Пандемия
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Баянғали Әлімжанов
Баянғали Әлімжанов Пандемия Поэма Нұр-Сұлтан УДК 821.512.122-1 ББК ББК 84 (5Қаз)-5 Баянғали Әлімжанов. Пандемия. Поэма. - НұрСұлтан, 2022. – 86 б. ISBN 978-601-80879-0-5 Коронавирус күллі адамзатқа қатер төндірді. Пандемиядан бүкіл әлем азап шекті. Қартүнек қасірет қазақ елін де зар еңіретті. Баянғали Әлімжановтың «Пандемия» поэмасы – қайғылы уақыттың көркем бейнесі, дәрігерлердің ерлік күресі мен көртажал құрбандарының рухына арналған поэзия ескерткіші. ISBN 978-601-80879-0-5 УДК 821.512.122-1 ББК ББК 84 (5Қаз)-5 © Б. Әлімжанов, 2022
Баянғали Әлімжанов Пандемия Дүңк еткізді дүниені дүлей сөз: Коронавирус! Пандемия! Пандемия! Даңғырлап, гулеп, Жәһәннам зәрін жанға құя. Сасқанда жаман, Сан – саққа кеткен сансырап, Пенденің миын Дуалап алды зәндемі қиял. Жоба мен жөннің, Жоспардың бәрі күл болып, Алыстап кетті Бір сәтте арман, алдағы қия. Маңдайдан бағы, Таңдайдан әні тайғанда, Зарлады халық, Талқан боп тыныш таңдағы ұя! Үрейлі қаңқу шырмады күллі ғаламды: Коронавирус! Пандемия! Пандемия!
Баянғали Әлімжанов Қапыда соққан тажал Қаптады дажал, Басталды майдан алапат. Ар-ұят қайда, Ақыл мен білім, парасат? Залымдар бастап, Қостаған ғылым зұлымдық, Ғаламға салды, Жазылмас ауыр жарақат. Уханьнан ұшқан Улы ажал кетті жайылып. Жасытып жігер, Сындырып бәрін, майырып, Қапыда соққан Қатерлі індет, зұлматқа, Жүзінде жердің Жоқ еді ешбір дайын ұлт! Бүйірден келіп Бүйідей тиген тосыннан, Тажалдан тәжді Тіршілік түгел шошынған.
Баянғали Әлімжанов Жаһанның жұрты Саудалап жүрген бар-жоғын, Дүниеге симай, Сауғалап жанын жосылған! Қиналған ғалам Тына қалып ессіздік даңғырлағы, Басталды зауал шақта тағдыр әні. Ормандай орыс елі ойға батып, Алпауыт Америка абдырады. Өркенді елдер батты қызыл қанға, Жер таппады жан сақтап, тығыларға. Исі адамзат есінен танып қалды, Испан мен итальян қырылғанда. Тұншықтырды төрт бірдей тарабыңды, Түңілді түрік, иран, араб, үнді. Адамзаттың өкпесі саналатын, Алқынтты Амазонка алабыңды. АҚШ-тың ақша тапқыш даналары, Сарғайды, сараптады, саралады.
Баянғали Әлімжанов Ғажайып ғылымы да, қаруы да, Вирусты тоқтатуға жарамады. Адамзат миллиондап қаза болды. Батырды ауыр ойға саналы ерді. «Жаңылған тәубасынан жер жүзіне, – - Біреулер: «Көктен келген жаза!» – деді. Қаңқуды, қан бұзатын, шындық көрді: «Ханзулар ойлап тапқан сұмдық! – деді. Зауыттан байқаусызда шығып кеткен, Зұлматтан қапыда біз тындық!» деді. Адамзат бірін-бірі кінәлады. Есіктен ажал – елес сығалады. Ковидты кім шығарды? Неге? Не үшін?... Жауапсыз салбырап тұр сұрақ әлі?! Дағдарған дала Кең дала... Кеңпейіл жұрт... Аңғал-саңғал...
Баянғали Әлімжанов Аңғалдық жақсы емес-ау, Аңғарсаңдар. Сақтанбай, Ашық, шашық жатқан елге, Анталап бәле-бәтер, еркін самғар! Күйзелді ел, күрсіне алмай, Күңіренді, Кеселдің көрінбейтін түрін көрді, Түгелдей дүниені түнек басып, Түңіліп тіршіліктен дірілдеді. Сабылды, Сең соққандай сансырады, Қара жер қайғы басып, қансырады. Алдынан адамзаттың шыға келді, Аман-сау құтылудың сан сұрағы. Түнімен тарттырды азап тән сынағы, Таңға жету мұң болып, тұншығады. Тұнжырап таң атқанда, а, дариға, Талайдың сөнді үміті, шам шырағы. Ес кетіп елдің бәрі үрейленген,
Баянғали Әлімжанов Айрылып арыстардан, сүлейлерден, Білмейді қалай, қайтіп күресерін, Көрмеген бұрын – соңды дүлейменен. Жандары саруайымнан сығылысқан, Сабылып, қалтарысқа тығылысқан. Көрвирус көрінбейтін көрқап сынды, Жаралған жер-жаһандық ыбылыстан. Жанталас... Танымайды адамды адам. Жалынып, қу жан үшін амалдаған. Аңғалдың алаңдаулы бар білгені, Зар жылап, зұлымдарды жамандаған! Көшеде ел сенделіп егіледі, Бауыры бауыр үшін езіледі. Бұл бәле қайдан шықты, кім жіберді, Төбеден кім әкеліп төгіп еді? Әр ненің еріп жүрген әсеріне, Кірмейтін қауіп-қатер қаперіне, Аңғал ел жанын қояр жер таба алмай, Қамалды төрт қабырға пәтеріне.
Баянғали Әлімжанов Қонақпен бұрын үйге құт келетін, Ал қазір болды үрей мен құрт келетін... Келешектен керемет күтіп жүрген, Көрешек көп екен ғой жұрт көретін. Ауырды патшалар да пәрмені көп, Әлеуметтің сөзі көп, әлдері жоқ. Көпшілік әрі-сәрі, есі шыққан, Көрінбейтін кеселге дәрмені жоқ. Арыс жатыр, аузымен ауа қармап, Судан шыққан балықтай, жағада аунап, Арыстандай, жалынан айбын кеткен, Далада тұр ағайын, ана зарлап. Даланың ұлысы да, ұрысы да, Уханьның айла таппай вирусына. Жүздерін төмен салды, дем бере алмай, Тарылған туған елдің тынысына.
Баянғали Әлімжанов Ой – толғақ Кім тапты? Кім таратты? Қауіп қайдан? Ғаламға ашқандар кім жабық майдан? Кім, қане, қорған болмақ ел мен жерге, Ерлерің жүрсе қуып сауық, сайран?! Не таптың арыстандай ақырғанннан, Ерте-кеш қызыл сөзді сапырғаннан? Бәлеге қарсы тұрар білгірің жоқ, Не пайда ай кезетін ақылманнан? Жүрміз деп дүниені дүрілдетіп, Жым болды дүрдигендер бүгін нетіп? Көкірек кергендерді қас-қағымда, Көрвирус қойған жоқ па дірілдетіп! Көкжалсып, кеуде соққан батыр қайда? Тәңірсіп, тіл безеген ақын қайда? Қарсылық көрвирусқа көрсете алмай, Қор болды ғылым, білім, ақыл, айла.
Баянғали Әлімжанов Шыдамай көркеселдің салмағына, Қайысты елдің не бір ардағы да. Алшайып атқа мінген азаматтар, Жарамай дәнемеге қалғаны ма? Таяныш көрсе халық үкіметті, Жөн таппай үкіметтің есі кетті, Арыстай азаматтар қаза болса, Табытты тас бекітіп, бесік етті. Жат жұртқа жаның қалмай жайраңдадың, Қай бетіңмен тайраңдап, сайрандадың? Жұқпалы дерт қаптаса қайтеміз деп, Қорғауды елді неге ойланбадың? Оп-оңай ойы бұзық өте алады, Ашып неге тастадық шекараны?! Далаға қаптап кіріп жатқан жоқ па, Жұқпалы ауру, індет, топалаңы! Жан-жақтан жаһандық дерт торлағанын, Неліктен ой жүгіртіп, аңдамадың? Өзін қорғай алмайтын байғұс халық, Кімге керек құр бекер зарлағаның?!
