TELEGEI

Home

Этнографпен әңгіме

Қасымхан Бегманов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Этнографпен әңгіме

Бұл кітаптан халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, арғы-бергі тарихы, көне мәдениеті, ескі сөздері, ұлттық киімі, тағамы, төрт түлік малы, ырымдары мен тыйымдары, жорамалдары, саятшылық дәстүрі, қазақ күнтізбесі, түс жоруы, жыл қайыруы, жеті ата жолы, жеті қазынасы, қазақ өлшем...

Қасымхан Бегманов. Этнографпен әңгіме

Руханият бұлағы

(Алғысөз орнына)

Қолыңыздағы осынау кітапты руханияттың бастау бұлағы деуге негіз мол. Ол – қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүр, күллі этнографиялық құндылықтарының бір парасы іспетті. Жағда Бабалықұлы сынды көргенбілгенін санаға тоқыған, соларды өмір бойы насихаттап, дәріптеген абыз қарияның соңында қалған асыл мұрасы – өте көлемді дүние. Өз жүрек әмірімен жиып-теріп, хатқа түсіріп, там-тұмдап баспасөз беттерінде жариялап, сұхбаттарында тереңнен толғап, сөз етіп келген баға жетпес құндылықтар. Иә, тек өз қалауы, өз жүрегінің әмірімен білгенін ортаға салып, келешек ұрпаққа жеткізуге кұмбыл болған текті адамның жан сыры десе де жарасқандай. Арғы-бергіде қазақта этногроф-ғалымдар болды ма? Болғанда қандай! Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов (археолог болса да), Кемел Ақышев, кешегі өткен этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбековтердің өзі не тұрады?! Шүкір, этнографияға ден қойған көзі тірі өзге қандастар да аз емес. Бірыңғай этнографиялық жайларды қаузаумен ғұмыр кешкен Жақаң да солардың қатарынан еді. Мына кітапқа сыр-сұхбат түрінде енген ой толғамдар, оның көзі тірісінде кең ауқымда қағазға түсірілген інжу-маржан іспетті айғақақиқат, мағлұмат-мәліметтер. Бұлардың халыққа керек көшелі дүниелер екені шүбәсіз. Көзі тірісінде артына үлкен мұра қалдырған ардақтыларымыздың бірі емес пе? Қайран, шежіре қарияның білетіні өте көп, тым көп-ақ едіау... Әйтеуір бірақ бір азаматымыз үлгеріпті-ау! Олай дейтініміз, осында айтылғандардың жартысынан астамы республикалық «Ана тілі» газеті мен «Дәстүр» журналдарында жарияланғанын ғұлама өз көзімен көріп кетті. Балаша қуанды. Оған да тәуба, шүкір демеске амал жоқ. Бұл кітаптың толық нұсқасын «Дәстүр» журналы әлі де жариялап жатыр. Қандай терең, қандай керемет ойлы толғаныстар! Ұлтты сүюдің озық үлгісі осындай-ақ болар! Сонымен, кітаптағы жай-күйлерді Жақаңның жылдар бойы шамашарқынша әйгіліп, әспеттеп, халыққа жеткізуге талпынып, ол мақсаты бірде орындалып, бірде орындалмай, көкейде қордаланған білім бұлағының сәті жетіп, қолдарыңызға кітап боп тиіп отырғанына ел-жұрт болып қуануымыз керек қой деп ойлаймыз. Өйткені бұл кітапта қазақтың бүкіл салт-дәстүрі, арман-мүддесі, тарихы, мәдениеті, тілі, ділі, бүкіл болмысы шебер қамтылған. Біз атын алғыспен атап, аруағын аспандата еске алып отырған Жағда Бабалықұлы кім еді, кім болды? Осы хақында қысқаша ғана түсінік бере кеткенді дұрыс санаймыз. Күні кеше 93 жасқа қарағанда бақиға аттанған Жақаң ешқашан «мен бәленмін» деп көкірек қағып, көстеңдеу ойы түгіл түсіне кірмеген қарапайым көп қазақтың бірі. Жай қарапайым емес, адамгершілігіне азаматтығы сай, көкірегі ояу, көзі ашық, жаны сара, санасы сергек, айтары көл-көсір, оларды түгел айта алмай, берерін түгел бере алмай қайғыда кеткен көркем қария.

Жақаңның өмір жолы да оңай болған жоқ. «Мәдениет және тұрмыс» журналында зейнетке шыққанға дейін екеуіміз бірге қызмет істедік. Қолымыздағы кітап сыр-сұхбат үлгісімен өте көркем жазылған. Ендеше, осы кітаптан бірер үзінді келтіре кеткен артық болмас. «Түрмеде жазаның жүз жиырма түрі бар екен» дейтін Жақаң. «Түрменің дәмін төрт мәрте татыпсыз. Абақтыдағы азаптар қалай болушы еді? Есіңізде қалғанын айтып бере аласыз ба» деген автордың сұрағына былай жауап береді: «Қиын сұрақтың астына алады. Сен істемеген, тіпті естімеген ауыр нәрселерді мойында дейді. Істемеген нәрсені қалай мойындайсың? «Сен Кеңес өкіметімен байланыс жасайсың, олардан қару алмақшы болғансың» деп те жала жапты. Ол уақытта студент кезім. Әбден қиналған соң: «Елшілікке кіріп едім, мені жер астындағы қоймаға алып барды. Онда қарудың небір түрі бар екен, «осыдан берем деп айтты» деп амалсыз мойындадым». «Соншалықты қаруды жер астына сақтап отыр екен» дегеніме маған қол қойғызып алды. «Солай етпегенде тірі қалмас едім. «Аққа құдай жақ» демей ме? Сол жолы түрмеден аман шығуыма құдай көмектесті. Бұл – жай сөз емес, айдай ақиқат. Тылсым бір күштің құдіретін сезіндім». Бұл – Жақаңның өз басынан өткен хикаялары. Оларды оқыған соң толық біліп, өздеріңіз бағалай жатарсыздар. Ендігі әңгіме кітап қалай өмірге келді, кім жазды, қалай жазылды, «Ана тілі» газеті мен «Дәстүр» журналының талай санына құлаш-құлаш болып кезінде басылған азапты жұмысты атқаруға тәуекел етіп, батылы барған, қыруар көп уақытын жұмсаған, Жағданың о дүниеге өзімен бірге кетуі мүмкін інжу-маржандарды дер кезінде алып қала білген кім, қай азамат?! Сол үлкен азамат ақын жайлы бірер сөз. Оның бәрін соңғы екі-үш жыл төңірегінде жедел қолға алып, Жақаңның ішкі сыр-сандығын атқаруға құмбылдық танытып ерінбей-жалықпай отырып айтқандарын таспаға жазып, одан қағазға түсіріп, одан «Дәстүр» журналы мен «Ана тілі» газетіне бір мезгілде жариялап отыруға ниет білдірген қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, Түркістан қаласының құрметті азаматы, қайырымы мол, адамгершілігі зор, кішіпейіл де қарапайым, біртуар азамат, көрнекті қайраткер, публицист-қаламгер – біздің кәдімгі Қасымхан Бегманов ініміз. Бұл – асыра мақтау не бақай есеп шеңберіндегі желсіз, көлгірси көтермелеу де емес, керісінше болар елдің балаларына айдай анық ақиқат, кіреукесіз шындық, құдайлық сөз. Қасымханның күнделікті бастан асар көп шаруаларынан басқа қосымша жүк арқалауы бұл ғана емес, біле білген, көре білгенге толып жатыр, асып-төгіліп жатыр. Басқаны айтпағанда, Жағдамен өз қалауында ұзақ сұхбат жүргізуден бұрын, атақты Мұстафа Шоқайдың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап осынау ұлы тұлғаның кіндік қаны тамған Наршоқыдан бастап, кезінде білім алған, қызмет істеген Қызылорда, Ташкент, Ферғана, Қоқан, Самарқан, Санкт-Петербор, Баку, Тбилиси, Кутайиси, Батуми, Стамбұл, Париж, Шелл, Ножан-Сур-Марн, Фонтанблю, Берлин тәрізді алыс-алыс түрлі қалаларға барып, мұрағаттардан көп мағлұматтар жинап, «Мұстафа Шоқай жолымен» дейтін екі томдық зерттеу кітап жазғанын мына ағайын біледі ме екен? Ол кітаптың үзінділері кезінде екі жыл бойы барлық басылым беттерінде жарияланды. Осы бір елеулі еңбектен қазақ руханияты көп жәдігерлермен байығанынан хабарлары бар ма екен? Әй, қайдам, бәлкім білсе білер, хабарлары бар болса, бер жағын, ғана білер. Ал осыншама қосалқы батпан жүкті көтеріп келе жатқан қай мықты бұл? Қай мықты болушы еді, сол Қасымханнның өзі! Бегманов! Мұстафа Шоқайды бүкіл дүниежүзін осылайша аралап, екі томдық кітап пен деректі фильм түсірді. Олары да әне-міне жарыққа шыққалы жатыр. Одан соң, міне, іле-шала Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбат түрінде дер кезінде ұлтқа керек энциклопедиялық анықтамалық жазған Қасымхан Бегманов жанкешті жиһанкез, бүгінгінің Марко Полосы, не Фернан Магелланы емес пе... Көпсінбелік! Дарынды ақынның бұл шығармаларын қазақ қалай айтса да татитын айтулы еңбек деп бағалағанымыз жөн. Қасымхан Бегмановты өз басым бұрын үлкен ұлттық ақындарымыздың бірі деп қана білетін едім. Бұл сөзіміздің бір айғағы атақты Илья Жақановтың ақын шығармашылығы жайлы жазған «Сырлы жүрек пернесі» атты танымдық кітабы деп батыл айтуыма толық негіз бар. Кезінде Қасымханның жырлары жайлы ұлтымыздың ұлы ақындары Қадыр Мырза Әли: «Ташкентпен қоштасу» – поэтикалық құбылыс», – деп жазса, ал Тұманбай Молдағалиев: «Қасымхан Бегманов – махаббат ақыны», – деп жоғары баға берді. Мұны жыр сүйер қауым сүйсініп оқыды. Неге екенін қайдам осы екі мақала ұмытылмай ел есінде қалып қойды. Ә, енді біз бүгін сөз етіп отырған «Этнографпен әңгіме» атты кітап қалай дүниеге келді, қалай жазылды дейсіз ғой?! Ол – енді ұзақ әңгіме. Дұрысы – оны кітаптан оқып-білу. Бұл кітап қана емес – руханият бұлағы! Көріңіз, танысыңыз, оқыңыз, біліңіз. Бұл үлкен кітап әрбір қазақтың төрінде тұруға тиісті кітап деп ойлаймыз. Іске сәт! Бәрекелді Қасымхан, Жағдадай «ұмытылған шалды» (өзінің сөзі) аспандатып, ардақтаған адал пейіліңе Алланың ақ нұры жауа берсін!

Ал Жағда Бабалықұлының аруағы екі дүниеде де саған риза шығар деп ойлаймыз.
Зәкір Асабаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Автордан

Тәуелсіздікті көрдім. Мәңгілік тілеймін.
Жағда Бабалықұлы

Менің бұл кітапты жазуыма себеп болған негізгі жай халқымыздың жылдан-жылға елеп-ескерусіз қалып бара жатқан салт-дәстүрін жинастырудан туған ой еді. Алдымен әдет-ғұрып, ырым-тыйым, тіл, діл жайында журнал шығаруды ойластырдым. Ол ойым жүзеге асты да. 2009 жылдың қазан айынан бастап «Дәстүр» деп аталатын бұл басылым жарық көре бастады. «Дәстүр» журналын шығармастан бұрын, оның бағыт-бағдарын қағазға түсіріп, жоспар жасадым. Ұшы-қиыры көрінбейтін ұлы сахарамыздағы қазақ ауылдарында шашылып жатқан ата-бабаларымыздан ғасырлар бойы келе жатқан салт-дәстүр, әдетғұрпымызды халыққа осы басылым арқылы жеткізсем деп армандадым. Ол үшін ескі сөзді білетін есті адамдарды ойша сұрыптадым. Этнографғалымдарымыздың тізімін жасадым. Еңбектерін зерттеп, зерделей бастадым. Міне, сол тізімнің басына ең бірінші жазған есім осы Жағда Бабалықұлы болатын. Екінші болып есіме түскен – Астанада тұратын филология ғылымдарының докторы, көрнекті жазушы-этнограф Ақселеу Сейдімбекұлының есімі. Ол ағамызбен, дүниеден өтерінен бір күн бұрын мен телефон арқылы сөйлестім. Арқалықтағы атақты сатирикақын, зерттеуші ғалым Сейіт Кенжеахметұлы ағамызбен күн сайын телефон арқылы хабарласып, ақыл-кеңесін тыңдап, осы басылымға жариялау үшін бұрын еш жерде жарық көрмеген мақалаларын алдырдым. Атырауда тұратын қазақтың біртуар композиторы әрі қаламы қарымды жазушысы, ұлт жанашыры Илья Жақанов ағамыз «Домбыра аңызы» атты еңбегінің мәтінін электронды пошта арқылы салып жіберді. Шымкентте тұратын зерттеуші қаламгер, дарынды сазгер Мұхамеджан Рүстемовпен кездесіп, осы салаға қатысты мақалаларын сұрап алдым. Бұл тізім осылайша жалғаса береді... Мен о баста этнограф, мәдениеттанушы ғалым Жағда Бабалықұлынан болашақта өзім шығарғалы жүрген осы «Дәстүр» журналының алғашқы төрт-бес санына сыр-сұхбат алғым келген. Абыз ақсақалмен әңгімелесе, сөйлесе келе біздің бұл қағаз бетіндегі сырласуымыз болашақ журналдың бір-екі санына жариялайтын сұхбаттармен бітпейтініне көзім анық жетті. Ұлттық бай құндылықтарымызды бойына жинай білген, тереңнен толғайтын, ғұлама қарттың айтары мол екен... Міне, этнограф, мәдениеттанушы Жағда Бабалықұлының әлеміне қысқаша айтқанда осылай келдім. Күннен-күнге әр кездесу, әр сұхбаттасудан соң мен халқымыздың тоқсаннан асқан дана қариясымен келесі кездесулерге асығып отыратын болдым. Қарияның басынан кешкен небір қызықты оқиғалары, жантүршігерлік жайттар, бұрынғы өмірі, бәрі-бәрі мені өзінің терең иіріміне ақырындап тарта берді, тарта берді. Абыз ақсақал өзінің саналы ғұмыры жайында көп нәрсенің бетін ашты. Ағынан ақтарылып айтқан әңгімелері бұл кісіге деген құрметімді күн өткен сайын арттыра берді. Әйтсе де «ертең бәрі кеш болуы мүмкін ғой» деген үрейлі ойдан еш арыла алмай-ақ қойдым. Оны оқырманнан несін жасырамын? Сондықтан да жиі жүздесіп, кеңінен әңгімелесіп, аяулы ақсақалдың жүрегінің түкпіріне жасырған бүкіл сырын алып қалуға асықтым. Бозбала ақын кезімде «шығармашылықта асығуға болмайды» деп Тұманбай көкем айтқан ескі қағида қазір есімде тұрса да, дәл осы жолы асығу керек екендігін ішкі бір түйсікпен, санаммен сезіндім. Асықпаса болмайтын еді. Білген адамға тоқсаннан асқан ақсақалдың әрбір күні түгіл, әрбір сағаты үлкен олжа, қымбат қазына емес пе?! «Жазмыштан озмыш жоқ» десек те, сол қазынаны игеріп қалу үшін асығуға тура келді. Осы бір сырт көзге елеусіздеу, қарапайым абыз қартты мен бұрын сырттай ғана білетінмін. Ұзын бойлы, сыпа бойында артық бір қырым ет жоқ, бір кездегі ақ құба жүзі қоңырқай тартқан сүйкімді қария. Әжімді жүзінен, ойлы көздерінен, ақырын үзіп-үзіп айтқан сөздерінен қазақтың, ұлтымыздың бүкіл болмысы аңқып тұрғандай әсерге бөлейтін. Жасы тоқсаннан асса да ширақ ақсақал меніңше өзін тамаша сақтаған. Өзгелермен салыстырмалы түрде айтқаным ғой. Әңгімелерін өте әсерлі айтады. Әрбір кездесуге қарияның мұқият дайындалатыны сырт көзге байқалып тұрады. Біз алдын-ала телефон арқылы келісіп алатынбыз. Қандай сауалдар қоятынымды алдын ала айтамын немесе келесі жолға арнайы жазып дайындап келген сауалдарымды ол кісіге тастап кетемін. Кейде ескі, сарғайып кеткен газет қиындыларына, кейде өзінің әр жылдары қолымен жазған кеңестік кезеңнен қалған, бұрындары журналда қызмет істеп жүргенде жиған, бүгінде ескіріп, қоңырқай тартқан қалың дәптердің ішіне фломастермен ірі-ірі етіп әр жылдары Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуымен жазған, өзі ғана түсінетін жазбаларына қарап отырып, менің қойған сұрақтарыма нақты, енді бірде ширатып, әбден таратып жауап береді. Ескі сөздерді өте көп білетін есті ақсақалдың баяндау мәнері де өзгеше. Сырт елде туып-өсіп, ұзақ жыл өмір сүргенімен сөздері біздің бүгінгі әдеби тілімізге өте жақын. Өз ісіне шебер, төселіп алған талантты жорналшыдай әңгімелері ұғынуға оңай, көкейге қонымды. Өзіне деген шынайы ынта-ықыласыма көңілі құлады ма екен, бірер күн бара алмай кідіріп қалсам, мені телефонмен қариямның өзі іздейтін. Бүгінгі газеттер көп жаза беретін әдемі қартаю дегенің осындай-ақ болар, сірә. Сергек. Ыңғайлы. Қарапайым. Қашанда ойлы, салмақты. Әрбір сөзін баппен ойланып айтады. Кейде әңгімесін бастардан бұрын жүзіңе барлай, тесіле қарайды. Мұндайда әлденені білгісі кеп, сенің бет-жүзіңдегі көзге көрінбейтін жазуларды оқып отырғандай әсерде боласың. Бірде: «Қағазға түспеген көп ойларым өзіммен бірге кетер ме екен, деп іштей қобалжушы едім...», – деп, енді бірде: «Еңбегі еш, тұзы сор, қазақтың далада қалған шалы едім», – деп ара-арасында маған алғыс айтып қоюды да ұмытпайды. Пәтерінде бөтен адамдар отыр-ау демейді, арасында «мен шаршап қалдым» дейді де, үнемі салулы күйінде дайын тұратын төсегіне жатып, мызғып алады. Мұндай сәттерде өзім әбден төселіп алған дағдыммен сол күнгі «олжамды» өңдеп-жөндеп жазып, қариям оянғанша жұмыс істеп, күтіп отыра берем. Ой адамы ешқашан да жалықпайды ғой. Дегенмен қариямның ұйқысы ұзаққа созылмайды. Құс ұйқы. Жарты, не бірер сағатта түк болмағандай сергек оянады. Біз жұмысымызды әрі қарай жалғастыра береміз. Қай жерге келгенімізді немесе не айтып отырғанымызды анықтап сұрап, қайтадан бағытбағдарын түзеп ала қоятын. Мен де қай жерге келгенімізді есіне жылдам сала қоям. Қағаздарына сүйене отырып әрі қарай баяндайды. Кейде сөйлесіп отырып, шаршай бастаса болды «мен жатып демалам, ертең кел» дейді. Біздің жұмыс тәртібіміз, шамамен ықшамдап айтқанда, осылай болып келеді. Ақсақалмен болған сұхбаттың барлығы үнтаспаға жазылып алынды. Кезінде Мұстафа Шоқай жайында деректі фильм түсіріп, екі томдық кітапты жазу барысында жүз сағаттан аса бейнетаспа жинақталған болатын. Менің архивімдегі солардың қатарынан Жағда Бабалықұлымен жүргізілген осы сұхбаттар желісінің үнтаспасы да орын алды. Осы үнтаспалардың лентасын тарқатсаң бірнеше шақырымға созылар, бәлкім. Екі-үш рет үйге алып кетіп сырласқан кездерім де болды. Жағда Бабалықұлын «сегіз қырлы, бір сырлының» нақ өзі десе де болғандай. Өйткені бұл кісінің ел білмейтін керемет қасиеттері көп. Жағда ақсақал ою ояды, кесте, қолғап, шұлық, бас киім тоқиды, мәсі, етік тігіп, аяқ киімнің қай түрін болса да өзі жамай береді. Арнайы мамандығы болмаса да бұл кісі заманында білікті құрылысшы болған. Қытайда жүргенде өз сызбалары бойынша үлкен пеш салып, одан алғаш рет бір жарым тоннадай шойын қорытып алған да, бұл ісіне сондағы жоғары білімді металлургтер қатты таңырқаған сәтін толқи отырып баяндайды. Жағда Бабалықұлы – режиссер. 1945 жылы май айында түрмеден босап шыққаннан Шәуешек қаласында «Ер Тарғын» операсына өзі режиссерлік жасап, сахнаға шығарған. Эпостағы батырдың сауыты мен сырт киіміне балықтың сыртқы ақ сұр қабыршықтарын қосып тіктіріп, сахналаған кезін де ол әлі ұмыта қоймапты. Жағда Бабалықұлы сахналаған сол «Ер Тарғын» операсы Қытайда өткен сегіз халық театрлары арасынан бірінші орынды жеңіп алады. Осы қойылымды Жағда 1954 жылы қайта сахналап, Құлжа қаласындағы театрлар байқауында тағы да бірінші орынды иеленген. Жағда Бабалықұлы – суретші. Олай дейтінім, бірде екеуміз әңгімелесіп отырғанда ақ қағазға бірер минутта менің суретімді айнытпай сала салды. Суретшілігін ақсақалдың әр жылдары салған ескі суреттерінен де байқау қиын емес. Жеке мұрағатындағы сарғыш тартқан ескі қағаздарының арасынан шыққан аса шеберлікпен салынған ескі суреттері де біздің осы сөзімізге дәлел болады. Өкінішке қарай, менің кейіпкерімнің көп еңбектері дер кезінде жарияланбай қалған. Көбісі әр жерде қалып жоғалған, жыртылған, ескірген, тозған. Кейбіреулері әлдекімдердің қолында кеткен. Өйткені оның өмір жолы оңай болмаған, адам төзгісіз талай қиындықтарды басынан өткізген. Соғысқа да қатысып, қан кешкен жас командирдің шинелін киді, ал енді түрлі жаламен қамалған түрмелері өз алдына басқа әңгімелерге арқау болатындай. Кейінгі өмірі де қуғынға, аңдуға толы. Алып екі империялардың темір бұғаулары да біздің шалды жасыта алмаған. Рас ұзақ жылдарға созылған үйсіз-күйсіз жағдайы, жұмыссыздық, теперіші мол тұрмыс тауқыметі шығармашылықпен бірыңғай айналысуға мүмкіндік бермегенін аңғару қиын емес. Оның көп қыры хобби түрінде қалып қойғаны біз үшін өте өкінішті. Жағда Бабалықұлы Алматының қақ ортасында, Бөгенбай батыр мен Әуезов көшелерінің қиылысындағы бес қабатты ескі үйдің бірінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерінде ардақты ұлы Алтай мен аяулы қызы Розамен бірге тұрды. Бұл пәтердің өзін 1963 жылы сәуір айында КССРО-ның басшысы Н. Хрущевқа арыз жазып жүріп әрең алған көрінеді. Ол да өз алдына үлкен әңгіме. Мен сұхбат алып жүрген тұста күн сайын қос перзенттері Алтайы мен Роза кезектесіп ас-суын әзірлеп беріп, қас-қабағын бағып, күтіп жүрді. Пәтерінің қоңырауын бассаңыз болды, ақсақалдың «қазір» деген үні жігіт ағасының дауысындай болып сергек естілетін. Жан дүниесі бай, көрген-түйгені мол қазына қарттың өткен өмірін, елге еткен еңбегін, қазақтың салт-дәстүрін: аңшылық, төрт түлік мал, аспан әлемі, ел, жер, тіл, діл туралы пайымдарын, ұлттың өткені, бүгіні, болашағы жайындағы көрген-білгенін қағазға түсіре бердім. Тарихы тереңде жатқан еліміздің, кейбірі бұл күндері ұмыт бола бастаған әдет-ғұрпын, ырым-тыйымдарын, салт-жоралғыларын халқымыздың түбінде бір керегіне жарар деген ниетпен барынша ыждағаттылықпен жазып алдым. Бұл бір күннің, тіпті бір айдың да шаруасы емес, бұған өте көп уақыт кететінін айтып едім, ардақты ақсақал менің бұл сөзімді қабыл алды. Тіпті қуанып қалды десем де болатын сияқты. Міне, ұлтымыздың дәстүрлі қазынасының бірден-бір жанашыры Жағда Бабалықұлымен сырласу мен сұхбаттасудан тұратын «Этнографпен әңгіме» атты осы кітабымды жазудың сәті осылай ойламаған жерден түскен еді.

– Жағда аға, сіз туралы сырттай көп білсем де, кездесіп әңгімелесудің сәті түспепті. ұлттық құндылықтарымыз хақында зерттеп-зерделеп жүргеніңізден жақсы хабарым бар. Салт-дәстүрімізді өте терең білетін әрі шебер таратып айтатын адамдар қатары да қазір сиреп қалды ғой. Көненің көзі, көрнектінің өзі екеніңізге еш шүбә жоқ. Қалың оқырманды хабардар етпек үшін өз өміріңіз жайында таратып айтып берсеңіз.

– (Біраз ойланып отырды...) Туған жерім – Тарбағатайдағы Жайыр тауының етегі. Сонда Құжыртай деген қыстау бар. Бұл сол моңғол тілінен енген сөз болуы мүмкін. Сол жерде 1917 жылдың бірінші қарашасында дүниеге келгенмін. Негізгі атамекенім мына – Үржар өңірі. Семіз найманның ішінде қасқа деген ру бар, біз соған жатамыз. Менің әкем атадан жалғыз болған. Оқымаған адам ғой. Молдадан білім алған. Жазғанын өзі ғана түсінетін шала сауатты болған екен. Бір мың сегіз бір нешінші жылдары Шәуешекке жұмыс іздеп барыпты. Әкем 1860 жылы туылған. Шәуешектің көшесінде жүріп, өтіп бара жатқан адамдарға сәлем береді екен. Содан көшеде отырған екі шалға сәлем беріп, ана екі шал «қайдан жүрген баласың» деп жөн сұрапты. «Жұмыс болса істеуге даярмын, жұмыс іздеп жүр едім», –депті. «Ей, бала, ана кісінің артынан тез жүгір. Сол жаңа ғана «жұмыс істейтін адам бар ма деп сұрастырып жүрген», – дейді. Содан жүгіріп барып, әлгі адамға мән-жайын айтқан соң, сол кісі әкемді жұмысқа алады. Әкемнің алғаш көргені: қораға кірсе, қойдың майын ерітіп, қазан-қазан етіп қорытып жатыр екен. Ірі саудагердің үйі. Сол жерде жұмыс істеп жүреді. Елгезектігімен әкем саудагерге ұнап қалады. Ол майды шығын қылмай, жағар отты үнемдеп, ешбір қиянатсыз, өз ісіне адал болған әкемді баласындай жақсы көреді. Әкемнің ендігі қызметі саудагердің атын бағу болады. Астындағы атына қарап жүргенде, анда-санда үйін сыпыртып, тазалатады. Үй тазалап жүріп, тиын-тебендер тауып алса «түсіп қалыпты, тауып алдым» деп (сол уақытта да біздің теңгелер секілді ақшалар болған ғой) үй егелеріне береді екен. Олардың әкеме деген сенімі одан сайын арта түседі. Әкем саудагердің қарамағындағы сенімді жұмысшыларының бірі болады. Бірнеше жылдан кейін жаңағы кісі қажылыққа баруға дайындалады. Қажылыққа кететін уақытында менің әкем: «Батаңызды беріңіз, мен енді сіз кеткенде қораңызда қалмайын, басқа жерден нәпақамды табайын», – дейді. Әлгі бай еңбекақысына алпыс төрт теңге ақша берген екен. Сол кезде алпыс төрт теңге қанша екенін білмеймін. Тапқан табысына базарға барып, ұсақ-түйек: айна-тарақ, сабын, тағы да майда-шүйдені иығына салып, ел аралап сатады екен. Осылай тірлігін жасап жүріп, жиған-тергеніне ат сатып алады. «Күреңқасқа атты алған соң, қайтадан менің табаным жерге тиген жоқ» деп отыратын, жарықтық! Қой баққан. Он мыңдай малы болған. Үш-төрт түйесі болған. Ол уақытта машина жоқ, арба да тапшы, түйемен көшіп-қонады екен ғой. Семей, Шәуешек, одан Үрімжі, Құбыл. Құбылдан Тұрпанға қарай үнемі жүк таситын көрінеді. Әркімнің жүгін тасып, азын-аулақ қаржы да жиған. Тұрмысы жаман болмаған.

Шешемнің аты – Шәкет. Ол тоғыз құрсақ көтерген. Әкемнің екінші әйелі – Рахымжан. Рахымжан шешемізден төрт бала бар еді, үшеуі сол жақта кішкене күнінде қайтыс болды. Бір ініміз қазір бар. Менен кейінгі – сол. Мен бәйбішенің кенжесімін. Әкем 1937 жылы қайтыс болды.

– Әкеңіздің сүйегі қайда жатыр?

– Қытайда көз жұмды. Сонда жерледік. Толы деген аудан бар. Сол жақта қалды. Тарбағатай өңіріне жатады.

– «Толы» деген сөздің мән-мағынасы қандай?

– «Толы» моңғол тілінен енген сөз, «айна» дегенді білдіреді.

– Басқа қандай туыстарыңыз болды? Олардың ішінде елге танылғандары бар ма еді? Екінші шешеңізді қалай атаушы едіңіз?

– Шеше дедім. Кейде апа дейтінмін. Кіші шешемнің сүйегі осы Алматыда жатыр. Үлкен шешем «оқы, оқы» деп молдаларға оқытты. Бабалықтың Құсайын деген ұлы болды. Менің ағам. Құсайыннан он екі бала бар. Қазір немере, шөбере, шөпшегі өсіп келеді. Бабалықтан тараған ұрпақтар жетінші атаға кетіп бара жатыр. Құсайын төртінші баласы. Айтыс ақыны болған. Сөзге шешен, инабатты адам еді. Көп нәрсеге байыппен қарайтын, зерек-тін. Ана ауылға «Бабалықтың Құсайыны келіпті» десе, «ойбай, сәлем беріп қалайық» деп, ауылдағы жас жігіттер шапқылап жүретін. Сондай абыройлы адам еді. Шыңжаң өлкесінің әскери штабының басшысы болған генерал-майор Шәріпхан деген кісімен жолдас болды. Көбіне-көп инабатты, зиялы ортамен араласты. Мен 1944 жылы қамалып кеттім. Менің кесірімнен «сендер тұқымдарыңмен бандитсіңдер» деп, оны да қамауға алыпты. Ешбір кінәсі жоқ болса да, қатты ұрып-соққан көрінеді. 1945 жылы қамауға алынғаннан кейін араға екі жыл салып, 1947 жылы маусым айында түрмеде ауыр соққының салдарынан көз жұмды. Қысқасы оны қытайлар ұрып өлтірді.

– Ол кісі қайда қайтыс болды? Соңында қалған ұрпақтары бар шығар? Жалпы бабалықтың үрім-бұтағы қазір қаншаға жетті?

– Ұлы осында дүние салды. Ұлынан тараған ұрпақ қазір тіршіліктерін жасауда. Жиырмадай немересі, он бес-он алты шөбересі бар. Бабалықтан тараған ұрпақтан қазір жүз сексендей жан бармыз. Барлығы осы Қазақстанда. Қытайда ешкім қалмады. Құсайын ағам 1947 жылы қырық жеті жасында қайтты өмірден. Қазір Бабалықтан тараған ұрпақтан екеу қалдық. Біреуі – мен, екіншісі – Садық деген інім. Оның жасы сексеннің үстінде. Қаланың сыртында тұрады. Балашағасы, немерелері бар. Оспан дейтін ағам да осында келді. Одан соң Әубәкір дейтін ағам сексен бес жасында дүние салды. Жағыппар деген ағам Қытайда қалды.

– Құсайын ағаңыз көпке қадірлі болған көрінеді. Жазықсыз жа-па шеккенге ұқсайды. ел арасында беделді кісілермен үзеңгілес болса да, олар араша түсе алмады ма?

– Жоқ. Ол уақытта қайдан араша түссін?! Достасып жүрген генералдардың да көзін жойды. Ағам дос болып, сыйласқан Шәріпхан мен Әбудің екеуін де өлтіріп жіберді. Әркім өз ісіне жауапты, өз басымен қайғы еді ғой. Әбу – Қытай ҰҚК-ның бастығы, Шәріпхан Армия генералы болатын. Мықты болса, достарына араша түсер еді ғой. Екеуі де Қытай үкіметінің қызметкері еді. Жағдай өте күрделі болды.

Одан кейінгісі – Оспан дейтін ағамыз. Оспан ағамыздың екі әйелінен он сегіз бала бар.

– Ағайын-туыстарыңыз елге келгенде қиналған жоқ па? Қандай шаруамен айналысты? Қазір ұрпақтары бар ма?

– Оспан ағамның екі әйелі де осы жаққа келді. Бәйбішесі қайтыс болды. Кіші әйелі әлі бар. Жасы тоқсанға таяп қалды. Араласып тұрамыз. Ұзынағаш төңірегіндегі Қарасу ауылында тұрады. Қазір ол жер Сарыбай деп аталады. Көшіріп әкелгенде алпыс төрт отбасын бірден сол жерге қоныстандырдым. Оспан ағам малдың жайын өте мықты білетін. Өзі тоқсан бір жасында дүние салды. Сүйегі сол Қарасудың маңына жерленді. Он сегіз баласынан біраз ұрпақ тарады. Улап-шулап жатады.

Бұл кісі Қытайда жүргенде өте бай болды. Төрт түлік малды жақсы өсірді. Бірнеше мың қойы, үйір-үйір жылқысы, табын-табын сиыры, бірнеше жүз ірі қарасы бар еді. Бірақ қытайлар «жуан жұдырықсың, барымтамен жинағансың» деп, түрлі нәрсені сылтауратып жиған малдың бәрін тартып алды. Өзі аман-есен бергі бетке өтті. Жасы ұлғайып қалса да, осында келген соң тағы да мал бақты. Осы кісінің төрт түліктің жайын өте терең білгенінің арқасында, мен де мал шаруашылығына ден қойдым. Біраз ғылыми жұмыстар да жүргіздім. Төрт түлік малдың бойында кездесетін бес жүздей ауру болады екен. Соның бәрін қағазға түсірдім. Бұл турасында менің «Мал аурулары» деген кітабым да бар. Одан кейінгісі – Әубәкір ағам. Әубәкір ағам сексен бес жасында қайтыс болды. Сүйегі осы біздің Ұзынағашта жатыр. Үйі Алматыда болатын. Ағайын-туыспен ақылдаса келе, әулетіміздің қайтқан адамдарын бір жерге жерлеп жүрміз. Әубәкір ағамның екі әйелінен он бір бала бар. Одан тараған ұрпақтар қазір өсіп жатыр. Өзі кезінде саудамен айналысты. Ана жақта жүріп жасаған ерекше істері де бар. Қытайда «Кеңес өкіметі азаматтарының қоғамы» дейтін ұйым болған. Сол ұйымның сауда істерін, шаруашылық жағын басқарды. Қолында отыз мыңдай қой, он мыңдай ірі қара болды. Қытайдың үлкен қалаларына барып, сауда жасады. 1954 жылы Н. Хрущевтің уақытында шекара ашылды да, бері қарай жаппай көшу басталды. Қолында малы бар адамдар малын сатқанымен, ақшасына алар нәрсе таппай, басқа қалаға кететін. Мен ол уақытта Тарбағатай облысының басшысымын. «Мына жұртты сабылдырмай, керегін осы Шәуешектен тапсын, үйіп қойыңыз», – деді маған. Жібек, барқыт, шыт, бөз, тағы басқа мата түрлерін, Қашқардың кілемін мая қылып үйіп тастадым. Малын сатып, керегін алғандар Кеңес өкіметіне қарай кетіп отырды. Сөйтіп, өте үлкен жұмыс істедік. Қазақтардың бергі бетке өтуіне өз ықтиярын тигізген Әубәкір ағам болды. Мен Шәуешекте осы Әубәкір ағамның қолында жатып оқыдым.

– Мектепті қай тілде оқыдыңыз?

– Қытай тілі кейін кірді ғой. Қазақ тілінде білім алдым. Кейде ұйғырша, татарша аралас болатын. Бастауыш мектепті және гимназияны Шәуешекте оқыдым. Ол мектеп 1937 жылы ашылған болатын. Тек институтты Үрімжіде жалғастырдым. Үрімжі – моңғол тілінен аударғанда – «қаймақ сататын жер» деген мағынаны береді. Ал Құлжа кәдімгі арқардың құлжасы ғой.

– Шәуешек сөзі қайдан шықты екен?

– Қытайдың ескі жазбаларына қарағанда Чиаң Лұң жылнамасының 31-жылы, біздіңше, 1766 жылы Чиң патшалығының Үржарға жақын тұратын бекініс бастығы, ақылшы Уәзір Агұй Чиң үкіметіне хат жолдап, бекіттіру арқылы қазіргі Шәуешек қаласы орналасқан жерге белгі соқтырып, бұтхана салдырған көрінеді. 1758 жылдан басталған керуеннің бір шеті Шәуешекке келіп немесе оны басып өтіп, саудасаттық жасайды екен. Іргетасы осылай қалана бастаған бұл қала кейін келе Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда және мәдениет ошағына айналды. Ал Шәуешек атауына келсек, ол «тостаған» деген атаудың ұйғыр және моңғол тілдеріне аударылған ауыспалы мағынасынан келіп шыққандығы айтылады. Мұны да тереңірек іздеу керек.

– Халқымызда «ер жігіт нағашысына тартады» деген нақыл бар. Нағашы жұртыңыз туралы не айтасыз?

– Нағашы жұртым мықты болды. Мәмбет дейтін ел бар, соның ішінде қарақұрсақ деген руға жатады. Нағашыларымда Оқыбай қажы деген болған. Жерікбай дейтін атақты би болған. Сөзшең, көп білетін кісі еді. Бертінде дүние салды. Осы кісілер менің нағашы жұртым еді.

– Жарыңыз қайда білім алған?

– Зайыбымның есімі Мукарамма. Әкесінің аты Әбілмағжан. Мукаррамма қазақтың сөзі емес. Араб тілінен енген сөз. Гимназияда оқып, білім алған. Институтты Үрімжіде бітірді. Мамандығы – математик. Осында Мукарамманың туған сіңлісі мен інісі тұрады, менің балдызым мен қайным. Балдызымның есімі Ғарифа, қайнымның есімі Үлфат.

– Қазақта адамның кейбір мінезі кіндік шешесіне тартады деген де әңгіме бар. Кіндік шешеңіз есіңізде ме?

– Әрине, есімде жоқ. Ондайларды қайдан білем?! Мен туғаннан кейін бес айдан соң шешем дүние салыпты. Соның атын сақтап қалғаныма шүкір. Шешемнің аты – Шәкет болатын.

– Отбасын қайда құрдыңыз?

– 1947 жылы Шәуешекте құрдым. Балаларымның бәрі сонда дүниеге келді. Төрт балам бар еді. Екі ұл, екі қыз. Қазір содан бір ұл, бір қыз қалды. Ең үлкені – Мәнсия. Одан кейінгісі – Роза. Үшіншісінің есімін де білмеймін. Өзім көрмедім. Ол дүниеге келгенде мен жоқ болатынмын. Ол уақытта Кореяда жүрген едім. Келсем шетінеп кетіпті. Төртіншісі өткенде өзіңмен жақсылап өзім таныстырған Алтай. Қазір Алматыда бірге тұрып жатырмыз. Осы Алтайым мен Розам ас-суымды дайындап, бәйек болып күтеді. Мәнсиям туа салып, бір жасқа толартолмай бақилық болған.

– Жоғары біліміңіз бар ма? Қай институтты бітірдіңіз?

– Институтты дер кезінде бітіре алмадым. Түрмеге жабылып кеттім ғой. Кейін мемлекеттік қызметте жүргенде сырттай оқып, жоғар білім алдым. Дипломым бар. Мамандығым – физик.

– Адамның бір қызығы балалық шағы ғой. Үнемі есінен кетпейтін де сол кезеңі. Балалық шағыңыз қалай өтті?

(Ақсақал ұзақ ойланды. Сонау өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына ой жүгіртіп, әңгімесін бастап жіберді.)

– Мен өзім қырда туған адаммын ғой. Көшпелі ауылда туғанмын. Көшпелі ауылдың тұрмысы, бір жағынан, жақсы – кең ауа, керемет табиғат, екінші жағынан, қиыншылық, мектеп, тағы да басқа көңіл көтеретін орындар жоқ. Алаңсыз ойынға берілесің. Мал бағасың. Бірақ менің әкем бір молда тауып, сауатымды діни бағытта аштым. Тоң дейтін ауыл бар. Сол жаққа барып, әлгі молдадан сабақ аламын. Молда татар болатын. Бір күні үйіне барсам Рифхат дейтін баласы бірнәрселерді сызып отыр екен. Мен ондайды бұрын көрмегенмін. «Мынау не?» – деп сұрадым. Ол: «Бұл – есеп. Математика», – дейді. «Маған үйретші». Менің бетіме қарап: «Не бересің?» – деді. Берейін десем, қолымда дәнеңе де жоқ. Сол жерден үндемей кетіп қалдым да, әкеме барып айттым. «Рифхат осындай бір нәрсені айтты, бұл есеп деді, үйретесің бе деп ем, не бересің дейді», – дедім. Бір семіз қойды апарып бер деген соң, мен апарып бердім. Рифхат әкесін шақырып алып айтты, әкесі: «Төрт амалды үйрет!» – деп тапсырма берді баласына. Төрт амалды сол Рифхаттан бір қойға сатып алдым (күлді). Жақсы үйрендім. Анаумынау емес, ол кезде менің басым – сақылдап тұрған бас, оның аузынан шыққан сөз миымда жатталып қалды. Бір күні Шәуешекте тұратын Әубәкір ағам келіп: «Оқытам, бұл жерде қалмайсың», – деп Шәуешекке алып кетті. Сол жаққа барып 1937 жылы мектепке кірдім. Мен кеш барып қалыппын. Он екі айдан соң барған екем, білмеймін ғой, мектеп ашылып кеткен екен, мұғалімдер алмай қуып шықты. Мені жетелеп жүрген адамның абыройы бар еді: «Алыңдар, бұл бала көп біледі», – деді. Содан кете алмай босағада тұр едім. Мені қуалап шыққан мұғалім дереу бір нәрсені жазды да: «Мынаны шығар», – деді. Төрт амалға сиятын есепті берген екен. Мен түрегеп тұрдым да, әлгіні шығара салдым. «Ой, мынау біледі екен», – деді таңданып. Ана жақта тұрған әлгі кісі де: «Ол көп біледі, алыңдар» – деді. Бір есепті шығарып, бірден екінші сыныпқа қабылдандым. Бірақ бойым ұзындау болатын. Содан бір айдан соң, үшінші сыныпқа ауыстым. Есепке жүйрік болдым. Орта мектепті 1940 жылы бітірдім.

Шәуешекте 1941-1943 жылдары гимназияны оқыдым. Институтты Үрімжіде жалғастырдым. Үрімжіге де кеш бардым. Себебі ағам Қашқар жаққа мені алып кеткен еді. Келгенше уақыт өтіп кетті. Алмайды. Қайдан алсын, жарым жыл өтіп кеткен. Демалысқа шығардың алдында емтихан алады екен. Емтихан алу басталды. Мен дереу арыз жаздым. «Өткелі жатқан емтиханға мені де қатыстырыңыз, оларға берген сұрақты маған да беріңіз. Егер жарамасам, өкпем жоқ», – дедім. Сол жазған арызымды қабыл алды. Менен бұрын келгендерге қойған сұрақты маған да қойды. Төрт пен беске тапсырып, өтіп кеттім. Сөйтіп жарты жылда институтқа түстім (күлді). Соның арасында басымызға бір қауіп тап келді. Ержеткен уақытымыз. «Оспан батыр деген атақты адам Қытайға қарсы соғысып, ұлт-азаттық күресін жасап жатыр. Оны қолдауымыз керек» деген әңгіме тарады. Аяқ астынан студенттер арасынан Ұлт-азаттық ұйымын құрдық. Біздің бұл әрекетімізді бір жансыздар қытайларға жеткізген екен, біздің бәрімізді сыпыра қамады да, «банды, қарақшылар» деп түрмеге бір-ақ жапты. Шың Сысайдың уақытында түрмеде жаттық. Шың Сысай бірнеше айдан соң кетіп қалды. Оның орнына У Жи Шын деген келді. Ол У Жи Шын мені түрмеде қайта соттады. «Бұл қарақшы да емес, партизан да емес екен» деп жеңілдетіп, 1944 жылы сәуірдің он жетісі күні босатты. Бірақ Үрімжіден шығармаймыз деді. Құжаттарымды астыртын жөндедім де, бұл жақтан қаштым. Әдетте бір қараған адамға құжаттар дұрыс секілді көрінгенімен, шын мәнінде, жалған құжатпен өтіп кеттім. Содан мамырдың бірі күні, он бес күндей жүріп отырып, Шәуешекке келіп, мамырдың төрті күні Ұлт-азаттық ұйымын қайта құрдым. Сөйтіп «партизан» болып кеттік, қарағым...

– Кейіннен бірқатар ірі қызметтер атқарғаныңызды естідік. Аға, Қытайдағы сол атқарған қызметтеріңіз жайында толық айтып өтесіз бе?

– Коммунистік партия орнаған соң, мені Шыңжаңдағы ұлт-азаттық армия сотының орынбасары етіп сайлады. Бұл жерде қосымша қызмет істедім. Негізгі жұмысым Партия мектебі басшысының орынбасары болатын. 1952 жылы Тарбағатай ауданының басшысы болып ауысып кеттім. 1952-55 жылдары осы қызметте болдым. Содан кейін Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының (ШҰАА) Саяси заң басқармасын басқардым. Бұл жерде бір жылға жуық жұмыс істедім. Мені 1956 жылы Қазақ автономиялық облысының басшысы етіп сайлады. 1958 жылдың соңына таман «сен ұлтшыл екенсің, оңшыл емес, сен мемлекетке қарсы адам екенсің» деп сегіз ай еңбекпен түзеу колониясына жіберді. Сегіз ай арпалыстан кейін мені партиядан шығарды, үкіметтің жұмысынан алды да, еңбекпен түзеу колониясына айдалып кеттім. 1958-61 жылдары сол жерде болдым. Осы жерден шыға салысымен Қазақстанға қарай қаштым (Ақсақал маған көзінің астымен сынай қарап, риясыз күлді).

– Аға, бір кездері тағдырдың жазуымен аспан асты елінде дүниеге келіп, бірқатар өміріңізді сол жақта өткердіңіз. Сол кезеңдерде ел көп біле бермейтін, бірақ атақты қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлымен де бірге жүрдіңіз. осы кісі жайында айтып беріңізші.

– Ол – қырық бір жыл абақтыда, бес жыл үйқамақта отырды. Әлі күнге үй қамақта отыр. Қажығұмарға Шәуешектен шығуға рұқсат жоқ. Өмірінің аяғына дейін үйқамақта отыратын сияқты. Ол ешқашан қолына қару ұстаған адам емес. Осы жерде туыстары бар. Солармен де көрісуге шамасы жоқ. Үнемі қатаң бақылауда. Нендей қылмысы бар? Оны тек Қытай жағы біледі. Менің ойымша, Қытайдың мұнымен шаруасы жоқ. Жергілікті ҰҚК секілділер ортада нан жеп отыр. Сол қызметшілер «Қытайға қарсы шыққан адамды бақылап отырмыз» деп мәлімдеме жасайды. Мұның еш кінәсі жоқ. Қажығұмар менің туысым болып келеді. Оның түрмедегі қатаң жазалау мерзімі 2005 жылдың наурызында аяқталған. Жаңа айттым ғой, бірақ әлі де Шәуешекте үй қамақта отыр.

– Қажығұмар екеуіңіз қалай туыссыздар?

– Біздің семіз найманның ішінде қасқа деген ру беске бөлінеді. Соның біреуі ғой Қажығұмар. Олар – қожан. Біз – қасқамыз. 1990 жылы Алматыда «Невада-Семей» қозғалысына орай үлкен жиын болды. Соған мені де шақырған екен. Бардым. Маған сөз де берілді. Сөзім аяқталған соң: «Қазақтың Қажығұмар деген жазушысы бар, отыз алты жылдан бері түрмеде отыр, әлі бостандыққа шыққан жоқ, қай уақытта босап шығатыны белгісіз, осыны естіп кетіңдер. Оның алты томдық «Қылмыс» деген романы бар», – деп айқайладым. Ел естіді. Содан мен төменге түсіп кеттім. Әлгі жиын өткеннен кейін екі-үш айдан соң маған Лондоннан хат келді. «Сол кісінің өмірбаянын жіберсеңіз» депті. Мен Қажығұмардың толық өмірбаянын жазып жібердім. «Қылмыс» романының ІІ томы бар еді, арабша жазылған, соны қоса жібердім. Үштөрт ай өткен соң жауап келді. «Біз сұрастырып көрдік. Қытайға талап қойдық: «Егер Қажығұмар Шабданұлының қылмысы бар десеңіздер, онда Халықаралық сотқа арыз беріп, мәселенің ақ-қарасын шешіңдер деп Қытай Үкіметіне шарт қойдық»,– деп жазылыпты хатта. Соны осындағы газет беттерінде жарияладым.

– Бұл қай жылдары еді?

– 1990 жылдар ғой. Бұл әлі де болса шешілмей тұр. Президенттің өзіне хат жаздық. Ол кісіге жетті ме, жетпеді ме, ол жағынан менің хабарым жоқ. Жақында ғана Қажығұмармен сөйлесіп, хабар алдым. Аман-саулығын жеткізді.

– Қазір ол кісі қайда тұрып жатыр?

– Шәуешекте.

– Ол кісіден ұрпақ бар ма?

– Бала-шағасы бар. Қазақстанда бір-екі баласы бар. Екінші әйелінің балалары – Қытайда. Туған ағасы Мақаншыда тұратын еді, жуырда көз жұмды. Бауырын бір көруге зар болып, құсадан кетті. Қажығұмар Шабданұлы биыл сексен бес жасқа толады. Қаршадайынан тағдырдың қатал тәлкегіне тап болып, 1932 жылы жеті жасында ашаршылыққа ұшыраған жұртпен бірге Шәуешекке өтуге мәжбүр болған. Жазушылықты арман еткен өзінің ізденімпаз қасиетінің арқасында біржола шығармашылық жолға түсті. 1933 жылдан бастап бастауыш мектепті, 1937-1941 жылдар аралығында мұғалімдер даярлайтын мектепті бітіріп, әдебиетпен шұғылданды. Қателеспесем, 1950 жылдардан бері жазушылықпен түбегейлі айналысып келеді.

– Біздің білетініміз – «Қылмыс» романы. «Жалын» журналында жауапты хатшы болып жүргенімде журналға үзіндісін жариялағанбыз. Кітабын кейінгі кездері ғана оқи бастадық. Қажыекеңнің басқа қандай еңбектері бар?

– Алғашқы жылдары жазған «Өлеңдер мен дастандар» жинағы және «Бақыт жолында» атты романы Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасынан жарық көрген болатын. Қажығұмар 1944-1945 жылдары мұғалім болып жүрген кезінде жазықсыз қамалып, бір жылдан соң Гоминдаң абақтысынан ақталып шыққан еді. 1946 жылы Үрімжі қаласынан Құлжаға келген сапарында Шығыс Түркістан үкіметінің сақшылары Қажығұмарды «Гоминдаң жансызы» деп тағы да қамап тастап, жарты жылдан соң ақтап шығарады. 1957 жылдан 1975 жылға дейінгі он сегіз жылдық ғұмырын Мао үкіметінің «Тарым» дейтін лагерінде өткізді. Қытайдағы «төрт банданың» кесірлі дәуірі аяқталған соң, 19751986 жылдар аралығында бостандықта жүрді. Сол уақытта «Қылмыс» романының алғашқы томдарын жаза бастады-ау деймін.

– Содан?..

– Содан 1986 жылы тағы да қамауға алынады. Қандай жазығы бар екені бізге мәлім емес. «Кеңес Одағының жансызы» деген айып тағылған көрінеді. Оған біз, әрине, сенгеніміз жоқ. Осындай қиын тағдырына қынжыла қалам тартқан аса көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Кезінде барлық жанрда қалам тартқан Шыңжаңдағы жаңа әдебиеттің негізін салушылардың бірі, алты томдық «Қылмыс» романының авторы, бір сөзбен айтқанда, Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің маңдайға біткен жалғыз классигі 1986 жылдың ақырында қайтадан қамауға алыныпты. Бұл жолы он бес жылға кесілген. Таққан айыбы не дейсіз ғой? Анаумынау емес, «Кеңес Одағының тыңшысы», – деп мойнына тақтай іліп, көше аралатып, айдай әлемге жариялаған. Ендігі айтар сөз Қазақстан жазушылары, өзіміздің қандас, қаламдас бауырымызға қалайда қол ұшын беруіміз керек. Кейде айдаладағы Африканың қара нәсіліне де бостандық берілсін деп жатамыз ғой. Ал қазақ әдебиетіне қырық жыл бойы талмай еңбек еткен талант иесін, бір халықтың маңдайына басар жұлдызын тас түрмеде тарықтыру қай-қайсымыздың да қабырғамызға батады. Екінші тілек мемлекеттік бақылаушы органдарына қаратылмақ. Меніңше, мұндайда шешуші сөзді солар айтуға тиіс. Біздің барлау органдары өздерінің ақтығын, өз қызметтерінің Қажығұмар Шабданұлына ешқандай қатысы жоқ екенін көрші елдің алдында дәлелдесін. Ал егер дәлелдей алмаса, көршіден кешірім сұрай ма, айып төлей ме, әйтеуір қазақтың үлкен жазушысын қамаудан босатуға көмектесулері керек», – деді бір кездері жаны күйзеліп. Қай халықта болса да, жазаланып, өлімнен аман қалғандар саны аз емес. Солардың бірі – өмір бойы ұлттық бостандық, ой азабын, ұзақ мерізімді абақты азабын, тағдырдың өте ауыр тақсіретін тартса да, қара нардай қайыспай алты томдық «Қылмыс» атты роман жазған атақты Қажығұмар Шабданұлы.

– Сұмдық-ай, десеңізші. Өзіңіз сөз қылған «тарым» лагері қайда еді?

– Ол өмірінің он сегіз жылын сол лагерьде өткізіпті. Бұл Оңтүстік Шыңжаңдағы «Такламакан» лагері ғой. Содан елге келген соң табаны күректей төрт жылдай жұмыссыз жүрді. Сол кезеңде Іле Қазақ автономиялы облысы Тарбағатай аймағындағы бірде-бір мекеме ұлы жазушыны қызметке алмады. Жергілікті үкімет азамат, адам ретінде есепке де алмағаны ғой. Сөйтіп, Қажығұмар да «қара шыңырақ» атанады.

– «Қара шаңырақ» дегені не сонда?

– Қытайда өкіметтің есебінде жоқ адамдарды «қара шаңырақ» дейді. Осындағы есепте жоқ қаңғыбастар секілді. Жан бағу, бала-шаға, отбасын асырау қамымен төрт жыл табан тоздырып, нан іздеп қаңғырғанын ешкім көзге ілген де жоқ. Үрей мен қорқыныштың азабы бойын жайлап, жүрегі әбден шайлыққан Қажығұмар өзінің үйінің тас еденінің астында талай тығылып жатқан кездері де болған. Кейін ғана үкіметтің жәрдемі тиіп, жұмысқа орналастырып, қамқорлық жасаған уақытында «төрт жыл «қара шаңырақ» атанған кезім, түрмедегі сәттерімнен де ауыр болды ғой» деп жазған жоқ па өзі? Міне, отырса – опақ, тұрса – сопақ, ақырын жүрсе – балпаң, қатты жүрсе – шаңды аяқ, сөйлесе – қу ауыз, сөйлемесе дорба ауыз атанған Қажығұмарды елге қайтарудың бір жолын қайтсек те табуымыз керек.

– Аға, Қажығұмар Шабданұлының ел жақсы білетін «Қылмыс» дейтін алты томдық романының екі кітабын бостандықта жазғанын жоғарыда айттыңыз. Қалған төрт томын жазуға қай кезде және қалай уақыт тапты екен?

– Ол көп шығармасын түрмеде жазды. Мына «Қылмыс» романының алғашқы екі томы бостандықта жазылса, қалған төрт томын тар қапаста жазуға мәжбүр болды. Дүниежүзінде ешбір елдің тарихында дәл осындай тағдырдың теперішіне ұшыраған бірде-бір жазушы болған емес. Осы алғашқы қос томы он бес мың данамен шыққанда халық кезекке тұрып, таласып алды. Бүгінде сол жақтағы қазақтың әрбір үйіндегі кітап сөрелерінде қасқайып тұр. Бұл шығарманы ол отыз жылдай уақыт жазып соңғы нүктесін қойды. Ол қазақ елінің тәуелсіздігі үшін сонау Қытай жерінде жүріп күресті. Елге келгені дұрыс деп санаймын. Ол жақтағы күнкөрісі де оңып тұрғаны шамалы. Өзінің зейнетақысы да, алып отырған жалақысы да жоқ. Кемпірінің біздің теңгеге шаққанда сегіз мыңдай зейнетақысымен күн көріп отыр.

Қажығұмардың еңбектерін жарыққа шығаруға көп күш жұмсадық. Осы «Қылмыс» романының төртінші томы біздің шекараға үш рет келіп, үш рет ары қарай қайта кетті. Төртінші рет келгенде барып, әрең бергі бетке өткіздік. Түн ішінде Құмар дейтін жігіт бар еді, сол телефон шалып: «Жәке, төртінші том қолымда», – деді. Сағат түнгі он бір болып қалған. «Дәл қазір алып кел!», – дедім қуанғаннан асып-сасып. Кітап қолыма тие сала, дереу Қабдешке хабарладым. «Міне, төртінші том қолымда тұр», деп едім, «ойбай, қазір барайын ба» деді. «Жоқ, таңертең кел», – дедім оған. Ол таң атысымен ерте келді, мен қолжазбаны Қабдештің қолына тапсырдым. Қажығұмардың шығармаларының жарыққа шығуына осы жігіттер көп еңбек сіңірді. Әсіресе өзі де өте мықты жазушы Қабдеш Жұмаділовтің көп уақыты кетті, еңбегі көп сіңді. Алты томдығын кириллицаға аударып, өзі бастырды. Әділдік үшін айтып отырмын. Ел білсін деп айтып отырмын мұны. Осы біз сөз қылып отырған «Қылмыс» дейтін романның соңғы жағында: «Дүниеде өз отанынан айырылудан өткен үлкен қылмыс жоқ екен», – дейді Қажекең. Мүмкін мұны көзіне жас алып отырып жазған болар. Осы сөздің ар жағында ауыр нәрсенің жатқаны рас.

– Қажығұмар ақсақалдың «Қылмыс» романынан сіздің атыңызды оқып қалдық. тағы қандай шығармаға кейіпкер болдыңыз?

– Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романындағы Жапар менмін ғой. Кейін өзгертті ғой деймін. «Қылмыс» романында атақты Оспан батыр мен менің атымды сол күйінде алыпты.

– Өміріңіздің жартысын шекараның арғы жағында өткіздіңіз. Сол уақытта қазаққа қатысты тарихи оқиғалардың бел ортасында болдыңыз...

– Ол заман жайында өте көп нәрселерді айтуға болады. Мені 1944 жылы қамауға алды. Шың Сысайдың биліктегі кезі-тін. Ол бір студенттік бозбала шағым еді.

– Студентті неге қамап жүр?

– Қамауға Ұлт-азаттық ұйымын құрғаным үшін алындм. Менің аяқ-қолыма кісен салып «бандит» деп айып тақты. «Туфи» деп атады. Бұл сөзді қытай тілінен аударсақ, «жау» деген мағынаны білдіреді. «Оспанмен байланысың бар» деп жапқызды. Екі-үш ай өткен соң Шың Сысай үкіметі тарады. Оның орнына У Жың Шын келді. Бұрынғы Шың Сысай қаматтырған адамдардың жазасын жеңілдетіп, көбін босатып жіберді. Мені сұраққа алып, қайта соттады. Бұл жолы «бандит» емес, «партизансың» деді. Мені босатқылары да келген екен. Бірақ сол түрмеде он ай жаттым. 1945 жылы сәуірде ғана босап шықтым. «Үрімжіден басқа ешқайда шықпайсың» деген қатал шартпен босатты. Мен астыртын құжаттарымды туралап алып, қашып кеттім. Шәуешекке барып, Ұлт-азаттық ұйымын құрдық. Жанымда Дубек Шалғынбаев деген азамат бар. Ол да түрмеден шығып келген. Ахметқали Бітімбаев деген болды, ол да түрменің дәмін татқан. Қалдыбай Қанафин болды, қазір ол Алматыда тұрады. Жасы сексен сегізге келді. Балқаш Бапин деген азамат болды, ол осында дүние салды. Мені қосқанда бес адам белсенді қызмет жасадық. Қолымызға қару ұстауға тура келді. Әйтпесе болмайды. Қару ұстау үшін жиналыс ашып, халықты кімдер ұйымдастырады дегенде, менімен бірге Балқаш Бапинді таңдады. Осылай «партизандық» жұмысқа кірісіп кеттік.

– Алғашында қалай бастадыңыздар?

–Халықтың өзі толқып тұрған уақыты ғой. Қытайдың осалдау аймағына шабуыл жасап, қаруларын тартып аламыз. Екі-үш айдың ішінде жеті жүз елу мың адам жинадық. Бұл аз күш емес, бір полкпен тең дәрежеде. Олардан қаруымыз әлсіз болса да, жалынымыз, рухымыз биік еді. Шығыс Түркістан жақтан да көмек келді. Мынадай бір естелік жазып қойыппын. «1945 жылы мамыр айының оны күні Шәуешек қаласындағы Әубәкір Бабалықұлының үйінің қорасында «андаласудың» бір түрі өтті. Сол мамыр айының бесі күні құрылған «Ұлт-азаттық ұйымының» алғашқы басшылары Дубек Нұртазаұлы

Шалғынбаев, Ахметқали Бітімбаев, Балқаш Әлімғазыұлы Бапин және Жағда Бабалықұлы осы төрт жігіт «Андалық» рәсімін өткізді. Бір қой сойылды, соның қанына қол батырып, бірінің қолын бірі жаласты». Осы біздің өмірдегі ең соңғы «андаласуымыз» болды. Одан кейін мұндай «андаласу» болған жоқ. Осы төрт азамат өмірлерінің аяғына дейін Ұлт-азаттық күрестен таймады. «Андаласу» – уағдаласу, анттасу деген мағыналарды береді.

Жиырма үш шайқасқа қатысып, бірнеше рет жаралы болдым

– Ұлт-азаттық көтерілісі қай жерден басталды?

– Алдымен Тарбағатай жерінде соғыс қым-қиғаш басталып кетті. Алтай жақты дүмпілдетіп Оспан батыр соғысып жатыр. Біз мына жақта Оспанның ту көтеруіне, абыройының асқақтауына тілектеспіз. Екінші дүниежүзілік соғыс біткенше Кеңестер Одағы Қытайдан қауіптенді де, екі арадағы Қытаймен соғысып жатқан бізге жақсы көмектесіп тұрды. Өйткені Қытай жағы жүз жиырма мың әскерді Кеңес Одағына қарсы бағыттап жақындатып әкеп қойған болатын. Орта Азияға төнген қауіптің алдын алу үшін Кеңес Одағы бізге тәуір көмектесті. 1943 жылы Оспанға Моңғолия арқылы қару жеткізіп берді. Сұрасақ қару-жарақ береді. Кейбір басқа да мұқтажымызды тоқтаусыз өтейді. Осылайша Қытай үкіметімен соғысып жаттық. Содан екінші дүниежүзілік соғыс біткен уақытта Сталин Мао Цзе Дунмен «ауыз жаласты» да, ол екі арада жатқан Шығыс Түркістан мемлекетіне қолын бір-ақ сілтеді. 1943 жылы Жан Кай Шымен кездескенде: «Мына Шығыс Түркістандағы қозғалысты сендер жасап жатырсыңдар», – деді. Сол уақытта Сталин: «Ана Моңғолияны шет мемлекет деп таны, ал Шыңжаң мәселесі өзіңнің ішкі мәселең болады», – деген соң, Жан Кай Шы бізге бас салды. Осылайша Кеңес өкіметінің көмегінен айырылып қалдық. Олар бетін басқа жаққа бұрды. Жалпы, жиырма үш шайқасқа қатысып, бірнеше мәрте жаралы болдым.

– Басты мақсаттарыңыз қандай болды?

– Тәуелсіз Шығыс Түркістан мемлекетін құру болды. Біз үш облыс – Алтай, Тарбағатай, Іле Шығыс Түркістан мемлекетін құрдық. Елу мыңға жуық әскеріміз болды. Өзіміздің туымыз бар, ақшамыз бар дербес мемлекет болдық. Үш облыста екі миллионға жуық халық бар болатын. Оның тоқсан пайызы – қазақ. Бізді басқарған екі басшымыздың да Кеңес өкіметі көзін жойды. Ахметжан Қасими деген басшымызды осы жаққа шақырып алып, ешбір себепсіз өлтіріп жіберді. Сол уақытта ішкі Қытайдың өзінде аласапыран еді. Мао Цзе Дун бастаған коммунистермен, Жан Кай Шы бастаған Гоминдаң үкіметі бір-бірімен қырғиқабақ болып жатты. Дегенмен Мао Цзе Дун жағы басымырақ еді. Бізге қарайласа деп үміттенген Кеңес өкіметі бізді Қытайға жығып берді. Шынын айтқанда, біз екі империяның арасындағы «шыбын» болдық қой. Қаншама қан төгілді. Қаншама еңбек далаға кетті. 1945 жылы амалсыздан иығымыздан басып тұрған империяның қысымына шыдамай, соғысты тоқтатуға мәжбүр болдық.

– Түсінбедім.

– Мұның неге екенін, қалай болғанын бүгінгі күні ешкім айта алмайды, Қасымхан бауырым. Соғыс тоқтаған соң қазақтар екіге бөлініп қалды ғой. Бір бөлігі – Гоминдаңға арқа сүйеп, көмек алмақшы болды. Екінші бөлігі – Қазақстанға, атамекенге қарай көшу керек деп шешті. «Шығыс Түркістан жерін Қытай өз иелігіне біржолата алмақшы, далада қалатын жайымыз жоқ, атамекенге ат басын бұру керек», – десті ағайын.

«Ей, Қазақстанда не бар сендерге? Қазақстан – кәпір, коммунист, ертең тозаққа барады бәрі», – дейді Қытайда қалғысы келгендер. «Ей, солар кәпір болса, мен де кәпір болам, коммунист болса, мен де коммунист болам. Тозаққа барса, бірге кетем. Солар өліп бір шұңқырға түссе, мен де сол шұңқырға түсіп өлем. Егер солардың бағы жанып, төбеге шықса, мен де төбеге бірге шығам», – деп бері қарай бет бұрған қазақтар, міне, айналайын, осылай деп шешті. Бұл бір ел басына күн туған өте ауыр кезең еді. Несіне айта береміз оның...

– Не үшін қазаққа қазақ қарсы шықты деп ойлайсыз?

– Жан Кай Шының құлдырап тұрған кезі болатын. Бұл – бір мемлекеттің ішінде жүріп, екінші мемлекетке қарсы шығу. Қытайдың пиғылы – егер Кеңес Одағы екінші дүниежүзілік соғыста жеңілетін болса, Орта Азияға басып кіру. Осыны кеңестің «тыңшылары» сезіп қап, Оспан секілді қол бастауға жарайтын батыр жігіттерді қолдады. 1943 жылдан бастап қолына қару алған Оспан батыр Қытайға қарсы соғысты. Біз оны батыр санадық, көсеміміз дедік. Бір кездері «ақ киізге оранып» хан да сайланды. Үш аймақ бөлініп шыққанда Оспан батырды Алтай аймағының басшысы етіп үкімет бекіткен болатын...

– Өзіңіз коммунист болдыңыз ба?

– Коммунист болдым. Қытай коммунистер партиясының мүшесімін. Мао Цзе Дунның кезінде 1950-1952 жылдары Қытай армиясында қызмет атқардым. Осында келгенімде партияға шақырды, бірақ бас тарттым. Мен өзім Кеңес Одағына да, Қытай үкіметіне де қарсы адаммын. Міне, тәуелсіздік алдық. Бұдан асқан бақыт бар ма! Балаларыма былай деп өсиет қалдырдым: «Тәуелсіздік көрдім. Мәңгілік тілеймін!». «Мұны бейітімдегі тастың бетіне қашап жазыңдар», – дедім. Мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатыстым. Орта Азиялық Одақ құруға атсалыстым. Мұның бәрі де Кеңес өкіметіне қарсы қозғалыстар болды.

– Бір жайтты анықтағым келіп отыр. хасан оралтайдың «елім-айлап өткен өмір» дейтін сүбелі еңбегі бар. 2008 жылдың күз айында алматыға келген сапарында арнайы іздеп барып, ол кісімен кездесіп, Мұстафа Шоқайға қатысты деректі фильмге, екі томдық кітабыма кейбір мәселелерді анықтап сұхбат та алдым.

– Оның әкесі Қалибек хакім біздің соғысты көрді. Бірақ Қалибектер елуінші жылы Кашмир асып, одан Түркия жеріне қоныс аударды. Одан кейінде қаншама жайттар болды. Оспан батыр өлген соң, көп нәрсенің беті көмулі қалды. Әркім өзінің қара басын күйіттеп кетті. Заман солай болды. Ол бір сондай аумалы-төкпелі қиын заман еді ғой, қарағым. Еске алу да ауыр.

– Қажығұмар Шабданұлы өзінің «Қылмыс» атты кітабында Қалибек хакім жайлы өз атын алып өзгертпей жазады. Бәйбішесін, өзін суреттеп ашып жазады.

– Қажығұмар жақсы біледі ғой бәрін.

– Сіз әскери қызметте жүргеніңізде подполковник шенінде болдыңыз? Қарамағыңызда қанша жауынгер болды?

– Біздің полкте мың жарымдай адам бар еді. Біз атты әскер болдық.

– Осыншама жауынгердің бәрі қазақ па?

– Бәрі – қазақ. Арасында бірен-саран ғана түркі тектес ұлттар да бар. Мені біреулер сыртымнан жоғарғы жаққа жамандапты. Оспан турасында жақсы сөздер айтқан болуым керек. Енді әскерде жүргенде саяси жағдай тіпті қиын ғой. Сонда жоғары жақтың бұйрығымен әскери шені полковник, Бас қолбасшының орынбасары, ұлты ұйғыр, атын ұмыттым, Еменов дейтін адамға менің жеке ісімді тапсырыпты. Оны мен бірден білген жоқпын. Сол маңайда бір тас монша бар еді. Соған барып шомылып жатқанмын. Мен шомылып жатқан бөлмеге қолдарында істік мылтықтары бар екі адам үстіме әй-шәй жоқ кіріп келді. «Жылдам шық!» – деді. Қарасам екеуінің де әскери шендері Бас штабтікі екен. Олар үш машинамен келіпті. Менің жалғыз өзімді қолға түсіру үшін алпыс шақты адамды тартыпты. Қолымдағы ыдыста су тұр еді. Ыдысымен жерге тастай салдым да, дәлізге шықтым. Киімдерім сол жерде қалған болатын. Әлгілердің екі көздері – менде. Түстері суық. «Киін!» – деді. Киіндім. Тапаншамды жуынып жатқанымда алып қойыпты. Сыртқы есікті ашып, есікке үлкен машинаны әкеліп тіреп қойыпты. Қашып кетпесін дегені шығар. «Үстіне шық!» – деді шаңқылдаған үнмен, мені қаруымен түртіп. Шықтым. Машинада он шақты адам отыр екен. Бәрі – әскери адамдар.

– Қазақтар ма?

– Түгелімен қазақтар. Өзге бір ұлт жоқ араларында. Жан дауысыммен айғай салдым. Түннің іші еді. Бір-ақ адамның атын айтып айғайладым.

– Ол кісі кім еді? Кімге айғайлайдыңыз?

– «Қазыхан аға! – деп айқайладым. – Қазыхан аға, бұл төңкеріс әлі аяқталған жоқ, әлі талай кезеңде кездесеміз, менің осы сөзімді есіңізде сақтаңыз», – деп айқайладым.

– Ол кісі бар ма екен сол жерде?

– Анандай жерде тыңдап тұр екен. Себездеген жарықтан байқап үлгердім. Бірақ ол үндеген жоқ. Ай да сүттей жарық болатын. Машина орнынан қозғалып кетті. Моншадан шыққан бетім ғой, қатты тоңып кеттім. Далада қырық градус суық. Манастың қалың құмының ішінде келе жатырмыз. Таң бозарып атып келеді. Бір жерге тоқтағанда қарасам, қалың қарақұйрық екен. Алдымызда келе жатқан машинада отырған жауынгерлер түсіп, бір-екі қарақұйрықты жайратып салды. Мен мінген машинадағы адамдар тапжылмай мені бағып отырды. Денем жылыған жоқ. «Көліктен түсуіме бола ма?» – деп едім, енжарлау, «түсіңіз» – деді біреуі. Қарғып түстім. Он адым жерде бір сексеуіл тұр екен. Қурап тұрған сексеуіл екен өзі. Барып астынан отты тұтатып жібердім. Астыңғы жағы жұқалау қар болса да лапылдап жанып жатыр. Рақаттанып жылынып алдым. Кешке жақын Шихо дейтін аудан орталығына келдік. Біз келгенімізде біреу: «Аудандық милиция бастығын шақырыңдар!» – деді. Подполковник Ісләмбек деген кісі еді. Келді. Мені жақсы танитын. Менің үстімнен қарап жүрген әлгі полковник Еменов: «Мынаны ертең сенің қолыңнан аламын», – деді. Қамап қой деп тұр ғой. Ана қазақ милицияның басы салбырап кетті. Мені қатты құрметтейтін адам болатын. Ол шошып кетті. Екеуміз келе жатырмыз. «Ісләмбек аға, мені қамамаңыз, үйіңізге ертіп барыңыз, тоңып кеттім», – дедім. Үндеген жоқ. Болады-болмайды дегенді де айтпады. Ол –алда, мен артында еріп келе жатырмын. Бір уақытта өзінің қорасына келді. Сыртқы есік ашық тұр екен. Есіктен кірдік. Үйге кіріп келгенімізде еттің иісі бұрқ ете қалды. Бәрен дейтін жеңгеміз бар еді. «Бәрен тәте, ет пісті ме?» – деп үйге қатты сөйлеп кірдім. «Ойбай, Жәке, айналайын Жағда, сен қашан келіп едің?» – деп, қуанып жатыр. Менің қандай мақсатпен келіп тұрғанымды қайдан білсін ол. «Ет пісіп тұр, қазір түсірейін», – деді. «Бәрен тәте, арақ бар ма?», «Бар». «Онда әкеліңіз», – дедім. Көк күрешкеге толтыра құйып, қара бұрыштан бір қасық сеуіп, отқа қойып, жылытып, жылы арақты тартып кеп жібердім. Етке тойып алып жаттым. Сөйтіп, ертеңінде мені ана жаққа апарып табыстады. Өзімнің әскерім ғой қамап тұрған. Онша қорққан жоқпын.

– Қамауға алынған төрт себепті айтсаңыз.

– Біріншісі – 1945 жылы ұлт-азаттық көтеріліс жасағанда біз Оспанға арқа сүйедік. Екіншісі – мені қайта соттағанда да, «Оспанға қатысың бар» деп соттады. Үшіншісі – 1947 жылы ол кісі туралы жақсы көргендігімнен бір әңгімелер айтқан болуым керек, Соны Қытайдың «тыңшылары» Шығыс Түркістан мемлекетінің бақылау орталығына жеткізген екен. Содан мені өз үкіметім қамап кеп жіберді. Мен подполковник едім. Ол кезде Қобық ауданында бір мың бес жүздей адамды басқаратынмын. Партизанбыз. Полк командирі Нүсіпхан дейтін кісі. Әскери түрмеде сегіз ай жаттым. Бір күні тыңшылар орталығының жетекшісі Фатих Жабықбай деген кісі түрмедегі мен жатқан камераға кіріп келді...

– Ұлты қазақ па өзінің?

– Иә, қазақ қой. Шені – майор. Маған қолын шошайтып тұрып:

«Жағда, сен ақталдың, қалғанын өзің біл!» – деді де шығып кетті. Сенің қылмысың жоқ екен дегені ғой. Содан мен бас командирге хат жаздым. «Мені сотқа жіберіңіз, болмаса босатыңыз», – дедім. Ол уақытта бас қолбасшы Ысқақбек Муниев деген қырғыз еді. Әскери шені – генераллейтенант. Бір жетіден соң мені шақырып жатыр деді. Жаныма бір әскери адамды қосып қойды. Қашып кетпесін дегені шығар. Кіріп, қолымды шекеме апардым. Қаламын тықылдатып отыр екен. «Өзің тіпті жас екенсің ғой», – деді.

– Сіз не дедіңіз?

– Мен не деймін, Ол уақытта жастау кезім ғой, үндемедім.

– Содан?

– «Сен қайта бер. Мен өзім хабар берем», – деді.

– Ауылға қайттыңыз ба?

– Қайдағы ауыл? Қайтадан алып келіп, абақтыға жапты. Бір жетіден соң, біреу есікті ашып кіріп, қолыма конверт ұстатты. Конвертті ашып қарасам, «Бас штаб саяси басқармасы басшысының орынбасары болсын» деген мансапты ұсына отырып, соңына өзі қол қойыпты. Есік ашық қалды. Сыртқа шықтым. Комендатураның бастығы бар. Ұмытпасам әскери шені капитан болуы керек. Өзі тақ-тақ етеді. Соның кабинетіне жетіп бардым. Маған жалт қарады. Енді түрмедегі адаммын ғой. Шошып кетті. Конвертті қолына ұстата салдым. Оқып бола сала орнынан ұшып түрегеліп, қолын шекесіне апарды. Менің жаңа қызметім одан жоғары ғой. Маған «Жәке, Жәке» деп жатыр. Содан бастап Жәке атанып кеттім. Жолдастарымның үйіне барып жуыныпшайынып, қайтадан «адам» болдым. Өз арамызда шағын той өткіздік. Жұмысқа бардым. Сол жерде істедім. Ұзақ уақыт. Елу мыңдай әскердің саяси жұмысына жауап бердім. Сөйтіп, түрмеден мансап алып шықтым (күлді).

– Аға, әлгі Фатих Жабықбайдың кейінгі тағдыры қалай болды?

– Фатих Жабықбай осы жаққа өтті. Сүйегі осында жатыр. Соңынан ерген ұрпағы бар. Осы күнге дейін балалары келіп тұрады. Ол енді кейін достасып кеткен адамдардың бірі ғой.

1945 жылы мен майдандамын. Қытаймен екі арамыз үш жүз метрдей. Дарияның екі жағасына орналасқанбыз. Олардың да, біздің де «окобымыз» бар. Күндіз-түні шекарада күзеттеміз.

– Сіз дәл осы тұста қандай қызметте едіңіз?

– Полк командирі ауысып кетіп, мен полк командирінің міндетін атқарып жүргенмін.

Содан бір күні төрт атты адам жетіп келді. Барлығы да – бас штабтың адамдары. Сәлемдестім. Төртеуі де мені менсінбей өздерін өте жоғары ұстады. Мен жерде тұрмын, олар – аттың үстінде. «Қорғаныс шебі қай жерде» дейді бастырмалатып.

– Міне, мына жерде, – дедім.

– Жүр, сол жерді көрсет! – деді.

Шынымды айтсам, ішімнен қатты қуанып кеттім. Маған жасаған жаңағы дөрекіліктерін жалма-жан өздеріне қайтарғым келді. «Қорғаныс шебін» аралау өте қиын. Өйткені бірде – еңбектеп, бірде – еңкейіп тізерлеп жүретін жерлері көп. Жер бауырлап жүресің. Оның ұзындығы кей жерлерде үш шақырымға дейін созылады. Іштей қуанып тұрмын. «Жүріңіздер, көрем десеңіздер, мінеки», – деп айтқан жерлеріне кіргізіп жібердім. «Мына жерлерде еңбектеп жүрмесеңіздер қытайлар атады» деп қорқыттым. Қытаймен арамыз – үш жүз-төрт жүз метр. Еңбектеп жүрді, жер бауырлап жүрді, бір кезде қарасам, бәрінің арқасынан тер шығып кетіпті. Қиналып кеткен екен. Күн ыстық. Шаршаған соң тоқтады. Тоқтаған жерде су бердім. Басқа сусынның түрі жоқ. «Енді не істейміз, аралайсыздар ма?» – дедім. «Жоқ, қайтайық» – деді олар. Үйге апарып, ас-суын бердім. Сол күннен бастап әлгі төртеуімен жақын араласып кеттім. Сонда маған қыр көрсеткен капитан жігіт осы сен сұрап тұрған Фатих болатын. Майданнан қайтқанда менің үйіме келіп, қимай қоштасып кетті. Қоштасарда мен астына бір ат мінгіздім. Шекарадан 1961 жылы қатар өткенбіз. Сол кезеңдерде әскери штабта, өлкелік жұмыстарда қызмет атқарды. Министрлікте бөлім бастығы да болды.

– Бұл кісі қамалды ма?

– Қамауға алынған жоқ.

– Атақты генерал дәлелхан сүгірбаевты бүкіл қазақ біледі. сіз қай қырынан танисыз?

– Ұлт-азаттық қозғалыстың бас командирі Ысқақбек Муниевтің орынбасары, шені – генерал-майор, Алтай аймағының әкімі болатын. Екі жұмысты қатар атқарды. Жасы менен үлкен еді. Өз міндетін адал атқарғандардың бірі деп білемін.

– Ол кісі қалай қайтыс болды?

– 1949 жылы Ахметжан Қасими, Абдұлкерім Аббас, Ысқақбек Муниев, Дәлелхан Сүгірбаев, Луо Жы және Шығыс Түркістан республикасының басқа да ресми өкілдері бар, барлығы он бір адам Қазақ КСР-нің астанасы Алматы қаласында ұшаққа мініп, Бейжіңге қарай бет алады. Оларды Қытай Халық Республикасын жариялайтын арнайы құрылтайға қатысуға Мао Цзе Дун шақырған екен. Бірақ олар мінген ұшақ Мәскеуге қонады...

– Неге Мәскеуге қонды екен?

– Қайдан білейін? Содан қыркүйек айында Кеңес Одағы Қытай үкіметіне «ұшақ Байкал көлінің маңында апатқа ұшырады, ұшақта болғандардың бәрі де қаза тапты» деп хабар жіберген. 1991 жылы Кеңес Одағы құлағаннан кейін ҰҚК-ның бұрынғы жетекшілері көз жұмған Шығыс Түркістан республикасының жетекшілері 1949 жылы Сталиннің бұйрығымен өлтірілгенін жариялады. Сүйегін Қытайға әкеліп табыстады.

– Оны ашып көргендер бар ма, анық сол кісілердікі ме өзі?

– Олардың сүйегі ме, басқа ма, ол жағы әлі күнге дейін белгісіз. Одан кейін билікке Сәйпидин деген келді. Ол да көп отырған жоқ. Саяси жағдайлардың өте күрделі, асқынып тұрған шағы еді ғой...

– Жалпы, осы Мао Цзе дунді кім деп білеміз? Сіздің ойыңызды білгім кеп отырғаны...

– Ол жайлы да көп айтуға болады. Бірақ бізге қажеті бола қоймас. Бізге келген социализм дейтін «апатты» орнатуға күш салған көсемдердің бірі. Сталин, Ленин секілді. Бір ғажабы, осы көсемдердің артында ештеңе қалмаған. Ленин өмірден тек бір шалбар, бір костюммен өтіпті. Сталин дүниеден озғанда да, артында бір тиын қалмаған екен. Жемеген, қиянат қылмаған. Айлығын ғана алып, тек мемлекеттің ісімен шұғылданған ғой. Маркстің соңында осындай дәулет қалды дегенді естігем жоқ. Мао Цзе Дунның да артында іліп алар дүние қалмапты. Біздің Қонаевтың да артында ешбір байлық қалған жоқ. Осы секілді мықты адамдар бар. Бірақ олардың бәрі – бір-бір «идеяның» иесі. Жақсы болсын, жаман болсын әлемге тараған идеялардың авторы.

– Сталин қиянат жасамаған деп ойлайсыз ба?

– Өз сөзім өзімдікі, айналайын...

Жазаның жүз жиырма түрі бар

– Аға, әңгімені қайтадан өз өміріңізге қарай бұрсақ. Төрт рет түрменің темір торына түсіпсіз. Қаншама қиындықтарды бастан кешірдіңіз. Абақтыда көрген адам төзгісіз азаптардың болатыны анық. Еске алу қиын шығар, дегенмен өмір бойы ұмыта алмаған сұмдықтарды айтып бересіз бе?

– Дүниеде адамды ұрып-соғу секілді жазалардың жүз жиырма түрі бар екен. Соның біразын өз басымнан өткердім. Жоқтан өзгені сылтауратып, күн сайын кем дегенде бір-екі рет соққының астына алады да жатады. Қатты ұрып жіберсе, бірер аптаға дейін ес-түссіз жатасың. Күнде сұрақтың астына алады. Сен істемеген, тіпті естімеген ауыр нәрселерді «мойында» дейді. Оны істемеген болсаң, қалайша, нені мойындамақсың? «Мұны жасаған жоқпын» дегеннің өзінде, олардың өз айтқандары болады. «Сен Кеңес өкіметімен байланыс жасапсың, олардан қару алмақшы болыпсың» – деп маған жала жапты. Ол уақытта студент кезім ғой. «Елшілікке кіріп едім, мені жер астында орналасқан қоймаға алып барды. Сол қоймада қарудың небір түрлері бар екен. Осыдан маған берем деп айтты. Соншалықты қаруды жер астына сақтап отыр екен» дегенде маған қол қойғызып алды. Бұлай жасамағанымда мен түрмеден аман шықпаған болар едім. Неше түрлі қиыншылықтар өтті ғой. Түрменің ішіне неше түрлі «жұқпалы аурулар» тарайды. Саған қарап жатқан ешкім жоқ. Бір ауру бар екен «сыпной тиф» деген. Әуелі мұрыннан, ауыздан қан кетеді. Алғашында маған жұққан екен, есімді білмей құлаппын. Содан сүйреп бір қоймаға апарып тастапты. Есімді жиғанда қарасам мен жатқан қойманың есігі ашық тұр. Асты суық тас екен. Қамыс төсеп, соның үстіне мені жатқызыпты. Ептеп көзімді ашсам, жанымда тағы екі адам жатыр. Соққы алған болуы керек, ыңырсып жатқан дауыстарынан анық соны аңғардым. Екінші күні соның біреуі жанымызда жатып қайтыс болды. Екі қытайлық келді де, оның екі аяғынан сүйреп, сыртқа қарай ала жөнелгенде, табалдырық биіктеу екен, әлгінің басының сол биік табалдырыққа тарс-тұрс соғылғаны әлі құлағымда тұр. Ал сүйрей жөнелгендегі ары-бері бұлғақтаған бейшараның басы қанша жыл өтсе де көз алдымнан кетпейді, қарағым. Ертеңіне қасымда қалған екіншісі де қатты қиналып жатып, ол бейшара да жан тәсілім етті. Оны да дәл солай сүйреп, басын бұлғақтатып, алып кетті. Мен тірі болсам да, есім кіресілі-шығасылы жаттым...

– Ұлты кім екен олардың?

– Оны біле алмадым. Өйткені сол сәтте өзім де өте ауыр халде жаттым. Содан сандырақтап жатырмын. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір ұйғыр шал «гон фаң» дейді жаныма кеп. Ол да қылмыскер болса керек. Әлгі шал кішкентай ыдысқа толтырып су құйып кетеді. Оны көтеріп ішуге де шамам жоқ. Қолымды батырам да, аузыма тамызам. Қолым илікпейді. Суға батырған қолымды аузыма апару деген – азап. Ауырғанда біреу кеп миыңа біз сұғып жатқандай болады. Оның үстіне бір жылдан бері жуылмаған қол ғой (күледі). Есім кіресілі-шығасылы. Қысқасы, екі дүниенің ортасында жатырмын. Бір кезде қарасам жанымда таза бұлақ ағып жатыр. Бұлақтың жағасында сумен қозғалып, төрт тал жалбыз өсіп тұр екен. Қанша қолымды созсам да әлгі төрт жалбызға қолым жетпейді. Ал әлгі ұйғыр шал менің қасыма күніне бір рет қана келеді. Келген кезде: «Аға, ана жалбыздарды әперіңізші», деймін жалынып. «Жарайды, балам», дейді де қояды. Бір күні төрт тал қурай әкеліпті. «Міне, жалбыз, шырағым, ала ғой». «Жоқ, аға, ана жалбыздарды әперіңіз», деймін жалбарынып. «Мақұл, балам», – деді. Жасы үлкендеу адам. Қалай алды, қайдан әкелді оны мен әлі күнге дейін білмеймін, әйтеуір бірде сол ұйғыр шал төрт тал жалбыз әкелді. Иіскесем, шынымен, жалбыз екен. Кейнен білдім. Маусым айында әбден пісіп жетілген кезі ғой. Төрт талды да әбден шайнап сорыпсорып жатып, жұтып жеп қойдым. Содан қатты ұйықтап қалыппын. Бір күні көзімді ашсам, айналаны көріп жатырмын. Сол бір төрт тал жалбыз мені ажалдан аман алып қалды. Осы секілді қиыншылықтардың неше түрін көрдік қой. Сендер кітаптан оқып, кинолардан көрген шығарсыңдар, ал мен осыларды өз басымнан кешірдім. Түрменің ішінде жуынып жатқан жоқсың, күнде қол жуып жатқан жоқсың, тойып ішіп-жеп жатқан тамағың да жоқ. Күніне аштан өлмесін деп, бір жапырақ нан мен судан басқа түк бермейді.

– Мен сіздің ескі жараңызды тырнағым келмейді. Бірақ басыңыздан өткен қиыншылықтар болашақ ұрпаққа сабақ болсын деген ниеттемін. Сондықтан түрмедегі ең азапты күндеріңізді таратыңқырап айтып берсеңіз деген өтінішім бар...

– Түрменің барлығы қорлық қой. Оның ішінде мынадай нәрселер бар. Мен алғаш түскен түрмеде терезе жоқ, анадай жерде бір тесік бар, бірақ оған кісі басы сыймайды. Сол ғана ептеп сырттағы ауаны ішке кіргізіп тұр. Жарық, не шам жоқ. Есік қалың қатты ағаштан жасалған. Оның сырты темірмен қапталған. Сол есіктің бетінде ойық тесік бар. Күнде тамақты сол жерден береді. Қолымызды созамыз да, ішке қарай суырып аламыз. Тамақ дегенде де оңып тұрған қайбір тамақ дейсің? Жылымшы су мен бір тілім наны ғана бар. Қайнаған су ма, шикі су ма білмедім, білетінім, әйтеуір жылы су береді. Тамақтың қорлығы өте қиын қорлық екен. Оның үстіне жоқтан өзгені сылтау қылып күнде, кейде араға күн салып ұрып-соғады. Жанды жеріңнен аямай тепкілеп тастайды. Тепкілеп ұрып-соғуға әбден үйренген, соған қарағанда олардың жұмыстары сол кісіні ұрып-соғу ғой деймін. Осындай да мамандық иелері бар.

– Қорлық қой...

– Алғашқы түрмеде бір жүз жиырма түрлі ұрып-соғу мен қинаудың түрлері бар екен. Менің жанымда бір қытай жатты. Ол саяси қылмыскер екен. Сол қолы қайырылып қалған. Түрмеге алғаш әкелген күні үстелге отырғызған да, жанына кесілген ағаштың діңгегін әкеліп қойған. Үстелдің үстінде қалам-қағаз тұр. «Жаз» дейді. «Бәрін түгел жазасың» деп тепкілейді. «Түгел жазасың» деп қағаз бен қаламды оң қолына ұстатқан. Ал сол қолын әлгі ағаш діңгегіне бес-алты жерден шегелеп қойған. Түгел жазып бітіргенде ғана шегелерді суырамыз депті. Қан судай аққан. Содан сол қолы іске жарамсыз болып қалған. Салбырап, жүрсе ары-бері қозғалып тұратын.

– Апырмай, ә!

– Жазалаудың мынандай да түрі бар. Екі ауыр ағашты екі жағыңа қояды. Екі қолыңды екі жаққа, әлгі ағаштардың басына тартып тұрып байлайды. Екі аяғыңды талтитып тұрып, басқа ағаштың төменгі бөлігіне байлайды. Содан соң аямай ұрады.

– Құдай сақтасын!

– Жаңа айттым ғой олардың жұмыстары осы. Жазалаушылар сол үшін жалақы алады. Бала-шағаларын асырап отырған күнделікті қызметтері ғой. Сондықтан да олар өз жұмыстарын мінсіз атқарады. Қашан есіңнен айырылып, ес-түссіз күйге түскеніңше маза бермейді.

Бірер жеті ес жия алмай жатқан кездерім көп болды, қарағым.

– Не деген азап...

– Бірде мені сұрақ алатын бөлмеге кіргізіп, алдыма әкеліп бір тақтайды қойды да: «Шеш шалбарыңды», деді. Шештім шалбарымды. Іш киіммен тұрмын. «Тізерлеп отыр», – деді. Отырдым. Сөйтсем ана тақтайдың бетіне таскөмірді ұсақтап, електен өткізіп, қиыршықтарын төгіп, жайыпты. Қиыршық тас деген өзі әртүрлі болмай ма, өте үшкір келеді. Жаным көзіме көрінді-ау... Қан деген ағып жатыр. Екі тіземнің тілім-тілімі шықты. Екі қолым ауада қалықтап жүр. «Айт», – дейді. Бірақ не айтатыныңды білмейсің. Мұндайда кейде өз атыңды да ұмытып қаласың. Бір күні «Жағда Бабалықты «арғымаққа мінгіз» деді.

– Арғымағы несі?

– Біз үш адам едік. Өзіміз отырған жерге ағаштан жасалған ұзын орындықты әкеліп, соған мінгізді. Мына жағынан кішкене орындықтың біреуін әкеліп мінгізіп қойды. Үстелдің үстінде киіз бе, әйтеуір бір нәрсе тұр. «Қолыңды әкел, шалқалап ұста» деді. Ұстадым. Кәдімгі кісен сияқты жасалған екен. Бірақ екі жерден жасапты. Шынтағымның тұсынан бір таспаға, саусақтарымды ұстап тұратын бір таспаға қолымды кигізіп қойды. Қозғалмайтындай етіп. Сөйтті де аяқтарымен үстелдің астын басып қалғанда, саусақтарым бытыр-бытыр етіп сынып, қайырылып кетті. «Ұр» деді. Жуан-жуан таяқтары бар. Әп-сәтте қолдарым көгеріп шыға келді. Соның арасынша есік ашылды. Сөйтсем мені жазалап жатқан жендеттерге түскі тамақтарын әкеліпті. Тамақты өздері жеп отыр. Қолым қатты ауырып бара жатыр. Өзім байқамаған екенмін, аналар жеп отырған тамаққа қарай беріппін. Өйткені қанша күннен бері ашпын. Тергеуші соны сезіпті. Менен көз алмай қарап отыр екен.

– Тергеушінің ұлты кім еді?

– Ұлты қазақ болатын. Жаны ашыған болуы керек: «Ей, тамақ жейсің бе?» – деп сұрады. «Жеймін» дедім жұлып алғандай (күліп алды). Сол арада біреуін тамаққа жүгіртіп жіберді. Қазанның түбінде қалған жақсы палауды бір ыдысқа салып, ішіне бір жағы май – бір жағы қара кесек етті салып жіберіпті. Әлгіні жегенім әлі есімнен кетпейді. Өзім қолымнан қан ағып ыңыранып отырмын. Бір қолыммен тамақты опырып жеп жатырмын. Қарнымды тойғызып алған соң, қайта сұрақ басталды. Осындай қинаулар түрмеде өте көп. Жатқызып қойып ұрады. Тұрғызып қойып ұрады. Отырғызып қойып ұрады. Жаныңнан өтіп бара жатып теуіп кетеді. Оның есебі жоқ. Бұл сол кездегі Шың Сысай дейтін зұлымның заманындағы ауыртпалықтар ғой. Сондай қинаудың қаншама түрін қағазға түсіріп едім, қазір қолымда жоқ боп отырғаны, қарағым. Мен үшін ең ауыр сол түрме болды. Шың Сысайдың орнына келген адам түрмеде жатқандардың санын азайту мақсатымен біразын босатты. Абақтыға адам сыймай кетті. Менің жауабымды мұқият қарап, жазамды жеңілдетті. «Партизан» деп екінші рет қамалғанымда да көп қиындықтар көрдім. Үшінші жолы онша қинала қойған жоқпын.

– Неге?

– Себебі мені өзімнің үкіметім, Шығыс Түркістан Республикасы қамап отыр ғой. Бұл жолы түрмеде жай жаттым. Тамағым тоқ. Бірақ уайымым көп.

– Қанша жаттыңыз?

– Сегіз ай жаттым. Сегіз айдан кейін мені түрмеден шығарды да, тағы қайталап айтайын, бүкіл әскерді басқаратын саяси штаб басшысының орынбасарлығына бір-ақ көтерді.

– Төртінші рет қанша уақытқа қамалдыңыз?

– Төртінші мәрте түскенімде уақыты көпке созылып кетті.Төрт жылдай жаттым. Ол жолы бірыңғай ауыр қара жұмыстар істедім. Ол жақтағы көрген қорлықтарымнан, осында елге келгеннен кейінгі отыз жыл қатаң бақылағандары сай-сүйегімнен өтті ғой...

– Біз түрменің баламасы ретінде «абақты» деген сөзді қолданамыз ғой. Осы қаншалықты дұрыс?

– Бұл сөздің этимологиясын айту қиын. Абақты дейді. Іздеу керек екен. Өзімнің басымнан өтіп тұр ғой бәрі. Бірақ неге екенін, мән бере қоймаппын. Иә, осы жақта бұл сөзді көбіне абақты дейді. Тегінде қысқаруға ұшыраған сөз ғой деймін.

Шегені жалаң аяқ талай бастым...

– Төрт түрме төрт түрлі болды дедіңіз? Тағы да қандай оқиға есіңізде қалды?

– Басымнан өткен бір-екеуін айтайын. Қамшымен ұрады. Кәдімгі қамшымен. Екі қолыңды ауыр темір үстелге керіп байлап тастап, таяқпен соғады. Ұсақ шегелер, тақтайдың астынан қағып қойған. Екінші бетін аударғанда істік жағы шығып тұрады. Жалаң аяқ соны қанша рет бастырды ғой маған. Үстінен жүргенде жаның мұрныңның ұшына келеді. Енді жазалаудың түрі көп. Басыңды қысады. Ол бірнеше минутқа дейін жалғасады. Екі көзің шарасынан шығып кете жаздайды. Шошып кетесің. Адам қорыққаннан тілін жұтып қояды екен. Осы секілді қиындықтардың көбін өз басымнан өткіздім. Менің көрген өмірімнің бәрі осындай қиындықтармен өтті дей алмаймын. Ішінде жан рақатын сезінген сәттер де болды.

– Абақтыдан қалай босап шықтыңыз?

– «Үш отаудың» басын біріктіру идеясына байланысты төртінші рет түрмеге қамалардың алдында қызметтен босағанмын. Әлі сотқа жібере қоймаған кезі. Сол кезде Қытай бойынша жаппай «шойын-болат» еріту дейтұғын үлкен науқан жүріп жатты. Адам көп. Маңайдың бәрі айқайшу. Бір күні сыртқа шықсам, біреулер домна пешін салып жатыр екен. Көбі менің қол астымда істеген жігіттер. Маған сәлем де бермейді, өйткені мен қылмыскермін ғой. Жандарына барып қарап тұрдым. Кірпішті қалап, отқа төзімді кірпіштерді біртіндеп ішіне жапсырып жатыр. Олар кірпіштерді балғамен қатты ұрып жапсырады екен. Мен де қолыма балға алып көмектеспек болдым. Ешкім қуа қойған жоқ. Топырақты ұрып жатырмын. Біраз жерін ұрып болдым. Сәлден соң сол жерге бір қытайлық келіп қалды. Ол қытайды мен танымаймын. Менен басқаларының бәрі оны таниды екен, бәрі орындарынан тік тұрды. Сөйтсем ол ішкі өлкеден келген үлкен маман екен. Жағалай атқарылған жұмыстарды көріп келе жатыр. Менің тұсыма келіп тоқтады да: «Міне, мынау жақсы ұрылған екен, осылай жасаңдар», – деді. Әлгінің сөзі маған күш-қуат, дем бергендей болды. Ендігісінде қолымды пешке басқашалау кіргізіп, бөлек әдіспен жасадым. Қарап тұрғандар маған бойұсынғандай болды. Кешке дейін пешті салып бітірдік. Бір сөткедей уақыт қайнаттық, қатып қалды. Не үшін қатып қалғанын дереу сездім. Пештің ішкі жағы жұқа. Содан бұрынғы жасалған пештерге қарап, бір пештің жобасын мөлшерлеп жасап шықтым. Қолымның икемі бар. Жақсы жасадым деп ойладым. Жоспары сызулы, пешті тек іс жүзіне асыру ғана қалды. Үстімізден қарайтын бір қатал қытайлық маман бар еді, сызбамды әдейі соған апардым. «Сендер мұны пайдаланыңдар», – дедім оған. Сызғандарымды ашып қарады да, үн-түнсіз алып кетті. Төрт-бес күн өткен соң, менің сызбаларымды қайта алып келді. «Мына жасаған дүниеңді біз ұнаттық. Мамандардың бәрі көрді. Өз сызбасы бойынша пешті өзі салсын деген шешім шығарды», – дейді. Мен күлдім. «Маған қалайша сеніп тапсырасыңдар, мен өте қауіпті қылмыскермін ғой, маған қажеті жоқ, жасамаймын. Қалай жасаймын, әлі сотқа да барғаным жоқ. Керек болса алыңдар, болмаса өртеп жіберіңдер», – деп ол жерден кетіп қалдым.

– Бұл қай жылдар еді?

– 1958 жыл болатын.

– Менің Әлішер Толыбаев, Ерлан Түлекбаев, Оралбай Әбдірахманов, Ғалым Жайлыбай, Әубәкір Қайран деген құрдастарым, достарым бар, біз бәріміз сол ит жылы дүниеге келгендерміз.

– Ә-ә, солай ма?! Иә, елу сегіз қазақша ит жылына келеді, дұрыс. Ғалым Жайлыбай мен Әубәкір Қайран ақындар ғой, Әлішер Толыбаев деген әлгі өзіңмен Қытайға көп баратын досың ба?

– Ерлан Түлекбаев дейтін досыммен институтта бірге оқығанмын. Ол кейіннен Мәскеудің институтына ауысып, оны үздік дипломмен бітіріп келді. Қазір осы алматыда тұрады. Әлішер Толыбаев – елге белгілі кәсіпкер. Қазір Шымкентте тұрады. Әлішер екеуміз Қытайда өте көп болдық. Үрімжі, Бейжің, Шанхай, Санья, Жиннан, Таянь, Хайнан тәрізді көптеген қалаларын араладық. Әр барған сайын бұл елге таңғалып ораламыз. Шанхайда екі рет болдық. Өте қатты дамыған таңғажайып шаһар. Жан-жағын көкпеңбек теңіз қоршаған, біріне-бірі ұқсамайтын көк аспанмен таласып, күнге шағылысып жалт-жұлт еткен әсем ғимараттар, бес-алты қабатты аспалы көпірлер мен ағылған көліктер. теңіз үстіне салынған бес-алты қабатты көпірлердің астында ары-бері жүйткіген түрлі кемелерде есеп жоқ. Қас-қағым сәтте жұлдыздай аққан пойыздар, қысқасы, қазіргі Шанхайыңыз қатты дамып кеткен. Үрімжідегідей көшелерінде қаптаған адам жоқ, сауда-саттық орындары, дүкендері түгелдей жер астына көшірілген. Шанхайдың көшесінен тіпті адам көрмейсіз... Оны енді тек қана көзбен көру керек. Оралбай досым да осы алматыда тұрады. Тәуелсіз еліміздің экономикасының көтерілуіне өз тарапынан атсалысып жүрген айтулы азаматтардың бірі.

– Дұрыс айтасың. Қытайдың құпиясын білу үшін ол елді көп аралап, тарихын өте көп оқу керек. Онсыз қырық қатпарлы Қытайды жақсы білем деуге болмайды. Бұл барлық сырын ішіне бүккен өте жұмбақ, өте тылсым, сұсты, айбарлы ел.

– Дұрыс айтасыз. Бірақ біз негізгі бағытымыздан сәл ауытқып кеттік-ау деймін. содан біз дүниеге келген сонау 1958 жыл болатын...

– Бір жұмадан соң үкіметтің бас хатшысы келіпті. Ахметқали деген жігіт көрінеді. Сол маған келіп: «Жәке, мынаны өзіңіз сызған екенсіз, мамандардың бәрі ұнатты. Пешті өзіңіз салуды сұрап жатыр. Жаныңызға не керек, бәрін дайындап береміз» деп уәде етті. Ойланып тұрып «маған жиырма бес адам бересің», – дедім. Адам көп. Кімнің қалай жұмыс істейтінін білем ғой. Ақырын ғана өзім қалаған адамдардың тізімін ұсындым. Осылайша сол пешті салып бітірдім.

– Бұл жолы түрмеден қалай шықтыңыз, соны айтсаңыз?

– 1961 жылы соңғы рет қамалып, еңбекпен түзеу колониясында жатқан едім. Бір зауытқа жұмыс істеп жүргенмін. Цехтың бір бұрышында ауыр жұмыстарды атқарамын. Жұмыс істеп жатқан орыным зауытқа кіреберіс оң босағада болатын. Бірде дабыр-дұбыр еткен дауысқа жалт қарасам, Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданының (ШҰАА) бірінші хатшысы Уаң Гын Мау деген кісі келе жатыр екен. Саяси қайраткер еді. Мен өзім Қытай үкіметінен жәбір көрсем де, кейде оны мақтап та жүремін. Олардың да арасында адамгершілігі барлары аз емес. Өзімен бірге артынан еріп жүрген қырық-елу адамы бар, іргесі жаңадан қаланып жатқан трактор зауытын көруге келген беті сол екен.

Онымен бетпе-бет кездесуге тура келді. Жақындағанда сәлем бердім.

– Сәлеміңізді алды ма?

– Әрине, ол да маған қолын ала жүгірді. Қолым таза емес еді, білегімді ұсына қойдым. Менің денсаулығымды, хал-жағдайымды, балаларымды сұрап жатыр. Бұрыннан таныс, өзі шешен адам болатын. Қалтасынан темекі алды да, маған ұсынды. Темекі таусылғанша әрдеңенің басын бір шалып, тұрып қалдық. Содан ол кісі артына бұрылып қарады да: «Сендер зауытты өздерің аралап көріп шығыңдар, мен осында бола тұрам!» – деп бұйырды. Енді ол маған әңгімесін асықпай айта бастады. Түрлі сұрақтар қойды. Мен «осы Қытайдағы аз санды ұлттардың ішінен шыққан «ұлтшылмын» ғой. «Менің ұлтшыл болуыма Қытай мемлекетінің «шовинизмі» себепкер», – деп көп нәрсені ақтарып салдым. Мао Цзе Дунның «Аз санды ұлттардың «ұлтшыл» болуына үлкен ұлттардың «шовинизмі» себеп болады» дегенін көлденең тартып тұрмын ғой. Бұл айтқандарымды көңіліне ала қойған жоқ. Мен де қаймықпадым. «Менің бұл ісім «ұлтшылдыққа» жатпайды, бұл – халқым үшін жасаған жақсылығым. Сонда да Қытай Үкіметі мені «ұлтшыл» деп айыптап отыр. Мен халқымның бытырап жүргенін қаламаймын. Бәрі бір жерде болсын деген арманым бар еді», – дедім соңынан. Ол мені үнсіз тыңдап тұрды. Бір жарым сағаттан соң әлгі зауыт аралап кеткен серіктері біз тұрған жерге қайтып келді. Сол екі ортада «осы жерден өлмей, аман шықсам, Қазақстанға кетуіме рұқсат етесіз бе» деп сауал қойдым. «Болады», – деді маған тура ойлана қарап тұрып. Олар кете салысымен дереу сол кісінің атына хат жазып жібердім. Бір жұмадан соң рұқсат етілгені туралы жауап хат келді. Жаңағы хаттың көмегімен еңбекпен түзеу колониясынан шықтым. Ол мықты адам еді. Түсінігі мол болатын. Әйтпесе ұлты, мемлекеті туралы осындай әңгіме айтылғанда, басқалар таяққа жығар ма еді?! Сол кісінің көмегімен босап шықтым.

– Түрмедегі кезіңізден қызықты сәттер есіңізде қалды ма?

– Қайсыбірін айта берейін. Көбісі есімнен шығып кетті. Мына бір сәті есімде қалыпты. Түрмеде жатырмыз. Бір камерада он үш адамбыз. Анадай жерде шағын киіз жатыр. Үстінен күнде басып өтеміз. Бір күні әлгі киізді алдым. Әп-әдемі киіз екен. Арасында қызыл түспен шағын ғана боялған киіздің таза қалдығы бар екен. Аптасына бір рет сыртқа шығарады. Сол уақытта киізді алып шығып, шаң-тозаңнан тазаладым, сосын киізді түттім. Бір уыс жүн болды. Әлгіні иіргім бар. Бірақ қайтіп иірмекпін? Содан наннан қалған қалдықтарды жинап, бармақтай ғана ұршық жасадым. Түтілген жүнді байлап алып иірдім. Кішкене баланың жұдырығындай жіп болды. Кешке дейін бекер отырмыз ғой. Тоқиын десем, тоқитын ешқандай құралым жоқ. Содан түрткіленіп жүріп қытайлардың тамақ жейтін қамыстан жасалған ағаш таяқшасының сынғанын тауып алдым. Қытайлар «козы», қазақтар сапқы дейді. Осыны алып, тас кірпішке егеп-егеп біз жасадым. Біз жасап болған соң, тоқуға кірістім.

– Енді азғантай ғана жіппен не тоқып шықтыңыз?

– Басыма тақия тоқып киіп алдым. Бағанағы кішкене қызыл жүннен 1944 деп жазып алдым. Күнде келіп жендеттер тексеріп кетеді. Есіктен кірген бойда, тақияның қайдан пайда болғанына тиісті. Тоқып алғанымды айттым. Түгімді қоймай боқтап жатыр. «Тоқып алдым дейді ғой» деп менсінбей, шірене сөйлейді. Енді шошып кеттім. Тепкілеп ұрып тастайды ғой. Менен басқа он екі адам «өзі тоқып алды», «өзі тоқыды» деп шулап жатыр. Бір уақытта «көреміз қалай тоқитыныңды» деп, есікті жауып кетіп қалды. Бірер сағат өткен соң бір уыс жүн әкелді. «Қане, мынадан маған қолғап тоқып бер!». Іштей қуанып кеттім. Жақсы тоқимын ғой. «Сіз маған біз беріңіз» деп ем, әкеліп берді. Екі күннің ішінде қолғабын тоқып, қолына бердім. Мырс етіп күлді де, шығып кетіп қалды. Маған байпақ тоқып бер деп ертеңіне тағы бір уыс жүн әкеліпті. Тағы бірер күннен соң келіп тұр, «маған жеңі жоқ «майышкы» тоқып бер», – деп. Маған тапсырыс берген сайын мен де оған талап қоя бастадым. Маған керекті заттарды айттым. Айтқанымды әкеле қояды. Содан жанымдағылар да қарап отырмай, киім тоқуға кірісті. Он үш адам бекер отырмыз ғой. Шалы-шауқаны бар, жасы бар, әйтеуір, бәріміз бір жердеміз. Он үш адамның күші оңай ма? Екі-үш күн өткен соң әлгіге шалбарын да тоқып бердік. Қытайлар «за жи» деп отырғаны пісірілген қойдың бас-сирағын айтады. Соны пісіріп берді ақсына. Көптен бері рақаттанып ет жеген жоқпыз ғой, қызылсырап қалған екенбіз. Рақаттанып тұрып бір жегеніміз әлі есімде. Бес-алты айдай бізді пайдаланды. Кейін мені басқа жаққа ауыстырды. Менен кейін қалғандардың тағдырынан бейхабармын. Содан өзіме түйенің жүнінен әдемілеп тұрып қолғап тоқығам. Түрмеде кимейміз, сақтап қойдым.

– Бұл қай жылы еді?

– 1945 жыл болатын. 1944 жылы қамалғанмын. 1944 жылдың аяғында Шың Сысай үкіметі кетті де, орнына У Жың Шын келді. Сол кезде түрмедегілерді бес-он күнге босатқаны бар. Есіктің алдына серуенге шығарады. Қамалып кеткен Тарбағатайдың бір өзбегі бар еді, мықты адам еді. Сыртқа шыққанда соны көріп қалдым. Қайтадан жүгіріп барып, камерадан қолғапты алып шығып, естелік болсын деп бердім. Рақмет деп ол кісі алып кетті. Мен 1974 жылы дәм тартып Мәскеуге бардым. Әлгі өзбек сол уақытта Мәскеуде екен. Тарихтан докторлық қорғапты. Мені үйіне шақырды. Мен берген қолғапты сақтап қойғанын айтты. Бәйбішесіне қолғапты алдыртып, маған көрсетті. Көзіме оттай басылды. Арада отыз жылдай уақыт өтті ғой. Мен тоқыған қолғапты көзінің қарашығындай сақтап қойғанына таңғалдым.

– Ол өзбектің есімі есіңізде ме?

– Есімде жоқ, өзбектің атын қазір ұмытып қалдым.

– Сол бір қилы кезеңдердің бәрі тарих болып артта қалды. Бірақ, әрине, еркіндіктің, бостандықтың, кеңдіктің қадіріне ештеңе жетпейді ғой?

– Кеңдік деп қалдың ғой. Қазақта кеңу, кеңіп алу, жеңілдеп алу, түзге шығу, түзе отыру, сыртқа шығу, далаға шығу, дәретке шығу, дәретке бару, дәретке отыру, дәрет сындыру, далаға бару, далдаға бару, далдалау, далдалап келу, үлкен ауылға бару, хан мен қара тең баратын жерге бару, «сарып тастау», «саңғып тастау» сияқты ұғымдар бар. Осы ұғымдардың барлығы «кеңіп алу» табиғи талапты орындау, жан рақатын табу, табиғат жан-дүниесіне кеңістік беру, жан-жануардың табиғатын еркіндікке, бостандыққа шығару. Ал еркін өмір, әдеттегі тірлікте өз еркімен кеңіп алып, қаннен-қаперсіз жүріп кете беретін жандар «кеңіп алу» дейтін табиғат борышын өтеу рақатын көп түсіне бермейді, көңіл аудармайды да. Алайда қазақта «машайық-машайық емес, бастан кешкен машайық» деген аталы сөз бар. Ауру-сырқау, дерт-дербез қасіретін айтпағанда, жау өкшелеп қуып келе жатса, сен жан таппай қашып келе жатсаң немесе жау оғы жаңбырдай жауып бас көтертпесе, сен табиғаттың кешпес шөресін өтеуге бір сәт орай таппай қиналсаң, «кеңіп алу» дейтін жан рақатын сонда ғана өз дәрежесінде түсінетін боласың.

– Ой, шіркін-ай, десеңізші?

– Есігі бар, терезесі жоқ, жарық дүниеге төбедегі немесе дөдегедегі алақандай тесіктен қарайтын абақтыға он-жиырмаңды топырлатып бір-ақ қамаса... Өз тарихын сыбасқан кір қаспағымен айғақтайтын, үлкенді-кішілі дәрет сындыратын, үлкен ағаш шелекті ортаңа қойса... Үлкенді-кішілі бейтаныс жандар алдында «комиссияға» түскендей болып, сен табиғи борыш өтеуге мәжбүр болсаң... «Өз еркіңмен кеңіп алу» дейтін қасиетті ұғымның бағасыз қадірін сонда ұғасың. Оны сендердің бастарыңа бермей-ақ қойсын... . Иә болмаса Бақыт, рақат күнгейінен қол үзіп, қайғы-қасірет құрсауында қалған, аяқтарында кісен, қолдарында қолөткі, мойындарында ажырық, ауыр кісеннің ырғағымен аяқтарын кібіртіктеп басқан, қабақтарынан қар жауып сілтідей тұнған жандардың бел ортасында сен болсаң...

– Дөдеге деген нені білдіреді?

– Дөдеге деп отырғаным кәдімгі – қазақ үйдің үстіңгі маңдайшасы, яғни уық пен кереге жалғанған жердегі қапталған киіз. Кейде оның оюларын да «дөдеге» дейді.

– Ал жалғастыра берейік, аға. Дос түгіл, дұшпанның басына бермесін...

– Қолдарында жалаңаш қылыш, істігі бар мылтық, жетектерінде елең қаққан қасқыр иттері бар жендеттер бөйтектерді ысыра айдап, бұрышқа тықсыра түссе...

– Бөйтек деп отырғаныңыз кімдер, аға?

– «Бөйтек» деп жалпы қолға түскен адамды айтады. Сені айдап келе жатқандағы қимыл-қозғалыстың бәрі «бөйтектің әрекеті» деп аталады. Қыстың қақаған аязында кісен қарыған тобық пен жіліншіктен өткен суық бүкіл денеңді қалтыратып, суықсыраған сені өз табиғатың іштен қыстаса, «әттең-әттең, кеңіп алатын бір сәт болар ма еді» деп зарыға-зарыға күтсең... Өз еркіңмен кеңіп алу дейтін қасиетті ұғымның қадірін сонда ғана ұғасың. 1944-1945 жылдары осындай сәттерді де бастан кештік қой... Табиғат пен қоғамның құлақ кесті құлы адам кең дүниенің кейде күнгейіне, кейде теріскейіне тап болып, бірде күледі, бірде қайғырады. Бұл да өмірдің заңы ғой, айналайын. Осындай нәрселердің бәрін өз басымнан өткіздім. Талай-талай заман ақыр сәттерді өтті-біттіге санап ұмытайын десең де, ұмытылмайтын рақаттар да бар еді-ау! Мысалы, айдалада жалғыз өзің атыңды қаңтара, шылбырын шұбата салып, өз аспаныңның астында, өз топырағыңның үстінде, өз суыңның жағасында, құмайттау бір жерді көздеп, екі өкшеңді тобықтай екі тасқа баса тіреп, лап еткен самалға бетіңді бұра, жазғы уыз табиғаттың жұпар иісін сіміре тартып, аспай-саспай, қысылмайқымтырылмай бір сәт кеңіп алсаң, ол деген дүниенің бір рақаты ғой. Тасболат сарайыңдағы алтын-күміс жалатылған «унитазыңнан» мың есе артық! Шіркін, сылдыраған мөлдір бұлаққа шайынып алып, атыңа міне сала сырғи жөнелгенде, жан дүниеңнің кеңіп сала беретінін қалай ұмытарсың. Осының өзі еркіндіктің, бостандықтың қадірін сездіріп тұрғандай. Міне, түсіне білген адамға еркіндік деген осыдан-ақ басталады.

– Аға, соғыстың аты – соғыс. Жақын достарыңыздан айырылған сәттер көп болған шығар?

– Соғыс деген өте қиын. Әрбір соғыс сені тонап тұрады. Жаныңдағы жолдасыңнан айырыласың. Мініп жүрген атыңнан айырыласың. Кейде өзің жаралы боласың. Мен жиырма үш рет соғысқа түсіп, үш рет жеңіл жараландым. Содан әйтеуір аман қалдым. Бір соғысқа кіріп екі күндей соғыстық. Жау бекіністің ішінде. Біз қатты қиналдық. Жауды жеңгенімізбен, көбі қырылды. Бұл соғысқа жүз жиырма адаммен кірген едім. Содан он үш-ақ адам аман қалыппыз. Соғыс аяқталған соң полк командиріне барып баяндайын десем, мені көріп полк командирі шошып кетті. Айқайлап жібергенде мен тұрып қалдым. Неге бұлай айқайлады екен? Ар жағында тұрған нөкерлерінің біріне: «Мынаны киіндіріңдер!» – деді. Сөйтсем, екі сөткенің ішінде еңбектеп жүргендіктен де, киімнің бәрі жыртылып түсіп қалған екен ғой. Оны өзім де байқамаппын. Байқағанның өзінде одан басқа киімім де жоқ қой. Дереу жап-жаңа киім берді. Киініп келдім. Сосын асханаға алып барды. Жақсы етті тағам екен. Ертіп апарған біреуі маған қарап саусағымен кеңірдегін тық еткізді. «Ішесің бе» дегені ғой. Қырлы стаканға толтырып құйды. Мен тартып жібердім. Артынша жақсылап ас ішіп, жан шақырып алдым. Енді қайта кіргенімде «міне дұрыс болды» дегенді сөзімен де, қабағымен де танытты. Болған оқиғаны баяндап бердім.

– Оспан батырдың өлімі қалай болды?

– Оны Қытай үкіметі ату жазасына кесті. Ол тізімде мен де бар екенмін. Бірақ атамекенге қарай өтіп кеттім. Әйтпесе Қытай үкіметінің құрбаны болар ма едім. Оспан жайында сол кезде бір кітап жазылды. Бұл кітаптың «Алтай арпалыстары» деп аталады. Авторы Пәтіхан Сүгірбаев.

– Сіз айтып отырған Пәтіхан Сүгірбаев деген кім өзі?

– Ол өзі мықты азамат, саяси қайраткер еді. Қытайдағы көтеріліске қатысқан. Шығыс Түркістандағы Қазақ автономиялы аймағының басшысы да болған. Бірінші рет сол кісі басшы болды. Одан соң ол орынға мен келдім. Пәтіхан ақылмен іс шеше білетін, өз ісіне мығым адам еді. Өзі осы қызметте жүргенде мені қатты құрметтейтін. Екеуміз терең араластық. Өтініш жасасам болды, елп ете қалатын. Жас шамасы, бірекі жас кіші болуы керек. Қытайда қайтыс болып, сүйегі сонда қалды.

– Әлгі кітап қай жылдары жарыққа шықты?

– 1950 жылдары шықты ғой деймін ұмытпасам.

Көп қазақтың сайда саны, қырда ізі де қалмады

– Аға, бір кездері Қытаймен арадағы ұлы көшті ұмытуға бол-мас, сол оқиғаны тарқатып айтып берсеңіз...

– ХХ ғасырдың ішіндегі Шыңжаңдағы қазақтардың көшін үш түрге бөлуге болады. Жалпы көш 1894 жылдан басталды ғой. Алғашында ру-руға бөлініп, Тибет жаққа қарай ығысқан екен. Үндістанға қарай, Тибет пен Шыңжаңның арасына. 1952 жылға дейінгі аралықта үш жүз мыңға жуық адам кетіпті. 1952 жылы зерттеу жүргізгенде үш жүз мыңнан қалғаны он-ақ мың екен. Үш жүз мың адам алпыс жылда өсім беру керек қой, көпшілігі қырылып кетті. Анамен соғысты, мынамен алысты. Ол бейшалардың көпшілігінің сайда – саны, қырда ізі де қалған жоқ.

– Түркияға қарай үдере көшкендері ше?

– Түркияға кеткені өте аз. Мың адамға да жетпейді. Бұл көштің бір түрі ғана ғой. Мен мұны өзімше «бақытсыз көш» деп атадым. Қазақтың ең үлкен бақытсыз көші – осы. Үш жүз мың адамнан он-ақ мың адам қалса, «бақытсыз көш» болады да... Біз соғысты тоқтатқан уақытта қазақ екіге бөлініп қалды. Бір бөлігі – Оспан, Қалибек батыр бастаған Гоминдаңға ілессе, екінші бөлігі қалайда атамекенге ат басын бұрамыз десті. Ел ішіне көптеген қаңқу сөздер тарады. У-шу, ары-бері сапырылысқан халық. Бергі бетке өтетіндер саны да күн санап ұлғая берді. Бірақ Кеңес өкіметі шекараны ашпай қойды. Ол бір қазақтың басына күн туған қиын заман еді ғой.

– Сонда олар бергі бетке қалай өтті?

– Қытайдағы қазақтардың ұсақ балалары «Қазақстанға барып оқимыз» деп, шекарадан қашып өтіп кетті. Мың жарымдай бала бергі бетке өтіпті. Жастарының алды 20-22, ең кішілері он екі-он үш жаста екен. Содан Кеңес Үкіметі секем алып, «бізге «шпион» жіберіп жатыр» деп, Самат, Ғазиз деген балаларды алып қалып, қалғанын Камчаткаға айдап жіберіпті.

– Олар қазір қайда? Бар ма, аман ба?

– Самат пен Ғазиз бар әлі. Ғазиз қазір Семейде тұрады. Саматтың жасы сексеннің үстінде. Камчаткаға айдап апарып, ауыр жұмысқа салыпты. Олардың көбінің сүйегі сонда қалды. Мың жарым қазақтың баласының сүйектері сонау Камчаткада жатыр. 1956 жылы содан аман қалған он үш адам ғана бар екен. Соларды Қытайға қайтарып берді.

Мен ол жақта үкіметтің бастығымын. Бәрін өзім қабылдап алдым.

– Қазір ол адамдар бар ма, кейінгі тағдырлары не болды екен?

– Олардың кейінгі тағдырлары белгісіз. Мен өзім де айдалып кеттім ғой. Камчаткаға кеткен мың бес жүз баланы ешкім де іздемеді, оларды ешкім енді іздей алмайды да. Осындай көшті басымыздан өткіздік қой біз. Мұны да «бақытсыз көш» деп атағанмын.

– Ал үшінші көш туралы не айта аласыз?

– Қазақстанға қалайда бару керек деген ой санада тұрды. 1954 жылы Кеңес өкіметінің басшысы Н. Хрущев шекараны ашып, біздің келуімізге жағдай жасады. Төлқұжат алғандары бар, алмағандары бар 1954 жылдан бастап, ел шекарадан бергі бетке өте бастады. 1954 жылдан 1962 жылға дейін бес жүз мың адам өттік. Бұл аз емес. Колхозсовхозға орналастырды. Олар осы елдің қойын бақты, егінін салды. Барлық қара жұмыстарын істеді. Оларға келе сала мансап берілген жоқ. Оның ішінде неше түрлі ғалымдар да болған, неше түрлі тіл мамандары да болған. Бірақ бәрі де қара жұмыстан бастады. Келген соң Кеңес өкіметі олардың быт-шытын шығарды. Бір бөлегін – Өзбекстанға, бір бөлегін – Қырғызстанға, Тәжікстанға айдап жіберді. Қазақстанның түкпір-түкпіріне бөліп лақтырды. Бірақ барған жерінде көп тұрмай, байырғы атамекені Семей, Талдықорған, Алматы облысына қарай ішкі көштер басталып кетті. Бұл көшке де мен аз еңбек сіңіргем жоқ. Ана жақта 1954 жылы Тарбағатай облысының бастығы едім. Ол көштің кіндігі де сол Тарбағатайда болды. Мүмкіндігінше бір қазақ болса да шекарадан өтуіне көп күш жұмсадық. Мен бүкіл облыстың ең мықты деген мамандарының тоқсан пайызын Қазақстанға өткізіп жіберіппін.

Кейін мені қытайлар қатты қысты.

– Не дейді сонда?

– «Сен мамандардың бәрін еліңе өткізіп жібердің» деп қатты қыспаққа алды. Қолынан іс келеді дегеннің бірін тоқтатпадым. Ол менің абыройымның бар кезі еді. Көп қинаған жоқ. 1962 жылы ешбір құжатсыз халық шекараны бұзып өтті. Содан елге келген соң тағы да түйткілді мәселелер алдымнан шықты. Бұл үшінші көш болатын.

Мені «хан болмақшы» деп айыптады

– Қандай мәселе еді ол?

– «Қазақстанға көшіп келгендерді Кеңес өкіметі қайта Қытай асырып жатыр. Ол жаққа барғандарды қытайлықтар сөзге келместен атуда» деп Орталық комитетке хат жолдадым. «Бұл мәселе оң шешімін табады» делінген Орталық Комитеттің жауап хатында. «Шекараны бұзып өткендердің көбі Семей жаққа топталған екен, біз сізді іссапарға жібереміз, сол аймақтарға барыңыз», – деді маған. Сондағы жібергендегі басты мақсаттары – «Қытай жағы біздің көптеген адамдарымызды Кеңес Одағы күштеп алып кетті, оларды азғырып, бізге қайта қарсы қоймақшы» деген сипатта тараған саяси желдей ескен сол әңгімелерді мен арқылы жоққа шығару. Халыққа басу айттым. Бірақ бұл әңгімелердің бастауы өте тереңде жатыр. ХІХ ғасырдың өзінде әр аймақтағы қазақтардың басын біріктіру идеясы тұрған. Қашанда қызылкеңірдек болып айтысып жүретін адамның бірімін ғой. Қытайда жүргенімде «Үш отаудың» басын бір жерден шығару керек» деген «идеяны» ортаға салдым.

– «Үш отау» дегеніңіз не?

– «Үш отауым» деп тұрғаным, Қытайдағы, Моңғолиядағы және Қазақстандағы қазақтар ғой. Бұлардың бәрінің басын бір жерге тоғыстыру керек дегенді айтып тұрмын. Мұны ашық айтудағы себебім, біз үш облыс Қытайға қарсы соғысып жатқан кезіміз. Ашық айтылған соң, бұл сөздердің бәрі халықтың арасына кеңінен тарады. Жаңағы көштің бәрі осыдан тұтанып отыр. «Үш отаудың» басын бір жерден шығару идеясы Қытай коммунистеріне мүлде ұнаған жоқ. Мен Қазақ автономиялық облысының басшысы болып тұрғанымда, үстімнен үлкен саяси күрес жүргізді. «Мұның ойы түзу емес, біз үшін кереғар. Моңғолиядағы, Қытайдағы қазақтарды Қазақстанға апарып, солардың басын құрап, өзі хан болмақшы» деп жала жапты. Сөйтіп, осы жағылған күйенің кесірінен мені еңбекпен түзеу колониясына қайта айдап жіберді. Сонау 1958 жылдан 1961 жылға дейін мен сол колонияда жаттым. Сол жерден шыққан заматта сәті түсіп, Қазақстанға өтіп кеттім дедім ғой. 1952 жылғы есеп бойынша Шығыс Түркістанда үш жүз мыңдай қытай ұлты болса, қазір отыз бес миллионға жетті. Бұрын ол жерлердің бәрінде тек қана қазақ ауылдары отыратын. Қытайлықтар ішкі аймақтардан келді де, сол бір қорғансыз ауылдарды жұтып жіберді.

– Қытайда қанша қазақ қалды?

– Көп қой. Екі миллионның үстінде. Қызай дейтін рудың өзі бір миллионға жуық ел боп отыр. Бұл сонау ғасырлардан бері қазақтың жері ғой. 1856 жылдары Жоңғар мемлекеті құлағанда албан, суан, қызайлар – бәрі өз атамекеніне қарай беттеді. Көп бөлігі осылар. Үшінші бөлігі – Кеңес Одағы құрылғанда, кәмпескенің кезінде, ашаршылықтан қашып барғандар, саны екі жүз мыңдай ғана. Олардың көбінің сүйегі сонда қалды. Бірен-саран қайтып келгендері де болды. Оның ішінде албандар бар, қаракерейлер көбірек. «Кәмпескенің» кезінде барғандар көбіне Тарбағатай аймағына қоныстанды. Ауып барған халықты шекарадан кірген бойда аңдып тұрып, тонап алады. Қолындағы сақинасы мен құлағындағы сырғасына дейін жұлып алған. Ол уақытта Қытайдағы халықтың тұрмысы жаман емес еді. Елдің тұрмысы жаман болмағандықтан, сырттан келгендерді өзекке тепкен жоқ. Бәріне қойы мен қозысын баққызды. Отыны мен суын тасытты. Әйтеуір қуған жоқ. Қара жұмыстан бастады. Кейін олардың ішінде бірен-саран оқығандары бар екен, мұғалім болды. Біздің мұғалімдеріміздің көбі осы жақтан барғандар еді.

– Халық санағы болушы ма еді?

– Тарихи деректерге қарағанда, Қытайда осыдан төрт жарым мың жыл бұрын Халық санағы жүргізілген екен. Қазақ даласында Бату ханның Тыған атты ұлының баласы Мәңгі Темір хан тұсында – 1276 жылы үшінші бүкіл Дешті Қыпшақ мемлекетінің халық санағы алынған көрінеді. Ал осы екі мемлекетке көршілес жатқан Шығыс Түркістанда халық санағы болған-болмағаны әзірге белгісіз. Мендегі деректерге қарағанда, Манчжур империясының Гуань Шуй ханы кезінде 1908 жылы жаппай Қытай мемлекеті бойынша жан санағы жүргізілгені анық. Алайда одан бұрын да Шығыс Түркістанда халық санағы болмады деп айту қиын. Өйткені Шығыс Түркістанның шығысында жатқан қытай елі халық санағын алуды тым ерте бастаған. Ал батысындағы Дешті Қыпшақта ХІІІ ғасырдың өзінде халық санағы жүргізілген. Олай болса екі көршілес елде болып жатқан маңызды оқиғаның да ұшқыны Шығыс Түркістанға жетері анық. 1908 жылы болған халық санағы кезінде көпшілігі санаққа кіргісі келмей, одан қашқан. Жүз адамның сексені санақтың сыртында қалған. 1909 жылы Қытай үкіметі Шығыс Түркістан халқын «бір жарым миллион» деп жариялады. Тарихшылардың дерегіне қарасақ, «сол уақытта Шығыс Түркістан халқының санағы дұрыс жүргізілмеді» деп айтулары шындыққа жақын. Өйткені әдет-салт, діни-сенімдердің шырмауы көп күдік-күмән туғызғандықтан, санақ жүргізуді ол кезде қарапайым халық жақсылыққа жорымайтындығы табиғи құбылыс. Сонымен бірге түтінге, жан басына қарап салатын салықтан, әскерге шақырудан қағыс қалу немесе оны жеңілдету мақсатымен мемлекеттік тізімнен аулақ болуды дұрыс көргені де – ақиқат. Тағы бір мәселе – жан санағын дәл және толық жүргізуге Манчжур империясының қабілетсіз екендігінде. Міне, осындай кертартпа себептердің салдарынан Шығыс Түркістан халқының саны 1908 жылғы санақта толық алынбағаны шындықтан алыстамайды. Қаншама адам санаққа кірмеді, «жүзден сексен адам енді» дегеннің өзінде Шығыс Түркістан халқын алты-жеті миллион адам шамасы болар деп жорамалдауға болады. Осыдан кейінгі халық санағы араға жиырма жылдай уақыт салып 1926-1928 жылдары жүргізілген. Араға екі жыл салып қайта санақ алуларының себебі бізге белгісіз. Осы жылдардағы жүргізген деректеріне сәйкес, Шығыс Түркістан халқының жалпы саны үш-үш жарым миллион деп жарияланды. Сол кездегі деректерде мына ұлттардың атын атап, халқының санын да нақты көрсеткен, жазып ал:

Ұйғырлар – 1 миллион 750 мың, 50 %
Қытайлар – 525 мың, 15 %
Дүнгендер – 525 мың, 15 %
Қазақтар – 437 мың, 12 %

Моңғолдар – 175 мың, 5 % Манчжурлар – 87500, 2,7 % дейді. Міне, осы көрсетілген деректе манчжур тектес дағұр, сүбе, солаң секілді ұлттар аталмаған. Сірә, бұларды манчжур ұлтының құрамына қосып жіберген болар. Сондайақ қырғыз, татар, өзбек, тәжік ұлттары да санақтың ішінде мүлде жоқ. Бұларды ұйғыр мен қазақ ұлттарының қатарына қосқан шығар деген пікірдеміз. Осы санақтан байқағанымыз Гоминдаң империясының «шыбындары» мейлінше сапырылыстырып тастаған. Әсіресе ұйғырлардың санын құлдыратып, оның есесіне манчжур мен қытайларды басым етіп көрсеткен. Осы бір отаршылар жасаған халықта көрсетілген манчжурлар мен қытайлардың саны сол уақытта әлдеқайда кем. Мысалы, 1959 жылы жарияланған мағлұмат бойынша сібелер саны 14000 шамасында, дағұрлар екі мыңдай ғана болған. Ал 1955 жылғы санақта өздерін «манчжурмыз» дейтіндер Шыңжаң халқының 0,0002 пайызын ғана құраған. Солаңбыз деушілер тіптен аз. Шығыс Түркістанды мекен еткен манчжур халқының туыстары жөнінде кеңес ғалымы Бруканың 1956 жылғы «Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының этникалық құрамы» деген ғылыми мақаласында «Манчжурлар тунгустарға жатады. Олар өз ішінен манчжур, сібе, солаң, дағұр тайпаларына бөлінеді. Шыңжаңда олардың саны жиырма мың мөлшерінде ғана» деп көрсетеді. Десек те, 1926-1928 жылғы деректе олардың саны мейлінше көбірек көрсетілген. Сол кездегі деректе Шығыс Түркістандағы қытайлар саны 525000 деп көрсетілген. Мұны да кейінгі алынған мәліметтер қуаттамайды. 1940 жылдары Шығыс Түркістанды билеп-төстеген Шың Сысай өкіметі 1942 жылы «Шыңжаңда төрт миллион халық бар, он төрт ұлт пен ұлыс бар» деп жариялады да, ұлттарды өзара жіктей келе «ұйғырлар – 73,8, қазақтар – 10,9, қытайлар – 6,5, дүнгендер – 4,2, қырғыздар – 2,1, моңғолдар – 2,1, тәжіктер – 0,4, сібелер – 0,2, өзбектер – 0,2 пайыз және солаң, манчжурлар – 0,1 пайыз» деп көрсеткен еді. Ал осы дереккөзіндегі 6,5 пайыз бойынша есептегенде Шығыс Түркістандағы қытайлар саны 1940 жылдар ішінде 250-260000 шамасында болып еді. Мұның өзі молайтып көрсетілген пайызбен есептеліп отыр.

Отты түрткілеген өшіреді, елді түрткілеген көшіреді

– Одан кейінгі халық санағы қай жылы болды?

– 1953 жылы Мао үкіметі билікке келген тұста Халық санағы болды. Осыған орай 1953 жылы отызыншы маусым күні жиырма төрт сағат санақ жүргізу уақыты болып белгіленді. Оны өткізуге мемлекет бойынша екі миллион бес жүз мың адам қатысты. Алайда мұның өзін жан-жақты әрі сенімді санақ болды деп айта алмаймыз. Дегенмен басқа санақтарға қарағанда қисынға келетін санақтың бірі деуге болатын тәрізді. Қытай Халық Республикасы аумағындағы аз ұлттардың тығыз қоныстанған жерлерінің жалпы көлемі бүкіл мемлекет жер аумағының 60 пайызына тең. 1955 жылы Үрімжі баспасынан шыққан «Құлпырып келе жатқан Шыңжаң» атты кітапшада «1949 жылы Шыңжаң халқы төрт миллион екі жүз мың» деп жарияланды. Қытайы да осының ішіне кіреді. Ал 1954 жылы Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік санақ басқармасы 1953 жылы болған санақтың қорытындысын жария етті. Осы жарияланған нәтижеде «Шыңжаң халқы төрт миллион сегіз жүз жетпіс үш мың, алты жүз сегіз адам» делінген. Оның ішінде қытайлықтар саны үш жүз мың депті. 1957 жылғы жарияланған бір құжатта Шыңжаң халқы бес миллион жүз қырық мың, оның ішінде қытайлықтар бес жүз елу мың мөлшерінде делінген. 1959 жылдың басындағы тағы бір деректе «1958 жылдың аяғына дейін Шыңжаң халқы бес миллион сегіз жүз елу мың, оның ішінде хандықтар бір миллиондай» деп жазылды. «Хандықтар» деп өздерін айтып отыр. Осы көрсетілген деректерде хандықтардың саны өте тез қарқынмен көбейгендігі байқалады. Әрине, мұндай көбею табиғи өсуден гөрі, қоныс аудару жолымен болып отырғаны анық. Мен өзім көзіммен көрген біраз жайтты айтып өтейін.

Мао үкіметі Шығыс Түркістанды тұншықтыру мақсатымен 1950 жылдан бастап, біз тұрған өлкелерге хандықтарды көшіруді жоспарлады. Ең алдымен, «партия және өкімет орындарын құрып беріп қайтатын сақа мамандар» деп он мыңдаған мамандар отбасыларымен көшіп келді. Гоминдаң армиясынан тізе бүккендер саны бір миллион жеті жүз жетпіс мың мөлшерде еді. Осы әскерді бүкіл мемлекет бойынша он екі дивизияға бөлді де, соның он дивизиясын «өндіріс әскері» деп Шығыс Түркістанға жіберіп, жердің шұрайлысын, судың көзін соларға беріп орналастырды. Олардың қолынан қаруды алған жоқ. Мемлекет бойынша осы «Қарулы диқанды» «тың көтерушілер» деп атап, оларға қаржыны үйіп-төкті. Көп кешікпей-ақ «олар отбасылы болуы керек» деген желеумен ішкі өлкеден сол он дивизияға жетерліктей әйелдер қауымын әкеліп, соларға қосып қойды. «Қылмыстыларды өзгерту» деген атпен жүз мыңдаған адамды Шығыс Түркістанға әкеліп, олардың сол топырақта мәңгі қалуын көздеді. Сол өлкелерге ішкі аймақтардан түрлі сылтауды желеу етіп, он мыңдаған қытайлықтар көшіп келіп жатты. Балалары сол өлкелерде білім алды. Олар қайтадан ішкі өлкелерге көше алмады. Оған Мао үкіметі мүмкіндік бермеді. Бір Қытайдың ішінде жүріп, басқа аймаққа кеткен оларға артында қалған туыстарын, жақындарын көшіріп әкелуге мемлекеттің өзі көмектесті. Бұдан да өзге ішкі Қытайдың барлық ауыл-қыстақтарында, қаласы мен даласында тұратын хандықтарға Шығыс Түркістанның шұрайлы жері мен мол байлығы жөнінде кең көлемде үгіт-насихат жасалды. Жергілікті халықтың атынан барған уәкілдер басқа да хандықтарды Шығыс Түркістанға келуге үгіттеді. Сол бір үгіт-насихаттың нәтижесінде Шығыс Түркістанға қарай ағылған көш қысы-жазы бір толастамады. Мао үкіметі бұларды «өз бетімен ағылып келушілер» деп, ал жергілікті халық оларды «қарашаңырақтар» деп атады. «Отты түрткілеген өшіреді, елді түрткілеген көшіреді» дегендей өз бетімен ағылып келушілер саны үкімет әкелгендерден әлдеқайда көп еді. Сөйтіп, Гоминдаң мен Мао шапқыншыларының «Шыңжаңға елу-алпыс миллион адам әкелу керек» деген армандарының іске асу дәуірі басталып кетті. 1950-1957 жылдары Шығыс Түркістанда түрлі науқандар жүргізіліп жатты. Асыра сілтеушілікті есепке алмағанда, біз үшін «жақсы дәуірдің» басы іспетті еді. 1953-1957 жылдар аралығында Шығыс Түркістанның жергілікті халқы небәрі он жеті мың адамға ғана көбейген. Осы жылдарды Мао үкіметі «мақтаулы» жылдар дейді. 1957-1958 жылдар ішінде Шығыс Түркістанның жергілікті халқы 260000 адам өсімін қосқан. Мұның сыртында көшіп келушілердің тұрғаны анық. Қытайдың батыс жағын тексеру ұйымының жинақтаған құжаттарына сүйене отырып жазған тарихшы Ли Да Чиң 1941 жылы өзінің «Шыңжаң қайда барады?» дейтін тарихи очеркінде «Шыңжаңда ислам дініне сенетіндердің жалпы саны – алты миллион, тоғыз жүз жетпіс бір мың, басқа діндегілер жүз отыз жеті мың төрт жүз» деп көрсеткен. Бұл 1953 жылы Мао үкіметі жариялаған деректен екі миллион үш жүз мыңға артық. 1947 жылы Пәкістанда басылып шыққан «Шығыс Түркістан тарихы» деген кітапта 1920 жылғы жан санын көрсетеді. Онда «Шығыс Түркістанда жеті миллион кісі бар, бұлардың ұлттық құрамы – бес жарым миллион ұйғыр, жарым миллионға жуық моңғол, қалғаны қазақ, қырғыз, дүнген, алтыншы орында қытайлар» деп көрсеткен. Рухани сенімі жағынан тоқсан пайызы – мұсылмандар, алты пайыз – будда-лама, қалғаны түрлі діндер» деп жазылған. 1942 жылғы бір деректе Шыңжаң халқының саны алты миллионға жуық делінген. Төрт миллион сегіз жүз алпыс сегіз мың екі жүз ұйғыр, алты жүз тоқсан бір мың бес жүз алпыс бес қазақтар тұрады делінген. Осындай деректерді нысанаға ала отырып, «1940 жылдар ішінде Шығыс Түркістанда жеті миллиондай халық болған» деген болжамға тоқтауға болады.

– Аға, 1953 жылы болған халық санағының мәліметтеріне назар аудармадыңыз ба?

– 1953 жылы жаппай өткен жан санағы кезінде Шыңжаң Өлкелік өкіметі жанынан халық санағын өткізу комиссиясы құрылған болатын. Осы комиссия 1954 жылы маусымда өлкенің жан санағын алу маусымын аяқтап, қорытынды шығарды. Сол қорытындыда «өлке халқының саны – жеті миллион үш жүз он төрт мың жүз жиырма жан. Мұның ішінде ұйғырлар – алты миллион үш жүз бір мың, қазақтар – алты жүз қырық екі мың жеті жүз елу алты жан, 8,5 % басқа ұлттар» деп көрсетілген.

– Басқа ұлттар деп отырғаны кімдер?

– Басқалар дегені – қытай, дүнген, қырғыз, моңғол, өзбек, татар, сібе, дағұр, манчжур секілді ірілі-ұсақты ұлттар ғой. Бұл мәлімет сол кезде мемлекеттік құпия ретінде сақталды да, жұртшылық бұдан мүлде бейхабар болып қалды. Осы орайда саған мына бір оқиғаны айтқым келіп отыр. Жергілікті халық пен зерттеушілер халық санағының қорытындысын сарғая күтті. Арада біраз уақыт өткен соң, Қытай Халық Республикасы саяси кеңесі бүкіл мемлекеттік комитетінің мүшесі және сол кездегі Шыңжаң Өлкелік өкімет төрағасының орынбасары ұлты ұйғыр Сайфуддин Азезов Бейжіңде Мао Цзе Дунге жолығады. Ол Сайфуддинді: «Ұйғырлар саны алты миллионнан астам екен, аз санды ұлттар арасында бірінші орынға шықтыңдар», – деп құттықтапты. Мао Цзе Дунның аузынан айтылған құттықтауды өз достарына қуана айтып жүрген тұста Мао үкіметінің мемлекеттік санақ басқармасы Шыңжаң өлкесінің халқы төрт миллион сегіз жүз жетпіс үш мың алты жүз сегіз (4 873 608) деп жариялап жіберді. Міне, көре, көзге жасалған осы қиянат Сайфуддин мырзаға да қатты батты. Ол өз сырластарына «айтқанынан танып кетті-ау» деп налығанын ел аңыз етіп айтып жүрді. Демек, Мао өкіметі әдейі қастандық жасап, екі миллион төрт жүз қырық мың бес жүз он екі адамға кеміткен. Бұған қарап, «Қытай Халық Республикасындағы барлық аз ұлттарға осындай қиянат жасалды» деген қорытындыға тоқталуға болады. Жалпы алғанда, мемлекеттің халық санағын жүргізуі – өте күрделі және қиын жұмыс. Бұл ғылыми, саяси жауапкершілігі де зор жұмыс. Осы тұрғыдан келгенде санақты жүргізушілерге де артатын кінә жоқ. Мақсат ол емес, Мао үкіметінің санаққа, санақ кітабына жасалған қастандығы қаншама жылдар өтсе де, менің жадымнан шықпайды. «Ниеті жаман көршісінен ұрлайды» дегендей, өзі аз халықтардың санын ұрлағанда Қытайдың қай кемтігі жамалып қалды екен деп ойлаймын. Мұндағы басты саясаты – «азсыңдар», сондықтан бізге бағынуларыңа тура келеді» дегенді меңзеп отырғаны ғой. «Азсыңдар» деп ұлттық ерекшеліктерді жойып, өз арасына тез сіңіріп жіберу. «Азсыңдар, жерлерің, байлықтарың көп, бірақ оны игеру үшін хандықтарды көптеп көшіру керек» деп мойындату секілді жымысқы әрекеттерге барды. Қорыта келгенде, отар елдегі аз санды ұлттардың бүтін бір ұлт болып, мемлекет болып қалу мүмкіндігін жою, олардың санасынан ұлттық ұғым, өз ұлтына деген сүйіспеншілік, тарихына деген құрметтің бәрін өшіру.

– Бір өзі бір кітапқа жүк болғандай ма қалай...

– Мынаны ескерген жөн. Біз он үш ғасыр бойы әлі де болса, ұлттық мемлекет құра алмай келеміз. Көктүріктен кейін көк туымыз көкке көтерілген жоқ. Он үш ғасыр бойы біздің қазақ өмір ішінен – өлім, өлім ішінен өмір іздеп келеді. Ылғи қантөгістерді бастан кешіріп келеміз. Бағы жанбады. Бір жағынан – орыс, екінші жағынан, қытай секілді алып империялар адымымызды аштырмады. Саясатымызға да, мәдениетімізге де өздерінің кері әсерлерін тигізді. Көші-қон мәселесі болғанда «Қытайдағы қазақтардың осында келуіне жәрдемдесіңіз» деп жоғары жаққа бірнеше рет хат та жазылды. Қазақ бір жерге шоғырлану керек. Шоғырлану үшін сыртта қалған қазақтарды мемлекетке әкелу қажет. М. Горбачев көместескенде Қытайдағы қаншама қазақ өз атамекеніне оралар еді. Қазақстанға қарай жол ашылғанда қаншама қазақтың баласы ат басын бұрар еді. Осындай үмітпен мен хат жаздым. Моңғолия, Қытай, Өзбек, Ресей мемлекеттерінде қазақтар тұрып жатыр. Шашырап жүрген қазақтар бар. Бәрін қоссақ, алты миллион қазақ сыртта жатыр. «Осы алты миллион қазақты атамекеніне әкеліп шоғырландырмасақ, онда біз мемлекет құра алмаймыз» деп ашынып жаздым. Қазір Қытайда бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Бұрын оқушылар қазақ мектептерінде білім алатын. Біз автономиялы облыс болып тұрғанымызда қытай мектебін ашқан жоқпыз. Кейін коммунистік партия орнаған соң ғой, қытай тілінде білім беретін мектептердің ашыла бастағаны. Қытайдағы қазақтар енді он-он бес жылдың көлемінде біртіндеп жоғалады. Қытайдың мектебіне барған бала қытайлық болмай, енді кім болады? Кезінде Алаштың ардақтылары Қытайға барды. Олар қазақты бір жерге «шоғырландыру керек» деген идеяны ұстанып өтті. Сол кездегі саясаттың салқыны болар, ойларын ортаға ашық тастай алмады. Олар бәрін астыртын жасады. Мен қазақтың басын құрау барысында көп еңбек сіңірдім. Әскери қызметте жүргенде де, басшылық қызметте жүргенде де қазақтың бір жерде, бір елде болуын қаладым.

– Қазақтар Қытайдың қай аймақтарына көп шоғырланған?

– Көбі Алтай аймағы, Тарбағатай, Боро-Тола, Үрімжі және Құлжада. Қытайдың ішкі аймақтарында қазақтың аз ғана шоғыры бар.

– Пайызға шағып айта аласыз ба?

– Мысалы, өткен ғасырда біз қызмет істеп жүрген тұста Алтай өңірінің тұрғындары жүз пайыз қазақтар болатын. Ал шамамен Тарбағатайдың тоқсан пайызы қазақтар еді. Құлжада да көрсеткіш осындай. Бүгінгі күні қазақ тілінде тарайтын газеттер де бар біренсаран. 1950 жылғы мәліметте Қытай империясында алпыс төрт ұлт пен ұлыс болған. Осы алпыс төрт ұлт пен ұлыс Қытай жерінің – алпыс пайызын, хандықтар қытай жерінің қырық пайызын иеленген. 1952 жылы болған мемлекеттік санақта Шыңжаң өлкесінде үш жүз мың қытай бар еді. ХХ ғасыр аяғында жиырма бес миллион болды. Сол өлкелерге тағы да көшіріп жатыр. Шекараға орналасқан аудан орталықтары мен облыс орталықтарының халқы миллионнан кем болмасын деп отыр. Қазақстанмен шектесетін аудан және облыс орталықтары – Сарысүмбе, Қаба, Буыршын, Дөрбелжің, Шәуешек, Шаған, Тоғай, Толы, Боро-Тола, Арасан, Сүйдін, Қорғас, Құлжа, Шапшал, Моңғұлкүре, Қызылкүре – осы секілді он жеті қалаға бір миллионнан адам орнықса, не болмақ? Бүгінгі, ертеңгі қазақ өзіне арқа сүйеу іздеу керек. Мемлекет мықты болғанда ғана бізді жау алмайды. Мемлекет мықты болу үшін негізгі халқының саны көп болу керек.

– Аға, Мұстафа Шоқайдың еңбектерін оқып отырып, мынадай сөздерге кезіктім. Мұстафа Шоқай: «Қытайлармен Кеңес өкіметінің Шығыс түркістандағы достығы қасқыр мен қойдың достығындай», – дейді. Шығыс түркістанның тәуелсіздігін Кеңес одағы ешқашан көргісі келген жоқ және көргісі де келмейді. Менің сұрайын дегенім Шығыс түркістанда болған Қожанияз ажы деген кісі кім?

– Мұстафа Шоқай өте дұрыс айтып отыр. Мен де бұл мәселеге көп бас қатырғанмын. Қожанияз деген кісінің болғаны рас. Оның ұлты ұйғыр болатын. Ол 1933 жылы Шыңжаң өлкесінде Шың Сысай билік құрғанда орынбасары болып осы Қожанияз қызмет істеді. Бірнеше жылдан кейін әлгі зұлым Шың Сысайдың өзі оны қаматтырып, өлтіріп жіберді.

– Бұл кісі мұсылман халықтарына көмек қолын созды ма?

– Енді ұлты ұйғыр болған соң ұйғыр халқының жағдайын көтеруге ашық болысты. Бір сөзбен айтқанда сол замандағы ұйғырлардың үлкен көсемдерінің бірі еді ғой.

– Мұстафа Шоқай «Ма Жұң и деген кісі болған» деп жазады бір мақаласында. ол кім, есіңізде бар ма?

– Ол мұсылман мемлекетін құрамын деп Шығыс Түркістанға дейін жаулап келген генерал ғой.

– Өзінің шыққан тегі қайдан?

– Өзі Гансудікі. Гансу дейтін Шыңжаң өлкесінің ар жағындағы жердің аты ғой. Бірыңғай дүнгендер мекен еткен. Қазір білмеймін, қытайлар ол өлкеге де қаптап кеткен шығар. Біз айтып отырған Ма Жұң И жап-жас болса да, қол астына қаншама әскерді бағындырған өте мықты әскери маман еді. Өзі соғыста қайтыс болды. Жасы жиырма беске де жетпеді-ау деймін. Ал оның әскери шені, жаңа айттым ғой, генерал болатын.

– Аға, Мұстафа Шоқай өзінің осы Шығыс түркістан туралы жазған бір мақаласында сіз айтып отырған Ма Жұң иды небәрі жиырма үш-ақ жаста еді деп жазады. осы еңбегінде Жың Шурын жайында да айтады. Ол кім еді?

– Шың Сысай үкіметіне дейін билік құрған үкіметбасы ғой. Жың Шурын деп отырғаны осы болу керек.

– Алымды Күшік деген кісі кім, аға?

– Ол енді қазақ, руы керей ғой деймін. Мен үкімет басында отырғанымда бұл кісі Шыңжаңдағы «ҰҚК» бастығы болатын. Мені Қытайлар қыспаққа алып, түрмеге жапқанда ол да менімен бірге айдалып кетті. Бас сотты және Қалдыбай Қанафин деген генералды да сол тұста тұтқындады. Өлкелік үгіт-насихат бөлімінің бастығы Ахметқали Бітімбаев деген кісіні де ұстады. Бәрімізді жұмыстан қуып, партиядан шығарды.

– Таққан айыптары не сондағы?

– «Ұлтшылсыңдар» дейді де...

– Сырттан атамекенге қоныс аударып келіп жатқан қандастарымызды «оралмандар» деп жатамыз. Бұл сөзге шамданып та қалатындары бар секілді. Сіз қандай пікірдесіз?

– «Оралман» деген сөз сырттан келгендерді ұқтыру үшін айтылғанымен, былайша адам шошитын сөз емес. «Адамдар келді», «туыстар келді» деген сөз ғой. Кәдімгі өзіміз жейтін алманы «алма» дейміз. Неге алма дейміз? Түбірі белгісіз. Қиын. Осы секілді сөздер ғой. «Оралман» атауы туралы әртүрлі пікірлер айтылып жүргені анық, өзгерткен жөн болар. Көбі «оралман» деген атауды ұнатпайтыны да рас. Елдің болашағы, халықтың тағдырымен ойнағысы келген кейбір мықтысымақтардың «оралмандар оңбаған» деп атажұртқа келген қандастарға түгелдей тіл тигізіп жатқандары да бар. Сондықтан сыртта қалған елдің «оралман» аталуының көп талас тудырғаны – ақиқат. Бұл орайда бәріміз бір көзқараста болсақ деген ойым бар. «Көшіп келіп бір тудың астына шоғырланған туыстарды, қандастарды, отандастарды қалай атау қонымды болар екен» деген оймен мынадай тізім жасаған едім.

Олар: оралғандар, оралған туыстар, оралған қандастар, төркіндестер, тұқымдастар, кіндіктестер, кіндік туыстар, кіндік қандылар, туыстар, қандастар, көшіп келген туыстар, көшіп келген қандастар, көшіп келген отандастар, келген туыстар, келермендер, бет бұрғандар, іңкарлар, елдестер, еншілестер, есжиғандар, естапқандар, елтапқандар, елінтапқандар, тоғысқандар, басқосқандар, үйірсектер, үйірін тапқандар, үйіртапқандар, аңсағандар, шоғырланғандар, елсірегендер, елсүйерлер, отандастар деп «оралман» сөзіне біраз балама ұғымдарды жазған екенмін. Осындай атаулардың бірімен атасақ болар еді. Әлі де ойлану керек.

1945 жылы Шәуешекте «Ер Тарғын» операсын сахнаға қойған адаммын...

– Аға, жалпы сізбен сұхбаттаса отырып көп нәрсеге көз жеткіздім...

– Жалпы, сахна өнеріне мен өзім табиғатымнан жақынырақ болдым. Өзім ән де айтқанмын. Сол сахналарда қойылған спектакль мен операларды қалт жібермей көріп жүретін де кездерім бар. Содан рижессерлік қабілетке ие болғандаймын. Бірақ бұл саланы тереңірек оқыған да жоқпын. Сахнаға опера жанрын қою дейтін өте күрделі нәрсе ғой. Ол оп-оңай ғана айтыла салатын дүние емес. 1945 жылы Шәуешекке келдім. Бұл қалада түрлі ұлт өкілдері өмір сүреді. Қытайы, ұйғыры, өзбегі, қазағы, татары тағы басқа бірнеше ұлттардың мекені болған – осы Шәуешек. Әрқайсысының өзіндік тарихы, әдебиеті, мәдениеті оның ішінде сахна өнері де бар. Мен барған тұста осы қалада сахна өнерінен үлкен жарыс өткелі жатыр екен. Сол жақта қазақтың мәдениет бөлімі де бар.

– Мәдениет бөлімін ол уақытта кім басқарған?

– Өзі орнықты, көп білетін, көп оқыған, тілге сауатты Ілияс Ақшин деген кісі. Қазақстанға келіп қайтыс болды. Сүйегі Үржарда жатыр. Жақсы адам еді. Орысшаға сауатты болатын. Осы жақтан қашып барғандардың біреуі ғой. Енді осы кісі маған жабысты да қалды. «Біз «Ер Тарғын» операсын сахнаға қойғалы жатырмыз, сен режиссер боласың», – дейді. Мен бұрын ондайды көрмеген адам, операға режиссер болу оңай нәрсе еместігін айтып, бас тарттым. «Жоқ, сенен басқа ешкім жоқ, осыны жасайсың!» – деп нығарлап айтты. Өзі абыройлы адам. Енді бұрын мұндай өтініш түсіп көрмеген соң, ойлана келе келісімімді бердім. Қолымнан келгенше көрейін дедім. Оқиғаны бастан-аяқ сауатты қою үшін көп нәрсені білу керек. Маған Ер Тарғындай бұрынсоңды көрмеген тарихи адамның болмысын ашу үшін қайткен күннің өзінде суретін көру керек. Ешкімнен, ешбір жерден ала алмайсың.

– Мұны енді қалай сахналадыңыз?

– Осы Шәуешекте ұлты өзбек, өзі бай тұратын бір кісі бар еді. Осы өзбектің қызы Алматыда оқыған екен. Сол Алматыда оқығанда екінші дүниежүзілік соғыстың жүріп жатқан кезі ғой. Осында жүріп қазақтың батыры Мәлік Ғабдуллинмен кездескен екен. Осы Мәлік Ғабдуллин «Ер Тарғынның» суреті салынған «открыткаға» тілек жазып, қызға сыйға беріпті. Екеуі де жас қой. Қайдан білейін, өз сезімін білдірген шығар. Соны бір сенімді адам айтты маған. Тым болмаса бір көрсем болар еді дедім іштей. Осы оқиғаны Ілияс Ақшинге айттым. «Пәлен деген өзбектің қызының қолында Ер Тарғынның суреті бейнеленген «открыткасы» бар екен, соны маған алып беріңіз» деп қолқа салдым. Жарайды деді. «Открытка» дегенің не, көп болса үш тиын ғой. Ойымызда ештеңе жоқ, өзбектің үйіне бардық. Енді Ілиястың абыройы бар, әлгі бай өзбек дастарқан жайып, бәйек болып жатыр. Адамның да қарасы көбейіп кетті. Шәй құйылып жатыр.

«Мен бір бұйымтаймен келдім», – деді Ілияс әңгіме бастап. «Айтыңыз, айтыңыз» деп шуласты. «Мына қызыңыздың қолында Ер Тарғынның суреті бейнеленген «открыткасы» бар екен, осыны маған беріңіз. Біз театрда «Ер Тарғын» операсын қойғалы жатырмыз», – деді. Әлгі қызы бергісі келмейтінін жасырмады. Менде үн жоқ. Басымды төмен салып отырып қалдым. Ілияс Ақшиннің көңіл күйі түсіп кеткен. Жаңа ғана қауқылдасып отыр едік, еңсеміз түсіп қалды (рақаттана күлді). Әкесінде де, шешесінде де үн жоқ. Қыздың жасы менен үлкен. Бірден ойымды жинақтадым да: «Апай, – дедім, – сол «открыткаңызды» бес минөттей менің алдымда ұстап тұрыңыз, бітті». Әкелді де, бес минөттей ұстап тұрды, керегімді қағазға түсіріп алдым. Осы жазғансызғаныма қарап Ер Тарғынның киімін жасап шықтым.

– Сонда қалай жасадыңыз?

– Мен киімді жасағанда керемет жасадым. Батырдың үстіндегі сауытын жасау үшін көп бас қатырдым. Сөйтіп, сазан деген балықтың сыртқы қабыршағы бірінің үстіне бірі ілінеді екен. Осы қабыршақты алып, сауытты жасап шықтым ғой. Тамаша болды. Сыртын бояумен бояп едім, жалт ете қалды дейсің. Мынау қалай жасалған деп алыстан қарағандар таңғалысты. Қозғалған сайын құбылып, жылт-жылт етеді. Қораның екі жеріне екі адамның басын жасап балшықтан дулығыны кигізіп көрем. Ішінен өзіме ұнаған біреуін алдым. Операға қажетті киім-кешекті әлім келгенінше жасап шықтым. Он шақты тігінші беріп қойған. Өздерінің тігін машиналары да бар. Қолынан іс келетін адамдарды да бөліп қойған. Олармен әйелдің де, ер кісінің де киімін сахнаға дайындадық. Бұрын мұндайды көрмегем. Барымды салдым. Бұл жұмысыма мамырдың бірінші жұлдызында кіріскенмін. Оның үстіне төртінші мамыр күні Ұлт-азаттық ұйымын құрдық. Ол ұйым жасырын жүріп жатыр. Екеуі екі жақтан менің санамда тұр. Сол бір сәттерді адам басына салмасын, күнімен-түнімен ұйқы жоқ, дөңбекшіп шығамын.

– Сахнаға қалай шықтыңыздар?

– Бір айдан соң опера қойылды. Сол жолы тоғыз ұлттың өкілдері өздерінің әртүрлі қойылымдарын қойды. Қазылар алқасы да болды. Осы жолы «Ер Тарғын» операсы облыс бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Төбем көкке жеткендей болды. Қуанып қалдым (күлді).

– Осы қойылым барысында басқа қандай қиындықтар болды?

– Енді ол уақытта әртістер мені менсінбейді. Өйткені түрмеден шығып келген қайыршымын. Оның үстіне жаспын. Көпшілігі менен үлкендеу. Менің айтқандарыма көнгісі келмейді. Сөзімді өткізе алмай қорлық көрдім. Бұл 1945 жылдың мамыр айы болатын.

– Бұл қойылымды қайта өңдеп қойдыңыз ба?

– 1954 жылы Қазақ автономиялық өлкесі құрылды. Қазақ автономиялық өлкесінің ішінде төрт облыс бар. Алтай, Тарбағатай,, Боро-Тала және Іле облысы болып бөлінеді. Осы өлке құрылғанда той болды. Мен ол уақытта Тарбағатай аймағының басшысымын. Бұрнағы жылдардағыдай қайыршы кезім емес. Осы жолы қайтадан «Ер Тарғын» операсын қойсам деп ойладым. Сахнаның артында жүгірмесем де, майда-шүйде тірліктеріне көмектесермін деп, осы қойылымды қайта дайындатқыздым. Күнделікті жұмыс барысын бақылап отырдым. Басшылық қызметте болған соң, тыңдайды ғой. Жақсы дайындалды. 1954 жылы жетінші айда Іле облысының орталығы Құлжа қаласында үлкен той болды. Тойға тарту ретінде «Ер Тарғынды» қойдық. «Ер Тарғын» операсын бұрын көрген де, көрмеген де бар екен. Шу ете қалды ғой. Жақсы қойылды. Тағы да бас бәйгені қанжығаладық. Жүлде берілді. Мен осы операны сахнаға қойғанда жаңаша, бұрын мұндайда ешкім жасамаған әдісті пайдаландым.

–Бұл қандай тосын жаңалық болды екен?

–Менен бұрын басқа да түрлі қойылымдар қойып жүрген режиссерлер сахнаға тірі атты шығармаған ғой. Ер Тарғынның астындағы Тарланын сахнаға шығардым. Бір жуас атты сахнаға апарып, сол жерде әрібері жүргізіп, адамдардың шуына үйретіп, бір айдай сахнаның ішіне бой үйреніскен соң, ол да әртіс болып кетеді екен. Екі қойылымда да ат шығарып, елді аузыма қаратқаным бар. Келген жұрт таңғалды. Мен мұны айтып отырғандағы себебім, адам өмірінде көп нәрсеге кезігеді. Кейде мен жолдастарыма сендер мені мақтасаңдаршы ей, мен «Ер Тарғын» операсын қойып, бірінші орынды алып бердім ғой – деймін. «Өй, әкең аузы, сені несіне мақтаймыз» деп боқтайды жолдастарым. Қазақтың бір жаман әдеті бар, бірнәрсені айтсаң алдымен болмайтын жағын айтады. Болмайтын жағын айтып, сені шаршатып тастайды. Осындай жаман мінезге «қарсы», «болмайды» деген сөзді алып тастап, «болады», «ертең болдырам» деген сөзді әрдайым айтып жүрсе ғана ол өз биігін бағындыра алады.

– Сіздер сонда «Ер Тарғын» жырын қайдан алдыңыздар?

–Ол ел ішінде бұрыннан бар нәрсе ғой. Осы жақтан жеткен болуы керек. Мен өзім оқығанда математика мен физиканы өте жақсы оқыдым. Соның әсері шығар мүмкін, көп нәрсеге қызығып, соны үйреніп, соны жасасам деген ниетім, талпынысым өте жоғары болатын. Өзім тамақ пісірем, киім тігем, ою оям, сахна өнерімен айналыстым, тасқа қашап ойып жазам, тағы басқа нәрселерді қолымнан келмейді демей, соны жасауға талпындым. Табиғатым, жаратылысым солай.

– Әрбір іске бейіміңіз байқалады. Адам болған соң қолынан келмейтін де іс болады ғой. Қай іске ыңғайыңыз болмады?

– Енді икемсіз болдым дей алмаймын (Біраз ойланып отырды)... Мүмкін орайын келтіре алмаған кездерім де болған шығар. Тасқа жазуға менен ұста адам жоқ. Жеке адамдардың өзімен бірге жүретін мөрі болады. Қытайша және қазақша жазылған. Сол мөрсіз құжаттар пайдаға аспайды. Осы мөрді елдің бәрі бірдей оя бермейді ғой. Мен мөр оям.

Қайыңнан әдемілеп тұрып мөр жасауға таңдап алған ағаштарым ылғи қалтамда жүреді. Біреуге мөр керек болса дереу қытайшасын жазып алам да, қазақшасын ойып түсірем. Бір жарым сағаттың ішінде қолына ұстата қоям. «Не ақы аласың, балам», дейтіндерге «ой, аға, көп нәрсе алмаймын, бір лақ берсеңіз жетіп жатыр» деп қоям. Соны кәсіп қылғаным бар бір жылдары. Мен әртүрлі мөрлерді ойып жүрдім. Мемлекеттік мөрлерді де, үкіметтің мөрін де оятын едім. Ананы-мынаны жасай алмайтын кездер болады ғой, өмір болған соң. Материалдық дүние, иә болмаса уақыт жетпей жатады. Қазақ – уақытқа көңіл аудармайтын халық. Мен әскери адаммын. Сол үшін уақытқа ерекше мән берем. Тиімді пайдалана да білдім. Осы мөрді оя жүріп, мықты маманданып та алдым. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін біз Сәбетқазы Ақатаев екеуміз азаматтық қозғалыс құрмақшы болдық. «Кеңес Одағы ыдырап кетеді, Қазақстан тәуелсіз ел боламыз» деген ойдың ол уақытта елесі де жоқ. Бір күні Сәбең екеуміз мынадай нәрсеге ой жүгірттік. Орыс пен қытайдың қазаққа көрсетпеген қорлығы жоқ қой. Бірақ қазақ ертеңгі атар таңынан үмітін үзген жоқ. Біз ойлана келе осы бір қайғылы дертті, болған жайды қағаз бетіне түсірсек деген бір байламға келдік. Қағазға түсірдің, бірақ оны қайда қоясың. Қоятын жер жоқ. Қағазың ұзаққа жарамайды шіріп кетеді, жанып кетеді, жыртылп, жоғалып кетуі мүмкін. Әрі-бері ойланып, бұл оншалықты көп дүние емес, қалыңдығы үш сантиметрлік, ұзындығы алпыс сантиметрлік, көлденеңі елу сантиметрлік бір мәрмәр тасқа түсірсек, көп нәрсеге қол жеткізген болар едік. Жазуын жаздық делік, тасты қайда қоясың? «Алматы облысының Ақши деген жерінде өзеннің жағасында биік бір жартас бар, сол жартастың түбіне көмейік», – дедім. Барып көрдік. Тас ұнады. Бірақ бір жаманы тастың екі жағынан да көлік жүреді екен. Шұбырып жатқан машиналардың арасында әлгіндей жұмысты істеуге болмайды. Сөйтіп жүргенде менің немере інім Майтөбе дейтін жерде үкіметтің қойын бағады. Жыл сайын Шетенді деген сайды қоныстайтын. Сол маңда бір жартас бар. Сол жартасты көрейік деп, Сәбетқазы екеуміз барып көрдік. Тасты да ұнаттық, жерді де ұнаттық. Ол жерге ешкім бармайды екен. Тасты сол жерге әкеліп, жаздың бір-екі айында жазып бітіреміз де, тастың бетіне түсіреміз деп жоспарладық. Сәбетқазы қағаз бетіне қаламмен түсіретін болды, ал мен тастың бетіне ойып түсіретін болдым. Осы тасқа жазуға кіріскенімізде мен өзіме он бір пышақ жасаттым. Ол пышақ та қазір бар менде.

– Содан, аға?

– Жазғандарымызды ықшамдап, енді жазамыз деп жүргенде Кеңес өкіметі ыдырады ғой. Сонымен біз «тас кітапты» тоқтатып қойдық.

Әрі қарай жалғастырғанымыз жоқ. Міне, мөр оюдың кәсіби түрі осындай саяси арманға ұласып еді. Бәрі болады. Болдырамыз. Қазақ халқы оншалықты көп халық емес қой. Бірақ тарихында көптеген зардаптарды басынан өткерді. Әлсіреп кетті. Боладысынан болмайдысы көбейіп кеткен. Сол үшін қазақ халқын қайта тәрбиелеу керек. Қазақ халқын жер бетінен жоғалмайтындай етіп тәрбиелеу керек. Екі жағымыздан екі империя төнгелі тұр. Бұл екеуі де – қазаққа төнген қауіптің ең үлкені. Мына Қытайдың біздің елді зерттеп жатқан жиырма шақты институты бар екен. Біздің қазақтың Қытайды зерттеп жатқан бір институты бар ма? Оттап отырмыз. Тілді жинап қалмасақ, ертең кеш болады. Моңғолия жеріне барып, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, көне сөздерді ауыздан жинайтын қазақтану орталығын құру керек. Моңғолиядағы қазақтарды елге әзірше көшірмеуге кеңес беру керек. Олар қазақ ұлты ес жиып, өз-өзіне келгенше, біздің тірі «архивіміз» болып, қазақтың барлық салт-дәстүрі мен озық өнегесін жинаған «тірі мұрағат» болып тұра тұрса деп армандаймын.

Саясат жерге көмген тарихты, ғылым қайта ашып алады

– Осы этнография саласына қадамыңыз қалай басталды?

– Мен бұрын да талай айтқанмын. Тарихи нәрселерді көп жинаған адаммын. Әлкей Марғұланға бір жолыққанымда айттым. Мендегі нәрселерді айтқанымда Әлекең қуанып, «Сен мұны соңына дейін апар, кандидаттық қорға» деген ұсыныс білдірді. Бірақ ойым тіл жаққа ауа береді. Сөйтіп, мынадай қорытындыға келдім. Он том тарих жазсам, бір күн де қазақты ұстап тұра алмайды. Бір том қазақ тілі туралы еңбек жазсам, онда қазақты ұстап тұруға шамам келеді-ау деген ойға тоқтадым. Осы жиған-тергенімнің бәрі сол ойдан кейінгі жасаған еңбектерім ғой. Бұрын да ептеп қызығушылығым бар еді, бірақ Қазақстанға келген соң, осындағы жағдайларды көрген соң түбегейлі кірістім. Өйткені «Мәдениет және тұрмыс» журналында жұмыс істедім ғой. Сонда 1963 жылдан 1986 жылға дейін істедім. Алғашқыда «Сөздерді қағазға түсіру керек пе?» – деген шағын еңбегім де жарық көрген. Соның басына «Ештен кеш жақсы» деп жазып қойыппын. Еш кеткеннен гөрі кеш болса да, түсіріп қалайық дегенім ғой. Осындайдан жиырма том еңбек бар.

Оны бағалап жатқан кім бар дейсің. Әне жатыр шаң басып...

– Қазір не жазып жүрсіз, аға?

– «Тәуелсіздік тағдыры» деген көлемді дүниені бітіре алмай қиналып жүрмін. Бір күн жазсам бес күн тоқтап дегендей. Жерді саттық – апат...

Экологиялық тоқырауға ұшырадық... Бұл да апат... Осындай апаттарды тізіп қарасам, қырыққа жуық апат бар екен. Есіме түскенін әлі де қағазға түсіріп жатырмын. Жақында ғана жоғары жақтағылар Әлемдік босқындарды қабылдаймыз дейді. Апат па, жоқ па? Олардың «мынадай пайдасы бар» деп біреуі айтсыншы, айта алмайды. Әлемдік босқындар бізге не үшін керек? Одан да аш отырған қазақты неге жарылқап алмайды?! Қазақ мемлекеті көркейсін десек, жерді сатуды тоқтату керек. Оның ішінде жеке адамдарға да сатпау керек. Жердің иесі мемлекет, жеке адамдар емес, халық болу керек.

– Осы сіздің қанша кітабыңыз жарық көрді?

– Үш-ақ кітабым басылып шықты. Онда да өте аз данамен. Бірі –«Қырандар», бірі – «Саят» ал үшіншісі – «Мал аурулары» деп аталады. Саятшылық туралы саятты жақсы көргендігімнен жазбадым. Саятшылық жоғалып бара жатқан дүние, соны қайтадан жаңғырту ғой – менің мақсатым. Қансонарда бүркітшінің аңға шыққаны қандай керемет. Бұл да Қазақстанда жоғалып кеткен екен. 1987 жылдан бері қарай қайта жанданды. Қазір жаңылмасам жалпы саны елудей бүркітші бар. Кейде ойыма түскен нәрселерді түртіп жазып қоям. Кезінде өлең де, қара сөз де жаздым. Ойыма түскенін айтайын. «Қашанда жеңілістің басы болмайды, мүмкін еместен басталады да», «Жеңістің басы – алынбайтын қамал жоқтан басталады», «Дана, дара ойшылдар керек қазаққа», «Саясат жерге көмген тарихты, ғылым қайта ашып алады» деп жазыппын.

– Қаншама ескі суреттерді елге әкеліпсіз. Оларды шекарадан бері қалай өткіздіңіз?

– Шекараға келгенімде бәрін көрді, бірақ суреттерге тиіспеді. Тұрмыстағы суреттер ғой. Ана жақта жүріп жинаған, тарихқа қатысты қолжазбаларым бар еді, соларды сыпырып алып қалды. Естеліктер, біршама дүниелерімді бергі бетке өткізе алмадым. Өзімде әлі жарияланбаған, жариялай алмай жүрген дүниелерім өте көп.

– Ол қандай дүниелер?

– Мысалы, мына бір халық әнін алайық. Мұның қай жылдары шыққаны белгісіз. Бұл әнді халық аузынан жинай жүріп, өңдедім және Үнді, Шанхай, Тибет деп келетін шумақтарын қостым. Содан халық: «Мұны сен жаздың ба?» демей ме. Бұл өзі бұрыннан айтылып жүрген ән ғой. Мына біздің «Елім-ай» секілді «Ағажай Алтай» деген ән. Қытайдағы қазақтар бұл әнді көп айтады. Менің осы жақтағы құдағиым «Әннің толық мәтінін сен білесің ғой, жазып жіберші»,– деді. Оны айтып отырғандағы себебі, мен әншімін де. Бірде, бір жиында осы әнді шырқап жіберсем керек. Ертесіне құдағиым үйге телефон шалып, сөзін сұраған соң, жазып бердім. Оның бір бөлегін ғана жібере алдым. Кейбір шумақтары қолжазбамның ішінде жатқан болуы керек. Атақты Алтай тауы туралы жырлаған жандар көп. 1930-1949 жылдар арасында Қытайға қарасты Алтай тауының бір бөлігінде тұратын қазақтар қытай империясына қарсы жалғасты түрде Ұлт-азаттық күреске шықты. Ұзаққа созылған дүрбелең, соғыс кезінде дүние-мүлік шашылды, қан төгілді. Империялық тегеурінге шыдамай ел басы ауған жаққа қашты. Сол бір қасіретті күндерде Алтайдан ауған елдің алды – Шанхай, Тибет, Пәкістан, Үнді, тіпті сонау Түркияға, сол арқылы Еуропаға, Америка жетті. 1894-1949 жылдар аралығында босқан қазақтың саны үш жүз мыңға жетті. Содан қалғаны он мыңдайы ғана. Азып-тозған қазақтың мұң-зарын бүгін айтып тауыса алмайсың. Сол қайғы-дерттің отынан ұшқан ұшқын әнге, жырға арқау болды. Күй болып төгілді. Сол өткен ғасырдың елуінші жылдары дүниеге келген «Өр Алтай» атты әннің ырғағымен айтылатын «Ағажай Алтай» дейтін әнді елдің аузынан жинап, құрастырдым. Осы әнді жазып аламын десеңдер, мен оқиын. Бұл төтемен жазылған.

Ағажай Алтай

Алтайдың алшаң дейтін сары жоны,
Айнадай суы тұнық, шөбі соны.
Қатар аққан қақ жарып екі өзен бар,
Қара Ертіс – бал Ертіс деп атайды оны.

Мекенім туып-өскен алтын, Алтай,
Қысы құт, жазы жайлы, салқын, Алтай.
Бал аққан бастауыңнан мәйектеніп –
Құшағыңда өскенмін шалқып, Алтай.

Алтайдың тауы да – алтын, ойы да – алтын,
Кең – байтақ сахарасы, жері салқын.
Анасындай аялап, әлпештеген,
Өрбітіп, еркелетіп, қазақ халқын.

Атың шыққан дүниеге, Алтай, сенің,
Сарқылмас сан алуан түрлі кенің.
Құнарлы отанымның шоқтығысың,
Аялайды анасындай сені елің.

Басыңнан ақиық алыс кетпес,
Алтайға ешкімнің де жері жетпес.
Айырылып көкірегінен туған жердің,
Жүргеніміз қуғындалып естен кетпес.

Кез болдық тұтқиылда Мабупаңға,
Рақымсыз жауыз екен тірі жанға.
Атты, шапты, өртеді, телімге алды,
Бояды нақақ елді қызыл қанға.

Аяусыз ұзақ жылдар ел шабылды,
Ес таппай, қатын-бала көп сабылды.
Жүргенде Шанхай, Тибет, Үнді жақта,
Алтайды жыр ғып жылап, дерт шалынды.

Болар ма, бейбіт өмір, Алтай, саған,
Оқ жаумай, қан төгілмей толастаған?
Бел шешпей, ширек ғасыр болды арпалыс
Кім қалды бір сен үшін таласпаған?

Жазықсыз қуғындалып қаңғып жүрміз,
Жәбірді көрген-білген зар ғып жүрміз.
Жан таппай, қан жұтқанда, Алтай, сені –
Кеңітіп, шер тарқатар жыр ғып жүрміз.

Туған жер мейіріңнен кетіп мүлде,
Білмейміз, ораламыз қайсы күнде.
Сағынып, сарғаямыз, сарқыламыз –
Сансырап, сандаламыз, күндіз-түнде.

Алтайға бейбіт өмір болды арман,
Халықтың бейбіт үні жерді жарған.
Түбі жеңіс – біздікі, күрес керек,
Көреді бейбіт өмір аман қалған.

Ардақтап туған жерді өсіп-өнген,
Ата жаудан қорғаған талай төнген.
Бабамыздың айналдық аруағынан –
Осы таудың «Алтай» деп атын берген.

Ұясынан қуылған біз бір торғай,
Ағынды Ертісіңнен өттік зарлай.
Қайғылы қалың елдің тілегі едің,
Қалғаны ма, апырм-ау, қайта оралмай?

Құшағыңнан қарт Алтай кеттік шалғай,
Басылмайды өксігі саған бармай.
Тарт бізді, бауырыңа бас, топырақ бер,

Туған жерде жатайық шетте қалмай, – деп осынау әні бар өлеңді құрастырғам. Қазақтың сондай бір керемет әні. Жаңағы Мабупаң деп отырғаны – ұлты дүнген, қытайдың армия генералы ғой. 1950 жыл. Үрімжі қаласы деп жазып қойыппын соңына. Міне, көрдің бе сол кезеңдерде жазып алған болуым керек. Қазақ зар еңіреп өтті ғой. Көкірегі шерге толған қазақ қайғы-мұңын әнмен шығарды. Бұл да –сондай шерлі, мұңлы әннің бірі.

– Аға, осы күнге дейін жарияланбаған тағы қандай дүниелеріңіз бар? Солардың кейбіреулерін айта отырсаңыз.

– Көбісі тұтас жадымда жоқ. Сондықтан арасында қағазға да қарап отырып мына Түймебай дауы дейтін әңгімені саған айтып берейін (ақсақал араб әрпімен төте жазуымен жазылған ескі дәптерін ақтара отырып, әңгімесін бастады). Бұл әңгіме кезінде ел арасына кең тараған. Іле Қазақ автономиялы облысы Тарбағатай аймағы Толы ауданында Өндірбүйрек деген жердің Жалғызжиде, Қарасу дейтін бұлағы бар. Сол жерді мекендейтін Түймебай дейтін адам, егін салып, мал өсіреді. Тұрмысы жақсы шаруаның бірі болған. Олармен қатар жатқан моңғол ұлтының шақар деген бір руы шаруашылықпен айналысатын көрінеді. Күндердің бірінде Түймебайдың жылқылары шақарлардың еккен тарыларын жеп, таптап кетеді. Шақарлар қолға түскен Түймебайдың жылқыларын байлап-матап алады. Түймебай жылқыларын сұрап барса, шақарлар «жылқы жеген тарыны төлеңдер» дейді. Түймебай «тарыңа тары ал» десе, шақарлар оған келіспей, «тарыға бидай аламыз» дейді. Түймебай тарысына бидай төлеп, жылқыларын қайтарып алады. Дау сонымен бітеді. Арада бірер жеті өткенде Түймебай шақардың жылқыларын айдап келіп, өз бидайын таптатып-таптатып, қамап тастайды. Енді шақарлар жылқыларын сұрай келіп, бидайға – бидай төлемек болады. Ал Түймебай бұған келіспейді. «Сен, тарыңа бидай алдың, мен бидайыма күріш алам», – деп отырып алады. Жылқыларын бермей, семіз аттарын мініп, шақарлардың ашуына тиеді. Бұл ауданда күріш өспейді. Әкелу үшін бірнеше жүз шақырым жол жүру керек. Түймебайдың талабын орындауға шамасы жетпеген шақарлар бидайды екі есе артық төлеп, жылқыларын қайтарып алған екен. Ел ішінде осы жай «Түймебайдың дауы» деген аңыз әңгімеге айналған.

– Бұл кісіні көре алдыңыз ба?

– Түймебайды өзім көрдім. Қаба сақалды, ірі денелі адам еді. Сараңдау сөйлейтін, мысқылдап күліп отыратын. Менің әкем Бабалықпен аралас-құраластығы бар, кездесіп жүретін. Бұл кісі 1930 жылдары көзі тірі еді. Тағы бір әңгіменің шеті шықты.

– Иә, аға, бұл қандай әңгіме?

– Бұл да аңыз-әфсанаға құрылған. «Жеті әулие» деген. Шыңжаң өлкесінің Тұрпан ауданында «Тұйық мазар» деген бір үңгір бар. Ол – Шыңжаң мұсылмандарының екінші қағбасы саналады. «Тұйық мазарын екі рет тәуап еткен адам Меккеге бір барғанмен тең» деседі бұл мазардың хазіреттері. Мазар туралы ел арасындағы аңыз мынадай: Ертеде Алланы тауып, дидарын көргісі келген алты адам соңына бір ит ертіп, жолға шығыпты. Жолаушылардың баспаған тауы қалмайды, сұмдық қиыншылықпен қауіп-қатерлерден өтеді. Ақыры құдайды таба алмай, әбден арып шаршаған соң, бір үңгірге келіп демалады. Жетеуі сол бетте ұйықтап қалады да, жүз жылдан кейін оянса, заман әбден өзгеріп, діні мұсылмандар құдайға шек келтіре бастапты. Адасқан алтау бұған қатты назаланады да, үңгірге қайта кіріп ғайып болады, ал босағада иелерін күзетіп жатқан ит тасқа айналған екен. Міне, содан бері осы үңгір алты адам, бір ит – «жеті әулиенің» мазарына айналыптымыс. Мазардың «тұйық» аталу тарихы да бір тамаша хикая екен. Бұл үңгірдің түбі – жеткізбейтін тұңғиық, жер астында жеті жолы бар, әр жолының аузы жер-жаһанның жеті кіндігінен шығады, соның біреуі Түркияда деседі. Жер астындағы бұл түпсіз тұңғиық жолдардың бойында жұмаққа бергісіз нелер ғажайып рақат жерлер де, қиямет-қайым қыл көпірлі қауіп-қатерлер де көп болса керек. Сондықтан ешбір адамның үңгірге кірмеуі, ал кіре қалса оның түбін іздемеуі, көрген-білгені туралы «көрдім» не «көрмедім» деп ешкімге тіс жарып, сыр шашпауы шарт. Бұл шартты бұзған адам табанда құдайдың қаһарына ұшырайдымыс. Міне, осы «Жеті әулие» тұрған Тұрпан ауданына қызмет бабымен 1956 жылы жолымыз түсті. Тянь-Шань тауының күнгейіндегі жері – тақыр, бір тал шөбі жоқ бір аласа адырдың бөктері. Қойнауы кеңдеу бір сайдың басынан бұлақ ағады. «Жеті әулие» осы сайдың бойында екен. Мазарға жалғас Тұйық қыстағы орналасқан. Тұрғындары – ұйғыр халқы. Көшелері тар, екі аяқты арба әрең сыйып өтеді. Үңгірді көру үшін біз алдымен оның ғұламасына жолықтық. Біздің «Жеті әулиені» тәуап қылушылар емес, Үкімет адамдары екенімізді бұрыннан-ақ естіп отырған болуы керек, ұзын бойлы, ақ сақалды, өткір көзді, қалың қабақты, жас шамасы сексеннен асқан сұсты адам соншалық бір жасанды мінезбен жалбырай қарсы алды. Жұрт оны «Қары-Әжім» дейді екен.

Біз келген бұйымтайымызды айттық. Ғұлама үн қатпай, басын изеді. Ыммен ғана ишарат білдіріп, сол қолын көтеріп еді, сол жақтағы есіктен біреу шыға келіп тәжім етті де, шегіншектей жорғалай шығып кетті. Оң қолын көтеріп еді, оң жақтағы есіктен басын иіп, құрмет көрсетіп және біреу шықты да, алдымызға бір табақ жүзім әкеліп қойды. Ғұлама бізге тіс жарып ештеңе айтқан жоқ, рұқсатын ишаратпен білдірді де, арбаған ала көзімен үңгірдің қақпасына дейін шығарып салды. Үңгірдің айналасы тас қорған екен. Шырақшылар біз келерден бұрын айтылған болуы керек, бізді қорған есігінің алдынан қарсы алды. Әуелі бірнеше күмбездің есіктерінен өттік. Олардың бәрінде құдайға жалбарынатын сәжде, құдайы-садақа беретін орындар, қайырсадақаңды қабылдап тұратын шайқылар бар екен. Бірақ шырақшылар бізді үңгір ішіне кіргізгісі келмей, бұрыннан талай естіп жүрген қауіпқатерлерді уағыздап, алдымызды орай береді. Үңгірдің кіреберісін темір тормен қақпалапты да, аузына жұдырықтай қара құлып салыпты. Біз талап етіп қоймаған соң шырақшы құлыпты ашып, «кіріңіздер» деген ишарат білдірді. Үңгір іші тастай қараңғы екен, дереу қалта фонарын жағып жіберіп, жан-жағымызды түгелдей сүзіп шықтық. Айнала бір бітеу тұйықтық. Алысқа әкететін бір-де бір жол көрінбейді. Табан асты саудырап жатқан сүйек. Адамның емес, малдың сүйегі сияқты. Бір жерде әйелдің шорт кесілген қап-қара қос бұрымы жатыр, ұзын-ақ әрі жуан. Бұл да бір үлкен залымдықтың белгісі іспеттес. Әрі аралап, бері аралап, адам таңырқар ештеңе таппадық.

– Неліктен бұл жер құпия сақталуда?

– Енді оны нақты біле алмадым. Сыртқа қайта шықсақ, біздің келген хабарымызды естіген қалың жұрт шырақшы шайқылармен бірге аманесен шығуымызды құдайдан тілеп, дұға оқып жалбарынып жатыр екен. Хазіреттерге құдайша сеніп ұйыған жұрт біз шыға келгенде жүзімізге қарап, сенбестік танытты. Ал хазіреттер болса үңгір жайында тіл қатпауымызды өтінгендей, ауыздарын жұмып, алақандарын ауыздарына тосып қалыпты. «Әлгі жер-жаһанның жеті кіндігінен барып шығатын ұзын жолдары қайда? Бар тарауы да тұйық қой», – дейміз біз білмекке құмартып. Хазіреттер жағасын ұстап, көздерін жұмады. Анталаған жұрттың жүзінде – үрей, аң-таң. Әйелдің бұрымы несі? Хазіреттер бастарын шайқап, одан бетер үрпиісіп қалды. Бәрі де үрейленіп, бізден көзін алмайды. Айтып қояды деп қорқып тұр ғой. Ақыры біз еш жауап таба алмай, қолды бір сермедік те, жөнімізге кеттік. Арада біраз күн өткен соң мазардың жай күндерін көріп-білу үшін қайта оралдық. Келгенімізді ешкім білген жоқ. Хазіреттер өзара жанжалдасып жатыр екен. Ұрыс-керіс – мазардың «тотия» топырағы жайында екен. «Тотия» – әулие жатқан жердің топырағы деген сөз. Хазіреттер сол топырақты «қаншама қиындықпен алып шықтық» деп елге қасықтап сатады екен. «Егер тотия топырағын өлген адамның қабіріне сепсе, ол адам көр азабынан, мүңкір-нәңкір сұрағынан азат болады-мыс». Олардың қазіргі таласы сол топырақтан түскен ақша екен.

«Оны алыстан арқалап әкелген менмін, сен тек сатушы ғанасың, ендеше ақшасының көбін неге сен аласың?» – дейді бір шырақшы. «Елге сатып өткізген – мен, маңдай тер – менікі», – дейді бір хазірет. Сырттан бақылап тұрған біз бұл жайды бекерге қалдырмадық. «Тотия» топырағын сатқан шырақшы, шайқылардың бәрін жинап алып, «тотияны» алған жеріне ертіп апарып, оның қандай кереметі бар екенін көрсетуін сұрадық. Шырақшылардың бірі топырақты күнде қазып әкеп жүрген шұңқырды көрсетті. Әлгі жерге көп ел жиналып қалды. Бұрын жиған-терген қаражатына қасықтап топырақ сатып алып жүрген жұрт қасиетті «тотияларын» шұңқырдың топырағымен салыстырып көріп еді, дәл өзі болып шықты. Ашуға булыққандары топырақты хазіреттің бетіне шашып жіберді. Қалың жұрт ішінде шырақшыларды ортаға алып, «арсыз, бетсіз, өтірікші» деп сөгіп жатқандары да бар. Мазар хазіреттерінде үн жоқ, тек қолдарын қусырып, бастарын төмен қарата берді. Ашынған жұрттан сескеніп, көздерінің астымен алақ-жұлақ етіп қарай береді. Бұл оқиғаны естіген көпшілік жан-жақтан шұбырып көбейе берді, көбейе берді. Бәрі де – аң-таң, бәрі де – ызалы. «Тұйық мазардың» тұңғиық сыры осылай ашылғанын да біз көзімізбен көргенбіз.

– Сіздер мекен еткен жылдары Шәуешекте қанша мешіт бар еді?

– Бір ғана Шәуешектің өзінде қырық үш мешіт бар еді. Жалпы, дінге деген көзқарас жақсы болатын. Қазір азайды ғой. Мешіттердің көбі жоғалып кетті. Атақты Ешенсейіт дейтін мешіт бар болатын. Шамамен 1908 – 1913 жылдары салынған. Соның жері әкемнің бақша қорасы еді.

– Ол уақытта Қытай үкіметі дінге шектеу қоймайтын ба еді?

– Коммунистік партия орнағанға дейін дінге шектеу болмады. Кейін біртіндеп біздің аймақтарға қытайлар келе бастады. Содан билікке Мао үкіметі келген кезден бастап, дінге деген көзқарастар түбегейлі өзгере бастады. Қазір мешіттерді қоймаға айналдырыпты. Қытайлар бір кездері Шыңғыс ханның сүйегін Шанхайдан алдыртып, ішкі Моңғолияға жерледі. Олар Шыңғыс ханды батырымыз деп құрметтейді. Жерімізді кеңейтті, халқымызды молайтты деп мақтан тұтатын. Олардың ойы – «Шыңғыс ханның атының тұяғы тиген жердің бәрі біздікі». Сонда мынау Қазақстан, Орта Азия бәрі Қытайдың иелігінде қалмақ па? Түпкі ойлары осы ғой олардың.

– Өзіңіздің дінге көзқарасыңыз қалай?

– Дінді мен жек көрмеймін. Дін керек. Адам баласын тәрбиелеп, жамандықтан тиюға, жақсылыққа құштар болуға дін көп көмектеседі. Ислам діні – әлем бойынша ең мықты дін. ХХ ғасырдың басында бүкіл әлем болып атақты адамдарды сынға алды ғой. Сыннан өткізді. Сонда үш рет дүниежүзі бойынша Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бірінші болды.

Мені КГБ отыз жыл бақылауда ұстады

– Бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс» қазіргі «Парасат» журналында біраз жыл тер төктіңіз? Қызметке қалай орналастыңыз?

– Қазақстанға келген соң түрлі қара жұмыстар атқардым. Мұның бәрі уақытша күнкөрістің қамы болатын. Қой бақтым, құрылыстарда істедім. Теміржол поштасында хат тасыдым. Үй алу үшін Қонаевқа «маған үй бергізіңіз, үй беріңіз» деп хат жазғам. Хат барған сайын «берілсін» деп қол қояды екен, жарықтық. Қол қойылған хат теміржолға келеді ғой. Бірақ Задорожный деген кісі өз адамына береді екен. Бұл жағдай үшінші рет қайталанған сәтінде, сол жердегі бір қазақ мұны сезіп қойыпты. «Мен сенің жазған арызыңды білем. Бірақ Задорожный тағы да өз адамына бергізді, сен енді Хрущевке хат жаз, мен саған жазуға көмектесем» – деді. Орысша жазып әкеліп, маған оқытты. Не жазылғанын ұға алмадым. Бұл жігіт Задорожныйға қарсы адам екен. Сөйтіп, хатты поштаға апарып салып жібердік.

– Хатқа жауап келді ме?

– Бір аптаның ішінде өзіміздің Орталық Комитеттен жауап келді. Ол хатта «үй берілсін, өзі, әйелі жұмысқа орналастырылсын және балалары мектепке алынсын» делініпті. Ташкент пен Рубцовканың арасында пойызбен хат тасып жүрмін. Кезекті сапардан оралғаным сол еді, елдің бәрі шулап «сені Задорожный іздеп жатыр» деді. Не үшін іздеді екен, бұрын сырттай көрсем де, жақындығым жоқ. Жұмыс бөлмесіне кірдім. Ұшып түрегеліп, менің қолымды алды. «Сізге үй және жұмыс дайындап қойдық» деп арқамнан қағып, бәйек болып жатыр. Біз жіберген хаттың жауабы бірер айда келетін шығар деп ойлағам. Бір жетінің ішінде жетіпті. Басқа бір бөлмеге алып барды. Кірсем, баяғы қазақ жігіті қарқылдап күледі. Үндемей тұрдым. Күле берген соң, намыстанып қалдым да күлу себебін сұрадым. «Жоқ. Сізге күліп тұрғам жоқ. Хрущевтың атына хат жазған екенсіз. Ол хатта Орталық Комитеттің бақылауы бойынша берілсін – делініпті. Әлгі хат келген кезде мына Қазақстанның Орталық комитеті не істерін білмей, «бұтына сиіп» жібергендей. Ал қатты қорықып қалған Задорожный «бұтына т...п» жіберген», –деп күледі әлгі. Мен де қосыла күлдім. Бұлардың есі шығып жүргені, Орталық Комитет қаттырақ айтып жіберген болуы мүмкін.

– Қазіргі тұрып жатқан үйіңіз бе?

