Мазмұнға өту
Home

Қас қағым сәт

Есләм Зікібаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қас қағым сәт

Авторы: Есләм Зікібаев

Есләм Зікібаев Таңдамалы өлеңдер жинағы Үш томдық Алматы 2012 Алматы 2012 Есләм Зікібаев Қас қағым сәт Өлеңдер мен толғаулар 3-том

ISBN 978–601–264–083–0 (3-т.) ISBN 9965–601–264–036–6 © Зікібаев Е., 2012 © «Таймас» баспа үйі, 2012 Барлық құқықтары қорғалған Басылымның мүліктік құқықтары «Таймас» баспа үйіне тиесілі УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 З-96 Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне ақпарат министрлiгi Ақпарат жəне мұрағат комитеті “Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы бойынша шығарылды Зікібаев Е. Таңдамалы өлеңдер жинағы. – Алматы: «Таймас» баспа үйi, 2012. Т. 3. – 480 бет. ISBN 978–601–264–083–0 Поэзия – ақынның қан қысымы, жүрек қызуы десек, өмірден өткен қаламгер Е.Зікібаевтың келешек ұрпаққа қалдырып кеткен мол мұрасы соның айқын көрінісі іспетті. Ол тірлігінің соңғы жылдарында тынымсыз іздену арқылы көркемдік қиырларына шарқ ұра көтеріліп еді. Əсіресе өмір мен өлім, махаббат пен ғадауат шарпысқан шақтардан туғандай сезілетін жырларынан айрықша қуат, шабытты рух лебі еседі. Соның бəрінде Ел ертеңіне елең көңіл, өзі айтқандай, «бір беті мұң, бір беті əн» ғұмырнамасынан өрнектеген адами-философиялық ой толғамдары, жан толғаныстары мен тұнық ақыл, сергек сезім сүзекісінен өткен ғибрат бар. УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 З-96

Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын Кім оянып, мәңгіге кім жатады, Тоқтамайды күн шығып, күн батады... Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын, Ерік бердім жан сырым – жырға тағы.

БАСТАУЫҢ АҚ ТҰМАДАЙ О, Туған ел! Қарт атам, Ұлы бабам, Ақ тұмадай бастауың тұнық əман. Сен аманда – мен де аман, жырым да аман, Күндерім де қызықты зымыраған. Мерейлі мінбелерден Шабытпен жыр оқимын, гүлдеп елмен. Ойларымды өзгеше өрнектейді Толағай табыстарың бірге келген. Өрісін өрге жайған өмірім де, Қанатын кеңге жайған көңілім де. Егемен елдігімді айғақтардай Бодандықтан бөлекше жолы мүлде. Өзгеше қанаттанған жыр да мына, Мазмұны, ұйқасы мен ырғағы да... Масайрап, мақтанышпен айтып кетем Сөз ұғар қыздарыма, ұлдарыма. Мен бұрын жақынға да жат көрінгем, Бағым да, байлығым да қақ бөлінген. Келімсектер босағаға ысыратын, Төредей орын алып нақ төрінен. Айқаста кетпесе де жауға кегім, Босқындай өз жерімнен ауған едім. Мəскеу де бірер күнде орнамаған, Əзіргі қолда барға тəуба дедім. Күннің де бірі келіп, бірі кеткен, Көңілдің жеткіземіз жырын еппен. Ғасырлық ғарыштарға татитындай Жолдарым соңғы он жылда жүріп өткен!

Жүйесін жаңа тауып сөз-киелім, Ойларым сан бəйгеде озды менің. Еңсем де елмен бірге көтеріліп, Кеңейіп келе жатыр көкжиегім!.. ЖЕР-АТА, ЖЕР-АНА Қар жауып тұр далада, қар жауып тұр... Дулы дүние шертердей назданып сыр. Ақ ұлпа – ақ мамыққа оранып ап, Қалғып кеткен секілді жап-жазық қыр. Ой-шұңқыры бір сəтте тегістеліп, Тұрғандаймын төңіректі тегіс көріп. Жайнаған аппақ əлем – пəк дүние – Көз алдымда кеткендей өріс кеңіп. Ақ қарменен қосылып нұр жауып тұр, Жұлдыздар да тұр сөніп, тұр жанып бір. Бəйтеректер ақ басты ақ атамдай, Сұлуланып алғандай нұрланып қыр. Бірі желіп төсінде, бірі шауып, Өлісі – өлі, аңдардың тірісі ауып... Мезі етті ме кəрі əже, кəрі атамды, Көзін іліп жатқандай тыныс алып. Айналайын Ата-Жер, айналайын, Жаны таза, жүрегі айнадайын. Құлағыңды тұндырып жібердік пе, Ұшамыз деп Жұлдызға, Айға дəйім. Сен – Атасың, Анасың...

Жаның да бар, Əр түйіршек сендерден қанымдағы əр. Қоян емен жан бағар ши паналап, Аттан десең, намысым дабыл қағар. Аман болса Жер-Ата, Жер-Анам деп, Бəрін саған барымның бере алам кеп. Атам барда əулие, Анам барда, Жүргенімді білмеймін неге алаң боп?! Сен – Атасың, Анасың, Жанымдағы ар, Аспандатсаң,

Алаулап жалын болар. Ұлыңмын мұратыңды мұрат көрер, Сенің күшің бойыма қуат берер... Мен биік ұшсын десең, алаңдамай Сен бір мезет қуаттан, дамылдап ал! ОТ БАСЫП АЛАРДАЙ ҰЯЛАМ Табиғат – Ана, Тəңірінің тарту-сыйы – Адам, Ұлдарын биік ұшырар қиыр-қиядан. Ұлыларымның тұғыры болған өлкеден Тудым деп мен де айтуға кейде ұялам. Қасіретті жерде қаптаған қарға,

Қыран қат, Қапысын тауып біреуді біреу жүр алдап. Төре боп алса, төбеге шығып кеткендей, Қол жетпес шыңнан шыға келеді ұраңдап. Қаптаған қарға, Болғаннан соң ба қыран қат, Білмейсің тіпті жүргенін кімді кім арбап. Ақынмын ғой деп Құдайға жетер көңілің Құлына жетпейді кеткен соң биік шығандап. Арын да салып, Барын да салып саудаға, Сардар атанып жалғыз шабардай жауға да. Елдің арысын, ердің намысын құрбан ғып, Өсіп келеді, азайды дені сау бала. Былайғы жұртқа –

«Танымайсың ба, мен де Ер!» – деп, Қияннан биік қыр көрсетеді кердеңдеп. Өңмеңдеп шығар ері көп, бірақ тері жоқ, Айнала ұйық сызып қойғандай шеңберлеп. Көк дөнен көңіл, жаныңда жойқын бір алау, Алдыңда – шың-құз, арт жағың – жайпақ, жыралау. Оңы-солыңды орап ап ойлар ормандай, Адастырмаса да, Жақ аштырмай кіл сынады-ау. Мың сан аранның тұтқыны болып кей-кейде, Білмей қаласың жүргеніңді қай деңгейде. Естімей, көрмей, сөйлемей қойғың келеді, Мезі ғып болдық онсыз да елді дей, дей де!.. Уақыт-ай үнсіз өте шығатын бір демдей, «Қамшы сабындай тым келте» дейміз

білгендей. Ал енді бірде Алпамыс болғың келеді, Аспан мен Жердің арасын жалғап жүргендей. Жалмауыз жайындай жұтып жатып та жұмарлап, Адалдығымызға ант-су ішеміз құранды ап. Пенде түгілі, Құдайдың кəрі жүрмейді, Туған бойында-ақ дұғалап қойған тұмарлап. Табиғат-Ана, Бəрінің бүгін биі Адам,

Арамдыққа да жарып ұшқандай ұядан. Ұлылар ұшқан Ұлы даланың ұлы едім Деуге де кейде от басып алардай ұялам! АҢСАУ Ауылынан алыс кеткен пендеге Ыстық болып тұрады екен ел неге? Ертелі-кеш елеңдеумен күн кешем, Сол бағыттан үф деп соққан желге де. Кəрі аман ба, жас аман ба, Ел қалай? Биыл жазда түледі екен жер қалай?.. Құшағына күллі əлемді сыйдырған Айналайын қасиетті кең дала-ай! Тіршіліктің қаңтары мен тамызын... Көріп келем, азды-көпті бар ізім. Ақын біткен қайғысымен, мұңымен... Қайталардай Асан баба аңызын. Жетті даусым жақынға да, жатқа да... Жаяуладым, міндім талай атқа да. Ел қарызы – қарызындай АНАНЫҢ – Өтелмейтін күнде апарсаң Меккеге! Бірде толып, бірде ортайып жыр-кесем, Түсімде де тылсымдармен тілдесем. Сарыарқаның самалымен сусындап, Сəн ортаның тірлігімен күн кешем. Арман-ғұмыр, айтып-айтпай не етеміз, Туған ауыл – мəңгі құбыла, Меккеміз. Қайда тағдыр айдаса да адаспай, Аңсап кетсек, құстай ұшып жетеміз.

Тауға, тасқа сан соғылып шекеміз, Қарызыңды өтей алмай кетерміз. Сары белде сарғайған жас жапырақтай Сағыныштан жаралған ба екенбіз?! Сəл сыбдырға құлақ түріп дір еткен, Жырласын деп көкірегіме жыр еккен. Түсімде де барып қайтып жүремін Аңсап ұшар Аруана жүрекпен. АРМАНЫМ Мен де «Арғынмын Əсеттей арындаған, Арындап əн сала ма дарымаған»... Шығатын биіктері көп болар деп, Тəңірім аздап сыйлаған дарын маған. Шартабақтай дөңгелеп сағым далам, Жарыссаң, сал дейтіндей барыңды əман. Сағым сынып, тауым көп шағылмаған, Шашамды шалғын қағып, шаң ұрмаған. Болмаған біріміз құл, біріміз күң, Таралған тегі тұтас түбіміздің. Орта жүз, Кіші жүз бар... бəріміз де Тетелес інісіміз Ұлы жүздің! Деуші едік ақындыққа неге құмар, Сүйінбай, Жамбылы мен Кенені бар... Құрманғазы, Исатай, Махамбеті... Ұрпаққа ұлағаттай кеткен аты, Исі қазақ қайсысын демеді нар. Арқаның салдарындай сері көңіл, Жасымнан желіктірген желік-өмір.

Ақан, Біржан, Ыбырайдың іздерінен, Ағайын, іздесеңдер мені де бір. Елім деп айқара ашқан ақ жаны бар, Еңіреген Ер Түрік деп Мағжанын ал. Қонар тұсын таба алмай тентіреген Кей-кейде тайқы маңдай бақ жаңылар. Сəбит, Ғабит – кешегі Ел мақтаны, Ұрпаққа жалғастырар ерді ақ таңы. Халық барда қаһарман туа берер, ДАНАЛАР ағалардай келмек тағы! Тағылым-талабымен бақ табатын, Жанымен жақынға да, жатқа жақын, Жеті атадан қайырып тегімізді, Салтымыз – БАБАЛАРМЕН мақтанатын! Арғынмын, Арғын ішінде – Атығаймын, Даңқым асқақ болмаса да, атым – айбын. Жанатайдан жалғасқан алтыншы ұрпақ – Мен, бəлкім, мақтануға татымаймын, Бəрібір алдымда үлкен жатыр айдын. Бір ұрпақ бір ұрпақпен алмасады, Өмір өсіп тұрмаса, бар ма сəні. Таңаттан Есенаман, Мамыт, Зікібай, Еслəм, Еркін, Ерден, одан əрі Кішкентай Ерұланға жалғасады. Тəңірім тіршілігін тоқтатпасын, Толқын, толқын... олардан да алға асады. Демеймін көктен түсіп, бола қалдым, Өртеніп өз отына жанады əркім. Пайғамбардың жасынан асып кеттік,

Ендігі бар тілегім – өзім емес, Болашағы немере, балалардың... Тірлікте сан тамұқтан өтесіз көп, Туғандар некеліден некесіз боп, Мақтанып жеті атасын кім деп айтар, Тірі жетім өскен соң жетесіз боп. Көңіліме толса да, толмаса да, Біреуді зор, біреуді қорға сана Демеген арғы-бергі бабаларым. Əр қазақ түп-тегімен мақтанады, Бірі артық, бірі кем болмаса да. Өмірде асуы мол құз, белеңдер... Жетіп жатыр, бəрі де бізде деңдер. Руды айту – басқаны ұру емес, Одан, сірə, саясат іздемеңдер. Көпке жақпын демеймін, азға жақпын, Өз алауым өзімде, маздамақпын. Арманым – түтіні көп шашырамай, Егеменді Елімнің КӨК ТУЫНДАЙ Оты тұтас лауласын АЗ ҚАЗАҚТЫҢ! * Жел беріп шабысыма сырбаз далам, Кезім жоқ тебіренсем жыр жазбаған. Төрт бөліп түн ұйқысын, жеткізсем деп, Көкіректің кен қоймасын кім қазбаған. Тірліктің шым-шытырық шалғайы мың, Бір елдің екінші елге жалғар үнін. Елшідей, айналайын, күй кештің де, Үш жүздің ортақ ұлы болып кеттің, Алатауда түлеген Шалбай інім.

Шыңдалмай Батыс, Шығыс, Терістікте... Қиналмай қиындықсыз жеңіс күтпе, – Дейтұғын бабаларым баяғыда, Құт оралып басыңа, аяғыңа... Шынығып шыққандайсың кеңістікке. Жар болып оң жолыңа Хақтағалам, Сан мəрте мініп-түстің атқа да аман. Ұмтылып, демесең де таққа қонам, Ниеті түзу болса, бақтан адам Қашып та құтылмайды, содан болар – Кезің жоқ ел сенімін ақтамаған. Қонақ деп өрлетпейді төрге кімді, Кей-кейде ылдиың да өр көрінді. Тілеген өз ұлындай өрлеуіңді, Ұмытпаған шығарсың Өрнегіңді. Сол елдің мен – ақын, сен – əкімісің, Сайраған із – тындырған жатыр ісің. Ұлық емес, туған бір ұлындайсың, Өрнектенмін деуге де хақылысың. «Ел елеп-ескерерге татыры кім, Батыры кім айтулы, ақыны кім?..» – Дегенде, есімізде сен тұрасың – Айбары алты алашқа бірдей болған Алматыға да, Өрнекке де əкім інім! ҚИМАЙ БАРАМ «Жырым менің – жалғызым...» Мұқағали «Жырым менің – жалғызым, жан дауысым» Деген сөзің жалғаспай қалмау үшін,

Інілерің көтерді көк туыңды – Еркін елдің көгінде самғау үшін. Самғау үшін, үзіліп қалмау үшін, Ұлы көшті ілгері жалғары шын. Адамзаттың ертеңін еркелетер Ақиық ақындардың арманы – шың. Халықтың жыры – мұңы жаралғаннан, Қанаттанған қашанда ар, арманнан. «Ақтабан шұбырынды» шуын сүйреп, Арман-жыр «Елімайлап» аман қалған. Естілер ерен ердің шыңнан аты, Белдеуде тыпыршулы тұрған аты, Қызыл тіл – қынаптағы ақ алмасы, Қапыда қиылмаса жыр қанаты. Менің де жырым – зарлы жан дауысым, Құс ғұмыр биіктерге самғау үшін, Жер қауып аламанда қалмау үшін, Қосылып жорықтарға бармағы шын. Кешегі Абай, Мағжан, Қасымдардың Артында қалған ұшқын-жасыннанмын. Тасынған кім, ақынды басынған кім, Айдынға ақ маржан боп шашылғанмын, Сынығымын алмастай асылдардың, Тұнығымын тұңғиық ғасырлардың! Сен сағынған Есілім, алқа көлім, Сен табынған ақ самал, қамқа белім, Аймалаған айдынды Арқа желім, Сағындырды, сыңқылдап сағым күлді – Құс болсам, күнде барып қайтар едім. Көктем кетті, жаз өтті, күзім де арман, Сынап сынды құбылып қызынған қан.

Көңіл де қу жапырақ күз ұрғаннан, Шошиды күз ұрғаннан, ызыңдардан. Баяғы өрт мінез жоқ бұзып-жарған, Құлындай топырағыңа аунап-қунап, Қайтар ма ем қырларыңда ізім қалған. Мұңартып мизам ұшқан мидай далам, Сағынып кеп, қайтарда қимай қалам. Қамысты көлдеріңнен, белдеріңнен... Іздеймін іздерімді шимайлаған. Аптабында алапат ми қайнаған, Мұнартып мизам ұшқан мидай далам, Оған да өсе бара сыймай ма адам, Көктемде сағынып кеп, күз қайтатын Аққудай айдынымды қимай барам. АРУАНА ƏЖЕЛЕРІМ-АЙ Қыз ұзатар еді ертеде ел: «Сүйегің – біздік, ал етің – барған

жерлік!» – деп, Қайда кетеді, тағдырға бəрі көндікпек. Бүгінгі келін өткелден өтіп алған соң, Атадан биік озады төрге кергіп кеп. Ол кезде əлде жетілмеді ме жете тым, Ақыл-ой – орман, шетіне кім бар жететін. Барған жеріне судай сіңісіп, ақыры Сол елдің ғана намысын жоқтап кететін. Ождан да, ар да қалғандай қазір тегін боп, Жалмап жатқандай сана-салтыңды, жеріңді от. Белі бүкшиіп, келінге қарап, кемиек – Кəрі əже үйге сыйып жүр əзер келін боп.

Күйбең тіршілік, Күн демей, тіпті түн демей, Сықыр да-сықыр – Тозығы жеткен күймедей, Омырылып оқыс бел омыртқасы үзіліп, Кетеді-ау бір күн, қалай жүр екен күйремей? Айбарыменен ықтырар бəрін ері ұдай – Бабадан қалған дəстүріменен елі бай. Айта алмай келген, тарқамай келген шерім-ай, Жанымды жебеп, қалдырмайтындай мені жай... Атам секілді ауыл-аймақтың айбыны, Абысындарға ақылдың кеніш-айдыны. Көк өгіздей-ақ жер жүгін жалғыз көтеріп, Белі үзілсе де иіліп бір сəт бүгілмей, Ұмытқан мүлдем қуанышты да, қайғыны... Бастарыңнан бақ тайғанады екен қай күні? Білмеймін тіптен қай жерде, қандай себебі, Сендерді көрсем, көңілім босай береді. Алтын құшақтар – халқымның кие, иесі – Салтымды сақтар жоғалмас жолдың жүйесі. Асыл сыйлы анам, Көріп қиналам күн сайын, Сендерге, бəлкім, уақыттың тартқан «сыйы» осы! Айдай əлемге елі бай жəне жері бай, Бай ел, бай жерді асқақтататын ері ұдай. Сол ерлерді туған, белдерін буған бүгілмей, Аруана əжелерім-ай, Аруана əжелерім-ай!.. * Арғын десе, дей берсін,

Арғын-ақпын,

Арнасындағы ағыспын бал бұлақтың. Адуыны, арыны басылмаған – Ауыздықпен алысқан арғымақпын. Ерте ұғайық, əйтеуір, кеш ұғайық, Ермін дейсің, қалмаса есің ауып. Қазақтығыңды айқайлап айтып жүрсең, Арғынмын деп айтудың несі айып? Құзда биік қалықтар қырандаймын, Құмда жолын анықтар құландаймын. Судың мөлдір-тұнығын жүзіп ішіп, Сахараның желінен сыр аулаймын. Сыр аулаймын желінен, жыр аулаймын, Сағымы адастырған мынау қай күн? Сейілтіп-сергітпеген тұман-қайғым, Күні – түн, түні – күнге шырматылған, Елімайлап егілген жыраудаймын. Мен жазбасам, деуменен жазады кім? Жырдан тапқан бейбақпын жан азығын. Азаппеннен күн кешер тірлігінде Ақындарда болмайды мазалы күн. Ой отына өртеніп күн кешерін Білсе де, айығардай білмес емін. Көп ақынның бірімін отқа күйіп, Тылсымдармен тебіреніп тілдесемін. Əу баста-ақ азап үшін жаратқан ба, Тырмысып шыдап бағам тағат барда. Ойлармен ойқы-сойқы арпалысып, Қалжырап қалғып кетем таң атқанда. Алыста қалған алыс алақай күн, Бар болса, ол да өзімнің дара қайғым.

Айбыны жер-жаһанға жетпесе де, Алтыншы ұрпағымын Жанатайдың! Біреу – Найман, несі бар, біреу – Адай, Біреуіне бола алса біреуі абай. Білмей жүрсе бабасы кім екенін, Түбі қазақ екенін білер қалай?!. Үйсін бол, Жалайыр бол, Қоңырат бол... Айтыспасаң жарады болып ақ тер... Аталардың аруағы желеп-жебеп, Қазақтығыңды ұмытпа,

Соны бақ көр! АЛАУЛАЙДЫ АҚ ҚАРДА Мен еркінмін – Елім еркін өйткені. Жерім еркін, Сенім еркін өйткені... Санам еркін азат болған құрсаудан, Көңілім де еркіндіктен нұр сауған, Намысым да еркін енді, шүкірлік, Мұздай темір құрсанған. Мына жалпақ ғаламда, Көңіл-кептер алаңда. Адам біткен бағынышты Адамға, Еркіндігің болмаса егер санаңда, Қоғамыңды мақта, Мейлің, жаманда... Бос сөз болып қала берер бəрі онда. Өң бе, түс пе? Ұқпағандай əлі біз, Жасымыз бен кəріміз... Жанымызды құрсаулаған құса ғып,

Желтоқсанның жарқылынан күш алып, Қамал бұзар қаһарманға ұсадық. Намыс үшін пида шыбын жанымыз, Арыстанша Айға атылдық бəріміз! Сарсаң ойлар санамызды сандалтқан Сап болғандай – Көп күттірген таң да атқан. Күн де келді оңымызды, Солымызды аңдатқан... Жанымызда кек қалды, Жүректерде шемен болып қан қатқан. Өмір бойы аңсаған, Шар болаттай шамырқанған, шаршаған, Еркіндіктің лебін жұптай тамсана, Мəңгілікке көзін жұмды қанша адам?!. Еркіндіктегі ОН ЖЫЛЫМ – ОН ҒАСЫРҒА татырлық! Еркін жазған ОН ЖЫРЫМ – ОН ЖАСЫНҒА татырлық! Төбемізге НАМЫС ТУЫН шатыр ғып, Əз бабалар аруағын шақырдық, Жақсылықтың болғай, Тəңірім, ақыры құт. Ер еңсесін ел көгіне көтердік: «Міне, осы, – деп, – батырлық!» Ез дей ме жұрт, Əлде мені ер дей ме, Қай биікте, Орыным қай деңгейде? Ойлар, ойлар... Жанға маза бермей ме, Қиындықты қайсарлықпен жең дей ме, Өзіме де жұмбақтаймын кей-кейде.

– Оян, қазақ! – деді ағалар, Ояндық, Арыстардың айтқанынан ой алдық. Мəңгі мүлгіп күн кешуге бола ма, Үйде отырып босағада қалдық та, Үйде отырып тоналдық. Өрлігіңді, ерлігіңді танытсаң, Ертеңің де болар құт! Ерлер, ерлер!.. Тас шайнаған, құм жұтқан, Шынды көріп, сұмды көріп... Мыңды ұққан. Сезімдерін сертке байлап, Өзін өзі өртке айдап, Құрсау бұзған – құтылам деп құлдықтан. Ерлігіне, өрлігіне ел табынар, Боздақтарын боз далам да сағынар. Қанымызда біздердің Қайраттардың, Лəззаттардың... жаны бар, Беу ағайын, қалғып кетсе, намысыңды жанып ал, Қыршын кеткен ұл-қызыңның өрлігінен

тағылым ал! Желтоқсан ба, Қаңтар, əлде ақпан ба, Қыран қиял қанаттарын қаққанда, Оянады қалғып кеткен бақтар да, Оянады манаураған ақ таң да. Қыршындардың жүрегі Мұзда маздап... Алаулайды ақ қарда!

ҚАРЛЫҒАШ

«Қарлығаш ауылға келмей жүр».

«Жетісу» газетінен Балапан кезіміз – қамсыз да мұңсыз, қаңғыбас, Жоқты бар қылып, бағаламайтын барды рас. Бір уыс дəнді бөліп жейтұғын кезіміз – Аулаға қонса көк кептер, торғай, қарлығаш... Қарлығаш – аса киелі құс деп атамыз Айтқаннан соң ба, бəйек боп ылғи жатамыз. «Қарғысына оның ұшырай көрме, жетім боп қаласың», – дейтін, билейтін үрей, жат аңыз. Ауылға барам. Заман боп кеткен қандай бұл, Шөліркеп суға, кеберситіндей таңдай құр. Сұраймын елден: «Көктемде басқа құстармен Қарлығаш неге аулама ұя салмай жүр?» Көк дөнен көңіл шарқ ұрып қиыр-қияға, Төрбейді жанды əуезді əн мен күй-ана. Бал күндеріңнің бақытын іздейді екенсің Қарлығаштарым қонып жататын ұяға. Бір үрей билеп, құрыстырғандай денемді, Хабарлайтындай «қарлығаш ауды» дегенді. Көктеммен бірге көсегеміз де көгерді... Сене алмай жүрмін тек қана, Келе алмай жүрмін өзіме – Мен құсап аңсап сағынбайды дегенге сен елді. Тірліктің мынау нарқын ұқпайтын дүмшелер Қумас еді ғой қасиетіңді білсе егер. Дүниенің шетін өрт шалса, безек қағатын Қарлығашы жоқ ел бар дегенге кім сенер?!.

ТУҒАН ЕЛ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ Ағып келем, Поезбен ағып келем, Қалып жатыр сай-сала, жазық белең. Асыға ма жас көңіл алабұртып, Қайдан, қалай керегін тауып берем? Кейде жүйткіп, кей сəтте сар желеді, Міне, Міне, арайлап таң келеді. Жыршы құстар тоғайда сайрап кетті – Тіршілікке осылар сəн береді. Жүрсем дағы асылым қала болып, Сергіп қалдым кең-жарық дала көріп. «Шəй-шəйлаған» шопанның дауысын-ай – Ақты қойлар беткейде барады өріп. * Еңсеміз көтерілмей, иық талып, екі аяқ бір етікке сыйып барып, еңсемізді жия алмай есеңгіреп, аузымыз айраннан да күйіп қалып... тəлтіректеп тəй басып жүріп кеттік көкке ілінген көтерем сияқтанып. О, пəлі, айдың-күннің аманында саудалап иманын да, жан, арын да... ұшы-қиыр көз жетпес меңіреу мекен қалғандай «Барсакелмес» аралында, сіңіріне сүрінген сорлылардың үрей тұнған, жаны жоқ жанарында, білмейді қайда, қалай барарын да. Көктем шығып, телегей мұз аққанша, кəрі-құртаң бара алар ұзап қанша,

жамап-жасқау қиын-ау жан жыртығын, əзер жүрген жүректер сызаттанса. Киелі өңір, киелі ел, киелі жер... ой шырмауын үзе алмай кіл егілер, мықтап ұстар тізгінін еркегі жоқ – өңі қалмай қор болды-ау иелі дер. Мұң тұнып жабырқаған жанарында, көктемде де қауқарсыз жаңаруға, күнде ертеңмен селдетіп көздің жасын, малынатын секілді дала мұңға. БІР ҚАЛА БАР Айдынында ойнаған самал, сағым... Тарихынан ойлаған табар тағылым. Ұлағат ізі қалған ұлылардың Бір қала бар төсінде Сарыарқаның. Ақ қайыңы аққудай ырғалатын, Қағатындай гəккулеп жыр қанатын. Алты алашқа абыройын жеткізердей Мағжандай туса дағы бір ғана ақын. Дарияға малындырып мұң қанатын, Ғасырларға ұласар жыр болатын, Орысы көп, қазағы аз осы өңірге Жететіндей Мағжандай бір ғана ақын. Əннің, күйдің тербеліп ерке үнімен, Астасқандай бүгінгі ертеңімен. Бір шеті – Есіл, бір шеті – орман, тоғай, Өңірі ақ бидаймен көмкерілген. Ақ нəр, дəн – ақ маржанмен көмкерілген, Ақ нұрдай ақ маңдайдан тер төгілген.

Бір қала бар төрінде Сарыарқаның, Ертеңі айнымайтын ертегіден. Аты өзгеріп, орысша аталса да, Шошырлықтай қала емес заты оншама. Қызылжар деген ұғымды елмен бірге Болашаққа барар деп қатар сана. Көктемі де, жазы да, күзі де арман... Аққудай шығатұғын жүзіп алдан. Қазақтың намысындай, арысындай Абылай, Кенесары ізі қалған. Көкірегімді сырға да, жырға да орар, Сезімімді сергітіп, нұрға малар. Сарыарқаның төсінде төрдей биік Қызылжар дейтін ғажайып бір қала бар. ШЫНДЫҚТЫҢ ҰЛЫ АТАСЫ Елдігін айтса дағы,

Ел еместей – Қайран қазақ əлі де келеді өспей. Бір қазанға сыймайтын екі бастай, Той болса, тарқамайтын төбелеспей. Мақтанып аға демей өз ағасын, Кикілжіңге шаптырмай сөз арасын, Жүген-құрық тимеген жүйріктей боп, Шаппасаң, топтан қайтіп оза аласың? Ісіп-кепкен өзінің буларына, Жетіп жатыр сұмдары, қулары да... От тастамай, май құймай дуға мына, Намысқа шабатындай ұлан болса, Мақтанар ҚАЗАҚ болып туғанына.

Делебесі делбеңдеп қозатұғын, Өңмеңде, өңешіңді соз, ақыным! Бəрібір сен емессің озатұғын, – Дермісің: «Қалай елге сөз айтасың, Өзіңе жетпей жатып өз ақылың?» Қайтемін, Менің де арман-мұратым көп, Демессің «айтты мұны кім ақыл» деп. Асуым бардай еді шығатын көп – Көтермей-ақ қойыңдар шыңға сүйреп, Өлгенде айтып жүрсеңдер жетіп жатыр Шындықтың ұлы атасы – шын АҚЫН деп. ҚИМАЙДЫ АНА – Мына жұртты жын қаққан ба? – деп ойлады қарт ана, – Есі дұрыс адам болса, тағдырын салған жандай қартаға Осы жұртта мен білмейтін бар қылық, Жұмақ жерді қалдырып, Көзі қиып өскен, өнген ауылды – Ағайынды, дос-құрбыны, бауырды... Қалаға жол тарта ма? Ессіздігі желөкпенің қайсыбір Аяздай-ақ батады екен арқаға. Бір ай болды, Нені көрдім, нені ұқтым – Төрт қабырға, жалғыздықпен серікпін. Тірлігіңді білдіретін, білетін бір пенде жоқ, зеріктім, Өзімді өзім алдарқатып келіппін. Айта алмаймын бар ма, жоқ па санатта, Биік үйде,

Сегізінші қабатта тұратұғын ұлым менен келінім баса алмай жүр қала деген желігін. Қою түтін ширатылып отынан, төрт құбылам түгел болып отырған əкелді айдап мені кім?! Таңдарда да көз ілмедім – толасы жоқ бұл не, бұл? Дамыл алса қайтер еді түнде бір. Машина ма, Темір жолды тоқылдатқан тағы да мен көрмеген пəлекеттер сапырлысып бірге жүр. Рахмет мені əкелген келінге де, ұлға да, Біздейлерге келмейді екен бұл қала. Қайтарыңдар тез ауылға, Тыныштық жоқ, Тыным алар сəті жоқ, Тосын адам жынданар-ақ шында да. Рахмет! Талай жерді аралатты, Талай жерге апарды, Көрем деп пе ем шал көрмеген шаһарды?! Астанада тұру – ылғи арманы еді пақырдың, Ал мен бейбақ сыймай, міне, жатырмын. Ағайынның ортасына жеткізсін, Ана сүтін кешсін десе, Алам десе батамды. Қайран өмір! Көп-ау, тегі, жан білмейтін амалы, Талайлар жүр айналсоқтап, Қалдыра алмай қаланы. Көкірегінде күмбірлеген дала күйі, дала əні, Құлағында үлбіреген Сарыарқаның самалы.

Келінін де, уілдеген немересін, ұлын да Қимайды ана, қимайды, Өзін өзі қинайды-ақ. Көзінде жас, Көңілінде қуаныш, Туған жерге ту алыс Қайтып кетіп барады. БЕЗЕР БОЛСАҢ, БЕЗ ӨЗІҢ (Биік мансабы үшін тілді мансұқ етіп жүргендерге) Өзін қара, Сөзін қара! Не дейді? Таспен мықтап бекітіп ап көмейді, Алшысынан түсіргендей кенейді, Анам тілін, Бабам тілін шенейді, Едігедей елін «желеп-жебейді». Қайран Елім, нені естідің, не көріп?! Ездік жеңіп, Намыс құрып, Кек өліп... Ұл тудым деп қалжа жеген əз ана, «Көсегесі көгеріп» жүргенінше, кетпеді екен неге өліп?! Ана тілім – арманым, ақ тілегім, Өзімнен де өзіңді көп тіледім. Тілім өлсе, тірлігіме мəз болып, Қара жерді қалай басып жүремін? Тілім – анам, қасиетім, ардағым, Ардағымның жүрегіне салма мұң. Тілім – балам, болашағым, бақытым, Қалай ғана бақытымды қарғадың?

Тілім – арым, Тілім – барым, берекем, Тілім – ойым, думан-тойым, мерекем. Тілсіз қалса – қасіретті бір тобыр, Ел бола алса Ел – ТІЛМЕН ғана ЕЛ екен! Уақыт жылжып, келгенде Ел шетіне, Ащы таяқ тиді талай етіме. Мансабына масайғандар мастанып, Түкіргендей Анасының бетіне. Халық дейтін – қасиетті Ұлы Анам, Қара жылдар қасіретке шыдаған. Бəрін көрген, зəрін көрген уақыттың, Ал мынаған, не дер екен мынаған? Халық дейтін – қасиетті Ұлы Анам, Ұлы Анам да тіл аманда дін аман. Қабырғаға батқан мұңға шыдаған, Қабырда да сатқан ұлға жылаған. Дүниеге ер де келді, ез келді, Бар болған соң, бəрін соның көз көрді. Көрмеді тек, –

Көргенінен өлгені Артық еді АНА тілден безгенді. Без, без өзің... Безер болсаң, безе бер, Екіжүзді аярлықты сезеді ел. Ерлік қалар – қалса халық есінде, Ит өліммен қасиетсіз ез өлер. Сен безгеннен қызыл тілім кесілмес, Тіл тағдыры аярлықпен шешілмес. Атаң-анаң өртеп өтер өзегін, Ал ұрпағың өлгенде де кешірмес!

Сен безгеннен Ана тілім арымас, Алаулаған арманы асқақ, жаны жас. Өз қағынан жеріп қашқан құландай Тілін сатып, мансап алған жарымас. БАҚ ТІЛЕДІМ Өлең-жырға желі боп Тартылатын қазағымның жері көп. Қашаннан да қасиетті, киелі Сондай жердің біреуі осы – ШИЕЛІ, Тұрар жанға беріп от. От болмаса, тіршілікте сəн бар ма, Кейде тағдыр мұз құрсауын салғанда, Қуат беріп жандарға, Талпындырар шуағы мол таңдарға. Ақын халық жаныменен ұғатын, Сондай жердің құдіретін, қуатын Көргендеймін топырағыңнан киелі Кіл батырлар, кіл ақындар туатын! Адамдары зерделі – Кімдер көріп, кімдер мұнда келмеді. Тұнып тұрған аңыз сынды ақ дала – Ақын қиял қанатын кең сермеді, Ыбырайдың ырыс еккен жерлері, Күріш еккен жерлері... Көз ғана емес, Көңіл керек көретін. Сөз ғана емес, Сезім де ерек бөлетін. Адамдардың маңдай тері – жер нəрі Ақ күріш боп өнетін.

Əн толқыны басылмаған толастап Бүгіні мен ертеңіне жол ашпақ. Диқан баба армандарын жалғаған Ұлдары да, Қыздары да... Өр! Асқақ! Қасиетін тауыса алар тізіп кім – Өтетіндей көздерінен жүзіктің, Сараланған сайдың сара тасындай Жандарына қызықтым. Сыйластығы – қимастыққа татыған, Көкірегімде тулап талай жатыр əн. Еліне де... Еріне де... бас иіп, Бақ тіледім ағаларым атынан. Зəкирасы, Жадырасы бар аймақ, Ақ таңымен хош айтысты арайлап. Бүгінінен ертеңі əсем құт жерді Қимай кеттік артымызға қарайлап. * Далама көктем келді шын-ақ бүгін, Ысырып қыстың ызғар шұнақ күнін. Желпініп кəрі-жасы көшелерге Наурыздың алып шықты шуақ гүлін. Бұл да бір зор қуаныш өсер елге, Көктеммен көгерердей көсегем де. Ілесіп Адам гүлге, гүл Адамға, Салтанат сап құрғандай көшелерде. Бүгін күн Əжелердің, Аналардың Мейірім шуағы боп тараған күн. Қуаныш болғаннан соң баршаға ортақ, Еңсесін өсіргендей бар адамның.

Көремін біріңді ақын, біріңді əнші, Құйылған жырымды алшы, сырымды алшы. Өзіндей табиғаттың таңғажайып Жасарып мəңгі-бақи тұрыңдаршы. Жаныммен тебіреніп кеттім бе, Алла-ай, Салтанат-сəніменен шеп құрғандай. Кей-кейде қысыламын жүрегімнің Жылуын қалам ба деп жеткізе алмай. Арманын аялаған қайда дайын, Пендеміз құшақ жайған Айға дəйім. Жаратқан тіршіліктің əз Анасы, Сендер бар болыңдаршы, Айналайын! СІЛКІНІС Сілкінді жер –

Кеткеннен бе шаң басып, Жаурағандай дірілдейді таңда шық. Тіршілік-ай, аунап тұрып қайтадан, Шапты тағы ат жалына жармасып. Білмейді ешкім, айту қиын себебін – Сілкінді-ай кеп орман, тоғай, жер, егін... Құдайдан ба, адамнан ба? Көп сұрақ, Іздеп əуре қасіреттің ел емін. Сұрақ, сұрақ... Болжамы да мың түрлі, Ұйқыңды ашып, сап тыйғандай күлкіңді. Құйын ұрып, қасіретке бөленген – Қара киген арулардай гүл тұрды. Баба жолы – дана жолы тозғасын, Тұғырлары тұлпарлардан озғасын,

Шыр айналып жүре берді бұл дүние, Əркім қорғап əуре болды өз басын. Досты қойып, тілемейтін жауға да Астан-кестен, аунап түсті тау, дала... Дінін, ділін тəрік еткен пендесін Келтірейін дегендей-ақ тəубаға. Күні түнмен, түні күнмен алмасып, Жас сəбидей қалтырайды таңда шық. Адамға да керек шығар сілкіну, Сезімдерін қалмас үшін шаң басып. * Ақынның сыры да – шын,

Шыны да – шын, Ағайын, айта көрме жырына сын. Жастықта байқамаған көп жайларды Жас келіп, қартайғанда ұғынасың. Көңіліміз көктемдей күншуақты, Өміріміз, шүкірлік, гүл сияқты. Жиырмада жыр деп соққан екі жүрек, Алпыста да соғуы бір сияқты. Қатар жүрген сары нар, қара нардай, Арман елі бір жерден табады арна-ай. Келеміз қос інгенмен қосақталып, Үзіліп басқа жаққа қарай алмай. Жүз – алыс, Жетпейміз бе, жетеміз бе, Көреміз не жазылса шекемізге. Кіндігі ажырамас екі егіздей Ерте-кеш бұл өмірден өтеміз де.