Баянғали Әлімжанов Сақтанам десең жақсы, жаманды ойла, Белгісіз бұрылары заман қайда. Тағы да бәле келсе, ел қорғайтын, Білетін іс тетігін маман қайда? Еліңді қойса жатқа ойраңдатып, Уайымсыз ішесің бе айран, қатық? Зұлым заман өкпеңнен қысып тұрған, Қойса жақсы сайратып, сайрандатып! Жұлдыздар – елдің ие, тірегі деп, Білегі, ақыл-ойы, жүрегі деп, Елірді, еліктеді үлкен-кіші, Экран – өмір өзек, тілегі боп! Бәрінен артық көріп жалтылдақты, Жезді де, ездерін де алтындапты, Сарп етіп күш-қайратын, ақыл,ойын, Жалтылдау үшін босқа салпылдапты.
Дүрсінген, дүрілдеген дүйім жұртты, Бір уыс қылған жоқ па түйір құрты? Кемелдер, кемеңгерлер көк тіреген, Қайрансыз салбырады үйде мұрты!
Баянғали Әлімжанов Мемлекет шешімі «Қиын сәтте күллі халық біргеміз, Бірге болсақ, сөгілмейді іргеміз! Түңілмейміз қара түнек басқанда, Үмітпенен ұмтыламыз күнге біз! Қапияда қаптап келген бәлекет, Елден алас, жер бетінен мүлдем кет!» Президенттің өзі бастап, ел қостап, Көрвируспен шықты айқасқа мемлекет! Шамырқанып, азаматтар бар күшін, Халық үшін бұл майданға салды шын. Карантиннің – қара түннің кезінде, Аямады елден көмек, қаржысын. Аруақтанып, көтеріп көк туыңды, Қайратты ерлер бір кісідей жұмылды. Көрінбейтін дажал, бірақ, оңай ма, Жалмай берді талай қымбат ғұмырды.
Баянғали Әлімжанов Ауруханадағы арпалыс Аурудан алыс та өлді, жақын да өлді, Ғұлама, батыр, бағлан, ақын да өлді. Көрвирус құрбандығын таңдамайды, Бірталай басшы, қосшы, әкім де өлді! Тарылып, таусыларда алар демі, Науқастың аурухана барар жері. Көрмеген көрвирусты дәрігерлер, Дауасын сұмдық дерттің табар ма енді? Алқымнан алғанда елді ажал мерген, Сауал тұрды, кім емдеп жазар деген? Инфекционист Исабек Қозыбаев, Шайқасты көрінбейтін тажалменен. Ұшына саусағының құт дарыған, Қасиет үзілмеген түп-тамырдан. Дәрігер дара мінез бір тынбайды, Ажалдан адамдарды құтқарудан. Жағдайды, жұртты жинап, ұғындырды: «Шамамыз жоқ па біздің шыбын құрлы?
Баянғали Әлімжанов Қалайық адал болып антымызға!» Деп күреске ұжымды жұмылдырды. «Тар кезең... Тәртіпке сый! Мейлің сыйма! Өмір үшін көңілдің күйін сыйла. Аққа құдай жақ болып, қуат берсін, Бізбен бірге Гиппократ, Ибн Сина!» Майдандағы дәрігерлер Дәрігерлер еңсені езген зілді ұқты. Кілең мықты жігер қайрап, ширықты. Орындауға бел байлады бұлжытпай, Маңдайына Тағдыр жазған бұйрықты! «Айнымаймыз Адамшылық міндеттен, Айқасамыз Елге келген індетпен. Амал қанша, Білмей тұрмыз біз бірақ, Қалай, қайтіп күресуді бұл дертпен?!
Баянғали Әлімжанов Анталаған алды-артыңды аңдатпай, Дажалменен шайқасамыз шаң қаппай. Қан майданда Отан үшін қылышпен, Танкке де қарсы шапқан солдаттай!» Көрвируспен күреске, Дәрігерлер кірісті, Бір құдайға сиынып. Аранына ажалдың, Тастама деп адамды Ар-намысы бұйырып. Үсті-басын тұмшалап, Тұншықса да сабыр ғып, Төбесінен аққан тер, Табанына құйылып. Жер-жаһанның жел құрты, Қаптағандай жиылып. Қылшылдаған қыз, жігіт, Құрбан болды ел үшін Қыршынынан қиылып!
Баянғали Әлімжанов Үрей мен үміт. Айқай. Жанталас... Аурухана, Көңіл күпті... «Жаратқан! Үзе көрме өмір жіпті!» Құдайды қиналғанда еске алған ел Күбірлеп, тілейді іштей жеңілдікті, Бетпе-бет дертпен жатыр арпалысып Көтеріп келген жандар не бір жүкті... Ажалдың амалы жоқ, Себебі көп, Сырқат пен шипаны хақ береді деп, Аулада сең соққандай сенделген жұрт, Арасын үміт, үрей кезеді кеп. Қалтаңдап дәрігерге жүгіреді, Жаутаңдап, дәтке қуат, демеу іздеп. Әуелде жылышырай, жұмсақ бәрі, Тәп-тәтті, сыпайылап тіл қатқаны. Қабағы қарс жабылды дәрігердің, Сыйғыза алмай қаптаған сырқаттарды.
Баянғали Әлімжанов Қабарған көпшіліктің қаны қайнап, Аузынан ашу-ыза бұрқақтады: – Менсінбей бізді жүре тыңдайсыңдар, Басыңды кімге, неге бұлдайсыңдар? Күттіріп күні бойы зарықтырып, Неліктен жұртты сонша қинайсыңдар? Бір қағазды толтырып пәлен сағат. Дәлізге топырлатып жинайсыңдар! Қойқаңдап әрлі-берлі жүресіңдер, Елді емес, өздеріңді сүйесіңдер! Дәріден дәрмен болмай, дерт меңдесе, Кінәні өзімізге ілесіңдер. Кісіні емдеуден де артығырақ, Үндемей өлтіруді білесіңдер! Ойыңды жамандыққа жани көрме, Ем қылсаң, шипалы боп, дари көр де! Жанына батқан дертке дауа тілеп, Шырылдайды кәрі де, сәбилер де. Көзіңмен көріп тұрып қиналғанын, Қалайша жатқызасың кәридөрге!?
Баянғали Әлімжанов Жақынның жайын ойлап, мазамыз жоқ, Ажалдан қайтсек алып қаламыз деп! Бірдеме болып кетсе, көрсетеміз, Табамыз сендерге де жазаны іздеп! Көп қорқытты: «Көріңді қазамыз!» – деп. «Иттей ғып интернетке жазамыз!» – деп. Ел ішінде қит етсе жылайтын бар, Сәл сүрінсе, жалп етіп құлайтын бар. Міндетсіп күллі жұртқа, масылдықпен, Қажетін қиқулатып сұрайтын бар. Жамандап, жалпақ елдің түгін қоймай, Сапырып оңды – солды сынайтын бар. Дәрігер Қатираның жауабы: Қатира қайсар еді қарағаштай, Қитұрқы қулықтарға араласпай, Күреске кірген құртпен көрінбейтін, Қорғалап, қара басын ала қашпай. Ақ бата, алғыс алған аталардан. Қазақтар жақын тартып, апалаған. Ардақтап орысы бар, немісі бар, Өзге ұлттар Катерина – Катялаған!
Баянғали Әлімжанов Жұмысын өте жақсы білетұғын, Әдеппен әдептіге күлетұғын, Текті еді, тепсінгенге тіке қарап, Бетпақтың бетін сөзбен тілетұғын: - Тоқтаңдар! Неге сонша тулайсыңдар? Жағдай осы... Орын жоқ... сыймайсыңдар! Жан-жақтан жала жапқан жаман сөзге, Елігіп, ғайбат сөйлеп, шулайсыңдар! Неғыл дейсің? Орын жоқ палатада! Босайды... Күте тұрсаң... Таң атарда... Кәридөр түгіл тіпті көрге тығар, Көрвирус алды-артыңа қарата ма? Даттауға неткен жүйрік шеберсіңдер, Тағдырдың жазғанына көнерсіңдер! Шипа берсе,жазылып біздің қолдан, Ажал жетсе, бізсіз де өлерсіңдер!