– Иә, дәл осы мекенжайды көрсетті. Ол кезде жап-жаңа үй. Әлі нөмірленбеген. «Өзің аралап шығып, таңдаған үйіңді сыртынан белгілеп қой, соны береміз», – деді. Салынып жатқан кезінде де көріп жүретінмін. Ешкім жоқ, жұбайымды ертіп түгел аралап шықтым. Өзіме ұнағаны осы пәтер болды. Есіктің сыртына бормен жазып кеттім. «Осы пәтерді алатын болдым» деп көрсетіп едім, әп-сәтте құжат толтырып берді. 1963 жылдан бері осы үйде тұрып жатырмын. «Мәдениет және тұрмыс» журналына Орталық Комитеттің арнайы қаулысымен жұмысқа бардым. Жұбайым математик еді. Ол уақытта қазақ мектебі жоқ. Қолынан іс келетін жан еді. Тігінші болып орналасты. Балаларымды дереу мектепке қабылдады. 1963 жылы осындай қуанышқа кенелдім. Үй алғанға қатты қуандым. Сол кезеңдерде қиын болатын. Бәрін орыстар билейді. Неге әйтпесе Қазақстан Орталық Комитетінің бұйрығын анау (Задорожный – авт.) үш рет бұзады? Менсінбейді қазақты. Задорожный – ол уақытта бүкіл Қазақстан теміржолының бастығы. Өзі генерал-майор болатын.

– Қалай жан бақтыңыз?

– Рубцовка мен Ташкенттің ортасында пойызбен хат тасимын дедім ғой. Рубцовкада картоп арзан. Екі-үш қап картопты вагонға кіргізіп алам. Соны апарып Ташкенге сатам. Мына Сарыөзекте жұмыртқа арзан. Жұмыртқадан бір-екі шелегін алам да, Ташкенге апарып сатам. Ол жерде біреуі он тиын тұрады. Сарыөзектен үш тиынға алам. Сауда жасап, кәсіп қылам. Қарын тойғызам. Бір аптадай үйде болам. Бір күн шаршағанымды басам. Кейде құрылыс жұмыстарымен де айналыстым. Үй сылайтын қалақшам бар. Балғамды, сылақ қалақшамды алып, кімде қандай жұмыс бар деп аралаймын. Биік үйлер аз болатын. Осы біздің үйдің айналасының бәрі жекеше үйлер болатын. Пеш салам. Бір пешті бастан-аяқ салып берсем, отыз рубль аламын. Отыз рубль көп ақша ғой. Ошақ, қазандық тұрғызсам, он бес рубль береді. Маған былай да былай жететін. Пойыз жолдан алпыс рубль аламын. Мен ана жақта Үкіметтің бастығы болсам да, мұнда келіп қара жұмыс істегеніме намыстанбаймын. Түрмеде төрт рет болдым. Менің көрмегенім жоқ. Бұрын мемлекеттік қызметтерде болсам да, бұл жаққа келгенімде мені есепке алған да жоқ. КГБ дейтін бәле 1961 жылдан 1991 жылға дейін отыз жыл бақылады. Қытайдың «шпионы» деп ізіме түсті.

– Сонда қалай бақылайды?

– Сенбі күндері телефон соғып, жексенбіде қайда болатынымды сұрайды. Баратын жерлерімнің мекенжайын міндетті түрде айьуымды талап ететін. Үнемі солай. Міне, осындай сұрақтар мені мазалап отыратын. Менің жұмыс үстелімнің үстінде екі телефон қатар тұратын. Біреуі мына кәдуілгі жұмыс істейтін, екіншісі үнсіз мелшиіп тұратын, мені тыңдау үшін орнатылған телефон. Сол кездегі біздің журналдың бір жауапты қызметкері сол телефонды үнемі бақылап отыратын. Кейде өтірік сылтаумен әлгі телефонды құлатып жіберем. «Сен неге түртесің» деп қатты ашуланатын. Көрдің бе, отыз жыл осындай мазасыз күндер кешкем. Бұрын КГБ жүйесінің адамдары екі жағдайда ізіңе түсетін. Бірі – сенің тұрмысыңа араласып алады. Ашықтан-ашық жасайтын. Екіншісінің кім екені белгісіз. Үйге келіп тұратын Балтабай дейтін полковник жігіт бар еді. 1997 жылы көшеде кезігіп қалдық. Амандықсаулық сұрасып жатырмыз. «Бәке, бір нәрсе сұрайыншы» – дедім. «Мені 1961 жылдың он сегізінші қыркүйегінен 1991 жылдың жиырмасыншы желтоқсанына дейін бақыладыңдар. Сонда не таптыңдар, менің қандай қылмысымды әшкереледіңдер», – дедім оған. Қарқылдап күліп жіберді. «Ол біздің шаруамыз емес. «Ұлтшыл, оңшыл, өте қауіпті, қытайдың жіберген «шпионы» деген бұйрық берілді. Біз соны жай ғана орындаушымыз, – деді Балтабай. Оған қалай өкпе артасың, бұйрықты орындап, өз қызметін адал атқарып тұр. Міне, сондай мазасыз өмір сүрдім.

– Сіздің «Желтоқсан оқиғасына да қатысы бар» деп айыпталғаныңыздан хабардармыз.

– 1986 жылы «Желтоқсан оқиғасына» қатысып қалдым. Басқа бір жерде шаруамен жүр едім. Елдің бәрі осынау «жан түршігерлік» оқиғаны айтып келді. Үлкен қан төгіліп жатыр. Сонда менің аузымнан билікке қарсы кереғар пікірлер көп айтылса керек. Желтоқсанның он сегізі күні таңғы сағат онның шамасында мені алып кетті. Бес сағат сұрақ қойды. Қаланың ішінде шағын аудандардың біріне алып барды. Адам тұратын үй екен. Бес адам болып бардық. Бесеуміз де қазақпыз. Ертеңіне қайта алып кетті. Тағы бес сағаттай тергеді. Бұл жолы қайда апарғанын білмей қалдым. Желтоқсанның жиырмасы күні және алып кетті. Ол күні Абай атындағы Опера және балет театрының шығыс жағында бір көше бар екен. Сырты темір қақпамен қоршалған үйге алып келді. Бұл жерде де мазасыз сұрақтар тағы қайталанды.

– Айтатын уәждері не сондағы?

– Артық ештеңе демейді. Ұрған жоқ, соққан жоқ. «Қолында Лениннің суреті жүрген оқушыларға қару жұмсасаңдар қалай болғаны?

Олардың не жазығы бар? Рас, ойын айтқан шығар. «Біздің басшымыз орыс емес, қазақ болу керек» деген шығар. Осындай ұранды жазуы қолында. Саған қару жұмсап тұрған жоқ. Бұл қалай әділ болады?» – деп өз ойымды айттым. Желтоқсанның жиырмасы күні үйге келсем, көше жақ беттегі тереземнің алдына он шақты адам сиятын шағын автобус әкеліп қойыпты. Жап-жаңа екен. 1986 жылдың жиырмасыншы желтоқсанынан 1987 жылдың қаңтар айының төртіне дейін тұрды. Бақылаудың осы түрін де қолданды. Жалпы, осы оқиғаға байланысты үнсіз қалғанымыз жоқ. Біраз шаруа атқардық. Ол уақытта да, түйенің қомы, аттың жалында күн кешкендей едік. 1987 жылы қаңтардың жетісі күні Сәбетқазы Ақатаев үйге келді. Мен жалғыз едім. Балалар ол уақытта басқа жақта тұратын. Келіп жылады. Біраз отырып өксігін басты. Сөйтсем «Желтоқсан оқиғасына» байланысты көп жәйтті біледі екен. Содан әңгімелесе келе, бір қорытындыға келдік. Не істейміз дегенде, осы болған оқиғаның жай-жапсарын қағазға түсіріп, осыны әлем елдеріне таратайық деп шештік.

– Содан?

– Сәбетқазы барынша жазып шықты. Оны, ең алдымен, Африкаға жібердік. Өзі сәті түсе қалды. Сәбетқазының Африкаға баратын танысы арқылы жібердік. Бірақ ол жақтан жауап келмеді. Қытайға жібердік. Ешқандай дерек болмады. Бір күні Венгриядан Иштван Қоңыр дейтін ғалым жігіт келіп қалды. Өзі ақкөңіл жақсы адам. Жүрген жерінде Қазақ болғанын мақтан тұтып жүретін. Хатты дереу соған табыстадық. Ол алып кетіп Венгрияда және Чехияда жариялап жіберді. Оның артынан Америкадан Алмас Естенов деген жігіт келді. Жасы қырықтар шамасында. «Ол жігіт бүгін Жазушылар одағына барады. Мына хатты қалайда қолына табыста» – деді Сәбетқазы. Хатты сөмкемнің бұрышына салып жүрмін. Адам көп. Кімнің кім екенін біліп болмайсың. Қайсысы КГБ-ның, қайсысы жай адам екенін ұға алмадым. Ашықтанашық беруге тағы болмайды. Әр нәрсені бір оқыған болып, әрі-бері теңселіп жүрдім де қойдым. Жазушылар одағының екінші қабатында түрегеп тұрып шай ішетін орын бар еді. Олар он шақты болып сол жерге көтерілді. Мен де арттарынан іле-шала екінші қабатқа шықтым. Мен әжетхананың жанына келіп едім, Алмас та келе қалды. Екеуміз түйісіп қалдық. Ішке қатарласа кірдік. Қол сөмкесін жерге қойғанда, хатты үстіне тастадым да, екі қолымды көтеріп, ыммен белгі беріп кеттім. Жазушылар одағынан шыға салып, таксиге отырып, тура үйге қарай тарттым.

– Ешкім байқап қалмады ма?

– Ендігі қызығын айтайын. Көшенің бұрышынан түсе бергенім сол еді, алдымызды екі әскери машина орап өтті. Шошығанда атама, қуып келген екен ғой деп, зәре-құтым қалмады. Дереу қалтамдағы үйдің кілтін қараағаштың түбіне көме салдым. Екі машина да дүкеннің алдына келіп тоқтады. Мен дереу үйдің батыс жағымен айналып кеттім. Мені құрықтауға келген жендеттердің тап өздері болды ғой деп ойладым. Біреу келе жатқанға артыма жалт қарасам, Сәбетқазы екен. Менің жағдайымды білгелі келіпті. Күліп келе жатыр. «Аға, хат кетті», – деді. Жан-жағыма қарасам екі машина да кетіп қалыпты. Терең дем алдым да, көмген жерімнен кілтімді алып, Сәбетқазыны үйге шақырып, сол күні біраз сырластық. Сөйтіп, әлгі хат Америкада жарияланды. Ендігі жұмыс Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын ұлтқа жанашыр азаматтарға жіберу. Сәбетқазы дайындап береді, мен поштаға салып отырам. Мекен-жайын толтырғанда біреуін ғана қазақтың қызына жазғызыппын. Қалғанының бәрін орыстарға толтырттым.

– Бұл да сақтықтың бір түрі ғой?

– Қолымды таңып, байлап алғам. Жарақат алған адам тәрізді. Хат сөмкемде жүр еді. Бәрінің төбесінде қара қаламмен мекенжайы көрсетілген. «Мына мекенжайды жазып жіберші» деп өтініш жасаймын, көшеде тұрған орыстың жас жігіттері жаза салады. Мұны басқаларға жаздыру себебіміз – қолтаңбамызды тексермесін деген сақтық қой. Кейін Тәуелсіздік алған соң хатты жіберген он жеті адамнан сұрадық. Үш-ақ адам хатты алыпты.

– Кімдер алдық деді ол хаттарды?

– Екі ақын – Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов алдық деді. Көкшетаулық жазушы бар еді, солардың ғана қолдарына тиіпті. Қалғандары «мұндай хатты көргеніміз жо» деп жауап қатты. Алуын алған шығар. Бірақ қорыққандарынан жойып жіберген ғой. Сөйтіп, біз біршама жұмыстар атқардық. Әрине, мұны міндет деп санамаймын, тек ұлттың азаттығы үшін күрескен жастарға қосқан демеуіміз деп білерсіңдер.

– Осы оқиға өз бағасын толық алды ма?

– 1986 жылғы ұлт-азаттық күрес өзінің бағасын алған жоқ. Оны бағалайтұғын ол кезде Үкімет болған жоқ бізде. 1986 жылдың он жетінші-он тоғызыншы желтоқсанындағы қозғалыс – «1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» болып аталуы керек. Бұл – қытай мен орыс империяларына қарсы үш жүз жылға созылған қазақ ұлт-азаттық қозғалыстарының ең соңғысы. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысында құрбан болғандарға арнап оқиға болған алаңда ескерткіш қойған жөн. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы өткен алаң атын осы оқиғаға байланысты атпен атасақ қайтеді? Біреу бізге қарсы шығып жатыр ма? 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысында құрбан болғандарға, зардап шеккендерге атақ беру, артында қалғандарға рухани және тұрмыстық көмек беру жағын қолға алатын күн жетті. Бұл, әрине, болашақтың еншісіндегі дүние ғой.

– Осы оқиғадан соң бұл істі қайта қолға алмадыңыздар ма?

– Осы орайда мына бір оқиғаны да айтып өтейін. 1989 жылы мен, Сәбетқазы және жанымызда екі кісі бар төртеуміз қазіргі Орталық демалыс паркінде тынығып, демалып отырғанбыз. Әрі сол жерде көже сататын орын бар еді. Негізгі мақсатымыз – көже ішу емес, қазақ ұлтының болашағы туралы ойларды ортаға салу. Бізді қайдан тапқаны белгісіз, үш жігіт кіріп келді. «Ағалар, бізде үй, баспана атымен жоқ, қаладағы бос жерлерді басып аламыз, көмектесіңіздер», – деді. Шошып кеттік. Ол уақытта қырғыз бен өзбек қырғиқабақ болып жатқан кез еді. Ауғанстанда біздің әскерлер қан майданда жүр. Арамызда Дәурен Сатыбалдин деген жігіт бар еді. Орнынан ұшып түрегеліп: «Осы жігіттердің сөзіне қосылу керек» – деді. Қосылмайын деп тұрғанымыз жоқ, әлгілердің сөзіне күдікпен, бір жағы қорқынышпен қарап тұрмыз. «Өздеріңіз білесіздер» деп үш жігіт кетіп қалды. Олар кеткен соң, өзіміз ашық әңгімеге көштік. Мұндайларды түбегейлі тыя алмаймыз, көшеде жатқан баспанасыз адамның көп екені рас. Не істей аламыз? Көмектесу ниетімен түн ішінде «Жетім бұрыш» деген қоғам құрдық. Қоғамның бұлай аталуы Алматыдағы көкбазардың бұрышындағы дуалды түгелдей үй іздейтіндер, баспанасыздар жайлап алған. Бір бөлме, екі бөлме керек деп сол жерге қағазға жазып, жапсырып кетеді.

– Осы күнгі «Жетім бұрыш» бұрыннан бар ма еді?

– Бұл 1937 жылдан бері бар екен. Осы жер есімізге түсіп, қоғамның атын «Жетім бұрыш» деп қойдық. Түн ішінде осы қоғамның мақсатын, жоспарын жазып, машинкаға теріп, бір-бірден үйге алып кеттік. Ұйықтаған жоқпыз. Әлгілерден мекен-жайын сұрап алғанбыз. Алматыдағы «Орбита» ықшам ауданы жағында әл-Фараби мен Науаи көшелерінің шығыс бүйірінде бос жатқан жер бар еді. Қазір ол жерге үйлер түсіп кетті ғой. Таңертең ертемен сағат бесте сол жерге келдім. Барсам жиырма шақты бала отыр екен. Қолдарында күректері, кетпендері бар. Оларға бұрылмастан уақыт өткізбей, жоғары жағында қанша жер бар екен, көрейін деп, суды жағалап кеттім. Біраз жерге дейін барып қайттым. Қайтып келсем адамның қарасы жүзге жуықтап, жиналып қалыпты. Келгендер әй-шайға қарамай, қазық қағып жатыр. Сосын мен айттым, «Әй, жігіттер, ана бұрыштан отыз метр шегініп қағыңдар, ертең бәрібір үкімет тартып алады», – дедім. Сөйтіп қайтадан қақтырдым. Әрбір адамға алты сотықтан жер бөліп жатырмыз. Сағат он мөлшері болды. Сол уақытта біздің тұсымызға келіп, бір әскери машина тоқтады. Ішінде қырық-елу әскері бар. Бір офицер түсе сала айқайға басты. «Сендерді құртам, жоям, бұл жерден қараларыңды батырыңдар» деп. Мен алдынан шықтым. «Айқайлама, неге дауыс көтересің, мықты болсаң, қолыңдағы қаруыңды жұмсарсың, арада кісі өледі. Қолыңнан келгені осы ма? Одан да тоқта, қылмысы болса ,сотқа бер», – деп едім, ақылы бар жігіт екен, сөзге тоқтады. Мән-жайды түсіндірдім. Бір кезде тағы бір машина келіп тоқтады. Онда да жиырма-отыз әскер бар. Екінші көліктен түскен кісі де айқайға салып еді. Мына жігіт қарсы алып, өзара сөйлесті. Екі машинада алпысқа жуық қарулы әскер бар. Бір уақытта жеті-сегіз жеңіл машина келді. Ішінен көп адам шықты. Солардың арасынан біреуі бізге қарай жақындады. Сол уақыттағы қалалық партия комитетінің хатшысы Шәріп Омаров дейтін азамат екен. Ол мені таниды. Ол да бізге айқайлап келе жатыр. Мен алдынан шықтым да: «Шәріп, айналайын, сен айқайлама, бұлар көшеде жатқан адамдар. Сен дауыс көтерсең, мына әскерің оқ жаудырады. Содан мына жерде қып-қызыл қантөгіс болады. Бұлар да ашумен келіп тұр, күрегін, кетпенін жұмсайды. Қан төгіледі. Осы керек пе саған?» – дедім. Бізде екі жүздей адам бар. Домаланып бізді қоршай қалды. Жас мөлшері әрқалай. Емшектегі балаларын көтеріп жүргендер де бар. Бір уақытта, ұмытпасам есімі Ғалым ғой деймін, сол жігіт келіп Шәріптің жағасынан алды.

– Халықтың толқып тұрған кезі ғой. Қақтығысқа ұласып кетпеді ме?

– Міне, – деді, «мынау өзің қол қойған қағаз. Үй берілсін деген. Ал бұған бір жыл болыпты. Жауап келген жоқ. Менің бес балам бар, көшеде қаңғып жүрміз. Ал сенің екі балаң бар. Көп бөлмелі жайлы пәтерде тұрасың. Мен көшеде жатырмын».

Шәріп шошып кетті. Топтың ішінде тұр ғой. Біреуі күрекпен қойып қалса не болды? Үн жоқ Шәріпте.

– Сз не дедіңіз?

– Мен не дейін?! Шәріпті қолымыздағы «Жетім бұрыштың» жоспарымен таныстырдым. Бұл қоғамның бағдарламасы бойынша, бос жатқан жерлерді үйсіз жүргендерге беру керек. «Оқып шығып, бүрсігүні жауап берейін», – деді ол. Оның бүрсігүні деп тұрғаны дүйсенбі. Ал біз жиналып тұрған күн, әлі есімде, сенбі болатын. Арада жексенбі тұр. «Дүйсенбіге қарамаймыз, сол екі ортада басқа жайттардың орын алып кетуі мүмкін. Жауап берсең ертең жауап бер. Жексенбі күні жауап бересің, біз сол күні қалалық әкімшілік үйінің алдына барамыз», – дедім. Ол келісті, өйтпеске амалы да қалмады. Ертеңіне екі жүздей адам қалалық әкімшілік үйінің алдына бардық. Шәріп есік алдына шығып, бізге: «Жерді алуларыңа болады, Үкімет рұқсат етті» деп айтқан сөзінде тұрды. Азамат екен. Сол күннен бастап айналадағы бос жерлердің біразын басып алдық. Үш-төрт жылдың көлемінде жүз мыңдай адам жер алды. Мына Шаңырақ, дегендердің барлығы осы болған жайттың соңғы «сілемдері». Міне, осындай да көмегіміз тиген мына халыққа. Тәуекелге бет бұрғанымыздың әсері болар, қаншама адам жер алып, үй салып алды.

– Тағы да қандай жайттар есіңізде қалды?

– Енді бұл оқиғаға азды-көпті еңбек сіңірдік-ау деп ойлаймын. «1986 жылы қамалып кеткендерді шығарып беріңдер» деп, Үкімет үйінің алдына барып «аштық» жарияладық. Күндіз-түні аңдимыз. Милициялар да тұрады. Олар кезек-кезек ауысып отырады. Біз де «сменмен» тұрамыз. Бір күні жаңбыр құйып кетті. Милициялар қорған қылып отырған шатырды жел ұшырып әкетті. Өзімізді де қорғануымыз керек қой. Әйтеуір жігіттер жүгіріп жүріп, «бір жерде киіз үй бар екен» деп келді. Машинамен алып келсек, машинамызды кіргізбейді. Көтеріп алып келдік. Қолымыздан тартып алған жоқ. Енді тігейік десек, бір жастау капитан қазақ жігіті керегемізді – анда, уығын мында лақтырып, «тіктірмеймін» деп доқ көрсетеді. Олардың саны аздау. Жиырма-отыз адам. Ал біз жүздеп тұрмыз ғой. Содан әлгі жігітке жақындадым да, құлағына сыбырладым: «Әй, мыналар «пышақ-пышақ» деп жатыр, саған пышақ салып алатын сияқты, сақтан!» деп ем, қашып шықты (аға рахаттана күлді). Сөйтіп, әкелген киіз үйді тігіп алдық. Сыртта жатқандарды сыйғанынша кіргіздік. Сол арада айтыскер ақын Ерік Асқаров келіп қалды. Қолында қолшатыры бар. «Әй, бері әкелші ана қолшатырыңды, басыма су құйылып кетті», – деймін ғой. Сөйтсем маған: «Қытайға сыймаған басың, орысқа сыймаған басың, менің қолшатырыма қалай сияды?» – дейді (тағы да рахаттана күлді). Мен сол 1986 жылы елі үшін, ұлты үшін жанын қиған қайсар қыз Ләззат Асановаға арнап бір-екі шумақ өлең жазыппын. Сол 1986 жылы.

Ләззатым!

Ереуілді ерлік еткен, Ләззатым,
Ер жүректі, ер тұлғалы бекзатым.
Еңіреген желтоқсанның ерлерін,
Ерлендірген от-жалынды, Ләззатым.

Кезенген жауға кесе шапқан, Ләззатым,
Қан майданда кескілескен бекзатым.
Қансыраған қазаққа жан сыйлаған,
Ыстық қанды, дарқан жанды, Ләззатым.

Ұлт-азаттық батырысың, Ләззатым,
Ел қорғаны, жер қорғаны бекзатым.
Келер ұрпақ мақтан етер өзіңді.

Ер намысты, ел намысты, Ләззатым – деп осы өлеңді желтоқсанның он сегізі күні жазыппын.

– Журналда жүргенде қандай қызметтер атқардыңыз?

– Мен тек хат бөлімін басқардым. Өзімнің жеке еңбектерімді де жарияладым. «Қырандар» деген екі том кітап жаздым. Көптеген мақала жаздым. Бір қызық жай есіме оралып отыр. Оспан дейтін ағам бар. Ол туралы айтылды. Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы турасында терең білген. Малдың ауруларын дөп басып айтатын. «Қаракемік» дейтін ауру бар екен. Қаракемікте микроб болмайды. Сүйектің кемігі бар ғой, қаракемік деген сол. Аппақ сүйекте қап-қара дақтар пайда болады. Мұнымен ауырған мал ұзаққа бармайды. Өсімі де аз болады. Жүні пайдаға аспайды. Жалпы майы да аз болады. Мұның себебі жаңа туған төл суықта қалса, осы ауруға шалдығады. Сол уақытта Кеңес өкіметі бүкіл малды ақпанда төлдетеді ғой. Сол кезеңде туған малдың тоқсан пайызы қаракемік. Соны мен көріп тұрмын. Мақала өте ұзақ және терең сипатта жазылды. «Білім және еңбек» журналында жарияланды. Содан шарт етіп, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер орындарынан өре түрегелді. «Қай-қайдағы бір «қайыршының» жазған мақаласынан Кеңес Одағының ауыл шаруашылығы зардап шегетіндей» деген секілді әңгімелер айтылды. Енді Кеңес үкіметінің ауылшаруашылық саясатына қарсы шығу деген бұл оңай нәрсе ме? Бізге солай сыртымыздан осы жазған мақалаға орай түрлі қауесеттер айтылды. Ол уақытта «Білім және еңбек» журналының редакторы марқұм Ақселеу Сейдімбек болатын.

– Сіз айтып отырған «қаракемік» ауруын толығырақ таратып айтып өтсеңіз. Малы өрісте жүрген малшыларға да жәрдемі тиер деп ойлаймын?

– Біз мынаны ұмытпауымыз керек. Қазақ халқы ғасырлар бойы төрт түлікті тіршілігіне тірек етіп келеді. Соның арқасында малды бағыпқағудан ғажайып мол тәжірибе жинақтағаны ешкімге күмән тудырмайды. Бүгінде бұрынғыдай «мал басын көбейтейік» деген ұранның сирек айтылатыны рас. Дегенмен қазақтың сан ғасырлық қымбат тәжірибесіне ден қойып отыру абзал болар. Менің бұл мақалам – малшылар үшін ғана емес, осы ауылшаруашылық ғылымына өз үлесін қосам дейтін болашақ ғалымдар үшінде таптырмас дүние. Жалпы, малдың табиғи бабынан ауытқымаған түрлерінің қақ сүйегі мен кемік сүйегі өз майының түсіне ұқсап, сарылау келеді де. Мұндай сүйек «ақ сүйек» деп аталады. Мал сүйегінің, әсіресе кемікті жерлерінің қан ұйып, қанталағандай болып көрінуі «қаракемік» деп аталады. Ақ сүйек малдың жілігі майының өңімен түстес келгендіктен ол «ақ сүйек» делінген. Қаракемік малдың жілік майы оның қаншалықты осы аурумен ауыратындығына байланысты болады. Қарала-қарала түсті болады да, жілік майының төменгі басы ақшулан, ортасы қоңыр ала, жоғары басы қарақошқылданып кетеді. Әсіресе, сырқаты ауыр малдың тоқпақ жілік пен ортан жілік майлары қошқылдау болып келеді. Осы жіліктердің қақ сүйектері – қоңыр жолақты, кемік сүйектері қоңырқайлау болады. Егер қаракемікпен ауырған малдың күтімі жақсара бастаса, ең бірінші табан, сыбырлақ, өкше, бақайшық, бақалшақ, жіліншік, қызасық сүйектерінің астынан өрлей май да, сүйегі де ағара бастайды. Бұл қаракеміктің белгісі малдың жілік сүйегі мен жілік майларында ғана емес, бүкіл сүйексүйегінде, бүкіл жүйке-жүйесінде, тіпті буаз малдың ішіндегі төліне дейін өтеді екен.

– Бұл сонда жұқпалы ауру болып тұр ғой?

– Қаракемік жұқпалы сырқат емес, оны малдың өсіп-өнуіне, көбеюіне жаппай зиян келтіретін салмақты сырқатқа жатқызуға болады. Халқымыздың сан ғасырлық тәжірибесіне сүйенсек, қаракемікке шалдыққан мал әлжуаз болып келеді де, ол семірмейді. Күйлеу-қашу секілді табиғи заңдылықтарға өздігінен мүмкіндікке ие бола алмайды. Егер де жем-шөп беріп күтімге алмасақ, қысыры көп болып шығады. Кез келген басқа да ауруларды қабылдағыш келеді. Ілмиіп қыстан көктемге әрең ілінеді. Осы қаракеміктің салдарынан іш тастауы көбейіп, төл беруі де азаяды. Қаракемік малдың ұзаққа баруы да екіталай. Мұнымен ауырған малдарды баспа-бас ауыстырғанда, көбіне осы қаракемікпен ауырғандары қалып қояды. Шаруалар қыста туған малды – кепе, көпей, кебе, күйек түскен кезде туған төлді «күйек төл» деп атайды. Қыстың қақаған ызғарында, көктемдегі сызға бен суыққа шалдырып алған төл қаракемікке ұрынады. Күн жылынып, арқасын күн қыздырған төлдерді «ақ жілік, ақсүйек» деп атайды. Жаңа туған төл бірден суыққа тап болса, көктемнің ызғарына қалып қойса, ол мал сыз-салқын сәл сезілсе, қалтырағыш, жаурағыш келеді. Ондай төл дереу қаракемік сырқатына ұшырайды. Жаңа туған төлге қатысты «жаңа туған төл ұшып өткен құстың көлеңкесінен тоңады» деп дана халқымыз тегін айтпаған ғой. Қаракемік – сүйекке суық тиген деген сөз. Жалпы жып-жылы болып, шаранадан шыққан төлге дәл сондай болмаса да, соған жақын жылылығы болғаны жөн. Туған сәтте түскен топырағы да, ауа-райы да, күн нұры да жылы болғаны сол малдың ауруға шалдықпауына кепіл бола алады. Бұл сырқат турасында табиғаттың заңдылығына да жүгінген жөн. Қазақстан топырағында арқар, құлжа, Маңғыстау үстірт қойы, бөкен, қарақұйрық, елік, тауешкі, бұғы, марал сияқты қоңыр аңдар бар. Олар өзі өскен табиғат заңдылығын ескере отырып, соған орай келер көктемдегі боран, жауын-шашын, бұршақ, ауарайының кейбір тосын мінездерін де есепке ала отырып, үйірге түседі. Тіпті кейбір амалдарды өткізіп барып төлдейтіндері де бар. Мысалы, Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Барлық, Алатау, Еренқабырға, Ерепей секілді тауларды мекен ететін кер бұғылары сол таулардың табиғатына қарай үйірге түседі де, бесон күн ілгерілі-кейінді бұзаулайтын көрінеді. Көп жерлерде қарашаның алғашқы он күнінде өтетін «бұғының мойын жуары» деп аталған қыс ызғарының алғашқы табы білінгенде үйірге түседі де, келер жылы маусым айының орта тұсында өтетін ең соңғы амал – «сары шымшықты» өткізген соң барып төлдейді екен.

– Қыстың суығын өткізіп барып бұзаулағаны ма?

– Иә, дәл солай. Көрдің бе, жануарлар да табиғатпен санасады. Өзі мекен еткен табиғаттың тылсымына терең бойлаған бұғылар да үйірге түсу мен төлдеудің өзін бір есеппен жасағандарын байқауға болады. Қазақ аңшылары мен емшілерінің сөзін есепке алар болсақ, жабайы, еркін далада өскен жануарларда қаракемік болмайды немесе өте сирек кездеседі. Оның ішінде бөкен дейтін жануар да ғана жиірек кездескен.

Ал біздің төрт түлікте өзінің табиғи тегімен, табиғат тәжірибесін қатар ұстаған жылқы мен түйе ғана. Қой мен ешкі, сиырлар – мезгілсіз үйірге түсіп, беймезгіл туып, табиғи тәжірибе салтынан мүлде адасқан жануарлар. Осыны ескерген біздің ата-бабамыз қошқар, текеге күйек байлап, бұқаларды бөлетін болған. Ал қазір осыларды бұрынғы қалпына қайта келтіру – ғалымдардың басты міндеті. Қаракемікпен ауырып, сырқаты жазылмаған буаз малдың өзі қыстан қысылып шығады. Төлдегенде есін жинай алмай, төлінің шаранасын да жинауға шамасы келмейді. Төлінің шаранасын тазаламаған мал өз төлін танымай бөтенсиді. Өзінің ішінен шыққан төлін жатсынып, сүзіп, жерінеді. Тастап қашады, әрі-беріден соң. Қаракемікпен ауырған мал сүтке де жарымайды. Сосын адамның көмегін қажет етеді. Төлінің асты-үстіне түсіп, жалап-жұқтап, оған аналық мейірін төкпеген соң, онда қайдан уыз, қайдан сүт болсын?! Болса да төлі аққа жарымайды. Қаракеміктен туған төлдің өзі де қаракемік болып туылады. Ол туа сала тітіркенгіш, тоңғыш, болымсыз суықты көтер алмай, өкпесіне суық тиіп ауыратын, іші өтетін, ауыздана алмай ашығатын, қара тоңғағын түсіре алмай қиналатын болады. Нәрлі, құнарлы уызға жарытып тоймаған соң, сары тоңғағын да түсіре алмай, сырқаттың басқа түрлерін де қабылдағыш келеді. Мұндай төлдің саны артқан сайын сапасы артпай, керісінше, мал арасында өлім-жітім көбейеді. Әдетте мұндай малдар топырақ жалағыш келеді де, «құмғата» деген мал ауруына шалдығады. Шөп топырақтың үстінде өсетін болған соң, беті шаң-тозаңға толып тұрады. Сол шаң малдың ішіне барып тұрып қалады. Ішінде тас бар, ұсақ түйек нәрселер бар соны «құмғата» дейді ғой. Бұл турасында ертеректе «Мал аурулары» деген кітабымда жазғанмын. Өзі ауру болып туған төл көшіп-қонғанда, болмаса шұбырынды айдауда шаң жұтып, жол бойы шығынға ұшырайды. Жол-жөнекей сыр беріп, ұзақ жолдан соң жайлауға құр сүлдері жеткен төл жаз бойы оңала алмай, күзге салым шөп буыны қатайған кезде тоқтылар ауруы басталып, ұзаққа бармай шетінен өле береді. Мұның басты себебі ең алғашқы туғанда сүйектен өткен қара суықтан болғанын, тіпті оның басы өткен күздегі күйек алудан басталып тұрғанын білмейтін малшылар, тоқты өлімінің себебін әртүрлі етіп жорамалдай салады. Қаракемік тоқты күзде көп өледі.

– Енді бұл ауруға шалдықтырмаудың жолы қандай?

– Қазақтың малшылары мен мал дәрігерлерінің тәжірибесінде малды осынау дертке дауа қылмаудың жолы – әрбір аудан, облыс жерінің бедері мен өрісіне, ауарайының құбылысына – көктеу, жалау, күздеу, қыстаулық жерлердің табиғат құбылыстарына орай, оған түбегейлі бақылау жүргізу арқылы, әрбір жердің тәжірибелі адамдарымен, жергілікті мамандармен ақылдаса келе күйек алу. Қазақстанның кең байтақ даласында бір ауданның өзінде бір-біріне ұқсамайтын табиғат құбылыстары болып жатады. Осындай құбылмалы өзгерістерді есепке ала отырып, күйек алу –басты шарт. Қай аймақта болса да малдың төлдеуі – қыстың сызы кетіп, көктемнің жаймашуақ күндері келген кезде басталғаны жөн. Жаңа туған төлдің арқасын күн қарып, тұмсығын жылы күнге тосып, есінеп, мамыражай, қыстың қытымырынан құтылғанын сезінуі керек. Қыстан шығып төлдеген малдың бойы жылынып, есін жинап, көкке аузы тигенде туса, оның төлі де ширақ, өзі де сау болады. Шаранасын жалап, қозының иегінен түрткенде орнынан тұрған қозы дені сау балып саналады. Көктем көгін, әсіресе қара жусанды жеп уыз толтырса, сол малдың сүті де, уызы да нәрлі болады әрі ем. Қара уыз, сары уызға тойып, ақ қара тоңғақ шығарып, бойын тазалағаны – жас төлдің денсаулығына өте пайдалы. Күйек алудың басты пайдасы – мал басын көбейтуге тиімді. Міне, тәжірибенің мақсаты – адамдарды адасудан сақтандыру. Күйектің мақсаты – жануарларды табиғи күйекке бойұсындыру. Қаракемік сырқатынан сақтану үшін – Қазақстанда табиғи күйекке жат бағып-қағудың бәрін қайта қарауды талап етеді. Менің осы мақалам шыққанда бүкіл ел дүрлікті. Бүкіл бір алып державаның ауылшаруашылық саясатына қарама-қайшы пікір айтып тұрмын ғой... «Мен қазақпын. Мал баққан адаммын. Мен малдың ауруын түгел білем. Ал мен сенің қойыңның шетіне барайын, он қой ұстаймын, соны түгел сой. Егер сол он қойдан бір қой аман шықса, мен жеңілдім», – деп едім, олар мұндайға бара алмады. Ауру малдың өмірі қысқа, жүні аз, ет пен майы да аса құнарлы болмайды (Ақсақал осыны айтты да төсегінің терезе жақ бөлігінде тұрған тартпалардың бірін ақтарып, қойдың екі асығын көрсетті. Екі асық та қарайған екен. «Міне, – деді,– мынау қаракемікпен ауырған малдың асығы»... Шын мәнінде біз көріп жүрген асықтар аппақ болушы еді, мына қос асық та бірдей қарайып, отқа қақталған секілді көрінді). Сондықтан мұны қазірден ескеру керек. Біз сол кезеңдер артта қалды дегенмен, мал бағу үрдісіміз, ауарайы сол қалпында. Сондықтан мал басын көбейтем деген, малға жаны ашыған әрбір шопан осы айтқанымды орындаса деймін.

– Аға, тілді сіздей көп жиған адам аз шығар. Тағы да тілге қатысты жиған-тергеніңізді жазып алсам. Шашау шығармай халқыңызға жеткізуге уәдемді, сөзімді берейін.

– Осы орайда есіме мына шаш, түк деген сөзге қатысты атау-тіркестер түсіп отыр, кәдімгі малдың жүні болады ғой, соған қатысты біршама сөзді айтып өтейін.

Жүн қырқу, жүн жұлу, күзем жүн, қозы жүн, жабағы жүн, қылшық, түбіт, мамық, шуда, түйе жүн, бота жүн, тайлақ жүн, жүнді жуу, иіру, есу, ширату, өру, тоқу, тарту, түрлеу, шүйкелеу, келептеу, орау, тарқату, тарау, түту, білтелеу, қылшықтау, сабау, шабақтау, жүн тарту, су себу, тебу, құйыршық жеу, ысу, қайнату – міне, бір ғана «жүн» сөзінде қаншама атау-тіркестер тұр. Тұяқтар: Жылқы тұяғы, сиыр тұяғы, түйе тұяғы, есек тұяғы, қашыр тұяғы, құлан тұяғы, қодас тұяғы, қойдың тұяғы, ешкінің тұяғы. Мүйіздер: Арқар мүйізі, қарақұйрық мүйізі, құлжа мүйізі, бөкен мүйізі, шұбар бұғы мүйізі, ақтаң мүйізі, су сиыр мүйізі. Мүйіз түрлері: Қой мүйіз, қошқар мүйіз, ешкі мүйіз, серке мүйізі, теке мүйізі, сиыр мүйізі, өгіз мүйізі, бұқа мүйізі, бұғы мүйізі, марал мүйізі, бұлан мүйізі, таутеке мүйізі, тау ешкі мүйізі. Мүйіз бен тұяқтан жасалған бұйымдар: мүйіз қасық, мүйіз сап, мүйіз түйме, мүйіз тиек, мүйіз біз, мүйіз тебен, мүйіз қырықтық, мүйіз шақша, мүйіз құрттауыш, мүйіз сыдырғы, мүйіз ысқы, мүйіз ұршық, мүйіз ожау, мүйіз піспек, мүйіз дәндәку, қамшы сап, пышақ сап, бүркіт балдақ, мүйіз тарақ, мүйіз қаптырма. Бүркітте, қарақұста, тазқара, қозықұмайда, итте, қасқырда, аюда, мысықта, сілеусінде, сұңқар, қаршыға, бөктергі, жылан жегіште, үкі, жапалақ, байғызда тырнақ болады.

Ұлттық киім мен ұлттық тағамды жоғалту, ұлттық тұрмысты өзгерту, осының барлығы – ұлтыңды жоғалту деген сөз

– Ұлттық киімімізді арнайы жерлерде ғана киетін болдық қой...

– Бұл енді ұлттық дәстүрді жоғалтудың ең басты нышандарының бірі. Біздің киіміміз мүлде өзгеріп кетті. Ұлттық киім жоқ қой қазір. Тек мерекеде киіну, киіну емес. Бір-екі сағат қана киіп, шешіп тастау деген не? Ұлттық киімді жоғалтып алдық біз. Әсіресе әйелдердің небір сәнді киімдері бар еді ғой, шіркін-ай! Ешбір елдің киімі, біздің киімнен артық емес. Көбісін жоғалттық біз. Ұлттық киімді жоғалту, ұлттық тағамды жоғалту, ұлттық тұрмысты біржола өзгерту, осының барлығы, түптеп келгенде, ұлтыңды жоғалту деген сөз емес пе? Мысалы, тойға барып жүрміз. Кейбір дастарқанда адам зерігіп кетеді. У да-шу әуенді дарылдатып қояды. Иә өзі, иә біз түсініп жатқанымыз жоқ. Ол ұлттық әуен емес. Неге біздің халық әндері аз айтылады, неге біздің күйіміз тартылмайды, неге біздің жырымыз аз оқылады? Осының барлығы –ұлттық дәстүрді жоғалту деген сөз. Ұлттық бедерді жоғалту. Ұлттық ділден айырылу деген сөз. Дастарқанға келген бірде-бір тағамды қазақша атамаймыз. Орысша болмаса басқаша айтамыз. Қасығымыз, шанышқымыз қазақ тілінде бола тұра, соларды неге күнделікті тіршілікте орысша айтамыз?!

– Аға, өзіңіз бір кездері қазақтың қара домбырасы мен қос шанағынан күмбірлеп төгілген күй жөнінде біраз еңбектер жаздыңыз. Домбыра туралы әңгімемізді одан әрі сабақтасақ...

– Иә, мұның рас. Бір кездері күй жөнінде мақала жазған адаммын. Қазақта «Алпыс екі қоңыр» немесе «Алпыс екі тамырыңды идірген алпыс екі қоңыр» деген күйлер бар. Сондағы алпыс екі тамыр дегеніміз қайс тамыр? Адамның қай жерінде? Әзірге ол турасында нақты дерек жоқ. Тек Қытайда Жапонияда оқыған, мамандығы дәрігер бір қыз: «Адамның басындағы ми екіге бөлініп тұрады. Біреуінде отыз бір, екінші жағында да отыз бір тамыр болады», депті. Сол алпыс екі тамыр болуы ықтимал.

Мәселен, бізде «Шыңырау» деген күй бар...

– Баяғыда Түркістанның мәдениет бөлімін басқарып жүрген кезімде теріскей мен күнгейдің күйшілерін жинап, түркістанда күй кешін өткізгенбіз. Сонда атақты Төлеген Момбеков, Файзолла Үрмізов, Генерал Асқаров секілді ағаларымыз бастаған күйшілердің бірі осы күйді де тартқаны есімде, аға. «Алпыс екі қоңыр» күйі қашан шықты, авторы кім, қалай жетті екен бізге?

– Солай ма?! Елге кең тараған бұл күйдің мағынасы ежелгі аңыз бойынша мынаған саяды. Мазмұны өте терең. Шыңырау дейтін қыран құс. Шыңырау жылда бір жұмыртқа табады. Оны бір қанаты бар айдаһар келіп жеп кетеді. Бұл жылда қайталанады екен. Ең соңғы жұмыртқасын дүниеге әкелгеннен кейін Шыңырау «не ол, не мен өлуім керек» деген сертке отырады. Аспандағы айқаста қанаты бар айдаһарды жеңіп, жерге түсіреді. Сонымен ұрпақ аман қалады. Күй осылай басталады. 1952 жылы қытайлар Шың Дау деген өлкеден екі қанаты бар айдаһардың сүйегін тапты. Сонда Қытай зерттеушілері: «Бұл жануарлар осыдан жиырма-жиырма бес мың жыл бұрын болған екен» деп жазды. Демек, сенің «Шыңырау» деген күйің соның замандасы екен ғой. Бірақ бұл күйдің иесі белгісіз. Қазақтың ән, күй, жырлары сансыз көп. Солардың ішінде ел аузынан түспей келе жатқан – жөргек жыры, бесік жыры, жаржар, көрісу, сыңсу, беташар, жоқтау, гөй-гөй, бәдік (мал дертін көтеру), телу (төл телу), жарапазан, тағы басқа жырлар мен күйлерінің авторлары жоқ. Ал қалың қазақ бұл ән-жырларды жатқа біледі. Оған музыка аспабының сүйемелі керек емес. Шаңқобыз, сыбызғы, домбыра, қылқобыз сияқты дәстүрлі аспаптар арқылы ойналатын – «Қаражорға», «Сұрмерген», «Бөкен жарғақ», «Бұлғын-сусар», «Бозінген», «Нариген», «Тарғыл бұқа», «Сарыөзен», «Шыңырау», «Шаһимаран» және тағы басқа көптеген қазақ күйлерінің авторы белгісіз. Осы күйге байланысты бір әңгіменің реті келіп отыр. Ұлы жүзде албан елінің ішінде Елікбай тайпасынан шыққан Қожеке деген күйші болған. Ол Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» романындағы 1916 жылғы Қарқарада болған ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі – Серікбайдың жұбайы Көкшегірдің әкесі. Қожеке күйші ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Шығыс Түркістанның Алтай, Тарбағатай, Боро-Тола және Іле аймағын көп аралаған екен. Осы адам күй шерткенде айналадағы ел-жұрт тегіс жиналып, күй тыңдайды екен. Кейде артынан қалмай еріп жүретін болыпты. Жылап отырып алады екен. Манчжурия империясының тұсындағы ел тағдыры, жер тағдыры, күйінген елдің болашағын күй арқылы түсіндіргенде, тыңдаушылар арасынан жылап-сықтайтындар, аһылап-үһілеп ауыздарынан әртүрлі сөз шығатындар көбейіпті. Мұны жергілікті үкіметке жеткізетін алаяқтар мөлдіретіп, түрлентіп, мың құбылтып жеткізгендіктен жергілікті үкімет пен Қожеке күйші арасында саяси қақтығыстар басталады. Жергілікті үкімет Қожекеге бірнеше рет ескерту жасайды.

– Үкіметтің не жұмысы бар жай күйшіде?

– «Домбыраңды таста, күйіңді тартпа, елді жинап алып, Үкіметке қарсы шығып жүрсің» деген жала да... Күй тартқаннан басқа жазығы жоқ. Ел тарт деп, қаумалаған соң тартады да бейшара. Жазықсыз Қожекені бірнеше рет абақтыға да жабады. Осыған ашынған ел де, күйінген Қожеке де күй шертуді мүлде тоқтатпай, жасырын жағдайға көшеді. Алайда бұл да қайта-қайта ашылып қалып, үкімет қаһарына мініп, Қожекені ұстап, қазіргі Іле аймағы Күре деген жерде отқа қақтап, өлтіріп тынады.

– Дәл осындай дерек бар ма, аға?

– Иә, бұл – болған жайт. Осы дерек Тауфих Жексенбиевтің естелігінде де жазылған. Ал елді дүрліктіріп, күй тартып, ақыры өзі өліп тынған Қожекенің артында қанша күй, қандай күйлер қалды – ол жағы беймәлім. Бұл – зерттелуге тиісті тақырыптың бірі. Қазақ мәдениетінде ән мен күйдің қоры мол. Бірақ олардың саны мен авторлары түгенделмей келеді. «Күй – Тәңір күбірі» деп күймен өлтіретін, күймен тірілтетін қоңыр үнді күйлердің түп атасы Қорқыт дейін десек, Қорқыт – бергі дәуір адамы. Сондықтан сан-санақсыз қоңыр үнді күйлердің түп атасы қоңыр мінезді, қоңыр үнді қазақ халқының өзі дегеніміз жөн болар. Жалпы, өзім ойыма түскен кезде қойын дәптеріме әр нәрсені түртіп жүрем. Өлең де жазып қоямын. Мына бір «Қобызым» деген өлеңді жазғам.

Қобызым-ау, қобызым,
Гөй-гөйлеген, қобызым.
Қобызым-ау, қобызым,
Күңіреніп өткен, қобызым.

Аңырап өткен, қобызым,
Зарланып өткен, қобызым.
Егіліп өткен, қобызым,
Еңіреп өткен, қобызым.

Ботасы жоқ бозінген,
Боздап өткен, қобызым.
Жырлап өткен, қобызым,
Жылап өткен, қобызым.

Есесі кетіп ел-жұртқа,
Налып өткен, қобызым.
Жапанда жалғыз көкжалдай,
Ұлып өткен, қобызым.

У үстіне у ішіп,
Уланып өткен, қобызым.
Сай-сүйегі сырқырап,
Шырылдап өткен, қобызым.

Қорланып өткен, қобызым,
Сорланып өткен, қобызым.
Сырты жалын, іші шоқ,
Өртеніп өткен, қобызым.

Алпыс екі қоңырды,
Күйлеп өткен, қобызым.
Алпыс екі тамырды,
Идіріп өткен, қобызым.

Қобызым-ау, қобызым,
Қобызым-ау, қобызым.
Ой-хой дүние, қобызым,
Ел ұранды, көк тулы.

Тәуелсіз ел болғанда,
Тәубе, тәубе, тәубелеп,
Көкқасқа шалып жолына,
Шүкірлік еткен, қобызым,

Күпірлік еткен, қобызым – деп осы өлеңді 1995 жылы жазыппын, міне, мына дәптерге.

– Қазақтың жанына жақын, өзімен бірге сан көшті артқа тастаған, талай қилы замандарда жан серігі болған қасиетті қара домбыра жайында қанша айтсақ та, артық болмас деп ойлаймын.

– Егер адам баласының ән мен күйі шыр етіп жерге түскеннен басталады дейтін ғұламалар тұжырымын еске алар болсақ, халқымыздың да бұл өнері, оның музыкалық аспаптары қарт қазақпен бірге жасасқанын аңғару қиын шаруа емес. Әр ұлттың қоғамдық дәуірімен оның мәдениеті қатар жүретіні белгілі. Мәселен, тілі, ділі, діні, рухы сондай-ақ салтсанасы мен бедері айқындалған сайын оның ән-күйі, өлең-жыры да өркендей бермек. Солармен қатар түрлі музыкалық аспаптары да дамитыны сөзсіз. Қарапайым түрден күрделі деңгейге өтіп, белгілі бір халықтың мақтанышына айналады. Мысалы, қазақтың сыбызғы аспабы бес тесікті бір түтік. Ал қылқобыздың құрылымы одан күрделірек: бір шанақ, бір мойын, бір бас, екі құлақ, бір тиек, бір адырна ішінде жылқының бір жұп қыл ішегі тартылған. Қазақ халқында бұдан да басқа үскірік, ысқырық, шаңқобыз, келіқобыз, сазсырнай, тоқылдақ, дап, даңғыра сияқты ұлттық аспаптар бар. Әрқайсысының үні, дыбысы, ырғағы, дірілі, сырылы, ызыңы болатыны – өз алдына, олардың үлгісі, мүсіні, өлшемі, тұрақты сыр-сипаты және бір-біріне ұқсамайтын аты-жөні бар. Қазақтың ұлттық аспаптарының қайсысы қай дәуірде туындап, қашан, қалай қалыптасқанын кесіп айту қиын. Олардың бір уақытта пайда болмағаны анық. Халқымыздың қайғысы мен қасіретін, қуанышы мен жұбанышын күй арқылы жеткізген домбыра-қарттың да жасы белгісіз. Мен 1986 жылы тамыз айында Алматы облысы Майтөбе жайлауының Қызылкезең деген жерінен сурет таптым. Суретте адамдар бір-бір сызықпен бейнеленген. Олардың түгелдей билеп жүргені байқалады. Ал алдарында домбыра жатыр. Домбыраның басы – сол жаққа, шанағы адамдардың оң қол жағына қаратылған. Демек, сол замандағы адамдар да дәл бүгінгідей домбыраны оң ұстаған. Домбырада шанақ, мойын, бас, екі құлақ, екі ішек бар. Бұл музыкалық аспаптың да мойнына қазіргі кездегідей үкі тағып қойған.

– Сіз тапқан тарихи тас мұражайға әкелініп, қай жылы жәдігерге айналды?

– 1988 жылы бұл тас Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптар мұражайына әкелінді. Тастың ұзындығы – жүз отыз сантиметр, ені – сексен сантиметр, қалыңдығы – алпыс сантиметр, өңі – қара, кәдімгі қайрақ тас. Сол тасты Кемел Ақышев бастаған бір топ археология ғалымдарына көрсеттік. Зерттей келе, «мына бедерлі суреттер біздің жыл санауымызға дейінгі төрт мың жыл бұрын сызылған екен» деген қорытындыға келді. «Алты мың жылдың алдында ата-бабамызда домбыра бар екен. Алты мың жылдың алдында күй шертіп, би билейді екен ғой», – деді. Мөлшермен он-он бес мың жыл бұрын осы домбыра атты музыка аспабын қолға алып күй ойнаған біздің ата-бабаларымыздың аты-жөні кім болды екен?

Тағы бірде кітаптың бетіндегі суретке көзім түсті. Таңбалы тасты фотоаппаратпен түсірген екен. Үлкейткіш әйнекпен (лупа) қарап отырсам, кәдімгі түйеге мұрындықты мінер жағынан қамшылар жағына қарай өткізіпті. Бүгінгі ХХІ ғасырдың қазағы да солай жасайды. Мұрындыққа екі жағынан тығырық қойыпты. Бүгінде дәл солай тығырық қойып отырмыз. Оған апарып бұйданы жалғапты. Бүгінгінің қазағы да осылай жасап отыр. Осыншама анық байқалып тұрған сурет – ата тарихымыздан сыр шертетін секілді. Алтың мың жылдың алдында түйені дәл осындай дәрежеде игеріп отырған халық – ол біздің ата-бабамыз. Осыны біз анықтасақ, бізге зияны тие ме? Әлде орыстар қарсы шыға ма? Кәдімгі ат арбалардың небір түрлері кездеседі. Екі дөңгелекті арбаға екі ат, үш ат жегілген. Екі мың, үш мың, төрт мың жыл деп жазылған. Сонда есептеп қарасақ, алты мың жылдың алдында садақ бар екен, арба болған екен ғой. Соның бәрін жасаған біздің атабабамыз емей кімдер? Осы секілді байлықты біз жоғалтып алып отырмыз. Мына көрші отырған орыстар алтынды қалай жинады дейсің ғой? Олар үш бағытта жинапты.

– Мұны да айта отырсаңыз?

– Біріншісі – бүкіл қыпшақ (қазақ – авт.) даласындағы бейіт қазылсын, екіншісі – жерден металл ретінде қазып алынсын. Үшіншісі – сауда жолымен алынсын. Осы үш бағытпен орыс алтыны жиналып отыр. Ең алғашқы бағыты бойынша біздің ұшы-қиыры жоқ сахарамыздағы моланың бәрін қаза отырып, алтынымызды тонап кетті. 1719 жылы Петр патша сонау Сібір мен мына қазақ даласындағы бейіттер қазылып, табылған алтындары түгел Петербордағы мұражайға өткізілсін деп жарлық шығарған. Оның алдында Гагарин деген генерал-губернатор болған. Сібірдегі және Қазақстанның солтүстігі мен шығысындағы қорғандардың бәрін қаздырып, Сақтар дәуіріндегі алтындардың бәрін жинап, қорытып, сатып, өз пайдасына жаратқан. Бүкіл Қазақстанның территориясындағы қорғандарды құртып, бейіттің ішінен табылған жарамды нәрсенің бәрін сыпырып кеткен. Бұған бүкіл бір әскери полктың солдаттарын жұмылдырған. Сонда ол артельде төрт мың адам болған. Қызыл әскерді пайдаланған. Міне, осындай да сұмдықтар болған, қарағым! Біздің қазақтың жамбасында «көк таңба» бар. Бұл таңба бізде, қырғызда, якуттарда және моңғол халқында бар.

– Сіз айтып отырған «биологиялық көк таңбамызды» біз неге сирек сөз қыламыз?

– Сәби туған соң екі жасқа дейін көгеріп тұрады. Осыны ЮНЕСКО-дан өткізіп, иелік жасауымыз қажет. Біреулер сонау америка жерін мекен еткен майяларда бар дейді. Бұл халық бір кездері Беринг бұғазы арқылы өткен дейді ары қарай... Бұл – «көк таңба» біздің биологиялық таңбамыз. Түркітілдес халық болса да, ұйғырда, түрікте, башқұртта, өзбекте, татарда бұл таңба жоқ. Осы ерекшелік неге қазақта бар дегенге жауап іздеп, мынаған тоқтадым. Мына Алтай тауының өзінің биік нүктесі бар. Сол шыңға шықсаң күн мен ай қатар тұрады. Неге ол басқа жерде бірге көрінбейді? Соның маңайындағы Курчатовтың іргесінде жер шарының кіндігі тұр. Осындай бір ғажап нәрсе бар. Бәлкім осыған да байланысты ма екен? Мұны ғылыми түрде дәлелдеу қажет. Міне, қарағым, біз – осындай да қасиетке ие халықпыз. Үрімжіде шығатын «Шың-Жаң» газеті тілшілерді аймақтарға жіберіп тұрады. 1954 жылы Үндістанға қарай асатын Күйлұн тауының теріскей жақ бөктеріндегі Хотан, Яркен аймақтарына барып келген ұйғыр тілшісі: «Яркен аймағының бір алыс қыстағында «құйрықты адамдар» тұрады екен, жас балаларының құйрығын көрдім. Кәдімгі маймылдың құйрығындай, жіңішке, ұзын, тобығына дейін түсіп тұрады екен», – деп келді. Мұны көріп келген тілші Ахмет Тохсұн. Міне, осындай да халықтар мекен етеді.

Қазақта бірнеше ұлттық аспаптар бар. Олардың ең көнесі – қара қурайдан жасалған сыбызғы. Одан әрі домбыра, қылқобыз, шаңқобыз тағы басқалар болып жалғаса береді. Кеңес өкіметі тұсында ұлттық аспаптар шетке қағылды. Қылқобыздың өзі мүлде сахнаға шығарылмады. Оның орнына төрт темір шекті қобыздар әкелінді. 1950 жылдан бастап домбыраның үні күрт өзгеріске ұшырады. Домбыраның ішегі малдың ішегінен жасалушы еді, ол балық аулайтын «леска» деген химиялық затпен алмастырылды. Оның ыңылы, үні, ырғағы басқа арнаға бет бұрды. Бұрын ойма шанақты домбыра болушы еді, қазір қима шанақты домбыра орын алды. Домбыра зерттеуді қажет етеді.

–Қазіргі күні мұны қолға алған біреу бар ма екен?

–Мұны қолға алған адамдар бар. Мәселен, Жұмагелді Нәжімеденов осы іспен көптен айналысып жүр. Ол домбыраның қоңыр үнін іздеуде. Оның айтып жүргені далаға атылған оқтың күйін кешуде. Өйткені құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Мәдениет министрлігі пысқырып та қарамайды. Әлбетте, белгілі бір нәтиже шығару үшін жоғары жақтағылар тарапынан көмек қажет-ақ. Жаңағы Майтөбеден табылған домбыраның мойны бар, екі құлағы бар, басы бар, мойнында үкісі бар. Ол тастың келгеніне жиырма жылдан асса да, әлі ұлттық тізімге алынған жоқ. Ұлттық мәдениеттің қатарына кірген жоқ. Бұл – ұлттық намыстың жоқтығы. Ұлттық рухтың жоғалғандығы. Өз байлығыңды, өз мәдениетіңді өзің тепкілеп жатырсың. Өз мәдениетіңді өзің танымай отырсың. Қалай күйінбейсің...(ақсақал орнынан атып тұрып, бөлмені бір айналып келіп, қайта отырды)

– Бұл тасты қалай таптыңыз?

– Мен енді тау-тасты аралап жүремін ғой. Сонда көзіме шалынып қалды. Сондай нәрселерді шұқылап жүремін. Осы аймақтарда қандай сурет, қандай құнды дүние бар, соның бәрін білем. Археология институты мені шақырып жатыр. Жиырмадан астам археологияға қатысты дүниелерді біледі екем. Мұны археологтар тапқан жоқ. Мен мекенжайына дейін білем. Оның үстіне темір қайнатқан жер де бар. Оның үстінде мыс та бар. Оның ішінде Алтын адам да бар. Осыған байланысты мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Алғаш келгенімде жұмыс таба алмай, қой бақтым. Құмға қойымды айдап бара жатырмын. Айдалада бір шағын төбе көрінді. Жанына үш-төрт қой сиятындай тас қора жасап қойыпты.

Таңғалдым. Бір ескі қорымның орны шығар деп кетіп қалдым. Келесі жылы сол жерден қой жайып, қайта өттім.

– Бұл қай жылдар еді?

– Ол сонау 1963 жыл. Әлгі төбешіктің үстіне трактор шығыпты. Трактор бір айналып түсіп кеткен екен. Төбе қақ ортасынан жарылыпты. Жарық тереңдеу көрінді. Мен іздеп жүріп, «гайка» тауып алдым да, жіпке байлап төмен түсірдім. Үш жарым метрге барып, тоқтап қалды. Демек, асты қуыс болғаны. Астында «алтын адамың» жатыр деген сөз. Міне, осындай нәрселерге қатты мән беріп жүрем. Болашақта археологтарға керек болып қалар. Бір дерек айтайын. Хантәңірі тауының Қытай жағында Мұзарт деген асу тұр. Мына жақ бетіне шықсаң Діндіғұл деген өзен ағады, ал арғы бетінен Мұзарттың өзені ағып жатыр. Сол екі өзеннің түйіскен жері үлкен алқап болып созылып жатыр. Алқаптың ұзақтығы – отыз-қырық шақырым. Екі жағы мұзтау. Қалың орман. Орманның жалпы аумағы он бес шақырымдай болады. Іші толған аң-құс. Осы екі өзеннің түйіскен жерінде бір тұмсық бар. Тұмсықтың ішінде қорған тұр. Қорған жерге сіңіп кеткен. Тап ортасында бір тас тұр. Таста жазу бар екен. Қазіргі үнділердің әрпіне келеді. Бұл жерді қазақтар Хан жайлауы дейді. Жан-жағы тұйық қой. Хандар кіріп алып жатады ғой. Моңғолдар оны Адуынгер дейді. Адуын деп тұрғаны – жылқы, гер дегені – үй. Сонда «жылқының үйі» деп тұр. Ол жерге жылқы бағуға болады. Қой мен ешкі бағуа болмайды. Өйткені онда ауаның қысымы өте жоғары. Мен бір нәрсені іздегем. Ашиналар көбейе келе жауға тап болып, олармен соғысуға мәжбүр болады. Аман қалғандары бір таудың қуысына жасырынады. Төрт жүз елу жылдай тұрады.

– Төрт жүз елу жыл дейсіз бе?

– Иә, төрт жүз елу жылдай бір топ адам жасырынып күн кешетін ол қандай қуыс деп сол жерді іздедім ғой. Алтай, Тарбағатай өңірін кезіп шықтым. Ақырында осы жерге келіп тоқтадым. Ашина осы жерді мекендеген болуы мүмкін. Бұл – менің өзімнің ойша жасаған жеке пікірім. Ол жерден мен бір сары тас тауып алдым. Кәдімгі егелген, қашалған, құдды қолмен жасалған тәрізді. Әлгі табылған тасты қытайлар көрді. Әрине қызықты. Кейін менен сұрады. «Ол жерді қайтесіңдер» деп едім, айтпай қойды. «Қазір ол жерге баруға болмайды, ол таудың ұшар басында, қар басып жатыр, қазір бара алмайсыңдар» дедім. Менің ниетім – әлгі жерді көрсетпеу. Кейін тауып алыпты. Мыңдаған қытайды сол жерге апарып төкті. Ол маңнан қаншама қазба байлық шықты. Сөйтіп, Қытайға олжа тауып бергем. Әлгі Ашинаға байланысты айтқандарымды нақтылай түсу үшін Қытаймен келісімшартқа отырып, сол жерді тереңірек зерттеу керек. Қазір ғылым дамып кетті ғой. Қурап қалған сүйектің өзінен ДНК дегенді бөліп шығарып, ертедегі өмір сүрген адамның қандай аурумен ауырғанын, немен тамақтанғанына, мінез-құлқын, қандай ортада өмір сүргеніне дейін анықтап отыр. Міне, ғылымның жетістігі.

– Аға, қайтадан қазақтың қара домбырасының қос шанағынан төгілген күйлерге оралсақ. Өзіңіз айтқандай, бізде қаншама ән мен күйдің авторы белгісіз. Оның бер жағында қаншамасы түрлі-түрлі аңыздарға құрылған. Осындай аңызға негізделген белгісіз күйлер жөнінде қандай деректер айта аласыз?

– Көп қой ондай аңыздар. Қазақта малдың күйі қалай? Елдің күйі қалай? Хан мен қараның күйі қалай? – деп бар мен жоқтың, рух пен рухсыздықтың, жақсы мен жаманның, бақыт пен қырсықтың күнгейі мен теріскейінің күйі қалай деген бір ауыз сөзбен жіктеп, анықтап береді. Құдіреті күшті осы күй сөзі мен музыкалық аспапта тартылатын КҮЙ сөзінің түбірі, төркіні, мән-мағынасы, мазмұны бір. Қазақ халқы тіл жетпеген немесе ашып айта алмаған, айтуға батылы бармаған тағдырдың небір қилы кезеңдерін аспапта ойналған күймен жеткізген. Шыңғыс ханға құлан теуіп өлтірген баласы Жошының өлімін күй арқылы естіртіп, күй арқылы көңіл айтып, сабыр тілеген. «Ақсақ құлан Жошы хан» күйі қазіргі қазақ күйі қорында бар. Мал иесі ұрыны ұстап, әділ бидің алдына апарып шешім сұрағанда, әділдікті ту еткен би қолына домбырасын алып, өз ойын ұрыға «тансаңшы-тансаңшы» деп, күй арқылы жеткізіп, ұрыны құтқарып жіберген. Бұл тану дегенді білдіріп тұр. «Ей, сен ұрлап алыпсың ғой, жоқ, мен алғам» дейді. Ұрыны алдына алып келгенде құтқарып жіберу мақсатымен осы күйді шертіп тұр ғой. «Тансаңшы» атты осы күй қазіргі қазақ күйінің қорында бар. «Алпыс екі қоңыр» деген күй жайында айтып өттік. Осы «алпыс екі тамырыңды идірген алпыс екі қоңыр» күйінің ішінде «Жөргек жыры» және «Нариген» деген күйлер бар. Шешесіне бар ынта-жігерімен талпына ұмтылған баласын бауырына басып, құшырлана иіскеп сүйген, бисмилласын айтып, баласының аузына емшегін салған ананың ішкі мейірімін тілмен айтып, дәріптеп жеткізу мүмкін емес. Оны тек сәбидің іңгәлаған үні мен ананың мейірімін арқау еткен «Жөргек жыры» күйі ғана түсіндіре алады.

– Өй, шіркін-ай! Керемет қой, аға!

– Жан-жануарлар әлемінің ұрпағына деген мейір-шапағатын өлшеу де, оны бағалау да мүмкін емес. Мына Амур өзенін өрлеп келіп, бауырын тасқа ұрып жарып, уылдырық тастап өлетін Кета деген балық бар. Ұрпағы үшін өзін құрбандыққа қияды. Даланы мекен етіп, қара жусан арасына ұялап, жұмыртқалайтын дуадақ, тырна, бозторғай сынды құстардың ұясына жақын келіп қалсаң, ол дереу пыр етіп ұшып, әудем жерге барып қонып, мертігіп қалғандай тыпырлайды. Бұл – оның адамға жасаған айласы. Балапандары жатқан жерден сені алдап, аулақтатқысы келіп жүргенде ол бейшараны аспандағы ірі құстар қағып әкетеді. Баласын қорғамақ болып жүргенде, өзі мерт болады.

– Қазақ халқы киелі санайтын аққудың бірін атсаң, екінші сыңары өзін жерге тастап өледі дейді екен...

– Бүгінде әлемде «террор» деп аталып жүрген адамдардың бір бөлігі өз жерін, өз елін, өз ұрпағын қорғау мақсатында империялық шапқыншылыққа қарсы өш алу, кек қайтару үшін өздерін құрбандыққа шалады. Өздерін өлімге қия отырып, жанкештілікке барғандар ішінде ерлер де, әйелдер де, тіпті өрімдей-өрімдей жас балалар да бар. Өзін-өзі өлтіру – қорқу да, жасқану да емес, мақтану да емес, шашбау көтеріп жағыну да, сатқындық та емес, өлерін білмей отқа түскен есалаңдықта емес. Өз-өзіне қол жұмсау – адам мен жануарларда болатын табиғат құпиясы, ұрпақ қорғау тектілігі. Оның арзан-қымбатын бағалауға, салмағын өлшеуге келмейді, ол әрбір табиғаттың жаратылысына тән Тәңір сыйлаған тектілік жұмбағы. Қазақта «Нариген» деген күй бар.

– Есіңізде болса, тарихын тарқатып айтасыз ба?

– Күйдің қысқаша тарихы мынадай. Кезінде әсерленіп қалам ұстап жүрген қайратты шағымда осы жайында толығырақ тарқатып жазған да едім. Қазір есімде қалғанын ептеп айтайын. Көз алдында өз ботасын қасқыр жегенде қарап тұрған Нар түйенің боздағаны, көкірегі қарс айырылған сормаңдай бозінгеннің қайғы-қасіретін күй арқылы жеткізген. Боздаған өксігі басылмай, ботасын құтқармақ болып жетіп барған бозінген бас салып бақыртып жатқанда бәрібір араша түсе алмай, қоралы түйемен бірге үрке жөнеледі. Дегенмен ботаның сүйегі жатқан жерге баруға батылы бармай, күнде сол маңнан қайтып жүреді. Бұл оқиға Тарбағатай тауының күнгей беті, Қараүңгір өзенінің сағасын мекен етіп отырған қазақ ауылдарының айналасында болған. Үздіксіз ыңырсып, көзінен жасы бұршақтай аққан, боздаған бозінген қоңырқай тартқан еңсесі биік алты қанат киіз үйдің ішінен күмбірлей безек қаққан домбыра үнін естиді. Домбыраның үні ботаның боздағанына ұқсайды. Жаралы дене, жаралы жүрек, қайғы-дерт бірінбірі қайталап тұрғандай. Өзара таласқан екі қасқырдың қанды аузынан әрең құтылған жаралы ботасының безіп келе жатқанын көріп бозінген ботасын кеше қасқыр жеген жаққа қарап тұр. Әне-әне! Ботасы келе жатыр....Боталаған күні үй иесі бәйбіше ырымдап төбесіне таққан қара бас үкісі бұлғақ қағады. Тіп-титтей иір мойнағын алдына соза түсіп, жасқа толы екі көзі мөлдіреп, сыңси боздап, шойнаңдай басып, бүлкбүлк желеді. Қоңырқай үйден шыққан қоңыр домбыраның қоңыр күйі боздаған боздаған ботамен бірге боздап келе жатқандай. Жұп-жұмсақ титімдей табанымен басқанда, қара жердің қабырғасы қайысып, шымшытырық алуан түрлі дыбыс шығады. Қара дала бұлбұлы, бозторғай шырылы, жапырыла ұшқан қалың шегіртке шырылы, ботаның алдын орай ұшқан көбелек қаққан қарлығаш қанатының сусылы. Өз ботасын сағыныш меңдеткен, ыңырси боздаған әлсіз үні бозінгеннің құлағын жарады. Қоңырқай үйден шыққан қоңыр домбыраның қоңыр үнді қоңыр күйі күмбірлеп, бірде іргелеп көбелеп, бірде сағалап, бірде шарықтап, алуан түрлі ырғаққа басып, бебеулеп, безектеп жаралы ботаны қақпалап, сүйемелдеп келе жатыр, міне тіпті жақындап қалды... Бозінген боздап жіберді. Екі көзіне жас толған бозінгеннің басы айналып, көзі қарауытып, емшегін сорып жатқан ботасының құйрық түбінен иіскеп тұрғандай сезінеді. Жан дүниесі езіліп, балқып, алпыс екі тамыры иігендей сүті сорғалай береді. Көзден аққан қанды жас пен сорғалап аққан сүтті қара жер, қара топырақ сіміре тартып жұтып жатыр.

– Расында да керемет ойлы күй екен ақсақал!

– Мына қызықты қара! «Ой-бұй, мына сорлының сүті далаға ақты-ау», – деген бәйбішенің даусын естігенде домбыра бетін алақанымен баса қойған күйші «бұл күйдің аты «Нариген» деді. Күнге күйіп тотығып қоңырқай тартқан бетінің терін қолжаулығымен сүрте беріп, шаңыраққа қарады да: «Шарықта, Нариген, шарықта», – деп айғайлап жіберді. Қай дәуір, қай заман екені белгісіз. Міне, күйдің құдіреті қандай десеңші! Бозінгеннің өзін идіріп тұр. Ботаның, қасқырдың, табиғаттың дыбысын қос шанақтан шығара білген біздің халықтың осындай өнеріне бас имегенде қайтеміз.

Қазақтың ән мен күйлері сансыз десек, солардың ішінде ел аузынан түспейтін – «Алпыс екі қоңыр» атты күй. Осы күйдің әрқайсысы өз алдына жеке-жеке мазмұнға, сарынға ие, көтерген жүгі әр бөлек. Әрқайсысы өз алдына жұмбақ сырға толы. Бірі – қуаныш пен шаттыққа толы, бірі – қайғы-қасіретке толы. Сондықтан осы бір топ күй «Алпыс екі тамырыңды иіткен алпыс екі қоңыр» деп аталады. Ал осы «Алпыс екі қоңыр» бір адамның еңбегі ме, әлде алпыс екі адамның еңбегі ме? Мұны кесіп айту қиын. Алайда, «алпыс екі адамның еңбегі болар-ау» деген ойдамыз. Қай замана, қай дәуір екені белгісіз болса да, тарихи кезеңнің бірінде күй өнері орасан дамып шарықтағаны анық.

Күй үнімен күлдіретін,
Күй үнімен күңірентетін.
Күй үнімен қуантатын,
Күй үнімен жылататын.

Күй үнімен өлтіретін, Күй үнімен тірілтетін дәуір болған шығар. Күй өнері дамыған, шарықтаған, дарынды күйшілер саны көбейген бір кезде, өнер иелерінің, өнер көсемдерінің, өнер сүйгіш ел көсемдерінің ұйғаруымен – күйшілер сайысы, домбыра жарысы өткізілген шығар деген болжам бар. Бәйгеде жүлделі болған дарындардың алдына – мал, басына – шаңырақ, қазан-ошақ, қойнына жар салуға уәде еткен болар, қатынасушылар саны шектелмей. Қатысушыларға бір-ақ талап – күйдің құдіретін жеткізу қойылған шығар. Адам мен жан-жануардың жандүниесін балқытып, балбыратып, езіп, егілтіп, дірілдетіп, қалшылдатып, елжіретіп, көзінен жас ағызып жылататын – күй. Екі көзін күлімдетіп, екі танауын желбіретіп, езуін жиғызбай күлдіретін – күй. Күй үні құдіретімен қуантқан, күй үні құдіретімен күңіренткен жүлдегерлер қоңыр үнді таратқан күйлерді «Алпыс екі тамырын иіткен алпыс екі қоңыр» атандырған шығар. «Алпыс екі қоңыр» атымен қазақ елінің қоңыр үнді ел екенін анықтап айшықтаған, таңбалаған, дәлелдеген болар. Қазақ елінің жан дүниесі тек қоңыр үнмен ғана жібіп, балқып, балбырап, езіліп, егіліп, алпыс екі тамырыңды иітетіндігін дәлелдеген болар. Қазақ тарихында өшпестей із қалдырған «Алпыс екі қоңыр күй» сынағына қатынасқан дарынды күйшілердің аты-жөндері кімдер болды екен? Ұлы дүбір жарыста сөреге қатар көтеріліп, кереден үзеңгі қағысып, бір-бірінен қол үзім, қол созым, қамшы салым, тіпті, қара үзіп мәреге жеткендер кімдер болды екен? Өнер сайысынан даңқпен өткен дарындардың аты-жөні белгісіз қалып отыр. Сонда да қазақтың ұлттық мінез-құлқына тән қоңыр үн, қоңыр күй өшпестей сақталған.

– Ал бояудың алуан түрін атай білген қазақ не себепті күйге таңды екен? «Қоңыр үн» деп не себептен атады екен? Ақындардан Жұмекен Нәжімеденовтің керемет өлеңі бар еді, Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді» деген тамаша повесі бар. Бұлар толқымай оқылмайтын құнды дүниелер...

– Бұлай болуы заңды да. Оларды мен де оқығам, олар – өте талантты азаматтар. Осы жерде қазақ халқы «қоңыр» деп өң-түс, бояу ретінде алмаған. «Қоңыр» атауын ұлттық үн, дыбыс, ыңыл, шыңғыл, дыңыл, діріл, уіл, гуіл, ырғақ ретінде алған. Қазақтың қуанышы мен шаттығын, қайғысы мен қасіретін анық бейнелейтін ұлттық қоңыр үн ырғағы ретінде алып отыр. Жағымды-жағымсыз мінез-құлықты бейнелейтін қоңыр үн ырғағы алынып отыр, ұлттық діл, ұлттық салтсананы бейнелейтін қоңыр үнді қоңыр күй өнерімен алып отыр. Қазақ атамекенінің кең өрісті, кең тынысты, қазақ елі табиғатының кең бо луына, қазақ атты ұлт табиғатының кең болуына әсер еткені анық. Миллиондаған жылдар бойы қалыбы бұзылмаған табиғи ортада өмір сүріп, ың-шыңсыз жерде табиғи тамақ жеп өсіп-өнген ата-бабамыз жарқын бейнелі, ашық мінезді, қоңыр үнді қазақ болуына қазақ жерінің табиғаты негізгі себепкер деп ойлаймын.

Қоңыр аба, сазды жайлап,
Сапырып сары қымыз, бие байлап.
Шіліңгір ыстық та емес, суық та емес,

Самал жел, қоңыр салқын тұрған айлап – дейді Қызыр Мамырбекұлы бір өлеңінде. Жер де – қоңыр, жел де – қоңыр, ел де – қоңыр. Қоңыр салқын жайлауда, қазы мен қартаны қия кесіп тіске басқан, табақтабақ ет келгенде сүбе мен құйрықты шайнамай қылғытқан. Сатпайтын, сатылмайтын сары қымызды шара-шарасымен сіміріп мейірін қандыратын, көні жібіп көңілі жай тапқанда «Алқоңыр» текті ән шырқап, «Телқоңыр» текті күй тартатын елді «қойдан қоңыр қазағымай» дейтін ғой ата-бабамыз. Қазақтың қаншама халық күйлері ұрпақтанұрпаққа жалғасып келеді. «Шыңырау», «Кермарал», «Ақсақ аю», «Нариген» сынды таңғажайып та күрделі күйлердің және осы секілді сансыз күйлердің ХХІ ғасырға тек жетілген музыка аспаптарының арқасында жеткен. Қытайдың атақты ғұламасы Күң Фу Зо «бір ел мәдениетінің дәрежесін білу үшін, ең алдымен, оның музыкасын тыңда» деген екен. Егер осы секілді тиянаққа сенсек, тарихы, авторы жоқ сансыз халық күйлерінің сақталуына, оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына арқау болған қазақ музыка аспаптарымен, оның қоңыр үнімен мақтануға әбден болады. Әсіресе он мыңдаған жыл тарихы бар қос ішекті, бір тиекті қоңыр үнді, қоңыр домбырамен мақтану орынды. Өйткені қазақ домбырасы тарихындай ұзақ тарих басқа елдің музыка аспабында жоқ деуге болады. Табиғаттың төлі қазақтың ұлттық болмысы қоңыр болмаса, оның мінез-құлқы қоңыр болмаса, оның дыбыс-үні қоңыр, тіпті оның шығарған күй өнері қоңыр үнді болмасқа, амалы жоқ. Қазақы қоңыр үнді қазақ жерінің қоңыр табиғаты берген. ХХ ғасырда жүргізілген «ассимиляция» дәуірінде қазақ ұлтының тілі, ділі, діні, салт-санасы өзгерген тұста қазақтың ұлттық музыка аспабы да өзгерді. Қазақтың ойма шанақты домбырасы қима шанақты болды. Қоңыр үнді қой ішегі әлсіз болып, оның орнына балық ұстайтын тарамыс жіп тағылды да, домбыраның табиғи қоңыр үнін мүлде өзгертті. Ал қазақ сахнасын Батыс пен Африканың рок-поп сияқты қазақтың үнімен туыспайтын даңғаза дарылдағы басты. Қазақ жеріне мұндай музыкалар түбі қасірет әкеледі. Қазіргі кейбір жастарымыздың өз ұлттық музыкасына менсінбей, жиіркене қарайтын заманға да жеткендейміз.

– ХХ ғасырдың өн бойында көптеген ұлттық аспаптарымыз мұражайлардан орын алды, одан қалды жоғалып кетті емес пе?

– Қазақ музыка аспаптарының бабасы – қара қурайдан жасалатын сыбызғымыз сахнаға аз шығарылады. Үскірік, ысқырық, шаңқобыз, келіқобыз, сазсырнай, дап, дабыл сияқты аспаптар көзге де ілінбейді. Қазір бұларды қолданатын, ел арасына шығып, ойнайтындар саны өте аз. ХХ ғасыр ішінде қазақтың ұлттық музыка аспаптарының көп бөлігі кәдеге жарамайтын болып шықты. Ал кәдеге жараған домбыра мен қылқобыз үлкен өзгеріске түсіп, қазақтың табиғат берген қоңыр үнінің бояуы жоғалды. Демек, осынау тарихи дерт дендемеуі үшін тегеурінді әрекетке көшіп, халықтың ғасырлар бойы қатталған ұлы мұрасын бүгінгі күн мен болашақтың игілігіне айналдыру ең киелі мұраттардың бірі болуы тиіс. Уақыт мейлінше күрделі. Сондықтан бұл жолда еңбек еткен өткеннің асылдары болашақ ұрпақтың жан-жүрегін жылыту үшін қол жалғап жіберу қажет-ақ. Аккустика туралы ғылым Әбу Насыр әлФарабиден бастау алады.

– Біздің домбырамызға тағы кімдердің еңбегі сіңді деп ойлайсыз?

– Домбыраны зерттеуде Ахмет Жұбанов, Болат Сарыбаев, Бақытжан Байқадамовтардың көп еңбектері сіңген. Домбыра – күй аспабы. Сіз қанша жерден мықты күйші болсаңыз да, домбыраның үнін түземей, күйіңіз дұрыс шықпайды. Кезінде академиктер Ахмет Жұбанов пен Қаныш Сәтбаев та қазақ ұлт-аспаптарының аккустикасын зерттеді деп армандаған екен. Біз кезіндегі Динаның, Әбікеннің елуіншіалпысыншы жылдардағы домбырасының қоңыр үнін жоғалтып алдық. «Үнінен айырылған, тілінен және дінінен айырылған халық жер бетінен жоғалады» деген екен әл-Фараби бабамыз. Болашақта Дина Нұрпейісованың қоңыр үнді домбырасына сәйкес жаңа үлгіде жасап шығаратын ғылыми-тәжірибелік шеберхана ашып, жеке күй домбырасын жасату қажет. Әлі күнге дейін домбыраның арнайы ішегі жоқ, тұрақты бұрауы жоқ. Домбыра ішегінің серпінділік қасиеті болуы керек. Қазіргі домбырадағы полимер-леска ішектері бұл талапқа жауап бермейді. Елуінші жылдардан бастап полимерлі ішектерге (леска – авт.) көшкелі, домбыра бұрауының жоғарылауына байланысты домбыраға тән дәстүрлі «қоңыр» тембрінің жиілік диапазоны жоғалып кетті. Бұл тембрге тән дәстүрлі дыбыс жиілігі тоқсан да алты жүз герцке көтерілді, яғни бүгінгі домбырадағы дыбыс дәстүрден тысқары бір квинта жоғары. Оны біз басқаша дыбыстық диапазонда тыңдап жүрміз, яғни қоңыр үн жойылды. Белгілі өнер зерттеушісі Жұмагелді Нәжімеденов қоңыр үннің жиілік шкала диапазонын тұңғыш рет ком пьютер арқылы зерттеп, тапты. Ол тоқсан да алты жүз герцке тең. Осы орайда менің айтпағым, домбыра ішегін жасайтын арнайы цех ашу – кезек күттірмейтін мәселе. Сонда ғана біздің байырғы қоңыр үнімізді қайтаруға мүмкіндігіміз бар. Бұл – әрине, үнмен «өлтіретін», үнмен «тірілтетін» қоңыр үннің құдіретін түсінетін ұрпақтарға міндет. Міне, бұл құндылықты да жоғалтудың аз-ақ алдында тұрмыз.

– Саз әлеміне енгенде сызылып тұратын сыбызғыны да зерттеп, біршама еңбектер жазғаныңыздан хабардармыз. Бұған да тоқталып өткеніңіз жөн болар еді.

– Жазып ала ғой, ендеше. Жайлаудың кезі болатын. Бабалық әкем Бессала жайлауының қиыр шеті Сынтас, Қаражан, Шымдыбейіт дейтін шалқар қонысты мекен еткен Жастабанның Пышан тегінен таралған дәулескер сыбызғышы Ақымжан Болдырғанұлын бірде үйге қонаққа шақырды. Ол дөңгелек жүзді, сұлу кісі екен. Жайлау үсті ғой, мал сойылып, қымыз құйылып дегендей, Ақаң аунап-қунап бірталай күн жатты. Байқаймын, едәуір шау тартқан. Алпысты алқымдап қалған кезі болар деп шамаладым. Сол күндер біздің ауылдан сыбызғы үні сұңқылдап үзілген жоқ. Арнайы қонақтар мен күй тыңдауға жиналған жұрт бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Сегіз қанатты үлкен үй лық толады. Мен баламын ғой, ол кезде. Әйтеуір әкейдің ымдауымен Ақаңның алдына сыбызғы сарығынан кепкен таңдайын басарлық бір тостаған сусын қойып отыруды ұмытпаймын. Сол көріністер, сыбызғының үні үлкен әсер қалдырып, құлағымнан кетпей, есейген соң талай ойларға жетелеп, толқытқаны бар. Ақаңның сыбызғы тартуы жаннан бөлек-тін. Ғасыр куәсіндей біршама жасқа келсем де ондай сыбызғышыны әлі көргем жоқ. Сол жолы Ақымжан бар өнерін төкті. Мінез жағынан биязы, жұмсақ кісі еді. Ел не тарт деп қолқа салса, айтқанды екі етпейтін. Әсіресе орақ ауыз, от тілді үлкен ағам Құсайын Ақаңмен тез тіл табысып кетті. Міне, сондай бір керемет күндерді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек есімде қалғандарына тоқталып өтейін. «Айдауықтың ащы күйі», «Балжыңгер», «Шыңырау», «Қыз кидірме», «Тайшының тарғыл бұқасы», «Ей, жалған» күйлері сол жолы тартылған еді. Өзі тартқан «Тарғыл бұқа» күйіне ел өмірінің сан қилы қыры мен сырын, аумалы-төкпелі заманды осы күйге сыйғызса керек.

– Бұл күйдің тарихына ой жүгіртпедіңіз бе?

– Бұл күйдің тарихы мынадай көрінеді. Жау шауып, елдіңжылқысын, сиырын қуа жөнеліпті. Бірнеше күн айдалған қуғындағы мал қалжырайды. Сол кезде бұқа артына бұрылып, тұра қашады. Міне, күй осы оқиғадан басталады. Бұқаны қайырмақ болған «Қайт, қарасан, қайт» деген айқайлаған дауысы, бұқаның келісаптай төрт тұяғының дүрсілі, сойылдың үні – бәрі қатар естіліп тұрғандай. Бой бермей сытылып кеткен тарғыл бұқаның солқылдақ желісі, бүйірінің бүлкілі қандай?! Аса бір жан күйзелісін кешірген кейуана жануар ышқына мөңірейді-ай! Одан кейін солқылдақ желіс, жанкештілік сарын жалғасады. Мұны қаламмен, қиялмен жеткізе қою мүмкін емес. Тек сыбызғы, тек Ақымжандар ғана жануардың адамнан бетер терең, бұлқыныс жалынын, сол кездегі жағдайын толық өрнектей алса керек. Ақаң сыбызғының пірі еді-ау, жарықтық! Оның қарақурайдан істелген езуінен түспес сұңқыл үнді сыбызғысынан құтылар ештеңе жоқтай. Біздің үйде он бес күндей тартылған әсем саз, ащы күйлер жүз жиырмаға жетіпті. Міне, соның бәрін анықтап атап, Құсайын ағам қағазға да түсіріп кеткен. Демек, Ақымжан – сыбызғы тарту өнері мен мәнері жөнінен тұғыры ерек, орны бөлек сыбызғышы. 1910-1920 жылдар аралығында өзінің өресі биік өнерпаз екенін толық дәлелдеді.

Бұрынырақ кезде абақ керейлер Әбілпайыз ханнан ел тізгінін игеретін төре сұрап барады. Әбілпайыз кіші әйелі Тұмарды үйімен көшіріп, Көгөдай, Сәмен, Жабағы дейтін үш ұлын Керей ұлыстарын билеуге жіберген. Үлкен ұлы Көгөдайдан Ажы, Әдіке деген екі ұл туады. Анығырақ айтсақ Ажының ұрпағы Тарбағатай керейін тыпыр еткізбей биледі. Төрелер жақсымызды жатқа бермейміз деп, немерелестік буыннан-ақ құдаласып кетеді. Бұл – қазақтың тарихында болмаған жайт. Ажы ұрпағынан тараған Әлен Жеңісханұлы Әдеке тегінен шыққан Хадиша Мамырбектің қызын айттырып, олардың тойы 1910-1920 жылдар аралығында өтті. Бұған көршілес отырған керей-найманы түгел ат салысады. Алтай жағынан қыз алуға келгендер ығайлар мен сығайлар еді. Би-мырзалар, шежірекеш-шешендер, сықақкөй, әнші-күйшілер, ақын, сыбызғышы, мерген, қамшыгер, түйе балуандар, асық атқыш, тоғызқұмалақшы, дойбышылар, онымен қоса жауырын қарайтын көріпкелі бар құмалақ салғыш, бақсы-балгер, қымыз ішкіш, ет жегіш, май жұтқыштар да келген. Бұлар сонау Алтайдан жылқысын айдап, биесін байлап, қазан-ошақ, төсек орындарын артынып, қазаншы-аяқшыларымен шалқар көш тартқан-ды. «Ерді – намыс, қоянды қамыс өлтіреді» дегендей, Тарбағатайдың керей-найманы үлкен дайындықпен қарсы алады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізді дегені осы болса керек. Өнердің әр саласында екі жақ итжығыс түсіп жатады. Бірақ Алтай домбырашылары бет қаратпай дендеп бара жатқан соң, Мамырбек шамданып: «Тарбағатайдың керей-найманынан бір күйшінің табылмағаны ма, іздеңдер!» – деп әмір береді.

– Енді іздейді ғой ел болып?

– Ел болып жабыла іздеп, Бәзғалам дейтін домбырашыны алдырып, Алтай жағы «Ақсақ аюды» тартумен қара үзіп тұрған сәтте, Бәзғалам кебіс мәсісін шешіп тастап, домбыраны жалаңаш бақайымен қағып, ала бөтен алға шыққан көрінеді. Осы тойда Алтайдан келген саңлақ сыбызғышылар көп екен. Ал Тарбағатайдың беткеұстары Ақымжан 111 күйді тартып, қалың топтан суырыла шығады. Онымен қоймай сыбызғы күйлерін домбырамен алма-кезек орындау үстінде Ақымжан «Бұлғынсусарды» (айтылуынша, бұлғын – ұрғашы, сусар – еркегі – авт.) осылай кезектестіре тартып, алдына жан салмаған. Ал күні бүгінге дейін талай қырнау, өңдеуге ұшырағанмен «Жорға аю», «Ақсақ аю», «Емен толқыны», «Көк төбет», «Өр Ертіс», «Сары өзен», «Салкүрең», «Жалғыз қаз», «Беген шапқан», «Тансаңшы», «Өрелі кер», «Майдақоңыр», «Дайын көл», «Ұраңқай мергеннің зары», «Тайшының тарғыл бұқасы», «Кермарал», «Кер бұғы», «Қоңыр құлжа», «Жетім қыз», «Қоңыр күй», «Бөкен жарғақ», «Қалмақ қыз», «Күң зары», «Жесір зары», «Жалқы жігіт», «Алшаң кер», «Алшаң боз», «Қайрақбай», «Шыңырау», «Бозінген», «Майда жал», «Балжыңгер», «Көк серке» сияқтылар – сол жолы тартылған көп күйдің ұзынырғасымен келе жатқан айтулы дүниелер. Бұларды ғалым, домбырашы Уәли Бекенов пен Долдахмет Қасенұлынан да талай естігеніміз бар. Осы күні сыбызғыны мүлдем жоғалтқандаймыз. Бұл жағын мен күй зерттеушісі ретінде айтпаймын. Ұлттық өнеріміздің бірегей жетістігі сыбызғы жөнінен ғана ой түймекпін.

– Ақымжан Болдырғанұлы қайда дүние салды?

– Оспан ағамның айтуы бойынша, Ақаңның сүйегі қазіргі Алтынемел асуына таяу, Сарноқай бұлағының басы, Жосалы дейтін жалғыз төбенің қыр үстінде жатқан көрінеді.

– Ақын Жұматай Жақыпбаев жырға қосатын Сарноқай деген жер болушы еді, сол жер шығар, бәлкім?

– Оны білмедім. О, қайран Ахаң-ай! Елдің озық өнеріңмен талай алғысын алып едің. Енді төмпешік қанасың. 1956 жылы Іле Қазақ автономиялы облысының басшысы болып тұрғанымда Жоңғар көлемінде қанша қазақ сыбызғышысы барын анықтағым келді. Бірақ аяқтауға мұршам жетпеді. Аяқтай алмаған себебім, айдалып кеттім ғой.

– Шамамен қанша сыбызғышы бар екен...

– Әйтеуір бір деректе ең үздік делінген қырық екі сыбызғышының аттары тіркеліпті. Оның ішінде Тарбағатай аймағының Дөрбелжін ауданында тұратын Ақымжанның жалғыз ұлы Алдажардың да аты бар. Ол қырық шақты күй тартады деп анық жазылған еді. 1986 жылы Алтай сілемі Сарытаудың дәл түбінде тұратын Пушкин елді мекенінің тұрғыны Бихан Шерубайұлы дейтін сыбызғышыға кезіккен едім. Сонда бірер күн айналып, Сәбетқазы Ақатаев екеуміз қурай сыбызғыдан талай күйдің тарихын таспаға, қала берді қағазға түсіргенбіз. Сондағы Бихан орындаған «Алшаңбоз», «Талшыбық», «Бөкен жарғақ», «Қылаң батыр», «Бұлғынсусар» секілді тыңдасаң айызыңды қандырып, керемет әсерге бөлейтін осындай күйлер болды. Айналып келіп баяғыда өткен Ақымжан сыбызғышының күйлері алдымнан шықты. Бұдан Ақаңның даңқы тек Жоңғар жерін ғана емес, бүкіл қазақ халқын да шарлағанына көзім жетті. Зерттеулердің және зерттеушілердің Ақаңның өнеріне тереңірек бойламауынан болар, оның қазақ саз өнері тарихындағы орны үңірейіп тұр. Бұл сала да жетім қыздың күйін кешіп жүр.

–Мұныңызбен келісуге болады.

–Кейінірек сол Пушкин елді мекеніне қайта соққанымда Бихан Шерубаев ақсақал дүние салыпты. Мен сексен төрт жастағы Шакарман Нұраұлы деген ақсақалдан бір қызықты жайтты естідім. Ол – өзім көптен қызығып жүретін сыбызғының қалай жасалуы. Ол кісі Алтайдың қара қурайы және сыбызғыны қалай жасау турасында тың мәліметтер берді. Енді осы сыбызғының соңына түстім ғой. Сөйтіп, Шығыс Қазақстаннан бірақ шықтым. Ит тұмсығы батпайтын қалың орман, аяғыңды алып жүре алмайтын омбы қар. Аң-құстардың мекені ғой бұл орман. Аттарымыз аттап баса алмайтын халге жеттік. Біз жаяулап жүріп отырдық. Қанша бейнеттенсек те Сарытаудың қара қурай өсетін деңгейіне табан тигізе алмадық. Алтайдағы жергілікті біреу «сыбызғы қурай» деп, Алтай қара қурайының басқа бір түрін тауып берді. Оны да сол кездері қуана-қуана алып, Алматыдағы музыка мұражайына әкеп тапсырған едім.

– Аға, сыбызғының жасалуына тоқталдыңыз ба?

– Ақымжан сыбызғысының үнінен, ел айтқандай, оның ағаштан жасалмағанына көзім жетті. Бәске түскен талай сыбызғышының алдын ораған Ақаңның сыбызғысы – қара қурайдан жасалғанына еш күмәнім жоқ. Ал қара қурайдың отаны әрине, Алтай өлкесі. Тағы да бір дерек келтірейін. Алтайдан ертерек ауған қоңыраттарда тап қазір сыбызғы тарту өнері жоққа тән. Найманның Алтай айналасында қалғандары сыбызғыға бір табан жақын, ал Алтайдан алшақтаған жұртта бұл өнер жоқ. Сарыарқаны мекен еткен керей ұлыстарының өзінде де сыбызғы тарту мүлдем кезікпейді. Ресей құрамында жүрген азғантай бодан мемлекеттерде күні бүгінге дейін сыбызғы тарту өнері жалғасып келеді. Батыстағы – Ерепей, бүгінгі Орал тауының төңірегіндегілер де сондай. Сыбызғыны олар «қурай» деп атапты. Осы деректермен санассақ, сыбызғы аспабының тегі, түп-төркіні туған топырағы Алтай өңірі деуге толық хақымыз бар. Сыбызғы күйінің алтын бесігі де сол Алтай табиғаты болмақ. Анығырақ айтқанда сыбызғының өрілген өзегі – Алтайдың қара қурайы.

– Қара қурайдың отаны Алтай аймағы дейсіз. Қазақтың кең көсілген ұлан-ғайыр жерін мекендеген қаншама қазақтың бәрі қара қурайды көріп өсті дей алмаймыз. Қара қурай қандай болады екен?

– Жаратылыстың өзі ыңғайлағандай, қара қурайдың ұзындығы – екі-үш метр. Бастан-аяқ буынсыз, ішкі үлбіреуік қабаты жабысып, қураймен бірге кебеді де, дыбысы қашпай, керісінше қоңыр үнімен астасып кетеді. Табиғаттың бізге берген байлығы сол, сыбызғы үйренушілерге молынан жетерлік дайын аспап берді. Біреу-міреу «сындырасың» деп жатпайды. Мал баққан да, жалғыз-жарым жүргенде, аңға шыққанда, ұзақ жолда бір тал қурайды кесіп алып, ызыңдата береді ғой кез келген адам. Осындай жүз ызың, мың ызыңның бірінен сәттілік шығарған деп, сыбызғышы болмай не болмақ? Ал қара қурай жоқ жерде сыбызғылар талдан жасалады.

– Талдан жасауға да бола ма?

– Тігінен жарылған ағаштың іші ойылып, беттестіріле екі жерден белдеу салынады. Осындай сұлу сыбызғының бірін Оспан ағамның Ақымжанға істеп бергенін көзім көрді. Қазақ музыка аспаптарының қатарынан әлі күнге дейін орын ала алмай жүрген қара қурай жөнінде Ахмет Жұбановқа айтқаным бар.

– Ахаң қалай қабылдады?

– «Қазақтың көп күйлері сыбызғымен орындалатыны – шындық. Бірақ сыбызғының мүмкіндігі ылғи шектеулі болып жүр. Ары қарай жетілдіру керек шығар» деген пікір білдірді. Кейін тағы бір құлаққағыс етіп едім: «Қара қурайды іздеуге қол тимеді ғой, Жағда», – деп жымиғаны есімде.

– Бұл қай жылдары еді?

– 1961 жылы болатын. Бір таңқаларлық іс, қазақтың тарихи музыкалық тілі – сыбызғы жарықтық заман төрінен қалай ығысып кетті? Бұл «ығысу» ұлттың ұлттылығына мін келтірмей ме? Жанын жаралап, дәстүрін ақсатпай ма екен? Осыған өкінем кейде? Сүйегім сырқырап, жүрегім ауырады.

– «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп жатамыз. Осы сөз қайдан шыққан?

– Бұл – ертеден бар сөз. Кейбір дәстүрлеріміз бұрын болған, бірақ қазіргі заманға қисыны келмейді, соны «тозығы» деп отырған. Сенімен бірге жасасып, саған өзінің рухани азық ретінде пайдасын тигізіп жатса, онда оны озық дәстүрге жатқызамыз. Құсбегілік туралы да көп еңбектендім. Құсбегілік – өте жақсы ғылым. Мұны озық дәстүрге жатқызса болады. Кеңес өкіметі қазақтың асыл тұқымды жылқыларын жойып жібере жаздады. Енді қайтадан осы жылқыны көбейте алмай жатырмыз. Бірақ жылқы малын көбейтуге халықтың ниеті зор. Осыны озығы бар дәстүр десек болады. Бір кездері кәдеге асқан дәстүрлеріміз уақыт өте келе жарамсыз болып қалады. Өмір түлеп, жаңарып, заман өзгеріп отырады. Жаңа дәстүрлер, жаңа салттар кіреді. Бұл да – өмірдің заңдылығы.

– Ойыма тағы бір дәстүріміз оралып отыр. Көне дәстүрдің бірі. Бүгінде мұны да жоғалтып алдық. Соның кесірінен жылаған қыз бен жесір әйелдердің саны артып, қаншама отбасының шырқы бұзылуда. Қазақтың «әмеңгерлік» дәстүрін ұмытуға болмас?

– Өте дұрыс айтасың. Мысалы, біреудің ағасы не болмаса жақын туыстарының біреуі қан жағынан жақын бірі жазмыштың жазуымен қайтыс болып кеткен соң, әйелі артында қалады ғой. Осыны басқа жаққа жібермей жас әйел болғандықтан, кейде баласы да болады, сол үйренген ауылына қалдырудың ретін іздейді. Басқа жаққа қаңғыртпай, «төркініне де абырой болсын» деп қайнысына, жақын туыстарының біреуіне қайтадан қосып қояды. Осыны «әмеңгерлік» дейді. Бұл дәстүр қазақта өте мықты орын алған. Әмеңгері болмаған жағдайда ғана әйел кетуге мәжбүр болады. Ал әмеңгері табылып тұрса, ол үлкен бе, кіші ме оған қарамайды. Оны басқа жаққа жібермейді. Сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығып отырған келіндерін әмеңгерлікке алып қалады. Әмеңгерліктің көптеген салттарын білем.

– Соның біріне тоқталасыз ба?

– Мысалы, біздің қазақта «Ақтай жоқтау» деген сөз бар. Бір жақ құда түсіп қойған ұлы қайтыс болып кетсе қайтеді? Оның алам деп отырған қалыңдығы бар. Енді болашақ құдалар осындай жағдайға тап болған кезде не істеу керек? Мүлде сыйластықты жоғалту керек пе, әлде байланысы жалғаса бере ме? Аралас-құралас болып қалған ағайын-туыс секілді екі үйдің қарым-қатынасы арта береді. Ал енді сонда өзінің тигелі отырған о дүниелік болып кеткен қалыңдығын қалай іздейді? Қыз өзінің өлген болашақ жарын жоқтайды. Үйінде отырып өлген күйеуін жоқтауды қазақтар «Ақтай жоқтау» дейді. Міне, әмеңгерліктің осындай сырлары бар. Бұл – жалпы керек нәрсе. Осы дәстүрді қайта дамытар болсақ, қазақтың берекелі отбасыларының саны артып, халқымыз көбейер еді.

– Сіздің есіміңіздің өзі сирек кездеседі. Кім қойғанын білесіз бе?

– Бұл Жағда дейтін біздің қазақтың тілдік түбірінде жоқ. Анау Амур өзенінің бойында Жағда дейтін тау бар. Сол тауларды кезіп жүрген біреу, мен туылғанда біздің ауылға келіп, есімімді Жағда деп қойып кетті ме екен, кім біледі?

– Әкеңізден сұрамадыңыз ба?

– Мен ол кезде ат тексеретіндей шамада емеспін жаспын ғой. Мына Иран халқында «яғда» дейтін сөз бар. Бұл яғда – «батыр» дегенді білдіреді. Мүмкін соны біз Жағда деп өзгертіп алдық па? Басқа дерек жоқ менде. Жағда деген есімді кездестірмедім. Бірақ менің атымды балаларына қойған адамдар бар.

– Тегіңіз бұрыннан Бабалықұлы ма?

– Иә. Қытайда жүргенде де солай аталғам.

– Қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспайтын қасиеті турасында ой қозғасаңыз?

– Бабалықтан тараған ұрпақ жеті атаға толды. Бірақ қыз алысып, қыз берісу дегенге әлі тоқтаған жоқпыз. Қазақтың жеті атаны қолдауы – өте жақсы заң. Мұны қазіргі Неке заңына кіргізу керек. Мұндай «жазылмаған» заң әлемде жоқ. Оңтүстік Кореяның ғалымдары дүниежүзіндегі халықтардың қанының құрамын тексеріпті. Сонда ең таза қан, қазақтың қаны деп тауыпты. Жеті атаны ұстанады екен деген. Осында қазақтың қырық үш руының қанын тексергенде, әлгі қырық үш рудың қаны бір әкенің қанындай болып шыққан. Бұл – жеті атаның қасиеті. Жеті атаны ұстайтын қазақтан өзге ел жоқ. Мына ұйғыр халқы немересін алады. Өзбек немересін алады. Татарың мен түрікменде немересін алады. Немере дегеніміз – туыс. Немерені алғанымен адамның қаны бұзылады да, түрлі аурулар көбейеді. Нәсіл өзгереді.

– Мұны қазақ халқы қай уақыттан бері ұстанып келеді?

– Шыңғыс ханның заманында тоғыз ата болған. Оның ар жағында қанша жылдан бері келе жатыр, оны айту қиын. Осы заңды сақтап қалу – біздің міндетіміз. Мұны заңдастырып, ЮНЕСКО-ға ұсыну қажет. Қызылорда жақтағы наймандар «біз туыспыз» деп қыз алыспайды екен (күлді). Жақсы екен дедім. Он ата, он бір атаны сақтаған рулар бар. Жиырма атаны сақтап отырған рулар бар. Бұл – өте керек нәрсе. Мұны қалайда Неке заңына кіргізу керек. Өте қасиетті нәрсе. Мына албан руының ішінде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы деген болған. Әз Жәнібектің заманында өмір сүрген. Әз Жәнібек Өтейбойдақты шақырыпты. Өзі дәрігер, өзі ғалым ғой. «Шипагерлік баян» деген үлкен еңбек жазған. Өтейбойдақ арнайы барып сәлемдесіпті. Сонда Әз Жәнібек: «Өтеке, біздің халқымыздың дені сау, өмірінің ұзақ болуы үшін не істеуіміз керек», – дейді. Сонда Өтейбойдақ орнынан тұрып: «Ең алдымен – қол беріп амандасуды тыйыңыз. Бар бәлені осы таратады. Екінші – беттен сүйіп, сәлемдесуді тыйыңыз, бар бәле осыдан. Үшінші жеті атаға толмай қыз алысып, қыз беруді тыйыңыз, бар бәлені сол таратады», – деп жауап беріпті. Бұл – төрт жүз жылдың ар жағындағы болған жайт. Неге біз өзіміздің ғалымның айтқанына көнбейміз? Шалпылдатып бетінен сүйіп жатамыз. Дереу қолымызды беріп жатамыз. Дастарқан үстінде тіпті отыра алмай кетесің. Тамақ жеп отырғаныңа артыңнан келгендер оған мән бермейді. Алқынып келіп қолын береді. Неге керек соншалықты көргенсіздік? Бұл турасында «Қазақ сәлемдесуді біле ме?» деген мақала да жазғам. Қазір біздің тектілікті сақтаудағы үрдісімізді бүкіл әлем мойындап жатыр ғой.

– Осы тектілікті адам бойына қалай дарытамыз?

– Қазақтар мұндай танымды тек бес-он жыл ішінде емес, ұлт болып қалыптасып, тайпалық бөлістерден бері дарытқан. Сондықтан қазақтар ішінде кем-кетік адамдар аз кезігеді дедік.

Қазақтардың тектілікті дәріптеудегі бұлжымас қағида – некелену барысында тегіне қарау. Ежелден, мейлі – ұл, мейлі, қыз жағы болсын, балалары мақұлдасудың алдында тегін анықтайды. «Ол қандай жердің балалары, әкесі қандай, оның арғы тегі қандай» деп қудалайды. Міне, тектілікті дәріптеу. Өр Aлтайда өмір сүрген Бөстек деген сал Алтай өңіріне барып Мәмидің қызына құдаласып келгенде басқалардың: «өр Алтайда қыз құрығандай, келінді төменгі Алтайдан іздегеніңіз не» дегендеріне Бөстек: «Текті атаның баласынан текті ұрпақ көремін бе деп отырмын», – деп жауап берген екен. Енді бір мысалда Нұредин деген адам немересінің әрекетін бажайлап қарап отырып, бір оңашада келініне: «Қарғам, мына бала біздің тұқымнан емес қой, құлынында үйірін тапса, құнанында көндігіп кетер. Басың аман болса, тағы ұрпақ көрерсің, иесіне тапсыр!» – деген екен дейтін аңыз бар. Иә, мұнда ешқандай жаңсақтық жоқ. Өйткені әзірдің өзінде ата-аналар құдаласқан жердің қандай адамдар екенін тектеп жатады. Кей қариялар қыздың не ұлдың әкесіне көңілі толмаса, арғы атасында тектілік болса болды деп, «тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы екен ғой, жаман болмас, түбі тектіден түңілмейік» деп ризалық берген. Қазақ тарихында тегі асылдың тұқымына таласатын жағдайлар болды. Мысалы, Қыз Жібектің алдынан қанша азаматтар өз құдіреттерін әйгілеп өтіп жатты. Ал Төлеген алдынан өткен арулардың арасынан Қыз Жібектің айрықша көрінуі – мұның бір дәлелі. Мұндай тектілерге «малды, жанымды садақа» деп кірісетіндер молынан кезігеді. Әсіресе, халқымыз араб мәдениеті яғни ислам дінінің ықпалы болғалы мың жылға аяқ басса да, ислам дініндегі шариғаттың «немерені қосатын» қағидасын қазақтар ешқашан қабылдамай, бас тартып, жеті ата аралап үйлену қағидасынан бұлжымады. Міне, бұлардың барлығынан таза қандылықтан өрбитін тектік қасиеттің жоғары санасын жаулап алғанын аңғаруға болады. Бұдан қазақтардың тектілік жөніндегі көзқарасының өте ерте оянғандығын аңғаруға болады. Осы айтылғандардың бәрін қытай қазақтары ұстап келеді.

– Қазақтың «құдам тізерлесіп, тетелесіп сөйлесе алатын болса екен, жамбастап жатып жарасып тіл табысып, шалқалап күлісе алатын адам болса екен» деген тілегі осыдан келіп шыққан екен ғой... Мұның бәрі адамның санасынан, парасат-пайымынан өрбитін дүниелер ғой. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда.

Көбінің сырты бүтін, іші түтін», – демейтін бе еді ұлы Абай.

– «Ақылды болуға жетелейтін үш жол бар: біріншісі – тәжірибе жолы, ол – ащы жол, екіншісі – ұқсау жолы, ол – ең жеңіл жол, үшіншісі – ойлау жолы, ең –таза жол», – дейді қытайлар. Бұл айтқандарымыздың бәрі ақылды адамға ой салады, ақылсыз адамға шыбын шаққандай болмайды. Алма ағашы жемісті көп салған сайын басы төмен иіле береді. Ақылды адам да солай. Мен өзім жолықтырған әрбір адамнан өзімде жоқ жақсы қасиеттер көремін, олардан үйреніп жүремін, сұрап жүремін. «Өзгелерге көп нәрсені кешкенмен, өзіңе ештеңені кешпе» дегенді ұстанам. Мұның бәріне тәжірибе керек дедік, яғни оған ұзақ жол керек. Ол жол өте қымбатқа түседі. Бірақ жазылғаннан өзі үйреніп, өзінің күнделікті өміріне оны қалыптастырмаса, оған тәжірибеден басқа жол қалмайды.

Өзіңнің мүлкіңе, өзіңнің байлығыңа, өзіңнің әдет-салтыңа, өзіңнің туған тіліңе өзің ие болуың керек

– Жалпы, түркітілдес елдерде наурыз тойын кең көлемде атап өтеді. Мұның шығу тарихы турасында да түрлі пікірлер бар. Сіз қандай байламға тоқтадыңыз?

– Әлемде той, мереке дейтін көп қой. Бірақ Наурыз тойына теңдесетін, Наурыз тойына дәрежесі жететін, Наурыз тойындай абыройлы, Наурыз тойындай тарихы ұзақ мереке жоқ шығар. Мұның бір кереметі – сенің тойың емес, табиғаттың тойы. Күн мен түннің теңелген күні тойланатын айтулы мейрам. Бүкіл жәндіктердің ұйқысынан оянып, Табиғатанамен табысатын тойы. Сондықтан қазақ халқы Наурыз тойын қаншама жылдан бері тойлап келе жатырмыз, бірақ бұған да лайықты көңіл бөлмесе болмайды. Бірде Мәскеудегі Орталық кітапханада болдым. Бір деректерді ақтарып отырып, қолжазба тауып алдым. Өзі ұзақ жыр екен. Жырдың аты – «Наурыз». Бұл Наурыз деп тұрғаны адамның аты екен. Сол азаматты жырға қосыпты. Осы жырда Нұқ Пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтағанда Нұқ Пайғамбар қолындағы жем-шөбін – жан-жануарларға, азық-түлігін адамдарға таратып, күн мен түн теңелді деп той жасаған. Кейін осы дәстүр жалғаспай қалыпты. Осы Наурыз деген азамат Нұқтан кейін үш жүз жылдан соң өмірге келіптімыс. «Біздің бабамыз Нұқ Пайғамбар осыдан үш жүз жылдай уақыт бұрын күн мен түн теңелді деп мереке өткізіп еді. Біз неге осы мейрамды қолға алып дамытпаймыз, неге құрметтеп жалғастырмасқа» деп бар күшін осыған салып, қайтадан тойлатқан екен. Содан бері қазақ халқы Наурыз тойын тойлап келе жатыр дейді. Бұл – менің қолымдағы дерек. Кеңес өкіметі кезінде орыс ғалымдары Нұқ Пайғамбардың кемесін және Орта Азияны топан су басқанын зерттеді. Солардың топшылауы бойынша, он үш мың жыл болды деген қорытынды шығарды. Сонау бір жылдары ғалымдардың Памирдің үш мың метр биігінен акуланың қаңқасын тауып алғанын білеміз. Демек, қазіргі сол үш мың метрлік құз ертеде теңіздің түбі болған. Бұл – топан судың Орта Азияны да қамтығанының бір дәлелі. 1956 жылы Қытайдың Тұрпан деген қаласының мешітінен жиырма сегіз пайғамбардың тізімін көргенім бар. Сонда Нұх Пайғамбарды осыдан үш мың жыл бұрын өмір сүрген деп көрсетіпті. Үш мың жылыңыз ғарыштық шамада «күні кеше» ғана. Ал ғалымдар болса, топырақ қыртыстарына қарап, топан су осыдан он екі мың алты жүз жыл бұрын қаптады деп тұжырым жасады. Демек, осы соңғы дерек сенімді, барынша нақты. Осындай деректерге сүйене отырып айтқанда, Наурыз тойы – көне мерекенің бірі.

– Бұл мерекені осы уақытқа дейін қалай тойлап келді екен? Ұрпақ өзгеріп, замандар ауысты емес пе?

– Иә, мұның жөн. Бұл мейрам әртүрлі деңгейде, түрлі ырғақпен өткізіпті деп те айтылып жүр. Іргесін Батухан қалаған Алтын Ордада Наурыз мемлекеттік мереке есебінде атап өтілген. Алтын Орда күні кешегі Кеңес империясының жартысынан астамын иемденген құдірет қой. Небір хандар өткен үлкен мемлекет емес пе?! Осы Алтын Ордаға қарасты ұлттар мен ұлыстар Наурызды мемлекеттік мереке есебінде атап өтетін болған. Оның ішінде кәдімгі Русь те бар. Екінші жағы – астрономиялық түсінікте күн мен түннің теңескен шағы. Астрономия ғылымының данышпандары – Галилео Галилей мен Николай Коперникті атайды. Ал Орхонның көк тасын жастық қылып, көк аспанын көрпе қылған Көк түріктердің әрқайсысы – Галилей, әрқайсысы Коперник емес пе?! Өйткені көшпелі өмірдің әрбір мезеті астрономиямен байланысты. Ендеше, астрономия ғылымының атасы – осы Көк түріктер. Ұлықбек солардың бір сынығы іспеттес.

– Осы орайда қазақтың ежелгі астрономиясына тоқталып өтесіз бе?

– Қазақ халқының тіршілік болмысы табиғатпен тамырлас. Жыл маусымдарымен санаса отырып, бойлық бойынша көшіп-қонуға бейімделген. Қазақтар табиғат құбылыстарына, қоршаған ортаға қарсыласы ретінде қарамаған. Неғұрлым табиғат сырын терең тануға, табиғатпен бірге өмір сүруге бейімделген. Олар табиғатты бағындыру арқылы емес, табиғатпен тіл табысу арқылы бақытты өмір сүруге болатынын біліп қана қоймай, мұның өзін өздерінің моральдықэстетикалық қалыптарына айналдыра білген. Ғасырлар бойы қоршаған орта мен табиғат құбылыстарының қасиет-болмысын қалт жібермей бақылау арқылы қазақ халқы өздерінің білік тәжірибесін шыңдап отырған. Олар ай мен маусымдарға, жұлдыздарға ат қоя білген, осының негізінде ұлттық күнтізбесін жасаған. Табиғат құбылыстары мен заңдылықтарын терең зерттеген қазақтардың халықтық экологиялық қағидалары қалыптасқан.

Ежелде қазақтар Айға киелі деп қарап, табынатын дәстүр болған. Ай арқылы біздің қазақ халқы ауа райын алдын ала болжап білген. Мысылы, ай шалқайып туса, сол айда күн жайсыз, суық болады, ай еңкіш, еңкейіп туса, сол айда күн жылы, малшы қауымға жайлы болатынвн білген. Айдың үш жаңасында ай толығырақ, өңі ақ, екі ұшы доғалдау, тік көтерілсе, сол айда жауын-шашын, жел боран аз болады деп есептейді. Егер айдың екі ұшы сүйір, өңі ашық, шалқақ туса, онда сол ай жауын-шашынды, желді, борасынды болады. Жұлдыз шақшиып тұрса, күн аязды болады. Күзде Шолпан таңертең көрінсе, қыс жұмсақ болады. Егер күзде Шолпан кешке таман көрінсе, қыс қатты болады деп болжаған. Өзін табиғатпен тұтастыра, табиғаттың бір бөлшегімін деп танығандықтан, халқымыздың табиғат құбылыстары туралы дүниетанымын дамыта білген. Бұл үрдіс атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа асыл қазына ретінде өз жалғасын таба білген. Кезінде атабабаларымыз айшылық алыс жолдарды астындағы атының күшімен, сан мыңдаған жұлдызға қарап бағыт ала отырып бағындырған. Жеті қарақшы, құс жолы арқылы барар жерін адаспай тауып, аман жетіп отырған сол бабаларды неге біз – астрономияның атасы демейміз?! Коперник дегендерің кешегі ХҮ ғасырдың адамы ғой. Шынтуайтына келгенде осындай, қарағым!

–– Наурызды жылдың басы, жаңалықтың жаршысы дейміз. Күн мен түн теңеліп, адамдар мен жан-жануарлар қуанышқа кенелетін күн. Қазір тәуелсіз Қазақстан бұл мерекені 22 жылдан бері тойлап келеді. Елбасының арнайы Жарлығы бойынша Наурыз мерекесі үш күн қатарынан демалыс болады. Бұл жағдайлардың барлығын өзіңіз де білесіз. Рұқсат етілген кезде де, етілмеген кезде де халық өз деңгейлерінде Наурыз мерекесін тойлады. Наурыз туралы қазақ зиялылары көп айтып, көп жазды. Әсіресе, Алашорда қозғалысының серкелерінің бірі, сөз зергері Міржақып Дулатов ұлтымыздың осы бір ұлы мейрамы төңірегінде талай толғанды. Қайсыбір отандастарымыз бұл мерекені әлі күнге діни мейрамдармен шатастыра береді. Наурыздың ешқандай дінге қатысы жоқ. Таза ұлттық төл мерекеміз. Қазақта өзі мұндай мереке де көп емес. Мемлекет болғаннан кейін мамандыққа, кәсіпке орай ондаған мерекеміз бар. Ал қазақ қазақ болғалы тойланып келе жатқан жалғыз мереке ол Наурыз ғана. Наурыз – бүкіл Орта Азияға ортақ мейрам. Ортақ болатыны бұл күн мен түн теңелген күні болатын мейрам. Үндістан, Иран, Ауғанстан, Бұхара, Кавказ және түркістандықтар Наурызды тойлап отырған. Дегенмен көршілес жатқан осы мемлекеттерге қарағанда қазақтың Наурызды мерекелеуі ерекше. Қыс бойы қар жамылып, мұз құрсанып жатқан табиғат қары еріп, мұзы жіпсіп, жері бусанып жандана бастайды. Міне, осы кез – Наурыз мерекесі. Қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтай қуанатын да халық аз шығар.

Қазақтың малсыз күні жоқ болды. Сол малды сақтау үшін ызғырық боранда бейнет шегіп, аптаған ыстықта тіршілік етіп, желдің өтінде жүріп күн кешетін де – қазақ. Күн мен түн теңелген күні, яғни наурыз келген күні қар еріп, төңірек жылы шуаққа бөленеді. Әр төбенің астында алты ай бойы бірін-бірі көре алмай отырған ауылдар бір-бірімен қауышады, көріседі. Амандық сұрасады. Көңілдері өсіп бір марқайып қалады. Кәрілер жағы қауқылдасып әңгіме-дүкен құрса, жастар жағы әртүрлі ойын ойнап, бір-бірімен әзілдесіп, түрлі ойын-сауық құрады. Міне, осының бәрі Наурыздың арқасы. Сондықтан да қазақ Наурызды неге жақсы көрмесін?! Қазақстандағы Наурыздың жағдайы осылай. Ал күншығыс еліндегі біздің ағайындар және сол мемлекеттің өзі Наурызды қалай тойлап жүр. Бізден өзгешелігі бар ма? Сонымен, Наурызға қайта оралсақ, аға.

– Қытай жерінде жүргенде біз де өзің айтқандай дәрежеде тойладық. Ол жақтың қазақтары да бұл мерекені жанындай жақсы көреді. Күні бұрын дайындалып, ас-тамақтарын қамдастырып отырады. «Ғұндардың Падишасы Наурыз болған күні, яғни күн мен түн теңелген күні таудың басына шығып, ағарып атып келе жатқан ала таңда екі қолын жайып, содан тілек тілейді екен. Тілегін тілеп болып артына қарағанда, қолында қобызы бар абыз тоғыз қоңыр күй тартады. Осы күй тартылып болған соң, ол үн-түнсіз артына қарайды. Қараса арнайы дайындалған үш жүз алпыс бес адам мерекенің құрметіне үш жүз алпыс бес күй тартады. Сонда бір жылды түгелдеп тұр. Содан кейін ғана Наурыз тойын тойлауға рұқсат етіледі» дейді бір аңызда. Осындай деректерге қарағанда, бұл мейрам әртүрлі дәрежеде тойланған болуы мүмкін.

– Жазушы Сәуірбек Бақбергенов ағамыздың «Басында Қазығұрттың» атты еңбегінде Қорқыт ата, Майқы би, Асан қайғы, Аяз би және әл-Фараби секілді қазақ үшін маңызды тұлғалардың да Қазығұртта тұрып, сол тауға тәу ететінін жазады.

– Абылай хан да, Тәуке де, Төле би мен Қазыбек билер де осы Қазығұртта тұрған деседі. Оған Абылайдың сол маңда соғысқан жерлері куә бола алады. Наурыз тойы дәл сол жерде тойланды дей алмаймыз. Бұл таудың аты туралы да таластар көп. Қазығұртты «қас» және «қыр» деген екі сөзден құралды деседі. Біреулер топан судан соң Нұқ пайғамбар сол маңға қазық қаққан дейді. Бұл рас па, әлде аңыз ба, мұны толығымен біле алмадым. Ахмет Байтұрсыновтың жазбаларында Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған күні күн мен мен түн теңелген деп көрсетіледі. Үлкен тойдың басы осы күннен бастау алған деседі.

– Жоғарыда дәйектер келтіріп өттіңіз. Дегенмен тағы қандай Наурыз тойының шығуына байланысты аңыз-әфсаналарды білесіз?

– Мен бұл жерде ескере жүретін екі аңыз айтайын. Ертеде осыдан бес-он мың жыл бұрын Жер шарының қоңыр үйегін мекен еткен Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Жоңғария, Сарыарқа, Ерепей, Каспий, Жетісу, Тұран, Еренқабырғада ту көтерген – Мықтар елі күндей күркіреп, күн санап көркейіп, көбейіп, бір ту астына тұтастай шоғырланып, берекебірлігі айрандай ұйып, бақ қарап, Қыдыр дарыған бір дәуірде Күн мен түн теңелген Наурыз тойын тойлапты. Сол күні таңда Мық елінің Тәңірқұтылары төбе басына шығып, арайлап шыққан күнге бетін тосып, екі қолын соза жайып: «О, Күнтәңір! Мықтар елін өзің жараттың, жерін өзің бердің, енді елімді, жерімді жарылқа, Тәңір! Мық елінің Көк туын мәңгі желбіретіп, жаққан отын мәңгі лаулат! О, Күнтәңір, жержаһанды сілкінуден сақта, жерді топан суыңнан сақта, жерді өрттен сақта, дүлей дауыл желіңнен сақта, елді – жерден, ерді елден қуатын тебінді жаудан сақта, елімді індеттен сақта! О, Күнтәңір, елімді дертдербез індеттен, тілден, ділден, діннен, салт-санадан айыратын жынсайтанның өсек-аяңынан сақта! О, Күнтәңір, Мық елін оң жолға баста, бақ бер, бақыт бер, еліме, жеріме тыныштық бер, айдан аман, жылдан есен қыл, Тәңірім! Мықтар елінің маңдайынан күн сүйіп, қабағын шытқызба, Тәңірім» – деп көзіне жас ала балқып, орнынан тұрған Тәңірқұтылар енді абызға жол бергендей сыңай білдіреді. Сонда абыз үн-түнсіз қылқобызда «Тоғыз қоңыр» күйін тартады. Абыздан соң алдын ала дайындалған үш жүз алпыс жігіт үш жүз алпыс бес күй тартады. Тәңірқұтылардың тілегінен кейін «Тоғыз қоңыр» атты күйдің, үш жүз алпыс бес жігіттің үш жүз алпыс бес күй ойнауы Наурыз тойын бастауға рұқсат еткендей беташар сыңай білдіреді. Осыдан кейін бірнеше күнге созылған той-думан басталады. Ертедегі Мықтар елінің салт-санасы бойынша, тарихи жырлар жырланады, мақтау, мадақ жырлар төгіледі. Қайымдасып айтысу басталады, әндер шырқалады, сыбызғы, сырнай, қобыз және домбырадан түрлі күйлер төгіледі, билер биленеді. Той-думанды қыздыратын алуан түрлі өнер сайысы басталып, мықтылар ортаға шығып сыннан өтіп, мадаққа, мақтауға ие болған айтулылары ат мініп, шапан киіп жатады. Жастар «алтыбақан», «айгөлек», «шешеке», «ақсүйек», «қуаласпақ», «ақсандық-көксандық», «белбеутастар», «соқыртеке», «қасқұлақ» секілді ойындарды күн санап бірнеше күн қатарынан ойнаған. Асық, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты ұтыс ойындары жақ-жақ болып дүрілдеген. Орда басында өткен ең думанды қызық – ат шабыс, жорға салыстыру, лақ тарту, таған ойнау, атпен жүріп допты таяқпен қуалау, балуан түсу болады да, оған ат жалын тартып мінетіндер түгел қатынасады. Наурыз тойы бүкіл ел ішінде өз шамасына қарай өтіп жатады. Біріне-бірі қыдырып, аман-саулық сұрасып, Наурыз көжеден дәм татысып жатады. Ертедегі мықтар, күндер, сақтар, үйсіндер, қыпшақтар, бүгінгі қазақтар тойлап жүрген Наурыз мерекесі күн мен түн теңелу қуанышы және тарихы өте ұзақ мейрам. Бұл – нағыз табиғаттың мерекесі. Бүкіл әлемде бұған тең келетін ешбір мереке жоқ. Жылдар ағысына орай Наурыз тойын өткізу салты өзгеріп кеткені анық.

– Аңызбен салыстыра қарасақ көптеген дүниенің өзгергенін байқаймыз.

– Осы аңызда мені таңдандырған үш кереметті айтайын. Тәңірқұтының өзі шығып, еліне, жеріне арнап тілек тілеуі. Үш жүз алпыс бес күнге арнап, үш жүз алпыс бес күйдің ойналуы. «Тоғыз қоңыр» атты тоғыз күйдің тартылуы. Бізді ерекше ойға салған осы «Тоғыз қоңыр» еді.

– Неліктен «Тоғыз қоңырға» тоқтап отырсыз?

– Бұл неге тоғыз деп әбден ойландым. Ертедегі ата-бабаларымыз осы біз әңгіме етіп отырған «тоғыз» санын қандай қасиеті үшін алды екен? Бұған да толық әрі нақты жауап беру қиындау, айналайын. Бүгінгі қазақта – «тоғызқұмалақ», «тоғыздан жасау беру» – ұзатылатын қызға берілетін дүние-мүліктің әрбірін тоғыз-тоғыздан жасап беру. Тіпті мінетін аты тоғыз, артатын түйесі де тоғыз болған. Бір тоғыз дегені осы.

Тоғыз айып деген бар. Ол – берілетін жазаның салмағына орай – бір тоғыз, екі тоғыз, үш тоғыз деп, оны тоғыз-тоғызға көтереді. Бір тоғыз – тоғыз бесті, бесті – бес жасар ат. Ал осы айып тоғыз-тоғызға барғанда – «тоқал тоғыз» деп аталған. Бұл тоқсан бесті, тоқсан ат «тоғыз қабат торқаңнан, тоқтышақтың терісі артық» деген мәтел де тегін айтылмаса керек. ХХІ ғасыр қазағының тіл қорында шартты түрде айтылып жүрген тоғыз санының сонау Мықтар елі дәуірінде «Тоғыз қоңыр» күйіндегі шартты түрде аталған тоғыз санынан не айырмасы бар екен? Оның үстіне сонау Мықтар дәуірінде аталған «Тоғыз қоңыр күй» неге қоңыр атанды екен? Қандай қасиеті үшін қоңыр атанды? Әлде барлық салт-санаға, тұрмысқа, некеге, дінге, ділге, күнге, биологияға, жерге, суға, аспан әлеміне және тағы басқаларына қол сұғып, бүкіл әлемге өз қасиетімен танымал киелі «Жеті» саны сияқты тоғыз саны да киелі ме? Бұл әзірге шешімін таппаған жұмбақтың бірі болып отыр... Біздің көкейтесті ойымыз, сонау Мықтар дәуірінде Күн мен түн теңелген «Наурыз» күні ертемен Тәңірқұтылар тілек тілеген соң, абыздың қобызда тартқан «Тоғыз қоңыр» күйі тоғыз түрлі мән-мағынада, тоғыз түрлі арман-тілекте, тоғыз түрлі үн-ырғақта, тоғыз түрлі сыр-сипатта болғаны анық. Сол кезде тыңдаушы жұртты ұйытқан, құлақ құрышын қандыра тыңдатқан, елді таңғалдырып, тамсандырған жұмбақ күйлер неге қоңыр, неге «тоғыз» атанды екен? Қандай кереметі, қандай қасиеті үшін қоңыр атанды екен? Аталған «Тоғыз қоңыр» күй бір кісінің еңбегі ме, әлде тоғыз кісінің еңбегі ме? Бұл жағы белгісіз. Жер шарының қоңыр үйегінде жаралған, бүгінге дейін сол қоңыр үйекте мекен ететін қазақта қоңыр өмір, қоңыр тірлік, қоңыр мінез, қоңыр үн, қоңыр дыбыс, қоңыр ән, қоңыр күй, қоңыр үнді музыка аспаптары қалыптасқандығы дау тудырмайды. Осы бір жүйелі табиғи туыстық ертедегі қоңыр мен бүгінгі қазақтағы көп қоңыр, тіпті «алпыс екі тамырыңды иіткен алпыс екі қоңыр» атты күйлермен тамырлас, кіндіктес болып жататыны анық. Мыңдаған, он мыңдаған жылдар бойы үзілмей, жоғалмай келіп, бүгінгі ХХІ ғасыр қазағының қоңыр үнді, қоңыр күйлерімен үндесіп, сыбайласып жатқандай ой тудыруы бізді әлі күнге дейін таңдандырып келеді.

– Аға, енді екінші аңыздағы дерек дәйектеріңізді анықтағым келіп отыр.

– Осыдан үш-төрт мың жыл бұрын, қытайларша – хун, чун, батыстықтар – гүн, өзімізше – күн аталған қазақ күнкөсемдерінің кейбірі өзін ұйқыдан күймен оятуды бұйырады екен. Асқақ ойлы ұлы мәртебелі күнкөсемді ұйқыдан күйлердің қандай ырғағы оятады екен деген ой бізді ойландырады. Өйткені күй өнерін жан дүниесімен сүйе білетін нәзік талғамды Күнкөсемнің шырт ұйқысынан күй үні ырғағын бұзбай оятып, оның көңіл күйі дөп басып шығу – күйдің ырғағы және күйшінің бағы мен соры. Оның үстіне бұл бір күн емес, жыл бойы, тіпті сол күнкөсемнің өмірі аяқталғанша деген сөз. Сан-саққа ой жүгіртіп, сан құбылатын күнкөсемнің ойынан шығу аса күрделі жұмыс екені анық. Сондықтан ұңғыл-шұңғылы көп бұл жұмысты өтеуге күйшілердің бірі келіп, бірі кетіп жатуы мүмкін. Күймен күлдіріп, күймен жылатып, күймен жұбатып, күймен өлтіріп, күймен тірілтетін құдіретті күйшілер күнкөсемнің ойынан шығып отырған. Сонда адамның жан дүниесін тербетіп, күнкөсемді оятуға жараған күйлердің үні қандай болған? Күнкөсемді оятуға жараған қоңыр қоңыр үнді күйлер екені анық.

– Осы Наурыз тойының нағыз ұлттық дәмі қасиетті наурыз көже туралы не айтасыз?

– Бұл тағамды жыл бойына асыға күтетініміз рас. Наурыз көже – Наурыз тойын тойлайтын Орта Азия елдерінің қасиетті тағамы. Мен де жыл сайын көже ішуге асығам. Жеті түрлі дәмді қосып жасағанда оның маңызын айтып тауыса алмайсың. Оған арпа, тары, бұршақ, бидай, күріш секілді дәнді дақылдар мен ағарған қосылады. Түркі халықтары жеті санын қадір тұтамыз. Содан да болар жеті дәмнен жасайтыны.

– Еліміздегі наурыз тойының тойлануына айтулы күрескер ақын Мұхтар Шахановпен бірге сіздің де қосқан үлесіңіздің бар екенін білеміз...

– Бұл мейрамды Кеңес өкіметі кезінде жоғалтып алдық. 1987 жылы біз «Жерұйық» дейтін қоғам құрғанбыз. Сол қоғамның көмегіменен Наурыз тойын тойлауды 1987 жылы бастадық. Колбин үлкен «қателікті» жасап алды да, соның артынша қазаққа көңіл аударған болып, рұқсат еткен сыңай танытып, біршама дүниелерді жасауға мүмкіндік туғызды. Мен ол уақытта «Жерұйық» қоғамының орынбасары едім. Біз кәдімгідей жалақы алатын едік. Содан 1987 жылдан тәуелсіздік алғанға дейін Наурыз тойын біз жүргізіп отырдық. Наурыз тойын дамытуымыз қажет. Мұны басқа тойлармен, басқа мейрамдармен салыстыруға болмайды.

Бұл өте құрметті, өте қасиетті мереке.

– Біздің ұлттық ойындарымыз тек қана Наурыз тойында иә болмаса айтулы жиындарда ғана ойналып жүр. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– Қазір ұлттық ойындардың барлығы жоғалды. Көбі қағаз бетінде болмаса, қолданыста жоқ. Осының бәрі – ұлттық дәстүрді жоғалту деген сөз. Ұлтты жоғалту деген сөз. Менің қолымда спорттың үш жүзден астам түрі бар. Мен көптеген спорттың түрін ұсынып отырмын. Басын көтеріп, құлағын түріп тыңдаған ешкім болмады. Спорт министрлігі де жұмған ауыздарын ашар емес. Мемлекеттің ақшасын алады, бірақ өзге елдің спортын дамытуға жанын салады. Қазақтың өз спортын жандандыруға келгенде көңіл аудармайды. Қалай біз бұл адамдарды қазақтың спорт министрі дей аламыз?!

Наурызды да саяси жиынға айналдырып жібердік. Бұл мейрамда ұлттық киімдер киіп, үлкен ұжымның басын қосып, көже ішумен ғана шектеліп жүрміз. Бұрын Наурыз мерекесінің ішінде күрес, ат бәйге, ақындар айтысы сияқты ұлттық құндылықтарымыз жарқырап көрініп жататын. Ал қазір жасанды, саяси науқан ретінде, жоғары жақтың бұйыруымен өтетін шара болып барады. Бұл мерекелер мемлекет деңгейінде тойланғанымен, үгіт-насихат жұмыстары нашар болып, баса назар аударылмай отыр. Менің бала күнімде асыға күтетін Наурыз керемет еді... Бірақ мейрамдарымыздың өз деңгейінде жаңғыртып, дәріптеп өткізер болсақ, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүріміздің бұрынғыдай көркейіп, болашақ ұрпаққа дін аман жететініне сенімдімін.

– Қазақтың көкпар ойыны – ежелден келе жатқан ұлттық ойындарымыздың бірі. Осы көкпар ойынының шығу тегі турасында түрлі әңгіме, алуан аңыздар бар. Шындыққа жақыны қайсысы деп ойлайсыз?

– Ертеректе қасқырды лақтың орнына тартқан болуы мүмкін. Содан «көкбөрі» атанса керек. Алғашында талас басқаша да болуы мүмкін ғой. «Бөріні мен алам», «сен аласың» деген таластан да тууы ықтимал. Көкбөрі қазақ халқында қадірлі атау болған. Ашинаны асыраған сол қасқырдан бізге рухани жағынан жылылық пен достық қалса керек. Хайуандардың адам баласын асырағаны тарихтан белгілі. Қасқыр асырайды, аю асырайды, жыртқыш хайуандардың кейбірі асырайды. Сонда адам баласын ең көп асырағаны – қасқыр екен. Ит пен қасқырдың тегі бір.

– Абадан дегеннің мағынасын айта кетсеңіз. Иранның осы аттас портты қаласы да бар ғой.

– Иранда ондай қала барын мен анық білмейді екем. Біздің қазақ абадан деп қасқырдың көсемін айтады. Ит пен қасқырдың екіге бөлінгеніне он үш мың жыл болды деп мөлшерлепті. Әлемде қазір иттердің жүз жиырма алты түрі бар көрінеді. Талай итті көріп жүрміз ғой, бірақ қазақтың тау төбеті солардың бәрінен де мықты. Бәрінен де ақылды. Оның кереметтерін айтайын саған. Ол күндіз адамға үрмейді. Ұйықтап жатады. Кешке қой қораның шетіне шығып жатады. Таң атқанша қойды айналып жүреді. Жай иттер қасқырмен айқасуға бара бермейді. Қасқыр ауылға жақындағаннан қыңсылап, жан-жаққа бетбетімен тұра қашады. Ал тау төбет жекпе-жекке қаймықпай барады. Не өзі өледі, не қасқырды өлтіреді. Тау төбеттің осындай қайсар мінезі бар. Осы тау төбетті қытайлар «біздікі» деп ЮНЕСКО-дан өткізіп алыпты. Осыны естігенде қатты ауырып қалдым, айналайын. Ал біз отырмыз, екі қолымызды қусырып, біреу кеп заңдастырып беретіндей. «Піс қазаным піс, аузыма кеп түс» деп. Өзіңнің мүлкіңе, өзіңнің байлығыңа, өзіңнің әдет-салтыңа, ата-ғұрпыңа, өзіңнің туған тіліңе өзің ие болуың керек қой...

Ит екі миллионға жуық иісті ажырата алады

– Жеті қазынаның бірі – ит жайлы айта отырсаңыз.

– Ит сүтқоректі жыртқыштардың тұқымына жататын хайуан ғой. Ол екі миллионға жуық иісті ажырата алады екен. Адам баласы қай кезде асыранды еткені белгісіз болса да, үй хайуандары ішінде адамға иттен жақыны жоқ шығар. Иттің естілігі мен адамға қолқанат болуына байланысты жақын тартқан да шығар. Халқымыз «үрерге иті, сығарға биті жоқ», «малы болмаса да, иті болуға тиісті еді ғой», «ит – жеті әулиенің бірі» деген сөздер бар. Иесіне адалдық танытқаннан болар, қазақ итті жеті қазынаның біріне қосқан.. Ит қазақша саналатын жыл атауына енген. Мысалы, тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз.

– Зерттей қарасаңыз әр жылдары туылған адамдардың жыл иелеріне тән бір ұқсастық бар-ау деймін... Оны жоғарыда өзіңізге айтқан құрдастарыммен бірге жүргенде сезіп те жүрмін.

– Иә, қазақ солай деп те жатады. Біз наным-сенімнің адамдарымыз ғой. Оны әлі де ғылыми түрде зерттеу керек. Бірақ айтқандарың дұрыс.

Ал итке қайта оралсақ, ит тек қазақ халқында ғана емес, басқа халықтардың да жыл санауларында аталады. Демек, олар да итті бағалайды деген қорытынды жасауға болады. Қазақтың арғы-бергі ауыз әдебиетінде ит туралы жағымды сөздер, мақал-мәтелдер аз емес. «Ит иесі үшін, бүркіт тамағы үшін алады», «ит аласы – бөрінің бағы», «ауыл иті ала болса да, бөрі келгенде бірігеді», «иесін сыйласаң, итіне сүйек сал», «ауыл итінің құйрығы қайқы», «жаман иттің атын бөрібасар қояды» дейді. Ит – күзетші, ит – бақташы, ит – қорушы, ит – дыбысшы, ит – жолдас, ит – ырыс сияқты сөздер біздің қазақта көп-ақ. Ит төңірегінде айталатын әңгімелер, аңыздар ел арасында жетерлік. Малшылардың, бақташылар мен күтушілердің, мал иелері мен саятшылардың, аңшылар, торуылшылар, жолаушылар мен керуеншілердің, кезбелер мен жорықшылардың ит турасындағы әңгімелерін естігенде аузыңнан суың құрып отырып тыңдайсың. Бұл хайуанды ақындар өлеңіне, күйшілер күйге қосты. «Итті иесімен қинасын» деген.

– Аға, қасқыр мен қазақты біріне-бірін үнемі жақындастырып айтып жатамыз. Мұны неге сүйеніп айтамыз?

– Кезінде «Қасқыр мен қазақ» деген мақала да жазғам. Үнемі айтып та жүрмін. Қасқыр малыңды жейді, қырып кетеді, тіпті өзіңді де жеп қояды. Сонда да қасқырды қазақ, боқтамайды. Жамандамайды. «Көкжал ғой. Ашуы келген екен ғой. Бөрі бөрілігін жасаған шығар» дейді. Ал ит – өмір бойы қазақтың досы. Тіпті ол қазақтың малайы, құлы сияқты. Ит жөнінде қазақтар жақсы сөзді көп айтпайды. Рас, «жеті қазынаның бірі» дейміз бірақ. Бізде жүз жиырмадан астам итті балағаттайтын сөздер бар екен.

– Қасқыр мен қазақ арасындағы қандай байланыс... Қалай сонда?

– Қасқыр мен қазақ арасындағы байланысты мен көп зерттедім. Қазақ қасқырды көп жамандамайды дедім ғой. Жалпы, дүниежүзілік ғылыми орталық қасқырды, неге екені белгісіз, ақылды хайуанға қоспайды. Ғалымдардың дәлелдеуінше, ит пен қасқырдың тегі бір бола тұра, итті «ақылды» деп мадақтап, қасқырды шетке ысырады. Ғылым қабылдай ма-қабылдамай ма, қасқыр – ақылды хайуан.

– Қандай дерекке сүйендіңіз?

– Енді осы пікірімді нықтай түсейін. Ерте көктемде бір аңшы аң аулап жүріп айдалада апандағы қасқырдың бөлтіріктеріне тап болыпты. Адам үшін қасқырдан асқан жыртқыш жоқ. Аңшы бірден алты күшіктің бесеуін өлтіріп, біреуін тірі қалдырады. Жай қалдырмай алдыңғы екі аяғын сындырып, енесінің не істейтінін аңдыпты. Аз уақыттан соң қынадай қырылған бөлтіріктердің енесі келеді. Қаншық дереу тірі қалған жалғыз күшігін көлдің жағасындағы қамыстың арасына мойнынан тістеп апарады. Аңшы күн сайын сыртынан бақылап жүреді. Қасқыр бөлтірігін тамаққа тойғызып алып, оны ақырын жүруге тәрбиелей бастайды. Арлан мен қаншық ұзын таяқтың екі ұшынан өздері тістеп ортасынан алдыңғы екі аяғы сынған бөлтірікке тістетіп, күн сайын түрлі жаттығулар жасайды. Күздігүні әлгі аңшы өзі аяғын сындырған бөлтіріктің тайыншадай қасқыр болғанын көреді. Осының өзі-ақ қасқырдың ақылды екенін аңғартпай ма?! 1951 жылы Қазақстанда болған бір қызық оқиғаны мен Қытайда жүргенде газеттен оқып едім. Екі эколог қыстыгүні дала кезіп жүріп, үш қасқырды көздері шалып қалады. Қолдарында – дүрбі, қозыкөш жердегіні иек астындағыдай анық көрінеді. Талтүсте жыраның басында үш қасқыр қарды қазып, бір қасқырды мойнына дейін көмеді. Оның қылтиып басы ғана шығып қалады. Екеуі тауға қарай жорта жөнеледі. Бір уақытта бір үйір аңды көмілген қасқырдың үстінен қуып өтеді. Осы кезде тығылып жатқан қасқыр атып шығып біреуін бас салады. Сөйтіп, әлгіні үшеуі бөліп жейді. Мінеки, бұл қасқырдың ақылдылығы емес пе? Бұл қасқырдың айла, тәсілі ғой. Ал айла, тәсіл деген ақыл болмаса, қайдан болады?

– Ойпырым-ай, ә?

– Тағы бір мысал айтайын. Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданында менің туыстарым тұрады. Тұрсын Бабалық деген менің ағайымның ұлы сол жақта қой бағатын еді. Жер қар. Қыстауға көшіп бара жатып жолда бір жағы жоқ, үш қабырғасы ғана бар ескі қораға түнейді. Жатарда ит-құс малды қуып кете ме деп үш қабырғалы дуалға қамайды. Бір жағы ашық. Не істеу керек? Сол жерде жұмыс істеп жатқан екі тракторды екі босағаға қойып, жарығын жағып қояды. Екі жарық түйіскен жер мүлде қараңғы болады екен. Қасқыр түнде келіп сол жерден өтіп бір қойды сүйреп алып кетіпті. Көрдіңіз бе, осыдан кейін қасқырды қалай ақымақ дейміз? Қаптаған адам мен техниканың арасынан азығын суырып алып кетіп отыр ғой.

– Шынында, адам таңғаларлық екен. Тағы қандай деректеріңіз бар?

– Дерек көп қой. Шығыс Қазақстан облысында Күршім деген жер бар. Күршім – аудан орталығы. Сол жерде Қайса дейтін жігіт тұрады. Оқыған, көзі ашық адам екен. Бір жылдары емдік шөп іздеп сол жерге бардым. Мен іздеген шөпті ол жігіт білетін болып шықты. Сонда ол бір қызық нәрсені айтып еді. «Аң аулаймын, қосауыз мылтығым бар. Қыстыгүні шаңғымен жүремін. Қасқырға қақпан құрып қойып едім, соны көрейін деп барсам, қасқыр түсіп, қақпанды сүйретіп кетіп қалыпты. Қардың үстінде ап-анық болып ізі жатыр екен, көрдім де қуалай жөнелдім. Бір-екі қырқаны асып барып, бұтаға ілініп қалыпты. Жанына бардым. Көзімен мені ішіп-жеп барады. Бірақ дыбыс шығармайды. Қасына таяп бардым да, шаңғының таяқшасын аузына апарып ем, басындағы дөңгелегін жұлып алды. Тағы да аузына тақадым, арс етіп және тістеді. Таяқты қарға шаншып қойдым да, иығымдағы қосауыз мылтығымды алып, аузына тақадым, мылтықты тістемейді. Қызық көріп мылтықты қойып, таяқты апардым, арс етіп тістейді. Таяқты қойып, мылтықты жақындатам, тістемейді», – дейді әлгі жігіт. Тыңдап отырып «мынауың «оқыған» қасқыр ғой» дегенмін (күліп алды).

Қай жылы екені анық қазір есімде жоқ, жаңағы Тұрсын Құсайынұлы қыстауға барады. Жері құмдауыт екен. Құмның арасы толған сексеуіл. Бір күні кешке таман Тұрсын қойды қораға жақындатып, әйелі мен баласына: «Қойды қораға кіргізе беріңдер, малдың жартысы бөлініп қалды ғой деймін», – деп кері шаба жөнеледі. Әйел мен кішкене бала жаяу екен. Елең-алаңда қасқыр қойға шауып, бір қойды бас салып жұлмалай бастайды. Әлгіні көріп қалған әйел байғұс айқай салады. Ал бала қасқырды жұдырықпен ұрып жығатындай жалаң қолмен тұра ұмтылса керек. Бала жақындағанда қасқыр екі аяғын қойдың үстіне қойып телміріп қарап қалыпты. Мүмкін, баланы ала қашқысы кеп тұрды ма екен? Жанұшырған әйел тізерлеп келіп, ағашты мылтық сияқты кезеп отыра қалыпты. Сонда қасқыр тұра қашқан екен. Демек, ол ағашты мылтық деп қалды. Осыған қарағанда, қасқыр мылтық деген қарудың бар екенін және оның өте қауіпті екенін жақсы білетін секілді. Жамбыл ауданында Төмен Ащысу деген кішкене тау бар. Сол таудан ағатын кішкентай ғана бұлақтың басына жыл сайын келіп бір қойшы малын төлдететін көрінеді. Қойшымен жарысқандай бір қасқыр нақ сол өңірге жылда келіп күшіктейтін көрінеді. Қойшы да, малы да, иті де көрші қасқырмен үйренісіп кетіпті. Бір-біріне тимейді екен. Күндердің күнінде қойшының бір қозысы арам өліп қалады. Жемтікті жесін деп қойшының балалары оны сүйретіп отырып қасқыр апанының аузына апарып тастайды. Қозы үш күн жатады. Не қасқыр, не оның күшіктері жемейді. Төртінші күні түнде қой ит қуғандай үркеді. Ит үреді, айқайшу болады. Қойшы бала-шағасымен қойды қайта-қайта үйіреді. Таңертең қойдың ішінде қаратөбел қозы жүргенін байқайды. Сонда қасқыр қозының өлгенін өзінен көретіндей, қай жақтан екені белгісіз, мына қозыны әкеліп, қойға қосып кетіпті.

– Қасқырды қаттырақ мақтап жіберген жоқпыз ба, аға?

– Осындай да оқиға болғаны анық. Мен мұны өз ойымнан шығарып айтып отырған жоқпын. Айта берсе, қасқырдың ақылдылығын паш ететін дәлелдер өте көп. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, ежелде жетім қалған адам баласын хайуандар асыраған. Ал солардың алпыс пайызын қасқырлар баққан дедім ғой. Қасқыр асыраған балалар өте қайратты болып өскен. Бұлар жайында көптеген аңыздар, естеліктер бар...

– Қазақты «жылқы тектес», «қой мінездес» халық деп жатамыз. Бұл сөздің төркіні қайда барып тіреледі?

– Қазақ халқы жуас халық қой. Мінезі де жұмсақ. Содан барып қой мінездес дейді. «Жылқы тектес» деп отырғаны, жылқы – өте ақылды жануар. Жылқы мен адамның арасында көзге көрінбейтін жақындық бар. Жылқы жануары мен адамның арасында үлкен достық бар. Өзің дос бола білсең, жылқы сені дос санайды. Тарихта мынадай жайттар болған. Мына қызылбастар мен қыпшақтар соғысқанда қыпшақ батырын қызылбастың батыры жекпе-жек үстінде атынан аударып жібереді. Содан қызылбастың батыры атынан түсіп, қылышын алып, әлгінің басын алғалы жатқанда қыпшақ батырының аты шауып келіп, қызылбас батырын теуіп өлтірген. Сөйтіп, өзінің иесін аман алып қалған.

– Бұл тарихта болған ба?

– Бұл тарихта болған. Осы жылқыға байланысты тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Менің қол астымда істеген бір капитаным бар еді. Жау жақындап қалғанда, бәрі аттарынан түсіп, жата қап бәрі атысқа кіріседі. Капитанның жетектеп жүрген аты босанып кетеді. Көп адамның аты босанып кеткен ғой. «Әй, енді өлдім ғой» деп келе жатса, әлгі аты айналып келіп алдына оқыранып тұра қалады. Атына міне сап жаудан құтылып кетіпті. «Мені аман алып қалған астымдағы тұлпарым ғой», – деп жиі тебіреніп есіне алатын. Негізінде жылқы өте ақылды жануар. Әлемде бес тіршілік иесі ақылды болып саналады.

– Жеке-жеке айтып шығыңызшы.

– Ең бірінші – әрине, адам, адамнан кейін дельфин, одан кейін маймыл, маймылдан кейін – ит пен жылқы. Жалпы, ғалымдардың таратып жүрген зерттеулеріне сүйенер болсақ, ақыл-ойы мен санасы және қабілет-қарымы жағынан биік саналатын маймыл екен. Оның ақыл ойы ересек, бірақ білімсіз адаммен бірдей көрінеді. Бұл – маймылдың орангутанг деген тұқымы. Шимпанзе дейтін бір түрі бар. Мұның санасы төрт-бес жасар баланың санасымен бірдей көрінеді. Жануарлардың ішінде жадының есте сақтау қабілеті жағынан піл мықты көрінеді. Жолбарыстар мен арыстандар да бар бұлардың сапында. Меніңше, мысық тұқымдастардың шапшаң қимылының нәтижесінен туған қорытынды болса керек. Иттер мысықтардан ақылды саналады. Нобель сыйлығын алған Павлов дейтін ғалым көбіне-көп итке тәжірибе жасаған екен. Осыдан-ақ иттің санасының қай деңгейде екенін аңғаруға болады.

– Қасқыр қайда қалды, аға-ау?

– Дұрыс айтасың. Ал мен өзім осы тізімге қасқырды да қосып жүрмін. Өйткені қасқыр да өте ақылды. Арғы тегі итпен тектес қой. Ит үш мыңның үстіндегі иісті айыратынын айттым. Мен мал мінездерін де жалықпай қағазға түсірдім. Көзімнің анық жеткені оның ішінде, әсіресе, жылқының мінезі ерекше болады екен.

– Бізде ескерткіштің сан атасы бар. Адамнан бастап, осы Көк бөріге дейін мүсін қойдық. Бұған айтарыңыз бар ма?

– 1997 жылы астанамыз Ақмолаға көш басын бұратын кезде Президент Әкімшілігінен маған екі адам келді. Жаңылмасам, біреуі – ғылым кандидаты, екіншісі – ғылым докторы ғой деймін, аты-жөндерін ұмытып қалдым. Олар астананың Ақмолаға көшкелі жатқанын айта келіп, «жаңа қонысқа барғанда қандай ырым-жоралғы жасау керектігі жөнінде ақыл-кеңес беруімді сұрады. Мұндай үлкен шаруаға араласып көрмеген едім, аз-кем тосылып қалдым. Дегенмен ойыма бір-екі нәрсе түсті. «Жетісу жері жолбарысты құрмет тұтады. Кейбір аңыздарда жолбарысты аңның пірі ретінде көрсетеді. Тіпті кейбір ақылды адамдардың жанына жолбарыстың суретін салып қояды. Мысалы, Алматыдағы Республика алаңында жолбарыстың жанына «Алтын адамды» қатар қойған мүсін тұр. Ұзынағашта Қарасай батырдың ескерткішін тұрғызғанда алғашында оның жанына жолбарысты мүсіндеп қойып еді, кейін алып тастады. Ал Арқа өңірінде жолбарыс емес, қасқыр құрметті. Ашинаны баққан қасқырды тудың бетінен көріп жүрсек, қандай ғанибет! Ол болмаса аңызға сүйене отырып, Ашинаны жерден тістеп көтеріп тұрған қасқырдың бейнесін мүсіндесе», – дедім. Кейін олар мұны жасатыпты. Бірақ – басқаша, қасқырдың үстінде жалаңаш тұрған баланы бейнелеп, оның қолына қамшы ұстатып қойыпты. Бұл тіпті ақылға сыймайды. Мүсінді анау-мынау жерге емес, Үкімет пен Парламент үйінің нақ алдына орнатыпты. Оны Ашина туралы аңыз бойынша жасауымыз керек еді. Одан кейін: «Президент сарайының екі жақ босағасына үш метр жонылған биік тас қойып, оның бетіне қазақ халқы Тәуелсіздікті қашан алды және алғашқы Президенті кім, осы жөнінде мағлұмат жазып қойыңдар. Дәл сондай екі тасты тура босағадан жер қазып көміңдер. Жылдар өтер, ғасырлар өтер, күндердің күнінде қажеті болар» деп едім, әзірге жүзеге аса қойған жоқ. Жаңадан неше түрлі сарайлар салынып жатыр ғой, мүмкін соның біріне қойылар. Жалпы, мұны аңызға сүйене отырып, шындықтан алыс кетпей жасауымыз қажет.

– Біздің ұлан-ғайыр атырабымызда аңның неше атасы, құстың және жәндіктердің алуан түрі өте көп. Бір кездері қазақ даласын жолбарыстардың да мекен еткені шындық. Мұхтар Мағауинның «Шақан шерісін» біздің ұрпақ жастанып, толқып, тебіреніп оқыды. Бұл шығармадағы суреттелген жолбарыстың жымдарын, су жағасындағы қалың қамыс ішіндегі арпалыстарды түсімде көрген кездерім де болған. Жолбарыс біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болсын, білгеніңізді айта отырсаңыз...

– ХVІІ ғасырда Ақмола облысындағы Қорғалжың көлінде жолбарыскөп болған екен. Көлдің жиегіндегі қамыстың арасын құндыз да мекен етіпті. Бір аңшы шиті мылтығын асынып, құндыз аулауға шығады. Атын қамыстың шетіне байлайды да, өзі қалың қамыстың ішіне кіреді. Бір уақытта артынан бір сыбдыр естіледі. Жалт қараса, жолбарыс жақын кеп қалыпты. Шошып кеткені соншалық, аңшы отыра қалып иманын үйіре бастайды. Сонда жолбарыс бас салмай, маң-маң басып келіп аңшының алдына жатыпты. Аздан соң аңшыға алдыңғы аяғын созыпты дейді. Қараса, аяғы күп болып ісіп кеткен екен. Өзі көзін жұмып төмен қарап жатыпты. Аңшы дереу есін жиып, жолбарыстың мұқтаждықпен келгенін түсінеді. Қалтасындағы кездігін суырып алып, жолбарыстың аяғын тіліп, іріңін шығарып, белбеуімен мықтап орайды. Сөйтеді де, орнынан тұрады. Жолбарыс та орнынан тұрады. Аңшы кетейін десе, жібермейді, аңшыны ырылдап басқа жаққа қарай бағыттаған. Қарсылық көрсетуге аңшының мүлде шамасы жоқ, қорқады. Жолбарыстың ығына жығылып, жүре береді. Бір уақытта жолбарыс аңшыны жарға құлатып жібереді. Қараса, жардың ішінде төрт құндыз жатыр екен дейді. «Мынау сенің ақың» дегендей, жолбарыс жоғарыдан ақырын ырылдап қарап тұрған. Аңшы дереу төрт құндыздың терісін сыпырып алып, еттерін таза жерге қояды да, үйіне қарай тура тартады.

– Бұл әңгімені қайдан оқыдыңыз?

– Бұл әңгімені еш жерден оқығам жоқ, ертеде бір көнекөз қариядан естіп едім. 1970 жылы Талдықорған облысының Қытаймен шектесетін өңірінде бір қызық оқиға болды. Шекараның ну орман тұсы болса керек, қайдан екені белгісіз, бір аю шыға келеді. Күзетте жүрген әскерлер шу ете түседі. Мылтықтарын ала жүгіреді. Бірақ ешкім оқ атпайды. Аю ақырын басып келіп, қораның шетіне жатады. Қару ұстаған әскерлер жақындап келсе де, тыпыр етпеген. Сөйтсе, оның да аяғына үлкен шөңге кіріп кетіпті. Жара тіпті асқынып кеткен екен. Әскерлер дереу дәрігер шақырып, жарасын тілгізіп, дәрі салғызыпты. Ем-дом жасалып болған соң аю орнынан қозғалып, орманға қарай кетіп қалыпты.

– Қызық оқиға екен.

– 1986 жылы Жамбыл ауданындағы Қарақастек деген жерде қой бағып жатқан бауырларыма бардым. Інімнің бір иті алдымнан жүгіріп шығып, қыңсылай бастады. «Кет, әй» деп қағып жібердім. Менен кетіп қасымда тұрған ініме барып, қайта қыңсылай берді. Біз әңгімелесіп тұрып оған аса мән бермеппіз, сөйтсек, оның екі жағына сүйек қыстырылып қалыпты. Бейшара ит соны алып таста деп келіп тұр екен. Дереу алып тастадық, кетті де қалды. Міне, ана жолбарыс, әлгі аю, мына ит адамнан көмек сұрауды біледі. Өз мұқтажын адамға білдіре алады.

– Қасқыр қойға қырғидай тиеді. Ебін тауып, жымын білдірмей біреуін іліп кетеді. Ал осы қасқырды қақпаннан бөлек қалай қолға түсіре аламыз?

– Қазақ көбіне мал шаруашылығымен айналысқандықтан, қасқырдың малға маза бермейтінін жақсы біледі. Қасқыр әсіресе қойға көп тиеді. Қырып кетеді. Мен осы «қырып кетеді» деген сөзге жауап таба алмадым. Неге қырып кетеді? Қор жинай ма? Қор жинаса неге қойдан ғана жинайды? Басқа малды дәл қойдай қырып кете алмайды. «Мысыққа – ойын, тышқанға өлім керек» демекші, қойға келгенде ол бар өнерін көрсетеді. Әлде қыр көрсете ме?! Сондықтан болар, қазақтар қасқырды күшік кезінде көп қырып тастайды. Бірақ күшікті жою арқылы қасқырдың бетін қайтара алмайды. Өйткені күшігі өлген қасқыр сол ауылға жау болып тиеді. Аңдып жүріп, қойын қынадай қырады. Енді біз қасқыр аулаудың түрлері туралы баян қылайық. Қазақтар қасқырды аулауда әртүрлі шырғалар қолданған. Соның бірі – жемтік шырға. Далаға жемтік тастайды да, соның қасына қақпан құрады. Қасқыр жемтіктің қасына келіп, айналшықтап жүргенде қақпанға түсіп қалады. Бұл – бір түрі. Екіншісі – арқан шырға. Бұталардың арасына әрбір жеріне қызылжасыл шүберек байланған арқан керіп тастайды. Ұзын арқанның бір ұшында мылтық ұстап бір аңшы отырады. Ал ар жағынан екінші бір адам қасқырды қуалайды. Қасқыр еш уақытта арқаннан қарғып немесе астынан өтпейді, жағалап жүре береді. Жағалап барып мылтығы бар адамның үстіне келгенде аңшы атады да тастайды. Мұны «арқан шырға» деп атайды. Қасқырды умен де аулайды. Даладағы жемтікке у сеуіп, сол арқылы да алуға болады. Қасқыр аулаудың «қода шырға» деген төртінші түрі бар. Жуанырақ шыбықтан бітеу шарбақ тоқылады. Соның ішіне лақ байлайды да, қасына шөбін тастап қояды. Шарбақ жерге қағылған қазыққа мықтап байланады. Жалғыз лақ айдалада қорқып, маңырап дауыс шығара береді. Шарбақтың бір жақ бүйірінен кішкене қылып есік жасайды. Есік ашық болады. Лақ ішкі бөлмеде болғандықтан шығып кете алмайды. Есік қасқыр сиятындай болады да, барған сайын тарыла береді. Қасқыр лаққа қарай ұмтыла ішке енгенде оның аяғы немесе тұмсығы тиіп кететін тиек болады. Денесі тиекке тигенде артындағы есік жабылып қалады. Сөйтіп, қасқыр лақты жеймін деп өзі қуысқа қамалады. Оны құрған адам қасқырды ұрып алып, лақты енесіне қосады. «Қода» дегеніміз кәдімгі шарбақ қой.

– Бүркітті көбіне-көп түлкіге саламыз. Неге қасқыр мен бүркітті айқастырмасқа?

– Қасқырды мылтықпен, садақпен атып және атпен соғып алатынын баршамыз білеміз. Жаңа жауған көбік қарда мықты аты бар аңшы қасқырды қуып жүріп, ұрып алады. Қасқыр атты адамнан қашқан кезде мойнын адамға қарай бұрып қашады. Онысы маған қашан жетіп қалады екен деген қорқыныш болса керек. Біраздан кейін-ақ қасқырдың мойыны қарысып қалады. Одан кейін ол ұзаққа қаша алмайды. Қасқырға бүркіт салып та аулайды. Бірақ бүркіттің бәрі қасқырға түсе бермейді. Бүркіт қасқырға өте сирек түседі. Қасқыр – өте әлеуетті, күшті хайуан, бүркітті лақтырып жібереді. Тіпті өлтіріп те тастайды. Қасқырды «қармақ шырға» арқылы аулайтын тағы бір түрі бар. Кәдімгі балық аулайтын қармақ сияқты, бірақ одан мықтырақ. Оны мықты жіпке немесе шынжырға байлайды. Қармаққа тышқан немесе күзен сияқты кішкене аңдарды іліп, жіптің екінші ұшын көрсетпей байлап қояды. Қасқыр қармаққа ілінген жемді қарғып барып алатындай болуы керек. Салбырап тұрған тышқанды қарғып барып асап кеп алғанда қармақ қасқырдың аузына ілінеді де қалады. Сол кезде қанша қайратты болса да тырп етіп қозғала алмайды. Содан кейін қазақтар далада қасқыр болып ұлиды. Оны естіген қасқырлар сол маңға жиналады. Сөйтеді де, адамға қалай жақындап келгенін білмей қалады. Аңшы тарс еткізіп атады да тастайды. Мұны «ұлып аулау» дейміз. Қасқырды итпен де аулайды. Бірақ жалғыз ит ала алмайды. Екі немесе үш ит болуы керек. Екі ит екі жағынан қуып, тірсегінен, санынан тістеп бөгет жасайды. Осы кезде атты адам ұрып алады. Өкінішке қарай, қазір қасқыр алатын ит қалмай барады. Мен қазақтың иті туралы көп іздендім, жаздым. Қасқыр алатын қазақтың жалғыз иті бар. Ол да жоғалып барады. Болса Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында болар, Қазақстанда жоқ. Оны «бәйтөбеттер», «тау төбеттер», «құтпандар» деп атайды. Ол жалғыз болса да қасқырмен бетпе-бет келе алады. Қасқырмен таласады, айқасады. Бірақ қасқыр оны жеңеді, кейде тең түседі. Иттің осы тегінің соңғы тұқымдарын біз өзіміз әрең көргенбіз. Қазір байлар үйін күзеттіріп жүрген овчарка иттер қасқырдың иісін сезсе, құйрығын екі бұтына қысып, үйге бір-ақ кіреді. Олар қасқырды көрді дейсің бе? (Ақсақал күліп алды). Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Екі ауылдың арасы жап-жақын. Бір шақырымдай ғана жер. Қыстыгүні. Төменгі ауылдан жоғарғы ауылға бір кемпір қыдырып келеді. Қайтар жолда кемпірге қасқыр шабуыл жасайды. Шошығаннан оң қолын сермеп қалады. Сермеген қолы қасқырдың аузына түседі. Қарусыз қолды қасқыр шайнап жібермей ме? Шайнап жіберейін десе, кемпірдің білегінде екі күміс білезік бар екен, шайнауға келтірмейді. Ал қасқырдың тілі кемпірдің алақанына келіп түседі. Дереу есін жиып, қасқырдың тілін қысып ұстап алады. Сөйтіп, кемпір қасқырды жетектеп ауылға келеді. Ауылдың адамдары оны ұрып алған еді. Көп нәрсені көрдік қой.

– Қазақы иттердің ішінен бөліп қарауға тұрарлық Құмай тазы бар. Не үшін бұл итті Құмай тазы деп атадық?

– Құмай деген сөз «жүйрік» деген мағынада. Ол неге Құмай деп аталды? Құмай – деген аспанда ұшып жүрген құс. «Неге «тазы» сөзіне құмай жалғанды» дегенге жауап іздеп көрелік... Қыран құмайлар, ана бүркіттер, тағы басқа ірі құстардың жұмыртқадан балапандары шыққан соң, өзінің әлі жететін хайуандарын өлтірместен тырнағымен іліп әкеліп, ұяға тастайды. «Мынаны танып ал, сенің ертеңгі азығың» өздерінің бізге беймағлұм тілінде «оқытып» жатыр. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді қазақ. Олар жердегі қасқырдың бөлтірігін де, иттің күшігін де алып кете берген. Құмай тазы атанбай тұрғанда, тазының күшігін құмай құс алып кеткен. Сөйтіп, оны ұяға тастайды. Ит деген қу ғой. Құмайдың балапандарымен жығысып жүріп, бірліжарымы аман қалған. Қанаттанғаннан кейін құмай ұшып кетеді. Ит ұяда қалады. Түсуге мүмкіндік жоқ. Ағаштың ұшар басы. Қыңсылап, дауыс шығарады. «Пәлен жердегі құмайдың ұясында күшіктің дауысы шығады, құмай құс ит тауыпты. Құмайдың жұмыртқасынан болса, онда қыран болады» – деген адамдар арқан салып жүріп, ұядағы күшікті үйге алып келеді. Шын мәнісінде бәрі қыран болмаса да, кейбіреуі қыран болып шығады. Қыран деп отырғаным «жүйрік», «құстай жылдам» дегенім ғой. «Ойбай, сенің тазың қыран ғой өзі, мықты екен ғой» десе, е «бұл құмайдың баласы ғой, мен мұны құмайдың ұясынан алғам» деп құстар жүйріктігін қыранмен байланыстыра дәріптейді. Құмай тазының аты осылай шыққан деп мен еңбегімде жаздым. Қазақтың ұлттық саяты – аса қасиетті, тарихы ұзақ, тынысы кең, айтары, берері көп, қыры мен сыры мол мұра. Қырандар мен құсбегілер арасында, аңкөстер мен аң-құстар арасында табиғи тілдесулер арқылы жүріп жататын жұмбақтар – сыры әлі күнге ашылмаған биік өрелі ғылым. Қырандар саятының тәртіп-қағидаларын білетін құсбегілер бүгін де бар. Деректерге қарағанда қазақтың құмай тазылары есті, қырағы, иісшіл, жүйрік, шалымды тұқым екендігі анықталған. Сондықтан қырандар мен құмайлар саят өнерінің ұлттық спортқа қосары мол. Қырандар мен құсбегілердің, аңкөстер мен құмайлардың кереметін ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге, ұлттық бренд етуге болар еді...

– «Ит арқасы қиянда», «ит тұмсығы батпайтын қалың орман», «иттің иесі болса, түлкінің тәңірісі бар», «иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар», «иттің ұлы – байқотан», «ит – басты, сиыр – шошқа аяқты», «ит текті», «тегі ит», «арғы тегі ит», «иттің өзі», «ит сияқты», «бұралқы ит сияқты», «бұралқы ит үргенімен жағады», «бұралқы ит сияқты құйрығын бұтына қысып ала жөнелді», «кет дегенде ит те кетеді», «итше арсылдайды», «итше үреді», «иттей болды», «итше тіміскіледі», «итше иіскеді», «итше тепкіледі», «иттей жымысқы», «ұры ит сияқты», «иттің бір көзі – оқта, бір көзі – боқта», «аш иттің құйрығын сұқ ит жалайды», «сұқ иттің құйрығын сұм ит жалайды», «иттің аты – ит», «иттің баласы», «иттен туған», «итті күшігім десең, аузыңды жалайды», «итке тастаған сүйектей», «иттің көтінен түскен қу асықтай», «иттің қу боғынан да қу», «итше ырылдасып өскен», «итеке, ит жуаны боқ бермес», «ұялас ит сияқты», «итаяқ», «ит жатақ», «ит ұя» деп кете береді.

«Ілгері басқанның иті оттайды, кері кеткеннің келіні ұрлық қылады», «иттің иттігі қалмайды», «ит жастанғанның ұйқысы қанбайды», «итше сару», «дәніккен ит шүкісін жалайды», «кедейдің иті шәуілдеп үреді, байдың иті әупілдеп үреді», «көлеңкесіне ит жатпаған неме», «итше солықтау», «ит аунаса мал терісі жайылады», «ит қорыған жерге өш», «итше ылығып», «иттің қырық инесі бар ұстап қалатын», «иттей ізшіл», «иттей иісшіл», «сақ ит, иттен де сақ», «итше ауыз жаласты», «итше қуаласты», «итше қуалады», «сүтке тиген күшіктей», «ұялас күшік секілді», «итпен ит болма», «ит арығын білдірмес», «бөріге жүнін қампайтар», «ит жүгіртіп, құс салған», «итше еру», «иттей болды», «тазы итше жаланған», «ит өмір», «итшілеген өмір», «ит пен мысық секілді», «итпен құда болсаң, боқпен тойың болады», «иттің баласы», «иттің қызы», «иттің қатыны», «итке тартқан», «ит көзі түтін танымас», «көшке ерген иттей», «ұры итше жылтыңдайды», «итше күшіктейді», «итше ұлу», «иттей арсыз», «иттің иттігі қалмайды», «ит бүлкек», «итке сеніп тышып едім», «ит жемтігі болды», «ит рәсуа», «ит малтау», «итше желу», «итше жылтыңдау», «ит үреді», «керуен көшеді», «ит арбаның көлеңкесінде жүріп, арбаны мен алып жүрдім дейді екен», «иттің аузына түскен қансоқта мыжылмай шықпайды», «итше ырылдасып өскен өмір ғой», «ит жалғандай», «таза деген иттің боғынан қылшық шықты», «ит мініп, ирек қамшылап», «ит опа, қатын жапа, баласын күшігім дейді», «жаман иттің атын қазақ бөрібасар қояды», «ырылдарсың қаппассың, менен жақсы таппассың», «қызғанғаның қызыл итке жем болсын», «итше қыңсылайды», «итке қарғаша салу», «итке салынған қарғашадай», «иттен де сақ», «иттің иті», «иттің қара қасқасы», «итше тілі салақтап», «итке темір не керек», «атын атап, итке таста», «алжыған ит алуан-алуан боқ тышады», «ит желіс», «иттің ішіне сары май жақпайды», «көп ит бір жақ, көк ит бір жақ», «маубас ит», «малды бақсаң қойды бақ, май кетпейді шарадан, ит асырасаң сырттаннан, қой бермейді қорадан», «шара – сусын ішетін ыдыс қой ағаштан жасалған», «сырттан – иттің арланы, иттің абаданы». «Әуелі байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – бес саулық, төртінші байлық – жүйрік ат, бесінші байлық – қыран бүркіт, алтыншы байлық – құмай тазы, жетінші байлық – жақсы жолдас».

– Итке қарғы тағады ғой?

– Қарғы – тазы иттердің мойнына тағылатын сәнді, күмісті бау, оны қарғыбау дейді. Қарғылы төбет, қарғыбау деп те жатады кейде.

– Ит неше түрге бөлінеді?

– Біздің қазақ иті, негізінен, барақылар тұқымдастар, тақырлар тұқымы деп екі түрге бөлген.

– Барақылар деген не, аға?

– Барақ сөзінің түп-төркінін мен таба алмадым. Алайда қазіргі сөз қорымызда барақ, барақы, барақылау, түкті, түктілеу, қалың түкті, жүндестеу, қалың жүнді, жүндес, қаба жүнді, қаба түкті, салалы түкті, салалы жүнді, сабалақ, қалың ұяң жүнді, түбітті, қалың түбітті деген секілді ұғымдар кездеседі. Кейде барақы өскен шөп-бұталар, барақы өскен тал терек, орман-тоғайлар деп те айтады. Барақ, барақы, барақсан сөздері «жүндес», «сабалақ» деген ұғымды білдіреді.

– Қазақтың мал-мүлкін адалдықпен қорғай білген, құлақ кесті адал құлына айналған итті неге көп жағдайда жағымсыз етіп көрсетеді?

– Малы түгіл, өзін де қырып кететін қасқырды көкбөрі, көкжал, сырттан, абадан деп мақтайды. Арғы тегі бір болғанымен бірі қасқыр болып, ерлікке, қайсарлыққа, батыл, батыр көкжалға айналған. Жалынбайтын, жаутаңдамайтын сырттанға айналған. Өз алдына бағытбағдары бар абаданға айналған. Біздің қазаққа қасқырдың осы қасиеті ұнайтын шығар. Қолға түскенде үн шығармайтын қайсарлығы ұнайтын шығар. Малға, адамға шабуыл жасағандағы айла-тәсіл, батылдығы ұнайтын болар. Адам баласын қиын кезеңдерде асыраған қасиеті үшін бағалайтын болар. Әл-Фараби «Аспанның көркі – жұлдыз, жердің көркі – үн» деген екен. Ал жердегі үннің жағымды және жағымсызы болады ғой.

– Әңгімеміз ит жайлы болған соң сұрай отырайын, иттің үні, иттің үруі турасында айтсаңыз.

– Өзімде осы тақырыпқа ойысып келе жатыр едім. Ит жағымсыз қыңсылау, қорқып қыңсылау, қорқып ұлу, іздеп ұлу, қорғанып үру, қорғап үру, шәуілдеп үру, шабаланып үру, арсылдап үру, әупілдеп үру, қорқытып үру, ырылдау, арылдау сияқты дыбыс, үн шығарады. Иттің осы дыбыс, үндеріне құлақ түргенде, жағымды дыбысты таппайсың. Итті барлық жамандыққа баулитын – қазақтың өзі, бірақ қазақ өз тәрбиесін өзі мойындамайды. Итке ит сөзді айтатын қазақтың өзі. «Ит құтырса, иесін қабады», «ит қуған жынды, дәмеңізді ит жесін» деген де бар. Есік алдындағы итаяқтан өліп-талып ас ішіп жатқан итін иесі келіп қамшымен тартып-тартып жіберіпті. Жанындағы кісі бұл қылығына таңғалыпты. Сонда ит иесі «менің тамағымды ішіп, басқаның қорасына барып үреді» десе керек. «Ит қуған ала көшек, ит жыны бар», «ит емер», «ит емген», «иттің иттігін білмесең, сенің кісілігің қайсы?», «иттің етіндей жек көру», «маңтөбеттер адам қиын жемейді» деген сөз бар, «жетектеген ит түлкі алмайды», «маңтөбеттер түні бойы мал күзетіп, күндіз ұйықтайды», «маңтөбеттердің кейбірі «үй иесі өлгенде» сол адамның моласына барып жатып алады, кейбірі молаға барып қайтып жүреді». «Ит күшіктегенде күшіктердің желке терісінен шымшып көтергенде дауыс, дыбыс шығармағаны жақсы ит болады» деп, сын айтады қазақтар. «Алдына лақтырған етті жерге түсірмей қағып алған таз ит қыран болды» десіп жатады.

– Таз ит пен тазының айырмасы қандай?

– Таз ит, тазы ит, таза ит дегендер бар. Таз ит тақыр, жүнсіз, жалаңаш деген ұғым береді. Құмай тазы – өте қыран, өте тақыр нағыз ит. «Қыран құмай екі жұмыртқа табады. Соның бірі – осы құмай тазы» деп жориды қазақ. «Тазы ит – бір тұқым, бір тек, бір түр, бір нәсіл». Таза ит – таза қанды, таза тек, таза тұқым, таза нәсіл, асыл тұқым, асыл тек осы айтылған үш төркіннің қайсысы дұрыс екен? Құмай тазы – өте тықыр, жарғақ құлақ, салық төс, тар мықынды, бұлшық санды, ауызды, азулы, сезімтал, көргіш, қағылез, сақ, өте жылдам, өте жүйрік, одан қашқан түлкі құтыла алмайды. «Қанатсыз болса да, арғы тегі қыран құмай ғой, құс қой, тегіне тартқан ғой» дейтін мадақ әлі күнге дейін айтылады. Бұл қазақтың құмай тазы иті. Осы құмай тазылары өте тақыр, тықыр жүнді болғаны үшін үйде, төрде, төсекте жата береді. Сыртқа өзі шығып, өзі қайтып келуге дағдыланған. Егер сыртқа жатуға тура келсе, оның асты-үстіне киіз төселіп, киіз жабылады. Қалайда ол жылы жатуға тиісті. Қыстың аязды күндерінде аңға шыққан құмай тазылар ат үстіндегі иесінің алдына секіріп шығып, қаптал тонның етегінің астына кіріп алып, тұмсығын сыртқа шығарып, қарап жатады да, түлкі, қарсақ, қоян және қоңыр аңдар көріне қалса етектің астынан қарғып шығып, аңды қуалай жөнеледі. Ол алған түлкіні аңшы қанжығасына байлап, атқа қайта мінгенде тазы тағы да иесінің алдына қарғып шығып, сеңсең тон етегінің астына кіреді. Жылтың қағып, жортар жаққа тесіле қарап, аң көрінсе, қарғып жерге түсуге бейімделіп дайын тұрады. Қақаған аязды күндері құмай тазы мен аңшы бір-бірін қабақпен ұғысқандай әсер береді.

– Маңтөбет, бәйтөбет, таутөбеттер дейміз. Осы үш атаудың сөз төркіні не?

– Маңтөбет – маңғаз келеді. Салмақты, сабырлы, сырбаз, орнықты, маң-маң басып, асықпай жүретініне қарап, «маңтөбет» дейді. Бәйтөбет алғашқы сөз төркінін айту қиындау. Қазақта «бәйбіше» деген сөз бар. Әйел. Төркіні – бай және бише. Бай – үй иесі, шаңырақ иесі, мал иесі.

– Бише дегеніміз кім?

– Бише деп отырғанымыз – байдың әйелі, орынбасары есебінде. Осы бәйтөбеттегі «бәй» сөзі – мал иесі, мал қорушы ұғымында. Бәйтерек – биік терек, ұзын терек, үлкен терек, сымбатты терек дегенді білдіреді. Бәйтөбет те үлкен ит, үлкен төбет ұғымын берсе керек. Жүні қалың, ұзынқылшықты. Бас жүні бет-аузын жауып тұрады. Құлағын жүн басып алған. Денесі қалың түбітті. Екінші түрінің жүні сәл тықырлау. Түбіті қалың. Таутөбеттер қыста ұяға жатпайды. Аппақ қар, көк мұз, қақаған боранды күндерде далада жата береді. Олардың төзімді келетіні сондай қыстағы аязды елей бермейді. Таутөбет – таудай, үлкен, ірі, дәу, кесек ұғымын беріп тұр деп болжадым. Әлемде иттің жүз он алты түрі бар екен. Соның ішінде қазақтың асыл тұқымды таутөбеті – ең ірісі. Кеудесі, мойны жуан, басы үлкен, тұмысығы жуан, тісі ірі, аузы үлкен, езулері салақтап жүреді. Тұмсығы келтелеу, жуан тұмсық.

– Кәдімгі түлкіні қазақ «алпыс екі айлалы түлкі» дейді. Мұндай теңеу қайдан шыққан?

– Түлкі айлалы хайуан ғой. Бүркіт аспаннан ылдилап келе жатқанда түлкі өзін керіп тұра қалады. Құйрығын созып, қашпай жата қалады. Бүркіт қанатын жайып, құйрыққа тырнақты салғанда, түлкі құйрығын көтереді екен. Сонда бүркіт жерге жалп етіп құлайды дейді. Түлкінің қулығы өте көп. Жалпы, жыртқыштарды «түз тағысы» дейміз.

– Сіз айтып отырған «тағы» сөзінің төркіні қандай?

– «Тағы» деген сөздің өзі жабайы дегенді білдіреді. Тағы адам, тағы жануар, малдан бөлек шығып, бірер ай сыртта қалып кеткен қойды «тағыланып қалыпты» дейді. Жабайыланып кетті деген сөз ғой.

– Аға, қазақтың жыл санау үрдісінде мүшел деген бар. Осыған тоқталасыз ба?

– Бұл бізде ғана емес, түркі тектес және мына Орта Азия халықтарының көпшілігінде кездеседі. Мүшел жастарды былай жіктеуге болады:

он үш жас – ер жете бастау;
жиырма бес жас – жігіттік шақтың нақ өзі;
отыз жеті жас – ақырын басып, анық жүріп, ақыл тоқтатқан кезең;
қырық тоғыз жас – орта жас;

алпыс бір жас – өз балаңнан тәтті болатын немере сүю;
жетпіс үш – қарттықтың басы болар;
сексен бес жас – кәріліктің келгені;
тоқсан жеті жас – қалжырап, ештеңеге жараусыз қалғаның;

жүз тоғыз жас – шөпшек сүю; жүз жиырма бірге жетсең, онда неменең де қасыңда дей бер. Астрономия ғылымының есебі бойынша, әрбір он екі жылда Юпитер өзінің орбитасын бір рет айналып шығады екен. Сонда адамның мүшел жасы да әрбір он екі жыл сайын кіріп отырады. Мұнда да бір байланыстың бары анық. Бір жылда он екі ай бар. Бұрындары осы мүшелден аман шыққандар той жасап жататын. Ырым ретінде мүшелден шыққан соң өзінің ең ұнамды дейтін киімін жоқ-жітікке, иә болмаса ағайынтуыстың біріне сыйға береді.

– Әйтсе де қай мүшел қауіптірек?

– Енді әркім өзінің пешенесіне жазғанын көреді ғой. Бірақ халық даналығында отыз жеті жас ең қауіпті мүшел жас болып саналады. Бұл кезеңде адам баласы есейіп, отбасын ғана емес, бүкіл бір елді басқара алатындай шамада болған соң, оған келер қауіп те көбейсе керек.

– Осы жерде жыл қайыру тәсіліне тоқтала кетсек...

– Туған жылын Григориан күн тізбесі бойынша 12 санына бөлу керек, егер ол еш қалдықсыз бөлінсе, мешін жылы дүниеге келген болып есептеледі. Ал егер ол бүтін бөлінбей, қалдықпен шықса, жылды сол қалдық бойынша анықтайды. Мысалы, бір қалдық қалса – тауық жылы, екі қалдық қалса – ит жылы, үш қалдық қалса – доңыз жылы, төрт қалдық қалса – тышқан жылы, бес қалдық қалса – сиыр жылы, алты қалдық қалса – барыс жылы, жеті қалдық қалса – қоян жылы, сегіз қалдық қалса – ұлу жылы, тоғыз қалдық қалса – жылан жылы, он қалдық қалса – жылқы жылы, он бір қалдық қалатын болса – қой жылы. Ал мүшел есебінің қай жылына жататыныңды білу үшін туған айы мен күнін де ескеру керек.

– Талдап түсіндіруге бола ма?

– Неге болмасын, болады, әрине. Мәселен айталық, 1961:12=163 және бес қалдық шығады (1961=12* 163+5). 5 қалдық сиыр жылына тура келеді дедік қой жаңа. Бірақ мүшел жылы наурыздың 22-де басталатындықтан, ол сиыр емес, оның алдында тұрған тышқан жылында дүниеге келген болып саналады.

– Ғажап, қалай ойластырылған десеңізші?

–Әрине, ата-бабаларымыз осал болмағансоң ғой, өмір бойы жатпен жағаласып, алысып шыр-пыр боп өткеніміз.

– Осы орайда ел «13 саны өте қауіпті» деп жатады. Тіпті, әлемдегі кейбір елдер оны атаудан да қорқатын көрінеді...

– Жер бетіндегі барлық халықтардың өздеріне ғана тән дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыстық және мәдени ерекшеліктері, сонымен қатар діни таным-нанымдары бар дедік. Ықылым замандардан бері жалғасын тауап келе жатқан осы сенімдерде қандай да бір тылсым байланыстың бар екенінде дау болмаса керек. Негізсіз болса ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалар ма еді бұл? Жапондар бір қызметте, яғни мамандықта 13 жылдан артық істемейтін көрінеді. Мысалы, 13 жыл дәрігер болған маман басқа қызметке ауысатын көрінеді. Бұрынғысына тіпті де ұқсамайтын мамандыққа да кетеді екен. Осылайша 13 жылдан үш рет еңбек ұжымында абыроймен қызмет атқарған адамды, яки маманды жапон халқы нағыз данышпан санайтын көрінеді.

Ал қайсыбір де 13 санына, өзің айтқандай үрке қарайды. Тіпті олардың ұшақтарында 13-ші реийс, қонақүйлерінде 13-ші қабат пен 13-ші бөлме, театрларында 13-ші қатар, 13-ші орындар болмайтын көрінеді. Мысалы, тарихқа көз жүгіртіп көрелік. Әріге бармай ХХ ғасырдың бірінші 13 жылдығына, яғни бірінші мүшелінен бастап тізбелеп жазайық. Арыға барсақ сонау 1913 жылы қазақ халқы үшін де аса ауыр кезеңнің басталған шағы болды. Осы жылы Ресейдің құрамындағы бұратана халық есебінде күн кешкен қазақ жастарын қара жұмысқа салу көрініс бере бастаған. Бірте-бірте әскер қатарына адам алмағанымен, қара жұмысқа салу үшін қазақ жастарын алуды қолға алды. Ақ патшаның бұл арам пиғылына көнгісі келмегендіктен қазақ елінің әр түпкірінде бас көтерулер, қақтығыс-ұрыстар бой көрсете бастады.

– Жағда аға, «Мұстафа Шоқай жолымен» атты жобаның аясында біраз зерттегенім де бар еді. Қазақтың қара домалақ балаларын әскер қатарына емес, майдандағы қара жұмысқа жегіп жатқан кезінде Алаш ардақтылары да қарап қалмаған. Әлихан Бөкейханов жұмысын тастап, майдан даласына аттанып кетеді. Ондағы мақсаты тылда қара жұмысқа жегілген қазақ балаларына көмектесу, олардың құқығын қорғау болған. Ал Мұстафа Шоқай Петербордан Ташкентке қайтар жолда көрген сұмдықтарын кейін үлкен тебіреніспен жазды. Мұстафа Шоқай Петербор мен Ташкент теміржолы арасындағы Ресей жеріндегі соғыс майданынан қайтқан қазақтар тиелген тоқтап қалған вагондардың аман-есен елімізге оралуына тікелей мұрындық болып, қол ұшын бергені бізге белгілі. Айта берсек тарихымыздың сұмдықтарға толы беттері көп қой. Бұлар да сол қатерлі 13 санына сәйкес келе ме сонда?

– Енді оны бір тәңірдің өзі ғана біледі. Жаңағы 1913 жылдың ызғары сонау 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске алып келді. Қанша халық сотсыз, сұраусыз қырылып кетті.

Ал келесі 13 жылдық – 1926 жылға сәйкес. Бұл жыл да қазақ үшін тым ызғарлы болды. Елде жаппай ашаршылық белең алды. Халық босып кетті. Сол кезде Қазақстанның көптеген аймақтырында қуаңшылық болыпты, егін шықпаған. Халық арасындағы көш легі бастау алған ашаршылық қой бұл. Мұның аяғы 1931-1932 жылдардағы ашаршылыққа әкеліп соқты. Осы ашаршылықтан 4 миллионнан астам қазақ қырылып қалған. ХХ ғасырдың келесі мүшелі 1939 жылға келді. Бұл жылдары Қазақстанда ілгерілеушілік болғанымен, халықтың тұрмыс-тіршілігі өте төмен еді. Қазақ халқы бұл кезде түгел отырықшылыққа ауысқан. Егін салып, мал бағумен айналысты. Бірақ бұл әлемде Екінші ұлы отан соғысының бастау ала бастаған кезі еді. Сол бастау 1941 жылдың маусым айының 21-інен 22-сіне қараған түні алапат соғыс басталып кетті. Бұл соғысқа қазіргі баспасөздің жазып жүргеніне қарасақ, қазақтан 1 миллион 500 мыңдай адам қатысқан екен. Міне, осылай тізбектеліп кете береді. «Халық айтса, қалып айтпайды» демей ме, бұл да бір шындыққа жанасады.

– Осы соңғы уақытта көпшілік «сүндетке отырғызу» мен «піштіруді» екі түрлі мағына деп жүр. Бұл жерде жаңсақтықтың бары рас.

– Мен де осы мәслеге қатысты екі ұдай пікірді есітіп қапаланғаным да бар еді. Піштіру – өмір қажеттілігінен туған салт-дәстүріміз. Тарихи мәліметтерге қарасақ, оның тарихы сонау Ғұн дәуірінен бастау алатын сияқты. Кейіннен ислам діні келіп кіргенде ол мұсылмандықтың бұлжымас қағидасына айналды.

– Мен сізге тағы бір әңгіме айтқым кеп отыр. Жақында Алматыда тұратын ұлты – түрік, бірақ бүкіл болмысы, тілі, ділі қазақ Қазақбай Тәштемірұлы дейтін азаматтың дастарқаны басында сүндетке қатысты бір әңгіме өрбіген еді. Сонда Қазақбай ағамыз, «баланы жастайынан сүндетке отырғызу, яғни піштіру – түбі бір түркі халықтарының ата-салты. Ата-бабаларымыз тазалықты өте жоғары ұстанған. Піштірудің өзі сол гигиенадан келіп шыққан» деп еді.

Менің Қазақбай ағамызға бір таңғалғаным ол кісінің – дастарқаны. Ұлты – молдаван Валентина жеңгеміздің қазы-қартасы мен жентінің дәмі әлі таңдайымда тұр. Қай кезде, қай мезгілде барсаңыз да құтты жайлаудағы дарқан қазақтың үйіне түскендей күйде боласыз. Әре-сәре болып күтіп алған Қазақбай ағамыз бен Валентина жеңгеміз өбектеп әлек боп жатады. Бір көсіліп демалып қаласың, осындайда. Шіркін-ай, елдің бәрі Қазақбай ағамдай болса ғой, дәстүріміздің де, салтымыздың да қайта жаңғырғанын сонда өз көзімізбен көрер едік. Әңгімеміздің бәрі дастарқаннан бастау алады ғой. Жаңағыдай таза қазақша дастарқанда отырғаныңда өзің де шын мағынасында қазақ екеніңді сезініп қаласың.

– Иә, дәм-тұз тартып жатса кездесерміз, Қазақбаймен де қарағым.

Ол кісіні мен де сырттай жақсы білемін. Қазақ десе жүрегі көрініп тұратын парасатына, ісіне сырттай сүйсініп те жүремін. Мен енді жаңа өзің сұраған піштіру деген сөзімізді сүндет сөзімен неге алмастырып алғанымызға тоқтала кетейін. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) істегендерін, айтқандарын орындау – сүндет деп аталады. Атабабаларымыздың исламға дейінгі салтында да болған піштіруді кейін «Пайғамбарымыздың аманаты» – сүндет деп атап кеткен ғой. Қлай аталса да санамызға сіңімді, түсінікті болып кетті. Мақсатымыз – тіліміздің сақталуында, дәстүріміздің бұзылмағандығында. Қазіргі бір жақты ойлайтын кейбіреулеріміздің қателігі бұл. Олар бірінші салтымызды түбегейлі үйреніп алып, дінге бет бұрулары керек. Имандылық адамның жүрегінде болады. Осының бәрі тәрбиеге келіп тіреледі.

– Піштірудің негізгі мақсаты – тазалық дедік...

– Мен өзі баспасөз беттерінде жылт еткен дереккөздері бар мақалалар көрсем қиып алып, қоя беремін. Мына бір піштірудің пайдасы туралы деректі де қиып алыппын. Онда Ммедицинаның урология, сексопотология және онкология ілімдерімен шұғылданатын ғалымдардың мәліметтеріне қарағанда, піштірудің екі жыныс өкілі үшін де денсаулыққа өте пайдалы болып отырғандығы айтылған. Піштірілген балалардың 90 пайыздан астамы несеп жолдары кеселдерімен ауырмайды. Баланы жеті жасқа дейін сүндетке отырғызу ұрпағымыздың денсаулығы үшін өте пайдалы екенін де айтады.

– Біздің қазақ піштіруді тақ жаста, яғни 3, 5, 7 жаста орындайды. Мұның да бір ерекшеліктері бар шығар?

– Бір білетінім, 7 жасқа дейін сүндеттелген балалар фимоз, парафимоз, уретрит сияқты аурулармен ауырмайтыны Америка ғалымдарын қатты қызықтырып отыр екен. Осы ғасырдың басында америқалық ғалымдар әскери госпиталдағы 200000 еркекті арнайы медициналық тексерудін өткізіп, еркектің жыныс мүшесіндегі инфекциялар мен түрлі аурулардың сүндеттелгендер арасында он бір есе аз болғандығын нақты анықтаған.

– Осы сүндеттеу дәстүрі тек мұсылман халықтары мен еврейлерге ғана тән болып отыр ма?

– Америкалық үндістерінде, африкалық бірнеше тайпаларда, британдық ханзада отбасыларында да кездеседі екен. Бүгінгі күні әлемнің көпшілік бөлігінде піштірудің пайдалы екендігін біліп, ерекше мән берілуде. Арнайы қаражат бөліп, жан-жақты зерттеп, ғылыми жұмыстар атқарылып жатыр.Қазақ сүндеттің пайдасын бұрыннан білген Қазір балаларды Денсаулық сақтау минстрлігінің арнайы рұқсат қағазы бар, асептика ережелерін қатаң сақтайтын маман-дәрігер, хирургтер сүндетке отырғызады.

– Мұсылмандар мен еврейлердің арасындағы сүндеттеудің айырмашылықтары бар ма екен?

– Бар. Біздің қазақтағы Сексенбей, Тоқсанбай, Жүзбайлар қайдан келді дейсің? Ондай Жүзбайлар еврейлерде жоқ екен. Қазақта ер баланың зәр шығару мүшесі ұшындағы тері хиругиялық жолмен алынып тасталады. Ал еврейлердің тәсілінде ер баланың зәр шығару мүшесінің артық шығып тұрған терісін кесу барысында үрпіні ұстап тұратын тамыры да кесіліп кетеді екен. Ал мұсылмандар тамырға тимейді, артық теріні ғана алады. Сондықтан еврейлер Елубаймен, әрі кетсе Алпысбаймен тоқтап қалатын көрінеді.

– Қазіргі кездегідей емес, ес білген кезімізде де ауыл ақсақалдары өткір ұстарамен кесіп жіберіп, күл салынған кесені төңкере қоятынын талай көргенбіз. Біздің ауылда бала күнімізде Жүней қожа дейтін ел ішінде қадірлі қария болды. Осы кісі бүкіл сол тұстағы Бабайқорғанның балаларын өз қолымен сүндетке жатқызды.

– Ел ішінде сауатты, табиғатынан таза, икемді кісілер аз болмаған ғой. Оның бәрі экологиялық апат белең алмаған кезде орындалған әдіс. Тек бұл рәсімді қазір мүмкіндігінше білікті маман хирургтердің іске асырғаны абзал.

– «Айдарлы бала – айбарлы бала» деп жатады дана халқымыз. Уәлихан деген кіші інімнің Әлкей атты баласы «айдарлы шашпен туды» дейді ауылдағылар. Ол баланың атын ырымдап Әлкей деп қойған өзім едім. Сол Әлкей сегіз айлығына дейін аурушаң болды. Содан ауылдағы жеңгейлердің арасында сөзден-сөз шығып, «осындай жерде емші бар екен, соған балаңды алып бар, нәрестеге бір шапағаты тиіп қалар» деп әкем мен ініме кеңес береді. Әкем Сейітхан ақсақал немересін емшіге алып барса, жасы келген кемпір екен. Ол баланы көреді де: «баланың денсаулығы жақсы, өмірі ұзақ болады. Тәңірдің көзі түзу екен. Тек бір кеңес беремін соны бұлжытпай орындайсыз, қария. Балаң айдарлы шашпен туған екен. Енді бүгіннен бастап маңдайындағы көк болып көрінген жеріндегі шашты алмай, айдар өсіресің. Бала тәуір болып кетеді», – деп шығарып салыпты. Емшінің айтқанынан кейін анықтап қарағанда баланың маңдайындағы шашты көрген. Қалған жағындағы шашты сарғыштау, әлі өсіп үлгермеген. Әкем барлық туыстарымызды жинап, бір мал құрбандық шалды. Үлкендердің батасын алып, баланың айдар шашын сол күннен бастап өсіре бастайды. Ал нәресте содан кейін бұрынғыдай ауырмайтын болды. Бұл да бір тылсым күштің құдіреті шығар. Айдар шаш қаншалықты маңызды деп ойлайсыз, аға?