Қасыңда сыйласың да, қимасың да, Қинаса, жанды бірге қинасын да. Жетерміз аман-есен біраз жерге Ғайни мен Розаның бұйдасында. Барады өмір зулап – Есіл ағын, Білмейсің кейде не жоқ, несі барын. Өмірде, өнерде де тете жүрген Сол баяғы бала дос Еслəмің. * Мүлгідік үнсіз жатып та, Тіке тұрып та, Керенау тірлік сылтау іздедік сыныққа. Сұрама сырды, Ішім біледі ит өлген. Жақ аштырмайды, Ауызым берік құлыпта! Абылайлардың, Ағыбайлардың ұрпағы, Көкірегім – кеніш, Жаны байлардың ұрпағы, Кемістік көрген кедейден тудық деп жүрдік, Шалғайымызға жармасар деумен кім тағы, Тегімізді танып жармасса болды –

Құртады. Арғы атам менің... Айтпаймын, Айтсам сенбестей, Ойымыз – олқы, Бойымыз – шаршы – Келді өспей! Құл-құтан едік Бас болмайтұғын жиылып,

Бас бола қалсақ – миымызға қан құйылып, Қор болатындай тағы да, Тағызым еттік сыйынып мінген ТАҒЫНА. ƏКІМ БОЛҒЫМ КЕЛЕ МЕ... Мен – ақынмын, Тани ма ел, танымай ма, Көтере ме пенденің бəрін Айға. Көптің бірі секілді күн кешемін, Тапқаныма жарып та, жарымай да. Мен ақынмын – Сүйрелеп өзімді өрге Шығарардай қауқар жоқ əзір менде. Түн ұйқымды төрт бөліп, көз жасыммен Өткізе алмай қорланам сөзімді елге. Жеткізе алсам жетісіп сөзімді елге – Көтеріліп қалардай сезім, кеуде. Жас баладай жадырап, жайнап тұрам, Жыр-сəбиімді аялап көз ілгенде. Көсем емен, айтардай көшелі емен, «Келеді осы кім болғың?» – десе менен, «Əкім болам, – дер едім, айналайын, – Абыройын арттырып еселеген». Көшелі емен, суырылған шешен емен Көрінгенді əкелеп-шешелеген. Əулие ақын болсаң да Абай сынды, Қазір кімнің тағдырын шешеді өлең?! Көбік емес, құсса да май құсатын, Аспан емес, ұшса да Айға ұшатын Əкім болғым келеді,

мықтағанда – Мекке ғана ұшады байғұс ақын. Дей көрмеңдер «ауысқан, жынды» мені, Қалғып кетсем, түсіме жыр кіреді. Тəтті ұйқымнан тұрғызып жылатады, Жұбатады, қайтадан күлдіреді, Жындансам, жындандым ба, кім біледі?!. Бар секілді өмірде бір-ақ жазам – Тəңірімнен жақсылық сұрап жазам. Бастан кешкен азабым, азарым көп, Ет жүрегім езіліп жылап жазам. Көп көрсем де тірлікте сүйреткіні, Жүрек тірі, əзірге бүйрек тірі. Дей көрмеңдер, ағайын, алжасқаны, Дей көрмеңдер Еслəмнің күйректігі. Айтары елге белгілі бесенеден – Неше кітап жазса да, нешеме өлең... Əулие ақын көтеріп абыройын, Ауданның əкіміндей бола алмайды Абыройын асқақтатып еселеген. «Ақынсың ғой,

қой, бауырым, не дегенің, Əкім болып бар бізге не керегің», – Дерсің кейіп, бəрін де түсінемін, Айтшы, ақын болғанда, не беремін? Ішім берік, алынбас қамалдаймын, Күңіренгенмен жете ме саған қайғым. Елім бар деп езіліп алаңдаймын, Өз отыма өзім күйіп-жанардаймын. Өкініш, бере алмаймын, ала алмаймын,

Ел ардағы алпысқа толып жатса, Ат мінгізіп, шапан да жаба алмаймын... Ақындық та азды-көп атақ берді, Атақпенен ілесіп шатақ та ерді. Ойдағымның қырдағым алдын орап, Тілімді де тұсаулап матап көрді. Ұлы емес ем шөп шықпас тақыр жердің, О, Тəңірім, келсе егер ақын бергің... Қатар берсең болмай ма екеуін де, Көтерердей көгіне атымды елдің. Еріккеннен көп ақын əкім боп жүр, Менің-дағы келеді əкім болғым. Бірге жүріп бəрін де жақын көрдім, Ақынды – ақын, батырды – батыр дер кім? Бүгінгінің қарасам биігінен, Көк тиындық құны жоқ татымды ердің, Батыр, ақын... қосылып екеуі де Ширегіне келмей жүр əкімдердің. Жатқан кім бар бұл күнде ұятты ұғып, Көрсетердей сорлыға сый – əккілік. Тонап алған тоқтыдай байлығымды Қалың елге шашар ем əрлі-берлі, Атамнан қалған дəулет сияқты ғып. Кім бар, кім жоқ жатқандай ұятты ұғып, Берсем, бəрі жетпей ме шын аптығып. «Атымтай кім əкімнің қатарында?» – Демей ме қуанғаннан жылап тұрып, Жалпақ ел естімей ме құлақ түріп?! Өрт өмір баяулатып отарбасын, Екінді ауып, ақшамға бет алғасын,

Асулардан алқынып өте алмасым, Белгілі əкімдікке жете алмасым. Дүрілдетіп өлеңнің отарбасын, Келер талай, дүниеден кетер Қасым. Əкім сынды атаққа, абыройға Өзіме аян қуғанмен жете алмасым, Ақындықпен өмірден өтер басым. Мен де өгей ұлы емес тақыр жердің, Ақыр көрдім бəрін де, ақыр көндім. Ақын болып туған соң, пақыр болмай, Сырдың суы келместей сирағымнан, Келген еді бір мезет əкім болғым. Күмбірлеген күй тұнып көкейімде, Абыройдың дүрін де, дөкейін де... Өлгеннен соң бəрібір алам ғой деп, Нағыз аты ақынның – Адам ғой деп, Өлең отына өртеніп өтейін де! АРМАНДА ДЕЙ КӨРМЕҢДЕР «Күн ауысып барады түнге қарай...» Мұқағали Ауысып барады күн... Неге, неге? Сəт, сағаты... уақыттың елене ме?.. Елене ме екеуі, теңеле ме – Алпыстың алтауына бет алсам да, Толмай жүрген жандаймын кенереме. Бірде шығып жығылып... кіл алысып, Тыным алмай, таңменен тұрам ұшып. Еңсем дағы еңкейіп екіндіге, Гүл бетінде тұнжырап тұнады шық, Төмен қарап бара ма Күн ауысып?

Елпілдеген елгезек көңіліммен Үлгерді екем нені алып толы күннен? Əлдекімге тегершік бола алдым ба Өлшемі – қас қағымдай өміріммен? Таразыға тартсамшы соны бір дем. Арман қуған қуғыншы, бірде қашқын, Кімнен қалдым, ағындап кімнен астым? Айту қиын, абдырап күнде адастым. Біреуіне қол ұшын бере алдым ба Төлегендей тентіреп жүрген аштың? Əзір бармын, төбемде күлген арай, Күнге қарай, болмаса түнге қарай... Асау да емен, теңіздей тынық та емен, Жүріп келем, ішімнен тынып келем, Көрінерін кім білсін кімге қалай. Бірі беріп кезегін, бірі алысып, Күн менен түн-албасты жүр алысып. Тіршіліктің əр сəтін шотқа салып, Өкінішпен өткенін жоқтаса анық – Пенде көңіл безектер құрақ ұшып. Желісі ме, əлжуаз аяңы ма, Ауып кеткен бесінім баяғыда. Қанша қалды сапардың аяғына? Əрбір атқан таңыма шүкір айтып, Ілбіп келем мінгесіп таяғыма. Бір күн өтсе, əлі алда бір күн бардай, Тіршіліктің тəттісі-ай, шіркін, балдай. Өзімді өзім тербетіп тұрғызамын, Көңілімді ертеңге бұрғызамын, Талмаусырап жатсам да ұйқым қанбай.

Күтіп алда қызықтар тұрғандай сан, Əр қияға соғады мұндайда аңсаң. Арманда дей көрмендер, ағайындар, Қалғып кетіп, бір күні тұрмай қалсам. СЕРТ Тіршілігімнің айтылып жатса бар əні, Мерейім тасып, айызым да іштей қанады. Байлығым да бар, бақытым дағы бар əлі, Тəңірден əке неге тілейді баланы. Еңбегім ешке кетпесін, бағы жансын деп, Көзім тіріде ескерткішім боп қалсын деп, Қыран боп ұшсын, күйкентай-ғұмыр кешпесін, Мен бара алмаған думан-тойларға барсын деп... Болжай алар кім бағының жанар, жанбасын, Белдесер, тіпті сындырар қолын, жамбасын... Бəрін де көрсін, бəріне көнсін, тағдыр ол – Өмір сірə да кешіре алмайтын жігітке Арына түссе, өшіре алмайтын таңбасын. Азамат жүгін арқалап, мойынға алғасын, Сүйреп келеміз тағдырдың тіркеп арбасын. Екі көзіңнің біреуі бірін күндейді, Еркек болған соң, бəрі де бəрі – арға сын. Қалқан ғып ұстап даланың жусан-қамысын, Қоян боп ғұмыр кешпедім шыбын жан үшін. Желге де селге ықпадым, қорқып бұқпадым, Көтеріп биік өтсем деп елдің намысын. Жазылар сынса, сыздаса белім, жамбасым, Арыма тағдыр салмасын қара таңбасын. Көбейтсем-ау деп жүргем жоқ елде жан басын,

Намысын қорғап өтсінші-ақ мерт боп хан басым, Еркектікті əкеп

еншіме Тəңірім таңғасын! * Ақын қандай, қандай-ау, ақын қандай, Былайғы елге дағара, атың дардай. Тіл ұшына келгенді тістеп қалмай, Орып түссе де айтуға хақың бардай. Ақын қандай, білмейсің ақынды, Алла-ай, Ой тұсаулы, жоқ сөзге хақың да ондай. Бір шоқып, айналаға алақтаған Құрысыншы сауысқан ақын болмай. Ақын қандай, ақынға жақын қандай, Қойса тəуба аударып атыңды алмай. Абай болып тусаң да, айбарың жоқ, Бүгін сенен күйкентай əкім зордай. Аспаныңда тұрғанмен Ай, Күн əлі, Көңілің қыз мінезі айнымалы. Күні кеткен кешегі «күн» көсемдер Көп алдына шығуға қаймығады. Бақ та, мансап, байлық та құрығанша, Сауап қой мұны екінің бірі ұға алса. Шындық деп шымшықтай-ақ шырылдаймыз, Айтылмаса, шындықтың құны қанша?! КЕШІР, АЛЛА Тірлігіміз?.. Жатыр оны кім біліп, Кімге жағып, қырындаймыз кімге үріп.

Ірің толы ішімізді жасырып, «Жадыраймыз» сырттағы елді күлдіріп. Күнді – күнге, Кейде түнді түнге ұрып, Азайғандай шын ықылас, шын қылық. Жанымызды жалмап жатқан жегі құрт Көкірекке мұң мен шерді тұндырып. Ой көп менде, ой көп сенде, онда да... Адастырып арманымыз болды ада. «Жаста – бейнет, Қартайғанда зейнет бер», – Деуші ек, қазір бар алданыш сол ғана. Сансыратып сағымызды сындырып, Асуымызды – асу емес, шың қылып, Ашық күнде адастырып қойғандай Сары белде сандалдырып, жынды ғып. Тəуекел деп жасай алмай бір ерлік, Төбемізден жай түскендей түнердік. Төзім, төзім... Көзге ілінбес бірдеңе, Аяқ-қолға салдық тұсау-шідер ғып. Зар ма, мұң ба?..

Жайлауынан жыр қайтып, Кетті бəрі, Шағынарсың кімге айтып. Ертеңің де ертегідей құр елес Жан жарасын бара жатқан ұлғайтып. Ой көп менде, ой көп сенде, онда да... Жүректерде қатқан кесек, тоң ғана. Алдымызда тамұқ па, əлде пейіш пе, Ертеңіміз ертегі ме, сор ма о да?!. Кешір, Алла, Адастым ба, Кектенбе! Осыны айтар,

Осып айтар тек мен бе?! Есіл уақыт еңсемді езіп барады, Аспаным шын аласарып кеткен бе?! * Тəн азабы ауыр ма, жан азабы? – Осы ой менің жанымды қажағалы жылдар өтті қаншама, бір жауабын таппай келе жатырмын, ғажабы, əлі. Ерік беріп жандағы сезімдерге, Ет жүрегім елжіреп-езілгенде, Мына жүрген Мен ғой деп еңселеніп, Көрсете алмай келемін өзімді елге. Талай қырсық кес-кестеп жолымды да, Қабырғамды күйреттім, қолымды да... Тегіс жерде тəйкемнен түсе берер Қалың ба еді соншалық сорым мына. Тəн азабы қинай ма, жан азабы, Жақын ба, əлде алыс па тажал əлі? – Қала берер мəңгілік санадағы Шешімі жоқ жұмбақтай ғажап əрі. Шешімі жоқ жұмбақтай ғажап əрі – Көңілімді көп сауал мазалады. Айналам бəрі ақылды, бірақ кімдер Көңілімнің құрысын жаза алады? Адастырған көп сауал, зəуде бірін Шешсем-аумен өтеді əуре күнім.

Бұл фəнидің сырларын ұғына алмай, Басылып қалмаса екен тау көңілім. Мен өлем, сен де өлесің, ол да өледі – Таусылып тіршіліктің өрлер өрі. Ұмытылып тірліктегі кем істерім, Мəпелеп қоясыңдар көрге мені. Ұмытылып ғұмырда кем істерім, Алысқаным, біреумен керіскенім, Жүргендей бір міні жоқ періштемін, Шығады жақсылығым тегіс менің. Бəрі де ұмыт болады көз жұмған соң, Жеңілгенім, ұмыт боп жеңістерім, Айшықталып шығады кең істерім. Өзіме өзім ғашық боп... Ой, Алла-ай, бір міні жоқ періштемін. Осы жұрт қалай білмей келген мені, Көрінбей көзге қораш кем істерім, Жақсылығым шығады тегіс менің. Мен өлем, сен де өлесің, ол да өледі, Аялап қоясыңдар көрге мені. Ескен жел, тасқын селдер тоқтамайды, Тоқтамайды тірліктің дөңгелегі. Кешір, Тəңірім, қиғаштау болса сөзім кей, Төзім бар ма екен мендегі темір төзімдей. Пенде біткеннің бəрін де жақын дос көріп, Жауымнан дағы жақсылық күтем өзімдей. Адамның көңілі не деген көзсіз, тəйтік бұл,

Балаларыма да, немерелеріме де айтып сыр, Тамырың алыс Арқада деген ұғымды Құлақтарына құйып, ұғындырамын айтып кіл. Едіге-көңілге ел деген, шіркін, ел-ақ қой, Қазақтың жері көзді қарықтырар кең-ақ қой. Жаман, жақсы деп бөлектеп-бөліп жатпайтын Сезім де, шіркін, сері-ақ қой. Еліме, бəлкім, азырақ беріп, көп алдым, Ыстыққа күйіп, суықта жаурап тоңармын. Ауылыма бір барып қайтқанда бір жасап, Қайта туғандай күш-қуат алып оралдым. Көңіл – ақ қайың, тірі жүрген соң, жан – емен, Жүресің ілбіп жүректегі көп жарамен. Қоңсы қонбасам дейсің де пəле-жаламен, Қалтаң қағасын, қорғаушың сол бір кəрі өлең. Сары төсекте, кімге жетердей құзырың, Тіршілік – тəтті, көре тұрсам-ау қызығын. Ойлайтының да егемен деген ел қамы, Тоймайтының да қара өлең сол бір күн ұзын. Кей-кейде жеңіп, кей-кейде тіпті жеңіліп, Сергелдең ғұмыр, құрдық-ау салдық, серілік. Кезінде, шіркін, не біліп, жаттық нені ұғып, Елігіп досқа жүрдік пе босқа ерігіп, Қайран күндер-ай, сөгіліп кеткен сеңі ығып!.. Бара жатқандай шегініп. * Қу көңіл бəз баяғы жиырмада, Шертердей махаббаттың күйін дара. Түскенмен жанға қылау, шашқа қырау, Кетердей араласып құйынға да. Тірліктің биік мансап, бақытын да Асылын – алтын, ақық, жаһұтын да... Қумадым мұрат көріп уақытында, Өзіңсің менің байлық, бақытым да.

Өмір ғой, жетелейді арман алыс, Таңданбасқа таңырқап, таңданамыз. Болмашыға балаша мəз боламыз, Болмашыға балаша алданамыз. Мен саған ессіз-түссіз ғашық болып, Тұрғанда кемеріме тасып-толып, Соғуын жұдырықтай жүрегімнің Білсең ғой бір мезетке ашып көріп. Осынау əсем өңірге Өзгеше өрнек, өң берер. Өң берер тағы өмірге Қызығарлықтай өңгелер. Жаныма шипа-ем берер Сіздерге кім бар тең келер. Ана деп биік көтерер Аналарымызды сенген ел. Жаныма шипа-ем берер, Мені төреге теңгерер. Болмасам дағы есіл ер, Тентектігімді кешірер, Аман жүріңдерші, жеңгелер. Ақыл-ойдың да ортайған кезі бұл, бəлкім, Асылың да азып, арзандау тартып тұрған күн. Нажағай сынды жанынан жасын атылар Кім ұстап тұра алар мəңгі тəкəппар шың қалпын. Кім ұстап тұра алар мəңгі өр, асқақ, шың қалпын, Бағалай білер асылдың асыл шын нарқын.

Жезі де сары, бөзі де сары... кім білер Сарының бəрі емес екені шында алтын. Табиғат-Ана да ұстап тұра алмай бір қалпын, Көктем-арудай құбылтып тұрар кіл нарқын. Кезі келгенде бидің ойы да сұйылып Кете береді, сұйылған сөзді тыңдар кім. Жоғыңды айтып, жөн ісің болса, хоштардай, Олқы ойыңды толтырып, оң ой қосқандай. Шаршы шабыста шабатыңды демеп өсіріп, Бара жатыр ма сенісер сері дос қалмай. * Шөңгені гүл ғып бұралаң тірлік-бұлдырық, Кей-кейде тіпті дені сауды да жынды ғып, Жап-жарық күнде жолынан адастырады, Білмейсің тіптен жатқанын кімнің кімді ұғып. Аяғы салбырап аспаннан түскен жандардай, Сал самал жұтып мейіріміз содан қанғандай, Орыс қазақша сөйлесе – қайран қаламыз, Қазақ орысша сайраса – түкке таңданбай! Уақыт солай ма, ұққандай кімді кім біліп, Дүниенің ісін жүрген жандай-ақ тындырып, Сөйлеуші едік бал тілімізді бұралап, Орайын тауып орыс сөзіне сындырып. Сабақ айтқанда, үйренген жандай күзде ықтап, Ғажап көргендей, жауап бергендей біз мықтап, Білгенімізге мəз болып, ойымызды да Орыс сөзімен жіберушы едік тұздықтап. Сол күндерді еске ап, «жындылық-ай» дейміз,

«жындылық»,

Өзгергенімізді жатыр əлі де кім біліп. Тілі, ділі де қасаң боп кеткен қасқалар Алтын діңіне оралам дей ме, басқа амал Іздеп, əуреленуде қазықтай тілін сындырып. Уақыт-қас тұлпар, сала алған жетіп кім құрық, Кім-кімдер сырын құпия кездің білді ұғып. Былайғы жұртты «қызығымызға» күлдіріп, Алғанымыз-ай бүлінбес жерді бүлдіріп, Ассақ па деген белдерімізді асу, шың қылып. Қимағанменен ел-жұрты, ерен-жараны, «Туған соң адам «түбі өлмек» деген бар əрі. Өлмесе пенде, жер бетіне сыймай кетпей ме, Жарық дүние сенен де менен қалады. Қалады бəрі – қызық-думан да, сайран да, Қарсы жүресің құшағын ажал жайғанда. Тірлігіңді, бауырым, бағала бір күн болса да, Түк емес бəрі басыңнан ғұмыр тайғанда. Жұмыр басыңа қонса ғой құстай шіркін құт, Қысқа күнде де мың жығылдық та, мың тұрдық. Заулаған аттай, ойнаған оттай зымырап, Өте шығады тіршілік-тылсым бір күндік. Мəңгілік ғұмыр...

Таппаған пенде бір емін, Тірлігім барда жылаймын, ойнап-күлемін. Ерте ме, кеш пе, алдаспан ажал семсерін Сүйретіп бір күн келерін тағы білемін. Шет-шегі бар ма, жүретін алда жол қанша, Тірлік гүлі де тұрады семіп-солғанша.

Бір адамдай-ақ Ғұмыр кешумен келемін, Дей алмай тағы «мағынасыз, сірə, болды онша». Жүремін аман, Тəңірім қуат, құт берсе, Құтылмайды ешкім төтеннен төніп жұт келсе. Өмірімді өлең өрнектей берсе болғаны, Тағатым тозып, ақырғы демім біткенше. Қарамай тіптен тəлтірек қаққан əліме, Қуаныш, қайғы... араласамын бəріне. Баз кешіп мына тірліктің даңғыл жолынан, Адасқан қаздай тобыңнан қалсаң, сəні не? Қаншама жүйрік болғанмен, көңіл – көк дөнен, Ажалға қарсы келмеген ешкім көлденең. Атам да өткен, анам да өткен дүниеден, Ерте ме, кеш пе –

Мен де өлем... ҚЫРШЫН ҚИЫЛҒАНДАРҒА Төменнен төске шауып өрлегендер, Армандарын келмеске көмген ерлер... Ғазауаттың отына қарылғандар, Жалын жандар... Өртеніп, өлмегендер. От ішінде өртеніп, өлмегендер, Су ішінде сусырап шөлдегендер, Тар тамұқта тозаққа қарылғандар, Жалын жандар – Тұншығып, сөнбегендер. Мəңгі тірі өшпеген рухтарың, Сахнасына тарихтың шығып бəрің Ұрпақпенен қауышып-табыстыңдар, Талқан қылып тамұқтың құлыптарын.

Жалындатып жылдардың таңғы алауын, Жастай күйіп-жандыңдар, таң қаламын. Ұрпақтарың ертеңмен жалғастырады Сендер айтпай қалдырған арман əнін. Өлмегендер, алаулап сөнбегендер, Су ішінде сусырап шөлдегендер! Аңыз қылып жалғайды ғасырларға Сендерді көрген елдер, Қиындыққа сендердей көнген ерлер. * Əрлінің əрінен, Кəрлінің кəрінен, Зəрлінің зəрінен... Қысқасы, бəрінен Қорқамын əлі мен. Кем болып өлмедім, Ер болып көрмедім. Қиялым құстай Кейде ұшып, кейде ұшпай Қойсам да, биікке өрледім. Баймын деп байсынып, Аймын деп айсынып Күн кешкем жоқ, Күнде өшіп, күнде өскем жоқ. Қысқасы, жер басып жүргенім

Жайшылық. ДҮБІЛІП ЖАТАТЫНДАЙ Өмірдің қулығы мен сұмдығы не, Көңіл шіркін дүрлігуде, Көшкініндей күллі дүние –

Көктемменен қозғалып көбесінен, Сөгілген сеңдей-селдей күллі дүние. Арғы күн – кешегі ме, бүгіні ме... Барлығын алмастырып күлді, міне. Қуаныш-қайғысымен сапырылысып, Бір күнім ұласады бір күніме. Өзгерген өмір-өзен – жылға да бір, Көз көрген, айнымалы шында көңіл. Ұшығын ұстатпайтын қас қағым сəт, Тұшымын таптырмайтын жұмбақ өмір. Сырларым – көңіліме демесін бе, Жырларым... несі қалды ел есінде? Шет-шегі көкжиекпен астасатын Арманның алмағайып айдынында, Келемін тағдырдың жел кемесінде. Ой-бөрі аран ашып қамалады, Арбасып жан береді, жан алады. Жармасып тірлік үшін салындыға, Тəңіріме жалбарынам жағадағы. Бір күнім ұқсамайды бір күніме – Өмірдің шындығы не, сұмдығы не?!. Көк пен жер астан-кестен аударылып, Дүбіліп жататындай күллі дүние. * Өкшесін басып, өкпесін қысып ағаның, Өзім айтардай өмірдің өршіл бар əнін, Өрекпігенім есіме енді түседі – Өгейсітердей өкініші ме жаңаның.

Озғым кеп, кейде онан да биік асқым кеп, Тайыз өзендей арнама сыймай тастым көп. Толып тұрғандай, болып тұрғандай дүбіліп, Ойлай алмайды екенсің əлі жаспын деп. Күннің де барын, Айдың да барын аспанда Ұғады екенсің ортадан əрі асқанда. Көңіл-ай қайран, өмір-ай сайран сағымдай, Қусаң кіл жетіп, құтылардайсың қашқанда. Жетіспей жатса, санамай бəрін жоғыңның... Басына тұспей, ұға алар сырын оның кім. Адасып жүріп тауға да, тасқа соғылдым, Өкшемді басып келеді қуып көп інім. Қуып та жетті, озып та кетті талайы, Арманға толы əр сағат, күні, əр айы... Алысқа толы, жарыста көбі, кіл қызық, Тарқамайтындай тірліктің думан-сарайы. Байқамай жүріп зырлаған зымыран уақытты, Бағаламайсың асылды, алтын, жаһұтты. Іресі берік ырғалған зəулім теректей, Інілері артта түгел жүрген жан бақытты. ЖАЗА Жыр жазам – Жылап жазам, Күліп жазам. Ай жарық, Түндігімді түріп жазам. Өзім емес, Жылатып өзгені де, Жұбатып, Қуантарын біліп жазам.

Бірде бар, Жоқ көңілдің бірде хошы, Аққан су – Өтіп жатқан күндер осы. Басына екіталай іс түскенде, Жан алып, жан берердей əр адамның Жанынан табылмайды күнде досы. Жыр жазам – Күліп жазам, Жылап жазам. Жалынып-жалбарынып, Сұрап жазам. О, Тəңірім, тірлікте бар секілді Ең ауыр мен қорқатын бір-ақ жазам. Ол жаза – айтылмаған арман əні, Шабытсыз тіршіліктің бар ма мəні. Ол жаза – бар атақтың бəрін алып, Елінің махаббатын алмағаны – Халқының көкірегінде қалмағаны! ƏКІМ МЕН АҚЫН Ақын біткен əкімдікті аңсаумен, Əкім біткен ақындықты аңсаумен Қиғаш-қиғаш ғұмыр кешіп келеді, Шалыс басып шалдығумен, шаршаумен. Менмендіктің, сенгендіктің кеселі – Маңдайына бақ біткендей бес елі, Үкілеген əкім еді кеше елі. Тағы кетіп, өзіміздей пенде боп, Шаң ұрғандай, шағылғандай меселі. Əр сөзіне ұйығандай кеше елі, Ақыннан да асқақ еді көшелі. Ерегесіп, жыр жазуға бет қойды,

Əттең, əттең, кеш еді. Ақындар да əкім болсам деседі, Суырылғанда Сыр суындай еседі. Бірді бірге ынтықтырған тағдыр-ай, Қайткенде де бар əркімнің өз есебі. Қайткенде де əркімнің бір есебі – Жемге емес, жеңге қарап өседі, Суырылғанда Сыр суындай еседі. Емеуріні елді аузына қаратқан Ақындар да əкім болсам деседі. Жеткізбесін білсе дағы Күн, Айдың, Былайғы елге секілденіп шын айбын, Аспанға алыс қол созады, пəтшағар, Əу бастан-ақ əкімдікті ақынға Біле тұра қимайтынын Құдайдың. Бар билікті уысына жинаған Əкім, рас, елден ерек сыйлы адам. Ол да пенде, ақындықты мансұқтар, Бағын, тағын... бəрін, бəрін қиса да, Бірақ Алла ақындықты қимаған. ЖЫР-ТАҒДЫРЫМ Қуансам жыр жазамын, Мұңайсам жыр жазамын, Жыласам жыр жазамын, Уансам жыр жазамын. Тəңірім, қойғандай-ақ тіршіліктің Бір маған арқалатып күллі азабын. Ғаламат, өшеміз бе, Ғажап-ақ, көктейміз бе, өсеміз бе? Суырылып сыртқа шақсақ, алдымыздан Жыр күтіп тұратындай көшемізде. Өмірді десем Көктем, Көп жерде есем кеткен.

Аға, іні бауырларым... Əкем де, шешем де өткен. Жайқалып бағымда жыр – Шайқалып тағым да бұл... Сол ғана тастап кетпей, Жыр ғана жанымда жүр. Шығандап көкке жеттім, Қияннан көктеп өттім. Кей-кейде қызық қуып, Оны да өкпелеттім. Бір таңды бір таң бүгін Айналып шырқайды мың. Қалдырып кетер бір күн Мені де жыр-тағдырым. АҚЫН ЖАНЫ Ақынның жаны тым нəзік – ойнап тұрады бірде семіріп, бірде азып. Семірген сəтте сабама түсіп сабырмен, арыған шақта емдеп аламын жыр жазып. Ақынның жаны сəл құбылысты дір еткен – елдің көңілін оңалтқан, кейде жүдеткен өлшеп тұратын уақыттың барометрі, Қалт жібермейді безбендеп бəрін жүрекпен. Алмасып жатқан, жалғасып жатқан кезегі, Дəуірдің дағы алмағайыптау кезеңі қас қағым сəттей не деген мұнша тез еді, Безбеннен бетер жүрегім бəрін сезеді. Аңдап басумен жүрсек те баяу, кіл еппен, Сəби үніндей жөргекте шошып шыр еткен,

Тірлік тынысы ойыңды оттай қариды, Дариды бойға – сезеді ақын жүрекпен. Ақынның мінезі сол қай-қашанда, Қуансаң да, көңілге қайғы алсаң да. Бұлт үйірілмей көктемнің ашық күні Төгіп-төгіп алады анда-санда. Ақынның бар болмысы қай-қашанда Қиянатқа баспайды айдасаң да. Қызыл тілі – аждаһа алдаспаны, Үн қатпай қала алмайды байласаң да. Ақынның болмысы сол қай-қашанда, Тозақтың қазанында қайнасаң да. Жүректің безбенімен өлше дейді, Не айтарыңды алдымен ойға сал да! Ақынның дара біткен болмысы ма, Қол бала бола алмайды, қол құсы да! Ұшуы, қонуы да... өз еркінде, Адасса да – өзінше адасуы, Басқадай қаламайды жолды, сірə! Күй кеудемде шертіліп, шертілмеген... Сырларым көп, тек өзім еркін көрем. Сыртым аян болғанмен, ішім жұмбақ, Білген жанға сертім де, дертім де өлең. Жай жүргенде айналам – алаң, ашық, Жай оған əкетердей ала қашып. Ауырғанда ауырлап ойым, бойым, Жата бергім келеді, қара басып.

Тірі жүріп бəрін де көргем аман, Бірдей еді есік те, төр де маған. «Қуанба, ренжіме», – дейді, сонда... Секілді тірі жүріп өлген адам. Жандағы емес, тəндегі дертімменен, Сəн үшін іліп қойып, шертілмеген Домбырадай қаңсыған қалмаймын ба, Өлген жандай өзімнің еркімменен – Алаулатып іштегі өртімді өлең. Бірдей болмас кештегі бəрі көптің, Желбіретіп ақ туын əділеттің, Елі үшін еңіреген Едігедей Өлсем дағы келеді жанып өткім. Көкіректе шер бұғып, мұң байланып, Ертеңім не болар деп күнде ойланып, Күңіреніп күй кешкенде, жасын ойнап, Кеткенің жақсы емес пе күлге айналып. * Көп дауын да, жоқтауын да тыңдатқан, Мына ғұмыр бірде тамыз, бірде ақпан. Ауырлығын арқалаумен келемін, Көк өгіздей арқамда жүк мың батпан. Қас қараулық жүрегімді сыздатқан, Өн бойымды өкпек желі мұздатқан... Адасқан оқ басқаға да тиеді Бытырадай шашыратып бізге атқан. Десем дағы сыр алдырман, міз бақпан – Тамырларды қысатындай сыздап қан. Сақылдаған сары аяздай қариды Жүрегімде ерімейтін мұз қатқан.

Жағалауға жетем деумен құлшынып, Көп толқынға бірде батып, бір шығып, Су бетінде қалт-құлт етіп ағады Тұрлаулы жоқ, тұрағы жоқ тіршілік. * Кезімнен-ақ азамат боп еленген Жарыстамын десем, соған сенер ме ең? Іштей солай екенімді сезінем, Іштей бəйге алаңында келем мен. Алсам-ау деп сол бəйгенің көкпарын, Талай шаптым, шаңға шаршап тоқтадым. Енді ойласам, жалпақ жұртқа бірдей-ақ Аламанда менің осы жоқ, барым. Шапқан сайын жазылардай қолтығым – Осалмын деп кім ойлайды, олқымын. Кеше ғана қойып кетер сияқты ем, Бүгін тағы шықтым бермей жол тыным. Осалмын деп кім айта алар, олқымын, Ақ сазандай ақ айдынның шолпылын Қызық көріп, қарттығымды ұмытып, Қайта шаптым желіктіріп сол күнім. Құс қанатың бар кезінде бір самға, Ұшқан атың бар кезінде бір самға, Айшықтанып қарар Ай мен Күн сонда. Өтіп кетсе өрге шабар өрт кезің, Жеткізбейді қос ат мініп қусаң да, Айға атылар арыстан боп тусаң да!

ҚАЙРАН АРМАН Қайран арман, секілденіп сұлудай жайнап алдан шығушы едің, қаусаған қайыңдайын болғаның ба сенің де ойран-ойран. Қайран арман, жас күнің есіңде ме тойға барған – жырды құшып, көздерден бір-бір ұшып, бос қиял болғаның ба ойда қалған. Таусылмайтын адамның жыр мекені – мына өмірге кім келіп, кім кетеді, тірлігінде арманға тойған ба адам құшып-сүйіп жүрсе де күнде, тегі. Таба алмай табан тірер тұрағыңды, бетіңді қай бағытқа бұрарыңды, əрнеге елеңдетіп құлағыңды, біле алмай жолайрықта тұрарыңды, жүген-құрық тимеген бұла күнді аңсаумен алақұйын күн кешесің – мейірі қанбай қалған құмарыңды. Қайран арман, қиялдап қырға барған, ойға барған... басырдай екі көзін байлап алған, бастырмай ішіңдегі іңкəріңді, ашықта адастырған қайда жалған? Алдамшы, алабұртқан қайран арман, салқын тартып бойдағы қайнаған қан, қар жаумай, қараша ұрмай, солғындатып кетеді екен кешегі жайнаған маң, жарықта көз жаздырып, қайда қалған?

Көңілді алдарқатып-алдағаннан, қамшылап қажырыңды қайрағаннан не таптың, бəрі-бəрі майдаланған... білекті Айға білеп, жанған жүрек əрі-сəрі, бəрі жоқ, қайда қалған?! КҮН САНАУ Ұйықтап жатып дейсің аман тұрсам-ау, Көздің алды кіл бұлыңғыр, тұмшалау. Алдың – қысқа, артың – ұзақ жеткізбес, Кəріліктің бір белгісі – күн санау. Күн санайсың, ай санайсың, санайсың... Атқан таңды қазынаға балайсың. Артың – құз жар, қайта оралғың келмейді, Ал алдыңда бұлдырайды талай шың. Бар секілді əлі де алар үлесің, Бір бассаң да, солай қарай жүресің. Татар дəмің бітпеген соң əйтеуір, Көппен бірге жылайсың да күлесің. Мына төбе, анау қырға бардың ба, Сонау шыңға көтеріле алдың ба? Тағы не бар күтіп тұрған алдыңда, Қайратты едің, шыннан мұқап қалдың ба?! Дөңбекшітіп тасқынына, селіне, Уақыт-сойқан мүжіді ме сені де?! Буырқынған бораны да, желі де Сын болар ма ерегескен еріне?! Амал қанша, бəріне де шыдайсың, Ерлігіңді, өрлігіңді сынайсың. Жылың, айың, күнің... бəрі бітеді, Бəйтеректей бір мезетте құлайсың.

Ех, күн санау, тіршілікте күн санау, Кейін қарап көңіліңді бір бұрсаң-ау. Арман шіркін аяулыңдай тым ыстық, Дейсің: «Шіркін, əлі тұра тұрсам-ау!!!» * Ыстықта күйіп, суықта жаурап-тоңғанда, табаның тайып, жүргенде ғайып жолдарда, ертеңгі күннен бəрібір безіп кетпейсің, жетпейсің тағы, қусаң да қанша жетпейсің, сонда да шіркін арманның азаяр күні болған ба?! Тауыссаң дағы шет-шегін шарлап ғаламның, қауышасың дағы бəрімен жақсы-жаманның, ертеңгі күнге елегізумен өтесің, бар ма екен, сірə, армансыз күні адамның. Қызығына да, шыжығына да тоймайсың, жаныңды өртер қызуына да тоймайсың. Фəни жалғанның жалғанын біле тұрсаң да, сайтан сықылды мың жасайтындай ойлайсың, ойлайсың, содан бір күндігіңді тойлайсың. Кəрі де, жас та арманда содан, арманда, бəрі де – сау да, дүмбілез мас та арманда, меңіреу дүние – түк емес берген, алған да, күн-түндер озып, мойныңды созып сарғайып атқан таңдарға, жетсем-ауменен жете алмай жолда қалғанда, боздайсың іштей, қозғайсың мұң мен шеріңді, өрісің кеміп, барып-келетін жеріңді тауысыңқырап алғанда. Жарық дүние – бақ пенен сордың мекені, оның да кейде белгісіз кімге не екені,

қуған арманды, думан таңдарды көре алмай талай бейбақтар өтеді. Қарыны тойған безініп ойдан, ардан да, дүние-боқ үшін таңдарды ұрып таңдарға, жиып-тергені көзіне құмдай құйылып, үлгере алмай Тəңіріне де сыйынып... талай боздақтар кете береді арманда. ТОРЫҒУ Мына өмір өң мен түстей əлі маған, Жаныңды тас қайраққа жанып əмəн, Қайратыңды қаншама қажағанмен, Жастығыңда жоғалтқан табыла ма əн? Өр едім кем соқпастай өрттен демім, Қиялай кешкен қиял өткелдерін. Жабырқап кейде көзге жас тұнады, Шынымен осы ма деп шөккен жерім. Жаным да мың жылайды, мың күледі... Түсіме, қалғып кетсем, мұң кіреді. Ұялы аш бөрідей анталаған Ажал ма, қамалайды, кім біледі?! Ажал ма?

Сақта, Құдай! Кім біледі? Адасып, бəлкім, түске жын кіреді. Егілтіп жылатады, күлдіреді, Тағдырдың да болмай ма мың бір емі? Тағдырыңа құй өкін, құй өкінбе – Кезің көп күйетін де, сүйетін де... Желбегей ызғырықтың жиі өтінде Қалар болдық, оны да амал көрдік, Алай-түлей арпалыс күн өтуде.

Жазғырарсың жазықсыз кімді, нені, Түлкі-тағдыр мың жылап, мың күледі. Жақсыға жорып жанды жұбатасың, Болмаса түске де ылғи жын кіреді. Не болған, Құдайым-ау, мына маған, Құл сияқты құр қалар сыбағадан? Айтарым көп болғанмен, айбарым жоқ, Қолымнан бар келері – сыбап алам. Кірбің көп, көп əйтеуір көңілімде, Бір күн жоқ тыным алар өмірімде. Жасылы жайлауымның қуаң тартқан, Нəрі жоқ көгінің де, шөбінің де... Нəрі жоқ көгінің де, шөбінің де, Сезінбеймін шөңгесін, шөгірін де... Секілді бары менен жоғы бірдей, Қыздырмайды тірліктің шоғы мүлде! ҰЙҚЫМДЫ ҚИШЫ... Тым-тырыс түнде жатқаннан соң ба кіл ояу, Зымыран ойлар көңілге зəрін құяды-ау. Жылы үйде мамық көрпеге оранған күйімде Денем де суық, Көңілім де сынық, Құдай-ау. Сырдың суындай сирағыма да келмеген, Балалығымды өткізіп ем ғой елде мен. Арқада – қаңтар, ақпанның аязында да Дəл қазіргідей жаурайсың десе, сенбеп ем. Əр таңнан бардай үлесім алып қалатын, Асығып ылғи, таусылып төзім-тағатым, Іштегі ыстық, сырттағы суық арбасып,

Қаным да қайнап, жаным да жайнап жанатын, Күндер-ай, күндер... Содан да рахат табатын! Ал енді бүгін қым-қуыт бəрі алмасып, Іштегі ызғар сырттағы отпен арбасып, Кімді кім алып, кімді кім жеңер екен деп, Қараймын сырттай, көңіл де күпті, самарқау... Жатқандарға да жағаға қол сап жармасып, Қайранмын қалай жүргеніме аман жер басып. Сарсылтып жылдай əр сағат, əр күн, əр апта... Қаңтарда күйіп-жанатұғындай жан отқа. Суықты «жасқап», қиналсақ, тастап алатын – Жылындырмайды жаураған жаңды арақ та. Шашыраған ойдың қоса алмай басын, қор болам, Санда бармыз ғой,

Бармыз ба, жоқ па санатта? Білерім əзір – бұрынғысындай күш те жоқ, Қолым да көңілім икемделмейді іске көп. Екінді де ауып кетіпті, жүрсем түс пе деп, Өзімді өзім жігерлендіргенмен тістелеп, Бықсыған қалпы, Жанбайды лаулап іштегі от. Тым-тырыс дала. Кірпік айқаспай түнде ояу Жатқаным мынау, Соғады жүрек тым баяу. Көңілім күңгірт, Өмірім мимырт, жүр жаяу. Күлкімді алдың, Серпіліп, сергек тұрайын, Ең болмағанда ұйқымды қисаңшы, Құдай-ау!