Баянғали Әлімжанов Бұл сұмдық ойда – жоқта елге төнді, Ғажайып шипа қолдан келмес енді. Бар емі дәрігердің қона берсе, Еш адам дүниеде өлмес еді. Қара бұлт торлағанын ұғын анық, Қайғыдан қан жұтып тұр бүгін халық! Жоқ болса немді берем, немді салам? Салмасам өз өкпемді жұлып алып! Шулатып анда-мында жаздырасың, Қайдағы шайтан ойды қоздырасың. Жазғаны ажал болса пешенеге, Несіне оған бізді жазғырасың?! Мен тұрмын қырық тоғыз мүшелімде, Жұрт үшін жанған отқа түсемін бе? Көрвирус көрінбейтін дауасыз дерт, Көнбейді тістенуге, күшенуге. Байым бар, менің де үйде балдарым бар, Немере сүйсем деген арманым бар. Адам ғой сен сияқты дәрігер де, Оның да жан, жүрегін аңғарыңдар!
Баянғали Әлімжанов Жалаға жауап қатпай, көнемін бе? Баламды көрмеймін бе, көремін бе, Емдеймін деп жүргенде өзгелерді, Олардан бұрын өзім өлемін бе? Еңбегім – өмірім бе, өлімім бе? Кигенім кебенек пе, кебінім бе? Тағдырдың тезі қиын, жолы жұмбақ, Бұйырар төрін кімге, көрін кімге? Науқасы меңдеу тартқан жан өле ме, Жоқ әлде емдеп жүрген мен өлем бе? Шалықтап, сал-сері боп жүрген елді, Салды ғой бір-ақ сәтте сергелдеңге. Бауырмыз, бір-ақ елміз мен де, сен де, Мейлің сен, сөзім шындық, мейлің сенбе. Қайран жоқ қолдан келер бұдан басқа, Тірідей қазір мені жерлесең де!» Қаһармен Қатираға қайрат бітті. «Науқастар өмір жайын ойлап күпті. Бұл жерде топырлауға болмайды!» – деп, Бәрін де бет қаратпай айдап шықты!
Баянғали Әлімжанов Киініп қабат, қабат, тұмшаланып. Айқасып, алғы шепте тұрса да анық. Ем түгіл, есі де ауып қалады екен, Зар илеп қаптағанда мұнша халық! Уайымдап, балдарына алаңдайды, Уағымен өз үйіне бара алмайды. Мекендеп бір бөлмені тұрып жатты, Бір сәт те емін – еркін дем алмайды. Қауіпті ішкен суы, тамағы да, Көрвирус жайлап алған ауаны да. Әйтеуір, алданышы ватсап қана, Көреді содан байды, баланы да! Алғыс пен қарғыс Дәм-тұзы таусылмаса тағдырдағы, Себепсіз үзіле ме жанның әні? Жазылып ауруынан шыққан жандар, Ақ бата, ақ алғысын жаудырады. Ал енді қаза болса, зарлайды кеп, Дәрігер, мемлекетті қарғайды кеп.
Баянғали Әлімжанов Мәңгілік өмір сүрер адам жоғын, Ашумен ойына да алмайды тек! Бауырдың амандығын зарлап тілеп, Тұтасты туысқандар, қармап білек. Аман-сау шықса айығып, алғыс айтып, Опат болса, түк қоймай қарғап-сілеп. Ел бұрын: «Көп көңілі – көлдей!» – десті. Ал бүгін ылайланған селдей көшті. Гулеген, дүрілдеген қаңқу, ғайбат, Әлеуметтік желіде желдей есті. Тілдеді... Барды боқтық, балағатқа. Қалдырып бар жақсыны жаман атқа. Қит етсе ғаламторға жүгіретін, Не дерсің, бәрі де адам, жамағатқа?! Қаралы жанның қарғысы: Көк ит жарсын өтіңді, Көп ит жесін етіңді, Ковид жесін өкпеңді,
Баянғали Әлімжанов Түгіңді қоймай тілдеп жұрт, Қап-қара қылсын бетіңді! Тынысың бітіп, тарылып, Тамырың түгел жарылып, Бір-ақ жұтым ауаға, Бауырым қалай қиналса, Сен де қал солай зарығып! Өкпең түгел тесілсін, Өмірің ерте кесілсін. Санатынан жақсының, Атыңды мүлде өшірсін! Аман қалған жанның алғысы: Тарылмасын тынысың, Табысты болсын жұмысың. Алғысы елдің қалқан боп, Қайтарсын қарғыс қылышын! Көркейіп өссін өркенің, Өмірдің кешіп көркемін, Армандай аппақ айдында,
Баянғали Әлімжанов Керіліп еркін желкенің, Биік болсын мерейлі, Бүгіннен де ертеңің. Айналсын шынға, аяулы, Бала күнгі ертегің! Ақ халатты абзал жан, Бақыт жолың ашылсын, Алғысымен халықтың, Алланың нұры шашылсын! Көшеде Дүние келгендей боп асты үстіне, Байланды бес теңгенің мәскісіне. Мәскі киіп алған соң айырмайсың, Ұры ма? Мас кісі ме? Бас кісі ме?! Халықтың қарс жабылды қас-қабағы, Дегендей бізді кімдер басқарады? Басталды қайғыдан да пайда сауған, Маскалы масқараның маскарады.
Баянғали Әлімжанов Арпалыс... Айырып көр ақ-қараны. Қоймада қап-қап дәрі сақталады... Секілді көрінеді көпшілікке, Алдырмас аярлықтың тас қамалы. Ел-жұртқа берілмеді дәрі-дәрмек. Дәрісіз жас пен кәрі – бәрі де өлмек. Жер-көкті жаңғыртқандай жанайқайы, Жүрегін жалпы жұрттың жалын кернеп. Басшылар сөзге тоқтап, жоғын жоқтап, Бар затты қоймадағы хаттап, шоттап. Қиналған елге қымбат дәрі сатқан, Қуларды қуып шықты, даттап, соттап. Батса да ел қайғысы ер кеудеге, Мұрша жоқ, таразылап, зерделеуге. Бетперде кие салу қиын боп па, Пендеге, еті үйренген перделеуге! Ақыл-ой шексіз болса қаншалықты, Шексіз ғой ақымақтық соншалықты.
Баянғали Әлімжанов Ауытқып, қылған ісін есерліктің, Жабылып ойлап таппас барша мықты. Жөн бар ма жамандайтын жақсыларды. Ел үшін тар кезеңде шапқылады. Бір күні, түсінбеді ел, астанада, Аспанға фейерверк атқылады! Ерлерін елі қанша мақтаса да, Той жасап тар кезеңде топтаса ма? Дем жетпей, ел тұншығып жатқан кезде, Аспанға салтанатты от шаша ма? От шашу – айдалаға алтын шашу, Жемқорлық, ессіздіктің артын ашу. Сасытып, жер мен көкті, даланы улап, Аяққа, алдап-сулап, халқын басу! Қайғылы халық көктен от көргесін, Қалайша дүлейлікті жек көрмесін? Карантиннің қатпарлы қара түні, Сыпырды сырттандардың бетпердесін!
Баянғали Әлімжанов «Ақшаны ақтау үшін аттық!» – деді. «Ел рухын көтереді шаттық!» – деді. Тарсылдап, жарқ-жұрқ етіп жатқан шақта, Таусылды талай жанның ақтық демі! Дәрігер мен елес Амалдап, Аннан-мұннан жиса да еппен, Дәрі жоқ... Дәрмен кетті Исабектен. Дауасыз дерт шипасы табылады-ау, Тек қана Рахман құдай құйса көктен! Оп-оңай болып кетті өлу мұнда, Құрбандар Отыз... Қырық... Елу мың ба? Тым ауыр қаза болып аз қазаққа, Батты ғой айықпайтын елім мұңға! Өмірдің сарқыларда бал бұлағы, Аяусыз тапталғанда тал, құрағы,
Баянғали Әлімжанов Күрескен күні-түні көртажалмен, Абзал жан азап тартып, қалжырады. Белгісіз түсі екені, Өңі екені, Көргендей болды күлгін көлеңкені. Құбылып, тәжді малғұн тіл қатады, Үйіріп езуіне келекені: Елес: Адамзатты құтқарам деп, Әуре болып жатырмысың? Көрвирустан қорықпайтын, Әлде көзсіз батырмысың? Ақымақсың, бәлкім, білмес, Тыныс, тірлік тарылғанды? Шырмап алдым дүниені. Жер де, су да, бәрі уланды. Исабек: Сен кімсің? Есермісің, сермісің? Жаумысың әлде елмісің?
