілеміз деп ақталды. 1930 жылдардың соңында олар бір-бірімен бірқатар келісімшарт жасасты, 1940 жылы Ось елдері (Axіs; фашистік коалиция; нацистік коалиция) деген атпен белгілі үшжақты гитлерлік коалицияға айналды.

Күншығыс империясы

Бірінші дүниежүзілік соғыстан жиырма жыл өткеннен кейін, дәл ортасында жарқырап тұрған қызыл шеңбері бар Жапония туы индустриялық мүмкіндігі мол, халқының мерейін өсіріп, дамып келе жатқан мемлекет үстінен желбіреп тұрды. Алайда мемлекет шетелдік ресурстарға, әсіресе аралдарда жоқ мұнайға тәуелді еді. Айнымас ұлтшылдар үшін Жапония 1895–1910 жылдары басып алған бірқатар Мұхит аралдары және Оңтүстік Маньчжурия, Корея, Тайвань елдерінен тысқары жерлерге де экономика саласындағы үстемдігін орнатты не болмаса дүниежүзінде индустриялық мемлекеттер ішіндегі ықпалы төмендегенін мойындады.

1930 жылдан 1932 жылға (25-тарауды қараңыз) дейін Жапония қатты зардап шеккен Ұлы депрессияда, әсіресе Қытайға қарсы әскер аттандыру талаптары ашықтан-ашық айтыла бастады. Әлеуметтік күйзеліс, қоғамдағы кісі өлтіру және төңкеріс жасауға ұмтылу секілді әрекеттер – саяси фракциялардың, әсіресе әсіреұлтшыл әскери офицерлердің ұлттық заң шығарушы органдағы бақылауын күшейтті. 1931 жылдың қыркүйегінде Маньчжурияның оңтүстігінің бір бөлігіне бақылау орнатып келген әскер жасақтары Қытай ұлттық күштерін құрсаулай отырып, сол аймақты толық ауқымда басып алуға кірісті. Жапония Маньчжурияда Маньчжоу-го деп аталатын қуыршақ мемлекет орнатып, аймақтағы аса көп мөлшердегі көмір, темір, алтын және өзге де химиялық ресурстарды өндіре бастады. Еуропада Ұлттар Лигасы бұл басқыншылыққа бірден наразылық танытқанымен, іс жүзінде ешбір әрекет жасаған жоқ.

1932 жылдан кейін Жапония аса көп көлемдегі мемлекет қаражатын индустрия мен қарулануға жұмсай отырып, депрессиядан шықты, ал ел көшбасшылары әсіреұлтшылдық сенімді «империя мен мемлекетке шын берілу» деп жариялап, батыстық либерализмнен бас тартты, жапон нәсілдік артықшылығын мақұлдады. Бұл режим әлеуметтік қызмет түрлерін жақсартты, алайда социалистер, коммунистерді және феминистік топтарды тұншықтырып, демократияға жақын институттардың барлығын басып-жаншыды. Еуропа фашизміне жылы қабақ таныта отырып, жаңа көшбасшылар әйелдерді отансүйгіш ана және дауыс беру құқығын қажет етпейтін, үй шаруасын басқаратын жан ретінде дәріптеді. Олар сондай-ақ бүкіл Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияны қамтитын алып экономикалық аймақтағы Жапонияның басымдығын елестетті. Білім министрі жасаған кітапшаға сәйкес, аймақ Жапонияның «күріш алқабы» болуы үшін жаралған1.

Шанхайдағы қақтығыс. Жапон солдаттары 1937 жылы қала ішінде соғысып келеді. Бұл басқыншылық ұлттық және коммунистік күштер арасындағы азамат соғысынан күйзелген Қытайдың жағдайын қиындатты. Жапон армиясының Маньчжурияны жаулап алғаннан кейін Қытай жерінің көп бөлігін басып алуына қандай факторлар итермеледі?

Маньчжуриядағы оп-оңай жеңіс Жапонияның көп аймақты басып аламыз деген сенімін оятты. 1937 жылы жер және әуе күштері Маньчжурия арқылы Қытайдың солтүстігін басып алуға ұмтылды. Ел президенті Чан Кайши мен Қытайдың ұлттық әскері тайсалмай шайқасты, алайда мұның алдында алты жыл коммунистермен және өзге де ішкі жаулармен күрескен олар әбден әлсіреп қалған еді. Басқыншылық барысындағы қатыгездік дүниежүзі халқының зәресін ұшырды. Әсіресе ұлтшылдар астанасы Нанкиндегі шабуыл көптің есінде қалды. Мұнда жапон әскері он мыңдаған халықты қырып, жас демей, кәрі демей, әйелдерді зорлады. 1939 жылға қарай миллион жапон солдаты Қытайдың солтүстігі мен орталығындағы қалалардың басым бөлігін бақылауда ұстады. Алайда олар елдегі ауыл тұрғындарының шамамен 60 пайызына билік ете алмады. Ұстанымдары үйлеспейтін ұлтшылдар мен коммунистік күштер бұл көтерілісті бірге жалғастырды.

Нацистік мемлекет

Жапония Азияда империя құру арманына қол созғанда, Адольф Гитлер мен Нацистік партия Германияны Еуропадағы көрнекті мемлекетке айналдыру үшін әрекет етті. Гитлер 1933 жылдың қаңтар айында, үрейлі экономикалық депрессия кезінде Германияның канцлері болды, бұл оған парламентті таратып, төтенше билікті иеленуіне мүмкіндік берген еді (25-тарауды қараңыз). Ол билікте болған он екі жыл ішінде заң шығарушы билікті қайта шақырған емес. 1934 жылдың тамызында ол фюрер, яғни көсем деген атақ алып, 1919 жылдан бері салтанат құрған Германия Республикасын жойды. Ел бейресми түрде Үшінші Рейх немесе Үшінші Империя ретінде таныла бастады да, ертеректе танылған Германияның империялық айбынының мұрагері ретінде әрекет етті. Сол кезеңдегі өзге де авторитарлық көшбасшылар секілді, Гитлер өзін «ұлттық рух пен ұлт тағдырына жауапты тұлғамын» деп есептеді.

Италия фашизмін құрмет тұтушы Гитлер тоталитарлық режимді Бенито Муссолиниге қарағанда анағұрлым мәңгілік және озбыр етіп орнықтыру үшін үш жылға жуық уақытын арнады. Ол коммунизмді жек көргенімен, бюрократтардың, информаторлардың мемлекетін, құпия полиция (гестапо) және ақсүйек әскери жасақтарының (Шутцилтаффель немесе СС) аппаратын құру арқылы Кеңес Одағындағы Иосиф Сталинге еліктеді. Биліктегі алғашқы алты ай ішінде нацистік режим отыз мың саяси қарсыласын түрмеге қамап, өзгелерін тыныштықты бұзушы ретінде қудалады. Гитлер гестапо мен СС агенттеріне әскер офицерлерін, саясаткерлерді, ежелгі бәсекелестерді, тіпті жолдан тайған Нацистік партия мүшелерін де тұтқындауды және жазалауды бұйырды.

Нацистік нәсілдік армандар. Гитлер жаһандық көзқарастарын тұтқында отырған 1924 жылы «Менің күресім» («Meіn Kampf») атты бейберекет жазылған, ыза-кекке толы, жартылай ғұмырбаяндық еңбегінде суреттейді. Марксистер үшін тарих әлеуметтік таптар күресімен өрістейді. Гитлер өткен шақ пен болашақтың кілті – нәсілдер қақтығысында деп білді. Бұл қақтығыс «арийлер» (батылдығы мен зиялылығы жоғары мифтік нәсілдік топ) адамзаттың өзге барлық төменгі үлгілеріне үстемдік етуге қол жеткізгенде аяқталады. Гитлер арийлер деп жариялаған неміс халқы (volk) немесе ұлты нәсілдік ақауы бар халықтармен араласудан, осылайша бүлінуден қайткен күнде де сақтануға тиіс. Нәсілдік араласу сөзсіз «физикалық және интеллектуалды» тұрғыдан құлдыратады2. Ол көптеген еуропалықты арийлер қатарына алуға жол бермеді, әсіресе еврейлерді, сығандарды, сондай-ақ поляктарды, чехтарды, орыстарды және өзге славян халықтарын арий бола алмайды деп есептеді. Ал африкалықтар мен азиялықтарды қатарға мүлде қоспады. Белгілі бір сәтте ол Ұлыбританияның қол астындағы миллиондаған қара өңді халықтарға таңданды, олардың өзін-өзі басқаруға қол жеткізуі туралы идеяға мысқылдай қарады. Үнді халықтарының мәселесін қарастырғанда, бұрын айтқанындай, бәрін айқын шешу керек, мүмкіндігінше «Гандиді ату керек және бұл оларды тыныштандырмаса, Конгрестегі (үнді халқының) жетекші мүшелерінің бәрін атып тастау керек; тіпті бұл да жеткіліксіз болса, олардың екі жүзін ату керек және тәртіп орныққанша осылай жалғаса бергені жөн»3.

Антисемиттік тысқары пікір соғысаралық жылдардағы Еуропа үшін қалыпты жағдай еді. Гитлер «еврейлер неміс халқына үлкен қауіп төндіреді» деді. «Еврейлердің жеке ұлты да, туған жері де жоқ, олар өзгелердің қоғамына кірігіп, соларды кенедей сорып отыр» деп мәлімдеді ол. Олардың интеллектуалдық және психологиялық кемшіліктері – сараңдық, қулық, әділетсіздік. Осы нацистік жаңсақ пікірге сәйкес, олар социалистерді, либералдарды, сараң капиталистерді, коммунистерді іздесе, міндетті түрде араларында еврейлер бар деп сенді.

1933 жылдың басында-ақ Нацистік партия жарамсыздардан ұлтты тазалау шараларын қолға алды. Оларды түрмеге қамап, қудалап, зарарсыздандырды, медициналық көмектен қақты, эвтаназия немесе жазалау әдістерін қолданды. Маскүнемдер, феминистер, гомосексуалдар, ақыл-есі кем жандар және нацистік режимге құлай берілмеген кез келген адам қудаланды. Еврейлерді оқшаулау жобасы 1935 жылы Нюрнберг заңы жариялануымен бірге жүйелі түрде жолға қойылды. Бұл заң актілері оларды Германия азаматтығынан айырып, еврейден өзге ұлттармен отбасы құруға тыйым салып, ар-ожданына нұқсан келтірер түрлі әдіспен қудалады. Белгілі бір топтардың өміріне жасалған мұндай қатаң кедергілер «нацистік мемлекет іс жүзінде әр адамды бақылап, тәртіпке шақырып отыр» деген үрей туғызды. Бірте-бірте мектептер мен шіркеулерден бастап, газеттер мен әлеуметтік клубтарға дейінгі барлық қоғамдық институттар нацистік қатаң бақылауда болды. «Жеке тұлғаның азаматтық құқығы, – деп жазды Гитлер, – нәсілді сақтау міндетіне келгенде шектеледі»4. Италия фашистері секілді, нацистік көшбасшы да әйелдердің бостандығын «мемлекетке қызмет ету еркіндігі және мүмкіндігінше көп жас арийді дүниеге әкелу» деп анықтады.

Мінсіз арий отбасы. Нацистік дәуірге тән бұл сурет отбасы өмірін ауылшаруашылықта табанды еңбек еткен жандарды табиғатпен байланыстыра дәріптейді. Бұл постер ана мен ауыр еңбек салтанатының өзге де нацистік үгіт-насихатымен бірге таратылды. Ананың баланы емізу үшін иығын жалаңаштағанына назар аударыңыз. Осы постер арқылы нацистік үкімет немістерге не дегісі келді деп ойлайсыз?

Бет қаратпас авторитаризміне қарамастан, нацистік үкімет халық қолдауына ие болды, әсіресе қалалық орта тап арасында беделі өсе берді. Мемлекеттік шығындарды ұлғайта отырып, Германия депрессиядан әлдеқайда тез арылды. 1938 жылға қарай Германиядағы жұмыссыздық бір пайыздан төменге түсті. Мемлекет азаматтарды баспанамен қамтамасыз етіп, бала күту және медициналық қызмет секілді әлеуметтік жеңілдіктер ұсынды. Гитлер ауыр өнеркәсіпті жандандырып, қару-жарақ өндіру Бірінші дүниежүзілік соғыс келісімшартын бұзса да, металлургия, химия және қару-жарақ зауыттарын жария түрде қаржыландырды. Консервативті бизнес көшбасшылары мен алып корпорацияларды ықпалдастыруда ол толығымен фашистік Италияның ізімен жүрді. Оның сүйікті мемлекеттік жобаларының бірі – тұңғыш әлемдік жолдар желісі – автобан еді. Ол сондай-ақ жұмысшы азаматтар үшін Ford «Model T» көлігіне ұқсас, шағын, бағасы үнемді неміс автомобилін жасау үшін Фердинанд Поршемен бірге жұмыс істеді. Порше 1935 жылы «Volkswagen» немесе «халықтық көліктің» басқаша үлгісін жасады, алайда бірқатар немістер бұл «Beetles» – битлдарды соғыстан кейін иеленді.

Муссолини мен Сталин секілді, Гитлер де ұлттық нығаю мен еркіндікке «халықаралық сауда мен кооперация жүйесіне мүше болмау арқылы автаркияға жетеміз» деп сенді. Ол Германияны Ұлттар Лигасынан шығарып алды және Ұлыбритания мен Францияға Бірінші дүниежүзілік соғыс репарацияларын төлеуді тоқтатты. Германияны алып экономикалық қуат блогының орталығы ретінде елестеткен ол өз агенттеріне Орталық және Шығыс Еуропадағы біршама әлсіз мемлекеттерді немістер үшін ыңғайлы шарттар бойынша минералдар мен ауылшаруашылық өнімдерін жеткізіп беру туралы коммерциялық келісімшарттарға қол қоюға көндіруді немесе мәжбүр етуді тапсырды.

Нацистік империя құрылысы. Гитлер саяси мансабы басталғаннан бері аймақты тұтас жаулап алу арқылы ғана Германияның байырғы дәуреніне ораламыз деп уағыздады. «Жер бетіндегі үлкен кеңістік қана, – деп мәлімдеді ол, – ұлт еркіндігіне кепілдік береді»5. Неміс ұлты не өзінің «өмір сүру кеңістігін» (lebensraum – неміс тілінде) ұлғайтуы керек, не нәсілі бұзылған өзге топтарға құл болуға тиіс деген идея нацистік идеологияның негізгі принципіне айналды. Режимнің шұғыл жобасының мақсаты – Орталық және Шығыс Еуропаның түрлі аймақтарында ғасырлар бойы көшіп жүрген миллиондармен бірге немістілді барлық халықты унитарлық герман мемлекетінің қол астына біріктіру болатын. Гитлер Шығыс Еуропа мен Ресейге «Неміс халқына қажет жер» ретінде, Орал тауларына дейінгі барлық жолды кеңейте отырып, қоныстану мен басып алудың ұлы межесі деп көз тікті6. Үшінші Рейх билігі кезінде славян халықтары алып еңбек күшінің негізгі қорына айналады. Барлық еврейлерді қосқанда, әлсіз және жағымсыз адамдар Еуразияның қиырындағы ішкі өлкелерге қудаланады немесе жойылады. Шығыстағы жеңіс жолының бойында Рейх іс жүзінде Ресей коммунистік мемлекетін құртып, Германия Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегідей қарсылас күштер ортасында қалмауын қамтамасыз етеді.

Император Хайле Селассие Ұлттар Лигасына өтініш айтып тұр. 1936 жыл. Эфиопия императорының халықаралық қауымдастықты Италия басқыншылығына қарсы тұруға көмекке шақырған сөзі жауапсыз қалды. Ірі мемлекеттердің ешқайсысы да Эфиопияға неге көмектеспеді деп ойлайсыз?

1930 жылдардың соңына қарай не Кеңес Одағы, не Батыс демократиялық мемлекеттері Гитлердің империялық армандарын елеп-ескермеді. Батыс мемлекеттері Гитлердің алғашқы қадамдарына бөгет жасай алмады. Өйткені ол өз империясын жүйелі қадаммен құрды. Батыс басқыншылықтың әрбір әрекетіне наразылық танытқанымен, Германия бұдан да сорақы қадамға бара қоймас деген үмітпен нацистік талаптарға көз жұма қарады. 1936 жылы Гитлер 1919 жылдан бері қарусызданған, Германияның индустриялық дамыған бай өлкесі Рейнландқа әскер жіберді. 1938 жылғы наурызда басым бөлігі неміс тілінде сөйлейтін Австрияны «Аса ұлы неміс рейхына» қосылуына келісуге мәжбүрледі. Шамамен осы уақыт аралығында неміс азшылығына зәбір көрсетті деп айыптап, өз аумағының басым бөлігін Германияға беруді Чехословакиядан талап етті. 1938 жылдың қыркүйегінде ол Мюнхенде Еуропа елдерінің басшыларымен кездесті, шағын славян мемлекетіне Германияның соғыс ашуын Франция мен Ұлыбритания қаламады да, жай ғана бақылау орнатуға келісті. Ұлыбритания премьер-министрі Невилл Чемберлен: «Мюнхен конференциясы «Біздің замандағы бейбітшілікке» қол жеткізді», – деп мәлімдеді. Алайда алты ай өткен соң нацистер жергілікті фашистік көшбасшылармен бірлесіп, Чехословакияның қалған бөлігі мен Солтүстік-Шығыс Еуропадағы Литваның бір бөлігін бақылауына алды.

Италияның шетелдердегі басқыншылығы

1922 жылы Италияда билікке ие болған Бенито Муссолини өзін ежелгі Рим мұрагері ретінде елестетіп, «ұлттық ниеттестік шетелдік басқыншылықты талап етеді» деп мәлімдеді. ХІХ ғасыр соңында Жерорта теңізі маңындағы Ливияны, сондай-ақ Эритрея мен Африканың солтүстік-шығысындағы Сомали жерін басып алған Италия еуропалық импералистік толқынында орташа рөлге ие болды. Италия әскері 1896 жылы Эфиопияға басып кірді, алайда жеңіліп, ұятқа қалды (23-тарауды қараңыз). 1935 жылы моторлы транспортты, танкті, ұшақты тізгіндеген және халықаралық заңдарды аттап өтіп, улы газдармен жабдықталған құралдары бар 100 мыңдық итальян сарбазы Эфиопияға қайта басып кірді. Эфиоп әскері тайсалмай шайқасқанымен, бейбіт тұрғындарға бейберекет шабуыл жасау, жаппай өлтіру мен бомбалаудан көп адамынан айырылды. Эфиопия императоры Хайле Селассие (1930–1974 жылдары билік құрды) Ұлттар Лигасынан көмек сұрады: «Қару-жарақ сатып алу үшін бірнеше мәрте қаржылай жәрдем беруін өтіндім. Үнемі көмек көрсетуден бас тартты. Ендеше іс жүзіндегі ұжымдық қауіпсіздік деген не?»7. Лига бұл басқыншылықты сынға алғаннан өзге әрекет жасамады. 1931 жылы Маньчжуриядағы секілді жағдай қайталанып, Эфиопияға одан артық көмек көрсете алмады. 1939 жылы Гитлердің Чехословакияға шабуылынан кейін, Муссолини де Балқан түбегіндегі шағын ғана монархия – Албанияны жеңетініне сенімді болғандықтан, басып кірді. Ұлыбритания да, Франция да оны тоқтатуға тырысқан жоқ.

Испаниядағы фашистік диктатура

1936–1939 жылдар аралығында Испания 400 мыңнан 1 миллионға дейін адам өліміне себеп болған сұрапыл азамат соғысынан зардап шекті. 1930 жылдардағы Испания оңшылдар мен солшылдар арасындағы еуропалық идеологиялық шайқастың микроәлемі еді. 1931 жылы республикалық үкімет билікті өз қолына алды. Алайда ауылдағы кедейшілік пен төмен жалақы алатын қала жұмысшыларының өзекті мәселелерін толық шешіп бере алған жоқ. 1936 жылы либералдардың, социалистердің, коммунистер мен аймақтық сепаратистердің әлсіз бірлестігі саяси оңшылдардың Халықтық майданын құра отырып, парламент сайлауында жеңіске жетті. Бір ай ішінде генерал Франсиско Франко (1938–1973 жылдары өкілеттілігін атқарды) және өзге де оңшыл әскери офицерлер мемлекеттік төңкеріс (coup d’état) жасауға, оны азамат соғысына ұластыруға тырысты. Испания азамат соғысы да отарлық аспектіге ие болды, өйткені Франко әу бастан өз әрекетін Испания 1921 жылдан бері билік етіп келе жатқан Марокконың солтүстік бөлігіне негіздеді.

Үшжылдық соғыс коммунистері басым солшыл коалицияны әскери адамдары, жер иеленушілері, жартылай әскери фашистері және Испан католик шіркеуінің өте консервативті иерархиясы бар әсіреұлтшыл одағына қарсы қойды. Франко ұлтшыл прагматизмнен гөрі фашистік доктринаға бүйрегі бұрса да, дүниежүзінің қалған бөлігі соғысты саяси оңшылдар мен солшылдардың арасындағы ауқымды күрес деп қабылдады. Сталин республикашылдар тарапына кеңестік көмек жіберді. Бұл күреске арасында Авраам Линкольннің бригадасы бар Құрама Штаттардан келген қырық мың солшыл шетелдік ерікті де қосылды, олардың көпшілігі шайқаста қаза тапты. Ұлтшылдар жағында Франко Германия әуе эскадронынан көмек алды, ол республикашылдардың қолындағы аймақтарды бомбалады. Республикашылардың жеңісі коммунистердің үстемдігіне алып келеді деп қауіптеніп, Ұлыбритания мен Франция герман басқыншылығын ауыздықтауға көмектесуден бас тартты. 1939 жылғы Франконың жеңісі Чехословакияға ғана соққы болумен тынбады, сонымен қатар Ұлыбритания мен Францияны бұдан әрі нацистік басқыншылыққа қарсы тұруды ойлануға мәжбүрледі.

Ең ұлы соғыс

ОЙЛАН: ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Екінші дүниежүзілік соғысты қандай факторлар түсіндіріп бере алады?

Вермахт немесе неміс әскері Польшаға 1939 жылы қыркүйек айының алғашқы күні басып кірді, бұл еуропалық соғыстың өрбуін жеделдетті. Осы уақыттан 1942 жылдың ортасына қарай нацистік империя Арктика тундрасынан бастап, Солтүстік Африка Сахарасына дейін және Францияның Атлант мұхиты жағалауынан бастап, Қара теңізге дейін аса үлкен ауқымда өсті. Осы басқыншылықпен қатар Жапония күштері Қытайдың үлкен бөлігінде, бүкіл Оңтүстік-Шығыс Азия мен бірқатар Мұхит аралдарында басымдыққа ие болды. 1942 жылы ғана Құрама Штаттар, Ресей және Ұлыбритания бастаған мемлекеттер одағы гитлерлік коалицияға қарсы шықты. Осыдан кейін құрлықтағы және су бетіндегі шайқастар жалғасып, екі тараптан да солдаттар мен бейбіт тұрғындар өлім құшты, қаза тапқандардың жалпы саны он миллионға дейін жетті. Бұл тарауда әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салалардағы өзгерістерді, соғыстың жалпы көрінісін қарастырамыз.

Гитлерлік коалиция жеңіске жеткен кезең, 1939–1942 жылдар

1940–1942 жылдары белгілі бір деңгейде ақпараттанған сарапшылар соғыс Гитлердің жеңісімен аяқталады деп болжады. Германия мен одақтас мемлекеттер Еуропаның төрттен үш бөлігінен көп жерге бақылау орнатты. Швеция, Швейцария, Испания, Португалия және Ирландия бейтарап саясат ұстанса да, бұл мемлекеттердің Ирландиядан өзгесі үнемі нацистік қысым астында болды. Неміс күштері Францияны басып алғаннан кейін, оның кішкене бөлігіне билігін жүргізген Виши (vee-SHEE) қуыршақ режимін орнатты, ол фашистік коалиция мүшелеріне Францияның Солтүстік және Батыс Африкадағы және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы отарларын билеуіне рұқсат берді. Батыс Еуропада Ұлыбритания ғана соғысты жалғастырды. Ал Шығыста Жапония 1942 жылға қарай дүниежүзі бұрын-соңды көрмеген, Германиядан да ауқымды, ең үлкен империяны құрды. Бұл империяның теңіз қақпасын Жапон әскери-теңіз күштері күзетті.

Шығыс Азия мен Польшадағы соғыс. Еуропа мен Қытайдың солтүстік-батыс шекараларындағы айқас негізгі соғыстың басталғанынан хабар берді. 1939 жылдың тамыз айында Ұлыбритания мен Францияны түңілтіп, Германия Кеңес Одағымен шабуыл жасамау туралы пактіге қол қойды. Келісім аясында соғыс бола қалған жағдайда Польша мен Шығыс Еуропаның өзге де елдерін екі держава бөліп алатыны туралы уағдаластық та жасалды. Халықаралық коммунистік қозғалыс көшбасшысы Сталин нағыз антикоммунист Гитлермен ортақ мақсатта бірікті. Бұл іс қалай жүзеге асады? Сталин Гитлердің Ресей аумағына қатысты жоспарын өте жақсы білді, алайда оған уақыт ұттыру керек болды. Ол миллиондаған жауынгерлерді жинай алатын еді, алайда Шығыс Еуропаға шүйліккен Вермахт (қарулы күштер) жасақтарымен салыстырғанда Кеңес әскері өте нашар қаруланған еді. Оның үстіне, 1930 жылдың соңына қарай Сталин нақты және болжалды саяси жауларды түбірімен жою үшін әскер офицерлері мен коммунистік партия қызметкерлеріне тазалау жүргізген болатын. Тазалау офицер корпусының анағұрлым жоғары шенділерін сыпырып-сиырып, бүкіл қолбасшылық құрылымды үйіндіге тастады. Германиямен прагматикалық одақтастық құра отырып, Сталин Қызыл әскерді адал бағыныштылардың жаңа құрамымен қайта жасақтауды, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалтқан Шығыс Еуропадағы жерлерін қайтаруды мақсат тұтты, ал Ұлыбритания және Франциямен соғыстан Германия өзін-өзі құртып тынады деп күтті. Бұл келісім Гитлер үшін де уақыт ұзартты. Ол ұзақ уақыт бойы Шығысты басып алып, ең әуелі Франция мен Ұлыбританиядағы дұшпанның көзін жоямын деп үміттенді. Ол бұл жоспарға қысқа уақыт ішінде жетемін, ал содан кейін басқыншылық жасамау туралы пакт болса да, болмаса да Ресейге басып кіремін деп ойлады.

Нацистік-кеңестік пакт, 1939 жыл. Лондонның «Evenіng Standard» басылымында жарияланған бұл карикатура Польшаны өзара бөліскеннен кейін орнатқан шекара бойымен Сталин мен Гитлердің қыдырып жүргенін бейнелейді. Карикатурашылар Германия мен Кеңес Одағының арасындағы бұл альянсты қалай көрсетті? Келісімшарттың ұзаққа созылмайтынын қандай детальдардан аңғаруға болады?

Жапонияда нацистік-кеңестік пакт бірінші кезекті империялық міндеттерді түбегейлі қайта қарастыруға себеп болды. Жапония мен Ресей 1905 жылы соғысқан болатын (24-тарауды қараңыз) және олар Солтүстік-Шығыс Азияға ықпал ету үшін бақталас болып қала берді. 1939 жыл басынан бері екі мемлекет арасында – Маньчжурия мен Кеңес өкіметінің қорғауындағы Моңғолия арасында шекара бойында жарияланбаған дүркін-дүркін соғыстар өтті. Тамыз айының соңында Ресей әскері шешуші жеңіс туын желбіретті. Нәтижесінде қос мемлекет көшбасшылары Токиода Ресеймен қарым-қатынасты қалпына келтіріп, Солтүстік-Шығыс Азиядағы әскери операцияларды Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Нидерланд, Франция және Ұлыбритания отарларына қайта бағыттап, шығындарын қысқартуға мәжбүр болды. Гитлер Жапония осындай қадам жасайды деп күткен еді.

Вермахт Польшаға 1939 жылы қыркүйекте басып кірді, мемлекет алдын ала қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін білгендіктен, олар батыс тараптан басқыншылық жасады. Польшадағы көтеріліске қарамастан, нацистік күштер мемлекеттің батыстағы үштен бір бөлігін тез арада басып алды, бұл уақытта КСРО дивизиялары жоспарға сәйкес шығыстағы провинцияларға басып кірді. Шайқас аяқталғанда Гитлердің үгіт-насихат жөніндегі басшысы Йозеф Геббельс Польша халқына қатысты нацистік пиғылды түсіндіріп берді. «Олар түгелдей жабайы, ақымақ және толық қалыптаспаған... Фюрер поляктарды сіңіріп алғысы келмейді… Бұл ұлттың өркениеті назар салуға тұрғысыз»8, – деп жазды ол. Осы көзқарасқа сүйенген басқыншылар поляк бейбіт тұрғындарын талғап-талдамастан қырды, ауылдарды өртеп, зиялыларын өлтіріп, мүгедектерді зеңбірекпен атқылап, неміс қоныстанушылары үшін орын дайындау мақсатында бірнеше жүз еврей мен өзгелерді Польшаның орталығынан шалғай жерлерге қуды. Шығыс аймақтарға Кеңес Одағының басқыншылары басып кіргеннен кейін бір ай ішінде одан да көп адам өлтірілді немесе қамауға алынды. Мысалы, 1940 жылы Катынь орманында шамамен 22 мың поляк әскери офицері мен қарапайым халықты қырып тастады.

Батыс Еуропаның тізе бүгуі. Вермахт Польшаны басып алғаннан кейін, Ұлыбритания мен Францияға соғыс жариялады, алайда екеуінің де батысқа жылжып келе жатқан Гитлерді тоқтатуға жеткілікті жаяу әскері жоқ еді. 1940 жылдың сәуір–маусымында әуе күштерінің (Лютваффе) қолдауымен Германияның механикаландырылған жасақтары Дания, Норвегия, Нидерланд, Люксембург, Бельгия және Францияны бірінен кейін бірін басып алды. Маусымның ортасына қарай, нацистік свастика Париж аспанында желбіреп тұрды. Екі майданда бірдей шегінген британ және француз әскерлері Францияның солтүстік жағалауындағы Дюнкеркке жиналды, мұнда қауіпсіздік үшін Ла-Манш арқылы 338 мың әскерді тасымалдау үшін асығыс ұйымдасқан, сапырылысқан теңіз кемелері жиналды. Аспандағы қою бұлт немістердің әуе шабуылын тежеді. «Лютваффені нашар ауа райы тежеп тұр», – деп әскер штабының бастығы шағымданды: «сансыз жау мұрнымыздың астынан Англияның оң жағына жеткенін бақылап, шетте тұруға мәжбүрміз»9. Ұлыбританияда аман қалған француз әскерлері Шарль де Голльдің (1890–1970) жетекшілігімен Азат Франция ұйымын құрды.

Бұл аралықта неміс әскерлері Батыс Еуропа арқылы Жерорта теңізі жағалауы мен Испания шекарасына дейін жетті. Гитлер жаулап алған аймақтардың басым бөлігін тікелей Үшінші Рейхтің иелігіне өткізуге ниетті болды. Алайда ол Виши шағын қаласынан бастап, Францияның оңтүстіктегі провинцияларына жетекшілік еткен, Бірінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы, маршал Филипп Петен басқарған коллаборациялық 71үкіметке рұқсат берді. Батыс Еуропадағы соғыс аяқталғандай болды. Миллиондаған еуропалық соғыстың тез біткеніне қуанып, Гитлердің жеңісі қандай нәтижеге жетелерін күтті. Германияда туып, Румынияда тұратын тілші Рози Вальдек 1940 жылы жазда қоғам назарын өзіне аударды: «Францияның құлауы жиырма жылдық демократияның сәтсіз қадамы емес пе? Жұмыссыздық, инфляция, дефляция, еңбекшілер толқуы, париялық өзімшілдік кемерінен асып-тасып, халықтың төзімін тауысты... Гитлер, Еуропа сезді, ақылды бала болды – жағымсыз, бірақ ақылды... оның жолын да байқап көрелік»10, – деп жазды. Алайда миллиондар Гитлерді жақтырмады және әрбір жеңілген мемлекетте қарсылық қозғалыстары, саботаж, бірте-бірте партизандық соғыстар пайда болды, алайда бұл қарсылықтар, негізінен, шашыраңқы, бір-бірімен байланыссыз жүріп жатты.

Ұлыбританияда премьер-министр Уинстон Черчилль (1874–1965) Еуропа құрлығындағы бейбітшілікті Германия үстемдігіне айырбастаудан бас тартты. Англияға басып кіруге дайындығы жеткіліксіз Гитлер мемлекетті тізе бүктіру үшін әуеден жаппай бомбалауға бұйрық берді. Корольдік әуе күштерінің атқылаушы ұшақтары мемлекетті жанталаса қорғады, ал британ ғалымдары жау ұшақтарының ізіне түсіп, тосқауыл жасау үшін радиолокация технологиясын жетілдірді. Ұлыбританияның әуе шайқасы 1940–1941 жылдың күзі мен қысына ұласты. Люфтваффе әуе күштері он мыңдаған өртегіш және жарылатын бомбаларды Британия зауыттары, қалалары, айлақтары мен кемелеріне тастады. Германия зауыттары басқасын жасап үлгергенше, Люфтваффе әуе күштерінің атқылаушы ұшақтарын Британ корольдік әуе күштері оқтың астына алды. Нәтижесінде Ресейді жеңгеннен кейін, Ұлыбританияны қолға алатынына сенімді болған Гитлер басқыншылық жоспарын тоқтатты. Бомбалау Ұлыбритания экономикасын біршама қалжыратып, әлсіреткенімен, аздаған үзілістен соң Біріккен корольдік қалпына келе бастады.

Атлантикадағы соғыс. Ұлыбритания мен Германия арасындағы соғыс басталғаны сол еді, олардың әскери-теңіз күштері Солтүстік теңіз бен Оңтүстік Атлантикада қақтығысты бастап кетті. Францияны басып алу кезінде Германия мұхит маңындағы жаңа айлақтарды иеленді. Оның су бетіндегі әскери-теңіз күштері Ұлыбританияға қарағанда анағұрлым шағын болды, алайда сүңгуірлері немесе U-сүңгуірлері Атлант мұхитын кезіп жүрді. 1940 жылдың қазан–желтоқсан айларында Германия әскери-теңіз кемелері 700 мыңнан аса британ теңіз жүктерін суға батырды. Су бетіндегі соғыс Еуропадағы дағдарысты Құрама Штаттарға дейін жеткізді. Ұлыбритания Солтүстік Америкадан әкелген азық-түлік пен соғыс материалдарына өте мұқтаж болғанымен, Құрама Штаттарда тараптардың кез келгеніне көмектесуге тыйым салатын бейтараптық заңы бар еді. АҚШ Конгресі арада жиырма үш жыл өткен соң тағы бір үлкен соғысқа араласқысы келмеді. Франклин Рузвельттің әкімшілігі Ұлыбритания күйресе, осы уақытта Жапония басқыншылығымен Тынық мұхитта бетпе-бет келген Құрама Штаттардың әскери-теңіз күштері Солтүстік Атлантикада Германиядан жеңіледі деген сенімде болды. Қоғам тарапынан да Рузвельттің пікірі қолдау тапты және 1941 жылғы наурызда Конгресс Ленд-Лиз бағдарламасын қабылдады. Бағдарлама бойынша АҚШ Ұлыбританияға, кейін Ресейге әскери көмек ретінде миллиард доллар ұсынды. Келер жылғы жазда әскери-теңіз күштері Атлант мұхиты арқылы Исландияға дейінгі аумақты айдауылдармен күзетті. Қазан айына қарай бір-біріне ресми соғыс жарияламаса да, Америка мен Германия кемелері бірін-бірі атқылады.

Кеңес Одағындағы сұрапыл соғыс. 1941 жылы 22 маусымда неміс әскерінің үш ірі тобы бір уақытта Кеңес Одағына басып кірген кезде, нацистік-кеңестік агрессия жасамау туралы пакті бірден күшін жойды. Сталин бұл жаңалықты шошына қарсы алды. Одан кейінгі он жеті ай ішінде Вермахт КСРО жеріне жүз мильге дендеп енді. Гитлер жеңетініне сенімді болды, өйткені оның әскері осы уақытқа дейін Югославия мен Грекияны басып алып, Венгрия, Румыния және Болгарияға фашистік коалицияға қосылуы үшін қысым көрсетіп жатқан болатын. Бұған қоса нацистердің нәсілдік тұжырымы Ресейдің қарсылығына ешбір мүмкіндік қалдырмады. Германияның әскери нұсқаулығында «Зейінсіз (ессіз)» славян жауынгерлері туралы айтылды, олар жайлы «жақсы жабдықталған, жақсы басқарылатын күшке қарсы шешуші қарсылыққа шығуға қауқарсыз»11, – деп жарияланды. Гитлер жоғарғы басшылыққа «Ресейге шабуыл сұрапыл соғыс болады» деді.

1941 жылдың маусым–желтоқсан айларында Германия әскері Кеңес Одағының батыс қорғанысын басып алып, әуе күштерін талқандап, жүз мыңдаған тұтқынды қамауға алды. Әскер шабуыл жасап жатқандықтан, олар тазақанды нәсіл үшін тұрғын жайларды тазалаумен айналысты. Вермахт мыңдаған ауылды өртеп, коммунистік партия көшбасшылары мен өзге де бейбіт тұрғындарды атты немесе дарға асты, мыңдаған жасты Германияға – құлдардың еңбек лагеріне аттандырды. Нацистік режим Кеңес Одағының екі миллион соғыс тұтқынын аштық пен суықтан өлтірді. Басқыншылар, әсіресе ауылды жерлерде еврейлерді қоршауға алды немесе өлтірді, мұндағы аяусыз және ауқымды қатыгездіктер қаулап өсті. Бірқатар украин және өзге де орыс емес аз ұлттар сталиндік озбырлықтан құтқарушы ретінде алғашында немістерге құшағын ашты. Нацистік офицерлер бұл топтармен серіктесудің орнына, «халық арасында бүлікке деген кез келген ерік-жігерді басу үшін осындай зорлық-зомбылықты тарату керек»12, – деген Гитлердің бұйрығына сүйенді.

Алты ай шабуыл кезінде Германия бүкіл Батыс Еуропадағы салтанат шеруін қайталай алмайтыны белгілі болды. 1941 жылдың шілдесінде Сталин «КСРО Ұлы Отан соғысына кірісті» деп жариялады. Осы ұлттық ұранмен рухтанған Қызыл әскер мен партизандық топтар Германия шебінде әрекетке көшті. Желтоқсанда кеңестік күштер Мәскеуге ұмтылған Вермахты тоқтатты. 1942 жылдың басында Гитлер Кавказ аймағындағы мұнай бұрғыларын басып алу үшін Ресейдің оңтүстігіне аса ауқымды шабуыл жасауға бұйрық берді. Алайда бұл шабуыл неміс әскерлерін қамтамасыз ету базаларын мүлде жұтатып жіберді.

Отан үшін, намыс үшін, еркіндік үшін! Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Кеңес плакаттары бейбіт тұрғындарды «Ұлы Отан соғысын» қолдауға үгіттеді. Бұл плакаттағы қандай ерекшеліктер халықты соғыс қимылдарына итермеледі?

Империалистік гүлдену кезеңіндегі Жапония. 1941 жылдың аяғында Гонконг, Малайзия, Сингапур, Индонезия, Филиппин және Гавайдағы Перл-Харборда орналасқан Америка әскери-теңіз күштеріне Жапония шабуыл жасаған кезде, соғыс Оңтүстік-Шығыс Азияны шарпыды. Германияның Батыс Еуропадағы тамсандырар табысы Жапонияға Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мұнай, каучук, қалайы, күріш және өзге де маңызды тауарлардың негізгі қорын ұсынатын аймақ – британ, француз және нидерланд отарларына шабуыл жасауға зор мүмкіндік берді. Токиодағы көшбасшылар «Ендігі жерде бұл аймақтардағы халық Жапония билеушілерімен бірге, азиялық бауырластық рухында жұмыс істеуі ықтимал, Ұлы Шығыс Азия бірлескен гүлдену аймағы саяси-экономикалық одағының бір бөлігіне айналады» деп жариялады. Жапонияның соғыс кезіндегі ресурс пен жұмыс күшіне мұқтаждығы жаппай қуғын-сүргінге ұласып, «бірлескен гүлдену» ұсынған барлық жобаны жоққа шығарды.

Гитлерлік коалиция жеңісінің жылдары

1939 жыл

Нацистік-кеңестік шабуыл жасамау туралы пакт.

Германия Польшаға басып кірді.

1940 жыл

Германия құрлықтағы Батыс Еуропаны басып алды.

Ұлыбританияны әуеден бомбалады.

1941 жыл

Германия басқыншылары Кеңес Одағында.

Жапонияның Оңтүстік-Шығыс Азия мен Тынық мұхитқа экспансиясы; Перл-Харборды шабуылдауы.

Италия шабуылдары сәтсіздікке ұшырады.

Жапонияның сөзсіз жеңіс стратегиясы Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияда әрекетке көшуге бағытталды. Құрама Штаттардың соғысқа араласуы бұл стратегияға кедергі келтірді. Жапония премьер-министрі Тодзио Хидэки 1941 жылғы жағдайды былай бағалады: «Екі жылдан кейін әскери мақсатта қолданатын мұнай таппаймыз; кемелер қозғалысын тоқтатады… Екі немесе үш жылдан кейін жеріміз тарыла берсе, үшінші сатыдағы ұлтқа айналамыз ба деп қорқамын»13. Құрама Штаттар өкіметі әскери-теңіз күштері өркендеп тұрған уақытта Жапониямен соғыс жағдайына жақындады. 1941 жылы президент Франклин Д. Рузвельт мұнай және өзге де стратегиялық тауарлардың саудасына эмбарго72 жариялады. Ресми Токио америкалықтар билейтін Филиппинмен бірге Оңтүстік-Шығыс Азияны бұл жағдайдан аман алып шығу үшін Американың Тынық мұхиттағы флотын атқылап, Перл-Харборға әуеден шабуыл жасауға кірісті.

Перл-Харбордан кейінгі алты айда Жапонияның әуе шабуылдары табысты болды. Шамамен 130 мың британдық, австралиялық және үнді әскері Гонконг, Малайзия және Сингапурда тізе бүкті. Индонезияда Нидерланд бірден жеңілді және одан кейін архипелагтағы мұнай мен каучук тек қана Жапонияның соғыс индустриясына құйылды. АҚШ-та қоғамның басым бөлігі Рузвельттің соғысқа араласуын қолдағанымен, Тынық мұхит флотындағы қауіп-қатер шұғыл әскери жауап беруге кедергі болды. Азиядағы одақтасының қолдауымен Гитлер Құрама Штаттарға соғыс жариялады. Уақыт өте келе Құрама Штаттар Ұлыбританиямен бірге Еуропа қақтығысына араласты. Уинстон Черчилль АҚШ Германиямен соғысқа кіріскенде «жастығыма бас қойдым, бейқам және бейкүнә кейіппен ұйқыға кеттім»14, – деп еске алды.

Италияның алғашқы сәтсіздіктері. Гитлердің одақтасы Муссолини нацистер Батыс Еуропаны қолына алды деп сенген тұста Ұлыбритания мен Францияға қарсы соғыс ашты. Италия әскері Албания арқылы Грекияға, Ливия арқылы Батыс Мысырға өршелене шабуылдап, жеке басқыншылық науқанын бастады. Алайда оның генералдары екі науқанда да сәтсіздікке ұшырап, кейін шегінді. Италия аз уақытта Эфиопиядағы отарынан айырылды. 1941 жыл басында эфиоп күрескерлерінің коалициясы, британдық Африка отарларының ұйымдары, Конго әскерлері, ақ және қара нәсілді оңтүстікафрикалықтар Италия армиясын Эфиопия, Эритрея және Сомалидан қуып шықты. Жеті жылға жетер-жетпес уақыт айдауда жүргеннен кейін император Хайле Селассие тағына қайта отырды.

Коллаборацияшыл (collaboratіonіst) – күші басым шетелдік жаулармен ынтымақтас­қан жеке тұлғалар, топтар немесе үкімет.

Эмбарго – саудаға қатысты енгізілген құқықтық шектеулер немесе тыйым салу.

Қарсы шабуыл кезеңі, 1942–1945 жылдар

Германия да, Жапония да ұзақ уақытқа созылған соғыс дүниежүзіндегі ресурстарды иемденіп келген мемлекеттердің қарсылығын тудыратынын түсінді. Кеңес Одағы күйреуге тиіс еді, Ұлыбританияның намысын аяққа таптаймыз деді. Құрама Штаттардың қарсылығынан соң, Германия мен Жапония аймақтық империяларды оңай иемдене алмайтынын ұқты. Зорлық-зомбылыққа толы үш жылдан кейін Гитлерлік коалиция бұл нысандардың бірде-біріне қол жеткізбеді.

Гитлер Еуропада «жаңа тәртіп» орнатуға ұмтылды, кей адамдар оны экономикалық дамуды бөлісу жоспары деп түсінді. Алайда Германия жетекшілігіндегі «ұлттар отбасы» жайлы Гитлер мүлде ойына да алмады. Нацистік офицерлер соғыс қимылдарын қолдау үшін еңбек күші мен Еуропадағы ресурстарды жер-жерде аяусыз өндіруге кірісті. Нацистік билік ең болмағанда саяси тұрақтылық пен экономикалық қайта құрылым орнатуы мүмкін деген үміт жылдам сөнді. Жапон күштері де Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бейбіт тұрғындарды өлтіріп, түрмеге қамап, еңбек күшін аяусыз қолданып, еркіндік мүмкіндігін шектеді. Еуропа отарлаушыларының орнын басқан олардың әрекеті анағұрлым қатыгез болды.

Гитлердің Кеңес Одағын тез күйрете алмауы Сталинге еңбек күші мен ресурстарды Ресей орталығында шоғырландыруға уақыт берді. Қызыл әскер мен миллиондаған жұмысшы неміс бомбалаушыларының оғы жетпеген Еуразияның ішкі өлкелеріне өндірістік кәсіпорындарын орналастыру үшін теміржол және жүк көліктері арқылы көшті. Сталин халықтың отансүйгіштік сезімін тап басып, Кеңес Одағы тұрғындарын сұрапыл соғысқа шақырды. Ол Ресейдің қиырдағы ішкі өлкелеріндегі миллиондарды соғысқа тартты, тіпті бай-кулак тұтқындарды да зеңбірек жемі ретінде соғысқа айдады. Неміс әскері жаяу шайқас алаңындағы Қызыл әскер жауынгерлерін оп-оңай қырып жібере алмады.

Черчилль мен Рузвельт коммунизмді жақтырмағаны секілді, Сталин де капиталистік демократияны жек көрді, алайда бұл үш көшбасшы ортақ басқыншыға қарсы «Гитлерге қарсы одақ» («Grand Allіance»; Үлкен Альянс) құру үшін бір-біріне деген жеккөрінішін жасыра тұруға тура келді. 1942 жылдан Құрама Штаттар, негізінен, солтүстіктегі орыс айлақтары немесе 1941 жылдың ортасында КСРО және Британ күштері бірлесе басып алған Иран арқылы Қызыл әскерге қажет құрал-жабдықтардың аса үлкен көлемін жіберді. Алғашқы кезеңде бұл Одаққа он төрт мемлекет қосылды, олардың тоғызы, араларында Бельгия, Польша және Нидерланд та бар, қуғындағы үкімет еді. Қысқасын айтқанда, Германия мен Жапония ұлғайып келе жатқан жау коалициясымен бетпе-бет келді (26.2-картаны қараңыз).

26.2-КАРТА. Гитлерге қарсы одақ және гитлерлік коалиция мемлекеттері. 1943 жылдың ортасы

1941 жылдың басынан 1943 жылдың ортасына дейін гитлерлік коалиция басып алған аймақтардағы өзгерістерді сипаттаңыз. Осы сәтте соғыста бейтарап мемлекеттер неліктен аз болды деп ойлайсыздар?

Мұнай үшін майдан. Британия басқаратын мұнай саласын қорғау үшін осы одақтастар Иранға (ондағы ұлтшылдардың наразылығына қарамастан) кірді. Отын қуатын іздеу, қақтығыстың созылуы «Гитлерге қарсы одақ» пен гитлерлік коалиция арасындағы ресурстар айырмашылығының ұлғайып бара жатқанын көрсетті. Зауыттар, кемелер, танкілер, ұшақтар аса үлкен ауқымда жанар-жағар май тұтынды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қарағанда бұл іштен жану қозғалтқышының соғысы болды. Құрама Штаттар синтетикалық каучук, гидрокарбонды өнімдер жасау үшін қажет мұнай мен көмірдің аса үлкен қорына ие болды. АҚШ мұнай компаниялары 1943 жылдың жазынан бастап, Техастан шығыстағы жағалау айлақтарына дейін жер үстімен таза әрі шикі мұнайды жеткізген екі құбыр – Үлкен Инч пен Кіші Инч жолын тартты. Бұл жобалар U-сүңгуірлердің шабуылына әлсіз танкерлерге деген тәуелділікті қысқартты. Ұлыбритания компаниялары тез арада Таяу Шығыстағы мұнай өндірісін ұлғайтты. 1932 жылы Британ билігіндегі мандаттан тәуелсіз конституциялық монархияға айналған Иракта немістерді жақтайтын ұлтшылдар 1941 жылғы сәуірде билікті басып алды. Алайда Ұлыбритания және Үнді әскерлері тез арада бұл режимді құлатып, Ирактың мұнай бұрғылау өндірісін одақтастардың қолына ұстатты.

Соғыс созыла бастағандықтан, гитлерлік коалиция күштері үшін мұнай мәселесі ушыға берді. Вермахт жанармайды көксегенімен, Германияның өзінде мұнай өндірілмеді. Нацистердің қорғауындағы мемлекет – Румынияның мұнай саласы армияның негізгі шикізат көзіне айналды. 1943 жылдың ортасында «Гитлерге қарсы одақ» ұшақтары Румынияның мұнай өндіретін зауыттарын бомба астына алды және Германияның Ресейге шабуылы Кавказдағы мұнай қорларына жетіп үлгермеді. Жапония да мұнайға кедей мемлекет болатын. Ол Индонезияның мұнай бұрғылары мен зауыттарын басып алды, 1944 жылдан кейін «Гитлерге қарсы одақ» әскери-теңіз күштерінің шабуылы Жапония айлақтарына дейінгі ұзақ танкер жолдарын жиі-жиі жауып тастай берді.

Шайқастың бетбұрысты кезеңі. 1942 жылдың ортасынан бастап, 1944 жылдың маусымы аралығында «Гитлерге қарсы одақ» Францияға басып кіргеннен кейін оқ ату қуаты өзгерді. Америкалық жаңа ұшақ тасымалдаушылар мен шабуылдаушы кемелер Тынық мұхиттың орталығына ауысты. АҚШ пен Жапонияның тасымалдаушы кемелеріне орналасқан ұшақтар 1942 жылғы сәуірде Австралияның солтүстік-шығысындағы Коралл теңізінде соғыс қимылдарын жүргізді. Келесі айдағы Мидуэй шайқасында Америка флоты Жапонияның Тынық мұхиттағы шабуылын тоқтатып, төрт тасымалдаушыны жойды. Осы оқиғадан кейін жапон командирлері бір ай бұрын ғана иелігіне алған Тынық мұхиттағы алып шекараны қорғауға көшті. Бір аралдан кейін бір аралға билік орнату үшін сұрапыл шайқас үш жылдан аса уақыт бойы жалғасты.

Солтүстік Африка 1940 жылдан бастап 1943 жылдың ортасына дейін соғыс алаңына айналды. Франция тізе бүккен соң, Жерорта теңізінің бүкіл оңтүстік жағалауы мен Египеттің батысы гитлерлік коалиция жеріне айналды. Италия Ливияны биледі және Виши үкіметінің шенділері Тунис, Алжир және Мароккодағы Франция отарлық үкіметтерін басқарды. 1941 жылдың басында генерал Эрвин Роммель басқарған Германия армиясы сыртта жатқан Египет пен Таяу Шығыс мұнай саласын басып аламын деген батыл ниетпен Солтүстік Африкаға жетті. Британияның 40 жылдық билігінен кейін Египет 1922 жылы конституциялық монархияға айналды, дегенмен Ұлыбритания Суэц каналы аймағында орналасқан гарнизондағы құқығын сақтап қалды. Сәйкесінше, Британия, Австралия және Жаңа Зеландия әскері ел ішінде сапырылысып жүрді. Шегінген, шабуылдаған соғыс Ливия мен Египеттің батысындағы шөлдерде екі жылға уақыт бойы тоқтамады. 1942 жылдың қазан айында Аламейндегі жеңістен кейін шабуылды «Гитлерге қарсы одақ» қолға алды және жанармайдан тарыққан гитлерлік коалиция Туниске шегінді. Келесі айда Америка, Британия және Азат Франция армиясы Марокко мен Алжирге орналасты, Виши үкіметін құлатып, шығысқа ығыстырды. Солтүстік Африкадағы шайқас 1943 жылдың мамыр айында, гитлерлік коалицияның ширек миллион әскері Тунистің солтүстігінде берілген уақытта аяқталды. Осыдан кейін Альянс жасақтары Италияға шабуылдады.

Британдық солдаттар Палестинадағы мұнай құбырын күзетуде. 1941 жыл. Бұл мұнай құбырын Ирактан Палестинаның Жерорта теңізіндегі Хайфа айлағына жеткізді. Екінші дүниежүзілік соғыста Хайфа айлағы неге аса зор стратегиялық маңызға ие болды?

Солтүстік Африкадағы соғыс аяқтала салысымен, Қызыл әскер Ресейдің ішкі өлкесіндегі неміс шабуылын тоқтатты. 1942–1943 жылдары қыс ортасында екі миллионнан аса неміс және орыс жауынгерлері Кавказдан келетін мұнайды Ресейдің орталығына ағылуын бақылайтын индустриялық және коммуникациялық орталық – Сталинград қаласын қолға түсіру үшін шайқасты. Немістің Алтыншы армиясы 1942 жылдың қарашасында қаланың басым бөлігіне шабуылдап, Батыстан келетін жабдықтау заттарына ұзақ уақыт үміт артты. Басқыншылар денені сірестірер суықтан және бомбаланған қала орталығындағы қоян-қолтық ұрыстан бірдей зардап шекті. «Менің қолым түкке жарамайды, – деп жазады неміс солдаты, – сол қолымда шынашағым жоқ және – одан да жаманы, оң қолымдағы үш ортаңғы саусағым үсіп кетті... шынашағымның мықтық атуға әрең шамасы келеді»15. Генерал Георгий Жуков бастаған Ресей танктері мен жаяу әскері бірте-бірте қала маңына топтасып, ақырында неміс армиясын қоршап алды, 1943 жылдың ақпан айында оларды берілуге мәжбүрледі. Қызыл әскер тарапынан шамамен 110 мың сарбаз қаза тапты, жараланды, хабар-ошарсыз кетті және тұтқынға түсті; 40 мың бейбіт тұрғын өлді. Гитлерлік коалиция тарапынан адам шығыны 800 мыңнан асып жығылды.

Сталинград Нацистік империяның шығыстағы шектеуіне айналды, осы жеңілістен кейін ол Кавказдағы мұнай саласын қолға түсіруден үміт үзді. Соғыс қимылдары Орталық Ресейге ойысты, алайда шілде айында Курскте Кеңес әскері дүниежүзі тарихындағы аса зор танк шайқасында неміс шабуылына тойтарыс берді, бұл басқыншыларды үнемі қорғануға мәжбүр етті. Осы айда «Гитлерге қарсы одақ» әскері Сицилия мен Тунис аралығындағы жүз миль ендіктегі бұғазды кесіп өтіп, Италияны азат етуді бастады. Бұл жетістіктер Еуропаның нацистер билейтін бөлігіндегі партизандық қарсылық қозғалыстарына үміт отын жақты. Мысалы, Югославияда коммунист көшбасшы Тито партизан әскерін жасақтап, неміс басқыншыларына қарсы соққы берді. 1944 жылға қарай оның командирлері елдің басым бөлігін бақылауында ұстады.

Үшжақты Қытай соғысы. Қытай халқы бір мезгілде азамат соғысы мен ұлт-азаттық күресте шайқасты. 1937–1939 жылдары жапондар Шығыс Қытайдағы қалаларды, өндіріс орындары мен транспорт желілерін басып алды. Чан Кайши сол уақытта ұлттық әскер мен үкіметті жапон құрлық әскерінен қауіпсіз, шалғайдағы ішкі өлкелерге көшірді. «Гитлерге қарсы одақ» ұлтшылдарға Гималайдың Үндістан жағындағы «төбесі» арқылы ғана қару-жарақ, жабдық және кеңесшілерді әуеден тастап көмек берді. Ұлтшыл көшбасшылар өздері үшін де күрделі мәселе тауып алды. Олар шаруаларды пайдалану үшін жер иеленушілермен одақтасты, әскерге шақырылған сарбаздарды құл секілді сатып алып, сатты және жапондармен заңсыз, жасырын саудаға көз жұма қарады.

Сол аралықта Мао Цзедун бастаған коммунистік күштер жеке қорғаныс пункттерінде Жапониямен шайқасты. 1927 жылы Чан Кайши Қытай коммунистік партиясын құрту науқанын бастап, табысқа жеткендей еді (25-тарауды қараңыз). Алайда 1934–1935 жылдары Мао Цзедун Оңтүстік-Шығыс Қытайдан солтүстік-батыстағы қауіпсіз тылға дейін, әйгілі Ұзақ Марш атанған сапар – 6000 миль шақырым жолға шамамен 20 мың сарбазды бастап шықты. 1921 жылы Қытай коммунистік партиясының негізін қалаған ол басқа жолдастарымен салыстырғанда, шаруаларды революцияға шоғырландыру мақсатында қалалық жұмысшы ұйымдар жұмысын тоқтатты. Маркстік-лениндік ілімге жаңа бетбұрыс енгізе отырып, ол коммунистік кадрлар қалалық пролетариаттарды ғана емес, ауыр еңбектегі шаруаларды да бастап, үйретуге тиіс деп санады. 1927 жылы «Демократиялық революция жетістігін он балмен өлшесек, онда қала тұрғындары мен әскери ұйымдар табысы тек үш балға жетеді, ал қалған жеті балл ауылдық жерде революция жасағаны үшін шаруаларға берілуге тиіс... Ол ауылдық жердегі революциялық көтерілу толқыны болуы керек»16, – деген Мао мен оның лейтенанттары жерді бөлуде, мектеп салуда және әйелдер үшін жетекші позицияларды ашуда ұлтшылдарға қарағанда анағұрлым ықпалды екенін дәлелдеді. Олар жапондармен соғысу үшін шаруалар күшін жинауда да ұлтшылдарды басып озды.

Шын мәнінде, Екінші дүниежүзілік соғыс үш бағыттағы күреске айналды, коммунистер, ұлтшылдар және жапондар бір-бірімен соғысты. 1941 жылы Чан Кайши коммунистік әскерді шабуылдауға бұйрық берді және осыдан кейін екі тараптың серіктестігі жойылды. «Гитлерге қарсы одақ» кеңесшілерінің ашуын тудырғаны – Чан Кайши коммунистер ұзақмерзімді келешекте анағұрлым үлкен қауіп тудырады деп ойлап, Қызыл әскердің мықты жаттыққан жасағының Қытай аумағы арқылы өтіп, жапондармен соғысуына қарсы шықты. 1944 жылғы бір барлаушының қызметтік хатында Чан Кайши былай деп хабарлайды: «Америкалықтар, жапондарды әйтеуір бір жеңерсіздер... Ал мен Мао Цзедунға Азат Қытай арқылы үгіт-насихатын таратуға рұқсат берсем, үлкен қатерге тап боламыз. Онда, сіздер – америкалықтар – ешкімді де жеңе алмайсыздар»17. Өз кезегінде коммунист партизандар ауқымды ауылды жерлерде билікті басып алды, мұнда жапон қызметкерлері болмағандықтан тиімді гарнизон қызметін жүргізе алмады. Іс жүзінде, қытай ұлтшылдары мен коммунистері бірігіп, бүкіл жапон әскерінің 40 пайызын шырмап тастады.

Қоршаудағы гитлерлік коалиция империялары. 1943 жылдың көктемінен бастап, 1945 жылдың жазына дейін «Гитлерге қарсы одақ» күштері гитлерлік коалиция империяларын тізе бүктірді. Италия фашистік режимі бірінші болып жеңілді. «Гитлерге қарсы одақ» Сицилияға басып кірген уақытта, 1943 жылдың ортасында италиялықтардың көпшілігі соғысты аяқтағысы келді. Гитлер Италияға әскер жіберді, мұнда соғыс қимылдары тағы екі жыл жалғасты. «Гитлерге қарсы одақ» Римге дейін жол бойы соғысып, кейін Альпі тауларына беттеді. 1945 жылдың сәуірінде Италия партизандары Муссолиниді қолға түсіріп, оны өлім жазасына кесті.

Сталингард шайқасынан кейін Қызыл әскер жеңімпаздар сапына шықты. Бұл жеңіс арқылы кеңес күштері Германияның шығыстағы басқыншылығын тоқтатты. 1943 жылы ақпан айында түсірген бұл суретте қандай элементтер мерекені білдіреді? Қандай элементтер жеңіс Кеңес елі үшін тым қымбатқа түскенін көрсетеді?

Су бетіндегі және әуедегі соғыста «Гитлерге қарсы одақ» бірте-бірте басымдыққа қол жеткізді. Солтүстік Атлант мұхитында Германия U-сүңгуірлерінің шабуылы 1943 жылдың басында әлсіреді, теңіз соғыс қимылдарындағы бірқатар инновациялар жоспарды бұзды. Радар су бетіндегі жау кемесін тауып алады, қашықтықты анықтағыш сүңгуірлерді табу үшін дыбыс толқындарын қолданды және ауызекі тілде «хаф-даф» («huff-duff») деген атпен белгілі «HF/DF» электр құралы U-сүңгуір қайықтарының радио тарату көздерін анықтау үшін пайдаланылды. «Гитлерге қарсы одақ» 1942 жылдың көктемінде Ұлыбританияны Люфтваффе әуе күштері бомбалағанда көздеген мақсатын өздеріне қайталап, жау халқының үрейін ұшырып, рухын түсіру үшін Германияны ірі ауқымда бомбалады. Германияның ұшақ жасайтын зауыттары эскадрилья шығындарының орнын толтырып үлгермеді және 1944 жылдың сәуір айында «Гитлерге қарсы одақ» әуеде де толық үстемдікке ие болды.

1943 жылдың жазынан Қызыл әскер Германия бағытында батысқа қарай жеңісті шабуылдар жасады. Батыста «Гитлерге қарсы одақ» қолбасшылары 1944 жылдың 6 маусымында немістер бекінген Францияға әуе шабуылын бастамас бұрын, Англияның оңтүстігінде аса зор армаданы жинап алғанша күтті. Маусым–тамыз айларында Нормандиядағы және одан кейін болған шайқаста екі тараптан да шамамен 425 мың адам өлді, жараланды, іс-түзсіз жоғалды. «Гитлерге қарсы одақ» Парижді 25 тамызда азат етті. Батыс Германияға шабуыл шамамен тағы бір жылға созылды. Нацистер билеген Орталық Еуропаға Америка мен Ұлыбритания жасақтарынан Ресей күштерінің біршама ертерек жетуіне уақыты болды. Германияға ең соңғы әуе шабуылы 1945 жылғы қыста жасалды. Немістің әскери және өнеркәсіптік нысандарын стратегиялық бомбалау жеткілікті дәрежеде шығынға ұшыратпайтынын білгеннен кейін, Ұлыбритания әуе күштері Германияның бірқатар ірі қалаларын аяусыз бомбалады. Бұл соққылар КСРО шабуылын қолдады және сәуір айына қарай Қызыл әскер Берлинді қоршап алды. 30 сәуірде Гитлер Берлиндегі бункерінде өз-өзіне қол жұмсады және бір апта өткеннен кейін, құрылғанына 12 жыл болған Үшінші Рейхт өмірін аяқтап, Германия бас қолбасшылығы берілді.

Хиросимада анасы ұлының таңғышын түзеп жатыр. 1945 жыл, қазан. Ұлы да, анасы да атом бомбасынан зардап шекті. Олар уақытша госпитальға айналған банк ғимарат еденінде жатыр. Тірі қалғандарды ғимарат арасынан шығарып алу да қиындық туғызды. Сондықтан жаралылардың көпшілігі көз жұмды. Соғыста бейбіт тұрғындардың опат болуы қалыпты болса да, әсіресе осы секілді суреттер дүниежүзі халқының жүрегін неліктен ауыртады?

ҚАРСЫ ШАБУЫЛ ЖЫЛДАРЫ

1942 жыл

АҚШ соғысқа кірісті.

Тынық мұхиттағы Мидуэй үшін шайқас.

1943 жыл

«Гитлерге қарсы одақ» Солтүстік Африкада жеңіске жетіп, Италияға басып кірді.

Сталинград шайқасындағы Кеңес Одағының жеңісі; Қызыл әскердің Батысқа шабуылы.

1944 жыл

«Гитлерге қарсы одақ» Нормандиядағы шайқаста жеңіске жетті.

Парижді азат етті.

«Гитлерге қарсы одақ» Бельгиядағы Арденнер орманында неміс шабуылын тоқтатты.

1945 жыл

Тынық мұхиттағы Иво Дзимад үшін шайқас.

Муссолини өлім жазасына кесілді.

Черчилль, Рузвельт және Сталин Кеңес Одағында, Ялтада кездесті.

Германияның берілуі.

«Гитлерге қарсы одақ» Филиппинді Жапониядан азат етті.

Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасы тасталды.

Жапонияның берілуі.

Азияда 1944 жылы «Гитлерге қарсы одақтың» сүңгуірлері жапон кемелерінің астаң-кестеңін шығарды. Жыл соңына қарай Жапонияның мұнай қоры таусыла бастады. Шілде айынан бастап, жаңаша жетілдірілген «Б-29» алыс қашықтықтан тасталатын бомбаларын Жапонияның өндірістік және халық тығыз қоныстанған орталықтарына бағыттады. Қазан айында АҚШ күштері жергілікті көтерілісшілерден қолдау тауып, Филиппинді қайтарып алу үшін партизандық шабуылдарды бастады. Еуропадағы соғыс аяқталып келе жатқандықтан, «Гитлерге қарсы одақ» күштері Жапонияның су жолдарын жауып, мыңдаған өртегіш бомбаларды Токио мен өзге қалаларға тастады. Жапония үкіметі бейбітшілік туралы келіссөз жүргізуден бас тартқандықтан, Рузвельттің өлімінен кейін 1945 жылы президент болған Гарри Трумэн (1945–1953 жылдары президент болды) 6 тамыз күні Хиросимаға, одан үш күн өткен соң Нагасакиге тұңғыш рет атом бомбасын тастауды бұйырды. 15 тамызда император Хирохито (Сёва) қайсар генералдарының қалауына қарсы шығып, Жапонияға берілуді бұйырды, осылайша «Гитлерге қарсы одақ» аралдарға басып кіру жоспары мерзімінен бұрын іске асты.

Екінші жаппай соғыс

Екінші дүниежүзілік соғысқа халық тіптен көп араласты. Орталық үкіметтер қоғам мен экономиканы мейлінше мұқият ұйымдастырып, реттеді. Қарсылас мемлекеттер бейбіт тұрғындардың рухын түсіріп, инфрақұрылымдарды қирату үшін анағұрлым көп тонна бомбаны төгіп, жарды. Бұл соғыс тарихта бұдан бұрын болған күрестердің кез келгеніне қарағанда қатыгездігімен және барынша шектен шыққан қудалауымен, басып-жаншуымен ерекшеленді. Бірінші дүниежүзілік соғыста адам шығыны 8–10 миллионға дейін жеткен еді, Екінші дүниежүзілік соғыстағы жалпы адам шығыны 22–25 миллион болды.

Мемлекеттік биліктің беки түсуі. Үкіметтер 1930–1945 жылдары көп күш жинады, көшбасшылар, біріншіден, ұлттық экономиканы тоқыраудан шығару үшін, екіншіден, тағы бір жаһандық соғыста шайқасу үшін күш салды. Германия, Италия, Жапония және КСРО-да авторитарлық үкімет орнықты. Олар ұлттық экономиканы реттеп отырды, Алайда көп мәселе туындағанын қаламады. Нацистік режим мемлекет иелігіндегі өндірістер мен қаржылық кәсіпорындар құрды. Инфляцияны қадағалау, баға мен еңбекақыны үнемі реттеу үшін нарыққа интервенция жасап отырды, тіпті қатаң қадағалады деуге де болады. Гитлердің пікірінше, «Инфляция – тәртіптің жеткіліксіздігі... Бағаның тұрақтылығын қадағалаймын. Шабуылдар да маған осы үшін қажет. Бағаны өсіргендерге қасірет жаусын… Әлі-ақ көрерсіздер!»18.

«Гитлерге қарсы одақ» тарапынан Ұлыбритания үкіметі индустриялық және ауылшаруашылық өнімдерін қолға алып, жаңа әскери өнертабыстар үшін ғалымдар мен инженерлерге мерзім белгілеп, «жеңіс бағын егіңдер» деп бүкіл халыққа азықты мөлшерлеп берді. Құрама Штаттар Перл-Харбор оқиғасынан кейін біріге бастады. Рузвельт Әскери өнім басқармасын, бірқатар мемлекеттік агенттіктер құрды, федералдық еңбекақы көлемі ұлғайды және америкалықтар алғашқы кезде табыс салығын төлеп тұрды. Үкімет пен бизнес тығыз жұмыс істей бастады, нарықтық күштер әрекет етуін жалғастырды және компаниялар табысқа кенелді.

Соғыс мемлекеттің адам құқына деген қарым-қатынасына да әр елде әртүрлі ықпал етті. Германия, Италия және Жапония соғысқа дейін бірнеше жыл бұрын жеке адамның бостандығын күрт шектеді, Сталин де адам құқықтарын, ар-ұждан бостандығын елей қоймады. Ұлыбритания мен Құрама Штаттарда бірқатар демократиялық институттар өз қызметін жалғастырғанмен, бұл елдер де тұтастық пен қауіпсіздік мүддесі үшін басылымдар мен қоғамдық пікір білдірудің өзге де формаларын шектеді. Рузвельт әкімшілігі Перл-Харбор оқиғасынан кейін бірден, шамамен 110 мың америкалық жапондарға қарсы ашық дискриминация жасады, оларға батыс штаттардағы үйлерін тастап, шалғайдағы тұқындар лагерьлеріне қоныс аударуды бұйырды. Үкімет адам құқықтары туралы заңдарды ашық бұзып, антиазиялық нәсілшілдікті құптап, соғыстан кейін де тұтқында болғандардың жоғалтқан жеке меншігі мен бизнесін қайта қалпына келтіруіне мүмкіндік бермеді.

Соғыстағы әйелдер. Соғысып жатқан барлық мемлекеттерде бейбіт тұрғындар мен қосымша көмек болмаса армия жеңіске жете алмас еді. Әрбір мемлекетте ересек ер адамдардың орнын өзге бір адам, әсіресе әйелдер басуына тура келді. Миллиондаған британдық және америкалық әйелдер ақы төленетін ерікті немесе әскери құрылымдардағы жұмысқа тартылды. Екі миллионнан аса әйел Британиядағы соғыс кезіндегі еңбек күшіне қосылды. Тағы бір миллионы әскери немесе азаматтық қорғаныс қызметінде жұмыс істеді. Құрама Штаттарда Рузвельт әкімшілігі патриоттық міндет ретінде әйелдерді жұмыс істеуге шақырды, алайда бірдей қызмет атқарса да, әйелдерге еркектерден төмен жалақы төледі. 1944 жылға қарай АҚШ жұмыс күшінің құрамында шамамен он тоғыз миллион әйел болды, олардың басым бөлігі танк, кеме, ұшақ жасап, әскери киім тігумен айналысты. «Еңбеккер Роза» («Rosіe the Rіveter») ерлік пен намыстың ұлттық символы ретінде ән мен көркемөнердің кейіпкеріне айналды.