  • Тірліктің қызығы көп, қалыс бұдан қалып көрген кезім жоқ, таныс бір əн талып жеткен секілді құлағыма, Алпыс бесті қырық беспен салыстырам. Қырық бесте не істемей, не істей алдым, Сауық құрып, сайранды кешке бардым. Құлай сүйдім, мені де сүйді біреу, Енді бəрін елестей еске аламын. Қиын бəрін жастықтың желігі деу – Мен біреуді шын сүйдім, мені біреу. Алпыс беспен аптығым басылғандай, Қырық бестен көңілім, тегі, жүдеу. Мойындауға тағы да намыс қылам, Қиялымды қиянмен жарыстырам. Елеуреген көңілді еліктіріп, Шақырады алыстан таныс бір əн. Тірлігіміз бе?..

Жатыр оны да кім біліп, Кімдерге жағып жалпаң қағамыз, кімге үріп. Өзімізге өзіміз күлеміз іштей, күлеміз... Енді біреулерді өтірікке мəз ғып күлдіріп. Кей-кейде іштей тынып қаламыз тымырайып, Жазықты жандай білдеңелерді қойған бүлдіріп. Қыстың басы ғой, жылдың да мынау аяғы, Шүкірлік дердей көңіліміз де бай əлі. Қыс бойы тойдан бас алмай жүрген жандармыз Ішіміз қысып, түн бойы ішіп тойғанша, Кертіп жейтұғын қазы мен қарта, жаяны.

Мүшелді жасқа толып жатқан соң ініміз, Ініге аға болған соң біз де іріміз. Туыстығымыздың тұғыры биік болмай ма, Бірімізді əркез көтеріп жүрсек біріміз. Өсетін елдің өрендері ылғи бір-бірін Көтеріп жүреді, білеміз əзір мұны біз. Қашқын да емес, босқын да емес қыр кезген, Жақсы боп тұрса, азаматынан кім безген? Тұтас жүргенде тобымызды Тəңірім бұзбасын, Сақтасын дəйім суық сұқтардан, тіл-көзден. Бетке алғандай ақ тілеуменен тау бетін, Шығандап кетсек өр биіктерге зəуде тым, Былайғы жұртқа үлгі етіп дəйім айтамыз Ынтымағы берік ағайын жұрттың əулетін. ҚАЛАМ Қалам маған күйшінің домбырасындай – Мағжан, Сəбеңнің қалдырған мол мұрасындай. Шабытымды шалқытып, көңіл құсымды Алатау құзарындағы қондырар шыңдай. Арқаның əсем таласа таңымен тұрып, Қаламымды ылғи қолға аламын жаным желпініп. Елік-армандай ойлардың алдынан орап, Отырсам деймін шабыттың бабын келтіріп. Қалам маған шебердің айбалтасындай Ойларым толқып, арнаға қалғанда сыймай, Қазынам сынды қоржынымда бірге алып жүрер Бағзы банкирдің ортаймас жанқалтасындай. Қаламым менің, жансерік қаламым менің – Бала күндерім қам-мұңсыз, нала күндерім.

Албырт сезімім, өртеніп жана білгенім, Жанымда мəңгі жаңғырар жалын жастығым, Бере білгенім жұртыма, ала білгенім. Қаламым менің – айрылмас серігім менің, Қиянға қанат қақтырған сері күндерім, Айға атылардай арыстан асыл арманым, Шындыққа тіке қарайтын сенімім едің. * Тəңірімнің теліп берген байлығы – Қара жердей көтеріп мұң-қайғыны, Өтіп жатыр зымыраумен құс-ғұмыр, Тек белгісіз аяқталар ай, күні... Ертеңіме бір сенбеген, бір сенген тіршілігім қалт-құлт етіп бүрсеңмен өткеніне риза жандай күлерсің, жынды адамдай жылар сəтте күлсем мен. Ақ таңдар-ай, ақ таңдар-ай ақ маңдай, Мерекесі аз, берекесі жоқ қандай! Кетсем бе екем мына алдамшы фəниден, Кері жүрер кеңкелесі боп қалмай. Біреулердің барлығы мен байлығы – біреулердің күңіренген қайғы үні... Аяп берер жүрегі жоқ аярлар байлығына батар екен қай күні. Байлық, барлық – түбі жұмбақ ол-дағы төбемізді қалың бұлттай торлады. Көз жасына көл боп аққан көп жұрттың қарық болып кетпесе тек болғаны.

  • Табиғаттың бір түнде аунағанын Көрдің бе, қар жауыпты тауға қалың... Ет жүрегім егіліп, сезіп отыр Қырат-қырлар қалтырап жаурағанын. Дүбірлі дүниеден дүрмекпенен, Фəни жалған, кім келіп, кім кетпеген. Сəби талдар жалаңаш қалтырайды Сəби күнгі өзімдей дірдектеген. Табиғат, айналайын «шындығыңнан» Ауруды – сау, сауды – ауру, жынды қылған. Жылытшы шуағыңмен, сұрадым мен, Алдыңда алдиярлап құлдық ұрам. Өмірдің ілесем деп кіл сапына, Тірліктің түспейді адам мінсе атына. Түссем-ау деп тегінде ойламайды, Биіктеп бір сатыдан бір сатыға. Көңілді қиял-арман тербегенде, Жетердей көтеріліп шер кемерге. Көрем де өздеріңді, серпілемін, Керек жан екем-ау деп елге мен де... Бір тұрып еркімменен, бір отырсам, Жұмбақ тірлік көптей мен білетін сан, Кездерім бар егіліп, күлетін сан. Деймін, шіркін, елімнің ортасында Əлі де бір он жылдай жүре тұрсам. Тірліктің кездім талай шартарабын, Кім көріпті мұң-шердің тарқағанын.

Бұғанам қатпай тұрып зобалаңда Соғыс салған зұлматты арқаладым. Үзілмей, аман жүрсем əлі күнге – Айналайын, сендердің арқаларың! ӨМІР-ӨЗЕН НЕМЕСЕ ЖИЫРМА БЕСТІ АҢСАУ Алабұртқан көңілдей алға асыға, Тірлікте аял-тыным бар ма, сірə? Таудан асып, құм басып, күн-түн демей, Өмір-өзен ағады арнасында. Ызғарын да, уақыттың мұз-қарын да, Асу бермес шыңдарын, құздарын да... Басып өтіп, өлердей ғашық етіп, Бет түзеп баратқандай құм Нарынға. Көңіліме өлең атты желік кірген, Күмпиіп, өзіме өзім сеніп бір дем, Жақсы-жаман өмірде бəрін көріп, Алпыстың бесеуіне келіппін мен. Жандай-ақ талып кетіп жиған есін, Тоқтамасын тілеймін жырда көшім. Қалғандай өмір-өзен сағасында, Білемін оралмасын жиырма бесім. Тірлігімнің тоқтамас жалғасы ма, Көңілім елегзиді таңға асыға. Жағалауы жайқалған орман-тоғай Өмір-өзен толқиды арнасында. ӨЗ БИІГІМ Тау қопарып жүрмін бе жүдегенде, Əзіл емес, шыным сол, күле көрме.

Жалғанның бар суретін сыйғызсам деп, Əуре болған кезім көп бір өлеңде. Асырып барымды да, жоғымды да, Жасырып аштығым мен тоғымды да, Басқадан жəрдем күтіп жасымадым, Биікке жетпей жатса қолым мына. Қиынннан қиыстырып сөз қиюын, Көп салдым қияндарға көз қиығын. Басқаның күндемедім шарықтауын, Шарықтау – өзім үшін өз биігім. Іздеумен ой түбінен сөз қиынын, Өлеңмен өрнек өріп, тозды миым. Өзгенің өрдегісі керек емес, Төрімде – өзіме тəн өз биігім. Қайыстай қандырам деп сөздің иін, Ойлаумен озды күнім, тозды миым. Шыңдарға шыға алмасам – өз күйігім, Өзіме жетіп жатыр өз биігім! ШЫНДЫҚ АЙТЫП ТҰРСА ДА... Білмеймін не бар осы ой-санамда, жырларыммен ойсызға ой салам ба, бəрі де əлде қала ма ұмытылып, бал да кермек татиды тойса адамға. Менің барлық байлығым, баққаным да – тура келер бойыма шап-шағын ба, түкке тұрмай қала ма көзге қораш, тепең қағып тірнектеп тапқаным да. Есіме алып шау тартқан шалдығымды, бүгінді емес, ертеңді, арғы күнді...

Көз алдыма үреймен елестетем, Қара түнек жабардай таң нұрымды. Иба кетті, жайына иман қалды, Нарық тұтас жалмады жиған малды. у ма, зəр ме – тітіреп қабылдайсың сыздықтатып бойыңа құйған нəрді. Сыздықтатып бойыңа құйған нəрді қабылдайсың, ұмытсаң да иланғанды. Ертеңіне сенімсіз əжелер жүр күдер үзіп қошемет-сыйдан мəңгі. Күдер үзбей қайтеді, нарық келіп, «қарық қылса», тартып ап жиған малды. Қайтсек аман бүгіннен қаламыз деп, Қайыр тілеп қаңғыған баламыз көп, Тысқа шықсам, еңкейген ерді көрем қоқыстарды тінтіген тамақ іздеп. Шаттығын ап, шатағын қиғандай күн, Бір қауызға бүрісіп сыйғандаймын, Аузы күйіп қалғандай май ішем деп, шындық айтып тұрса да, иланбаймын. * Сəуледей мың құбылған бұл дүние, Елтітіп, отырғызар кімді үйіне. Алдамшы байлығың да, барлығың да... Оған да адам секілді бір күн ие. Қонған бақ па басыңа туысыңнан, Ол да алдамшы бір суып, бір ысыған. Алтын балық секілді көзді арбаған Сусып шыға береді уысыңнан.

Түк емес лағыл, маржан, жаһұтың да, Өтпелі басқа қонған бақытың да. Кетеді қас қағымда күлге айналып, Қадірін ұға алмасаң уақытында. Періште, пенде көңіл жылап, күлдік, Қисапсыз қанша мəрте құлап, тұрдық... Дүние дүбіріне құлақ түрдік. Əттең, əттең, білмейміз бəрі-бəрі Алдамшы екендігін бір-ақ күндік. * Сəлем бермей кеттің деп кінəлама, Ұға білсең, кінəм жоқ бұл арада. Сəлемнің де орайлы орыны бар, Сый емес таратардай сыбағаға. Біле білсең, бөлшегі ол көңілімнің, Өлшемі ол өрілген өмірімнің. Əр-əркімге үлесер көңілін кім, Сəлемнің де кəдімгі су секілді Сұралар сұрауы бар, соны білдім. Өткен күн мен келер күн күрес құрып, Кей-кейде дəстүр-салт та жүр ескіріп! Сəлемім де – көрсетер сый-сыяпат, Көрінгенге бере алман үлестіріп. Атам əр кез айтатын: «Арың арла!» Семірмеспін сəлемнен, арыман да. Қан базардың ішінде бəріне емес, Сəлемін береді əркім танығанға. Көңіл – теңіз, тербеліп тұрады айдын, Сəлемімнен кетпесін құлап Ай, Күн.

Білсем де, сыйламасам – сəлем бермен, Басқадан сəлем тағы сұрамаймын. * Мені білген, дəл сондай-ақ мен білген ғұмырымда талайларды көрдім мен. Тəніме емес, жанға түскен жарадан, қарап маған күлердей-ақ бар адам, тірі жүріп өлдім мен. Тірі жүріп талай мəрте өлдім мен, жанып тұрып, жалғыз сəтте сөндім мен. Жүректегі айғыз-айғыз əжімдер – қалған белгі сол күннен. Қаным қайнап, сан қыршылды бармағым, жəрдем сұрап жарыма да бармадым. Тəңірім-ай, өзім дағы қайранмын, бəрі жұмбақ – қайтіп аман қалғаным. Бəрі жұмбақ – қайтіп аман қалғаным, кейде жұмақ, кейде тамұқ таңдарым. Жүректегі əжімдерді есепсіз білем, білем, есіме əркез салғанын, өзіме аян қайсын қалай алғаным. Тірлігімде ырыздықтың қауғасын келем ұстап, жасап кейде саудасын. Айдың, күннің аманында адасып, аспайтұғын қырлардан да əрі асып, жүрем мүлгіп, дауға ілініп сау басым. Оймен кезіп, қиыр-қиыр шалғайға – қиял шіркін қияндарға салмай ма, ондай кезде бəрін-бəрін ұмытып,

кете берем, кете берем аңдамай мен сүрінер ор қайда, мен құлардай жар қайда. МҰҢ Сағым да – мүң, бұлт та – мұң, мұнар да – мұң... тауыса алар мұң толы кім арманын. Өлеңменен өрнектеп өмір кешем халім бітіп, сөнгенше шырағданым. Мұнар да – мұң, бұлт та – мұң, сағым да – мұң... сүйгенімді сарылып сағынғанмын. Кейде жаным мұңнан да медет тауып, сары күздей сарылып дамылдадым. Оймен кезіп шаңытқан шағылдарын, шағынбадым, шақпақтай шағылмадым. Қолтығымнан сүйеді демесін боп, қуат беріп шаршаған шағымда мұң. Білмейді ел ойда санын, қырда шаңын... ойнаған жыр да – сағым, мұң да – сағым. Өлеңмен оңашада ой бөлісіп, өзімдей мұңдылармен мұңдасамын. * Ойхой, құлыншақ күн, Асау, албырт, əрнеге ұрыншақпын. Қызық көрсем, қызынып, қаным қайнап, Келетін елден оза бұрын шапқым. Білгім келген,

бəрін де көргім келген, Жүген-құрық тимеген ол күнде мен –

Шамшыл едім шашама шаң тимеген, Желік буып шабардай көңілім дөнен. Ойхой, ғасыр қандай – Бəріне көзім жаңа ашылғандай, Уақыттың үкіміне бас ұрғандай. Жүремін аяғымды аңдап алып, Жын-шайтаным біржола басылғандай. Құлыншақ күн, Алақұйын болғанмен күнің шапқын, Жынын енді алдырған бақсыдайын Кемпірге үйде ермек – қуыршақпын. * Құс көңіл ойға ұшты, қырға көшті, Қалғандай көз ұшында жылдар ескі. Құс салып, тазы қосып қусаң дағы, Айналтып ала алмайсың жиырма бесті. Бағытын қияндағы өрге беріп, Бауырдай мамыражай өрген елік. Қыз ғұмыр қасымыздан, басымыздан Қия алмай барады өтіп дөңгеленіп. Күн дүние керуенінде жолаушымын, Өзіммен ала кетер көп-ау сырым. Жарым да жанымдағы біле бермес, Жалғыз-ақ өлеңге айтар болар шыным. Кең дүние қушиып тарылғанда, Қиналып, жанталасып жан ұрғанда, Қол ұшын беретұғын, еретұғын Мұңдасым сенен артық табылған ба?

Қабығын құба талдың көп аршыдым, Менің де өзім шығар болар шыңым. Қуанғанда, қиналып суалғанда, Тек саған ашпайтұған жоқ-ау сырым. * Құрғыр көңіл əрнеге алаңдаған, Бір тұғырдан тұрағын таба алмаған, Жанар тұста алаулап жана алмаған, Тиянақсыз, тірексіз алаң-далаң. Жел көтерген қанбақтай көше-көше, Кетем бе деп өмірден ізсіз-түзсіз, Қиналады қысылып соған да адам. Тау жағалап тырбанып, қиялап құз, Əр төбені мекендеп ұялаппыз. Тірлігіміз тірексіз, тиянақсыз, Өмір кешсек дейміз-ақ қиянатсыз. Жанды берген Тəңірге қияр-ақпыз, Бір күні тар табытқа сияр-ақпыз. ҚҰЛАП БАРЫП... Жөн-ау осы, Болмаса қате де бұл, Ағын судай жосылып жатады өмір. Аңдамай-ақ қояйын десем дағы, Шыдатпайды мазасыз ата-көңіл. Жарым-ау деп, болмаса балам-ау деп, Болмашыға болдырып, болам əлек. Ойласа-шы шіркіндер қара шалдың Бір сөзіне зар болып қалам-ау деп. Қалғып кетсем, қарақшы тонар, Алла-ай, Деймін де, күллі аймақты аралардай,

Ұйқысыз азап шегем оянып ап, Тылсымға қайта айналып орала алмай! Жанды қинап тірліктің күйкі лебі, Жүрген менен кім қандай күй тіледі. Төңіректің тылсымын күзеткендей Ауық-ауық ауладан ит үреді. Пəк дейсің ақ дүниеде күнəдан кім, Тайғанап тегіс жолда құлағам мың. Мыңнан, мұңнан алыс жүр десе де ылғи, Мың мен мұңды келеді сұрап алғым. Мыңның мұңы, бітпейтін мұңның мыңы, Ежіктетпей ешкімге білдім мұны. Жүрегіме қабылдап алдым ба екем Мың жүрекке түсетін күйдіргіні. Көзін сүртіп сөзіммен жылағанның, Қолтығынан демесіп құлағанның, Жүрегіме жосықсыз жүк арттым ба, Жұбатсам деп көңілін бір адамның. Аман өтіп өрден де, еңістен де, Ара түсіп ұрсысып-керіскенде, Əуре-сарсаң күй кешіп келемін де, Өзім құлап жатамын тегіс жерде. Шырмап-матап бергендей Құдай маған, Шарығында тағдырдың шыр айналам. Өзіңнен өзің безіп кете алмайсың, Болмаса тегіс жерде құлай ма адам. Өзім – бəз, мəз қалпында бəрі əндеткен, Қатар жүрер кезім-ақ тамам көппен. Мына жалған фəниден алаңдаумен Мен де өтем, əкем де, анам да өткен.

Азайған ба мен шалқып айтатын əн, Толқын ұрған кемедей шайқатылам. Ертеңім ертегідей еліктіріп, Құлап барып, қарманып, қайта тұрам. * Фəни жалғаннан жақсы да, жаман да кетпек, Тіршілік – мəңгі үйренер адамға мектеп. Сен жоқсың, бауырым, мені іздеп жан досың келді, Сағынып жүрер көрмесем, ағам бар ед деп. Сен жоқсың, бауырым, сен үшін жан досың келді, Ағаңа демеу сонысы, əл болсын да енді. Тірі жүргенде досыңның барлығы демеу, Кім керек қылар ертең күн өлгесін мені. Ішім ғаламат – қаңтардың қары бораған, Кей-кейде көктем, көк майса жанымды ораған. Пенде көңілім алмасып, арбасып тұрса да, Іздейтіндерін сарылып сағынады адам. Сүрінбес жерде сүрініп, сүрінер жерде... Сүрінбей кетсең, ол да ерлік, білінер демде. Досың көп еді, бауырым, қадірін солардың Бағаламаппын сен өзің тірі жүргенде. Қысқа ғұмырда əркім-ақ алаңдап өтпек, Өкпе-назы бар қуырған заманға да ептеп. Қуанып қалдым аңқылдап өзің келгендей, Досың келгенде осында ағам бар ед деп. ТƏУБАҒА КЕЛУ Қызығыңды айтып,

Қылығыңды айтып күлдіріп, Қойсаң да кейде бірдеңелерімді бүлдіріп, Мəз болып соған, Түк болмағандай жыр қылып Отырсам деуші ем, Елесің қалды есімде, Қойғандай Тəңірім атаңды мең-зең, жынды ғып. Алпыс алты жас – бесінім бе, Əлде кешім бе... Ойлаймын кейде өмір сүремін не үшін деп. Қылқиып шығып, қиылып түскен құрақтай, Бота көздерің, ай маңдайың қалар есімде. Алып берердей аспаннан жұлдыз, айды да... Көңілім бар еді, Тəңірім соған қойды ма? Ағайын-елдің егілгеніне де жылаймын Жеңілдетем деп ортақтасатын қайғыма. Жаныма жақын, Жарасатындай сол қылық, Ертемен тұрып,

Екі үйдің арасын жол қылып... Асыққан жандай жүгіруші едім өзіңе, Ауырғанымды ұмытып, Еркімді соған көндіріп. Кім көлкелей алар аспандағы алыс Ай, Күнді, Көңілімді Тəңірім тағынан бір сəт тайдырды. Жанашыр жандар ағылып жатыр естіген Жеңілтеміз деп, сейілтеміз деп қайғымды. Ағалар сөзі көңілімді Күнге аударды, Жер-бесігіндей тербетіп тұрар тау мəңгі. Ел қамын жердей Едіге болсын деп едім – Тірілеріңді періште болып қорғай жүр, Жаратушы Аллам ұмыттырмасын тəубамды.

  • Шығандап кетпесең де асып елден, Достарың көп қамалап қасыңа ерген. Кəдуілгі азаматтық құжат алар Соқталдай жігіт болдың жасы келген. Тепкенде домалардай тасың өрден, Өміріңе жаңа бір ғасыр енген. Атаңды тек тыңдамай, ақыл да айтар азаматсың он алтыға жасы келген. Өмірде қанша күрес, қанша майдан, Жақсылығың жайнасын жан сарайдан. Сені бір қыр асырып жіберсем деп, Балапандай баулыдым қаршадайдан. Жақсыңды жақын тұрмақ, жат білерін, Өнеріңе қуанып, шат күлерін ұғатұғын жастасың, балапаным, ұша бер биігіңе, бақ тіледім. Адам өлмейтін болса, қысқа ғұмырда қасірет көрмейтін болса, артында Құдай барын ұмытар еді – сонда кім ұтар еді?.. Шалдығып-шаршамайтын болса, біреуді біреу сағынып аңсамайтын болса, бар мен жоқтың арасын бөлмейтін болса, қыршынынан қиылып өлмейтін болса, əй, қызық болмас еді-ау ол дағы онша... Тірлікте аузымыздың салымын-ай – аз бен көптің ұмыттық санын ұдай,

мынау жұмыр жердегі ит пен құстың болып кетсе əулие, бəрі Құдай. Мен де мықты деуменен, сен де мықты... қоян да өзін ересен ер деп ұқты. Жоғалта алмай келеміз бойымыздан, ойымыздан «мен!» дегіш пенделікті. Аузы қисық болса да, аяғы ақсақ – ханның қызы бар қыздан ең көрікті. Ақын ем көкірегіне жел түнеген, кезім аз елегізіп, елтімеген. Еркіндікті аңсаған ерке көңіл ұшыра алса жарады ұясынан ер сезімін көтерер еркін өлең. Сұлу өлең, ерке өлең, еркін өлең... елегізген сезімнің серпіні өлең. Керегі не өлеңнің өлекседей, Самал болып жаныңды желпімеген. Астасқанда түндері күніменен, Қуанышы ақынның, мұңы да өлең. Қой күзетпей, ой баққан адамдардың бəрі жақсы біледі мұны менен. Бəрі жақсы біледі мұны менен, Қиналсам да кейде күн-түніменен, Сырласардай жанымның сырыменен тумай əбден қинайды шырын өлең, Туа қалса, бақыт қой шыныменен. Бір ауылдың əу баста түлегі едік – егін ексек, тал ексек, бір егелік...

дейтұғындай арманы, мақсаты бір, Бірақ бəрі бөлінді жүре келіп. Тумысында шап-шағын ауыл еді, Тарқамайтын əр күні сауық еді. Қазір бəрі қаңырап бос қалғандай, жабырқаған, табылар ауыр емі. Бағы тайып, дəурені озғаны ма, Қолы қысқа, жетпейді созғанына. Қараша ұрмай, қар жаумай тозғаны ма?! Тітіреніп кеткендей тұла бойым, Көкірегімнің қиялын қозғады ма? Жат бауырдай жатырқап қайран ауыл, Жат біреудей қарсы алды-ау қаймана бір. Алып-ұшып алдымнан жүгіретін қайда жеңге, қайда аға, қайда бауыр?.. Тағзым еткен үлкенге түрегеліп – тас емшекті жібіткен түлек едік. Тас бауыр боп біз дағы кеттік пе екен, Қиял қуып, шет жайлап жүре беріп?! Армандап ең аңсап кеп құярымда, Құшағыңа оралсам, сиямын ба?! Көз ұшында бұлбұл боп бұлдырайсың Алыс қалған армандай қиялымда. ДҮНИЕ КЕЗЕК Кешір, Тəңірім, кешірсең, кешір мені, Біреулердің еліріп, есіргені – Тағы қалам ұстатты, ұсақтатты, Сөзге сөз келген тұста бұғып қалсам, Ақын қылып жараттың не үшін мені.

Тіл ұшында у қалса, өртенермін, Онда тілдің тіл болмай, кесілгені. Кімі ұсақ, кімі ірі?.. тоғыстырып, Өлі менен тіріні соғыстырып, Көп іс қылып, жүргендей оң іс қылып, Жатқан кезде үйретіп орыс қылық, Елдің ішін ірітіп, іріткі салып Жүргендерге бір тоқтау айтпаймыз ба, Ұйқы-тұйқы қойғанша қорыс қылып. Аласарып əулие шынар-шыңдар, Мүжілгендей, күй кетсе, кім аршындар. Қалқиып топ көбейтіп жүргеннен соң, Ұрарсыңдар, сылқитып сынарсыңдар, Ерте-кеш пе, құтылып тынарсыңдар, Армандарыңнан солай шығарсыңдар, Кештеу барып бəрін де ұғарсындар. Қалып қойып талайлар қатарынан, Қашқақтайды тірліктің шатағынан. Қан майданға сайланып шыға алмайды, Садақ тартып, найза да сұға алмайды, Арғымақтан жал кетіп, ат арыған. Қиналасың қыбынан қысыр сөздің Қиып түспей, шөңгедей батарынан. Бұрынғыдай шығандап ұшпаған соң, Сен де бір шəу тартқандай ата қыран. Шалқып аққан арнасы ортаймастай, Табанынан бүр кетіп нар таймастай, Тайраңдайды ағалардың төбесінде, Қытымыр қақбас болып қартаймастай, Шаңырағы шатырлап шайқалмастай. Іштерінен бəрін де оқып туған – Жарқылдап шықпас дей ме қайта алмастай.

Сырын ұқпай – не жетпей, не жеттінің, Өздерінше өлермен, өжет бүгін. Жымияды мылтығын кезеп тұрып, Ойламайды ойлаудың керектігін, Алмағайып дүниенің кезектігін. Ұлағатын ұқтырар ұлан қайда, Ұша алмаса көрінер қыран майда, Тірі пенде кезегін бір алмай ма, Өзіне сенбесе адам ұрандай ма? Маңып жүрген түйені соқыр десең, Тиетінін білмей ме Құнанбайға. Білсе, орынсыз биікке шығандай ма, Айтыңдаршы, осыны кім ойлайды, ə?! * Жанарымда мұң бар ма бүгін менің, Сол мұңның сырт көздерге білінгенін қаламай-ақ, келіп ем сыр алдырмай, Демек, бұл «артистіктен» сүрінгенім. Бермеуші-ақ ем ешкімге жайда сыңай, Нар жігіт сырын сыртқа жаймас ұдай. Шынымен бір осалдық кетті менен, Жанымның жанардағы айнасын-ай. Қайтсін-ай, оңай деп пе ең оған дағы, Сезімнің ақтарылып тоғандары... Көктемгі көшкен сеңдей бұзып кетті, Жоқты – бар, барды жоқ деу обал дағы. Мұң бар шын жанарымда, жанымда да... Көріп жүрген пақыр ма ем бəрін жаңа. Талай тоңып түскенмін мұз суға да, Талай күйіп-жанғам от-жалынға да.

Жанымды да тəнімді шылап термен, Өмір мені сынаудай сынап берген. Шымбайыма батса да шыдай берем, Елу жыл еңсе бермей шыдап келгем! Ей, қонғаны рас болса өнер деген, Азырақ сөз сөйлейін өлеңменен. Адам Ата, Хауа Анадан бермен қарай Жол еді жалғасса да көнермеген. Бəріміз сəби болдық іңгəлаған, Тіршілік алға тартты, тынбады əман. Кешегі уілдеген ұл мен қызды Бір кезде ер жетер деп кім қараған. Мəз болдық күлісіне, жүрісіне Сəби деп мін тақпадық бір ісіне. Есейді ел-жұртының көз алдында, Жастықтың махаббатсыз тынысы не. Басында сіз де, біз де байқамадық, Дəстүр бар келе берер қайталанып. Екі жас жақсылықпен тілек қосса, Кер тартып, басымызды шайқамалық. Өзімен балайтұғын елді бірге Жақсының жақсылығы – кеңдігінде. Жас едік біз де кеше жарқылдаған, Ата мен ана боппыз енді, міне. Жалғасып күн артынан күн келеді, Жақсыңды жарқ етпесе кім көреді. Тілегін екі жастың хоштамасақ, Біздерді жиылған жұрт кім дер еді. Жалғасып күн артынан күн келеді, Бар екен кіші ағаның іргелі елі.

Өмірден не көрдім деп айтар еді Адамның ойнамаған, күлмегені. Өмірде жақсы да бар, жаман да бар, Қартайса қас жүйрік те шабанданар. Ойлайық жас тілегін жас көңілмен, Ұл мен қыз саған қарар, маған қарар. Өсірдің сен балаңды гүл болсын деп, Іші алтын, сырты күміс – нұр болсын деп. Желге де қақтырмадың бəйек қағып, Бақыты қайда жүрсе бір болсын деп. Тигізбей мəпеледің желге, күнге, Жалғанда тең таппадың теңгеруге. Иншалла, сол ниетің қабыл болып, Айтайын жарыдым деп мен келінге. Отырсың құтты қалам тұрағында, Айтарсың қате болса сұрағымда. Тағы да мақтанайын жарыдым деп Құдай қосқан құда мен құдағиға. Өсірдім мен де ұлымды күн болса деп, Жақсымен жаны жайсаң бір болса деп. Тіледім ата-баба аруағы Қолдаса,

Иығына пір қонса деп! * Аш бөрідей қамалаған ой мынау еңсемді бір көтертпейді, тойдым-ау. Жырым жыр ма, бұлыңғыр ма күндерім, Гүлдерімді айыра алмай қойдым-ау.

Аспан ашық, жарық сынды айналам, Осы мені ұғатұғын қайда адам? Төңіректің түтіні ме, тымырсық, Сыртым мазаң, ішім қазан қайнаған. Қалған жүрек бəрінен де шайлығып, Алма-кезек арпалысқан қайғы, үміт... Бүгініңді өткізесің бүрісіп, Еңсе түсіп, ертеңіңді қайғырып. Білем бəрін, бұрынғыдан қарқын кем, Күдіктеніп көлеңкелі əр түннен, ойлайтыным: құлап түссең бақыт қой Өзіңді өзің алып жүрер қалпыңмен. Күдік кетсе, үміт күтіп əр күннен, Тырбанасың тартпаса деп нарқым кем. Мың күн жұмақ тірлігіңе бір күндік жетпейтінін білесің де, қайтадан жүре тұрсам дейсің осы қалпыммен, жақсы тұрмақ, жаманын да өлімге қимайтұғын халқыңмен. АЛМАТЫНЫҢ ЖӨНІ БӨЛЕК Тау болып толағайдай тұрмасаң да, Дейтіндей тау ұлындай жырла, самға. 45 жыл мен де енді алматылық, Шыр етіп Алматыда тумасам да. Ініні өзімсінсем, сен дегенмін, Ауырсам, жырмен жанымды емдегенмін. Несіне көлгірсимін, күнім үшін Елпілдеп көрінгенге ермегенмін. Елпілдеп күнім үшін ермегенмін, Бойыма шақ бағам бар елге менің.

Алматының тобырын əу бастан-ақ Миллионнан асырсам деп келмегенмін. Жетісудың тауларын, далаларын, қалаларын... армансыз араладым. Жұлдызым да жанды алғаш осы жерде, Туды осында ұл-қызым, балаларым... 45 жыл қарын да, жаңбырын да, Түн түнегін қарсы алдым, таң нұрын да. Еліктегем, қуаныш, бақ, мұңым да... Көріп келем, бір содан тағдырым да! Шүкіршілік, көрген жоқ бағым қайтып, Ойдағымды тіке айттым тарынбай түк. Басқаның сөзін емес, тек өзімді Танытуға тырыстым, барымды айтып. Қуанышым арнадан асып, толып, Бұла күшім бəр-бəрін нəсіп көріп, Жүргенде жас жүрегім алабұртып, Сол кезде-ақ Алатауға, Алматыға Ұққанмын қалғанымды ғашық болып. Мен келгенде, ғажайып мына халық, Құшаққа ап қауышардай тұра қалып. Көшелерде алма өсіп, арықтарда Сылдыр-сылдыр жататын бұлақ ағып. Жамыраған жағалай шамдары да, Арайлаған көкжиек, таңдары да, Құстар ұшып-сайраған бау-бағы да... Шақыратын алыстағы арманыма, Нұр құярдай шуақпен жанға мына! Берместей көз жұмсаң да жанға тыным, Жер бетінің жұмағы – жаннатының,

Тереңінен нəр алған тамыр жайып Мен де бір перзентімін Алматының. Бала күннен аңсатқан арман қала – Қанат берген шығандап самғауға да. Шақырса да Туған жер – орман, дала, Алматыдан əйтеуір оралтпайды Тас төбемде бағымдай жанған жаңа. Көңілімді арман-ойлар қоршап əлі, Бірегей биіктерге жол салады. Батысы, Шығысы да, Күнгей беті... Қауышып өз ұлындай қарсы алады Қайың, терек, қарағай, аршалары... Əйтсе де шалғай шықсам көбіне-көп, Басқалардан жақындау көрінді ерек. Құшағына алады қуанғандай, 45 жылда қалдым ба бауыр басып, Əйтеуір, Алматының жөні бөлек! * Өлең – менің аларым, берерім де, Өлең – менің биігім, тереңім де. Ата-анамның қанымен қанға сіңген Дүниеге шыр етіп келерімде. Содан бері кеудемде жыршы бұлақ Сылаң қағып ағады, Түрші құлақ! Жер тынысын тыңдаймын, Жел тынысын... Елу деген белеске бір шығып ап. Тартқан ерек тағдырдың сыйы маған – Бəрін естіп,

Кеудеме құйып алам. Жырға зерлеп шегемін кестеменен Тіршіліктің күмбірлі күйін əман. Мен сөнбеймін тұрғанда төбемде Күн, Жамыраған жырларым – көгендерім. Бақытым да, Сорым да маңдайдағы, Қуанышым, Қайғым да Өлең менің! НЕ ЕТСЕМ ЕКЕН Не етсем екен, У-шудан қайда қашып кетсем екен? Бірақ қайдан табамын жансаяны, Тыныш ұйықтаймын қай жерді етсем мекен? Шанышқақ тиген өгіздей тулайды жер, Көз ілінсе, азынап шулайды жел. Адам қайтіп ерлікке бас тігеді, Мұқалып жатқан кезде тумай жігер. Тыныштықты іздеп кетер ем, Қайда барам? Бермегенін Тəңірдің қайдан алам? Бірін бірі мүжіген қайран адам – Таппай қойдым жұмақ жер айналадан. Қайда да – у-шу егесіп, ерегіскен... Жегі құрттай бір-бірін жеген іштен. Зоры қор боп, көрінер қоры зор боп, Аласарып барады өр еңістен. Тағдыр жазса, кім оған ара тұрмақ, Əке сыйлап, болмаса аға тыңдап...

жатқан жасты көрмедім, содан шығар – Жанбай қойды жарқырап жанатын бақ. Жел аударып қаңбағын қудалаған Бақ іздейміз бағызы қу даладан. Маймыл болып қайтадан кетпесе екен, Маймыл болып ту баста туған адам. Жаным – жайлау, Көңілім ақ жармадан, Қайтіп ғұмыр кешеді тақ жанды адам. Мына өмірден көшеді талай бейбақ Көкірегі кен қалпында бақ жанбаған. Сиқыр əлем сусыған сағымдардай, Үнсіз қалам көп жерде жағым жармай. Еңбегім – еш, тұзым – сор... талай жерде – Сынап келем сынаудай бағымды, Алла-ай! Не етсем екен, япырай, не етсем екен, Қайда қашып у-шудан кетсем екен? Бірақ қайдан табамын ЖЕРҰЙЫҚТЫ, Тыныш ұйықтаймын қай жерді етсем мекен?! * Жақсы-жаман... Тіршілікте бəрі ұмыт Бірде шалқып, бірде қайта тарынып... Мəңгілікке аттанасың ақыры, Пенделіктің азабынан арылып. Қош айтысып мына фəни-жалғанмен, Аттанасың жеткізбеген арманмен, Тар табыттың аясында көз жұмып Жандай бейне шаршап барып алған дем.

Құба жонда мың құбылып бұлтарған Алдауменен алдырмаған түлкі-арман. Бəрі-бəрі, бəрі артыңда қалады – Аяулың да жанарынан нұр тамған. Қызуы – от, Қызығы көп жалғанда Армансыз ем деген, сірə, жан бар ма. Хан да өткен, Қара да өткен дүниеден Алла шіркін аларында таңдар ма?! Біреу алай, Біреу былай дегенмен, Біреу Адай, Біреу Құдай дегенмен, Ажал атты айдаһардың алдында Жақсы-жаман... Бəрі бірдей теңелген. ЖАРЫМЖАН ЗЕЙНЕТАҚЫМ БАР Киетін киім, ішіп-жейтіндей ас қамын Ойлайтын тағы ауыртар миды басқа мұң Жоқ менде, ондай кезеңнен өтіп кеткенмін – Пайғамбарымыздың жасынан да асқан жастамын. Айтқан соң бүкпей айтатын түгел батыра, Ұяттау болса да, ақын дейтұғын атыма Тірлігім сай ма – зейнетақым бар алатын Жетіп-жетпестей төлейтін пəтерақыға. Келмеске кетті бұрынғы сый мен күй, атақ... Ақын демейді, пақыр да демейді шын атап. Өсірдім, бақтым – əкелік қарыз-парызым Десең де, ылғи баладан сұрау – ұят-ақ.

Сұрағанда да бетіңнің арын бес төгіп, Бəрін міндет қып айта берердейсің естелік. Қуанатындайсың құлағына ілсе ескеріп, Тұра алатындайсың ертемен қайта, кешке өліп... Елге де бердім балаға берген күшімді, Шырқатып биік ұшырдым қиял құсымды. Қажыға барып бəз біреулердей қалқиып, Шарлаған жоқпын Шамды, Меккені, Мысырды... Қуратып бүгін құнымды кімдер түсірді?!. Қол созған көкке ақын дер енді кім мені, Қу жанды бағу – міндетім сынды күндегі. Жүйке мен жүрек – тозығы жеткен, қырық құрақ, Кемпірдің қас пен қабағын бағу білгені. Жатқан жандаймын тірліктен мүлдем баз кешіп, Айнала қымтап, бекітіп алып іргені. Бала жасымнан жағалап жайлау – жыр елін, Ел еңіресе, езілген еттей жүрегім, Жылап та оятқам түндердің тылсым түнегін. Күнара көктеп, жылара мектеп өзгерткен Соғыс кезінің соры қалыңдау ұлы едім. Бары-жоғыңды қас-қабақтармен барлайтын, Серпіліп кетіп серілік құра да алмайтын, Шақырып жатпаса, көршіге дағы бармайтын, Үйкүшіктікке үйреніп кеткен жандаймыз Еркекпін-ау деп өзіңді өзің алдайтын. Ұйқың келсе де қиялмен кезіп қиянды, Қайран күндер-ай Жер-Көкті тегіс шарлайтын! Өзінің отына өртеніп өзі лапылдар Кім еді кеше арыстан жалды ақындар? Қызуы қайтып, қызығын айтып өткеннің, Кім не десе де құп көріп, бəрін мақұлдар – Тоты құстаймыз тордың ішінен тақылдар.

Жаныңды бағып, жыртығыңды жамай алмайтын Сол тотыдаймын,

Жарымжан зейнетақым бар. ЗАМАН-АЙ Білек те кіл пəс, Жүрек те дімкəс, Шалағай – Апыл да-тапыл аяғын басқан баладай Көкке жығылып, шөпке сүрініп қор болдық, Ертеңім не деп өлген-тірілгеніңе қарамай, Қалғып ішетін, Қарғып түсетін заман-ай! Қатар оянып таң тауығымен сəріден, Жатар омалып тірлігіңнің де сəні кем. Шағылып тауы, қағылып қалғандай бəрінен – Алданып жүрміз, жан бағып жүрміз дəрімен, Алып бəйтеректей айрылып қалған нəрінен. Жұлдыз көрінбей көмескі тартқан көгімнен, Ойменен өлшеп шамалайтындай көбін мен, Еңсем езіліп, елеусіз жандай көрінем. Содан да ма екен айтатыны елдің түңіліп Қартайған шақта көрі жуық деп төрінен. Көзіңді жұмсаң, ұйқы дейтұғын құт келмей, Өзіңді кіл сан құбыжық ойлар күткендей, Ертеңің – елес, алдыңда арман ақ таңың – Ертегі де емес, өртеніп отқа жатқаның, Қуаныш-қайғы...