– Ондай оқиғалар ел ішінде өте көп болған. Негізінен, айдар шашты халқымыз барлық балаға бірдей қоймаған. Зарығып көрген балаға немесе ханның орнын басатын мұрагерлерге ғана айдар қойылған. Бұл бала өзі айдармен туылса, жай бала болмады. Мұны мен халықтың тәжірибесіне сүйеніп айтып отырмын. Тіл-көзден сақтасын!

Айдар қойғанда балаға арнап мал сояды. Ауылдағы ақсақалдарды шақырып, баласына бата алады. Өнерлі немесе батыр, ортасына сыйлы адамдардың орнына баланы аунатып, «балам осы азаматтай болып өссін» деп тілек тілейді.

– Осы жерде тағы бір нәрсе айта кетейін. Сол Әлкейді маған ұқсасын деп бір жасында әкемнің немересін маған түкірткендері де бар еді.

– Бұл да бір ырым ғой. Әкеңе сәлем айт немересі Әлкей аман болсын. Әлкей ағамыздай халқының қадірлісі болсын! Әкең қай жылғы, Қасымхан.

– Әкем 1927 жылғы ғой.

– Менен көп кіші екен ғой, кімнің қолында тұрады?

– Түркістан қаласында, өзімнен кейінгі Садырхан деген інімнің қолында тұрады. Сағынғанда Бабайқорғандағы інім Уәлиханға, кейде бізге Алматыға қарай тартып отырады. Әлі тың. Сергек.

– Жақсы екен, айналайын. «Әкеңе не істесең алдыңа сол келеді» деген де бар біздің қазақта. Шалды бағып-қағыңдар. Ертең өздерің де шал боласыңдар...

Ал енді сол айдарды бала 12 жасқа толғанда ғана алып тастаған. Айдар шашын баланың алғашқы мүшел жасына берген құрбандығы ретінде ел-жұртқа көрсетіп, мал сойып, баласының ержеткендігін паш етіп, елдің батасын алатын болған. Міне, қандай жарасымды салтымыз бар. Өмірде аз болса да кездеседі. Көңіл қуантарлық осындай шаралар орындалса жақсы. Алматы көшелерінен кейде айдар шашты балаларды көріп қаламын. Бірақ сол айдар шашын алғанда барлық салтты орындаса ғой деп те ойлаймын. Егер көшпенділер тарихына көз жүгіртер болсақ, шаш қоюға, тұлым өсіруге ерекше мән берілгенін байқаймыз. Тайланд халықында аурушаң нәрестенің барлығына шаш қояды. «Айдар шаш қойсақ, ауруынан айығып кетеді» деп отырғандарын өз құлағыммен естігенмін. Ал қытайлар мен кәрістерде «балаларды тылсым күштерден қорғайды» деген сеніммен баланың шашын әртүрлі пішінде өсіре береді. Әйтеуір әлем халықтарының көбі шаш жас нәрестені қорғаушы бірден-бір қорғаныс деп сенген.

– Халқымыздың барлық әдет-ғұрпы, дәстүрі отбасынан басталады деп жатамыз. Егер барлық отбасы отбасылық этика мен эстетикасын сақтай білсе, біздің қазақтығымыз бұзылмас еді. Бүгінгі күні сексеннің сеңгірінен асқан әкемнің де дене бітімі, сіздікіндей. Ол кісінің тамақтану тәсілі де сізге келетін сияқты. Аз-аздан, өте ұқыпты әрі ұзақ шайнап тамақтанады. Тағы бір әдеті кешкіліктен қалған асты ертеңінде ешқашан аузына алмайды. Әкемнің өзін ұстауында да бір үлкен әдет жатқандай. Ол енді әкемнің тәңір жаратқан табиғи болмысы шығар. Қашанда барға қанағат қылатын адам. Осы бір әдетті сізден де байқап жүрмін, Жағда аға. Осының сыры неде?

– Иә, әкең туралы айтқансың. Денсаулығым жараса, кездесіп, танысып та қалармыз. Ол кісінің ұстанымы өте дұрыс, денеге көп салмақ түсірмеу керек. Шамадан тыс әрбір келі адамға үлкен сырқат әкелетінін бұл күнде елдің бәрі жақсы түсінген болар. Мен өзім жазып жүрген тамақтанудың мөлшері жайында айтып берейін.

Негізінен, менің кеңесім сегіз бөлікке бөлінеді. Біріншісі – тамақты аздап, бірақ жиі-жиі ішу керек. Жатарда тойып тамақтануға болмайды. Тамақтану тәртібін былайша реттедім: Таңертеңгілік сағат 7-8-де сосын 11-12-де екінші таңғы ас. Екіншісінде алма, кішкентай піскен ет, көкөніс жеген дұрыс. Сағат 13-14-те жақсылап түскі ас ішу керек. Сосын 16-17-дегі түстікке бір кесе шырын, болса итмұрын тұнбасы, болмаса айран ішкен дұрыс. Айран табылады ғой осы күнде. Кеші асты сағат 19-да ішу керек. Жатар алдында алма, сәбіз, апельсин, бір кесе аса тәтті емес шырын ішу керек. Егер осы айтқандарды күні бойына бұлжытпай орындаған адам еш қарын ашқанын сезбейді. Дастарқан басына отырғанда да, аз тамаққа қанағаттанатын боласыз. Бұл бірінші кеңесте орындалуға тиістісі жатар алдындағы тамақтану. Түнгі мезгілде зат алмасу, әсіресе май алмасу өте баяу, аз болады, май аз қышқылданып, оның көп бөлігі тері астына жиналады. Осыдан сақтануымыз керек; Екінші кеңес: Құнарлылығы жоғары майлы тамақтарды мүлде азайту керек. Тамақпен бірге адам бойына сіңетін энергия мөлшері, қайта жұмсалатын энергия мөлшерінен аспауы керек. Сондықтан тәтті тағамдарды, тоқаштарды, нан өнімдерін, балмұздақты аз жеу керек. Сонымен қатар тәтті шырын суларын іше беруге болмайды. Есіңізде болсын мынау қазіргі «фанта», «пепси-кола» сияқты сусындардың құрамында 40 грамм қант болады екен. Сонымен қатар картопты, күріш өнімдерін де аз қолданыңыз. Тәтті тоқаштарға жоламаған дұрыс; Үшінші кеңес: Тамаққа тұзды көп қолданбауды үйрену керек. Дені сау жас адамға дайын тағамдардағы тұзды қосып есептегенде тәулігіне 12-15 грамм пайдалануына болады. Ал арықтағысы келетіндер осы мөлшерді үш есе төмендетулері керек. Шамамен бір тәулікте қолданатын тұздың мөлшері 1 шай қасықтың жартысынан аспауы керек. Егер тұзды тағамды жесеңіз, адам денесі суды да көп мөлшерде талап етеді. Тұз құрамындағы натрий сіздің ішкен суыңызды шығармай, денеге сіңіріп жібереді. Соның салдарынан адам ісінеді; Төртінші кеңес: Ішімдіктен мүлдем бас тартыңыз. 50 грамм арақ мөлшері сіздің жеген диеталық тағамыңыздың калориялылығын 120 ккалға көтеретіндігін ұмытпаған жөн. Оның орнына табиғи қара су ішкен дұрыс; Бесінші кеңес; Сіздің күнделікті қабылдайтын астарыңыздың ішінде міндетті түрде балық, ет, сүзбе, сүт, жұмыртқа болуы керек. Ет пен балықты тек қана қайнатып жеуге болады. Өйткені бұл тағамдарда толық адамдарға кері әсер ететін қатты заттар көп. Оларды пісіргенде қатты заттардың 60 пайызы сорпаға шығып кетеді. Сондықтан олар ет пен балықтың сорпасын ішпегені дұрыс. Күніне міндетті түрде 100-150 грамм сүзбе жеген дұрыс. Сүзбеде (ақ ірімшік) ештеңемен ауыстыруға болмайтын заттар бар. Олар денедегі май алмасуды ретке келтіреді; Алтыншы кеңес: Күніне жарты келіден астам көкөніс өнімдерін пайдалану керек және оның жартысы қырыққабат болғаны тиімді. Көкөністер витаминдерге бай әрі ішек-қарынның атқаратын жұмысын

реттейді. Бұл да артық салмақ тастаудың бір үлгісі; Жетінші кеңес. Күнделікті асқа өсімдік майын пайдаланып отырған жақсы. Өсімдік майы да май алмасуды реттеп отырады. Сонымен қатар қан құрамындағы холестеринді азайтады; Сегізінші кеңес. Тамақтанғаннан кейін жаттығу ережелерін жасау керек. Ол үшін көбірек жаяу жүруге тырысқан жөн.

– Жақында Астанада тұратын белгілі журналист бауырымыз, «Астана» журналының бас редакторы Мақсат Тәж-Мұраттың Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Кәбиса жыл» атты кітабының тұсау кесері болды. Кітап аты өте тартымды, құлаққа да жылы естіледі екен. Осы Кәбиса жыл ұғымы туралы айтып берсеңіз?

– Юлиан күнтізбесі бойынша бір жылда 365 күн бар деп есептелінеді. Алайда мұның өзі нақты тұжырым емес. Өйткені қайсыбір жылдардың ұзақтығы 366 күнге созылады. Христиан дініндегілер күнтізбені табиғаттың заңдылығымен емес, өз пайым-түсініктерімен есептейді. Олардың айтуы бойынша жылдың бірде – 365, бірде – 366 болуы 5 сағат 48 минут 46 секундтың артықтығынан деп көрсетіледі. Сөйтіп, әрбір үш жылда 365 күннен бітсе, әрбір төртінші жылға қосымша тәулік қосылып, соның есебінен ақпан айы 29 күнге созылады. Қазақ халқының күнтізбесі бойынша да әрбір төртінші жылға қосымша тәулік қосылып, соның есебінен ақпан айы 29 күнге созылады. Осыны қазақ «Кәбиса жыл» деген.

Қазақ халқының күнтізбесі бойынша әрбір ай 29 немесе 30 күнде бітіп отырады. Біздің қариялар айдың туғанын көрмей, жаңа айды бастамайды. ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда жапондар мен Еуропаның көптеген мемлекеттері жылдың басын наурыздың тоғызынан бастаған. Кейін олар діни ағымға бой ұрып жаңа жылды Иса пайғамбардың туған күніне сәйкестендіріп, қаңтар айының бірінен бастап жүр. Шын мәнінде, мұның жылдың өзгеруіне еш қатысы жоқ. Жаңа жыл – деген елдің ғана емес, табиғаттың, оның меншігіндегі жер мен судың, жанжануарлардың жасанып, жасаратын шағы. Бұл Наурыз айы.

– «Шипагерлік баян» атты кітаптың Қытайда табылғаны туралы бір жерден оқығаным бар еді. Сол кітап қай тілде жазылған?

– «Шипагерлік баян» ХҮ ғасырда жазылған деп жүрміз ғой. Тілі – көне түркі тілі мен қазіргі қазақ тілінде аралас. Араб қарпімен жазылған. Бұл медициналық энциклопедия бірнеше ғасырлар бойы өте құпия ұсталып келді. Осы кітаптан байқағанымыз, қазақ медицинасы баяғыдан өте жоғары дәрежеде дамыған. Өтейбойдақ бұл жинақта ибн-Синаның, әл-Фарабидің еңбектерін пайдалана отырып, өзі де жаңа дәрілер туралы зерттеп жазған. Мәдени төңкеріс кезінде осы еңбектің де өртенгені белгілі. Кітаптың үштен екісі жанып кеткен. Ұрпақтары сол қалғанын ғана сақтап қалған. Бірақ соған қарамастан кітаптан көптеген сөздердің төркінін табуға болады. Қазақтың танымы мен тарихынан да құнды деректер бар.

– «Шипагерлік баян» кітабы тек медицинаны ғана қамтымаған болып тұр ғой...

– «Шипагерлік баян» – тіл, мәдениет, тарих, философия, биология, астрономия, этнография, психология, этикадан да мол білімді бойына жинаған кітап. Ғалым шипагерлік ғылымды жазумен қоса, жоғарыда аталған ғылыми дүниелерді өте шебер байланыстырып, халықтың түсінік-түйсігімен түйіндеп, қарапайым тілмен баяндайды. Бұл – қазақтың даму тарихы, моральдық қасиеті, философиялық ақылой дүниесі, жасаған ортасы, киім-кешек, азық-түлік тұтыну жағындағы салт-дәстүрлері мен мәдениетінен мол дерек беріп, қазақтың ұлт болып қалыптасуының этникалық бірлігінің тым ертеден басталғандығын жазба деректермен қамтитын құнды мұра. Бұл кітап – өз тарихымызды XV ғасырдағы қазақтың хандық құрып, шаңырақ көтеруінен бастайтын, ағат түсініктен арылуымызға, тарихтың алыс қалған терең қатпарларына қайтадан жақсылап үңіліп, содан қазақтың болмысын табуға көмектесетін жазба-дерек.

Кітапты оқып отырып халықтың даналығын бойына жинаған ғұлама ғалым Өтейбойдақ бабамыздың ұлылығына, тұнып тұрған парасатты ой-толғамдарына еріксіз бас иесіз. Бұл кітап кешіксе де қолымызға тиіп өзінің құнын әйгіледі. Кітапты әлем танып, ғалымның еңбектер тиісті бағасын алып жатса, бәрімізге зор мақтаныш, үлкен мерей болары хақ.

– Бірін айтып біріне кетіп жатамыз, бірақ бәрі де ертеңімізге керек қой, аға?

«Амандықта қадір жоқ,

Алдырған соң білерсің.

Денсаулықта қадір жоқ,

Ауырғанда білерсің», – деген ғой жырауларымыздың бірі. Сол айтқандай, жастықта өзіміз қадірін біле бермейтін нәрсе – деннің саулығын күту...

– Деніміз сау, өзімізді күшті сезінген кезде бізге де бір күні кәрілік пен кесел жететінін ойлай бермейміз. Оны өзім де өз басымнан өткізіп отырмын. Өз денсаулығымызға өзіміз кесірімізді тигізіп, темекі шегіп, арақ ішіп, жүйкемізді аямай тамақты тоя жеп ағаттықтар жасаймыз. Сөйтіп, денсаулықты бұзу үшін жаман еш нәрсе жасамай-ақ, жақсы нәрсені артығымен пайдалану арқылы-ақ жетіп жатамыз. Тәттіні көп жеу, мөлшерден тыс ұйықтау, бос жату дегендей жаныңа жағатын істерді мөлшерден тыс қолданамыз.

«Шипагерлік баян» жөнінде айтайын дегенім әлі көп. Осы кітап Өтебойдақ шипагердің ұрпақтары жағынан көшіріліп, толықтырылып отырған. Түменбай Ыстанбайұлы қайта көшірткенде осындағы түсініксіз атауларға бастан-аяқ түсінік беріп, бәйіттерін аударудың қиындығынан тастап кетіп, өз өсиетімен түсіндіру ескертулерін қоса жаздырған. Осы кітапта аурулардың қайдан, қалай пайда болатынына да тоқталыпты. Адамның психикасында болатын өзгерістер көңіл күй жақтан ықпал жасап, ауру тудыратынын да шипагер егжейтегжейлі пайымдап, негізінен, ұшықтың себебінен болатын сырқаттар деп есептеген. Сонымен қатар артық желпініп қуанудың да, қайғықасірет шегіп, қорқып, абыржудың да адамды ауруға душар ететінін халықтың өмір тәжірибесінен де, өз көзімен көрген жайлардан да қорыта отырып, адамның псикихалық әрекетін физиологиялық негізде түсіндірген. «Жақсы сөйлесек – жанға шырай бермеу» дейді. Аурудың көңілін сұрау науқастың сауығуына көп көмегін тигізеді деп те жазған.

– Біз – түбіміз түрік, ағайын халықпыз. Түрік сөзінің мағынасы туралы айтарыңыз бар ма?

– Түрік сөзінің түбірі, мағынасы жайлы ғалымдарымыз көптеген ойларын ортағы салып, қызу талқылап жүр. Мен филология ғылымдарының докторы, профессор Алтай Аманжоловтың бір пікірін айтайын. Өзім де соған қосыламын. Түрік, түргүн сөзі біздің тілімізге аударғанда «бас», «басшы» деген мағынаны білдіреді екен. Осы өте жақын келеді. Яғни «басқарушы», «басшы» деген мағына.

– Түркілер металл балқыту ісімен ертеден-ақ айналысқан және олардың темірден жасаған қару-жарақтары мықты болған деген сөз рас па?

– Ол – рас. Металл балқыту ісін өте жетік меңгерген және әскерінің бас-аяғына дейін бес қаруын сайлап ілген. Түрік әскерінен бәрі қорыққанын тарихтан білеміз. Осы сұстарымен-ақ көпшілігін тізе бүккізген. ҮІ-ІХ ғасырларда олар темірді күнделікті тұрмыста да кеңінен пайдаланған.

– Моңғолия жеріндегі «Күлтегін» ескерткіші жайлы айтсаңыз. Алғаш егемендігімізді алған жылдары ақын Есенғали Раушанов екеуміз Моңғолияға барып, үлкен әсермен оралған едік. Тасқа қашалып жазылған таңбалардың қаншама ғасырларда сыр бермей сақталғаны кімді болса да таңдандырары сөзсіз. Ал кейін алаштың ардақты ұлы Иманғали Тасмағанбетов елге көшірмесін әкелді.

– Ескерткіштерге таңбалар қашалған деп дұрыс айтпай жүрміз. Ол таңбалар қашалып емес, ойылып жазылған. Дұрысы – осы. Түркі таңбаларының заманында өте дамығандығын да осы ескерткішке ойылған жазулардан ашық байқауға болады. Оны зерттеген сайын бір жаңалық ашуға болады.

– Бүгінгі күні түркі халықтарының бірлігі қаншалықты дәрежеде деп ойлайсыз?

Жер қайысқан айбарлы әскері бар түркілерді әдейі әртүрлі ұлыстарға бөліп жіберген ғой. Бүгінгі күні олар елу шақты елге бөлініп кетті. Жеке тәуелсіздігін алғанғандары бар, тәуелсіздігін алмағандары бар. Түбі бір түркі халықтарының ұқсастықтары көп. Үңіле берсек қытайға да көп нәрселеріміз сіңіп кетті. Қазіргі Қытайдың астанасы – Бейжің де түркілердің жері болған. Аталмыш ескерткіш тастарда қытайды «табғач» деп атаған.

– «Табғач» деген сөздің мағынасын түсіндіріп беріңізші.

– «Табғач» деген – бір кездері Қытайды билеген түркітілдес тайпаның аты. Тарихтан белгілі, ол кезде Қытайдың оңтүстігінде ғана қытайлар болған. Ал ойма жазуда түркілердің қытаймен соғысқанын жазады. Келешек ұрпаққа дұшпаннан сақтану керек екендігін жазады. Ескерткіштің бір жағындағы ойып жазылған жазу – қытайша, ал екінші жағындағысы – көне түркі жазуы. Өзің де бардым деп отырсаң, бағамдап қараған шығарсың. Сол қытайшасында «көршілерімізбен байланысымыз жақсы», деп қана жазылған екен. Мұнда да үлкен саясат жатыр. Қытай – біздің мәңгілік көршіміз. Олардан ат-тонымызды алып қашып та кете алмаймыз. Тек өз ішіміздегі бірлігімізді қатты нығайтуымыз керек. Бүгінгі күні жекежеке мемлекет болып отырған түркі халықтарының арасында тығыз байланыс орнатып, мәдени қатынастар жасайтын ТҮРКСОЙ ұйымы бар.

Тағы бір ойымды айта кетейін. Бүгінде түркілердің атадан балаға беріліп келе жатқан дәстүрлерін жоққа шығарғысы келетіндер пайда болды. Ол мүмкін емес. Біріншіден халықтығымызды айшықтап тұрған біздің дәстүріміз ғой. Ата-бабаларымыздың таңдауы, заман жылжи келе, осы ислам дініне тоқтаған. Бірақ оның ар жағындағы бабалар дәстүрін де қатар алып жүретіндіктерін жасырмаған.

– Қытай қазір көп ілгері кетті. «Жібек мемлекеті» Қытайдың балама атауы деп жүр. Біз «Ұлы жібек жолы» деп жатамыз.

– «Ұлы жібек жолы» Шығыста Қытай империясынан басталып, Батыста Рим империясымен аяқталды.

Жібек жасап шығару және онымен сауда жасау кезеңі күні кешеге дейін біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық болып саналып келеді. Алайда Чжецзян ауылындағы, Тайху көліне таяу маңда қазба жұмысын жүргізген қытай археологтары неолит дәуіріне жататын жібек маталар, белдіктер мен жібек жіптер тапты. Бұл маталардың «жасы» біздің дәуірімізге дейінгі 2750 ж. ҮІ-Ү ғасырларда қытай жібегі басқа елдерге, оның ішінде Батысқа да шығарыла бастады. Алтайдағы Пазырық «патша» қорғандарының бірінен біздің дәуірге дейінгі Ү ғасырды көрсететін феникстер қолымен өрнектеліп тігілген жібек жамылғы, Оңтүстік және Батыс Еуропа аудандарынан өте ерте замандарға тән, көне қабірлерден жүннен жасалған бұйымдарға тігілген жібек маталар мен шашақтар табылған. Қытайда жібек шығаратын станокта екі адам жібекті тоқи береді. Станокпен бір күнде 9 сантиметр жібек тоқитын болған. Қытайлықтар осыдан бес мың жыл бұрын жібек құртын өсіруді түбегейлі қолға алған. Олардан алынған талшықтардан жібек тоқыған. Ал жібек матаның бетіне әртүрлі аң-құстардың суреттерін бейнелеу сол кездеақ пайда болған. «Жібек мемлекеті» деп сондықтан айтқан.

– Аға, осы жерде менің есіме бір оқиға түсіп отыр. Жетпісінші жылдардың аяғында жазғы демалысқа шығып, Түркістанға – елге қайтқаным бар. Түркістан теміржол вокзалында Сейілхан, Назымхан дейтін ағаларым, Нұрбибі, Ақтолқын дейтін жеңгелерім қарсы алып, Бабайқорғанға кетіп бара жатып жол-жөнекей аға-жеңгелерімнің бір жолдастарының үйіне соқтық. Сол үйден бірінші рет «жібек құртын» көрген едім. Үйдің бір бөлмесін толығымен босатып, үлкен үстелдің үстіне тұт ағашының жапырақтары қалың етіп жайылған екен. Сол жапырақтардың арасында «жібек құрты» ағараңдап жүргені есіме түсіп отыр. Сонда бұл шаруашылықты бізде де қолға алған болып тұр ғой?

– Жібек өндірісінің дамыған кезі ғой. Бармақтай болып келетін «жібек-құрттың» жұмыртқаларын жинап, оларды құрт пайда болғанша жылы жерге қояды. Кейде тіпті өзінің жылуымен жылытады. Құрттарды арнайы жасалған сөрелері бар шалаштарға орналастырады және тұт ағашының жапырақтарын жегізеді. Құрттар адамның кіші саусағындай болып өскен кезде адамның шашынан да жіңішке жібек жіпті шығарып, өзін айналдыра ораумен «кокон» тоқи бастайды. Кокондарды жинап қазандағы ыстық суға шыланып алады. Бұл жерде уақытын тап баса білу қажет, себебі құрттар көбелекке айналмас бұрын сары сұйық бөледі. Ол жібек коконды бүлдіреді. Суға шыланғаннан кейін құрттар өледі, ал кокондар тарқатылады да жібек мата тоқылатын жіп алынады.

– Жақында Алматы мен Астана қалаларында «Қытайдың жібек өнері» атты көрме өтіпті. Осы көрмеге Айкүміс Жақсылыққызы деген қазақтың парасатты қызы да қатысқан екен. «Көрмеге қойылған бұйымдардың әдемілігінде, сапасында мін жоқ. Ең маңыздысы қай нәрсесіне қарасаң да, қытайдікі екенін ондағы суреттерден бірден аңғаруға болады. Біз де өз өнімдерімізді шығарып, ұлттық нақыштарымызды басқа елдер жазбай танитындай дәрежеге жетсек қой, шіркін!» – деп армандаған еді Айкүміс ханым. Сіз қалай ойлайсыз?

– Мұны ұлттты шексіз сүйетін әрбір ұл-қыздарымыз армандайды ғой. Осындай ойлары бар, білімді ұрпақ қалыптасып келе жатқанына өз басым өте қуаныштымын. Неге болмасын?! Қытайда «Чин хан және Вэй Жин патшалығының өрнектері», «Таң Сун патшалығының байлықты бейнелейтін киімдері» деп әр патшалықтың өзіне тән айырмашылықтарын да суреттейді...

– Дұрыс айтасыз, аға. Сүлік құрты туралы білесіз бе?

– Сүлік құрты туралы аңыз естігенмін. Қазір жазып та жүр ғой.

Оның денсаулыққа пайдалы екенін ғалымдарымыз да айтып жүр. Осы сүліктің көптеген ауруларға, әсіресе жүрек ауруына, қан қысымы көтерілгендерге пайдасы жақсы екен. Қазақстанда да сүлікпен емдейтін бірнеше орталықтар барын естігенмін. Алматы қаласында да сүлікпен емдеу орталықтары бар.

– Денсаулық тақырыбына ойысқан соң, сұрай отырайын, аға, Шығыс медицинасында тамыры тереңге кеткен инемен емдеу тәсілі қолданылып келеді. Осы туралы не айтасыз?

– Инемен емдеу – ертеден келе жатқан емдеу тәсілі. Оның 2000 жылдан артық тарихы бар. Қытайдың шөппен емдеу тәсілімен қатар дамып келеді. Менің ойымша, осы инемен емдеу туралы өзіміздің «Шипагерлік баян» атты кітабымызда айтылған болуы да мүмкін. Инемен емдеу тек Қытайда ғана емес Жапония мен Кореяда да жақсы дамыған. Негізінен, инемен ауру түрлерінің 70-80 пайызын емдеуге болады деген болжам да бар екен. Ол Қытайда өте жақсы дамыған. Қазір бізде де орталықтары көп. Қазіргі уақытта Еуропа медицинасы бірінші орында тұр. Ал Еуропалық медицинаның тарихына ары кетсе мың, мың жарым жыл болды.

– Біздің бала кезімізде діни айт мерекелерін де қазақтың қанында бар салты секілді тойланатын сияқты еді, әлде маған солай көрінді ме екен, білеймін. Бүкіл ел, ауыл дүркірей көтеріліп, туыс-туғандар бір-біріне айттап барып, ел ағалары мен ақсақалдардың үйінде бас қосатын. Қазір күйбең тірлік дейміз, әйтеуір сылтау көп.

Мүлдем ұмыт болған салтты атап бере аласыз ба? Біздің қазіргі күні тойланып жүрген мерекелеріміз өз дәрежесінде деп ойлайсыз ба?

– Мүлдем ұмыт болған салт-дәстүр деп атын атап, түсін түстеу қиын. Бірақ әлі де өзінің деңгейінде тойланбай жатқан салт-дәстүрлеріміз бар. Мүлдем тойланбай жатқанын айтпай-ақ қояйын.

Бізде қыз ұзатылғанда айтылатын сыңсулар бар. Өкініштісі, бізде бұрын «осындай салтымыз болған» деп салт-дәстүрді зерттеп-зерделеп жүргендер ғана жазып, айтып қоюдан әрі аса алмай жатыр. Негізі дәстүріміздің етек-жеңін жинастырудай-ақ жинастырдық. Енді оны күнделікті өмірде пайдалана білуіміз керек. Бірақ сыңсуды қайтару қиын да шығар. Мен сыңсу айтып отырған қызды көрмеппін. Оны заманымызға сай неге жаңғыртпасқа... Сосын ұйғыр халқының дәстүрінде отағасы қайтыс болғанда әйелдері қара сөзбен жоқтап отырады. Мен бұл жерде көпке топырақ шашудан аулақпын. Ал қазақта жоқтауды өлеңмен айтқан ғой. Қайтыс болған кісілерге шығарылған жоқтау өлеңдер – бұл жүректен шыққан шерлі өлеңдер. Жоқталушы адамның кім болғанын, қандай абыройға ие екендігін, қандай игі істер атқарғанын жоқтау арқылы білдірген. Жоқтау ауыз әдебиетінің бір бөлшегі екенін білесің. Қазір кейбіреулер «өлген адамды жоқтауға болмайды» деп жатады. Бұл дұрыс емес... Бұрындары баланы сүндеттер алдында оны көйлегіне үкі тағып алып, ашамайға мінгізіп ел аралататын. Бала үлкендерге сәлем беріп, батасын алып, әжелерімізге маңдайынан сүйгізгеннен кейін келіп сүндетке отырғызған. Енді мұны заманымызға лайықтайық. Ендеше, баланы темір тұлпарға мінгізіп, ұлттық киім кигізіп, жасы үлкендердің үйін аралатуымыз керек. Біріншіден, үлкенге сәлем беруді үйренеді. Екіншіден, бала есейгенін сезінеді. Үшіншіден, салтымыздың бұл түрімен танысады. Бұл баланың санасында мәңгі жазылып қалады. Осылай дамытуымыз керек. Мұның бәрі өзіміздің қолымызда.

– Қазір тойларымыз мейрамханалар мен кафелерде өтетін болды ғой. Бір тойда тісі қағылмаған қойдың басының үстіне ет қойып әкелгенді көргенім бар еді... «Мынауларыңыз қазақта жоқ салт қой» десем, «Жоқ! бізде осылай» деп жауап берді. Сонда бұл не болғаны?

– Көрдіңіз бе, жаңғыртамыз деп жүріп бұзып алуымызда мүмкін болып тұр. Бастың тісі қағылмаған деген, сұмдық қой. Ол біріншіден, басқасын айтпағанда, тазалыққа жатпайды. Негізі, басты тазалағанда көзді, мұрынды тазалап жуады. Жағын айырып, тісін қағып тастайды.

Қытайдан, Моңғолиядан келген қандастарымызда салт-дәстүрлеріміз қаз-қалпында сақталған десек те болады. Оларға өкпе де жоқ.

– Осы орайда дәстүрімізге жаңадан қосылғандары бар деп ойлайсыз ба?

– «Құбылған әлем жарысы – ақылды жанның табысы» деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, әлем мәңгілік қозғалыста. Қатып қалған қағида мен мәңгі құбылыс болмайды. Қазақ қазіргі заман көшімен дамып, салт-дәстүріміздің жетіліп отыруын заңдылық дер едім. Ұлттық мейрамдарымызды халықтың бәрін қатыстырып, қатып-семген діни сарында емес, бүгінгі заманға бейімдеп, тартымды етіп өткізуіміз қажет. Халықты сондай мерекелерде ғана жинап, сонда білгеніңді көрсетпесең, ешкімнің уақыты жоқ. Салт-дәстүр халықтың ішкі жан дүниесінен туындайтын асыл қасиет. Ол Үкіметтің жарлығымен жүзеге асырылатын шаруа емес. Тәуелсіздігімізге қол жеткізген екенбіз, енді оның гүлденуіне әрбір азамат жеке дара күш салуы керек. Ол салт-дәстүріміз. Тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің тұғыры – салт-дәстүр. Бұрынғыдай ескі сарынмен, орыстық психологиямен кете беретін болсақ, соңы жақсылыққа апармайды. Қазіргі «мылтықсыз майданда» жастардың жан дүниесіне әсер ететіндей етіп салтымызды дәріптесек, заманның сұраныстары мен қиындықтарына төтеп бере аламыз. Сонымен қатар салт-дәстүріміздің ерекшелігі арқылы нарық пен жаһандану қоғамында өзімізді әйгілеп, әлемге танылуымыз керек. Бұл ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Ол тынбай еңбек етіп, күресуді қажет етеді. Мына қытай қазақтарында «Танысу» салты бар. Қыз ұзатыларға аз күн қалғанда жанына жора-жолдастарын ертіп, туған-туыстарының үйлерін түгел аралап, амандасып шығады. Осы барысында қыз өзінің жасау-жабдықтарын толықтап, бұрын бара алмаған, көптен көрмеген туыстарын аралап, ақ баталарын алады. Қазір осы салтты осында да бір-екі жерде көріп қалдым. Негізі, жоқтан бар іздеуге талпынғанша уақыттың сүзгісінен өткен салт-дәстүрімізді қабылдап түйсініп, салтты саралауға жұмсағанымыз жөн. Көбі дәстүрімізді білгенімен оның ішкі мазмұнын, атқаратын қызметін, әу бастағы игі ниет- тілегін жете білмейді. Бұл дәстүрге деген керағар пікірлер тудыруы мүмкін.

– Болашағымыз жастар дейміз. «Жас Алаш» газетінің қайсыбір санынан 21 наурызды «Қозы мен Баян» күні, яғни жастар күні немесе махаббат күні болсын» деген игі бастамасын көріп қалған едім. Осы мереке керек пе?

– Әрине, керек. 21 наурыз деп алғандары да көңілге қонымды екен. Бірақ Наурыз бен Жастар күні бір-бірінің аясына кіріп, болашақта сіңіп кетпей, әрқайсысының өз орны болуы керек. Қазақта «Ұйқыашар», «Селт еткізер» деген тәрбиелік мәні жоғары салттарымыз бар. Жастардың бастамасы дұрыс. Олардың бір-біріне сыйлайтын сыйлықтарын дүкендерге үйіп тастау керек. Сыйлыққа «Қозы мен Баян» күні құтты болсын!» немесе «Жастар күнімен» деп жазылса... Бізді жат діндегілер осындай арзанқол сыйлықтарымен улап отырған жоқ па?! «Ол күнді қашан мемлекет бекітеді, заң шығады» деп күтудің еш қажеті жоқ. Сыйлықтарды дайындап, дүкен сөрелеріне қоя алсақ. Оған басқа ешнәрсенің де керегі жоқ.

– Өнер зерттеушілері қазақ жеріне енді жетіп жатқан «Қара жорға» биінің тарихы ХІІ ғасырдан ары кетеді деп жүр. Бұл биді ортамызға оралман қандастарымыз алып келді. Осы биімізді жоғалып, қайта жаңғырған дәстүріміздің біріне жатқызуға болатын шығар. Бұған не дейсіз?

– «Қара жорғанының» делебені қоздырып, бірден үйіріп әкететін бұл бидің өзіндік дара қасиеті – оны билеген кезде адамның барлық буындарының қозғалысқа түсетіндігінде. Алтай асып Қытайға кеткен қандастарымыз басқа ұлттар арасында осы «Қара жорға» биін билеп көрсетеді ғой. Би биленгенде қазақтармен бірге сахнаға моңғол, қытай халық өкілдері де шығып билеп жататын. Биді билеген кезде адамның барлық буындарының қозғалатынын ескерген ғой. Онда «Қара жорғаның» бидің негізгі әркетін сақтай отырып, мектеп оқушыларының дене шынықтыру өлшеміне сай қайта жасалған. Бұрынғы музыкасына домбыра, қобыз сияқты ұлттық аспаптардың сүйемелдеуін қосып әрі ән сөзін оқушыларға лайықтап өзгертіпті. Міне, ұлттық құндылыққа деген құрметтің бірі.

Кезінде Алтай асып Қытайға барған, одан Түркияға барған Арыстан Шәдетұлы осы «Қара жоға» биін билеп туысқан халықтарды таңғалдырған көрінеді. Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Алтай аймағының Шіңгіл ауданында «Қара жорға» биін он мыңнан астам адам билеп шығып, «Гиннестің кітабынаә енді.

– Қазір «Қара жорға» күй емес, әнге айналып кетті ғой. Арнайы дайындалған әнге билейтін болдық.

– Мен бұрын осы биге қатысты ойланып жүрген едім. Бірақ бәрін бірдей зерттей беруге уақыт та керек қой. Денсаулық та керек. Далаға шығып, сұрастырып жүретін әлім жоқ қазір. Естігенімді ғана айтып отырмын. Бұл бидің үш түрлі аты бар екен: «Қара жорға», «Бақсы биі» және «Буын биі». «Қара жорға» ән болып соңғы жылдары пайда болды. Кім шығарғанынан хабарым жоқ. Бірақ ол «Қара жорға» күйі емес, «Салкүрең» күйіне шығарылды. Бүгінгі «Қара жорға» «Салкүреңнің» әуенімен биленетін болды. «Қара жорға» тек домбырамен ғана орындалуы керек. «Қара жорға» баяу биленеді, ал «Салкүрең» әуенімен билеп жүргендер қарқынды, баяу емес.

– Осы он екі мүшеңді қимылға келтіретін «Қара жорға» биінің шығу тарихы қандай екен? Кейбіреулер «бұл моңғолдың биі» деп жатады...

– Мынау – біздікі, анау өзгенікі деп айта алмаймыз ғой. Қазір бізде оны ата-бабалары да билеген, қазіргі балалары да, немерелері де билеп жүрген бишілеріміз бар. Моңғолдарда да бұл бидің бары рас. Бірақ олардікі біздікіне мүлдем ұқсамайды. Басқа.

Жаңа үш аты бар дедім ғой, бұл негізі бұрынғы шамандардан қалған «Бақсы биі» дегенге аяды. Баяғыда бала кезімде көрген біздің бақсылардың қозғалысы да тура осы бидегі қимылдарға келетін.

– «Жастай берген тәрбие, Жас шыбықты игендей» деген Абай атамыздың ұрпақ тәрбиесінде кеш қалмауды меңзеген даналық сөзін дәл бүгінгі күні маңызы артқандай. Кешегі ұлы Мағжан сенген жастардың бүгінгі бейнесіне сіз қалай қарайсыз?

– Иә, бұл енді үлкен мәселе. Мен қыздарымызға қатысты Қытайдағы бауырларымыздың айтқан бір әңгімесін айтып берейін,. Осыдан жетісегіз жыл бұрын он бес мың қазақтың қызы қытай ұлтының жігіттеріне тұрмысқа шығыпты. Бұл – ресми мәлімет. Ал қытай жігіттері неге біздің қыздарға құштар болып отыр? Өйткені Қытайда тек бір-ақ бала тууға рұқсат бар. Қыз бала болсын, ұл болсын, бәрібір әйтеуір саны біреу болуы керек. Ал Қытайдың шетінде тұратын ұсақ ұлт өкілдеріне екі баладан тууларына рұқсат етілген. Әлгі қазақ қыздарының алды қазір үш-төрт баладан туып беріпті. Олар, әрине, «қытай» болып жазылады, әлгі қытайдан туған балаларды айтып отырмын. Қыздарымыз осындай басқа ұлт өкілдеріне шығып кетпеулері үшін жоғары оқу орындары мен орта білім беру орындарында ұлттық намыстарын оятатын үгітнасихатты жүргізу керек, түсіндіру керек.

Тәрбиенің бастауы шаңырақтан, өз отаныңнан басталады дейміз. Бұл туралы қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Үйде отырғанда көзі тірі өнеге боларлық адамдарды қатыстырып, жастарға әңгіме айтып отыру керек. Жастарға «Ең әуелі өзіңнің тіліңді сыйла, дініңді сыйла, тегіңді сыйла, хылқыңды сыйла, мемлекетіңді сыйла, тәуелсіздігіңді сыйла», – дер едім.

– Қазір екі бағыттағы жастарымыз өсіп келе жатқан сияқты. Бірі – мұсылмандық деген осы екен деп, фанат болған, екіншісі – батыстық үлгіні пір тұтқандар да аз емес. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі біздің бас мүфтиіміздің басшылығымен елімізде дін мәселесі де жақсы жолға қойылды. Әлгі айтып отырған педагогикалық тәрбие, Әбсаттар қажы дау жоқ үлкен оқымысты, бір жағынан өзі тәжірибелі педагог та ғой. Бұл салада оң бағыттағы істер көптеп атқарылып жатыр. Осы жерде діни тәрбие мен ұлттық педагогикалық тәрбие ұштастыру жайлы не айтуға болады?

– Әбсаттар қажы сөз жоқ, үлкен оқымысты ғалым, жазушы адам. Бүгінгі мешіттеріміздің мұсылмандық діни бағытта көптеген істер бітіріп жатқандарына еш дауым жоқ. Дегенмен, бет-аузын мүлдем бүркеп жауып жүретін қыздарымызды көріп таңғаламын. Біздің қазақтың қыздары бет-аузын тұмшаламаған ғой. Менің бұл сөзімнің астарында қыздарымыз біздің ұлтымыздың өзіне тән мұсылман киімі өз сән-салтанатын сақтап қалсын деген ниет жатыр... Имандылық жолына түскен қыздарымыздың ісіне қуана қарауымыз керек. Бірақ ұлттық тұрғыдан, бұрынғы ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолдан ауытқымағандары дұрыс болар еді. Біздің ұлттық киімдеріміздің өзі жас шамасына қарап бөлінеді. Қыз балалар басына бөрік, тақия киген, келін болып түскенде ғана бастарына орамал салған. Бала туғаннан кейін ғана ақ жаулық таққан. Солай кете береді. Тұмшаланып жүргеннен жақсы ғой әрі тұмшаланған біздің санамызға – мүлде жат нәрсе.

– Айтқаныңыз орынды, аға. Әрине, біздің дініміз ислам болғандықтан мұсылмандық талаптарды орындауға тиіспіз. Бұл жерде айтпағымыз ұлттық құндылықтарымызды ұмытып, өзге ұлттардың жымысқы әрекеттерінің құрбаны болып кетпесе екен деген қауіп қой.

– Ал қазір ұлттық киім тігумен айналысып жүрген қаракөздеріміз аз да болса бар екен. Ол туралы «Қазақ қоғамында» бір келіншек айтып қалды. Олар қазір ұлттық киімдерімізді сахналық, сәндік кештерде киетін, жыл мезгілдеріне қарай, қыстық, жаздық, күздік деп бөліп дайындайтын көрінеді. Содан басқа сәби киімі, бала киімі, қалыңдық киімі, келіншек, бәйбіше, күйеу бала, жас жігіт, ақсақал киімдері бар екен. Сонда неге ұлттық киімдеріміз жоқ деуіміз керек. Бәрін өз атымен, сәнімен қазіргі заман талабына сай етіп тіксе, күделікті киюге ыңғайлы етіп тіксе, ұлттық киімді бәрі киер еді.

– Біз өзімізді бақыттымыз деп айтуымыз керек. Солай да ғой. Ескіліктің қаймағы бұзылмаған таза қазақы қарттардың көзін көрдік. Ауыл өмірінің таза көрінісін көріп, ішінде біте қайнастық. Бірнеше айдан бері сізбен сыр-сұхбатымыздың таусылмас арқауы болып келе жатқан салттарымыздың бәрін іс жүзінде көрдік десем де болады. Ал қазіргі жастарымыздың оны көрмеуіне олар кінәлі емес шығар. Өзіміздің балаларымыз да қалада өсті. Сол ауылда менің шешем Айжамал шиді нақышына келтіріп тоқитын. Қазір сондай шиларымызды тек мұражайлардан көріп жүрміз. Қолөнердің осы түрі туралы не білесіз, аға?

– Иә, оның дұрыс. Қолөнер менің – ашылмаған бір қырым. Қолға алсам алып кете берем, есіңде болсын (Жағда аға күліп алды). Ши тоқу өнері ұлттық өнеріміздің өзіндік көркемдігімен ерекшеленетін бір түрі ғой. Шиден тоқылған ең көне бұйым осы Жетісу жерінен табылған. Қазақ үшін шидің маңызы өте жоғары. Қазақтың тұратын жеріне байланысты олардың түрі, оюы, пішіні өзгеріп отырады. Мысалы, кереге шиі, түңлік шиі, ас қорған шиі болып кете береді.Төсеніш шиі де бар. Ши тоқу аса ұқыптылықты талап етеді. Шидің элементтерінің өз атаулары бар. Мысалы, шиге өрнек салып белгілеуді «сызу», өрнектеп көркемдеуді «түр салу», ал түр оралған әр шиді «шыбық» және шиге орау әдісін «жүзіктеу» деп атайды. Шиге түр салып оралған шыбықтарды қосатын жіпті «шуда» дейді. Тоқылып біткен ши бұйымының екі шетін тегістеп қырқуды «шабу» деп атайды. Сондай-ақ ши тоқуға кіріспес бұрын шиді қабығынан аршиды. Оны «аршу» деп атайды. Алдымен оны жинап алу керек. Шидің шикізаты қамыс екені белгілі. Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстанда қамысты маусым айының аяғында жинап алады екен. Ал Солтүстік Қазақстанда қыркүйек айының соңында ғана жинайды. Әбден бойлап өскен қамысты шауып әкеліп, түбін жоғары қаратып, көлеңке жерге кептіреді. Оны шеберлердің өзі қадағалап, шидің қақырап кеуіп, жарылып кетпеуіне үлкен мән берген.

– Бала кезімде шешем тоқыған, мен көрген шилердің ою-өрнектері өте тартымды болатын. Кеше ғана орып әкелген қамысымыз, бірнеше уақыттан кейін түрлі-түсті ою-өрнектермен безендірілген қалы кілемге бергісіз бұйым болып шығатын. Осы шидің ою-өрнегінде өзіндік қалып бар ма?

– Ши өрнегінде өзіндік ерекшілік бары рас. Ол өрнектер шидің атқарар ісіне байланысты өзгеріп отырады. Шидің оюлары «айшық» және «шаршы» деп екіге бөлінеді. Абай Құнанбаевтың қолтаңба өнері туралы жақсы ойы есіме оралып отыр. «Қазақ ұлтының сәндік қолтаңба өнері – халықтың дарынды да, білімді де, ақылды да дана шеберлігін, ісмерлігін, өнерпаздығын, ұсталығын танытқан. Ал мұндай шебер, ісмер ұсталарды халық арасында тек қолтаңба туындыларынан ғана емес, сонымен қатар, олардың шәкірт тәрбиелеушілігіне бас ие отырып, сый-құрмет көрсетіп, қадір тұтқан». Әрине, әр сәндік қолтаңба, қолөнердің әрбір саласының сыр сандығының құлпы бар. Осының кілтін тапқан жан ғана шебер атанады емес пе?

– Менің анам Айжамал сегіз қырлының нақ өзі болатын. Өзі он саусағынан өнері тамған жан еді десем, артық айтқан болмаспын. Менің осы дәстүр тақырыбына келуіме сол бала кезде анамнан көргендерім бірден-бір себеп болады. Ол – өз түйсігім. Адам жады, қазіргі тілмен айтқанда, компьютер сияқты ғой. Ол нәрсе ұмытылып қалмайды, қозғаушысы болса жаңарып шыға береді. Бала кезімде анам көрші кемпірлер мен келіндерін шақырып, текемет басатын. Оның өзі үйдегі кішігірім тойға бергісіз болатын. Сонда бізге шиге оралған текеметтің пісуі қансын деп кезек-кезек домалатып, үстінен бастыртатын. Бұл бағана айтқанымыздай, өнерлі, боялған ши емес, арнайы киіз тоқуға арналған жәй ши ғой. Ал жаз мезгілінде қыздары мен келіндерін жанына отырғызып қойып, кілем тоқитын. Кілем бір айға жуық уақытта тоқылып та бітетін. Қазір осындай сапалы, сәнді кілемдер тоқитындар азайды. Білетіндердің уақыты жоқ. Әр үйдің бойжеткені қолөнермен айналысса, қандай жарасымды болар еді, сіз қалай ойлайсыз?

– Әрине, он саусағынан өнері тамған ісмер ененің тәрбиесін, тәлімін көрген өнегелі келін, сондай-ақ бір әулеттің ғана емес, бір ауылдың ұстыны бола білген, ұста әкенің ұлағатын көрген бала, шүкіршілік, ел ішінде кезігеді. Бірақ бізде насихат аз ғой. Бірде теледи дардан түркімендер туралы хабар көргенім бар. Ол хабар түрікменнің қолөнеріне қатысты арнайы ашылған арна екен. Ол арна қолөнердің түрлерін көрсетіп, оны қай жерде қалай пайдалану керек екендігін ғана жариялап қоймай, оның жасалу жолдарын да үйретеді екен. Міне, ұлттық құндылыққа деген ұқыптылық. Осыны қолға алу керек! Бұл да кезекк күттірмес мәселе. Киізіміз бен текеметіміз неге ұлттық бренд болмайды?!

– Қазір аз болса да кішігірім цехтарда киіз басу ісімен айналысып жүрген қандастарымыз бар екен. Бірақ отандық қолөнер туындыларының бәсекелестікке қабілеттігі қалай бағаланады, әңгіме сонда ғой...

– Қазір ішкі нарықта отандық өнімдерге қарағанда, көрші елдердің тауарларының үлесі әлдеқайда басым. Оның ішінде Қытайға тиер үлес мол. Олардың тауары арзан әрі көп. Біздің тауарлар өте аз. Мынау дағдарыста осы отандық өнімдердің бағасы бұдан әрі қымбаттамаса, арзандай қоймас. Оның үстіне қолөнер бұйымдары фабрикалардан көп мөлшерде шықпағандықтан, өнім бағасына шикізат, адам еңбегі, ғимаратты жалға алу, салықтық төлемдер, маркетинг пен жарнама және басқа да жұмыстарға жұмсалатын қосымша шығындар әсер етеді сол себепті тауар қымбат бағамен сатылады. Біз соңғы жылдары дамыған елдердің қатарына қосыламыз деп бағаларымызды әлемнің ең алдыңғы қатардағы елдерімен теңестірдік те, өндіріс оған ілесе алмай қалды. Елімізде шикізат жеткілікті болса да, оны өңдеу мәселесі әлі күрделі жағдайда тұр. Мысалы, мал шаруашылығы сонау есте жоқ ескі заманнан бері үзілмей келе жатқан байырғы кәсібіміз болса да, жүн өңдеу өнеркәсібі ақсап жатыр. Айталық, киізімізді басу үшін жүн керек. Ал жүн жинаудың өзі – өзінше бір мәселе. Ауылды жерлерде жүн жеткілікті, бірақ оны Кеңес өкіметі кезіндегідей қабылдайтын, өңдейтін жер жоқ. Қазіргі бір-екі өңдеу кәсіпорнының, біріншіден, қуаты шағын, екіншіден, олардың өндірісі тек экспортқа бағытталған. Ал ауыл тұрғындары өз қолындағы азын-аулақ малының жүнін, терісін қайда өткізерін білмегендіктен, босқа рәсуа болып жатқаны жайлы айтылып келеді.

Сосын жүннің қырқылуының және жинауының да өзіндік сыры бар екенін білесің. Оған қоса қойлардың түрлерінің де әсері болады. Мысалға, егер үйге киетін аяқкиімді меринос қойдың жүнінен жасаса, ол тез жыртылып қалуы мүмкін. Ал қазақы қойдың жүнінен жасалған аяқкиімдер ұзақ киіс береді. Ал киіз басу үшін, негізінен, күзем жүн – қойдың үстінде жүргенде жуылған, яғни қойлар 5-10-нан күпкіден өткізіліп тоғытылған соң, онда да жүні кепкен бойда қырқылуы керек. Қырқылған жүн жиналып, іріктеліп, сабауға жіберілген. Ол үшін арнайы түзу талдан сабау құралын дайындап алу керек. Содан соң 5-6 адам ұзындығы бір метрдей сабауды екі қолға ұстап, жүнді сабайды. Сабаумен жүнді қопсыта ұру керек. Сабалған жүн бойындағы шаң-тозаңнан арылады, ұйысы жазылып, көпіріп, желкілдеп көтеріліп, жұмсақ күйге енеді. Осылардан кейін ғана жүн киіз басуға дайын болады. Жалпы, киіз басу және киізден бұйымдар жасау көшпелі халықтарда жақсы сақталғаны тарихтан белгілі. Қазақтар киізді тек жабу үшін ғана емес, үйдің ішін жасап-жабдықтауға да пайдаланған. Оны енді кешегі бар қазақ баласы білетін шығар.

– Біз қазақтың ғұрыпына байланысты қасиетті сандар туралы айттық. Осы сандардың ішінде қырық саны ерекше айтылады. Ол неге 10, 20, 30 емес, 40 саны?

– Бұның әлі де жұмбағы көп. Қырық деген санды ғалымдар түрлі-түрлі айтып түсіндіріп жүр. Ол тек біздің халықта ғана емес, әлем халықтарының көпшілігінде кездесетін көрінеді. Қазақта киелі сандар: 3,7, 9, 40, 70. Бұл сандар әлі күнге дейін жете зерттеле қойған жоқ. Біз енді осы сандарға қатысты тәмсіл сөздерімізді, оған қатысты жасалатын ырым-тыйымдарымызды білеміз. Кейбірін атқарып та жүрміз. Бірақ осының бәрін дәстүр-салттарымызбен салыстыра отырып зерттеу керек.

Адам өмір бойы ізденіп, өмір бойы үйреніп өтуі керек. Біз мәңгілік шәкіртпіз, халыққа да айтарым, жастарға да айтарымыз ізденуден, зерттеуден жалықпау керек. Теңіздің астынан маржан тергендей халқымыздың бір жылтыраған дүниесі болса, соны біз көрсете алсақ, өмірдегі істеген тірлігіміздің мәні осыған тірелетін шығар... Мынау адамның өмірі, негізінен, үш кезеңнен тұрады екен. Дүниеге келу, ер жету, дүниеден өту. Бір қызығы, осы үш кезең де бір-бірін қайталайды екен. Бірінде жасалатын ғұрыптар, екіншісінде, үшіншісінде қайталанып кездеседі. Мысалы, шырақ жағу. Бала дүниеге келгеннен кейін қырық күн бойы шырақ жаққан. Келін түскен кезде де шырақ жағу салты болған. Баланы қырқынан шығару және адам дүниеден озған кезінде қырқын беру бар. Осы салттар бір-біріне сәл ғана өзгерістері болмаса, қайталана береді. Қайтыс болған кісіні жөнелтуге байланысты біздің халықта әбден қалыптасқан салт бар. Ең бірінші – дүниеден өткенде бүкіл елге хабар айту. Одан кейін қонақасын беру. Айтпағым, қайтыс болған адамды кебіндеген кезде басын байлайды, белін байлайды, аяғын байлайды. Бұл да біздің үш дәуірді бейнелеген сияқты салтдәстүріміз. Дүниеден өткеннен кейін де оны шығарудың өзіндік салт тары бар. Мысалы, ағаш атқа мінгізу немесе адамды салып, көтеріп шығаратын мүлікті «ағаш ат», бір жерде «бесік» дейді. Қазақта «ағаш атқа» мінгіздім деген де сөз бар. Бұл «өлімге қидым» деген мағынаны білдіреді. Одан кейін оны көтеріп бара жатып, босағаға дамылдату деген бар. Қашан да босаға киелі деп саналғандықтан болса керек. Мысалы, келін түскенде, қонақ келгенде үйге босағадан оң аяғымен аттап енуі керек...

– Аға, көп нәрсенің күрмеуі қазіргі күні шешімін таппай отырғанын білеміз. Солардың ішінде ислам діні мен дәстүріміздің біте қайнасып кеткен тұстары. Көп жерлерде, баспасөз беттерінде, бағана өзіміз сөз еткен киім кию үлгісінде де келіспеушіліктер баршылық.

– Біз жалаң теорияға бой алдырмауымыз керек. Көп оқып, өз ойын түйіндей білетін адам қателеспейді. Дініміз бен дәстүрімізді шатастырмайды. Мысылы, ислам дінінің бізге келгеніне он ғасырдан асып кетті. Жаңа ғана, бүгін не кеше қабылдағанымыз жоқ. Ал біздің атабабаларымыз Аллаға жүрегімен берілген. Бірақ дәстүрін ұлықтай отырып, дінді қабылдаған. Сол дінді осы уақытқа дейін бізге насихаттап келді. Кешегі жетпіс жылда ұмыт бола бастаған шығар. Оның арғы жағында біздің ата-бабаларымыз мұсылман болды, ұлттық құндылықтарымызды да еш уақытта діннен ерекше бөліп қараған жоқ. Қайта исламды өзімізге бейімдеп қабылдады.

– Қазақ халқының салт-дәстүрі өте ауқымды ғой, аға. Ала жіппен, кейде қойдың тоқ ішегімен, кейде көк шөпті араластырып, қаз-қаз тұра бастаған баланың аяғын тұсап байлап, кеседі. Біз мұны «тұсау кесу» салты деп атаймыз. Осының мәнісі неде екен?

– Кез келген әдет-ғұрып, салт-дәстүр сол халықтың дүние танымынан келіп шығады. Дүниетанымға байланысты әдет-ғұрып қалыптасады да, өмір сүру салтына айналады, яғни халқымыздың ежелгі салтдәстүрі арқылы біз оның дүниетанымын біле аламыз. Ала жіптің де, көк шөптің де, тоқ ішектің де өзіндік мәні бар. Қазақта «ала жіпті аттама» деген тәмсіл бар, «ешкімге қиянат, зәбір жасама, өмір бойы таза жүр» деген мағынада айтылатын сөз. Ала арқанды қораның айналасына керіп қоятын көне дәстүр болған. Бұл да – көне түсінік. Ала арқанды керіп қойсақ, ит-құс, бөрілер қораға шаппайды» деп түсінген.

– Мен бала кезімде киіз үйдің белдеуіне ала жіпті кергенді көргенмін...

– Иә, бұл – ала жіптің басқа да атқарар міндеттері. «Ала жіп, ала жіп, осы кісінің күнәларын ала жат» деп адам өлген кезде дәуір айналдырған екен. Сосын ертеде билер мен шешендер дауды шешкен кезде ала жіпті қолданған. Араздасқан екі адамға ала жіптің екі ұшынан ұстата отырып, ортасынан кесіп жіберген. Бұл «екі жақ келісімге келіп, шешен мен билердің алдында дау шешілді» дегенді білдіреді екен. Жаңағы тұсау кесуге келетін болсақ, мынау Сыр өңірінде ала жіпті баланың аяғына шұбалтып байлап қояды екен. Бірақ ала жіп баланың аяғына тұсалмайтын көрінеді. Бұл да – тылсым дүние. Бұл жерде жіптің түсінде де сыр жатыр. Ақ пен қара. Бұл екі әлемнің қосындысы сияқты. Барлық түстер осы ақ пен қарадан бастау алады екен.

Ертеде бабаларымыз «баланың жаны жоғары әлемнен келеді» деп ойлаған ғой. Бала қаз тұрып, аяғын жерге басқан кезде ортанғы әлемге түсті деп түсінген. Өз қатарымызға түсті, қосылды біздің азаматымыз болды деген мағынамен тұсауын кесіп, баланың ортаға қосылғанын білдірген. Бұл туралы Шоқан Уәлихановтың жазбаларында кездеседі. Ол: «Жоғарғы әлемде адамдар өмір сүреді. Онда да тіршілік бар. Ол жердегі адамдар белбеуді аяғына байлайды екен», – дейді. Бұл ала жіпке байланысты аңыздар да толып жатыр. Тоныкөк ойма жазуыларында да бұл туралы айтылған, яғни ала жіпке қатыстылардың бәрі көне түркілер дәуірінен келе жатыр деуімізге болады. Онда «ала атты, жол тәңірі» деп жазылған. Осы жазба ескерткіштерінде ала ат ең мықты, жүйрік ат деп есептелінген. Қазіргі ұғымдардағы тұлпар, дүлдүл аттар секілді ғой...

– Сонда бұл ала жіп ұғымын тек қазақтар ғана ұстап қалған ба, әлде басқа түркі тектес халықтарда да бар ма?

– 1970 жылы Якутяның театры Алматыға келді. Осы кезде мен көп нәрселеріміздің ұқсастығы барын байқаған едім. Олардың бірі – осы ала жіпке қатысты. Якуттардың бақсылары ала жіпті қайыңның басына жерге салбырата байлап қойып, тәңірімен тілесетін ғұрып бар екен.

Басқа ұлттарды білмедім. Көңіл бөлмеппін.

– Ал шөппен және тоқ ішекпен кесу дәстүрі қалай?

– Бұл жерде қазақта тоқ ішек қай кезде де байлықтың, тоқтықтың белгісі ретінде қолданылып келгенін анық білеміз. Яғни бала ырысты болсын деп кесетін болған. Ал шөппен кесу – көк ұғымына байланысты болса керек. Біз көк тәңірі, көк аспан деп жатамыз. Ал шөп жасыл емес пе? Сонда бұл қалай дейсің ғой? Біздің ұғымымызда көк пен жасыл бірігіп кеткен. Қазір де солай ғой. Жазғанда түстеп жазамыз да, айтқанда «көк» деп кете береміз.

– Экология төңірегінде де сөз қозғап жүрміз ғой, аға. Халық ауыз әдебиетінде қазақ айналаға ұқыптылық мәселесін о бастан іске асырып келгенін көреміз...

– Бұл жерде халқымыздың табиғатпен етене байланысып, тіл табысуында жатыр. Олар көшкен кезде ескі жұртын жайратып кетпеген. Қазған ошағына дейін көміп кеткен. Үйді жығып, орнын тазалап отырған. «Көк шөпті жұлма, көктей соласың» деген ұғым табиғатты қорғаудан шығып тұрған жоқ па? Осының бәрін өмір тәжірибесінен алған, бос сөз емес. Егер бұл тәмсілдеріміздің бәрі жасанды болса онда ғасырдан-ғасырға көшіп, бүгінгі бізге жетпес еді. Ауыз әдебиетіміз салт-дәстүрімізге тұнып тұр. Қай фильм екені есіме түспей отыр, көшкен орнын жайратып кетіп бара жатқанды көрсетті. Бізде олай болмаған ғой. Режиссерлер оны ескеруі керек еді. Ауыз әдебиетімізге мән бере отырып түсірулері керек. Қайсы бірін айтарсың...

– Ертегі-аңыздарда, тарихи, діни әңгімелерде, тіпті ғылымда да он сегіз мың ғалам деген тіркесті кездестіреміз. Неге он сегіз мың ғалам?

– Ол туралы дінімізде де, дәстүрімізде де әртүрлі пікірлер бар. Бұл да – тылсым күштің бірі. Айтылып жүрген жайлар да көңілге қонымды. Айталық, жанды дүние – 6000 ғалам болып, жансыз дүние 12000 ғалам болып есептеледі. Сонда осының бәрін қосқанда 18000 ғалам болып айтылады. Бір аңыздарда адам топырақтан жаратылған дейді. Жын, шайтан, періште оттан жаратылған делінген. Ал судан бүкіл жан-жануарларды, құстарды, жәндіктерді жаратты. Тән жаратылған нәрселердің бәрінде бар екен. Күнде де, айда да, жұлдызда да, жерде де, өсімдікте де бар. Аңыз-әңгімелеріміздегі Күнмен, Аймен, Жұлдызбен, сумен, өсімдік әлемімен тілдесіп жататындары осында болар. Олар жаратушымен тілдесе алады деген ұғым бар. Жансыз нәрседен жанды нәрсе жасауға болады, бірақ оларда рух жоқ.

– Адам қалай жаратылған?

Жалпы адам екі бөліктен тұрады бірішісі – рух, екіншісі – тән. Өлі тәнге тірі рух жан береді. Тән сыртқы форма ғана. Ол қызмет атқарушы. Сонымен қатар рух та, тән де бөлінеді екен. Рух балаларына бөлініп беріліп отырады. Әке мен шешеден бөлінген тән балаға тән болып қабылданады. «Рухың өссін» деп жатады халқымыз. Яғни өтірік, айтпай, ұрлық жасамай, кісіге қиянат қылмай, тағы басқа тек жақсылықтарға ғана жақын болсаң, рухың өседі.

– Ұлттық туризмді дамыту тақырыбына ойыссақ... Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр өлкеде туризмді дамытудың қандай кедергілері бар?

– Ұлы жібек жолы бойында Шығыс пен Батысқа дәнекер болып отырған Еуразияның дәл ортасында орналасқан қазақ жерінің қай жерін алсақ та, туризмге жарарлық қой. Отырар аумағынан табылған өте құнды жәдігерлеріміздің басын құрап, жаңа мұражай ашуымыз керек. Яғни мұражай ашылған соң бүкіл жұрт, туристер оны көруге барады. Сосын қонақүй, мейрамхана, басқа да адамзат баласына керек қоғамдық орындар өзінен-өзі бой көтере берер еді. Бұл – бірденбір атқарылар шара. Менің ұсынғалы жүрген жобаларым көп-ақ. Оған құлақ асар жан болса... Қазір көне Отарар қалашығы ашық аспан астында жатыр. Оны ертерек қолға алу керек. Отырар қалашығынан басқа жойылып кеткен, бірақ орындары бар тарихи орындар Оңтүстікте өте көп қой.

– Түркістанның арғы жағындағы Сауран қаласында тұрған марқұм, жазушы Ильяс Қожабаев дейтін ағамыз баяғыда Түркістанның мәдениет бөлімінде бірге қызмет істеген кезімізде тарихтан көп сыр шертіп, ескі қалалар туралы өз танымын үнемі айтып отыратын еді. Өзі сол Сауранда туылған, сонда дүниеден өтті. Жазушы Ильяс ағамыз: «Сауранда бірінің сыртынан бірі жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде күмбез, сарай, мешіт болған дейтін. Сонымен бірге қалада теңдесі жоқ, теңселмелі, екі мұнаралы атақты мешіт болған. Сауран қаласы ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда жоңғар шапқыншылығына ұшыраған. Одан кейін Қоқан хандығының езгісіне де түскен. Осыдан соң қаланың құлдырау дәуірі басталады. Осындай аласапыран заманның бірінде халық қаланы қимай, Сауранды екі айналып барып кеткен екен. Содан «Сауран айналған» деген ескі сөз қалған. ХІХ ғасырдың ортасында қала біржолата күйрейді», – деген еді. Біздің Бабайқорған Саураннан алпыс шақырымдай-ақ жерде орналасқан. Бала күнімізде Сауранның ескі дуалдарына шығып талай ойнаған едік.

– Иә, Сауран да – ежелгі қаламыз. ҮІ ғасырларда пайда болған деген жорамал айтылып жүр. Сайран қаласына байланысты мына бір тарихи оқиға да бар. Мен қиып алып қойыппын. Өзімше Ұлттық туризмді зерттеп жүргенім ғой. Сауран қаласы – талай сұрапыл шайқастар мен оқиғалардың куәсі болған жер. Соның бірі – 1480 жылы Сауран мен Яссының ортасындағы кең жазық далада Сауран қаласын басып алу үшін Жәнібек хан қалың қолмен Әбілқайыр ханның ұрпағы, Мұхаммед Шайбанидің әскерімен айқасқа түседі. Қапылыста Жәнібек хан мен Саян батыр Мұхаммед Шайбани мен Ақсофы батырдың қоршауына түсіп қалады. Бетпе-бет келіп қалған осы шайқаста Ақсофы батырдың қос қолдап ұрған шоқпарының салмағынан Жәнібек ханның омыртқасы үзіліп, ат-матымен жер құшып, омақаса құлайды. Хан денесін батыр Саян жау тобынан алып шығып кетеді.

Отырар қалашығына байланысты тарихи әңгімелерді мен де көп жинастырып жүрмін. Ескі Отырар қалашығынан қазіргі тас жол екі шақырым қашықтықта екен. Отырар қалашығының орнын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру үшін, бірінші осы екі шақрымдық жерді игеруіміз керек. Қалай дейсің ғой? Ол үшін бағанағы айтқан қонақүйлер мен туристер тамақтанатын орындарды, басқа да ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін мәдени орталықтар, тарихи кітапхана сияқты орындарды ескі қалашықтың үлгісінде жасап шығуымыз керек. Бұл қалашықтың пішіні де, көшелері де, көшелеріне төселген тастары да ескі үлгіде жасалғаны дұрыс. Отырар өңірі жазда өте ыстық болады. Бұл жерде ескерткіштерді сақтау ісіне көп көңіл бөлу керек. Азынаған желі мен 40 градусқа жететін ыстығын ойластырып, нысаналарды соған төзімді етіп салу керек. Мұның бәрін мен неге сүйеніп айтып отырмын. Мына Шығыс Түркістан жерінде Турфан қаласы бар. Бұл жерде жылдың қай мезгілінде болсын шетелік туристерден аяқ алып жүре алмайсыз. Өйткені аса күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін қала ХІ-ХІІ ғасырлардағы қалпына қайта келді. Көшелерінде есек арбаларға мінген адамдар, түйелер, қол ұсталарының ауылы, аспазшылар, көне жабдықтар, дутар аспбында орындалған әуендер мұның барлығы кімге болса да ғаламат әсер сыйлап қана қоймайды, сонау ХІХІІ ғасырға топ етіп түсе қалғандай күй кештіреді.

– Ділмұрат Кузиев деген сыйлас ағамыз бар. Ұлтжанды, іскер, өз ісінің маманы. Ұлты ұйғыр. Ол кісінің ұлтқа қатысты бір әңгіме айтқан еді. «Біздің байлығымыз өз ішімізде қалуы керек. Сонда ғана еліміз өз дәрежесінде көтеріле алады. Қазір қазақтың алды болдым, жетілдім дегендерінің бәрі жинағанын алып шетелге кетіп жатыр немесе ақшаларын шетелдік банктерге жинауды дағдыға айналдырған», – дейді ол. Ділмұрат аға үлкен бір ұлттық компанияның президенті, бар қаражатын ұлттың рухын көтеру жолында сарп етіп келе жатқан жан. Алматы облысында өз қаржысына он шақты мешіт тұрғызды. Олар да халқымыздың құндылықтарының бірі ғой. Осындай игі істерді әрбір адам қолынан келгенінше жүргізіп жатса, бар-жоғымызды түгендеп алған болар едік. Халық арасынан шыққан осындай перзенттерін насиқаттап, жақсылығын айтып жүрсек оларға үлкен рухани күш береріміз хақ.

– Оның өте орында. Мен Қытайда жүргенде ұйғырлардан көп жақсылық көрдім. Табиғаттың өзі сыйлаған достарың болады. Туыстарға, негізінен, бауырмалдық тән. Туыстық сезімі бауырлас адамдар бір-біріне асығып, бірін-бірі ерекше сағынып тұрады. Өмірдегі қызық-қуаныштарды, түрлі жағдайларда бірінің жанынан бірі табылады. Бауырмалдық сезім татулыққа алып келеді. Өткен өмірінде талайталай өзгерістерге ұшыраған халқымыздың туыстарға тән бауырмалдық қасиеті түсінбестікке, кейде қатыгездік пен тасбауырлыққа алып келетін жағдайлар кездесіп қалады. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде құдайдың екі түрлі адамға қиямет күнінде рақым етпейтіні айтылады. Соның бірі – жаман көрші, екіншісі – туғантуысқаннан мүлдем қол үзіп кеткен тасбауырлар.

Ал сен айтқандай ұлтжанды бауырларымыз көбейіп жатса, олар істің көзін біліп, бар қайрат-жігерін халқымыздың құндылықтарын сақтау үшін салса, ол Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына көмектескені болар еді.

– «Баяғыда «Ер жігіттің басында он пәле бар, соның тоғызы ағайын мен қатыннан келеді екен» дегенді бір биден естідім» деп Мәшһүр Жүсіп айтып жүреді екен. Сіз не дейсіз?

– Бұл да тәжірибемен келген ұғым ғой. «Үйінде бақытты адам – ең бақытты адам» дейді дана халық. Өзіңді қоршағандарды таластырмай, ұрыстырмай, нала қылмай жүргенде ғана жігітсің. Жігіттік те оңай емес. Жігіт деп онымен пікірлескенде өзіңді жігітше сезіне алатын адамды айтуға болады. «Ер жігіттің қадірін, жақын білмес, жат білер» деген де мақал бар. Халқымызда бүкіл әулет ұлдан тарайтын болғандықтан оған қаталдықпен қараған. Жігітті шешімді, парасатты, ойлы, тапқыр болуға баулып отырған. Пәленің бәрі ағайын мен қатыннан келеді дегені – әулет – өзіңнің қолыңда, сен қалай болсаң, әулетің солай болады деген мағынаны береді. Олар саған пәлені әкеліп бермейді, оны өз қолыңмен жасауың мүмкін. «Ошақтың үш бұтының біреуі құласа, қазандағы сүт төгіледі» деген де қырғызда мақалы бар. Сол ошақтың үш аяғын тең ұстай тұрып, жанатын оты бол деген сөз ғой. Тағы да «әкенің үлгісіздігі – балаға, баланың нашарлығы – әкеге сор» дейді. Тегіңнің нашарлығын ойласаң, арғы-бергіңді, туыс-нағашыларыңды қатар күйітте.

– Тауы мен орманы, көлі мен өзені, теңізі мен шөл даласы астасып жатқан алып дала нағыз Мәдени туризмнің отаны емес пе?! Біздің қазақ жері осындай ғой. Оңтүстігімізді бір шолдық, енді өзіміздің жер жаннаты Жетісуға келсек...

– Желмаясымен желіп жүріп, Жерұйық іздеген Асан Қайғы да жер Жаннаты Жетісу демеп пе еді? Еділ мен Жайықтың бірін жазда жайласаң, бірін қыста қыстасаң, қолыңды алтын мен күміске маларсың деген екен. Өзі жүріп өткен ұлан-ғайыр өлкенің табиғаты мен жерінің шұрайлылығына байланысты бағасын бермеген мекен кемде-кем. Өзіне пана болар жұмақ емес, халқының қамын ойлаған Асан бабамыздың әр сөзі аңызға айналды. Асан қайғы Жетісуды көргенде: «Мынау Жетісудың ағашының басы жеміс екен, шаруаға жайлы қоныс екен», – депті. Археологиялық ескерткіштерге бай Жетісу алабы – ашық аспан астындағы мұражайлардың да мекені. Талхиз (Талғар) қалашығы, Сақ қорғандары, Тянь-Шань, Алтынемел таулары, сондай-ақ әлемдегі теңдесі жоқ бірден-бір орын Шарын шатқалы – келген қонақтардың көз жауын алар орындар. Әрқайсысы өткен күннің белгісіндей болып сақталған. Жетісуда өсімдіктер мен аң-құстардың да алуан түрлері бар.

– Іргедегі Талғар қаласында Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетіне қарасты «Алматы мемлекеттік табиғи қорығы» бар. Қорықтың директоры – менің досым Жұмахан қажы Еңкебайұлы дейтін азамат. Халық қалаулысы. Осыдан екі-үш жыл бұрын сол Жұмахан досым өзі басқаратын осы қорықты арнайы аралатып көрсетті. Екеуміз үш-төрт күндей табиғат аясында демалдық. Жетісу жеріндегі аң-құстармен және тау бөктерінде өсетін өсімдіктермен сол жолы орайы кеп, сәті түсіп терең танысқан едім. Қорықты аралау барысында оларды өз көзіммен көргенім бар. Жаз шығып, күн жылынғанда сізді мен сол қорыққа алып барайын, аға...

– Дұрыс болар еді... Мен жарап жатсам қалайда барамын. Өйткеніөзімнің ойыммен шолып жатқан өсімдіктерімді іздеп көруім керек. Экологияға қатысты біраз әңгіме қозғаған соң мен бір деректерді қарастырып қойған едім. Дүниежүзілік денсаулықты сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, экология талаптарының сақталмауынан әлемде жыл сайын 15 миллион адам өмірімен қоштасады екен. Міне, бұл сол айтқандарымыздың тұжырымды айғағы болса керек. Қорықтардың жұмысын үдетуіміз керек. Әйтпесе бүгінгі таңда өсімдіктеріміз бен жан-жануарларымызды сақталу мүмкін емес. Өз көзіммен көрсем дұрыс болар еді...

– Сол қорықтың мәліметтерін мен осы жерде келтірейін, аға.

Қорық қарамағында қазір 1078 өсімдік түрі өседі екен. Олар 380 туысқа, 90 тұқымдасқа жатады. Олардың 29 түрі сиреп, жойылып кету қаупі төнгендіктен мемлекетіміздің «Қызыл кітабына» кірген. Қорық аумағындағы табиғи мұражайда құстардың 351, сүтқоректілердің – 34, бауырмен жорғалаушылардың – 6, аңның 13 қаңқалары мен сұлбасы қойылған. Бұл қорықтың сонымен қатар ғылыми жұмыстар жүргізетін ғылыми орталығы да бар.

– Бұл дұрыс шаруа екен. Қаланың лас ауасынан мезі болғандар үшін таудың бөктеріндегі демалыс орындары, сондағы өзің айтқан мұражай өте керек қой. «Қолда барда алтынның қадірі жоқтың» керін келтіріп жүрміз ғой. Осыншама құндылықтарымызды өзіміз насиқаттамасақ кім айтады?! Мемлекетке «бізге осындай саябақ керек» десең, шетелдің бір компаниясына «осында саябақ орнат» деп бере салады. Ал олар алады да сенің тарихыңды, дәстүріңді, қалыптасқан ғұрпыңды ескерместен, өздерінің жобасын ұсынады. Осыған жол бермеуіміз керек. Ол үшін халық қолынан келгенін істеп, ақшасын шетелге жұмсамай өз еліміздің ішіндегі туризмді көтеруге атсалысуымыз керек.

– «Ұлттық туризмді өзімізден бастауымыз керек» деген сөзіңіздің жаны бар. Бұл бастаманы өзі бастап жүрген бір азаматымыз бар. Ол – Ислам Әбішев. Қазір Өскемен қаласының әкімі болып қызметке ауысты. Ұлтжанды, қазақ дәстүрін насиқаттап қана қоймай, оны күнделікті өмірінде де қолданып жүреді. Сол Исекең екеуміз Париждің, Берлиннің, Стамбұлдың тар көшелерін бірге кезгенімізде де, осы Жетісудың жерін аралағандай ләззат алмаған едік. Еңбек демалысына шыққанда шетелге тартып кетпей, өзіміздің жерлерімізді аралап көрсек, оған көзіміз жете түсер еді. Қазақтың мінезіндей кең даламызда еркін жүріп-тұрасың, бәрінің тілін түсінесің.

Қазақылығы басым Исламбек Әбішевпен бірге жүрудің өзі бір ғанибет. Дәстүріміздің қай саласын айтсаң да ол өз сөзімен түсіндіріп, талдай жөнеледі. «Егер қазақ дәстүрін дәріптейтін мейрамхана болса, онда дәмі қайталанбас қазақ дастарқанынан ешкім де бас тарта алмас еді. Мысалы, құйрық-бауырды оның астынан қазіргі заманғы мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, кішкене от жанып тұратын тостағанмен әкелсе, өте дәмді болар еді» деген еді. Бұл да керемет емес пе? Халық арасында ұлтжанды жандар көп-ақ, бірақ қолға алар істер әлі алда ғой.

– Ойдың көп болғаны да жақсы, бірі болмаса бірін, болмаса үшіншісін іске асырып қалармыз. Жақсылығымызды асырып айтып жүруіміздің де себі бар. Қасымхан, менің бір байқағаным, сен өзің әрбір адамның дәстүрімізге қатысты жақсылығы болса, соны айтып жүретін жақсы қасиетің бар екен. Бұл – біле-білгенге үлкен насихат. Бұл – жанды жарнама. Әкімі бастаса ұлттық туризмді халқы неге қоштамасқа?! Шығыс Қазақстанның жері –туризмге сұранып-ақ тұрған табиғаты керемет өлкелердің бірі.

– Мұның бәрі – ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолын әрі қарай жалғастырудың өзекті мәселелері. Ұлттық құндылықтарымызды бүгінгі күні «бір қолымен әлем тербеткен аналарымыз», яғни бүгінгі жас келіндеріміз қалай іске асыруда? ХХІ ғасырдың енелері мен келіндерінің арасындағы қарым-қатынас жайлы сөз қозғасақ...

– Қыз – жатжұрттық. Бұл – өмір заңдылығы. Біреудің өз бағында өсіріп, мәпелеген гүлі екінші бір жат бақтың ажарын келтірер гүлі болып кете барады. Қыздарымызға да жеңіл тимесі анық. Олардың тез сіңісіп кетуіне енесі мен абысын-ажындары көп ықпал жасап отырған. Олар келген жаңадан түскен келінге жалаңбас, жалаңаяқ жүрмеуді, ерлердің жолын кеспеуді, үлкендер отырған үйге кірмеу, үлкендердің әңгімесіне араласпау, шай құйғанда бір тізерлеп, қырын отыру, қазанаяғын сыңғырлатпау, дауыс көтеріп сөйлемеу, үлкен үйдің төріне шықпау және ерте тұрып, кеш жату, күн ұзаққа үй шаруаларын тындыру сияқты барлық тірлікке үйретіп отырған. «Жақсы жерге келген келін – келін, жаман жерге келген келін – келсап» дейді халқымыз. Сондықтан қазіргі кезде бұл мәселеге екі жақты қараған дұрыс болар. Енелердің өзі отбасында отарғанда, тым болмаса бастарына орамалдарын салып, ақылдарын айтып отыруы керек. Ол ене де – сол шаңырақтың келіні, яғни шаңырақтан үлкен емес. Мен өз жеңгемнің қартайғанша сәлем салғанын көріп өстім. Міне, тәрбие деген. Қазір жасым тоқсаннан асса да, сол шақты аңсаймын. Бүгінде бәрі өзгерді. Бірақ ұлттық болмысымызды жоғалтпауымыз керек. Бәрі өз орындарын білсе, шаңырақтағы жанжалдан да құтылуға болады. Еркектің басындағы тоғыз пәледен құтқарады. Мұның бәр әйел адамның қолында жатыр.

Ол – Мағжан айтқандай «рухани күшсіздердің күшейуін қажет ететін нәрсе». Атақты ақынымыздың болашақ ұрпақты осындай маңызды нәрселерге назар аудартып отырғанын байқаймыз. Әрине, бұл ойды бұрмалап, тіршілікте басқаша түсінуге тырысқандар өмірдің ащы дәмін тартары анық. Әркімнің жетілу барысында, тұлға ретінде қалыптасу жолында өтуге тиісті соқпағы, алуға тиісті асуы бар екені белгілі. Сондықтан ұлттық құндылықтарды сақтау – қазақ үшін қажетті өмір мектебі. Әрине, дүниедегі барлық қайшылықтардың шешімі бір сәтте табыла қалмайды. Оны Уақыт деген үлкен сарапшы, Ақиқат деген қатаң сыншы өлшеуден өткізеді. Сонда ғана тарихтағы құндылықтардың шынайы бағасы, рухани парқы белгілі болады. Оған дейінгі адами ізденістер сол ақиқаттың өлшеміне бір қадам болса да жақындай түсуге тырысу, талпыныстар болып табылады

– Осыдан сан мың жыл бұрын жылқы бағып, аң аулап, саятшылыққа шыққан ата-бабаларымыздың сол дәуірдегі тұрмыс-тіршілігі біздің айтқандарымызды тас бетіндегі көне суреттер арқылы дәлелдеп кетті. Мұны да назардан қалдырмасақ...

– Қазақтың мәдени салт-санасында ұлттық ойын-сауық – оның ішінде дене шынықтыру саласы аса маңызды да, күрделі, қоры мол мұраның бірі. Оның тарихы да тым ұзақ. Қытайдың атақты ғалымы Су Би Хай «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты еңбегінде он мың жылдық сілем, із, дерек, айғақ келтіреді. Қолымыздағы археологиялық деректер арасында қазақтың ұлттық мәдениетіне тән мәліметтер де аз емес. Қазақ жерінде тас бетіне қашалған суреттер ішінде бес-алты мың жылдық тарихы бар, ұлттық салт-санаға жататын құнды айғақтар кездеседі. Мәселен – атқа, түйеге, өгізге мініп салт жүргендер, жаяу жүгіріп аң қуғандар, ит қосып, құс салып аң аулағандар анық көрінеді. Атқа, түйеге мініп аң қуғандар, аңға мініп аң қуғандар да бар. Сойылмен соғып, таспен ұрып аң алғандар, жыртқыштармен бетпе-бет алысып жатқандар және адамдардың өзара шайқасып жатқан оқиғаларын бейнелейтін суреттер толып жатыр. Тым ертедегі елең-алаң дәуірдің тырдай жалаңаш кісілерінің қолында сойыл, шоқпары, садақ ұстаған суреттер кезігеді. Адамдар әу баста тас пен ағашты, сойыл мен шоқпарды, ор мен аранды, абақ пен дараны, қода мен торды, шалма мен бұғалықты, тұзақ пен шаппаны, зақпы мен қайтыпкелді, қандыауыз бен қақпанды, сүңгі мен сере, найзаны, садақ пен мылтықты, қырандар мен құмай тазыны әр дәуірдің өзіне жетілдіріп пайдаланды. Бертін келе аң аулау мен саятты күнкөрістің кәсіптік көзі ғана емес, сауық-сайран салтанаттың белесіне көтерді. Кешегі күнкөрістегі әдіс-айла, әрекет-қимыл, қорғану мен шабуыл, қолданылған қару-жарақ, жабдықтар бүгінгі заман белесінде ұлттық мәдениет, салт-сана, ойын-сауық, дене шынықтыру, ұлттық спорт деңгейіндегі игілікке айналды.

– Аға, біздің ойындарымыздың басталу тарихы турасында нақты деректер бар ма?

– Зерттеушілердің деректеріне қарағанда, қазақтың ұлттық ойын-сауық, дене шынықтыру, ұлттық спорт түрлері бес жүздей екен. Соның ішінде ұрпақ тәрбиесіне тән балалар ойыны өте көп, олар айтарлықтай аса маңызды орынға ие. Тәуелсіз қазақ мемлекетінің осы бағыттағы ғылыми зерттеушілері мен ұйымдастырушылары, институттар мен мектептер, спорт орталықтары, тіпті жеке адамдар ерінбей еңбек етіп, үңіле қараса, ұлттық бедері бар талай дүниені тауып, қағып-сілкіп, түлете түрлендірсе, өркениетті заманға лайықтап жарыққа, сахнаға шығара білсе, сан жағынан да әрі түр, сипат, сапа жағынан да ешкімнен кем бола қоймас. Қазақстанның солтүстік аймақтарында жылқы түлігінің неолит, яғни біздің заманымызға дейінгі сегізінші-үшінші мыңжылдықтар дәуірінде жекелеп қолға үйрету ғана емес, тіпті үйірлеп, топтап, қоралап бағылғандығы анықталған. Қоралап, үйірлеп жылқы бағу деген сөздің өзі, сол жылқының өзіне мініп бақты деген ұғымды береді. Сол көне заманның жылқысы да, бүгінгі заман жылқысы да өзіне мінбей, баққызбайды. Осы күнгі қазақтың тіршілігіндегі жылқыны бағу-қағу, өсіру, сауу, сою, сату, атқа мініп мал бағу, атқа мініп аң аулау, құс салып, құмай жүгірту, жоқ қарап, ізге түсу, барлауда, жорықта жүріп ел қорғау, ас пен тойды, мереке-мерейлі күндерді, сауық-сайран, той-думанды ат үстінде жүріп қызықтайтын қазақ дәстүрінің тарихи тамыры тым ұзақ. Қазақ халқы «Ер қанаты – ат» дейді де, қуса жетіп, қашса құтылатын ат таңдайды. Қазанатты, жүйрікті, жүрісі жорғаны армандап өткен. Тарихта өзінің қызын беріп құмартқан атын алғаны жайлы деректер көптеп кезігеді. Қазақ халқында жылқыны бағып-қағуға, қазанатқа, жорға мен жүйрікке, бапқа, мініп-түсуге, атой, атойнақ, атпен ойналатын ойындарға байланысты аса мол атаулар мен сөз тіркестер қоры жатыр.

– Бұл қандай тіркестер болды екен?

– Ат жарыс – әдеттегі ас пен тойда, мерекелі күндерде болатын ат жарыстар. Ат саны, жер қашықтығы әртүрлі, ол шектеусіз де болуы мүмкін. Оның ішінде құнан, тай, түйе жарыстары да бар. Жорға салыстыру да бар. Аламан бәйге облысаралық, аймақтық, республикалық, мемлекетаралық, халықаралық деңгейде болуы мүмкін. Күндеп, апталап, айлап шауып өтетін қашықтықтық та болады. Сондықтан бәйгенің шарттары өте көп. Ең қиыны аламан бәйгенің атын құлынынан таңдау, сыннан өткізу, баптаудың өзі қазақ әдісімен ең аз дегенде бес-алты жылға созылады. Бұл – өз алдына қыры мен сыры бар өрелі ғылым.

Атойнақ – ерлі-ерсіз, ат үстінде қамшы, сойыл, шоқпар, найза, сүңгі, сере, қайтыпкел, қылыш сияқтылармен ұру, соғу, ілу, сүңгу, шаншу, түйреу, шабу, серте кезеу, сілтеу, сермеу, лақтыру кезінде дәлдік, шеберлікті де ат үстінде көрсету; Атойнақ – аттылы, жаяу, бұғалық, шалма, құрық, тұзақ секілділермен асау ат немесе адамды ұстау; Атойнақ – ерттелген, жайдық мінілген аттың үстінен тиын, теңге, лақ, серкеш, серке, тайынша ілу. Тайынша мен жабағының бірін тірідей өңгеріп, меншіктеп кету; Атойнақ – жекпе-жек жақ тарту, көкпар алу, додаға салу, лақ тастау, мүше алу; Атойнақ – жекпе-жекке шығып құр қол тартысу, аударысу, ат жалын құштыру, ер артына түсіру, айқасу, сайысу;

Атойнақ – жайдақ ат, жайдақ өгіз, адамды адам мініп тартысу, аударысу;
Атойнақ – ат ілестіру, ат шақыру, ат өзінің иесіне ара түсу, ат секірту,

ат қарғыту, ат малтыту, жанып тұрған оттан-өрттен ат өткізу, ат жатқызу, тұрғызу, тастаған жерде байламай тұрғызу, ат жатырқату;

Атойнақ – қызбөрі. Қыз қуу; Мергендік – аттылы, жаяу қарлы-қарсыз жақ (бұл жерде садақ. – авт.) тарту мен мылтық ату арқылы, қараға теңге, жамбы атып жүлделі болу; Мергендік – ат үсті шауып өтіп сүңгі, сере, найза, қайтыпкелді қараға дәл тигізу. Мергендік – аттылы, жаяу шалма тастау, шеңбер ілу, індету, тағысын тағылар: Қазақтың ұлттық спортына – атой, атойнақ, ат ойындары мол үлес қосады. Егер белгілі орындар қолдап-қуаттап демеу берсе, қазақтың ат спортын жан-жақты дамытуға болар еді.

– Жылқының қандай мінездері бар екенін таратып айтсақ...

– Кісінейді, осқырады, оқыранады, шырқырайды, арқырайды, үркеді, елеңдейді, ішін тартады, жөтеледі, түшкіреді, айғырлар шекіседі, тебіседі, тістеседі, жусайды, ұйықтайды, қашады, иіскейді, иіскеседі, шайнайды, таласады, есінейді, бірін-бірі іздеп кісінейді, кісінеп табысады, кісінеп танысады, «жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деген сөз осыдан қалса керек. Жылқы өте жершіл болады. Өз мекенін іздеп қашады, өз үйірін іздеп қашады, сен оның айылын қатты тартсаң, сені тістеп не теуіп өшін алады, сені ұнатпай қалса, ыңғайы келгенде тебеді, жылқының аты шыққан тебегені болады, қытымыр мінезді жылқы, ақылды жылқы, ақылсыз жылқы, кең пейілді, ақ пейілді, арамза, арам ойлылары да болады. Адамды алдайтындары бар, ер мінезді батылдары бар, адамға, иесіне жанашырлық жасайтындары да болады.

– Осы айтқандарыңызға нақты бірер мысал келтіре кетуге бола ма?

– 1935 жылы Құсайын Бабалықұлы Үрімжі қаласынан бір қаракер атты сатып алып мініп, Шәуешек қаласына келген еді. Ат Құлжа аймағының Текес ауданынан айдалып, мың екі жүз шақырым жол жүріп, Үрімжі қаласына дейін барған. Үрімжіден бес жүз елу алты шақырым жүріп, Шәуешекке барған. 1937 жылы көктемде осы ат бізден қашқанда бұрын басып өткен жерлерін қайта баспай, Шәуешекке, Текеске қарай төте жолсызбен қашқан ғой, жарықтық. Текес, Шәуешек, Үрімжі үшеуі ошақтың үш бұты секілді үш жерде орналасқан. Үрімжі мен Шәуешек бес 556 шақырым, Шәуешек пен Текестің арасы 1100 шақырым, Үрімжі мен Текестің арасы 1200 шақырым. Сонда ол бұрын Текестен – Үрімжіге, Үрімжіден Шәуешекке келіп отыр ғой. Бұл жолы ол тура келген жеріне қашқан. Ал осы ат жолды қалай біледі? Басып өткен жерлері асқар тау, құм, елсіз дала, көл, өзенді жерлер. Әлде жылқы аспан әлеміндегі жұлдыз, ай, күн, ауа райын есептей ме? Қалай ойласам да, осы аттың Текеске төтелеп қашуы мені қатты таңғалдырды. Табиғаттың тылсымы болар, қанша ойлансам да бұл жұмбақты мен шеше алмадым.

– «Түйекиік» дейтін жануар бар көрінеді. Мен бұрын естімегем екем. Ол қандай жануар өзі?

– Әлі есімде, әкем Бабалықтың айтуынша «түйекиіктің» денесі біздің тайлақ түйедей ғана болады екен. Өңі – құла сары. Манас ойпатының солтүстік батысындағы Жайыр тауын мекендеген найман ішінде матай елінің атақты саяткері, аңкөс Абдрахман Тұрлыбайұлы әр жылы қыста аңшылар тобын құрып, Манас ойпатына келіп, салбурынға шығады екен. Қалың жиде, сексеуіл, тораңғыл мен жыңғыл, дүзген орманы арасында қарақұйрық, елік, қасқыр, бұғы, марал, түлкі, қарсақ, шибөрі секілді аңдар болады. Сондай салбурындардың бірінде, «түйекиік», кейде керқұланы да көреді екен. Бір жолы керқұланы атып та, алғаны бар көрінеді. Әбекеңнің айтуында «түйекиік» – екі өркешті, өңі құла сары, дене тұрқы біздің тайлақ түйедей. Өте жүйрік, адамды көрген заматында құйындай зыта жөнеледі дейді. Бұл – 1915-1921 жылдар аралығында болған оқиға. Біздің қолдағы түйелердің түсі әркелкі болатын. Ақсары, ақбас, құласары, қарақоңыр шудалы. Бүкіл әлемді алып қарайтын болсақ, жабайы түйені, түйекиікті ұстап-бағып отырған жануарлар бағы жоқ. Моңғолия жерінде «түйекиік» бар» деген де сыбыс естіліп қалады. 1989 жылы мен Үрімжідегі жануарлар бағында болдым. Әдейілеп барғам. Соғыс кезінде далада қалып, тағыланып қалған бір түйені қытайлар ұстап алып, «түйекиік» деп атап отыр. Қолда бағылып, жүк артылған, екі өркеші сынған, жапырақ, қайшы өркешті алып қара бура екен онысы. Мен көргенде алдындағы шөпті аузын толтыра асап, тік тұрып, қылғытып жатыр екен. Жанына жақын барып едім, маған қарамады. Сескенген, жиіркенген, қауіптенген сыңай танытпады. Қытай ғалымдары Манас ойпатында «түйекиік» болғанын жақсы біледі. Бірақ түйе тегінің қай уақытта жойылып біткенін білмейді. Олар мен айтқан деректерге көңіл аудармады. Мен мұны әр кез айтып жүрмін. Жылқы біткеннің арғы тегі керқұлан мен тарпаң ғой. Тарпаңның соңғы тұяғы 1864 жылы оққа ұшқаны жайлы менде дерек бар. Біздің қазақ жылқы құмарларының сөзіне қарағанда, жұқа тұяқ, қазтабан, шашалы шоқтықсыздау, дене бітімі жұқалтаң, күйгелектеу, мінезі жеңілтек келетін тұқымның түрлері қазақ жылқысының ішінде некен-саяқ кездеседі. Жалпы, тарпаң тектілер аздау.

– Аға, бүгінде қазақтың нағыз жауға шабар, көкпар тартар жылқылары азайып кетті ғой. Олардың қазақ даласын, сайын сахарамызды қайта дүбірлетеріне сенесіз бе?

– Жылқы – ішсе сусын, жесе азық, мінсе көлік. Қазақ жылқыларының төзімділігінде шек жоқ. Жаугершілік заманда бабаларымыз өздерімен бірге үйір-үйір жылқы айдап жүретін болған. Шөлдесе, қымызын ішіп, ашықса, етін жеп жүре берген. Әрі қашқанға да, қуғанға да шапшаң қимылды жылқы оңтайлы. Шалт бұрылатын икемділігімен де шайқас үшін жаралғандай. Қазақ ат арқылы Үндістаннан Араб әлеміне дейін, сахарадан Еуропаның Италия, Франция елдеріне дейін емін-еркін көшіпқонған. 1920 жылдары қазақтың кейбір шаңырағында 30-40000-ға жуық жылқы малы болыпты. Ал бүкіл қазақ даласында жиырма миллионға тарта жылқы басы бар еді. Кейінірек Кеңес өкіметінің солақай саясатының кесірінен орыстар сол жылқылардың бәрін етке өткізіп, қырып салды. Қазақы жылқыны көбейту керек. Қазақы жылқыны сен асырамайсың, ол сені асырайды. Бір жарым метр қар жауғанның өзінде өз шөбін өзі табуға шамасы жетеді. Қазақтың көптеген қалталы ессіз байлары таза қанды жылқы асырап, қаражатын далаға шашып жатыр. Әкелген әлгі асыл тұқымдылары ұзаққа шабуға шыдамайды. Бұл турасында мен көп жаздым. Мінуге де жарамайды. Былайша айтқанда – мәңгүрт. Өйткені өз енесіне, өзінен туған байталға шаба береді. Қазақы жылқы өйтпейді, тек сақтайды. Тек сақтайтын аң-құс санаулы. Дегенмен тек сақтау – бұл жаратылыстағы барлық тіршілік иелеріне тән нәрсе. Сондай-ақ, аққу, кәмшат құңдыз тек сақтайтыны хақ. Америкада пума деген жолбарыс текті жыртқыш бар. Ол да осы секілді өз тегіне адал. «Қазақ жылқы тектес» деп бекер айтпайды. Үнемі жылқы етімен қоректенгеннен жылқы қасиетін бойына сіңірген. Қанымызға жылқы қасиеті әбден орныққан. Сондықтан біз де жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспейміз. Мысалы, адам баласының қаны қазіргі ғылымның зерттеуі бойынша, отызотыз бес мың текке бөлінеді екен. Қазақ халқының әйелдері «өй, тексіз неме, өңез неме» дейді ашуланғанда.

– Өңез деп тұрғаны не сонда?

– Өңез – шелектің ішіне жиналған кір. Шелек жуылмаса, іші кірге толып, күйе секілді болып кеткенде «өңез» деп атайды. Сонда «тегің өңез» деп тұр ғой. Ал жаңағы ғылымның зерттеген тектерінің ішінде «өңез текті» деген бар. Қазақтың қатындары қайдан білді мұны? Сондай-ақ «ашытқы текті» деген бар. Кәдімгі ашытқы. Адам баласының бойындағы тектерді ешкім түбегейлі зерттеп, бас-аяғына шыға алған жоқ... Елімізде қасиетті қазақы жылқы тез өседі. Қазақ топырағында қазақы қой да жылдам көбейеді. Ақ қойдың біздің жерімізге бейімделуі қиын. Өзін-өзі баға алмайды. Көп күтімді талап етеді. Қазір техниканың күші жеткілікті. Осы арқылы қазақы жылқылардың өрісін кеңейтуге жол ашылмақ.

– Жылқы жануары жайында әңгіме мұнымен шектелмесі анық. Бір жылдары «Маңмаңгер» дейтін журнал жарық көрген болатын. Қазір көзге түспейді. Бұл басылымға да атсалысқан шығарсыз?

– Қазақ баспасөзінің тарихында жылқыға арнап арнайы журнал шыққаны мәлім емес. Кейбір елдің иті мен мысығына, шошқасы мен торғайына арналған журналдары бар. Ал дүниені дүбірімен дүр сілкіндірген қазақ жылқысына тән арнайы журнал шығып көрген жоқ. 1997 жылы «Маңмаңгер» атты жекеше журнал шығара бастадық. Журналымыз бастан-аяқ қазақ тілінде жарық көрді. Екі-үш жылдан соң «Маңмаңгерге» Қайрат Сатыбалды мырзаның көңілі ауып, «Маңмаңгер» редакциясын Астанаға көшіруді ұсынды. Біз қарсы болмадық. Қайта мемлекеттен арқа сүйеу тапқанымызға шын ниетімізбен қуандық. «Маңмаңгер» редакциясы Астанаға көшті. Өкінішке қарай, бұрынғы бас редакторды ауыстырып жіберді. Журнал орысша-қазақша екі тілде шыға бастады. Қазақ жылқысының арғы-бергі тарихына тоқталуды мақсат тұтқан, қазақ жылқысына тән он мыңдаған түбір сөз бен жүз мыңдаған тіркес сөзді жариялауды армандаған «Маңмаңгердің» тілегі осылай орындалмай қалды. Орыстілді авторлардың оған шамасы келген жоқ. Олардың әлі жетпейді де. Егер бұдан былай газет-журналдар қазақ жылқысы туралы егжей-тегжейлі айтып бере алса, айтқаны елге түсінікті болып, қазақ халқының игілігіне жарап, өкінішпен өткен үзік сырларды жалғастырып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бағытбағдарымыз қасиетті қазақ жылқысына байланысты барлық сырларды ашу болатын. Сонымен бірге қазақтың тілдік қорында жылқыға тән қанша атаулар мен сөз тіркестері барын шамалау еді. Бұл жұмыстың аса ауыр екендігінде сөз жоқ. Алайда «алыс болса ауылыңа бармаймысың» дегендей, түбі бір шығаруға, айтуға тура келеді... «Інжудің құнын азабын шегіп іздеген біледі» дейді ғой. Біздің қолымыз жетпесе, келер ұрпақтың қолы жетеді деген сенімдеміз. Ниетіміз адал. Қазақ тілінің дертіне «бір тамшы» ем іздедік. Бұл бағытта көбінесе баспа бетін көруге жолы болмаған, сан-санақсыз түкпір мен елеусіз күл-қоқыс арасында шашылып, тозып, жоғалуға бет алған, әдеби айналымға кіре қоймайтын атаулар мен тіркестерді газет-журнал арқылы көрсетіп, жас ұрпаққа үйретуді қолға ала бастаған едік. Енді бүгін тек там-тұмдап жазғанымыз болса, көлемді дүниені жарыққа шығаруға мүмкіндік жоқ.

– Жылқы – есті жануар дедіңіз. Кейбір біз білмейтін ерекшеліктерін айтасыз ба?

– Енді жылқының қасиетін айтып тауыса алмайсың. Ақылды жылқы өз жатырына шаппайды. Адамға сүйіспеншілікпен қарайды. Адамды қорғайды. Жердің бедерін біледі. Адамды алдайды, өтірік жығылып қалады. Өзара бірін-бірі алдайды. Жарыста мақтанып, алға ұмтылады. Жақтырмаған қолдан, жерден, өңірден қашады. Қашудағы айласы тіпті көп. Құсайын ағамның қоңыр аты ағам қайтыс болғанда келіп, сүйекті иіскеп күрсінді. Бұл 1947 жылдың жиырма бірінші тамызы болатын. Адаммен достық қатынас орната біледі. 1943 жылы желтоқсан айында «Қызылтұз» даласындағы боранда Әубәкір Бабалықұлының (менің ағам ғой) соның құла аты алты ай бұрын тоқтап өткен жерді тауып, бізді апаттан аман алып қалды. Ақылды хайуандардың бәрі жыртқыштан тараған. Жылқының да арғы тегі жыртқыш қой. Жылқы ашыққанда адамды жейді. Жұт болатын жылды жылқы жануары алдын ала сезеді. Жер қар, күн жылы кезінде қоңыр күзде көп жылқылар жер аударып, басқа жаққа қашып кетеді. Кейде кейбір биелер іш тастап, ішіндегі құлынынан құтылуға тырысады. Өз бойындағы күш-қуаттың құлынды аман алып қалуға шамасы жетпейтінін алдын ала сезеді. Парсылар атты «бөджан», «елжан» десе, үнділер «тахт-и-раван» дейді екен. Дағыстандықтар «жылқы адам болуға бір дүниесі сәл-сәл жетпей қалыпты» деседі. Көне қытайлардың айтулары бойынша сонау Ғұндар елінде «қанатты жылқылар» болған. «Қанатты жылқыны» алу үшін қытайлар ғұндарға қарсы соғыс жариялағаны туралы тарихи деректер бар. Осы бір таңғажайып аңыздар мен деректердің барлығы тек жылқы түлігіне арналған. Ал осының басты себебі – жылқы жануарының адам баласына сіңірген еңбегіне байланысты. Қазақ жылқыны «желден жаралған ер қанаты» деп бағалайды. Сүтін сусын, етін тамақ еткен қазақ «жылқы жұпар иісті» деп тамсанды. Он мыңдаған жылдар жылқы қаны бойына сіңген ата-бабамыз – «адам жылқы мінезді» деп, жанын жылқыға таңып туыстастырады. Тақымынан – ат, жайлауынан жылқы кетпеген «жылқы мінезді» сырмінез қазақ «жылқы ақылды жануар» деп сендіре айтады. Өзінен тараған қанды білетін, жаза баспай танитын, өз енесінің иісін, өзінен тараған ұрпақ иісін жаңылмай сезетін, өз тұқымының үн-дыбысын, мінез-құлқын табатын, өзін туған енесіне, өзінен туған байталға шаппайтын қазақы жылқы тұқымының естілігін, ақылдылығын білетін қазақ – «жақсы айғыр жатырына шаппайды» дейді көрегенділікпен.

– Біздің қазақ тауып айтқан ғой.

– Расында солай. Ертеде ата-бабаларымыз қару-жарағы мен астындағы атына сүйеніп елін-жерін, намысын қорғады. Бірнеше жүз мыңдаған қолды бастап сонау Сахалиндегі татар бұғазынан Батысқа қарай, Азияны талай рет көктей өтіп, Батыс елдеріне ойран салды. Сонау түкпір Түнсібірден Оңтүстікке беттеп, талай рет Араб, Парсы, Үнді жерлеріне сұғынды. Шығыста Қытайды қорқытып, бес мың шақырымдық қытай «жау балшығын», осы күнгі Қытай қорғанын салдырды. Осы бір таңғажайып жорықтар мен қыруар тарихтың жасалуы тек қана жылқы түлігінің орасан молдығы мен ат күшіне байланысты болған. Мыңдаған жылдарға созылған, жорықтар мен тарихи оқиғалар қазақтың табиғи ұлт болып қалыптасуына орасан зор ықпал жасады. Қазақ – құрамалы, жасанды ұлт емес, табиғи ұлт. Табиғи ұлттың табиғатпен белсенді байланысының айғағы – жылқы. Қазақтың ұлттық ділін, қазақтың туған тілін жасасқан аса қасиетті жануар. Еренқабырғаның (Тянь-Шанның) шығыс сілемінде жатқан, қытай мен түрік аралығы аталған, осы күнде де солай аталатын Ататүрік ауданынан, батыстағы Астрахань облысына дейінгі аралық мөлшермен бес мың шақырым деуге болады. Ал осы аралыққа тарыдай шашылған қазақты диалектісіз, сөйлетіп кеткен құдіретті күш те – жылқы. Тәуелсіз қазақ мемлекетінің сан салалы оқу-ағарту ғылымы бұл күндері басқа тілде сөйлейді де, қазақ тілінде сөйлеуге қолы жетпей отыр. Өйткені отарлық езгіден құтылдық десек те, ассимиляцияланған қазақ тілі әлі күнге дейін ғылым тіліне айнала алмай отыр. Бүкіл оқу-ағарту саласында қазақ этнопедагогика ғылымы өз шаңырағын көтере алмай келеді. Болашақ үшін оқу-ағарту саласына керекті қазақтың этнопедагогика ғылымын жасау жолын іздестіру керек. «Алынбайтын қамал жоқ», осы ғылымның құдіретімен орысша сөйлейтін, орысша ойлап, қазақша шала сөйлейтіндерді ұлттық намысты ойлайтын адамдарға ауыстыру заманы келуі керек.

– Неге Түнсібір дейміз?

– Түнсібір деп өте дұрыс айтылып тұр. Қараңғы ғой. Түн деп тұрғаны қараңғы деген сөз. Сібір деген жалпы басқа елдің сөзі емес. Түркітілдес халықтардың сөзі. Мына Қазақстанның кей өңірлеріндегілер «ол жақ сібір ғой, алыс қой» дейді. Алыс деген мағынада қолданылып тұр. Қазақтың табиғи ұлт болып қалыптасуына мол үлес қосқан төрт түлікке тән тілдік қорымызды жинақтай теріп, ұлттық діліміздің қыры мен сырын ашу арқылы қазақтың ұлттық этнопедагогикасын қалыптастыруға аз да болса үлес қоссақ деймін. Осы арманға жету үшін, ең алдымен, қазақ жылқысының жібек жалына жабыстық. Жылқыға байланысты – тіл, діл, салт-сана, әдет-ғұрып, ырым, сыр-сипат, мінез-құлық, тәртіпқағида, тыйым, талғам, ұлттық дәстүр, ұлттық намыс, ұлттық қорғану, ұлттық иелік тағы басқаларды сөз етуді ойлаймын. Қазақтың маңмаңгер жылқысына кезінде Ақан сері де ән шығарып кетті.

Маңмаңгер кекілің келте, жалың майда,
Байлаған сені сылап қалқатай да,
Жүресің желмаядай жануарым,

Көрейін қызығыңды осындайда, – деп жырламап па еді баяғыда жарықтық Ақан серінің өзі...

– «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек..» деп жатамыз. Жылқыны не үшін «қазанат» дейміз?

– Кей сөздердің этимологиясын, төркінін іздеу – өзінше бір тақырып. «Қазанат» деген сөз – шыдамды, берік, мықты, тұлпар сынды, әлді, жүйрік десе жүйрік, жүріске мықты, мойымайтұғын деген мазмұнды беріп тұрған секілді. Биология, география және химия пәнінің мұғалімдеріне жарап қалар деген ниетпен жылқы жануары туралы көптеген деректер жинадым. Жылқы жануарының кәделі сүйектерін атаудың анатомия ғылымына қосатын үлесі шамалы. Бірақ тіл ғылымы тұрғысынан алғанда ассимиляцияланған қазақ тілін түзеуге қосқан үлесім болсын деймін де... (Ақсақалдың бір кездері көз майын тауысып, табанынан тозып жүріп, ел аузынан жиған осы бір елеулі еңбегін оқырманға жариялауды жөн көрдік. Өйткені қазақтың тіліне жаны ашыған, ұлтын сүйген данышпан қарияға біз де қарыздар екенімізді іштей болса да мойындағымыз келеді).

Жүріс-тұрысына, түр-түсіне және жаратылысына қарай қазақ жылқы малын бірнеше түрге бөлген. Солардың бірнешеуін айтып көрейін: арғымақ, қазанат, жабы, тобышақ, текежәуміт, қазақы ат, пырақ, дүлдүл, ақалтеке, жүйрік, тұлпар, күлік (сәйгүлік), саңлақ, жорға, су жорға, төкпе жорға, айдама, айдама жорға, шайқалған жорға, аяқ ылау, жетек ат, қосақ ат, түп ат, көсем ат. Жылқы баласын: құлын (бір жасқа дейінгі), жабағы (бір жасқа толмаған, жүні түспеген, тай болмаған кезі), тай (екі жасар), құнан (үш жастағы), дөнен (төрт жастағы), бесті (бес жастағы) жасына қарай осылай деп атайды. Бұдан соң бие (бес жаста), байтал (екі жасар бес жасқа дейінгі ұрғашы жылқы). Байталды «құнажын байтал», «дөнежін байтал» деп екіге бөледі. Биенің сауылуына байланысты да атаулар бар: бас сауым (күні бойы сауылатын биенің ең бірінші сауылған мезгілі), жебей сауу (бірінші сауымнан кейін, жарты сағаттан кейін қайта сауу), бос емшек (биенің күздігүнгі емшегі сүтке толған кездегі бірінші сауылымы), қосақ (күзге қарай ірі құлындарды енесінің мойнына қосақтап жіберу). Сүтіне қарай биелер мынадай түрлерге бөлінеді: Мама бие (өте сүтті бие), мәнерсіз бие (сүт шығымы аз бие), ақ тандыр бие (сүт шықпайтын бие), исіншек бие (сауар алдында құлынына жанышып, исініп, сүтін ағызып жіберетін бие). Қысырақтардың (бойдақ биелер) өзі бірнеше түрге жіктеледі: қысырақтар (құлындамаған биелер, байталдар), тұмса қулық (үш немесе төрт жасқа дейін айғырдан шықса да құлындамай жүрген биелер), көбен бие (шоңданып, тойына бастаған бие), ақ жілік бие (құлынында енесі сауылмай, еркін емген), қара кемік бие (енесі сауылып, жүдеу болып өскен бие), нәкүс құтамсыз бие (шыққан тегі нашар, сүті аз бие), құйма тұяқ бие (тұяғы көп тасырламайтын бие). Халқымыз дене бітіміне қарап жылқы малын «қазана»т және «қара етті» деп екіге бөлген. Қазанат майды сыртына жинайды. Ал қара еттісі керісінше майды ішіне жинайды. Қазанат жүріске шыдамды, еті дәмді, қазысы қалың, іші майлы келеді. Сондықтан да қазекең қазанаттың тұқымын малдануға күш салған. Үйірді қазанаттың тұқымынан жинаған. Жылқы үйір-үйір болып жүретін мал ғой. Бір үйірде бестен жиырмаға дейін бие не байтал болады.

– Жылқы айғырлары да осылайша бөліне ме? Бөлінсе қалай деп аталады?

– Әрине, бөлінеді. Жаса малы (үш-төрт жастан асқан айғыр), құр айғыр (өмірі құрық-жүген көрмеген), сыңар ен айғыр (тумасында бір ен болып туған), шартық азбан (алты жасында піштірілгенімен айғырлық әдетін қоймаған айғыр). Осылайша аталады.

Саяқтың (бойдақ жылқы ат, піштірілген еркек жылқы), сақа ат (11-12 жасар), арда емген (құнанына дейін енесін емген), тел тай (өз енесі мен телінген енені бірдей емген бір жасар), қысыр емген (құлын тастаған биенің екі жасқа дейін емген төлі), шобыр (мініске, күшкөлікке мықты шабан ат), сетер ат (құлынынан қартайғанынша ертоқым, жүген көрмеген ат), пішпе ат (піштірілген жылқы), тағы да басқа аттың түрлері бар.

Жағда ақсақал жинаған жылқыда болатын кәделі сүйек аттарын толық бере кетуді де жөн көрдік: Бас сүйек, астыңғы жақ, бауыздау омыртқа, ауыз омыртқа, мойын омыртқа, жетім омыртқа, азат омыртқа, ұзын омыртқа, беломыртқа, жая сүйек, шонданай (кіші жая), құйымшақ, сабау құйрық, жауырын шеміршегі, жауырын жілік, бұғана қабырға, қара қабырға, тоқ жілік, сүріншек, төстаған, кершеу, қазантолмас шеміршегі, сүбе шершеу, қазы қабырға, қаржілік айдары, қаржілік (кәрі емес), тізетығырық сүйектері, жамбас жілік, ортан жілік, тобық, асықты жілік, толарсақ, асық (томпай), жіліншік, сырға сүйек (сыбырлақ), бақайшық, бақалшақ, өкше сүйек, тұра сүйек.

– Біздің қазақтың ұғымында «таза» деген сөз табиғаты бұзылмаған, қоспасы жоқ, алғаш жаратылған күйінде деген ұғымды білдіреді. Ал бүгінгі күні осы «таза» деген сөзді қай нәрсеге телуге болады?

– Көне қазақта «таза алтын, таза күміс, таза темір, таза қымыз, таза сүт, таза бал» деген сөздер бар. Расында, бұл сөздер қоспасы жоқ, нағыз табиғи дегенді білдіреді. Ал әзіргі қазақтың «таза қанды, асыл тұқымды жылқы» дегені – түрлі-түрлі қандар қосындысы, алуан түрлі тек, нәсіл қосындысы. Көне қазақ тазы ит пен төбет ит арасында туғанды «дүрегей ит», моңғолдар «эрлыз нохай» дейді. Қазақтар бие мен есек арасында туғанды «қашыр» дейді. Қазақтар екі қан, екі тек, екі ұлттан туғандарды «дүбәра», «дүрегей», «шата», «қашыр» дейді. Моңғолдар «құрлыз», «эрлыз» дейді. Орыстар – «метис», «гибрит», қытайлар «әр-жаң-зи» деп атайды. Сонда бүгінгі қазақтың «таза қанды, асыл тұқымды» дегені кімді алдағаны? Өзін-өзі ме? Мақұл, солардың айтқаны болсын делік. Солар мақтаған «таза қанды, асыл тұқымды» жылқылардың қазақ жылқысынан артық жері бар ма? Біздіңше, «таза қанды» жылқы бүкіләлемдік сүтқоректі жануарлар арасында ең сұлуы. Ол сұлулық жылқықұмарлардың мақтанышын қанағаттандырады. Шын мәнінде, ол сұлулық – сурет қана. Адамға еңбек ететін жылқы санатына қосыла алмайды. Әлемдік талғамда адам, дельфин, маймыл, ит, жылқы – осы бесеуі ақылды жануарлар деп аталады. Осы қатарда «таза қанды» жылқының орны жоқ.

– Сонда аға, неге «таза қанды, асыл тұқымды» деп ерекшелейміз?

– «Таза қанды, асыл тұқымды» жылқының, ең алдымен, ақыл-есі кемшін келеді. Нағыз мәңгүрт. Өз тегін, өз қанын, өз нәсілін танымайды, тегін сақтай алмайды. Былайша айтқанда, айғырлары өз енесіне, өз байталына шаба береді. Бұл – оның ақыл-есінің кемістігі емей немене?! «Таза қанды» жылқы тек қолда бағылады. Өріске жіберген соң, өзін-өзі асырай алмай, қыс кезінде қырылып қалады. Қолда бағу үшін бір айғырға бір адам керек. Өріске бағылатын қазақ жылқысының үштөрт үйіріне бір жылқышы да жетеді. Үш-төрт үйірің – жүз қаралы тұяқ. Сонда баптау тұрғысынан алғанның өзінде бірінен-бірі жүз есе қымбат. Айғыр өзі үйірге түсіп, жиырма-отыз биені өзі қайырып, өзі иелік етпеген соң, «асыл тұқым» аталған жылқы табиғи өсім бере алмайды. Олар тіпті көбеймейді. Жылдың төрт маусымында кең далада өрістеп, өзі қалаған жүздеген, мыңдаған шөпті таңдап, басын шалатын, мөлдір бұлақ, ағын суды өрлей жүріп ішетін қазақы жылқының сүті, қымызы, еті, майы жұпар иісті, дәмді, құнарлы, нәрлі, емдік қасиеті мол тағам қоры саналады. Ал қолда бағылып, сасық қорада тыныстап, бес-он түрлі шөппен өмір өткізетін «асыл тұқымды» жылқының сүті, қымызы, еті, майы дәмсіз, жылқыға тән иіс жоқ, нәрі мен қуаты болмайды. Қазақы жылқының тезегі адамның бойындағы бірнеше түрлі дертке дауа. Ал «таза қанды» жылқының тезегінде ондай қасиет жоқ. «Асыл тұқымды» жылқы салт мініп, ұзақ жүруге шыдамайды. Бес-он шақырым өрістеп қайтатын қойшылар үшін жарайды. Ал жиырма-отыз шақырым жердегі жылқыны қуғанда болдырып қалады. Міне, «асыл тұқымды» жылқы ұзақ жолаушылыққа, ұзақ жортуға, жорыққа мінуге, соғысқа жарамайды. «Асыл тұқымды» жылқы аң аулауға, бүркіт салуға, салбурынға, аң қуалауға, түлкі, қасқыр, бөкен қуып соғып алуға шыдамайды. «Асыл тұқымды» жылқы лақ, көкпар тартуға келгенде оған әлі жетпейді.

Манастың мың жылдығы құрметіне орай өткізілген ат жарысының шарттарын жазған

– «Асыл тұқымды» жылқыны бәйгеге қоссақ қалай болар екен?

– Отыз-қырық шақырым жерге зар желдіріп айдап барып, қайта жібергенде осы аралықты пәрменмен шауып өтетін бәйгелі жарысқа жарамайды, шапса өліп кетеді. Алпыс-жетпіс шақырымға айдалып барып, түпке түнеп, ертеңіне сол аралықты қайта шауып өтіп, бәйге алатын жарысқа мүлде жарамайды. Мыңдаған шақырымға дамылдап шабатын, жолға түнеп шабатын аламан бәйгеге осы «асыл тұқымды» деп отырған жылқыларың тіптен шыдамы жетпейді. Олардың аламан бәйгесі – он бес-жиырма шақырым. Одан арыға шапса, ат өледі. 1996 жылы Қырғыз елі Манастың мың жылдығын тойлады. Аламан бәйгені өткізетін жерді таңдағанда алғашында Анкара мен Таластың екі арасына жоспарланған болатын. Бірақ түрік елінде өзара қақтығыстар орын алып, Ашхабад пен Талас аралығы болып бекітілді. Ал осы аламан бәйгеге Орта Азиялық елдер, тіпті жапондар келіп ат қосты. Әлемдік аламан бәйгеде бірде-бір «таза қанды» ат қосылмады. Сол аламан бәйгенің жарыс өткізу тәртібінің жүйесін жасасқандардың бірімін.

– Мұндай айтулы шараға қалай қатынасып жүрсіз?

– Бұған мен сырттай қатынасып тұрмын. Осы үлкен тойды жасағалы жатқан қырғыздар Қазақстанға өтініш қылды. «Біз Манастың мың жылдығын өткізгелі жатырмыз, соған орай ат шабысын өткізбекшіміз». Сонау Анкарадан Талас жеріне дейін жалғаспақшы екен. Кендебай деген жігіт бар еді. Ұлттық ат спорты федерациясының сол кездегі төрағасы болуы керек. «Ат жарысын қалай өткіземіз» деп ақылдасайын деген ниеті ғой бауыр елдің. Сол ат жарысының жарғысы мен ережесін мен жазып бердім. Жалпы, бұл тойдың өзі мың жылдық болған соң, мың шақырымды шауып өту көзделген. Сонда Ашхабад пен Таластың екі арасы мың шақырым екен. Айтқан өтініштері бойынша жазып ұсындым. Осы айтулы шараға мені де шақырыпты. Шақырулары келгенше мен кетіп қалыппын...

– Қайда кетіп қалып едіңіз?

– Өзімнің ескі әдетіммен шөп іздеп, Алтай жаққа кетіп қалған едім. Қайтып келсем, бәйге өтіпті. Кендебай басы-қасында болыпты. Менің жазып ұсынған дүниелерім қазір Кендебайдың қолында тұр. Екіүш жылдың алдында тоқсан жылдығымда осы Кендебай мен академик Елемес Әлімқұлов сахнаға шығып тұрып мен туралы сөйлегенде «Қырғыздың ұлы эпосы саналатын Манастың мың жылдығы құрметіне орай өткізілген ат жарысының шарттарын жазған біздің Жәкең ғой» деп жұрттың алдында мерейімді өсіргендері бар.

– Қазақ жылқысының сиреп кетуіне не себеп?

– Кеңес өкіметі алғаш құрылып жатқан кезде 1920-1930 жылдары қазақтардың ішкі қимылдары мен сыртқа қашып құтылуына қазақ жылқысы үлкен үлес қосты. Осы құбылысты зерттеген орыс саясатшылары қазақты мүлде жаяу қалдыруды көздеді. Саяси астары бар осы жоспарды іске асыру үшін қазақ жылқысын жамандау басталды. «Қазақ жылқысы өңсіз, түссіз, мүсінсіз, сұлу емес. Қазақ жылқысы сыртқы саудаға жарамайды, ішкі өндірісте пайдасыз» деді де Қазақстандағы қазақ жылқыларын түгелдей ет комбинатына айдатып, тұқым қалдырмау жағын қадағалады. ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстандағы және басқа елдегі қазақтардың қолында «жиырма миллионға жуық жылқы болған» деген болжам бар. Ал осы жылқының көп бөлігі Қазақстан жерінде болған. Ата-бабадан мұра болып келген төрт түліктің «падишасы» – қасиетті жылқы түлігі Кеңес өкіметінің «саяси жоспарының» құрбанына айналып, мүлде құрып кетуге бет алды. Жылқы түлігін іздеген қазақтарға «жылқы түлігінің падишасы» деп «таза қанды, асыл тұқымды» жылқы бағуды ұсынды. Кеңес өкіметі кезінде жетпіс-сексен жыл «әлпештеп» бағылған «таза қанды» жылқы саны он мыңға жетпеді. Қасиетті қазақ жылқысы өтеп келген сан салалы міндеттерді атқаруға шамасы келмеді. Осы екі түрлі жылқының табиғатындағы ерекшеліктерге көңіл аудармай жүрген қазақтар әлі де жетерлік. Империя кигізген құлдық ноқтаны сыпырып тастаудың орнына, бүкіл байлығын «таза қанды» жылқы бағуға жұмсап отырғандар бүгінде көптеп кездеседі. Он-он бес мың жыл бұрын өткен Мықтар елінде жыл санауымыздан бес ғасыр бұрынғы күндер, Сақтар елінде ІV-XІІ ғасырдағы Көктүріктер елінде, тіпті ХІІІ ғасырдан бастау алған

Шыңғыс хан ұрпағы ақсүйектік жүйе билеген дәуірде де жылқы саны аз болмаған деген ойдамыз. Сонау Қиыр Шығыстағы Сахалиннен Италия, Францияға дейін, сонау Түнсібірден оңтүстіктегі Үндістан, Араб әлеміне дейін жүз мыңдаған қолмен баруға мүмкіндік берген негізгі күш жылқы екені анық. Сонда біздің ата-бабалар қолында қанша жылқы болды екен? Бұған мөлшерлеп те жауап айтудың өзі қиын. Осындай жан қысылғанда ел аузындағы аңыздар адам жанына медеу болады. Біздің Алакөлдің шығыс жағында бүгінгі қытай жерінде Барлық атты тау бар. Ежелгі қазақтың мекені ғой. Бүгінде найман елі, қаракерей Қабанбай ұрпақтарының бір бөлігі сонда тұрады. Осы Барлық тауындағы Сарыбөктер жайлауының жотасында, биік жалдың дәл қыр үстінде шығыстан батысқа қарай созылған астау секілді ойыстау, ұзындығы – сегіз-он шақырым, көлденеңі бес шақырымдай науа тәрізді жерді қазақтар «Жусау» деп атаған. Жаздыгүні небір аңдар мен төрт түлік мал ертемен өрістеп, мейірлене жайылып, түс мезетінде бір ыңғайлы жерге ыңырана келіп тоқтайды да, алаңсыз жата қалып, күйіс қайырады. Күйіс қайтармайтын жылқылар тұра қалып, қалғыпмүлгіп тынығады, құлындар мен тай-тулақтар жата қалып ұйықтайды. Қоңыр аңдар мен төрт түлік мал табиғатындағы осы құбылысты қазақ халқы «жусау» деп атайды. Жер бедеріндегі «Жусау» мен жануарлар табиғатындағы «жусау» атауының түп-төркіні бір. Қасиетті Барлық тауындағы осы «Жусау» атты жер туралы аңызда ертедегі жылқылы байлардың бірі өз жылқысын басқа ұрып санай алмай, осы астаушаға айдатып әкеліп, жусатады екен. Аталған «Жусау» атты шұқыр жылқыға толса мал түгел, толмаса жылқы бөлініп кеткен шығар деп іздеу салатын көрінеді. Аңыз бойынша «Жусау» атты «науаға» жылқы иіретін қазақтың жылқысының саны отыз-қырық мың мөлшерінде болса керек.

– Неліктен «жусау» сөзін жылқыға қолданды екен?

– Ұлан-ғайыр қазақ жерінің бет-бедерінде қатпар, қолтық, қаптық, қиялы, қысан, қапшық, қия, қапшағай, қақпақтас, шат, шатқал, шатаң, тар, таркезең, тармойнақ, дара, есік, босаға, дөң, дөңес, биесыймас деген атаулар бар. Осы атаулар жердің бет-бедері, табиғатының құбылысына сәйкес айтылған. Аң аулап, мал баққан, тау-тас кезіп жортып жүріп, бәріне ат қойып, айдар таққан қазақ. Қазақ осы аталған жердің бәрін пайдаланған. Аңдарды қуып өткізген, малды айдап шулатып, бір-бірлеп даралап, жетелеп өткізген, санаған, мөлшерлеген, түстеген, жоқтаған. Әсіресе, жылқы жануары айқай-шу шыққанда бет алған жағынан қайтпай, басып-жаншып қиратып өтеді. Санауға, мөлшерлеуге мүмкіндік бермейді. Соған орай қазақтар табиғат күшіне сүйеніп, жер бедерін пайдаланып жылқы түлігін игерген, көндірген.

Ел аузындағы кейбір деректерде «пәленнің, түгеннің жылқылары суға түскенде бұлақтар суалып, өзендер үзіліп, кішігірім көлдер ортайып қалды» деген сөздер арқылы жылқының молдығын білдіріп жатады. Орхон-Енисей бойындағы сонау Көктүрік заманынан қалған «Сужи құлпытасының» бетінде «Қырғыз ұлымын, бойла құтлық ярғанмын. Құтлық баға тарқанның ога бұйрығымын. Менің атағым күншығысқа, күнбатысқа таралды. Бай едім, он мың қара малым бар еді, жылқы сансыз еді» дейді. Бұл – Көне түркі құлпытастарында жазылған жазулар. Қалай айтса да, өткен дәуірдегі қазақ пен қырғыз елінде жылқының мол болғандығы рас. Мына Іле өзенінің басы – Текес, Күнес, Қас деп аталатын үш өзеннен құралады. Қазақтар осы үш өзенді Үшбурыл деп атайды. Осы Үшбурылда жылқы малы жақсы өседі. Үшбурылды мекен еткен қазақтар шетінен жылқылы болған. Олардың ең кем дегенде үштөрт мыңдай жылқысы болған деседі. Тіпті алдына бес-он мың жылқы біткендері болған. Найман ішінде қызай елінің Күнес өзенінің бойын мекендеген Еркінбек Жайырбекұлы деген кісінің он бес мың жылқысы болыпты. Бұл – 1930 жылдарға дейін болған кісілер. Сәлім Ақалақшы деген адамға он мың шұбар жылқы біткен деген сөз бар.

– Ой, шіркін-ай! Есіл қазақтың қайран жылқылары-ай, десеңізші...

– Сол мол жылқыларды көрген кісінің айтуынша 1935 жылдары осы жылқылар бар болған екен. Орталық Қазақстандағы Жаңаарқа өңірінде арғын ішінде алтай-қарпық, оның ішінде қара, бесім тайпасынан Тоқа балалары Айтқожа, Сатыбалды, Борғанай, Борғанайдан – Тәңірберді, Тәңірбердіден Сапақ деген кісі тарайды. Осы Сапаққа жиырма мың жылқы біткен екен. Ел аузындағы кейбір дерекке сүйенсек, отыз-қырық мыңға жуық жылқысы болған деседі. «Сапақтың туысы – Қонысбай деген адамның асына үш мың жылқы сойылды, жерде май ағып жатты» деп жазды тарихшы Сейділ Талжанов. Ақмола облысы, Атбасар өңірінде алтай руынан аққошқар тайпасынан шыққан Сейдалы деген кісіге қырық мың жылқы бітіпті деген сөз бар. «Баласы Қуандықтың Алтай, Қарпыққа қырық мың жылқы біткен» деген жыр шумақтарын да кездестіруге болады. Осы деректерді ауызша айтып берген сүйегі арғын, Сәкен Сейфуллиннің туыстарының бірі болып келетін, Алматы облысы Жамбыл ауданы «Қазақстанның ХХХ жылдығы» атындағы колхозды өмірінің соңына дейін басқарған Жақия Рақымбеков дейтін ақсақал осы айтылған мол жылқы мен оның иелері 1920 жылдары осы өмірде болғанын көптеген дәлелдер келтіріп, маған айтып берген еді. Қытайдағы социализм жүйесі 1951 жылдары жүріп жатқан кезде малшаруашылық өндіріс кооперативтері іске қосылды.

Қазақ қолындағы бағып отырған төрт түлігін сол кооперативтерге өткізді. Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық республикасының Іле Қазақ автономиялы облысы Тарбағатай аймағының 1945-1951 жылдардағы басшысы Басыбай Шолақұлы кооперативке жиырма мың қой, бір жарым мың жылқы өткізіпті. Шынын айтқанда ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы иісі қазақ қолындағы жүз жиырма миллион қойдың ең соңғы отарын, жиырма миллион жылқының ең соңғы үйірін Басыбай өз қолымен өткізіп беріп әрең құтылған.

– Жылқы ауруларын емдейтін халық емінің бірнешеуіне тоқталсаңыз, аға?

– Жылқыда «түйнек» деген ауру болады. Қазақ емшілерінің айтуы бойынша, түйнек – қара түйнек және қи түйнек болып, екіге бөлінеді. Байқап қарайтын болсақ, семіз, шелді, шажырқайы қалың, бүйрегі бітеу малда түйнек аз кездеседі. Ал арық, іш майсыз, әсіресе қанша бақсаң да іш май бітпейтін кәрі мал мен жас малда осы ауру жиі кездеседі. Жыл бойы байқап қарайтын болсақ, осы түйнектің ең көп шығатын кезі, көктем айлары. Сондай-ақ мал ішінде қидың сұйылған кезі де себеп болатын көрінеді. Жалпы, бұл ауру – малды қатты айдаудан, малды тосын үркітуден, қатты жүріске салудан, көктемде арық малдың шошынып қарғуы, секіруі, әдейі жығып аунатудан, жүріп келе жатып жалт бұрлуы сияқты оқыс қимылдан болатын көрінеді.

– Бұл сонда қалай болады екен?

– Түйнек – ішектің түйінделіп бұралуы, ішектің бір тұйығы қатарындағы ішектің үстінен, шажырқай, бүйрек май шандырларының тесігінен немесе шап шандырларының тесігі, жыртығы болса, соның бірінен өтіп, асылып қалуы деген сөз. Түйнектеліп қалғанда табиғи қалып бұзылады. Несеп ақпай тоқтап қалып, іш кеуіп, тынысы тарылады. Мал ағзаларының сіңіру, қорыту, сыртқа шығару жұмысы нашарлайды. Мұндай кезде ішек-қарын істен шыға бастайды. Кейде ішек жарылып, мал өліп кетуі де мүмкін. Қара түйнек пен қи түйнек біріне-бірі ұқсас. Бұл ауру кенеттен пайда болады. Сол кезде малға қарасаң екі бүйіріне кезек-кезек көз салады. Тынымсызданып, тұяғымен жер тарпиды. Жерге жата қалып аунап, қайта тұрады. Аунауды жиі қайталап, жерге гүрс етіп құлап та түседі. Қиналып, күшеніп қара терге түседі. Адам дейсің бе, ауырып тұрмын деп айтатын. Сол ауырғандығын сездіріп жатқаны ғой. Түйнекпен ауырған малды жерге жатқызып, ары-бері аунатады. Малдың артын, басын жоғары көтеріп байқайды. Малдың бауыр тұсынан бақан өткізіп, бір-екі көтеріп түсіреді. Ал жеңілдеу қой ауырған болса, жайдақ атқа өңгеріп шабады. Бұл айлатәсілдердің бәрі дерлік – ішектің тұйығы өтіп кеткен шандырларды үзіп жіберу. Егер осы жасаған тәсілдер көмектессе, онда ол мал қи түйнек болғаны. Бұл әдістердің ешбір көмегі болмай, мал өлетін жағдайға келсе, малдың тақыр шабынан керісінше жарып, қолды ішке салып, бұралып қалған ішекті жазады. Ішекке асылған шандырды қиып жібереді, не үзеді. Тілген жерін қайта тігіп, дәрілеп, күтімге алады. Жарып ем қолданған түйнекті қазақ емшілері «қара түйнек» деп атаған. Тышқаншық дейтін аурудың тағы бір түрі бар. Бұл ауру сиыр мен жылқыда көп болады. Мал өріске шығудан, шөп жеуден, су ішуден мүлде қалады. Су ішпеген соң, іші кебеді. Екі жағына кезек қарап, аунап жанталасады. Егер сол мезетінде емдемесе, бұл дерттен сиыр да, жылқы да өліп кетеді. Мұны емдеу жолы да, әдісі де бар. Бірақ жылқы тышқаншығын емдегенде оның – шықшыт безінен, ал сиырды емдегенде шап безінен емдейді. Осы айтылған бездерге емшілер біз шаншып, безді тіліп, бір-екі бөлікке бөліп жібереді. Біз табылмаған күннің өзінде безді сыртынан қысып, жаншып, езгілеген жөн. Кейде аттың екі танауының астынан, көлденеңінен пышақ жүгіртіп қан ағызады. Біз бен пышақ та болмай қалса, саусақтай таяқша ағашты аттың екі танауына кезек-кезек ысқылап, қан ағызуға болады. Жалпы, мұндай қан ағызу ауруы асқынған малды ажалдан арашалайды. Бір таңғаларлығы бізді сұғып жіберіп, безін тескілеп жатқанда мал қыңқ демейді. Қайта рақаттанып, жанына жаққандай қалып танытады. Ауырса, жанына батса, олай жасамас еді.

– Жылқы ауруларының тағы да қандай түрлері бар?

– Өте көп. Бірнешеуін айтайын. Жылқы маңқа, қар өкпе, шығу, сақау, шойырылма, қарақаптал, киеңкі, жамандат, сары ауру, қарын ауру, арқа кету, лоққы мандам, тышқаншық, қыршаңқы, желінқұрт сияқты аурулармен ауырады. Дер кезінде емдесе жазылып кетеді, жылқы малы ауруға өте төзімді келеді. Денесіне түскен жара құрттаса, сол құрттар теріден өтіп, етке жеткенде бірден өледі де, жерге домалап түседі. Бұл да жылқының бір қасиетін көрсетсе керек.

– Малдың көзіне ақ түсіпті деп жатады. Мұны жазуға бола ма?

– Көзге ақ түсу – төрт түлікте де болатын қасірет. Шауып, желіп, жай жүрістің өзінен де көзге бір нәрсенің ұшып, ыршып түсуінен, ұрылыпсоғылудан көзге зақым келіп, көз жанарының ішіне жара түседі. Жара жазылса да, көз қарашығының ішінде көрер көзге білінетіндей ақ түйір қалады. Ақ түскен сәтте көз жасаурайды, көзді ашқызбай, шаншып ауырады. Қазақ емшілері мұның да алдын алған. Мұндайда көп қолданатын емнің бірі – шырша қарағай бар ғой, иә болмаса жатып өсетін аршаның көмірін ұнтақтап, уқалап, оған азғана қант араластырып, сол жасаған қоспаны малдың көзіне жақындатып, ауызбен үрлейді. Осы емді күнде қайталап тұру керек. Егер ауру асқынып кетпесе, онда көзге ақ түсірмей, жазып алуға да мүмкіндік бар. Қанжілік деген ауруды естіп көріп пе едің?

– Бала күнімде естігенім бар. Жылқымен түбегейлі айналыспаған соң, оның ауруына мән бермеппін. Бұл, негізінен, неден пайда болатын кесел өзі?

– Бұл – жілікке қан түсу, жілігі қанға толу, жілік майы қанмен араласу, жілік майы қанталау, кемік бастар мен қақ сүйектерге қан жайылу, жілік кемігінің қанталауы деп аталады. Бұл жілік майының табиғи қалпынан өзгергендігін аңғартады. Бірақ бұл жұқпалы сырқатқа жатпайды. Қазақта «жілік майлы», «жілікті», «жілік майы сорғалап тұр», «кемік майы сорғалап тұр», «жілік майы тоқпақтай» деген сықылды сөздерді кездестіреміз. Бұл жіліктің табиғи қалпын сақтап, «ақ жілік» күйінде екендігін аңғартады. «Жіліксіз», «жілігі азайған», «жілігі жоқ», «жілігі солған», «жілік майы қылдырықтай», «жілігінде май жоқ», «жілік майы үзілген» деген секілді атау тіркестер де бар. Мұның өзі – малдың ұзақ уақыт дертке ұшырауынан болатын салдар. Аты айтып тұрғандай бұл аурумен ауырған малдың жілік майы қанталап, өңітүсі өзгеріп, қызарады. Кейде қан ұйыған секілді іркілдеп, жіліктің қуысына толып кетеді. Ондай кезде май қанға айналып кетеді. Жіліктің ішіндегі талшықтар болады ғой, соның өзі де күреңітіп, қарайып кетеді. Пісіргенде ол жілік майынан гөрі, ұйыған қанға көбірек ұқсайды. Жіліктің ішіндегі майдың иісі де, дәмі де өзгереді. Осы өзгеріс кейін жіліктің майы ғана емес, кемік бастары мен қақ сүйекте де байқалады.

– Мұндай аурумен ауырған малды қалай білуге болады?

– Мұндайда мал қатты қиналады. Ауыртпалықтан жаны күйзелген мал төрт аяғын нық басуға шамасы келмейді. Салмақты көтере алмай, әр аяғына кезек-кезек күш түсіріп тұрады. Ақсап басу, сылтып басу пайда болады. Аяғын көтере алмай кібіртіктей береді. Малдың ыстығы көтеріледі, тамырының соғуы мен тыныс алуы жиілейді. Осы дертке шалдыққан мал мініске, жүріске, жүк салуға жарамайды. Егер қанжілікке шалдыққан малға күтім жасалмаса, жазылып келе жатқанда қайта қиналып, тіпті өліп кетуі де мүмкін. Мұндай малды қазақ емшілері өріске қоя беріп, мінгізбей, ауырлық түсірмей, айрықша күтімге алған. Әсіресе, өте қымбатқа түскен жүйріктер мен бәйге аттарды, жорғаларды, мықты тұлпарларды қанжілік сырқатынан емдеу өте қымбатқа түседі және ұзаққа созылады. Бұл дерттен жылқы малы толық жазылғанша үстіне ер, аузына жүген тимеуі керек. Онымен бірге тағы да сондай дертке шалдыққан екі-үш жылқыны қоса бағып, ерекше күтімге алынады. Қыстағы күтімі жақсы болған жылқы келер қысқа дейін өз бабына келуі мүмкін. Олардың осы дерттен құлан-таза құтылғаны шұрайланып шыға келеді. Осы орайда жылқының семіруіне байланысты сырқатының кеткен-кетпегенін аңғаруға мүмкіндік аламыз. Кейде оның семірмеуінің де өзіндік себептері болады. Мықты тұлпарлардың жанына тәжірибе үшін қосылған кей жылқыларды қазақ емшілері әр жылы біреуін сойып-бақылауға алуға мәжбүр болған. Сойылған малдың жілігін шағып, майының молдығы мен аздығын, өңтүсін, иіс-дәмін шикілей де, пісіріп те тексереді. Қолмен ұстап, көзбен көрген соң ғана, нақтылы шешім жасаған. Қырағы көз, білгір емшілер кемік бастар мен жілік майларды бір көргенде-ақ ажыратып айта берген. Жалпы алғанда, тәжірибе үшін қосылған қанжілікпен ауырған жылқы малының жілік майлары, сүйектері бәрі сұрыптаудан өткізіледі. Міне, жүрісі мықты жорға мен шабысқа мықты бәйге аттарының жанына орташа тұқымды аттарды бірге байлайтынының себебі. Дертіне ұзақ уақыт шипа ізделетін бұл ауру өте ауыр сырқаттың біріне саналған. Сырқаттың түріне орай айығып кету мезгілі де сонша уақытқа созылған. Қызылмай дейтін малға жұқпайтын дерттің бір түрі бар.

– Мұны қалай білеміз?

– Күннің ыстығында малды шаңдатып қатты айдап, ыстығы басылмай су ішкізсе, ат, түйені қапырық күнде мініп, ауыр жүк артып, қинаса семіз мал, тоқ мал бірден қызылмай болады. Бұған түйе малы шалдыққыш келеді. Қызылмай – зілді дерт. Бұл сырқаттан мал қатты күйзеліске ұшырайды. Ет-майы бұзылады. Сүйегіне, кемікке қан ұйып қалады. Жілік майларына қан кетеді. Қатты зардаптан малдың аяғына қан түседі. Егер бұл дертке шалдыққан малды сол мезетінде емдемесе, іріп-шіріп, қиналып өледі. Тірі қалғанның өзінде сауығып кетуі үшін бірнеше жыл керек. Қазақтың мал ауруларын емдейтін емшілері жылқы мен түйе малын емдеп, оны тез арада жазып жіберетін болған. Күнделікті жұмысқа пайдаланбай, оны мінуден де босатып, реті келсе өріске қоя бергенді жөн көрген. Аяқтарынан қан алады. Ыстықты қайтаратын шөп-дәрілерді берген. Таза бидайды езіп, соны да ішкізген. Екі жүз-үш жүз грамм шайды қайнатып, оны суық күйінде береді. Мал дертінің жеңіл-ауырына қарай, емнің басқа түрлерін де қолданады. Осы дерттің қайтуына қай ем жақсы болса, соны қайталап отырған.

– Жылқы малына қатысты «күзеу» деген сөз бар. Оқырманға осы сөздің мәні мен атқарылатын кезін айта кетесіз бе?

– Күзеу – тай күзеу, құнан күзеу, бордақы күзеу болып бөлінеді. Тайды құйрық түбінен, құндықтың түбін қалдырып күзейді, құйрығының ұшынан шыбын қағар құйрық қылып қалдырады. Құнанды құйрығына тимей тек жалын күзеп, кекілін шоқтығына жақын, мінерде ұстар тұсынан бір топ жалын қалдырып күзейді. Ал бордақыны күзегенде жалынан қалдырмай тоқалдап күзейді. Бұлардың әрқайсысының өз мәнісі бар. Қазақ күзеудің түрлеріне қарап-ақ жылқылардың жас шамасын ажырата береді.

– Аға, бір кездері әңгіме арасында жылқының өң-түсі турасында менен артық зерттеген ешкім жоқ деп едіңіз. Мүмкін осы жылқы малының өң-түсіне тоқталармыз?

– Ә, солай деп пе едім. Қазақ халқы барлық өң-түсті «қылаң» және «баран» деп екі топқа бөледі. Енді жылқының жалпы түсіне, ондағы бояуларға сипаттама беріп өтейін. Көк, қара көк, теңбіл көк, көк сұр, қызыл көк, көк бурыл, ақ көк, тарлан көк, көк тарландау, көк сұрлау, қызыл көктеу, көк бурылдау. Ендеше, мұны толығырақ алам десеңдер, мен әлімнің келгенінше айтуға даярмын. Мына дәптерде анық жазылғанды оқып берейін...

Қызыл. Қызыл көк, қызыл бөрте, қызыл бурыл, қызыл көктеу, көк бөртелеу, қызыл бурылдау, дау. Бөрте. Ақ бөрте, көк бөрте, сұр бөрте, бөртелеу, ақ бөртелеу, сұр бөртелеу, көк бөртелеу. Сұр. Көк сұр, ақ сұр, тышқан сұр, қара сұр, сұркөжек, қоян сұр, жылан сұр, сұржекей, сұр бедеу. Бурыл. Ақ бурыл, көк бурыл, қара бурыл, қызыл бурыл, бурылдау, бурылмысақтау, борсық бурыл. Шұбар. Теңге шұбар, секпіл шұбар, көк шұбар, қара шұбар, теңбіл шұбар, бурыл шұбар, шұбарлау, шұбарсымақтау, қызылауыз шұбар, шауқар шұбар. Тарлан. Ақ тарлан, көк тарлан, қызыл тарлан, боз тарлан, тарлансымақтау, тарландау. Сары. Ақ сары, күлгін сары, шикіл сары, құрым сары, ақжал сары, қаражал сары, қарақұласынан қақ жарылған құрым сары, ақсарылау, құласарылау, жасыл сары, бұл түс өте сирек кезігеді. Иегінің астында, екі сулық, екі жақ, сағақ тұстарында аздаған жасыл түктер болады. Сағал. Кер сағал, шабдар сағал, күрең сағал, сарбауыр сағал, сары сағал. «Сағал атқа мінгендей, хан күпісін кигендей» деп, сағал атты мақтау, мадақтау да бар.

Торы. Тобылғы торы, керторы, керауыз торы, шымқай торы, кербалақ торы.
Кер. Ақтаң кер, құла кер, кер торы, қер құла, кер балақ.

Шағыр. Шағыр торы, шағыр қара, шағыр көк, шағыр қоңыр, шағыр жирен, шағыр бөрте, шағыр сұр, шағыр күрең, шағыр бурыл, шағыр сары, шағыр ала, шағыр шабдар, шағыр шұбар. Шағыр жылқының көз қарашығы – қара, қарашық айналасы аппақ, кейде осы қарашықтың айналасы жартылай ақ, кейде шапыраш көрінеді. Көз қарашығының жанжағы түгел аппақ, не жартылай ақ көзді қазақ шағыр көз деп атаған. Шегір. Көк шегір, ақ шегір, қара шегір, сары шегір, кер шегір, сағал шегір, шегір торы, шегір жирен, шегір күрең, шегір ала. Жылқының көз қарашығы қап-қара, қарашығының төңірегі көк шегір, жасыл шегір түстілері болады. Бір көзі шегір болмаса қос көзі шегірлері болады. Жирен. Меңсіз жирен, қан жирен, ақжал жирен, жирендеу, ақ жирен, жиренсымақтау, жиренжал жирен.

Шабдар. Ақжал шабдар, ақ шабдар, шабдарсымақтау, ақ шабдарлау. Күрең. Меңсіз күрең, ақжал күрең, шайкүрең, күреңжал күрең, қаражал, қарақұйрық күрең, күреңдеу. Ала. Қазақ «адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» дейді. Сол сыртында тұрған жылқы аласы қара ала, қоңыр ала, торы ала, көк ала, ақ ала, боз ала, бурыл ала, күрең ала, жирен ала, шабдар ала, сұр ала, бөрте ала, сары ала, кер ала, құла ала, шұбар ала. Осынау түстерді ежелден мал баққан қазақ «сауысқан ала, ит ала» деп жіктейді. Жалпы денесінде меңсіз, қалсыз, дақсыз жылқы кемде-кем. Осыған орай қазақ халқы «ақтылы қой, алалы жылқы» дейді.

– Біздің нағыз асыл тұқымды, қазақы жылқыларымыз жайында қанша айтсақ та қызығы бітпейді екен ғой, аға. Асқар Сүлейменов деген жазушы ағамыз жылқыны ерекше жақсы көретін еді...

–Иә, әрине. Мынадай деректерді оқығаным бар. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қытай мен орыс қазақ жерін екіге бөлмеген кезде Еренқабырға жаққа ауып барып, қайта қайтқан найманның ішінде қаракерей, оның ішінде мәмбеттен тарайтын Отыншы Тұматайұлын орыстар қолға түсіріп, Кереку жаққа апарып қамайды. Жазығы жоқ Отыншыны шығарып алмақ болып, Аға сұлтан Алшынбай атқосшыларымен жиналып, тарту-таралғысын алып, өте сирек кездесетін қарабас дейтін атын жетектеп Керекуге келеді. Мол тарту-таралғыны көрген орыстар Отыншыны шығарып, астына екі құлағы қап-қара, өзі аппақ, тұмсығы қып-қызыл, тұйықтары қызыл екі сұңқар сыйлапты. Өзі аппақ, басы қара – қарабас аттың болуы мен өзі аппақ екі құлағы қара – қарақұлақ аттың қазақта болуы. ХІХ ғасырдың соңына таман найман ішіндегі дөртуыл елінің бір мықтысы, есімін ұмытып қалғаным сол кісі қара құладан қақ жарылған жарты денесі – ақ, жарты денесі қара атты сол кездегі Манчжурия империясының ханына сыйға тартып, ханнан өзі де мол олжаға кенеліпті. Осыншама атырапты, елді басқара жүріп, бір кездері жау жан-жақтан анталаған тұста өзі де аумалы-төкпелі күндер кешкен қазақтың – тілін, ділін, дінін, ұлттық рухын, салт-санасын, ұлттық өнерін, ұлттық болмысын, ұлттық мәдениетін, ұлттық бедерін осындай бүкіл рухани байлығымызды сақтап қалған – қазақтың жылқысы. Бақса байлығы, мінсе көлігі, ішсе сусын, жесе ет-май болған жылқы жануары қазақтың бүгінгі күнге аман жетуіне өзінің мол үлесін қосты

– Сол үйір-үйір жылқылар қайда қазір? Қалай айырылып қалдық?

– Құрыды ғой бәрі. Қазақтың кең-байтақ өлкесінің барлық жерінде де жылқы малы болған. Соның бірі – Сарыарқа өңірі. 1920 жылдары арғындардың бір шаңырағында отыз мың жылқы болған екен. Алтай, Сауыр, Тарбағатай өңірлері – жылқы түлігі мол біткен жерлер. Ал Еренқабырға қойнауларында да жылқы малы аз болған жоқ. Осы Үшбурылда атасының асына жүз, екі жүз, үш жүз жылқы сойғандар да бар екен. Тіпті Сырым Датұлының асына екі жарым мың жылқы сойылыпты. Не деген сұмдық?! Мұның бәрінен біз қазақ елінде жылқы малының мол болғандығын көреміз. Ен-таңбасыз тай мен тайлақ, қой мен қозыны баққан қазақ өз малын өзгеден меншіктеп алу үшін сол малды түсі мен түгіне қарап тануды, айыра білуді айрықша дамытқан. Қазақтың осы бір ғажап, қағазға түсіп дәлелденбеген мамандығын дәлелдеу үшін мына мысалдар да себеп болады. Бір ғана құла түсті жылқыны суреттеп көрелік. Құла құлын, құла тай, құла құнан, құла дөнен, құла бесті, құла ат, құла сәурік, құла айғыр. Ұрғашы құла құлын, ұрғашы құла тай, құла байтал, дөнежін, құла бие, құлынды құла бие, қысыр құла бие секілді атауларға толы. Бұл айтылған екі түрлі түстеу жылқыны жынысқа жіктеу жолы.

– Құла түсті жылқыны өң-түсіне қарай жіктеп бересіз бе?

– Жіктейін. Ақ бас құла, айқасқа құла. Шиқасқа құла, шиқасқа төбе құла, төбел құла, айтөбел құла, шағыр төбел құла, шағыр құла, шегір құла, шегір төбе құла, ақшеке құла, ақжелке құла, сағал құла, ақтану құла, ақиек құла, ақомырау құла, ақтұмсық құла, құлан иек құла, ақсағақ құла, аққаптал құла, ақсауыр құла, ақтаң құла, ақалқұла, ақ жол құла, жал-құйрығы қара құла, жарма жал құла, майдажал құла, құланжал құла, құбажал құла, жалы мінер жағына жығық құла, жалы қамшылар жағына жығық құла, шолақ құйрық құла, сымпыс құйрық құла, қысық құйрық құла. Бұл бұдан әрі де кете береді. Мінер жақ алдынан ақтұяқ құла, мінер жақ артынан ақтұяқ құла, мінер жақ алдынан ақжұлақ құла, мінер жақ артынан ақжұлақ құла. Мінер жақ алдынан ақөкше құла, мінер жақ артынан ақөкше құла. Мінер жақ алдынан ақбақай құла, мінер жақ артынан ақбақай құла, мінер жақ артынан алаяқ құла, мінер жақ алдынан ақаяқ құла, мінер жақ артынан ақаяқ құла. Егер де мінер жақ екі аяққа айтылған түстеулерді қамшылар жақ екі аяққа айтса, осы өң-түстерді қайталай береді. Егер алдыңда тұрған құла жылқының төрт аяғының бірінде не екі, үш, төртінде осы айтылған өң-түстер қалай қайталанса, сол өң-түсті жаза баспай айту керек. Өйткені, осыны айта отырып, сен өз малыңды өзіңе қайтара аласың. Малды өң-түсіне қарап иелік етуді, қазаққа қаншама ғасырлық мал шаруашылығы үйретіп кетті. Мал түсіндегі өң-түс, бояудың құбылмалы қасиетін жақсы білетін қазақ табиғаттың осы қасиетіне орай, мал түсін түстеуді де сан алуан түске құбылтып атай да біледі. Мысалы, құла, ала құла, аққұлалау, сары құла, қызыл құла, қызыл құлалау, қаражал, қарақұйрық құла, сымыс құйрық құла, шалқұйрық құла.

Қазаққа мал түсін түстеу, айыру, тану, анықтау, жіктеу, бөлу, іздеу, ұстау, байлау, матау, бағу, міну, сауу, сату кезінде қателеспей иелік ету үшін де керек осы болса да, осы мамандықты үйренуге мәжбүр еткен төрт түліктің ала-құла өң-түсі деуге болады.

– Ал осы қолға қарайтын жануарлардың ала-құла болуы қайдан пайда болды?

– Шет жағасын өткенде айттым ғой деймін. Иттердің арғы тегін зерттеген ғалым Томарк Тостың айтуынша, он үш буыннан кейін қасқыр мен ит бөлінеді. Демек, иттің арғы тегі – қасқыр. Ал қасқырлар бірыңғай көк бурыл болып келеді. Қолдағы иттер қандай? Біркелкі түсте емес, ала-құла, алуан түсті. Қазақстандағы жабайы мысықтар бірыңғай құла бурыл. Ал қолдағы мысықтың түсі ала-құла. Біздің жерімізді мекен ететін қояндар екі түрлі. Бірі – аққоян, екіншісі – көкшеқоян. Ал қолға қарайтын қоянның да түсі ала-құла. Жабайы шошқалар бірыңғай сұр бурыл. Қолдағы шошқалар ала-құла. Жабайы ешкілер біркелкі сұр бөрте. Ал қолдағы ешкілер ондай емес. Қойдың арғы тегі саналатын арқар, құлжа, мүплиндер бірыңғай құла сары, қолдағы қойлар алуан түрлі. Сиырдың арғы тегі тұр мен қодастардың өң-түсін алар болсақ, бірыңғай қара қоңыр. Қолдағы сиырлардың түсі сан алуан.

– Тарпаң қандай болып келеді, суреттеп бере аласыз ба?

– Тарпаңның жалпы табиғи өң-түсі белгісіз. Қазақ жылқысының негізгі тегі керқұланның өң-түсі құла сары, кер құла, құла кер, жалы келтелеу, тықырлау, жал мен құйрығының өң-түсі қара, тұмсық жағы қылаң иектеу. Сағақ түктері қара қылшықтылау, төрт аяғы қолаңсасына дейін ор түкті, тұяғы қара жұмыр болып келеді. Үй жануарларының арғы тектері бірыңғай өң-түсте болса да, қолға қараған малдың алақұла болу себебі олар миллиондаған жылдар бойы адаммен бірге жасасып келеді. Адамнан шыққан небір иістерді, үн-дыбыстарды, айқайшу, мінез-құлық, адамдардың сұғыңқы көздері, зорлық-зомбылық, айдау, қамау, байлап-матау, мініп-түсу, сатып-сауу, «тәңірім малды жеу үшін берген» деп, малдың көзінше соны бақыртып сойып жатамыз. Содан да болар үй жануарларының бойында – тітіркену, жирену, қорқу, сескену, қауіп-қатерден қашу, құтылу ойы мазалап, қасіретқайғы шегу үй жануарларының жүйкесін тоздырып, қанын өзгертіп, оның биологиялық болмысын, мінез-құлқын өзгертіп, оның түгін ағартпайды дейсің бе? Табиғаттың жаратқаны бойынша бірыңғай өңтүске ие жануарлар қолға келгенде оның табиғи болмысына қолдан өзгеріс жасалмағаны анық. Менің жорамалым бойынша, малдағы алақұлалық тек адамның кесірінен болды.

– Жылқы сүті мен жылқы етінің шипалы екендігін бұл күнде бүкіл әлем біледі. Бұл туралы сөйлегенде қолқаңды суырғандай бәрінің таңдайлары тақ-тақ етеді. Десек те осы өнімдердің әлі де көпке таныла қоймаған қасиеттері бар ма?

– Әлем білсе, бүгін біліп отыр. Ал қазақ баяғыда-ақ білген. Жылқы етінің қасиеті сол, ол барлық адамға өз шипасын тигізеді. Қазақта «жылқы еті жақпаған ауру адам өледі» деген де сөз бар. Бұл нені білдіреді? Бұл – жылқы еті дені сау адамның барлығына қорек болады деген сөз. Осыған ұқсас мынандай да тәмсіл бар: «Жылқының еті жеген адамға жақса, қырық жылғы ауруынан айықтырады, жақпаса, қырық жылғы кеселін шығарады». Жылқы етін қанша жесең де күпті болмайсың, тез сіңеді, тез қорытылады. Қанша суық болса да, жылқы майы қатпайды. Тобарсып қана тұрады. Сол сияқты сүтін-қымызын қанша ішсең де, сіңе береді. Туа сала шешесі өлген сәбиді жылқының саумалымен асырауға болады. Демек, жылқы сүті ананың сүтімен бірдей деген сөз.

– Қазақта «сиырдың сүті – тілінде» деген мақал бар. Ал жылқының сүті қайда екенін білдіңіз бе?

– Жылқы малы – өте киелі жануар. Кез келген шөпті жемейді. Иіскеп, таңдап жейді. Басқа малдың аяғы тиген немесе ауызы тиген шөпке жылқы жоламайды да. Өзге мал сораптап ішетін лай суды жылқы ешқашан да ішпейді. Суатты кешіп барып, тереңінен, тұнығынан ішеді. Онда да бас салып сораптай бермей, алдымен дәмін татып, сосын аузын шайып, содан кейін барып ішеді. Әрине, ас-сусыз сүт қайдан болсын, жылқының да жеген тамағынан, шөбінен сүті жиналады. Сиыр құсап көп сүт бермегенімен, маңызды, шипалы бал қымызын береді.

...Жылқыдан асқан мал бар ма?
Биенің сүті сары бал –
Қымыздан асқан дәм бар ма...

Баяғыда Ақтамберді жырау осылай деп жырламап па еді? Жылқы малы оның өнімдері туралы ғылыми деректер де дәл осы жыр шумақтарындай етіп, қымыздың бағасын келтіре алмас. Қымыздың пайдасы туралы ғылым да айтып та, жазып та жатыр. Әсіресе, адамның ағзасына өте пайдалы. Қымыз жай ғана шипалы сұйық емес ол астың да қызметін атқарады. Қымыз ішкен адам тоқ жүреді. Ол асты да қорытады. Тамаққа тойып алып, соңынан қымыз ішсең, бірақ уақыт өткеннен кейін қарныңдағы тамақтың қайда кеткенін білмей де қаласың.

Қымыз: ағза қызметін жақсартып, адамды жасартады;
Қан құрамын реттейді;
Жүрек қан-тамыр ауруларының алдын алады;
Зәр шығару органдарының қызметін жақсартады;

Жүйке жүйесінің жұмысын дұрыстайды;
Ас қорытуға көмектеседі;
Жыныстық қуатты арттырады;
Өкпе ауруларын емдейді;

Созылмалы асқазан ауруларын (гастрит) жазады;
Созылмалы өт қабынуын;
Созылмалы энтеритті;
Созылмалы тік ішек ауруларын;

Созылмалы бауыр қабынуын;
Асқазан жарасын және 12 бармақ ішек ауруларын емдейді.

Қымыз қан тамырларын кеңейтіп, қан айналымының жақсаруына мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар қандағы түйіршіктерді талқандап, қанның жүрісін қалыпқа түсіреді. Қымызды жүйелі ішкен адам қан айналысының белсенділігі артуы нәтижесінде әртүрлі жүрек ауруларынан айығады. Қымыз адам жүйкесі жұмысын жақсартудың таптырмас емі болып табылады. Әсіресе, орталық жүйкенің жұмысын реттейді. Адамның көңіл күйін көтеріп, шаршағанын басады. Дене жұмысынан шаршаған адам кешкілік қымыз ішетін болса, шаршағаны басылып, қан айналымы жақсарып, жүректің қалыпты жұмыс істеуіне қол жеткізеді. Қымызды оқта-текте ғана ішпей – жүйелі ішудің маңызы зор. Аш қарынға қымыздың саумалын (жаңа сауылған сүті) ішкен пайдалы. Ол асқазан мен ішек жараларын емдейді. Сондай-ақ тік ішектің жұмысын жақсартып, оның бойында ас қалдықтарының қатып, қалып қоймауын қамтамасыз етеді. Ал сары қымыздың адам психикасына әсері жайында медицина мойындап отыр. Мен өзім қымызды біраз тұтындым. Бойымдағы біраз ауруымды алды да. Көрмеген қиындығым жоқ. Бірнеше мәрте сотталдым, абақтыға жабылдым, оны өзің де естідің. Ал түрмеден шыққан адамның қайбір жағдайы болады. Бүкіл ауруды бойына жамап шығады. Сол дерттеріме дауа болған қымыз және басқа малдың сүт өнімдері. Жалпы, ағарғанды жақсы көрдім. Ғұмырымның ұзақ болуына солардың да пайдасы тиді ғой деп ойлаймын.

– Жағда аға, қымызды өзіңіз қалай пайдаланғаныңызды оқырманға айта кетсеңіз. Мүмкін қымыздан өз бетіңізше ем-дом да жасаған боларсыз?

– Шынымды айтсам, менің осылай ұзақ өмір сүруге қақым да бар сияқты. Бұлай дейтінім, өмірдің кез келген қиындығына, қуанышына, құбылысына бейім тұра білемін. Қолымнан келмейтіні жоқ. Ердің де, әйелдің де жұмысын атқара беремін. Керек кезінде дәрігер де, тәуіп те, балгер де болдым. Мысалы, асқазаны, іш құрылысы ауыратын адамдар қымыздың саумалын таңертең ашқарынға ішкені абзал. Ол асқазан сілекейлерінің тітіркенгіш қызметін баяулатады. Сөйтіп, ішкі жаралардың беті қабыршақтанып бітуіне әсер етеді. Іш аурулары, негізінен, дұрыс тамақтанбағандықтан, әртүрлі спирттік ішімдіктерді мөлшерден тыс ішкендіктен және аш құрсақ жүргендіктен болады. Қымыздың кереметі сонда, асқазанның созылмалы ауруларының өзін жазу мүмкіндігіне ие.

– Өзіңіз қазақтың әр сөзін қымбат қазынаңыздай көресіз. Шашау шығармай жинап жүресіз. Сіз осы өткен жолы бір сөзіңізде адамның бір ғана бас мүшесіне байланысты қаншама сөзді тіркедім деп едіңіз. Мүмкін болса осыларды бір түгендесек.

– Адамның басына байланысты сөздерді екі қарап, бір шұқып отырып жазғаным рас. Әлі де қазбаласа, өте көп сөз шығады. Қазір оған менің шамам жетпейді. Оқырман қазақтың сөзін, тілдік қорын ұғынсын деген мақсатпен біразын жазып та қойдым. Адам басындағы атау бес жүздің үстіне шығады. Мен оны сонау 1970 жылдардан бастап жинадым. Осы дерекке қатты қызыққандардың бірі – ақын әрі жазушы Қажыкен Ахметов деген кісі. Арғын, Дия қажының баласы. Өзі Сібірге түрмеге айдалып, он жылдан аса уақыт сол жақта жүріп қайтқан. 1963 жылы мен «Мәдениет және тұрмыс» журналына барғанымда осы кісі сол жерде екен. Екеуміз бір бөлімде істедік. Ол – бастық, мен – көмекші. Адам басындағы атауларға қатты қызықты. Кейде өзі де бастағы атауларды тауып, менің жазғандарымды толықтырып жүрді. Мен сол деректерді ұдайы толықтыра жүрдім де, баспа бетіне беруге асықпадым. Қазақ елінің байлығын мақтан етіп, әркімге көрсетіп жүрдім.

– Неге баспаға бермедіңіз?

– Қаншама еңбегім далаға кеткені ме деп іштей қатты өкінгенім рас. Кезінде осы жинағанымды біреу ұрлап кетті. Қайтадан жинақтауға құлқым болмай жүргенде ақын әрі жазушы Қызырғали Зәуренбаев бастаған бір топ жігіттер адам денесіндегі атауларды қайта жинауыма дем берді, көмектесті. Сөйтіп, адам денесіндегі атаулар қайта қағазға түсіріле бастады.

– Аға, ендеше, осы сөздерді өзінің ретіне қарай оқырманға ұсынсақ.

– Сонымен, кісі басындағы атаулар мен тіркестер: бас, төбе, шеке, қарақұс, қарақұла, желке, көк желке, желке шұқыры, құлақ шеке, маңдай, самай, құлақ, майқұлақ, сырғалық, мұрын (мұрын іші, сырты, ұшы), танау, тұмсық, қаңсар, кеңсірік, желбезек, ноқта, секпіл, мең, қал, ұры, безеу, таңлақ, алапес, шұбар, сіргелік, ұрт, ерке шұқыр, бет, бет-ауыз, бет-бейне, бет-әлпет, сықпыт, бет сұрқы, бет көркі, бет ажар, бет өңі, бет еті, аузы-басы, аузы-мұрны, беті-қолы, ерін, езу, суағар, иек, шөкет, жақ, бет, шырай, кескін, келбет, дидар, тұрпат, пішін, бейне, кейіп-кескін, сұрық, сүдін, жүз, көз, қарашық, жанар, қабақ, қас, кірпік, саға, сағақ, тамақ, қолқа, мойын, кердең-мойын, көз қиық, мезе, орай, еңбек, шүйде, тіс, тіл, сақал, ата сақал, мұрт, алқым, жұтқыншақ, таңдай, көмей, бөбешік, әуке, бұғақ, таз, ми жүйесі, қан тамыр жүйесі, құйқа, тері, ет, тер, иіс-қоңыс, бастағы сүйектер.

Бас күтімдері: бас жуу, бас уқалау, бас қышу, бас ауру, бас қату, шаш алу, шаш қою, шаш қайыру, бұрым, қолаң шаш, бестемше (таңдай), шөпжелке, тұлым, айдар, кекіл, алқыс сақал, сағақ сақал, сақал күтімі, мұрт күтімі, бас биті, жабысқақ, сірке, қайызғақ, күс, шайыр, тер, есіркену, бөрту. Басқа керекті жабдықтар; ұстара, сүзгі, жазба, шашбау, сылдырүзбе, шолпы, шаш бояу, еңлік, қайшы, тарақ, айна. Адамның кесер басындағы атаулардың бір бөлегі: ақ бас, астау бас, ала бас, ақшеке бас, аламыш таз, аламыш бас, ақылды бас, ақылсыз бас, айна бас, айна таз, айдарлы бас, бақа бас, бұзау бас, баспақ бас, бурыл бас, боз бас, бұқа бас, бір үйде бес бас, дәу бас, домалақ бас, дудар бас, ешкі бас, етті бас, етсіз бас, екі бас, жұмыр бас, жылан бас, жалпақ бас, жал бас, жарғақ бас, жалтыр бас, жұқа бас, жирен бас, жарты бас, жылтыр бас, зең бас (басы қату, бас ауру), ит бас , кішкене бас, кейкі бас, көстек бас, көк ала бас, кешкіл бас, кекжек бас, кепкен бас (көпті көрген), кеппеген бас, кекілді бас, құлжа бас, қуық бас, қайқы бас, қазан бас, қара бас, қасқа бас, құж бас, қу бас (жалғыздық, ақ бас, қартайған бас), қушық бас, құж-құж бас, қатпар бас, қуыс бас, құйқа бас, құйқасы қалың бас, құйқасы жұқа бас, қызыл бас, қау бас, қауға бас, құлу бас, қаспақ бас, қырма таз, қисық бас, қалтақ бас, қаспақ таз, қу бас (етсіз бас, баласыз), қара шеке, құйқалы бас, қауқиған бас, мау бас, май бас, маң бас, мөңді бас, мандам таз, ойма таз, өгіз бас, сопақ бас, сеңсең бас, селеу бас, сары бас, самай таз, сулы бас, суми , сорлы бас, сақалды бас, сақалсыз бас, түйме бас, түйе бас, торсық бас, торқыр бас, тақыр бас, теңбіл бас, тақыр таз, теңге таз, төбел таз, тыртық бас, терлі бас, терсіз бас, таз бас, тұлымды бас, тайпақ бас, тайқы бас, ұрылы бас, ұры желке, ұры шеке, ұры маңдай, үрпек бас, үлкен бас, үшкір бас, үкі бас, шөже бас, шошқа бас, шақша бас, шүйке бас, шошақ бас, шелек бас, шелпек бас, шуда бас, шор бас, шәйірлі бас, шәйірсіз бас, шикіл бас, шой бас, ірің таз, іріңді бас. Адам маңдайы: маңдай, ақмаңдай, аймаңдай, жазық маңдай, кең маңдай, тар маңдай, әжімсіз маңдай, әжімді маңдай, меңді маңдай, кере маңдай, қалды маңдай, тыртық маңдай, бақытты маңдай, бақытсыз маңдай, сормаңдай, маңдай тер, шотмаңдай, тайқы маңдай, томпақ маңдай, тақыр маңдай, терлі маңдай, жылтыр маңдай, қушың маңдай, маңдай алды. Адамның көз атаулары: алакөз, алағай көз, әжімсіз көз, әжімді көз, албасты көз, ашық көз, ақ көз (надан), ақ шел, абай көз, айнам көз, айна көз, алақан көз, ақыл көз, әйнек көз, боз көз, бақа көз, бота көз, бадырақ көз, былшық көз, бадыраң көз, балық көз, барқадарсыз көз, бейбіт көз, бұқа көз, бит көз (көзін тазартпау), біти көз, бітік көз, бұлдыр көз, буалдыр көз, бұзау көз, ешкі көз, дөң көз, дөңес көз, долы көз, дөңгелек көз, жасыл көз, жайнақ көз, жаутаң көз, жыртық көз, жыпық көз, жәудір көз, жапалақ көз, жаман көз, жапақ көз, жылан көз, жұмық көз, жайтаң көз, жайдары көз, жағал көз, жасық көз, жылауық көз, жылым көз, жайсаң көз, жайраң көз, жылы көз, жіті көз, жақыннан көретін көз, жалғыз көз, жымық көз, жалтыр көз, жылтың көз, зиялы көз, зымиян көз, зұлым көз, ит көз, көк көз, күлім көз, көнтек көз, көлгір көз, көк шегір, көген көз, көгерген көз, көз жасы көл болды, көз жасын көрді, көз жасын көрмеді, көзден тасалау, көзден тайдыру, көзін тайдыру, көзін жұмды, көзін жойды, көзін көгертті, көзінше, көзі көрді, көзі көрмеді, көз қысты, көзін алартты, көзін бақырайтты, көзін бұрды, көзіне ұрды, көзін ағызды, көзі бақырайды, көзін жыпылықтатты, көзін жыртитты, көздеді, көзін сүзді, көзі мөлдіреді, көзі жасаурады, көзінен жас ақты, көзі құрғамады, көзін сүртті, көз жасы көл болды, көзін байлады, көзін шешті, көзін ашты, көз шырымын алды, көзіне түртті, көзіне көрсетті, көзіне ұрылды, көзін шығарды, көз тартады, көз сүріндіреді, көзге оттай басылады көзге оттай ыстық, көзге ұрып тұр, көздің жауын алады, қарай-қарай көз талады, көзден бұл-бұл ұшты, көзге көрінбеді, көзге түспеді, көзге шалынбады, көзіңнен айналдым, көзінен айналды, көз алдымнан кетпеді, көз алдымда тұрады, көзін салды, көзін салмады, көзін ашты (көмектесті), көз қиығы түспеді, көз нұры кетті, көз нұры өшті, көз нұры өше бастады, көзін қадады, көзі өңменінен өтті, көзінен от шашты, көзін алақанымен басты, көзі жайнады, көзі бозарды, көзі көгерді, көзі ойнады, көзінен жас ақты, көзінен жас шықпады, көзінен жас тамды, көзін сүртпеді, көзіне де ілмеді, көздемеді, көздеген, көздемеген, көзін тікті, көзін тікпеді, көзін құртты, көз жасы, көз уы, көз былшығы, көз қаны, көз айналасы, көз кірпігі, көз тамыры, көз шарасы, көзі шарасынан шықты, көзі шарасына түсті, көз тамыры, көз қиығын, көз арты, көз алды, көздің үсті, көз асты, көз іші, көз сырты, көз қарашығы, көз ағы, көз аласы, көз еті, көз майы, көзі суалды, көз бітті, көзі жабылды, көзі құрыды, кіртиген көз, көз жанары, көз оты, көз нұры, көз ажары, көз ауруы, көзі алайды, көзі сығырайды, қара көз, қарақа көз, қызыл көз (ауру), қызыл көз (сұғанақ), қызыл шегір көз, қой көз, құралай көз, қисық көз, қыли көз, қысық көз, қоян көз, қанды көз, құтырған көз, қиық көз, қасқыр көз, қабан көз, барақ көз, қырғи көз, қаршыға көз, қалта көз (әжім), қитар көз, қыран көз, қырағы көз, қатал көз, лашын көз, мүләйім көз, мөнді көз, мөлдір көз, момақан көз, моншақ көз, мысық көз, меңді көз, май басқан көз, мойыл көз, наркес көз, ноғала көз, нұрлы көз, нұрсыз көз, ойнақы көз, ойлы көз, ойсыз көз, оймақ көз, отты көз, өгіз көз, өтті көз, өлі көз, өлқая көз, өткір көз, өжет көз, сары шегір көз, сұғанақ көз, сулы көз, сіркелі көз, сірмелі көз, сыршыл көз, сайтан көз, сүзеген көз, сұқты көз, сұсты көз, сұқсыр көз, сапақ көз, састы көз, соқыр көз, су қараңғы, сүзілген көз, сәби көз, сағал көз, сілеусін көз, соқыраңқы көз, салқын көз, салқын жара, суық көз, сайқал көз, сотқар көз, төрт көз, томпақ көз, тотияын көз, тышқан көз, тостаған көз, түйе көз, тас көз, тошала көз, тұңғиық көз, топас көз, тұз көз, тіленші көз, тік көз, түлкі көз, тана көз, таған көз, теке көз, ұялы көз, ұзақ көз, ұры көз, ұяң көз, үркек көз, үкі көз, үңгі көз, үрейлі көз, шегір көз, шағыр көз, шапыраш көз, шелді көз (дерт), шелді көз (сауатсыз), шылпық көз, шошқа көз, шадыр көз, шилі көз, шиқан көз, шақырай көз, шерлі көз, шүңірек көз, шүңет көз, шай көз, іңкәр көз, іріңді көз, ылай көз, қалды көз, күлім көз, көзін шел басқан, ойнақы көз, жалтыр көз, әкеден қалған бір көз, «бұраң бел көкем-ай, қасы- өзі қиылып қай жерде отыр екен-ай» депті әншілер. Қабақ: айқабақ, ашық қабақ, албасты қабақ, бадам қабақ, дөңқабақ, жау қабақ, жаман қабақ, жабық қабақ, жайдақ қабақ, жар қабақ, жылы қабақ, қабақ, қасқыр қабақ, қалың қабақ, қырғи қабақ, қыран қабақ, қабақ сүйегі, қас-қабақ, қабағын жарды, май қабақ, өрік қабақ, сайтан қабақ, сүрлі қабақ, суық қабақ, оң қабақ, оң қабақ үсті, оң қабақ асты, оң қабақ арты, тақыр қабақ, түкті қабақ, түксіз қабақ, етті қабақ, тік қабақ, тұйық қабақ, түйген қабақ, түксиген қабақ, шүңірек қабақ, шұңқыр қабақ, шошқа қабақ, шүңгіл қабақ. Қас: ақ қас, бурыл қас, керме қас, қас, қара қас, қою қас, қиғаш қас, наркүміс қас, селдір қас, тақыр қас, тікті қас, терген қас, ұзын түкті қас, шолақ қас. Кірпік: ақ кірпік, алтын кірпік, бұзау кірпік, жиі кірпік, кірпігін жұлды, кірпік қақты, кірпігін қақпады, кірпік, қанжар кірпік қайқы кірпік, қою кірпік, найза кірпік, наз кірпік, сұйық кірпік, селдір кірпік, сынған кірпік, тықыр кірпік, түскен кірпік, ұзын кірпік. Тұмсық-мұрын: бұзау тұмсық, біз тұмсық, бүркіт тұмсық, бауырсақ тұмсық, дөң тұмсық, жал тұмсық, имек тұмсық, ине тұмсық, кейкі тұмсық, кертпе тұмсық, қарға тұмсық, құс тұмсық, қу тұмсық, қырлы тұмсық, қызыл тұмсық, май тұмсық, орақ тұмсық, ожау тұмсық, пұшық, пұшық тұмсық, торғай тұмсық, түлкі тұмсық, түзу тұмсық, үскі тұмсық, шошқа тұмсық, тұмсық ұшы, тұмсық үсті, тұмсық асты, тұмсық іші, тұмсығын бұзды, тұмсығын қанатты, астау мұрын, бұқа мұрын, боқмұрын, бауырсақ мұрын, бұзау мұрын, дөң мұрын, дөңес мұрын, дүңіршек мұрын, «ер мұрынды, ат ерінді келеді», жалпақ мұрын, итек мұрын, итиген мұрын, кертеш мұрын, кеңірік мұрын, кеңірік, кекше мұрын, қыр мұрын, қолағаш мұрын, қоңқақ мұрын, қоңқақ сеңгір, қаңсар мұрын, қисық мұрын, қобаған мұрын, қушық мұрын, қаңсар шеміршек, мұрын, май маңқа, мұрын қыры, мұрын, маңқа, мұрын үсті, мұрын асты, мұрын іші, мұрын сырты, мұрын ұшы, мұрын қансары, мұрын шеміршегі, мұрын терісі, мұрын еті, мұрын күсі, мұрын күс қыртысы, мұрын қара қыртысы, мұрын қыртысы, мұрын суы, мұрын іші шырышы, мұрын өңезі, мұрын үлбірі, мұрын үсті түгі, мұрын іші түгі, мұрын қарақұласы, пісте мұрын, пұшық, пұшық мұрын, су мұрын, сіргелі мұрын. Сіргелі кертеш мұрын 1988 жылы ақпанда Алматы қаласында кезікті. Орыс келіншек екен. Танау желбірі ойықты, жабысыңқы, танау сіргесі түсіңкі, салақ. Тұмсық ұшы қайқы, түйіртпектеу, тым сирек, ерекше үлгіде. Тау мұрын, тайлақ мұрын, талпақ мұрын, үскі мұрын, ұлпершек мұрын, шоң мұрын, шөміш мұрын, ши мұрын. Бет: ақ бет, ашаң бет, әжімді бет, әжімсіз бет, аш бет, ажарлы бет, ажар, ажарсыз бет, ақша бет, без бет, бүйрек бет, боз бет, бозғыл бет, безеу бет, божбан бет, божыр бет, бет ажар, бет жанағы, бет томпағы, бетбейне, бидай өң, бет сүйек, бет тері, бет тамыр, бет шұқыр, беті жұқа, бет-ауыз, бет ұшы, бет еті, бет өңі, дөң бет, дөңес бет, далапты бет, дөңгелек бет, етті бет, етсіз бет, еңлікті бет, жарық бет (тыртық), жүнді бет, жұқа бет, жолақ бет, жұқалау бетті, жұқалтаң бетті, жалпақ бет, қызыл бет, қарабет (қылмысты), иманды бет, имансыз бет, ибалы бет, иманжүзді, көкбет, қалды бет, қалың бетті, қалыңдау бетті, меңді бет, майлы бет, нұрлы бет, нұрсыз бет, ожар бетті, ожарлау бетті, секпіл бет, сідік бет, сазбет, сұр бет, сұрғыл бет, сортаң бет, сақалды бет, сағал бет, сопақ бет, тыртық бет, түкті бет, тақыр бет, терлі бет, терсіз бет, тұзды бет, толық бет, тотыққан бет, тобылғы торы (өң), шайырлы бет, шайырсыз бет, шошақ бет, шотпақ бет, іңкәр бет. Танау: ақсағай танау, бөкен танау, делбе танау, едірең танау, желбір танау, жапсар танау, жалпақ танау, жырық танау, кертпе танау, қайқы танау, қушық танау, мүкіс танау, ойық танау, сетік танау, саңқақ танау, піштиген танау, талпақ танау, тайпақ танау, тайынша танау, тай жырық танау, еке танау, таңқы танау, телпек танау, тәмпек танау, тәмпіш танау, тесік танау, тершігіш танау, үңгір танау, шүкейт танау, шырышты танау, танау желбірі, танау шеміршегі, танау тесігі, танау шырышы, танау іші, танау сырты, танау жүні, танау түгі, танау сіргесі, оң жақ танау, сол жақ танау, танау суы. Шеке: шеке, құлақ шеке, құлақ шеке арасы, оң жақ шеке, сол жақ шеке, шеке тамыр, оң жақ шеке тамыр, сол жақ шеке тамыр, қызыл шеке, шекесі торсықтай, қушеке, шекесіне тар келді, ұры шеке, шеке сүйек, шеке тері, шеке шашы. Самай: самай, ақ самай, самай шаш, оң жақ самай, сол жақ самай, бурыл самай, қу самай, түсіңкі самай, көтеріңкі самай, қалың самай. Құлақ: құлақ, қалқан құлақ, шұнақ құлақ, салпаң құлақ, тік құлақ, бауырсақ құлақ, делдең құлақ, елбең құлақ, кішкене құлақ, үлкен құлақ, түйе құлақ, ат құлақ, саңырау құлақ, жарғақ құлақ, сақ құлақ, ақ құлақ, бүріс құлақ, құрыс құлақ, қасқыр құлақ, ит құлақ, түймелі құлақ, сырғалы құлақ, түкті құлақ, селтең құлақ, сайтан құлақ, есек құлақ, тебінгі құлақ, құр құлақ, ақпа құлақ, құйма құлақ, қақас құлақ, құлақ іші, құлақ сырты, құлақ шеміршегі, құлақ жарғағы, құлақ алды, құлақ арты, құлақ иіртегі, құлық , құлық толу, құлық қату, құлық тығын, құлық алу, құлық тазарту, құлақ тамыр, құлақ ауру, бұлақ, құлақ шыңылдау, құлық гуілдеу, құлақ шаншу, құлақ шағу, құлаққа суық тию, құлақ діңгірлеу, құлаққа су кіру, құлағы бітелу, керең құлақ, оң жақ құлақ, сол жақ құлақ, бауырсақ құлақ, шөре құлақ (құлақ алдындағы кішкене шеміршек), естімейді, құлақ қыры, құлақ шұқу, құлақ аса тыңдау, құлақ шаншу, құлағынан бұлақ ақты, құлақ ауру, құлағы қышу, құлағының құрышын қандырды, саңлаусыз құлақ, саңлаулы құлақ, қатты құлақ, жұмсақ құлақ. Ауыз: Ауыз, апан ауыз, ақ ауыз, ашықауыз, ағаш ауыз, бейпіл ауыз, босауыз, балық ауыз, бәдік ауыз, бүріс ауыз, бұртық ау, берік ауыз, берекесіз ауыз, дорба ауыз, дүрдік ауыз, дуалы ауыз, дуасыз ауыз, еркін ауыз, елек ауыз, жайын ауыз, жылдам ауыз, желім ауыз, жырық ауыз, жел ауыз, жұқа ауыз, итаяқ ауыз, инабатты ауыз, кішкене ауыз, көңтек ауыз, керауыз, кемпір ауыз, көстек ауыз, көбік ауыз, қу ауыз, қасқыр ауыз, қисық ауыз, қаспақ ауыз, қанды ауыз, қызыл ауыз, қара ауыз (мұртты), орақ ауыз, орма ауыз, оймақ ауыз, сүйрік ауыз, сүйел ауыз, сып-сың ауыз, сасық ауыз, салпы ауыз, салымды ауыз, салқы ауыз, сулы ауыз, ұртты ауыз, үңгір ауыз, үлкен ауыз, шөмшек ауыз, шелпек ауыз, шүршік ауыз.

Езу: езу, көкезу, жырық езу, езу іші, езу сырты, кер езу, көбік езу. Ерін: ерін, ерін суағары, ерін қарақұласы, дүрдік ерін, жұқа ерін, жырық ерін, жалақ ерін, көк ерін, қалың ерін, қызыл ерін, қоянжырық, қоймажырық ерін, қайқы ерін, алпы ерін, шелпек ерін. Дидар: ақ дидар, ақ бөрте, аппақ, аппақ сазандай, ақ сұр, ақ құба, ақ сұлу, айгерім, ақша бет, ашаң жүз, ашаң сары, ақ сары, ақша жүз, ақ кірпік, аузы-басы, алмамойын, айқабақ, ақ маңдай, ала көз, бидай өң, божбан, божбан шұбар, божбан қара, бет-бейне, бет-ауыз, бет-әлпет, бет, әлпет, әдемі, беті- қолы, бет-жүзі, бет-ажар, бүлдіршін, бет-бітім, бет-өңі, бейне, дидар, жабырқау жүз, жылы жүз, жүз, иман жүзді, ибалы жүзді, керім, қара өңді, қызыл шырай, қызыл сары, қып-қызыл шиқандай, қып-қызыл, қап-қара, қара шотпақ, қара шұбар, қалды бет, қалды қара, қалды қызыл, меңді бет, меңді қара, көк көз сары, көк көз шикіл сары, кескін, келбет, кейіп, күміс күлкі, күлім көз, көрік, көркем, қиғаш қас, қолаң шаш, қалың бет, қас-қабақ, қара сұр, нарт жүз, нарттай қызыл, өң, өң-жүз, өң-түс, өң-бет, өңді, өңсіз, ноқталы жүз, ноқта, толқын жүз, сары, сары-сапақ, сапақ, сап-сары, сары шұбар, секпіл бет, сұр, сүдін, сұрық, сықпыт, сұқсыт, суық, сүйкім, сұлу, сұлудың сұлуы, пішін, тай шұбар, тұрпат, шикіл сары, шой қара, шұбар, шырайлы, сұпсұр, өңсіз, сары, қарасұр, қаракер, шикілсары, сұрша, сұршалау, бетінен қаны тамған, үлбіреп тұр, қасы-көзі қиылып тұр. Иек: иек, сақалды иек, сақалсыз иек, қалың иек, жұқа иек, ұзын иек, кең иек, ата сақалды иек, қалың сақалды иек, жұқа сақалды иек, селдір сақалды иек, қырма сақалды иек, иектеу, тақыр иек, түкті иек, үшкір иек, шөкет иек, қалың иек, ұзын иек, кең иек, қу иек, кем иек, иегі кемсеңдеу. Еркешұқыр: еркешұқыр, тік сара шұқыр, көлденең сара шұқыр, ұя шұқыр, оң бет ерке шұқыр, сол бет ерке шұқыр, Тіл: боз тіл, доғал тіл, жалпақ тіл, қызыл тіл, қара тіл, олақ тіл, өткір тіл, сүйір тіл, ұзын тіл, үшкір тіл, шолақ тіл, тілі қысқа, тілі ұзын, тіл алды, тіл арты, тіл ортасы тіл түбі, тіл ұшы, тіл қыры, тіл бүрі, тіл қыртысы, тіл бүр қыртысы, тіл қарақұласы, тіл үсті, тіл асты, тіл үсті бүрі, тіл ортасы бүрі, тіл ұшы бүрі, тіл ұшы қатқылы, тіл ұшы сірісі, тіл ұшы дәм сезу бөлегі,тіл ұшы еті, тіл ортасы еті, тіл көмей еті, тіл асты жұмсағы, тіл асты бұлақ безі, тіл асты сілекей безі, тіл асты безі, тіл асты тамыры, тіл тамыры, тіл шырпы тамыры, тіл тамыры еліптері, тіл тамыры қылауы, тіл жүйкесі, тіл жүйке тамырлары, тіл жүйке торлары, тіл жүйке қылаулары, тіл мен көмей, тілдің көмей жағы, тіл көмейі, көмей еті, көмей безі, көмей майы, көмей тамыры, көмей жүйкесі, көмей түбі, тіл тістеу (жаралау, ашығу, өкініш), тілі тәтті (сөз), тілді, қызыл тіл, сұқты тіл, сұқсыр тіл шешен тіл, шебер тілді, тілі удай, тілі ащы, тілі тиеді, тілі тиді, сақау, тілі шолақ, тіл жетпейді, тіл білмейді, тіл біледі, тілалғыш, тілазар, тілі найзадай, тілжақты, сүйір тілді, доғал тілді, тұтықпа, кекеш, тілімнің ұшында тұр, тілімен жағына сүйенді, құдайым тіл мен жақты берген екен, от ауызды, орақ тілді, тілінен май тамады. Тіс: ақ тіс, азу тіс, ақыл тіс, алтын тіс, ат тіс, әлді тіс, әлсіз тіс, бұзау тіс, (сирек), бор тіс (бос тіс), бұзылған тіс, бүтін тіс, жиі тіс, жарылған тіс, жақ тіс, жас тіс, жаңа тіс, жарты тіс, жамалған тіс, жақсы тіс, желінген тіс, жаман тіс, жасанды тіс, ит тіс, кетік тіс, күрек тіс, кәрі тіс, кетілген тіс, көк тіс, көстек тіс, ескі тіс, қасқа тіс, қос тіс, қияқ тіс, қайрақталған тіс, қайралған тіс, қапталған тіс, қызыл иек, қара тіс, қарайған тіс, құрт жеу, құрт түскен тіс, лоқыған тіс, лоқытылған тіс, маржан тіс, маңдай тіс, майда тіс, мықты тіс, мөрлі тіс, мөрсіз тіс, меруерт тіс, мысқыл без , нашар тіс, орсақ тіс, пышақ тіс, өткір тіс, салған тіс, сирек тіс, сынық тіс, сынған тіс, сілекей без (шайнауға байланысты), тіл асты безі, тозған тіс, түскен тіс,түбір тіс, түбіртек тіс, улы тіс, усыз тіс, ұры тіс, ұсақ тіс, ұрт без, ірі тіс, үгілмелі тіс, үгілген тіс, тіс сүйегі (дентин), тіс болаты (эмаль), тіс боры (ұлпа), тіс өзегі, тіс соқтасы, тіс тамыры, тіс еті, тіс қаны, тіс түбі, тіс пышағы, тіс сауыты, тіс қағы, тіс уы, тіс тасы, тіс қан тамыры, тіс сол тамыры (лимфа), тіс шырпы тамыры, тіс еліп тамыры, тіс қылау тамыры, тіс қанау, тіс еті ісіну, тіс еті ісу, тіс еті іріңдеу, тіс еті асқыну, тіс жүйке тамыры, тіс жүйке торы, тіс күту, тіс күтпеу, тіс борсу, тіс сасу, тіс қабыну, тіс шіру, тіс ұлпасы шіру, тіс еті қызару, тіс еті жаралану, тіс түбі босау, тіс түбіршегі қалу, тіс ету қату, тіс ұясы, тіс түсу, тіс орны, тіс суыру, тіс суырылу, тіс шұқыры, тіс сызаты, тіс жарығы, тіс құрты, тісті құрт жеу, тіс түбі үзілу, тіс түбі үгілу, тіс ұлпасы үгілу, тіс болаты үгілу, тіс сүйегі үгілу, тіс ауру, тіс қақсау, тіс сыздау, тіс сырқырау, тіс зырылдау, тіс емдеу, тіс жұлу, тіс жұлдыру, тісі бар, тісі жоқ, тіс сыну, тіс кетілу, тіс қуысы, тіс қараю, тіс дағы, тіс арасы, тіс мөрі, тіс бұзылу, тіске ет тығылу, тіс шұқу, тістеу, тіске басу, тісі тісіне тимеу, тісін қайрау (дерт, өшігу), тісін басу, тілін тістеу (ашығу), тіс сарғаю, тісті емдету, тісті жамату, тісті алтынмен қаптату, тісті күміспен қаптату, тісті тотықсыз темірмен қаптату, сүйек тіс салдыру, тіс тазалау, тіс тазалану, сүт тіс, маңдай тіс үстіңгі азу, астыңғы азу, үстіңгі маңдай, астыңғы маңдай тіс, ауырған тіс, босаған тіс, сурылған тіс, тістеді, тісі кірді, тісі батпады, тістеуік, тісі түсті, маңдай тісі түсті, тісін жұлдырды, тісі босап қалды, азу тісі түсті, бірді-екілі тісі бар, тісі қайта шықты, тісі түгел, тісі пышақтай, тісі өтпеді, тісі маржандай, тісі қышыды, тісі сынды, тісін қақты. Сақал: ақсақал, ақ бурыл сақал, айыр сақал, ата сақал, әуке сақал, бурыл сақал, боқ сақал, дорба сақал, дөңгелек сақал, ешкі сақал, жирен сақал, көк сақал, көк ала сақал, кетпен сақал, күрек сақал, күйек сақал, келте сақал, қара сақал, қызыл сақал, қаба сақал, қу сақал, қап сақал, қысқа сақал, қою сақал, қырма сақал, қырықпа сақал, наркүміс сақал, селдір сақал, сеңсең сақал, сары сақал, саспақ сақал, саға сақал, теке сақал, тесе сақал, тығырық сақал, тұжырған сақал, жұқа сақал, қалың сақал, ұзын сақал, шоқша сақал, шуда сақал, шар сақал, шалғырт сақал, келте сақал, қырма сақал, бұйра сақал, қатты сақал, жұмсақ сақал, қауға сақал, тесе сақал, қырған сақал, ұяң сақал. Мұрт: ақ мұрт, бурыл мұрт, басқан мұрт, еліпті мұрт, жау мұрт, жұқа мұрт, қиық мұрт, қара мұрт, қою мұрт, қияқ мұрт, қоржын мұрт, қиған мұрт, мысық мұрт, сұлу мұрт, суағар мұрт, селдір мұрт, селеу мұрт, күміс мұрт, наркүміс мұрт, түлкі мұрт, тоқпақ мұрт, тықыр мұрт, тік мұрт, тұжырған мұрт, ұзын мұрт, шүйке мұрт, шалғылы мұрт, шалғы мұрт, ыс шалған мұрт, шалғысы ұзын мұрт, қырылған мұрт, болымсыз мұрт, қадау-қадау мұрт, тебіндеп келе жатқан бала мұрт. Бөбешік: бөбешік тіл, бөбешік бөрту, бөбешік қызару, бөбешік ісу, бөбешік ауру, бөбешік қисаю, бөбешік жұтындырмау. Жұтқыншақ: жұтқыншақ шеміршегі, жұтқыншақ қоқасы, жұтқыншақ іші, жұтқыншақ сырты, жұтқыншақ кеден, жұтқыншақ сірге (ішкі кеден), жұтқыншақ без, жұтқыншақ сілекей, жұтқыншақ білеу ет. Мойын: ұзын мойын, қысқа мойын, жуан мойын, қыл мойын, жіңішке мойын, ырғай мойын, аққу мойын, қаз мойын, алма мойын, быртық мойын, қыртыс мойын, бұқа мойын, түйе мойын, қисық мойын, кердене мойын, құж мойын, шимойын, қаз мойын, қылқи мойын.

Шықшыт: шықшыт, кең шықшытты, тар шықшытты, қушық шықшытты, шықшытты. Көмей: көмей, жұтқыншақ, бөбешік, өңеш, қызыл өңеш, кең өңеш, тар өңеш, өңеш сырты, өңеш қызылқабаты, өңеш сол қабаты, өңеш ет қабаты, өңеш ішкі қабаты. Ұрт: ұрт, томпақ ұрт, ашаң ұрт, екі ұрты бүлкілдеу, бір ұрты томпақ, ұртын тістеу, көнек ұрт, қоян ұрт, ұрт безі, ұрт еті, ұрт бұлшық еті, ұрт мысқыл безі, ұрт сілекей безі. Желке: желке, желкешұқыр, ойбай шаш, желкемнің шұқыры көрсін, шөп желке, ой желке, қыр желке, көк желке, шашты желке, үрпек желке, шой желке, қатпар желке, дөң желке, қу желке, қушық желке, кердене желке, кердене мойын, ұры желке, шүйде, қатпар шүйде, майлы шүйде, шүйделі, шүйдесіз, шүйде май. Тамақ: тамақ, ақтамақ боғақ тамақ, әуке тамақ, қызыл тамақ, қоқа тамақ, тамақ іші, тамақ сырты, тамағы құрғады, тамағы бөртті, тамағы қырылдады, тамағы ашыды, тамағы қышыды, тамағы ауырды, тамағы жыбырлады. Әуке: әуке, әукелі, әукесі салақтап, әукесі бұлғақтап, әуке сақал, әукесі түсу, әукесі жер сызу.

Сағақ: тар сағақ, кең сағақ, салбыраңқы сағақ, бұқа сағақ, сағақ сүйек.
Жақ: атжақ, қужақ, самаржақ, ұзын жақ, қоян жақ.