Баянғали Әлімжанов Елес: Мен бармын... Әлде жоқпын... Елеспін... Жау десең жаумын, Ел десең елмін, Ешкім де бәлкім, емеспін! Ал, сен өзің кім боласың? Ұрымысың, ұлмысың, Дүлеймісің, дүрмісің? Бактерия басыңмен, Адаммын деп жүрмісің?! Исабек: Мен адаммын! Рухым биік дертіңнен, Айнымаймын дәрігерлік сертімнен! Адам үшін шықтым ұлы шайқасқа, Парызымды атқаруға еркіммен! Елес: Дүние шексіз, тұңғиық,
Баянғали Әлімжанов Адам деген бір тозаң, Көзге де тіпті ілінбес. Тозаңдығы бірақ та, Өзіне мүлде білінбес! Естідің көрқап күркірін, Қаптатып дерттің түр-түрін, Күркілдеп жерге бүркемін, Бермеймін енді бір тыным. Көрвирус кіріп келер деп, Үреймен өтер күн-түнің. Кімге дәрі, кімге құт, Даңғаза жалт-жұлт жырқылың? Кімнен қайыр, қайран бар, Дәрменсіз ыңқыл-сыңқылың! Исабек: Өмір үшін от кешіп, ордан өтем. Аурудан адамдарды қорғап өтем. Ковидтен, көп иттерден қорықпаймын, Адамшылық жолын мен жалғап өтем!
Баянғали Әлімжанов Елес: Құйттай ғана, көрінбейтін жалған дерт. Жер шетіне желмен ұшып барған дерт. Жарты әлемді жаулап алған патша да, Жансыз құртқа әлі жетпей болған мерт! Исабек: Адамның жаны, Биік тұр құрттың тегінен, Шегінбей өлем, Майданның алғы шебінен! Елес: Жоқ нәрсені малдана, Өзіңді өзің алдама! Жай ғана сөз жан деген, Адам деген – тән ғана! Исабек: Адамның тәні табиғи, Жаратылыс ең ғажап. Тән – жанымның ұясы, Ете алмайсың сен мазақ!
Баянғали Әлімжанов Елес: Тән дегенің тәп-тәтті, Микробтың мекені. Микробтан жаралып, Микроб боп өтеді. Микробқа жем болып, Микроб боп кетеді! Аксиома, білесіз, Тіршіліктің негізі, Микробтар екені! Исабек: Табиғи жаратылыс – бәрі сұлу. Бәрінен сау адамның тәні сұлу. Тән – тіршілік негізі ағза болса, Адамды адам қылған жаны сұлу! Құртыңменен қорқытпа, өлесің деп... Құдай жазса, өмірде көресім көп. Тәнімді түгел жалмап, жеп қойсаң да, Жанымды жеңе алмайсың теңдесі жоқ!
Баянғали Әлімжанов Елес: Құрт жайласа тәніңді, Ұмытарсың жаныңды, Әнің менен сәніңді! Дерт меңдесе денеңді, Ұмытарсың өлеңді, Өлең түгіл енеңді! Исабек: Тәніміз – табиғаттың ең асылы, Тарихтың дәлелдеген сан ғасыры. Бірінсіз бірі тірлік ете алмайды, Адам деген жан мен тән жарасымы! Ескермей кеткендіктен кейде осыны, Адамдар әрі-сәрі күй кешулі. Бақытты болады адам, табылғанда, Сәулелі жан, сау тәннің үйлесімі. Біздің парыз адамның тәнін емдеу, Бас, жүрек, қол мен аяқ, қарынды емдеу. Тәні саудың жаны сау болуы үшін, Әркімнің өз міндеті жанын емдеу.
Баянғали Әлімжанов Тәнді дерт меңдегенде емдегенмін, Ешқашан жан мен тәнді бөлмегенмін. Уақыт жетсе, денеден ұшып шығар, Жан өлмесе, менің де өлмегенім! Елес: Әуре болып, әлденені ән қылып, Іздейсіңдер сәнділік пен мәнділік. Бәрі жалған... Құдай да жоқ, Иман да жоқ, Жан да жоқ, Жоғалмайтын Микроб қана мәңгілік! Исабек: Әзәзілге арбалма, Әсерлі сөзге алданба. Имансыз өмір – өмір ме, Құдайсыз мән жоқ жалғанда! Тозады дейміз темір де, Жүрмейді ол заң көңілге. Тоқтаусыз қайнап, жайнаған, Өмірдің мәні – өмірде!
Баянғали Әлімжанов Жан мәңгілік, өлмейді! Жер-көктегі жауыз құрттар, Жиылып кеп жабылсаң да, Жанға шамаң келмейді! Елес: Жанды сөз ғып, адаммын деп ақталдың, Мәңгілік өмір дегенге сеніп, мақтандың. Ал, бірақ, жанды қолыңмен ұстап көрдің бе, Ағзаны сойып, түгендеп талай ақтардың? Тіршіліктің сырын зерттеп, іздейсіңдер көп заттан. Өсімдіктен, су мен ауа, жер асты мен көк жақтан... Өмір деген шұбатылған, бір тоймайтын шекқарын, Ал адамдар – бактерия, бірін-бірі жеп жатқан! Исабек: Аздырмақ болған, Әзәзіл сөзге нанбайтын, Көзбенен көріп,
Баянғали Әлімжанов Қолменен ұстай алмайтын, Әуеден келіп, Әуеге ұшып кететін. Адамның жаны Жаратқан берген Аманат көкке самғайтын! Жан аңсары – жақсылық, Аманат жанды адамзат, Құтылмас құмға жасырып, Құтырған жынға тапсырып! Елес: Кемеңгерлер малталарын езіп жүр, Қара халық шыбын жаннан безіп жүр, Адамды адам жою үшін шығарған, Дажал вирус күллі әлемді кезіп жүр! Күллі әлемді патша вирус жайлаған. Бар тіршілік – бактерия қайнаған. Макромирде нелерің бар, ессіздер, Тағдырларың микромирге байланған!
Баянғали Әлімжанов Құтқармайды оқ өтпейтін сауыттар, Құрт жеңісі – қатар, қатар табыттар. Бар әлемді билейді енді бұқтырып, Бактерия өндіретін зауыттар! Исабек: Адамға таққан перде – ауыздықты, Имансыздар жасаған жауыздықты! Имансыз ғылым, білім қасіретті, Адамгершіл ғалымдар – нағыз мықты! Елес: Сенесің артамын деп жүкті кімге? Үзерсің күдеріңді күпті күнде! Макросқа қолын созған марғасқалар, Микросқа жем болады түптүбінде. Жалғаннан түрлі қауым, халық та өткен, Жер жарған атақ, даңқы алып та өткен. Өмір, тарих жоғалған уақыт қана, Із-түзсіз жел ұшырып алып кеткен! Исабек: Тіршіліктің түп-түбінде бәрі алданыш, бекер ме?
Баянғали Әлімжанов Уақыт-желмен күллі тарих ұшып ізсіз кетер ме? Бәрі мәнді өз уағында...оған ақыл жетер ме? Бұл өмірдің барар жері, түпкі мәні өлім бе? Күмән, күдік, үміт ойнар көнбейтұғын көңілде. Күрес, тірес, егілген жан, төгілген тер тегін бе? Батқан күннің қайта оралып, шуақ шашар таңы бар, Әр нәрсенің өз уағында, өз орнында мәні бар. Таным жолы оңай емес, жұмбақ сырын тауып ал! Тегін емес адамдардың тілек, үміт, арманы, Жоғалған жоқ ұшқан көкке бабалардың аруағы. Бәрінің де біз білмейтін, бір құпия бар мәні! Елес: Ей, адамзат! Қайтеді асып-таспасаң? Кеш болмайды бәрін қайта бастасаң. Бактерия – күллі әлемді билеп тұр, Одан қашып құтылмайсың ешқашан!
Баянғали Әлімжанов Адамдардың өзі вирус, шынында, Мұны бірақ білмейді әлі ғылым да! Әрбір адам – бактерия қаптаған, Тамырында, қарынында, миында! Жан деген жоқ, нағыз өмір – тәнің, сен! Басыңды иіп, бактерияға бағын сен, Құдай санап тәжді тажал вирусты, Микробқа тізе бүгіп, табын сен! Исабек: Бас-басына құдай іздеп, жол көрсетіп жаңадан, Алжастырып сенген жанды, адасып жүр сан адам. Келтіреді неше түрлі кереметті қиыстырып қисынға, Құдай жасап қиялынан, қолдарынан, қоладан. Ей, адамдар, иман ғана мәңгілік қамал, қорғаның, Сақтайтын сені сайтани қатер, сасыған пәле – жаладан!