Бəрі де бəрі... біткендей. Былайғы кезде айтуға бəрі, бəрі оңай – Жарқырап күлуге,

Жадырап жүруге жарамай, Ертеңінді ойлап шақшадай басың шарадай, Қызығың менен қызуың қайтып бара ма-ай. Жана алмай от боп, босқа бықсыған шаладай, Ішкен-жегенің əл болып бойға тарамай, Көлдей көңілің кешегі дарқан даладай, Уақытың өтіп, бақытың кетіп бара ма-ай? Қалғып ішетін, қарғып түсетін заман-ай! ӨЗІМЕ ЖҮКТЕЙ ӨЗ ДЕНЕМ Алтын да емен, Күміс те емен, Жез де емен... Үлбіреп тұрған шыттаймын осы кезде мен. Баяғы Еслəм дейді ғой, қайдан білсін ел Ішіме кіріп, жанымды ұғып-сезбеген. Көзім бар, Көріп-біліп жүргенмен жай бəрін, Өзіме аян тұғырдан биік тайғаным. Басқаны қойып, қырық жыл қасымда жатқан Кемпіріме де жүре бермейді айбарым. Бəз баяғыдай аспанда əлі Ай да Күн – Қол жетпес жерге қол созатындай қайда күн? «Жазасың, – дейді, – жаны жабырқау, күйкі жыр», Шапшып қайтемін, Көңілімнің жадау сиқы бұл. Ояу жүріп-ақ қалғып кететін кезім көп, Түнде тыныстап қанбаса қайтем ұйқы бір. Көңілің бөлек, Өмірің дағы бір бөлек –

Көтерсе қайда жабырқау жанды жыр жебеп? Көтерсе қайда жабырқау жанды жыр жебеп? Ағаларым бар, інілерім бар сергітіп, Сері сезімді оятып кетеді күнде кеп. Буынға түссе де, бұйым болмайтын жартылық, Қызылыңнан да, қызғыңнан да тартынып Жүргеннен бе екен, күлгеннен бе екен кəріге, Қарға адым жерге қажып жетемін алқынып. Өзімді өзім аялауменен, аяумен... Көкірегіме қалмады ма екен шаң тұнып? Алтын да емен, Күміс те емен, Жез де емен... Асуы биік тап болдым қандай кезге мен? Аруларды алып алақанда аялайтұғын – Бүгінде менің өзіме жүктей өз денем. * Болмаспын қаһарман да, қайраткер де, Алтын да тұғыр емес айбатты ерге. Бойда барым жетеді бір басыма, Көтеріліп келемін жайлап төрге. Таң атарын білемін, күн батарын, Қиян кезіп қиялмен түн қатамын. Бір күнгі саулығыңа жетпейді екен, Жисаң да дүниенің күллі атағын. Кей «мықты» көрген күні, сірə, ғаріп, Көңілге көп ойлардың тұнары анық. Құдайының қимаған атақ-даңқын Қай биікке шығады сұрап алып.

Өкінем, тірлігіме неге опынам, Жырларым бар жағалай ел оқыған. Кей-кейде төрдей биік көрінеді Берекелі босағам деп отырам. Көз салып бұрынғыма, кешегіме, Өткеннің ой жүгіртсем есебіне, Жақсы, жаман... көргенім артта қалып, Келіп қаппын алпыстың бесеуіне. Ауырсам, жанға дауа, азығым – əн, Қасқыр боп көрінбедім азуы қан. Алда қанша жолым бар жүретұғын, Бəрі, бəрі... Алланың жазуынан. БІЛМЕСЕМ ДЕЙМІН Өлең өремін ауырғанымды ұмытам ба деп. Содан да шығар, көбінде жазғандарымда Қалатұғындай жанымның мұңы таңба боп. Əрі-сəрілеу əуремен күн кешердеймін, Бірде желдеймін,

Сөгілген бірде сеңдеймін. Сенделіп жүріп, өлеңмен емделіп, күліп... Тамырын басып уақытпен тілдесердеймін. Тамырын басып уақытпен тілдесердеймін, Жанымды жеген жегідей жыр кесел кей күн. Қуаныш, қайғы арбасып-арпалысқанда, Ұйықтап кетіп, бірін де білмесем деймін. * Қалқам, шыннан сұрадың ба халымды, Ашып айтсам ойымдағы барымды –

Екі аяғым жүрісінен жаңылған əлсін-əлі бір-біріне шалынды. Өмір-өзен ыңғайына ілесіп, Секілдіміз ықтап аққан салынды. Шынын айтса, бұл ағаң шын бітіп жүр, Шалқарында шалқымайды бітік жыр. Шабытының аяғына жем түсіп, Серпіне алмай, шыбын жанын күтіп жүр. Жадыраған жайлауынан ел көшіп, Жұртта қалған жүн-жұрқаны түтіп жүр... Бұл ағаң шын бітіп жүр. ҚАЙРАН ҒАБЕМ (Толғау) Ұлылықтың болған ба шеті, шегі... Ордалы ой тамырыңды бекітеді. Айтары жоқ жандардан арқалы ел Жүзге жетіп жатса да не күтеді?.. Кемедей қозғалатын қайраңда əрең, Қақтырып сөз қанатын сайран дəурен, Сенен де өткені ме қас қағымда, Ғасырдың ғұламасы қайран Ғабем! Күндер де бірі кетіп, бірі келіп... Уақыттың күзі жетіп, күні кеміп, Өрелі ойдың ордасы Одағымда Орының бос тұрғандай үңірейіп, Өзіңді іздейді көп күңіреніп. Сездірмей сыздатса да жанды мұңы, Байқалмайтын дабыра, шаң, дүбірі... Толтырып маңғаз қалпы тобымызды, Жүретін секілденіп ханның ұлы.

Ұққанға сөздің нарқы – мың қаралық, Ойларың жанды орайды мұңға малып. Таудан басын алатын тас бұлақтай Жүректерге жол тартар жылғаланып. Алыстаса Алатау да шыңдарымен Көрінер көз ұшында тұлғаланып. Бал қарағай, сал қайың жері тұнған... Жау келсе, ел шетінде ері тұрған. Сарыарқа, қасиетіңнен айналайын, Мағжанды, Сəбит пенен Сені туған! Күй кеуде күмбір-күмбір сырға жақын, Күннен күмбез көтерген сырбаз ақын. Ойларымен өлместей өрнек тізіп, Қасиетті қара сөзбен жыр жазатын. Алмағайып уақыт та асқынады, Жасты – кəрі, кəріні жас қылады. Жаһұт жырлар жеті қат жер астынан Жарып шыққан асылдай тас тұманы. Шың-өрде де өрекпіп, шалқымай түк, Тірліктен тілемеген жартылай құт. Оятып өлкелерді, өркенді елді – Ойларын кетсем дейтін сарқып айтып. Кезде де тұйықтарға тірелетін, Кезде де мың тіріліп, мың өлетін, Тағдырдың талқысына талай түстің, Маздатып жандырсам деп жүрек отын. Жерді оятып, тағы да жырды оятып, Жалпақ жұртпен бір тұрған, бірге жатып... Жүректерге нұр құйған əр сөзімен, Жеткізсем деп еліне күнде бақыт.

Емшісіндей заманның, ғаламның да... Ел күңіренсе, көкірегін малар мұңға. Тек өзі құныкердей ар алдында – Сезінетін тұрғандай дар алдында. Дүние – дода, Бəріне араласқан, Өлген-тірілгеніне қарамастан, Жан беріп, жан алысқан, жағаласқан... Обырдай отыз жеті – көз алдында, Жанады жер өртеніп, жанады аспан. Арасында адасып ел даудың көп, Бірін бірі түтіп жеп, келді-ау күндеп. Көкірегін көлкелемей оққа тосты: «Бейімбет жау болса, онда мен жаумын!» – деп. Аққудай айдындарда жүзіп келген, Өлместей ой өрбіткен үзіктерден. Бабадан қалған мирас – мəрт мінезбен Аямай досқа жанын үзіп берген. Тарихын ел орнына қойғанда əрең, Ертеңнің еншісі не? Ойланбап ең. Қасіретті мол тартқан ұрпағыңа Тығырықтан жол тапқан қайран Ғабем. Жұлдыз дейміз... Жұлдызды кім алмады, Алмағайып арман да мың алдады. Тізгіні басқа қолда – Өр елдің де Алды бұлдыр болатын тұман бəрі. Өзі емес, өзгенің шамын жағып, Ертеңі арғы беттен сағымданып...

Сырт көзге көсегесі көгергендей, Өлермендей өзеуреп күн кешетін, Төбедегі төренің малын бағып. Дəмін татып қуаныш, қайғының да... Өзің жүздің өзіңнің айдыныңда. Табаныңның астына мұз төседі Тайғанақ тұғырыңнан тайдыруға. Діні, ділі жоқ елдің сиынардай Пайғамбарсыз, киесіз күйі қандай. Өзің барда Одақ та көрінетін Тентегін тыйып ұстар Биі бардай. Ұлылыққа құшағын жайғанда Əлем, Пір тұтар тірі сөздің Пайғамбары ең. Ел төрінде орының қаңырап тұр, Аңырап тұр, қасиетті қайран Ғабем! ҚОС ЖҰЛДЫЗ (Баллада) Жазира, жаздың майда бір кеші еді, Шалғынмен жүрген адам гүл кешеді. Сарыарқа самалымен сусындаған Көңіл-ай, жас сəбидей күнде өседі. Тумаса осынау жерде Сəбит, Ғабит – Тап мұндай сұлулықты ел білмес еді. Жəннат жер қайда да көп көзді арбаған, Жаныңды соның бəрі қозғар ма əман. Қаншама асыл жайында шежіредей – Аңыз боп айтылардай сөз қалмаған. Бабалардан жалғасып балаларға – Басынан талайлардың озған ғалам.

Ірім бе деп ойлаймын, пірім бе деп... Сиынсам, көтерердей жырымды ерек. Екеуі екі шыңындай Алатаудың – Елестету, сірə да, мүмкін емес Қос шырақтай бірінен бөлек. Айыра бастағаннан ақ, қараны, Жазғандарын келеміз жаттап əлі. Сəбиті бар елміз деп, Ғабиты бар... Бар қазақ ұлдарымен мақтанады. Айбынды екі арысы,

Екеуінсіз Ашылмай қалар ма еді бақ-таланы?.. Арқаның жел тербеген дала гүлі, Көзді арбар көркем өлең – тау, адыры... Көктемдегі көшкіндей көз алдымда Тоғысып жатыр жөңкіп бар ағыны. Айналып оралғандай бала күні – Отырды ойға батып қайран Ғабең, Қас қағымдай екен-ау – қандай қысқа Сексен менен сегіздің аралығы. Алыстаған сағымдай мұнарланып, Біртүрлі шұбарланып бара ма үні?.. Байқап ем келген бойда-ақ, бағана мен, Сағыныш сарғайтты ма сананы əрең... Қаншама қауышса да қаламенен, Көңілі қалғып барып оянды ма Адасып тапқандай-ақ Ананы əрең, Балаға қандай ыстық Ана деген, Данаға қандай ыстық дала деген! Қызығып кереметтей келбетіне, Аққудай айдындағы тербетіле... Жұлдыздың жанарымен қарады əлем.

Шарқ ұрып сан қиялдың жетегінде... Шарлаған алыс, жақын шет елін де, Енді ұқты таңданудың бекерін де, Меккеге күнде барып қайтса дағы, Өткізген бір сəтіне жетпейді екен Қасиетті ата-баба мекенінде, Шын ұққандай құдіреттің не екенін де! Ол, бəлкім, ойлады ма осы сапар Қоштасып ақтық рет кетерін де. Əсіре əшекейге төзбес əман, Айтулы маңғаз қалпы, сөзге сараң. Сол кеште ақтарылды-ау жұрт көзінде, Біз білмес шыға келді өзгеше адам. Қоймайтын жамандыққа жаны ұялай, Сыр тербеп отырды бір қариядай. Ай, жұлдыз аспандағы құлақ түрді, Жұрт кейде күңіренді, жылап, күлді... Армансыз ағылды-ау бір дариядай! Сырдың кеші ұласып жыр кешіне – Көрінді сəн ұядай, əн ұядай. Ақтарылды Сəбең мен Мұхаң жайлы... Қай кеуде, көр болмаса, тұтанбайды. Көңілдер сөгілгендей көбесінен, Гүлдің де мөлдіреген бүрі ашылды, Көмілген көмбелердей мұра сынды. Қанша жаз содан бері, қанша көктем... Емен де бүршік жарды, арша көктеп. Артта алыс жылдар қалды жұмбағы көп, Құбылып көңілдерді дел-сал еткен. Қоштасып отырды ма туған жермен, Шет жайлап өмір бойы аңсап өткен. Тағдырының тылсымын іздейтіндей Əр жаққа алып ұшқан əр себеппен.

Аялап сал сезімді құсбегідей, Сексенде серпін атып,

Күш кемімей... Ұшқындап ойларынан от өргендей, Бал сезім жерден басын көтергендей, Бір сөзі бір сөзінен түскен үдей. Қызығын тіршіліктің шеттеп көріп, Із-түзсіз баз біреудей кетпепті өліп. Тірлігінде-ақ айналған аты аңызға, Жүргендей əлі күнге ортамызда Ауыл, көше, сəулетті мектеп болып... Аспанмен астастырып биіктігін, Əр сөзінен даланың жиып гүлін, Қойғандай, Кеңсайға емес, қалың елі Қастерлеп жүрегіне сүйікті ұлын. Ғабеңнің оттай ыстық құшағына – Бəріміз жүргендейміз сыйып бүгін. Жасаған қиянаты жоқ біреуге, Қиянат – осы өмірден өтті деу де. Қара сөзден кеткендей қамал соғып Алауы басылмайтын отты кеуде – Данадай даңқы биік,

Көк тіреуде! Тебіренбей жүре алар ма ел дегенде ер, Еміренбей тұра алар ма ер дегенде ел. Сəбең менен Ғабеңді қатар туып, Əн-бесікте аялап тербеген жер, Тербеген жер, көңілімде көлбеген жер! Мұнартып көз алдымда өрден сағым, Тұрардай ауып əр кез елге аңсарым. Ғабеңді əз анадай тербеген жер

Мені де тербейтіндей келген сайын, Ай жүзі ажарланып көрген сайын. Сəбит, Ғабит! Бірі – іні, бірі ағадай, Ғасырмен қатар туған ғұламадай. Екеуін тербеген Жер – Алтын Бесік, Екеуін өсірген Ел Ұлы Анадай! Тілден терең-тұңғиық теңіз жоқ деп, Егіз туған жандардай, егіз көктеп... Ел мерейін көтерген бірге жүріп, Өнерге де өлместей егіз боп кеп. Жинасам сол Анаға ғалам жырын, Сыйласам жер-жаһанның тамам гүлін, – Тебіреніп, жас баланың күйін кешем, Аз болып көрінердей маған бүгін. Ақын ба толқымаған, шалқымаған... Шабыттана бермейді əр күні адам. Қос жұлдыздай туа қап бір мезгілде, Қазағының көгінде жарқыраған. Ақ сарайдай алдымнан ашылатын, Ақша нұрдай əр қырдан шашылатын, Дос түгілі, дұшпан да бас ұратын, Сəбит, Ғабит ғасыры десек еді Қос жұлдыз қатар жанған ҒАСЫР атын! ҒАБИТКЕ Арқаның жазығынан самал есіп, Тербеген қиялымды дала – бесік. Ақын болсам, алтынға буланғаным Ақ иық бабаларға қарап өсіп.

Қасіретті, қасиетті аймақ – шеңберлерім, «Елімайлап» еңіреген ерлер демін Сіміріп жастайымнан жұтып өстім, Қожаберген, Шал ақын, Мағжан, Сəбит... Туып-өскен бесікте тербелгенмін. Үйренген ұлағатым елден менің – Жүйрік пенен жабыны теңгермедім. Көкірегі кен жандарға жақын жүріп, Ертерек ұқтым ездің ерден кемін. Құлазыса көңілім шерден менің, – Тірі өлгенім, жөргекте жерленгенім. Айтқаны нысанаға дөп тиетін Көз емес, көрдім сөздің мергендерін. Басынан күнде өткеріп ғадауатты, Ел үстінен сел жүріп, заман ақты. «Бейімбет жау болса, онда мен де жаумын!» Деген сөзден көргендей ғаламатты, Жанашыр жұрт жүрегін жаралапты. Қопарылып кеткендей сең дүбіле, Қушиып жүре берген кең дүние. Ішін тартып ерінің ерлігіне, Күңіреніп кеткендей енді, міне. Көштен қалмас əйтеуір қосақ үшін Əркім баптап бəйгеге ит қосады шын. Бар ғұмырда жұлдыздай қатар аққан – Елім мақтан тұтады лайығымен Бір тамырдан нəр алған қос арысын. Айдынындай шалқыған теңізінің Сибан-керей – десеңдер негізі кім. Қазағымның көгінде жарқыраған Сəбит-Ғабит – қос жұлдыз, егіз ұғым.

Алда дəйім бəйгенің аламаны, Қара сөздің қайыспас қара нары Сарбаздарын самсаған ілестіріп, Сəбит-Ғабит көш бастап барады əлі. * Уақыттың жүгін көтерген, Қайыспас қайсар қара нар – Сіздерді жырлап өтем мен Пайғамбарыма барабар. Қауқиған кəрі қара шал Əулием десем, жарасар, Əмбием десем, жарасар, Аман жүріңіздерші, Ағалар! Төреге дəйім тең көрер, Жаныма шипа-ем берер, Еркелігімді кешірер, Тентектігімді кешірер, Жел-құздан қағар панамдай, Ақылман асыл анамдай Аман жүріңіздерші, Жеңгелер! ЖҰЛДЫЗДЫ ЕЛДІҢ «ЖҰЛДЫЗЫ» Елімнің елдігін де, ерлігін де Дауылды, желді күнде, селді күнде... Жырлап келген жалғасы «Таң», «Шолпанның» – «Жұлдыз» бүгін сексеннің сеңгірінде! Тарихпен таразыла.

Əлі бала... болса да Ел деп соққан жаны дара! Шыңыраудан сыр тартса, ШЕЖІРЕДЕЙ Тереңіне жеткізбес кəрі-дана! Сексен жыл. Қысы, жазы, күздерін əр Көктемдей гүл көмкерген,

Үзгені – нəр. Сел сеңгір тұнығына бойлап кетсең, Талай-талай тарланның іздері бар. Жанын айт Жалын атқан жырға құмар, Тыңдай алсаң, сазды күй, сыр да ағылар... Мағжан, Сəкен, Бейімбет, Ілиястың Жетсем деп, жетпей кеткен ШЫҢДАРЫ бар. Тарихтың тұнығындай тұнған арман «Елімайға» ұласып, мұңға оранған. Шытырман көп мұраты қазағымның Көмбедей көзі ашылмай құмда қалған. Фəниді тектен текке фəни дер ме, Арысты – Арыс, Ерді – Ер деп таниды Ел де. Бабалардан қалған БАҚ талбесіктей – Тұғыр болған Мұхтар мен Сəбитке де, Қос пырақтай Ғабит пен Ғабиденге! Аялаған қазақтың құндыз жырын, Ер жетсе де еркелетер ұл-қызды кім? Қара сөздің қаймағын қалқып ішкен – Сеңгірінде сексеннің «Жұлдыз» бүгін! Хас талантты түлетер тұғыры бар, Сөз мəйегін сүзгілеп, шын ұғынар. Жұлдызды елдің «Жұлдызы» мəңгі жарық, Ұлтының ғұмырындай ҒҰМЫРЫ бар!

Көтеріп Көкжиектен Ел түндігін, Сексенде қанаттанып, серпіл бүгін. Жасай бер, мəңгі жасар жырға қосып Егеменді Елімнің еркіндігін! «Жұлдыз», міне, сексен дейтін сеңгірге Келді дейді, Сенбедім бе, сендім бе? Ата жасын байқамай да қалдық па, Жүргеннен соң «Жұлдызымен» ел бірге. «Жұлдыз» енді сексен дейтін сеңгірде, Шын ба осы, – ойлап қалдым мен бірде. Туа салып сөзін сөйлей шыққаны Ғаламаттай Едіге боп елдің де. «Жұлдыз» – жұлдыз,

Жақсы көрер жан атам, Түлеп тұрған жаңа «Шолпан», жаңа «Таң». Қуансам да, мұңайсам да – сырласым, Жан сырымды жалпақ елге таратам. Сексен жылдық арман-мұңы Алаштың, Сексен жылдық жанған нұры Алаштың. Жауқазындай жарып шығып қар астын, Бабалардан қалған жыры Алаштың. Жыл дегенмен, жылы мыңға ұласқан, Шабытындай бабалардың шың асқан. Қай кезде де менің көңіл күйімді «Жұлдызым» боп ұғатындай мына аспан. Көп пе осы, Мен шықпаған аз ба шың, Шотқа салып көрмегендей өз басым.

Сексен жылды сексен мыңға баладым – Қуанғаннан əз атамның əз жасын. Тұлпарлардай темір қанат, тұяқты, Көкірегімнен телегейдей күй ақты. Мың сан жұлдыз жанып, сөніп жатқанмен, Сөз – «Жұлдызым» мəңгі жанар сияқты. ОСЫНДАЙ-АҚ БОЛСЫН ДА... Келе ме хал-жайымды білгілерің, Білгенде кім таңырқап, кім күлерін Тап басып айта алам ба, айналайын, Көңілім құстай ұшып жүрді менің. Аға болса, Ол өзі дара болса, Дара болса, Бірегей дана болса... Сумаңдаған суық сөз, сұқ көздердің Дарымасын білемін маған онша. Іні болса, Тағы да ол ірі болса, Еліміздегі екеудің бірі болса, Айтпасам да айналам ұғатындай Тақа жаман болмасын күнім онша. Қарасам, көз тоярдай айналама – Қамқоршым қайда да іні, қайда да аға! Жел өтінде жапырағын жұлып-жеген Бəйтеректей қорғаны, орманы жоқ, Жан емеспін жеке өскен айдалада. Бірінен бірі биік ағам, інім... Шуақ шашып шығардай жаңа күнім.

Бақытқа мастығы ғой дей салыңдар, Тарқамаса əлі де балалығым. Алпыстың алтауына келсем дағы, Асаудай басылмаған бар арыным! Толтырып інімді – аға, ағамды інім, Мен үшін қуанардай ғалам бүгін. Қатарымнан кеммін деп қалай айтам, Алыстап артта қалса алаң күнім. Қариялар ілгеріде айтатұғын: «Осындай-ақ болсын, – деп, – жаман күнім!» Рауаны секілденіп таң алдының, Нұр сезім көкірегімде жарар гүлін. Еңсемді биіктетіп əкеткендей, Еліктіріп ертеңге барар күнім. Көңілім шуақтанып, қуаттанып, Көтеріп кетердеймін ғалам жүгін. ТІЛЕЙТІНІМ – БІР СЕНІҢ АМАНДЫҒЫҢ Шетін көріп қатенің, бұрыстың да, Бетін көріп төбелес, ұлыстың да... Осы ортада Адам боп өскеннен бе, Бəрі де оң, секілді дұрыс мұнда! Өтті ағалар – жолбарыс, арыстандар, Желқанатты жүйрікпен жарысқандар... Шындық үшін шырылдап алысқандар, Шапқанда тұяғынан шаң ұшқандар... Елім десе, егіліп-еміренер – Едігелер тербеніп-тебіренер, Бəрі жақын, жаныма таныс жандар! Мұхаңдарды оқып жүріп көзім көрді, Тұзды басып алатын көзірлерді... Жас күнде қаның ыстық, жадың да алғыр, Ұмыта алман өзін де, сөзін де енді.

Ұлылықтың ұқтырып ұлағатын, Аялап-əлдилердей сезімдерді. Жерлесім деп Сəбеңді, Ғабеңді де... Сүйсінетін ибалы сəлемдіге. Еркелетер бірі жоқ екеуінің, Жетімсіреп қалғандай жаны жүдеу Əдебиет дейтұғын əлем, міне! Жатқа да жақындатар жыр адамды, Көп тыңдадым Іле-ағам, Жұб-ағамды. Алыстаған айбарлы Алатаудай – Тірлігінде ұғыпты кім Адамды? Сырлы сезім тербейді жүрегімді, Анамның бесігіндей, сірə, мəңгі. Одақта Олжаспенен бір уақытта Жүргенім – қара дердей шыңға шық та. Өткен күнде белгі жоқ деу – ағат сөз, Жеткен бар, жетпеген бар бұл бақытқа. Аға, інідей, Арамыз жиырма күн, Қатар көріп тірліктің сыйын, нəрін... Жүргеннен бе, көкіректен құйылды əнім. Бірге өткізіп əкеміз Əбекең мен Анамыз Фатиманың жиындарын, Қуаныштың бір көрдік бұйырғанын. Жазушылар Одағы Ақ Ордамдай, Ақ Ордада бар еді бағам дардай. Енді айналып іздесем, табам ба, Алла-ай?! Шаңырағынан шырайлы нұр құйылып, Көрінетін басыма бақ орнардай. Құс көңіл көкте ме екен, жерде ме екен, Қимай-қимай бір күні мен де кетем.

Ел қамын жер Едігедей ерге мекен, Көңілің мұңда ма екен, шерде ме екен, Өлгенше жыр-бесікте тербеп өтем! Мұң да бар, қуаныш бар жанарда көп, Ағалар өткен талай Ақ Орда деп. Өзіңді көргенше ылғи асығамын, Кешіксем, мəңгі көрмей қалам ба деп, Білемін кей-кейде өзі жаман да əдет. Алыстым біреудей-ақ алысқанмен, Жарыстым біреудей-ақ жарысқанмен. Саған деген көңілімнің қаяуы жоқ, Баз біреуге көңілім қалысқанмен. Сенің бір бұрышыңнан ұя табар, Кеудеден көкала үйрек – жан ұшқанмен. Өмір-дария азаймас арнасы əлі, Арман-аққу айдыннан алға асады. Ұлылардан басталған ұлағат та Ұлылар ұрпағымен жалғасады. Жақсы күнім көп болды, жаман күнім, Шабыт та шəу тартты ма,

шабан бүгін. Қарға аунаған түлкідей түлеп тұрып, Қайта бүршік жармайды тамам гүлім. Көз жұмсам да көңілім мəңгі ояу, Ой өрбітіп, тұрардай жыр тербетіп, Тілерім – мəңгі өзіңнің амандығың! ЕРКЕ ЖЫРЫҢ (Қасым Аманжоловқа) Еңсесін езген ауыр зіл батпандай Ойларын кіреукелеп жүрді ақтармай.

Сырлары жеті қабат жер қойнында – Көңілінде аршылмаған кір жатқандай, Құпия, шешімі ауыр жұмбақ бардай. Айбынып, айбар шегіп жауларына, «Дауылдап жатқан кезде дау-дабыра», Өзге емес, өзі айтып өз жайында – Сыр ашқан ағайын-ел аумағына, Көңілін жырмен жұбап, аулады ма? Қия алмай жалт-жұлт дүние – кең мекенін, Тағдырдың тезіне сап терлетерін, Көкіректен жаһұт-жыр селдетерін Ұқты да, ой маржанын төгіп-төгіп, Қалдырып жүре берді елге тегін, Кім біліпті тез келіп, тез кетерін. «Жігіттің көріп жүйрік, шабанын да», Малынып шала мұңға, нала-мұңға, Қалғандай Барсакелмес аралында, Шық тұнып, сыр ойнайтын жанарында. Жауқазын жаның жұқа-ақ, көңілің мұқап, Бəйгең көп алмай кеткен заманыңда. Секілді тау өзені тасынатын, Тасынатын, заматта басылатын, Көктемнің шуағындай ашылатын, Анадай қиянатқа ашынатын, Алланың ақ жолына бас ұратын, Жанымен жақсылыққа асығатын, Тым ерте қалай тындың, асыл ақын – Асыл ақын – өмірге ғашық ақын?! Дүниенің тұтқасы менде болса, Өзіңмен жалғар едім ҒАСЫР атын! Жолыңды кес-кестеген кіл жырынды, Ұстауға жарамастай шылбырыңды,

Алдыңды андағайлап орай шауып, Қиядан көрінем деп қылғынулы. Көкірегі көк тіреген сондайлардың Мың жырына бермес ем бір жырыңды. Нұрлантып көңілімнің шарайнасын, Келсе де дүниеге талай Қасым, Жұлдыздай көкжиектен ағып түскен – Қасым бола алу да талайға сын, Өзіңнен бола алады қалай басым?! Қанатты қиялындай ертегінің, (Ертегіні серік қып ертеді кім) Жырларыңда шалқыған бірде шаттық, Бірде Қорқыт күйіндей шертеді мұң. Десе де, Еркін Елдің аспанында Қырандай қалықтап жүр ерке жырың! * Бірімізді біріміз біліп жүрміз, біліп жүрміз əрі іштей күліп жүрміз, ит ұлыған кеудеміз алай-дүлей, сыр алдырмай, томаға-тұйық жүрміз, сырт көздерге сұп-сұлу сүйкімдіміз, ішімізден іркіттей іріп жүрміз. Қайғы-мұңнан адамыз сырт қараса, салындыдай күні жоқ ықтамаса, мен білгенді басқа жан білмейтіндей, қулық ойлап тұрамыз жұрттан аса. сырт айналып шығу да оңай бізге, ойымызды өсіріп-құптамаса. Əр күніміз ертегі, толған аңыз, сенбесек те сенгендей таңданамыз, кей-кейде малданбасты малданамыз,

сөйтіп жүріп баладай алданамыз, дауылға қарсы жүрер қауқар да жоқ, шидің түбін паналап жан бағамыз. Көңілінде құндақтаулы тұнығы елдің əр-əркім ұға алар ма мұңын ердің. Қайырлы, Кемал, Жеңіс – бəріңді де тумасаң да туғандай іні көрдім Елеске елтімесе, ерген бар ма, қызығады ел құмдағы өрген нарға, оңайлықпен өлмейтін сияқтымын артымда айналайын сендер барда – сендерді тілегіме берген де Алла! Білемін ағалықтың ауырлығын, өтіп кеткен таба алар бауырды кім. Сендер емдеп əйтеуір жазасыңдар, болмаса жүрегім кіл жауыр бүгін. Мұң аралас мен қазір білетін əн, қашқандаймын тамұқтың кіл отынан. Тəңірім тірлік берсе, алдарыңда қалқиып аға болып жүре тұрам. Журналдың мұңы – денсаулық, менің де мұңым – денсаулық, денсаулыққа зар қылып, қойғаны-ай Тəңірім дел-сал ғып. Дəрі деп су да ішеміз, бəріне «ем у да» ішеміз,

əулие көріп əркімді, əуре-сарсаңға түсеміз. Қыратқа да өрлеп шыға алмай, құр атқа көлбеп міне алмай, өзіңді өзің ұға алмай, көзіңнің алды тұмандай. Сынайын десең, сына алмай, тұрайын десең, тұра алмай... күн санауменен жүргенің – сүрінсең, жаның шығардай. Көрші үй мен көрші үй арасын тау асқандай боп барасың, қашанға шыдар екен-ау қалқиған мынау қарасың, бəріне күйіп-жанасың!.. ШАПҚАНДА БАЙДЫҢ ҰЛЫ... Бірге жаттық жеті күн палатада – Қаламасты көңіл шын жарата ма? Сырымыз бен жырымыз бір арнада тоғыспаса, күн батып, таң ата ма? Қызығы мол қимайтын жас күніміз, Тарқамаған əлі де мастығымыз, Естен кетпес ол да бір дəурен еді-ау, Тау суындай көпірген тасқынымыз. Көңілде күй күмбірлеп, басыңда өлең, Əр сəтің аяқталмас ғасыр дер ем. Есіңде ме қыз қуған кездеріміз Сабырханмен, Əсетпен, Əшірменен...

Қызғалдақтар құлпырып, сарғалдақтар... жапырақтар, жаңа гүл жарған бақтар Еліктіріп, елтітіп, еркіңді алған – Армандап қал дегендей, армандап қал!.. Тіршілік – тұнған жыр мен тұнған əуен, Үніне құлақ түріп, тыңдар əлем. Сері ғып, сезімтал ғып жаратқандай, Əлемнің əміршісі – бір ғана мен! Ана сүті əн болып бойға дарып, Жастықпен елтең-селтең тойға барып, Қыз қуып, қызық қуып күн өткіздік, Атақ, даңқ дегенді ойламадық. Бірге ішіп жаспенен де, кəрімен де... Мазасыз түстік талай əбігерге. Шапқанда – байдың ұлы, кім ойлаған пенде боп келеміз деп дəрігерге. Пұшайман пенде болып дəрігерге, Күніміз қарайды деп дəріге, емге, ол кезде кім ойлайды, жəутеңдейміз, Өзгереді екен-ау бəрі демде. Жолаушының жаны бір кемедегі, Арманың да, мұңың да теңеледі. Өткеніңді ойласаң, көктеміңді... Шет-шегі жоқ ой шіркін не береді, Не береді жəне одан не келеді?!. Ей, Мыңжасар!

Не ғажап күндер еді, Сұрағанды Құдайдан кім береді. Атақ та, абырой да, даңқ-дақпырт та... Бұйырса, өзі жетіп үлгереді. Ұлыңмын сендей әсем, паң даланың Ұлыңмын сендей әсем, паң даланың – Бүгінгі мерейіңе таңданамын. Еншіме қисаң болды ақындықты, Басқаңды қаламадым, таңдамадым!...

АЛТЫН АРҚА Биігім, Ұшқан ұям – Арқа менің, Думанға, мерекеге дарқан елім. Жанымның жалындаған сағынышын, Өзіңе сыйға балап тарта келдім. Төсімде көктемгі əсем қызғалдағың, Өмірдің өр шыңына жүзді арманым. Бойыма асылыңды бердің құйып, Сен менен ештеңе де қызғанбадың. Па, шіркін, көрікті еді дала қандай, Сұлулық бір өзіңнен тарағандай. Кетер ме қиып тастап қайтқан құс та Артына қайта айналып қарап алмай. Ұлыңмын сендей əсем, паң даланың – Бүгінгі мерейіңе таңданамын. Еншіме қисаң болды ақындықты, Басқаңды қаламадым, таңдамадым!... ІЗДЕРІНЕ ГҮЛ БІТЕР Шалқар дала – шетсіз, шексіз көлбеген, Көз алдымда жатыр сұлық көлденең. Бозаң тартқан бетегенің бедері Аруана секілді бір шөлдеген – Құр жаны бар өлмеген. Қырық күн шілде – ми қайнатқан күн ыстық, Бас сауғалар жері де жоқ тыныс қып. Шешек атқан қызғалдақтың жапырағы жайқалып – Таң нұрыңмен мөлдіресе күміс шық, Солмас еді-ау гүл өстіп.

Осынау жерден əрі-бері жылда өтем, Менде, сірə, болған емес жасыратын сыр бөтен Осынау жерден өзен ақса ақ Ертістей айдынды, Ғажайыптан орнар еді-ау гүл мекен – Болашағы қандай əсем нұрлы екен! Осылайша ұшқыр қиял күндерге өтіп алдағы, Кең өлкемнің болашағы барланды. Жер жұмағы – миуалы бақ іздеп Асан ата дүниені шарлады, Қай қиырға бармады? Сол жерлермен жүріп келем, жүріп келем мен бүгін Көзбен көріп ұлан-қайыр даламыздың кеңдігін. Жыр жолына түсіре алмай қиналамын кей сəтте, Ертіс суын кері ағызар қаһармандар ерлігін – Құрылысшының құдіретін мақтан етер келді күн. Ен далада канал бітіп күні ертең, Гүлзар баққа бөленеді нұр өлкем. Шешек атар жазиралы қойнауы, Осынау жердің болашағы жырмен тең, Ғажап менің нұрлы өлкем! Достар, кəне, осы өлкеге келіңдер, Құрылысшының құдіретті күш-қайратын көріңдер. Нəр боп сіңіп, Жер-анаға сəн берсін, Елмен бірге терлеріңді төгіңдер, Сендердің де іздеріңнен əсем гүлдер тебіндер! КӨКШЕГЕ Шоқыңды көрейін деп мұз бөктерген, Көкшетау, сені алыстан іздеп келгем. Бірімін ұлдарыңның қиялға бай – Иіліп сəлем етем ізетпенен.

Тауларың неткен əсем манаураған, Көз алмай жалығар ма қарауға адам. Қыр гүлі баурайыңда шешек атқан, Жанындай қыздың нəзік алаулаған. Дер жыршы Көкше, ақын Көкше, Таралған талай жерге атың Көкше. Тарихын сан ғасырдың ауырсынбай Тұрмысың алып тұлға – батыр Көкше. Сырыңды жүріппін-ау кеше білмей, Қойныңда қонақ болдым неше күндей. Аз күнім сенде өткізген, ақын Көкше, Көрінер шабыттың бір кесегіндей Айтпаймын би-болыстың ертегісін, Əн-жырдың болашағы, ертеңі үшін Өсірген сүйем сені, асыл Көкше, Ақан мен Сал Біржандай ел серісін. Демеймін ойдағымды сарқып жаздым, Көкшетау, өзіме ғашық бар қыздарың. Айыпқа бұйырма тек кетсем алып, Тамаша кешінде бір жарқын жаздың. ЗАМАНА ЖЫРШЫСЫНА (Омар Шипиннің 80 жасқа толуына) Тентіреп мал соңында жалаңаяқ, Табанын шөгір тесіп, жара бояп, Жүрсе де ертелі-кеш мал соңында Дейтін бай тоқалына: «Баланы оят». Қолында май қайырған ақ таяғы, Қалатын ойналынбай допта аяғы.

Шертетін жылап жүріп жетім бала Арналған əкесіне жоқтау əнін. Дүбірін естіді де ол Октябрьдің, Елменен қақты бірге оқ дабылын. Күй төгіп көкейінен ақын жігіт Арнайы қосып жатты оққа жырын. Халқымның қалаулысы енді бүгін, Тыңдайды құлақ тігіп, ел дүбірін. Тағы да тасқындатып жыр нөсерін Құятын, ақын ата, келді күнің. Өмірден осы емес пе ед қалағаның Шарықтап талай жерге барады əнің. Сексенде серпіле түс, ақын ата, Жасарған жыршысы боп замананың. СЫР Ағалар бар – ақылды көп айтады, Бəрі менің қамымды жеп айтады: Үйленсең сен тезірек, ақын інім, Қыз-қырқынды жазбас ең деп айтады. Болса да жақсы ақылдың адамдары, Көрінер топас жан боп маған бəрі. Біреудің таңдап сүйген тақырыбын, Ұялмай қайтып олар жамандайды. Шіркіндер, аузы қыздан күйгендей-ақ, Кемпірді жас күнінде сүйгендей-ақ. Қош айтысып кеткенше қыздарменен, Өтпеймін бе онан да үйленбей-ақ.

КӨҢІЛ КҮЙІ (Əнге лайықталған) Тынбай кезіп ну орманның арасын, Келдім іздеп, сəулем, қайда барасың. Жалғыз ғана сипа дағы ақырын Жазшы емдеп жүрегімнің жарасын. Қарай берші жанарыңды тайдырмай, Сен жоқ жерде жүрем қайтіп қайғым-ай. Ат арытып келгенімде алыстан, Кеткенің бе, шыныменен қайрылмай. ТАРТҚАН ҒАНА БІЛЕР-АУ Көңіл – көгім бұлыңғыр, Бұлттар көшіп жатқандай. Көкірегімде бүгін бір Зіл қара тас батпандай. Шағаласы шабыттың Төбемде жүр – қонбайды. Қашқан қиял – жаңа ұқтым, Қанша қусаң болмайды. Тұла бойым құрысып, Бір суып, бір жанады. Дəл төбемнен жыр ұшып, Қонбай кетіп барады. Өзіңді əзер ұстайсың, Еңсең түсіп, жаншыла. Қансонарда ұқсайсың, Құр қол қайтқан аңшыға. Жаным тағы жүдеді-ау, Мың сызып, мың жазамын.

Тартқан ғана білер-ау, Ақындықтың азабын. ІНІМЕ Қасыңда өзіңменен жақын жүрсем, Атайсың Есілəм деп атымды сен. – Бапа, – деп хат жазасың енді бүгін, Осында сағынышың жатыр білсем. Қуанам «жаңалығыңды» оқығанда, Күлемін əлсін-əлі отырам да: Сиырдан қойыпсың лақ тудырып, Болсаң бір «мазақтар» ем осы маңда. Есімде алғаш рет тəй басқаның, Қызықтап ауылыңның ойлы аспанын. Қолыңды соза бердің соза бердің, Пайымдап көрмесең де жайлап бəрін. Жалықпай ойнаушы едім өзіңменен Сүйер ем қазір тағы көзіңнен мен. Сөксе де, мейлі, қыздар, аға болып Сыйладым балалықты өзіңе мен. КЕТІПТІ ӨТІП БАЛА ШАҒЫМ «Ақбозым» – ойнақтаған тал шыбығым, Жастықтың қарсы алуға жаршы күнін Қалды да жарамсыз боп, жар іздедім, Тапсам деп қыз ернінің бал шырынын. Жақсыны жақын тартып жанасамын, Білінбей кетіпті өтіп бала шағым. Аттандым астанаға арман қуып, Күлімдеп тұрды алдымда болашағым. Ақ басты Алатаудың бөктерінен, Жамылып таң сəулесін өткенмін мен.