Төбе: төбе, шошақ төбе, жалпақ төбе, бұжыр төбе, тастөбе, тастөбеңнен ұрсын, төбел төбе, қатпар төбе. Таңдай: жезтаңдай, таңдай алды, таңдай арты, таңдай ортасы, таңдай бүрі, таңдай қарақұласы, таңдай қабыршығы, таңдай еті, таңдай тақасы, құс таңдай, шешен таңдай, қаз таңдай, таңдайы тақылдау. Тұлым: өрілген тұлым, өрілмеген тұлым, ұзын тұлым, қысқа тұлым, тұлымды , тұлымсыз, тұлымы желбіреп. Айдар: айдарлы, айдарсыз, айдары өрілген, ұзын айдарлы, ақ айдарлы, бурыл айдарлы, қолаң айдарлы, айдары тоқпақтай, орай, екі орай, үш орай. Шаш: бұрым, белдемше, тұлым, кекіл, айдар, айдары тоқпақтай, қарыншаш, ақбұрым, ақ бурыл шаш, ақ айдар, ақ шаш, ақ үрпек шаш, ақ самай, ақ қылау шаш, бұйра шаш, дудар шаш, жирен шаш, жұқа шаш, жұмсақ шаш, желке шаш, желбір шаш, жабағы шаш, жуан бұрым, жіңішке бұрым, жазба тарақ, кекіл шаш, келте шаш, кескен шаш, керткен шаш, кірпі шаш, кебекті шаш, кірлі шаш, кірсіз шаш, қара шаш, қоңыр шаш, қоңырқай шаш, қолаң шаш, қысқа шаш, қалың шаш, қатты шаш, қарын шаш, қайызғақты шаш, қураған шаш, қатқыл шаш қайратты шаш, қаба шаш, майлы шаш, майсыз шаш, наркүміс шаш, орай шаш, ойбай шаш, өлқая шаш, өрген шаш, сары шаш, сарғылт шаш, сары бурыл шаш, сұйық шаш, сұйқыл шаш, селдір шаш, сылдыр үзбе (шашбау), сүзгі тарақ (шаш тарақ), тықыр шаш, тұлым шаш, тышқан құйрық бұрым, түйген шаш, төбесіне түйген шаш, тікен шаш, тікенек шаш, ұзын шаш, ұяң шаш, үрпек шаш, үрпек бас, үкі бас, шабдар шаш, шолақ шаш, шолақ бұрым, шолақ айдар, шілбиген бұрым, шолтиған бұрым, шаш ағару, шаш түсу, шаш сиреу, шаш бурылдау, шаш сарғаю, шаш биттеу, шаш сіркелеу, шаш жуу, шаш алу, шаш кесу, шаш қыру, шаш ою, шаш үрпию, шаш тарау, шаш сылау, шаш өру, шаш өсіру, шаш өсірмеу, шаш жұлу, шаш май, шаша тарақ, шаш сүзгі, шаш жазба, шаш бояу, шашбау, шаш басу, қалың шаш, жұқа шаш, сирек шаш, ақ шаш, қылаулы шаш, ақ самайлы бас, қасқа бас, маңдай шаш, самай шаш , төбе шаш, шашы түсті, шашы сиреді, шашы алынды, шашы өрілді, шашы таралды, шашын тарамады, шашы кесілді, шашы қырқылды, ұзын борам, жашы тізесіне түсті, қарабурыл, төбе шашы тік тұрды, шашы ағарды, шашын ағартты.

Еңбек: еңбек, еңбегі қатты, еңбегі қатпады, еңбегі бүлкілдеп тұр, Ми: ми, мисыз , суми, милы, миғұла, миын құрт жеген, жарты ми, көк ми болып кете береді. Бір ғана кесер баста осыншама сөз тұрғанда адамның денесінде қанша сөз бар екенін шамалай бер. Міне сөзді осылай етіп жинасаң ғана, қазақ тілін аман алып қаламыз. Жануарлардың дене қабатына да тоқталып өтейін.

– Жазып алайын, аға.

– Сонымен, жаза ғой, жануарлардың дене қабаты: тұлға қабаты, түк қабаты, өң-түс қабаты, тері қабаты, шел қабаты, май қабаты, ет қабаты, шандыр қабаты, сүйек сору қабаты, сүйек май қабаты, іш май қабаты, боқ-жын қабаты, ішек-қарын қабаты, жүйке қабаты, қан-сөл қабаты, бездер саны және тағы басқа қабаттардан тұрады.

– Бүгінгі қазақтың баласы ләңгі, асық секілді ойын түрлерін ұмыта бастады. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Енді бұл азғындық қой. Жаһандануда жарық көріп жатқан техниканың небір түрлері халықты мүлдем басқа жаққа бұрып бара жатыр. Көп нәрсені ұмытып жатқан себебіміз – осы. Халықтың бұрынғы тұрмысы, байырғы әдет-салты барлығы азғындауға ұшырады. Кеңес өкіметінің кезінде басталған еді, әлі сол қалпынан айныған жоқ. Асық ойынының жүздеген түрі бар. Бұрынғы асық ойынының түрлерін қайтадан жазып, оны осы заманға лайықтап жеткізу – қиын шаруа. Теледидар деген «бәле» шықты да, қаншама жас буынның санасын улап, мінез-құлқын өзгертіп жатыр. Балалардың адами болмысын өзгертіп жатыр. Олардың ғылымына, біліміне, көзқарасына кері әсерін тигізуде. Бұл – келе жатқан апат. Ол апаттан қалай сақтану керек? Мұны үлкен бір ғылыми орталық талқыламаса, өте қиын нәрсе.

– Аға, «қазақ» атауының қайдан шыққаны жөнінде зерттеу жүргізбедіңіз бе? Әлі күнге дейін әртүрлі даулы пікірлер бар...

– Жалпы, «қазақ» сөзінің қайдан шыққанын шамамен былайша мөлшерлеймін. Біз – Сақ дейтін халықтың ұрпағымыз. «Ей, сен кімсің» дегенде, «Қас Сақпын», Сақтың өзімін, сақтың ұрпағымын, «Қас Сақпын» деген сөзден «қазақ» сөзі шықса керек. Осы сөздің жаны бар.

–Тарихқа да біршама бой ұрдыңыз. «Елім-ай» әні турасында тың дерек бар дейді сізде? Бұл қандай дерек, аға?

–Иә, бұл тақырыпқа да бас ауыртқаным рас. Мұны да айтайын. Баба тілді Қожаберген жырау алпыс жылдық өмірін жорықта өткізіп, 1723 жылғы Жоңғар шапқыншылығында тағы да шайқасқа кірген. Жасы алпыстан асқан қарт батыр қазақ елінің басына түскен қайғы-қасіретті өз көзімен көре жүріп, «үш жүзім, қазағым» деп, еңірей жүріп әнін де, күйін де өзі шығарған, сөзін өзі жазған «Елім-ай» жырында «жыла жер, мұны көрдің, не көрмедің» деп күңіренеді.

– Ескі тарихыңыз Қожаберген атамызды қандай адам болған дейді?

– Қожаберген – саяси қайраткер, дипломат, әскери қолбасшы, ордабасы, тархан, сардар болған. Араб, парсы, шағатай, татар, баба қазақ тіліне жетік адам. Ақын, жырау, әнші, күйші, композитор, шебер қобызшы болған. Ақыл-ой иесі, діни ғұлама. Қожаберген өте сауатты кісі болған. Жырау өз еңбектерін ақ ұлпа теріге өз қолымен түсірген. Өкініштісі, сол мұралар бізге толық күйінде жетпеді. Тіпті, үш жүз жылдан бері ауыздан түспей «елұран» ретінде жырланып келе жатқан «Елім-ай» жыры о баста үш мың алты жүз сексен үш шумақ, он төрт мың жеті жүз отыз екі жол болса да, бізге әрең-әрең жеткені екі мыңдай жолы ғана. Оның өзі ауыз әдебиеті негізінде мол өзгеріске ұшырап, сөйлемдер, тіркестер, есімдіктер, атаулар бұл күндері біршама күдік тудырып жүргені мәлім. Сол күдіктің бірі – «Елім-ай» жырындағы «Алқакөл» атауы.

– Бұл турасында өзекті ой айтқан зиялы қауым өкілдері бар ма?

– Мұхамеджан Тынышпаев пен Ілияс Есенберлиннің еңбектерінде, тарих ғылымының докторы, профессор Жанұзақ Қасымбаевтың 1998 жылғы жиырма тоғызыншы маусымда Аңырақай тауындағы сөйлеген сөзінде «Алқакөл» болып жүр. Айтқандарына, жазғандарына қарағанда, Сыр өңірінде Алқакөл атты көлдің бар екені анық сияқты.

«Алқакөл» туралы алғаш рет күдік пікір білдірген атақты ғалым Ермұхан Бекмаханов болып шықты. Қырқыншы жылдардың аяқ шені мен елуінші жылдардың бас кезінде Ерекең Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ берген. Сол кезде «Елім-ай» жырындағы – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» емес, «Алқақол сұлама» деп ой тастаған екен. 1998 жылы жиырма үшінші желтоқсанда Алматыда өткен «Рух мерекесінде» сөйлеген сөзінде тарихшы Манаш Қозыбаев: «Алқакөл сұлама» емес, «Алқақол сұлама», – деп ашып айтты. Сол «Рух мерекесін» ұйымдастырушы Алматы облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Жібек Әмірханова да тек «Алқакөл» емес, басқа да бірнеше деректің бар екенін растады. Бұл –сол жиында айтылған ойлар. Қалай десек те, ғалымдар мен зерттеушілер арасында «алқакөл» деген сөзге күмән-күдік тудырушылар баршылық. Бірақ біздің күдігіміздің төркіні мүлде басқа. Басты күдік «алқакөл» болса да, «алқақол» болса да неге көл болуға тиісті?

– Иә, содан, аға?..

– Сонау Алтай, Сауыр, Тарбағатай асып, батысқа қарай «Ақтабан шұбырынды» болған аш-жалаңаш, тарыққан қалың елдің «Алқакөлді» немесе «Алқақолды» іздеп барып, сұлайтын қай күйі бар? Олар кез келген қалтарыс жерге, аяғы жеткен бастау, бұлақ, өзен-көл, суатқа жылай көрісіп, сәт сайын сұлай кетпей ме?! Өмірдің осы шындығын өз көзімен көріп күйзелген Қожаберген жырау:

Атсыз қап жұрт жүрісі шабан болды,
Халқыма аштық, соғыс жаман болды.
Басталды ел сұлауы Алакөлден

Ақтабан шұбырынды заман болды, – дейді. Осы шумақта «Алқакөл сұлама» да, «Алқақол сұлама» да жоқ. Сонда көптеген деректерде кезігетін «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» шумағындағы «алқакөл» деген атау қайдан шыққан?

– Иә, бұл ойланарлық нәрсе екен. Сздің болжамыңыз қандай?

– Сырдария бойында «Алқакөл» деген көл барына ешкім күмән-күдік айтпайды. Бірақ Алакөлден бастаған аш-жалаңаш қалың елді үш мың шақырым қашықтықтағы алақандай «Алқакөлге» айдап апарып «сұлатуды» Қожаберген жазды деуге ауыз бармайды. Бұл әу баста ақ ұлпа теріге түсірілген жырдың түпнұсқасы жоғалып, кейін ауыз әдебиеті негізінде қайта жиналған кезде кеткен қателік болуы мүмкін. Екінші күдік бір «білгіштің» қамқорлығымен «алқақолы» несі, «алқакөл» ғой» деп әдейілеп өзгертумен болған қателік болуы да мүмкін. Қожаберген жыраудың түпнұсқасында «алқақол» екені анық.

– Тағы қандай дәйекке сүйеніп отырсыз?

– Мұны да айтпай кетуге болмайды. Біздің қазіргі қолданып жүрген «ә, е, о, ө» әріптері кейде түрлі себептермен бір-біріне ұқсап, көптеген жаңсақтық, қателік кетіп жүргені бар. Соның кесірінен «алқақол» сөзінің «алқакөл» болып кетуі де мүмкін. Менің ойым қателіктің шығуын тектеу емес, қате жазылып жүрген «алқакөл» сөзін «алқақол» деп түзетіп жазуды дәлелдегенім ғой. Қазір тіл қорында Алқақотан, алқа қотан қону, алқа қотан отыру, алқалай қону, алқалай отыру, алқалай иіру, алқалай төңіректеу, алқалай іңірттеу, алқалай айналу секілді ұғымдар көп. Алқалы той, алқалы топ, алқалы жиын, алқалы кеңес, мәжіліс алқасы, сот алқасы, редакция алқасы, бас алқа, ақылдастар алқасы, қазылар алқасы, той алқа тағы басқа сөздердің бәрі осы алқа жайында. Қазақ салт-санасында «қасқұлақ», «бөрібасар», «ұры келді», «сілімтік», «белбеутастар», «шешеке», «айгөлек» сияқты топталып ойнайтын балалар ойыны бар. Аталған ойынның бірін атап, басқарушының өктем үні естілгенде, ойын шартына сай балалар кейде дөңгеленіп, қораланып, алқаланып тұра қалысады. Кейде алқалана қол ұстасып отыра қалады. Ерте-ертеде осының бәрі «Күлтөбенің басында күнде жиын» кезінде басалқасын ортаға алып, қоршай отыру, айнала отыру, ұршықтай үйіріліп, алқалай отыра қалудан шыққан десек, ағаттық бола қоймас.

– Көңілге қонымды екен...

– Алтын, күміс, асыл тастар мен меруерт, маржаннан жасалған, мойынға асуға лайықталған мойынсаларды қазақтар «алқа» деп атайды. Алтын, күміс, асыл тастардан жасаған сырғаларды татарлар «алқа» дейді. Үлкенді-кішілі кейбір мүлік-бұйымдардың сыртынан кигізіп бекітетін шығырық, балдақ, сақина, білезік, белдік, белбеу, шеңбер, кепсер, жіпше сияқты атаулардың түп-төркіні «дөңгелек», «алқа», «сақина», «балдақ» дегенді ұқтырады. 1940-1949 жылдар арасында жоңғар қазақтары Гоминдаң империясына қарсы Ұлт-азаттық күреске аттанды. Осы бір мазасыз жылдар мен күндердің кейбір сәтінде адамдарды азда болса тынықтыру қажет бола қалады. Сондай сәтте жауынгерлерге он-он бестен «алқаланып» жата қалуға бұйрық беріледі. Олар әдеттендірілген шарт бойынша, сол жақ иығын астына алып, бетін сыртқа, ту сыртын ішке беріп, бірінің тізесіне бірі бас қойып, ұршықтай дөңгеленіп жата қалады. Қарулары оң иығында асулы, оң қолымен қару дүмін бауырына ұстайды. Аттары бет алдында қаңтарулы, шылбырлары әркімнің өз астына басулы. Мұндайда аттар да алқаланып, қораланып тұра қалады. Жаяу жорықта да осылай алқаланып жатып, жиырма-отыз минут тынығады. Дыбыс шығаруға болмайтын қауіпті жерде «алқаланып» жатудың пайдасы – ешкімді де түртіп жұлқылап оятпайсың. Аттануға бұйрық берілгенде кім бұрын ұшып тұрса, соның тізесіне қойылған бас жерге сылқ ете қалады. Шошып оянған ол бірден атқа қонады. Сол бір дүрбелең жылдар, мазасыз күндер, қауіпті сәттерде жиырма-отыз минут көз шырымын алу үшін «алқаланып» жата қалуды әскери тірлікте біз де пайдаланып едік.

Ал «Алқақол сұлама» да дәл осы мазмұндас. Бала-шаға, кемпіршал, ақсақ-тоқсақ, аш-жалаңаш, жылау-сықтау, у-да-шу, налу-күңірену, ойбай-аттан, Алла-тәңір, қарғау-сілеу – бәрі-бәрі болуы шындық. Шұбырған қалың елдің есі кіресілі-шығасылы күй кешуі де анық. Мұндай заманақыр сәттерде адамдар бірінен-бірі адасып, айырылып қалмау үшін қол ұстасып, жетектесіп, отырса-тұрса, жатса, ұйықтаса, біріне-бірі көз-құлақ бола өмір өткізуге мәжбүр болған шығар. Шаршап-шалдығып келіп шалқалай сұлаған адамдардың қолдары айқасып қалуы, тіпті әдейі қол айқастырып жатуы да ғажап емес. Бір рет емес, бір күн емес, жылдарға созылған «Ақтабан шұбырынды» кезінде қалың елдің басынан өтіп жатқан ауыр өмір көрінісін ел аузында «Алқақол сұлама» атаған шығар, бәлкім. Немесе қолдасып, қол ұстаса сұлаған желілі суретті өз көзімен көрген Қожаберген жырау әдейі «Алқақол сұлама» деп ат қойып, айдар тағып жазған шығар деген ойдамын. Қалай да «Алқакөлде», «Алакөл» де емес, шын мәнісінде «алқақол» болуы анық.

Бесік әлеммен байланыстырады

– Аға, сұхбатымызды қазақтың қасиетті тал бесігіне қарай ойыстырсақ. Біздің бесіктің қасиеттері жайында не айта аласыз?

– Қазақтың бесігі бесіктердің ешқайсысына ұқсамайды. Біздің қазақ арғы тегінде көшпелі өмірді басынан көп өткізді. Сондықтан атқа мінгенде баланы бесікпен ұстап отыру, өңгеріп жүру үшін бесіктің орны мүлде бөлек болды. Бесік өз алдына баланың жататын үйі секілді. Басы иілген, төрт аяғы, астында төсегі, арқалығы, үстіне жапқышын жапқанымен, ауасы кең, бала ешқашан тұншықпайды. Оның ішінде бала қысылмайды, еркін жатып ұйықтай алады. Сәбидің өсуіне біздің бесікте жағдай толық жасалған. Қазақтың бесігі баланың өміріне өте лайықты ойластырылып, шебер дайындалған. Айта берсең таусылмайтын қасиеті жетерлік. Байқасаңдар біздің қазақтың бесігінің аяғы еденге, топыраққа тиіп тұрады. Ішінде жатқан бала әлеммен тікелей байланыс жасап жатады.

– Бүгінгі заманның да бесіктерін көріп жүрген шығарсыз?

– Қазіргі сәбилерге дүниеге келе сала астына «полиэтилен жарғақты» төсейді. «Кіші дәретін жіберіп қояды» деп сәбидің астына жарғақ салады. Сонымен ол қашан топырақты басқанша барлық әлемнен тыс, оңаша жатады. Егерде қазіргі медицина ғалымдары осы менің айтқанымды қуаттап, ғылыми түрде дәлелдей алса, онда бұл мәселенің алдын алуға мүмкіндік туар еді-ау... Өйткені баланы қымтап, құндақтап табиғи нәрселерден мүлде тыс ұстасақ, онда керісінше денсаулығына кері әсер етеді. Бүгінгі бесік-арбалар заман талабына сай лайықталып жасалса да, біздің бір нәрсені ұмытпағанымыз абзал. Ол – он сегіз мың ғаламмен болатын байланыс. Біз бұл күндері табиғи жөргектен мүлде қол үзіп қалған халықпыз.

– Ол жөргек қандай еді?

– Үндістан мен Қытай арасындағы Памир тауында саны мыңнан аспайтын шағын ғана халық бар. Мен осы халықтың табиғи жөргегі жөнінде естігенде таңғалдым. Өздері түрік тілінде сөйлейді екен. Егін салмайды. Сауда жасамайды. Аздаған ұсақ мал ұстайды. Қодас сиырлары бар. Қыста таудың – күнгей бетін, жазда теріскей бетін мекендейді. Өздері өз алдына дербес ел. Ешбір мемлекетке қарамайды. Осы халық қойдың құмалағын үгітіп, електен өткізіп, әбден жұмсартып, жаңа туған баланың астына төсейді екен. Мүмкін біздің ата-бабаларымыздың да алғашқы табиғи жөргегі осы шығар? Мұны да терең зерттеу қажет. Мен қазақ бесігінің сыртқы жобасының емес, қасиетінің қайта келуін айтып отырмын.

Ит көйлекті сәби қырқынан шыққанда түрлі тәтті-пәттіні байлап, иттің мойнына тағып жібереді

– Аға, осы орайда бесіктен де бөлек бала жарық дүние есігін ашқанда жасалар ырымдарға да тоқталсаңыз.

– Енді әрбір шаңыраққа келген бала қашанда қуаныш қой. Бұрындары шілдехана болғанда таңды-таңға ұрып ән айтылып, күй тартылған. Көрдің бе, шыр етіп жерге түскен сәбидің алғаш еститіні қазақтың халық әні мен қоңыр күйі. Жастай босанған әйелді күзететін болған. Баланың жағдайын ауық-ауық біліп тұрады екен. Сондағы жай күзетпей жырдан шашу шашып, қоңыр күйді күмбірлеткен ғой. Міне, бала тәрбиесінің алғашқы баспалдағы осылай басталады біздің қазақта. Басқа елдің салтында бар-жоғын білмеймін, біздің қазақ жаңа туған сәбиді көрсе «бауы берік болсын» деп жатады. Қандай аталы сөз. Үйге келген кез-келген адамға баланы көрсете бермейді. Мұның мәнісі не? Баланы тіл-көзден сақтаған. Келінге көз тисе, балаға сұқ тиеді деген. Жас сәбиге жамандық ойламағаныңмен зияның тиюі мүмкін. Көп жағдайда бұрындары келіні жаңадан босанған үйге мүмкіндігінше көп бармаған. Баланың тұңғыш киген киімі ол – итжейде. «Иткөйлек» деп те жатады. Көбіне-көп кіндік шешесі тіккен мұны. Ит көйлекті кеңдеу етіп тігеді. Мұның өзін ырымға сүйеніп айтар болсақ, баланың алдағы өмірі таршылықсыз өтсін, көргені кеңшілік, кеңдік болсын дегені ғой. Осы күні кіндік шеше де азайып кетті. Дәрігерлер келіндерді өздері босандырып, өздері кіндік шеше бола салады. Дүкенде дайын тұрған итжейдені сатып алып, кигізе салу да әдетке айналып барады. Кіндік шеше деген міндетті алдың екен, ендеше бір уыс сәбиге бір көйлек тігер қауқарың жоқ па? Итжейдені қырқынан шыққанша кигізеді. Баяғыда мен өзім көргенмін, осы итжейдені сәби қырқынан шыққанда түрлі тәтті-пәттіні байлап, иттің мойнына тағып жібереді екен. Содан ауыл балалары итті қуалап жүріп, өз несібелерін алатын болған. Мұның өзі керемет емес пе? Бәрін де жоғалтып алдық.

– Ұлық қасиет, ұлттық дәстүрімізді сақтау үшін алдымен нендей шаруаларды жасағанымыз абзал деп ойлайсыз?

– Бұл – өте күрделі сұрақ. Дәстүр дегеніміз – бұл ұсақ-түйек нәрсе емес. үлкен тақырып. Бүкіл бір халықтың дінін, ділін, ұлттық рухын, салт-санасын, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын, тұрмысын, мәдениетін, тағамын, киім-кешегін, ән-күйін, биін, тағы басқасын жинау үшін көп уақыт керек. Ол үшін, ең алдымен, туған тілімізді сақтап әрі қазақ тілінің шынайы мемлекеттік мәртебесін көтеруіміз керек. Орыс тілі ресми тіл дегенді ойланбай алып тастайтын уақыт болды. Бәріміз қазақша сөйлеуге міндеттіміз. Содан кейін дәстүр жөнінде бас қатыра бастауға болады. Мен өзім осы дәстүрге қатысты жүз мың терминологиялық сөз шығады деп ойлаймын. Қазақтың ұмыт болған дәстүрі өте көп. Қазір оны қолданып жүрген, іздеп жатқан ешкім жоқ. Сенің мына үстіңдегі киім-кешегің де өзгеріп кетті. Түйменің өзін түйме демейді ғой. Ішіп отырған тамағыңның бәрін орысша атайсың. Аялдаманың, көшенің бәрін қазақшалап қойды, бірақ оны олай айтпайды. Ішіп отырғаны қазақтың сүті, айраны, ал оны орысша атайды. Дәстүрдің жоғалуы, міне, осыдан басталады. Ұлттық намыс болмаса, біздің құр айқай, далбаса тірлігімізден ештеңе шықпайды. Намыс – адам мінез-құлқының сыртқа тепкен рухани күші. Жеке бастың намысы, ұлттық намыс, елдік намыс, отаншыл намыс болуы керек. Адам ойының ашу-ызаға толы рухани күшінің бір аты намыс деген. Адам рухы қорланғанда дүлей күшке айналғандағы бір атауы – намыс. Адам қорланғанда табиғи рухтың күшке айналып сыртқа тебуі – намыс. Ұлт қорланғанда оған ара түсуі – ұлттық намыс. Өз ұлты теңсіздікке ұшырағанда оған ара түсу үшін, жанкештілікке бару – ұлт намысын қорғағандық. Өз ұлты қорланғанда оған араша түсуді ойлау, араша түсуге бел буу, жанкештілік жасау – ұлттық намыс. Міне, осыны ұмытпауымыз керек.

– Аға, бір сөзіңізде Қазақстандағы құлдар деген едіңіз? Осы жайында да айтасыз ба?

– Иә, құлақкесті құлдар жайында да мен кезінде өте көп айтқанмын. Бұлар да кәдімгі адамдар.

Құлдық ұран көбейсе,
Қуарғанның белгісі.
Құлын, тайың ойнаса,
Құтайғанның белгісі, – демей ме халық.

– Шамалы таратып айтсақ?

– Біз азаттықты, қасиетті Тәуелсіздікті әлі күнге дейін жете түсінбей отырмыз. Ең алдымен, неге ұлттық мемлекет құра алмадық? Сырттағы алты миллион қазақты құтқару керек. Қазақ тілі, шын мәнінде, мемлекеттік тіл қамқорлыққа өте зәру күйінде қалып келеді. Ислам дінін түбегейлі өрістету, дамыту керек. Қазақтың тұрмыс-тіршілігін түбегейлі жақсарту керек. Қазақ мәдениетіне жете көңіл аудару керек. Қазақстанның оқу-ағартуын, ғылымын жолға қоятын мезгіл жетті. Қазақы мамандарды ұлттық рухта тәрбиелеуді шұғыл қолға алу керек. Дарынды, ерекше туған балаларды әлі күнге дейін іздемей отырмыз.

Қазақстанның экологиясын өз дәрежесінде қорғай алмай отырмыз. Парақор, ұры, қиянатшыл, суық қолдыларға мүлде жол беруге болмайды. Жерді саттық. Қазақтың қолынан жер иелігін мүлде шығарып жіберуге болмайды. Қазақта бір-ақ Отан бар. Ол – Қазақстан. Қорқақ құлдар тілден, ділден, діннен қорқады, ұлтшылдықтан қорқады. Саяси құлдар қамауда, айдауда, түрмеде, еңбекте жүреді. Еріксіз адамдар бұлар. Бірақ мұндай құлдардың өз тілі, өз ділі, өз діні, ұлттық рухы бойында, ойында бар. Құлдардың ең жаманы әрі қауіптісі – қарны тоқ, қайғысы жоқ, қолына тізгін ұстаған, ел тағдыры туралы ойламайтын, империялардың жетегінде жүретін, солар не айтса соны орындайтын сатқын құлдар. Байқоңыр менқайта құрылып жатқан полигондар экологияны шексіз бүлдіріп жатыр. Біздің ауыл шаруашылығы саласы әбден титықтады. Парақорлық жайлады. Оқу-ағарту саласы сын көтермейді. Дәрігерлік, денсаулық мәселесіде солай. Ертеректе қазақ ақсақалдары бата бергенде: «Ойда – орысымды, қырда қытайымды аман қыл, Алла!» – дейтін еді. Өзіміз мұндайды талай естідік. Бұл не тілек өзі? Орыс пен қытай екі жақтап қазақты құртып жатқанын көре отырып жауына «амандық, бақыт» тілеуі қалай?

– Бұлай жалғаса берсе не болуы мүмкін?

– Қазақ халқы жер тағдырын шешуге қайта оралғанда қан төгілмесе екен деймін. Қазақстанның экологиясы кеңестік кезеңнен бастап бұзылған, енді әскери полигондар қайта құрылып жатыр дейді. Байқоңырдың өзі қаншама нәрсеге зиянын тигізуде. Мұнай, газ, тағы басқа жерасты байлығын игеру ғылыми жолмен жүргізілмегендіктен, экологиялық апатқа соқтыруда. Алда жалпы экологияны қорғау қозғалысы болғанда да қан төгілмесе екен. Қазақстанда діни секталар қазірдің өзінде үш жарым мыңға жетіп отыр деген ақпарат тарауда. Алда діни қақтығыс болмаса екен деймін. Қазақстанға ең үлкен қауіп төндіретіндер – орыс империясы. Жағдай өте ауыр әрі қауіпті. Қытай жағы орыстың осы ниетін түсініп, бір бүйірімізден қол сұққалы отырғаны аян. Мұнайды алды, бидайды алып жатыр, газ алмақ, теміржол тартпақ, жерді сатып алып жатыр... Экономикалық шабуыл жасап отыр. Алдағы уақытта Қазақстан үшін империялар таласқа түсе ме деген қауіп те жоқ емес. Қазақтың өз сатқындары мұны біле тұра параға сатылып, қауіпті жағдайды тіпті сезгісі келмейді. Бұларға бәрібір секілді. Зардап шегетін – қарапайым халық... Сені мен мен... Бір ғана Алматыны алайықшы, осы қаланың келешектегі ауызсуы шешуде жерасты суларын іздеуді ғылыми талдауға кіргізу керек. Су тазарту ғылымын кеңейтуге тиіспіз. Алматының қазіргі суын «таза емес» деп таза су сату көбейіп келеді. Осыған орай қазіргі суды сараптамадан өткізу керек болып тұр ғой. Су туралы барлық басылым беттерінде жазылды. Бұл мәселе 2005 жылдан бері айтылып келеді. Әлі мардымды қадамдар жасалған жоқ. 2007 жылы жиырма төртінші маусымында жексенбі күні Алмалы өзенінің басындағы Жосалы дейтін көлге бардым. Осы көлге 1971 жылы барған едім. Сол кезде көл суы толқып, арнасынан асып төгіліп жататын. Ал осы жолы барғанымда су азайып, көлдің үштен бірі ғана қалыпты. Бұл сұмдықтың себебі экологиялық өзгеріс екені анық. Алатаудағы мұздар еріп, таусылып барады. Судың негізгі көзі азайды. Өте қауіпті жағдай. Алдағы он бес-жиырма жылда Алматы ауызсудан тарығады. Алматы ауызсуын шешу өте қиын мәселе болып тұр. Алатау теріскейіндегі өзендердің бәрі де тартылуда. Хантәңірінен бастау алатын бір өзен ол – Шарын. Ал Шарынды Алматыға қарай тартуға өте үлкен ғылыми жоба, еңбек, қаржы керек, уақыт керек. Осы жобаны мемлекетке ұсыну керек те шығар.

– Сіздіңше сонда не істеуіміз керек?

– Ең алдымен, көлдің қазіргі жағдайын мұқият тексеру қажет. Қорытынды ақпаратты жан-жақты талқылаудан өткізуге тиіспіз. Бұған мемлекеттің назарын аудару, ғылыми талдаудан өткізу, мұны мемлекеттік деңгейде атқару, Алматыдағы су шығынын азайту, тежеу шараларын қолдану – кезек күттірмейтін шаруаның бірі.

Бір шаңырақтың астында тұрып, бірі – қойдың, бірі шошқаның басын мүжіп отыр...

– Қазіргі қазақ ұлтының беталысы қандай деп ойлайсыз?

– Жас ұрпаққа рухы биік, мәдениетті әрі ұлттық тәрбие берілуі керек. Ең әуелі ұлттық ділді, туған тілді, ата дінді үйрету – аса маңызды мәселе. Сонымен қатар ұлттық дәстүр, салт-сана, өнер, ән-күй, ойынсауық, спортқа баулу, той-томалақ өткізу, қазақтың дастарқаны мен тағамдары, қонақ қабылдау, қонақ күту, қонақтан бұйымтай сұрау, құрметтеп шығарып салу сияқты ата дәстүрімізді көптеген ұлттық тұрмыс пен өмір болмысына бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеу керек. Біздің бай рухани мұрамызды шашпай-төкпей келер ұрпаққа жеткізу ата-ананың, аға буынның міндеті болса, ұлттық рухтағы тәрбие беру, осы жолға бағыттау, қазақылыққа бейімдеу, жол-жоба көрсету, ата жолға нұсқау, жөн сілтеу, жан-жақты мүмкіндіктер туғызу, тағысынтағылар бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінің мойнындағы қарызы мен парызы деп ойлаймын. Ұлттық салт-сананың кейбір көне, оғаш, бүгінгі заманға лайықсыздау жерлеріне тыйым салуға да болады. Мемлекет өскелең ұрпақты оқу-ағартуға, ғылым мен білімге жетектеуі шарт. Жастардың өз ой, арман-тілегіне сай ғылымға қолдарын жеткізіп, олардың өз ата-бабаларына, өз халқына, өз мемлекетіне қайтарымы ретінде қарызын өтеуге мемлекеттік дәрежеде мүмкіндік тудыру керек. Ғылымға қолы жеткен жастар өз елін өркениетті, мәдениетті елдердің қатарына апаруға міндетті. Бұл – олардың мойнындағы қарызы мен парызы. Құран Кәрімде жүз жиырма төрт мың Пайғамбар саны беріледі де, оның жиырма бесінің аты аталады. ХХ ғасырда жүргізілген ғылыми талдауларда, бүкіл әлем бойынша өткен-кеткен ғұламалар мен көсемдер арасында ислам дінінің негізін салушы, ең соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) әлемдегі айтулы тұлғалардың арасынан бірнеше рет бірінші орын алғаны дәлелденген екен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Талаб әл-ғилм фаризатин ғала күлли мүслимин уа муслиматин», яғни «барлық адам баласына ғылым іздеу – парыз» деген екен. Қазіргі өркениет әлемінде ғылымның жолына түсуге ешкім қарсы бола қоймас. Сонда да, «мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дейді қазақ. Табиғатында іштей «алапес» болып жаралған арам ойлылар өзінің арам ойларын іске асыру үшін адамдарды мәңгүрттікке, бірыңғай тобырға, құл мен күң жасауға ниеттенетіні және соны жасау жолында күреседі. Бүкіл әлемге «коммунизм жаннатын» тарту еткен социализм құрылымын бастан кешірдік, оның ізі тарихта қалды десек те, олардың қолымен жасалған құлдықтан, мәңгүрттіктен әлі де болса шыға алмай, есімізді жия алмай отырғанымыз анық.

– Қазақтың болашағы қалай болады деп ойлайсыз?

– Оны айту өте қиын, айналайын. Біздің болашаққа деген ең күрделі жолымыз енді басталғалы тұр. Біз бұдан бұрын күресіп келдік, айтысып келдік, шабысып келдік – бәрін де басымыздан өткердік. Ең сорақысы, бүгін керісінше өз қолымызбен есікті ашып, империяларға төрімізді ұсынып отырмыз. Ал Қытайға есік ашу – үлкен қауіптің басы. Қытай арзан еңбек қолымен бүкіл әлемді жаулап жатыр. Қазір Қазақстанда бір миллиондай қытай ұлты жүр. Жылына жүздеген машинасы келіп, біздің дәрілік шөптерімізді алып кетеді. Оған ешкім бөгет жасамайды. Кеденнің бастықтары пара алады. Біз қалай мемлекет бола аламыз? Қазақты сақтап қала аламыз ба, жоқ па? Бұл жағын айту өте ауыр. Екі жағыңда екі империя тұр. Екеуіне де есігімізді ашып қойдық. Осы күні қырыққа жуық апатты тізіп отырмын. Осылардың бәрін қалпына келтірмейінше біз біртұтас қазақ мемлекетін құра алмаймыз. Қазір төрт мыңның үстінде діни сектаға қазақтың қаншама қаракөздері кіріп кеткен. Бұл не сұмдық!

– Осы сіз айтып отырған коммунизмді құру жолында тер төккендер қаншама? Солардың даңқы қайда қазір?

– Кеше коммунизмге тез жету үшін, ең алдымен, орыс тілін тез үйреніп, туған тілден, ділден, діннен қол үзу, ұлттық рухани сезімнен, ұлттық ар-ұяттан, ұлттық салт-санадан, ұлттың өнер, ән-күйінен, ұлттық ойын-сауық, ұлттық спорттан, ұлттық өмір бедерінен айырып, тіпті қайтыс болған адамды жаназасыз шығарып орысша қоюды, қаралы күнді арақ ішіп, мереке ретінде өткізуді ұсынды. Жалпы, ұлттық мәдениет атаулыдан қол үзуді еріксіз таңды, теліді және өздерінің дүбәра мәдениетін дәріптеді. Енді, міне, бүкіл әлемге бітпейтін, таусылмайтын «бақыт» ұсынып, «жаһандану» дейтін апат келіп жетті. Олардың айтқаны бойынша түсінер болсақ, «жаһанданудың» сыртында қалғандар бақытсыз, сорлы, құрып кетіп жатқан көп ұлттың бірі болып жер бетінен тез жоғалады дейді. Сондай дақпыртқа сеніп, кешегі коммунизм қақпасына кірмек болған қазақтар бүгінгі «жаһандану» қақпасына да солай топырлап кірмек болып жатыр. Ал бүгін «жаһандануға» тез бару үшін, ең алдымен ағылшын тілін тез арада үйреніп, жазуымызды латын әрпіне көшіруден бастау керек деп отыр. Шын мәнінде, Қазақстан Батысқа қарап «шоқынуға» тез бейімделді. Тым «евразияшыл» бола қалды. Кеше коммунизм үшін далақтап едік, енді «жаһандану» үшін далақтап, ентелеп, ентігіп отырмыз. «Далақтап шапқан бай ұлы, тоқтаса көзі жас екен», – деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, кеше коммунизм үшін далақтағанда көзімізден жас орнына қан ағып еді, енді «жаһандану» үшін далақтағанда, көзімізден не ағарын бір Құдайдың өзі біледі.

– Тұтас ұлтты сақтаймыз дейміз. Ол ұлттың табан тірер қасиетті мекені қара жерді сақтай аламыз ба?

– Мұны өте дұрыс айтып отырсың. Жерді сатамыз дегенді барлық қазақтың ұғымынан алып тастау керек. Жер болмаса біз қаңғып қаламыз. Ұлт болудан қаламыз. Жерге қатысты мынадай бір жайт есіме оралып отыр. Соны айтып өтейін. Біздің жыл санауымызға дейінгі 230 жылы дүниеге келіп, 174 жылы дүние салған тұңғыш Ғұн империясын құрған Мүде Шәнүй деген данышпан болған. Қытайдың сол кездегі императорын қол астындағы әскерімен қосып, соғыса жүріп, оларды қоршап алып, қолға түсірген дана қолбасы. Осы Мүде бабамыз таққа отырған кезде көрші елдегі Дун-хулар дегеннің қайраты тасып тұрған шағы екен дейді. Осы Дун-ху Мүдеге кісі жіберіп: «Тұманнан еншіге қалған, мың шақырымды бір күнде шауып өтетін сүйікті арғымақ атын маған берсін», – деп сәлем жолдапты. Мүде мұны ести сала ақылдасар адамдарын жинапты. Осы жиынға қатысқандардың бәрі бір ауыздан «Ғұндардың асыл қазынасына баланатын арғымақты беруге болмайды» десіпті. Ойламаған жерден сонда ел басқарған Мүде бабамыз жомарттыққа салынып, «құдайы көршімізден бір атты аяғанымыз қалай болады өзі» деп ой тастапты. «Жоқ, бере алмаймыз», – деп шулапты жиылған жұрт.

– Содан, аға?..

– Сонда бұлар көп ойланса керек. Мүде «атты беру керек» деп, беріп жіберіпті. Арада көп уақыт өтпей Дун-ху тағы да адам жіберіп, Мүденің ең сүйікті әйелдерінің бірін өзіне әйел етіп алғысы келетіндігін айтады. Мүде тағы да ақылдасады. Келген қауым: «Дун-ху ұяттан безген екен, онымен енді тек соғысып қана тынармыз», – дейді. Бұл жағдай Мүде ханға үлкен бір сын болады. «Көршімізден бір әйелді аяғанымыз қалай болады, берейік», – депті сонда Мүде. Өзінің осындай өрескел әрбір ісіне масаттанған Дун-ху ғұндармен өздерінің арасында қалған, бірақ ғұнның иелігіне қарайтын бір жер бар екен, тағы елші жіберіп соны сұратады. Мүде өзінің қарамағындағыларын жиып алып, тағы да ақылға салады. Сондағы жиылған ақылшылары айтқаны «ол бір – ит байласа тұрғысыз, адам тұрмайтын берекесіз жер, берсе де, бермесе де болады» дейді ғой енді. Осы сөзді естіген Мүде: «Оу, халайық, жер менің атамдікі емес, жер – халықтікі, халқымыздың қазынасын бөтенге қалайша береміз?» – деп ширығып, қатты ашуланыпты. Оның осы бір дана сөзі әлі күнге дейін осы елдің аузында жүр. Сондай үлкен елді билеп отырған Мүде хан өзінің жеке мүддесін халықтың аманатынан ешқашан биік қойған емес. Өз меншігіндегі арғымақ аты мен сүйікті әйелін Дун-хуға ел тыныштығын көздеп беруін бергенімен, ол мемлекеттің меншігі саналатын жерге келгенде, ұлттың ертеңін ойлап, асқан көрегенділікпен бас тарта білген. Ол жерді қорғауды азаматтық парызым деп білді. Осы Мүде басқарған тұста ғұндар оңтүстігі мен солтүстігіндегі бүкіл көшпелі елді өздеріне қаратып, үлкен империяның біріне айналды. Мүдеден кейін Ғұн мемлекеті өзінің қуатты дәрежесіне тек Атилланың тұсында ғана жеткен болар.

– Мына дерегіңіз өте құнды екен. Осы қазақ ұлтының беталысы дегенде тәрбиеден өзге, бөтен дін мен құмар ойындарын да жатқызуға да бола ма?

– Жаһандану апатын таратуға мүдделі болып, аса бір «мейіріммен» көңіл аударып, қол ұшын беріп жүрген елдердің бірі – АҚШ. Осы елдің бұрынғы президенті Джордж Буш таққа отырған жиырма күннен соң Дін таратушыларға арнап сөз сөйлеп, сол жолы діншілдерге тұңғыш рет жиырма миллион бергенін «Азаттық радиосы» жария етті. Одан кейін жасырын қанша ақша беріп жатыр, ол жағы белгісіз. Осыдан бір-екі жыл бұрын Түркістан газетінде: «Биыл Қазақстандағы Иегова сектасының қызметіне он сегіз миллион доллар бөлінді. Бұл қаржы – Нью-Йорктен –Кореяға, Кореядан – Жапонияға, Жапониядан – Қазақстанға түседі. Шымкент қаласында Тахикиро атты жапон жігіті бар екен. Қаржыны сол жігіт әкеліп отыр» деп жазылды. Бұл – тек Шымкенттегі Иегова сектасына келген ақша. Қазір Қазақстанда діни секталар саны күннен-күнге көбейіп жатыр. Тәңірім кімнің «тілегін» қабыл алды екен, дәл қазір қазақтың бір шаңырағында католик, кришна, иегова сынды бізге жат діндерді ұстанып жүргендер саны аз емес. Шынын айтсақ, бір шаңырақтың астында отырғандар бірі – қойдың, бірі шошқаның басын мүжіп отыр. Ата дініміз исламды ұстанып келе жатқан қазаққа осындай қойыртпақтың қандай қажеті болды екен? Ол жағына байлам жасау қиын.

– Алдағы уақытта діни жіктердің арасында қантөгістер болуы да мүмкін бе?

– Ол да мүмкін, қарағым. Заман болса күннен-күнге қиындап барады. Қазірдің өзінде «Иегова сектасынан шығып қайта ислам дінін қабылдағандарды өлтіріп кетіп жатыр» дегенді де естіп жатырмыз. Сорлы қазақ тағы бір құтыла алмайтын бәлені осылай қолдан жасап алды. Айналып келгенде массонизмнің «жаһандану» идеологиясы қазақты бөлшектеп жатыр. Ол, ол ма, біз тағы бір бәлеге қолдан ерік беріп отырмыз. Бұл Парламенттің де назарын аудартқан. «Ойын бизнесі» туралы заңның орындалуына қатысты. Заңда Қазақстанның өз «Лас-Вегасын» жасау мақсатында ойынханалардың барлығын дерлік бір жерге шоғырландыру шарасы айтылған. Щучинск пен Қапшағай қалалары біздің «Лас-Вегасымыз» болады екен. Мемлекет заңдастырып отырған «ойын бизнесінде» ақша салып құмар ойнаудың бірнеше түрі, жезөкшелік базары, жалаңаш билеу түрлері, порнографиялық киноның сан алуан түрлері көрсетіледі. Бұл қандай тәрбие? Есалаңдық! Ессіздік қой барып тұрған. Бұл да қазақты құртуға апаратын жол. Бабалардың қанына, аналардың көз жасына «түкірдім» дегені ғой.

– Ой, сұмдық-ай, десеңізші?

– Біз білмейтін бірнеше сұмдықтар тағы бар. «Ойын бизнесінде» заңдастырылған батыстық сұмдықтардың бірде-бірі қазақ тарихында, қазақ мәдениетінде болмаған бәлекеттер. Ал осы жын-ойнақтарда арақтың, темекінің түр-түрі, есірткінің азиялық табиғи түрлері, Еуропалық химиялық түрлері ашық-жабық сатылатын көрінеді. Мұны сол казиноның дәмін татып қалғандар жыр қылып айтып жүр. Мұның арты жақсылыққа апарып соқпайды, жастарды ар-ұяттан, намыстан бездіріп, отбасын ойрандауға апарып соғатыны анық. Қытай империясы «әдепсіз» киноларды мемлекетке кіргізуге тыйым салған болатын. 1990 жылдары Бейжің соты Қытайда астыртын бей-берекет, тәрбиеден мақұрым, қылмыстық іс-әрекеттерге итермелейтін «бейәдеп» киноларды таратумен айналысқан Гу Жи Шу деген алаяқты ату жазасына кесті. Біз қазір осындай киноларды үйде отырып бала-шағамызбен көреміз... Тәуелсіздіктің таңы атқалы бері Мәдениет министрлігіне қаншама «мәдениетті» министрлер келіп кетті. Солардың бірде-біреуі «бейәдеп» киноларды елге әкелмеу, олардың жолын шектеу туралы заң қабылдаған жоқ. Қаншама көргенсіз дүниелерді жариялайтын басылымдар толып жатыр. Айтуға адам ұялады. Осыларды жариялап жатқан қазақ және орыс тіліндегі газет-журналдар Мәдениет министрлігінің үстелінің үстінде жатыр, бірақ көрмеген болады, көрсе де көрмегенсиді. Кішкентай қазақтың қаракөздерінің қолында осы газеттер жүр. Көргенсіздіктің туын көтерген «жаһандану» апаты басып кіргеннен бері, қазақтың өз тарихы, өз мәдениеті бар деген сенімнен айырылудың сәл-ақ алдында тұрмыз. Дәл қазір Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда, облыс орталықтарында жасырын казинолар жетіп-артылады. Қазақ тарихында, қазақ мәдениетінде жоқ осы «жынойнақты» мүлде жойып, оны таратушыларды жазалаудың орнына, мемлекет оларды қорғап, қолдап, заңдастырып, Қапшағай мен Бурабай секілді көрікті мекеннен жер беріп, «ойын бизнесін» дамытуға ақшаны аямай төгіп отырмақ. Оның ақ-қарасын айырып үлгермей, өскелең ұрпақтың келешегін ойлап жатпай, үкімет осындай даулы шешімге келді. Қазақстанның өз «Лас-Вегасы» болса, жас ұрпақтың ертеңгі күні не болмақ? Оны айту қиындау. Менің ойымша, мемлекет бойынша казино біткенді кіріп-шығып, қызық көріп жағалап, жын-ойнаққа үйір болған жастар саны жүз-жүз елу мың болса, соның жетпіс-сексен пайызы өз денсаулықтарын жоғалтқан. Ондайлардың ғылым, білім, мәдениет атаулыдан мүлдем қол үзген бірыңғай тобырға, мәңгүртке, есалаң, есуас, дәлдүң, далақбайға айналары анық.

Сол біз айтып отырған жастар өзіне, болашағына, ата-анасына, бауырларына не береді? Алпауыт елдердің қыспағына түскелі отырған өзінің Тәуелсіз мемлекетіне, қазақ халқына не береді? Тіпті, олар өз тағдырына өзі немесе жас ұрпақтың санасын улап қойып, осындай күрделі әрі тайғақ жолға із салып отырған Қазақ мемлекеті кепілдік бере ала ма? Сондықтан іс насырға шаппай тұрғанда жұмыла кірісіп, мұның алдын алмасақ, олардың бойына ұлттық мәдениетті сіңірмесек ондайларды алмасақ, барынша тәрбиелей алмасақ онда біздің ұлтта жойылады деген сөз. Жастарды атақ-абыройдан жұрдай ететін, қолындағы дәулеттен, басындағы панадан айыратын, ең қымбаты – денсаулықтан айыратын, тіпті кейбірінің өзіне-өзі қол жұмсап, өмірін қиюға итермелейтін осы – «казино» ойындары. Қарапайым халыққа мұның түкке қажеті жоқ. Өйткені осы бәлекет бізге қайғы-қасірет әкеліп отыр. Баладан айырылу, панадан айырылу, отбасын тәрк ету оқиғаларының сан атасы кездеседі. Үкімет те халықтың казиноға қарсы екенін біледі, біле тұра казиноларды Алматы мен Астанадан алып шығып, Қапшағай мен Бурабайға шоғырландырып «ойын бизнесін жасадық» деп отыр. Сонда Қапшағай мен Бурабайға баратын астарында қымбат көлігі бар қалталы жастар қазақ мемлекетінің өз баласы емес пе? Ал мемлекеттің бір тұтқасын ұстайтын ұрпақты қылмысқа итермелейтін, қарапайым халық жек көретін «казино» бизнесіне тыйым салып, оны ашық-жабық жасап отырғандарды жазалау қазақ Үкіметінің қолынан келмей ме? Бұл мәселе де күрмеуі қиын түйіннің бірі болып отыр. Үміт зор, алдағы күндерден тек қуанышты шешім күтеміз. Міне, қазақ халқының бүгінгі беталысы осындай.

– ХХІ ғасыр өзімен бірге «жаһандану» немесе «ғаламдану» деген сөзді біздің санамызға құйып жіберді. Сіз бұған не дейсіз?

– Қазақ ғаламдануға дайын ба? Адамдары дайындық үстінде деуге болады. Ағылшынша сөйлейді, Батыста оқиды, батысша өмір сүреді, Батыста жүріп бірнеше ғылымды игереді. Батыстанған, ұлтсызданған «ірі ғалым» болып шығады. Батыс ғалымдарымен терезесі тең болады. Тіпті, Батыстың бір елінің азаматтығын алады. Сол жақтан мансап та табады. Міне, бұл жеке бастың ғаламдану жолы. Тұрмыс ырғағын Батысқа бейімдеу басталып кетті. Жеке басқа, бір шаңыраққа да тән бейімділік бұл. Бірақ жеке бастың артында қара шаңырақ бар ғой...

– Ғаламдану дегенді сіз қалай түсінесіз?

– Ғаламдану дегеніміз – еліктеу, өзіңді ұмытып, соған ұқсау. Ұқсату – өзіңді ұмытып, өзіңді соған теңеу. Тағы бір жағы бар. Өзіңді жетілдіріп қатарға қосу. Өзіңді жетілдіріп, басқадан оқ бойы озу. Өзіңді жетілдіріп, басқалар сенен үлгі алатын дәрежеге көтерілу. Сен оған емес, оны өзіңе ұқсату. Өзіңді оған ұқсату – ғаламнан жоғалу. Жасанды ұқсау және табиғи ұқсау бар. Бұл – ұлтшылдықтың ғаламдануы. Өзіңді, өз еліңді, өз мәдениетіңді, өз тіліңді, өз діліңді, өз ән-күйіңді, өз өнеріңді, сынсұңғатыңды, өз байлығыңды, ұлттық ой-пікіріңді, өз идеологияыңды ғаламға таныта біл. Ғалам танысын. Ерлігіңді, өнегеңді, ұлттық сынсипатыңды, ұлт болып қалуыңды, ұлт болып, ел болып қалыптасуыңды таныт. «Ғаламдану» өзіңді өркениетті елдермен қатар қою дегенді білдіреді. Егер сен өз мәдениетіңді қатарға қоса алмасаң, онда сен басқаның мәдениетін қабылдап, өзіңді жоғалтып, ұлтсызданып бітесің. Батыстың ұсынып отырған ғаламдануы – бұрынғы коммунизм іспеттес нәрсенің бүгінге лайықталған түрі. Өзіңді-өзің жой, Батысқа сің, ассимиляция бол. «Ол саған сіңіп қазақ боламын деп тұрған жоқ, сен Батысқа сіңіп, ағылшын бол» деген саясат жатыр астарында.

Ғаламдану – басқаны үйрен, басқа мәдениетті үйрен, басқа тілді, ділді, дінді, салт-сананы үйрен, басқа рухта бол, өзіңнің барлық мәдениетіңді ұмыт деп тұр. Бұл – шет ел мамандарының арам ниеті. Бұл интернационализмнің батыстық түрі, батыстанған нұсқасы. Ұлтсыздандырудың, коммунизмнің, ұлтты жоғалтудың батыстық үлгісі, теориясы. Жанкештілік деген сөз бар...

– Иә...

– Өз жанын өз ұлтына, өз еліне, өз жеріне құрбандыққа беру. Отанын қорғау, елін қорғау. Өз елін, өз жерін, өз ұлтын, өз Отанын өз жанынан артық бағалау. Өз елін қорғаудың, өз ұлтын қорғаудың соңғы шарасы. Осындай бағытта тәрбиеленген азаматтар өсуге тиіс.

– Аға, «ғаламдануды «коммунизмнің батыстық нұсқасы» деп қалдыңыз...

– Орыс пен қытай социализм мен коммунизмді қалай жүргізсе, Батыс бізге ғаламдануды солай ұсынып отыр. Тәуелсіздікке, бостандыққа әлі де қолы жетпей келе жатқан, дамуы жағынан әлі де болса баяу Қазақстан сияқты елдерге «ғаламдану» қажет сияқты. Бірақ ғаламдану – жаулап алу емес, жаулану. Алу емес, беру. Ұту емес, ұтылу. Ұлт ретінде қалу емес, ұлт ретінде жойылу. Сенің оларға қарай бейімделуің – ғаламдану. Ғаламдық қазанға түсіп, қайнап ботқа болу деген сөз. Батыстан үйрену Батысқа үйрету емес. Батысты бейімдеу емес, Батысқа өзіңді бейімдеу. Міне, көрдің бе, Батыс сенің ұлттық рухыңды алмайды, сен Батыстың «шардәрі» рухын қабыл аласың.

– «Шардәрі» қандай мағынаға ие?

– «Шардәрі» – «қоспа» деген сөз. Анадан, мынадан қосып бір дәрі жасаса, соны «шардәрі» дейді. Бірнеше дәрінің басы қосылған соң шардәрі деп тұр. Сондықтан көрдің бе, құрама ұлттарды да «шардәрі» деп тұрмын. Батыс сенің тіліңді үйренбейді, сен Батыстың тілін үйренесің. Өзіңнің ана тілің келер ұрпаққа ұмыт болады. Батыс сенің дініңді қажет етпейді, ал Батыстағы сансыз секталарды сен қабылдайсың. Батыс сенің ұлттық діліңді алмайды, ал сен Батыстың «шардәрі» ділін қабылдайсың. Батыс сенің ұлттық салтсанаңды қажет етпейді, ал сен Батыстың кез келген «шардәрі» салтсанасын қабылдайсың. Батыс сенің ұлттық ән-күйіңді тыңдамайды, сен Батыстың ән-күйін тыңдауға мәжбүрсің. Батыс сенің бар байлығыңды сүліктей сорады, ал саған Батыстың беретін байлығы жоқ. Батыс сенің ұлтыңды құнсыз құл ретінде пайдаланады, ал өзі саған ешқашан құл болмайды. Батыс сені жер бетінде ұлт ретінде қалуыңды қаламайды, ал сен өз ұлтыңды жоюға белсене кірісесің. Орыс пен қытай империясы саған қалай қараса, Батыс та солай қарайды. Ғаламдану – батыс империяларының аз санды ұлттарға таратып жатқан тағы бір үлкен апаты. Кешегі коммунизм секілді...

– Біздің ұлтқа зияндылығын айтпаса да түсінікті...

– Қазаққа не береді дегенге келетін болсақ, бұл қазақты түп-тұқиянымен құртудың басты жолы. Міне, осындай күйдеміз қазір. Осынау империялардың арам ойы – аз санды, әлсіз, дамымаған ұлыстарды, ұлттарды, мешеу елдерді өзіне қаратып, басып алу. Байлығын, жерін тонау, елін қырғынға ұшырату. Қазақстанның ұлан-ғайыр атырабы мен жерінің байлығы империялардың көзіне оттай басылуда. Ауыздарынан сілекейі ағып, «нендей амал қылсақ» деп білек сыбанып, алақандарын ысқылап отыр. Әсіресе орыс, қытай, америка, ағылшын секілді елдер көздерін сүзуде. Бұдан да басқа қазақ еліне сұқтанып отырғандар саны аз емес. Қазақтың стратегиялық қорғанысы барған сайын күрделеніп барады. ХХІ ғасырда қазақ өзінің Тәуелсіздігін сақтап қала ала ма, жоқ па? Қазақ өзінің туған тілін, ділін, дінін, ұлттық рухын, ұлттық санасын, әдет-ғұрпын, ұлттық тұрмыс-тіршілігін, ұлттық мәдениетін, ән, әуен, күй, би, өлең-жырын, музыка аспаптарын, ұлттық қоңыр үнін, дыбысын қалай сақтап қала алады? Бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша алты мыңға жуық ұлт пен ұлыс және олардың соншалықты тілі бар деседі. Бұл – тілді зерттеуші ғалымдардың болжамы. ХХІ ғасырда осынау сан мыңдаған тілдердің жетпіс-сексен пайызы жойылады екен.

– Мұның себебі неде?

– Мыңдаған, он мыңдаған жылдар өмір кешкен тілдердің бір ғасырда, яғни ХХІ ғасырдың өн бойында жоғалуының басты себебі – империялардың жойқын күшке ие болуы. Олар соғыссыз-ақ әлсіздерді қырғынға ұшыратып, олардың рухани байлығын тұншықтыруда. Осыдан аман қалғандарын ұлтсыздандыру, ғаламдандыру арқылы жоюда. Басқаны қойып, әлемдегі әлсіз елдер тіліне жаппай төніп келе жатқан осы апаттан сақтануы керек. Қазақтың өз тілін қорғап қалу үшін, ең алдымен, қасиетті міндеті, жанкешті қарыз бен парызы қазақ мемлекетінің Тәуелсіздігін мәңгі сақтап, ұлттық ой-арманын жан-жақты дамыта білуі тиіс. Бүгінгі жас тәуелсіз қазақ мемлекетін әлемдік дамыған елдердің қатарына теңестіруге жанкештілікпен ұмтылу. Ұлттық жігердің арқасында, ұлттық намыстың арқасында оларды басып озу – бүгінгі нарық заманының талабы. Енді ғана әлем мойындап келе жатқан жас қазақ мемлекетін алдыңғы қатарлы алып елге айналдыру – біздің ендігі міндетіміз. Осыдан басқа қасиетті бағыт жоқ бізде. Қазақ ұлты қазір жар басында қалып тұр. Қаншама апаттың мекеніне айналып отырмыз. Ең біріншісі – жер апаты. Біз жерсіз, отансыз қалудың алдында тұрмыз. Одан артық қандай апат керек?! Қазақтың жаман мінездері бар. Сондай, ауыр сөзбен айтқанда, «ит мінездерін» тастамайынша көрсалмаушылық арылмайынша алып елдермен иық теңестіре алмаймыз. Соның бірі – уақытқа көңіл бөлмеу. Сен сағат он екіге шақырсаң, ол сағат бір-екіде келеді. Уақытқа мүлде көңіл бөлмейді. Ең жаман қасиетіміз де осы.

– Бір жерге кешігіп бару қазақтың қанына сіңген әдет пе, бұл қалай, әлде немқұрайдылық па??

– «Мәдениет және тұрмыс» журналында жұмыс істеп жүргенімде «Қонақ пен қожа» деген қазақтың осы бір қанға сіңген жаман әдеті жайлы жазған едім. Шамам келгенше соны саған айтып берейін. Бір үй қонаққа шақырды. Шақырған уақыты – кешкі сағат жеті. Айтқан уақытында бардық. Үй иелері де тастүйін дайын екен. Айнала қойылған орындықтарға қарап, бізден басқа да жеті-сегіз жұп бар екенін шамаладым. Елдің алдын орап асығып келдім бе, қалай өзі деп сәл қысылып та қалдым. Үй иесі: «Біз жетіге шақырғанбыз, он минут кешігіп келдіңіздер. Оны мойындаған жөн болар», деді әзіл-қалжыңын араластырып. Көп кешікпей-ақ балалар: «Кісі келе жатыр...» – деп хабарлады. Үй иелері бәйек болып жатыр. Ерлі-зайыпты үш жұп екен. Аман-есендік сұрап, қол алыстық. Бірден дастарқанға жайғаса қоймадық. Шегініп-шегініп отыра қалдық. Бұрыннан таныс адамдар ғой, үй іштеріндегі үлкен кісілердің халін сұрап жатырмыз. Арғы бөлмеде отырған әйелдер де өздерінше сырласып отыр. Бұл отырыс ұзаққа созылды. Қойылған орындыққа көз салып ем, әлі де үш жұп қонақ жоқ. Сағат сегізден өтіп бара жатыр. Үй иелері бір кіріп, бір шығады. Әрең дегенде тағы бір жұп келіп қосылды. Бұрыннан отырғандары кешігіп келгендерді сөзбен қағытып жатыр. Оларға әсер етер емес. «Кеш келген біз ғана ма десек, әлі келмегендер де бар екен ғой, бізді несіне кінәлайсыздар?» – дейді келген тұрыстарына қарамай. Сағат тілі тоғызға да таяп қалды. Неге келгенімізді де ұмыта бастадық. «Осы солар-ақ әрдайым кешігеді де жүреді» дегендердің сөздері қостаусыз қалған жоқ. Үй иелері: «Келіп қалар, келіп қалар», – дей береді. Сағат тоғыздан өтті. Шыдам да бітті. Ақыры сағат онға ойысқанда үй қожасы амалсыздан қонақтарын дастарқанға шақырды. Сол уақытта есік қағылды. Біз сарғайып күтіп отырғандар екен келгендер. Осынша уақыт кешігіп келсе де, тартынбайды, «мына жұрттан ұят болды-ау» деген ой жоқ оларда. Төрге қарай тартып келеді. Олар және текке келе жатқан жоқ-ау, жағалай отырғандарға қол беріп, екі жақтан жүре шалып келеді. Дастарқанның мына басында отырғандардың созған қолдары жетпей, байқаусызда шынтағымен қағып, құйылған сусындар төгіліп жатыр. Үй иесі де иба сақтап, «ештеңе етпес, оқасы жоқ» деп әлек болуда. Төрге отырып алып, енді бас изесіп тағы да амандық сұрасуда. «Кешігіп келген айыбыңды өте, шарапты ішесің», дей бергенде, бұйрық орындалмай қалды. Тағы бір жұп кіріп келді. Дастарқанда да, қонақтарда да, үй иелерінде де тыным қалмады. Жұрт тағы бір әбігерге салынды. Тағы қол беру, салдыргүлдір қозғалыстар қайта басталды. Дүрбелең әрең тыншып, дастарқан әйтеуір қалпына келді. «Кешігіп қалдыңыздар-ау» деп қояды үй иелері әдептілік көрсетіп. Енді ғана дұрыс жайғаса бергеніміз сол еді, ертерек келіп арамызда отырған екі жұп тұрып, қайтуға рұқсат сұрады. «Сіздер құрметтеп шақырған соң келдік, біраз отырдық, қонуға емес, қонаққа шақырдыңыздар. Ғафу етіңіздер, ренжи көрмеңіздер», – деп кетіп қалды. Олар отырғандармен тағы да қол берісіп қоштасты. Дастарқанда тағы дүрбелең. Ыстық тамақ тартылғанда сағат он екі болды. Тарай бастадық. Бізден кейін тағы бірнеше адам қалып қойды. Сөйтіп, біреудің ағына жарыла жайған дастарқанына қонақтарының ішіндегі уақытпен санаспайтындарының көрсеткен «құрметі» осылай ырың-жырыңға соқтырды. Айтайын дегенім, қонақ шақыру игілікті болғанда, қонаққа бару да игілік қой. Сонымен бірге шақырылған жерге уақытында барып, уақытында қайту да мәдениеттілікке, игілікке жатпай ма? Әрине, кейде бара алмай қалатын жағдайлар да болады. Егер мүмкіндік болғанда, мұндай себептерді алдын ала хабарлап қоюдың өзі де өзгелерді сыйлаудың түрі әрі құрметтеу болмай ма? Уақытында ұйықтайтын бөбектердің, сабақ дайындайтын шәкірттің, жұмысқа баратын ересектердің, демалатын қарттардың әдеттенген күн тәртіптеріне нұқсан келтіру үшін қонақ шақырылмайды. Қайта шақырушы адам осы жағдайларды еске ала отырып және қонақтарының да істен бос кездерін мөлшер етіп шақырады. Шақырушы соны ойлағанда, барушы неге соны ойламасқа? Ескеретін жайт кеш келген қонақтар бұрыннан отырғандарға түгел қол беріп амандасудың жөні жоқ. Үй егелерімен амандасса болады ғой, бұрын кеткендер де солай етсе жарар еді. «Мен кеттім, қош болыңдар!» – деп жұрт біткенді дүрліктірмей, үй иелерінің бірінен рұқсат алып, жөней бергені әлдеқайда орынды. Қонаққа шақыру үлкен мәдениеттілікті керек етеді, ол екі жаққа қонаққа да, қожаға да байланысты.

Қазақты қазақ қана құтқарады

– Ұлт болып қалу үшін шоғырлануымыз керек емес пе?

– Қасиетті бір топыраққа, қасиетті Отанға, қасиетті қара шаңыраққа, қасиетті Көк тудың астына шоғырлана білсең ғана қазақты сақтап қала аласыңдар, қарақтарым. Бір тілде, бір ділде, бір дінде бола алсаң ғана қазақты сақтап қаласың. Ұлттық рухы бір, ұлтжанды, жанкешті болсаң ғана қазақты сақтап қала аласың. Өз ұлтыңның ғылымы мен білімін дамыта білсең ғана қазақты қорғап қала аласың. Ғылым мен білімді өрістете дамытып, оны өндіріске кіргізе білсең ғана қазақты қорғап қала аласың. Ұрпаққа саналы, сапалы тәрбие берсең ғана қазақты қорғап қала аласың. Табиғат берген қазақтың Тәңірқұтыларын ұрлап кетуден сақтап, қорғап, тәрбиелеп, көздегеніне қолын жеткізсең ғана қазақты бүкіл әлемге танытасың. Қазақ жерін жансыз полигонға айналдыру мақсатында Ресей жағынан үздіксіз жасалып жатқан ядролық апаттарға тыйым сала білсең ғана қазақты құтқарып қала аласың. Бүкіл қазақ жерінің экологиясын сақтап қала алсаң, онда бүкіл қазақты да сақтағаның. Қытайдың адам экспорты арқылы жасап жатқан үн-түнсіз жаулауына тосқауыл қоя білсең ғана, қазақты қорғап қала аласың. Айта берсең таусылмайтын «мың бір бәленің» аты өте көп. Бәрінен сақтану, бәрінен қорғану – қазақтың ұлттық міндеті. Елдік міндеті. Өзін қазақпын деп санайтын әрбір азаматтың мойнындағы қарыз бен парыз. Ұлттық ой-арман, игі тілекке жету үшін бүкіл қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы шарт. Егер Қазақстанның сыртындағы қазақтар жолын таппай шоғырлана білмесе, Қазақстанда тұратын қазақтар құшағын айқара ашып бауырына баса алмаса, осындағы жергілікті қазақ пен сыртта тұратын қазақтарда ұлттық намыс жоқ деп айтуға тура келеді. Қазақты қазақ қана құтқарады. Шын мәнінде шоғырлана білу де, шоғырландыра білу де, әрбір қазақ азаматының қанымен жазылған айнымас қасиетінің бірі болуы шарт. Алақандай жері бар Израиль мемлекеті бүкіл әлемге тарыдай шашылған еврейлерді бір Отанға, бір тудың астына шақырып, келгендерін құшақ жая қарсы алып, қолында бар көмекті жасап отыр. Ұлтарақтай жері бар Германия түрлі себептермен бытыраған немістерді бір Отанға, бір ту астына жинап, келгендеріне ақ ниетін танытып, ақ тілекпен қарсы алып, шама-шарқынша көмегін беріп, қоныстандырып жатыр. Әлемдегі ең үлкен жердің иесі әрі халық саны жер көлемімен салыстырғанда сай келмейтін Ресей Федерациясы сыртқа шашыраған отыз-қырық миллион орыс ұлтын бір Отанға, бір тудың астына шоғырлануға шақырып отыр. Келушілерге орасан мол қаржы да беруге дайын. Бұдан басқа да елдерді мысалға алуға болады.

– Сіз сөз қылған елдер өз ұлтының өкілдерін түрлі бағытта шақырып отырғандары анық. Дегенмен осы мемлекеттердің түпкі мақсаты не?

– Түптеп келгенде бұлар өз елін, өз ұлтын жоғалтып алмауды, өз шаңырағын шайқалтып алмауды, өз мемлекеттерінің мәңгі болуын, өз туларының мәңгі желбіреуін мақсат етеді. Бұл осы мемлекеттерге ие болып отырған әрбір адамның, әрбір тұлғаның жеке тілегі ғана емес, бүкіл бір ұлттың, тұтас бір елдің қасиетті арман-тілегі, мақсаты деп түсінген жөн болар. Бүкіл әлемге тарыдай шашылғандардың бірі – қазақтар. Барлық қазақтың тең жартысына жуығы шетелде, оның ішінде – Ресейде, Моңғолияда, Қытайда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Түрікменстанда, Әзірбайжанда, Түркияда, Иранда, Ауғанстанда, Пәкістанда, Францияда, Голландияда, Венгрияда, Ұлыбританияда және Еуропаның басқа да мемлекеттері мен мұхит асқандары да бар. Жалпы саны мөлшермен бес-алты миллион болады. Ал қазақ мемлекеті осы туыстарын шақырып, жылына он-он бес мың квота бөліп отыр. Бұл квотаның өзі сонау Ауғанстан, Иран, Пәкістан тағы басқа елдердегі көшіп келуге мүмкіндігі болмай жатқан қазақтарға бағытталмай, іргелес Өзбекстан еліндегі қазақтарға осы квотаның үштен екі бөлігі ғана беріліп, қалғаны алаяқтардың жеміне айналуда. Көш осы қарқынмен жүретін болса, алдағы жүз жылда да, біз осы қалпымызбен қазақты шоғырландыра алмаймыз. Егер енді қырықелу жыл кешіктірсек, сыртта қалған қазақтар сол тұрған еліне сіңісіп» «ассимияцияға ұшырап» жоғалады. Ресейде тұратын қазақтарда қазақ мектебі жоқ. Ұлттық тілде жазылған оқулық жоқ. Қытайдағы қазақтар сауат ашуды қытай тілінде бастап отыр. Өзбекстан мен Моңғолиядағы қазақтар да, оның несін жасырамыз, қазақ тіліндегі оқулықтарға жарымай отыр. Сондықтан сыртта қалған қазақтарды елге көшіріп алудан басқа амал жоқ. Сырттағы бес-алты миллион қазақты көшіріп алудан артық бақыт та, байлық та, адамгершілік те, одан өткен ұлттық сана да жоқ. Бүкіл қазақты бір тудың астына біріктіруге қарсы болғандарды осындағы болсын, иә болмаса сырттағы қазақтар болсын, сатқындар деймін...

– Сырттағы бес миллион қазақты квота бойынша елге көшіру үшін есептегенде бізге тағы да жүз жыл керек дейсіз бе?

– Әрине, жүз жыл, яғни бір ғасыр уақыт керек. Оған дейін ол қазақтар қазақтығын сақтай ала ма? Жоқ, сақтай алмайды. Сонау Көктүріктің Көк туынан кейінгі бүкіл қазақты бірлікке шақырған Көк туды біз енді ғана көрдік. Еңірегенде етегіміз жасқа толып, көз жасымыз көл болғанда көрген Көк ту ғой бұл, қарағым-ау! Ғасырлап қырғын көріп, қанымыз судай аққанда көрген Көк ту ғой бұл! Ендеше, Көк ту астына топтала білу де, топтай білу де шартсыз орындауға тиісті ұлттық парызымыз емес пе? Бүкіл әлемге тарыдай шашылған сыған ұлты сегіз жарым миллион көрінеді. Олар сонда да өз тілдерін ұмытқан жоқ. Сығандарды ұлт ретінде сақтап келген де – сол сыған тілі. Сондықтан ұлттық намысы бар бүкіл қазақ өзара өз тілінде ғана сөйлесуі керек. Өзара өз тілінде сөйлеудің сыртында қазақ тілінің сөздік қорын қағаз бетінен және ел аузынан жинауды түбегейлі қайта қозғау, оны ресми ұйымдастыру керек. Қазақ тіліне төніп тұрған апатты түсіне білуіміз керек.

Тіл білу бір басқа, ал ғылым бөлек....

– Бүгінде біз «Үш тұғырлы тіл» дегенді жиі айтып жүрміз. Мұның бізге берері не деп ойлайсыз?

– Меніңше тілді қанша көп білсең, өзің үшін жақсы шығар. Көптеген тілді меңгерген адамдарды көріп те жүрмін. Сегіз тілде еркін сөйлейтін бір жақын жолдасым бар еді, оны баяғыда қытайлар өлтіріп жіберді. 1957 жылы Шығыс Түркістанның сол кездегі үкіметтің басшысы Сәйпидин Ғазизи дейтін адам Финляндияға барған екен. Сонда жетпіс екі тілді шебер меңгерген бір финмен кездесіпті. «Менің ұлтым ұйғыр» деген Сәйпидинге, «Ой, мен ұйғыр тілін үйренбеппін ғой», – деп сол фин қатты өкініш білдірген екен. Сәйпидиннің айтқаны еді бұл. Бірақ жетпіс екі тіл білген адамды бүкіл әлем есітіп, оның аты дүркіреген зор ғылыми атаққа ие болыпты дегенді әлі бізге ешкім айтқан жоқ. Тіл білу – бір басқа да, ғылым деген ол мүлде бір бөлек нәрсе. Әрбір ғылымға тіл керек екені рас. Көп тіл білумен, ғылымның шыңына шықтым дей аласыз ба? Қазір енді біздің мемлекет біртіндеп үш тілді қолдануды қолға алып жатыр. Енді былай қарасаң, бұл қажеттіліктен туған дүние секілді. Қажеттілік деп өз ұлтыңды құртуға бола ма? Қазақ халқын жоғалтуға бола ма, айтшы маған?

– Қазақ деген халықтың тұтастығын сақтау үшін «үш тұғырлы тіл» қажет емес деп ойлайсыз ғой сонда?

– Қазақ халқының бір тұтастығын сақтап қалу үшін «үш тұғырлы тілдің» қажеті жоқ. Бұл – менің жеке пікірім. Солай деп анықтап, ұмытпай жазып қой. Осы нәрсе бізге өзінің зиянды жағын көп тигізіп жатыр. Өзге ұлттың тілін меңгерумен қатар, сол елдің мәдениетіне де түбегейлі бет бұра бастайсың. Мұның түбі – адасу. Мәселен, қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылып, орыс тілін ресми тіл ретінде қолданысқа енгіздік. Сол үшін бүкіл халық орысша сөйлейді. Барлық құжаттар орыс тілінде жазылады. Сонда біз қазақ халқын қалай сақтап қаламыз, айтшы маған?! Бұл – бізге қарсы «әбден ойланып жасалған» қастық. Бұл қазақты құрту үшін жасалған қастық деп ойлаймын мен. Бұған қосылуға әсте болмайды. Жабылып қарсы шығуымыз керек. Тек қазақ тілі ғана мемлекеттік тілі болып қалуы тиіс. Және қазақ ұлтын сақтап қалуға біз міндеттіміз. Қазақты сақтап қалу үшін тілді қадірлеуіміз керек. Бүкіл әлемдегі мемлекеттер өз ұлтын, өз ана тілін, мәдениетін сақтап қалып отыр. Қазақ секілді «үш тұғырлы тіл», «өзге тілді үйренейік» деп жатқан ешбір ел жоқ ғаламда. Ғылымға тіл керек болса, әр ғылымның өз тілі бар, әркім өзі жеке ізденулері керек. Әрбір адам өзіне керекті ғылымның тілін жеке үйрене берсін. Оған ешқандай бөгет болмасын. Бұған бүтін халықты, өз тілін сақтай алмай отырған қазақ секілді халықты «өзге тілдің жетегіне еріңдер» деп үгіттеуге болмайды. Мен бекер айтып отырғаным жоқ мұны, тағы қайталап айтамын, жетпіс екі тілді білген адам ғылымды меңгеріп, содан үлкен жаңалық ашыпты дегенді естіген жоқпын осы жасқа келгелі. Тілді көп үйренумен ғылым сенің ығыңа жығылмайды. Ғылым деген – ол мүлде басқа әлем. Дарынды, зерек адамдар ғана әртүрлі ғылымды игере алады. Тіл тек қана көмектеседі. Ал өз тілін меңгере алмай отырған халықта нелері бар, одан да оқытып-үйретуді әлі де тереңірек қолға алмай ма?

– Тіліміздің тағдыры еліміздің тағдыры емес пе? Осы күнге дейін ата-бабамыз жерімізді сақтап тілімізді жоғалтпай келген жоқ па? Бүгінгі ұрпақтың санасына құйылып жатқан тәлім-тәрбие неге өз дәрежесінде оң нәтижесін әлі күнге бермей келеді?

– Қазақ мемлекеті тәуелсіздігін жариялағанда қазақ тіліне заңды түрде мемлекеттік тіл мәртебесі берілген. Оған ешкім дау айта алмайды. Қазақ мемлекеті қазақ тіліне берілген мәртебелі заңды орындауы керек. Мемлекеттік бүкіл әкімшілік орындары, бүкіл ғылыми орындар, бүкіл оқу-ағарту орындары, бүкіл ақпарат орындары, бүкіл әскери орындар, бүкіл заң орындары, бүкіл өндіріс орындары, бүкіл қатынас орындары, бүкіл жекеменшік орындары мемлекеттік тіл мәртебесін қорғауға, туған тілді сыйлауға борышты және міндетті. Бүкіл қазақ «Мен қазақпын, мемлекеттің тілі, менің туған тілім» деп айта алатын ұлттық намысы бар қазақтың ұл-қыздары қазақша білуі, сөйлеуі, қазақша ойлап, қазақша жаза білуі шарт. Тіл ұлт тағдыры, тіл тәуелсіздік тағдыры екенін қазақтың ұл-қыздары естерінен бір сәтте болса шығаруға болмайды. Тілді жоғалтып алмау үшін, тіл қорын жинау шарт. Тіл қорын жинау – бүкіләлемдік ғылыми жұмыс. Әрбір ел өз ұлтын, өз елін жоғалтып алмау үшін, өз ұлтының туған тілдік қорын жинайды. Әрбір ұлт өзінің ішкі-сыртқы түсінік құралы ретінде туған тіл қорын жинайды. Әрбір ел өзінің ғылыми өрісін кеңейту үшін, рухани мәртебесін шарықтату үшін туған тілінің қорын жинайды.

Қазақ халқы адамдарды – тәуелсіз ойлылар, тәуелді ойлылар және мәңгүрттер деп үшке бөледі. Ал ұрпақтарына өшпестей мұра қалдырған, өте сирек кездесетін тәуелсіз ойлы Ахмет Байтұрсынұлын еске алғанда «Тіл тағдыры –ел тағдыры» демей, өте алмаймыз. Қазақ тілі – ғылыми негізде, заңды түрде мемлекеттік мәртебеге ие болған тіл. Сөйте тұра жиырма жылға жуық уақыт ішінде өзінің қасиетті мәртебесіне ие бола алмай келеді. Осының өзі біздің кешегі коммунизм ұраны астындағы империялық құлдықтан әлі арыла алмай отырғандығымызды айғақтайды. Егер өз елінің, өз тілінің тағдырын қорғауға ұлттық намысы бар қазақтар қозғалмаса, тәуелсіз қазақ мемлекеті қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін қорғай алмаса, ХХІ ғасырда қазақ тіліне жоғалу қаупі төніп тұр. Қазақ тілінің тағдыры мен қазақ елі тағдырына бүгін де, ертең де қазақтың тәуелсіз мемлекеті жауапты. Әлемдік тәжірибеде сөзді, тілдік қорды жинаудың сан түрлері қолданылып келеді. Оның ішінде ел аузынан жинау әдісі әлі бар.

Тілдік қорымыздың жетпіс-сексен пайызы ел аузынан жинаудың үлесінде

– Қазақтың сөздік қорын жинау қай кезден басталды деп ойлайсыз?

– Біздің қазақ ғалымдары 1937 жылдан бері ілгері-кейінді қағазға түскен сөзді тіркеп келеді. Ел аузынан жинаған кездері де болған. Өткен дәуірде қағазға түскенді түгел тіркей алмағаны анық. Десек те Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қолында қырықелу томдық түсіндірме сөздік бере алатын сөз қоры жатыр. Біздің мөлшерімізше қолымыздағы сөз қоры жалпы қазақ тілі сөз қорының жиырма-отыз пайызын әрең құрайды. Тілдік қорымыздың жетпіссексен пайызы ел аузынан жинаудың үлесінде қалып, әлі жиналмай жатыр. Қазақ тілін терең білетін адамдар қатары күн санап сиреп бара жатқанын еске алсақ, ХХІ ғасырда аз санды ұлттар тіліне, соның ішінде қазақ тіліне ерекше қауіп-қатер төніп тұрғанын ескерсек, қазақ тіліне деген мемлекеттік жауапкершілікті өтемесе болмайтын парыз ретінде қарайтын уақыт келді. Тіл тағдырына байланысты ең басты жұмыстың бірі – сөзді ел аузынан жинау ғой. Сөзді ел аузынан жинау – ең күрделі, аса ауыр жұмыс. Оның үстіне сөзді ел аузынан жинауға мол қаржы керек болады.

– Ол үшін не істеуіміз керек? Нақты талдап, таратып айтып беріңізші.

– Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ Тіл білімі институтын керегінше кеңейтіп құрып, сөзді ел аузынан жинауды соларға баса жүктеп, оларды қажетіне орай қаржыландыру керек. Егер мемлекет оларды қаржыландырмаса, олар сөзді ел аузынан жинай алмайды. Моңғолиядағы қазақтардан басқа жердегі қазақ ауылдарында ассимиляциялық үрдіс әлі күнге тоқтаусыз жүріп жатыр. Қытайдағы қазақтар енді алдағы жиырма-отыз жылда тілінен мүлде айырылады. Егер сырттағы қазақ ұлтын тездетіп көшіріп алмасақ, қазақ тілі сөз қорын ел аузынан жинап қалмасақ, қазақ мемлекетінің тәуелсіздігіне үлкен қауіп төнеді. Сондықтан қазақ көші-қон тағдыры мен қазақ тілі тағдырына, қазақ мемлекеті ерекше көңіл аудару керек. Тілімізді, ділімізді, дінімізді, ұлттық рухымызды, салт-санамызды, ән-күй өнерімізді, жалпыұлттық болмысымызды аздырмау үшін салт-саналық (этнопедагогикалық – автор) оқулықтарды шығаруды қолға алуымыз керек.

Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында он алты мың тоғыз жүз сексен үш сөз қолданыпты

– Жазушылар шығармасының ең сөздік қоры көп шығарманы білесіз бе?

– Атақты ағылшындық Шекспирдің сөздік қоры он бес мың сөзден тұрады екен. Байрон мен Маяковскийдің де сөздік қоры осы шамада. Ал Пушкин болса өз шығармаларында жиырма бір мың жүз тоқсан жеті сөз қолданыпты. Әлішер Науаи бұлардан да асып түскен көрінеді. Оның сөздік қоры жиырма алты мыңды құраған екен. Лениннің қоры отыз бір мыңмен шектеліпті. Ал біздің Мұқаң ше, Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында он алты мың тоғыз жүз сексен үш сөз қолданыпты деседі. Ал сөздік құрастырған Дальдың елу үш жыл бойына жинаған сөзі екі жүз мыңды құрайды екен. Бұл енді өте құнды еңбек қой. Он жеті томнан тұратын қазіргі академиялық әдеби тіл сөздігінде жүз жиырма бір мың төрт жүз сексен сегіз сөз бар екен. «Ал өндіріс, ғылым, мәдениет, тұрмыс-тіршілікке қатысты сөздерде қисап жоқ», – дейді біздің ғалымдар. 1953 жылы қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жасауға кіріскенде Ғылым академиясының қорында жүз сексен мыңға жуық сөз болған екен. Ал 1972 жылы оларды қайта тіркегенде сөз қоры көбейіп, екі миллион бес жүз елу мыңға дейін жеткен.

Ал мына қызықты қараңыз, кәдімгі ақ сөзі жүз отыз түрлі мағынаға ие екен.

– Ой, шіркін-ай, қазақтың тілі өте бай тіл ғой. Десек те, бұл сөз қалай, қайдан, қайтіп жүз отыз түрлі мағынаға ие болып отыр екен? Тарқатыңқырасақ қайтеді?

– Мұның осынша сатыланып көбеюі қазақтың бір сөзінің бірнеше мағынаға ие екендігінде жатыр. Ұлты неміс, қазақстандық жазушы Герольд Бельгерді Орталық Комитетке Мищенко деген біреу шақыртыпты. Ол енді 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ізі суымай, тұрған кезі болса керек. Сол кісі Бельгерден «Қазақ тілінің қоры екі жүз сөзден тұратыны рас па?» – деп сұрапты. Не деген ақымақтық бұл? Оған сондай деп біреулер ақпар берген болды ғой. «Мищенко сияқты ноқайлар сондай өтірік ақпарға сенеді», – депті біздің бельгер.

– Сіздің тәжірибеңізде ұлттық болмысымызды сақтаудың тәсілі қандай деп ойлайсыз?

– ХХ ғасырдың бас кезінде жапон елі ұлттық салт-санадан ауытқи бастаған болатын. Аса қауіпті қоғамдық апаттан сақтану мақсатында Жапон мемлекеті әрбір аудан орталықтары мен жеке қалалардың іргесінен ұлттық салт-саналық ауылдар құрып, сол ауылдарды этнопедагогикалық мақсатта тиімді пайдаланған. Жапон елінің ұлттық салт-санасын қайта қалпына келтіруге осы ауылдардың орасан зор пайдасы тиіп, жақсы нәтиже берді дегенді естіп отырмын.

– Мүмкін осы тәсіл бізге де керек шығар?

– Иә, бұл әдіс қазаққа да керек. Мүмкін ұлттық менталитетке қарай бейімдеп алу керек пе екен... Салт-саналық ауылдар ислам дініне сай болады. Арақ, шарап, апиын, есірткіге мүлде тыйым салады. Барлық тірліктерін көне қазақ салтына сай, яғни төрт маусымы малшаруашылық талабына сәйкестендірсе дұрыс болатын шығар. Ойлану керек. Айта берсе өте күрделі іс қой бұл. Ең алдымен, мұны Астана, Алматы қалаларының іргесінен екі ауыл құрып, тәжірибеден өткізу керек шығар.

– Әлкей Марғұланмен араластыңыз ба? Сізге қандай кеңес берді? Не айтушы еді ол кісі?

– Бір күні көшеде келе жатыр едім, Әлекеңнің өзімен бетпе-бет қарсы кездесіп қалдым. Сәлем бердім жанына жақындап барып. Жолда екеуміз қатарласып әңгімелесіп келе жатырмыз.

«Әй, Жағда, сен осы естелікті қай тілде жазасың?» – деп сұрады тоқтай қалып. «Аға, мен кириллицамен де, араб әрпімен де жазамын» – дедім. «Әй, сен бұдан кейін араб әрпімен жаз», – деді ол кісі маған ойлана қарап. Неге бұлай айттыңыз деп мен сұрағаным жоқ. Керемет адам еді ғой, жарықтық. Мен Әлекеңмен бірге көп жүрдім. Ауылдарға бірге барып, талай бірге жаттық. Қазақша малдас құрып отырып, шәй ішкенді жақсы көретін (Осы жерде маған қарап отырып, сол бір естен кетпес қызықты, шуақты сәттерін есіне түсіріп, ақсақал мәз боп бір күліп алды).

– Иә, содан...

– Академияға жиі бас сұғатынмын. Бірде тарихқа қатысты жазып жүрген көптеген дүниелерімді көрсетіп едім, Әлекең: «Ойбай-ау, Жағда, сен кандидаттық қорға! Мен бүкіл құжаттарыңа көмектесемін», – деді. Тіпті, мені бір адамға жақсылап айтып, кандидаттық қорғатасың деп те тапсырды. Бір-екі жыл әлгі тапсырған адамының соңынан қуалап жүрдім. Бір күні қатты ойланып қалдым. Он том тарих жазсам да, қазақты бір күн ұстап тұра алмаймын тіл туралы бір том жазсам, қазақты бір күн болса да ұстап тұруға шамасы жететініне көзім жетті. Сөйтіп, осы ойымды нақтылап, кандидаттықтың бәрін біржолата архивке лақтырып жібердім. Тіл жөнінде терең ойланған себебім, қазақтың тілі құрыса, ұлт құриды. Сондықтан тіл жағына көп бейімделе бердім, айналайын!

– Аға, сізге қарап отырсам, тірі жүрген үлкен «энциклопедия», тіпті көшеде кетіп бара жатқан «үлкен кітапхана» сияқтысыз. Қазақтың тілін, сөз байлығын жоқтап, соны түгендеп қаншама дүние жинадыңыз. Неге осы уақытқа дейін бір кітап қылып шығармадыңыз?

– Жинағаным рас. Қазақтың бір сөзі болса да, артымызда қалсын дедім. Шамамның келгенінше жиған-тергенімді шығардым ғой. Қазақтың көне сөздеріне түсіндірме де бергенмін. Кәдімгі энциклопедиядағыдай. Мен осы тілге байланысты мынадай бірнәрсе жазып қойыппын.

Туған тілді туған жерден үйрендім, туған тілді туған елден үйрендім,
Туған тілді жөргегімнен үйрендім, туған тілді тал бесіктен
үйрендім,
Туған тілді әлдилерден үйрендім, туған тілді отбасында үйрендім,

Туған тілді тасошақта үйрендім, туған тілді мал қорадан үйрендім, Туған тілді төрт түліктен үйрендім, туған тілді үй-мүліктен

үйрендім,
Туған тілді ашамайда үйрендім, туған тілді атқа шауып үйрендім,
Туған тілді той-думанда үйрендім, туған тілді бала кезде үйрендім,

Туған тілді балаң кезде үйрендім, туған тілді жігіт кезде үйрендім, Туған тілді ел қорғаудан үйрендім, туған тілді жау шапқанда

үйрендім,
Туған тілді үй болғанда үйрендім, туған тілді салғыласып үйрендім,
Туған тілді бал жаласып үйрендім, туған тілді көші-қонда
үйрендім,

Туған тілді шеше болып үйрендім, туған тілді әже болып үйрендім, Туған тілді бойжеткенде үйрендім, туған тілді келін болып

үйрендім, Туған тілді ене болып үйрендім, туған тілді абысыннан үйрендім, Туған тілді күндесімнен үйрендім, туған тілді мұңдасымнан

үйрендім,
Туған тілді енешімнен үйрендім, туған тілді көргенімнен үйрендім,

Туған тілді салт-санадан үйрендім, туған тілді ар-ұяттан үйрендім, Туған тілді тыйымдардан үйрендім, туған тілді тектеулерден

үйрендім,
Туған тілді шектеулерден үйрендім, туған тілді ел-жұртымнан
үйрендім,
Туған тілді іште жатып үйрендім, туған тілді жарық көре үйрендім,

Кіндігімді кескен сәтте үйрендім, кіндік шеше тілегінен үйрендім, Тұңғыш орау жөргегімнен үйрендім, туған тілді достарымнан

үйрендім, Туған тілді аға болып үйрендім, туған тілді әке болып үйрендім, Туған тілді ата болып үйрендім, туған тілді бата беріп үйрендім.

– Кейде туған тіл, кейде ана тіл деп жатамыз. Дұрысы қалай өзі?

– Ана сөзінің қазақтың тілдік қорына сіңісті болғанына мыңдаған жылдар болғаны рас. Қазақтың сөздік қорынан ойып тұрып орын алатын осынау ана сөзін қолдана отырып, оған тіл дегенді қосып, ана тіл деп атау бергеніміз де рас. Соңғы ғасырларда Қазақ әдебиетінің өзегінен, қазақ тіл ғылымының төрінен ана сөзі – «Ана тіл» болып орын алды. Қоғамдық айналымдағы қазақ тілі құрамында араб, парсы тілдерінің сыбағалы салмағы жиырма-отыз пайыз мөлшері, олардың қазақ тіліндегі баламасы бары да, баламасы жоғы да бар. Ал біз айтып отырған «ана» сөзінің баламасы «шеше» сөзі ғой кәдімгі. Сонда біздің ана тіл деп жүргеніміз шеше тіл болып айтылуы керек екен. Өкінішке қарай бүгінгі қазақ әдебиетінде болмаса жай ғана қолданыста қазақ тілінде «ана» сөзі «туған» сөзінің баламасы болып, «ана» сөзімен «тіл» сөзін зорлап қосақтап «Ана тілі» деген жасанды ұғымға ғылыми дәреже берген. Ал қасиетті туған тіл дәрежесіне көтерілген, қазақтың тіл ғылымы төрінен орын алған «ана тіл» сөзі, қазақтың ұлттық діл рухын бейнелейтін сөздерді айтуға, атауға, жазуға, «туған тіл» орнында өз міндетін өтеуге шамасы келмейді. Мына сөздерді түсінікті болу үшін айта кеткенім жөн шығар. Туған жер, туған топырақ, туған табиғат, туған жердің ауасы, туған жер аспаны, туған жер байлығы, туған жердің дәмі, нәрі, құнары, иісі, киесі, туған ел, туған ел ортасы, туған ел жылуы, туған ел тәрбиесі, туған ел алақаны, туған ел лебі, туған ел ән-күйі, биі, музыка аспабы, туған мәдениеті, туған ел салтсанасы, туған ел ділі, діні, рухы.... Қазақ тіл ғылымында «туған тіл» дәрежесінде жұмыс істеуге тиісті «ана тіл» сөзін басты назарға алып, туыс-қиыс атауларын айтып көрейікші. Қазақтың туыстық салтында ер жігіттің өз жұрты, қайын жұрты және нағашы жұртын саралағанда үш жүз елуден астам туыс атауы ауызға ілігеді екен. Енді алдымен туған әкені – «ана әке» деуден бастау керек екен. Ары қарай айтуға, атауға аузың бармай, сасқаныңнан «туған» сөзіне жүгінесің. «Туған тіл» көмегімен ғана туыс-қиысты дұрыс атап, дұрыс түсіндіре аласың. Қазақтың салт-санасында туыс-туған атаулары өз алдына шоқтығы биік үлкен бір ғылымның саласы деуге болады. Қазақ салтындағы бір кіндіктен тарайтын туысты жеті атаға толтырып, сегізінші атаға жеткенде қыз алысу – биологиялық ғылымға жатады. Жеті атаға толғанша екі арадағы ұрпақ бір-біріне туыс саналады. Әрбір адамның өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты бар. Осы айтылған туыстар легін саралап, нақты атағанда, жалпы саны бірнеше жүзден астам атаумен аталады екен. Ал туыстарды аралап, кімнің кім екенін білу үшін, «ана тіл» сөзін қолдансаң, туған әкеңді «ана әке», туған қызыңды «ана қыз», туған күйеу балаңды «ана күйеу» деп атайсың. Одан ары жалғастырсақ, басқа да масқара атаулар айтылатын сияқты.

– Енді сіз не дейсіз бұған?

– Енді тыңда. Сонда туған жер, туған табиғатты, туған ел, туыс-туғанды атауға, тіл ретінде қолдануға келмейтін, «Туған тіл» атын жамылған мәңгі бедеу қатын сияқты соқа басты «ана» сөзіне «ана тіл» дәрежесі неге берілген? Бұл да күрмеуі қиын мәселе, үлкен талқылауды қажет ететін шаруа ғой бұл, қарағым!

– Енді «ана» сөзін алып тастауымыз керек пе сонда?

– Ана сөзінің мүлде керегі жоқ деген ойдан аулақпын. Қазақ тілін байытуға ана сөзінің қосқан үлесі аз емес. Ана деген сөздің араласуымен құлаққа жағымды, жүрекке жылы, көңілге қонымды, ойыңды тербейтіндей, сезіміңді қозғайтындай, тәтті, дәмді, нәзік, әдемі, көркем сөздердің жасалғаны рас. «Ана» сөзінің қазақ тіліне қосқан үлесі ұшантеңіз. Солай болса да «ана тіл» сөзі «туған тіл» өтейтін міндетті өтей алмайды. Сондықтан қазақ жерінде, қазақ табиғатында туған, қазақтың атамекенінде, қазақ елінде туған, қазақтың қара шаңырағы астында, тасошағы қасында туған, талбесігі ішінде, киіз жөргектің үстінде туған, төрт-түлігін бағып-қағып, «ақтылы қой, алалы жылқысын» өсіргенде туған, төрт түліктің етін жеп, сүтін ішіп, аттың құлағында ойнағанда туған десе қандай жарасымды. Қазақ тілінің туы, қазақ тілінің арқауы, қазақ тілінің ұлттық бояуы, қазақ тілінің мән-мағынасы, түп-төркіні осы емес пе? Қазақ тілінің ұлттық діл рухы, қазақ тілінің беташар көркі, қасиетті туған тілді сырт қақпай, оның өз орнын, өз атағын, өз мәртебесін өзіне беруге тиістіміз. «Өгей ене бауырсақ, көрде жатып қол былғайды» дегендей, «ана» сөзіне арбалмай, қазақ тілінің табиғатынан жасалған қазақ тілінің ұраны «туған тіл» мәртебесін өзіне беру керек. Ал бұл қазақ тіл ғылымын зерттеушілер мен солардың шешіміне байланысты екені анық. Менің бұл айтқандарым да айдалаға атылған оқтай болмаса екен.

– Елге ат басын біржолата бұрғанда кеңестік кезеңге тап болдыңыз. Қазақтан гөрі айналамызда бөтен ұлттың саны басым еді. Тілден қиындық көрмедіңіз бе? Ол кезде жаппай орыс тілінде сөйлеуші едік қой...

– Енді орыс тілі күні бүгінге дейін қиын соғады ғой маған. Келгенімде орыс тілін мүлде білмедім. Кириллицаны да осы жақтан толық үйрендім. Алғаш келгенімде құжатымды тапсырып, жұмысқа орналасқалы жүрмін ғой. Ең төменгі жұмыс, оның өзі. Мені «сырттан келді» деп өгейсітіп, менсінбеген кездер көп болды. Кейін үйренісіп кеттік қой, әйтеуір. Поштаға хат тасушы болып орналасқалы жатырмын. Тізімге алатын жер ме екен, әйтеуір бір орыс келіншек отыр екен, сол құжатыма көз жүгіртіп, қарап тұрды да:

– Сенің атың бұдан кейін Женя болсын, – дейді.

– Неге? – деймін мен ызаға булығып.

– Жағда дейтін бізде сөз жоқ, – дейді орыс қатын. Орысша атау керек сені, – дейді... Қолынан құжаттарымды жұлып алдым. Ашуым келіп орыс қатынға біраз айқайлап бердім ғой деймін. Енді орысша білмеймін, қазақша айттым әлгі сөздерді ашуланып.

– Не дедіңіз сонда?

– Мені сен туып пе едің, әкеңнің аузы... – деп едім, маған қарап абдырап, аңырап қалды ол байғұс. Құжаттарымды ақырын менің қолымнан қайтадан алды да, «ладно» деп көзінің астымен маған қарап қойып отырып, жасап берді. Зорлықпенен елдің бәріне ат қоятын еді ғой олар. Осы тіл жайында айтқанда мына бір жайтты айтпай кетуге болмас. Мына Үндістан жақта Андаман дейтін арал бар. Қазір жасы қаншада екенін білмеймін. Менімен шамалас болуы керек. Сол бір шағын аралда Бо деген тайпаның соңғы тұқымы мекендейді. Олар алпыс бес мың жылдан бері осы аралдың қожайыны екен. Осы тайпадағы ең үлкен Боа дегені бо тілін білетін соңғы адам екен. Міне, көрдің бе, осы үлкен Боа дүниеден өтер болса, әлемдегі ең көне тіл де жер бетінен жойылғалы тұр.

– Бұл тайпалар африкалық нәсілге жатпай ма?

– Енді зерттеуші ғалымдардың айтуынша, арғы тегі – Шығыс Африкадан, ертеректе сол жақтан ауып келген ғой, әсілі. Осы Андаман аралында бірнеше тайпа бар. Олар әрқайсысы өз тілдерінде сөйлеседі. Бұл тайпалардың қазіргі нақты саны да белгісіз. Сыртқы ортамен, адамдармен ешбір байланысы жоқ. Бұл аралға көптеген ғалымдар көз тігіп отыр. Қазір есімде жоқ, осы аралды ағылшындар жаулап алғанда аралды бес мыңдай жергілікті адамдар мекен етеді деп айтылған болатын. Енді сыртқы ортамен байланыс болмаған соң, дәрігер деген атымен жоқ, ауру-сырқаудың ошағы осы елде, содан да болар бұл халықтың көбеймей отырғаны. Меніңше жер бетінен жоғалып бара жатқан секілді.

– Аға, өзіңіз сөз қылып отырған осы Бо тайпасының үлкені, Бо тілін жалғыз адам, яғни үлкен Боа жайында осыдан біраз уақыт бұрын барлық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Өйткені Бо тілін білетін адам да, Бо тілі де жер бетінен жойылды деп мәлімдеген болатын.

– Е, дүние-ай, десеңші. Қытайда жүргенде осы дерекпен де танысқаным бар еді. Міне, көрдің бе, бұл – бізге берілген нақтылы дерек. Ал біз білмейтін қаншама тіл жер бетінен, тарих сахнасынан жойылып бара жатыр, оны айту қиындау. Осы қауіп қазаққа келмес үшін осының алдын алмасақ болмайды, айналайын. Енді бір Алла біледі ғой. Десек те, «сақтықта қорлық жоқ» дейді қазақ. Сақтанбасақ бұл дерт бізге де төнгелі тұр.

– «Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деген. Тілге қатысты тағы да не айтылмай қалды?

– «Бүгінде жер бетінде алты мыңға жуық тіл бар», – дейді мамандар. Осыншама тіл бар деп кесіп айту да қиын. Осыншама тілді сақтап отырған алты мың ұлт, алты мың халық емес, жүздеген тілге қауіп төнуде. Осы жүздеген тіл өлместің күнін кешуде. Мына бір деректі айтуға болатын шығар. Осы біз айтып отырған алты мыңға жуық тілдің екі жүзден астамы жойылып кеткен. Бес жүз отыз сегізі жер бетінде алдағы уақытта болу-болмауы екіталай күй кешуде, бес жүз екісіне қауіптің құрығы төніп тұр. Кейбір тілдерде бір ғана адам сөйлесе, кейбірінде оннан аспайды. Мұндай тілдің болашағы бар дей аламыз ба? Африка құрлығын мекен ететін тайпалардың тіліне, тіпті қиын соғуда. Олар өз тілдерін сақтау үшін қаншама әдіс-айланы қолдануда. Бірақ соның өзінде жер бетінен жылына бірнеше тіл жойылып кетіп жатыр. Тілді зерттеуші ғалымдардың дерегіне сенер болсақ, ХХІ ғасырдың өн бойында азғана халық өз тілдерінде сөйлесе, ал қалғаны өзге тілді өгейсітпей, өзіне тартуға мәжбүр. Жер бетінен жойылған және жойылудың аз-ақ алдында тұрған тілдердің кебін кимейік десек, қазақ тіліне жанашырлық жасау – әрбір қазақ ұлтының парызы, қарағым! Мысалы, біздің қазақта «ақтық» деген сөз бар.

– Мұның сөз төркіні қалай?

– Қайғы-қасірет, қайғылы дегенді білдіреді. Қытайлар осы сөзді «шяу» дейді. Ақ шүберекке жазып, білегіне байлайды. Бұл бір жылға дейін байланып жүреді. Бір жақыны өлген адам үстіне ақ киім киіп, бетін жауып, бір адамға өзін жетектетіп, туыстарына хабарға барады. Үйінде өлім болғанын дегенді білдіргені. Қазақтардағы ақтық белгілері мынадай. Кейбір бастау басына шыққан талға, айдалада шыққан жалғыз ағашқа ақ шүберек байлайды. Осы бір тілім ақ шүберек «ақтық» деп аталады.

Адамы қайтыс болған үйге батақұрға барғанда апарылған малдың, жылқының ноқтасына, түйенің бұйдасына ақ шүберек байлайды. Осы шүберек «ақтық» деп аталады. Батақұрға барғанда саба апарса, саба піспегіне байланған бір тілім ақ шүберек «ақтық» болып аталады. Азалы үйге апарылған мал, ақша, басқа да нәрселер «ақтық салу» делінеді. Жақыны қайтыс болған кісілер белге, оң жақ білегіне бір тілім ақ шүберек байлайды. Мұның екі мәні бар. Бірі – «мен оның туысымын» дегенді білдірсе, екіншісі – «туысыма ақ тілек тілеймін» дегені. Осы ақ шүберек «ақтық» аталады, «Ақтық байлау» делінеді. Қайтыс болған ер адам болса, оның зайыбының басына дереу «Ақбүркей» салады. Қаралы болып қайғы-қасірет шегіп отырған адамға ақбүркей салу мәні «ақ тілек, ақ ниет, енді қасірет болмасын» деп, қайтыс болған адамға иман тілеу, топырағы торқа болсын дегені. «Ақтық салу» мақсаты – қайтыс болған адамның «алды иманды, арты қайырлы болсын», «жатқан жері жұмсақ, топырағы торқа болсын», «елге жасаған жақсылықтары алдынан шықсын» – деп ақ тілек айту. «Өшпейтін өмір, сынбайтын темір жоқ» деп артындағы туыстарын сабырға шақыру. Артында қалғандарға игілік тілеу. Көңіл жұбату мақсатында ақтық ретінде белдеуге ат байлап, іргесіне түйе шөгеру.

– Бұл салттың бастау тарихы бар ма?

– Енді мұның қашан, қай дәуірге жататыны әзірге белгісіз. «Ақтық салу» әркімнің әліне қарай болары анық. Атағы, даңқы, аты, абыройы бар, ел азаматы дүние салғанда оны жерлеуге аталастары, руластары, елі, жұрты тіпті хабар естіген қаймана қазақтар да қатынасады. Егер топырақ салуға бара алмаса, кейін бір орайын тауып көңіл айту, Құран оқу, ақтық салу борышы қалайда өтелуі шарт. «Ақтық салуға» туыстар, құда-жекжаттар, аталастар, руластар, қайтыс болған басшының қоластына қарасты адамдар қатынасады. Әркім өз шамасына қарай, ат айдап, түйе жетектеп апарады. Мойыны мен ноқтасына байланған ақ мата осы малдың ақтыққа арналғанын білдіреді. Ойға орала беретін бір 1999 жылдары біздің Алтай өңіріндегі Берелден қазылған моладан кісі сүйегімен бірге көмілген он үш ат табылды. Айтуларына қарағанда, он үш ат түгелдей жирен түсті болыпты.

– Сонда бұл жылқылар қай уақытта жерленген?

– Олар екі жарым мың жылдан бері шірімеген, сол көмілген күйінде мұздап қалған, еті, майы, қаны бұзылмаған. Зерттеу жүргізгенде сол аттардың жеген шөбінің ішінде он үш жердің шөбі бар екені, яғни біріне-бірі ұқсамайтын аймақтардың шөбін жегені дәлелденді. Осы анықтамаға сүйенсек, бірге көмілген он үш аттың он үш жерден әкелінгені анық. Демек, он үш ру, он үш елдің атынан әкелінген «ақтық» деуге әбден болады. Осы айғаққа көңіл аударсақ «ақтыққа» негізінен аттар әкелінген.

– Енді «қаламы қату» дегенді де естігенбіз? Мұны қалай түсінсек болады? Осы сөз тіркесінің түбіне үңіліп көрсек...

– «Қаламы қату» – тіл алмау, бармау, келмеу, жүрмеу, отырмау, отырып алу, тұрып алу, безірейіп отырып алу, безірейіп тұрып алу. Қазақтың келіншектерінің «мына жүгірмекке бар десем бармай, отырып алды, қаламы қатып, әдірә қалғыр» деп баласына жекігендерін талай естігенбіз. Менің ойымша, бұл жерде айтыла келе бір әріп өзгеріске ұшыраған сияқты. Сонда «қалам» емес, қадам болар, қадам (адым) деген сөз ауысып, «қалам» болуы да мүмкін.

– «Самаладай боп шамдары жанды» дейміз? Осындағы самала нені білдіріп тұр?

– Самала – үрей, қауіп тудыру мақсатында қараңғы түнде алып жүретін от. Құлаштай таяқтың басына киіз, жүн, шүберек орап, соны майға батырып, әбден сіңіріп, соған от тигізеді де, қолмен көтеріп жаяу не атты жүрісте жау жатқан жаққа қарай алып жүреді. Түн ішінде алыстан көрінген от жауға үрей туғызады. Кейде келе жатқан адамдар өз санын мол көрсету үшін, бір адам екі қолына да самала ұстайды. Кейде адам қарасын мол көрсету үшін белгілі бір кезеңнен самала ұстап, асу асқан адамдар, қарсы жаққа көрінбейтін жерлермен бұқпантайлап келіп, өздері басып өткен алғашқы кезеңнен қайта асады. Егер осы әдісті қайталап бірнеше рет қыр асса, алдын тосып аңдып отырған жақ, самала санының көптігінен үрейленеді, шегінеді, қашады. Қазақ халқының соғыс, шайқас кезінде арнайы ұйымдастырылатын әскери сұс тәсілдердің бірі ғой. Самала жағудың әдіс-айласы өте көп. Қазақ тілінде самала сөзі көп айтылады. Түп төркіні – сес, сұс, үрей, күш көрсету. Биік қырдан бір топ атты адам шыға келсе «самаладай бір топ шыға келді» дейді. Шағын асудан бір топ қасқыр шыға келсе «самаладай болып, бір топ көкжал шыға келді» дейді.

– Қазақтың бір ғана «боз» дейтін сөзінде қаншама ұғымның жатқаны анық? Сіз қалай дер едіңіз? Ертеректе дарынды ақын Есенбай Дүйсенбайұлының «Бозала таң мен бозторғай» деген тамаша жыр кітабын да оқығам...

– Оған дау жоқ. Қазақ ақындары сөз қолдануда қашанда өте шебер. Боз – өң, түс, рең, бояу ұғымында ғой. Боз, бозала, бозамық, бозша, бозшалау, бозсымақтау, бозғылттау, бозсымақ, тағысын тағылар. Боз – ақтық. Ақтық – ақ шөп, ақ селеу, ақ көде, боз көде, бетеге, тарлау, әгір, саркүйік, сірік, қызыл сірік, көтен қияқ, қияқ, қусақ сияқты шөп түрлері. Боз тал, бозқараған сияқты ағаш бұталарға боз сөзі қосақталған. Боз дала, боз адыр, боз қыр, боз төбе сияқты жерлердің өң-түсіне орай боз сөзі қосақталып тұр. Қара жусан иісі бұрқыраған, қазақтың қара даласын балбырата ән мен күйге бөлейтін дала бұлбұлы бозторғай өңіне боздың тіркелуі де, сол құстың өң-келбетіне тән десе де болады. Боз қой, боз ешкі, боз тайлақ, бозінген, боз атан, боз бие, боз жорға, боз айғыр сияқты жануарларға боз сөзінің тіркелуі де, олардың өң-түсіне байланысты екені анық. Бірақ аталған малдардан басқа мал түсіне боз сөзі неге тіркелмейтінін әлі зерттеу керек.

– Боздақ дейтін сөз бар ғой бізде?

– Боздақ көктемде жүні күзелген түйе жануарының терісі үстіне күсқыртысы сорланып, тұз тәрізді бір зат бетіне жағылғандай көрінеді. Түйе терісінің күсқыртысындағы осы реңді қазақ тілінде боздақ деп атайды. Адамның қарны ашып, күйі кетіп, әлсіреген кезде, бет-әлпеті, өң-түсі өзгеріп, қаны қашып, бозарып, сұрланып, беті шаңыттанып, бет түгі үрпиіп көрінген сол сәтін қазақтар «бетінен боздағы ағып тұр» дейді. Бұл жалғаннан қыршын кеткендерді «боздақ» дейді. Боздақ – кінәсіз, кіршіксіз жас, таза жастар, сүттен ақ, судан тұнықтар.

Боз үй дейді, ақ боз үй – ақ жүннен басылған ақ киізбен жабылған киіз үй – ақ боз үй, ақ үй. Боз қасқа – өзі боз, өзі боз қасқа. Демек, боз түс қылаңға тән болса да, ақ түстен гөрі кір, кіршең түске тән болып, оның маңдайы шаңқан ақ болғаны үшін бозқасқа атанған. Қазақ тілінде – боз, бозбала, боз жігіт, боз бас, бозөкпе, боздақ, бозжорға, боз қасқа, боз тарлан, боз шал, дарабоз, ата боз деген ұғымдар да бар. Осы атаулардың екі ұшты мәні бар. Бірі – өң, түс, рең, бояу ұғымында болса, екіншісі – көңіл күй, жігер, рух, кісілік, азаматтық сияқты ұғымдарды береді. Дарабоз – озық, үздік, алғыр, қыран, жүйрік, тұлпар, тұлға, көреген, көсем секілді ұғымдардың мәнін береді.

– Ата боз қандай ұғымға ие?

– Ата боз – ата тек тұғырына шыққанымен, мән-мағына жағынан дара боз ұғымында деуге болады. Бозбала – жас, уыз жас, сүттен ақ, судан таза, беті ашылмаған, кіршіксіз, өрімдей, жап-жас. Боз жігіт деп жас жігіт, жігіттікке енді-енді бой ұрған балаң жігітті айтады.

Боз бас – піспеген жігіт, толыспаған жас, ақыл-есі толмаған жас, басына іс түспеген жігіт, қиындықты көрмеген бала, балаң жігіт. Боз жер – ашылмаған, соқа тимеген, тың жер.

– Біреуге ақ жол тілеп жатамыз. Осы «ақжол» сөзінің басқа да мағынасы бар емес пе?

– Иә, бар ғой. Ақ жол – ақ тілек, ақ жол тілеу, ақ сапар тілеу, жақсылық, амандық тілеу болса, тағы бір мағынасы бар. Ол – қыста қой қыстап шыққан қораның қиы ойылмай, қора астында қалса, қи жаз бойы шіріп, өңі қап-қара, қара қоңыр болып өзгереді. Күзде осы қара қиды аударғанда, оның арасында түсі ақ, тұз тәрізді ақ жолақтар болады. Сол ақ түсті жолақты қазақ «ақжол» дейді. Сол ақжолы шығып тұрған қиды және «ақжолдың» өзін өте ептілікпен жинап алады. Жиналған қи мен «ақжолды» суға салады да, бір қайнатып қойып тұндырады. Сол кезде қи құрамындағы «ақжол» еріп судың бетіне шығады. Содан соң өте ұқыпты түрде тұнған суды бөліп алып, сол суды қайнатады. Су бір сағат қайнағанда, судың бетіне әдеттегі ши өсімдігінің бөлшектерін су бетіне тастайды. Қайнап жатқан су бетіне тасталған шиге тұз тәрізді зат байланады. Сол зат «ақжол» деп аталады. Ал су буланып болған кезде ыдыс түбінде тұз тәрізді талқан қалады. Сол талқан «ақжол» деп аталады. Міне, осы әдістермен алынған «ақжол» – жарылғыш зат болып шығады. Қазақ халқы осы «ақжолды» мол дайындап, оған тоқсан пайыз арша көмірінің талқанын қосып, араластырып, әдеттегі мылтық оғының дәрісін жасайды. Қазақта қорғасын оқты мылтықпен бытыралы құс мылтығы оғының дәрісі осылай жасалады.

– Оу, мынау өте құнды дерек болды-ау өзі. Негізінде сөздің зерттеліп, жазылуы бар да, ал оны халыққа етене жақындастырып, насихаттау жұмысы қазіргі таңда өте қиын болып тұр ғой. Осы қиындықтарды жеңеміз деп осылай сұхбаттасып отырған жоқпыз ба, аға. Шаршамасаңыз жұмысымызды жалғастыра берсек. «Ит арқасы қиянда» деп жатамыз. Мұны түсіндіре аласыз ба?

– Енді шаршадым деп жатып алсам, сенімен кім сөйлеседі? Иә, «ит арқасы қиянда» деген сөз бар қазақта. Бұл енді алыста, өте қиын жерде, жолы жоқ, ізі жоқ жерде жатыр дегенді білдіреді. Неге ит арқасы қиянда дейді? Мұның этимологиясын мен білмеймін. Мұны да іздеу керек.

– Аға, қазақтың кебежесін еуропалық жалтырақ жиһаз алмастырғалы қашан? ХХ ғасырдың бел ортасына дейін келген кебеже жайлы бүгінгі ұрпақтың есіне қайта салсақ қайтеді?

– Дұрыс. Кебеже дейтін – қазақта бұрыннан бар нәрсе. Ежелде қазақ халқы сандық пен кебежені қатар қолданған. Кебеже – тамақ салатын ыдыс. Оның төрт аяғы бар, төрт құлағы бар. Әшекейленіп жасалған. Сыртын оюлайды. Таза ағаштан жасалынады. Көшіп-қонып жүргенде тамақты, ыдыс-аяқты салады. Өзі көшіп-қонуға ыңғайланып жасалған соң, әдейілеп сындырмасаң, өздігінен сынбайды. Осыны кебеже дейміз. Бұл – көбінесе, ыдыс-аяқ салынып тұратын мүліктің біреуі. Талай кебежені көрдік қой. Оюланған. Шебер жасалған. Қазір бар-жоғын білмеймін. Бірен-саран қолданатындар бар шығар әлі де. Керемет дүние ғой егер сақтай білсек. Осылардың бәрі тек мұражайда ғана қалмаса екен деймін. Ескінің көзі. Кебежелерден әжелеріміздің иісі аңқитын... Аталарымыздың арманы, мақсат-мұраты, үміті сақталған ғой ол кебежелерде. Бүгінгі мектеп баласы оны білмейлі ғой. Өкінішті...

Қазақ Мемлекеттік қыздар институтында қазақтың салт-саналық этнопедогогикалық «талбесік» атты кафедра құрылса деп армандадым...

– Үлкенді сыйлап, кішіге ізет білдіретін халықпыз ғой. Осы тәрбие біртіндеп жылдан-жылға жоғалып бара жатқан секілді. Нағыз қазақы болмыс ауылдарда ғана қалып қойған жоқ па?

– Қазір ауылда да азайып кетті. Қалада мүлде қалмады деуге болады. Бүгінгінің бойжеткендері сені иығымен қағып өтеді. Соңғы екі-үш жылдың ішінде инабатты бір-ақ адам көріппін. Көшеде бір әйел келе жатыр екен, мені өткізіп жіберіп, өзі менен кейін жүріп кетті. Әйтпесе сені қағып-соғып өтіп кететіндер көп қой. Қолында бөтелкесі бар әйел кісі – салт бойынша ердің алдын кеспеу керек. Ал бүгінгі қыздарымыз жол бермек түгілі, қағып өтеді.

– Не істеу керек деп ойлайсыз?

– Сонау VІІ ғасырда ыдыраған Көк түрік мемлекетінен соң, көптеген себептердің салдарынан қазақ елі бір тудың астына тұтастай шоғырлана алмады. Он ғасыр өткен соң қазақ елі өзінің Тәуелсіздігін жария етті. Тәубе дейік. Тәуелсіз қазақ мемлекетінің Көк туы аспанға көтерілді. Бүкіл әлемге тарыдай шашылған қазақ – Көк тудың астына қайта шоғырлана бастады. Алған бағыттары дұрыс. Осы уақыт ішінде сан-салалы бағытта дамып жатыр. Солардың бір саласы – оқуағарту. Әсіресе жоғары оқу орындары көбейді. Қазақта «Жер-ана», «Ел-ана» деген қасиетті ұғымдар бар. «Әке деген – айтарға, шеше жөні – бір бөлек» дейді. Бүкіл қазаққа тән болашақ аналардың табиғи жөргегі, талбесігі, тәрбие-ұясы, алтын ордасы – Қазақ мемлекеттік қыздар институты деп білем. Қазаққа біткен абырой-атақ, бақ-дәулет, сән-салтанаттың негізін салушы – қыздар. Қазақтың ұлттық ой-арман, тілек-мақсатының ауыр жүгін көтеруші – қыздар. Қазақтың ұлттық мәдениетін көркейтетін, дамытатын – қыздар. Қазақтың қара шаңырағы мен тас ошағының иесі – қыздар. Қазақтың тілін, ділін, дінін, ұлттық рухын, ұлттық мінез-құлқын, ұлттық тәрбие-тәртібін, көрген-білген өнеге үлгісін қалыптастыратындар – қыздар. Қазақтың ұлт ретінде аман қалуына, қазақ ұлты санының көбейіп, іргелі ел болуына, қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін қорғап қалуға кепілдік беретін күш-жігер болашақ аналардың дұрыс ойлап, дұрыс түсінуіне байланысты. Болашақ аналардың ұлтжандылығына, ұлтшылдығына, жанкештілігіне байланысты. Тарихи деректерде ерлердің басына күн туғанда қара шаңыраққа, «қара қазан, сары балаға» ие болып, отынын жағып, түтінін түтетіп, шаңырақтың иесі болып отырған да – аналар. Шынтуайтына келгенде, қазақтың болашақ тағдырының иелері – келешек аналарды тәрбиелеп жатқан осынау білім ордасына үлкен үмітпен қарайды. Сондықтан болашақ ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздардың ұлттық салт-саналық ойөрісін кеңейтіп, білімдар ету үшін Қазақ мемлекеттік қыздар институтында қазақтың салт-саналық этнопедагогикалық «Талбесік» атты кафедра құрылса, өте орынды болар еді.

–Бұл кафедраның мақсат-мүддесі қалай болмақ?

–Егер осы айтылған салт-саналық «Талбесік» атты кафедра құрылатын болса, онда мынандай кезек күттірмейтін істі бастағаны жөн. Қазақтың ұлттық тілі, ділі, діні, ұлттық рухы, ұлттық мінез-құлқы, ойтолғамы, салт-сана өмір тірлігі, киім-кешек, ою-өрнек, төсек-орын, үймүлік, ыдыс-аяқ, ас-суы тағы да басқа құндылықтар теріліп, тіркеліп, ғылыми сарапқа салынар еді.

Қазақтың ұлттық мәдениетіне тән – әні, әуені, өлең жыры, күйі, биі, аналардың әлди-әлдиі, бесік жыры, жоқтауы, жылауы, зары мен мұңы, сыңсуы, боздауы – иісі қазаққа біткен табиғи қоңыр мінез, қоңыр үн, қоңыр дыбыс, әдептілік, сыпайылық, биязылық, бүгінгі қазаққа жұмбақ болып келген «Алпыс екі тамырыңды иіткен алпыс екі қоңыр күй», «Алпыс екі ақ желең» сияқты құдіреттер, осы Қыздар институтында ғылыми талдаудан өтер еді. «Аспан көркі – жұлдыз, жердің көркі – үн» деп әл-Фараби бабамыз айтқан «жердің көркі үннің» ішінен таңдап алған қазақтың ұлттық қоңыр үніне мұрагерлік жасауымыз керек. Қолымыздағы дерекке қарағанда мыңдаған, он мыңдаған жылдар тарихы бар қазақтың қара домбырасын, оны тартып қана қоймай, оған мұрагерлік жасауға тиіспіз. Соңғы елу жыл ішінде табиғи үні бұзылған қазақ домбырасының табиғи қоңыр үнін қазақ еліне қайта оралту осы Қыздар институтынан бастау алар деп үміттенеміз. Мектеп жасына дейінгі ұл мен қыздарға тән балалардың ойын түрлерін жинау да, оны жүйелеу, бірқалыпқа келтіріп, дамыту да – болашақ аналардың мойнындағы асыл іс. Айтқан сайын молаятын, іздеген сайын таусылмайтын, қазған сайын түбі көрінбес шыңырау екілді қазақтың салт-саналық қазыналарын іздеу, теру, тіркеу, жинау, жіктеу, жүйелеу, сұрыптау, ғылыми сарапқа салу, оған талдау жасау бәрі де осы жерден басталар еді. Ұлттық салт-сананың сексен-тоқсан пайызы әйел қауымына тән. Сондықтан салт-сананы жинау, қыздар институтынан бастау алса, өте орынды болар еді. Ғылыми сараптамадан өтіп, деректері бірізділікке түскен, жүйеленген, ұлттық салт-саналық этнопедагогикалық оқулықтар жасау – кезек күттірмейтін мәселе. Салт-дәстүрге толы оқулықтарды – бөбектерге, бастауыш мектептерге, білім ордаларына арнап жасаудың ғылыми жүйесін табу керек. Ұлттық салт-сана, дәстүріміз – өте күрделі ғылым. Қоғамдағы басқа ғылымдарға қол сұғып, араласып жатады. Кеңес өкіметі кезінде ұлттық ерекшеліктерге жол бермеу мақсатында ұлтты ұлт етіп танытатын қазақтың салт-дәстүр ғылымын мүлде ығыстырып, тұралатып тастады. Ғылым ретінде мойындалған жоқ. Бұл турасында ғылыми негізде жарық көрген еңбектер жоққа тән. Ал осы бір орасан олқылықтың орнын толтыру және осы ғылымды қайта жандандыру үшін салт-дәстүрді жетік білетін мамандарды тәрбиелеуіміз керек. Олардың жазған еңбегіне ғылым ретінде қарап, кандидаттық қорғауына мүмкіндік беруге тиіспіз. Қазақтың салт-саналық түсіндірме сөздігін жасауда, салтдәстүр турасындағы журнал шығару осы Қыздар институтынан бастау алса орынды болар еді.

– Өзімізді мақтағанда айды аспанға бір-ақ шығарамыз. Біздің қазақтың мінез-құлқы қандай?

– Қазақтың өзін-өзі мақтауы, мадақтауы біршама жетерлік қой. Бұл жағынан алдына жан салмастай көрінеді. Ал осы қазақтың жақсыжаман мінез-құлқы қаншама? Өзімнің қолыммен жинап-терген төрт-бес мың жағымды-жағымсыз мінез-құлыққа тән атаулар мен тіркестердің жетпіс-сексен пайызы жағымсыз мінез екені байқалады. Сондықтан қазақ мұны жақтыра ма-жақтырмай ма, оған қарамастан, қазаққа тән жағымсыз мінез-құлықты жинап-теріп, оның оң-терісін айыру үшін, ғылыми сараптан өткізіп, «сын түзелмей, мін түзелмейді» дейтін шындыққа арқа сүйеп, ешкімді аямастан сын тезіне салған жөн. Баланы туып, өлтіріп, қоқысқа тастай салу, баланы туып, көрінген бір босағаға тастап кету, баланы туып, әкелік-аналық мейірден жұрдай қылып тірі жетім ету, қазақ халқының жан санының аздығына қарамай, бір-екі баламен ғана шектелу, Қазақстанның жерасты, жер үсті байлығы жетпегендей шетелге бала сату ісімен айналысу, адамдарды алдап-арбап шетелге құлдыққа сату тағы бар. Мұндай сұмдықтарды айта берсе көп. Оларға Заң орындары бірінші болып шара қолдануға тиіс. Қазақтың ең жаман әдеті – талғамсыздығы. Атасы, әжесі, әкесі, анасы, балалары, қыздары, келіндері, немере-шөберелері Батыстың «бейәдеп» киноларын жайбарақат қатар отырып көре береді. Бұл не сұмдық! Ал осы көргенсіз, тексіздерді сынау аздық қылады. Оларға жоғары жақтан тыйым салынуы керек. Ал осы сияқты қазақтың ұлттық салт-санасына жат, жағымсыз мінез-құлықтардың әйелдер әлеміне тән бөлігін жинап, теріп, тіркеп, жіктеп, жүйелеп, оны ғылыми талдаудан өткізіп, келешек ұрпақ тәрбиесіне лайықтап, этнопедагогикалық оқулықтар жасауды Қыздар институты өз игілігіне алса, нұр үстіне нұр болар еді. Өз ұлтының жағымсыз мінез-құлқын жинап-теріп сынға алып, этнопедагогикалық бағытта оқулықтар жазған Жапония елі өте жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Ал біз өзімізді өзіміз сын тезіне салмасақ орны толмайтын өкінішке қаламыз. Менің айтарым, босқа далақтаудан сақ болайық. Егер осы бағытта батылдық, ерлік, ептілік, тапқырлық, талғампаздық, білімдарлық, ұлтжандылық жасай білсек, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мол үлес қосқан болар едік. Бұл өте сирек кездесетін тағылым болар еді. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейтін ата-баба нұсқауы туралы ойланыңыздар, толғаныңыздар, белсеніңіздер, ақылдасыңыздар, жол табыңыздар, із салыңыздар, бастаңыздар. Қазақ мінезінде «болмайды» дейтін үмітсіздік көп кездеседі. «Талапты ерге нұр жауады» дейді қазақ. Айналайын, сендерге табыс тілеймін. Қазақ ұлтын сендер сақтайсыңдар.

Сауатсыз ұлтшыл болма, сауатты ұлтшыл бол

– Өзін қазақпын дейтін әрбір азаматтың парызы мен қарызы қандай болуы керек?

– Ең алдымен, қазақты құлдық көзқарастан біржолата айықтыру керек. Қазақты қазақ қана құтқарады. Алтынды табанына басып тұрып – қайыр тілеу, ет пен майды жастанып жатып – аштан өлу қазақтың маңдайына жазылған тағдыр емес шығар. Қазақтың ұлтшылдығы басқаларға өктемдік жасау үшін емес, қазақ тәуелсіздігін қорғау үшін керек. Ұлтшыл болу ұлт намысын қорғау үшін керек. Қазақтың ұлтшылдығы мәңгі қазақ болып қалу үшін керек. Әлемдегі төрт құбыласы түгелденген дамыған ұлттарға не керек болса, қазаққа да сондай дәреже керек. Қазақ дамыған елдермен терезесі тең күйде өмір кешуге міндетті. Әлемде болып жатқан жаңалықтар мен ашылған ғылымның бәрін игеруге қазақ азаматтары ұмтылуға тиіс. Білім алу – парыз, сол үшін тынбай талаптану керек. Білім алуға мемлекет толықтай жағдай жасауға міндетті. Сауатсыздыққа қарсы күресуді әрбір адам өзі жүргізу керек. Білім теңсіздігі – теңсіздіктің ең ауыр түрі. Білім алсаң көзің ашылады. Қазақты білекпен емес, білікпен қорға. Сауатсыз ұлтшыл болма, сауатты ұлтшыл бол.

–Қазақта ел танитын сыйлы, өнегелі адамды мақтап-мадақтап әртүрлі теңеулер айтып жатамыз. Ол сонау аңыз-әңгімелерімізден бастау алатын сияқты. Яғни, ол мінез адамзат пайда болып, оң-солын танығалы бері бар. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?

–Адамды кейде мадақтап, кейде қорлап әртүрлі теңеулер айтып жатады. Бұл әлі де бар, өзің айтпақшы, бұрын да болған. Ертең де болады. Өмірден өтсе, кейбір жақсылықтарына орай түрлі мадақтар, теңеулер айтылып жатады. Мен солардың біразына тоқталған едім. Елге айтулы, өзінің көзі тірісінде жасаған еңбегін ескеріп «арыстай азаматтан айрылдық-ау» дегенді талай естіп едік. Арыстай азамат, атандай, арыстандай, атан түйедей, атпал азамат, алпамсадай, аюдай, қарқарадай, дәудей, жойпаңдай, өгіздей, жардай, кескен теректей, бәйтеректей, зіңгіттей, дөңбектей, кетпектей, ортанқолдай, нардай, қасқырдай, түйедей, қолақпандай, келепандай, соқтаңдай, сұқсырдай, керіскедей, жігіттің сырттаны, аппақ сазандай, үкідей үлбіреп тұр, сазбет, беті қалың, бетсіз, бетсіздеу, шынашақтай, шілбиген, шыбындай, шүкейттей, иттің құйрығынан түскен қу асықтай, бармақтай, бітімдей, битімдей, тиіттей, сынық сіркедей, торғайдай, қаптесер тышқандай, мардымсыз, жартымсыз, тырнақтай, зәредей, берекесіз, тыртиған, быртиған, ырғайдай, ырғай бұт, сырықтай, биттей, торғайдай, тобықтай, қолтоқпақтай, диірмендей, дөйдей, борсықтай, торсықтай, борсық көбең екен дейміз.

– «Борсық көбеңнің» мағынасы не, аға?

– Қыстың күндері арықтаған атты шөбі орылмаған жерге бос жібереді. Бірер айда ат есін жиып, көбеңсіп, өң-түсі оңалып, жүні жетіліп, борсық сияқты дөңгеленіп көрінеді. Осыны «борсық көбең» дейді. «Суырдың айғырындай шақылдайды», «иттей үреді» деп жатады кейде.

– Қазақ халқының мәдениеті, дәстүрі бай деп жатамыз. Қазақтың келіндері үлкенге иіліп сәлем салады, ізет көрсетіп жатады. Бұл дәстүрімізге қалай қарайсыз?

– Келіндердің қайын атаға, қайын ағаға сәлем салу бұл – енді керемет нәрсе. Бұл – әдептің басы. Тұнып тұрған иба. Бұл – мінез, аналық мейір, шапағат. Дәстүрдің әкесі – осы. Қазіргі кейбір келіндер сәлем салмақ түгілі, соғып өтеді ғой. Бәрі сондай деуден аулақпын. Әйтсе де қолына стакан ұстап, «кел, аға, соғыстырып қоялық» дейтіндерді талай көрдім. Сондай да келін бола ма? Өзім бір нәрсеге таңғалатынмын.

– Ол не нәрсе?

– Бала кезімде бір кемпір болушы еді. Басында үлкен кимешек тәріздес бас киімі бар. Біздің үйге күнәрә келіп тұрады. Келгенде бір тізесін бүге тұрып менің әкеме сәлем береді. Үйден шыққанда айналып шықпайды, шегініп шығады. «Бұл кемпір кім?» – деп кейін сұраймын ғой. Менің әкемнің немере інісінің бәйбішесі екен. Сонда біздің үйге келін ғой. Көрдің бе, қандай тәрбие, қандай әдеп. Әйтпесе жасы да келіп қалған кемпір ғой. Сол уақытта мен көргенде жасы жетпістің шамасында болатын. Жалпы қазақтар бұрнағы кезде «армысыз» деп қолын көкірек тұсына қоятын.

– Байқап жүрмін, сіз де қол беріп амандаспайсыз...

– Мен жалпы қол беріп амандасқанды мүлде ұнатпаймын. Бұл қол беру қайдан келді өзі? Біле білсең, бұл – үлкен апаттың алды. Қол алу арқылы ауру таралады.

– Апырай, ә?

– Бірде қонаққа шақырып, үлкен бір дастарқанның ортасында отырдым. Барлығы өз орындарына жайғасқан. Әлі бастамай, келетін имамды күтіп отыр екен. Біраздан соң ол кісі де келді. Имам ішке кіргенде бәрі өре түрегеліп, оның қолын алып жатыр. Екі жаққа жайғасқан жұртпен тегіс қол алысып шықты. Төрде отырған маған келгенде, мен «қолымды жуып келіп едім» деп айттым. «Жоқ, менің де қолым таза, жаңа ғана мешіттен шықтым», – деп ақталып жатыр ол. Мен бетіне тура қарап тұрып, «Мешітте қанша кісімен амандастың, оны білмеймін, ал мына жерде екі жүз адамға қол бердің, қайсысының қолы таза екеніне кепілдік бере аласың?» – деп едім үндемей барып, төрге жайғасты. Осындай тұтас ұлтқа тікелей зияны бар дәстүрлерді мүлде жоюдан қорықпау керек. 1954 жылы Кореяға іс-сапармен бардық. Төрт-бес айдай болдық онда. Бір күні жергілікті корейлік: «Біз олардың бетінен сүйіп амандасамыз, мына қытайлар бізді неге сүймейді?» деп. Қытайлар ешқашан кісі бетінен сүймейді ғой. Оларда сондай қатал тәртіп бар. Жалпы, беттен сүю – өте қауіпті нәрсе. Елдің терлеп тұрған бетінде не бар екенін сен қайдан білесің? Бетіне қонған көшенің шаңтозаңын сен жалап аласың. Ол аузыңа кіреді. Аурудың бәрін осылай жан-жағыңа таратып жүресің. Бұдан кейін кім көрінгеннің бетінен сүюді мүлде тыю керек. Әсіресе көпшілікте жағалай сүйіп шығу деген не сұмдық?! Қытайлардың өсіп-өніп жатуының осындай сырт көзге елеусіздеу көрінетін себеп-салдарлары көп (Дәл осылай жазып қой деп бұйырды маған. Әйтсе де бұл сөзінің жаны бар. Үйіне бас сұққан адамдармен қол беріп амандасқан емес. Ақсақал қол бергендеріне осы сөзін қайталаудан танбайды. Бірде сұхбаттасудың кезекті бір сәтінде, үйіне жақын-жуықтары мен ағайындарының балалары келіп қалды. Ішінде біреуі сегіз жасар бала екен. Ал қалғандарының жас шамасы жиырма-жиырма бес мөлшерінде. Немересіндей болған баланы құшағына қысып, босата қойды. Бетінен сүйген жоқ. Бұны ақсақалдың баланы жек көргендігі емес, өзінің бұрыннан қалыптастырған тазалық сақтау үлгісі деп ұғындым).

– Дәстүр, салт, ғұрып турасындағы әңгімеге келгенде біздің «қалың малымыз» жайында да сөз қозғап кеткенді жөн көріп отырмын. Өзге елдің салтында бар нәрсе ме бұл?

– Бұл «қалың мал» төлеу басқа ұлттарда бар-жоғын анық біле алмадым. Қазақтың қызға «қалыңмал» беретінін білем. Жалпы, ойланып қарасақ, осы дәстүріміз кейде өзімізге кереғар секілді көрінеді. Ал, шын мәнісінде, біреу баласын бой жеткізіп, саған келін етіп тәрбиелеп берсе, оған неге құн төлемеске? Жиырма жылдай бағып, қағып, аманесен өсіріп берсе, құн төлемей қайда барасың? Қазақ тарихында осы «қалыңмалды» төлеуде көптеген хикаяттар кездеседі.

– Бұрын қағазға түспеген оқиғалар болса айта отырсаңыз дұрыс болар еді, елге жете берсін...

– Семей жақта баяғыда бір қызға қалыңмалға жүз тайлақ берілген екен. Өзі талайдың көзі түскен өте көрікті сұлу қыз екен. Сонда қыздың әкесі «ен салынбаған, мұрны тесілмеген жүз тайлақ бересің» деген шарт қойыпты. Бұл аз ба, көп пе? Әрине, адамның құны мүлде малмен өлшенбейді ғой. Дегенмен жүз тайлақ та аз емес қой, бағалай білгенге. Сол қыздың аты кейін ел ішінде Жүзтайлақ болып аталып кетіпті. Отызыншы жылдары болған азапты ашаршылық жылдары осы әйел қашқан елмен бірге Қытай жаққа өтіпті. Әрине, байлар ғой енді бұлар. Байғұс кемпір сол жақта қайтыс болды. Сол бір аяулы әйелдің сүйегі Қытай жерінде қалды.

– Ал қыз алып қашу дәстүріне сіз қалай қарайсыз?

– Алып қашу деген сөздің өзі екі түрлі жүйеге бөлінеді. Бірі – той-томалақ, тағы басқа үлкенді-кішілі салттарды жасамай-ақ, бір-бірін ұнатқан екі жас қол ұстасып бірге қашып кетеді. Бұл енді өздерінің келісімі бойынша. Ал енді ертеректе қыз алып қашу деген тіпті қиын болған ғой. Сүйген қызыңды сен алам дегеніңмен бере қоймайды. Өйткені жарлы жігітті бай ауыл менсінбейді. Осындай жағдайда қыз жігітті ұнатып тұрса ғана, жігіт алып қашады. Үшінші түрі: қыз жігітке ықтиярлы емес, бірақ жігіт оған өлердей ғашық. Мұндайда қызды қапысын тауып, зорлап алып қашады. Барғаннан кейін еріксіз оның келіншегі болады. Анау Еңлік пен Кебек, Қалқаман мен Мамырды көрмейсің бе? Қалқаман-Мамырдың тағдыры қызық қой. Қыз ықтияр. Бірақ қызды бұрын атастырып қойған, басқа бір жаққа берейін деп отыр. Әйтсе де жігіт пен қыз өзара серттесіп келіскен. Алып қашып, ұсталып қалады ғой. Соны би аямай жазалайды. «Қалқаман атпен шауып өтсін, қыздың ағайын-туыстары жігітті садақпен жан-жақтан дәлдеп атсын», деп кеседі би. Атқан адамнан болды ма, әйтеуір Қалқаман жараланады ғой. Сонда да қызды алып қашып кетеді. Қалқаман мен Мамырдың осы Алматыда үрім-бұтақтары әлі бар. Өздері арғыннан тарайды. Қыздың қалауынсыз ата-ананың зорлап басқаға итермелеуінен болып тұр ғой барлық пәле. Бұл дәстүр, өкінішке қарай, қазір де бар.

Қазір біздің баламызды әкесі мен шешесі емес, компьютер мен теледидар тәрбиелеп жатыр

– Қазақ халқының тәрбиесіне келер болсақ, тыйым сөздердің алар орны ерекше. Тыйым сөздер тәрбиенің балбұлағы емес пе?

– Енді қазақта тыйым сөздер көп қой. Алдыңа ас келгенде тәубе айтып жеу, нанды, қасықты оң қолыңмен ұстау, асты шашпай жеу, қалай болса солай аузыңа салмай, асықпай шайнап жеу секілді ас ішудің де өзінің керемет тәртібі бар. Осындай ұсақ-түйек тыйымның өзі ертеңгі күнгі үлкен тәрбиенің қайнар бұлағы екенін ұғына білуіміз керек. Аяқ киіміңді кигенде оң аяғыңнан бастап кию, тәубе айтып жүру, міне, осының бәрі – үлкен тәрбие. Осындай адамның рухани дүниесін байытатын көп нәрсені жоғалтып алғандаймыз. Қазір біздің баламызды әкесі мен шешесі тәрбиелеп жатқан жоқ, компьютер мен теледидар тәрбиелеп жатыр. Қай-қайдағы сұмдықтарды көрсеткенде, қарауға адам ұялады. Осындай келеңсіздікке жол беру арқылы, ұрпақтың санасын улап, келешегінің кемел болуына кедергі жасаймыз.

– Аға, есіңізде қалған тыйым сөздердің тағы біразына тоқталсаңыз?

– Жалпы, Орта Азияның қоңыр үйегін мекендеп келе жатқан қоңыр мінезді қазақ халқының табиғаты басқа халықтарға қарағанда өзінің ерекшелігін байқатады. Тұрмыс салтымыздағы ырым мен тыйымға айрықша мән беретін елміз ғой. Есіме түскенін айта отырайын. Жас балаға бұғана ұстатпайды. Онда бойы өспей қалады деп жорыған. Егер әйел қыз туа берсе, баланың жолдасын босанған әйелдің басынан үш рет айналдырса, ұл туады деп ырымдайды. Келін бала көтермесе, нағашы жұртының бір баласын қойнына алып жататын бір ырым бар. Қазір мұны кім жасайды дейсің? Жүкті әйел шашын кессе, іштегі бала кемтар болып туады, бақыты кесіледі. Қазақ баланы санамайды және санын айтпайды. Бала бас ұстамайды, егер бас ұстаса, әкесі өліп қалады деп тыйым салған. Омыртқаның жұлынын жесе, суға кетіп қалады деген ырым бар. Жіліктің майын жесе, мұрнынан боғы ағып жүреді дейді. Сәби басын төмен салып еңкейіп, екі аяғының астынан қараса, қонақ келеді дейді. Баланың аңшылықтағы алғашқы олжасын «несібесі кетеді», «аңшылықта жолы болмайды» деп, ешкімге байлатпайды. Қыздың басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгісі. Бесікті бейуақытта далаға шығармайды. Нәрестенің еңбегін баспайды. Нәрестенің иткөйлегін далаға тастамайды. Жас келіншек аяғы ауыр кезінде түйе етін жемейді. Себебі баласын түйе сияқты көп уақыт көтеріп, мезгілінде босанбайды деген ырым бар. Міне, қазақтың ырымдары.

– Қазақ «ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деп жатады. Жалпы, ырымдардың қандай да болса тәрбиелік мәні бар деп ойлайсыз ба?

– Енді мұны нақты айту қиын. Кей ырымдардың беретін тағылымдық мәні бар шығар. Әйтсе де діни тұрғыдан алғанда көбісі кереғар келіп жатады. Қазақ халқы сан ғасырлар өтсе де осы ырымдарды әлі күнге дейін ұстанып келеді. Бұған ешкім шек қоя алмасы анық. Реті келгенде тағы біразына тоқталып өтейін. Енді табиғаттың жаратқан жәндігінің бірі жылан бар емес пе, осы жылан үйге кіріп кеткен жағдайда оған ағарған құйып шығару ежелден келе жатқан ырым десек те болады. Ағарған құйып жыланды кері қайтару қайтару арқылы оның келмеуін тілейді. Бұдан біздің түйгеніміз, мінезі қойдан жуас келетін қазақ халқының зиян тигізетін жәндік пен жануарына да еш залалын тигізбей шығарып жіберуінің өзінде үлкен тәрбиенің бастауы жатыр. Адам есінегенде аузын міндетті түрде қолмен жабу керек. Сол қолдың сыртымен, оң алақанның ішкі бөлігімен жапса да болады. Тырнақты тістемейді. Қолды ауызға салмайды. Үйге кіргенде босағаны кермейді. Төгілген күлді баспа дейді. Ағын суға дәрет сындыруға, түкіруге болмайды. Қазақ халқында жер бауырлап жатып жылау жаман ырым. Түбі жақсылық емес деп сенеді. Тағы бір ырым бар. Балаға түкірту ырымы. Баланың енді-енді тілі шығып, ойын баласына айналып келе жатқанда жасалатын ырым ғой. Бұл ырымды жасаудың мәні зор. Мұны жасау кез келгенге бұйыра бермейді. Абыройы асқан, ауылдың көпті көрген кісісіне «сендей болсын, елге сыйлы, халқының қамын жейтін азамат болсын» деп баланы түкіртіп алатын болған. Мұндайда қолөнер шебері, дәулескер күйші, дарынды әнші, болмаса көп жасаған абыз қарияларымызға түкіртетін болған. Бұл ырым әлі күнге дейін қазақ салтында қолданылып келеді.

– Біздің халықтың тәрбиесі ешбір елдің мәдениетінде жоқ десек те болады. Соның ішінде келіндерге қайта оралсақ. Қайын атасының, қайын ағасының, тіпті қайын сіңлілері мен қайын інілерін де өз атымен атамайды. Мұнда да тұнып тұрған тәлім, тәрбие, тағылым бар емес пе?

– Әрине, мұның өте дұрыс. Жалпы, бізде «ат тергеу» деген нәрсе бар. Әсіресе әйелдерге көбірек қатысты нәрсе бұл. Қазақ халқында, өзің айтпақшы, басқа ұлтқа ұқсамайтын ерекшеліктер көп. Біреуі осы – қазақ әйелдерінің «ат тергеуі». Қайын ата мен қайын ененің жөні бір бөлек. Қайын ағасының атын атамайды, қайын інісінің де атын атамайды. Барлығына өзі ат қойып алады. Біздің қазақ үлкенге білдірген өнегесі ретінде атын атап шақырмайды. Жәке, Сәке дейді. Аға дейміз, әпке дейміз, мұның бәрі – құрметтен туындаған нәрсе. Мына біздің батыс жақта Көтібар деген батыр өткен. Сол кісіні келіндері қалай атағанын білесің бе?

– Білмедім.

– «Өзінде бар да, басқада жоқ қайнағам» деген. Сол секілді бұрынғы келіндер «тентек», «тетелес», «еркем», «кенже» деп қайнылары мен қайын сіңлілеріне өзінше ат қойған. Бұл не? Бұл – әдептің басы. Осы ғажап әдеп-ғұрыптан қол үзіп бара жатырмыз ғой қазір. Бұл «ат тергеу» зерделей түссек өз алдына үлкен ғылым. Әдет-ғұрпымыздың ішіндегі ең озық салттың бірі – осы. Мұны тереңірек зерттеу керек. Халқымызға өте керек нәрсе. Мұндай мәдениет ешбір ұлтта жоқ. Тек бізде ғана бар. «Ат тергеуді» осы күнгі ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек.

– Біздің халық ырымшыл келеді ғой. Осы қазақтың дәстүрінде балаға ат қою салты да басқаша болып барады. Өзіміздің қазақтың ежелгі ерекше есімдері қайда?

– Жалпы, балаға ат қоюда абай болғанымыз жөн. Бірінің атын екінші бірі қайталамай және әке-шеше атының бас әріптерін пайдаланып ат қоюға мүмкіндік алу үшін бүгінгі заманға лайықтап адам аттарын тізіп отырмын. Басқа елдің, бөтен ұлттың аттарын алмай, тек қазақ ұлтының тіліне, діліне, ұлттық рухына, ұлттық салт-санасына, ұлттық өмір тіршілігіне, ұлттық мәдениетіне сай келетін тілге жатық, айтуға, дауыстап шақыруға ыңғайлы, дәріптеуге, құрметтеуге үйлесімді аттарды қоя білсек, қандай керемет! Мен шамам келгенше ойыма түскен аттарды тізіп жаздым. Қандай қасиетті аттар болса да, ол данышпан болса да, басқа ұлттың, бөтен елдің атын алмаған дұрыс. Қазақ халқында өзге елдің есімдерін қою көп кездесеіп жүр. Бұл – ұлттық рухқа, ұлттық намысқа жат қылықтар. Қаншама жылдық тарихымыз бар халықпыз. Ал осы тарих қойнауында қаншама адамдардың есімдері бүркеулі күйінде жатыр. Бізде арабтың, парсылардың аттары өте көп. Оның үстіне даңқы дардай адамдардың атын қою тіптен көп. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) атын қоюшылар Ислам елдерінде көптеп кездеседі. Пайғамбарымыздың атын иемденген балалар саны ондаған миллионды құрайды. Бірақ шын мәнісінде соңғы әрі кемел кереметке ие, адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбарымыз ғана ғой. Осы жерде бағана өзің айтқан «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген мәтел келіп-ақ тұр. Біз ұлы адамдардың атын балаға қоюдан түк те тапқанымыз жоқ. Менің өз басым ұлы адамдардың атын балаға қоюға қарсымын. Енді есіме түскен бірқаншама есімдерді елге жария етейін. Елдана, Елерке, Елсүйер, Елана, Елардақ, Елбала, Елтілеу, Елнұр, Елнар, Ернар, Айнұр,

Ерке, Елерке, Елдос, Елтай, Елемес, Қаракөз, Қарлығаш, Қарлыға, Қарғаш, Құралай, Қазтай, Қаратай, Құлжа, Құлжабай, Құлакер, Құлантай, Киікбай, Қасқырбай, Хантәңір, Қанжығалы, Қарасай, Қойлыбай, Құнанбай, Қойшыбай, Қуандық, Қуаныш, Құз, Құтбай, Қазтуған, Қазақбай, Қазыбай, Қалаубай, Қалдыбай, Қарқара, Ақтайлақ, Ақсұңқар, Ақшатау, Ақтай, Арман, Ақбай, Арқабай, Аралбай, Айболат, Асқарбай, Ардақ, Айнұр, Ақерке, Ақсана, Ақбота, Ақатай, Асылбек, Асанбай, Асаутай, Аққошқар, Ақбура, Адырбай, Арнабай, Ақтамберді, Абадан, Ақтілеу, Атанбай, Ерторы, Елторы, Еламан, Еренабыр, Есен, Есенбай, Естай, Есжан, Есенкелді, Ескелді, Бота, Ботабай, Боранбай, Бұдабай, Барлық, Барлықбай, Базарбай, Базар, Бура, Бурабай, Бағлан, Батырхан, Ормантай, Бақберген, Бөгенбай, Бөкен, Бөкенбай, Құланбай секілді қазақтың өзіне тән қаншама есімдері бұрын болғанымен қазір ұмытылып бара жатыр. Осы есімдердің бәрін естіп, сол кісілермен араласып өстік. Мұның бәрі айтуға ыңғайлы қазақтың ғажап аттары ғой.

– Біздің шетел асып кетіп жатқан сәбилердің тағдыры бүкіл елді алаңдатып отыр. Неге біз осы мәселеге келгенде салғырттық танытып отырмыз? Сіздің бұл мәселеге келгенде де шыр-пыр болып жүргеніңізден аздап хабардармыз...

– Енді бұл – күрмеуі қиын нәрсе. Бұл мәселеге талай мәрте бас қатырып, сан рет ұрындым. Бірақ мұны шешудің жолын таба алмадым. Неге сатады адамды? Жауап айту өте қиын. Ертең өскенде ол бала кім болады? Бәлкім, ол сенің жауың болар... «Ішіңнен шыққан шұбар жыланың» осы балалар болар. Мүмкін талай Абайымыз, Мұхтарымыз, талай Қаныштарымыз кетіп жатқан шығар? Сондықтан бала сатуды мүлдем доғару керек. Бұл – халықты құрту деген сөз. Айналдырған он миллион қазақты сатуға қалай арымыз барады? Бір жарым миллиард халқы бар Қытайдан «бала сатыпты» дегенді естідің бе? Не деген сатқындық бұл! Бала туу азайды. Қазақтың әйелдері араққа, нашақорлыққа салынып жатыр. 2006 жылғы дерек бойынша мемлекет алты мың баланы шетелге сатқан. Жезөкшелер саны көбейді. Арнамыстан жұрдай болдық. Қыздарымыз қытайға, орысқа, Африкаға, Америкаға, Еуропаға байға тиіп жатыр. Ұлттық намыс қалмады. Осының барлығына мемлекет жауапты. Нені қабылдау, нені қабылдамауды талқылау керек. Мына Қыздар институтында он мыңдай қыз бала дәріс алады. Этнопедагогикалық кафедра және этнопедагогикалық оқулықтар шығару қажет. Осы бастаманы бірінші болып Қыздар институты қолға алуы тиіс. Қазақ қыздарының ұлттық намысын ояту осылардың мойнында. Кейде күйіп кетесің... (Жағда ағамыз жасы тоқсаннан асса да, орнынан ширақ тұрады. Мен сұхбат алу барысында байқағаным, осындай келеңсіз жайттарды көзімен көріп отырып, қолынан келер амалы жоқ қария қатты күйініп, орнынан тұрып кетіп, ары-бері жүріп кеп, менің иығымнан қағады. Кей күндері өзінің қарттығын, жасының келгендігін ескеріп, «ендігі осы тәрбие туралы толғамдарды елге сендер жеткізетін боласыңдар» дейді қария ақырын ғана басын төмен салып. Осындай ашынған сәттерінде қарияның қабағы түйіліп, біраз уақыт үнсіз ойланып отырады).

– Аға, қазақтың ұлт болып қалыптасуына тағы не кедергі деп ойлайсыз?

–Біз мына нәрселерді ұмытпауымыз керек. Ең ауыр, ең дауасыз қайғы-дерт – жер тәңірі патшалар мен империялар жағынан таңылатын «измдер» – феодализм, капитализм, социализм, коммунизм, интернационализм, сионизм, момлизм осы секілді Батыстың ғаламдану «измі». Оның түпкі жиынтығы – глобализм. Әрқайсысы өз «измдерімен» бүкіл әлемді бағындырғысы келеді. Олар бүкіл әлемді баяу жолмен емес, тыныш түрде емес, соғыс жолымен тізе бүктіргісі келеді. Тіпті өзінің қысқа ғұмырында жалғанды жалғыз жалмап, өз қарсыласының ең соңғы тамшы қанын өзі жалап кеткісі келетін асқақ патшалар да аз болған жоқ. Патшалар керуені келіп жатыр, кетіп жатыр...

Әлемдік «измшілдер» тарту еткен мәңгі қайшылық бүкіл әлемді бүлдіріп болды, тыныштық бермей келеді. Ауған халқында ұйқы жоқ қазір. «Қашан жарылады екен» деп екі көздері төрт болып отырады. Адам біткеннің жүйкесіне жетіп, шаршатып, шалдықтырып бітті. Табиғи дертке қосылған қоғамдық ауру-сырқау күшейіп, адамдар өз еңсесін өзі көтеріп жүре алмайтын қайғы-қасіреті көп, ажалы мен тажалы жақын, жасанды апаттардың дәуірінде өмір сүріп жатыр. Өткен ХХ ғасыр көптеген шапқыншылық соғыс пен қиянаттарға толы ғасыр болды. Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстарды көрді. Әлемдік екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң да, империялық соғыстар тоқтаған жоқ. Қару-жарақ жасауда әлемдік бәсеке басталды. Ядролық сынақтар, ядролық қару-жарақ жасау төрткүл дүниені дүр сілкіндірді. Империялардың байлығы осы бір апат тудыратын қару-жарақ жасауға құйылды. Олардың осы бір жымысқы әрекеті жер жүзін бір нәсіл, бір «измнің» төңірегіне топтастыру болды. Өзіне бағындыра отырып, бір ауызға, бір қолға, бір ғана иелікке қарату. «Менмін» дейтін үстемдік сөзіне иелік ету. ХХ ғасырдағы Ресей дейтін алып елдің алғашқы құрбандығы – қазақтың кең көсілген жері, мол байлығы, қазақтың дәрменсіздігі, шарасыз қалпы осындай жайттың орын алуына себепкер еді. Қарудың химиялық та, биологиялық та түрлері сынақтан өткізілді. Мұның ішінде Байқоңырдың шеккен азабы, тартқан қасіреті – бір бөлек. Осының бәрі әсер етпеді ме? Қазақ жерінің ауасы, суы, топырағы уланды. Табиғи нәр, табиғи иіс, табиғи дәм де өзгерді. Оған дейін болған жұпар иісті табиғат мүлде жоғалып кетті. Қазақ жерінің бағы тайды, ырысы шайқалды, құты қашты. Адаммен қоса жан-жануар да аурусырқаулы күй кешті. Қазақ ұлтының өсуі тоқтады, саны азайды. Өмір сүру жасы қысқарды. Өлім-жітім көбейіп, туу азайды. Жарымжан, жарымес, мәңгүрт сәбилер дүниеге келді. Ата-ананың жылуын сезінбеген, тастанды балалар көбейді. Өз-өзіне қол жұмсағандар да тоқтаған жоқ. Бүкіл әлемді шулатқан, дүниежүзінен әлі де түрлі көмектер алып келе жатқан 1986 жылғы Украинадағы Чернобыль апатымен салыстырып қарасақ, он алты есе ауыр Семей полигонында өткізілген төрт жүз алпыс бес ядролық сынақтар мен Байқоңырда болған жарылыстар қазаққа әлі де қауіп төндіруде. Қара халықтың басына төнген апатты жағдай болмашы төлеммен, жай алдамшы үмітпен жалғанып келеді. Қазақтың тағдыры, міне, осындай, қарағым!

– Аға, айтпасқа болмайды. Осы қазақ кейде неге ру, жүз боп ыру-дыру бөлініп жатамыз? «Бөлінгенді бөрі жейді» демейтін бе еді баяғы шалдар. Сіз осының басты себебі неде деп ойлайсыз?

– Сонау Көк түрік елі Қыпшақ мемлекетінің Көк туы астына біртұтас шоғырланған еді. Қыпшақ мемлекеті қытайлар мен ұйғырлардың жан-жақты шабуылынан жыл санауымыздың жетінші ғасырында бөлшектене бастады. Сол соғыста жеңіске жеткен ұйғыр ханы Мойын Шордың моласына қойылған таста: «Бұдан былай Қыпшақ түріктері болмайды», – деп анық жазылған. Демек, бұл жеңіске жеткен Мойын Шордың қорытынды сөзі деуге болады. Сол VІІ ғасырдан бастап Қыпшақ түріктері қатты ыдырады. Ата-атаға, ру-руға, ел мен елге, жержерге бөлінді, бөлшектенді. Рубасылар, ру батырлары, ру билері, ру көсемдері, рулық деңгейдегі хандар жеке-жеке ту көтеріп, жеке-жеке ұран шақырды. Осылай ыдырау бес ғасырға созылды. ХІІІ ғасырдың басында Шыңғыс хан дәуірі басталды да, біршама қайта шоғырлану болды. Бірақ Шыңғыстың балалары мен ұрпақтары түркітілдес елдерді бөліп-бөліп, жіктеп алып биледі. Тіпті Шыңғыстың ұлы шағатайға бөлінген Орта Азияда Шағатай тілі дүниеге келді. Осы тіл ХХ ғасырға дейін өмір сүрді. Шыңғыс хан ұрпағы дәуірінде «ақсүйектік жүйе» жүргізілді де, елде хан тұқымы билейтін қатаң саяси заң орнады. Бүкіл ел «ақсүйек төре тектілерге» бастарын иді. Әрбір рудың өз төресі болды. Хандар өз ұлдарын ру-руға билеуші етіп жіберіп отырды. Ханға жағыну үшін кейбір рулар хан ұрпағын сұрап алып, өздеріне төре етіп, сол «ақсүйек төренің» айтқанына көніп, айдағанына жүрді. «Жер төбесіз болмайды, ел төресіз болмайды» дейтін қағиданы бұлжытпай орындайтын адал құлдарға айналды. Руға, жүзге бөлінудің ең басты себебін мен өзімше былай деп жіктедім.

– Соның ең өзектілері қандай?

– Қазақта сауатты көсем болған жоқ. Қазақта қорғану күші болған жоқ. Қазақ қару өндірмеді. Қазақта үлкен арнайы білім ордалары болмады. Қазақта ғылым иесі өте аз болды. Қазақта заманында денсаулық сақтау ғылымы өте төмен деңгейде болды. Сауатсыздығының бір көрінісі – надандықтың басы, осы руға бөлінуі ғой. Көшпелі ауыр өмір. Отқарудың мүлде жоқтығы. Металл өндірісінің дамымағандығы. Халқы кедей болды. Малдан басқа дәулет жоқ. Жерасты, жерүсті байлығын мүлде пайдаланған жоқ. Ақсүйектік жүйе қазақ жерін сегіз жүз жыл армансыз жайлады. Қазақта өндіріс орындары болмады. Қазақ мынау орыс пен қытайға тәуелді болды. Осы құлдық қазақтың табиғатына, мінез-құлқына әбден сіңіп кеткендей ме қалай өзі?! Құлдық ұрған қылықтарын ептілік, ерлік, тапқырлық деп санады. Құлдың қылықтарын сезінбейтін, намыс деп санамайтын мәңгүртке айналды. Азаматтық намыстан айырылған мәңгүрттер, ұлттық намысты мүлде естімеген, білмеген, түсінбеген күйінде қала берді. Соңғы жүз жылда құл мәңгүрттер тіптен көбейіп кетті. Мұның ішінде қарапайым шаруалар, төмен дәрежелі шенеуніктер, орта, жоғары дәрежелі шен иелері, төмен, орта, жоғары оқығандар, тіпті араларында ғылым кандидаттары, ғылым докторлары, академиктер де кездеседі. Қазақ тағдырын шешуге осы құлдық идея үлкен қырсық болып тиіп тұр. Міне, осы айтылған кереғар жайттардың көзін құртпай, біз таза тәуелсіз ел болып қала алмаймыз. Көктүрік – Түрік қағанаты, Қыпшақ түркілері – Қыпшақ қағанаты. Осылай аталған Ұлы Қыпшақ елінің елұраны бүгін көптеген өзгерістерге ұшырап, қазіргі Татар еліндегі нұсқасы тәптиләу атымен сақталған. Тәптиләу әнінің үзінділері Солтүстік Корея елінде де кездеседі. Міне, қазақтың рухани байлығы шетел асып жүр.

– Қазақтың ұлт болып қалыптасуына кедергі келтіріп жатқан өзге күштерді айтпағанның өзінде, соған еріп бара жатқан біздің қандастарымызды көргенде жаның қатты құлазып, қарадай күйінеді екенсің...

– Орыс пен Қытай империяларының ұзаққа созылған отарлау саясаты мен шыңырауға итермелеген ассимиляцияның салдарынан қазақ жерінің табиғаты қазір мүлде бұзылды. Қазақ елінің шаңырағы сан рет шайқалып, елі мен жері тозды. Қазақ ұлтының бестен бірі Қазақстан шекарасының сыртында қалды. Бостандықтан үміт үзген қазақ ұлты – тілден, ділден, діннен, рухани байлықтан мүлде қол үзе бастады. Ұлттық салт-санасы, сән-салтанаты, ән-күйі, ұлттық мәдениетінің ажар-көркі, мән-мағынасы өзгере бастады. Қазақ ұлтының тұрмыс ырғағы бұзылды. Аса улы саяси себептердің кесірінен қазақтың болашаққа алған бағытбағдары томаға-тұйыққа тірелді. Осы аса улы саяси ассимиляцияның кесірінен қазақ ұлтында ұлтсыздану қасіреті төбе көрсете бастады. Тәуелсіздігінің жиырма жылдығын тойлағалы отырған қазақ мемлекеті әлі күнге ес жия қойған жоқ. Талай жылдар ауырлық пен азап еңсесін басқан қазақ – бостандық атты қасиетті ұғымның мән-мазмұнын толық түсіне алмай отыр деуіме толып жатқан дәлелдерім мен айғақтарым бар.

– Әрине, аға, қазақтың тағдырының кеше де, бүгін де оңай болмағаны анық.

– Біздің қазақтың қойының үстіне ешқашан «бозторғай жұмыртқалаған» емес. 1991 жылы Тәуелсіздік алғалы Қазақ мемлекеті алыс-жақын шетелдермен импорт-экспорт байланыстарын орната бастады. Сол кезеңдерде базарларда қаптаған батыстық өнімдерге жұрттың бәрі құмар болды. Мына бір деректі оқығаным бар. Шетелден келіп жатқан тәттілер мен сағыздардың денсаулыққа зияны жайында сұрапты бір қыз. Сондағы жауап мынадай: «Біріккен ұлттар ұйымының мәліметтеріне сенсек, тауарлардағы «Е» әрпімен басталып таңбаланатын «Орбит», «Стиморел» сағызы, «Пепси», «Кокос» шоколадтары», «Ирем», «Кремали», «Пикник» печеньелері және «Сана» маргариндерінде зиянды қоспалар болады екен. Ол мынадай құпия сандармен де белгіленген көрінеді.

– Аға-ау, мұны қателеспеу үшін ретімен асықпай жазып алсақ қайтеді. Ең дұрысы осы болар?

– Халықтың алданып-арбалмауы үшін мұны айту да парыз ғой, қарағым. Ендеше, толық қағазыңа түсіріп ал. Е- 123 – өте қауіпті. Е-101, Е-102, Е-120, Е-124, Е-127 – бұлар қауіпті. Е-103, Е-105, Е-111, Е-121, Е-125, Е-126, Е130 –бұларды тұтынуға болмайды. Е-104, Е-122, Е-141, Е-150, Е-171, Е-173, Е-180, Е-241 – бұлар күдікті. Е-221, Е-222, Е-223, Е-224, Е-226 –бұлар ішек ауруларын қоздырады. Е-250, Е-251 – бұлар қан қысымына әсер етеді. Е-311, Е-312, Е-313 –бұл аталғандар денеге бөртпе шығарады. Е-338, Е-339, Е-340, Е-407, Е-461, Е-462, Е-463 – бұлар асқазан қызметін бұзады. Осы аталған сандар болған жағдайда тәтті мен сағыздың сыртына қарап, одан бас тарту керек. Сол кезеңдерде жазылған осы бір деректі кім есінде сақтады дейсің?! Ауыл халқының бұған сауаты да жетпей жатады. Одан қалды, дүкенде бар нәрсені ала салатын әдеті емес пе?! Мына Америкада шығарылатын тауарлар: «Мемлекет ішіне тұтынуға болмайды», «Дамыған елдер үшін» және «Дамушы елдер үшін» деген топтарға бөлінеді екен. Бұл не сұмдық? Демократия дегенде ауыздарын қайысша созатын батыстықтар мен басқа шет мемлекеттерден келген азық-түлік, арақшарап, темекі, ауғандық есірткі, дәрі-дәрмек, сапасы күдікті тұрмыстық бұйымдар мен түрлі киім-кешектердің өзінен ғана қазақ елі талай зардаптарды шегіп келеді. Шетелдің ескі-құсқы, киіп тастаған киімдерін әлдеқандай көріп, арзан бағаға сатып алып, киіп те жүр. Таразыға тартылатын, қай елден келгені белгісіз, кім кигені белгісіз осы киімдердің таза екеніне кім кепілдік бере алады? Ешкім. Өйткені тексеріп жатқан ешкім жоқ. Шындығына келгенде, шетелге өкпе артудың керегі жоқ. Өзіңді өзің қорғай біл! Кеден заңына сатқындық жасама! Тәуелсіз қазақ мемлекетінің адал ұлы, адал құлы бол!

Біріккен ұлттар ұйымының мүшелігіне енген тәуелсіз қазақ мемлекеті – әлемде тұңғыш болып ядролық қарудан бас тартқандардың бірі. Енді бізге бейбіт өмір, тыныш тірлік керек. Қазақ елі әлемдік «измдердің» барлығын басынан өткізіп, бүгінгі тұйыққа тіреліп отыр. Енді басқалар ұсынған «измдердің» қазаққа әкелер пайдасы жоқ. Қазақтың өзінің ұстанған бағыты, мақсат-мүддесі, ұлттық идеологиясы бар. Ол жатқа қарап табынбау, жатқа тізгін бермеу, өз ісін өзі істеу. Қазақтың ғасырлар бойы көргені – азап, миллиондап қырылған қазақ, түрлі апаттан көз ашпай келе жатқан қазақ, құнсыз құл болып келген қазақтың қайғы-қасіретін сейілтіп, жаралы өмір тірлігін, жаралы жүрегін, жаралы рухын сауықтыру арқылы ғана тұтас ұлт болып сақталып қаламыз. Қазақты қазақ қана құтқарады. Қазақ өз күшіне сенуі керек.

– Аға, осы дәстүрге байланысты еңбектеріңізді түгелдей жинақтай алдыңыз ба?

– Айналайын-ау, соған менің шамам келді дейсің бе? Жинақтай алғаным жоқ. Мына жерде жүз елу келідей қолжазба жатыр. Бір ғана қойдың бас сүйегіне атауларды жинау үшін көп тер төктім. Бір бас сүйектің өзінде төрт жүздің үстінде атау бар екен. Бір ғана көзден екі жүзден астам сөз шықты. Сөзді осылай жинамасақ, тілден айырылып қаламыз. Ағылшындарың екі жүз қырық мың ғана түбір сөз жинапты. Мына литвалықтар бар ғой, солар өткен жүз жылда төрт жарым миллион сөз тіркепті. Түбірі де, тіркесі де соның ішінде. Ал бұл айтылған мемлекеттердің бәрі – бұрыннан отырықшы елдер. Тек қана отырықшы елдің сөздерін жинап отыр. Ал бізде қалай? Бір қолымызбен отырықшы мәдениеттің тілін, екінші қолымызбен көшпелі мәдениеттің тілін қатар ұстап, ХХІ ғасырға жетіп отырмыз. Бізде тілдің қоры өте көп. Жаңағы елдермен салыстырғанда, біз екі есе артықпыз. Бір қолымызда көшпелі мәдениет тұр ғой. Олар төрт жарым миллион сөз тіркеген болса, бізге он миллион сөз табуға болады. Басқа байланысты сөздерді жинап, құрастырдым. Бір мың бес жүздей сөз шықты. Бір күні үйге Қытайдан келген танысым телефон соғады. 2007 жылы қаңтардың он тоғызы болатын. Енді далаға тұра сала қарамаған болуым керек. Аман-саулықтың арасында: «Алматыңды қар басып салды», – деді. Мен іле-шала қардың қалыңдығын сұрадым. Ол маған қардың қалыңдығы «жиырма сантиметр» екенін айтты. Біраз сөйлескен соң телефонды қойдық. Сосын ойланып қалдым. Жасы алпыстан асқан, өзі Қытайдан келген, өзі жазушы азаматтың аузына қардың қалыңдығын білдіретін қазақша бір ауыз сөз түспей, «жиырма сантиметр» деуі қалай? Оның Қытайдан келгеніне елу жылдан асса да неге ол қардың қалыңдығын қазақша айтпады? Оның қазақша айтуға шамасы келмеді деуге менің аузым бармады. Әйтсе де бүгінгі жаһанданған заманда соған бейімделген қазақтың біріне айналған шығар деп қоя салдым. Оның үстіне «Өркениет тасқыны» иығынан басып тұрған дәуірде – адамдар бір текті тобырға, бір текті мәңгүрттікке, бір текті құнсыз құл, күңге айналып, өзінің ұлттық намысынан қол үзіп барады. Дәл осындай өліара кезеңде қазақ ұлтын ұлт ретінде сақтауға қазақ мемлекеті басында отырғандар ынталы емес. Өз қазағың – өзіңе қарсы... Қазаққа тән апаттың ең ауыр түрі – осы. Тіпті кейбір орыстілді қазақтар қазақ тілінің қоры аз, «қазақ тілі ғылыми тіл бола алмайды, қазақ тілі мемлекеттік тіл бола алмайды» деп кеуделерін соғады. Ал осы «тұмсығын шүйірген» орыстілді қазақтарға әлемдік бір деректер айталық, не дер екен? Қытай өздерінің тілдік қорын жинап келе жатқанына екі мың жылдан асыпты. 1968 жылғы Тайваннан берілген деректе төрт жүз мыңнан астам – түбір сөз, елу мыңға жуық әріп жинаған. Қазақтың сөздік қоры аз десе, мынаған мән берсін. Адамның тек қана мойнынан жоғары шашына дейінгі аралықта бес жүзден астам атау тұр. Қазақы қойдың бір сирағында жүз жиырма бір атау сөз тұр. Қазақы жылқының бойында жалпы үш жүз елуден астам бояу атауы тұр. Қой, ешкі, сиыр, жылқы, түйе түліктерінің сүтінен дайындалатын жүзден астам тамақ атаулары бар. Қазақтың тігінші шеберлері сабақталған бір тал инемен – көктеу, жөрмеу, қаю, тепшу сияқты тігіс атауларының жетпіс алты түрін пайдаланады екен. Қазақ бір қаннан тараған туыстарды өрлете санағанда Әке, үлкен әке, кіші әке, ата, үлкен ата, кіші ата, арғы ата, бергі баба, арғы баба, ұлы баба, баба дейді екен. Өз туыстарын санағанда, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, өбере, немене, немелтай, туажат, жүрежат, жегжат, жұрағат деп атайды. Ал жалпы өз ата жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты, төркін жұрты осы секілді туыстарды тізбектесе, үш жүз елудей туыс атауы айтылады екен. Айта берсе, мұндай атаулар өте көп қой.

– Осы өзіңіз айтып өткен «қар» сөзіне байланысты қаншама атаулар бар, төрт маусым жайлы не айтасыз?

– Жылдың төрт маусымында сан құбылып, неше рет өзгеретін ауа райын түгел бермей-ақ, тек «қар» сөзіне байланысты атауларды, тіркестерді бір тізіп көрелік. Күн қабағын түйіп, аспанды қардың сұр бұлты қаптап тұр, қар жауғалы тұр, қар қылаулады, қар ери жауды, мұздақ түсіп тұр, қылау қар жер бетін жаппады, торғай із, сауысқан із түсті, қар ала түсті, қар алақаншықтап түсті, бір елі қар, бармақ елі қар, сыздықтан, жұлықтан үш елі қар, етік басы көмілді, шашадан қар түсті, әлгінің «жиырма сантиметр» дегені осы мөлшерде. Тұсардан қар түсті, қар борай жауды, қар қапалақтап тұр, қар торғай бастап тұр, қар борап тұр, қарлы боран, алай-дүлей боран, қар түсті, ұлпа қар, сонар, қансонар, жер бетін түгел жапты, жер беті аппақ, жер беті жып-жылмағай, үрген қар, қасат қар, сүрі қар, күртік қар, таған қар, сары қар, қар жұқа, қар орташа, қар қалың түсті, ат тізесіне таяу, аттың жалпақ тізесінен, ат қолаңсасынан, ат бауырынан, ат қапталынан, ат бойы, кісі бойы, түйе бойы, сырық бойы, қар басып салды, қар басып қалды, қарға із түспеді, ел малға күрек ашып отыр, қой мен жылқы қарды теуіп жайылып жүр, қасат қарға жылқы айдап із салды, жол ашты, қар ұсақ малды көтереді, қар адам жүргенге ойылмайды, қар биыл сіресіп жатыр, қар кетер емес, жұт болды, қар босады, қар жібіді, қар ақсақ ойылды, қар сөгілді, қар бұзылды, қар кете бастады, жер беті алақаншықтанды, қар еріді, қар соқталанды, қар суы ақты, қар кетті, жер беті қарайды, қар аралас жаңбыр жауды, омбы қар түсіпті, қар жапалақтап жауды – деген секілді қазақтың бір ғана қарға байланысты айтқаны. Міне, көрдің бе?

«Қара жерге қар жауып,
Қарды көрген бір мұрат.
Қара жерден қар кетіп,

Жерді көрген бір мұрат», – дейді дана қазақ. «Қара жерге қар жауса, қара балық уылдырық шашады» деген бар. Ал «қазақ тілі – кедей, қазақ тілі ғылыми тіл емес, қазақ тілінің сөздік қоры аз» дейтін «орыстілді» қазақтар басқаны қойып, тек «қарға» байланысты осы сексеннен астам қар сөзінің баламасын айтып, жазып көрсінші? Тіпті, жазбаған күннің өзінде ойлансын...

– Өзіңіз жиған дүниелердің ішінде әйел ұғымына қатысты біршамасын қағазға түсіріпсіз. Жатқа айта аласыз ба?

– Е-е, қайдан білейін, сен жазып отырсаң... Есіме түссе, мен ақырындап айта берем ғой. Ұрғашы, қатын, әйел, ана, әже, шеше, туған шеше, кіндік шеше, әпке, туған әпке, ене, қайын ене, туған ене, туған қайын ене, қайын апа, апа, апай, қайынбике, қайынсіңлі, туған сіңлі, қайын жеңеше, жеңеше, туған жеңеше, жеңге, жеңгей, келін бала, келін, келін-кепшік, қайын келін, келіншек, қарындас, қыз, қызқырқын, бикеш, қызшақ, қыздар, қатын-қалаш, қалыңдық, жар, ханым, ханша, бәйбіше, тоқал, күң, күңше, көңілдес, аққолтық, бикеш, құрбы, тәте, тәтей болып кете береді. Енді мына бір сөздерге кезек берсек. Байтал, қаншық, шыбыш, қайық беру, қысыр қатын, буаз қатын, жүкті қатын, жүкті әйел, жүкті бәйбіше, екіқабат, ауыр аяқ, буаз, қарны шертиген, босану, балалы қатын, баласыз қатын, бүбі, бибі, төмен етектер, салпы етек, құдағи, құдаша, бөле қарындас, бөле апай, бөле әпке, жесір, жесір әйел, кемпір, кемпір-кешек, келін-кепшік, кемпір-сампыр, қыз-келіншек, қатын-қалаш, тесік моншақ жерде қалмайды, абысын, абысын-ажын, міне осындай қазақтың түрлі сөздері бар. Бұл мұнымен шектелмейді. Осы төңіректі ерінбей-жалықпай қаза беру керек, қаза беру керек.

– Аға, біздің жаңа журналымыздың атын – «Дәстүр» деп қойдық.«Дәстүр» сөзінің мағынасы қалай өзі?

– Бізде кірме сөздердің өзінің төркіні бар. Араб, парсыдан болсын, бәрінің де түпкі мағынасын табуға болады. Бірақ «дәстүр» деген сөздің түпкі мағынасы біздің тілде жоқ. Ол санамызға салттың баламасы ретінде кіріп кеткен. Басқа ырымдарға байланысты сөздердің мағынасы табылады.

– Бұл енді қайдан шыққан сөз?

– Нақты айта алмаймын. Бұл парсылардан енген болуы мүмкін. Сөздік қорымызға еніп кеткен. Көп қой парсыдан келген сөздер. Енді мұны осылай атап жүрміз ғой. Тарбағатай өңірінен шыққан бір жерлесіме «Дәстүр» деген сөзді білесің бе?» – дедім. Білетінін айтты. «Төркінін айтшы» дегеніме: «Төркінін мен айта алмаймын, біздің сөз емес-ау», – деп басын ала қашты. Бізде көптеген сөздер араласып жүр ғой. Өзбектің сөзі де бар, ұйғырдың сөзі де бар. Бір сөзді қағазға түсірейін десем, еш мүмкіндік таппаймын, қанша ұмтылсам да шамам жетпейді. Жасымның келгені бар. Көкірегімде әр сөздің төркіні сайрап-ақ жатыр. Содан кейде қырық-елу кемпір-шалды жинап алып, мынаны не дейді, мына сөзді қалай айтсақ болады деп сұрағым келеді. Ол арманды орындау үшін бізге арнайы жиналатын орын керек қой. Осы жылдың басында бір ғылым докторымен кездейсоқ дастарқандас болып қалдым. Тіл маманы екен. Содан әлгі кісімен жарасып кеттім. «Менде бір арман жүр. Осы салт-дәстүрімізді, ырым-тыйымдарымызды қағазға түсіріп кету керек еді, бірақ бір адамның шамасы жетпейді екен, оған орта керек екен», дедім. Жиналған кемпір-шалға мына сөздің баламасы қалай, мына сөзді қалай атасақ болар еді дегенге, біреуі бір сөзді, екіншісі басқа бір терминді ұсынар еді. Сөз толығады ғой, осындай жиналатын орын керектігін айттым. Әлгі кісі ойланып қалды. Бір аптадан соң телефон соғып, мән-жайды түсіндірді. «Сізді өткенде өзіңіз айтқан мәселе бойынша Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің ректоры Шәмша Беркімбаева ханымның өзі қабылдайтын болды», – деді.

– Қабылдауында болдыңыз ба? Шәмша ханым – ұлтқа, әдебиет пен мәдениетке қатты жаны ашитын парасатты ректор.

– Бір жетіден соң ректор мені қабылдады. «Сіздің осындай арманыңыз бар екен ғой, мен сізге елу адам сиятын аудитория бөлемін», – деді. Қазіргі күні елу адам емін-еркін сиятын аудиторияда жұмыс істеп жатырмыз. Жетісіне бір рет бас қосамыз. Алғаш әйелдердің жерік болуынан бастаған едік, қазір баламызды бесіктен шығара алмай жатырмыз. Осы екі арадағы ырым-жырымдарға малтып жүрміз.

– Орталықтың аты қалай аталады?

– Бұл қоғамның аты – «Қазақтану орталығы». Бұл орталыққа ғалымдар, тіл мамандары, журналистер, этнографтар арнайы шақыртумен қатысып отырады. Оның мақсаты – тал бесіктен жер бесікке дейінгі ұлтымыздың әдет-ғұрпын болашақ ұрпаққа жеткізу. Осы сіз бен біздің ойымыздың тоғысқан жері. Біздің орталықта қаржы да жоқ, сырттан келіп жатқан көмек те жоқ. Айтылған, жазылған нәрселерді жариялап тұратын газет, журнал шығаратын мүмкіндік те болмай тұр. Өзім бастамашысы болған орталықты әлі күнге дейін тіркеуден өткізе алмай отырмыз. Мұны қаншалықты алып жүреміз, қашанға дейін жұмыс істейміз – белгісіз. Денсаулығым да шамалы. Жұмыс істеп жатқан адамдарым бар. Ойлаймын, осы әрекетіміздің нәтижесінен жиырма-отыз мың сөз ортаға түсетін секілді. Сол туралы он-жиырма кітап шығуға болады. Сырттан көмек болып, қолұшын беретіндер табылса ғой шіркін...(ақсақалдың жүзінен, «ай, осыны, шіркін, өзім жасасам ғой» деген ниеті де айқын аңғарылып тұрды).

Қазақ тілінің тағдыры ауыздан жиналғанда ғана толығатынын ешкімге ұқтыра алмадым

– Қазақтың тілдік қоры өте бай. Дегенмен мұнша сөзді қалайша сақтауға болады деп ойлайсыз?

– Кейде бір сөздің артына түсем. Соны таппай тынбаймын ғой. Бірақ қазір жасымның келгені де бар, қарттық белең алған соң ба, шамам жетпейді. Ойлана алмай қалам. «Ерке шұқыр» деген сөз бар. Кісінің екі ұртының сыртында болатын шұқыр. Табиғаттың осы бір ерекше нышаны – ерлер мен әйелдерде де болады. Бірақ сиректеу кездеседі. Еркелей күлген сұлулардың бетіне ерекше бір әдемі ажар бергеніне орай – «ерке шұқыр» деп атаған. Кісінің бетіндегі осы «еркелерді» қазақ үшке бөліп атайды. Күле сөйлегенде, еркелей жымиғанда өте әдемі байқалатын дөп-дөңгелек көрінетін бірін – «шөре шұқыр», күлгенде, жымиғанда кісі бетін тік тілгендей көрінеді екіншісін – «сара шұқыр», күле сөйлегенде, жымия қарағанда кісі бетін көлденең сызғандай көрінетін; үшіншісін «кере шұқы»р деп атайды. Ал оларды шөре шұқыр, сара шұқыр, кере шұқыр деп атау себептері, мән-мағынасы, сөз төркіндері әзірше белгісіз. Іздеу керек.

– Қазақтың тағдыры өзінің туған тілімен де тағдырлас қой?

– Мен әу баста тарихи дүниелерді жинаған адаммын. Ал империялық ассимиляциядан қорғануға тарих септігін тигізе алмайтындығына көзім жетіп, тіл қорын жинауға бет бұрдым. Ойым кеш болса да, рухым үмітімді жетектеді. Соңғы отыз жыл бойы қазақ тіл қорын ауыздан жинауды тиянақты жүргіздім. Бірақ «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегеннің дәл өзі болды. Қазақ тілінің тағдыры ауыздан жиналғанда ғана толығатынын ешкімге ұқтыра алмадым. Қазақстанда 1937 жылдан бері ілгерінді-кейінді қағаз бетіне түскен сөзді жинап келеді. Соның өзі жартылай орындалды. Қазір Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтнда қырық-елу томдық түсіндірме сөздік бере алатын сөз қоры тұр. Осының өзі қазақ тілі сөз қорының жиырмаотыз пайызын әрең құрайды. Қазақ тілі қорының жетпіс-сексен пайызы ауыздан жинаудың үлесінде қалып отыр. Қазақ тілін барынша терең білетін адамдар қатары табиғи сиреп барады. Қазақ тілін ХХІ ғасырда болатын тіл апатынан сақтау – қазақ елінің мойнындағы қарызы мен парызы. Халықаралық тәжірибеде тіл қорын ауыздан жинауға мемлекеттік күш, жігер, қыруар қаржы керек. Мен осындай ойларымды айтып та, жазып та жүрмін, жоғарыда да айттым, қайталай беремін. Бірақ мен секілді қайыршыны кім тыңдасын...

Мен өзім көп көрген, жүрген жерлерімдегі сөздерді жинап жүрдім. Енді өзің білесің, төрт рет түрмеде жатқанымда ұрудың неше түрін көрдім дедім ғой. Сол ұрып-соғудың өзінде қаншама сөздер тұр. Енді осы ұрып-соғуға қатысты бірнеше сөздерді таратып айтайын. Жасқап ұрды, қорқытып ұрды, аяп ұрды, ақырын ұрды, қатты ұрды, сойып салды, көкала қойдай қылды, басын жарды, көзін шығарды, тепкіледі, мертіктірді, өлімші қылды, аямай ұрды, тартып жіберді, пышақ салды, кескіледі, өлтірді, көміп кетті, далаға тастап кетті, түртіп қалды, нұқып қалды, қойып қалды, қойып кетті, қойып жіберді, тартып жіберді, періп жіберді, салып жіберді, ұрды, қолмен ұрды, жұдырығымен ұрды, сойылмен ұрды, таяқпен ұрды, шымшып кетті, шімшіп жіберді, тіліп жіберді, кесіп жіберді, тесіп жіберді, пісіп жіберді, нұқып жіберді, сайқалсыр ұрды, ұрған болды, елкөзі етіп зекіді, ұрысқан болды, ұрам деп ұмтылды, ит терісін басына қаптады, қасқайта тартып жіберді, қасқайта салып жіберді, қасқайта періп жіберді, кесе тартты, оса тартты, осып жіберді, қамшымен тартып жіберді, темірмен қойып қалды. Бір сөзді жазу үшін жиырма жеті жыл жүріппін. Бір сөзді қырық жылдай жүріп қағазға түсіріппін. Ол қандай сөз дейсің ғой? «Түлкішек» деген сөз... Оны қазақтан таппай, якуттардан таптым.

– Осы сіз айтып отырған «түлкішек» сөзінің мағынасы қандай екен?

– Бұл сөз «түлкіге ұқсау» дегенді білдіреді. Қазақтың балалары ойнайтұғын бір ойын бар. Асықты иіреді, алшы түссе ол хан болады, тәйке түссе – уәзір, бүге түссе сопы болады. Ал кімдікі шіге түссе ол ұры атанады. Ұры болған балаға жаза қолдану қажет. Жазаның ойын барысында қолданылатын көптеген түрі бар. Басынан шертеді, жүгіртеді, осы секілді жазалау түрлері көп. Соның ішінде «түлкішек» деген жаза бар. Түлкішек десе, бала орнынан тұрады да, қос аяғын кеңірек ашып, қолын артына ұстап, еңкейіп, жердегі омпа тұрған асықты аузымен іліп алу керек. Көп бала етбетімен түсіп, тұмсығы қанап жатады. Жазаның ең ауыры – осы. Осы «түлкішек» сөзінің мағынасын мен қырық жылдай іздедім. Бала кезімде білетін едім, кейін есімнен шығып кеткен ғой.

– Біздің қазақтан осы сөзді білетін адамды таппадыңыз ба?

– Қазақта «түлкішекті» білетін адамды кезіктіре алмадым. Сөйтіп, жүргенде 1970 жылдары Алматыға гастрольдік сапармен Якутияның театры келді. Солардың сөзінің арасында «түлкішек» деген сөз жүр. Жүгіріп сахнаға шықтым. Сұрасам, «түлкіге ұқсау» деген сөз екен. Якуттардың өз тілі бар. Бірақ арасында осы сөз жүр. Осы Якут елінің руларының ішінде наймандар да бар. Соған қарағанда оларды қазақтың бір бөлігі деуге болады. Бұлардың да құйрығында біздегідей «көк таңба» бар... Міне, осы сөзді қырық жылда қағазға түсірдім (күліп алды).

– Бір сөзді тауып, балаша қуанған кездеріңіз көп болған шығар. Сондай бір қызықты сәттерді еске алсаңыз.

– Бір сөзді он үш жылдан соң қағазға түсіріппін. Тағы бір сөздің төрт жылдай жүріп, мағынасын әрең таптым. Ол қызық болды. Кәдімгі қазан қайнап жатқанда астындағы отты өшірсек, қазанның күйесі бар ғой, сол бір сөніп, бір жанып жатады. Соны қазақтар «ешкішек» дейді екен. Оны мен ұмытып қалыппын. Содан бір жиналыста қытайдан келген таныс келіншек: «Аға, сіз іздеп жүрген сөзді таптым», – деді. «Саған ендеше бір құты шарап» дегеніме: «Ой, аға, ондайды ішпеймін ғой», – деді. «Ендеше, бір көйлек кигізем» деп уәде еттім.

– Көйлегін кигізе алдыңыз ба?

– Кеңес өкіметінің кезі болатын. Бір мың бес жүз теңгелік материал алдым. Үйіне апармай, бір сәтті күтіп жүрдім. Бір күні бір жиын болды. Соған арнайы шақырдым. Өзімнің сөзімді бітірген соң, «міне, «ешкішек» деген сөзді тауып бергені үшін, мына қарындасыма көйлек кигіздім» дегенім сол-ақ екен, мені фотоға түсіріп, у-шу болып кетті. Бір сөзді тапқаным үшін бір мың бес жүз теңге ақшам қалтамнан шықты. Мен еліме еңбек сіңіріп жүрмін. Бас сүйектің атауларын зерттеп, оны қағазға түсіру үшін қаншама уақытым кетті. Жылқының бір ғана қара тұяғында қырық үш сөз бар екен. Ал биологиялық терминге салсақ, қырық жеті сөз болады екен. Қалған төрт сөзді таба алмадым. Міне, осылай жинасаң ғана он миллион сөзді қағазға түсіресің. Қазақтың тіл байлығы он миллионнан аз емес. Қазақтың шашылып жатқан сөзін менің әдісім бойынша талмай жинаса, сонда сақтап қала аламыз. Мен айтып жүрген «жер бедерінде» географиялық қаншама атау тұр. Мұны бүгінгі оқулықтарға кіргізіп, қолдану қажет.

– Мәселен, аға?

– Ерен шұқыр, ерен шыңырау, аңғар, алып аңғар, алып шұқыр, үлкен шұқыр, шыңырау шұқыр, алып қазан шұқыр, алып апан, шыңырау апан, апан, қазан шұқыр, ұра, алып ұра, шыңырау ұра, тескен тау, тескен жол, тескен даңғыл, тескен серуен, тесіп аққан шыңырау құдық, апан құдық, аран (істік, шұқыр), жазық, құз, жар, қыр, төбе, ойпат, жыра, адыр, ақ адыр, қара адыр, боз адыр, желдір адыр, адыр-адыр, адырбүдір, адырлы тау, кемпір адыр, жал, айғыр жал, тайжал, құлан жал, қырат, қырат-қырат, тау төбесі, тау басы, тау үсті, тау жотасы, тау жоны, тау сауыры, тау шоқы, шоқы, ақ шоқы, қара шоқы, қызыл шоқы, көк шоқы, тау тұғыр, тау тұғыл, тұйық, бітеу, лан көтел (ұлан көтел), қара тамақ кененересі, нарынсу, қанай бұлақ, төре бейіті, жер қабаты, өсімдік қабаты, ауа қабаты, көшпелі күс қабаты, шаң-тозаң қабаты, қара қыртыс қабаты, қыртыс қабаты, топырақ қабаты, құм қабаты, тас қабаты, тұз қабаты, сор қабаты, май қабаты, газ қабаты, су қабаты.

Жер бедерлері атаулары өте көне сөз түбірлерін сақтаған, мұны анықтау керек. Адам денесіндегі түбір сөз атаулары жер бедерінде тұр. Мал денесіндегі түбір сөз атаулары жер бедерінде тұр. Жер бедеріндегі түбір сөз атаулар адам мен малдың денесінде тұр. Бірінсіз бірінің күні жоқ осы үш табиғат денесіндегі түбір сөз атауларының ұқсас болу себебі не екенін ашу керек. Мұнда тірлік тірегі – жер. Сонда түбір атауларды атау, ең алдымен, қай тұлғадан бастау алды дегенге жауап іздеуге тиіспіз. Тіл, атау, сөз жасау адамның ғана ісі болғаны үшін, алғашқы атау сөз адам денесінен бастау алған шығар деген ой туады. Бірақ бұл кесімді пікір емес. Адам ең алғашқы сөзін өз денесінен бастауы мүмкін. Осының өзі адам денесіндегі түбір сөз атауларының көне тарихын ашуға көмек береді. Адам денесіндегі түбір сөз атаулары тым көне, ең кәрі, ең алғашқы деп қаралса, жер бедері атаулары да көне болады. Жер бедерін былайша жіктеуге болады. Мұны сен бұл жерде жазып уақытты босқа кетірме, мен саған көшірмесін берейін, кейін өзің асықпай жазасың, жарай ма!

– Жарайды, келістік, аға.

– Аба дала, аба саз, аба сай, аба төбе (қырым аралында), абақан, абдыра, абыралы, ағар, ағашты, ағашты жер, ағашты өлке (ағашты өңір), ағу, ағын, ағын су, адам, адыр, адыр-адыр, адыр-адыр таулар, адырбұдыр, адыр-күдір, адыр таулар, ажырықты, аз, аю қарақаты, аюлы жер, ай, айғыр бұлақ, айдарлы, айқұм, айна бастау, аюлы, айыр, айыр кезең, айыр су, айыр тас, айыр тау, айыр төбе, ақ, ақ адыр, ақ балық, ақ бастау, ақ бауыр, ақ бел, ақ белдеу, ақбұлақ, ақ дала, ақ еділ (Еділ), ақ жаға, ақ жиде, ақ ирек, ақ қабақ, ақ қайнар, ақ қайың, ақ қаптал, ақ керіш, ақ қия, ақ қой тас, ақ қорым, ақ құм, ақ мәрмәр, ақ нұра, ақ оба, ақ ой, ақ тас, ақ тастау, ақ тасты, ақ татыр, ақ терек, ақ шағыл, ақ шағылда, ақ шоқы, ақ шұқыр, ақ бастау, ақжыра, ақкөл, аққолат, аққұм, аққулы, ақмола, ақсеңгір, ақсу, ақсуат, ақсүмбе, ақсу-аюлы, ақтақыр, ақтасты, ақтау, ақтөбе, ақтықты, ақтықты дала, ақтықты жер, ақши, ақши шидеңіт, ақшоқы, ал ала, алакөл, ала таулар, аласа (Шарын жолында), аласа таулар, алатау, алатыр (Үлкен Алматы. ең биік шоқылары. таз таулар), алмалы, Алматы, Алтай, Алтай таулары, Алтын Емел, алып таулар, Аму, Амудария, Аңырақай (аңырау, жылау, сықтау, ыңырану, ыңырсу, ашық- шашық ықтасынсыз желді), Арал, арал жер, Арал теңіз, аралас, Аралтөбе (емілде), арғы бет арғылты (қобықта, қытай жерінде), Арқа таулар, арқалар, арқалды (арқа алды – алакөлдің солтүстігінде), Арқалық, арқарлы, арқырау, арна, арса таулар, арсаарса таулар, аршалы, аршаты, ас, ас жер, аса, асқар, асқар асу, аспан, астана, астау, астаулар, асу, асулар, асусай, ат, атасу, аттама, атырау, ауыз, ауыл жағалау, аша, ашалар, ашбел, ашкезең, ашөзек, ащы бастау, ащыбұлақ, ащықұдық, ащы су, ащылы, ащылы бел (белашы), ащылы өзек, ащылы саз, ащылы сор, ащытыр (тарбағатай), Аякөз, аяққұм, аяқсу, әгірлі, әңгек тас, бадамды, баданалы, базар жағалау, бай адам, бай жер, бай мал, байқал көл, бақалы, балақ, балақ адыр, балақ адырсымақ, балақ жол, балақ кенере, балақ құм, балақ нұра, балақ тау, балақ таулар, балғынты, балқаш, балқаш көл, балқаш-балқаш, балықты, бар, баран, барысты, бас, бас саға, бастау, батпақ бұлақ, батпақ тағандар, батыс, бауыр, баурай, баялыш, баялышты, бәйтінші, бәйшешекті.