Баянғали Әлімжанов Елес: Адамшылық, иманыңды, Аяр білім жеңген жоқ па? Ажалың мен дажалыңды, Ғылым тауып берген жоқ па? Исабек: Имансызға дауа болмас, Иманды жанжауыз болмас! Ақыл, білім адаспайды, Иман, рахым болса жолдас! Адамзаттың ақыл-ойы, Биіктерге барады. Құдай қолдап, ізгі ғылым, Дерт дауасын табады! Елес: Басқа жол жоқ, пайымдаңдар. Жойылатын жайыңды аңғар, Ақиқатты іздесеңдер, Микробты мойындаңдар!
Баянғали Әлімжанов Исабек: Зұлымдық жетсе, Аузынан көбік бұрқырап, Заманды бұзған Зымыстан ойлар зырқырап, Құйындай соғып, Ұйтқыса желдей жұлқылап, Шыбындай жаным, Қысылған кезде шырқырап. Қорғайды мені, Мәңгілік кәміл иманым! Әзәзіл арбап, Құлаққа малғұн сыбырлап, Түршігіп жаның, Жұлын мен жотаң жыбырлап. Шалығы жынның, Жегі құрт сынды, Жүйкеңде жүрсе қыбырлап. Сақтайды бүгін, Ақтайды ертең, Мәңгілік кәміл иманым, Мәңгілік қамал, қорғаным!!!
Баянғали Әлімжанов «Иа, Алла!» – деді, Исабек сергіп, оңалды, Сілкініп қыран, Тұғырға қайта оралды. Ширығып, шындап Алланың атын айтқанда, Сылқ ете түсіп, Көлеңке – елес жоғалды! Исабектің мінажаты: Иа, Алла! Рахман, Рахим! Жұртты да өзің жараттың, Құртты да өзің жараттың... Адам қылып адамды, Жер жүзіне тараттың! Күрсінген көптің жерін көр, Күйзелген елге көңіл бөл! Жаратқан ием жар болсаң, Ауырлық қандай жеңілдер. Дертті де берген өзіңсің, Жаратқан, өзің емін бер! Тарылды елдің тынысы,
Баянғали Әлімжанов Өмірдің еркін демін бер. Өлімге әзір асықпай, Өмір бер, бізге өмір бер! Жан толқынысы. Исабек пен Қатира. Ақ халат киген, Аққудай аппақ абзалдар, Адамдар үшін Аранға тура барғандар. Үзілер кезде, Үміттің жалғап ақ жібін, Дажалдан жанды, Аман-сау алып қалғандар. Кеудесін тосып, Белгісіз жаудың дертіне. Семсердей берік, Адамдық парыз, сертіне. Ерте ме, кеш пе, Жұғарын ауру білсе де, Еркімен барып, Майданның түскен өртіне.
Баянғали Әлімжанов Ес кетіп елден, Серкелер қалды сенделіп, Арбасып жатты, Азаматтық пен пенделік. Деміккен елді, Жаутаңдап қалған жан-жаққа, Дәрігерден басқа, Демейтін кім бар дем беріп?! Қатира: Сүйектен өтіп, Күйдірді жүрек көргенім. Өкпесі өшіп, Тұншығып жанның сөнгенін. Басымды тігіп, Қаһарлы қарғыс арқалап, Келмейді өлгім, Ешкімді бүйтіп емдегім! Боқтайды неге, Кінәсіз әкем, шешем де! Мен неге үнсіз, Төзуім керек есерге? Жаһанда кім бар,
Баянғали Әлімжанов Сақадай сай боп отырған. Күтпеген жерден, Көрінбей келген кеселге?! Ұлдардан емес, Іздей ме пана ұлт қыздан? Жабыла тілдеп, Жағасын неге жыртқызған? Мен емес жұрттың, Мұрнына вирус тықпалап, Өкпесін өртеп, Өлімнің демін жұтқызған! Астында қалдым, Атылған оқтай сөзінің. Адаммын мен де, Бар ұят, ақыл, сезімім. Десең де мейлі, Аттаған анттан қашқынсың, Кетемін енді... Қажыдым... Бітті төзімім!
Баянғали Әлімжанов Исабек: Егіліп жүрсің, Болса екен аман халқым деп, Еңбегің адал, Соған сай еңбек ақың жоқ. Шындығын айтып, Ащы да болса өмірдің, Шырылдап тұрсың, Шырмауға сені хақым жоқ! Өкпелей салып, Біріне бірі өшігіп, Өкпемен билеп, Өктемдік қылып есіріп, Қылт ете қалып, Өкпесін сүйреп жүрген жұрт, Жем болды құртқа, Өкпесі күйіп, тесіліп. Өспейміз өрлеп, Өкпе мен назды тізгенде. Өкпешіл қауым Өртеніп кетер бір демде. Өкпесі өшіп, Баянғали Әлімжанов Еліміз сорлап қалмай ма, Майданды тастап, Өкпелеп кетсек біздер де!?
Қатира: Қиналып халық, Қаптаған ауру заманда, Келгенше қолдан, Беремін жәрдем адамға. Келмейді бірақ, Кінәлі болып жазықсыз, Датталып жөнсіз, Тапталып қалғым табанға! Тепсініп неге, Теріге сыймай тұлданып? Қояды талап, Біздерге сонша бұлданып? Ешкімге ешкім Міндетті емес өмірде, Білмейтін соны, Жылауық па еді, кіл ғаріп?
Баянғали Әлімжанов Исабек: Вируста жан жоқ, Иман жоқ, ой жоқ, қан да жоқ. Тұрмайды таңдап, Бала ма, жас па, шал ма деп. Адамды емдеп, Азабын тартқан жандарға, Айтамын қалай, Мұнда қал, үйге барма деп? Сөйлеуге баптап, Жағдайды жалпы ұқтырып, Мұршамыз жоқ қой, Қылуға қызмет тік тұрып. Емі жоқ ауру, Есінен елді тандырды, Ұшқандай оққа, Дәрігер де ауру жұқтырып. Күн сайын қаптап, Қазылып жатқан бейіттер, Қайғылы кездің Келбетін солар кейіптер, Ақ халат киіп,
Баянғали Әлімжанов Аспанға кеткен ақ қанат, Алдыңғы шептен Шегінбей өлген шейіттер! Ардақты жандар, Орыны қайта толар ма? Өлген жоқ босқа, Аруағы қорған болар ма? Сауғалап басты, Майданды тастап қашсақ біз, Ойлашы өзің, Не дейміз ертең оларға?! Қатира: Аждаһа дажал Тұрады-ау төніп төбеңнен, Зұлымдық неткен Қитұрқы, кесір өлермен. Арқа да жарқа, Алаңсыз дәурен жоқ енді, Дәрменсіз елім, Не көрсем бірге көрем мен!
Баянғали Әлімжанов Амалын тапсам, Айықпас дертті жеңем мен, Ажалым жетсе, Айқасып тұрып өлем мен!» Әйелдің нәзік Толқытып батыл шешімі, Азамат ердің, Көз жасы әрең тежелген! Жанкешті жандар, Тұлғасын елдің тау қылған. Оларға халық, Алғысын аппақ жаудырған. Азапты бейнет, Егес пен еңбек еш болмай, Мыңдаған адам Жазылып шықты аурудан! Аурухана: Ана мен бала Қайнаған құрттың, Зарлаған жұрттың ішінде. Жүрді ұқсап дәрігер,
Баянғали Әлімжанов Ақ мәрмәр тастай мүсінге. Тұншыққан жанға, Шарасы болмай қиналды, Көремін деп пе, Өң түгіл мұны түсінде. Анасы зарлап, Қиналып жатыр баласы, Араша түсер, Оған жоқ енді шамасы. Жұбата берді, Сөзімен жылы амалсыз: «Жар болсын құдай, Жабыққандардың панасы!» Не дерін білмей Қиналды, зарлы анаға. Бала дегенде, Ананың жаны қала ма?! «Өкпемді менің Суырып ал да, дәрігер, Сап берші мына Тұншығып жатқан балама!» Баянғали Әлімжанов Садаға қылып, Ботасы үшін өз басын, Төгеді ана, Тұншығып үнсіз көз жасын. Амал не, бірақ, Үзіліп кетіп боздағы, Бозала таңда, Сорлаған ана боздасын!
Даланың дана, Жөн болар сөзін ойға алған, Көшпенді батыр Көшкенде мына жалғаннан, Ұшты дейді екен, Байырғы түрік бабалар. Өлмейді кісі, Ұшады көкке қайран жан! Ұшып кеткендер... Адамды ажал құшқанда, Кеудеден жаны шыққанда, Ұшты деп айтса, бабалар, Меңзеген нені? Тұспалда!