«Қош келдің!» дегендей-ақ астанадан, Шырқалған əн естідім өктем үнмен. Мінекей, астананың тұрғынымын, Қызығы бір дастандық бір күнімнің. Өмірді кеше бердім, өсе бердім Күніне жүзді көріп, мыңды білдім. ӨМІР Өмір, неткен көрікті едің, кең едің, Жастайымнан сырыңды оқып келемін. Дария дер ем айдыны кең айналам Мен жолаушы үстіндегі кеменің. Мен жолаушы үстіндегі кеменің, Дария болсаң құмартарым – тереңің. Сонда менің аяулымдай асылым, Сонда менің жазылмаған өлеңім. Сонда менің асқақ сезім, арманым Сонда менің бар шабытым, бар жаным. Ауырыңды арқалаймын қынжылмай, Тек еншіме ақындықты таңдадым. ТЕРЕЙІН БАЛА БОЛЫП ЖИДЕГІҢДІ Астымда жол серігім – қара дөнен, Келемін қиял қуып даламенен. Жосылып қансонарда қашқан аңдай Жотадан бір көрініп қалады өлең. Ақ қайың, жасыл терек, көрікті емен, Бəрін де өз көзіммен көріп келем. Тұр, міне, көтере алмай алтын дəнді, Сыймайды, алма, мейіз, өрік...деген.

Еске алып қызықтарды бала күнгі, Қолыма тағы ұстаймын қаламымды. Туған жер,

тербете бер шабытымды, Көтеріп биігіңе талабымды. Қорынбай ыстығыңнан шілде күнгі Тағы бір көрсін елім жүрегімді. Кетейін жас талыңды жайдақ мініп, Терейін бала болып жидегіңді. * Қара жардың басына – Қара жаяу жететін ек бəріміз. Содан, содан келгенінше əліміз Мая салып, шөп шауып... Тірлік қамын ойлаушы едік тырбанып, Бір пенде жоқ тың қайтатын, тың барып... Кəрі-жасы шар болаттай шыңдалып, Майдандағы ерлерді жоқтатпаған бұл халық! Таяу күнде барып қайттым ауылға, Есіме алдым, Еске алу – тым ауыр да. Кəкіш, Гүлсім, Едіғойлар жүретін Ақ қар, көк мұз. Дауыл менен жауында... Көз алдымда əлі де – Онда жанған оттай еді бəрі де. Шығатұғын білектерін сыбанып, Дем бергендей бала-шаға, кəріге. Бəлкім, солай көрінді ме мен үшін, Білдірмеске кем ісін,

Əрқайсысы майдандағы ері үшін Жан отымен жылытатын елі үшін! Жібітті олар күні өткенді У, қасірет дарыған. Жылытты мұз-жүректерді Қара қағаз қарыған. Аялады жетімдерді, Жесірлерді жебеді – Жастай қалған жарынан. Барып қайттым ауылға, Ауыр еді еске алу – тым ауыр да... Талайлары уақыт жетіп, күні кеп, Бұл фəнимен қоштасыпты, Құдірет! Еркектерсіз елді ұстаған мұңлықтар Енді, міне, бірі бар да, бірі жоқ!.. Дөкей апа! Балалардың қойған аты баяғы, Зорға басып аяғын, Жүр сүйретіп əзер-əзер таяғын! Саулығымды сұрап жатты бəйек боп, Ал мен іштей аядым. Қажып жүріп білмейтұғын кеюді, Жеңгелер де қартайыпты-ау кейінгі. Тосып тұрған кесіп өтпей жолымды Таныдым ибасы мол келінді. КӨҢІЛ КҮЙІ Қуанышым болса егер – Бойға сіңген əдетім бар жасымнан, Соны анама жеткізгенше асығам.

Мерейі өсіп, көтеріліп қалсын бір Көріп менің көңілімді тасыған. Қуанышым болса егер – Ісім асып жатса дағы басымнан, Достарыма білдіруге асығам. Дəл өзімдей қуанар деп ойлаймын, Ал олардан не сырымды жасырам. Қуанышым болса егер – Жеткізгенше асығамын тағы да Ұл-қызыма,

үйде отырған жарыма. Шаттығында шалқытатын қашан да, Ризамын бəрінің де барына. Кімдерге бар, Кімдерге жоқ керегім, Ойлап қайтем оның салдар-себебін. Қыс па, жаз ба, Күн бе, түн бе?.. Бəрібір – Туған ауыл! Жылына бір келемін. Шаруам қайсы – Төменде кім, Төрде кім? Біреу – ұлық, Біреу – кішік, Бөлмедім. Ауылымның жас-кəрісі, ұл-қызы – Менің үшін бəрі бірдей – Өрнегім! Кісінеген құлын даусын, қозы үнін... Естігенше жетпей тағат-төзімім, Ұшып келем қос өкпемді қолыма ап, Өз ауылымның əр түтіні – өз үйім.

Балғын күннің бал дауысын балдырған Келдім аңсап естілердей сан қырдан. Бауырыма басайын деп бауырымдай Сол заматта кім шықса да алдымнан. Қарт ана ма, Жас бала ма? – Бəрібір Еркелеймін, Еркелетем, Жаны – гүл. Айналайын, алыс жүрген ағайын, Қай-қайсың да өз бауырым деп, таны, біл! Өздеріңсіз орта менің жыр кесем, Ұйқтап жатып бəр-бəріңнен тілдесем. Тіршілікте бақытты да, сорды да Өздеріңмен бір бөлісіп, бір кешем. Білінбейді көктегені, солғаны, Қадірі жоқ шын асылдың қолдағы. Ауылдағы ағайындар, сендер де Дəл өзімдей сағынсаңдар болғаны. Қайда жүрсем желеп-жебеп дем бердің, Мен сендерді тəңіріме теңгердім. Ақын болып ел қатарлы жүргенім – Тілектерің, тілектерің сендердің! Кімдерге бар, Кімдерге жоқ керегім, Ойлап қайтем оның салдар-себебін. Қыс па, жаз ба, Күн бе, түн бе?.. Бəрібір – Туған ауыл! Жылына бір келемін.

О, Туған жер! Ұлыңды желе, жебе – Жебемесең жараттың неменеге?! Туған жері тұғыр боп көтермесе, Басқа жұртта бақ қонып елене ме? Десек те баршаға аян – Неге, неге?.. Басқа жұртта бақ қонып елене ме: «Өз еліңде ұлтан бол» деген сөздің, Тереңіне бойладым келе-келе. Бай жомарт бола алар ма бере-бере, Ез ерге мақтағанмен теңеле ме? Барлық басқа, Бақыттың жөні бөлек, Байдың бəрі бақытқа кенеле ме?! Байдың бəрі бақытқа кенеле ме, Көсемсінген біреуге ел ере ме? Халқымның тілін, ділін, салт-дəстүрін Ұқтыра алсам деп жүрмін немереме. Ақынға жалған сөйлеу жараса ма, «Жерұйық – сұлу жер көп сала-сала!» Десек те кіндік қаның тамған жердің Жөні бөлек – Оған жан таласа ма?! Қаншама аянышты, қаншама мұңды Болса да, есіме алып бала-шағамды, Тұрады сағынышым құшақ жайып, Аударып тек өзіңе аңсарымды. Кімдерге бар, Кімдерге жоқ керегім, Ойлап қайтем оның салдар-себебін.

Қыс па, жаз ба, Күн бе, түн бе?.. Бəрібір – Туған ауыл! Жылына бір келемін. Қайда жүрсем желеп-жебеп дем бердің, Менмендерді тəңіріме теңгердім. Ақын болып ел қатарлы жүргенім – Тілектерің, тілектерің сендердің! ҚОШТАСАР КЕЗДЕ ҚИМАЙСЫҢ Бағлан сойып, Сары ала қымыз сапырып, Шалқытып əнді, Ақ таңды көзбен атырып... Думанға бөлеп дүбірлі мына дүниені Жатқан да жоқпыз күнара қонақ шақырып. Арманға ғой шіркін, Арман ғой бəрі Арман ғой... Өреміз төмен, Көрсетіп жүрміз жалған бой. Жақсылық күтіп емексуменен ертеңге, Жол қарағандай көзіміз ұзақ талған ғой. Жол қарағандай көзіміз ұзақ талған ғой, Тоса да тоса талайдан көңіл қалған ғой. Өтірікке зорлап сендіріп жүрміз көңілді, Болмаса шындық дегеннің бəрі жалған ғой. Өмірде бəрі... Бəрі болады не керек – Жазда – қар, Қыста жауады жаңбыр себелеп.

Отқа да күйіп, Суға да түсіп кейде адам Жүреді бейне секілді көзсіз көбелек. Көктем шыққанда көзді арбап алар гүл өңір, Жан нұрыңменен жарық қып үйге күле кір. Қызығымен де, Шыжығымен де, бəрібір, Қоштасар кезде қимайсың – Қымбат бұл өмір! Қарайды қыздар жанарын нұрлы төңкеріп, Жалыны шарпып барады жүрек өртеніп. Жанымда – жарым, Көрмейсіңдер ме, құдай-ау, Қалғанын менде сайтан сезімнің ерте өліп. Қыз емес, Өрт қой, жалын ғой бəрі шетінен, Самал боп бір-бір сүйер ме ем түгел шетінен. Жасымды қайтем ақшулан, Қасымда жүрген асылды қайтем?..

Өкінем!.. Айту да қиын, Айтпау да қиын мұндайды, Айтпайын десем, Алқынып жүрек тынбайды. Түсінген жанға екі оттың ортасындамын; Артымда – жастық, Алдымда – қарттық, қинайды... Екі қыраттан екеуі қолын бұлғайды. Білетін болсаң, Сен айтшы, кəне, қарағым, Қайсына барам, Қайсының көңілін табамын. Қалдырып жұртта жасаулы қару-жарағын,

Тауыстым ба екен жастықтың айтып бар əнін. Тауыстым ба екен, Тауыстым ба екен бар əнін Қауыштым ба екен көшімен басқа жағының, Қайталап іштей уақыттың берген сауалын, Таба алмай барам, Таба алмай барам жауабын. Сеземін іштей, Жауабын əзір таба алмай, Өткен күніңнің оралмас қайтып бəрі арман. Жастығым дағы, Қия алмай бір күн қол бұлғап, Бұлбұлдай ұшып жоғалар бір күн жанардан. Мерекеде жүрміз мерекедегідей бəріміз, Шипалы судан кіргендей өң мен əріміз, Тіршілік болса... Сынаптай сусып бұл жерге, Келеміз талай, Келеміз талай əлі біз. Ақсеуленіп самай да, шаш та ағарған, Нұр қашып кеше от ойнап тұрған жанардан. Келерміз шал боп, Жүрерміз дал боп, уа, жалған, Өмірдің заңы – оралмас күннің бəрі арман. Оралмас күннің бəрі арман! ЕЛЕҢДЕ КӨҢІЛІМ Қаншаға келдім –

Сұрама, Сұрама бүйтіп, сынама Жылменен өлшеу – ағаттық Адамның жасын сірə да. Қаншаға келдім – Сұрама Тоқтау сал сəл-сəл шүбəңа. Айналамменен салыстыр – Бірі іні жұрттың,

Бірі – аға Алыспақ ойнап, жұлыспақ... Жиырмадан астым жылыстап... Жиырма бесімде белдесіп, Отызда жүрдім ту ұстап. Тартыста қайтпай меселім, Отыздың отты бесеуін, Алаңсыз артта қалдырдым, Ол да енді менің кешегім. Шыдар кез шыдап шынықсақ, Ұғар кез бəрін шын ұқсақ. Қырықта дағы қиқулап Асауға жүрдік құрық сап. Елуден астық, елуден Басылды көңіл елірген. Жүдеді жүрек семірген, Арылды кеудем желінен. Ұрғылап жырдың кемерін, Дауыл боп соққан жел едім. Адуын мінез азайып, Алпысқа таяп келемін. Білдірмес бəрі арығын, Қамығып қайтем, жарығым. Жиырма бес емес, Қырықтың Енді ұққандаймын қадірін.

Өтер күн сенен, менен де, Елеңде, көңілім, елеңде. Қызығып ертең қарармыз, Қырық емес, елу дегенге, Елеңде, көңілім, елеңде. ЖАЗАМ, ЖАЗАМ... Көңілімді шұғыла Күнге бөлеп Жазам, жазам... Немере жас, Ұл-қызым орыс тілді, Табады ертең кім іздеп, кімдер елеп?! Жүргенменен жанымды жыр жебелеп, Көріне алам ақылды кімнен ерек. Жыр да менен бір күні қаласың-ау, Ойлайтұғын өзіммен бірге ме деп. Қалса да қанша жазым, қысым мейлі... Өлеңмін өмірімді мүсіндейді. Біреулер жан-тəнімен ұққанымен, Біреулер қасақана түсінбейді. Менің ауылым – Мағжанның туған ауылы, Аза күнді тойлаған думан ауыр. Ат аунаған орында түк қалады – Түсіне ме соны осы тума-бауыр. Кеш те болса адамдар түсіне ме, Түсінгенде жетеді күші неге. Егеменді Ел болдық дегеніміз, Көкірекке бір сəуле түсіре ме?! Жүрегімді, жанымды жыр жебелеп, Көтере ме көңілімді Күнге бөлеп

Орыс боп кеткен жердің ақыны деп, Бір басына жетерлік ақылы көп, Артымнан іздер екен кімдер елеп. Айта берем, Айтқанмен не қыламын, Зарлағандай жапанда менің əнім. Қызығамын қарадай қырда отырып, Қазағы мол жұрттарға елі қалың. Білемін, Жете қоймас менің əлім, Талайының жанында жегі барын Сезіп келем, Ұялып безіп келем Деп жүрген азаматтар:

«Елім – Арым!» Артында ұрпағына не қалдырып, Білсем ғой ұрпағының нені ұғарын! * Мен еркінмін – Елім еркін өйткені. Жерім еркін, Сенім еркін өйткені... Санам еркін азат болған құрсаудан, Көңілім де еркіндіктен нұр сауған, Намысым да еркін енді, шүкірлік, Аласармай тұр таудан. Мына жалпақ ғаламда. Көңіл – кептер алаңда. Адам біткен бағынышты адамға, Еркіндігің болмаса егер санаңда, Қоғамыңды мақта, Мейлің, жаманда... Бос сөз болып қала берер бəрі онда.

Өң бе, түс пе? Ұқпағандай əлі біз, Жасымыз бен кəріміз... Жанымызды құрсаулаған құса ғып, Желтоқсанның жарқылынан күш алып, Қамал бұзар қаһарманға ұқсадық. Намыс үшін пида шыбын жанымыз, Арыстанша Айға атылдық бəріміз! Сарсаң ойлар санамызды сандалтқан Сап болғандай – Көп күттірген таң да атқан. Кен де келді оңымызды, Солымызды аңдатқан... Жанымызда кек қалды, Жүректерде шемен болып қан қатқан. Өмір бойы аңсаған, Шар болаттай шамырқанған, шаршаған, Еркіндіктің лебін жұтпай тамсана, Мəңгілікке көзін жұмды қанша адам?! Еркіндіктегі он жылым – Он ғасырға татырлық! Еркін жазған он жырым – Он жасынға татырлық! Төбемізге намыс туын шатыр ғып, Əз бабалар аруағын шақырдық. Жақсылықтың болғай, тəңірі, ақыры құт. Ер еңсесін ел көгіне көтердік, – Міне, осы, – деп, – батырлық! – Оян, қазақ! – деді ағалар. Ояндық. Арыстардың айтқанынан ой алдық. Мəңгі мүлгіп күн кешуге бола ма,

Үйде отырып босағада қалдық та, Үйде отырып тоналдық. Өрлігіңді, ерлігіңді танытсаң Ертеңің де болар құт! Ерлер, ерлер!.. Тас шайнаған, құм жұтқан, Шыңды көріп, сұмды көріп, Мыңды ұққан. Сезімдерін сертке байлап, Өзін-өзі өртке айдап, Құрсау бұзған құтылам деп құлдықтан. Ерлігіне, өрлігіне ел табынар, Боздақтарын боз далам да сағынар. Қанымызда біздердің Қайраттардың, Лəззаттардың... жаны бар, Беу, ағайын, қалғып кетсе, намысыңды жанып ал, Қыршын кеткен ұл-қызыңның ерлігінен тағлым ал! Желтоқсан ба, Қаңтар əлде ақпан ба, Қыран қиял қанаттарын қаққанда, Оянады қалғып кеткен бақтар да. Оянады манаураған ақ таң да. Қыршындардың жүрегі Мұзда маздап, Алаулайды ақ қарда! * Елдікті аңсаған қазақтың ұл-қызы Түнектей түн босып, ез болған күндізі. Армандай таң атты, дүниені қаратты, Жарқырап бір шықты маңдайда жұлдызы. Көңілімде, өмірімде шықса деп күн күліп, Елдікті, ерлікті көтердік ту қылып.

Желтоқсан желімен түн түнек сырылып, Көрінді көп күткен армандай нұрлы үміт. Тірлігі əрі мұң, əрі арман, əрі аңыз, Ертеңге Тəуелсіз Ел болып барамыз. Біз көрген езгіні көрмесін баламыз. Бүгінде азат ел, азат ұл, азат қыз Жеріндей жаны кең, пейіліндей таза, ақық. Тағдыры тас түнек зынданға қамалып, Мың өліп, дүниеге мың келген қазақпыз. БАҚЫТЫМ. БАРЫМ. БАЙЛЫҒЫМ! Уа, ұлы Жеңіс! Қыста да күттік, Көктемде күттік, Жазда да... Соғыс біздерге əкелген жоқ-ты аз нала. Оранды оққа, Оранды отқа, күл болды Сəулетті үйлер, Саялы бақтар, Өз қала... Күттік біз сені қараңғы түнде түк көрмей, Айдай бір сұлу аяулы жанын күткендей. Өзіңсіз жəне,

уа, ұлы Жеңіс, ұқтық біз Құтты мекенге қоярын тағы құт келмей. Жүрсек те кейде көңілдер мұңды, шерменде Сеніммен күттік, Не жетсін, сірə, сенгенге. Егіліп тұрып, езіліп тұрып жыладық, Қуанып жүріп жыладық өзің келгенде. Жаңғырып жерім, Жайнады жəннат өңірім, Нұрланды қайта құлазып қалған көңілім. Десек те, Жеңіс!

Бір өзің үшін білесің Қаншама боздақ қиғанын қыршын өмірін. Білеміз біздер, Біледі тарих санағы, Ойласаң болды-ақ, өртейді сезім-сананы. Гүлденген жерлер көміліп қалды күлменен Мəңгі ұмытылмас уақыттың бұл бір сабағы. Уа, ұлы Жеңіс! Бақытым. Барым. Байлығым! Шалқыған шаттық өзіңнің келген ай-күнің. Қуанышымыздың бастауы сенсің, білеміз – Соңы да сен бол Адамзат шеккен қайғының! ҚУАНТСАМ ДЕДІМ Менің кім болғым келмеді дейсің? Асынып қару-жарағын, Қадаса тіктеп жанарын, Сұсымен жауды шошытқан Батыр болуды қаладым! Мектепте жүрген шағымда, От беріп бойда жалынға, Тылсымның тілін меңгерген Ұқсасам дедім ғалымға! Көргенде сұлу мүсінді – Ел мақтар ғажап ісімді Суретші болсам деп жүрдім Танытып жігер-күшімді! Бозбала шақта – Кейіннен,

Өзгеше сырлы сеніммен Дүние тынып тыңдайтын Əнші болсам-ау! – дедім мен. Жетегіне еріп сезімнің, Содан соң жырға берілдім. Қуантсам дедім жұртымды Ақыны болып Елімнің! * Көргемін жоқ Абай боп, Қасым боп та... Жыр көгінен ақпадым жасын боп та. Бауыржан да емеспін ел қорғаған – Қайсарлықпен тікпедім басымды оққа. Білмеймін дүниеде досым қанша, Хош дей қоймас талайлар осымды онша. Дос деп айту қиын ғой бір арнада Арманыңмен мəңгілік қосылғанша. Жұрт алдында беделін өсірмек боп – Талайлар-ақ жүреді досым көп деп. Сырт көздерге масайрап, мəз болады, Тіршіліктің жүргенге көшінде ептеп. Жоқ! Мен соның бірі де, бірі емеспін, Жөнсіз жерде келмейді құр егескім. Өз биігім өзіме жетіп жатыр, Биік болып аспанды тіремеспін! Кете берсін кеш алдын созатындар, Сенім артқан менің де өз атым бар. Үмітсіз деп бəйгеден ойламасын Кей тұстарда төтемен озатындар!

  • Көктемнің ашылғанда гүл-құшағы, Жер-Ана қуанышпен нұр құшады. Жасқа да, кəріге де шабыт беріп Шалқиды табиғаттың жырлы шағы. Тіршілік тебірентпей қоя ма əлі – Дала-ару ұйқысынан оянады. Қырат-қыр қырмызыдай қайта түлеп Құлпырып алуан түске боянады. Сылдырап су ағады сай-саладан, Сыңғырлап сыр шертеді майса далам. Толқытып табиғаттың тəтті əуені Күй болып көкірегіме ауысады əман. Көл-көсір көктемнің сый-ырыздығы, Жетеді жүрегіме сыбызғы үні. Жанымды жадыратып жібергендей Аңқыған хош иісті қымыз-гүлі. Түлейді тау да, тас та, өзен, көл де... Түскендей тіршіліктің көзі ертеңге. Куə боп соның барлық базарына Жүргеніңе не жетсін өз өлкеңде!

Талғам жөнінде таласпайды Халық даналығы Рас шығар, Халық айтса, қалт айтпайды – Талас деген адамды марқайтпайды. Сонда дағы кей кезде шындық үшін Айтыспасаң, жаның еш жай таппайды.

Кейде біреу шындықтан алабөтен – Қас сұлуды Десе бұл жаман екен. Қалай ғана мен оған бір сөз айтпай, Жайбарақат жанынан қарап өтем. Қалың елі мақтаған қас батырды Бір есерсоқ даттады, Бас қатырды, Не болады ол жерде айтыспасам, Жоғалтам деп «сабырлы, жақсы атымды». Күю бөлек қашанда, Тоңу бөлек – Жақсы шығар шыдамды болу да керек. Талғам үшін кей-кейде талас емес, Қажет болса, Соғысып өлу керек. ҚУАНЫШ Уа, өмір! Сүйем сені бар сəніңмен, Көңілдер шамшырақ боп жанса нұрмен. Елімнің табысына қуанамын Əр таңды қарсы аламын əн салумен. Сыйлайды шат сезімін уақыт маған, Əр күннен таусылмайтын бақыт табам. Əр күнде мың жаңалық –

мың мереке Солардан шабыт алып шалқып қалам. Жаңалық жаныма нұр құйып менің Жеткендей төбем көкке биіктедім. Қондырған адам ойын Ай-аруға Мен сені мақтан етем, Сүйікті елім!

  • * Ауылға келсең, Қаланы сағынасың – Қызығы-думаны көп. Қалаға келсең, Ауылды сағынасың – Ағайын-туғаның көп. Ауылға келсең, Қайтадан бала боласың – Ата-анаңды көргендер көп. Қалаға келсең, Қайтадан аға боласың – Соңыңнан ергендер көп. Қала мен ауыл – Менің қос қанатым сияқты, Бірінсіз бірі – Ұша алмай талатын сияқты. Қос қанатым бар кезде – Арманым алғыр Алыстарға да, Ғарыштарға да баратын сияқты! МАҚСАТЫМ Өмірдің өгейі емес, тумасымын Жүргем жоқ қамын ойлап құр басымның. Қаланып «кетігіне» дүниенің – Куəсі болсам деймін бір ғасырдың. Жазуға төселмеген қаламым бар, Талпынған балапандай талабым бар. Өлеңге сыйғыза алмай ойдағымды Боламын кей сəттерде шалақұмар.

Мінекей, шын өмірге жаңа келдім. Өзімнің үлесімді ала келдім. Асу көп алда армандай қол бұлғаған Жаза бергім келеді, жаза бергім. Көп əлі менде жастық, талас ұғым, Кек тұтпай тыңдамақпын аға сынын. Болса да өрт мінезім менмен емен Қазақтың қарапайым баласымын. Өткем жоқ ақындықтың мектебін де, Сонда да талабым зор, от көңілде. Мақсатым – бірге жасау ағалармен, Шұғылалы поэзия көктемінде. * Жым-жырт түн, мөлдіреген ашық аспан, Тек өзен арнасынан тасып асқан. Даланың тыныштығын қызғанғандай Мазасыз гүрілдейді басылмастан. Ауылым сол баяғы «Қойтастағы» Жаныма көрінгенде-ақ ой тастады. Көп төбет үріп шықты қарсы алғандай, Жануар үрікті ме, ойқастады. Өз ауылым, өзім өскен таныс көше, Ойнаушы ек бəйге тігіп, жарыс кеше. Дариға-ай салушы ек қой жанды ортаға Үлкендер «белдес» десе, «алыс» десе. Келгенде жыл құсындай қайта оралып, Сол күндер көз алдымнан өтеді ағып. Жас кезде төсек болған көк майсасын Құшып сүйгім келді жата қалып.

Кішкентай Сарқасқаны қара мына, Көтеріп басын жерден қарады да. Асылды мойыныма еркелеп кеп, Бұл да енді қарсы алуға жарады ма. АҚЫН Қашаннан ақын деген құдірет қой, Құдірет қой, Лаулаған күніге от қой. Өрлігін, Ерлігін де Махамбеттің Жасындай жырларынан біліп ек қой. Əр сөзін – Өсиеттей ел ұғатын, Сертіне семсерден де берік ақын. Жаны – ақ, Сезімі – пəк, Досына адал, Өлсе – өлер дұшпанға да сеніп ақын. АҚЫН ҚҰРБЫМ Қадамың құтты болсын, ақын құрбым, Түйінін тапқандайсың асыл жырдың. Махаббат жайлы жазған жырларыңнан Нұр жүзін көргендеймін ғашығымның. Құйғандай жүрегіме ыстық жалын, Жадымда қалды берік əр шумағың. Қай жерде, қайда жүріп жинағансың Осынша махаббаттың тəтті балын.

АҚЫН Поэт любит ласки. К.Маркс Ақын келді ортаңа – Өз ақының, Делебесі дүбірге қозатұғын. Сенің үшін өнердің бəйгесінде Өлсе де, озатұғын. Өлсе де, озатұғын – Даңқыңды дəуірлерге созатұғын. Соның бəрі – Елінің елдігі үшін, Ерінің ерлігі үшін – Ойлағаны қамы емес өз атының. Озады Құлагердей, Намыс үшін жаралған мұрагердей. Мерт кетсе де түсірмей ер еңсесін, Ғасырларға биігінде тұрады өлмей. Жылдар... Тіптен дəуірлер өтер, мейлі, Өкінішпен зұлымдық өтелмейді. Ақынды ардақтаңдар, ей, Адамдар, Ақын жаны мұң-зарды көтермейді. Ақын келді ортаңа – Өз ақының, Тілемейді ол намысын өз атының. Өлсе де сенің үшін өлетұғын, Озса да сенің үшін озатұғын.

ТУҒАН ЖЕРГЕ ОДА Мына дала көлбеген кеңістігі, Көзді арбаған өр менен еңістігі, Дəн-дария тербелген егістігі, Əн-Ғалия дем берген келісті үні... Қуанышын əйгілеп жер үстінің Сəбең тойын жатқандай бірге тойлап, Үлкен-кіші тік тұрып тегіс бүгін. Ескен желдей зымырап ағады күн – Қайта айналып өткенін табады кім? Осы жерде Сəбеңнің балалығын, Ағалығын, Ғұлама даналығын Айдыныңда айнадай дірілдеткен Мөлдірейді көлдердің жанары мың, Шежіре боп сөйлейді дала бүгін. Ана-Дала көсілген байтақ, алып, Шалқарыңда шабытын шайқап алып, Мақтанышын сыр қылып айтары анық: Киелі жер болған соң, ұлылық та Келеді екен егіздей қайталанып. Қараша үйде – Жел соқса əрең тұрған Сəбең туған, Сол тұста Ғабең туған. Қазақтың өнерінің бақытына Қос кеудеде тоғысып əлем тұнған. Қос жүйріктің үзеңгі қағысындай, Қос өзеннің астасқан ағысындай, Қос түндіктің түлеген арысындай, Ұшырыпты Табиғат бір тұғырдан

Екеуін де – Өссін деп сағы сынбай. Қос қыран талпынғанда шыңға қарап, Əр сөзін құлақ түре тыңдар алқап. Туған жер! Айналайын топырағыңнан Қос түлегіңді өсірген мыңға балап. Туған жер! Айналайын, киелім-ау, Бүлдіргенді, Жидекті, Шиелі бау! Өнерге екі бірдей ұлы берген Жомарттығың үшін де сүйемін-ау, Алдыңа кеп басымды иемін-ау. Байтақ дала – Бақ қонған, Ырыс қонған... Сая болған, Талайға тыныс болған – Сəн-салтанат өрбіген құрыш қолдан. Ана-Жердің көл-көсір пейіліндей Басқа емес, Мінекей, осы арада Екі арыстың туғаны дұрыс болған. Бұл жер – миллион жүректі жаулаған жер, Бұл жер – қаса жүйріктер аунаған жер, Сөз-құдірет алаудай лаулаған жер. Төбесінен бақ жұлдызы аумаған жер, Ел мерейін биікке көтерсін деп Сан сұңқарын бапкердей баулаған жер.

О, туған жер, Ұлыңның ұлы тойы, Алғы күнмен астасқан үміт-ойы. Берекесі, бірлігі жарылмаған Құтты жерден той-думан арылмаған. Дүбірлетіп қарсы алар перзенттерін Сен аман бол алдымен, Дарын-Далам, Дарын-Далам. Бақытым, барым Далам: Жырласам да жиірек бауды, гүлді – Көтеруге əзірмін тау-жүгіңді. Алматыда жүріп-ақ, о, Туған жер Тілеймін сенің аман-саулығыңды, Тілеймін сенің аман-саулығыңды! БАЯН АУЫЛ Баян ауылы, «Баянауыл» атанған – Күнге қолын созып жүрген, Озып жүрген қатардан. Ел көңілі көтерілсе, Көкейде Күмбір қағып, Қалықтамай жатар ма əн. Жазда келдім, Жерін көрдім жайқалған. Егін көрдім – Көк теңіздей шайқалған. Көкірегіне күннің нұрын қондырған Елін көрдім, Ерін көрдім майталман. Арманына тұғыр еткен асқарды, Көрдім қия асулардан асқанды.

Ерлерімен ел көңілі арымас, Қарттарды да көрдім талай жаны жас, Көрдім жəне ел ағасы – жастарды. Бірі – құрбы, Бірі – іні, Бірі – аға – Əрқайсына берген өмір сыбаға. Өз ісіне жетік бəрі, ғұлама, Жер зергері – Диқан баба шетінен Осы ауылға жиналған-ау сірə да. Сөйлеп кетсе. Біреуінен бірі асқан – Ізгі ниет игі іспенен ұласқан. Ер еңсесін көтерердей көкжиек Берекелі нұрын құйып тұр аспан. Ел мерейін, Ер мерейін асырған, Жауқазындай жасыл белес, жасыл маң. Диқандардың маңдай тері – жер нəрі, Қырман таулар, Қызыл бидай – асыл дəн. Күз де жетті, Сыналар шақ таянды. Тағы келдім, Тағы көрдім Баянды. Дəн маржаны – Əн маржанына астасқан Асып-тасқан ақын көңілі аян-ды. Аға, Іні,

Құрбыларым жаздағы Қуанышты, Жас балаша мəз бəрі. Миллионның толқынына тоғысып Көкірегімде жыр алауы маздады. Жоғары ұстап ер еңбектің гүл-гүлін Шалқы, шабыт. Шалқы, шаттық жыр бүгін. Таудай биік көтерейік,

Көрсін ел Ақындар мен Батырлардың бірлігін! * Жазың, қысың, көктемің, күзің маған Бірдей қымбат тауың мен түзің, далаң... Көңілімнің кезі жоқ бұзылмаған. Құлағымды, Туған жер, өзің жаққа Тосып жүрем, естісем өсіп жүрем. Хабар күтіп желден де ызыңдаған, Ел деп соққан жүрегім елеңдейді Елдің күні – ЕР, Ердің де күні Елменен. Біреуіне əр беріп, бірі келген, Ұлылар мекендеген Ұлы жерден Ағаларға жалғасып іні де ерген. Мұз, қарлы кездерде де қаңтар, ақпан Жастықпенен жарасып қатар аққан Сезімнен не қалды екен елге айтардай Езілген еңсесі жоқ махаббаттан. Ыстығы не, өмірдің салқыны не Қызығымыз сəбидің əр күніне Десек-тағы уақыттың нарқы міне,

Бəрі бір балбырамай тұра алмайсың Баланың уыз мөлдір бал тіліне. Жүрегім – шұрық тесік, қырық құрау Сынбас жерде сықырлап сыныппын-ау. Жалғанның жалғандығын біле тұрып, Көңіл құрғыр көрсоқыр, жүріппін-ау Құмайы қызыл түлкі қызық күндер... Ала кеулім алдымнан орай қашып, Тəттілігін тірліктің шын ұқтым-ау. Жүрегім шұрық тесік, қырық құрау Жүрегім шұрық тесік, қырық құрау, Сынбас жерде сықырлап сыныппын-ау. Жалғанның жалғандығын біле тұрып, Көңіл құрғыр көрсоқыр жүріппін-ау. Қызыл түлкі күндерге қырдан қашқан Қуып жете алмасымды шын ұқтым-ау.

  • * Тіршілігімнің айтылып жатса бар əні, Мерейім тасып, айызым да іштей қанады. Байлығым да бар, бақытым дағы бар əлі, Тəңірден əке неге тілейді баланы. Еңбегім ешке кетпесін, бағым жансын деп, Көзім тіріде ескерткішім боп қалсын деп, Қыран боп ұшсын, күйкентай ғұмыр кешпесін, Мен бара алмаған думан-тойларға барсын деп... Болжай алар кім бағының жанар, жанбасын, Белдесер, тіпті сындырар қолын, жамбасын... Бəрін де көрсін, бəріне көнсін, тағдыр ол Өмір сірə дə кешіре алмайды жігітке Арына түссе өшіре алмайтын таңбасын. Азамат жүгін арқалап, мойынға алғасын, Сүйреп келеміз тағдырдың тіркеп арбасын Екі көзіңнің біреуі бірін күндейді, Еркек болғасын бəрі де, бəрі арға сын. Қалқан ғып ұстап даланың жусан-қамысын Қоян боп ғұмыр кешпедім шыбын жан үшін. Желге де, селге ықпадым, қорқып бұқпадым Көтеріп биік өтсем деп елдің намысын. Жазылар сынса, сыздаса белім, жамбасым, Арыма тағдыр салмасын қара таңбасын. Көбейтсем-ау деп жүргем жоқ елде жан басын, Намысын қорғап өтсінші-ақ мерт боп хан басым, Еркектікті əкеп еншіме тəңірім таңғасын.

СЕНБЕЙТІН БОЛЫП БАРАМ Ойламайын деймін-ақ, ойламайын, Елге кетіп онан да қой бағайын. Амалың не əу баста тағдырымыз Матап-тіркеп қойған соң ойға дəйім. Ойсыз, мұңсыз кеудемді қуыс қылып Жаратпай, қойған оймен туыстырып. Баз кешіп-ақ кетейін дегенменен, Іздеп қайта табады тіміскі үміт. Көз алдымда бүгінім, кешегім де... Бəрі, бəрі миымның есебінде. Қол ұшымды біреуге бере алдым ба, Ауырымды аудардым кеше кімге. Сері көңіл, кешегі тойлар да арман, Өткеніңді аңсатып қойған жалған. Ойламайын деймін-ақ, тіршілігім Не болады ертең күн ойдан қалған. Орда бұзып, жау шебін ойрандамай, Бүгін ішіп-жегенге, тойғанға бай Тоғышардан қорқамын, төңірегімді Қамалаған құтылам ойдан қалай? Есті ашығып, есерлер тойған заман, Жүрегімді сыздатып қойған жаман. Бəрі қараң, бүгінде бəрінен де Үмітіңді ірітіп қойған жаман. Ұрғашысы, ойымның еркегі де... Ұқсап кете береді ертегіге. Бір ойыма бір ойым қиыс келіп Сенбейтін болып барам ертеңіме.

ТƏУБА Көңілімнің құлазуы бекерлік, Бір басыма қонған бағым жетерлік. Ұқса болды жалпақ жатқан өз қаным, Ұқпаса да шүлдірлеген шетелдік. Мен шыққан бел асу ма екен, тау ма екен, Ұқпағандар досым ба екен, жау ма екен? Оны ойлауға ойым, миым жетпейді, Аз ба, көп пе, тілім менен ділімді Ұғатындар барлығына тəуба етем. ПЕНДЕ ҚАСҚА Бүгінде ер де басқа, ел де басқа, Ішіп-жемге, құдайым берген асқа Тойынып алғаннан соң ұмытады Жылқымінез жерігіш пенде-қасқа. Наз дейін бе мұнымды, əлде басқа, Тентіреп көше кезген аз-кем ашқа Сүйек тастап шұлғытып қояды да, Тойдырдым деп ойлайды пенде-қасқа!.. ТƏУБАМНАН ЖАҢЫЛМАДЫМ Қаршадайдан ат жалын тартып мініп, Келгенінше шамамның шалқып күліп, Тірлікте өзімнің кім екенімді Ел-жұртыма келемін айта ұқтырып. Қанша күрес өмірде, қанша майдан, Бəрін бастан өткердім қаршадайдан. Кем тұтпадым өзімді ханзададан, Өз үйімді ордадан, хан сарайдан.

Өз шамамша ұтылып, ұтқанымды, Жекпе-жекте жығылып, жыққанымды... Шамаладым, басқаға қарамадым, Елден таптым бойдағы құт-нəрімді. Жалпақ жұртқа ойымды сарқа ұқтырып, Көрінуге тырыстым шалқып, күліп. Шүкіршілік, тəубамнан жаңылмадым, Біреулерден кем тұрып, артық тұрып... БƏРІНЕН ДЕ... Талай естен танатын жиын болар, Сол жиынға бара алсаң, сыйың да оңар. Сыртың бүтін ақынсыз, ішің түтін... Бірақ сенің ұғар ма күйіңді олар? Затың қайдам, даңғара атың қандай, Жалпақ жұртты қоғаша жапырғандай. Сыйың болса тəуба де, күйің болса, Қатарыңнан қалдырмай шақырғандай. Құнсызданса теңгең де тиын болар, Көңілің де алай-дүлей құйын болар. Ұша алмаған аққудай қар үстінде Үсіп жатсаң тобыңнан қалып қалып Бəрінен де сол саған қиын болар. ТҮЛКІ ҒҰМЫР Бар қылғанмен адамды адам алдап, Дарымайды жапсырып-жамаған бақ. Баз біреулер ұмытып тəңірісін Өзіне өзі құдай бола қалмақ. Сағат сайын адамды адам арбап, Көз алдыңда құбылып-жаңаланбақ.

Өз орнында біреуі құмша шөгіп, Бой көтеріп біреуі дараланбақ. Көкежандап, жалпақтап ағажандап, Таптырмайтын туысы болады алдап. Түлкі тірлік жараңа жара жалғап Бірте-бірте жаныңа нала жаймақ, Көлгірсісе көкірегін жадағайлап Алардайсың арыңды арам арбап. Ойлай берсем, өмірім күлкілі кіл, Тəннің тысқа көрінер жыртығы жүр. Тындырғаның пісілі-шикілі бұл, Айдың-күннің аманында адастырып Қайда бастап барасың, түлкі ғұмыр! МЕНДЕ НЕ ЖОҚ Менде не жоқ, бəрі бар, Азаматтың ары бар, Қазағымның қаны бар, Əз атаның жаны бар, Қиятындар жақсыны Ақын! – дейді танымал, Соның бəрін ұмытсам, Намысымды жанып ал, Таны, ағайын, танып ал. От шашатын көз де бар, Топқа ататын сөз де бар, Айбарым бар, сұсым бар, Дауаң жетсе, көздеп ал, Бір кісілік бой да бар, Ақыл да бар, ой да бар, Құятындай көзге нəр.