Бедер атаулары: өте көне және таза қазақ сөздер тобы аса бай қор көбі айналымда жоқ. Бедер атауында басқа ұлт атауы жоқ, моңғол сөзі бар. Бедер атауын атаған кезде қазақтар жиырма бір-жиырма екі әріппен ғана сөйлеген. бүгінгідей қырықтан астам әріп болмаған. Айналымға кірмеген тіл саны көп. Шамамен тоқсан пайыздай. Без, бекем тас, бел, бел-бел, белағаш, белашы, белдеу, белдеу тау, белегір, белегір-белегір, белең-белең таулар, белес-белес, бер, бергі бет, берекелі жер, берекелі мал, берік адам, берік жер, берік тас, бес бастау, бес бұлақ, берекелі адам, бет, бет ірге, бетегелі, беткейлер, бетпақ дала, беттер, бидайықты, биік тас, бит, битті көл, биік жартас, биік тау, биік таулар, боз, боз дала, боз ирек, бозқараған, бозтөбе, боз шоқы, бозтал, боқ, бор тас, боранды, боранды дала, борбас дала, борбас жер, борбастау жер, борбастау өңір, борсықты, бота мойнақ ебісі, бөденелі, бөкенді, бөктер, бөктер адыр, бөктер тау, бөктер таулар, бөлдек адыр, бөлдек адыр сымақ, бөлдек тау, бөлдек таулар, бөлдек-бөлдек таулар, бөрілі, бөрілі төбе, бөрте, бурыл, бұғылы, бұғыты, бұдыр, бұдырбұдыр, бұдырмақ, бұжыр таулар, бұжыр- бұжыр, бұйрат құм, бұйрат таулар, бұйрат-бұйрат таулар, бұланты, бұлғын, бұлғынды, бұлғынты, бұлт, бұлтала, бүркеу, бұрқырау, бұрылыс жер, бұталы, бүдір, бүдірбүдір, бүдір-бүдір таулар, бүдірлер, бүйен, бүйіті, бұйрат құм, бүйрек құм, бүргенді, бүркітті, быжырық-быжырық жерлер, бұлақ, бұлақ жағасы, быр, біз, білезік, білек, білеті, бітеу. Таулар: Жас таулар, саркідір таулар, көне таулар, кәрі таулар, қақпыш таулар, биік таулар, заңғар таулар, сеңгір таулар, аласа таулар, жатаған таулар, бөлдек таулар, бөлек-бөлек таулар, божбан тау, еңселі тау, еңселі таулар, үлкен тау, орманды тау, қарлы тау, таз тау, тау сұлбасы, сілемді таулар, желілі таулар, тізбек таулар, үздік-үздік таулар, қабат таулар, қабат- қабат тау, қарталы таулар, салмау таулар, тақыр таулар, қуаң таулар, шөладыр, сусыз таулар, қыртысты таулар, тас таулар, тоғайлы таулар, қарлы таулар, қыстаулық таулар, жайлаулық таулар, ұсақ таулар, жалпақ таулар, жалаңаш таулар, құйқалы таулар, қарталы тау, қабатты тау, орқаш тау, тау сұлбасы, сұлбалы тау, ықты тау, иықты тау, бекіністі тау, сусыз тау, тау таған, тау ұлтан, тау қомы, қомды тау, қомсыз тау, тау етегі, тау бөктері, қуаң жер, Сілемді таулар, желілі таулар, жүйелі таулар, жалғасты таулар, тізбекті таулар, ұштасты таулар, шұбырынды таулар, шынжырлы таулар, арқалы таулар, жатаған таулар, орта таулар, көсе таулар, мыржық тау, шөккен тау, мүжіл тау, сілемдес қомдар, сілемді қом. Тас: тас қырат, тас төбе, тас қия, тас жол, тас қысаң, қысаң тас, қақпа тас, жер тас, кіндік тас, үй тас, үңгір тас, тас үңгір, соқпа тас, шақпақ тас, асыл тас, қиыршық тас, тас қырат, тас тал, тас мойнақ, тас арық, тас бұлақ, тас өткел, тас иірім, тас бастау, тас түрме, тас жота, тас кезең, тас өзек, жал тас, тас құдық, тас қора, тас діңгек, тас бейіт, тас мола, тас оба, үйілген тас, жарықшақ тас, жарылған тас, бітеу тас, қабыршақ тас, жақпар тас, жатқан тас, тік тас, шошақ тас, кеспелтек тас, үгілмелі тас, найзатас, үскі тас, ақпа тас, тас табан, тас қабырға, шоқы тас, жар тас, биік шоқытас, кереге тас, тұмсық тас, сынтас, қорым тас, шағыл тас, қой тас, малта тас, қара тас, қызыл тас, ақ тас, көк тас, мырамыр, қайрақ тас, қатты тас, жұмсақ тас, дала шыпаты (гранит), су тас, тау тас, жай тасы (метеорит), серпінді тастар, айдалған тастар, лақтырылған тастар, бытыраған тастар, тасөткел, таскешу. Қолтық: ақ қолтық, қойнау, қойнау-қойнау, бүйен, қарын, сарқарын, қызыл қия, қара қия, көк қия, тас қия, сарыбел, аққайнар, беріктас, серіктас, буыршын , үлінгір, қара керіш, шоқат, шоқы, абатөбет, абызсаз, кенезе – үсті, жер беті, жер қыртыс, ойдын, ойдын-ойдын, тасқын, тастөбет, тастақ, тасты, тасқайнар, тарайрық, тарсай, тартас, қату, қату қар, әңгірті, дарбыты, модын аба, қожыр, орқаш жар, семіз тай, қотанашы, сары еміл, арғылты-арқарлы, майтау, күйтің (қала), шихо-қарсұн, салбырты, шажығайты, дәм өзені, құты би – құтты би, қалба, толағай, жері байдың елі бай, қарауыл жота, жайлау, қыстау, күздеу, көктеу, уаң жазығы (уаң қытайша хан), қарағанды көл, қурайты, көкбекті, үшбоғас, сарықұм, өртеңтау, еспе, асау ертіс, сегіздің сайы, сарқырама. Алқап: Іле алқабы, Еміл алқабы, Ертіс алқабы, Есіл алқабы, Еділ лқабы, Жайық алқабы, Об алқабы, Енисей алқабы, Торғай алқабы, Сыр алқабы, Аму алқабы, Шу алқабы, Жал: Тай жал, айғыр жал, құлан жал, ақ жал, қызыл жал, қара жал, сары жал, көк жал, боз жал, күрек жал, иек артпа, салма, салма-салма, ирек, ирек- ирек, ақ ирек, ақбауыр, тепсең, тепсең-тепсең. Төбелер: Төбешік, төмпешік, төмпек, үлкен төбе, жуан төбе, биік төбе, тақия төбе, аласа төбе, тік төбе, аба төбе (қырымда), қостөбе, үштөбе, егіз төбе, жалғыз төбе, жалпақ төбе, жәй төбе, жәй түскен төбе, қара төбе, ақ төбе, көк төбе, қызыл төбе, тас төбе, шым төбе, боз төбе, жол, жалғыз аяқ жол, ат жол, көш жол, жан жол, аттама жол, арба жол, қия жол, асу жол, кезең жол, кенере жол, қаптал жол, шапқан жол, қарғыма жол, қабырға жол, жота жол, бөктер жол, саға жол, тұмсық жол, тік жол, тік асу, төте жол, төте асу, қайқаң жол, құлама жол, ирек жол, қара жол, шана жол, тас жол, машина жол, қан жол, күре жол, даңғыл, жаға жол, кемер жол, тар жол, қысаң жол. Іздер: Қос із, тышқаншылаған із, жайылған із, қашқан із, қуған із, секіріп түскен із, сонырқалаған із, жүре шалған із, екі жақтап шалған із, шыр із, сүрлеу, қатқақтағы із, батпақтағы із, соны із, жалғыз із, екі із, шұбырынды із, қой із, сиыр із, жылқы ізі, түйе ізі, көш із, мал ізі, аң ізі, сауысқан із, арба ізі, шана ізі, сүйреткі ізі. Аңғар: Іле өзенінің тау ішіндегі аңғары, Емілдің тау ішіндегі аңғары жоқ, Есілдің тау ішіндегі аңғары жоқ, Еділдің тау ішіндегі аңғары жоқ, Жайықтың ерепей тауының ішіндегі басында тау аңғары бар, Ертістің басындағы тармақтар тау аңғарынан шығады, Обтың тау аңғары жоқ, Енисейдің басы тау аңғары бар, Сырдың басындағы өзендер тау аңғарынан шығады, Амудың басы тау аңғарынан бастау алады, Шудың басы тау аңғарынан басталады, Аба – үлкен деген мағынаға ие. Боран: Ақ боран, дүлей боран, жаяу боран, желді боран, жаяу борасын, жынды борасын, қырма боран, сырма боран, түтек боран, борасын, борасындау, борандату, борандау, боранды, борасынды, борату, борау, бұрқақ, бұрқақтау, буырқану, бұрқаңдау, бұрқасын, бұрқасынды, бұрқасындау, бұрқырау, бұрқырату, дауыл, ашылар , томар ашы, ашы, ашылы, ашылы саз, ашылы сай, ашылы су, шүй ашы, жалақ ашы, қара тұз, қызыл тұз, ашылы тұз, шұқыр, шұқыршақ, шұңқыр, шұрық сауыр, жер сауыры, шым, шымдау, шымдауыт, саз, саздауыт, қыртысты, жер қыртысы, жауыр, жауыр тау. Құм: қара құм, қызыл құм, ақ құм, шұбар құм, сары құм, еспе құм, сырғымалы құм, екпе құм, егілме құм, көшпелі құм, бұйрат құм. Қабат: күс қабаты, күс қыртыс, өсімдік қабаты, қара қыртыс, топырақ қабаты, тас қабаты, қалың қабат, орта қалың қабат, жұқа қабат, су қабаты, құм қабаты, тұз қабаты, батпақ қабаты. Қом; қом табиғаты, қом мазмұны, қом ерекшелігі, қом үлкен-кішілігі, қом сілемдері, қом тіркестері, қом желілері, қом үзілістері, қомақты қом, білеу қом, қом сұлбасы, қом сарыны, қом саласы, қом бұтағы, қом қолы, қом аяғы, қом қабырғасы, көтерілген қом, түскен (шөккен) қом, түйенің май қомы, түйенің жүк қомы, құстың қанат қомы, жылқының май қомы, су құрылысындағы қомдар, жол құрылысындағы қомдар, тау қомдары, ұлы тау қомдары, тік тау қомдары, жатаған тау қомдары, жатық тау қомдары, адыр тау қомдары, адырсымақ тау қомдары, аласа тау қомдары , төбелер қомы. Тұғыр: биік тұғырлы таулар, орта тұғырлы таулар, аласа тұғырлы таулар, төмен тұғырлы таулар, жатаған тұғырлы таулар, ұлы тұғырлы таулар, жота, теріскей, күнгей, тереңсай , жыра, тұйық, қысаң, белең, қырат, қырқа, жон, арқа, үстірт, үсті, білеуі, тұрғы, қыр, қырат, бел, белес, тұғыр, ұлтан, арқалық, таяныш, итарқа, табан, ірге, мор, тиянақ, жал.

– «Ащы» деген сөздің мағынасы қандай?

– Осындағы ащылы деген сөз жердің аты ғой. Тұз секілді тұзға жатпайды, бірақ сортаң. Соны қазақтар «ащы» дейді. Былай сыпырып алуға да келеді. Тұздың бір түрі. Бірақ тұз секілді өте күшті емес. Соны «ащы» дейді. Ащы бар жерлерді «ащылы жер» деп атайды.

– Жалпы, жер бедері, жер аттары – өзінше үлкен ауқымды тақырыптардың бірі. Мүмкін болса сұхбатымызды осы тақырып төңірегінде тарқатсақ?

– Енді жер аттары жөнінде көп жаздым. Зерттедім. Жер бедерін қағазға түсірдім. Мүмкіндігінше, айтуға тырысамын. Тұңғыш тірлік кезінде адамдардың қауіп-қатерден қорғануы мен тамақ табу дәуірінде пайда болатын мінез-құлыққа тән тіркес тіл тобы, жер бедері атауы деуге болады. Ең бір ғажабы – адам, мал, жер бедері осы үш ғалам тілі біршама ұқсас болған. Осы үш ұқсастық қазақ тілінің өте көне тіл екенінен де дерек береді. Шығыста Сахалин, батыста Франция, солтүстікте Түнсібір, Оңтүстік Парсы шығанағы арасын кезген, шапқыншылық жасаған, көшіп-қонған, мал баққан, аң аулап саят жасаған ата-бабалар аса кең, өте күрделі жер беті бедеріне қапысыз ат қоя білген. Нәтижесіндегі қазақ тіліндегі жер бедері атауларының әлемде теңдесі жоқ мол қоры туындаған. Қазақтың сөздік қорында неше әріп бар екенін анықтауға мүмкіндік береді. Тастар бетіндегі көне жазуларды оқуға мүмкіндік болады. Орхон-Енесей жазуларын дұрыс оқуға оның сырларын ашуға ықпал туғызады. Қазақ тілінде география оқулығын жасауға, қазақ тілінде карта жасауға мүмкіндік туады. Қазақ тілінде геологиялық оқулықтар жасауға, кейбір жер аттары мен жер тарихын анықтауға мүмкіндік болады. Жер атаулары өсімдіктер мен аңқұстарға да байланысты алынған. Жер атауларына байланысты іздер, сүрдектер, сүрлеулер, шиырлар, жолдар, қара жолдар, қанжолдар, қасқа жолдар, күре жолдар, даңғылдар аталады.

– Осы жолға байланысты да қаншама сөз тізбегін түзуге болады екен. Есіңізге түскенін айтасыз ба?

– Шиыр жол, сүрдек жол, із, өкше із, саға жол, сай жол, ұзын жол, шұбырынды жол, қасқа жол, аттама жол, асу жол, самай жол, қайқаң жол, өр, жолсай, тасөткел, өткел, тайғанақ жол, тар жол, көлденең жол, жиек жол, қия жол, қақпа жол, мойнақ жол, жан жол, жам жол, кер жол, жымба, суат.

Күн райына байланысты өте көп атаулар бар. Бұрын-соңды қағаз бетіне түсіп көрмеген жер бедері атауларына түсіндірме сөздік жасап, қазақ тілінің қорына өз үлесімізді қосқан боламыз, айналайын, Қасымхан бауырым! Бұл да бір бітпей тұрған, күрмеуі шешілмей тұрған шаруа. Жатсам да, тұрсам да санамнан шықпайды. Сондықтан осы сөздер көзім тірі кезінде, кеудемде жаным барда қағаз бетіне түссе екен деймін. Мұның бәрі бір күннің, бір жылдың шаруасы емес, қарағым! Жылдап жиылған, тірнектеп терілген, маңдай термен келген дүние. Сондықтан оны ел оқымаса, білмесе менің еңбегімнің еш кеткені. Мына моңғолдар біз жақта көп тұрды ғой. Бұрынырақта Қытайда жүргенімде миымда солардың тіліндегі біршама жер аттары есімде қалыпты.

Жер аттары – моңғол тілінде.

Ұлан көтел – Қызыл кезең, Ұлан бұлақ – Қызыл бұлақ, Сарноқай – Сары ит, Ушілік – Дөңгелек саз, Әңгірті – Сары ала қаз, Шаған оба – Ақ оба, Тарғын – Семіз, Адуынгер – Жылқы үйі, жылқының өрісі, жылқы мекені.

Жаманты – Ешкілі (Жайыр тауы жағындағы, Қабанбай ауданында бар),

– Өткен әңгімемізде тау қомдары жайында айтамын деп едіңіз...

– Енді осылай есіме салып тұрмасаң, қазір айтқанымды қазір ұмытам ғой. Азиядағы негізгі тау қомдары – Орал, Сарыарқа, Тарбағатай, Сауыр, Алтай, Саян, Баргүзі, Америкадағы Кардиллер таулары бәрі бір қомда тұр.

Кавказ, Иран, Ауғанстан, Пәкістан, Вьетнам, Сингапур тауларының бұтақтары – Қырғыз таулары, Алатау, Ерентау, Жоңғар Алатауы. Ая – белгілі бір көлемдегі кеңістік. Ая, жер аясы – тау, адыр, дала бәрі де кіреді. Жер аясы тар, жер аясы кең екен дейді. Аядай ғана жерде отыр екен деп те айтады. Тау итарқалары: Ұлы тау итарқалары, биік таулар итарқалары, орта тау итарқалары, аласа тау итарқалары, жал итарқалары, қыр италқалары, бел итарқалары, ит арқасы қиянда. Су: Су бойы, өзен бойы, қабырға, жар, беткей, тепсең, тектұр, нұра, түрме (өзеннің атауы), жылға, қия, бұлақ, бастау, құдық, шыңырау, терең құдық, жайдақ құдық, тасбастау, тасқұдық, өзек, суат, жаға, арна, тастақ. Енді жайлауда өсетін шөптер: Сірік (қызыл сірік), бетеге, ақ шөп, балдырған (қурай), қара қурай, саумалдық, қымызық, түйетабан, теңгежапырақ, уқорғасын, жылан қияқ, қара бас шылғын, қарандыз, қара жапырақ, ермен, шыралжын, ошаған, шоңайна, кәрі қыз, ақ мия, қызыл мия, есек мия, қылша, бірсалар, тасжарған, рауғаш, шұғынақ, тартымақ, таспа қу, шырыш, сиыр жоңышқа, көшті бос, қаргүл, апиынгүл, мысқұйрық, күреңсе, қойжуа, ақ жуа, мекре жуа, арқар жусан, бұйра жусан, түйе жапырақ, томар жалған, шоқа тікен, құтырған.

– «Тартымақ» деген қандай шөп өзі?

– Тартымақ – мал тісіне әрең ілінетін тықыр шөп. Көктемде ауыл төңірегінде енді-енді қылтиып шығып, мал аузына іліне қоймай, оны тастап кетуге малдың «көңілі қимай», теріп жеп жатады. Осындай шөпті «тартымақ» дейді. Шыраш дейтін шөп бар. Шыраш – желімді өсімдік. Қурай текті. Оны талқандап, жылы суға бір қайнатып, бұқтырған соң, қағаз, шүберек, мата, тері желімдеуге болады. Алатауда мол өседі.

– Сіздің бұл тәсіліңіз тілімізді сақтауда таптырмас әдіс екен. Десек те сөзді жинаудың бұдан өзге жолы бар ма?

– Бұл – ең қолайлы әрі оңай тәсілі. Жүрген жеріңде жаңа сөз тапсаң, жазып жүр. Ал тілді сақтаудың басқа жолы ол – қазақ тілінде ойлап, қазақ тілінде сөйлеу. Мен қалай жинаймын?! Бір сөзді аламын да соған қатысты сөздерді тізіп шығам. Барын бардай, жоғын жоқтай. Сонда ғана сөз түгенделеді. Мысалы, кәдімгі «тер» туралы ұғымға қатысты жинағанымды айтайын. Мүмкіндігінше осы сөздерді жазып отыр, айналайын.

Тер, қара терге түсті, қара тер болды, ақ тер-көк тер болды, қара терге шомылды, терлеу, терледі, тер ақты, тер тамшылады, тер тамды, тері судай ақты, тері ағыл-тегіл кетті, тершіді, жіпсіді, жібіді, сорпасы шықты, тері сорғалады, бусанды, тері бұрқырады, тері тыйылды, тері кетті, тері құрғады, тері басылды, ақкөбігі шықты, терін алу, тері алынды, тері сіңді, маңдай тері сіңді, ащы тері шықты, бұлауға түсті, құмға түсті, теріге түсті, тұзға түсті, тасбұлау жасады, арасанға түсті, күнге жатты, ыстық суға түсті, борша-борша болып терледі, тері қатып қалды. Тер қатқан соң оған салқын тиеді. Салқын тиюге қатысты біршама сөзді айтайын: Суық тиді, суық өтті, суық сүйекті қапты, салқын тиді, салқындап қалды, сыз өтті, суық тиіп түшкірді, суық тиіп пысқырды, суық тиіп жөтелді, суық тиіп дірілдеді, суық тиіп ауырды, күркілдеді, мұрнынан су ақты. Енді жылыға көшейік, жылы, жылымық, жылылау, жылымшы, жылымшылау, ыстық, ыстықтау, ыстықсымақтау, қатты ыстық, шіліңігір ыстық, күн күйіп тұр, күн жанып тұр, сөзі жылы, түсі жылы (мінезге қатысты айтылады), мінезі жылы, үні жылы, қылығы жылы, күн қайнап тұр, ми қайнатар ыстық. Төбеңді тесіп жібереді «Бұл кәдімгі жылы, ыстық сөздеріне қатыстылары!.

– Керемет екен, аға. Тілге қатысты тағы да не айтуға болады?

– Мына бір ғана тырнақта: қара тырнақ, ақ тырнақ, күбі, ақ күбі, тырнақ асты, тырнақ үсті, тырнақтың оң жағы, тырнақтың сол жағы деген атаулар тұр. Енді саусақты алайық. Бас жағы ымқыру, орта буыны жымқыру, соңғы буынды қымқыру дейді. Қылмысты істейтін – осы қол. Атының өзі қылмыс қой (рахаттана күлді). Берем деп тұрған жоқ, алам деп тұр. Қазақтың аяғына киер етігінің тебінгі тұсында бөрткен болады. Бұл атты тебініп отыру үшін керек. Жүрмей тұрған атты қабырға тұсынан осы шығып тұрған істікпен түртсең, шауып кетеді. Әскерде жүрген кезім. Шығыс Түркістанның Шихо деген ауданы бар, сонда біршама қазақтар тұрады. Жанымда он шақты әскерім бар. Шихо ауданының орталығына келіп қалдық. Көшеде келе жатсам бір дүкеннің ішінде етікші етік тігіп отыр екен. «Аға, мынаны жасап беріңіз», – деп әлгі етіктің өкшесіндегі бүртікті көрсеттім. Соған сәл ұқсатып жасап берді. Тиын-тебенін бердім де: «Аға, мұның аты не?» – дедім. Көзі аларып кетті. Алпыстың үстіндегі адам екен. Білмеймін дегендей басын шайқады. Содан бастап қалай аталатыны жайлы ойладым. Біледі-ау дегеннің бәрінен сұрап шықтым. Қытайда жүргенде таба алмадым.

1970 жылдары Талдықорғанға бардым. Ол уақытта журналист кезім ғой. Бір үйде шай ішіп отырмыз. Босағада тозығы жеткен бір көне кебіс жатыр. Қарап отырмын. Қазақтың барлық өнері мен өрнегін салған екен. Ана жақта теріс қарап, бір соқыр кемпір отырған. «Сол кісінің кебісі ғой», – деді отырғандар. Шай ішіп болған соң, кемпірдің жанына барып: «Апа, мына етіктің өкше тұсында тұрған мына бөрткенді не дейді?» деп сұрадым. Етіктің «бөріткені» «Батқы» деп аталатынын сол кісіден естідім сол жолы. Соны 1945 жылдан 1972 жылға дейін іздеппін. Етіктің өкше тұсына қойылатын тырсиып шығып тұрған нәрсе «батқы» деп аталады екен. Батырып жібереді ғой...

– Өзіңіздің кемпір-шалдарды бір ортаға жинап, сөз жарыстырайық дегеніңіздей-ақ бар екен. Қандай керемет! Менің де Өтебике әжем мен Айжамал анам табиғатынан сезімтал, сергек, өте көп ескі сөздерді білетін адамдар еді. Сол әжем мен шешемнің жиын-тойларда ән салғанын, айтыстарға түскенін көріп өстім. Маған да сол кісілерден ептеп жұғысты болды-ау деймін. Ал болашаққа, мына жаһандану заманында сіз бен біз жазып қалдырмасақ, сөз төркінін білетін қарияларымыз да азайып бара жатыр. Шаршамасаңыз жалғастырайық, өткенде бір сөзіңізде түкке байланысты көптеген нәрселерді жинап, осы тақырыпқа да бой ұрдым деп едіңіз. Қаншама еңбек, қазақтың қаншама есіл сөзі шашылып жатыр. бәлкім осы сіз жиған сөздерді, сіздің сөздік, тілдік қорымызды жинаудағы тәсіліңізді ел енді қабылдайтын болар. Солай деп сенейік.

–Бір нәрсені айтып екінші нәрсеге кетемін. Қартайдым. Бірақ оқырманыңды шатастырмаспыз. Есіме түскен кезінде айта берейін. Иә, жануарлар әлемін көп зерттедім. Қытайда жүргенде атпен көп жүрдім ғой. Олардың әлемі түкті, түксіз болып екіге бөлінеді. Түкті жануарлардың түктері де алуан-алуан аталады. Сол атаулар арасына мына түкке қатысты сөздің бір тобын атауға болады: қалың түкті, қаба жүнді, жұқа түкті, сұйық түкті, селдір түкті, сирек түкті, барақы түкті, салалы түкті, саласыз түкті, ұзын қылшықты, тықыр қылшықты, тақыр түкті, барақы жүнді, қылшық жүнді, ұяң жүнді, жібек жүнді, биязы жүнді, түбітті, түбітсіз, өлі жүнді, жабағылы, жабағысыз, қаба жалды, қаба құйрықты, жал-құйрықты, жал-құйрықсыз, шудалы, шудасыз, шашалы, шашасыз, кекілді, кекілсіз, тұлымды, тұлымсыз, шашты, шашсыз, тесе сақалды, айыр сақалды, ұзын сақалды, келте сақалды, теке сақалды, қырықпа сақалды, шоқша сақалды, ата сақалды – болып жалғасып кете береді.

Ал құстардың түгіне қарай ойыссақ, мынадай: құстар түгіне орай: қанатты қауырсынды, кіреуке қауырсынды, кіреуке жүнді, балақ жүнді, балақ жүнсіз, саңғыру жүнді, айдарлы, айдарсыз, үкілі, үкісіз, мамықты, мамықсыз, қарқаралы, қарқарасыз болып жалғаса бермек. Мұның сыртында бір тал түк бойындағы өң, түс, бояу туралы, бір тал түк бойындағы түк өзегі, түк қарақұласы, тер көзі, тыныс жолы туралы, бір тал түк бойында болатын бөген, қылау сияқты дертер туралы жасалатын дәрі-дәрмектер, түктен жасалатын алуан түрлі бұйымдар туралы жеке-жеке тоқталу, ол тіпті өз алдына атамаса болмайтын ғылым ғой. Қазақ халқы осы айтылған жүн-түктерге ат қойып, айдар таққан. Барлығына мән-мағына берген. Мыңдаған түбір сөздер мен бірнеше мыңдаған сөз тіркестерін жасаған. Өзім жүрген жерлердегі көбісін қарттардан сұрап алып, өте сирек әрі ұмыт болып бара жатқан сөздерді жинадым. Батқы, қызасық, бүлкішек, ешкішек, түрме, алтыуайт, кеден, шеккөбе, тасжиек, жиектас, күсқыртыс, қарақыртыс, қыртыс, етқыртыс, шыта, шыта дорба, ақтай жоқтау, жоқтау, тұлдау, арулау, бұрташ, кеден без, шыжың, етек астында қалу, жетімдер, жеті әулие, тақа, ұлтан, ішкілік, қосұлтан, өкше, өкше сірі, сыздық, үзеңгілік.

– Аға, сізге қарап отырып, бірнеше ғылыми кітап оқығандай әсерде боламын. Бүгінгі таңда біз естігенімізбен, мағынасын толық біле бермейтін сөздерге кеңірек тоқталсақ...

– Иә, әрине. Бір кездері өзім де энциклопедиялық сөздік жасауға ұмтылғам. Жасым келіп, шамам жетпеген соң, ол да қалды. Енді маған назар аударған екенсіңдер, ендеше айтайын. Жолбике дегенді естіп пе едің? Бұл сөздің төркіні «жезөкше» деген ұғымды береді. Болып жатқан іске араласуға құқығы жоқ әйел затының араласуын «жолбике» деп атайды. Сөздің түп-төркіні – арзан, жеңіл, түкке тұрмайтын деген ұғымдарды да береді.

Қазақта кісілік деген сөз бар. Кісілік – азаматтық, жігіттік, адамгершілік ұғымындағы сөз. Енді бір мағынасы, атқа салатын ер ағашының алдыңғы қасы мен артқы қасы арасындағы кісі отыратын орын – кісілік делінеді. Дамбал, шалбардың ауы мен ышқыры арасындағы кең жері, кісінің мықыны мен аша арасын жауып тұратын жері – кісілік. Кісінің ашасы мен мықыны арасының бітісіне орай – ұзын кісілікті және қысқа кісілікті болып бөлінеді. Сүйір құйымшақты, келте құйымшақты, кең мықынды, тар мықынды болып аталады. Осы атаулар кісілік ұғымында тұр. Әдеттегі бір кісілік орындықтардың құйрық қойып отыратын жерін – «кісілік» деп атайды. Кісілігі кең, кісілігі тар екен деп жіктеледі. Кісілік адамның мінез-құлқына қарай да кісілігі мол, кісілігі жоқ адам деп айтылады. Сонда осы сөздің түптөркіні адамның мықыны мен ашасының арасы болғаны ма? Оның адам мінезіне қандай байланысы бар? Сөз төркінін іздеу қажет-ақ. Бір затқа көлденең өткізілген шегенің екі жағын тақап кесіп, шегенің бір басын төске тіреп, үстіңгі басын балғамен ептеп ұрып қайтару «тойтару» деп аталады. Жапыру, мыжу. Бір нәрсенің екі басын кезеккезек ұрып жапыру «тойтару» деп айтады. Өткір жүзді пышақ, кездік, бәкі, ұстара, қайшы, қылыш тәрізді жабдықтарды қатты затқа салып, жапырып тастаса, соны тойтарды, жапырды дейді. Бір жаққа беттеп, тез кетіп бара жатқан малдың алдына шығып, бетін қайтарып тастаса «тойтарып тастады» дейді. Лепіріп, еліріп, екпіндеп сөйлеген кісінің сөзін бөліп, екінші бір кісінің ана кісіге қарсы сөйлеген сөзі «тойтару», «тойтарыс» беру деп атайды. Айыз – айызы қану, айыз қандыру. Айызын қандыра сөйлеу. Айызын қандыра илеу. Илектеу. Айызы қанғанша ойнау. Сонда «айыз» сөзінің төркіні не? Опба – кейде жерден шығып жатқан бастау судың басы, шұқыры батпақты болып, көлшіктеніп, су іркіліп, былқылдап жатады. Ал байқаусызда мал, адам сол көлшікке түсіп кетсе, сұйық балшық тез қозғалып, былқылдап астына тартып адамды, малды батпақ жұтып қояды. Осындай тажал батпақты қазақ – «құй», «құй батпақ», «обпа» деп атайды. Жер шарының құрлықтарында, мұхиттарда кемелер мен ұшақтарды жұтып қоятын бірнеше обпа бар екен. Кейде мұны «ұйық» деп те атайды. Аң, мал, құс, тағы басқалардың денесіндегі ала түсті қазақ екі түрге бөледі. Ит ала – тұрақсыз, қалай болса солай аласапыран ала – итала. «Мына сиырдың түсі итала екен» дейді. Ал бір үлгі, бір түсте болатын тұрақты түсті «сауысқан ала» дейді.

– Мәймөңке деген сөздің мағынасы қалай?

– Мәймөңке – тескіш темір сияқты, әр істің өз талабына сай жасалған қадауша. Оның ұшы ішіне қарай ойылған шұқыр ұя. Қажеттілікке орай қадауша ұшындағы ұя алуан түрлі жасалады. Теміршілер, шеберлер, зергерлер, ұсталар осы жабдық көмегімен шегені тамаша тойтарады. Шегенің тойтарылған басы – сіркедей, қонақтай, тарыдай, бидайдай, машбұршақтай, көк бұршақтай алуан түрлі түйір бола алады. Мыс шегенің бастары төңкерілген күрең тарының жарты қауызындай дөп-дөңгелек, жұп-жұмыр, жып-жылтыр, мап-майда етіп шеберлер мен зергерлер шеге басын осылай жасап шығаратын аспаптың атын «мәймөңке» дейді.

Мәймөңкелеу – шеге басын түйіртпектеп, әдемілеп, сәндеп шығару. Тыңдаушы қауымның көңіл күйіне орай, тыңдаушы ортаға орай, немесе өктем адамның мысы басқан кезде, күле сөйлеу, езу тартып жымия сөйлеу, жылы шырай, жылы лебіз беріп жалпақтап сөйлеу, айтатын ойын тіке ашпай кібіртіктеп маймаңдап, әрең-әрең жеткізуді – мәймөңкелеу дейді. Көңіл суыту – адам бір іске қызығады, көңіл аударады, қолға түсіруге қызу кіріседі, құмартады. Іс жүзінде ойлағаны орындалмай дал болады. Ол іске құмартудан қол үзеді. Осылай суысу – «көңіл суыту» деп аталады. Ер адамның жас кезінде көңілі ауған әйел затымен жатып-тұруы – «ет суыту» деп аталады. Мұндайды естіп көріп пе едің? (қария күліп алды).

– «Бақауыл» және «бадыршы» дегенді оқығаным бар еді. Бұл да көне сөздердің бірі болар деп жорамалдағанмын...

– Көне түрік халқында хан сарайындағы ең сенімді адамды «бақауыл» еткен. Бұл – ханның бас аспазы, шарап құюшы, дастарқан жасаушы, ханның дастарқан мәзірін белгілеуші лауазым әрі қызмет орны, ордалық шен. Ежелгі түріктерде бақауылдың міндетін Бегни-йарған атқарған. «Хан дастарқанына шарап келтіру тәртібін бақылаушы» деген ұғымда. Кейін сенімді адамдарды аймақ, қала секілді жерлерден өзіне мирасқоры етіп тағайындаған кезде оларға бақауыл лауазымы берілетін болған.

Бадыршы – ханның сарайындағы бас аспаз. Айрықша қызмет адамын білдіретін ежелгі түркі-моңғолдардың сөзі. Көне моңғол жазбаларында бағурги – «аспаз» деген мағынаны білдірген. Наймандар бақауыл мен бадыршыны «құнсат, құнджат» деп те атаған. Бірақ осы атаулар Шыңғыс хан болғаннан кейін бадыршы аталып кеткен. Барт дегенді естуің бар ма? Фабрикадан шыққан маталардың алуан түрлі бояу не маңыз, ажар текті тұтқырлығы болады да, ол матаны ыстық суға салып шайқаса, әлгі тұтқырлық шайылып кетіп, мата жұмсарып шыға келеді. Шайқалғанда суға шығып кететін әлгі тұтқырлық «барт» деп аталады. Жаңа матаны немесе жаңа көйлек-көншекті ыстық суға салып тұтқы ажарын түсіру «бартын түсіру» деп аталады.

– Аға, су жаңа дегенді тарқатыңызшы...

– Су жаңа – ағын су әр сәт сайын бір сызық үстінен жаңарып өтіп жатады. Су табиғатының сәт сайын жаңа ағысын өткізіп, сол сәттің үздіксіз қайталануы «су жаңа» сөзін тудырған. Аса сезімталдықпен туындаған су жаңа сөзі қоғамдық байланыстағы жаңалыққа, жаңа хабарға, жаңа сөзге, жаңа бұйымға жаңа мәртебесін беруге, оның жаңа екенін анықтай түсуге, сендіре түсуге, су ағысы табиғатының үздіксіз лыпыл қағып жаңарып тұратын табиғи қасиетінен «су жаңа» сөзін жасаған.

– Иін деген сөз бар ғой қазақта?

– Иін және иініш деген бар. Иініш – көйлектің артқы жағынан адамның жауырын тұсын қабаттап тұрған шолақ астар. Бұл астар екі иық тігісіне, жаға артына қосылып тігіледі де, төменгі жағы бос қалады.

Иінағаш – екі басына екі шелек іліп, адам иығына салып су таситын ағаш, татар тілінде «күйента» дейді. Иін киімдерге – көйлек, іш көйлек, қамзол, желетке, бешпент, ұзын жеңді, қысқа жеңді бешпенттер, шапан, қаптал шапан, ішік, тон тағы басқаларды жатқызуға болады. «Аузы асқа жарымаған, иіні киімге жарымаған» деген сөз де бар. Иін – кеуде, иық, көкірек, еңсе, еңселі, еңсесіз деген мағынада. Иін тірескен – қалың нөпір адам, көп адам, бірін-бірі ығыстырып, сығып, кимелеп, итермелеп, біріне-бірі иық тіреп тұрыса қалу. Жағалы киімдер – сырт киімдер, шапан, қаптал шапан, ішіктер, елтірі ішік, қасқыр ішік, түлкі ішік, күпі, шекпен, тайжақы, сеңсең ішік, тері тон.

Бұт киімдер – дамбал, ұзын дамбал, қысқа дамбал, сым, шалбар, тізеқап. Аяқ киімдер – етік, саптама, мәсі, кебіс, шақай, байпақ, киіз байпақ, тері байпақ, тоқыма байпақ, шұлғау, ұлтарақ, шетік, калош, шәркей. Етіктің өзіндегі атаулар: Қоныш, мойын, тұмсық, табан, басы, үзеңгілік, жұлық, батқы, өкше, сірі өкше, табан, ұлтан, қосұлтан, таға, нәлі, шегелік, сыздық, астар, қоныш сырты.

– Ешкішек дегенді де бір сөзіңізде айттыңыз. Осындай құстың да аты бар деп естіген едім?

– Ешкішек – Іле өзені бойын мекен еткен торғай аты. Көктем айларында осы торғай әуелеп аспанға шығып алады да, екі қанатын қомдап, жерге қайта шүйіле ағады. Сол кезде ол дыбыс шығарады. Оның дыбысы маңыраған лаққа ұқсайды. Осы дыбысқа орай бұл торғай «ешкішек» атанған. Ешкі сияқты, ешкі секілді, ешкіге ұқсас деген ұғымдарды береді. Түлкішек, ешкішек деген сөздердегі «шек» жалғау сахалар мен қазақтарға ортақ ұғымда болып тұр.

Көктем мен күз айларында күн бұзылып, жаңбыр аралас қар жауып, сіркелеп, сілбілеп, қылаулап, қырбақтап, күн кейде жадырап, кейде тұнжырап, табан астында алқұйын жел соғып, алакөшектеніп, өзгеріп, буырқанып, тұрақсызданып қалатын күн райын «ешкішектенді», «ешкішектеніп тұр» деп те айтады. Бұл тұста құбылмалы ауа райын ешкі мінезіне теңеу ұғымын беруі мүмкін. «Он екі бие». Ертеректе матай елінің бір шешені қаракерейдің Оралбек атты тілді-жақты бір адамына әдейілеп кіс жіберіп: «Он екі бием бар еді, оның алтауы буаз, төртеуі қысыр, екеуі неғайбыл», – депті. Қаракерейдің шешені «алты буазы – екі ортан жілік, екі асықты жілік, екі тоқбас жілік, төрт қысыры» – екі жамбас, екі жауырын, «екі неғайбылы» – екі қаржілік екенін айтып жұмбағын шешкен екен. Малда болатын он екі жіліктің алтауы – майлы, төртеуі – майсыз, екеуінде болымсыз ғана май болатынын айтып тұр. «Төрт жілік». Тартылған табаққа таңдана қараған қонаққа үй иесі бәйбіше «несіне таңданасың, бір кезде осы ауылға күйеу болдың, соны ескеріп асықты жілік тарттым. Бертін келе ел ағасы болып ортадан орын алдың, соны ескеріп ортан жілік тарттым. Қартая келе құда болдың, соны ескеріп жамбас тарттым. Ал арғы тегің қалмақ еді, соны ескеріп жауырын тарттым» – деген екен. Қазақта табаққа түскен сүйектің мәні, мазмұны болады. Сондықтан әр сүйекті табаққа саларда, қонаққа табақ тартарда үй иесі ойланған жөн.

– Шашы ұзын әйел затын «қолаңшашты екен» дейміз. Қандай мағынада қолданылып тұр?

– «Қолаң қара шашты», «қолаң құйрықты», «қолаң-қолаң», «қолаң қара» деген сөздер бар. Сөз төркініне көңіл аударсақ, ебедейсіздеу, қолайсыздау, ықшамсыз, үлгіден, өлшемнен артықтау, олпы-солпылау. Мөлшерден артықтау деген ұғымды береді. Қолаң-қолаң – ыңғайсыз қозғалу. Епсіз қозғалу. Босаң қозғалу. Бұлаң-бұлаң қозғалу. «Қолаң қара шашты», қалың қара шашты, жуан бұрымды, жеңді білектей қара бұрымды. Босаңдау өрілген жуан қара бұрымы арқасында бұлаң-бұлаң, қолаң-қолаң етеді.

Шалма – арқанның бір басын күрмеп алып, сол күрмеуден арқанды өткізіп, бір-екі құлаштай тұйық тұзақты жылқы басына лақтырып, жылқыны ұстау. Қазақтар шалма арқанды жылқы жалы мен ешкі жүнін, түйе шудасын қосып, арнайы есіп жасайды. Шалма арқан жасайтын даңқы бар шеберлер де болады. Теріні илеп, таспа тіліп есіп, содан шалма арқан жасайды.

– Жылқының, өгіздің табанын тағалаймыз. Жалпы, таға туралы айтасыз ба?

– Таға – аттың тұяғының майөкше тұсын ашық қалдырып, табан жұлығына дәлдеп, доғалап иіп, өлшеп, темірден арнайы соғып жасаған жабдық. Төрт қырлы темірдің қалыңдығы – сегіз-он миллиметр, ені бір жарым сантиметр мөлшерінде. Екі жақтауында үштен, алты шегелік тесігі бар. Ол – жаздық, жайпақ таға үлгісі. Ал қыстың ақ қар, көк мұзында ат аяғы таймау үшін жасалған қыстық тағаның маңдайында «бір емшек», екі жақтаудың өкше жақ ұшында бірден «екі емшек» болады. Тағаның осы түрі «емшек таға» деп аталады. Таға аттың төрт аяғына да тағаланады. Тағаланатындар – ат, өгіз, түйе, есек, қашыр. Өгіздің тағасы темір болып келеді. Ашатұяқтың өзіне тән тағасы екі жарты болып жасалады. Өгіздің тұяғының жұлығына таға шегемен шегеленеді. Түйенің тағасы темір емес, оны қайыстан, арқан-жіптен тоқып жасап, табанына шақай секілді кигізеді.

Мініс аттары мен жүк аттары, арба-шана жегілген аттар қысы-жазы ұзақ жол жүреді де, табанынан таусылады, тасырқайды, мал азады. Осындай жүрісі көп көліктің табанын қорғау үшін арнайы жасалған таға темірді әрбір аттың табанына салып, керегінше кеңітіп, тарылтып, дәлдеп, жылқының қара тұяғы, табан жұлығына темір шегемен шегелейді, яғни тағалайды. Шеге ұшын қара тұяқ сыртына шығара қағып, шыққан жерінде артық ұшын кесіп, қалғанын жұлық сыртына қайырып тастайды. Міне, осы әдіс атты тағалау болып аталады. Қыс бойы мал соңында тау-тасты жаяу кезетін қойшылардың аяқкиімдерін тоздырмау үшін таға тартылады. Тағаны жылқы тұяғының бір алды, бір артын шалқасынан тастап, екі өкшесін түйістіріп, екі жерден қайыс таспамен тіркейді. Екі тұяқтың табан жұлығынан екі-екіден төрт тесік жасап, сол тесіктерден өткізілген таспалар арқылы тұяқ адам табанына да жапсырыла байланады. Жылқының төрт тұяғын екі-екіден адам табанына осылай байлауды «таға тарту», «таған тарту» деп атайды. Тоқтаусыз, тұрлаусыз, шуылдақ сөздің татасына түскен адам мысы құрып, жан-жағына жалтақтап қарай береді. Татаға түсті, додаға түсті, у-шуға түсті дейді. «Мені Толыбай сыншының баласы деп кім айтар, сені тұлпар аттың басы деп кім айтар» депті далада жатқан қубасты көрген бір сыншы.

– Ежелгі қарудың бірі – садақ. Мұны да жіктеп бересіз бе?

– Садақ – аң-құсты ататын қарудың бір түрі ғой. Бұл негізінде соғыс қаруы. Садақ екіге бөлінеді. Бірі – қарсыз садақ, екіншісі – қарлы садақ. Қарсыз садақ – жай ағаш таяқтың өзін иіп жасалған түрі. Қарлы садақ жонылған, тілінген, қаламшаланған ағаш бөлшектерін қабаттап, садақ қарын әлді, күшті, серіппелі етіп, екі қанатын сүйірлеп, қардың серпініне үйлесе серпілетіндей етіп жасалады. Қарлы садақ жасауға үлкен шеберлік керек.

Садақ адырнасы – қай садақ болса да екі басы иіліп серпінді күйге келтіріледі. Садақ ағашының екі басын тартып иіп серпін беретін күйге келтіріп тұратын бау «адырна» деп аталады. Садақтың жебесі – оқ, садақтың кәдімгі оғы. Аң-құсты, адамды жаралайтын оғы «жебе» деп аталады. Жебе ұшы – тас, темір, қола, мыс, жез, сүйек сияқты заттан жасалады. Жебе масағы – жебенің ағаш, қамыстан жасалған сабы, сабағы – масақ делінеді. Садақ оқтарының сауыт бұзар, қозы жауырын, сұр жебе, қолоқ, бізтұмсық, ысқырық, от жебе, көбебұзар секілді түрлері бар. Садақтың қорамсағы – оқ салатын сауыт. Жебе салатын қорапты – «сауыт», оқ салатын дорбаны «тұлып» дейміз.

«Көп оғының ішінен
«Сұржебе» деген оқ алды,
Қалмақ ердің қасы деп,
Дәл жүректің басы деп,

Толғай тартып қалады.
Қалмақтан барып өтеді,
Ар жағында бір төбе.
Аударып тастап кетеді,

Атаңа нәлет ит қалмақ Оһ, деп барып жығылды», – деп жебенің мықтылығын жырға қосып отыр. Ойыма қару сөзіне байланысты бірнеше сөз түсіп отыр. «Аза қару, сый сату», дейді қазақ. Сонда «қару» деген сөз – жауап қайтару, есе қайтару, қарыз қайтару, сен оның азасына бардың, ол да сенің азалы күніңе келуі керек дегенді ұқтырып тұр. Соғыс қаруы – мылтық, пулемет, садақ, жанқару.

– Бір тал түк бойындағы атаулардың өзі қаншама? Мұның да кезегі келген секілді?

– Бұл турасында да айтып жүрмін. Тереңірек тоқталып өтейін ендеше. Үліп –сопақшалау үлгіде, үлбіреген, жылбыраған болымсыз түйін. Бір тал түктің өсіп-өнуі, жетілуі сол үліпке тікелей байланысты.

Жануарлар терісінің қыртыс қабаттары – күсқыртыс, қарақыртыс, қыртыс, етқыртыс деп аталады. Ал түктің үліп бөлігі етқыртыс қабатында тұр. Адам терісінің өзі он бір қабат болады да, үліп соның етқыртыс бөлігінде болады. Үліп – түп, түбір, түбіршек, түйіршек, түбіршік, түйін, түйнек, түйіншек, топшы, тобыршық, тамыр, тамыршық, бадан ұғымында. Қылдырық – үліптің мойыны, үліптің түкке тұтасқан мойыны. Терінің қыртыс, қарақыртыс, күсқыртыс қабатындағы түк бөлігі «қылдырық» деп аталады. Қылмойын – қылдырық түктің қарақыртыс бетіне қылтиып шыққан бөлегі. Жіңішке, нәзік, әлсіз бөлігі. Қылмойын «қылтүп» мағынада. Дембел – етті, әлді, нәрлі бөлігі. Қылдың, түктің ең ұзын бөлігі. Бір тал түктің орта бөлігі, негізгі бөлігі. Бір тал түк атының сын-сипатын беретін бөлігі. Сүйір ұш – қылдың, түктің ұш жағы, сүйір жағы, сүйірленген жағы, жіңішкерген жағы. Еліп – қылдың, түктің аса жіңішкерген жағы, қылқиып жіңішкерген жағы. Елбіреген, елпілдеген, желпілдеген, елпекшелеу, жарамсақ ойнақы бөлігі. Қылау – түктің көзге әрең көрінетін ұшы. Үлбіреген, үлпілдеген, нәзік ұш жағы. Леп бергіш ұлпа ұшы. Леп бергіш үкі, мамық бөлігі түк пен бостық өларасы.

– Бүгінде сырттан, өзге тілден енген сөздерді өзіміздің тілімізге аударып, ыңғайлап алып жатырмыз. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Жалпы, осы тілге келгенде біз мынаны ұмытпауымыз керек. Жер бетінен бүкіл ұлт болып жоғалып кете жаздаған еврейлер өздерінің туған тілін қайтадан тірілтті. Аударғанын аударып, керегін қолданды, өз туған тілін жоғалтпай бүгінгі күнге жеткізді. Егер біз де дәл солай жасасақ, барлық термин сөзді аударуға шамамыз да, тілдік қорымыздың мүмкіндігі де мол. Термин сөздерді аудару керек. Көп нәрсені өзімізге ыңғайламасақ болмайды. Өйткені туған тіліміздің берекесін қашырамыз. Ел болып, етене кірісіп, тіл мамандары жиналып жасаса, онда көп нәрсеге қол жеткіземіз. Мына біздің тілдік қорымызда арабтың, парсының сөздері көп. Көрші орыстарда түркітілдес елдердің отыз пайыздай сөзі жүр. Қазақтың әрбір сөзінің ізіне түсіп іздесең ғана оның түп-төркінін, мағынасын ашуға болады. Мен тыныш отыра алмайтын адаммын ғой. Әйтеуір бірнәрсені түрткілеп жүрем. Содан ойыма түсіп, ішіп-жеуде қанша сөз бар соны жинадым.

Жеу, ішу, шайнау, жұт, ұрттау, таусау, қылғу, тістеу, қыршу, үріп ұрттау, сіміру, тіске басу, кітірлету, қытырлату, ерін тигізу, үрлеп ішу, шайқап ішу, ыстықтай ішу, суықтай ішу, ұрттап ішу, сіміріп ішу, дәмдеп ішу, тамсанып ішу, қауып ұрттау, ауыз тию, тіске басып жеу, тістеп қыршу, ерін тигізу, жалау, қолжалау, бармақ жалау, табақ жалау, қасық жалау, аяқ жалау, май жалау, кілегей жалау, бір ұрттау, екі ұрттау, дәм тату, дәмін тату, иіскеу, тамсану, ауызға салып көру, жұтып көру, ішіп көру, жеп көру, шайнап көру, иіскеп көру, дәмін көру, байқап ішу, ыбылжып жеу, жұтыну, жұмырына жұқ болмау, жұтқан жұтамас, ас болсын, қарбытып жеу, тез жеу, асығып жеу, асығып-үсігіп жеу, асығып-үсігіп ішу, асықпай жеу, асықпай ішу, қылғи салу, жұта салу, жұту, іше салу, ұрттай салу, жей салу, шайнап жеу, шайнамай жұту, шайнамай қылғу, тоймау, тояттау, тоймау қалу, орта құрсақ, тою, шеміршектеу, шермие тою, қарны жарылғанша ішу, іші кепкенше ішу, ішпеу, жемеу, қылмиып қалу, қылқиып қалу, обырлану, ойып жіберу, асау, асату, сораптап ішу, сораптап отыру, ұрттап ішу, бірақ сіміру, бірақ асау, қаға салу, қақши салу, аш құрсақ жүру, қомағайланып жеу, таңдайға басу, таңдайға тату, таңдайға салып сору, ауызға салу, ауыз тию, ауыз тимеу, ауыз басыртқы, бір ұрттап көру, екі ұрттап көру, татып көру, тамақ сіңді, тамақ сіңбеді, тамақ сіңсін, жегенін қайта қайтарды, жегенін қайта құсты, жегені ас болды, жегені ас болмады, жегені желкесінен шықты, «жегені желім, ішкені ірің болды», «жемей өлгенше жеп өлейін», шашалу, қақалу, түйілу, тамағына тығылып қалу, тісіне қыстырылып қалу, лоқсу, құсу, жүрегі айну, жүрегі лоблу, лоқсу, шеміршектеп тою, қарны жарылғанша жеу, мешкейлену, өлгенше жеп тою, көні кеуіп қалған, битін салып жеді, тоқмейілсу, ашқарақтану, ашкөздену, құнығу, құныға жеу, малжаңдау, толғау, басына көтере ішу, жұтпау, жұту, жұтпай қайтару, бітеудей жұту, құрғақ талқанға қақалу, етке қақалу, суға шашалу, сұйық тамақтарға шашалу, майға шашалу, күйсеу, жалмау, шайнау, өлжал бірдеңе тату, қылғу, қарбыту, қақшу, қақши салу, қақалу, қорқаулық жасап тоймау, құстамақ, бірішек, кекіру, сыздықтата ішу, төгіп-шашып жеу, үрлеп ішу секілді бір ғана ішіп-жеудің өзінде екі жүзге жуық атау тұр.

– Тәуелсіздік алған әсіресе алғашқы жылдары көптеген терминдер талқылауға түсті. Қазір солардың көбісін тіл мамандарының нұсқасы бойынша пайдаланып жүрміз. Өзіңіз аудармаға қатысып көрмедіңіз бе?

– Иә, расында қаншама сөз талқыға түсті ғой. Кей терминдерді сол қалпында алуға тура келді. Мен де біршама сөзге өзімше аударма жасадым. Соның біразына тоқталып өтейін.

ШИТА – тазбілеу, аңыз-тәңір ұрған қамшы ізі, таз-тақыр, түксіз, білеу-көтеріңкі, астаужон, доңғал, білеужон, жон, астаужон білеу, астаужон тазбілеу, кіреуке, таз жон, таз доңғал. Жерді жаратып, өз жолына түсіріп жібергенде, жер шары дұрыс жүрмей толқи берген соң, ашуланған Тәңір қамшымен тартып-тартып жіберсе керек. «Мына «шит» сөзі сол қамшының осқан жері екен» дейді қазақ. Мына менің айтайын деп отырған сөздерім өзімнің аудармаларым ғой. Бүгін болмаса, ертең қажеттеріңе жарап қалар. ПЛАСТ – төсем, қатпарлы төсем, тас төсем, құм төсем, шағыл төсем, жер сілкінуге байланысты, жер сілкіну қуаты, қуат балы, қуат дәрежесі, қуат толқыны, қуат ошағы, кіндігі, қуат лебі, толқын өшкіні, қуат дәрмен.

ЗОНА – өңір, маң, айнала, төңірек, сол ара, ара, арал, көлем. МИГРАЦИЯ – кезу, бытырау, жылжу, тозу, қозғалу, ауысу, орын ауысу, ыдырау, ығу, көшу. ПЛИТА – тақтай, тақта, тастақта, тақталы, тақта-тақта, қатпарлы төсем, қатпарсыз төсем, қалың төсем, жұқа төсем, қалың қатпарлы төсем. ЛАУА – от құсық, құсық, қойыртпақ, отқойыртпақ, оттасқын, тасқайнат, тас тасқын.

ПОЯС – құрамы, құрылысы, бедері, жіктелуі.
ВОЙН – әскер, әскери.
СОЛДАТ – жауынгер, нөкер, бас нөкер, аға нөкер, кенже нөкер, кіші нөкер.

СНАЙПЕР – мерген, оғы жерге түспейтін, құралайды көзге атқан, дәлшіл мерген, көз мерген, қол мерген. Қазақта – мыңбасы, ілгідай (кандидат, орынбасар), зәңгі, болыс, жүзбасы, елубасы, онбасы дегендер бар.

ПОЛКОВНИК – албайт, тегін, аға тегін, кіші тегін, кенже тегін.
МАЙОР – ноян.
КАПИТАН – жайсаң.
ЛЕЙТЕНАНТ – бас тегмен, аға тегмен, кенже тегмен, кішік тегмен.

МИНИСТР ОБОРОНЫ – Қорғаныс министрі, қорғаныс тегін.
ГЛАВНЫЙ КОМАНДУЮЩИЙ – Бас қолбасшы, бас сардар, бас

тархан, аға қолбасшы, аға сардар, аға тархан, кіші қолбасшы, кіші сардар, кіші тархан, кенже қолбасшы, кенже сардар, кенже тархан.

ВЗВОД – топ.
ЭСКАДРОН – жүз басы.
ДИВИЗИЯ – Түмен басы, лек, оң қанат, сол қанат.
ТЕЛОХРАНИТЕЛЬ – оққағар, атқосшы.

ДОЗОР – жесек, жесек салу, барлау, бақылау; қарауыл – топ, топты адам; алкелді – күзеттегі бір адам; барлау – әскери барлау, ішкі барлау, жансыз, жансыздау; шолу – шолғыншы, шолғындау; бақылау – бақылаушы, ашық бақылау, жасырын бақылау, мерген, атқыштар, жаяу әскер, атты әскер, сауытты бөлім, кіреукелі бөлім, ұшқыштар бөлімі, сынықшы, оташы.

– Жылқы турасында сіздей көп еңбек жазған адам біздің қазақта сирек шығар. Енді осы жылқының жабдықтары жайында әңгіме өрбітсек?

– Қазақ халқы кәдімгі жылқыны пайдалану үшін міну-түсу жабдықтарын, арту-тарту жабдықтарын, жегу жабдықтарын, байлауматау жабыдықтарын, айдау-арбау жабдықтарын қапысыз жасаған. Соның бастапқысы – міну-түсу жабдықтарына тоқталайық. Ер-тоқым – салт атқа мініп жүруге лайықталған жабдықтың бір түрі. Адамның атқа мініп-түсуі үшін атқа ер салу мұқтаждығы қашан басталғаны белгісіз. Соның ішінде тура сызықты суреттер, бедер сызықты суреттер бар. Бұл ертедегі адамдардың да ер-тоқымды пайдаланғанынан дерек береді. Ер-тоқымды көне заман көшпелілерінің дамытқан өнер туындысы деуге болады. Өйткені көшпелі тұрмыс, жорық, шабуыл – ат үстіндегі қимылдың барлығы ер-тоқым, тұрман жабдықтарын тамаша толықтырған. Бұл жабдықтар атқа да, адамға да қолайлылық тудыру мақсатында жасалған. Әсіресе атқа жайлы болу жағына көңіл бөлген. Қазақ халқы осы тұрғыдан, «алтынды ерің ат тисе, алтынын ал да отқа жақ» деген. Соңғы кездегі қалыптасқан атаулар – қалмақ ер, қырғыз ер, қазақ ер, орыс ер. Ал біздің айтайық деп отырғанымыз – қазақ ері. Қазақ ері негізгі қаңқасының жасалуы жағынан – ойма ер, құранды ер, ақбас ер, ашамай болып бөлінеді. Жабдықталуы жағынан қыз-келіншек ері, еркек ері деп жіктеледі. Еркектерге арналған ердің қаңқасы ықшам, сүйегі жеңіл, бөлшектері жұқа, мықты, берік. Атқа жатымды, ұнамды, өңді келеді. Қыз-келіншектерге арналған ердің сүйегі – ауырлау. Әлекейшәлекейі мол, алтынмен апталған, күміспен күптелген, тас маржандарымен безендірілген болады. Айыл-тұрманы түгелдей үзбелі, құймалы, шытыралы келеді. Әрине, мұның бәрін қолынан келгендер ғана жасатады. Қазақы ердің сыртқы пішін үлгісі көп. Қолымызға жинақталған деректерде – құсбас ер, шошақ бас ер, үйрекбас ер, қазықбас ер, қозықұйрық ер, бүйрек бет ер деп түр-тұлғасына, пішін-сиқына қарай бөледі. Соның ішінде кейбір ерекшелігіне қарай найман ер, қызай ер деп те жіктейді. Әрине, мұндай жіктеу қазақ елінің барлық түкпірінде кезігеді.

– Ендеше ер-тоқымнан бастайық?

– Атқа мініп-түсуге лайықты жасалған ат әбзелі ғой. Ер-тоқым – ат үстіне бекітетін бүкіл тұрманы толық, атқа ерттей салып, айылын тартқан соң, жөнелуге дайын тұрған тастүйін жабдық. Аттың басарқасын баспайтындай етіп жасалған ер-тоқымның негізгі ағаш бөлігі – «Ер» деп аталады. Ер-тоқымның түрлеріне ретімен тоқталып отырайын.

Құранды ер – қас, қаптал түгелімен ағаш бөлшектерінен қиылып, тарамыс, желіммен біріктірілген, сырты сірімен қапталған ердің бір түрі. Ішпек тоқымның үстінен, екі қапталының астынан қойылатын екі бөлек жасалған желдігі де болады. Ойма ер деген – алдыңғы, артқы қас, екі қаптал, белағаш деп аталатын бес бөлшек ағаштан қиылып жасалған ер түрі. Бұл ердің барлық бөлшегі жеке-жеке ағаштан ойылып жасалған. Сол себепті «ойма ер», «ойма қасты ер» деп атайды. Қас деген болады, қазақ ерде алдыңғы және артқы қас болады. Алдыңғы қасы ілгері қарай сәл кергітіп, тіктеу қойылады, артқы қасқа қарағанда сәл биіктеу келеді. Артқы қас – сәл аласа, үсті – кең. Ұялы, орнықты, шалқақтау қиылған. Қастың міндеті көп. Бәрінен де үстінде отырған адам оқыс құлап, сыпырылып түспеуі үшін қажет. Әсіресе артқы қас – ең керекті бөлшек. Оның қасиетін «айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды» деген мақал дәлелдейді. Ершілер ер ағашын мұқият сұрыптап таңдайды. Ағаштың табиғи үйілі мен бұйрасын, ағаш безінің алуан түрлі шұбарларын іріктеп алады да, қасты солардан ойып, неше түрлі үлгіде шығарады. Ағаштың табиғи өңін көрнектендіре өңдейді. Ал қыз-келіншекке арналған ердің қасы өрнектеледі. Қас бетін ою-өрнек салынған жұқа темірмен жабады. Ол темірлер күміспен қапталады. Алтын жалатылады. Алтынның буына ұсталады. Сыздықтар, ширатпалар жүгіртіледі. Үзбелер, шытыралар қағылады. Қыз-келіншекке арналған қымбат бағалы ер-тоқымның айыл-тұрманы да қымбатқа түседі.

– Ер-тоқымның атауларын таратып айтасыз ба?

– Қазақ ер, қырғыз ер, қалмақ ер, орыс ер, ағылшын ер, темір ер, ағаш ер, найман ер, керей ер, адай ер, қаптағай ер, алшын ер, алтай ер, құсбас ер, шошақ бас ер, үйрекбас ер, құранды ер, қозықұйрық ер, айыл-тұрманның төрт түрі, былғары айыл-тұрман, өрмелі айыл-тұрман, түймелі айыл-тұрман, ызбалы айыл-тұрман, жұмсақ ер, қаңқалы ер, ат шомы, түйе шомы, ашамай, қом, ершік, ыңыршақ, ағаш қасты ер, темір қасты ер, қазық бас ер, боқан ер, қанбас ер, ақбас ер, қоқан ер деген секілді ерлердің түрлері көп. Оларды былай жіктеуге болады. Ерлер ері, әйелдерге арналған. Балаларға арналғаны ашамай. Қыз-келіншектерге арналған ердің өзін әдеттегі ағаш ер-тұрман, күмістелген ер-тұрман, алтындалған ер-тұрман деп жіктеуге болады.

– Бұрындары ел ішінде атқа мінуге жарап қалған баланы ашамайға отырғызу дәстүрі болатын. Бұл күндері сирек те болса ел арасында кездесіп қалады.

– Ашамай – жеті жасқа жетпеген бөбектерге арналған, атқа ерттелетін ер-тоқымның бір түрі. Баланың жасына қарай қолтырмаш, тепкішек байланады. Қолтырмаш – ашамайдың арқасының екі жағына бір жақ басынан бүлдіргелеп бекітілген екі шабақ ағаш. Бала ашамайға мінгенде баланың екі қолтығы астынан сүйемелдеу үшін шабақ ағаштың алдыңғы бір ұшын ашамайдың алдына бүлдіргелеу арқылы байлайды. Аттың оқыс қозғалысы, сүрінуі, үркуі кезінде бала аттан түсіп қалмауы үшін жасалған байлау әдісі. Баланың қолтығының астынан байланғаны үшін «қолтырмаш» деп аталып тұр. Тепкішек деген ашамайдың екі қапталына қоржын сияқты түсіріліп қойылған екі дорба. Сәндеп, ою-өрнек салып, жұқа, жұмсақ киіз дорбаға бала екі аяғын салып отырады. Баланың аяғы, екі тізесі тоңбайды. Осы киіз дорба балаға үзеңгі орнында, баланың аяғын қозғап, тебініп отыруына ыңғай тудырғаны үшін тепкішек аталғаны анық. Қолтырмашты, тепкішекті ашамай, қолтырмашты, тепкішексіз және қолтырмашсыз, тепкішексіз ашамай болып келеді. Екі ағаштан қиып жасалған алдыңғы қас, екі ағаштан қиып жасалған артқы қас, екі қаптал, бір белағаш, екі ішпек, бір терілік, екі айыл, екі қолтырмаш, екі қалталы тепкішек және аттың басында ноқта, жүген, шылбыр, тізгін болады. Қазақ көшіп-қонып жүргенде сәбилер жеті жасқа дейін ашамайға мінеді. Былайғы уақытта байқамаймыз, атқа мініп-түсуде қаншама сөз бар...

Жайдақ міну, ішпек салып міну, ерттеп міну, ашамай ерттеп , міну, ыңыршақтап міну, желқомдап міну, ноқталап міну, жүгендеп міну, ауыздықтап міну, ауыздықсыз міну, итпелеп міну, қақпалап міну.

– Жүріске қатысты қанша сөз бар десеңші...

– Ілбу, аяңдау, қатты аяңдау, желе аяңдау, жорту, желе жорту, бұланқұйрықтау, бүлкектеу, ақырын желу, желу, қатты желу, зар желу, шоқырту, шабу, соза шабу, бұрқырата шабу, орғыту, зымырату, құйындату, ойқастау, зыту, жорғалату, китің жорғаға салу, шапқын жорғаға салу, шой жорғаға салу, итің жорғаға салу, есекаяңмен жүру, итаяңдап жүру. (Осылардың бәрін ойына сақтап отырған аға жадының мықтылығына таңғалдым).

– Асау атты үйретуде қаншама сөз бар деп едіңіз? Шамаңыз келгенше түгендеп көрсек...

– Мына асау атты үйрету тәсілдерінде қаншама сөз тұр. Мұны да шамам келгенше жаздым.

Құрықтау, бұғалықтау, шалмалау, тұзақтау, мойнына арқан тағу, ноқталау, жүгендеу, ауыздықтау, шаужайлау, иектеу, шұралау, құлақтау, ішпек салып тулату, айыл тартып тулату, ерттеп тулату, жайдақ мініп тулату, сылап-сипап тулату, байырқалату, жуасыту, үркітпеу, шошытпау, біркелкі дыбыс беру, біркелкі қоңыр дыбысты құлағына сіңіру секілді сөздер жалғаса береді. Жалпы, үйрету – жылқы түлігіне тән сөз. Қазақ халқы мініп-түсуге қолайлы болу үшін, асау тай, асау құнан, дөнен, асау атты үйрету әдістерінің өте көп түрін қолданады. Мына байлау мен матаудың әдістерінде қанша сөз бар десеңші. Соның бірқаншасына тоқталайық. Құрық салу, бұғалық салу, шалма салу, тұзақ құру, арқан тағып жіберу, ноқталау, жүгендеу, ауыздықтау, басынан байлау, мойнынан байлау, мүйізінен байлау, тұмсығынан байлау, аяғынан байлау, бір аяғынан байлау, тұсап байлау, көгендеу (қой, ешкі, қозы, лақ), матау, арқандау, бір аяғынан арқандау, тұсап арқандау, түйені тізерлеу, кескектеу (қой, ешкі кескегі, жылқы кескегі, бура кескегі, ит кескегі), өрелеу (ыңғай өре, шадыр өре, үш аяқтау) , тұсау (кең тұсау, тар тұсау), кісендеу, шідерлеу (ыңғай өрелі шідер, шадыр өрелі шідер, құсбаулы шідер) міне, осылай жалғасып кете береді.

– Бұл айтқандарыңызға тағы да нені қосуға болады?

– Е-е, көп қой. Байлау мен матаудың жабдықтарын қайда қоямыз?!

Ноқта, қайыс ноқта, түйме ноқта, жіп ноқта, құр ноқта, кендір ноқта, арқан ноқта, ат ноқта, құлын ноқта, бота ноқта, түйе ноқта, бұзау ноқта, өгіз ноқта.

Шылбыр – қайыс шылбыр, қылшылбыр, жіп шылбыр.

Жүген – өрме жүген, түйме жүген, қайыс жүген, былғары жүген, күміс жүген, алтынды жүген, құймалы жүген, құр жүген.

Тізгін – қайыс тізгін, құр тізгін, жіп тізгін.

Ауыздық, сулық, шаужай, жіп, өре жіп, тұсау жіп, тұсамыс, тізер жіп, қосақ жіп, мойыншақ, бас жіп, бұйда жіп, итпе жіп, итпе бұйда, иектеу шылбыр, шұралау жіп, бүкпе жіп, түйе мұрнын тесу, сиыр мұрнын тесу, мұрындық. Тығырық – мұрынға салынған ағаштың екі жағына қойылады, тұмысығынан мұрындық сытылып шығып кетпеу үшін қойылған нәрсе.

Сілбі, жел бұйда, бұйда, сірге – істік сірге, ағаш сірге, тұяқ сірге. Кескек – қой, ешкі кескек, жылқы кескек, бура кескек, бұқа кескек, ит кескек. Арқан – ат арқан, арқан тарту, қом арқан, қолқа, теңарқан, желі арқан, матау арқан, шалма арқан, бас арқан, басқұр, белдеу арқан, түңілік бау, киіз есіктегі кіндік бау.

Көген, көген желі, көген бұршақ, көген қазық, желі қазық.

Адамға шабатын бураларға арналған ноқтаның ішкі жақтауына қойылатын тікенді жабдықтың атын іздеу керек. Менде бар еді. Қайда жазылды, есімде қалмады. Енді байлау-түю әдістерінде қанша сөз бар, соған ой жүгіртейік.

– Аға, бұл атаулардың бәрін қалайша ерінбей тізе бергенсіз?

– Енді, міне, бүгін сендердің қажеттеріңе жарап жатыр. Қайсың бар түгендеп жатқан? Мүмкіндігім болды. Әйтеуір, бір сөз болса да іздеп, соны жазып жүрем ғой. Қазірде көзім көрмесе де, миыма сақтап жүрем. Бізде қайбір ми қалды дейсің. Ұмытып қалам ғой. Менен алып қалғандарың жақсы, айналайындар.

Байлау, түю, орап байлау, шалып байлау, бір шалып күрмеу, бір шалып түю, қазықбау шалып түю, қазықбау шалып күрмеу, іліп күрмеу, өткізіп күрмеу, ілмектеп байлау, түйіп тастау, шиелеп түю, шиелеп байлау, тартып байлау, қатты байлау, буындырып байлау, бос байлау, кей байлау, іле салу, мойнынан күрмеп байлау, аяғынан күрмеп байлау, мойнынан күрмеп арқандау, аяғынан күрмеп арқандау, түйені шөгеріп тізерлеп тастау, түйені матап тастау. Енді айдау жабдықтарына кетеміз. Таяқ, сойыл, құрық, шыбық, итпе таяқ, итпе бау, қамшы, бишік, шыбыртқы, тебіну, батқы. Кез келген нәрсені жүк қылып түйеге артамыз ғой. Көшіп-қонып жүреміз. Сонда мына сөздерді пайдаланамыз.Қом, қом киіз, шом, шом ағаш, шом жіп, текелдірік киіз, жабу, терілік, желқом киіз, ыңыршақ, ыңыршақ тоқым, ыңыршақ терілік, ыңыршақ айыл, бауыр жіп, айыл құр, өндіршек құр, құйысқан, түйеге арту, атқа арту, өгізге арту, қойға арту, серкеге арту, міне, бұл да жалғаса бермек.

– Туһ, шіркін-ай! Қазақтың есіл сөзі таусылмайды-ау. Тағы да не бар айтылмаған, аға?

– Жегу мен сүйреудің жабдықтарына тоқталайық. Сүйреткі, шана, ат шана, өгіз шана, арба, ат арба, өгіз арба, соқа, ат соқа, өгіз соқа, мана, ағаш мана, темір мана, шаңтас, мойынтұрық, тамақ ағаш, қамыт, жаба, жаба киіз, жаба ағаш, ершік, ершік айыл, белділ, делбе, дәрте.

– Аға, енді осы айтқан көптеген сөздердің мағынасына тоқталмасақ, оған анықтама бермесек, ұлан-ғайыр атырабымыздың жер-жерлерінде сіз айтып отырған сөз басқаша аталуы мүмкін ғой? Әр өңірдің өзіне тән сөйлеу, сөз ерекшелігі бар екенін жақсы білесіз...

– Қазақтың дарқан даласының кеңдігі соншалық кей сөздеріміздің төркініне жете алмай отырмыз ғой. Батыс пен шығыс қазағының сөйлеу мәнері, тұрмыстағы атауларының өзі бөлек. Сондықтан бұған тоқталып өткен жөн шығар. Ендеше, ер қаңқасынан бастайық. Алдыңғы, артқы екі қас, екі қаптал, бір белағаш, осы белағаштан қиып, құрап, өңдеп жасаған ағаш – ер қаңқасы. Қаңқа айыл-тұрмансыз «ер ағашы» дегенді береді.

Аттың екі қапталына түсіп тұратын ердің екі ағашы «қаптал» деп аталады. Ердің мінер жақ қапталы. Ердің қамшылар жақ қапталы делінеді. Ер қапталының екі алды және екі арты бар. Ердің мінер жақ қаптал алды. Ердің қамшылар жақ қапталалды. Ердің қамшылар жақ қаптал арты. Ердің алдыңғы, артқы қасы қапталға қиылып қосылғанда, екі қастың, екі қапталдың арасы тесік болып ашық қалады. Ал осы ашық жерді жабу үшін екі қаспен бірге оқпандалып, арнайы жасалған ағашты «белағаш» дейді.

Ердің адам отыратын жерін «кісілік» деп атайды.

Ердің екі қасы алғаш жобаланғанда ат арқасының табиғатына үйлестіріліп, жүз өлшеп, бір кесіп, қасты ойып шабады. Қасты қапталға қиғанда ат арқасына тимейтін, баспайтын, қыспайтын, ішпек, тоқым салғанда дәлме-дәл келетін етіп, ердің ат арқасына қараған бетінде аттың басарқасынан беліне қарай үкібас ойық бос қалған жерді – оқпан дейді қазақтар. Оқпан алды – ердің алдыңғы қасының асты. Оқпан арты – ердің артқы қасының асты. Алдыңғы қастың ер алдына қараған беті. Артқы қастың ер атына қараған беті. Ер-тұрман алтындалып сәнделсе, күмістен құйма құйылса, ердің артқы, алдыңғы беті түгелдей құлпырады. Ерді атқа салғанда ат ерттеуші бір қолын ішпек астына жүгіртіп жіберіп, ішпек-тоқымды ердің оқпанына қарай көтеріп, ат арқасын бос қалдырады. Атқа мінушінің осы ұқыптылығы «оқпандау» деп аталады.

– Қанжығалық деген болады ғой?

– Қанжығалық – ер қапталынан қанжыға таспасын өткізу үшін әдейі жасалған тесік. Екі алдыңғы қапталдағы қанжығалық. Екі артқы қапталдағы қанжығалық. Қанжығалықтың ұзындығы – мөлшерімен жұп күйінде екі жарым-үш қарыс. Қазақ тілінде бөктеру мен қанжығалауға байланысты сөз тіркестері көп. Бөктер, бөктергі, бөктерме, бөктермелі, бөктерулі, бөктерінді, бөктеріншекті, бөктеріншектілеу, бөктеру, бөктермеу, бөктерілу, бөктерту, бөктертпеу сынды сөздер бар. Қанжығалы, қанжығасыз, қанжығалады, қанжығаламады, қанжығаланды, қанжығаланбады, қанжығаға қанды басты байлады, қанжығада басы кетті, қанжығасында жүрді, қанжығасында жүрмеді, қанжығадан қан кешті, қанжығасы майланды, қанжығасы қанданды. Қанжығасы қатты олжалы болмады. Бос барып, бос қайтты. Жорықтан, аң аулаудан бағы жанбады. Құрған ауына, аранына, торына, тұзағына, қақпанына, қармағына түк ілінбеді, түспеді. Құсы айныды, иті қисық жүгірді, жебесі тимеді, оғы дарымады, оңбады, қырсық шалды деген ұғымда. «Қанжығада көрісті» деген бар.

– Мұның мағынасы қалай, аға?

– Қоян көжегін туа салып қаша жөнелгенде «қанжығада көріселік» дейді-міс. Екеумізді бірдей аулаған біреудің біздің қанымызбен қанжығасы майланып, жуылған кезде көріселік деген ұғымда. Берекесіз ылаң жайлаған, ит мініп, ирек қамшылаған кер заманда елін-жерін жау шауып қара қонысына өрт қойып, шаңырағын ортасына түсіріп, күлін көкке ұшырған, жылы ұясынан үркітіліп, иті ұлып жұртында қалған бір түнекте малын жау айдап, төрт түлік төлінен адасып, боздап, маңырап, мөңіреп, шұрқырап, азан-қазан шулағанынан құлағың тұнған мезетте баланың шырылы, жесірдің аңырауы, қарттың күңіренген үні, жарыңның жан үзген дауысы құлағыңнан кетпей, өзегіңді өртеп жатса, жау мен қырсық тізе қосып ат бауырынан қан ағызғанда көріспеске бекінген ерлердің басы жау қанжығасында қатар байланса, берекесіз тірлікке телінген. Ерте заманда жекпе-жекке шыққан батырлар мерт болғанда басын кесіп, басты қанжығалау салты болған.

– Заман-ай, десеңізші! Мұның бәрі тарих қой...

– Иә, әрине. Қазақтың арасында оқығандар аз болды. Олардың өзі мұндай нәрселерді жаза бермеген ғой. Әйтеуір өлеңін жазып, әнін айтып «әләуләйліммен» күнін өткізген. Қазақтың есіл еңбектері қалды ғой далада. Жау қолында кеткені қанша ма! Осы күні қолда бардың өзін жинай алсақ та шүкір дейік. Шеттік деген болады. Ол ердің екі қапталына құйысқан бекіту үшін, таспа бүлдірге шеттік, не айылбас шеттік қойылады. Ердің алдыңғы екі қапталына өмілдірік бекіту үшін таспа бүлдірге шеттік немесе айылбас шеттік қойылады.

Ердің қасы мен қапталын қиып біріне-бірін қосқанда, түйенің шылғи қайыс таспасымен көктеп тастайды. Осылай тігуді – «анжылау», тігісті «анжы» деп атайды. Ердің екі қасын екі қапталға қосқан жері анжыланбай шегеленсе, сол жері «шегелік» деп аталады. (Ер-тұрманның барлық бөліктерін ақсақалдың өз аузынан сөзін бөлмей, асықпай тыңдай отырып мұқият жазып алдық).

– Ат-көлікке ерттелетін – ер-тұрман, айыл-тұрман, ат-тұрман, тоқым-тұрман. Қазақта ат-тұрманы сайма-сай, ер-тұрманы толық, айыл-тұрманы бүтін, тоқым-тұрманы жетерлік, тұрманы түгел деген сөздер бар. Демек, ат-көлікке ерттейтін ер-тұрман жабдықтары түгел, толық, сайлаулы, кем-кетігі жоқ деген ұғым береді.

Ер қаңқасынан басқа – жүген, ноқта, тізгін, шылбыр, пыстан, үзеңгі, үзеңгібау, көпшік, ат көрпе, өмілдірік, құйысқан, төсайыл, шабайыл (тартпа), тебінгі, тоқым, ішпек, ішкілік, өң, терілік (жона), қанжыға, шеттік, жырым, таралғы сияқты ер-тұрманға, айыл-тұрманға жататын барлық жабдық тобы «тұрман» деп аталады. Ішпек – ат арқасына ер батпас үшін қалыңдатқанда тебінгі тоқым астынан салынатын бірінші жабдықтың аты. Ішпек екі қабат киізден жасалады. Алды-арты көмкеріледі. Көлемі жағынан екі жаны ердің қапталынан сынық сүйем артылып төмен түседі. Алды-арты тебінгі тоқымнан екі елідей шығып, көмкеруі көрініп тұрады. Терілік – аттың денесіне тіке түсетін ең соңғы қабат. Ат арқасының тері соған сіңетін болғандықтан терілік аталған. Терілікті кейде «өң» деп те атайды. Терілік көбінде қозы, лақ терісінен, қылқадан, жұмсақ иленген серке терісінен, ешкі жарғағынан жасалады. Ең жақсы терілік – қарақұйрық терісі. Тоқым киіз аттың арқасына салынады. Аттың арқасын аман сақтау үшін, тоқым киіз болуы керек Онда тас, құм, шөп-шалам, бүртікбүршік болғаны дұрыс керек. Сондықтан тоқым киіз қойдың қоспасыз таза жүнінен басылады.

– Жүген, ноқта жайында да айтыңызшы.

– Жүген – ер-тұрман ішіндегі ең қажетті, ең мазмұнды, қасиетті жабдық. Атты қапысыз, қалтқысыз, қылжақсыз басқару, игеру үшін ат басына жүген салынады. Жүгендеу – айтқанға көндіру, айдағанға жүргізу ұғымында. Жүгенсіздік – айтқанға көнбеу, айдағанға жүрмеу ұғымында. Мына өмірде аттың асау-тарпаңын жүгендеу арқылы жуасытады. Ал адамды айтқанға көндіру, заңға бойұсындыру мақсатында да «жүгендеу» сөзін пайдаланып жатамыз. Жүгенде – жақтау, желкелік, кеңсірік, кекілдік, сағалдырық, орайлық, ауыздық, сулық, шаужай, тізгін атаулары бар. Жүгеннің – қайыс жүген, түйме жүген, былғары жүген, құр жүген, жіп жүген, кендір жүген, өрме жүген, құйма жүген, күміс жүген, алтын жүген (алтындалған жүген) деген атаулары бар. «Ауыздығымен алысты» деп асау, бас білдірілмеген, бойға үйретілмеген аттарға айтылады. «Ауыздығын қарш-қарш шайнап, ауыздығымен алысып тұр» дейміз кейде.

Атқа жүгеннен бұрын ноқта салынады. «Ноқталы бас, ағызып жас» дегендей, асау, тарпаңды бағындырудың басы ноқталаудан басталады. Ноқтаның – жақтау, желкелік, кеңсірік, сағалдырық, сағақ, шылбыр атаулары бар. Ноқта – қайыс ноқта, түйме ноқта, құр ноқта, жіп ноқта, кендір ноқта, арқан ноқта боп атала береді. Шылбыр – қыл шылбыр, жіп шылбыр, кендір шылбыр, қайыс шылбыр.

– «Айыл» дейміз, «тартпа» деп жатамыз... Мұның да қызметі орасан ғой?

– Айыл – ер-тоқымды аттың үстіне бекітетін жабдық. Төсайыл – ердің үстінен, аттың төсінен айнала орап, аттың мінер жақ қапталы тұсынан тоғаға байланады. Немесе айыл жырымына айылбас тілі өткізіліп бекітіледі. Аттың төс қаңқасын орап, тартылғаны үшін «төсайыл» аталған. Ал кейбір өңірде оны – төстартпа, төсайыл, алдыңғы айыл, алдыңғы тартпа деп те атайды. Шабайыл – ердің үстінен, аттың қамшылар жақ үбе қабырға тұсынан айнала оралып, аттың мінер жақ сүбе қабырғасынан тоғаға байланады немесе айыл жырымынан айылбас тілі өткізіліп бекітіледі. Аттың шабын ала орап тартылғаны үшін «шапайыл» аталған. Кейбір төңіректе оны – шап тартпа, артқы тартпа, кер айыл, тартпа дейді. Айыл түрлері – иленген қайыстан екі қабаттап жасалған айыл, иленген тері таспадан өріп жасалған айыл. Иленген тері таспасынан өрілгенде, жай өріммен, кейде оқыралы өріммен өріледі. Айылдар кейде арнайы құрдан жасалып, жарымына қайыс жалғанады. Айыл екіқабат, жалаңқабат қайыстан жасалады да, оның алақаны мен жырымы өзінен шығарылады. Кейбірінің алақаны қайыс болып, жырымы өріліп жасалынады. Айылдың алақаны ызылған құр болып, жырымның қайыс не қайыс таспадан өрілген түрі де болады. Айылдың алақаны қайыс болғанда оның жалпақтығы – екі-екі жарым елі мөлшерінде, жырымы бір жарым-екі елі болады. Төсайыл ішінде жалпақтығы екі жары-үш елі қайыс құрдан жасалып, оның жырымы болмайды.

Шаужай – тізгінді бір жағына сыңар езулей тартқанда аттың аузына сулық кіріп кетпеу үшін сулық шығырына көлденең қойылған саусақтай темір таяқша. Ат оқыс мінез көрсеткенде, ат үстіндегі адам тізгіннің екі жағын кезек-кезек қаттырақ тартқыласа, аттың екі езуіне көлденең қойылған темір қатты соғылып, атты «тектұрға» шақырады. Екі тізгінді кезек-кезек тартуды – «шаужайлау» деп атайды. «Шаужайына жармасу» деген де сөз бар.

– Ауыздығымен алысқан талай атты көрдік қой. Дегенмен ауыздықтың, сулықтың, ер-тоқымның атқарар қызметтеріне тоқталсақ?

– Ауыздық – жүгеннің ат ауызы ішінде тұратын бөлігі. Ауыздық екі бөлшек саусақтай жұмыр темірден жасалып, бір-біріне шығыршықты, үзбелі, қозғалмалы етіп түйістіріледі. Екеуі біріккенде бір сүйемдей болады. Ауыздықтың екі басы екі сулыққа бекітілген. Мұның бәрі де – қозғалмалы бөлшектер. Ер-тоқым, айыл-тұрман жабдықтары ішінде ең керекті бөлігі жүген болса, ал жүгеннің барлық абырой, атағы ауыздыққа байланысты. Асау, тарпаңды ырқына көндіру ауыздықтау арқылы жүзеге асады. «Ауыздықтау» сөзін ырыққа көндіру, тәртіпке шақыру мақсатымен адамға қатысты да айтылады.

Сулық – жүген жақтауы мен ауыздық екеуін жалғастырып тұрған шығырық. Аттың екі езуінде екі сулық бар, шаужайсыз жүгендегі сулық шаужайдың міндетін өтейді. Тоқым – ер қаңқасынан басқа тебінгі, тоқым, ішпек, ішкілік, өң, терілік (жона), айыл-тұрман, үзеңгі, үзеңгібау, таралғы, жүген, ноқта, барлығы тоқымға жатады. Ер-тоқым деген осыдан шыққан. Тоқым түрлері – былғары тоқым, иленген тері тоқым, киіз тоқым – бұл сырып, тігіп жасалады. Ою-өрнекті тоқым, шытыралы құймалы тоқым, күмістелген тоқым, алтындалған тоқым –қыз-келіншектерге арналған. Терілік, ішкілік, ішпек үстінен, ердің астынан ат арқасына айқара жаба салатын жабдық – тебінгі тоқым.

– «Тебінгі», «үзеңгібау» дейтін тұрманның бір түрі ғой. Сөз төркіні түсінікті болғанмен, ғылыми дәлелдеу жағы ептеп жетіспей тұрғандай әсер қалдырады екен. Сізден білсек дейміз ғой, аға?

– Тебінгі – тоқымның ер астынан шығып тұратын екі тарлан қабырғасын жауып тұратын жұқалтаң бөлігі. Ол айылдың үстінен үзеңгі, үзеңгібау астынан салақтап тұрады. Адам аяғы үзеңгіге ілініп, ұдайы сол тебінгі үстінен тебінгендіктен «тебінгі» атанған. Тебінгі болмаса, адамның аяқ киіміне, балағына аттың тері жұғып, болмаса сіңіп қалады. Егер тебінгі болмаса үзеңгі, үзеңгібау, адамның аяқ киімі ат қабырғасын қажап, түгін түсіреді. Бір кездері көшпелі өмірді көп өткізген қазақ мейлі жаз, қысы-жазы далада қонса, тебінгі тоқымды шалқасынан жая тастап, оның үстіне қамсыз жатып, тыныш ұйықтай алған. Айта берсе, тебінгі тоқымның пайдалы жақтары өте көп.

– Қандай түрлері бар?

– Тебінгі тоқым неден жасалса, сол атаулармен аталады. Былғары тебінгі, иленген қайыс тебінгі, киіз тебінгі. Жетім тебінгі – ердің екі қапталына қайыс шетікбау арқылы бекітіліп, аттың екі қабырғасына салақтатып қойылған тебінгінің түрі. Жетім тебінгі астарлаған жалаң былғары ұлтаннан, астына киіз салып, теріден иленіп арнайы сырылған киізден жасалады. Жетім тебінгі – тек үзеңгібау астында тұратын кішкене бөлшек.

– Үзеңгінің өзі қалай жасалған десеңізші... Мәдениеттің шарықтаған кезеңінде пайда болды деуге толық негіз бар ма?

– 1992 жылы қазақшасы аударылып басылған Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабының (аударған С.Ақатаев – авт.) екі жүз елуінші бетіндегі «Құдайлар» деп аталатын суретте атқа мініп, аяғын үзеңгіге тіреп, сүңгілеп жатқан сурет бар. Осы сурет қай жерде, қай дәуірде жасалғандығын анықтау керек. Ғалымдардың «үзеңгі жетінші ғасырдан бастап тұрмысқа енді» дегеніне сенуге болмайды. Олар қазба мұрағаттарға сүйеніп отыр. Өмірде темір мен қоладан басқа заттан жасалған үзеңгілер кездеседі. Олар – жіп, ағаш, мүйіз, қайыс сияқты заттардан жасалған. Ер тоқымды жабдықтау – өте күрделі ұғым. Ол – мәдениеттің, өнердің, шеберліктің, қажеттіліктің, салтанаттың жетілдірілген тарихи-этнографиялық шоғыры. Оның әрбір бөлшегі өзара қанша жыл, қанша ғасырлар салып барып дүниеге келді екен? Қажеттілік, мұқтаждыққа орай қай бөлшегі бұрын, қай бөлшегі кейін жасалды екен? Мұны да анықтау қажет. Ер қаңқасының екі қапталына үзеңгібау – ер-тұрман бұйымдары ішіндегі ең қажетті бөлшек. Атқа мінудің екі әдісінің бірі – қарғып міну, бірі – үзеңгіге аяқ салып міну. Жайдақ атқа қарғып міну мен ерлі атқа қарғып міну кім көрінгеннің қолынан келе бермейді. Ал үзеңгіге аяқ салып міну кімге болса да қолайлы екені аян. «Шоқтыққа қолымды, үзеңгіге аяғымды жеткізсем» деп армандайтын балдырғандарға, еңкейген кәріге, еңсесі түскен кемкетік мүгедектерге, жүктілер мен қалың киімді, сауыт-сайман қаружарақтыларға, алдына бесік өңгерген ана мен қолына құс қондырған саятшыларға, кешке дейін сарылып ат үстінде болатын бақташылар мен ұзақ жолды жолаушы, жортуылшыларға үзеңгінің қажеттілігі – айтса таусылмайтын жыр. Үзеңгі тек атқа міну үшін ғана емес, ат үстінде орнықты отыру, ұзақ сары күн мен түн ұласқан ат үсті жүріске талмай шыдау үшін, талықсып кеткен кездерде алма-кезек жамбас ауыстыру, аяқ тіреп, бой жазу үшін де керек. Тіпті ат үстінде болатын әрекет-қимылдың үзеңгісіз ұтымды бола бермейтіні де анық. Ол сенің ат үстінде отырып, қара жерге табан тірегеніңмен бірдей. Ат ойындарын өткізу, ат үстінде алысу, жұлысу, аударысу, айқасу, тартысу, көкпар, лақ тартып додаға түсу, жерден іліп алу, жерге жайлап қою, ауытқымай өңгеру, ат үстінде құрық, бұғалық алу, шалма тастау, тіркіс жуасты жетектеу, асауды тақымға басу сияқты сайыстар мен сан алуан қимылдардың көбі үзеңгі көмегімен болып жатқанына адам соншалықты мән бермеуі де мүмкін. Адырнасын шіреніп садақ тарту, құлаштай сермеп қылыш шабу, түйрей тіреп найзалау, қалқанын жара сүңгілеу, тіпті жанай бере қағып өтетін босмойын мен ақтабанда, ұмтыла тартып қалатын қамшы да үзеңгісіз тындырымды бола бермейді. Жекпе-жекте үзеңгісіз ерді үзеңгілі ез де аударып түсіреді. Үзеңгі десе, мыңдаған жыл Еуразияда атой салған, дүниенің төрт бұрышына шабуылдаған – скиф, сақ, ғұндар мен үйсін, қаңлы, қыпшақ, көне түріктерді, солардың самсаған қолдары еске түседі. Бүгінгі ұлан-ғайыр қазақ жерін қорғап қалған қасиетті бабалардың табан тіреп тұрған сәтін, атамекен топырағын еске аласың.

– Алғаш мұны кімдер пайдаланды екен?

– Алғаш «көне түріктерде пайда болған» деген болжамдар бар, дегенімен үзеңгі мәдениетінің қашан, қай заманда бастау алғанын кесіп айту әзірше асығыстау, үстірттеу сияқты. Қолда бар деректердің өзі де бұл сұраққа толық жауап болатындай тиянақты емес. Ал ертоқым мәдениетінің қалыптаса бастау тарихына қарағанда, «көне түрік» заманы дегені – «мына жерде» дегендей аз уақыт. Ежелгі дәуірдегі, көшпелі тайпалардың мәдениетін, өнерін сипаттайтын Алтай тауындағы қорымдардың бірі –«Бадашар қорымы». Оны 1950 жылы бірінші рет ашып зерттеген С.Руденко «қорым Үрсіл өзенінің саласы Қарақол суының бойында бұдан ХХҮІ ғасыр бұрын орналасқан. Мұнда алпыс оба бар. Бұлардың барлығы да – бір кезде Алтай тауында өркендеген мәдениет пен өнердің куәгерлері» деп жазды. Тағы бір жазбасында «қабірде көркемөнер дүниесі, оюмен әшекейленген киім жұрнақтары, өрнекпен безендірілген кісе, қанжардың қыны, сүйектен, мүйізден қиып жасалған неше түрлі әшекейлер сақталған. Тамаша нәрсенің бірі аяқ киім. Ол бұрынғы қазақ салдарының етігіне өте ұқсас. Табаны тақасыз, жұмсақ, қонышы тізесін жабатын ұзын, әсем өрнекпен кестеленген. Өнердің келісті үлгісімен жасалған заттардың көрнектісі – ат-тұрмандары. Жүген, оның сулығы, сағалдырығы, ердің қасы, айыл-тартпасы, өмілдірігі, құйысқаны көп кездеседі. Өйткені, ежелгі жоралғы бойынша аттың жалын күзеп, құйрығын қошқар мүйіз үлгісінде түйіп, жүгендеулі, ерттеулі күйінде көмген. Он алты аттың ішінде бірінші қатарға қойылғандар – кілең тұлпарлар. Олардың жүгені мен ер-тоқымы алтын мен күміске малынған. Жүгенді – оның сулығын таутекенің мүйізімен өрнектеп, аттардың түйілген құйрығына жапырақ алтынмен қаптаған. Үстін де алтынмен қаптаған. Ердің қастары – үлкен, биік ер. Оны мүйізбен, қайыңның қиған безімен геометриялық өлшемді сақтай отырып, қошқармүйіз өрнектермен әшекейлеген. Кейбір ердің қасына бүркіттің, арқардың бейнесін қиып түсірген. Ердің көпшіктерін жұқа киізден не жолбарыстың терісінен жасаған.

Аттың өмілдірігін, құйысқанын моншақпен төгілтіп, жапырақ алтынмен ораған, қабанның азу тістерімен әшекейлеген. Көркем өрнекпен әсемдеген қарудың бірі – қамшы. Оның сабын сарыала алтын ораумен қатар, бөрінің бас бейнесін безеген. «Бадашар» өнерінің үлгісі осы күнгі қазақ пен қырғыздардың өрнегіне өте ұқсас, оны солардың ежелгі негізі деуге болады» делініпті.

– Осы табылған үзеңгілерде қандай бедерлер кездеседі?

– Мұнда жиі жолығатын үлгі түрлері – геометриялық нақыш, қошқармүйіз, зооморфтық үлгі, бұл дегеніміз – арқардың, бұғының, тау текенің, бөрінің басы, қыран құстың, құмайдың тырнағы, басы. Космогония – аспанға табынудан шыққан. Ай, жұлдыз, күннің суреті. Тұрмыстан туған үлгі түрі – жүрекше, сәукеле өрнек, ашамай үлгі, тағы басқалары. Бұлардың көбі қазақтың халық өнерінде осы күнге дейін сақталған. «Ұқсастық жалғыз өнер дүниесінде емес, ежелгі тайпалардың жалпы тұрмыс-салтында, өлікті жерлеуінде, оны қадірлеп басына үй тұрғызуында, жылқы өсіру, ат баптау, жүген, ер-тоқымды қадірлеу дәстүрінде ашық сипатталады. Бұл қазақ халқының өнер тарихын зерттеуде Бадашар, Пазырық, Берел, Қотанды тәрізді қорымдардан ашылған мәдени жәдігерлердің маңызы аса зор екенін көрсетеді», – деп жазды тарихшы С. Руденко өз еңбегінде.

– Бұл тарихи еңбектер қай жылдары жарияланды?

– Бұл 1952 жылы жарыққа шықты. Осыдан ХХҮІ ғасыр бұрын көмілген ер-тұрманның – жүгені, жүген сулығы, сағалдырығы, ердің қасы, айыл-тартпасы, өмілдірігі, құйысқаны секілді бөлшектердің барлығы айтылғанымен, таралғыны ол кезде біле қоймаған сияқты. Үзеңгі көне түріктерде пайда болған дегеннің өзінде бұл екі арада мың жыл жатыр.

– Аға, енді мың жыл дегеннің өзі адам үшін көп уақыт қой. Десек те, үзеңгінің нақ өзі болмағанымен, үзеңгі іспеттес бір бұйымның болғаны анық қой?

– Иә, мұның рас. Осы мың жыл ішінде үзеңгі немесе үзеңгі жұмысын өтейтін басқадай бір бөлшек-жабдық болмады деп кесіп айту да орынсыз. Өйткені атқа ер-тоқым салып міну мәдениеті, ең алдымен, қажеттіліктен, кішкентай бөлшектен басталғаны даусыз. Тіпті кейбір жабдықтың бір-екі бөлшегі бұрын пайда болып, қалған бөлшектері бірінің соңынан бірі толықтырылып отырғандығында күмән жоқ. Мәселен бүгінгі жүген он неше бөлшектен құрамдалған. Ал әу баста тек ауыздық пен тізгін немесе сол екеуінің жұмысын өтейтін басқа бір-екі бөлшек болуы мүмкін. Бұл екі бөлшектің қатар туу себебі көлікті «қақпалай» мінуден гөрі, аттың үстіне мініп алып, ырыққа көндіру мәдениеті бастауы «жылқыға – ауыздық, тізгін, түйе мен сиырға мұрындық, бұйдадан бастаған» деген пікірге де қосылуға болады. Бүгінгі ер-тоқымды тұтасымен алғанда, ең алдымен, қажеттілік, мұқтаждықтан басталған бөлшектері – ауыздық, тізгін, ішпек, тоқым, айыл-тартпа, содан кейін үзеңгі деуге болады. Сондықтан үзеңгі туралы болжамдар айту ер-тоқым мәдениетін зерттеушілерге қажет болар деген ойдамыз. Жалпы алғанда, үзеңгі атаулы екі түрге бөлінеді. Оның бірі – алмалы-салмалы үзеңгі. Екіншісі – қаңқалы ердің қапталына үзеңгі бау арқылы бекітілген түрі. Үзеңгі мәдениетінің ең алғашқы ұғымындағы – алмалы-салмалы, жіп, қайыс, құр сияқты заттардан жасалған түрлері атқа лыпалы-лыпасыз, жайдақ мінген немесе көлікке ыңыршақ, шом, ашамай, жұмсақ ер салып мінген кездерде де мұқтаждық талабын өтеген болар деген ойдамыз. Осыдан ХХҮІ ғасыр бұрынғы «Бадашар», «Пазырық» мәдениетінде қаңқалы ердің қапталына үзеңгібау арқылы бекітілген үзеңгі болмаса да, алмалы-салмалы үзеңгі түрі болған шығар деген жорамал бар. Ал ондай үзеңгінің қабірден табылмауына әдет-ғұрып, ырым-жырымның да бір қатысы болуы мүмкін, оған күмән да жоқ емес. Үзеңгінің екі түрінің бірі ер-тоқыммен бірге тұратыны болса, екіншісін адам өзімен бірге ала жүреді. Осы жағдайға байланысты алмалы-салмалы үзеңгіні адам қамшы сияқты қолға алып, бөлек жүретіндіктен ол дәуірде бұл үзеңгі ер-тоқым жабдықтарының бірі ретінде аталмаса керек. Сондықтан да қорғандарда кездеспеуі мүмкін.

– Аға, осы жіп үзеңгі жайында түсіндіріп өтсеңіз?

– Жалпы, үзеңгі, тепкішек бәрі – бір нәрсе. Кішкене баланы атқа мінгізгенде аяғын тепкішекке салатынын айттық. Сол тепкішек үзеңгінің міндетін өтеп тұр. Үзеңгі жалпы адам атқа мінгенде аунап түсіп қалмауы үшін керек. Түзу отыру үшін, үзеңгіге тіреп тұрып ұрмасаң, үзеңгіге тіреп тұрып найза салмасаң, үзеңгіге аяғыңды тіреп тұрып жерден іліп алмасаң болмайды ғой. Жіп, қайыс, құр үзеңгілер пайдалану әдісіне орай екі түрге – бірі алмалы-салмалы, бірі қапталға бекітілген түрі болып бөлінеді. Бұл аты жіп үзеңгі болғанымен екеуі – екі дәуірде пайда болған, екі заман мәдениетінің куәсі, яғни алмалысалмалы үзеңгі қаңқалы ерден бұрынғы мәдениетте қапталған үзеңгі тағу деп, қаңқалы ерден кейін пайда болған мәдениет деп түсіну орынды. Алмалы-салмалы жіп үзеңгіні жасау мен оны пайдалану үшін әр адам өз аяғының ұзындығына шақтап құлаштай жіптің екі басын жеке тұйықтап күрмейді де, сол жіпті өзі мінетін аттың үстіне бос арта салады. Кейде осы жіп те кәдеге жарап жатады. Атқа мінгеннен кейін екі аяғының басын жіп тұйығынан өткізіп, оқыс ауытқымау үшін екі табанын тең тіреп отырады. Ат үстінде ұзақ жүргенде аяқтың бос салақтап, созылып, ұйып, ауырып қалмауына жіп үзеңгінің көмегі тиеді. Бірақ ер қапталына тағылған үзеңгі сияқты алуан түрлі қызмет өтей алмайды. Үзеңгінің табанды болып келуі – қазақтарға, дөңгелек болса – мрңғолдарға, шеңбер сияқтысы орыстарға тән екен.

Үзеңгі басы,
үзеңгі ұңғысы,
үзеңгі жақтау,
үзеңгі табаны,

үзеңгі баулық болып жіктеледі.

– Қандай үзеңгінің бұрын пайда болғанынан нақты деректер бар ма?

– Үзеңгі мәдениетіндегі ұғымның ең алғашқы қарапайым, әлі де дамымаған түрі жіп үзеңгі болар деп жорамалдаймыз. Бірақ жіп үзеңгінің алмалы-салмалы түрі көшпелі тірлікте соңғы кезге дейін болды. Жайдақ атқа немесе әдетте үзеңгі бекітілмейтін ыңыршақ, түйе шомы мен қомы, ат шомы салынған атқа мінген адамдар әсіресе, әйелдер жағы алмалы-салмалы жіп үзеңгіні пайдаланғанын өз көзіммен талай рет көрдім. Адамзаттың үйретілген атқа алғаш міну сиқы – жайдақ, ат арқасына түк те салмай, тіпті өз бұтында да лыпа жоқ болуы мүмкін. Жайдақ мінілген көлік арқасы кетіп, өз құйрығы ойылған соң алғашқы өң-терілік, алғашқы ішпек салу басталған деуге болады. Астында ішпек болған күнде де екі аяғы салақтай берген адамның зауқы кететіні – табиғи нәрсе. Осы мұқтаждықтан құтылу үшін үзеңгі ұғымы туған деу – орынды. Ал жіп үзеңгі ер-тоқым мәдениетінің ең алғашқы бөлшектерінің бірі екені анық. 1984 жылы Еділ өзенінің оң жағасы, Астрахань қаласынан жүз шақырым жердегі Косика (Қасық) қорғаны қазылғанда Сармат ханы жерленген моладан мол алтын бұйымдар мен күміс ыдыстар да шыққан. Ал сол күміс ыдыс бетіне салынған суретте ер-тоқымды аттың ерінде үзеңгі байқалмайды. Бұл ертеректе болған мәдениеттің орны.

– Үзеңгілік, шылбыр, сағақ, жақтау, сағалдырық, кеңсірік туралы толық айтсаңыз?

– Үзеңгілік киіз тоқымның тебінгісі тозып, қажалып жыртылмау үшін, үзеңгібау ұдайы киізге тиіп тұрмауы үшін қажет. Тоқымның үзеңгі, үзеңгібау тиіп тұратын тұсына былғары илі қайыс жапсырып қояды.

Ноқтаның сағағына, жүгеннің мінер жақ сулығына байланатын екі, екі жарым құлаштай бау «шылбыр» деп аталады. Шылбыр жұмсақ иленген қалың қайыстан тілініп жасалады. Ескен қайыс шылбыр, таспа қайыс шылбыр, жіп шылбыр, қылшылбырлар түрліше жасалады. Қайыс шылбыр иленген өгіз терісі, жылқы терісі, түйе терісі, түйе мойнағы, бұғы мойнағы, елік мойнағы сияқты терілерден жасалады. Үйде отырған қонақтың мамаағашқа байланған атының үріккенін аңғарған бойжеткен «қонақ, қонақ, шылбырың бұғы мойнағы болса, шылбырың үзілді, еліктің мойнағы болса, атыңның мойны үзілді» деген екен. Қонақ жүгіріп сыртқа шыққанда, атының мойны үзілгенін көреді. Сондағы мықты шылбыр елік мойнағы екен. Жылқы жануарының ноқтасының сағағына байланған екі құлаштай жіп шылбыр, қайыс шылбыр, қылшылбыр – малды байлайтын, жетектейтін жабдық. Жақтау – бір сулықтан басталып, ат басын желкесінен орап келіп, екінші сулыққа ұшы бекітілген тұрман. Жүген аталған тұрманның негізгі бөлігі болғандықтан, екі сулық, кеңсірік, кекілдік, жақтау, сағалдырық сияқты бөлшектер түгелдей екі жақтауға бекітіледі. Жақтау екі бөлек болады. Мінер жағы – қысқалау, қамшылар жағы ұзын болып келеді. Оның ат желкесін ораған бөлігі «желкелік» деп аталады. Желкелік мінер жақ жақтауға айылбаспен жалғастырылады. Сағалдырық дегеніміз – жүген мен ноқтаның ат алқымы астынан орап тұратын бауы, аттың басынан ноқта мен жүгеннің сыпырылып кетпеуі үшін жасалады. Сағалдырықтың өзі екі бөлек жасалады да, бір-бірінің басы жүген жақтауына бекітілетін болған. Қамшылар жақ бауы ұзындау болады да, ат сағасынан орап келіп, мінер жақ бауға тоға арқылы жалғастырылады. Бас пен мойын жалғасының тамақ жағы қашанда «саға» деп аталады. Ат сағағынан орап тұрған баудың сағалдырық аталуы да сол бас сағасына байланысты қойылуы мүмкін. Кеңсірік – жүген мен ноқтаның екі жақтауын ат кеңсірігі үстінен орап барып жалғастырған бауы. Ол – ат басына салынған жүген мен ноқтаның дұрыс тұруы үшін, сыпырылып кетпеуі үшін жалғасқан бау. Кекілдік – жүгеннің екі жақтауын ат маңдайын орап тұтастырған бау. Ат құлағының алдынан, екі көздің артынан оралғанда кекілдің астында қалады. Көбінде сән үшін жасалады. Асығыс сәттерде кекілді үстіне шығарып баптап жатуға уақыт болмауына байланысты қазақ атты әскерлерінің жүгенінде кекілдік жасалмайды. Сағақ – ноқтаның екі жақтауының шылбыр тағуға лайықталған орны. Сағақтың қайыстан тұйықтай салған түрі, темір үзбелі түрі, бір шығырық, қос шығырықты түрлері де бар. Мал иегінің асты қазақ тілінде «сағақ» аталады. Ноқтаның сағақ атауы да соған байланысты болар деген жорамалымыз бар.

– Жүгендік пен желкелік қалай жасалады, аға?

– Жүгендік дегеніміз – аттың жүген, ноқта тұратын желке жағы. Алжелкелік – екі жақтауының қамшылар жағы ұзындау болады да, аттың желкесін орап келіп, мінер жақтауға жүген, ноқтаның желкені орап тұрған бөлігі. Бұл тоға арқылы бекітіледі. Жүген, ноқтаны тарылтыпкеңейтуге арналған жырым сол желкеліктен шығарылған. Бұл жырымның ұзындығы – бір сүйемдей ғана. Онда тоғанның тілі түсетін үш-төрт көзтесік бар. Жырымның ұшы салақтамау үшін тоғаның артында жақтауға бекітілген қайыс бүлдіргеден жырымның артық ұшы өткізіліп қойылады. Егер жүген, ноқта қайыстан, жіптен түйілген болса, кеңітіп-тарылтып тұратын желкелікпен ағытып, түймелеп тұратын сағалдырық сияқты бөлшектер тоғасыз жасалады. Қайыстан түйіп жасалғанда жалғастырып, бекітетін орындар шалып байланатын бүлдіргелі немесе түймебаулы болып жасалады.

Құранды ердің қапталы қысқа келеді де, жай ішпекпен ерттеуге келмейді. Өйткені аттың арқасы жауыр болғандықтан, ер қажайды. Сондықтан оған қаптал астынан қойылатын арнайы жасалған жабдықты «желдік» деп атаған. Сөз түбірін алғанда ат арқасын ер баспайды, оқпаннан жел өтіп тұрады деген ұғымда.

– Осы әбзелдегі пыстан туралы айтып өтесіз бе?

– Пыстан – аткөрпенің үстінен артылғанда ердің екі қапталымен бірдей, астынан төсайыл өткізілген, жалпақтығы төрт елідей былғарыдан жасалған немесе қайыс таспадан өрілген, үстіңгі беті мейлінше әшекейлі (ысып түсірілген ою-өрнекті, шытыралы, құймалы, үзбелі, күмістелген, алтын жалатылған – авт.), ердің алдыңғы қасы мен артқы қасын айнала орап, аткөрпені ұстап тұратын бастырмасы бар бөлшек. Жалпы, айыл-тұрманның бір бөлшегі болса да, сән үшін жасалған жабдық. Пыстанның айылдық міндетті қоса өтейтінөтемейтіндері болады. Айылдық міндет өтейтіндерінің астары иленген мықты қайыстан жасалады да, үсті былғарымен қапталады. Қайыс пен былғары бір-біріне тарамыспен қайып тігіледі немесе былғарыға күш түспейтіндей етіп бір-біріне бекітіледі. Қайыс астардың, бір жағынан, төсайыл бекітіледі де, екінші жағынан, жырым бекітіледі. Жырым да, төсайыл да пыстанның екі шетінен сынық сүйемдей ішкері сұғындырылып, пыстанның екі шеті салақтап бос тұрады. Айылдық міндетті өтемейтін пыстан астарынан екі-үш жерден балдақ қойылады да төсайыл содан көлденең өткізіледі. Пыстан жылжымалы келеді де, оған күш түсірілмейді. Пыстанның сәнділік, әдемілік үшін жасалатын болғандықтан, оның түрі көп. Әйелдер тұрманына арналғаны барынша шытыралы, үзбелі, күміс, шабылған, алтын жалатылған, тіпті күміс пен алтынды сол күйінде қойып безендіргендері де кезігеді. Ал ерлер пыстаны үстінен былғары салған, асты қайыс, былғарыға басып оюөрнек түсіргені, аздап ұсақ шытыра терме-құйма қағып әдеміленгені болады. Пыстанның жұмсақ иленген теріні қабаттап жасалғаны, таспадан өріп, тоқып, өрнек шығарып жасалғаны да бар. Жалпы алғанда, сәні мен сапасына қарай өрмелі пыстан, былғары пыстан, шытыралы пыстан, күміс пыстан, алтын пыстан деп аталады.

– Жырымды қалай бекітеміз?

– Жырым – айылдың тағаға, айылбасқа кіріп бекітілетін бөлшегі. Жай өрім оқыралы өрім жырымы болып екіге бөлінеді. Жай өрім жырымның кез келген тілінген жерінен айылбас тілі өтіп бекітіледі. Бірақ айылбас тілі өрім таспасын таралап, кейде таспаны қиып, айыл жырымын тез тоздырады. Ал жырымның айылбас тілі өтетін арнайы тесіктер қалдырып өрілетін өрімдері бар. Міне, арнайы тесік қалдырып өрілген жырымды «оқыралы жырым» дейміз. Мықтылығы жағынан оқыралы жырым ұзаққа жетеді. Ердің артқы екі қапталындағы екі шеттікке бекітілетін құйысқанның екі ұшы да – жырым. Сол сияқты өмілдіріктің, үзеңгі баудың, жүген желкелігінің ұштары түгелдей «жырым» деп аталады.

– Тіл, тоға, алақан, айылбас дейтін әбзелдерін бір түгендеп алсақ?

(Ақсақал көнерген, сарғыш тартқан ескі төте жазумен жазылған дәптеріне бір қарап қойып, сұрақтарыма ретімен жауап беріп отырды)

– Тіл – темір айылбастың жырым бекітетін тиек бөлшегі. Айыл алақаны басына айылбасты бекіткен кезде, қайыс ортасын ойып тіл шығарылады да бос мойын етіп қалдырылады.

Айылдың үштен екі бөлігі алақанның есесінде. Алақанның бір басында – айылбас, бір басында – жырым. Айыл алақаны иленген, жұмсақ қайыстан тілініп, екі қабатталып жасалады. Тоға – илі қайыстан тілініп, екі қабатталып жасалған төсайылдың екі басына бекітілген екі шығырық. Тоғада тіл болмайды, бір шығырыққа бекітілген қайыс таспа арқылы шығырыққа өткермелеп, саумалап тарту арқылы ерді атқа бекітеді. Тоғаға тіл салынса, «айылбас» аталады. Ең ғажабы, тоға темір, қола, мыс, жез, қалайы, күміс, алтын болса да, тіл салынған тоға нұсқасы «айылбас» аталып шыға келеді. Үлкен, кіші, биттей, құрттай болғанына қарамастан, айылбас өзгермейді. Қыз-қырқын әшекейінің баулық айылбасы, киім-кешектегі баулық айылбасы, белбеу, түймебауға қойылған айылбастар, қолдағы сағат бауға қойылғаны... Сонда осы атаулардың түп-төркіні – ат айылының басы. Қазақ тіл қорындағы атайыл, айылбас атауларының түп-төркіні, жақындығы бар-ау деген ой туады. Шеттікті естіген де боларсың ердің артқы қапталына құйысқанды бекітетін қайыс бүлдірге немесе темір айылбас. Дәл осындай шеттік ердің алдыңғы қапталына да қойылып, оған өмілдірік бекітеді. Айылтұрман қайыстан түйіліп, таспадан өріліп жасалған болса, шеттік қайыс бүлдірге болады. Егер айыл-тұрман былғары мен қайыстан қабатталып, үзбеленіп, құймаланып, күмістеліп, алтындалып сәнделген боса, шеттік айылбасталып жасалады. Бұл көбінесе әйелдерге арналған айыл-тұрманға жатады.

– Құйысқан мен сауыр үзбені қайда қоямыз?

– Құйысқан – айыл босап қалса, ерді алдына жібермей ұстап тұратын, ат еңістеген кезде ерді алға жібермей ұстап тұратын жабдық. Құйысқан ердің артқы екі қапталына екі жырым арқылы бекітіледі. Аттың сауырын басып барып, аламайын орап, құйрық түпке құйысқанның боқтығы ілінеді. Құйысқанда бір боқтық, екі сауыр жақтау, бір сауыр үзбе, екі салпыншақ, екі жырым бар. Айыл-тұрманның жасалуына байланысты – былғары құйысқан, түйме құйысқан, құр құйысқан, жіп құйысқан болып бөлінеді.

Сауыр үзбе – құйысқан жақтауларының ат сауырында тоғысқан жері. Әйелдер тұрманында құйысқанның ат сауырында айқасқан жері төрт үзбе арқылы бір шығырыққа тоғыстырылады да, шығырық беті әшекейленіп, бүркеншікті тас қойылып безендіріледі. Екі жағына әдемі салпыншақ та бекітіледі.

– Жаңбырлық үзбе қалай болады, аға?

– Жаңбырлық үзбе құйысқанның сауыр бөлшегі мен боқтық ұшы тоғысқан жері. Аттың екі жақ жаңбырлығын баса түскен екі үзбе бір шығырыққа тоғыстырылып, бірден үзбелі салпыншақ тағылады. Шығырық үсті безеу арқылы жабылады. Ерлердің құйысқанында жаңбырлыққа үзбе көп қойылмайды. Әдетте салпыншақ та солай.

– Ер-тұрманға салпыншақ тағу дегеніміз не?

– Салпыншақ – айыл-тұрманда сән үшін тағылатын заттың бірі. Жүгенге, өмілдірікке, құйысқанға, салпыншақ қойылады. Сән үшін, әдемілік үшін жасалатын болғандықтан салпыншақтың түрі де көп.

Айыл-тұрманда сән үшін жасаған бірнеше салпыншақ болады. Атың екі жаңбырлығын басып тұратын құйысқандағы екі салпыншақ. Өмілдіріктің екі жақтауының ат омырауындағы түйіскен жерінде де салпыншақ болады. Кейде өмілдіріктің екі жақтауына алқабау, төсбау, омыраубау түйіскен үзбеде сәндеп жасалған шашақ қойылады. Оны қытайлар «ши-жің», яғни қоңыраугүл – дейді.

– Мысалы, қандай түрлері бар?

– Шашақ – айыл-тұрманға әдемілік, сәндік үшін қойылатын нәрсе. Жүген, өмілдірік, құйысқан, пыстан, тебінгі сияқты тұрмандарға тағылады. Шашақ былғарыдан тілініп қырналған қайыстан, тілініп сыдырылған таспадан жасалады. Оның әдемілігі мен ұнамдылығы шебердің талғамына байланысты. «Шоқ» жас балалар мен қыздардың, жас келіннің тұрмандарын әшекейлеу үшін қойылады. Жүгеннің екі ұшы желкелігіне бекітіліген таспаның тұйығын кеңдеу салбыратып, сол тұйыққа шоқ қойылады. Шоқтың екі сулыққа, өмілдірікке, құйысқанның сауыр үзбесіне қойылатын түрлері де бар. Оның қарапайым түрлері тайдың майда жалынан, ешкі қылынан шоқталады. Оның түп қауашағы былғары, сірі, мүйіз, сүйектен жасалғаны немесе жіп, жібек талшықтарынан тоқып шығарғаны болады.

Өмілдірік – ер-тоқымның кейін кетпеуі үшін ат омырауына тағылатын тұрман. Оның алдына екі қапталдағы жырым бекітілетіні және ердің алдыңғы қасына іліп тағылатыны бар. Бірінші түрі әйелдер тұрманына арналған. Екінші түрін көбіне ерлер пайдаланады.

Сырға дейтұғын нәрсесі бар.

– Кәдімгі сырғаға қандай қатысы бар?

– Кәдуілгі сырға ғой. Ұзатылатын қыз ер-тұрманын жабдықтаған кезде соның жүген саулығына салынатын арнайы соғылған алтын сырға да болады. Жүгеннің сулығына таза сом алтын сырға салу дәулеттіліктің белгісі ғой. Солай болса да әркім өз шама-шарқына қарай жасатады. Алтынның салмағы өз алдына, ал оның ұлттық оюөрнегі мен бедері немесе табиғат гүлінің бірін бейнелейтін мәнерлісі де бар. Қалықтаған қыранның, түйілген лашын, сұңқардың бейнесі, елең еткен қара бұланның, көсіле жөнелген кербұғының бейнесі, шабысқан жолбарыстың, айқасқан арыстанның, шабынған бураның, шапқан қанатты аттың бейнелері салынған алтын сырғалар да кезігеді.

– Бөктеріншек дейтіні болушы еді...

– Бөктеріншек – ердің алдына не артына көлденең қойылып, екі жақ басы байланған зат. Екі басын екі жақ қанжығамен артқа көлденең түсіріліп байланғаны «бөктеру» деп аталады. Жолаушы қоржынқолаң, шапан-шақпытын қанжығаламайды, бөктереді. Аңшы қоян, түлкі алса, қанжығалайды, қасқыр алса, бөктереді. Ердің алды не артына қанжығаның бірін байлау «қанжығалау» деп аталады. Қанжығалауға қолайлы зат байланады. Қолайсыз зат байланбайды. Салт ат мінген адамның бір затты ердің үстіне көлденең салып ұстауын «өңгеру» дейміз.

– Басты әбзелдердің бірі саналатын тізгін турасында толығырақ айтасыз ба?

– Тізгін – жүгеннің екі сулығына екі ұшы бекітілген, ортасы тұйық тұрман. Оның екі қабатталған ең қысқа түрі ердің алдыңғы қасына емін-еркін тұйығынан ілінуі шарт. Ердің артқы қасына тұйығынан ілуге лайықталып жасалғандары да бар. Мінген атты басқару үшін жасалған тұрмандардың ішінде ең бір ырықтысы – тізгін. Ауыздықпен тізгін тұтастырылғанда жылқыны қандай жағдайда болсын басқару қиынға түспейді. Мойнын ішіне алып, шыңғырып, ышқынып мөңкитін шу асаулар да сол қол ырқымен тізгін арқылы басқарылады. Адамды көргенде қалшылдап, сескеніп, үркектеп тұратын, арқасына ер салдыра қоймайтын, мінгенде шаба жөнелетін бас асаулар да тізгінмен шектеледі. Елегізіп, ауыздығын тістей алып, сүзе жөнелетін басы қатты жануарлар мен ырық бермей айдалаға ала қашатын ұры жануарлар да тізгіндеуге тоқтамауға амалы жоқ.

– Тізгін сөзінің мағынасына үңілмедіңіз бе?

– Тізгін сөзінің төркіні белгісіз. Ал бірақ қазіргі ұғымда тізгін айтқанға, айдағанға жүргізу, көндіру, ырыққа келтіру, шектеу, еркіне, бейсауаттыққа жібермеу деген мағынада қолданылып жүр ғой. Бұл турасында Бұқар жырау «жар басына қонбаңыз, дауыл соқса үй кетер, жатқа тізгін бермеңіз, жаламенен бас кетер» демеп пе еді?! Жылқыны мініс көлігі еткен дәуір мен жүген, ат-тұрман замандас болуы мүмкін. Бірақ жүгеннің ол кездегі түрі тым қарапайым, бүгінгі жүгеннің күрделі бөлшектері ол заманда болмағаны анық. Мысалы, жүгенге металл араласқан кезі қола дәуірінен басталған десек, бірінші, ауыздық жасалған болар. Археологиялық қазбалардан жүген қалдықтары тек ауыздық, шаужай болып кезігеді, ал сулық салынған жүген сирек жолығады. Х ғасырға жататын бір суреттегі ауыздықта ғана сулық бар. Демек, жүгенге сулық қою қола дәуіріндегі деректерден ұшырата қоймадық. Сонымен бірге сулық жүгеннің жетілдірілген соңғы бөлшектерінің бірі екендігін де дәлелдейді.

– Аға, атты жайдақ та мініп жатамыз кейде, осы ер-тұрманды түгендеуге жағдайымыз келмей қалады. «Барымен базар» демей ме мұндайда...

– Қазақта жауыр ат міну салт емес. Солай бола тұрса да, басқа бұтартары жоқ болған соң амалсыздан кейде жауыр атқа да мінеді. Кейде ұзақ сапарда, жорықта ыстық-суықтан арқасы тез кетеді. Осы сияқты лажсыздан мінілетін аттың жауырына жасалатын әдіс-айла, кедейамал ат қойылып, айдар тағылып атау ретінде аталынады. «Мүйет» деген ат арқасының болымсыз жерінде беті ашық жалақ жауыры болса, соған ішпек тиіп қанамау үшін жауырдың төңірегін қоралай қоюға лайықталған ортасы тесік киіз. Ол терілік пен ішпек ортасына қойылады. Қазақ тілінде қандай жара, жауыр болса да оның бетін ашық қалдырып, төңірегін қорғалап «мүйет» қояды.

Жақсы күнде жаман еді ниетің,
Жаман күнде құтты болсын
Құрымнан қойған мүйетің, – дегендегі мүйет – осы.

Ойма аттың бас арқасында не қапталының бірінде көптен жазылмай жүрген жауыр болса, сол жара тұсынан ішпек, ішкілік бірдей тесіледі. Ердің қапталын мөлшерлеп тесілген төрткүл тесік жауыр бетіне дәлдеп қойылған соң жара беті ашық қалады. Ішпек, тоқымды жауыр бетіне тигізбеу амалын ойлап оюды қазақтар «ойма» деп атаған. Ер қапталының не алды, не арты басқаны білінсе, соған қаптал астына белгілі қалыңдықта қабатталған киіз, қойылады. Ер қапталының ат қапталын баспауы үшін жасалған осы әдіс «тығылдырық» делінеді.

Кейде мұны «кепіл, кепіл киіз» деп те атайды.

Аттың қыр арқасы түгел жауыр болып, жаба тоқып ерттеуге келмей қалады. Сондай кезде екі ішпекті ортасын қабаттап, ердің екі қапталына бекітеді. Аттың қыр арқасын ашық қалдырады. Мұндай айлалау арқылы оқпан асты мүлде ашық қалады да, жауырға дәнеңе де тимейді. Лажсыздықтан туған осы кедейамалдың аты – желқом. Егер мініп жүрген көлік жауыр болып, оны артып-тартпауға мүмкіндік болмай қалған жағдайда сиыр мен түйеге де «желқом» салынады. Аттың арқасына тимеу шарты астында жасалған ағаш қаңқалы көпшілік қолды «ер» дейді. Құсбас ер, үйрекбас ер, шошақ бас ер, қозы құйрық ер, қазық бас ер, хан бас ер, ашамай ер, құранды ер деп түр-тұлғасына, пішін-үлгісіне, құрылымына қарай бөлінеді. Ал әрбір ердің шеберлері өз еліне тән үлгі, ерекшеліктерін кіргізеді. Барлық үлгілердің негізгі мақсаты – біреу-ақ, ол атқа тимеуі шарт. Сонымен бірге орнықты, ықшам, жеңіл, мықты, адамға жайлы, әдемі, сәнді болуы да керек.

– Аға, осы айыл-тұрмандардың өзі де бірнеше түрге бөлінбей ме?

– Қолда бар мүмкіндікке қарай, тұрмыстың талабы мен талғамына орай, тұрмыс салт-санасы негізінде жасалған айыл-тұрманның бірнеше түрі бар. Солардың ішінде көбірек кезігетін айылдың төрт түрі бар.

Былғары айыл-тұрман. Бұл – үсті табиғи былғары, асты – жұмсақ иленген қайыс. Айыл-тұрманның әрбір бөлшегін үлгіге сай, керегінше тіліп дайындаған соң былғары мен қайысты екі қабаттап, қайып тігеді. Қаюға тігуге арнайы ширатылған тарамыс дайындалады. Былғары айыл-тұрман көбінше әдемілікке, сән-салтанатқа, мырзалыққа жататын болғандықтан, оған кейде күміс құймалар, күміс шытыралар қағылады. Оның айылбасы, үзбе, таралғысы, үзеңгі темірлері күмістелуі де мүмкін. Өрмелі айыл-тұрман дейтін екінші түрі өруге арнап иленген теріден жасалады. Иленген терінің бәрі бірдей өруге, таспа тілуге келе бермейді. Өрімшілердің айтуларына қарағанда, айыл-тұрман үш таспадан бастап, он екі таспаға шейін, кейде одан да көп таспалардың қатысуымен өрілетін көрінеді. Өрушілердің шеберлігімен астылы-үстілі, оң-теріс болып шығатын өрімдерге – көз, тесік, ойық, қыр, жал, шыбық, сызық, сыздық, өзек, сай шығарып терілген соң, өрілген бұйымдарға әртүрлі ат қойып, айдар тағыла айтылады. Айыл-тұрман өру мықтылықтан гөрі әдемілікке жатады. Өрме бабында иленген мүлтіксіз тілінген, сыпайы сыдырылған, сыдырғыдан өткізілген таспалар білгір шебердің нақтысын тауып, ершімделіп шыққанда жаман болмайды. Көздің жауын алады. Қажет деп тапқан жерлеріне таспадан шашақ, шоқ, салпыншақ қосылып өрілсе, осал түсе қоймайды.

– Қазақтың қолы шебер ғой. Ағаштан түйін түйеді. Бәрін өзі жасай береді. Осы сіз айтып отырған өрудің өзі үлкен өнер емес пе?

– Өру – үлкен шеберлік, мамандық, өру – байыпты кәсіп, өру – әдемі, ұнамды, жарасымды өнер. Қазақ этнографиясында өрудің түрі де, аты да, қыры мен сыры да көп. Қазақ өрімшілері тек айыл-тұрман өрумен шектелмейді. Олар дорба, қорап, сауыт, қын, қоржын, жанторсық, қобдиша-қобди түрлеріне дейін, аяқ киім түрлеріне дейін өріп шығады. Өруді – үлкен мамандық, өрілген затты өнер туындысы деп атау артық етпейді.

Түймелі айыл-тұрман деген де бар. Бұл жақсы және жұмсақ иленген ақ қайыстан жасалады. Борсыған, шіріген, күн қақты терілер, арық малдың терілері айыл-тұрманға жарамайды. Бабында иленген терілер талқыға салынып жұмсарғаннан кейін, айыл-тұрманды қай үлгіде түю белгіленген соң, сол үлгі талабына сай таспа тілінеді. Түюшінің талабы бойынша тілінген таспадан кейде жалаң қабат, кейде қос қабат етіп тұрман түйіледі. Түюшілердің айтуына қарағанда, түюдің де сыры көп. Әдісі де, айласы да көп. Солардың өзі, негізінен, үш түрге бөлінеді. Бірінші түрі – қайысты өзіне-өзі байлап түю әдісі. Бұл өз ішінен байлаудың, шалудың, ілудің әдісіне қарай бес-алты түрге жіктеледі. Екінші әдіс – қайысты өзіне-өзін өткермелеу. Бұл да өз ішінен бірнеше жікке бөлінеді. Үшінші әдіс қоспаларды басқа таспаның көмегімен шалып өткермелеу, басқа қайыс, басқа таспаның көмегімен түюдің түрі тіпті көп. Қайысты өзіне-өзін түйгенде, өзіне-өзін өткермелегенде, тағы басқа әдіспен түйгенде сән үшін, әдемілік үшін қажетті жерлеріне шашақ, салпыншақ қалдырып отыратын түрлері де бар. Түйген тұрманға айылбас аз істетіледі. Ал үзбе мүлде жоқ. Үзеңгі бауда таралғы болады.

Жүгенде ауыздық, сулық дегендер болады.

Ызбалы айыл-тұрман дейтін соңғысытүйенің, қойдың қылшықталған жүнінен жасалады. Кейде осы жүнге ешкі қылын араластырып жасалатын түрі де бар. Ол жүнді түтіп, шүйкелеп, еттілеу иіріп, ысып, келептеп алады да, әр жүнді жеке-жеке бір ершімде ширатып, үш жіпті арқан сияқты тартып қосады. Тартылған кезде жіптердің жүгінбей, үш жіп бірге ершімделуі керек. Кейде жүн талшықтарының табиғи өңінен пайдалана отырып, ерсілі-қарсылы таңдай, бедер шығару үшін, үш жіпті бірде оңға ширатып, бірде солақай иіріп тартуға да болады. Алқабау, омыраубау, төсбау дегенді білетін шығарсың, айналайын, атқа мінген болсаң...

– Қазір енді, атты темір тұлпарға айырбастадық қой. Онсыз шаруамыз бітпейтіндей. Десек те, бала кезден қалған ойлар бар санамда.

– Енді заманың солай болып тұрса, бұл да – сенің соған қарай икемделгенің, қарағым. Өмілдіріктің екі жақтауының омырауындағы түйіскен үзбеде ат төсінің астынан келіп үшінші бау түйіседі. Ол баудың бір ұшы төсайылға ілінген. Міне, бұл аттың жабдықтары бітпейді. Сонда қаншама сөзді, атауды тауып тұрмыз. Тілді осылай жинау керек.

Тегершік деген бар. Қазір есіме түсіп отыр. Түйені қомдағанда немесе шомдағанда өркеш артына, өркеш алдына қабатталған киіз қояды. Қом не шом өркешке батып, жаралап тастамау үшін қойылған осы қабатталған киіз – «тегершік» деп аталады. (Қарияның қолжазбаларын өзімен бірге қарап отырып көп нәрсеге кезіктім. Ақсақалдың әлеміне бір кірген адам шыға алмай қалатынын солай ұқтым. Үйіне барған сәттерімде Жағда ағамыз кейде қолжазбаларын өзі алып көрсетіп, «мынаны қара», «ананы қара» деп отырады. Өзінің осыдан жарты ғасыр бұрын жазған дүниелерін тауып, кейде тіпті өзі таңғалып қалғанын да көзімізбен көрдік. Бірде сондай жазғандарының арасынан суға байланысты қаншама сөз тіркестерін тауып алды.) Суға байланысты ұғымдар: Су, ауызсу, бастау, қайнар бастау, тамшы, бұлақ, шұқанақ су, саз суы, ағын су (ағын суда арамдық жоқ), жауын суы, қар суы, мұз суы, тасқын суы, тоспа су, сарқырама, тесіпаққан, өзен суы, құдық суы, көлбастау, көл суы, арық суы, тоған суы, тоқтау су, қарасу, қызылсу, арасан, селсуы, жуынды су (кір суы, ыдыс-аяқ жуған су, машина жуындысы, моншадан аққан су, көше жуындысы, өндіріс жуындысы), қала жуындысы, кір су, лай су, жаман су, таза емес су, сарсідік, сідік, шайынды су, сығынды су, көше суы, тоқтау су, тау суы, дала суы, жерасты суы, өлке суы, өлісу (бір жерде тұрып қалған, сырттан ағын су келмеген суды айтады), былғаныш су, жиналған су, тұнық су, мөлдір су, теңіз суы, көл суы, шикі су, қайнаған су, қайнамаған су, шала қайнаған су, жылы су, жылыман су, ыстық су, қайнақ су, суытылған су, суық су, тазартылған су, тазартылмаған су, ішуге болатын су, ішуге болмайтын су, ащысу, тұщысу, зәм-зәм суы, улы су, тәтті су, сүзінді су, қандысу, екпінді су, күшті су, жылым су, жынды су, шүңет, жылып аққан су, мол су, тапшы су, тоспа су, сырқырап аққан су, тамшылаған су, сүзілген су, сасық су, борық су, сылдырсу, көз суы, мұрын суы, тер, маңдай тер, су жаңа, су тиген, сусын, сусындау, таңдай жібіту, бір тамшы су, бір қасық су, бір ұрттам су, бір жұтым су, бір ожау су, бір шөміш су, бір тостаған су, бір аяқ су, бір бақыр су, бір шелек су, бір шәугім су, бір торсық су, бір күбі су, бір қауға су, бір көнек су, бір қазан су, бір саба су, бір астау су, бір тегене су, бір науа су, ақтұма, көктұма, ащыбұлақ, тұщыбұлақ, балбұлақ, ақбастау, көкбастау, сарбастау, қарабастау, қызылбастау, сорбастау, көлбастау, аққұдық, қарақұдық, балқұдық, сүттіқұдық, ащықұдық, тұщықұдық, ақсу, көксу, қызылөзен, сарысу, көл, қара көл, қызыл көл, көк көл, ала көл, жалаңаш көл, шұбар көл, сасық көл, батпақ көл, лай көл, жосалы көл, жасыл көл, марқа көл, жетім көл, молалы көл, тұзды көл, жерасты суы, жеміс-жидек суы, ірімшік суы, айран, сүт, қатық суы, қымыз, газдалған су, газдалмаған су, мұздай су, дәрет суы болып кете береді. Қазақ халқы суды ежелден қадір тұтқан халық. Су – тіршілік көзі. «Су ішкен құдығыңа түкірме» дейді. Кейбір ауыл-аймақтарда кәдімгі таза ауызсуды алыстан тасып, оны табудың өзі мұңға айналып отыр. Арбаларын сүйреткен ауыл балалары ұзын-сонар кезекке тұрып, бір күнін осы су тасумен өткізеді. «Судың да сұрауы бар» деген...

– Қазсаң түбі көрінбес құдық секілді ғой қазақтың тілі, сөйлеу, шешендік өнері мен мәдениеті. Осыны игерудің өзі үлкен ғылым емес пе?

– Қазақтың тілдік қорында шамамен он миллиондай сөз бар деп бір сөзімде айтқанмын. Оны жүйелеу, зерделеу, бір ізге түсіру – бір күннің, бір жылдың жұмысы емес, қарағым. Сонау көшпелі мәдениеттің тілінен бастап осы отырықшылыққа қалай келдік, соның бәрін жинауымыз қажет. Мен шама-шарқымша жинадым. Еңбегімді ертеңгі ұрпақ бағаласа, бағалар. Енді кейде қазақтың көбіміз біле бермейтін көнерген сөздерінің бары рас. Қазақта «сауын» дейтін сөз бар. Қазақ салтында болашақ тойға, асқа, басқосу, кездесу, жиналысқа шақыру – «сауын айту» деп аталады. Ен жайлап, кең қоныс тепкен елге «сауын айту» бірнеше ай, бірер жыл бұрын айтылады. Осы хабар – «сауын айту» делінеді. Бір ата елге сауын айту, бір рулы елге сауын айту, үш жүзге сауын айту деген болады. Шақай дегенді естуің бар ма?

– Бұл көне сөз болуы мүмкін...

– Бұл шикі қайыстан жасалған аяқ киім. Найманша – шақай, албанша – шақай, татарша – шабата, қытайша – ше хай, ұйғырша – шоқай. Осы бір ұқсастыққа қарағанда «шақай» сөзінің арғы түбірі бір болуы да мүмкін. Шикі қайыстан, шикі теріден жасау тек қазақта ғана бар. Басқаға ұқсамайды. Мұндағылар елдің даму тұрғысынан алғанда экономика дейді. Ал мына шығыс қазақтары «ықтисады» деп атайды. Парсылардан келген сөз ғой, тегінде.

– Аға, менің банк саласында қызмет істейтінімнен хабарыңыз бар. Экономика төңірегінде де ой қозғағап қалдыңыз ғой. Қазіргі біздің экономикамыз қалай деп ойлайсыз?

– Экономикамызды көтеруіміз үшін, алдымен бізге ұлттық бренд керек. Оны қалай жасаймыз? Ол үшін бүкіл әдет-ғұрпымызды қарап, қастерлейтінін қастерлеп, аялайтынымызды аялап, көрсететінімізді көрсетуіміз керек. Осы жақында мен Орталық мұражайда өткен бір дөңгелек үстелге қатысқаным бар еді. Сол жерде «әдет-ғұрпымызды шет елге танытуымыз керек» деген сөздер айтылып жатты. Мен соған қосыламын. Бірақ шетелдіктердің ықпалына елпілдеп-желпілдеп еріп кетпеуіміз керек. Құндылықтарымызды шетелге танытып, заманымызға сай өмір сүрмесек те болмайды. Өзің де байқап жүрген шығарсың, шетелге бара қалсаң, халқыңды айшықтап тұратын ұлттық бір нәрсеңді көрсетуің керек. Басқа еш нәрсемен ешкімді таңғалдыра алмайсың. Сенің бойыңдағы этнографияға жақындық та мені қуантады. Қазір айтылған сөзге, ойға ие керек. Ие деп отырғаным – оны қаржыландыратын қалта керек. Баяғыда маған «үш отаудың басын біріктірмек» деген де жала жабылғанын айтып едім ғой. Сонда «Қазақстан мен Қытай қазағы бір ұлт бола алмайды. Бірге бола алмайтындарының себебі – оларда аймақ бірлігі мен экономика бірлігі жоқ» деген еді. Бұл енді Сталин жолдастың анықтамасы бойынша айтылған ғой. Жарайды, оның бәрін айттық қой. Енді менің айтпағым, бұрын да айтқанмын, ұлттық өнімдерімізді шығаратын кәсіпорындар ашып оны қаржыландыру жағын ойластырумыз керек. Бұл мәселеге, Қасымхан өзің жауап бер. Қазақтың экономикасын даладан бір нәрсе әкеліп көтере алмасымыз анық.

– Айтқандарыңыздың бәрі орнынды. Мен қазір өзім қызмет істейтін «БТА Банк» талай ұлттық жобаларды іске асырып, елге нақты көмек жасады. Әр нәрсенің орны бар, әрине. Бұл дәстүрімізді сен жаса, немесе ол жасасын деп бір-бірімізге қарап отырсақ ешнәрсенің өнбесі анық. Соның үшін жалпы халық болып, керек десеңіз әрбір жеке адам ата дәстүрімізді өз отбасынан бастауы керек қой деп ойлаймын. Әрбір адам ұмыт бола бастаған дәстүрімізді өзіңіз секілді зиялылардың еңбектерінен оқулары керек. Менің бір байқағаным, біздің банктің қазіргі басшылары ұлттық салт-дәтүріміз, қазақ тілі десе көмек қолын созуға даяр екендігін күнделікті көріп жүрмін. Сондай айтулы заманға сай мамандар, «БТА Банктің» қазіргі басшылары – Арман Дунаев пен Әнуар Сәйденов мырзалар. Қазақ банктерінің тарихында банк басшысының таза қазақ тілді журналистермен жеке кездесуі бұрын-соңды болған емес шығар. Өткен жылы Әнуар Сәйденовтің өз өтініші бойынша Қадыр Мырза Әли ағамыз бастаған бір топ қазақ тілді журналистермен керемет кездесуі болды. Әсіресе, Әнуар Ғалимоллаұлымен күнделікті қызмет барысында тығыз араласып жүргендіктен ол кісіні өте жақсы білемін. Олар қазақ экономикасының нығайуына, халқымыздың тұрмысы мен мәдениетінің артуына жандарын салып атсалысып жүрген парасатты азаматтар екендігіне көзім анық жетті. Бұл жерде біздің бағытымыз да қаржы көзін отандық нарыққа шоғырландыру болып отырғандығын айта кеткеніміз жөн шығар.

Істің көзін білетін Арман Ғалиасқарұлы мен Әнуар Ғалимоллаұлы сияқты білікті де білімді мамандарға халықтың да, елбасымыздың да сенімі өте жоғары. Әнуар Ғалимоллаұлы кейіннен маған сол кездесуден алған үлкен әсерін толқи отырып айтқаны бар. Кездесуде ұлттық әдебиет пен мәдениет мәселесі жан-жақты сөз болды. Сол бір кездесуден екі жақ та ұтылған жоқ.

– Дунаевты да, Сәйденовті де баспасөз арқылы жақсы білем. Сәйденов көп жыл ұлттық банкті басқарды. Жақсы басқарды. Артық әңгіме естігеніміз жоқ. Уақыт ауыр болса да халыққа Сәйденов өте жайлы болды.

Тәжірбиесі мол, осы заманға лайықты маман, іскер азаматымыз ғой. Осындай азаматтардың қазақ баспасөз өкілдерімен кездескені жақсы екен. Қазақ руханиятына Дунаев, Сәйденов секілді азаматтарымыз жанашыр боп жатса тек қана қуануымыз керек қой, айналайын, Қасымхан-ау. Шіркін осындай іс басында жүрген ерекше азаматтарымыз енді туған халқының әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне көңіл бөлсе ғой, деп армандап отырмын. Жиындарда дәстүрімізді жаңғыртуға, оны зерттеуге үлкен еңбек сіңіріп жүрген азаматтарымызға көмек керек екенін айтудай-ақ айтып жүрмін.

– Өзіңіз қанша жыл ауасын жұтып, жастық шағыңыз өткен Тарбағатай деген таңғажайып өлке бар. Осындағы Тарбағатай сөзі қайдан шықты екен?

– Таңғажайып Тарбағатай деп жақсы айттың. Таңғажайып десе таңғажайып қой. Бірақ осы Тарабағатай сөзінің төркінін айту қиындау. Мен енді мұны іздеп те көрдім. Бір ғана дерек бар, моңғолдың сөзі деген. Оған мен сенбеймін. Менің қолымдағы деректердің сорпасы қосылмайды. Кәдімгі суырды «тарбаған» дейді. «Суырлы тау» деп тұр сонда моңғолдар. Жоқ, меніңше, оған жатпайды. Анығын білмек болып көптеген дерек оқыдым. Мұны да жақсылап іздеу керек.

– Қызық екен...

– Мамыр, маусымда қозы бағып, қара даланы жалаңаяқ кезетін жас балалар шөре қоңыздың шұқырын көрген сәтте, отыра қалып, бір тал жіңішке ағашпен ақырын түбін жыбырлатады. Сол кезде «айран берем, сүт берем, май берем, құрт берем, шөре-шөре» деп дыбыстайды. Кей сәтте дәмеленген шөре қоңыз атып шығады. Балалар оны ұстап алып, езіп, жалаңаяқ табандарына жағады. Ондағылары «шөре қоңызды табанына көп жаққан бала асқан жүйрік болады» деп ырымдағандары. Қандай негізге сүйенгендері белгісіз. Қытайдағы қазақ балаларының ісі ғой. Ал Қазақстанның батыс, оңтүстік жағында сәл басқа. Оларда қоңыз аты – құлық. Олар қоңызды «шөре-шөре» деп шақырмайды. Ұяны ағашпен жыбырлатып, болмаса оған құмырсқа салып жіберу арқылы қоңызды шығарады. Осы кезде «ғұлы-ғұлы айран берем, сүт берем, бал да берем ет берем» дейді. Айтатындары, кім қанша көп жақса, сол сонша жүйрік болады. Барлық жақтағы балалардың арманы – жүйрік болу. «Можа» деген сөз бар. Бұл – тісі түсіп, бетін әжім басып, шашы селдіреп, еңсесі түсіп, қол-аяғы қалтырап, алжып қалған адам мен малды «можа болған екен» дейді. Көне таулар мүжіліп біткен таулар, шөгіп біткен тауларды да «можа таулар» дейді.

– Аға, менің санамда бірнеше қазақтың төл сөздері жүр. Сол сөздердің төркініне көз жеткізсем деймін. «Ажырық» деген сөзге бір ой жүгіртсеңіз?

– «Ажырық» деген сөзді саяси мазмұнға да қолданады. «Ажырық» деген сөзді қылмыс пенен жазаға да қолданады. Бұл сөзді әдеттегі тұрмыстағы қорлық көргендігі үшін де айтады. Ортасын ойып қойған екі ағашқа кісінің мойны сияды. Соны мойныңа бекітіп қояды. Бір жерінен ашылады. Құлпы бар. Қалыңдау ағаш. Мойның мен қос қолың ғана тұрады. Артық қозғала алмайсың. Соны «ажырық» дейді. Мен сенің мойныңа мініп алсам, саған күн бермесем, сенің айтқан сөзіңе көнбесем, міне, осының бәрі «ажырық» болып саналады. Ажырықты мен көрдім. Түрмеде. Бірақ маған салған жоқ.

– Мына тибет халқында Далай Лама деген ұғым бар? Біздің тілге аударсақ қалай болады?

– Далай Лама өздерінің тілінде және Буддизмде «пайғамбар» дегенді білдіреді. 1953 жылдың кезі еді. Мен Тарбағатай ауданының басшысымын. Толы деген аудан бар. Сол жаққа іссапармен бардым. Барған жерімде жатуға ыңғайлап бір бөлмені босатып берді. Жұмыспен барып тұрмын ғой. Бір кісі мен жатқан бөлмеге кіріп келді. Басында сәлдесі бар. Ұзын шапан киген екен. Келіп қолын берді. Қолын алдым. Жас мөлшері сол кезде жетпістің о жақ, бұ жағында. «Жағда, мені танымадың ғой», – деді. «Кешіріңіз, аға, танымай тұрмын» дегеніме. «Ей, мен сенің Жон Дын ағаңмын ғой», – дейді (күлді). Ұшып түрегеліп құшақтап, қайтадан отырғызып, күлісіп жатырмыз. Сөйтсем, бұл ауылында жүргенде ислам діні мен Будда дінін салыстырған екен. Барабара ислам дініне ден қойып, мұсылманша оқып, мұсылман болып кетіпті. Қазақтан қыз алыпты. Алты ұлы бар екен. Өзі аудандағы бір мешіттің азан шақырушысы екен. Міне, осындай да қызықтар болған. Бала кезімде көруші едім бұл кісіні. Сол кісінің Далай Ламаға қатысы болған. Есіме түскен соң айтып отырғаным ғой.

– «Бөлдек таулар», «салмау таулар» дейміз? Төркіні қалай бұл сөздердің?

– «Бөлдек таулар» деп үлкен таудан бөлінген тауларды атайды. Өйткені таудан бөлінген адыр-адырлар болады. Бір-бірімен тұтаспайды. Ана жерде – біреу, мына жерде – біреу. Соларды «бөлдек таулар» дейді.

Салмау тау бұл үлкен таудың бір тармағы ғой. Мысалы, мына Талдықорғанның тауы бар ғой, ол – Тянь-Шаньның бір салмауы. Мына Алатауыңыз – Тянь-Шаньның бір салмауы. Міне, осыларды «салмау таулар» дейді. Мұны қазақтар Ерентау, Еренқабырға, Еренабыр деп атаған. Ана Оралды Ерепей дейді қазақ. Ерен деген «үлкен» сөзінің мағынасын беріп тұр. Өте үлкен, даңқты. Еренабырдағы «абыр» сөзі даңқы бар, өте үлкен, тым, теңдесі жоқ деген ұғымдарды береді. Жалпы, барлық жерге байланысты жергілікті халықтың атаулары бар ғой. Кейін келген саяхатшылардың қойып кетіп жүргендері... Көрмейсің бе, біздің керқұланды алып, «прежевальский» деп оттап жүр.

– Аңшылықта естіліп қалатын «жым» дейтін сөз бар. Осы жымның жігін айырып берсеңіз?

– Жым – қалың бұта. Қалың ағаштың арасында аң жүретін іздер болады. Жаяу адам ептеп жүре алады. Аңдардың өздерінің салып алған жолы. Сенен тұра қашса, жымға кіріп кетеді. Сен кіре алмай қаласың. Соны «жым» дейді. Жымға қазақ «аран» құрады. Анау тар жер ғой, теңселіп, ирелеңдеген сондай бір ұрымтал жерге істікті қойып, ағашқа бекітеді. Ана жақтан қуаласаң, үріккен аң ентелеп келген бетімен, көкірегімен қадалады. Соны қазақтар «аран» дейді. Көрдің бе, қандай сөз. «Аран құрды» дейді. Немесе аранның екінші түрі бар. Жолбарыс, аю секілді ірі аңдарды ұстауға арналған. Жерді қазған соң, үстін бұтамен, шөппен жауып, қазылғанын білдірмей қояды. Ал шұңқырдың ішінде үлкен-үлкен қазықтар болады. Аңдар шұқырға түссе болды, әлгі қазықтардың біріне қадалып, сол жерде қалады. Бұл тәсілді соғыста да пайдаланды. Ертеректе кәдімгі ағаштың басын жонып, қаламның ұшы секілді етіп, үшкірлеп көміп, аран жасаған. Қашқан жаудың әскері келіп қадалатын болған.

– Өлместің күнін көріп отырған қазақ «талғажау болар бірнәрсе тауып отырмыз» дейді. Бұл қайдан шықты екен?

– Бұл «әйтеуір өлмей отырмыз ғой, бір жапырақ нанды талғажау қылып, өлмей отырмыз. Бір жапырақ етке анда-санда аузымыз тиіп...» дейді. Қарын тоятын тамақ жоқ, бірақ өлместің күнін көріп отыр. «Ей, ана шөптен бір уыс салып қойшы, аттың алдына, талғажау қылып тұрсын соны» дейді. Тал деген өзі көп өсетін ағаш қой, оның қабығы да жұмсақ, сабағы да жұмсақ болады. Сол талға кез келген малды байлап қойсаң, қарны ашқанда қабығын сыпырып, жеп қояды. Қабығы қалмаса, өзін де жейді. Қажап жейтін шығар... Талғажаудың төркіні осы болар деген ойым бар. Жылқы жануарының тісі мықты келеді. Қарағайыңды шайнап тастайды. Ашаршылық болып, жұт болғанда адамның өзін жеп қойғанды көрдім мен. Жылқының арғы тегі жыртқыш хайуан ғой. Тісі асты-үстінде бірдей әрі үлкен болады. Кейде соғыста жүргенде ашығып қалады, жаятын уақытың болмай қалады. Сондай сәттерде атқа беру үшін қоржынымызға қойдың құйрығын білемдеп-білемдеп салып аламыз. Ашыққан уақытта атқа біреуін берсең болғаны, тақ еткізіп жеп қояды. Бір жегенде бір келісін бір-ақ асайды. Мұндайды да көргенбіз.

– Аға, өзіңіз қазақтың ырымдарын да көп білесіз. Бүгінгі ұрпақ ұмыта бастаған сондай ырымдарды бізге сөз ете отырсаңыз?

– Ондай ырымдар қазақта мыңдап саналады ғой. Оның бәрін түгендеуге менің шамам жетпейді. Көп адамның еңбек күшін жұмылдыру керек. Тағы осындай біраз сөздерді түгендегенім бар. Ырымдарды да жазып жүремін. «Жолдық» деген сөз бар.

– Қазақтың сөзі таусылмайды ғой шын мәнісінде. Әйтсе де мәніне үңіле отырайық?

– Бұл жолға шыққан адамға берілетін зат. Ол зат ат, түйе, мал, асыл зат, ақша болуы да мүмкін. «Тоқымқағар» дейтін салт болған. Тұңғыш рет жолға шыққан адамның үйінде қалған туыстары, көрші-қолаң жиылып шай береді. Мал сояды. Шағын бір тойсымақ өткізеді. Жолаушыға ақ жол тілеседі. Бұл салт «тоқымқағар» делінген. Үй төңірегіне келіп сауысқан шықылықтаса алыс-жақыннан хабар келеді деп ырымдайды. Күшік күйеу деген бар қазақта, қайын жұртқа сіңген күйеу, қайын жұртқа еңбегі өткен күйеу, құл сияқты еңбек ететін, қадірсізденген күйеуді айтады. Бала үйге кіре беріп жығылса, олжа келді дейді. Көрдің бе баланың жығылғанының өзін олжаға теңейді. Кесеге құйылған шайдың ішіндегі самба (шәмбе – авт.) тік тұрса, үйге қонақ келеді дейді. «Құтты қонақ қонса, қой егіз табады, құтсыз қонақ қонса, қойға қасқыр шабады» дейді біздің қазақ. Үйдің шаңырағына қарлығаш ұя салса, тыныштық болады деп ырым етеді. Шаңырақтан шыққан түтіннің түзу шыққанының өзін жақсылыққа балаған ғой біздің халық.

– Ит ұлыса жаман ырымға жорып жатамыз, неге?

– Иттің ұлығанын жек көреді біздің қазақ. «Өз басыңа көрінсін» деп жатады. Иттің аунағанын «мал өледі», «терісі жайылады» деп жамандыққа балайды. Аттың пысқырғанын «арам тері шыққалы тұр» дейді. Ат құйрығын көтеріп, сілкіп-сілкіп, тарамдайды. Бұл – жаман ырым. Иесі өлуі мүмкін дегенді білдіреді. Адам түкірігіне шашалып қалса, «май қап, май қап» деп тілек айтады. Үйге кірген жыланды өлтірмей, басына ақ құяды. Адам түшкіргенде – «сау бол, ұзақ жаса» деп айту салты бар. Біреу «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп» зулап отырғанда, бала түшкіріп қалғанда «әне, менің айтқанымды растап жатыр» деп арқаланып қалады. Ұрлап келген малға «судай сіңіп, балдай батсын» деп бата береді. Қазақ халқы түс ауғанда, кеш болған кезде ауырып жатқан адамның көңілін сұрамайды. Көңіл сұрау түске дейін болады. Қазақ салтында: «қалайсыз?» деген сұраққа: «шүкір, жақсымын, рақмет», – дейді. Ал орыстар – «жаман, өлгелі жатырмын» деп жауап береді.

– Біздің халқымыз жақсы біткен іске, қуанышты нәрсеге сүйінші сұрап жатады. Сүйінші қашан да жақсылықтың белгісі ғой, аға?

– Ұлы қуаныштар кезінде бүкіл ел бір-бірінен сүйінші тілеп, қуанышқа ортақ ниет білдіреді. Жау жеңілгенде, жеңген жақ бірбірінен сүйінші сұрайды. Саяси қуғын-сүргін көрген азамат елге аман оралғанда тілектестер бір-бірінен сүйінші сұрайды. Бір шаңыраққа ұл келгенде туыстар бір-бірінен сүйінші сұрайды. Ат бәйгеден келгенде ауылдастар бір-бірінен сүйінші сұрайды. Азаматтың ойға алған арманы жүзеге асқанда сүйінші сұрайды. Сүйінші сұрағанға не жетсін!

Ол рас енді. Мен ырымдар тұрғысында біраз айттым ғой. Енді халқымыздың тыйымдары төңірегінде толғанып көрейін. Халқымыз Ай мен Күнді және жұлдыздарды ерекше құрмет тұтқан. Тіпті, оларды қолын шошайтып көрсетпеген де. Әсіресе, жаңа туған айды көру қазақ үшін бір ғанибет. Айды өздері кие санаған. Жаңа айға қарап тұрып «Ей, Тәңірім, жаңа айдай жарылқа, ескі айдай есірке. Еліме тыныштық, отбасыма амандық бер», – деп бетін сипаған. Аспанда қанша жұлдыздар жамырап тұрса да оларды саусақпен санап көрсетпеген. Тек көзімен ғана санаған. Бұл да жұлдызға деген құрметі болса керек. Аталарымыз отқа су құйма, суға түкірме, күлді баспа, жолды шаңқытпа, жол жиегіне дәрет сатпа, – тағы да басқа әдепсіз әрекеттерден сақтандырып отырған. Бір жағынан қарасаң осының бәрі – дұрыс. Бұл – ибалықтың, мәдениеттің бір көрнісі. От пен су тіршіліктің көзі. Ал тіршіліксіз өмір болмайтыны белгілі. Сондықтан да өрескел қылықтардан ұрпағын тыйып отырған. Салтымызда жаңа түскен келінге отқа май құйғызады. Оттың алауымен аластайды. Өзге ұлттар үшін бұл тосындау көрінуі мүмкін, ал қазақ үшін үзілмей келе жатқан үрдіс. Бұл жай ғана үрдіс емес, тіршілікті сыйлаудың, отбасын, шаңырақты сыйлаудың тамаша үлгісі. Мысалы бұрынғы кездері қазақ отбасыларында (ол кезде электр шамы жоқ әрине) май шам болатын. Ұйқыға кетер кезде май шамның отын үрлеп өшірткізбейтін. Білігін басып, сөндіртетін. Бұл да әдептілік. Әрі отты өшіру жақсы ырым емес. Өз отыңды өзің өшіргенмен бірдей боласың. «Отың өшпесін», «шырағың сөнбесін» деген тәмсілдерді халқымыз бекер айтпаған. Қазіргі кезде осы тыйымдар жоқ. Оқтатекте шақырған соң үйлену тойларына барамыз. Әлгі кеште түрлі біздің ғұрпымызға жат қылықтарды көріп, жаның жасиды. Жаңа түскен келінге үлкен торт әкеліп береді. Торттың жиегіне жағалай шырақ қойылған. Жаңа түскен келін сол шырақтарды үрлеп өшіреді. Қарап тұрып, жаның күйзеледі. Бұл қайдан шыққан ырым? Адам өз отын өзі өшіре ме? Бұл көріністен қандай болашақты бағдарлауға болады? Әрине, Еуропадан келген әдет бұл. Біздің ұлтымызға, салтымызға қайшы келетініне қарамастан, осындай жағдай өріс алып отыр. Аталарымыз көк шөпті жұлғызбайтын. Талдың бұтағын сындыртпайтын. «Малды теппе, балағаттама», «мал сүйегін отқа жақпа», «ақты (айран, сүт, қымыз, қымыран) төкпе», «ақ төгілген жерді баспа» деп үнемі айтудан жалықпады. Сол айтқандарын біз бұлжытпай орындап өстік. Одан жаман болғанымыз жоқ.

– Енді бұлай деп айтуының себептеріне тоқталсақ.

– Көкті жұлма дегені – табиғатты қорлатпағаны. Табиғат – біздің анамыз. Біздің өмір сүруімізге, тіршілік жасауымызға септігін тигізіп отыр. Мал қазақ халқының – тағдыры, ырыс-несібесі. Малсыз қазақтың күні жоқ. Мал – жесең ет, кисең киім, мінсең көлік, ішсең сусын. Сондықтан да бабаларымыз малды қорлатпаған. Ал енді тұрмыс-тіршілігімізге байланысты кейбір тыйылымдар есімде қалыпты. «Малға теріс қарап мінбе», «киімді теріс киме» деген сөздерді де жиі еститінбіз. Бұлар да – жаман ырым. Ертеде біреуге тілі тиген немесе қолы тиген, сөйтіп халықтың наласына қалған адамдарды жазалағанда атқа теріс мінгізіп, елдің ішін аралататын болған. Оны көрген, қылмысын естіген көпшілік ол адамның бетіне түкіріп, артынан топырақ шашып, масқаралаған. Ондай адамдардың кейбірі ұяттан өліп те кеткен. Өлмей қалғаны мінезқұлқын, іс-әрекетін дұрыстап, көпшілік көңілінен шығатын тіршіліктер жасаған, ел қатарлы өмір сүрген.

– Біздің бабаларымыз қандай данышпан болған десеңізші. Осы ырым-тыйымдар бүгінгі күні де керек-ақ. Ауылдық жерлерде әлі де қазақы ырым-жорамалдың бой көрсетіп қалатыны бар. Өзіңіз де ауылда болып жүрсіз ғой, аңғарғаныңыз бар ма?

– Тым алысқа бармағанмен Алматының төңірегіндегі елді-мекендерде болуға тура келеді. Қариясы бар үйдің қашан да берекесі бар ғой. Үнемі білгенін айтып, жақсылыққа баулып, жамандықтан аулақ болуын тілеп отырады. Өзіміз де айтып жүреміз. Тағы біраз тыйылымдарды тілге тиек етейін. Қазақ даладан келгенде атымен шауып келгенді қаламаған. Оған тыйлым жасап отырған. Ол жақсы ырым емес. Сырттан келген адам жау шапқанда ғана соны хабарлау үшін ауылға шауып келетін болған. Сондай-ақ зиратқа қарап та жүгіруге болмайды. Бұл да жақсылықтың нышанын білдірмейді. Қазақтағы «өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деген мақал осындайдан қалса керек. Қазақтың көне ғұрыптарының бірінде кісі өлгенде қаралы үйге атпен шауып бару және қайтқан адамның жылын бергенде оның зиратына ат қойып, шауып бару ырымдары болған. Сондықтан да жайдан-жай атпен шабуды, молаға қарай жүгіруді тыйып отырған.

Отты айналудың жаман әдет екенін де айтып отырған. Біреудің малмүлкін ұрлады деп күдік тудырған адамды жауапқа тартқанда істелетін көне жосық қой. Мал жоғалтушы ұрыны көрсетеді. Ол ұры қылмысын мойындамайды. Сол кезде қазылық етіп отырған ауыл ақсақалының айтуымен күдікті адам малды не болмаса затты алмағаны үшін «жан беретін» болған. Жан беретін адам қолына құран ұстап, жанып тұрған отты үш рет айналып, ант-су ішкен. Сонда барып, қазылар да, ел-жұрт та оның ұры емес екендігіне сенетін болған. Сондықтан да тектен тек үйді немесе отты айналуға тыйым салынған. Қазақтың «арам іске ант ішсе, айрандай жұғар» деген мақалы бұл сөзімізге айғақ. Бүйір таянудың, таяққа сүйенудің, орынсыз аһылап-уһілеудің және күрсінудің жаман әдет екендігі айтылған. Бұрынғы заманда ата-анасы өлген адам ғана таяққа сүйеніп жылайтын болған не болмаса екі қолымен бүйірін таянып, дауыстап жылайтын болған. Аһылап-үһілеп күрсінген. Себепсіз бүйір таяну, таяққа сүйену, орынсыз аһылап-үкілеу осындай жамандыққа бастайды деген жорамалмен, оларға тыйым салған. Күн шыққанша ұйықтау мен күн батарда ұйықтау да бізге жат екендігі белгілі. Бұлар да жақсылықтың нышаны емес. Тіпті, ауру адамның өзін күн батардың басын төсектен көтертіп отырғызған. Күн – ұлы, киелі планета. Оған батарда жол беру керек, онымен жарыспау керек. Ал осы тыйылымның екінші жағына келетін болсақ, адамның өзі үшін пайдалы екенін білеміз. Ерте тұрған адамның денесі ширақ болады, денсаулығы мықты болады, қолына алған ісін тез бітіреді. Сондықтан да халқымызда «ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген тамаша тәмсіл бар. Кейде жастарға аяғыңды басыңнан биік көтерме деп жатамыз. Өйткені қазақта бас – дос, аяқ – дұшпан деген ұғым бар. «Дос басыңа қарайды, дұшпан аяғыңа қарайды» деген мақал, бәлкім, осыны меңзеп тұрған шығар. Екінші жағынан, аяқты бастан жоғары көтерудің өзі ешқандай ибаға да, әдептілікке де жатпайды. Өлімге бата қылып барғанда, не бата жасап қайтқанда, сол сияқты бейіт басынан оралғанда жол-жөнекей басқа үйге кіруге болмайды дейтін қарттар. Мұның себебі, кісісі қайтқан қаралы үйге бара жатып, өзге отбасына кірсең, әлгі үйдің басындағы жағдайды сол шаңыраққа тілегендей боласың. Бейіттен келе жатқанда да тұп-тура өз үйіңе келген абзал. Егер жол-жөнекей өзге туысыңның, не жолдасыңның амандығын білу үшін үйіне соға қалсаң, зираттан келе жатқаныңды білгенде, іштей ренжіп қалады. Мұндайда алдымен туысың мен досыңа, сосын зиратқа бару керек. «Есікті керме», «үйдің маңдайшасына төбеңді тіреме» дейді. Осындай да тыйылымның түрі бар. Бұл да – көнеден келе жатқан ұғым. Ерте кезде барымталап жүріп мерт болған адам үшін немесе соғыста қаза тапқан батыр үшін өлтірген жақтан құн сұрау дәстүрі болған. Құн сұрауға келген адам екі қолымен босағаны керіп, маңдайшаны төбесімен тіреп тұрып, бір аяғын ішке аттап, екінші аяғын сыртта ұстап тұрып, құн сұраған. Бұлай тұрудың мәні – өлген адамның құнын төлемесең, босағаңды қиратып, шаңырағыңды ортаңа түсіремін дегені. Бабаларымыз барынша әділ болған. Кінәлі жақ жәбірленушінің талаптілегін орындап отырған. Осыншама ұлан-байтақ жерді иеленіп, оны ұрпағына мирас ету – бабаларымыздың батырлығының ғана емес, әділдігінің, шыншылдығының арқасы.

– Аға, сіз айтып отырған кейбір ырымдарды өскелең ұрпақ білмейді ғой, расында. Осындай маңдай теріңізді төгіп жазған еңбекті халыққа жеткізу, жариялау біздің міндетіміз деп білеміз.

– Ой, айналайындар. Бір қазақтың баласы болса да осыны біле бергені дұрыс. Маңдай тер деп қалдың. Осы маңдай тер, еңбек ақыға байланысты жазғандарым жадыма оралып отыр. Оның бірқаншасын айтып өтейін.

Ақы, еңбекақы, сүтақы, көз ақы, табанақы, жамбас ақы, жол ақы, су ақы, жер ақы, іс ақы, қол ақы, күш-көлік ақы, өріс ақы, күш ақы, туыстық ақы, жолдастық ақы, достық ақы, кіре ақы, жалақы, қаламақы, кеңес ақы, кісі ақы, қол үздік, пышақ ұшы.

– Тағы да басқа ақы алынатын еңбегі сіңер дүниелер болса, айта отырсаңыз?

– Бір ғана маңдайтер, еңбекақыға байланысты сөздер ғой мұның бәрі. Ақы – біреудің екінші біреуден алатын аласы ғой. Аласы-бересі бар байланыста төлемнің салмағы алуан түрлі, алуан атаулы болады. Еңбекақы – адам баласының бірін-біріне, қоғамға, ғылымға, еліне, жеріне сіңірген еңбегі өз бағасын алып, өз құндылығын белгілеп жатады. Адамның сіңірген еңбегінің төлемі – «ақы» деп аталады. Еңбекақы деген сөз осыдан келіп шығады. Кедей адам байларға жалданады. Мал бағады, егін салады, шөп шабады, орақ орады, егін суарады, мал қора салады, үй тұрғызады. Жалдану мерзімі – күндік, жетілік, айлық, алты айлық, жылдық немесе бірнеше жылдық уақытқа созылады. Жалданушы бір жұмысты істеп беру үшін, сол істің қанша еңбек күшін талап ететінін мөлшерлеп, өз еңбегінің төлемін сұрайды. Кейде ел ортасындағы ортақ баға төлеміне тоқтайды. Жалданған іс аяқталғанда, жалдаушы оның ісін өткізіп алып, кесімді еңбекақысын төлейді. Алған төлем еңбек етушінің жалақысы аталады. Қаламақыны жақсы білесің ғой. Қалам иелерінің жазып-сызған еңбегі баспа бетіне шыққанда, еңбек иесіне төленетін төлем – қаламақы делінеді. Жақсы бура, жақсы айғыр, жақсы бұқа нәсілді текті аталық жануарларға әкеліп інгенді қайытып, биені айғырдан шығартып, сиырды қашыртып алған соң аталық малдар иесіне төленетіні «күшақы» дейді қазақ. Қазақта «ененің сүті, әкенің күші» деген бар. Кейде «күш ақыны» «белақы» деп те атайды. Табанақы, маңдайтер деген сөздің төңірегі ғой. Бір азаматтың жүріп өткен жолы, терлеп-тепшіп сіңірген еңбегін атағанда, бағалаған кезде, «Табанақы, маңдайтерін бер» деп сұрайды. «Көзақы» – сұраншақ, тіленші саналады. Бір нәрсеге қызыққыш жандар өзін-өзі билей алмай, сұрап алғысы келеді. Сұрап алады да. Осындай адамның мінез-құлқын бейнелеу үшін «көргенінен көзақы алатын жан» дейді. «Жамбасақы» – қонақ үй, мейманханаларда түнеп шыққаны үшін, тәулігіне төленетін ақы. Осы төлемнің түрі жамбас ақы деп аталады. Кіреақы деген бар.

– «Кіреақы» дегенді тарқатып бересіз бе?

– Бұл – жүк тасымалдайтын көлік, арба, шана, машина, пойыз, ұшақ, қайық, кеме сияқтылар бір жерден екінші бір жерге жүк апарғаны үшін, алатын ақысы «кіреақы» деп аталады. Бір затты әкеліп бергені үшін, алып беріп жібергені үшін төлем сұрайды. Төлемнің аз-көбіне қарамайды. Ол төлем «қолақы» делінеді. Ұзақ уақыт бірге жүріп, бірге тұрған екі жолдастың бірінің басына ауыртпалық түскенде жолдасына көмек қолын созуға тиісті. Ал сол көмек «жолдасақы» деп аталады. Туыстар арасында шексіз сүйіспеншілік, махаббат бар. Онда баға жоқ. Солай да болса өз туысына риясыз көмектесу – туыстық қарыз аталады. Қазақта туыстық қарызын өтеді, өтемеді деген сөз бар. Ананың қарызын өтеу – бала үшін, ең қасиетті парыз. Туған анасына қолынан келген көмекті істеу қарыз өтеу болып табылады. Әкесі баласын бағыпқағып өсіреді. Тәрбие береді. Азамат қатарына қосады. Білім алсын деп оқытады. Осы бір қыруар еңбек «баланың әкеге қарызы» деп аталады. Бала ойдағыдай азамат болса – әке қарызының төленгені. Бала өз басын өзі күйіттей алмай, қара басын алып жүре алмаса – әке еңбегінің еш кеткені, әке қарызы өтелмегені. Қолында бар-жоғына қарамастан әкесін күтсе, ол бала әке қарызын төледі деген ұғымды береді. Баласы өз әкесін күтпесе, әке қарызын төлемеді деген ұғымды береді. Егістікке пайдаланған суға төлеу, мал суғаруға орай, су иесіне төлеу, көлік, машина, тағы басқа тасымал суға ақы төлеу, қаладағы, ауылдағы құбыр суларына төлем төлеу суақы делінеді. Егістікке пайдаланған жерге төленген, құрылыс жүргізген жерге төленген төлемақы түрлері «жер ақы» саналады. Қыстау, жайлау, көктем, күздеу жерлерді, өрістерді пайдаланған мал иесі малын жайған өрістеріне төленетін тиесілі төлем «өріс ақы» делінген. Қоныс ақы бұл мал иелерінің қонған жері мен мал өрісіне пайдаланған жерін бірге қосып алатын ақысы – «қоныс ақы». «Қоныс ақы» мен «өріс ақы» қазақ тілінде бір ұғым. Мал сойып жатқанда, соғым сойып жатқанда, қасапшыға «қолүздік» беріледі. Мал иесі оған кесек ет, жілік, мүше береді. Қасапшыға берілген ет – «қолүздік» аталады. Ет кесуші пышақты иесіне қайтарғанда бір асым етті пышақ ұшына шаншып қайтарады. Сол ет «пышақ ұшы» деп аталады. Пышақ ақысы деген ұғым бар.

– Қазақтың салтында қызды алған жақ «сүтақысын» береді емес пе?

– Той болар алдында келін алатын жақ қыз әкесіне босағасына «сүтақы» атты мал байлайды. Малдың түрі, не заттың түрі қыз алатын жақтың дәулетіне орай болады. Қолында болса түйе, ат, сиыр, кейде «жамбы» – (бұл – салмағы екі жарым келі тартатын күміс) береді. Бұл сүтақы қыздың шешесіне арналады. Бақтың, қақтың, ақ сүт, ақ уызыңды еміздің, соның беделіне орай «қарыз төле», «ақ сүтіңді еміздің, енді ақ батаңды бер» деген ұғымда ғой.

– «Қарға тамырлы қазақ» деп жатамыз. Сөйлесе келе туыс болып шығамыз. Мұның өзі бір атадан тарағанымыздың белгісі болар. Туыстық атауларды да жіктеп берсеңіз...

– Жалпы, қазақты не үшін «қарға тамырлы қазақ» дейді екен дегенге жауап іздеп таба алмадық. Бұл тақырыпқа 1990 жылдары тереңірек кіріскен едік. Әркім өзінің жорамалдарын ұсынып жатты. Маған ешқайсысы ұнаған жоқ. Нақты пікір таба алмадық. «Қазақтың туы қандай болуы керек» деген ұсыныстармен қатар осы «қарға тамырлы қазақ» жөнінде де бірнеше мақала да шықты. Бірден табу мүмкін емес. Мұны іздеу керек. Түбірі басқа болып, кейін өзгеріске ұшырауы да ғажап емес. Кейбір сөздер бар, олар бүтін мазмұны жоғалып кеткен дүниелер ғой. Қазақ халқы өз туыстарын атауды бірнеше салаға бөледі. Ата-баба туыстары, жеті ата туыстары, өз жұрты туыстары, нағашы жұрты туыстары, қайын жұрты туыстары, жиен туыстары және өзінің рулық жақындары. Ата-баба туыстарына: ұлы бабалас туыстар, бабалас туыстар, ұлы аталас туыстар, аталас туыстар, ұлы әкелес туыстар, әкелес туыстар, бала (өз туыстары – авт.) немере, немерелес туыстар, шөбере, шөберелес туыстар, шөпшек, шөпшек туыстар, немене, немене туыстар, туажат туыстар, тумайжат туыстар, жүрежат туыстар, жекжат туыстар болып бөлінеді.

– Аға, құлазыған, өмірден түңілген сәттеріңіз көп болды ма? Жалпы осы құлазу, жабығу, торығу жайлы сөз қозғап көрсек?

– Осындай араласатын туыстарың, жақының жоқ болса, жағдайың мүшкіл ғой. Жүзіне қарар адамың, барар жерің жоқ болған соң қиын болмай, оңай деймісің?! Адамның жанында мұндайда құлазу болады. Торығады адам. Қазақ халқы құлазу туралы сан алуан сыр шертеді. Құлазудың түп-төркіні жоқтау. Кеше бар нәрсе, бүгін жоқ. Кеше бар ел-жұрт бүгін жоқ. Кеше асар-күсер той-тойлап, лақ тартып, ат шаптырып, уда-шу мәре-сәре күй кешкен ел бүгін жоқ. Көшіп кетті, ауып кетті, олардың жұрты ғана қалған. Кешегі жағылған от, қайнаған қазан жоқ. Күлі бұрқырап, тасошағы жатыр қаңырап. Қалың малмен ұзақ отырған сары жұртта қылтиған шөп те жоқ, айнала тап-тақыр. Дәл осындай жағдайда сол елді іздеп келген қазақ ауылдың жанындағы төбеге шыға келгенде, елсіз, қаңырап қалған жұртты көріп, «құлазып жұрты қалған, құлазып жері қалған» дейді екен. Көшкен адамды емес, бос қалған табиғатты мүсіркеп тұрған адамның өз ойы, өзінің армантілегі құлазып тұр, көңіл күйі құлазып тұр.

Құлазыдым, торықтым,
Өз ойыма зорықтым.
Өмір бойы қуғын-сүргін,

Бітпестей дауға жолықтым, – деп жазыппын ғой 2007 жылы. Бұл – менің замандастарымның қатарының сирегені, қарттықтың келіп жағадан алуы, қаусырып қыса түсуі. Осының бәрі адамды үлкен құлазуға алып келеді. Сырласар адамның табылмауы... (Жағда аға осыны айтып, басын төмен салып, өзінің үнемі жаюлы тұратын төсегінде біраз үнсіз отырды. Адам қартайғанда көзінде жас та қалмайды деуші еді, мүмкін жүрегі жылап отырған шығар деп, мен де ұзақ үнсіздікті бұзуға батылым бармады.).

– Осы кәдімгі етігіміздің астына ойып салынған «ұлтарақ» дейміз. Бұл сөздің де мағынасы қызық сияқты...

– Қазақ «ұлтанды жер» дейді. Ұлтанды деп тұрғаны – топырағы қалың, өсімдігі мол, орман-тоғайға толы жер деген. «Ұлтанды ел» дейді кейде. Ұлтанды ел дегені – «көп» дегені. Сөздің алғашқы этимологиясын табу қиын ғой. Кейін ол өзгеріске ұшырайды. Қалың, көп деген түбірден шықты ма екен... Сөздің төркінін іздеу өте қиын. Етіктің мына табаны – ұлтаны, енді осы табаны мен үстіңгі қабатын біріктіргенде – «ұлтарылды, ұлтарды» дейді. Ұлтан мен үстіңгі қабатын біріктіруді «ұлтару» деп атайды. Ал киізден не басқадан ойып салынатын нәрсе, ол ұлтарақ. Ұлт, ұлтшыл, ұлан-ғайыр деген сөздер тұр. Ұлы деген сөз тұр. Түпкі мағынасына көз жеткізу қиын. Мұны да іздеу керек. Жалпы, өзім де осы сөзге таңғалғаным бар.

(Аға орнынан тұрды да өзінің бөлмесіндегі кітаптар мен қолжазбалар жиналған қоңыр сөренің астыңғы жағындағы қораптың ішіне салынған біршама дүниелерді алып шықты. «Менің қолым епті, икемі бар, шебермін ғой», – деді. Сөйтті ағаштан әдемі етіп жасалған қазақтың етігін көрсетіп, не екенін сұрады.. «Етік қой бұл», – дедім. «Мұны өзім жасағам» деп табанын көрсетті. Табанына назар салып ем, 1966 жылы қазан айында жасалыпты. Бұл етікті ақсақал қырық жылдай осы қолжазба мен том-том кітаптардың арасына қойып сақтапты. Сосын ақсақал тағы да бір затты көрсетіп: «Бұл аюдың тырнағы», – деді. Алматыда хайуанаттар бағында өліп қалған аюдан кесіп алғанын айтты. Сөйтті де, қария тырнаққа қатысты әңгімесін бастап кеп жіберді. Мен де жазып алуға кірістім). Қазақта «мынаның тырнағы аюдың тырнағындай екен» деп жатады. Неге ол мысықтың тырнағы емес, неге оны иттің тырнағы демейді? Неге бүркіттің тырнағын айтпайды? Бүркіттің де тырнағы осал емес қой. Сонда бұл жерде аюдың тырнағының мықтылығын айтып тұр. Аюдың буынынан күш келгенде, әлгі тырнақтардың қандай күшке ие болатынын сезе бер. Орып жібереді ғой. Міне, біздің қазақ тегін айтпайды (Өзім де біраз ойға қалдым. Өйткені аюдың тырнағының мықтылығын көріп, оған аюдың тірі кезіндегі күшін қоссаңыз, шын мәнісінде үлкен құдіретке ие екен. Иә, біздің қазақ білген соң айтады). Жалпы, сөзді сөз түртіп шығарады. «Зымыран торғай» деген бар. Тау өзендерінде мекен ететін торғайдың түрі. Түсі қарасұрлау, қанатқұйрығында ақ қауырсындары бар. Бозторғайдай шымыр денелі, суға сүңгіп кетіп, қайта шығып, қайта сүңгіп жүреді. Осы мінезіне орай «зымыран торғай» атанып тұрған болар. Мысық баласы әртүрлі аталады. Соның бірі – «марғау». Мына Жеті сөзіне байланысты бірнеше атаулар бар. Жеті жұрт, Жеті қазына, Жеті жетім, Жеті әлем, Жеті ата, Жеті қат жер, Жеті қат көк, Жеті тозақ, Жетісу, Жеті әулие, Жеті ру, Жеті жаста бала тісінің түсуі, Жеті әкеңнің аузы, Жетпіс жеті әкеңнің аузы.

Табиғаттағы жеті қазына:
Көк аспан, Күн, От, Ай, Су, Ит, Жер.

– Осы «Жеті қазынамызға» кеңірек тоқалып кетсеңіз?

– Халықымыздың рухани құндылықтарының ішінен қасиетті, өздеріне жақын дегендерін сұрыпталудан өткеріп, «жеті қазына» ретінде таңдалынған. Оның кейбірінде діни көзқарас басымдылық танытса, екіншісінде халықтың әлемді тану, игерудегі өмірлік тәжірибелері негізгі рөл атқарған. «Жеті қазынаны» жоғарыда тізбектедік.

Бұл жерде біз «жеті қазынаны» емес, адамға қажетті жетпіс жеті қазынаны табуға болар еді. Осы құндылықтарымыздың сыры мен қырын ашқанымызда ғана бүкіл адамзаттың мәдени байлағыны, көзқарасына, қоршаған ортамен байланысымыздың артуына көмектесеміз. Әрбір адам өз халқын жақсы танып-білуі үшін дәстүрін терең білуі керек, өз халқының жағымды-жағымсыз қасиеттерін өзге халықтармен салыстыра отырып бағамдауы керек. «Қазақ – ақын халық» деп жатамыз. Әу, демейтін қазақ кемде-кем. Бұл – қазақтың дүние тануы кең, табиғатпен байланысы дамыған деген сөз. Рухани құндылықтарымызды шешендік сөздерден де, мақалмәтелдерден де алып, тізбектей беруімізге болады.

– Өзге халықтарды қайдам, қазақ үшін ата-баба аруағын қастерлеу ең қасиетті, абыройлы істердің бірі. Қазақ біреуге тілек білдіргенде «ата бабаңның аруағы жар болсын» немесе біреуге лағынет айтқанда «аруақ атсын» деп жатады. Аруақты қастерлейтініміз, қатты құрметтейтініміз рас. Осы мәселелерге байланысты сіздің пікіріңіз қандай?

– Түркітілдес халықтардың ішінде ата-баба аруағын пір тұтқан, оны сыйлап, сыйынып отырған біздің бабаларымыз екені – шындық. Аруақ сыйлау бұрынғы өткен зиялы адамдардың – ақындардың, батырлардың, ру, тайпа көсемдерінің аруақтары қиналған кезде желеп-жебеп жүрсін, мақсат-мұратымызға жетуге себепкер болсын деген ұғымнан туындаса керек. Қазақ аруақты айтқанда ұшатын бүркіттей қомданып, еңсесі көтеріліп қалады. Басқа уәжге тоқтамаса да, аруаққа тоқтайды.

«Мен оған аруағымды қорлатпаймын», «Аруақ аттаған, оңбас» тағы да басқа осындай қанатты сөздер халқымыздың ата-баба аруағына деген шын пейілінен, ыстық жүрегінен туған.

– Сіз көпті көрдіңіз, көп оқыдыңыз, тәжірибеңіз де, түйгеніңіз де өте мол. Таңғажайып қазына десек те болатындай. Ата-баба аруағын сыйлау, оған табыну қазақтан басқа елдерде де бар ма? Сондай деректерді ұшыраттыңыз ба?

– Аруаққа табыну әлем халықтарында жиі ұшырасады. Бірақ әр ел бұл үрдісті өзінше атқарады. Біздің бабаларымыздың түсінігінше адам өлгенмен оның жаны өлмейді, көкке ұшып кетеді. Данышпан Абай:

Өлсе, өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайта келіп, ойнап күлмес, – дейді. Абай бұл ойды қайдан алып отыр. Әрине, өзіне дейінгі бабалардың таным-түсінігінен, пайымқарекетінен алып отыр. Кейде біз әкесі әуелі өліп, артынан іле-шала шешесі өлсе «бірін-бірі алып кетті, «екеуі бірге жүрген шығар» деп жатамыз. Әрине бұл дүниеден кеткеннен кейін оларда тіршілік бола маболмай ма, бірімен бірі табыса ма-табыспай ма, ол жағы бізге беймәлім. Дегенмен бабалардың іс-әрекетінен, жоғарыдағыдай данышпандардың сөзінен, адам жанының мәңгілік екенін топшылаймыз. Дүниедегі екі ғашық әлдебір себептермен марқұм болып, о дүниеге озған соң кездесе қалғанда бірін-бірі танымайтындығы жөнінде де ұғым бар. Бұл түсінікті, Абай да жоққа шығармайды. О баста адамзат баласы бір нәрсеге сенім артқан, сенген, содан демеушілік дәметкен. Яғни байырғы тайпалардың өз тотемі болған. Қазақта да мұндай түсінік бар. Біз үшін көк бөрі, ақ қаз, аққу, марал, жылқы, жолбарыс қастерлі. Жалпы, түркі халықтары да осы аңқұстарды өзіне пір санаған. Бұларды өздерінің арғы нәсілін таратушы деп болжаған. Мысалы, Жетісудың атақты ақыны Сүйінбай:

Бөрі басы – ұраным, Бөрілі менің байрағым, – деп жырлайды. Яғни өзінің атабабаларының шығу тегін Көк бөрімен байланыстырады. Найманның ұраны – Қаптағай. Қаптағай – атан жілікті, нар тұлғалы, қаһарлы түйе бурасының атауы. Демек, найман өзінің ерлікке толы ісәрекетін, тіршілігін, қайсарлығын сол бураға теңеп отыр. Өзінің шығу тегін де Қаптағайдан таратып отыр.

– Қазақта тағы да қандай тотемдер бар? Есіңізде барын атай кетсеңіз.

– Мысалы, Қаз дауысты Қазыбек, Мүйізді Өтеген, Қу дауысты Құттыбай, тағы да басқа теңеулермен айтылатын кісі аттары бізде баршылық. Осылардың барлығы есімдеріне жалғанған қосалқы теңеулер арқылы шығу теңін айқындап тұр.

Қазақ – басына қаншама қиындық күн туса да, тұтас елі мен өзге жаққа қоныс аудармаған, үдере көшпеген халық. Ұлан-байтақ жерінің бір шетінен екінші шетіне қоныс теуіп жүре берген. Мұнда да мән бар. Өйткені оның қонысында ата-бабаларының, әке-шешелерінің, ағайынтуысының зираттары бар. Ол зираттарда сүйектері жатыр. Аруақты қастерлеген қазақ ата-бабасын жатқа қалдырып, жаңа жер іздемеген. «Мұнда ата-бабамның сүйегі жатыр, зираты жатыр» деген сөздер осыдан айтылса керек. Ұлан-байтақ жерді сақтап қалуда қазақтың аруақты қастерлегенінің де үлкен пайдасы бар. Егер қазақ қара басының ғана қамын ойлағанда Атырау мен Алтайдың, Алатау мен Арқаның, Алтай мен Сырдың аймағын қорғап қала алмас еді.

– Әлгі сөзіңізде «әр тайпаның өз нанымы бар» дедіңіз. Қазір олар көп айтылмайды. Осы тотемдердің орнын ауыстыруға бола ма?

– Адамзат баласы бірнеше дәуірді басынан өткерді ғой. Патриархалдық қоғам дамыған кезде аталмыш тотемдердің, яғни хайуанаттардың орнын ру басылары, тайпа көсемдері алмастырды. Дегенмен тотемдерді де біржола ұмытқанымыз жоқ. Олар әр тайпаның санасында, аңыз- әңгімесінде жүр. Кейде тотемге айналған халық қаһармандарының жартылай денесі тайпаның пір тұтқан хайуанымен бейнеленеді. Ерекше тұлға дүниеге келерде оның анасы сол тайпаның тотеміне айналған аң-құстың етіне, жүрегіне, миына дегендей, аңсары ауып жерік болады екен. Нәтижесінде болашақ батыр, қаһарман өмірге келеді. Ол өзгелерден ерекшеленіп әрі батыр, әрі ақылды, әрі шешен болып жаратылады.

Қазақ «жеріктік» мәселесіне ерекше көңіл аударған. Мұны мен де қоштаймын. Айталық, бір әйел аюдың жүрегіне жерік болды делік. Оған қалай да «жерікасын» тауып беру шарт. Отағасы ағайын-туысын жинап, ақылдасады. Аюдың жүрегін әкелуге кімнің баратындығы, кімнің қолынан мұндай ерлік келетіндігі сол басқосуда нақтыланады. «Жерікасы» табылған соң, оны алып келген адамға сый-сыяпат жасалынады. Жиналғандар болашақ сәбидің аман-есен дүниеге келуін тілеп, шаңырақ иелеріне өз сыйлықтарын береді. Көбінесе, мұндай басқосуға келгендер күмістен жасалған бұйымдар мен құстардың, аңдардың мүшелерінен (айталық, қасқырдың тісі, қыранның тырнағы) жасалған сыйлықтарды өмірге келетін сәбидің төсегіне, бесігіне тағатын болған. Бұл болашақ нәрестені қауіп-қатерден, тіл-көзден сақтасын деген тілектен туған.

– Өмірге ұл немесе қыз келсе деген тілектен туатын да ырым-жорамалдар аз емес көрінеді. Сіз мұндайды естідіңіз бе?

– Қазақ ырым-жорамалды көп жасаған және олары текке кетпеген ғой. Екіқабат әйел өмірге ұл келуін қаласа, ерінің ұрысқа киетін құралсаймандарын жастанып жататын болған. Ал қыздың келгенін қаласа, абысын-ажындарының көйлегін, әшекей заттарын сұрап алып, өзінің ең жақсы көретін абысынының біріне тарту еткен. Бұл өмірге келетін қыз баланы әлгі абысынына ұқсасын деген ниеттен туған.

Бойына бала біткен келіншекке көп сөйлеуге, көлгірсіп әңгіме айтуға, ауылды аралап, орынсыз қыдыруға тыйым салынған. Жас келіншек өз мінезіне өзі бақылау жасап, әрбір іс-қимылын байыппен атқарып, үлкен-кішіге құрмет көрсетіп, жақсы адамдармен әңгімелесіп жүретін болған. Қолы бос кезде үлкендердің ақыл-кеңесін тыңдап, болашақ ананың мойнында қандай міндеттер болатынын ұғынып, біліп отырған.

– Әйелдердің жеріктігі неден пайда болады? Жүкті әйелдің аңсары жоғарыдағыдай аң-құстардың етіне немесе белгілі бір асқа неге ерекше ауады? Осыны пайымдап көрдіңіз бе?

– Әрине, себепсіз еш нәрсе болмайды ғой. Жүкті әйелдерге көптеген дәрумендердің жетіспейтіні белгілі. Соның бірі – кальцийдің жетіспеушілігі. Ал кальций оқушының тақтаға жазу жазатын борында болады. Сондықтан да кейбір аяғы ауыр келіншектер көп жағдайда бор жеумен әуестенеді. Дәрігерлердің өзі де оны айтып отырады. Екіншіден, екіқабат әйел жерік болуына қарай өмірге келетін бала бейімделеді, яғни «жеріктік» балаға әсер етпей қоймайды. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін жайт. Ел басқарған, жұртының қамын жеген батырлардың аналарының жолбарыстың, аюдың немесе қасқырдың етіне жерік болғандығы және оны қалайда тауып жегендігі туралы аңыз-әфсаналар көп. Ал аңыздың өзі шындықтан алынады. Кейбір аналардың балаларына «мен саған жерік болғанда пәленнің етін жегенмін», «түгеннің сүтін ішкенмін» деп отыратындығы да сондықтан болар.

– Қазақта «жеріктік» мәселесіне байланысты қандай да бір басқосу немесе тойлар болған ба? Есіңізде болса, айтып бересіз бе?!

– Жеріктікке қатысты «төсек тойы», «құрсақшашу» тәрізді тағы да басқа басқосулар көп болған. Келіннің аяғы ауырлай салысымен абысын-ажындары, енелері ер адамдарды қатыстырмай-ақ өздері «құрсақтойын» жасаған. «Құрсақтойда» келіннің аман-есен босануына, қол-аяғын бауырына алуына тілек білдіріліп, дастарқан жайылып, соңы ойын-сауыққа ұласқан. Біздің дәстүріміз бойынша, бойына бала біткен келіншекті «аяғы ауыр», «жүкті», «екіқабат» деп тағы да басқа теңеулермен тұспалдап атаған. Оның мәні жас келінге елдің көзі түспесін, тілі тимесін, келін өзгелердің алдында ұялмасын деген ырымнан шыққан.

Жерік асын жеген әйелдің құмары тарқап, ерекше сезімге бөленіп, сол сәттен бастап денсаулығы жақсара бастайтын болған. Халқымыздағы «жерік асын жегендей қуанды» деген сөз тіркесі де осындайдан айтылса керек. Демек, «жеріктікті» басу екіқабат әйелге ғана емес, іштегі сәбидің денсаулығына да пайдасын тигізген, әсері мол болған. «Жерікасын» қандырып жеген ананың перзенті өмірге маңдайы жарқырап, екі шекесі торсықтай томпиып, аяқ-қолы балғадай болып келген. Ал «жерікасын» жемеген әйелдің баласы әлжуаз, аурушаң, кейде тіпті, кемтар болып та туылған. Кейбір сәбилердің ауыздары суланып, езулері көгеріп, беттері жара-жара болып жүретіндігі осының салдарынан.

– Жағда аға, «жеріктіктің» жағдайын айттыңыз. Тіпті кейбір әйелдер дәрігері де сіздей әңгімелеп бере алмас еді. Сіздің пікіріңізше, сәбидің өмірге 12 мүшесінің аман болып келуі «жеріктіктен» басталатын сияқты. Осы ойыңызды әлі де нақтылай түсесіз бе?

–Халқымызда «тәрбие талбесіктен басталады» деген сөз бар. Классик жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – деп айтып кетті. Бұл да – жөн сөз. Халқымыздың өмір сүру дағдысынан, тағдыр талайынан екшеленіп алынған кәделі сөз. Бірақ баланы бесікке дейін жеткізбей, одан ертерек тәрбиелеген дұрыс дер едім. Ол үшін «жеріктікке» көп көңіл бөлу керек. Бұл – мемлекеттік тұрғыдан мән берілетін мәселе. Бір халықтың немесе бір ұлттың тағдырын шешетін, болашағын айқындайтын мәселе осындайдан бастау алады. Қазір біз «әйелім анаған жерік еді», «мынаған жерік еді» деген сөздерді жастар түгілі, жігіт ағаларының да аузынан естімейміз. Бұл не сонда, «жеріктіктің» тоқырауға ұшырағаны ма? Әлде әйелдер көңілінің нені қалайтынын білмей ме? Меніңше, осының кейінгісі сияқты. Күнделікті күйбеңмен жүріп, аңсары қандай асқа ауғанын, қандай тамаққа зауқы соғатынын елемейді. Жас келіндеріміздің «жеріктікті» аңсамауының тағы бір себебі – олардың көңілінде тотемдік көзқарас, белгілі бір халық зиялысына деген «құмарлықтың» жоқтығы. «Шіркін-ай, пәленше сияқты ұл тусам, түгенше сияқты қыз тусам» деген арман-ойлардан ада болған. Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты перзентті өмірге әкелу құштарлығы кеміген. Әйтеуір, «бір-екі балалы болсақ болды» деген ой ға-на бар. Көпшілік жастар өмірге ұрпақ әкелуді де «ұмытқандай». Міне, осыдан барып перзентке деген құштарлық азаяды, тіпті жойылады.

– Ойыңыз орынды, пікіріңіз пайымды. Осы айтқандарыңыздың барлығын бүгінгі өмірден біз де аңғарып жүрміз. Бұл – шынында да, көп болып ойланатын, ел болып қолға алатын мәселе. Енді тотемдік көзқарастың заңды жалғасы аруақтар мәселесіне қайта ойыссақ?

– Аруақ мәселесінің әр уақытта қазақтың санасында тұратыны белгілі жайт. Қазақ басқа қандай да бір қылмысты кешіргенімен, аруағын қорла-ғанды кешірмейді. Мынандай бір көне әңгімені айтайын. Скифтер өз жеріне келген парсыларға «егер біздің аруақтар жатқан зиратты қор-ласаңдар, онда сендердің жандарыңды жаһаннамға жіберетін боламыз» деген екен. Бұл – тарихтың атасы Геродоттың сөзі. Скиф дегеніміз – Сақ, біздің бабаларымыз. Оларды Еуропада «скиф» деп атайды. Міне, осы сөздің өзі қаншама мағына беріп жатқан жоқ па? Қазақтың кім екенін, аруағын қалай құрметтейтінін аңғартып тұр. Тағы да айтамын, еліміздің тұтастығын сақтауда осы аруақты құрметтеудің әсері зор. Қазақтың, жалпы, Алаштың ұғымы бойынша Жер мен Көкті байланыстырып тұрған – аруақ. Ата-бабаларымыз солай деп ұққан. Ел басына күн туған сұрапыл жылдарда жауға шапқан батырларымыз өз бабасының аруағына сыйынып, солардың аттарын ұранға айналдырған.

Қазақтың мифологиялық ұғымында рухтар әлемі мен адам әлемі, өлі мен тірі, о дүние мен бұ дүниенің аралығында қатып қалған тәртіп, қатаң шекара жоқ. Тіпті, мен айтайын, біздің мифологиямызда жұмақ пен тозақ туралы да жоқ. Бұл сөзіме қазақтан шыққан тұңғыш ғалым, небәрі 30 жа-сында аққан жұлдыздай өмірден өткен Шоқан Уалихановтың «Өлі мен тірінің достығы» деген ертегі-әңгімесін дәлел болады. Тәңіршілдік сенімі бойынша, адамның жаны – мәңгілік, о дүниеде де рухтар жердегі өміріндей сапарын жалғастыра береді, мына өмірінде кісі қандай дәрежеде тіршілік етсе, о дүниеде де сол деңгейде, сондай құрметке ие болады. Ал тіршілігінде тұрмыс-тауқыметтің қиындығын көрген, не асқа, не киімге жарымаған адамдар о дүниеде де сол кейпінде қала бермек. Мұндай пікірді қазақтың кез келген жырлары мен дастандарынан, ертегілері мен аңыздарынан көптеп ұшыратуға болады. Біздің жырларымызда немесе ертегілерімізде шығарма кейіпкеріне түс арқылы аян беріліп, алдағы уақытта атқарылатын істері, қол жеткізетін мақсаттары айтылып отырады. Алаш ардақтыларының бірі Х.Досмұхамедұлы: «Қазақ жұрты өліктерін өте сыйлайды. Там салу, ас беру, өліктің аруағына сыйыну сияқты ырымдар – қазақтың бұрынғы шамандығынан қалған. Күйікке шыдай алмай, сүйгенінің моласына барып зарлайды. Моладағы кісіден «жауап» алады. Іштегі шерін шығарып, мауқын басады. Өлік зарлаушыға «жауап» береді. Мола басында айтыс болады. Аруақпен айтысу да – жоқтаудың бір түрі. Аруақпен айтысу көбінде ерлі-зайыптылардың арасында болады...» деп жазады. Сөзіміз дәйекті болуы үшін әрі оқырманға жете берсін деген ниетпен Х.Досмұхамедұлы мысалға келтірген осы айтыстан бір-екі шумағын айта кетейін (жазып алатын құралың дайын ба, дегендей Жағда ақсақал маған көз салып қойды. Қарияның ойын бірден түсініп «дайынмын» деген ишарат білдірдім).

Қыз:
Жігіттер жиырма бесте аттай желді,
Басыңнан атқара гөр бір тайпа елді.
Алғаным, аш қойныңды, көтер басты,

Басыңа Аймаңдайдай досың келді.
Жігіт:
Жігіттер жиырма бесте аттай желді,
Басымнан атқарайын бір тайпа келді.

Далада иесіз тұрған қу молаға,
Аймаңдай мұңдық болған неге келді?
Қыз:
...А, Бабас, сөзімді айтқан қостаймысың?

Сөзімді айтқан менің тастаймысың?!
Жаныңды жер ауыртып жатыр екен,
Берейін қызыл тоным жастаймысың?
Жігіт:

Аймаңдай, тая көрме сертіңізден,
Кетіпті ішің толып дертіңізден.
Ки-дағы қызыл тоның, той тойлай бер,
Сүйегім басқаланған етімізден.

Аруақты қастерлеу – арыдан келе жатқан дәстүр. Ғұн мен сақ тайпалары көсемдерін жерлегенде оларды ұзақ сапарға бара жатқандай етіп, барлық жабдықтарымен бірге жерлеген. Көсемдерінің басына зират кешендерін орнатып, бұрынғы мінген тұлпарларын, тұтынған құралсаймандарын, салтанатты алтын киімдерін, тіпті сенімді серік болған қолбасыларын, әскери жасақ тобын, жорықта бірге жүретін жұбайларын да құрбандыққа шалып, тіршілікте бірге жүрген нөкерлерін қосақтап, о дүниеге жөнелтіп отырған. Кейінгі кезде көне зираттардан табылып жүрген бабалармыздың сүйегі, тұтынған заттары, қару-жарақтары – осы сөзіміздің айғағы.

– Адам бойындағы тылсым күш қайдан келеді? Кейінгі кездері адам қуатты басқа адамнан алғысы келеді. Бұл табиғатта аз жүргендіктің, сапасыз тамақтанғандықтың салдары деп те жатады...

– Бұл – бір ертегідегідей әңгіме. Бірақ, шындық. Мен оның бірнешеуін жазып та қойғанмын. Жүзіңе қарап отырып немесе сенімен сөйлесіп отырып емдейтін емшілер саған жіберген қуатын өзіңнен қайта алып отырады.

Мысалы, сен өзіңе басқа біреудің аяушылық сезімін шақырасың немесе оған деген аяушылық сезімің оянады делік. Байқасаң, оның арызшағымын тыңдаған кезіңде бойыңды белгісіз бір қолайсыздық билеп алады. Зардап шеккен адамның барлық ауыртпашылығы жұқпалы ауру секілді сенің иығыңа артылғандай әсерде боласың. Ал егер өзің басқа біреумен қасіретіңді бөліскенде өзіңді қалай сезінесің? «Қайғы бөліссе азаяды» деп қазақ тегін айтпаған ғой. Иығымыздан тау түскендей жеңілдеп қаламыз. Бізді тыңдаған адам шаршаған сияқты, өзін мең-зең күйде сезінуі мүмкін. Енді оған да басқа біреудің қуатын алуына тура келеді. Бірақ мұны адамның өзі сезбейді. Бір қызығы, менің пайымдауым бойынша, өзінің бақытсыз тағдыры жөнінде, нашар денсаулығы мен материалдық жағдайының нашарлығы жайлы айтып бізбен жиірек сырын бөлісетіндер – өзіміздің жақын адамдарымыз. Олар жақынына өз ауыртпашылығын айтып, сол туысының қуатын өзіне тартып алғанын сезбейді. Бірақ олар бізге жамандық ойлап айтып отырған жоқ, сөз көмегін немесе басқа да бір көмек күтуі де мүмкін болғандықтан айтады.

– Жағда аға, бұл күнделікті әр адамның басынан өтетін жағдай ғой. Бірақ осыған аса мән бермейтініміз рас...

– Мысалы, сені біреу кінәлады делік. Ал кінәлау – қуат алудың ең тиімді әдісі. Кінәлаушы адам сенен күш-қуат алады. Сен ақталуға тырысып шыр-пыр болған кезде өн-бойыңнан орасан зор күштің кеткенін сезбей қалуың мүмкін. Адамның өзін-өзі кінәлауындағы жақсы жағын айтайын. Бұл көп жағдайда некенің тұрақтылығын сақтайды. Содан кейін біреулер бізді мінеп-сынағанда, ренжіткенде, арымызға тигенде де қуат бересің. Адамның әлсіз жақтарын бетіне басып, қолжаулық етуге тырысқан кезде де солай болады. Ол кезде жүрегің ауырып, реніштен булығасың. Қуатыңның кетіп жатқанын сезбейсің. Ал сені ренжіткен адам төбесі көкке жетіп қуанады, күші тасиды.

– Қазақ халқынның көне дәстүрінде жүйрік атты аламан бәйгелерге қосарда қас тұлпарды рухтандыру нанымы да болған екен. Бұл қазір де бар ма?

– Ондай наным болған. Ол қазір тек аңыз-әфсаналарда ғана қалды ғой. Бірақ, бар. Жүйрікті рухтандыру батырды рухтандырғандай ғой. Мысалы, тұлпарға туылған жерінің топырағын немесе өлген, сойылған енесінің қу басын иіскететін дәстүр бар. Бұл рәсімді жүйрікті бәйгеге қосарға әбден дайындап, шабандозын мінгізіп, ат айдаушы жүйрік аттарды бәйгеге шабар жерге айдай бастағанда істелінеді. Мұны жүйрік атты да адамдай қастерлеп, қасиеттеп, иесі, ру, тайпа елінің намысын қорғасын деп, жүйрік аттың енесінің аруағы, туған жерінің қасиеті жебеп, желдей естірсін деп жасаған. Кейде «жылқы қалғып кеткенде түсіне туған жері кіреді» деп те жатады қазақ...

– Жетпіс жыл қызыл империяның боданында болғандықтан қазақ халқы көп дүниесінен еріксіз айырылды. Солардың бірі – ежелгі Қазақ күнтізбесі. Бабалармыз Ай мен Жұлдызға қарапақ ауа райын тап басып болжай білген. Ол болжамдары тура келіп отырған. Жоғарыдағы бір сөзіңізде қазақ күнтізбесі туралы бірер сөз айтып кеттіңіз. Әңгімеміз басқа арнаға ауысып кетсе де сөзіңізді бөлмей тыңдап отыра бердім... Сол қазақ күнтізбесіне қайта оралсақ. Халқымызда «тоғыс айлары» деген ұғым бар. Осыны талдап түсіндіре кетсеңіз.

– Қай халықтың да ауа райын болжайтын өз тәсілі болса керек. Өзің айтқандай, Кеңес өкіметі кезінде Григориан күнтізбесі қолданылып, әлі де пайдаланамыз. Бірақ қазақ күнтізбесі де ешкімдікінен кем емес. Оны болжап білетіндер бірлі-жарым болса да бар. Бірақ тым көп емес. Бұрын әр қазақ аспанға қарап-ақ ертеңгі күннің райын, шаруаның жағдайын байқап отыратын болса, қазір бар қазақ көгілдір экранға үңіліп немесе, радио тыңдап, тіпті болмаса газет оқып қана ауа райын біледі. Ақпарат құралдарындағы айтылған ауа райының болжамы бірде нақты болса, бірде келмей жатады.

Бізде ай тоғысуы деген болған. Оның реті мынандай болып келеді: шілдеде – 23 тоғыс, тамыз – 21 тоғыс, мизам – 19 тоғыс, қазан – 17 тоғыс, қараша –15 тоғыс, желді –13 тоғыс, қаңтар –11 тоғыс, үштің айы – 9 тоғыс, бірдің айы –7 тоғыс, көкек – 5 тоғыс, мамыр – 3 тоғыс, маусым –1 тоғыс.

Халқымыз осы тоғыстарға қарап отырып, өз шаруаларын реттеген. Атап айтатын болсақ, күйек алу, бие байлау, мал төлдету, көшіп-қону сияқты науқандық тірліктерін үйлестіріп, ұйымдастырып отырған. Қазіргі жастарда, бір жағынан, кінә да жоқ. Өз жерімізге лайықталған күнтізбе болмағандықтан, біресе орыс күнтізбесіне, біресе араб күнтізбесіне, біресе қытай күнтізбесіне жалтақ-жалтақ қарап, нақты болжам жасай алмай келеді. Ол күнтізбелердегі көрсетілген амалдардың қазақ жеріне келе бермейтіні шындық. Мысалы, Григориан күнтізбесінде наурыз енді басталып жатса, қазақ күнтізбесінде наурыз айы одан он күн бұрын туылады. Міне, осыдан келіп шатасу басталады. Ал айға қарап, онымен сырласып, жұлдызға қарап, оның сырын ұғып отырған көнекөздер жаңылыспаған.

– Қазақ зиялыларынан қазақ күнтізбесі жайлы зерттеген кімдердің аты-жөнін білесіз? Ондай мүмкіндігіңіз болды ма?

– Мен қай жерде жүрсем де қазаққа қатысты мәліметтерді, деректерді жинаумен күн кештім. Аталмыш тақырып төңірегінде Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтпаев сияқты тағы да басқа көптеген зиялылар қалам тартқанынан хабарым бар. Бұл тұрғыда Орынбор қаласында 1923 жылы жарық көрген «Қазақ календары» басылымының біздің мәдениетімізге елеулі үлес қосқаны белгілі. Бірақ ол кейін жүйелі жалғасын таппады. Оған Кеңес өкіметінің де қырсыздығы себеп болған сыңайлы. Соның салдарынан күні бүгінге дейін қолданылып жүрген бірде-бір қазақ күнтізбесі жоқ.

Тоғыс айлар туралы сұрап қалдың, білгенімді айтып көрейін. «Тоғыс есебі» –Үркер шоқжұлдызына негізделіп жасалған тәсіл. Шаруа жайымен, малмен шұғылданып өмір кешкен қазақ халқының бүкіл тіршілігі Үркер шоқжұлдызымен тікелей байланысты. Айдың Үркерді басып өтуі «тоғыс» деп аталады. Тоғыс кезінде Үркер айдың арғы жақ тасасында қалып, жердегі адамдарға көрінбейді. Ай жылжып өткен соң тоғыс аяқталып, Үркер көрінеді. Осындай ай тоғысқан кезде ауа райы бұзылып, әртүрлі өзгерістер болады. Тоғыс үш күнге жалғасады. Алғашқы күні тоғаяды. Келесі күні ауыл үйіне қонады. Үшінші күні, өтіп шығады, яғни амал бітеді. Ауа райы қалпына келеді. Ай тоғысуының аралығы «тоғыс айы» деп аталады. Үркер шоқжұлдыздары (үріккен малдай үрпиіп тұрған соң осылай деп аталған) Күн мен Айдың орбитасына жақын болғандықтан, оның орналасуына қарап, жыл мезгілін, айдың қай тоғысы екенін анықтайды. Қазақ күнтізбесі осы Үркердің қозғалысына қарай икемделіп, жасалынған. Қазақ Үркерге қарап, келе жатқан қыс пен жаздың қалай басталатынын да анықтаған. «Үркер шаңырақтан көрінсе, үш ай – тоқсан қысың бар. Ел жатқанша Үркер жамбасқа келсе, жаз шықпаған несі бар» деген тәмсіл осыдан қалған.Күз басында Үркер іңірде – күншығыстан, қыс басында іңірге – төбеден, көктем басында іңірге күнбатыстан көрінеді. Ал жаздыңгүні Үркер түнде көрінбейді. Тоғыс айының ұзақтығын ғылымда 27 күн, 7 сағат, 43 минут деп есептейді. Бұл шамамен алғанда 28 күнге жуық. Бір жылда 13 тоғыс айы бар, яғни Ай мен Үркер бір жылда 13 рет тоғысады деген сөз. Сонда бір жылда 13 рет ауа райы бұзылады деген сөз.

– Қазақта «Үркер қырық күн жерде жатады» деген де сөз бар. Мұны қалай түсінуге болады? Шынымен, Үркер аспаннан жерге түсе ме, әлде көктің бір жерінде жасырынып тұра ма?

– Иә, ондай бар, айтайын. Жаз басында Үркер аспанның екінші жартысында көкжиектен төмен кетеді. Содан жер шарының екінші солтүстігіндегі елдер 40 күн бойы оны көрмейді. Бағана тізіп айтып берген тоғыстардың екеуін біз де көре алмаймыз. Өйткені олар осы 40 күннің ішінде тоғысады ғой. Қазақтағы тоғыс есебі бойынша жыл басы мамыр айына келіп отырады. Бұрын ата-бабаларымыз жыл басын осы мамыр айынан бастаған ғой. Бұл айда құстар келіп болады.

Енді, қарағым, айтайын дегенім, бұл тоғыстарды сауатты болжай білетін адамдардың сиреп кетті ғой. Мен әрдайым айтып жүремін, қазір де қайталайын, егер қариялардың басын біріктірсе, бірінің білмегенін білген бірінен сұрап, біріне-бірі ақыл қосып отырып, осындай дәстүрлерімізді жаңғыртып алып шығар едік... Бұл керемет емес пе?! Жоғарыда айтқанымдай, сөздерді жинағанымыз сияқты, дәстүрді қай түріне де сол көпті көрген көнекөздердің көргендігі керек-ақ...

– Аға, жаңа Үркер тоғысқанда ауа райы құбылады дедіңіз. Осы орайда бала кезімде Түркістан жақтың шалдарынан естіген «Үркерлі айдың бәрі қыс» деген сөз тіркесі осындайдан кейін айтылған екен ғой» деген ой келіп тұр. Жылдың қай мезгілі болса да, ауа райының бұзылатыны айтылып тұрғандай. Ал енді осы ауа райының бұзылатынын және табиғаттағы өзгерістер мен құбылыстарды дала халқы алдын ала болжап, соған қарап амал да жасап отырғанын білеміз. Оның біразын біз де бала кезімізде әке-шешелерімізден естіп-біліп қалдық. Мысалы, «құралайдың салқыны» деп жатамыз, осы сөз тіркестерін талқыласақ және олардың келу мерзімдерін де нақты тарқатсақ қалай болады? Қағазға түсе берсін дегенім ғой...

–Өте орынды сұрақ. Мен өзім де қой бақтым ғой. Өзіңе де айттым, осы Алматының төңірегіндегі туыстарым да мал бағады. Мал баққан адамның көбі ауа райын болжау тәсілдерін жақсы білген. Өзің айтқан «құралайдың салқыны» – мамыр айының аяғында болатын салқын жел. Бұл желдің «құралайдың салқыны» деп аталуының себебі құралай балаларын осы желге қарсы жүгіртіп, аяқтандырады. Реті келгенде айта кетейін, мынау төрт аяқты хайуандардың ішіндегі балаларын жетім тастамай, бауырларына баса беретін осы киіктердің аналығы ғой. Сондықтан олардың балалары еш уақытта жетім қалмайды. Өз анасы өлсе, басқа кез-келген аналығы оларды бауырына басып, емізе береді. Қандай керемет, ә! Адам баласы да осындай мейІрімді болса ғой, шіркін... Енді бағанағы айтқан Үркерімізге байланысты тағы да есіме түскенін айтайын. Қазақ атам «Үркердің батуы» дейді. Үркер батқанда қайнаған шілде айы басталады. «Үркер жерге түспей, жер қызбайды» дейді халқымыз тағы да. Яғни Үркер 40 күн көрінбегенінен қайнаған шілденің басталғаны деп біледі. Ал енді айдың жауын-шашынды болуын өларадан білген. Өлара – екі айдың арасы. Егер өларада жауыншашын болса, келесі жаңа ай да жауын-шашынды болады деп болжайды дала қазақтары. Мен айтайын, бұл амал өз өмірімде айна-қатесіз келе жатыр.

– Түһ, шіркін-ай, қандай керемет! Дала философиясы ғой. Осы амалдардың бәрін мектептен бастап оқытар ма еді... Енді сіз бен біз қолымыздан келгенін жасап жатырмыз ғой, аға. Ауа райын болжау тәсілдерімізді толығымен қағазға түсіруге тырысайықшы. Бұл сізге де, тіпті маған да емес, қазақтың бүгіндері бесікте жатқан, ертең мектепке баратын балаларына керек болып қалар, кім біледі?!

– Иә, оны қағазға түсірген, кейінгілерге оқытып-үйреткен абзал іс. Осы табиғатта болатын жауын-шашынды, желді, аязды, суықты, қарлы боранды біз бір сөзбен амал деп атаймыз ғой. Қазір мен білетін жеті амал бар. Бірінші амал – Күннің тоқырауы, екіншісі – қарашаның қайтуы, үшінші амал – Үркердің батуы, төртіншісі – мұздың қатуы, бесіншісі – киіктің матауы, алтыншы амал – қыс тоқсан, ал жетінші амал – ай тоғамы.

Мамыр айының алғашқы он күнінде бір-екі күндік суық болады. Ол кезде дала құстары балапандарын шығара бастайды. Халқымыз ол күндерді «қызыл жұмыртқа» деп атап кеткен. Ал біздің дана халық өсімдіктерге байланысты да ауа райын болжаған ғой. Мысалы, сәуір айының соңғы күндерінде екі-үш күнге созылатын суық желді ауа райы болады. Яғни өсімдіктер тамыр жаюды, алғашқы көк шығуды бастады, «тобылғы бүршік атты» деп бұл күндерді «тобылғы жарған» деп атаған. «Қызыр қамшысы» сәуір айының орта кезінен басталады. Ол кезде алғаш найзағай ойнап, нөсер жаңбыр жауады. Оңтүстік аймақтарда жаздың жайлы күндері басталып кететін осы уақыт. Осындай найзағайлы, жаңбырлы сәттерді көргенде халқымыз «қызырдың қамшысы шарқылдады, қыс кетті» деп мәре-сәре болып жатады. Көктемнің алғашқы айы наурызда жылы жаққа кеткен құстар да ұшып келе бастайды. Бұл наурыздың соңғы күндеріне тура келеді. Осы кезде қар аралас жаңбыр жауып, суық жел тұрады. Күннің бұлай құбылуын біз «құс қанаты» дейміз. Тағы да осы көктемнің наурыз бен сәуір айларында қар күрт еріп, жер лайсаң болады. Дана халқымыз табиғаттың мұндай шақтарын «аласапыран» деп атайды.

– Жағда аға, әлі күнге дейін көп айтылатын амалдардың бірі –«бесқонақ» қой деймін. Ауылда қарттар бір іс бастайтын болса, «бесқонақ өтіп кетсін, сосын көре жатармыз» деп отыратын. Сонда «бесқонақта» күн күрт суытатын болып тұр ғой? Бала кезімде осы сөзді қазақ жазушыларының шығармаларынан да көп кезіктірдім...

– Айтқаныңның жаны бар. Өзің де ескілікке біраз қанықсың ғой, негізінен.Сенің елің, Түркістан жақты айтам, қай заманда да қазақылықтан арыла қоймаған ел.

– Оныңыз рас, аға. Бірақ бұл сұхбатымыздың өзі болашақтың қамы. Сіздің көргеніңіз бен көңіліңізге түйгеніңіз жастарымызға, келер ұрпағымызға жазылған хат болып жетсін дегенім ғой. Кейін мынау том-том боп тұрған еңбектеріңіздің де халыққа жететін кезі келер... Бұл сұхбатымыз кейін кітап боп шығып, жастардың қолында жүрер, төрінде тұрар ұлттық дәстүр-ғұрыптарымыздың анықтамалығы тәрізді қызмет атқарып жатса, көздеген негізгі мақсатымыздың орындалғаны ғой...

– Өте жақсы айттың, Қасымхан. Осы екеуміз сөз ғып отырған мәселелердің барлығының толық нұсқалары мына том-том папкілерде шаң басып жатыр ғой. Тағы қанша жатар екен... Керек еткен адам уақыты келгенде өзі тауып алар... Ал әлгінде өзің айтып отырғандай кітап бізде әлі күнге дейін шыға қойған жоқ. Ұлттық энциклопедиялық анықтамалық секілді бір томдық кітапты қазаққа баяғыда шығарып беру керек еді. Тәуелсіздікті алған алғашқы жылдары шығару керек болатын. Тәуелсіз ел емеспіз бе, Тәуелсіз елдің халқына осының бәрі де керек қой. Қарапайым халыққа, әсіресе жастарымызға түсінікті етіп дайындай алсаң, бұл бір абыройлы үлкен іс қой, айналайын. Жарық көріп жатқан кітаптардың көбі ғылыми тілмен дайындалады. Бұл да дұрыс шығар, бірақ олары қарапайым елге жете бермейді, таралымы аз. Сөз көп, нақты біткен іс аз. Жеткен күнде жастарымыз ғылым тілін түсіне алмайды, қызығушылығы болмаған соң оқымайды. Жастарымыз қолдарынан тастамайтын осындай бір кітап шығара алсақ дұрыс болар еді... Мен қартайдым. Қолымнан келетіні саған сұрағаныңды айтып беру ғана ғой. Қалғанын өзің көрерсің. Білгенімді көрге ала кетпейін, түбі елдің бір кәдесіне жараса болды ғой әйтеуір...

Ал енді сөзімді жалғастырайын. «Бесқонақ» жыл аяғында, яғни наурыз айының 17-21 аралығында кіреді деп жатамыз. «Бесқонақтың» суығы өз алдына. Халықтың «бесқонақтан» сақтанып отыратыны да рас. Өзі жауын-шашынды болады. Қазақ амалдарының ішіндегі ең жайлы, қоңыражай мезгіл – «Үркердің толғағы». Бұл кез малшыға ең қолайлы кез, шілденің ортасында басталады. Жер де құрғайды. Шілденің қызуы қайтып, ауа салқын тартып, аспанды қара бұлт торлап басталған уақытты қазақ «таразының ту» деп атайды. Мұндайда дана қазақ «таразы туса, тау суыр» деп те мәтелдетеді. Ары қарай күздің суық күндеріне байланысты болжамдар басталады. Қыркүйек айының ортасында шөп басына шық түсіп, жауыншашынды күндер келед.. Бірақ күндіз мизамы шұбатылған шуақты күндері көп болады. Міне, осы күндерді «мизамшуақ» деп жатамыз.

– Тағы сөзіңізді бөлейін, «кемпіршуақ» деген сөз тіркесі бар. Орыстар «бабье лето» деп жатады. Осы амалдар «мизамшуақпен» бір ме?

– Жо-жоқ. Мұны көп адамдар шатастыратын сияқты. Бізде «кемпіршуақ деген де амал бар, бірақ ол сәл кештеу, қараша айының басында болады. «Бабье лето» да сол уақытта, яғни екеуі бір тіркес. Бұл кезде жылы уақыттағы күн көзінің соңғысы болған соң, кемпіршалдар, әйел, бала-шағалар күншуақта отырады. Осыдан шыққан. Ал амалдарды ары қарай санамалай берейік.«Сүмбіле туса, су суыр» деген тәмсіл бар, яғни күз келді деген сөз. Бұл қыркүйек айының соңғы күндеріне тура келеді. Бұл амал «сүмбіленің туы» деп аталады.

Күздің соңғы айы қарашада құстар оңтүстікке қайта бастайды. Күн суиды, алғашқы қар да түсіп үлгереді. Міне, бұл кезді «қарашаның қайтуы» деп атайды. Қатты аязды күндер басталғанда қазақ «қырбастың қызылы» келді деп жатады. Бұл – аязды күндер басталады деген сөз. Желтоқсанның қатты ызғырығы басталғанда қазақ «текенің бұрқылы» басталды деп жатады. Бұл кезде киік текесі маталайды, яғни ұрғашы киіктерді қашырады. Бұл да мамыр айындағы құралайды аяқтандырғандай 2-3 күннің ішінде аяқталады. Одан кейінгі амал «күннің таласуы» деп аталады. Бұл қаңтар айының бастапқы күндеріне тура келеді. Алдыңғы амалдардағы сияқты бұл кезде де ауа райы өзгеріп, қар жауады. Жаздағы шілде сияқты қыста да шілде бар. Ол «қыс шілдесі» деп аталады. Бұл кез қаңтардың соңғы күндерімен келеді. Түкірсең түкірігің жерге түспейтін сары аязды күндер болады. Ат құлағы көрінбейтін боранды күндер «Бөрі сырғақ» амалында басталады. Осы қақаған боранды ақпан айының аяғында қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Ал сырғақ деп мұзды қар түйіршіктерін айтады. Міне, бұл айтқандарымыз – халқымыздың ауа райын болжау тәсілдері. Бұл тәсілдерді қазір біздің елімізде санаулы жұлдызшылар ғана зерттеп, айтып жүр.

– Осы айтылған ауа райын болжау тәсілдерімен қатар халқымыздың төрт-түлік мал, жан-жануар, құстар, өсімдіктер арқылы да байқайтыны да бар еді ғой. Есіңізде барын айта отырсаңыз. Олар да халқымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған, сан мың мәрте тәжірибе жүзінде дәлелдеген болжамдары екенінде дау жоқ. Сіз қалай ойлайсыз?

– Бұл жөнінде біраз жинағаным бар. Оларды мен қағаздарымның арасынан қазір таба алмаймын. Оған көп уақыт керек. Сондықтан есімде барын айта берейін. Құстар бауырлап ұшса, күн райы бұзылады. Құстар қанатын тарап, денелерін тазалай бастаса, келесі күні жаңбыр жауады. Балапан баспана іздесе, не енесінің бауырына тығылса, ауа райы дымқылданады. Қараторғайлар топталып ұшып, аспанда неше түрлі қимылдар жасаса, күз ұзаққа созылады. Қарлығаштар аспана самғап, биіктеп ұшса, күн ашық, төмендеп ұшса, жаңбыр жауып, жел болады. Құстар ертемен жем іздеуге асықса, күн жауын-шашынды болады. Шағалалар өзен, теңіз бетінде ұшып жүрсе, күн ашық болады, егер жиекте жүрсе, күннің бұзылатындығының белгісі. Бозторғай ән салса, күн ашық. Ал бозторғай көрініп, үнсіз жүрсе, жауын жауады. Қыста торғайлар ұясына мамық таси бастаса, күн кенеттен қатты суытады. Торғай ерте жұмыртқаласа, күн ерте жылынады. Тауық жерге аунап, қанатын қағып, тазалана бастаса, жаңбыр жауады. Қыстыгүні әтеш бір аяғын көтеріп тұрса, аяз болады. Жаңбырлы күндері әтеш таң ата шақырса, күн ашылады. Үйрек бір аяғымен тұрып, басын қанатының астына тықса, аяз болады. Аязды күні қанатын желпінсе, аяз сынады. Қыста қаздар қаңқылдаса, жылы болады, аяқтарын бауырына тығып жатып алса, күн суытады немесе боран болады. Қаз бен үйректер суға шомылып, қиқулап, қанаттарын қомдап, мазасыздана бастаса, ауа райы бұзылады. Қызылқаз былтырғы ұясын жөндемей жұмыртқаласа, жаз құрғақшылық болады. Егер ескі ұяны жөндеп, биіктететін болса, жаз жаңбырлы болады. Бұл құстарға байланысты болжамдар деп жазып қой. Енді төрт түлік малдың іс-қимылын байқайық... Қой сүзіссе, жел болады. Түйе мизам түнінде басын құбылаға беріп жатса, алдағы қыс жайлы болады, ал егер жайсыз жатса, қыс қатты болады. Жылқы күзде іш тастаса (құлын тастаса), ол жылы қыс қатты болады. Жылқы өте текті жануар ғой, құлынын қыстан шығара алмайтынын біліп, әдейі іш тастайды. Алдын ала сезеді ғой. Өгіз құйрығын шошайтып жоғары көтерсе, қатты жел, шошқа қасынса, жылы, шыңғырса, жауыншашынды болады. Егер шошқа сабан тасыса, дауыл болады. Жылқы ішін тартса, күн бұзылады, пысқырса, жаңбыр жауады. Қой өрістен қайтқанда аузына шөп тістеп қайтса, жұт болады. Сиыр өріске шықпай қойса немесе өрістен ерте қашып келсе, ауа райы бұзылады. Сиырлар кең тыныстап жатса, ұзамай жауын жауады.

Ал енді басқа да болжамдарды айтып көрейік. Жаңа ай туғанда шалқасынан жатса, шаруашылыққа ауа райы қолайсыз болады. Қыста күн құлақтанып шықса, суық болады, құлақтанып батса, суық сынады. Егер бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райы бұзылады, егер шетінен ыдыраса, күн жылынады. Көктемнің басында қарға суға шомылса, күн жылынады. Жазда күн кенеттен ысып кетсе, ұзамай жауын жауады. Ай қораланса, жаз – жаңбырлы, қыс қарлы, боранды болады. Күн қораланса, қар қалың жауады. Күн ерте күркіресе, ол – жауыншашынның көп болатынының белгісі. Осылай тізбектеліп кете береді.

– Иә, аға, тізбектеле береді. Бұл барлық салттарымызды жанап өтумен бірдей ғой. Енді қазақ халқында терең мағыналы дәстүрлеріміздің бірі – дағды немесе ым-ишара. Көбінде әйелдер жағы бір келеңсіз жағдайларды көріп қалса, бір-біріне қарап беттерін шымшып жатады. Олардың сөзсіз, қолымен, яғни іс-әрекетімен көрсетіп тұрғанынан-ақ, ұятты іс болғанын сезе қоямыз. «Ымға түсінбеген, дымға түсінбейді» деп жатамыз...

– Бұл да – бір ғибратты іс, шара. Оның түбіне үңіліп, сырын ашатын болсақ, көптеген тәрбиелік мәні бар ғұрыптарымызға тәнті боламыз. Бұл ишаралар да көптеген зерттеулерді қажет етеді-ау деп ойлаймын. Менің жинамаған, қалам тартпаған (салтымыздың төңірегін айтып отырмын) тақырыбым жоқтың қасы десем де болады. Бұл сен айтып отырған ишараттар адамдардың бет-пішін, іс-әрекет, тағы да басқа түрлі іс-қимылдар арқылы жасалады. Мұны жас ұрпақтың білгені жөн. Күнделікті қолданып жүрген немесе күнде көріп жүрген мұндай нәрсе халқымыздың мінезіндегі өзіне жарасатын бір әдет. Сонымен қатар мұндай дағдылар тек ұғымдық жағынан ғана емес, жас ұрпаққа рухани және тәлімдік жағынан да пайдалы деп ойлаймын. Өзіміз жас кезімізде ишараны айтпай түсініп әрі ойша дамытып, оған сол ишара күйінде жауап та беретінбіз. Бұл да бір үлкен өнер екен ғой. Мысалы, Бас изеу – келісу, мақұлдау, «осының жөн», «дұрыс істедің» деген мағынаны береді. Бас шайқау – келіспеушіліктің нышаны немесе «болмайды, жарамайды, дұрыс емес» дегенді білдіреді. Бет шымшу – әйелдерге тән қасиет. Олар біреудің немесе өзіне жақын қыздар мен әйелдердің ерсі істерін, қимылдарын көргенде немесе дөрекі сөздерін естіп қысылған жағдайда осылай ыммен сездіреді. Бет сызу – адам ұялатын сөздер естігенде әйелдердің сұқ саусағымен бетін сызатын әдеті бар. Бұл ұялу мен шошынудың бір түрі екенінде дау жоқ. Бетке түкіру – масқаралау, қорлау түрі. Жұдырық түю – сес көрсету, «төбелестің басы» деп те жатады халық. Жерге қарау – ұялу, қысылу.

Жер шұқу – еш мүмкіндігі жоқ адамның бейшара қалпы. Жұлқыну – ашуланып ызаланған адамның амалы. Арқаға қағу – риза болып, қолпаштау. Алақан жаю – амалсыздық, шарасыздық. Бетіне күйе жағу – қорлық немесе жазалаудың көрінісі. Біз шаншар – құда болайық деген өтініш.

– Біраз нәрсенің бетін бері қараттық-ау деймін, аға. Жоғарыда аруаққа қатысты біраз жазып алдық. Осы орайда түс жорамалына да тоқтала кетсек. Сіздің түс жори білетін де қасиетіңіз бар-ау деп қалдым. Түс жайлы не білесіз?

– Бұл бір тұңғиық дүние ғой деп ойлаймын. Аңыз-әфсаналарымызды алып қарасаң міндетті түрде бәрі түс көруден басталады немесе ортасында түсінде рухпен немесе болашақ жарымен тілдесіп жатады. Өзіміздің күнделікті өмірімізде түс көреміз. Адамның түсіне, ұлтына, жынысына, жасына қарамастан бәрі түс көреді. Сонда-дағы түс туралы «анаусы анандай», «мынаусы мынадай» деп нақты тұжырымды пікірді әлі ешкім айта алмай келеді. Яғни бұл – әлі шешуін күтіп жатқан тылсым күш. Енді тәжірибелерге сүйеніп көрейік. Егер адам қатты шаршапшалдығып келіп, жайсыз, ыңғайсыз жатқанда, бастырылғанда, жүйкеге тосыннан ауыр күш түскенде көретін түстер быж-тыж, бей-берекет, шатты-бұтты, үзік-жұлық болады. Мұндай түстерді жорып та береке таппайсың. Ал шаршамай, сергек күйдегі ұйқының кезіндегі түстердің басым көпшілігі жоруға келетін, нақты болады. Тек дұрыс жори білу керек. Халқымыз «біліксізге түсіңді айтпа, тіс жарма, «біліктіге айт, ескіреді, кеш қалма» деп түсті жори алатын адамға жорытқан дұрыс дейді. Сосын түсті жақындарына, үй ішіне жорытпайды. Ал егер реті келмесе, онда үйдегі адамдардың ең жасы үлкеніне жорытқан абзал. Тағы да түсті тек жори алатын адамға ғана түсті жорыту керек. Әйтпесе жорылмаған түс нәзік келеді, қате жорылса немесе қалжыңдап бір нәрсені айта салса, түс иесі қатерге, қиыншылыққа ұрынуы мүмкін.

– Мен сіздің осы тұжырымыңызды өзім естіген бір әңгімемен нақтылай кетсем бе деп отырмын, аға?

– Иә, Қасымхан, қарағым. Елдің аузынан әңгіме, аңыздар естігенді қатты ұнататын адам екенімді өзің де жақсы біліп қалдың ғой, айта бер.

– Бұл түске қатысты әңгімені көп жерлерден естігенмін. Бір аяғы ауыр келіншек азанғы шай үстінде атасына түнде көрген түсін баяндайды. Түсінде екі төсін екі қасқыр тартқылап жатыр екен. Атасы ойланып отырған кезде, кішкентай балалардың бірі «е-е, онда сені қасқыр жеп қояды екен ғой» деп қалады. Қария жекіп тастайды да, келініне күлімсірей қарап: «Жақында егіз ұл табады екенсің, екі төсіңді сорғылап жатқан солар ғой», – деп түсті қайта жорып береді. Содан сол келіншек түс ауа бір тығыз шаруамен көрші ауылға жүріп кетеді. Артынша күн суытып, қар борандатады. Көңілі азаннан бері алаңдаған шал жылдам келінінің артынан адам жібереді. Кісілер келсе, келіншекті қасқырлар талап тастаған екен дейді. Қатты өкініштен көкірегі қарс айырылған қарт кемпірлерге келіннің құрсағын қаратса, шынында да, екі ұл шығыпты. Ел арасында түсті жаманға жорымайтыны осыдан да болар. Қазақ «түсің оңалмай, ісің оңалмайды» деп те жатады. Түсті әрі қарай тарата берсек, аға...

– Жалпы, қазақ түс балқып, толқып тұрады дейді. Қалай жорысаң сол күйінде кететін көрінеді. Ал енді қаншама ақындар, композиторлар, тіпті математиктер өз шығармаларын түсінде тудырады да, өңінде соны қағазға түсіріп жатады емес пе? Айта берсек мұндай мысалдар көп. Бұлардың бәрін кездейсоқтық деу болмас, әрине. Мен көптеген түс жоруға қатысты өзім нақты келеді-ау дегендерін, тәжірибеде дәлмедәл болмаса да шамамен келетіндерін жинастырған едім. Егер керек десең, оны да жазып ал. Мен өзімнің бір танысымның жақында ғана айтқан түсін айта кетейін. Ол қыз бала еді. Өзің сияқты жазу-сызумен айналысатын. Түн бойы ұйықтамай жазу жазады, жұмыс істейді ғой. Ол бейсенбіден жұмаға қараған түн екен. Содан таңғы сағат жетіде көзі ілініп кетеді, тұрса он-ақ минут ұйықтапты. Осы он минуттың ішінде түс көреді. Түсінде оң жағындағы ұры тісінің жанындағы азу тісі түсіп қалыпты. Өзінің түнімен тісі де ауырған екен. Қолына түскен тісіне қараса, тап-таза, түбінде күміс сақинасы бар екен. «Ой, мынасы несі, өзімнің тісім жоқта, сау тісімнің түсіп қалғаны несі» деп іштей қатты қиналып жатып, оянып кетеді. Содан орнынан тұрады да өз шаруаларымен кете береді. Анасы үйіне қонаққа келген екен. Таңертең қызына батасын беріп, бүгін үйіне қайтатынын айтады. Арада екі күн өткенде, яғни жексенбі күні түнде анасының қайтыс болғаны туралы хабар келеді. Көрдің бе, ауырмай-сырқамай отырған анасы түнде қан қысымының көтерілуінен қайтыс болып кетіпті. Анау сау тістің түскені соны меңзеп тұр ғой. Мұның тағы бір қызығы, бұлар алты апалысіңлілі екен. Сол алты қыз да бейсенбіден жұмаға қараған түні әр түрлі мағынадағы, бірақ кейіннен жорып қараса, бәрінің айтары бір түс көрген ғой. Міне, осындайды да естігенмін. Енді бұл Тәңірдің ісі деп жатамыз, бірақ біздіңше «аян беріп» тұратын түсіміз осындай шығар. Түс жоруда бұл бар. Тісің түсіп қалса, бір жақын адамың дүниеден қайтады, дейді. Керісінше келетін түсжорулар да бар. Мысалы, түсіңде ауыра қалсаң, өңіңде денсаулығың жақсарады. Сақалың өсіп кетсе, пайдаға батасың. Тиын теріп жүрсең, аз-маз табыс келеді. Төсек, төсағаш, кереует көрсең, жуырда үйленесің. Ай көрсең, бір сұлуға жолығасың не махаббат машақатын кешесің. Түсіңде жел тұрып тұрса, махаббат нышаны. Біреуге бір нәрселерді беріп жатсаң, онда көп ұзамай шығынға ұшырайсың, не қатты алданып, қапы қаласың. Жалаңаш адамдарды көрсең, ауырасың. Биікке шықсаң, ойлаған мақсатыңа жетесің, не қызметің өседі.

Жоғарыда аруаққа байланысты біраз сөз қозғаған едік. Өлі адамдар түсіңе кіреді, не болмаса сенімен тілдеседі, үйіне қайта оралған болып кіреді. Қазақ мұндайда «аруақ аян беріп жатыр, түсіме кірді» деп таңертеңмен тұрып жеті шелпек пісіріп, садақа таратып жатады. Түсіңде өлген адам су сұраса, аруақтың риза болмай жүргені. Өлікпен бірге ұйықтасаң, табысқа кенелесің. Өлікті бассаң, өлік туралы хабар аласың. Өлікті қозғасаң, ауырасың, жаманатқа ілігесің. Өлі адаммен көріссең, жаңа махаббатқа тап келесің. Өлі адам сөйлесе, ауа райы өзгереді. Судың киесі жайында сөз қозғадық. Ал сол суды түсіңде көргенде қандай болады, халқымызда оған да байланысты түс жорудың жобалары бар. Теңізде жүзіп жүрсең, байлық, күш-қуат, денсаулық. Суға сүңгісең, уайымға батасың. Кемемен жүзіп жүрсең, хат-хабар аласың. Өзенді көрсең, алыс сапар белгісі. Өзеннен өтсең, жақсылықтың белгісі, үйленуің мүмкін. Суға жуынып жүрсең, қызғаныштың белгісі. Моншадан шығып келе жатсаң, қанағаттанасың. Моншада жалаңаш әйел көрсең, өңіңде ренжисің. Суарып жүрсең, уайымның белгісі. Сумен жуынып жүрсең, қуанасың. Қайнаған су – бақыт белгісі. Жылы су ішсең, ауырасың. Мұздай су ішсең, денсаулығың жақсарады. Лай су ішсең, денсаулығың жақсарады. Түсіңде таза су ішіп жүрсең, жағдайың жақсарады. Моншада жалаңаш еркек көрсең, кедейлікке тап боласың. Жылдам ағысты су көрсең, қуаныш. Суда отырсаң сәтсіздік деп тізбектей беруге болады.

– Түстердің кейбірі «шайтанның қолымен жасалады» деп те жатады...

– Түс діни тұрғыдан келгенде үш түрлі болады. Бірінші түс – «рахмани түс» немесе шыншыл түс. Екіншісі – «қияли түс», адамның өзінің қиялының нәтижесінде көретін түстерді «қияли түс» дейді. Үшіншісін «шайтани түс» дейді. Яғни шайтанның жолына түсіп, Алланың тыйым салған жолдарымен жүрген адам ылғи осындай түстерді көреді. Мұндай «шайтани түстерді» адам таңертең тұрғанында ұмытып қалып жатады немесе кейбір жерлері ғана есінде қалатын болады. «Қияли түс» анық болады. Адам түсін өңінде көргендей болады. Ол – көбіне адамның қиялынан, ойынан пайда болған түс. Сондықтан ол өмірде ешқашан іске аспайды. Ал «рахмани» түс жүзеге асады. Оның көрінетін уақыты да болады. Бұл – күн шыққанша көрген түс. Бірақ ол өте қысқа және өмірі ұмытылмайтындай әсер береді. Ондай түс жақсылыққа көрінсе де, жамандыққа көрінсе де орындалады. «Бұл – Алланың адамға берген аяны» деп те жатады. «Аруақтармен тілдестім», «түсімде аруақ көрдім» деп жататыны осындай түстер кіргендіктен деп ойлаймын. Міне, жоғарыда айтқанымыздай, түсті кім болса соған айта салуға болмайды.

– Жағда аға, тағы бір көне архаизм сөздеріміздің қатарынан орын алып отырған қазақ өлшемдеріне қатысты сөздер. Мысалы қадақ, батпан, пұт сөздері. Сіз қанша дәуірді басыңыздан өткердіңіз, түрмелердің қаншасының ащы дәмін таттыңыз, абыройлы жоғары лауазымды қызметтер де істедіңіз, кезінде сауда-саттық та жасадыңыз, қысқасы, кәсіп етпеген ісіңіз аз. Сонда осы қазақ өлшемдерін өзіңіз қолдандыңыз ба?

– Әрине, қолдандым. Нағыз қазақы ортада әлі күнге дейін осы өлшемдерді қолданатын қарттарымыз бар. Оларды өз көзіммен көргенмін. Өйткені ол өлшемдерді қазақ халқы бірнеше ғасырлар бойы пайдаланған ғой. Ал қазіргі қолданыстағы өлшем бірліктерінің келгеніне бір ғасырдай ғана уақыт болды. Осы өлшемге байланысты «халық айтса, қалып айтпайды» деген де тәмсіл бар. Яғни халқымыздың өлшемін анық, айна-қатесіз өлшем деп айта аламыз. Енді халық өлшемдерін біздің қазіргі қолданыстағы стандартты өлшемдермен салыстырып айтып берейін. Жазып қойғанмын ғой. Көшірмесінің бір данасын саған берейін, керек жерінде пайдаланарсың...

1 мысқал – 0,4 гр; 1 қадақ – 750 гр; 1 келі – 1кг; 1 пұт – 16кг; 1 батпан – 100 кг. Бұл өлшемдерден басқа қазақ халқы бейнелеу, теңеу сияқты айшықты сөздермен де беріп отырған. Олардың көбін қазір өзіміз де қолданып, айтып жүрміз. Мысалы, түйеге жүк болғандай, жұдырықтай, шынашақтай, бармақтай, алақандай, бір арқа, бір құшақ. Малға қатысты өте көп. Бір отар, бір қора, бір табын, бір үйір, он шақты, жиырма шақты деп кете береді. Ал қалыңдықты көбіне саусақ қыры – елімен өлшеген. Ұзындық өлшемдерін де қолдағы бармақтар арқылы өлшеп отырған. Бір елі – 1-1,5см; Сынық сүйем – 14-15см; Сүйем – 17-18см; Қарыс – 20-22см; Кез – 50см; Аршын – 75см; Құлаш – 1,80-2м. Одан үлкен өлшемдер: Адым – 1м; Таяқ тастам жер – 10-15м; Әй дейтін жер – 100м; Дауыс жететін жер – 250-300м; Шақырым – 1км; Иек астында – 4-5км; Қозыкөш жер – 5-6км; Көз ұшында –6-7км; Тайшаптырым – 4-5км; Құнаншаптырым – 8-10км; Атшаптырым – 25-30км.

– Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысында» құн мөлшерін көрсетіп берген екен. Бұл мөлшерлер сол кездегі қазақ даласы үшін әлеуметтік, мемлекеттік маңызы өте жоғары болған. Есіңізде болса тоқтала кетсеңіз?

– Сен өзі «Жеті жарғымызды» толық білесің бе?

– Әрине, бозбала кезімде мынандай өлеңім де болған.

– Оқышы.

– ...Қаруды білген ұсталар соққан затынан,

Аруды білген ақ кептер берген хатынан.

Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сөйлейді,

Келмеске кеткен заманалардың атынан... – деп келетін.

– Жақсы өлең екен. Атақты «Жеті жарғымызды» жақсы білеміз ғой. Бірақ мен оны нақтылап жазып алмаппын. Оны өзің толықтыра жатарсың. Жазылған дүние ғой. Мен енді қазақтың мал саудасындағы өлшемін айтайын. Тарбағатай өңірінде жүргенімде өзім де қолдандым. Мал баққан шаруада алтын мен күмістен жасалған металл ақшасы болмағанда малдарын қалыптасқан өлшеммен сата берген. Мысалы: Түйені – құлынды биеге, биені – бұзаулы сиырға, сиырды – тай, құнанға, құнанды – 3-4 қойға ауыстырып отырған. Бұл – әр адамның өзара келісімімен болатын кесімді өлшем.

– Аға, енді уақыт өлшемдерін де айта кетсеңіз.

– Өй, халқымыз уақыт өлшеміне келгенде өте бай ғой. Өткенде қонаққа барғандағы қазіргі қазақтың уақытпен қалай санасатынын айттым ғой деймін..

– Иә, айттыңыз, аға.

– Ол енді бүгінгі күннің қазағы ғой. Ертеде ата-бабаларымыз уақыт өлшеміне келгенде бай тәжірибе жинақтаған. Мысалы, қонаққа келе жатса (сол әңгімеге мысал ретінде айтып отырмын ғой) «пәленше, мен етпісірім уақытта келемін немесе бие сауымда келемін» дей салады. Бұл үлкен жауапкершілікті білдіріп тұр. Бұл жердегі етпісірім – 2-3 сағат, ал бие сауым – 1,5 сағат. Қас-қағым сәт – 1 секунд. Сүтпісірім – 5-10 минут. Уақытты мезгілге қатысты да айтамыз. Елең-алаң, түс, кеш, түн ортасы – бұлар сол мезгілдегі бір сәтті ғана айқындайды.

– Бір әңгімеңізде тәрбиенің бір басы ұлттық ойындарымызда жатыр деп қалған едіңіз. Қазір қолға алынып жатқан тоғызқұмалақ ойынының ойналу жолы мен құрылымы туралы айтып беріңізші.

– Бірінші айтарым, осының Тоғызқұмалақ деген атауы жайында. Ертеде бұл ойынды атаң қазақ «қойшылар ойыны» деп атаған. Қазір ешқандай қарсылығым жоқ. Дегенмен айтқаным ғой. Алтай қазақтары бұл ойынды бертінге дейін ойнады. Қазір ел қайта қолға алып жатыр.

– Тоғызқұмалақтың «қойшылар ойыны» деп аталғанын бірінші естіп отырмын.

– Мұның себебі, бұл ойынды бұрын ылғи да қойшылар қойын беткейге айдап жіберіп, жерден тоғызқұмалақ ойнайтын пішін (қалып деп аталатын) әзірлеп алып, ойнайды екен. Тағы бір себебі – ойынның әрбір жүрісі малдың іс-әрекеті мен олардың бабына қатысты сөз тіркестерінен тұратындығында-ау... Мен бұл жайлы Қытайдағы замандастардан көп сұрағаным да бар. Мысалы, әр құмалақты отардан қозғарда «мал жалаттым», «қой телідім», «сиыр желіндеді», «қосақ тіркедім» деп тағы да басқа осындай тіркестермен әр жүрісті ныпсылап отырған. Бір көзі – қойда, ойы – құмалақта болған қойшылар келе-келе Тоғызқұмалақ ойынын дамытты. Олар отыра қалып, жерден оймақтар қазып ойнайтын ойынын енді ағаштан, сүйектен, темірден әшекейленіп жасалған арнайы сандықшаларда ойнайтын болды.

Тағы бір қызық мынау, кәдімгі құмалақшылар мен Тоғызқұмалақ ойынының болжамы бір мағыналас келеді екен. Бес, жеті, тоғыз құмалақты шашып кеп жіберіп, мал басының аман-есендігін, ертеңгі күнді, жолаушының жолын, жақсылық пен жамандықты болжап сөйлейтін құмалақшылар да негізді осы Тоғызқұмалақ ойынынан алады деп ойлаймын. Тоғызқұмалақ ойынындағы бес отаулы тақта – «тайынша ойын», жеті отаулы тақта – «жылқы ойын», тоғыз отаулы тақта «атан ойын» деп аталады. Осы бес отаулы ойындағы 45 құмалақты – «ердің жасы», жеті отаулы ойындағы 63 құмалақты «пайғамбар жасы», тоғыз отаулы ойындағы 81 құмалақты «құдай берген қарттың жасы» деп те атаған. Бұларға қоса ойын тақталарының түрлері де бар. Мысалы, «Көзтимес» тақтасының пішіні көзге ұқсайды. Бұл тақтамен тылсым жаратылыстың сырын білетін жұлдыз-жорамалшылар ойнаған. «Құлақ естімес» тақтасымен өзіміз көп тоқталған ауа райын болжаушылар, жыл қайыратындар, амалдар арқылы сөйлейтіндер ойнаған екен. «Көкпен үндес» тақтасымен аспан әлемінің тілін білетін және жер тәңірінің үнін еститін болжампаз болжаушылар ойнаған. «Үндемес» тақтасы ең қарапайым тақта болғандықтан, адамдар үйрену үшін ойнаған.

– Менің ойымша, бұл миды жұмысқа икемдеудің, миды жаттықтырудың бір оңтайлы тәсілі іспетті екен-ау! Өзіміз көріп жүрген құмалақшыларымыз құмалақтарын шашып жіберіп, болашағыңды болжап, өткеніңе де көз жүгіртіп отырғанына таңғалатынмын. «Осыны қалай сөйлетеді» деп ойлайтын ем. Бұл бір бізге беймәлім күштің әсері ғой деп түсінетінмін. Сонда тоғызқұмалақ ойынын қалай ойнайды?

– Мен бес отаулы тақтаның ойынын айтайын. Оны он отауға тоқсан құмалақ салу арқылы ойнайды. Мұнда бір маусымның тоқсан күніне таласып отырып, сол маусымдағы ауа райын, малдың жай-жағдайын біліп отырады. Ал жеті отаулы тақтада 63 құмалақтан 126 құмалақ сала отырып, амалдар арқылы ауа райын болжайды.Тоғыз отаулы тақтамен ойнау – өте күрделі. Оған 81 құмалақтан 162 құмалақ салып ойнайды. Оны ойнағандар адам өмірін, жақсылық пен жамандықты біле отырып, болашақты болжай білген.

– Нағыз миды шынықтыратын ойын екен ғой бұл. Халқымыз дана ғой. аға, Осы тоғызқұмалақ ойнап отырып, болашақты болжағандарды өзіңіз кездестірдіңіз бе?

– Ондай жағдайда да болған. Ұмытпасам 1942 жылдың жазында ғой деймін. Бұл оқиғаны сен сұраған соң қазір есіме түсіріп айтқалы отырмын. Еміс-еміс есімде қалыпты. Қытайда бір бақсы (атын ұмыттым, арада қанша жыл өтіп кетті ғой) тоғызқұмалақтан бәрін ұтты да, өз құмалақтарына ойлана қарап отырып: «Көп ұзамай ел іші бүлініп, аласапыран басталады екен. Апырмай қатын-бала шулап, көп қан төгіліп, мынау мамыражай тыныш жатқан ел жан-жаққа тоз-тоз боп кетеді екен-ау», – деді сұп-сұр болып. Содан жанында отырғандар аң-таң боп аңырып қалдық, не нәрсені де бірден жамандыққа жорымайтын халықпыз ғой. «Ей, құмалағың дұрыс түспеген шығар, қайтадан сал» деп шуласып едік. Қайтадан салды. «Жоқ. Әне құмалақ жаңағы сөзді тағы қайталап айтып тұр, өкінішке қарай, бұл жарықтықтың айтқаны кейде мүлт кетпейді», – деп тұнжырай отырып жауап бергені әлі күнге дейін көз алдымда қалыпты. Міне, сол құмалақшының осы бір сөзі көп ұзамай шындық болып шықты ғой. Көп ұзамай соғыс басталды. Қантөгіс көп болды. Қаймағы бұзылмай тұтас отырған ел жанжаққа босып көшті. Неге екенін өзім де білмеймін, әсіресе соғыста жүргенімде сол құмалақшының сөзі есімі жиі түсетін еді. Біз біле бермейтін, аңғармайтын тылсым бір күштердің бары анық.

– Мен де таңғалып отырмын. Сөзден сөз туады, аға. Қайсыбір жылдары «Мұстафа Шоқай жолымен» атты жобаның аясында Түркия жерінде де болғанымды айтып едім ғой. Түріктердің Баязит деген базарын аралап жүріп, теріден тігілген бұйымдарды көргенім бар. Сонда «малды көп ұстайтын бізде неге тері өнімдері жоқ екен», «неге осы бір істі қолға алмасқа...» деп ойлаған едім. Түріктер бауырымыз ғой, әрине, түбіміз бір. Бірақ атажұртта қалған қазақ, о баста, баяғыда бүкіл тұрмыс-тіршілігімізге керектінің бәрін теріден жасаған ғой. Жағда аға, осы тақырыпта өз білгеніңізді ортаға салыңызшы.

– Тері өнімдерін өндіру ісін қолға алу керек. «Бізге біреу кеп жасап береді» деп қарап отыруға болмайды. Мына қарттықтың бой бермейтіні болмаса, менің де қолымнан келетін іс қой бұл. Көршілерімізге қарашы, оларда жеке адамдар қолынан келетін шаруаны дөңгелентіп кете береді. «Менің пәлен деген дипломым бар, мен пәлен деген орынға барып отыруым керек, таза жүріп-тұруым керек» деп олар біз сияқты қарап отырмайды. Дипломы бар болса да, қолынан келетінін арланбай жасай береді. Бізде де осы тәжірибеге көшсе ғой, шіркін... Пах, пах, шіркінай десеңші, ондай шикізат көп қой біздің елімізде! Соның бірі – өзің айтып отырған осы – тері саласы. Басқа жақты айтпағанда, алысқа ұзамай-ақ, дәл осы Алматының төңірегінде жақын ағайындарым барын айттым ғой. Міне, солар малдарының терісін қайда өткізерін білмейді. Жолдың жиегіндегі «тері аламыз» деп тұрғандар түкке тұрғысыз тиынға сұрайды. Егер осы істі қолға аламын деушілер болса, оны қалай илеу керектігін айта кетейін. Біріншіден, малды сойғаннан кейін оның терісін бүтіндей сылып алу керек. Мұны «мес қылып сою» дейді. Ол үшін артқы шатын өткір пышақпен тіліп, теріні басына қарай айналдыра, бас терісімен бірге сыпырады. Теріге пышақ тигізбей қолмен, саусақпен, жұдырықпен сыпырған дұрыс. Содан кейін теріні жылы күйінде тұздап, тұз сіңгенше қойып қояды. Тұзы әбден сіңіп (мұны қазақ «тұзға піскен» деп те атайды) болған соң, арнаулы кергішке керіп қою керек. Кергіш ағашты қазіргі кириллицадағы А әрпіне ұқсатып, терінің көлеміне қарап пішінін өзгертіп жасайды. Осы кергіш ағашта тері әбден кептіріледі.

– Мен бұрын терінің қалай кептірілетініне мән бермеппін. Ал терінің қалай иленетінінен аздап хабарым бар. Сонда терінің иленуі қай уақытта басталады?

– Келесі қадам – теріні илеу. Енді теріні илегенде, ненің терісі екеніне байланысты болады. Мысалы, аңдардың терісі жұқа келеді. Сондықтан олардың иі тез қанып қалады. Ал төрт түліктің терісін көбірек илейді. Илеу үшін терінің ішкі жағына айран жағып қояды немесе айранның сары суына қара бидайдың ұнын қосып, бір-екі тәулік жылы жерде ұстайды. Содан терің дайын. Бұған көп машақаттың да керегі жоқ. Қолға аламын деген адамдар болса, болғаны. Одан кейінгісі – тігіншілердің жұмысы. Керектің бәрін шығаруға болады.

– Аға, сізге күн өткен сайын таңданам. Жан-жағыңыздағы көрінген заттың бәрінің шығу тегін біліп қана қоймай, оларды өзіміз қалай жасай аламыз деп те ойланатыныңыз анық көрініп тұр. Дегенмен шаруа ісіне көп қанықсыз ғой. Енді қай кезде сойылған малдың терісі төзімді болады, әлде бәрі бірдей бола бере ме екен?

– Жоқ, бәрі бірдей бола бермейді. Мысалы, жабағы деп жатамыз, ол қой-ешкілердің сәуір-мамыр айларындағы жабағы жүні қопсымаған қалың түбітті терісі. Осы жабағы жақсы. Қырықпа – өзі айтып тұрғанындай, қырқылғаннан кейінгі жұқа жүнді тері. Күздік теріден қыстық киімдердің барлық түрін тігіп алуға болады. Күздік тері – қазанқараша айларында, мал терісінің өңі қалың кезінде сойылатын малдың терісі. Содан кейін соғым терісі болады. Ол қыртысы қалың, өте мықты тері. Тықыр тері – малдың жүнін қырқып алысымен сойылған тері. Ол аты айтып тұрғанындай, жұқа болады. Сондықтан одан дорба, тұлып, жарғақ шалбар сияқты заттар тігеді.

– Сонда «жарғақ шалбар» теріден тігілетін болды ғой. Оны қай уақыттары киді екен?

– Иә, қазір шалбардың бұл түрін білетіндер аз. Бұл – ешкі терісінен тігілетін еркектің шалбары. Тері әбден иленіп, қынамен, ешкіталдың қабығымен, жосамен боялады. Шалбардың балағы түрлі-түсті жібектермен өрнектеліп, тігілген оюлармен көмкеріледі. Мұндай шалбар өте бағалы киімдердің қатарына жатқызылған. Шалбардың бұл түрін өзім де кигенмін. Өте жеңіл, әдемі. Баяғы заманда мұндай шалбарды тек мырзалар мен байлар ғана кие алған.

– Тү-у, қандай керемет еді! Тері өңдеу ісін қолға алатын адам болса, сіздің айтқандарыңызды тұтас бір ғылыми институт зерттеп атқаратындай іс болатынына сөз жоқ, аға. Тек жастарымызда ниет болса болғаны ғой. Сөзімізді теріге қатысты ары қарай жалғастырсақ...

– Енді дәстүрімізге байланысты жиған-тергенім жұртымыздың кәдесіне жарап жатса, менде одан басқа арманым бар дейсің бе, қарағым-ау... Ендігі сөзді бас киім тігетін теріден бастайын. Ондай теріні «сеңсең» деп атайды. Ол – үш ай мен бес ай аралығындағы қозының қырқылмаған терісі. «Елтірі» өте жұмсақ әрі әдемі болады. Бұл – туғанына 2-3 ай болған қозы терісі. Бұл теріден де бас киім әзірлейді. «Мари» деген терінің түрі де бар. Ол туыла салып өліп қалған қозы-лақтардың терісі. Тері тықыр, өзінен шыққан өрнекті болады.

Оны көбіне киімдерді әдіптеуге пайдаланады. Бас киім де тігеді екен, бірақ өзім көрмедім. Ал енді осылардың ішінде ешкі терісі өте төзімді саналады. Ешкінің терісінен мес тігеді. Өте берік те болады ғой. «Көн» өте қатты, берік болады. Одан көбіне етік тіккенін көргенмін. Ол – ірі қара малдың терісінен иленген қатты былғары.

– Ата-бабаларымыз киім-кешек түрлерінің барлығын теріден жасап, оны сәндеп киген ғой. Төсеніш ретінде пайдаланылған теріден жасалған тулақты білеміз. Бір жолы орталықтан шалғай жатқан алыс ауылда жас келіннің бетін ашқанда аяғының астына тулақ төсегенді байқағаным бар еді. Осы тулақ туралы не айтар едіңіз?

– Тулақты қазір байлар ғана сән үшін төсеп қоятын болды ғой. Ал тулақ, негізінен, өзіміздің киелі киіз үйіміздегі үй жасауларының бірі болған. Тулақты астыңа төсесең, сыз өтпейді, өте жылы болады. Соғыста жүргенімізде жанымызда тулағымыз болған. Жерге төсеп жібересің де отыра бересің немесе ұйықтайсың. Өзі жеңіл болады. Тулақ жасау үшін терінің жүні алынбай керіліп кептіріледі. Алдымен жаңа сойылған малдың терісін ірі тұзбен тұздап, теріге ілесіп жүрген еттері болса сылып тастайды. Егер тері майлы болса әк тас немесе сортаң топырақ салып майын ерітіп жібереді. Содан кейін терінің іш жағын қырып алып тастайды да, керіп кептіреді. Кепкен тері дайын төсеніш болады. Өзің айтқандай, келіннің бетін ашқанда тулақ төсейтін ырым бар. Кейбір жерлерде күйеу жігіт қайын жұртына бірінші келіп отырғанда оның астына тулақ төсеп, босағаға отырғызатын болған. Бұл екі бала екі жаққа та жұғысты, «терідей көмбіс болсын» деген ырымау деп ойлаймын. «Ер арыса – аруақ, ат арыса – тулақ» деп бекер айтпаймыз ғой.

– Жаңа бір сөзіңізде үй жабдықтары деп қалдыңыз. Менің есіме осыдан бір-екі жыл бұрын ұлы Абайдың туған жері Қарауылда болғанда көргенім түсіп отыр. Өзіңіз барып, көрген де шығарсыз, сондағы Абай үйінің ас сақтау бөлмесіндегі «адалбақанды» көріп таңғалғам. Жер мен шаңырақтың арасында тұтас бір бұтақтарымен тұрған ағаш тәрізді әсерге бөлейді екен. Нағыз «адалбақанды» сонда өмірімде бірінші көруім еді. Осындай «адалбақанды» кезінде сіздер де тұрмыста қолдандыңыздар ғой. Бізге орыс мұжықтары басып кіргелі «адалбақанды» орыстың шарбағы алмастырды ма» деп ойлаймын. Сіз қалай ойлайсыз?

– «Адалбақан» деген де бір керемет нәрсе ғой білгенге. Бұрынырақта «адалбақанды» пайдаланған кезімізде тамағың да, киімің де таза тұратын. «Адалбақан», негізінен» тағамдарды ілу үшін бұталы ағаштан жасалған ілгіш құрал. Енді сен Абайдың үйіндегі «адалбақанды» көрген болсаң, сол – нағыз ет ілетін, салқын бөлмеге орналастырылатын бұйым. Ал кейбір өңірлерде «адалбақанды» нақыштап, бояп, киім ілгіш ретінде де пайдаланады. Ондайды баяғыда өз көзіммен көргенмін. «Адалбақан» деген атына келсек, мен мұны әлі зерттеймінау... Осы күні қайда басыңды сұқсаң да бәрі «халал-халал» деп жатады ғой. Сол халалдың қазақшасы «адал» ғой. Яғни ас – таза, аң-құс тартпай астары адал тұрады, соған қарап «адалбақан» деп атаған да болуы мүмкін деп ойлап отырмын.

– Осы біз әулие-әмбиелерге барып тәу етіп, тиын-тебенімізді тастап, садақа беріп жатамыз. Ол сонау исламнан бұрын қалыптасқан дәстүріміз сияқты. Осы садақа мен садақа беру жайлы айтсаңыз?

– Иә, садақа деген не? Оны кім қалай түсінеді? Садақа Жаратушы иеміз бен адамның, яғни оның пендесінің арасындағы – дәнекер, ісәрекет деп ойлаймын. Тәңірді сүйетініңді «оның пендесін сүю арқылы дәлелде» деген сөз. Оған көмектес, қамқор бол, ол үшін садақа бер, қайырымды іс жаса. Садақа – тек ақша беру, мал шашу емес, қайырлы іс қылу. Айталық, бір қария көшенің келесі бетіне өте алмай жатса немесе іздеген көшесінің атын ұмытып қалған болса, тағы да басқа жағдайларда қол ұшын беру, демеп жіберу, дұрыс жолға салу – нағыз садақа. Садақаны адам өзі үшін, өз жаны үшін береді. Исламда садақа бергеннен әрі қайырымды іс қылғаннан пенденің күнәсі кемиді дейді. Сен садақа берсең, біреуге көмектессең, өзің де байқап жүрген шығарсың, көңілің жаңарып, пейілің тазарып қалады. Өзіңді-өзің жеңіл сезінесің. Осы сенімен сөйлескелі мен де өзімді бір жеңіл сезініп жүрген сияқтымын. Арқамнан ауыр жүк түскендей боламын. Бұл да ертең біздің жиған-тергенімізге мұқтаж болатын жандарға жасаған сауапты ісіміз ғой...

– Иә, Жағда аға, дұрыс айтасыз, өте сауапты іс қой бұл. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың Миғраж оқиғасында көкке көтерілгенін естігенбіз. Оны ертіп жүрген Жәбірейіл періште пейішті көрсетуге әкелгенде қақпадағы «Кімде кім садақа беріп, қайырлы іс жасаса 20 есе, қарызға ақша берсе 40 есе сауап табады» деген жазуды оқып, себебін сұрағанда пайғамбарымыз: «садақа беру – әрбір мұсылманның сауапты ісі. Алайда оны кімге бергеніңді білмейсің. Мүмкін, бір алаяқ жалған мүләйімсіп, мүсәпірдің кейпінде тұрып алдап алған шығар. Ал қарызды өзіңді білетін, оған өте зәру адам ғана сұрайды. Садақадан да адамның әжетін шығарып қарыз берудің сауабы мол» деп жауап берген екен.

– Дұрыс екен, негізінен не нәрсе істесең де, біреуге бір нәрсе берсең де, бәрін өз ой елегіңнен өткізіп, ойыңды әбден сарапқа салып, пісіріп, ақылға қонымды болғанда, меніңше, соның бәрі – сауап, біреулерге содан қайырымың тиіп жатса, соны да «садақа» деп түсінген жөн шығар.

– Осы егемендігімізді енді алған жылдары көшеде тұмар таққан жастар көбейіп кеткен еді. Сол тұмар таққандардан тұмарды не үшін тағып жүргенін сұрағанда: «соны да білмейсіз бе, мұсылмандықтың белгісі емес пе? Әрі бәле-жаладан қорғап жүреді», – дейтін. Сонда мен ойланып қалатын едім. Осы жерде сізге аты аңызға айналған, бүкіл әлемге мәшһүр ғалым әл-Фараби бабамыз туралы халық аузында сақталған мынадай бір әңгімені айтып берейін. Ұлы ұстаз қартайған шағында бір топ шәкірттерінің басын қосып, «сендерге аманатым бар, егер құпиясын сақтап, шартын орындасаңдар ашамын» дейді. «Аманатқа қиянат жасауға болмайды, айтқаныңызды орындаймыз» деп шәкірттері бір ауыздан уәде береді. Сонда ұстаз оларға көннен тігілген тұмарды ұсынып, қабірінің басында ғана ашуды өтінеді. Арада көп уақыт өтпей-ақ ұлы ұстаз дүниеден өтеді. Арулап жерлеу рәсімі кезінде уәде бойынша әлгі тұмарды ашып қараса, ішінен тілдей ғана қағаз шығады. Онда «бұл туған жерім – Отырардың топырағы еді. Қабіріме осыны салыңдар» деп жазылған екен дейді. Ғұламаның ол өтініші үлкен тебіреніспен, толқумен орындалады. Данышпанның аты – данышпан, өмірден өтіп жатып та, туған жердің қадір-қасиетін кейінгілерге тағы бір ұқтырып кетті. Осы тұмар хақындағы сіздің ойыңыз...

– Иә, тұмар халқымыздың ұғымында өте киелі мағынаға ие болған. Сан ықылым заман бұрын қағаз жоқ, тауар қат кезеңде сауда-саттық жасап алысқа сапар шеккенде немесе соғыс жорықтарына аттанғанда бабаларымыз мал терісінен жүрекке ұқсатып, ұшбұрышты етіп тігілген қалташыққа, яғни тұмарға туған жердің топырағын толтырып алып шығатыны рас. Бұл туған жерге деген шексіз құрметтің, перзенттік парыздың белгісі болса керек. Біле білгенге, адам бойындағы бір нәрсеге деген сенімнің өзі үлкен рухани күш қой.

– Әңгіме тұмар жайлы болған соң, белгілі этнограф-ғалым, айтулы қаламгер, марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыздың кезінде бір жазғаны бар еді, соны да айта кетейін. «Аса киелі саналатын дәстүрлі ырымдардың бірі – тұмар тағу. Тұмар тағу ырымы – ислам дінінен ада, байырғы түркілік дәстүр. Тәңірлік наным-сенімдегі әрісі – түркілер, бергісі көшпелі қазақ үшін – күн, көк, от, су сияқты жер де киелі. «Қара жер» – киелі жер деген мағынада. Байырғы көшпелілер тағатын тұмардың ішінде туған жердің бір шөкім топырағы болған. Тұмар сөзінің өзі байырғы түркі тілінде «тума иер» – «туған жер» деген сөздердің кірігуінен шыққан. Кейін ислам дінінің орнығуына байланысты тұмардың ішіне дұға жазып салу дәстүрі қалыптасты» деп жазған болатын Ақселеу ағамыз. Сіз қалай ойлайсыз, аға?

– Ақселеуден де қазақ сорлы өте ерте айырылып қалды ғой. Ол бір жаратылысы бөлек азамат еді. Өте дұрыс, көңілге қонымды-ақ етіп жазған екен. «Соқырға таяқ ұстатқандай-ақ» қып айтыпты ғой. Кейбір жастарымыз байыбына бармай жатып, «әйтеуір тағу керек екен» деп тағып алып жүреді ғой. Өз дәстүріміз ислам діні келгелі бір-біріне етене сіңісіп кеткеніне тарих куә, әрине. Бірақ исламның шарттарын, парызын және шариғат талаптарын орындамай, тек тұмар таққандарын қанағат ететін болса, онда бұл жерде дәстүрді де, дінді де таптағаны дер едім. Бірақ соңғы бір-бір жарым жылдың көлемінде жастар мен ересектердің де санасы өзгерген сияқты. Бұрынғыдай ішіне дұға немесе басқа да бір нәрсе (өздері де білмейді ішінде не бар екенін) жаппай тағып алып жүргендерді көп ұшыратпаймын. Яғни, жоғарыдағыдай ғалымдардың, сендердей жазушылардың түсіндіруімен, баспасөз беттеріне жазылуларымен саналарына жеткен ғой. Не нәрсенің де өз орнына, өз мақсатына жұмсалғаны жақсы. Мен осы тұмар жөнінен терең зерттемеппін. Бірақ дегенмен бұл сұрағың да орынды болды.

– Иә, жастарға да кінә артауға болмас. Жөн сілтеп, бағыт-бағдар беретін қазақы орта болмағандығынан шығар. Кеңес өкіметі кезінде дәстүрімізге де, дінімізге де тыйым салынғандықтың кесірі де ғой. Енді ұзағынан болғай дейік, аға.

– Мен осы жерде тағы бір жайтты айта кетейін. Осы егемендігімізді алғалы мұсылман мемлекеттерінен елімізге қанша қонақтар, ресми делегаттар келіп жатыр ғой, бірақ біреуінің де мойындарынан мен тұмарды көрмеппін. Сен де көрмеген шығарсың. Өйткені оларда ондай сенім жоқ. Яғни тұмар – Түркі халықтарының дәстүріндегі туған жерді қадірлеуінен шыққан сенім. Аяулы дәстүр. Исламның шарттарында да тұмар туралы түсінік жоқ. Дінімізде Құран сөзі – Құдай сөзі деп есептелінеді. Оларды әрбір мұсылман жадында сақтап, жатқа білуі керек. Ал ата дәстүріміздің орны бөлек. Ол бойдағы туа біткен қасиет деп түсінемін өз басым.

– Ұлттық салт-дәстүрімізге бай «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген мен Жібектің үйлену салтанатындағы көрініс әрбір қазақтың көз алдында тұрған шығар. Мен сол фильмнен бірер үзінді айтып көрейін, аға, тыңдаңызшы. Содан кейін қазіргі тойларымыз туралы ой өрбітсек. Әдемі киінген жастар. Көңілдері шат, жүздері жарқын. Кілемшелер үстімен екі жас топты жарып келеді. «Басқан жерлері – жұмсақ, мінездері халыққа жайлы болсын» деген ниетпен жеңгелері, құрбылары аңдардың терісінен иленген тулақтарды біртіндеп төсеп жатыр. Имене басқан екі жастың жүздері бал-бұл жайнайды. Алдарынан шығып қарсы алған қыз анасы жанып тұрған оттың жанына алып барады. Қыз жеңгесі әкелген шыны ыдыстағы майды отқа тамызды да, «от-ана, тәу-тәу, өзіңе тапсырдым. Жер-ана, тәу-тәу, өзіңе тапсырдым» деп түтін иіскетіп, алауымен жастарды аластады. Шымылдыққа алып барып, «ақ төсек, тәу-тәу, өзіңе тапсырдым. Зер белбеу, тәу-тәу, өзіңе тапсырдым» деп ата-баба ырымын жасайды. Міне, қандай керемет көрініс, көрсеткен сайын көргің келіп, әр көргеніңде жаңа қырын байқайсың. Ал қазіргі жаһандану дәуірін бастап өткізіп отырған уақыттағы қазақ тойлары қалай болуы керек деп ойлайсыз?

– Орынды екен. Дегенмен көптің көңілінде жүрген сұрақ бұл да. Мен осы қайсыбір күні қазіргі үйлену тойы туралы айттым-ау деймін. Бүгін тағы да басқа бір сәттерін айтайын. Бір күні шақырған соң бір таныс қазақтың баласының үйлену тойына бардым. Кәдімгі Алматының үлкен мейрамханаларының бірінде өтті. Жігіт те, қалыңдық та, кешегі келмеске кеткен кеңес дәуірінен қалған еуропалық үлгідегі киімдерін киіпті. Той екі тілде жүріп жатыр. Қазақша және орысша, енді орысшасы басымдау ғой, әрине. Тойдың ортасында ма, соңына жақын ба, көпшіліктің қол соғуымен екі жас ортаға шақырылды. Алдарына үлкен торт әкелініп қойылды. Оның бетіне жас жұбайлардың есімдері мен заңды некелерімен құттықтаған сөздер жазылыпты. Торттың айнала шетінде балауыз шырақтар жанып тұр. Оттары самаладай жарқырайды. Ортаға жасы елулерді еңсерген қазақ әйелі шықты. Ол шырақтарды үрлеп өшірді де, тортты бірнешеге бөліп жас отау иелеріне және басқа да қонақтардың бәріне үлестірді. Міне, мен көрген қазақтың бір үйлену тойының көрінісі осындай болды. Ал енді «бұрын қалай болған» дегенге келетін болсақ, жаңағы өзің «Қыз Жібек» фильмінен үзінді келтіргеніңдей отты өшірмеген, қайта оны жаққан ғой. Ақылға сыйымдысы да сол ғой енді. Арғы-бергі тарихымызда үйленген жастарға шырақ жанған торт ұсыну, шырағын өшіріп, тортын жегізу болып па еді?! Бұл өзі қайдан келген дәстүр?!

– Сол фильмнен байқағанымыз және әлі күнге дейін де өзіміздің салтымызда, санамызда отты қастерлеу ұғымы бар емес пе?! Тек қала өміріне үйреніп, кеше қалыптасқан еуропалық дәстүр бойынша той өткізетініміз болмаса. Жағда аға, енді осы от төңірегінде әңгімелессек қайтеді?

– От – тіршіліктің белгісі. Пендеге отсыз өмір жоқ. Сонымен қатар от – жылылықтың белгісі. «Отан – оттан басталады» дегенде бабаларымыз мәңгілік маздаған тіршіліктің белгісі – отты құрметтеуге, отбасын қастерлеуге, шаңырақты ардақтауға үндеп тұрған жоқ па?! Қазақ отты кие тұтқан, қасиет санаған. Оттың өшуі мен шырақтың сөнуін өмірдің бітуі, тіршіліктің түгесілуі деп түсінген. «Ошағыңның оты сөнбесін», «шырағың сөнбесін» деп бата берген қарттар.

Жаңа шаңырақ көтерген жас жұбайларды отпен аластаған. Бойжеткен ұзатылғанда түтін иіскеткен. Келін түскенде отқа май құйғызған. Туған, өскен шаңырағының түтіні – қанында, оты жадында мәңгі жүрсін дегені болар. Тағы да алысқа ұзамай-ақ ел жақсы білетін сол «Қыз Жібек» фильміне жүгінейікші. Есіңде болса, Бекежанның жебесінен ажал құшқан Төлегеннің қазасын естірту сәтінде жанып тұрған шырақтарды сөндіру арқылы Жібекке Төлегеннің қайтыс болғанын сездіреді. Бірінен кейін бірі сөніп жатқан шырақтарды көрген сезімтал Жібек Төлегеннің мерт болғанын ұға қояды. От пен шырақтың өшуі – орны толмас өкініштің, қазаның белгісі екеніне бұл да дәлел емес пе?!

Тізбелей берсең көптеген мысалдар келтіруге болады.

– Түһ, аға, керемет айттыңыз! Отты сөндіруге болмайтыны жайлы осыдан артық қалай айтуға болады? Тағы да осы тойдың айналасында әңгімені жалғастырайық, аға. Өйткені той – халықтық қазына әрі кейде тіпті сахна деп те жатамыз. Оған дәлел кешегі өткен дүлдүлдеріміздің бәрі қазақ даласындағы «той сахналары» арқылы кеңінен елге танылған ғой. Мысалы, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, ақын Сара, әнші Әміре, тағы да басқа өнер тарландарының барлығын айтуға болады. Біз негізі табиғи болмысымыздан ән-жырға, бір сөзбен айтқанда, сауық-сайранға, той-томалаққа бейімдеу халықпыз ғой. Осы орайда қазақы болмысты керемет суреттеген ұлттың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әли ағамыз:

«Қазақ – осы құда бол деп қинайтын,

Құдаларын құдайындай сыйлайтын.

Қазақ – осы дүние мен малыңды,

Оңды-солды шашу үшін жинайтын», – деуі дәл берілген баға сияқты. Той сонымен қатар басқа әдет-ғұрпымыздың да көрініс табатын жері ғой. Оларға да тоқтап өтсеңіз...

– Тоқталамын ғой. Бірақ қазақтың тойларының бәрі қазақтікіндей болып өтіп жатыр ма? Ұлттық бояу, халықтық нақыштары бар ма? Мысалы, ұйғырлардың, қытайлардың немесе орыстардың тойларын ән-жырынан ажыратуға болады. Қазақтікін бұлай ажырата алмайсың. Тіпті, той иесі қазақ болғанымен ұстанған үрдісі қазақтікі болмаса, оны қалай қазақ дейсің! Тойдың қыз ұзату, келін түсіру, құда күту, қонақтарға табақ тарту, сыбаға беру, тағы да басқа көптеген әдет-ғұрыптарымыз көрініс табатын салтанат екені де рас. Осы санамалап отырған бүкіл дәстүрлеріміз, әдет-ғұрпымыз – бәрі-бәрі осы қазақтың тойы арқылы жалғасын тауып отырған. Ал енді бір алдағы 10-15 жылда тойларымыз арқылы Ғұн дәуірінен келе жатқан құнды ғұрыптарымыздың ғұмырын созбасақ, жоғалтып алуымыз мүмкін. Оған жоғарыда өзіміз келтірген мысалдар жетіп жатыр. Бізге халықтық қалпымыз бен ұлттық салтымызды танытатын, еңсемізді биіктететін, абыройымызды асқақтататын үлгілі үрдістерімізді қолға алатын уақыт жетті, қарағым! Бұларды бірінші қарапайым халық өз қолына алуы керек екенін бұрын да айттым, бүгін тағы қайталап айтамын. Екіншіден, мен сенің осы жолда тындырымды істер атқаратыныңа сенемін.

– Жағда аға, жаңа бір сөзіңізде Қыз ұзату деп қалдыңыз. Осы Қыз ұзату тойы туралы да айта кетсеңіз?

– Мен сәл ертеректе бір Қыз ұзату тойына барғаным бар. Той иесі –қаланың тұрғындары, мейрамханада болды. Сол баяғы үйлену тойы сияқты тамада бұл тойды да екі тілде бірдей сөйлеп жүргізіп жүр. Бір кезде бір кішкентай қыз бала раушан гүлінің гүлжапырақшаларын масаттана ұзатылатын қыздың аяғының астына шаша бастады. «Өй, мынаусы несі!» – деп шошып кеттім. Қазақтың әрі-бері тарихында көкті жұлғанды кім көрді? Және сол жұлып-жұлмаланған «тірі организмді» ұзатылып бара жатқан қыздың аяғының астына төсеу деген не сұмдық? Әй, аяқ астына төсеу керек болса, айттық қой, Қыз Жібек фильміндегі көріністен. Тулақты төсесін! Оның қасиетін, не үшін төсейтініне дейін де айттық. Әрине, енді ұзату тойының өзі қалғанына да тәубе деуіміз керек шығар. «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» – ата-ананың тілегі әрі парызы. Бұл қыз ұзатылған күні ата-ана қуанады әрі жылайды. Қуанатыны – қыз өсірді және оны құтты жеріне қондырды. Ал жылайтыны – қимастық көңілден. Біздің ертеректе көрген қыз ұзату тойлары қандай керемет еді! Қыз ұзатылатын үйге күйеу бала жағынан ер адамдар кешкілік келетін. Кешкілік келу себебі, қызды таң ата, күн шыға шығарып салу керек. Содан түнімен ойын-сауық болады, қыз «қоштасу», «сыңсу», «аужар» айтады. Ал келген құдаларды қыз жақтың жақындары өз үйлеріне есік-төр көрсетуге шақырып, сыйлайтын еді. Қазір де бар бұл дәстүр. Бірақ қазақ даласының кеңдігіне байланысты, халықтың отырған жеріне байланысты әр өңірдің салтында сәл де болса өзгешеліктер болады. Ал жалпы алғанда осылай. Жаңағы гүлді шашқанды қою керек. Қазақта «көктей солған» деген сөз тіркесі бар. Ырымға жаман ғой.

– Даңқты батыр, жазушы Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысы жылдарында «мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен солдаттың басындағы жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде халықтардың басынан өткен жауынгерлік жолдары мен ұлттық дәстүрлердің маңызы зор екеніне көзім жетті» деп жазды. Олай болса әдет-ғұрыпты халқымыздың заңы деп қабылдаған дұрыс қой деймін, сіз қалай ойлайсыз?

– «Ұлт дәстүрі – заңнан биік» деген сөзді бір жерден көзім шалғаны бар еді. Бұл айна-қатесіз тіркес деп білемін. Осы күнге дейінгі қалпымызды сақтағанымыз – дәстүрімізді аз да болса жоғалтпағанымыздың пайдасы. Қайран Баукеңнің айтқанына жүз пайыз қосыламын. Өзім де кезінде қолбасшы болдым, қан кештім, көпті көрдім. Осы халқымыздың ғасырлар бойы жасаған жөн-жосықты біліп, оны өмірде қолданса, өмірде де, ағайын-туыстың арасында да сара жол пайда болар еді... Алауыздық жойылып, барлығы біртіндеп орынорнына түсер еді... анық аңғаруға болады. Қолөнерінің ішінде оюөрнектің орны бөлек.

– Бүгінгі күнге бейімделген пайымды ойлар айттыңыз, аға. Сіздің кітап сөреңізден өткенде бір өзіміздің «қошқар мүйіз» оюымызды байқап қалған едім. Өзіңіздің де ою оятыныңыздан аздап хабарым бар...

– Ондай өнерім де жоқ емес. Бірақ сен ол жерде не көргеніңді білмеймін. Болса болған шығар... Адамның мүлде ашылмай кететін қырлары көп болады ғой. Тек бір нәрсеге табандылықпен кіріссең ғана оң нәтиже шығара аласың. Ал талант әрбір адамның бойынан табылады деп ойлаймын. Өзімізді артқа тартып, не болмаса «мен оны жасай алмаймын» деп сірә қарап отыруға болмайды. Барлық уақытта талпыныс, ізденіс, бір істі бастасаң оған табандылық керек. Мен осы жасыма дейін көп сөздерді әлі іздестіріп келемін, әлі істегенімнен істемегенім көп. Шынымды айтсам кейде ештеңеге де үлгере алмағандай күй кешемін. Сонда, оның шеті мен шегі жоқ болғаны ғой?! Шеті болмауға да тиісті де. Өйткені, өмір бір орнында тоқтап тұрған жоқ, күнненкүнге, жылдан-жылға ақырындап алға жылжып жүріп бара жатырмыз. Ата-бабаларымыз сұлулықты, әсемдікті, даналықты, батырлық пен тектілікті ою-өрнекке қалай шебер түсіре білді. Оны ғасырлар бойы түрлендіріп, дамытып отырды. Осыған орай халықта «Ою ойғанның ойы ұшқыр», «Сызу сызғанның сиқыры бар», «Шебердің саусағы алтын», «Ою ойған, сызу да сызады» деген тәмсілдер де бар. «Қошқар мүйізді» оюлардың ішіндегі төресі деп білемін. Өйткені, барлық ою осы «қошқар мүйізден» бастау алады. «Қошқар мүйіз» халықта байлықтың, молшылықтың нышаны деп жатады. Осы ою-өрнекте дәлдік, есеп, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдеу, сәйкестік, тазалық, нәзіктік, тазалық, сүйкімділік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, көңіл күйдің жақсылығы, шуақты шақ, арайлы бір кезең, жарқын әлем, көңілдегі шабыт, шаттық жатыр. Бірақ мұны да көру үшін – көз, байқау үшін ақыл-парасат керек қой. Ол жоқ жерде ештеңе де жоқ.

– Біздің елдің қолөнерін өзге елдердің қолөнерімен салыстыруға да келмейді. Атам қазақтың әрбір жасаған дүниесінен биік мәдениетті анық аңғаруға болады. Қолөнерінің ішінде ою-өрнектің орны бөлек. Барлық құндылықтарымызды айшықтап тұрған да осы ою-өрнегіміз емес пе?!

– Біздің ою-өрнегіміз өте күрделі, керемет қой. Үлкен өнердің бірегейі. Қазақтың қолөнерінің бір саласы деуге болады. Мұны бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін де емес. Қазақтың пейілі секілді, даласы да – дархан. Олардың қазақтың бар құндылықтарын айшықтап тұрғанында сөз жоқ. Оған тағы қосарым – әр өңірдің бұйымын оның өрнегінен де ажыратуға болатынында. Тұрған жерінің ерекшеліктеріне байланысты өректерінің түрі де өзгеріп отырған. Мысалы, мына шығыстағы қазақтар мен батыстағы қазақтардың, сондай-ақ оңтүстік өлкедегі қазақтардың ою-өрнегінде біршама айырмашылықтар бар. Жеміс-жидекке бай өлкеде ою-өрнектердің дені көбіне гүлге ұқсас келеді. Сондықтан бір ғана қазақтың қолөнерінің осы түрінде де қанша өзгешеліктер бар. Киім-кешекке, шапанға, оның жағасына, жеңіне, бас киімге, тақияға, киізге, текеметке, түскиізге, сырмаққа бәріне өрнек салады ғой қазақ. Ою-өрнектің түрі көп. Сондықтан мұны да қастерлей білуіміз керек.

– «...Мынадай да әдет-ғұрып бар болатын. Егер ұзақ уақыт алыс сапарда болып, ауылға қайта оралсаң, өз үйіңе кірерден бұрын сол ауылдың ең жасы үлкен тұрғынына сәлем беріп, батасын алу міндетті еді. Бәлкім, мұның бәрі біреулерге ұсақ-түйек, елеусіз нәрсе болып көрінер. Бірақ ата-бабалардан қалған мұндай әдет-ғұрыпқа жұрттың бәрі қашанда тақ тұратын. Балалары ата дәстүрін сақтаса, оларды әрбір әке мақтаныш тұтатын...» деп жазған еді елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

– Иә, бұл үрдіс қазір де жасы үлкендердің арасында бар. Әйтеуір өзім Алматы маңындағы туыстарыма бара қалсам, Бабалық ұрпағының қарашаңырағына емес, бірден сол ауылдың ақсақалының үйіне түсемін.

Ал жастар жағы бұл мәселе төңірегінде кейде тіпті ойламайтындай да көрінеді маған. Елбасымыздың өзі айтып, оны жазып отырғанда неге дәстүрімізді бәріміз бір кісідей жұмылып қалыптастырмасқа?! Біз үшін оған не кедергі? Жас ұрпақты тәлім-тәрбиеге шақыратын осындай бір орталық керек-ақ.

– Аға, төрт түліктің ішінде қазақ халқына жақын, көшіп-қонғанда негізгі көлігі болған түйе малы десек артық айтқандық емес шығар. Қазақ сахарасын ойсылқарамен ойқастаған бабаларымыз түйенің қадір-қасиетін терең білген ғой? Түйенің арғы-бергі тарихына ой жүгіртпедіңіз бе?

– Дұрыс айтасың. Төрт түліктің төресі атанған түйенің орны біз үшін ерекше ғой. Бұл оның күй талғамайтыны, ұзақ жүріске, ауыр жолға, шөлге төзімділігі секілді қасиеттеріне байланысты болса керек. Шын мәнісінде түйе жануары мінсең – көлік, жесең – ет, ішсең – сусын, кисең –киім. Жалпы түйе малы төзімді келеді. Сақылдаған сары аязыңа да, шыжыған ыстық күніңе де шыдай алады. Алдына жем-шөбін беріп, болмаса ықтасын өріске айдап салсаң, маң-маң басып, күйіс қайырып жүре береді. Түйенің, мәселен, шұбаты әрі сусын, әрі талай сырқатыңа шипа. Шудасының өзінде небір ісікті қайтаратын қасиет бар. Өкінішке қарай, етінің құнарлылығы әлі толық зерттеле қойған жоқ. Осынау дала алыбының етін еліміздің түйе өсіретін аймақтарының жергілікті халқы дертке дауа деп жеп жатады. Бүгінде түйені көбіне сүті үшін ұстайды. Ал бұрнағы заманда көлік ретінде керемет сұранысқа ие болған. Қазақтың ұлан-ғайыр даласына көшіп-қонушылар түйені пайдаланды, талай жүктер артылып, қазақ сахарасының ана басынан мына басына дейін түйе малының арқасында жөңкіліп жүрді. Кешегі Кеңес өкіметінің тұсында да, дәлірек айтсақ жетпісінші жылдарға дейін түйе малымен көшіп-қонды. Кез келген аймақты жерсініп кететін қасиетінің арқасында түйені көлік етті. Тұрмысымызға техникалық көлік әбден еніп алған соң, соңғы жиырма-отыз жылдың көлемінде түйені пайдалану сирей бастады. Қуатты техниканы сарп етпей, оған кетер шығынды үнемдеп, ішкі шаруашылыққа түйені пайдаланып жүргендерді де көріп жүрміз. Олардың қатары сиректеу әлі. Жалпы, адам тіршілігінде ең алдымен – ит, содан соң жылқы, бірте-бірте өзге жануарлар қолға үйретіле бастады. Ең соңынан барып түйені қолға үйретті. Осы Ойсылқара Орта Азия мен Қазақстанға арабтардан тараған делінетін. Түрікменстан археологтарының Алтын Депе қаласының маңынан тапқан қазбаларының нәтижесінде Египет-Вавилон мәдениетінен де бұрын болғанын, одан табылған есектің және түйенің сүйектері мен олардың жүк артылған саз мүсіндері қолға әуелі – түйе, кейін келе есек, ит және жылқы үйретілгенінен хабардар етеді. Бізде Қосқорған деген жер бар. Түркістан қаласынан жиырма шақырымдай жерде. АҚШтың Корнель университеті ертедегі жануарлардың әлемдік тізімін жасайды. Сол тізімге осы Қосқорған 1986 жылы тіркелді. Бұл жерден алып түйе, жабайы есек пен жылқы жануарының сүйектері табылған. «Қосқорғанның тарихы бұдан миллион жыл бұрын болған», – деді ғалымдар. Осындай археологиялық қазбалар Сібір, Орта Азия және Қазақстан жерінен түйенің, пілдің, жылқының, бизонның сүйектері табылып, олар он мыңдаған,тіпті жүз мыңдаған жылдар бұрын мекен етті деген жорамал жасалды. Мұндай мәліметтер Арабия түгіл Африкада да жоқ. Еуропа мен Сахарадағы соңғы мұздақ осыдан он мың жыл бұрын аяқталыпты. Африкадағы Сахарадан алғашқы жартасқа салынған тассильдік суреттер пайда болғанда, Еуропаның көп жерлерін мұз басып, Сібірдің тундрасынан мамонттарды кездестіруге болатын еді деген деректер де тараған. Жалпы, Сахарадағы өркениет Ніл алқабынан қаншама жыл бұрын болған. Мөлшермен біздің заманыздан төрт мың жыл бұрын Сахара жерінде малшылар мал баққан екен. Екі мың жылға созылған малшылықтан соң, жылқышылық дәуір басталған. Кейін келе жылқышылар дәуірі түйешілер кезеңімен ауысқан деседі. Бұл деректерден ұғатынымыз түйенің отаны – Орта Азия мен Қазақстан, оны қолға үйреткен түркі-моңғолдар екені – тарихи шындық. Түйе жануары сірі табанды, дара тұяқты күйіс малы ғой. Оңтүстік Американы мекен ететін ламалар түйенің туысы болып келеді. Биіктігі шоқтығынан есептегенде жетпіс-жүз жиырма сантиметр аралығы. Түйе тұқымдасының бұл түрінде мүйіз болмайды.

– Аға, түйенің жабайы түрлері қандай өзі?

– Саған «Түйекиік» жайында толығырақ айтқанмын. Сондай бір тағы да жабайы тұқымдары турасында оқығаным бар еді. Викунья гуанако және айыр өркешті жабайы түйе. Викунья вигонь деп те аталады. Ламаның биіктігі – 70-80 сантиметр, тұрқы – бір жарым метр, салмағы – 65 келі, жұмсақ түбітті, жүні қысқа, кәрілерінің түсі сарғыш, арқа қабырғалары ашық көкшіл келеді. Олар азғантай ғана тобымен сонау Анд тауының ең биік нүктелерінде және сол оңтүстік Америкадағы Перу дейтін мемлекетте кездеседі. Дене тұрқы шоқтығынан есептегенде 120-175 сантиметр, салмағы 48-96 келі, қоңыр түсті келетін Оңтүстік Америкадағы Анд тауының батыс бөлігіндегі бес мың метрлік биік нүктесін мекен ететін Гуанако азайып келеді. Оның інгені он бір ай көтеріп, бір бота туады. Қорегі – жергілікті шөптесін өсімдіктер. Жалпы, жабайы түйелер Шыңжаң өлкесі мен Азиядағы Гоби қорығында ептеп кезігеді. Аму мен Сырдария аралығын мекен еткен тайпаның атына қойылған Кердері дейтін нар түйе бар. Кердері нардың зады –аруана. Ал аруана – бір өркешті, таза асыл тұқымды түйенің ұрғашысы. Кезнар мен үлектің арақатынасынан туған, тұлғасы шаруаға жайлы болған соң көне заманда «Оғыз одағының кердері» атанған. Демек, өте ертеде түркі тұқымдасына жататын оғыздардың бір өркешті түйелерді қолға үйретіп, бір өркешті түйемен қос өркешті түйені будандастыру арқылы түйенің «кезнар», «кердері» деп аталатын мықты тұқымдары да солардан тарағанын аңғару қиын емес. Жалпы, түйе малының түріктерден тарағанын дәлелдейтін деректер аз емес. Қорқыттың, Махмуд Қашқаридың кітаптарынан түйеге қатысты біршама дүниелерді кездестіреміз. Ожарай деген ақын:

Қып-қызыл қызыл алтын қойдың жүні,
Жылқының қымыз берген бар ма міні.
Қатарлап жетектеуге түйе артық.

Сиыр байғұс озады-ау күздің күні, – депті. Ол кісіні мен өзім көрмедім. Атын ғана естідім. Осы бір ауыз өлең басымда қалыпты ғой. Төрт түлік малдың бәрі де жақсы. Түйенің жүнінен жасалған киімдер көрпе-жастықтар қандай жақсы. Тұрмысқа өте керекті нәрселер ғой.

– Осы орайда білгім келгені, түйе малы Кіші Азияға, Арабия түбегіне, Африкаға, Иран мен Үндістанға қалай тараған?

– Мұны да айтып өтейін. Түркілердің түйе малын қолға үйреткен ең әуелі Ғұн, оғыз тайпалары мал жайылымы үшін Орта Азиядан біртебірте оңтүстік – батысқа қарай ауып, олардың оғыз тайпасы Сыр бойына келгенде, алғашқы ханы – Оғыз, оның баласы Бұқа, одан тараған Жұлдыз, Аспан, Тау, Теңіз кезектесе хан болған. Бұдан екі жарым мың жыл бұрын Орта Азияда пайда болған Соғда хандығын басқарған Афрасиябты түріктер «Бұқа хан» деп атаған. Сыр бойының жергілікті тұрғындары Оғыздар келгеннен кейін олармен қақтығысса да, Орта Азияның оңтүстігіне қарай ауысып, содан кәдімгі Үнді жеріне де жеткен. Көрдің бе, бұдан кейінде ғұндардың Тұран ойпатын алақандарында ұстап, сонау Рим империясының тізесін дірілдеткендеріне дейін кәрітарих мойындайды. Жаугершілік заманда бір жерден екінші жерге қоныс аударып, біресе жаудан қашып, біресе өріс іздеп көшіпқонудың көп болғандығы анық. Ол замандарда қару-жарақ, азық-түлік, үйдің бөлшектері бәрі түйеге артылған. Аптап ыстық, қақаған суық, аштық пен шөлге де шыдамды әрі күшті осы түйенің арқасында жан сақтағанын ұмытпауымыз керек. Міне, түйенің алыстағы Африка, Испания, Үндістан, Арабия және басқа да елдерге тарауының басты себебі – осы. Айтылуға тиісті бір себебі бар. Ол – экономикалық қатынас. Батыс пен Шығысты байланыстырған сауда қатынасы. Мыңдаған керуен қазақ даласын басып өтіп, түйенің арқасында сонау алыс елдерді жақындатқан «Ұлы Жібек жолы» деген тарихи-мәдени алыс-берістік алып кезең тарихта өзіне лайықты орын алды. Жалпы, түйені Азия мен Африка тұрғындары көп тұтынған. Сондықтан сол дәуірлерде түйе малы қымбатқа бағаланып, ол дәулеттілердің ғана иелігіне өткен. Түйені баптап өсіре келе одан жаңа тұқым алу кезеңі де дүниеге келді. Түрікмен даласын мекен ететін «түс» пен қазақ даласында «біртума» деп аталатын бір өркешті түйеден ең мықты, неге де болса төзімді әрі жүндес «нар» деп аталатын «дромедар» мен «бактериан» будандасып шықса, Солтүстік Африка, Арабия, Оман арабтары түйелерді будандастыра отырып, олардан жүрдек әрі күшті «делуль», «мехари», «омания» секілді будан түйе тұқымын таратты. Міне, түйенің тарихы.

– Енді түйе жануарының кейбір тұқым түрлері мен олардың тектеріне тоқталсақ?

– Жалпы, түйенің біз білетін-білмейтін де түрлері көп. Өзімнің жадымда қалған сондай түйе жануарының біраз түрлеріне тоқталып өтейін. Айыр түйе дейді қазақ, бұл – екі өркештің арасы екі кісі еркін сиярлықтай, қос өркешінің үлкендігі біріне-бірі шамалас келетін таза тұқымды түйе. Айыр түйелердің мекен ететін жеріне қарай – қазақстандық, моңғолиялық, астраханьдық, ортаазиялық болып жіктеледі. Бұлардың ішіндегі көп тарағаны – қазақстандық айыр өркешті түйелер. Бұл табиғатынан қос өркешті болып жаратылған соң, осы айыр қалпын өзгертпейді. Оны мына Арал мен Каспийдің аралығында тұратын қазақтар «түс түйе» деп қатты құрметтейді. Айыр түйе – қазақтың өз түйесі. Бүгінде бұл түйенің тұқымы азайып, нашарлап кетті. Айыр түйенің қасиеті – мінуге, жүк артуға жайлы, басқа түйе түрлерімен салыстырғанда жүндес келеді. Айыр түйе түріне, түгіне, күшіне қарай таза айыр, қоспақ, мырза қоспақ болып үшке бөлінеді. Таза айыр түйе өркешінің арасы алшақ әрі өркештері биік, жүні тығыз және түбітті, шудасы ұзын, көбінесе бойы аласалау болып келеді. «Ей, Сырым, жоқтан бар болдың, айырдан нар болдың», «Айырдан нар болсам, атам үлкен болған шығар» деген теңеулерде түйенің қасиеті ашыла түсетіндей.

Айырдан туған жампоз бар,
Нар емес десең, нанғысыз.
Қарадан туған жігіт бар.
Ханға күнін салғысыз, – демей ме Махамбет?!

Атан түйені көріп те жүрміз. Бұл – күш көлігі ретінде пайдалану және бордақылану үшін ақта етілген бес жастағы және одан да сақа қос өркешті түйе.

Атан айына туады,
Інген жылына туады.
Атан өлсе, сойылар,
Атам өлсе, қойылар,

Мұндай қансонар қайдан табылар? – демей ме атамыз қазақ. Атанша дегеніміз – үш-төрт жастағы ақта етілген айыр түйе. Бұл түйе жайында Мұхтар Әуезов «Абай жолында» да жазады. Мұның жүрісі мықты екенін айтады Мұхаң. Мініске, шаруашылыққа көп пайдаланып, ыстықтасуықта жіберілгендіктен күйі кеткен, қоңы тайған айыр атанды «азған атан» дейді. Ақбас атан дейтіні бар, бұл ақ бас ауруымен ауырған не сол аурудан соң басына ақ қылшық шығып, сол себепті «ақбас» атанып кеткен айыр түйе ғой. Қартайған адамның шашы секілді оның төбе түктері ағарып кетеді. Бесті атан – бес-алты жастағы ақта етілген айыр түйе. Будан атан деген де бар, дромедар мен бактериан тұқымдарын будандастыру арқылы алынған түйенің бір түрі ғой. Бұл жұмысқа жалқау, реті келсе, тістейді. Дөнен атан – төрт жасқа толған ақта етілген еркек түйе. Жампоз атан, ол да – ақта етілген бес жасқа толған түйе. Семіргенде қос өркеші тіп-тік болады. Жүріске жақсы, шудасы мол. Бақырмайды, табандары жерге тимейді. Өзі әбден бабына келген, өркештері екі бала қатар тұрғандай, айтарлықтай толысқан түйенің осы түрін «жардай атан» дейді. Жарық атан, құнан атан, құнан шығар атанша, құр атан, сары атан, соқыр атан, ығыр атан дейтін түрлері бар. Түйенің бір жасқа дейінгі төлін «бота» дейді. «Ботаның көркі – көзі, адамның көркі – сөзі» деген мақал да бар. Қос өркешті ботаны «айыр бота» дейді. Жүні ақ үлпек болып туылған ботаны «ақ бота» деп атайды. Түйекеш немесе сол түйенің иесі күтпеген жағдайда туылған ботаны «арамза бота» дейді. Арамза, жетім бота, аруана бота, ботақан, бөдене бота, будан бота, бұралқы бота, егіз бота...

– Аға, түйеден егіз туған төл ырымға жаман дейтін еді...

– Түйенің егіз тууы өте сирек қой. Мұндай жағдай бола қалса, түйе иесі екінші ботаға мән бермейді. Бұл жақсылықтың не жамандықтың нышаны ретінде туылған төл деп қарайды. Көбіне туыла сап екінші ботаны бауыздап тастайды және оны ешкімге жария етпейді. «Егіз бота – не баққа, не даққа туады» деген сөз көнеден келе жатыр. Мұны бүгінгі түйешілер де қолданады. Емізік бота, жарбай бота, еміншек бота, жампоз ботажалпылдақ бота, жетім бота, кемиек бота, заржақ бота, көкбақа бота, күн қақты бота, қара кемік бота, қисық төс бота, қоскіндік бота, қыдыра бота, құтымсыз бота, маймақ бота, сүт бота, тел жетім бота, үкі бота, тірі жетім бота, нар бота, үлек бота деп өзінің түріне, түгіне, туылу табиғатына қарай түрлі атала береді.

– Түйенің бурасы жайында айтыңызшы.

– Бұл – ақта етілмеген, келеге түсетін еркек айыр түйенің түрі.

«Ақта» деп отырғанымыз піштірілмеген түйе ғой.
Жатқан жері даладай,
Екі өркеші баладай.
Азу тісі қаладай,

Құйрығы қамшыдай, Бура сойған не сұмдық! – деп кеткен бабаларымыз. Ала бас бура, ақ бура, аю бура, бесті бура, белсіз нар бура, жараған бура, күлге шөгер бура, қаңтардағы бура, құтырған бура, шартық нар бура деп кете береді.

– Қаңтардағы бура қандай болады?

– Енді қаңтар қыстың ең суық айы ғой. Осындай қақаған күндерде бірнеше күн жайылмай, ақ көбік шашып, су ішпей өзінен-өзі күркіреп, желге қарсы қасқайып тұратын нағыз таза қанды айыр бураны айтады. Мұндай буралар адамды қууы да мүмкін.

– Құтырған буралар адамды қуатынын, жетсе жаншып, езіп өлтіретінін елде бала кезімде көп естігенмін...

– Иә, мұны кісі алатын бура деп те атайды. Жыныстық бездері қозып, аузынан ақ көбік шашып, айбат шегетін, көрінген қараға ұмтылатын, қос өркешті буданға шатыс, ақта етілмеген еркек түйені «құтырған бура» дейді. Кейде аттың үстіндегі адамның өзін жұлып алады.

– Не үшін осы түйе малын ойсылқара дейміз?

– Бұл діни уағыз бойынша тараған сенім. Ең алғаш түйе баққан, түйенің атасы делінетін арабтан шыққан Уайсхарра деген кісінің атымен байланысты болуы да мүмкін. Ал біздің қазақ айыр түйенің ең алғашқы бурасын Ойсылқара деп атаған. Кей жерлерде осы түйенің атасын «қаусылқазы» дейтіндер бар. Жаратылысынан бір өркешті, таза нәсілді, тықыр жүнді, суыққа шыдамсыз, өте сүтті, ыстыққа, шөлге төзімді келетін түйе тұқымы «аруана» деп аталады. Өзінің мекен ететін жеріне қарай азиялық, африкалық, араб аруанасы, иран аруанасы, пенджаб аруанасы, түрікмен аруанасы секілді мекен ететін жеріне қарай осындай атауларға ие. Ал біздегі аруана – түрікменнің аруанасы. Мұны кейде – «мая», біресе «нар» деп те жатады. Аруана шағын, бір өркешті, аяқтары ұзын, қос өркешті түйелерге қарағанда, жүні жұқалтаң, шудасы аз, тек мойынының үстіңгі жағында ғана болады. Бұлар жүні сирек болғандықтан, ыстыққа бейімделген. Суыққа шыдау мүмкіндігі аз. Бізде мен айтқан түрікмен аруанасы ғана өсіріледі. Мұның жүні тықыр, тығыз, бұйра келеді. Мініп-түсуге айыр түйе секілді ыңғайлы емес, бірақ күші жағынан мығым, айыр түйеден кем соқпайды. Өзі барынша сүтті. Бұл түйенің ерекшелігі – көп жасайтындығында. Аруананың қырық екіге келгенін көргендер бар. Тағы бір қасиеті – ауруға шыдамды және басқа түйелер көтере алмаған ауру түрлеріне міз бақпайды. Көбіне шөлді жердің өсімдігіне құмар. Ыстыққа өте төзімді. Қыстыгүні жылы қорада үстін жабулап ұстаса болады. Дегенмен көндігіп кетеді.

Кейуана дегенді естіп жүрсің ғой.

– Иә, әрине.

– Көп боталаған жалғыз өркешті мақтаулы түйе тұқымын осылай атайды. Қазақта көп бала өсірген, немерелері мен шөберелерінің қызығын көріп, қадірлі ана атанған, көп жасаған кісіні кейуана дейміз.

– Аға, енді нар түйеге тоқталсаңыз.

– Қара нардың зары бар. Көшкенде түйе жетектейді. Нар түйе ұзақ уақыт жүк артқан. Бір кезде әлгі қара нардың бұйдасын есектің құйрығына байлап қоя берген екен. Есек ақырын тықылдап жүріп отырады. Сонда қара нар «жүгіңді талай көтеріп едім, күшімді талай көріп едің, қыруар жұмысыңды жасап едім, бәріне риза едім, бірақ менің өлер уақытымда есектің құйрығына байлағаның өтіп кетті» – деп зарлапты дейді. Нар дегеніміз біздегі бір өркешті түйелердің қазақ арасындағы атауы ғой. Негізінен, түркі халықтарының көп бөлігі «нар» дейді. «Инар», «нор», «нер, «нар», «инер» деп атала береді. «Нардың бәрі нар емес, нардың да нары бар» дейді қазақ. Ішінде мақтауға ие бекпатша, біртума, қолтума, құлпатша дегендері бар. Дегенмен нар сөзі бұл атаулардан да бұрын қолданыста болған. Осы нардың мықтылығын, жүріске шеберлігін есепке ала отырып, «нардай, нар жігіт екен» дейді. Бұл теңеу тек ер жігітке ғана тән. Нардың ақта етілген, қара күштің иесі екенін аңғарған білгір қазақ орнын тауып, осылай десе керек. Нар да – асыл тұқымды түйенің бір түрі. Жалғыз өркешті түйелердің бәрін дерлік нар деп атай береміз. «Нар арқасында жүк қалмас», «қайыспас қара нардай» дейді қазақ. Мая түйе мен желмаяны шатастырып жатады. Маяны көріп, оны бағып-қаққандар болғанымен, желмаяны біздің қазақ мал ретінде ұстамаған соң, екеуінің тегі бір дейді. Мұндай жүйрік түйенің тұқымы Оман мемлекетінде көптеп өсіріледі. Оны омания дейді өздері. Асан Қайғы мінген желмаяның тұқымы осы омания болуы керек. Өйткені бір дәлел омания секілді жүйрік түйе әзірге жоқ. Сипаттауларына қарағанда, тықыр жүнділігі, түсі бәрі де келеді. Бізде, негізінен, арабтардан енген сөздер жоқ емес. Кейбір түркі мемлекеттерден енген сөздердің өзін өзімізге бұрмалап, ықшамдап алдық. Ал осы мая сөзі – омания сөзінің ықшамдалғаны, біздің тілімізге жатық болған соң осылай алды ма екен деген жорамал да жоқ емес. Мына оңтүстік және батыс өңірлері желмая, жел атан сөздерін қолданады. Қазақ топырағында түйе малы біздің заманымыздан бұрын ІІІ-ІV мыңжылдықтың өзінде қолға үйретілген. Қосқорғаннан табылған мәліметтерге сүйенсек, Оман жеріндегі түйе анасы атанған Ум Эль Ибль емес, алғашқы түйелердің атасы мен анасы – бүгінгі қазақ топырағы. Бұл археологиялық қазбалардағы табылған дәйектемелерден кейінгі туындаған пікірлер. Ал осы түйенің ең жүйрігін желмаямен жиһанды кезіп, Жерұйық іздеген Асан Қайғы білсе керек. Күш көлігі ретінде шаруаға қолайлы, ақта етілген ең мықты түйенің тұқымы ол – Қара нар. Мұны Махамбет батырдың өзі мақтап, жырға қосқан. «Қабырғалы қара нар, қабырғасын сөксе, бақ етпес» – деп бір-ақ сөзбен оның мықтылығын айтып тұр. Қоспақ деген түйенің бір түрі бар. Бұл түйе тұқымы қазақы тәсілмен жасалған таза тұқымды бура мен біртуманың нар маясын шағылыстыру арқылы алған екінші ұрпағы. Мұның өркеш ұшы ған бар, аралары тым қысыңқы, одан әрі жалғыз өркеш секілденіп, қомға жалғасып кетеді. Мұның жүндері ірі, жүндес, шудалы, сүті аздау болғанымен, нар маядан кем соқпайды. Мұның сөз төркіні нар мая мен асыл тұқымды айыр бурадан туған төл арқылы «қос, бақ» деген екі сөздің бірігуінен туындап, содан «қоспақ» сөзі шыққан болуы мүмкін. Сондай-ақ екі қабат өркеші бар түйені де «қоспақ» дейді. Қоспақтың өркеші не екеу емес, не біреу емес, әрі-сәрі болады деген пікірлер де бар. Өркешіне зер салсаңыз, қос өркешінің ұшы – қомға дейінгі бөлігі бір өркешке ұқсап тұрады.

– Жоғарыда жылқының «қазанат» деген түрі болатынын айттыңыз. Осы сөзді түйеге қаратып айтуға бола ма?

– Алыс жолға шыққанда мойымайтын, ұзақ жүріске төзімді, дене бітімі ірі, сымбатты, шымыр, желісіне ат болдыратын, ертегілерде ғана кездесетін бұрын батырлар жолға шыққанда азық-түлігін артатын қазанат түйелері болыпты деген бар. Бірақ оны сендер түгіл біз де, біздің атамыз да көрген жоқ. Қоңды түйе мен қомды түйе деген бар. Қоңды түйе деп күйлі, биттей домаланып семірген түйені айтады. Өркештерін май басқан, семіз түйені «қомды екен» деп жатады. Түйенің өркешінен қабырғаға дейінгі ет үстін жауып тұратын май қабаттары «қом» делінеді. Түйе семіре түскен сайын, май қомы қалыңдайды. «Түйе қомдана түсті» дейді мұндайда. Түйеде болатын өркештерді де әрқалай атайды. Жазық өркеш, жал өркеш, жампоз өркеш, жалпақ өркеш, жапырақ өркеш, жарбай өркеш, жатық өркеш, жұдырық өркеш, жуан өркеш, кез өркеш, қоспақ өркеш, құлақ өркеш, нар өркеш, найза өркеш, құлама өркеш, соқпа өркеш, тік өркеш, сыңар өркеш, сынық өркеш болып, пішініне қарай осындай алуан атауға ие.

– Түйедегі беріш дегеніміз не осы?

– Түйе шөгетіндіктен жайлы орналасуы үшін оған таяныш болатын – аяқтары мен төсіндегі жер соғары. Түйе тұрғанда да төрт сирағының бүгіліс жігін жерге кезек-кезек тіреп тұрады. Осы бір таяныш жерлерінің терісі жерге соқтыға-соқтыға сүйкеле келіп, егеліп, тықырланып, беріш сияқтанып қатып қалады. Түйенің беріштеріне еш уақытта түк өспейді. Түйеде жалпы жеті беріш бар. Төс табанында – біреу, алдыңғы екі аяғында – екеу, артқы аяқтарында екі-екіден төртеу болады. Бұл түйені суық, сыз өтуден де сақтайды. Міне, осыны беріш дейді. Ал енді шудас деп көбіне қоспақ және айыр түйелердің өркеші мен желкесіне, төбесі, тізесі мен мойын астына шығатын ұзын әрі қылшықты жүнді айтады. Оның ұзындығы он сантиметрден отыз сантиметрге дейін жетеді. Таза айыр жампоз бураларда шуда молырақ және ұзынырақ келеді.

– Аттың әбзелдерін бір әңгімемізде толық етіп жазғанбыз. Осы ойсылқараның әбзелдерін таратып айтасыз ба?

– Мұны жылқы малымен салыстыруға келмейді. Айыл, аруана, асмалдық, ашамай, ауыт, бауыр, киіз белдік, бауыр жіп, бұйда, бұрау, доғалық, білік, етек, жабазы, жабдық, жабу, жазылы, жазының жолдығы, жез бұйда, жан жіп, жондық секілді құрал-сайман әбзелдері бар. Түйеде мұрындық болады. Түйе танаулары астындағы ет пен сүйек аралығын ала көлденең тесіп өткізетін, ұзындығы – толық бір сүйемдей, жуандығы – саусақтай, шынар, дүзген, жиде, қайың секілді ағаштардан арнайы жасалған істікті мұрындық дейміз. Осы ағаштардың бірінің аша айрығынан тұқыртып кесіп алады. Бұл – мұрындықтың негізі.

– Ол қалай жасалады?

– Түбі өзіне лайық шоқпарланып, кейде шегенің басы секілденіп, оған дөңгелек тығырық өткізіледі де, одан әрі жонып, қырып, түптүзу етіп, тағы бір тығырық және жел бұйда, шеттік сиятындай ұшын өткір етіп ұштайды. Соңғы жұмысы – отқа қыздыру, болмаса шала күйдіріп, кем-кетіктерін жасау. Байтаба дегенді естіп көріп пе едің, бұл – жүннен тоқылған қалың шұлғау. Мұны көбіне түйе жүнінен, табылмаса қой жүнінен тоқиды. Осы байтабаны кисең, қақаған аязыңда аяғыңды тоңдырмайды. Түйе бағатын аудандарда мұны жасайтын болуы керек. Бұл парсылардан енген сөз болуы мүмкін. Пайтаба деген – шұлғау не аяқ киімнің бір түрін білдіреді. Майтаба деп те жатады. Жалпы, түйе жүнінен көптеген киімнің түрлері тігіледі. Жадағай, жебелек, күзу, бешпент, бота ішік, бәкі, бөстек, жабағы күпі, мая жүн шекпен, мойынша, бөкебай, түйе жүн кеудеше, түйе жүн қолғап, шекпен сияқты көптеген киім түрлерін қазақтың он саусағынан өнері тамған икемділері тоқыған.

– Түйенің терісін, сүйегін пайдалана отырып, күнделікті тұрмысқа қажетті түрлі заттар жасаған ғой...

– Әрине. Біз білетін арғы-бергі тарихта ата-бабаларымыз бүгінгідей шыны, болат, алюминий, пластикалық ыдыстарды қолданбақ түгілі, көрген де жоқ. Төрт түлік малдың соңында жүріп, содан алған өнімін түрлі нәрсеге жаратты. Олар жасаған ыдыс та, киім де, барлығы да бүгінгі әлем халқын таңғалдыруда. Мәдениет пен өркениет бүгін дамыды дегендер қателеседі. Технология дамыған шығар. Бірақ солардың жасаған қолөнерін қазір қайталай алмай отырмыз. Жанторсық, жағлан, кебеже, көнек, мойнақ, нар самауыр, сүйретпе, көн қауға, торсық секілді ыдыстарды осы түйенің терісін пайдалана отырып жасаған. Баспақ деген ыдыс бар. Түйенің бітеу сойылған бас терісінен иленбеген күйінде жасалады. Тұз салуға арналған. Кей өңірлерде «бастық» деп те аталады. Жанторсықты түйенің мойнағынан не қарынынан жасайды. Жолаушы, бақташы, саятшының үнемі қанжығасында жүретін сусын құятын жол торсығы. Бүгінгі заманның термосы ғой (күлді). Жаңа өзім айтқан көн қауға түйенің тұтас көң терісінен жасалады. Бұл үлкен шелек сияқты, сыйымдылығы – мөлшермен 50-60 литр. Көн тұтқалы ыдыс – малды суаруға арналған ыдыстың түрі. Қауғаға арқан байлап, құдыққа салады да, су толған кезде түйемен тартады. Бұл қазір жоғалып кетті. Темір, алюминий секілді металдан жасалған ыдыстар мұны шетке ысырып тастады. Жасап жатқан ешкім жоқ.

– Түйе сүтінен де түрлі тағамдар жасалатынын тілге тиек еткенсіз. Солардың айтылмаған кейбіріне тоқталсақ...

– Әрине, түйе сүтінің пайдалы екенін білеміз. Одан шыққан өнімнің де пайдалы болатыны ақиқат. Жаламық, балқаймақ, қымыран, шұбат, үзбен тайлақ, епіршік секілді ішсең – сусын, жесең ас болатұғын, қазақтың бай дастарқанын барынша молайтып көрсететін осындай ас түрлерінің кейбірі әлі де бар. Көбісін жоғалтып алдық. Көп аймақ түйені өсіре де бермейді. Мына жаламық деп отырғаным – сүтке қант, ұн, май қосып пісірілген қою тағам. Түйенің немесе қойдың сүтінен дайындалған жаламық айрықша дәмді болады. Тәттілігіне балалар көп құмартады. Сондай-ақ ауруға да ем. Жіңішке дейтін ауруға қолданады. Мұны жаламық, быламық, ілме деп әртүрлі атайды. Ілме аталуы ілу, жалау ұғымынан шықса, быламық аталуы сүт, май және қантты араластыра отырып, былау әрекетінен туындаған деуге болады. Ал қымыраны, шұбаты адам денесіндегі сан алуан ауруды жазатын қасиетке ие. Оңтүстік өңірлер мұны «қымыран» дейді.

– Осы түйе жануарының әр түрін адам өзінің баласына, ұрпағына ныспы ретінде қойып жатады?

– Қазақ халқында төрт түлік малдың атымен аталатын адам есімдері көп. Түйебай, Бурабай, Нартай, Атантай, Бота, Ботакөз, Ботабай, Тайлақ, Түйебақ, Байбура, Ботақанов, Ботабек, Ақбота, Жанбота, Ботажан, Нарбота, Байбота, Ернар, Нарінген, Наргүл, Нарбек, Бурахан, Атанқұл, Атанбай, Түйеші, Қомшабай, Жүзтайлақ, Тайлақбай, Нарымбет, Нариман, Нарманбет, Бұйдаш – міне, осындай адам есімдері көп кездеседі. Түйеге байланысты жер аттарын да көптеп кезіктіруге болады. Түйеөткел, Түйесу, Бурабай, Түйетас, Түйеөркеш, Буракөл, Байбура, Буратиген, Алабота, Боталы, Ботақара, Наркеткен, Наөлген, Наршөккен, Байтайлақ, Ақтайлақ, Ақінген, Ақмая, Ақбасатан, Тасөркеш, Ботабөрім – бұл түйе малының қасиетіне қарай қойылған жер аттары. Солтүстігі мен оңтүстігі, батысы мен шығысын қамтыған түйе атауы қосылған осындай жерлер, шын мәнінде, бұдан да көп және алуан болуы да ғажап емес. Мұның соңына түсіп зерттеу қажет. Ұланғайыр қазақ жерінде түйе малына қатысты азғана сөз тіркелуі мүмкін емес.

– Қарабура жайында не айтасыз?

– Қарабура Кіші жүздегі тама руының ұраны болған.

– Бір жылдары Илья Жақанов «Қарабура» деген тамаша үлкен кітап құрастырып шығарды. Көп мәліметтер бар ол кітапта.

– Менің қолыма ол кітап тимеді. Қараша айында қыстың тақап қалғанынан хабар беретін ұшқын қар жауады. Ол жердің бетін толықтай жаппайды. Сонда көнекөз ақсақалдар «қарашаның қары бір күн жатса, бір ай қыс, екі күн жатса, екі ай қыс, үш күн жатса, үш ай қыс» болады деп жорамалдайды екен. «Қыс хабаршысы – қара бура мен ақ бураның бірі қараша айында келеді», иә болмаса «қарашада қар түгел жаумай, жер бетін жаппаса, қара бура шөккені, онда биылғы қыс жұмсақ болғалы тұр. Бураның шөккені – онда қыста қар көп жауып, аяздыборан болады» дейді екен. Түпкі мағынасы «қара боран» сөзінен шықса керек. Бура мен боранның жазылуы басқа болғанымен, қыс айларындағы әрекеттері тым ұқсас. Боран қыста бораса, бура да ақ көбігін шашып, келеге түсіп, осы күш-қайраты тасынып тұрады. Мұны Абай атамыз «Бурадай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, Алты қанат ақ орда шайқалды», – деп суреттейді. Тіпті, славян тілдерінде де осы боран сөзі «буран», «боран» деп айтылады. Тұманды «туман» дейді. Мұның да бір жақындығы бар шығар.

– Сайын даламызда өсетін шөптер жайлы да көп айтып жүрсіз. Осы түйе атымен аталатын шөптер бар ма?

– Өсімдік, шөп атауларының түйе сөзімен қабаттаса айтылатындары көп. Бір ғана түйеге байланысты жиырмадан аса шөптің түрі бар екен. Одан соң бота, бура болып кете береді. Мысалы, бозінген, алабота, адумбота, ботабүрген, ботажусан, ботатабан, ботақұлақ, түйебұршақ, түйебүлдірген, түйежантақ, түйежаңғақ, түйежапырақ, түйежоңышқа, түйеқаңбақ, түйеқұрық, түйеқарын, түйеқұс қанаты, түйесоран, түйеөрік, түйесіңір, түйесүйек, түйетікен, нарқамыс, түйешырмауық, нарселеу деген тәрізді қаншама өсімдік атаулары тұр. Нарпоз, жампоз дейтін сөздер бар. Осындағы нарпоз – «жалбыз» өсімдігі. Жалбыз бұлақ жағасында, өзен-су басында, арық-атыздарда өзге де шөптермен қатар өсетін хош иісті өсімдік. Жалбызды ем ретінде қолданады. Мұны кей жерлер «жалбыз шай» деп жатады. «Жалбызымның жоқтығынан, жалғызымнан айрылдым» деген сөз осыдан қалса керек. Тек өсімдік, шөп, ауарайы ғана емес, түйе сөзімен аталатын құс пен жәндіктер де бар. Түйекекілік, түйекене, саратан, аруана, түйеқоңыз, түйеқұс, түйетабан, түйеқұлақ, түйетауық, түйешағала секілді көптеген атаулар бар.

– Аға, өзіңіз осы қазақтың әдет-ғұрып, салтын терең зерттеп жүрсіз. Түйе атауын ән мен күйден де кездестіреміз. Кейбір түйеге қатысты ғұрыптарды да құлағымыз шалып қалады. Осылар жайлы не білеміз?

– Жалпы бұл атаулардың бәрі түйенің өте ертедегі жануар екенін айқындай түседі. Біздің тұрмысымызға сіңіп кеткені сонша, түйе сөзін көп нәрсеге қолданып келеміз. «Бозінген» дейтін күй бар қазақта. «Бура биі» дейтін қалжыңға құрылған би бар. «Жайдақ нарға теріс мінгізу» – дәстүр, «Қара нар» – әннің аты, «Бес жақсы» – дәстүр, «Нар идірген» – күй, «Түйемұрындық» – ғұрып, «Түйе шешу» – ойын түрі, «Түйе бастатқан тоғыз», «Түйенің басын бұзбайды» – дәстүр. Мұның көпшілігі бүгінде жоқ. Ұмытылған. Қазақ отырықшылыққа дейін көшпелі өмірді бастан кешірді. Ұзын-сонар керуендер қазақ сахарасын ойқастап, бүгінгі бізге қалған осыншама жерді атының тұяғымен, түйесінің табанымен басып өтіп, аман-есен аманаттап кетті. Сол бір ұзын-сонар көш бітпейтін ұзақ жолдарда керуеннің аман жетуі үшін адамдарға түрлі мансаптар берілген. Олар сол көшке, бір рулы елге жауап беретін. Керуенбасы деген атқа лайық адам – керуеннің жалпы жұмысына бастан-аяқ жауап беретін басшы. Керуенші – бұл көшіпқону барысында, жүк артып-түсіруге маманданған адам. Көшбасы деген бар. Бұл адам – көш көтерілгеннен барар жерге жетіп, орналасқанға дейін жауап беретін кісі. Ол сән-салтанаты келіскен атпен жүріп отырады, қалғандары соңынан ереді. Ақ шомшы, Келеші, Кіреші, Түйекеш, Наркеш деп аталатын әртүрлі көшке қатысты жауапты істердің кезінде қандай мән-мағынаға ие болғанын дәл қазір айту қиындау. Әйтсе де мұндай мансапты алғандар жаман болмағаны анық. Бір рулы, бір тайпа елді аман жеткізу оңай емес екені анық.

– Түйені адам еркіне қалай көндіргеніміз жайлы айтып өтсеңіз?

– Қазақтың төрт түлігінің табиғаты да төрт түрлі. Оларға да төрт түрлі көзқараспен қараймыз. Қолға қанша үйретілгенімен, «жерден шыққан жерге қашады» демекші, түп атасы жабайы болған соң, одан қалды адамның күнделікті оны жұмсауы, мінуі, жүк артуы, ұруы, айқау-шуы – бәрі де малды шаршатады. Сол себепті кейде асаулары қашып кетеді. Енді түйе малын шақыруға келсек, қораға, келеге, ботасына шақырғанда «кәус-кәус», «көс-көс», «қоңс-қоңс», «ботбот» дейді. Тұзға шақырғанда «қуай-қуай» десе, суға шақырғанда «соррап-соррап», «әрей-әрей», «жәуіт-жәуіт» дейді. Айдағанда, қайтарғанда «чу», «шу», «әт-шу», «әйт-чу», «ейт-шу», ал жүк арту үшін шөгергенде «шөк-шөк», «чәк-чәк», «шұқ-шұқ», «чүк-чүк» дейді. Қазақ өзіне ұнамаған қай төл болса да қарғап жатады. Ол қарғыстың астарында сол малдың ауруларының аты жатыр. Сүт бермей шелегін теуіп кетсе, «өй қарасан келгір», «ешкіге топалаң келгір» деп жатады. Бұл – өте жаман аурулар. Түйеге де қарғау-сілеу сөздерін айтады. Ақ шелек түскір, борша болғыр, ақ шелек болғыр, қатпа келгір, жілігің шағылғыр, жайрағыр, шытыр тигір, алагүлік келгір, қараөкпе келгір, лөк келгір деген қарғыстар қолданады. Қазақ қанша жерден осы жануарларды жақсы көріп тұрса да, осындай ауыр сөздерге барады. Малды сауып тұрғанда «дүздір» дейді. Осы сөз айтылса болды, мал тұра қалады. Сонда оның да ақылы бар, адамды тыңдайтын қабілетке ие болғаны ғой. Бұл «түзу тұр» дегені. Қазақ тілінде осы түйеге қатысты біршама тіркестер де бар.

– Мүмкіндігінше есіңізге түскенін таратып айтсаңыз.

– Енді толық айта алмауым мүмкін. Қазақтың тілдік қолданысында аттың жалында, атанның қомында, ақ түйенің қарны жарылды, ботадай боздау, бір көш жер, бұйдасын мойнына салып жіберу, көштен қалған адамдай, көш ілгері, көз жасын боталату, күлге аунаған түйедей, қос атан тарта алмау, нардай шөгу, от басқан тайлақтай, сөзі түйеден түскендей, түйені түгімен, биені бүгімен жұту, түйенің құйрығы жерге жетсе де, түйе үстінен сирақ үйіту, түйе қомында жүру, түйенің жарты етіндей, түйенің басындай, түйені түгімен, нарды жүгімен жұту, түйе үстінен ит қабу, үстіне түйе аунаса да, інісін түйеге, келінін биеге деген теңеулер мен тіркестердің бары анық. Мұны да толықтыра түсу керек.

Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан.
Екі өркешін қом басқан,
Алабота, теріскен.

Мұрындығы келіскен,
«Шөк» дегенде «бық» деген,
Шешіп үйін жүктеген

Бұл не деген жануар? – деп түйе малын кез-келген адам табатындай етіп, суреттеудің өзі керемет емес пе?! Түйеге қатысты қаншама мақалмәтелдер бар.

– Иә, аға, мұны да түгелдесек.

– «Адам болар жігіттің, жары өзіне лайықты, керуен бастар жігіттің, нары өзіне лайықты», «Ақсақ түйенің аузына жел айдаған қаңбақ түсер», «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол», «Алыс жердің хабарын керуен келгенде білерсің», «Арқалағаны алтын болса да, түйенің жегені жантақ», «Аталы сөз – атан түйеге татиды», «Атан түйе жүк астында қартаяр», «Ашуланса, көшке берген тайлағын қайтып алсын», «Әркім өз ботасын үкілейді», «Бағы тайған адамды, түйе үстінен ит қабар», «Бураға туған күн ботаға да туады», «Бір түйенің құмалағына қырық кісі тайып жығылар», «Жаман түйе өрісін бір күнде тауысады», «Жантақты көрсе, түйенің шыдамы кетеді», «Жуас түйе жүндеуге жақсы, бұралқы сөз күлуге жақсы», «Жылан өз бойына қарамай, түйе бойын «иір» депті», «Жығылсаң, нардан жығыл», «Ит үреді, керуен көшеді», «Кәрі түйе ойнақтаса, жұт болады», «Керуенбасы білікті болса, көлік азбайды», «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің», «Қырсыққанда қымыран іриді», «Өзі түйенің үстінде келе жатып, жаяуға «бұқ» дейді», «Сырын білмес атанға жүгіңді артпа», «Түйе алтын артып жүрсе де, жантақ жеуін қоймайды», «Түйе аунаған жерде жүк қалады, ат аунаған жерде түк қалады», «Түйе күндіз жайылып, түнде күйіс қайырады», «Түйе көп болғанмен, қонаққа сойылмайды», «Түйе қартайса, ботасына ереді», «Түйе мінген қой арасына жасырынбас», «Түйе сілкінсе, бір есектік жүк шығады», «Түйе шудасын төсейді, есек қу басын төсейді», «Түйеге жантақ керек болса, мойнын созады», «Түйені қу бас десең, баласы жоқ әйелге тиеді», «Түйенің басы тегешке сыймас», «Түйенің танығаны – жантақ», «Түйесі жоқ ауылға, тайлақ атан көрінер», «Түйешіге жолықсаң, өркеші биік тайлағын айтар», «Ұрғашы түйе ыңыранса, еркек түйе боздайды», «Халық ұйғарса, хан түйесін сояды», «Інген ыңғай бермесе, буыршын бұйдасын үзбейді» – міне, осындай астарында мән-мағынасы бар, қазақтың керемет мақалдары көп. Қазақ тегінде шешен халық қой.

Осы жерде түйеге байланысты атаулардың Жағда Бабалықұлы жинаған жалпы тізімін ұсынуды жөн көріп отырмыз: Айыр түйе, айыр бота, айыртайлақ, айыр қоспақ, айыр өркеш, айт шу, азған, атан, ала бас түйе, ала бас бура, ала түйе, алаша, ала бота, алабауыр, алмас өркеш, ала гүлік, ақшомшы, ақ кемік бота, ақ иық түйе, ақ бура, ақ мая, ақбас, түйе жоңышқа, ақ қаптал түйе, ақбота, ақ бас атан, ақінген, ақтайлақ, ақтүйесай, ақтамақ, ақшелек, ақбас, ара қоспақ, аруана, аруана бота, аруана, тайлақ, арамза жетім бота, аспалдақ, астаубас түйе, атан, атанша, ауған түйе, ауыт, ауыздық, ашамай, аю бура, аяқ жақсы, байтайлақ, басқоспақ, бактериан, байбура, бас білгі түйе, байбота, бая түйе, бауыр киіз, байырғы, түйе, басықпаған түйе, балқаймақ, белсіз нар бура, бесті атан, бесті бура, беріш, бұйда, бозым, боздау, боз түйе, бозінген, боталы, ботакөз, ботақан, боталау, ботатабан, бошалау, бөртекі түйе, бура биі, будан атан, бура, буыршын, бурабай, буырқану, жабағы түйе, жабу, жабулау, жабдық, жағлан, жазық өркеш, жапырақ өркеш, жалпылдақ бота, жампоз атан, жарау, жарбай, бота, жанторсық, жанбота, жасық түйе, жатаған түйе, желмая, желбұйда, желгіш түйе, жезбұйда, жорға түйе, жардай атан, жетім бота, жорық түйе, жуан өркеш, жұдырық өркеш, жүзтайлақ, жырық атан, зеңгілеу, иіту, кердері, кенже бота, кейуана, кемиек бота, кеурен басы, кезнар, келіскен түйе, кекіл, кебенек, кетеген түйе, көн қауға, көш басы, көмей құрт, көс-көс, күлге шөгер, бура, күйіс қайыру, күркіреу, күпі көрпе, кісі алатын бура, қашаған түйе, қаңтардағы бура, қара кемік бота, қаңғыбас түйе, қара түйе, қараша түйе, қара бура, қасқа тіс, қазанат түйе, қайыту, қисық төс бота, шұбат, қос өркеш, қоспақ тайлақ, қос өркешті қызыл нар, қомарқан, қомды түйе, қотыр түйе, құнажынында боталау, құлақ өркеш, құлама өркеш, құтырған бура, құнан, атан, құнан шығар атанша, қыңқ етпес түйе, қызыл түйе, қызыл шақа бота, қымыран, мая, мая жүн, маймақ бота, мұрындық, мырза қоспақ, найза өркеш, нар, нар бота, нарқобыз, нар қоспақ, нар самауыр, ноқтас басы, ойсылқара, өндір, өлі жүн, өркеш, сабылған түйе, сары атан, сақа түйе, соқтыққан түйе, соқыр атан, сүт бота, сүт тайлақ, сынық өркеш, табан, табанды түйе, тағы, түйе, тайлақ, тас өркеш, төс табан, теңөркеш, торсық, төстабан, тума түйе, түйекеш, түйе шешу, түйемұрындық, түйетабан, түйеқоңыз, түйекекілік, түйеқұйрық, түйеқарын, түйежапырақ, түйетастар, түйе жүнмата, түйе жүн, көрпе, түйетомар, түйекеткен, түйе қамшы, түйе жүн кеудеше, түйе қайыту, тығырық, тік өркеш, тірі жетім бота, шау түйе, шап айыл, шеттік, шом, шомдау, шөгеру, шөгу, шуда жіп, шуда, шымыр түйе, ығыр атан, інген, інгенше, біртума, үлек, үркек түйе, қоршау түйе, шаңырақ түйе.

– Аға, бір кездері Қазақстандағы қой санын елу миллионға жеткіземіз деп ұрандаттық. Содан қандай нәтиже шықты? Қайда кетті сол миллиондаған қойлар?

– Жер шарының қоңыр үйегінде пайда болып, тәңірім тірлік берген қазақ елі қолында – төрт түлік мал, осы қоңыр үйектің өз төлі ретінде орасан мол дамыған. «Біз табиғатты өзгертеміз, табиғат бізге бойұсынсын» деп даурыққан Кеңес өкіметі өзі басып өткен жетпіссексен жылда Қазақстандағы ақ қой санын елу миллионға, «таза қанды» жылқы санын он мыңға жеткізе алмады.

– Не себеп болды бұған?

– Осының басты себебі – ақ қой мен «таза қанды» жылқы Қазақстан табиғатының өз төлі емес. Олар – бір қиырдағы өзі жаралған қасиетті топырақтан жер аударылған жануарлар. Оның үстіне ақ қой мен «таза қанды» жылқының тек табиғаты, қан табиғаты, рух табиғаты, ақылес табиғаты адам қолымен өзгертілген. Сондықтан олардың өсіп-өнуі өте баяу. Оларды бағып-қағу да аса күрделі, жұмысы ауыр, шығыны шаш етектен. ХХ ғасырда «ақ қойдың жүні жақсы, жүні мол, қымбат» деп мақтаған еді. Айтқандары – шындық, әлі де солай. Мына қызықты қараңыз: «Адам баласының әлемдік өсуіне 2010-2015 жылы – алты да сегіз миллиард, 2030 жылы сегіз де екі миллиард, 2050 жылы тоғыз да үш миллиард адам болады» дейді ғалымдар. Міне, көрдіңіз бе, ХХІ ғасырдың орта шеніне жетпей тамақтан тарығу басталғалы тұр. Табиғатты жеу, кеміру, сору, жалмау басталды. Енді азық-түлік өндірісі, азық-түлік өнімі барлық экспорттың алдында тұруы заңды құбылысқа айналуы әбден мүмкін. Бұл табиғи құбылыс екенін есте сақтаған жөн. Егер қазақ енді алдағы жылдарда өз елін-жерін қорғап қала алса, азық-түліктен тарыға қоймас. Дәл бүгінгідей әлемдік талантараж тоқтатылмаса, мемлекетті қойып, қазақ ұлтының өзі жойылып кету қаупі бар. Қазақстанда ел мен жерді экологиялық апаттан қорғау мақсатында азық-түлік молшылығын жасау жоспары іске қосылса, осынау жаһандану дәуірінде өсірілген қалың жылқы арасынан талай жүйріктер шығар еді. Айлап шапса, алдырмайтын тұлпарлар, арқалы қазанаттар, жүрісті, желісті саңлақтар, жорға, жүйрік, жортақылар, қара далада тырна мен дуадақ жерден көтерілгенше қамшымен ұрып алатын жылпостар мен ұшқырлар қазақ өміріне қайта оралуы мүмкін. Ертемен шауып кеште озған, ылдилай шауып төсте озған, қуса, жететін, қашса, құтылатын тұлпар тектілер, қазанат тектілер қазақ жеріне қайта оралары анық. Бұл үшін қазақтың ұлттық құндылықтарына бет бұрып, көңіл аударып, «бәрін біліп отырмыз, көріп отырмыз» деп кергімей, төрт түлік малмен айналысатын ғалымдар мен тәжірибелі адамдардың басын қосып, қайта-қайта ой салып, ақылдасып, ғылыми талдаулар өткізу қажет-ақ. Мұндай істерді өткізу, оған басшылық ету Ауыл шаруашылығы министрлігінің ісі екені анық.

– Сіз айтып отырған табиғаттан қазір айырылып қалдық емес пе? Экологияны қайда қоямыз? Осының бәрі төрт түліктің көбеюіне кері әсерін тигізбей ме?

– Иә, бұл сөзіңнің жаны бар. Кеңес одағы кезінде

Қазақстанды жансыз полигонға айналдыру ойымен қазақ жеріне отыз жеті полигон орналастырылған екен. Олар әртүрлі мақсатқа құрылған, мысалы, Арал теңізінің Барсакелмес атты аралында аса қауіпті биологиялық полигон жұмыс істеді. Орыстар, тіпті, 1990 жылдары Батыс елдерінен қайтарып әкелген қаруларды Талдықорғанның Сарыөзек ауданында жарды. Өздері айтқандай «зиянсыз» болса, неге оны Мәскеу түбінде немесе өзінің жер аумағында жармайды? Қазақ жеріне әкеліп жарудың өзі жаман ойдың айғағы емес пе? «Құл қазақта» үн болған жоқ. Қазақстанның тәуелсіз мемлекетінің құрылуына орай отыз жеті полигон «жұмыстарын түгелдей тоқтатты» деген дақпырт болды. Бірақ ғылыми негізде түбегейлі жабылмады, жабылды деген сенімді дерек болған жоқ. Сол кездегі Қазақстан жеріндегі полигон апатына қарсы «Невада-Семей» қозғалысы құрылған болатын. Бүкіл қазақ елі жүректері жарылардай қуанып еді. Ядролық апаттан құтыла алмаса да, мемлекеттік қамқорлыққа, халықаралық сенімге ие боламыз деп сенім артты. Бірақ қазақ халқының бұл сенімі ақталған жоқ. «НевадаСемей» қозғалысының ойы, арман-тілегі мен бағдарламасының қазақ мемлекетінің ұстанған саясатына қайшы жері ашық айтылмаса да, қозғалыс жабылып тынды. Экология зардабын шеккендер жылап-зарлап қала берді. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң 1991 жылға дейін Кеңес өкіметі Қазақстанда 715 ядролық жарылыс жасады. Соның 500-і 1963 жылғы Мәскеу келісіміне сәйкес жер астында жарылды. Қалған 215-і жер үстінде жарылды. Қасиетті қазақ жерінің астаң-кестеңі шықты. Жанды-жансыз табиғаттың өзара үндестік, өзара үйлесім, қарым-қатынас заңдылығы бұзылды. Табиғи өсіп-өну, үміттілек, ой-арман шайқалды. Жанды табиғат орасан зор зардап шекті, қырылды. Табиғаттың ақыл-есі, мінез-құлқы өзгерді. Бойында жаны бар болғанымен олар өзін ұқпайтын дәрежеге жетті. Мәселен, жануарлар арасындағы ең қоңыр мінез қойлар өз қозыларын жеді.

– Сұмдық-ай, десеңізші! Бұл оқиға қай өңірде болған?

– Мұндай жайттар Қызылорда облысы Арал өңірінде болды. Жезқазған облысында сиырлар тауық жеді. Адам айтса сенгісіз сұмдықтарды естіген қазақ «мал құлағы саңырау» десіп, жағаларын ұстасты. Экологиялық апаттарға қарсы қасиетті қозғалыста үш бағыттағы күшке қол жеткізу керек.

– Атап айтқанда...

– Бірінші, қазақ мемлекетінің жан-жақты, шынайы қамқорлығы, өз басшылығы. Екінші – халықаралық мол көмекке қол жеткізу. Үшінші – ел тағдыры, жер тағыдыры үшін, қазақ халқы жаппай жанкешті қозғалыс жасау керек. Табиғатты қорғауды әрбір қазақ талбесіктен жербесікке кіргенше өзінің ұлттық борышым деп түсінуі шарт. Экологиялық апатқа қарсы қасиетті қозғалыста ең қажетті құндылықтардың бірі – азықтүліктің молшылығы. Қазақ мемлекетінің ауылшаруашылық өндірісін өз күшімен дамытуға, азық-түлік молшылығын өз қолымен жасауға мүмкіндігі мол. Егер қазақтың төрт түлікті бағу, қағу, өсіру тәжірибесіне бүгінгі технология мен емдеу ғылымын қосса, алдағы жиырма-отыз жылда қазақы қойды қырық-елу миллионға жеткізуге болар еді. Атабабалар жолын қуып, қазақы жылқылар өсірсе, бүкіл әлемде теңдесі жоқ мол жылқы өсіруге болады. Қазақстанда ел мен жерді экологиялық апаттан қорғау мақсатында азық-түлік молшылығын жасау жоспары іске қосылса, қасиетті қозғалыс дәуірінде өсірілген қалың жылқы арасынан талай саңлақтардың шығары хақ. Бұл – енді болашақтың еншісіндегі шаруа. Десек те осы экологияның төрт түлікке тигізген зардабы орасан. Қазақ халқы талай апатты оқиғаларды басынан өткізіп, «мың өліп, мың тіріліп» ХХІ ғасырға аман-есен жетті.

– Аға, аман-есен жеттік дегенімізбен, тарихымызда орын алған осы бір қаралы күндерді ұмытуға болмас...

– Иә, мұның рас. Біз әлсіреп жеттік. Себебі бұрынғы соғыс, ашаршылық, қуғын-сүргіндерді айтпағанның өзінде, ХХ ғасырдың екінші жартысында «Адамға табын, жер енді» деп экологияның бұзылуын ескермей, бейбіт күннің өзінде, қазақ жерінде қолдан апатты аймақтар жасалды. Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды алыптар дүниеге келген Семей өңірінде қырық жыл ядролық сынақ жасалып, жері уланып, халқы азды. Қазір ядролық полигон өз жұмысын тоқтатқанмен, ғалымдардың айтуынша, оның зардабы үш жүз жылға созылады делініп жүр. «Ауыл шаруашылығын дамытамыз» деген желеумен су ресурстарын тиімсіз пайдаланудың салдарынан Арал теңізі тартылып, ол да апатты аймаққа айналды. Оның зардабын да қазақ халқы тартып отыр. ХХ ғасырдың екінші жартысында теңдесі жоқ ғылыми жетістік саналған ғарышқа ұшу қазақ жерінен басталды. Бұл өңірде әрбір ғарыштық кеме көкке көтерілген сайын ауа райы шектен тыс ысып, құйын тұрып, даланы аппақ шаңға орайды. Сонау Байқоңырдан ұшқан кеменің зардабын Қызылорда өңірінің барлық тұрғындары тартып келеді. Ал ғарыштық кеме апатқа ұшырағанда, улы гептил халықтың басына құйылып, жер, суды улауда. Бұлардың зардабын тексеруге өзімізде мүмкіндік болмағандықтан, Ресей ғарыш мамандарына жүгінеді. Олар әрбір тексерген сайын «халыққа ешқандай зияны болған жоқ» деуден танбауда. Бірақ ол өңірде тұрып жатқан халықтың балалары мен мал төлдерінің кеміс туылып жатқаны, Ресей мамандарының қорытындыларын теріске шығарып жатыр. Бұл үлкен апат емей немене? Соны көзіміз көріп отырып, неге мән бермейміз? Халықтың ахуалына әлі де болса жауапсыз қараймыз.

– Әлсіреп жеттік дедіңіз-ау... Әйтсе де кешегі қазақтың басынан өткен аштық туралы не айтар едіңіз?

– Сол бір зұлмат жылдары елде болған жоқпын. Қытайдағы жағдай, бұл жақпен салыстырғанда, тәуір болды. Көптеген ашаршылық турасында жазылған тарихи еңбектерді оқып шықтым. 1921 жылғы аштықта «Орал губерниясының өзінен әлділер 350 адамды сойып жеді» деген қасіретті деректі оқығаным бар. 1917 жылы Ахмет Байтұрсынов «қазақтың саны жеті миллионға жетті» деп қуанып мақала жазды емес пе? Ал Сейітқали Меңдешевтің жазғанында қазақтың саны бес жарым миллион шамасында деп көрсетілген. Егер аштық болмағанда Ахаңның есебі бойынша біздің халықтың саны отыз миллионға таяп қалар еді. Оның үстіне жазықсыз жазалау жылдары қаншама қазақтың орда бұзар жастары мен қамал алатындары қыршын кетті. Сол кезде үкімет басындағылар «халық жауын» ұстап бергендерге жәрдемақы да берген. Әрине, сол бір қасіретті жылдар туралы шындықтың беті әлі де түгел ашылмай жатыр. Кезінде «отанына опасыздық жасады» деген жаламен жабылған жандар туралы құжаттар «совершенно секретно» деп мөр де басылған екен. Мұны ешкім де оқи алмасы анық. Біз орыстарға қосылғалы бері олардан жақсылық көргеніміз жоқ. Зәбір мен жала, одан қалды азап, түбі – өлім. Қазаққа ешқашан жаны ашыған емес. Қазақ халқының әлі де көгермей отырғаны көне саясаттың көлеңкелі кесірінен деп ойлаймын.

– Егемендік алып, еңсе тіктегенімізбен одан бері де болып жатқан кейбір былықтарды қайда жасырамыз?

– Егемендік алғаннан бері қазба байлықтарымыз қарқынды игерілуде. Мұнай, газ, уран тағы басқа қазба байлықты игерудің басым бөлігі шетел алпауыттарына берілді. Пайданы ғана ойлаған шетелдіктер жергілікті халықтың денсаулығын ойламай, оларға тек жұмыс күші ретінде қарауда. Әй, айналайын-ау, жер өзіңдікі, байлығың өзіңдікі бола тұрып, неге біз оларға «құл» боламыз?! Олар экологияның нашарлауына көңіл аударып, оны жақсартуға әрекет етпей отыр. Етпейді де! Мұнаймен бірге шығатын ілеспе газдарды ауаға жағып, тұрғылықты халықтың денсаулығын нашарлатуда. Ілеспе газды тазартып пайдалануға болатын технология болса да, қаржылай шығынынан қашқақтап отыр. Осының кесірінен мұнайлы батыс өңірі тұрғындарының денсаулығы да барған сайын нашарлауда. Жан-жануарлары қырылып жатыр. Бұған Каспийдегі итбалықтардың қырылуы куә. Ал мұнайшылар «біздің қатысымыз жоқ» деп қарақан бастарын ала қашуда. Итбалықтардың жылына мыңдап қырылуының себебін ешкім түсіндіре алмауда. Жаны ашымайды. Қалтасы қалың. Қазір қазақтың даласының да, қаласының да экологиясы ауырлап барады. Зауыт-фабрикалардың түтіні мен машиналардан шығатын улы газдар қаланы тұншықтырды. Осының бәрі – адам баласының қолымен жасалып жатқан апаттар.

– Бір кездері аппақ қар, жасыл шыршалы мекен болған Алатаудың бөктері сансыз ғимараттардың мекеніне айналып кетті. Таудан қалаға қарай таза ауа мен жел өтетін «коридорды» қалдырмай ғимараттар салып тастадық. Алматыда дем алатын ауа да қалмай барады. Бұл да жаныңды ауыртатын басты, мәселенің бірі емес пе?!

– Айта берсең мәселе көп, қарағым. Сонау бір жылы Елбасы Сауд Арабиясына барған кезінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мазары алдында тұрып: «О, Алла! Менің еліме, қазағыма нысап пен таухид бер, денсаулық, бақыт бер», – деп тілегенін баспасөзден оқығаным бар еді. Осыған қатысты мына бір әңгіменің реті келіп отыр. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір күні жаяу келе жатып, жолда өсіп тұрған жалғыз ағаштың түбіне отырып дем алса керек. Сол төңіректе жүрген екі адам өзара күңкілдесіп, дауларын ағаш түбінде отырған адамға айтып, сол кісіден билік сұрапты. Сонда әлгі билік айтушы адам дауласып жатқан екеуіне де пайдалы әрі әділ билік айтып, бітістіріп кетіп қалады. Кейіннен ол адамның Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз екенін ел-жұрт түгел естиді. Ел арасында сондай дау-дамай орын алса, әлгі жалғыз ағаш түбіне барып, келісім жасасу әдетке айналады. Уақыт өте осы бір түп тал қасиетті ағаш атанып, сол ағаштың төңірегіне топталып тәуап қылу, айналу, шоқыну, сиыну, тілек айту салты қалыптасқан екен. Тілекті Алладан тілемей, дәрменсіз ағаштан тілеген халықты түзу жолға салу үшін, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз әлгі ағашты кестіріп тастап, өз халқын Алла жолына, хақ жолға салған екен. Тәуелсіздік алғалы бері бізде «Президент шыршасы» деген пайда болды да, осыны бетке ұстап, шырша мерекесі жылдан-жылға аса қарқын алғаны сонша, облыс, аудан, қала, ауыл әкімдері, тіпті, бай-мырзалар «шыршасы» деген атпен даңғаза салт қалыптасты. Тіпті біраз жыл бұрын Алматы қаласындағы Шырша мерекесіне балалардың кіруі ақылы болып, әр балаға сол кездері екі жүз теңгеге билет сатылған. Көпбалалы кедей отбасылар шырша кешіне кіре алмай жылады. Орыс халқында Жаңа жылда шыршаға қарап сиынып, тілек тілеу салты бар екені рас болса, сол қазақтың ұлттық салттарының бірі болып еніп алмасына кім кепіл?! Табиғатымыздағы шырша ағашы – ең көрікті, ең ұзақ жасайтын өсімдік. Оның бір-екі метр бой көтеруіне он бес, жиырма жыл уақыт керек. Осы әсем табиғатқа апат төнді. 1999 жылғы Президент шыршасының ұзынығы он бес метрді құраған. Солтүстіктегі бір аудан әкімінің «шырша кешіне» қойылған шыршасының ұзындығы жиырма алты метр болыпты. Елбасымыздың көтеріп отырған бастауы жақсы, әрине. Бірақ орындаушылар оны дәстүрге айналдырып, бәсеке салуларының қажеті не?

– Бұл енді бәсекелестік қой.

– Әрине. Бес, алты, жеті, сегіз метрлік жас шыршалардың басынан бір-екі метрін кесіп алып, балапан шыршаларды түбімен қопарып, Алматы көшелерінде ашықтан-ашық саудаға түсіп жатыр. Жаңа жыл өткен соң ол шыршалардың барар жері қоқыс емей немене?! 1998 жылғы есепті есіме түсіріп отырмын. Сол кезеңде Қазақстан бойынша 275000 шырша кесілген екен. Егер соңғы он жыл мөлшерін алар болсақ, екі миллион жеті жүз елу мың түп шырша тектен-текке жойылған. Табиғатты қорғау тұрғысынан алсақ, орны толмайтын апатты қолдан жасауға бізді кім мәжбүр етті? Біреу итермелеп отыр ма осыған? Қаның қарайып кетеді...

– Аға, осыншалықты экологиялық ауыр жағдайды бастан кешіріп отырмыз. Қаншама қиындықтарға төзіп келеміз. Ұрпақтың, халықтың денсаулығына терең мән беретін уақыт жетті емес пе?

– Сұрағың өте орынды. Қазақ тұқымының асылдығы төңірегінде өткенде айтқанмын. Сол есіме түсіп отыр. Әңгімемді одан әрі толықтырайын. Бұл арнасы кең, маңызы терең, қанша толғасаң да таусылмайтын тақырып қой. Бұған шыдаудың бір себебі – қазақ халқының қанының тазалығы. Тұқым бұзылуды, тектік қасиеттердің жойылып кетпеуін ойлаған ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қыз алыспау заңын өмірге әкелді. Жеті атаға толмаған ұл мен қыздың үйленуіне тыйым салды. Соның арқасында ұлттық қан тазалығы сақталып келді. Жақын туыстар отбасын құрғанда олардың ұрпақтары кеміс, әлжуаз болатынын білді. Туыстық қан жеті атаға дейін сақталатынын қазіргі медицина да дәлелдеп отыр. Медицина – әке қаны балаға елу пайыз, немереге – жиырма бес, шөбереге – он екі де бес, шөпшекке – алты да жиырма бес, неменеге – үш те жүз жиырма бес, жүрежатқа – бір де екі жүз елу алты, туажатқа – нөл де жетпіс сегіз пайыз даритынын, ал одан кейінгі ұрпақта әке қаны болмайтынын дәлелдеген. Жеті атаға дейінгі қаны араласпаған ұрпақ шымыр, ақыл-ойы озық болатынын өмір дәлелдеп келеді. Қазақ балаларының бокс сияқты шымырлық пен батылдықты қажет ететін спортта дүниежүзілік жарыстарда алда болуы, мектеп оқушыларының әлемдік олимпиадаларда бірінші ондықтан төмен түспейтіндігі – ақыл-ой мен ойлау жүйесі күштерінің жоғарылығы. Мұны қазір дүниежүзі мойындап отыр. Қазақты осындай қасиетке жеткізген қанның тазалығы болса, қан тазалығының негізі – жеті атаға дейін қыз алыспауда.

Қазіргі ғаламдану, ашық есік саясаты қазақтың бұл қасиетін бұзғысы келеді. Немерелес туысқандармен некеге отыруды шет көрмейтін түрлі секталар да қазақ жастарын өздеріне тартып жатыр. Мұның бәрі қазақ жастарын рухани азғындауда. Осындай экологиялық апат пен батыстық рухани азғындауға қарсы тұратын шараның бірі – қазақ халқының тектілік философиясына негізделген жеті атаға дейін қыз алыспауда салт-дәстүрде. Осы қасиетіміз бізді ғасырлар қойнауына жетелері анық.

– Баяғыда Алматы десе көзімізге алма елестейтін. Қазір көзіміз көк түтіннен ашылмай отыр. Көшесінде гүл жарып, әрқайсысы бір келі тартатын апорттар қазір қайда?

– Жалпы, Алматы – апорттың орталығы. Ол кезде біз баламыз. Шәуешектегі саудагерлер осы жақтан алма тасиды. Пәлен байдың үйіне алма келіпті десе, әкелерімізге, ағаларымызға жабысып аламыз. Таныс болса барады ғой, болмаса неміз бар?! Содан екі-үш алма әкеліп береді, бірақ біз бірден жемейміз. Иіскеп, үйге қойып қоямыз. Иісі бұрқырап тұрады (ақсақал балаша күлді). Осы жақтың алмасын көрсек, жегіміз келіп, аузымыздан суымыз құриды. Осында келген соң алманы көп ектім. 1963 жыл болуы керек, Қытайдан келген таныс жігіт бар еді, бір жерде қарауыл болып жұмыс істейтін. Сөйтсем,, ол көшет егетін жердің қарауылы екен. Өзі бағбан адам. Ұлты татар еді. Соған барсам, алманы сатады екен. Енді арзандау қылып, бір көлігін сатып алдым. Кезінде өзім көшіріп әкеліп қоныстандырған жиырма үш шаңыраққа тараттым. 1970 жылдары қолыма бір алма түсіп қалды. Өзі үлкен. Әдейілеп өлшеп едім алты жүз грамм шықты ғой. Керемет болатын. Енді қазір ауарайы өзгерді ме, жақсы қарамады ма, басқалай себептері бар ма, ол жағын жақсы білмеймін, Алматының алмасы әлсіреп кетті.

Бірде мені Ұзынағаш өңірі үлкен бір тойға шақырды. Бір жыл бұрын шақырғанда бармай қойғам. Келер жылы арнайы көлік жіберіпті. «Біздің өңір туралы айтыңызшы» дейді. Көп нәрсені айттым. «Майтөбеде Қаракезең дейтін жер бар. Сол Қаракезеңде бидайдың жабайы түрі өседі. Бұл – бидайдың арғы тегі». Осы секілді нәрсені айтқанымда, газетке жазып жіберген екен, елдің бәрі шулапты. Осы жерде туып-өскен біз білмейміз, оны Жәкең қайдан біледі деп (рахаттана күлді). «Бұл жерде бидайдың арғы тегі бар» деп мен Қаракезеңге тастың бетіне қашап тұрып жазып кеткем. Бұл жоғалмайды. Мен тасқа өте керемет қашаймын ғой. Пышақтарым бар. Көбі жоғалып кетті. Он бір пышағым бар еді. Қалтама салып жүрем. Тық еткізіп шығарам да, шешініп тастап, жаза қоям. Мен өзім кесте тігем. Тамақты да өзім жасай берем. Бір кісінің үйіне қонаққа бардым. Сол үйдегі кемпір қызының ба, немересінің бе, әйтеуір, мектепке киер көйлегінің ышқырлығын көктеп отыр екен. Шамасы жетпей отырғанын білдім. Бір кезде шай қоюға шығып кетті. Әлгі жасай алмай отырған жерін көктеп, дайындап қойдым. Келді де көре сала «Е-е, мынау мықты ғой өзі» – деп қалды. Үндегем жоқ. Бір уақытта: «Ей, жүгермек, мынаны сен жасаған екенсің ғой», – деді. Қолымның сондай ебі бар, мен қарап отырмайтын адаммын ғой (рахаттана күліп алды).

– Жеті ата туралы қазақта бірізділік бар ма? Жоғарыдағы бір сөзіңізде айтып өткенсіз. Соны тағы да толықтыра түссек...

– Бір ізге түсіру үшін атауларды төмендегіше қолдануды ұсынамын: Жеті атаны – әкеден ата, бабаға қарай атау, әкеден бала, немере, ұрпаққа қарай атауды мықты қалыптастырған қазақтың осы турасындағы әр аймақтан алынған деректер мынадай. Балаға дейінгі аталуы: Бала. Әке.

Ата. Арғы ата. Әз ата. Баба. Ұлы баба.
Әке. Үлкен әке. Ата. Ұлы ата. Баба. Ұлы баба. Арғы баба.
Баладан кейінгі аталуы. Бала. Немере. Шөбере. Шөпшек. Немене.
Туажат. Жүрежат.

Әке, бала, ұрпаққа қарай. Бел бала. Немере. Өбере. Шөбере. Туажат. Жаутанымас. Өзі. Іле Қазақ автономиялы облысының Тарбағатай аймағы, Толы ауданының жергілікті керейі Туғанбайұлы Зағыппар ақсақалдан 1950 жылы жиырма бірінші қыркүйекте жазып алғам. Әке. Бала. Немере. Өбере. Шөбере. Шөпшек. Туажат. Іле Қазақ автономиялы облысы Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданының жергілікті керейі Мұқаш Раматұлы Алматыға келгенінде 2002 жылы жазып алдым. Бала. Немере. Шөбере. Өбере. Жекжат. Туажат. Жаутаймас. Іле Қазақ автономиялы облысы Алтай аймағы Буыршын ауданы Ойматы ауылында тұратын тоқсан екі жастағы қарттың аузынан жазып алған тіл зерттеушісі Мөрқан Кемелханұлы болатын. Әке. Бала. Немере. Шөбере. Немене. Шөпшек. Туажат. Жекжат. Ағайын. Мұны да бір тіл маманы жазып қалдырыпты. Әке. Бала. Немере. Шөбере. Шөпшек. Туажат. Мінежат. Алматы облысы Жаркент ауданының тұрғыны Ұлы жүз, руы суан Таңжарық Жолдыұлының бәйбішесі Бәти апайдан жазып алдым. Әке. Бала. Немере. Шөбере. Немене. Туажат. Жүрежат. Тумайжат. Құлажат. Жекжат. Алматы облысы Кеген ауданынан жазып алғам. Бала. Немере. Шөбере. Немене. Шөпшек. Жуатай. Туажат. Кейбір қазақ басылымдарында осылай жазып жүр. Қарақалпақ қазақтары немеренің өзін – шаулық, немеренің баласын – немелтай, шөберенің баласын жаулық дейді. Көкшетау жақта шөберенің баласын – немене, Маңғыстауда немененің баласын – немелтай, Атыраудың Есбол ауданында немеренің баласын –мүдежат дейді екен. Мұндай бір-біріне ұқсамайтын атаулар көп. Мұны біріктірудің қажеті шамалы. Соның өзі әдемі, өзі бір ғылым. Бүкіл қазақ қалай атаса да, жеті атаны ұстанған. Бізге керегі – осы. Біздің мақсатымыз – Жеті ата ұғымын ғылым ретінде дәлелдеу. Қазақ – мұсылман елі. Қазақ елінде ең алғашқы мұсылмандық осыдан бір жарым мың жыл бұрын жыл санауымыз бойынша 642 жылы басталды. Қазақтың Тәңір діні мен Ислам діні қазақтың салт-санасы негізінде, бір-бірімен қабысып, жіктелмейтін дәрежеде үйлестірілді. Қазақтың ұлттық салт-санасын қайшылықсыз толықтырды. Қазақта Жеті ата заңы тым ерте, тіпті қазақ қазақ болып жіктелместен бұрын бар сияқты. Кейбір деректе қазақтың төте ата тегі деп айтылатын осыдан төрт-бес мың жыл бұрын өткен Шумер елі «Жеті ата» заңын ұстанған делінеді. Арғы ата-тегіміз ғұндармен аралас-құралас қытай елі Жеті ата заңын осы күнде Неке заңында ұстанады. Бүкіл мұсылман әлемінде түркітілдес халықтар ішінде қазақтан басқасы Жеті ата заңын ұстанбайды. Жеті ата заңы – биологиялық ғылым. Мұны бұзуға болмайды.

– Жігіттің үш жұртына да тоқталып өтсеңіз...

– Қазақ салт-санасында жігіттің үш жұрты болады деп есептейді. Бір ата-бабадан тараған, қандас, тектес, әлі жеті атаға толмаған, өзара қыз алысуға жетпеген өз туыстары – өз жұрты болып аталады. Өзара бірін-бірі мақтайтын, өзара бірін-бірі күндейтін, өзара салыстырғыш, теңдескіш, бықсық, бұлданғыш келеді. Қалай десең де бұл – өз жұртың.

Жігіттің қайын жұрты бар. Қолыңның ұзын-қысқалығына қарай міншіл, күншіл, сыншыл келеді. Табашың. Жігіттің нағашы жұрты бар. Жақсы болсаң сүйінетін, жаман болсаң күйінетін, жігітке ылғи да тілектес болатын нағашы елі. Қамқорың.

– Біздің қазақтың әйелдері кезінде диірмен тартып, әжелеріміз ұршық иіріп, келіндеріміз келі түйетін. Осы секілді таза қолдың жұмыстары да жоғалып кетті емес пе?

– Иә, дұрыс айтасың. Бұл да – өте өкінішті нәрсе. Жоғалып кеттірасында... Бір жағы қимыл, қозғалыс. Бір жағынан, еңбек. Қазір осы қасиеттерді сақтап отырған кейбір ауылдар бар. Әйтпесе кім қазір диірмен тартып, келі түйеді дейсің?! Бәрін техникаға артып қойдық. Миымызда техника сияқты жұмыс істеп жатыр. Арты жақсылыққа апара қоймас. Мұндай «роботтанған» заманда не «робот», не тұтас ұлт жоғалады. Ал оны жасап жатқандар сені құрту үшін әдейі істеп отыр. Біз айтып отырған нәрселер тұрмысқа пайдаланылған дүниелер ғой. Диірмен кейінірек пайда болған. Ал келі тым ерте қолданыста болған. Бұлардың тарихы қай уақытта басталғанын дөп басып айту қиын. Қытайдағы Тарбағатай аймағында Толы дейтін ауданы бар. Жайыр мен Майлы деген екі тау қатар жатыр. Соның екі ортасынан Нарынқол деген өзен ағады. «Нарын» деген сөз моңғол тілінен келген. Мағынасы «жіңішке» дегенді білдіреді. Осы Нарынсудың бойында Оспан ағам малын бағып, сол жерді қыстап шығады ғой. Қойға тас қора жасапты. Жерде жатқан бос тастарды пайдаланған. Ол жерде «мықтың» бейіті бар екен. Астынан адамның сүйегі шығып қалады. Содан Оспан ағам көріп: «Ойпырм-ай, жарықтық-ай, ірі болған екен», – деп жерде жатқан жіліншікті алып өлшесе, ұзын болып шықты. Сол жерде жатқан адамның бойының ұзындығы екі метр болса керек. Оспан ағамның бойы бір де тоқсан бес сантиметр болатын. Екі метрге жақын. «Мынау менен де ұзын екен», – ғой деп күлді (Сол сәтті есіне түсіріп, Аға да күліп алды). Біз қазған моланың ішінен бір тас шықты. Дөңгелек тәріздес. Машинаның дөңгелегін ортасынан қақ бөліп, малға жемсу беретін астау, секілді етіп жасаған. Іші жып-жылтыр. Әбден егеп жасаған сияқты. Нендей құралмен жасаған. Бұл жылтыр таспен тұзды үгітуі мүмкін, талқан жасауы мүмкін. Диірмен мен келінің жұмысын атқарған болса, онда он-он бес мың жыл бұрынғы дүние. Жалпы, ыдыс-аяқтың тарихы өте ұзақ. Біз бүгін ғана жаралып тұрғанымыз жоқ. Миллиондаған жылды басымыздан өткеріп тұрмыз. Сондықтан кейбір ыдыс-аяқтардың тарихы тым көне. Әсіресе мына ағаштан, тастан жасалған ыдыстар. Тастың жұмсағы бар, қаттысы бар. Құстас, мәрмәр тас дегендер бар. Осы «құстастарды» қатты тастармен үңгіп, ыдыс жасауға болады. «Құстастан» жасалған аяқтарды талай көргем.

– Қазақтың киіз үйі өнердің төресі емес пе?! Бұл өзі бағалай білгенге үлкен құндылық. Мұның да қазір қасиетін білмей, қадірін толық түсіне алмай отырмыз. Неліктен?

– Баспананың тарихы да тым тереңде. Ертеде біз тастың үңгірінде, жер кепелерде тұрдық. Сонау Қытай жерінде қаншама үңгірді көргем. Бұл жерлерді кезінде адамдар мекен еткен. Ішінде от жаққан. Күлі шашылып жатыр. Қазақ үйдің дәл осындай қалыпқа келуі – мәдениеттің дамыған кезінде жасалған дүние. Мөлшермен жиырма-отыз мың жыл бұрын болған шығар. Қазір қарап отырсам, жиырма-отыз мың жыл деген түк емес қой. Оның алдында көшіп-қонып жүрдік. Далада жатқан жоқпыз. Адам аяғына аяқ киімді кигеніне отыз мың жыл болыпты деген деректі оқығаным бар еді. Осындай аяқ киімнің тарихы отыз мың жылды құрағанда, бір топ адамның баспанасының тарихы одан да арыға кетуі күдік тудырмасы анық. Кәдімгі жеп жүрген жүзімнің егілгеніне жиырма бес мың жыл болған екен. Жиырма бес мың жыл бұрын кім екті? Өзбек пе, қазақ па? Бұл – енді зерттеуді қажет ететін тың тақырып. Дәл мұнша жыл болды деп кесіп айту қиын. Бірақ бұл да – көненің көзі. Бастауы ғасырлар қойнауында жатыр. Мал шаруашылығына ден қойып, соның өнімін пайдалана бастаған кезде жасалған дүние. Киізді жасау керек. Жіпті қайдан алды? Мұның бәрі мәдениеттің дамыған сатысында болса керек. Өзім киіз үйде туғанмын. Қашан ержетіп, азамат болғанша осы қазақ үйді мекен еттік. Жылы жамылып жатсаң, қандай суық болса да, тоңбайсың. Жаздыгүні қоңыр салқын. Шын мәнінде, мұндай ғажап өнерді жасаған халықтың өзі ғажап қой.

– Қазақ үйді «қараша үй» деп жатамыз. Қараша айына дейін тігілген соң ба, әлде мағынасы басқа ма, қалай ойлайсыз?

–Олай болмауы мүмкін. «Қара үй» деп те атайды. Ақ үй емес. Әдеттегідей қоңырқай үй. Мұның ар жағында кедейліктің ауылы жатыр. Өйткені қарапайым, қара сөздері жұпыны дегенге саяды. Байдың үйін алты қанат «ақ орда» дейді. Бұл айға байланысты емес. Байлық пен кедейлікті жіктеп тұр ғой.

– Аңға құмар, аңшылықтың жолына түскендерді «аңкөс» дейміз. Неліктен бұлай атайды?

– Аңкөс деп аңды аулай білетұғын, атқан аңын өзіне жарата білетін адамдарды айтамыз. Олар күндіз-түні тоқтамай аң аулайды. Ауламайтын аңы жоқ. Хайуанаттардың жаны бар, олардың да сезімі бар, ақылы бар, олар саған оңайшылықпен ұстата қоя ма? Аңның айласынан сенің құрған тұзағың асып түсуі керек. Аңның осал тұсын таба білетін, ебі бар адамды «аңкөс» дейміз.

– Аң аулау мәселесіне қайта оралсақ, әлі де өзіңіздің айтпақ ойларыңыз бар секілді...

– Ана шеті Сібір, Сахалин, Қара теңіз, Қырым, мына шеті Орта Азия мен Тұран ойпатын түгел жайлаған қазақ халқына аңы мен құсы, судағы балығына дейін бәрі таныс. Жалпы, қазақ аңдарды екіге бөледі. Қоңыр аңдар және жыртқыштар дейді. Ал құстарды дүйім құстар және жыртқыш құстар дейді. Қоңыр аңдарға – керқұлан, шүкейт, құлан, тарпаң, бұлан, бұғы, марал, шұбар бұғы, елік, қодас, ақ қоян, көкше қоян, шошқа, тау ешкі, арқар, құлжа, қарақұйрық, бөкен, ақтаң секілділерді жатқызуға болады. Аю, жолбарыс, барыс, ілбіс, сілеусін, қарақал, қасқыр, шибөрі, қорқау, түлкі, қызыл түлкі, ақ түлкі, қарсақ, мәлін, сабаншы, мысық, күзен, суыр, борсық, ақкіс, саркіс, сартышқан, аққолтық, міне, осы аталғандар жыртқыштар тобына жатады.

Дүйім құстар тобы – дуадақ, жорға дуадақ, тырна түрлері, безгелдек, қаз, үйрек, сұқсыр, сарала қаз, бірқазан, кекілік, шіл, бөдене, бұлдырық. Қазақ халқы осы аты аталған аң мен құсты тамақ үшін, кәсіп үшін, салтанат үшін аулады. Тас, таяқ жұмсады. Аран жасалды. Қақпан, тұзақ құрды, атпен қуды, тор құрды, итпен қуды, садақ тартты, сүңгі лақтырды, арқан салды, шырға салды, мылтық атты, қармақ салды. Қыран құстарды аңға салды. бүркіт, қаршыға, сұңқар, лашын, тұйғын, бидайық, ителгі, жағалтай, тұрымтай, қырғи, қаршыға, торғын секілді және қыранға жақын құс түрлерін пайдаланды. Қазақ халқының аң аулауында құс салу көп кездескен. Аң аулауда құс салудан басқасы жабайы, жыртқыш, жауыз, нысапсыз, қырып-жоюдың түрлерін ұстанады. Ал құс салу деген – күніне бір-екі аң аулап, рахаттану. Аң аулау бүкіләлемдік кәсіп түрі саналады. Солардың ішінегі ең мәдениеттісі, қызықтысы, мақтауға, мадақтауға жарайтыны – қазақтың құс салу әдісі. Құс салушы мамандарды құсбегі, бапкер, бүркітші, қағушы дейміз. Еркімізге көндіру тәсілдері – сылап-сипау, қызыл шұқыту, шырғаға шақыру, шырға тарту. Жалпы, құсбегіліктің салты бойынша бүркітті он екі жылдан соң түзге қоя беру керек.

– Қыран құмай жайында тереңірек білсем деймін, аға.

– Қазақ жерінде қыран құмай, жемтікші құмай деген бар. Бірақ қыран құмай саны – аздау. Оның саны неге азайды? Ол табиғатқа жауап беретін адамдардан сұралуға тиіс. Түрікмен елінде «қыран құмайдың көлеңкесі түскен адам бақытты болады» деген ырым бар. Атақты ғалым Әлкей Марғұлан ағамыз қыран құмай бұрын ертеректе болған. Қазір қазақ жерінде жоқ шығар, болса Памир тауында болуы мүмкін деген еді. Хантәңірі тауының Қытай жақ қапталына мал қыстатқан Толыбай деген қарт 1945 жылы қыста қойға шүйліккен алып құсты көрген. Кейде осы құмай қырандар қойдың өзін көтеріп алып кеткен кездер де болған. Жайшылықта бұл құс адамға да шабуыл жасайтын көрінеді. Осыған қарағанда қыран құмай әлі бар.

– Мұны қалай біліп отырсыз?

– Енді тоқты-торым, қозы-лақ болмаса, салмағы жетпіс-сексен келі тартатын қойды көтеріп алып кетті дегені – миға қонбайтын нәрсе. Қалай болған күнде қыран құмайлар әлі де бар. 2006 жылы наурыз айында той өткізу үшін Қазығұрт тауына бардым. Мені биология ғылымдарының докторы Аманбек Ақайұлы деген кісі алып жүрді. Осы арада қыран құмай туралы сөз болды. Аманбек сонау 1980 жылдары «Ақсу-Жабағылы» қорығында жұмыста жүргенде мына бір оқиғаға тап болыпты. «Бір алып құс келіп, қыстың күні қорықтың ішіне жұмыртқа салған. Сол құс атылып, денесі қорықта сақталған, керілген денесі үш метр болды», – дейді. Мүмкін осы қыран құмай болар. Осы құсты тереңірек зерттеп, анықтай түскен жөн болар деген ойдамын.

– Жалпы, аңшылыққа қатысты «салбурын» деген де сөз бар. Бұл сөз қайдан шыққан?

– Бұл – соғыста қолданылатын тәсіл. «Сал бұрын», «бұрын ұрып жібер» деген сөзден туып келіп, аңшылыққа қолданылып, түбірі жоғалып кеткен. Бұрын ертеректе «салбурынға шықтық» деп өзара найзаласып, қылыштасып, өздерінің деңгейлерін білетін көрінеді. Әскери тәрбиенің бір түрі ғой.

– Кейде маған сән-салтанатқа толы қазақтың таза аңшылық дәстүрін өткен ғасыр өзімен бірге біржолата ала кеткен секілді көрінеді. Осы күні аңға шығып, із салу жоғалып бара жатқандай. Қазіргі аңшылықта шынайылық жоқ секілді. Аңшылық неге азайды, шектеу көп пе?

– Аңшылық дәстүрдің тарихыда тым тереңде. Алғашында аңға шығу деп емес, қарын тойдыру, тамақ табу мақсатында аң аулаған. Ол уақытта нан жоқ. Сол себепті аң мен құсты тамаққа айналдырған. «Миллион жылдың алдындағы адамдар» деген бір кино көрсеткен америкалықтар. Сонда от бар. Аңды таспен ұрып әкеліп, отқа тастап, пісіріп жеген. Біздің аңшылық дәстүрімізге пәлен жыл болды, түген жыл толды деуге болмайды. Ол сонау өте ерте кезде қалыстасқан. Аңшылықтың азаюының екі себебі бар.

Кеңес Одағында аңшылықты ауыздықтап тастады. Ал от қару шыққалы хайуанаттарды тауысып бітетін болдық. Енді бұрынғыдай бей-берекет аңға шығуды азайту керек. Қайткенде де аң тұқымын сақтауымыз қажет.

– Ұлттық спортқа келгенде тілімізді тістеп қалатынымыз жасырын емес. Неге ұлттық спорттың түрлері өрісін кеңейтпей отыр?

– Бізде спорт министрі бар, ұлттық спортты неліктен қолға алмайды? Неге әлемдік деңгейге көтерілмейді. Басшылықтағылардың дені ұлттық құндылықтардың қадіріне бара бермейді. Тіпті, ұлттық спорт оларға керек еместей көрінеді. Мұндағы мәселе – ұлттық намыстың жетіспеуі. Бұрын, Кеңес өкіметінің бұғауынан босана алмадық дедік, ал енді тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылға жуық уақыт болды емес пе? Қытайдағы қазақтарда бар екі жүз жетпістей ұлттық спорт түрін қағазға түсірдім. Ол балалардың, жасөспірімдердің, жігіттердің, орта жастағылардың, қарттардың ойыны болып жіктеледі. Дүниеде теңдесі жоқ неше түрлі ұлттық ойындарымыз тасада қалып жатыр. Мәселен, «Қамшыгерлік» ойынын алайық.

– Аға, осы ойын жайында оқығаным бар-ды. Ендігісін өз аузыңыздан естісем деймін?

– Бұл жөнінде өте көп жаздым. Қазақ табиғатынан өнерлі халық қой. Ат арқасына қонса, аруақтанып, делебесі қозатын қасиеті тағы бар. Тұлпарға тақым артқан қазаққа заңғар таудың өзі басын иеді. Ал қолында қамшысымен самсаған қалың қолдың өзін қорқытқан. Себебі қамшыгердің қамшысы атан түйе мен өгіздің өзін сеспей қатырады. Бұл – әбден машықтанған, қайраты тасыған адамның ғана қолынан келетін іс. Қамшы – ат-көлік, мал айдауға арналған жабдық. Қамшы – қорғануға, қарсыласын ұрып-жығуға арналған суық қару. Қамшыгерлік – қорғана білетін және жауын жайратып салатын мамандық. Қазақ халқының көшпелі тірлік салтына байланысты еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін ат-көлік мінетін, түгелімен қамшы ұстайды. Әркімнің өзіне лайық, өзіне тән қамшылары болады. Атқа мінгенде қолында, қонышында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алдыартында, үстінде ілулі тұрады. Кейде тіпті қарбалас сәтте ауызға да көлденең тістейді. Ал үйде отырған кезде қамшы керегенің басында, көгінде, уық қарында, сыртқы дөдеге мен белдеуде немесе ашада қыстырулы тұрады. Қарбалас кездері киіз-сырмақ астында, тіпті тізенің астында жатады. Әркімнің қамшысы өзі қойған жерінде тұруға тиісті. Қамшы атқа мінген әркімнің қолында жүретін жабдық және елеусіз суық қару болғанымен, оны қару ретінде пайдалану көрінгеннің қолынан келе бермейді. Қамшылы адам – сырттай қарағанда, қарулы адам. Ал қамшыгер өздерін «елеусіз қаруға иемін» деп санайды. Халықтың салт заңында қамшыгерлердің қарапайым адамды ұруына тыйым салған. Қамшыгерлер де мұндай қылықтан өзін-өзі тыяды. Ертеректе қазақ халқының салты бойынша қамшыны қолға ұстап үйге кіру бәленің басы саналатын болғандықтан, сырт адамдар қашанда қамшысын үй сыртында, ат үстінде қалдырып кететін болған. Осы салт моңғол халқында әлі күнге дейін сақталған. Оларда үйге кіретін адам қамшысын сыртқа қалдырады. Байқамай қамшымен үйге кірген адам ауыр сөгіс естиді, не айыпқа тартылады. Қамшы арқылы жауынан қорғана алатын, не жайратып салатын адамдар қамшыгер атанған.

– Қамшыгерді қандай қарым-қабілеті арқылы анықтауға болады?

– Қамшыгерлік адам табиғатындағы ептілік, дәлдік, қарулылық, мергендік, қатты қолдылық, сезімталдық, өткірлік, батылдық, сескенбейтін серттілік сияқты ішкі қасиеттермен ұштасып жататын мамандық қой. Жастайынан қамшыгерлікке құмар болу, не жастайынан қамшыгерлікке баулыну, тәрбие алу, қамшыгер мамандардан үйрену, қамшыны ұстай білу, қамшымен ұра білу, қарсыласын қай жерінен ұрғанда есінен танады, аттан аунап түседі, жараланады – мұның бәрін қолмен қойғандай білу шарт. Қамшы – ат үстіндегі шайқастың қаруы. Қамшыны бір-ақ рет ұрғанда дәл тигізген және айтылған шарттарды бұлжытпай орындаған адам ғана қамшыгер бола алады. Жабдық және қару ретінде ұсталған қамшының ұрылуы мен тиюіне қарай – қамшы үйіру, қамшы білеу, батыра қамшылау, қамшымен жасқау, сипай қамшылау, орай тарту, шықпыртып жіберу, көсіп жіберу, баса тарту, серпе тарту, салып жіберу, тартып жіберу, тіле тарту сияқты атаулар арқылы қамшының қалай ұрылып, қалай тиген зардабын білдіреді. Сілтеуіне байланысты қамшы – теседі, тіледі, сызады, осады, көгертеді, езеді, жаралайды, сындырады, өлтіреді. Жан-жануарлардың, адамның талмау тұстары, осал жерлері болады. Адамның шеке, самай, құлақ шеке, маңдай, көз, қас, тоғыз тарау, шынтақ, қызыл асық, аяқтың үсті секілді дене мүшелері әлсіз келеді. Ит пен қасқырда – қаратұмсық, бура, айғыр, бұқаларда қақмаңдай, орай тұсы осал жерлері болып саналады. Қай жерінен ұруды қамшыгерлер өздері таңдап алады немесе қарбалас сәтте орайы келген жерден ұрады.

– Аға, сонда түрлі мылтықтар біздің тұрмысымызға енбей тұрғанда, қамшы, сойыл, шоқпардың қару ретінде атқарған рөлі орасан болды ғой?

– Қазақ отты қару тарамай тұрған кезде қылыш, найза, сүңгі, сойыл, шоқпар, садақ сияқты соғыс қаруларын пайдаланған. Солардың қатарында әрі жабдық, әрі қару ретінде қамшы да бар. Той-томалақта, ас-жиында, ел-жұрт жиналған ұлыстың ұлы күндерінде бәйге атты – жарысқа, жорғаны –салысқа, балуанды – күреске, мергенді – жамбыға, қамшыгерді бәсекеге шақырып, жиналған жұрт алдында топтан озғандарына жүлде берілген, мадақталған. Бұл енді бұрындары болған ғой. Солардың ішіндегі қамшыгерлік те ертедегі спорт түрінде сайысқа, бәс-бәсекеге, егес-намысқа түсетін мамандықтың бірі болған. Арнайы жасалған қамшысы бар қамшыгер атанған жігіттер өздерін қарулы сезінген. Шын мәнінде солай ғой. Аяқ астынан жылт етіп шығып, тап берген шабуылға алғыза қоймайды. Табан астынан ұмтылған ит пен қасқырды, бура, айғыр, бұқаларды қамшымен ұрып бетін қайтарған немесе мертіктіріп, жаралап, өлтіріп кеткен. Қазақстанда қамшыгерлік спорт ұмыт қалды. Қолға алған ешкім болмады. Ал Қытайдағы және Моңғолиядағы қазақтарда әлі де бар.

– Қандай мықты қамшыгерлер есіңізде қалды?

– Жоңғар қалмақтарының оймауыт руынан шыққан Жондын. Оны қазақтар Қаймолла деп кеткен. 1954 жылдары жасы шамасы алпыста еді. Одан басқа Еренқабырғаның Манас өзені өңірін мекендеген керей елінен шыққан атақты батыр Хамза Шәмшібайұлы сияқты қамшыгерлерді өзім көрдім. Тарбағатайдың оң жақ тұсында Жайыр тауын мекендеген керей ішінде атақты қамшыгер Лақ деген адам әрі найзагер болған екен. Жаугершілік заманда Лақ пен Саржан деген кісілердің батырлық даңқы бірге шыққан. Әрі найзагер, әрі қамшыгер Лақтың туған баласы Бәлел де атақты қамшыгер еді. 1945 жылдары оның жасы елуде болатын. Жайыр тауын мекендеген ел ішіндегі әйгілі батыр Қалидың үлкен әкесі Жұмағұл атқа қарғыған итті қамшымен тартып жібергенде, иттің қаңқ деуге шамасы келмей, сұлап түскенін әкем Бабалық өз көзімен көріпті. Қамшыгерлікті қазіргі ұлттық ойындардың санатына кіргізу керек. Бұл да суық қарудың біріне жатады.

– Қазақта қарудың қандай басқа түрлері бар?

– Қазақ қаруды, негізінен, суық қару, көк қару, от қару деп үшке бөледі. Суық қару – ағаштан, тастан жасалғандары. Темірден жасалғандарды «көк қару» дейді. Кейін пайда болған мылтық, зеңбіректерді «от қаруға» жатқызады. Қамшы – суық қарудың бірі түрі. 1945 жылы партизанмын. Қытаймен соғысып жатырмыз. Біздің арамызда жас шамасы алпыстың айналасындағы ақсақалымыз бар. Дастарқанға отырғанда төрге шығарамыз. Ақылшымыз. Ол кісі қамшыгер екен. «Қолымда бүркітім бар еді», – деп, әңгімесін бастап кеп жіберді. – Аң аулап келе жатқан бетім еді. Бір топ түйе жатыр екен. Әлгінің ішінен маған қарай бір бура тұра шапты. Жақындап қалды. Мен бүркітімді жерге қоюға үлгермей қалдым. Сол қолыммен қамшымды ұстап көлденеңдей бердім. Маған жақындағаны сол еді, қамшымен қақ басынан салып кеп жібердім. Бура бір қамшымен өліп кетті».

– Қандай қарулы еді десеңізші! Иә, содан....

– «Содан ол көрші жатқан моңғолдардың түйесі екен. Моңғолдар шатақ шығарып: «Сен қамшымен емес, басқа нәрсемен ұрып өлтірдің, әйтпесе түйе мұндайға өлмеуі тиіс», – дейді. Мына жақта – бір топ қазақ, мына жағында бір топ моңғол тұр. Қырық-елу адам жиналып, у да-шу болды. «Ал сендерге көрсетейін» дедім де, біраз жер шауып барып, жерде жатқан түйенің тұмсығын қамшымен бөліп жібердім», – деп айтқанын естіп едім. Сөйтіп, моңғолдар сеніп, бұл дауды сол жерден тоқтатыпты. Тағы бір дерек бар осы жайында. Ыбырай дейтін кісі болыпты. Ел басқарған айтулы адам екен. Соның бір құрдасы Төлебай дейтін кісі қамшыгер екен. Содан Ыбырай айтады ғой, өздері қымыз ішіп, қызып алған. Сен қамшыгер болсаң, менің Қаратөбелімді ұрып жықшы дейді ғой.

– Қаратөбел деп жылқыны айтып тұр ма?

– Жоқ. Қаратөбел дейтін балуаны бар екен.

– Сонда қамшыгер не дейді?

– «Сенің адамыңды өлтіріп, құн төлейтін жағдайым жоқ, алдымнан бір өгізді өткіз», – дейді. Егес-бәске қатынасқан жұрт қамшыгердің де, Ыбырайдың да шашбауларын көтеріп, арадан атан өгіз айдап өткізеді. Төлебай өгізді тартып жібергенде, өгіз өкіріп-барып, жата кетеді де, пышаққа ілінеді. Өгіздің осылған жері тесіліп, бел омыртқаның басы кеткен деседі. Ал Ыбырай өзі мініп жүрген таңдаулы қаракер атын бәске атағаны үшін мойын бұрмастан, қамшыгерге жетектетеді.

– Бұл қай жылдары болған оқиға еді?

– Бұл оқиға 1939 жылы Тарбағатай мен Сауыр арасындағы Қоталашы қожырдың Көкмойнақ деген жайлауында өтеді. Ал атышулы қамшыгер Сарқожақ деген адам су таласы жанжалында төрт адамды өлмейтін жерінен ұрып, аттан түсіріп кеткен. Бұл оқиға 1940 жылдары болған. Қамшыгерлік туралы осы секілді деректер бар. 1952 жылы Тарбағатай ауданының басшысы болып бардым. Содан менің алдыма бір іс түсті. Менің алдымда болған басшылардың кезінде болған оқиға болса да, бұл істі қайта қарауға тура келді. Істің анық-қанығына көз жүгірткенімде түсінгенім, сотталушы жігіт кезінде қамшымен біреуді ұрып өлтіріпті.

– Бұл оқиға қалай болған?

– Әлгі жігіт бір тойдың үстінен түсіп қалады. Тойда лақ тартылып жатыр екен. Жігіт қой, ол да нөпірдің арасына кіріп кетеді. Лақты тартып алып, көптің арасынан сытылып шығады. Артынан төрт адам қуалайды. Олардың аты мықты екен, артынан қуып жетіп: «Сен неге лақты алып қашасың?» – деп сабайды ғой мына жігітті. Төрт жігітке қойыңдар десе де, қоймайды. Көкала қойдай етіп сабайды. Жаздың күні, көйлекшең тұрған адамға қамшы батпай не көрініпті? Сонда бұл жігіт ызадан булығып, ішіндегі біреуін жауырынның ортасынан қамшымен тартып жібереді. Әлгі жігіт аттан ұшып түседі де сол жерде тіл тартпай кетеді. Содан бұлар өлікті көтеріп ауылға барады. Көпшілікке жария етеді. Сол уақытта ауыл ақсақалдары араға түсіп, қылмысты төрт жігіттің мойнына артып жібереді.

– Неге төрт жігітті жазалап отыр?

– Жазықсыз жігітті сабағандықтан төрт жігіттің өздерін жазалайды.

Ал бұл жігітке жеңіл-желпі айыппұл салыпты.

Бұл мен танысқан кездің алдында, он үш жыл бұрын болған оқиға екен. Содан сот осы істі қайта қарап жатыр. Мен бір облыстың басшысымын ғой. Бәрін егжей-тегжейлі қарап шықтым да, әлгі жігітті түрмеден босатып жібердім. Сонда, бір ғана соққымен адамды өлтіріп жіберіп тұр ғой. Екі қабырғасы сынып, қамшының ұшы жүрегіне тиген.

– Шын мәнінде қарулы жігіт екен. Аға, қамшыгерлік жайында сөз қозғағанда, қамшы жайлы неге таратып айтпаймыз?

– Қазақтың салт-заңы бойынша ішкі қайшылық кезінде адамды өлтіріп, құн тартудың орнына, қарсыластарын осал жерінен атып кету, найза-сүңгі шаншып, аттан түсіріп кету, сойылмен ұрып түсіріп кету, қамшымен ұрып, аттан құлату да жеңіске жатады. Қазақ халқы ертерек кезде қамшыгерлік өнерін ел-жұртқа үйрету және дәріптеу мақсатында арнайы жарыс өткізіп отырған. Соңғы кездегі кейбір бәсекеде сиырдың терісін төрт пұшпағынан төрт қазыққа керіп тастап, шауып келіп ұрып өткенде, тері тесіледі, жыртылады, тілініп түседі деседі. Төртке бүктелген сиырдың жас терісін жерге тастап ұрғанда терінің бір қабатын не екі қабатын тесіп немесе жыртып, тіліп кететін көрінеді. Адам баласының ат-көлік міну, айдау тарихын ең жақын дегенде он мың жыл мөлшерінде айтуға болады. Мал айдау, жасқау, жыртқыштардан қорғану сияқты тұрмыс қажеттерінен туған мұндай қарудың түрлері табиғи заттардың – қурай, шыбық, балғын, бұта, бұтақтан басталып, қамшы мен бишікке дейін жетілдірілген ғой. Әрі мықты, әрі шып етпе өткір, қолға ұстауға қолайлы, жеңіл қамшы мен бишік көп.

– Қамшының қандай түрлері бар?

– Оның да түрлері көп. Ат қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, жортуыл қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сарала қамшы, барбас қамшы, орама сапты қамшы, сайтан қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы, тобылғы сапты қамшы, бала қамшы, шыбыртқы қамшы сияқты көптеген атаулары бар. Ат айдау жабдықтарының бір түрі – бишік. Жалғыз таспа шыбыртқы бишік, екі таспа, үш таспа, төрт таспадан есілген – ширатылған, ұштарына таспа жалғанған ұзын және қысқа сапты бишік, төрт таспа, бес таспа, алты таспа, сегіз таспадан өрілген, ұштарына таспа жалғанған қысқа сапты түрлері де бар. Қамшы төрт таспа, бес таспа, алты таспа, сегіз таспа, он екі таспа, он алты таспа деп аталады. Таспаны тіліп қырнап, сыдырып, өңдеу арқылы жуанжіңішке болады. Бишік те таспаның өңделуіне орай жуан, жіңішке болып өріледі. Көптаспалылар мен ішіне өзек салып өргендері әдейі жуандатылады. Өрілгеннен кейінгі үлгісі – жұмыр, төрт қырлы, бес қырлы, алты қырлы болып шығады. Қамшылардың өлшемі мұнымен шектелмейді. Терінің иленуі, таспаның тілінуі, тері мен таспаның ерекше қасиеттері деп аталады. Өрілуі, өрім мен саптың өзара ұзынқысқалығы, қатқыл не жұмсақтығы шартты түрде. Қамшыгерлер өз дағдысы, өз есебі бойынша қалағанын өздері жасап алады немесе арнайы тапсырыспен өргізеді. Қолайына жаққан қамшыларын ұстаған қамшыгерлер өздерін қарулы адамдай сезінеді.

– Аға, сіздің ниетіңізден байқағаным, осынау ертеректе болған спорт түрін дамытсақ дейсіз? Бағып отырған өгізін қамшыгерлікке, жылқысын бәске кім бере қояды дейсіз?

– «Қамшыгерлік» ойынын дамытып, ұлттық ойындардың қатарына кіргізсе, әрине, адам сабамайсың ғой, сиырдың терілерін керіп тұрып, неге атпен шауып келіп, тіліп жібермейді?! Тіліп көрсін. Менмін деген қамшыгерлердің өзі тіле алмайды. Менің әкем Бабалық – 1860-1937 жылдар аралығында өмір сүрген кісі. Ал оның замандасы Лақ атты адамның қамшыгерлік өнері туралы айтып өттім. Соған қарағанда, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр өн бойында қазақтың қамшыгерлік мамандығы өнер ретінде дамыған кезеңі деуге болады. Қамшыгерлікті міндетті түрде халықтық спорт түрінің бір саласы деп тану керек, бекіту керек. Сыр-сипаты әлі танылмаған, ашылмаған ғылым ретінде қараған жөн. Қамшыгерлік машыққа, қамшыгер адамға суық қару ретінде танылған қамшыға талдаулар, зерттеулер жүргізу қажет.

– Осы «Қамшыгерлік» секілді «Қайтыпкел» дейтін ойын түрі бар екен.Б қандай ойын?

– «Қайтыпкел» ойыны – қазіргі кезде табылмайтын көрініс. Бұл ойынды бала күнімде, ержеткенде көрдім. Бір қазақ атқа мініп алыпты. Қолында арқаны бар. Арқанның басында домалақ бір нәрсе байланған. Бала кезімде мұны ұға алмадым. Адамдарды жығып немесе бір жерін майып қылып жатқан жоқ. Жұмсақ барып тиеді. Арқан қанша жерден ұзын болса да, соны дереу жинай қояды. Сөйтсем бұл да қарудың бір түрі екен. Суық қарудың бірі ғой. Арқанның басына байланған дорбаға құм салынған, сонымен өнер көрсетіп тұр. Қару ретінде қолданғанда арқанның басындағы құмның ішіне қорғасын салатын болған. Қорғасынды құйып, қайыспен байлап, жақсылап тұрып тігіп, арқанға байлайды екен. Бұл өзінің жауын қойып қалып, аттан түсіру немесе өлтіріп кету үшін қолданған қарудың бірі ғой. Бертін келе ұлттық ойынның біріне айналып кеткен. Бірақ қазір жоқ. Мұны жас кезімде көріп қалдым. Сөйтіп, қағазға түсірдім.

– «Таған» деген ойынды естігенім бар еді. Ол қалай ойналады?

– «Таған» ойыны – ат үстінде ойналатын футболға келіңкірейтін спорт түрі. Допты атпен қуалап жүріп ойнайды. Бұл ойын қазір Әзірбайжан жақта жақсы дамыған. Бізде қазір тоқтап қалды. Тоғызыншы ғасырға дейін келді.

– Біздің құсбегілік өнеріміздің тарихы да тым тереңде жатқан жоқ па?

– Қазақ ит жүгіртіп, құс салған. Аңшылық үшін арнайы тазылар асыраған. Құмай тазыны түлкіге салады. 1987 жылы «Жерұйық» қоғамының жанынан жалайыр Шора атындағы құсбегілер мектебін аштық. Міне, оған да жиырма жылдан асып бара жатыр. Осы жиырма жылда ешкім қол ұшын беріп, демеушілік көрсетпеді. Осы күндері азын-аулық жұмыс жасалуда. Алматыда осы мектептің көмегімен бірнеше жыл құсбегілік жарыстар өткізіп келеміз. Жалайыр Шораға ескерткіш қойсақ деген ниет бар еді, алайда оған да қаржылық тапшылық қолбайлау болып тұрғаны... Мектептің жеке мұражайы да жоқ. Мұражай ашуға үкімет тарапынан иә министрліктен көмек көрсетілсе, бұл да ұлттық өнерге жасалған ізгіліктің бастамасы болар еді. Енді, біздің парызымыз – айту.

Жалпы, қазақ халқының табиғатында бүркіттің үш түрі бар. Бірі – қазіргі біздің аң-құсқа салып жүрген бүркітіміз, екіншісі – дала бүркіті, ұшіншісі – ергежейлі бүркіт. Бәрінің тегі бір. Бірақ олардың мінезқұлқы, бағуы басқа болып келеді. Қолға ұстауға қолайлы, аңға салуға ыңғайлы бүркіттер – тау бүркіттері, орта тау бүркіттері. Анау Сыр бойында бүркіт неге жоқ? Өйткені ол жерде тау жоқ. Дала. Далада дала бүркіті болады. Бірақ ол тау бүркітіндей емес.

– Оңтүстікте көбіне қарақұс деген болады...

– Қарақұстың саны көп. Кезқұйрықты да, бөктергіні де қарақұс дейміз. Осындай құстарды қарақұс дей саламыз. Тазқара мен қыран құмайды да қарақұс деп жібереміз. Қарақұс деген атауда құстардың біраз түрі жасырулы тұр. Қазақстанның даласында он бір қыран бар. Ең мықтысы – бүркіт, әсіресе, тау бүркіттері. Алтай, Тянь-Шань бүркіттері мықты болады. Олар түлкіге де, қасқырға да, кейде қоңыр аңдарға да түседі. Бүркіттен кейін қаршыға, сұңқар, ителгі, бидайық деген секілді қыранның он бір түрі бар. Жалпы, аң аулаудың ең бастапқы мақсаты – тамақ табу. Құстың көмегімен кекілікті, аңды алып, қарын тойғызудан басталған. Содан кейін ол бара-бара саятқа айналған. Мырзалардың құс салып жүргені – қарын тойғызу емес, көңіл көтеріп, соны ермек қылу. Қазақ тарихында құс ұстау, қыран баптау кең қанат жайған.

Сонау Ғұндар дәуірінде аң аулау кәсіп ретінде, саят ретінде, тіпті салбурынның әскери-жаттығу ретінде де дәріптелгені туралы көптеген деректер бар. Жыл санауымыздың басындағы Ү-ҮІІ ғасырларда Көк түріктер дәуірінде де аң аулау кең қанат жайған. Қазақ елінің арғы-бергі тарихында аңды кәсіп ретінде аулау, саят ретінде аулау, қысты күндері көшіп-қонып жүріп салбурынға шығу салты, тіпті, бергі дәуірге дейін сақталды. Қазақтың атақты ханы Жошының ордасы маңында 3000 қыран ұсталған екен. Құбылай ханның ордасы төңірегінде 9000 қыран бапталғаны айтылады. Осының барлығы бір кездері қыран құсты ұстаудың қыр-сырын терең меңгергендігінің тарихи дерегін беріп тұр. Ұлты грек атақты саяхатшы Рубрук Бату ханға жолығуға келсе, хан Бату салбурынға шығып кеткен кезі екен. Ол салбурында төрт жарым ай жүріпті, ал Рубрук төрт жарым ай күтіпті деген дерек бар. Соған қарағанда, біздің хандарымыздың көп өмірі тамашамен, аң аулаумен кеткен секілді. Міне, осының өзінен қазақ аң аулау дәстүрінің қалай шарықтағанын білеміз.

– Біздің топырақты қыранның қандай түрлері мекен етеді?

– Қасиетті қазақ топырағында – қыран құмай, бүркіт, дала бүркіті, Ергежен бүркіті, қаршыға, тұйғын, ақ тұйғын, құл тұйғын, кір тұйғын, қырғи, қаршыға торғай, лашын, сұңқар, ителгі, жағалтай, тұрымтай, Бидайық сияқты қырандар бар. Осы қырандарды түзден ұстау, ұядан алу, қолға үйрету, бағу-қағу олардың өз табиғатына орай әрбірін жекежеке тәрбиелеу, баптау, аң-құсқа салудың өзі өте күрделі жұмыс, өте күрделі ғылым. Осы ғылымның тарихи тәжірибелеріне сүйеніп, қазақ елі ішінде талай-талай дарынды құсбегілер, бапкерлер шыққаны анық. Солардың бірі бүкіл қазақ елінде даңқы қалған жалайыр елінен шыққан Шора бабамыз. Ел аузында «жалайыр Шора» деп аталып кеткен. Аң аулауды азық-түлік табудың негізі еткен халықтардың бірі қазақ елінің тарихы қанша ұзақ болса, аңшылық дәстүрі де соншалықты.

– Біздегі саятшылық қай кезден бастап жоғала бастады?

– 1930 жылдан бастап осындағы жергілікті қазақтар саят атты салт-дәстүрден, саят ғылымынан мүлде қол үзді. Қытайдағы қазақтар 1950 жылдан бастап саят дәстүрін тоқтатты. Орнитология ғылымының үлкен бір саласынан қол үздірген осы бір қауіпті үзілістен соң, қазақ халқы саят атты салт-санадан айырылғандай болды. Бірақ бізде «орнында бар оңалар» деген қасиетті сөз бар. Халқымыз салт-дәстүрін, саят ғылымын мүлде ұмытқан жоқ екен. Мен мұны алғаш қолға алғанымда көмек қолын созған адамдардың арқасында осынау игі дәстүрді қайта алып келдік. 1983 жылы «Қырандар» және 1989 жылы «Саят» дейтін кітаптарымды шығардым.

– Жақсы екен, аға. Жалайыр Шора жайында не айтасыз?

– Жұрттың айтуына қарағанда жалайыр Шора құс атаулының «тілін біліпті».

– Керемет қой!

– Ел аузында «ұша берсем қанатым талады, жерге қонсам жалайыр Шора алады» – деп бүкіл қыран біткен зар жылайды екен деген аңыздар бар. Жалайыр Шора өте мықты құсбегі болған. Аспанда қалықтап бара жатқан құсты көріп: «Е-е, мынау қыран екен, пәлен жерге қонады, алып келіңдер, мынау ештеңеге жарамайды, қумай-ақ қойыңдар», – дейді екен. Осындай көптеген ерекшелігі болған. Құстың сырын жалайыр Шорадай білетін адам жоқ. Сол үшін біз мектептің атын жалайыр Шора деп қойдық. Бұл кісіні әлі жоғары жақтағылар танымай отыр.

– Бұл мектеп қайда қазір?

– Біздің өзіміздің Есік қаласының маңында екі мың төрт жүз гектардай жеріміз бар. Сол жерге үлкен бір құрылыс салайық десек, үкімет ешбір жәрдемін тигізер емес. Егер қол ұшын берер болса, сол аймақты гүлдендіріп, көркейтіп, әлем туристерінің жиналатын бірден-бір орнына айналдырсақ мемлекеттің де мәртебесі емес пе? Сонда ғана кеткен шығынды ақтай аламыз.

– Бұл жоспарларыңыз іске асса керемет болар еді. Сәттілік тілейміз! Қыран турасындағы әңгімемізді қайта сабақтасақ. Қазақ құсбегілері қыранды да түрлі әдіспен ұстайды. Соның ішінде шырға салу бар. Осы жайында кеңірек айтасыз ба?

– Жалпы, халқымыздың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінде «шырға», «шыр», «шырғалау» деген сөздер кездеседі. Бұрақ бұл сөздердің төркіні белгісіз. Тілімізде «шыр бітті», «шыр бітпеді» дейтін тіркес сөздер бар. Бұл сөздер адам мен жануарға қарата айтылады. Адамның байлығы мен жоқтығын, аш-тоқтығын, дәулетті-дәулетсіздігін білдірсе, малдың семіз-арықтығын, қоңды-қоңсыздығын, шырайлы-шырайсыздығын білдіреді. Демек, «шыр бітті» деген баршылыққа, «шыр бітпеді» деген сөздің жоқшылыққа қарай қолданатынын ұғынуға болады. Құлақ естігенімен көзге көрінбейтін, көрінсе де қолыңа түспейтін, хош иісін сезгеніңмен аузыңа түспейтін, сен ойлаған дүниемен сенің «әттең» деген шырын қиял, құмарлығыңды шешу кілтін басқалар иемденіп, өзіңді өзіне кіріптар ететін, сенің адал үмітіңді әрқашан есек дәмеге айналдырып отыратын, басқаның қолындағы күш «шырға» болып саналады. Қауіпті нәрсені «қауіпсіз», бар нәрсені «жоқ» деп сендіру, барды сол қалпында көрсетпеу, көрсетіп тұрып бермеу, қызықтырып тұрып қолыңа ұстатпау, «жоқ» деп үмітіңді өшірудің орнына «бар» деп дәмелендіру, шырай беріп ыңғай таныту «шырғалау» деп аталады. Әрине, адамдар алғашқы тамағын аң аулау жолымен тапты десек, адам мен аңның арасындағы арпалыс шыр көрсетіп, шырға тарту да – көне тәсілдің бірі. Құсбегілер мен қырандар арасындағы болатын шырғалау да, шырға да ежелгі әдістің бірі екені күмәнсіз. Осы шырға түрлерін былай жіктеуге болады.

Құсбегілер тіліндегі шырға «далбай», «қызыл», «тірі», «кеп» секілді атаулармен де айтылады. Осындай шырға салудың арқасында асау құстарды үйретеді. Үйретілген құсты аңға салғанда, өзінен жырақ кеткен жағдайда осы шырғаларды көрсету арқылы құсты кері қайтарып, қолына қондырады. Қандай қыран болса да, оның тамаққа деген мұқтаждығын пайдалану арқылы қолға түсіріп, оны тәуелді ете біледі. Сондықтан мұндай тәсілдер аңшылар мен құсбегілердің өмірінде ерекше маңызға ие. Осы шырғалардың кей түрлерін айтайын. Мысалы, «далбай» дейді құсбегілер.

– Мұның әдісі қалай?

– Үйрек пен қаздың немесе басқа да құстардың қанаты, түлкінің құйрығы, қоянның терісі тәрізді заттарды керіп, кептіріп қояды да, құсты алғаш баулығанда солардың бірін көрсетіп, далбалақтатып сүйрей қашып, құстың көзін қызықтырады. Құс әлгі далбайды басқан кезде соның астынан қызыл тарттырып, құстың өзім басып алдым деген сезімін оятады. Далбайға қайта-қайта ұшып, дәмесі, өзіне деген сенімі арта бастағанда қоян, түлкі, қарсақ секілді аңдарға да сала бастайды. Алғашында тірі аңдардың тілерсегін буып, жыртқышының аузын тұмылдырықтап, оны жазыққа жіберіп, бастырады. Қазақ құсбегілері осы бір тәсілді «бау аштыру» дейді.

– Сөз етіп отырған «қызыл шыр» деген не?

– Бұл қызыл ет деген ұғымды білдіреді. Құстың, малдың, қоянның бір бөлшек еті ғой. Қандай қыран болса да – құлқынның құлы, олар жемтігін аяғымен басып тұрып жеуге дағдыланған. Ал құсбегілер қыранның осы бір дағдысын пайдалана отырып, оларды көп уақытқа дейін қолдан тамақ беріп, қызыл бастырып, сол арқылы құсты өзіне қарата білеген. Осылайша құсбегілер үнемі өзімен бірге бір кесім ет алып жүреді. Мұны көрсеткен сәтінде қыран келіп қолға қонады. Құсбегілер құс шақыратын осы шырғаны «қызыл, шырға шақыру» дейді.

– Өзіңіз айтқан басқа да түрлерін тарқатып айтсаңыз?

– «Кеп» деген түрін айтып өттім. Қарға мен сауысқанның, қырғауыл мен тауықтың, қаз бен үйректің, кекілік-шілдің, қоян мен мәліннің, түлкі мен қарсақтың терілерінің ішіне шөп, сабан салып қатырады. Олардың басы мен сирақтарын сақтайды. Құсбегілер мұны шырға ретінде пайдалана отырып, торға байлайды. Тордың ішіне қояды.

Мұндай керемет құсбегілік өнер ешбір елде жоқ. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген дана қазақ, бір күні басқа бір ел келіп, тартып алады мұны да! Сондықтан ертерек қамдану қажет. Неге өз қолымыздағы байлығымызға көңіл аудармаймыз? Неге өзіміздің алтынымызды басқаның бақырына айырбастаймыз? Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығын халықаралық деңгейде өткіземіз десек, ендеше, көршілес қырғызды, қытайдағы қазақтарды, Араб елінен, Моңғолстаннан құсбегілерді шақыруға болады. Сонда ғана қазақ өнерін басқа елдерге де танытар едік. Спорттың ең үлкен бір түрі осы – құсбегілік. Мұны бүкіл әлемде қазақтан басқа мықты меңгерген ешбір ел жоқ. Бұл енді біздің арман ғой...

– Аға, енді осы қыранды баптаудың өзі күрделі сала емес пе?! Бұл турасында да айтар ойыңызды тыңдасақ.

– Тілімізде «бап» сөзі өте көп кезігеді. Бап, бапталды, бапталмады, бабы келмеді. Бапты, бапсыз, бабы кеткен, бабы жетпеген, бап кезі, дер бабы, дер кезі, дәл бабы, дәл уағы, нәшіне, қырпуына, орайына келді. Әнші, күйшіге бап керек. Адамға бап керек, қыранға бап керек, малға бап керек, жүйрікке бап керек. «Ат шаппайды – бап шабады», «Бабына келген тұлпардай, шабытына келген сұңқардай, жыр теңізін шалқытар Жамбыл келді бабына» демей ме Жамбыл ақын. Бап туралы сөздер де, ұғымдар да аз емес. Ұлы Абай өзінің өлеңінде «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» дегенді өте орынды айтқан. Ұлы Абайдың даналық тұжырымына үңіле қарасақ, баптай білсең ғана дейді де, бұл жерде бірінші орында қыран емес, бапкердің үлкен рөл ойнайтынын айтып отырғаны байқалады. Түр-тұлғасында күші мен жігері мол, батылдығы, өжеттігі, қайсарлығы мығым, сезімталдығы мен қимылы тез, өзінің әлін шамалауы мен жауын мөлшерлеу есебі бар, айлалы да әдісқой, табиғатында қырандығы мен қырағылық қасиеті жетерлік құсты қолға түсірудің өзі де игілікті іс екені рас. Тіпті қолға түсіргеннен кейін де осы бір қыран тұлғаны баптай білу де машақаты өте-мөте көп жұмыс екені. Ал бұл өнердің сыры ашылмаған, жұмбағы шешілмеген, халыққа қағаз жүзінде танылмаған ғылым. Ата-бабалар тарихында құс аңшылығымен даңқы шыққан адамдардың көп болғаны анық. Олар – құспен тілдескен, қырандарды айтқандарына көндіріп, айдағанына жүргізе білген адамдар. Соңғы ғасырларда найман ішінде өткен Тіней деген адамның құсбегілік даңқы аңызға айналған екен. Бабына келгенде Тінейдің Сарықұсы түлкі, қасқырды қойып қоңыр аңға –бұғы-маралға түсіпті деседі. Осы жалайыр Шора мен Тіней құсбегі туралы: «Тінейдегі қасиет – ұялас екен Сарықұспен, Шорадағы қасиет – тілдес екен бар құспен» – деп айтылған мадақтауларда кездеседі. Бұған қарағанда құсбегілік ғылымының сырлары мен жұмбақтары тым ерте ашылған болар. Өкінішке қарай, сол бір өткен ғаламат дарқан дарын иелерінің білетін дүниесі, тәжірибелері дер кезінде қағаз бетіне түспей қалған. Өйткені қыранды баптағанда қандай білім, сауатқа ие болса да, соны қағаз бетіне түсіруге қабілеттері жетпеген. Оның үстіне соңғы жарты ғасырда құсбегілік ғылымының желісі үзіліп қалды да, бізге оның елес жұрнағы ғана жетіп отыр.

– Құсты баптай білудің өзі сыры көп, кез келгеннің қолынан келе бермес іс емес пе?

– Егер құсбегілік өнерін ғылым деп санасақ, онда «бап» осы ғылымның ең басты, ең күрделі саласы деуге болады. Бапкер бола білмеген адам – құс ұстап, игілігін де, саятшылық жасап, қызығын да көре алмайды. Соған орай айтқанда, құсбегі болам деген адамның, ең алдымен, бапкерліктен сауаты болуы керек. Бапкерлік дегеніміз – құстың мінез-құлық, сырын терең ұғынып, соны білу.

Қазақ халқы ғылымда, өнерде, шаруашылықта, аңшылықта, тұрмыста, спортта адамдардың мамандығына қарай – саяси қайраткер, дәрігер, балгер, қаламгер, күрескер, зергер, қамшыгер, найзагер деген сияқты ер адамның мамандығына «кер-гер» жұрнақтарын жалғап анықтама береді. Соған орай жүйрік ат, қыран құсты баптаушылар да бапкер аталады. Қазақша «кер-гер» – арабша – «кар». Араб тілінде «кар» іс, жұмыс, еңбек ұғымында. Бапкер болу, ең алдымен үміт, ниеттен басталады да, соған қызыға білуден, кәсіп ретінде сүйе білуден, құрметтеп қорғай білуден барып, адам өмірінен орын алады. Бапкерлік туралы ата-бабалардың тәжірибе, мұраларын ақыл-ойға, ұшқыр-қиялға, кең өрісті толғанысқа жетектетіп, олардың не айтып, не айтқысы келгенін, не қойғанын, не тұспалдағанын білу шарт. Мұны құр кеуделік, қара дүрсінге салынумен, беталды далбалақпен игеруге болмайтын өнер екенін түсіне білгеніміз жөн болар. Ата-бабаларымыздың тарихи тәжірибелеріне құрмет тұта сүйеніп, өз тәжірибелеріне қанатты өріс беріп, қорыта білгендер ғана бапкер санатына қосыла алмақ. Бұл – әрі нәзіктікті, әрі сыпайылық пен әдептілікті, сабыр-тағат, шыдамдылықты талап ететін жұмыс. Дәлірек айтсақ, бапкерлік – ең алдымен, адамның өз бойынан табылатын дарын, ақыл-ой, ерік, сезім, білім күші. Қырандардың бәрі де асыл текке жатқызылады. Солардың ішінде қыран тектілер мол шығатыны да – бүркіт. Сондықтан осынау асыл тұқымды деп бағаланған хайуаннан сенің ақылың мен ойың, әдісің мен айлаң басым болуы – басты шарт. Хайуанның аты хайуан ғой, тілсізден тіл шығарып, сөйлесе білу оңайға түспейді. Ал егер тілдесе алмасаң, оны ырқыңа көндіре алмасаң – сенің әлсіздігің.

– Расында солай ғой, аға.

– Қыранның тамақ, ұйқы, өзін қорғау, қарсыласу, ара-қатынас, қуаныш, реніш, ұрпақ қалдыру, еркін жүріп-тұру, ұшып-қону, тазалық сияқты табиғи талаптарын қанағаттандыру да оңай емес. Бірақ қолда отырған осы хайуанның табиғи талаптарын кім ескереді, кім біледі, кім орындайды? Ал қыран ең аз, ең төмен шамада тіршілік талабын көксейтін болса, құсбегілер қалай қанағаттандыра алады? Мәселенің негізгісі де – осында. Бұғауда отырған қыранның табиғи талабын түсіну, ұғыну, оған көңіл аудару еріккендіктен тумайды. Ол бапкерлік парыз-қарыздан туады.

– Қыранның тілін таба білу де, тіс қаққан құсбегіге тән ерлік қой?

– Адамға да, хайуанға да тілдесудің әліппесі мінезден басталатыны сияқты, қыранмен тілдесу мінезден басталады. Мұны кез келген кәнігі құсбегілердің аузынан естуге болады. Қазақ құсбегілерінің айтуларына ден қойсақ, құстың да шәлкем-шалыс, желөкпе, алакөшек, ойнақы мінезділері, қызғаншақ, мақтаншақ, сызданғыш, арамза мінезділері болады. Сонымен бірге керісінше шыдам-тағаты мол, аспайтынсаспайтын, ұстам-серті бар, сабырлы-салмақты мінезділері де кездеседі екен. Ділі қатты, қайсарлары да, ұдайы ішіне сыр бүгіп, сырбазданып, сазарып отырып алатындары да болады деседі. Сонда адамда бар мінездер осы құстың да бойынан табылып тұр. Айта берсе, құстың қара көңіл, арам ой, кекшілдері мен ақкөңіл, аңқылдақ жайма-шуақ жадағайлары да болады екен. Адаммен сөйлесерлік тілі жоқ дегеніміз болмаса, көптеген хайуанаттардың мінез-сезімінде осы айтылғанның болуы – табиғи нәрсе. Қыран мінезінің жарқылы мен жалтылын егжейтегжейлі ішкерілей бақылау – бапкердің түбегейлі міндеті болса керек. Ал тарихта өткен талай-талай құсбегілер мұның бәрін тәжірибеден өткізіп, өзінің шеберлігін шыңдап, қажетіне жарата білген. Олар сондай қасиеттерінің арқасында ғана мықты бапкер деп бағаланған.

Адамнан қорғану – жануарлардың барлығына ортақ дағды. Өйткені олар адамның үстемдігін білген соң, айбат шегеді, реті келсе қашып та құтылады, қорғана да алады. Бәрі де адамнан қауіптенеді, қорқады. Демек, хайуанаттарды адамдардың зерттеуі сияқты, адамдарды да хайуанаттар «танып-біле» алады. Кез келген құстың бойында тәкаппарлық, сес көрсету мінезі болады. Асаудың аты – асау. Әсіресе сыртта көп жүріп қолға түскен түз құстары қапелімде «тәрбиеге» келмей, көп уақыт жатбауырлық жасайтын көрінеді де, ал балапан, тірнек құстар түзден түссе де, ырыққа тезірек көндігетін сияқты. Өйткені жан-жағын енді танып келе жатқан жыртқыштың адымын аштырмай, қанатын қаға бастаған кезінде қолға түсірсең, көндікпей қайда барады?! Бірақ құсбегілер олардың мінез-құлқына назар аудармай қоймайды. Қолға түскеннен кейін асау қырандар табиғи қорғану дағдысымен шошынып, қорқып, секем алып, әрбір сәт сайын қауіп-қатерге қарсылық көрсетіп, айбат шегіп, өзгеше дауыс шығарып, өзін арашалауға дайын тұрады. Ашу-ызаға басып, босанғысы келіп, өлердей булығады. Бапкердің қолға түсіргендегі жүрекжарды қуанышы, ойнақтаған сұрқия көздері, асты-үстіне түскен сиқырлы құрметі, сылап-сипаған темір саусақ, көр шеңгелі оған төніп тұрған ажалдай сезіледі. Бара-бара асау қыран «ка» десе, қылмың етіп, қолға қарайтын, шақырғанда екі етпей биялаймен қапталған қолға келіп қонатын «құлақ кесті құлға» айналып шыға келеді. Құсбегілер қыранның осы мұқтаждығын, шарасыз қалін пайдалана отырып, оны ырыққа көндіреді, баптайды, тәрбиелейді, аңға салады. Қазақта «құс тамағы үшін алады» деген мәтел бар. Оның бабы, әл-қуаты, талаптілегі, мінез-қылығы, көңіл күйі, аңға деген аңсары, шабыты мен зар күйі қай дәрежеде екенін бақылай жүріп дөп табу – бапкердің негізгі бас ауыртар мәселесі.

– Қыранның мықтылығы – оның бапталуынан-ақ көріне ме?

– Қыранға жай адам біле бермейтін қасиеттерін дәл тауып, бұлжытпай пайдаланып, кәдеге асыра білген құсбегілер ғана бапкер бола алады. Сондықтан «қыран бүркіт не алмайды салса баптап» делінген ұлы Абай даналығын еске алмауға, оны ережелердің түйіні етіп ұстанбауға қақымыз жоқ.

Қыранды аңға салу – бапкердің өз мамандығы мен шеберлігін байқататын сын кезеңі. Табиғатына қарай қыран тұлғалы деп аталатын құстың бабы келіссе, көзі түскен аңнан тайсала қоймайды. Ал қандай жақсы құс болса да, бабын таппасаң, аңға түспейді, аңды алғысы да келмейді немесе қапысын тауып сенен қашып құтылуға әрекет жасайды. Қыранды аңға салу үшін баптауға кіріскен адам, ең алдымен, құстың күндегі мінез-қылығына, құс-қабағына, көңіл күйіне, ажары мен жанарына, талабы мен тілегіне назар аударып, қадағалап отыру керек. «Осы құсымның бабын қайтсем де табам» деп зерікпей-жалықпай ізденген бапкердің ғана еңбегі жанады. Кейбір құсбегілер арасында өз білгенін сарқа жұмсап, тағаты таусылған кезде құсқа қол жұмсап, бүркітті де, өзін де бүлдіріп, құсбегілер арасында сайқымазаққа ұшырағандары да кездесіп жатады.

– Үкі жайлы не айтасыз?

– Қазақ халқы үкіні ежелден қадір тұтады. Оның қараңғыда көру ерекшелігін ескеріп, түндегі сергектігі мен алға қойған бет алысына қарап, сондай ерекшеліктерін бағалай отырып құрмет тұтқан болар.

Үкінің қауырсынын ырымдап әртүрлі бұйымдарға, киімге, үйдің төріне іліп қояды. «Басыңнан бақ таймасын, қадірің артсын» деп біреулерге үкі тағып жатады. Бәйге аттары мен домбыраға да үкі байлайды. Сәукеле мен бөрікке де үкі тағады. Мұның өзі үкінің қасиетті екенін аңғартса керек.

– Қазақта «түлеу» деген сөз бар. Ауыл адамдары сөз арасында «құсын түлетті», «мал түледі» деп жатады. Аңшы қазақ қыранды қалай түлетті екен?

– Қазақ тілінің сөздік қорында «түлеу» деген сөздің мағынасы көп. Бұл сөздің түп-төркіні белгісіз. Ескісін тастап, жаңасын киді, ескі жапырақтары түсіп, жаңадан бүршік атты, жылан қабығын тастады, бұғы мүйізін тастады, «мал түлеп – жүнін, құс түлеп қауырсындарын тастады», «Ит бауырынан түледі, бауыр жақта қыс жақсы болады», «ит жонынан түледі, жон жақта қыс жақсы болады», ешкі-қой таңынан түледі, жақсы түледі, толық түледі, жартылай түледі, ала түледі, түлемеді, түлеп алды, түлете алмады, түлетпеді, түлеткісі келмеді, түлеттірмеді деген мағынасы бір алуан сөздерді кездестіреміз. Кейде ауыспалы мағынада «бұрын көн шалбары бұтына қатқан тақыр кедей еді, енді байыды, күйленді, тұрмысы жақсарып шыға келді», – деген сөздің орнына «өмірі түледі, тұрмысы түледі» деп те айтады. Жұмыс киімдерін тастап, тойға киерін киіп шыға келген адамға «түлеп шыға келді» деп қалжың да айтады.

– Кейде осы сөз адамдардың мінез-құлқына байланысты да айтылып жатады ғой.

– Мұның мәні былай. Қайғы-қасірет шегіп, ауыр күндерді басынан өткерген адамның өзін-өзі жұбатып, ауыртпалыққа берілместен есін тез жинап, көне дертті, қайғыны ұмытып, сілкініп шыға келгенде «оның жаны жадырап шыға келеді, жаны түлеп шыға келеді, жаны түлеп сала береді» деп те айтады. Кей адамның жаңа ой, жаңа арманға, жаңа тілекке ауысқан сәттеріне қарай «ойы түледі», «жаны түледі», «жаны жаңарды» деп жатады біздің қазақ. Жалпы алғанда «түлеу» сөзі жаңару, жаңғырту, жаңғыру, жаңалау дегенде жаңғырды жаңа ой, жаңа тілек, жаңа тұрмыс, жаңа белес деген ұғымды береді. Яғни ескіні жаңаға ауыстырды деген ұғымды ұқтырады.

Хайуанаттың барлығы да минуты, сағаты, күні, айы, жылы өткен сайын, көнерген түктерін жылына бір рет түгелдей тастап, оның орнына жаңаны ауыстырып отырады. Табиғаттың бұл заңы хайуанның табиғи қорғанысы үшін де қажет. Басқаша айтсаң, алдағы өмірлеріне дайындық жасалады. Сонымен бірге табиғаттың осы жаңалауы пішін, үлгі өзгертпей-ақ өзінің бұрынғы үлгісін қайталай береді. Жалпы табиғаттағы осы құбылыс өмірінде де кездесіп отырады. Әсіресе қолдағы құстың ескі мамық, ескі жүн, қауырсындарын тастап, оның орнына жаңаны ауыстыруы түлек кезіндегі табиғи талабы мен оған жасалған түлек бабына байланысты.

– «Түлек бабы» деген не?

– Қыранның түлек бабы бапкердің қабілеті мен құдіретіне тән жұмыс. Қазақ құбегілері ескі жүн, қауырсындарын түгел ауыстырған бүркітті «жақсы түлеген», «толық түлеген» деп айтады. Ал жақсы түлеген бүркіттің жүні мен қауырсындары күн нұрына күймеген жаңа күйінде көк кептердің немесе көк ала үйректің мойын жүні сияқты көгілдір тартып, сынып қайтқан жарықтың сағымы арқылы құбылып, шаңыт беріп көзді алдай береді. Соған орай толық түледі, жақсы түледі деген сөздің орнына «шаңыт түлек», «көк шаңыт түлек» деп те атайды. Кейде жақсы түлеген құсты «қара қарғадай түлепті», «түз құсындай жетілген екен» деп те жатады. Ал осы «жақсы түледі», «толық түледі» дегеннің өзінде құс өз түгін түгел тастамайды, өйткені оның тіршілігі сол жүндер мен қауырсындарға тікелей байланысты болғандықтан, құс өзінің жамылғы-қорғанышы мен ұшып-қону жабдықтарын бірден лақтырып тастауға табиғи мүмкіндігі жоқ. Сондықтан «осы бүркіт толық түледі» деген сөздің өзі де салыстырмалы түрде айтылады. Құс қашан да өзінің ішкі табиғи құбылысына, денсаулығына, тамағына, сыртқы ортасына, бабына қарай түктерін кейде – аз, кейде мол жаңалайды. Құс табиғи түлек кезінде тамағының тоқ болғанын қалайды. Егер қолда отырған бүркіттің тамағы бірде – бар, бірде – жоқ немесе бірде – тапшы, бірде – аста-төк болып отырса, осы алаң-құлаң жағдайда түлеу дәрежесі де бірдей болмайды. Бап ауқымына қарай құс кейде түлеп, кейде түлемей отырып қала береді. Мұндай сәтсіз түлекті қазақ құсбегілері «нашар түледі, жақсы түлемеді, алатүлек болды» деп атайды. Ондай сәтсіздіктерді болдырмау үшін түлекке отырғызған құстың тамағын біркелкі беріп, оған жайлы әрі тыныш жағдайлар жасалады. Құс өз түлегін беталды тастай салмайды, бәрін де табиғи есеппен жүргізеді.

– Бүркіттер қай уақытта түлейді?

– Барлық табиғаттың жыл басы наурыз айы болғандықтан, бүркіттің де түлек басы наурыздан басталып, тамызда аяқталады. Егер түлек бабы келіссе, осы аралықта қолдағы құс өз еркімен қанат-құйрығын бүтіндеп, жүн-мамығын толық жетілдіре алады. Түлекке отырғызылған құстың бап тәртібі де әрқалай. Қазақстанның шығысынан батысына дейін, оңтүстігінен солтүстігіне дейін мекен еткен қазақтардың құс аңшылығы мен құсбегілік өнерінің ұқсас жақтары да, ерекше тұстары да баршылық. Өйткені әр аймақтың табиғаты басқа және әр өңірдің өзіне тән құс баптау әдісі мен тәсілі бар.

– Түлекке отырғызғанда ескеретін қандай жайттар бар?

– Түлек мерзімінде негізгі мәселенің бірі – ең алдымен, құстың арық-семізін байқау қажет болады. Түлекке отырғызылатын құстың арықтағаны жақсы. Егер құс өте семіздіктен түлемей отырса, оны сәл аздырып барып, содан соң түлекке отырғызған дұрыс. Кейде түлек кезіндегі сол құс «асау құс» болып кезігуі де мүмкін. Жалпы алғанда, «асау құстың» қолда түлеуі қиындау. Өйткені кең далада көсіліп ұшып, жар басына, ағаш басына қонақтап жүрген бүркітке қамақта түлеу қиындау. Сондықтан оны қазақ құсбегілері жуасытып, сәл арықтатып барып, түлекке отырғызады. Өйткені майы жоқ, тор еті толық құс қайта көбеңсіген кезде жақсы түлейді. Түлекке отырғызған күннен бастап оған еттің нәрлісін, құнарлысын беру керек. Мал еті, аң еті, құс еті – бәрін де беруге болады. Әсіресе жаңа сойылған малдың етін тойғанша беру өте пайдалы. Мұндай ет құсбегілер тілінде «жылықан» деп аталады. Кейде түлек бабын бақылап отырған құсбегілер түлекті жиілету мақсатында – суыр, борсық, қарсақ, ит, күшік, түлкі сияқты аңдардың еттерін «жылықанды» күйінде бірнеше рет беруді жөн көреді. Кейбір құсбегілер қаз, сарыала қаз еттеріне, малдың бауырына бие сүтін құйып сәл ашытып, соны береді. Кейде малдың сүтінен жасалған ақ ірімшік беретіндер де бар. Мұның бір қатары жоқшылықтан келіп туындаған болуы да мүмкін. Шын мәнінде, құс етқоректі хайуан болғандықтан біркелкі құнарлы етті тоя жеп семіргені жақсы түлейді. Неге екені белгісіз, түлекте отырған құс өзінің кетік, кемтар қауырсындарын көне болса да түлетіп-түсірмей, сақтап қалады.

– Барынша түлету үшін нендей амал-айла қолданылады?

– Мұндай жағдайда құсты кемтарлықтан құтқару үшін құсбегілер әлгі кетік қауырсынның түбірін қолдан түсіртіп, оның орнына жаңа қауырсын шығаруға көмектеседі. Құсбегілердің бұл әдісі өте қарапайым, өте оңай. Өздігінен түспей тұрған түбірдің көбеге жақындау жерінен өткір пышақпен кеседі де, сол түбірдің қуысына шақтап жонылған ағаш, бұршақ, жүгері, бидай сияқты заттардың бірімен саңылау қалдырмай тығындайды. Бұдан соң ол түбірдің ішінен дем жүрмей булығып, борсып, сыздап құстың мазасын алады. Бірер жетіден кейін қауырсын ішіндегі құлық бұзылады да, түбіртек жансызданады. Осы кезде тығынды алып тастайды. Әлгі жансызданған қауырсыннан құс құтылу үшін өзі-ақ әрекет жасайды. Бұл әдіс қашанда түлек кезінде жүргізілетін болғандықтан түскен түбірдің орнынан көк соқта тебіндеп көтеріледі де, ол жетіліп, жаңа қауырсын пайда болады. Қазақ құсбегілері осы бір ғажап әдісті «қауырсынды қолдан түлету» деп атайды. Құс қауырсыны – солқылдақ, майысқақ, иілгіш және жұқалығына қарамастан өте мықты зат. Ол қапелімде сына қоймайды. Мұның бәрі құс қауырсындарын адам қолымен түзетуге жатады. Дәл осыған ұқсас құстың өзі де жүн қауырсындарын бүтіндеумен айналысады ғой. Құс біткеннің барлығы да қасынады, таранады. Құстың денесіндегі жыбырқыбыр, бит-бүргенің шағуына қарсы тұмсық-тұяғымен жасалған әрекеті «қасыну» делінеді. Ал «тарану» дегеніміз – құс өз тұмсығымен қисайып, үрпиіп, ашылып қалған жүн қауырсындарын түзету, қалпықатары, реті бұзылған елібтерін қайтадан табиғи қалпына келтіру. Бұларды түзетуде құс жай таранып қоймай, сілекейлеу, майлау әдісін де қолданады. Сілекей құстың өз сілекейі болсын делік, ал ол майды қайдан алады? Табиғат ғажаптарының бірі – осы. Құс құйрығындағы көбе қауырсынның түбінде – май, майдың ішінде без болады. Ал без өзінен сұйық желім сияқты ірітінді бөліп шығарады. Құс тұмсығымен әлгі безді қысқанда май тәрізді желім жұғады да, сол маймен құс өзінің құрғақ елібтерін майлап-тарап қалпына келтіреді. Тұғырда жайлап, кең отырған құстардың аспай-саспай мұқият таранғанын талай рет өз көзіммен көргем. Қазақ құсбегілері бүркіттің осы жұмысын «тарану» деп, ал әлгі айтылған безді «майсауыт» деп атайды.

– Бүркіттің дене мүшелерінің атауларын қағазға түсірген екенсіз, мұны да елге жарияласақ, аға.

– Әрине, бүркіт турасында сөз қозғағанда мұны түгелімен айтпай кетуге болмас. Сондықтан болашақ құсбегілер үшін де, қазақтың осы құсбегілік қасиетінің сақталуы үшін де маңызды нәрсе, айналайын! Ендеше, мұны да елдің бір қажетіне жарар деген үміттеміз. Жаза бер, мен ақырын оқи берейін.

Тұмсық, мойын, керме иық, топшы, би буын, жетім шалғы, жемсау, аяқ, балақ жүн, қанаттың қылыш қыры, пышақ шалғы, шалғының сыдырғы қыны, кіреуке жүндер, құйрық, құйрықтың қасқасы (көбе қауырсын), май сауыт (майтүп), шонты, ірге қанат, ара қанат, бес шалғы (сабау шалғы), тамақ, жемсау тұсы, (бөтеге), төс сүйек, сан, тобық, сирақ, бау тағар, саңғыру жүн, шуда (желке шуда), бүркіттің аяғы, тегеурін, жембасар, сығым (ортан саусақ), шеңгел (шынашақ), тұяқ, пышақ, көбе, без, табан, табан қышыры, болат, аяқ қабыршағы деп аталады.

– Рахмет, түгел жазып алдым, аға. Осы орайда сұрағым келіп отырғаны, жалпы, бүркіт қанша жасайды екен?

– Бұл сөзге бірден ғана жауап бере салуға болмайды. Өйткені ұзақ жасайтын хайуанаттардың жасын жай бақылау жолымен анықтау қиынырақ. Ол – тіпті қолдан келе бермейтін күрделі жұмыс. Оған таза ғылыми жолмен бақылау жасау арқылы ғана құстардың жасын анықтауға болады. Қазіргі ғылымның анықтауында құстардың бір тобының жасын былайша көрсетеді; тоты – жүз қырық, байғыз – жүз сексен, аққу мен таған – үш жүз-төрт жүз жыл жасаса, бүркіт – жүз жиырма, қарға – жүз, қаз – сексен, сұңқар – жүз елу-жүз жетпіс жыл, ал үкі – алпыс сегіз, бірқазан мен кондор – елу екі, шағала – қырық бес, көгершін – отыз бес, бұлбұл – жиырма, үйрек – он төрт-он бес жыл, ал ұсақ құстар он жылдан ұзақ жасай алмайтын көрінеді. Сонда байқағанымыз бір ғана бүркіттің жасын үзбей бақылау жасау үшін үш-төрт ұрпақ күзет ауысады. Біздің бабаларымыз бүркіттің жасын анықтау үшін бақылау жүргізді ме, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ адамзат тарихында бұдан өткен түрлі жаңалықтар ашылып жатқанда, соның бірі ретінде бүркіттің де жасы анықталған болар деген жорамал бар. Халқымыздың көне салтында бүркітке тәңір ретінде қарамаса да, оны жақсы көру, бүркітке сену, бүркітті киелі санау, бүркітті «пір тұту» болған. Бүркіттен «жын-шайтан» қашады деп қарағаны да анық. Бүркітті әз тұтып, балаларына Бүркіт деп ат қойғандарда кездеседі. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде «тұғырдан түсті» деген сөз бар. Мұның негізгі мағынасы «бүркіт тұғырдан түсті», «бүркіт тұғырда отыра алмайтын дәрежеде», «қажыды», «қартайды» дегенді ұқтырады да, адамға қаратып айтқанда, «тақтан түсті», «мансабы кішірейді», «бұрынғы арыстандай ақырып, бурадай зіркілдейтін күні өтті» деген ұғымда.

– «Тұғырына қонды», «тұғырда отыр» дейміз? Осы тұғыр турасында айтып өтсеңіз?

– Тұғыр дегеніміз қолда бағылған бүркітті қондыратын ағаштан жасалған орынтақ қой. Ал адам қолында отырған бүркіттің тұғырдан қартайып, алжып түсуі сол бүркіттің ұзақ жыл, бірер ғасыр бойы бір немесе бірнеше ұрпақтың қолында болғандығынан дерек береді. Мұндай тарихи жағдай болмағанда, мұндай сөздің шықпауы да мүмкін. Қайткен күнде де құстың тұғырдан түсіп, алжыған дәуірін көзімен көрмесе, бұл сөз шықпас еді. Ал қазір бүркіттің жиырма-отыз жыл адам қолында болып, аңға салынғаны туралы мәліметтер өте көп. Ел арасында қыранның ұзақ жасағанын дәлелдейтін түрлі әңгімеәфсаналар да кезігеді. Атақты құсбегі Бек деген кісінің «Асаусары» дейтін бүркіті болған екен. Ол осы қыранды ұзақ жыл аңға салып, талай жылдар жақсылығын көріпті. Қыранның даңқы елден-елге тарайды. «Асаусарыға» қызығып қолқалағандар, «құда түскендер» күн санап көбейеді. Бекпен дос болғысы келгендер мен қыз алысып, қыз беру жолымен де «Асаусарыны» алғысы келетіндер саны артады. «Бекке сәлем айт, құсын берсін, тұғыржабарына – бір жамбы, бір түйе, бір ат. Келер жылы қолқасын салсын, сұрағанын берейін», – дейтін жомарттар да шығады. Бірақ ол жанындай жақсы көрген құсын кім бергісі келсін?!. Сөйтіп жүргенде Әлен Жеңісханұлы деген сонау Алтай аймағынан Тарбағатай аймағына арнайы кісі жіберіп, Бектің «Асаусарысын» сұратып алады. «Асаусары» қыран Әленнің қолында ұзақ жыл жүреді. Қыран құс бұдан кейін де екі кісіде жүріп, ең соңында құсқұмар, жас талап құсбегі Әбдеш Шөкібайұлының қолына кеп түседі. Әбдеш бірнеше жыл аңға салып жүреді де, осы қыранның сонау ұзақ жылдық тарихын, адамдарға сіңірген еңбегін еске ала отырып, әлі де өз тамағын өзі тауып жейтін қауқары бар кезінде босатып жіберуді ойлап, бір малын сойып, қыранды бірнеше күн тояттатып, «Асаусарыны» қоя береді. «Асаусары» түз құсы еді. Оның Бекке келмес бұрын қанша жыл өмір сүргені белгісіз. Ал Бектің қолына түскеннен өзі азат етілгенге дейін ол қолданқолға ауысып жүріп, отыз түлекке отырған екен. Яғни отыз түлекке отырды дегенінен отыз жылдай адам қолында жүргендігін білуге болады.

– Бүркіт қанша жыл қолда жүріп аң аулауға жарайды? Нақты бір деректер бар ма бұл жайында?

– Жоңғарияның Еренқабырға тауынан Түсіп деген адам 1905 жылы бір балапан алып, оны «Қарабалапан» деп атапты. Бұл құс өте қыран болады да кей жылдары алпыстан түлкі алған екен. Ал сол жылдары бір түлкінің терісі он қойға бағаланыпты. Осы бүркіт қолдан-қолға ауысып отырған. 1945 жылы осы құс Жәнібек атты құсбегінің қолынан қашып құтылғанша қырық бір рет түлекке отырған екен. Құсбегілер тарихында осылай адам қолында ұзақ жүрген құстар аз емес. Тіпті қолда отырып қартайып, тұғырдан түскен талай қырандар болған шығар. Қазақта «бүркіт қартайса, тышқаншы болады», «бүркіт қартайса, мола болады» деген сөздер мақалға айналып кеткен. Тісі пышақтай түлкі мен тұяғы пышақтай қоңыр аңдарды алуға шамасы келмейтінін шамалаған қыран қартайғанда «тышқан» ауламағанда не істейді...

Қазақ құсбегілері бүркіт өмірінің ақырына дейін жүз жылдап аңға салды ма, әлде салмады ма? Бүркіт қай жасына дейін қолда жүріп аң аулауға жарайды? Бұл туралы нақтылы деректер таба алмадым. Бірақ құсбегілердің бір ғажабы, бүркіттің біраз жасына дейін ат қойып, айдар таққан. Және сол кездегі құстың күш-жігерін, мінез-қылығын, табиғатын, жыл жасын, мүшелді жасын айта білген. Бүркіт жасы туралы құсбегілердің аузында айтылып жүрген атаулардың әртүрлі деректері кезігеді.

– Мәселен, аға...

– Бір жасарын – балапан, екі жасты – қантүбіт, үш жасты – тірнек, төрт жастағысын – тастүлек, бес жасарын – мұзбалақ, алты жасты – көктүбіт, жеті жасты – қана, сегіз жасарын – жана, тоғыз жасты – майтүбіт, он жасты – барқын, он бір жасты – баршын, он екі жасты – шөгел деп, бүркіт жасының мүшел жасқа дейінгі атауларын көрсетіп отыр.

– Әңгімеміз қыран құс туралы болған соң сұрай отырайын. Осы бүркіттің ұшқырлығы қандай деңгейде екен, осыған көңіл аударған кезіңіз болды ма?

– Ұшу тек қанаты бар нәрселерге тән болғанымен, қазақ халқының тілінде ұшудан тарайтын ұғымдар көп. Қара жерден табаны ажырап, бос кеңістікке көтерілгеннің бәріне айтылады. Көзге көрінбейтін шаң-тозаңнан, шыбын-шіркейден бастап, барлық жанды-жансыз қанаттыларға да, қанатсыздарға да қатысты айтыла береді. Кейде қолаяғы жерге тимей, ұшып-қонып, асығыс жүрген адамдарға да айтылады.

Қазақ халқының, оның ішінде қазақ құсбегілерінің құстарға, әсіресе қырандарға тән ұшу туралы айтатын атаулары, сөздері, жеке-жеке ұғымдары өте көп. Мұны түсіндіріп жазуды қойып, айтып берудің өзі қиын. Ал кейбір ғылыми анықтамаларға жүгінсек, құстар төрт мың бес жүз метр биіктікке көтеріле алады екен. Бүркіт, күшіген сияқты жыртқыш құстардың тіпті алты-жеті мың метр биіктікке ұшатындығы белгілі. Құстардың ұшуын екі топқа жіктеуге болады; қалықтап ұшу және қанатын қағып ұшу. Қалықтап ұшатын құстар аспанда бірнеше сағат бойына қанатын қақпай ұша алады. Құстардың көбі қалықтап және қанатын қаға ұшуға бейімделген. Тіршілік ортасына қарай құстар жер бетінде жүруге, суда сүңгуге, ағашқа өрмелеуге де бейімделген. Қанаты нашар жетілген құстар жүруге оңтайлы болады да, ұшуға бейім емес. Африканы мекендейтін түйеқұс жүгіргенде сағатына жүз жиырма шақырымды алады екен. Дуадақ та – ұшқыр құстың бірі. Басына қауіп төнсе, күркетауық та жүйрік атыңа жеткізбейді. Жылы жаққа қарай ұшып кетпестен бұрын құстар денесіне өз салмағының үштен біріндей мөлшерінде май жинап алады. Қыстайтын құстар да денесіне май жинайды. Қыстап қалатын құстардың да ұшу жылдамдығы әртүрлі. Құстардың ішінде дауысы қатты шығатындары да бар. Бозторғайды үш жүз метр биіктіктен көре алмайсың. Ал дауысын алты жүз метрден анық естуге болады. Бразилияда дауысы екі шақырымнан естілетін торғай мекендейді екен. Ең шапшаң ұшатын құс – Қиыр Шығыс пен Байкал бойын мекендейтін сұр қарлығаш. Ол сағатына жүз жетпіс шақырым ұшады. Жақын жерде ұшып жүргенде сағатына үш жүз он шақырым жылдамдықтағы шапшаңдықпен ұша алады екен. Бүркіт те шапшаң ұшатын құстардың біріне жатады. Оның сағатына жүз елу шақырым жылдамдықпен ұшуға мүмкіндігі бар. Ал қарлығаш сағатына жүз он шақырым, альбатрос (дауылпаз – авт) – жүз шақырым, қаршыға – сексен тоғыз шақырым, көгершін алпыс екі шақырым жылдамдықта ұша алады екен. Бүркіт аспанда өте ұзақ уақыт қанатын қақпай ұша алады.

– Қазақ халқы ежелден мал бағып, құс салған халық дейміз. Десек те, қазақты «құсқұмар» деуге бола ма?

– Әрине, бұлай деуге толық негіз бар ғой бізде. Жалпы, қазақ халқы қыранды, шын мәнісінде, аң аулауға, ал кейбіреулері боскеуде, құр мақтан үшін де ұстаған. Қырандығы жағынан қаршыға мен тұйғынның бірінен-бірінің аса айырмашылығы жоқ. Тұйғынның халық арасында бағасы да артық.

Жүйріктің сәні болмас қамшылаған,
Ақпаса, су бола ма тамшылаған.
Күніне мың сан үйрек ілсе-дағы,

Тұйғынның бағасы артық қаршығадан, – деген өлең жолдары соның айғағы болса керек.

– Аға, осы қыран құсын «пәленше пәлен дүниеге айырбастап-ты», иә болмаса, «құны мынадай екен» деген деректер бар ма сізде?

– Қазақта ежелден бері қыран құстың белгілі бір бағасы болмаған. Даңқы шыққан қыранға қызыққан, не алғысы келген адам оны иесінен қиылып сұрайтын болған. Мұндайда халық салты бойынша, тұғыржабарына – ат, түйе, қары кілем, қара жамбы атап, алдын ала солардың бірін беріп тұрып, «енді қолқаңды сал, сұрағаныңды аласың» деген уәдесін алған. Құстың иесі нені қолқалап, нені сұрауы тиісті екі жақтың да келер жерін, келісер мөлшерін болжамдап, қолқасын әбден ойланып айтқан. Сосын сұрағанын алады немесе өзінің дос көрген, жақын тартқан адамына сыйға тартқан. Егер құс иесі дүниеқоңыздық жасап, қыранды сатқысы келмесе, алғысы келіп, құлшынып отырған адам малдың бетіне қарамай, сұрағанын беріп, қалаған қыранын алады.

Бірақ халық салтында қыран сатқанды қаламайды.

– Бұл жайлы ел ішінде ескі әңгімелер естіген жоқсыз ба?

– Осы орайда мына бір әңгімені айта отырайын. 1942 жылы қыста Жоңғария өлкесінің Жайыр, Майлы тауын мекен еткен атақты құсбегі Қажыбек Шалғайбайұлы сол маңда шабыттап ұшып жүрген ақ тұйғынды көреді де, оны ұстау қамында ақ тұйғынның артына түскен екен. Бірақ қанша соңына түссе де, құсты ұстай алмай, қатты қамығады. Сөйтіп жүргенде сол елден шыққан Рүстем дейтін бір құсбегі жігіт әлгі тұйғынды ұстап алып, еліне әкетеді.

Тұйғынның ұстатпаған қорлығының үстіне, оны басқа біреудің қолға түсіргені намысына тиген Қажыбек құсқұмарлықпен қызығып алғысы келсе де, мақтан үшін алғысы келсе де, Рүстемге түйе бастатқан бір тоғыз беріп, ақ тұйғынды сол Рүстемнен сатып алған екен. Қазақ халқының арғы-бергі құс аңшылығы тарихында мұндай оқиғалардың талайы болғанын білем. Бір кезде қолына қыран ұстап, саятшылық жасау, құсбегілік мамандығын үйрену, тым болмаса құсқұмар болу жігіттікке, азаматтыққа, мырзалыққа, сән-салтанатқа тән ұлттық құндылықтың бірі болғаны анық.

– Аңшылықты бекер сөз етіп отырған жоқпыз, осы аңшылықтың сәнін сонар кіргізбейтін бе еді?! Қансонар турасындағы көрген-білгендеріңізді айтыңызшы, осыны сізден естіп-білудің өзі бір ғанибет қой кейінгі ұрпаққа...

– Сонар дегеніміз – із түспеген қар беті, ешқандай белгі түспеген алғашқы қар, мал баспаған, аң баспаған жаңа жауған соны қар, соны жер, соны шөп. Бұрынғы көне іздердің бәрін жоқ қылып, үстін баса жауған жаңа қар ғой. Ізге түсу, із қуу деген – үлкен жұмыс. Ал жаңа жауған қар бетіндегі жаңа із оның қай аңның, қай құстың ізі екенін, қай кезде басып өткенін, ол аң-құстың ұзаған-ұзамағанын, қай бағытқа бет алғанын мөлшерлейтін деректер береді. Осындай аң аулауға қолайлы жағдай тудырып тұрған сәтті қазақ аңшылары «сонар» деп атаған.

Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға, – деп қансонарды Абай нақты айтса керек. Демек, қансонар – қара жерге алғашқы жауған қар. Аң ізі аңшы біткеннің бәрін қоздыратыны анық. Ол із сол аңның бейқам жайылып, бірер нәрседен секем алған-алмағанын, тіпті ол аңшының өзінен шошып, жаңа ғана өткеніне дейін білдіреді. Аңшылар да із тілін дұрыс ұғады. Енді із кесіп қуа ма, әлде аң-құстың тоқтаған жеріне тура тарта ма, оны өзі біледі. Ал жақсы аңкөс аңшылар мұндай сәтті құр жібермейді. Сәлден соң-ақ оның қанжығасы майланып шыға келеді. Аңшының сол күнгі күткен арманы да – сол. Аңшыға жаңа із арқылы қолайлы жағдай тудырып тұрған сонар қар мен аңның алынуы, екеуінің бірлескен ұғымынан келіп, «қансонар» деген аңшылыққа тән атау пайда болған деуге толық негіз бар. Аң дегенде жай адамдар да елең ете қалады. Ал аңшылар аң дегенді естігенде ішер асын жерге қоятындар ғой. Аң аулау маусымында аңшылар күндіз – күлкі, түнде ұйқы көрмей жорытады. Аңға есі ауа кеткендер шаршамайды. Олар соның қызығымен қалай таң атып, күн батқанын да білмейді. Талайы аң аулаудан байиды. Ішіп-жеп, игілігін көреді. Аң аулап, серуен-алтанат құрып, рақаттанады. Қанша шақырым жерді ат үстінде жүріпеді. Жаяу да аңға шығады. Талайының бағы жанбай, ығыры кетеді. Кейбіреуі аң соңында жүріп мертігеді, өледі. Өйткені ертеректе аң қызығы ең үлкен, ең тамаша қызықтың, серуен-салтанаттың бір түрі болғаны да рас. ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Тарбағатай төңірегін мекен еткен атақты Былғақ деген адамның қансонар күні – аңға шығайын деп жатқанда, әкесі қайтыс болады. Соған қарамастан аңға аттанғалы жатқан тентек Былғаққа жиылған ағайын-жұрттың «мұның не»дегеніне: «Атан болса сойылар, атам өлсе қойылар, мұндай қансонар күнде қайдан табылар», – деп шаба жөнеліпті. Міне, қазақтың аң-құсқа деген құмарлығын осыдан-ақ аңғарса болатын шығар.

– Түһ, айтқан-ақ екен, жарықтық! Ұлттық салт-дәстүрлерді басқа жаққа бұрып, арнасын өзгертіп жатқандарды да көзіміз көріп отыр. Осы «әр ұрпақ өз заманына қарай бейімделуі керек» деген пікірге не айтар едіңіз?

– Мұның бәрі ұлттық дәстүрді менсінбеуден шығады. Оның кейбірі өмірге үйлеспейтін шығар, алайда ұлттық дәстүрде мақтануға тұрарлық қаншама құндылықтарымыз бар. Біздің киім-кешегіміз де өзгерді. Осыдан екі-үш жыл бұрын алдымды кесе көлденеңдеп екі қыз өтіп бара жатыр екен. Әлгі қыздардың біреуінің шалбарының алдыңғы жағы төмен де, екіншісінің шалбарының артқы жағы тым төмен тігілген екен. Кіндіктерін де жарқыратып ашып алыпты. Енді бүгінгі заман осындай болды деп, солай киінулері керек пе еді? Әлгі екеуінен бұлай кейінгендерінің себебін сұрасам: «Ата, тіктірген біз емес, осындай күйде сатып алдық», – деп ештеңе болмағандай қарап тұр. Көрдің бе, шетелдіктердің бізді қандай киіммен қарық қылып жатқанын! Еуропаға еліктеп бала табуды қойдық. Қазақ табиғаттың бергенін шектемеген. Адам боларына сенімі жоғалған балаларды қоқысқа тастау белең алыпты. Бұрын бұл тоқсан мың болса, жақында бұл жүз отыз мыңға жетіпті. Міне, ұлттық дәстүрден ажыраудың көрінісі! Бір жарым миллиард халқы бар Қытай бала сатып жатыр дегенді естіп пе едің? Қазақстанда мұндай нәрсе бар. Жақында сондай бала сатпақ болған қытай азаматын өздері ату жазасына кесті. Бізде артылып жатқан бала көп пе, әлде сонымен қалта қампайту көзделген бе?

– Аңшылыққа қатысты қазақтың сөздік қорында кездесетін аталы сөздердің есіңізде қалғаны болса, айтып беріңізші?

– Қазақ қандай құстың түрі болсын, оны жек көрмеген. Ал қазақ үшін қыранның жөні бір бөлек. Енді мұндайда ауызға да түсе бермейді ғой. Жазғандарымның көбісін ұмыттым... Менде ми қалды дейсің бе? (Ақсақал сәл үнсіздіктен соң, қағаздарын ақтарып екі-үш беттей қағазды алып асықпай оқи бастады...).

Аңшының кешіккеніне сүйін;
Үйіріңмен үш тоғыз;
Қанжығасы майлансын;
Ат аунаса, түк қалады;

Ақсұңқар түлесе, түк қалады;
Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады;
Ит иесі үшін, құс тамағы үшін алады;
Қыранның бірі – алтын, бірі – күміс, бірі – маржан, бірі – меруерт;

Бүркіт – құс тәңірісі;
Талдан таяқ жас бала таянбайды,
Бала бүркіт түлкіден аянбайды;
Сұңқар – құстың төресі;

Лашын – құстың жендеті;
Қаршыға – құстың ұрысы;
Қаршыға – құстың патшасы, кірпияз келеді;
Сұңқар – құстың төресі, қомағай келеді;

Бүркіт қартайса, тышқаншы болады;
Қыран жетпеген жерге қиял жетеді;
Құстың алғанынан салғаны қызық;
Баба бүркіт барлап ұшар, балапан бүркіт шарлап ұшар;

Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады;
Аңшының екі сөзінің бірі – өтірік:
Тисе терекке, тимесе бұтаққа;
Жаман мерген құлжа атқан жеріне үш барады;

Ата алмаған атынан, қайтып келіп қатынынан көреді;
Аңды не көрінбеген атады, не ерінбеген атады;
Шын аңшының алдына аңның өзі келеді;
Ажалды киік құлағын қасиды;

Ажалды қарға бүркітпен ойнайды;
Құланның қасуына – мылтықтың басуы;
Алпыс құлан ат болмады, атасына нәлет, аңшылық;
Құлан қайда семірсе, сол жерге түгін төгеді;

Үйірлі құлан ақсағын білдірмес;
Тауына қарап – құланы, жеріне қарап – бұланы;
Құлан – қырда, құндыз – суда;
Түлкі алған итке сын жоқ;

Қасқырдың өзі – қатты, жолы – жұмсақ;
Ер азығы мен бөрі азығы – жолда;
Көп жорытқан түлкі терісін алдырады;
Түлкінің қызылдығы өзінің соры;

Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады;
Көк құрақ – көлдің сәулеті, аң мен құс –елдің сәулеті;
Қарға жемтігін басып жейді, ақсұңқар шашып жейді;
Ителгі етек боқтайды, қаршыға қазан қайнатады;

Тұғырына саңғырған сұңқар оңбас, үйірінен айырылған тұлпар оңбас;
Тозған қазды топтанған қарға алады;
Екі құзғын таласса, бір қарғаға жем болады;
Құс жаңылып торға түсер, ер жаңылып қолға түсер;

Ителгінің қызығына қызықсаң, қаршығаңды қамшы етерсің, – дейді қазақ.

– Рақмет, аға, бәрін де жазып алдым. Өзін өзгеден төмен санайтын ұлттардың тілі мен ділі, ұлттық рухы, ән-күйі, өлең-жыры, үні, киім-кешегі, дыбысы, ырым-жырымы, салт-санасы, дәстүрі үнемі әйтеуір бір өзгерістерге ұшырап жатады. Кейбір ұлттың кейде тіпті тарихы да мүлде жер бетінен жоғалады.

Қазақ «адам көркі – шүберек» деген. Киім-кешектің тарихы қай уақыттан басталады? Мақтанғаным емес, Шүберек деген өлең де жазғанмын кезінде.

– Шаршай бастадым, ойымыз бөлінсін, әлгі өлеңіңді үзбей тұтас оқышы, тыңдайын.

– Оқиын тыңдағыңыз келсе, міне, сізге берген мына кітапта осы өлең бар.

ШҮБЕРЕК

Тым алыста қалған сол үміті едім солардың,
Адам көркі – шүберек, шүберекке орандым.
Бақ пен тақтан сен түгіл патшалар да жеңілген,
Үш-төрт кездей шүберек әкетерің өмірден.

Байлық жақсы-ау, бірақ та, ойлан-ойлан жас ұрпақ,
Өнеріне еліңнің қарамашы тосырқап.
Көңіліңде не барын біле бермен сенің мен,
Бізден бұрын өткеннің бәрі ажалдан жеңілген.

Бар өмірі адамның шүберекке тәуелді,
Шүберектен тігілген портфелім де әуелгі.
Неге, неге ұзадым бұлыңғырлау бүгіннен?
Шүберектен алғашқы иткөйлегім тігілген.

Адам көркі шүберек, шүберекке орандым,
Жанарыңнан үзілер бір тамшы жас болармын.
Екі-ақ сөзбен бағалар, қайран асыл ағалар,
Шүберекке оранып, талай жайсаң жоғалар.

Кетіп жатыр ар жаққа, толқын-толқын қайық боп,
Үш-төрт кездей сұрыппен жайсаңдарым ғайып боп.
Кетіп жатыр,кетеді үш-төрт кездей сұрыппен,
Қазақ дейтін ұлы жұрт тастап кеткен ғұрыппен.

Парығына жете алдым, лақаттың ба ненің мен?
Кетеді адам үш-төрт кез аппақ түсті кебінмен.
Мұзды шайна, отты жұт, шыдамасаң шоқты аса,
Ел деп соққан бейкүнәм талып барып тоқтаса.

Естілмесе, кеудемнен жүрегімнің дүрсілі,
Шүберекке оранып кетіп қалсам бір күні.
Кешіріңдер, қайран ел, қардай аппақ арым бар,
Шүберекті көргенде мені де еске алыңдар.

– Шын мәнінде, жақсы өлең екен. Адам өмірінің шын мән-мағынасы жайлы ойлы қазақы өлең екен. Ал киім-кешектің тарихы тым тереңде жатыр. Тарихи дамуға байланысты тері-жүн киімдер дәуірі, жібек пен мата дәуірі, өркениеттің даму кезеңдеріне байланысты өзгеріп, түрленіп, дамып, жаңарып, өткен тарихын тағы қайталап отырғаны анық. Сән-салтанат, сән қуалау, сал сері, хан, сұлтан киімдері, ханша, ханым, ақсүйек киімдері даралана түсті. Қарапайым қалың жұртқа ортақ киімдер, бай мен кедей, малшы мен құсшы киімдері, ер мен әйел, қызкеліншек, бала-шаға киімдері өз ерекшеліктерімен жіктеліп шықты. Киімдердің «сұлуынан жылуы», «тоғыз қабат торқадан, тоқтышақтың терісі артық», «әрі майлық, әрі сулық» дейтін тұрмыс талабына сай жіктеле түсуінің өзі адамға ой салады. Қолдағы бар мен жоққа, ортаға, қоғамдық өреге байланысты киім түрлерінің қымбаты, асылы, сәндісі, салтанаттысы дами түскен.

– Біздің бабаларымыздың киім үлгілері қандай болды екен?

– Ертедегі грек, парсы тарихшыларының жазып қалдыруы мен архе-ологиялық қазбаларды терең зерттей келе сақтардың еркектері теріден немесе дөрекі шекпеннен тігілген кең шалбар, жағасыз ұзын шапан киген. Белдеріне алтын немесе қола бастырмалармен әшекейленген, қоладан жасалған айылбасты үлкен әрі жалпақ белбеу буынған. Аяқтарында жұмсақ, өкшесіз етіктері болған. Басы қайқы, тарихи фильмдерде көрсетілетін етіктер содан қалған жұрнақ болса керек. Біздің заманымызға дейінгі І-ІІІ ғасырларда өмір сүрген Үйсін, Қаңлы және Ғұн тайпалары мен тайпалық бірлестіктерінің киім-кешектеріне тоқталсақ, тарихи деректерде «Батыс Өңір» деп аталатын Кіндік Азия өңірін мекендеген осы тайпалар мен тайпалық бірлестіктердің Ұлы Таң империясымен дипломатиялық және құдандалы байланыстары болғанын ұғынуға болады.

– Сол кездегі киім үлгілерінің өзгеруіне не себеп болды екен?

– Сол замандағы сауда айырбасының дамуы негізінде Қытайдың жібек, мата тоқымалары Батыс өңірге біртіндеп өте бастаған. Соның әсері болуы керек, көшпелілердің киім үлгісіне де айтарлықтай өзгерістер алып келді. Олар жүн, жібек тоқымалардан тігілген жеңді, жағалы немесе жағасыз қаусырмалы шапандарды, шалбарларды кие бастады. Жыл санауымыздың төртінші және он екінші ғасырларында кіндіказиялық Батыс өңірде түркі тайпалық одақтары яки Батыс Түрік қағандығы, Түркеш қағандығы, Қарлұқ қағандығы, Оғыз және Қарахан мемлекеті, Қимақ және Қыпшақ бірлестіктері әр кезеңде салтанат құрып отырды. Өздерінің дербес үстемдігін сақтай отырып, Кіндік Азия және Батыстағы қиыр мемлекеттерімен сауда және экономикалық қатынасты дамытты. Жібек құртын өсіру, тоқыма өнеркәсібі сол кездің өзінде-ақ қолға алынған. Мақта өнімдері – бөз, мата, тор, шыт деп аталды. Жібек маталардан көбірек тарағаны торқа, торғын, мақпал, баршын делінді. Ол замандардағы киім пішімі ескі обалар мен қорғандардан табылған киім жұрнақтарынан да білінеді. Осы тайпалардың тұрмысында киіздің маңызы зор болған. Киізді үйге ғана пайдаланбай, одан сырт киімдер де тіккендігін байқаймыз. Осылайша ұзақ дәуірлер бойына сауда айырбасының дамуы, қолөнер кәсібінің кемелденуі ұлтымыздың ұлттық киім-кешектерінің әуелгі үлгісін сақтай отырып дамыды. Бертін келе түрлі маталардан басқа жаңа киімдер үлгісін жасап кие бастады. Қамзол, тақия, үкі тағылған тақия, камшат бөрік, қасқыр ішіктер пайда болды. Бүгінде қазақ халқы сол ежелгі үрдісті сақтай отырып, киім үлігісін одан әрі байыта түсті. Басқа халықтардың озық деп саналатын киім үлгілерін қабылдады. Айта кететін бір жайт, қоғамның дамуы, өзге халықтың киім үлгілерін қабылдау үрдісі, мәдени тұрмыс салтының өзгеруі – осылардың бәрі қосыла келе бізді ұлттық киім үлгілері тұрмысынан жырақтатып бара жатыр. Аздаған нышандары ауылда болмаса, қалғанын айтулы мерекеде, түрлі ойын-сауық кештерінде және мұражайлардан ғана көріп жүрміз. Мұны жасыра алмаймыз. Біздің зерттеушілер киім-кешек тарихына, неден жасалғанына, нендей нәрселермен әшекейленіп безендірілгеніне, қандай үлгілер тарихын басып өткеніне, қалай пішіп, қалай тіккеніне аса мән берген. Киімдердің бұрынғы нарқы мен қазіргі бағаларын мөлшермен болса да салыстырмалы түрде құнын көрсету керек. Қазақ тұрмысында жаздық, күздік, қыстық киімдердің бір адамға қаншадан қажет болғанын да анықтаған жөн. Енді киімдердің кейбір түрлеріне де тоқталар болсақ...

– Меніңше, бас киімнен бастағаныңыз дұрыс болады ғой деп ойлаймын. Әңгімемізді басқа киімнен гөрі бас киімнен бастағанымыз абзал емес пе?

– Иә, дұрыс айтасың, бас киімнен бастайық. Бас киім түрлері бізде өте көп қой. Қазақтың тек қана өзіне тән бас киімдері жынысқа қарай ер және әйел кісінің бас киімдері болып бөлінеді. Жасқа қарай көп түрге жіктеледі. Хан мен қара, батыр мен жауынгер бас киімдерінде де бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктері бар. Біздің зерттеушілер бас киім атаулары мен тіркестеріне, этнографиялық сөз ұғымдарына талдаулар жасауы керек. Бас киімнің атын, үлгісін, қалай пішіліп, қалай тігілгенін, қандай нәрседен жасалғанын, қандай әшекей-айшықпен безендірілгенін, мүмкіндігінше қай өңірде қалай аталады, қай шебердің қолынан шыққанын анықтаған жөн. Тарихи деректерде айтылатын, бабаларымыз басына киіп өткен бас киім үлгілерімен қазіргі тұрмыста киіп жүрген бас киімдерді зерттеуіміз керек. Мұның қазақ тарихында үлкен мәні бар. Ежелгі грек авторларының деректемелерінде Сақтардың бірсыпыра тайпаларының аты аталады. Памир-Алтай тауларының солтүстік шекараларынан бастап, Еренқабырға тауларын басып өтіп, шығыс солтүстікте Алтайдың батыс сілемдеріне дейінгі, солтүстікте Балқаш көліне және Шу өзенінің аяғына дейінгі жерлерді мекен еткен Асқатағ, Исседон, Аримасып секілді Сақ тайпалары «Тиграхауд сақтары» немесе «шошақ төбелі тымақ киетін сақтар» деп аталған. Жетісу жері осы «шошақ төбелі сақтардың» мекен еткен, тіршілік жасаған атақоныстары болған. Осындай бағзы заманның деректері түрлі ойға жетелейді. «Шошақ төбелі сақтар» деген атау бүгінгі «шошақ төбелі қазақпыз» деген ұғыммен мазмұндас, төркіндес екені анық. «Шошақ төбелі қазақ» деген сөз ХХ ғасырдағы ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінде де кездеседі. Тіпті «шошақ төбелі қазақ» дегенді өзім де талай естігем. Ежелгі гректердің «азиялық скифтері» және ежелгі парсылардың «шошақ төбелі сақтарнан» бүгінгі «шошақ төбелі қазақтардың» киім тарихы тым бөлек.

– Ежелгі парсылар жазып кеткен «Тиграхауд сақтар» мен атақты «Алтын адам» басындағы шошақ төбелі тәждің біріне-бірінің ұқсастығы бар ма?

– Мұны білімді әрі осы тақырыпты терең зерттеген ғалым ғана айтпаса, мен оған нақты жауап бере алмаймын. Ежелгі Сақтар киген «тиграхаудпен» бүгінгі шошақ төбелі тымақтың, қалпақтың, бөріктің, әйелдер киетін «күндік» деп аталған шылауыштың, қыздар киетін үкілі шошақ төбелі тақияның қаншалықты айырмашылығы бар? Ежелгі сақтардың «тиграхаудасының» бүгінгі келіндер киіп жүрген сәукелемен нендей байланысы бар? Алдағы уақытта бұларды терең талқылау қажет. Бөрік туралы айтылуға тиісті атаулар мен сөз тіркестері көп, оны зерттеушілердің үлесіне қалдырамыз. Мен әлімнің келгенінше жаздым. Әсіресе, өте сирек, өте қымбат аң терілерінің сапасын, ішкі-сыртқы бағасын, шикізат қорын зерттеген жөн шығар.

– Өкініштісі, осы күні адамдардың басынан қазақы тымақты да сирек көреміз. Болмаса, жылуы жоқ жасанды тымақтар көз тартып, қара базарларда толып тұр ғой.

– Қазақ тарихында тымақтың да ерекше орны бар ғой. Тымақты ерлер мен бойжеткен қыздар киген. Тымақ тарихы, тымақ түрлері, тымақ үлгілері, тымақтың қалай жасалатындығы, тымақтың көшпелі тұрмыс өркениетіндегі даму сатылары да зерттелуі керек. Қазақ тымағы жаздық және қыстық болып екі маусымға бөлінеді. Жаздық тымақтар жеңіл, жұқалтаң тігіледі. Маңдайы, құлағы, артқы бөлігі, төбесі шағындау болып пішіледі. Жұрындары тықыр түкті аң терісі мен елтіріден жасалады. Қыстық тымақ жаздыққа қарағанда көлемді, жылылау, қалың, түлкі, қарсақ, қасқыр, бөлтірік сияқты аң терілерінен тігіледі. Тымақ кең-байтақ қазақ жерінің әр аймағында әртүрлі үлгіде жасалады. Кейде сол елдің атымен де аталады.

– Мәселен...

– Мәселен, арғын тымақ, найман тымақ, керей тымақ, алшын тымақ, үйсін тымақ, қоңырат тымақ деп те аталады. Бір рудың атымен аталған тымақтар да алуан түрлі үлгіленеді. Тымақтың көне үлгілері мен жаңа заманға лайықталып, өзгеріске түскен түрлері де бар. Тымақ біткеннің көп бөлегі еңселі, шошақ төбелі келеді. Осы тұрғыда «шошақ төбелі қазақ» атануы да мүмкін. Бұл атаулардың тарихи ұқсастығы болуы әбден мүмкін. Мұны да тереңірек «қазған» жөн. Тымақ түрлері неден жасалса, солай аталады. Ендеше, осы тымақтың ондаған түрін айтайын, мұқият жазып отыр.

– Айта беріңіз...

Түлкі тымақ;
Қарсақ тымақ;
Қара түлкі тымақ;
Ор түлкі тымақ;

Қара бурыл түлкі тымақ;
Қызыл түлкі тымақ;
Көк бурыл түлкі тымақ;
Шымқай қызыл түлкі тымақ, – деп түлкілердің алуан түрін қосып атай береді.

Қасқыр тымақ; Бөлтірік тымақ; Қарақал тымақ; Сілеусін тымақ; Мәлін тымақ; Сусар тымақ; Сабаншы тымақ деген секілді аң терілерінің атымен аталатын тымақтарды да көріп жүрмін. Елтірі тымақ; Қаракөл тымақ; Бөлтіріске тымақ; Мари тымақ; Түлкі пұшпақ тымақ; Елтірі пұшпақ тымақ; Қасқыр пұшпақ тымақ – осы секілді пұшпақ атымен аталатын тымақтар да бар.Тымақтың терісінің атымен емес, тысының атымен аталатын тымақ-тарды естуің бар ма? Торғынтыстылар; Барқыттыстылар; Хатифатыстылар – деп кейде сол тыстардың өң-түсіне қарай да атап жатады. Қызыл торғын тысты; Қара торғын тысты; Сары торғын тысты; Қара барқыт тысты; Көк барқыт тысты; Қызыл барқыт тысты; Сары хатифа тысты; Қара хатифа тысты болып, жалғаса береді. Кейде жастар, қыздар, кейбір рулар тымаққа үкі тағады. Сондықтан үкілі тымақ, қауырсынды тымақ, қозалы тымақ деп те айтылады. Тымақтың балалар киетін түрлері де бар. Бірақ олар көбінде қыстық тымақ болып келеді. Балалар тымағын да үлкендер тымағы секілді етіп, барлық тері үлгілерін пайдаланады. Оқалы, кестелі, зерлі, үкілі, салпыншақтары молдау бас киімдер барынша әдемі көрінеді. Тымақ үлгісіндегі бір ерекшелік – оның төбесі төрт сай, бес сай, алты сай болса, төбе жағының қушықтау, шошақтау келетіні – тымақ біткеннің жасалуының ортақ үлгісі. Шошақтау келетін тымақ нағыз «тиграхауданың» өзі деуге болады.

– Бас киім турасында әңгіме болғанда қазақы бөркімізді айтпай кетуге болмас?

– Бөрік түрлерінің әр өңірде, әртүрлі үлгіде тігілгені кезігеді. Үлгісі мен әшекейі жағынан ерлер бөркі, қыздар бөркі болып, екіге жіктеледі. Ал мен тек бөріктердің аттары мен неден тігілгенін ғана айтып берейін. Енді ер мен әйелдің бөріктің түрлеріне тоқталып өтейін.

Аққу бөрік (аққудың терісінен жасалған); Қама бөрік (қама құндыз – бобр); Камшат бөрік; Құнай бөрік; Жанат бөрік; Бұлғын бөрік (аса құнды тері); Құндыз бөрік (қама, камшат, құнай түктелген, қылшықталған терілерден жасалған бөріктер); Сусар бөрік (ормансусар, тассусар, сары сусар, қара сусар. Аса бағалы терілерге жатады); Суыр бөрік – қара суыр, көк суыр, сары суыр терілері; Күзен бөрік – қара күзен, сасық күзен; Тиін бөрік – ақ тиін, көк тиін; Мәлін бөрік; Сабаншы бөрік; Жабайы мысық бөрік; Қол мысық бөрік; Ақкіс бөрік, ақкіс – өте сирек кезігетін тышқан текті жануар. Терісі құнды. Қыздарға ғана арналған бас киімдер қатарына жатады. Саркіс бөрік, ол да – сирек кедесетін тышқан текті жануар. Көбіне қыздар киетін бас киім түрі: Зорман бөрік; Сары шұнақ – сары тышқан; Тараққұйрық бөрік – балалар үшін құйрық тарағын төбесінде қалдырып тігеді.

– Жалпы, бөріктің түрі көп секілді ғой өзі? Тағы қандай түрлері бар?

– Сілеусін бөрік, сілеусін – ірі аң. Терісі өте құнды болып саналады. Жүні әрлі, жұмсақ, қырылмайтын тығыз, жоны мен екі қапталы, мойны, тамағы, төсі, бауыры, басы түк-түсі жағынан бөлек-бөлек, өз алдына әдемілікке ие. Сондықтан сілеусін терісінен жасалған бөріктердің әрбірі өз атымен, яғни қай жерінің терісінен тігілгендігі қоса аталады. Мәселен, сілеусіннің жон терісінен жасалған бөрік, сілеусіннің қапталынан жасалған бөрік. Сілеусіннің бауырынан жасалған ақ шұбар бөрік секілді түрлі атауға ие.

Қарақал бөрік, қарақал – сілеусін тектес жануар. Ең құнды терілердің бірі саналады. Дене тұрқы да сілеусін шамалас. Қарақал терісін де сілеусіндікі сияқты өңіне, түсі-түгіне қарай бөлшектеп барып, бөрік тігеді. Қазақ халқы түлкі түсінің барлық түсін дәлме-дәл атайды. Соған орай түлкі терісінен тігілген киімдерді атағанда түлкі түсі қоса айтылады. Мәселен, ақ түлкі бөрік, қара түлкі бөрік, қызыл түлкі бөрік, ор түлкі бөрік, ор қызыл түлкі бөрік, қара бурыл түлкі бөрік, қара шулан түлкі бөрік, ақ бурыл түлкі бөрік, қызыл бурыл түлкі бөрік, көк бурыл түлкі бөрік болып, түрлі атауға ие. Табиғатта түлкі жануары өзінің өміршеңдігімен де саны азаймайды. Сондықтан оны адамдар көп аулайды. Қазақ халқы түлкінің мол терісін түгіне, түсіне қарай бір теріні жетіге бөліп тігу арқылы да жіктеп, тігілген киімге сол бөлшектердің атын қосып айтады. Жон бөрік, жон ішік, иық бөрік, иық ішік, мойын бөрік, мойын ішік, тамақ бөрік, тамақ ішік, үйек бөрік, үйек ішік, пұшпақ бөрік, пұшпақ ішік. Қарсақ бөрік, қарсақ – түлкі тектес жануар. Қарсақтың түсі түлкінің кейбіреулерімен ұқсас келеді. Жон жағы ақ шуландау, қызыл бурыл келеді. Бірақ түлкі секілді көп түсті емес. Бұлардың саны да аз. Дене тұрқы түлкіден сәл кішілеу. Қазақ халқы қарсақ терісінен әртүрлі киім тігеді әрі ол киімдер қарсақ атымен аталады. Мәселен; қарсақ бөрік, қарсақ малақай. Киіз бөрік, қазақ халқы жұмсақ басылған ақ киізден де бөрік тігеді. Киіз бөріктің төбесі де, жұрыны – да киіз. Киіз жұрынның ішіне аздаған білте жүгіртіледі. Кейде киіздің өзін қабаттап жұрын жасайды. Киіз бөрік жеңіл әрі әдемі, ұнамды болады. Төбесі сәл биіктеу, шошақтау, еңселі болады. Жылбасқа бөрік, терілерді қозы, лақ терілері іш тастау, енесі өлу арқылы алған, түгі жетілмеген елтірі түрі «жылбасқа» деп аталады. Жылбасқа елтіріден түрлі-түрлі киімдер жасалады. Елтіріден бөрік, құлақшын, балалар бас киімдері көбірек тігіледі. Бота бөрік, іште түгі жетіліп түскен, туа салып өлген ботаның терісі тым жақсы саналады. Оның жүні жұмсақ әрі үлпілдек, сондай-ақ өңді болып келеді. Жақсы иленген бота терісінен әртүрлі киім тігіледі.

Соның бірі бөрік, құлақшын. Бота терісі «тайжақы» деп аталады. Пұшпақ бөрік, көптеген аң мен мал терілерінің пұшпағынан өте тамаша киімдер тігуге болады. Соның ішінде пұшпақтан тігілген бөріктер де сәнді болады.

– Атап айтар болсақ?

– Мәселен, түлкі пұшпақ бөрік, қарсақ пұшпақ бөрік, қасқыр пұшпақ бөрік, қама пұшпақ бөрік, камшат пұшпақ бөрік, сілеусін пұшпақ бөрік, қарақал пұшпақ бөрік, бота пұшпақ бөрік, қаракөл пұшпақ бөрік, елтірі пұшпақ бөрік, тағысын тағылары бар.

Қазақ халқы бөлтіріскеден сан түрлі киім-кешек тіге алады. Соның бірі – бас киімдер. Олар бөлтіріске бөрік, бөлтіріске тымақ, бөлтіріске құлақшын, бөлтіріске жабасалма болып түрлі атала береді. Сеңсең бөрік, қозы өсе келе оның бөлтіріске түгі де өзгеріп, салалана бастайды. Жүні қырқылғанға дейін қозы терісі «сеңсең» делінеді. Қазақ халқы ежелден сеңсең теріден әртүрлі киім тіккен. Соның бір бөлегі бас киім – сеңсең бөрік. Сеңсең тымақ, сеңсең құлақшын, сеңсең жабасалма. Тері түсі киімге қоса айтылады. Қара сеңсең бөрік, қызыл сеңсең бөрік, көк сеңсең бөрік, тағы басқадай да түрлері бар. Қазір есіме түспей отыр. Мари бөрік, қазақы қойдың қозысының түгі кейде бұйра, таңдай бедерлі, «гүлді» келеді. Ал осындай қозылар енесінің іш тастау арқылы немесе енесі өліп, қозы іштен алынады. Елтірінің осы түрі «мари» аталады. Мариден әртүрлі киім тігуге болады. Бас киімдерден бөрік, құлақшын, жаздық тымақ, әртүрлі тондарды да тіге береді. Лақ бөрік, ешкі лағының терісінен де бас киім тігіледі. Лақ бөрік, лақ тымақ, лақ малақай секілді атаулары бар. Елтірі бөрік, елтірі – салмағы жеңіл, өңі жұқа, түгі тықыр, бұйра таңдай, қайратты әрі тез қырыла қоймайтын түкті тері. Қазақ елтірісі – қаракөл қой елтірісі, қазақы қой елтірісі, нәсілді мәліш қой елтірісі делініп үш текке жіктеледі. Елтірінің барлық түрі бағалы саналады. Оның ішінде қаракөл ертірісі құнды болып келеді. Сондықтан қаракөл елтіріден тігілген киімдердің де бағасы артады. Елтіріден тігілетін киімнің де түрлері аз емес. Қазақстанда елтірінің шикізат қоры мол. Бұл бұрынырақта өте көп әрі сән үлгісі ретінде ұсынылған болатын. Бүгінде мұндайды киетіндер де сиреп кетті. Қазақтар қозының егіз не жалқы болуына, елтірінің тері сапасына, түк сапасына, түгінің түсіне, өңіне, әріне қарай сұрыптап жікке, текке бөледі. Содан соң әрбір елтірінің бойындағы түк бітісіне қарай бөлшектейді. Әрбір бөлшектің өз атауы бар. Айталық, бас тері, мойын тері, жон тері, шонды тері, екі қаптал тері, құйрық тері, сан тері, қол тері, құйрық ұшы, пұшпақ үйек, шап, қолтық, құлақ терілер болып кескінделеді. Осы айтылған бөлшектер өз атымен жіктеледі де, әрбір бөлшек тері өзі аттас бөлшекпен өзара бірі-біріне құралып, сол құрақтан тігілген киімге бөлшек аты қоса қабатталып айтылады. Мәселен, жон ішік, бас тері ішік, мойын ішік, пұшпақ ішік. Елтірі бөрік, қаракөл бөрік, жон бөрік, пұшпақ бөрік, тағысын тағылар бар. Елтірі киімдер сол елтірінің түсімен де қоса аталады. Қара қаракөл елтірі бөрік, көк бурыл қаракөл елтірі бөрік, қара елтірі бөрік, қызыл елтірі бөрік болып жалғаса береді. Бөлтіріске бөрік деген бар.

– Бөлтіріске бөрік қалай жасалады екен?

– Ол қазақы қойдың, қаракөл қойдың, мәліш ақ қойдың қозылары туғаннан кейін бірер ай өткен соң қозы жүні өскелең тартып, елтірі де өзгере бастайды. Қозының елтірі түгі өзгерген, өскелең мезгіліндегі терісін бөлтіріске деп атайды.

Қасқыр бөрік, «қасқырдың терісінен жасалыпты» дегенді естіп пе едің?! Қасқыр – қалың терілі және түкті қабат жануар. Қасқыр терісінен бөрік, құлақшын, тымақ, жабасалма тігеді. Бірақ қасқыр терісі ауыр әрі түгі қалың болған соң, бас киім сиректеу тігіледі. Көбіне таңнан кешке дейін малдың соңында жүретін қойшылар мен із аңдитын аңшыларға, жорықшылар мен жортуылшыларға арнайы тігіледі де, былайғы қарапайым жұрт қасқыр терісінен бас киімді сирек тігеді. Бөлітірік бөрік деген бар... Қасқырдың бөлтірігінің түгі қар басқанша тықырлау, жұмсақтау келеді. Өзіндік өңі де болады. Бөлтіріктен бас киім көп тігіледі. Айталық, бөлтірік құлақшын, бөлтірік бөрік, бөлтірік малақай, бөлтірік тымақ.

– Қазір кең жайылған кәдімгі құлақшын жайында не айтасыз?

– Құлақшын – бұл қыстық бас киім ғой. Біздің кешегі ХХ ғасырда құлақшын фабрикадан мол шығарылғандықтан және дайын нәрсеге ұмтылған елдің назарынан бөрік пен тымақтың құны төмендеп, құлақшын барлық халыққа ортақ – хан да, қара да киетін сәнді бас киім болып қалды. Бүгін де сондай. Қарлы боран, жауын-шашында қамсаулығы аздау құлақшынды қысы-жазы, күндіз-түні қара малдың соңында жүрген бақташылар да киюге мәжбүр болды. Құлақшынның біз білетін түрі көп. Ал, негізінен, екі құлағымен артын төбесіне қайырып байлауға және екі «құлағын» төмен түсіріп киюге ыңғайлы түрлері көп кезігеді. Құлақшынды арзан, бағалы аң терілерінің кез келген түрлерінен тіге береді. Қой, ешкі, қозы-лақ, бота, бұзау, құлын терілерінен, қасқыр, бөлтірік, ит, күшік, мысық терілерінен, қоян терісінің барлық түрлерінен тігіледі. Қай теріден тігілсе, сол терінің атымен аталады. Айталық, қама құлақшын, камшат құлақшын, бұлғын құлақшын, сусар құлақшын, құнай құлақшын секілді аң атымен атала береді. Тағы бір ескерерлігі зерттеушілер осы аңдардың табиғи болмысын, жаратылысын толық нысанаға алуы тиіс.

– Қалпақтар қалай жасалады?

– Қалпақ – жаздық, күздік бас киім болып бөлінеді. Бұл жерде фабрикадан шыққан қалпақтар емес, қазақ халқы өз қолымен өндірген қалпақ түрлерін айтпақпын. Қазақы қалпақ қой түбіті мен ешкі түбітінен бітеу төбелі, дөңгелек етекті, жырық етекті болып басылып, төбесі, милығы, етегі қалыпқа түсіріліп, қарпылып, пісіріліп, етегі шырпылып, көмкеріліп не жадағай шығарылады. Кейде қой түбіті мен ешкі түбітін қалпаққа, басқа да бас киімге арнап киіз ретінде жадағай басып, қарпып, пісіріп болған соң сол киізден үш сай, төрт сай, бес сай, алты сайлы қалпақ, телпек тіккен. ХХ ғасырдың екінші жартысында бітеу төбелі, төрт сай төбелі айыр қалпақтар тұрмыста көп кезігетін. Кейде осы қалпақтарды ел атымен – қызай қалпақ, найман қалпақ, қырғыз қалпақ деп те атайды. Жалпы, қалпақтар – айыр текті, дөңгелек етекті, маңдайсыз етекті, маңдайы аласа ойық етек, жырық етек, төбелері биік, шошақ, қоңқиған, орта, төмен, тәлпек төбелілері де болады.

– Шыңжаңдағы өзіңіз бір кездері басы-қасында болған әскердің бас киімі қандай еді?

–Түсінікті болу үшін тереңдетіңкіреп айта кетейін. Қытай империясын Гоминдаң партиясы билеген кезде Шыңжаң өлкесіндегі аз санды ұлттар қолына қару алып, Жаң Ше Ши әкімшілігіне қарсы Ұлт-азаттық қозғалысын көтерді. 1944-1945 жылдары Шыңжаң өлкесінің Жоңғар бөлігінде Шығыс Түркістан өкіметінің Ұлт-азаттық армиясы құрылды. Міне, осы армияның бас киімі төрт сай төбелі айыр қалпақ еді. Қалпақ мата мен кенептен сырып тігілген, сырты жасылсымақ болатын.

Баяғыда «мұрақ қалпақ» деген де болған. Хандар киетін кестелі, оқалы, айыр қалпақ. Бұл қалпақ қаракөл елтірісімен қапталып, әртүрлі қымбат деген аң терілері пайдаланылған. Тіпті мұның түрі көп, бұл өте қымбатқа тігіледі.

– Енді әйелдер мен қыз-келіншектердің бас киіміне тоқталсаңыз?

– Әрине, бұған да бөгеліп өтпеске болмайды. Бұл да бір өзінше тақырып қой. Ер-әйел бас киімдерінің ұқсас аталатын түрлері де, мүлде бөлек аталатын түрлері де бар. Ұқсас аталатындары – тақия, бөрік, тымақ, құлақшын, қалпақ. Халқымыздың салты бойынша қызға оң жақтағы кезінде ерлер киетін киімдерді кию, әсіресе ерлер бас киімі атымен аталатын – бөрік, тымақ, құлақшын, тақия кию ерсі көрінбеген. Ал қыздар тұрмысқа шыққан күннен бастап, олардың бас киімдерінің аты мен қоса заты да өзгеріске түседі. Ерекше бір жағдай болмаса, ерлер бас киімін кимеуге тырысады. Қыз кезінде киетін тақияның үлгісі, әшекей-айшығы, үкісі, теңге-моншағы, ою-өрнегі, кесте-зері, өң-түсі, матасы – бәрі-бәрі тек қыздарға арналып жасалғанын білдіріп тұрады. Қыздар бөркі ерлер бөркінен бөлектеу болады. Ерлер бөркінің үлгісімен тігілетіндері де бар. Ал қыздар киетін тымақ пен құлақшын үлгілері ерлердікімен ұқсас келеді.

– Жағда аға, Шымкентте тұратын ірі кәсіпкер, халық қалаулысы Рәшкүл Жәлелқызы Оспанәлиева ханым Шу өңіріндегі туған ауылына өз қаржысына үлкен мешіт салып берді. Сол мешіттің ашылу салтанатына Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері де арнайы барып қатысты. Сол жиында қазақ әйелдері тартатын ақ жаулық, бастарына тағатын «күндік», тіпті сәнді сәукеле жайлы әңгіме болды. Осы сәукеленің сырына тоқталсақ...

– Әйелдер бас киімінің ерекше бір түрі – сәукеле. Қыз ұзатыларда сәукеле дайындалады. Қыз жасауының ішіндегі ең қымбат бас киім – осы сәукеле. Онда асыл тастар, маржан, меруерт, алтын-күміс, түрлі теңгелер, оқа-сылдырмақтар, таза жібек, камшат жұрын, қарқара түкті үкілер бар. Сәукеленің кейбір түрі аса қымбатқа түседі. Өзім естіген деректерімде жүз жылқыға, жүз түйеге түскені, жүз жамбыға, елу жамбыға түскен сәукелелер болған. Осы бір қымбат бас киім, келін болып түскен жерінде той біткенше киіледі де, той өткен соң оны іліп қойып, орнына алтын бергекті желек киеді, яғни «шыт тарту» дейді қазақ. Басты бір орап артынан байлап қояды. Басты орап артынан байлауы жететін бір шаршы шүберек, бұл мата дәуірі басталғаннан кейінгі бас киімнің түрі болар. Қыздар басына тартатын шыттың бір бұрышы, иә болмаса төрт бұрышы кестелі, зерлі, ою-өрнекті келеді. Қыздар сол өрнекті тұсын, сәнді жерін маңдайына келтіріп бүктеп, басқа тартады. Ал ерлер өздеріне қолайлы етіп бүктеп басына тартады. Осыны «басқа шыт тарту» деп атайды. Мұны да толық зерттеуіміз керек. Әйелдер бас киімінің ішінде ең көп аталатын түр-лері; кимешек, шылауыш, күндік, орамал, шаршы, шәлі, шыт, жібек шәлі, бөртпе шәлі, шалма шәлі, желек, сәкаку, шашқат, бергек, шашбау, сыл-дырүзбе, бүркеншік, жаулық, қырпу.

– Әйелдер басына тағатын «күндік» жайлы толық айтып бере аласыз ба?

– Бұл – егде әйелдердің басына орай тартатын ақ жаулығы. Бұл жаулық үш-бес метрлік ақ мақта матадан, жібектен тігіледі. Мұны Ұлы жүз бен Орта жүздің әйелдері көп киген. Бертін келе қазақтың тұрмысынан, әйелдердің басынан ажыраңқырап кетті. Мұны кезінде мосқал тартқан әелдер далаға және ұзақ жолға шыққанда күн өтпесін деген ниетпен таққан. Желек деген түрін айттым жаңа. Бұл да – әйелдердің бас киімі. Сәукеленің үстінен салынғанда «бергек» болады. Бұрындары қыз ұзаты-ларда сәукеленің сыртынан шағи, дүрия немесе үлде жібектен шаршыла-тып басына салатын болған. Келін боп түсіп, жыл өткен соң, сәукеле алынып, орнына желек салынатын. Желекті тұңғыш баласын, иә болмаса екінші баласын дүниеге келтіргенге дейін салып жүрген. Сәукеле өте қымбатқа түсетін болған соң, кейін қазақтың салтынан шеткері қалып қалды. Бүгіндері бірлі-жарым тойлардан көріп қалам. Сәукелені екінің бірі киіп жатқан жоқ. Қазақтың керемет киімдері ғой бәрі.

Тақия – атымен аталатын ерлер мен әйелдерге арналған сан алуан түрі бар. Тақия бөрік, тері тақия, сақтиян тақия, сырма тақия, татар тақия, қатырғы тақия, хатифа тақия, шоқты тақия, үкілі тақия, зерлі тақия, кестелі тақия, тегеріш тақия, төрт сай тақия, төбетай, меруертті тақия, теңгелі тақия, оқалы тақия, алтын оқалы тақия, күміс оқалы тақия, кепеш, шүберек кепеш, тоқыма кепеш, тері кепеш, ұлпа кепеш, төрт сай кепеш, шілтер кепеш.

– Бас киімнің басқа қандай түрлерін білесіз?

– Бас киімнің кейбір түрлері жолға, жолаушыларға, малшыларға арналған түрлері жалпыға бірдей пайдаланылмайды. Солай болса да олардың өз ал-дына аты, жасалу үлгісі бар. Далбай, жабасалма, жалбағай, күлпара, телпек, шиқалпақ, орыс қалпақ. Жалпы, бас киімдердің ішінде ерекшеленіп тұратыны – әскери бас киімдер. Мұның да тарихын терең зерттеген жөн. Болашақта бас киім түрлері, олардың толық аты, үлгілері, арзан-қымбаты, бас киімдегі сөз атаулар, тіркес атаулар, этнографиялық ұғымдар, бас киім жасалатын шикізаттың түрлері, бас киім тарихы, бас киімді жасаушы шеберлер – міне, мұның бәрі жинақталып, зерттеуді талап ететін тақырып деп ойлаймын.

– Киім-кешекке тоқталған соң, сырт киімдерімізді қалай айтпай кетеміз? Мұны да бір түгелдеп алсақ.

– Біздің қазақтың сырт киімдерінің өзі бір атанға жүк болғандай. Қазір шетелдің «куртка» дейтін бәлесіне жабыстық та қалдық. Содан өзге киім жоқтай... Өзіміздің ұлттық киімді киюді арсынамыз. Шетелдікі жарассын- жараспасын соны үстімізге іліп алуға құмартып тұрамыз. Біздің ша-панымыз, ішігіміз, тымағымыз, бөркіміз, тақиямыз, сәукелеміз қайда өзі? Шапанды қазір тойда ғана көретін болдық. Біздің шалдар да қолдарына ұялы телефон ұстап алып, Батысқа еліктейді қазір. Әй, жатпай ма немере-сін бағып, аяғына етік кигенше, мәсісін киіп... Балаларына ақыл үйретудің орнына солармен қосыла сериал көреді. Бұл не тәрбие өзі... Жаңағы қандай сұрақ еді? (Ақсақал қабағын түйіп, ашулы күйінде біраз отырды.)

– Сырт киімдеріміз жайында да толығырақ білгім келіп отыр еді...

– Ертеректе қазақ халқының киімдері неғұрлым кең-мол етіліп пішіліп, тігілген ғой. Қазақ еркектерінің арасында көп кездесетін әрі екінің бірінің қолы жететін қысқы киімі иленген қой терісінен жүнін ішіне қаратып тігілген киімдер болды. Оны қолдан жасалған сарғышқоңыр рауғаш қына-сына қандырып бояған. Бұдан өзге қойдың күзем жүнінен және түйе жүнінен енсіз жолақ түрінде жоғарыдан төменге қарай сырып тігетін киімдері болған. Біршама қыстық киімдерді әрі сәнді етіп, әрі қымбат саналатын аң терілерінің жүнін ішіне қаратып тігетін болған. Қазақ халқының көп бөлігі марқа мен елтіріден тігілген киімдерді біршама көбірек қолданған. Киім киісіненақ оның әл-ауқаты бірден байқалатын болған. Жаздыгүні қазақтың ер кісілері жүннен тоқылған және барқыт, шұға, матадан тігілген киімдер киген.

«Тайжақы» деген киім бар. Бұл – қазақтың көне киімдерінің бірі. Оны шымқай қара, торы құлынның терісінен жүнін сыртына қаратып тігеді. Тайжақының етек жағына құлынның пұшпақ терісін ұзыннан құрап жалғайды. Артқы бойының ортасына құлынның жалын келтіріп тігеді. Ол қайырма жағалы, сырыма астарлы болады.

– Ішік қалай жасалады?

– Аң және малдың терісінен тігілетін сырт киімнің бір түрі ғой. Сыртын әртүрлі матамен қаптағандықтан тоннан өзгешеленіп тұрады. Ішік тон секілді кең әрі ұзындау етіп тігіліп, оған сәнді әрі үлкен жаға салынады. Жасалған терісіне қарай оның түрі көп. Мәселен, бұлғын ішік, қасқыр ішік, құндыз ішік, сеңсең ішік секілді боп кете береді. Әртүрлі қозы-лақтардың пұшпақ терілерін құралып, әдеміленіп тігілетін пұшпақ ішіктер де болады. Оның әдемілігі сондай, қарасаң көзіңнің жауын алады. Оны көбіне-көп балалар мен жас қыздар киеді.

– Тон мен шекпен қалай тігіледі?

– Енді тонға келер болсақ, жүн жағы ішіне қаратылып тігілген қыстық жылы киім ғой тон дегенің. Ол қызыл қоңыр, сары түсті өсімдік бояуымен боялады, боямайтындар да болған. Сол күйінде кең етіп тігіле береді. Екі өңірі, жеңінің ұшы, етегі түсті матамен немесе елтірімен көмкеріліп те тігіледі. Жастарға арналған тонға кесте салынады. Тонға сеңсеңнен мол етіп жаға салынады. Би-болыстар, ауқатты байлар қамқа тон киген.

– Ол қалай жасалады?

– Иінін әбден қандырып өңделген жұмсақ қой терісінен жаға салып, жұрындалып дайындалады. Ішінен ілгек бау байланып, сыртынан белбеу буылады. «Тонның ішкі бауындай» дейтін сөз осыдан қалса керек. Шекпен де – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық сырт киімі. Қойдың немесе түйенің жүнінен тоқылады. Шекпеннің астарлап тігілгені – сулық орнына, ал арасына жүн, иә болмаса мақта салып тігілген түрі жеңіл қаптал шапан орнына киіледі. Шекпеннің қызғылт сары түйе жүнінен, шымқай ақ қой жүнінен оңқай-солақай иірілген жіптерді қаз таңдайлап тоқыған түрі ерекше әдемі болып көрінеді. Мұны «шидем шекпен» дейді. Мұндай шекпенге масатыдан үлкен етіп қайырма жаға салынады.

Қамзол дейтін сырт киімнің бір түрі бар. Жеңсіз, жеңіл жаздық киім. Бір түсті қалың матадан, мақпалдан, атластан, барқыттан адамның жас ерекшелігіне қарай әртүрлі тігіледі. Оның жүні тартылып, терілерінен қос астар шығарылып тігілген түрлері де кездеседі. Қамзолдың ұзындығы тізеге дейін жетеді. Алды түймемен түймеленеді. Бұл киім қазақтың арасына XVІІІ-XІX ғасырларда кеңінен тараған. Бүгінде бар. Әйелдер мен кемпірлер көп киеді.

– Аға, кебенек дейтін киімнің түрі ме осы? Осы сөз әсіресе Мұқағалидың өлеңдерінде жиі кездеседі...

– Бұл енді ертедегі жаугершілік заманда жауынгерлердің, жай күндері малшылардың жауын-шашыннан, бораннан қорғану үшін киетін сырт киімі. Ол бұрынырақта киізден де жасалған. Кебенекке арналған киізді бір бетті етіп, жұқалап басады. Мұны көбінесе «кебентай» деп жатады. Ел арасындағы «кебенек киген келеді, кебін киген келмейді» деп ер-азаматқа арнап айтылған сөз осылай таралып кеткен. Бешпет пен шалбар жөнінде де айтайын. Бешпет – сырттан киетін жеңіл, жаздық киімнің түрі. Барқыт, шұға, мәуіті және басқа да сырт киімдер пішілетін матадан тігіледі. Екі-үш түймемен қаусырып қояды. Жағасы, жеңі, сондай-ақ екі өңірі сәнделіп, әшекейленеді. Ал шалбар – ауы кең, ышқыры бітеу тігілген еркектердің сырт киімі. Мұның да жаздық және қыстық түрлері бар. Жаздық шалбарды бұрынырақта иленген қой терісінен тіккен. Кейде оны «жарғақ шалбар» деп те атайды. Ал қыстық шалбар жылы болу үшін қойдың терісінен дайындалған әрі жүні ішіне қаратып тігіледі. Оның екі жақтағы тігісінің бой түрлітүсті жібек жіппен сырылады. Шұғадан, мақта матадан ішіне жүн салып тігілетін немесе жалаң тігілетін бұт киімдерді де шалбар деп атайды. Шұға шалбар, мәуіт шалбар, шидем шалбар деген түрлері бар. Ал қазіргі шалбар жөнінде айту қиындау. Кеңес өкіметі кезінде қойшыларға мақталы шалбар беретін. Сондай жылы болушы еді. Қазір әскердегілер көп киетін болуы керек осындай шалбарды.

– Аға, енді әйелдердің сырт киіміне қарай ойыссақ...

– Қазақ әйелдерінің сырт киімдері жайында да көп айтуға болады. Әйелдердің сырт киімдері көбіне безекті матадан, жібектен, мақпалдан, дүриядан тігіледі. Сырт киім үлгілеріне келер болсақ, еркектердің киімдеріне ұқсас түрлері көп кездеседі. Қамқа тон, шапан, тайжақы, қамзол, бешпет, күпі, қыз-келіншектерде де бар. Қазақ әйелдерінің киім-дері биязы, әшекейі мол келеді. Көркем, қымбат бағалы кездемелер және сирек кездесетін аң терілерінен де тігіледі.

– Атап айтар киімдеріне тоқталыңызшы.

– Белдемше – дейтін сәнді киім үлгісінің бір түрі. Мұны қазақ әйелдері ХІХ ғасырдың соңына дейін көйлектің сыртынан «юбка» секілді етіп, ойын-сауықтарға киген. Белдемшенің бұл түрі қазір сирек кездеседі. Оның алдыңғы өңірі біріне-бірі қабысып тұрады. Белінен төмен қарай кеңи береді. Белдемше барқыт және басқа да матаның түрлерінен жиегі айнала оқаланып, кестемен көмкеріледі. Кейде оған құндыздың терісі жапсырылып, алуан түрлі әшекейлермен безендіріледі. Белі түймеленеді. Ол көйлектің етегін толық жаппайтындай етіп пішіледі. Қазір оның түрі өзгеріп, әйелдердің үй шаруасына пайдаланып жүрген алжапқышы «белдемше» деп аталып жүр.

Кәзекей – бұл жұқа қамзол. Жағасы кеңірек етіп пішілген, жеңі шолақ келеді. Аса ұзын емес, белден сәл ғана төмен түсіп тұрады. Көбіне барқыттан тігіледі. Оны астарлағанымен арасына жүн, мақта салынбай, ықшамдалып пішіледі. Өңірі мен жаға-жиегі және омырауы түрлі-түсті зер жіптермен кестеленеді немесе ою-өрнек салынады.

Қыз-келіншектердің денесімен дене болып, ажарын ашып тұрады. Қырмызы тон деген бар. Қызыл масатыдан тігілетін қызкеліншектерге арналған қаптал шапан. Оның жаға-жеңіне құндыздың терісін, екі өңірі мен екі жеңінің ұшына алтын, иә болмаса күміс зермен, кейде екеуін араластырып кестелейді. Қырмызы тон бұрынырақта ұзатылатын қыздарға арнап тігіліп, жаңа түскен келіннің жасауларының басты бөлігінің бірі болған. Қырмызы тонды қамзолдың сыртынан киеді. Осы күндері киіліп жүрген сырт киімдердің екі өңірі мен жең ұшына өрнек салынып, жаға-жеңін құндыздың терісімен сәндеу үлгісі осы қырмызы тоннан қалған. Ендігі бір түрі «тізеқап» деп аталады. Әйелдер қыстыгүні далаға шыққанда суықтан сақтану үшін арнайы жасалған бұт киімі. Оны қалың матадан астарлап, ішіне жүн, мақта салып жартылай шалбар секілді етіп тігеді. Балағының ұшында өкшеге ілінетін, қонышының үстіңгі бөлігінде ышқырға ілінетін бауы болады. Мұны көбіне-көп қарт адамдар киген. Қазір бұлардың көбі жоғалды ғой. Кім киеді мұны?!

Жел өтпейтіні де бар, су өтпейтіні де бар ғой қазір...

– «Той десе қазақта, қу бас домалайды» деген осы кездері жиі айтылатын сөз бар. Дегенмен кейбір тойдағы сауатсыз асабалардың «ашқарақтығын» ептеп тізгіндеу де қажет секілді. Той барысында атқарылатын көне салттың сиқы бұзылуына бүгінгі нарықтың талабы кінәлі ме?

– Мына бізде, өзін-өзі қор санау, өзін-өзі кем санау, өзін-өзі құл санау, өзін-өзі басқа ұлттан төмен санайтын айықпайтын бір құлдық ұғым бар. Әсіресе біздің қазақ халқында осы тым басымдау тәрізді. Орысша сөйлемесе оның сөзі өтпейтіндей, орысша айтпаса, оның арызы жетпейтіндей қарайды. Осы кеселдің ең үлкені – біз жоғалуға бет алған ұлттардың бірі екеніміз. Осы тақырыпқа талдау жүргізуіміз керек. Орыстың білгір ғалымы Мишенский: «Ең қауіпті қырсық – өзін-өзі қор тұту. Өзін-өзі төмен санау. Құл санау. Бұл – ең қауіпті қырсық», – депті. «Қуанбас нәрсеге қуанады, ұялмас нәрсеге ұялады, ұялатын нәрседен ұялмайды», – дейді Ұлы Абай. «Надан ел мақтанбас нәрсеге мақтанады, мақтауға лайық істі мақтамайды», – дейді Елторы Жалбағайұлы. Адам өзінің ар-намысын қорғай білуі керек. «Өзінен, дінінен, тілінен айырылған халық жер бетінен жоғалып кетеді», – деп айтқан әл Фараби бабамыз. «Сөзі жоғалған елдің – өзі де жоғалады. Халыққа керегі өз тілі, өз үні, дыбысы, жазуын сақтауы. Солай болған соң әуелі қазақтың діні, ділі, жазуы суыққолдылардан тыс болуы керек», – депті Ахмет Байтұрсынов. «Өзін төмен санайтын ұлттардың тілі мен ділі, ұлттық рухы, ән-күйі, өлең-жыры, үні, киім-кешегі, дыбысы, ырым-жырымы, салт-санасы, дәстүрі өзгереді. Ұлттың тарихы мүлде жоғалады». Бұл – менің сөзім. Ұлттың қыздары мен ұлдары өзін қор санағандықтан, ең алдымен, сәлемдесуді орысша бастайды. Амандық сұрауды орысша бастайды. Пікір алысуды орысша бастайды. Ішетін асын, тамақ дайындайтұғын азық-түлік қорын түгел орыс тілінде айтады. Үйдегі ыдыс-аяқты, киім-кешекті, көрпе-төсекті орысша атайды. Баласының тілашарын орыс тілінен бастайды. Жүріс-тұрыс, отырыптұрудың бәрін орысша айтамыз. Бүкіл өсімдік атын басқа тілде айтады. Тіпті күн райын орыс тілінде айтамыз. Расын айтқанда осы айтылған шындық бүгінгі күні қазақ халқының басында бар. Қазақ өзін-өзі қор санауының кесірінен жоғалудың аз-ақ алдында тұр.

– Бүгінгі той бұрынғы тойдан әлдеқайда өзгерек емес пе?

– Иә, әрине, мұнымен толықтай келісуге болады. Бүгінгі қазақтың тойлары өзгеріп кетті. Қазақтың бұрынғы салты жоқ. Мен кейбір тойларға барып шошып кеткенім бар. Екі-үш жылдың алдында бір қазақтың тойына бардым. Келін де – қазақ. Күйеу де – қазақ. Құдалар да – қазақ. Тойды ағылшынша бастап, орысша аяқтады. Қазақ тілі мүлде болған жоқ. Соншалық өзгеріс бар. Мәселен, «беташар» деген әдемі салтымыз бар. Сол бет ашып жүрген адам қайыршы секілді ананың он тиынына, мынаның бір долларына құмартып, «анау мынша салды», «мынау мынша салды» деп бүкіл тойдың бас-аяғын қайыршылықпен өткізеді. Қазақта ондай ақша алу салты жоқ. Беташар деген олай айтылмайды! Және сосын музыкасы қалай? Бүтіндей қазақ ән-күйіне сәйкес келмейтін африканың, ана орыс пен Батыстың әнсымағын береді. Сөйтіп, тойды аяқтайды. Қазір қатты өзгеріске ұшырап бара жатырмыз. Осы өзгерістерге біз тойтарыс жасамасақ, оған тыйым салмасақ, біз ұлтымызды қайта қалпына келтірмесек, қазақ халқы жоғалады (Ақсақал осы бір түйінді сөзіндерін нық-нық шегелеп айтқандай болды. Бұл абыздың ертеңгі ұрпаққа берген өсиеті мен бұйрығы секілді көрінді маған).

– Аға, сізбен бір сұхбатымыздың арасында Жер шарының қоңыр үйегін мекен еткен табиғаты қоңыр қазақ деген едіңіз? Осыған қайта оралсақ қайтеді.

– Жер шарының қоңыр үйегінің қоңыр табиғатында жаралып, сол қоңыр табиғатта өмір кешкен қазақтың өз табиғаты қоңыр мінезді, жылы жүзді, жылы сөзді, мейірлі, кең қолтық, кең етек, жолақы, жамбасақы алмайтын, табанақы сұрамайтын, кімге болса да тамақ сатып көрмеген сол қазақ қоңыр табиғатын ұзақ сақтады. Менделеевтің тоқсан алты элементі мен тағы басқа элементтер түгел табылатын Азия құрлығының жүрегі саналатын атақты алтын Алтайды ордабасы етіп, сол мекенді айнала қоныстанған қазақ әлемдегі ең қоңыр мінезді ел болып қалыптасқан. Шығысы Сахалин, батысы – Ерепей, солтүстігі –Түнсібір, оңтүстігі атақты Тұран ойпаты, Амур, Сыр, Ыстықкөл, Еренабыр, Жоңғар ойпаты, Алтай, Еміл, Ертіс, атақты Сарыарқа, Көкшетау сияқты кең аспан, ұлан-ғайыр жер, кең өріс, кең табиғатты мекен еткен қазақтың қоңыр тұрмысын болмысынан-ақ білуге болады. Қазіргі қоңыр мінезімен салыстыруға келмейді.

– Үн демекші, сіз кезінде «осы керек болады-ау» деп ұлттық құндылығы бар кез келген тақырыпқа қалам тербепсіз. Мына үн атауларының өзі бір ғылым емес пе?

– Бір нәрсені қойып қалсаң ол тақ ете қалады. Есікті ашса шықыр, сықыр еткен дыбыстарды айқын естуге болады. Осыларды бір қағазға түсіріп көрейінші дедім. Кезінде жаза беріппін ғой қарап отырсам. Содан жиған-тергенім біршама еңбек болды.

(Бұл ғұламаның ұзақ жылдар жүріп жинаған айтулы еңбектерінің бірі Өз қолымен маған берген абыздың осы еңбегінің көшірмесін оқырманға ұсынуды жөн көріп отырмын...)

А !

А-А!

Ау!

Ау-у-у!

Аң,

Аңғар,
Аңырау,
Ашық,
Ащы,

Азан-қазан,
Апп!
Ап-ап,

Ар,

Ар-р-р!
Арыл,
Арыл-ұрыл,
Ар-ұр,

Астаң-кестең,
Арсы-күрсі,
Арыс,
Арыс-арыс,

Арыс-ұрыс,
Ғыр,
Ғыр-ғыр,
Ғың,

Ғың-ғың,
Ғар-ғар,
Пыс,
Пыс-пыс,

Ыс,

Ыс-ыс,
Паң, паң-пұң,
Паң-паң,
Лүк,

Лүк-лүк,
Даң, даң-даң,
Даң-ң-ң!
Таң,

Таң-ң-ң!
Пыш, пыш-пыш,
Пыш-ш-ш,
Пыштақ,

Пыштақ-пыштақ,
Пысыл,
Шарқыл,
Шаңқыл,

Шырқыл,
Шың,
Шың-ң-ң,
Шық,

Шық-шық,
Шақыр,
Шақыр-шұқыр,
Шуыл,

Ышқыну,
Ышқынту,
Ышқындыру,
Саңқыл,

Сылқыл,
Шіңкі,
Даңғаза,
Даңғалық,

Даңғырлау,
Даңғырлату,
Даңғырлаттыру,
Сусыл,

Су-су,
Сырыл,
Сыр-сыр,
Күжіл,

Үн етістіктері,
Мө-мө, мә-ә-ә,
Мө-ө-ө! Мәхә-хә, мәхә-хә,
Мә-ә-ә! Маңырау,

Әуфілдеу,
Кісінеу,
Мөңіреу,
Ұлу,

Үру,
Шақыру,
Шиқылдау,
Ақыру,

Ысқыру,
Сайрау,сақылдау,
Өңіреу, өкіру,
Шыңғыру,

Ыңыр,
Ыңырсу,
Ыңқыл, ыңқылдау,
Сұңқыл, сұңқылдау,

Шырыл, шырылдау,
Мыңқыл, мыңқылдау,
Даңғыр-дұңғыр,
Күмбір, күмбірлеу,

Сырыл, сырылдау,
Шорыл, шорылдау,
Күмпіл, күмпілдеу,
Дарыл, дарылдау,

Діріл, дірілдеу,
Ызыл, ызылдау,
Ыңыл, ыңылдау,
Уһ, уһілеу,

Гуіл, гуілдеу,
Гүжіл, гүжілдеу,
Сылдыр, сылдырлау,
Аңыра, аңырау, аңырақай,

Қыңсыл, қыңсылау,
Шырқыр, шырқырау,
Күртіл, күртілдеу,
Дүрсіл, дүрсілдеу,

Қоңырау, қоңыраулау,
Дүбір, дүбірлеу,
Қарқыл, қарқылдау,
Шарқыл, шарқылдау,

Шартыл, шартылдау,
Дарыл, дарылдау,
Барыл, барылдау,
Барқыл, барқырау,

Саңқыл, саңқылдау,
Солқыл, солқылдау,
Мияу, мияулау,
Сыңсу,

Ызыл, ызылдау,
Быж, быжыл, быжылдау,
Быз, бызыл-бызыл,
Безілдеу,

Зыр, зырлау,
Гөй, гөй-гөй,
Зар, зар-илеу,
Қарқ, қарқ-қарқ,

Қар-қар, қар-құр,
Қаңқ, қаңқ-қаңқ, қаңқ-құңқ,
Қақ, қақ-қақ, қа-а-ақ,
Құң, құңыл, құңқ-құңқ,

Қыр, қыр-қыр, қырыл, қырқыл,
Қоң, қоң-қоң,
Қытыр, қытыр-қытыр,
Қорық, қорық-қорық, қорыл, қорқыл,

Құлдыр, құлдыр-құлдыр,
Құлық, құлық-құлық, құлқыл,
Қорып, қорып-қорып, қорпыл,
Қиық, қиық-қиық, қиқыл,

Қарық, қарық-қарық,
Қор, қор-қор,
Құр, құр-құр,
Сақыр, сақырлау, сақыр-сақыр, сақыр-сұқыр,

Сор, сор-сор, сор-р-р,
Сар, сар-сар, сар-сұр,
Сарық, сарық-бұрық, сарық-сарық, сарық-сұрық,
Саңқ, саңқ-саңқ, саңқ-сұңқ,

Сақ, сақ-сақ, Салық (жұмсақ заттың жерге түсу дыбысы) салық-салық (сұйықтың бос іштегі қозғалу дыбысы) салық-сұлық (жұтудың дыбысы)

Самп, самп-самп (құс дауысы) сампыл, сампыл-сұмпыл
Сыр, сыр-сыр, сырыл,
Салып, салып-сұлып, сылып-сылып,
Сыңғыр, сыңғыр-р-р, сыңғыр-сыңғыр,

Сылық, сылық-сылық (жеу) сықыл,
Сықыр, сықыр-сықыр, сақұр-сықыр,
Сытыр, сытыр-р-р, сытыр-сытыр,

Сықылық, сықылық-сықылық (күлу, босау, соғылу, майлы біліктің айналу сәтіндегі сылқыл дыбыс),

Сатыр, сатыр-сатыр, сатыр-сұтыр,
Бықыр-бықыр, бырық-бырық, бырық пыс-ы-с-ып,
Былдыр (түсініксіз үн) былдыр-былдыр (түсініксіз үнді қайталау),
Былып, былып-былып,

Былыш, былыш-былыш,
Бытыр, бытыр-бытыр, бытыр-р-р,
Шыр, шыр-шыр,
Шыж, шыж-шыж, шыж-быж, шыж-ж-ж,

Шөр, шөр-шор,
Шаж, шаж-бұж,
Шар, шар-шар, шар-шер, шар-р-р-р, шар-шұр,
Шаң, шаң-ң-ң, шаң-шаң, шаң-шұң,

Шақ, шақ-шақ, шақ-шұқ,
Шүп, шүп-шүп,
Шөп, шөп-шөп,

Шалып, шалып-шалып, шалып-шұлып, шолып, шолып-п-п, шолыпшолып, шалпыл-шұлпыл,

Шылып, шылып-шылып,
Шаңқ, шаңқ-шаңқ, шаңқ-шұңқ,
Шарқ, шарқ-шарқ, шарқ-шұрқ,
Шау, шау-шау, шәу-шәу, шәуілдеу,

Шықыр, шақыр-шұқыр, шықыр-шықыр,
Шақыр, шақыр-шақыр, шақыр-шұқыр, шытыр, шытыр-шытыр, шытыл,
Шүлдір, шүлдір-шүлдір,
Шатыр, шатыр-шатыр, шатыр-шұтыр,

Тоқ, тоқ-тоқ, тоқыл,
Тысыр, тасыр-тұсыр, тысыр-тысыр, тысыр-р-р,
Тақ, тақыл, тақ-тақ, тақ-тұқ,
Төк, төкіл, төк-төк,түк-түк, түкіл, түк, түкі-түк,

Тұқ, тұқ-тұқ, тұқ-тұқ-тұқ-тұқ, тақ-тұқ,
Тік, тікір-тікір, тік-тік, тікі-тік-тікі-тік,
Таң, таң-тұң, таң-таң,
Тоң, тоң-тоң, тұң, тұң-ң-ң, тұң-тұң, түң-түң,

Төң, төң-төң,
Тық, тықыл, тық-тық, тақ-тық,
Тыз, тыз-тыз, тыз-тыз-тызтыз-з-з-з,
Тің, тің-тің,

Тыр, тыр-тыр, тір-тір,
Даң, даң-даң, даң-ң-ң, даң-дұң,
Торыс, торыс-торыс,
Тасыр, тасыр-тұсыр,

Тарыс-тұрыс. Тарыс
Тықыр, тықыр-тықыр, тырқыл,
Тырық, тырық-тырық
Тақыл, тақыл-тұқыл, тұқыл-тұқыл,

Дүң-дүң, дің-дің, дің, дөң, дөң-дөң
Доң, доңыл, доң-доң,
Даң, даң-даң, даң-ң-ң-ң
Дұң, дұң-дұң, баң, баңыл,

Дөк, дөк-дөк,
Дар, дарыл, дар-а-аррр, дар-дұр, дар-дар (матаның жыртылған дыбысы)
Дүр, дүріл, дүр-дүр, дір, дір-дір, діріл
Дың, дыңыл, дың-дың, дың-ң-ң-ң

Дыр, дырыл, дыр-дыр, дыр-р-р-р
Дүбір, дүбір-дүбір, дүрсіл, дүрсіл-дүрсіл
Дүріс, дүріс-дүріс,
Күп, күпіл, күп-күп, күмпіл, күмп-күмп,

Күр, күріл, күр-күр, кіріл, кір-кір
Күрт, күртіл, күрт-күрт, күрсіл, күріс-күріс
Күңгір, күңгір-күңгір
Гүр, гүріл, гүр-гүр, гүр-р-р

Гу, гуіл, гу-гу
Гір, гіріл, гір-гір, гір-ір-р
Гүң, гүңіл, гүң-гүң
Гүмбір, гүмьір-гүмбір

Гүлдір, гүлдір-гүлдір
Гүж, гүжіл. Гүж-гүж
Зар, зар-зар, зар-р-р
Зың, зыңыл, зың-зың, зың-ң-ң-ң

Зік, зікіл, зік-зік,
Зыр, зырыл, зыр-зыр, зыр-р-р
Зу, зуыл, зу-у-у-у, зу-зу
Ыз, ыз-з-з-з, ызың, ызың-ызың

Ың, ыңыл, ың-ң-ң, ың-ың
Ыр, ыр-р-р-р, ыр-ыр
Ыңқ, ыңқыл, ыңқ-ыңқ, ықыл, ық-ық (ықылық ату)
Ыс, ысыл, ыс-с-с-с, ыс-ыс

Кі

Кі-кі, кіх-кіх, кіх-х-х,
Кіс, кіс-кі, кіс-с-с
Күр, күр-күр. Күр-р-р-р
Күж, күжіл, күж-күж,

Күң, күң-күң, күңкіл, күңк, күңк-күңк
Ку, куіл, ку-ку,ку-ку-у-у
Көс, көс-көс,
Кір, кір-кір, кір-р-рр

Кіха, кіха-кіха
Күс, күс-күс
Піш, піш-піш (мысықты шақырғанда)
Бой, бой-бой (таңырқағанда, таңданғанда адамнан шығатын үн).

– Жайшылықта мән бермейміз осыған. Аға, кей сөздерге анықтама беріп өтсеңіз. Ұңғыл-шыңғылына дейін терең зерттеген екенсіз, мұны шашау шығармай сіздің еңбегіңіз ретінде ертеңге жеткізу біздің азаматтық міндетіміз деп ойлап отырмын.

– Рақмет, қарағым. Оған еш күмәнім жоқ. Жарыққа шығару оңай болса шығарар едім ғой өзім де. Жатыр ғой, міне, том-том болып шаң басып... Кезінде көрерсің. Өмір бойы қазақ деп, ел, жер деп өткен жаман бір шалдың аманаты еді ғой деп осы айтқандарымды түгел елге жеткізе алсаң, ол да аз жұмыс емес... Ал енді мына бор, бор-бор, борр-р – жанып тұрған отқа, қызыл шоққа, қызған тасқа, ыстық қоламтаға су құйылғанда шыққан дыбыс атауы. Тойған малдың жай қозғалған кезінде, жүрген кезінде артынан шығатын жел үніне берілген атау.

Борт, борт-борт – жіп-судың тартқанда үзілуінен шығатын дыбыс үні. Ағаш қурай сияқты заттар шорт сынғанда шығатын үн атауы. Жұмсақтау жолда, борбастау бетінде күртік қар үстінде мінген жылқы көлігінің біркелкі желуінен шығатын дыбыс үн атауы. Тойған малдың жүргенде, желігенде артынан шығарған «жел» дыбысы. Борс, борс-борс – қайыс арқан, қайыс жабдық біткенннің үзілгенде шығатын дыбыс үні. Қайыс жабдықтардың күшпен тесілгенде шығатын үні. Жылқы жануардың біркелкі желісінде шығатын дыбыстың күрделі үн атауы. Тойған малдың қимыл кезінде артынан шығатын «жел» үніне берілген дыбыс атауы. Бәлдір, бәлдір-бәлдір, бәлдір-шүлдір, бәлдір-бүлдір – дыбысты таза бере алмаған, үнді таза жеткізе алмаған үн мен дыбыс.

Бәй, бәй-бәй – жұбату, тербету, әлдилеу, бесік жыры ырғағы.

Баж, баж-баж, баж-бұж – адамның, хайуанның сыртқы әсерді қабылдамай, қарсылығын бейнелеу үні. Ыстық майға су, сулы зат тигенде шығатын үн. Темір, темір тектілердің, тас, шыны сияқтылардың отқа қызған кезінде су, сулы зат тисе, шығаратын күрделі үнін мөлшерлеп айту. Бар, бар-бұр, бар-бұр ету – адамның ырғақсыз үндер, жағымсыз үндері, келеңсіз үндері. Ыстық темірге, ыстық тас заттыларға су тигенде шығатын жағымсыз, ырғақсыз үндер. Батыр, батыр-батыр, батыр-бұтыр – тоқтаусыз атылған мылтық дауысы. Қалың қол ерсілі-қарсылы сойылдасқанда шығатын үн. Бат, бат-бат – қол үйрегінің биелері балапандарын шұбыртқан кезде шығаратын дыбысын мөлшерлеу үшін айтылады. Бақ, бах, бақ ету – қорыққанда, шошығанда, жанына батқанда түйе жануардан шығатын үнді мөлшерлеу. Текенің дыбысын шамалау.

Ах – өкініш үн.
Ах-ау! – үн көтеру, үн шалқыту, әуендету.
Ай! – кею, қауіптену үні.

Арылдау – ит, ит тектес хайуандардың бетпе-бет келгендегі бірбіріне қарсылық көрсетуі. Әу, әу-әу, әу-у-у – ұлу, ұлу мазмұндары. Иттің қауіп-қатер төнгендегі шығаратын үні. Әуіп, әуіп-әуіп – алыстан сезілген иіс, дыбыс, үнге жауап ретінде бәйтөбеттердің, таутөбеттердің шығаратын үні. Мысалы, бір ғана «әл» сөзінен қаншама сөз құрауға болады. Әлді, әлсіз, әлемтапырақ, әлді дыбыс, әлсіз үн, әлсіз дауыс, әлді тыныс, әлжуаз үн, әлжуаз тыныс, әлжуаз дыбыс, әлсіз ыңыл, әлсіз ыңқыл, әлсіз шыңыл, әлсіз сыңсу, әлсіз сыңқыл, әлсіз гуіл, әлсіз шуыл, әлсіз суыл, әлсіз зуыл, әлсіз күбір, әлсіз күңкіл, әлсіз шүлдір, әлсіз ысыл, әлсіз ызың, әлсіз шырыл, әлсіз дыңыл, әлсіз дыңғыр, әлсіз діңгір, әлсіз шиқыл, әлсіз быжыл, әлсіз пысыл, әлсіз сарын, әлсіз сырыл, әлсіз қырыл. Міне, бір ғана «әл» сөзінен бұдан да көп сөзді табуға болады. Іздеу керек.

– Осы күні ұлттық тағамдардың қадірін түсіріп жүрміз бе, жоқ әлде түсініп жүрміз бе?

– Біз көшпелі елміз, көшпелі өмірдегі тағамдар қазір сиреді. Қазақ халқының ұлттық тағамын қалпына келтірген жөн. Менің қолымда Қытайдағы төрт облыстан, мұндағы Семей, Алматы, бұрынғы Талдықорған, Шығыс Қазақстан барлығы сегіз облыстан жиналған мың бес жүзге жуық ұлттық тағамның түрі бар.

– Аға, қазақтың небір «көне» тағамдары жайлы дерек жиғаныңызды да сөз еткенсіз. Әйтсе де есіңізде қалған, бүгінде қазақтың дастарқанынан көре алмай жүрген кейбір таңсық тағам түрлерін айтып бере аласыз ба? Жалпы, тағам түрлерінің бастауы турасында да ой жүгіртіп өтсек қайтеді?

– Бұл жерде тағамның тарихын сөз етпеске болмайды. Әрбір елдің мәдени тарихына көз жіберсек, тұрмыс мәдениеті, дастарқан мәдениеті ерекше көзге түседі. «Тұрмысына қарап, мәдениетін білемін, мәдениетіне қарап, халқын түсінемін» деп жазыпты Шоқан Қашқарияға барған сапарында. Бұл турасында орыстың атақты жазушысы Белинский: «Жазушы тұрмысты көрсете алса, онда тарихты да көрсете алғаны», – деді. Адам тұрмысы деген мәселенің тарауы да, ұғымы да көп. Дастарқан, тағам мәдениеті де соларға жатады. Адам өзінің тіршілігіне айналасындағы табиғатпен өзі өндірген шаруашылыққа орай, қара басының қамы үшін денсаулығы, жасы, кәсібі, ауа райы мен әлеуметтік тұрмыс жағдайына қарай тағам түрлерін тапқан ғой. Сонымен бірге әрбір халық өзі өндірген, өзі тапқан тағамына өзінің туған тілінде ат та қоя білген. Әр халықтың тарихында, этнографиясында белгілі бір ортақ дүние, ұқсастық бары сияқты, сөз жоқ, олардың тағамында да ортақ ұқсастық болып келген. Алайда әр халықтың өзіне ғана тән ұлттық тағамы бар. Мәселен, қазақ халқының өзі өндірген, өз тілімен аталатын көптеген тағамы бар екені мәлім. Бұл тағамдар өз ерекшелігімен ұлттық тағам дәрежесінде аты аталып, тұрмыста қолдану тарихы ілгерінді-кейінді болғаны анық. Ал кейбір тағамдар тым ертеректе болған. Тіпті қазақ, қырғыз, башқұрт, моңғол халықтарының ұлттық ортақ тағамы деп ертеден келе жатқан қымызды да айтуға болады. Қымыздың әрі шөл қандыратын, әрі қоректік қасиетін сонау ерте ғасырларда өмір сүрген ғалымдардың өздері жазып кетті. Бұдан екі жарым мың жыл шамасында өмір сүрген гректің атақты ғалым-тарихшысы Геродот Орта Азияға саяхат жасап қайтқан соң, «Орта Азияда скиф деген көшпелі халық бар. Бұл халық құлдарының көзін шығарады да, күбіге құйылған бие сүтін піскізеді» – деп жазған екен.

– Ал осы «кәрі» қымыз одан бұрын қанша мың жылдың куәсі болды екен?

– Біздің қымыз жөніндегі дерек осыдан екі жарым мың жыл бұрын қағаз бетіне түскен. Геродоттың айтуы бойынша, қымыз ғана емес, олар сонымен қатар сүтті ұзақ сақтаудың әдісін де білген. Мұндай әдіс қазақ халқының сүт тағамын жасау мәдениетінде әлі күнге дейін орын алып отырғаны анық. Мәселен, сүтті тосаптап тұз салып, қарында, бүйенде сақтау, мәйекпен ұйытылған сүттен қайнатып алынған қызыл ірімшік, айранмен ірітілген сүттен алынған ақ ірімшікті бабында кептіріп сақтау, ірімшік суынан қайнатылған сарысуды бүйенге, ішекке құйып сақтау, іркітті қайнатып, содан алынған құрт пен қатықтан жасалған тұзды сүзбе құртты бабында кептіру, тұздалған шикі қатықты арнайы жасалған тұлыпқа құйып сүзбе жасау, сарымайды тұздап қарында сақтау секілді тәсілдердің өзі де жеткілікті емес пе! Сүттің биологиялық қасиеттерін ғылыми тұрғыдан талдай білмеген қазақтардың өздері сүттен жасалатын тағамды ұзақ мерзімге сақтай білуі өте тамаша әдіс емес пе?!

Көшпелілер сүтті ұзақ уақыт сақтау әдісін құпия ұстаған

– Бүгінгі күнге дейін желісі үзілмей жеткен сол тәсіл де сақтардың дәуірінде болған демексіз бе?

– Бүгінгі қазақтардың осы әдісі Геродот заманындағы Сақтардың сүт сақтау әдісімен ұқсас болуы да мүмкін. Кезінде Кеңес археологтары қазақтың кең-байтақ даласын мекендеген сақтар өмірін зерттей келе бүгінгі дәуірге ұқсас көп нәрсенің бетін ашты. Қазақстанның байырғы тұрғындары сақтардың мұрагерлері бүгінгі қазақтар деген тұжырымға келді. Көрнекті Кеңес археологы, профессор Руденко өзінің «Скиф дәуіріндегі Алтай көшпелі халқының мәдениеті» атты еңбегінде Алтайдың Пазырық деген жерінен табылған мұраларды көргендегі: «Бұл мұралар көне заманда Алтайды жайлаған сақтардікі еді, ал олар тарихи сахнадан кеткенде солардың орнын басқан мұрагері, нәсілдесі – қазақтар», – деп жазғаны белгілі. Сонымен бірге «осы мұралардың нақты мұрагері кім» дегендерге, «қазіргі қазақтар – сендерсіңдер» дегені де мәлім. Мұндай дәйектер жетерлік. Әбіш Жиреншин деген тарихшы өзінің «Алтайдан табылған мәдени қазына кімдікі?» деген мақаласында «тұрмыс дәстүріне қарағанда осы қорғандарда сүттен жасалған түрлі тағамдар құрт, ірімшік, қымыз құятын торсық, жез шүмекті шегендер, киіз үй, бөренеден қосқан ағаш үй, әсіресе алты сырық ағаштан қосқан жеңіл қостар, ұранқайлар табылды» деген. Демек, Қазақстан жерінің ежелгі тұрғыны сақтардың көне қоныстарынан бізге басқа мұралармен бірге сүт тағамын құятын торсық пен сүттен жасалған құрт, ірімшік сияқты тағамның қалдық сірнелері де табылған. Осы бір деректер Геродот заманында Еуропаға шапқыншылық жолымен барған сақтар мен атақоныста табан аудармай қалған сақтардың екеуінің де сүттен ұзақ уақыт сақталатын тағамдарды жасай білгендігін дәлелдейді. Сол кезде сүт тағамы жай тіршіліктің арқауы ғана болмаған секілді. Геродоттың айтуынша, көшпелілердің сүтті ұзақ уақыт сақтау әдісін құпия ұстаған екен.

– Сүттен түрлі тағам жасауды құпия ұстау үшін сақтарды не мәжбүр етті деп ойлайсыз?

– Бұған екі түрлі жорамал жасауға болады. Біріншіден, осыдан екі жарым мың жыл бұрын сүт және сүттен жсалған тағам түрлерін ұзақ мерзімге сақтау әдісі көп елдерге жетпеген болуы мүмкін. Ал сүт тағамының өзгелер білмейтін сырын құпия ұстау сақтардың экономикасына, әскери және саяси күрес беделіне сол кезде ұтымдылық берген болуы да мүмкін. Сондықтан «жаулары мен көршілерінен сүт тағамын жасау мен сақтау әдісін құпия ұстауға мәжбүр болды ма екен» деген жорамал да айтуға болады. Жалпы, тарихи деректерге көз жүгіртсек, бүгінгі түркі тіл жүйесімен сөйлейтін халықтардың ежелгі ата-бабалары тым ертеден-ақ жосымалы шапқыншы болған көрінеді. Олардың бармаған жері кемде-кем. Шығыста Қытай, Тибетке дейін, батысы – Франция, оңтүстік-батыста Иран, Арабия түбегі, оңтүстікте Үнді жеріне дейін шабуылдап барған. Сонда қаншама ұзақ жолды бастан өткергенде өздерінің азық-түліктерін де бірге ала жүрген. Азықтарының көбі ұзақ сақталатын сүт тағамдарынан болса керек. Мыңдаған жылға созылған көшпелі тұрмыста осындай әскери жорықтардың сан мың түрін көрген бабаларымызға «уақыт талабы сүтті ұзақ сақтауға үйретті ме екен» деген болжамға келеміз. «Көшпелілер астықты өздері жеу үшін ғана емес, сату үшін де өндіреді» деген Геродот сөзін тарихшы Смирнов «Скифтер» деген кітабында келтірген. Демек, сол кезде тек сүт пен етті ғана емес, астықты да пайдаланған. Өмірінің көп бөлігін жорықта, соғыста, ат үстінде өткізетін ел сүт тағамына әскери тағам ретінде қарап, оны өндіру әдісін де әскери құпия етіп ұстады ма екен деген ойға қаласың... Мына бір деректі айтайын.

– Қандай дерек... айта отырсаңыз?

– 1841 жылы қазақ даласына экспедицияға шыққан штаб-емші Ягмин «Перовскийдің Бұхарлық әкімдігін бастап бара жатқан алты жүз қазақ жолға шыққанда ешбір азық алмай, өздерімен бірге сауын бие үйірін айдап жүрді» деп жазады. Демек, ұзақ жолға шыққан алты жүз адамды өздері айдап жүрген жылқыларының еті мен сүті тарықтыра қоймаса керек. Осыған орай мына бір жайды да айта кетудің жөні бар сияқты. 1930-1949 жылдары Шығыс Түркістан қазақтары Гоминдаңға қарсы Ұлт-азаттық қозғалысына қатынасты. Сол кезде олардың егін шаруашылығымен айналысуына Гоминдаң армиясы мүмкіндік бермеді. Қуғынға түскен қазақтар ел-жұртымен үдере көшіп, төрт түлігін айдай жүріп, партизандық ұрыстарға атсалысты. Жорықта, соғыста әрбір адам бірер жетілік азығын өзімен бірге ала жүрді. Ол қанша сақталса да бұзылмайтын сүттен жасалған құрт-ірімшік, сарымай тағамдары болатын. Сондай-ақ қанжығаларында сусын құйылған шағын қымыз торсықтары бар. Кейде осы ыдысқа су құйылып, ішіне құрт та салынады. Шапқылап жүргенде құрт езіліп, бабына келген сусын әрі тамақ болады. Мұндай мүмкіндік болмай, жау оғының астында қалған жағдайда қалтадағы бір уыс құрт әскердің өзегін талдырмайды. Астарына мінген аты талыққанда қойдың құйрығын беріп, атты сүтпен де суғарады. Олардың артынан азық-түлік таситын көлік те, ыдыс-аяғын салдырлатып еріп жүретін аспаздың да қажеті жоқ. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында жиырма екі армияны басқарған, сол кездегі генерал-лейтанант Галицкий Калинин майданында жүргенде жазда екі киіз үй тіктіріп, біріне өзі жататын, екіншісін штаб етіп жасаған.

– Сонау соғыс даласында киіз үй қайдан жүр екен, аға, таңғалып отырғаным...

– Бұл киіз үйлерді оған Моңғолиядан жіберген ғой. Сонымен бірге Галицкий атқыштар слетіне қатысқан жауынгерлерге сықпа құрт беріп, бір дорба құртты көрсетіп тұрып: «Моңғолдар осынау қиын-қыстау күнде өзгедей тамақ жемегеннің өзінде, осы бір дорба сықпа бір адамға бір айға ас әрі сусын деп жазыпты» дегенді генерал мақтанышпен жеткізген. Жалпы алғанда, осыдан екі жарым мың жыл бұрын ет пен сүтке сүйенген көшпелілер мен бүгінгі қазақтардың салт-санасы, шаруашылық өндірісі, тағам жасау әдісі, тұрмыстық күн көру машығы, үйреншікті өмір күйі, дағдылары жағынан әлі күнге дейін бір желіні қуалаған ұқсастық, мұрагерлік бар екені анық.

– Ыңғайына қарай қазақ ас, тағамды үйде де, түзде де дайындай береді. Осы үй тағамы мен түз тағамы турасында өз пікіріңізді айтсаңыз?

– Қазақ халқының «түз дәмі», «үй дәмі» деп аталатын ұлттық тағамдары ішінде отқа қақтап, тасқа қарып, қоламтаға көміп, майға қуырып, суға қайнатып, булап, тұзға басып пісіру тәсілінің бәрі де кездеседі. Олардың кейбірі атының аталуы мен дайындалу әдісіне қарағанда өте ертедегі «көне» тағамды елестетеді. Қазақ халқының тағам пісіру мәдениетінде баяндалған әдістің бәрі де бар. Солардың ішінде өте көне әдіспен дайындалатыны да аз емес. Мәселен, құйқалақ, көмбе, тасқуырдақ, тасқорықтық, тасқа басу, жаубүйрек, көмбеқарын секілді тағам түрлері бар. Сол кезеңдерде бұл тағамдардың пісірілуі өте қарапайым болғанымен, тағамның дәмі, хошиістілігі, құнары, өңі жағынан әрқайсысының өзіне тәні ерекшеліктері сақталып қалған. Соған орай көміп пісірілетін тағамнан біз әлі де қол үзгеніміз жоқ. Қазір де мұны дастарқанға қойып жүргендер аз емес. Сондай көне тағамдардың жасалуына тоқталып өтейін.

– «Көмбеқарын» дегеніміз не?

– Ол – ертедегі тағамның бірі. Бұл турасында біздің жыл санауымызға дейінгі бесінші ғасырда өмір сүрген әйгілі тарихшы Геродоттың жазбаларында айтылған. «Сақтар малдың терісін сыпырған соң, етті сылып алады да, қазанға салады. Егер қазан болмағанда, етті малдың өз қарнына салады. Оған су құяды. Сүйегін отқа жағады. Ал сүйексіз ет малдың өз қарнына еркін сияды. Осы жолмен өгіз де өзімен-өзі піседі» делініпті. Сақтардың бүгінгі ұрпағы саналатын қазақ халқы осынау «көмбеқарынды» түрлі тәсілмен дайындайды. Соның бір түрін айтайын. Малдың, аңның терісін сыпырған соң, түгелдей жіліктеліп мүшеленеді. Сүйегі сылынбайды. Құйрықмай мен шарбы қосылады. Бас-сирақ, ішек-қарын, өкпе-бауыр қосылмайды. Содан соң жақсылап тұздалу керек. Бүгінгі әдіспен бұрыш, пияз, сарымсақты да қосса болады. Қарынның аузын шымшып кесіп алады. Ішін сыртына қаратып аударып таза етіп жуған соң, ішіне етті салады. Ебін тауып өз қарнына салатын болса, қой еті сүйегімен түгел сияды. Етін сылып алған соң қара қабырға мен мойынды салмаса да болады. Су құйылмайды. Қарынның аузын бүріп түйреп аламыз. Міне, «көмбеқарынды» дайындаудың бір жолы – осы.

– Ары қарай жұмыс барысы қалай болады?

– Бұған ошақ керек. Жерді дөңгелектеп ойып, ошақты тік қазамыз. Ет салған қарын сол жерге еркін сыйғаны дұрыс. Тереңдігі елу-алпыс сантиметр мөлшерінде. Бұл шұқырға алдын ала от жағылып, іші қыздырылады. Ошақ қанша ыстық болса, соншалықты жақсы. Ошақ қызып болған соң жанбай қалған шалаларын алып, қалған шоқты жайып тастау керек. Шоқ үстіне құрғақ топырақ сеуіп, шоқтың қарынға тіке өтпеуіне мән берген жөн. Содан соң қарынның аузын жоғары қаратып, шұқырға еппен түсіріп, жай қояды. Оны топырақпен жабамыз. Үстіне мол отын үйіп, төрт-бес сағат алау жағамыз. Кейде аңшылар мен малшылар отты жағып, кешке не келесі күні ашатын да болған. Ашқанда да абайлап алған жөн. Қарынға дейін ошақтың аузы кең етіп қазылады. Қарынға тимес үшін, айналасын ашып, сыпырып, үстін үрлеп тазартады. Әдетте қарынды сол орыннан қозғамай, аузын кеңірек етіп кесіп алады. Көп сәтте «көмбеқарынның» ошағы – дастарқан, қарынның өзі табақтың міндетін атқарған. Міне, бұл – сонау ежелгі тағамымыз. Керемет қой.

– Осы «көмбе» сөзінің төркіні қалай екен, көңіл аударып па едіңіз?

– Мұның тамаққа қандай қатысы бар, қалай туындағаны бізге белгісіздеу. Бірақ қазақ тілінде көмбе сөзі көп кезігеді. Көмбе – жер астындағы табиғи кен, байлық. Адам қолымен көмілген қазына, дүние. Көмбе – дәнді-дақылдар көмілген ұра, қамба, қойма. Көмбе – бәйгеге қосқан аттарды тосып алатын жер, көмбе – сіріңкенің жоқ кезінде қоламтаға көмілген сиырдың жас тезегі, көмбе – адам ойында болатын сыр, меже, түйін. Сонымен бірге жекеше түрде айтылатын – «көмбеқазан», «көмбеқарын», «көмбеқонақ», «көмбенан» сияқты сөздер де бар. Осы айтылған тағамдарды ерте замандарда көміп пісіргені анық. Осыған орай оның аты көмбе сөзімен төркіндес болса керек деген жорамалымыз бар. Бұл тағамдарды қазіргі Семей, Ақмола облысының тұрғындары жиі пісіреді деседі. Әйтсе де күш салып іздесе, халық арасынан тағамның нақты аты да табылып қалар. Сонау көшпелі дәуірден, сақ-үйсін заманынан бері арқауы үзілмей келе жатқан тағамдарымыз сөз болғанда, оның сан алуан ұқсастығы мен біз оның мұрагері екеніміз анықталады. Әсіресе, көп ұқсастықтың бір түрі – ет пен сүт өндіру, ет пен сүт тағамын дайындау, пісіру әдістері, ішіп-жеу әдет-салттарының бүгінгі жер бетінде бар халықтардың тұрмысынан орын алатыны, әсіресе қазақ халқының сүт пен ет тағамдарын өндіру, пісіру әдісіне ұқсастығы ғажап. «Ас – адамның арқауы» дейді қазақ. Деректерге қарағанда, ас жеке адамның ғана арқауы емес, бүтін бір халықтың тарихи-этнографиялық өмір арқауы болып, мыңдаған жылдар бойына тұрмысының тірегі болып келе жатыр. Осы азды-көпті баяндаған тағамдардың пайда болу, дайындау мәдениетіне көз жіберсек, мұндай әдістерді тудырған бейбіт, отырықшы тіршілік емес, көшпелі дәуір, жорықты ұзақ жол, жаугершілік заман екендігін де аңғаруға болады. «Сабасына қарай піспегі» дегендей, тіршілік салтына қарай тағамы да болған, сол тағамдар әлі де біз үшін бағалы. Ешқашан құнын жоймақ емес.

– Көшпелі қазақ мәдениетімен бірге жеткен көне қымыздың да бастауы тым әріректе емес пе?

– Иә, дұрыс айтасың. Көне дәуірден көпке мәлім болып қалған «Ипат қолжазбасында» қыпшақтардың қолына түскен орыс князі Игорь Северскийдің басын қымызға жығып, қашып кеткені байқалады. Бати хан князь Галицкийді қонаққа шақырғанда қымызбен сыйлаған екен. ХІІІ ғасырда Орта Азияға жолы түскен француз ғалымы Франсуа Вильгелм Рубрике де, италиялық саяхатшы Марко Поло да қымызды қалай дайындау әдісін тәптіштей баяндаған. Сол кездің өзінде адам денсаулығына пайдалы екенін айтады. Біраз жыл орыс армиясында қызмет атқарған Шотландия дәрігері Джон Грив Орта Азияда болған кезінде қымыздың шипалық қасиеті жөнінде зерттеулер жүргізіпті.

Кейін ол Эдинбургтың Корольдық қоғамында қымыз туралы ауқымды баяндама жасайды. Бұл еңбегі аса жоғары бағаланған екен. 1792 жылы Хеберлейн деген дәрігер құрт ауруына шалдығады. Сол кезде бар емдомның бәрін де қолданады. Бірақ олардың шипасы болмайды. Ақыры он үш жыл ұдайы қымыз ішіп емделеді де, жазылып кетеді. Хеберлейн кейін қымыз туралы үлкен кітап жазды. Қымыз санаторийі алғаш рет 1858 жылы Куйбышев қаласының іргесінде ашылған. Оны басқарған Постников деген орыс дәрігері. Міне, әлемнің түкпір-түкпірінен келген әртүрлі саланың иелері біздің қымыздың қасиетін мойындап кеткен. Қымыздың физикалық және химиялық қасиеттері ертеде-ақ зерттелді. Шұбаттың құпиясын ғылыми жолмен зерттеген Естөре Оразақов болды. Шұбаттың тіршілік тірегі ақуыз – төрт те тоқсан үш пайыз, ал қымызда – екі де алты, сиыр сүтінде екі де сегіз пайызды құрайды екен. Көміртегі шұбатта – бір де қырық екі, ал қымызда – бір де жетпіс жеті, сиыр сүтінде төрт те бес пайызды құрап отыр. Медицина тарихында тұңғыш шұбаттық шипахана 1965 жылдың екінші жартысында Маңғыстау өңірінде ашылды. Санаторий Шетпеден он сегіз шақырым жерде. Аруана тұқымы тәулігіне жиырма-жиырма бес литр сүт бере алады.

– Шұбаттың қасиеті жайында айтып өтесіз бе?

– Біздің шұбаттың да қасиеті көп. Осы шұбаттың құрамында адам ағзасына пайдалы микроэлементтер өте көп екен. Бұл элементтер басқа ақта кездеспейді. Болған күннің өзінде мардымсыз келеді. Шұбаттың құрамында мыс – нөл де жүз милиграмм пайыз, күміс – нөл де екі, алюминий – бір де алпыс екі, темір екі де елу екі пайызды құрайды. Міне, осы көрсеткіштер адам денсаулығына орасан зор әсер етеді. Шұбатпен емделгендердің алпыс бір де жеті пайызы – бес келі, жиырма сегіз де тоғыз пайызы – он келі, тоғыз да төрт пайызы он келіден астам салмақ қосқан.

Тандыр біздің жыл санауымыздан алты мың жыл бұрын бар екен

– Жалпы әр нәрсенің бастауы болады. Әйтсе де араға сан жылдарды сала келе қоғам алмасып, адамдардың санасы өзгерген тұста кейбір нәрселер де өзінің ізін жасырып қалатын секілді. Біз үшін жұмбақ болып отырған күнделікті жеп жүрген нанымыздың тарихы... Қалай басталады екен?

– Бүгінде қолданыста бар көп нәрсенің бастауын біз біле бермейміз. Оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Ешкімнің тоқтағысы, бір сәт ойланғысы келмейді. Бәрі асығыс, әйтеуір. Қайда, неге асығады осы ел. Көп тағамдардың тарихының бәрі бізге жете қойған жоқ. Тіпті көптеген тағамның ашылмаған сырлары көп. Бүгінгі таңда өзіміз сүйсіне жейтін нанымызды пісіретін тандыр біздің жыл санауымыздан алты мың жыл бұрын бар екен. Ол – өте ертеректе болған. Тарих үшін қас-қағым сәт шығар. Осы нан бір кездері Месопотамияны мекендеген шумерлердің көне жұртынан табылған. Археологиялық қазбалар кезінде шумерлердің бидай, арпа секілді дақылдарды егіп, өсіріп, жинап, одан ұн тартып, ұннан қамыр илеп, нанды тандырда пісіргені анықталған. Ал археологиялық зерттеулер барысында дәнді дақылдар егіп, оны тағам ету Кіші Азия мен Орта Азия жерінде он-он бес мың жыл ілгері басталғаны белгілі болған. Осы айтылған жерлердегі халықтардың тандырда түрлі тағам, түрлі нан пісіретіні анық. Демек, тарихы жағынан, тандыр нан осы өңірдегі біраз халыққа ортақ тағам сияқты.

Жалпы алғанда, ашытқан қамыр бауырсақ, шелпек, тоқаш, қалаш, бәтір, қарма, көмеш, самса, фәрәмәш, мәнті тағы басқа да тағамдар пісіруге пайдаланылады. Ашытқан қамырдан жасалған тағамның өзіне тән дәмі, хош иісі, ләззаты болумен бірге мәйектік сапасы да жұғымды келеді. Кәдімгі өзіміз жеп жүрген бауырсақтың түр-түрі болады; ашытқан қамыр бауырсағы, еспе бауырсақ, төрткүл бауырсақ, домбал бауырсақ, тұщы бауырсақ, сүт бауырсақ, май бауырсақ. Мен осы орайда басқа да тағамдардың түрлерін жазған болатынмын.

– Ол қандай тағамдар еді?

– Мына әскердің тамағы бір бөлек болады ғой. Оны былайша жіктедім. Ірі көлемді фабрика, кіші көлемді фабрика, жеке тағамдарға арналған фабрика, құрғақ тағамдар, жалпы асхана, жеке асхана, ерекше асхана, жорық қазан. Таңертеңгі асты жүрек жалғау, шай астары, түстік, кешкі ас және жорық тамақтары десе болады. Жүрек жалғауға пісірілген сүт, айран, май, қаймақ, ірімшік, бидай талқаны, тары талқаны, сорпа, шұбат, балқаймақ, кілегей, шелпек, бауырсақ, ашыған көже берсе, керемет ас болады.

– Жорық қазандарға қандай тағамдарды жатқызып жүрміз?

– Тасқуырдақ, көмбе, көмбеқарын, күлге көму, құйқалақ, тасқа басу, қақтау, қорықтық әдістері, тас шұқырға су қайнату секілді түзде жүргенде қолдан келер әрекеттерді айтсақ болады. Құрғақ тағамдар – сүт бауырсақ, май бауырсақ, кептірілген нан, қызыл ірімшік, ақ ірімшік, құрт, кептірілген ет, талқан, балқаймақтың түрлері, женттің түрлері, нанның түрлері, жорық шұжықты жатқызамыз.

– Соғыс уақытында қалай тамақтандыңыздар?

– 1944-1945 жылдары Шығыс Түркістан ұлт-азаттық әскерлерінің тамақ өлшемі мынадай еді. Әлі есімде. Әр сарбазға күніне екі жүзекі жүз елу грамм ет, сегіз жүз грамм нан, ұн, күріш, сумай, шай, тұз қосымша берілетін.

– Осы көне тағамдарды дастарқанымызға қайта әкелу үшін не істеуге болады деп ойлайсыз?

– Ұлттық тағам дайындайтын асханалар жасақтап, арнайы мамандар тәрбиелеуге тиіспіз.

– Кейде асты өзіңіз дайындай бересіз ғой деймін...

– Өзім үйде көбіне-көп күндіз жалғыз болғандықтан асты кейде әзірлей беремін. Бірде Майтөбеге барған сапарымда пісірген көне тағамымды «Бір миллион жылдың алдындағы тағам» деп кейін журналға мақала жариялаған болатынмын. Өйткені бірде жабайы адамдар өмірін көрсететін америкалық кино көріп едім. Таспен, ағашпен аңды ұрып алады да, отқа тастап жібереді. Аңды шала-пұла күйдіріп жейді. Ал қазақ алдымен бауыздап, қан-жынын шығарады, ішекқарынын тазалайды. Сосын тұздайды. Мен пісіргенде де осы үшеуінен өзге ештеңе жасамадым да, басқа нәрсе қолданбадым. Тері-перісімен, жүн-пүнімен әзірледім. Өте дәмді шықты. Менде отқа дейінгі, оттан кейінгі, ыдыстан бұрынғы, ыдыс пайда болғаннан кейінгі кезеңде пайда болған тағамдардың түрлерінің атауы сақтаулы болған. Қазір қайда қалғаны есімде жоқ.

Біздің қазақта жалпы бір мың бес жүзге жуық тағамның түрі болған

– Ұлттық тағамдардың өзіңіз қайсысын ұнатасыз?

– Ұлттық тағамның қайсысы ұнамайды дейсің?! Бәрін де талғамай жей берсең болады. Жаңа айтып өттім ғой, біздің қазақта жалпы мың бес жүзге жуық тағамның түрі болған. Оның көбін бүгінгі жастар жемек түгіл, аттарын естімеген де болулары мүмкін. Денсаулығыңа пайдасы мол қазақтың төл тағамдарына жер бетінде ештеңе жетпейді. Әсіресе, шіркін-ай, атам қазақтың сүттен жасалатын тағамдарын айтсаңшы. Жүз елуге жуық сүттен әзірленетін астың атауы бар, біздің қазақта. Мұның бәрі қасиетті тағамдар ғой. Мен 1986 жылға дейін «қорықтық» ішетін едім.

– Шынымды айтсам, «қорықтықты» мен де бұрын естімеппін. Бұл қалай, неден дайындалатын тағам?

– «Қорықтық» деген қойдың сүтін сауып аласың да, далада жатқан тастарды жуып тазалап алып, отқа қатты қыздырып, сол ыстық тасты сүтке тастап жіберсең, сүт қайнайды. Қайнаған сүтті ішсең, жаның бір рақаттанады. Кейін соны алдыртып ішуге менің мүлде мүмкіндігім болмай қалды. Мұхтар Әуезовтің бір шығармасында мынадай бір тағамның аты бар. «Сірне» жедік» дейді. Ал қытайдағы қазақтарда «сірне» деген тамақ бар. Мүмкін, екеуінің жасалуы бір, баспадан кеткен қателік шығар дедім де қойдым. 1992 жылы ғой деймін, бір топ адам болып Алакөлге демалуға бардық. Бір жұмадай аунап-қунап жаттық. Көлге шомылдық. Қысқасы, жақсылап тұрып демалдық. Қайтуға әзірленіп жатқан едік, бір қазақ жігіті қонаққа шақырды. «Біз кеткелі жатырмыз, бара алмаймыз» деп бас тартып едік: «Жоқ, бұлай болмайды. Сіздерге арнайы «сірне» дайындатып жатыр едім», – деп ағынан жарылды. Содан соң жігіттерге «әй, мына сірнені жеп кетейік, құтты қонақ қылып шақырған соң бармасқа болмас» дедім. Ал сол «сірне» қалай жасалған дейсің ғой? Қойды сойып, жіліктейді екен. Сосын оны жақсылап тұздайды. Қазанға мол етіп майды қыздырып, соған жіліктерді салып, қашан қызарғанша қуырады екен. Әбден қызарған кезде етін бөлек алады. Қазандағы майды басқа ыдысқа аударып, орнына су құйып, қайтадан бұқтырады екен. Бұқтырған соң ол ет жібиді. Сол кезде барып табаққа салады. Осы екен «сірне» деп отырғандары. Өте дәмді тамақ өзі.

– Ал қытайдағы қазақтар жасайтын «сірне» қалай дайындалады?

– Жылқышы жігіттер таңнан кешке дейін жылқының соңында жүреді. Қарындары ашқан соң, әрине, олар тамақ іздейді. Содан бір атты ноқталап, сол маңдағы бір кісінің үйіне апарады. Сол үйдің баласына арнап, «ат әкелдік» дейді. Ат әкелдік дегені – атты беріп кету емес, «бізге бір қозы, қой сойып бер» деген сөз. Баласын атқа мінгізіп, үй иесі «балама ат әкеліпті» деп, қозы немесе бір лағын сойып, етін түгел қазанға салып, басына дейін асып береді. Оны «Сірне» дейді. Бұл енді біздің бір дәстүрімізге жатады.

– Сіз айтып отырған осы дәстүрді бүгінгі ұрпақ көрмей өсті. Шет жағасын сіз, сіздің замандастарыңыз көрді ғой?

– Мұны көзімізбен көрдік, дәмді етін де талай мәрте жегенбіз. Сол аш жүрген жылқышылардың тапқан бір салты ғой. Қазір бұл салт мүлдем жоғалып кетті. Жылқы да жоқ, жылқышы да жоқ. Қазақтың қолынан шыққан кез келген тағамы жақсы ғой. Мен өзім тағамның түрлерін көп жинадым. Бірде Маңғыстау өңіріне жолым түсті. Мені аудандық партия комитетінің өкілі алып жүрді. Бір жерге түстенуге кірдік. Қазақтың үйі екен. Дөңгелек үстелге жайғастық. Үйдің иесі шай беріп, бәйек болып жатыр. Үстелдің үсті түрлі тәттілер, наны бар, басқасы бар, бәрі тұр. Ортада кәмпит салынған ыдыс тұр. Іші толған түрлі кәмпиттер.

Соның арасында сырты қапталмаған екі-үш кәмпитке көзім түсті. Былай қарасам шоколад сияқты. Менің жанымда отырған жігіт мұнымды байқап қалып: «Е-е, бұл Жәкеңе арнайы дайындалған балқаймақ екен ғой», – деді. Елең ете қалдым. Жесем тамаша екен. Кәмпит емес, дәмі өзгеше. «Мұны неден жасадың?» – деп дереу сұрап жатырмын ғой. – Кім жасады? «Өзім жасадым».

– Бұл қалай дайындалады екен?

– Түйенің сүтін сауып алып, үш-төрт сағаттың ішінде эмальды ыдысқа құйып, ақырын қайнату керек. Қайнай келе осындай «кәмпитке» айналады. Осыны «балқаймақ» деп атайды екен. Соның бір түйірін жесең, кешке дейін тоқ жүресің. Мен «нағыз ғарыштың тағамы екен» деп айттым сол жерде. Ғажап тамақтар бар осындай. Осы тағам түрлерін дамытып, қайта қолға алу керек. Мына кәдімгі құрттың өзін алайық. Оңтүстік жақта құртты айраннан жасайды. Болмаса сүзбеден. Ал Шығыс Қазақстан өңірінде олай емес. Айраннан жасалған құртты «сүзбе құрт» дейді. Шығыс Қазақстан жақта «іркіт» деген бар. Оңтүстік өңірі іркітті «айран» дейді.

– Іркіт қалай жасалады?

– Сабаға жиналған сүттің майын алады, содан қалғанын «іркіт» деп атайды. Майын алған соң ол «іркіт» болады. Соны қайнатады. Қалғанын қапқа құяды. Ішіндегі сарысуы шығып кетеді. Шығыс жақтағы құрттар қатты болады. Оны тісіңмен шағып жеу мүмкін емес. Кейде сол құртты езіп ішсең, керемет тамақ болады. Оңтүстік пен батыстың тағамдарын жинай алмадым. Батыс Қазақстанда балықтан жасалатын тағам түрлері өте көп. Сондықтан бүгінгі күні қолданыста бар тағам түрлерін жинауымыз қажет. Мен айтып отырған бұл ас атауларының көбі жоғалып кетті. Менің қолымда тұрған мың жарымға жуық тағам түрлері – тек Шығыс өңірінен және Алматы облысынан жинақталған астың атаулары. Сол бір кезеңдерден қалған бір әңгіме есіме түсіп отыр. Ұмытпай тұрғанымда айтып қалайын.

– Әрине, айта отырыңыз?

– Мына жайт есімнен кетпейді әлі күнге. Қарабура деген өзен Барлық дейтін таудан ағып шығады. Соның сағасында отырамыз көктемде. Әкемнің көзі тірі ол кезде. Қозы бағам. Қозы бағып жүргенде бір өрмекшіні көрем. Өзі үлкен бармақтай. Ақсұрлау. Сыртында қара дағы бар. Ақырын ғана жүреді. Тор жасайды. Әлгі өрмекшіні көрем де, дереу от жағам. Сол жанып жатқан отқа өрмекшіні тастай салам. Отқа салатын себебім өрмекшінің аузында екі тісі бар. Сол екі тісі отқа күймейді. Өзі быр етіп күйіп кетеді, бірақ тісі аман қалады. Осыларды жинаймын. Қаншама қызулы отқа салсаң да әлгі тістері күймейді. Тек қара күйеленіп қалады. Темір қызарады ғой, мынау көгереді. Басқа ешбір жерден бұл өрмекшіні кездестіре алмадым. Басындағы тісіне қарағанда адамды шағатын болуы керек. Кішкентай ғана денесіне темірден жасалған тіс неге керек болды? Жауабын таппадым. Көп іздедім бұл өрмекшіні. Бірде санаторийде демалып жатқам. Қолымда газетім бар. Ұзын дәлізде келе келе жатыр едім, бір құмырсқа менен озып кетті. Мынау не деген жүйрік құмырсқа деп ойладым. Әлгіні газетке салдым да, қайтадан артқа қарай апарып тастадым. Жерге қоя беріп ем, қайтадан жүріп кетті. Артынан еріп келе жатырмын. Және бір он шақты адым жасаған соң, қайтадан апарып тастадым. Екі-үш рет қайталадым. Сондай бір жүйрік құмырсқа. Мұны көрейінші деп біреуін ұстап алдым. Қолымда үлкейткіш әйнегім бар. Қарап отырсам құйрығында жұмсақ қара домалағы болады ғой. Жүгіргенде сонысын төбесіне қойып алады екен. Сонымен ұстаған құмырсқамды өлтіріп, өлшеп, осы құмырсқаға «Сарыағаштың желаяғы» деп ат қойдым (рақаттана күлді).

Қазақ – алтынды табанына басып тұрып, оған көңіл аудара қоймайтын ел

– Біздің байырғы медицинамыз жөнінде әңгіме өрбітсек. Әлімсақтан белгілі бабаларымыз, аталарымыз кез келген ауруды өздері емдеп жазып отырған. Сол кісілердің ұзақ өмір сүріп, денінің сау болғаны қандай кереметтердің арқасы деп ойлайсыз?

– Бұл – өте бір көне тәсіл. Жалпы, шөппен емдеу – өте керек, қажет нәрсе. Өйткені біз медицинада бір апатты тауып алдық. Ол – химиялық дәрілерге тым арқа сүйеп кеткендігіміз. Ал шөп дәрілерге мұрнымызды шүйіре қараймыз. Көптеген шөптер адамның, хайуанның ауруына ем болады. Мен өзім Қытайда жүргенде мынадай бір сұраққа жауап іздедім. Қытайлармен бір ауамен тыныстап, бірге жасап жатырмыз ғой. Біз өспейміз, олар күн санап көбейіп жатыр. Мен ары ойланып, бері ойланып, іздеп жүріп, мынадай қорытындыға келдім. Қытайдың кемпір мен шалдары жүздеген шөпті жинайды. Ананың баласы ауырып қалыпты десе, мына шөпті апар, іші ауырып жатыр екен десе, онда мынаны пайдаланыңдар, суық тиіп қалыпты десе, мына шөпті апар дейді екен. Көрдің бе, жүздеген шөпті жинайды. Әр шөп әртүрлі ауруға шипа. Біз шөпті табанымызға басып жүріп, соны жинамаймыз. Соның пайдалы екенін біле тұра мән бермейміз. Жалпы алғанда, шөпке көңіл аудару қажет. Менің өзімнің ойым, біздің медицинаға қосымша екі факультет керек екен. Шөп дәрілерімен айналысатын және қазақтың көне сынықшылығымен айналысатын екі факультет ашылса құба-құп болар еді.

– Бір сөзіңізде осы дәрілік шөптердің бірсыпырасын дәрі-дәрмек жасау орындарына өткіздім деп едіңіз? Олардан қайыр болмағанын да тілге тиек еттіңіз. Әйтсе де, ол қандай емдік шөптер еді? Егер мүмкін болса, шипасы мол сол емдік шөптерді қайдан таптыңыз, алған жеріңіздің аттарын да айта отырсаңыз?

– Иә, бір кездері осы емдік қасиеті бар бірнеше шөптің түрлерін ұсынған едім. Қабылдап алғанымен кейін олардан жауап болмады. Мен де қазбаламадым. Қапелімде есіме түсе қоя ма? Шамам жеткенінше айтып көрейін.

Хасың – бұл жержаңғақ дәнінің сыртындағы жұқа қызыл қабық, жаңғақтың сыртқы қалың қабығы емес. Жаңғақ шандыры – әдеттегі Орта Азия жаңғағы. Жұп дәннің арасындағы жұқа қабыршық.

Тамырдәрі болар деген үмітпен алынған белгісіз бір шөп – тамыр, сабақ. Қара у қорғасын – Кегеннің Тұйық деген жерінен алынған. Сәл толыспаған кезі. Ақ у қорғасын – Үлкен Алматы аңғарынан алынды. Бұл 1981 жылдың шілде айы болатын.

Андыз – Алматы аңғарынан алынған. 1981 жылы қыркүйек айы.
Алтын түбірдің суға шыққан түрі. Бұл Қаракестек өзенінің басынан алынды.
Бұйра қызылша – 1981 жылы тамыз айында Күршім өзенінің жағасынан әкелінді.
Таспа қу – 1981 жылы Күршім ауданының Жылытау деген жерінен алынды.

Шайқурай – 1981 жылы тамыз айында Күршім өзенінің Бурабай деген жерінен алынды. Арша – 1980 жылы шілде айында Қаракестек өзенінің бойынан әкелінді. Мұны Теріскей аршасы деп те жатады. Қолаңса қурай – Кеген ауданының Жалаңаш дейтін елді мекенінде өседі екен. Бектеміров Ажыбек деген кісі біледі. Тіс сырқаттанғанда қолданады.

Адыраспан. Адыраспанның ұрығы.
Киікоты – Кәстек тауында және Жезқазған облысында өседі.
Арқар жусан – Алатау елді мекенінен әкелінді.
Кеуіл – Сарыағаш ауданы Келес өзені бойынан.

Қызыл құлақ – тіс сырқатын, тамаққа суық тигенде жейді, қайнатып ішеді, тамаққа басады. Аю қарақат, шие, долана, таңқурай, сиырбүлдірген, қойбүлдірген, тошала, ешкібүлдірген, алма, қызыл шие, қызылқұлақ, шырғанақ, сарыағаш, бүрген, итмұрын, өрік, рауғаш, шұғанақ, сарана, бек, үшбұрыш, шекаман, түйетабан, сарымсақ, тау сарымсақ, қойжуа, таубұршақ, жауқазын, монданақ, мойыл, қарақат секілді емдік қасиеті жоғары пайдалы жемістер де бар. Бұлардың бәрін «Қазақ дәрі-дәрмек жасау орындарына» бердім. Олар бұған көңіл бөлген жоқ. Жауап та қайырмады. Осыларды қайталап, тағы да ұсыну керек секілді.

– Осы орайда өзіңіз білетін кейбір шөптердің емдік қасиеті турасында сөз қозғап кетсеңіз дұрыс болар еді.

– Мына Оңтүстік жақта жоңышқа деген шөп өсе ме?

– Иә, аға. Бұл шөпті жазда екі мәрте орып аламыз.

– Осы жоңышқа шөп қой. Малдың азығы үшін өсіріледі. Биіктігі бір метрге жақын. Жылына сол ерте көктемде шығатын болған соң, екі мәрте орылады. Жазда көгеріп тұрған күйінде пайдаланса болады. Күздігүні тұқымын қағып, кептіріп, сақтап, дәрі жасауға болады. Енді ғана шығып келе жатқан жоңышқаның жапырағын алып, оған шекер қосып езіп жеп тұрса, денеңдегі қуатты көбейтіп, қаныңды арттырады. Сірке қышқылына езіп пайдаланса, денеңдегі ісікті жазады. Мына адамның қол-аяғы қалтылдап қалады ғой. Сол кезде жоңышқаның жапырағын мол ғып алып, соны қайнатып, аяқ-қолға таңады немесе ыстық буымен парлайды. Осы жоңышқаның ұрығын ыстық күнге қыздырып, күн сайын жақса да болады. Енді былай аса қатты ауруы жоқ адамның асқазан, ішек жолдарын тазалауға да болады. Бұл үшін ерте көктемде жаңа көктеген жоңышқа жапырағынан тұшпара немесе мәнті жасаса, ішті босатады. Адамның ас қорыту ағзаларының жұмысын жақсартумен қатар адамға рухани сергектік сыйлайды. Жалпы алғанда, қолдан егілген жоңышқа мен жабайы өскен жоңышқаның емдік қасиеті бірдей. Жоңышқаны пайдаланғанда аурудың жағдайына қарап, түрлі мөлшерде қолданса болады. Олардың құрамында А, В, С, Е секілді пайдалы дәрумендер бар. Ақуыз, амин қышқылы және май да құрамында бар. Көрдің бе, осындай шөпті егіп жүріп, тек малға берумен шектелеміз. Қалақай дейтін шөпті де естіп, көріп те жүрген шығарсың. Былайша «шақпашөп», «қышымашөп» деп те аталады. Биіктігі он бес-отыз сантиметрдей. Қолыңмен ұстасаң, бойындағы шақпа түктері етіңе тисе, шаян шаққандай дыз еткізеді. Осыған қарап «шақпашөп» десе керек. Өзі төрт қырлы, сабағы тік өседі. Жапырақтары қарамақарсы орналасқан. Аталығы мен аналығы бөлек өседі. Гүлінің түсі жасыл болып келеді. Қауашақтағы жемісі жұмыртқа секілді, түсі қоңыр, жалпақтау келеді. Бұл шөп көбіне таудың жылғаларында, жолдың жиегінде, беткейлерде, қалың шөптердің арасында да өсе береді. Қалақайдың жерүсті бөлігінен дәрі жасалады. Жинау тәсілі былай. Жазда, күзде орып алып, турап кептіреді. Тамырын да кейде дәрі жасауға қолдануға болады. Дәмі ащы, кермектеу болып келеді. Желден, суықтан буын-буындар қабынғанда осы қалақайды тиісті мөлшерде қайнатып, қайнатпасымен ауырған жерді жуса, болады. Әйелдер босанғанда денелері құрысып қалады. Сол құрысқанды жазуға, «жас балалар шошымасын» деп «шақпашөптің» жапырағы мен сабағынан алып, суға қайнатып ішеді. Жылан шағып алғанда, қалақайдың жас жапырағын алып, жараның аузына таңып тастаса, уды қайтарады. Мұрыннан қан кеткен жағдайда осы шөптің жапырағын алып, мұрынға жапсырса, қанды тыяды. «Шақпашөптің» жас жапырағын алып, оны сығып, сығындысын денедегі күйікке жақса, жараны жазады. «Есекжем» деген бар. Соған жас қалақайдың жапырағы мен сабағын қосып қайнатып ішсе, де ем болады. Міне, қандай керемет емдер. Осы қалақайдан қазір «сусабын» да жасап жүр ғой. Сыртын оқысаң, «қалақай» орысша «крапиво» деп тұрады...

Жалбыздың емдік қасиеті

– Аға, басқа біз білмейтін емдік шөптер жайында білгендеріңізді айтпай кетуге болмас.

– Мен шөпке көп бас ауыртқан адаммын. Қарбызды кім білмейді дейсің. Осы қарбыздың бір пайдасы жөнінде ой қозғай кетейін. Енді жаз маусымы бітер шамасында қарбыздар да пісіп жатады. Қарбыздың бүйрекке пайдасы көп. Тазарту процесін дұрыстап орындаған жөн. Ол үшін апта бойына қара нанмен қарбызды ғана жеу керек. Қарбызың сусын әрі тамақ болады. Бүйректі тазартып қана қоймай, асқазанды да тазартады. Бір апта өткен соң ыстық суға шомылып, салқын қарбызды жесең ешқандай залалы жоқ. Ыстық суға шомылған соң мұздай қарбыз жегенде зәрді қуалайды, сонымен қатар бүйректегі тас пен құмды да шығарады. Енді мұны пышақсыз операция десе де болғандай. Нәтижесіз болып жатса, мұны тоқтатпай ары қарай жалғастыру керек. Адам өсімдік майымен де тазаланады.

– Жасау әдісіне тоқталсаңыз?

– Мұны күніне бір рет аш қарынға немесе жатар кезде жасаған жөн. Енді мұны қалай жасаймыз? Бір ас қасық пісте майы дейміз ғой, соны аузымыздың алдыңғы бөлігіне құйып, он бес-жиырма минут ұстап тұрамыз. Май ауызда тұрғанда кәмпит сияқты сорылып, басында қою, кейін сұйық сүт тәріздес затқа айналады. Егер сыртқа шыққан сәттегі майдың түсі сарғыш болса, оның ауызда соруы кем болды деген сөз. Өсімдік майын қолдану барысында ағза түрлі удан арылады. Ағзаның зат алмасуы жақсарады. Енді түрмеде жатқан кезімде осы жалбызды жеп, аман қалғанымды бір әңгімемде айтқанмын. Жалпы жалбыздың емдік қасиеті орасан. Сексен-жүз сантиметр, кейде бір метрге дейін өсетіндері бар. Енді өзің көрген болсаң, өн бойынан хош иісі аңқып, мұрныңды жарып тұрады ғой. Сабағы төрт қырлы, қуыс өзекті, буынды болып келеді. Жалбыздың сабағынан дәрі жасайды. Жаз айында гүл ашудан бұрын орып алып, көлеңкеде кептіреді. Дәмі қышқыл, усыз болады.

– Қандай ауруларға ем?

– Адам ыстықтан да кейде тұмауратып жатады. Сол уақытта жалбызды суға қайнатып ішеді. Адамның басының ыстығы мен қатар, ішкі ағзалардың да ыстығы көтеріліп, көз қызарып ісінгенде, ұшынып қалып, ерінге ұшық шыққанда жалбыздың он грамын суға қайнатып, күніне екі мезгіл ішсе болады. Қызыл шақа, иә болмаса есі кіріп қалған сәбиге қызылша шығып, денесі қызғанда, жұтқыншағы ісінгенде, тамағы қарлыққанда төрт-бес грамм жалбызды әбден қайнатып, суына аз мөлшерде қант қосып ішкізсе болады. Жас бала тұмауратып қалса, жалбызды алып, суға бір қайнатып, бір метрдей көк түсті шүберекті жалбызға малып, осыған баланы орап, тағы да қалың етіп жауып терлетеді. Осыдан соң ғана баланың қызуы біртіндеп қайтады. Кейде адамның мұрнынан қан тоқтамай жатады. Сондай сәттерде жас жалбызды езіп, суын сығып, мұрынға тамызады. Егер жалбыз кеуіп қалған болса, суға қайнатып, сол суға мақтаны салып, мұрынға суын тамызу керек. Құлақ ауырғанда да, жас жалбыздың суын сығып, соны құлаққа тамызады. Осы жалбызды басып жүріп, қандай қасиеті бар екенін де ұғынбаймыз. Жолжелкен деген тағы бір шөптің түрі бар. Қазақстанның барлық өңірінде кездесетін болуы керек. Ол жағын биология ғылымының мамандары білер. Мен осы шөптің пайдасына тоқталайын. Кейде бұл шөпті «бақажапырақ» деп те жатады. Жеміс береді бұл шөп. Енді жемісін жеп жатқан ешкім жоқ. Басындағы тұқымы ғой шашып жатқан. Осы тұқымын алып, дәрі жасайды. Өзінің бабына келіп, әбден піскен соң, тұқымын тазалап, шикілей немесе қуырып жасайды. Шөбінің өзін жаздың күндері жұлып алып, сол күйінде турап, кептіріп жасайды. Дәмі тәтті, усыз өсімдік қой.

– Ем болатын ауруларын айтып өтесіз бе?

– Есімде қалғанын айтайын. Бұрынырақта көбірек мән бердім ғой осы шөпке. Қазір қайдан, оған шама жоқ. Мына адамның ішегі қабынып ауырғанда, осы жас жолжелкеннің он бес грамын қайнатып, күніне екі мезгіл ішіп тұрса жеткілікті. Тамақтағы қақырықты шығарып, жөтелді де қайтарады. Ыстығы көтерілген адамның да ыстығын тоқтататын қасиеті бар. Бүйректің аяқ астынан қабынып ауруына отыз грамм мөлшеріндегі жолжелкенді қайнатып қолданады. Қарамық дейтін шөп тектес өсімдік бар. Биіктігі – отыз-алпыс сантиметр. Гүлі солғын қызыл түсті келеді. Домалақ тұқымы қара түсті болып келеді. Осы қарамықтың дәрілік қасиеті бар. Жазда тұқымы пісті-ау дегенде орып алып, тұқымын қағып, тазалап кептіреді. Шикілей немесе жарылғанша қуырып, дәрі жасайды. Бұл шөп әсіресе әйелдерге пайдалы. Қанды күшейтіп, етеккірді келтіреді, ісікті қайтарып және сүт шығарады. Омыраудан сүт шықпаған жағдайда тоғыз грамм қарамықты, он екі грамм ащы қарбыздың тамырын, тоғыз грамм дагор балдырын қосып, суға қайнатып ішкен жөн. Бұл – әрине, балалы әйелдер үшін, әсіресе, омырау сүті азайған уақытта таптырмас шипа. Белге көп күш түсіп, ауырған жағдайда қарамықты қуырып, майдалап, алты грамнан бір күнде екі реттен ішсе, пайдасы мол.

– Аға, есіме қазір түсіп отыр, өткенде бір сөзіңізде шашқа түскен ақ қырау турасында айтам деген едіңіз...

– Есіме салып тұрмасаң, ұмытып қалам ғой. Бірін айтып, екіншіге көшіп кете берем. Бұрындары табиғат, шын мәнінде, таза болатын. Экология дегенді естіген емеспіз. Кімнің шал, кімнің жас екенін де анық аңғаратынбыз. Осы күні жасы жиырмадан асқан жастардың да шашы ағарып шыға келеді. Әйтеуір, дүкендегі шаш бояйтын бояғыштар жақсы болды ғой. Шаштың ағаруы қарттықтың белгісі еді.

– Тепсе темір үзетіндей, жалындаған жастардың да шашының ағаруы неліктен деп ойлайсыз?

– Негізінен, шашқа ақ түсудің алғашқы нысандары отыз бен қырық жаста байқалады. Шығыс медицинасының зерттеуі бойынша, шашқа ақ түсу бүйректің ауыратынынан хабар береді. Адамның жасы ұлғая келе шаштың беріктігі мен түсін сақтап тұратын пигменттері азая бастайды. Бұлардан да өзге жүйке жүйесінің шаршауы, оның қызметінің бұзылуы, қажетті дәрумендердің жетіспеуінен, ұйқының қалыпты болмауынан осындай дәрежеге жетеді. Ағзадағы қанның аздығы мен күннің астында көп жүру де әсер етеді. Мына адамның шашында алтын, күміс, мыс секілді металдар да болады. Осы мыстың жетіспеуі шаштың ағаруына септігін тигізеді. Мыс жаңғақ, бидай секілді жеміс-жидек түрлерінде көп болады. Ғалымдардың айтуынша, дені сау адамның шашы айына бір сантиметр өседі. Шашты күніне ағаштан жасалған тарақпен тараған жөн екен. Бұл бастағы қан айналымының жақсаруына әсер етеді. Басты аптасына бір рет қана жуады. Бірақ бүгінгі қаланың ластығы, шаңтозаң оған мүмкіндік бермейді. Енді адамның көркін келтіретін шаш қой. Сондықтан оны да күте білуіміз керек.

– Аға, осы қазақтың көне медицинасын қалай атаған?

– Оны енді халық емі деп атады ғой. Осы жақта дәрігер дейді, емші дейді.

– Бұған бақсылықтың қатысы бар ма өзі?

– Бақсылық басқа нәрсе ғой. Ал емшілік бөлек. Халық емі жөнінде көп нәрселерлі айтуға болады. Шөппен емдеу, сөзбен емдеу секілді оның тәсілдері көп. Мен бірде өте қызық нәрсеге кезіккенім бар. Жалпы, бұрын да өзім оның шет-жағасын білетін едім. Бір адам жынданыпты десе, оны ағашқа байлап қояды. Қозғалмайтындай етіп, мықтап, тас қып шандып байлап тастайды. Ол бейшара бақырып-шақырып тұрады. Бір кезде соның жанынан от жағады. Қызып тұрған отқа темір ме, көсеу ме, соны салады. Ол әбден қызады. Байлаулы тұрған адамға темірді отқа салып жатып «қазір сені өлтірем, қазір сенің көзіңді жоям» деп әбден қорқытады. Қып-қызыл боп жанып тұрған темірді алып, «міне, сені өлтірем» деп, бетіне қарай тақап қалғанда, айғайлайды ол. Болды! Сол «а-а-а» деп бақырған дауыстың шығуына байланысты ауырған адам айығып шыға келеді. Мына адамның жүйке жүйесінде сондай бір түйін бар. Осындай аурумен ауырған адамдарды жазу барысында бұл тәсілді біздің бақсылар да кеңінен қолданған. Жалпы, бір жағынан, бақсылар да, емші ғой.

– Өзіңіз көзіңізбен көрген қызық оқиғалар жоқ па?

– 1948 жылы мен әскердемін. Біздің штабтың жанында Шихо деген қалашық бар еді. Арамыз жақын болған соң, барыс-келісіміз көп. Бізді тұрғындардың көбі әбден танып алған. Ауданның орталығы ғой. Шағын ғана. Анда-санда барып, шай ішетін бір қазақтың отбасы сонда тұратын еді. Соның он жеті жастағы қызы бар болатын. Жас қыз ғой. Бірде сол байғұс қызды «жынданып кетіпті» деп естідім. Бұл хабарды ести сала, мен бірден бара алмадым. Сол маңдағы әскери дәрігерлер бар, жергілікті дәрігерлер бар, бәрі жабылып қарап, «мұны жазу біздің қолымыздан келмейді»депті. «Сіздер бұл қызды Құлжаға апарыңыздар» деп әке-шешесіне кеңес береді. Ол уақытта зыр етіп бара қоятын машина жоқ, арбамен апарады ғой. Құлжаға жету үшін бір жеті жол жүру керек. Екі-үш күн жүріп, Жың дейтін өзен бар еді, сол өзеннің жағасына келіп, түстенуге отырады. Көктем уақыты, су тасып жатқан кез. Дастарқандарын жайып, асқа отырғанда қызы да бірге жайғасады. Бір кезде қыз ұшып түрегеліп, бұлқынып-сілкініп, өзенге қарай тұра қашады. «Әй, қайда барасың» деп шешесі оның артынан қуа жөнеледі. Шешесінің сөзіне бағынбай құз жардан құлап кетеді. Тасып жатқан су ғой. Әкесі қарулы адам болатын. Өзеннің аяқ тұсынан барып қызын судан шығарып алады. Енді ары кеткенде бес минуттың ішінде болған оқиға ғой. Судан шығарса, қыз сап-сау дейді. Көрдің бе?!

– Мұның мәнісі неде?

– Меніңше, қыз суға жардан құлап түскенде қатты қорыққан ғой. Осы болған оқиғаны қазір көзі тірі Қамза Қалиев деген дәрігерге айтып бердім. Қытайдан келген жігіт. Мен айтқан оқиғаны енді оны қалай жасау керек деп, әдіс-тәсіліне қосып, өзінің кітабына жазыпты. Ол кітап сатылып кетті.

– Қашан жазылған кітап еді ол?

– Қайда-а-а, сексенінші жылдары. Талдықорғанда тұратын бір үйдің өрімдей жиырма екі жастағы баласы әскерде екен. Сол жігітті «жынданып кетті» деп әскерден босатып, үйіне қайтарып жіберіпті. Үйіне келеді. Қарулы жігіт. Тепсе темір үзетіндей қайратты. Ал оның шешесі сауатты адам екен. Жаңағы мен айтқан дәрігер Қалиевтің кітабы бірде оның қолына түсіп қалады. Оқиды. Қайта-қайта оқып әбден көңіліне тоқып алған соң, үлкен қызы мен күйеу баласын үйіне шақырады. «Мына кітапта былай деп жазылыпты, осылай жасасақ қалай болар екен» дейді ғой баяғы. Олар да келісе кетеді. Содан жігітті алдапсулап алып шығып, Көксу деген жерге апарады. Соның жағасында қыдырғандай болып жүреді. Жездесі балдызын алдағандай болып, түрткілеп ойнай бастайды. Балдызбен ойнайды ғой енді жезделері. Сөйтіп, суды жағалап келе жатады. Бір ұрымтал, терең жерге келгенде жігітті суға итеріп кеп жібереді. Ол гүмп етіп мұздай суға бірақ құлайды. Енді қарулы жігіт емес пе? Малтып, тырмысып жағаға өзі шығады. Жағадағылар аңдап қараса, сап-сау. Шешесі ұлын ертіп, «айналайын, сенің кітабың бізге көмектесті» деп, біздің сол Қамзаға келеді. Өздерінің әкелген жөн-жоралғысын да тарту етіп, алғыстарын жаудырады. Көрдің бе, халықтың ішінде осындай бір дәрігерлік емдеу тәсілдері бар. Қандай жақсы ем. Демек, адамның ми жүйесіндегі тамырлардың жаңылысуынан есі ауысып кететін болуы керек. Сонда адам қатты қорыққанда қайтадан қалпына келетін болып тұр ғой. Міне, мұның бәрін өзім көзіммен көргенмін.

– Ойпырмай, ә, біздің халық не деген данышпан еді десеңізші?

– Менің әкем айтып отыратын еді, аты есімде қалмапты. Бала кезім ғой. Пәленшедей дәрігер қайда, ондай мықты дәрігер жоқ қой деп отыратын. Сол дәрігер 1917 жылдары Ленинградта оқыған адам екен. Ол жақтан қашып, Қытайға өтіпті. Дүрбелжін деген ауданға кеп тұрақтапты. Біздің ауылмен көбірек қарым-қатынас жасаған екен. Әкемді жақсы таныса керек. Ол өзі сол кезеңдерде жас жігіт екен. Бір күні ауылдағы бір кісінің баласы тойда лақ тартып жүрген жерінде аяғын ат басып кетіп, әбден езіп жіберіпті. Қайтадан орнына келтіру мүмкін емес. Сонда, сол дәрігер көріп, бір ботаны сойғызып, ботаның ортан жілігін жалғап, қайта жымын білдірмей әлгі баланы жазып жіберген екен. Осы оқиғаны бала кезімде үйде әкем айтып отыратын.

– Бұл қай жылдары болған сонда?

– Бұл сонау 1917 жылы болған оқиға ғой. Ұмытпасам, 1946 жылдары болу керек. Бір сынықшыны елдің бәрі аузынан суы құрып мақтап жататын. Көрейін деп, мен де бір күні бардым. Сол кезде ол сынықшының жасы жетпіске таяп қалған екен. Сол кісі айтқан мына сөздер әлі есімде.

«Балам, мына сынықты салғанда, қыста да, жазда да сүйек жалғауға болады. Егер сынған жер қалпына келіп, мүмкін болып жатса өзінің сүйегін қайта салады. Қалпына келмей, езіліп кеткен болса, кесіп тастап, ботаның сүйегін салады» – деп еді жарықтық. Сосын қыста да, жазда да ботаның сүйегін салуға болады. Ал иттің сүйегін жалғауға болады, бірақ оны тек қыста ғана жалғай аламыз. Өйткені, жазда ол ыстық келеді деген секілді адам естімеген нәрселерді маған айтқаны әлі есімде. Осы тәрізді қазақ емшілерінің таңғаларлық емдеу тәсілдері аз емес.

– Қазақтың сынықшылық дәстүрі де қазір жоқ десе де болады. Керемет емшілік тәсіл емес пе еді бұл?

– Иә, қазіргілер осы көне медицинаны және шөппен емдеуді менсінбейді. Мұрындарын шүйіре қарайды. Бізде шөппен емдеу тәсілі аздап қана бар, ал қытайлар мұны көптеп пайдаланады. Бұл дәстүрлі емдеу әдісі де жер қойнына сіңіп бара жатқандай. 1970-1980 жылдары Ақтөбенің бір жігіті Алматыға келіп жұмыс істеп жүрді. Жазғы демалыста ылғи осында келіп, хирургия бөлімінде жұмыс істейтін. Өзі сынықшы екен. Жалпы, сынықшылықты медицинаның жолына салу өте қиын. Олар мұны біле бермейді. Ана жігіт соның әдістерін меңгерген екен. Ол уақытта мен журналдамын ғой. Ол туралы мен мақала да жаздым. Осында істеп жүргенде хирургияға бір адамды алып келеді. Омыртқасы үзіліп кеткен. Соны хирургия бөліміндегілер қайтадан қалпына келтіре алмады. Әлгі сынықшы осыны емдеп, сынығын жазып, орнына қойып береді. Осы бір жұмысын көрген еврей дәрігер қатты риза болып, бұл жігіттің қолына анықтама беріпті. «Мен мұндай шеберлікті көрген емеспін, мұны дамыту керек екен» делінген онда. Осы секілді сынықшылықтың көптеген әдістері бар. Менің Тайшыма дейтін досым бар еді. Соның туысының баласы Кеген ауданына жазда демалысқа барады. Аттан жығылып, саны күйреп кеткен екен. Соны хирургке апарған екен, оны гипске салып қатырып тастапты. Ол мұнымен қалпына келмепті. Сүйек орнына түспеген соң, ісіп кетіп, баланың әке-шешесі қатты қауіптенеді. Сол жерде қазақ емшісі бар екен, соған көрсеткенде, әлгі сынықшы гипсті алып тастап, қайта қарап, сүйектерді қойып, қайтадан қазақша байлап, жазып жіберіпті. Осындай дүниелер көп. Мына Қарақалпақстан жақтан келген сынықшы бар еді осында. Мен көргенде жетпіске тақап қалған адам. Баласы да сынықшы болатын. Осында қытайдан келген Фаузия дейтін гимназияда қатар оқыған кемпір бар еді. Бір күні үйіне телефон соқсам, «Ой, менің аяғым сынып қалды, келе жатып, жығылып қалдым, хирургке барып едім, гипспен таңды, бірақ қазір аяғым ісіп жүр», – дейді. Содан маған: «Ей, сен бір қазағыңды мақтаушы едің ғой, соныңды жіберші маған», – деді. Өзінің ұлты татар. Содан сынықшыға телефон шалдым. Осы Алматы қаласындағы Орбита дейтін шағынауданда тұратын. Татар кемпірдің мекен-жайын айтып, бәрін бергем. Бір жеті өткен соң Фаузияның үйіне телефон соқсам: «Ана сынықшың келіп, гипсты алып тастап, қайтадан қазақша байлап, бір кезде «тұр орныңнан» дейді. Өзі жынды кісі екен. Ойбай, мен тұра алмаймын десем, «не мен сені айттырғалы келді дейсің бе, тұр орныңнан» деп ұрысты. Үүйдің ішінде тұрып жүресің, көп жатпа, азғана жат, жүре бер деп кетті, қазір жаман емеспін», – деді татар кемпір. Бұл сынықшылық – қазақ халқының үлкен медициналық ғылымы. Мына мемлекеттік медицина университетіне қосымша екі факультет керек. Бірі – шөп дәрілермен айналысатын, екіншісі – сынықшылықты тереңірек дамытатын факультет болса ғой, шіркін!. Адамның қаны басына шауып, көтеріліп кетеді. Енді басын қысып ауыратын болуы керек.

– Мұның емі қандай?

– Мұны емдеу үшін «арша» деген шөпті қолдану қажет. Сол шөпті күніне бір шайнек ішсе, адам толық жазылып кете қоймаса да, қанды ойнатпайды. Қан қысымын төмендетеді. Адамға бір жайлылық сыйлайды. Қытайдан келген бір шал бар еді. Әйелі де, өзі «қан қысымы» көтеріліп, ауруханаға жатқан екен. Бір күні әйелінің қайтыс болғандығын телефон соғып хабарлады. Апыр-ай, енді араласып жүрген адам... Көңіл айтайын деп, бәйбішемді ертіп үйіне барсам, өзі төсекте жатыр екен. Әйелі қайтыс болып, көміп келген екен. Мен бір күн кеш барып қалдым. Көңіл айтып отырмын. Ол кісі өзінің ауырып жатқанын, нашар сезініп жатқанын айтты. «Үйде арша бар ма?» деп сұрадым. Қызын шақырып: «Ана қоймада былтыр Тарбағатайдан әкелген арша бар, соны алып кел», – деді. Бір дорба аршасы бар екен. Кейде сол аршаны үйде отырып иіскейді ғой. Шәйнек алдыртып, бір уысын соған салып, қайнаттым. Он-жиырма минуттай қайнады. Үш шыны әкелді. Құйдым үшеуіне теңдей бөліп. Бір кесесін – өзіме, бір кесені бәйбішемнің алдына қойдым, «мынаны сіз ішесіз» деп бір кесені сол кісінің алдына қойдым. Өзімнің ішпекші болғаным, көңіліне келмесін деген сақтығым ғой. Ол кеседегіні ішіп алды. Мен: «Аға, бұл – зиянсыз шөп, зиянсыз өсімдік. Сіз көптеп іше беріңіз, тәбетіңіз бар көрінеді», – деп қойдым. Мен содан үйге қайтып кеттім. Бұл кісі Әубәкір деген ағамның жолдасы болатын. Содан Әубәкір ағама бардым да: «Сіздің ана жолдасыңыздың бәйбішесі қайтыс болып кетіпті», – деп ем, естімегенін айтты. Көңіл айтып бару керекттігін де айтып жатты. Ертеңінде машина тауып барсақ, әлгі кісі үйінде жоқ. «Қайда кеткенін білмеймі, машинасын от алдырды да бір жаққа кетіп қалды», – дейді балалары. Мен дайындап берген аршаның қайнатпасын түнімен ішкен екен. Сөйтіп, ол кісіге жолыға алмадық. Кейін екі-үш айдан соң бір дастарқанда кезігіп қалдық. Барып амандастым. «Аға, мен айтқан шөпті ішіп жүрсіз бе?» – деп сұрадым. Үзбей ішкенін, жазылғанын айтып, алғысын жаудырды. Араға біраз уақыт салып бір дастарқанда кезігіп қалдық. Барсам, алдында арақ тұр. «Аға, ішпеңіз», – десем болмайды. «Е-е, айналайын, мен жазылып кеттім», – деп ішіп алды. Содан сол арағы құрғырды ішуін қоймады. Сөйтіп жүргенде қайтыс болып кетті. Шөп дәрілерді ішкен жақсы, бірақ оның шарттарын да орындау керек қой. Ана кісі шартты орындамады. Мен талай адамға осы аршаны беріп көрдім. Талай адамды жаздым.

– Тағы кімдерге шарапатыңыз тиді?

– Заманбек Батталханов деген азамат болды. Бір ауданның басшысы. Өзі коммунист болатын. Анда-санда кезігіп қалатынбыз. Бір күні жолығып, әңгімелесіп қалдық. Сөз арасында қан қысымының жоғары екенін айтты. Сонан кейін мен дереу аршаны жайлы баяндадым. Қасиетіне қызығып, аршадан шипа іздеді. Мен арша беріп тұрдым. Менің қолымнан көп ішті. Бірнеше жыл ішіп жүрді. Қайтақайта сұрайды, беріп тұрам. Сөйтіп, ол аршаны ұнатты. «Қан қысымымды көтермей басып тұрады екен», – деді ол сонда. Міне, осы арша өсімдігінің пайдасы «қан қысымын» төмендетіп тұрғанында. Бұл да – емдік дәрінің бірі. Бір замандасым бар еді. Телефон соғып ем үйлерінде екен. «Шалың бар ма? Бір шарап алғызып, қуырдақ қуырып қой», – дедім. Бірақ өзі жөтеліп тұр екен. Үш жарым айдан бері жөтеліп жүргенін, дәрігерлердің дәрісінен зеріккенін, шипасы болмағанын айтып шағынды. Барғанда жазып беретінімді айтып жатырмын. «Иә, мені мазақ қылып...» – деп телефонды тастай салды. Мен екі тал шылымға аршаны орап алып бардым. Барсам, тапсырғандарымның бәрі дайын екен. Шарабын іштік, қуырдағын жедік. Әңгімелесіп отырмыз. Шалдың бәйбішесі асханаға барып келіп-барып келіп, жөтеліп жүр. Қалтамдағы шылымды алып біреуін ұсындым да: «Мынаны тартсаң, қазір жазыласың», – дедім. «Қойшы, мазақ қылмай» – деп кетіп қалды. Екінші рет ұсынып ем және алмады. Үшінші мәрте ұсынғанда алғысы келмеп еді, шалы ұрысты. «Немене өлуші ме едің, ал тарт, несі бар!» – деді. Қолына ұстаттым да дереу сіріңкені алып тұтаттым. «Ішіңе тарт, ішіңе тарт», – дедім. Бір-екі тартып жібергенде «үһ» деп қалды. Бірден әсер етіп тұр ғой. Сол екі тал шылымды тартқызып, үш жарым ай жазылмаған жөтелін қойдырып кеттім. Адамда болатын құрғақ жөтел осы аршаның көмегімен жазылады. Осы секілді шөптердің керемет қасиеттері бар. Шөптердің қасиетін білу керек, оны пайдалану қажет. Қазақ халқы осы шөптерді кешіп жүріп, оған оншалықты мән бере қоймайды.

Бес-алты жылдың алдында інімнің баласы үйленетін болып, тойға бардым. Бір адам келіп маған сәлем берді. Жалпақтап амандасып жатыр. Кім екенін танымай тұрмын. «Жәке, мен сізге алғыс айтайын деп келдім. Мен Семейдің адамымын. «Астма» дейтін аурумен ауырып, өлуге жақындағанда бір танысым «Жағдаға бар» деп еді. Жаным үшін, денімнің саулығы үшін Семейден Алматыға келдім. Алматыға келсем, сіз жоқ екенсіз...», – деп жатыр. «Мен қайда кетіппін?» – деп сұрап жатырмын мен де. Ауылға кеткенімді естіп, соңымнан іздеп келгенін, келгенде менің жаныма екі баланы ерткенімді, қолыма күрегімді алып ауылдың сыртына емдік шөп іздеп кеткенімді естігенін айтып жатты. «Артыңыздан қуып сол жаққа бардым. Барсам бір шөптерді теріп жүр екенсіз. Жөнімді айттым. Сіз ойланып тұрып, бір бұлақтың басынан емдік шөптерді тауып бердіңіз. Қалай қолданатынымды түсіндіріп айтқан едіңіз», – деп, сол шөптің сырқатына ем болғанын, жазылып кеткенін айтты. «Мен сонау Семейден келгенде осы үш тал шөппен кетем бе» деп бір жарым дорбасын қазып алған екен сонда. «Соны сіздің айтқан әдісіңізбен іштім, қазір дертімнен құлан-таза айықтым, сол үшін сізге рақмет айтқалы тұрмын», – дейді... Міне, шөптің осындай бізге белгісіз қасиеттері бар. Оны білу керек. Шөп бүгінгі химиялық дәріңнен мың есе артық. Қазақтың жерінде көптеген шөптердің түрі бар. Бәрі – дәрі. Барлығының өзіндік емдік қасиеті бар. Қазақстанда «қатерлі ісік» ауруына қарсы «Арглабин» деген дәрі жасап шығарды. Соны кәдімгі жусан шөбінен жасаған. Бізде бір жүз елу түрлі жусанның түрі бар. Соны «іскек жусаннан» жасады. Міне, шөптің кереметтері. Бұған көңіл аудару керек. Әрі-беріден кейін тұмсықты шүйіріп қарауға қазақтың қақысы жоқ,. Қазақ халқы шөппен емдеу арқылы төрт түлік малын да, өзін де жазған. Сондықтан мұны дәстүрлі медицинаға жатқызуға әбден болады. Мұны қай уақыттан бері ұстанып келеді... Бұл турасында нақты дерек жоқ қолымызда.

– Қазақстан жерінде өсімдіктердің түрі көп дедіңіз. Соларға тоқталып кетсеңіз?

– Мен емдік шөптермен сонау Қытайда жүрген кезімнен бастап айналыса бастадым дедім. Мынандай да бір қызықты оқиғаларды жинастырғанмын. Жер беті өсімдіктер дүниесіне өте бай. Дүниежүзінде өсімдіктердің 500 мыңдай түрі өседі. Сол 500 мың өсімдіктің 220 мыңдайы – суда, қалған 280 мыңдайы құрлықта өсетін көрінеді. Ал қолдан өсірілетін мәдени өсімдіктердің түрі 20 мыңнан асады екен. Табиғаттың осы ұшан-теңіз байлығы қазақ жерінде де аз емес. Бізде өсімдіктің 6 мыңнан астам түрі өседі екен. Мұның ішінде тек дәрі ретінде пайдаланылатындарының өзі 500-ге жуық. Сол алты мың өсімдіктің 760-сы – тек Қазақстан аумағында ғана бар өсімдіктер.

Бірақ осыншама бай өсімдіктердің халық қазақша атауларын білмейді. Тіпті қай тілдегі болса да атауларын білмейтіндер де бар. «Мына өсімдік қалай аталады?» – деп сұрай қалсаңыз, «е-е, ол шөп қой» дейтіндер жиі ұшырасады. Ал осы баспасөз беттерінде де өсімдіктерге қатысты жазу керек болса, жалпылама жаза салады. Оның атын аттап, түсін түстеп жатпайды (Бірақ көпке топырақ шашпаймын). Мен енді күнделікті орысша қолданып жүрген өсімдіктердің көбінің өз тілімізде қазақша баламаларына тоқталайын: Жүзжылдық – алоэ, адамтамыр – жень-шень, жержаңғақ – арахис, қырыққабат – капуста, қызанақ, алжұмыр – помидор, бәден – анис, дәмжапырақ – лавр, тәттікартоп – батат, әйкен – чина, самсар – патиссон, манап – грейфрут, талгүл –олендр, сауыр – кипарис, боарша – туя деп кете береді. Мұндай атауларды неге орысша қолданып жүргендігіміз түсініксіз. Егер олардың орысша атап қойып, қазақша атауларын қолданатын болсақ, біраз уақыттан кейін ол атаулар тілімізде қалыптасып кеткен болар еді. Өсімдік атауларына қатысты тағы бір нәрсе – бір өсімдіктің қазақша бірнеше атауының болуы. Мысалы, бір ғана (түсінікті болуы үшін орысшасын айтайын) подорожниктің – жолжелкен, иманжапырақ, мыңтамыр, қозықұлақ, қойқұлақ, бақажапырақ, тартаржапырақ, сужапырақ, тәуіпдәрі, бүргеден деген атаулары бар екен. Ал редьканың – шомыр, тұрып, тұрма, тұрна, түрпі деген қазақша атаулары бар. Бұл сияқты қазақша атаулар қашанға осылай жарысып қолданыла береді? Менің ойымша, бір өсімдікке бір атауды ғана қалдырғанымыз жөн Халық шатаспауы үшін. Оны мамандармен ақылдаса отырып, оқулыққа енгізгенде бір-ақ атауын қолданса, халық сол атаумен ғана қалады.

– Сынықшылыққа тағы да оралайықшы. Ол қазақтың медицинадағы үлкен дәстүрлі мектебі емес пе?

– Әрине, сынықшылық – дейтін өте күрделі мектеп. Қазіргі медицина біле бермейтін сырлар бар мұнда. Адамның сынған қолы өз орнына қайта келмесе, ботаның сүйегін салады, иттің сүйегін салады. Міне сынықшылықтың қасиеті қандай? Ол деген оңай нәрсе емес. Шөпке көңіл бөлу керек. Кезінде талай мәрте сырқаттанған сәттер де болды. Үш жыл «жаман» аурумен ауырдым. Бірде үйде мазам кетіп, ауырып жаттым. Қап-қара «уқорғасын» деген шөптен дайындалған бір құты дәрі бар-тұғын. «Содан ішіп жіберсем бе» деп қолыма алып тұрмын. Бірақ қорқыныш басым. Улы нәрсе ғой. Тіліп кетуі мүмкін. Қайнаған елу грамм сүтті алдым да, соған әлгі шөп дәріден бір қасық құйып, тәуекел деп ішіп жібердім.

– Қалай әсер етті?

– Ұйықтап қалыппын. Таңертең тұрсам, өзімді жеңіл сезініп жатыр екенмін. Қуанғанымнан кешке жақын және бір рет қабылдадым. Ертеңіне тағы бір мәрте пайдаландым. Үш жыл ауырғанымды үш мәрте қабылдаған ем-шөбім жазып жіберді. Әлгі ауру одан кейін мені мазалаған жоқ. Құрғақ жөтелдің қақырығы жоқ, тек күрк-күрк етіп жөтеле бересің. Соған дәрігердің әлі жетпейді кейде. Мен оны он минутта жазам. Бізде «арша» дейтін шөп бар. Аршаның бүрін уқалап, ұсақтап, темекінің ішіндегісін алып тастап, үгітілген аршаны нығыздап толтырып, түтінін өкпеге екі-үш мәрте жіберсе болды, жөтел тыйылады. Ешқандай зияны жоқ. Талай адамды жаздым мен. Бір дастарқанда қонақта отырғанда жанымыздағы орыс кемпірінің үздіксіз жөтеле бергенін байқадым. Содан есіктің алдына шықсам, ескі арша өсіп тұр екен. Әлгіден екі-үш бұтағын алдым да, үйге кіріп, пештің үстіне қойып кептірдім. Сүт пісірімдей уақыттың ішінде кеуіп шыға келді. Сөйттім де әлгі темекінің ішіне орап, тұтатып, «мынаны пайдаланыңыз» деп орыс кемпірге бердім. Тартып көріп еді, жөтелі қоя қалды. Менің алдыма келіп, еңкейіп, тағзым жасап жатыр. Міне, шөптің құдіреті – осы.

«Ақ дәрі» дейтін бір шөп бар еді. Оспан ағам өзімен бірге ала келген. Соны Денсаулық сақтау министрлігіне ұсындық.

– Олар қалай қабылдады?

– «Сен оның гүлін алып келуің керек», – дейді ондағылар. «Е-е, айналайын, мұны Қытайдан әкелгенбіз, гүлін қайдан таппақпын», – деп кетіп қалдым. Екінші бір бөліміне барсам, «ол үшін көптеген қаржы керек, қыруар жұмыс» деп еріне жауап беріп, менсінбей қарады. Мен де қолымды сілтеп кетіп қалдым. Енді бұл жақтан іздеу керек болып тұр ғой осы шөпті. Бір күні ағама әлгі шөпті іздеу керектігін айтып ем, келісе кетті.

– Бізде өсе ме екен?

– Балқаштың бойында бар екен. Құмның арасынан іздеп, ақыры таптық. Сол шөпті үйге әкеліп өсірдім. Әлгі шөптің қойдың құмалағындай тамырынан жылқының сауырын пышақпен тіліп жіберіп, қалың еттің арасына салып жібереді. Бір тәуліктің ішінде есін жинайды. Бірақ төрт аяғы гүп болып ісіп кетеді. Аяғына кәдімгі сары су жиналып қалады. Пышақпен етін сәл тіліп, суды ағызып жібересің. Ертеңіне мініскежарап шыға келеді. Сондай үлкен денені кішкентай ғана шөптің тамыры аман алып қалады. Не деген мықтылық! Не деген күш! Әлгі тамырды бір-ақ мәрте саласың. Қытайдағылар бұл шөпті «ақ дәрі» дейді, бұл жақта «ақжұмыр» деп атайды екен. Оның өсіп тұрған жерінен гүлін алдым. Жапырағын, тамырын алып, «әртүрлі сараптама жасасын» деп медициналық орталыққа берген едім. Бірақ мен берген осы шөпке «сараптама» жасады ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Сол шөпті жейтін бір қоңыз бар. Соны жеп, өзі құмалақтайды екен. Қоңыздың құмалағын жинадым. Өзімнің кітабымда бұл турасында толығырақ жаздым. Жалпы, осындай қасиетті шөптер бар. Шөпті пайдалану қажет. Бұл жайында көп зерттедім. Бірақ, түптеп келгенде, артына түспеген соң қиын ғой. Енді мал болған соң, оның жаны болған соң ауырады да. Кейде үлкендер малды өздерінің ең бір жаман ауруларымен атайды. Сиырға «қарасан келгір» дейді. Жылқыныкін «талақ» дейді. Үлкен аурулар ғой. Түйенікін –«шелек», қойдың ауруын – «топалаң», ешкінікін «кебенек» дейді. «Топалаң келгір», «кебенек келгір» деп қарғап жатады ғой малды. Бұл өте жаман аурулар. Қырып салады...

– Шөпті емдік үшін деп ден қойып жинадыңыз бА?

– Бір шөпке Қытайда жүргенде көңіл аударғаным бар. Ол уақытта мен үкіметте қызмет істейтін кезім. Тарбағатай ауданының басшысымын. Алтай жақтан сол шөптің бір дорбасын алдырдым. Әкелдім де, өзім тұрған жерге ектім. Бірақ оны қарап, күтуге мүмкіндік болмады. Ол жақтан кетіп қалдым. Осы жаққа өттім. Он жылдай уақыт өтіп кеткен. Ол 1952 жылы болатын. Енді осы жақтан іздеп көріп едім, бірден табыла қоймады. Ол Ертістің бойында ғана бар екен. Ертіс өзеніне үш рет бардым. Кезіктіре алмадым. Менің қызыммен украин қызы бірге оқыған екен. Осы жерде, Алматыда. Сол украин қызы тұрмысқа Өскемен жаққа шығыпты. Қызық болғанда, осы украин қызы қызыма әлгі мен іздеп жүрген шөптің бір данасын жіберіпті. «Мынаны тесіп, мойныңа тағып ал» депті. Өзі әдемі сондай. Сол әлі менде сақтаулы. Осы шөпті ана жақта «шөгір» десе, мына жақта «тұңғиық» деп атайды екен. Шөптердің ізіне түсіп, оны зерттемесе болмайды. Шөп дегеніміз – ірі байлық. Шөптің емдік қасиеті өте көп. 1945 жылы мен Қытаймен арадағы соғыста жүрдім. Біздегі жараланғандарды емдейтін дәрігеріміз жоқ. Бір жігіттің тізесінің жоғары бөлігін оқ осып кетті. Сүйегіне тимесе де, балаға қауіп төнді.

– Нендей көмек көрсете алдыңыздар?

– Енді не істейміз деп, абыр-сабыр күйге түскенімізде, пәлен жерде халық емшісі барекенін естідік. Соны алдыртайық деп шештік. Түн ішінде ат қосақтап кісі жібердік. Алып келді. Жігітті көріп: «Мұның жанашыр жақындарынан кімдер бар деді? – деп сұрады. Туыстарының, жақын-жуықтарының бар екенін айтып жаттық. «Ендеше үш адам ертіп келіңдер! Майлы деген тау бар. Майлының пәлен деген жері бар, соған барыңдар. Сол жерде қалың суыр бар. Дыбыстарыңды шығармай, бұғып барыңдар. Іннің аузына шыққан суыр шақылдайды. Сол шақылдап тұрған суырды өлтірмей, жарақаттаңдар! Аяқтарынан атыңдар. Суыр сүйретіліп інге кіріп кетеді. Біраздан кейін сол жерден және бір суыр шығып шақылдайды. Оны атпаңдар. Ол шақылдап-шақылдап далаға кетеді. Бір сағаттың көлемінде қайтып келеді. Қайтып келген соң, іннің аузында тұрып және дыбыс шығарады. Сол мезетте осы суырды атып өлтіріңдер. Оқ тиген жерінде қалатын болсын. Барсаңдар, іннің аузында үш-төрт тал шөп болады. Соны алып келіңдер», – деп бұйырды емші. Емшінің айтқан шөбін өзі өтінгендей етіп, қолына ұстаттық. Өзінің әлдебір тәсілін пайдаланып, жаралы болған жігіттің жарасына таңып, аяғынан тік тұрғызды... Көрдің бе, ана суырды аяғынан атқан кезде, далаға кеткен суыр осы шөпті әкелген. Міне, шөптің қасиеті. Хайуанаттар да пайдаланып тұр осыны. Ал біз табанымызға басып жүріп, шөпті менсінбейміз. Кішкентай ғана суырдың кереметтілігі қандай, ә?! Бірде менен Әдуәлі Қайдар: «Қазақ қандай халық?» – деп сұрады. Сонда: «Қазақ – алтынды табанына басып тұрып, қайыр тілейтін ел. Ет пен майды басына жастанып жатып, аштан өлетін халық», – дедім (күлді).

– Анда-санда болса да жиындарға шығып тұрасыз. Денсаулығыңыз көтереді ме?

– Енді ауырлау ғой. Кей жиындардың басында өзім болмасам, мәнсіз болуы мүмкін. Өзім ұйымдастырып жүргендіктен қатыспасам болмайды. Сондықтан кейде амалсыз барам.

– Бүгінгі қоғамның дамығаны соншалық, кейде өзіміз де кей нәрсеге таңырқап қарайтынымыз анық. Осы қазір күн сайын қала көліктері кептелістерде қаңтарылып тұрады. Көліктің көптігі жүйкеңізге әсер етпей ме?

– Шаршатуын шаршатады ғой. Енді «темір тұлпарға» күніміз қарап қалды. Онсыз дүние қараң секілді. Бұл жерде бір нәрсені айтуға тиіспін. Осыдан екі-үш жыл бұрын жоғарғы жақта Алматы-Қапшағай жолының бойында төрт шағын қалашық бой көтеруі тиіс деген ақпараттардың тарағаны рас. Менің ойым мүлде басқа. Жетісу табиғатын білмейтін, Іле алқабының экологиясынан хабары жоқ, Алатау бөктерінің жер бедерін танымайтын, Жетісу топырағын ұстап, суын ұрттап, гүлін иіскеп көрмеген, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын түсінбейтін, мәдени сұраныстарын білмейтін «біреулердің» болашақ Алматы-Қапшағай жобасын ұсына салуында қандай ғылыми негіз бар? Болашақ АлматыҚапшағай жобасы ғасырлап жалғасатын, ғасырлап жетілдірілуге мүмкіндік беретін жоба болуы шарт. Сондықтан ортаға қойылған жобаларды ғылыми талқы- талдаудан өткізіп, тіпті халықаралық мамандардан ақыл-кеңес сұрап, ой-пікір алу артық болмайды. Болашақ Алматы-Қапшағай жобасы неге Парламентте талқыланбайды? Нұр Отан партиясы неге араласпайды? Басқа партиялар қайда?

– Қытайда үкімет жұмыстарына араласып жүргенде, құрылыс жұмыстарына да ден қойғаныңызды жақсы білеміз. Менің Әлішер Толыбаев деген досым бірыңғай жол салу, құрылыс жұмыстарымен айналысады. Сайдулла Қожабаев деген үлкен кәсіпкер туысқаным кейінгі кезде жол салу мен құрылыс саласына бет бұра бастады. Сол азаматтар секілді осы салада жүрген мыңдаған кәсіпкерлерімізге септігі тиіп қалар құрылыс, жол салу ісі бойынша білгеніңізді айта отырасыз ба?

– 1949-1952 жылдар арасында Шыңжаң Ұйғыр автономиялық республикасының орталығы Үрімжі қаласының болашақ жобасы туралы көптеген ой-толғауларға қатынасып, біршама жобалармен танысқан едім. Олардың жобасы «жеті рет өлшеніп, бір рет кесілді». Міне, соларды мен көрдім ғой өз көзіммен. Ал 1961 жылдан бері Алматы қаласында тұрамын. Содан бері болған мыңдаған құрылысты да басымнан өткердім. Осы аралықта болашақ Алматы қаласы туралы талай адамдармен тілдестім. Шығыс пен Батыс арасында Орта Азияға, Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан болашақ ең үлкен сауда орталығы – Алматы қаласы болары анық. Алматы мен Қапшағайдың арасы алпыс шақырымдай. Бұрынғы машина жүретін жол күре-барлау етіп, ерсіліқарсылы, бағдаршамсыз жүретін болып жасалуы шарт. Іле алқабының ауа райына орай аталған жолдардың батыс жағалауына арнайы жобамен салынған соқпақ жол (тротуар – авт) тартылуы керек. Соқпақ жол екі қатар: бірінші – ені екі метр, үстіне малтатас төселген. Екіншісі – ені екі метр, асты елу-алпыс сантиметр қазылып, оған құм толтырылу қажет. Бұл адамдар жазда жалаңаяқ жүруге арналған жол болмақ.

Алматы – Қапшағай арасына созылған жаяу серуен соқпағының екі жиек қыры алуан түрлі өсімдіктермен көмкерілуге тиіс. Осы жаяу серуен соқпақтың әр он шақырым жерінде адам демалатын арнайы орындықтар болса деймін. Мұның өзі туризмге келіп тіреледі.

– Бұл енді сіз ұсынып отырған жоба, әлі қаралмады ғой?

– Бұл менің жеке ойым ғана ғой. Осылай жаса деп ұсынсам деп жүр едім. Мені тыңдайтын адам бар ма бүгінде? Кабинеттеріне адам кіре алмайды, шенеуніктердің. Айтқың-ақ келеді. Көмектескің-ақ келеді. Олар қанша бастық болса да халықтан үлкен емес қой.

– Әлгі жобаңызға қайта оралсақ?

– Ал осы аталған жолдардың батысы мен шығысында ені бес шақырымдай ұзыны Алматы – Қапшағай арасына созылған орман, әртүрлі өсімдік егілуі тиіс. Орман арасында су қоймалары, көлшіктер жасалса, онда аң мен құс мекендейтін болсын. Алматы – Қапшағай арасына салынатын қалашықтар орманның шығысы мен батысын жағалап төрт-төрттен сегіз қалашық, Қапшағаймен тоғыз қалашық бой көтереді. Осы қалашық арасы қалың орманмен тұтастырылады. Болашақ қалашықтар жүзден-бес жүз мыңға дейін тұрғыны бар, әрбірі өз алдына бір-бір аудан болуы мүмкін. Алматы – Қапшағай жобасының болашағын, бұдан да кеңірек ойлауға болады. Алатау мен оның бөктерінің жер бедері, оның экологиясы, жылдың төрт маусымындағы ауа-райының құбылыстарына қарағанда, Ұлы Жібек жолының бойындағы болашақ Алматының Қапшағайға қарай созылуы өте дұрыс. Болашақ Алматы – Қапшағай жобасында халық «барахолка» деп атайтын бүгінде тек қана жаңа киім-кешек және әртүрлі заттар сататын біріне-бірі жалғасып жатқан үлкен базарларды қаланың сыртқы екі жағына, яғни шығысы мен батысына он шақырым мөлшерінде шығарып салуды қарастыру керек. Заттарының бағасы қаладағы дүкендерден, тіпті кішігірім базарлардан да арзандау болса, бұл базарларға барушы халық өте көп болмақ. Сондықтан мұндай базарлар негізгі қатынас жолдардан, тасымал жолдармен даңғыл жолдардан аулақтау болуы шарт. Орта Азияда үлкен базарлардың қалай орналасқанын білмеймін. Ал Қашқариядағы базарлар қаланың сыртына айнала орналасқан. Олар – «Дүйсенбі, Сейсенбі, Сәрсенбі, Бейсенбі, Жұма, Сенбі базары» деп, аптаның жеті күнінің атымен аталады. Жалпы, базарлардың болғаны жөн. Онда тіпті тамақтанатын орындар болатындықтан тазалық мәселесі бірінші орында тұруы керек. Бірақ мемлекет жағынан заңдастырылған қатаң бақылау болмаса, халыққа қызмет көрсететін сауда-саттық орны емес, сайтандардың, яғни нағыз мәдениетсіздер мен көргенсіздердің базарына айналады. Оны алуан түрлі алаяқтар, саяси жақтан өте қауіпті адамдар паналайтын болады. Негізі, қарапайым халық баратын базарларды әдемі, таза, жайлы етіп орнықтырып, сатушылардан да заман талабына сай қызмет көрсетуін талап ету керек.

– Осы көлік кептелісінен құтыламыз деп «көлік базарын» Алматының сыртына шығардық емес пе?

– Алматы қаласындағы машина базарын Қаскелең жаққа көшіру өте дұрыс болды. Бірақ сол көлік базары екі қателікті тағы да қайталап отыр. Біріншісі – алдағы күндері Қаскелең қаласының іргесі кеңейіп, өсіп, қанат жайса, көлік базары тағы да қаланың ішінде қалуы мүмкін. Мұндай жағдайдан сылтау айтумен құтылуға болмайды. Көлік базары қаланың сыртында болса құба-құп болар еді. Екіншісі – Алматыдан шыққан жол – Оңтүстік Қазақстан, Орта Азия, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Азияны аралап қайтатын Ұлы Жібек жолы. Осы жолмен күндіз-түні мыңдаған, жүз мыңдаған машина өтеді. Ұлы Жібек жолын жақын отырған ауылдар мен базарлардың барлығы дерлік қатынас заңын бұзып жатады. Өйткені олардың малы, иті, құсы, бала-шағасы жолды ары да бері кесіп өте береді. Соның қатарындағы Қаскелең қаласының іргесіне – жол жиегіне салынған көлік базары да мемлекеттік қатынас заңын өрескел бұзып отыр. Базар Ұлы Жібек жолының жиегіне тиіп тұр. Қазірдің өзінде базарға барған адамдар машиналарын жолдың екі жиегіне қалдырып, өздері базарға кіріп кетеді. Жолдың екі қапталындағы көліктер орта жолдағы көліктің жүруіне кедергі болып жатыр. Осының өзі – қатынас заңын бұзғандық. Тіпті кейде жол апаты жағдайы туындауы мүмкін. Базарға кіру үшін ары қарай жүріп, айналып келуге тиіссің. Қақпаға кіретін тура бұрылыс жоқ. Егер бағдаршам қойсақ, онда күрделендіріп аламыз. Сақтану үшін жүйелі түрде күндізтүні Жол сақшысын қоюға тура келеді. Оның өзі артық шығын. Жалпы мемлекеттік даңғыл жолдардың жағасына тым жақын етіп базар салу қатынас заңына – қайшы. Алматы қаласының батыс жақ іргесінде Орта Азияға қарай тартылған Ұлы Жібек жолының бойында жолға таяу салынған «Алтын Орда» базары тұр. Азық-түлік алуға, құрылыс материалдарын алуға баратын адамның қарасы көп. Ол жерде де дәл сондай. Көліктерін жол жиегіне тастап кете береді. Оның үстіне базар алдына бағдаршам қойылған. Ол да былайғы жұртқа түсініксіз. Күнітүні мыңдаған ауыр-жеңіл машина ерсілі-қарсылы өтетін жолда минут сайын бағдаршамға тоқтағанда, өкіріп-бақырған машина дауысы, қапқара түтін будақтап жатады. Кейде дәл осы арада жол-көлік апаты болып тұрады. Осыншама күрделі жағдай туындатып, қатынасқа салмақ салып отырғаны – «Алтын Орда» базарының үлкен жолға тиіп тұруы.

– Мұны шешудің сіздіңше қандай жолы бар?

– Мұны шешудің екі жолы бар. Бірі – жолды базардан аулақтатып қайта салу керек. Екіншісі – «Алтын Орда» базарын жолдан ең кемінде төрт-бес шақырым алыстау жерге жылжытса деймін. Мұны мемлекеттік қатынас заңы негізінде жоғарғы сот шешкені жөн. Қалай десек те, құрылыстардың кешегісі, бүгінгісі, ертеңгісі болсын, бәрі де жол қатынас заңын бұзбауы, кедергі келтірмеуі шарт. Бүгінгі бірінші және екінші Алматының бұрынғы көшелері де басында дұрыс жобаланбағандықтан зардабын бүгін тартып отыр. Сондықтан болашақ Алматы – Қапшағай жобасында қаланы айналып өтетін, орап өтетін жүк тасымал жолдарды арнайы жобаға кіргізіп, оны қатынас ғылымы негізінде жасауы шарт. Жалпы, қалаға тән жолдар салуда жапонның тәжірибесін ескерген жөн. Болашақ Алматы – Қапшағай жобасында ең күрделі, ең қауіпті, ең апатты жағдай тудыратын қалалардың жуынды суы.

– Жуынды су дейсіз бе?

– Иә, кәдімгі қалдық суларды айтып отырмын.

– Енді мұны қайда апарып құямыз?

– Кеңес дәуірінде Алматының жуынды суын батыс жақтағы жасанды Сорбұлақ көліне құйып, оған Үкімет жағынан бақылау орнатылған болатын. Жыл сайын Алматы қаласының жуынды суы молайып, күрделі мәселеге айналып тұрғаны бүкіл елге мәлім. Ал қазақтың тәуелсіз мемлекеті құрылған соң, ең алғашқы премьер-министрі Сергей Терещенко жуынды сумен бас ауыртқысы келмей, «қазаққа Іле мен Балқаштың керегі не» дегендей Алматының жуынды суын Іле өзеніне құя салды. Содан бері Қазақстан Республикасы үкіметінің басына келіп-кетіп жатқан премьер-министрлердің бірде-бірі жуынды судың Іле мен Балқаш табиғатын бүлдіріп, экологиялық апатты жағдай тудырып жатқанына көңіл аударған жоқ. Ал болашақта жуынды су апаты одан сайын ұлғаяры анық. Сондықтан қалалардың жуынды суларын арнайы ғылыми жобамен дұрыстап игерсе, жасанды апаттан құтылып, экологияға өте пайдалы. Мемлекетке аса мол байлық есігін солай ашуға болады. Біздің болашақ Алматы – Қапшағай жобасының жуынды су апатынан құтылу, қайта жуынды суды пайдалану туралы ойларымызды ортаға салу қажет деп ойлаймын.

– Өзіңіз мәселе етіп көтеріп отырған «жуынды судан» құтылудың жолы бар ма?

– Бұл экологиялық апаттан құтылудың жобасы – Талғар, Алматы, Қаскелең болашақ Алматы – Қапшағай қалаларының жуынды суларын ашық-жабық, кейде насоспен айдап, Сорбұлақ көліне құю керек. Сорбұлақтан батысқа қарай Бозой ауылының оңтүстік жағымен тауды бөктерлетіп, батысқа соза тартып, Аңырақай тауының сағасымен айдап, жуынды суды Итішпестің көліне еңкейте құйған жөн. Сорбұлақпен Итішпес арасы мөлшермен үш жүз шақырым, солтүстігі – Балқаш құмы, қалың сексеуіл орманы, оңтүстігі – бұйрат адыр тау. Екі арасы шығыстан батысқа қарай созылған қара дала. Ұзындығы үш жүз шақырымға созылған даланың көлденеңі жиырма-отыз шақырым мөлшері қалың сары топырақ. Алуан түрлі шөп, оның ішінде жусан, изен өседі. Дала табиғатын суреттеуге тіл жетпейтін өте ғажап жерлер ғой. Міне, осы далаға миллиондаған түп ағаш егіп, қалың орман жасауға болады.

Кендірдің плантациясын жасап, мемлекетке қыруар қаржы түсіруге болады

– Аға, табиғаты керемет дейсіз... Ол жерге сонда қандай өсімдік түрін өсіруге қолайлы?

– Атап айтқанда, Жетісуда жақсы өсетін Алматы қаласында бес түрі өсіп тұрған тұт плантациясын жасап, жібек өндірісін жолға қоюға болады. Қытайларша күмістерек плантациясын жасап, құрылыс жабдықтарын, үй жиһаз жабдықтарын өндіруге, қағаз фабрикасын құруға болады. Басы Қытайдан шығып, аяғы біздің Алакөлге құятын Еміл өзені жағасында жібек талшықты кендір беретін өсімдік бар. Осы кендірдің плантациясын жасаса, мемлекетке қыруар қаржы түсіреді. Бұл далада тағы басқа алуан түрлі өндіріс орындарын жасауға, ашуға болады. Тек жуынды суға азық-түлік өндіруге болмайды. Жалпы, Алатаудың бөктеріндегі сұлу, ғажап Алматы қаласының маңайындағы қалашықтар мен ауылдардың сәулетін жан-жақты терең оймен, асқан әдемілікпен, ұлттық түр-келбетін бүгінгі заманға сай етіп, жергілікті халықтың жағдайын қамтамасыз ете отырып жасаса, бұл өлке таңғажайып аймаққа айналар еді. Әрі мұның бәрі табиғатпен үйлесім тауып жатса құба-құп болар еді. Қоршаған ортасы тамаша, таза, әдемі һәм адам тамсанатындай сұлу болса әрбір адамның жан дүниесі жақсылыққа толы болып, мәдениеті арта түсер еді. Эстетикалық және этикалық тәрбие деген осы емес пе?! Әйтпесе неге өзіміздің қазақтар шетелге құмар? Бізде де бар сол табиғат. Неге өзімізге соны дәріптемеске?! Бұл – енді болашақтың ісі. Дегенмен мұны кешіктірмеу қажет.

– Осы күндері ең басты қандай шаруаңыздың қалып қойғаны бар ма, неге қатты алаңдайсыз?

–Менде ондай шаруа көп болғанмен, оны жасайтұғын шама бар ма?! Әл-дәрмен жоқ. Әйтеуір осы үйдің ішінде ана бөлмеден мына бөлмеге бару үшін қабырғаны сипалап тауып алам. Осы күнге дейін жиған еңбектерімнің көбі қағазға түссе деймін. Бүгін-ертеңмен өмір бітпейді ғой. Артымыздан қаншама ұрпақ ереді. Солар оқыса, білсе, саналарына түйіп өссе екен деймін. Мен қазақтың жақсы-жаман деген мінездерін қағазға түсірдім. Мүмкін, түгел жинай алмаған шығармын. Бір күні ойыма келді де, осы адамның жағымды мінезі қанша, жағымсыз мінезі қанша деп санап қалдым. Сексен пайыз жағымсыз мінез болып шықты.

– Мұны енді қалай анықтап отырсыз?

– Менің қолымда тұрған тізімге қарап анықтап отырмын ғой. Ол өзі бірнеше мыңды құрайды. Содан кейін ойланып қалдым. Бүкіл әлем ақ пен қара, бар мен жоқ болып екіге бөлінеді. Неге мінез-құлыққа келгенде жағымсызы сексен пайыз? Мұның жауабын былайша жорамалдадым. Сонау ертеде ақыл-ойымыз әлі де дамымаған кезінде үңгірде тұрды бабаларымыз. Алдымызға келген бақаны аузымызға тастап жібердік. Бір жылан келіп еді, оны да жұта салдық. Бір күндік тамағымызды тауып алдық. Ал бірақ сені жеймін, жұтамын, жалмаймын қазір, құртамын деген қауіп минут сайын төбеңнен төніп тұрды. Тамағың болмаса, аштан өлесің. Айдаһар келіп өзіңді жұтып жіберсе не болмақ?! Осындай түрлі қауіптің көп болуы адамның мінез-құлқының жағымсыз болуына әсер етті ме екен деген ойға келдім. Осы тақырыпқа 1959 жылы тереңірек ой жүгірттім. Мен 1958 жылдан бастап «Еңбекпен түзеу лагерінде» болдым. 1957 жылы басталған саяси қуғын 1961 жылдың қыркүйек айына дейін жалғасты. Осы бір аумалы-төкпелі төрт жылдан астам уақыт ішінде менің достарым, таныстарым, араласқан адамдарым, тіпті танымайтын, тек олар мені танитын адамдар алуан түрлі сыр-сипат, достығы мен сыбайластығын, қастығы мен кәпірлігін көрсетті. Осы кезде мен адам мінезінің алуан-алуан қыры мен сырына таныс болдым. Мен үшін, мен үшін емес қазақ дейтін ұлттың адамының мінезі туралы айтқан атаулары мен тіркестерін жинауға бел будым. 1957 жылы қараша айынан бері жинақтап келем. Мөлшер саны он мың болар деген ойдамын. Осы жинақта қолға түскен атаулар мен тіркестерді әріптерге «көгендеп» көрмек ойым бар. Бұл тіркеу ғылыми жүйеге, әріптік тәртіпке салынбаған. Қарадүрсін тіркеу деп аталады.

Адам мінезінің төрт қырын түгел берейін, өзің кейін жазып аларсың:
Мен де болайын, сен де бол, Мен болайын, сен болма.
Мен болмасам да, сен бол,
Мен де болмайын, сен де болма.

Осы тұрғыдан келгенде қазақтың мінез-құлқына байланысты жиған біршама сөздерді де санамалай кетейін. Ала тай (ала тайдай бүлдіріп), алып қашпа, ұр да жық, айтпайды, айтса қайтпайды, айтты бітті, айыпшыл, алғыс айтқыш, албасты,арам, арсыз, ардақ, ардақты, адал, ақылды, ақылсыз, ақымақ, ақымақтау, ақылсыздау, алақұйын, ала өкпе, алажауқын, аумалы-төкпелі, ақжарқын, ақсеңгір, ақсемсер, ақжолтай, ақсайтан, ақкөңіл, ақнөсер, ақсұңқар, ақтұйғын, аққаптал, ақпақұлақ, ақпейіл, ақалақан, ақсүйек, ақбаталы, абайлағыш, абайболғыш, ара ағайын, ара түскіш, абыройсыз, абыройлы, абыржығыш, апшысы қуырылған, апшысын қуырғыш, азғырғыш, ашкөз, азынағыш, азынатқыш, алашапқын, ақкөз, алдамшы, алакөшек, аласапыран, алма-ғайып, әжуәшіл, әжуәлағыш, ақберен, ақмылтық, ақеділ, ақниет, абалағыш, бабалағыш, ақшелек, ақырзаман, арманшыл, адам емес, асқақ, асқақтағыш, арсалаңдағыш, асыл, асыл адам, ардагер, ардагер азамат, атақты, атақты адам, атақты қу, атақты батыр, атақты балуан, атақты ғалым, атақты молда ,атақты әнші, атақты күйші, атақты домбырашы, атақты ұры, атақты өсекші, атақты ішкіш, атақты шешен, атақты ақын, атақты жазушы, атақты биші, атқұмар, атаққұмар, ақшақұмар, араққұмар, апиынқұмар, асыққұмар, аңқұмар, айтысқұмар, атқұмар, арманқұмар, армандағыш, арманшыл, аялағыш, аялшыл, аялдағыш, аяз, аспандағыш, шарықтағыш, өрлегіш, алдағыш, алшаңдағыш, айғайшы, айдағыш, алаңдағыш, алақайлағыш, алақ-жұлақ, алақан жайғыш, алакөңіл, азамат, адам, арыс, албасты, аю, айдаһар, ақкөтторғай, алақарға, алмас, алмас қылыш, адамсу алыпсыну, айлакерсу, аршыл, арсыз, азаматсу, атасыну, ағасыну, артын жалау, алдарқату, алдау, арбау, ауырсыну, азсыну, арындау, арынды, арынсыз, арқырау, ақшиғыш, ақырғыш, алайғыш, арқаланғыш, арқаландыру, арқаландырмау, милау, миғұла, мәңгүрт, мисыз, жарымес, ессіз, есалаң, есуас, есі кіресілі-шығасылы, есерсоқ, дені дұрыс, қоянес, әңгүдік, сұм, сұрқия, содыр, сойқан, сұржылан, сүмелек, солақай, солпы, сұғанақ, сумүйіз, сумұрын, сұмырай, сұрқылтай, сұрқай, сомсынғыш, отырса опақ, тұрса сопақ, судыр, сусылдақ, суми, сүле-сопы, солқылдақ, соқыр, сасық сөз, сасқалақ, сапасыз, салпаңбай, сәулесіз, сумақай, сүзеген, сопы, сопымсымақ, сөлекте.

– Қандай арманыңыз бар, аға?

– Жалғыз ғана арман бар. Сонау Көктүріктен кейін біз мемлекет құра алмадық. Міне, он үш ғасырдан бері қолыңа тиген еркіндіктің қадірін білмей, Көк туыңды желбірете алмай отырсың. Қазақ мелекеті құрылмай отыр. Әрі-беріден соң өз мемлекетін сатқан адамды көрмедім. Қазір «Мықтар әлемі» деген еңбегімді кеңейтіп жазып жатырмын.

Біздің ата-бабаларымыз қайда өзі? Зерттеушілердің де айтатыны екі мың бес жүз жылдың алдындағы – «Алтын адам». Одан ары біздің атабабамыз жоқ па? «Мықтар әлемі» деген нәрсе тұр. Бұған дейін Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Әлкей Марғұлан және мен бұл тақырыпқа тереңірек бойладық. Мық дегеніміз – халық. Біздің ата-бабамыз. Алты мың жыл бұрын атқа шауып, түйені жетектеп жүргендер бар. Олар кімдер? Он мың жылдың алдында шаңғы теуіп жүргендер бар? Олар кімдер? Мен осындай мәселені қозғап отырмын. Бұл қазіргі Қазақстанның территориясы емес, сонау Сібірден мынау Орта Азияға және анау Қытайдың шекарасынан Кавказға дейін мекендеген халықтар жайында айтып отырмын. Осы екі араны түгел «мықтар» алып жатыр. Барлық жерде «мық» деп аталып тұр. Мына Қаратау өңірі бар ғой...

– Иә, аға...

– Сол жерде он бес күндей тұрдық. «Мық» деген халықтың болғанын. елдің бәрі біледі Менің бір таңғалғаным, мықтардың моласы бір жерге қойылмаған. Жалғыз-жалғыздан. Әр жерде бір төбешік.

– Неге бұлай екен?

– Енді оны білмеген соң нақты айту қиын ғой, қарағым. Осылайша өзім бір шешімге келдім. Ол кездегі салт бойынша адам қай жерде қайтыс болса, сол жерге жерленетін болуы керек. Көлденең деген жерде үш адамның қатар жатқанын көргенім бар. Басқа жерден мұндайды кездестірмедім. Мықтардың моласының талайын қаздық. Бірақ ешбір бейіттің астынан алтын не күміс таба алмадық. Сол кездегі салт бойынша адаммен бірге алтын, күміс және әшекей заттарды бірге көмбеген. Осы орайда мен мына. «Үш құлпытастағы үш сөз» деген нәрсені айтқым келеді. «Туған елімнің аспанының астында шалқамнан түсіп жатырмын» деп жаздырыпты Қыдыр Жүсіпов деген кісі. «Тәуелсіздік көрдім, мәңгілік тілеймін» деп жазыңдар дедім балаларыма. Бұл сөзді 1991 жыл айтып тұрмын. Сәбетқазы Ақатай, Абдолла Бақберген, Дәурен Сатыбалды деген жігіттер куә бұған. Менің бала-шағам, туыстарым куә. Игілік ниетім ғой.

–Осы Мықтар турасында тереңірек жазған өзіңізсіз. Мен осы жерде мықтарға қатысты ауылда естігенімді қоса кетейін. Менің түбім Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласына қарасты Бабайқорған деген ауылдан екенін айтым ғой сізге. Жақында ауылға барғанымда осы сіз айтқан мықтар жайында ауыл адамдарына айтып отырған едім. Садырхан дейтін інім: «бізде де бар ғой «мықтың үйі», «мықтың төбесі» деген сөз тіркестері», – дейді. «Әй, ол қайда, мен неге оны естімегенмін», – дедім. «Оны мен қайдан білейін, мына Қаратауға шықсаңыз кез-келген кездескен адамдар айтады «анау мықтың үйінің орны», «мынау мықтың төбесі» деп қарап отыр. Бірақ олардың ара қашықтығы бір-біріне жақын емес көрінеді. Сонда мықтар кең жерді мекен еткен соң шашырай қоныстанған екен-ау шамасы. Ал енді осы арғы тегіміз – мықтар жайында неге аз айтылады?

– Бұл жайында бұрын да айтқанмын, қазір де қозғап жүрмін. Бірақ ауыл адамдарының бір-біріне айтып жүргені жақсы екен.

– Жағда аға, дәм-тұз жазса сізді де алдағы жазда Бабайқорғанға алып барайын. Мық үйлерінің орнын өз көзіңізбен көресіз. Ауыл ақсақалдарымен сөйлесесіз, жер көресіз.

– Оған жарап жатсам жақсы. Биыл денсаулығым да сыр беріп жүр ғой. Көргім-ақ келеді...

– Бабайқорғандағы әкемнің қара шаңырағында кезінде аунап-қунап асыл ағаларым, достарым: Сәкен Жүнісов, Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Қалдарбек Найманбай, Жәнібек Кәрменов, Өтежан Нұрғалиев, Илья Жақанов, Есенғали Раушанов, Мереке Құлкенов, Ұлықпан Сыдықов сияқты талай жақсы жайсаңдар қона жатып, кезінде марқұм анам Айжамалдың қолынан дәм-тұз татқан еді. Әкеммен бірге отырып, шүйіркелесер едіңіздер.

– Әрине, жолға жарасақ барармыз. Көне Қаратаудың етегі тарихқа тұнып тұр ғой. Мен қаншама тарихшылар мен археологтарға, жалпы, осы саланың жанында жүрген адамдардың бәріне «халық арасына барып, жұмыс істеңдер» деп айтып жүремін. Нақты қай жерге, кімге бару керек екенін де, оған қоса ол жерде ненің бар екеніне дейін де айтып жүрмін. Бірақ менің айтуыммен жүреді дейсің бе... Әй, қайдам... Естімедім. Ешкім бармады-ау...

Анау Нарынқолмен шекаралас Қытайдың Құлжа аймағындағы бір үлкен сайдан адам бойындай бірақ әртүрлі пішіндегі тастарға жазылған жазуларды көргенімді түркітанушыларға да, тарихышыларға да талай айтқанмын. Құлжа жақтағы сол тастағы жазуларға да біреудің барғаны жайлы естімедім. Бұл жазулардың бәрінде біздің тарихымызға қатысты шежірелердің жатқанына менде ешқандай күмән жоқ. Ал жоғарыдағы мен айтқан мықтардың үйлерін терең зерттесең, қандай құнды деректер жинаған болар едік... (Осы сөздерді айтып Жағда аға терезеге қарап көп ойланып отырды. «Жас болсам бәрін өзім-ақ тындырар едім, шіркін» деп отырғандай болып көрінді маған. Мен де ойын бөлмедім. Екеуміз де өз ойларымызбен арпалысып кеттік. Бір кезде барып: «Қасымхан, қой енді сұхбатымызды жалғастырайық. уақыт жоқ», – деді де ары қарай әңгімелесуге ыңғай білдірді). ...Біздің тарихшылардың қолындағы қазақ халқының тарихы туралы деректері неге Сақ дәуірінен әріге аспайды? Мысалы, Есік қаласынан табылған «Алтын адам» екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген. Атыраудан, Арқадан, Алтайдан табылған «Алтын адамдарға» да – екі жарым мың жыл. Сонда қазақ халқының тарихы екі жарым мың жылдан аспай ма? «Бұдан бұрын менің ата-бабам болмап па екен» деген сауал ойландырмай ма? Әрине, ойландырады, толғандырады. Тарихшыларымыз бен археологтарымыздың екі жарым мың жылдан аса алмайтын себебі, біздің тарихты Батыс ғалымдары жасаған. Батыс ғалымдары жасаған жасанды тарихты өз тарихшыларымыз әлі күнге дейін тас-талқан етіп бұза алмай келеді. Батыстықтар бізді «бұлар жабайы, сондықтан оларда тарих жоқ, тексіз халық» деген. Тіпті «бұларда адамға тән тарих жоқ, сондықтан оны жазудың, зерттеудің қажеті шамалы» деген қорытындыға келсе керек. Біздің өлкемізден «Алтын адам» табылған кезде кейбір Батыс ғалымдары «мынаның шашы сары екен, демек, еуропалық болуы әбден мүмкін» деп те бұрмалап жазды. Осыған байланысты мен көптен бері мық деген халық туралы ойланып жүрмін. Өйткені біздің қазақта мық деген ұғым бар. Мәселен, Қытайдағы қазақтардың кез келгенінен біреудің үйін сұрасаңыз «үй, ол кісілер анау ақ обаның ар жағындағы, мықтың үйінің бер жағында отыр» деп, оба мен мықтың үйін айырып айтады. Бірақ оба мен мықтың үйі бірдей, үйіп қойған тас. Демек, мық деген халық болған. Бүгіндері Шығыс Қазақстандағы қазақтар «әкемнің басына үй тұрғыздым, шешемнің басына үй тұрғыздым» деп жатады. Міне, біздің қазақ бейітті ертеде үй деген. Мықтың үйі деген солардың моласы деген сөз. Мен мықтың үйін іздеп, біршама жерді араладым. Мәселен, еуропалықтар Тянь-Шань (қытай тілінде тянь – аспан, шянь – тау – авт.) деп атайды. Қазақтар Еренабыр, Еренқабырға кейде Ерентау деп те атайды.

– Еренабыр сөзінің түпкі мағынасы қандай?

– Еренабыр сөзі «даңқты, әйгілі, дүбірлі» деген мағынаны білдіреді. Осы Еренабырдың шығыс тұмсығы Ұлы Қытай қорғанына тақалып барып бітеді, арасы онша алыс емес. Көп болса, бес жүз шақырым болып қалатын шығар. Осы екі арада Ататүрік деген аудан тұр. Қасында Баркөл деген жер бар. Екеуінде де қазақтар мен ұйғырлар тұрады. Осы өңірден басталған мықтың үйі біздің Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына дейін жетеді. Мұғалжар өлкесінде дәл мұндай ұғым жоқ екен, бәлкім, мен білетін адамды кездестіре алмадым, ести алмадым. Сонда шығыстан батысқа қарай есептесең, осы екі араның арақашықтығы үштөрт мың шақырым екен. Ал солтүстіктің дәл қай жерінен басталғанын білмеймін. Моңғол мемлекеті жерінде мықтың үйі бар, оңтүстік Орта Азияда, яғни, Ташкент ойпатына дейін мықтар үйі деген ұғым бар. Бір таңғаларлық нәрсе, осынша үлкен аумақты біріктірген елдің бүгін біздің қолымызда бір жапырақ деректің қалмауы. Таңғалмасқа шараң бар ма? Осынша үлкен аумақты біріктірген елдің тілі бір болмаса, діні бір болмаса, ділі бір болмаса, ұлттық рухы бір болмаса, салт-санасы бір болмаса, мұндай аумақты бір тудың астына біріктіре алмайды. Яғни мықтар – бір тудың астында жатқан халық.

– Осынша үлкен жерді иемденген ата-бабамызды бүгін біз неге жұмбақ күйінде қалдырып отырмыз?

– Енді оған дәл қазір бас қатыратындай шамада емеспін. Сөзім де өтпейтін шығар менің. Айтылуы кем болған жоқ. Тарихшылар бұл тақырыпқа дендеп бару керек. Шын мәнінде, мықтың рухы бізбен бірге жатыр. «Мінеки, мықтың үйі» деген сөз ойлы жанға ой салары хақ. Соңғы ғасырда қазақтың молалары шоғырланып қойылатын болған. Бүгін де солай. Қазақтар туыс-туғандарын бір жерге жерлейді. Ал мықтың үйі – шоғыр қойылмаған, жалғыз-жалғыздан. Қытай жақтағы Жайыр тауында Көлденең деген су бар. Ал Шәуешек пен Үрімжінің арасындағы жол Көлденең суын кесіп өтеді. Сол жерде мықтың үйінің үшеуі бір жерде тұр. Басқа жерден мұндай шоғырланған мықтың үйін көрмедім. Мүмкін, үш адам бірдей осы жерде мерт болды ма екен, кім білсін?

Тағы бір қызық, Қытайдағы қазақтардың көбі мал шаруашылығымен айналысады ғой. Олар қыста қыстауда тас қоралар жасайды. Әрине, бүгінгідей үлкен техника жоқ, тасты олар арбамен, сүйреткімен тасиды. Жақын жердегі тастың бәрін керегіне пайдаланады. Мықтың үйі кездесіп қалса, оны мықтың үйі деп қарамай, үстінде бос жатқан тастарын ала салады. Тасқа қызығып, адамның сүйегін шығарып алған талай қазақты білемін.

– Ол жерді не істейді сосын?

– «Ой-бүй, мынау бейіт екен ғой, қайта көміңдер, Құран оқыңдар», – деп, қайта көміп жатады. Міне, олар мықтың үйінің не екенін ұқпастан, тасын түгел алып қояды. Менің осыны айтып отырғандағы бір себебім бар, осыншалық ашылып жататын мықтың үйінен алтын сақина, білезік тауып алдым немесе күміс әшекей бұйымдар тауып алдым деген бір қазақты кездестірмедім. Соған қарағанда алтын мен күміс бар болса да, мықтың дәуірінде алтын мен күмістен жасалған бұйымдарды өлікпен бірге жерлеу салты болмауы мүмкін. Есте ұстайтын тағы бір мәселе бар, тегіндегі қазақтар жыртқыш аңдар адам сүйегін қазып жеп қоймас үшін, оны ауыр тастармен бастырған. Тасты үюдің негізгі себебі осы. Әрі көмген жерді жоғалтып алмауы керек қой, яғни бір жағы белгі ретінде қойған. Мұның бәрі ақылмен жасалған дүние ғой.

Мықтың заманында үйген тас аз болмаса керек. Адам бойындай, иә болмаса ат бойы биіктікте болуы әбден мүмкін. Қазір олардың бәрі жермен-жексен болған. Демек, мықтар – өте ұзақ тарихқа ие халық. Кешегі кісі бойы тастар бүгін тізеден аспайды. Жалпы, мықтар үйінің бәрі бірыңғай болып келеді. Тек бір ғана үйді көрдім. Айналасы үлкенүлкен таспен үйілген. Алакөлдің шығыс жағында.

– Өзіңіз мықтардың үйін болсын тағы да басқа ескі қорымдарды да талай қаздыңыз. Археологияға, тарихқа қатысты дүниелердің талайына тап болған шығарсыз?

– Ондай нәрселер көп кездесті ғой маған. Кейбірінде ештеңе жоқ болып шығады. Енді шіріп кеткен болуы мүмкін. Менің Алтай деген ұлым бар. Сол балам мына Алматы облысы Жамбыл ауданынан 2006 жылы жиырма екінші наурыз күні тереңдігі алпыс сантиметрлік шұқырдан үш керамикалық ыдыс тауып алыпты. Қазір ол ыдыстар үйде тұр. Біріншісінің үлкендігі ені – он сегіз сантиметр, шұңқыры – жеті жарым сантиметр, қалыңдығы – бес сантиметр, сыйымдылығы – бір литр, түбі домалақтау. Екінші ыдыстың ені – он төрт сантиметр, шұңқырлығы – тоғыз сантиметр, қалыңдығы – бес миллиметр, сыйымдылығы – жеті жүз грамм, түбі домалақ. Соңғысының ені – он бір сантиметр, шұңқырлығы – жеті сантиметр, қалыңдығы – бес миллиметр, сыйымдылығы – бес жүз грамм, мұның да түбі домалақ. Осы ыдыстардың бәрінде түп бар. Жерге қойсаң орнықты тұрады. Бұл ыдыстардың негізі – әдеттегі сары топырақ. Содан суға иленіп, отқа күйдірілген. Өңі қызғылт сары. Керамиканың алғашқы түрі болар. Ыдыс ретінде пайдалануға келеді.

– Қалай тауып алған?

– Құрылысқа қажетті тас іздеп жүріп, бір төбенің басын қазғанда, сол жерден алпыс сантиметр тереңдіктен осы үш ыдыс шыққан. Үшеуін қатар қойып, төңкеріп көміпті. Тас қазу кезінде темір лом тиіп, екеуі жартылай сынған. Ең кішкентай біреуі бүтіндей алыныпты. «Үш ыдысты неге бір жерге көмілді» деген сұраққа былай деп жауап бердім. Малшылар далада сүт сауып, «тасқорықтық» жасап, сүт ішуге пайдаланып, аңшылар сусын ішуге пайдаланып, алып жүруге ыңғайсыз болғаны үшін әдейі далаға көміп кетіп жүріп, қалдырған болар. Жер дауы, мекен дауына керек болып арнайы белгі, кәулік үшін көмген болар. Нақты жауап айту қиын. Үш ыдысты көмген жер – қоныс емес, жұрт емес, төбенің басы. Осы жерді тағы бір барып қазып көрген жөн. Майлы деген тау бар, оның шығыс жағында Жайыр тауы тұр. Майлының оңтүстік жағын қабырғалап Қаратамаққа қарай жол кетеді. Бұл тегіндегі Жібек жолының үлкен бір саласы болған. Сонау Алтай, Саянға бет алған. Осы жол Майлының арғы жақ тұмсығына таман барып, Байынамбы сайымен құлдырап, жазыққа түсіп кетеді. Байынамбының аузына жақын жерде бір мықтың үйі бар. Оны бірінші рет мен тым ертеректе, бала күнімде, екінші рет 1954 жылы көрдім. Соның биіктігі бір метрдей болатын, ал диаметрі жиырма метр мөлшеріндей еді. Демек, бұл жерде мықтың бір батыры, болмаса көсемі, әйтеуір құрметті адамы жатыр деген сөз. Мен бұдан басқа үйілген мықтың үйі деп аталған тасты көрген жоқпын. Осылай мықтың үйі – ел аузында жүрсе де, ғылыми тұрғыдан біздің дәуірімізге дейін ашылмай келген тың тақырып. Сондықтан біздің ғылым осы мәселемен айналысуы керек деп білемін. Бейіті тұр. Астында сүйегі жатыр. Ал ғалымдардың осыны неге зерттемейтіні түсініксіз? Мен мұны тарихшыларға да, археологтарға да айтып жүрмін.

– Ешкім мән бермеді ме?

– «Иә, аға, зерттейміз» деп қояды. Қаншама адам үйге де келіп кетті. «Есі бар, қолынан іс келеді-ау» дегеннің біразына айтып түсіндіргеніммен,. қолға алған ешқайсысын байқамадым. Кейде археологиялық дүниелерге де қол сұғып қоям. 1948 жылы Теміртам деген жерде эскадроным болан. Әскери қызметте жүрген кезім ғой. Полк командирінің орынбасарымын. Бір шаруаны бітіріп сыртта тұрмыз. Қыстың күні. Жердің бәрі аппақ қар. Айналаға көз салып қарай бастағанымыз сол еді, бір тас қараяды. Тастың жанында төбе тұр.

«Анау не» дегеніме қоластымдағылар білмейтіндерін айтып, бастарын шайқайды. «Жүріңдер, барайық» деп бір қора адамды адад ертіп алдым. Қап-қара тастың бетінде топырақ үюлі тұр. Биіктігі үш метр шамасындай. Диаметрін бәрін қосқанда мөлшері он метр шығады. Мұны кім әкеледі бұл жерге? Адам қолымен келмесе, ол жерден топырақ таппайсың. Кетпен мен күрек алдырып, айналасын бір метр алшақтау алып сыздым. Бір уыс топырақты шашау шығармаңдар. Қайтадан көмеміз дедім. Алып бара жатқан соғыс жоқ. Бос жігіттер ғой. Ең түбіне жеткенде ғана не нәрсе екеніне көз жеткіздік. Тегінде бұл жер темір қайнатқан орын екен. Домна пеші секілді, бірақ пеш кірпіштен жасалмаған, балшықтың құр өзінен салынған. Мен қайнатуға дайындап қойған бір-екі тасты тауып алдым да, өзіммен бірге ала кеттім. Қайтадан көмдірдім. Сол жерді Теміртам дейді қазақтар. Қай уақыттан бері Теміртам деп аталады ол жағы беймәлім.

– Тағы қандай деректер бар бұл жайлы?

– Алматы облысының Кеген ауданында Тұйық дейтін жер бар. Сол Тұйықтан жетпісінші жылдары ма екен, нақты есімде жоқ, біреу маған хат жазыпты. Қытайда мұғалім екен өзі. «Жәке, мен таудың басынан кірпішті тауып алдым. Топырағы сол жерде жатыр», – депті. Сол жерге барғым келді. Машина алдым да бардым. Әрі қарап, бері сұрастырып, айтқан жерін тауып алдық. Тегінде құрылыстың орны секілді. Тас кірпіштің екі түрі шықты. Тағы бір істік секілді бір нәрселерді тауып алдық. Сөйтіп, тапқан шұңқырымызды қазып едік, ол жерден де пештің орны шықтық.

– Шұңқырдың тереңдігі қанша екен?

– Шұңқырдың тереңдігі көз мөлшерімен екі-үш метрдей бар. Өзі домалақ. Сол жерден қорытылып барып, тоқтап қалған темір рудасының қалдығын тауып алдық. Сырттағы төмпешікті қазып едік, ішінен руданың үйіндісі шықты. Сол жерге көмген екен. Қарасам, барлығы тас. Судың тасы. Малта тастар. Жанымызда жол көрсетуші бір шал бар еді. Содан «ана төбені не дейді», «мына төбені қалай атайды» деп сұрап жатырмын. «Е-е, ол жер Темірліктің ар жағындағы тау ғой», – дейді. Темірлік деген өзен бар. Сол өзен мен темір қорытқан жердің арасы он шақырымдай екен. Бұл жерге қалың қарағайды пайдаланып, пешті құрған екен. Құрғанда құрмаған, жерді қазып, сол жерге қарағайды үйіп, тас салып еріткен ғой. Осындай деректер бар менің қолымда.

– Мықтардың қай дәуірде өмір сүргені туралы нақты дереккөзі бар ма?

– Менің қолымда мық халқының қай дәуірде өмір сүргенінен азда болса мағлұмат беретін үш дерек бар. Біріншіден, мықтар біздің дәуірімізден он мың жылдай бұрын өмір сүруі мүмкін. Мен айтқан Алматы облысы Жамбыл ауданы Майтөбе дейтін жерден табылған суреттердің ішінде біз көрмеген хайуанаттардың да суреті салынған. Ол қай уақытта болған хайуанаттар? Бұл жағы белгісіз. Оны жобалап айту да қиын. Бір жерден Керқұлан жылқысын көрдім. Жылқының арғы тегі ғой. Ол кейін Пржевальский аталып кетті. Мықтар әлемі – қазіргі зерттелмеген, біздің ғылымның сыртында тұрған, ешкім бармаған тақырып. Екінші сурет біздің дәуірімізге дейінгі төрт-төрт жарым мың жылға сай келеді. Қараңыз, оларда арба болған. Мұқият қарап отырсам, бір арбаға екі-үш және төрт аттан жегілген. Соның арасында садақ ұстаған бір жауынгер соғысқа дайын тұр. Бұл суреттердің тас бетіне түскеніне алты мың жыл болған деген дерек те бар.

– Бұл тастағы суреттерді қай өңірден көруге болады?

– Бұл суреттер Қаратау өңірінде бар. Міне, ХХІ ғасырға жеткен арба мен садақ та сол күйінде тасқа басылған. Мұның бәрі – Мықтар дәуіріне тән дерек. Енді үшінші дерекке көз жүгіртсек, қытайдағы қазақтар «Шыңырау» деген халық күйін тартады. Бұл – аңызға құрылған күй. Мұның арасында айдаһар да бар. 1952 жылы Шыңдау деген өлкеден табылған қос айдаһардың сүйегіне «жиырма-жиырма бес мың жыл бұрын болған» деп тарихи кесім айтты. Демек, біздің күйіміз де сол уақытқа сәйкес келіп тұр ғой. Осыған қарағанда, басқалар айтқандай, біз екі мың жылдың алдына ғана туғамыз жоқ. Біздің тарихымыз тым әріде. Мүмкін, бұл мықтың дәуірінен мыңдаған жыл бұрын да шығар.

– Енді шамамен мықтарды қанша мың жыл бұрын өмір сүрді деп болжайсыз ?

– Менің ойымша, мық он мың жылдың айналасында ғұмыр кешкен халық болар. Сонымен, менімше, мық деген елді өз ата-бабамыз ретінде іздеуіміз керек. Біздің өлкемізде олардың моласы жатыр. Енді оны қазып, зерттеп, олардың қай дәуірде ғұмыр кешкенін анықтауымыз керек-ақ. Алтай тауының Қытай жақ бөлігінен тас бетінен шаңғы теуіп жүрген адамның суреті табылған. Қытай ғалымдары бұл суретті «он мың жыл бұрынғы қазақтың ата-бабасы» деді. Бұларды әлі де зерттеп, іздеу керек. Қанға сіңген немқұрайдығымыздың кесірінен арғы тегіміздің кім екенін білмей отырмыз. Бұны айтпағанда, Жәнібек пен Керей көшпелі өзбек хандығынан бөлінбей тұрғанға дейін қазіргі қазақ қай тілде сөйледі, қай дінге бас иді, салт-дәстүрі мен мәдениеті қандай болды? деген сұрақтарға әлі күнге дейін жөнді жауап таба алмай отырған жоқпыз ба? Ал соңғы жылдары зиялы қауымның арасындағы қазақ тарихының төңірегінде туған дау-дамайдың ұзаққа созылатын түрі бар. Оның себебі белгілі. Сақтар, шынында да, бүгінгі қазақ ұлтының қалыптастырған Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ сияқты ежелгі ру тайпалардың арғы тегі болып табылады ма? Бұл сауалға үш жүз жыл бұрын орыстың есімі әлемге әйгілі археолог ғалымы С.И.Руденко мен атақты тарихшы Андрей Лызлов Петр біріншінің қабылдауында болып, оған: «Скифтер – (сақтар – авт.) – Алтай мен Қара теңіз аралығында жатқан ұлан-ғайыр өлкені ертеректе мекен еткен қазіргі түркілердің арғы тегі болып табылады. Кезінде олардың мейлінше жоғары өзіндік мәдениеті болған. Бұл – тарихи шындық»,– деген. Мұндай ғылыми тұжырым орыс патшасына ұнамаған. Ұнауы мүмкін емес те еді. Отаршыл пиғылды көздегендердің өздерінен өзгені адам деп санамағаны рас. Сол себепті орыс патшасы «бізге ондай шындықтың керегі жоқ» деп ғылыми зерттеулерін жойып, ғалымның өзін қуғын-сүргінге салғаны мәлім. Одан соң қазақ тарихына өзге ұлт өкілдерінің жанашырлықпен қараған ғалымдары болған емес. Қайта керісінше «қазақ деген мемлекет болмаған» деп айтатындар жыл санап көбейіп бара жатқан секілді.

– Мық деген сөз қайдан шыққан сөз өзі?

– Жалпы мына ұйғыр халқында мық деген сөз «шеге» дегенді білдіреді. Менің Қытайда әскери салада жүрген кезім еді. Қытайлармен соғысып жүрміз. Қытаймен екі ара құм. Сол араға бақылауға адам жіберіп тұрамыз. Барып-келіп жатады. Мен ылғи хабарын біліп тұрам. «Сайтанқала», «сайтанқала» деген бір нәрсені айтады олар. Сайтан қаласы несі? Құмның астында бір қала бар дейді? Не екенін көргім келді. Бір күні полк командиріне: «Аға, «разведкаға» өзім барсам қалай болады?» – деймін ғой. Жібергісі келмейді.

– Олардың айтатын уәжі не сонда?

– «Ей, сен подполковниксің, полк командирінің орынбасарысың, ертең сен қолға түсіп қалсаң не, бетімізді айтамыз?» – дейді. Үндемей кетіп қалдым. Тағы бір сөздің кезегінде және айтып қалдым. Бетіме қарап тұрып, «жақсы, қарулан» деді. Рұқсат берген соң, тоғыз адам алдым да қаруланып, бір сөткеден соң әлгі «Сайтанқаласына» бардық. Бұл – Қытайдың қаласы емес, біздің ата-бабамыздың қаласы. Қытай ол уақытта болмаған ғой. Құм қатты жүреді екен де, желмен бірге басып қалады екен. Кейде керісінше жел ашып тастайды. Мен ана жер, мына жерін шұқылап жүріп, қоладан жасалған сауыт тауып алдым. Тағы бір нәрселерді таптым. Біздің алдымызда ғана сол жерге қытайлар келіп кеткен екен. Солардың ізін көрдік. Олармен бетпе-бет жолыққамыз жоқ. Сөйтіп, құмның ішімен Шығысқа қарай сіңіп кеттім. Осы құмның ішінде «кісікиік» деген бар.

– Бұл не нәрсе өзі?

– Енді қазақтар солай атайды. «Кісіге ұқсайды», «екі аяқпен жүреді» дейді. Бірақ ол жыртқыш емес, шөп жейді екен. Шөптің тамырын жейді. Ет жемейді. Ербеңдеген қолы бар. Айтуларына қарағанда, он-он екі жастағы баладай ғана. Ылғи үшінші боп қалам. Менің алдымдағы екі адам көреді. Мен көрмеймін. Соны көргім келді. Жаныма ерткен тоғыз адамым бар.

– Кездестіре алдыңыз ба?

– Сусылдаған құмның ішінде жүрміз. Бір-екі сөтке жүрдік. Қалың құм. Оның арасынан кезіктіре алмадым. Не ізін таба алмадым. Басқа аңның сан алуан түрі бар. Қайтадан өзіміздің аймаққа кіріп, бір тауды ықтасын жасадық. «Ал енді жігіттер қарын тойғызайық», – дедім. Құмның арасында жүріп, от жаға алмадық қой. Қыстың аязды күні. Жігіттерге: «Ана қалың қарақарақұйрықтан бір семізін атып келіңдер!» – дедім. Бәрі шетінен мерген ғой. Тарс еткізіп біреуін атып әкелді.

Олар келгенше бір тасты отқа салып қыздырдым. Анау дереу сойылды, тұздалды, сүйектерінің бәрін алып тасталды. Тұз сеуіп болған соң, көрпе секілді етіп тасқа жаба салдық. Ана жерін, мына жерін бекітіп қойдық. Қып-қызыл боп пісті дейсің. Әлгінің дәмі осы күнге дейін аузымнан кетпейді (рақаттана күлді).

– Бұл сонда қай жер?

– Мына Жоңғарияның батыс жағында Алтай, Тарбағатай, Іле, Бора-Толо деген төрт облыс тұр ғой. Соның территориясында. Жоңғар даласы қарай Қытайға қарай созылып жатыр. Осы аймақта ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін керқұлан бар еді. Сол уақытта түйекиік бар еді. Түйенің жабайы түрі. Кішкене ғана. Бойы тайлақпен шамалас. Жеңіл жүретін жануар. Мылтық деген отқару шықты да бәрін құртты ғой. Қазір түйекиік құрыды ғой. Керқұлан да жоқ. Мына Азиядағы ең үлкен тау Тянь-Шань. Мынау Алтай тұр. Ар жағыңда Кавказ жатыр. Басқа ірі тау жоқ. Бұл тауларда біздің ата-бабамыздың ізінің түспеген жері жоқ. Сол таудың тышқаны мен құмырсқасына дейін біледі. Мына «еуропалық» зерттеушілердің «осы өлкеден жабайы адам көрдік» деп жазып жүргендерінің бәрі – өтірік. «Ойбай, жабайы адам бар екен» деп қаша жөнеледі...

– Аға, осы ханзулар қандай халық өзі?

– Мен бір нәрсені анық айтайын, мына Қытай халқы – бүкіл әлемге келген тажал. Қазір халқының саны бір жарым миллиард болды. Алдағы уақытта бәрін жұтады. Жылына жиырма миллион адам дүниеге келеді. Қазір бүкіл әлемге қол салып жатыр. Жерді жалдап алып жай ғана тірлігін жасағандай болып, ішімізге еніп келеді. «Бізге бес жылға, он жылға жерлеріңді жалға беріңдер» дейді басында. Бір кіріп алғаннан кейін шықпайды ғой. Қазақстанда бүгінгі күні бір миллион қытай тұр. 1993 жылы Алакөлге бардым. Шағын мейманхана екен. Бір бөлмесіне жайғастым. Сол жерде жатқандардың бәрі қытай екен. Жаман теледидар бар, кешке жақын жиналып алып бәрі соны қарайды. Менің басқа ұлт екенімді біледі, бірақ олардың тілін білетінімнен бейхабар. Арасында дым білмегендей боп отырам. Ылғый «мына жерге темекі фабрикасын салу керек», «ана жерге зауыт салу керек» деп жоспар айтып отырғандары. Біздің жерімізге келіп алып, жасап отырған жоспарларының сиқы осындай. Сол мен түскен мейманханада совхоздың директоры бар екен, соған «мына қытайды неге қаптатасың» деп айттым.

«Онда сіздің шаруаңыз қанша? Міне, мына арағың да, темекің де – арзан», дейді. Былай айтатын ретім де жоқ еді. Келе салып, ашуменен «Заңсыз жүрген қытайларды қайтару туралы» Елбасының атына хат жаздым. Жазып болған соң Сәбетқазыға көрсеттім.

– Сәбең не деді?

– «Жәке, мынауыңыз жақсы нәрсе екен, мен де қол қоям, апарып, Президенттің өз қолына беру керек» деді.

–Елбасыға бере алдыңыздар ма?

–Хатты бере алмай үш ай жүрдік. Бір күні бір жиналыс болды, сол жерге бардық, кимелеп жүріп. Алдына таман барып отырдық. Ол кісі сахнада сөйлеп жатыр. Сөзін аяқтай бергенде мен қарғып сахнаға шықтым. Соның арасында ар жағынан біреу келіп құлағына сыбырлады, ол кісі сол жаққа ыңғайланып қалды. Мен қолымды созып тұрып қалдым. Жанында қазіргі сенатор Қуаныш Сұлтанов деген азамат отыр екен.

–Не берейін деп едіңіз? – деп Қуаныш елең ете қалды. Қолымдағы хатты осы кісінің өз қолына тапсырғым келетінін айттым

«Әкеліңіз, мен бере салайын», – деді. Сол Қуаныштың қолына бере салдым. Төменге түскен уақытымда Сәбетқазы маған қатты ренжіді.

«Үш ай күтіп, қолына бермегеніміз қалай болды» деп налыды.

– Кейін ол жақтан хабар болды ма?

– Бірер апта өткен соң маған телефон шалып: «Сіздің арызыңыз бізге жетті, келіңіз әңгімелесейік», – деді. Айтқан жеріне барсам, бір қазақ отыр екен. «Бұл хатты жазған мен едім, қашан барады Президентке» десем, әлгі отырған қазақ шалқайып, «ақылдасып жатырмыз ғой» дейді арқасын кеңге салып. Ашуланып кеттім де: «Ей, сен кімсің, әрі-беріден соң, мемлекетіңді қытай жаулап алады деп жатырмын! Естисің бе осы сөзді, оны Президентке жеткіз десем, «ақылдасып жатырмыз» дейсің! Кіммен ақылдасып жатырсың, кеттім мен», – дедім де есігін тарс еткізіп жауып кетіп қалдым. Одан соң ешкімге барғаным жоқ. Төрт-бес күннен соң тағы телефон шалады. Хатыңызды сол кісінің қабылдауына жібергелі жатырмыз деді. Сыртындағы жазуды оқы дедім.

– Не деп жазып едіңіздер?

– Онда сыртында «Президенттің өзі ғана ашсын» деген бір ауыз сөз жазылған болатын. Бір жетіден соң Ішкі Істер министрлігінен, Қорғаныс министрлігінен, Сыртқы істер министрлігінен және тағы бір министрліктерден жауап хат келді. «Хатыңызды алдық» деген. Ол хат жеткен-жетпегенін анық білмеймін, бірақ сол тұста осындағы заңсыз жүрген қытайды түгел елден қуып шықты. Сол 1993 жылы. Сәбетқазы екеуміз Шығыс Қазақстан облысы, Күршім деген ауданға бардық. Сөзден сөз шығып кетті. Сөзіміздің арасында қытай деп қалдық. Жасы он мөлшеріндегі бала келіп: «Аға, қытай деген болады екен, оны біздің ағалар ұрып, машинаға басып, тиеп алып кетті», – деді. Жалпы, сол бір жолы ғана тәуір әрекеттенді. Кейін мұны ешкім қолға алған жоқ. Артынша тағы да хат жаздым. Еш нәтижесі болмады. Қазір қытайдағы қазақтар мектепті тек қытай тілінде оқиды. Қытайша бастаған соң, әрине, ол қытай болмағанда кім болды? Бұл турасында да қанша айттым.

Жалпы, түркітілдес халықтар үшке бөлінеді. Бірі – үндістан, ауғанстан, пәкістан жағындағы «ассимиляцияланғандары». Мына жақтан келіп ұйғыр халқы татар және башқұртпен «ассимиляция» болған.

– Ал аға, ноғайлар ше?

– Ноғай дегеніміз – қазақ қой. Кіші жүздің кешегі бір атасы. Бізге ең жақын халық осы – ноғайлар. Олар бізден кейін бөлінді ғой. 1990 жылы Мәскеуде түркітілдес халықтардың үлкен басқосуы болып өтті. Соған біз Сәбетқазы екеуміз қатыстық. Жиналыстар көп болған соң, «Сәке, сен басқар» деп Олжас Сүлейменов Сәбетқазыға өтініш айтты. Сол жиналыста халық саны аз ұлттар сахнада жылап тұрып сөйледі. Ноғайлар да сөйледі. Біз: «Қазақстанға көшіп келсеңдер, «Ноғай ауданы» деген аудан құрып береміз, осында түбегейлі келіңдер», – дедік. Олар үйренген жерін тастап кете алмайтындықтарын айтты.

– Қарақалпақ бізге жақын халық па?

– Қарақалпақ бізге өте жақын. Қырғыз шамалы алыстау. Ұйғыр халқы бар ғой, солар айтыпты, «Жетісудың жері – біздің жер» деп. Үлкен бір жиында сөз кезегі маған келгенде, қарқылдап күлдім. Енді жынды адам күледі ғой. Мен айттым, «менің сөзім аяқталғанша, Жетісу жері ұйғырлардікі» дедім. Дүр сілкінгендей болды ел, дуылдаған күлкі де болмай қалған жоқ. «Мына Жетісу жерінде жоңғарлар мен қазақтар қырық екі жыл соғысты. Жетісу қазақтарының қырық пайызы жоғалды, ал жоңғарлар мүлдем жойылып кетті. Осы қырық екі жылда «Жетісу жерін қорғаймын» деп есегіне мінген ұйғырды емес, сол есегінің ізін тапсаңдар, Жетісу жері ұйғырдікі болсын, – деп ем тағы да ду күлкі болды...

Қазақ бір тал сіріңкеден бастап, зымыранға дейінгі өз ғылымын өзі ашпаса, мемлекет құра алмайды

– Аға, бір сөзіңізде «дарын иелері» дегенді айтып едіңіз. Осы дарын иелеріне кеңірек тоқталасыз ба?

– Өркендеу үшін, мына қажетті дүниелерді жасау үшін адамның басы керек. Осы ғылымды, жаңалықты дүниеге келтіру үшін адам керек. Сол адам кім? Олар – дарындар. Дарын иелері болмаса, басқа ешкім жасай алмайды. Ал сол дарын иелерін құрметтеген елдер өздерінің де абыройын көтеріп отыр.

– Бізде қалай бұл жағы?

– Әлі күнге дейін «дарын иелері» деген сөзді білмей отырмыз. Екі жыл бұрын осы жайында мақала жаздым. Біреуі де ескерген жоқ. Осы орайда тағы бір әңгіменің шетін шығарғым келіп отыр. Жердегі тіршілік нышандары үш жарым миллиард жыл бұрын пайда болған делініп келді. Ал Немчиннің пікіріне сенсек, төрт жарым миллиард жылдан да ертерек пайда болған. Адам баласы осы дәуірлердің қай кезеңінде пайда болды, ол жағы белгісіз? Ал адамзаттағы – ақыл-ес, ой, сана, арман, тілек, мінез-құлық, ынсап, ар-ұят, ұждан, жақсы-жаман ниет, тағысын тағылар, тіл, діл, дін, салт-сана сияқты адамға тән қасиеттердің пайда болу, жетілу, даму дәрежесі ұқсас болмаса да, табиғат әлемі адамды бүгінгі дәрежеге, бүгінгі сатыға көтерді. Адам – бүгін бүкіл Жер шарының қожасы. Алуан түрлі ғылымның, алуан түрлі жауыздықтың иесі. Бүкіл әлемдегі бес-алты миллиард адам біріне-бірі ұқсамайтын бес-алты миллиард ақыл-ой, мінез-құлыққа, табиғи қабілетке ие. Тіпті олардың қанындағы төрт топтың өзі адам табиғатындағы ұқсамайтын ерекшеліктерді еселеп көрсетеді. Шынын айтқанда, бес-алты миллиард адамның бір-біріне ұқсамайтындығын нақтылап талдап, әрбіріне өзіне тән ат қойып, айдар тағуға тіл жетпейді. Тіпті бүгінгі ғылымның шамасы да келмейді. Ал адамдағы осы бір аса күрделі табиғи құбылысты белден басып, оғаштау тәсіл болса да, бес-алты миллиард адамның табиғи қабілетін үшке жіктеген елдер мен адамдар бар. Шындығында, осы жіктеулерге жүгінбеске амал жоқ көрінеді. Мәселен, көне қазақтар «әкеден өте туғандар, әкеге жете туғандар, әкеден кейін кете туғандар» деп бүкіл әлем халқын үшке жіктейді. Қытайлар – «алдын ойлап, бұрын шешетіндер, соңын ойлап, соңынан шешетіндер және түк те ойлап, түк те шешпейтіндер – хайуан» деп, бүкіл әлем халқын үшке жіктеген. Көне қазақтар айтқан «әкеден өте туғандарды», қытайлар айтқан «алдын ойлап, бұрын шешетіндерді», Әбу Насыр әл-Фараби айтқан жылдам ойлай алатындарды Адам десе, бүгінгі қазақтар – данышпандар, даналар, дарабоздар, дарындылар, саңлақтар, алыптар, ұлылар, ғылыми жаңалық ашатындар, тәңірқұтылар, табиғи көсемдер, ұлтжандылар, ұлтшылдар деп атайды. ХХ ғасырда қазақ арасындағы дарындылар тым аз. Сол кездегі қазақ санымен салыстырғанда миллионнан бір мөлшерінде. Ал жарық дүниеге келіп, өспей өшкені бізге белгісіз. Бір есептен аты шыққан осы дарындардың өзі де аз емес. Өкінішке қарай, қазақ тәңірқұтыларының қазаққа арнаған ой-арман, тілектері орыс империясының шапқын-шылығына ұшырады да, мүлде жоқ болды. Қырғыннан қалған қазақтарда олардың елесі ғана қалды.

– Басқа елдерде бұл тәсіл бар ма өзі?

– ХІХ ғасыр аяғында ХХ ғасырдың ішінде халықаралық тәжірибеде кейбір мемлекеттер дарын иелерін іздеу, жас бөбектерді бақылау, оқу жасына жетпеген балғындарды сараптау, бастауыш, орта мектеп оқушыларын қадағалау, егер дарын иелері бола қалса, соларға көңіл аудару, оларды әспеттеу, дәріптеу, оларға көмектесу, оларға жан-жақты мүмкіндіктер туғызуды қолға алып отыр. Жалпы, дарындар бағытына сара жол ашып отырған мемлекеттер болған. Соңғы ғасырда дарын иелеріне ерекше көңіл аударған ел – американдықтар болды. Олар өз топырағындағы, өз еліндегі дарындарға ерекше көңіл аударды. Дарындарға қажет деп табылған барлық мүмкіндіктерді туғызды. Дарын иелерін сырттан қонаққа шақырды, лекциялар өткізуге, сабақ беруге, мұғалімдікке шақырды. Дарынды жастарды оқуға шақырып, әкешешесімен бірге көшіріп алып кетті. Тіпті дарынды жас балаларды сатып алды. Өз еркімен сәті түспегендерді ұрлап алды. Жалпы, дарын иелерін өз еліне тартып шоғырландырудың алуан түрлі айла-тәсілін іске қосқан АҚШ мемлекеті қарыштап дамып, тез өркендеді. Ал АҚШтың жылдам дамығанын бүкіл әлем мойындады. Соңғы кезде бүкіл әлемдегі ғылым біткенді тек дарын иелері ғана тудырып, жарыққа шығаратындығын, дарын иелері ғана ғылыми жаңалық ашатындығын түсінген елдер, дарын иелеріне ерекше көңіл аударуға мәжбүр болды. Әсіресе екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дарын иелеріне көңіл аударуды іске қосқандар – орыстар, немістер, жапондар, қытайлар, ағылшындар, француздар, корейлер, үндістандықтар, пәкістандықтар, ирандықтар дарындар бағытындағы ойларын әлі күнге дейін жүзеге асырып келеді. Әлемдік тәжірибеде дарын иелерін іздеу, дәл басып табу, оны шегіне жеткізе жан-жақты тәрбиелеу, оның ой, арман, тілегіне мүмкіндіктер туғызу оп-оңай бола салатын іс емес екені анықталды. Сондықтан болашақ дарын иесі деп аталған бір шикіөкпе сәбидің ес жиып, етегін жапқанша берілетін тәрбиенің өзі үлкен ғылым болатынын түсіну, оны мүлтіксіз орындаудың өзі күрделі мәселе екені де, сан алуан қырлы тәсілдің керек екені де анық болды. Тәңір дегеніміз – Жаратушы, Алла, Құдай деген сөз. Сол Тәңірдің жіберген ұлтқа көсем бола алатын, халыққа қамқор бола алатын адамын тәңірқұты дейміз. Қазақта президент деген сөздің бірнеше баламасы бар. Мысалы елбасы, елдің басы, елдің көсемі, күнкөсем, шыңғұз, Шыңғыс дегені – шыңғұз ғой, сол сияқты осылардың қатарында тәңірқұты да бар. Біздің жыл санауымыздың басында кейбір түркі тектес халықтар өз хандарын Тәңірқұты деп атаған. Бұл – мен жасаған сөз емес, тарихи сөз. Ойланып қарасақ «тәңірқұты» өте мағыналы сөз. Буддизмде «геген» іздеудің жолы – өте күрделі ғылымның бір түрі.

–Аға, бұл турасында көп айтылмайды. Тарқатып айтасыз ба?

–«Геген» іздеудің қалыптасқан халықтық жолдары бар. Әдіс-айласы өте нәзік шарттары бар. Олардың айтуынша, жарық дүниеге келетін «геген» шаңырақ таңдамайды. Ұл туған шаңырақ бидің шаңырағы не құлдың шаңырағы болуы мүмкін. Сондықтан «геген» іздейтін елдер өз елінен туған ұлдарды түгелдей тізімге алып отырады. Оларды туғаннан жеті жасқа толғанша қадағалап, бақылап отырады. Белгіленген талаптар мен шарттар бала бойынан ізделеді. Егер буддизмнің тұрақтандырылған сын-сынақ шарттарына толып жатса, дарын иесі сәби бір-екі жасында да «геген» атағына ие бола алады. Бірақ буддизмді ұстанушылар «геген» іздеуді өте ұқыптылықпен, саналы сақтықпен, адамгершілікпен, адалдықпен, жауапкершілікпен, ертеңгі халық тағдырын қолына алатын, өз халқының адал көсемі, адал «гегені» бола білетін адамды талмай, тарықпай іздеп, армандайды екен. Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданы, Іле қазақ облысында моңғолдардың торғауыт атты бір тайпасы тұрады. Олар 1777 жылдары бүгінгі Астрахань жақтан ауып барған екен. Бұл күндері он бес мыңдай моңғол мекен етеді. Солардың Шалбан атты «гегені» 1918 жылы қайтыс болған екен. Оның мазары Қобық қалашығының батыс жақ іргесінде тұр. Мына Тянь-Шаньның солтүстігінде негізінен бес аймақ жатыр. Аймақ деп отырғаны облыс қой. Сол бес аймақтың бірі – Тарбағатай. Тарбағатайға жеті аудан тиесілі. Соның бірі қобық деп аталады. Біз осы жерде гарнизонның құрамында болатынбыз. Аймақты күндіз-түні кірпік қақпай күзетеміз. Аудан орталығы – онша үлкен емес, шағын ғана. Осы ауданның шетінде мөлтек мазар бар. Мазардың сырты шынымен қапталған, енді керемет жасалған. Ауылдың бұзық балалары сол шыныларды сындырып тастапты. Бұған шыдамаған жергілікті халық – моңғолдар наразылық білдіріп, бас көтерді. Шу шықты. Бір күні мені полк бастығы Нүсіпхан Көнбаев шақырып алып, шуды басуды, мазарды қалпына келтіруді тапсырды. Мен ол уақытта полк бастығының орынбасары едім. Келістім. Мазарды жөндеуге қажетті заттарды алдыруға бірнеше адамды облыс орталығына жөнелттім. Олар бір жұмадан соң келді. Біз мазарды қатырып тұрып жөндеп бердік. Сол Қобық ауданында буддистердің діни орталығы бар. Соның бүгінгі тілмен айтқанда, имамы мазарды қалпына келтіру жұмыстарын қатты қадағалап жүрді. Біз оны көңілдегідей жасадық, ол қабылдап алды. Сол екі арада мен бұл кісімен танысып қалдым. Қазақша мақал-мәтелдеп сөйлейтін, өте жайдары адам екен. Есімі – Гүншін далама болатын. Көп кешікпей тіл табысып кеттік. Күндердің күнінде: «Аға, мазардың ішінде жатқан кім?» – деп сұрақ қойдым. Ол: «Шәлбән геген» деді. Шәлбән аты екен де, «геген» моңғолша «тірі құдай» деген сөз екен. Ал мұсылманда «тірі құдай» ұғымы жоқ. Буддизмдегі «геген» аталған адам өлмейді, кейде өкпелеп о дүниелік болып, кетіп қалып, қайта туылып, жүреді екен.

– Бұл қалай сонда?

– «Гегені» о дүниелік болғаннан бастап, өз елі оны ел арасынан іздей бастайды екен. «Шәлбән геген бізге өкпелеп кетіп қалған, Гегенді ел арасына іздегенімізге жиырма сегіз жыл болды», – деді Гүншін далама маған. Буддизмдегі «геген» іздеудің жолы, шарттары тым күрделі. Адамгершілікке, адалдыққа, киелі, сауапты ой, арман-тілекке, алуан түрлі мән-мағыналы ұғымдарға толы болады екен. Халық оны он-он бес мыңға әрең жететін Торғауыттар өз елінің тағдырын қолына алатын «гегенді» – «тірі құдайды» жиырма сегіз жыл талмай, тарықпай іздеуі адамды таңғалдырады. 1947 жылы қаңтарда мен жабылған жаламен «саяси қылмыскер» атанып, қамалып, Қобықтан кеттім. 1952 жылы Тарбағатай аймағының басшысы болып қайта барғанымда

«Шәлбән гегеннің» қайта туылып, еліне келгенін, тіпті Тибеттегі Лхасса қаласындағы буддизмнің діни орталығына барып, «гегендігін» бекіттіріп, қайтып келгенін естідім. Ал маған «геген» іздеу өте керекті, өте қызықты тақырыптың бірі еді. Жергілікті оқыған-тоқыған моңғолдардан оған барудың жөн-жоралғыларын сұрап біліп алдым.

Барлық жоралғысын жасап «гегеннің» алдына бардым.

– Ол кім екен өзі?

– Сол уақытта әлгі бала он бір жаста екен. Мен ол кезде отыз бестемін. Мен барғанда ол тақта отыр екен. Тақтан түсіп, менімен амандасты. Екеуміз ұзақ әңгімелестік. Мен тыңдап отырмын, ол көп нәрсені біледі. Сол уақыттағы саясатты, шаруашылықты, елдің әл-ауқатын бес саусақтай біліп отыр.

– Ұлты кім еді?

– Ұлты – моңғол. Мен оны қатты беріле тыңдадым. Ол көп сөйледі. Сөйтіп, жас баланың әңгімесіне тәнті болып қайттым. 1954 жылы Шәлбәнды тағы іздеп бардым. Он үш жастағы баламен иен далаға шығып, ұзақ-ұзақ әңгімелер айтыстық. Ол бала емес, ақыл тоқтатқан азамат секілді еді. Біз аз санды ұлттардың тағдыры, моңғол мен қазақ халқының тағдыры туралы талай-талай түкпірге барыстық.

– Бұл жігітті соңғы рет қашан көрдіңіз?

– Төртінші мәрте түрмеге жабылып, босап шыққан соң, енді Қазақстанға кетудің қамымен жүгіріп, Үрімжі көшесінде жүргенімде, алдымнан ұзын бойлы қара жігіт шыға келді де, құшақтай алып, жерден бір-екі көтеріп қоя берді. Қара костюм-шалбар киген, мойнында тоқпақтай галстугі бар. Жап-жас жігіт. Танымай тұрмын. Күлді.

«Мені танымадың ғой, аға! – деді де, – мен Шәлбән бауырыңмын ғой», – деп өзін таныстырды. Қайта амандастық. Көп сөйлесе алмадық. Кейін естісем, Қытай үкіметі оны құрметтеп, мәпелеп өсіріпті. Кешегі бала Шәлбән мемлекет қайраткері болыпты. Моңғолша, қазақша, ұйғырша, қытайша, жапонша, орысша сайрайды екен деп естідім. Бірақ Буддизмнің діни тәрбиесімен шектелген діни ғұлама, басқадай ғылым бетін ашпаған. Солай да бұл адам бірнеше тіл маманы, дарын иесі, Тәңір табиғаты берген қабілеті бар. Дана тұлға. Діни ғұлама, торғауыт тайпасы жиырма-отыз жыл іздеп әрең тапқан – «геген» – «тірі құдайы» осы бала ғой.

– Аға, біз неге осылай тірлік етпеске? Дарындылар мектебі деген бар. Сонда қаншама қазақ баласы оқиды. Солар қайда кетіп жатыр?

–Бүкіл ғылым біткенді тек дарын иелері ғана ашатынын бүкіл әлем мойындап, дарын иелеріне жүйелі түрде іздеу салып отырғанда, біздің қазақ дарынды тұлғаларға әлі көңіл аударған жоқ. Мүлде білмейді. Көне қазақтар айтқан «әкеден өте туғанды», қытайлар айтқан «алдын ойлап, алдын шешетіндерді», әл-Фараби айтқан Адамды, Буддизмдегі «геген» – «тірі құдайды» біздің қазақ мемлекеті әлі түсінген жоқ. Қазақстандағы көптеген қалаларда «Дарындылар» мектебі бар. Олардың әрбірінде жүздеген бала оқиды. Осының өзі – дарын иелернің кім екенін түсінбегендік. Қазақ мемлекетінде дарын иелерін іздейтін ғылыми жүйе жоқ. Халықаралық дарын іздеу тәжірибелеріне қазақ мемлекеті неге көңіл аудармайды, неге пайдаланбайды? Қазақ халқында «бір ұл әкеден өте туған» деген тұрақты сын бар. Біз неге әкеден өте туған ұл-қызды іздемейміз? Әкеден өте туғанның бәрі дарын иесі болады деуден аулақпыз. Бірақ бұл – із кесу, ізге түсу, іздеу. Ізі анықталса, өзі қайда барады деген ұғымда. Дарын иелері қолдан, қиялдан жасалмайды. Олардың да әке-шешесі бар. Олар да адам баласы. Бірақ оларға Тәңір табиғаты берген қабілеті бар. Сол қабілет оларды елден ерекше дәрежеге көтеріп, дарын иесі етіп даралайды. Біз сол сәбилерді іздеп тауып, оларды жан-жақты ғылыми тәрбиеге алып, ауру-сырқаудан, қауіп-қатерден, ұры-қарыдан қорғап оларды қазақтың ғалымы етіп шығаруымыз керек. Міне, осы борыш қазақ мемлекетінің мойнындағы қарызы бен парызы екені анық. 2007 жылы жазда Алматыда тұратын Қалиолла Кенжеханұлы деген азамат түн ішінде телефон шалып, «Жәке, сіз іздеп жүрген бала дүниеге келіпті», – деді. «Қайдан көрдің? Қай жерде екен?» – деген сұрағыма теледидардан көргенін, Алматыда екенін айтты. Бір жасында хат таныпты. Екі жасында шахмат ойнапты. Осындай балалар дүниеге келеді. Мұндай балаларды іздеу керек. Мұның саны көп емес. Сенің бүкіл қазағыңда ХХ ғасырда он бірақ адам бар екен. Енді қазір қанша екені бізге белгісіз?

– Әлгі сіз айтқан бала қайда қазір?

– Бүгінде ол балада жайлы менде нақты дерек жоқ. Осы баланың хабарын естіген күннің ертеңінде Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының төрағасы Талғат Мамашевқа бардым. Дарын иелеріне халықаралық танымдар туралы қысқаша дерек бердім. Қазақстаннан ұрланған дарынды балалар туралы да көп сырдың басын аштым. «Ал мына баланы іздеп тауып, өз қамқорлығыңа ал, тіпті Елбасына хабарлап көмек сұрауға да болады. Мынадай баладан айырылып қалмаудың шарасын іздеген жөн», – деп өтіндім. Менің қолымның жеткен жері осы болды. Дарындар – өте сирек кездесетін бақыт иесі. Оларды іздеу, табылғанына жан-жақты көмек көрсетіп, олардың мақсат-мүдделеріне мүмкіндіктер туғызудың өзі – үлкен ғылым. Қазақтың ішінен шыққан дарындар жетілдірілмесе, қазақ ғылымы дамымайды, өркендемейді. Дарындары ашпаған ғылым қазақ ашқан ғылым болмайды. Қазақ бір тал сіріңкеден ракетаға дейінгі өз ғылымын өзі ашпаса мемлекет құра алмайды. Сондықтан бүкіл әлем мойындаған дарын иелерін, буддизмдегі «геген» – «тірі құдайды», әл- Фараби айтқан Адамды және қазақ халқы айтқан тәңірқұтыларды қазақ мемлекеті де мойындауы шарт. Сонымен бірге «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді қазақ. Қазақтың санын көбейту үшін дарындарды молайту үшін сырттағы қазақты түгел шақыру керек. Қазір ғылымды «дамыту үшін» деген сылтаумен қазақ тілін құртуды, қазақ халқын құртуды, қазақ мемлекетін жоюды ойлап, арам ниетпен бүкіл әлемде жоқ «үш тұғырлы тілді» ұсынып отырған масоншылар бар. Оған біздің Үкімет еліктеп отыр. «Үш тұғырлы тіл» жүрсе, ғылым дамиды» деп қарапайым халықты алдайды. Қазақ тілінің тағдыры – қазақ ұлтның тағдыры, қазақ мемлекетінің тағдыры екенін түсінбеген адамдар «үш тұғырлы тілді» қолдап отыр. Әлемдегі көптеген мемлекеттер бала он бес жасқа жеткенше өз тілін үйретеді. Он бес жастан кейін басқа тілді үйренуге рұқсат етеді. Қазақ мемлекеті де осы тәжірибені қолдануы керек. Менің жолдасым Дубек Нұртазаұлы Шалғынбаев қазақша, ұйғырша, қытайша, орысша жазып-сөйлейтін еді. Бірақ бірдебір ғылыми жаңалық ашқан жоқ. Махмұт Шөкеманов дейтін замандасым сегіз тілде сөйлейтін, жазатын, ол да сол сегіз елдің біріне барып, ғылыми жаңалық ашқан жоқ. Егер ағылшын тілін білгендер ғылымды тез игеретін болса, әлемге шашыраған барлық ағылшын азаматтары неге шетінен ғалым болмайды? Қазақстанда орыс тілін білетіндер саны аз емес, неге солар жаңалық ашпайды? Осының басты себебі – табиғат оларға ғылымды игеретіндей қабілет-қарым берген жоқ. Олар дарын иесі емес. Ал дарындарға «үш тұғырлы тіл» емес, «он тұғырлы тіл» ұсынсаң да артық болмайды. Бірақ ғылым іздеген дарындар шаласауатты әкімдер ұсынған тілді емес, өзі іздеген ғылымға қай тіл қажет, соны таңдайды. Тек олардың арман-тілегіне мемлекет көмектесуі қажет. Шындығын айтқанда, дарын иелері мемлекеттік билікке таласпайды. Егер апарып қойып, бірауыздан сайласаң, ең жақсы елқұты, тәңірқұты солардан шығады.

– Жалпы, қазақ халқында да осындай тәңірқұтылар болған дедік. Кімдер олар?

– Мен оларды былай тізбектедім. Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай және Қаныш Сәтпаев. ХХ ғасырдағы қазақтың тәңірқұтылары осылар. Енді біз жаңағы жұрт сияқты өз тәңірқұтыларымызды іздеуіміз керек. Мүмкін ол бесікте жатыр, мүмкін жүгіріп жүр. 1964 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарасу деген жерде төртінші сыныпта өте жақсы оқып жүрген қазақтың бір жетім баласын орыстар «оқытамыз» деп алып кетіп, кейін қайтармай қойды. Кейіннен орыстар Талдықорғаннан тағы бір баланы Новосібірге алып кетіпті. Ол ғажайып физик болып шықты. Бірақ аты қазақ болғанымен оның әйелі орыс екен. Жалпы, жан дүниесі орыстанып кеткен ғой. Қытайда да осындай өзіміздің қарадомалақ бала бар. Оны өзім көрмегенмін. Естуімше, ол он бір жасында қытай тілінен қазақшаға аударып, баспаға бір кітап беріпті. Он екі жасында математикадан Мемлекеттік олимпиаданың жеңімпазы атанған. Қытай мемлекетінен бірінші орын алу оңай нәрсе емес. Бүкіл Қытай бойынша сурет салудан екінші орын алып қалыпты. Ал енді қытайлар бұл баланы алақанға салып бағып-қағып, тәрбиелеп отыр. Баланың әке-шешесі осы жаққа өтті деп естідім.

– Бала келді ме осында?

– Жоқ. Баланы қытайлар алып қалған. Әл-Фараби бабамыз бұрын ойлап, бұрын шешетінді – Адам, ал артын ойлап, артынан шешетін адамды – құл, түк ойлап, түк шешпейтінді – хайуан деген. Ал осыны қазақ халқы тәуелсіз ойлылар, тәуелді ойлылар және мәңгүрттер деген. Жалпы, дарындарды іздеу дәстүрі 1256 жылдан бастау алады екен.

–Осы дарындарды үш топқа бөліп, жіктепсіз. Осы қазақтың байырғы тілімен айтқанда «әкеге жете туғандар» жайында ой өрбітсек?

–Көне қазақтар айтқан «Әкеге жете туғандар», қытайлар айтқан «артынан ойлап, артынан шешетіндер» және әл-Фараби айтқан «құлдар» жалпы қазақ халқының бес-он мөлшеріндей. Олар «құл» атанғанымен, қазақ мелекетінің бүкіл жауапкершілігі солардың мойнында, билік те, тірлік те солардың қолында. Мемлекет иесі – солар. Ал осы «құлдар» тобы екі жікке бөлінеді. Бірінші топтағылар – «мен қазақпын», «мемлекет иесімін» деп айтатын тұлғалар. Осы айтқан ой, арман, тілегіне ие бола білетін тұлғалар. Ақыл, ес, сезім иелері. Ғылым иелері. Сарапшылдар, саңлаулылар, ізшілдер, ізденгіштер, жетекшілер, жаттағыштар, өзі ғылым ашпаса да, басқаның ашқан жаңалығын бұлжытпай айта білетіндер. Үлкенді-кішілі ғылыми атаққа ие болатындар – академиктер, докторлар, профессорлар, ғылым кандидаттары, жазушылар, ақындар, әншілер, жыраулар, күйшілер, суретшілер, зерттеушілер, тарихшылар, алуан түрлі мамандар. Жалпы, зиялы қауым. Қазақ ұлтының ұйытқылары. Сауатты жандар, қоғамның қаймағы. Сорпа бетіне шыққандар, жетекші топ, қоғам қайраткерлері, өз Отанының, өз ұлтының адал ұлы, адал «құлы» бола білетін тұлғалар. «Өмірім – елімдікі, өлімім – өзімдікі» дейтін ТЕКТІ құлдар. Әбу Насыр әл-Фараби айтқан құлдардың екінші тобы – тексіз құлдар. Олардың ішінде – алаяқтар, сайқалдар, салдақылар, сұм-сұрқиялар, жікшілдер, рушылдар, жағымпаздар, көпшік қойғыштар, көтікүйіктер, есерсоқтар, желбуаздар, желөкпелер, мақтаншақтар, қуыскеуделер, итаршылдар, ықтағыштар, мәймөңкешілер, көпірме сөзділер, жарамсақтар, жәдігөйлер, жүре тыңдайтындар, жымысқылар, сілімтіктер, құйысқанға қыстырылғандар, қырықбуындар, сыздағандар, сылдырлар, сықсиғандар, сылқымдар, қарғылы төбеттер, алыпсоқтар, қодарлар, есіріктер, әумесерлер, бұралқылар, қызылкөздер, ессіздер, малғұндар, мақаулар, мәңгүрттер, ұры-қарылар, тіміскілер, суыққолдылар, ымқырғыштар, қымқырғыштар, жықырғыштар, жемқорлар, жеңұшынан жалғағыштар, алыпсатарлар, делдалдар, жылпостар, екібеткейлер, екіжүзділер, ұпайшылдар, ақшақұмарлар, қиянатшылдар, парақорлар, дәулетқұмарлар, мансапқұмарлар, ғылыми атақты сатыпалғыштар, мансапқа сүйеніп ғылыми атақ алғыштар, абырой-атақтың құлдары, ақшаға, атаққа елін, жерін, ұлтын, намысын сатқан тексіз құлдар. Әл Фараби бабамыз айтқан «құлдар» ішіндегі тексіздер – өзінің тексіздігімен тарих бетінде аты қалатын бақытсыз құлдар. «Мен қазақпын», «мемлекет иесімін» дейтін қазақ мемлекетінің адал ұлы бола білетін, адал құлы бола білетін текті тұлғаларды жетілдіру, тексіз құлдарға, бақытсыз құлдарға тыйым салу – Тәуелсіз қазақ мемлекетінің мәңгілік өтейтін қарызы мен парызы.

– Әкеден кейін кете туғандар қалай?

– Көне қазақтар айтқан «әкеден кейін кете туғандар», қытайлар айтқан «түк те ойлап, түк те шешпейтіндер», әл-Фараби айтқан айтқан «хайуандар». Ал санаң қай саққа жүгіртіліп, қалай айтылса да, бүкіл әлем халқының тоқсан-тоқсан бес пайызын осы үшінші топтағылар ұстайды.

– Енді бұлар кімдер?

– Күллі халықтың көп бөлігі, басым бөлігі, негізгі бөлігі, осы – қарапайым халық. Бір ғажабы, бүкіл әлем халқын осылай үшке жіктегенде, әр топтың өз мойнындағы табиғи міндеттерді ашып айтып таныта түскендей, жүктей түскендей сезім береді адамға. Қазақ халқының тоқсан-тоқсан бес пайызын ұстайтын қарапайым халық – ұрпақ өсіретін қасиетті кеніш. Ұрпақ тәрбиелейтін алтын бесік. Мал бағатын бақташы. Егін салатын егінші. Ауыр-жеңіл өндірісті өндіретін қажырлы еңбек күші. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елін-жерін қорғайтын қарулы кіреуке. Қазақтың ыстығына күйе білетін, суығына тоңа білетін адал ұлы, адал құлы. Қазақтың қара шаңырағын көтерген қарабақан. Қазақты ұлт ретінде ұйытқан мәйек осы – қарапайым халық. Қазақтың бір миллион түбір сөзімен он миллион тіркес сөзін жасаған тіл маманы осы – қарапайым халық. Қазақтың тілін, дінін, ұлттық рухын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық құндылықтарын жасаған осы – қарапайым халық. Қазақтың әнәуенін, өлең-жырын самғатқан әнші, жыршы, қазақтың «алпыс екі тамырын иіткен», алпыс екі қоңыр үнді күйлері сияқты сан-алуан күйін шертетін саңлақ күйші, сазгер, қазақтың ән-күй аспаптары – сыбызғы, домбыра, қылқобыз, келіқобыз, шертер, сазсырнай, тағы-тағыларын жасайтын шебер ұста, қазақтың үш жүзге жуық ұлттық спортын білетін, ойнайтын, үйрететін, спорт маманы қазақтың сан түрлі киімкешегін дайындайтын, пішетін, тігетін шебер тігінші, қазақтың алуан түрлі ұлттық ою-өрнегін өрнектейтін, саусағынан өнер тамған оюшы, қазақтың үш мыңнан аса ұлттық тамақ түрлерін жасай білетін шебер аспаз, қазақтың шілдехана, баланы қырқынан шығару, бесікке салу, тұсауын кесу, сүннет той, атқа міну, атқа шабу, тілашар сияқты ырымжырым, тойларды қуанышқа айналдыра білетін осынау – қарапайым халық. Қыз ұзату, келін түсіру тойларын ұлы дүбірге айналдыратын осы – қарапайым халық. Қазақтың Наурыз, Айт, Жаңа жыл, Тәуелсіздік күні секілді мемлекеттік және халықаралық мерекелерді ұлы дүбір қуанышқа айналдыратын осы –қарапайым халық. Қазақтың салауатты өмір салтын қалыптастырған, дамытқан, көркейткен, ұлттық өнерге иелік етіп келген де осы – қарапайым халық. Қазақтың талай-талай тәңірқұтылары мен ұлттық көсемдерін, хандары мен сұлтандарын, билері мен шешендерін, елтұтқалары мен қолбасшыларын, ерлері мен батырларын туып, тәрбиелеп, қатарға қосқан осы – қарапайым халық.

Қазақтың дарындары мен ғалымдарын, жазушылары мен ақындарын, әншілері мен күйшілерін өсіріп, өрбітіп қатарға қосқан осы – қарапайым халық. Қазақтың жақсы ісін асыратын, жаман ісін жасыратын да осы – қарапайым халық. Қазақтың шексіз ұзақ тарихын жасаған да осы – қарапайым халық. Қазақтың тарихтағы Көк туын, бүгінгі Көк туын көтерген де осы – қарапайым халық. Қазақтың Тәуелсіз мемлекетінің иесі де – осылар. Ал біздің зиялы қауым, заңға иелік ететін Үкімет, қарапайым халық тағдырына, Ата Заңда көрсетілгендей асыл армандарды орындап отыр ма? Міне, осыны әрбір азамат өзі ойлап, өзі талдап, өі қорытындылап, шешу жолын өзі іздеген жөн.

– Қазақ халқының саны неге көбеймейді, бұл да бізге бүгін үлкен дерт болып тұрған жоқ па?

– Дұрыс айтасың. Өте жақсы сұрақ. Бұрыннан менің санамның түкпірінде жаныма маза бермей жүрген жауабы қиын сұрақтардың бірі. Мен қазақты қытаймен іштей талай салыстырып көрдім. Біз солармен бірдей өмір сүреміз. Қарнымыз қытайдан гөрі тоғырақ. Ал бірақ қытай өседі де, қазақ өспейді. Неге? Сол сұраққа жауап іздеп ана жақта қанша жыл қаңғырғам. Осы жаққа келгенде де жауап таба алмай қаңғырдым. Мұнда меніңше бір нәрсе бар. Медицина деген ғылым – бұл жалпы үлкен ғылымның бірі. Жаныңды алып қала-тұғын, көптеген ауруларға бөгет бола-тұғын, сенің ұзақ жасауыңа көмектесетін ғылым ғой бұл. Ал қазақ халқында «бақсы», «емші» дегендер бар. Олардың қолында бір жапырақ қағазы да жоқ. Артында қалған мұрасы да жоқ. Ештеңесі жоқ. Ертең өмірден лек-легімен кезегі келгенде қос қолын көтеріп, біртіндеп кете береді. Сосын ел бір-біріне «бәлен дейтін бақсы өліп қалыпты ғой» дейді. Болды. Осы нәрсені іздеп бұл неге бұлай дегенде менің тапқан жауабым мынадай.

– Емдік шөпке үлкен мән беретін ел Қытай елі емес пе?

– Менің де айтпағым осы еді. Осы Қытай халқы біз секілді халық қой. Оның да медицинасы кейін дамыған. Ал сол қытайлар сонау екі жарым мың жылдың алдында он сегіз миллион еді. Ана үлкен дуал қорғаны салынып жатыр ғой. Өздері «Сад ди Шин» дейді. Ғұндардан қорқып салған ғой. Ол қорғанның ұзындығы – бес мың шақырым. Соны салғаннан бұрын олар он сегіз миллион болатын. Мен әрі ойлап, бері ойлап қарасам бұлар сол кездің өзінен бастап өсіп келе жатыр екен. «Біз неге өспейміз» деген сұраққа тынбай жауап іздедім. Менікі дұрыс болатын шығар деп ойлаймын. Жаңағы мен айтқан медицина бұларда қазіргі секілді дамымаса да, жер бетіндегі қылтиып шыққан бүкіл шөпті пайдаланады. Көбінесе халық сол шөп дәрілерді қолданады. Кемпір мен шалдары жүздеген емдік шөпті біледі ғой. Әдеттегі қарапайым кемпір мен шалдар. Ал олардың осы емдік қасиеті бар шөптердің соңына түскендері мыңдаған шөптердің емдік қасиеттерін біледі. Ештеңеге қауқары жоқ деген кемпірі мен шалы жүздеген шөпті пайдаларына жаратады. «Ей, ананың басы ауырып жатыр десе, бірбіріне «мынаны апар», ананың асқазаны ауырып қалыпты десе, «өй, мынаны апар» дейді. Көрдің бе? Біріне-бірі көмектесіп жатыр. Шөпке оларда орын бар. Көрдің бе, мыңдаған шөпті біледі. Қазақ шөпті табанына басып жүріп оны дәрілік, емдік қасиеттеріне көңіл аудармайды. Талай қазақты көргем, ыстығы басылмай, үйінде ыңырсып жатқан. «Ей, ана көрші ауылға баршы, түйелерінің шудасында ошаған бар ма екен», – дейді. Ана ошағанның ыстықты қайтаратынын жақсы біледі. Бірақ жазда сол ошағаннан бір уысын сақтап қоймайды ғой қазақ. Ерінеді. Көрдің бе, осы секілділердің талайын көргем. Менің «медицина университетінде шөппен айналысатын бір факультет болуы керек» деп қақсағаныма қанша жыл болды? Шөп дәрі мына химиялық дәріден гөрі жақсырақ. Егер ғылыми жолмен осыны іздестірсе, шөп дәрілер химиялық дәріден адам ағзасы үшін әлдеқайда тиімді. Арзан. Қоры мол. Бізде он мыңдаған сан алуан түрлі-түрлі шөптер бар. Сол он мыңдаған шөптердің бес мыңын пайдаланатындай ғылым ашсақ, бұл енді халқымыз үшін игілікті іс болар еді. Менде тағы мынадай жоба бар.

– Ол қандай жоба еді?

– Мына бастауыш мектептер бар ғой. Әр ауылдағы бастауыш мектебінің кемінде бір гектардан жері болуы керек деп ойлаймын. Ал бесінші сыныптан жоғары он бірінші сыныпқа дейін екі гектардан жері болуы тиіс. Осы жерлерге пайдалы, емдік қасиеті бар деген бірнеше шөпті әр оқушы өзі отырғызып, соны баптап-өсіруге міндетті болу керек. Соның гүлін, шөптің өзін пайдаланса, ол барған сайын дами береді ғой. Ел таныс болып, ана шөп «мына ауруға», мына шөп «ана кеселге шипа екен» дегенді өздері біле береді. Шөппен жан-жақты таныстыру керек алдымен. Қазір біздің балаларға шөпті айтсаң, оның орысшасы не дейді? Дәл солай деп сұрайды. Ал мына қаптаған институттардың ең кемінде бес гектардан жері болуы керек. Бұлар азаматтар ғой. Институттың адамдары, студенттері соны өсіріп, баптап, егіп, пайдаланып, соны өздері жан-жақты түсінуі керек. Мал шаруашылығына да, адамдарға да шөп дәрілерді пайдаланған жаман болмайды. Мен осылай деп ойлаймын. Неге өспейміз деген жанды ауыртатын сауалыңа бір сөзбен айтар жауабым: Біз – ежелден шөп дәрілерді жақсы пайдалана алмаған елміз.

– Халықтың саны қазіргі таңда ойдағыдай өспей отыр. Жыл өткен сайын елімізде бала туу азайып, ал жылдан-жылға өлім жасарып бара жатыр. Осыған кедергі болып отырған ең басты мәселелер – экология мен жасанды түсік болып отыр, дейді осы саланы зерттеп жүрген ғалымдарымыз. Әңгімені осы мәселеге қарай бұрсақ?

– Оның рас. Бала туу азайып барады. Ал өлім жасарып кетті. Бұның енді себеп-салдарлары көп. Мынау біздің асты да, үсті де байлыққа тұнып тұрған ұлы дала, байтақ жеріміздің экологиясы қазіргі кезде бірінші орында тұрғаны, ең басты мәселеге айналғаны басы ашық мәселе. Бұл аспанымызда қалықтаған құстарымыз бен кең байтақ, даламызды еркін жайлаған жан-жануарларымызға, содан соң ең басты құндылығымыз– адамзатқа келген аса үлкен қауіп бұл. Мәңгі болғай, деп тілеп отырған тәуелсіздігімізге де нұқсан келуі мүмкін. Яғни, бұл бүгін қолға алынуы керек шара. Кезек күттірмейтін шаруа. Баяғыда «Мәдениет және тұрмыс» журналында істеп жүрген кезімде жолым түсіп, Маңғыстау жаққа іссапармен бардым. Онда тұнып тұрған байлығымызды, басқа өңірлерде кездесе қоймайтын аң-құстарды көрдім. Сеймей полигоны аймағы, Арал өңірі бүгінгі күніміздің проблемасы, оның шешімін таппасақ келешек бізді кешпейді. Біз бүгін табиғатымыздың тепе-теңдігін бұзбайық! Қолдан жасалып жатқан апаттардың алдын алайық! Ал осы айтып отырған байлығымызды, кең байтақ жерімізді игеруіміз үшін не керек? Оған алдымен адам басын, халық санын көбейтуіміз керек. Ғалымдарымыздың айтуына қарағанда Қазақстандағы әрбір үшінші жүкті әйел жасанды түсік жасататын көрінеді. Бұл не сұмдық? Оның басты себептерінің бірі – экологияның нашарлығынан адам психикасы өзгеріп, жүйкесінің тозуынан. Екіншісі – қыз-келіншектеріміздің некесіз құрсақ көтеруі болса, үшіншісі – бойжеткендеріміздің ойланбай, жастықпен осындай жасанды түсік түсіруге баруларында болып отыр. Бұл шұғыл қолға алатын шаруа. Қажет болса қазақ басылымдары осы мәселені терең зерттеп тағылымды мақалалар сериясын үзбей жариялап отыру керек. Дабыл қағу керек. Сырттан біреу кеп жерімізді тазартып береді дейсің бе? Шетелден біреу кеп «сендерде бала туу нашарлап кетіпті» деп бізге бала туып береді деп ойлайсыңдар ма? Кім ойлауы керек мұның бәрін. Жер мен ұрпақ осы екеуі үшін емес пе, екеуміздің айлап, жанталасып сұхбаттасып жүргеніміз. Қазақтың жері тек қана қазақтыкі болуы керек. Ал ол жерге ие болатын дені сау, білімді ұрпақ болмаса, біз не үшін өмір сүрдік. Не үшін алыстық. Кім үшін жан қидық. Қазақтың жерімен, қазақтың ертеңгі ұрпағы үшін ештеңені де аямау керек. Халықта, билікте, бәрінің айтатын әңгімелерінің ең бастысы осы болуы керек қой.

– Не істеуге болады мұндайда?

– Бүгінгі қоғам мүлде басқа. Бұрынғы әйелдер құдай не берсе соның бәрін дүниеге әкелетін. Менің бір жеңгем бар еді Зағила дейтін. Жиырма бір бала тапты. Қазір жиыра бір баладан тараған ұрпақ өздері бір рулы ел болып отыр. Бес жүзге жақын шаңырақ болды. Ал менің өз шешем он екі бала тапқан. Келінім бар он бір бала тапқан. Сегіз бала тапқан келіндерім де бар. Бүгінге дейін мына Еуропа халқы «бір бала», «екі баламен» шектеліп келгендеріне ұзақ жылдар болды. Солардың үлгісі бізге де жетті, солардың осы бір емі жоқ «жаман ауруы» бізге жұқты. Қазір біздің әйелдер сап-сау бола тұрып, бала тууды біржолата тоқтатып тастайды. Бір бала, екі баладан соң бала тапқысы келмейді. Бізді құртып жақан осы –жаман әдеттер. Оның үстіне арақ, темекі, анаша секілді нәрселер келді де біздің ұрпақты апаттың астында қалдырып отыр. Міне, біздегі апаттың түрлері. Жар басында тұрмыз. Кейде ойлай бастасам, зәрем ұшады. Жалпы, біз қазақ ұлтын сақтап қаламыз десек, өсімді шұғыл көбейту керек, қазақ ұлтын сақтап қаламыз десек, бүкіл арақ, темекі секілді зиянды кеселдерден арылуымыз керек. Жалпы, қазақ халқының денсаулығына көмектесетін дүниенің бәрін жанжақты ойласақ, сонда ғана ұлт болып қаламыз. Он бала тапқан кісі далада қалған жоқ қой. Бір бала, екі баламен қайыршы болып жүр ғой осында талайлар. Бір бала, екі бала ауырмай ма, сырқамай ма, әскерге бармай ма? Мәселен, 2007 жылы бір деректі көрдім. Туып алып, тастап кеткен тастанды бала саны үш жүз мың екен. Ол үш жүз мың адам жоқ болды деген сөз ғой. Міне, осындай апаттар бізді бүгін құртып бара жатыр. Әкесімен, шешесімен қатар отырып, «ділімізге жат» киноларды көреді. Қандай сұмдық! Қайтып ол адам болады? Қайтіп ол қазақ болады? Қайтып ол елге қосылады? Барлық нәрсені орысша атаймыз. Осының бәрі қазақты құртуға алып келіп жатыр. Қазақ жұтылып жатыр. Қазір қазақтың елу пайызынан астамы орысша сөйлейді. Орысша ойлайды. Міне, қазақтың санының азайып жатқан ең басты себептері осылар деп ойлаймын. Қазақ халқы өзінің ұлттық тамағының иісін сезінуден қалып барады. Қазақ халқының ұлттық тамағының заты түгіл, атын білмейді балалары. Осыларды ойлай-ойлай қарап отырып күйініп кетесің. Бүгінгі ұрпағың нашақорлықпен айналысады. Нашақорлардың басым көпшілігі – жастар. Нашақорлыққа салынғандардың өмір сүру ұзақтығы орта есеппен – жеті жыл. Нашақорлардың көбі – қазақ жастары. Жас ұрпақты нашақорлық апатынан құтқару үшін, ұзаққа созылатын дәрігерлік күрес жүргізу – Қазақстан дәрігерлік ғылымының адамгершілік және саяси міндеті. Оларды бұрыннан келе жатқан дәрігерлік әдістер жолымен емдеу керек. Жаңа әдіс-айла табылып жатса, оны да қосымша пайдалануға тиіспіз. Бұрыннан және жаңа қосылған емдеуен толық өткізу. Содан соң халықтық емдеу әдісіне көшу. Дәрігерлік әдіспен емдеуді халықтық жолмен қатар, аралас жүргізу керек. Нашақорлар денесіндегі улы дертті емдеудің екі амалын ұстануға болады. Алдымен, дәрігердің бұрыннан ұстанған дауалау (емдеу) әдіс-айласын қолданып сырқат адам денесіндегі улы дертті дәрі-дәрмек арқылы жуып, ауру адам біршама ес жиған соң, іле-шала ауру адамды қолдан шығармай, халықтық жолмен дауалауға жатқызу. Бұрыннан қолданып келген дәрігерлік дауалау мен халықтық даулауды бірге жүргізу керек. Дәрігерлердің бұрыннан қолданып келген әдісайласымен дауаланған кезде де, халықтық жолмен дауаланған кезде де дауалаушыға да, дауаланушыға да рухани көмек керек.

Есентемір Бөкен Сырымға мына сөздерді айтқан екен: «Саған батамды берейін, сен жас болғаныңмен, елге бас болғандай екенсің».

«Арқаң қара нардай жауыр болсын,
Мінезің қара жердей ауыр болсын,
Өкпең жоқ бауыр болсын,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін,

Жасың алпысқа жетпесін», – деп батасын береді. Қандай сөздер десеңші!

– Мұның ішінде бала сатуды есепке алар болсақ.

–Тастанды бала бар, одан қалды жетім балалар мұның бәрін есептер болсақ, шын мәнінде, ұлтқа апат туғызып отырмыз. Соңғы он жылда Қазақстанда отыз жеті мың төрт жүз елу бала асырап алынған. Ал осы балалардың ішіндегі сегіз мыңдайын шетелдіктер асырап алған көрінеді. Оның ішінде АҚШ, Испания, Германия, Франция секілді алып елдер де бар. Қаракөздеріміздің көбі осындай елдерге кеткен. Олар түбін, тегін білмейтін нағыз еуропалық азаматтар болып шығады. Осы он шақты жылдың ішінде үш мың жеті жүздей баланы шетелдіктер асырап алған. Кезінде жетімі мен жесірін жылатпаған ел едік, ендігі сиқымыздың түрі мынау! Қаракөздердің жанарын жәудіретіп бөтен ошақтың отын түтетуге қалай ғана қиып жібереді екен, а?! Мен мұны түсіне алмадым....

– Кезінде Орта Азиялық ғалымдар мен саяхатшылардың көбі неліктен әсіресе тек Қашқарияға ынтық болды екен?

– Қашқарияға құмартқан себебі Қашқария – ұйғыр халқының орталығы. Ол жерде ұйғыр халқының мәдениеті, салт-дәстүрі, мінезқұлқы, ас мәзірі, өндірісі, киіну мәдениеті, жүріс-тұрысы барлығы сол жерден басталады ғой. Сол үшін Қытайдың бір бөлшегі іспеттес болып жатқан мекенді көруді армандады.

– Әңгіменің арнасын әдебиетке бұрғым келіп отыр. Бір сөзіңізде «Абай өлеңдерінен нәр алам, Абайдай ойшыл ақын жоқ қой» деп едіңіз. Абайды қаншалықты зерттедіңіз?

– Абайды қаншалықты құмартып оқып, соншалықты жақын болсам да оның өлеңдерін тереңірек зерттеу әдебиетшілердің ісі ғой. Әйтсе де өзімнің табиғатыма жақын өлеңдеріне ден қойғаным рас. Соның бірі – «Бүркіт сыны» дейтін өлеңі. Мұны Абай атамыз кейінірек жазған. «Жерден алтын тапқандай қуанамын, төбесі тақияңның көрінгенге» дегендей, ұлы Абайдың «Бүркіт сыны» атты өлеңі табылыпты» дегенде, қатты қуандық. Ғұлама ғалым Қайым Мұқаметқанұлының «Жаңадан табылған сегіз өлең» атты ғылыми мақаласы шықты. Абайдың сол кездері жаңадан табылған өлеңдерін оқып, қуанып қалған кезіміз болған. Бұл өлеңдерді 1951 жылы тамыздың сегізі күні Семейдегі Абай музейіне келіп, Павлодар облысы Бесқарағай ауданы Бөген ауылында тұратын, сол кездегі жасы жетпіс екіде екен, Мәди Тастембекұлы Әсенов деген ақсақал әкеліп, тапсырыпты. Сол уақыттағы мұражайдың директоры Қайым Мұқаметқанұлының қолына «Абай өлеңдері» деп, «Бүркіт сыны», «Балалық шақ», «Лашын мен шымшық» және С.Надсоннан 18621867 жылдары аударған бір өлеңін де берген екен. Мәди ақсақалдың айтуы бойынша, «Бүркіт сыны», «Лашын мен шымшық» және «Балалық шақ» дейтін үш өлеңі 1900 жылдары қолына түскен көрінеді. Ал мына соңғы «Надсоннан» дейтін аударма өлеңін 1903-1904 жылдары тапса керек. Осы Мәди ақсақал Абай өлеңдерін түгел жаттапты. Менің айтайын деп отырғаным мынау. Өзіме қатысты жерлері болса түртіп алып жүремін ғой. «Бүркіт сыны» деген өлеңіндегі бүркітке қатысты жері мынау: Ақсақалдың жасының келгеніне қарап, кей жерлерін өзінің оқуы бойынша жазып алдық. Өйткені, кейінгі ұрпаққа қатесіз жетуі – біздің де мойнымыздағы жауапты іс (ақсақал араб қарпімен жазылған өлеңді алып оқи бастады).

БҮРКІТ СЫНЫ

Көк тұмсығы жұқалау, келсе жалпақ,
Мелжемді қожыр аяқ, бұты талтақ.
Көз ауданы қып-қызыл, кешкіл маңдай,
Іші кең, саны жуан, өзі шалқақ.

Баялы, құйымшақты, қауырсынды,
Құйрығы ап-ажарлы, ұзын жүнді.
Жүнді басты, шекелі кең маңдайлы
Жапырақ жирен шуда, жалпақ қылды.

Саңғыру жүн сабалақ, алқалы кер,
Тақысы, бүкісі жоқ қомағай ер.
Айыр сүйек ашамай арасы кең,
Болса жақсы бұл-дағы бір қарар жер.

Топшысы әлді біткен жоғарылау,
Шалғысы құйрығына барса таяу
Ұшса ұшқыр, тау басында шақырмайтын,
Бір түлкіден басқамен болса жау

Қалың ерін, қара тіл, қанға тоймас,
Қанша қымбат алсаң да басын жоймас.
Жирен тұяқ шұбарды тауып салсаң,
Жаза ұстаса және ұшып, әсте қоймас.

Бұл Мәдидің қолжазбасынан алынды. Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданынан алпыс төрт жастағы Сүлеймен Мәкеев деген адамның 1965 жылы Қазақстан Ғылым академиясында жазған хатында: «Біздің елде Иқанбай дейтін құсбегі болды. Өзі әңгімешіл, көп қиссаларды жатқа айтатын еді. Сол кісі «балам, мынау Абай ақынның бүркіт туралы өлеңі. Мен айтып берейін, сен жазып алып жатта» деді. Сол өлеңді бүгінге дейін ұмытпаған екенмін. Ғылым ордасы қарастырса, бұл өлең Абай сөзі екендігі расталар. Мен өзімше және қарттардың айтуынша, өлең шын мәнісінде Абайдікі болу керек деп білемін» – дейді. Сол Сүлеймен Мәкеевтің Абай өлеңі деп тапсырған «Бүркіт сыны» атты өлеңі тоғыз шумақ, алты жолдан тұрады. Екеуінде өзгешелік бар. Мен мұны да қағазға түсіріп қойғам.

Жұқалау, көк тұмсығы келсе жалпақ,
Мелжемді қожыр табан бұты талтақ.
Көз ауданы шүңірек, кешкіл маңдай,
Кең иық, саны жуан, төсі шалқақ.

Топшысы келсе, алдына жоғарылау,
Шалғысы құйрығына тұрса таяу.
Көкте ұшқыр, тұғырда шаңқылы тоқ,
Бір түлкіден басқаға болмаса жау.

Қолыңнан өзі тілеп ұшса самғап,
Құрғатпай қанжығаңды күнде қандап.
Дүниенің бір қызығы қыран бүркіт,
Алыстан ат терлетіп тапсаң таңдап.

Шегір көз, қанды балақ, қыран бүркіт,
Бозбала қапы қалма малыңды іркіп.
Алпыс екі айлалы түлкі ұстап,
Байласаң қандай қызық қарға сілкіп.

Қара тіл, қанжар қияқ, қанға тоймас,
Қанша көріп тұрса да алмай қоймас.
Шұбар тұяқ жиренді тауып салсаң,
Ердің құнын берсең де басын жоймас.

Лып етіп, етпетінен кетсе зулап,
Тым епті сыпырғанда жер бауырлап.
Жарқ етіп, жақпар тастан түлкі қашса,
Шаңқ етіп қызды ұстаған бозбала нақ.

Бұлқынып, болмайды деп шайқасқандай,
Сытылып құтылмақ боп байқасқандай.
Қараңдап дөң астында жатса басып,
Тар жерде екі ғашық айқасқандай.

Жібермей басып алса жұлқынғанға,
Босатпай бүре түсіп, бұлқынғанда.
Бұлтартпай жұмарлап ап, илеп жатар,
Шынымен, ынтасы ауып ұмтылғанда.

Көк тұмсық көзге дейін қанға батып,
Үстіне аттай мініп отырғанда.
Көңілге көрмек үшін о да қызық,

Ұқсайды қыз бен жігіт қосылғанға,– деп жазылыпты Сүйлейменнің қолжазбасында. 1951 жылы тапсырған Мәди мен 1965 жылы жазып тапсырған Шығыс Қазақстандық Сүлеймен ақсақал да «Бүркіт сыны» атты өлеңді Абайдікі деп куәландырады.

– Осы екі өлеңдегі айырмашылық – бірінде неге бес және бірінде тоғыз шумақ?

– Бұл сұраққа нақты жауап берудің өзі қиындау. Ертеректегі қазақ елінің еңсесін басып, көзін аштырмай келген сауатсыздық салдарынан хатқа түсіру салты жоқтың қасы болды. Баспа орындары мүлде жоқ еді. Әу баста қағазға түсіріліп қатталмаған, баспа бетін көріп тіркелмеген, ел аузындағы өлең-жыр, аңыздар мен деректердің бірде-бірі сауатты күйі заманға толық жетпей қалды. Ерте отырықшы болған елдердің тас қамалы мен темір сандығында сақталатын жазбалар мен кітаптар иісі қазақтың көшпелі өміріндегі ағаш кебежесі мен абдырасында жүріпақ көзден ғайып болатыны анық. Оның үстіне Кеңес өкіметі кезінде аумалы-төкпелі заманның әсерінен болар, көптеген әдеби мұралар тоналды, өртелді, жерге көмілді, қолдан-қолға ауысып тозды. Кейбірінің бас-аяғы жоқ, там-тұмдаған жұрнағы қалды. Кейбірі «ел аузынан» дейтін әдебиетке айналды. Оның бірі кешегі өткен Абай еңбектерінің саны белгісіз бір бөлегін жоғалтып алып отырмыз. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысында өз түңілігін өзі ашқан қырандай қазақ даласының түнегін түріп, нұр шашқан Шоқан, Ахмет, Әлихан, Мағжан, Міржақып, Мұхтар, Қаныш, Әлкей секілді сауатты да,, дарынды буындардың заманында ғана әдеби мұраларға көңіл бөлініп, жарық көре бастады.

– Аумалы-төкпелі замандарды бастан көп кешірдік. Қазақтың қаншама рухани байлығынан айырылдық. Абай атамыздың еңбектері қалай жетті бізге?

– Абай еңбектерінің қуғынға түсіп, тозып шашырағандарының саны белгісіз. Ал бүгіндегі қолда бары құрастырылып табылғандары. Көбінше түпнұсқадан көшірілмей, ел аузынан жиналғаны белгілі. Қолжазбадан көшірілген деген нұсқаларда Абайдың өзі қағазға түсірген дүние емес сияқты. Ондайлардың көбі Абайдан төте естіген құйма құлақ жандардың аузынан алынып, сауатты, оқығандары қағазға түсірген нұсқалар деуге болады. Сондықтан Абай еңбектерін жинау сақтық әрі батылдықты талап етеді. Анықтау, зерттеу жұмыстарын ғылыми негізге құрған жөн. «Абайдан жеткен» делінген үш өлеңде бірдей, түпнұсқаны дәлме-дәл мүлтіксіз қайталап береді деп кесіп айту қиын. Олай дейтініміз, өлеңдерді түпнұсқа жазбадан көшіріп берген емес. Сол қолжазбадан ертеде оқып, жаттап, есінде қалғанын жазып берген», – дейді Қайым Мұқаметқанұлы. Сондықтан өлеңнің түпнұсқадағы жеке сөздері, кейбір жолдары, тіпті тұтас шумақтары да ұмытылып қалуы әбден мүмкін ғой. Бұл жөнінде Мәди ақсақал өзінің естелік жазбасында былай депті. Сонда қараңыз осы кісі Абай өлеңін түгел жаттаған. Енді адам қартая келе ұмытады ғой. «Бір сыпырасын әлі күнге дейін білем», – дейді қария сол кездері. «Осы екі нұсқасын зерттеп, салыстыра отырып, Абай жазған түпнұсқаға жақындатуға болады», – дейді Қайым. Кезінде Мәди мен Сүлеймен ақсақалдар осындай қадамға бармай, ойында қалған жұрнақты қағазға түсірмей кеткен болса, жоғалту үстіне жоғалту болғандай екен. Әсіресе, «Бүркіт сыны» атты өлең жұрнағының табылғаны Абай еңбектерінің ойсыраған «бір кетігін» қалағандай болды. Бұған да шүкірлік.

– Өзіңіз бір кездері «Саятшылық» дейтін кітап та жаздыңыз. Осы Абай атамыз жазған бүркітке өзіңіз қаншалықты мән бердіңіз?

– Енді қазақтың құсбегілік өнері жайында азды-көпті еңбек жазғаным рас. Осы бізге жеткен қос өлеңге де талдау жасадым өзімше. «Бүркіт сыны» атты өлеңнің Мәди нұсқасы да, Сүлеймен ақсақал айтқан нұсқасы да өзгеріске ұшыраған жұрнақтар. Сонда да екі нұсқаны салыстыра зерделегенде шумақ саны дәл болмаса да, тұтастай алғанда мазмұны ұқсас. Кейбір шумақтар бірін-бірі сөзбе-сөз қайталайды. Тіпті, ұқсас жолдар, ұқсас ұйқастар мен тіркестер бар. Осы бір дәйекті дәлділіктерге жүгінсек, «Бүркіт сыны» атты екі нұсқа екі өлең емес, түп негізінде бір өлең және бір адамның өлеңі екендігі күман тудырмайды. Бірақ «Бүркіт сыны» атты осы өлең қай ақынның өлеңі?

– Егер Абайдікі десек, оны қалай дәлелдейміз?

– Мәселе осында. Сондықтан бұл турасында да өте ұқыптылыққа бармаса болмайтынын жақсы біліп, тарихи деректерді де ақтарғаным бар. 1951жылы Семейдегі Абай мұражайына келген павлодарлық жетпіс екі жастағы Мәди Тастембекұлы өз қолымен жазып берген бес шумақ «Бүркіт сыны» атты өлеңді Абайдың өлеңі деп куәлік берген. 1965 жылы Қазақстан Ғылым академиясына Шығыс Қазақстандық Сүлеймен Макеев ақсақал жазып түсірген деректі хатында, Иқанбай құсбегінің баласына мынау Абайдың өлеңі деп жаттатқызып, ол соны бүгінге дейін ұмытпай қағазға түсіріп отыр. Ол кісі де бұл өлеңнің Абайдікі екенін растаған. Құсбегі Иқанбайдың «мынау Абай ақынның бүркіт туралы өлеңі. Мен айтып берейін, сен жазып алып, жатта» деп Сүлейменге тапсыра қадағалауы да – тарихи айғақ. Әдеттегі бүркітшілердің сол мамандықты толық игерген кезінде «құсбегі» аталатыны анық. Иқанбайдың құсбегі аталуы да, өз мамандығына байланысты айтылған. Қырандар маманының жан дүниесін баураған «Бүркіт сыны» атты Абай өлеңінің өз қолына түскен бөлігін құсбегі Иқанбай біршама түгел дерлік жеткізген сияқты. Өйткені мұнда тоғыз шумақ. Ал аңқұмар да, құс құмар да емес Сүлеймен жас кезінде қызқұмар жан болуы мүмкін. Өйткені құсбегі Иқанбай айтып берген тоғыз шумақ өлеңнің «Бүркіт сынына» тән алғашқы алты шумағында атаулардың, сөздің өзгерісі, ұйқастың ауытқулары «Абай айтты» дегенге күдік тудырады да, қыз бен жігіттің ыстық ықылас, жан сезімін бейнелейтін соңғы үш шумағын Сүлеймен күдіксіз дұрыс жеткізген секілді. Солай десек те Сүлеймен жеткізген тоғыз шумақ өлеңде Абай стилінің көркемдік жарқылы мол. Сөзді дөп басып, орнына қойып, Абайша жүйелеу анық та ашық көрінеді. Балғын бозбала кезінен ғашықтықтың сиқырлы сыр-сипатын жете түсінген ақын Абай бір-біріне үзіле көз сүзетін қыз бен жігіттің күрделі эмоциялық жан сезімі кезінде «тар төсекте төсіңді иіскер ме едім жалаңаш» дейтіні... «Жігітті – бүркіт, біз – қырғауыл, сіз – тұйғын, тояттай бер кел де алып» дейтіні қызды түлкі етіп бейнелейді. Соған орай екі тағының бірі – тамақ үшін, бірі – жан үшін жанталасқа түскен шайқасты қыз бен жігіт арасындағы ынтыққа балап, «Бүркіт сыны» мен «Қансонарда» атты өлеңдерінде аса шеберлікпен суреттейді.

Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,
Жеке батыр шыққандай қан майданға.
Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға.

Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.
Қара шашын көтеріп екі шынтақ,
О да бүлк-бүлк етпей ме сипағанда – демей ме.?!

– Қансонарды жазғанда бүркіт туралы да жазбай кетуі мүмкін емес секілді?

– Иә, ол да мүмкін. Осы екі өлеңдегі мазмұн да ұқсас. Бірінің құтылуға, бірінің жібермеуге бекінген тағылар айқасының әрекетқимыл, бұлқыныс ұқсастығына сүйенгенде, «Бүркіт сыны» атты өлеңді Абайдікі деп айту жөн сияқты. Абай мұраларының қолда жоқ белгісіз бөлігі туралы заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы: «1882 жылы жазылған «Қансонарда» дейтін өлеңіне қарасақ, Абайдың анық шеберлігінің шыңдалғанын, ірі суретші және реалист ақын болғанын көреміз. Бұл өлең тұңғыш туа қалған, бірінші көркем шығарма болуы мүмкін емес тәрізді. Неғылса да бірталай шығармалар жазып келіп, ақындығы шынығып, қаламы төселіп, сонан кейін ғана дүниеге келген шығармаға ұқсайды. «Сап, сап көңілім» мен «Қансонарда» өлеңінің арасында ақынның әр жылдарда тудырған, бізге саны белгісіз бір топ өлеңдерінің болмауы мүмкін емес», – дейді Мұхаң. 1882 жылы жазылған «Қансонарданы» тудырған ақындық толғаныспен «Бүркіт сыны» атты өлеңді тудырған ақындық толғаныстың «талғағы» – «жерікасы», «толғағы» бір перзенттерді еске түсіреді. Арасында түсік жоқ ағалыінілі туыстай бір бесікте, бір адамның әлдиімен тербелген сияқты. Менің ойымша, осы екі шығарманың табиғаты жақын, екі жолғы салбуырын саятынан туындағанын байқатады.

– Осы орайда бір сұрақ өзінен-өзі туындап отыр. Сіз айтып отырған қос шығарманың қайсысы бұрын жазылған?

– «Бүркіт сынында» айтылмаған ойды «Қансонарда» толықтырған шумақтарға қарағанда «Бүркіт сыны» бұрынырақ жазылса керек. Абай «Қансонарда» атты өлеңінде «мұны ұқса, жігіттер, аңшы ұқсын, біле алмассың, құс алып дәм татпасаң» дейді де бізге өзінің әрі кеңес, әрі құсбегі екенін айғақтайды. Қазақ халқының аңшылық мамандығындағы аңкөстік – өте күрделі ұғым. Аң мен аңшының арасындағы аңдысуды айтып бітіруге келмейтін, бәрін бірдей біліп те болмайтын сиқырлы сырлары көп. «Аңшының қанша айласы болса, аңның да сонша жымы болады» дейді халық. Соған орай «Қансонарда» атты өлеңінде «алпыс екі айлалы түлкі алғанда» дейтін Абайды аңкөс адам демеуге хақымыз жоқ. Шынайы қыран бүркіттер қаһарына мінген түз шабыты кезінде – түлкі, қарсақ, киіктер ғана емес, көкжал қасқырға да шүйлігеді. Серек, ерек мүйізтекеге, тоңмойын шоң мүйізді құлжаға, саңлақ мүйіз бұғы мен маралға, азуын айға білеген шеңгел тұяқ аюға түскені туралы да деректер бар. Алып күш дүлей тағыларды алу қиынға соғатынын біле тұра, көзі тұнған, қылауы түспеген түз шабыты кезінде қыран бүркіт шамадан тыс ерлікке баратыны анық. Ал Абай табиғи баптағы түз қыранының жүрек жұтты таңғажайып шексіз ерлігін еске алады да «қыран бүркіт не алмайды салса баптап» дейді. Демек, Абай дарынды бапкер ретінде қолдағы қыранның бабын армандайды. Тарихтағы құсбегілер пірі – Тіней, Шора, Шегірфаян сияқтылардың бап-бағдарын іздейді.

– Бұл өлеңін бертін келе жасы ұлғайған шағында жазған болар?

– «Бүркіт сыны» атты өлеңді Абай кемеліне келген құсбегі, бапкер кезінде жазған тәрізді. Бірақ Абай жазған түпнұсқа көптеген өзгерістерге түсіп, қолымызда қалғаны бес шумақты жеткізген Мәди және тоғыз шумақты жеткізген Сүлеймен ақсақал айтқан екі өлең ғана бар.

– Бұл өлеңдер өзгеріссіз жетуге толық негіз бар ма?

– Таза байлам жасауға бізде нақты дерек жоқ. Осы екі өлеңде де өзгерістер көп. Ұмытылған жерлерін жөндеп, жай жаттаушылар қоса салған сөздер, көшірушілерден кеткен қателіктер де аз емес. Мәди айтқан бірінші және екінші шумақтар Сүлеймен нұсқасында жоқ. Осының өзі «Бүркіт сыны» өлеңінің «Абайдың алғаш жазған қолжазба нұсқасында қанша шумақ болды екен» деген ойға жетелейді. Барлық жиыны – он төрт шумақ. Осы жеткен өлеңге көп өзгеріс жасамай, біршама дұрыс жеткені Сүлеймен нұсқасының екінші, үшінші, төртінші, жетінші, сегізінші және тоғызыншы шумақтары деуге болады. Қалған сегіз шумақ өзгеріске түскен. Сол өзгерісті нақтылай түсу үшін екі нұсқадағы он төрт шумақты түгел көгендедім. Соның арасынан іріктеп шығардым. Қос шалдың бізге жеткізген қос өлеңінің шумақтарын пайдалана отырып, Абайдың жазу табиғатына жақындастырдым. «Бүркіт сыны» өлеңнің екі нұсқасының да, бірінші шумақтары – мазмұн жағынан бірін-бірі қайталайтын Абайдың түпнұсқасы.

– Қос өлеңге кірген өзгерістерді айта аласыз ба?

– Ендеше, осы шумаққа кірген өзгерістерді атап өтейін. «Қожыр табан» – өзгеріс, «қожыр аяқ» – Абайдікі, «шүңірек» – Абайдікі, «қыпқызыл» – өзгеріс, «іші кең» және «кең иық» сөздерін Абай жазды деуге болады. Қазақ құсбегілерінің айтуынша, Мәди айтқан бірінші және екінші жолдардағы «қожыр аяқ» дұрыс, Сүлеймен жеткізген бастапқы жолдардағы «табан» да сын ретінде айтылған. Бірақ ол «қожыр табан» емес, «көн табан, күң табан» болып айтылады. Қазақ құсбегілері бүркіт сынында «көн табан, күң табанды» бүркіттің түр-тегіне, тұқым тегіне жатқызады. Егер Абай «көн табан» мен «күң табанды» қыранның түр-тегі, сыны ретінде атаған болса, ол өз алдына бірнеше шумақ өлең жүгін көтерген болар еді. Мәдидегі бірінші және үшінші жолдағы «қып-қызыл» – Абайдың да, басқа құсбегілердің сөзі емес. Ол – Абай сөзін ұмытып қалған жай жаттаушылардың буын толтыру үшін өз жанынан қоса салғаны. Бүркітке дәл осы арада ондай сын айтылмайды. «Тұрса, барса, көкте тұғырда, ұшса, тау басында, басқаға, басқамен» деген ұйқастарды Абайдың өз сөзі деуге болады. Бүркіт шаңқылын естіп, «қорып, қорғалау» түлкіде көп кезігетінін білетін Абай тұғырдағы шаңқыл емес, таудағы шаңқылдың болмауын меңзейді де, «ұшса ұшқыр, тау басында шаңқылы жоқ» деп түзден түскен бүркіт мінезін көксейді. Сүлеймен айтқан өлең шумақтарында кездесетін «шаңқ етіп» дегенді дәл осы арада бозбалаға да, бүркітке де, Абай айтты деу орынсыз. Тұтқиылда қыз ұстаған бозбала да, түлкі ұстаған бүркіт те «шаңқ етіп» дыбыс шығармайтынын Абай біледі. Ал сол төртінші жолдағы «шаңқ етіп» емес, «шап етіп, сап етіп, сарт етіп, сақ етіп» сияқты сөздердің бірі болуы мүмкін. Сонымен бірге осы алтыншы шумақтың соңғы екі жолы қолымызда жоқ. Жоғалған шумақтардың қалдық жұрнағы тәрізді. Сөз Абайдікі болса да осы шумақта етене орын таппай, еншілес ұйқастарынан бөлініп қалғандығы байқалады. Мәди айтқан екінші шумақтағы «Баялы» атауын сын ретінде тек құйрық, қауырсынға ғана арнады деуге келмейді. Өйткені «Баялы» – берік, ірі, әлді, салалы секілді сын ретінде – күрек шалғы, пышақ, қылыш, жетім шалғы, ара қанат, ірге қанат, құйрық қауырсындарға тіпті құстың сыртқы кіреуке жүндеріне де байланысты толып жатқан сын-сипат үшін алады. Құсбегі, сыншы біткен аса назар аударатын қауырсындар мен жүн тегі туралы Мәди нұсқасында да, Сүлеймен нұсқасында да мардымды сын-сипат айтылмаған. Ал әрі құсбек, әрі сыншы Абай «Бүркіт сыны» атты өлеңді жазғанда қауырсын мен жүн тегіне бірнеше шумақ өлең арнаған болуы мүмкін. Осы тұстағы шумақтар көбірек жоғалған деуге болады. Мәдидегі екінші жолдар түпнұсқадан мүлде алшақтай өзгерген. Ондағы зат есімдер мен сын есімдер тұрғысынан алғанда әрбірі өз алдына екі не үш шумақ өлеңге арқау бола аларлық тай сезіндіреді. Абай нұсқасының сетінеп кеткен тұстары да, осы арада байқалып тұр. Қолымыздағы Мәди мен Сүлеймен нұсқаларын қосқанда жиыны – он төрт шумақ. Осының ішінде бүркіт сынына тән жүздеген сын-сипаттық атау, жүзге тарта есімдік тұр. Осының өзі – бүркіт сынына жататын ұшан-теңіз сын-сипаттың бір шөкімі ғана. Амал қанша Абайдың «Бүркіт сыны» бізге толық жетпеді.

– Әңгімеміздің ауаны аңкөстікке де ауып кетті білем. Қазақ тарихында қаншама құсбегілердің, небір құралайды көзге атқан аңшылардың өткені анық. Дегенмен сіз кімдерді ерекше бөліп айтар едіңіз?

– Қазақ халқының аңкөстік тарихында құсбегілер «пірі» саналатын – Шора, Тіней, Шегірфаян атты бабалар жолын жалғаған шәкірттері аз болған жоқ. Бізге белгілі болған ХІХ ғасырдың басында, орта шенінде өткен Бұғыбай, Кәтібай сияқты дарынды құсбегілердің ұрпақ буындары 1930-1938 жылдарда Жоңғарияның Жайыр дейтін тауында екі рет кездесу өткізген екен. Осы кездесулерге «құсбегілік дарыған, құсбегілік қонған» деп аталатын аты-жөні қағазға түскен жиырмадай маман құсбегілер қатысқан. Олар қыранның түр, тек, тұқымы, бүркіттің сынсипаты, құс бабы, құс салу әдіс-айласы, аңкөстік сырлары туралы ой толғап, пікір алмасқан. Сол кездесулердің көбіне қатынасқан атақты құсбегі Шәкен Ошанбайұлы Ұзақовтың айтуы бойынша бүркіттің түр-тек, тұқымға бөлуде таңғажайып қорытынды шығарылған. Сонда айтылған бүркітке қатысты жерлерін өзіме де түртіп алғам.

1. Қылыш. «Қылыш тұмсық, қырып сал, қызды берсең табылмас».. 2. Шөгел. «Жанбауыр шөгел жанаса, қашқан аңда жан қалмас». 3. Кезеген кешкіл. «Кезеген кешкіл кезгенде, жердегі кесірткені көреді». 4. Сеңсең сары, бөстек сары. «Бөстек қоңыр, бөстек қара, сеңсең қоңыр». 5. Жығалы. «Жығалы қыран, жығалы қоңыр, жығалы жирен, жығалы кер, жығалы ор». Бұл – өте сирек тұқымды бүркіт. 6. Құртты қыран. Ішінен құрт арылмайтын тек. 7. Көк табан, күң табан. 8. Паң сары, кербез сары, кербез жирен. 9. Жырық сары, жырық жирен. 10. Кескен терек, қара шолақ, сары шолақ. 11. Ақ иық. Алтайдың ақ иығы арасынан текті қыран мол шығады. 12. Нарын сары, нарынның шүкір сарысы. Аса өжет түрі. 13. Қос жауырын. Бұл – сирек кездесетін түрі. 14. Мұзмұрт. Ұлытаудың мұзды аймағының құсы. Мұзбалақ. Ерен

Абыр, Ерентау, Еренқабырға, Тянь-Шань құсы 15. Алқалы кер. Бұл Сібір құсы 16. Сауысқан құйрық сарала, сағынғанда бірді алады. Бұл қыранның нашар тегіне айтылған сөз 17. Сасқалақ ары. Айқайласаң іліп алғанын жерге түсіріп алады. Тұқымы әлжуаз ғой мұның. Осы айтылған түйіндерді әдейі келтіріп отырмын. Сонда олардың айтып отырғаны – Абайдан бұрынғы ата-бабалар тәжірибесі мен Абайдан кейінгі ұрпақтар тәжірибесі. Ал өз заманында талай-талай құсбегі мамандардың алдын көрген Абайдың да осы ғылымнан хабары мол тәжірибесі бар екендігінде күмән жоқ. Кемеліне келген кезде Абай «Бүркіт сыны», «Қансонарда», «Ат сыны», «Қыз сыны», «Жігіт сыны» атты өлеңдерді өз ойына еліте отырып жазған болар. Өкінішке қарай, тоз-тозы шыққан «Бүркіт сыны» атты өлеңнен бізге он шумақ әрең жетті. «Бүркіт сынын» жазғанда Абай ойы мен қиялы талай шалқып, талай шарықтаған болар. Құстың түртек, тұқымына да, сын-сипатына да, бап-бағдарына да, мінез-құлқына да, ажар-көркіне де, дене-тұрқына да, құсбегілік мамандыққа да, ой жүгіртіп, сан ойлап, мың толғанған шығар деген ойдамын. Егер осы ойымызды орынды деп санасақ «Бүркіт сыны» он шумақ емес, жиырмажиырма бес шумақ болуы мүмкін. Абай мұралары жер жүзіне кең тарады ғой. Талай-талай ұқыпты сауатты адамдардың жеке қорларында, шетке кеткен талай жандардың сандығы мен кебежесінде, көптеген моланың ішінде, қаншама тастың үңгірінде жатқан қолжазбалардың арасынан әлі де табылар, сөйтіп күндердің күнінде Абай өлеңдерінің жоғалған бөлігі, оның ішіне «Бүркіт сыны» ұрпақтар қолына бір тиер деген үміттеміз. Дегенмен Абай мұралары бізге түгел жеткен жоқ. Көп нәрсе жоғалып кетті. Мен Абай атамыздың осы бүркітке қатысты өлеңін көп іздедім. Бұл бүркіт сыны дегеніміз – өте күрделі нәрсе ғой. Осындай табиғаттың күрделі жаратылысы туралы жазғанда Абай бес-он шумақпен бітірмейді. Ең кемінде жиырма бес-отыз шумақ жазған болуы мүмкін. Сол бізге жетпей тұр. Абайдың жоғалған дүниесі көп. Өкінішті. Ал мұндай өлеңді жазу тек ақынның ғана емес, саятшылықты да терең меңгерген жанның қолынан келетіні хақ.

– Жалпы, ұлы Абайға берген бағаңыз қандай?

– Абай басқа қазақ секілді емес, көп нәрсені өте байқағыш. Айтқыш. Айтқанда да тауып айтады, дөп басып айтады. Оқу-білімнің аздығы, сауатты адамдардың жоқтығы. Мұрағат дейтін нәрсе бізде болған жоқ. Сол себепті көп нәрседен айырылып қалдық. Қайта Абай біршамасын қағазға түсіріп, сақтап кетті. Мына Шыңғыс ханның ұрпағы биледі ғой бізді. Мақсұтхан дейтін ұрпағы ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін келді. Осы сегіз жүз жылдың ішінде хандары да, бектері де, ақсүйектері де, төрелері де болды. Қазаққа сегіз мектеп салған жоқ. Сегіз жүз жылда көзі ашық деген сегіз азамат шықпаған деген сөз. Қандай қиын жағдай. Адам кейде жер болып кетеді... Сегіз жүз жылда түкке тұрмайтын біреулер елді билеп, быт-шытын шығарды. Мәселен, мына Орта Азияны Шағатайға берген. Содан шағатай тілі деген тіл қалыптасты. «Бұл – бөлек менің жерім» деп бөліп алып, бір ұлт жасап қойды. Әйтпесе бәріміздің тегіміз бір. Қытайдың мына бір жарым миллиард халқы бір тудың астында өмір кешуде.

– Ұлы Абай туралы біраз нәрсені айтып қалдыңыз. Осы әдебиет арнасынан ауыспай тағы бір нәрсе сұрағым келіп отыр. Қытайда өмір сүрген ақын Таңжарық Жолдыұлын өзіңіз көре алдыңыз ба?

– Көргенмін. Екі рет көрдім. Алғаш 1945 жылы түрмеден шыққан сәтімде. Сәуір айы болатын. Жерде қар еріп жатқан кез. Еріген қардың суы ағып жатыр. Аяғымда үлкен ақ пимам бар. Шалп-шалп еткізіп суды кешіп келем. Янған дейтін үлкен көше бар еді, соның оң жағымен келе жатырмын. Осы көшенің шығыс жағында мәдени ағарту бөлімі бар еді. Сол тұстан өте бергенімде біреулердің ән айтып жатқан дауысын құлағым шалып қалды. Солай қарай өтейін десем, су өткізбейді. Осылай тұрам ба деп шалпылдатып кешіп өттім. Шағын клуб бар еді, есігі ашық тұр екен. Ән айтқандардың дауысы сол жерден шығып жатыр. Мен есіктен кіргенімде екі адам отыр екен. Мені көрді де ән айтып жатқан адам әнін қоя қалды. Жақындау келдім де сәлем бердім. Жас шамалары менен үлкен адамдар екеуі де. Біреуі бетіме қарады да, өңі қара сұрлау екен: «Қайдан келдің, түрмеден келдің бе? – деді. «Иә, түрмеден шығып, жаңа келдім»,– дедім. Үндеген жоқ. Алдында арақ тұр. Екеуі арақ ішіп отыр екен. Тастан жасалған шыныға құйды да мағанда ұсынды. Мен де тартынбай тамағыма лақтырып жібердім. Содан кейін маған қарады да «қай жердің қазағысың» деп сұрады. Тарбағатайдың Шәуешегінен екенімді айттым. «Мен Таңжарықпын, Таңжарық деген ақынды естіп пе едің?» – деді. «Естігем, аға, ассалаумағалайкүм» деп қайта сәлем бердім. «Мынау – Бөпе дейтін ағаң, Алтай облысынан келген...»

Екеуі де мен секілді түрмеден шыққан екен. Баратын жерлері жоқ, сол маңайдағы ескі қораға түнеп жүрген көрінеді. Алдарында жайылған дастарқан, арақ тұр, наны бар, еттері де бар. Есіктен біреу кіріп келді. Келе сала Таңжарық пен Бөпені боқтап жатыр. «Әкеңнің аузы, сендерді асыраймын деп өлетін болдым ғой» дейді. Қалжыңдап боқтағаны екен. Қойнына тыққан бір бөтелкесі бар, оны ортаға қойды. Бір кезде Таңжарық: «Әй, былжырама, мынау сенің бауырың екен, Шәуешектен», – деді. Жаңағы бұлқан-талқан болып жүрген жігіт бұрылып қарады да, кімнің баласы екенімді сұрады. Мен Бабалықтың баласы екенімді айтып жатырмын. Сол жерде әлгі еңіреп жылап қоя берді. Жылап жатыр, жылап жатыр, бірақ кім екенін білмеймін. Көрмеген адамым, танымаймын. Әлі жылап жатыр.

– Кім екен, аға?

– Сөйтсем, бұл менің ең үлкен әпкемнің күйеуі екен ғой. Мен бұрын көрмеген екенмін. Жылап болған соң: «Әй, жүріңдер, – деді де, дастарқанды қолтығына қысып, – біздің үйге барамыз», – деді. Ертіп үйіне апарды. Еңкейіп кірдік. Есігі аласа екен. Кедей адам ғой. Ана жақта менің әпкем жүр. «Әй, мына Жағда келді», – деп еді, ол да жылап қоя берді. «Көрпе сал қонақтарға» деп еді, көрпе жоқ, кішкене ғана сырмақ бар екен, соны салды. Сол сырмаққа Таңжарық пен Бөпе отырды. Мен түрегеп тұрмын. Жездем де түрегеп тұр. Сонда жездем;

Қайтейін кедейшілік көзіңді ашпа,
Қалдым ғой жеккөрінішті қарындасқа.
Кетпейсің босағадан бақырайып,

Жоқ па еді туысқаның менен басқа, – деп бір ауыз өлең айтты. Осы өлеңді әрмен қарай Таңжарық жалғап алды да кетті. Таң атқанша отырдық. Тамақ жедік, арақ та ішілді, әңгіме де айтылды. Сол әңгіменің арасында «Көңілім қатты торықты» дейтін Таңжарықтың өлеңі бар екен, соны оқып кеп жіберді. Мен тыңдап отырдым да, өлеңін қайта оқып беруін өтіндім (Осы сөзді айтты да ақсақал жастығының астынан парақтары сарғыш тартқан сырты жасыл, араб әрпімен жазылған қойын дәптерін алып, ішінен осы өлеңді тауып, маған оқып берді. Мен бір көшірмесін сұрап алдым).

Бармысың, құдай, жоқпысың?
Білдің бе, біздің хал-жайды.
Бар болсаң, қабыл ете гөр,
Дұғаға құлың қол жайды.

Жоқ болсаң және өзің біл,
Ар жағын ойым болжайды.
Болжай-болжай байқаймын,
Жоғыңды ой көп толғайды.

Орталанды көңілім,
Су құйсаң да, толмайды.
Өтіп кеткен өмірім,
Көрген түстей болмайды.

Ел-жұртымнан айырылдым,
Қалайша жүзім солмайды.
Күндіз-түні қайғырсам,
Көңілім неге оңбайды?

Жүректі басқан қайғы-дерт,
Сағат сайын зорлайды.
Ішім толған өрт-жалын,
Мұз салсаң да тоңбайды.

Кейбір кезде сағым-ой,
Ұшырып қанат қомдайды.
Көп ойладым өзіңді,
Деп бір күн оңдайды.

Бермедің басқа ырықты,
Салдың қатты құрықты.
Оңдамадың, көрмедің,
Көңілім қатты торықты.

Тұрағыңды көп іздеп,
Қиялым да зорықты.
Біле алмадым Пайғамбар,
Қалайша саған жолықты?

Басымнан кетіп қадірім,
Қараңғы түнде аңырдым.
Құдай әділ деуші еді,
Осы ма сенің әділің?

Жоқ, кәртейіп қалдың ба,
Пендеңе жетпей әмірің?
Ұмытпастай күй болды,
Басыма салған жәбірің.

Алтын сарай үй болды,
Зорлықпен түнек камераң.
Мынадан маған мың жақсы,
Сұрақсыз болса қабірің.

Тарт, барайын жанымды,
Қалмады тағат сабырым.
Желмен ұшып барайын,
Алыс болса, ауылың.

Өлең жазып жатайын,
Ауырмаса жауырың.
Ол жерде де бар шығар,
Өлеңқұмар қауымым.

Міне, ақынның 1945 жылы сәуірде айтқан өлеңі. Сол уақытта осы өлеңді басыма сақтап қалдым ғой. Қайта айтқанда миыма сақтап қалдым. Кейін қағазға түсірдім.

– Ол кісі қайда қайтыс болды?

– Сол жақта дүниеден өтті ғой. Құлжада жатыр сүйегі. Екі рет түрмеге түскен.

– Соңғы рет қашан көрдіңіз?

– Дүниеден өтерінен аз ғана уақыт бұрын, 1947 жылы көшеде келе жатыр едім. Тастың үстінде ауыр ойға шомылып отыр екен.

– Бұл қайда еді?

– Құлжа қаласының көшесінде ғой. Сәлем бердім. Сәлемімді алды. Әңгімелескім келген еді, бірақ ауыр ойда отырғанын сезіп мазалауға дәтім бармады. Одан кейін қайтып көрмедім.

– Ол кісіден ұрпақ бар ма?

–Бар. Қызы бар осы Алматыда. Аты Сара. Ұлы Құлжада қалды.

– Әпкеңізді бұрын қалай көрмегенсіз?

– Менің әкем Бабалық. Бабалықтың үлкен қызы ғой. Есімі Зәуре еді.

Мен бұрын көрмегем.

– Аға, Әсет Найманбайұлын көре алдыңыз ба?

– Жоқ. Ол кісіні көре алмадым. Деректер жинағам. Шәуешектен суреттерін тапқанмын. Қазір қайда қалғанын білмеймін. Сүйегі қазір Құлжа аймағында жатыр.

– Ұрпақ бар ма ол кісіден?

– Артында қалған бала-шағасы жөнінде менде дерек жоқ. 1918 жылы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және фамилиясын ұмытып тұрғаным, Рахымжан деген генерал бар екен қастарында. Осылардың түскен суреті де сақталған. Осы суретте Ахаңдар суретке түсуге ыңғай танытқанда, Әсет Найманбайұлы дастарқанда отырып қалыпты. Бірақ бетін сурет түсірушіге қарай бұрып отыр екен. Жақсы түсіпті. Қолында домбырасы бар. Сол суретті осында әкелдім. Бірақ біреулер ұрлап кетті.

Бұл сурет далада, бақтың ішінде түсірілген.

– Бұл кісілерді онда кімдер қарсы алған? Ел не дейді?

– Енді сол жақтағы түрлі қызметте отырғандар қарсы алған болуы керек. Осындағы би, болыс секілдіні ол жақта «үкірдай» дейді. Осындай лауазымды кісілер күтіп алған болуы керек әсілі. Жақсылап күткен, қонақасыларын берген. Сол уақыттарда Мағжан Жұмабаев та барған. Бұл кісі басқа бағытта барған көрінеді. Қандай мақсатпен келді, не үшін келді, ол жағын біле алмадым. Баламын ғой ол уақытта. Бізге ешкім айтпады. Кейін ер жеткен соң әркімнен бір естігенім болмаса, нақты дерек айту қиын.

– Аға, Сәбең, Сәбит Мұқанов та барды ғой ол жаққа, көре алдыңыз ба?

– Мен көрдім ол кісіні. 1956-57 жылдары барды.

– Қай жерде кездестіңіз?

– Сәбеңмен Үрімжіде кездестім. Жаз айының кезі ғой. Ол уақытта Тарбағатай аймағының басшысымын. «Біздің аймаққа да келіңіз», – дедім. Кетерінде телефон шалып, асығып бара жатқанын айтты. Тарбағатай аймағына келе алмады. Соның артынша олар мінген ұшақ біздің үстімізден өтті, мен қош айтып қалдым. Кейін осында келгенде де кездесіп жүрдік. Соңғы рет көргенім мен редакциядан шығып бара жатыр едім, ол кісі кіріп келе жатыр екен. Сәлем бердім. Кіреберісте орындық бар еді, соған жайғастық. Көк базардың жанындағы тоғыз қабатты үй ғой. Әңгімешіл, сөзге шешен кісі еді. Қытайдағы қазақтар айтатын өлеңнің бір шумағын айтып берді. Мен қағазға түсіре қойдым. Содан кейін ол кісіні көргем жоқ. Артынша ана жаққа аттанып кетті ғой, марқұм.

– Тағы қандай айтулы адамдармен сырлас, пікірлес болдыңыз?

– Әлкей Марғұланмен терең араластым, Сәбит Мұқановпен сәлемдесіп тұрдым, Мұхтар ағамен жиі қатынасып тұрдым.

– Мұхаңды қай жылы көрдіңіз алғаш рет?

– Мұхтар Әуезов енді ертерек қайтыс болып кетті ғой. 1957 жылы осы жаққа келгем. Ана жақта үкіметтің басшысымын едім ғой.

– Қандай мақсатпен келдіңіз? Жаныңызда кімдер бар еді?

– Бала-шағаммен келдім. Қазақстанды бір көргім келді. Осында жүргенімде Мұхаң мені үйіне қонаққа шақырды. Сол жылы алпысқа толған кезі екен. Алпыс жылдығына қатыстым. Сөз сөйледім. Маусым мен шілде айларының кезі ғой. Бала-шағаммен үйіне бардым. Жанымда Балқаш Бапин дейтін досым жұбайын ертіп алды. Төрт-бес адамбыз. Төрге өзі отырды. Біз төмен отырдық, бір уақытта әйелі келіп: «Ойбай, Мұха төрге өзің шығып алыпсың ғой», –деді. Ол уақытта орыс әйелімен тұрады екен. Сонда Мұхаң қазақтың салтында балалар төрге отырмайды деді. Жақсы күтті. Кейін Қытайға кетердің алдында телефон соғып, тағы бір рет кеңесіп дидарласуын сұрадым.

– Келісті ме?

– «Мақұл», – деді. Бардым. Барсам, жұмыс бөлмесінде жалғыз отыр екен. Әңгіме арасында ана жақтағы Қытай қазақтарының ауыр жағдайын сөз қылып отырмын, Ұлт жойылып бара жатыр деймін. Мені тыңдап отырып, қаламын біресе былай қояды, біресе үстелінің мына жағына қояды. Үнсіз тыңдап отырды.

– Бұл соңғы рет кездескеніңіз бе?

– Иә, одан кейін Мұхаңды көргенім жоқ. Бұл 1957 жыл болатын. Мұхаңмен кездескен сол сәтім әлі есімде. Сондай айтулы кісілердің бірі Әлекең еді. Әлкей Марғұланды айтам. Бұлардың бәрі сүттің бетіне шыққан қазақтың қаймақтары ғой.

– Әлекең қандай адам еді жалпы?

– Көп білетін. Ой-өрісі кең, асықпайтын еш уақытта. Көп нәрсені нақты айтып отыратын. Бір күні бір нәрсе сұрап қалдым. «Аға, осы «Салиха саман» дейтін жыр бар, – дедім. – Сол жырға байланысты қытайдағы қазақтар таласып жатыр, біреулері «мұны Әсет Найманбайұлы жазған» десе, енді біреулері төрелер жазғанын айтады». «Салиха»,– деді де, ойпырм-ай, бұл қазақтың жыры емес қой», – деді бірден. Оның қазақтың жыры емес екенін мен де білем. Шағатай тілінде жазылған, авторы белгісіз осы жырды көргем. Қазақшаға аударған – Қызыр Мамырбекұлы. Ал осы «Салиха саманды» Әсет Найманбайұлы өзінің ойымен жырлап кеткен ғой. Бұл жырдың ең көп тарағаны – Әсеттің айтып кеткен нұсқасы. Қызыр аударған нұсқасы елге кеңінен жете қойған жоқ. Қызыр пайдаланған шағатай тіліндегісін мен көрдім өзім.

– Қызыр Мамырбекұлы кім?

– Бұл – Көгадай. Әбілқайыр ханның ұрпақтары ғой. Төре болып келеді өздері.

– Балалық шағыңыз, жігіттік жастығыңыз өткен жерлерді көргіңіз келмей ме?

– Әрине, көргім келеді. 1989 жылы арнайы көруге барғанмын. Бірақ маған көрсетпеді. Бес күн сұраққа алды да, «қырық сегіз сағаттың ішінде мемлекеттің ішінен шығып кетесің» деп, мені қайта қуып шықты. Ол жақтан кеткеніме қанша жыл болса да, мені әлі күнге дейін бақылайды. Қытайға қазір де кіре алмаймын.

– Мұстафа Шоқай жайында айтасыз ба?

– Мұстафа Шоқай – мына Алашорданың ең белді азаматының бірі. Көп жұмыс істеген адам. Идеясы ашық. Алаш партиясын құруға атсалысқан адам. Мұстафа Шоқайды Алаш дәуіріндегі ең үлкен көсемнің бірі деп санаймыз.

– Өткен тағдырыңызға ризасыз ба?

– Енді бұл пешенеме жазылған нәрсе ғой. Риза бол-болма... Төрт рет түрме көрдім. Қалай риза боласың? Еліңе, халқыңа сіңіріп жатқан еңбегіңнің бәрі далаға кетті. Қытайға жазықты болып, «ұлтшыл» болсаң, ол жақтан тентіретіп қуып шықса. Қазаққа сіңірген еңбегің – анау. Үш уәлаяты кетті біреулерге. Қайтіп мен еңбегім ақталды дей алам? Бар-жоғы отыз мың теңге зейнетақы алам. Не дәріге, не тамаққа жетпейді. Оның үстіне дәрігерлер ақша бермесең, қарамайды. Менде оған беретін артық қаржы қайдан болсын? Айдан-айға зорға жетемін. Кейде тіпті қиналып кетесің. Қолымда бар кезде дүние жинамаппын. Сөздің соңына түсіп, шимайлап тек жаза бердім. Қазақтың сөзін әлі де жазып тауыса алмай жүрген жоқпын ба?! Осындай кедейшілікте, жоқшылықта өмір сүріп жатырмын. Жақында бір күлкілі жайт болды. Мына адам отыратұғын орындық бар ғой...

– Иә.

– Осы орындықтың жақсылары қазір елу мың теңге екен ғой өзі. Орташалары отыз мың теңге мөлшерінде екен. Менің зейнетақым орта дәрежелі бір орындықтың құны екен. Сосын мен күлдім. «Апыр-ай, көзімнің тірісінде елу мыңдық орындыққа отырып көрмедім-ау», – деп едім, сөзімді тыңдап отырған балалар маған күліп кетті. Мемлекеттен ешқандай көмек болған жоқ. Мына үйімді де баяғыда Хрущевтің заманында алғам. Мен бұдан басқа үй алған жоқпын. Балаларым қаңғып далада жүр. Үйі жоқ, күйі жоқ. Олардың да қазір бала-шағалары бар. Өсті әйтеуір. Немерелерімнің бәрін бұл тар үйге сыймаған соң, нағашы жұртына жібердік. Арыз жазсаң ешкім жауап бермейді. Мен өміріме жалпы риза емеспін... Сол үшін маған біреулер «жау» деп қарайды. Осындай қиналған, жабыққан сәттерімде бір-екі шумақ өлең де жазып қоям. Соларды оқып берейін бе саған?

–Оқыңыз, аға.

–Күрделі өмір айналаң,

Ойыңды тербеп қозғаған.
Ол күрделі, сен жалаң,
Бойыңды билеп торлаған. Мұны сонау 1953 жылы жазыппын.
Шыр еттім, жарық көрдім тірлік деген,

Жарығым алыстады тұңғыш көрген.
Шошынған қасіретіме «у» сыйлаған,

Тірлігің осы ма еді дүрліктірген? – деп 1989 жылы наурыз айында қағазға түсірген екенмін.

Үміт кернеп кеудені,
Келгенде таңды-таңға ұрып.
«Арманым жақын» деп едім,
«Жақын» деді жаңғырық...

– Аға, қазір жасыңыз тоқсаннан асты. Дегенмен өмір өткінші, өкініші көп деп те жатамыз. «Жас кезімде неге осыны жасамадым екен» деп өкінген сәттеріңіз болды ма?

– Өкінген сәттерім өте көп қой. Есептесем кісінің шашы жетпейді. Өткен өмірім есіме түскенде, «қап, әттеген-ай...» деймін. Кейде «далада жатқан алтынды неге алмадым екен» деймін өз-өзіме кейіп. Мына бір оқиғаны айтайын. Бірде Қытайда жүргенімде полк командирі шақырып алып, саған бір взвод әскер берем, Бұртажы деген жерді аласың деп бұйырды. Ол жерде Қытайдың әскері тұр. «Бір сөтке уақыттың ішінде, ол біздің қарамағымызға өтетін болсын», – деді. Жолда келе жатып, біз бір қытайдың ауылын басып алдық. Жүктерін тиеп, бір жаққа көшіп кеткелі жатыр екен. Дәл сол көштің үстінен түстік. Олар қарусыз. Біздің жасақ түгелімен қаруланған. Мен бір қытайлықты ұстап алып «қаруың қайда» деп қорқытып жатырмын. Ол байғұс «қаруым жоқ» деп шырылдайды. Бір уақытта Ахметхан деген балуанымыз бар еді. Қарасам бір дорбаны көтеріп, қос иығымен әрең демалып келе жатыр екен.

– Ей, бұл не? – деймін түсімді суытып.

– Сарғайған мен ағарғанды осыған салдым, – дейді ол.

Алтын мен күміс қой оның айтып тұрғаны.

– Қой, неге тонайсыңдар, өздеріне қайтар, – дедім қатты ашуланып.

Ол тартып алғандарын иелеріне қайтарып берді. Содан кейін біз соғыс болатын жерге кетіп қалдық. Он жеті сағатта жауды алып, қайтып оралдық. Бізден бес-алты адам ғана жаралы болды. Қытай жағынан оққа ұшқандар көп. Бас штабтың бастығы генералымыздың ұлты орыс болатын. Қытайша, қазақша, ұйғырша өте жақсы білетін адам еді.

– Ол қайдан жүрген орыс екен, осы жақтан өткен шығар?

– Жергілікті орыс қой деймін. Оның қайдан ауып келгенін мен білмедім. Сол генерал мені көрді де, бірден қатты ашуға басып, маған айқайламасы бар ма... «Мен де оны түсініңкіремей, қабағымды түйіп, қатты ашуланып тұрмын.Мен басшылық жасаған бұл соғыста бірде-бір адам шығыны болған жоқ, тапсырмаңызды дер кезінде орындадым, неге мені бұлай балағаттайсыз», – дедім. Ол да сөзден тосылғандай көпке дейін үндеген жоқ. Үстелінің астынан бір бөтелке арақты алып, қырлы стаканға толтырып құйды да:

–Жағда, сен жұмысты өте жақсы істедің, бірақ алтындарды неге алмадың, біз сендерді немен асыраймыз? – дегенде мен сол жерде одан сөзден жеңіліп қалдым. Алтынды алмағаныма іштей қатты өкіндім.

– Бұл қай жылы еді?

– Бұл 1945 жыл болатын. Осындай өкінішті сәттерім көп қой менің. Соғыста сол секілді алтындардың талайы кезікті. Қиянат болар деп алмадым. Үйден жиі хат келіп жатады. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген мағынада. Бұл оңай сөз емес, мұны бұза алмаймыз біз. Сөйтіп, жүріп, міне, өзіміз тақыр кедейге айналдық (маған көзін сығырайта қарап күліп алды).

– Бір байқағаным мына үй телефоныңызға да, өзіңізге де тыным бермей, үйіңізге адамдар өте көп келеді екен. Сізді шаршатпай ма?

– Көп адам келеді. Шаршаймын. Кейде тіпті қатты шаршаймын. Кет дегенге болмай қалады кейде. Сонда қатты шаршаймын. Мен өзім әлсіреп жүремін ғой. Кеше үйге біреу келді. Денеме «укол» салғызып алдым. Ол ұзақ отырды. Тамақ ішті. Оны шығарып салып жатсам және біреуі келіп тұр. Мен анаған есікті жауып жатсам, ол кіріп келе жатыр. Мен айттым: «Айналайын, міне, тамақ, міне шай іш, же қарныңды тойғыз, мен жатып дем алам», – деп жатып қалдым. Қазірдің өзінде шаршап отырмын. Шамамның жоқтығына қарамай мына мақаланы бастап едім, көзім түсіп кетіп еді, қызық екен, соны аяқтай алмай отырмын.

– Аға, өзіңізді қалай сақтадыңыз? Ішкен асыңыз туралы айтқансыз, жалпы өмірде дегенім ғой.

– Адам өзі өлмейтін бірдеме екен. Білмеймін, қарағым. Айту өте қиын. Мен енді істемеген ісім жоқ, қой да бақтым, поштада хат та тасыдым, пеш те салдым, бәрін де істедім. Менің тағы бір қиналған кезім, осында келгенде отыз жылға жуық бақылады ғой. Сондай себеп-салдарсыз бақылаудан шаршап кетеді екен адам. Жүйкең тозып кетеді. Мені сол үш әріптің адамдары бақылап жүрсе, енді біреулері мені мынау КГБ-ның адамы екен деп күйдірді ғой. Қайтіп шаршамайсың? Осы қылықтары батып кетті жаныма. Дастарқанда отырғанда қағазым мен қаламымды қойып қоям. Енді түрлі дәрежедегі адамдар отырады. Біреуінің аузынан шыққан таңсық сөз болса, қағазыма түсіре қоям. Осы тірлігімді көргендер «үш әріптің адамы, сақ болыңдар» дейді екен бір-біріне. Қазақтың көнерген сөзін жинап жүргенімді қайдан білсін?!

–Тағы қандай жайттер есіңізде қалды?

–Журналда жүрген кезім. Мақаншыда бір туысым қайтыс болып кетіпті. Соған шақырды. Барайын деп жиналсам, маған Мақаншыға баруға рұқсат жоқ екен. Енді қоймай қойдым, топырақ салып келейін тым болмаса деп ойладым. «Көлікпен бара алмайсыз, ұшақпен баруға болады», – деді. Ұшақ Үржарға қонады екен, сол жерден «үш әріптің» адамы мені қарсы алды. Туыстарым күтіп тұр екен. Жылап-сықтап жатырмыз. Біреу келіп қолымды алды да, жаңағы кісі әрі қарай айнала бергенде, «мына кісі КНБ-нің осы жердегі бастығы» деді. Мен Алматыға қайтқанша үш-төрт күндей жанымда болды. Кететін күні дастарқан жасаттым. «Мені бақылап жүрген кісіні шақыр» дедім. Арақ алдырдым. Қырлы стаканға толтырып құйдым. «Сен мені аңдимын деп шаршап қалдың ғой, келіп қаламың мен қағазыңды әкеліп отырмайсың ба? Жазып ал керек болса, мен айтып берейін», – деп едім үндемей отырып қалды бейшара. Ұшаққа мінгізіп, қолын бұлғап қалды. Мұндай нәрсенің талайын бастан кешірдім ғой.

– Аға, айта отырыңыз, мұның өзі тарих қой қазір...

– 1989 жылы Алакөлге бардық. Жанымда Айтан Нүсіпхан бар. Тағы басқа жігіттер бар жеңіл көлікпен бардық. Алакөлге жетпей, Андреевка деген аудан бар екен, сонда екі-үш күн тұрдық. Көктұма дейтін Алакөлдің ар жағында біреуі, бер жағында тағы бір Көктұма дейтін жер бар. Сол жерде таныс адамдар дастарқан жасап күтіп отыр екен. Біз танымайтын бір жігіт арамызға келіп отырды. Сыйластығын білдіріп, арақ құйып жатыр. «Жағда аға, енді мынаны алдырып жіберіңіз» дегені сол еді, жанымда отырған бейтаныс жігіт «һи-их» деп шегін тартып қалды. Шошып кетті (күлді). Мен айттым «ей, айналайын-ау, неге шошисың соншалық» дедім. Сөйтсем, бұл жігіт те үш әріптің өкілі екен ғой. Менің атымды естіген, түрімді бұрын-соңды көрмеген, ойда-жоқта ұшырасып тұрмыз ғой... Сырттай естіп шошып жүрген, «сегіз мүйізі бар дей ме екен, адамға ұқсамайтын бір нәрсе дей ме екен, қайдан білейін?! Мені шекарадағы облыстарға мүлдем жібермейтін. Журналда жүргенімде шекарадағы аймақтарда жұмыс шығып қалса, басқа біреуді жіберетін.

– Сіз үшін ең қымбат нәрсені білгіміз келіп отыр?

– Адамға ең қымбат нәрсе ол – денсаулық. Одан басқаның бәрі өткінші. Жиған дүние, самсап жатқан алтын, ешқайсысының керегі жоқ. Айналып келгенде адамның өзінің денсаулығы. Бала-шағаң мен жолдастарың да қымбат, әрине. Қартайып, қарттық жағамыздан алғанда ғана біліп жатырмыз. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтыпты ғой. «Барлық ауруға ем табылады, бірақ қарттықтың емі жоқ» деп. Енді мұны түсіне білген адамға «қарияны жасарта алмайсың, өткенді орнына келтіре алмайсың» дегені ғой. Өмір өткінші жаңбыр секілді екен. Қиналған кездерімде жан рақатын сезінген сәттерімде болды. Кімнің қанша ғұмыр кешетіні бір Алланың қолындағы нәрсе ғой. Осынша өмір сүрдім. Менің айтпағым денсаулықтың бағасы жоқ. Оны сатып ала алмайсың. «Сағатты сатып алуға болады, бірақ уақытты сатып ала алмайсың, дәріні сатып алуға болады, бірақ денсаулықты сатып ала алмайсың» деген дана сөз бекер айтылмаса керек.

– Жағда аға, сіз біз үшін тірі «мұрағатсыз». Мынау бөлмеңізде сақталған қолжазбаларыңыздың көбі араб әріптерімен жазылған екен. Қазір бұл қаріпті екінің бірі оқи алмайтыны да рас. Өзіңіздің өмір тәжірибеңізден жинақтап, оны ерінбей жалықпай қағазға түсіріп, папкаларға салып сақтай бергеніңіз көрініп-ақ тұр. Ал сіз өзіңізге шәкірт дайындадыңыз ба?

– Шәкірт тәрбиелеуге болар еді. Осыны уақытында ойламаппын ғой. Енді бұларды осы мұраға ие болатындай бір мекемеге беруге болатын шығар. Былтырлары бірнеше мекемелерден біреулер келіп, мұраңызды бізге беріңіз деген еді. Менің қолымда келімен есептегенде 150 келілік қолжазба қоры бар ғой. Кітаптардан басқа. Енді мынау Ғылым академиясына бердім, Мемлекеттік мұрағатқа он сегіз келісін бердім. Мен оларға келіге шағып қана беріп жүрмін ғой. Оның ішінде не бар екенін өзім де қазір анық білмеймін. Осы Мемлекеттік мұрағат қызметкерлерінің маған жасаған бір жақсылығы – мен берген папкалардың ішінде не бар екенін тізіп қағазға жазып, алып келіп, өзіме берді. Қолжазба институтына 5 келісін бердім, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білім иститутына 50 келісін бердім. Бірақ кейінгілерінен маған біз сізден мынандай нәрсе алдық деген жауап болған жоқ. Білмеймін, сол еңбектеріме алаңдап жүрмін. Елдің игілігіне жаратса болар еді. Бір жерге тастай салмай. Көз майымды таусып қанша жыл тірнектеп жинаған еңбектерім ғой. « Ұстағанның қолында, тістегеннің аузынде кетті» деген қазақта бір сөз бар.

– Тұсауын жақында кескен біздің «дәстүр» журналына айтарыңыз бар шығар?

– Е-е, қазір газет те көп, журнал да көп. Бұрын бірен-саран ғана, онда да Үкімет туралы оқитын едік. Қазір ғой сан атасы бар. Ұлтымыздың ұлық қасиеттерін сақтап қалмасақ, оны жастардың бойына сіңіре білмесек, бүгінгі буын ертең қайдан шыққанын ұмытып қалады. Біздің қазақылығымыз осы күнге дейін жер бетінде өмір сүріп келе жатқанымыз. Ғасырлар қойнауынан осынау жаһандануға жығылмай жеткен дәстүрімізді ұлықтайтын журнал болар деп сенем, айналайындар. Сендер бақытты ұрпақсыңдар. Сол себепті осы бақытты қолдан шығарып алмай, келешекке жеткізу – сендердің үлкен парыздарың. Ұлтқа жақын жүрсең ұтылмайсың, айналайын, Қасымхан! Менің осы сөзімді ешқашан есіңнен шығарма. Қалғанын пешенеден көре бересің ғой.

– Әңгімеңізге рақмет, ауырмаңыз, аға!

Жағда қариямен сұхбаттасып болған соң ақсақалдан көненің көзі, дәстүрдің өзі ғой деп ақ бата сұрадым.

– Ал ендеше қолыңды жай, батамды берейін, – деп Жағда қария ақ батасын берді. Мен ғұламаның батасын да оқырманға тұтас ұсынуды жөн көрдім. Бата беру де бұл күнде үлкен өнер ғой, біреуге болмаса, біреуге керегі болар деп деп ойладым.

А, Тәңірім оңдасын,
Оң жолына батасын.
Бақ қарасын.
Құт қонсын,

Қыдыр дарысын.
Ел іргесі сөгілмесін,
Ел ырысы шайқалмасын,
Қазақ жаққан от мәңгі лауласын.

Түркі елдер жаққан от мәңгі лауласын.
Қазақтың тәуелсіздігі мәңгі болсын.
Қазақ көтерген Көк ту мәңгі желбіресін.
Қытайдың темір ноқтасынан сақтасын.

Орыстың қайыс ноқтасынан сақтасын,
Шығыстың қара тасқын селінен сақтасын.
Батыстың сары қолқа желінен сақтасын,
Соқақтың содырлығынан сақтасын.

Ауғанның аусарлығынан сақтасын,
Қоқанның қоқаңынан сақтасын.
Сарт ауылдың ірге жаулығынан сақтасын,
Кешегі коммунизм атты апаттың қайта оралуынан сақтасын.

Бүгінгі ғаламдану атты апаттың өктемдігінен сақтасын,
Қытайдың «тяньша вигуінінен» сақтасын.
Қазақ елі өссін, өнсін, көгерсін, көктесін, өркендесін.
Тәңірқұтылы, Күнкөсемді ел болсын!!!

Аумин!

Этнограф, мәдениеттанушы Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ жайлы кейбір қысқаша деректер

Жағда Бабалықұлы құжат бойынша 1917 жылы қараша айының 1-ші жұлдызында Қытай Халық Республикасы, ШҰАР Іле Қазақ автономиялы облысы Тарбағатай аймағы Толы ауданы Құжыртай деген қыстауда дүниеге келген. Бала кезінде мал бағып, діни оқу да оқыған. 1934-1943 жылдары – бастауышты Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласындағы орта мектепте бітірген. 1943 жылы ШҰАР орталығы Үрімжі қаласындағы Шыңжаң пединститутының студенті болған. Студент кезінде Ұлт-азаттық ұйым құрғаны үшін 1944 жылы Шың Шысай, 1945 жылы У Жың Шың үкіметі түрмесінде қамауда болды. 1945 жылы 5 сәуірде түрмеден шығарылып, Үрімжіде қатаң бақылауда болған. Бірақ Жағда бұл жерден қашып шығып, Шәуешек қаласына барып тағы да Ұлтазаттық ұйым жұмысына қатынасады. Қарулы партизан тобын ұйымдастырады. 1944 жылдың қараша айында Іле аймағында құрылған Шығыс Түркістан республикасының көтерген көк туының астына шоғырлануды армандаған Жағда Бабалықұлы 1945 жылдың тамызында ұлт-азаттық армиясының «Тарбағатай» атты полкін құрған. Содан бастап армия қатарында әртүрлі дәрежелі жауапты қызметтер атқарған. Полк командирінің орынбасары да болған. 1947 жылы Шығыс Түркістан Республикасының әскери түрмесінде сегіз ай отырған. Түрмеден ақталып шыққан соң ұлт-азаттық армиясының саяси басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған. Әскери атағы – подполковник. 1949 жылы Қытай компартияның қол астына кіргенде Қытай халық азаттық армиясының ШҰАР-дағы әскери сот төрағасының орынбасары, ШҰАР партия мектебі бастығының орынбасары тәрізді жауапты қызметтер атқарған. 1952-1955 жылдары ШҰАР Іле Қазақ автономиялы облысы Тарбағатай аймағының әкімі, 1955-1956 жылдары ШҰАР үкіметінің саяси заң басқарма бастығының орынбасары, 1956-58 жылдары ҚХР-ШҰАР Іле Қазақ автономиялы облысын басқарған. 1958-1961 жылдары «ұлтшыл, оңшыл, үш отау түтінін бір жерден шығаруды армандаған, социализмге, коммунизмге қарсы элемент» деген желеумен еңбекпен тәрбиелеу лагеріне жіберілген. 1961 жылдың қыркүйек айында лагерьден шығарылған соң бала-шағасымен Қазақстанға өткен. 1961-1962 жылдары баспанасыз жүріп, мал баққан, әртүрлі құрылыстарда істеген, пошта тасыған. 1963-1983 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» журналында әдеби қызметкер болған. 1983 жылы зейнеткерлікке шыққан. Тарихқа, салт-дәстүрімізге, туған тілімізге қатысты этнографиялық зерттеу мақалаларын баспасөзде үнемі жариялап тұрған. 1987 жылы Советқазы Ақатаймен бірге Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысын құруға белсене қатысқан. Жалпы Жағда Бабалықұлының өмірі өте күрделі өтті. 1944-1961 жылдар ішінде төрт рет түрмеде, 1961-1991 жылдары арасында «Қытай жансызы, ұлтшыл, оңшыл, өте қауіпті элемент» деген қатаң бақылаудың құрсауында өмір сүрді. Кейінгілерге «Менің басыма қойылатын тасқа «Тәуелсіздік көрдім. Мәңгілік тілеймін» деген сөзді жазыңдар» деп өз аманатын қалдырған. «Қырандар», «Саят», «Мал ауруларының сырлары», «Қамшыгерлік» атты кітаптары жарық көрген.

ЖАҒДА БАБАЛЫҚҰЛЫМЕН ҚОШТАСУ*

Жұма, яғни сәуірдің екісінен үшінші жұлдызына қараған түнгі сағат екі жарымда аса көрнекті тағдырлы тұлға, ғұлама шежіреші, энциоклопедист үлкен ғалым, данышпан қария Жағда Бабалықұлы үзілді. Тоқсан екіден тоқсан үшке қараған жасында абыз ақсақал осылай ың-шыңсыз дүниеден өтті. Сол күні Алматы ағыл-тегіл жылап тұрғандай жаңбыр шелектеп құйды. Біздің де көкірегімізді қара мысық тырнап жатқандай қатты құлазыдық. Соңғы бір жылдан аса уақыт күндіз-түні сұхбаттасып сырласқан сырласым, мұңдасым еді. У-шуға толы шаһарда жалғыз қалғандай күй кештім. Бүкіл ғұмырын туған ұлттына арнаған біздің Жағда ақсақалмен қоштасуға ел өте көп жиналды. Шенеуніктер жоқтың қасы. Қаптаған ірілі-ұсақты әкімдердің бірде-біреуінің төбесі көрінбеді. Бір өзі бір ғылым академиясының атқаратын қызметін атқарып кетті. Жалақысыз, қаламақысыз! Атақ, атшапансыз! Үш жыл бұрын 90 жылдық мерейтойы елеусіз өткенін ел қынжыла әлі айтып жүр. Ғұламаның еңбегін еңселі ғимараттарда отыратын ресми мекемелер елемеді. Менімен сұхбаты жарық көрген «Дәстүр» журналы мен «Ана тілі» газеттерінің соңғы нөмерлерін үйіне соңғы рет әкеп берген кездегі ұлы Алтай мен қызы Розаның көзінше аталмыш басылымдарды сипалап ұстап жатып: «Елеусіз далада қалған шал едім, рақмет қарағым Қасымхан», – деп қамыққан бейнесі, сәті еш есімнен кетпейді, әлі көз алдымда тұр. Сол сәтте көзіме лықсып келген жасты сездірмей, «сіз ұлт қаһарманысыз, сіздің еңбегіңізді туған еліңіз, халқыңыз ешқашан ұмытпайды» дегенмін дауысым қалтырап. Бірер күннен соң Жағда ағаның қызы хабарласып, абыздың мені іздеп жатқанын, «Қылмыс» романының алты томдығын тұтас Ұзынағаштан мен үшін алдырып күтіп отырғанын айтты. Қала тығынына байланысты екі-үш сағатта әрең жеттім. Ақсақал төсекте жатыр екен. Маған үзіп-үзіп өзінің шынайы алғыс сезімін білдіріп, жазушы Қажығұмар Шабданұлының алты томдық кітабын сыйға тартты. Қалтыраған қолдарын жайып, дірілдеген дауысымен ақ батасын берді. Қоштасып сыртқа әрең шыққан соң өз-өзімнен қатты толқысам болар ма?.. Бұл менің абызбен ең соңғы кездесуім екен. Біз осы ардақтыларын есіне кеш алатын жаман аурудан қашан айығар екенбіз... ...Есесіне қарапайым халықтың ықыласында шек жоқ секілді. Қарияның жаназасын Асылхан қажы Өмірзақұлы шығарды. Үйінің алдында өткен қаралы жиында Қазақстанның халық жазушы Қабдеш Жұмаділовтен кейін сөз сөйледім. Абыздың өз аманаты бойынша Ұзынағаштың іргесіндегі Қарасу жақтағы Сарыбай би ауылындағы биік төбедегі бейітке жерленді. Ардақты Қабдеш аға, ақын досым Ғалым Жайлыбай үшеуміз бір көлікпен қаралы керуенге қосылып барып бір-бір уыс топырақтан салып қайттық...

Ол алдағы қарашаның 1-ші жұлдызында тоқсан үшке толатын еді. Қазақ өзін шексіз сүйген тағы бір аяулы перзентінен осылай айырылды. Жағда Бабалықұлымен бірге тұтас бір дәуір кетті. Ол ұзақ ғұмыр жолында Алашты қалай сүюдің мінсіз үлгісін көрсетіп кетті. Дәрменсіз сүюдің емес, ұлт мерейі, бақыты жолында ымырасыз күреске толы, айтыс-тартысқа толы ұзақ өмірдің қия соқпақтарынан үлкен абыроймен өтті. Ұлт мүддесі үшін төрт рет Қытай түрмесінде де отырды. Алып екі империялардың қуғын-сүргендері оны алған бағытынан қайтара алған жоқ. Ол қазақ халқының намысын жыртып, жоғын жоқтап өтті. Ол қазақ зиялысы кеше, бүгін, және ертең қанай болуы керек екендігінің анық үлгісін көрсетіп кетті. Мен үшін ол кешегі Алашордашылардың ең соңғы өкіліндей болған аса қадірлі абыз азамат еді. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, нұрыңыз пейіште шалқысын, абыз қариям! * «Жағда Бабалықұлымен қоштасу» атты бұл қазанама «Қазақ әдебиеті» газетінің №14 (3178), 9-15 сәуір, жұма, 2010 ж., «Ана тілі» газетінің №14 (1007), 8-14 сәуір,2010ж., «Дәстүр» журналы №4-5 (4), 2010 жылғы сандарында жарияланған. Абыздың өмірбаяны мен тағы басқа өміріне қатысты деректер сұхбат барысында айтылып кеткендіктен, кітапқа қысқартылып жарияланып отыр.

МАЗМҰНЫ

Руханият бұлағы....................................................................................3 Автордан.................................................................................................7 Этнографпен әңгіме*..........................................................................12

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