Баянғали Әлімжанов Жылама, зарлап жоқтама, Өлімді сұм деп даттама. Ол, бәлкім, қайта тумаққа, Ұшатын көкке шақ қана! Сызыққа жазу жеткенде, Өшер ме мүлде өткендер? Белгісіздікті бетке алып, Үндемей ұшып кеткендер?! Айналып мәңгі аруаққа, Ұшты екен олар қай жаққа?! Жүр ме екен әлде көгіңде, Қарайлап ауыл, аймаққа? Аурухана. Алпауыттың әкесі Бай келді, тау жығардай, әкіреңдеп: «Беріңдер қайтсеңдер де әкемді емдеп!» Дәрігер әбігер боп, абыржыды, Әсерін әдепсіздің әрең жөндеп. - Демі жоқ, дәрмені жоқ әніңнің де, Тығулы қоймадағы дәрің кімге?
Баянғали Әлімжанов Әкемді аман алып қалмасаңдар, Әкеңді танытамын бәріңнің де! Қатира, жыны келсе, көкбет еді, Өн бойын, қаны қайнап, от кернеді Бетпаққа барқыраған тік қарады, Жұлып ап тұмшалаған бетпердені: - Бұл ауру бәрімізге болды уайым. Өзімді де, сені де алдамаймын. Ажалдан аман алып қаламын деп, Ешкімге де кепілдік бере алмаймын! - Жаныма батқаннан соң бақырамын. Әкемді ойлап, амалсыз аһ ұрамын. Біліп қой, біз – халықпыз, көпшілікпіз, Қоғадай барлығыңды жапырамын! - Қағасың, кеуде керіп, халықпын деп, Көппін деп қиғылықты салыпсың кеп. Ал сонда біздер кімбіз, халық емей, Екіге елді бөле қалыпсың кеп!
Баянғали Әлімжанов Ессіздіктің мұндай да көрдік түрін, Халық деген қасиет, елдік ұғым. Топырлаған бұзақы тобырыңды, Халық деп кетірмеңдер сөздің құнын! Шоу жасап, ай-әлемге селтеңдедің, Осы ма керемет боп жеткен жерің!? Мыңқылдап тұрсың міне, мән үйретіп, Тығылып тасасына бетперденің? Сексен бес жақсы жас қой, білмейсің бе? Бұған да шүкірлік қып жүрмейсің бе? Әкең мындай болғанда, өзің қандай, Әдеп пен ұят-аят білмейсің бе?» Қатира қара дауыл соқтырады. Ауызын адуынның жапқызады. Арбамен сүйреп әкеп сексен бесті, Әлпештеп ақ төсекке жатқызады.
Қарияның Қатираға айтқан сыры - Айтайын саған бір сыр, абайлағын, Бастық боп, шалқығанда арайлы әнім. Баянғали Әлімжанов Кранын кислородтың жауып қойып, Тынысын тарылтып ем талайлардың! Өзіме, өктемдікпен табындырдым, Демінен, еркін алар, жаңылдырдым. Өңештен сығып тұрып аямастан, Өкпесін талайлардың қабындырдым. Өтті өмір, көшті дәурен кешкен бастан. Сексеуілдей мықты едім, сексен асқан. Жан тәтті кімге болсын, дұрыс қара, Қу сүйек деме мені кепкен, қатқан.
Өткенді есіме алып қапалықпен, Айтайын бір-ақ тілек аталықпен. Өзің қос оттегінің аппаратын, Алмасын ауыстырып қаталықпен. Үлкенге істегенің келер басқа, Үлгі ғып айтқан оны нелер қасқа. Ажалдан алып қалсаң, балам сенің, Басыңнан бақайыңа төгеді ақша!» Баянғали Әлімжанов Түрінен білінген көп шалқығаны. Ақсақал әрең сөйлеп, алқынады. Бірдеме айту қиын мұндай сәтте, Қатира тілін тістеп,тартынады. Бекерден бекер адам тұншықпайды, Шыбын жан шіркіндерді тыншытпайды, Болашақ жастар аман болсын деген, Жақсы сөз ауызынан бір шықпайды!
Жанталас Әбігер, абыр-сабыр күнделікті, Мұндайды бұрын-соңды кім көріпті? Бір кезде сүйретіліп кешегі әйел, Әрең кеп, дәрігерге егіліпті: - Қайтейін жазғанына тағдырымның, Жанына бара алмадым қабірінің. Бір ұлымның өлгенін көрдің кеше, Баламның әкеп тұрмын тағы бірін! Бұларға келген кесел маған келсе. Жақсы еді-ау садаға боп анаң өлсе.
Баянғали Әлімжанов Жылап тұрып тілеймін, жарығым-ай, Алып қал бір баламды шамаң келсе! Көзінен ана көлдей төгер жасты, Көңілін Қатираның төмен басты. Амалсыз алпауыттың әкесімен, Жатқызды бір бөлмеге өрен жасты. Саудагер ананың Қатираға айтқан сыры: «Сасығын сатып, Сайтанға жанды жалдадық, Пайдалы зат деп Ұялмай елді алдадық. Уханьның улы Вирусы жетіп артынан, Аңғал да саңғал, Ақымақ болып жайрадық. Зиянды нәрсе Алдап-ақ саттық халыққа, Пайданы көздеп, Қойып-ақ кеттік нарыққа.
Баянғали Әлімжанов Ұқсаймыз енді Қармаққа жылтыр ілініп, Тұншығып жатқан Жағада тулап балыққа. Алданып оңай Олжаға мәз боп шуладық, Ақылмен айтқан, Аталы сөзге туладық. Сасыған затты Ойланбай елге кіргізіп, Қолқасын қауып, Өкпесін жұрттың уладық. Базарым – бағым, Қит етсе, күйді, жанды деп. Өңешті жыртып, Өзекті жанға салдық өрт. Өлермен өңшең, Көшені кезген еліріп, Өкпешіл едік, Өкпеден міне алды дерт!
Баянғали Әлімжанов Ар жағын ойлап, Ақылға салып қарашы, Ауаны ластап, Бүлдірген адам баласы. Асылық қылып, Асқақтап едік, зар қылды, Бір жұтым ауа, Алтыннан артық бағасы!» Саудасы бітіп, Таусылған амал, шарасы. Өзегі күйіп, Өкініп отыр анасы, Қатира қатты, Бір ойға батты, дариға, Құтқарар еді, Бәрін де, жетсе шамасы! Таңдау Тұншықты шал мен жігіт қызыл қанға. Жетпейді бұл түрімен бүгін таңға. Екі адам... Бір аппарат ортасында...
Баянғали Әлімжанов Бөгелме, Тәуекел ет, Бірін таңда! Қария қайтара алмас кеткен көшті, Жастың да алқынумен өкпесі өшті, Тағдырға шара бар ма, таразыға, Тартқызған он сегіз бен сексен бесті. «Өмірде тауып лайық өлшем ізгі, Көп жасап, қызық-шыжық көрсең ізді, Өткен шақ, өкінбессің, өкпелеме, Таңдадым болашақты, он сегізді!» Қатира іштей үнсіз күбірледі, Егіліп, ет жүрегі езіледі. Аузынан жұлып алып қарияның, Балаға оттегінің демін берді, Өкпеге тәтті өмірдің лебі келді, Жас жігіт күрсінуге ебі келді. Лөктірлер киіп алған аппақ киім, Көзіне кебін болып көрінеді.
Баянғали Әлімжанов Қиналып, әрең, әрең алған демін. Кезеріп, желім болып қалған ерін. Е деуге ебі келмей, көзін салса, Жан-жағы толған аруақ, толған кебін.
Айнала бұлдыр, бұлдыр, аппақ кебін, Кеп қалды қайдан, қалай қаптап кебін? Жас жігіт әрең, әрең демалады, Ажалдың сезіп қайтқан аптап лебін. Көз жетер дүниенің жалғанына, Ажалдың аранына барғаныңда, Айрылған бір ұлынан бейбақ ана, Қуанды біреуі аман қалғанына! Ажал аузындағы айқай «Баласынан жанын аяр жан бар ма?! Амал қанша, қайшылық көп жалғанда. Ал не дейсің: – Құрбан болып жас өркен, Өзім аман қалсам! – дейтін шалдарға?! Жастар өліп, қарттар қалса лайық па? Соған бола адам тамыр жайып па?