Жаным сүйген жар да бар, Қырмызы жүз, қынай бел. Қияға сап өз-өзін Қиындықта сынайды ер... Ұлым да бар, қыздарым Иман жүзді, ибалы Қызығумен қарайды Барлығына былайғы ел. Құдай қосқан қосақпен Бір тұрамыз, бір жатып Бірімізге біріміз Сыйластықпен тіл қатып. Ерте демей, кеш демей Ағайынды қарсы алып Бəйек болып жүреді ол Шамасынша жан салып. Мына фəни жалғанда Соның өзі бір байлық, Жеткізердей арманға Таптырмайтын бір бақыт. Көңіліміз тоқ əйтеуір, Кедейміз бе, баймыз ба Патшамыз ба, ханбыз ба Əлде жақыбай-жаймыз ба Тиянақсыз тірліктей Табанымыз тайғанақ Қорқақтаймыз тайғанап Кетеміз деп қай мұзда. Арым мөлдір таза ма, Əлде айғыз-айғыз ба? Сұқтанбадық сұғынып Қай сұлуға, қай қызға. Енді санап басамыз

Қадамымыз өлшеулі Тосып тұр деп сұм ажал, Қай қылтада, қай құзда... ƏЛІМСАҚТАН Қызығамыз не керек, Шекпенге де, шенге де. Көңіл шіркін ебелек Болмаймын деп мен неге?! Байлық та бар, бақ та бар, Талайларға армандай Тек бірдеңе жетпейді Басы жұмыр пендеге. Сендей бола алмадым Айналайын мен неге? Мендей бола алмадың Айман-айым сен неге. Деумен кейде біреуді Біреу күндеп жатады. Деумен біреу біреуді Күнде жүндеп сатады. Байлық та бар, бақ та бар Көңіл шіркін тоймайды. Құрдасындай қақпақыл Өмір кіл-кіл ойнайды. Түсінбеймін əрнеге Ойы орта, кенде ме, Əлімсақтан əлде не Жетпейді ылғи пендеге!.. ЖАРАЛЫ-АҚ БОП ӨТЕЙІН Жақсы ағалар, қамқоршы, жанашырлар, Дарасыңдар, əрқайсың данасыңдар.

Аға деген бір ауыз жылы сөзде Қаншама үйлесім бар, жарасым бар. Үйлесім бар қаншама, жарасым бар, Алыстан бой көрсетер дара шыңдар. Көлбеңдеген көбелек көңілімді Ғаламат, сəтте баурып аласыңдар, Барған сайын жақын боп барасыңдар. Биігірек көтеріп дем берерге, Туған аға болмады менде, менде... Жоқтаттырмай, жанымды жабырқатпай Ризамын сендерді берген елге. Оқи-оқи таптық қой білім жағын, Кім өзгертер тағдырды, ғұмыр заңын. Тумаса да туғандай қамқор болған Сендерді берген елге ризамын. Жаралы-ақ боп өтейін жаралансам, Тағдыр-бөрі күшіктей талаған сан. Бəз біреулер оқ атып отты көзден Шошытатын жақындап бара қалсам. Жаралы-ақ боп өтейін жаралансам, Көп нəрсеге бəрібір ауар аңсам. Жөн таппасам жерім жоқ басқа барар, Мен бəріңе ризамын, жақсы ағалар, Іздеріңмен жүрейін шамам келсе, Іні боп ілесуге жарай алсам. ҚАЙДА ҚОЯМ Өртеңге ертең қайтып көк өспей ме, Балауса балқұраққа теңеспей ме.

Кім тоқтау бола алады тіршілікке, Тас та оған тосқауыл емес кейде. Құбылыс, кім шығармақ барын естен, Гүл көрдім тас кеудесін жарып өскен. Өзі болып-толған соң тез ұмытар, Сақта құдай бос кеуде жарым естен. Адамды алдандырар елес кейде, Жақсылық жамандықпен тең өспей ме. Заматта тəубасынан жаңылдырып Көзіне көрсоқырдың шел өспей ме. Бір күнім ұмыттырып бір күнімді, Үлде-бүлде жабады тыртығымды. “Бас сынса – бөрік ішінде” дегенменен, Қайда қоям жандағы жыртығымды. Жоқ та ноян сырт көзге, бар да ноян, Азаматқа ар қымбат, арман аян, Көп ойлардың уы бар, жанға жаям, Шіріп кеткен сыртымды бүркермін-ау, Іріп кеткен ішімді қайда қоям? * Өлең – менің өмірімнің бөлшегі, Тірлігімде жеткізбейтін жол шегі. Өлең – менің көңілімнің айнасы, Болмысымды елім танып-көрсе еді. Өлең – менің таусылмайтын мұң-зарым Жетім өскен, жетіп өскен жылдарым. Өлең – менің еңсегейлі ертеңім, Қуанышым, ұлым менен қыздарым.

Бірде толып, бірде солып көнерген, Нəр ап, тарап жапырақ жайған, көгерген, Топыраққа терең бойлар тамыры Тағдырымды бөле алмаймын өлеңнен, Сол тамырым нəрсіз қалса, өлем мен. Өлең – менің өмірімнің бөлшегі, Толған, солған көңілімнің өлшемі. Айналайын елім-жұртым көгеріп Көктегенімді ұзағырақ көрсе еді. ОН БІРІНШІ ҚАРАША Он бірінші қараша, жапалақ-жапалақ қар жауды, Төкті тəңірім төбеден мөлдіретіп маржанды. Алғаш жауған ақша қар – қыстың хабаршысы ғой, Əбіржітіп тастады бейқам жүрген жандарды. Отын керек үйіңе, малға азық-шөп керек, Жаздағыдай жайылып еркін жүру жоқ демек. Шақырусыз қыс-құда келіп қалды күттірмей, Қалай кінə артасың тəңіріңе өкпелеп. Қыс та, жаз да, көктем де, күз де өмірдей өткелек, Тірлігіңде бірде аз, бірде михнат көп демек. Соның бəрін бажайлап үнсіз мүлгіп-қалғыған Міз бақпайды, əнекей, ауладағы көк терек. Біздей емес, ол тіптен желге-селге қыңбайды, Көңіліміздің күй-жайын қалғып тұрып тыңдайды. Көкірегін кернеген қуаныш па, кім білген, Əлде мүжіп жатыр ма іштей жеген мұң-қайғы, Тебіренте ме табиғат тебіренткендей адамды, Тербете ме бір мезет аспандағы Күнді, Айды? Қыста қалғып, көктемде оянады қайтадан, Тірлікті ол да адамдай ұнатады, айтады əн.

Ұғып жатқан жандар аз, пендеміз ғой өтпелі, Көк теректің жай-күйін кім бар біліп-байқаған, Теңіздердің тербетіп тыныштығын шайқаған. Көк терек-ай, көк терек, көк терек-ай, көк терек... Тірлігінде тоймайды пенде-көңіл, көп керек. Ал сен болсаң адамның пиғылына қайран қап, Жүргеніне тайраңдап тұр ма екенсің өкпелеп, Шығып алып шеткерек. Өкпелеме, қайтесің. Тəңірім солай жаратқан Бар ғұмыры жаралған секунд, минут, сағаттан... Көш-керуендей тынымсыз тоқтамайды бұл сапар Бір толқынды бір толқын қуып жетіп, əрі аққан – Арпалысып баратқан. Қар жауып тұр себелеп, басылған жоқ əлі-əлі, Ашылған жоқ телегей, ырыс болса жарады. Жылдың ғажап мезеті, айдай аппақ ажары Таусылмайтын тілектей қардың да əсем бар əні. Төңіректе қараңғы, атпағандай таң əрі, Бағандардың басында шамдар өшіп-жанады. Шал таңырқап тағы бір терезеге қарады, Сəл жабырқап кемпір де жұлдыздарын санады, Алда қанша тағы да атар таңы бар əлі. Кештен таңға ұласып себелеп тұр қар əлі, Ат жалына жармасып уақыт кетіп барады, Түннен күнге алмасып бақыт кетіп барады, Жаңбырдың да, қардың да таусылмайтын бар əні, Оралғанша тірліктің жадыраған жамалы, Қашан, қашан келеді көктемі мен самалы?..

ЖЕТПЕЙСІҢ ҚУЫП АРМАНҒА Ыстықта күйіп, суықта жаурап тоңғанда, Табаның тайып, жүргенде ғайып жолдарда Ертеңгі күннен қашып құтыла алмайсың, Жетпейсің, бірақ үмітіңді үзбей жалғайсың, Сонда да, шіркін, арманның азаяр шағы болған ба? Тауыссаң дағы шет-шегін шарлап ғаламның, Қауышсаң дағы бəрімен жақсы-жаманның Ертеңгі күнге елегізумен тұрасың, Бар ма екен, сірə, армансыз күні адамның, Армансыз күнге жетсем-ау деумен алаңмын. Қызығына да, шыжығына да тоймайсың, Жанынды өртердей қызуына да тоймайсың. Фəни жалғанның жалғанын біле тұрсаң да, Шайтан сықылды, мың жасайтындай ойлайсың, Ойлайсың, содан бір күндігіңді тойлайсың. Кəрі де, жас та арманда содан, арманда... Бəрі де – сау да... дүмбілез мас та арманда. Меңіреу дүние, түк емес берген, алған да, Күн-түндер озып, созып

мойыныңды сарғайып атқан таңдарға, Жетсем-ау деумен жете алмай жолда қалғанда. Өң менен түстей, боздайсың іштей, Қозғайсың мұң мен шеріңді Өрісің бітіп барып-келетін жеріңді Тауысыңқырап алғанда! Жарық дүние – бақ пенен сордың мекені, Кей-кейде соның белгісіз кімге не екені. Арманды қуған, таңдарға думан жете алмай Бейбақтар талай өмірден өксіп өтеді.

Қарыны тойған, безініп ойдан, ардан да, Дүние-боқ деп таңдарын ұрып таңдарға, Жиып-тергені көзіне құмдай құйылып, Үлгере алмай тəңіріне де сиынып Талай бейбақтар кете барады арманда! ЖАМАЛҒАН ЖҮРЕК Жамалған жүрек – жамаудың аты – жамау ғой, сан алуан жібек жапсырсаң дағы жарасып кете алмайды екен, баяғы балғын қалпына жете алмайды екен шөгір-шөңгелер шегедей қадалған жүдеп. Анау да керек, мынау да керек тірлікте тағдырыңды тəңірім таңып қосқандай қыл жіпке, мұңаяр тұста күлдік пе? ЖЕР көтергендей қайсарлықпенен əлі де КӨК-ӨГІЗ кеуде келеді шыдап бəріне Зілмауыр салмақ желкесінен түспей күндікке қалауың білсін –

əзіл де, еркің, шындық де – күтіп тұрғандай қойылар соңғы бір нүкте. Шаршама деймін өзіме-өзім, шаршама, тартқан жүгі ауыр, шүйдесі жауыр... жеткізер екен қаншаға, жылдары жемір, тозардай темір, қарағай, емен, арша да... өтпейді қанжар қаншама қайрап салса да тəлтіректеумен келеді арып-талса да сүрінер жерде сүрінбей,

мүдірер жерде мүдірмей тəңірім жебеп, келеді демеп ар, сана! Жамалған жүрек – тамтық жоқ, құрақ-құрақ па ақыны деген қазақтың жұбап құр атқа кəрі киіктей ымыртта құлап суатқа келеміз жəймен төменге қарай төбеден, көреді көңіл, көреді бəрін көреген мезгілсіз мерт қып, егілтіп бірақ жылатпа, егілтіп бірақ жылатпа!.. БАҚ ТІЛЕ Отыз алтыншы жыл, бесінде тудым маусымның, Талайын көрдім тəкəппəрсынған «тау-шыңның», Сарқыншағындай анадан туған қанша ұлдың Сандалып қалдым, қажалып-қажып, таусылдым. Мұңға бергісіз сырыма бір сəт құлақ сал, «Өрнегім» менің дүниеде жоқ жұмақ-шəр. Ауылға барам, алды бар жəне арты бар – Ал отыз алтыдан құрдас деп айтар бір-ақ шал. Жүрген жерімді есік те демен, төр демен, Кезім де болды өрге шапшыған, өрлеген. Аңырамасам да ағаларымды айтып көрмеген – Екі інім – екі қанатым еді сермеген. Ағасы емес, əкесі болған жандай ем, Олар жүргенде, мамырлап атқан таңдай ем, Жүрегімді ылғи сыздатқан ашық жараға Ағайындар-ау, айта аласыңдар қандай ем. Көп болып па еді тасыр күндерім тасыған, Жігерім мұқап, тауым шағылып жасынам.

Күпірлік болар аз ғұмыр кештім дегенім Асып барамын пайғамбардың да жасынан. Ішімде алау, көретін көзге сыртым сау, Жамау да, жамау... қаусырып тұрған кіл құрсау. Ұмыттырардай іштегі у мен зəрімді, Жадырататын жанымды жайсаң жыр туса-ау. Ой, ой, ой... Пəлі таусылмайтын бұл ойларды-ай, Тірлігім – думан, тарқамайтұғын тойлардай. Өзімді-өзім сезінем қуыс қурайдай Қауқарсыз, бірақ сыртынан сырлап қойғандай. Қайғысыз, қамсыз тұрғандай алда бəрі əзір, Еңсені басып, көтертпей бойды зала зіл Тұрса да кейде дым сезбейтұғын меңіреудей Сөзің де алдамшы, өзің де алдамшы, əзəзіл. Адам боп өстік дейтіндей жұртқа «БАҚ, міне!» Дос болсаң адал тілегіңді айтар ақ тіле. Тəңірім берген сөйлейтін тіл мен жақ, міне, Соғыс кезінің сормаңдай өскен баласы ек, Тісіміз тимей телміріп қарар тəттіге. Жетімек едік телміріп өскен тəттіге, Уа, тəңірім, мынау құйтырқы заман əккі ме? Құйтырқы кезде бəрін де көріп тойдық қой, Байлық қимасаң, пендеңе сəл-сəл бақ тіле! БІЛЕ АЛМАЙ СОНЫҢ... Көңіл – ақ қайың, тірлігім зəулім қара емен, жүремін мүлгіп жандағы мың сан жарамен, тамырым қаңсып қалмасыншы деп тартылып, зəмзəм нəріндей ойыма демеу, дəрі егем.

Таң тауығымен жарыса тұрып сəріде, көшеге шығам қарамай қуат-əліме. Өн бойым əбден үйреніп алған инеге құятын нəрдей илігіп бəрі-бəріне. Əн-күй елтітіп қарсы алам солай əр таңды, тым кəрі де емен езетін ботқа-малтамды, тілімнен кейде запыран аралас у шықты, уытын алар алдамшы тəтті бал тамды. Ғаламат əлем əрі тар мынау, əрі кең кей-кейде қашып құтылсам дейсің бəрінен. Қалтаңдап соның соңынан ерген иттейсің өне бойыңды толтырып алып дəрімен. Жас та емессің желкілдеп тұрған желегің, мас та емессің бар дердей кімге керегім. Əрі-сəрілеу күн кешіп жүрген жандаймын біле алмай соның ебеп-себебін, дерегін. АРМАН Көктем келген, Жаз келген, күз де келген, Астық талай қиялап құз-белеңнен. Тоят таппай Жамбыл да ЖҮЗ дегеннен, Өмір бойы арманын іздеп өлген. Маған да арман бұл ғұмыр, саған да арман, Арман қуу үшін де жаралған жан. Арман бітсе, тіршілік қараң қалған, Шын бақытты арманын таба алған жан! ЖАЙЫМДЫ ҚАЙСЫ БІЛЕДІ Тұра тұр, құлыным, Тұра тұр əзір сөйлемей –

Қызықтап бəрі балдырлата ма? – Қой! – демей. Қайтейін, бал-бұл тіліңе мен де қызығам, Қызғана жүріп үйдегі ұлым, қызымнан... Сөйтсе де тағы қайсы бір суық көздердің Сескене берем сұғынан, суық сызынан. Сескене берем, Елуге жасым жеткенде – Ата боп осы немере сүйген тек мен бе? Ботаны бүркеп жабулап қана ұстайтын Атамдай əлде ырымшыл болып кеткем бе?! Күледі маған, Ұл-қызым бəрі күледі – Атасы-ау, сонша жаманың мына кім еді?! – Дейді кеп шіркін, Қытығыма əдей тигендей, Иттер-ай,

Менің жəйімді қайсы біледі. Атасыз өскен əкелеріңнің тілегі – Ата боп көру көп арманының бірі еді. Ақылдары көзінің алдында жүрген күшіктер Күледі – Бірақ жəйімді қайсы біледі?! * Көктем тұрмақ, жаз тұрмақ, күзің де арман, көз тұнады бүгінде қызыл қаннан, жасамайсың «ерлікті» қызынғаннан, көзді жұмып барасың бəріне де қаның əбден қарайып бұзылғаннан. Өне бойың өртеніп, бұзылған қан – басылар деп қашасың ызыңдардан,

өмір деген соқпақтың əр тұсында жақсы, жаман... əйтеуір ізің қалған. Ер – ЕР боп атала ма елді сүймей, қарасаң, əулиең де тең кісіңдей, мынау менің жанымның жыры, сыры... тірлігімнің таусылмас белгісіндей. Көңіл де сол – сен аман, мен аманда... бəрін жырмен жеткізіп бере алам ба? Кейбіреулер тəңірдің кенже ұлындай, мына фəни жалғанда сене алам ба, мына фəни жалғанда сене алам ба?! ДҮНИЕ КӨЗ АЛДЫМДА Ойға түсем, Жармасып жарға шығам, Тағдырым ауыр құйған қорғасыннан. Көктемнің ауа райы секілденіп, көңілім бұзылады болмашыдан. Күліп тұрып жылаймын заматында, Үрлеп қайта маздатам жан отын да, Арманым от пен судың арасында, Самғауым самұрықтың қанатында. Ұшып барам – білмеймін қай биікте, Төбемнен шапақ шашып, таң күліп пе? Жазмыштың не жазарын жан біліп пе, Тірлігімді тұқыртып жоятынын, қоятынын мəңгілік соңғы нүкте. Күлуден де қажимын, жылаудан да, Мақтаудан да сазимын, сынаудан да... Біріне де елігіп-елтімеймін

Көкірегімде құрысқан қырау бар ма, Күн ауған ба төбемнен, шың ауған ба?! Улар, булар жаныма жара жайып Ойымды орап алған ба,

О, ғажайып! Сұлуларға сұқтанар отты көз жоқ. Əлмен бірге бара ма бəрі азайып, Қатын ғайып, немере, бала ғайып!.. Тірі жүрмін дейсің тек өлмеген соң, Кім айдаса, бұйдасыз ерген «ерсің». Майып болған май шамдай жарығың бар. Өлеусіреп жанасың сөнбеген соң Ұзынның да шектеулі шет-шегі бар Шəйтан болып кетсең де көрге енерсің. Көресің бəрін-бəрін көр деген соң, Сақалыңды сапситып, төрге өрерсің, Емделерсің, дəтіңе дем берерсің, Жел желпісе тербеліп сəмбі талдай, Еріңнен ауа жаздап жөнделерсің. Əн дүние – кең жазира, күрке есеп пе, Қарттық па, құлақ түріп қырт өсекке Түн бойы ұйқы көрмей деңбекшисің Кемпіріңмен сыя алмай бір төсекте, Қырсығың жүк болардай қырық есекке. Ұйқы жоқ, неткен ұзақ таңдар еді Кімдер бар күтіп тұрған алда мені. Тығырық тіреп қойып жарға мені «Мінекей, –дейді, – Елімнің ардагері!» Тілдері тіліп түсер майда ма еді?! Асылдар таңда туып, таңда өледі, Масалдар көп жасауды сəн көреді,

Шемендей батар шөгір-шөңгелері Білмеймін ЖҮЗДІҢ кімге бар керегі, Боздақтар боздап өткен бəз ғұмырдан Аз болып көргенінен көрмегені... Шыңырау шыңға айналып ер дегені Дүние көз алдымда дөңгеледі... ЕСІЛ КӨҢІЛІМ Əн азайып, өмірде сəн азайып... алаяқтар жаныма жара жайып, зұлымдықтар сүліктей сумаң қағып, жақсылықтың барады бəрі азайып. Ірбің-кірбің кірлетіп көңілді аппақ, жалынымен жайлады өңірді аптап. Бүйі шағып алардай жиырыласың, табаныңның астынан шөгір қаптап. Күндеріңнің құтынан жұты басым, жұты басым, қылғынып жұтынасың. Ен дарияның ішінде шөлің қанбай тұрғандайсың, қайткенде құтыласың. Тірлік керек, бұл тірлік неге керек – Сұрап көрші, зекісін – Немене? – деп, қанға біткен қазына-байлық-ау деп, жатқан жан жоқ талантты елеп ерек. Тірлігіңде төбе де, тау да көрдің, басын талай құтқардың даудан ердің. Еркіндігін қорғаған жаудан елдің батыры мен қазақтың ақынынан бағасы артық бүгінде саудагердің. Намыс жыртар кімің бар, кімің қалды, жөн айтты-ау деп кім елеп тіліңді алды,

сөзін қойып абыздың өзін да ұқпас есіл сөзің есерге шығындалды. Несін білдің оның да, несін көрдің, түйіні жоқ шешім мен кесімдердің. Талайынан торығып, түңілгендей қалмады ма емексіп есіл көңілің. БАЛАЛЫҒЫМ-АЙ Қанты көп дейді, – бұл не, бұл – тəтті өмірден бе, бала боп едік дүние қат көрінгенде. Алпыстан аса анау да, мынау да қантты – бəрі əлде соның шалқыған «шат» көңілден бе? Ит басына іркіт төгілген күндерде жұмақ суық күнің де көрінер біздерге жылы-ақ. Тəттіге тоймай тарығып өскен басыңмен қантым артық деп барарсың кімдерге жылап. Бала кезіңде аңсаған тəттіні, балды... тата алмай енді «шаршаған» шақ күнің қалды. Бəріне бүгін саулығы жетіп тұрса ғой – көтеріп кетер адамның мəрттігі нарды. Алдамшы ғұмыр, шектеулі қуаныш, қайғы... өмірің дағы сылдыр су – құр ағыстай-ды. Тəтті мен ащы алмасып қас қағым сəтте, бірі жақындаса, жылыстап бірі алыстайды. Қуаныш, қайғы... қас пен көз аралығындай, ол да алдамшы, күдікпен қарадым ұдай, шоқ басып алғандай ашиды табаным удай, бірін де соның ескеріп-елемейтұғын – шалдуар шағым – қинайтын шала күнім-ай, алыс қалса да, қимайтын балалығым-ай,

алыс қалса да, қимайтын балалығым-ай, балалығым-ай!.. АБАЙ ТҰРМАҚ Тозайын деп тозбайсың-ау, тозбайсың, оймен мүжіп қайдағыңды қозғайсың. Жырасы көп, ұрасы көп жолыңның, озайын-ақ дейсің, бірақ озбайсың. Бір озбайсың, екі озбайсың, озбайсың... айтарың көп, түгеседі сөз қайсын? Оздырмастар оздырмасын ұққан соң – бозінгендей боздайсың кеп, боздайсың, енді қайтіп өңешіңді созбайсың! Сырты сырлы, су жұқпастай ажарың, тойың тарқап, ойыңның да азарын білесің-ау, білген қиын дүниеде тарта жүріп ақылдың сор, азабын. Төңірек тыныш, құлағында азалы үн, көрмеймісің хикіметтің ғажабын? Сəні азайып, мəні кеткен тірліктей азаяды онсыз дағы аз əнің. Сұлуларға көп-көп ауған назарың тым-ақ ерте тарқатқандай базарын. Ой көбейіп, ұйқы азайып, амалсыз өгізаяң маужырайды жазарың. Жүрегінде – дүниенің дүбірі, құлағында – сыпсыңы мен сыбыры... Төңірегіңде – біреуінен бірі ірі – ірілердің кімі – ұлы, кімі – ұры?

Айыра алмай сарысы ма, қызылы, көңілдің де көбейеді қыжылы. Қаптап кеткен тамам кедей, тамам бай... кінəм жоқ-ау біріне де тағардай, жүргендеймін ұстараның жүзінде арасынан өтетін жол таба алмай, қияметтің қыл көпірі,

Ой, Алла-ай! Тозар бəрі, тек айла-амал тозбайды, айта берсем, қайдағымды қозғайды, өлең – қайғы, өнер – қайғы, сөз – қайғы... мұздан, сыздан салқындаған жүрегім отқа салсам, бұрынғыдай қозбайды. Өлгеннен соң көтерілер еңселер бір жақсысы – тірлігінде озбайды. Өмір – шатақ, айналаңды абайла, кім бар, кім жоқ, алды-артыңды тағы ойла. Басқан ізің, қашқан ізің – бəрі айла, сауысқандай айналаңа қарайла, көрден шығып, жыр жарысқа қосылса, жүлде ала алмай қайтар еді Абай да, Абай тұрмақ, Құдайыңа ел қарай ма! ҚОС ПЫРАҚ «Таңды» оқып ем,

шұғылалы таң атқандай, Бар шуағын дүниеге таратқандай. Айдай жүзін Мұхаңның нұр аймалап, Сезімді селт еткізіп қаратқандай. Сəуле шашып күллі əлем жанданды ма, Жанданды ма, тірлікке қамданды ма?

Ғаламат құдыретке таң қалды ма, Мұхаңның түпсіз терең жанарынан сыр оқыдым шежіредей «Таңнан» мына. Көңілім кір шалмаған парақтардай, Тебіреніп қалам алдым қарап қалмай. Жүрегімді тербетіп жыр-періште «Таңмен» бірге əлдилеп оятқандай. Сонау биік «Шолпанның» сəулесі ме, Мың құбылған уақыттың əуресі ме! Өлім тілеп күйініп-күңіренген Қорқыт тағдыр – Мағжанды салды есіме. Күңіренген мұң мен шер – əн, күйі ме, Шым батырып барады жанды иіне. Мағжанды орап алғандай жөргегіне Ұйытып бақи дүние əлдиіне. Жарасып біреуінен бірі аспандай, Жарасып «Шолпан» «Таңға» ұласқандай. «Таң-Шолпан» боп көрінген нұрлы дүние Көз алдымда биіктеп шың асқандай. Көкірегі нұрланған шапағаттан, Əке – үлгі ұрпаққа, ата – мақтан. «Таң-Шолпанның» нұрындай атады ақ таң Сол ақ таңның қауырсын қанатында Мұхтар-Мағжан жарысып көз ұшында – Жарысып қос пырақтай қатар аққан! АДАСЫП ЖҮРГЕН ЖАЙЫМДЫ-АЙ Бұлақ көзіндей ашылып мөлдір жыр-тұма, Өндіріп жаздым, көндіріп жаздым ырқыма.

Айтсам-ау деген ойымды көпке жеткізіп, Өрімдей əсем өлең ғып өрдім жұртыма. Шарладым оймен қырларын қиян-қиырдың, Пернесін басып құбылған көңіл күйімнің. Жат ойлар келсе тебініп-тарпып күйіндім, Жақсы ойлар келсе сəбидей шалқып сүйіндім. Басы асау ойлар илікпей кейде ырқыма, Шырмалап алды шайтандай қырты, шырты да. Тірлікте мынау жасадым миллион-мың күнə, Соны айтып қалай арыла алармын жұртыма, Айта алмай қалса, ақынға ол да бір күнə! Кездерім талай біреуді сынап-сыбаған, Сезбедім қалай, сезбей қала ма, сірə, адам. Періште көңіл, пері боп кейде көріндім Бəрінен таза жүре алмайды екенсің дін аман. Фəни жалғанда ертегі-жырдай аңыз көп, Ыстығын күннің бөлмедім шілде, тамыз деп. Күнəм болса егер көбіне білмей жасадым, Құран баспадым қарыным ашып нан іздеп. Ақ пен қараның арасын ашып-айырмай, Қожыратып біттім ойлардың бетін қайырмай. Арыла алмай шайтан-күнəдан бəрі бір, Шатасып бір дем, адасып жүрген жайымды-ай!.. * Шашылып келем, басылып келем жылма-жыл, Тасынып денем, қосылмай қойды жынға жыр. Діттеген жерден шығады дейсің кім қазір, Оңа алмай жүрмін, бола алмай жүрмін күнде əзір.

Бұлыңғыр тартып көрінбей қойды Күн де айқын, Əндерім əрсіз, күйлерім нəрсіз тыңдайтын. Арынды шақтар серпіліп сағы сынбайтын Бəрі де-бəрі жуасып кеткен секілді Жырым да қазір – қарттықтың жыры жырлайтын. Асау қан ыршып ойнамай қойды денемде Тулақ тұлпардай ілбіген көшке ерем бе. Атылған айға арыстан-көңіл басылып, Сенбейтін болдым өзімді Еслəм дегенге. Арыны шөгіп, жалыны сөніп басылған, Қызылын гүлден, қызуын Күннен жасырған, Көктемнің нəрі, өткеннің бəрі елестей... Қоламта сынды суынып түскен жасыннан. Қайнаған ғасыр, айналам жасыл жаңарған, Айдай əлем де қайтадан туып жасарған, Армандай əсем бұлбұл боп ұшқан жанардан, Ақ айдың үсті аққулар əсем таранған. Сұлулық қандай, сұқтана қарап қимайсың, Өзіңді өзің қамшылап тағы қинайсың. Көңілді не бір күй кернеп кеткен кездерде Тасыған судай арнаңа қайтып сыймайсың. Сол көңіл қайта қалады сəтте басылып, Ақша бұлт сынды Күн көзін қойған жасырып. Төбеден төмен түскендей тепең қағасың Аптыққан жандай қарттыққа қарай асығып. ƏЗІЛ-ШЫНЫ АРАЛАС... Бұл ғұмыр əрі қаңтар, əрі тамыз Болған соң сан ұтылып, сан ұтамыз. Батпайды тірілерге тырнағымыз, Өлгендердің көкесін танытамыз.

Жалғанда толтырарсың жоқты немен, Осы да дүниеден өтті деген. Талайлар «тар тамықта жатыр күйіп», Тірлігінде кеудесі көк тіреген. Өз кезінде құдай да, пайғамбар да, Дүниеге құлашын жайғандар да... Қанды ауыз қорқаулардың жемі болар Қорғансыз аруаққа айналғанда. Менің де көкірегім толы əн еді, Жарытпас «жұмақ-мекен» – мола мені. Артымнан əркімдерге сөз айтқызбай, Өлмей-ақ жүре берсем болар еді. ЖЫЛАУЫҚ КҮЗ – ЖЫЛАУЫҚ ҚЫЗ Жылауық күз, Жылауық күз секілді жылауық қыз. Бықсып жанған іштегі шер-шеменді Босатып алайықшы бір ауық біз. Күн жылайды, Күн жыламай, күз келсе кім жылайды. Алмағайып заманда жөн таба алмай жүргендер көп, томсарып тұнжырайды. Жанымда күз, Бірақ ішім өртенген жалын нағыз. Бүгінгімнің бəрі де кіл құпия, Таптырмайды тарихтан табылған із. Біреу ұғып, Заманның ағымынан біреу бұғып қалады – ішімізде ит өлгендей Сыр ашпайтын дүние кілең құлып.

Жылауық күз Секілді бəріміз де жылауықпыз. Соқыршектей жарылып кетпес үшін шер шығарып алайық бір ауық біз. Келші бермен жақындап, жылауық қыз! КЕШ ҰҒАСЫҢ Уақыттың сескентпейді сесі кімді, ағаңның алпыстарда-ақ есі кірді, бір жүріп дос пен қастың айырмасын, маңдайын тасқа соғып кеш ұғынды. Ғаламат, бір көрмеге шын-ақ бəрі, арайлап көкжиектен шуақ таңы, құбылып қас қағымда кете берер арманның қол жеткізбес мұраттары. Дүние жалған, қыр-сырын ұғар қайсың, жел үрлесе шайқалып құлардайсың кешегі жүрген жолың – ұлан асу, тырбанып төбесіне шыға алмайсың. Аздай ма елде қағылып, соғылғаның, тірліктің түсінбейсің көп ырғағын, көре-көре қиналып соның бəрін ұғардайсың болғанын сорың қалың. Солай-солай... тірліктің сесі басым, өзіңде жоқ, кім сенен не сұрасын?.. Малынған, шалынған көп күндеріңді мəреден өтіп кетіп, кеш ұғасың. * Тірліктің құты қандай, жұты қандай, бірде ұтсаң, енді бірде ұтылардай,

жолыңның қай тұсында ұра, жыра амалың бар ма қашып құтылардай. Қабарып қабағыңды шытынардай жөнің жоқ, пешенеңнің құты бардай, өмірі түзу жүріп, түзу келем сəждадан бас алмаған сұпылардай. Ұта алмай, кейде тіпті ұтыла алмай, тұмар ғып адалдықты тұтынардай, соңғы кезде кіріспей керіске көп, кеткендеймін кəдімгі періште боп, қорғамай ма екенсің сұпыны, Алла-ай, болмайды екен азырақ жұтып алмай... ІШІМДІ АШЫП КӨРСЕҢ... Бір емес, болған екі іні менде, жарқырап жанатын-ды Күнім елде. Жеткенше құрақ ұшып асығушы ем көңілдің қалды солып гүлі демде. Бір емес, болған екі інім менде, тұтас жүрсе татырдай ірі деуге. Жаның бөлек, ілесіп кетпеген соң сүйретіп жүреді екен тірі кеуде. Айналам бар, жалғыздық сезбегенмен, аға іздеймін қиналған кезде дем-дем... Арқа сүйер адамың болмаған соң айдындағы ескексіз қайықтайсың, ешкіні – апа, текені жезделеумен. Көлім мөлдір, суым тұп-тұнықтай-ды, тек сырт көзге кім ұғып, кім ұқпайды. Ішімді ашып көрсең ғой, алау-далау... Көкірегімде тұрғандай тұнып қайғы.

ҮЗІЛМЕЙДІ ҮМІТ Фəни тірлікпен хоштасар сəтте де əлсіреп, сандырақ ойлар біріне бірі қайшы кеп, жүретін жолын айқындай алмай адасар ақылды көп пе, ақымақ көп пе, қайсы көп?.. Тарам да тарам... көп еді неткен ой қандай, болдық-ау осы ойлардан мезі, тойғандай, жамандықты да, жақсылықты да жасаймыз біріне бірін жау қылып əдей қойғандай. Алатын жанын алатын тəңірім алсын-ақ, дейсің-ау кейде шатасып ойдан сансырап. Мең-зең боп басың, көзіңнен жасың тамшылап жатқаныңда да үзілмейді үміт-шамшырақ. Ел жазады кітапты, мен де жазам, мен жазсам көрінбей ме елге мазаң, менің айтқан əндерім жəй əншейін, оның айтқан əндері «ең ғажап» əн. Əн – əн емес, ол менің көңіл жаршым, барға риза, демеймін жоғымды алсын. жеткізеді ол күні ертең мен өлгенде күйге тұнған кеудемнің қоңыр даусын. Секілді қан ойнаған тамыр-сынап Бəріне де төзесің жаның шыдап. Арпалыс өмір үшін алмағайып Біреулердің алады қанын сұрап.

Айтулы ел ағасы, арыспын де, Біреуге жақын, біреуге алыс мүлде... Адамдар адамдарға қан береді, Жан береді жатқан соң əл үстінде. Ойнайды дірілдеген тамыр-сынап, Шықпаған жан жатады əзір шыдап. Қан беру өз алдына, кей туысың Кірмейді бас көрсетіп, халің сұрап. Бəлкім, бұл жайбарақат, қатыгездік, Жарыста жан қинамай, жатып оздық. Екіұдайда қайрылып, хал сұраспау – Асырып айтпасақ та, пақыр, ездік. Құдай-ау, көңіл құрғыр неге мұңды, Жырлаудай жырлап келем мен елімді. Жарқырап Күн шыққандай болады екен Білгенде біреулерге керегіңді. Көңілің – жұрты көшіп кеткен елдей, Көрінесің тобыңнан шеттегендей. Ел ақын деп айтса да, бірдеңелер Болады да тұрады жетпегендей. * Өмірім, жоғы қандай, бары қандай, азды-көп оны да елім танығандай. Бəрін де берген тəңіріме ризамын жүрмін тек бір саулыққа жари алмай. Болса да бəрі-бəрі, бəрі-бəрі... Ауырса жастың дағы жаны кəрі. Тарынбайтын тұста да тарынады, ой қамалап, одан да жалығады.

Еске алып өткен-кеткен күндеріңді, жалғастырып қажисың түн мен күнді. Бəрі де жүрегіңнің айнасында көңілің кімнен қалып, кіммен күлді. Өмірдің толып жатқан өткелегі, ақылды да, ақымақ та өткен еді. Жүзден асып тұрса да, көп демеді – Қаусап-құрап жүрсе де құлағалы тірлігімнің шегі деп айтқызбайды көңілдің мəуелеген көк терегі, көңілдің əуелеген көп терегі!.. ЗЫМЫРАҒАН УАҚЫТТЫҢ ДӨҢГЕЛЕГІ Көңілің толқығасын, шалқығасын – жастықта сан қияға шарқ ұрасың. Əттең-ай, бəр-бəріне жете алмайсың, шаршайсың, шалдығасың, алқынасың... Шаршайсың, шалдығасың, алқынасың... Оқ жетпес өр-қиялар даңқы басым. Қанатың отқа күйіп, шарпыласың, мекіредей тасқа ұрынған тартынасың. Көңіл-ай алабұртқан ой-хой со бір, көзің-ай қарауытқан сойқан-содыр. Білінбей өте берген алдамшы өмір, тілімдер жүректерді қалған шөгір. Асқаның, тасқаның да... бəрі қызық, қызық үшін кетердей қаны қызып. Сен үшін отқа күйіп, суға түсіп беретін достар қайда жанын үзіп. Іздейсің, іздейсің кеп... табардайсың Бəрібір таба алмайсың, алаңдайсың.

Зымыраған уақыттың дөңгелегін əттең-ай, кері жүргізе ала алмайсың. БАР АРМАНЫМ Айдында, фəни жалған кемесінде келемін, сақтар ма өлсем ел есінде. Байлығым – жылдап жиған жыр-жиһазым білемін құран сөзі емесін де. Біреу өлді, біреулер қалды тірі, сақтап тұрмайды екен-ау жан күтімі. Өлеңмен өмірімді өріп келем – көшірмесі өлмейтін бар бітімі. Тоқтамас өмір-өзен, Есіл ағар, ұқсатып мені де Елім есіне алар. Жоқ барымды өрнектеген ойларымның ертеңге несі жетіп, несі қалар?.. Көңілде күйкі тірлік, жанарда мұң, өмірде шикі шындық, жана алмадым. Алдамай адамды адам тура қарап, күн кешер кезді көру – бар арманым. ШЫНДЫҚТЫҢ АЙТЫЛМАСА ҚҰНЫ ҚАНША Ақын қандай, құдай-ау, ақын қандай, былайғы елге дағара атың дардай, тіл ұшына келгенді тістеп тұрып, көкірегің күрмеліп аһ ұрғандай, орып түссе де айтуға хақың бардай. Ақын қандай, білмейсің ақынды, Алла-ай, сөйлейсің көк теңізді сапырғандай, бір шоқып, төңірегіңе екі қарап,

сауысқан боп кеткенсің ақын болмай, тілімді алсаң қайтер еді хақымды алмай. Ақын қандай, ақынға жақын қандай, Қойса тəуба аударып атыңды алмай, Абай болып тусаң да айбарың жоқ, амал ізде жанына жақындардай, бүгін сенен күйкентай əкім зордай. Аспаныңда тұрғанмен Ай, Күн əлі, көңілің мың құбылар айнымалы, сəл сыбыстан жүрегің шайлығады, сен түгіл, кеше жүрген «күн көсемдер» бүгежектеп сөйлеуге қаймығады. Бақ та, мансап, байлық та құрығанша, сауап қой мұны екінің бірі ұға алса, шындық деп шымшықтай шырылдайсың, елеп жатқан ешкім жоқ мұны да онша, айттың не, айтпадың не, құр жаңғырақ, жан тыңдамас ШЫНДЫҚТЫҢ құны қанша?.. * Япырау, не боп кетті мына заман, тұрпаты жан ұқпастай, сірə, жаман. Ақ қанат періштелер ұшып кетіп, жер бетін жайлап алған кінəлі адам. Соншалық арды ұмытқан ноқыс па едік, түкке де таңданбайсың оқыс көріп. Ертемен тысқа шықсам кілең бейбақ жүреді əр бұрыштан қоқыс теріп. Жандай ек хабары бар көп істерден, қалған ұрпақ бəріне көністі елден.

Отыз жеті зұлматы, оған жалғас жалмауыздай жайпаған соғыс көрген. Көңілім, бəрінен де қалыс бұдан, байлықты кедейлікпен жарыстырам. Мен көрген кесапаттар біреу емес, қайсысын қайсысымен салыстырам. Пенде қылып жаратқан, шүкір, Алла-ай, ауырса əркім қорқады құты қалмай, жер бар ма екен, құдай-ау, айтыңдаршы, қашып Қорқыт көрінен құтылардай. ЖАЛҒЫЗ ҒАНА... Жүрек əлсіз, білек елсіз, бел елсіз... білмей қойдым өң де, түс те неге əрсіз? Көңіл бірақ бəз баяғы күйінде, бар тағы да бірдеңелер ең арсыз. Ұйқы, күлкі... бəріне де толы күн, ағын судай барады өтіп өмірің. Жапырақ жайған бəйтеректей көгеріп өзгермейтін жалғыз ғана көңілдің... ҚЫСҚА ҒҰМЫР Келген адам өмірден көше беріп, Бірте-бірте кетеді кешеге еніп, Бір жақсысы – аттары асылдардың Жаңғырады қала боп, көше болып... Алтын арай тірліктің құшқаны нұр, Қонған бақ та, дəулет те ұшпалы бұл.