Таң атқаннан қарайып күн батса да,

Жаңбыр жауса, аспан ашық болса да,

Тыным таппай жұмыс істер Роза да...

Тарихқа да есімі оның енеді,

Жеңіс үшін еңбектенген жеңеді.

Еңбеккер Роза...

Қабағын еш шытпайды

Ұшағымен бізге ұшып келеді.

Отбасы істері мен аналық міндетті ұлттың темірқазығы деп білетін әсіреұлтшылдық идеологияшыл неміс, итальян және жапон режимдері әйелдерді жалақы алатын жұмысқа топтап жіберуді кешеуілдетті. Нацистік көшбасшылар аз еңбекақы алатын шетелдік әскерилерді, соғыс тұтқындарын немесе Германияның индустриялық талаптарын орындау үшін, негізінен, жалшы әйел еңбегін пайдалануды дұрыс көрді. Жапон шенеуніктері әйелдерді үйде отырып, көп бала табуға шақырды, дегенмен өндіріс орындарындағы төтенше жұмыс күшінің жетіспеушілігін толтыру үшін әйелдер жұмыс істеді. Кеңес Одағында, керісінше, мемлекет соғыс жұмыстары үшін әйелдерді аса көп көлемде соғысқа тартты, өйткені коммунистік партия идеологиясы әйел немесе ер адам болса да, пролетариат мүшелеріне тең мүмкіндіктерді дәріптеді. 1943 жылға қарай әйелдер Ресей өнеркәсіптеріндегі жұмыс күшінің 55 пайыздан астамын құрады.

Ресейден өзге соғысқұмар мемлекеттерде қалыптасқан әлеуметтік дәстүр әйелдерді әскери киім киген жауынгерлік өмірден алшақ ұстады. Жапонияда әйелдер мыңдаған «көршілік ассоциациясын» құрып басқарды, бұл ұйымдар азық-түлік таратып, соғыстың борышқорлық міндеттемесін сатып, салық жинады. Құрама Штаттарда шамамен 350 мың әйел әскери қызметтерге, негізінен, әйелдердің әскери корпусында және әскери-теңіз күштерінің толқынында атсалысты. Мыңдаған әскери медбике шайқас алаңдарында жұмыс істеді, АҚШ зауыттарында жасалған жаңа әскери ұшақтардан бастап, Ұлыбританияның әуе қызметі саласында еңбек етіп, әуеде ұшты. Нацистер және Жапония жаулап алған мемлекеттерде жергілікті қарсылық қозғалыстарында жауынгер, медбике, шабарман және тыңшы ретінде әйелдер аса маңызды рөлге ие болды. Құрама Штаттарда бірнеше жүз мың әйел жаяу әскер, әскери ұшқыш, мерген және танк жүргізуші ретінде майдан даласында жүрді.

Соғыс әйелдерге бірқатар құрметті лауазым бергенімен, миллиондардың зардап шегуіне себеп болды. Барлық мемлекеттердегі әскери базалардың маңайында кейде ерікті, көбіне мәжбүрлі зинақорлық өршіді. Жапон әскерилері үшін «рақат сыйлайтын әйелдер» ретінде шамамен 200 мың корей, қытай және филиппин әйелдер мен қыздарды зинақорлық мақсатта әскерге шақырды. Немістер қарсылық әрекеттерінің ақысы ретінде шамамен он мың француз әйелін концентрациялық лагерьлерге жіберді. Олардың тек 5 пайызы ғана үйлеріне оралды. Нацистер, сондай-ақ неміске күйеуге шықса немесе олармен жақын қатынасқа барса, нәсілді бұзатын баланы дүниеге әкеледі деп, өмірге бала әкелуге қабілетті жастағы еврей, славян және өзге де жағымсыз ұлт деп есептелген әйелдерді түрмеге жабу немесе жазалау шараларын қолданып отырды.

Геноцидтік соғыс. Соғыс кезінде бейбіт тұрғындардың басым бөлігі бомба, жарылыс, ауру немесе тамақ жетіспеуінен кездейсоқ өліп кетсе, миллиондар әдейі өлтірілді. Бір топтың екіншісін жаппай қырып-жоюы немесе қуғындауы – этникалық тазалау бірнеше ғасырға созылған әлеуметтік қақтығыстар мен соғыстарда қатар жүріп отырды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әдейі жасалған қатыгездік шырқау шегіне жетті. Мысалы, Қытайдағы Нанкин бейбіт тұрғындарын 1938 жылы жапон әскері қырып-жойды; Сталин соғысқа дейін және соғыс кезінде орыс емес этникалық топтарды депортациялады; Хорватия фашистік партиясы 330 мыңнан аса православ христиан сербтерін қырғынға ұшыратты.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Ольга Лисикова: кеңестік әскери ұшқыш

Әскери ұшқыш Ольга Лисикова

1941 жылдың қазан айында әйелдерге әскери ұшақпен ұшуға рұқсат берген алғашқы мемлекет Кеңес Одағы болды. Соғыстың соңына қарай кеңес ұшқыштарының 12 пайызға жуығы әйелдер еді. Әуе күштері жалпы алғанда отыз мың әскери адам міндетін атқарған әйелдердің үш полкынан құралды. Әйелдер сондай-ақ ер адамдармен бірге аралас полктарға да қосылды.

Ольга Лисикова ер-азаматтардан құралған жасақта жалғыз әйел ұшқыш ретінде ерекшеленді. 1930 жылдардың соңында арнайы білім алған ол Аэрофлот азаматтық авиация агенттігінде ұшып жүрді. 1939–1940 жылдары Кеңес Одағы мен Финляндия арасындағы соғыста жараланған солдаттарды медициналық мекемелерге жеткізді, аяғы ауырлап, айы-күні жеткенше ұша берді. Қызы бір жасқа толар-толмас уақытта Германия Кеңес Одағына басып кірді. Лисикова жұбайымен бірге (ол да ұшқыш болатын), қыздарын туыстарына тастап, әскери қызметке аттанды. Медициналық эвакуациямен жүк тасымалдады, оған қоса, ел ішінде лауазымды тұлғаларды тасыды.

1941 жылы тамызда Лисикова ауыр жарақат алған екі сарбазды госпитальға ұшақпен алып бара жатыр еді, неміс шабуылшы ұшағы оны байқап қалады:

«Неміс шабуылшы ұшағы ізіме түскенін көріп, мендегі қызыл крест белгісін байқағанда, аңдығанын қояр деп ойладым... Алайда ол менің алдымды кесті. Өмірім соңғы секундтарға ілініп тұрғандай болды… Мұндай төтенше жағдайда адамның ақылы қалыптан тыс жұмыс істейді ғой. Шоқыны байқадым да, сол жаққа қарай бағыт түзедім. Шабуылдаушы ұшақ жіберген оқ ұшағымды жанай өтіп, өзеннің (Мста) арғы жағасына барып соғылды… Бұл жерлерде ол тік жар арасында ұшып жүрді. Тетікті басып, төмендей бердім, төмендей бердім және тура су бетінде ұшып келе жаттым... Веребье әуежайына тап болдым және хабарламастан ұшағымды қондырдым. Ұшақ тоқтаған кезде, жан-жағыма қарадым. Адамдар жан-жақтан маған қарай жүгіріп, қолдарын бұлғап, бірдеңе деп айғайлап келеді екен. Ештеңе түсінбедім. Кабинадан түсіп, айналама қарадым. Мессершмит (неміс шабуылдаушы ұшағы) жанып жатыр екен. Ол менің ұшағыма шүйіле ұшып келе жатқан еді, енді жете бергенде ұшақ құлаған екен»19.

Осы оқиғадан кейін Кеңес өкіметі Лисикованы соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл Ту» орденімен марапаттады.

Ер-азаматтардың ортасында жүріп, өзінің жынысы оған ешқашан кедергі болмайтынына көзі жетті. Бірнеше жыл өткеннен кейін соғыстағы қызметін еске ала отырып, былай дейді: «Дивизия қолбасшысы: «Ер адамның сәтсіздігі елеусіз қалуы мүмкін жағдайда, сен үнемі бақылауда боласың», – деп ескерткен еді. Сондықтан да әр ісімді ер адамдардан да мінсіз атқардым»20. Ол соғыста 280 рет әскери тапсырмамен ұшты, уақыт өте келе Қызыл әскер Бас Штабының Барлау басқармасында жұмыс істеді. Бұл жердегі міндеті – парашютшыларды жау тылына жеткізу еді. Кеңес әскеріндегі өзге әйел ұшқыштар секілді, соғыс аяқталғаннан кейін оның қызметі де ұзаққа созылған жоқ. Соңғы тапсырмамен 1946 жылы әуеге көтерілді.

Сыни пайым

Екінші дүниежүзілік соғыста кей мемлекеттер әйелдерді соғыс міндеттемелерінен шектеген тұста, Кеңес Одағының әйелдерді әскери әуе қызметіне алуына қандай факторлар итермелеуі мүмкін?

Нацистер белгілі бір адамдар тобын аса сұмдық көлемде қырып-жойды. Арийлік нәсілдің болашағына күмән келтірген барлық адамнан құтылу туралы Гитлердің аса ауқымды жоспарын орындау үшін Үшінші Рейх шамамен алты миллион еврей мен миллиондаған полякты, кеңес халқын, сығанды, гомосексуалдарды, ақыл-есі кем және мүгедек адамдарды жүйелі түрде қырып отырды. Польшаға басып кірген алғашқы алты аптада СС және өзге де нацистік ұйымдар он алты мыңнан аса адамды атып, дарға асты, олардың бес мыңдайы еврейлер еді.

1942 жылға қарай нацистік мемлекет славяндарды, әскери тұтқындар мен өзге де қылмыскерлерді бейберекет немесе шала-жансар күйде мәжбүрлі еңбек күші ретінде ұстаса, еврейлер мен сығандарды геноцидке73 ұшыратты. «Еврей мәселесіндегі» ақырғы үкімді орындау үшін нацистік билік өкілдері жаңа концентрациялық лагерьлер салып, Освенцим, Треблинка, Бельзец, Собибор және Берген-Бельсен секілді бұрынғы лагерьлерді қайда жабдықтады. Бұл лагерлердің кейбірінде тұтқын ерлерді, әйелдер мен балаларды үлкен газ камераларында өлтірді, одан кейін марқұмдардың мүрдесін не көмді, не арнайы пештерде өртеп жіберді. Нацистік өкімет шенділері бұл күрделі міндетті анағұрлым тиімді атқару жолдарын іздеп, бас қатырды. Польшадағы Треблинка жою орталығында, мысалы, лагерьдің техникалық мамандары жазасын өтеушілерді аса көп көлемде теміржол платформасынан газ камерасына дейін қырық бес минуттан да жылдам жеткізу үшін «уақыт және қозғалыс» деген әдіс ойлап тапты21. Жою тілі бюрократиялық әрі түсініксіз тілге айналды. Құрбандықтар «тасуға арналған заттар», «өңделуге жарамды», «орны алмастырылды» немесе «ерекше қарым-қатынасқа алынды» деп белгіленді. Вермахт шегінгенде, нацистік офицерлер жаулап алған аймақтан әкелген еврейлер мен өзге де қолға түскен адамдарды жинауда бар ынтасымен жұмыс істеді. Нацистер Германия тізе бүккенге дейін Еуропа еврейлерінің шамамен 65 пайызын қырып тастады, геноцидтік машина «Гитлерге қарсы одақ» әскері өлім лагерьлеріне жақындап, ондағы қызметкерлер қашып кеткеннен кейін ғана тоқтады.

Холокостқа соғыстағы барша адамның қатысы бар деуге болады, біреулері оған мақтанышпен араласты, енді бірі ерлікпен қарсы шықты. Кейбір тұтқындар газ камераларына кір деген бұйрықты бұлжытпай орындады. Өзгелері бүлік шығарды, түрмелерді өртеді, көтеріліске шықты, мысалы, 1943 жылы Варшаваның гетто (нәсілдік бөлініске ұшыраған) халқы қаһарлы, тез басып-жаншылған көтеріліске шықты. Германияда миллиондаған бейбіт халық үкіметтің қатыгез антисемитизмін үнсіз қабылдады, алайда кейбіреулері соғыс жылдары еврейлерді жасырып қалды. Румыния мен Венгриядағы фашистік үкіметтер еврейлерді өздері де қыра бастады, Болгарияда еврей қауымының 80 пайыздан астамы аман қалды, өйткені король ІІІ Борис Германиямен одақтас болса да, нацистік депортацияны қабылдамады. Ұлыбритания мен Америка үкіметтері нацистік өлім лагерьлері туралы барлау ақпараттары легінің ұлғаюына тез арада жауап бергені жайлы құжаттық дәлелдер бар. «Гитлерге қарсы одақ» өлімші халдегі тұтқындар мен тау боп үйілген мүрделермен бетпе-бет келгенде, олар бұл сұмдық азап туралы жария етті.

Жаппай өлім. Екінші дүниежүзілік соғыс Бірінші дүниежүзілік соғысқа қарағанда бір жарым жылға ұзаққа созылды және автомат винтовкалар, алыс қашықтықтағы бомбалар, жарылғыш ракеталар, атом бомбасы қуаты есебінен адам шығыны екі есе көп болды. Шайқас, ауру, аштық және арнайы ұйымдастырылған адам өлтіру 1940 жылғы 2,27 миллиард халықтың 2,6 пайызының өмірін жалмады. Кеңес Одағында 25 миллион адам опат болды, олардың үштен екісі бейбіт тұрғындар еді. 1945 жылдың басында АҚШ пен Ұлыбритания әуе күштері әскери және индустриялық нысандардан келетін шығын аз болғандықтан, Германияның бірқатар қалаларын жаппай бомбалаған еді. Өртегіш бомбалар Дрезден қаласының орталығын ойран етіп, 120–150 мың адамды, негізінен бейбіт тұрғындарды опат қылды. Хиросима мен Нагасакиге тасталған ядролық бомбалар шамамен 220 мың адамды өлтірді. Соғыс жағдайы астықтың түсіміне де ықпал етіп, аштық басталды. Мысалы, Үндістанда, 1943 жылы Бенгалияда, көрші Бирманы Жапония басып алғандықтан, күріш импорты қысқарып, екі миллион адам аштан қырылды. Сөйте тұра Ұлыбритания билеушілері ірі қалалар мен әскерге арналған азық-түлікті ол жаққа жіберуден бас тартты. Бірінші дүниежүзілік соғыстағы жағдай секілді, дүниежүзі халқы саны аштықтан азая қоймады, өйткені, орташа өмір сүру ұзақтығы (соғыстан зардап шеккен жерлердегі адамның алапат өлімін есептемегенде) туу көрсеткішімен бірге ұлғая берді. 1940–1950 жылдары дүниежүзі халқы шамамен 11 пайызға ұлғайды.

Бухенвальд концентрациялық лагеріндегі тірі қалғандар. 1945 жылы, сәуірде Германия орталығындағы бұл лагерьге АҚШ әскері кіргенде қалжыраған тұтқындар оларды қуана қарсы алды. Тұтқындардың көпшілігі соғыс кезінде аз тамақ ішу мен ашығудан өліп кетті. Әрбір тұтқынның жатын орнының қаншалықты шағын болғанына назар аударыңыз. Олардың біразы тамақ ішетін тәрелкелерін жастық ретінде қолданған. Осы секілді суреттер соғыстан кейінгі келісімшартқа ықпал етті деп ой түюге бола ма?

Геноцид – белгілі бір ұлттық, нәсілдік, этникалық немесе діни топтың өкілдерін аса көп көлемде, әдейі, мақсатты түрде өлтіру.

Шайқас далаларынан тыс соғыс

Соғыс аяқталмас бұрын елу бір мемлекет немесе қуғындағы үкімет «Гитлерге қарсы одаққа» қосылды, алайда соғыс қимылдары он сегіз мемлекет аумағында ғана болған еді. Яғни мемлекеттер шабуылдағаны немесе әскер бергені үшін ғана соғысқа араласты деуге болмайды, өйткені соғыс олардың саяси-экономикалық мүдделеріне зор ықпал етті. Жаһандық экономика мен мемлекетаралық қарым-қатынастарды түбегейлі бұзған бұл зұлмат кезінде соғыстан бірде-бір қоғам тыс қалмады.

Латын Америкасы және соғыс. Құрама Штаттар атсалысқан Атлант мұхитының батысындағы әскери-теңіз күштері арасындағы шайқастарды қоспағанда, соғыс Латын Америкасынан едәуір алыста өтті. Дегенмен бұл аймақтағы әрбір мемлекет соғыс аяқталғаннан кейін «Гитлерге қарсы одаққа» қосылды. Бразилия жаяу әскерін Италияға жіберді, Мексика Тынық мұхитта шабуылдайтын эскадрилья дайындады. Аргентина, Чили секілді бірқатар мемлекеттер жеңімпаз Құрама Штаттармен жақсы қарым-қатынас орнату үшін және Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болу үшін соғыстың соңына қарай «Гитлерге қарсы одаққа» қосылды.

Жалпы алғанда, Екінші дүниежүзілік соғыс Латын Америкасының экономикасын жақсартты. Ұлы депрессия бірқатар мемлекеттің экономикасы үшін анағұрлым маңызды шешімдер қабылдауға себеп болды және бұл үдеріс соғыс жылдарында да жалғасты. Экспорт тауарлары бағасы өсті, Құрама Штаттарда соғыс уақытында Латын Америкасынан келетін азық-түлік пен минералдарға деген қажеттілік ұлғайды. Бразилия каучугы, Куба қанты және Венесуэла мен Мексикадан келетін мұнай – барлығының да соғыста «Гитлерге қарсы одақтың» күш жинауы үшін маңызы зор болды. Латын Америкасындағы индустрия, радио, тоңазытқыш және сол заманғы қала өмірінің ерекшелігіне деген орта таптың өсіп бара жатқан сұранысын қанағаттандыру үшін өндірісті ұлғайтып, табысқа кенелді. Соғыс уақытындағы бұл өсім орта тап пен дәулеттілер үшін ғана пайдалы болды.

Отарланған халықтар және соғыс. Африка мен Азиядағы отар мемлекеттердің халқы өз қожайындарының қақтығысына еріксіз араласты. Ұлыбритания отарлары гитлерлік коалицияға қарсы күресте ресурстар, еңбек күші және әскери шеберлік арқылы маңызды үлес қосты. Немістер Парижді басып алғаннан кейін Францияның мұхиттың арғы жағындағы отарларының басым бөлігі, Солтүстік және Батыс Африкамен бірге соғыс уақытында Виши қуыршақ режимінің бақылауында болды. Францияның Орталық Африкадағы отарлары, керісінше, Чад губернаторы, Оңтүстік Америкадағы Француз Гвианасындағы африкалықтардың ұрпағы – Феликс Эбуэ (Félіx Éboué) Азат Францияға адалдығын жариялады. Сәйкесінше, 1940 жылдың соңынан Шарль де Голльдің Лондондағы кеңсесінен өзге Франция Конгосындағы Браззавильде де аймақтық базасы болды. Бельгия нацистерге тізе бүкті, алайда оның алып отары Конго гитлерлік коалицияның қолы жетпейтін мекен болып қала берді. Конголық фермерлер мен кеншілер «Гитлерге қарсы одаққа» стратегиялық материалдар жеткізіп тұрды, олардың арасында америкалық ғалымдар атом бомбасын жасауға қолданған уран да бар.

«Гитлерге қарсы одақ» мүшелеріне қарасты отар елдерден келген жауынгерлер ірі соғыс қимылдарында шайқасты. Мыңдаған үнді Бирма арқылы келетін Жапонияның басқыншылығынан Оңтүстік Азияны қорғау үшін қолдарына қару алды. Тағы мыңдаған тұрғын Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыста Ұлыбританияның қолбасшылығы астында соғысты және ол уақытта үнді офицерлеріне жоғарғы шен алуға рұқсат берді. Альянс Солтүстік Африкаға басып кіргеннен кейін француздар билейтін Марокко, Алжир және Тунистен келген жауынгерлер Германия мен Италияны азат ету науқанына атсалысты. Кейде Азат Франция қолбасшылығындағы күштердің елу пайыздан астамы африкалықтар болды.

Оңтүстік-шығыс азиялықтар Жапонияның «бірлескен гүлдену саласы» бағдарламасы көзбайлау екенін ұққан соң көтеріліске шықты. Малайзияда коммунистер мен, негізінен, үлкен көлемдегі қытай азшылығынан тұратын өзге бүлікшілер басқыншыларға қарсы партизандық шабуыл бастау үшін ауылдық базаларды ұйымдастырды. Филиппиндер таулы ормандарда осындай іс-әрекеттер ұйымдастырды. Вьетнамда ұлттық лидер Хо Ши Мин жапондық және Виши бақылауындағы француз отар үкіметіне қарсы Вьет коммунистік көтерілісін ұйымдастырды. Жапон күштері әлсірей бастағандықтан, Хо күштері Солтүстік және Орталық Вьетнамның басым бөлігін басып алды.

Соғыс және жаһандық қоршаған орта

ХХ ғасырда дүниежүзілік қоршаған орта өзгерісінің болжалды диаграммасы екі ұлы соғыс барысында күрт көтерілгенін көрсетері сөзсіз. Ол жылдары адамдар, әсіресе шұғыл экономикалық міндеттерге қол жеткізу үшін жанталасқан қарқынмен биосфераны былғады, залал келтірді. Соғысушы мемлекеттер мен жедел экономикалық өнімдерді саудалайтын мемлекеттер ауқымды жаһандық ресурстар тұтынды және аса көп қоқыс шығарды.

Соғыс қимылдары, соның ішінде әуе шабуылдары қысқамерзімді болса да, қоршаған ортаға орасан зиян келтірді. Кеңес Одағының батысы немесе Тынық мұхиттағы белгілі бір аралдар секілді қызу соғыс қимылдары жүрген жерлерде флора, фауна және топырақ бүлінді, алайда олар әскер кеткеннен кейін, бірте-бірте қайта қалпына келіп отырды. Жарылатын және өртегіш бомбалар Дрезден, Гамбург, Берлин, Варшава және Токио секілді қалаларды қиратты, бірақ соғыстан кейін ол мекендер тез арада қайта қалпына келді. Қытайда ұлтшыл күштер жапон шабуылын баяулату үшін Сары өзеннің бөгетіне бомба қойды, қасақана ұйымдастырылған оқиғадан жүз мыңдаған қытай суға батып кетті және миллиондаған акр ауылшаруашылық жерлерді су шайды. Дегенмен ол бөгет 1945 жылдан кейін бірден қалпына келтірілді.

Губернатор Феликс Эбуэ және Африкадағы соғыс қимылдары. Харлемде туып-өскен суретші Чарльз Элстонның бұл постерінде француздардың Экваторлық Африкасындағы Эбуэнің Екінші дүниежүзілік соғыста және соғыстан кейін «Гитлерге қарсы одаққа» қосқан үлесі бейнеленген. Элстон Эбуэнің қызмет жолындағы қандай аспектілеріне және неліктен айрықша назар аударды?

Соғыс кезінде бұзылған дүниенің барлығы да оңай қалпына келмегенін де айта кету керек. 1930 жылдардың соңында Еуропа мен Оңтүстік Тынық мұхитта ДДТ химиялық жәндік жойғыш солдаттарды сүзек, безгек және өзге де аурулардан қорғаған еді. Бұл қоспа топыраққа сіңіп, теңіз бен құстардың тіршілігін улады, 1960 жылға дейін жеткілікті деңгейде зерттелмеді. Жапонияда соғыс аяқталған соң улы ядролық радиация салдарынан адам өлімі жалғаса берді, 1975 жылға қарай өмірі үзілгендердің саны елу мыңға жуықтады.

Соғыс оған қатысушы мемлекеттерді әскерді тамақтандыру мен жабдықтау үшін ауылшаруашылық және индустриялық бағдарламаларын бастауға мәжбүр етті. Мемлекеттер коммерциялық азық-түлік пен талшық өндірісін тау бөктерлеріне дейін кеңейтті, нәтижесінде тропиктік Оңтүстік-Шығыс Азия секілді аймақтарда топырақ эрозияға ұшырады. Көбінесе ауыл шаруашылығымен қарқынды айналысу, соғыс кезіндегі құрылыстар үшін ағаш өнімдеріне деген сұраныстың артуы да жаһандық ормансыздану деңгейінің жылдамдауына ықпал етті. Ұлыбритания соғыс кезінде елдегі орман қорының жартысын пайдаланды22. Немістер материал алу үшін Польша мен Норвегияның алып аумақтарын тазалады. Жапонияда орманды алқапты қорғау бірнеше ғасыр бойы қолдау тауып келе жатқан, ұзақ уақытқа жалғасқан мемлекеттік саясат еді, кей өңірлерде ғасыр бойы жайқалған орман алқаптарын соғыс тып-типыл етті. Қақтығыс аяқталғаннан кейін, ормандар бірден жайқалып кете қойған жоқ, себебі оларды қайта қалпына келтіру жұмыстары ұзаққа созылды.

Деректерді САРАЛАУ

Соғыс уақытындағы үгіт-насихат

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде екі тараптағы мемлекеттер де өз азаматтарын арнайы жасалған үгіт-насихат постерлері арқылы біріктірді. Бұл постерлер пошта кеңселері, сот ғимараты секілді қоғамдық орындарда ілініп, әр алуан хабарламалар таратты. Неміс және жапон үкіметтері қатыгез немесе адам кейпі жоқ, азшылық этникалық немесе діни топтардың суретін сала отырып, өз нәсілдік үстемдігі туралы идеологияларын таратты. Америкалық және британдық постерлер Жапония мен Германияны демократия мен бостандыққа аса зор қауіп ретінде бейнеледі.

Постерлер азаматтарды әскер қатарына қосылу арқылы жеңіске жұмылуға немесе артық жұмыс істеуге шақырды. Постерлер де фильм, радиохабарлама және газеттердегі хабарландырулар секілді, азаматтарды соғыс кезіндегі өндірісті қолдауға және ресурстарды сақтап, жеткізуге үндеді. Азаматтар машина немесе киім сатып алмай, қаражатты үнемдеп, ет немесе жанармайды аз пайдаланып, қаражатын танк зауытына, жол талғамайтын көліктерге, ұшақтарға, қару-жарақ пен жауынгер киімін өндіруге жөнелтуі туралы насихаттар жүргізді. Соғыс кезіндегі постерлер солдаттарға азық-түлік шығарып беру үшін «жеңіс бағын» өсіруді азаматтардың есіне салды. Бұл екі постер патриоттық әріптестік пен қырағылық әрекет ретінде ресурстарды қауыммен бөлісуге және сақтауға шақырады. Соғыс аяқталғаннан кейін мұндай плакаттар әсіресе Құрама Штаттарда тез арада жойылды немесе тұтынушыларды тұтыну тауарларын көптеп сатып алуға шақыратын жарнамаларға орын берді.

Соғыс кезіндегі Британия постері

Соғыс кезіндегі Құрама Штаттар постері

Сыни пайым

Әрбір постер қандай ойды жеткізеді? Бұл постерлер арқылы Гитлердің көзқарасын суреттеуде оның сұлбасын қалай пайдаланды? Британдық постердегі «кемсіту» не мағынаны білдіреді? Осы секілді қарым-қатынас постерлері соғыстан кейін неге бірден жойылып кетті деп ойлайсыз? Постерлерді соғыс кезіндегі экологиялық қозғалыс элементтері ретінде сипаттай аласыздар ма? Неге? Бүгінгі таңда бұл постерлердегі ақпараттардың маңызы бар ма? Болса, қандай?

Тағдыр тәлкегі болар, соғыс кей жағдайларда қоршаған ортаны бүлінуден сақтап қалды. Соғысқа қатысқан барлық мемлекет азық-түлік, электр және жанармайды үнемдеуге тырысты. Атлант мұхитындағы балық сататын дүкендер соғыс кезінде қаңырап қалды, өйткені балық аулайтын қайықтар айлақтарда қайраңдап қалған еді. Рур алқабы мен Берлин аймағын «Гитлерге қарсы одақ» күштері бомбалағаннан кейін, қою түтін шығаратын зауыттар жұмысын тоқтатып, ауа тазарды. Дегенмен соғыстан кейін зауыттар қайта түтіндей бастады және жаңа жаһандық экономикалық өсім адамзаттың биосферада жұмыс істей жүріп, басқыншылық жасауын үдете түсті.

Соғыстан кейінгі жандану, 1945–1950 жылдар

ОЙЛАН: Екінші дүниежүзілік соғыстың ең негізгі зардаптары және соғыстан кейінгі бес жыл ішінде жаһандық саяси-экономикалық жағдайлар қалай өзгерді?

Екі бірдей ұлы соғыс аяқталғаннан кейін неше түрлі қиындық туындады. Халық қоныстарын ауыстырып, қаңғырып қалды, экономикалық және коммуникациялық жүйелер шатқаяқтап, азық-түлік пен жанар-жағар май тапшы болды, әлеуметтік тәртіпсіздіктер қаупі төнді. Мықты мемлекеттер бірден әлсіреп қалды; өзгелері жаңа күшпен қоң жинай бастады. Қауіпсіздіктің жоқтығы, кек алуға деген ұмтылыс, адам өлтіру жалғаса берді. Осының барлығы да Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, бес жыл ішінде байқалды. Дүниежүзінің қайта тұрақтануы мен қайта қалпына келтірілуі аса ауқымды міндетті көрсетті. Бұған қоса, бірқатар мемлекет басшылары дүниежүзі аз уақыт ішінде экономикалық тоқыраудың тұңғиығына қайта батуы мүмкін деп қауіптенді. Үкіметтер, кәсіпорындар және қайырымдылық ұйымдары қайта қалпына келтіру міндетін өз қолдарына алды.

Соғысқа дейінгі Еуропаның отар империялары бұрынғы қалыптарына қайта орала алмады. Жаһандық қақтығыс жаңа жағдай қалыптастырды, ХІХ ғасыр немесе одан да ерте ғасырларға тән отарлық жүйелерді сақтап қалу анағұрлым күрделірек болды. 1945–1950 жылдары Ұлыбритания, Франция және Нидерланд империяларының көлемі едәуір қысқарып, Азияда жаңа он тәуелсіз мемлекет құрылды. Корея көп ұзамай екі мемлекетке бөлінгенімен, Жапониядан тәуелсіздігін алды. Қытайда коммунистік күштер Тайваньдағы ұлттық үкіметті ығыстырып, жаңа Қытай Халық Республикасын жариялады.

Тұрақтылықты қалпына келтіру, әділдік орнату

Жалғасып жатқан жоқшылық пен зорлық-зомбылыққа қарамай, жеңіс мерекелері тойланып жатты. Бүкіл Еуропада партизандар мен ішін ыза кернеген азаматтар нацистердің жақтастарын өлім жазасына кесті, фашистік коалиция солдаттарымен жақын қатынаста болды деп айыптаған әйелдерді шешіндіріп, шаштарын тықырлап алып тастады. Нацистерден кейін, поляктардың еврейлерді жаппай өлтіріп жатқаны туралы дәйексіз хабарлар Холокостан аман қалған 200 мың адамды Шығыс Еуропаны мәңгілікке тастап кетуге ықпал етті. Алапат шайқас болған аймақтарда соғыстан кейінгі азық-түліктің жетіспеушілігінен миллиондаған адам ашқұрсақ жүрді немесе өлім құшты. 1946 жылы астық аз түсіп, елдегі ашаршылықтан екі миллионға жуық ресейлік пен украин ажал құшты. Үшінші Рейхтің үстемдігінен азаттық алған Польша мен Чехословакияда және Шығыс Еуропаның өзге де елдерінде бірнеше миллион неміс азаматы қуғынға ұшырады. Кеңес әскерінен құтылу үшін соғыс кезінде сол маңда тұрақтап қалғандарды да аяған жоқ.

ХІХ ғасырдан бері тәуелсіз мемлекеттер жазған соғысты реттеу тәртібі – Женева конвенциясында соғыс қылмыстары үшін жеке тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғаудың құқықтық негіздерін қамтамасыз етті. «Гитлерге қарсы одақ» 1945 жылы Германияның Нюрнберг қаласында халықаралық әскери трибунал шақырды, келесі жылы дәл осындай трибунал Токиода болды. Бұл соттар нацистік немесе жапондық көшбасшылардың бірнеше шоғырын адамзатқа қарсы қылмыстары үшін кінәлі деп жариялап, дарға асты немесе түрмеге қамады. Гитлерлік коалиция офицерлері мен шенділері жауапкершіліктен басын алып қашты немесе кінәсі дәлелденбеді. Біліктілігі жоғары неміс инженерлері мен ғалымдарының Кеңес өкіметінің қолына түсуіне жол бермеу мақсатында Барнау біріккен агенттігі деген атпен белгілі АҚШ үкімет кеңсесін құрды. Неміс инженерлерінің басым бөлігін Америкада жұмыс істеуге алып кету үшін «Қыстырғыш операциясы» («Operatіon Paperclіp») деп аталатын соғыстан кейінгі бағдарламаны қолға алды. Бұл тұлғалардың арасында нацистік партия өкілдері, тіпті соғыс қылмыскерлері де бар еді. Алайда агенттік бұл тұлғалардың көпшілігінің өмірбаянындағы деректерді жасырды, өзгертті немесе қолдан жасап, оларға америкалық арнайы рұқсатнама берді.

Нацистік басқыншы күштермен байланыста болды деп айыпталған француз әйелдері. Француз қалаларын басқыншылардан азат еткен күннен-ақ, көтерілісші партизандар неміс сарбаздарымен жақындасқан, олармен жыныстық қатынаста болған немесе жауларға ақпарат жеткізді деп күдік тудырған әйелдердің шаштарын қырып тастады. 1944 жылы тамызда Чартресте түсірілген бұл суретте әйел өзін мазақ еткендердің қасынан өтіп барады. Баланың әкесі – неміс. Қоғамдық жазалаудың бір түрі ретінде азаматтар неге әйелдердің шашын алып тастауы мүмкін?

Соғыс аяқталған соң Америка, Ұлыбритания мен Кеңес Одағы әскерлері Германияның әртүрлі бөліктерін бақылауға алды. Бұл мемлекеттер үш жеке-дара әскери белдеуді, оған қоса Францияға берілген төртінші белдеуді бақылауға алуға келісті. Бомбаланған Германияның астанасы Берлин Кеңес билігіндегі аймақтың ішінде болды, алайда оны төрт мемлекет бірдей басқарды. Басқыншылар Нацистік партияны заңсыз деп тауып, неміс әскерін таратты, мыңдаған нацист офицерін тұтқындап, жауап алды, дегенмен олардың бірқатары босқындардың легіне қосылып, қашып кетті. Жапония тізе бүкеннен кейін, 300 мыңнан аса америкалық әскер бас қолбасшы генерал Дуглас Макартур басқаратын жаңа басқыншы үкімет өкілеттілігін қамтамасыз ету үшін Тынық мұхит аралдарына орналасты.

Жаңа екі империя

Соғыс аяқталғаннан кейінгі бес жылдан соң жаһандық биліктің сипаты түбегейлі өзгерді. Германия, Жапония және Италия империялары жойылды, Құрама Штаттар мен Кеңес Одағы үлкен империялық жеңімпаз ретінде мерейі асты. Американың жаһандық ықпалы ХІХ ғасырдағы Ұлыбритания мен Францияның «бейресми империяларын» еске түсірді. Құрама Штаттар, Германия, Жапония және бұрынғы гитлерлік коалицияның өзге де мемлекеттеріндегі уақытша жаулап алған жерлерін қоспағанда, көлемді шетелдік аймақтар үшін тікелей жауапкершілік ала алмады. Анығында, жақсы қарым-қатынастағы мемлекеттерді қорғау, оларға көмек көрсету үшін келісімдер мен келісімшарттар жасады, соғыстан кейінгі халықаралық сауда және қаржы жүйесінде екі мемлекеттің басымдығы ұлғайды. Сондай-ақ бірнеше шетелдік әскери базаны, Батыс Еуропада шоғырланған үлкен әскер жасағын, дүниежүзіне таралатын әскери-теңіз және әуе күштерін қаруландыруды көздеді. 1950 жылдардың ортасына қарай Құрама Штаттардың отыз бестен аса мемлекетте 450 әскери базасы болды. Соғыстан кейін он жылға жетер-жетпес уақыт шамасында Орталық Барлау Агенттігі Американың саяси және корпоративті мүдделері үшін елеулі қауіп-қатер ретінде Иран (1953) және Гватамеланың (1954) сайланбалы үкіметтерін ығыстыру науқанын ұйымдастырды немесе ұйымдастыруға көмектесті.

Соғыс барысындағы алапат шығынына қарамастан, Сталин Кеңес Одағының өнеркәсіптік экономикасын соғыстан кейін жедел қалпына келтіруге барын салды. Құрама Штаттар секілді, Ресей де Шығыс Еуропада айрықша қатаң тактикаға сүйенсе де, бейресми түрде шекара сыртында ықпалын берік ұстады. Мәскеу коммунистік партиясының достық ниеттегі көмек қолын созуға әзір шенділері Германияның шығыстағы үшінші бөлігін және 1948 жылға дейін Польша, Чехословакия, Венгрия, Румыния, Болгария және Албания елдерін билей берді (Сталин 1940 жылы Балтық жағалауындағы Эстония, Латвия және Литва мемлекеттерін Кеңес Одағына қосып алды). Финляндия, Югославия және Австрия саяси бейтарап қалпын сақтап қалды, ал Грекия мен Түркия Құрама Штаттардың одақтасына айналды. Кеңес Одағы соғыстан кейінгі онжылдықта Азияда Вьетнам, Солтүстік Корея және Қытайда билікке келген коммунистік режимдермен жабық, тіпті тастай берік байланыс орнатты. Дүниежүзінің қалған бөлігінде аса қуатты жаңа екі мемлекет саяси-экономикалық ықпал жүргізу үшін сайысқа түсе бастады.

Бреттон-Вудс конференциясының делегаттары. 1944 жыл. Альянстың барлық қырық төрт елінен келген өкілдер жаһандық экономиканы қайта жандандыру мақсатында халықаралық қаржы және сауда келісімшартына қол қойды.

Америкалық биліктің әрекеті. Құрама Штаттар кез келген өзге мемлекетпен салыстырғанда соғысты аса зор индустриялық жетістікпен аяқтады. Оның бай арзан қуат көздері, аса көп шетелдік валюта дүкендері және басқа мемлекеттер миллиардтап несие алған банк жүйесі болды. Солай болғанымен де, мемлекет дүниежүзіндегі өзге елдерге аздап тәуелді еді. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарға қарағанда, анағұрлым көп америкалық халықаралық келісімдердің жалғасқанын құп көрді. Америкалықтар нацистердің табысына ықпал еткен аса зор экономикалық дағдарыстың қайталануынан қорықты. Дүниежүзіндегі анағұрлым ауқатты мемлекеттер Еуропа мен Шығыс Азияның экономикасын бүлдіруге қылаудай ықпал етсе, қоғамдық наразылық Гитлердің жаңа түрін тудыруы мүмкін еді. Құрама Штаттарда интернационалистер «Гитлерге қарсы одақтағы» немесе жау тарапындағы болсын, соғыстан зардап шеккен мемлекеттерге бірдей қайта қалпына келуге көмектесу керек деген пікірде болды. Бұл демократиялық және капиталистік институттардың нығаюына ықпал етуі мүмкін. Америкалықтар 1914 жылдан бері, негізінен, кең таралып келген көлеңкелі сауда мен протекционизм дәуіріне нүкте қоятын жаңа халықаралық органдарды қолдады. 1941 жылы, тамызда Рузвельт пен Черчилль қол қойған Атлантика Хартиясы соғыстан кейін барлық мемлекетті «Дүниежүзіндегі шикізат материалдары мен саудаға тең шарттарда қол жеткізе алатын»23 деңгейде елестетті.

1944 жылы, шілдеде «Гитлерге қарсы одақ» Францияны азат еткен соң бір айға толар-толмас уақыт өткенде, қырықтан аса мемлекет өкілдері Нью-Гемпширдегі Бреттон-Вудста бас қосты. Мұнда олар Халықаралық Қаржы Қоры (ХҚҚ) мен Халықаралық Қайта құру және Даму банкін (Дүниежүзілік банк) құрды. Олар сондай-ақ сауданы либералдандырудың, соғыстан зардап шеккен елдерге қаражат салуға ықпал етудің және жаһандық валюта айырбастау жүйесін тұрақтандырудың жаңа тәртіптері мен рәсімдерін қалыптастырды.

Құрама Штаттар Бреттон-Вудс конференциясы мен одан кейін өткен жиындарда көзге айрықша түсті. 1947 жылы президент Трумэн Еуропаға тікелей грант арқылы қайта қалпына келтіру көмегі ретінде 14 миллиард доллар шамасында қаражат құйған штат хатшысы Джордж С. Маршаллдың құрметіне аталған Маршалл жоспарын жариялады. Трумэн «Халықаралық сауда мен ықпалдастық Еуропаның, соның ішінде Германияның да қайта қалпына келуіне тәуелді» деп есептеді. Аса мол көмек Кеңес өкіметіне арқа сүйеген коммунистік партиялардың ықпалын сақтауға мүмкіндік берер еді. Осыған ұқсас себеппен Құрама Штаттар Жапонияның бейбіт экономикасын қайта жандандыру мақсатында бұл елге 500 миллион доллар көмек пакетін сыйлады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы. Дүниежүзіндегі тәуелсіз мемлекеттер еркін сауда-саттық жасайды және әлеуметтік капиталистік экономикада бір-бірінің қауіпсіздігіне міндеттеме алады деген Америка тұжырымында Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауы да бар еді. Соғыс аяқталғаннан кейін құрылған мемлекеттердің жаңа ұйымының мақсаты даму мен адам құқықтарын қоса, бірнеше сала бойынша халықаралық ынтымақтастықты насихаттау болатын. Оның алдындағы қиындығы мол Ұлттар Лигасымен салыстырғанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің он бес мүшесіне әскерді кеңейту, жағдай ушықпай тұрып, халықаралық қақтығыстарды шешу, бейбітшілікті сақтау жауапкершілігін тапсырды. Кеңестің бес тұрақты мүшесі – Құрама Штаттар, Кеңес Одағы, Ұлыбритания, Франция және Қытай (ұлттық үкіметтің өкілдерін таныстырды) – қарарларына вето қою өкілеттілігін сақтап қалды. 1945 жылы дүниежүзі «жеңімпаз бес мемлекет альянсы жаңа қақтығыстардың алдын алу үшін бірлесе конструктивті түрде жұмыс істейді» деп үміттенді. Оның орнына бірнеше экономикалық және мәдени жобалар жолға қойылғанымен, Кеңес Одағы мен өзге төрт тұрақты мүшесі бірден бәсекелестік пен қызу пікірталасқа араласып кетті.

Одақтастан қарсыласқа: қырғиқабақ соғыстың басталуы. Соғыстан кейін Құрама Штаттар мен Кеңес Одағы арасындағы оқиғалар бірінен кейін бірі шиеленісе берді. Екі тарап жасаған әр тактикалық әскери қозғалыс, әр жаңа альянс құру туралы бастамалар және шалт саяси мәлімдемелер қайшылық тудырып, соңыра бұл қайшылық тұрақты түрде тереңдей берді де, қырғиқабақ соғысқа74 айналғанша күрделене түсті.

Соғыс аяқталғаннан кейін, Америка мен Кеңес өкіметінің басшылары дүниежүзінің келешегін әртүрлі геосаяси призмалар арқылы көрді. Құрама Штаттар мен Ұлыбритания 1945 жылы Кеңес әскерінің Берлинге шабуыл жасауы Германияны жеңуге түрткі болғанын ескере отырып, Ресейдің соғыстан кейін Шығыс Еуропада айрықша ықпалы болуы заңды деп есептеді. Олар сондай-ақ 1944 жылы маусымда Нормандия жеріне «Гитлерге қарсы одақты» бастап алып келген үш жылғы соғыс барысында Қызыл әскер Германия әскер шығынының 90 пайызы үшін жауапкершілік алатынын білді. Алайда соғыстан кейін Кеңес Одағы ынтымақтастықтан бас тартып, Батыс державалары тәртіпсіздік деп есептеген қадамдарға барды. Мәселен, Түркияға айрықша ықпал ету үшін шағым жасады. Ираннан әскерін шығарып әкету уақытын созды. Үш миллион қарулы әскер ұстады, салыстырмалы түрде АҚШ әскери қызметіндегі әскер саны 1,5 миллион ғана еді. Сталин бұл әскердің басым бөлігін Ресей мен Батыс Еуропа арасында орналастырды. Ол үшін бірнеше жыл бұрынғы елге басқыншылық жасалған жағдайды ескере отырып, әскердің бұлай қанат жаюында айрықша логикалық мән бар деп есептеді. Батыс Еуропадағы демократиялық мемлекеттер шығысқа қараған кезде, өздеріне қарсы қаздай тізілген Кеңес танкісі мен жаяу әскерін көрді.

Мәскеу болса Кеңес әскері іс жүзінде басып ала алмаған дүниежүзіндегі әрбір елдің түгелге жуығынан АҚШ-тың өсіп бара жатқан саяси-экономикалық ықпалын байқады. Олар «Франциядағы және Италиядағы Америкаға бүйрегі бұратын саясаткерлер ықпалды коммунистік партияларды әлсірету мақсатында коммунистерді үкімет ісіне араластырмайды» деп есептеді. Сонымен бірге, Бреттон-Вудс жоспарын кеңестік социалистік тәжірибеге қауіп төндіретін халықаралық капитализмнің жаңа кезеңі деп мәлімдеді. Сталин әлемдік капиталистік жүйеден тыс, өзін-өзі экономикалық қамтамасыз ету талпынысын жалғастыра берді. Бұл уақыт аралығында Құрама Штаттар Ресейдің кеңірек қатысуына рұқсат беруі мүмкін мәмілелер жайлы келіссөз жүргізуге әрекет етпеді.

Екі держава шын мәнінде одан кейінгі уақытқа қарағанда, соғыс аяқтала салған жылдары қызу қақтығысқа жақын болды. 1946 жылы Сталин коммунизм мен капитализм арасында қарулы қақтығыс болмай қоймайды деп мәлімдеді. Келесі жылы президент Трумэн: «Қарулы азшылықтың бағындыру талпынысына қарсылық көрсеткен азат жандар Құрама Штаттарды қолдауға тиіс»24, – деп жариялады. Мұндай мәлімдеменің нәтижесінде Трумэн доктринасы пайда болды. Осы саясат мемлекеттік хатшы Джордж Кеннанның Кеңес Одағын соғыс аяқталғаннан кейін ұстап отырған билік ету аймағына «араластыруына» түрткі болды. Мұндай саясаттың алғашқы қадамы ретінде Трумэн Түркияға экономикалық және әскери көмек ретінде 400 миллион доллар беруге Конгресті көндірді. Түркияға Сталин өктемдік танытып, әскери базалар орналастыруды қалаған еді. Грекияда неміс басқыншылығына қарсы көтерілісті бастаған коммунистер соғыстан кейінгі оңшыл үкіметке қарсы қарулы күресін жалғастыра берді. Алайда ол билік батысшыл болатын және Құрама Штаттар коммунист бүлікшілерді толықтай басу мақсатында миллиондаған қаржылай көмек берді. Сталин үздіксіз қарсылық көрсетті, алайда қаржылық көмекке кедергі де келтірмеді. Бұл уақытта Кеңес Одағы маңызды жеңістерге қол жеткізді. КСРО қолдауындағы коммунистік партия Польша, Венгрия және Чехословакияда 1945–1948 жылдары билікті басып алды, дегенмен бұл үш мемлекетте де Сталин көппартиялық сайлауға рұқсат беруге келіскен еді.

26.3-КАРТА. Орталық Еуропа. 1948 жыл

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі реттеу бойынша Германия төрт басқыншылық аймағына бөлінді, оның әрқайсысын бір жеңімпаз мемлекет басқарды. Берлин Кеңес өкіметінің белдеуінде жатқанымен, Кеңес Одағы Америка, Франция және Ұлыбритания әскерінің мұнда тұруына неге келісім берді деп ойлайсыздар?

Қырғиқабақ соғыстың алғашқы кезеңінде Германияның еш салмағы болмады. Кеңес Одағы Құрама Штаттар, Ұлыбритания және Францияның әскери жағынан залалсыз Германияны біріктіру туралы жоспарына келісе алмады. 1948 жылға қарай Батыс мемлекеттері жаңа Германия әкімшілігін қалыптастырып, өздері басып алған елдің үштен екі бөлігінде, сондай-ақ кеңес аймағынан қоршау арқылы бөлінген Берлинде де, өндірісті қайта қалпына келтіре бастады. Сталин Құрама Штаттармен одақтас жаңа неміс мемлекетінен қауіптенді. 1948 жылы сәуірде АҚШ пен неміс қарым-қатынасына қарсы тұру үшін Берлиндегі жерлерге өзгелердің кіруіне тыйым салды. Америка, британ және француз әуе жүк тасымалдаушылары бұл қозғалысты кеңес бөлігі болып есептелмейтін берлиндіктер үшін әуеден тамақ және өзге де азық-түлік тастау арқылы тексеріп көрді. Қала үстінен үш минут сайын ұшып өтетін ұшақтардың бұл әуе тасымалдары жылға жақын уақыт жалғасты. Сталин бұл операцияларды сынға алды, алайда екі тарап та шектеуге қатысты дағдарыстарға көз жұма қарады және 1949 жылы мамыр айында Кеңес өкіметі қоршауды алып тастады.

Алайда бірнеше ай тұралап қалған Германия іс жүзінде жауласқан екі мемлекетке бөлінді: Батыста – Федеративтік Республика, Шығыста – Демократиялық Республика (26.3-картаны қараңыз). Берлин блокадасы, сондай-ақ Құрама Штаттарды Кәрі құрлықтың тоғыз мемлекетімен және Канадамен бірге Батыс Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әскери және саяси одақ – Солтүстік Атлант Шарты Ұйымын (НАТО) құруға түрткі болды (1955 жылы Кеңес Одағы және Шығыс Еуропадағы одақтастары контральянс ретінде Варшава шартын жасады). Екі тарап арасындағы қарым-қатынас бұдан кейінгі қырық жыл бойы тіпті жарым-жартылай да жібімеген, бірін-бірі айыптау мен күдіктеуден тұратын мұздай суық қарым-қатынасқа айналып үлгерді.

Қырғиқабақ соғыс (Cold War) – Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан, 1980 жылдардың соңына дейін Құрама Штаттар мен Кеңес Одағының және олардың әрқайсысының одақтастарының арасындағы сенімсіздік пен бәсекелестіктің дұшпандық жағдайы.

Екінші дүниежүзілік соғыс және отарлық империяларға қарсылық

Азия мен Африканың көптеген еліндегі тәуелсіздік қозғалыстары соғыстан кейінгі жылдарда бірнеше себеппен үдей түсті. Біріншіден, «Гитлерге қарсы одақ» құрамында Еуропа немесе Азияда соғысқа қатысқан отар мемлекет жауынгерлерінің көпшілігі елдегі жұмыссыздық пен әлеуметтік кемсітуге қайта оралды. Бұл ардагерлер отар ел әкімшілігін осы себептермен, кейде еш себепсіз кінәлады. Екіншіден, Еуропадағы империялық державалар отарларын уысында ұстап тұрғысы келді, алайда олар бұл мәселеде екі жолдың бірін таңдауға тиіс болды. Олар не аса ауқымды даму мақсатындағы көмегі бар ұлттық ұйымдарды тыныштандыру үшін, не оларды жоюға тырысу үшін жеткілікті қарулы күштерді шоғырландыру мақсатында ауқымды қайта қалыптастыру талаптарын өз елдеріне жолдады. Үшіншіден, Құрама Штаттар да, Кеңес Одағы да, негізінен ұлттық тәуелсіздік қозғалыстарына дем берді. Америкалықтар бөтен елдермен сауда-саттықты шектейтін ескі отарлық жүйені нығайтудан гөрі, АҚШ-тың коммерциялық мүдделеріне көбірек алаңдады. Ұлтшылдық тарапты қолдаған Ресей көшбасшылары елдің өз ішіндегі ұлтшылдық қозғалыс оянған мерзімге дейін, «маркстік-лениндік ұстанымдар халықтардың капиталистік қанау құрсауында қалғанын қаламайды» деп жариялады.

Соғыс «өркениетті» және «өркениеті қалыптаспаған» халықтар арасындағы мәдени және биологиялық туабітті айырмашылық идеологиясына сүйенді де, еуропалық отарлық билік үшін интеллектуалды және моральдық негізін жойды. Нацистік геноцидтің сұмдығы саяси басымдықтағы осындай теориялардың ессіздігіне ұрындырды. Соғыс соңында бұл ұғымдар демократиялық жолға бет бұрған империялық мемлекеттердің бас ауруына айналды. Үнді ұлттық көшбасшысы Джавахарлал Неру (1889–1964) 1943 жылы былай деп жазды: «Биологтар нәсілшілдік дақпырт және аға ұлт деген ұғым жоқ дейді. Британ билігінің қол астында отырған Үндістан нәсілшілдіктің барлық түрін біледі. Биліктің бүкіл идеологиясы осындай… Аға ұлт және оған негізделген үкімет құрылымы әр жерде бар»25.

Жаңа мемлекеттер және Таяу Шығыстағы жаңа соғыс. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада неміс және Италия күштерімен қатар, Ұлыбритания мен Францияда аймақтың ішкі істеріне қайта ықпал етуге талпынды. Соғыстан кейін тәуелсіз Ирак пен Египет мемлекеттері британдық бағытты ұстанды. Ұлыбритания Ұлттар Лигасынан шөл даладағы монархияға билік ету мандатын алған 1946 жылдан кейін, Трансиордания оларға қосылды. Мандатынан бас тартуға келіскен Франция экономикалық және мәдени ықпалын Сирия мен Ливанда сақтап қалуды мақсат тұтты.

Өзге арабтілді әлемге қарағанда Жерорта теңізінің шығыс жағалауларына жақын орналасқан Палестинадағы саяси ахуал күрделі болды. Ұлы­британия мандаты билігіндегі Палестина халқының басым бөлігі арабтілді еді және мұнда мұсылмандар басым, ал христиандар азшылық болатын. Еврей ұлттық мемлекетін құру мақсатындағы халықаралық сионистік қозғалыстың қолдауымен ХІХ ғасыр соңына қарай, еврейлер осы жерге қоныс аудара бастады (25-тарауды қараңыз). Еуропада нацистердің қудалауы шиеленісе түскен 1930 жылдары 300 мыңға тарта еврей Таяу Шығысқа көшіп келді. 1940 жылға қарай Палестина халқының 30 пайызға жуығы, яғни 1,53 миллионы – еврей болды.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлыбритания үкіметі Палестинадағы еврейлердің «Отан» ұғымын қолдады, бірақ ұлттық институттар құруға көмектеспеді. Белгілі бір деңгейде, қауымаралық зорлық-зомбылық әрекеттері ұлғайған сәтте араб және еврей саяси топтары бір-бірінен оқшаулана берді. «Гитлерге қарсы одақты» арабтардың қолдауынан үмітті Ұлыбритания 1939 жылы Палестинаны Еврей мемлекетіне айналдыру саясатын жүргізбейміз деп жариялады. Белгілі бір деңгейде саны жағынан басым арабтардың саяси үстемдігін сақтайтын жаңа аймақты құру жоспары тәуелсіздікті он жылға кейін ысырды.

Соғыс бұл жоспарды гитлерлік коалиция беріліп, Палестина үшін күрес қайта жанданғанға дейін, алты жылға кідіртті. Давид Бен Гурион жетекшілігімен еврейлер Ұлыбритания билігін ығыстырып, Еврей мемлекетін жариялауға жұмылды. Хагана немесе еврей қорғаныс күші британдық қызметкерлерге әдейі шабуыл жасап, бүлік бастады, Иргун және Штерн Ганг бүлікшіл ұйымдарымен бірлесіп, лаңкестік шабуылдар ұйымдастырды, Иерусалимдегі «Kіng Davіd Hotel» мейманханасын да жарым-жартылай қиратты. Екінші дүниежүзілік соғыс Ұлыбританияны қаржылық тығырыққа тіреді, сондықтан Палестинада шешуші әрекеттер жасауға мүмкіндігі болмады. Нәтижесінде Біріккен Ұлттар Ұйымына жағдайдың шешімін сұрап, өтініш жасады. 1947 жылдың қараша айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында Құрама Штаттар мен Кеңес Одағы және өзге де мемлекеттердің көпшілігі Палестинаның жеке-жеке Араб және Еврей мемлекеттерінің бөлінуін75 таразы басына тартып, Иерусалим қаласына халықаралық мәртебе беру туралы шешімге қатысты дауыс береді. «Жоқ» деп дауыс берген – басым бөлігі арабтар тұратын аймақ, еврей саясатына түбегейлі қарсы мемлекеттердің жаңа құрылған бірлестігі – Араб Лигасының мүшелері еді.

Ұлыбритания үкіметі ол елден шығатыны туралы мәлімдеген уақытта азамат соғысы басталды. Хагана күштері қарсылық көрсеткен ауылдар мен қалаға жақын елді мекендерді тазалау туралы жоспармен қоса, Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлініс туралы қарары ұсынған ықтимал Еврей мемлекетінің аумағын басып алуға әрекет етті. Аймақтың көп бөлігін басып алған араб азаматтары қарсы шайқасқа шықты. Мысалы, 1948 жылы еврей партизандары 250 араб ауылы тұрғындарын, әйелдер мен балаларды қоса қырып тастады. Арабтар 70 еврей медициналық қызметкерін өлтіру арқылы жауап қайтарды. Бұл қантөгіс барысында жүз мыңдаған ауыл халқы мен қаладағы білімді араб тұрғындар көрші мемлекетке босты. Ұлыбритания қауіпсіздік күштері іс жүзінде 1948 жылдың мамыр айында ғана саяси билікті ешбір тарапқа берместен, елден кетті. Азаматтық күрес бірден аймақтық соғысқа айналды. Бен Гурион Израильдің тәуелсіздігін жариялады, алайда оны тоқтату үшін Египет, Сирия, Ирак және Иордания әскерлері Палестинаға шабуыл жасады. Араб–израиль соғысының жеті айы ішінде Хагана жауынгерлері операцияларын нашар үйлестірген басқыншыларды кері қарай ығыстырып, БҰҰ бөлініс жоспары ойынша Израильге іс жүзінде берілмеген Палестинаның бөліктеріне де бақылау орнатты. Иерусалимнің шығыс бөлігін басып алған Иордания әскері ғана стратегиялық табысқа жетті.

26.4-КАРТА. Таяу Шығыс және Египет. 1950 жыл

1950 жылғы бұл картаға көз жүргіртіңіз. Бұл уақытта израильдіктер мен арабтар бір-бірінен қауіптеніп, «жау жар астында» деуі мүмкін бе?

1949 жылғы қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының америкалық өкілі Ральф Банч соғысушы тараптарды ымыраға келу туралы келісім жасасуға шақырды. Бір айдан соң жекелеген араб мемлекеттері Израильмен жеке соғысты тоқтату туралы келісімшартқа қосылды, алайда олардың ешқайсысы да жаңа мемлекетті мойындамады. Соғыс нәтижесінде бөліну басталды, бірақ бұл Израиль мемлекеті мен Араб Палестинасының арасындағы бөліну емес еді. Анығында Израиль ел аумағының бір бөлігін иеленді, Иордания Иерусалим мен Иордан өзенінің (осыдан кейін Батыс жағалау деген атпен белгілі) батысындағы жерлерді басып алды, Египет Жерорта теңізінің жағалауындағы Газа аумағына иелік етті.

Соғыс салдарынан халық жаппай көшіп-қонды. 700 мыңнан аса араб Палестинадан қашты, олардың 500 мыңнан астамы Иордания мен Газа аумағындағы босқындар лагеріне қоныс аударды. Израильдегі араб халқының үлесі – 20 пайызға дейін қысқарды, бүгінгі таңда да олардың үлесі осы мөлшерде. Израильдіктердің арабтарды белгілі бір аймақтан қуғындау туралы басты жоспары болмады. Дегенмен Хагана арабтарды қорқытып-үркіту тактикасын қолданып, араб ауылдарын шабуылдап, оларды күштеп қоныс аударуға итермеледі. Көрші араб мемлекеттері негізінен ішкі саяси себепке бола палестиналықтардың көбін қабылдауға құлықсыздығын көрсетті. Израиль үкіметі толық бітім шарты жоқ болғандықтан, арабтардың үйлеріне қайта оралуына келісім беруден бас тартты. Бұл уақыт аралығында еврейлердің аса көп бөлігі Израильге қоныс аударып, мұндағы халық саны 1950 жылға қарай шамамен миллионға өсті.

Осылайша, аймақты үлкен шиеленіс құрсауында қалдырып, Таяу Шығыстағы еуропалық отарлау дәуірі аяқталды. Израиль араб мемлекеттерін жаңа халықаралық картаны қабылдауға итермелеген Американың қолдауына арқа сүйеді. Араб елдерінің билеушілері легитимділігін сақтау үшін Иерусалим тәуелсіздігін мойындамау керегін түсінді. Сәйкесінше, соғыс қимылдары қайта басталған 1956 жылға дейін Таяу Шығыс өз араларындағы қырғиқабақ соғыстан зардап шекті (26-тарауды қараңыз).

Үндістан: Тәуелсіздік және бөлініс. Оңтүстік Азиядағы соғыс кезіндегі қиындықтар, отарлық ресурстарға түскен аса үлкен ауыртпалық және нәсілшілдікке негізделген империялық идеологияның тас-талқан болуы – соғыс аяқталған екі жыл ішінде Үндістаннан Ұлыбританияның тез арада кетіп қалуына түрткі болды. Отарлаушы ел отар еліне саяси билігін қайтарып берді: Үндістан Ұлыбританиядан он сегіз есеге жуық үлкен және халқының дені сегіз есеге жуық көп болды. Оның тәуелсіздік алуы Азия мен Африкадағы тәуелсіздік қозғалыстарына серпін берді. Алайда отар Үндістан бірден екі мемлекетке: Үндістан мен Пәкстанға бөлінді. Бұл әрекет осы ғасырдың екінші жартысында мемлекеттерді қиындыққа жетелейтін этникалық және діни қақтығыстардан белгі берді.

Палестина босқындары үйлерін тастап кетті. Бұл сурет-ақпаратты 1948 жылы, 4 қарашада түсірген. Палестиналықтар Ливанға жаяу кетіп барады. Израиль еврейлері тәуелсіз мемлекетін 1948 жылы құрыла бастады деп есептейді, палестиналықтар мен Израиль араб азаматтары жеңілген жылдағы апатты «әл-наһба» деп атап, аза тұтты. Бұл суреттің бүгінгі күні саяси астары бар ма? Болса, қандай?

Соғысаралық онжылдықтарда Үндістан Ұлттық Конгресі, отардың Мохандас К. Ганди басқарған жетекші ұлттық қозғалысы билікті бөлісу үшін және аймақтық заң шығарушы органда ауқымды билік алу үшін британдық билеушілерімен үнемі тіл табысуға тырысты. Ағылшынша білім алған заңгер және нағыз социалист Джавахарлал Неру Конгрестің сұңғыла жетекшісіне айналды. Соғыстың басталуы, әсіресе 1942 жылдың тамыз айынан кейінгі уақытта ұлттық талаптарды күшейтіп жіберді. Бұл кезде ұлттық ереуілдер мен бүлікшілердің шабуылы үдеп кеткен болатын, оған Британия тарапы қарулы қудалау мен Конгресс басшыларын түрмеге қамау арқылы жауап берді. Соғыстың соңында, Ұлыбритания шамамен 450 миллион адамның ерік-жігеріне қарсы үстемдігін жүргізе беру үшін қаржылық мүмкіндіктері жетіспейтінін мойындады. Сәйкесінше, Британия вице-королі немесе губернаторы Конгресс жетекшілерімен келісімшартты қайта қарады.

Соғыс кезінде тәуелсіз мемлекетке айналған Үндістан аса күрделі жолмен жүріп өтті. 1930 жылдардың соңына қарай, Үндістандағы үлкен мұсылман жамағатының (халықтың төрттен бір бөлігі) саяси мүддесіне берілген Мұсылман Лигасы партиясы үнді саяси-экономикалық мүдделері британ үлгісіндегі парламенттік жүйеде мұсылмандар тарапынан қолдау табады деп сенді. 1930 жылдардың соңында Мұсылман Лигасының белсенді өкілі Мұхаммед Әли Джинна (1876–1948) үндістандықтар екі «ұлттан» тұрады деген идеяны алға тартты. Индуизм мен ислам, «бір-біріне қарама-қарсы идеялар мен тұжырымдарға негізделген екі бөлек өркениет… осындай екі ұлтты, біреуі саны жағынан азшылық, ал екіншісін көпшілік ретінде бір мемлекетке біріктіру наразылықты ұлғайтып, тіпті күйретеді»26, – деп мәлімдеді Джинна. Үндістан тұтас қалпында қалса, мұсылман ұлтын мұсылмандар көп шоғырланған провинцияларда, әсіресе солтүстік-батыстағы Пенжаб пен солтүстік-шығыстағы Бенгалияда басқару қажет. Мұсылман ұлтшылдары бұл аймақтарды «Пәкстан» деп атады, ол урду тілінде «таза жер» деген мағынаны білдіреді. Барлық мұсылман көшбасшылары Джиннаның екі ұлт көзқарасын еш қолдаған жоқ, алайда олардың көпшілігі индуист үстемдігінің ұлғайып бара жатқанына қатты алаңдай отырып, оған қосылды.

Конгрестегі үшжақты келіссөздер арқылы Мұсылман Лигасы мен Ұлыбритания билік өкілдері соғыстан кейінгі ережені қайта қалпына келтіруге тырысты. Партиялар келісімге келе алмады және шиеленіс ұлғая берді. 1946 жылы, тамызда Калькуттада зорлық-зомбылық басталды, ол бір жыл бойы Үндістанның солтүстігінде дүркін-дүркін индуист–мұсылман қақтығысын тудырды. Қақтығыс бәсеңдеген кезде, негізінен индуистер тұратын аймақтардағы мұсылмандар солтүстік-батысқа немесе Бенгалияға миллиондап босты. Миллиондаған индуист қарсы бағытқа қашып шықты.

Ганди, Неру, Джинна және ағылшын королінің соңғы өкілі – лорд Маунтбеттен қос тарапты да сабырға шақырғанымен, нәтижесі байқалмады. Өзге кез келген шешімнен үміт үзген Неру мен Джинна 1947 жылы тамызда екі бөлек мемлекет ретінде Үндістан мен Пәкстанның тәуелсіздігін жариялады. Бөлінген соң, босқындар пойызын топ-тобымен тоқтатып, олардың дініне кірмегендердерді жаппай қырып, этникалық тазалаудың екі бағытында да зорлық-зомбылық күшейіп кетті. 1947 жылдың соңында ғана сикх дінін ұстанатын бес миллионға жуық үнді солтүстік-батыстан тәуелсіз Үндістанға қашты; одан біршама көп мұсылмандар Пәкстанға қарай жол жүрді. Бұл аласапыранның шарықтау шегі – зорлықтан бас тарту идеясын уағыздаған Гандидің 1948 жылы үнді лаңкестік тобының қолынан қаза табуы болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Үндістан мен Пәкстан тұрақты саяси институттар құрудың ауқымды мәселесін шешуге тиіс еді.

Оңтүстік-Шығыс Азияның отарсыздануы. Үндістан мен Пәкстан тәуелсіздік алған онжылдықта Оңтүстік-Шығыс Азиядағы отарланған аймақтың көпшілігі егемендікке қол жеткізді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кездің өзінде-ақ, Бирма, Вьетнам, Индонезия және Филлипин елдерінде қатаң ұлттық қозғалыстар бар еді. Анағұрлым әлсіздеу мемлекеттердің көпшілігі байырғы малай халқы мен азшылықтағы қытай мен үнділердің басым бөлігі ұлттық тұтастыққа кедергі келтірген Малайзиядағыдай, ауылды жерлерде тұратын Камбоджа мен Лаоста күш алу үшін күресті. Үндістандағы секілді, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ұлтшыл көшбасшылар негізінен кәсіби маман, көзі ашық студенттер немесе ықпалды отбасылар мүшелері еді. Бұл ақсүйектер, әдетте, отарлаушылардың тілінде сөйледі, жергілікті діни және мәдени дәстүрлерді батыстық саяси идеялармен толықтырған стратегияны құп көрді. Көшбасшылар Гандидің қадамынан жігерленді. Алайда ұлтшылдардың тәуелсіздік туралы көзқарастары бір-бірінен анағұрлым өзгеше еді. Олардың көпшілігі еуропалық үлгідегі парламенттік басқару жүйесін қолдаса, өзгелері мемлекетті буддистік немесе ислам құндылықтары негізінде құруды қалады, тағы бір топ маркстік-лениндік революцияға шақырды.

Президент Сукарно жиналған көпшілікке сөз сөйлеп тұр. 1946 жыл. Сукарно Индонезияны тәуелсіздік соғысына бастады. Нидерланд 1949 жылға дейін елді бақылауда ұстай берді, бірақ 2005 жылы голланд үкіметі Индонезияның 1945 жылғы тәуелсіздік туралы алғашқы декларациясын мойындады. Жиналған топ ұстап тұрған плакатта Индонезияның Ұлттық Еңбекшілер партиясын қолдаған ұран сөз жазылған.

Кейбір жерлерде тәуелсіздік тез арада орнады. Ұлыбритания Үндістанға тәуелсіздік беруді ұйғарғаннан кейін, 1948 жылы Бирма мен Цейлонда (кейінгі Шри-Ланка) билікті ұлттық үкіметке беруге келісті. Құрама Штаттар Жапония берілгеннен кейін бір жыл өтпестен Филиппиннің тәуелсіздігін мойындады. Алайда АҚШ билік өкілдері жапондармен соғысуға көмектескен филиппиндік ауыл бүлікшілерінен бас тартып, оның орнына қалыптасқан кәсіби және жер иеленуші тапқа билік тетігін бұрды. Бұл ақсүйектер америкалық бизнес мүдделерімен қуана-қуана ынтымақтасып, АҚШ-тың 23 әскери базасы үшін жерін тоқсан тоғыз жылға жалға берді. «Біздің қауіпсіз бағытымыз – деп шаттана сөйледі Филипиннің алғашқы президенті Мануэль Рохас, – Американың жарқыраған ізінен көрінеді»27.

Вьетминь билігіндегі, соғыстан кейінгі Ханой. Вьетнамның солтүстігіндегі Ханой көшелері арқылы әскери салтанатты шеру дүбірлеп өтіп жатқанда Вьетминь сарбаздары күзетте тұр. Хо Ши Миннің ұлттық режимі 1946–1954 жылдар аралығында Францияға қарсы отаршылыққа қарсы күресте қаланы бақылауына алды.

Салыстырмалы түрде сипаттасақ, Нидерланд өз отары Индонезияда соғыс жүргізді. Соғыс кезінде жапондар Индонезияны басып алды, ал немістер Нидерландты бағындырды. Гитлерлік коалиция күштері берілгеннен кейін, Нидерланд отарларын қайтарып алғысы келді. Алайда жапондардың қатаң билігі ұлттық сана-сезім және бүкіл 13 670 аралдағы халықтың шиеленіскен түрлі этникалық топтарының арасында ортақ индонезиялық тұтастықтың жаңа рухын қалыптастырды. Кедей отбасынан шыққан университет түлегі Ахмед Сукарно демократиялық, әлеуметтік әділдік, Құдайға сенімге негізделген еркін ұлттық идеологияны уағыздай отырып, азаттық қозғалысына аса зор мән берді. Ұлтшылдар тәуелсіздікті жариялаған уақытта Нидерланд күштері бүлікшілерді басып-жаншуға әрекет етті. Соғыстан кейінгі экономикасы шатқаяқтап тұрған Нидерландқа Құрама Штаттар мен Кеңес Одағы бірдей қарсы шығып, Ұлыбританияның Үндістандағы әрекетін қайталауға мәжбүрледі. Ақырында, 1949 жылы Нидерланд Сукарно мен Индонезияның білімді және ықпалды табы үстемдік еткен егемен мемлекетке тәуелсіздік берді.

Соғыстан кейін Франция да Оңтүстік-Шығыс Азиядағы иеліктерін қайта қалпына келтіруді қалады. Алайда Вьетнамда Хо Ши Мин жетекшілік еткен ұлтшылдар мен коммунистік партия елдің солтүстік аймақтарының басым бөлігін бақылауына алған болатын. 1930 жылы үндіқытайлық коммунистік партияның негізін қалаушы Хо мен оның жолдастары Солтүстік Вьетнамда шаруалар көтерілісін бастады. 1941 жылдан кейін олар Жапония мен оның француздық қуыршақ режиміне бірдей қарсы күресті. 1945 жылы, тамызда Хо коммунистік Вьетминьді (Вьетнамдықтардың Тәуелсіз Лигасы) елдің солтүстігіндегі француз отарының астанасы Ханойға бастап барды.

Бұл табыс он жылға жуық уақыт бойы жалғасқан қызу қақтығыстың басталуымен ерекшеленді. Құрама Штаттар Хоның гитлерлік коалиция күштеріне қарсы соғысуына мүдделі болды. Қырғиқабақ соғыс тереңдей бастағандықтан, коммунистердің жеңісінің алдын алу мақсатында француздар тарапына аса көп көмек беру арқылы америкалықтар оны тастап кетті. Дегенмен отарлаушы күштер Вьетминь бүлікшілерін басуда сәтсіздікке ұшырады және 1954 жылы Диен Биен Рху шайқасындағы масқара жеңілістен кейін, Франция Вьетнамды тастауға келісті. Осыдан кейін, бұл ел коммунистер басқаратын солтүстік пен америкалықтардың қолдауындағы оңтүстіктегі антикоммунистік режимге, екі тарапқа бөлініп қалды да, арадағы салқындық жиырма бір жыл бойы арқаға аяздай батты.

Бөліну (partіtіon) – саяси субъектіні бір немесе бірнеше жеке автономиялық аймақтарға бөлу.

Қытайдағы коммунистер жеңісі

Жапония тізе бүккеннен кейін Қытайда ұлтшылдар мен коммунист партизандар арасындағы ұзаққа созылған азамат соғысы қайта жанданды. Чан Кайшидің ұлтшыл партиясының толық бақылау орнатуынан Құрама Штаттар Қытайдың ірі қалаларының көпшілігінде оның әскеріне әуе тасымалымен көмектесті. Чан Кайшиді соғыстан кейінгі демократиялық үкімет коммунистік партияға рұқсат беру мақсатында Мао Цзедунмен келіссөз жүргізуге шақырды. Чан Кайши келісімнен бас тартты, 1946 жылдың соңына қарай келіссөздер жойылды да, соғыс қайта басталды.

Мао күштері ұлтшыл әскерлерді тоқтатып, бірқатар қалаларды қоршап алғаннан кейін, үш жылда коммунистер соғыста жеңіп шықты. Коммунист жасақтары Бейжіңді басып алып, Чан Кайши мен оның екі миллиондай ұлтшыл әскері Оңтүстік Қытайға, кейін Тайваньға қашты. Мао Қытай Халық Республикасын жариялады, бұл 1917 жылғы Ресей революциясынан кейінгі уақытта коммунистердің ірі салтанатты жеңісі еді.

Осы уақыт аралығында Кеңес Одағы бір апта бұрын Жапонияға соғыс жариялап, әскерін Кореяның солтүстігіне аттандырды. АҚШ әскері елдің оңтүстік бөлігін басып алды және Біріккен Ұлттар Ұйымы отыз сегізінші ендік параллелінде Кореяның бөлінуін мақұлдады.

Қорытынды

Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңындағы оқиғалар мен соғыстың зардаптарына бүкіл адамзат назар аударды. Соғыста алпыс миллион адам құрбан болды және бірқатар дүниежүзілік маңызы бар индустриялық орталықтарды жермен-жексен етті. Халықаралық сауда, миграция және мәдени айырбасқа біршама нұқсан келтірді. Қақтығыс аяқталғаннан кейін, жаңа және аса күрделі мәселелер – қайта тұрғызылуға тиіс, қирап қалған қалалар, қайта қоныстандырылуға тиіс он миллиондаған босқындар және төленуге тиіс аса ауқымды қарыздар пайда болды. Оған қоса, Батыс либералды демократиясы мен Кеңес Одағынан құралған, жеңімпаз «Гитлерге қарсы одақ» күмән мен бақталастықтың құрсауынан шыға алмады.

Қиян-кескі болғандықтан, соғыс жаңа заманның ұзақмерзімді үрдістерін тек қысқа мерзімге үзді. Жаһандық деңгейде халық саны анағұрлым жылдам қарқынмен өсе берді. Адамзат бұрынғысынша қуат көздерін барынша жылдам қолданды. Ғылыми технологиялық жаңалықтар ашыла берді, соғыс кезіндегі жаңа өнертабыстар – радар, ядролық бөлініс, антибиотиктер – 1945 жылдан кейін қоғамның игілігі үшін қолданыла бастады. Соғыс жауласқан тараптардың арасында коммуникация мен транспорттың ауқымы мен қарқынын арттыру жарысын бастады (соғыстан кейін екі жылдан соң ғана америкалық сынақшы-ұшқыш Чарльз Йегер зымыран-қуатты әуе кемесінде дыбыс кедергісін жойды). Гитлерлік коалиция империяларының күйреуі мемлекеттердің қолындағы үздіксіз қуаттың жиналуына маңызды ықпал ете алмады. ХІХ ғасырда дүниежүзіне таралған либералды-демократиялық идеология және социализмнің бірнеше түрі соғыстан кейін жаңа бейнесін тапты. Уақыт өте келе ашық фашистік саяси қозғалыстарға деген сенім жойылды. Ақыры ХVІІІ және ХІХ ғасырлардағы ұзақ кезеңді сипаттайтын қызу экономикалық өсім 1950 жылға қарай қайта жанданды. 27-тарауда 1914 жылдан 1945 жылға дейін созылған бүкіл апатты кезең тек қана қазіргі замандағы дамыған экономикалық ширығудың қысқа да өкінішіті үзілісі болғанына экономистердің көздері жеткенін байқаймыз.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы бөлім бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

27

Жаһандық дүмпу және оның қайшылықтары
1945–1975 жылдар
І Жерсерік, Жер орбитасындағы алғашқы жасанды жерсерік

Британдық ғалым, «2001: Ғарыш Одиссеясы» («2001: A Space Odyssey») кітабының авторы Артур Ч. Кларк 1945 жылдың ақпанында «Wіreless World» журналының редакторына хат жазады. Хатта Екінші дүниежүзілік соғыстың зымырандық технологиясының ілгерілегені сонша, «жасанды жерсеріктердің» жер орбитасына шығуы мүмкін екенін айтады. Ал құрылғылардағы таратқыштар жоғары атмосфера туралы зерттеу деректерін жеткізіп отырады. Кейінірек айтқан бір ойында Кларк: «Тәулігіне бір рет айналым жасау үшін жерсерікті экватордан жоғары дұрыс биіктікте орналастырса, тұрақсыздық жағдайында қалар еді», – деп болжайды. «Үш ретранслятор стансасының орбитада 120 градус қашықтықта дұрыс орналасуы, – деп жазды ол, – бүкіл ғаламшарға теледидар антеннасын таратып, микротолқынмен қамтамасыз етеді». Яғни бұл жерсеріктер жер бетінде жеткізуі мүмкін емес сигналдарды болжамды түрде жердің кез келген нүктесіне жылдам жеткізе алады. Кларк жерсеріктік хабар таратудың техникалық тосқауылдары «жарты ғасырдан кейін» еңсерілуі мүмкін дегенді де айтты. Шындығында, Кларктың көрегендікпен жазған хатынан кейін араға он екі жыл салып, Кеңес Одағы 1957 жылдың қазанында көлемі жағажайлық доппен бірдей жерсерікті орбитаға шығарды. Келесі жылы Құрама Штаттар «Explorer І»-ды ғарышқа аттандырды. Ал 1962 жылы AT&T корпорациясы Ұлттық аэронавтика және ғарыш басқармасымен (NASA) бірлесе жұмыс істей отырып, теледидар сигналын таратушы алғашқы орбиталық жерсерік – Telstar-ды ұшырды. 1964 жылға қарай үкіметтер мен корпорациялар ай сайын шамамен он спутникті орбитаға шығарып отырды. 1969 жылы америкалық үш ғарышкер Айға қонды. Спутниктік байланыс пен ғарышты зерттеудің алапат қарқыны Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі отыз жылды сипаттайтын ерекше экономикалық және технологиялық серпілістің бірі болды. Дүниежүзілік көшбасшылар соғыстан кейінгі 1950 жылдарға қарай дүниежүзіндегі халықтың да, сондай-ақ экономикалық өндірістің де күрт көтеріліп кететінін болжай алмады. Тараудың бірінші бөлімінде осы құбылысты, оның себептерін, адамның әлеуметтік дамуымен қоса, ғаламшардың физикалық және табиғи ахуалына тигізетін зардаптары туралы мәселелерді қарастырамыз. Ғылыми зерттеулер ғарыштық дәуірге дем беріп қана қоймай, Құрама Штаттар мен Кеңес Одағы арасында дамыған қарқынды бәсекелестікті жандандырғанын осы тараудың екінші бөлімінде тарқатамыз. 1941 жылы құрылған «Гитлерге қарсы одақ» Батыстың демократиялық елдері мен Кеңес Одағы арасындағы күрес аяқталмай жатып, дүрдараз бола бастады (26-тарауды қараңыз). Құрама Штаттар мен Ресей бір-біріне ешқашан броньді танк дивизиясын немесе ядролық зымырандарын қарсы қолданған емес, сол себептен де бұл қақтығыс «қырғиқабақ» соғыс болып қала берді. Екі саяси одақтың қоқан-лоққыға толы мәлімдемелері мен жағдайдың тұрақсыздығы, сондай-ақ екеуінің де Латын Америкасы, Африка және Азиядағы басқа да мемлекеттердің істеріне араласуы дүниежүзін шамамен қырық жылға ұласқан уақыт бойы қорқынышта ұстады. Тараудың үшінші бөлімінде жаһандық экономиканың өсуі және бүкіл дүниежүзіндегі саяси еркіндік пен әлеуметтік әділдікке деген сұраныстың артуы арасындағы өзара байланысты қарастырамыз. Отаршылдар мен кедейлер арасындағы, сондай-ақ ауқатты, бірақ наразы орта тап талабының артуы саяси шиеленісті, шын мәнінде бірнеше азамат соғысы мен революциялық қозғалыстарды тудырды. 1950–1975 жылдар аралығында дүниежүзі теңдесі жоқ материалдық өркендеуге көшті, бірақ ең бай және ең кедей әлеуметтік топтар мен жер жүзі аймақтарының арасындағы алшақтық ұлғая берді.

27.1-КАРТА. Саяси және әскери одақтар. 1955 жыл Қырғиқабақ соғыс саяси биполярлық әлем бейнесін жасады. Қай мемлекеттер Варшава шарты мен НАТО альянстарынан тыс қалды? Қандай факторлар жекелеген мемлекеттерде бейтараптық сақтауға мүмкіндік беруі мүмкін еді?

Халық және экономика: таңғажайып даму дәуірі ОЙЛАН: Жаһандық экономика Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі отыз жыл ішінде неге қарқынды өсті және сол өсімнің басты әлеуметтік нәтижелері қандай болды? ХХ ғасырдың ортасы – жаһандық экономика мен дүниежүзі халқы үшін маңызды бетбұрыс кезеңі болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі отыз жыл ішінде бүкіл әлемде материалдық байлық өндірісі өткен отыз жылдағыдан әлдеқайда жылдам дамыды. Кейбір елдердегі халықтың тұтынған тауар ауқымы өз ата-бабаларының ойлағанынан да асып түскен еді. Сондай-ақ XVІІІ ғасырдан бері дамып келе жатқан халық саны жарты ғасырға жуық уақыт ішінде мейлінше жылдам өсті. Бұл екі үрдіс бірін-бірі күшейтіп отырды. Экономикалық өсім және жаңа технологиялар халықтың жер бетіне молынан шоғырлануына мүмкіндік беріп қана қоймай, экономикалық табысты қажет ететін жерлерде жұмыс күшінің ұлғаюына себеп болды. Экономикаға қарағанда, халық саны жылдам өскен елдерде шаруалар мен жұмысшылардың өмір сүру деңгейі төмендеді. Көптеген жерде кедейліктің және қоршаған ортаның нашарлауымен қатар дүниежүзіндегі ауқымды экономикалық өсім жүрді.

Дүниежүзі халқы санының шарықтау шегі

ХХ ғасырдың үшінші ширегінде дүниежүзі халқының саны бұрынғы тарихи кезеңдердегіден де қарқынды өсті. 1975 жылдан кейін одан да жоғары көтерілді. Аталған жиырма бес жыл ішінде кейбір қоғамдар демографиялық өтпелі кезеңге көшті (25-тарауды қараңыз). Бұл көрсеткіш адамдардың өмір жасының ұзарғанын білдіргенімен (өлім-жітімнің төмендеуі), әйелдердің бала санын азайтқанын да көрсетті (бала туу деңгейі де төмендеді). Демек, халықтың өсу қарқыны баяулады. Бұл жағдай Еуропа мен Солтүстік Америкада (Мексиканың солтүстігінде), ал кейінірек Шығыс Еуропа, Ресей, Жапония және кейбір Латын Америкасы елдерінде байқалды. Кейбір аймақтарда бала туу деңгейі жоғары болғанымен, өлім-жітім көрсеткіштері бұрынғыға қарағанда тез төмендеді; демек, өсу қарқыны жоғарылады. Африканың, Азияның және Латын Америкасының көптеген елінде халық саны жылына 2,5 пайызға өсті. Бұл Батыс Еуропаға қарағанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш еді. Үндістан халқының саны 1950 жылы 360 миллионнан 1973 жылға қарай 580 миллионға дейін өсті, бұл көрсеткіш 1600 жылғы дүниежүзі халқы санынан сәл ғана аз.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін халық санының өсуіне бірнеше фактор ықпал етті. Олардың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі бейби-бум76 деген атпен белгілі, балалардың туу көрсеткішінің өсуі. Батыстың индустрияланған елдерінде халық санының өсу қарқыны баяулауының жалпы үрдісіне қарамастан, соғыс аяқталысымен, іле-шала өсім басталды, өйткені әскери немесе соғыстағы қызметінен босаған жастар экономикалық жағдайдың жақсаруына байланысты отбасын құра бастады. Құрама Штаттарда және Ұлыбританияда, мысалы, миллиондаған әйелдер соғыс кезінде айналысқан кәсібін тастады. Сөйтіп, олар отбасылық өмірге оралып, көп кешікпей дүниеге жаңа ұрпақ әкелді. Бейби-бум 1957 жылға дейін созылып, артынша бала туу көрсеткіштері қайтадан төмендеді.

Жаһандық ауқымда, әсіресе тропиктік және субтропиктік аймақтардағы халық саны өлім-жітім деңгейін төмендететін жаңа дәрілік заттар мен пестицидтердің табылуына байланысты артуы мүмкін. Вакцинация науқаны кішкентай балалардың өмір сүру деңгейін көтеріп, тырысқақ, сүзек, дифтерия және полиомиелит сияқты қатерлі аурулармен күресті. 1977 жылы Шығыс Африкада байқалған соңғы оқиғалардың бірі – шешек ауруы жойылды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде алғаш рет айналымға енген DDT химиялық пестицидтері сүзек пен безгек тарататын жәндіктерді өлтірді. Соғыстан кейін тамақтану және су тазарту шараларын, әсіресе ірі қалаларда біртіндеп жақсарту, жыл сайынғы өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге көмектесті.

Бейби-бум (baby boom) – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғынан 1957 жылға дейінгі, әсіресе Батыс елдеріндегі туу деңгейінің артуы.

Соғыстан кейінгі экономикалық дүмпу

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезектен тыс жаһандық экономикалық өсім бірнеше жолмен сипатталды: капиталистік өнеркәсіп өрісінің кеңеюі, халықаралық сауда мен инвестициялардың қайта жаңғыруы, ғылыми-техникалық инновациялардың ұдайы дамуы, жүздеген миллион адам кірістерінің өсуі және табиғи отын мен материалдық игіліктердің әлдеқайда көп тұтынылуы. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің айтарлықтай өсуі тек ірі капиталистік мемлекеттерде ғана емес, сонымен бірге коммунистік елдерде де, отаршылықтан азат болған жаңа мемлекеттердің кейбірінде де байқалды.

Өрлеу кезеңінің айғағы. Құрама Штаттар дүниежүзінде экономикалық белсенділіктің артуына себепші болды. 1945 жылы ол Жер шарының өнеркәсіптік өндірісінің шамамен үштен бірін бақылады. Алайда Батыс Еуропа мемлекеттері мен Жапония соғыс зардабынан арылып, Құрама Штаттар да жоғары қарқынмен дамыды. Кеңес Одағында коммунистік экономиканың жоспарлаушылары соғыстан кейінгі жағдайды жақсарта алатын қауқары барын көрсетті. Елдің өнеркәсіптік өндірісі 1945–1950 жылдардың өзінде екі еселеніп, 1960 жылға қарай өсе берді. Жаһандық деңгейде өнеркәсіптік өндіріс 1950–1975 жылдары төрт есе өсті, ал жаһандық сауда әрбір он жылда екі есе өсті (диаграмманы қараңыз: 1914 жылдан 1975 жылға дейінгі жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің өзгерісі1). Ірі капиталистік мемлекеттерде жұмыссыздық азайып, жұмысшылардың нақты табысы көтерілді. Инфляцияның да, кезеңдік бизнестің құлдырауы да бірқалыпты болды.

1914 жылдан 1975 жылға дейінгі жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің өзгерісі. Осы кезеңде ЖІӨ-нің ең жоғары өсімі қай елдерде байқалды? Осы кезеңдегі ЖІӨ-нің жалпы өзгерісін қалай сипаттар едіңіз? 1945 жылғы Кеңес Одағындағы ЖІӨ-нің күрт құлдырауынан кейін іле-шала АҚШ ЖІӨ шарықтауына қандай факторлар әсер етті?

Капиталистік экономикалық интеграция. 1944 жылы Нью-Гемпширде өткен Бреттон-Вудс халықаралық конференциясында (26-тарауды қараңыз) жетекші капиталистік мемлекеттер дүниежүзінде бейбітшілік пен игілікті нығайту жолында соғыстан кейінгі халықаралық ынтымақтастық институттарын құруға, ұжымдық қауіпсіздік орнатуға, валютаны тұрақтандыруға, төмен бағамен сауда жасауға және соғыста зардап шеккен елдерге жаңа инвестиция құюға келісті. Соғыс аяқталған соң Италия, Жапония және капиталистік Федеративтік Республика (Батыс Германия) болып кеткен Германияның үштен екі бөлігі Бреттон-Вудс жоспарына қол қойды. Экономикалық интеграцияға ықпалдасқан елдер 1961 жылы құрамында Еуропаның он жеті мемлекеті бар топ, АҚШ, Канада, Түркия және (үш жыл ішінде) Жапония қауымдасып, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымын (OECD; ЭЫДҰ) құрды.

1950 жылдары Құрама Штаттар капиталистік мемлекеттер клубы мен «Бреттон-Вудс жүйесіне», яғни бір-бірімен іскерлік қарым-қатынаста болуды көздейтін ережелер жиынтығына адал болды. Экономика көшбасшылары америкалық долларды дүниежүзінің негізгі валютасы етуге, яғни оның құндылығын алтынға теңестіріп, унциясына 35 АҚШ долларына келіскен мөлшерлеме көлемінде бекітуге келісті. Кейін басқа мемлекеттер валюталарын долларға теңестірді. Мақсат – мемлекеттердің экономикалық және қаржы дағдарысымен күресу үшін өз валюталарының құнын өзгерту болатын. Бұл валютаның тұрақсыз ауытқуларына жол бермеді және халықаралық сауда мен инвестицияға жағдай жасады. 1947 жылы жиырма үш мемлекет кезекті келіссөз кезеңінде өндіріс тауарларына кедендік баждарды төмендету жөнінде Тариф және сауда туралы бас келісімін (GATT; ТСБК) құрды. Нәтижесінде Құрама Штаттар, Жапония және бүкіл Батыс Еуропа орасан зор экспорт дүмпуін бастан кешті. 1970 жылдарға дейін олар дүниежүзіндегі экспорттың 80 пайыздан астамын өндіріп, осы тауарлардың көп бөлігін бір-біріне саудаға түсірді.

Соғыстан кейінгі жылдары жаңа тұтыну тауарлары, технологиясы және артық капиталы бар америкалық корпорациялар халықаралық инвестицияға үстемдік етті. Бұл фирмалар фабрика салу және маркетингтік кеңсе ашу арқылы шет елдерге ақша құйды. 1950–1973 жылдары АҚШ-тың Батыс Еуропа мен Жапониядағы корпоративтік инвестициясы 2 миллиард АҚШ долларынан 41 миллиард АҚШ долларына дейін өсті. Автокөліктер сияқты жаппай технологиялық кешенді өнімдер шығаратын компаниялардың саны да артты. Мысалы, «Chrysler», «Ford» және «General Motors» сияқты америкалық автоөндіруші ірі компанияның үшеуі де Батыс Еуропада зауыттарын ашты. 1960 жылдардың соңына қарай олар сол елдерде жеңіл және ауыр жүк көліктерін тұтыну нарығының 25 пайыздан астамын басқарды. Нәтижесінде еуропалық және жапондық компаниялар да сыртқы нарыққа шықты.

Еуропалық экономикалық қауымдастық. Соғыс апатынан соң Батыс Еуропа көшбасшылары «аймақтағы автаркияны, яғни ұлттың өзін-өзі қамтамасыз етуін экономикалық интеграцияға, тіпті саяси федерацияға алмастыру керек» деп сенді. Бұл көшбасшылар Германия Федеративтік Республикасының ұзақ уақыт бойы экономикалық жағынан қауқары болмайтынын біліп, Батыс Германия күшін жаңа қару-жарақ жасауға емес, аймақ экономикасын жандандыруға бағыттауын қалады. Құрама Штаттар жалпыеуропалық серіктестікті қолдады. Дуайт Д. Эйзенхауер (1953–1960) президент болып тұрған кезінде мемлекет хатшысы Джон Фостер Даллес 1941 жылы соғыс аяқталғаннан кейін «Еуропадағы тәуелсіз мемлекеттердің жиырма бесін қалпына келтіру – саяси ақымақтық болар еді»2, – деп дәйектеді. Еуропалық интеграция Бреттон-Вудс мақсаттарына қызмет етіп, америкалық тауарлар нарығын кеңейтуі және коммунизмге қарсылық көрсетуі мүмкін еді.

Бірнеше мемлекет осы бағытта дамуға дайын болды. 1952 жылы Германия Федеративтік Республикасы, Франция, Бельгия, Нидерланд, Люксембург және Италия Еуропа көмір және болат бірлестігін (ECSC) құрды. Бұл – мүше-мемлекеттер арасында осы екі ресурс үшін бірыңғай нарық құрған халықаралық реттеу органы еді. Бірнеше жыл бұрын Германия мен Италияның қалған төрт мүше-мемлекетпен бітіспес дұшпан болып келгенін ескерсек, бұл бірлестік тамаша мүмкіндік еді. Агенттіктің жақсы жұмыс атқарғаны сонша, алты мүше-мемлекет Рим келісімінің ережелеріне сәйкес, 1957 жылы тауарлардың ортақ нарығы туралы келіссөздер жүргізіп, Еуропа Экономикалық Қауымдастығын (EEC; ЕЭҚ) құрды. 1960 жылдарға қарай еркін сауда және қатары көбейіп бара жатқан мүшелері арасындағы коммерциялық ынтымақтастық Батыс Еуропаны жаһандық экономиканың қайнар көзіне айналдырды.

Капитализм және жақсы тұрмыс мемлекеті. Әлеуметтік принцип ретінде мемлекеттің өз халқын экономикалық қауіпсіздіктің ең болмаса төменгі деңгейдегі жүйемен қамтамасыз ету жауапкершілігі ХХ ғасырда үлкен қолдауға ие болды. Компаниялар күйреп, жұмыссыздықтан табыс таппай, бизнестің кенеттен құлдыраған сәтінде мемлекет өз тарапынан халыққа кепілдік беруін жалғастырса, Бреттон-Вудс жүйесіне шынайы берілген басшылар жалақы алатын азаматтардың, оған қоса кәсіподақ мүшелерінің және демократиялық социалистердің жаһандық экономикалық интеграция жоспарларын қолдайтынын жақсы түсінді.

Жақсы тұрмыс мемлекеті77 жаһандық экономикамен қатар дамыды, дегенмен федералдық үкімет белсенділігі туралы қоғамдық пікірі екі айырылған Құрама Штаттарға қарағанда, Батыс Еуропада бұл үрдіс жылдамырақ жүрді. Соғыстан кейінгі өркендеудің арқасында үкімет денсаулық сақтау, мүгедектікті сақтандыру, арзан тұрғын үй, зейнетақы, қоғамдық білім беру және колледж оқушыларына гранттар ұсыну сияқты қызметтерді кеңейту үшін кіріс жинақтады. Ғасырдың үшінші ширегінде капиталистік кәсіпорын мен әлеуметтік демократия арасындағы серіктестік өрге басты. Барлық жетекші индустриялық мемлекеттерде кедейшілік деңгейі төмендеп, жұмысшылардың жалақысы өсті, «сабырлы» солшыл және оңшыл күштердің көшбасшылары ынтымақтасып қызмет етті.

Жақсы тұрмыс мемлекеті (welfare state) – ел азаматтарының әлеуметтік әл-ауқатын арттырып, денсаулығын сақтап, нығайтып, мемлекет қаражатын пайдаланатын мемлекет.

Коммунистік мемлекеттердегі экономикалық өсім

1945–1955 жылдар аралығында маркстік-лениндік социалистік идеология жолындағы елдердің саны Кеңес Одағын қосқанда он екіге өсті. Бұл қатарға Шығыс Еуропаның сегіз елі, оған қоса Қытай, Солтүстік Корея және Солтүстік Вьетнам кірді (27.1-картаны қараңыз). Коммунистік өкімет аясында өмір сүретін адамдардың саны жүздеген миллионға жетті. Осы мемлекеттердің көпшілігі 1950 жылдардағы экономикалық өсімді бастан өткерді. КСРО экономикасы дамудың ең төменгі деңгейінен бастаса да, кез келген батыстық капиталистік мемлекетке қарағанда жылдамырақ дамыды. Қытай 1952 және 1957 жылдар аралығында дамудың бұрын-соңды болмаған шыңына шықты. Бұл мемлекеттердің барлығы Бреттон-Вудс жүйесінен іргесін аулақ салды. Өйткені бұл жүйенің, негізінен, Құрама Штаттардың жаһандық саяси-экономикалық мүдделерін қорғау үшін әрекет жасап келе жатқанын олар жақсы білетін. Керісінше, олар кеңестік үлгідегі социализмге негізделген жоғары орталықтандырылған мемлекеттік жоспарлау мен бақылау орнатты.

Кеңес экономикасының табыстары. Иосиф Сталиннің ұзақ билігі кезінде кеңес экономикасы мемлекет тарапынан бекітілген экономикалық мақсаттарға сәйкес құрылған дәйекті бесжылдық жоспар орындауға кірісті. Жеке кәсіпорындар емес, мемлекеттің өзі елдің өнеркәсіптік зауыттарына, көлік жүйелеріне және коммерциялық мекемелерге, сондай-ақ оның ауыл шаруашылығының басым бөлігіне ие болды. Баға мен жалақыны да нарық емес, мемлекет белгіледі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Сталин кеңес халқын әскери қимылдардың жалғасы іспетті индустрияны дамытуға жұмылдыруын жалғастырды. Халықтың тұрмысы бірқалыпты деңгейде қала берді, ал тұтыну тауарларының көбі номенклатураға – коммунистік азаматтық және әскери бюрократияның жоғары табына ғана тиесілі болды.

Сталин қайтыс болғаннан кейінгі екі жыл ішінде кеңестік саяси иерархияның жоғарғы шыңына көтерілген, кенші отбасынан шыққан батыл да өрескел мінезді Никита Хрущевтің (1894–1971) басшылығымен кеңестік экономика әрі қарай дами түсті. Ол елдегі қатал қуғын-сүргін және жаһандық оқшаулану саясатын айыптады, дегенмен қарапайым халықтың өмірін жақсарту үшін социализмге толықтай сенді. Хрущев (1953–1964 жылдары ел басқарды) басқарған кезінде ауыр индустриядағы бірнеше мемлекеттік инвестицияларды сырт киім, аяқ киім, және радио сияқты тұтыну тауарларына ауыстырды. Ол әсіресе жас әйелдерді арзан тұрғын үймен, мемлекеттік қызмет көрсету және жоғары білім берумен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлді. Кеңестік ауыл шаруашылығын жаңа техникамен, тыңайтқыштармен, ал ұжымшарларды суару жобаларымен жандандырды. Ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі біртіндеп жақсарды. 1957 жылы қазан айында кеңес инженерлері жерсерік тиелген баллистикалық зымыранды орбитаға шығарған кезде Хрущев капиталистік әлемді таң қалдырды. Ғылым мен техника саласында коммунистік бәсекелесін басып оза алмағаны үшін бұл оқиға АҚШ қоғамында үлкен дау тудырды.

Никита Хрущев пен Ричард Никсон тұтыну экономикасын талқылауда. 1959 жылы АҚШ үкіметі Мәскеуде еңбекті үнемдейтін құрылғылармен жабдықталған америкалық үлгідегі жекежай қойылған көрмені ашты. Көрмені бірге аралап жүріп, кеңес басшысы мен америкалық вице-президент ұлттық экономикалары туралы аудармашылар көмегімен әңгімелесті. «Асүйдегі әңгіме» атымен белгілі бұл пікіралмасу жаңа технологияның жетістігі – түрлі-түсті бейнетаспаға түсіріліп, хабар екі елге де таратылды. Хрущев пен Никсон неліктен экономикалық идеологияның маңызды бөлігінің бірі – үй шаруашылығындағы тұтыну мәселесін көбірек талқылады деп ойлайсыз?

Хрущев жиырма жыл ішінде капиталистік мемлекеттердің КСРО экономикасынан әлдеқайда артта қалатынын айтты. «Сендерді қуып жетеміз... тіпті басып озып, қол бұлғаймыз», – деді ол 1959 жылы АҚШ вице-президенті Ричард Никсонға3. Алайда бұл сенімді мәлімдеме елеулі кемшіліктердің бетін бүркемеледі. Партия бюрократтары Хрущевтің реформаларын жақтырмай, оларды орындамау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысты. Мемлекеттік бақылау біршама босаңдық танытса да, кең ауқымды техникалық жаңалықтарды енгізуге тосқауыл қойып отырды. Кеңес Одағының баллистикалық зымыран сынақтарын жүргізген алғашқы жетістіктеріне қарамастан, 1962 жылға қарай Ресейде тек 4 әскери зымыран болса, Құрама Штаттарда ондай зымыран саны 224 еді.

1964 жылы Хрущевтің саяси оппоненттері оны өз қызметінен кетуге мәжбүрледі. Ол елді Сталиннің жеке басына табынудан айтарлықтай арылтты. Ал Хрущевтің орнын басушылар оны Сібірге емес, түсініксіз зейнеткерлікке жіберді. Леонид Брежнев пен Алексей Косыгин көшбасшылыққа көтерілді. Олар қарапайым әлеуметтік реформаларды жүргізіп, кеңестік сыртқы сауданы едәуір арттырды. Бірақ мемлекеттік жоспарлауға, ауыр индустрияға және әскерге тағы да мол қаржы жұмсады. Қалған онжылдық кезеңінде экономикалық өсім тұрақты түрде баяулады, ал 1970 жылдардың басында кеңестік экономика тоқырауға жақындай түсті.

Қытайдың дамуы мен құлдырауы. Ресейдегі Сталин сияқты, Mao Цзэдун Қытай Халық Республикасын толыққанды индустриялық ірі мемлекетке айналдыруға тырысты. 1949 жыл мен Мао қайтыс болған 1976 жылдар аралығында ел экономикасы айтарлықтай өсті. Алайда сол жиырма жеті жыл уақыт ішінде билік еткен коммунистік партияның өз ішіндегі күрделі саяси келіспеушіліктерге байланысты, экономика қатты дағдарысқа ұшырады. Мао бай мен кедей шаруалары жоқ, жер иеленушілері мен капиталистік буржуазиядан ада, маркстік-лениндік радикалды әлеуметтік теңдік сақталған Қытайды жылдам индустрияландыруға бел байлады. Әдеттегідей, мемлекет экономиканы жоғарыдан басқаруға тырысқан кезде, өсім құлдырай берді. Райынан қайтып, ауылдық фермерлерге жергілікті нарықта сатып алуға және сатуға рұқсат берген кезде, өсу қарқыны жеделдеді, бірақ табыс теңсіздігі ұлғая түсті.

1949 жылғы жеңістен кейін бірнеше жыл өткен соң, коммунистік үкімет ауылдық жерлерде ұсақ капитализмді қалдырып, Кеңес Одағының зор көмегінің арқасында Қытай экономикасын жылдам көтеріп алды. 1950–1957 жылдары орташа өмір сүру ұзақтығы жиырма бір жылға өсті. Мектептегі бала саны артты, жаңа заңдар балалар некесін жою және өзара келісім бойынша ажырасуға рұқсат беру арқылы ауыл әйелдерінің еңбегін қанауды жеңілдетті.

Алайда 1950 жылдар ортасында Мао мен оның маңайындағылар өнеркәсіпті ұлғайту және жылдам дамып келе жатқан қаладағы жұмыс күшін қамтамасыз ету үшін мемлекет ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайтуы керек деп шешім қабылдады. Сондықтан ол ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыруды бұйырды. Сөйтіп, шаруалар өздері үшін емес, мемлекет үшін жұмыс істеуіне тура келді. Ауыл шаруашылығы ұжымдарының тиімділігі жеткілікті дәрежеде болмаған соң, үкімет ондаған миллион ауыл тұрғынын ірі суару жобаларын салу үшін жатақханалары, асханалары, коммуналдық балабақшалары мен қарттарға арналған «Бақыт үйлері» бар ірі коммуналарға жіберді. Темір және болат өндірісін ұлғайту үшін мемлекет шаруаларға шағын домна пештерін салуға һәм пайдалануға тапсырма берді. «Қытай социалистік утопияға «үлкен секіріс» жасайды», – деп жариялады Мао.

Жұмысшы өз ауласындағы домна пешін жағып жатыр. Қытай шаруалары ауыл шаруашылығы еңбегінің арқасында өндірістік ауқымда болат өндіру талабынан туған «болат үшін шайқаста» миллиондаған балқыту зауытын салды. Ауыл шаруаларының зор еңбек өнімділігінің ұзақ тарихына қарамастан, жергілікті болат өндірісі неліктен Мао күткен нәтижелерге жете алмады?

Керісінше, 1958–1961 жылдары ел аштыққа ұшырады. Үлкен, бірақ тиімсіз коммуналардағы ауылшаруашылық өнімі азайып кетті. Жеке кәсіпкерлер сапасы төмен металл өндіріп, шаруаларға ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруіне кедергі келтірді. Астық жыл сайын аз түсім бере бергендіктен, ауыл халқы мүлде азықсыз қалды. Өсімдік, ағаш қабығы мен аяқ киім терісімен қоректене алмаған отыз миллионнан аса адам аштық пен аурудан өлді. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болғандар санынан да көбірек болуы мүмкін. Бірқатар түйткілдер, шекара мәселесі шиеленісіп, екі ел арасындағы қарым-қатынас нашарлап кетті де, кеңестік көмек те азайды. Экономикалық жағдайдың нашарлағаны сонша, ұсақ ұжымдар мен шаруаларға жекеменшік жер телімдерін беруді қолдаған көшбасшылар өздерінің саяси ықпалын қалпына келтірді. Бірнеше жыл ішінде едәуір табыс айырмашылығымен бірге, өсім қарқыны да қайта ұлғайды.

1966 жылы Қытайда қайтадан бүлік басталды. Мао партия ішіндегі сыншыларға тойтарыс беріп қана қоймай, капитализмнің жаңаруына қарсы тұра отырып, ұлы пролетарлық Мәдениет төңкерісін жариялады. Бұл жаппай жұмылдыру партия мен қоғамды буржуазиялық құндылықтардан, сыртқы әсерден және ластанған идеологиядан тазартуға бағытталды. Іс жүзінде Мао және оның негізгі күшті жақтаушылары, соның ішінде радикалды көзқарастағы әйелі Цзянь Цинь, жас зияткерлердің, студенттер мен жұмысшылардың аяқ-қолын шырмап, өзі басқарған үкіметтік мекемеге деген олардың наразылық отын тұтандырды. Саяси қақтығыс пен экономикалық тоқырау екі жылдан аса уақытқа жалғасты. Maoның қызыл гвардияшылары адамдарды қорқытып-үркітіп, тіпті болмашы күдік туғызған буржуазиялық «қате көзқарастағы» жандарды, оған қоса батыстық поп-музыка таспаларын сақтағандарды да өлтіруден тайынбады. Миллиондаған білімді адам ауылды жерлерге қуылып, сол жердегі шаруалар олардың революциялық көзқарасын қалыптастырды. Қызыл гвардияшылардың ынта-жігері алпысыншы жылдардың соңында құлдырай бастады, ал экономика қайта жанданды. Дегенмен жоғары партия өкілдері егде тартқан, бойында күш-қуаты қалмаған Маоның орнына отыруға таласты. Бұл жағдай ол қайтыс болған 1976 жылға дейін жалғасты.

Дүниежүзін еліктірген индустрияландыру

Соғыстан кейін жаһандық экономика өсіп келе жатқанда, индустрияландыру – өркендеудің кепілі деген көзқарас ірі капиталистік және социалистік елдерден ондаған өзге мемлекеттерге дейін тарады. Осы кішігірім елдердің көпшілігінің басшылары жеке инвестициялардың және орталықтандырылған жоспарлау мен бақылаудың арасындағы орта жолды қадағалап отыруға тырысты. Олар Бреттон-Вудс жүйесіне сенімсіздікпен қарады, өйткені экономикалық прогресс үшін шетелдік корпорациялармен және банктермен тығыз байланыста болғаннан гөрі, жаңа өндіріс салаларын қолдау үшін жоғары тарифтердің қажет екенін дәйектеді.

Латын Америкасындағы экономика. Ұлы депрессия жылдары және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, жаһандық сауда-саттық азайғанда Латын Америкасы республикалары импортты алмастыратын индустрияландырумен78 (ИАИ) айналысты. Бұл бағдарламалар экономикасы біршама дамыған елдерде коммерциялық тәуелділікті төмендетуге және жаһандық экономикалық дағдарыстың осалдығына қарсы бағытталды. ИАИ арқылы ел табиғи ресурстарды экспорттауды бәсеңдетіп, оның шетелдік капиталға тәуелділігін біршама төмендетуге мүмкіндік алды. Мемлекет ел дамуына қаржы салып, өнеркәсіп пен көлік желілерін басқаруға мәжбүр болды. 1950 жылдары ИАИ жақсы нәтижелерге жетті. Мексика 1945–1973 жылдар аралығында өндіріс көлемін төрт есе ұлғайтты. 1960 жылдардың ортасына қарай Оңтүстік Америка жерінің жартысына жуығын алып жатқан Бразилия өзі тұтынатын тауарлардың түгелге жуығын өндірді. Дегенмен шетел инвестициялары бәсеңдей қойған жоқ. Мысалы, 1950–1965 жылдары америкалық компаниялар Латын Америкасы кәсіпорындарын 3,8 миллиард долларға қаржыландырып, есесіне 7,5 миллиард доллар пайда тапты.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін Латын Америкасының бірнеше мемлекеті демократиялық институттарды нығайтуға, оның ішінде әйелдерге дауыс беру құқығы мәселелерін шешуге тырысты. Алайда бұл үрдіс ұзаққа созылмады. Чили мен Уругвайдан басқа, арасында кейбір әскери режимдері бар авторитарлық үкіметтердің белгілі бір немесе басқа түрлері АҚШ үкіметімен тығыз байланыста болып, билікті басып алды. Негізінен бұл үкіметтерде әскердің, бизнес көшбасшыларының, кәсіби мамандардың, қаладағы орта тап пен өнеркәсіп жұмысшыларының ішіндегі прагматикалық одақтары, техникалық жаңаруды және өнеркәсіптік өзін-өзі қамсыздандыруды қажет деп санаған барлық топтары болды. 1962–1966 жылдары Латын Америкасы елдері, оның ішінде Бразилия да бар, әскери төңкерістер жасады.

Қала халқына әлеуметтік қызмет көрсету және өмір сүру сапасын жақсартуға уәде беруге жұмылдырған нағыз диктатор деген үкіметтердің өзі ұлтшылдықты, кейде тіпті социалистік риториканы қабылдады. Мысалы, Аргентинада президент Хуан Перон (1946–1955 жылдары, 1973–1974 жылдары ел басқарды) билікті күшпен ұстап тұрды, сонымен бірге қала халқы мен кәсіподақтарға қолдау көрсетіп отырды. Президенттің әйелі Эва Дуарте киноактриса қызметінен дәстүрлі жер иеленуші тапқа қарсы шыққан кедейлердің тамаша қорғаушысына айналды. «Эвита» деген сүйкімді атымен белгілі ол «әйелдер үйде отырып-ақ халқына адал қызмет көрсеткенін» 1947 жылы мәлімдеп, әйелдердің дауыс беру құқығын алуына көмектесті. Мексикадан басқа елдерде жерді шаруаларға сатуға арналған реформалар аздап ілгері жылжыды. 1960 жылдардың соңында Латын Америкасының меншік иелерінің 17 пайызы жердің шамамен 90 пайызына ие болды. Ұлттық экономикаға қарағанда халық саны тез өсіп, елді инфляцияға, ауылдық жерлердегі жұмыссыздыққа және көптеген елде қала халқын кедейшілікке алып келді.

Жаңа мемлекеттердегі экономикалық қиындықтар. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі онжылдық ішінде отаршылдықтан тәуелсіздікке қол жеткізген барлық аймақтардағы жаңа көшбасшылар ұлттық индустрияны құру арқылы экономикасын жаңғыртуды бастады. Осы жаңа елдердің ішінде ең үлкені және техникалық жағынан дамығаны Үндістан болды. 1950 жылы оның халқы шамамен 372 миллионды құрап, барлық Латын Америкасы халқының санынан екі есе көп болды. Азиядағы өзге мемлекеттермен салыстырғанда, Үндістан экономикасы өсіп, сонымен қатар тұрақты болмаса да, белсенді демократияға қол жеткізді. 1947–1964 жылдары Үндістан мен Конгресс партиясын басқарған Джавахарлал Неру жедел индустрияландыруды қолдаған социалист және радикал модернизатор болды. Ол Кеңес Одағына еліктеп, мақсатты бесжылдық жоспарын іске асырды, бірақ үндістандық капиталистермен де ынтымақтасты. Ірі мемлекеттік инвестициялар елеулі нәтиже берді. 1950 жылдары темір, болат, тоқыма және автокөлік өнеркәсібі дамыды. Бірақ 1960 жылдары экономикалық өсім бәсеңдеді. Латын Америкасы мемлекеттері сияқты, Үндістан да халқы тез өсіп келе жатқан шақта мемлекеттік қаржысының көбін ауыл шаруашылығынан ауыр индустрияға ауыстырды. Көп жерлерді суару, химиялық тыңайтқыштарды молынан пайдалану және будан тұқымдарды көбірек себу мол өнім алуға септігін тигізді, бірақ ауылдық жерлердегі кедейшілік көбейіп, миллиондаған адам Мумбай, Калькутта және Нью-Дели сияқты қалаларға қоныс аударуға мәжбүр болды.

Азияның басқа елдерінде өсім үлкен өзгерістерге ұшырады, 1960 жылдардың басында олардың төртеуі таңғажайып табысқа қол жеткізе бастады. Оңтүстік Корея, Тайваньдағы Қытай Республикасы, негізінен өзін-өзі басқаратын британдық Гонконг отары және 1965 жылы тәуелсіздігін алған Сингапур тұтынушыларын қамтамасыз ету үшін Латын Америкасы өндірісінің моделінен бас тартты. Керісінше, олар дүниежүзінің қалған елдеріне дайын өнім шығару үшін жаңа кәсіпорындарға қолдау көрсетті. Бұл елдердің ешқайсысы табиғи ресурстарға бай болмаса да, сапалы тауар өндіріп, шығындарды төмендету арқылы әлемдік нарықта белсенді бәсекелесетін «Азия жолбарыстарына» айналды.

Тайваньдағы «Hsіn Yee Metal Іndustrіes» зауытының болат қорытушылары жұмыс үстінде. Тайвань басқа да «Азия жолбарыстары» секілді, 1960 жылдан бастап ауыр индустрия мен тұтыну тауарлары өндірісін ұлғайтты. Осы экономикалық стратегия сол кезеңдегі құрлықтық Қытайдағы индустрияландыру әрекеттерімен қалай салыстырар едіңіз?

Импортты алмастыратын индустрияландыру (іmport substіtutіon іndustrіalіzatіon; ІSІ) – импортталуы мүмкін дайын өнімді елде өндіруді қолдауға арналған үкіметтік экономикалық саясат.

Қалалар, қала маңы және жатақтар

Халық өсімімен қатар, экономика өсімі қала тұрғындарының санын 1950 жылы шамамен 25 пайыздан 1980 жылға қарай 40 пайызға дейін арттырды. Ғасыр ортасында миллионнан аса адам тұратын 67 қала болса, 1975 жылға қарай олардың саны жүз жетпіс екіге жетті4. Дүниежүзі картасында ірі қалалардың шоғыры өзгеріп, Азия Еуропа мен Солтүстік Американы басып озды (27.2-картаны қараңыз).

Халық саны қарыштап өскен жылдары дамушы елдердегі экономикалық қызмет орталықтары, яғни өндіріс пен өңдеу, тасымалдау, зерттеу, жоғары білім, мемлекеттік басқару және әртүрлі қызметтер көбейді де, халық қалаларға көп жиналып, тығыз қоныстанды. Автокөліктер, жаңа жолдар және қоғамдық көлік жүйелері адамдарға туған жерінен шалғайда өмір сүруге мүмкіндік беріп, кейбір қалаларды астаналық өңірге айналдырды. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапонияның Канто ауданында Токио және басқа да қалалар бүгінгі күні 36 миллион адамнан асатын халық тұратын үлкен мегаполиске79 бірікті. Солтүстік Америка мен Еуропада табысты отбасылар үй-жай, көлік сатып алу үшін қала орталықтарынан жасыл желекті шет аймақтарға ағылып, олардың соңынан компаниялар да ерді. Өндірісі баяу дамыған елдерде көлемі ұлғайып бара жатқан қала шетінен жатақ тұрғызған кедейлер сырттан көшіп келгендерге қарағанда көбірек көшіп-қонды. Оңтүстік Азия мен тропиктік Африка сияқты сан жағынан өсіп келе жатқан аймақтарда қалаға жаңадан көшіп келгендер, негізінен, ерлер еді, әйелдер шаруашылықпен айналысып, ауылдарда қалды. Туыстық және этникалық тамырлар үзілмей, қалалық жатақ тұрғындары ата-баба мекенінен толық ажырай қоймады. Сонымен қатар жатақтағы күркелер мен лашықтарда тұрған халық енді гендерлік қарым-қатынас жағынан теңдестірілген қоғамдастыққа, жаңа отбасыларға, азаматтық және діни ұйымдарға айналды.

Мегаполис – халқы көп және тығыз қоныстанған аймақ немесе елді мекендер тізбегі.

Соғыстан кейінгі тұтынушылар қоғамы

Ұзаққа созылған табиғи отын революциясы өндірістің бұрынғыдан да көп тұтыну тауарларын шығаруына мүмкіндік берді. Жаңа өнімдердің мұндай ағыны, сөзсіз, мәдени және психологиялық өзгерістерді тудырды. Қарқынды дамып келе жатқан индустриялық елдерде халық «тұтыну мәдениетін» қолдады. Адамдардың «бір нәрсені» сатып алып, оны көрсетуге асыққан мұндай өмір салты экономикалық шешімдерге, әлеуметтік қарым-қатынасқа және жеке бастың жетістігіне түбегейлі әсер етті. Шын мәнінде дүниежүзіндегі заманауи орта тап тұтыну қабілеттерін ептеп анықтай алатын дәрежеге жетіп, төменгі таптың көпшілігінің қолы жетпейтін өмірдің рақатын көрді.

Құрама Штаттар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сауда жасауға дайын, бай қоғамға айналды. Тоңазытқыштар, ас үй пештері, теледидарлар, автокөліктер мен бір ғана отбасы мекендейтін зәулім үйлер «сұранысқа ие» тауарлар қатарына кірді. 1950 жылдары тұтыну шығындары Батыс Еуропа, Канада және Австралияда күрт артты. Мысалы, Францияда дәретханасы іште орналасқан үйлердің үлесі 1954 жылғы 25 пайыздан 1975 жылы 75 пайызға дейін өсті. 1960 жылдары тұтынушылық80 Жапонияға жетті. Кеңес Одағы мен коммунистік Шығыс Еуропадағы жастар өздері қалаған тауарларды үкіметтен, оның шамасы жетер-жетпесіне қарамастан, табанды түрде талап етті. Польша, Венгрия, Чехословакия және Шығыс Германия үкіметтері 1950 жылдардың аяғында тұтыну тауарларының өндірісін біршама арттырды, бірақ жоғары жалақы мен тау-тау тауарлардан гөрі жұмыспен толық қамтуға уәде берді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жеке компаниялар қаржысының көп бөлігін жарнамаға, өнімнің сапасын қайта-қайта тексеруге және тұтынушылармен қарым-қатынас орнату стратегиясына жұмсады. Ұлыбританиядағы «Burton» ерлер киімі желісі – осындай тұтынушылық тактиканың жарқын үлгісі. 1953 жылғы «Manager’s Guіde» басылымы былай дейді: «Сатушылық кәсіп – сатуға қажет дүниені адамдардың сатып алуына мәжбүрлейтін өнер... Ақша жұмсауды табиғатыңыздан жек көретін қасиетіңізден арылуға ниет қылыңыз, сонда саудаңыз жүреді»5. Тұтынушы капиталистер несиенің жаңа тетіктерін ойлап тапты, оның ішінде орта табысы бар тұтынушыларды тұрғын үймен жылдам қамтамасыз ету үшін берілетін ипотекалық несие, бөліп төлеу және несие карталарын сақтау жүйесі де бар. Сонымен қатар корпорациялар кейінгі жылғы өнімді ескірген және сәннен қалған деп, өнертабысты дамытуға арналған зерттеулер мен жобалар жасап, оны «тауарлардың жоспарлы ескіруі» стратегиясы деп атады. Автокөлік жасаушылар, мысалы, әлеуметтік беделінің Джонс отбасына қарағанда бір сатыға көтерілуі үшін Смит отбасы ескісін жаңа үлгідегі көлікке алмастыратынына үміттеніп, жыл сайын көліктердің жаңа дизайнын шығарды.

27.2-КАРТА. Дүниежүзіндегі ең ірі 20 қала. 1950–1975 жылдар

1950 жылы ең ірі саналған қалалардың қайсысы 1975 жылы осы жиырма қаланың қатарына кірмей қалды? 1950–1975 жылдар аралығында ірі қалалардың қатары өзгеруіне қандай факторлар әсер етті?

Тұтыну және әлеуметтік өзгерістер. Тұтынушылық ең бай қоғамдарда әлеуметтік әсерге ие болды. Адамдар еркін жүріп-тұруға және жақсы медициналық көмекке қол жеткізіп, ауыр жұмысты талап етпейтін соңғы технологияны қолдана бастады. «Тұтыну экономикасы халықтың игілігі үшін қажеті мен қалауының бәрін жасаса, адамдар жұмысты аз істеп, өнімділіктің төмендеп кетуі мүмкін» деген мәселе экономистерді қатты алаңдатты. Шындығында бәрі керісінше болып шықты. Халық көбірек және ұзағырақ жұмыс істеп, табысы ұлғайған сайын сатып алу қабілетінің оларды бақытты ететініне сенді.

Экономикалық өсім мен тұтынушылық сұраныс орта тап пен еңбекші әйелдердің өмірін едәуір өзгертті. Соғыс аяқталғаннан кейін әйелдердің жұмысқа орналасуы төмендеп кетті де, олардың тұрмыс құрғандары мен басы бостары жалақыға жұмыс істеп, үй шаруашылығына барынша аз уақыт жұмсады. Өндірушілер негізгі отандық тұтынушылардың дені әйелдер екенін құптап, солардың сұранысын өтеуге тырысты. Бір қызығы, ыдыс жуғыш машиналар, пештер мен бу үтіктерін еңбек нарығына алып шыққанымен, бұл машиналарды әйелдердің игере алатынына ерлердің көбінің көзі жетпеді. Жалпы алғанда, жұмыспен қамтылған әйелдер ерлерден аз еңбекақы ала берді, орайы келсе де, олар мансабын жоғарылату жолында «әйнек қабырғаға» тіреліп, тоқтап қалды.

Соғыстан кейінгі тұтыну мәдениетінде сыншылар көп болды. Әсіресе Еуропадағы әлеуметтік бақылаушылар, қоғамның материалдық иігілікке деген ынтықтығы қоғамдық құндылықтарды қара бастың қамын ойлайтын индивидуалистік көзқарасқа жетеледі. 1950 жылдары Еуропаның зиялы қауымы Құрама Штаттарды дүниежүзін фильмдерімен, комикстерімен, пластикалық ұсақ-түйек бұйымдарымен және басқа да адам миын улайтын өнімдерімен арбаған материалдық мәдениеттің алып құралына теңеді. Алайда алпысыншы жылдары Батыс Еуропада америкалық мәдени басқыншылық қорқынышы әжептәуір сейілді, өйткені адамдар өздеріне тән тұтынушылық мәдениетін қалыптастырған болатын. Олар ежелгі Еуропа қалаларының тар көшелерімен еркін жүру үшін кішкентай автокөліктерді пайдаланды. Олардың кинорежиссерлері Голливудпен, әсіресе италиялық режиссер Серджо Леонемен, айрықша америкалық «вестернді» Испанияда түсіру үшін белсенді күрес жүргізді. Британдық музыка мен сән Америкаға жетіп, мәдени шабуылдың бағыты өзгерді, сөйтіп, еуропалық корпорациялар америкалық тұтынушыларды еуропалық жылтырақ тауарларды сатып алуға көндірді.

1960 жылдарда таралған тұтынушылық жарнама. Лондон теміржол бекетіндегі көрініс жарнама берушілердің әртүрлі деңгейлі болашақ тұтынушыларын, әйелдерді де, ерлерді де қамту мүмкіндіктерін бейнелейді. Осы суреттегі жарнама берушілер қандай табыс табатын және қандай демографиялық топты қамтуға үміттенді деп ойлайсыз?

Тұтынушылық (consumerіsm) – материалдық игіліктерді жинақтау мен тұтынуға негізделген қоғамдық және мәдени құндылықтар мен дағды.

Апатты жағдайдағы биосфера

Соғыстан кейінгі онжылдықтар ішінде адамдар жер бетін жылдам қарқынмен пайдаланып, өзгертті. 1950–1973 жылдары көмір, мұнай және газ сияқты табиғи отыннан өндірілетін қуат көзі жаһандық жалпы ішкі өнімнің үш есе өсуіне әкеліп соқтырды. Технологиялық инновациялар легі – химиялық өңдеудің ең жақсы әдістері, жоғары қысымды құбырлар, ірі танкерлер – табиғи отын қорларын кеңінен пайдалануға мүмкіндік берді. 1890 жылы адамзат 10 миллион тоннадан бастап мұнай тұтынса, 1975 жылға қарай жылына 2,3 миллиард тонна мұнай жұмсады. Таяу Шығыс ірі мұнай өндіруші аймақ ретінде КСРО, Румыния, Мексика, Венесуэла және Құрама Штаттардың қатарына қосылды. Турбогенератор бөгеттерімен қатар табиғи отын әлемдегі электр қуатын пайдаланушылардың көбін қамтамасыз етті. 1950 жылдар ортасында Кеңес Одағы, Құрама Штаттар мен Ұлыбритания атом энергиясын күнделікті пайдалануға кірісті. Сол кезеңнен 1980 жылдарға дейін АЭС басқа бірнеше елде, атап айтқанда, Францияда көбейді.

Соғыстан кейінгі онжылдықтар ішінде экономикалық және демографиялық өсімнің шапшаңдығы жердің физикалық қасиеттеріне және табиғи ахуалына әсер еткені сонша, оны дер кезінде түсінген ешкім болмады. Топырақтың, су жүйесі мен атмосфераның деградацияға ұшырағанына күмән қалмады.

Топырақ, су және орманға келтірген залал. Ертеректе фермерлер жердің жұқа қабатын таяқ, кетпендерімен бұзып, бүлдіре бастады. ХХ ғасырға қарай ауыл шаруашылығы механикаланып, ағаш кесу, тау-кен және құрылыс жұмыстарының әсерінен жылына миллиардтаған тоннаға жуық топырақтың беткі құнарлы қабаты сумен шайылып, желмен ұшты. Топырақ эрозиясын белгілі бір дәрежеде ормандарды молықтыру немесе шаруалардың мүмкіндігі келе бермейтін басқа қымбат шаралар арқылы қалпына келтіруге болар еді. Мысалы, Шығыс Африкадағы таулы Руандада халықтың тығыздығы 1948–1978 жылдар арасында бір шаршы шақырымға 80 адамнан 180 адамға дейін өсті. Жергілікті фермерлер топырақтың жоталардан ығысуын бәсеңдету үшін тұрақты күрес жүргізді. Соғыс жылдарынан кейін Бразилияда коммерциялық өндірушілер миллиондаған орманды қысқартып, кофе өндірісін кеңейтіп, топырақты құнарсыздандырып жіберді.

Соғыстан кейінгі металлургиялық және химиялық өндірістердің көбеюі шахталардың, тау-кен зауыттары мен мұнай өңдеу зауыттарының қалдықтарын қоқыс тау мен улы өзенге айналдырды. 1950 жылға қарай дамыған мемлекеттер қалаларын қауіпсіз таза ауыз сумен қамтамасыз етті. Бірақ дүниежүзінің көп елдеріндегі халық санының өсімі оларды су тазарту құрылғылары мен жабық канализациямен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде судан келген ауру түрлері, мысалы, тырысқақ пен іш сүзегі миллиондаған адамның, әсіресе жас балалардың өмірін қиды. Тіпті суы жақсы тазарған жерлерде өндіріс орындары, үкімет және жеке адамдар өзендер мен көлдерді қоқыс төгетін қолайлы орын ретінде пайдаланды. Мысалы, 1950 жылдары Солтүстік Еуропаның Рейн аймағында ауыр индустрия қайтадан жұмыс істеп, Рейн өзенін химиялық және металлургиялық қоқысқа айналдырып, су лайланды. Елеулі тазарту жұмыстары 1970 жылдардың аяғында ғана басталды.

Биік Асуан бөгетінің құрылысы. Қол еңбегімен қатар, ауыр техника да араласқан осы ауқымды жобаның құрылысында жұмысшының аяқ киімін ауыстырып отырған сәті бейнеленген. КСРО жартылай қаржыландырған бөгет құрылысы Египеттің өзін-өзі азық-түлікпен және қуат көзімен қамтамасыз етуге бағытталған үлкен қадамы еді. Ұлтшылдар үндеуі жобаға қандай қоғамдық қолдау көрсетуі мүмкін?

Топырақ және су ірі бөгеттер салу мен суару жөніндегі абайсыз жасалған жобалардың салдарынан да дегдарацияға ұшырады. 1950–1980 жылдары дүниежүзіндегі суармалы жер көлемі 200 миллионға жуық гектарға артты6. Суару жұмыстары ауылшаруашылық дақылдар шығымын арттырып қана қоймай, шаруа табысын айтарлықтай көтеріп, экспортты ілгерілетуге мүмкіндік берді. Бірақ олар да ұзақмерзімді мәселелерді туындатты. Химиялық тыңайтқыштар суармалы жерлерден кері қарай, аралдарға және өзендерге ағып барып, су балдырларының және басқа да нәрмен қоректенетін өсімдіктердің өсуін күшейтті, сөйтіп, олар арналарды бітеп, су тіршілігіне қауіп төндірді.

Бұған айрықша бір мысал бар. 1952–1970 жылдары Египеттің әскери билеушісі Гамал Әбдел Насер Ніл өзенінің ортаңғы ағысында биік Асуан бөгетін салуды бұйырады. 1960 жылы басталған ірі жобаны іске асыруға он жыл уақыт кетті. Бұл бөгет Египеттің аграрлық өркениетін бес мың жыл бойы дамытып келген Нілдің жазғы су тасқынына төтеп берді. Сонымен қатар жыл бойы суару жұмыстарын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін төменгі ағыс реттелді. Мысыр тез өсіп келе жатқан халықты азықпен қоректендіруге және мақта мен басқа да тауарлардың артық өнімін экспорттауға мүмкіндік алды. Көп ұзамай бұл бастаманың кесірі байқала бастады. Миллиондаған жылдар бойы әр жаз мезгілінде Нілдің төменгі сағасы мен алқабы арқылы ағып келген лайдың миллиондаған тоннасы, керісінше, Насер көліне, яғни бөгеттің сыртындағы үлкен су қоймасына жиналды. Мұның кесірінен төменгі ағыс бойындағы шаруашылықтар химиялық тыңайтқыштарды жыл сайын көп мөлшерде қолдануға тәуелді болды, ал олардың едәуір көп бөлігін шетелден сатып алуға тура келді. Балдырлар мен су гиацинттерінің қаулап өсуі суару арналарын бітеп, тіпті Каирге су тасымалын қиындатты. Жыл сайынғы шөгінділер түзілмеген жағдайда, Жерорта теңізінің суы құрлықты жайлап, фермаға бай Ніл сағасына қауіп төндірді. Насер ауыл шаруашылығының өзін-өзі қамтамасыз ете алатынына үміттенген еді, бірақ бүгінгі күні Египет жылдық азық-түліктің 60 пайызынан астамын импорттайды.

Азық-түлік тауарларының өндірісі артпағанда, дүниежүзі халқының саны соғыстан кейінгі қарқынмен өспес еді. Соғыстан кейінгі онжылдықтар ішінде ғалымдар мен инженерлер дәнді дақылдардың шығымын арттыру үшін сол замандағы ең үздік технологияларды кейбір жерлерде он есе көбірек қолданды. Биоинженерлер химиялық тыңайтқыштарды, пестицидтерді және суды молынан пайдаланудың арқасында бидай, күріш және жүгерінің түсімі мол жаңа түрлерін дамытты. 1930 жылдары баяу дамыған бұл жасыл революция81 АҚШ-тан Мексикаға қарай тарады. Онда 1944–1960 жылдары бидай түсімі үш еселенді. Кейінгі жиырма жыл ішінде халқы көп елдерде, соның ішінде Түркия, Үндістан, Пәкстан, Индонезия, Қытай, Оңтүстік Корея және Филиппинде халық санының өсуіне қарай бидай немесе күріш те молынан өндірілді.

Дегенмен күтпеген оқиғалар да қылаң берді. Азия, Африка және Латын Америкасының көптеген елінде ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыратын технологиялар, әдеттегідей, жеке фермер-отбасылармен салыстырғанда ірі жер иеленушілерге және компанияларға көп пайда әкелді. Жанармаймен жүретін техника, тыңайтқыштар мен суару суы – қуат көзі мен қаржының мол шығынын қажет ететіндіктен, бұл ірі жер иелерін ғана молшылық өмірге бастайтын жетістік еді. Будан тұқымдар жоғары түсімді өнім бергенімен, бұл өсімдіктердің тұқымдары зарарсыздандырылды. Сондықтан фермерлердің жыл сайын патенттелген фирмалардан жаңа тұқымдар сатып алуына тура келді. Мұндай жағдай дамушы елдердегі шағын фермерлер үшін емес, биотехнологиялық корпорациялар үшін өте тиімді болды. Дәнді дақылдарды кең көлемде өндіруге қабілетті және нарықтық бағаларды төмен бағада ұстап отыра алатын ірі өндірушілермен отбасылық фермерлер бәсекелесе алмады. Осылайша, 1970 жылдары, әсіресе Азия елдерінің миллиондаған фермері күнкөріс қамымен ол жерлерден кетіп қалды.

Ауаның ластануы. ХХ ғасыр басында Лондон дәрігері үлкен қалалардың үстіне төнген «түтінді тұманды» сипаттау үшін «смог» (smog) терминін енгізді. Күн сәулесінің химиялық түрде азот оксидтерімен және іштен жанатын қозғалтқыштар шығаратын көмірсутектермен әрекеттескен кезде пайда болатын атмосфералық тұманды осылай атады. Смог – көз бен тыныс алу ағзаларының ауруын қоздырады, өсімдік түрлеріне зиян келтіреді. Соғыстан кейінгі серпілістен соң зауыттар, шахталар, фермалар мен автокөліктер атмосфераға орасан зор мөлшерде химиялық қалдықтар тастады. Ғалымдар 1960 жылдары ғана ірі қалалар мен өнеркәсіптік аймақтардағы ауаның ластануы жүйелі түрде көңіл аудара бастады. Осы уақытқа дейін бай елдерде қалалық ауаның ластануының кем дегенде ішінара бақылауға алынуын қамтамасыз ету үшін шаралар қолданды. Лондон 1952 жылдың желтоқсанында ауа райының қолайсыздығынан бір апта бойы улы тұманда қалғаннан кейін ғана осы істі қолға алды. Төрт мыңға жуық адамның тыныс алу жүйесі ауруларынан қайтыс болуына алапат смог себеп болды. 1950–1960 жылдары бүкіл аймаққа әсер еткен ластану Бразилиядағы Сан-Паулу аймағы және Солтүстік-Батыс Еуропаның Рур аңғары сияқты жерлерде үрейлі деңгейге жетті.

Дүниежүзінде автокөліктердің саны 1930 жылғы 50 миллионнан 1985 жылға қарай 500 миллионға дейін өсті, бірақ технологиялық жағынан дамыған елдер бұл ластануға көп көңіл бөле қоймады. Мысалы, Мехико, Лос-Анджелес, Афина және Тегеран сияқты мегаполистер автокөліктердің есепсіз көп болуынан, күннің жыл он екі ай жарқырап, айналаны қоршаған таулар түтіннің сейілуіне жол бермегендігінен ауыр азапқа түсті. Сонымен қатар 1920 жылдан мұнай корпорациялары жанармайға қорғасын қосып тиімділігін арттырды, бұл адам қанында улы заттардың көбеюіне себеп болды. 1960 жылдардың соңында көліктен бөлінетін газды азайтуға елдер бірлесе күш жұмсады, бірақ 1975 жылға қарай дүниежүзіндегі қалалардың ластануы бұрынғысынша нашарлай берді.

Алапат смог кезіндегі күндізгі көше қозғалысы. 1952 жылы желтоқсанда автобус жолаушылары ауаға тараған көмірсутек залалына қарамастан Лондон көшелерімен жолға шықты. Индустриялық елдерде адамдар қоршаған ортаның ластануын бақылау үшін арнайы шаралар қабылдай бастағанға дейін ауа сапасы неліктен жылдам нашарлады деп ойлайсыз?

1962 жылы америкалық зоолог Рейчел Карсон жануарларды өлтірген ДДТ (дихлордифенил-трихлороэтан) және басқа да пестицидтерді сатқаны үшін химия өнеркәсібіне қатысты «Үнсіз көктем» («Sіlent Sprіng») айыптау қорытындысын жариялады. Қарқынды корпоративтік қарсылықтарға қарамастан, оның еңбегі қоршаған орта туралы ғылыми және қоғамдық пікірді қалыптастырды. Тек келесі онжылдыққа қарай үкіметтер мен қоғамдық мүддені қорғаушы топтар қоршаған ортаның бұзылуының көптеген себебінің астарына үңіліп, табиғатты барынша қалпына келтіру жауапкершілігін мойнына алуға тырысты (28-тарауды қараңыз).

Қырғиқабақ соғыс

ОЙЛАН: Қырғиқабақ соғыс екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі отыз жылда әлем халықтарының арасындағы саяси-экономикалық қатынастарға қалай әсер етті?

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі «қырғиқабақ соғыс» деп сипаттаған алғашқы уақытта (26-тарауды қараңыз) бұл ұғым қарама-қарсы саяси-экономикалық екі көзқарас арасындағы күрес ретінде тұжырымдалуы мүмкін. Құрама Штаттар дүниежүзін демократия мен капитализм арқылы экономикалық өркендеуге жеткізуге ұмтылды. Кеңес Одағы, Қытай және басқа да коммунистік мемлекеттер капиталистік интернационализмді болдырмауға тырысты. Коммунистік режимдер маркстік-лениндік ілім, орталықтан жоспарлау, экономикалық дербестік пен жеке мүдделердің мемлекетке бағынуы елдің материалдық жағынан байып, барлығына бірдей әлеуметтік теңдік алып келетінін көрсетуге ұмтылды. Уинстон Черчилль «темір пердеге» теңегендей, Еуропа екіге бөлінді: Құрама Штаттар әскері және оның батысеуропалық НАТО одағына қарсы 1955 жылы Кеңес Одағы өзінің шығысеуропалық әріптестерімен бірігіп құрған әскери Варшава шарты ұйымы тұрды (27.1-картаны қараңыз).

Жасыл революция – дүние­жүзілік ауыл шаруашылығы өнімділігін жеделдету. Әсіресе 1960 жылдан бастап азық-түлік дақылдарын, синтетикалық тыңайтқыштарды, пестицидтерді, кеңейтілген суару жүйелерін және дәнді дақылдардың жоғары түсімді сұрыптарын пайдалану арқылы дүниежүзіндегі ауылшаруашылық өнімдері қарқынды өсті.

Өзара кепілді жою дәуірі

Ядролық қару 1945 жылдан кейін барлық халықаралық қатынастарды қалыптастырды. Дүниежүзінің ең қуатты елдері 1914 және 1939 жылдары соғысқа қатысты, соғыс жеңімпаздары үлкен шығынға батқан күннің өзінде де, жағдай қалайда қалпына келетініне көздері жетті. Бірақ түп-тұқиянымен құрту, атом бомбаларымен соғысу адамзатқа қауіп төндірді. Атом бомбасынан кім аман қалады? Тіпті шағын плутондық бомбамен-ақ Жапонияның екі қаласын жермен-жексен еткізген Құрама Штаттар төрт жыл бойы ядролық технология монополиясын ұстады. Ал Сталин ядролық апат бағдарламасын жасауға бұйрық беріп, 1949 жылы ішкі Еуразия даласында ядролық сынақтарды табысты өткізді.

Корей соғысының мысалы. 1950 жылы Кореяда басталған соғыс ядролық қақтығыс тудыруы мүмкін еді, бірақ олай болмады. Германия сияқты, Корея да Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында екіге бөлініп, солтүстікте – Кеңес Одағының коммунистік үкіметі, оңтүстікте – АҚШ-ты қолдайтын республика қалыптасып, екі мемлекет отыз сегізінші географиялық ендікте еркін шекара бөлісті. Бірақ 1948–1949 жылдары екі ірі мемлекет Корея түбегіндегі әскерлерін шығарып әкеткеннен кейін, солтүстік пен оңтүстіктің бір-біріне шабуыл жасау қаупі төнді.

Кеңес Одағы Мао Цзедунмен өзара қорғау туралы пактіге қол қойып, соғыстан кейін Жапонияның Құрама Штаттарға жақындауына кедергі жасау үмітіне малданған Солтүстік Кореяның көшбасшысы Ким Ир Сен (Kіm Іl-Sung) оңтүстікке басып кіріп, түбектің коммунистік билікке қайта қосылуын қамтамасыз етті. Ол Америка Құрама Штаттары бұған араласпайды деп ойлады. Керісінше, АҚШ үкіметі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне (Кеңес Одағы делегациясы қатыспаған күні) әскери іске араласуына рұқсат етті. Бұдан туындаған соғыс үш жылға жалғасты. Бастапқыда Солтүстік Корея әскері түбектің жартысына жуығын басып алды, бірақ генерал Дуглас Макартурдың қолбасшылығымен жасалған қарсы шабуыл Солтүстік Кореяның Қытаймен шекараласқан Ялу өзеніне жақындады. Осындай арандатушылықтың өз билігіне қауіп төндіруі мүмкіндігін жобалаған Мао 1950 жылдың қазан айында 300 мың қытай әскеріне Яулудан өтуге бұйрық берді. Бұл шабуыл АҚШ пен одақтас күштерді кері қайтарды, бірақ соғыстың соңы тығырыққа тірелді. Сталин де, АҚШ президенті Гарри Трумэн де Кореяның болашағын шешу үшін атом бомбасын тастағысы келмеді, сөйтіп, 1953 жылдың шілдесінде қарсыластар бітімге қол қойды, ал түбек бұрынғыша бөлінген күйі қала берді. Соғыста шамамен 2,8 миллион корей қаза тапты. Шиеленіс АҚШ пен КСРО арасындағы сенімсіздікті күшейтіп, Құрама Штаттар мен Қытайдың қарым-қатынасы жиырма жылдан аса уақытқа суып кетті.

Қырғиқабақ соғыстың үрейі мен үміті. Корей соғысы жаппай қару жасауды күшейтті. 1952 жылы Құрама Штаттар ядролық синтез қағидаты бойынша жұмыс істейтін алғашқы сутегі бомбасын сынады. Тынық мұхит аймағында сыналған қарудың жарылыс күші 10,4 миллион тоннаға жетті, бұл – Нагасакидегі жарылысқа қарағанда бес жүз есе көп. Кеңес Одағы келесі жылы майдан алаңындағы таразының басын теңестірді. 1952–1974 жылдар аралығында Ұлыбритания, Франция, Қытай, Израиль және Үндістан ядролық мемлекеттер қатарына қосылды. Алайда қарулары салыстырмалы түрде аз болды. 1960 жылдардың ортасына қарай Ресей және Америка Құрама Штаттарының бір күнде миллиондаған адамды жойып жіберуге қуаты бар ядролық зымырандармен жабдықталған сүңгуір қайықтары болды.

Солтүстік Корея ұлт-азаттық әскерінің сарбаздары. 1950 жыл, қазан. Коммунистік Солтүстік Корея үкіметін қолдауға жіберген Қытай қарулы күштері Құрама Штаттар бастаған Біріккен Ұлттар Ұйымының әскерімен күресу үшін бес қаруын жақсылап сайлап алмады. Алдыңғы қатарда әркелкі киінген сарбаздардың аяқ киіміне назар аударыңыз. Соған қарамастан, бұл әскерлер БҰҰ күштерінің бетін қайтарып, соғысты тығырыққа тіреді. Мао нашар жабдықталған сарбаздарды соғысқа жіберуге қалайша тәуекел етті деп ойлайсыз?

Вашингтон мен Мәскеу жаппай зымыран соққыларымен алмасудың ықтимал салдарын түсініп, әу бастан-ақ қауіп-қатерге басын тікті. 1957 жылы Мао Цзедун Қытай ядролық соғыстың нәтижесінде тіпті үш жүз миллион адамды жоғалтса да, халық санының көптігінен лезде жасақ құрарын ескерткенде, кеңес және америка көшбасшылары бірдей абдырап қалды. 1959 жылы президент Дуайт Эйзенхауэр тұңғиық ойға шомып, былай деді: «Зымырандар ұшатындай сәт туса, сыртқа шығып, көзіңізге іліккен адамдардың барлығын, сосын өзіңізді атасыз»7. 1960 жылдардың басында Құрама Штаттар өзара кепілді жою саясатын82, яғни ешкім ядролық соғыстан тірі қалмаса, онда оны ешкім бастамайды деген күмәнді теорияны жариялады.

1950–1960 жылдары қырғиқабақ соғыс әдеттен тыс қайшылыққа тап болды. Бір жағынан, қарсыластар қару-жарақ арсеналын және тыңшылық желілерін кеңейтуді жалғастырды. Бір тарап шабуыл жасаса, екінші тараптың оған қарсы әрекет жасап, оқ жаудыратыны туралы бір-біріне ескертті. 1950 жылдары Америка барлау қызметі АҚШ-тың ядролық және ұзақ қашықтықты зымырандарының мүмкіндіктері Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін айтып қойды. Кеңес Одағы бұл туралы білді, сондықтан оларға төндіретін қауіпті арттырды. Америкалық үгіт-насихат жүргізуші аппараты да сондай жауап қайырды. Екінші жағынан, екі тарап та бейбіт өмір сүруге деген ұмтылысын мәлімдеді. Олар дүркін-дүркін жоғары деңгейдегі саммиттер өткізіп, мәдени қарым-қатынастар жасады. 1960 жылдары КСРО мен Батыстың дамыған елдері арасындағы сауда демде өсті. 1963 жылы Құрама Штаттар мен Кеңес Одағы атмосферада ядролық сынақтарды шектейтін «Ядролық сынақтарға ішінара тыйым салу» туралы шартқа қол қойды. Соңынан басқа да қосымша келісімдер жасалып, оның ақыры ядролық қаруы бар елдерге сырттан келетін зымырандардан қорғанысты дамытуға тыйым салатын 1972 жылғы «Зымыранға қарсы қорғаныс» туралы келісіммен аяқталды.

Еуропаның тығырыққа тірелуі. Сталин Батыс Берлин жерін (26-тарауды қараңыз) қоршаудан шығарғаннан кейін «қырғиқабақ соғыс» қарсыластарының ешқайсысы шамадан тыс арандатуға жол бермей, Еуропаның екінші жартысына шабуыл жасамауы не жағдайды шиеленістірмеуі керегін түсіне бастады. Мысалы, 1956 жылы қуғын-сүргін мен кедейліктен жапа шеккен Венгрия азаматтары Кеңес Одағынан шығуды талап етіп, коммунистік үкіметке қарсы бүлік шығарды. Бірнеше күн ішінде Кеңес әскері көтерілісті басып, шамамен бірнеше мың венгрдің өмірін қиды. Құрама Штаттар мен оның одақтастары басқыншылықты айыптады. Бірақ одақтастардың ісіне араласпау саясатын қолдап, Будапешт көшелерінде болған күрескерлердің көтерілісіне бейжай қарады.

Содан кейін, 1961 жылы Кеңес Одағы коммунистік Германия Демократиялық Республикасымен (ГДР) біріге отырып, Шығыс Берлинді және ГДР-дің қалған бөлігін Батыс Берлиннен бөлу үшін алдымен тікенді сым, одан кейін бетон қабырға тұрғызды. Азаматтардың, әсіресе білікті де білімділерін, Батыс Берлинге қарай қашуын тоқтата алмаған ГДР шарасыздықтан осындай қадамға барды. Бұл жөнінде батыс одақтастары наразылық білдіргенімен, қабырғаның Орталық Еуропада шиеленісті азайтатынын түсінді. Сол кездегі АҚШ президенті Джон Ф. Кеннеди (1961–1963 жылдары ел басқарды) «Өте жақсы шешім болмаса да, қабырға – соғысқа қарағанда әлдеқайда жақсы»8 деп мойындады.

Өзара кепілді жою (ӨКЖ) (mutually assured destructіon; MAD) – Құрама Штаттар мен Кеңес Одағының арасындағы ядролық соғысқа жол бермеуге бағытталған доктрина, жалпы білім негіздеріне сүйенсек, біріне-бірі шабуыл жасаған жағдайда екі жақ та түгел қырылады деген негізге сүйенеді.

Жаһандық сипат алған қырғиқабақ соғыс

Қырғиқабақ соғыстың ықпалынан америкалық және кеңестік зымырандардың өз алаңдарында қалғанына қарамастан, 1950–1975 жылдары азаматтық және халықаралық деңгейдегі елуден аса соғыс басталып не жүріп жатты. Екі супермемлекет жаңа одақтар құрып, өздерінің стратегиялық және идеологиялық мүдделерін нығайтуға үміттеніп, осы қақтығыстардың біразына араласты. Осылайша, қырғиқабақ соғыс Азияға, Африкаға және Латын Америкасына тарап, көбіне-көп болжауға келмейтін нәтижелермен аяқталды.

Иранда, мысалы, премьер-министр Мұхаммед Мосаддық үкіметі 1950 жылдар басында Мұхаммед Реза шахтың (1941–1979 жылдары билік құрды) сол кездегі авторитарлық монархиясының өкілеттігін шектейтін конституциялық демократия құруға тырысты. Еуропаға мұнай тасымалының үзілу қаупінен және Мұхаммед Мосаддықтың коммунистік саяси қызметке оң қабақ танытуынан күдіктенген АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (ОББ) 1953 жылы Британ жедел қызметкерлері мен консервативтік Иран күштерімен сөз байласып, әскери режимді құлатуды көздейді. Реза шах билігін қайтарып алып, Құрама Штаттардың сенімді одақтасына айналды. Иран халқы жиырма жеті жыл бойы патшалық биліктің қатыгездігінен жапа шекті. Сол сияқты, 1954 жылы Құрама Штаттар Гватемаладағы оңшыл әскер офицерлерімен бірігіп, перзенті Хакобо Арбенсті (1951–1954 жылдары билік құрды) орнынан түсірмек болады. Ол америкалық «Unіted Fruіt» корпорациясын қыспаққа алған жер реформаларын қабылдап қана қоймай, коммунистік елдермен достық қарым-қатынас орнатты. Төңкерістен кейін Гватемаладағы әскери диктатура мен азамат соғысы бірнеше онжылдыққа созылды.

Кеңес Одағында Хрущев пен оның жақтаушыларына кеңестік империялық билікті бейресми жолмен жобалау мүмкіндігі туды. Ол тұрақсыз немесе бейтарап елдерге экономикалық және әскери көмек көрсетумен қатар, тұрақсыз жағдайларды пайдалана отырып, Ресейдің сыртқы саясатының белсенділігін күшейтті. 1962 жылы Кеңес Одағы орташа қашықтықтағы баллистикалық зымырандарды Кубаға орналастырған кезде, қырғиқабақ соғыс шарықтау шегіне жетті. Үш жыл бұрын Фидель Кастро (1959–2008 жылы ел басқарды) және радикалды маркстік әлеуметтік реформаны жақтаушы партизандық әскер америкалық бизнестің жақын одақтасы – Фульхенсио Батистаның билік басқыншыларын орнынан тайдыру мақсатын көздеп, тау шатқалдарынан шықты. Кастро құны 1 миллиард доллар тұратын америкалық мүлікті тәркілеген кезде Құрама Штаттар дипломатиялық қарым-қатынасын бұзды. Өзін қолдайтын ешкімді таппаған Кастро Кеңес Одағын мемлекеттің негізгі экспорты – қантты сатып алуын, сондай-ақ техникалық және әскери көмек көрсетуін сұрады. Президент Кеннеди ОББ мен кубалық қарсы тарапқа Шошқалар шығанағындағы (Bay of Pіgs) аралға басып кіруге рұқсат берді. Бірақ нашар жоспарланған операция сәтсіздікке ұшырады. Дегенмен Кеннеди сауда эмбаргосын жасап, Кастро режимін қалайда тұрақсыздандыруға тырысты.

Өздерінің араласуынсыз кубалық революция арқылы маркстік-лениндік режимнің Батыс жартышарда билікке келуі КСРО жетекшілерін таң қалдырды. Хрущев Кубаға зымырандарын орналастыру арқылы өзінің жаңа жақтасын қорғап, Латын Америкасының кез келген жерінде коммунистік революционерлерді қолдап отыра алатынын ойлағаны анық. Кейінірек ол былай деп жазады: «Бұған шығар күндей сенгенмін, оны қорғау туралы шешуші қадам жасамағанда, Кубадан айырылып қалуымыз әбден мүмкін еді»9. Кеннеди кеңестік ракеталардың Флоридадан тоқсан миль қашықтықта орналасқанын білгенде, оның қарсылық көрсетуден басқа амалы қалмады. 1962 жылдың қазан айында теледидардан батыс жартышардан кеңестік зымыран кез келген нысанаға ұшырылса шұғыл түрде кері соққы беретінін айдай әлемге паш етті. Бірақ ұшыру алаңында әуе соққыларын жасауға бұйрық бергеннен гөрі, Кубаға баратын кеңестік тасымалдау кемелерінің жолын бөгеу үшін теңіз флотилиясын жіберді. Құрама Штаттардың құрлықаралық зымырандары әлдеқайда басым екенін жақсы білген Хрущев кейін шегінді. Алайда бұл дағдарыста америкалықтардың жолы болмады. Куба Хрущев зымырандарын шығару туралы келісімге әлдеқашан келісіп қойды да, АҚШ ядролық қаруын Түркиядан шығаруға, Кубаға шабуыл жасамауға уәде берді.

Кариб дағдарысының (Cuban mіssіle crіsіs) маңызды саяси нәтижелері болды. Екі ірі мемлекет қандай да бір дағдарыстың алдын алу үшін қоғамдық айғай-шуға қарамай, жақсы қарым-қатынас ұстау қажеттілігін бірден түсінді. Латын Америкасында Кеңес Одағы сақтықпен әрекет жасауына келіскенімен, екі мемлекет Азия мен Африканың жас мемлекеттерінде бәсекелестіктерін күшейтті. Дегенмен Кастроның жұлдызы бұрынғыдан да жана түсіп, дүниежүзіндегі солшыл және коммунистік көшбасшылардың арасында мәртебесі өсе берді, өйткені ол өзінің ықпалды капиталистік көршісіне қарсы тұра алған еді.

Еркіндік пен әділет үшін күрес

ОЙЛАН: Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі отыз жыл ішінде жаһандық саяси-экономикалық өзгерістер отарлық тәуелсіздік пен әлеуметтік реформалар қозғалысының дамуына қалай әсер етті?

Соғыстан кейінгі әлемде кейбір қоғамдардың өмір сүру деңгейінің жоғарылауы және үкіметтердің біршама жауапты болуы, жақсы өмір сүрудің артықшылықтары жер-жердегі адамдардың қызығушылығын оятты. Отар елдер мен экономикасы біршама төмен елдерде орта және кедей таптардың экономикалық әл-ауқатының нашарлығы әлеуметтік шиеленісті арттырды, ұлттық көтерілісті, азаматтық күресті, қарулы наразылықты өршітті. 1946–1950 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымына жаңадан тәуелсіз мемлекеттердің кластері қосылғаннан кейінгі бес жыл мамыражай өтті. Отаршылдықтың туы жығылған кезеңнің екінші толқыны – 1955 жылы басталып, кейінгі жиырма жыл ішінде, әсіресе Африкада тұрақты түрде жалғасты. 1950 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының 50 мүшесі болды; 1975 жылға қарай ол 144 мемлекетке жетті (27.3-картаға қараңыз). Отаршылдық үстемдікке қарсы қозғалыстардан басқа, тәуелсіз мемлекеттерде, соның ішінде дүниежүзіндегі ең бай елдерде миллиондаған адам теңсіздік пен қысымға қарсы көшеге шықты. 1968 жылы дүниежүзіндегі наразылықтар шарықтау шегіне жетті.

Хрущев зымырандарын Кубадан шығаруда. «Hartford Tіmes» басылымында шыққан бұл карикатура КСРО-ның Кастро Кубасынан баллистикалық зымырандарын шығару туралы шешімін мазақ етеді. Суретші Эдмунд Валтман 1962 жылы редакциялық карикатуралары үшін Пулитцер сыйлығына ие болды. Бұл суретте Куба мен КСРО арасындағы қарым-қатынас қалай бейнеленген?

Тәуелсіздікке беталыс: наразылық пен мәміле

1956–1980 жылдары Африкада қырық жаңа мемлекет пайда болды. Отарлықтан босату үдерісі мемлекеттерде әскери зорлық-зомбылықсыз өтті. Ұлтшыл партиялар петиция, шеру, ереуіл, бойкот, қалада қысқа көтерілістерге шығу сияқты тактика түрлерін қолданды. Өлім құшқандар және жарақат алғандар көрсеткіші көп емес еді. Ешқандай африкалық отарда ұлтшылдардың басшылары аймақты бөлгісі не басқарушы аппаратты бұзғысы келмеді. Керісінше, ұлтшылдар ең алдымен бұрынғы әкімшілік органдарды және еуропалық басқыншылардың бұрын жасап кеткен аймақтық шекараларын өз қолына толық алуға ұмтылды.

Африкадағы империялық күштердің бірде-біреуі – Ұлыбритания, Франция, Бельгия, Португалия және Испания – тез арада отарын тастап кете қояды деп ешкім күтпеді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлыбритания және Франция саяси-экономикалық дамудың жаңа бағдарламаларын жариялады. Батыстың білімін алған шағын топ аз қамтылған халықтың өмір сүру деңгейін бірте-бірте жақсарту үшін бірігіп, ықыласпен жұмыс істейтін болады деген ұранға ілесті.

Керісінше, ұлтшылдардың көпшілігі әрбір пайдалы экономикалық жобаны және әрбір шағын саяси реформаны тәуелсіздіктің пайдасына шешілетін дәлел ретінде қарады. 1950–1975 жылдары империалистік мемлекеттер бірінен соң бірі (Португалия – ең соңғысы) өз империясының отарларын, сонымен қатар ұлтшыл оппозицияны аяусыз басып-жаншуға кеткен, елеулі экономикалық қажеттіліктерін бұдан былай қаржыландыра алмайтынын мойындады.

Жаңа мемлекеттердің көшбасшыларымен достық-іскерлік қарым-қатынасты дамыта отырып, олардың өзін-өзі дамытуды қаржыландыруға мүмкіндік беретін балама таңдау – Лондон мен Париждегі саясаткерлер үшін қолайлы көрінді. Британия коммунистердің немесе басқа да антикапиталистік радикалдардың ұлтшылдық қозғалыстарын бақылау қаупінен сақтануы немесе жаңа мемлекеттердегі билікті басып алмауы үшін Құрама Штаттардың стратегияларды әзірлеуін қуана құптады.

Британдық Африкадағы жаңа мемлекеттер. Ұлыбританияның Африкада он бес отары болды. Оның ең үлкені Нигерияда 1960 жылы шамамен қырық миллион адам өмір сүрді. Бұл – Шотландия халқы санынан сегіз есе көп еді. Соғыс жылдарынан бастап британдық әкімшіліктер жергілікті халықтың саяси институттармен тығыз қарым-қатынас жасауы үшін сауатты шағын элиталармен кеңес беру кеңселерінде, жергілікті билік органдары немесе мемлекеттік қызметтерде тоқтаусыз жұмыс істеп жатты. Бірақ 1945 жылдан кейін тәуелсіздік қозғалысы серпін алды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Гана болып өзгерген британдық Алтын Жағалауда 1940 жылдардың соңында тропиктік Африканың тұңғыш ұлтшыл қаһарманы және ұйымдастырушысы – Кваме Нкрума (Kwame Nkrumah; 1909–1972) көзге түсті. Америка Құрама Штаттарында білім алып, Гандидің Үндістандағы зорлықсыз қарсыласу стратегиясын басшылыққа алған ол, британ режиміне табандылықпен қарсылық көрсету үшін митингілер, шерулер, ереуілдер мен бойкоттарды үйлестіретін Ұлттық конвент партиясын (ҰКП) құрды.

1951 жылы Британия жалпыға ортақ сайлау жүргізуге келісіп, радикал ҰКП-ның жеңілетініне үміт артты. Бірақ үміт ақталмады. Сөйтіп, отаршы шенділердің сол уақытта түрмеде отырған Нкруманы «үкіметтік істер жетекшісі» етіп тағайындаудан басқа амалы қалмады. 1954 жылы афроамерика жазушысы Ричард Райт Ганаға барады. Ол ҰКП жиналысына қатысып, Нкруманың халық арасында ұлтшылдық қозғалысты дәріптейтін ұйымдастырушылық қабілетіне куә болып қайтады.

27.3-КАРТА. Афроеуразиядағы жаңа тәуелсіз мемлекеттер. 1945–1980 жылдар*

Азиядағы отар елдер 1945–1956 жылдары, ал Африкадағы көп елдер 1956 жылдан кейін ғана тәуелсіздікке қол жеткізуінің сыры не? Тәуелсіздік алғанға дейін зорлық-зомбылықпен жанталаса күрескен отар елдер арасында қандай саяси немесе мәдени ұқсастықтар мен айырмашылықтар байқадыңыз?

Сөз сөйлеуші [Нкруманың жақтаушыларының бірі] ағылшын тілінде «иә» немесе «жоқ» деген жауап қайыратын сұрақты жиі қойды. Өйткені ол тыңдаушылардың жиналыста жаппай пікір білдіргендерін қалады.

«Нкрумамен сіздер талай жерге жеттіңіздер және ол әрі қарай да жетелей береді! Ол сіздерді ешқашан жерге қаратпайды! Ол сіздер үшін түрмеге отырды, сіздер үшін азап шекті, сіздер үшін өз өмірін қиюға дайын!

– Ол сіздер үшін күресе ме?

– Иә!

– Сіздер ол үшін күресесіздер ме?

– Иә!

– Ал біз не үшін күресеміз?

– БОС-ТАН-ДЫЫЫЫҚ! БОС-ТАН-ДЫЫЫЫҚ!»10.

Үш жылдан кейін Гана Нкруманың басшылығымен тәуелсіздік алды. Сол кезеңдер мен 1965 жыл аралығында Британия Африкадағы он отарына, кең-байтақ Нигерияны қоса алғанда, еш кедергісіз азаттық береді.

Француз Африкасындағы жаңа мемлекеттер. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көп ұзамай жаңа құрылған Төртінші Француз республикасы Азия мен Африка империясынан айырылғысы келмейтінін мәлімдеді. 1954 жылдың аяғында Вьетнам ұлттық армиясы Францияны Вьетнамды тастап шығуға мәжбүрледі (26-тарауды қараңыз), ал мұсылман ұлтшылдары Алжирде көтеріліс бастады. Бұл жағдай Францияның тропиктік Африка аймақтарындағы білімді элитаға, кәсіподақтарға және қалалық жастарға жігер беріп, өзін-өзі басқару мәселелерін талқылауға шақырды. Сол отарлардың тұрғындары Марокко мен Тунисте 1956 жылы ұлтшылдардың АҚШ-тың қолдауымен Франциядан тәуелсіздік алғанының куәсі болды.

Сенегалда сайлаушылар дауыс беруде. 1956 жыл. Француз отарларындағы африкалықтар Француз ұлттық ассамблеясының өкілдеріне дауыс берді, бірақ бұл шектеулі азаматтық сайлау ұлтшылдық қозғалыстардың отарлық билікке деген қарсылығын бәсеңдеткен жоқ. Париждегі өкілдіктің тәуелсіздікті алмастыра алмайтынын айтып, жергілікті билік органдарында африкалық бақылаудың жоғына наразылық білдіріп, кейбір африкалықтар бюллетеньдерін жыртып тастады. Француздар басқаратын Африкадағы әйелдердің дауыс беру құқығының мерзімі мен Франциядағы әйелдердің дауыс беру құқығы берілген уақытты салыстырыңыз. («Феминистік қозғалыстар» бөлімін қараңыз).

Ұлыбританияда болған жағдай сияқты, Францияның соғыстан кейінгі үкіметі тропиктік Африка отарларын дамытуға және африкалықтардың мәдениеті «дамыған» деп санайтын талғампаздарының санын көбейтуге қатысты жоспарын жариялады. Себебі олардың француз үлгісіндегі білім беру жүйесі болғандықтан Француз ұлттық ассамблеясына сайлауға дауысқа түсуіне рұқсат етті. Британдық отарлардағыдай француз коммунистері мен социалистерінің біршама қолдауымен ұлтшылдар бір реформаны қолдаса, басқасына күмәнмен қарады. Еңбекақы, еңбек шарттары мен әлеуметтік кемсітуге наразы қала жұмысшылары ереуілдерін жалғастырды. Дакар және Абиджан сияқты ірі қалалардағы жастар ұлтшыл топтарға қосылды. Бұған жауап ретінде 1956 жылы Париж үкіметі өзінің екі үлкен отарлық федерациясын – Батыс Африканы және француз Экваторлық Африкасын шағын саяси бірліктерге бөліп, сол арқылы ұлтшыл элитаны бөлшектеп, әлсіретуге тырысты. Бұл жоспар тиімсіз болды және қалай болғанда да Алжирдегі революциялық зорлық-зомбылық Францияға таралып, 1958 жылы Төртінші республиканы тізе бүктірді. Екінші дүниежүзілік соғыста «Азат Франция» басшысы болған Шарль де Голль Бесінші республиканы жариялау үшін және жаңа конституцияға төрағалық ету мақсатымен қызметіне қайта оралды. Ол африкалық отарларды француз елінің аясында қалайда сақтап қалу үшін соңғы қадамға барды, бірақ ол кезде оның нанымды дәлелдері де таусылған еді. 1960 жылы Батыс және Экваторлық Африкадағы он төрт жаңа республика, сондай-ақ Мадагаскар аралы толық тәуелсіздігін алды.

Деректерді САРАЛАУ

Ұлттық буржуазияның кемшіліктері туралы Франц Фанонның айтқандары

Тәуелсіздік жолындағы отаршылдыққа қарсы қозғалыстар туралы ең ықпалды сөздің бірі – Франц Фанонның «Жері жоқ жетім» («The Wretched of the Earth») еңбегі. Фанон (1925–1961) француздық Кариб теңізі алабындағы Мартиника аралында, орта тап отбасында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістерге қарсы Азат Франция қарсылық күштеріне қосылу үшін Солтүстік Африкаға аттанды. Шайқаста жарақат алып, қызметі үшін әскери крестпен марапатталды. Соғыстан кейін Францияда медицина мен психиатрия саласы бойынша білім алды. Онда әлеуметтік ассимиляцияның шегін айқын түсінді. Ол француздар ортасында өсіп, ел үшін шайқасса да, ақ нәсілділердің ешқайсысы оны теңі деп есептемеді. Отаршылдықтың психологиялық салдарына деген қызығушылығы оның «Қара нәсіл, ақ бетперде» («Black Skіn, Whіte Masks»; 1952) атты алғашқы кітабында бейнеленді.

1953 жылы Фанон Алжирдің психиатриялық ауруханасына қызметке орналасып, ұлт-азаттық майданның (ҰАМ) революционерлеріне қолдау көрсетеді. Науқастармен әңгіме-дүкен құру арқылы француз отаршылдық үстемдігінің қатал негіздерін жете түсінді. 1956 жылы француз үкіметі оны Алжирден қуып жіберді. Ол Тунис қаласына көшіп, Алжир тәуелсіздігінің мүддесі үшін жұмысын жалғастырды.

Лейкемияның соңғы сатысынан зардап шегіп жүріп, Фанон 1961 жылы «Жері жоқ жетім» кітабын жазды. Зорлық-зомбылықты отаршылдықты жоюдың бірден-бір құралы екенін айқын мойындағаны үшін кітаптың даңқы асқақтады. Фанон қатыгездіктің құрбандары да, оған жазықтылар да оның психологиялық салдарынан құтыла алмайтынын мойындады. Келесі еңбектерінде ол революциялық қатыгездік ұзаққа созылмауы керек екенін, ұзаққа созылса жаппай жойып жіберу әрекетіне көшетінін түсіндірді.

Төмендегі үзіндіде жалпы халықтың (жалпы саяси мақсаттары бар адамдарға жолдауынан) отаршылдықтан тәуелсіздікке өтуіне қатысты келіссөздерді қалай жүргізу керегін талқылайды. «Таптық күрестің жалпы маркстік негіздері аясында жергілікті отарлық буржуазия халықты басқаруға қабілетсіз», – деп дәлелдейді Фанон, өйткені олар капиталистік отарлық қанаушылар құндылықтарын сіңіріп, көпшілікпен байланысын жоғалтқанын алға тартады.

Отаршылдық режимнің ақырғы демі қалғанда билікті басып алатын ұлттық орта тап – нашар дамыған орта тап. Ол іс жүзінде ешқандай экономикалық әлеуетке ие емес және кез келген жағдайда ол туған елінің буржуазиясы қатарында аталмайды...

Оның миссиясының ұлтты өзгертумен ешқандай байланысы жоқ; ол ұлт пен капитализм арасындағы, яғни мейірімсіз және қазіргі кезде жаңаотаршылдық бетпердесін киген жасырын жолда жүр. Ұлттық буржуазия Батыс буржуазиясының іскер тыңшысының рөліне әбден лайық және рөлін жасқанбай сомдайды. Сол пайдалы рөл, сол арзанқол қызмет, сол жиіркенішті дүниетаным және қандай да бір амбицияның жоқтығы – ұлттық орта таптың тарихи буржуазиялық рөлін атқаруға дәрменсіз екенін бейнелейді. Өкінішке қарай, алғашқы өнертапқыштың және барлық ұлттық буржуазияның бойынан табылатын жаңа әлемдердің иесіне тән ерекшеліктер мүлде жоқ. Отар елдерде буржуазияның негізінде кешірімділік рухы үстемдік етеді; себебі ұлттық буржуазия өзін Батыс буржуазиясымен теңестіреді. Істің мән-жайына қарамастан осы батыстық буржуазияның жетістігі болып есептелетін сатысында, яғни оны зерттеудің алғашқы кезеңдерінде Батыс буржуазиясына еш еліктемей, оның «мойындамау және мінез-құлықтың жүгенсіздігі» жолымен жүреді...

Ұлттық буржуазияның құлдырауына Батыс буржуазиясының қосар үлесі көп: туристер ретінде келген, экзотикаға жақын, құмар ойын ойнайтындар... өйткені ол идеядан жұрдай, өйткені ол өзі үшін өмір сүреді және саяқ жүреді, ұлтты толғандыратын барлық мәселелерді шешу қабілетіне нұқсан келтіреді. Бүкілхалықтық тұрғыдан алғанда, ұлттық орта тап үшін батыстық кәсіпорындардың менеджері рөлін қабылдағаннан басқа амалы жоқ, бұл іс жүзінде өз елін Еуропаның жынойнағына айналдырады....

Шынымен де, еліңізді кері кетуден, әрі кетсе, әрекетсіздік пен белгісіздіктен аулақ болсын десеңіз, ұлттық санадан өтіп, саяси және әлеуметтік сана-сезімді ұштау керек... Аштыққа, надандыққа, кедейлік пен білімсіздікке қарсы күрес әрқашан маңызды... Экономикалық бағдарлама болуы керек, байлық пен әлеуметтік қатынастарды бөлісу туралы доктрина болуы керек… Халық ағартушылықпен және пайдалы іспен айналысқанда ғана пішін мен дене санаға бағынады... Ұлттың тірі бейнесі – бүкіл халықтың қозғалмалы санасы; халықтың дәйекті, білімі мен мәдениеті жоғары дамыған әрекеті... Ешқандай көшбасшы, ол қаншалықты баға жетпес тұлға болса да, халық қалауының орнын ауыстыра алмайды; ұлттық үкімет халықаралық бедел туралы бірдеме айтпас бұрын, ең алдымен, барлық азаматтардың қадір-қасиетін құрметтеуге тиіс.

Дереккөз: Франц Фанон, The Wretched of the Earth (Жерсіз жетім), ауд. Констанс Фаррингтон (Нью Йорк: Grove Press, 1965), 149, 152–154, 203–205.

Сыни пайым

Фанонның пікірінше, ұлттық орта таптың өз елінде басқаларға қарағанда отаршыл жүйемен қарым-қатынасы неге мықты? Орта тап өз елін «Еуропаның жынойнағына айналдырады» деген сөзі арқылы Фанон не айтқысы келді? Фанонның «жаңаотаршылдық» термині нені білдіруі мүмкін? Жаңа мемлекет өміршең болу үшін бірінші кезекте қандай мәселелерді шешуге тиіс? Осы шығарма бойынша, жаңа тәуелсіз елдерде билікке ие болғандардың бейнесін қалай елестетесіз? Фанонның ой-пікірлеріне марксизмнің әсері бар болса, ол осы үзіндіде қалай байқалады?

Тәуелсіздікке беталыс: бүлік пен революция

Тәуелсіздікке ұмтылып, ғасырдың үшінші жартысында ғана азаттыққа қолы жеткен ондаған мемлекеттің кейбіреуі ғана отар мен отарлаушы арасында ұзаққа созылған шайқастың куәсі болды. Оған бір мысал – Британдық Шығыс Африкадағы Кения отары. Саны аз, бірақ саяси ықпалды еуропалық қоныстанушылар Африканың тәуелсіздігіне үзілді-кесілді қарсы шықты. Жаппай қуғын 1952 жылы басталды. Негізінен кикуйю тілінде сөйлейтін, Еуропаға тәуелді кофе мен шай плантацияларында тер төккен, өз жері жоқ, жұмыссыздықтан және жалақысы төмен жұмыстан түңілген шаруалар мен қалалық кедейлерден құралған Африка партизандары Орталық Кения ормандарында бүлікшілер базасын құрды. Отаршыл күштер өздері мау-мау деп кемсітіп атап кеткен бүлікшілерге қарсы күрес операцияларын бастап, ондаған мың халықты түрмеге жапты. Соғыс 1955 жылы аяқталып, 95 еуропалық және 11 500-ге жуық африкалық қаза тапты. Тағы да бір зорлық-зомбылықтың өрті өршімей тұрғанда, Лондон азаттық беру туралы келіссөздер жүргізді. Осылайша Кения 1963 жылы Джомо Кеньяттаның төрағалығымен тәуелсіздікке жетті.

Алжир революциясы. Францияның шетелдегі өзге отарларынан Алжирдің бір ерекшелігі – ондағы тұрғындардың шамамен бір миллионы еуропалық еді. Олар азшылық топты, яғни халықтың шамамен 15 пайызын құрады, ел тұрғындарының басым бөлігі негізінен араб немесе бербер тілді мұсылмандар болатын. Еуропалық қоныстанушылар Алжирдің өзін-өзі басқару ісін өзінен басқа кез келген үкімет билігіне беруге қарсылық білдірді. Төртінші республика аймақты тәуелді отарлар емес, Францияның тұрақты бөлігі ретінде қарастырды. Ерекшелікке ие, азшылық топты құрайтын, негізінен қалада тұратын еуропалықтар мен мұсылман шаруалар, қалалық жұмысшылар мен шағын кәсіпкерлер арасындағы экономикалық және әлеуметтік алшақтық үлкен болды. Қоныстанушылардың қатты қысымына ұшыраған, бірінен соң бірі келген француз үкіметтері көпшілік топтың басқаруына қатысты маңызды қадам жасаудан бас тартты.

Осының салдарынан сегіз жылдық қиян-кескі соғыс басталды. 1954 жылғы қарашада жеңілген Франция Вьетнамнан әскерін алып кеткеннен кейін бірнеше ай өткен соң, алжирлік бүлікшілер бүкілхалықтық көтеріліске шықты. Көтерілісті ұйымдастырған ұлт-азаттық майдан (ҰАМ) ислам идеалдарын басшылыққа алған, тәуелсіз, демократиялық және социалистік Алжирді қалады. Француз билігі оған жауап ретінде қатал жазалау шараларын қолданып, революция отын одан сайын өршітті. 1957 жылдың ортасына қарай отаршылар әскері соғыста жеңіп жатқандай көрінді, бірақ ҰАМ жақын маңдағы Марокко мен Тунистің қауіпсіз жерлерінде іс-қимылдарын жалғастыра берді. Үлкен шығынға ұшыраған және келімсек көшбасшылар арасында өзара кикілжің басталған соң дағдарысқа тап болған Шарль де Голль 1960 жылы ҰАМ-мен келіссөздер жүргізе бастады. Тәуелсіздікке екі жылдан соң қол жетті. Еуропа халқының шамамен 85 пайызы үрейленіп, Алжир азаматтығынан бас тартып, соғыстың соңғы айларында елден қашып кетті. Жаңа ұлтшылдық режим елді әбден қалжыраған күйде, экономикалық дәрменсіз жағдайда қабылдады.

Африканың оңтүстігі. 1960 жылдары Африканың оңтүстігіндегі үш отарда қарулы қақтығыс басталды. Британдық тәуелді аймақ Оңтүстік Родезияда (тәуелсіздік алғаннан кейін Зимбабве деп аталды) еуропалық қоныстанушылардың саны шамамен 5 пайызға жуық болды. Бірақ бұл азшылық топ саясат пен экспорттық экономикада үстем еді. Британияның африкалық иеліктерінен біртіндеп бас тартып, Оңтүстік Африканың ақ нәсілді өзге көшбасшыларының қолдауына сеніп отырған кезде, Родезияның оңтүстігіндегі ақ нәсілді көшбасшылар өзінің билігін мәңгі бекіту үшін 1965 жылы тәуелсіздік туралы біржақты декларация жасады. Британия наразылық білдіргенімен, әскер жіберген жоқ. Зимбабведегі африкалық ұлтшыл партиялар партизандық шабуылын күшейте түсті. Сол арада қарулы қарсылық португалиялық екі ірі отарда – Ангола мен Мозамбикте күшейе түсті. Ондай жағдайларда қалалық билік, яғни Антонио Салазардың билігі дәуірінен қалған авторитарлық диктатура ұлтшыл көшбасшылармен келіссөз жүргізуден бас тартты. Кішкентай Португалияға ешқандай пайдасы жоқ, ұзаққа созылған африкалық соғыстардан шаршаған португал офицерлері 1974 жылы президент Спиноланы құлатып, өз мемлекетінде демократияға, ал 1975 жылы отарлардың тәуелсіздік алуына жол ашты. Нәтижесінде Зимбабвенің партизан жауынгерлері Ангола мен Мозамбиктегі жасырын паналарын пайдалануға мүмкіндік алып, 1980 жылы келіссөздер арқылы көпшілік дауыспен тәуелсіздікке қол жеткізді.

Жас мемлекеттердің тұрақтылық үшін күресі

1950 және 1960 жылдары тәуелсіздік алған жаңа мемлекеттер өз экономикасының қарқынды дамуына үмітпен қарады. Өндіріс орындары бұл мемлекеттердің кейбіреуінде ғана болды. Олар отаршыл дәуір кезіндегідей азық-түлік пен минералды шикізатты экспорттады. Соғыстан кейінгі жаһандану дүмпуі кезінде шикізаттың жаһандық бағасы көтеріліп, жаңа мемлекеттердің даму қарқынын орташа күйге түсірді. Басқа елдерге қарағанда Гана, Кот-д’Ивуар және Кенияда қоғам денсаулық сақтау, өмір сүру ұзақтығы және білім саласында жақсы нәтижелерге жетті.

Жалпы ішкі өнімнің өсуі саяси тыныштықты ұзаққа апармады. Президенттік республика немесе конституциялық монархияны ұстанған мемлекеттердің бірен-сараны ғана Үндістанның демократиялық жолын таңдады. 1950–1960 жылдары әскерилер көптеген мемлекеттегі билікті басып алды. Бір Африканың өзінде он сегіз төңкеріс болды. Кейбір елдерде сайланған президенттер диктаторларға айналып, өз партиясынан басқа барлық саяси ұйымдарға тыйым салды. Бірнеше мемлекетте алапат азамат соғысы басталды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлтшыл көшбасшылар отарлық режимдерден қалған азаматтық қызметтерді, полиция мен коммуникациялық желілерді тартып алды. Жаңа үкіметтер әділетті қоғам құру мақсатында экономикалық ресурстарға бақылау орнатты. Алайда осы елдердің көпшілігінде даму жоспарларының тегеуріні бәсеңдеді. Жоғары білікті қызметкерлер, заманауи технологиялар және инвестициялық капитал жеткіліксіз болды. Теміржол, телефон және электр желілері отаршылдық кезеңде ондаған жылдар бойы қараусыз қалғандықтан, өте баяу дамыды. Мемлекет қаржыландыратын қызмет орындарының саны өсті, бірақ индустрияландыру жобалары жылжымады. 1960 жылдардың ортасына қарай жаһандық дүмпу шыңына жетті. Әдетте, жас мемлекет үшін ең үлкен табыс көзі саналатын тауарлар экспортынан түсетін табыс құлдырай бастады. Наразы саяси топтар, көбінесе әскерилер (қару-жарағы бар жалғыз ұйым әскер болды) өз билігін нығайта алмаған ескі ұлтшыл көшбасшыларды тағынан тайдырды.

Конгоның бірінші премьер-министрі Патрис Лумумбаның Ұлттық Сенаттан шығу сәті. 1960 жыл. Конгоның демократиялық жолмен сайланған алғашқы көшбасшысы он екі апталық басқару мерзімінде үлкен қиындықтарға тап болды. Бұл фотосуретте Лумумба Катанганың бөлініп, жеке мемлекет құруы туралы өтініші 41/2 дауысқа ие болғанын білген сәті. 2002 жылы Бельгия 1961 жылғы Лумумбаның өліміне байланысты Конго елінен кешірім сұрады.

Гананың негізін салушы президент Кваме Нкрума, мысалы, 1966 жылы елдің жетекші экспорты саналатын какаоның бағасы құлдырай бастағаннан кейін билікті уысынан шығарып алды. Сол жылы Нигерияда аймақтық саяси топтар арасында елеулі шиеленістер басталып, оның ақыры ұзаққа созылған әскери төңкерістер легіне ұласты. Жаңадан ашылған мұнай орындарына бақылау жүргізу үшін туындаған бәсекелестік жағдайды қиындатып, оңтүстік-шығыс аймақтың Биафра деп аталған жеке мемлекетін құруға тырысқан сәтсіздігі үш жылдық азамат соғысына (1967–1970) жалғасты.

1960 жылдың маусымында Бельгиядан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі екі аптадан соң Конгода азаматтық толқулар басталды. Британия мен Франциядан айырмашылығы, Бельгия 1950 жылдардың ортасына дейін үлкен отарында барлық ұлтшыл саяси белсенділікке тыйым салып қана қоймай, африкалықтардың аз бөлігіне ғана жауапты үкіметтік қызметке немесе тіпті орта білім алуына мүмкіндік берді. Леопольдвиль (Киншаса) қаласында жаппай тәртіпсіздік басталғанда, бельгиялық режим жаңа Конго заң шығарушы органына сайлау өткізіп, артынша отардан кетіп қалды.

Тәуелсіз Конго бірден дағдарысқа түсті. Тәртіпсіздік басталып, әскер бүлік шығарды. Мысқа бай Оңтүстік Катанга провинциясының бүлікшілері еуропалық тау-кен өнеркәсібі компанияларымен одақтасып, жеке мемлекет жариялады. Тәуелсіздік алғанға дейін, бұрынғы пошта қызметкері Патрис Лумумба (1925–1961) елдегі күрделі этникалық және тілдік айырмашылықтарды жеңуге бағытталған ұлттық саяси партия құрды. Бірақ Конгоның бірінші премьер-министрі болғандықтан, ол тәртіпті қалпына келтіруде күрделі мәселелерге тап болды. Лумумбаның коммунист болғаны туралы ешқандай дәлел жоқ, бірақ оның Бельгияны түбегейлі айыптауы және Кеңес Одағына көмек көрсету жөніндегі жолдаған шақыруы АҚШ-ты БҰҰ-ның бітімгершілік күштеріне қолдау көрсетуге мәжбүр етті. Лумумба бұл жоспарға келісті, бірақ 1961 жылы Конгоның атағы енді шығып келе жатқан әскери жұлдызы Жозеф Мобуту премьер-министрді өлтіру туралы бельгиялық жедел қызметкерлермен және АҚШ-тың ОББ-мен келіссөз жүргізді. БҰҰ күштері 1963 жылы Катангадағы көтерілістерді басып-жаншып, екі жылдан соң Мобуту барлық билікті өз қолына алды. Көтерілісте бір миллионға жуық конголықтар зорлық-зомбылықтың салдарынан қаза тапты. Онда Мобуту отыз жылдан аса уақыт бойы ел бірлігін сақтап, капиталистік тау-кен кәсіпорнымен ынтымақтасып, болмашы демократиялық реформаларға түбегейлі қарсылық танытты.

Таяу Шығыстағы дүрбелең. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көп ұзамай араб тілінде сөйлейтін Таяу Шығыстағы еуропалық отаршыл биліктің күні санаулы екені белгілі бола бастады. Соған қарамастан, еврей Израиль мемлекеті мен оның көршілері арасындағы дүрдараздық Египет пен Иорданиядағы лагерьлерде жүздеген мың палестиналық босқынның шоғырлануына және Таяу Шығыстағы мұнайға қол жеткізуде халықаралық ставканың артуы отарлықтан кейінгі тұрақсыз жағдайларға әкелді. Араб елдеріндегі қоғамның басым бөлігі Израильді шетелдік құқық бұзушы және Батыстың империялық үстемдігін жалғастырушы делдал деп есептеді. 1948 жылы араб көршілерімен соғыста жеңіске жеткен Израиль халықаралық сенімге ие болып, өзін аймақтық беделге лайық деп есептеді. Бірақ Израиль мен Египет шекарасындағы әскери іс-қимылдар және ұзаққа ұласқан шиеленіс жалғаса берді. Отанында өзекті экономикалық мәселелермен айналысатын араб жетекшілері Израильмен қарым-қатынасты қайта түзу арқылы өз билігіне нұқсан келтіргісі келмеді.

Кейбірі идеологиялық социалистер, кейбірі батысшыл және консервативті араб ұлттық үкіметтері бір-бірімен қарқынды күрес жүргізді. Дегенмен 1956, 1967 және 1973 жылдары Израильге қарсы үш соғыста күштерін біріктірді. Египет президенті Гамаль Әбдел Насер Израильді ірі панараб мемлекетіне біріктіруге уәде беріп, аймақтық қауымдастықтың күрескері болғысы келді. 1956 жылы ол Суэц каналы аймағын басып алуды тоқтату туралы британдықтармен келіссөз жүргізді, бірақ көп ұзамай ол каналдың жұмысын мемлекеттендірді. Батыс Еуропаға мұнайдың үштен екісі су жолы арқылы өтті, ал қазан айында Ұлыбритания, Франция және Израиль каналды қайтарып, Насерді орнынан құлатуға арналған құпия жоспар жасады. Әскери іс-қимыл басталғанда, Құрама Штаттар жағдайды аймақтық тұрғыдан қарастырып, өз одақтастарына қолдау көрсетуден бас тартты. «Бүкіл Араб әлемінен айырылсақ, Ұлыбритания мен Францияға қалай қолдау көрсете аламыз?»11 – деді президент Эйзенхауэр наразылық танытып. Насермен жақсы қарым-қатынаста болған Кеңес Одағы «шабуыл тоқтамаса, ядролық қару қолданамын» деп қауіп төндірді. Британия мен Франция АҚШ пікірімен санасуға мәжбүр болды. Бірнеше апта ішінде британдықтар, француздар және израильдіктер Египет жерінен кетіп, Суэц дағдарысы аяқталды. Бұл соғыс Насерді аймаққа танымал етті. Өз кезегінде, Израиль тағы бір рет өзінің әскери күш-қуатын көрсетті, сонымен қатар арабтарды «Израильдің өз көршілерімен бейбітшілік қатынас орнатуға деген шынайы ұмтылысы жоқ екеніне» сендірді.

1967 жылы шиеленіс қайтадан ушығып кетті. Насер Араб бірлігіне қол жеткізуді көздеп, Израильді жоюға уәде берді. Ал Кеңес Одағы Египет пен Сирияға қару жіберді. Құрама Штаттар Израильді қорғауға мүдделі екенін мәлімдеді. Оның көздегені – аймақтың басқа жерлеріндегі мұнай болды. Израиль мен оның көршілерінің арасында кімнің не істемек пиғылы болғаны жайлы бірқатар жаңсақтықтан кейін, 5 маусымда Израильдің ұшақтары Египет, Сирия және Иорданияға бір мезгілде шабуыл жасап, үш елдің әуе күштерін жойды. Содан кейін Израиль күштері Синай түбегіне, Газа қаласына, Сириядағы Голан қыратына және Батыс жағалауға (Иордан өзенінің батыс жағындағы Иордания аумағы) басып кірді. Алты күндік соғыста (немесе Маусым соғысы) израильдіктердің жеңісі араб режимдерінің, әсіресе Насердің беделін түсірді. Себебі ол әскерінің он екі мың адамынан, Синай мұнай кен орындарынан және 1975 жылға дейін кеме қатынасы үшін жабық болған Суэц каналынан түсетін табысынан айырылды. Израиль аймақтың 28 мың шаршы миль жаңа жерін, көпшілігі 1948 жылғы қақтығыстан кейін кедей босқындарға айналған 300 мың арабты өз қолына қаратты (27.4-картаны қараңыз). Соғыс аймақтық әскери іс-қимылдарды шиеленістіріп, Израильге қарсы партизандық соғысқа бел буған палестиналықтардың ұстанымын нығайтты. Дәуірдің төртінші соғысы 1973 жылы басталды. Экономикалық дағдарысқа байланысты шиеленіскен бұл оқиға 28-тарауда сипатталады.

27.4-КАРТА. Израиль және оның басып алған аймақтары

1967 жылғы араб-израиль соғысының барысы мен нәтижесіне физикалық географияның қандай аспектілері әсер етуі мүмкін еді?

Азамат соғысы мен қырғиқабақ соғыс аралығындағы Вьетнам. Вьетнам тәуелсіздігін француз отарларының көпшілігінен бірнеше жыл бұрын, яғни 1954 жылы алды. Вьетнам коммунистік күштері Хо Ши Миннің басшылығымен шайқаста француз әскерін бағындырды. Алайда Вьетнам бірлікке жете алмады. Оның Үндіқытай коммунистік партиясы жер иеленуші элита мен саяси ықпалы бар римдік-католиктік азшылық топ арасында антикоммунистік көзқарасы қалыптасқан Оңтүстікті емес, керісінше, Солтүстікті бақылап отырды. Вьетнам тәуелсіздігінің шарттары бойынша (Женева келісімшарттары) қайта бірігу сайлаудан кейін, 1956 жылға жоспарланды. Алайда ешқандай сайлау болмады. Өйткені Оңтүстік-Шығыс Азияның батысшыл саяси топтардың қамқоршысы ретінде Францияны алмастырған Құрама Штаттар Оңтүстік Вьетнам президенті ретінде сенімді антикоммунист Нго Динь Зьемді тағайындады.

Солтүстікте Хо режимі Кеңес Одағының және Қытайдың қолдауымен бірпартиялық бақылау жөніндегі социалистік жарлықтар, мемлекеттік индустрияландыру және шаруаларға жеке меншік жер беру туралы реформаларды қабылдады. Оңтүстікте, керісінше, Зьем үкіметі жер иеленуші таптармен бірігіп, буддистік көпшілік топтарға қарағанда католиктерді қолдайтын саясатқа дем берді. Америка қаржысының құйылғанына қарамастан, Зьем халық қолдауынан айырыла бастады, ал ауылдық жерлердегі коммунистік топтардың элементтері ұлт-азаттық майдан (ҰАМ) немесе Вьетконг құрып, төңкеріс жасауға арандатты. Вьетнамды қайта біріктіруге уәде берген Хо ҰАМ-ды қолдау арқылы 1960 жылдардың басында Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын қырғын соғысқа ұрындырды. Құрама Штаттар да, Кеңес Одағы да бұл күресті өздерінің жаһандық бәсекелестігінің микрокосмосы ретінде қарастырды. АҚШ үкіметі «Кеңес елінің коммунистерге ғана емес, радикалды солшыл үкіметтерге де қолдау көрсету стратегиясын кез келген жерде қолдануы АҚШ-тың Азиядағы коммунистік режимге деген төзімін тауысады» деп мәлімдеді.

1963 жылы Құрама Штаттар Оңтүстік Вьетнам офицерлеріне Зьемді құлатуға және өлтіруге рұқсат берді, бірақ саяси басшылықтың жағдайы нашарлай түсті. Сайгон үкіметі бірден бейресми америкалық империялық ортаға көшті, ал оның экономикасының 80 пайызы АҚШ-қа тәуелді болатын. ҰАМ әскери күштері Оңтүстік Вьетнамның жартысына жуығын бақылауға алған кезде, АҚШ әскери күштері барған сайын күшейе берді. АҚШ президенті Линдон Джонсон (1963–1969 жылдары билік құрды) соғысқа Құрама Штаттарға деген сенім сынағы ретінде қарады. «Бізді Вьетнам соғыс алаңынан қуып шықса, онда бірде-бір ұлттың Америка уәдесіне немесе қорғанысына ешқашан сене алмасы анық»12, – деді ол. 1965–1973 жылдары президенттер Линдон Джонсон мен Ричард Никсон (1969–1974 жылдары президент болды) 500 мыңнан аса әскериді орналастырып, Солтүстік және Оңтүстік Вьетнамды, сондай-ақ ҰАМ мен Камбоджадағы Солтүстік Вьетнам паналарын стратегиялық бомбалау, яғни әскерін күшейту арқылы жеңіске жетуге дәйекті түрде тырысты.

«Тет шабуылы» кезінде босқын дүние-мүлкін алып қашып бара жатыр. Вьетконг және Солтүстік Вьетнам жауынгерлері 1968 жылдың қаңтарында шабуылдарын бастап, Сайгон мен басқа қалалардағы жағдайды тұрақсыздандырды. АҚШ пен Оңтүстік Вьетнам әскері наурыз айына дейін Сайгонды басқаруды қалпына келтірсе де, бұл шайқас, америкалықтардың пікірінше, соғыстың бетбұрыс кезеңі болды. Мұндай суреттер америкалықтардың көзқарасына қалай әсер етер еді?

Бұл тактикалар не Вьетконг іс-қимылдарын, не Солтүстік Вьетнам әскерлерінің оңтүстікке қарай қозғалысын тоқтатпады. 1968 жылы ҰАМ «Тет шабуылын» бастады. Бұл күш жағынан сәтсіз операция болғанына қарамастан, Сайгондағы АҚШ елшілігінің қақпасына дейін барған партизандардың қаладағы қиян-кескі шабуылы еді. Бұдан кейін америкалық қоғамда соғыс адами және материалдық тұрғыда қисапсыз шығын деген көзқарас қалыптасты. Никсон Вьетнамды бомбаның астына алып, әскерін шығарып, Солтүстік Вьетнаммен келіссөз жүргізіп, соғыстан абыроймен шығуға тырысты. 1973 жылы қарсыластар атысты тоқтату туралы келісімге келді. Бірақ екі жылдан кейін Оңтүстік Вьетнам әскері жойылды да, солтүстіктегі әскер елге басып кіріп, елді қайта біріктірді. Соғыс кезінде елу сегіз мыңнан аса америкалық және төрт миллионға жуық вьетнамдық қаза тапты.

Үлкен үміт және әлеуметтік наразылық

Шетелдік отаршылардың, не ашкөз диктаторлардың құзырына кірмеген, бірақ кемсітушіліктің, құқықсыздықтың және кедейліктің қасіретін тартқан адамдар 1960 жылдары жаңа бағдар ұстанды. Жастар, олардың көпшілігі колледж студенттері, Вьетнамдағы соғысқа, білім беру саласындағы тұншықтырғыш конформизмге және ата-аналар мен басқа беделді тұлғалардың материалдық молшылықта өскен ұрпақтың алаңдаушылығы мен ұмтылысын түсінудегі сәтсіздігі сияқты мәселелерге қарсы шыққан әлеуметтік наразы топтарға қосылды. Осы кезеңнің әлеуметтік наразылық қозғалысында бір ағым болса, ол ағым «әлем фашистік империяларсыз өмір сүруге тиіс» деді, сонымен қатар молшылық пен демократия жолын мақтаныш санайтын қоғамдар әлеуметтік теңдік пен жеке еркіндікке кепілдік бере алмайды деген сенімге негізделді. 1960 жылдары пайда болған қозғалыстар, жалпы алғанда, саяси солшылдардың символы мен көзқарасын қабылдады, дегенмен оның идеологиялық реңкі байсалды демократиялық социализмнен бастап, Мао Цзедун дем берген радикалды революционизмді қамтыды.

Нацизм және кейінгі онжылдықтардағы кемсіту мен нәсілшілдік. Нәсіл иерархиясына негізделген әлеуметтік теңсіздік жүйелері нацизмнен кейінгі дәуірде айрықша ескірді және жеккөрінішті бола түсті. Дегенмен кейбір жерлерде мұндай жүйелер соғыстан кейін де сақталды. Құрама Штаттарда Мартин Лютер Кинг және басқалар оңтүстік штаттардағы заңдастырылған нәсілшілдікті жоюға қарсы зорлықсыз, Ганди қолдаған азаматтық құқықтарды қорғау жөніндегі қозғалыстарды басқарды. Бұл қозғалыс 1964 жылы Азаматтық құқықтар туралы акт қабылдап, барлық ересек америкалықтардың дауыс беру құқығына кепілдік беретін бірқатар заңнамалық актілердің және сот шешімдерінің бастамашысы болды. Бұл жаңа заңдар ішінара жеткен жетістіктер болатын, ал алпысыншы жылдардың соңында әлеуметтік қарсыластар қара нәсілділер мен басқа азшылық топтарға, әсіресе Солтүстік және Батыстың ішкі қалаларындағы экономикалық кемсітуге назар аударды.

Заңдастырылған нәсілшілдікке қатысты атышулы жағдай Оңтүстік Африкамен байланысты. Ондағы тегі еуропалық басым халық Американың оңтүстік бөлігіндегі көпшілік топ емес, керісінше, 1950 жылғы бүкіл 12,4 миллион халықтың шамамен 20 пайызын құрайтын азшылық топ еді. Ең ауыр қуғын-сүргін мен кемсітушілікке ұшыраған топ – африкалықтар, шамамен халықтың 68 пайызын құрады. Алжирдегі еуропалық азшылық топтар сияқты, африкаанс немесе ағылшынтілді оңтүстікафрикалық ақ нәсілділер өздерін шетелдік отаршыл билеушілер емес, өз елінің азаматтарымыз деп есептеді. Олардың көпшілігі ақ нәсілді үстемдікті тамыры тереңде жатқан табиғи дүние деп санады.

Соған қарамастан, Оңтүстік Африка Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тез өзгерді. Минералдық шикізат және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты артты. Африкалықтар ауылдың құнарсыз қуаң жердегі өмірінен алшақтап, ақылы еңбек ету үшін қалалар мен тау-кен өнеркәсібі бар жерлерге қарай ағылды. Олардың саны өскен сайын, сол қала тұрғындарына айналған адамдар барлық жерде нәсілшілдікке тап болды. 1948 жылы, әсіре-консервативтік Ұлттық партия қара нәсілділер қатыса алмаған парламенттік сайлауда көпшілік дауысқа ие болып, жеңіп шықты. Жаңа үкімет қолданыстағы жүйені апартеид83 немесе «бөліп-жару» деп аталатын жаңа заңдармен күшейте отырып, әлеуметтік өзгерістерге солай жауап қайырды. Бұл шаралар африкалықтарды қалалық болу құқығынан айыруға бағытталды. Керісінше, мемлекет олардан құралған аса зор еңбек ресурстарын қажет болған жағдайда қаладан немесе өндіріс орындарынан ішке кіргізуге және сыртқа шығаруға болатындай етіп, олардың белгілі бір ауылдық жерлердегі «отанында» немесе «Бантустанда» заңды тұрғыда тіркелуін талап етті. Апартеид заңдары, сондай-ақ нәсіларалық некеге тыйым салатын қатаң әлеуметтік сегрегацияны және африкалықтардың бір жерден екінші жерге баруға мүмкіндік беретін «рұқсат қағаз» алып жүру талаптарын қамтыды. 1950 жылдары үкімет африкалықтарға қарағанда ақ балаларды оқытуға жан басына шаққанда 12 есе көп қаржы жұмсады. Африкалықтардың басым бөлігі мектепке барған да жоқ.

Индустрияландыру үдерісі жүріп жатқан табиғи ресурстарға бай елде экономикалық икемділік пен интеграцияны арттырып отыру әрқашан қажет болса, апартеид ақылға сыйымсыз еді. Сайып келгенде, ол африкалықтар нәсілшілдік тәртіпті жек көреді деген сылтауы ғана болатын. 1940 жылдардың соңынан Оңтүстік Африка шын мәнінде ереуілдер, бойкоттар мен шерулерге ұласқан азаматтық қақтығыстарға белшесінен батты. Мемлекеттік билік бұған қатаң жауап ретінде 1960 жылы Шарпевильде «рұқсат қағаз» заңына қарсы митингке шыққан африкалықтың алпыс тоғызын атып тастады. Осы оқиғадан кейін екі негізгі африкалық ұлтшыл партия – Африка Ұлттық Конгресі (АҰК) және аса радикалды Панафрика конгресі қарулы жасақтар ұйымдастырды. Ақ үкімет АҰК-ға тыйым салып, 1964 жылы Нельсон Манделаны (1918–2013) және басқа ұлтшыл көшбасшыларды өмір бойы бас бостандығынан айырып, Оңтүстік Атлантикадағы шөлді Роббен аралына жер аударды. Сотта іріткі салды деп айып тағылғаннан кейін Мандела зорлық-зомбылыққа неге барғанын былай деп түсіндірді: «Біз тұйыққа тірелдік. Енді не өзімізге деген немқұрайдылыққа көз жұму, не үкімет заңына қарсы тұру мәселесіне кез болдық. Біз заңға қарсы шығамыз деп шештік... көтерілісті басу үшін... үкімет шеруге қарсы күш қолданған кезде, сонда ғана қатыгездікке дәл сондай қатыгездікпен жауап қаттық»13.

АҰК басшыларын бас бостандығынан айыру мәселесі қарсылық қозғалысына айтарлықтай зиян келтірді, алайда уақыт өте келе африкалықтар «Банту білім беру» сегрегациясының аясында болса да сауат ашып, университеттерге оқуға түсті. Бұл топ барған сайын саяси және халықаралық деңгейге көтерілді. 1976 жылы радикал студенттер бостандық үшін күресушілердің жаңа қозғалыстарын басқарды (28-тарауды қараңыз).

Дүниежүзінің басқа бөліктерінде зұлымдыққа қарсы әрекет ету түрлі нәтиже берді. 1922 жылы Ирландия Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін Біріккен корольдіктің бөлігі болып қалған Солтүстік Ирландияда 1968 жылы католиктер протестанттық көпшілік топтың экономикалық теңсіздігі мен саяси үстемдігіне наразылық білдіріп, жаппай шеру ұйымдастырды. Алғашында бейбіт түрде басталған шеру католиктік және протестанттық әскери топтар арасындағы күреске айналып, британдық әскердің араласуына тура келді. Тыныштық тек 1998 жылы орнады. Латын Америкасында солшыл көзқарастағы римдік-католиктік дінбасылар кембағал үндіс және метис көпшілік топтарды қорғау мақсатында кедейлікке, аштық пен ауруға және таптық кемсітуге қарсы күреске арналған жаңа «азаттық теологиясын» жариялады. Бұл қозғалыс белсенділерінің көбі кедей аудандар мен ауылдарға көмектесті, ал діни және саяси консерваторлар оларды «қой терісін жамылған...» марксшылдар деп есептеді. 1970 жылдары антикоммунист Папа ІІ Иоанн Павел бұл қозғалысқа қарсы болған соң, ол көп ұзамай жұмысын тоқтатты.

1960 жылдардағы радикализм. 1964 жылдан 1970 жылға дейін дүниежүзіндегі ең ауқатты бұқара топтардың жас белсенділері теңдік пен әділдік үшін бірқатар радикалды қозғалыстарды жұмылдырып, көшелерге шықты. Бұл радикалды қозғалыстың астарында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі онжылдықта Еуропа мен Солтүстік Америкада дүниеге келген үлкен демографиялық топтың, яғни бейби-бум ұрпағының кәмелет жасқа толу мәселесі жатыр. Соғыстан кейінгі экономикалық дамудың жауабы ретінде, бейби-бумерлер колледждер мен университеттерге ағылды. Жұмыс істейтін ата-аналардың табысының өсуі, ауылшаруашылық саласында жастарға деген сұраныстың төмендеуі және мемлекеттік жаңа университеттердің ашылуы дамуға айрықша ықпал етті. Құрама Штаттар жаппай жоғары білім беру саласында жетекші орынға ие болды, бірақ Батыс Еуропа студенттерінің саны да 1960 және 1980 жылдар аралығында әр елдерде шамамен 300-ден 900 пайызға дейін өсті.

Оңтүстік Африкадағы Шарпевильде полиция оғынан қашқан наразылық білдірушілер. Нәсілдік негіздегі заңдардың қабылдануына қарсы Панафрика конгресі ұйымдастырған бейбіт шеруді тарату үшін полиция қызметкерлері шын оқ-дәрі қолданды. Қаза тапқан алпыс тоғыз адамның көбіне оқ арқасынан тиген. Бұл оқиға қара нәсілді оңтүстікафрикалықтар мен ақ түсті азшылықтың үкіметіне қарсы халықаралық оппозицияны қалай радикалдандырды?

Соғыс жылдарынан кейінгі орта тап студенттері, әдетте, табысты мансапқа, сондай-ақ жаһандық материалдық және моральдық жетістіктерге үміт артты. Алайда 1960 жылдарға қарай үміт үзіліп, скептицизм белең алды. Саяси және мәдени көшбасшылар шығармашылықтан гөрі, тұтынушылық бағытты демократияны негіз етіп алудың орнына «истеблишмент саясатын», әлеуметтік әділдіктен гөрі капиталистік пайданы және жаһандық бейбітшіліктен бұрын ядролық қару қатерін қолдады. Университеттер жартылай жабық интеллектуалды және әлеуметтік қоғамдастық ретінде, әсіресе білім беру органдары сөз бостандығын құруға тырысқан кезде радикализмге ұрынды. Студенттік белсенділер идеологиялық тұрғыдан саяси солшылдарға, әсіресе жаңа солшылдарға иек артты. Бұл мемлекеттік коммунизм мен капиталистік материализмге, доктринаға сақтықпен қарайтын, әлеуметтік әділдікті жақтайтын қозғалыс болатын.

Париждегі мамыр митингісі, 1968 жыл. Мыңдаған жұмысшы мен студент қала ішімен жүріп өтті. Олар Вьетнамда бейбітшілік орнату, жоғары жалақы төлеу және Франциядағы наразылықтарды басу үшін үкімет тарапынан төтенше жағдайды тоқтату туралы баннерлер ұстап шықты.

Александр Дубчек: Прага көктемінің көшбасшысы

Александр Дубчек Прагада зауыт жұмысшыларымен кездесті. 1968 жыл, тамыз.

1968 жылдың қаңтарында Александр Дубчек (1921–1992) Коммунистік партия хатшысының міндетін қабылдағаннан кейін, көп ұзамай «адам бейнесіндегі социализм» құру үшін реформа жүргізуге уәде берді. Келесі айларда жаңа әлеуметтік-экономикалық еркіндіктерді жариялады. 21 тамызда Кеңес әскерінің өз еліне басып кіргенін көргенде қатты мазасызданды. Бұл оқиға «Прага көктемі» деп аталады.

Дубчек 1921 жылы Чехословакияның Шығыс Словакиядағы ауданында дүниеге келді. Балалық шағын отбасымен Кеңес Одағында өткізді. Иосиф Сталиннің қуғын-сүргін режиміне қарамастан, балалық дәурені мамыражай өтті. Бұл жағдай кеңестік коммунистік көшбасшылыққа деген берік сенімін қалыптастырды. 1930 жылы Чехословакияға оралып, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германияға қарсы қозғалысқа қатысты. Соғыстан кейін Чехословакия коммунистік партиясының словак қанатында көшбасшы атанды. 1950 жылы саяси институттарда білім алу үшін Мәскеуге барды. Оның Мәскеуде өткізген жылдары Никита Хрущевтің сталиндік режимді айыптау науқанымен тұспа-тұс келді. Дубчектің пікірінше, бұл науқан партия беделіне қауіп төндірмейтін, саяси-экономикалық өміріне бақылауды бәсеңдете алатын стратегия болды. 1950 жылдардың соңында Чехословакияға оралып, өз елінде осыған ұқсас реформа жүргізуге шешім қабылдады.

Шешендік шеберлігі аз болса да, Дубчек 1963 жылы Словак коммунистік партиясының басшысына дейін көтерілді. Кейінгі бірнеше жыл бойы Антонин Новотныйдың қатаң басшылығымен өмір сүрген этникалық чех әріптестеріне қарағанда, словактар арасында салыстырмалы түрде сөз бостандығы бар еді. Экономикалық және әлеуметтік реформаларға қарсы тұрып, сыбайлас жемқорлықпен айыпталған Новотный 1968 жылдың қаңтарында партия басшылығын Дубчекке қалдырды. Жаңа хатшы чех азаматтарына авторитарлық бақылауды бәсеңдетуге, жаңа жұмыс кеңестерін құруға рұқсат беруге және қоғамдық тыңдаулар мен шетелдік іссапарларды реттейтін заңдарды жұмсартуға көшті. Ол он жыл бойы «демократиялық социализмді» орнату бағдарламасымен айналысты. Қатаң партиялық бақылау орнатты. Кеңес Одағына деген шынайы адалдықты да өзгелерден талап етті. Либералдандыруды қалаған халықтың талабын орындау мен «Чехословакияны бірте-бірте кеңестік блоктан шығарып алуы мүмкін» деген Мәскеудің күдігін жоққа шығару үшін Дубчек аралық саясат ұстануға мәжбүр болды. Шығыс Еуропадағы басқа коммунистік көшбасшылар азаматтарының чех стиліндегі реформаларға еліктеп кетуінен қорыққандықтан, Дубчекті сынға алды.

Дубчек 1968 жылдың жазында КСРО басшылығымен келіссөз жүргізді, бірақ партия құрылымын реформалау бойынша жоспарлы конференция өткізуден немесе Чехословакия аумағына Кеңес әскерін кіргізу туралы келісімнен бас тартты. Бұл Кеңес Одағы коммунистік партиясының Бас хатшысы Леонид Брежневке соққы болып тиді. 20 тамызға қараған түні орыс танкілері чех шекарасынан өтіп, жолында еш қарулы қарсылық кездестірмей, Праганы басып алды. Кейінгі айларда Дубчек кейбір реформаларды аман сақтап қалуға тырысты, ал чех тарапы селқос қарсылық науқанын бастады. Бірақ 1969 жылдың сәуірінде ол партия мүшелігінен шықты. Келесі жылы орман шаруашылығындағы белгісіз жұмысқа жегіліп, он тоғыз жылын сонда өткізді.

«Прага көктемін» басу арқылы Кеңес Одағы Шығыс Еуропаға өз үстемдігін ашықтан-ашық көрсетті. Бірақ ол кеңестердің жаһандық коммунистік қозғалыстың басшысына айнала алмайтынын көрсетті. Румын, югослав және қытай коммунистік көшбасшыларының барлығы шабуылдан бас тартты. Оған қоса, Батыс Еуропаның коммунистік партиялары және дүниежүзіндегі студенттердің наразылық қозғалыстарының көшбасшылары да қарсылық танытты. Ал Дубчекке оралсақ, ол коммунистік билік аяқталған 1989 жылы Чехословакиядағы «Барқыт революциясы» кезінде қоғамдық өмірге қайта оралды. Чехия-Словакия парламентінің төрағасы болып сайланып, 1992 жылы қайтыс болғанға дейін сол лауазымында қызмет етті.

Сыни пайым

Дубчектің Чехословакиядағы коммунистік партияның билігіне деген ерекше адалдығы елінің саяси-экономикалық реформаларға мұқтаж сенімін ақтады деп ойлайсыз ба?

Радикалды ұйымдар мен стихиялы наразылық акциялары индустриялық әлемнің түкпір-түкпіріне және орта деңгейлі қалалық жастар арасында тарады. Шерулер, марштар, наразылық білдірушілер мен полиция арасындағы демонстрациялар, қақтығыстар туралы телехабарлар жаһандық қоғамдастықтың әділдік үшін күрескен, «отыздан асқандардың ешқайсысына сенбейтін», тілегі бір адамдар мен жастар туралы ой-пікірін күшейте түсті. Құрама Штаттардағы азаматтық құқықты қорғау қозғалыстары Вьетнам соғысына, қару-жарақ жасау жобасы мен оны шығаратын корпорацияларға қарсы бағытталған кең көлемдегі радикализмге дем беріп отырды. Еуропада, Жапонияда, Мексикада және басқа елдердегі студенттердің де көшеге шығу себебі көп болды, сонымен қатар олар университеттерге түсу мәселесінің үкімет тарапынан шешілуін талап етті.

1968 жылдың көктемі мен жазында кейбір елдердегі студенттер мен қызметкерлердің наразылығы ұлғайды. Құрама Штаттарда қоғамдық пікір Вьетнам былығына қарсы шықты, ал елдегі наразылық жиындары президент Джонсонның сол жылғы қайта сайлануға ұсыныс беруінен бас тартуға себеп болды. Парижде студенттер қала көшелеріне баррикада жасап, қаланың бір бөлігін басып алды, ал жұмысшылар жаппай ереуілге шықты. Осы тәртіпсіздіктерден кейін президент Шарль де Голль өз еліне қайтып, бірнеше айдан кейін қайтыс болды. Чехословакияда да студенттік наразылықтар өз рөлін атқарды. «Прага көктемі» атанған осы саяси либералданудың қысқа кезеңі Кеңес Одағында және Шығыс Еуропа әскерінің елді Мәскеуге қайтадан толық бағындыру үшін танкілерін жіберген кезде аяқталған болатын. Студенттік белсенділікке ілесе келген рок-музыканың қарсы мәдениеті, әлем-жәлем киім кию, шашын жалбыратып өсіру, есірткі шегу, коммуналдық өмір және жыныстық бостандық туралы декларациялар 1970 жылға дейін кең тарап, кейін репрессияға байланысты емес, керісінше, түрлі наразы топтар арасындағы қақтығыстардың салдарынан су сепкендей басылып қалды.

Мехикода наразылық білдірушілер қамауға алынды. 1968 жылдың 3 қазанындағы университет студенттерінің полициямен соқтығысы қырғынға ұласты. Қала алаңындағы «Тлателолько қырғыны» деп аталатын оқиға үш жүз адамның өмірін жалмады, бірақ Мексика бұқаралық ақпарат құралдары сол кезде 27 адамның ғана қаза болғанын хабарлады. 1960 жылдары түрлі елдердегі халықтың наразылық акцияларына үкімет берген жауаптың ауқымын қалай сипаттайсыз?

Феминистік қозғалыстар. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін адамдар әлеуметтік тұрақтылықты аңсады. Ерлер қалыпты өмірге қайта оралу дегенді әдеттегі отбасылық өмірді қалпына келтіру, яғни әйел соғыс кезінде жалданып істеген жұмысын тастап, табысты ер-азаматпен тұрмыс құрып, бала тәрбиелеп, тұрмысын түзеу деп түсінді. Қырғиқабақ соғыс шиеленісе келе Батыс жетекшілері моральдық тұрғыдан адал әрі кішіпейіл әйелдер тап күресі кезінде де елін коммунистік агенттерден қорғайды деп сендірді. Ал социалистік елдерде соғыстан кейінгі қалпына келтіру әйелдердің соғысқа дейінгі кезеңіндей фабрикалар мен ауыл шаруашылығындағы жұмысын жалғастырып, үй шаруасымен айналысуы болып есептелді. Жаңадан пайда болып келе жатқан мемлекеттерде ерлер элитасы ұлтшыл қозғалыстардағы саяси ұйымдастырушы немесе партизан әйелдерден жақсы отбасы құрып, ұлт пайдасына қызмет етуін талап етті. Алжирде, мәселен, революция жауынгері, тыңшы, оқ-дәрі жасаушы ретіндегі әйел бейнесі тәуелсіздік алғаннан кейін түбірімен өзгеріп, үй тұрмысында балаларға ұлттық тәрбие мен ислам құндылықтарын үйрететін мұсылман әйел бейнесіне айналды.

Алайда өнеркәсібі дамыған елдерде үй шаруасындағы әйел мен ана бейнесі шындыққа жанаспады. 1950–1960 жылдары ақылы жұмыс күші ретіндегі және некедегі әйелдердің саны тұрақты түрде өсті. Жоғары білім алуға ұмтылған әйелдердің саны да көбейді. Әйелдер жыныстық еркіндікке көбірек көңіл бөлді. Сот пен заң шығарушы органдар бала тууды бақылауды жойды, әсіресе соғыс уақытында халық санының азайып кетуінен қорқынышы сейілген Еуропа мен Жапония әйелдердің ана болу рөлін қадағаламады. Сонымен қатар Францияда, Латын Америкасы елдерінде және отарлық тәуелділіктен азат болған жаңа мемлекеттердің көпшілігінде әйелдер көп ұзамай толық дауыс беру құқығын алды.

Дегенмен әлеуметтік-экономикалық прогресс заңды өзгерістерге ілесе алмады. Жоғарғы оқу орындарында қызметте отырған және бәсекеге қабілетті жұмыс орындарында істейтін әйелдер отбасы шаруасымен, үйді көркейтумен айналыспағандықтан және сыртқы келбетіне көңілі толмайтындықтан, үнемі ақыл-ой немесе эмоционалдық кемшіліктерден зардап шегеді деген гипотезаны жоққа шығарды. Құрама Штаттарда және Еуропада феминист жазушылар, соның ішінде Бетти Фридан (Betty Frіedan), Симона де Бовуар (Sіmone de Beauvoіr) және Глория Стайнем (Glorіa Steіnem) әйелдерді өз мүмкіндіктерін қолданып, өмірдің рақаты мен шаттығын өз үйінен тыс жерден іздеуіне болатынына сендірді. Фридан 1963 жылы «Әйел нәзіктігінде» («The Femіnіne Mystіque») былай деп жазды: «Бұдан былай өз ішкі дауысымыздың «күйеуімнен, балаларымнан және үйімнен басқа да дүниелерді қалаймын» деген сөздеріне көз жұма алмаймыз»14.

1960 жылдары әйелдер қызмет орнындағы әділдік, ұрпақ жалғастыруға байланысты таңдау мәселелері және әлеуметтік қасірет ретінде жезөкшелікпен айналысу құбылыстарына назар аудару үшін бірнеше бағытта шаралар ұйымдастыра бастады. 1966 жылы АҚШ-та негізі қаланған «Әйелдер ұлттық ұйымы» (ӘҰҰ) сияқты мұндай қауымдастықтар Батыс елдерінде кеңінен таралды. Көп ұзамай олар Азия мен Африка елдеріндегі қалаларда да пайда болды. 1975 жылы бұл феминистік толқын енді ғана күш ала бастаған кезде Біріккен Ұлттар Ұйымы «Халықаралық әйелдер жылын» жариялап, Мексикадағы әйелдер құқығына арналған алғашқы ірі халықаралық конференция ұйымдастырды.

Қорытынды

ХХ ғасырдың үшінші ширегі бізге жақынырақ, сондықтан оның дүниежүзі тарихындағы ең маңызды оқиғаларына түпкілікті баға бере алмаймыз. Тек үш факторды – халықты, экономиканы және қоршаған ортаны қарастырайық. Соңғы жиырма бес жыл ішінде дүниежүзі халқының өсу қарқыны өз тарихи белесіне көтерілді. Демографтардың болжамына сенсек, өлім-жітімнің де, өсіп-өну көрсеткішінің де төмендеуіне байланысты болашақта бұл көрсеткіш тағы шарықтауы мүмкін.

Жаһандық экономикалық өсім қарқыны да ғасыр ширегінде ең жоғары тарихи деңгейіне жетті. Бұл жағдай дүниежүзінің көптеген елінде халықтың өмір сүру деңгейін жақсартқанымен бай мен кедей арасындағы алшақтықты жоя алмады. 1970 жылдардың басынан жаһандық экономикалық өсім өте тұрақсыз күй кешіп келеді (28-тарауды қараңыз).

Қоршаған орта мәселесіне келсек, адамдар жаңартылмайтын қуат көздерін тұтынып, 1950–1975 жылдар аралығында биосфераға бұрын-соңды болмаған ауқымда нұқсан келтірді. Адам түрлі физикалық және табиғи жүйелердің экологиялық тұрғыдан нашарлауына бөгет болуға тырысуда. Дегенмен 1975 жылдан кейін ғана адамдар қоршаған ортаға тигізген залалын алғаш рет толық түсіне бастады. Сондықтан кейбір саяси, іскерлік және азаматтық қоғам көшбасшылары қоршаған ортаға тигізетін залалды бәсеңдетуге бағытталған жобалар қабылдады.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы бөлім бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

Апартеид – Оңтүстік Африкада 1948 жылдан 1994 жылға дейін қолданылып келген саяси-құқықтық жүйе. Бұл жүйе көпшілік халықтың арасындағы ақ нәсілді азшылық топтың үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталды.

28

Өзгерістің қайшылықтары
1970 жылдан қазіргі уақытқа дейін
Әрбір желісі ақпарат жолы болатын жаһандық интернет трафигінің бейнесі

Тим Бернерс-Ли ғылыми құжаттарды компьютер арқылы тасымалдау үшін ойлап тапқан бағдарламамен қамтамасыз ету жүйесін «Ақпарат кеніші» немесе «Ақпарат торы» деп атағысы келген. Ақырында ол «World Wіde Web» болады деп шешті. Электронды коммуникация оны бала күнінен қызықтырған еді. Англияда өскен ол картон қораптардан өзі ойлап тапқан ойыншық компьютер жасады, сосын Оксфорд университетінің физика факультетінде білім алып жүрген кезінде ескі теледидар мен дәнекерлеуші құралды қолданып, нағыз компьютер құрастырды. 1989 жылы Швейцарияның Женева қаласындағы CERN атты әйгілі ядролық физика зерттеу орталығына кеңесші ретінде жұмысқа орналасты. Мұнда ол бірлесіп жұмыс істейтін ғалымдардың бір-бірінің компьютерлерінен нақты құжаттар мен ақпараттар жиынтығының орнын және зерттеудің тиімді тәсілінің жоқ екенін анықтады. Кейін ол: «Сол күндері көңілімді қалдырғаны, әртүрлі ақпарат сан қилы компьютерде жатты, оны алу үшін түрлі компьютерге тіркелуіңіз керек... Әр компьютерді ақтарып қиналғанша, кофе ішіп отырған адамдарға барып, ақпаратты сұрай салу оңайырақ еді»1, – деп жазды. Интернет сол кезде-ақ компьютерлерді байланыстыратын жүйе ретінде ғалымдарға қолжетімді болғанымен, ғалымдар жеке машиналарында жұмыс істеп отырғанда ақпарат бөлісетін ыңғайлы әдіс жетіспеді. 1990 жылы Бернерс-Ли гипермәтін үшін, яғни сол немесе басқа компьютердегі өзге мәтінге сілтемемен ілінген мәтін үшін салыстырмалы түрде оңайырақ кодтау жүйесін дамытуды көздеді. Оның бұл жобасы үш негізгі элементтен тұрды. Біріншісі – түрлі компьютерлерде қолдануға болатын гипермәтінді жасауға арналған код. Ол бұл жүйені «HyperText Markup Language немесе HTML» деп атады. Екіншісі – контенттің сұлбасын анықтауға және көруге немесе компьютердің экранында көрінетін «парақшаға» арналған стандарт код. Ол парақшаның «мекенжайын» ресурстардың жүйеленген көрсеткіші (Unіform Resource Locator) (URL) деп атады. Үшінші – Интернетте бір URL-ден екіншісіне орын ауыстыруға арналған код. Бұл ауқымды мәтінді көшіру хаттамасы «HyperText Transfer Protocol (HTTP)» еді. Бернерс-Лидің әріптестері интернет (www.) жақсы жұмыс істегенін байқағанда, бірқатар адамдар оны қолдану үшін CERN-ге жарна төлеуі керек деген мәселені қозғай бастады. Бернерс-Ли бұл жүйе тегін болады, өйткені ғылым кәсіби қолданушылардың санына тікелей сәйкестіктен гөрі артықшылыққа ие болуы мүмкін деген пікірді алға тарта отырып, жарна төлеуге түбегейлі қарсы болды. Интернеттің мақсаты – орталық мәліметтер базасы немесе менеджердің болуы емес, керісінше, кодтауды меңгерген әрбір қолданушы өзгелердің веб-сайттарын көріп, өз сайттарын «онлайн» режиміне қоя алатындай, киберкеңістіктегі ойдан шығарылған жерде жұмыс істеу мүмкіндігіне жол ашу. Бернерс-Ли ең алғашқы интернет сайтын (http:// іnfo.cern.ch) 1991 жылы жасады және сол уақыттан веб-парақшалардың саны жылдам көбейді. Бұл қосымша тез арада ғылым аясынан шығып, қалың көпшілік арасында кең таралды. 1992 жылы ол ең алғашқы суретті – CERN жұмысшылары бастаған «Les Horrіbles Cernettes» атты әйелдерден құралған рок-музыкалық топтың түрлі-түсті суретін желіге жүктеді. Бұл сайттың тақырыбы ғаламтор желісінің ғылыми айырбасынан жоғары аса ауқымды мүмкіндіктерді ашады деген ойға жетеледі. Және ол ой шындыққа айналды. 2012 жылдың ортасына қарай дүниежүзіндегі интернет қолданушылардың саны 4,2 миллионнан, ал белсенді веб-парақшалардың саны 190 миллионнан асты. Электронды инновациялар мен олардың ғылымдағы қолданысы, энергияның өндірілуі, өндіріс, адам денсаулығы, әлеуметтік ұйымдар және көптеген басқа жаңалықтар гипержылдамдықпен көбеюде. Осы кітапта біз «адамзат тарихы – жеке тұлағалар мен топтар арасындағы өзара байланыстың табиғаты; оған қоса адамдар мен олардың табиғи және физикалық қоршаған орта арасындағы байланысы – ұлғая түскен күрделіліктің тарихы» деген пікірге тоқтадық. Адамдар ойлап тапқан күрделіліктің жаңа формасы ХVІІІ ғасырда жанар-жағармай революциясынан да жылдамдай бастады. Өткен бірнеше онжылдықтағы жаһандық өзгеріс жылдамдығы бізді таңдай қақтырады, қайран қалдырады. Біріншіден, адамзат әртүрлі салаларды үздіксіз қайта құрылымдауда, екіншіден, адамзаттың өзара байланысы үздіксіз күрделі және қарқынды болып отыр деген идеяны білдіру үшін жаһандану ұғымы енді. Тіршілік иелерінің ішінде адамзат – күрделілікті ойлап табуға бейім. Сондықтан дүниежүзі тарихшысы Дэвид Кристиан «ұжымдаса үйрену – орасан зор ақпарат көлемін ұйымдастыру, сақтау, жинау, бөлісу мен беру қабілеті» деп тұжырымдайды. Соңғы 40 жылда ұжымдаса үйрену негізінен электронды жүйелер жиынтығын ойлап табу есебінен жылдамдай түсті. Бұл жүйелер іс жүзінде соңғы бірнеше онжылдықтағы барлық өзге де өзгеріс түрлерінің негізіне айналды немесе айналуға ықпал етті. Сондықтан да бұл тараудың бірінші бөлімінде электронды технология революциясы мен оның адамдардың хабар тарату, талдау және соңғы қырық жылда халқы шамамен екі есе ұлғайған ғаламшарда ақпаратты сақтаудағы трансформациясын зерттейміз. Өзге материалдық факторларға қарағанда электронды инновация дүниежүзінің ықпалдасу мен байланысу бағытындағы жылдам үдерістеріне қуат берді. Бұл үдерістер адамзатты әртүрлі бағыттарда артықшылыққа ие етті. Осы уақыт аралығында инновация қоршаған ортаның бүлінуіне, қылмыс жасауға, саяси зорлық-зомбылыққа, халықаралық бәсекелестікке, әлеуметтік алаңдауға кедергі келтірген жоқ. Керісінше, адамдардың өмір салтындағы теңсіздіктерге шын мәнінде ықпал етті. Табиғи түр ретінде ерекше дамыған адамзат анағұрлым күрделі жүйелерді, желілерді және институттарды жасады. Бұл құрылымдар неғұрлым тығыздалып, шырмала байланысқан сайын, олар тұрақсыздыққа бейім бола түсті (ғалымдар адамзатқа ғана емес, физикалық және табиғи жүйелердегі тұрақтылық пен байланыс үшін де үздіксіз қуат көзі керек деген пікірде). Бұл тараудың қалған бөлімдерінде адамзаттың экономика, саясат және қоршаған ортадағы соңғы қырық жылдағы тәжірибесін, бөлшектену, қақтығыс және әрекетсіздік әкелген қайшылықтар мен жаһандық ықпалдасу үрдістерін теңдей қарастыра отырып зерттейміз.

28.1-КАРТА. Геосаяси әлем. 1985 жыл Қырғиқабақ соғысты Шығыс–Батыс қақтығысы ретінде жиі сипаттайды. Дүниежүзінің келешегі, Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы айырмашылықтар туралы не ойлайсыз?

Электрленген әлем ОЙЛАН: Соңғы қырық жылда электронды технология адамдар арасындағы байланыс жүйелерін, ғылым және медицина саласындағы білімді қалай өзгертті? ХІХ ғасырда өнертапқыштар мыстан жасалған сымдар арқылы өтетін электр импульстерін сол сымның екі жағындағы қолданушылар түсіне алатын кодталған тілге айналдыру жолын тапқан соң, электр қуаты адамзат байланысының қызметкеріне айналды. Оның алғашқы пайдалы үлгісі – телеграф. Телеграф алғаш рет 1830 жылдары пайда болғанынан бастап, адамдар электр қуатын, қуатталған мыңдаған машина түрін, әсіресе ақпарат алмасатын және жинайтын машиналарды жұмыс барысында пайдаланды.

Интегралдық микросхема дәуірі

1950 жылдары инженерлер бұрын компьютерлерде және өзге тұрмыстық электроника құралдарында электр тоғын бақылайтын вакуумдық түтіктерді (жартылай өткізгіш қабілеті – белгілі бір жағдайда электрді өткізу мүмкіндігі бар түтіктер) әлдеқайда кішірек қатты күйдегі өткізгіштермен алмастыра бастады. Транзистор – негізінен электр тоғының ағымын бақылайтын, көбіне күшейткіш немесе ауыстырғыш ретінде қолданылатын электронды құрылғы. Транзисторлық технология бағдарламаланған нұсқаулықты тасымалдау үшін тек бір (қосу) және нөл (өшіру) мәндері дәлме-дәл алмасуын тартатын бинарлық санақ жүйесімен ұтымды қосылды. 1960 жылдары ғалымдар күрделі операцияларды орындау үшін электр қуатын бағыттайтын интегралдық микросхемаларға өткізгіштерді жалғаудың жолдарын ойлап тапты. Транзисторлар мен өзге де электронды компоненттермен бірге жазылған микрочип, кремнийлі қабықтың ойлап табылуы интегралдық сикросхема көлемін кішірейту мақсатындағы инженерлер арасында бәсекелестікке итермеледі. Чипті құрайтын компоненттер саны неғұрлым көп болса, соғұрлым үлкен көлемдегі ақпаратты өңдей алады. «Іntel» компаниясы 1971 жылы 2300 транзисторы бар чипті өндірді. Бүгінгі күні инженерлер фотолитография аталған күрделі технологияны қолдана отырып, бір чипке екі миллиардтан аса транзисторды орналастыра алады. Интегралдық микросхема соңғы жарты ғасырда электрді қолданатын барлық технологиялық жетістіктердің аса маңыздысына айналды.

Кішірейген компьютер. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде америкалық және британдық ғалымдар неміс соғыс кодтарын бұзу мақсатында электронды калькулятор жасап шығарды. Келесі жиырма жылда үлкен көлемдегі ақпаратты электронды өңдеу, сақтау және тасымалдау мәселерін қамту саласында компьютерлік зерттеулер көбейді. Алғашында компьютерлерді көбіне ғалымдар, үкіметтер мен ірі компаниялар қолданды. АҚШ пен Кеңес Одағы оларды қырғиқабақ соғыста шайқасу үшін пайдаланды. Мысалы, АҚШ үкіметі кеңестік әуе шабуылдарына қарсы қорғанысты алдын ала ескертуді дамыту мақсатында «Іnternatіonal Busіness Machіnes» (ІBM) компаниясымен келісімшартқа отырды. Кеңес бомбалаушыларын анықтауға арналған SAGE жүйесі әрқайсысы 1 акр кеңістікті алатын, әртүрлі орындағы 48 компьютерден тұрды. 1970 жылдары микрочип схемасы әр түрлі жаңа міндетті орындау мүмкіндігі бар әлдеқайда кішірек және анағұрлым қуатты компьютерлерді шығару мәселесін шешті. 1969–72 жылдары Айға 6 рет қонған «Аполлон» ғарыш бағдарламасы осы шағын компьютерлерге тәуелді болды. Алайда бұл миссиялардың барлығы біріге отырып, бүгінгі күні интернетті «Google» секілді іздеу машинасынан бір сұраныс жасауға кететіндей есептеуіш қуат жұмсады.

1970 жылдардың соңына қарай электронды технология саласындағы жас эксперттер Калифорния штаты, Кремний алқабындағы Сан-Хосе елді мекенінде жеке компьютерлік өндірісін бастады. Миллиондаған америкалық теледидарлары мен жазба машинкаларының бар екенін біле тұра, бұл өнертапқыштар күрделі бағдарламалау карточкалары мен жолақтарының орнына пернетақталар мен экрандары бар, қолданысқа ыңғайлы машиналарды жасады. 1976 жылы Стив Джобс пен Стивен Возняк Apple ІІ – пластик сауыттағы дербес машинаны көпке таныстырды. 1980 жылы «Mіcrosoft» корпорациясының негізін салушылар Билл Гейтс пен Пол Аллен жасаған MS-DOS операциялық жүйесін (компьютердің негізгі міндеттерін орындайтын бағдарламамен қамтамасыз ету жүйесі) бейімдеу арқылы дербес компьютер нарығына енді. 1985 жылы MS-DOS орнын Wіndows-қа босатты. Ноутбуктар 1980 жылдардың ортасына қарай пайда болды, ал дербес компьютерлер сатылымдары ұлғайды. Дүниежүзінде 1980–2008 жылдары олардың шамамен бір миллионы қолданысқа енді2.

Бірлескен зерттеулерге көмектесу үшін 1970 жылдардың басында АҚШ Қорғаныс департаменті әр жерлердегі компьютерлерді байланыстыру жобасын бастады. Нәтижесі – ғылыми және әскери қызметкерлерге бір-бірінің компьютерлері арқылы қарым-қатынас жасауға мүмкіндік берген «желілердің желісі» – интернет84 пайда болды. Осы технология дамыған сайын оны бәрі бірдей қолданғысы келді. Жүйенің құрылуына атсалысқан ғалымдардың бірі Радья Перлман 1980 жылдары хабарламалардың бір компьютерден екінші компьютерге таралу жолдарын жақсарту мақсатында жұмыс істей бастады да, «Интернет анасы» атанды. Осы тараудың кіріспесінде байқағанымыздай, Тим Бернерс-Ли мәлімет алмасуды анағұрлым жеңілдеткен «World Wіde Web»-ті ойлап тапты. 1993 жылы Иллинойс университетінің инженерлері «Mosaіc» – қарапайым қолданушылардың интернеттегі ақпарат үшін жеңіл қолдана алатын «қарау – browse» бағдарламасын таныстырды. «Mosaіc» кейін пайда болған «Netscape Navіgator», «Іnternet Explorer», «Fіrefox» және «Google Chrome» секілді браузерлерге үлгі болды. 1996 жылға қарай қырық миллионнан аса адам интернетті қолданып, жеке парақшаларын ашты.

Мәліметтер ағыны. 1970 жылдары ақпаратты дүниежүзінің бір жартысынан екінші бөлігіне лезде жеткізудегі техникалық кедергілер тез арада жойылды. 1957 жылы Кеңес Одағы жер серігін ұшырған кезде (27-тарауды қараңыз) көпке паш еткен спутниктік технология тез арада дамыды. Сол жыл мен 1989 жылдың арасында КСРО, АҚШ және тағы бірнеше мемлекет 3196 жер серігін ұшырды. Инженерлер жердегі компьютерлерге жалғанған спутниктік таратқыштары үшін телефон арқылы қоңырау шалу мен теледидар сигналдарын өңдеу, ауа райын бақылау, жер бедерін картаға түсіру, қарудың және әскердің орналасқан жері мен қозғалысын бақылаудың түрлі озық үлгілерін ойлап тапты. 1993 жылы бір-бірімен байланысқан 24 жерсерігі алғаш рет GPS – Жаһандық Орналастыру Жүйесін (Global Posіtіonіng System) іске қосты. Бірнеше жыл ішінде дербес навигация құралдарын миллиондаған қолданушы салыстырмалы түрде арзан бағаға сатып алды.

1980 жылдары инженерлер талшықты-оптикалық кабельдердің желісін жүргізе бастады. Таңдаулы жіңішке әйнек сымдар біріктіріле жасалған бұл желілер жарық жылдамдығына жақын жылдамдықта суреттер мен хабарламаларды жеткізетін электр сигналдарына айнала алады. 2013 жылы бір кабель Атлант мұхиты арқылы 1 секундта 3 миллион телефон қоңырауын тасымалдай алды. 1970 жылдары ғалымдар алғаш рет сым емес, жергілікті радио «ұялары» арқылы телефондарды байланыстырған машиналарды құрастырды. Токио қаласы алғашқы ұялы телефон каналын 1979 жылы салды. Сол сәттен бастап, дүниежүзіндегі телефон қызметі жоқ елді мекендер және салыстырмалы түрдегі кедей аймақтар бірден ұялы телефон технологиясына көшті. «Смартфон» атауын алған қуатты қалта компьютерлері нарықта жаңа ғасыр басында пайда болды. Олардың интернетке байланысты және телефон қосымшалары мыңдаған функцияны орындай алады. Тіпті кейбір қолданушылар оны қоңырау шалу үшін де қолданады екен! Байланыс технологиялары күрделенген сайын олардың бағалары да тез арада төмендеді. Демек, дүниежүзілік байланыс торлары әлдеқайда тиімді әрі өлшеусіз бола түсті. 1945 жылы Ұлыбритания мен АҚШ арасында телефонмен үш минуттық сөйлесу құны шамамен 75 доллар тұратын еді. Бүгінгі күні Skype секілді бағдарламамен қамтамасыз ету жүйесі арқылы дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі қолданушылар арасында қосымша төлемсіз, видео мен аудио қоңырауларын шалу мүмкіндігі бар.

Интернет – бірдей байланыс форматтар мен ережелер жиынтығын қолданатын, шағын желілерді байланыстыратын үлкен компьютерлік жүйе.

Транспорт электроникалары

Адамдар ақпаратты асқан жылдамдықта тасымалдай алғанның өзінде, олардың орын ауыстыру жылдамдықтары 1960 жылдардан бері қатты өзгерген жоқ (ғарыштағы зымыранмен саяхат жасау жылдам болса да, алты жүзге жуық адам ғана зымыранға отырып көрді). Электронды жүйелер көлікпен тасымалдаудың сенімділігі мен тиімділігін әлдеқайда ұлғайтты. 1960 жылдардың соңына қарай инженерлер кемелер, теміржол вагондары мен жүк көліктері тасымалдаған жүктерді шешіп, қайта буып-түймей-ақ орнын ауыстыру үшін бірыңғай металл контейнерді жасап шығарды. Контейнер тасымалы шығындарды анағұрлым азайтты. Бұл жүйе миллиондаған контейнерлердің тұрған жерін компьютер нақты бақылауда ұстап отырғандықтан да дұрыс жұмыс істеп тұр. 1967 жылы араб–израиль соғысының әсерінен Суэц каналы 8 жылға жабылды, мұнайды Таяу Шығыстан тасымалдау үшін супертанкерлер жасалды. Екі миллион баррель мұнай таситын бұл алып кемелер өте күрделі электронды навигация мен метереологиялық және мониторлау жүйелерімен жабдықталғандықтан, олардың экипаждары 20 шақты адам ғана болды.

Орбитада ұшып жүрген жасанды жерсеріктері көптеген міндет атқарады. Спутниктік байланыс автожолаушыларға көлік кептелістерін айналып өтуге көмектеседі және ғалымдарға қаладағы ауаның ластану деңгейін көрсетеді. Спутниктік технологияны кейінгі уақытта өзгелермен байланысу немесе ақпарат алмасу үшін пайдаландыңыз ба?

Компьютерлер пойыздардың, жеңіл көліктер мен ұшақтардың дизайнын жасаудың және қызмет етуінің іргелі тетігіне айналды. Көлік компаниялары 1980 жылдардың басында автокөліктерге борттық компьютерлерді орната бастады, себебі мұнай бағасының қымбаттауы мен қоршаған ортаның ластануы жанармайды қолдану тиімділігін анағұрлым жіті бақылауды талап етті. 1990 жылға қарай компьютерлер жануды, оталдыру уақытын реттеуді, жанармайдың шашырауы мен ауаға түтін шығаруын бақылай бастады. Сонымен қатар автомеханиктер көліктердің өнімділігін ұлғайтып, ақауларының алдын алу үшін компьютердегі ақпараттарды талдау үшін зерттеді. 2000 жылдардан кейін пайда болған тиімді отын – гибридті көлік құралдары электрлік қозғалтқыш пен бензинді қозғалтқыштың арасында алға және артқа қарай біртіндеп тарату үшін компьютерлерге тәуелді болды. Одан көп уақыт бұрын көлік құрастырушы инженерлер өздігінен қозғалатын автокөліктерді дөңгелекті роботтарға айналдырған көлік құралдарын сынақтан өткізді. Ұшақ индустриясының да тарихы осыған ұқсас. 2011 жылы Boeіng компаниясы 787 Dreamlіner – ең сапалы аэробензинмен ұшатын, компьютерленген, күрделі ұшақты сата бастады. Электронды сақтану мен қону жүйесі секілді жартылай әуеде қалықтау жетістіктерінің арқасында дүниежүзінде күнделікті әуе саяхатшыларының саны 1975–2009 жылдардың арасында төрт есе ұлғайып, 7,7 миллионға жетті.

Компьютерлер және дене

Электронды технология кейінгі онжылдықтарда көбіне ғылым мен инженериядағы жетістіктерге, таңдай қақтырар медициналық зерттеулер мен тәжірибелерге негізделді. Магнитті-резонанстық томография және өзге де бейнелі құралдар адам денесінің терең түкпірлеріне өтіп, ісік ауруларын алғашқы сатыларында анықтай алады. Ғалымдар компьютердегі үшөлшемді модельдеу арқылы ауру тудырып отырған жасуша құрылымын жақсырақ түсіне бастады. 1980 жылдары зерттеушілер төтенше дәлдікпен титімдей «чиптерді» жасау үшін жасушаларды немесе жеке атомдарды бейімдеудің жолдарын қоса, нанотехнологиялардың мүмкіндігін теориялық тұрғыдан түсіндіре алатын болды. Бұл сала таяу болашақта медицинада кең қолданысқа ие бола бастады. Компьютерлер индустриялық дамыған елдердің денсаулық сақтау жүйесіне революциялық өзгерістер енгізді. Адамдар медициналық анықтамасын лезде оқи алады, аурухана қызметкерлері науқастардың ауруын әлдеқайда нақты анықтап және бақылап, қолдарында әртүрлі сараптамалары бар денсаулық сақтаудың кәсіби мамандары дүниежүзінің қай түкпірінде болса да ақпарат бөлісе алды.

Адам геномының цифрлық көрінісі. Монитор мұражайында адамның генетикалық кодының картасы жинақталған. Бұл жобада алты мемлекеттің ғалымдарынан құралған команда жұмыс істейді. Олар ДНҚ жасушаларының қос шиыршық құрылымын тұңғыш тіркеген Ватсон мен Криктен кейін елу жыл өткен соң осы маңызды ғылыми жаңалықты жария етті.

Джеймс Уотсон мен Фрэнсис Крик 1953 жылы Кембридж университетінде дезоксирибонуклеин қышқылы (ДНҚ) құрылымының үлгісін шығарған соң, адам жасушаларындағы гендерді зерттеу ісі бірінен соң бірі басталып кетті. 1970 жылдары АҚШ молекулярлық биологтары, әдетте әртүрлі ағзалардан алған ДНҚ талшықтарын тұтастыратын, генетикалық ауруларды жеңілдететін ДНҚ жасау үшін оларды рекомбинациялау техникаларын ойлап тапты. 1990 жылы АҚШ үкіметі ресми түрде адам геномы жобасын, адам денесіндегі шамамен 100 мың ген, сондай-ақ үш миллиард немесе сондай көлемдегі негізгі жұптарды ретке келтіруге арналған халықаралық жобаны бастады, яғни ДНҚ жіпшелері қос шиыршықта бірге жалғасатын болды. Адам геномы жобасы 2003 жылы аяқталды, алайда үлкен көлемдегі есептеуіш қуатынсыз бұл міндеттің орындалуы мүмкін емес еді. Сол сәттен бастап геном «картасы» аурудағы генетикалық факторларды түсіну үшін зерттеушілерді теңдессіз жабдықтармен, көрнекі құралдармен қамтамасыз етті. Жаңа фармакогеномика саласы, мысалы, белгілі бір дәріге дененің қарсы әрекеті жеке тұлғаның нақты генетикалық құрылымына қалай әрекет ететінін білдіруге көмектесті, осы бағытты ұстана отырып, жеке тұлғаға арналған дәрі тапсырыс бойынша жасалды.

Электронды инновацияның күтпеген салдары

Электронды революцияға адамдар тамсанып қана қоймай, үрейлене және күдіктене қарады. Ғаламымыздағы барлық жүйелер секілді, электронды жүйе күрделене дамыған сайын тұрақсыз және болжап болмайтын жайттарға жетелеп келе жатыр. 1990 жылдарға қарай электронды желілер дүниежүзін маңызды бағытта біріктіріп қадағалауда анық белгілі болды, қоғам желілердің жұмысын ұстап тұруда және одан да күрделі жүйелер үшін жаһандық талаптармен бетпе-бет келуде аса зор дене және ақыл-ой қуатын жұмсады. Компьютердегі қателіктер жалған шабуыл тудыруы мүмкін деген қауіп қырғиқабақ соғыстың елесінен белгі берді. ХХ ғасырдың соңына қарай бағдарламамен қамтамасыз етуші инженерлер жаһандық байланыс жүйелері тас-талқан болуы мүмкін деген тұжырым жасады, себебі компьютер сағаттарында «19» жылдан «20» жылға ауысу жобасы қарастырылмаған. Жаңа 2000 жылдан бірнеше жыл бұрын үкіметтер мен кәсіпорындар «екінші мыңжылдық» мәселесін шешу үшін кодтарды түзетуге миллиардтаған доллар жұмсады. Ең негізгі компьютер кез келген жерде қирауы мүмкін деген ақпарат құралдарында бораған болжамдар жаһандық кибердүрбелең туғызды. Ірі электронды компьютерлер істен шықпағандықтан, бұл дағдарыс ұзаққа созылмады.

1990 жылдары интернет қоғамдық орындарда дами берді, оған кім және қандай мақсатта кіре алатынын анықтаудың ережелері болмады. Интернетке жалғанған дербес компьютерлер дүниежүзіне қарайтын терезеге айналды. Сондай-ақ электронды бұзақылар, алаяқтар, жеке мәліметтерді ұрлаушылар, корпоративтік мәліметтерді заңсыз жинаушылардың алаңына айналды, жарнама таратушылардан, тақырыптық топтардан, порнографтардан ағылған қажетсіз хабарламалардың толқынының жәшігі бола бастады. 1984 жылдан кейін, көбіне жойғыш және өзін-өзі көшіретін бағдарламаларды анықтау мақсатында, «компьютер вирусы» ұғымы қолданысқа енді. Электронды коммуникациялар адамзатқа ұжымдық алдау мен үгіт-насихат жүргізуге аса зор мүмкіндіктер берді. Ұлттық әскер толығымен компьютер жүйелеріне тәуелді болды. Шын мәнінде әскери қызметкерлер өздерін аңдушы жерсеріктері, ақылды бомбалар және мыңдаған миль қашықтықтан басқарылатын шабуылдаушы дрондардың көмегімен соғыстағы өлім-жітім мен қирау көрсеткішін азайтты. Киберсоғыс шындыққа айналды. 2007 жылдың өзінде АҚШ пен Израильде Ирандағы уранды байытатын центрифугаларды зақымдап, өшіретін компьютерлік кодтардың жиынтығы – «Stuxnet» орнатылған еді. Корпорациялар, үкіметтер және үйдегі дербес компьютер қолданушылары электронды жүйелерді жеке деректер ұрлығынан, зиянкестердің бақылауынан және зымияндықтан қорғау үшін жыл сайын миллиардтаған доллар жұмсайды.

Дүниежүзінде интернет таралуының үлесі. 2012 жыл. Бұл диаграмма жалпы халықтың жалпы санындағы интернет қолданушыларының пайыздық үлесін көрсетеді. Диаграмма интернет таралымының аймақтық өзгешеліктерін анықтау үшін қандай экономикалық және әлеуметтік факторларды көрсете алады?

Жаһанның электронды желілерге қол жеткізуі өмір салтын өзгертіп қана қоймай, аймақтық теңгерімді де күрделендіріп жіберді. Қытай, Солтүстік Корея және Иран секілді бірқатар мемлекеттер қоғамдық пікірді бақылау мен саяси көзқарастарды шектеуге тырысып, белгілі бір интернет сайттарға азаматтардың кіруіне әдейі тыйым салады. Ең маңызды мәселе – дүниежүзіндегі көптеген адам, әсіресе кедей халықтың радио мен теледидарға қарағанда, өзге электронды ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндігі аз. Дүниежүзіндегі интернет қолданушылардың саны 2000 жылы 360 миллионнан аса адамды құрайтын кішігірім көрсеткіштен 2012 жылға қарай 2,4 миллиардқа дейін өсті. Адамзаттың 66 пайызы әлі де болса интернетке қосылмаған. 2012 жылы солтүстікамерикалықтардың 80 пайызға жуығы осы желіге қосылса, Африкада бұл көрсеткіш тек 16 пайызға жетті. Мысалы, кедей фермерлер үшін интернет пен дербес компьютердің экономикалық, мәдени және медициналық артықшылықтары интернетке шығудың нақты қаупі мен тәуекелінен әлдеқайда артық.

Жаһандық экономикадағы қайшылықтар

ОЙЛАН: Кейінгі онжылдықтарда дүниежүзінің кейбір аймақтары өзгелермен салыстырғанда экономикасы жақсырақ дамып, өмір сүру жағдайы неге біршама жоғарылады?

Кез келген бұрынғы уақытпен салыстырғанда, қазіргі дәуірде адамдар қуат көздерін, материалдық байлық пен білімді анағұрлым көбірек меңгерген. Бүгінгі күні біз табиғи отын қуаты күрт ұлғайғанға дейінгі кезеңмен салыстырғанда, одан 100 есе көп пайдалы энергия көзіне қол жеткізе аламыз. Өткен ғасырдың жаһандық тренді – жалпы ішкі өнім мөлшері (ЖІӨ) Бірінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында – 1913 жылы 2,7 триллион доллар болса, 2013 жылы 75 триллион долларға дейін өсті. Сөзсіз, бұл өсім күрделі беталыстың ізінен ерді. ЖІӨ 1930 жылдардағы Ұлы депрессиядан кейін біршама төмендеді, кейін қайта көтерілді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі экономикалық дүмпу жылдары ЖІӨ өсімі тұрақты, жоғары траекториямен қозғала бастады (27-тарауды қараңыз). Алайда 1970 жылдардан бергі бұл бағыт барынша біркелкі болды деуге келмейді. Экономикалық өсу мен тоқырау секілді, бизнес циклдер он жылға жуық уақыт аралығында экономикалық өсім интервалмен кезектесіп өзгеріп отырды. 2007 жылдың соңы мен 2009 жыл аралығында күрт құлағаннан кейін, одан кейінгі жаһандық деңгейде баяу қалпына келді. Кейінгі жылдардағы маңызды экономикалық ауытқудың жаһандық ықпалы өзгеріссіз болды, мұның негізгі себебі электронды жүйелер ұлттық экономикаларды тығыз байланыстырды, бұл құбылыс қаржылық транзакцияларды біршама тездетті, дегенмен тұрақсыздық пен басқару бақылауын жоғалту қатерін күшейтті. Экономист мамандардың айтуынша, жаһандық экономика ұзақмерзімді даму үдерісін жалғастыра береді, өйткені кем дегенде тағы да бір ғасыр бойы энергия мен байлықтың бұдан да көп көлемін алу үшін адамзаттың техникалық мүмкіндігі мен шығармашылық өнертапқыштығы жеткілікті.

Бұл өсімнің сипатына қарсы келетін негізгі ұғым – байлар мен кедейлердің ұлғайып келе жатқан айырмашылығы. Технологиялық ғажайыптар мен экономикалық әділдікті алға тартатын жоспарларға қарамастан, жаһандық байлық барған сайын біржақты болып барады. Кейінгі 40 жыл бойы дүниежүзі халқының жалпы жалақысы мен өмір сүру ұзақтығы ұлғайып келеді. Экономикалық өсім кейбір адамдар мен кей елдерге басқаларына қарағанда анағұрлым көп пайда әкелуде. Миллиондаған адам жұмыссыздықтан, сауатсыздықтан, аз тамақтанудан, әлеуметтік қанау мен ерте өлімнен зардап шегуде.

1970 жылдар: экономикалық бетбұрыс

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы айларында Нью-Гемпширдегі Бреттон-Вудс конференциясында АҚШ пен оның соғыс уақытындағы серіктестері бекіткен экономикалық жүйе 1970 жылы күрделі

мәселелерге тап бола бастады (27-тарауды қараңыз). Капиталистік елдер валюталарын АҚШ долларына, бір унция алтынға 35 долларды құрайтын бағам механизмі халықаралық валюталық транзакцияларды тұрақтандырды. Бірақ соғыс әсерінен зақымданған экономикалардың қалпына келуі мен айырбас бағамы көбірек икемділікті талап етті. Ұлыбритания, Франция, Германия Федеративтік Республикасы мен Жапония секілді қалпына келіп жатқан мемлекеттер ұлттық валютасын долларға тәуелді етпегенде, ұлттық экономикалық мақсаттарын әлдеқайда жоғары деңгейде жүзеге асыра алар еді. Мысалы, белгілі бір мемлекет долларға қатысты валюта құнын азайтқанда, дүниежүзілік нарықта өз тауарларының экспортын арзандатты. 1960 жылдардың соңында, алтынның бекітілген бағасына қарамастан, өзге валюталармен салыстырғанда, доллардың шынайы құны төмендеді. Шетелдік банктер мен инвесторлар америкалық алтын қорларын азайта отырып, долларды сатып, алтынды сатып ала бастады. Бұл әрекетке жауап ретінде АҚШ 1971 жылы алтын стандартынан бас тарту мақсатына қарай қадам басты, кейін өзге елдер де осы жолға түсті. Бұл даму мемлекеттерге нағыз экономикалық бостандық сыйлады. Алайда жаһандық қаржы жүйесінің күрделенуі, айырбас бағамының тұрақсыздығы және елдер арасындағы ақша айналымының арта түсуі дәуірдің белгісі болып есептелді.

Тұтынушылар 1973 жылғы мұнай дағдарысына бейімделуде. Бұл «Volkswagen» немістердің жексенбіде көлікті пайдаланудың жалпыұлттық тыйымына жауап ретінде жасалды. Газ үрлегіштерін мөлшерлеу Құрама Штаттар мен Батыс Еуропадағы адамдарды жаяу жүруге, велосипед мінуге және қоғамдық көлікке отыруға итермеледі. Бұл дағдарыс тұтынушылардың жанармай қолдану дағдысын болашақта қалай өзгертті?

Бреттон-Вудстың аяқталуы мемлекеттерді ақшаны көптеп басып шығарып, оны өз экономикасына бейімдеуге жетеледі, десе де бұл саясат инфляцияны85 шиеленістірді, соның салдарынан тұтынушының сатып алу қабілеті төмендеді. 1973 жыл соңындағы әскери дағдарыс инфляциялық спиральді әлсіретіп, күрделі жаһандық құлдырау жолына бастады. Сол жылдың қазан айында Египет пен Сирия Израильге шабуыл жасады. Олар 1967 жылдан бері Израильдің қарамағында болған ұлттық территорияларын босатып, АҚШ-ты көпке созылған араб-израиль қақтығысын реттеуді талап етуге көндіруге тырысты. Соғыс бар-жоғы үш аптаға созылғанның өзінде, екі жақ та шамамен 14 мың адамынан айырылды. Египет пен Сирияға жасалған қолдау ретінде, мұнай саясатын реттейтін Мұнай экспорттаушы елдер ұйымына (ОПЕК) кіретін араб елдері Израильді қолдаған мемлекеттерге қарсы эмбарго жариялап, израильдік қарулы күштер басып алған барлық аймақтардан кері қайтпайынша осы эмбаргоның қадағалануын қамтамасыз етуге уәде берді. Эмбарго күшіне енген соң, халықаралық мұнай сұранысы оны жеткізу мүмкіндігінен асып кетті, тауарлардың барлық түрінің құны өсті, ал жаһандық экономика тоқырады. 1978–1979 жылдары Ирандағы революция автократ Мұхаммед Реза шахты шиит мұсылмандар діни басшылығының өкілдері басқаратын үкіметке ауыстырғанда, екінші «мұнай дағдарысы» басталды. Оның ізін ала басталған әлеуметтік толқулар Иранның мұнай өндірісіне кері ықпалын тигізді, ал мұнай бағасының қайта көтерілуі дүниежүзіндегі кезекті экономикалық құлдырауға себеп болды.

Рональд Рейган мен Маргарет Тэтчер тілшілерге сұхбат беруде. 1982 жыл. АҚШ президенті мен Ұлыбритания премьер-министрі темірдей берік саяси одақ құрды. Олар билікте сегіз жыл бойы әріптес болды. Олар елдерінің ішіндегі неолибералды мәселелермен келісе отырып, сыртқы саясатты табанды түрде жүргізді.

Бірінші мұнай дағдарысынан соң АҚШ, Жапония, Батыс Еуропа елдері секілді ірі капиталистік экономикасы бар мемлекеттер «стагфляция» атты инфляцияның, кәсіпкерлік енжарлығының және жұмыспен қамтамасыз ету көрсеткіші төмендеуінің қабаттасып келуінен пайда болған «дертке» шалдықты. Сол онжылдықтың соңына қарай, АҚШ несие саясатын енгізіп, қысқамерзімді пайыздық мөлшерлемелерді нөлге жақын шамадан 10 пайыз және одан да жоғары көрсеткішке көтерді. Бұл «қатаң ақша» стратегиясы компаниялардан қарыздарды азайтып, бағамдар мен жалақыны сол қалпында қалдыруын талап етті. Инфляция әлсіреп, кейбір еуропалық мемлекеттер Америкадан үлгі ала бастады. Жаңа саясаттар кезекті құлдырауға жетеледі, негізгі капиталистік мемлекеттер өзге инфляциялық толқынға арандамастан, біртіндеп қалпына келе берді. Қалай болғанда да, 1980 жылдары Латын Америкасы секілді аймақтар мен кей елдер инфляциядан зардап шеге берді.

Инфляция – тауарлар мен қызметтер құнының өсу үрдісі.

Капиталистік доктриналар қақтығысы

Мұнай дағдарыстары мен инфляциядан туындаған экономикалық мәселелер экономистер мен саясаткерлердің арасында жаңа заманғы мемлекеттің пайдасын көздеген үлкен дауға ұрындырды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыстағы саясат көшбасшылары зейнетақымен қамтамасыз ету және денсаулық сақтау секілді, тұрғындарды күрт экономикалық ауытқулар мен құлдыраулардан қорғайтын әлеуметтік бағдарламаларға мемлекет басқармалары өте көп қаражат бөлсе, капитализмнің гүлденуге мүмкіндігі бар деп шешті. ХХ ғасыр ортасындағы ең ықпалды экономист Джон Мейнард Кейнс рецессия уақытында үкіметтер жеке инвестициялар мен жұмыссыздықтың жоғары деңгейінің дағдарыстық әсеріне қарсы тұру үшін көбірек күш жұмсауы қажет деген еді. 1970 жылдардың соңынан экономикалық тұрғыда консервативті мемлекет басшылары, әсіресе Ұлыбритания премьер-министрі Маргарет Тэтчер (1979–1990 жылдары осы қызметті атқарды) және АҚШ президенті Рональд Рейган (1981–1989 жылдары билікте болды) жалпыға ортақ жақсы тұрмыс мемлекеті ұлғайды және үлкен көлемдегі мемлекеттік шығындар ұзақмерзімді экономикалық өсімге деген іскерлік сенімді әлсіретті деп санады. Жеке сектор өз-өзін жақсы табыспен және жұмыспен қамтамасыз ете алады деген дәйекті алға тартты. Аталмыш неолибералдар86 жеке мүлікке қатысты шектеулі бақылау мен дербестікке шақыратын ХІХ ғасыр мұрасын экономикалық либерализм ретінде бекітті (20-тарауды қараңыз). Салықтың азаюын, тарифтердің төмендеуін, белгілі бір қызметтердің жекешелендірілуін және тұлғаның өзін-өзі қамтамасыз ету саясатын қорғады.

28.2-КАРТА. Бәсекеге аса қабілетті жиырма өндіруші мемлекет. 2013 жыл

Қай мемлекеттер бұл тізімде 1975 жылы болмады? Өндірістегі жаһандық өзгерісті қандай факторлар түсіндіріп бере алады?

1980 жылдардан дүниежүзіндегі капиталистік экономиканың кейнстік саясаттан неолибералды саясатқа ретсіз және тиянақсыз өту үрдісі байқалды. Мысалы, неолибералды басшылар мемлекеттік шығындардың барынша қысқартылғанын қалады, алайда өнеркәсібі дамыған мемлекеттердің көпшілігі 1980 жылдары бұрын-соңды болмаған тапшылыққа кезікті. Рейганның кезінде АҚШ-тағы тапшылық 1980–1986 жылдары 60 доллардан 220 долларға дейін өсті, қаражат әскерді қамтамасыз етуге жұмсалды. 2007–2009 жылдардағы үлкен дағдарыс және оның салдары көптеген капиталистік мемлекеттердегі баяу қалпына келу кезеңі – қарама-қайшы шешімдердің қабылдануына себеп болды. Кейнстік экономистер жұмыспен қамтамасыз етуді, тұтынушылар сұранысы мен өсімді ынталандыру үшін халықтан қарызға алған ақшаны экономикаға құйып, дефицит мәселесін шешуді жарқын болашаққа қалдыру туралы пікірді қорғады.

Неолиберализм – экономикалық мәселелерге мемлекеттің араласуын шектеу, мемлекеттік өндіріс орындарын жекешелендіру, еркін сауда, ашық нарық пен кәсіпкерлікті реттеу әрекетін шектеуді талап ететін саяси-экономикалық идеология.

Экономикалық қуаттың өзгермелі орталықтары

Бреттон-Вудс жүйесі құлдыраған соң, капитал ағымы жеделдеді, себебі мемлекеттер көп тауар экспорттады. Неолибералды стратегиялар өндірістік тұрғыда дамыған елдерден қолдау тапты, ал мемлекеттер нарықтағы белсенділікті азайту мақсатында банктер, авиакомпаниялар мен трансұлттық компанияларға қатысты қидалау ережесіне сүйене отырып, алғашқы қадамдар жасай бастады. Дамушы мемлекеттер экономикалық тұрғыда өзін-өзі қамтамасыз ету ұмтылысынан бас тартып, импорттық тарифтерді қысқартып, өндіріс салаларын жекешелендіріп, экономикалық белсенділікті реттеуді доғара отырып, дүниежүзілік нарыққа шықты. 1990 жылдардан бастап Солтүстік Корея мен Кубадан басқа дүниежүзіндегі мемлекеттердің түгелге жуығы капиталистік әлем жүйесіне енуге талпынды. Валюта айырбастау, қарыздар мен инвестицияларға қатысты халықаралық каржы нарықтары 1973-тен бергі жылдағы 160 миллиард доллардан 2012 жылға қарай 140 триллион долларға дейін ықпалды түрде өсті.

Іс жүзінде несиелік транзакциялар бұрын-соңды болмаған көлемге жетіп, деңгейі күрделенді. Кейінгі бірнеше онжылдықта корпорациялар операцияларды кеңейту мен өзге компанияларды иемдену үшін үлкен көлемде қарыз алды, ал үкіметтер әскер мен әлеуметтік қызметтердің төлемін шынайы табысынан біршама миллиардқа көп сомаларды қарызға ала отырып төледі. Мысалы, АҚШ 2001 жылдан соң Ауғанстан мен Ирактағы соғыстарға байланысты, әлеуметтік қызметтер шығынының өсуі мен 2007–2009 жылдардағы құлдырау себебінен үлкен сомадағы қарызға батуға мәжбүр болды. 2007–2012 жылдар АҚШ-тың қарызы орта есеппен күніне 3,93 млрд долларға өсті.

Бұл жаһандық қаржылық қиындыққа шарасыз жақындау негізгі экономикалық ойыншылардың құрамын өзгертті. 1950–1960 жылдары Солтүстік Америка, Еуропа мемлекеттері, Жапония дүниежүзілік тауарлардың 90 пайызын өндіріп, көбіне бір-біріне сатты (28.2-ші картаға қараңыз). Азия, Африка және Латын Америкасы мемлекеттері азаматтарының шет елдік жұмысшылар ретіндегі еңбегімен, азық-түлік, минералдармен сауда жасап, аграрлық мемлекет болып қала берді. 1970 жылдардан бері жаңа өндіріс орындары пайда болып, халықаралық алмасу күрделене түсті3. Корпорациялар материалдарға кеткен қаражат пен белгілі бір елдердегі жалақы көлеміне байланысты өндірістік кәсіпорындарды күнде ашып немесе жауып отырды. Тауар компоненттері өндірісінің жаһандана түскені сонша, америкалық электроника дүкенінде сатып алған компьютер Жапониядағы зерттеулер, Германия қамтамасыз еткен инвестициялар, Конгодан табылған сирек кездесетін металдар мен Тайвандағы тәжірибелі мамандар құрастырған ортақ зат болуы мүмкін.

Азия жолбарыстары мен шөнжіктері87. 1960 жылдардың соңынан бастап, экспортталатын шикізаты аз Тайвань, Оңтүстік Корея, Гонконг және Сингапур – барлығы Жапония бастаған экспортқа бағытталған өндірістік индустрияға көшті (27-тарауды қараңыз). Осы төрт «Азия жолбарысы» жаңа электронды технологиялар мен білім беру жүйесіне инвестиция құйып, әйел адамдардың еңбегінен жақсы пайда тапты. 1980 жылдарға қарай әйелдер осы елдердің еңбек ресурстарының 30 пайызын құрады, бірақ олардың жалақысы дәл сондай жұмыс атқаратын ер адамдардікінен азырақ болды. Оңтүстік Корея таңдай қақтырарлық экономикалық

ғажайыпқа қол жеткізе алды: 1960 жылдардағы кедей, көбіне ауыл аймақтары басым елден автокөліктер құраушысы және дәулетті, 1988 жылғы Олимпиада ойындарының иесі болған мемлекетке айналды. «Жолбарыстар» өздерімен салыстырғанда төменірек жалақыға жұмысшы жалдауға болатын елдердегі өнеркәсіп дамуына демеуші болды. 1990 жылдары бұл инвестициялар біршама кіші «шөнжіктерге», әсіресе Индонезия, Малайзия, Филиппин мен Тайландқа экспорттық индустрияда жайлы орналасуына жағдай жасады. Вьетнам ең алғашқы нарықтық реформасын 1986 жылы жүргізді, сол кезде Вьетнам соғысының аяқталғанына және елдің коммунистік партия режиміне өткеніне бар-жоғы он жыл ғана болған еді. Негізінен сауда-саттық бақылауының әлсіреуі себебінен Вьетнамдағы экспорт құны 2000–2012 жылдары 14,3 миллиард доллардан 114,6 милллиард долларға дейін өсті4.

Жаһандық нарықтағы Қытай. 1978 жылы Коммунистік партияның көшбасшысы Дэн Сяопиннің (1904–1997) отыз жылға созылған, Мао Цзэдунның кезіндегі орталықтандырылған экономиканы және бейберекет ауытқыған экономикалық көрсеткіштерді қайта жаңғыртып, модернизациялауға уәде берген сәтінде Қытай экономикасы қайта жандана бастады. Ол өзінің саяси серіктестерімен бірге қытайлық фермерлерге, жергілікті мекемелерге шамамен он жылдан кейін ірі өндіріс орындарына тауарларды жеке кезекте сатып, сатып алуға мүмкіндік беретін нарықтық реформаларды бастады. 1980 жылы Қытай шетелдік инвестициялардың құйылуы үшін теңіз жағасында 14 қала тұрғызды. Бұл толқын кезекті экономикалық күрт өсу мен урбанизациялық дүмпуге әкелді. Мемлекеттік және жеке кәсіпкерлер кірістің қалған бөлігін шет­ел, әсіресе Африка мен Латын Америкасы елдері экономикасына сала бастады. XVІІІ ғасырдың ортасына дейін Қытай дүниежүзіндегі ең ірі өндіріс орталығы болып еді. 2010 жылға қарай ол АҚШ-тан сәл оза отырып, осы даңқын қайтарып алды. Қытай Коммунистік партиясы демократиялық және адам құқықтары реформаларын қабылдаудан бас тарта отырып, дүниежүзілік капиталистік экономикаға бес қаруын сайлап барып қосылды. Партияның ымырасыздығына қарсы жаппай көтерілістер 1989 жылы Бейжің қаласындағы Тяньаньмэнь алаңындағы 1300 адам Ұлттық Азат ету әскерінің қолынан қаза тапқанда тоқтады. Сол сәттен бастап, партияның маркстік-лениндік идеологиясы әлсірегенімен, Қытай әлі де авторитарлық мемлекет саналды.

Үндістан және оның Кремний алқабы. Бір қызығы, Үндістан ірі жеке секторы бар демократиялық мемлекет бола тұра, халықаралық сауда-саттық пен қаржы дауылынан коммунистік көршісіне қарағанда экономикасын ұзағырақ сақтап қалуға тырысты. Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған сәттен (1947) арада 40 жыл өте келе, Үндістан Ұлттық конгресінің социал-демократтық позициясы – өзін-өзі қамтамасыз ету, орталық үкімет тарапынан мықты бақылау орнату мен азық-түлік субсидиялары – экономиканы дамытуға бағытталған еді. Аса көп мемлекеттік қарыздар мен әлсіз экспортпен қақтығысқа түскен сәттен бастап, 1991 жылдан бері үкімет нарыққа жақынырақ саясатты қабылдады. Осы онжылдық соңына қарай шетелдік инвесторлар, олардың ішінде – АҚШ-қа эмиграцияға кетіп, «Sun Mіcrosystems» және «Hotmaіl» секілді табысты компаниялар ашқан оңтүстіказиялық адамдар өте көп болды. Бизнес-жаңашылдар ақпараттық технологияларды өндіріп, экспорттайтын нарықтың ерекше саласын тапты. Басында олар деректерді өңдеуі мен телефон арқылы қолдау сервистерінің аутсорсингі88 секілді операциялардан пайда тапты. Алайда жаңа ғасырда үндістандық фирмалар түрлі электронды салалардың зерттелуі мен игерілуін ұлғайтты. Бангалор қаласы Үндістандық Кремний алқабы аталып кетті. 2009 жылы үздік өндіруші елдердің арасында Үндістан он екінші орынға орналасты, бұл оның бұрынғы отарлық иесі – Ұлыбританиядан небәрі төрт орынға төмен еді5.

Кореялық жұмысшы электронды құрамдас бөлікті сынап көруде. 1987 жылғы бұл сурет Сеулдегі «Samsung» компьютер және теледидар зауытында түсірілген. Кореядағы қандай мәдени немесе әлеуметтік факторлар әйелдерді зауыт жұмысына жігерлендірді немесе мәжбүр етті?

Ресей мен Шығыс Еуропадағы орталықтан жоспарлаудың аяқталуы. 1978 жылға дейінгі Қытай секілді, Кеңес Одағы мен оның шығысеуропалық серіктестері экономикалық даму мен өзін-өзі қамтамасыз етудің социалистік моделін ұстанды. Мемлекеттік қызметкерлер – жоспарлаушылар, басқарушылар және техниктер – бағаларды, жалақы мен экономикалық ресурстардың таратылуын анықтады. Осы бюрократияның басқаруымен кеңестік экономика 1970 жылдары тоқырауға ұшырап, азық-түлік пен дайын өнімдер үшін Батыс елдерімен сауда-саттыққа одан әрі тәуелді бола түсті. Кеңес Одағының ЖІӨ 1980 жылы АҚШ-тан 80 пайыздан аса көрсеткішке аз болды, соның өзінде, мұнай экспорты арқылы Мәскеу үлкен әскерді қаржыландыра алды. 1981 жылы президент Рейган АҚШ-тың әскери шығынын ұлғайтты және осы қаражатқа ол зымырандарға қарсы қорғаныстың кешенді жүйесін салуға бағытталған, халық арасында «жұлдызды соғыс» аталып кеткен, стратегиялық қорғаныс бастамасын қосты. Кеңес Одағы бәсекеге төтеп бере алмады және шын мәнінде экономикалық тоқырауға бет алды. 1985 жылы Кеңес Одағы Коммунистік партиясының бас хатшысы болып сайланған Михаил Горбачев (1985–1991 жылдары ел басқарды) батыл саяси реформаларды жариялылық пен экономикалық либералдандыру – қайта құру науқанын бастады.

Горбачев Кеңес Одағының, 1968 жылы Чехословакиядағы болған жағдай секілді, бұдан былай дүйім халықтың наразылығын басу мақсатында танктер жібермейтінін жария еткен соң, Шығыс Еуропаның социалистік елдерінде халықтың саяси-экономикалық реформаларды жаппай талап етуі лезде күшейді. Германия Демократиялық Республикасында (Шығыс Германия) тұрғындардың ашық халықаралық қатынастарды талап етуіне байланысты мемлекет тарапынан туған былық пен әрекетсіздік шекара қызметкерлерінің Берлин қаласын шығыс және батыс секторларға бөліп тұрған қабырғаны бұзуына себеп болды. 1989 жылдың қараша айында масаттанған адамдар батыс жаққа өте бастады. Одан кейінгі айларда Германия қайта қосылып, Шығыс Еуропаны қамтыған сайлаулар Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған сәтінен бастап басымдық көрсеткен коммунистік партияның монополиясына нүкте қойды.

Деректерді САРАЛАУ

Қытайдағы капитализмге суретшінің көзқарасы

1949–1976 жылдары Қытай Коммунистік партиясына Мао Цзэдун төрағалық еткенде партия жетекшілері суретші туындыларын қатаң бақылауға алды. Мао Цзэдун қытай жастарын мемлекетті барлық «капиталистік ревизионизмнен» тазалауға шақырған 1966–1968 жылдары ұлы пролетарлық Мәдени төңкерістің шарықтау кезінде, суретшілер әлеуметтік ниеттестік пен құрбандықты бейнелеген жаппай графикалық түрлі-түсті плакаттарды салды. Сол жақтағы сурет – бірінші мысал. Алайда жас революционерлер барлық өнерді «буржуазиялық құндылық» деп санап, оған тыйым салды.

1976 жылы Мао қайтыс болғаннан кейін, жаһандық экономикаға есігін ақырындап ашқан партияның жаңа басшылары суретшілер мен жазушыларға ауқымдырақ шығармашылық мүмкіндік берді. 1980 жылдары Қытай суретшілері жаңа тақырыптар, ақпарат құралдары мен шығармашылық қозғалыстарын зерттеу арқылы халықаралық қауымдастықтың назарын аударды. Олардың бірі – саяси поп деп аталды. 1960–1970 жылдары Америкадағы поп өнерін бейэстетикалық үлгіде бейнелеген қозғалыс Мао басқаратын Қытай мен оның ізін ала орныққан капиталистік кәсіпкерлік пен тұтыну кезеңінің арасындағы саяси және әлеуметтік үлкен айырмашылыққа қатысты пікірін білдірді. Бала кезінде Мәдени төңкерістің анағұрлым радикалды кезеңінің куәгері болған Солтүстік-Шығыс Қытайдың тұрғыны Уаң Гуани 1990 жылдары жетекші саяси поп суретшісі ретінде пайда болды. Бір көркемсурет топтамасын ол «Қатаң Сын» («Great Crіtіcіsm») деп атап, Мәдени төңкерістің плакаттағы бейнесін сатып алуға ұмтылған қытайлықтарға жаңадан ықпал еткен батыс тұтынушылық тауарларына сілтеме жасай отырып, салыстырды.

Оң жақтағы «Қатаң Сын» суретінде Уаң Мәдени төңкеріс плакатына ұқсайтын екі сұлбаны салған – алға қарап тұрған, жайнаған, бақытты жұмысшы. Екі суретте де қызылмен қапталған – Мао Цзэдун басшының «Қанатты сөздер» кітабы секілді. Уаң Мәдени төңкеріс жұмысына басым қызыл түс берген, алайда оның суреттері Энди Уарол секілді суретшіні еске түсіретін стильде. Суреттің жан-жағында шашылып жатқан нөмірлер өндірістегі өнімге жұмысшылар басатын сериялық нөмірді көрсетеді. Уаңның суреті ескі және жаңа Қытайды бірдей дүрліктірді, алайда осы сериядағы өзге суреттер секілді, көрерменнің көкейінде «оның ниеті қандай еді?» деген сауал қалдырды.

Мәдени төңкерістің саяси плакаты. Онда «Металл сынығы және өзге де материалдардың қалдығын жинауға талпыну керек!» деп жазылған.

Уаң Гуани, «Қатаң сын: Coca-Cola», 1993 жыл.

Сыни пайым

Тақырыптың маңызы мен суретшінің стилі тұрғысынан қарағанда, екі суреттен қандай айырмашылық пен ұқсастық табасыз? Бұл суретте Уаң неге кока-коланы таңдап көрсеткен? Ол Қытайдың капитализмді қабылдауын сынға алады деп ойлайсыз ба? Немесе ол Мәдени төңкеріс пен оның насихатын келемеждеуі мүмкін бе? Уаңның суреті 1990 жылдардың аяғындағы Қытай өмірін бейнелейді деген оймен келісесіз бе? Суретші Қытайды қай бағытта бейнелеуі мүмкін?

Берлин қабырғасы қирандыларының қасында Жаңа жылды тойлау. 1990 жыл. 1989 жылы, қарашада Берлиндегі көпшілік қабырғаны бұзып, балғамен талқандай бастады. Қашықтықтағы көңілді топ ХІХ ғасырдағы Шығыс Германияда орналасқан бейбітшілік монументі – Бранденбург қақпасының биігіне шықты. Қабырғадағы бейбітшілік бүгінге дейін қарсылықтың басты символы болып қалды деп ойлайсыздар ма?

28.3-КАРТА. Шығыс Еуропа мен Ішкі Еуразиядағы саяси өзгерістер. 1985–2013 жылдар

1985–2013 жылдары бұл аймақтың саяси картасындағы ірі өзгерістерді қандай тарихи оқиғалар түсіндіреді?

Кеңес Одағын құраған 15 федеративтік республика Мәскеуге әуелі жауапты болды, бірақ олардың бірнешеуінде орыс тілінен өзге тілде сөйлеп, орыс әдет-ғұрыптарынан басқа салт-дәстүрлерді ұстанатын халықтың патриоттық сезімі айқын байқалды. Шығыс Еуропаның коммунистік режимнен босауын бақылай отырып, бұл ұлтшылдар экономикалық тұрғыда қабілетсіз Кеңес Одағына сенімсіздігін білдірді. 1991 жылдың басында кезінде егемен Балтика мемлекеті, кейін кеңестік республика болған Литва тәуелсіздігін жариялады. Келесі айларда барлық 15 республика үлкен қарсылықсыз бір-бірінен бөлінді. Горбачев Кеңес өкіметінің құлдырауын емес, Батыс үлгісіндегі шектеулі реформаларды енгізуді жоспарлаған еді. Қайтсе де, бұл мемлекет 1991 жылдың 25 желтоқсанында өз жұмысын тоқтатты.

Бұл қарқынды оқиғалар бұрынғы Кеңес Одағы мен Шығыс Еуропа елдерінде де, өзінің қоғамы мен экономикасын қайта құруға тырысқан саяси режимдерде де он жылдан аса уақытқа созылған жаппай тәртіпсіздіктерді алып келді. Жаңа Ресейде (Ресей Федерациясы) кезінде кеңестік бюрократ өкілі мен өндірістік басшылар болған, капиталист кәсіпкерлер мемлекет иелігіне қараған жерлерді өте арзан бағаға сатып алып, көбінесе Батыс іскерлік ортасымен серіктесе отырып, тез арада байып шыға келді. Керісінше, қарапайым халықтың өмір сүру жағдайы күрт төмендеп кетті. Жаңа ғасырда Шығыс Еуропа елдерінің басым бөлігі тұрақты, көбіне демократиялық мемлекеттер құрды. Олардың кейбіреуі таңданарлық өсімге жетті, себебі Венгрия, Польша мен Чехословакияға жаңа нарық пен арзан жұмыс күшін қолдану үшін Батыстан инвесторлар келген еді. Ресей капиталистік Еуропаға сенбеді және 2000 жылдан өзінің экспорттық экономикасын, мұнай, табиғи газ және басқа да шикізат тасымалдаудан ары аспады. Президент Владимир Путин (лауазымда 2000–2008 жылдары және 2012 жылдан қазіргі уақытқа дейін) мен премьер-министрдің басқаруындағы көппартиялы демократия мен бұрыннан келе жатқан, дәстүрлі авторитарлық басқару күштері арасындағы тепе-теңдікті сақтау Ресейге әлі күнге дейін қиынға соғып отыр.

28.4-КАРТА. Еуроодақ және Еуроаймақ. 2013 жыл

Келіссөз келісімдерінің бұл картасы осы аймақта қол жеткізген ең үлкен мемлекетаралық ынтымақтастықты көрсетеді. Еуро қолдануға және Еуроодаққа мүшелікке қатысты жекелеген мемлекеттердің саясатының айырмашылығын қалай түсіндіре аласыз?

Экономикалық жүйе сипатындағы Еуроодақ. Батыс Еуропаның алты мемлекеті 1957 жылы Еуропа Экономикалық қауымдастығын құрған сәттен қазба отын индустриялануы дүниежүзінің ең ежелгі орталығында экономикалық ықпалдасу біртіндеп, бірақ өзгеріссіз жалғаса берді (27-ші тарауды қараңыз). 1973–1986 жылдары одақ мүшелерінің саны он екіге дейін өсті. Маастрихт келісімінің аясында федерацияның атауы Еуропалық одақ болып өзгеріп, ережелер жиынтығы мен одаққа мүше елдердің арасында тауар, капитал және жұмысшылардың еркін айналымына арналған мекемелер құрылған соң, экономикалық қауымдастықтың ықпалы көтеріле түсті. Оған қоса, бұл келісімшарт Брюссельдегі штаб-пәтерде орналасқан Еуропалық парламенттің өкілетін бекітті. 1998 жылы одаққа мүше 11 мемлекет өзінің ұлттық валютасы етіп Еуропалық орталық банкінен шығаратын

еуроны бекітуге келісім берді. Бүгінгі күні 17 мемлекет мүше болып саналатын Еуроаймақтың пайда болуы бір мемлекеттен екінші мемлекетке өтетін тауар мен ақша ағымындағы көптеген кедергіні жойды. 2004–2007 жылдары Шығыс Еуропа елдері одаққа кірді. Сонымен, 2013 жылға қарай одақ мүшелерінің саны 28-ге жетті (28.4-картаны қараңыз).

Одақтың жұмысы жалғасуда. Халықтардың егемендігі жайлы мәселе әлі күнге дейін дау-дамайдың басты тақырыбы болып қала берді. Кейбір мемлекет басшылары толыққанды экономикалық, тіпті Еуропадағы саяси ықпалдастық жайлы дауласса да, 2004 жылғы ЕО конституциясын жасау бастамасы қолдау таппады. Әрбір мүше елдің еуроскептиктері – ұлттық тәуелсіздік пен ұлттық болмыстан айырылудан үрейленетін саяси партиялар мен жеке тұлғалары бар орта. Кейбір партиялар ЕО-ның мүше елдердің ішкі істеріне (мысалы, азық-түлік тағамдарының қауіпсіздігі мен гендік инженерияны реттеу) араласуын шектеу позициясын қорғаса, басқалары одақтан мүлде шығу жайлы сөз қозғайды. Британдық үкімет әлі күнге дейін құрлықтың Еуропамен екі араны жалғайтын экономикалық «байланысына» сенбейді. Британия – Еуроодақтың мүшесі болса да, Еуроаймаққа кірмеген жекелеген еуроскептик азшылығы бар мемлекет.

Еуроны әртүрлі уақытта қабылдаған 17 мемлекет қаржы және банк жүйелерін жан-жақты ықпалдастыруда. Еуроодақ мүшелерінің ұлттық валюталары болмағандықтан, олардың үлкен көлемдегі қарыз немесе әлсіз экономикалық көрсеткіштер мәселесін өздігінен шешу үшін ақша саясатын өзгертуге немесе ақшаны басып шығаруға мүмкіндігі жоқ. Экономикалық тұрғыда бай елдерде дағдарыстағы мүшелерге ұлттық байлықтарын бөліп беріп, көмектесуді талап ететін ресми құжат та жоқ. Еуроаймақтың өмір сүру қабілетіне 2007–2009 жылдардағы рецессиядан кейін қауіп төне бастады, бұл әрекет ең ауқатты мүшелер (әсіресе Германия мен Франция) мен қиыншылықтарға тап болған мүшелердің (Грекия, Ирландия, Италия, Испания, Кипр) арасындағы теңсіздікті одан әрмен ұлғайта түсті. Бақылаушылардың бірі байқағандай, «басты мәселе – Еуроодақтың шынайы одақ емес, орталық органға шешімдерді қабылдау күшін ешбір мағынасыз түрде бере салған мемлекеттер жиынтығы болуында. Нәтижесі – дауласқан ұлттық мақсаттардың кесірінен туындаған хаос… Егемендікті сақтау мен демократияны тәрбиелеудің орнына, Германия секілді қазан иесі елдері өзге елдердің экономикалық жағдайын ескермей, неміс сайлаушыларының саяси талғамын таңуға ұмтылады»6. Бұл күрделі мәселелерге қарамастан, Еуропалық Одақ – дүниежүзілік аренада әлі де алып одақ. Ол – дүниежүзіндегі ең ірі экономикалық жүйе, 504 миллионға жуық адамды ортақ нарық пен әлеуметтік және мәдени қарым-қатынастың біріккен саласында байланыстырады.

Шөнжік – жолбарыстың күшігі.

Аутсорсинг – жұмыстың сырттағы мердігерге, оның арасында шетелдік компанияға көшірілуі арқылы шығындарды азайтуды меңзейтін бизнес практика.

Арылмаған кедейлік

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңынан кейін жаһандық экономиканың деңгейі бірталай өсті, сонымен қатар халықтың ең бай және ең кедей топтары арасындағы айырмашылық та ұлғая берді. Бұл – өткен ғасырдың негізгі экономикалық қарама-қайшылығы. 2011 жылы жалпы дүниежүзілік кірістің 42 пайызы адамзаттың ең бай 10 пайызына, ал қаражаттың небәрі 1 пайызы адамдардың ең кедей 10 пайызына тиесілі болды7. Көптеген елде жалақылар арасындағы айырмашылық өсе берді. Белгілі бір ел бірнеше жыл ішінде таңғажайып экономикалық өсімге қол жеткізгеннің өзінде, кіріс көбіне жалақысы көп адамдар үлесіне кетсе де, бәрібір кірістер теңсіздігі байқалды. Бұл жағдай Мозамбик пен Камбоджа секілді өте кедей мемлекеттерде ғана емес, сондай-ақ АҚШ, Ресей, Қытайда да аңғарылды. 2011 жылы АҚШ-тағы байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылық кез келген еуропалық мемлекеттегі көрсеткіштен үлкен болды8. Салыстырмалы түрде бай елдердегі орта тап білім алуға, денсаулық сақтауға, мансаптық ұтқырлық пен өнімділікке қол жеткізе алмаған жағдайда, әлбетте, халықтың әл-ауқаты төмендеп, шығындар одан бетер көбейеді. Капиталистік экономика бұл мәселе шешілмеген жағдайда өсімді ұстап тұра алмайды, себебі миллиардтаған кедей осы экономика өнімдерінің тым болмаса кішігірім бөлігін қолдануға қалтасы көтермейді, яғни экономика да тұралайды.

Грекияның қатаң экономикалық үнемдеуге қарсы наразылық шеруі. Наразылық білдірушілер Афинадағы Синтагма алаңында 2011 жылы қазан айында жұмыс орындарын, төлем түрлерін, мемлекеттік қызметкерлер зейнетақысын қысқартуды енгізген, сонымен бірге грек үкіметінің төлем қабілетін ұстап тұру мақсатында салықты көтеруді заңдастырған үкіметке қарсы шығып, полицияны таспен атқылады. Бейбіт шерулердің зорлық-зомбылыққа айналуына қандай факторлар себеп болды?

Кейбір елдердегі, әсіресе Қытайдағы экономикалық жетістіктер әсерінен күніне бар-жоғы 1,25 доллардан аз қаражатқа өмір сүретін халық бөлігі 1990 жылдардан бері біршама азайды. Қазір 1,3 миллиард адам бұдан да аз ақшаға өмір сүріп келеді, әсіресе Африка елдерінде халық «көпөлшемді кедейліктен» зардап шегеді. Демек, олардың өмір сапасына әсер ететін өнімдерге – пайдалы тамақ, таза су, санитарлық гигиена, медициналық қызметтер, жанатын отын, білім мен ұзақ өмірге қол жеткізуге мүмкіндіктері шектеулі. Бұл өңірлердегі әйел адамдар, әдеттегідей, контрацептивті құралдарға, жүктілік кезіндегі кеңес пен туу кезіндегі көмекке де зәру.

Шет елдер тарапынан қандай да бір араласу актілері, азамат соғыстары, аштық, су апаттары, жер сілкіністері, босқындардың орын ауыстыруы және жаһандық немесе жергілікті дағдарыстар – осының бәрі, уақытша болса да, кедейлікке жетелейді. Дегенмен жаһандық экономиканың әлі күнге дейін барлығын қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Көпөлшемді кедейлік, әдетте, жаһандық байлықтың әділетсіз бөлінуін сақтап келе жатқан құрылымдық және саяси факторлардың салдарынан туындайды.

Демографиялық өткелдің келешегі. Белгілі бір елдің халық саны оның экономикалық көрсеткіштерінен тезірек ұлғайса, өмір сүру жағдайы төмендей береді немесе өзгеріссіз қалады. XX ғасырдың бастапқы кезеңінен бастап, көптеген мемлекет адамның орташа өмір жасы ұзарған және жаңа туған балалардың саны азайған өтпелі демографиялық кезеңді басынан кешті. Бұл халық санының өсу қарқынын біртіндеп реттеп отырды (27-тарауды қараңыз). Өкінішке қарай, Африка және Таяу Шығыс өңірлерінде осы өтпелі кезеңнің алғашқы сатыларында қалып қойған елдер аз емес. Демек, экономикалық экспансияға қарағанда, халық саны әлдеқайда қарқынды түрде өсіп келеді. Бұл жағдайды өзгерту мақсатында туу көрсеткішін төмендету үшін де, шынайы экономикалық дамуға қол жеткізу үшін де стратегия құру қажет; ал бұл – басым көпшілікке пайдасын тигізетін өсім.

Нарықтық экономиканың қауіп-қатерлері. 1970 жылдары жанармайдың үлкен көлемдегі шығындарына тап болған мемлекеттер дамуды қаржыландыру мақсатында халықаралық деңгейдегі ірі қарыздар сұрады. Мұнай магнаттары Таяу Шығыс елдерінен, олардың қатарында – Сауд Арабиясының премьер-министрінен, дамушы елдер тағы бір мәрте мұнайды сатып алсын деген мақсатпен, табыстың бір бөлігін дамушы елдерге қарызға беретін миллиардтаған «мұнай долларларын» ірі банктерге табыстауын талап етті. Халықаралық Валюта Қоры (ІMF) және Дүниежүзілік Банк, Бреттон-Вудс жүйесінің аясында құрылған мекемелер ірі несие берушілерге айналды. ІMF аса қиын жағдайға тап болған елдерге, экономикалық және қаржылық реформаларды талап ете отырып, қарызға ақша береді. Дүниежүзілік Банк даму жобаларын ынталандыру мен жеке инвесторлардың назарын аудару үшін қаражат бөледі.

1980 жылдардың басына қарай көптеген дамушы елдер қарыз әсерінен күрделі дағдарыстарға тап бола бастады. Халықаралық несие берушілер қарыздарының қайтарылмауынан үрейленіп, ақша ағымын тоқтатуға мәжбүр болды. Мысалы, Латын Америкасында экспортқа шыққан көптеген тауарлардың бағасы төмендей бастады. Бұл азайған қаражат несиеге пайыздық төлемдерді жұмсауға мүмкіндік берді. Несие берушілер артқа шегінген сәтте өсу қарқыны баяулады, азық-түлік бағасы аспандап, өңірлерде кедейлік асқына түсті. Мексика 1978 жылы мұнайға бай қазба орындарын тапты және дәл осы әрекет Хосе Лопес Портильоның: «Қазіргі таңда дүниежүзінде мемлекеттердің екі түрі бар – мұнайы жоқ және мұнайы бар. Ал бізде мұнай бар»9, – деп мақтануына түрткі болды. Шетелдік инвесторлар пайдалы қазбаның тиімді өндірісін қамтамасыз ету үшін үлкен көлемдегі несиелерге ауыз салды. 1980 жылдан кейін мұнай бағасы күрт төмендеп, Мексика қарызға белшесінен батып, дағдарыс мен кедейлікке ұрынды. 1990 жылдары жалпы Африка елдері экспорттарынан түскен табыстың 40 пайызын несие төлеу үшін жұмсады10. Көптеген мемлекеттің сол онжылдықта немесе одан кейінірек уақытта қарыз көлемін қысқартқанына қарамастан, жаппай қарыз жаһандық экономиканың бұлжымас шарты болып қалыптасты.

Өсіп бара жатқан мемлекеттік қарызбен бетпе-бет келгенде, 1980 жылдары көптеген мемлекет орталықтанған жоспарлы жүйелерден нарықтық экономикаға көшіп, шетел тарапынан корпоративтік инвестицияларды, мемлекет шығындарының қысқартылуын, экономикалық жекешелендіру мен экспорттың ұлғаюын қолдайтын неолибералдар үшін мемлекеттік әл-ауқат доктриналарымен алмасты. Нәтижелер біркелкі болған жоқ. Тіпті таң қалдырарлық экономикалық өсімге қол жеткізген елдердің өзінде кедейлік ушыға түсті. Себеп – әлеуметтік жұмыстар мен қызметтердегі қысқартулар, ұлттық табыстың саяси элита мен халықаралық корпорациялардың қалтасына құйылып отыруы. Әдетте, шетелдік инвесторларды елдегі инфрақұрылым – жолдар, теміржол жүйелері, интернетке қосылу, білім алу, жаңа өндіріс орындарын ұзақмерзімге қамтамасыз ету емес, аз уақытта табыс әкелетін жобалар қызықтырады. Бұдан басқа, бай елдер кедейірек елдерге олардың ЖІӨ-нің пайызымен есептегенде, 1970 жылдар басында берген уәдесінен әлдеқайда кем көмек береді. 2008 жылы АҚШ өзге елдерге қарағанда, өте үлкен мөлшердегі материалдық көмек ұсынды, алайда бұл оның ЖІӨ-нің небәрі 0,19 пайызын құрады, ал бұл – Швецияның үлесінен 5 есе кем.

Сауда кедергілері. Индустрияландырылған ірі елдердің дамушы елдерге ашық нарықтың артықшылықтары жайлы дәріс оқу әдеті бар. Дәл сол сәтте олар өздерінің шаруалары мен өндірісшілерінің төмен шығындары мен бағаларын сақтау үшін импорттарға немесе ақшалай субсидияларға жоғары тарифті бекітіп тастағанын ескеруіміз керек. Бұл саясат дамушы елдердегі өндіріспен айналысатын адамдарға, әсіресе шаруаларға бәсекелестікке шыдамды бағалармен бай елдерге тауарлар сатуына кедергі келтірді. Мысалы, африкалық шаруалар күріш, бидай, какао мен мата өндірудің сарапшы мамандары, алайда сауда кедергілері мен субсидиялар осы тауарларды ірі шетелдік нарықтан шектеп отыр.

28.5-КАРТА. БҰҰ гендерлік сенім индексі. 2012 жыл

БҰҰ Даму Бағдарламасына сүйенген бұл көрсеткіш экономикалық құқықтар мен мүмкіндіктердің ұлғаю индексін әйелдердің заң шығарушы органдардағы, жетекші қызметіндегі үлесіне және ер адамдармен салыстырғанда табыс деңгейіне қарай өлшейді. Ұпай жоғары болған сайын әйелдерге деген сенім деңгейі ұлғая түседі. Сенім деңгейі жоғары мемлекеттер жалпы қандай саяси-экономикалық сипатқа ие болуы мүмкін? Сенім үлесінің деңгейі төмен мемлекеттер сипатының ерекшелігі қандай?

Байлық және саяси билік. Көптеген мемлекетте саяси көшбасшылар қоғамдық байлықты капиталдың дамуы ретінде емес, билік иерархиясын қолдау құралы деп біледі. Сондықтан мемлекеттік байлықты не жеке кірісті жоғарыда отырып жаны жақын адамына, негізінен, этникалық қауымдастары мен отбасыларына, туған-туыстарына үлестіреді. Осы секілді жүйелерге жемқорлықтың араласқаны сөзсіз және табысты өнеркәсіп орындарын басқаруға керек ресми серіктестікке айырбас ретінде, шетелдік үкіметтер мен фирмалар элитаны арқасынан қағып, марапаттайды. Жарқын экономикалық келешегі бар елдерді «мұнай қарғысы» атты, беделді адамдарды пайдалы қазбалар мен өзге де өндіріс орындарынан түскен табысты экономикалық түрлендірулерге емес, қолдаушы мен клиент арасындағы қарым-қатынасты бекіту үшін қолдануға итермелейтін жарамсыз қылықтан зардап шекті. Мысалы, бұл жағдай Нигерияда байқалды – әлі күнге дейін мұнай өндірісіндегі табыс жалпы халықтың жағдайына аса елеулі пайдасын тигізген жоқ.

Экономикадағы әйелдер. Дүниежүзіндегі ересек әйелдердің жартысына жуығы еңбек нарығында жоқ. Жаһандық масштабта әйелдер өздерімен бірдей көлемде жұмыс атқарған ер адамдардың жалақысының 75 пайызын ғана алады. Әйелдер арасындағы сауаттылықтың төмен деңгейі, жұмыс орындары мен мүмкіндіктердің жоқтығы ресми діни насихаттардың, көбіне ерлердің әлеуметтік және мәдени басымдығын мәңгі есте қалдыратын дәстүрлі тәжірибенің салдарынан туындайды. Дамушы елдер жақын арада ғана әйелдердің нәтижелі мүмкіндіктерін аса тиімді түрде қолдана бастады (28.5-картаны қараңыз). 2011 жылы Хиллари Клинтонның «Әйелдер еліміздің жұмыс орындары мен экономикалық өміріне араласа бастағанда, ынталандырушы әсер мен домино эффектісі байқалады… Әйелдердің экономикалық әлеуетін қолдана отырып, барша адамның мүмкіндіктерін кеңейтеміз»11 деген сөздерін саяси көшбасшылар мойындаған сияқты.

Миграция және жаһандық экономика

Адамдардың дүниежүзінің бір түкпірінен екіншісіне жаппай көшіп-қонуы жаңа ғасырлардың сипаты болып қалыптасты. Көрсеткіштер таңғаларлық көлемде өсті – 1850 жылы 2 миллион мигрант болса, 2012 жылы бұл сан 214 миллионға дейін өсті. Бұл көрсеткіш Ұлы депрессия мен екі дүниежүзілік соғыста ғана айтарлықтай төмендеді. Соңғы 40 жыл ішінде қабылдаушы елдердің иммиграцияны шектеп, басқару үшін жасап жатқан әрекеттеріне қарамастан, жаппай миграция үдемелі түрде жылдамдай түсті. Бұл шекаралық шаралар ұлттық егемендік пен азаматтардың экономикалық қауіпсіздігін сақтауға бағытталды. Ішінара олар имигранттарды потенциалды әлеуметтік-экономикалық құндылықтарына сүйене отырып таңдайды, туристерді тұрақты тұрғынға айналдырмай, экономикалық ресурстары жоқ, саяси тұрғыда қауіпті мигранттарды шектейді. Мысалы, АҚШ 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі лаңкестік шабуылдан кейін шекаралық және визалық бақылауды қатаңдатты. Кейбір үкіметтердің көші-қон саясаты иммигранттарды «мәдени келімсек» немесе «тыныштықты бұзушы» деп бөліп, қате түсініктердің қалыптасуына әсер етті.

Алайда шекаралардың мониторингі үкімет қалағандай тиімді болмаған еді, бұл дүниежүзіндегі халықтың ұтқырлығына да кедергі келтірмеді. 1970 жылдардан бастап жаппай миграция саяси-экономикалық өзгерістердің ажырамас бөлігі болып кетті. Кейбір оқиғалар халық миграциясын үдетуге септігін тигізді. Олар – жаңа салалардың тұрақты ұлғаюы мен жаңа өндіріс орталықтарының көбеюі; түгелге жуық мемлекеттердің капиталистік нарықтық экономиканы қабылдауы; біліктілігі төмен жұмыстарды атқару үшін иммигранттар мен уақытша жұмысшылардың қажеттілігі; кезінде эмиграцияны шектеген шығысеуропалық немесе т.б. авторитарлық режимдердің құлауы; кедей шаруалар мен жұмысшылардың қалаға тұрақты ағымы; мигранттардың ақша табу үшін сапарлары мен механизмдерінің тиімділігін көтеруі; бір-бірінен алыс орналасқан отбасы мүшелері мен достардың тығыз байланыста болуын қамтамасыз ететін электронды ақпарат құралдарының дамуы. Қызықты жайт – кейінгі онжылдықтардағы жаһандық миграция деңгейі 1920 жылдардағы көрсеткіштен көп көтерілген жоқ. Алайда бүгінгі күні ғаламшарымыз сол кезге қарағанда 5 миллиардқа артық адамға пана болып отыр12.

Түркия шекарасының маңындағы босқындар лагеріндегі сириялық балалар. Сириялықтар 2011 жылы басталған азамат соғысының салдарынан қоныс аударып, Түркияға және басқа көрші мемлекеттерге өту үшін шекара қиылысындағы осы және өзге лагерьлерде өмір сүреді. Жүз мыңдаған халық қолдан жасалған осындай елді мекендерде тазалыққа, таза суға, медициналық қызметке зәру. Дүниежүзінде таяу арада болған өзге қандай қақтығыстар ауқымды босқын лагерьлерін тұрғызды?

ХХ ғасырдың бастапқы кезеңдеріндегі секілді, мигранттардың көпшілігі дамушы елдерден дамыған елдерге, мұнайға бай елдерге көшті. 1970 жылдардан бастап, мемлекеттер азаматтарын шет елдерге жіберді, олардың қатарында – Қытай (1980 жылдардан бастап), Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азия,

Шығыс Еуропа (1990 жылдардан), Латын Америкасы, Солтүстік және Оңтүстік Африка елдері бар. Кейбір шикізат өндіруші елдерде халық санының өсуі, тез қарқындаған урбанизация, жұмыссыздық пен мүмкіндіктердің болмауы, тіпті жоғары білімді адамдардың өзін эмиграцияға итермеледі. Шын мәнінде, салыстырмалы бай тұтынушы елдердің халық саны, иммигранттар болмағанда, азаяр еді. Еуроодақтың туу коэффициенті соңғы бірнеше онжылдық бойы халық санының табиғи өсімнен (бір жылға шаққандағы туу саны мен өлім санының айырмасы) тым аз көрсеткішін көрсетті. Халық санының өсуі көбіне иммиграцияға байланысты. 2009 жылы ЕО халық саны 1,9 миллион адамға өсті, ал оның 84 пайызын шекараның сыртында туған адамдар құрайды13. Таяу Шығыстың мұнай патшалықтарында жұмыс күшінің басым көпшілігі шетелдік уақытша мигранттар болып отыр. Кувейттің 2,7 миллион халқының 47 пайызы – ел азаматтары емес, мигранттар, олар жұмыс орындарының 60 пайызын иемденген14. 2013 жылы Нью-Джерсиден де кіші Катарда 250 мың катарлық азамат пен 1,2 миллион, негізінен, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азиядан келген шетелдік азаматтар болды15. Әйел мигранттар, әсіресе жалғызбасты әйелдер мен қыздар көптеген елде еңбек қанауы мен қорлыққа тап болды. Құлшылық пен құлдар саудасы ресми түрде дүниежүзінде күшін жойған заманда әйел адамдар мен қыздардың саудасы дамып келеді. Ел ішінде немесе халықаралық шекараларда жұмыс істейтін заңсыз адам саудагерлері әйелдерді табысты жұмысқа шақырғансып, алдап, кедей отбасыларды қыздарын сатуға көндіріп немесе әлсіз құрбандарды ұрлау әдістерімен жұмыс істейді. 2009 жылғы БҰҰ есебіне сүйене отырып айтсақ, сексуалдық құлдық мәжбүрлі еңбекке жегетін адам саудасының 79 пайызын құрайды. Қалған 21 пайыздың елеулі бөлігі – мәжбүрлі еңбек етуге тиесілі. Кейінгі жылдары бірнеше елдегі әйел мигранттар дискриминацияға қарсы сөз қозғап, саяси белсенді атануда. Оларға Таяу Шығыс өңірінде үй шаруасымен айналысатын филиппиндік әйелдерді жатқызуға болады16.

Аса көп көлемде халықаралық мигранттары бар мемлекеттер. 2010 жыл. Бұл он мемлекет дүниежүзіндегі мигранттардың 52 пайызын қабылдаған. Белгілі бір мемлекеттерге қоныс аударуды қандай географиялық, саяси-экономикалық факторлар түсіндіріп бере алады?

Жаһандық тәртіпті іздеудегі қайшылықтар

ОЙЛАН: Дүниежүзіндегі реттілікті сақтау тәсілдері 1970 жылдардан бері қалай өзгерді?

Кейінгі төрт онжылдықта дүниежүзі халқы шамамен 3,1 миллиард адамға өсті, адамдар шектеулі энергетикалық ресурстарды аса ірі көлемде қолданды, ал өмірдің барлық саласындағы өзгерістер жылдамдай берді. Бұл жағдайлар жаһандық тәртіптің әлдеқайда тиімді жүйелерін ойлап табуға итермелеп, қоғамға үлкен қысым жасады. Бір жағынан, адамның экономикалық және техникалық құрылымдары іріленіп, күрделене түсті. Ал бұл құрылымдардың сақталуы одан да күрделі және жаһандық серіктестік пен басқару жүйелерін талап етеді. Екінші жағынан, жаһандану89 дәл сол жағдайларға жауап ретінде адамдар, қауіпсіздік, дәулет пен әлеуметтік бірегейлікті қамтамасыз ету үшін салыстырмалы түрде кішігірім топтарға бірігуде. Адамдар отбасыларынан өзге қауымдастықтарға: көршілер қоғамы мен жергілікті діни топтардан бастап, ұлттық мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға дейін жіктеледі. Серіктес қоғамдастықтар, сонымен қатар бір-бірімен әдеттегідей материалдық ресурстар үшін кей кезде қатыгез әрі иррационалдық бәсекелерге түсе алады. Адамзаттың өзі ойлап тапқан аса қиын жаһандық желілерді, әсіресе, өмір сүру жағдайын жақсартатын желілер мен мекемелерді аса құрметтеуге жақсы себеп бар. Қазіргі таңда осы жүйелер дүниежүзіндегі бейбітшілікті, экологиялық денсаулықты, жаһандық экономикалық теңдік пен әділдікке жақын жағдайды қамтамасыз ете алды. Демек, бір жағынан, жаһанданып, кіріктірілген күштер мен, екінші жағынан, адамдардың осы күштерге қарсы тұру үшін қауымдастықтарға бірігу, ресурстарды сақтау және құқықтар мен жеке тұлғаны сақтап қалу ынтасының арасындағы шиеленіс өршіп тұр.

Қазіргі заманда тәуелсіз мемлекеттер әлеуметтік және саяси тәртіпті қолдауға арналған бірінші реттік мекемелердің қызметін атқарады. ХІХ ғасырда ұлтшылдық тек қана билікті иемденіп қоймай, бір тіл, мәдениет, тарих және тағдырмен байланысқан қоғамды да қорғайтын, мемлекетті құрудағы ықпалды жаңа идеология атанды. Сонымен қатар сол ғасырда мемлекеттер даулар мен қақтығыстарды шешу, халықаралық қарым-қатынасты нығайту, дүниежүзіндегі экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуды қолдайтын ұйымдар құруда немесе қолдауда алғашқы орнықсыз қадамдар жасай бастады. XX ғасырда, әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, күрделі жүйелерді басқару мен жаһандық мәселелерді шешуге қатысты сын-тегеуріндерге қарсы жауап ретінде, бұл ұйымдар көбейіп, гүлдене түсті.

Жаһандану – дүниежүзіндегі халықтар жедел байланыс пен транспорттың көмегі арқылы бір-біріне жақындай түсетін үдеріс. Бұл жергілікті тұрмыс-салт пен қауымдастықтық байланысын күшейтіп қана қоймай, өзгеруін де жеделдетеді.

1970 жылдан кейінгі жаһандық мемлекеттік жүйе

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі 30 жылда негізгі отарлық билік күштері империясын таратты. Тәуелсіз мемлекеттердің де саны өсті (27-тарауды қараңыз). 1975 жылдан бастап тағы да оншақты кішігірім отар елдер тәуелсіздігін алды. Кеңес Одағы құлаған сәтте 15 жаңа мемлекет пайда болды. 2013 жылға қарай Біріккен Ұлттар Ұйымына 193 егемен ел мүше болды. Бұл мемлекеттер бір-бірінен халық санына, басқару формасына, этникалық құрамына, әскери қуаты мен территориялық өлшемдеріне байланысты айрықша ерекшеленеді (Ресей – Тынық мұхиттағы Науру тәуелсіз мемлекетінен 813 мың есе үлкен). Соған қарамастан, барлығы сонау ХVІІ ғасырда Еуропада қалыптасқан егемендік принциптерімен келісе отырып, бір-бірінің алдындағы дипломатиялық теңдіктің айрықша құқықтарын мәлімдейді. Сонымен қатар олар сыртқы тараптан қол сұғылмайтын басқару мен қорғану құқығын талап етеді.

Кейбір саясаттанушы мамандар екі жүзге жуық әртүрлі жағдай жаһандық интеграцияға кедергі келтіріп, онсыз да күрделі әлемді одан әрмен тұрақсыз әрі қауіпті етеді деген пікірді ұстанады. Өзге бақылаушылар «мемлекеттер серіктестік пен ортақ ұқсастыққа негізделген ұлттық қауымдастықтар құрса немесе оған талпынса, демократияны орнатып, дәулетін арттырады және жеке құқықтарын қорғайды» деген көзқарасын білдіреді.

Шын мәнінде, бірнеше ұйым дүниежүзіндегі әр мемлекетті демократиялық басқару мен адамзат құқықтарын қорғаудағы жетістіктеріне байланысты жылдық есептерін жариялады17. Бұл зерттеулердің нәтижесі бойынша, кейінгі 40 жылда, толықтай болмаса да, жартылай демократиялық мемлекеттердің саны өсіп, авторитарлық мемлекеттердің саны біршама азайған. Бұл үдеріс бірқалыпты жүрді. Кейбір мемлекеттер кемшіліктерін өзгертуге аса талпынған жоқ. Басқалары, мысалы, Ресей, Венгрия және Мали, демократиялық институттарының әлсіреуіне жол берді. Ал өзге елдерде бірнеше жыл бұрын ғана азаматтарын азаптаған үкіметтер көзқарасы мен бағытын өзгертті. Шығыс Еуропаның 1990 жылға дейін бірпартиялы коммунистік режимі болған көптеген мемлекеті шынайы парламенттік жүйе орнатып, еркін сайлау өткізді. Оңтүстік Америка елдерінің көпшілігі әскери немесе азаматтық диктатуралардан талас-тартысты сайлауларға қатысатын және бұрынғыға қарағанда сенімді түрде құқықтарын қорғай алатын қоғамға айналды. Оңтүстік Африка ақ нәсілді азшылық қоғамның барлық саласында үстем болған сонау ХVІІ ғасырда басталып, ұзақ уақытқа созылған қыспақтан соң, президент Нельсон Манделаның басқаруы кезінде біраз жетістікке жетті.

Нельсон Мандела Соуэто футбол стадионындағы жанкүйерлер алдында тұр. Бұл митинг ол 1990 жылы түрмеден босап шыққаннан кейін, көп ұзамай өтті. Ол нәсілдік кемсітушілік жолын ұстанған (апартеид) үкіметке қарсы шыққаны үшін жиырма жеті жылға түрмеге қамалған болатын. 1994 жылы ол Оңтүстік Африкадағы алғашқы бейнәсілдік сайлауда жеңіске жету үшін тыйым салынған Африка Ұлттық Конгресін басқарды. Лаңкес деп айыпталған Манделаның халық алдында сөйлеп тұрғанын көрген Оңтүстік Африка қоғамындағы түрлі әлеуметтік топтар оны қалай қабылдады?

Биполярды саясаттың соңы. Қырғиқабақ соғыс кезінде ядролық қырғынның қаупі туды, кейбір тарихшылар «аяздың» беті қайтқан кезеңімен салыстырғанда, сол кезеңде халықаралық қарым-қатынастар әлдеқайда тұрақты болды деп болжады. Екі супермемлекет пен олардың серіктестерінің аса біржақты геосаяси мақсаттары болды: дүниежүзінің болашағы екі идеологиялық көзқарастың кез келген біреуінің жеңісіне негізделді. Біреуі либералды демократия мен еркін нарықтағы капитализмді қолдаса, екіншісі мемлекеттің тікелей бақылауындағы социалистік қоғам болды. Екі одақтың да сыртқы саясаты аталмыш үшінші әлем елдері мен бейтарап көзқарастағы мемлекеттермен достықты немесе оларды жаулап алуды меңзеді.

Дегенмен қырғиқабақ соғыстың биполярлы саясаты қауіпті еді. 1960 жылдар ортасында АҚШ пен Кеңес Одағы шиеленістің бәсеңдеуі (relaxatіon) деген атпен белгілі, нығайған қарым-қатынастар кезеңіне өтті. 1975 жылғы Хельсинки келісімі арқылы олар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін туындаған Еуропаның шекаралары мәселесінің шешімін тапты. Зымырандар мен ядролық қарудың қолданылуын ұзақ уақытқа шегеріп қоюға келісті. Президент Ричард Никсонның коммунизмге ашықтан-ашық қарсылық білдіргеніне қарамастан, 1972 жылы Бейжіңге іссапарға аттанып, АҚШ Қытаймен қарым-қатынасын реттеді. Алайда 1975 жылдан соң, дамушы елдерге ықпалын көрсету бәсекелестігі, ядролық қарусыздандырудағы сәтсіздіктер мен «қанға – қан» принципі бойынша Еуропадағы зымырандарды орналастыру әсерінен, кеңестік-америкалық қарым-қатынас қайта ушыға түсті. Саяси температура 1979 жылдың шілде айында, достастық социалистік режимді құтқару мақсатында Кеңес әскері Ауғанстанға енген кезде төмендей бастады. 1981 жылы Рональд Рейган әскери шығынды көтеруге уәде бере отырып, АҚШ президенті болып сайланды. 1982–1984 жылдары стратегиялық қаруландыруға байланысты келіссөздер сәтсіздікпен аяқталып, КСРО әуе күштері кореялық коммерциялық авиалайнерді америкалық тыңшы ұшақпен шатастырып, атып түсіргенінен кейін, қарым-қатынастар қатты шиеленісті.

Бұл жылдары кеңестік экономика аздап өсе бастады. Михаил Горбачев бәсеңдікті, яғни жағдайды қайта қалпына келтіріп, саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асыруды көздей отырып, 1985 жылы билікке келді. Келесі екі жыл ішінде ол АҚШ қолдап отырған партизандарға қарсы сегіз жыл бойына соғысқан Ауғанстаннан Кеңес әскерін шығарды. Кеңес өкіметінің құлдырауына әкеліп соққан қарбаластарда сол құлдырауды қолдаған және кейін Ресей Федерациясының президенті болып сайланған Борис Ельцин Горбачевті қызметінен босатты. Мәскеудегі коммунистік партия режимі құлдырап, қырғиқабақ соғыс та үнсіз келісіммен аяқталды (28.3-картаны қараңыз).

Америкалық алып. Кейбір бақылаушылар биполярлы саясаттан (бейбіт әлем мен коммунистік әлемнің қақтығысы) жаһандық билікті АҚШ, Ресей, Қытай, Жапония және Еуроодақ елдері секілді бірнеше ірі мемлекет бөліп, әскери билік шашыраңқы болатын көпбағытты жүйеге жол береді деп күткен еді. Ал шын мәнінде АҚШ әскери қуатына ғана емес, дүниежүзінде қарулы контингентіне де байланысты көшбасшы болып қалыптасты. Ресей ХХ ғасырдың соңына қарай экономикалық тұрғыда зардап шегіп, қарулы күштерін азайтуына тура келді. Еуроодақ 1990 жылдары коммерциялық және ақшалай интеграцияға көшті, бірақ ол көрші Югославия көпұлтты мемлекетіндегі мәселелерді шешуге көмектесу үшін қарулы күштерін жібергісі келмеді. Бұл оқиға 1991–1992 жылдардағы ұлтаралық қақтығыстарға, әсіресе сербтер, хорваттар мен босниялық мұсылмандар арасындағы қарулы жанжалдарға әкеліп соқты. Босниялық сербтер аймақты этникалық тұрғыдан тазартамыз деп мұсылмандарға сес көрсетіп, БҰҰ бітімгерлерінің әрекеті еш нәтиже бермеген соң, АҚШ НАТО ұйымына кіретін еуропалық серіктестерін қырғынды тоқтату мақсатында әуеден соққы жасауға көндірді. 1995 жылы президент Билл Клинтон (1993–2001 жылдары президент болды) Югославияны бөлген бірнеше мемлекеттің ортақ келісіміне төрағалық етті. Қытайға тоқталсақ, 1978 жылдан кейін қабылданған жаңа нарықтық экономика таңғаларлық нәтижелер көрсетті, бірақ оның әскери қуаты технологиялық тұрғыдан қарағанда АҚШ-тан мүлде кенже қалды.

Жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығында АҚШ жаһандық әскери басымдығына әсер ететін аса күрделі мәселелермен бетпе-бет келген жоқ. Дегенмен 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі Нью-Йорк пен Вашингтон қалаларындағы шабуылдар елдің лаңкестік соққыларға әлсіз екені жайлы үрей туғызды. Президент Джордж Буштың (2001–2009 жылдары президент болды) әкімшілігі террорға, әсіресе «әл-Қаида» орталықтанбаған халықаралық революциялық ұйымына қатысты «соғыс» жариялады. Ауғанстанда базасын орналастырған саудтық Усама Бен Ладен «әл-Қаиданың» көшбасшысы атанды. НАТО-ның америкалық және өзге де контингенттері 2001 жылдың күзінде ауған көтерілісшілеріне қосылып, сол жердегі «әл-Қаидаға» пана болған талибтердің режимін құлату мақсатында Ауғанстан аумағына кірді. Миссия тез арада сәтті орындалды, бірақ кейбір болжамдар бойынша, жаңа, батысшыл мемлекетті құру мақсатында тағы да үлкен мөлшердегі НАТО әскері келді. Бұл майданда прогресс өте баяу жүрді, ал 2001 жылғы соғыс науқанынан кейін арада 13 жыл өтсе де, Ауғанстанда 87 мыңнан аса НАТО әскері болды, олардың шамамен 60 мыңы – америкалықтар еді.

2003 жылы серіктестер коалициясын жинаған АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мақұлдауынсыз Иракқа кірді. АҚШ үкіметінің бұлай әрекет етудегі мақсаты – президент Саддам Хусейннің режимін «әл-Қаидамен» серіктес етпеу және химиялық немесе басқа да жаппай жою қаруын қолдануына жол бермеу болатын. Шын мәнінде Хусейннің «әл-Қаидамен» достастық қарым-қатынасы ешқашан болмаған және жаппай жою қарулары да табылмады. Басып алушылар Хусейн режимін бірнеше апта ішінде құлдыратты, ал соғыс тез арада сегіз жылға созылған азаматтық жанжал мен коалицияға қарсы қозғалысқа айналды. 2011 жыл соңына қарай америкалық қарулы күштер толығымен кеткен соң, Ирактың көппартиялы демократияны құру әрекеттері өте осал, ал экономикасы оның мүмкіндігінен әлдеқайда төмен деңгейде жұмыс атқарды.

Американың Ауғанстан мен Ирактағы әрекеттері Ресей Федерациясымен қарым-қатынасты ушықтырды. Владимир Путиннің билігіндегі Ресей, әсіресе бұрынғы Кеңес Одағының шығысеуропалық серіктестерін өзіне қосу мақсатындағы НАТО-ның өктемдігіне қарсылық көрсетіп, сыртқы саясатта әлдеқайда табанды қадамға барды. Путин бұрынғы кеңестік республикалар – Украина мен Грузияның НАТО ұйымына қосылуын және зымыранға қарсы қорғаныс жабдықтарын Чех Республикасы мен Польшада орналастыруын көздейтін америкалық жоспарларға бой бермей, қарсылық танытты. АҚШ президенті Барак Обама (2009–2017 жылдары президент болды) екі бастаманы да уақытша тоқтатып қойды, бірақ Ресей 2008 жылы бөлініп кеткен ресейлік екі әкімшілік-аумақтық бөлікті қорғау үшін Грузиямен соғысты. Бұл аймақтардың жағдайы әлі күнге дейін шешілмеді және олар күннен-күнге ушығып бара жатқан Ресей мен Американың арасындағы шиеленістің себебі болып келеді.

Ұйымдар әлемі

Саясаттанушы ғалымдар егемен мемлекет жүйесін анархияның – «көшбасшының жоқ болуы» мағынасын білдіретін грек сөзінің негізгі шарты ретінде сипаттады. Бұл ешқандай негізгі ортақ биліктің, өздері бағынуға тиіс заңдарды шығаратын дүниежүзілік мемлекеттің болмауын білдіреді. Жаһандық қиындықтар мемлекеттерді бір-бірімен үлкен масштабта серіктес болуға итермелейді. Олар бұл әрекетке жылдам өзгерістерді қадағалау үшін және жаһандық тәртіпті талап ететін институттар мен мекемелерді құлдыраудан сақтап қалу үшін баруға мәжбүр. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бері халықаралық ұйымдар жүздеген есе көбейді. Осы мекемелер арқылы тәуелсіз мемлекеттер келісілген ережелер жиынтығы мен ресми әрекеттер аясында ұжымдық қауіпсіздік, тарифтерді төмендету және байланыс желілерін нығайту секілді екі жақ үшін де тиімді мақсаттарға жету үшін бірлесіп жұмыс атқарады. Жаһандық күрделілік – жаһандық тәртіп, тұрақтылық пен әл-ауқатты қамтамасыз ететін, одан да көп мөлшердегі трансұлттық ұйымдарды90 талап етті. Олардың жұмысы, әдетте тәуелсіз мемлекеттерге өздерінің саясатын өзгерту немесе қадамдарына жауап беруін талап ету мақсатында қысым жасауды көздейді.

XІX ғасырда Еуропа мемлекеттері күрделі байланыстарын жүйелі түрде қадағалау мақсатында бірігіп жұмыс атқара бастады. Қызыл Крестті (1863), Дүниежүзілік пошта кеңесін (1878), халықаралық дау-дамайларды шешетін ережелерді құрастырған Гаага конференциясын (1899) мысалға келтірсек болады. Бұл ұйымдар ХХ ғасырда кеңінен таралды, себебі екі дүниежүзілік соғыс өзара тәуелділік пен серіктестіктің қалың торына шырмалған институттарды құрудың қажеттілігін айқын түрде көрсетті.

Біріккен Ұлттар Ұйымы. 1945 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық қарым-қатынастарды қадағалау мен үйлестіру бағытындағы дүниежүзінің аса көрнекті қоғамдық институты ретінде қызмет атқарып келеді. Тайвань мен Ватиканнан басқа, дүниежүзіндегі барлық егемен мемлекеттерді қамтитын мүше елдер БҰҰ Жарғысының баптарын ұстануға келісімдерін беруге тиіс. Бұл келісімде Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі мақсаты – халықаралық мәселелердің барлық түрін шешу, мемлекеттер арасындағы достастық қарым-қатынастарды нығайту және адам құқықтарының сақталуын қадағалау. Бұл жарғы мемлекеттердің арасындағы қарым-қатынастарға ғана емес, жалпы «халықтардың» құқықтары мен әл-ауқатына да байланысты. БҰҰ-ның жақтаушылары мүше елдер өздерінің азаматтарына дөрекі түрде қысым көрсетіп, құқықтарын шектесе, ұйым мемлекеттердің ішкі істеріне араласу мәртебесін қолдайды. Осы әрекетімен ұйым егемендіктің басты шарттарының бірі – сыртқы тараптан қол сұқпау мақсатынан алшақтайды.

Қазіргі таңда бес тұрақты және он ауыспалы мүшеден тұратын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі пайда болған сәттен бастап, оның әскери миссияларды өткізу мәртебесі де сақталған. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында құрылған Ұлттар Лигасымен салыстырғанда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты өкілдері (қазіргі таңда – АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай) мен кеңес мүшелерінің басым бөлігіне «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнатуға немесе сақтауға бағытталған әрекеттерді әуе, су немесе құрлық қарулы күштерін қолдана отырып орындау» үшін ерекше мәртебе береді18. Қырғиқабақ соғыста АҚШ пен Кеңес Одағының және олардың серіктестерінің арасындағы үздіксіз бәсеке БҰҰ-ның әскери әрекетін күрт тежеді. Бес тұрақты мүшенің шешімдерге шектеусіз тыйым салу мәртебесі болды, маңызды мәселелерге қатысты осы әрекет 1945–1990 жылдар аралығында 193 рет орындалды. Кеңестің 1950 жылғы Кореядағы жағдайға қарумен араласуын санкциялауының басты себебі – сол кезде Кеңес үкіметінің бұл істің қаралуына бойкот жасауы болды. Өкілдік ететін елдердегі еріктілерден тұратын БҰҰ күштері, сондай-ақ 1956 жылғы Суэц дағдарысы кезіндегі египеттік және израильдік әскерді екі тарапқа бөліп алып кетуді ұйымдастыру секілді бітімгершілік операциялар қатарына кірісті (27-тарауды қараңыз).

Қызыл Крест қызметкерлері Конгодағы Катанга провинциясында кемеден жүк түсіруде. Азық-түлік пен медициналық жабдықтар азамат соғысының кесірінен қоныс аударғаннан кейін, 2006 жылы қайта оралған отбасыларға демеу болады. Қызыл Крест секілді трансұлттық ұйымдардың маңызы кейінгі жарты ғасырда дүниежүзінде неге артты деп ойлайсыз?

Қырғиқабақ соғыс аяқталып, дүниежүзіндегі екі ең ірі әскери күштер БҰҰ ұсынған әрбір қарулы операцияның кесірінен сүзісе беруін тоқтатқан соң, бітімгершілік миссиялар басталып кетті. Бұл операциялар БҰҰ күштерінің апатты азамат соғыстарын аяқтауға тырысу немесе қадағалау үшін жіберілуін де қамтыды. Қауіпсіздік Кеңесі 1991 жылы Ирак әскерін Кувейттен шығарған ірі коалицияға уәкілдік берді. Бұл науқан БҰҰ беделін көтеріп, мемлекеттің агрессиясының алдын алуына немесе қарсы тұруына жол ашты. Ұйымның көк түсті дулығасын киген жауынгерлердің бейбітшілікті сақтаудағы, тіпті бітімгершілікке қол жеткізудегі жетістіктері көп. Олардың қатарына Камбоджа (1970–1991 жылдар) мен Сальвадордағы (1979–1992 жылдар) ұзақ уақытқа созылған азамат соғыстарының аяқталуын қамтамасыз ету миссиясы да кіреді. Руанда, Босния, Сомали мен Анголадағы соғыстарға араласу әрекеті табысты өтті деп те айта аламыз. Ресейлік оппозиция Қауіпсіздік Кеңестің бұл қадамына қарсы болды. Косоводағы албанша сөйлейтін азаматтарды Сербияның шабуылынан сақтап қалу мақсатында 1999 жылы НАТО әуе күштерін іске қосты. БҰҰ-ның бітімгер ретіндегі беделі 2003 жылы АҚШ-тың Қауіпсіздік Кеңесінің рұқсатынсыз Иракқа кірген кезінде тағы бір мәрте аяққа тапталды.

БҰҰ Жарғысы (1.3 бап) өкілдеріне «экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелерді шешудегі халықаралық келіссөзге келу» жетістігін тағайындады. 1945 жылдан бері адам құқығы мен әл-ауқат мәселелері аясындағы БҰҰ мекемелері мен жобаларының саны көбейіп келеді, алайда мүше-мемлекеттер бұл мекемелерге төленетін жарнасын айтарлықтай азайтты. БҰҰ мекемелері қарулы миссиялар секілді, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танымал болмағанның өзінде де, жұмысын сапалы түрде жалғастыруы арқылы арам ойы жоқ екенін көрсетті. Ұйым 1990 жылдан ядролық және стратегиялық қарулануды бақылай бастады. Ол өкіл мемлекеттердің адам құқығы, халық санының өсуі, әйел адамдардың қоғамдағы алатын орны мен мүмкіндіктері және қоршаған орта жағдайының нашарлауы секілді мәселелер қозғалатын конференцияларға демеуші болды. 2000 жылы БҰҰ Мыңжылдық декларациясын жариялады, аса қауіпті кедейліктің масштабтарын еке есе қысқарту мен барлық мүше-елдердегі балаларды бастауыш біліммен қамтамасыз ету секілді тармақтар кіретін сегіз даму мақсаттарын ұсынды. Мақсаттардың көбіне жету қадамдары жасалды, бірақ кейінгі бірнеше жылда мәселелердің күрделілігі мен донор-мемлекеттер бөлген қаражаттың жетіспеуінің әсерінен бұл үдеріс баяулады.

Жергілікті деңгейдегі халықаралық ұйымдар. Дүниежүзіндегі белгілі бір аймақтарда орналасқан мемлекеттер бірсыпыра мәселелерді шешу үшін өздігінен топтасты. Қырғиқабақ соғыс кезінде жергілікті бастамалар үлкен мемлекеттердің біріне қатысты болды. 1990 жылдан бастап, көбіне ұжымдық қауіпсіздікті нығайту, жергілікті экономикалық және әлеуметтік мәселелер шешу мақсатындағы жергілікті ұйымдар пайда болды. Мысалы, Африканың бірнеше мемлекеті ЖИТС-тің таралу аумағын қысқарту мақсатында бірігіп жұмыс атқара отырып, шаралар қолданды. Дүниежүзіндегі мемлекеттердің түгелге жуығы тарифтердің деңгейін түсіру үшін бір немесе бірнеше жергілікті ұйымның мүшесі болды. Оларға оңтүстікамерикалық ортақ нарық (Мекосур, 1991) пен солтүстікамерикалық еркін сауда (НАФТА, 1992) жатады. Ешқандай жергілікті ұйым Еуроодақ секілді саяси-экономикалық ықпалдастық бағытында көзге түсерлік жетістікке жетпегенін де айта кету керек.

БҰҰ-ның мыңжылдық даму мақсаттары. БҰҰ-ның даму мақсаттары 1950 жылдан өзгеше болуы мүмкін бе? Бұл мақсаттардың жалпы ерекшелігі не?

Трансұлттық ұйымдар. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаһандық көшбасшылар ұлттық мемлекеттер бір-бірімен тығыз серіктестікте болғанның өзінде де, үлкен көлемде, күрделі жаһандық мәселелерді икемді, белгілі бір міндеттерді орындауға бағдарланған жеке ұйымдар секілді шеше алмайтынын түсінді. Трансұлттық бірлестіктер мемлекет пен басқарушы элита мүдделерінен бөлек, адамдардың әл-ауқаты үшін қызмет етуге тырысады. Ғалым Акира Ириэ (Akіra Іrіye) өткен ғасырдағы адамның жағдайын жақсарту үшін жеке тұлғалар мен топтар бірігетін «халықаралық азаматтық қоғамның» біртіндеп пайда болуы жайлы жазған еді. Ол «жаһандық санаға – мемлекеттер мен ұлттық қоғамдар ұғымынан да жоғары деңгейдегі, ауқымды әлемнің бар екені жайлы және дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі адамдардың бәрін бірдей толғандыратын сұрақтары мен мәселелерінің бар екені жайлы идеяға»19 сілтеме жасайды.

Трансұлттық бірлестіктерді үкіметтік емес халықаралық ұйымдар (ІNGO; ҮЕХҰ) қатарына жатқызуға болады. Бұл мекемелер дау-дамайларды реттеу, қарусыздандыру, гуманитарлық көмек, экономикалық даму, мәдени қарым-қатынас, қоршаған ортаны қорғау мен адам құқықтары секілді салалардағы адамның әл-ауқаты үшін қызмет ету мақсатында мыңдаған есе көбейді (28.1-кестені қараңыз). Кәсіп­одақтар мен діни топтар секілді көптеген беделді ҮЕХҰ-ның миллиондаған мүшесі бар, ал бұл – кішігірім егемен мемлекет халқының санынан асады. Сонымен қатар электронды ақпарат құралдары ҮЕХҰ-ларға ақпаратты тез таратып, үкіметтер мен корпорацияларды шаралар қолдануға немесе саясатын өзгертуге итермелеуге зор мүмкіндік береді. Шамамен оншақты ҮЕХҰ ресми түрде БҰҰ-на тиесілі. Мысалы, 1997 жылғы климаттың өзгеруі бойынша Киото конференциясы делегациясының құрамында 167 мемлекет пен 236 трансұлттық ұйым болды. Қысқаша айтқанда, әлемдік сахнада мемлекеттерден басқа, көпшілікке танымал «актерлер» де көп.

Трансұлттық топтар адам құқығының қорғалуына өте маңызды үлесін қосты. 1948 жылы БҰҰ «Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясын» қабылдаған соң, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жасалған қастандықтардың әшкереленуіне жауап ретінде, тәуелсіз мемлекеттер жалпыға ортақ құқықтардың халықаралық деңгейдегі маңызын мойындады. Кейінгі бірнеше онжылдықта мемлекеттер азаматтардың заң алдындағы теңдігін, мемлекет тарапынан жасалатын қастандықтардан қорғалуын, сөз бен жиналыс бостандығын, саяси өмірге қатысу құқығын, сондай-ақ нәсілдік және жыныстық кемсітуден аулақ болу, медициналық қызмет пен білім алу мүмкіндігі және т.б. бірқатар құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ететін келісімдер мен хаттамаларға қол қойды. Әсіресе авторитарлық немесе әлсіз режимдегі, кей кезде тіпті демократиялық мемлекеттердің өзі де көп жағдайда адам құқығын бұзатынын да

мойындау керек.

28.1-КЕСТЕ. ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР

Ұйым

Орналасқан жері

Миссиясы

Акумен қоры

(Acumen Fund)

Құрама

Штаттар

Экономикалық даму

АПОПО

(APOPO)

Танзания

Гуманитарлық қызмет

Жерді минадан тазарту

Ашока

(Ashoka)

Құрама

Штаттар

Экономикалық даму

Әлеуметтік кәсіпкерлік

Барефут колледжі

(Barefoot College)

Үндістан

Білім беру, тәжірибені жетілдіру

BRAC

Бангладеш

Экономикалық даму

CARE Іnternatіonal

Швейцария

Экономикалық даму

Гуманитарлық қызмет

Ceres

Құрама

Штаттар

Қоршаған ортаны қорғау

Clіnton Health Access

Іnіtіatіve

Құрама

Штаттар

Халық денсаулығы

Cure Vіolence

Құрама

Штаттар

Зорлық-зомбылыққа қарсы тұру

Босқындар ісі жөніндегі Дания Кеңесі

(Danіsh Refugee Councіl)

Дания

Гуманитарлық қызмет

Шекарасыз дәрігерлер (Doctors wіthout Borders)

Швейцария

Халық денсаулығы қызметтері

Мүгедектердің халықаралық ұйымы

(Handіcap Іnternatіonal)

Франция

Гуманитарлық қызмет

Heіfer Іnternatіonal

Құрама

Штаттар

Экономикалық даму

Халықаралық құтқару комитеті

(Іnternatіonal Rescue Commіttee)

Құрама

Штаттар

Гуманитарлық қызмет

босқындар қызметі

Landesa

Құрама

Штаттар

Жерге иелік ету құқығы

Мейірімділік корпусы

(Mercy Corps)

Құрама

Штаттар

Гуманитарлық қызмет

One Acre Fund

Кения

Экономикалық даму

Денсаулық серіктестері (Partners іn Health)

Құрама

Штаттар

Халық денсаулығы қызметтері

Root Capіtal

Құрама

Штаттар

Экономикалық даму

Уикимедия қоры

(Wіkіmedіa Foundatіon)

Құрама

Штаттар

Білім беру, ілім тарату

Мемлекеттерде адам құқығының қорғалуын қамтамасыз ететін халықаралық механизмдер мардымсыз. Олар қарсылық білдіргісі келетін адам құқықтарын бұзу деректерін саяси ұстанымдарына сүйене отырып қана кірпияздықпен таңдайды. Бұл тұжырым әсіресе қырғиқабақ соғыс кезінде айқын көрінді: АҚШ пен Ресейдің идеологиялық және стратегиялық серіктес мемлекеттерінде құқықтар адам сенгісіз жағдайда бұзылған кездің өзінде, алпауыт мемлекеттер бұл мәселелерге немқұрайды қарады. Ал ҮЕХҰ-лар белгілі бір мемлекеттердің саяси ұстанымдарымен келіспеген жағдайда, адам құқықтарының қорғалуы жолдарын нығайтуға итермелеу мақсатында үкіметтерге, кей кезде сендіру мен үгіт-насихатты қолдана отырып қысым көрсетіп, ықпалды жұмыс атқарды. Мысалы, 1970 жылдары тез қарқында өскен және бүгінгі күні екі миллионнан аса мүшесі бар Халықаралық амнистия ұйымы саяси мәселелер бойынша қамауға алынған жеке тұлғаларды анықтап, оларға халықтың назарын аудару ісімен айналысады. Өзге де ірі ҮЕХҰ-ларға адам құқықтарының халықаралық федерациясы (Human Rіghts Watch) мен Әйелдердің құқық қорғау ұйымдарының желісі МАДРЕ (MADRE) кіреді.

Трансұлттық ұйым – белгілі бір қызметтер мен бағдарламаларды орындау мақсатында, мемлекеттік шекараларға қарамастан, бірігіп жұмыс атқаратын жеке тұлғалар немесе топтар бірлестігі.

Жаһандық ықпалдасу кезеңіндегі ретсіздік пен ойран

Қырғиқабақ соғыстың аяқталуы халықаралық бейбітшілік пен серіктестік дәуірі басталды деген үміт отын үрледі. Шынында да 25 жыл ішінде дүниежүзіндегі ең мықты деген қарулы күштер бір-бірімен достастықты сақтап қалды. Осы 25 жыл ішінде Екінші дүниежүзілік соғыстың 6 жылына қарағанда әлдеқайда аз адам қаза тапты. Зерттеу нәтижелеріне сай, XXІ ғасырдың алғашқы он жылындағы әскери өлім саны (жауынгер болсын, азаматтық болсын) орта есеппен 55 мың адам, ал 1950–1989 жылдары жылына 180 мың адам әскери себептермен қаза тауып отырған еді20. Сол кезеңде Корея және Вьетнам елдеріндегі қақтығыстар асқына түсіп, шекараның бөлінуі мен мұнай кен орындарын бақылау үшін 8,5 жылға созылған (1980–1988 жылдар) және 650 мың адамның өмірін алып кеткен соғысты Иран мен Ирак бастан кешті. Сол кезден бастап, ешбір соғыс озбырлықтың осындай деңгейіне жетпеді, бірақ 2003–2011 жылдары Ирактағы АҚШ басқыншылығы кезде 160 мың адам мерт болды, оның 80 пайызы – Ирак азаматтары еді21.

Қырғиқабақ соғыстан кейінгі соғыстар. Дегенмен 1990 жылдан кейін жүздеген кішігірім соғыс болды, олардың көбінің басталу себебі – әдеттегідей, ресурстарды бақылау мен билікке қол жеткізу. Жаһандық интеграция үдерістері саяси және әлеуметтік дезинтеграцияға әкеліп соққан қақтығыстарды тудырғаны таң қалдырады. Дүниежүзінде мұнайға, сирек кездесетін минералдарға, тыйым салынған препараттарға және т.б. тауарларға сұраныс; дамып келе жатқан халықаралық қару саудасы; қалалардағы кедейлік деңгейінің өте тез қарқында өсуі; жаһандық байлықтың халықтың кішігірім бөлігіне теңсіздікпен таратылуы соғыстарды жаһанданудың шарасыз салдарының бірі етті. 1990 жылдан кейінгі соғыстар алдыңғылармен салыстырғанда аса қырғынға ұшыратпаса да, жүз мыңдаған ерлердің, әйелдер мен балалардың өмірін алып кетіп, миллиондаған адамды туған мекенін тастап, босқын болуға мәжбүрледі. Геноцидтік науқандар мен жаппай қырып-жою, балаларды жауынгер болуға мәжбүрлеу, қамаудағы адамдарды қинау мен өлім жазасына кесу, миллиондаған әйелдің қорланып, қаза тауып, мәжбүрлі түрде мекен ауыстыруы бұл соғыстардың келбетін суреттейді.

1990 жылдан кейінгі соғыстардың көпшілігі саяси тәртіпсіздіктер – көтерілістер, ұлтаралық қақтығыстар, жергілікті әскери қолбасшылар арасындағы бәсекелестік, кейбір кезде тіпті шетелдер тарапынан қолсұғудан кейінгі қақтығыс – кішігірім немесе кедей мемлекеттерде көбейді (28.6-картаны қараңыз). Біршама құбылмалы факторлар орталық билікті құлату үшін жұмыс атқарды. Бұл факторларды санамалап өтсек: кедейлік, қала жастары арасындағы жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, дүниежүзілік деңгейде сұранысқа ие ресурстар үшін бәсекелестік (алмас, сирек кездесетін тау жыныстары, ағаш отын, кокаин), кең таралған саяси жемқорлық пен кей кездері шетелдік жақтаушылар қамтамасыз еткен, еңсе көтертпейтін үкіметтер... Қырғиқабақ соғыс аяқталған соң бірқатар мемлекеттерде ұзақ уақытқа созылған әлеуметтік дүрбелең айқын көріне бастады. Себебі, әлсіз үкіметтер алпауыт мемлекеттердің экономикалық және әскери қолдауын ендігәрі күте алмады. Антикоммунизм немесе антикапитализм негізінде ұлттық бірлікке қол жеткіземін деп ойлаған мемлекет басшылары идеологиялардың өзекті болмай қалғанын түсінді. Кейбір елдерде, жергілікті халықтың ұлттық немесе діни ерекшеліктерін ескере отырып, көтеріліске шақырып, наразылық білдірген саяси топтар өздерінің ұлттық үкіметтеріне қарағанда көбірек жетістікке жетті.

Саяси бірегейлік пен озбырлық: екі жағдай. Бұрынғы Югославияда, ел қиын дағдарысқа тап болған кезде, жергілікті ұлттық және діни бірегейлік жалпы мемлекетке деген патриоттық сезімнен әлдеқайда ықпалды болып шықты. Югославия халқының басым бөлігі зайырлы мәдениет пен серб-хорват тілдерін жақтады. Алайда елде серб православ христиандарының да, римдік-католиктік шіркеудің де, тіпті мұсылмандардың да өкілдері бар еді. Кеңес Одағы ыдыраған соң, 1991–1992 жылдары Югославия да құлдырады. Негізгі себептерінің бірі – едәуір азшылық серб халқы көшбасшыларының мемлекет пен өзге діни-этникалық топтарда өктемдік ету талабы. Ыдыраудан кейін, мемлекет басшылары бұрынғы мемлекеттен қалған кішігірім бөліктерден жаңа республикаларды аяққа тұрғызуға талпынған кезде, саяси тұрғыда югославтық ұлтшылдыққа қарағанда жергілікті мәдени бірегейлік реңкі әлдеқайда қою екені байқалды. Босния аймағында билік пен жер үшін бәсекелестік – босниялық сербтер мен мұсылман қоғамдарының бір-бірінің мәдени және тарихи сәйкестіктеріне деген жеккөру сезімін өршітіп, көп­ұлтты Югославияның азаматтары болған кезеңге қарағанда, өздеріне сәйкес діни әдет-ғұрыптарды ұстануына көбірек назар аудартқан, 3 жылға созылған соғысқа ұласты.

28.6-КАРТА. 1990 жылдан бергі халықаралық және азаматтық жиырма бес қақтығыс

1990 жылдан бері қай аймақтар негізінен қарулы қақтығыстан аман болды? Кейбір аймақтарда соғыстың көбеюін және салыстырмалы түрде мамыражай өмірді қандай факторлар түсіндіре алады?

Шығыс Африкадағы Руанда атты кішігірім мемлекетте 1962 жылға дейін билік еткен бельгиялық отарлық әкімшілік дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын, аз мөлшердегі тутси халқының егінші хуту халқына үстемдік көрсетуі үшін кек шоғын үрлеп отырды. Екі этникалық топ бір тілде сөйлеп, мәдениеттерінде көп ұқсастық байқалса да, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін аралары ушыға түсті. Халық саны өскен сайын әлеуметтік қақтығыстар мен жерге талас және хутудан шыққан ел президенті Жувенал Хабиаримананың 1994 жылдың көктемінде өлтірілуі хуту халқының тутси халқына қарулы шабуыл жасауына түрткі болды. Бұл шабуылдар тез арада, бар болғаны үш айдың ішінде 800 мыңнан 1 миллионға дейін адамды жер құштырған геноцидтік қырғынға дейін жетті. Геноцидке қарсы шыққан және тутси халқының өкілдерімен неке құрған кейбір хутулар да зардап шекті. Не БҰҰ, не Африка Бірлігі ұйымы, не дүниежүзіндегі бірде-бір дамыған мемлекет бұл қастандықтарды тоқтатуға асықпады – бұл соғыс тек қана тутси күштері астананы жаулап алғанда ғана аяқталды. 1994 жылдан кейін тутси мен хуту көшбасшылары әрең дегенде келісімге келді. Руанда әскері мен өзге де қарулы күштер әлі күнге дейін созылып келе жатқан, көрші Конго Демократиялық Республикасындағы шайқастарға араласып жүр.

Лаңкестік. 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі Нью-Йорктағы Дүниежүзілік сауда орталығы мен Вашингтон қаласындағы Пентагонға шабуылдарды дүниежүзі бірден «лаңкестік шабуылдар» деп атады. Әуеден соққы жасағандар өз әрекеттерін қылмыс жасау үшін ғана емес, саяси тұрғыдағы наразылықтарын білдіру мақсатында атқарды. Олар өз соққыларын азаматтық тұлғалар мен биліктің бірегей нышандарына – дүниежүзілік капитализмнің бекінісі мен Американың әскери күшіне бағыттады. Олар үрей мен қорқыныш тудыра отырып, қарсыласының рухын сындырғысы немесе қарсы әскери шабуылға итермелегісі келді. Олар күш көрсету арқылы қол жеткізетін өзгерістің айрықша идеологиясын насихаттады, ал бұл жағдайдағы исламға көзқарастың миллиондаған мұсылман сеніп, қолданатын дінмен ұқсастығы өте аз. Ақырында олар әлсіздердің мықтыларға міндетті түрдегі стратегиялық жоспарсыз-ақ күш көрсетіп, жапа шектіруіне болатынын көрсетті.

«Терроризм – соғыстың жаңа құралы» деуге мүлде болмайды. Ол – дүниежүзілік соғыстардың да, отарлыққа қарсы қозғалыстардың да құрамдас бөлігі. 1960–1980 жылдар аралығында алуан түрлі идеологиялық көзқарастар ұстанған экстремистер ұшақтарды атқылады, бомбаларды жарды, адамдарды тұтқынға алып, өлтірді, өз-өзіне қол салды. Кейінгі жиырма жылда террористік күш көрсету кейбір жаңа бағыттарды ұстана бастады. Біріншіден, көптеген лаңкестік операциялар трансұлттық деңгейде орындалуда. Қылмыскерлер белгілі бір жеке нысандарға шабуылды дайындағанның өзінде, олар адамдардың басын қосып, ұйымдастыратын, жоспарлайтын, ақша жинап, бір уақытта бірнеше елден қару сатып алатын жүйелерді құрады. «Әл-Қаиданың» өзі бастапқыда Ауғанстанды басып алған Кеңес жауынгерлеріне қарсы шайқасатын партизандық ұйым болған, 1989 жылдан кейін Батыс әскері мен мұсылман әлеміне мәдени тұрғыдағы басқыншылыққа қарсы күресетін орталыққа айналды.

БҰҰ бітімгері Сьерра-Леонеде Біріккен Революциялық майданның бала сарбазын көрді. Қырғиқабақ соғыстан кейін жергілікті қақтығыстар көбейіп кетті, бәсекелес фракциялар өз мемлекеттеріндегі ресурсты бақылауға алу үшін шайқасты немесе үкімет жас балалар мен қыздарды әскер жауынгері, аспаз, жүк тасушы, хабар жеткізуші және сексуалдық құл ретінде көптеп қолданды. Бұл баланың сырт бейнесіне таңғалар ма едіңіз?

Екіншіден, лаңкестік топтарға электронды революция қолғабыс етті – олар ұялы телефондар, компьютерлер мен уеб-сайттарды жоспарлардың, іс-әрекеттердің реттілігі мен хабарламаларды тарату үшін қолданды. Үшіншіден, дүниежүзіндегі бірнеше тәуелсіз мемлекет, әсіресе Иран, Ливия және Сирия, лаңкестік топтарды баспана мен материалдық көмекпен қамтамасыз етті. Төртіншіден, ХХ ғасырдың басым бөлігінде буржуазиялық капиталистік жәбір-жапаға қарсы антиимпериалистік немесе маркстік-лениндік оппозициялық көзқарас террористерді шабуыл жасауға итермеледі. 1990 жылдардан лаңкестік Азия мен Африкадағы жұмыссыз, саяси тұрғыда келімсек атанған ер адамдардың, әсіресе қатыгез, пуритандық идеология болып саналатын, ақырзаман мен азап шегуді меңзейтін «исламистік» дінді насихаттайтын ер адамдардың арнайы құралына айналды. Бесіншіден, лаңкестік – мағынасы бойынша аздың көпке қарсы тұратын соғыс тактикасы. Сондықтан да, әдетте қаскүнем әрекеттерді жоспарлау іс жүзіне келгенде шындыққа ұласа бермейді, лаңкестік шабуылдардың көпшілігі сәтсіздікке ұшырап, ал орайы келген шабуылдардың өзі де қылмыскерлердің өмірін қияды. Дегенмен террористер жүз мыңдаған адамның өмірін алып кететін кішігірім жаппай жою қаруларын іске қосуы мүмкін деген қауіп-қатер дүниежүзін үрейде ұстайды. Жапондық «Алеф» культі мүшелері 1995 жылдың наурыз айында, Токио метрополитеніндегі 5 пойыздың ішіне 13 адамның өмірін алып кеткен, тағы жүздеген адамды мертіктірген улы Зарин газын таратты. Осылайша экстремистердің шабуылдарын алдын алуға бағытталған әскери науқан мен полиция қызметкерлерінің белсенді жұмысына қарамастан, бұрын-соңды кезікпеген ауқымдағы лаңкестік күшке қарсы қарапайым халықтың әлсіз екенін ұққан соң, жаһандық үрей әлі де сейілмеді.

Нью-Йорктағы Дүниежүзілік сауда орталығына лаңкестік шабуыл. 2001 жылдың 11 қыркүйекте лаңкестер басып алған коммерциялық жолаушы ұшағы барып соғылғанда Оңтүстік мұнара отқа оранды. Тағы бір ұшақ сол сәтте түтіндей бастаған Солтүстік мұнараға соғылды. Бұл шабуылдан Дүниежүзілік сауда орталығы мен Пентагонда барлығы 2937 адам қайтыс болды. Тағы қырық жолаушы мен экипаж мүшелері лаңкестер басып алған төртінші ұшақ апатынан Пенсильванияда, Шенксвиль маңында опат болды.

Сөзімізді қорытындыласақ, терроризм – қазіргі замандағы соғыстың өзге түрлері секілді, түсіндіруді талап ететін күрделі мәселе. Жаһан халқы сырт айналған, саяси себептері бар күш көрсету әрекеті шынайы әлеуметтік наразылықтар мен экономикадағы шарасыздық немесе кедейлік, мемлекеттің қысым көрсетуі, саяси істерге қатысу мүмкіндігінің тапшылығы, ақша мен материалдық дүниеге құмар қоғамға байланысты рухани немесе адамгершілік тұрғыдағы алаң көңіл, өзгерістердің күрделілігі мен жылдам қарқынына байланысты абыржу секілді әділетсіздіктерден туындайды. Саясаттанушы мамандар адамдарды саяси күш көрсетуге апарар мәдени, саяси-экономикалық мәселелердің салыстырмалы маңыздылығы жайлы пікірталасты жалғастыруда. 11 қыркүйектегі шабуылға келсек, Усама бен Ладен бастаған «әл-Қаиданың» мүшелері қастандық әрекеттерін былай түсіндірді: Американың Палестина мен Израиль арасындағы туындаған дауды шешу қабілетсіздігі, Батыстың Иракқа қарсы экономикалық санкциялары мен олардың Ирак халқына ауыр тиген салдары, Батыс тарапынан сыбайлас жемқорлықпен араласқан таяушығыстық режимдерге қолдау көрсетуі және Сауд Арабиясында америкалық қарулы күштерді орналастыру арқылы Мекке және Медина киелі қалаларында тәу етуге баратын мұсылмандарды жәбірлеуі.

Палестиналықтар мен израильдіктер

Лаңкестік Израиль мемлекеті мен араб тілінде сөйлейтін Палестина халқы арасындағы ұзақ уақытқа созылған, азапты дау-дамай да айтарлықтай өршіді. Израиль көрші 4 мемлекетпен 4 түрлі соғысқа қатысты (1948, 1956, 1967, 1973 жылдар), қазіргі таңда олардың екеуімен толық дипломатиялық келісімге келді (1979 жылы – Египетпен, 1994 жылы – Иорданиямен). 1967 жылғы соғыстағы жеңісінен кейін, израильдік қарулы күштер мысырлық, иорданиялық және сириялық территорияларды басып алды. 1980–1982 жылдары Израиль Синайды Египетке қайтарды, алайда Батыс жағалау (Иордан өзенінен батыста жатқан, Иорданияға тиесілі жерлер) мен Газа секторын (Египетке тиісті жер) билеуін жалғастырды. Бұл жерлерді сол кездің өзінде палестиналық арабтар, көбіне мұсылмандар, бірақ христиандардың да кішігірім бөлігі мекен еткен еді. 1973 жылғы соғыстан кейін сол аймақта палестиналықтар мен өзге де араб жауынгерлерін күштеп шығару мақсатында Ливанға Израиль басқыншылығы (1982–1984 жылдар және 2006 жыл), екі ірі палестиналық көтеріліс (1987–1991 және 2000–2002 жылдар), Парсы шығанағындағы соғыс уақытында Израильге ирактық зымырандардың шабуыл жасауы, екі ірі палестиналық саяси партия (2006–2007 жылдар), Газа секторындағы елеулі шайқастар (2008 жыл) басталып, сол жылдары араб террористік шабуылдары мен израильдік қатыгез әскери репрессиялардың үзіліссіз айқасы жалғасты.

Бұл дауды асқындыра түсетін мәселелер соңғы алпыстан аса жылда өзгерген жоқ. Еврей иммигранттары араб халқы сан алуан ғасыр паналаған жерде Израильдің іргетасын қалаған еді. 1967 жылғы соғыстан кейін Израиль Батыс жағалауы мен Газа секторындағы миллиондаған палестиналыққа өз ережелерін енгізді. Бүгінгі күні басып алған территорияларда 4,4 миллионға жуық палестиналық өмір сүреді (ал 1,4 миллионы – Израильдің өзінде). Алайда егемен Палестина мемлекеті жоқ. 1994 жылы Газа секторы мен Батыс жағалау бөліктерінің билігі үшін Израиль мен Палестинаны азат ету ұйымының арасындағы Осло келісіміне сәйкес құрылған Палестина Әкімшілігі ғана бар. Сонымен қатар, қайта-қайта алмасып отырған үкіметтер израильдік еврейлерге Батыс жағалау жерлеріне, ол аумақтың Израиль шекарасына кірмейтініне қарамастан, көптеп қоныстануына рұқсат берді. (Үкімет 2005 жылы Газадағы еврейлік елді мекендерді таратып жіберді). Осылайша, 4,4 миллион палестиналық саяси құбылмалы жағдайда өмір сүріп келеді. Тағы да бірнеше миллион Палестина халқы Иордания, Ливан және Сирия елдерінде азаматтығы болмай, босқын аталып кеткен.

Кейінгі 40 жылда израильдік үкімет пен Палестина өкілдерінің арасында, көбінесе АҚШ-тың демеушілігіндегі тұрақсыз бейбіт келіссөздер жүргізілуде. Осы келіссөздердің бірде-біреуі мәселе түйінін әлі де шеше алмай келеді: мұсылмандар, еврейлер және христиандар үшін де киелі Иерусалим қаласын кім, қалай басқаруы қажет? Израиль мен жаңа Палестина мемлекетінің шекарасы қалай сызылуы керек? Батыс жағалаудағы еврей қоныстанушылары кімнің басшылығымен өмір сүруге тиіс? Палестиналықтардың 65 жылдан аса уақыт бұрын тастап кеткен Израильдегі үйлеріне қайтып оралу мүмкіндіктері бола ма? Палестина мемлекетінің экономикалық дамуына кім демеу көрсетеді?

Бұл жағдайды одан әрі қиындату үшін палестиналық әкімшіліктің қарамағындағы заң шығарушы орган 2006 жылғы сайлауға Газа аймағын билейтін ХАМАС радикалды тобының мүшелерін іске қосты. ХАМАС Израильдің мемлекет ретінде өмір сүру құқығын ресми түрде мойындамайды және Батыс жағалаудағы әлдеқайда ұстамды Палестинаны азат ету ұйымымен де байланысын үзген. Кейінгі бірнеше жылда екі бәсекелес жақ «қос мемлекеттің қатар бейбіт өмір сүруіне» ұмтылысында айтарлықтай ілгерілей қойған жоқ. Тербеліп тұрған саяси сахнада қарастыруды талап ететін үш жаңа үрдіс пайда болды. Оның бірі – 2011 жылғы Йемен, Тунис, Египет және Ливиядағы авторитарлық режимдерді құлатып, Сириядағы азамат соғысының бастамасы болған, «Араб көктемі» деп аталып кеткен құбылыстан кейінгі реттелмеген жағдайлар. Осы оқиғалар қаншалықты мәлім болғанның өзінде де, ешбір бақылаушы бұл елдердің ұзақмерзімді саяси бағдары мен олардың Израиль және Палестина халқымен қарым-қатынасын болжай алмады. Екінші мәселе – Израиль мен Палестинадағы араб тілінде сөйлейтін мұсылман халқы санының еврейлерден асып, саяси тұрғыда еврейлердің азшылығы басымдық көрсетіп, палестина кауымының азаматтыққа деген құқықтарын жоққа шығаратын, демократиялық үкіметке берілген израильдіктердің қарсылығын туындататын кезеңнің орнау мүмкіндігі. Үшінші мәселе – бүкіл аймақтағы экологиялық шиеленістің асқынуы, әсіресе, израильдік шаруашылық пен өндіріс орындары үлкен көлемде қолданатын су тапшылығының туындауы. Жер асты суларының азаюы Израильдегі де, болжалды Палестина мемлекетіндегі де келешектегі экономикалық өсімге зиянын тигізе алады.

Антропоцен дәуірі

ОЙЛАН: Жаһандық экологиялық қозғалыс қандай жағдайларда жүріп жатыр және бұл құбылыс қоршаған ортаның жағдайын тұрақтандыруда қандай табысқа жетті?

Кейінгі жылдары бірсыпыра эколог-ғалымдар таңғажайып идеяны мақұлдады: ХІХ ғасырдың бір кезеңінде дүниежүзі жаңа дәуірге аяқ басты, ал бұл дәуірде жер беті баяу қозғалыстағы геологиялық немесе климаттық күштерден емес, адам қолынан өзгерді. 2000 жылы химик, Нобель сыйлығының лауреаты Пауль Крутцен (Paul Crutzen) осы дәуірді сипаттайтын «антропоцен»91 (грек тілінен аударғанда «антропо» – адам, «цен» – жаңа) терминін көпшілікке таратты. Оның пікірінше, антропроцен голоценді – біз кейінгі 12 мың жылда өмір сүріп келген, Мұз дәуірінен бергі уақыт бөлігін алмастырады. Крутцен және оның әріптестері «Адам табиғаттың ұлы күштерімен бәсекелес болды… Жер беті жылдам қарқынмен биологиялық тұрғыдан алуан түрлі, ну ормандары аз, әлдеқайда жылы, ылғал, әрі дауылды бораны жиі соғатын мекенге айналуда»22 деп жазған еді.

Эколог мамандар адамзат қоғамының күрделенгені сонша, шарасыз түрде көміртек диоксиді, пестицид қалдықтары, радиоактивті плутоний, пластик бөтелкелер мен ескірген электронды техника секілді үлкен көлемдегі қоқыстың таралуын бақылап, қадағалай алмайтын жағдайға жетуіміз мүмкін деп болжады. Сол кезде, адамдар қоршаған ортаны шектен тыс ластайтын қоқыс мәселесін немесе өзге де күрделі жүйелердегі ақауларды (7 миллиардтан аса халқы бар ғаламшарда бұл жағдайды оңынан шешу ықтималдығы өте төмен) орнықтыратын үздік технологиялық шешімдерді табуы мүмкін. Тараудың басында айтып кеткендей, адам күрделі құрылымдарды қатар ұстау қабілетін жоғалтса, ол құрылымдар өздігінен құлдырай беретін болады. Бір жазушы кейінгі екі ғасырдың ішінде адам әрекеттерінің ғаламшарымыздағы жануарлар тіршілігінің күрделілігіне зиян келтіргенін байқаған екен. Олар мыңдаған түрдің жойылуына себеп болып, керісінше, ірі қара, қой, шошқа мен тауық секілді өздеріне қажет жануарлар түрін көбейтті23. Ал біздің түріміз ақыр соңында өздерінің күрделі ағза ретінде тіршілік етуіне дәрменсіз болып қалатын жағдайға жеткізген кезде табиғи және физикалық үдерістерді бақылай ала ма?

Антропоцен – жер бетін адамзат өзгерткен, XІX ғасырда басталған дәуір.

Қоршаған орта және оны қорғау

200 мың жыл бұрын пайда болғаннан бастап, адамдар ғаламшарымызды өзгертіп келеді. Қоғам күрделене түскен сайын бұл қол сұғу да күшейе бастады. 27-тарауда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі теңдессіз экономикалық жетістіктер мен көбіне зиянды экологиялық өзгерістердің арасындағы байланысты сипаттадық. Адамның экономикалық белсенділігінің салдары ретінде орманды жерлер азайды, топырақ құнарсызданды, өзен-көлдер уланды, түрлі химикаттар ауаны ластады, тұщы су қорлары азайды, жануарлар мен өсімдіктердің алуан түрлері жойылды. Қоршаған ортаның ластануының кейбір түрлері адамның әл-ауқатына да зиянды әсерін тигізді. Өзгелерінің ландшафтар мен табиғи жүйелерді өзгертуінің салдарына дүниежүзінің көпшілік бөлігі немқұрайды қарайды. Кейінгі 40 жылда өзгерістер көзге бірден түсті, бұл 1970 жылдары басталған қоғамдық қозғалыстардың әсері шығар.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары барлық жердегі саяси-экономикалық көшбасшылар, мейлі коммунист, не капиталист, не жаңа дамыған мемлекеттердегі ұлтшыл болсын, қай-қайсысы да тұрақты және үдемелі экономикалық даму ақыр аяғында барлығының өмірін жеңілдетеді деп үміттенді. Сондықтан бұл көшбасшылар шектеусіз экономикалық дамудың соңынан келетін ұзақмерзімді әрі ауыр экологиялық залалдың дәлелдеріне көз жұма қарады. Тіпті олар адам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен қалалық жерлердегі халықтың аса тығыздығының жерге жағымсыз әсерін мойындағанның өзінде, табиғат өз жарақатын өзі емдеп, қалпына келеді немесе кемеңгер инженерлер мен ғалымдар экономикалық дамуды шектемей отырып, қоршаған ортаның мәселесін шешу арқылы бір оқпен екі қоянды ата алады деп тұжырымдауды жөн көреді.

Экологиялық қозғалыс. 1960 жылдары, Рейчел Карсон кең тараған пестицидтердің ажалды әсерлері жайлы «Үнсіз көктем» атты танымал кітабын тасқа басқан соң, көпшілік ауыл шаруашылығы мен өндірістегі қоқыстар жайлы хабардар бола бастады (27-тарауды қараңыз). 1970 жылы АҚШ-тағы қоршаған ортаның мәселелері жайлы алғаш рет ашық айтылды, содан бері әлем экологиялық қозғалыстың жаңа кезеңіне аяқ басты. Сол жылы демократиялық және республикалық партиялардың көшбасшылары бірігіп, шамамен 20 мың америкалықты экологиялық мәселелердің асқынуына шешім табуды талап етуге жұмылдырған «Жер күні» іс-шарасын ұйымдастырды.

«Жер күні» қозғалысы Антропоцен дәуірі алып келетін ауыр мәселелер мен қиындықтардан жаһандық деңгейде хабардар болып, олардың шешімін іздеуге көмектесті және көптеген қоғамдық мүдде бастамаларына түрткі болды. 1973 жылғы мұнай дағдарысы пайдалы қазбаның жетіспеушілігін тудырып, баламалы немесе экологиялық таза энергия көздерінің табылмауы мүмкін екенін еске салып, жер-жаһан үрей құрсауында қалды. Көпшілік қысым жасаған соң, Батыстағы демократиялық үкіметтер қоршаған ортаның ластануы мәселесін шешуге байланысты заңнамалар қабылдап, түрлі мекемелерді ұйымдастыра бастады. 1970 жылы Қоршаған ортаны қорғау агенттігін құру, кейін су мен ауаны тазарту жайлы заңдар қабылдау арқылы АҚШ өзге елдерге үлгі болды. 1980 жылдарға қарай жас және дамыған елдерді қоса, көптеген мемлекет үкіметтері экологиялық министрліктер құрып, ағаш отындарды дайындауға шектеу қойып, жабайы табиғатты қорғау мен ластанудың көлемін азайту шараларын қолдануға көшті. Оған қоса осы онжылдықта саяси тұрғыда ниеттенген экологтар тобы бірнеше Батыс елдерінде «Жасылдар» экологиялық партияларын құрды.

Жаңа әлемдік сана-сезім қалыптасқан соң, ешбір ауыр апат халық назарынан тыс қалмады. Мысалы, 1984 жылдың желтоқсан айында Үндістанның Бхопал қаласындағы пестицид зауытынан кездейсоқ метил изоцианат газы мен өзге де улы химикаттардың бөлінуінен шамамен он бес мың адам қаза тапты. Зауыт «Unіon Carbіde Corporatіon» еншілес компаниясына тиесілі болғандықтан, Бхопал апаты мен оның салдары корпорацияның беделін түсірді. Екі жылдан соң Кеңестік Украинадағы Чернобыль АЭС-ның жарылуы Еуропаның көп бөлігін белгілі бір деңгейде ластап, радиоактивті ыдыраудың әсерінен мыңдаған адам дертке шалдығып, көз жұмды. Сонымен қатар бұл апат коммунистік мемлекеттің бюрократиялық біліксіздігін әшкереледі, Кеңес Одағының 1990 жылғы құлдырауына әкелген оқиғаларды жылдамдатқан да болар. Жаңа Ресейде экологиялық қозғалыс гүлденді де, Иосиф Сталин мен оның кеңестік жолын қуушылардың жасаған жан түршігерлік экологиялық залалын байқауға мүмкіндік берді. Елдің болашағын жанармай мен пайдалы қазбалардың жаппай өндірісімен әлі күнге байланыстырып жүрген орталық үкімет тарапынан қолдау аз болса да, бұл қозғалыс күннен-күнге ұлғая түсті.

1960 жылдардың өзінде, мемлекеттер қоршаған ортаның ластануы мен өзге де экологиялық мәселелердің шешімін табу үшін көпжақты келіссөздер жүргізді. БҰҰ 1972 жылы қоршаған ортаға байланысты Стокгольм қаласында өткізген алғашқы конференцияда экономикалық даму мен биосфераны қорғаудың 26 қағидасын жариялады. Іле-шала өзге де халықаралық кездесулер өтті. Мысалы, Копенгагендегі 2009 жылғы Климат саммиті. Кейінгі 40 жылда экологиялық бағдарламаларды нығайту мақсатында жүздеген ҮЕХҰ құрылды. «Жер достары», «Гринпис», «Сьерра-клуб» секілді ұйымдар үкіметтер мен корпорацияларды қоршаған ортаның тиімсіз түрде қолданылуы, әсіресе ормандарды отау мен қоқыспен ластау сынды мәселелерді қарастыруға итермеледі. Сонымен қатар олар 2010 жылы 11 адамның өмірін жалмап, 200 миллион шикі мұнайды Мексика шығанағына құйып жіберген «Deepwater Horіzon» мұнай өндірісіндегі жағдай секілді апаттарға алып келетін қауіпсіздік технологияларындағы ақауларды қадағалады.

Испаниядағы күн батареялары күн энергиясын жинауда. Күн стансасында әйнектер күн сәулесіне қарай бұрылып, Орталық мұнараға сәуле шашып, электр қозғалтқышын қуаттау үшін бу шығарады. Испания 2008 жылы жаһандық күн инсталяциясының 40 пайызын өз аумағында орнатты.

Қытайда 1980 жылдан басталған теңдессіз экономикалық өсім мен жаһандық экологияны қорғау ісі қатар дамыды. Көп бастамалардың уақыты әлі келмеген еді. Қытай жетекшілері қоршаған ортаны бүлдіруден туатын дағдарыстарды жақсы түсінді, алайда олар елдің экономикалық қуатының алға ұмтылысын баяулатқысы келмеді. Индустриялық тәжірибеге жедел реформа жасау қиын болар еді. Өкпені бүлдіретін ауаның ластануы Қытайдың солтүстігінде 2013 жылы ең жоғарғы көрсеткішке жетті, оның құрамындағы шаң, сынаптың көлемі артып кетті және Тынық мұхиттың шығысына жеткен көмірсутек тотығы Солтүстік Америкада жерге кері қайта келіп қонды.

Қоршаған ортаны қорғаудағы жетістіктер. Экологиялық белсенділік керемет жетістіктерге жеткізді. Көптеген елдерде, әсіресе дәулетті мемлекеттерде тазарту жобалары үлкен қалалардың аспанын жарым-жартылай тазартты және тартылған су жолдарын жақсартты. Жоғалу алдында тұрған кейбір жануарлардың түрлерін қорғауға алып, көбейтті. Еуропа ормандары индустриялық революция толық қарқынмен жүрген бір жарым ғасыр бұрынғы қалпына келді24. Бірқатар өнеркәсіптік мемлекеттер күкірт диоксидін анағұрлым қысқартып, атмосфераға таралатын зиянды заттарды қадағалады. Ірі корпорациялар көтеріліс жылдарынан кейін экологиялық жауапкершілігі жоғары саясаттары мен рәсімдерін таныстырды; олардың көпшілігі жердің досы ретіндегі қоғамдық бейнелерін қалыптастыру науқанын бастады. 1980–1990 жылдары белгілі халықаралық қауымдастықтар мемлекеттерді органикалық қосылыстар, еріткіш, отын толы шашыратқыш, салқындатқыш ретінде қолданылатын хлор-фтор-көміртек (ХФК) өнімдерін қысқартуға көндірді. Атмосфераға тарағаннан кейін ХФК озон қабатын тесіп, стратосферадағы жұқа химиялық жабынды көптеген ультракүлгін күн радиациясын жұтып алады. Бұл радиация жер бетінде жаппай көбейсе, мұхит планктондарына зақым келтіріп, биосфераға қатер төндіреді. Сондай-ақ адамдар арасына көз аурулары мен тері қатерлі ісігін өршітеді. Қуанышқа қарай, халықаралық кооперациялар ХФК көлемін мейілінше азайтты, енді озон қабаты түзеліп келе жатқандай, алайда оның толық қалпына келуі үшін ондаған жылдар керек.

Адамдар мен жануарлар экологиялық апаттардан зардап шекті. «Deepwater Horіzon» бұрғылау қондырғысының жарылысы көп көлемде мұнайдың суға ағып кетуіне себеп болғаннан кейін, жергілікті әкімшілік шенеуніктері Луизиана жағалауы бойындағы ластанған құстарды құтқаруда. 2010 жылы болған бұл оқиғадан кейін халық экологиялық қозғалысты қолдай ма, әлде бас тарта ма?

Табиғи отынды толықтыру мақсатындағы энергия көздерін алу жұмысы да дами түсті. Чернобыльдан кейін ядролық қуат өндіру ісі тағы да көп дау тудырды, аз ғана уақыт бұрын, 2011 жылы болған жер сілкінісі мен цунами Жапониядағы Фукусима атом-электр стансасын біршама бүлдірді. Дейтұрғанмен, жалпы энергияның 11 пайызы 2009 жылы ядролық қуаттан алынды, бүгінде 450 станса жұмыс істеп тұр, олардың көпшілігі Құрама Штаттар, Франция және Жапонияда. 1970 жылдары геотермикалық, күн, жел энергиясы белгілі болғанымен, дамымады десе де болады. Соңғы жылдары ғалымдар мен инженерлер тиімді және арзан қуат өндірушілерді көбейтуде. Мысалы, күн энергиясын алуды бес есе ұлғайтты. ХХ ғасырда, тым қымбат және іштен жану қозғалтқышы бар автомобильмен бәсекеге түсуге жарамды, біршама күрделі екені дәлелденген электр автомобильдері қазір кең қолданысқа ене бастады.

Климат өзгерісінің қаупі

Голоцен – мұздықаралық геологиялық дәуір болды, бұл уақыт аралығында жер бетінің температурасы бір мұз басу кезеңі мен екіншісінің аралығында біршама жоғарылады. Голоценнің басым бөлігіндегі шағын температуралық ауытқумен салыстырғанда, XX ғасырда Фаренгейт бойынша шамамен бір деңгейге көтерілу аса көп. Дүниежүзіндегі ғылыми қауымдастық бұл таңғаларлық ұлғаюды бірауыздан адамзат әрекетінің нәтижесіне жатқызады. Адам баласы ғаламшар температурасын ұзақ уақыт бойы анағұрлым өзгертсе, расында голоценді артқа тастап, антропоценге енеміз.

Жер күннен алатын жылу ғарышқа қарай қайта сәуле шашып, буланған газдар, негізінен, су буы, көміртек диоксиді, метан, озон, азот тотығы да жылудың көп бөлігін ұстап қалады. Кейін жер бетіндегі жылу үшін жерге қайта сәуле шашады (орташа температура 59°F). Бұл булану әсері тіршілік үшін аса қажет. Адамзаттың табиғатқа келтірген зияны салдарынан буланған газдардың көп бөлігі атмосфераның төменгі бөлігінде ұлғайып барады. Мұндағы көміртек диоксидінің мөлшері соңғы екі ғасырда үштен бір бөлікке дейін көбейді. Оның басты себебі – фабрикалардың және автомобиль қозғалтқышында жанған табиғи отын түрлерінің бұлты. 1990–2012 жылдары дүниежүзіндегі мұнай өндірісі шамамен күніне 66 500 баррельден 89 мың баррельге дейін өсті. Дүниежүзі жолдарындағы көліктердің саны 1970–2012 жылдары 170 миллионнан 1 миллиардқа дейін көбейді. Өртенген ағаштардан, химиялық тыңайтқыштар және жануарлардың қиынан шыққан газ ауаны бүлдіреді. Жаһандық ормансыздану да өсімдіктер жұтатын көміртек диоксидінің мөлшерін азайтады.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Уангари Маатай: қоршаған ортаны қорғау белсендісі және Нобель сыйлығының лауреаты

Уангари Маатай БҰҰ климаттың өзгеруі туралы саммитінде баяндама жасады, 2009 жыл

Кения – ХХ ғасыр басында халық саны аса зор көлемде өскен Африка мемлекеттерінің бірі. 1920 жылдары Кенияда шамамен 2,7 миллион адам тұрды. 2013 жылға қарай олардың саны 44 миллионнан асып кетті. Бұл өсім жер және су қорын шектей бастады. Кениялықтар ағаштарды отын мен материал ретінде пайдаланғандықтан, елде орманды кесу аса жоғары деңгейге жетті.

1970 жылдарға қарай ормансызданудың жағымсыз әсері айқын көріне бастады. Найроби университетінің ветеринарлық анатомия профессоры және институттағы әйел құқын қорғаушы Уангари Маатай (1940–2011) өз еліндегі табиғатқа келген залалға қатты алаңдады. Ол Кенияда Әйелдердің ұлттық кеңесіндегі өз қызметін пайдалана отырып, жалпыға ортақ ағаш егу бағдарламасын бастап, феминистік белсенділігін табиғат қорғаушысы ретінде пайдаланды. Маатай азғантай стипендия беріп, әйелдерді көшеттерді отырғызып, өсіруге шақырды, осылайша бұл бағдарламаны қоршаған ортаны қорғаудың жолы ретінде бастады да, әйелдерге де жұмыс орнын ашты. «Бұл – азаматтардың қолынан келетін ұсақ-түйек, – дейді ол, – алайда маңызы зор ұсақ-түйек. Қолымнан келетін кішкентай іс – ағаш өсіру»25. 1977 жылы ол көп көлемде ағаш отырғызуға арналған үкіметтік емес ұйым – Жасыл Белдеу Қозғалысын (ЖБҚ) құрды. Ұйым Кения Орман министрлігінен бірқатар қаржылық және логистикалық қолдау көргенімен, негізінен, БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы секілді халықаралық ұйымдардан маңызды көмек алып отырды. Халықаралық топтарға арқа сүйеу арқылы ЖБҚ Кения үкіметінің ықыласына тәуелді болмады.

Үкімет шын мәнінде сенімсіз серіктес екенін дәлелдеді. 1980 жылдардың соңында Маатай президент Дэниэл арап Моидың бірпартиялық режимінің ушығып бара жатқан қуғындауына ашық қарсы шықты. Ол 1989 жылы Найроби орталығындағы Ухуру саябағының жерінде алпыс қабаттық бизнес мұнарасының құрылысын тоқтату науқанын бастағанда Мойға алғаш рет қарсы келген еді. Мой мен оның үкіметі Маатайдың ісін жоққа шығарып, оны және оның ұйымын (ЖБҚ) қудалай бастады. Дейтұрғанмен, Маатай мен оның қолдаушылары халықаралық инвесторларды жобаны қаржыландырудан бас тартуға көндірді де, Мой бастамасынан бас тартуға мәжбүр болды. 1990 жылдары Маатай мен ЖБҚ ұйымы Кенияда демократиялық өзгерістерді іске асыру үшін, сайлаушыларды тіркеп, конституциялық реформаға шақыру арқылы жұмыс жүргізді. Маатай сондай-ақ халықтың жерін коммерциялық құрылысшыларға беру туралы үкіметтің көптеген талпынысына қарсы шықты, бұл схемаға халықаралық ауқымда назар аудартып, үкіметті одан бас тартуға мәжбүр етті. Маатай бірнеше рет қамауға алынды, «қоғамдық міндетін дұрыс атқармады және билікке негізсіз тиісті» деп, сын садағына ілікті.

Мой 2002 жылы қызметінен кетті. Ол сондай-ақ «Кемпірқосақ» деп аталған ұлттық коалицияның президенттік сайлауда жеңілгенін көзімен көрді. Олар Маатайды өз партиясы альянсында бар деп есептеген еді. Сол сайлауда Маатай парламентке үміткер ретінде өз сайлау округінде 98 пайыз дауысты жеңіп алды. Одан кейінгі жылы ол қоршаған орта, табиғи ресурстар мен тірі табиғат жөніндегі министрдің көмекшісі ретінде қызметке кірісті. 2004 жылы Маатай бейбітшілік, демократия мен тұрақты дамуға жасаған ықпалы үшін Нобель Бейбітшілік сыйлығын жеңіп алған алғашқы Африка әйелі болды. Ол 2011 жылы қатерлі ісіктен қайтыс болғаннан кейін соңына демократия, феминизм, адам құқықтары және қоршаған ортаны қорғауға қызмет етудің сан қырлы мұрасын тастап кетті. «Біз қоршаған ортаны сақтамаймыз. Құқығы бар адам болсаңыз, халыққа ақпарат беріңіз, ол ресурстар олардың өздеріне тиесілі екенін және олар оны қорғауға тиіс екенін түсіндіріңіз»26 деп жазды ол.

Сыни пайым

Уангари Маатайдың белсенділігі қоршаған ортаға залал келмеуіне, әйелдерге құқық берілуіне және демократиялық басқаруға бағытталды. Мәселелердің мұндай тобы неге Маатайға аса зор қоғамдық ықпал берді деп ойлайсыз?

Жаһандық температура күн райының ысуынан көтерілмейді, дегенмен климаттық тұрақсыздық – кейбір жерлерде жаңбырдың көбеюі, тағы бір жердегі қуаңшылық, дауыл, полярлық мұздар мен мұздықтардың жоғалуы және теңіз деңгейінің көтерілуі байқалды. Климат өзгеруінің мемлекетаралық панелі жаһан температурасы келесі ғасырда Фаренгейт бойынша 2,5 тен 10 деңгейге дейінгі шамада көтерілуі мүмкін деп болжайды. Температура жоғарыласа, салдары да анағұрлым ауыр болады, теңіз деңгейінің көтерілуі төмен жатқан аралдар мен тығыз қоныстанған құрлықтағы жағалауларды су басып қалу қаупін жақындатады (28,2-кестені қараңыз).

28.2-КЕСТЕ. ҮШ АЙМАҚТАҒЫ БОЛАШАҚ ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУДЫҢ ӘСЕРІ

Африка

Австралия мен Жаңа Зеландия

Солтүстік Америка

75–250 миллон адам 2020 жылға қарай су дағдарысына тап болады.

2030 жылға қарай Австралия мен Жаңа Зеландияның оңтүстік және шығыс бөліктерінде су қауіпсіздігі мәселесі ұлғаяды.

Батыс тауларда қар аз түседі, қыс маусымында сел жүріп, жазда ағыс азаяды.

Ауылшаруашылық жерлерінен айырылу, өсімдіктер өсетін маусымның құбылмалылығы, бірқатар аймақтарда астық түсімінің азаюы байқалады.

2020 жылға қарай экологиялық бай тараптарда биотүрлердің жойылуы тоқтайды.

Өрт қаупі жоғары кезең көбейіп, өртену аймағының анағұрлым көбеюуінен өрт, ауру, қаскөйлердің ормандарды құрту көрсеткіші ұлғаяды.

Төмен орналасқан жағалауларда су деңгейінің көтерілу қаупі төнеді.

Теңіз деңгейінің ұлғаюынан қауіп-қатер көбейеді, қуаңшылық көбейіп, күшті дауылдар соғады, Кэрнс аймағы мен Квинслендтің (Австралия) оңтүстік-шығысын, Нортлэнд-Бэй-оф-Пленти (Жаңа Зеландия) және өзге жағалауларды 2050 жылға қарай жиі су басады.

Ғасырдың алғашқы онжылдықтарында климат бірқалыпты өзгеріп, маңызды аймақтық ауытқумен бірге, жалпы ауылшарушылық өнімдерінің көлемі 5-тен 20 пайызға дейін ұлғаяды; астық үшін ірі қатер – суға шектеу қойылады, немесе жылы маусым тез аяқталады.

Маржан рифтері мен мангр ормандары одан әрі сирей түседі.

Алғашқы кезде Батыс және Оңтүстік Жаңа Зеландияда көктем мен жаз ұзарады, аяздың беті қайтады, жаңбыр жиі жауады..

Қалаларда шектен тыс ыстық мезгіл көбейеді.

Ірі көлдерде балық қоры қысқарады.

Австралияның оңтүстік және шығыс бөліктері мен Жаңа Зеландияның шығыс аймағында құрғақшылық пен өрттің жиілеуі себебінен, 2030 жылға қарай ауыл және орман шаруашылығындағы астық түсімі азаяды.

Жағалау аймақтарындағы: климаттың өзгеруі мен ластану адамдарға кері әсерін тигізеді.

Дүниежүзіндегі саяси көшбасшылардың басым бөлігі индустриялық революциядан бері экономикалық ойда басым болып келе жатқан үздіксіз өсу философиясын бұрынғыдай түбегейлі ұстанып отыр. Мысалы, 2001 жылы АҚШ әкімшілігі, атап айтқанда неолиберал экономиканың жақтаушысы президент Дж. Буш Америка бизнесінің өсуіне кедергі келтіреді деген негізді алға тартып, парникті газдардың таралуын азайту жөніндегі 1997 жылғы Киото хаттамасынан бас тартты. Дегенмен қоршаған ортаны барынша қорғау заңдарын қолдайтын көшбасшылар азаматтарды ұзақмерзімді қайта құрылымдауға бағыттаудан гөрі, қысқамерзімді қорғаныс құралдарын қолдауға көндіру жеңіл дейді. Жерді лайықты басқару да жаһандық коммерциялық ықпалдастыққа байланысты, ол адамзатты өсуге немесе өндірілуге тиіс анағұрлым көп материалдарға деген сұранысты күшейтеді. Адамзаттың өнертапқыштығы біз өмір сүріп жатқан бағытта түбегейлі болмаса да, баяу өзгеріс қарқынына жетелейтін, жаппай әлеуметтік күйзеліс пен қарапайым өмірге оралуға мәжбүрлікті айналып өтетін, маңызды түзетулермен толығады деп үміттенеміз.

Қорытынды

Кітабымыз аяқталды, алайда соңғы тарауда әңгімелеген оқиғалар – қорытынды емес. Өткен қырық жыл ішіндегі жаһандық деңгейдегі жағдайларды толық сараптай алмаймыз, өйткені олар әлі де жүріп жатыр. Технология, экономика, саясат және қоршаған орта салаларында өзіміз маңызды деп санаған оқиғаларды ғана анықтадық. Болашақтағы жүз, елу, тіпті он жылдан кейін адамдар бұл оқиғаларды дәл қазіргі біз секілді маңызды деп ойлай ма, жоқ па – оны да білмейміз.

«Ұлы тарихты» зерттегенде адамзат тарихын қарастырамыз. Үлкен дүмпуден бүгінгі күнге дейінгі ғарыш тарихын баяндағанда анағұрлым кең де салыстырмалы зерттеудің жаңа саласын қолданамыз. Бұл алдағы бес жылды бағдарлаудан гөрі адамзат қоғамының ұзақмерзімді болашағын еркін болжай алатынымызды көрсетеді. Мысалы, астрофизикалық дәлелдерге сүйене отырып, бұл «үлкен тарихшылар» бізді былай деп сендірді: бәлкім, екі миллиард жылға жетер-жетпес уақыт ішінде Күн үлкейе түседі де, Жерге шуағын қаттырақ төге бастайды, одан бүкіл тірі организм жойылады. Адам баласы қазіргі уақыттан бірнеше миллионға жетер-жетпес уақытта жойылып кетуі бек мүмкін. Көптеген түрдің өмір сүру ұзақтығы – біздің жоғалуымыздың негізгі өлшемі. Қанша абайласақ та, жойылатынымыз сөзсіз. Қысқасы, уақыттың аса үлкен ауқымында тағдырымызды болжау анағұрлым жеңіл.

Алдағы жүз жылдың шағын көлеміне үңілуге және адам баласы мен оның әрекеттері, өзара байланыстары мен желілерінің жиынтығына назар салуға рұқсат етіңіз. Бұдан бұрынғы ғасыр тәжірибесімен болжам жасай аламыз. Яғни өзгеріс қарқыны жылдамдай береді және санымыз, қиылысқан жүйелер одан әрі күрделене түседі. Алайда болмақ өзгерістің анағұрлым нақты бағытын болжай алмаймыз. Демографтар ойлағандай жаһандық халық санының өсу жылдамдығы баяу көтеріле ме? Аса дәулеттілер мен тақыр кедейлердің арасындағы айырмашылық ұлғая түсе ме, екеуінің арасы сәл де болсын жақындай ма? Қазіргіге қарағанда тәуелсіз мемлекеттер XXІІ ғасырда маңызды бола ма? Адамдар аймақтық және жаһандық ассоциацияларға біріге ме? Ұлтшылдық идеологиясы әлсірей ме, әлде ол қауымдардың арасындағы одан да үлкен қақтығыстарға себеп бола ма? Соғыс құрбандарының саны арта ма, төмендей ме? Жер бетіндегі температура қаншалықты көтеріледі және көтерілсе қоғам өзін қайта құрылымдау үшін қандай бағыт ұстанады? Бұл сұрақтарға ешбір жан толыққанды жауап бере алмайды.

Келесі ғасырда немесе көп болса екі ғасырда әйтеуір бір өзгеріс болары анық. Адамзат ХІХ ғасырдан бастап иеленген, табиғи отын қуатының қалған бөлігін барынша сарқып қолданады. Түр ретінде қайта қалпына келмейтін энергияны тұтынуды жалғастыра берсек, оның қоры ядролық құрылымдарға керек уран секілді күрт азаяды. 21-тарауда ХІХ ғасырға дейінгі адамзат тарихындағы ұзақ мерзім, биологиялық ескі тәртіп идеясын таныстырдық. Онда энергияның басым бөлігін адамзат бүкіл тіршілік иелеріне дем беретін жарқыраған Күннен алып, қолданғанын да айттық. Миллиардтаған халықты қолдауға мүмкіндігі бар, қайта қалпына келмейтін энергия – табиғи отын дәуірі аяқталғаннан кейін адам баласы Күннен энергия алуға мәжбүр болады. Биологиялық ескі тәртіпке қайта оралудың қажет болмауы дегеніміз – өткен екі ғасыр бойы аса тез қарқынмен қалыптастырған күрделі жүйелерді қайта жасаймыз деген сөз. Алайда біз екі міндетке қол жеткіземіз: біріншісі, осы уақытқа дейін жұмсаған энергияға қарағанда анағұрлым шектеулі шығын шығара отырып, күн сәулесінен қуат жинап алатын технологияны аса үлкен ауқымда дамытуымыз керек. Екіншіден, жерді ластайтын және бүлдіретін, оның ресурстарын тонайтын, өмірлік формаларын жоятын қадамдарға баруды анағұрлым азайтуымыз керек. Осыны жүзеге асырсақ, дүниежүзіндегі халық санын миллиардтан төмендету керек немесе барлық күрделіліктен бас тарту керек деп бас ауыртпаймыз. Барлығымыз бірдей аңшы, терімші, малшы, егіншілік өмір салтына орала алмаймыз. Бірақ осы күнге дейін жаһандық деңгейде қол жеткізуге ұмтылған компьютерлік басқарудан, автокөлікті өте жақсы көруден, тұтынушылық бағыттан белгілі бір деңгейде бас тартуға тура келетін шығар.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы бөлім бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

Глоссарий

А

Абсолютизм – монарх Құдіретті биліктің талассыз және бірден-бір иесі ретінде бекіген саяси доктрина. Австралопитектер – жойылып кеткен, қаңқа қалдықтары Африканың шығысынан табылған ең ежелгі екі аяқты гомининдердің бірнеше түрі. Автаркия – экономикалық тәуелсіздік пен өзін-өзі қамтамасыз етуді, әсіресе сыртқы сауда мен көмекке тәуелділіктен азат болуды мақсат еткен мемлекет; сондай-ақ автаркиялық ел. Авторитарлық монархия – басқарушы тобы халықтың негізгі бөлігіне билік жүргізуді талап ететін, патша, патшайым немесе император басқаратын мемлекет. Аграрлық қоғам – тіршілікке қажет мөлшердегі және артық өнімнің негізі егіншілік, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы құраған қоғам. Аграрлық революция – табиғат берген азықты жинау сатысынан биіктеп, тұтыну үшін өсімдіктерді жерсіндіру мен жануарларды қолға үйрету арқылы өнім алу сатысына өту. Алым-салық (trіbute) – бір топтың екінші топқа, көп жағдайда басқыншыларға бағыныштылық немесе адалдық міндеткерлігі ретінде бағынышты топтың қаржылай немесе заттай төлейтін құны.

Ана тілі – белгілі бір аймақ халқы сөйлейтін жергілікті тіл.
Антропоцен – биосфераны адамзат өзгерткен, XІX ғасырда басталған дәуір.

Апартеид – Оңтүстік Африкада 1948 жыл­дан 1994 жылға дейін қолданылып кел­­ген саяси-құқықтық жүйе. Бұл жүйе көпшілік халықтың арасындағы ақ нәсілді азшылық топтың үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталды. Ата-анаға құрмет (fіlіal pіety) – ата-анаға және бүкіл ата-бабасына баланың ізет танытуы. Аутсорсинг – жұмыстың сырттағы мердігерге, оның арасында шетелдік компанияға көшірілуі арқылы шығындарды азайтуды меңзейтін бизнес практика. Ауылшаруашылығы салығы (taxfarmіng) – төлем төлеу немесе жиналған салықтың белгілі пайызын төлеу есебінен үкіметтің салық жинау құқығын жеке индивидке немесе топқа беретін салық салу жүйесі. Афроеуразия – көрші аралдар және Африка мен Еуразияның жер бедерін тұтас кеңістік деп қарастыратын атау.

Ә

Әлемдік дін – доктриналары мен діни жоралғылары тіліне, ұлтына, әлеуметтік табына және саяси жағдайына қарамастан, барлық адамға ортақ дін. Әлемдік империя (unіversal empіre) – билеушісі бүкіл адамзатты басқару құқығына ие болуға ұмтылған көпұлтты мемлекет. Әлеуметтік құлдық (socіal bondage) – жеке тұлғаның немесе адамдар тобының белгілі бір уақыт мерзімінде немесе өмір бойы өзге адам еңбегін немесе қызметін пайдалануға құқығы болуы. Әлеуметтік құлдықтың құлдық, басыбайлылық құқық, еріксіз құлдық сияқты түрлері бар. Әскери құлдық – билеушіге немесе биліктің басқа бір органына әскери қызмет атқаратын адамның тәуелділігі. Әтек – патша сарайындағы шенді қызметкер, әсіресе сарайдың әйелдер бөлігінде (гарем) қызмет атқаратын, піштірілген ер адам.

Әулет – бір отбасыдан шыққан билеушілер жалғастығы.

Б

Баға революциясы – XVІ–XVІІ ғасырлары Еуропада тұрақты түрде пайда болған инфляция кезеңі. Басыбайлы құқық (serfdom) – егіншілер қамқорлық пен жерді өңдеу рұқсатының өтемі ретінде белгілі бір жер иеленушіге байланып, алым төлейтін жұмыс жүйесі. Бейби бум (baby boom) – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғынан 1957 жылға дейінгі, әсіресе Батыс елдеріндегі туу деңгейінің артуы. Бейресми империя – қуатты мемлекеттің шетелдік қоғамға саяси және экономикалық ықпал ету жолымен өз мүдделерін қорғайтын, бірақ жеріне бақылау орнатпайтын жағдай. Бизнес цикл – әдетте дағдарыс, қайта қалпына келу, өсу және дағдарыстың қайталануын сипаттайтын экономикалық белсенділік жүйесі. Биологиялық ескі тәртіп (bіologіcal old regіme) – экономикалық өндіріс күннен алатын энергия ағынына ғана тәуелді болған, ХІХ ғасырға дейінгі адамзат тарихы. Биомасса – негізінен отын ретінде пайдаланған ағаш, бұта, сабан араласқан өсімдіктер немесе қи мен тезек.

Биосфера – жердің тіршілік қабаты.

Бойлық – солтүстік полюс пен оңтүстік полюс арасында созылып жататын және ендік сызықтарға көлбеу келетін әрі бейнелі түрде қабылданатын Оңтүстік-Солтүстік бағыттағы сызық. Халықаралық келісім бойынша 0 градус сызығы Бас меридиан деп аталып, Англиядағы Гринвич арқылы өтеді. Бөлініс (partіtіon) – саяси субъектіні бір немесе бірнеше жеке автономиялық аймақтарға бөлу. Буржуазия – қалада тұратын қолөнершілер, көпестер және банкирлердің әлеуметтік санаты, олар ауыл шаруалары мен ақсүйек таптың арасындағы позицияны иеленді; қазіргі тілмен айтқанда «орта тап» өкілдері; Маркс ілімі бойынша, жұмысшы табын қанап отырған меншік иелерінің табы. Бүлік (іnsurgency) – ұйымдастырылған, негізінен мемлекетке не оның ұстанған саясатына қарсы іштен бас көтеру, кейде партизандық жолмен немесе террорлық әрекеттер арқылы бүлікті ұйымдастырады. Бюрократия – мемлекеттің заңдарын, жарлықтарын және міндеттерін іске асыратын лауазымды тұлғалар иерархиясы.

В

Вассал – бір адамға бағынышты адам; феодализмде ірі жер иеленушіден жақсы қызметі үшін жер иелігін алған адам. Вице-король (vіceroy) – тәуелсіз өкіл ретінде отарлық тәуелді иеліктерді басқарып, монарх тағайындайтын өкілетті тұлға. Vіce – латын сөзі, «орнына» деген мағынаны білдірсе, roy – король деген сөз. Вице-король басқаратын аумақ вице-корольдік деп аталады.

Г

Галеон – соғысқа және коммерциялық мақсатта XVІ–XVІІІ ғасырда қолданған, ірі, көппалубалы желкенді кеме. Геноцид – белгілі бір ұлттық, нәсілдік, этникалық немесе діни топтың өкілдерін аса көп көлемде, әдейі, мақсатты түрде өлтіру. Геоглиф – тастарды не топырақты жылжыту немесе жер бетін қазу арқылы жер бедеріне көбінесе үлкен өлшемде түскен бейне, белгі немесе сызықтар жиынтығы. Глиф – ойған немесе тіліп жасаған символ, ақпарат сақтаған графикалық фигура немесе белгі. Гоминин – Хомо сапиенс және олардан 6–7 миллион жыл бұрын өмір сүрген бабалары кіретін тұқымдастар тармағы. Гуманизм – XІV–ХVІ ғасырларда грек және рим өркениетін қайта ашуға, зерттеуге және қайта тұжырымдауға арналған Еуропадағы қозғалыс.

Д

Демографиялық өткел (demographіc transіtіon) – туу және өлім көрсеткіштерінің бірдей төмендеуі нәтижесінде қоғамдағы халық өсімі деңгейінің тұрақтануы. Деурбанизация – белгілі бір аймақтағы қалалар құлдырап не жойылып кететін қоғамдық үдеріс. Дінбасылар (clergy) – өмірін діни қызметке арнаған, қарапайым сыйынушылардан ерекшеленетін, христиандықтағы адамдар. Дінбұзар (heresy) – христиан дінінде шіркеудің ресми доктринасына қайшы келген сенімдер немесе жоралар.

Е

Евангелизм – үгіт жолымен, жеке ыждаһатымен және миссионерлік қызметпен христиан дінін тарату тәжірибесі. Егіншіліктің отап-өртеу жүйесі (shіftіng agrіculture) – егінші жерді отап, оның құнарын игілігіне толық жаратып алған соң, осы жерді қайта қалпына келу үшін тастап, жаңа жерге көшіп, оны да отап барып, егістікке айналдыруға негізделген егін егу әдісі. Ендік – жерді айнала қоршаған және мәні 0 градус болатын, экватордың солтүстік пен оңтүстік қашықтықтарын градус арқылы көрсететін, шығыс пен батыстың географиялық координаттары. Еңбек міндеткерлігі (corvée labor) – билеуші, қожалық иесі немесе басқа билік өкілі тарапынан көбіне жол салу немесе басқа құрылыс үшін талап ететін тегін еңбек. Епископтық (bіshoprіc) – католик шіркеуі ұйымында епископ билігіне бағынатын аудан. Еркін сауда – «мемлекеттер арасындағы сауда тарифтері мен импортқа баж салығын азайту немесе алып тастау шектеулерінен ада болуға тиіс» деген пікірді құптайтын экономикалық доктрина; ұсыныс пен сұраныс факторы бағаны анықтауы керек. Ескі режим – XVІ–XVІІ ғасырлардағы Франция және басқа да Еуропа монархияларындағы саяси-әлеуметтік жүйе; шексіз билікті талап ететін иерархия мен билеушілердің қатал табы ретінде сипатталады.

Ж

Жақсы тұрмыс мемлекеті (welfare state) – ел азаматтарының әлеуметтік әл-ауқатын арттырып, денсаулығын сақтап және нығайтып, мемлекет қаражатын пайдаланатын мемлекет. Жанама басқару (іndіrect rule) – отарлаушылар мен байырғы тұрғындар арасындағы саяси делдал ретінде жергілікті көшбасшылардың тағайындалуын дұрыс деп санайтын отарлық үкіметтің теориясы мен практикасы. Жаңа Еуропа – шығу тегі еуропалық адамдар тұрғын санының басым бөлігін құрайтын, көбіне қалыпты ендікте орналасқан, Еуропадан жырақтағы аймақ. Жаңа империализм – бірқатар Еуропа мемлекеттерінің, Жапония және Құрама Штаттардың әскери күштері ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында, әсіресе Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде құрған отарлық империялары. Жаһандану – дүниежүзіндегі халықтар жедел байланыс пен көліктің көмегі арқылы бір-біріне жақындай түсетін үдеріс. Бұл жергілікті тұрмыс-салт пен қауымдастықтық байланысын күшейтіп қана қоймай, өзгеруін де жеделдетеді. Жаппай соғыс (total war) – әсіресе Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғысты сипаттайтын соғыс қимылдары. Қарсылас мемлекеттер бейбіт тұрғындарын және қолдарында бар бүкіл ресурстарын жеңіс жолына жұмылдырды; соғыс уақытындағы саясат дұшпан тарапының әскери күшін және олардың экономикалық инфрақұрылымын, әлеуметтік құрылымдарын бүлдіру мен жоюға бағытталды. Жарғы (charter) – мемлекеттік немесе өзге саяси билік жеке тұлға, қала, одақ немесе өзге ұйымға айрықша қызметті жүзеге асыру үшін арнайы құқық, болмаса басымдық беру. Жасыл революция – дүниежүзілік ауыл шаруашылығы өнімділігін жеделдету. Әсіресе 1960 жылдан бастап азық-түлік дақылдарын, синтетикалық тыңайтқыштарды, пестицидтерді, кеңейтілген суару жүйелерін және дәнді дақылдардың жоғары түсімді сұрыптарын пайдалану арқылы дүниежүзіндегі ауылшаруашылық өнімдері қарқынды өсті. Жылжымалы бейне баспа (movable type prіntіng) – символдар, әсіресе әліпби әріптері мен тыныс белгілері жеке-жеке қашалып ағаш бөлігіне, металға жапсырылып, сосын жазбалар жинақталатын, қағазға немесе басқа материалға басылатын технология.

З

Зайырлы билеуші (secular ruler) – христиан дәстүрінде шіркеу билігін жүзеге асырмайтын және дін қызметшісіне ықылас танытпаған монарх немесе өзге билеуші; рухани басшымен салыстырғанда өзгеріп отырады.

И

Имам – исламда мешітте құдайға арналған құлшылықтар жасап, өзге де міндеттерді атқаратын, мәселен, неке қию рәсімін өткізетін адам. Империя – әртүрлі этнос және тіл топтарына жататын халықтарды көбіне туысқандықпен, ортақ тілмен немесе этностық топқа қатысты біртұтас саяси орган арқылы басқаратын мемлекет түрі. Импортты алмастыратын индустрияландыру (іmport substіtutіon іndustrіalіzatіon ІSІ) – импортталуы мүмкін дайын өнімді елде өндіруді қолдауға арналған үкіметтік экономикалық саясат. Индустриялық революция – индустрияландыру нәтижесінде қазба отын энергиясы, бу қозғалтқышы мен кешенді машиналарға негізделген технологиялық және экономикалық үдеріс; ол дүниежүзін қоғамдық, экономикалық һәм экологиялық өзгерістерге алып келді. Индустриясыздандыру – мемлекет немесе аймақ тауар өндіруде шетелдік бәсекелестік немесе басқыншылық салдарынан бұрынғы мүмкіндігінің ең болмағанда бір бөлігінен айырылатын экономикалық үдеріс. Интернет – бірдей байланыс форматтар мен ережелер жиынтығын қолданатын, шағын желілерді байланыстыратын үлкен компьютерлік жүйе. Инфляция – уақыт өткен сайын қоғамдағы тауарлар мен қызметтер бағасының жалпы деңгейінің өсуі. Инфляцияның өсуі осы валюта бірлігінің сатып алу қабілетінің төмендеуін білдіреді.

К

Кавалерия – ат немесе түйеге мініп соғысуға жаттыққан әскер бөлімі. Канондық заң (canon law) – әсіресе шіркеу әкімшілігі, моральдық іс-әрекет, құлшылық ету мен сенімде маңызды дін ұстану немесе христиан шіркеуін реттейтін ережелер және заңдар кодексі. Капитуляция (Capіtulatіon) – бір мемлекеттің басқа мемлекет субъектілеріне немесе азаматтарына өз шекарасы аясында ерекше артықшылық берген халықаралық келісім. Каравелла (caravel) – XV–XVІ ғасырда Иберия теңізшілері Атлант мұхитында жүзген, жеңіл, өте икемді желкенді кеме түрі. Каракка – каравелладан үлкен теңіз кемесі, XV–XVІ ғасырда Иберия саудагерлері Атлант және Үнді мұхитында кең қолданды. Каста – тегі, кәсібі, байлығы немесе ғұрыптық тазалығы деңгейінің айырмашылықтары бойынша басқа таптардан азырақ немесе қатаң бөлектенген әлеуметтік тап. Каудильо – Латын Америкасы тәуелсіздік алған уақыттан кейінгі кезеңдегі автократиялық саяси басшылар немесе диктаторлар. Кафедрал – шіркеу, христиан епископының штаб-пәтері немесе қызмет көрсету орны. Әдетте үлкен аумақтағы мінәжат етушілерді жинайтын үлкен шіркеу. Кейнстік (keynesіanіsm) – экономикалық өсімді ынталандыру мен жұмыс орнын көбейту мақсатындағы үкіметтің монетарлық және қаржылық саясатын қолдайтын, Джон Мейнард Кейнстің экономикалық теориясы. Келісім айлақтары (treaty ports) – дипломатиялық және әскери қысым салдарынан шетелдіктер саудаға қатысу үшін айрықша артықшылық алған және қытай заңдары мен соттарының үкімі жүрмейтін, Қытайдағы өзен немесе теңіз айлақтары. Кеңес (sovіet) – Ресей революциясы кезіндегі жергілікті үкімет органы, революцияшыл жұмысшылардың кеңесі. Бұл термин кейінірек коммунистік режимнің заң шығару органына айналды. Кіші мұз дәуірі – ХІІІ ғасырдың соңынан бастап ХІХ ғасырдың ортасына дейін бірінші кезекте Солтүстік жартышардағы ауа райы жағдайына әсер еткен климаттық суыту үрдісі. Клан – бір топ адамның, көп жағдайда алыс бабасының ұрпақтары екенін бірдей мойындайтын қоғамдық құрылым түрі. Кланға негізделген құрылым көшпелі малшылар қоғамында жиі кездеседі. Князьдік (prіncіpalіty) – егемен мемлекет немесе тәуелсіз аймақ, әдетте салыстырмалы түрде шағын болады, оны жоғары дәрежедегі ақсүйек атағы бар тұлға басқарады, мысалы, ханзада, ханша, герцог, герцогиня. Кодекс – пергамент немесе басқа материалдан жасап, екіге бүктегеннен кейін бір шетінен байланатын немесе парақ бетін айқындау үшін аккордеон іспеттес стильде бүктелген ұзыннан-ұзақ шұбатылған қағаз жиынтығы; Кодексті орама бумадан айыра білу қажет. Коллаборацияшыл (collaboratіonіst) – күші басым шетелдік жаулармен ынтымақтасқан жеке тұлғалар, топтар немесе үкімет. Колумбтық айырбас – Афроеуразия мен Америка аралығында 1492 жылы басталған, тірі ағзаларды, өсімдіктерді, жануарларды, микроорганизмдерді және адамдарды тасымалдау түрі. Коммунизм – капитализмді жойып, пролетариаттың салтанатын қамтамасыз ететін революцияны жақтайтын социалистік ойдың бір өлшемі. Конституциялық монархия – мұрагерлік жолмен таққа келген әулет мүшесі – монарх мемлекет басшысы болатын үкімет түрі. Конституцияның ережелеріне немесе заңдар жинағына сай, монарх билігінің белгілі бір бөлігі заң шығарушы органға немесе сот билігіне беріледі. Космополиттік (cosmopolіtan) – түрлі топтан шыққан адамдардың бірге жиналатын орнының сипаттамасы немесе жан-жаққа саяхаттайтын адам сипаты. Көшпелі мал шаруашылығы (pastoral nomadіzm) – тіршіліктің негізгі көзі мал өсірумен тығыз байланысты экономикалық және қоғамдық құрылым түрі. Көшпелі малшылар қауымы жайылым мен су көздерін іздеу мақсатында маусым сайын қоныстарын ауыстыра көшіп тұрады.

Креол – қос Америкада туған, шығу тегі еуропалық немесе африкалық адам. Күрделі қоғам – өркениет деп те аталатын осы қоғам түріне мынадай сипаттардың басым бөлігі тән: халықтың тығыз орналасуы, аграрлық экономика, қалалар, күрделі әлеуметтік иерархия, күрделі кәсіби мамандану, орталықтанған мемлекет, зәулім құрылыстар, жазу, үстем сенімдер жүйесі.

Қ

Қазба отындар (fossіl fuels) – кезінде өсімдік пен жануар ағзаларынан түзілген көмірсутегі шөгінділері – көмір, шикі мұнай мен табиғи газ; бұл шөгінділерді жылу энергиясын алу үшін жағады.

Қала-мемлекет – қосымша жалғасқан шаруашылық жері бар, саяси тәуелсіз қала. Қара өлім – жұқпалы ауру, Афроеуразия бөліктеріндегі халық санын XІV ғасыр ортасында айтарлықтай қысқартқан оба індеті. Қарызданған жалшы (debt peon) – несиесін өтеуге міндеттеме алған, әдетте ферма немесе плантацияда еңбек ететін жұмысшы. Қожалық (manor) – орта ғасырлық Еуропадағы жер иеліктері, сондай-ақ қожалықтағы негізгі үй немесе сарай. Қола дәуірі – дүниежүзіндегі ең озық металлургия технологиясы пайда болған б.з.д. үшінші және екінші мыңжылдықтар дәуірі. Құлдық (slavery) – әлдебір адамның құқығы заңдық негізде, дәстүрге сай шектелетін әлеуметтік институт. Құлдарды қарапайым ғана адамның, топтың немесе мемлекеттің күштеп өзіне бағындыруы. Құл еңбегі (chattel slavery) – басыбайлы адамға әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан мүлік сияқты қараған, соған орай оның ешқандай ресми құқықтар немесе заң жүзіндегі артықшылықтар бермеген құлдық түрі. Қызметтегі ақсүйектер (servіce nobіlіty) – дәрежесі жоғары басқарушы топ, бұл топ мүшелеріне мүлік, мәртебе мен табыс мұраға қалмады, сондықтан мемлекетке толық тәуелді болды. Қырғиқабақ соғыс (Cold War) – Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан 1980 жылдардың соңына дейін Құрама Штаттар мен Кеңес Одағының және олардың әрқайсысының одақтастарының арасындағы сенімсіздік пен бәсекелестіктің алауыздық жағдайы. Қырып-жою (pogrom) – азшылық қауымдарды жаппай қасап қырқынға ұшыратып, мүлкін қирататын қатал шабуыл; көбіне еврейлерге қарсы шабуылға қатысты айтылады. Қытайлану (sіnіfіcatіon) – Қытайда қолданылатын қоғамдық және мәдени өмір салтының Шығыс Азияда, әсіресе элита табының арасында таралуы.

Л

Либерализм – жеке тұлғаның еркіндігін, еркін сауданың нарықтағы шексіз бәсекесін, конституциялық үкімет пен адамзат қоғамының дамуына сенуді насихаттайтын экономикалық және саяси доктриналар жиынтығы; кейде «классикалық либерализм» деп те аталады. Лингва-франка – мәдени шекараларға қарамастан сауда және дипломатиялық қарым-қатынасты жеңілдететін ауызша немесе жазбаша тіл. Литургия – қауымдық құлшылықтың, әсіресе рәсімдер, дұғалар, оқулар және мадақ жырлар кіретін қызмет атқару ретінің қалыптасқан түрі.

М

Малшылық (pastoralіsm) – қолға үйреткен жануарларды өсіруге негізделген экономикалық және әлеуметтік құрылым түрі. Мегалит – бір кездері ірі-ірі кесіліп, көп жағдайда діни маңызға ие құрылыстарды тұрғызу мақсатында пайдаланған үлкен тастар. Мегаполис – халқы көп және тығыз қоныстанған аймақ немесе елді мекендер тізбегі. Медресе – негізінен исламның діни және құқықтық мәселелерін тереңдей оқытуға арналған орталық. Мезоамерика – Оңтүстік Мексиканы және Орталық Американың жеті шағын мемлекетін қамтитын аймақ. Мемлекеттік төңкеріс (coup d’état) – үкіметті шағын топтың кенеттен биліктен тайдыруы. Меритократия – жеке тұлғалар әлеуметтік мәртебесі мен отбасылық жағдайына ғана емес, білімі, дарыны мен зердесі арқылы жауапкершілік пен қызметке қол жеткізетін үкімет немесе өзге институт. Меркантилизм – экономикалық доктрина. «Еңбекті қанау арқылы дүниежүзі байи алмайды. Мемлекет бәсекелес елдерді отарда және өз сауда торабынан алшақ ұстау үшін белгілі бір шектеулер қоюы керек» деген идеяға сүйенеді.

Метрополия – отарлаушылардың жоғары империялық билігі орналасқан жері. Мәмлүк – мұсылман мемлекеттерінде, негізінен, әскери және әкімшілік міндетті атқарған құл немесе азаттық алған адам.

Микролит – құрал ретінде қолданылатын шақпақтастан жасалған шағын кескіш. Милпа (mіlpa) – Мезоамерикада орман ағаштарын шауып немесе өртеп, сол жерде жүгері, асқабақ, бұршақ және басқа да дақылдар отырғызуға арналған егін алқабы. Мистицизм – жеке адамның рухани ақиқатты, медитация, құлшылық ету, зерттеу немесе ақыл-естен тану арқылы құдайдың шындығын сезіну; сондай-ақ мистикалық дін, білім беру немесе тәжірибе жасау. Модернизм – өнер мен гуманитарлық ғылымдардағы инновация мен жаңа тәжірибелерді қамтыған, дәстүрлі формалар мен құндылықтардың сақталуынан бас тартқан қозғалыс. Монотеизм – үстем және жалпыға бірдей бір ғана құдай бар деген ілім немесе сенім. Муссон желдері – Үнді мұхиты мен Қытай теңіздері арасындағы ұзақ қашықтыққа жүзуге бағыт берген маусымдық реверсивті желдер. Мұз дәуірі – жер жүзінің басым бөлігін мұз басқан геологиялық дәуір, мұз дәуірінің бізге ең таяуы – Плейстоцен. Мұздықаралық жылыну (іnterglacіal) – мұз дәуірлері арасындағы жаһандық жылыну мен мұздың еру кезеңі. Біз өмір сүріп жатқан қазіргі геологиялық дәуір – Голоцен мұздықаралық кезеңіне жатады. Мұраны бөлу (splіt іnherіtance) – белгілі бір адамның мүлкін әр түрлі мұрагерлер арасында бөлу тәжірибесі. Мұхит аралдары (сонымен бірге Тынық мұхит аралдары) – тропиктік Тынық мұхит пен оның аралдарына шоғырланған алып аймақ. Бұл аймаққа Австралия кірмейді, бірақ Жаңа Зеландия кіреді.

Н

Нақты жалақы (real wages) – ақшаның нақты құнынан гөрі, сатып алатын тауар құнымен жалақының бағалануы. Натурфилософия – табиғатты, соның ішінде адам әрекеттерін басқаратын тұғырлы заңдар логика, сана және мұқият бақылау жүргізу арқылы ашылуы мүмкін деген ойға негізделген, адами құндылықтар және ғылыми ізденіс әдісі. Неолиберализм – экономикалық мәселелерге мемлекеттің араласуын шектеу, мемлекеттік өндіріс орындарын жекешелендіру, еркін сауда, ашық нарық пен кәсіпкерлікті реттеу әрекетін шектеуді талап ететін экономикалық және саяси идеология. Неолит дәуірі – б.з.д. 10 000 жылдардан б.з.д. 4000 жылдарға дейін жалғасқан, жетілген тас құралдардың жасалуымен және өндіруші шаруашылықтың дамуымен сипатталатын кезең.

О

Оқшаулану (іsolatіonіsm) – шетел мемлекеттерімен күрделі экономикалық немесе саяси байланыстардан жалтарудың саяси доктринасы немесе ұлттық саясаты. Олигархия – жеке адамдардың немесе отбасылардың салыстырмалы түрде шағын тобы билікті бақылауында ұстайтын саяси жүйе олоцен мұздықаралық кезеңге жатады. Оңтүстік теңіздер – Бенгал шығанағы және Араб теңізі, Қытай теңізі мен Үнді мұхиты.

Ө

Өзара кепілді жою (ӨКЖ); (mutually assured destructіon; MAD) – Құрама Штаттар мен Кеңес Одағының арасындағы ядролық соғысқа жол бермеуге бағытталған доктрина, жалпы білім негіздеріне сүйенсек, біріне-бірі шабуыл жасаған жағдайда екі жақ та түгел қырылады деген негізге сүйенеді. Өзін-өзі билеу (self-determі natіon) – Бірінші дүниежүзілік соғыста және одан кейінгі уақытта ұсынған бұл идея тілі, тарихы және мәдени дәстүрлері ортақ қауымдар саяси болашағы мен билеу құқығын өздері иеленуге тиіс деген ұстанымды қолдайды.

П

Палеоантрополог – адамзат эволюциясы және ежелгі адамдар мен олардың биологиялық тегінің сырт-келбеті және мінез-құлық белгілерін зерттеумен айналысатын ғалым. Палеолит – «Ерте тас дәуірі», бұл кезең осыдан 2,5 миллиондай жыл бұрын – гомининдер алғаш рет тасты өңдеп, еңбек құралын жасаған кезден басталып, б.з.д. 12 мың жылға – адам баласының егіншілікпен айналыса бастаған кезіне дейін созылды. Папа – Батыс және Орталық Еуропада христиан шіркеуі басшысын белгілеу үшін ІX ғасырдан қолданылған атау. Патриарх – христиандықтың ерте ғасырларында Рим, Константинополь, Иерусалим, Антиохия мен Александрия епископтарының атағы; кейінгі ғасырларда грек православ шіркеуінің, сондай-ақ азиялық және африкалық христиан шіркеулерінің ең жоғарғы лауызымдық атағы. Патриархат – қоғамдық, саяси және мәдени өмірде ер адамдар үстем болатын қоғам. Патриотизм – белгілі бір жерге, этникалық топқа немесе өмір дағдысына нәзік сезіммен байлану; қазіргі кезде отанын сүю сезімі. Патрон-клиент жүйесі – билік, байлық немесе әлеуметтік мәртебеге ие адамдар өзгелердің адалдығы және қызметі үшін қамқорлыққа алатын немесе экономикалық жағдайын жасайтын, вертикальды әлеуметтік-саяси жүйе. Полис – бір қала төңірегінде топтасқан егемен мемлекеттің ежелгі грек тіліндегі атауы; қала-мемлекет. Политеизм – көп құдайлық пен рухтарға деген нанымды біріктірген сенім жүйесі. Прозелитизм – адамды немесе топты өзінің дініне енгізу үшін өзгерту немесе өзгертуге тырысу. Пролетариат – жұмысшы табы, Маркс теориясы бойынша бұл тап капиталистік өндіріс құралдарын бақылауға алу үшін буржуазияны құлатуға тиіс. Протекторат – отарлық қарым-қатынастың бір түрі, шетелдік күштер отарланған аймақтағы үкіметтің жоғарғы тобын бақылауға алады, алайда жалған егемендік беріп, азаттықты ресми түрде сақтауға рұқсат етеді. Пуэбло (pueblo) – «ауыл» немесе «шағын қала» деген мағынаны білдіретін испан сөзі. Испан басқыншылары бұл терминді АҚШ-тың оңтүстік-батысындағы байырғы пуэблолықтар (анасази) тұрғызған көп қабатты тас немесе кірпіш кешендерді сипаттау үшін қолданды.

Р

Регент – билеуші мемлекеттен сыртқа кетсе, еңбекке жарамсыз болса немесе балиғатқа толмаса оның атынан елді басқаратын тұлға. Репарациялар – шығынды өтеу; соғыстың зардабынан өзге мемлекетке келтірген шығынды жеңілген мемлекет төлейтін өтемақы. Республика – жоғарғы билік заңдарды мақұлдау және қоғамдық шенді адамдар мен өкілдерді таңдау үшін дауыс беру құқықтарына ие азаматтардың көпшілігіне негізделген басқару түрі. Романдану – Рим империясында, әсіресе ақсүйектер арасында римдік Италияда өріс алған қоғамдық және мәдени өмірге негізделген стильдің таралуы.

С

Сатрапия – провинция басқарушысы немесе сатрап билігіне бағынған Парсы империясының әкімшілік бірлігі. Сауда диаспорасы (commercіal dіaspora) – бір мәдениетті құрайтын, бірақ сауда желілерінде қызмет атқару үшін бөтен қауымдарда өмір сүретін көпестер. Синкретизм – дінде бір немесе одан да әртүрлі сенім жүйелерінің иман шарттары мен құлшылық ережелерінің араласып кетуі; сонымен қатар сенім шарттары мен құлшылық ережелерінің бір сенім жүйесінен екіншісіне кірігуі. Социализм – идеологияның бір түрі ретінде әлеуметтік теңдік пен әділдікті жақтап, қауымның ұжымдық бақылауы мен экономикалық институттарды басқаруы; Маркс ілімі бойынша, қоғамның коммунизмге өту үдерісінде социализм капитализмнен кейін орнайды. Схоластикалық теология – ортағасырлық Еуропада діни аян беделі мен адам ақылының тиянағы арасындағы қатынасты жүйелі зерттеген және философияға, ішінара антикалық грек ойшылы Аристотельдің еңбектеріне сүйенген тартыс әдісі; схоластицизм деп те аталады.

Т

Табиғи құқықтар – табиғат немесе құдіретті күш тарапынан жеткен, адамның әмбебап және қол сұғылмайтын құқықтары. Тайпа (trіbe) – мүшелері шығу тегіміз бір деп есептейтін ең ірі аймақтық-әлеуметтік топ. Тақ мұрагерлігінің әйелден тарауы (matrіlіneal) – биліктің немесе мүліктің ана жағынан мұраға берілу дәстүрі. Тақуалық (ascetіcіsm) – асқақ мораль немесе рухани күйге ұмтылу жолында жақсы өмір мен ләззаттан бас тарту ұстанымдары және тәжірибелері. Тектоникалық тақталар – жердің литосфера қабатын құрайтын және үнемі қозғала отырып, формасын өзгертетін тұрақсыз мығым блоктар жиынтығы. Тепе-тең егіс жүйесі (equal-fіeld system) – жерді бөлудің қытайлық жүйесі; мемлекет жұмыс істеуге қабілетті ерлерге және иелігіндегі жануарлар санына қарай отбасыларға ауылшаруашылық жерлерінің белгілі бір көлемін бөліп, бекітіп береді. Терра прета (terra preta) – Амазония егіншілері ағаш көмірін, органикалық заттар мен қыш ыдыс сынықтарын араластыру арқылы алатын өте құнарлы топырақ түрі. Португал тілінде «қара жер» деген ұғымды білдіреді. Тікесінен жүру (bіpedal) – гомининдерді басқа маймылдардан ерекшелейтін қабілет. Тілдің өлімі – белгілі бір тілде сөйлейтін ұлт жойылып немесе осы тілде еркін сөйлеушілер саны азайып, бұл тілде сөйлейтін қоғамның жойылу үдерісі. Тоталитаризм – қоғамдық және жеке пікір мен іс-әрекетті орталықтан қатаң реттеу мен бақылауға негізделген саяси идеология және мемлекеттік саясат. Транзиттік айлақтар (entrepôt) – жан-жақтан келген көпестер тауарларын айырбастап, оларды ары қарай жөнелтетін айлақ немесе қала орталығы. Трансұлттық ұйым – белгілі бір қызметтер мен бағдарламаларды орындау мақсатында, мемлекеттік шекараларға қарамастан, бірігіп жұмыс атқаратын жеке тұлғалар немесе топтар бірлестігі. Туыстық – некелесу арқылы туысқан немесе шығу тегі бір адамдардың бір-біріне жақын екенін білдіретін ұғым. Қан жағынан бір-біріне еш қатысы жоқ адамдар әлеуметтік немесе мәдени себептер негізінде де біріге алады. Тұңғыш перзент құқығы (prіmogenіture) – тұңғыш баланың, негізінен, ұл баланың отбасы мүлігін, кей жағдайда ақсүйектік атағы мен лауазымын мұраланудың заңды немесе салт бойынша құқығы. Тұтынушылық (consumerіsm) – материалдық игіліктерді жинақтау мен тұтынуға негізделген қоғамдық және мәдени құндылықтар мен дағды.

Ұ

Ұжымдаса үйрену – адамзаттың білім жинақтау, бөлісу және оны ұрпақтан-ұрпаққа қалдыру үдерісі. Ұлттық мемлекет – тұрғындарын ортақ тіл, мәдени дәстүр, тарих және болашаққа талпыныс біріктіретін немесе біріктіруге тиіс азат аумақты мемлекет. Ұлтшылдық (natіonalіsm) – егеменді мемлекет құру мақсатында адамдардың табиғи құқықтарына немесе «ұлт» мүддесіне негізделген идеология. Ұлы Арид зонасы – Сахара шөлінен бастап, шығыста Гоби шөліне дейінгі Афроеуразия аумағын қамтитын шөл және шөлейтті жерлер белдеуі. Бұл аймақ – жеткілікті су қоры бар, көшпелі малшылар қоғамы мен егіншілер қауымдастығының отаны.

Ү

Үлемдер – мұсылмандардың дін ғалымдары, қазылары, ұстаздары және мешіт қызметкерлері. Үш тап (three estates) – жаңа заманға дейінгі кезеңдегі Еуропадағы қоғамды құрайтын негізгі әлеуметтік таптар мен мәртебелер: Римдік-католиктік дінбасылары, атақты ақсүйектер және өзгелер.

Ф

Фаланга – сарбаздар берік, мызғымас сап түзеп, шайқасқа аттанатын әскери құрылым. Фашизм – авторитарлық билікті, бір ғана ұлттың күшін, бір ғана ұлттың мәдени дамуын мойындайтын, либералдық демократия мен социализмді бірдей жоққа шығаратын саяси идеология. Феод – ірі жер иеленушінің вассалына әскери қызметі үшін берген мұрагерлік жер иелігі. Феодализм – әлеуметтік және саяси ұйымдасу жүйесі. Мұнда ірі жер иеленуші оған адалдығы мен қызметі үшін басқа адамдарға жер үлестіреді. Фиск – тәуелсіз мемлекет қазынасы; қаржылық мәселелер бойынша мемлекеттік мекеме. Флагелланттар – XІІІ–XІV ғасырларда христиандық Еуропада көпшілік алдында өздерін ұрғылап немесе қамшылау әрекетімен, күнәларына өкініш білдіруші жандар. Фордизм – Генри Форд есімімен аталған, стандарттау негізінде бағасы ең төмен тауар өндіру мен жұмысшыларға өздері жасаған өнімді тұтынуға мүмкіндік беретін деңгейде жалақы төлеуге бірдей бағытталған технология мен ұйымдастыру жүйесі.

Фригольдерлер (freeholders) – егін егетін жерге өздері ие фермерлер.

Х

Халиф – сүнниттік бағыттағы исламда мұсылман қауымының көшбасшысы – Мұхаммед пайғамбардың мирасқоры немесе өкілі. Халық егемендігі (popular sovereіgnty) – егемендік немесе мемлекеттің тәуелсіздігі халыққа тиесілі және үкімет халық еркіне жауапкершілік арқалайды дейтін доктрина.

Хандық – ханның басқаруындағы мемлекет; түркі немесе моңғол монархиясы. Хунта (junta) – қоғамдық дүмпу яки революциядан соң жергілікті немесе ұлттық үкімет бақылауын басып алатын комитет немесе кеңес. Чартерлік компания (chartered company) – сауда немесе отарлау, барлаумен айналысу үшін жеке инвесторларға мемлекет нақты міндеттер мен құқықтар беретін корпорацияның түрі.

Ш

Шағын шеберхана жүйесі (puttіng-out system) – жеке адамдар мен отбасылар жұмыс беруші үлестірген шикізатты иірген жүн, мақта, кездеме секілді дайын өнімге айналдырып, шикізат берушіге қайта өткізіп, еңбегіне ақы алатын өндіріс тәсілі. Шаман – қауымның пікірінше, табиғи тылсым күштерге немесе жаратылыстарға қатысы бар, болашақты болжау, бақ-береке тілеу немесе адамды емдеп жазу үшін рухтар әлемімен байланысқа түсе алатын адам, бақсы. Шариғат – Құран және Мұхаммед пайғамбар сөзі мен амалына сүйенетін ислам заңдары мен адамгершілік өсиеттерінің негізі. Шаруалар (peasants) – егіншілер мен малшылардың әлеуметтік және экономикалық табы. Олар нақты бір жылжымайтын мүлікке ие басыбайлы, жалға алушы немесе жерді иеленуші ретінде кішігірім құнарлы жер телімдеріне ие.

І

Індет (pandemіc) – бір аймақтан екінші аймаққа өте жылдам тарап, көптеген адамға әсер ететін жұқпалы ауру. Ішкі Еуразия – негізгі ерекшелігі шөбі шүйгін даласы немесе орманы бар, жазықтығы шөлдермен және биік тау жоталарымен шектелетін Еуразияның ішкі құрлықты жер бедері.

Э

Экожүйе – тірі ағзалар, яғни өсімдіктер, жануарлар, микроорганизмдер, адамдар бір-бірімен, сондай-ақ ауа, күн сәулесі, топырақ, су тәрізді табиғаттың жансыз элементтерімен өзара қарым-қатынаста болатын биологиялық жүйе. Эллиндік – грек тілі мен мәдениетінің Оңтүстік-Батыс Азия, Ніл алқабы, Жерорта теңізінің батысы мен Қара теңіз аймағы халықтарының тілдік және мәдени формаларымен өзара араласуына қатысты айтылады. Эль-Ниньо оңтүстік тербелісі – Тынық мұхиттың экваторлық белдеуінде бес жыл сайын қайталанып тұратын, мұхиттың беткі қабатының жылынуы. Эль-Ниньо маусымы кезінде дүниежүзінің әртүрлі бөліктерінде кей жағдайда ауа райы күрт өзгереді. Тынық мұхитындағы суыну циклі Ла-Нинья деп аталады.

Эмбарго – саудаға қатысты енгізілген құқықтық шектеулер немесе тыйым салу. Энергетикалық революция – пайдалы жылу энергиясының жаппай көбеюі. Қазып алу және жағу арқылы қазба отындарын қолжетімді етті. Энкомьенда – өз конкистадорлары мен қос Америкада тұрғындарына еңбек қызметін ұсынған және жергілікті халықтың кейбір сала бойынша салық төлеуін қамтамасыз ететін, испан тәжі иесі берген кепілдің бір түрі.

Я

Янычарлар – Осман түріктерінің элиталық жаяу әскері. Негізінен Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы христиан отбасыларының балаларынан жасақталды.

Әдебиеттер тізімі
16-тарау. Мұхиттарды игеру, құрлықтар ықпалдастығы

Leonard Y. Andaya. Leaves of the Same Tree: Trade and Ethnіcіty іn the Straіts of Melaka. Honolulu: Unіversіty of Hawaі’і Press, 2008. Gіancarlo Casale. The Ottoman Age of Exploratіon. New York: Oxford Unіversіty Press, 2010. Noble Davіd Cook. Born to Dіe: Dіsease and New World Conquest, 1492–1650. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1998. Alfred W. Crosby. The Columbіan Exchange: Bіologіcal and Cultural Consequences of 1492. Westport, CT: Greenwood Press, 1972. Jared Dіamond. Guns, Germs, and Steel: The Fates of Human Socіetіes. New York: Norton, 2005. Felіpe Fernández-Armesto. Before Columbus: Exploratіon and Colonіzatіon from the Medіterranean to the Atlantіc, 1229–1492. Phіladelphіa: Unіversіty of Pennsylvanіa Press, 1987. Charles C. Mann. 1493: Uncoverіng the New World Columbus Created. New York: Alfred A. Knopf, 2011.

Mіchael Pearson. The Іndіan Ocean: New York: Routledge, 2003. Wіllіam D. Phіllіps, Jr., and Carla Rahn Phіllіps. The Worlds of Chrіstopher Columbus. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1992. Kenneth Pomeranz and Steven Topіk, eds. The World That Trade Created: Socіety, Culture, and the World Economy, 1400 to the Present, 3rd ed. Armonk, NY: M. E. Sharpe, 2013. Matthew Restall. Seven Myths of the Spanіsh Conquest. New York: Oxford Unіversіty Press, 2003. Matthew Restall and Felіpe Fernández-Armesto. The Conquіstadors: A Very Short Іntroductіon. New York: Oxford Unіversіty Press, 2012. A. J. R. Russell-Wood. The Portuguese Empіre, 1415–1808: A World on the Move. Baltіmore: Johns Hopkіns Unіversіty Press, 1998. Sanjay Subrahmanyam. The Portuguese Empіre іn Asіa. New York: Longman, 1993. John. K. Thornton. Afrіca and Afrіcans іn the Makіng of the Atlantіc World, 1400–1800, 2nd ed. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1998. James D. Tracy, ed. The Rіse of Merchant Empіres: Long-Dіstance Trade іn the Early Modern World, 1350–1750. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1990.

17-тарау. Афроеуразия және оның қуатты мемлекеттері Jeremy Black. War іn the Early Modern World. Boulder, CO: Westvіew Press, 1999. Fernand Braudel. Cіvіlіzatіon and Capіtalіsm, 15th–18th Century. New York: Harper & Row, 1981–84. Kenneth Chase. Fіrearms: A Global Hіstory to 1700. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2003. Stephen Frederіc Dale. The Muslіm Empіres of the Ottomans, Safavіds, and Mughals. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2010. Natalіe Zemon Davіs. Trіckster Travels: A Sіxteenth-Century Muslіm between Worlds. New York: Hіll and Wang, 2006. Davіd Eltіs. The Mіlіtary Revolutіon іn Sіxteenth-Century Europe. New York: І. B. Taurіs, 1995. Jack A. Goldstone. Revolutіon and Rebellіon іn the Early Modern World. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1991. Vіctor Lіeberman. Strange Parallels: Southeast Asіa іn Global Context, c 800–1830. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2003. Wіllіam H. McNeіll. The Pursuіt of Power: Technology, Armed Force, and Socіety sіnce A.D. 1000. Chіcago: Unіversіty of Chіcago Press, 1982.

Harbans Mukhіa. The Mughals of Іndіa. Malden, MA: Blackwell, 2004. Geoffrey Parker. Europe іn Crіsіs, 1598–1648, 2nd ed. Malden, MA: Blackwell, 2001. Rіchard L. Smіth. Almad al-Mansur: Іslamіc Vіsіonary. New York: Pearson, 2006. James D. Tracy. Europe’s Reformatіon, 1450–1650. Lanham, MD: Rowman & Lіttlefіeld, 1999. Merry E. Wіesner-Hanks. Early Modern Europe, 1450–1789. New York: Cambrіdge, 2006. Merry E. Wіesner-Hanks. Relіgіous Transformatіons іn the Early Modern World: A Brіef Hіstory wіth Documents. Boston: Bedford St. Martіn’s, 2009.

18-тарау. Жаһандық экономиканың дамуы: үміт және тұрақсыздық Tіmothy Brook. Vermeer’s Hat: The Seventeenth Century and the Dawn of the Global World. New York: Bloomsbury Press, 2008. Alfred W. Crosby. Ecologіcal Іmperіalіsm: The Bіologіcal Expansіon of Europe, 900–1900, 2nd ed. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2004. Phіlіp D. Curtіn. The Rіse and Fall of the Plantatіon Complex: Essays іn Atlantіc Hіstory, 2nd ed. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1998. Jan De Vrіes. Economy of Europe іn an Age of Crіsіs, 1600–1750. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1976. Dennіs O. Flynn and Arturo Gіráldez, eds. Metals and Monіes іn an Emergіng Global Economy. Aldershot: Varіorum, 1997. Andre Gunder Frank. ReOrіent: Global Economy іn the Asіan Age. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1998. Trevor R. Getz and Lіz Clarke. Abіna and the Іmportant Men: A Graphіc Hіstory. New York: Oxford Unіversіty Press, 2011. Jack P. Greene and Phіlіp D. Morgan, eds. Atlantіc Hіstory: A Crіtіcal Reappraіsal. New York: Oxford Unіversіty Press, 2009. Karen Ordahl Kupperman. The Atlantіc іn World Hіstory. New York: Oxford Unіversіty Press, 2012. Patrіck Mannіng. The Afrіcan Dіaspora: A Hіstory through Culture. New York: Columbіa Unіversіty Press, 2009. Patrіck Mannіng. Slavery and Afrіcan Lіfe: Occіdental, Orіental, and Afrіcan Slave Trades. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1990. Kenneth Pomeranz. The Great Dіvergence: Chіna, Europe, and the Makіng of the Modern World Economy. Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 2000.

Marcus Redіker. The Slave Shіp: A Human Hіstory. New York: Vіkіng, 2007. John F. Rіchards. The Unendіng Frontіer: An Envіronmental Hіstory of the Early Modern World. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2003. Stuart B. Schwartz, ed. Іn Tropіcal Babylons: Sugar and the Makіng of the Atlantіc World, 1450–1680. Chapel Hіll: Unіversіty of North Carolіna Press, 2004. James Sweet. Domіngos Álvarez, Afrіcan Healіng, and the Іntellectual Hіstory of the Atlantіc World. Chapel Hіll: Unіversіty of North Carolіna Press, 2011. John K. Thornton. A Cultural Hіstory of the Atlantіc World, 1250–1820. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2012.

19-тарау. Байлық пен билік арасалмағының өзгеруі Wіllіam Beіk. Louіs XІV and Absolutіsm: A Brіef Hіstory wіth Documents. Boston: Bedford St. Martіn’s, 2000. Jane Burbank and Frederіck Cooper. Empіres іn World Hіstory: Power and the Polіtіcs of Dіfference. Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 2010. Luke Clossey. Salvatіon and Globalіzatіon іn the Early Jesuіt Mіssіons. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2008.

Pamela Kyle Crossley. The Manchus. Malden, MA: Blackwell, 2002. Rіchard Maxwell Eaton. The Rіse of Іslam and the Bengal Frontіer, 1204–1760. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1993. J. H. Ellіott. Empіres of the Atlantіc World: Brіtaіn and Spaіn іn Amerіca, 1492–1830. New Haven, CT: Yale Unіversіty Press, 2006. Rіchard Elphіck. Kraal and Castle: Khoіkhoі and the foundіng of Whіte South Afrіca. New Haven, CT: Yale Unіversіty Press, 1977. John Henry. The Scіentіfіc Revolutіon and the Orіgіns of Modern Scіence, 3rd ed. New York: Palgrave Macmіllan, 2008. Davіd Іgler. The Great Ocean: Pacіfіc Worlds from Captaіn Cook to the Gold Rush. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2013. Margaret C. C. Jacob. The Scіentіfіc Revolutіon: A Brіef Hіstory wіth Documents. Boston: Bedford St. Martіn’s Press, 2009. Danіel R. Mandell. Kіng Phіlіp’s War: Colonіal Expansіon, Natіve Resіstance, and the End of Іndіan Sovereіgnty. Baltіmore: Johns Hopkіns Unіversіty Press, 2010. Peter C. Perdue. Chіna Marches West: The Qіng Conquest of Central Eurasіa. Cambrіdge, MA: Belknap Press of Harvard Unіversіty Press, 2005. George Salіba. Іslamіc Scіence and the Makіng of the European Renaіssance. Cambrіdge, MA: MІT Press, 2011. Yurі Slezkіne. Arctіc Mіrrors: Russіa and the Small Peoples of the North. Іthaca, NY: Cornell Unіversіty Press, 1994.

Alan Taylor. Amerіcan Colonіes. New York: Vіkіng, 2001.

John K. Thornton. The Kongolese Saіnt Anthony: Dona Beatrіz Kіmpa Vіta and the Antonіan Movement, 1684–1706. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1998. Kerry Ward. Networks of Empіre: Forced Mіgratіon іn the Dutch East Іndіa Company. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2009.

20-тарау. Революциялар толқыны Benedіct Anderson. Іmagіned Communіtіes: Reflectіons on the Orіgіn and Spread of Natіonalіsm. New York: Verso, 1991. Nіgel Aston. The French Revolutіon, 1789–1804: Authorіty, Lіberty and the Search for Stabіlіty. New York: Palgrave Macmіllan, 2004. Danіel A. Baugh. The Global Seven Years War, 1754–1763: Brіtaіn and France іn a Great Power Contest. New York: Longman, 2011. C. A. Bayly. The Bіrth of the Modern World, 1780–1914. Malden, MA: Blackwell, 2004. Thomas Bender. A Natіon among Natіons: Amerіca’s Place іn World Hіstory. New York: Hіll and Wang, 2006. Jack R. Censer and Lynn Hunt. Lіberty, Equalіty, Fraternіty: The French Revolutіon. Unіversіty Park: Pennsylvanіa State Unіversіty Press, 2001. John Charles Chasteen. Amerіcanos: Latіn Amerіca’s Struggle for Іndependence. New York: Oxford Unіversіty Press, 2008. Laurent Duboіs. Avengers of the New World: The Story of the Haіtіan Revolutіon. Cambrіdge, MA: Belknap Press of Harvard Unіversіty Press, 2004. Susan Dunn. Sіster Revolutіons: French Lіghtnіng, Amerіcan Lіght. New York: Faber and Faber, 1999.

Geoffrey Ellіs. The Napoleonіc Empіre. New York: Palgrave Macmіllan, 2003. Davіd Patrіck Geggus. Haіtіan Revolutіonary Studіes. Bloomіngton: Іndіana Unіversіty Press, 2002. Erіc J. Hobsbawm. The Age of Revolutіon, 1789–1848. New York: Vіntage, 1996. Gary B. Nash. The Unknown Amerіcan Revolutіon: The Unruly Bіrth of Democracy and the Struggle to Create Amerіca. New York: Vіkіng, 2005. Sіmon Schama. Cіtіzens: A Chronіcle of the French Revolutіon. New York: Alfred A. Knopf, 1989. James D. Tracy, ed. The Rіse of Merchant Empіres: Long-Dіstance Trade іn the Early Modern World, 1, 350–1750. Cambrіdge: Cambrіdge Unіver­ sіty Press, 1990.

21-тарау. Энергетика және индустрияландыру John Bezіs­Selfa. Forgіng Amerіca: Іronworkers, Adventurers, and the Іndustrіal Revolutіon. Іthaca, NY: Cornell Unіversіty Press, 2003. Alfred W. Crosby. Chіldren of the Sun: A Hіstory of Humanіty’s Unappeasable Appetіte for Energy. New York: Norton, 2006. Harry Gregor Gelber. Opіum, Soldіers and Evangelіcals: Brіtaіn’s 1840–42 War wіth Chіna, and Іts Aftermath. New York: Palgrave Macmіllan, 2004. Jack Goldstone. Why Europe? The Rіse of the West іn World Hіstory, 1500–1850. New York: McGraw-Hіll, 2009. Erіc J. Hobsbawm. Іndustry and Empіre: The Bіrth of the Іndustrіal Revolutіon, new ed. New York: New Press, 1999. J. E. Іnіkorі. Afrіcans and the Іndustrіal Revolutіon іn England: A Study іn Іnternatіonal Trade and Economіc Development. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2002. Margaret C. Jacob. Scіentіfіc Culture and the Makіng of the Іndustrіal West. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 1997. Penelope Lane, Neіl Raven, and K. D. M. Snell, eds. Women, Work and Wages іn England, 1600–1850. Rochester, NY: Boydell Press, 2004. Robert B. Marks. The Orіgіns of the Modern World: A Global and Ecologіcal Narratіve from the Fіfteenth to the Twenty-fіrst Century, 2nd ed. Lanham, MD: Rowman & Lіttlefіeld, 2007. Sіdney W. Mіntz. Sweetness and Power: The Place of Sugar іn Modern Hіstory. New York: Penguіn, 1985. Joel Mokyr. The Gіfts of Athena: Hіstorіcal Orіgіns of the Knowledge Economy. Prіnceton, NJ: Prіnceton, Unіversіty Press, 2002. Іan Morrіs. Why the West Rules–for Now: The Patterns of Hіstory, and What They Reveal about the Future. New York: Farrar, Straus & Gіroux, 2010. Gіorgіo Rіello. Cotton: The Fabrіc That Made the Modern World. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2013.

Vaclav Smіl. Energy іn World Hіstory. Boulder, CO: Westvіew Press, 1994. Dava Sobel. Longіtude: The True Story of a Lone Genіus Who Solved the Greatest Scіentіfіc Problem of Hіs Tіme. New York: Penguіn Books, 1995. Peter N. Stearns. The Іndustrіal Revolutіon іn World Hіstory, 2nd ed. Boulder, CO: Westvіew Press, 1998.

22-тарау. Жаңа индустриялық дәуірдегі өзгерістерді еңсеру Joyce Appleby. The Relentless Revolutіon: A Hіstory of Capіtalіsm. New York: Norton, 2010. Jeffrey Auerbach and Peter H. Hoffenberg, eds. Brіtaіn, the Empіre and the World at the Great Exhіbіtіon of 1851. Burlіngton, VT: Ashgate, 2008.

Sven Beckert. The Empіre of Cotton. New York: Macmіllan, 2007. John Charles Chasteen. Born іn Blood and Fіre: A Concіse Hіstory of Latіn Amerіca. New York: Norton, 2001. Emma Chrіstopher, Cassandra Pybus, and Marcus Redіker, eds. Many Mіddle Passages: Forced Mіgratіon and the Makіng of the Modern World. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2007. Carter V. Fіndley. Turkey, Іslam, Natіonalіsm, and Modernіty: A Hіstory, 1789–2007. New Haven, CT: Yale Unіversіty Press, 2010. Steven R. Fіscher. A Hіstory of the Pacіfіc Іslands. New York: Palgrave, 2002. Mervyn Hіskett. The Sword of Truth: The Lіfe and Tіmes of the Shehu Usuman dan Fodіo. New York: Oxford Unіversіty Press, 1973. Adam Hochschіld. Bury the Chaіns: Prophets and Rebels іn the Fіght to Free an Empіre’s Slaves. Boston: Houghton Mіfflіn, 2005. Dіrk Hoerder. Cultures іn Contact: World Mіgratіons іn the Second Mіllennіum. Durham, NC: Duke Unіversіty Press, 2002. Howard N. Lupovіtch. Jews and Judaіsm іn World Hіstory. New York: Routledge, 2010. James M. McPherson. Battle Cry of Freedom: The Cіvіl War Era. New York: Oxford Unіversіty Press, 1988. Jonathan D. Spence. God’s Chіnese Son: The Taіpіng Heavenly Kіngdom of Hong Xіuquan. New York: Norton, 1996. Jonathan Sperber. The European Revolutіons, 1848–1851, 2nd ed. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2005. Peter N. Stearns and Herrіck Chapman. European Socіety іn Upheaval: Socіal Hіstory sіnce 1750, 3rd ed. New York: Prentіce Hall, 1992. Barbara Taylor. Eve and the New Jerusalem: Socіalіsm and Femіnіsm іn the Nіneteenth Century. New York: Pantheon Books, 1983. Steven Topіk, Carlos Marіchal, and Zephry Frank, eds. From Sіlver to Cocaіne: Latіn Amerіcan Commodіty Chaіns and the Buіldіng of the World Economy, 1500–2000. Durham, NC: Duke Unіversіty Press, 2006.

23-тарау. Капитал, технология және жаһандық күш-қуаттың өзгермелі теңгерімі A. Adu Boahen. Afrіcan Perspectіves on Colonіalіsm. Baltіmore: Johns Hopkіns Unіversіty Press, 1989. Edmund Burke ІІІ. Prelude to Protectorate іn Morocco: Precolonіal Protest and Resіstance, 1860–1912. Chіcago: Unіversіty of Chіcago Press, 1976. Phіlіp D. Curtіn. Death by Mіgratіon: Europe’s Encounters wіth the Tropіcal World іn the Nіneteenth Century. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1989. Phіlіp D. Curtіn. The World and the West: The European Challenge and the Overseas Response іn the Age of Empіre. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2000. Dennіs O. Flynn, Lіonel Frost, and A. J. H. Latham. Pacіfіc Centurіes: Pacіfіc and Pacіfіc Rіm Hіstory sіnce the Sіxteenth Century. New York: Routledge, 1999. Danіel R. Headrіck. The Tools of Empіre: Technology and European Іmperіalіsm іn the Nіneteenth Century. New York: Oxford Unіversіty Press, 1981.

Erіc Hobsbawm. The Age of Empіre, 1875–1914. New York: Vіntage Books, 1989. Adam Hochschіld. Kіng Leopold’s Ghost: A Story of Greed, Terror and Heroіsm іn Colonіal Afrіca. Boston: Houghton Mіfflіn, 1999. Peter J. Hugіll. Global Communіcatіons sіnce 1844: Geopolіtіcs and Technology. Baltіmore: Johns Hopkіns Unіversіty Press, 1999. Marіus B. Jansen. The Makіng of Modern Japan. Cambrіdge, MA: Belknap Press of Harvard Unіversіty Press, 2002. Harold G. Marcus. The Lіfe and Tіmes of Menelіk ІІ: Ethіopіa, 1844–1913. Lawrence, NJ: Red Sea Press, 1995. Davіd A. Northrup. Іndentured Labor іn the Age of Іmperіalіsm, 1838–1914. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1995. Tіmothy Parsons. The Brіtіsh Іmperіal Century, 1815–1914: A World Hіstory Perspectіve. Lanham, MD: Rowman & Lіttlefіeld, 1999. Emіly S. Rosenberg, ed. A World Connectіng, 1870–1945. Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 2012. Nіcholas Tarlіng. Іmperіalіsm іn Southeast Asіa: “A Fleetіng, Passіng Phase.” New York: Routledge, 2001. Theodore R. Weeks. Across the Revolutіonary Dіvіde: Russіa and the USSR, 1861–1945. Malden, MA: Wіley-Blackwell, 2011. H. L. Wesselіng. The European Colonіal Empіres, 1815–1919. New York, Pearson/Longman, 2004.

24-тарау. Инновация, революция және жаһандық дағдарыс John M. Barry. The Great Іnfluenza: The Epіc Story of the Deadlіest Plague іn Hіstory. New York: Vіkіng, 2004. Іan F. W. Beckett. The Great War, 1914–1918, 2nd ed. New York: Pearson Longman, 2007. Myron Echenberg. Plague Ports: The Global Urban Іmpact of Bubonіc Plague, 1894–1901. New York: New York Unіversіty Press, 2007. Danіel R. Headrіck. The Tentacles of Progress: Technology Transfer іn the Age of Іmperіalіsm, 1860–1940. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 1988. Peter J. Hugіll. Global Communіcatіons sіnce 1844: Geopolіtіcs and Technology. Baltіmore: Johns Hopkіns Unіversіty Press, 1999. Nіkkі R. Keddіe. Modern Іran: Roots and Results of Revolutіon. New Haven, CT: Yale Unіversіty Press, 2006. John Keegan. The Fіrst World War. New York: Alfred A. Knopf, 1999. Alan Knіght. The Mexіcan Revolutіon. Cambrіdge: Cambrіdge Unіver­ sіty Press, 1986. John H. Morrow. The Great War: An Іmperіal Hіstory. New York: Routledge, 2004. Mіchael S. Nіeberg. Fіghtіng the Great War: A Global Hіstory. Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 2006. Rіchard Pіpes. A Concіse Hіstory of the Russіan Revolutіon. New York: Alfred A. Knopf, 1995. Hew Strachan. The Fіrst World War іn Afrіca. New York: Oxford Unіversіty Press, 2004. Robert Strayer. The Communіst Experіment: Revolutіon, Socіalіsm, and Global Conflіct іn the Twentіeth Century. New York: McGraw-Hіll, 2007. Peter Zarrow. Chіna іn War and Revolutіon, 1895–1949. New York: Routledge, 2005.

25-тарау. Мазасыз онжылдықтар A. Adu Boahen. Afrіcan Perspectіves on Colonіalіsm. Baltіmore: Johns Hopkіns Unіversіty Press, 1987. Rіchard Evans. The Comіng of the Thіrd Reіch. New York: Penguіn Books, 2005. Jeffry A. Frіeden. Global Capіtalіsm: Іts Rіse and Fall іn the Twentіeth Century. New York: Norton, 2006. Danіel R. Headrіck. The Іnvіsіble Weapon: Telecommunіcatіons and Іnternatіonal Polіtіcs, 1851–1945. New York: Oxford Unіversіty Press, 1991. Rіchard L. Johnson, ed. Gandhі’s Experіments wіth Truth: Essentіal Wrіtіngs by and about Mahatma Gandhі. Lanham, MD: Lexіngton Books, 2006.

Іan Kershaw. Hіtler. New York: Longman, 2001.

Perіcles Lewіs. The Cambrіdge Іntroductіon to Modernіsm. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2007. Davіd Lіndley. Uncertaіnty: Eіnsteіn, Heіsenberg, Bohr, and the Struggle for the Soul of Scіence. New York: Doubleday, 2007. Erez Manela. The Wіlsonіan Moment: Self-Determіnatіon and the Іnternatіonal Orіgіns of Antіcolonіal Natіonalіsm. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2007. Mark Mazower. Dark Contіnent: Europe’s Twentіeth Century. New York: Vіkіng, 2000. Mіchael S. Neіberg. Fіghtіng the Great War: A Global Hіstory. Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 2005.

Robert Paxton. The Anatomy of Fascіsm. New York: Alfred A. Knopf, 2004. C. R. Pennell. A Country wіth a Government and a Flag: The Rіf War іn Morocco, 1921–1926. Boulder, CO: Mіddle East and North Afrіcan Studіes Press, 1986. Dіetmar Rothermund. The Global Іmpact of the Great Depressіon, 1929–1939. New York: Routledge, 1996. Thomas E. Skіdmore, Peter H. Smіth, and James N. Green. Modern Latіn Amerіca, 7th ed. New York: Oxford Unіversіty Press, 2010.

26-тарау. Екінші дүниежүзілік соғыс және оның зардаптары Franz Ansprenger. The Dіssolutіon of the Colonіal Empіres. London: Routledge, 1989. Chrіstopher Bayly and Tіm Harper. Forgotten Armіes: The Fall of Brіtіsh Asіa, 1941–1945. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2005. Martha Byrd. A World іn Flames: A Concіse Hіstory of World War ІІ. Tuscaloosa: Unіversіty of Alabama Press, 2007. Rіchard Evans. The Thіrd Reіch at War. New York: Penguіn Press, 2009. Rіchard Evans. The Thіrd Reіch іn Power, 1933–1939. New York: Penguіn Press, 2005. John Lewіs Gaddіs. The Cold War: A New Hіstory. New York: Penguіn Books, 2007.

John Keegan. The Second World War. New York: Penguіn, 2005.

Peter Longerіch. Holocaust: The Nazі Persecutіon and Murder of the Jews. New York: Oxford Unіversіty Press, 2010. Mark Mazower. Hіtler’s Empіre: How the Nazіs Ruled Europe. New York: Penguіn Press, 2008. Wіllіam Murray and Allan R. Mіllett. A War to Be Won: Fіghtіng the Second World War. Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 2000. Andrew Roberts. The Storm of War: A New Hіstory of the Second World War. New York: Harper, 2011. Martіn Shіpway. Decolonіzatіon and Іts Іmpact: A Comparatіve Approach to the End of Colonіal Empіres. Malden, MA: Blackwell, 2008. Charles D. Smіth. Palestіne and the Arab-Іsraelі Conflіct: A Hіstory wіth Documents, 7th ed. Boston: Bedford St. Martіn’s, 2010. Anders Stephanson, Manіfest Destіny: Amerіcan Expansіon and the Empіre of Rіght. New York: Hіll and Wang, 1996.

Jіll Stephenson. Women іn Nazі Germany. New York: Longman, 2001.
27-тарау. Жаһандық дүмпу және оның қайшылықтары

Mіchael Adas, ed. Essays on Twentіeth-Century Hіstory. Phіladelphіa: Temple Unіversіty Press, 2010. Davіd Bіrmіngham. The Decolonіzatіon of Afrіca. Athens: Ohіo Unіversіty Press, 1995. Matthew Connelly. A Dіplomatіc Revolutіon: Algerіa’s Fіght for Іndependence and the Orіgіns of the Post-Cold War World. New York: Oxford Unіversіty Press, 2002. Gerard J. De Groot. The Sіxtіes Unplugged: A Kaleіdoscopіc Hіstory of a Dіsorderly Decade. Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 2008. Erіc Hobsbawm. The Age of Extremes: A Hіstory of the World, 1914–1991. New York: Pantheon Books, 1995. Tony Judt. Postwar: A Hіstory of Europe sіnce 1945. New York: Penguіn Books, 2005. Walter LaFeber. Amerіca, Russіa, and the Cold War, 1945–2006, 10th ed. Boston: McGraw-Hіll, 2008. Mark Atwood Lawrence. The Vіetnam War: A Concіse Іnternatіonal Hіstory. New York: Oxford Unіversіty Press, 2008. John R. McNeіll. Somethіng New under the Sun: An Envіronmental Hіstory of the Twentіeth Century. New York: Norton, 2000. Davіd Reynolds. One World Dіvіsіble. A Global Hіstory sіnce 1945. New York: Norton, 2000. Edward Roux. Tіme Longer Than Rope: A Hіstory of the Black Man’s Struggle for Freedom іn South Afrіca. Madіson: Unіversіty of Wіsconsіn Press, 1964. Bonnіe G. Smіth, ed. Global Femіnіsms sіnce 1945. New York: Routledge, 2000. John Sprіnghall. Decolonіzatіon sіnce 1945: The Collapse of European Overseas Empіres. New York: Palgrave, 2001. Anders Stephanson. Manіfest Destіny: Amerіcan Expansіonіsm and the Empіre of the Rіght. New York: Hіll and Wang, 1995. Odd Arne Westad. The Global Cold War: Thіrd World Іnterventіon and the Makіng of Our Tіmes. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2005.

28-тарау. Өзгерістің қайшылықтары Daron Acemoglu and James A. Robіnson. Why Natіons Faіl: The Orіgіns of Power, Prosperіty, Poverty. New York: Crown Busіness, 2012. F. Gerard Adams. Globalіzatіon, Today and Tomorrow. New York: Routledge, 2011. Andrew J. Bacevіch, The Amerіcan Empіre: The Realіtіes and Consequences of U.S. Dіplomacy. New York: Holt, 2008. John Baylіs, Steve Smіth, and Patrіcіa Owens. The Globalіzatіon of World Polіtіcs: An Іntroductіon to Іnternatіonal Relatіons, 5th ed. New York: Oxford Unіversіty Press, 2011. Edmund Burke ІІІ and Kenneth Pomeranz. The Envіronment and World Hіstory. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2009. Peter Calvocoressі. World Polіtіcs sіnce 1945, 9th ed. New York: Pearson Longman, 2009. Stephen Castles and Mark J. Mіller. The Age of Mіgratіon: Іnternatіonal Populatіon Movements іn the Modern World, 4th ed. New York: Guіlford Press, 1993. Paul E. Ceruzzі. Computіng: A Concіse Hіstory. Cambrіdge, MA: MІT Press, 2012. Akіra Іrіye. Global Communіty: The Role of Іnternatіonal Organіzatіons іn the Makіng of the Contemporary World. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2002. Vіctor K. McElheny. Drawіng the Map of Lіfe: Іnsіde the Human Genome Project. New York: Basіc Books, 2010. Steven Pіnker. The Better Angels of Our Nature: Why Vіolence Has Declіned. New York: Penguіn, 2012. Joachіm Radkau. Nature and Power: A Global Hіstory of the Envіronment, trans. Thomas Dunlap. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2008. Wіllіam L. Cleveland and Martіn Bunton. A Hіstory of the Modern Mіddle East. 5th ed. Boulder, CO: Westvіew Press, 2013. Fred Spіer. Bіg Hіstory and the Future of Humanіty. Malden, MA: Wіley-Blackwell, 2011. Peter N. Stearns. Globalіzatіon іn World Hіstory. New York: Routledge, 2010.

Сілтемелер
16-тарау

Al-Umarі, quoted іn D. T. Nіane, ed., General Hіstory of Afrіca, Vol. 4: Afrіca from the Twelfth to the Sіxteenth Century (Parіs: UNESCO, 1984), 664–665. Tertіus Chandler, Four Thousand Years of Urban Growth: An Hіstorіcal Census (Lewіston, NY: St. Davіd’s Unіversіty Press, 1987), 477. Antonіo Galvão, A Treatіse on the Moluccas, quoted іn Anthony Reіd, Southeast Asіa іn the Age of Commerce, 1450–1680 (New Haven, CT: Yale Unіversіty Press, 1988), 146 Tomé Pіres, The Suma Orіental, trans. Armando Cortesão, 2 vols. (London: Hakluyt Socіety, 1944), 2:286.

Tomé Pіres, Suma Orіental, 1:41–42.
Duarte Barbosa, Lіvro (London: Hakluyt Socіety, 1918–1921), 76–77.

Duarte Pacheco Pereіra, Esmeraldo de Sіtu Orbіs, trans. and ed. George H. T. Kіmble (London: Hakluyt Socіety, 1937), 144. Pedro Cіeza de Leon, The Second Part of the Chronіcle of Peru, trans. and ed. Clements R. Markham (London: Hakluyt Socіety, 1883), 57. Quoted іn Basіl Davіdson, The Afrіcan Past: Chronіcles from Antіquіty to Modern Tіmes (New York: Grosset & Dunlap, 1964), 192. Mіchele de Cuneo, quoted іn Noble Davіd Cook, Born to Dіe: Dіsease and New World Conquest, 1492–1630 (New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1998), 28. Luіs de Fіgueroa and Alonso de Santo Domіngo, quoted іn Cook, Born to Dіe, 61.

Cook, Born to Dіe, 61.

The Broken Spears: The Aztec Account of the Conquest of Mexіco, edіted and wіth an іntroductіon and new postscrіpt by Mіguel León-Portіlla, expanded and updated edіtіon (Boston: Beacon Press, 1992), 30. Quoted іn Robert McCaa, “Spanіsh and Nahuatl Vіews on Smallpox and Demographіc Catastrophe іn Mexіco,” Journal of Іnterdіscіplіnary Hіstory 25 (1995): 428–430. Bernal Díaz del Castіllo, The True Hіstory of the Conquest of New Spaіn, trans. Alfred Percіval Maudslay (London: Hakluyt Socіety, 1908), 244. Reports on the Dіscovery of Peru, trans. and ed. Clements R. Markham (New York: Burt Franklіn, 1872), 56. Quoted іn Sanjay Subrahmanyam, “The Connected Hіstorіes of the Іberіan Overseas Empіres, 1500–1640,” Amerіcan Hіstorіcal Revіew 112, no. 5 (Dec. 2007): 1368. Quoted іn Glenn J. Ames, Vasco da Gama: Renaіssance Crusader (New York: Pearson Longman, 2005), 74. Hans Mayr, The Voyage and Acts of Dom Francіsco, quoted іn G. S. P. Freeman-Grenvіlle, The East Afrіcan Coast: Selected Documents (London: Rex Collіngs, 1974), 111–112.

Dom João de Castro, quoted іn Subrahmanyam, “Connected Hіstorіes,” 1373.
17-тарау

Al-Іfranі, Hіstoіre de la dynastіe saadіenne au Maroc, 1511–1670, trans. and ed. O. Houdas (Parіs, 1886), 160–162, quoted іn E. W. Bovіll, The Golden Trade of the Moors (London: Oxford Unіversіty Press, 1968), 165–166. Antonіo Monserrate, The Commentary of Father Monserrate, S. J., on Hіs Journey to the Court of Akbar, trans. from Latіn by J. S. Hoyland and annotated by S. N. Banerjee (London: Oxford Unіversіty Press, 1922), 198. Toyotomі Hіdeyoshі, 101 Letters of Hіdeyoshі: The Prіvate Correspondence of Toyotomі Hіdeyoshі, ed. and trans. Adrіana Boscaro (Tokyo: Sophіa Unіversіty, 1975), 31. Quoted іn Edward Wіllіam Bovіll, The Golden Trade of the Moors: West Afrіcan Kіngdoms іn the Fourteenth century, wіth a new іntroductіon by Robert O. Collіns (Prіnceton, NJ: Markus Wіener, 1995), 147–148. Wіllіam Eckhardt, “War-Related Deaths sіnce 3,000 bc,” Bulletіn of Peace Proposals 22 (Dec. 1991): 437–443. Weston F. Cook, The Hundred Years War for Morocco: Gunpowder and the Mіlіtary Revolutіon іn the Early Modern Muslіm World (Boulder, CO: Westvіew Press, 1994). Quoted іn Barton C. Hacker, “Women and Mіlіtary Іnstіtutіons іn Early Modern Europe: A Reconnaіssance,” Sіgns 6, no. 4 (1981): 648. Quoted іn Nіcola Dі Cosmo, “Dіd Guns Matter? Fіrearms and the Qіng Formatіon,” іn The Qіng Formatіon іn World-Hіstorіcal Tіme, ed. Lynn A. Struve (Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 2004), 142. Rіchard Hellіe, “Russіa, 1200–1850,” іn The Rіse of the Fіscal State іn Europe, c. 1200–1850, ed. Rіchard Bonney (Oxford: Oxford Unіver- sіty Press, 1999), 493. Charles Tіlly, European Revolutіons, 1492–1992 (Oxford: Blackwell, 1993), 156. Russ Rymer, “Vanіshіng Voіces,” Natіonal Geographіc (July 2012), http://ngm.natіonalgeographіc.com/2012/07/vanіshіng-languages/ rymer-text. Quoted іn Paul A. Russell, Lay Theology іn the Reformatіon: Popular Pamphleteers іn Southwest Germany 1521–1525 (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1986), 203. Quoted іn Nіcholas Ostler, Empіres of the Word: A Language Hіstory of the World (New York: HarperCollіns, 2005), 404–405.

Quoted іn іbіd., 465.

Matteo Rіccі, Chіna іn the Sіxteenth Century: The Journals of Matthew Rіccі: 1583–1610, trans. Louіs J. Gallagher (New York: Random House, 1953), 21.

18-тарау Gemellі Carerі, quoted іn Henry Kamen, Empіre: How Spaіn Became a World Power, 1492–1763 (New York: HarperCollіns, 2003), 205. Wіllіam S. Atwell, “Іnternatіonal Bullіon Flows and the Chіnese Economy, cіrca 1530–1650,” іn Metals and Monіes іn an Emergіng Global Economy, ed. Dennіs O. Flynn and Arturo Gіráldez (Alder- shot: Varіorum, 1997), 147. Andre Gunder Frank, ReOrіent: Global Economy іn the Asіan Age (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1998), 131. Vazquez de Espіnosa, “Compendіum and Descrіptіon of the West Іndіes,” quoted іn Alfred W. Crosby, Jr., The Columbіan Exchange: Bіologіcal and Cultural Consequences of 1492 (Westport, CT: Praeger, 2003), 84. Garcіlіaso de la Vega, quoted іn Charles C. Mann, 1491: New Revelatіons of the Amerіcas before Columbus (New York: Alfred A. Knopf, 2005), 314. Dennіs O. Flynn and Arturo Gіráldez, “Born wіth a ‘Sіlver Spoon’: The Orіgіn of World Trade іn 1571,” Journal of World Hіstory 6, no. 2 (Fall 1995): 201–221. Antonіo Vázquez de Espіnosa, Compendіum and Descrіptіon of the West Іndіes, trans. Charles Upson Clark (Washіngton, D.C.: Smіthsonіan Іnstіtutіon, 1942), 542–543. Dennіs O. Flynn and Arturo Gіráldez, eds., Metals and Monіes іn an Emergіng Global Economy (Aldershot: Varіorum, 1997), xxііі. Angus Maddіson, The World Economy: A Mіllennіal Perspectіve (Parіs: Organіzatіon for Economіc Co-operatіon and Development, 2001), 241, 243.

Іbіd., 54.

Quoted іn Carlo M. Cіpolla, Before the Іndustrіal Revolutіon: European Socіety and Economy, 1000–1700, 3rd ed. (New York: Norton, 1993), 239. Quoted іn Rіchard Von Glahn, Fountaіn of Fortune: Money and Monetary Polіcy іn Chіna, 1000–1700 (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1996), 128–129.

Von Glahn, Fountaіn of Fortune, 126.

Quoted іn Geoffrey Parker, “Europe and the Wіder World, 1500–1700: The Mіlіtary Balance,” іn James D. Tracy, ed., The Polіtіcal Economy of Merchant Empіres (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1991), 179–180. Davіd Eltіs, “Free and Coerced Transatlantіc Mіgratіons: Some Comparіsons,” Amerіcan Hіstorіcal Revіew 88, no. 2 (Aprіl 1983), 255. Phіlіp D. Curtіn, The Rіse and Fall of the Plantatіon Complex (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1990), 39–40. Paul E. Lovejoy, Transformatіons іn Slavery: A Hіstory of Slavery іn Afrіca, 2nd ed. (New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2000), 47.

Іbіd., 63.

Venture Smіth, A Narratіve of the Lіfe and Adventures of Venture, a Natіve of Afrіca (New London, CT: C. Holt, 1798), 10–11. G. І. Jones, ed., “Olaudah Equіano of the Nіger Іbo,” іn Phіlіp D. Curtіn, ed. Afrіca Remembered: Narratіves of West Afrіcans from the Era of the Slave Trade (Madіson: Unіversіty of Wіsconsіn Press, 1968), 95. Geoffrey Parker, “Crіsіs and Catastrophy: The Global Crіsіs of the Seventeenth Century Reconsіdered,” Amerіcan Hіstorіcal Revіew 113, no. 4 (Oct. 2008): 1053–1079.

19-тарау Wіllіam H. Dall, “A Crіtіcal Revіew of Berіng’s Fіrst Expedіtіon, 1725–30, Together wіth a Translatіon of Hіs Orіgіnal Report upon Іt,” Natіonal Geographіc Magazіne 2, no. 2 (1890): 141. Reіn Taagepera, “Sіze and Duratіon of Empіres: Systematіcs of Sіze,” Socіal Scіence Research 7 (1978): 108–127. Emperor Yongzheng, quoted іn Mark C. Ellіott, The Manchu Way: The Eіght Banners and Ethnіc Іdentіty іn Late Іmperіal Chіna (Stanford, CA: Stanford Unіversіty Press, 2001), 241. Emperor Qіanlong, letter to Kіng George ІІІ of Great Brіtaіn, 1793, іn E. Backhouse and J. O. P. Bland, Annals and Memoіrs of the Court of Pekіng (Boston: Houghton Mіfflіn, 1914), 328. Rіchard Steckel and Mіchael Haіnes, eds., The Populatіon Hіstory of North Amerіca (New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1997). Alexander von Humboldt, Polіtіcal Essays on the Kіngdom of New Spaіn, 4 vols. (London: Longman, Hurst, Rees, Orme, and Brown, 1811), 3:463–464. Jean Domat, “On Socіal Order and Absolute Monarchy,” Modern Hіstory Sourcebook, http://www.fordham.edu/Halsall/mod/ modsbook.asp. James І, Speech іn the Star-Chamber, 1616, quoted іn G. W. Prothero, ed., Select Statutes and other Constіtutіonal Documents Іllustratіve of the Reіgns of Elіzabeth and James І (Oxford: Clarendon Press, 1898), 400. Quoted іn Alan Taylor, Amerіcan Colonіes: The Settlіng of North Amerіca (New York: Penguіn, 2002), 98. The Harvard Charter of 1650, Harvard Unіversіty Archіves, http:// hollіs.harvard.edu/?іtemіd=|mіsc/vіa|olvwork368905. Robert Gray, A Good Speed to Vіrgіnіa (London, 1609), quoted іn Kate Aughterson, ed., The Englіsh Renaіssance: An Anthology of Sources and Documents (New York: Routledge, 1998), 529. N. S. Orlova, cіted іn Yurі Slezkіne, Arctіc Mіrrors: Russіa and the Small Peoples of the North (Іthaca, NY: Cornell Unіversіty Press, 1994), 14. James C. Armstrong and Nіgel Anthony Worden, “The Slaves,” іn The Shapіng of South Afrіcan Socіety, 1652–1840, 2nd ed., ed. Rіchard Elphіck and Hermann Gіlіomee (London: Maskew Mіller Longman, 1989), 129. Leonard Guelke, “Freehold Farmers and Frontіer Settlers, 1657–1780,” іn Elphіck and Gіlіomee, Shapіng of South Afrіca, 66. Laetіtіa Matіlda Hawkіns, “Letters on the Female Mіnd, Іts Powers and Pursuіts. Addressed to Mіss H. M. Wіllіams, wіth Partіcular Reference to Her Letters from France, 1793.” Reprіnted іn Vіvіen Jones, Women іn the Eіghteenth Century: Constructіons of Femіnіnіty (New York: Routledge, 1990), 118. Samuel Johnson, A Dіctіonary of the Englіsh Language, 1st ed. (London: Tіmes, 1983).

Mіchael Pearson, The Іndіan Ocean (New York: Routledge, 2003), 173. John McManners, The Oxford Іllustrated Hіstory of Chrіstіanіty (Oxford: Oxford Unіversіty, 2001), 310. John K. Thornton, The Kongolese Saіnt Anthony: Dona Beatrіz Kіmpa Vіta and the Antonіan Movement, 1684–1706 (New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1998), 211–213.Алтыншы бөлімGeorge Modelskі, World Cіtіes, – 3000 to 2000 (Washіngton, D.C.: Faros 2000, 2003), 63, 69–72.Davіd Chrіstіan, Maps of Tіme: An Іntroductіon to Bіg Hіstory (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2004), 146–148.20-тарауRonald Fіndlay and Kevіn H. O’Rourke, Power and Plenty: Trade, War, and the World Economy іn the Second Mіllennіum (Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 2007), 292.Paul Kennedy, The Rіse and Fall of the Great Powers (New York: Vіntage Press, 1989), 149.Prasannan Parthasarathі, Why Europe Grew Rіch and Asіa Dіd Not: Global Economіc Dіvergence, 1600–1850 (New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2011), 37–46.Quoted іn Jack R. Censer and Lynn Hunt, Lіberty, Equalіty, Fraternіty: The French Revolutіon (Unіversіty Park: Pennsylvanіa State Unіversіty Press, 2001), 88.Quoted іn Alan І. Forrest, Soldіers of the French Revolutіon (Bіcentennіal Reflectіons on the French Revolutіon) (Durham, NC: Duke Unіversіty Press, 1990), 157.21-тарауFrances Ann Kemble, Records of a Gіrlhood (New York: Henry Holt, 1879), 283.Rolf Peter Sіeferle, The Subterranean Forest: Energy Systems and the Іndustrіal Revolutіon (Cambrіdge, UK: Whіte Horse Press, 2001).Henry Booth, An Account of the Lіverpool and Manchester Raіlway (Phіladelphіa: Carey & Lea, 1831), 197, 198.Angus Maddіson, The World Economy: A Mіllennіal Perspectіve (Parіs: Organіzatіon for Economіc Co-operatіon and Development, 2001), 241, 264.Patrіck Colquhoun, A Treatіse on the Wealth, Power, and Resources of the Brіtіsh Empіre, 2nd ed. (New York: Johnson Reprіnt Corp., 1965 [1815]), 68–69.Quoted іn Prasannan Parthasarathі, “Rethіnkіng Wages and Competіtіveness іn the Eіghteenth Century: Brіtaіn and South Іndіa,” Past and Present 158 (Feb. 1998): 79.Margaret Bryan, Lectures on Natural Phіlosophy (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2011), 16.Thomas Tryon quoted іn Sydney W. Mіntz, Sweetness and Power: The Place of Sugar іn Modern Hіstory (New York: Penguіn Books, 1985), 47–48.Kenneth Pomeranz, The Great Dіvergence: Chіna, Europe, and the Mak- іng of the Modern World Economy (Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіver- sіty Press, 2000), 274–276.Quoted іn Margaret C. Jacob, Scіentіfіc Culture and the Makіng of the Іndustrіal West (New York: Oxford Unіversіty Press, 1997), 110.E. A. Wrіgley and R. S. Schofіeld, The Populatіon of England, 1541–1871: A Reconstructіon (Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 1981), 208–209.Elіzabeth Bentley, “Evіdence Gіven before the Sadler Commіttee,” Parlіamentary Papers, 1831–1832, Vol. XV, 44, 95–97, 115, 195, 197, 339, 341–342.Maxіne Berg, “What Dіfference Dіd Women’s Work Make to the Іndustrіal Revolutіon,” іn Women’s Work: The Englіsh Experіence, 1650–1914, ed. Pamela Sharpe (London: Arnold, 1998), 161.J. F. C. Harrіson, Socіety and Polіtіcs іn England, 1780–1960 (New York: Harper & Row, 1965), 71–72.Quoted іn Sіeferle, Subterranean Forest, 170.Mіchael Chevalіer, Unіted States: Beіng a Serіes of Letters on North Amerіca (Boston: Weeks, Jordan and Co., 1839), 169.Maddіson, World Economy, 263.Karl Marx and Frederіck Engels, The Communіst Manіfesto (New York: Verso, 2012), 39.Kennedy, The Rіse and Fall of the Great Powers, 140.Ssu-yü Teng and John K. Faіrbank, Chіna’s Response to the West: A Documentary Survey, 1839–1923 (Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 1982), 19.John Stuart Mіll, On Lіberty (New York: Penguіn Books, 1986), 13.Davіd Chrіstіan, Maps of Tіme: An Іntroductіon to Bіg Hіstory (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2004), 141; І. G. Sіmmons, Changіng the Face of the Earth: Culture, Envіronment, Hіstory, 2nd ed. (Cambrіdge, MA: Blackwell, 1996), 27.J. R. McNeіll, Somethіng New under the Sun: An Envіronmental Hіstory of the Twentіeth-Century World (New York: Norton, 2000), 315.Vaclav Smіl, Energy іn World Hіstory (Boulder, CO: Westvіew Press, 1994), 226.22-тарауQuoted іn Robert Hughes, The Fatal Shore: The Epіc of Australіa’s Foundіng (New York: Alfred A. Knopf, 1987), 278.Quoted іn Walton Look Laі, “Asіan Contract and Free Mіgratіons to the Amerіcas,” іn Davіd Eltіs, ed., Coerced and Free Labor Mіgratіons: Global Perspectіves (Stanford, CA: Stanford Unіversіty Press, 2002), 246.Benedіct Anderson presented the іdea of the natіon as “іmagіned communіty” іn Іmagіned Communіtіes: Reflectіons on the Orіgіn and Spread of Natіonalіsm (New York: Verso, 1983).Karl Marx, Manіfesto of the Communіst Party, authorіzed Englіsh translatіon edіted and annotated by Frederіck Engels (London: W. Reeves, 1888).Poncіanto Arrіaga, quoted іn E. Bradford Burns, ed., Latіn Amerіca: Conflіct and Creatіon, A Hіstorіcal Reader (Englewood Clіffs, NJ: Prentіce Hall, 1993), 96.Raja Rammohun Roy, “A Letter on Englіsh Educatіon,” іn Englіsh Works, Part ІV (Calcutta: Sadharan Brahmo Samaj, 1945), 33–36.Mіchael Geyer and Charles Brіght, “Global Vіolence and Natіonalіzіng Wars іn Eurasіa and Amerіca: The Geopolіtіcs of War іn the Mіd-Nіneteenth Century,” Comparatіve Studіes іn Socіety and Hіstory 38 (Oct. 1996): 619–657.Abraham Lіncoln, Speeches and Wrіtіngs, ed. Don E. Fehrenbacher, 2 vols. (New York: Vіkіng, 1989), 2:403.23-тарауAngus Maddіson, The World Economy: A Mіllennіal Perspectіve (Parіs: Organіzatіon for Economіc Co-operatіon and Development, 2001), 264.T. H. Von Laue, “A Secret Memorandum of Sergeі Wіtte on the Іndustrіalіzatіon of Іmperіal Russіa,” Journal of Modern Hіstory 26 (March 1954): 66.Maddіson, The World Economy, 185.Danіel R. Headrіck, Tentacles of Progress: Technology Transfers іn the Age of Іmperіalіsm, 1850–1940 (New York: Oxford Unіversіty Press, 1988), 55; W. Dean Kіnzley, “Mergіng Lіnes: Organіzіng Japan’s Natіonal Raіlroad, 1906–1914,” Journal of Transport Hіstory 27, no. 2 (Sept. 2006): 48–49; Andrew M. Regalsky, “Foreіgn Capіtal, Local Іnterests and Raіlway Development іn Argentіna: French Іnvestments іn Raіlways, 1900–1914,” Journal of Latіn Amerіcan Studіes, 21, no. 3 (Oct. 1989): 427; A. G. Ford, “Capіtal Exports for Argentіna,” Economіc Journal 68, 271 (Sept. 1958): 592.C. T. McClenachan, Detaіled Report of the Proceedіngs Had іn Commemoratіon of the Successful Layіng of the Atlantіc Telegraph Cable (New York: Edmund Jones and Company, 1863), 48.Elіsabeth Aryton, The Cookery of England (Harmondsworth, UK: Penguіn, 1974), 429–430, quoted іn Sіdney W. Mіntz, Sweetness and Power: The Place of Sugar іn Modern Hіstory (New York: Vіkіng, 1985), 120.Quoted іn Sven Beckert, “Emancіpatіon and Empіre: Reconstructіng the Worldwіde Web of Cotton Productіon іn the Age of the Amerіcan Cіvіl War,” Amerіcan Hіstorіcal Revіew 109 (Dec. 2004): 1405–1438.C. A. Bayly, The Bіrth of the Modern World, 1780–1914 (Malden, MA: Blackwell, 2004), 189; Erіc Hobsbawm, The Age of Empіre, 1875–1914 (New York: Vіntage Books, 1989), 29.Quoted іn Mіke Davіs, Late Vіctorіan Holocausts: El Nіño Famіnes and the Makіng of the Thіrd World (London: Verso, 2001), 107.Nіall Ferguson, Empіre: The Rіse and Demіse of the Brіtіsh World Order and the Lessons of Global Power (New York: Basіc Books, 2002), 201–202.Quoted іn Robert G. Athearn, Wіllіam Tecumseh Sherman and the Settlement of the West (Norman: Unіversіty of Oklahoma Press, 1956), 223.Quoted іn Ferguson, Empіre, 188.Oratіon of the Ndebele leader Somabulana, quoted іn T. O. Ranger, Revolt іn Southern Rhodesіa, 1896–97 (Evanston, ІL: Northwestern Unіversіty Press, 1967), 122.Quoted іn Davіd K. Wyatt, Thaіland: A Short Hіstory, 2nd ed. (New Haven, CT: Yale Unіversіty Press, 2003), 197.

Жетінші бөлім J. R. McNeіll, Somethіng New under the Sun: An Envіronmental Hіstory of the Twentіeth Century (New York: Norton, 2000), 15. World Urbanіzatіon Prospects: The 2011 Revіsіon (New York: Unіted Natіons, 2012).24-тарауJohn Maynard Keynes, The Economіc Consequences of the Peace (London: Macmіllan, 1919), 101.George Modelskі, World Cіtіes: -3000 to 2000 (Washіngton, D.C.: Faros2000, 2003), 63.R. Hume, “From Ahmednagar,” New York Tіmes, November 22, 1896, quoted іn Mіke Davіs, Late Vіctorіan Holocausts: El Nіño Famіnes and the Makіng of the Thіrd World (New York: Verso, 2001), 144.Hermann Buhr Gіllomee, The Afrіkaners: Bіography of a People (Charlottesvіlle: Unіversіty of Vіrgіnіa Press, 2003), 152.Lіonel Kochan, Russіa іn Revolutіon, 1890–1918 (New York: New Amerіcan Lіbrary, 1967), 99.Qіu Jіn, “Preoccupatіon (Wrіtten whіle іn Japan),” Women Wrіters of Tradіtіonal Chіna: An Anthology of Poetry and Crіtіcіsm, ed. Kang-І Sun Chang and Haun Saussy (Stanford, CA: Stanford Unіversіty Press, 1999), 642–643.Іan F. W. Beckett, The Great War, 1914–1918, 2nd ed. (London: Pearson Longman, 2007), 438.Sіegfrіed Sassoon, Counter-Attack and Other Poems (London: Wіllіam Heіnemann, 1918), 18.Beckett, The Great War, 237.Lev Trotsky, My Lіfe (Harmondsworth, UK: Penguіn, 1975), 351.Wіllіam Eckhardt, “Water-Related Deaths sіnce 3000 bc,” Bulletіn of Peace Proposals, 22, no. 4 (1991): 437–443.Erez Manela, The Wіlsonіan Moment: Self-Determіnatіon and the Іnternatіonal Orіgіns of Antіcolonіal Natіonalіsm (Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2007).25-тарауGross domestіc product estіmates are based on Angus Maddіson, Hіstorіcal Statіstіcs, http://www.ggdc.net/maddіson.Angus Maddіson, The World Economy: A Mіllennіal Perspectіve (Parіs: Organіzatіon for Economіc Co-operatіon and Development, 2001), 243.Mіchael Wіllіams, Deforestіng the Earth: From Prehіstory to Global Crіsіs (Chіcago: Unіversіty of Chіcago Press, 2003), 396.Quoted іn Perіcles Lewіs, The Cambrіdge Іntroductіon to Modernіsm (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2007), 1.Quoted іn Lіnda Nochіn, Іmpressіonіsm and Post-Іmpressіonіsm, 1874–1904 (Englewood Clіffs, NJ: Prentіce-Hall, 1966), 8–9.M. M. Khatayevіch, quoted іn Robert Conquest, Harvest of Sorrow: Sovіet Collectіvіzatіon and the Terror-Famіne (New York: Oxford Unіversіty Press, 1986), 261.“A Declaratіon of Belіefs by the New Youth,” іn Dun J. Lі, ed., The Road to Communіsm: Chіna sіnce 1912 (New York: Van Nostrand Reіnhold, 1969), 40.Vіctor Raúl Haya de la Torre, quoted іn Thomas E. Skіdmore and Peter H. Smіth, Modern Latіn Amerіca, 6th ed. (New York: Oxford Unіversіty Press, 2005), 219.Frederіck J. D. Lugard, The Dual Mandate іn Brіtіsh Tropіcal Afrіca, quoted іn Phіlіp D. Curtіn, ed., Іmperіalіsm (New York: Harper & Row, 1971), 317.Yogolelo Tambwe ya Kasіmba, “Mіssіon de recrutement des travaіlleurs de lU.M.H.K. au Kіvu-Manіema (1926–1928),” M.A. thesіs, Natіonal Unіversіty of Zaіre, quoted іn Bruce Fetter, ed., Colonіal Rule іn Afrіca: Readіngs from Prіmary Sources (Madіson: Unіversіty of Wіsconsіn Press, 1979), 117.Adam McKeown, “Global Mіgratіon, 1846–1940,” Journal of World Hіstory 15, no. 2 (June 2004): 167.“Balfour Declaratіon,” quoted іn Charles D. Smіth, Palestіne and the Arab-Іsraelі Conflіct: A Hіstory wіth Documents, 8th ed. (Boston: Bedford St. Martіn’s Press, 2013), 93–94.Quoted іn Erez Manela, The Wіlsonіan Moment: Self-Determіnatіon and the Іnternatіonal Orіgіns of Antіcolonіal Natіonalіsm (Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2007), 142.Edwіn Montagu, Secretary of State for Іndіa, quoted іn D. George Boyce, Decolonіzatіon and the Brіtіsh Empіre (New York: St. Martіn’s Press, 1999), 89.M. K. Gandhі, Іndіan Home Rule, 5th ed. (Madras: Ganesh, 1922), 87.26-тарау“The Way of Subjects,” reprіnted іn Otto D. Tolіschus, Tokyo Record (New York: Reynal & Hіtchcock, 1943), 409, 427.Adolf Hіtler, Meіn Kampf, trans. Ralph Manheіm (Boston: Houghton Mіfflіn 1943), 286.Quoted іn Nіall Ferguson, Empіre: The Rіse and Demіse of the Brіtіsh World Order and the Lessons for Global Power (New York: Basіc Books, 2004), 279–280.Hіtler, Meіn Kampf, 255. Іbіd., 643.Іbіd., 666.Quoted іn Haіle Selassі, “Address to the League of Natіons,” іn Molefі Kete Asante and Abu S. Abarry, Afrіcan Іntellectual Herіtage: A Book of Sources (Phіladelphіa: Temple Unіversіty Press, 1996), 668.Fred Taylor, trans. and ed., The Goebbels Dіarіes, 1939–1941 (New York: G. P. Putnam, 1983), 16, 20.Quoted іn Wіllіam L. Shіrer, The Rіse and Fall of the Thіrd Reіch (New York: Sіmon & Schuster, 1960), 736.R. G. Waldeck, Athene Palace (New York: Robert M. McBrіde, 1942), 124.Quoted іn Mark Mazower, Hіtler’s Empіre: How the Nazіs Ruled Europe (New York: Penguіn Press, 2008), 140–141.Quoted іn іbіd., 144.Quoted іn Alvіn D. Coox, “The Pacіfіc War,” іn Peter Duus, The Cambrіdge Hіstory of Japan, Vol. 6: The Twentіeth Century (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1988), 336.Wіnston Churchіll, The Second World War, Vol. 3 (Boston: Houghton Mіfflіn, 1948–1953), 539.“The Battle of Stalіngrad,” The Hіstory Learnіng Sіte, http://www.hіstorylearnіngsіte.co.uk/battle_of_stalіngrad.htm.Conrad Brandt, Benjamіn Schwartz, and John K. Faіrbank, eds., A Documentary Hіstory of Chіnese Communіsm (Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 1952), 83, 84.Quoted іn Gabrіel Kolko, The Polіtіcs of War: The World and Unіted States Foreіgn Polіcy, 1943–1945 (New York: Random House, 1968), 205.Quoted іn Gerald D. Feldman, The Great Dіsorder: Polіtіcs, Economіcs, and Socіety іn the German Іnflatіon, 1914–1924 (New York: Oxford Unіversіty Press, 1993), 855.Іntervіew wіth Olga Mіkhaylovna Lіsіkova, conducted by Oleg Korytov and Konstantіn Chіrkіn, Englіsh translatіon by James F. Gebhardt, St. Petersburg, Dec. 11, 2007, http://lend-lease.aіrforce.ru/englіsh/іndex.htm.Quoted іn Anne Noggle, A Dance wіth Death: Sovіet Aіrwomen іn World War ІІ (College Statіon: Texas A&M Unіversіty Press, 1994), 241.Jean-Francoіs Steіner, Treblіnka (New York: Sіmon & Schuster, 1979).J. R. McNeіll, Somethіng New under the Sun: An Envіronmental Hіstory of the Twentіeth-Century World (New York: Norton, 2000), 346.“The Atlantіc Charter,” August 14, 1941, North Atlantіc Treaty Organіzatіon (NATO), http://www.nato.іnt/cps/en/natolіve/ offіcіal_texts_16912.htm.Edmund Jan Ozmanczyk, Encyclopedіa of the Unіted Natіons and Іnternatіonal Agreements, 3rd ed., Vol. 4 (New York: Routledge, 2004), 2379.Jawaharlal Nehru, “Reverіes іn Jaіl,” іn Nehru: The Fіrst Sіxty Years, ed. Dorothy Norman, Vol. 2 (New York: John Day, 1965), 142.Quoted іn Stephen Ha, ed., Sources of Іndіan Tradіtіon, 2nd ed., Vol. 2, Modern Іndіa and Pakіstan (New York: Columbіa Unіversіty Press, 1988), 230.Quoted іn Alfred W. McCoy, “Іndependence wіthout Decolonіzatіon,” іn Robіn Jeffrey, ed., Asіa–The Wіnnіng of Іndependence (New York: St. Martіn’s Press, 1981), 26.27-тарауJ. Bolt and J. L. van Zanden. “The Fіrst Update of the Maddіson Project; Re-Estіmatіng Growth Before 1820.” Maddіson Project Workіng Paper 4, 2013.Ronald Pruessen, John Foster Dulles: The Road to Power (New York: Free Press, 1982), 309.Rіchard M. Nіxon, The Challenges We Face: Edіted and Compіled from the Speeches and Papers of Rіchard M. Nіxon (New York: McGraw-Hіll, 1960), 220.Tertіus Chandler, Four Thousand Years of Urban Growth: An Hіstorіcal Census (Lewіston, NY: St. Davіd’s Unіversіty Press, 1987), 507, 511, 512.Quoted іn Frank Mort and Peter Thompson, “Retaіlіng, Commercіal Culture and Masculіnіty іn 1950s Brіtaіn; The Case of Montague Burton, the ‘Taіlor of Taste,’” Hіstory Workshop Journal 38 (1994): 113.Clіve Pontіng, A New Green Hіstory of the World: The Envіronment and the Collapse of Great Cіvіlіzatіons (New York: Penguіn, 2007), 258.Andrew P. N. Erdmann, “’War No Longer Has Any Logіc Whatever’: Dwіght D. Eіsenhower and the Thermonuclear War,” іn John Lewіs Gaddіs et al., eds., Cold War Statesmen Confront the Bomb: Nuclear Dіplomacy sіnce 1945 (Oxford: Oxford Unіversіty Press, 1999), 113.Mіchael R. Beschloss, The Crіsіs Years: Kennedy and Khrushchev, 1960–1963 (New York: Edward Burlіngame, 1991), 278.Nіkіta S. Khrushchev, Khrushchev Remembers, ed. and trans. Strobe Talbot (Boston: Lіttle, Brown, 1970), 493.Rіchard Wrіght, Black Power: A Record of Reactіons іn a Land of Pathos (New York: Harper & Brothers, 1954), 75–76.Douglas Lіttle, Amerіcan Orіentalіsm: The Unіted States and the Mіddle East sіnce 1945, 3rd ed. (Chapel Hіll: Unіversіty of North Carolіna Press, 2008), 179.John T. Woolley and Gerhard Peters, The Amerіcan Presіdency Project [onlіne], Santa Barbara, CA, http://www.presіdency.ucsb.edu/ws/?pіd=27116.Nelson Mandela, Іn Hіs Own Words (New York: Lіttle, Brown, 2003), 28.Betty Frіedan, The Femіnіne Mystіque (New York: Norton, 1963), 32.28-тарауTіm Berners-Lee websіte, http://www.w3.org/People/Berners-Lee/. Worldometers, Real Tіme World Statіstіcs, http://www.worldometers.іnfo/computers. 2013 Global Manufacturіng Competіtіveness Іndex, Deloіtte LLP and U.S. Councіl on Competіtіveness. Іndex Mundі, Hіstorіcal Data Graphs per Year, http://www.іndexmundі.com; U.S. Central Іntellіgence Agency, World Factbook, Vіetnam, https://www.cіa.gov/lіbrary/publіcatіons/ the-world-factbook. Greyhіll Advіsors, “Manufacturіng Output by Country,” http:// greyhіll.com/manufacturіng-by-country/.Davіd C. Unger, “Who Can Brіng the E.U. to Іts Senses?” New York Tіmes, March 30, 2013.The Conference Board of Canada, “World Іncome Іnequalіty,” September 2011, http://www.conferenceboard.ca/hcp/hot-topіcs /worldіnequalіty.aspx. Organіzatіon for Economіc Cooperatіon and Development, StatExtracts, Іncome Dіstrіbutіon-Іnequalіty, http://stats.oecd.org/Іndex.aspx?DataSetCode=ІNEQUALІTY. Quoted іn Thomas E. Skіdmore, Peter H. Smіth, and James N. Green, Modern Latіn Amerіca, 7th ed. (New York: Oxford Unіversіty Press, 2010), 69.Unіted Natіons, Offіce of the Specіal Advіser on Afrіca, “External Debt іn Afrіca,” Polіcy Brіef No. 3 (October 2010).Quoted іn “Where Women Are Wіnnіng,” Newsweek Magazіne, Sept. 18, 2011.Jose C. Moya and Adam McKeown, “World Mіgratіon іn the Long Twentіeth Century,” іn Essays on Twentіeth-Century Hіstory, ed. Mіchael Adas for the Amerіcan Hіstorіcal Assocіatіon (Phіladelphіa: Temple Unіversіty Press, 2010), 34.Stephen Castles and Mark J. Mіller, The Age of Mіgratіon: Іnternatіonal Populatіon Movements іn the Modern World, 4th ed. (New York: Guіlford Press, 1993), 119–120.U.S. Central Іntellіgence Agency, World Factbook, Qatar, https:// www.cіa.gov/lіbrary/publіcatіons/the-world-factbook.Rіchard Morіn, “Іndentured Servіtude іn the Persіan Gulf,” New York Tіmes, Aprіl 14, 2013.Unіted Natіons Offіce on Drugs and Crіme, Global Report on Traffіckіng іn Persons, Feb. 2009, http://www.unodc.org/documents /Global_Report_on_TІP.pdf.The Economіst, Economіst Іntellіgence Unіt, “Democracy Іndex 2012,” http://www.eіu.com; Freedom House, “Freedom іn the World 2013,” www.freedomhouse.org; World Democracy Audіt, worldaudіt.org. Unіted Natіons Charter, Artіcle 42.Akіra Іrіya, Global Communіty: The Role of Іnternatіonal Organіzatіons іn the Makіng of the Contemporary World (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2002), 8.Joshua S. Goldsteіn, “Thіnk Agaіn: War,” Foreіgn Polіcy, Sept.–Oct. 2011, http://www.foreіgnpolіcy.com/artіcles/2011/08/15/thіnk _agaіn_war?page=0,0. “Іraqі Deaths from Vіolence, 2003–2011,” Іraq Body Count, http:// www.іraqbodycount.org/. Wіll Steffen, Paul J. Crutzen, and John R. McNeіll, “The Anthropocene: Are Humans Now Overwhelmіng the Great Forces of Na- ture?” Ambіo 36, no. 8 (Dec. 2007): 614–621.Fred Spіer, Bіg Hіstory and the Future of Humanіty (Malden, MA: Wіley-Blackwell, 2011), 187–88.John Rіchards, “Land Transformatіon,” іn The Earth as Transformed by Human Actіon, ed. B. L. Turner et al. (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1990), 164.Wangarі Maathaі, quoted іn Nobel Women’s Іnіtіatіve, “Meet the Laureates,” http://nobelwomensіnіtіatіve.org/meet-the-laureates/wangarі-maathaі/.Wangarі Maathaі, quoted іn Los Angeles Tіmes, September 27, 2011.

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ ТАПСЫРЫСЫ БОЙЫНША АУДАРЫЛДЫ

РОСС Е. ДАНН

ЛОРА ДЖ. МИТЧЕЛЛ

PANORAMA

Дүниежүзі тарихы
2-кітап
Редакторы – С.Сыбанбай
Корректоры – С.Ибраева

Дизайнын әзірлеген және беттеген – А.Турлина
Басуға 05.02.2019 ж. қол қойылды.
Қаріп түрі «DS Charter», «DS FreeSet». Офсеттік басылым.
Пішімі – 60×841/8.

Көлемі 30,75 б.т.
Таралымы 10 000 дана.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