Баянғали Әлімжанов Нартәуекел, белді будым бұл іске, Мейлің сотта, бұйыра бер айыпқа!» Тұмшаланып, қиналды әбден тән, жаны, Өкпесі өшіп, еркін тыныс алмады. Қайрады өзін талықсыған Қатира, Иығына түскен тағдыр салмағы. - Әкем қайда, күндей күліп, жайнаған, Кеше ғана саңқылдаған, сайраған?- Қатираға келді алпауыт ақырып, Аш аюдай қарағайды шайнаған. -Мәшинедей тыным таппай жүретін, Қаһарланса, қара тасты үгетін. Қара нардың жөні жоқ қой, әй, қатын, Көрінбейтін құртқа жем боп өлетін! Жер жүзінде теңдессіз ғой жарықтық, Оны құртқа бердің қалай азық қып? Кегімді алмай тоқтамаймын, қанға – қан, Қара жерге қағам сені қазық қып!
Баянғали Әлімжанов Зорға жүрген қара терге малшынып, Өкпесі өшіп, дем ала алмай алқынып, Дүлейлікке күйіп кетті Қатира, Қаймықпады қара дәуден тартынып: - Ақырасың неге маған, сен мұндар? Мен де адаммын, жүрегім бар, нервім бар! Өйтпейді деп, бүйтпейді деп, қит етсе, Шу шығарып, шектен шығып болдыңдар! Көк тіреген дөкеймісің, дөймісің? Өзге жұрттан асып туған соймысың? Аман қалса болды маған өз әкем, Қалғандарың қырыла бер деймісің?! Кесапатқа жетсін енді көзің шын, Ойланатын кез келгенін сезін шын. Ата-анаңа, ауылыңа ауруды Алып барған өз қолыңмен өзіңсің! Ойға, қырға той тойлауға шабасың, Жиын десе, жер түбіне барасың, Өзің тілеп сау басыңа сақина, Өз дертіңді өзің іздеп табасың!
Баянғали Әлімжанов Құшақтаспай, қол алыспай тұрмайсың,, Уланасың, өзгені де улайсың. Өз үйіңе өзің ауру жұқтырып, Өз қолыңмен өзің өлім сыйлайсың! Сақтан десе, жүрдім – бардым тыңдайсың, Денсаулықты құртып бітпей тынбайсың. Құйын қуған, жиынқұмар даңғырлақ, Қайран жұртым, неге сонша мұндайсың?
Селтеңдеуден қандай мұрат табасың? Қашан, қалай есті кісі боласың? Жиып әкеп жер жүзінің сырқатын, Емде дейсің, қиғылықты саласың! Бәле-бәтер жер-жаһаннан жинайсың, Денсаулыққа бір тиын да қимайсың, Жаман ауру жұқтырып кеп, бір сәтте, Айықтыр деп, бізді неге қинайсың! Ырбаңдаудан қамсыз, қапы қалғаның. Маған артпа тағдырыңның салмағын. Сендейлерді емдегенше қор болып, Артық еді алыпсатар болғаным! Баянғали Әлімжанов Бақытты екен қас батырлар, аспаннан, Медет тілеп, жауға қарсы аттанған, Бетпердесіз бетпе-бет кеп майданда, Қас дұшпанын жастық қылып жастанған.
Ал біздікі көрінбейтін қалтарыс, Күні-түні бітпейтін бір арпалыс, Құртқа қарсы не істер еді, апырмай, Отқа салса жанбайтын, Суға салса батпайтын, Атса мылтық өтпейтін, Шапса қылыш кеспейтін ер Алпамыс?! Біз – соқырмыз, семсерін құр сермеген, Жаудан жастық жастанып та өлмеген. Соғысамыз дауасы жоқ кеселмен, Көзбен көріп, қолмен ұстап көрмеген. Өсек, ғайбат жас өркенге үйретіп, Өкпе қуып, өкпемізді сүйретіп. Жүруші едік өкпешіл боп өмірге, Өкпеден ап, кетті міне күйретіп!
Баянғали Әлімжанов Шүкір дейік, жақсы жасқа жеткен – ді. Тағдыр жазып, мәңгілікке кеткен-ді. Ал, қоймасаң, өтеуіне әкеңнің, Суырып ал, күйіп тұрған өкпемді!» Балта төнген ағаштайын жал тауып, Қос өкпесін қысқандай боп тар сауыт, Күрс-күрс етіп жөтелгенде Қатира, Жан сауғалап тұра қашты алпауыт! Тексеруші. Құрбан болған дәрігер. Кәсіпкер қап-қара боп, қаны қайнап, Қалшылдап, қаршылдатып азу қайрап. «Әкемді әдейілеп өлтірді!» – деп, Жіберді жоғарыға арыз айдап. Жұрт солай, дәрігерге жабылады, Жөнелтіп жоғарыға шағымдарды. Тексеруші келгенде, а, дариға, Қатира орынынан табылмады. Оған да жеткен екен ажал оғы, Күресіп, көртажалдан қаза болды.
Баянғали Әлімжанов Ыңғайсыз күйге түсіп тексеруші, Өзіне бұл қазаны жаза көрді! Біреудің оты сөнді, бірі жанды, Дәрігер арашашы кете барды. Еңбектеп емханаға әрең келіп, Еңіреп кірген науқас тірі қалды! Ажалдан арашалап ап қалатын, Жеткізе алмай оттегі аппаратын, Келмеске кете барды талай лөктір, Кебін ғып үстіндегі ақ халатын. Көр тажал құбылмалы келеді екен, Үсті -үстіне үймелей береді екен, Әркімнен әр түрлісі жұққаннан соң, Дәрігерлер тез арада өледі екен. Арыз деген бір вирус ел ішінде, Із болмас бәлеқорлық жүрісінде. Бас иді басқарма да аруағына, Тексеруге келсе де тірісінде.
Баянғали Әлімжанов - Өсекпен өзекті өртеп өтерсіңдер, Онымен қай мұратқа жетерсіңдер? Ковидтен дәрігердің өзі де өлді, Ал енді кімнен көрер екенсіңдер?! Абзал жан, Ажал жетті, болды ғаріп, Өшті өмір... Өтті дәурен... Сөнді жарық... Паналап енді кімді, таяныш қып, Кімді боқтар екенсің енді халық? Алқынған дәрігер Исабекке келген СМС: «Әкетайым, сағындық қой, Сағындың ба сен бізді? Сен әкесің біз үшін, Әлемдегі ең ізгі!» «Келгенше қолдан Парызды адал өтедік,
Баянғали Әлімжанов Үйіме барып, Баламды сүйем көтеріп!» Орнынан тұрып, Есікке беттей бергенде, Оқыстан қалды Өрескел құрғақ жөтеліп! Отырып қалды, Өкініп іштей, ойланып, «Бәлекет неме, Өкпеде тұр-ау байланып! Уханьнан ұшқан, Зуханнан шыққан улы құрт, Қапыда соқты-ау, Алдап та сулап, сайланып.» Алқына берді, Аузына жүрек тығылды, Буғанда жөтел, Өкпесі күйіп, сығылды, Халқына пана, Саялы зәулім бәйтерек, Жегідей жеген Жалмауыз құрттан жығылды.
Баянғали Әлімжанов Исабектің жан арпалысы. Бірінші толғаныс. Азабын Исабектің түн жасырды, Есі де кіресілі – шығасылы. Көз алдын кейде тұман, түнек басып, Жарқ етіп арасында күн де ашылды. Жатқанда өмір, өлім арасында, Абзал жан алаң болды алашына. Алысты рахман ой мен шайтан шалық, Сарғайған сырқат жанның санасында: - Өмір мен өлім сырын жан біліп пе? Жармасып әр үміт пен әр күдікке. Жарқырап жүрген жандар жаңа ғана, Кете ме ғайып болып мәңгілікке?! Кім тапқан өмір кілтін күнде ойланып? Кете ме гүл дүние күлге айналып? Тірлікте, күл де ойналық, Баяғыдай, Жер ана бара жатыр күнді айналып.