Қас қаққандай əр сəті қайталанбай Зымыраумен өтеді қысқа ғұмыр. Аурухана – сартөсек, сары уайым, Бір қарасаң, керегің бəрі дайын, Жарты жылдай көрінер жарым айың, Жаныңды қанша жамап-жасқағанмен, Қайта айналып келмейді сəуір айың. Ауырған жан оп-оңай өле алмайды, Өзін өзі алдайды, көп алдайды. Ауру бірдей, ем бірдей көрінгенмен, Амал не, бəрі бірдей оңалмайды. Біреу оқыс от, сумен ойнауменен, Біреу елдің ертеңін ойлауменен Өткізеді өмірін, тас құрсауын... Босатып бір серпілтпей қойды-ау денем. Ақын жатыр бұл жерде, əкім жатыр... Тағы бір маскүнемге жақын жатыр... Енді біреу азаптан құтыла алмай, Бүгін өліп кетуге мақұл жатыр. Кетпесе алып ертеңнің елесін оқ, Мына өмірге біреудің бересі көп, Жүре тұрсақ дейсің-ақ балаларға Қарақшыдай қарауыл-демесін боп. Арман бəрі, əйтеуір арман бəрі... Тататұғын бітпесе алдан дəмі, Сол арманға жетем деп əне-міне... Қанша тағдыр қамданып, алданбады. Ұстатпайтын алдамшы құс па құрғыр, айнала ұшып періште, мыстаны... жүр

Сағымдай көз алдымда дөңгеленіп, Зымырап барады өтіп қысқа ғұмыр. * Өмір өлшеулі, басқан ізіңнің бəрі сын, Бақ дейтіннің де, сор дейтіннің де бары шын. Екеуінің де қызықтай қарап «жарысын»... Теріп келеміз тағдырдың шашқан тарысын. Тіршілік – бəйге, күрес пе, тағы-тағысын... Көріп келеміз тұлпардың, тайдың жарысын. Өліп көреміз жүйріктен жабы озғанын, Көңіліміз қалып, жүрегіміз қағып бəрі үшін. Мына жалғанда неміз бар тағы көрмеген, Кезіміз де көп өрлеген, өліп шөлдеген. Шаңытқан шақта ұра-жыралар көлденең Кездесіп талай қия-құздары көлбеген. Төтелей тарттым дегенде жазық жолменен, Қия-құздары мұнартып мылқау көлбеген. Ұласып кетер ылдиың асу-өрменен, Көреді бəрін күнəһар көзің өлмеген!.. ТҰТЫЛҒАН ТҰТҚЫНЫМЫН Мен кіммін, ағайындар, кіммін осы, Көретіндей бірді қас, бірді досы. Туған жерді пір тұтқан құр пендемін Дүниенің дейтіндей кіндігі осы. Жүрген жанмын бірді – іні, бірді аға ғып, Жігерімді суарып, шыңдап алып. Шаң жұқтырмас шашама шабандозын Асылдардың бір сөзі – мың қаралық.

Өмірім – нəр еленіп, еленбеген, Көңілім бар əрнеге елеңдеген. Əр қазақ мені бірдей көре алмайды, Мен қазаққа бірдеймін дегенменен. Абай емен, Мағжан, не Қасым емен, Олай асып-тасардай тасыр емен, Білетінім – əйтеуір мен де ақынмын, Жəне олардың соңы да, басы да емен. Ақындардың соңы да, басы да емен, Қайдан, қашан келерін басыма өлең Айта алмаймын, айтарым – өлгенде де Ой-арнама сыя алмай, тасып өлем. Қарапайым қазақтың ақынымын, Өзім деген пенденің жақынымын, Айналам аман болса, мен де аманмын Айбынданып шығатын батыл үнім. Өзегім – өрт, жыр берген өр кеудеме, Қуат кеміп, оты өшіп сөнген деме, Ақынды Алла жаратқан жасын қылып, Ұшқын атып жататын өлгенде де, Сақ болыңдар, ағайын, көмгенде де! Ақынмын, туа біткен дертім өлең, Тұтқынымын тұтылған еркіменен, Қас қылғандай, есті алып мас қылғанда Кезім жоқ өлеңге өліп-елтімеген, Жан алып, жан берісер шақ туса да Семсердей сермеп өлер сертім ӨЛЕҢ! ӨМІР-МАЙДАН Күнде – шабыс, түнде – шалыс... Өмір-майдан шебінде,

Талайларға кетіп жатыр кегім де, Біреулердің шекпенінде, шенінде Қаным, терім менің де... Құмға сіңген судай болып сенім де Жоғалады, тоналады күн сайын, Соның үшін қай бейбаққа ұрсайын? Қайбіреулер ұмытады өз атын – Темірге ұқсап үйкелістен тозатын. Басы жұмыр пендемін, Бəлкім-бəлкім, көп нəрсеге кендемін, Тозар солай, тозар қамал-шебім де, Мəңгі тұрар ештеңе жоқ тегінде. Майдан, майдан... Тек соғыста болады Десе біреу, түсінбепті ол əлі, Ақпан, қаңтар айларында ыстықтап, Тамыз бенен шілдеде де тоңады, Маңдайының арылмаған соры əрі. Кейде тіпті мылтықсыз, Нысанаға ап мүлтіксіз Жаһаннамға аттандырып жатады. Дос боп жүріп, сырттан алдап сатады. Болмаса да алым-берім шатағы, Ғажап бəрі, ғажап сырттай қараса, Егер жауын қаласа... Қапылыста мылтықсыз-ақ атады. Өмір-майдан шебінде – Тауда, суда, құмда жəне құрлықта... Зұлымдыққа, сұмдыққа, Жатып атар қулыққа... Болмағаннан икемім де, ебім де Талайларға кетіпті есем менің де. Талай мəрте жүрегімнен қан да ақты, Талай мəрте тістеп қалдым бармақты,

Бір жіберген қателігім өңін сəл-сəл өзгертіп, Соңына ылғи гу-гулеген сөз ертіп, Басқа тұстан шыға келді, алдапты. Өмір-майдан қапы кетер кезіңді Іздейді екен, соны жаным сезінді. Біреулерге жақындасам қаншама, Біреулерден сонша қашып-безіндім. * Ақ, қараны ажыратпай, Қас пен досты айырмай, Мезгілімен таңым атпай, Жапырағым жайылмай, Күндер зулап бара жатыр, Бара жатыр, тəңірім-ай. Бір күніме бір күнім Ұқсамайды, кім ұқты. Жай-күйімді білді кім, Жанымды кім жылытты. Қалдым талай оңаша, Қайғымен де, мұңмен де... Мəз-майрам боп балаша Қуанғанда, күлгенде. Шаттығыма ел куə Мұң-шер – жеке сыбағам. Аспан менен жер мына Салмақ салып сынаған. Ойнағанда бəрі жеңіл, Ойлағанда бəрі ауыр. Бұл тірлікте жаны жебір Адам тек бір қарауыл.

  • * Естен танып жатпайсың күнде тегі, Жоғыңды іздеп ой шіркін індетеді. Жұқа көңіл жарымкеш, түгендейсің Көңіл сұрап кім келіп, кім кетеді. Жайшылықта елемей жүрсең дағы, Жылы қарап жымиып күлсең де əлі, Ауырғанда аңсайсың ағайынды Кейбірінің келмесін білсең де əрі. Есепке алып жекжатын, жамағатын, «Бажа жақын, – дейтін-ді, – бажа жақын»... Жақындықта жоқ одан оза алатын, Маған да оның ер емес, езін берген Қауқары жоқ қол ұшын соза алатын, Туысты адам алмайды таңдап-сұрап Көрсетпей тіршілікте жаманатын Аман жүрсінші əйтеуір «азаматым». КӨҢІЛІМ – СЫНЫҚ АРБА Көңілім – құрау, сұрау, сынық арба, жер басып сау жүрген жан мұны ұғар ма, Артыңда қалған күндер – көзден ғайып, тосып тұр тағы қандай ғұмыр алда. Кей-кейде миға шауып, қан дігерлеп, өзіңді өзің алдардай қалды ма ермек. Жүрер жолың – құз, қия асуы көп бара жатқан секілді алдың өр боп. Бара жатқан секілді алдың өр боп, жүректі қыжылдатар қайғы-кермек. Суға кетер адамдай малтығасың тірі жүріп оңай ма жанды бермек.

Жазықта өскен қазақ ем күнде гүлдеп, өр, биік, тау... дегенді білмедім көп. Есігі еркін ашық жүрегіндей жатсынбайтын кім кетіп, кім келді деп. Шаршап кейде тұрсам да түннен жүдеп, сыр бермеуші ең кім кетті, кім келді деп. Сен де қажып қалдың ба шыныменен арпалысқа бой бермей жүрген жүрек? Бəрі қалды дейін бе, бəрі қалды, көргем талай ашынып арығанды. Дімкəс жүрек сəл жүрсем деміктіріп сыйлас, қимас жекжаттай жанына алды, білмеймін, тірліктің не сəні қалды. Хал үстінде тəрік қып бəрін, бəрін көріп келем бейбақтың жан ұрғанын. Көз алдында дөңгелеп күллі дүние тəңірінен тілейді ар-иманын. Өтті өмірден алдамшы, талғамсыз күн, көбі еріді көңілде қалған сыздың. Еліме мен ризамын, ұмыттырмас... артымда ұрпағым бар – АРМАНСЫЗБЫН! ҰҒА АЛҒАН ЖАНҒА... Арманымызды айдынға салып, жүздіріп... Жүргендей күнде сөйлейміз өліп, үздігіп. Бəрі ғой соның əруей тірлік, пенделік – Болмаса біз кімді, жатыр-ау кімдер бізді ұғып. Толып жатса да тірліктің тарам жолдары, Ойлағанымыздың, тойлағанымыздың жөн бəрі... Көзді ғана емес, көкірегімізді шел қаптап, Ағаның айтқан ақылы бойға қонбады.

Тіршілік – мұрат, жеткізбес шегі бір ғайып, Тəуекелің де дарияға салған жел қайық. Ағаны тосып сөз сөйлемеген басымыз Ірі боп кеттік, ініні қайтіп тыңдайық. Осылай өмір, өзінің жолы, жөнімен Өте береді, енді ұққандаймын соны мен. Алды-артымызды ажырата алмастай күй кешіп, Ата жолынан адасып қалғандай көрінем. Талайды силап, талайдан тағы сый көріп, Бойымызды жинап, ойымызды еркін игеріп, Жаманнан қашып, кірпішешендей жирылып, Жақсыға жанап келе жатқанымыз да үйреніп. Ұға алған жанға екен-ау бұл да ғанибет, Жұқарасың кейде жаныңды тасқа жани кеп. Көрініп жатқан тірліктің төте жолы жоқ, Басқан ізіңнің, жүрген жолыңның бəрі ирек, Адасып қалмасақ екен-ау дейсің зар илеп. ЖЕТПІС АТТЫ ҚАТАР ЖЕГІП ШЫҚҚАНДАЙ Бір машина – Жетпіс аттың күші бар, Аз емес-ау, айтсаң ауыз тұшынар. Жетпіс атты қатар жегіп жүргендей Кейде адам өз-өзінен қысылар. Құла, торы, бараңкөгі, күреңі... Көк арбаны қатар сүйреп жүреді. Бір-бірінен жарты қадам қалмайды, Бір-бірінен озбайды əрі бір елі. Дегенменен: «Көңіл – жүйрік көк дөнен», Ата-бабам бұл байлықты көрмеген.

Сүйгенімді сүйсіндіргім келгенде, 70 атты тартам алға көлденең! Шабыс тілеп, қайшылантып құлағын, Пар келместей аңыздағы пырағың, 70 атты қатар жегіп шыққанда, Ұшатындай, қанаттанып тұрамын! ЖҮРЕДІ АЙТЫП Біз өмірдің қуанышын көп айттық, Жел-сезіммен көңілімізді тоғайттық. Көріп тұрған көзімізге сенбедік, Неге сенсе, «Сенімділер» соны айттық... Соны айттық біз, «Бас қатарып не керек?.. Ойлағандар нені ескеріп, нені елеп жатыр? – дедік, – өзіне-өзі көр қазып, от айналған ессіз, көзсіз көбелек!» Тек жүргенге, тоқ жүргенге не жетсін, Тек, тоқ... жүрсең, тағады кім не деп сын? Əсіресе монтансыған момақан Қалпыңда сен мықтыларға қажетсің! ...Ақылды жұрт ақылдан да тойған ба? Безер жандай берекесіз ойдан да Ел ыңғайы қалай ауса, солай айт, Бар дүміңді ішке сақта ойлан да! Алам десең атыңды бір оздырып, Əуреленбе көн-төзімді тоздырып... Əлділердің əлсіз жерін аңдай біл,

Дəл сол тұстан сөйле өңешті создырып, Жас-кəрінің делебесін қоздырып. Сөйле!.. Сөзді жатпайды ешкім безбендеп, Кеу-кеулеумен əкетеді тез демдеп. Сен сол кезде бір қыр асып қаласың, Барша жұрттың жан сарайын сезген боп. Қас жүйріктей шалдырмайтын қарасын, Өлшегенше ел шын мен сынның арасын, Тарт, тарта бер қарайламай артыңа, Талай белден өтіп, кетіп қаласың. Бəйге топқа қосылсаң да боздан кеп, Қарамайды делебесі қозған көп. Жүйрік емесіңді біле тұрса да, Жүреді айтып: «Сол бəйгеде озған!» – деп. КӨҢІЛІМ ДЕ БҰЛЫҢҒЫР Күн бұлыңғыр, көңілім де бұлыңғыр, Айығатын кезі бар ма мұның бір. Айығатын кезі болса, айықтыр – Ал болмаса біржолата түңілдір. Үйде отырсам, үйге сыймай қиналам Түзге шықсам, күңіренеді күй-далам. Онсыз-дағы қою бұлтты қойылтып, Жан жарамды қайта қозғап қинаған. Бір-біріне бағын, тағын... қимаған, Көп қошқардың басы бірге сыймаған, Айқайы көп, айтары жоқ, өтірік – Кіл өтірік, қайсысына иланам. Қайсы сөздің ұрғашысы, еркегі, «Мың бір түннен» тыңдағандай ертегі,

Көз ұйқыға талып барып кетеді, Бүгінінен бұлыңғырлау ертеңі. Бүгінінен бұлыңғырлау ертеңі, Бағытынан қалды айырылып ел тегі. Зар ілініп домбыраның шегіне, Қорқыт-қобыз аза күйін шертеді. Көңілім де, өмірім де бұлыңғыр, Айығатын кезі бар ма мұның бір, Айығатын кезі бар ма мұның бір – Егіледі Асан қайғы-жырым кіл, Күн бұлыңғыр, көңілім де бұлыңғыр!.. ТЫҢДАП КӨР Тыңдап көр, не айтар екен мен жайында, Шындап көр, не айтар екен сен жайында... Қарадай соқтығарға қара таппай Отырған əзірленіп ел қайымға. Тыңдап көр қондырғанын қай төбеге, Шымырлап бір айтқанын қайта өре ме? Қоярын адастырып кімдерменен, Қоярын жанастырып қай төреге. Елің кім? Нағашың кім? Қайының кім? Кім саған жасап жүрген қайырымын. Тарқатып берер жетпіс тармағыңды – Барлығын кімнен қанша айырымың. Жандай-ақ жаттап алған бүкіл əнді, Жайнатып жайып салар құпияңды. Қажет пе, көз алдыңа əкеледі, Бергендей өзі жасап құт ұяңды. Сенесің, амал да жоқ сенбесіңе, Ол айтса, алаңдайсың сен несіне.

Тірліктің бар тұтқасы уысында, Қасқаның қара құлаш сермесіне! Жан емес босқа ұшырар сөзін желге, Жетеді жақындассаң көзің демде. Бер дағы тізгініңді, ілесе бер – Ол сені «біледі артық өзіңнен де». КӨҢІЛІМДЕ ӨКПЕ КЕТТІ Мына жұрттың айта ма бəрі өтірік, Қара жолға қараймын əлі отырып. Қажыдым ба, қабақта кірбің қалың – Ертерек кетпегенге сəл опынып. Ежелден ел дəстүрі, сірə, мəлім, Мен бірақ ешкімді де сынамадым. – Алыстан келіп жатқан ауылыңа қонақ ем, қонақ қыл, – деп сұрамадым. Іздеп кеп сəлем бердің. Рахмет! Сол көңілің сан сыйыңа тұратын ед. – Тос! – дедің, күн бойына тосып жүрдім, Осының болды маған бір ақырет! Білемін, кісі күні кісімен ғой, Кішірсең, ертең мен де кішірем ғой. Жəйің болмай қалса, жəй айтпадың ба, Біреудей сөз орайын түсінем ғой. Біреудей түсінем ғой сөз орайын, Жəйің болмай қалды, оны сезем, айым! Бірақта ертеңіне бір уəжін Айтпадың, соған қайтіп төзе алайын. Қайтемін қазбаланып, өткен өтті – Қазбалаған жанға сөз көп керек-ті.

Көрісіп-көріспеспіз енді айналып, Көңілімде тек бір түйткіл өкпе кетті. ТҮСІНДІ АҚЫН Таңдаулылар дем алатын жер еді, Ақынға да сол болатын керегі. Томпаңдаған немересін қасына ап, Бірер жұма барып қайтсам деп еді. Жан Ердені жігіт болып, ес кіріп, Бал тілінен балдай самал естіріп, Думан қалып жүрер еді жанында – Таза ауада дамылдаса кешкілік. Келіп жатқан еңістен де, өрден де... Басқалардың немересін көргенде, Ақын көңіл алабұртқан бой бермей, Бір əкіммен хабарласты сол демде. Телефоннан көрмесе де түр-өңін, Сыпайылап айтып бақтым тілегін. Арғы жақтан жауап-дауыс естілді Деген: «Аға, мен ғой сізді білемін!» Біледі иə!.. Ақынды жұрт біледі... Демек, енді орындалмақ тілегі. Мақтаныш бір сезім билеп өн бойын, Шабыттанып, жиі ұрғандай жүрегі. – Бірақ, – деді қарлыққандай дауысы, – Балалардың жатпайды онда бəрісі, Немерелер, немерелер... əр түрлі, Бар тағы да толып жатқан мəнісі...

Сізге айтпайтын... Түсінді ақын бірден-ақ, Қайран көңіл гүлден нəзік, гүлден ақ... Бес жыл бұрын анау жүрген баланы Ерденімен алып шыққан бірге орап. Естімеген ес білгелі оңдайды, Ақынды əкім қалай-қалай қорлайды?! Сəбилерді сортқа бөлген бұл жерге Баруға да, қалуға да болмайды! Түсінді ақын, бұл қорлықты өмірі Ұмыта алмас, қалды тас боп көңілі. Бөбектерді бөлектеген сол жерден Біржолата қайтып кетті сол күні! СЫНАМА Алдым да жар, Артым да жар, құлама... Шешінген жан судан қорқып тұра ма? Бəрін өзің менен артық білесің, Біле тұрып, отқа салып сынама. Өзің болып бақыт дейтін құс күнде, Жүр айналып қақ төбемнің үстінде. Сол құсымды қондыра алмай қолыма – Тағдыр құрған қыл тұзаққа түстім бе? Тіршіліктің бізге ұсынар «сыйы» мың... Көрдің бе енді «сыйының» сол сиығын. Таусылмайтын тарам-тарам жолдардың Алдыма əкеп тартады ылғи тұйығын. Арманым ең көңілімнен күй ұққан, Керек кезде өз қанымнан құйып қан бере аламын,

Таң жұлдызым өзің боп, Шығарып ал тірелгенде тұйықтан. Өзің болып кезігердей алдан бақ, Адамға айтпай жүрдім іштей армандап. Тағы, міне, тағдырыма қол создым, Суға кетер бейбақтайын тал қармап. Алдым да жар, Артым да жар, құлама... Көре тұрып, біле тұрып сынама! Сырыңды назың деп ұғар, Болсам да əзілге құмар, Ішімде ешкім көрмейтін Жанымның əжімдері бар. Жанымның əжімдері бар, Құпия əзірге бұлар. Өзімнен өзгеге естілмес Жалынды саз үндері бар. Өзіме қызықпағанмен, Сөзіме қызығатындар бар. Шүкірлік, Бізді ұқпағанмен, Пиғылын біз ұғатындар бар. Түндерде шошып оянам, Жанымды күйдіріп шабыт. Мазалар осы ғой əман, Жыр кернеп, Қиғылық салып!

  • * Ойлағаныңмен керекпін ғой деп əлі де, Ауырдың – бітті, ұмыт боласың бəріне. Жақынмын деген достардың көбі кетеді, Құдайдың бейне ұшырағандайсың кəріне. Ұмыту – қиын, ұмытпағаннан пайда да аз, Көңілдің мөлдір көктемі қайда, қайда жаз? Қызық қуумен жүріппіз болып жəйға мəз, Өтпелі бəрі, қолдан келердей қайран аз. Көңіл ғой əлі елегізумен жүр елтіп, Гүл ектім бе екем жүрген жеріме бірер түп? Жас күндерімді, мас күндерімді сағынып, Еске алуменен отырармын ба күн өлтіп?! СЫРТЫ БАЗАР ҮЙІМНІҢ... Сырты базар үйімнің, іші базар, Үлкен базар қайнаған, кіші базар... Төңірегім кіл сауда, сауда, сауда... Періште болам деген кісі де азар! Алдап сатып, Біреуден алдап алып, Күнге жеттік ұтсам деп жан бағарлық. Өңім түгіл, түсіме кіріп-шықпас Тірлік кешіп келеміз таң қаларлық! Сағасынан сүңгіні қанға малып, Барымтамен жан кешіп малды аларлық, Жауым да жоқ, бітіспес дауым да жоқ, Жоққа беріп жүрердей, бардан алып. Бір қарасам – тірлігім қызығарлық, Шын қаласақ, түсіріп қызып алдық.

Жер басып сау жүргенім – бұл да сауда, Жұмбақ əлем, белгі жоқ біз ұғарлық! Жан күйе ме егіліп, ол да – сауда, Жар сүйе ме беріліп, ол да – сауда... Біреулерді біреулер алдап кетсе, Жау алғандай жалпақ ел той жасауда. Сыртым түгіл, кеудемнің іші базар, Базар қуып жүргеннен ісім азар. Дөңгелегі дəуірдің тұр айналып, Тоқтата алмас енді оның күшін ажал. Жас қылғаннан, адамды мас қылғаннан, Толасы жоқ тоқтамас тасқынды арман. Қайда апарып соғады «тақсыр-жалған», Амалым жоқ қолымнан келер басқа, Тағдырымды Аллаға тапсырғаннан. * Қалғандарым, Жоғалтып алғандарым... Көп-ақ екен, айта алсам арман бəрін. Ой-безбенге салмаппын салмақпенен, Өмірімнің ақиқат, жалғандарын... Қараны да ақ деппін, адасыппын, Таласпайтын тұста да таласыппын. Жөнсізімді жосықсыз жөн көрем деп, Көкіректеп көпке да дара шықтым. Үміт семіп, ой кеміп, сезім де өлді... Ақты қара жеңгенін көзім көрді. Қарсы қойып өзіме өзімді енді, Тірі жүріп өлген де кезім болды.

Ойдың да ортайғаны – қартайғаның, Білемін нұрлы беттен əр тайғанын. Өткенді санаменен санап тұрып, Армандай түседі еске қай-қайдағың. Санамда бəрін-бəрін салмақтағам, Жұбанышым – кезім жоқ арды аттаған. Өмірге де өкпе айтар жан емеспін, Өтеді əркім, шайтан боп қалмақ па адам. Мəңгіліктің заңы осы, күнім жетсе, Өлімге де қыранша самғап барам! ҚАН ҚЫСЫМЫ Қан қысымы! Қинайды, қинайды-ай кеп жанды сірі. Пақыр ма, айбары асқан батыр ма елде?.. Мүсəпір қып қояды бар кісіні. Біріне бірін тіркеп қойған əрі – Өмірің... Көңілің де ойнамалы. Ойламайын дейсің-ақ. Бірақ, бірақ... Айналып тіреледі ойға бəрі. Бір күш бар үйлестіріп қойған əрі, Айналып тіреледі ойға бəрі. Тірлік шіркін өлшеулі, түп-түбінде – Сен кетесің, бəрібір ой қалады. Санаң барда бойлайсың бойламасқа – Жүрмекпісің мəз болып тойған асқа. Адам болып жаралған айыбың сол – Тірлік шіркін қоймайды ойламасқа. Көтеріліп, төмендеп қан қысымы, Ойнайды тəлкек қылып бар кісіні,

Ақыры əкеп ырқына көндіреді, Айтып қайтем, белгілі арғы «шыңы»! КӨП ОЙЛАНАМ Мен де тоқпын, ол да тоқ, тоқ айналам – өзен-көлім, тау-тасым, тоғай-далам... Тоқ жүріп-ақ бір-бірін тонайды адам, Бір-біріне дос, бауыр деп үйреткен Заман қайда, заң қайда?.. Көп ойланам. Ұл ер жеткен, қыз өскен – мені үйреткен, Енді-енді ұғып келемін елімді еппен. Түлкі бұлаң заманның амалы көп Тарқамай жүр іштегі шерім көптен. Тарқамай жүр іштегі шерім көптен, Қуаң тартып барады жерім-көктем. Биліктің қыл шылбырын қатын ұстап, Емін-еркін жайына келін кеткен. Бір басыма орнардай заманақыр, Ми шайқалып, ортайып барады ақыл. Қызығына қиналып қара да тұр, Көкіректе жазылмас жара жатыр. Мен де тоқпын, ол да тоқ, тоқ айналам... Айналамның бəрі тоқ, тоғайды Адам. Қарыны тоқ, араны аштар қаптап Кетпеді ме екен деп көп ойланам. КӨҢІЛ ДЕГЕН... Көңіл деген немене, Көңіл деген?

Теңеу таппай келемін көңілге мен. Білетінім, бір тіні өмірменен, Бал шырыны шайқалып төгілмеген, Ал өмірдің қисапсыз қайшылығы Шыға берсін ойыңнан қайсы бірі – Содан шығар, бір сəтке мұқап қалып, Жұтап барып қайтадан көңілденем. Біреуге разы, біреуге наразымын, Қайдан білем бəрінің ара жігін. Қисапсыз қайшылықтар жайшылықта Таусылмайтын менің де нала жырым. Жақсылық пен жамандық қалтылдатып, Бірде ысытып бойымды, салқындатып... Тең басып екі басын таразының, Тынымсыз тұр бебеулеп безек қағып Сүйір тіл көрсеткішке кезек барып... Осындай алмағайып арпалыста Көміліп қай жағада қалады ізім? Боран соғып, өрекпіп дауыл ұрып, Меңіреу дала тасы да, тауы да ұлып... Дірдектейді сөнердей лағыл үміт, Қара түндей қатыгез қара түнек Табиғаттың өзін де көрсеткендей Түйсігі оянбаған тағы қылып. Көңіл де кіл осындай алмағайып, Бар болса – жоқ, жоқ болса – барға лайық. Ор тұрса да қарамай жүгіреді Жас балаша құшағын таңға жайып. Көңіл деген немене, көңіл деген? Теңеу таппай келемін көңілге мен...

КӨҢІЛДІҢ АЛАҢЫ КӨП Жазсам-ау деп келіп ем осы жерге, Оралмай жүр көңілімнің хошы демде. Көрінер ме қылығым тосындай боп, Сырларымды ұқпаған тосын елге. Айтыңдаршы, не сыр бар осы менде, Өзіме-өзім кектеніп өшігем бе? Азап тілеп алғандай қара жанға Мың көшірем, мың қайра өшірем де. Күлтеленіп кеудеме тола ма үміт, Алданамын əрнені жора қылып. Сезім шіркін салады сергелдеңге, Ішін тартып тұрғандай боран ұлып. Алабөтен тағдырдан сый тілеген, Білмей қойдым көңілім күйкі неден? Əлденеге қойғандай алаңдатып – Беймезгіл шəуілдеген итіменен. Ішім от боп жанады, жанады кеп... Үміт кеміп, күдігім бара ма үдеп? Өзге түгіл, ұқпаймын кейде өзім де, Бұл көңілдің əйтеуір алаңы көп. * Жыласақ жыр жазамыз, Құласақ жыр жазамыз... Біреулерді мадақтап, марапаттап, Шыңға шығып марқайсақ бар атақты ап, Күл қоқысқа айналсақ жала таптап... Жыр жазамыз, тағы да жыр жазамыз, Ақын-өмір ғажайып тұнған аңыз.

Арман – арман жезкиік ала қашқан, Көз ұшында сағыммен араласқан. Қос өкпемді қолыма ап қуып келем, Өлген-тірілгеніме қарамастан. Өмірден тыс кімді кім жарата алмақ, Қуанған да кезім көп алақайлап. Суалған да кездерім аз болмады, Жүрегімде қалды кіл қара таңдақ. Құлай түсіп біреуге сенгенімде, Сенгенімде, Еркіне ергенімде, Орта жолда қалдырып қор ғып кетті, Көмгендей-ақ тірідей жерге мүлде. Бəрі соның жырымда, Жыр жаздым кеп... Таттым талай зардабын ызғардың көп. Өлеңменен өртеніп кетердей ем, Су сепкендей күл болды қызған жүрек. Қайран жүрек албыртып ала қашқан, Алақұйын додаға араласқан, Бір көмбеде қалдырып кетермісің, Сырласым, мұңдасым ең бала жастан. Бəлкім, бұл да пенденің пенделігі, Жетіп жатыр көңілдің кенде күні. Жылап, жұбап өлеңге мұңын шаққан Жүрегі шерлі ақынның мен де бірі. Кейде жылдар артымда жəй қалғандай, Медеу табам жаныма қайдан, қандай? Бір сүрлеумен келемін,

Алдым бұлдыр – Өз өсімен Жер Күнді айналғандай.

БЕЙЖАЙ КЕЗДЕ... Адамын қуаныштан, қайғыдан да – Серт қойып сезім менен айныған ба? Асаудай жүген-құрық салдырмаған Бір күні арманнан да айрылам ба? Өмірде ер білместі ез біле ме, Еңсемді қорғасын ой езді неге? Арбасқан алмағайып ағайындар Тірліктің қызығынан бездіре ме? Бөрідей ішін тартып күз ұлыған, Тірліктің бездіре ме қызығынан? Жазмыштың кім құтылған құрығынан, Қашам ба құдыреттің құзырынан? Қайтқан бет, қалған көңіл бəрінен де, Өмірдің бұрынғыдан əрі кем бе? Серіппейді сезім-қанат қауырсынын, Тағдырға мойынсұнған кəрі мен бе? Жауа алмай ауған бұлттай жауамын деп, Желге ұстап желкенімді ауамын көп. Түн қатып отырамын мың сауалға Мыңғырған көп ойлардан жауап іздеп. БЕКЕР БƏРІ Жазылмаған өмірдің заңдылығы Сəл бұрын да, кеше де, алдыңкүні. Соған ғана бас иді, басқаға емес Тына қалып тірліктің бар дүбірі. Оқығаным басқа-ды кітаптардан – Дүниеқор жан емен шыт ақтарған. Шындық шыңы қалайша аласарып, Əділеттің ауылы жұтап қалған?

Мүмкін емес, сенгем жоқ, сенбеймін де... Ағып кетем бағытсыз сеңдей мүлде. Əділетті əбілет жеңер болса – Адамшылық тап болмақ нендей күйге. Ардың туын түсіріп, ластаған – Өтірікті шындық деп растаған. Жандайшаптар жаудан да қауіптірек, Шындық сырын сезінбес шың аспаған. Бекер, бекер – бəрі де бекершілік, Жауыз жалған тірліктен өтер шіріп, Адамдардың жолына жуа екпесек, Өзен-өмір арнадан кетер шығып. Кетер шығып бар дүние қалыбынан, Запа шегер Жақсылық-жалын ұлан, Опасыздар олжа іздер тағы бұдан, Тұрлауы жоқ тірліктің керегі не Нұрланбаса Əділет жарығынан! БЕЛГІЛІ БОЛУ ҚИЫН БА?.. Белгілі болу, Белгілі болу қиын ба, Орайын тауып кіріп алсаң бір ұйымға. Талай тағдырды қаңбақша іліп əкетер Қозғай алмайды дауыл да, жел де, құйын да... Көріп те жүрміз белгілі болған талайды – Белгілі болсаң, тезірек атың тарайды. Жырыңды білмес, Сырыңды білмес ағайын Айғақтап тұрар анықтамаңа қарайды. Алтын ба, мыс па... Асылың қандай ішіңде – Тіршілігіңе тірек қылардай күшің не?

Түңілдірместей жылылық бар ма түсіңде, Сырын білместей ұлылық бар ма ісіңде? Бір-бірімен де санасып ешкім жатпайды, Қажеті бар ма, қажет деп білсе, жақтайды. Көзге ұрып тұрса, кемшілігіңді «таппайды», Сөз біліп тұрса, майын тамызып мақтайды. Біліп ал, бауырым, орайы келсе, біліп ал, Пендешіліктің түсі суық та, тілі – бал. Тірліктің əркім көре бермейтін тіні бар, Дауыл тұрса да, жауын ұрса да тоңдырмас, Жылы қолтықтар табыла қалса, кіріп ал. Алланы қойып, соларға ғана сиын да, Боранға ықпа, жеткізбе желге, құйынға. Айбының асып, артады құрмет-сыйың да, Белгілі болу соқпайды сонша қиынға. Солай, бауырым! Қатырып басты не етесің, Қыран болмай-ақ қиянға самғап жетесің, Біреулер тіпті қыздырамын деп шекесін, Саудаға салып жүреді кейде некесін. Қайтесің күйттеп «белгілі» деген – бергіні, Орайын тапсаң «көрнекті» боп та кетесің. ҚАЛАЙ ҚАРАЙМЫЗ ЕРТЕҢГЕ Өкпе жалаңаш, Жүрек жалаңаш, Жалаңаш... Шарпиды жанды шоқ пенен жалын аралас. Бірімен-бірі арбасқан зəһар аждаһа, Өліп-тіріліп жатқаныңа да қарамас.

Көңіл нені ұқты – Өмірге күпті шала мас, Оңайлықпенен мастығың бойдан тарамас. Адамдар бүгін хайуаннан бетер қауіпті, Тəні жалаңаш, жаны жалаңаш, араны аш!.. Ішпей де жемей пейілге ғана тоярдай Кешегі күннен адасып қалдық – ой, Алла-ай! Құдайдан емес, заңнан қорқады пəтшағар, Болмаса адам бір-бірін жұтып қоярдай. Қараған жоқпыз суық деп, аптап ыстық деп, Көзді жұмдық та, бəріне гүмп-гүмп түстік кеп. Сахарада қалып шөлдеген жандай көз жұмып, Суды да іштік, уды да іштік... іштік көп! Көбейді қазір батыр келіншек, батыр қыз... Бір қарағанға бəріміз бірдей батылмыз. Елді ер емес, ездер биледі, содан да – Сазға отырғандай сазайын тартып жатырмыз. Ескексіз қайық – еркіміз желде, желкенде... Ойланған кім бар, шында да ез бен ер тең бе? Бүгін күн өтер бұқпалап ғұмыр кешірген, Не бетімізбен қарар екенбіз ертеңге?! * Береке кеткен төрімнен кім не табады, Мереке кеткен өңірде не құн қалады? Аңызғақ ұрып, тартылса теңіз табаны, Өзегің өрт боп, Жаныңды дерт кеп шабады. Талғам-талшыққа жеткендей жаңа зарығып, Бір үзім нанға қалғандай қарап бар үміт,

Өлі сезіммен, бөрі сезіммен шабылып Тажалдай тарпып, ажалдай қарпып, тарынып... Қызғанышпенен қарарсың бəрі-бəріне, Ұмытып мынау тірліктің мақсат-мəні не. Хайуан-сезім қарамай қауқар-əліне Ашқарақ көздер оянып кетер əлі де. Құлардай болып шыңнан да, биік құздан да, Көңілің қалып қыздан да, тіпті ұлдан да, Жүресің кейде симастай болып бұл маңға. Қайшылық деген қалмайды бізден бəрібір Жер мен Көк жəне адамдар аман тұрғанда. БƏРІ ЖАЛҒАН Бəрі жалған, Дүниеде бəрі жалған... Жалған əлем қамалап жалығар жан. Алтын, күміс, ақыққа... бөлесе де, Бір пендені көрмедім жаны қалған. Бəрі жалған, Дүниеде бəрі жалған... Жалғандығын не пайда танығаннан. Тағдырдан тұлпар мініп қашқанда да, Бір пендені көрмедім жаны қалған. Бəрі жалған, Дүниеде бəрі жалған... Күн сайын күткенменен таңың алдан, Қу түлкідей құйрығын ұстатпайды Бұлдырап бұлаң қаққан сағым-арман. Бұлдырап бұлаң қаққан сағым-арман – Бір қыр ассаң шығады тағы да алдан.

Алдамшы бұл тірліктің бар тылсымы, Қысқасы, Дүниенің бəрі жалған! ЕЗ БОП КЕТЕ БЕРЕДІ... Ез боп кете береді ер дегенім – Езді қалай ерменен теңгеремін. Тірі жүріп ұяттан жерленемін, Қайдан алам тəңірдің бермегенін? Бір үйірдің төлі де құла, алалы... Тəңір берсе, барыңды кім алады? Жайшылықта екінің бірі батыр, Ерлік, ездік майданда сыналады. «Пəле-жала, – дермісің, – кімге қайдан?» Тыныштыққа не жетсін ірге жайған. «Қой үстіне бозторғай ұя салған» – Тірлігіңнің өзі де күнде майдан. Біз малтығып жүргенмен, асықты өмір, Шамаң келсе, арнаңнан асып, төгіл. Аласұрған дарияның толқынындай Əр жағаға соғады ғашық көңіл. Мен де өзімнің əлімше көпті көрдім, Отты көрдім, жайнаған шоқты көрдім... Елпең қағып ездерше күн кешкенше, Өртеніп жанып кетсем деп тілермін. Ерліктің көз ашқаннан құшқаны – нұр, Ездіктің əзəзіл боп мыстаны жүр. Асылды арамзадан айыруға Əттең, жете бермейді қысқа ғұмыр.

Ез боп кете береді ер дегенім, Тірі жүріп ұяттан жерге енемін. Көріңдерші, өлгенім – терлегенім. Тура қарар бетім жоқ елге менің, Езді қалай ерменен теңгеремін, Қайдан алам құдайдың бермегенін?! АЛАБҮЛІК Алабүлік – Кіріп кеткен қандендей араға үріп. Қайтарғанда уытын бір бүліктің, Тағы да ойлап табады жаңа бүлік. Ел кезіп қала көрді, дала көрді, Тиімді ме өзіне, бала болды. Ірімін деп дүрдиді інілерге, Ұлымын деп соқтықты ағаға енді. – Абайлаңдар, өзімін жырдағы оттың, Мен неге анда жоқпын, мында жоқпын? Бір тұтқасын биліктің бермесеңдер, Ақберен, атылғалы тұрған оқпын. Ығыс былай, жолымды бер, қарағым, Өлеңдегі данасы ең дананың Абай да емес, берісі Қасым да емес, Менмін жалғыз, біліңдер, мен ғанамын! Деді, деді, көпіріп, деді, деді... Дей бергенге кейде жұрт елігеді. Мінез ғой «ақындыққа жарасатын» – Көп тобыр танымаған не біледі? Жиын сайын үреймен, үркітумен, Үркіткені кем соқпай іркітіңнен,

Кейде тағы сипалап түлкі тілмен, Қояды арбап бір жалын, бір түтінмен. Солай, солай таланттың таласында Жүр біреулер, сөзіме нанасың ба? Ірткі болып, кей-кейде ішірткі боп, Қарттық пенен жастықтың арасында. * Байлық деген болмайды ақында ерен, Бірақ жырмен жаныңа жақын келем. Шаршы топтың алдында жабатұғын шапаным да, мінгізер атым да өлең. Байлық деген болмайды ақында ерен, Бірақ сонша мүсəпір, тақыр да емен. Тірлігім тірілермен жалғассын деп БОЛАШАҚҚА жазатын хатым да – өлең. Өлең – менің елгезек көңіл күйім, Көңіл күйім, жүретін жолым қиын. Жыласам да, күлсем де бəрі өлеңде, Жырларымнан мөлдіреп төгілді Күн. Теңізге ұқсап тербелген көңілде ойы, Сыймай тұрсам шарама төгілгелі. Ұрпағыма қалдырам мұра қылып, Өлеңменен хат жазып өмір бойы. Хат жазам немереме, шөбереме, Хат жазбасам, көңілім көгере ме Аталардай артына сөз қалдырған, Ертеңімді кетпесем еліме айтып Ақын болып туғанмын неменеме.

Таудай биік көтерген өнерді ақын, Өнерді ақын бəрінен көрер жақын. Байлық, мансап – бір күндік қолдың кірі, Жетсе болды ұрпаққа өлең-хатым. АРНАЛҒАН АЛҒЫСПЕНЕН... Оранып қошеметпен күнде гүлге, Жастықтың желеуімен жүргенімде, Анамдай ана болған, пана болған Білдім бе қадіріңді, білмедім бе? Атқанда нұрға оранып арай таңым, Шұғыладай дүниеге тарайды əнім. Сен тыңдап отыр ма деп сол сəттерде, Сəбидей алаңдаймын, қарайлаймын. Жетелеп арман-қиял атымды алға, Алатау биігіне шақырғанда, Тəңірдей табынарым өзің ғана Ең қымбат туыстан да, жақыннан да... Тəңірдей дүниеде табынарым – Өзіңе шын берілген жаным, арым. Қасыңда жүрсем еркін еркелеймін, Сəл шырқап шалғай кетсем сағынамын. Жалғасып күн артынан күн келеді, Қызғалдақ таң нұрымен гүлденеді. Қуанып жас балаша сен болмасаң, Жан апа, соның бəрін кім көреді? Арналған алғыспенен шырын əнім, Балаңның айтар шыны, сыры мəлім. Шілдеде көлеңкеңнен сая тауып, Қаңтарда мейіріңнен жылынамын, Жы-лы-на-мын!

  • * Шайлықпастан көңілім шайлықпаған, Алайын деп алмайды айлықты адам. Кей-кейде ақынды да, батырды да Иіп əкеп ырқына көндіретін Құдыреттей көрінеді байлық маған. Айтқанменен байлықты қумадым деп, Байлық үшін тумадым, тұрмадым деп, Мен де пенде – көңілім құлазиды, Бір жағымда қу тақыр, бір жағым көк. Сен де басқа бұл күнде, мен де басқа, Құлдық ұрып құнықтық жем мен асқа. Сəби сезім ойында ештеңе жоқ, Бірдей қылып жаратқан Алла баста. Ауырына арқасын тосар жүктің, Бəйгеге жеке-дара қосар мықтың Мен емеспін, бəрі бар бір басымда – Пендеге тəн мықтылық, осалдықтың. УЛАНЫП ҚАЛДЫҚ... Бойымызда осы қайнаған қан ба, Жəй су ма, Саңлаусыз сана – Уланып қалдық қайсы У-ға? Өзіңнен өзің адасып қалған жандайсың Өмірде мынау жоқсың ба, Əлде барсың ба?.. Бар болсаң қайда? Көрініп бір сəт шықпайсың, Ел жұтқан У-ды бөлісіп неге жұтпайсың?

Боранда қалған бейшара қойдай ықтайсың, Жақсы айтқанды да, Жаман айтқанды да құптайсың... Ықтайсың келіп, Ықтайсың келіп... тіл қатпай, Езде де ерлік болмайтын ба еді бірқақпай. Ішкенім – ірің, Жегенім – желім, бойыма Бал берсе дағы жүр батпай. Қырандар қайда? Көгімде майда – кіл қарға, Көбінде үн жоқ естіртіп айтар,

ТІЛ бар да. Көкірегі ояу, құлағы бітеу тыңдарға... Адам боп келген өрісі қысқа өмірде Адам боп жүріп, Адам боп өтер күн бар ма?! Тоқырап көрдік, Көрдік біз қайта құрып та, Тілімізді де, Ділімізді де... құлыпқа, Салдық та мықтап, Түк көрмегендей бүгжіңдеп, Жаураған қойша тығыла бердік кіл ыққа. Ептедік «ЕР» боп, Кетпедік мүлдем құрып та, Қиқушы шықса – мойнымызды иіп құрыққа, Ез болып көндік, Бітпедік содан сынып та, Дауылға қарсы, Жауынға қарсы шыға алмай, Шым батып терең, Үйездей бердік тымықта.

Шым батып терең, Болдық та керең мүлгідік, Айдынға шықсақ алатындай-ақ бүлдіріп, Өтірік жүріп, Өтірік күліп, Күл-ді-ріп... «Рөл ойнаймыз» – Ішімізді жатыр кім біліп?! Мүлгідік үнсіз жатып та, Тіке тұрып та, Керенау тірлік сылтау іздедік сыныққа. Сұрама сырды, Ішім біледі ит өлген, Жақ аштырмайды, Ауызым берік құлыпта! Абылайлардың, Ағыбайлардың ұрпағы, Көкірегім – кеніш, Жаны байлардың ұрпағы, Кемістік көрген кедейден тудық деп жүрдік, Шалғайымызға жармасар деумен кім тағы, Тегімізді танып жармасса болды –

Құртады. Арғы атам менің... Айтпаймын, Айтсам сенбестей, Ойымыз – олқы, Бойымыз – шаршы – Келді өспей! Құл-құтан едік Бас болмайтұғын жиылып, Бас бола қалсақ, миымызға қан құйылып, Қор болатындай тағы да Тағызым еттік сиынып мінген ТАҒЫНА.

Оңымыз қайсы? Солымыз қайсы?.. Біле алмай, Жолымыз қайсы – Алшаңдай басып жүре алмай, Көгіміз қайсы – Қарауды қойдық биікке Топшысы сынған қырандай. Қайнаған қан ба, Бойымызда осы жəй су ма, Саңлаусыз сана – Уланып қалдық қайсы У-ға?! * Біреу өтіп дүниеден, біреу келіп, Біреу көрмей қызығын, біреу көріп... Армандаған біреудің несібесін Көлденең бір көк атты жүр иемденіп. Бұлтық-бұлтық жер төсі білеуленіп, Бірде – қызыл, бірде – сəл күреңденіп... Құбылады түлеген түлкідейін, Жоғың əсте бітпейді түгенделіп. Бір күндік тірлік артық «жарық» көрден, Пейішті кім бар дейсің барып көрген. Тəңір өзі пендеге түк бермеген, Біреудікін біреуге салып берген. Қыс боламыз, жадырап жаз боламыз, Алаяқтар алдамшы аз ба нағыз. Ештеңенің ертеңін ойламаймыз, Бүгін тапқан пайдаға мəз боламыз.

Дүниенің жетсем деп шегіне бір, Тырбанасың, қайда бұл жеңіл өмір. Кірген ақты шашыма көрген сайын, Су сепкендей басылған сері көңіл. БІР-АҚ КҮН Бір-ақ күнде, Бəрі де бір-ақ күнде – Не əкеледі сол бір күн бірақ кімге. Сəті келсе бір күнде бағың жанып, Бəйшешектей құлпырып гүл аттым де. Бақ-талайы жігіттің –

Көрсе нені, Бір күнде адам қаншама жол шегеді, Бəлкім, мына жалғанның жақсылығы Бір күндік биігіңмен өлшенеді. Бір-ақ күн! Бəрі, бəрі... бір-ақ күнде, Бағыңды сол бір күнге сынаттым де. Қара жер қайысардай қасыретіңді «Бөліс!» деп айта аларсың жылап кімге. Дүние тұтас мұнартып жанарыңда, Кезіктірер сол бір күн нала-мұңға. Жалғыз қалған бейбақтай сезінесің Мəңгілік «Барса келмес» аралында. Бір-ақ күн – тіршіліктің бар сенері, Бір күнде көл семеді, Тау шөгеді... Қадірін сол бір күннің білмеген жан Болса да өн бойында қанша өнері, Өкініп өмір бойы зар шегеді.

Бір-ақ күн! Бəрі, бəрі... бір-ақ күнде, Сол бір күн жеткізбестей жырақ мүлде. Бағың жанса – Маздаған шырақпын де, Шырағың жанбай қалса, жылап кімге Барасың? Бəрі, бəрі... бір-ақ күнде!.. ЕЛЕҢДЕ, КӨҢІЛІМ Қаншаға келдім, сұрама, Сұрама бүйтіп, сынама. Жылменен өлшеу – ағаттық Адамның жасын сірə да. Қаншаға келдім, сұрама, Тоқтау сал сəл-сəл шүбəңа. Айналамменен салыстыр – Бірі – іні жұрттың, бірі – аға. Алыспақ ойнап, жұлыспақ... Жиырмадан астым жылыстап... Жиырма бесімде белдесіп, Отызда жүрдім Ту ұстап. Тартыста қайтпай меселім, Отыздың отты бесеуін Алаңсыз артта қалдырдым, Ол да енді менің кешегім. Шыдар кез шындап шынықсақ, Ұғар кез бəрін шын ұқсақ. Қырықта дағы қиқулап Асауға жүрдік құрық сап.

Елуден астық, елуден, Басылды көңіл елірген. Жүдеді жүрек семірген, Арылды кеудем желінен. Ұрғылап жардың кемерін, Дауыл боп соққан жел едім. Адуын мінез азайып, Алпысқа таяп келемін. Білдірмес бөрі арығын, Қамығып қайтем, жарығым. Жиырма бес емес, қырықтың Енді ұққандаймын қадірін. Өтер күн сенен, менен де, Елеңде, көңілім, елеңде. Қызығып ертең қарармыз, 40 емес, 50 дегенге, Елеңде, көңілім, елеңде. АЙЫП ПА Жаныма көргеннен бе жақын бəрін, Оқимын əр заманның ақындарын. Кеудеме ұялатып ақылдарын, Жырларын, өсиеттерін, нақылдарын... Ортақ мұң, ортақ қайғы, ортақ арман... Бəр-бəрін бір тіршілік ортаға алған. Соныдан соқпақ салам десем дағы, Соларға соқпай өтер жол таба алман. Құлағын тыңдағанның елеңдетіп, Бірі айтқанды басқасы тереңдетіп, Асан баба бастаған ұлағатты, Бұхар жырау жеткізген кемелді етіп.

Жанақ ақын, Шал ақын, əрі-əрі... Жырдан десте жинаған бəрі-бəрі. Алтын, ақық – гүлжиһаз арасында Сөзің түгіл, көзің де жаңылады. Абайы бар, Ақаны, Біржаны бар, Көкірегіңді аша бер жырға құмар. Қазақтың өзен, көлі, тау, даласы... Түп-түгел ақын десе кім жаңылар. Шарасын шабытымның шайқаған сан Сəттерде албырттықпен байқамасам, Ақын ел, ақын жерде бірге жүріп, Айып па кейде бірін қайталасам?! ЖҮРЕК КЕРЕК Досты да, дос еместі күнде көрем, Дүние-тұрағым бір, бірге келем. Кеуде ұрардай ірі емен, іргелі емен, Сонда да сөз айтатын кез келгенде Мен үшін өлумен тең үндемеген. Сұққылай ма у тілдің бізі сені – Дейді ғой: «Аңдамаған у ішеді». Бауыздап жатқанда да сыр бермейтін Қой екеш, қой да кейде сүзіседі. Жұмыр жер дөңгеленіп кіндігінде – Тұр айналып əлі де Күнді күнде. Брунолар өртенген шындық үшін, Ақиқатқа таласар кім бүгінде. Десек тағы, шындықтың жолы қиын Арман, қиял... Əлі де толы миың. Əкететін қаңбақтай жел аударып, Қапылыста соқса бір долы құйын.

Дауылы бар, тірліктің құйыны бар, Əзірлей біл өзіңді қиынына əр. Көлгірлік те табандап жол табады, Кім жөндеп ақиқаттың күйін ұғар. Осыған жүргендей ек кіл өкпелеп, Шүкірлік, жатыр бəрі ретке кеп. Сонда да сол шындықты – ШЫНДЫҚ! – деуге Əлі де жүрек керек! * Даурыққыштар, даурыққыштар даурығып, Басымызға қара қанды жаудырып, Басымызға қара қанды жаудырып, Досты досқа айдап салды жау қылып. Даурыққыштар, даурыққыштар даурығып, Көп аңсарын басқа арнаға аудырып, Оңтайына келген тұста тартынбай, Көрсетеді төбешігін тау қылып. Көкірегіне орнай қалса таршылық, (Өмірде иə, ондай сəт те баршылық) Біреулердің ұлан-асыр теңізін Көп көзіне көрсетеді тамшы ғып. Жалпақ елге жақсын, мейлі, жақпасын... Əділеттің қағып келем қақпасын, Көре тұрып, біле тұрып: «Барды – жоқ, жоқты – бар!» – деп көлгірсуден сақтасын. ИТ ИТ БОЛЫП ҰЛИДЫ... Тіршіліктің бұйырмай сый төрінен, Көкірегінен мұңды зар, күй төгілген.

Жандар өткен еңсесін бір көтермей, Ит ит болып ұлиды ит-өмірден. Жаралы жер, жаралы ел, жаралы аспан... Бəрі ит-тірлік – ит-өмір жағаласқан. Дүниеге келгенде түгел таза, Ойламаған татам деп харам астан. Аш-жалаңаш күйіне қарамастан, Ойламаған татам деп харам астан. Тегіс жерде жүру де қиын екен, Келе-келе оны да қара басқан. Қара басқан, сəл ғана жаза басқан, Тойымсыз жан тоқ жүріп азар аштан. Өмір солай тұңғиық ми-сорына тарта берген... Жаралы ел, жаралы аспан. Шалыс басты бір қадам – қандай қадам? Қалай басқан? Қайранмын, таңдай қағам! Түсейін деп түспейді тұңғиыққа, Жанайын деп тозаққа жанбайды адам. Айналасы құз-жартас – қатер еді, Албастыны күні үшін «Əке!» – деді, Демейін-ақ деп еді, амалы не? Өмір өзі қақпалап əкеледі. Ескен желдей еркін-ді, қимағаннан Көкірегінде күрмеліп күй қамалған. Келе-келе айрылды бəрінен де, Жетекке ерді тайлақтай бұйдалаған. Шарайнасы секілді күй-көңілдің, Жадау тартып барады сиқы өңірдің. Адам басы – тағдырдың тепкен добы, Босағаға айналса жеткен төрі,

Иті болып ұлиды ит-өмірдің, Иті болып ұлиды ит-өмірдің! ІШТЕН ЖҮДЕП... Бір адамдай бойымда барды мен де Көрсетсем деп алау боп жандым елге. Бəрі соның алыстап қалды демде... Бір аттап алға бассам, екі қадам Кейін қарап жүргендей күй кешемін, Түсінбедім, артым – құз, алдым өр ме? Жаның сыздап тұрған соң, жүдемек көп... Бұрынғыдай шарқ ұрмай, жүрем ептеп. Ішпей-жемей, Ай-Күннің аманында Шыға келдік айтулы мүгедек боп. Біреу кетсе танымай, бірі елеп кеп Сəлем беріп жатады шын өбектеп. Ел алдына шығандап шықпасам да, Өз бағамды, шүкірлік, білем ептеп. Өз бағамды əйтеуір білем ептеп, Аршып алар асылын кім електеп. Күн-күн сайын қиындап бара жатыр Сəлем беру ағаға түрегеп кеп. Шамадан тыс шарпысып күш пен білек, Іскен жүрек, додаға түскен жүрек. Ашуға да, басуға құлқың соқпай, Отырғаның омалып, іштен жүдеп. * Бас ауырып, балтырың сыздағанда, Ет жүрегің езіліп мұздағанда... Бəрін-бəрін ұмытып бар-жоғыңның Ғашық бола түсесің қыз-ғаламға.

Ырғағынан жаңылмай жыршы күнің, Жапырағын жаяды бүр шыбығың. Мың күн жұмақ бəрі бір қызықтырмай, Ыстық тарта түседі тіршілігің. Əні қандай тірліктің, сəні қандай... Кедейлік жоқ, кемдік жоқ бəрі бардай. Кейде тіптен əшейін пенделікпен Жүріппіз-ау жұмақты тани алмай. Айналайын тірлікте жүріп мынау, Босқа жылап, құр босқа күліппін-ау. Жан мұрынның ұшына келген шақта Өмір қымбат екенін шын ұқтым-ау. Шүкіршілік, екі қыз, бір ұлым бар, Табан тіреп тұрардай тұғырым нар. Үшеуі аман жүргенде менен асқан, Менен асқан адам аз ұғыныңдар. Бірінен соң бірі кеп балаларым, Жасап жатыр тірліктің бар амалын. Əупірімдеп жабылып көтергелі Құздан құлатпаймыз деп қара нарын. Əке болып солардан қызық көріп, Танығандай болдым-ау жаңа бəрін. Қарашығы көзімнің – құлындарым, Ұқпай келген екем-ау бұрын бəрін, Желкілдетіп бұрымы, тұлымдарын, Балапандай шарқ ұрып шырылдауын. Алакөңіл арманшыл ала таңдар, Аялаған анамдай алақандар... Мен тірліктің көрдім ғой көп қызығын – Басқа тілер тəңірден жоқ құзырым, Артымда сендер аман жүріңдерші, Ақ қауырсын, сары үрпек балапандар!..

ӨЗІМІЗ Жақсыны да, жаманды да көп көрген, Бəрін, бəрін бастарынан өткерген, Қара нардай əкелер-ай əулие, Сүйреп жүріп осынау күнге жеткерген. Шыңдағы арман – замандардың іздері, Құмда қалған адамдардың іздері. Барлық белгі – əкелердің көздері Жақсылықтан саңлау болса біздегі. Бойымызда бар ма бұла күш деген, Қиял бар ма көкте құсты тістеген, Қалған белгі əкелерден əулие, Біреуі де төбемізден түспеген. Кеткен солай бəрімізді Адам ғып, Көңілімізді көп нəрсеге алаң ғып. Ойымызды керенаулау шабан ғып Алсақ бəрі өзіміздің жамандық. Шым-шытырық шығып жатса сөзіміз, Іріп жатса, шіріп жатса бөзіміз, Көрмейтінді көре берсе көзіміз, Көнеленсе сүрлеу-соқпақ болып із, Соның бəрі ерлік емес, ездіктен, Бар жақсыны жоғалтатын өзіміз. БҰРАЛАҢ ТІРЛІК Шөңгені гүл қып бұралаң тірлік, бұлдырық... Сарқылған сана сардардың сағын сындырып, Маздаған отын қоламта қылып, күл қылып, Қазақтың тілін ұл-қызым ұқпай жатқанда, Анатолийдей, Герольдтай жерлестерімнің Тілімді тіл ғып жүргенін жатыр кім біліп?!

Кім біліп жатыр?.. Иə, жатыр оны кім біліп, Өзіңді ұғар ма, болмай жатқандар тілді ұғып. Егемен елміз, Ғасыр жүрмеген жолдарды Қалсақ па дейміз аз жылда жүріп, үлгіріп. Содан да шығар домбыра ұстаған орысты Көрсек-ақ болды, Ұрпағымызға үлгі қып айтамыз, Мына өлара шақта өлермен өзімізді өзіміз жібермесек екен жынды ғып. Демекші осы естен тандырып жындылық Көңілімізге мынау уақыттың шаңын тұндырып Тасқа жанырдай жігерімізді құм қылып, Ерлікті езіп, ездікті бойға сіңдіріп жіберер ме екен?.. Жатыр оны да кім біліп?.. Жас күніңді еске ап

«Қайран-ай сол бір жындылық...» дейсің де қайрап жігеріңді алмас бұрғы қып, Пайғамбар жасына келгенде мұқап, дымды ұқпай, қорланасың-ау келгем деп кеше мыңды ұғып. Сол «жындылығыңның» өзі де ертегі-елестей – Жиырма бесті емес, Елуді қойған мұң қылып. Қояр-ақ едім, қояр-ақ едім, Несі бар, Бəрін қоюға жібермейді əттең есіл ар. Ой таусылған соң, той таусылған соң тірлікті түн-түнек қаптап кететұғынын есіңе ал. Ойға да қалдық, Тойға да бардық желігіп, Жастықтың буы,

Мастықтың буы... нені ұғып жарыттық, дүние дөңгелеп тұрды төбеде Есерлік қуып, кеселдік буып, семіріп... * Баладай көрінетін кеше еліне, Танымастай өзі ғой десе, міне, Ол да рас, уақыт табын қалдырыпты Алғандай кəріліктің есебіне. Соғысы бар, одан да зор ісі бар Əрі ісің қайталанбас соны жағар. Ұмытып сол күндерді – сор күндерді Болмыстан таптық па екен толысып əр. Ой-қырым өре салып меселіме Шошына қарайтындай кешегіме, Бір мінез тапқандаймын сенер, сенбес, Əлде бұл да уақыттың кеселі ме? Азайтып айналамнан құрдасымды, Мазайтып бурыл тартқан бұл басымды, Той іздегіш көңілді ойға бұрып, Сағындырар кез бе шын сырласымды. Ізін, түзін таптырмай көп қиялым Арманым адастырып, құмға сінді. Мимен де арпалысып, жүрекпен де, Ұйқыдан да ояндық жүдеп кейде. Масайрап мəз боламыз мағынасыз Əйтеуір күн өткенге, жыл өткенге. Айта алмай алмағайып айтарыңды, Көңілге тұндырасың қайта мұңды,

Кебісің көнге айналып тарылғандай, Қушитып құрыстырар байтағыңды. Қойдан жуас, түсесің қалыбыңа Құдырет қағып-сілкіп шайтаныңда. Тағдырдың толып жатқан жар, өткелі Басыңнан арылмайтын əлек пе еді, Арынды, асауды да ауыздықтар Өрліктің де екен-ау бəрі өтпелі, Таң қалам өзіме өзім қарап тегі. Күш қайтып, қуат кеміп ақыр менен Қауқиған қуыс қурай, пақыр денем. Жатпен де, тіл табысып жақынменен, Күн кешіп жатқандаймын ақылменен. Кей-кейде қайрап қоям намысымды «Көрсетсеңші тағы бір шабысыңды! Осындай бола ма екен ақыр деген?» ШЕР ТОЛҒАУ Жастайымнан көрдім мен екі дəуір, Ащы таяқ көп тиді етіме ауыр. Бас көтерер ерлері қан кешуде, Зарлаған жетім бала, жесір əйел, Қорғаны жоқ шал-кемпір – жетім ауыл. Жыр да жазғым келмейді содан кейде, Құйтырқы арман боламын, толам дей ме? Ашқұрсақ, күтеріміз – бір үзім нан Жалаңаш етімізде жалаң жейде. Көп міндім жүйрікті де, шабанды да, Көп көрдім жақсыны да, жаманды да... Тоздырып темір етік, темір таяқ, Қажаттым қайрақ тасқа табанды да.

Ағайынның азары аз, безері жоқ, Көңілім əр нəрсеге алаң мына. Жасынан астым, міне, пайғамбардың, Көрдім көбін табаны тайған нардың. Көрдім тағы кезіңде айқап-шайқап Енді əркімге алақан жайғандардың. Кер кеткеннің кер кебін кимейін деп Əр қияға саламын айламды əр күн. Бас имеске бас идім, ой, Аллам-ай, «Желге, селге ықпаған ноян қара-ай!..» дейтін еді əзілдеп жеңгелерім, Құдай берген қалпымды қоям қалай?! Көбін көрдім жақсы мен жаманыңның, Сиқы осы ма мен күткен жаңа күннің. Айтқан сертте сері боп тұра алмаймын, Бүрі кеткен тайғанақ табанымның. Кімнен пана іздеймін, қайда барам – Ойламасты кей-кейде ойлар адам. Құмға шөгіп, кемесі қайраңдаған, Алақанын əркімге жайғанда əман, Өзін-өзі ірітіп ойрандаған, Қайран заман, ісіңе қайран қалам. Астарында – алтын тақ, күміс тақтай, Заман ойнап тізгінін тұр ұстатпай. Балалары ата-анасын бақсын дейді, Ал олар тентіреп жүр жұмыс таппай. Арманының ұшығы бір ұстатпай, Тентіреуде телміріп бір іс таппай, Енді біреу долларды ойнатады, Одан басқа қазаққа ырыс жоқтай.

Жан қысылса өлмейтін өзегі нəр, Қиындыққа төзбейтін төземін əр. Орыстың, еврейдің, немістің де... Толып жатқан басқа да жер үстінде Қиналса жиып алар өз елі бар. Демегін тозақ қайда, азап қайда, Мына заман бізді шын мазақтай ма? Ата жұрттан басқа ауар мекені жоқ, Заман қысса, ауады қазақ қайда? Суық түссе ауатын тамам құсша Қулығы жоқ бейшара, амалға ұста. Ата-баба мекенін артқа тастап, Елім қайда барады заман қысса. Ақының да, аламан батырың да, Жетімің де, жесірің, пақырың да... Кете бере ме əркімнің тақымында. Қара Ертіс те, Бастауы Қытай бетте Не болады бұл заман ақырында. Жер Күнді емес, сол Жерді Күн айналса, Таңданбайтын шығармыз оған да онша. Қара қытай-шегіртке қаптамай ма, Нəрлі суың У-менен лайланса. Ойлағыштар бұған да бір ойланса. Жыламаймын деймін-ақ, жыламаймын, Жыламасқа қоймайды-ау мына жайым. Бəрін жұтар бұл заман – сірə, Жайын Басымызға Албанның күні түссе, Берер ме екен қол ұшын бір ағайын? Биік мансап, жоқ тағы зор атағым, Білемін тек күн батып, таң атарын. Сыртқа шықсам, қамығып қажып қайтам, Шалдар жайып жүргенге алақанын.

Өз тірлігім – өз хұқым, неге өкінем, Ақынмын деп қайда да енетін ем. Кеше бізді оқ пен от, жел өтінен Қорғағандар қоқтықтан нəр іздеп жүр, Елге ермін деп қараймын не бетіммен. Тастандылар қаптаған қаңғырыста, Заман – тыныш, кəнекей, заң дұрыс па? Күн батпай-ақ көшеге шыға алмайсың, Қағып кете береді əр бұрышта. Ішім иттей ыңырсып, ұлығында, У құйылып кетердей жылы қанға. Əрі-сəрі дел-сал бір күй кешемін, Тілемеймін күйімді тірі жанға, Менде ой да, ми да жоқ мұны ұғарға. Тегіс жерде тайғанап сүрінемін Тағдырымның алдамшы жыны бар ма! Əр қиырдың ұлымыз, əр атаның – Өз ұлтының ойлайтын ар, атағын. Өлім тілеп отырған қартты көрдім Жайып жұртқа мүсəпір алақанын. Батар екен бүгін кеш қалай күнім, Атар екен қалай боп ала таңым?! ӨЗІҢДЕ ЕМЕС ӨЗ ЕРКІҢ Ой ортайып, ми қартайып, күш кеміп... Өзіңді өзің танымастай тістеніп, Ұзақ таңға кірпіктерің айқаспай, Қалғып кетсең, дөңбекшисің түс көріп. Құс мамықта рахаттанып жата алмай, Таң да саған сағындырып атардай.

Төсегіңе тас толтырып қойғандай, Жамбасыңа кесек болып батардай. Рас, адам тіршілікке тоймайды, Біреуге – той, біреулерге ой қайғы. Тəңірінен ұзақ ғұмыр сұраған Пенде шіркін, біле алмадым, не ойлайды. Тасбақа да, мың жасаған қарға да... Сол ғұмырда қандай мағына – бар баға? Ездің емес, ердің тіршілігін бер Деп құлдық ұр, құлдық ұрсаң Аллаға. Əу бастан-ақ өлшеулі адам тірлігі – Аз еді деп айта алады кім мұны. Қыршын ғұмыр – Сол ғұмырда ұққанға Ұлағат пен ұлылықтың бірлігі. Айта берсең, Ғибрат көп, мысал көп, Өрелі ойды өзімшілдік тұсар кеп. Қиялыңның қос қанаты қайрылып, Ұша алмайсың кейде биік ұшам деп. Бір қарасаң – Ойың еркін, сөз еркін... Еркіндіктен тірлігінде безер кім? Құрық үзіп кетпесіңді қияндап, Жүр қиялдап, əзір оны сезер күн, Бəрібір де өзіңде емес өз еркің! ЕШТЕҢЕ ДЕ СҰРАМА Ештеңе де сұрама бүгін менен, Жақсы, жаман... білмеймін түгін де мен. Шуақ құйсаң болғаны жүрегіме Жанарыңмен аймалап күлімдеген.

Тірлік жайлы, ел жайлы, қоғам жайлы... Ештеңе жоқ ойласам одан жайлы. Бірақ бүгін солардың біреуі де Жүрегіме жұбаныш бола алмайды. Моп-момақан жатқанмен дала сұлық, Тұлпарымды белдеуде таң асырып, Шығардаймын бір жойқын шабуылға Жүрек тыным бермейді аласұрып. Жүрек тыным бермейді аласұрып, Қармап алған жанымды қара суық. Тілемей-ақ қояйын басқа тілек, Көңілімнің кішкентай наласын ұқ. Ештеңе де сұрама басқа менен, Бірдеймін қамсыз-мұңсыз жас баламен. Бəрін-бəрін ұмытып кеткендеймін, Төңкеріліп жатса да аспан-əлем. Көшіп жатса дүние дүбірлеген Қарама оған, жаныма үңіл дер ем. Шуақ құйсаң болғаны жүрегіме Жанарыңмен аймалап күлімдеген. Басқа ештеңе сұрама бүгін менен!.. ҚИЫН СҰРАҚ Емделем деп келсем-ақ қар жауады, Ақ мамыққа бөлейді жар-жағаны. Ой да, қыр да күмістей мөлдіреп тұр, Таусылмапты аспанның маржаны əлі. Ақ құс болып қонғандай құт ақпанда Алдыңда – жаз, қысылып-жұтап қалма.

Ең дұрысы – ақ маржан ел ырысы Қонып жатқан ақ қар боп бұтақтарға. Таңда туған көрінді Ай жаңарып, Ақ ұлпа қар ұшып жүр майда, мамық. Көлбеңдеген көктегі көбелектей, Қонақтарын білмейсің қайда барып. Көрінбейтін шет-шегі өңірде кең, Құйқылжиды құбылып көңіл-дөнен. Ертеңіңнің елесі ертегідей – Бара жатыр қымбаттап өмір деген. Суың да пұл ішетін, уың да пұл, Соның өзі құздың құз-шаңында тұр. Көлеңкеңнен қорқасың көлбеңдеген, Көрінгенмен сырт көзге бүгін батыр. Көкжиектен көрініп таң келеді – Ұйқысынан оятып жан-денені. Сырымды ұдай тартпайды бұрынғыдай Тебірентіп-тербетіп əнге мені. Ұбақ-шұбақ созғандай өмір көшін Не бір қиял тербейді көңіл көшін. Күннен-күнге көмескі көкжиегің – Көз ұшынан бұлдырап көрінгесін. Тіршіліктің бар болсаң төріндесің, Шара-шалап шайқалып төгілмесін. Ертелі-кеш бір жерде тірелесің, Қисая кетсең ертең елім де – сын. Тіршілікке тойыпты жалғанда кім, Жайқала түссе дейсің орман-бағым. Төбеден төккен жаһұт-маржандарым – Құйылған көктен бақыт-армандарым, Ырысқа балап қоям жауған қарын.

Қаптаған жерім де – өлең, көгім де – өлең, Барлығым да сүбесі сөгілмеген. Асылдарым көрініп, көрінбеген, Жасындарым төгіліп, төгілмеген... Қиын сұрақ, тірлігім тиын сұрап Қымбаттап бара жатыр өмір деген... ƏЗІЛ ДЕП ҰҚ Алдыма əкеп қойғаның орта арақ па, Көңілің маған əлде осы ортарақ па? Сатып ішер зəмзəм ғой талайларға, Татып ішер жайым жоқ бұл пəлеңді, Қазір алғыза алмайсың қолқалап та, Жалған айтып қайтемін жорта мақтап. Əзіл деп ұқ, еркіңде шыны деп ұқ – Шақша басым шытынап, сынып, өліп... Жүрген жоқпын, ауызымды былғамаймын, Бұлданбайын, сыры емес, шыны деп ұқ, Молда емеспін, жүрмін ғой шыны көріп. Кір шалдырмай, дақ салмай ар-ұятқа Жүрген нəзік пендеміз жаны мақта. Арағыңды тығынсыз тыға тұрғын, Шығымсыз ішкен емен коньяк та – Түсінеміз, толдық қой балиғатқа. Көп нəрсеге көңілім тойып жүрген, Кезім қазір мүжіліп-мойып жүрген. Алған соң тамсандырып тартар едім, Жайсаң қылық танытып ойым бір дем, Кезім бірақ бұл кезде қойып жүрген. Бір бастасам ұзаққа ұласады, Мінезім сол – құдағи, құдашаны... Құшқым келіп тұрады құдай атып,

Құс көңілім талай қырат, қыр асады, Құр татып, келер ме екен, сірə, сəні. Бірде ұтылып, бір кезде ұтасың ғой, Мендей емес, қағылез жұқасың ғой. Талғап ішер өзіңнің «құт асың» ғой, Бүтінге бой үйреткен бөлек жанбыз, Жаман «Вермут» болса да, тұтасын қой! Тірлігіңе болғандай назың көрік, Арағыңды олжаласаң, əзірге құт. Сараңдығыңды айтпайын, сағың сынар, Айтып қойсам абайсыз, жаның шығар, Көктем етіп барады, жазың да өтіп, Достықпен шығып кеткен əзіл деп ұқ... * Көңіл, көңіл... бірде пəс, бірде биік, Қайғы-шеріңді айтасың кімге күйіп. Ішің жамау, сыртың сау, сыр алдырмай, Көрінсем деп ойлайсың күнде биік. Алмағайып тірлігің де ала-құла, Жүдеп жүрсең қарайды ел қабағыңа. Өзіңді өзің емес, жұрт біледі, Алдау қиын басқа емес, баланы да. Көңіл, көңіл... көзіме қара мына – Үңілгендей боласың жан, арыма. Көз жанарым – көңілдің шар айнасы, Білгің келсе, қарай ғой жанарыма. Қызықсам да мансапқа, шекпен, шенге – Сырт айналып біреуге кектенсем де, Айна-көзім бірін де жасырмайды Ит етіндей жиреніп, жек көрсем де!

Көңіл бəрі, бəрі де көңілімде, Шаша берем сыр қылып оны кімге? Көңілімнен қақпалап қала алмадым Жақсы, жаман... не болса да өмірімде... БАСҚАН ІЗІҢНІҢ БƏРІ ИРЕК Арманымызды айдынға салып, жүздіріп жүргендей күнде сөйлейсің өліп, үздігіп. Бəрі ғой соның əруей тірлік, пенделік – Болмаса біз кімді, жатыр-ау кімдер бізді ұғып. Тіршілік – мұрат, жеткізбес шегі бір ғайып, Тəуекелің де – дарияға салған жел қайық. Ағаны тыңдап ақыл алмаған басымыз «ірі» боп кеттік, ініні қайтып тыңдайық. Толып жатса да тірліктің тарам жолдары, ойлағанымыздың, тойлағанымыздың жөн бəрі. Көзді ғана емес, көкірегімізді шел басқан, Атаның да айтқан ақылы бойға қонбады. Осылай өмір, өзінің соқпақ жолымен Өте береді, енді ұққандаймын соны мен. Алды-артымызды ажырата алмай қаламыз, Ашық-жарықта адасып қалғандай көрінем. Ұға алсаң шыннан екен-ау бұл да ғанибет, Қажаласың кейде қажырыңды тасқа жани кеп. Көрініп жатқан тірліктің төте жолы жоқ, Ісіңнің дағы баса бермейді оңы дөп, Басқан ізіңнің шатасып жатқан бəрі ирек, Адасып қалмасам екем-ау дейсің зар илеп.

АЙТАР МЕЗЕТ Айтар мезет келмеді ме, келді ме – Көкіректі шырмап алған шер, міне! «Оң іс» қылып, орыс қылып жібердік Мағжан, Сəбит, Ғабит туған жерді де. Басымызды айналдырып «мұнар бақ», Ұқпай қалдық жатыр кімді кім алдап. Тілімізді «Елім-айлап» жыр жазған Мақұл көрдік алғанға да шұбарлап. Дəлелдеп көр кедей тіл ме, бай тіл ме? Айырмаймыз оразаң не, айтың не... Атасы мен немересі білмейді Ұғысарын, шығасарын қай тілде. Бағдарымызды айқындамай анық біз Басқалардан «озып» жүрер халықпыз. Орысшаны шаң қаптырып, шашалтып Аз-ақ жылда «ағылшын» боп алыппыз. Қарап тұрсам азды-көпті ойға сап, Санамыздың саңлауына бойласақ, Мыңжылдықтар тоғысында ат қойып, Қатар шыққан талайларға мат қойып... Басқа тілде мəз-мейрам боп жатырмыз Алты алашқа ат шаптырып, той жасап! Еркің білсін, түсін, мейлі, түсінбе, Мақтанамыз ашық-тесік мүсінге. Көре берер бəрін-бəрін көз арсыз, Тере берер, айта берер сөз арсыз, Сен үндеме, “бас сынса – бөрік ішінде”, Тегін деме, қол сынса – жең ішінде. Талайлар жүр – кере қарыс, шот маңдай, Илеп жатыр, билеп жатыр тоқталмай.

Барын, бəрін жарқыратып, жайнатып, Жанарыңа қарып-басқан оттарды-ай! Ортаймайтын қазынамыз көп қандай!!! Қазақстан – ғажапстан, қай стан? Шыдамы – көн, терісі – сірі қайыстан. Жатса-дағы табандарда тапталып, Қыңқ демейтін, мыңқ демейтін меңіреу, Қара НАРДАЙ қабырғасы қайысқан. Қазақстан – ғажапстан, бақстан, Батыспен де, Шығыспен де табысқан. Аспанынан шұға жауып жатқандай Құдалары келгенге «аңсап» алыстан, Басы айналып кетпей ме екен табыстан? Көп болғандай бергенінен алғаны, Таңдап тапқан тұмарындай таңбалы, Жазатайым ұмытса да АЛЛАНЫ, Айналдырар айқайымен кəлланы Ұмытпайды жас байы мен Алланы. Қазақстан – ғажапстан, бақстан, Астанада тұғыр биік, бағы ұшқан, Жемге ұмтылар кілең қарға сауысқан, Өз өрісін шоқып, теріп тауысқан, Содан, содан бізге қарап ауысқан... Бағыттары бізге қарай ауысқан, «Сағынысқан», құшақ жайып қауышқан. Өмір қайдам, көңіл содан шерменде, Қайтер екен қайтар кезі келгенде Көкіп, шоқып жемімізді тауысқан?!.

ҰЯТЫҢ ҚАРЫП... Тірліктің шимай-шатағы – Досты дос алдап сатады. Боқ дүниеге бола таласып, ырылдап, ит боп жатады. Аз демек, бəлкім, көп демек, Тойымға шектеу жоқ демек. Бірге туғандар бір-бірін Көрместей болып кетеді, Боқ дүниеге бола өкпелеп. Кетпеске кетіп үлесің, Жылайсың, кейде күлесің. Санда бар қалпың, санатта Жоқ екеніңді білесің. Жоғалтқан жандай тілі, есін, Сенделіп тірі жүресің. Намыстан күйіп-өртеніп Өле алмасыңды білесің. Фəни-ғұмырда күнделік, Намыс пен ыза бірге еріп... Қапталдап қатар келеді, Тек оны жатыр кім көріп? Адамға қарар бетім жоқ, Арамға барар ниетім жоқ, Ұятым қарып жүректі Жанып тұрғандай бетімде от. САҚ ЖҮРШІ Аңыз бенен шындықтың ара жігін Ажырата аласың ба, қара, күнім.

Ақ, қараның көресің бəрін бірдей, Жаның гүлдей баяғы балалығың. Əрі сұлу, сүйкімді, əрі əдемі Тіршіліктің көрінбей қара меңі, Айналаңның бəрі аппақ айдай болып Жүре берсең, құлыным, жарар еді. Таңы жарық арайлы таңымыздай, Сырты сұлу болғанмен, жаны мұздай Аярлықтан сақ жүрші, айналайын, Жүрегің – нұр үлбірек ақ уыздай! АЛДАНБАСҚА АЛДАНАМЫЗ Бірімізді біріміз арбай-арбай, Қырға шығар екенбіз алда қандай? Қулығымызды əр жерге өткіземіз, Тəтті беріп баланы алдағандай. Ағаны айтпа, қу сенен інілерің... Алға тартып бірі артық, бірі – кемін. Айналамды қусырып барады орап, Жететіндей түбіме түбі менің, Түңілемін, Түңілем, Түңілемін!.. Адамнан ба? Білмедім, заманнан ба? Ұмтылады озсам деп балаң да алға. Өлермендей ес-түссіз өңмеңдеген Өңездер көп –

Секілді арам қарға, Шараң бар ма шектерлік, Шамаң бар ма?!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