Баянғали Әлімжанов Жауыр болып шатасқан ақыл жаман, Жауын таппай адасқан батыр жаман, Кімнен, неден қорқамыз, ойлаңдаршы, Шын болса келетіні ақырзаман?! Өмір – бақ, жолың ұзақ, өлім де хақ, Мұңға батсаң, қалады-ау егілмей бақ. Сызығыңа жеткенше дәурен сүріп, Өз мәніңді риясыз көңілмен тап! Исабектің екінші толғанысы: Не табасың қузай беріп құн-жұнды, Беті күліп, білдірмейтін ым-жымды. Адам қиын, Уақыт құйын, Танып көр, Дені дұрыс ақылды кім, Кім жынды? Не қылсаң да, Жер астында қаласың, Үзген бар ма, Тағдыр таққан шынжырды? Керегі не кезе беріп көп ойды,
Баянғали Әлімжанов Ертелі –кеш езе беріп бір мұңды? Қиын болар қайта шығу жарыққа, Мұң – мұхитқа түсіп кетсең мың жылғы. Тоқтаусыз өту өмірдің заңы, Бұлжымас, Тауып көр іздеп, ғаламда не бар, Жылжымас. Жүздеген ғасыр, мың жылдар қайда? Жоғалған... Жұлдызды аспан қойғандай жұтып, Жым-жылас! Білмейді тоқтау тынымсыз уақыт, Зырлауық, Заңдылық осы... Білсе де адам – Жылауық. Өкінбе босқа, Өтеді-ау деп өмірді, Не болар еді, тоқтаса уақыт, Бір ауық? Баянғали Әлімжанов Исабектің үшінші толғанысы:
Бәрі өткінші, бәрі заңды өмірде. Бірі мәнсіз, бірі мәнді көңілде. Ешкім жоқ қой әлі мәңгі жасаған. Адам түгіл, тозады ғой темір де. Тумақ, өлмек – бұлжымайтын заңдылық. Бұл жалғанға келмек, кетпек – заңдылық. Қаншама рет оты сөніп өмірдің, Қаншама рет қайта ұшқындап, жанды үміт. Өмір қандай, у сияқты, ащысың. Жүгің ауыр, қара тастай қаттысың. Адам тоймас қызықсың да, қиынсың, Өмір неткен, махаббаттай, тәттісің! Заңды екенін біліп тұрып жылаймыз, Мәңгіліктің мәнін іздеп жырлаймыз. Өйткені біз адамбыз ғой, адамбыз, Заңдылыққа, қағидаға симаймыз! Бұлқынады, көнбей заңды заманға. Ұмтылады тазалыққа, адалға.
Баянғали Әлімжанов Талпынады алысқа да, ғарышқа, Құдай берген жан сия ма ғаламға?! Кәміл иман, үміт барда өлмейміз, Мәңгіліктің әлемінде сөнбейміз, Құдай рухы кеудесіне дарыған, Біз адамбыз, заңдылыққа көнбейміз! Исабектің төртінші толғанысы: Әлемін ақыл-ойдың аралады, Айтқанын даналардың саралады. Мәңгілік жан мен өмір мәні жайлы, Құдайдан басқа ақиқат таба алмады. - Жалғаннан табамын деп адам пайда, Жасайды неше түрлі амал, айла. Жер-Ананы жұлмалап, жалмап, жайғап, Жанталасып барады заман қайда? Шынымен де адамзат санасыз ба? Кеңістікте тұңғиық панасыз ба? Шексіздіктің жанында шектеулі ме? Мәңгіліктің алдында шарасыз ба?
Баянғали Әлімжанов Ақиқат бар ма қолда тұрған анық? Алайда, аласұрып, жынданбалық. Адамдық ой адаспай тұра алмайды, Тек қана құдайлық ой – шын даналық! Бәрі заңды – жыларың, күлерің де, Сенім, иман бар болса жүрегіңде, Түпсіз, шексіз мәңгілік хаосында, Жалғыз құдай таяныш, тірегің де! Исабектің бесінші толғанысы: Өлім қайда кетер дейсің, Өзімізбен бірге туған. Өмірқиын... Көңіл – құйын, Мән бермейтін мүлде бұған. Уайым, мұңды мұрат көрме, Толып жатыр айналада. Не табамыз бата беріп, Баса беріп байбаламға? Аждаһадай аран – ажал,
Баянғали Әлімжанов Аңдығанын сеземіз бе? Өзгелерге өкпелесек, Елімізден беземіз бе? Оңай болмас келесіде, Көрешекті көресің де. Көріп тұрып төнген бұлтты, Тұяқ серппей көнесің бе? Елге кіріп, жерге шашты, Улы құртын, кенесін де. Микробы мекен тапты, Ұрпағыңның денесінде. Күресе алмай, кең далада, Демің бітіп өлесің бе? Бәле, бәтер, паразитті, Өлең айтып, жеңесің бе? Азаматтар ойлар ма екен, Замананың жаман жағын. Зұлмат, зәрін тексеретін, Бар ма мықты мамандарың?
Баянғали Әлімжанов Сөзден басқа ісің бар ма? Тексеретін кісің бар ма? Құрт-құмырсқа қаптап келсе, Қарсы тұрар күшің бар ма? Исабектің алтыншы толғанысы: Салдырлатып темір қару, жарақ кіл, Қарақтай бер, бір-біріңді харап қыл. Не табасың, ей, адамзат, сонда деп? Аспан үнсіз, Төбемізден қарап тұр! Жердің жүзі емес қой құр сайран бақ. Өтетұғын ойран салып, тайрандап. Шексіз, түпсіз ғарыштағы кемеміз, Қалса қайттік, бір-ақ сәтте қайраңдап?! Қиялилар мал, жанынан безеді, Құдай іздеп дүниені кезеді. Қолын ұстап келгендей боп тәңірдің, Ескі сөзді жаңашалап езеді. Елікпейді оған нағыз мүміндер, Жүректегі иман нұрын сезеді!
Баянғали Әлімжанов Құдай сенің жүрегіңде, жаныңда, Сана, сезім, тамырыңда, қаныңда. Жанталаспай жаңа құдай табам деп, Барға шүкір, сабырға кел, дамылда. Жылай бермей бұл өмірді жалған деп, Жаратқанның сыйлығы деп қабылда! Қап-қараңғы тас қамалға қамап қойса адамды, Ұмтылады ол үміт үзбей жарыққа. Шалшыққа сап шалқасынан, аунатса да балшыққа, Күдер үзбей оның жаны талпынады жарыққа. Қызыл қанды кешіп жүріп қырғында, Ізгілікке ауады оның тілегі. Қатігездік құрсауында тұрса да, Мейірімге шөлдейді оның жүрегі. Шын ойланып, неге бұлай десеңіз? Адассаң да маған қарай ұмтыл деп, Бір құдірет шақырып тұр жарыққа! Құдіреттің ізгілігі – үміт, сенім, мейірім, Бір құдайдан дарыған нұр халыққа!
Баянғали Әлімжанов Рахымшылық Алланың адамға болмаса рахымы, Келді деп санай бер замана ақыры. Адамға адамдос, бауыр деп жырлаған, Далаға кетпейді даналар нақылы! Дәрігер достары бейтарап қала ма? Барын сап алысты, бермеуге молаға. Емдеген ел-жұртын есіл ер, абзал жан, Ес жиды, жеті күн өткенде арада. Исабектің жетінші толғанысы: Көтерді басын... Жаудырды аппақ алғысын. Алдында – арман, Артында қатер, қалды сын. Дүниеге қайта, Туғандай болып таңданды: - Аттың ба аман, Арайлы таңым, армысың!
Баянғали Әлімжанов Сағындым қырды... Құлынды, жусан талмаған. Қиын – ау, елге, Қыдырып қырға бармаған. Қамауда қалды, Қаншама халық қалада, Құрттардан қорқып, Көрінбей жанды жалмаған. Қол созып көкке Келеді ұшқым арманға Ұшпайтын көкке Жалғанда мына жан бар ма? Шыңдарға шығып, Аңғарды кезіп алаңсыз, Адасып кеткім Келеді қалың орманда. Сағына берем, Даланы байтақ, сағымды, Бабамның жырын, Көнеден келген сарынды. Аңсадым әбден, Әжемнің аппақ жаулығын,
Баянғали Әлімжанов Бұлақтың басы, Балалық сәби шағымды! Жел қандай таза, Көл неткен мөлдір, Биікте нұрлы Күн, Айым. Зауалдай төнген, Қаптаған сауал, Жауабын кімнен сұраймын?.. Ізгілік жолдан, Жаңылсақ, жаза бастырмай, Жар болып бізге, Қуат бер өзің, құдайым! 25.07.2020 ж.—20.12.2021ж. Баянғали Әлімжанов Пандемия Поэма Техникалық редакторы Л. Маашева. Басып шығаруға 12.01.2022ж. қол қойылды Қағазы офсеттік. Шартты баспа табағы 1 Таралымы келісім бойынша. «Сотниченко Е.В.» ЖК баспаханасында басылып шықты Нұр-Сұлтан қ, М.Әуезов көш., 46/1, 105. Тел. +7 701 599 92 60
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру